Отамалы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Аян Нысаналин
Аян НЫСАНАЛИН ОТАМАЛЫ Алматы УДК 070 ББК 76.01 М90 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. НЫСАНАЛИН А. ОТАМАЛЫ:/ А.Нысаналин – Алматы: ХанТәңірі, 2014.–285 б. ISBN 978-601-03-0243-3 Белгілі қаламгер Аян Нысаналиннің бұл жинағына қазақ әдебиеті мен өнерінің шоқтығы биік тұлғалары жайлы әдеби-сын мақалалары, естеліктері еніп отыр. Кітапта оқырман қауымға қызықты көптеген деректер, мәліметтер келтірілген. УДК 070 ББК 76.01 © «ХанТәңірі», 2014 ISBN 978-601-03-0243-3 М90
Аянға хат! Қадірлі қаламдас інім Аян! Мен өзіңмен соңғы рет қашан жүздескенім есімде жоқ. Әйтеуір біраз мезгіл өткен секілді. Үлкенге сәлем беріп, кішінің ахуалын біліп жүретін қазақтың адамгершілік дәстүрін сақтайтын көргенділер азайып бара жатыр-ау. Баяғы бала күнімізде анам марқұм өзі көңіліне жақын тұтқан жандар айына бір рет келіп, аман-түгелді біліп тұрмаса, өкпелеп, әлгі кісі біздің үйдің мүддесін сырттай сатып, қылмыс жасағандай ашуланатын. Ол кезде телефон дегенің жоқ. Аймақтың әр тұсына шашыраған ауылдардан атпен, түйемен “Оңғарсынның отбасына сәлем берем” деп, әдейілеп ара қонатын жерден келіп, қона жатып әңгіме шертісетін. Мен ес білгелі біздің үй бай болып көрген емес. Сәлем беруге келгендердің бас-басына мал сойып, қазанқазан ет асып жататын дәулетіміз жоқ еді. Тортасын айырған сары майға піскен күрең бауырсақ, май мен ірімшік, құрт исі сонадайдан мұрныңды қытықтайтын сүр ет – осының бәрі сән-салтанатымен біздің үйді берекелі шаңырақ дегізетін. Жылына екі рет әдейілеп қонаққа шақырысу өз алдына бір мейрам болатын. Қазір “заман қиындап кетті” дегенді желеу етіп, кім өліп, кім тіріліп жатқанына да көңіл бөлмей, өзімізге өзіміз жетпейтін жанталасу заманына тап болдық. Жақында Қазақстан жазушыларының кітабын қарап отырып, “Жас” деп жүрген біраз қаламдас бауырларымның жарты ғасырлық жасқа жетіп қалғанын көрдім де, ойланып отырдым. Солардың ішінде сен де бар екенсің, Молдахмет, Дулат, Қажығали, Сәбит (Баймолдин), Төлеген, Ақселеу, Төлен... Бұлардың әрқайсысы – мен үшін топырағымыздағы рухани тірлігімізбен қоса елдікті, көргенділікті ұстап тұрған бір-бір алтын қазық. Өзіңді де осы талантты топтың санатында көремін. Рас, қазіргі жын қағып кеткен заманда әдебиетпен,
халықтың мәдени тірлігімен кемелді, көрегендікпен айналысып отырған қоғам да, адам да болмай қалды. Құдайды ұмыттырып, әр ұлтқа өз болмыс, өз тарихын өртеткен күндердің өзінде де халқымыздың тілін ұстаған жалғыз түйір құт мешіті Қазақстан Жазушылар Одағы болып еді. Оның басында Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев сынды тума таланттар отырған кезде әдебиетімізде жарық жұлдыздай жастар өсіп, қазақтың қасиетті қара сөзі мен киелі жыры өз үнін әдеби әлемге жеткізіп еді. Өйткені Жазушылар әлемінің басында отырған сол ағаларымыздың өздері шынайы таланттар еді ғой. Ал шынайы таланттарда ғана көңіл кеңдігі, көрегендік, соңында келе жатқандардың арасынан жылт еткен жақсыны көрсе, қызғанышсыз қол созу, қамқорлық жасау, жүрегі жарыла қуану секілді қасиеттер болады. Әдебиет, өнер әлемінің тағдыры шалағай жазушысымақтардың, шалағай өнер қайраткерлерінің қолымен шешілуінен артық қасірет болмайды. Бұл, сайып келгенде – халық өнерінің трагедиясы. Шынайы өнерге жылтырақ өтімділік, алып-сатарлық түп тамырымен жат. Қоғамымыз бұл күндері осындай өтпелі кезеңді бастан кешіріп отыр. Бұл – шын таланттар үшін қауіпті кезең. Әдебиет, өнер қорығында жабысы мен жорғасын, ешкісі мен есегін, қаршығасы мен қарғасын қатар қойып, олардың әрқайсысының қадір-қасиетінің иісі мұрнына бармайтындарды қорықшы қоюдан артық қылмыс жоқ. Атақ, жұмыс, лауазым – дүниеден бәрін сатып алуға болады. Тек табиғат-ана ғана сыйлайтын талантты сатып алуға болмайды. Әдебиет пен өнерді жасайтын осындай таланттар. Амал жоқ, қазір бәрін ақша мен сауда шешетін дәуір туып тұр. Аян, сенің елу жылдығың да осындай өлара тұсқа келіп тұр. Баяғыда қазақ елі дүлдүл ақын, жырауларының отыз, қырық жасын да тойлап, атап өтеді екен. Біз сияқтылар елуге ентелеп жеткен кешегі күндерде үкімет, қоғамды былай қойғанда, жазушылар одағының өзі бір ауыз не жақсы, не
жаман сөзін айтуға жарамаған. Ол өз алдына, тіпті “елуге келген ақын-жазушыларды атап жатудың қажеті жоқ” деп жоғары жақтан әдейілеп шешім шығарғандар да болып еді. Мұның бәрі өткінші жәй ғой. Ойлап қарасаңыз, ақынның жеке басына, талантына қосып-алар құдіреті жоқ, бірақ ұрпақ, замандастарды қадірлісін құрмет тұтуға баулыр халықтық салт қана. Ат шаптырып, атан жарыстырып ақынын көтермелер қоғам болмаса да, Тіршілік – мәңгі майданда тыңдадым өмір наз үнін. Жарқырап тұрар қайдан да туған жер – Темірқазығым, – деп о баста өзің жырлағандай, көл-көсір ықылас, ілтифатын алдыңа жайып салар халқың бар. Есіңде ме, анау бір жылы бір жолыққанда: (онда сен бәрімізге де Ана-бесік болған “Лениншіл жас” – “Жас алаш” газетінде әдебиет пен өнер бөлімін басқаратынсың) – Сендер, ер-азаматтар, замандас іні, қаламдас бауыр бола жүріп, бізді де бір қыдыртпайсыңдар. Әбішке Маңғыстауыңды, Оралханға Қатонқарағайды, Бексұлтанға Талдықорғанды көрсет дегеніме пәлен жыл болды. Мәніс біледі дейтін сен де Шымкентке шақырмайсың, Аян, – дегенім? Көп ұзамай Тұрсынай екеуің мені Шымкентке алып бардыңдар. Ол аймақта менің тұңғыш болуым еді. Студенттермен кездесіп, Қожа Ахмет Иассауи зиратына тәу етіп, сенің дүниеге шыр етіп түскен жерің Жетімтаудың баурайындағы қос бұлақ басында тыныстап отырдық. Содай сен айтып ең: – Фәриза, әрі заманы бір қаламдассыз, әрі әпкесіз, сізге ер-тұрманын күмістеп соқтырып ат, жарқылдаған машина мінгізер едім. Бірақ менің және мына қасыңызда қошаметтеп жүрген өнерлі іні-сіңлілеріңіздің қолында байлық та, билік те жоқ екенін сіз жақсы түсінесіз. Мен мына бауырларыммен
ақылдасып, Қаратаудың бір сілемі сонау жеке тұрған тауды сыйлаймын. Қараңызшы, өзі сонша биік те, аласа да емес, бірақ бойында белгісіз бір құпия құдірет бардай сезіледі. Сол тауды бұдан былай шымкенттіктер “Фәриза тау” деп атайтын болады... Маған бұдан артық сыйдың қажеті де жоқ еді. Өзіңді мақтай беру ыңғайсыз. Тағы да сенің өз жолдарың ойыма оралып отыр: Аяқ жерге, төбе көкке тигенмен, Кірпіктерім көкжиекке сүйенген. Далаң қандай әнді үкілеп, күй емген! Қазақ елі, сені мәңгі сүйем мен. Айналайын, туған жерім, киеңнен, Сенің шалқар шарапатың тигеннен! Ақындық – киелі қасиет. Кие деген де кез-келген маңдайға түстене бермейді. Елдіктің, адамгершіліктің, өнердің киесі қонған құйқалы топырақ қана өз перзентінің бойына уызына жарығандарда болатын кеңдікті, тамырынан сіңірер тектілікті дарыта алады. Көргенділік асып-тасқан байлықпен келмейді. Біздің балалығымыз соғыс кезіндегі, онан кейінгі жоқшылық жылдарда өтті. Байлық дегенді түсімізде де көрген емеспіз, ол жайлы армандаған да емеспіз ғой. Күні кеше өзіңе жақындауға жасқанып, еңбек жолын жаныңда жүріп бастаған өндір жастар бүгін мал мен мансапқа оранып, түу десе түкірігі ауада қалықтап жүрген заманда, біздің ақымақтар санатында бас-аяғымызды бүтіндей алмай жүруіміз де сондықтан шығар. Сол дәуренді енді қайдан іздерміз?.. Қайғым әжім салған кезде жүздерге із. Келер ме деп әскердегі көкеміз, Жол қарайтын біздерміз, Сол дәуренді енді қайдан іздерміз?
Отқа оранған әке түске жиі енді, Ешкімге де тілемес бұл күй енді. Ұңғыларда атылмаған оқ болса, Алдыменен бізге келіп тиген-ді... Отқа оранған әке түске жиі енді. Өмірбаян сол өртеңге жазылды, Өткізіппіз талай қыс пен жазыңды. Өркешінде өрге тартқан өмірдің Құшағымыз таңға қарай жазылды, өмірбаян сол өртеңге жазылды. Өзің осылай суреттеген жылдардың жетімектеріміз біз. Сол жүдеу көңіл, жоқшылық жылдар қалдырған таңбадай сезіміміздің, ықылас-ниетіміздің, өмірге көзқарасымыздың тұрақтылығы да, әкемізден “қара қағаз” келмесе де, көрші бала Бекболаттың әкесіз қалғанын көріп, көзіміздің жасы іркілетін жанашырлық та күні бүгінге дейін жанымызға бедер боп жабысыпты. Бүгінгі жұрт түк болмағандай қарайтын махаббат сезіміміз де біз үшін қасірет боп өткен еді. Бітіріп бір өзгеше баққа да рай Бұл қала жас жаныма жаққан арай. ... Мен уыз махаббатымды жоғалтқан соң, Кеткемін бетім ауған жаққа қарай, – деп, бүкіл тірлікке нүкте қойылғандай сезініп, енді бірде: Ғашықтар үшін таусады Ынтызар бұлбұл бар әнін. Махаббаттардың зәу шағы шақырып, кетіп барамын. Ғашықтар үшін таң күліп, Күретамырларға қан жүріп,
Махаббаттармен мәңгілік жатады өмір жаңғырып! – деп, қуана құлап, жарқ еткен сезіміңнің құдірті дүниенің тұтқасын ұстағандай күйге түсіруі де сол жылдардың аңқау да, адал тәрбиесінің бедері шығар. Жақсы көру де – киелі қасиет. Оның басты тіні – тұрақтылық. Пікірі мен сезімі қырық құбылған адамда өмірлік өзекті принцип те болмайды. Жақсылықты көре білу, сүйсіне білу де – адамдық болмыстың негіздері. Сені, сенің талантты замандастарыңды даралайтын да осылар. Менің бір таңқалатыным – солардың бәрі далалық ауылдарда жалаңаяқ өскендер. Қазақ табиғатының жәй көзге көріне бермес бояуболмысын жан дірілмен сезіне де – сол дала сіңірген қасиет болса керек. Маған сенің өлеңдеріндегі суреттер де қатты ұнайды. Тіршілік сәнін ырғап-жырғауын-ай, Оянған таң алдында қырғы ауылды-ай! Күн лаулай көкжиектен көтерілді, Құлпырған қауырсыны қырғауылдай. Бар өлке емен-жарқын нұрға тұнып, Балауса шөптегі шық сыр ма тұнық. Өзеннің иір-иір иінінде Билейді өрімталдар ырғатылып. Көрініс көңіліңді биіктетіп, Өмірді көрсетеді сүйікті етіп. Мөлдір көл, мөлдір аспан, мөлдір дүние, Тұр құйттай жүрегіңе сыйып кетіп. Немесе: Қашанғы сәуле себелер, Көкжиек өртеп күн батты. Қоңырқай құба төбелер
Шегіртке мұңын тыңдатты. Қарлығаш қанат қалықтай Желпінді баппен бақша-бау. Ертедегі алыптай Бір белде рәт жатсаң-ау. Сонан соң аспан біртіндеп, Шам-шырақ жаға бастайды. Тылсым көп өмір шіркінде Тамызық ойға тастайды. Қырдың бояулары-ай! Мен де қыр түлегі болғасын ба – әр ноқатына дейін жанымда жаттаулы. Бірақ мен өлеңмен сурет салуға шорқақпын. Өзінің қолында жоққа қызыққыш келетін адамзат болмысына тән көрсеқызарлық. Көрсеқызар деген онша тәуір қасиет емес. Бірақ қасиет. Жұлдыз – масақ. Ора-ора Ай орағы тауысты. Түн бояуын сора-сора Таң сәріге ауысты. Шықтың жасы пора-пора, Бозаң тартып тау үсті, ... Ойлар өрді қора-қора, Сезім – ғашық қауышты. Осы өлеңге қалай қызықпайсың! Қалай сүйсінбейсің! Қысып, қусырып, қала қапырық, Нәзік жатады жанды жапырып. Жүйке жұқарды, түтіліп шүйкедей, Тынбай бір күйбең үйкеліп күй кедей. Мысық мияуы, иттің ырылы, Естілгендей ме өкпе сырылы.
Үнсіз жеп жатыр жегі жемір үн, Жүйке тозды-ау, озды өмірім. Енді кетердей сәлге үзіліп, Аулақ, жүз күдік, оян, жүз үміт! Өкше тықылы, судың шорылы, Кілең естіліп көрші қорылы. Жә, жә!.. Амал жоқ, жеңдір сабырға: Ауыр тұрмыс та, жұқа қабырға. Есік. Желдеткіш. Еден сықыры. Бәрін көреді желке шұқыры, Кір шалған жоқ, бірақ, түк арды, Жүйке жұқарды. Жүйке жұқарды... Керемет өлең! Сенің суреттерің де қырғауылдың қанатындай құбылып барады. Мұндай өлеңдердің біреуін жазбаса да, ақынмын деп еңкейе алмай жүрген біз секілділерге сабақ қой! Халқымыздың басына келген зауалдай болған 1986-1987-жылдарда “Жалын” баспасының жабық бәйгесіне түскен “Зерде” деген шағын повесті оқып, кейін оның авторы сен екеніңді білгенде, таң-тамаша қалып, сүйсінгенмін. Өзіңе кейін айттым да ғой деймін?.. Сенің ел, жер жайлы, дара тағдырлар жайлы жазылған тағылымды әдеби мақалаларыңды оқып жүретінмін. Өлең жазғыштың бәрі ондай мақалаларды жаза алмайды. Көркем очерк жаза алмайтындар да екі-үш адамның ауызша тілдескенін сызықшамен тізбелеп, шығармалар жинағын шығарып, әдебиет сарайының төбесінде тайраңдап жүр. Бірақ олар сенің “Зердең” не әдеби мақалаларың тектес дүниелердің біреуін де жаза алған емес. Аян бауырым, мен саған көпшілік қоятындай бір-бірімізге моральдық немесе материалдық тәуелділігіміз жоқ екенін өзің білесің. Баяғыда бір қазақ:
– Бәріміз де әкемізді сабайтын едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көріп тұрғаным осы! – деген екен. Мақтаудың да түр-түрі болады. Менің бұл айтып отырғаным мақтау емес, шындық. Ақын үшін елу – үлкен белес. Алжудың басы емес, әрине. Бірақ алып-ұшқан сезімнен ақыл мен парасат басым, айға ұмтылар алапат күйден даналығы басым тұрар тұстың басы екені рас. Сол тұста тұрсың, бауырым! Анау жылы қолынан дәм-тұз татқан анаң өткен жылы дүние салған. Сонда қолдарынан жетектеп жүрген екі перзентің – Арай мен Нұржайна – бұл күнде қазақ топырағының бір-бір азаматы болар жасқа жетті ғой деймін?! Мұның бәрін айтып отырғаным – осылардың әрқайсысы адамды есейтер детальдар. Сенің соңғы жылдары оқта-текте мерзімді баспасөз беттерінде көрініп қалатын өлең-жырларың да әлгі айтқан парасатты ойларыңа куә. Жаңа кітабың соңғы екі-үш жылда қолыма түскен емес, шамасы шықпаған болуы керек. Әйтпесе, жаңа шығармаң жарық көргенде, қуана сыйлайтының бар еді. Қазір кітап шығарудан гөрі екі әйел алу оңай болды ғой деймін. Әрине, бұл жалпыға бірдей принцип емес. Баспадағылардың бабын тапқандар баспа басшыларының шәртиген шығармаларынан ауысқан қағазға том-том етіп шығармалар жинақтарын шығарып та үлгерді. “Құдық суының ащы-тұщысын білу үшін құдықты сарқа ішудің қажеті жоқ” дегендей, сол газет-журнал беттеріндегі өлеңдерінің өзінен жаңа бір деңгей, жаңа мазмұн байқап қалам. Қалт-қалт етіп күн көріп, қайран қазақ! Біздер үшін қиямет сайран да азап. Заман желі қаңбақтай айдағанда, Қалыпты-ау туған жерде – қайран да аз-ақ. Жетім қозы тасбауыр маңырайды, Қайтқан қойға өрістен жамырайды.
“Қайран қазақ!” күйі әлі күңіренеді, “Қайран қазақ” әні әлі аңырайды. Кім тозаққа шынымен төзер еді, Шүберекке жан түйіп безер еді, Ата-жұрттың жібімей тас емшегі, Тулақ болған топырақ безереді. Рахман нұрын бәрібір көк төгеді, Көсегенің көгеріп көктегені. Қарлығаштар, аман бол, қарлығаштар, Оралатын сағынып көктемені. Уақыт та көрсетті себі шетін, Сенісетін кез келді, сенісетін. Жылқы мінез, халқым-ай, шұрқырасып Өбісетін, қайтадан тебісетін. Маңдайдағы жұлдызым: жалғыз Отан, Жайып жатар құшағын аңдыз жотаң. Адасқанды табыстар аруанаға, Боздамасын шалғайда жалғыз ботаң!.. Қайран қазақ, ұштасып нұрға таңың, Қашан сені мен ырғап-жырғатамын... Тамып кеткен ыстық көз жасың едім, Қалай оны оп-оңай құрғатамын?! Шынайы ақын-жазушының мұңы мен күлкісі, кейбіреулер ойлайтындай, өз қара басынікі ғана емес. Жалғыз өзі олқы жерінің бәрін дүниемен толтырып, жеке басының жыртық-тесігін бүтіндеп, айналасында түйсігі мен түсінігін жетілдіре алмай, әйт десең, аттана шабатын, қырық пышақ болып қырылысқан аталастары, қандастары жүргенде, қағанағы қарық күн кешетіндер – халықтық
тұлғалар емес. Ақын – туған топырағының, туған ұлтының барометрі болғанда ғана шын ақын. Қайран қазақтың кейуана күйін көшіріп, қашан ғана қуанышқа бөлеймін деп уәйім шекпеген ақын ақын емес. Қазір ел ішінде бастарын екі елі шүберекпен таңып алған кім көрінгенді жинап, көшеге шыққандарды ғана халық үшін іс тындырып жүр деп қабылдайтын болды. “Аш құлақтан тыныш құлақ” деп, ондайлармен басшылар да есептесетін болды. Осының бәрі жүйкеңді жейді. Ел тағдырын, таланттар тағдырын кім көрінгендер шешетініне ызаланасың. Сенің баспаға тапсырған, бірақ әлі жарық көрмеген жинағыңның “Жүйке” деп аталуы да кездейсоқ емес-ау. Жаным қандай шаршады, Нәзік үміт үзіліп. Жастығымның бар шағы, Өтті алдымнан тізіліп. Бақ па, сор ма маңдайда? Сүйдім және сүйіппін. Қалды кетпей таңдайда Кермек дәмі күйіктің. Досқа создым қолымды, Көбісі сырт айналды. Кесті және жолымды Еріксіз тіл байланды... Жарақаттан сау жер жоқ, Кеткен жақсы-ау көз іліп. Күздің күні жауар боп, Тұр ызғары сезіліп. Бұл өлең – сенің, сенің ойлы замандастарыңның, тіпті бәріміздің жанымыз, тәніміз.
Сырт көзге ақынның жеке қасіреті боп көрінетін жан күйзелісі басқалардың жүрегіндегі бітеу жараның аузын аша алса, міне, халықтық дүние дегеніміз осы болмақ. Аян! Сенің творчестволық өсуіңнің басты себебі осы жасқа келгенше биліктен бөлек, билік құрғандарға бауыр не балдық болмай, өз тіршілігіңмен жүргеніңнен деп топшылаймын. Кәріліктен көмескі сөнген көзі, Асыл әжем жүз беске келген кезі. Біздің үйде бар еді құрсау шәйнек, Сынып, жамап бәріне көнген өзі. От басының қызығы суынбайды, Бала ойында әлдене туындайды. Сексеуілдің шоғына бүйір қызып, Ақ құманның шүмегі шуылдайды. Қай қиырға адырна атты толғап, Менде ерік жоқ жүретін қатты талғап. Құрсау көңіл, құрсау жан, құрсау шәйнек, Құрсау-құрсау дүниені жатты жалғап. Мен пір тұтқан құлады ту қалықтап, Түсе ме енді тіршілік шүу қалыпқа?! Қатал тағдыр мені де құрсаулады, Асау ой мен сезімді бұғалықтап... Сенің осы өлеңіндегі құрсау тірліктің орта тіршілігі сенің ойыңды балға мен төстей шыңдап, шым-шытырық өмірдің шаң-тозаңынан үнемі тазалап келе жатқан секілді. Өнер иесінің билік пен мансапқа ұмтылуы – оның бойындағы талант көздерінің біткенін білдіретін бірден-бір көрсеткіш. Билік пен мансап жүрген жерде тәуелділік жүреді. Ал тәуелділік бір күні болмаса, бір күні адалдығыңнан
тайдырады. Сөйтіп екіұдай сезім, екіұдай өмір кешу басталады. “Ішімнен біліп тұрмын, бірақ басекеңнің көңілінен шықпайды” деген қағидадай тірлік кешу осы. Бұл – творчестволық тұлға үшін қылмыс. Сондықтан Құтқардым мен құрдымнан аға-ініні, Араша кім болады, ал, өзіме?! – деп өзегіңді өртей берме! Жер аударылып кеткенше жаныңды емдер туған топырақ бар. Өзің де жазыпсың ғой: Туған жер, сенің қандай сиқырың бар?.. Мен де бір күн білемін тынарымды. Мүжіліп шынар сынды сынарымды. Жібек жел. Жалбыз жаға. Бала бұлақ. Қарсы алып тарқатады құмарымды. Күреңсе. Раң. Ырғай ырғалады, Долана, итмұрын мен шырғанағы. Жарқ етіп жарық дүние жанарымда, Мұң емес көңілімде нұр қалады. Жаңартып бұл кездесу жан, сананы, Сан сурет шығады алдан самсап әлі. Шеңгелдің титтей қызыл қауашағы, Сәл самал тербеп кетсе ән салады. Туған жер, қандай сенің сиқырың бар?.. – деп... Ендеше “құлдық сезімді лақтырып” тастап, “тағдырдың соққысынан шекесі шодырайған” халқыңды жүрекжырыңның жылуымен емде, жан-дертіңнен сәулесімен баста! Сенің аман жүргеніңді, өз биігіңде жүргеніңді тілейтін ел-жұртың, апа-қарындас, аға-інің бар.
Жастықтың ен жайлауын жайлап едім, Көктемнің сезіп тағы майда лебін. Сыр шертіп тұрған бағзы қайыңдар жоқ, Кешіккен махаббатым қайда менің? Қиялым, оны онша ұстама енді, Толқытып тебіренетін тұсқа келді. Боз көйлек, тесік қалта арманшыл жас, Құмартып құшты талай қыпша белді. Күндер де сенсіз қанша дөңгеледі, Біртіндеп ұяң үміт сөнген еді. Жүрегім бұрылады жолайрыққа, Тұрғандай күтіп біреу дөңде мені. Қалды ма қызық-шыжық жалпы өткенде, Отырдым ойға шомып қалт еткенде. Еһ, дәурен, ыстық демің күйдіреді, Балтырлар ақ сазандай жарқ еткенде... Бір түрлі шымырлайды құйқа қандай, Жаралы жанды емдеп шипа таңдай. Әлдекім қырау басқан самайымды Жып-жылы алақанмен сипағандай. Сол жылы алақан – халқыңның алақаны ғой.
АДАМЗАТ АЛАҚАНЫ Адамзаттың тым шет-шексіз ұзақ ғұмырындағы кәкіршүкірді елемей, кембағалдар, бишеқорлар мен жарлыжақыбайларды жарылқап, маңдайдан сипайтын алақаны ұдайы жұмсақ, жылы бола бермегендей. Арман мен бақыт құстары пыр-пырлап ұшып, кімнің басына қонарын әлі күнге дейін білмей жүрген сықылды адасып. Не деуге болады? Адам табиғаты басынан тылсым. Оның тал бойында шарпысып жатқан сезімдердің бәрі де бар: жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, қатыгездік пен ізет, кішілік пен кісілік, ұсақтық пен ұлылық, кісәпірлік пен имандылық. Асқан ақыл-ой асқарына тартқанда, ол арбадан атом ғасырына дейін қилы-қилы ғұмыр кешті. Оның ұзақұзақ өмірінде қызықты құбылыстар, оқыс оқиғалар мен сұмдық сілкіністер аз болған жоқ. Тіпті Х-ХХ ғасырлар аралығында тамаша тұлғалар: атақты ақын-жазушылар, рухы биік революционерлер, сұңғыла суретшілер, сайыпқыран сазгерлер, дарабоз даналар, ғұлама ғалымдар, әйгілі әскербасылар пен саңлақ спортшылар болды... Ғасырлар қойнауына саяхат жасағанда небір ғаламат ғажайыптар ойға оралады. Ұдайы су аяғы құрдым бола бермейді. Бұлақ басынан лайланса, аяғынан тұнады. Төрткүл дүниенің төрт құбыласы елеңдеп, үшінші мыңжылдықты тағатсыз күтті. Адамзат балауыз шамдай таусылып, аяқталған ХХ ғасырды әрқалай қабылдды. Зымыран уақыт қандай-қандай заулайды. Басқа даңғаза өз алдына, тіпті кей басылымдар оның аяқталуына пәлен апта қалды деп жар салды. Ұзын салқар өмір көшінде алағай да бұлағай, жақсы да, жаман да алқын-жұлқын жайлар кездесіп заманалар шыңға тартты. Бірақ, болашақ темірқазығын бетке ұстаған ұлы керуен тоқтамай іркіліссіз тек алға кетіп барады. Алайда, осындай әредік-әредік ұзақұзақ мерзімде, яғни бұл өткен мыңжылдықта кім қандай із
қалдырып өтті? Әрине, қай кезде де тұлғаның аты тұлға. Қаншама тарих тегершігін кері кейін айналдырғысы келгендер де табылғанымен, ол көткеншектеп шегінбейді, уақыт ақ сағымы адамзат алыптарының биік бекзат болмысын ешқашан көлегейлей алмайды. Ендеше, ұзынырғасы мың жылға созылған мәңгіліктей мезетте қайран қалдырған әлеуметтік-қоғамдық құбылыстар, ойға ой мен сезім қосатын оқиғалар, сәулелі сананы сарсылтқан сілкіністер аз болған жоқ. Шаңды шаңға ұластырған қанды шапқыншылық, рауаннан бастап кемеңгер кемелдікке дейін адам баласы соншама апайтөс асқарлар асты. Ол феодалдық, капиталистік және социалистік қоғамдарды (формация) бастан өткеріп, бауыр басқан жерден ғарышқа көтеріліп самғағанша жер бетінде жағаласып, жұлқысып, баз кешіп, отаршылдық қамытын сыпырып тастап, бостандығын шектейтін бұғауды быт-шыт етіп үзіп, тәуелсіздік туын желбіретіп жоғары көтерді. “Біз де сіздердей болғанбыз. Сіз де біздей боларсыз” пиғылы қандай! Жиырмасыншы ғасырдың бел ортасындағы оныншы жүзжылдықта аламан-тасыр арман, ғажайып ғаламаттарға толы өтті. Ұлы Тұран топырғаныда әлі Қорқыт ата мен оның ұғымтал шәкірті Әбунәсір әл-Фарабидің рухы Қыдыр кейпінде кезіп жүрді. “Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманды” көксейтін бәрі. Викингтер ұрпағы алғаш рет Еуропадан Атлант мұңайған мұхитын кесіп өтіп, Лайф Эриксон Америка жағалауларына жол тартып, жаңа құрылық ашқаны бүкіл адамзатқа жұмбақ күйде қалды. Араб халифаты солтүстікке ауыз салып, Испания мен Сицилияны жаулап алды. Көшпеліліремен бірде тату, бірде қату болған Киев Русі одан ары күшейіп, дай-дай қызық дәурен сүрді. Бірақ, 1015 жылы І-Владимир әулие дүние салып, ел қара жамылса, Римде ІІ-Николай кардиналдар кеңесетін алқада папа сайлануын мақұлдады. Өмір-өзен өрекпіп өрге тарта берді. Бірте-бірте теріскейден тықсырылып, селжүктер Кіші Азияға қарай қоныс аудара бастады. 1071 жылы Ван көлінің маңайында Алып Арыстан бастаған сары даланың сарбаздары
Византия әскерінің тас-талқанын шығарып, жеке-дара билік құрды; Ирак пен Сирия көшпелілер тұлпарларының тұяғы астында тапталды. Санжар, Тұғырылбек, Алып Арыстан тұсында селжүктер мемлекеті нығайып, мейманасы толып, өгей өлкеде өктемдік жүргізді. Егер Еуропада Ұлы І-Кнуд біріккен Англия, Дания мен Норвегияның королі болып тұрғанымен бытыраңқылыққа ұшыраса, Сырдарияның төменгі ағысындағы түріктер (оғыз-түрікмендер) Кіндік Азияның Оңтүстігінде көшіп-қонып жүріп, жан-жағына көз аларта бастағандай. Түздіктер бастауында Селжүк тұрып, мұсылман дініне кіру рәсімін жасаса, Бағдатта “Низамия” медресесі ашылып, ескі құрылықтан оңтүстік шығысқа қарай бірнеше мәрте крест жорығы жалғасты. Бұл ғасырда дала мәдениеті барынша марқайып, адамзат рухы Өрлеуі осы өмірден бастау алды. Дала ренессансы! Оны айтқанда кейбір кейапат ұрып, кергігендердің алдында көлгірсіп, көмейімізге тас тығылғандай ауыз ашпай қалатынымыз неліктен? Бар дауыспен жар салатын кез емес пе? Орта Азия оқымыстылары Ерте Өрлеуге жанкештілікпен өлшеусіз үлес қосты. Оған Әбу Әли әл-Құсейн ибн Сина мен Әбурайхан Мұхаммед ибн Ахмет Бирунидің өмірге келіп, тіршілік танымының сан саласында олардың мәңгі жарқын жұлдыздай із қалдыруы зор ықпал етті. Авиценна (980-1037ж.ж) 156 еңбек жазып, медицина, геометрия, математика мен астрономия ғылымдарымен шұқшия шұғылданып, уақыт сарғайтқан қыруар қолжазбаларды қарастырып, ащы маңдай терін төгіп, көз майын тауысты. Бируни (973-1051 ж.ж) болса Галилей, Коперник, Гауес, Ломоносовтардан әлдеқайда бұрын аспан әлемінің беймәлім сырларын ашып, тұңғыш тұлға ретінде тәлімгерлік танытты. Егер аталмыш аралықта рухи орталық Қиыр Шығысқа қарай ауысып, онда Махмуд Қашғари мен Жүсіп Баласағұни тіршіліктің жұлдызды жолына жарыса шықса, демек, біздің халықтарымыздың мәдениеттен мешеулеп қалмағанын көрсетеді. 1029 бен 1038-жылдар шамасында туып, оңдысолды танып, парасат патшалығына билік құрғанда Махмуд
Қашғари “Түрік тілдерінің сөздігін” (“Диуану-лұғат иттүрік”) жасады. Оның әкесі Қарахан әулетінен Құсайын бин Мұхаммед Бараған әмірі Бағра ханның (Харун бин Сүлейман) немересі болып танылды. М.Қашғари өз тілістанында 110 жер-су аттарына тоқталып, 40 ел мен тайпаға түсініктеме береді. Ал, Жүсіп хас Хажип Баласағұни (1021-жылдар шамасында дүниеге келген) Орта Азияның атақты ақыны болып, соның елең-алаңының өзінде “Құт қайнарларын” замандастарына өнеге етті. 1069-жылдары жазылған бұл поэмада Ә.Фирдоусидің “Шаһнамесінің” ықпалы аз емес. Месневи түрімен жазылса да шығарма өлшемі мұтакәріпке жатады. Ж.Баласағұни алғаш рет түркі поэзиясына арузды енгізіп, түздіктер тіршілік танымын жыр тілімен жеткізді. Біз бұнда қайта-қайта Тұран топырағы мен туылған тұлғаларды айтып отырғанымыз, ол – ортақ үйіміз. Тұрпаннан Дунайға дейін көшпелілердің дәуірлеп тұрған тұсы бұл. Соның айғағындай осы кезеңдерде үлкен ұғымға ортақтастырып, бүкіл баспа өнерінің қарлығашындай болып, хұснихат (каллиграфия) пайда болды. Бұл уақыттың қазақ тарихы үшін де ерекше маңызы бар. Тағы да мәселе тектануға тіреледі. Мұхамеджан Тынышбаевтың көрсетуінше, Х ғасыр жазушысы, Византия императоры Константин Порфирордың Таматарихтан (Тмутаракань) Күншығысқа қарай Қуан өзенінің бүкіл бойын “Қазақия” деп атайды. Г.Эверс араб жылнамашысы Масуди (956 ж. қайтыс болды) Трапезундқа келетін саудагерлердің осы елді “кәшек” деп ен тағып, арабтың басқа бір жиһанкезі Ибн әл-Варди “косогтар” немесе “қазақтар” екенін еске салады. Левшин парсының 1020 жылдар маңайында өмір сүрген атақты ақыны Фирдоуси өзінің Рүстем поэмасында “Қазақтар мен қазақ хандары” туралы толғайтынын атап өтеді. Шығыс поэзиясында (басқа жанрларда да бар) парсы әлемі бізге бір табан жақын болғандықтан оның әфсаналары, жәдігерлері мен мұрағаттары ежелден аралас-құралас
болатын Тұран мен Иран арасында атам заманнан түрлітүрлі байланыстар барқадар өркендеп, жалпы жаптас жатқан жұрттың бір-біріне көз алартқаны сиреді. Адамның асыл мұратын асқақ жырлаған Әбілқасым Фирдоуси (9401030 ж.ж) ақындар шаһары Қорасанда туып, үлкен өмір мектебінен өтті. Оның “Шаһнаме” эпопеясы кеңістікті көктей өтіп, сан ұрпаққа өнегелік тәрбие беріп келеді. Жақсылық пен жамандық, тұлға мен тобыр, бақыт пен сор тайталасып дәл ондай туынды берген жоқ еді. Бұл кезеңде Низами, Дехлеви шығармашылығы шарықтап, өнер шырғалаңына ұрынбай, шабыт шабандозындай көсіле шабуға зор ықпал жасады. Гете мен Чернышевский Ә.Фирдоуси еңбегін аса жоғары бағалап, поэзия пірі тұтты. “Шаһнаме” тарауларын қазақшалауда Ораз молда, Сералы мен Тұрмағамбет аз үлес қосқан жоқ. М.Сералин “Рүстем мен Зухрабты” тәржімалауда елеулі еңбек сіңіріп, парасаттылық парызын аса абыроймен атқарып шықты. Бұдан Әбілқасым Фирдоусидің қазақтардың төл суреткеріне айналғандығы байқалады. Олар бір-бірін білді ме, білмеді ме, Әбілқасым Фирдоусидің рухи інісі Омар Қайым (Хайям, 1040-1123 ж.ж) Шығыс жыры шоқ жұлдыздарының бірі болумен қатар, даналықтың дара тұлғасына айналды. Ол аспан әлемі мен жер бетіндегі құбылыстар туралы ұдайы толғанып, жаратылыс жұмбақтарының қыр-сырына үңілді. Біз Омар Қайымды тек ақын ғана деп танимыз. Ол жұлдызнама жайында жазып, Наурыз туралы толғанып, қырандар мен тұлпарлар хақында хикая шертеді. Бұл орайда танымы мен түйсігі жағынан ол түздіктердің тыныс-тіршілігіне өте-мөте етене жақын тұр. Ақын бұрыннан поэзияда бар төрттаған (рубай) жанрын тұрақтандырып, өмірдің бар саласын қамтып, өгейлік пен бауырмалдық, бес күн жалғанның қысқалығы мен уақыт шебердің ұсталығы, пенденің лап етпе сезімі мен көнтерілі төзімі жайында жырлап, табиғатына нәзік нақыш, даналық дарытып, биік болмыс бітірді. Дүниеге шыр етіп түскелі білімнің жарық биік шыңына
ұмтылған адам баласының аңсары жан-жақты ағартудың сансаласына ауды. Бұл аралықты жоғарғы оқу орындарының ғасыры десе де болатындай. Ескі Еуропада бірінен кейін бірі Болон, Сорбонн және басқа да университеттер ашыла бастады жаппай. 1127 жылы Қытай астанасын (Кайфын) көшпелілер жаулап алса, Мысырды күрді Салах Аюбид әулетінің негізін салып, ормандар мен батпақ арасында Мәскеу (саз мекен) бой көтеріп, Батыста Палестинаны азат ету сылтауымен крест жорығы одан әрі жалғасты. Германия императоры І-Фридрих Барборосс, ағылшын королі арыстан жүректі І-Ричард пен Франция королі І-Филипп Августің біріккен қолы жекпежекте тауы шағылып, қатты жеңіліп, маңдайы тасқа тигендей кейін қайтып, өз отандарына оралды. Оның үстіне Алмания императоры жортуыл кезінде өзенде тұншығып өлді, қанды шеру аяғы қасіретпен бітті. Алыстағы тұманды Альбион, күнбағыс алқабы теңіздей толқып тұрған Нормандтар жері мен Балтық бойында батырлар жыры бабалар рухын оятып, ауыздан ауызға аңыз болып тарады. Бұл біздің түгел түркі халықтарының біразына ортақ асыл қазына болып есептелетін “Алпамыстың” алғашқы нұқасының пайда болуына тұспа-тұс келеді. Мәңгілік “Манас” та асыл мұраға айналып келе жатты. “Менің Сидім туралы”, “Нибелинг туралы”, “Ролланд туралы” және өзге де ерлік эпостарының дүниеге тұсауы кесілді. Азияда да, Еуропада да түптің түбінде қаһармандық қайнарларында қайырылып, пақырлық қалып, бауырлыққа ден қойғызды. Ел еңсе көтерсе – рухы асқақтайды. Ол бойға бесік және батырлық жырларымен бірге біте қайнасып дарыды. Ал, қай діннің болса да жергілікті жерде тамыр тартып, кең қанат жаюы оңайлықпен жүзеге аспайтын қаракет. Парсы мемлекетінде Қазанхан (1271-1304 ж.ж), Алтынордада Өзбек ханның (1312-1342 ж.ж) тұсында ислам бүкіл елге қылыштың жүзімен күштеп енгізілді. Егер, ұлан-байтақ далада өз уағыздаушылары болмаса, арты насырға шауып, екі талай аяқталуы мүмкін еді.
Софылық ілімнің барынша пайда болуы да осы аласапыран кезеңге сәйкес келеді. Өмірге жыр мен инабаттың жарық жұлдызындай болып, Құл Қожа Ахмет Иассауидің Сайрамда (Испиджап) 1103 жылы кесенелері де осы топырақта мәңгі тыныс тапты. Орыстың белгілі шығыстанушы оқымыстысы М.Е.Массон: “Қожа Ахмет Иассауидің заманында Орта Азияға шығыстан келген мұсылман емес халық қытайлардың (қарақытайлардың) шапқыншылығына ұшырады. Олар әуелі Шу бойын басып алып, онда орныққан соң (1137-1141 ж.ж), ал, 1141 жылы Қатауан даласында самарқандықтар мен селжүктердің сұлтаны Санжардың (1118-1157 ж.ж) біріккен қолын ойсырата жеңді. Қарақытайлар өздері басып алған жерлерде мемлекет құрды. Олар бірте-бірте мұсылман дініне шек қойғандықтан, ислам өзінің бұрынғы беделінен айырыла бастады” деп жазды. Бұларға тарих тағлымы мен арнайы құжаттар болмаса шәк келтіруге болар еді. Бірақ, деректер бұра тартқызбайды. “Ахмет Иассауи Сайрам шаһарында біздің заманымыздың 1103 жылы дүниеге келеді. Тегі – жергілікті түркі тайпаларының бірі. Баж кәсібімен күнелткен. Әкесі – Ифтихар, баласы – Махмұттың ұлы Ибрагим (Ыбырайым) сол Сайрам шаһарында жерленеді. Ахметтің, шешесі – Қарашаш ананың бейіті де осы қалада, – деп толғайды атақты кесенені түгел зерттеп, кітап түзген халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедов. – Түркістан қаласында Ахмет Иассауидің қызы Гауһар мен күйеу баласы Әли қожаның қабірлері, Бабарабтың мешіті және басқа да көптеген ескерткіштер бар. Бұл аз болса осы салада пайымды пікір айтып келе жатқан ғалымдар Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томановтар да толассыз ойды қуаттап, “Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде” (1971 ж.) бұған жан бітіре түседі: “Қожа Ахметтің әкесі Ибрагим (Ыбырайым) бин Махмұт бин Ифтиқар жергілікті түрік тұқымдас халықтардың ішінен шыққан қарапайым диқан болған.Ахметтің өзі қазіргі Сайрам қаласының маңайында туып, сол кездегі атақты
Арыстанбаб пен Жүсіп Хамадани шайхтардан білім алған. Ол әуелгі өз елінде (Арыстанбаб), сонан соң Бұхарада (Жүсіп Хамаданидан) оқыған. Ол әуелгі өз елінде (Арыстанбаб), оқыған. Оқуға жетік, білімге зерек болған... Бұхара сопыларының (нақшбандилердің) қоғамын басқарған”. Біз әлі өз тарихымызға ұдайы түртпектеп дүдәмалмен қараудан айырылмай келе жатырмыз. Марқұм Әнуар Әлімжанов Қожа Ахмет Иассауи өзбек ақыны деп ойда жоқта жаңалық ашады. Ау, ол кезде қазақ, өзбек және қарақалпақ болып онша жіктеліп, бөліне қойған жоқ еді. Баба мазары әлденеше рет шапқыншылыққа ұшырап, жасау-жиһаздары тоналды. Алтын Орда ханы Тоқтамыс та оны талан-таражға ұшыратты. Бес күн жалғанды тәрк еткен шайыр “Даналық кітабында” терең дүниетанымын бұлжытпай білдіреді: “Ой, омарта, сезім сәуле, көңілім кәусар, Атым Ахмет, Түркістанда елім менің!”. Енді оның Оңтүстік өлкесінде туғанына еш талас жоқ. Оның үстіне “Парасат кітабы” бірнеше мәрте қазақша жарық көріп, рухи айналымға түскені төбені көкке жеткізеді. Құданың құдіретімен бүкіл ақындық қуаты ашылып, Низами (Низамиддин) Әбу Мұхаммед Ілияс ибн Жүсіп Гәнжауи (1141-1203 ж.ж) ғаламат ғұмыр кешті. Оның қаламынан туған “Жеті ару”, “Қысырау мен Шырын”, “Ләйлә мен Мәжнүн” және “Ескендірнаме” бес тармақтары позэия көгінде жаңа бір жарқын жұлдыздың жанғанын паш етті. Құдай қосқан қосағы қыпшақ қызы Әппаққа деген оның сүйіспеншілігі өлең жолдары болып от түскен өзегінен өрілді. Негізінен Низами эпик ақын. Ол сол шығармашылық шарапат шұғыласымен кейінгі шайырлар буынының тез қалыптасуына зор ықпал етті. Кешегі қымбат құндылықтармен көзайым көрісу де бір ғанибет. Көкжиек көмкерген көз ұшында қою шаң көтеріліп келеді. Егер, бұрынғы жаугершілік заман болса, Қарауылтөбелерге от жағылып, қара құрымдай қаптап келе жатқан дұшпан қолынан сайын далаға алдын ала белгі хабар берер еді. Келешекке тесіліп балбалдар, бәдіздер, жартастағы жазулар
мен суреттер, көне қорғандар мен қамалдар, тілсіз төбелер жатыр көсіліп. Ұлы дала толғанып, тағы да мәңгілік жырын тербетеді... Таразылай келгенде, бұл ғасырды шаңды шапқыншылық жылдары немесе Шыңғысханның (1155-1227 ж.ж) жұлдызды заманы десе де болғандай. 1206 жылы оны қаһарлы қаһан етіп, ақ киізге отырғызып, ұлы хан сайлады. Рәсімге қатысқан он екі бидің ішінде шежірешілер Шәккәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпей атап өткендей, Үйсін Майқы мен Қоңырат Саңғыл (Сеңгеле) болған деседі. Азиы қақпасына ауыз салудан бұрын 1215 ж Темужин әскері Ханбалықты (Бежин) басып алды. Ұлы Жібек жолында Отырар, Сауран, Сығанақ, Иассы және өзге де кенттер көркейіп, гүлдену дәуірін бастан өткеріп жатты. Олар Иран, Орта Азия, Монғолия және Қытаймен тығыз қарым-қатынаста болып, сауда-саттық жасап тұрды. Тіпті, Отырар даңқы Күлтегін мен Білгеқаған жазбаларында да кездеседі. Тұрарабад, Тұрар, Тарбанд, Фараб атауларына ие болғанымен бәрі бір қала тарихымен тікелей байланысты еді. Шаһар адамзат шежірсіне өз атын алтын әріппен жазды. Бір кездері қос мүйізді Ескендір Зұларнайынға берілмей жарты жыл төтеп берген Тир секілді Отырар да алты ай бойы арыстандай арпалысып, жолбарыстай жағаласып, қамал ел есітіп, көз көрмеген сұмдық қаһармандық танытты.1219 жылы көктемде жер сілкінткен 200 мың Шыңғысхан шеріктері құдіретті қолбасылар Сүбедей, Жебе мен Тоныжар бастап, қаланы қоршауға алды. Тұйықтар мен алаңқайларда ханакалар, мешіттер мен медреселер жетіп артылатын, жер жүзіндегі ең бай кітапхана да осында болатын. Ұлы қаһан қабағынан қан жауып, балалары Үгедей мен ағатайға тентек тобырларды жуасытуды тапсырып, сырттан қарауылдап, қолына шырт түкіріп отырды. Қала қорғаушылары ақырғы демі қалғанша жағаласып, аянбай шайқасты. Қайырханға көмекке шекарадан елу мың, басқа өңірлерден он мың әскер көмек беруге аттанды. Бірақ қолбасылардың бірі Қараджа
Хаджиб сатқындық жасап, қарсыластар жағына шығып кетіп, Отырар отқа оранды. Шайқасушы күштер тең емес еді. Қаншама ерен ерлік көрсетіп, текетірес тұрғанмен Арыстың Сырдарияға құятын сағасында өркендеп, жалы күдірейген кент күйреді. Әлі күнге дейін мәдени қабаттарды аршып, қанша қазғанмен қор қазынасы орасан кітапхананың өзі ғана емес, жұрнағы да жоқ. Жувейни “Әлем жаулаушысының жылнамасында” тағы да көптеген деректер келтіреді. Бір армян саяхатшысының мәлімдеуінше, одан кейін де Отырар қайта орнына келіп, тіршіліктің қара қазанын қайнатқанымен күйі кетіп, шаруа шаңырағы шайқалып, тек тылсым төбеге айналды. Еуропа елшілері мен жиһанкездері Марко Поло, Пиано Карпини, Вильгельм де Рубрук пен Руи Ганселес де Клавихо жазбаларында сонша сүмірейтіп, қирап, құлазыған қала, қыран ұшып, құлан жортпас қу медиен дала деп суреттегенмен өмір оты өшкен жоқ болатын. Өртеңге қайтадан қызғалдақ өсті. Ел еңсе көтерді. Шығыстан шұбалған шапқыншылық Дунайға қарай ауысты. 1241 жылы Бату Венгрияны түгел жаулап алса, соның алдында ғана Александр Невский шведтер мен неміс қосындарын Чуд көлінде қирата жеңді. Ізінше моңғол әскерлері кері оралып, Еділ бойында Сарай қаласының іргесін көтеріп, Алтынорда хандығының негізін қалады. Оны әр кезде Бату (1227-1256 ж.ж), Береке (1256-1266 ж.ж), Мөңке-Темір (1266-1280 ж.ж), Туда-Мөңке (1280-1288 ж.ж), Төле-Бұқа (1288-1290 ж.ж), Тоқты (1290-1312 ж.ж), Өзбек (1312-1340 ж.ж), Жәнібек (1340-1357 ж.ж), Бердібек (13571359 ж.ж) билеп-төстеді. Пешенеге жазылғаны солай ма, әлде тағдырдың қақаған қара дауылынан ыққан түріктердің бір бұтағы Ертұғырыл бастап, ғасыр аяғына таман Кіші Азияға қарай ойысты. Алты жүз жылдан астам түкіргені түйме алтын, қақырғаны қойма алтын болған Осман (Оттоман) империясы Анамекенге табан тіреді. І Осман Қази, Найзағай І Баязит, ІІ Мехмед Фатих, І Селим Жауыз, ІСүлеймен Канунн, ІІІ Селим, ІІ Махмуд, ІІ Әбділхамит, IV Мехмед, Вахидеддин Еуразия
кеңістігі үстінде қандастардың қайқы қылышын жасындай жарқылдатты. Егер ғасыр басында алып құрлықтың оңтүстік шығысында Дени сұлтандығы құрылса, жүз жылдық аяқтала Мысыр мамлүктері Акраны басып алды. Тұран түлегі Бибарыс бастаған Мансұр айлағында крест жорығымен келген фран Цузардарды күйрете жеңді. Бұл кездегі адамзаттың рухи өмірі де көшпелі алтындай бір орнында тұрған жоқ. ХІІ ғасыр аяғы мен ХІІІ ғасыр басында өмір сүрген А.Иүгінеки (Әдіб Ахмет ибн Махмұт Иүгінеки) “Ақыл айнасы” поэмасы арқылы өзі зағип болса да замандастар жүрегіне терең жол салды. 494 жолдан тұратын шығарма одан кейін араб жазуымен ұйғыр, араб және түрік тілдерінде жарық көрді. Түркістан төңірегіндегі Жүйнек, Самарқанд саласындағы Югнак, Ферғана өлкесіндегі Юғнақ оның есімін еске түсіреді. Бұлардың шығармашылығы түгел түрік әлеміне ортақ. Тағы да өкінішке қарай, редалқасы Ш.Айтматов, М.Тұрсынзаде, Б.Кербабаев, Р.Ғамзатов, Ә.Нұрпейісов және басқалар болып есептелетін Мәскеудегі “Художественная литература” баспасы 1972 жылы “КСРО халықтарының поэзиясы” деген жинақты жарыққа шығарды. Онда бәрі бытысып жүр. Баласағұн да, А.Иүгінеки де өзбек ақыны айдарын алыпты. Тіпті Әбу ибн Сина тәжік болып тіркеліпті. Бұл әлде құрастырушылардың қасақана білмей әбестік жасағыны ма? Телітентек болса бір сәрі. Білдей рухи ұстындар өстіп көлденең көк аттының қанжығасына қашанға дейін байланып кете береді? Ол кезде Кіндік Азия залықтары жеке-жеке отау тігіп, енші алып, бөліне қойған жоқ еді әлі. Ол ешкімнің қаперіне кірмегені таң қалдырады. Осындайосындайда әфсаналар, жәдігерлер мен мұрағаттарға барынша мұқият абай болайық деген мәселе туады. ХХ ғасыр басында француз ғалымы И.Кастаньенің жазғаны еріксіз ойға оралады. “Қазақ жазирасының қарапайым күмбездері мен ғимараттары Самарқанд пен Бұхараның көк тіреген зәулім мұнаралары мен сән-салтанатты сарайларының көлеңкесінде көрінбей қалғаны болмаса, көнелігі мен ғылыми маңызы
жағынан анағұрлым артық”. Енді Көз жауын алатын небір асылдарымызды ардақтайтын кез келді емес пе?! Болашаққа бет бұрған ұлы өмір керуені жолай қарайғанға қайырылып ешқашан тоқтаған емес. Адамзат ұдайы ұзақ кедір-бұдыр жолдан өтіп келеді. Ешуақытта ол тақтайдай түзу болған емес. Әсіресе, бұл ғасырда Еуразия кеңістігі бір-біріне қарайлап күн кешіп жатты. Бұл жүзжылдықтың бірінші ширегінде шығысты батысқа ашқандар өкілі, сауатсыз болса да жадымен зейіні зерек Марко Поло жетпіс жаста дүние салды. Осман империясы құлашын одан сайын кеңге сермеп, Балкан түбегіне түйілді. Бұрын Адрианополь (Едірне) құлап, Византия қалт-құл өмір сүріп жатса, Болгария мүлде бағыныштылық бұғауын киді.Франция мен Англия арасында 100 жылдық соғыс тұтанып, Қособада серб королі Лазарь І Мұраттан ойсырай жеңіліп, қару күшін мойындауға мәжбүр болды. 1380 жылғы Куликово шайқасына іле-шала Тоқтамыс Мәскеуді жаулап алып, әлімжеттік жасады. Әмір Темір Дели сұлтанатын талан-таражға ұшыратты. Жиырма жеті елді қан қақсатып, қою шаңға бөктіріп, ол саяси сахнаға шықты. Адамзат Шыңғысханнан кейін бұндай алапат шапқыншылықты бастан кешпеген шығар-ау. Аса діндарлардың дүрдараз әрекетке баруына байланысты ғасыр ортасында Еуропаны дендеген оба індетін Азиядан келген атжалмандарға жауып, жерден жік шығарып, крест жорығын жасаушылар тағы да Күншығысқа қарай өңмеңдеді. Соған қарамастан сондай бір шуақты шақта арабтың аса атақты жиһанкезі ибн Баттута қан базары қайнап жатқан Алтынорда өмірін суреттеп, тамсана қайран қалды. Оның есесіне көне шаһар Құмкенттен шыққан ер Едіге (1352-1419 ж.ж) Барысқылы (Броскла) өзенінің бойында 1399 жылы Тоқтамыс пен Литва князі Ойтопыттың (Витовт) біріккен қалың қолын быт-шыт талқандап, дәурені өтіп бара жатқан Алтынорданың абыройын аспандатып, қай асырды. Оның:
Құмкент шәрі қасында Баба Түкті Шашты Әзіз Мені сонда тауып ап, Едіге деп ат қойғанда Едіге атым құрысын Мен, мен дүрмін, мен дүрмін, Менменсіген мінезден Тәубе қылған ер дүрмін, – деуіндей бар. Ол Тоқтамыстың қызы Жанбикені алған еді. М.Тынышбаевтың көрсетуінше, Ер Тарғын – Едігенің сегізінші ұрпағы. Ал, оның одан бұрынғы үрім-бұтағы Сүйінбикені айтпай кету тіпті мүмкін емес. Ол Қаһарлы Иванға (Иван Грозный) дейін Қазан хандығында билік құрды. Бір кездері атақ-даңқы жұмыр жер бетінде дабырайып алысқа кеткен Алтынорда келе-келе Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары мен Ұлы Ноғай ордасына қырық ру болып бөлініп кеткенімен әдебиеті мен өнері өлшеусіз өсті. Құтып, Лутфи, Р.Хорезми, С.Сараий және басқалар әр түрлі жанрларда қалам тартып, мәдениет марқаюына азды-кем үлес қосты. Үнемі халық қамын жейтін Асанқайғы да осы дәуірдің дауылпазы. 1910 жылы Қазанда шыққан “Шығыс бес елінің тарихында” Қ.Халиди Аягөзи оны (яғни Асанқайғыны) Майқының неменесі десе, қоғам және мемлекет қайраткері А.Асқаров та өз кітабында соны қуаттайды. Ақындар абызы өз шығармашылығына қарағанда бірінші Жәнібектің кезіне (1342-1357 жылдардағы Алтынорда ханы) сәйкес келетіндей. Сонда XIV, XV ғасырларда қазақ тарихында үш Жәнібек өмір сүрген болып шығады. Әбілғазы Баһадүр хан “Түрік шежіресінде” Шибан әулетін таратып келіп, Әбілқайырдың (1413 жылы туған) екінші ұлы Қожамұхаммедтің Жәнібек атты келесаулау баласы болғанын айтады. Ол 1556 жылға дейін Астраханды билеп, кейін Кавно-Каунаста өмірден өтеді. Екінші Жәнібек (Әбусағит) шамамен 1460-1475 ж.ж) тұңғыш қазақ хандығын құрысады. М.Тынышбаев та,
басқалар да бұларды бір-бірімен шатастыра береді. Біздіңше, Әз Жәнібек атанғаны да осы Барақтың ұлы Жәнібек (Әбусағит). Әрине, адамзат өркениеті әрқалай күн кешкенімен оның мәдениеті марқайып, тәжірибесі толысып, есейе түсті. Енді рыцарлар өмірі ешкімді қызықтырмаса, сәулетте көк тіреген Готиканың дәурені өтіп бара жатты, Еуропада Қайта Өрлеу белең берді. Италия әдеби тілінің негізін қалаған Алигьери Данте (1265-1321 ж.ж) “Алла әжуасы” мен “Жаңа тұрмысын” жазса, Д.Боккачо “Декамеронда” Д.Алигьери өмірін суреттеді. Франческо Петрарка (13041374 ж.ж) Лаураға арналған махаббат лирикасынан лағыл шашты. Әгәрки, туған топырағы Флоренциядан қуылған Данте “Алла әжуасында” бас кейіпкер, өз нақсүйері Беатричаға тамұқ тіршілігіне ортақ күй кешкізіп, кейбір құдайын ұмытып, мейманасы асқандарды, бай-манап пен тоғышарларды тозақ отына шыжғырып, тәубаға келтіреді. Оның замандас інілері Д.Боккачо да, Ф.Петрарка да көзбен көріп, көңілге түйгендерін көркем бейнелеп, кесек-кесек дүниелер қалдырды. Бір арудың меңіне бүкіл Бұхара мен Самарқандты ақ жүрекпен сыйлауға құмбыл Хафиз (Шамседдин Мұхаммед Хафиз 1325-1390 ж.ж) өзінің “Бәйіттерінде” әдемі әуіз, бұлбұл бақтар мен ай жүзді аруларды жырлап қана қоймай, рухи байлықты асқақ азаматтық әуенгеайналдырды. Батыс ақындар әулетенің сұқтанатыны әлі күнге Шираз шырайы емес, тұрғындардың қилы-қилы тұрмыс-тіршілігі мен талайтағдыры болатын. Қалай десек те, бұлар сол дәуірдегі адамзат ақылойының алыптары бола білді. Әлгі ізашарлар өзінен кейінгі толқындарға құнарлы топырақ дайындап кетті. Әрқашанда бейбітшілік пен соғыс бір-бірінің аңысын аңдып жүретіндей. Кішігірім қақтығысуларды есептемегенде адамзат Темірлан заманынан кейін төрт жүз жылдай үлкен соғысқа бармай, бейбіт қатар өмір сүруге болатынын көрсетті. Шынында да, замандас болып есептелетін Данте, Хафиз,
Әмір Темір мен Едігелер адамзат үшін кім еді? Біреулері тіршілік тізгінін тұқырта ұстаса, басқалары рухи өмір айнасы бола білді. Алайда, дәурен ешкімнің басында мәңгі тұрған жоқ. Бәрі-бәрі көк кенересінен құйрықты жұлдыздай ағып өтіп жатты. Не егілді? Не орылды? Төрткүл дүние қанша дөңгеленгенмен таң атуын, күн батуын қойған жоқ. Адам баласы бақыт пен сор арасында адасып, жұлдызға қарап жол тапты. Бұл ғасырда қияндағы құрлықтарды ашуға құлық ауды. Әуелі Генуя теңізшісі Христофор Колумб (Дон Крестобальт Колон) Американы “Индия” деп жаңылысса да түбі қайыр болып, жаңа елдер мен халықтар өркениетті еуропалықтардың аузының суын құртып, таң қалдырды. Америго Веспуччи Оңтүстік Американың жағалауларына жетіп, Венесуэланы “Кіші Венеция” деп атады. Көкбурыл теңіздің тағы бір көкжалы Васко до Гама Португалиядан шығып, михнатпен шаршап-шалдығып Индиядан бір-ақ шықты. Алайда, қашан да жақсылықтардың жолы ауыр. Чех реформаторы Ян Гус өртелсе, Жанна д’Арк Орлеанды азат етіп, ағылшындар Нормандияны тастай қашты. Мәскеу Алтынордаға салық төлеуден бас тартты. Еуропа жүрегінде кітап бастыру да алғаш жүзеге аса бастады. Рим империясының императоры, Венгрия мен Чехияның королі І-Сигизмунд (1368-1437 ж.ж) қайтыс болса да, ескі құрылық мемлекеттерінде қоғамдық-әлеуметтік жандану өріс алды. Фрацуздың бірінші лиригі Франсуа Вийонның (14311463 ж.ж) кездейсоқ жоғалып кетуі ешкімді төбеден жай түсіргендей етпей, өмір өзені мамыражай аға берді. Соның алдында ғана төңірегіне топтасқан ғалымдармен бірігіп, Ұлықбектің 1048 “жұлдыздар кестесін” жасауы ерлікпен барабар еңбек болатын. Барша адамзат аясында алғаш Қазақ хандығы мен мемлекеттігінің пайда болуы тарихта таңбаланды. Мұхаммед Хайдар Дулати “Рашидтер тарихында” (1543-46 жылдары Кашмирде жазылды) оны 1465-1466 жылдарға сілтейді. Керей мен Жәнібек (Әбусағит) құрған жас мемлекет
Қозыбасында бытыраңқы түркі тайпаларының басын қосып, шаңырақ көтерді. Оның алдында Дешті Қыпшақта бірталай өзекті оқиға мен өзгерістер болып өтті: 1457 жылы Түркістан төңірегінде жоңғар-ойрат қонтайшысы Өзтемірмен қанды шайқас болып, Әбілқайыр майдан алаңын тастап, Қосөзен Жиделібайсын жаққа бас сауғалады. 1458-59 жылдары Уәйіс хан балалары ағайынды Есенбұға мен Жүніс (Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің нағашысы) Моғолстан тағы мен тәжі үшін тайталасып, текетірес қару күшімен шешілді. Не дегенмен, қаз-қаз тұрып, бұғанасы бекіген қазақ хандығы бірте-бірте ежелгі мекені Сыр бойына қарай жылыстады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының айтуынша, Жиренше (шамамен 1422 ж. туған) шешен туылып, сол ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына таман әз Жәнібекпен тәуіп-қандауырды таныстырып, алдынан өтеді. “Шипагерлік баян” тапсырыспен содан кейін жазылады. Сонда рет-ретімен қазақ хандарының тізімі былай: Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Тоғым, Ақназар, Сығай, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Абылай. Әлем картасында Қазақ хандығы тіркелді ме, жоқ па? Бірақ, он төртінші жүз жылдықтың екінші жартысы Кіндік Азияда бір мәртебелі мемлекет бой көтеріп, бұғанасы беки түсті. Қай қоңсысы болса да оныменен санасатын болды. Қасым ханнан бастап, ол Түркістанды астана ретінде қазақтың кіндік қаласы етті. Егер Кіндік Азия туралы сөз қозғала қалса, он төрт жүзінші жылдар соңына ала дүниеге келген Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулати жайында кімде-кім болсын айтпай кете алмайды. Заһираддин Мұхаммед Бабыр мен тарих атасындай болған ғұлама ғалым туралы жақ ашпай кету мүмкін емес. Олар тек бөлелер ғана болып қалмайды. “Бабырнама” мен “Тарих-иРашиди де” ұлт хақында терең толғамды түйіндер көп кездеседі. Бабыр “қазақ болып жүргенде”, “қазақтың”, “қазақи күндерде” деген ұғымдарды жиі қайталайды. Ол Оңтүстік өлкесін байыпты баяндап, қырмызы қыр, жесе тіл
үйіретін қауын-қарбыз, миуа, қырғауыл мен құралай жайында жүрек тербейтін жылы-жылы сөз айтады. X, XVI ғасырларда ғұмыр кешкен алпыс ақынның шығармашылығына тоқтап, топтап төрелікке жүгіндіреді. Әбдірахман, Жәми, Әлішер Науайы және басқалар туралы тұңғыш лебіз білдіреді. Әсіресе, еңбек сүйгіш қарапайым адамдар жайында айтқанда жорғадай тайпалады. Ал, Мұхаммед Хайдар Дулати мырзаның “Рашидтер тарихының” маңызы мен мәні зор екенін ірі мамандар мен оқымыстылар әлі айтудан жалыққан жоқ. Онда Орта Азия, Ауғанстан, Қашғария, Тибет пен Үндістан туралы құндықұнды құжаттар, дәйекті деректер мен мол мағлұматтар бар. Бабыр да, Дулати де падишаһтықпен қатар әйгілі әскербасы һәм ірі қоғам қайраткерлері болып өтті. Сөйтсе де, поэзия олар өмірбаянының өзегіндей. Оян, Заһираддин Мұхаммед шаһ Бабыр, Серпіл, Заһираддин Мұхаммед шаһ Бабыр. Жердің бүкіл жұмағын тәрік етіп, Тәуба қыл, Заһираддин Мұхаммед шаһ Бабыр, – деп тебіренді ол шабытты шақтарында... Қазір нарықтық қатынастардың ми батпағына белшеден батып отырғанда сол кезеңдерге тіл бітер ме еді? Шын ден қойса, тарих тағлымы көп жайды үйретеді. Біздің санамыз саңырау, көкірегіміз көр, құлағымыз керең болған жоқ әлі. Апайтөс аспан тіреген шыңдарға өрмелеп бара жатып, төтен шыңырауға қараса, асқарпаздың (альпинист) басы айналып, жүрегі лоблиды. Өткен өмірге көз жібергенде әркім-әркім сондай күйді бастан кешетін шығар. Әйтпесе, бәрі тірі болса он сегіз мың ғаламда адам әулетінен жер қайыспай ма? Басын бұлт аймалап, көкірегін күн сүйген биіктерде тек қана ақиық қырандар еркін самғап, теңбіл барыстар мен марқасқа құлжалар ғана жортады. Самғау сезімінен жұрдай қарға-құзғын байғұстар кір-қоқыстың маңайын мекендеп қалатыны маңдайына жазылғаны содан.
Дер кезінде атақ-даңқы жер жарған Алтынорда мүлде кіші-кіші хандықтарға айналып кетті. Шайбани әулеті Бұхара, Балық, Самарқанд, Ташкент пен Хорезмді қаумалап, біріктіріп, хандық құрды. Константинопольде зұлмат зілзаладан 13 мың адам өліп, баспанасыз тұрғындар жапа шекті. Осман империясының сұлтаны І-Селим (Жауыз) Аракстың (Арағыс) жоғарғы ағысында І Исмайл Сефевиді Ойсырата жеңіп, артынша Мәмлүктерді бағындырса, парсы патшасы ұлы І-Аббас астананы Казвиннен Испаһанға көшірді. Испан конкистадорлары жауыздықпен Америка тұрғындарына тізе батырды. Дегенмен, Мехико, БуэносАйрес іргесі осы уақытта қаланды. Португалия ашкөзденіп, Қиыр Шығыс жаққа ұмтылып, алыс аралдарды отарлай бастады. Мәскеуде 1538 жылы Елена Глинская (Мамайдың қызы, қаһарлы IV Иванның анасы) өліп, ғасыр аяғында Бория Годунов патша тағына отырды. Еуропаны Жерұйық, Қайырымды қалалар көлеңкесі мен елесі кезіп жүрді. Томас Мор, Лютер Мартин, Томас Мюнцердің қайраткерлігі қоғамдық-әлеуметтік ойды бір биік белеске көтеріп тастағандай еді. Мишель де Монтень, Эразм Роттрдамский, Франсуа Рабле көркем ойдың көшін бастаса; пошта (байланыс), глобус (географ Бехайм) пен сағат (ұста Петер Генлейн) ойлап табылды; ХІІІ Григорий папа күнтізбекке түзетулер енгізді. Керемет көріпкел, ғажап ғұмырлы жұлдызгер Нострадамусты (Мишель де НотрДам 1503-1566 ж.ж.) да осы дәуір тастүлектей түлетті; “Виктория” кемесімен жерді айналып шығу сапарында Фернанд Магеллан 265 адамның біразын жоғалтып, 18 адаммен Испания жағалауларына қайтып оралып, Николай Коперник күн жүйесіне бір тоқтам жасатты. Темір тұяғы Бабыр Панипаттағы шайқастан кейін ұлы Моғол әулетінің негізін салды. Бұның бәрі, қай жеңістің де оңайлықпен келмейтінін көрсетеді. Кей-кейде шақшадай басқа көктегідегіден жер шамшырақтары көп пе деген күпір ой келеді. Орта ғасырдың Ренессансына ұйтқы, мәдениет марқасқалары Леонардо
да Винчи (1452-1519 ж.ж.), Рафаэль (1483-1520 ж.ж.), Микеланджело Буонаротти (1475-1564 ж.ж.), Питер Брейгель (1525-1569 ж.ж.), Тициан (Тициано Вечеллио 1477-1576 ж.ж.) мен Камоэнс (1524-1580 ж.ж.) жоқ жұлдыздарының жарығы беймарал әр қалай нұр себеледі, себезгілеп таң сәулесін шашты. Әлем тарихында алғаш мәрте қазақ хандығы дүниеге келіп, оңаша отау тігіп,тұсау кесті. Оның пайда болуын зерттеушілер Г.Хворос (1451 ж.), Б.Ахметов пен Чулошников (1455-1456 ж.ж.), ал, кейбіреулер (1450 ж.) немесе (1456 ж.), С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов (1470 жылдарға) сілтесе, Алатау шатқалынан шыққан Шудың төменгі ағысындағы Қозыбаста шаңырақ көтерген жас мемлекеттің орнауы 1456 жылға табан тіретіп, тарихымыздың атасы Мұхаммед Хайдар Дулати 1456-1466 жылдарды меңзейді. Тап қай күні қада қағылғанының дәл мерзімі құжат жүзінде қалмаған соң, әрине, уақыттың ары-бері көктайғақ болып сырылуы мүмкін. Шынтуайтында, өмір шындығы мынандай: 1457 жылы ойраттың қонтайшысы Өзтемірден Түркістан төңірегінде қатты ойсырай жеңілген Әбілқайыр майдан даласын тастап, бас сауғалап, қашып шықты. 1458-59 жылдары Уәйіс ханның ағайынды балалары Жүніс пен Есенбұға тұл қала жаздаған тақ пен тәж үшін текетіресте қанды судай шашып төкті. Бұндай қиямет-қайым қиянкескі ақырзаман жағдайда кім жаны ашып, жарылқап, жер бөліп бере қоюы неғайбіл деп ойлаймыз. Біздіңше, мамыражай тыныштық орнап, күйзелген халықтың қолы өз аузына өзі жеткені 1460 жыл деп тоқ етерін айтудың қисыны келеді. Әйткенмен, “жау қайда деме, жар астында, бөрі қайда деме, бөрік астында”. Мәскеу тұтқынында жүрсе де бұл тұста ұлттық таным топырағына тың парақтар қосқан Қадырғали Жалайыри болатын. Ол “Жылнамалар жинағында” Тәуекел ханның (1586-1589 ж.ж.) інісі Ондан Сұлтанның баласы Ораз-Мұхаммедке дейін таратып әкеліп, үш бөлімнен тұратын еңбегінде баға жетпес байламдар жасап, шежірелерді сара саралайды. “Жамиғаттауарихтың” туындыгері шағатайша жазып, өзі туралы
“Дүниеде көп елдерде болдым, көп оқыдым” деп мәлімет қалдыруды да ұмытпайды. Ханзада Ораз-Мұхаммедті он алты жасында аң аулап жүргенде воевода Данил Чулков алдап, қолға түсіріп, жоғарыға жөнелтеді. Ата-бабаларымен ақсүйектер ордасына қызмет еткен Жалайыри де амалсыз бірге кете барады. Қолжазба кітабын Борис Годуновқа арнап жазғанымен онда төрелер тұқымы мен қазақтарға қатысты құжаттар көп. Оны тәптіштеп оқыған Шоқан Уәлиханұлы шежіре шығарманың шынайылығын аса жоғары бағалайды: “Мазмұндау жағынан бұл еңбек ғажап ересен. Бұнда Әбілғазы мен Шайбанинамеге қарағанда тәмсіл аз. Бастауы мен Бориске арнауы жаттанды таптауырын болса да, түсінікті тілмен жатық жазылған, тоқ етерін айтқанда, бұл татар марапат-мадағының ең әдемі ескерткіші. Сөйлемдер мен орамдардың кереметтігі сондай, мыңғырған мысалдар қазақтар арасында әлі күнге дейін кеңінен тарап келеді”. Қалай айтқанда да, бұл ғасырда да ел-жұрт басына ауыртпашылық аз түскен жоқ. Сонда да, Әз-Жәнібек (Әбусағит) 1460-1480 ж.ж.), Қасым (1511-1528 ж.ж.), Ақназар (1538-1580 ж.ж.), Есім (1598-1645 ж.ж.) биліктері тұсында халық жаппай тұтас күйзелістен шығып, еңсе көтерді. “Қазақ хандығы кезінде 1584-1585 жылдары қазақтан ноғай тайпасы бөлініп, Қобанға көшті, жүз мың ноғай екіге жарылды,– деп қабырғасы қайысады академик Манаш Қозыбаев.– Осы азалы жылы халық өзінің түбі – Алаш екенін айтып зарлады”.Осының бәрі аздай, он бесінші жүзжылдықты аяқтай келе Шығыс Дешті-Қыпшақ көшпелілері Қосөзен арасын (Маураннақыр) жаулап алуға әлсіз талпыныс жасады. Ақыры Тәуекел бүкіл Орта Азияға билік орната алмай, келісім бойынша, Ташкент екі жүз жылға, айтулы мерзімге дейін Ферғана мен Түркістан (Қасым сұлтан 1498 жылы оны Қазақ хандығының астана бас кенті етіп жариялады), бұған дейін Шайбани ұрпақтары иемденіп келген Сырдың орта ағысындағы екі жағалауды мекендеп, отырықшылықты кәсіп еткен аудандар Қазақ хандығының құрамына енген болып есептеледі.
Тұспалсыз тура айтсақ, осы аралықта тағы бір тұлғаға тоқталмай кету мүлде мүмкін емес. Ол – Низамаддин Әлішер Науайы (1441-1501 ж.ж.) өмір мен өнер мектебінен өтіп, араб-парсыша біле тұрса да тұңғыш түріктер тілінде (шамасы, шағатайша) ғазалдар, мұхаммасылар, төрттағандар, қыталар, тұйықтар мен Бестармақ поэмаларын жазған ақын. Биліктің биік тұғырындағы тәтті дәмін қанша татса да туған жырға деген терең сүйіспеншілігін бәсеңдетпей, шығыс халықтары тілдерінің арасында түрікшенің мәртебесін көтере аспандатып, оған зор маңыз береді. Бұл жағынан ол бертінгі кіші інісі Шоқанмен қандай үндес: “Түркі тектес халықтардың ішінде поэзиялық қабілеті жағынан қазақ бірінші орын алады деуге болады. Біздің шығысты зерттеуші ғалымдарымыздың арабтар туралы айтқан сөзі қазақтарға дәл келеді. Қазақтар да бәдәуилер сияқты өлеңші және ақын... Дала көшпелілерінің поэзия мен шынайы сезімге бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі – жасыл майса дала, ашық мөлдір аспан, көші-қон көп тұрмыс әсер етпесіне кім кепіл?! Саф алтын көшпелі деседі. Қайта өрлеу дәуірі бірте-бірте Фарғанистанға (Еуропа) ауысып бара жатыр еді. Халық қандай қазымыр! “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” дейді бір мақалда. Қашан да қысқа һәм нұсқа қайырып, тоқсан сөздің тобықтай түйініндей кесіп, кемеңгерлікпен тауып айтады. Данышпан!.. Бұнша адам нәсілі рымшыл болар ма? Әр жаңа жүзжылдық, яғни мыңжылдық табалдырық аттарда қайдағы бір ақырзаман хақында қауесет қатты жүріп, жер жүзін тіліне, дініне, діліне қарамай бір үрейлі елес-лақап немесе құбыжық ұзынқұлақ кезіп кетті. Бүкіл адамзат асқар ойының шыңына шығандаған сайын ол болса болжам, сәулеңке сәуегейлік пен көрбілте көріпкелдік көбеймесе ешқашан азайған емес. Есіміз қашан кіреді? 1600да ешқайсынан кем соқпады. Бірақ, одан тіршілік тегершігі тежеліп, аспан айналып жерге түспеді, не жік шықпады. Қанды қақтығыстар, ойлантатын оқиғалар, қауіпті қоқанлоққы азаймай, үдей түсті. Ғасыр отының ішінде өртеніп,
дүмше діндарлардың кесір-кесапатынан өршіл ойлары үшін Джордано Бруноның тәкаппар тұлғасы одан да асқақтап тұрды. Мәскеуде Б.Годунов өлсе, Шығыстағы шаңды жорықтар үстінде атақты Акбар мен Аббас жантәсілім етті. Одан ілгерішіл өмір сағаты тоқтап қалған жоқ. Ресейде он алты жасар Михайл Романов әулетінің негізін қалап, ұрпақтары үш жүз жылдан астам үстемдік құрды. Семен Дежнев Азия мен Америка арасындағы бұғазды ашса, Гринвичте тұңғыш рет обсерваторияның ірге тасы бой көтерді. Жарық пен түнек солай итжығыс түсіп жатқанда, Түріктердің қайқы қылышының қарымы Крит (1669 ж.) аралдарын жаулап алуға жәрдемдессе, ізінше І Петр Азау теңізін тапа талтүсте талапайға түсірді. Дүние жаралғалы бері талай-талай қасқаларды таңдай қақтырып, таңырқатқан әлемдегі ең биік сарқырама Ниагардың да бағы жанып, жұлдызы жарқырады. Сантьягодағы зәре-құты алған зілзала мен Лондондағы жаһанды жалмаған жалмауыз өрттің бұған, әрине, қатысы шамалыдай зардабы тез ұмтылғандай. Иогани Кеплер, Галилео Галлилей кеңістікті көктей өтіп, қаншама қиындықтарға қарамастан жырақ жұлдыздар жұмбағын шешуге тырысты, алма ағаш түбінде Ньютон бүкіләлемдік тартылыстар заңын зерделеп отырғанда, Френсис Бэкон мен Бенедикт Спиноза қоғамдық ғылымдарға қозғаушы күш қосты. Енді әйгілі әдебиетшілердің заманы туып келе жатты. Еуропа Батысында Мигель де Сервантес “Дон Кихотты” бітірсе (1605-1615 ж.ж.), Альбионда Шекспир, Испанияда Лопе де Вега мен Педро Калдерон де Ли Барка, ал Францияда Мольер мен Жан Расин эллиндер Эсхил мен Аристфаннан кейін соншама шабыткерлер шоғыры шартараптаншұғыла шашып, драматургия дәуіріне қыран қанатын дарытты. Бейне бір күллі әлем алып құрылыс алаңына айналып кеткендей. 1613 жылы Солтүстік Америкада Квебек салынып, Сантьяго мен Бомбей одан сайын көркейе түсті. Азияда Калькутта (Қалқұтта) қаласы бой көтеріп, қазық қағылды. Бұнда 1811 жылы У.Теккерей, 1861 жылы Т.Рабиндранат (Тхакур Рабиндронатх) дүниеге келді. Ыстамбулда Көгілдір мешіт
есік ашты. Шығыс шұғыласының астында Жаһаншаһ әмірімен әлем сегіз кереметінің бірі – Тәж-Махал жиырма жыл бойы тынымсыз жұмыстан соң сұлулық сиқырымен тіл байлантып, жаға ұстатқан сыңғыраған келісіміне келді. Бұл махаббаттың мәңгі нысанындай ерен ескерткіш ғажап ғаламат қаз-қалпында асқақтап тұр әлі. Оны салдырған Түркістан сәулеткер шебері Иса қанша көз майын тауысып, сүйіспеншілігіне сызат түсірді екен? Оны көргенде біз пақырда жан қалмағандай, үкідей ұшып, жүрегімізді қолымызға алып, шырақты айналып, паруанадай күн кешкеніміз бар еді. Сәулетте Барокко тәсілі салтанат құрса, сурет өнерінде Фламанд Рубенс Питер Пауел, Нидерланд Рембрандт Харменс Ван Рейн, грек Эль Греко, Қайта өрлеу кезеңінің рухи туын іліп әкетіп, қолдан түсірмейді. 1666 жылы Парижде Табиғаттану ғылымының Академиясы есік ашып, көрермендерін қарқ қылды. Қайда болса да қазақ даласы өз қазына байлығымен дұшпандарының көзқұрт қызғанышын оятатын, оңаша отау тігіп, шаңырақ көтеріп, уық шанышқалы бері біздің халқымыз не көрмеді? “Еңсегей бойлы Ер есімнен” кейін де бұл елде үш хан өзгерді: Есім (1598-1645 ж.ж.), Жәңгір (1645-1680 ж.ж.) мен Тәуке (1680-1718 ж.ж.). Басынан жағасы жайлау, кеңқолтық жаралған соң амал бар ма, биік асқақ рухқа зар болатынбыз, алайда қиналған сәттерде атабабалар аруағы желеп-жебеп, келіп-кетіп жүргендіктен бе, көк бөрі бейнеленген байрақ жығылмады. 1465 жылы қаазқтар 1 миллион 100 кісіні құраса, кейінгі уақыттарда да шаңды қосқан шапқыншылықтарға душар болып, жасанды қырғындардағы қиын-қиын құрбандықтарға қарамастан өсім байқалып отырды. Тарих төріне шыққан қазақ хандығы да күннен күнге қанат жайып, бұғанасы беки түскендей. Бұл ғасырдың басында Түркістан қаласына астанасын ауыстырған жас мемлекет қиырға ұшатын қырандай қомданып, дүр-дүр сілкініп, таулар мен далаға бауыр басып, түтінін түзу түтетті. Ежелден оларға түз тіршілігі таңсық емес еді.
Қай кезде де, бостандық үшін ұлт-азаттық күрес ешқашан тоқтаған жоқ. Егер, украинада Богдан Хмелницкий Запорож қазақтарының басын қосып, поляк шляхтичтеріне ауыр соққы берсе, Ресейде Степан Разин басшылығымен шаруалар көтерілісі белең беріп, қазақ мемлекетінің бір әлсіреген тұсын малданып, қалмақ қонтайшысы Батыр 1643 жылы Жетісуға тарпа бас салды. Орбұлақта болған ерлік шайқаста Салқам Жәңгір түмен-түмен қара құрттай қаптаған қолға ат төбеліндей аз күшпен уақытша қарсы тұрса, оған Самарқанд аталығы Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскермен қосылып, қаскөй жауды күйретіп, қатты тойтарыс берді. Ол Кіші жүздің төртқара руынан еді. Әйгілі Әйтеке бидің үлкен атасы ержүрек қолбасылығымен айрықша көзге түсіп, Нұрата атырабын жайлаған қандастарына қамқорлық жасап, зор беделге ие болған еді. Қорасан мен Балық үшін болған соғыста да ерекше қаһармандық танытып, оған жүз мың әскермен Жәңгір қатысып, Жалаңтөс жеңіс дәмін татқызды. Самарқандтағы салдырған “Ширдар” (1619-1636 ж.ж.) мен “Тіллә-Қари” (1647-1660 ж.ж.) медреселері сәулет өнеріне баса көңіл бөлгенін білдіреді. Қазақтың біртуар азаматы қиын-қыстауда халқына қалтқысыз қызмет етті. Әрине, түгел дерлік тәспіге тізіп, желбезектен ілгендік емес, осы орайда Әбілғазының өзі мен сөзіне соқпай өту тіпті сөкет. Ол түп-тұқияннан беріге дейін шежіре түзіп қоймай, Баһадүр хан Тұранның оңтүстігінде билік етіп, қазақ әміршілерімен тығыз қарым-қатынаста болды. “Түрік шежіресінде” (1663 ж.) бүкіл Шыңғыс әулетіне тоқталып, зәулім бәйтеректің бұтағындай зәузаттың бүгешігесіне шейін бажайлап сипаттайды. Баз бір тұстарында мақалдап, жайдақтатып кеткені болмаса тарихи тамыры тереңге тартып, түзу түзілгендей. Аталмыш еңбекте өзінен бұрынғы тарихшылар, жылнамашылар мен шежірешілер әсері бар. Солардың көлеңкесінде қалғаны болмаса, бұл дау-дамайсыз құндылығы аса жоғары қымбат қазына. Оны бар-бар академия, институт ұжымы жабылып бітіре ала ма, жоқ па, әй, қайдам. Біздің өткенімізге жіті үңілсек,
негізінен Махмуд Қашқари, Рашид-ад-дин, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Әбілғазы және басқалардың жазбаларына сүйенетініміз заңды жай. Өйткені, олар дерек көздеріне біз бейбақтардан гөрі бір табан жақын тұрып, ақиқаттың ала жібін онша аттатпайды. ...Озмышта жазмыш жоқ. Балаузыздай жанып өлімсіреп таусылуға айналған ғасыр аяғында жақын жұмыр жер тұрғындары 2 миллиардқа жетіп жығылды. Ол сан сапаға айналғанда қандай күш болар еді?! Жә! Сонымен қара қылды қақ жарған әділ қазы уақытпен әмпей-жәмпей сырласып, ғасырлар қойнауына саяхаттаудың соншама ұзарып кететін түрі бар тәрізді көрінгенімен барлығы да сабақты ине сәтімен дегендей аяқталып келе жатқандай. Ол да бір абың-күбің ел басынан қиқу кетпеген заман еді... Мағрыпта да, Мәшрүкте де алуан-алуан патша, император, король, хан мен шаһтар жиі ауысса, бес күн жалған кімге опа бергендей? І Петр кең дүниенің әпшісін қуырып, аспандағыны арбап, жердегіні жалмап, бодандарының екі аяғын бір етікке тықса да ажал құрығынан құтыла алмады. Алайда, өткен ғасырдың аяғында айдынды Азауды (Азов) алып, кемелер құрылысын жанталаса жедел қауырт қарқынмен жүргізіп, Балтық пен Қара теңізге атадан мұра қалған бәсіресіндей шұқшиды. Полтава түбінде швед королі ХІІ Карлды тас-талқан етіп, солтүстік Пальмирадағы Нева жағасында Санкт-Петербургтің іргетасы қаланып, жас қала Ресей астанасына айналды. 1718 жылы Жаңа Орлеан салына бастаса, 1784 жылы Владикавказ (қандай зұлымдық! “Тек бөліп ал да билей бер”), Шығысты игер деп Владивосток тұрғызылды. (Теке тек аты өзгертіліп, Орал аталды, т.б.), Одесса бой көтерді, Пасха аралы ашылды (1722-1723 ж.ж.). Орыс-парсы, үш рет орыс-түрік (1768, 1787-89 және 1790 ж.ж.), орыс-швед (1789 ж.) соғыстары зор зиян-зардап әкеліп, халық қара жамылды. Ереуілге шыққан париждіктер Бастилия түрмесін басып алса, мұсылман әлемінде жік туып, Араб шөлінде Мұхаммед Инб Әбді Әлі Ваххаб арнайы ағым
құрып, мызғымай келе жатқан тұтастыққа сызат түсірді (1740 ж.) Алғаш рет француз физигі әуе шарымен көкке көтеріліп, Икардың (қанатты адам) арманын жүзеге асырды. Ағартудың дәм-тұзын татып, дәніккен адамзат өміріне суатқыш және мақта жинайтын мәшине мен қызыл құлақ доллардың пайда болуы үлкен серпіліс туғызды. 1777 жылы АҚШ-та бірінші Ата заң қабылданып, артынша Францияда сондай құжат тіркелді. Бұның бәрі дегенмен жоңғар (ойрат) – қалмақ шапқыншылығының аясында елеусіз қалар еді. Қазақтың қас дұшпаны 1599-1750 жылдарда 150 мәртеден аса қайта-қайта момақан азат сүйгіш дала мен тауларға басып кірді. Жойқын жаугершілік зардабы мен зобалаңынан халық үстінде қасірет-қайғы бұлты үйіріліп, енді-енді ұлт болып, ұйып қалыптасып келе жатқан жас мемлекетте “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан” соң 3 миллион 300 мың тұрғыннан 2 миллион 200 мың кісі қалғаны қабырғаны қайыстырып, ішті удай ашытады. Ондай нәубат пен зауал еш халықтың тағдырында болған емес. Бұндай қиын-қыстау қысталаңда сұға бергенге бұға бермей, дала демократиясы туып, соның айғағындай және айнасындай “Жеті жарғы” заңдар жинағы өміршеңдік танытты. Әз Тәукені А.Левшин ежелгі спартандардың білгір заңгері Ликургпен салыстырып, сұңғыла сипаттайды. Қандастары алапат өртке шалдыққанда қанатымен су сепкен қарлығаштай шыр-пыр болған Қарлығаш би Төле, Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке азаттықтың асыл мұратын жүзеге асырып қана қоймай, соншама азып-тозған елді бірлік пен тірлікке шақырып, еңсесін көтерді. 1726 жылғы Ордабасы кездесуі келешекке батыл бетбұрыс болғандай. Оның алыстан алаулаған оттары ұшқындап, бір түрлі үміт сәулесін оятып, маздатқандай еді. Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен, Әлдібек, Айтбай, Майлы шешен өткен. Жолы үлкен, жасы кіші Төлебидің, Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен,– деп толғанды Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “Даналарға”
(1881 ж.) атты өлеңінде сол дүрбелең аласапыранды өзек ете отырып. Көңіл дүрбісін салып, екі арада елшілікке жүрген жас Қаз дауысты Қазыбектің: Біз, қазақ, мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Басымыздан құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөз асырмаған елміз. Достықты сақтай білген елміз, – дейтін елдік пен ерліктің, тіпті өрліктің даусындай саңқылдап естіледі. Сол жылдары Шығыс Қазақстан мен Батыс Жоңғария қатты зерттеле бастады (И.Униковский, Г.Путилов). Орыс-қазақ қарым-қатынасында аздап жылымық пайда болғанымен батыстан самұрық, шығыстан аждаһа зымиян сайқал саясатымен қазақ жеріне жиі-жиі көз алартатынды шығарды. 1752 жылы Қытай императоры Цянь-Лун Маңғұлия мен Шығыс Түркістанды аса қатал жауыздықпен жаулап, сыналап сұғына кірді. Бостандық жолының шырғалаңы мен шытырманы ұдайы көп. Сол үшін шыбын жанын қиып, Робеспьер, Сен-Жюст, Марат, Дантон мен Бафер құрбан болып кете барды. Адамзаттың мейлінше көбеюін шектеп, санын біржола тұрақтандырып, табиғи сұрыптауды ту еткен ағылшын экономисі Томас Роберт Мальтустың теориясы да тіршілік тұтқасын ұстағандарға қалың ой салып, сананы сарсаңға түсірді. Сол аяда Иоганн Себастьян Бах (1865-1750 ж.ж.), Георг Фридрих Гендель (1685-1759 ж.ж.), Вольфганг Амадей Моцарт (1756-1791 ж.ж.) саз сәулетінің салтанатын асырып, ішкі-сыртқы әшекеймен әдіптеп, әуен әлемін әрлеп, асқақтата көтеріп әкетті. Вольтер Мари Аруэ (1694-1758 ж.ж.) Жан Жак Руссо (1712-1778 ж.ж.), Готхольд Эфрайм Лессинг (1729-1781 ж.ж.), Ден Дидро (1713-1784 ж.ж.),
М.В. Ломоносов (1711-1765 ж.ж.) және көптеген ақыл-ой алыптары әртүрлі тақырыптарға анықтамалар шығартып, асқақ азаматтық тұрғыдан көрінсе, Англияда Даниель Дефо (1660-1731 ж.ж.), Джонатан Свифт (1667-1745 ж.ж.) пен Роберт Бернс (1759-1796 ж.ж.), Ресейде А.Н. Радищев (17491802 ж.ж.), Арменияда Саят Нова (Арутюн Саядан (17121795 ж.ж.), Францияда Пьер Огюстен Карон де Бомарше (1732-1799 ж.ж.) қалам қайратын танытып, замандастар өмірін жарқын жырлады. “1670 пен 1825 жылдар арасында Антилов аралына алыс Африкадан 5 миллиондай негр зорлап әкелінді. Олардың ішінде 1825 жылы Вест-Индияда құлдық қамытын кигендері 2400 кісі болса, қара түстілер Кубада 36%, ағылшын бөлігінде – 81%, Ямайкада – 85% жетті. АҚШ халқының 16%-ін солар құрады”. 1846 жылғы 7 сәуірде атақ-даңқы жағынан Гете және Шиллермен меңзелдес ғұлама ғалым ғарыш пен ғалам байланыстарын нәзік сезініп байланыстырған Александр Гумбольдт (1767-1859 ж.ж.): “Адам өмірінің мәселелері оңайлықпен шешілмейді. Бір қалыпты дағды, ескі міндеттемелер, есуастық үміттер алды көлденеңдеп шектеспейді” деп жазды. Олармен қанаттас қаншама сарабдал суретшілер өмір сүрді. Жартылай қыпшақ, жартылай славян мұрасы “Игорь жасағы туралы жыр” Спасско-Ярославль ғибадатханасынан табылып, көне құндылықтарды байытқан үстіне байытты. Әйтсе де, Құдай ешкімнің басына бермесін, қазақ тарихы қанмен жазылып келді. Орыс патшалығының отарлау саясаты ілкі қадамдарынан бастап, ішмерездікпен өте жасырын құпия жымысқы түрде жүргізілгені мәлім. Арбады, алдады, сатып алды. Егер, Аляска құнын 1867 жылы 7,2 миллион долларға айырбастап жіберсе, Қазақстанға мәймөңкелеп, мысықтабандап, тіпті, қарумен қоқанлоққы көрсетіп, қорқытып, үркітіп, емін-еркін енді десе де болғандай. Айрандай ұйып, сабындай бұзыла беретін өмірай. Қап тауындағы Шәміл имам бастаған азаткерлердің бас көтеруі ширек ғасырға созылса, Сапар Мәтенқызы, Исатай-Махамбет, Сырым Датұлы, Кенесары-Наурызбай,
Есет Көтібаров, Жаңқожа Нұрмұхаммедұлы ұлт-азаттық көтерілістері әртүрлі сипатпен әлсін-әлсін тұтанып, жалыны ұлан-байтақ даланы оқтын-оқтын шарпып отырды. Соған қарамастан отарлау шеңбері тарылып, бұратана аталған тұрғын халық бәрі бір құлдық қамытын киді. Омбы (1716 ж.), Жетіашар (Семей – 1718 ж.), Өскемен (1720 ж.), Орынбор (Орск – 1735 ж.), Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы қамалдары, Зайсан (1868 ж.), Орал (Ырғыз), Торғай (1845 ж.), Жаңа Петро (Маңғыстау – 1834 ж.), Александров (Ақтау – 1834 ж.), Қазалы, Қосарал (1848 ж.), Верный (1854 ж.) бекіністері орнады. 1853 жылы әскери отарлауда генерал В.Перовский мұрындық болып, Ақмешітті алса, Шығыстан В.Черняев Әулие Ата мен Шымкент шаһарына қансыраған қырғидай тиді. 1868 жылы құрылған қоныс аудару комитеті де сол саясатты қолдап, қолшоқпарға айналды. Ғаламат ғасыр ортасынан Азияға қызығушылық қоздап, Шығыстануда күрт жанданыс басталды. Бұл кездейсоқ құбылыс емес еді. Франуцз, неміс, ағылшын және орыс зерттеушілері ұлт-азаттық қозғалыс пен түз тіршілігіне лажсыз қатты ден қойып, әлем жұртшылығы алдында тағы да шындыққа ақ жол ашты. Бұған дейін Н.Рычковтың “Қырғызқайсақ даласына сапар” (1771 ж.) жолжазбалары жарық көрсе, Э.Эверсман мен Е.Мейендорф, Н.Я.Бичурин, А.Левшин, Байронның нақсүйері Клер Клермонттың “Владимир мен Зара”, Г.Зелинскийдің “Қазақ” және “Дала” поэмалары, В.И. Дальдың әңгіме-хикаяттары, Я.Ханыков, В.В. ВельяминовЗернов, А.Дюма-әке, А.Янушкевич, Б.Заславский, барон В.Г. Тизангаузен, Ж.Верннің толғаныстары көшпелілер аума-төкпе өмірін жан-жақты қамтып, көркемдік келісіммен көрсетті. Шоқанның досы Г.Потанин: “Қазақтар сергек, денсаулығы мықты, өмірге құштар халық, олар ойынсауыққа әуес, шымқай бояулы әлем-жәлем киім-кешекті ұнатады. Тіршілікте той-томалаққа құмартып, соған бейім тұрады. Жеке дара жарыс өнері мен жасау жиһазда қазақтарда, бәлкім, француздарға ұқсайтын әсірелік сезімін тәрбиелейтін
шығар. Афиндықтар сияқты жаңалық десе ішкен асын жерге қояды” деп құмбыл болса, орыс штабының капитаны Е.К. Мейендорф та ондай табиғи қонақжайлықты құптап жағасын ұстады: “Қазақ даласының ауа райы тамаша, әуе шыныдай таза. Онымен тыныстағандар соншама қатты рахаттанады. Қазақтар көкірек ауруымен мүлде ауырмайды. Олар өз елінде Ресей мен Бұхараны жуадай жусататын оба індеті дегенді тіпті білмейді”. Арада қаншама алай-түлей уақыт өтсе де, қандастарымыз, сірә, әй, аз өзгерген боларау. Ақырын берсін, ата-бабалар аруағы қолдап, нәбилер мен әулиелер, баптар мен машайықтар желеп-жебеп, қол күшімен, найза ұшымен ұлан-байтақ жерді қасықтай қанын төгіп, жан беріп, жан алып, қорғап қалды. “Қасқа жолды Қасым”, “Ескі жолды Есім”, Әз-Тәуке мен Абылайхан қоғамдық-әлеуметтік қайраткерлігімен қоса ақыл-парасатын туған ел-жұртының игілігіне жұмсады. Бүгінгі бостандықта талай ұрпақтың көз жасы, маңдай тері мен қаны, қадырқасиеті мен бүкіл бекзат болмысы ұштасып жатыр. Бар кезеңдердегі буын үшін тәуелсіздік туының бізге аса қымбат болатындығы, бәлкім, сол себепті шығар. Ол кешегілер, бүгінгілер және келешектегілер, ұзақ армандайтын арай! Азаттық арайы!.. Қай жерде де өмірдің аты өмір. Адам туады, кемелденеді, қартаяды. Бақилыққа озады. Бұл толқынның жағаны теуіп келуі мен қайтуындай мәңгі құбылыс қашан да жалғаса береді. Бәрін-бәрін бір уақытқа теліп, үйме-жүйме тоқайластырып жатқандай жатбауыр күй билейді. Оған араға ғасырлар салып, тура биде туған жоқтай төреші болғанда бүйректің бүлкілдеп бұра тартпағаны ақиқат ажарына ақау түсірмейді. Сонда деймін-ау, XVII ғасыр адам зердесінде неменемен ерекше есте қалды? Әр кезеңнің өз жүгі бар. Оған басқаны қосақтамай, арыбері өткенге көз жібергенде бұл әрекет әлде бір ұпай жинап қалайын деген ниеттен тумайды. Әрине, тарихтан артық беретін тәлімді тағлым болмайды. Сол өршеленген өртке
көктем құсының қанатымен су сепкендей сәлге де әлеуметтік демеу бола ма деген ой. Әйтпесе, біздікі де керқұшақ жетпейтін шынарды айқара аймалағандай, небір қазымыр ойға шалдырмайтын биіктер, кеңістіктер мен теңдіктерге құлаш ұрып талпыну тышқан тіршілік. Дегенмен... Нағыз хас суреткерлердің шырқаған шындық пен періштедей аппақ ар алдында тайсалмай, ақиқат айтқаны қандай! Сайыпқыран ұлы сазгер Людвиг Бетховен өз заманында Наполеон Бонапарт туралы қысқа қайырады: “Ол ешкімнен де артық емес, қарапайым ғана адам! Енді жеке жандардың құқын табанға таптап жүр... Шектен тыс билеп-төстеуші (тиран) болады”. 1804 жылы Францияның императоры ретінде бүкіл ен Еуропаны көктей өтіп, содыр Ресейге соқтырды. Соңы Ұлы Отан соғысына ұласып, Бородино шайқасында беттің арын шүберекке түйіп, басын бәйгеге тігіп, Бас басқышының қалған өмірін алыстағы Әулие Елена аралына аяқтауға мәжбүр етілді. Соның алдында ғана патша ауылында лицей ашылып, оны әр кезде А.М. Горчаков (кейіннен премьер-министр), К.Кюхельбекер, А.А. Дельвиг, А.С. Пушкин өзге де ақсүйектер әулетінің мұрагерлері бітіріп шықты. Егер Н.М. Карамзин СанктПетербургта “Еуропа хабаршысы” журналын ширек ғасырдан астам уақыт жариялап тұрса, “Тайм” және “НьюИорк” газеттері жарық көрді. Ағылшын-америка, жапонқытай, орыс-иран, ағылшын-ауған, қайтадан екі рет орыстүрік, Қап тауындағы соғыстар өрті жердің әр нүктесін шарпыды. Гайти, Нидерланды, Мексика, Грекиа, Перу, Боливия, Уругвай, Бельгияда тұңғыш тәуелсіздік таңы атып, ту көтерілді. Альбионды тырысқақ (20 мың адам өлді) тығырыққа тіресе, Ирландияда аштықтан (1 млн. кісі) қырылды; Хонда аралында (Жапония) жер сілкінуден 27 мың жанның жаны жаһаннамға аттанды. Бұланайдағы Эверест шыңы бағындырған ағылшынның қарапайым инженерінің атымен аталса, Суэц каналы арқылы теңіз жолы қатынастары қатарға қосылып, 1897 жылы Ресейде жалпы халық санағы өтіп, француздар ағайындар Люмерлер кинемотографтың
кіндігін кесіп, швед Альфред Бернхард Нобель (1833-1896 ж.ж.) динамитті ойлап тапты. Өлгеннен соң жыл сайын оның атындағы халықаралық сыйлық берілетін болып белгіленді. Еуропаның дүрсілдеп соққан жүрегіндей Парижде бүкіл дүниежүзілік көрме ашылып (1889 ж.), тұрғындар біртебірте бауыр баса бастаған Эйфель мұнарасымен бірге қиырлардан ел құлағын елеңдетті. Шәміл имам бастап, отыз жылға созылған шешен мен дағыстан бұлғағы отаршылыққа басылған қарғыс таңбасындай таулықтардың қанында әлі қайнап жатыр. – Дәуір даусын білдіретін қатарынан қара үзіп шыққан жеке дара жандар ғана емес, ұжымдық сезім соны сипап ала бастаған жоқ па? Жер басып жүрген жұмыр басты пенде кімге құлақ қойды? Рухани өмір базары ешқашан тарқаған емес. Сонда... – Иә, бұл дәуірде қай кездегіден де гөрі ақын-жазушылар, аспандағы аққумен ән қосқан ғажап сазгерлер, кереметтей қылқалам иелері еңбек етіп, шабыт шарықтауы ең-ең биік шың шегіне жетті, Джордж Ноель Гордон Байрон, Адам Мицкевич, Иогани Вольфанг Гете, Виктор Гюго, Уильям Мейктс Теккерей, А.С. Пушкин, Чарль Бодлер, Генрих Гейне, Ханс Кристиан Андерсен, Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский, И.С. Тургенев, Гюстав Флобер, А.И. Герцен, Уолт Уйтмен, Н.В. Гоголь, Шандор Петефи, Чарлз Диккенс, Дюма-әке, Марк Твен, Вальтер Скот, И.А. Крылов, Стендаль (Анри Мари Блейль) В.Г. Белинский, Тарас Шевченко, Эрнст Пиодор, Амадей Гофман, М.Ю. Лермонтов, Эдгар Аллан По, Онере де Бальзак, В.А. Жуковский, Жорж Санд, Ги де Мопассан, Н.С. Лесков, Поль Верлен, Н.Г. Чернышевский, Пера Биш Шелли, И.А. Гончаров, Фридрих Шиллер, Г.Р. Державин, Артур Рембо және басқа ой мен өнер жұлдыздарын санап тауысуға бола ма? Олардың әрқайсының дарын деңгейіне қарай көркем әдебиетте айтарлықтай айрықша маңызы бар. Бірінен бірі жүзіктің көзінен өткендей. Бөлек-бөлек тілі, әртүрлі ділі болса да бар адамзаттың рухани байлығы мен қазынасын арттыруға үлкен үлес қосқан ұстындар
бұлар. Алманиядағы Людвиг Ван Бетховенге Австриядан Иожеф Гайдн, Иоганн Штраус, Франц Шуберт, Польшадан Фредерик Шопен, Италиядан Джопкино Россини, Ресейден Петр Ильич Чайковский мен Модест Петрович Мугоргский, Венгриядан Ференц Лист пен Иоганнес Брамс сағынышты сазды нәшті қайырымдарды құйқылжытып үйлесімді үн қосты. Ит арқасы қиянда жатқан қазақ даласы жалпы адамзат өркениетінен оңаша оқшау қалғандай болғанымен ол да келер күн көкжиегіне қарай ұмтылып ғұмыр кешті. Соны өз көзімен көріп, көп жайттарға куә болған поляк революционері, әйгілі ақын А.Мицкевичтің “Ағалар” поэмасы бас кейіпкерінің прототипі Адольф Янушкевич бауыр еті езіле жаздады: “Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі топ текетірестің куәсі болған адам. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген ділмарларға таң қалып қол соққанмын. Ал, бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда бар өнерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады. Сонысымен өзімді тәнті етті. Сонда бұлар тағы жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мүлде мақұрым қалып маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа жазылмаған халық осы ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке өгей болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына шарықтай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады”. Қандай сәуегей! Алайда, қиырдағы қырға шыққандардың барлығы бұлай ақ жүректік танытпайды. Олар қайда жүрсе де тырнақ астынан кір іздеп, отырыс-тұрысынан отаршылдықтың иісі мүңкіп, теріс пиғылы қалай да көрінп тұрады. Он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында Алтай атырабын мұқият қаза зерттеген П.Чихаев қазақтарды арзан жұмыс күшіне қажетті екінші қатардағы (категория) адамдар деп суреттеді. Бодандық бұғауындағы бұратаналарға дәл осылай мұрнын шүйіре қарап, шамшылдықпен төңтеріс мінез көрсететіндер, бірен-саран некен-саяқ емес, жыртылып айырылады.
Сол астамшылық пиғыл жойылмай әлі жалғасып келе жатқандай. Қазіргі баз бір саясаткерлердің өзі Қазақстанды өгей баласындай көріп, өзекке теппей, амалсыз, тек шикізат көзі деп қараудан айнымай отыр. Өз алдына отау тігіп, тәуелсіз мемлекет болған әлдекімнің шымбайына батып, дөңбекшіп, құс төсегінде шіреніп жатқызбайтындай. Бізбен де санасып, есептесетін кез келген жоқ па?! – Солайы солай. Шүкір! Ел болып етек жауып, қанша өзара қырық пышақ болып, әлдекімдердің айтақтауымен ру ру, жүз жүзге бөлініп, тұлғалар дағдарысқа ұшырап жатқанымен байырғы тұрғындар арайлы үміттен күдер үзген жоқ әлі. М.М. Сперанский Омбыда генералгубернатор болып тұрғанда даланы билеу құқығы өзгеріп, ұлттық-сана, әдет-ғұрып пен дәстүр-үрдістерден жұрдай болған жұрт қай жағалауға жететінін бағамдай алмай, 1822 жылғы “Сібір қазақтары туралы Заң” көшпелілерге ашық күнде төбеден түскен жайдай тиді. Састырды. Абдыратты. Абыржытты. Сол кездерде жарық жұлдыз болып, дарабоз дарындар дүниеге келді. Күй атасы Құрманғазы домбыра үнін дауылпазға айналдырса, Махамбет жырлары асқақ жауынгерлік рух шашып, жасындай жарқылдады. Шоқан мен Ыбырай ағартушылық шырағын асқақ ұстап, жалаудай жоғары көтерді. Абай жарлы-жақыбайлардың сойылын соғып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, атаның баласы болмай, адамзаттың асыл мұраттары асқарынан көрінді: “Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?..” “Жақсы-жаман көргенің Ойлай берсең у екен” – күңіреніп, ол өз бармағын өзі шайнады өткен өміріне пайыммен қарап, өжеттеніп парасат ұрығын сеуіп. Бұрынғыдай емес, сөз қадірі артып, еттен өтіп, сүйекке жететін болды. Біржан, Ақан сері мен Сегіз Сері тыңдарманның қамыққан көңілін жұбатып, әнмен әлдиледі... 1896 жылы ұзақ үзілістен кейін біздің дәуірімізге дейін
тұңғыш рет 776 жыл бұрын басталған Олимпиадалық ойындардың оты қайта тұтанып, оның жаңа сипаттағы негізін қалаған Пьер де Кубертен мырзаның (1863-1937 ж.ж.) жүрегі өлгеннен соң Олимп тауына жерленді. “О спорт! Сен қуанышсың! Сен күрестің және осы күрестен ләззат алуды аңсағандар үшін әмсе мереке-мейрам әкелесің. Қанды қалай қыздырасың. Жүректі тайдай тулатып, жиілете соқтырасың. Сенің өміріңе бағынып, үн қосудың өзі қандай қуаныш, қандай ғанибет. Сен көкжиекті кеңейтесің! Алысты айқындайсың. Жүгірген сайын мәреге тақай түскен жандарға күш-жігер бересің. Жұртқа қуаныш, ләззат, көңілділік, шаттық әкеле бер, спорт!” деп бүкіл қырғиқабақ ұлттар мен ұлыстарды ол бейбітшілікке шақырды. Ертеңіне елеңдеген түзде алыс таң сарыны естіліп, сәрідегі әлжуаз сәуле себезгілегендей. Қош, ХХ ғасыр! Адамзат өркениеті тарихындағы алтын парақтар сол айшықты қалпында қала беретініне күмән жоқ. Бақ болсын, сор болсын пенденің пешенесіне жазылғаны солай шығар. Біз соған ақ жарылқап шын ризашылық пейілімізді айта отырып, көңіл кірін кетіріп, ешнәрсені іркіп қалғымыз келмейді. Құлағың болып есітіп, көзің болып көріп, ауыз болып бейпіл сөйлегенімізді адамнан да, жалғыз Алладан да жасыра алмайтынымыз хақ. Шындықты шыжғырып бетке айтқанның айып шамы бар ма? Олай болса асау толқынды ой теңізі қалай-қалай толқиды? Біздің көбіміз сенің перзентіңбіз. Өн бойындағы күллі кінәрат маған, саған, оған да тең. Мәңгі мұрат сені өтіп сүйіп тек, (Құдіретің болса егер үйіп-тек). Тұлпар-тағдыр шашасына шаң жұқпай, Біздің ғасыр бара жатыр биіктеп. Толқын мен толқын арасында бар болғаны адамдар
дәнекер бола алады. Кейінгі кезде заманалар зердесінде тоқылып, ұлт ой санасында сәулеленіп, жан тереңінен сүзіліп, екшеліп келе жатқан халық мақал-мәтелдері, нақылы мен шешендік сөздері кім көрінгеннің қанжығасына байланып, оп-оңай қолжаулыққа айналып бара жатқандай. Дәл Абайдай өзіне дейінгіге де, өзінен кейінгіге де сұңғыла сын көзімен қарап, барын бар, жоғын жоқ деп қаймықпай батыра жазып баға берген ешкім болған емес. Ол ғасыр табалдырығын аттап тұрып, өткенге салауат, қолдағыға қанағат еткен болар тәубасынан жаңылмай. Шыжбақай шәуілдектер қаншама шабаланғанмен көлікті көш ілгері тарта бермей ме?.. Әрқашан “ит үреді, керуен көшеді”. Онсыз да беймаза уақыттың тынышы кетіп тұр еді. Дүрліккен төрткүл дүние екіге жарылудың алдында тұрған болатын. Жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат алмасып өтпей ме? Дауыл алдындағы толасты пайдаланып, ІІ жазғы Олимпиада ойындары өтісімен динамитті ойлап тапқан адамның дүниеден озған күні – 10 желтоқсанда Нобель сыйлығының (1901 жылы белгіленді) төлбасы иегерлері анықталды: Неміс дәрігері В.Рентген, голланд химигі Я.Вант-Гоффу, дәрігер Э.Фон Беринг, француз ақыны Француа Арман Солди-Прюдом, халықаралық Қызыл айшықтың негізін қалағандар швейцар Анри Дюнан мен француз Фредерик Прассидің кенет еңбегі еленіп, жұлдызы жанды. Дегенмен бірінші дүниежүзілік соғыс дүмпуге жақын тұрған болатын. 1914 жылы Балқан түбегіндегі Сараевода Австро-Венгрия тағының мұрагері Франц Фердинандқа қастандық жасалып жер құшты. Соны сылтау етіп, Еуропа елдерін түгел өрт шалды. Егер Бірінші дүниежүзілік соғыста адам басы сайын 287 мың 599 франк шығын болып, 65 милионнан астам боздақ қыршынынан қиылды. 1917 жылғы төңкеріс жер бетінің астаң-кестеңін шығарып, ақтар мен қызылдарға бөліп, әлемдегі әлеуметтік теңсіздікті одан арман тереңдете түсті. Ең әуелі К.Маркс пен Ф.Энгельс ілімімен қаруланған Ленин-Сталин социалистік қоғамның алғы-
шарттарын жасағанымен жаңа жас мемлекет толарсақтан келетін қан үстіне орнатылды. Қазақ халқының саны 1916 жылы 5 миллион 650 мың болса, 1921 жылы бұл көрсеткіш 4 миллион 800 мың деңгейіне құлдырап, кері кетті. Ал, 193132 жылдардағы қолдан жасалған аштықта екі миллионнан астам қандастар ай аман, жұрт тынышта набыт болды. Бұрынғы КСРО-да қуғын-сүргін зардабынан 43 миллион кісі құрбандыққа шалынып, тақсірет тартты. Онда әкімшіләміршіл жүйенің де жетілмеген шикілігі емес пе? Тіпті Я.М. Свердлов, М.В. Фрунзе, Ф.Э. Дзержинский сықылды қызыл қырандардың қазасы да халық қайғысын ауырлатпаса, жеңілдеткен емес. Герберт Уэлстің айтуынша, адамзат соңғы 100-150 жылда сұмдық секіріп, қоғамдық-әлеуметтік, рухани және әлеуметтік салада шырқау жетістіктерге жетіп, заманалар заңғарына көтерілді. “Оқу ордаларының есігі кімге болса да ашық һәм ақысыз болуы; жұртқа жалпы оқу жайылуы. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқуы; қазақ тілінде орта мектеп, университет ашуы; оқу және өз алды автономия түрінде болуы; хүкімет оқу ісіне кіріспеу; мұғалімдер, профессорлар өзара сайлаумен қойылуы; ел ішінде кітапханалар ашылуы” деп жарық жалғанға жар салып шықты алашордалықтар. Бұлар кімдер еді? Асыл азаматтар соңына қалбыр байлап, шам алып түсті. Ғалихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тілеуханов, Тұрмұхаммедов, Ғабдулхамид Жүндібаев, Ғазімбек Бірімжанов және өзгелердің ізгі ниеті өздерінің түбіне жеткізді. Шәһәрім Құдайбердіұлы Шыңғыстау шатқалында жазықсыз атылса, Міржақып Дулат айдалып, Ақтеңізде ажал тапты. Соңы 1937-38 жылдардың ылаңына ұласып, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгірұлының артына құлғанаша түсіп, ұсталып кетті. (Кімнің сүйегі қайда қалды?). Жақсылар мен жайсаңдар зобалаңға ұшырап, айдалды, дарға асылды, атылды, қынадай қырылып, қоғадай жусады. Сөйтсе де өртеңге өскен гүл шешек атып, ұрпақтар
көкейін тескен ұл-қыз тірмізік тіршілікке талпынып, бұғып жасқаншақ қанат жайды. “Екі шоқып, бір қарағаннан” аман қалғандар қантөгіс қақтығыстың алға шебіне тоғытылды. Жан басына шаққанда майданға аттанған басқа ұлттар арасында қазақтар үшінші орын алды. Мәншүк пен Әлия, Талғат пен Нүркен, Төлеген мен Қарсыбай, Бауыржан мен Қасым, Рахымжан мен Бақтыораздың жүрек жұтқан батырлығы ауыздан ауызға аңыз болып тарады. Бұл халық жанында қашаннан қаһармандық пен сұлулықтың нұрлы қайнарлары сарқылмағанын паш етті. “Қазақ – аса күрескер халық. Аламан мерекеде көзге түскен, жауырыны жерге тимеген балуандар даңқы шартарапқа тарап, аты аңызға айналған, – деп қағазға түсірді өбектеген бір пара беймаза ойының ұштығын бір жазбагер.– Әр отбасы ұл туылса, одан балуандық дәметкен. Тынымсыз жаттығуға негізделген күрес өнері ұлт тынысына айналған. Әр ауыл, әр ру өз ақынымен, шешенімен, әнші-жыршысымен қатар, өз балуандарын да мақтан тұтқан. Олар – әр ауылдың қадірлі қонағы”. Қазір біз неге оларды сонша ет жүрегіміз езіліп, сағынышпен қимастық және аяушылық сезімдермен еске аламыз? Солардың шет жағасын көріп-сезінгенмен ХХ ғасыр бізге әзірейілдей көрінген жоқ. Ол өз жақсылығымен де, жаманшылығымен де өтті. Оның шарапатын көргендер, жаңа қазақтар, күннің күнінде уақыт алдында есептесіп, жауап беретін шығар. Он тоғызыншы жүзжылдықта Зигмунд Фрейд, Фридрих Ницше, Г.В. Плеханов, Асқар Сүлейменов адам жаратылысына жаңаша көзқарас қалыптастырса, әйел ғалым Мария Кюри-Складовская қатарынан екі рет жыл аралатып, физика мен химия саласынан Нобель сыйлығын алды; Д.И. Менделеев, Р. Амудсен, А.Эйнштейннің жемісті ізденістері ғылымның ғажап ғұмырын ұзарта түсті. Атақты ақын-жазушылар Л.Н. Толстой, Осиф Уайлд, Эмиль Золя, А.П. Чехов, Жюль Верн, Генрик Сенкевич, Эмиль Верхарн, А.А. Блок, Гийм Апполинер, Ярослав Гашек, Ованес Туманян, Марсель Пруст, Анатоль Франс (Анатоль Франсуа Тибо), С.Есенин, Джон Голсуорси, В.Маяковский, Артур
Конан Дойль, М.Горький (А.Пешков), Райнер Мария Рильке, Джек Лондон, Ромен Роллан, Рабиндранат Тагор, Федерико Гарсия Лорка, Герберт Уэльс, Франц Кафка, Редьяр Киплинг, Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Антуан де Сент-Экзюпери, Борис Пастернак, Эдуардес Межелайтис, Жорж Сименон және көптеген әдебиет өкілдері әр жанрда үлкен қалтқысыз қызмет етті. Суртешілер И.И. Левитан, Тулуз-Лобрек, Поль Гоген, Пол Сезанн, Ван Гог, Эдгар Дега, Пьер Огюст Ренуар, Амадео Модильяни, И.Е. Репин, Клод Моня, Пабло Пикассо өнер өлкесінде өрге тартты. Дзуппе Верди, Эдвард Григ, Антонин Дворжак, Дмитрий Шостакович, Александр Прокофьев, Аарам Хачатурян сазгерлер әулетіне қосылып, әуен әлемін әуелетті; Феллини, Куросава, Эйнштейн, А.Вайда, Ч.Чаплин мен Миклош киноның көсегесін көгертті. Гитлер рейхсканцлер болғаннан кейін көп ұзамай Берлиннің опера алаңында тағылықпен кітаптар өртелді. Бұдан артық адамзат алдында қылмыс бола ма? В.М. Молотов пен Иохаим Риббентроп келісім-шартқа бітімгершілікпен қанша қол қойғанымен майда-шүйде қақтығыстардан соң екінші дүниежүзілік соғыс біраз ел мен жерді отқа орап, жалынымен жалмады. Қай кезеңдер де Қазақстанға қыңыр келді. Оның астанасы Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана болып өзгере бергенмен ешқайсысы халыққа құтайған жоқ: Орынборды олқысынып, Қызылорданы қомсынып, Алматыға адырайып, Астанаға астамшылықпен аспандап қарау әдеті қалмапты әлі. Әйтпесе, қазақтар да біртуар перзенттерден кенде емес: Тұрар Рысқұлов Монғол Республикасын құрысып, кіндіккентін Улан-Батор (Қызыл батыр) қойса, тағы бір ұлан Мұстафа Шоқай үлкен саясаттан амалсыз шеттетілді. Тегі тұрмыс бақ пен сордан тұрса, Хиросима мен Нагасаки қасіреті жер-анаға қосымша қайғы болып жамалды. Тың мен тыңайған жерлерді игеру құт-береке әкелудің орнына тусырап жатқан топырақты мүкамбара етіп тоздырып жіберді. Адамға ажал уын себетін Невада, Семей, Азғыр, Лоб Нор пайда болды. Байқоңыр табиғаттың тарту күшін жеңіп,
ғарышкерлер (оның ішінде қазақтар Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев та бар) жұлдыздарға аттанды. Әлімсақтан бәрі ғаламшарда тағдырлас екенін көрсетті. Дегелең таулары, Ақжайық алқабы, Возрождение (қайдан?) аралдары, сайын Сарыарқа даласы сол кешегі отарлау саясатының сарқыты. Соның себеп-салдарынан қазақ даласының көзі ашылмай келе жатыр әлі. Жапа шеккен жазира үстінен мұң бұлты арылар ма екен? Бар уақытта да ұлттың арманы мен үміті: рухы мен намысы сөнген емес. Әрине, ол әрқалай көрініс тапты. Ұлы ұстындар иығындағы Жамбыл мен Дина, Қажымұқан мен Иса, Мұхтар мен Орал, Ғабит пен Айша, Сәбит пен Мұқан Төлебаев, Дінмұхаммед Қонаев пен Әлкей, Ғабиден мен Қаллеки, Қаныш пен Күләш, Қасым мен Әміре, Сүгір мен Нұрғиса, Мұқағали мен Олжас өткен өмір мен өнер жолдары қазақтарда да мәдениет марқасқалары бар екенін әйгілеп тұр. Алдымен “Қазақ батырлары” апталығы хабарлағандай, тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы (төрағасы Ш.Уәлиханов) қасындағы беделді зиялы қауым өкілдері академиктер Ә.Хайдар, З.Қабдол, М.Қозыбаев, партизан-жазушы Қ.Қайсенов қатысқан топ соңғы мыңжылдық пен жүзжылдықтың ең үздік тұлғаларын атап өткенде оларға маңдайынан шертіп жүріп тоқтады. Сонда мыңжылдық марқасқалары: Құл Қожа Ахмет Иассауи, Әз Жәнібек (Әбусағит), Мұхаммед Хайдар Дулати, Төлеби, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Абылайхан, Құрманғазы, Шоқан мен Абай; соңғы ғасырдың ғажап ғұмырлары: Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Дина, М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Б. Момышұлы, Д. Қонаев, О.Сүлейменов, Н.Назарбаев, Т.Әубәкіров болып шықты. Тарлан тарих ешкімге ешқашан қиянат жасатпайды. Кімде болса халық алдындағы еткен еңбегіне қарай қайнаған ортадан өз орнын ойып алуға лайық. 1986 жылғы ызғарлы желтоқсан жаңғырығы жанды қариды. Бәлкім, сол жастардың ерен ереуілі тәуелсіздік таңының тез атуына ықпал етті ме, кім білсін?! Бір замандастың шиебөрідей шулатқан шығармасы жайында Константин Симонов: “Сіздің кітабыңызда мәселенің қойылуы, қалай
болса солай шыр айналатын құйтырқылыққа көнбейтін тарихқа көзқарас, орыс зиялысы маған, тіпті қаршадайынан өз халқының ащы да тұщы да болса тарихына құмбыл қарапайым адам ретінде жаныма жақын және қымбат” деуі көп жайды аңғартады. Бұл рух А.В. Затаевичті жаяу-жалпы жүріп, екі жарым мыңға тарта ән-күй жазып алып, Н.Г. Хлудовтың сурет салуына жетелегендей. Айналайын тау мен даланың қадір-қасиеті таусылған ба? Үш мыңыншы жылға өтерде жер бетіндегі адам саны алты миллиардты құрады. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына сенсек, біз он бір милионнан асады екенбіз. Оған да шүкір! Көкшіл байрағын көтеріп, барыс бейнелі Қазақстанның тәуелсіздік алған күні кеше ғана еді. Кеуде кере еркін демалғанмен қиын нарықтық қарым-қатынастар қаншама шаужайлап, тұқыртса да ертеңге елеңдеген ел еңсесі езілмейтін шығар енді. Сол тілек тәуба еткізеді. Бұны жазу барысында шымкенттіктер ішінде (кітапханашылар, жазбагерлер, дәрігерлер, студенттер) әлеуметтік сараптама жүргізілді. Шынтуайтында XV-XX ғасырлар аралығында Адамзат өмірінде небір ғажап тарихи тұлғалар ғұмыр кешті. Сонда олар соңына қандай жарқын із қалдырып, қалай еңбек етті? Сауалнамаға қатысқандардың көбісі Шыңғысханды бірінші, Леонардо да Винчиді екінші, ал, Ұлықбекті үшінші сатыға қойыпты. Зәу сайтан басқа да ой-пікірлер болуы әбден мүмкін. Әйтеуір, жансарайындағы сыр сүрленіп сақталмай, үш мыңыншы жыл табалдырығын жарқын жүзбен аттағанға не жетсін! Алдияр уақыт көрсетеді әлі. Егемен ел болып, жас Қазақстан мемлекетінде жаңа қоғам құрудың қамқарекетінде жүрміз. Демократия желінің астында қашанға дейін желпілдей беруге болады. Бізге тәуелсіздік не берді, енді не береді? Оны болашақ биіктері белгілейді... Армысың, ХХІ ғасыр!
ЖАҺАНЖЫР Әр заманның бір құрқылтайы, бір сұрқылтайы болатыны әлімсақтан аян деседі. Ақындар атасы әлі адамзат санасы сәби кезінде, құдайлар мен қаһармандар дәуірінде (б.з.д. 12-8 ғасыр) өмір сүріп, еңбек етті; поэмалары ауыздан ауызға көшіп жатталып, ұрпақтан ұрпаққа өшпес мәңгі өнегедей шамшырақ болып келе жатыр. Оның ұшқан ұясы мен туған топырағына талас әлі толастамай, гректің бірнеше қаласы оны өз төл түлегі санайды. Кейде оны зағип ақындар жиынтық бейнесі десе, енді бірде оның бұдан отыз бес ғасырдан астам бұрын ғұмыр кешіп, елдік пен ерлік, сұлулық пен қаһармандықтың асқақ жыршысы болғанына ешкім дүдәмал емес. Ол Троян соғысы тұсындағы Афинының шымшытырық оқиғаларын негізгі тінге алып, бостандық пен бақыт үшін күресті ту етіп, адам мінезінің асығы мен жасығы, асылы мен масылы, жеңісі мен кемісі, сүйініші мен күйініші – күллі реңкімен жанның кішкентай құбылыстарына дейін өлең тілімен өрнектеп, жыр жаратылысын жарқыратты. Қазақша аударылмағаны болмаса, атақты “Одиссея” мен Илиададан басқа Гомердің бірқатар шағын шығармалары рухани келешек кеңістігіне кең қанат жайып, не ықылым заманнан бері оқырмандардың қаншама буынын алтын қайнарымен сусындатып келеді. Олар орыс және басқа көп тілдерге бірнеше мәрте тәржімаланды. Қазақ ұғымына оның есімі ғұмырдың өзіндей (Гомерғұмыр) ғажап болып естіледі. Адам баласы ой алыптарының ішінде сәл болмаса ұмытылып кете жаздаған Гомер ныспысын орта ғасырда қайта жаңғыртқан Кіндік Азияның аса ғұлама ұлы ғалымы Әбу Райхан әл-Бируни алғаш атап, ізгілік ілтипат жасады. Сол сол екен, Тұран топырағына оның есімі етене жақын бола түсті. Әлі бұл кезде бізде жыраулық, ақындық пен шешендіктің тамаша дәстүрлері тұтас қалыптаса қоймаған еді.
Өткен ғасырдың ортасына таман Абылай ханның шөбересі, ғылым көгінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен 21 жасар Шоқан Шыңғысұлы Ыстықкөл мен Қашқар сапарында мәңгі “Манастың” бір тарауы “Көкетай асын” жазып алып, Гомер шығармаларымен салыстырып, тұңғыш телегей-теңіз халықтық мұраның атақ-даңқын аспандатып, төбесіне хан көтерді. “Манас” – бір кезеңге және бір адамның – Манас батырдың төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, жағрапия, дін және салтсана, әдет-ғұрып жөніндегі түсінік-танымдарының энциклопедиялық жинағы. “Манас” – бүтін бір халық шығармаларының жемісі, дала иллиадасы десе де болғандай. Содан бері Эллада алтын бесігінде тербеліп, тұсау кескен тұлғасы биік туындылар көшпелілердің рухани жан серігіне айналып, дала кезіп кетті. Әрине, Гомер әлемін әркім өзінше ашады. Оның кіші әріптестерінің бірі Эврипид: “Біз ізашардың ұшан-теңіз қазынасының қиқымынан күн көріп жүрміз” десе, әр кезде өмір сүрген Софокл, Аристофан, Гесиод пен Пиндар ұдайы ұлы ұстаздың аңыздары мен ақиқатына жүгініп, жұлдыз жарығын жарқыратып, үлкен беделіне бас иді. Ағылшын, 1907 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Р.Киплинг “Гомер жер бетіндегі бүкіл аңызды білген” деп марапаттады бір өлеңін бағыштап. “... Ақындар – ойшылдар арасындағы аламанда шаппай бәйге алады. Көктен шынайылық, қисын арқылы іздегендердің бәріне жарамсақ табиғисыздық қатер төндіреді. Қасақана Гомер пәлсафа тарихының дәрістерінде өз орнын алады. Адам туралы ақиқат шындық үйлесім арқылы адамға жетелейді – міне, поэзия неге үйретеді” дейді Андре Моруа “Монтеньнен Арагонға дейін” атты кітабында. 1961 жылы француз жазушысы Андре Стиль “Юманите” газетінде Мұхтар Әуезовтің “Бақтығұл барымтасы” (“Қараш-Қараш”) повесінің Парижде аударылып шығуына орай мақала жариялады. Неге екенін қайдам, ол қазақ жазушысының
шығармашылығын грек ақынының кең құлаш қарымы, бейнешілдігі және эпикалық қуатымен қарайластырып тұжырымдайды. Бұл әсіре-қызыл сөз емес. Бәлкім, творчествалық терең тамырластыққа меңзеп отырған шығар. Қалай болғанда да А.Стиль ой-пікірін тарыдай шашып жіберетін қаламгердің шоғырына жатпайды. Бұл ең алдымен ұлы даладай дарынын әлем мойындаған М.Әуезовтің дүниежүзілік деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Кейіннен Мұхтар Әуезов те қарыздар қалмағандай өзінше кемел ой толғайды: “Бірақ қазір мен Гомер туралы Платон айтқан бір жайды еске салайын. Ол Гомер ақын бүкіл Элладаны тәрбиеледі деген. Ал, тек Элладаны ғана тәрбиеледі ме екен сол Гомер? Көрермендер біздің ішкі дүниемізге, жан-жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді. Ең зор шындық осы емес пе? Осыны қайтіп ұмытар едік? Біз көп кездерде, Гомер өз дәуірі адамының дүниетану, дүниесезіну ерекшеліктерін бейнеледі деп сөйлей де, жаза да жүреміз. Сонда бізді оған құмар етіп тартатын тек қана соныға құмарлық, қызыққыштық қана ма? Тек қана таза күйдегі эстетикалық нашалану ғана ма? Әлде “ескі жырды” оқи отыра, біз соның ішінен жаңа ырғақ, сарын тауып, танып, бүгінгі күнімізге керек бір нәрсені ала отырамыз ба? Әрине, ала жүреміз. Ендеше, бүгін де Гомер біздің замандасымыздың ойын, сезімін, жанын да тәрбиелеуге қатыса жүреді емес пе?” Қазақ поэзиясының хас жүйрігінің бірі Қасым Аманжолов та уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, осы орайда аз базынасын білдіргісі келгендей: Көп шығар көрмеген жер, дүние кең Сонда да тау бар ма екен Көкшемен тең?! Берсе де Гейне – Рейнін, Гомер Парнас, Көкшемді мен айырбас етем бе екен?! – дейді әлдеқандай бәсекелесін жарысқа шақырғандай ақ жарылып. Саяси тоқпақтың ара-арасынан жылт еткен сәуле іздеген шабытты шақтарында оның жұлдыз жауған жолдары
жыраққа тартатын. Тәлім түйгізетін ұмытылмастай ұзақ. Бері келе, қызық өзі, Сүлеймен Стальский мен Жамбыл Жабаев “ХХ ғасыр Гомері” атанғаны да жайдан-жай емес деп ойлаймын. Мен ешқандай Америка ашып отырғаным жоқ. Қазір қит етсе қиыншылық пен ауыртпалық алға тартылады. Бұрынғы КСРО, ендігі ТМД елдерінде грек тілін оқыту түгіл, адамзат өркениетіне өлшеусіз үлкен үлес қосқан ел әдебиеті, соның ішінде Гомертану өгейсіп қалып келеді. Бұлай етуге ешкімнің де дәті бармайды. Өз алдына түтін түтетіп, шаңырақ көтеріп, тәуелсіздік алған Қазақстанда Грек мәдениетінің орталығы жұмыс істейді. Қалай? Қайтіп?.. Біз болашақта ол мәдениетке оралатын шығармыз әлі! АБАДАН Аристотель мен Александр Уақыт мұнары тау тақылеттес ұлы тұлғаларды көлегейлеп, ешқашан ұмыттыра алмайды. Оның үстіне адам – аса күрделі ғаламат құбылыс. Тасқа шекиді, бұзау терісіне жазады, еске сақтайды. Ол от, су мен топырақтан жаралса да бойында бәрі де бар: нәзіктік пен қатыгездік, махаббат пен зұлымдық, ерлік пен ездік, даналық пен даңғойлық. Қаршадайдан патша көңлі биікте еді. Бейне бір атақ пен даңқ, бақыт пен байлық оның қанжығасына жерге шыр етіп түскенде бірге байланған шығар. Аз ғұмырында түгел көріп үлгерді. Жас Александр армансыз-ақ болар. Адамзаттың бірінші ұстазы атанған Аристотельден жан-жақты тәлім алып, тұлпар тағдырын тұралатпай, тіршілік тұғырына көтерілді. Жер бетіндегі бар білімнен хабардар болып, мөймілдей мейірі қанып сусындады. Әсіресе, кейіннен бүкіл болмысына айналған әскери ойынға ынты-шынтымен берілетін. Баз біреулерді бей-жай қалдыратын рухани өмірге де оның бүйрегі
бұратын дәйім. Балауса бозбала өз көлеңкесінен үркетін асау Буцефалды (Бұқабас) бас білдіргенде қаймана жұртқа дейін жағасын ұстаған болатын. Әкесі жалғыз көзі ІІ Филлип қызы Клеопатра тойының үстінде қастандық құрбаны болып, ол нәйеті жиырма жасында басына бақ қонып, таққа отырды. Әркім әрсаққа жүгіртіп, бұл қанды қасіретке Олимпиаданың, әйтпесе парсы патшалығының тікелей қатысы бар деп алыпқашты сөз жүгірткенімен тек қанішер Павсаний тақсірет тартты. Александр толарсақтан қан кешіп жүріп, әкеден қалған иелігін кеңейтуге жанталасып, жаулармен жолбарыстай жағаласты, талай мәрте көзсіз ерлікке барып, жүрекжұтқандық үлгі-өнегесін көрсетті. Бәлкім, төсегіне сұп-суық аждаһаны (питон жыланды) алып жататын шешесі Олимпиаданың салқынқандылығы дарыды ма екен? Бірақ, куәгерлер оның тым қызба, қызуқанды, қандай бір қиын қатерлі шайқастарда ол өзін аямай отқа да салып, жан алқымға таянғанда, ауыр жекпежекке шығып, алғы шепте сегіз рет жараланып, денесінде тыртықтан сау-тамтық жоқ болғанын айтады. Алыстағы аңызақ Азияға табаны тиіп, толқындары тулап, дөңбекшіп жатқан теңіз жағасында әлдекіммен қасақана ерегіскендей, аққайнарға найза қадап, нөкерлері мен қосындарын қайран қалдырып, күйті келіп, қансонарда томағасын сыпырған қаншеңгел қырандай шығысқа қырағы көз тікті. Сонда қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайын не ойлады екен? Әрине, бір тұтам қамшы сабындай қысқа жалған тылсым сыры кімді болса да толғандырмай тұрмақ емес. Дүниеден ерте ме, кеш пе бәрі де өтеді. Азуын айға білеген патшалардың да, мына бес күн жарықта бары-жоғы белгісіз пұшайман күн кешкен пақыр пенделердің де ақырында баратын жері біреу (Бәрінің алдын жарық қылсын!) Ешкім ол жаққа берекебайлық пен қыруар қазынаны арқалап кетпейді. Әркім пешенесіне жазылғанын көріп, өмір қамытын арқалап өтеді. Патшазада адам нәсілінен жаралып тұрып, құдай кейпінде қалғысы келіп, өзін тек Тәңірінің тұяғы дегенге иландырғысы
келді. Астамшылық жасады. Тіршілік заңын пенде түзбейді. Өмірдің өткінші екенін ол да пайымдаған болар-ау. Бәрі бір өзекті жанға өлім бар емес пе? Патша сарайындағы өмір бір сыдырғы қалпында өз арнасында ағып өтіп жатты. Тақ төңірегіндегі құйтырқы сайқал саясатты Александр жастайынан жадына тоқып өсті. Ел мен әскер басқаруға ерте араласып, машықтанып, тіршіліктің қиын-қиын әртүрлі түйін-түйткілдерін шешуге қатысып, ат арытып, арып-ашып келген елшілерді қабылдады. Әке мен баланың кеңірдегіне кесе көлденең тұрған өркөкірек эллада өркениетінің өзінше өрнектеп дамып, ешқандай сырт күшке иілмеуі тиіс еді. Тіпті қаусырма жақ, айыр көмей атақты Демосфеннің өзі Александрды кемсітіп, “Арыстан күшігінің тұлыбы” деп шенеді. Кейіннен сол және қосымша қылықтары үшін Антипатр оның тұқымын тұздай құртып тынды. Әкенің жиі-жиі жорықтарда жүруі жас жігіттің ешкім бетін қақпай, өзімшіл өркеуде болып, ат жалын тартып мінуіне адуын ықпал еткендей. Оның бүкіл жастығы Сарай мен Миезда арасында өтіп, ата-ана құшағынан шыққаннан кейін ұлағатты ұстаз алдын көрді. Миездағы ақсүйектер баласына арналған білім ошағы сол кездегі бар-бар тар ұғымнан аулақ болатын. Әрине, шәкірттер не киіп, не ішем деген жоқ. Алаңсыз ғылымның сан саласымен әмбебап сауат ашып, алыс арманға асықты. Егер болашақ патшаның ақтық деміне дейін көз қарашығындай қастерлеп алып өткен Гомер, Эсхил, Эврипид пен Софоклға деген ыстық сүйіспеншілігі болса, ең алдымен ұстазының балауса бойға еккен гүлшешек дәнегі. Қалай болғанда да тақ мұрагері үстінен құс ұшырмай, еркебұлан болып ержетті. Ол кезде Кіші Азиядағы елдердің бәрі қуатты Парсы мемлекетінің қарамағында жартылай тәуелді күн кешіп жатыр еді. Бұл Батыс үшін, әсіресе, билік сахнасына көтерілген кішкентай Македонияның көзіне шыққан сүйелдей болып көрінді. Іштей әскери дайындық жүргізіле бастауының осындай мәні бар. Қашан да томаға тұйықтықты тәрік ететін тарлан тарихты уақыт жазады. Тұлға қанша тыраштанғанмен оның
парықты парақтары бәрі бір қайталанбайды. Алақандай Македония шынында да деміне нан пісетін Александрдың тақиясына тарлық етті. Алыс аптапты Азияға аттанарда ол да түн баласы төсегінде аунақшып, кірпігі талай таңға дейін айқаспай шыққан шығар. Кім біледі? Бірақ, сыртқы жұртқа жанының әлем-жәлем күйін білдірмегені хақ. Қандай болғанда да жұмыр басты пенде болғанына көз жетеді. Замандас жылнамашылар мен тарихшылар көзбен көріп, қолға ұстатқандай етіп, ұстазы екеуін келістіріп кейіптейді. Аристотель: “Оның кішкентай көзі жылтырап тұр, шашы сирек, аяғы әлжуаз жіңішке, қозы қарны бар еді: әлгінің үстіне ол әрдайым қанша малынып киініп жүрсе де сұмдық сараң болатын: жылы майға шомылып, содан соң оны үстеме бағасымен сатудан да тайынбайтын. Бәлкім, тілін төсеп сөйлейтін мүкістігі бар шығар”. Александр: “... Орта бойлы болса да денесі ірі әрі мығым көрінетін, адымдары серпімді қуатты еді. Сирағы қысқа болғандықтан қарапайым кәдімгі өмірдегідей емес, отырғанда сорайып көрінетін”. “Маңдайын жауып желбіреген шашы оның кескініне бір түрлі арыстанның айбатын беретін. Біз оның бәрі айта беретін нұрлы сұсты көзқарасы мен әп-сәтте қан ойнап шыға келетін денесінің әппақ екеніне дейін білеміз”. “Оның аузынан барша денесіне дарып, киім-кешегіне дейін сіңген жағымды жұпар иіс келіп тұратын”. “Соңғы кезде ол тек парсы мәнерімен жүретінді шығарды: алтын зерлі белбеумен қынаған күлгін-ақ нымшаны иығына іліп, маңдайын лентамен орап алатын. Және ол ұзын желбегей, қызыл асықтан келетін кең балақ шалбар кимегеніне шүкір”. Аристобулдің айтуынша, ол он екі жыл сегіз ай патшалық құрды. Өте насаты тартым, іскер, әбжіл және жүзіктің көзінен өткендей өткір болатын. Оның мінезі өте тәкаппар және өзімшіл еді. Басын бәйгеге тігіп, қандай болса да үлкен қауіп-қатерді сүйетін және құдайларды қатты қадірлейтін. Ол таққа отырысымен жақын арадағы жауларын мұқап,
іргесін бекітті. Алда беймәлім Азия тұрды. Оған жету үшін жан-жақты шыныққан шымыр болу керек еді. Қос мүйізді Ескендір үнемі бірге атпаздар (шабандоздар), жұдырықтасушылар (боксшылар), семсерлесушілер, палуандар, жүзгіштер мен әр түрлі өнер иелерін ертіп жүрді. Шаршы топта өзі де топ жарған, олардың ешқайсысынан құралақан емес болатын, әмбебап дайындықпен өтті. АШ ҚҰШАҒЫҢДЫ, АЗИЯ! Адамзат тарихында не кездеспейді? Біздің дәуірімізге дейінгі 334 жылдың көктемінде Ескендір Зұлқарнайынның қосыны алғаш рет Парсы жеріне табан тіреп, шығысқа қарай жорыққа шықты. Македония әскері шайқастарда шындалып, әбден от пен судан өтіп, шарболаттай шыныққан болатын. Бұл кезде жас қолбасшының қарауында 30 мың жаяу жауынгер, 5 мың атты әскер және 160 кеме бар еді. Парсы патшылығы Македониядан отыз есе үлкен, әскері қисапсыз, кемелері төрт жүзден асып жығылатын. Александр Македонский шығысты бетке алғанда қазынада небәрі жетпіс талант қалғанын көріп, жерге қараса, Дарып, елдің айтуынша, жиырма миллион алтын теңгені аяғының астына сақтап, үш жүз миллионын жастық астында ұстайды екен. Тек Персеполь мен Суз қоймаларында 235000 талант ақша барлығы қатталған. Сонша байлық бас айналдырмай қоя ма? Бұқара халықтың көз жасы мен қасіретінен жиналған дәулет болса да Ахеменидтер әулетінің күні батып келе жатыр еді. Алғашқы Герника жағасында жеңілгеннен кейін парсы патшасы ішке кетіп жаңа күш жинады. Бүкіл иелігіне жар салып, құлақ естіп, көз көрмеген қарулы жасақ
ұйымдастырып, соңғы пәрменді соққыға дайындалды. Мәселен, македондықтарға қарсы Исс ұрысында қиырдан келген қаңғыбасты үйрету үшін қанша айласын асырып, табандылықпен шайқасқанмен қарашаның қалың ортасындағы жекпе-жек екі сағатқа ғана созылып, аяғы қасіретпен аяқталды. Тек қана қолға түскен олжаның өзі қыруар болатын. Дарып қарақан басын майдан даласынан алып шыққанда: “329 музыкант пен бишілерді, 277 бармағынан бал тамған аспазды, гүлтәж түзетін 46 қызметші, 13 сүт дайындайтын, 70 шарап құюшы, 17 шарап жасаушы, 40 опа-далап жасайтындарды дұшпан қолына тастай қашты. Ал, түскен алтын мен күміс құймалары шектен тыс еді. Сонда қалай? Пинар мен Пайя өзендері аңғарындағы айқасқа парсылар 30 мың жалдамалылар мен 60 мың таңдаулы сарбаздарын қос қанатқа қарсы қойды. Баржоғы Дарыптың 600 мың әскері жеңіліске ұшырап, тағы да шегініп шыға келді. Бұл, әрине, санның сапаға айналғаны дегеннен басқаға ауыз бармайды. Жалпы, қызылбастар басынан жаугершілікке жүрдім-бардым қарайтындай. Ұлы Кіршаштың бассақтарының (массагетінің) патшайымы Тұмар ханымнан жеңілгеннің жаңғырығы жүректерде жазылып жатқан болатын әлі. Ахеменидтердің және бір өкілі Тұран топырағына басқыншылық жасап, маңдайы тасқа тиіп қайтқаны, егер зерде қысқа болмаса, есте мәңгі сақтайтын нәубет. Дулығасына қасиетті құстың қос қауырсынын үнемі тағып жүретін Ескендір Зұлқарнайын Азияға терең бойлаған сайын өзін мығым ұстады. Боранды айлы түнде айдалада жортқан абадандай айбат шегіп, көптеген мекен-жайды тізе бүктірді. Жерорта теңізінен Тынық мұхитқа дейін, Солтүстік Мұзды мұхиттан Парсы шығанағына дейін созылып жатқан құрлықты жаулап алу оған оңай тиген жоқ. Кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсақ адамдарды алмастырып, ұдайы оларды жаңадан толықтырудың жайы кезекте тұрды. Адам баласы сана-сезімінің әлі сонша сәбилігі ме, ұлы Александр қанша құдіретті қолбасшы болса да, жол-жөнекей қайда барса да, табиғаттың тылсым күштері тұқыртып, оның қыр соңынан
қалмай, қат-қабат отырды. Қапырық пен қауіп-қатері мол құрлыққа дендей енген сайын жолайрықта торып, кейде жазғытұрым қарлы құйын ұйтқып, қаһарлы найзағай ойнап, қалың қара нөсер құйып, табанда бұндайды бастан кешіріп, үйренбегендерді әбіржітіп, әптер-тәптерін шығаратын. Ол үлкен шайқастар алдында балгерлер, жұлдызшылар, жаурыншылар мен көріпкелдерді жинап, мейлінше кең мәслихат өткізіп, айтқандарына ұйып, кәдімгідей ден қоятын. Сондағы бір бақсының іс-әрекеті: “Құстардың ұшу бағытын бақылап, тау үстіндегі жарқжұрқ еткен күн күркіріне ұмсынып, алдына бүркіт, қарға, жапалақ пен тотықұстың сүйектерін шашып тастайтын”. Александр Африка құрсағындағы Көрбала шөліндегі Сива гүлзарларында орналасқан Күн Құдайы Аммонға зиярат етуге кетіп бара жатқанда нөкерлерімен судан қаталап, шөлден шөліркеп тұяқ серпер шақ қалғанда екі қарға мен екі жыланға тіл бітіп, төте жол көрсету оқыс оқиға болғанмен алыс аңыз ақабасындай. Ол жиырма беске толып, қыркүйек ішінде Тигр өзенінен өтерде Ай тұтылып, басқыншылардың тасыған көңілін су сепкендей басқаны да кейбіреулерге кездейсоқ құбылыстай көрінеді. Қырандар, ұзақтар, қарлығаштар оны мұңайғанда тыңайтып, қайғырғанда жұбатып, жанашыр болып жүргеннің өзі көп жайды аңғартады. Қанша патша болып, көзі тірісінің өзінде пайғамбар атанып, жалғыз жаратушының жердегі сүйген перзенті десе де, оған да адамдарда бола беретін күллі қасиеттер тән еді. Өткеніне өкінбейтін өмір сүрді. Бірнеше жар құшып, Бактрияның сарабы (әкімі) мен скифтің ай мен күндей ханзадасының қызы Роксананы (Жұлдызша) құлай сүйіп, жастық пен махаббаттың отында күйіп-жанды. Отын оттап, суын сулаған ел әдет-ғұрпын, салт-санасы мен үрдісдәстүрін қабылдап, шығыс сән-салтанаты шұғыласына шомылды. Екі мәрте күйрей соққы жеп, ашынған парсылар жағы есі кіргендігі соңғы күшін сарқып, 40 мың атты және 100 мың жаяу әскер, 20 орақ-күйме, 15 қару-жарақты пілді қарсы
шығарды. Гавгамеладағы ақырғы айқас көп тағдырды шешіп, тағы да белді бекем буған тәуекелдік жеңіп, қиырдан қабір басып келгендердің жұлдызы жанып, асығы алшысынан түсті. Әлі бейғамдық бұғауындағы Дарып бойкүйездік ұйқысынан оянып, тұтқынға түскен бала-шаға, әйелі мен шешесіне 10 мың талант ұсынып, Кіші Азияның біраз жерін қайтарып бергісі келсе де Александр менмендікпен мардымсып бас тартып, бопсаға толы хат жолдады. “Менің әкем Сіздер масаттанып, айдап салған қанішерлердің қолынан қаза тапты. Сен, Дарыптың өзі спартандықтар мен басқа да эллиндердің қолтығына дым бүркіп, маған қарсы шығу үшін қаражат жібердің, ақырында, мен эллиндерге сыйлаған байқұт заманның қиюын кетіріп, жалдамыларына жел беріп, менің дос-жарандарымды азғырдың. Солардың бәрінен кейін парсылардың қасиетті құқын аяққа таптап, ырықсыз таққа отырған адамға қарсы соғыс ашудан басқа амалым қалған жоқ. Енді әділ шайқаста сенің әскербасыларың мен сатраптарыңды жеңгеннен соң, ал қазір – сені мен сенің әскери күштеріңді күл-талқан еткеннен кейін өзімдікі деп атайтын бұл жерге өмірбақи мәңгі құдайлардың рақымы түсіп, мен қожа болып отырмын. Маған қарсы шығып, пұшайман болғандарға өзім-ақ қамқор боламын. Сонымен, Азияның әміршісі енді менмін, сенің де бас ұрып келгеніңді талап етемін. Егер сен соқа басыңнан қауіптенетін болсаң, сенген өкілдеріңді жібер, оларға еркін жүріс-тұрысыңның мәнін айтып, түсіндіріп, кепілдік беремін. Менің алдымда шешең, әйелің мен бала-шағаң туралы өтініш айтасың; басқа да тілектерің жерде қалмайды. Егер сен тағы да маған хат жіберсең, онда “Азия патшасы” деп қара. Мен саған тең емеспін, сенің иелігіңдегі бәрінің әміршісімін. Жазатайым құлдық ұрмасаң, тақсыр ағзамды күстәнәлағаның болып табылады. Зәу сайтан кімнің әміршісі екеніне күманданып және бір рет басқа пиғылды болсаң, ашық майданда шайқасуға шақырамын. Бас сауғалауды ойлама! Жерге кіріп кетсең де
тауып аламын”. Үзіп-жұлқып, тиіп-қаша соғысып, оны Отанынан мүлде қол үздіріп, азық-түліксіз аштан қатырайық деген ақылға құлақ аспаған Дарып енді ғана елуге шыққанда өз опасыздарының сатқындығынан қаза тапты. Бүкіл Азия билігі Ескендір Зұлқарнайынның қолына көшті. Бұдан жолай бар елді мекендер құр құлшылық етіп, үнтүнсіз бас ұра берді деген ұғым тумайды. Ана жерде де, мына жерде де өшпенділік оты тұтанып, басқыншыларға қарсыласып жатты. Теңіз жағасындағы Тир қаласы сегіз ай бойы жаумен жұлқысып, қаһарман қамал қарсы тұрып, жуғарамда оңайлықпен тізе бүкпеді: бәрі бір алушы жеңіп, шаңырағы шалқасынан түскен шаһар үстінде македондықтар жеңіс жалауын желбіретті. Алайда, қоршауға кеткен қайратжігер, күш-қуат пен уақыт зая болатын. Дарып жеңілгеннен кейін түрлі кедергілер мен тосқауылдарға қарамастан қос мүйізді қолбасшының әскері Гиркан (Каспий) теңізін жағалап, солтүстікке бағыт алды. Мараканданы (Самарканд) жаулап, шалдыққан сәйгүліктерінің терін алып, Яксарт (Сырдария) бойынан бір-ақ шықты. Әйткенмен, оның қалақұмарлығы төңірегіндегілерді түгел қайран қалдыратын. А. Македонский жаулап алған жерлерінде жетпіс қала тұрғызды. Солардың некен-саяғы ғана өзі негізін салған иесінен кейін мәңгі ескерткіш болып қалды. Келе-келе дүниежүзінде атақты қоры бай кітапханасы мен шамшырағы (маяк) бар Мысырдағы Александрияның алғашқы қадасын өзі қақса, өзгелері әр түрлі атпен әлі өмір кешіп келеді: Ариядағы Александрия (Қырат-Гират), Арахозиядағы Александрия (Қандағар), Маргияндағы Александрия (Меру-Мерв), Оқатын Согдианасындағы Александрия (Термез), Яксарттағы Александрия Эсхата (Ходжент). Македондықтар өздерімен бірге ежелгі эллада мәдениетін ала келді деседі. Дегенмен бұнда да озық ойлы, түзу түтін түтетіп өніп-өскен ұлы Тұран топырағын емінеркін жайлап отырған алдыңғы қатарлы ел бар еді.
ЖОРЫҚ ЖҰМБАҒЫ Бұл Азия жорығында ұлы Александр жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Ол құдайлардың кезеңі өтіп, қаһармандар өмір сүре бастаған қарсаңда ғұмыр кешті. Жеңімпаз әскер Ахеменидтер әулеті билеген үлкен патшалыққа ойсырата күйретіп соққы беріп, көне Грекия мәдениетін табанға салып таптағаны үшін өш алуды сылтауратып, бейбіт ел шетіне бүйідей тиді. Жолында не болса да қоғадай жапырып, жайпап келе жатқан жаулаушылар Сырдан өтпей, аспан құшқан Күндікүш (Гиндикуш) асып, жиырма жеті шыңды артқа тастап, оңтүстіктегі бес өзен өлкесіне қарай қыстың көзі қырау көкөзекте бұрылды. Бұл – уақыт пен жорық жұмбағы. Оған жақында шыққан “Қазақтар” анықтамалығы жобамен түсінік береді. “Александр Македонскийдің бұйрығы бойынша, Сырдарияда Александрия Асхата (Шеткі Александрия) деп аталған қала салынды. Сақтар өзеннің екінші жақ бетінен гректерді садақтан атқылайтын. Ал, Александр көшпелілерді катапультпен атуға бұйырып, оларды шегінуге мәжбүр етті, сонан соң әскерімен қуғындай түскен-ді. Алайда, қуғындаймын деп жүріп жеңіліске ұшырай жаздаған грек әскерлері қалаға қайта оралды. Александрдың өзі де дәл осы уақытта не ауырып қалды, не жарақаттанды. Осылайша, Александр Македонскийдің Яксарттың (Сырдарияның) арғы бетінде тұратын сақ тайпаларын талқандап, өзіне бағындырамын деген ойы сәтсіз аяқталды”. Әлбетте, бұның бәрі жорамал. Ескендір Зұлқарнайынның Скифияны шаппауының тылсым сыры бұдан да әрі тереңде жатыр. Біріншіден, оның әскерінің басым көпшілігі гректер емес, македондықтар тұрды. Басқа да тайпалардың өкілдері болғанына дау жоқ. Екіншіден, ол кезде бақайшағына дейін қаруланған Македония әскеріне қарсы тұратын әлемде басқа
күш болмайтын. Үшіншіден, Александрды не болса сонымен алдаусырата салатын тұлға емес. Ол Азияға қайыр сұрап келген жоқ. Ешкімнен жүрегі шайлықпаған жас патшаның жабайылар елін жауламай, түстікке үдере тартуының бізге беймәлім басқа да себептері бар. Бәлкім, Еуропа скифті өкілдерінің пәтуаға клуі себеп болды ма? Жоқ, көшпелілер қанатты шабуылға шығып, жанқиярлық ерлікпен басқа өз жерін қорғауға орасан қаһармандық көрсетті ме? Ол жағы мүлде құпия күйінде қалды. Ең алдымен оның қайыненесі сақ ханзадасы болғаны еске алынбайды. Оның ұшықиырсыз далаға дендеп сұғына енбеуіне біреулер ауырып, жараланғанын алға тартады. Бірақ, жауыннан да, дауылдан да беті қайтпаған жас қолбасшының қимылы түсініксіз түсіндіріледі. Түу Батыстан келген көкбөрінің солтүстіктен меселі қайтуы, оңтүстікке кілт бұрылуының себеп-салдары мен астары тым әріде жатыр әйтеуір. Ой жетіп, көз көрмеген ойкеменді, жердің қиыр шетін көруді армандаған Александр Македонский жаңа тұрпатты әскерімен Үнді еліне аттанғаны ақиқат. Оған әлеуетті қарсылықты Гидасп (қазір Джелам) өзенінен өтерде радж Пор көрсетті. Ендігі Азия патшасының артында: “Барлық жер отқа оранып, ажал құсып, құлаққа ұрған танадай құлазып, бір кезде гүлденген аймақтар шөлге айналды. Ауылдар үстінде тазқаралар қалықтап, жықпыл-жықпыл жартастарда жыландар ғана” қалды. Македон грек-парсы қолына қарсы тұратын радждың қарамағында отыз мыңдай жаяу, 5 мыңдай атты әскері, 300 күйме, 200-дей үйретілген піл бар еді. Бұндайда кейде бәрін күш шешпейді. Қай кезде болсын шапқыншылық жұртқа жұт әкелгеннен басқа ешнәрсе бермейді. Әрбір жеңістен кейін тәңірияға (муза) тағзым етіп, той-томалақ өткізу әрқашан оның қанына сіңген әдет еді. Ондайда дене шынықтырудың әр түрінен жарыс ұйымдастыру қалыптасқан қағида болатын. Ол Батыс пен Шығыс арасына алтын көпір тартып, Еуропаны Азияға некелестіруді аңсап, адамзат тарихында ең тұңғыш рет тілі, ділі мен жынысына қарамай, әр қиырдағыларды
татуластырып, мәдениеттерге дәнекер болуды арман етті. Сондықтан да өзі бас болып, он мың ақсүйек тұқымы мен жауынгерін жергілікті қыздарға үйлендіріп, төбесіне бір мезетте отау көтеріп берді. Өлерінен үш жыл бұрын 324 жылы өзі Дарыптың үлкен қызы Статираны, ІІІ Артаксеркстің жиені Парисатисті неке қиып алып, Гефестионға парсының бұрынғы патшасының қызы Дрипатия бұйырды. Шығыста бұл салтанаттың орны айрықша бөлек еді. Сөйте отыра қарсы келгендерге рақымсыз болатын. Дастарқан үстінде ашуға беріліп Ескендір сүтанасы Ланиканың бауыры, бір кезде өзін ажалдан арашалап қалған Клитті ай-шайға келтірмей ыза буып, кездейсоқ найзамен өз қолынан өлтіріп, қатты аза тұтқаны аса адамгершіліктің нышаны. Аристотельдің жиені тарихшы Каллисфенді азаптауды қалай түсіну ләзім? Немесе өзіне қастандық ұйымдастырушыларға деген қатыгездік ше? Персияға оралғанда Гефестионның қазасы да ол үшін орны толмас, қабырғасын қатты қайыстырған зор қайғы еді. Ол отыз үш жасында Вавилонда безгектен асқынып дүние салды. Басының іргесі кеуек ұлы империя тез арада бытыраңқылыққа ұшырап, оның жамбасы жерге тиісімен жеке-жеке ыдырап бөлініп кетті. Ескендір Зұлқарнайынның гауһар табытымихнатпен Александрияға әкелініп, содан әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалды. Әлі күнге дейін А.Македонский табыты табылмауының төңірегінде дау-дамай көп. Ол тылсымға толы. Бәлкім, ол да алтын-күміспен апталып, небір жауһарлармен әдіптелген шығар. Кейіннен Мысырға билеуші болып, әулет негізін қалаған Птолемейдің оны Бабылдан ешкімге сыбысын білдірмей Жерорта теңізіне қарай жасырын алып кеткені мәлім. Осыдан үш мың жыл бұрын оны Август императордың өз көзімен көргені ақиқат. Біреулер Перғауындар сияқты ол да Александрия қаласының астында десе, ал біреулер Ніл өзенінің қайыр басқан табанында деп жорамалдауға бейім. Бірақ, бұл жұмбақ жуық арада шешіле ме? Соған қарамастан, шарқ ұрып іздестіру тынымсыз жүргізіліп жатыр. Жасы сексенге тақаса да Египет қазбагері (археологы) Фавзи
Фахарани бастаған топ оны табуға шындап бел шеше кірісті. Кім біледі, “Үмітсіз – сайтан” деген. “Егер Александрды жерге жіберген құдіреті күшті ұлы Құдай тез арада өзіне шақырып әкетпегенде, келешекте жер бетінде жаралғандар үшін бір заң болар еді, бір ғана құқық болар еді, бір ғана өкімет болар еді, өйткені, олар ымы-жымы бір дүниеде өмір сүрген болар еді,– деп жазды Херонеядан шыққан Плутарх.– Ол халықтардың салт-санасын, әдетғұрпы мен тұрмыс-тіршілігін сапырыстырып, баршаны бауыр басқан бүкіл жерді Отан деп санауға үндеді. Әманда адал ақ ниет адамдар бір-бірін туыстай сезініп, зұлымдарды өз ортасынан аластайтыны кәдік”. Қол жетпес неткен қиял! Көп жылдар мен ғасырлар өткеннен кейін тағы бір заманның ерен өкілі Наполеон өз сүйсінісін жасырмайды. “Ат төбеліндей жауынгерлермен ол жер шарының біраз бөлігін жаулап алды, алайда оның іс-әрекетінде жанартау атқылап, әлде бір күллі әлемді су алып кеткендей болды ма? Жоқ, бәрі мұқият есептеліп, таразыланып, тәуекелмен жүзеге асып, біліктілікпен басқарылды”. Қалай болғанда да ол тарихи және әдеби ірі тұлға. Адамзат өмірінде Ганнибал, Цезарь, Еділ, Шыңғысхан, Әмір Темір, Напалеон, Гитлер, Сталин сияқты әртүрлі өшпес із қалдырған қолбасшылар аз емес. Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын сол қатарда заңғар тартып, жарқырап тұр. Оның биік бейнесіне тамаша тарихшылар, ақиық ақындар қайта-қайта қайырылып, қалам тартса құштарлықпен қатар туған халқына қалтқысыз қызмет ету ізгі мұратының көрінісі. Әдебиет пен өнердің ұзақ өркендеу жолында Низами, Әмір Қысырау, Әбдірахман Жәми, Әлішер Науайы оның образына қызыға оралып, шабыт шақырды. Абай “Ескендір” поэмасын жазды. Шығыс жырының жұлдыздары бестармақтарының бірінде біздің дәуірімізден әлдеқашан бұрын өмір сүріп, қатарынан қара үзген аса дарабоз әскери дарынға сүйіспеншілікпен соғып, қиялына қанат бітірсе, қазақ көркем ойының көшбасшысы шынайы шығармашылығында парасаттылық пен парықсыздық, мәңгілік пен мезет, тұлға
мен тобыр табиғатына кемеңгерлікпен ой жебереді. Ұлттың бас ақыны ежелгі ертегілердегідей негізгі кейіпкерін қиын-қыстау күндерден алып өтіп, таңдау алдында қалдырады. Ескендір елде алмаған хан қоймады, Алған сайын көңілі бір тоймады. Араны барған сайын қатты ашылып, Жердің жүзін алуға ой ойлады. Қанішер қаһарлы хан ашуы көп, Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп. Сол күнде қошеметші айтады екен Ханның ханы, патшаның патшасы деп. Атағы талай жерге оның жетті, Жердің жүзін алуға талап етті. Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып, Есіткен елдеріне жүріп кетті. Алдынан шыға алмады ешкім мұның, Бәрін де алды, қорқытты жолдағының. Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ, Жер жүзін жеке билеп алмақшының. Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті, Алып жүрген суының бәрін ішті. Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп, Басына құдай салды қиын істі. Сандалды сары далада су таба алмай, Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай? Қызметкердің бәрін де өлтірмекші Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай. Егер, Ә.Науайыда табытта жатқан бір уыс топырақ бар қол дүниеқоңыздықтың түп тамыры қайда екенін көрсетсе,
Абай поэмасындағы қу бас мына пәнидің опасыздығын паш етіп, ауыр ойға қалдырды. Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті, Құдайым көрсетті деп бұл бір істі. Бекерлік екен менің бұл ісім деп, Қолын алып, жұртына қайта көшті. Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме, Мұны бір өзге сөздің бірі деме. Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін, Тоймас толар деп қайғы жеме. Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер, Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер. Ұятың мен арыңды малға сатып, Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер. Мақтанасың біреуге мақтасын деп, Шаужайымнан еш адам қақпасын деп. Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар Антұрғаннан құдайым сақтасын деп. Ақылсыз өзін мақтап былжырайды, Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды? Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды? Қаншама халықтың көз жасына қалды дегенмен, Ескендір Зұлқарнайын Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің бір-бірін байытып, өзара ықпал етуіне алғаш игі талпыныс жасап, бар ғажап ғұмырын соған сарп етті. Тарих, әдебиет пен өмірдің орасан тәжірибелері адамзатты тек рухани асқарларға шақырады!..
ҚҰДІРЕТ Бисмилләһир-рахманнир рахим! Ұзақ уақыт ұйып отырып, жүз беске келген әжем намаздан кейін қарасирақ немерелеріне “Тәуба! Иә, Алла, бергенің мен көрсеткеніңе шүкір! Біз – құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбетіміз” деп ұдайы үйретіп отыратын. Бұл сөздің мәніне онда онша терең түсінбей де үңілмей балалықпен асық атып, лақ-қозы қайырып, жүрдім-бардым тыңдап жүре беретініміз еске түседі. Оның үстіне мектеп қабырғасында басқаша тәрбиеледі. Дінсіздікке баулыса да одан кәпір болып кеткеніміз жоқ. Сөйтсек, бұл жарық жалғанға келу мен кетудің арасында адам жаратылысының өзінде шексіз жұмбақ бар екен. Жұмыр басты пенде тал бесіктен жер бесікке дейін пешенесіне жазылғанын көретін болып шықты. Бұндайда ойды ой оятады. Америка жазбагері Майкл Хорт “100 кісі және тарих” деген кітап шығару үстінде компьютерге жүгінеді. Күмәнданған достарының төрт көзі түгел тәжірибесін қайтақайта қайталағанда да бар мәліметтерді талдаған есеп-қисап мәшинесі №1 адам етіп, Мұхаммедті айнытпай көрсетіп береді. Сонда бүкіл адамзатқа бергі жиырма ғасырда соңғы пайғамбардан артық рухи қызмет жасаған тұлға болмағаны емес пе бұл. Қазір ислам діні өмірге оп-оңай енгендей болып көрінеді. Барлық жаңалық сияқты ол да “тар жол, тайғақ кешуден” өтті. Ұзақ сапарда өлген әкесі Абдолланы көрмей, шешесі Әминадан алты жасында айырылған бала Мұхаммед әуелі атасы Әбді әл-Мүттәліб қолында тәрбиеленіп, кейіннен Хәшімдер әулетінің бас көтерері, немере ағасы Әбу Тәліптің қамқорлығымен ержетеді. Бір аңызда көшпелі Бану Саад тайпасының арасында алты айлығынан асыраған сүтанасы Халиманың қолында жүргенде төрт жасар балаға екі ақ киімді періште келіп, ішкі жан сарайын аппақ қармен
тазартып, жүрегіндегі қара дақты сылып тастап, оны қайтадан қаз қалпы, сап-сау күйінде қоя бергені айтылады. Қалай болғанда да, туған-туысқандарының мейір-шапағатына қанша бөленгенімен көзі жәудіреп, Мұхаммед жастайынан жетімдіктің тақсыретін аз тартпады. Алайда, ол ақиқаттың ала жібін аттамай, сымбатты науша болып өсті. Оны көрген замандастары бала жігіттің ер көңіл, ойшыл, тым тартымды болып естиярлыққа қадам басқанын бірауыздан қостайды. Ол 570 жылғы 29 тамызда Піл жылы дүниеге келеді. Көшпелі бәдәуилердің өзара қарым-қатынасы күрделі еді. Шапқыншылық пен басқыншылық жиі қайталанып тұрса да, сауда-саттыққа төселген Араб шөлінің көшпелілері күнкөріс қамымен ұзақ-ұзақ жолға шығып, тіршілік күйттеп, талғажау қамдайтын. Данте, Шекспир, Лютер, Руссо, Кромвель, Наполеон туралы жазған ағылшынның аса тарлан тарихшысы Томас Карлейль де (1795-1891 ж.ж.) бұл туыс тұлғаны айналып өте алмайды. “Зерек баланы серіктестері “Әл-Әмин” – ақ жүрек, сендіреді және сенімді ақтайды дейді екен. Олардың байқауынша, Мұхаммед бос сөзге ыңғай бермеген. Сөзге сараң ол үнсіз қаларда қалай жақ ашпаса, іштен “түлен түрткенде” сөз ағынына солай тосқауыл қоймаған. Мәйектей ойға логиканың сәулесін жан-жағынан төккен: кеудесі зерделі, шынайы жігіт; сүйе білер, күйе білер жігіт; Мұхаммедтің сұлулығы туралы, оның қараторы ойлы кескіні туралы, қараңғыда жарық шашар қара көзі туралы естімеген құлақ аз”,– дейді ол “Қаһармандар мен тарихтағы қаһармандық” атты кітабында. – Маған оның маңдайынан тік түскен тамыры әсіресе ұнайды – ашумен булыққанда қарайып ісінетін тамыр. Осы лыпып тұратын қаракөк тамыр жалпы Хәшім әулетінің нышаны болса, Мұхаммедте, әсіресе, көзге ұрардай боп байқалған (Аударған – Асқар Сүлейменов). Бұл кезде Меккедегі Қағбаның айналасында 360 тас құдайлардың мүсіндері тұрды. Шаңды шаһарды иіріп жатқызатын құрайыштардың сорпаның бетіне шығарлары соларға құлшылық етіп, егіз қозыдай бір-біріне ұқсаған,
ешкімге опа бермес мимырт күндер өтіп жатты. Жиырма бесінде жесір қалған Хадишаға қосылып, жасы жер ортасынан асқанда бәрін көріп, біліп, іштей жіпке тізіп жүрген Мұхаммед өзінің ет жақын бауырларынан өкілдер жинап алып, мәжілісте өз ойын жария етті. “Мен Мұхаммед ибн Абдоллах, тегім араб, затым құрайыш, маған аян болған ілімді адамдар арасына таратуға ықырармын, маған ерер қайсың бар?”. Бұл тыныш ағып жатқан өзен иірімдеріне тас лақтырғанмен бірдей еді. Пұтқа табынатын меккеліктерден тыныштық кетіп, түн баласына қапырық құс төсекте дөңбекшіп шығатынды шығарды. Мүшіріктер (көпқұдайшылар) кәдуілгі дағдысымен Қағбаны айналып, бұрынғысынша ырым-жырымен жасап, сырттан бақылап, жаңа діннің елесіне елтіді. “Мәжусилер отқа, мысырлықтар Күн мен бұқаға, бабылдықтар жұлдызға, христиандар әзіз бен хауарилеріне табынатын. Исламда бұлар жоқ, төте адамзаттың жаратушысы Аллаға табынады” деп жазды бір кітапта сол кездегі қым-қуыт заманды суреттеп. Мұхаммед Хира тауындағы үңгірге оңаша кетіп жүріп, бір Алланың барына жерлестерінің көзін жеткізуге тырысты. Қайдан. Бұл азапты жолда ол талай-талай мазақ-күлкіге ұшырап, не былапыт сөздердің әкесін естіп, боқтық-нәжістің астында қалып, сан мәрте тұщы етіне ащы таяқ тиіп, зорлық пен қорлықтың құрығынан құтылмай, жоқ-жітіктің әуселесін көрді. Көктегі қисапсыз жұлдыздар жарығы, жұмыр жердің Күнді айналуы, тіршілік иелерінің тынысы жаңа бір нұрлы шақтарды тілеп тұрғандай. Қағба төңірегіндегі ұрлық пен қарлық, маскүнемдік пен дарақы майрампаздық, зұлымдық пен зинақорлық, құмарпаздық пен өсімқорлық қоғамдық құрылыстың құлдырауына әкеліп соғып, адамдар арасындағы жағдай төзгісіз еді. Уақыт тымырсық қапырық ауаны сергітетін Алтынкүрекке зәру болатын. Мұхаммед пен оның жақтастары бастапқыда қанша абыржып, абдырағанмен келекеле соны айқын сезді. Сала Аллаһу алейһи уә сәлламның қайта-қайта уағыздарында “мен адамдардың азғырушысы
емес, ақылшысы болуға жіберілгенмін” дейтіні тегін емес. Ол буынсыз жерге пышақ ұрмай, аңысын аңдып, оңдысолына көз жіберіп, төрт тұстықтағы көршілерінің өмірін салыстыра таразылап, сабырмен саналарға сәуле түсіруге нық шешім қабылдады. Пұтқа табынушылардың сеніміне сызат түсірудің оңай еместігін біле тұрып, расул көз көріп, құлақ естімеген қадамға барды: Бірнеше уахидан кейін исламды кеңінен уағыздай бастады. Алғашқы мұсылмандар Хазірет Әбу Бәкір Сыдық қамыққанда қолқанат болып, жабыққанда желеп-жебеді, жаны құлазығанда қуат берді. Қазіргі таңда жер бетінде олардың саны бір миллиардқа жетеғабыл болып отырса, оның қанша ауыр соқтықпалысоқпақсыз жолдан өткенін көрсетеді бұл. Құбылып тұрған заман желі қай жақтан соқты деуге де болмайды. Пайғамбардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударған Хижра жылынан бері (622 жылы) ислам басынан жақсылықты да, жамандықты да көп өткерді. Алтынорда ханы Өзбек мемлекеттік идеологияға айналдырса, Парсы патшалығы Қазан хан тұсында оны түгел дерлік қабылдап тынды. Дүние жүзі құрлықтарында ол қанат жаймаған жер жоқ десе болғандай. Сонда исламның өзіне тартатын қандай сиқыр құдірет күші бар? Түбінде түп-тұқияны болмаса А.С.Пушкин неге “Құранға еліктеуді” жазды? Л.Н. Толстойдың оған бүйрегі бекерден бекер бұрды ма? (“Мені мұсылман деп санауларыңызды сұраймын”). Иван Буниннің “Мен Құранды оқып таң қалдым!” дейтіні неліктен? Құрайыштардың қуғын-сүргіннен бой тасалап, ат төбеліндей топтың (он бір еркек, төрт әйел) Қызыл теңіз арқылы Хабашстанға жасырын аттануы да тарих беттерінде түзіліп қалыпты. “Әл-уәлид, Әбу Жаһил, Әбу Субиси және Мұхаммедтің басқа да жаулары мұсылмандарға қарсы сөзбен байбалам салумен ғана шектеліп қалған жоқ” деп жазды В.Панова мен Ю.Бахтин “Мұхаммед пайғамбардың өмірі” атты ғұмырнамалық шығармада. Азаттық үшін арпалысқан адамзатқа керегі не? Дін қақтығыстары онсыз да бірде анау, енді бірде мынау арадан қылаң беріп, бүкіл
алапат жойқын қуатын ішке бүгіп жатқан жанартаулардай жарқылдайтын қантөгістер жалғасып, оқтын-оқтын бұрқ ете қалғанына кім кінәлі? Ақыры Мұхаммед Мұстафа (Ахмед, Маһмуд, Мұстафа) жасампаз ілімі қанша қиыншылық көрсе де жеңіп шықты, оның алғашқы азаншысы Біләл Хабештің көзге жас алдырып, жан тебірентетін даусы жар салып жатқандай. Әлжуаз дән құнарлы топыраққа түсіпті, Мәдина, оның ішінде Мұхажірлер мен Енсарлар исламның жер бетінде жасыл туы желбіреп, терең тамыр тартуына көп септік тигізіп, игі ықпал жасады. Иба мен иманнан тұратын дін еркіндігін күйттеген жаңа ағым өзінің бастапқы адамдар арасындағы сүйіспеншілік, бірлік пен тірлікке үндеп, соғыс пен шапқыншылық түбіне түбегейлі балта шауып, жетімдер мен жесірлерге қарайласып, жәбір-жапа шеккендерге қолұшын беру мұратынан айнымай, алалап ешкімнің түстүсіне қараған жоқ. Ой мен сезім салтанат құра бастады. Бір қасиетті хадисінде пайғамбар: “Жер бетіндегі ғұлама данышпандар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды. Жерде де, суда да жұлдызға қарап жол табуға болады. Жұлдыздар көрінбесе жолаушылар адасуы мүмкін” десе, екінші бірінде тағы да қайта-қайта пысықтайды: “Сендердің әрқайсыларың шопан сияқтысыңдар, өйткені өз қол астындағыларға жауаптысыңдар. Патша – бұқарасына, ер – әйеліне, әйелі – үйіне, қызметші – қожасының малына, бала – әкесінің мүлкіне жауапты. Демек, барлығың да жауаптысыңдар”. Бұл өміршең рухи қазына емей немене?! Немесе: “Қой – береке, түйе – қадырлы, ал, жылқының жолына қияметке дейін жақсылық төселіп қойылған. Олар қызметшілерің, достарың. Оларға жақсылық жаса. Егер оларды қиыншылық жағдайда көрсең көмектес”. Қарапайым да ұғынықты! Қоршаған ортаны сақтау, жан-жануарларды дос-бауыр тұтып, сұғанақтыққа бармай, табиғатпен нәзік қарымқатынасты көз қарашығындай қастерлеп, таза ұстаудың көкейкесті мәселелері қалай-қалай қамтылады. Қасиетті Құран Кәрім мен хадистерде тіршіліктің түгел саласы тілге тиек етіледі. Олар жайдан жай ма?
Сөз жоқ, Алла елшісі өмірінің шарықтау шегі – Миғраж түні. Ол тоғызқат аспанға пырақпен ұшып барып, өзінен бұрынғы пайғамбарларды көріп, әділеттің жолы ақ екенін танып, түсінеді, парасатпен пайымдайды. Аспан мен жерді ай қарып, керемет көріністерді бастан өткерген пайғамбар бейнесін Физули шабытты жеткізеді: Шек бар ма мына Ғажайып өмір дәреметіне, Пырақ мініп, тай болдың небір кереметіне. Қонды саған ұлылар бақыты бас аманыңда, Тоғыз қабат ұлан-ғайыр көк жатты табаныңда. Басынан біртоға, сабырлы да салауатымен төңірегіне өнеге-тәрбие үлгісін шашқан адамзаттың асылзаты көшелі кісі болып, келешекке көш тастады. Оған Қасиетті Кітапта: “Мұхаммед (ғ.с.) шын мәнінде сен, әлбетте, ұлы мінезге иесің...”, “Алла-Тағаланың елшісінде көркем өнеге бар” деп жоғары баға берілген. Исламның тууы мен гүлденіп, өркендеуі арасында ғасырлар жатыр. Бұл діннің кереметі мен хикметі аз емес. Оған әркім әрқалай келеді. Қаншама артықшылығын мойындап тұрғанмен Батыс астамшылықпен және шамшылдықпен қарауын тоқтатқан жоқ ешқашан. Бірақ, оның ішінде де құдайға қарағандар сирек те болса кездеседі екен. Гетенің шығысқа, соның ішінде Араб әлеміне сүйіспеншілігін қалай түсіндірген уәжіп? Әлі жиырма беске толмаған жігіт құран аудармасымен алғаш танысқанда-ақ тылсым дүние табалдырығын аттағандай күй кешті. Көл-көсір дүниемен жан-жақты танысып, парасаты
толысып, өзін терең толғандырған мәселеге толқи қалам тартты: Бұл дүниеге таудан асып, таң келеді нұрланып, Теңдесі жоқ шексіз құдірет, саған Сәлем беремін! Торғын көкті жамылып, көк керемет тұр жанып, Жан-жүрегім сәулеленіп, ынтызар боп өтемін. Бүкіл менің сезімімді ырықтан тыс билеген, Ұлы ұстазым, басымды идім, сен де түсін мені шын. Бір Аллаға жүз ат беріп, тағзым еткен күйде мен, Жүрегімде әрбір атын қастерлеймін сен үшін. Әзәзілдер әлемінің бар-бар құйтырқысын білетін ұлы ақын таң шығындай таза тіршілікке мойынсұнып, өмір мәңгілігін сырбаз сипаттайды. Құранның әр аятын жаттап алып, Күнәсіз әр адымын аттап анық. Дұға оқып, ары таза әр мұсылман, Сыйласар, күн кешпейді жоққа налып.
Ұжданын аулақ ұстап жалғандықтан, Әлимасы дәруіштің ән шалқытқан. Бұлыңғыр тіршілікті нұрға бөлеп, Мәңгілік Құран сөзі жан балқытқан. Көп көріп, көп жасаған Гетенің екі ұрпақ жасындай уақытта көкжиекте көлеңдеген көркем көрініс емес, шынайы шындыққа көзі жетеді. Ақылман ақсақал ақтарыла сөйлеп, ағынан жарылып күллі жан-тәнімен соған құлшылық еткендей. Ұлы кітап – Құранға, Иландың ба, шырағым? Болмасын оған күмәнің! Мұхаммед айтқан әрбір сөз, Бойыма таққан тұмарым, Шарапқа қалай қарайсың? Жоқ оған ешбір құмарым. Періштелер ұшып жүр Деген сөзге сендің бе? Жалған емес бұларың. Алла біреу дегенге, Бөгелмей айт, көндің бе? Көндім, сендім, шын арым? Еуропа жүрегіндегі неміс ойшылы бәрін-бәрін салыстыра
келіп, исламның бұқараның ой-санасы өсуіне, адамдардың бір-бірімен мейірбан, бауыр, жолдас болуына ешкімді алаламай зор жәрдем тигізетініне сенеді. Сол ұлы сенімге ұийды. Ол жападан-жалғыз емес еді. Дүние жүзін шыр айналып, көңіл құсы шартарапқа құйқылжыған адмирал Кук өзіне алданыш таппады дейсіз бе? Оның ақыры исламның аясына келіп паналауы кездейсоқтық па? Бүкіл әлемді ой өрісі мен өресінің аса асқақтығымен таңқалдырған Иммануил Кант көз жұмғанда ұлы философтың дипломы ішінен өз қолымен жазған “Бисмиллаһир рахманир рахиим” деген аят шыққанда жұрт жағасын ұстағаны жалған емес. Әлемдегі ең ауыр боксшы, былғары қолғап шебері Мұхаммед Әли өзінің Касиус Клей ныспысынан бас тартып, мұсылмандар қатарына кіруі де ұдайы болып жататын оқиғаға жатпайды. Әйтпесе рок жұлдызы Майкл Джексонның ислам дінін қабылдауы қалай? Американың Томас Глойтонның жүрегі жарылғандай болып, шын пейілмен көлгірсіз айтатынындай бар: “Мұсылмандардың арасында нәсілдік кемсітушілік, адамның түр-түсіне, тіліне қарайтын төтенсөз жоқ екен. Намаз үстінде Президент те, кедей де тең дәрежеде, екеуін бір-бірінен ажырата алмайсың. Мен сондықтан да ислам дінін қабылдадым”. 1969 жылы 20 шілдеде Америка астронавты Нойл Армстронгтың Айға алғаш табаны тиді. Оның бойында да жер бетіндегілер сияқты арман, мұрат, үміт пен күдік, періште пәктік пен парықсыз пәруайсыздық, күнә мен кінә бар еді. Кенет тосын сиқырлы саз естиді. Сол ұзақ жанын әлдилеген әуенді он төрт жыл өткенде Мысыр мен Түркияда қайта тыңдағанда таңқалмасқа шарасы қалмайды. Сөйтсе, ол азан екен! Қысқасы, Н.Армстронг та мұсылман болып, көкірегі көріктенді. Қайткенде де ислам әлемінің мүмкіндігі шексіз. Оның араға жылдар салып, Тұран еліне тармыр тартуы қайталанбайтын құбылыс. Біз бұл орайда басқа мысал жоқтай Абай мен Шәкәрім қажының жалғыз Алла алдындағы адалдығы мен азаматтығын жиі-жиі ауызға алатынымыз ай мен күндей
ақиқат. Ал, Құл Қожа Ахмет сонау алағай да бұлағай неғайбыл замандарда алды ораған жоқ па?! Кеңістікті көктей өтіп, уақыт пен құтты мекен арасында ғажап ғұмыр кешіп, алға тартқан ұлы көште жүрек Темірқазығын іздеп, мәңгі мият тауып, көсегесі көгерген ата-бабалардың адал сенімі ешқашан ешкімді алдамайды. Барған сайын исламның көкжиегі кеңейіп, мәртебесі биіктеп артып келеді. Әйтеуір үлкен жол үстінде, жалғыз Жаратқан, жар бола гөр!!! ТАУ ТҰЛҒА Қай заманда да адамзат қасиетті төрін қаңыратып бос қалдырған емес. Әлсін-әлсін оған құдайдың сүйген құлдары толқын-толқын болып келіп-кетіп жатады. Тіршілік заңымен табиғи сұрыптаудың көкесі сол шығар. Қалай дегенде де мәдениеттің ірі марқасқа ұлы ұстындарының өмірге жарқын өрнек қалдыруының өзі қашан да үлкен құбылыс болып тарих парақтарына тіркеледі. Дүниеге шыр етіп келгенде (1861 жыл 7 мамыр), бір отбасының он төртінші перзентінің пешенесіне бүкіл халық өмірінің айна-қатесіз айнасы болу парызы жазылыпты. Он екіде бір гүлі ашылмаған кезінен қойылған Раби (Күн) есімді бала келе-келе тұтас ел-жұрт ойының көреген көсемі, алға тартқан уақыт керуенінің кемеңгер көшбасшысы болып, алып азаматқа айналыпты. Рабиндранат Тагор! Берісі барша күншығыста бұл есімнің алдында ізетпен иіліп, тақ тұрып, құлдық ұрмайтындар кемде-кем. Оның өз жөн-жосығы мен жоралғысы бар. Сондай әлеуметтік-қоғамдық ортада тегі атақты ақсүйек болса да жас Рабиндранат ата-ана әлпеші мен, оң қабаққа зәру, қаншама құштарлық құшағында жүрсе де өгей, жатбауыр кісікиік болып өсті. Соған қарамастан
ет-жүрегі елжіреп, ағалары Диджендронат, Шотендронат, Джотириндронат пен әпкелері Саудамини, Шорнокумаридің жан-жақты дарабоз дарындылығы мен әмбебап кең өрісті өнерпаздығы арқасында ол адамзат мәдениетінің алтын қайнарынан мейірі қана сусындап, майдан қыл суырғандай, көп қадір-қасиетін бойына ерте сіңірді. Сарвасати (ғылым мен өнер тәңіриясы) сәулесімен Шамбаладан шашыраған шұғыла Рабиндранат Тагордың үнді әдебиеті мен өнерінде ірі тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етті. Туған халқы оны көзі тірісінде әспеттеп, көріпкел деп те, пайғамбар деп те атады. Бұндай ыстық ықылас-ілтипат пен зор құрметке бұдан бұрын ешкім лайықты болған жоқ еді. Егер заман шілтерін серпіп, буалдыр уақыт бұғауын бұзып шықпаса бір ұлттың өкіліне басқа бір ұлттың өкілі мойын бұрып, барынша ұйып, терең сүйіспеншілігін білдіре бермейді. “Үнді халқының рухани мәдениетінің даналыққа толы, әрі алуан түрлі, ұлан-ғайыр аясында Рабиндранат Тагордың тамаша тұлғасы ғажайып жарқырап көрінеді. Шет жұрттың бұғаудан босар шақтағы Үндістанның құдіретті де қуатты бейнесіндей оның тұлғасы Батыс пен Шығыс мәдениетінің тұтаса тоғысқан бір әлеміндей, асқар алып шыңындай,– деп жазды Мұхтар Әуезов. “Тагордың кемеңгерлігі” атты мақаласында. Бұл – Тагор әлем әдебиетінің санаулы ғана классиктерімен терезесі тең халде, соған бара-бар күйде деген сөз. Оның атақ-даңқы шартарапқа жайылуы да осыдан. Бүкіл жұмыр жер оның Отанына айналды”. Бұған заңғар суреткердің інісі, үнді әдебиетінің алыбын қазақшалауға елеулі еңбек сіңірген Сафуан Шаймерденов қосылып, жүрек толғанысын ізетпен білдіреді: “Тагор қалдырған көп мұрадан әзірге қазақ тіліне үш кітап аударылды. “Күйреу” (1958 ж.), “Гәуірмаһан” (1964 ж.) романдары мен “Алтын сағым” (1960 ж.) жинағы менің аудармамда жарық көрді”. Қандай бақыт! Мен Калькуттадағы Тагордың туған
топырағында болып, тәу еткендердің бірімін. Бірақ уақыт өткен сайын оның онсыз да тау тұлғасы биіктей береді. Бұланай мен Үнді мұхитының арасында күн кешкен ғажайып ғұмыр бертініректе жұмыр жердің ұлы кіндігінде еді. Несін айтасың, кемел кезінде Р.Тагордың мейманасы аспай, шектен тыс таспай, уәлі ауыздан шыққан лағыл лебізі шартарапты шарпып, естіліп жатты. “Кейде біздің саябаққа Калькуттадан белгісіз ғажайып құстар ұшып келетін. Олар қанат қозғалыстарын мен танып үлгергенше ұшып кетіп, бірақ өзінің ұясынан әлдебір ит мұрны өтпейтін қалың жыныстардан әсем әуен әкелетін еді,– деп жазды ол жас кезіндегі сезімталдық сәттерін еске алып.– Осылай өмірдегі біздің тылсымға толы жолымызда әлдеқандай бейтаныс жырақ өлкеден періште ғайыптан келіп, өзінің жүрек тілімен сөйлесіп, көкіректегі көру көкжиегімізді кеңейтеді. Бұл қонақ кездейсоқ келіп, оны тағатымыз таусыла шақырғанмен қолға қайтып қонбайды. Алайда соншама сұрқай тіршілігіміздің аясынан ұшып бара жатып, олар қырмызы гүл айшықтарын қалдырады, содан бастап, күндер мен түндеріміз әлгілердің тартутаралғысымен керемет кенен баийды”. 1875 жылы 18 қаңтарда жасөспірім Рабиндранат алқақотан жұрт алдында алғашқы жырын оқып, тұсаукесер “Кешкі қайырымдар” (“Шонддха шонгит” 1881 ж.) жыр жинағынан бастап, ұлт жүрегінде ұлы ұйытқыдай ұйып қалды. Содан бері ол сексеннен асып, дүние салғанша әкесі Дебендронат Тагор мен анасы Шарода Дебидің ұлы болып қана қоймай, тиіп-қашып оқыса да, күллі он сегіз мың ғаламдағы адамзаттың парасат патшалығын билеп, ұлы перзентіне айналды. Ол мыңдаған жыр мен әйгілі әңгімелер, жүздеген хикаяттар мен романдар жазды. Әдебиеттің көп жанрында тер төгіп, мәңгі өшпес із қалдырды. Оның “Алтын Бенгалиясы” мен “Джанагамананы” Үндістан мен Бангладеш мемлекеттерінің Әнұраны болып қабылданды. Р.Тагор салған суреттерден де қарапайым үнді адамдарының жасампаз тыныс-тіршілігі сезімтал сәулеленіп сезіледі. Ол
бұны көрмей кетті әттең. ...Алыс Алатау аясындағы Алматыда Үндістан тәуелсіздігінің жарты ғасырына орай фотосуреттер көрмесі ашылды. Қағылез денесін күн қақтаған еңбеккерлер, маңдайын мезгіл әжімдеген ардагерлер, бақыт құшағындағы жас жандар, табиғат пен адам үйлесіп, сиқыр сәуле біртүрлі жүрекке құйылып жатыр. Әсіресе Үндістанның Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі Раджив Сикри мырзаның қойған еңбектерінен осынау алып елдің орасан тынысы сезіліп, құрылықтар мен құрылықтар, адамдар мен адамдар, ғасырлар мен ғасырлар бір-біріне тіл қатқандай. “Ақтұңғиық” ақ таңмен ашылып, “Тауыс” тотықұстай таранып, жаратылыс сан алуан айшықты ажарымен жан баурайды. Шіркін, соның бәрін Тагор көрсе еді! Ол армандаған азат Отан тағы бір жаңа қырынан біздің көз алдымыздан өтті. “Еркін іс-қимылға ерік-жігері жете бермейтін, құдай ұмыт қалдырған біздің еліміз қандай бақытсыз,– деп жазды ол сонда да, жаны ауырып, 1893 жылы қаңтар айында.– Ойлап-пішіп, сезіну қабілеті, құштарлығы әлсіреп, сарқылып барады. Тәуекелшіл, қиял-ғажайыпқа толы нағыз толыққанды өмір әмбеге беймәлім. Еркектер мен әйелдер көлеңкедей у-шусыз сыбдырсыз қыбырлап, ауқаттанып, күнделікті күйбеңмен тіршілігін атқарып, шылым шегіп, есінеп-ұйықтап, самбырлап тоқтаусыз ауыз жаппайды. Біз барлығы туралы балалар кейпінде баз кешіп, күйбең күйде сезіміміз құмға сіңген судай құрдымға кетіп жатыр. Парасатпен пайымдап, күреспен қыз-қыз қайнаған өмірге талпыныс сондай жетпейді!..”. Артынша осы жанын жегідей жеген ордалы ойларын мықтап шегелегендей: “Маған мына ғұмырды сүсініс және сеніммен бір адамдай өмір сүріп, фәниге аттану жетіп жатқандай, сөйтсе де әлдебір әзәзілдің алдарқатқанына әуейіленбей, тәңірдің бергеніне шүкір”. Ол отызында ой ордасын бұзып, қырқында әдебиет қамалын алды. 1913 жылы оған “Құрбандық жырлары” (“Гитанджали”) үшін
Азия құрылығында ең тұңғыш рет Нобель сыйлығы берілді. Орыс классиктерінде жан шынайылылығы бетке ұрып тұрса, француздарда – парасат шынайылығы, Тагорда сезім шынайылығы басым болатын. Одан ешкім ат-тонын ала қашпайтын еді. Ондай болмаған жағдайда еңбегі еш, тұзы сор. Рабиндранат Тагор барша адамзат асыл қазынасының мұрагері еді. Оның Бернард Шоу, Герберт Уэльс, Уйяльм Йитс, Джон Голсуорси, Ромен Роллан, Альберт Эйнштейн, Синклер Льюс, Томас Манн, Альберт Швейцар, Карл Чапек, Николай Рерих, Махатма Ганди және басқа атақты адамдармен дос-жарандығы мен тамыр-таныстығы көп жағдайды аңғартып тұр, әрине. “Мен енді ғана Орталық Азиядағы экспедициядан оралдым, екі жыл бойы үн-түнсіз кеткеннен кейін Сізге жүрек сәлемін жеткізіп отырмын. Азияның әртүрлі түкпірінен мен Сіздің есіміңізді қайтақайта қатты құрметтеп, ыстық ілтипатпен айтып мінәжат ететінін естідім, сөйтіп, Сіздің кемеңгерлігіңізді лайықты бағалағаны жанымның ең тереңінен жаңғырығып, бойымды ғаламат қуаныш кернеді,– деп жазды жиһангез, әмбебап ғалым, қылқалам шебері Н.Рерих көп хаттасуының бірінде.– Сіздей мәдениет марқасқасы бар Индия бақытты. Дүние жиіркенішпен ыдырап жатқан біздің күндерімізде Сіз сияқты Рухани басшылар әлемнің бірден бір тірегі болып қалады”. 1919 жылы Р.Тагордың “Ұлтшылдық” деген мақаласымен жақын таныса келіп, оған сілтеме жасап, Р.Роллан Еуропа жүрегінен оны сөзбе-сөз келтіріп, қуаттайды: “Бел шешетін кез келді. Бұл тек қана қылды қақ жарған әділдіктің мәселесі емес, бұл адамзатты құтқарып қалу мәселесі. Еуропаның жеңілгенін әйгілеп, әлемді шарпыған сұмырай соғыстан кейін, Еуропаның өз-өзін құтқара алмайтыны аян болды. Оның ойы Азия ойына зәру, өйткені ол да Еуропа ойымен тығыз байланыста ұтып шығар еді. Бұл – адамзат асыл ойының екі жарты шары. Егер оның біреуі сал болып, қатыпсеміп қалса, бүкіл дене дертке ұшырайды. Біздің салауатты дамуымыз үшін Одағымызды қайта қалпна келтіруіміз
қажет”. “Басқаша айтқанда,– дейді ол қайтадан.– 1813 жылы Гете француз өркениеті мен мәдениетін күстаналаудан бас тартқандай, Тагор да британ мәдениетін мүлде өкшелеп, аластаудан аулақ тұр. Бұның өзі Рабиндранат Тагордың үлкен жүректі ақылман суреткер екенін көрсетеді. Ол қай тақырыпты алып, қалай жырласа да қарапайым адамдардың еңбек пен ерлігін, күйініші мен сүйінішін, арман мен мұратын әспеттеп өтті. Тіпті шетелдің бір үнжариясы оны “Үнді Толстойы” деп те атады. Қалай дегенде де Рабиндранат Тагор адамзат ақыл-ойының алқара көк айдынына ақ желкенін керіп, жауапкершілікпен батыл шықты. Оның шалқар шабыты шығармашылығының тағлымы да зор болып қала беретіні сондықтан. Ол заманалар заңғарынан күні бүгінгідей ұрпақтарға үн қатып тұрғандай әлі. “Қазақ халқының жарық жұлдызындай ақыны Жамбылға Үндістан халқынан бауырластық сәлем,– деп құттықтад ол жиырмасыншы ғасырдың Гомерын ұлы мерейтойымен алып құрылық құрсағынан.– Ол бақытты қазақ халқының өмірін терең толғана жырлауымен өз заманының ұлы ақыны болып қалды”. Неміс ойшылы граф Герман Кейзерлинг үнді халқының мұң-зарына жіті құлақ қойған ұлы суреткердің орнын әлдеқашан айқындап бергендей: “Рабиндранат Тагор жазатайым мен бұрын соңды ұшыратқандардың ішіндегі аса асыл адам. Оның әлемдік даңқынан әлдеқайда ұлы, Үндістандағы алатын орны әлдеқайда жоғары. Көптеген ғасырда біздің жер бетімізде ондай адам болған емес... Мен білгендердің арасында ол ең әлемге әйгілі, ең таңғажайып тұтас тұлға, ең ұлылардың ұлысы”. Бұл аз болса, тағы бір лебіз сүйсіндіреді. “Саяси қайраткер болған жоқ. Бірақ ол үнді халқының тағдырын жүрегіне тым жақын қабылдап, төлтума өлеңжырларының піл сүйегінен тұрғызылған мұнарасында біржолата тома-тұйық қалмау үшін оның бостандығына тым
берілген еді. Кәдімгі даму ырғағына кереғар, ол кемелденген сайын өзінің көзқарасы мен дүниетанымында байсалды тартты,– деп ағынан жарылды Жауһарлал Неру.– Жер жүзінің әр қиырында үлкен адамдармен сан кездестім. Алайда мен кездестіргендердің ішінде екі ұлы перзент, Ганди мен Тагор болғанына имандай да күмән келтіре алмаймын. Олар соңғы ширек ғасырда әлемдегі екі ең ұлы тұлға болып қалады деп ойлаймын. Уақыт өте келе ол мойындалатынына сенімім мол”. Бұл “ар-ұжданның ұлы сақшысы” кабигуруге (ұлы ұстаз) берілген биік баға өз құнын жойған жоқ әлі. Тагордың мәңгі есімі келешектің көркем көкжиектеріне қарай қуатты қанаты талмайтын қырандай самғап барады!.. МАХАББАТ МИУАСЫ – Ғашық болып көрдіңіз бе? Жігіт ағасына ұзақ барлай қарап еді, уақыт тозаңы қанған қайратты қара шашы ішінара бурыл тартып, тікірейіп тұр екен. Көзі нұрланып, от шашты. – Иә!.. Екеудің әңгімесінен. Жақында шет ел сапарынан оралып келе жатып, Ташкенттен Алматыға жеткенше бейнетаспадан бейтаныс жігіт қайта-қайта құлақтың құрыш етін жей сұңқылдап: Бақытты бол, Берілме қайғы-мұңға. Бақытты бол! Махаббат айдынында,– деп үздіге берді.
Осы біз қарақан қара басымызды көп күйттеп, ұлы ұғымды жербауырлатып алған жоқпыз ба деген беймаза ой туды. Ешқашан махаббат әлдекімнің қуыршақ қолжаулығы болған емес. Отқа ұмтылған пәруана қанатын күйдіріп алады. Адам сезімі күрделі, бояуларға бай, реңкке толы екеніне ешкім дау айта алмайтынына көңіл көзі жетеді. Бірақ ата-бабаларымыз қос қабаттап қайғы-қасірет десе де қайғы-мұң демеген шығар. Махаббат та айдын бола ма? Ол жұмбақ жүректің жалқы сыры емес пе? Homo sapiens ұзақ үлкен даму жолынан өтті. Матриархатты да, патриархатты да бастан кешірді. Дәуірлер сапырылысып кетті. Адамзат алтын қайнарға қайтадан бас қойғандай. Арман. Үміт. Мұң. Сағыныш. Күдік. Қызғаныш. Бұлар қанша өңін айналдырғанмен тіпті аз өзгергендей. Әрине, жарық дүниеде тіршілік иесі үшін күрмеуі көп көкейкесті мәселелері шашетектен жетіп артылады. Біреуді құлай беріле жақсы көріп, хор қызына балап, сүю, ғашық болу табиғи құбылыс болса да оның қасиетті қозғаушы күші жан иірімдерінің тұңғиығында жатыр. Бұлар жұмыр жер бетіндегі түр-түсіне қарамастан бар халыққа тән ғаламат ғаламшар. Қозы мен Баянның, Тристан мен Изольданың, Мәжнүн мен Ләйләнің, Ромео мен Джульеттаның, Жүсіп пен Зылиханың, Қалқамен мен Мамырдың, Кебек пен Еңліктің күллі кедергіге қарамастан бір-біріне іңкәрлігі, ынтызарлығы мен құштарлығы жаратқан жарлығы жазмыштай болса да адами бақыт үшін аспандағы айға қол созғандай. Олар бізге аңыздар, әфсаналар мен тәмсілдерден келген жоқ, өмір өзегінен өрілген өрімдер. Қара аспанды қанша су алғанда да ғашықтар хикаясы мәңгілік таусылған емес. Ол кешегіден бүгінге, бүгіннен келешекке жалғаса береді үзілмей. Оған ішінара мұрын шүйіріп, жүрдім-бардым ат үсті қарайтындар қатты қателеседі және оны тек жалаң ақындар қиялынан туды деген сыныққа сылтау іздеу болып табылады. Махаббат – құдірет! Ол екі жанның бір бағытқа қарап қосылуы, үндесуі һәм үйлесуі. Америка антропологтары (қазбагерлер) У.Джанконяк пен Э.Фишер 166 дәстүрлі қауымның деректері мен мәліметтеріне сүйеніп, оның 147-
інде ана сүтімен қанға сіңген мәдениетте екеніне сенімді, 18 қауымдастықта дерек болмаса, 1 ғана теріс нәтиже көрсетіпті. Көп халықта ұқсастық басым, айырмашылық жоқтың қасы. Психолог Дэвид алты құрылық, бес аралдағы 37 елден іріктеп 10 мың еркек пен әйелге сауал бергенде “махаббат бір-бірімен тығыз байланысты, үйірсектік” деп жауап алған. Оны сенімділік, тұрақтылық, кәмелеттік пен мәйін мінез әдіптейді. Әйтсе де бұның жан жаратылысын тап басқан ешкім жоқ. Сексеннен асқан британдықТеда Таула 1958 жылдан бері өзі өліп-өшіп сүйіп, қазір жетпіс үшке, яғни алты мүшелге аяқ басқан Хилда Кларкпен жарты ғасырдан кейін некелесіп отау көтерді. Жас ерлі-зайыптылар буалдыр болашаққа солай жұптасып қадам басты. Бұдан тұрмыстіршілікте оның жас, жағдай таңдамайтыны көрінеді. Махаббат, о, махаббат. Мәңгілік махаббат! Сенің ауыр ақ жолыңда қисапсыз адам басын бәйгеге тігіп, шыбын жанын шырқыратып, дар мен от алдында да қас қақпай қасқайып құрбан болып, уақыт желіне қаймықпай кеуде тостыау. Әлимсақтан сені адамзат алақанына салып әспеттеп келе жатыр әлі. Әлем әдебиетінде қажырына қайраты, ажарына ақылы, парасатына пайымы сай қаншама ақ маңдай бұраң белдердің бекзат бейнесі жасалды. Бұл ортақ Тарлан тарихтың қай кезеңінен болса да шаң береді. Сонау Петрарканың Лаурасы, Низамидің қыпшақ қызы Әппағы, Дантенің Беатринасы, Хафиздің түрік сұлуы, жетпіс төрттегі Гетенің он тоғыз жасар Ульрикасы, Бальзактың Евасы, И.С. Тургеневтің ғұмыр бойы аққу арманы болған Полинасы (қырық жыл бойы отбасы, бала-шағасы бар әйелдің соңынан салпақтап жүру жазмыш па?) Құр қиялдан туды ма? Мүмкін қашан да ақындар маһаббаты айрықша болып келетін болар. Араб шайыры Қайыс ибн Мулаубахтың Мәжнүн дейтін лақап атымен санада сәулелі із қалдырғаны аз ба? Тициан, Рафаэль, А.Рублев, Рубенстің қыз-келіншектері, бибілері, ханымдары, перизаттары, ханшайымдарына қарағанда неге сілекей шұбырып, мейір қанып, көз қуанады? Періштелер мен хор қыздарын көрген ешкім жоқ болса да, сұлулық пен
әдемілікті, ажарлық пен көркемдікті соларға теңеуі бекер ме? Ғұлама Леонардо да Винчи атақты “Джокондасын” салып бітіргенде кербез келіншек енді қандай тілегің бар депті-міс. Сонда сұңғыла суретші тәмсіл айтып құтылыпты. Ертеде бір қария дүниеден баз кешіп жатып ержеткен үйелмелісүйелмелі үш баласын шақырып алып: – Шырақтарым, бес күн жалғанда күнкөрістің күйбең тіршілігімен жүріп сендерге не кәсіп игеруге, не білім алуға мойын жар бермеді. Мен өлген соң омалып ошарылып отырып қалмай ел аралап, көріп, біліп, кәіп игеріңдер,– деп аманаттапты. Шартарапты кезіп жүріп, ең үлкені шебер ағаш ұсталығын, ортаншысы саудагерлікті үйренсе, кенжесі ауылда қалып жапырақтар сыбдырын, бұлақ сылдырын естіп әуейілікке түсіпті. Жылын берерде кездесуге уағдаласқан ағайындар сөз байласып сол уәдеде тұрыпты. Үлкені жол үстінде келе жатып дөңбек ағашты қимай, одан сұлу қыздың мүсінін жасапты. Саудагер оны үлде мен бүлдеге орап, малындыра киіндіріпті. Ең кішкентай іні құлағына сыбырлап оған жан кіргізген екен. Бауырлар енді ару кермиық қызға таласып, қырық пышақ болып төбелеседі. Ішіндегі естиярлауы тұрып, әбден сілікпесі шыққаннан соң: “Біз ақымақпыз ба? Төрелікті қыздың өзіне берген мақұл” дегендей мәмілеге шақырыпты. Сонда бойжеткен: – Ағалар, бәріңізге рахмет. Біріңіз ағаштан мүсінімді жасадыңыз, екіншіңіз сықа киіндірдіңіз. Менің қалауым – маған жан бітірген жігітте,– деп төбелеске тоқтау салыпты. Соны айтып қылқаламның құдіреті кейіпкеріне үнсіз жымиып қараған екен. Әманда біреуге қаңсық, біреуге таңсық болып тұрады. Ұлы адам кімге, неге меңзеді? Бұл ішің білсін әлуай болғанда да зор тәлім түйгізеді. Ешкім де ақындар махаббатының айрықша болатынын жоққа шығармайды. Әрине, сұлу жыныс өкілін жан-тәнімен жақсы көріп, кейде сезім сергелдеңіне түсуге кез-келген жұмыр басты пенденің құқы бар. Дегенмен... Бәлкім, ол жалқы бастың шер-шеменін, көңіл-күйін жиынтықтап жалпы ұғым, түсінік-танымға ұштастырып, іштей қаузап,
көкейге күй болып қонып, жыр болып ұшып, жүректің жіңішке жолына жеткізген соң ба, бір айшықты алапат сезімге бөлеп, тәтті қиял мен мұзға батырып, арманның әлди әлеміне құлаш ұрғызып, таң шығын белуардан кешіп жүргендей кір-қоқыс ойлардан тазартатындықтан ба? Асқағырақ, тереңірек, күштірек болған соң шынайы сезім құлпырып тақ тұрғызады. Бұл орайда алдымен орыста А.С. Пушкин, қазақта Абай ауызға түседі. Ол былтыр Ресейде Абай, Қазақстанда Пушкин жылы өткендіктен емес. Өмір талай ғашық ғұмырларды онсыз да біледі. Алайда, бұл екеуінің ой мен сезім жарқылдары енжар қалдырмай, бүйрек бүлкілдеткізеді. Лицейдегі тұрғыластары “маймыл” деп келемеждейтін Саша есейе келе орда бұзар шағына дейін сүрбойдақ болып жүріп қыз-келіншектерге қырғидай тиді. Е.Н. Орлова (Раевская), М.Н. Волконскаяға (Раевская) бірнеше өлең арнады. П.А. Осиповаға қырындаса, А.Н. Вульфтің өзі ойы кетіп, әрі-беріден соң күйеуге шықпай кәрі қыз болып өмірден өтті. Е.Н. Вревская (Вульф) да назардан тыс қалмады. Е.Н. Ушаковаға 3 өлең жолдаса, оның сіңлісі Елизаветаға бір өлең бұйырды. А.А. Оленинаға жеті арнау жіберілсе, Е.М. Хитрова (Кутузовтың қызы), Д.Ф. Фикельмон (Долли), А.О. Смирнова (Россет), сол А.С. Пушкин көңіл аударған сұлулардың ішінде жүрді. Үйленерден сәл бұрын ол В.Ф. Веземскаяға жүрек сырын жайып салды: “Алғашқы махаббат әрқашан сезімталдықтың шаруасы: ол шыли аусарлау болса, солғұрлым өзінің ғажап әсерін есте қалдырады. Екіншісі, байқайсыз ба,– сезімнің мәселесі. Оны одан да арағырақ салыстыра беру болар еді. Бірақ оған мүлде уақытым жоқ. Менің Наталиге үйленетінім (бұны жақшаға алып қояйын, жүз он үшінші сүйіспеншілігім) оңтайынан шешілді. Әкем беретін 200 жан шаруаны ломбардқа саламын, ал, сізді, қымбатты ханшайым, менің бас құдағиым (өкіл шеше) болуды өтінемін”. Алайда, тағдырға дауа бар ма, ауырып қалуына байланысты оны Е.П. Потемкина алмастырды. Отбасын құрғаннан кейін бойындағы оңтүстіктің ыстық
қызуқандылығы бірте-бірте басылып, сабасына түсейін дегендей. Сөйтіп жүріп ол бұған дейін, шамасы ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде А.П. Кернге арнап, “Есімде ғажап сәт менің де” жазды. Бұл өлең – орыс махаббат лирикасының төресі. Жазатайым жекпе-жекте А.С. Пушкин өлгенде “поэзия күні сөнді” деп күңіренген орыс қоғамы ақын қаламынан шыққан шығармаларды, соның ішінде осынау жауһар жырды да іліп алып, рухани құндылықтай хан көтеріп кетті. “Есімде ғажап сәт менің де” қазақ поэзияның бір ұстыны Қуандық Шаңғытбаев өзінше сөйлетті. Ақын Исраил Сапарбай да ана тілінде балама іздеуге талпынды. Біз де қарап қалуды жөн санаған жоқпыз. Қ.Шаңғытбаев: Шіркін-ай, өткен со бір сәт, Ғайыптан маған жолықтың. Көрініп кеткен түске ұсап, Тәуіріндей әзіз көріктің. Даңғаза шудан қажыдым, Үмітсіз мұңға толып күн. Естіліп удай нәзік үн, Түсімнен шықпай торықтым. Сапырып жылдар дауылын Өшірді отын үміттің. Есімнен шықпай нәзік үн Көркіңді асыл ұмыттым. Күндерім өтті бұлдырап, Мекен боп жапан түнез дүз. Көңілсіз, жарсыз, көз құрғап, Өмірсіз, жарқын тілексіз. Оянар көңілім жетті сәт, Ғайыптан тағы жолықтың.
Көрініп кеткен түске ұсап Тәңіріндей әзіз көріктің. Кенелді көңіл, болды шат, Өмір де, жарқын тілек те. Қызық та, жас та, махаббат Оралды қайта жүрекке. И.Сапарбай: Есімде әлі таңғажайып сол бір сәт: Ғажайып жақтан келдіңіз-ау, сірә, сіз... Бой талдырар тәтті елестей мөлдір шақ Шықтай таза шырайлы жүз күнәсіз. Әл-дәрменсіз алмағайып күрсінмен Мезі тірлік, меңдеткенде пенделік. Үлбір үнді тілдескендей тылсыммен, Түсіме де жүрдің ылғи сен келіп... Жылдар өтті. Алай-түлей дүрбелең Ұясына жайдай тиді үміттің... Сенің үлбір үніңменен бірге мен Періште өңді бейнеңді де ұмыттым. Бұлың бұлдыр, алдарқатпа, анықсыз, Бұлттан сауып су ішкендей бұл көңіл... Бағытсыз да парықсыз да, шабытсыз Өлексе өмір-өтіп жатты күндерім. Жанға жалау, дәтке қуат, көңілге ем: Міне, алдымнан тап болдыңыз тағы Сіз, Тәтті елестей ілуде бір көрінген Тәнтіліктің нәрісіз һәм әрісіз!
Жүрек емім... таба алмаған жан адам, Махаббатым бақытыма балаған. Тәңірім де, өмірім де қалаған Бәрі, бәрі қайта оралды жаңадан!.. Қатар қойса қос аударманың жетістіктері мен кемшілігі жетіп артылады. Әйтсе де ол басқа әңгіме жүгі. Ал, осы өлеңді аударуға Кәкімбек Салықов аз күш жұмсамапты. Алайда шымырлық жетпейді, арқауы бос. Қалай дегенмен Наталья Николайқызы Гончароваға үйлену А.С. Пушкинге қанат бітіріп, шабытына шабыт қосқандай. Ол көптен бері жоспарлап жүрген ойын жүзеге асыру үшін 1833 жылғы күзде Пугачевтің ізімен Орынбор мен Орал даласын екі-үш күн аралап Болдиноға ат басын бұрды. Бұнда ол әйелін айналып, еркелете толғанып, бірде “періштем”, енді бірде “перизатым” дей отырып, шығармашылыққа мықтап ден қояды. Қыркүйектегі қазақ сахарасының бір пұшпағы оған дем бергендей, ұмтылмастай әсер қалдырғандай. Уақыт пен кеңістік!.. Онымен бірге тек қана тектұр тағдыр пешенесіне жазған данышпан дарындар ғана мәңгі өмір сүріп (әрине, шығармаларымен), келешек көкжиегіне қарай көктей өтеді. Өз дәуірінің озық ойын, көксеген асыл мұраты мен арманын асқақ айшықтаған А.С. Пушкин сондай ғаламат тұлға! Әдебиет алтын ғасырының жаны қандай жомарт. Ағыл-тегіл етіп, бір кезеңде шүпірлетіп үйіп-төгіп ақылман азаматтарын сақылықпен бере салыпты: Францияда, Бальзак, Польшада – Мицкевич, Ресейде – Пушкин. Олардың уақыты бір ғана емес, бір заманның, бір жылдың төлдері, түйдей құрдастар әрқайсысы әртүрлі әлеуметтік-қоғамдық құбылыстар қазанында қайнаса да көркемдік ой Олимпіне әрқалай суреткерлік соқпақпен көтеріліп шығандады. Солардың ішінде Александр Сергейұлының қысқа ғажап ғұмыры арнайы сөз етуді керек етеді. Егер Пушкин мен Мицкевич бір әйелге ғашық болса, Бальзак нақсүйерін алыс Польшадан тапты. А.С. Пушкин бір ұлы жаңа әдебиеттің
бастау қайнарында тұрып қана қоймай, ұйытқысы болып, барша адамзат ақынына айналды. Пушкинтану барған сайын кең етек жайып, көкжиегін кеңейтіп келеді. Ақын кешегі ұрпақты қалай толғантса, бүгінгі буынды да солай рухи оятып, терең тебірендіреді, ертеңгі өсер жас өркенге де сондай көркемдік кеңістігі ұлан-ғайыр әлемінің соны тың қырын аша береді. Иә! А.С. Пушкин шығармашылығы шалқар, тереңі әлі танылмаған теңіз табиғатымен тақілеттес, марқасқа мінездес, махаббатының мән-мазмұны бай. Сондықтан жолай соның бір тармағы – ақын мен қазақ даласының дәнекер байланыстарын сөз етудің өзі де бір ғанибет. А.С. Пушкиннің шығысқа деген сүйіспеншілігі мен махаббатының тартылыс күші оның шығармаларының ұзынырғасында жақұттай шашылып жатыр. Атасы І Петрдің арабы Абрам Ганибалдың жер аударылып, Байкал сыртында әскери бекіністер салуға басшылық жасап, өз дос-жарандары декабристер қозғалысына қатысып жапа шегіп, “Сонау Сібір түкпірінде” тауқымет тартып азап кешуі бәрі-бәрі қосылып келіп, оны бұл тақырыпқа қайта-қайта қалам жұмсауға итермеледі. Пушкиннің Пугачев көтерілісі төңірегінде көп толғануының өзінде де осындай-осындай су асты мұзтауындай (ңөң – О.Әубәкіров) себеп-салдардың салқыны жатқандай. Еуразия кеңістігі – әуелден орыс ойпаздарының жанды жері, осал тұсы. Шаруалар көтерілісінің шынайы шежіресін жасауға Пушкин 17 тамызда Нева жағасынан күнгейдегі Орынборға қарай ұзақ сапарға аттанды. Бір айдан кейін ол Еділ мен Жайық арасында жалыны жапанды шарпыған оқиғалар сорабымен жүріп өтті. Дарқан даламен бетпе-бет дидарласып, түздің тұрмыс-тіршілігімен етене жақын танысты. Бұл кездейсоқ емес еді. Пушкин үшбу сапардан бұрын да ұшы-қиырсыз қырды мекендеген көшпелі ел жайында көп есітіп, бес саусақтай жақсы білген деуге негіз толық. Соның алдында ғана “Литературная газетада” А.Крючковтың “Қазақтар жортуылы” атты хикаятына пікір жарияланған болатын. 1832 жылы Пушкин достарының бірі жазбагер А.И. Левшиннің “Қырғызстан қазақ, немесе
қырғыз-қайсақ ордасы мен даласының дидары” атты жинақ жарық көрді. Қазақтар хақында бірқатар мағлұмат беретін құнды еңбекті оқымауы да мүмкін еместей. Левшин кітабындағы кейбір көріністер мен суреттер сонылығымен ғана емес, ақын үшін таптырмас құбыланамадай, көңіл көкжиегін ашуға көп септік тигізуі ықтимал. Александр Сергейұлы қазақтар арасында үш күндей болған кезде дала тақырыбына аса қызығушылық танытып, азаттықты аңсаған бұратана халық тағдырына алаңдап жанашырлық білдіріп жүрегіне азаматтық жүк артты, жол серіктерінің біреуіне махаббат дастаны. “Қозыкөрпеш – Баянсұлу” хикаясының қысқаша мазмұнын жаздырып алдырады. Бұған қазақтың қарт қаламгері Қалмұқан Исабаев күмән келтіріп, бекер байбарақтатып жүр. Пушкинтанушы ғалым Л.В. Иодзалевскийдің архивтен тапқан деректері бұның шын екенін куәландырады емес пе? Ол Оралдан Болдинға оралған сәтінде де көкейге түйгендері мен уыздай әсерінен көпке дейін арыла алмай творчествосының тағы бір мәуелі күзін осында өткізіп, алты аптада “Пугачев тарихын” жазып, өзекті өртейтін өлеңдер өрбітіп, сыршыл суреттер салды. Қолжазбаларының базбір беттерінде ұшырасатын қазақ қарты мен сәйгүлік сұлбасы соны айғақтайды. Бір қызығы, Пушкиннің сурет салу мәнері мен машығы, нақышы мен ықпалы Лермонтов, Доставский мен Шоқанға айны-қатесіз көшкендей. Қолтаңбадан анық байқалатын нәзік нобайлар, ішінара шындықты шекіген штрихтар, бедерлі байқаулар мен сырлы сызықтар сілемі еріксіз соған сілтейді. Бұл ой кернеуі бар үлкен үрдіс. Бергі біздің күндеріміздің өзінде 14 жасар Надя Рушеваның суреттері де Пушкин қанатты қаламының табиғатын танып, азғантай қызғалдақтай ғұмырында таңғаларлық туындылар бергені сол өнеге-тәрбиенің арқасы. Бұдан тәңіриялардың (муза) қай қайсысы ұлы ақынды тосырқатпағаны танылады. Кемеңгер дана кеңістігі керіліп, алақұйын сезімі арбасып, ақын үлкен оймен алғы күнге асығып аттанып бара жатты. Арма, махаббат!.. Орыс өмірінің энциклопедиясындай “Евгений Онегин”
романының бір тұсын “Татьянаның қырдағы әні” деп төл мәдениетімізге құйқылжытып жеткізген Абай да махаббат машақатын бастан өткізді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс ағасұлтанның баласы да сөйтіп пұшайман болады екен. Салт-сана бойынша он бесінде Қаз дауысты Қазыбектің Ділдаға үйленіп, ол сүйіспеншіліктің қадірқасиетін қаршадайынан ұқты десе де жарасып тұрғандай. Ара-тұра “Дала уәлаятында Көкбайдың атынан жарияланған өлеңдерін қайтадан бәсін беріп, өз атына аударып алғаннан соң жасөспірім жасындағы “Иузи – раушан, көзі – гауһарды” мансұқ еткендей, бағыт-бағдарламалық өлеңін жұртқа ұсынды: Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын, сен аман бол. ...Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр – үміт үзсе, Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып. Алғашқы махаббат оған да оңай тиген жоқ. “Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар” деп сүйіспеншілікке биік талап қоятын қазақтың бас ақыны соқтықпалы соқпақсыз қияли-қайымнан өтіп, адами қарым-қатынасқа замана заңғарынан зарыға, зарлана қарады. Әмбебап әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов дәуірнамасында Тоғжанды тұңғыш рет ағасы Асылбектің отауында ғашық көзбен көреді: “Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері – баршасы бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын,
қара көз қыздың жіңішке қасы да айдай болып қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттің жебесіндей”. Тағы да: “Орташа келген қырлы мұрны енді анық көрінді. Қырынан қарағанда біртүрлі сүйкімді екен. Жұмсақ жұмыр иегінің астында жұқа ғана бір толқындай боп, нәзік бұғағы білінеді. Жылтырап таралған шашы қап-қара қалың өріммен, ерекше аппақ, нәзік мойнына қарай құлап түсіпті. Үлкен де, кіші де емес, әшекей сырғасы діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр. Әлденеден, белгісіз себептен Тоғжан пішіні қызара түсіп, қайта сұрланады. Толқын қайтып тұрған ұяңдық па, басқа ма? Әйтеуір өзінше, өзгеше тыныс алып, лүпіл қағып тұрған бір сезім бар”. Кейіннен “Шын ғашық мен саған!”, “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы”, “Сүйсіне алмадым сүймедім”, “Кейде есер көңіл құрғырың”, “Ғашықтың тілі – тілсіз тіл”, “Махаббат, достық қылуға” және басқа да көптеген өлеңін жазған Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы махаббатқа деген адалдықты азаматтық, адамдық, тіпті ақындық тұрғыдан соған лайық мінез, іс-әрекет, қимыл көрсетеді. Абай – нәзік жыныс өкіліне тек ұрғашы деп қарамай, іңкәр ғашық, жақсы әдемі жар, әйел, асыл ана ретінде Құран Кәрімдегі “Жұмақ аналардың аяғының астында” деген қағиданы басшылыққа алған сыңайлы. Оның айналасындағы Зере, Ұлжан, Айғыз, Күңке, Нұрғаным, Ділда, Әйгерім (Шүкіман), Еркежан, т.б. бір-бірін толықтырып, қазақ қыздарының тұтас галереясын жасап, бүкіл болмысын танытқандай. Бекзаттық пен биязылық, имандылық пен ибалылық, ұлылық пен ұяттылық, асқақтық пен ақылдылық – бәрі айналып келгендей. Көз қарашығындай қастерлейтін қасиеттер. Ақын солардан үлгі-өнеге түйді. Бейнебір қазақ жанына қос қанаттай қаһармандық пен сұлулық басынан туа біткендей. М.Әуезов те өз бас кейіпкерін сираттың қыл көпірінен өткізбесе де темір жол, тайғақ кешуде талай сын тезіне салады. Бөжейдің
қаралы көшінде Абай Тоғжанмен және бір жүздеседі: “Судыраған қара жібек биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында жап-жаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында әсемдеп, кең ораған құбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы шолпандай. ...Ақ маңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр. Сырттап бара жатқан Тоғжанның артынан көрінген мүсіні де өзгеше екен. Атқа отырысының өзінде де бір нәзік еркелік пен соншалық биязылық, мықтылық та бар сияқты. Жылтырап өрілген жуан бұрымдарының ұшында үлкен шолпы ырғала түсіп, шылдырап барады. Сонау сағынышты көктемде көңіл өртеген, одан беріде көзін жұмса әрдайым құлағына шылдырай түсіп, былдыр етіп: “Есіңде бармын ба?” деп кететін осы шолпының осы үні”. Ғашық жар таңдаудағы ақын асыл мұраты қандай?! Әлбетте, етегіне сүрініп, қабынып жүретін ерке, шолжаң әйтеуір шүйкебас біреу емес, арудың аруы, парасаттының парасаттысы, Пушкин айтқандай, сұлулық тәңіриясы. Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?! Аласы аз қаа көзі айнадайын, Жүрекке ыстық тиіп салған сайын. Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын. Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ. Піскен алма секілді тәті қызды Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егер де қолың тисе білегіне, Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе. Бетіңді таяп барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіңе. Шіркін, Шығыстан туған Шолпандай-ау. Кімнің болса да әуесін келтіріп, кеудесінде мүлгіп ұйықтап жатқан өлі сезімді оятады. Абай соны Тоғжан, оның алыс құрбылары арқылы сезінді. Қазақ өмірінің артықшылығы қыздарын бұлғақтатып пәренсаз, еркетотай, еркін өсіріп, бастаңғы, ойын-сауық. Онда да ай астында әткеншек теуіп, ақсүйек ойнауды бір мезеттік көңіл көтеруден жоғары қойып, сән-салтанатқа ұласатын қызық-шыжығы көп түз тіршілігінің кең тынысы деп ұққанына тіреледі. Бұл қысқа шашы ұзындарды қазіргі батыстағыларға жөн-жосықсыз еліктеп-солықтап тылтитып шалбар киіп кіндікке дейін жалаңаш ашып, темекі тартып, жүгенсіз жүрсін деген сөз емес. М.Әуезов сол әдет-ғұрып, салт-сананы жалаң бейнелемей көркем суреттер арқылы сенімді түрде көз алдына келтіреді. Екі ынтық айлы түні жастардың той-томалақ жиыны үстінде әткеншек теуіп ұшырасады: “Тоғжан жүзі айға қарсы келгенде Абай өзгеше бір нұр көрді. Бетіне жұқалаған қызыл сәуле беріп, іштегі терең сырдан, дос көңілден белгі етті. Сағынған сүйгенінің жанына жаны ұмтылып, айырылмасқа, кетіспеске серт еткендей. Қазіргі әсем әнмен үйлескендері бауырға кіріп, жабысып тұрып құшқаннан да жақынырақ, күштірек сияқты. Ырғағы көп сезімді сұлу әнге екеуі де бар шындығын тапсырып, бар сырларын бөледі”. Бүгінгідей ұлттық құндылықтарымыз құнсызданып, рухымыз бен ұнжырғамыз түсіп, тұлға дағдарыспен тығырыққа жиі тіреліп, отырған зайғы заманда барбар өркениеттен томаға-тұйық қалып құдай берген өз болмысыңды сақтап қалу оңай емес. Бұл көптің, көпшіліктің, күллі халықтың көп күш-жігерін қажет етеді. Егер махаббат
өмірдің құрамдас бір бөлшегі болса, оның қадір-қасиетіне жететін уақыт келді. Ол мәңгі өлмейді. Абайдың боранда ауырып адасып келіп, әлдеқашан жұртқа ұзатылып кеткен Тоғжанның үйіне кітап болатыны бар. Сонда сары қарын әйелдің бүй дейтіні көкіректі қарс айырады. “Тағдыр бізді қоспады. Тым құрыса осы жолы сау келсең... Уаз кешкен болар ем. Өміріміздегі бар ұзақ арман ауыр зар бұл жолы да сені маған ауыртып әкеп, тоқтамын салды. Енді сүйген көңіл қайтары жоқ. Бірақ, серігім сабыр болсын дедім. Осы күйде өзімізге тиым салған күйде өмір бойы жеткізбеген арман еріп кетсін. Көрге бірге, имандай таза арманым боп кетсін. Асығыңмын, сол асық күйде көзімнің жасын жұтам да кетемін, жаным!” Бұны бөгде біреулер түсінбеуі ықтимал. Көрініс өмірдің өзінде болды ма, жоқ, жазушы ойынан туды ма дәлелдеуді қажет етпейді. Сүйіспеншілік қисыны соған сілтейді. Көңіл қалауына дауа бар ма? Біз орыс пен қазақ өмірін салыстырғанда анау озық, мынау тозық дегенмен ада-күде аулақпыз. Шығыс пен Батыс арасына шекара тартпасақ та ұяң мен ұялшақ махаббатқа бақай есептік және қарадүрсіндеу сезім шырыны қарсы тұрып келеді десек артық айтқандық емес. Адамзаттың жеткен мәресі осы! Соған қарамастан Қазақстан телеарналары табиғатымыз бен тұрмысымызға жат әуейі де әулекі фильмдерді барынша кеңінен насихаттаудан тиылмай келеді. Күнделікті санаға қатыгездікті көрсететін ату-асу, төсекқұмарлық пен зинақорлықты дәріптейтін туындыларды сіңіре берген соң пиғыл, іс-әрекет өзгермегенде қайтеді? Жаналғыштай мысықтабандап жақындап келе жатқан жаһанданудың себеп-салдарына терең үңілетін кез келетініне имандай сенемін. Қырда Татьяна мен Тоқжан әлдеқашан қауышты. “Ұзақ кеш бойында бір жанып, бір тоңазыды. Үзілместей үнсіз жастарын қат-қат тамшылатты. Ішімен Татьяна әнін соншалық нақыштап, көп қайырып, құпия қайырып, айтып кетті...” Сона бір кезде Хауа Ана тиым салған жемісті жеген махаббат миуасы уылжып сыңсып тұрғандай әлі. Татьяна мен Тоғжан және олардың сіңлілері тұрғанда
сүйіспеншілік сезімі көмескі тартып жұлдыздары сөне ме? Ол өмірбақи жарқырай береді. Жаса, мәңгі махаббат! Немесе бір қазақ ақыны сонша зарығып, жүрек сырын төгер ме? Махаббат – бір тікенек, Жүрекке барып қадалад. Бақытсыз ғой бұл жүрек, Тамшылап одан қан ағар. Тез жазылмақ бұл жара, Бал тілімен сүйсе жар. Сүймесе жүрек, дариға, Өлер жүрек, қансырар. Махаббат – бір тәтті у, Ішер жүрек болар мас. Дүниедегі у мен шу Мас жүректі оятпас. *** Махаббат – бір тәтті у, Ішер жүрек, төгер жас! Аян
ЖАУҺАРЛАР ЖАРЫҒЫ (немесе қазақ дастандарында қыз-келіншектер бейнесі қалай кейіптеліп жүр?) Қаншама сонау әлімсақта қанға біткен дағдымен нәзік жандылар өкілі еркектің бір қабырғасынан жаралды десек те, әйелдер әлемінің тылсым сыры аз емес. Әрине, қоғам дамуының қай кезеңінде де құдай қосқан қосағыңның, сүйген жардың, отанаңның орны бөлек, ойсырап тұрады. Заманалар бойы рухани азық болып келе жатқан қазақ жыры, толғау мен дастандарының қайсысын алсақ та, бәрінде халық жаны қаһармандығы мен сұлулығын әспеттеп айшықтайтын ерлік пен елдік паш етіліп, ақаусыз жымын білдірмей мәңгі бірге өріліп, жер құрсағынан тап-таза сүзіліп шыққан мөлдір нұрлы қайнарлардай бүйрегіңді бүлкілдете үздіктіріп, жасампаз жарасыммен жарысып жатады. Небір сәукеле киген сұлулар, ақ маңдайы күмістей жарқыраған арулар, ақ жаулықты аналар бейнесі жүрекке ұялап, бекзат болмысымен тәнті етеді. Тұлымшағы таң самалымен желбіреп, бәйшешектей бой түзей бастағаннан бастап қыз баласы көз құртына айналып, жанды сәулелі сезімге бөлеп, әлдебір ұяң үмітті оятып, шұғылалы шақтарға шақырады ынтызар етіп. Оларды дүниедегі ең аяулы асыл заттарға теңеп, ұлы ұғымдардың түбіріне үңілтеді. Сабағынан үзілмей майысқан гүл, желмен мың бұралып, билеген талшыбық, сағағы сұлу сәйгүлік пен айдында мамырлаған аққу құсқа дейін қалдырмай әздектеп маржандай тізеді, меруерт моншақтай шашып таң шығын кешіп келе жатқан тәңіриедей төбесіне хан көтереді. Қызғалдақ қыз, бүлдіршін бойжеткен он бесінде толықсып, толған айдай пәк перизат үкілі үмітті әлдилеп, алыс арманға талпындырып, жүрек нәзік саусағын жаяды. Ғажап ғұмыр галереясы көзге оттай басылып көңіл көкжиегінен кербез көлбеңдейді. Сарытап
сағыныш, мәңгілік мөлдір мұң, ыстық ынтызарлық, қызу құштарлық, тәтті тілек туындап, сезімді сиқыр сурет арбайды. Буалдыр сағымға оранып, көкіректегі қоламтаны көсеп, тұлғаны тұман тұмшалап, аспанға бұлтты жүзін, айлы түн астында аққайыңдар тербеліп, жұмбақ жұлдыздар жымыңдап, қызыл-жасыл қызық дәурен дөңгелейді. Шіркін, бір көзқарастан түсінісіп, қас-қабақтан танып-білу қандай түйсік құдіреті! Бұлармен өткенді аңсап, келмеске кеткенді көксеп отырған ешкім жоқ. Әр қадам бес күн жалғанға келген соң жұмыр басты пендеге зор жауапкершілік жүктейді. Қыз көру, құда түсу, ұрын бару, келін түсіру, бет ашу, құрсақ тойы жігіт сұлтанына, оның әке-шешесі, әулетіне ауыр сын болғанымен, қыр қыздарының өтетін үлкен мектебі. Тәлімтәрбие төркіні, өнеге өрісі. Сөйте тұра Шығыстың, көбінесе қазақ ертегілері, дастандары мен басқа да ауыз әдебиетінің нұсқаларында жезтырнақ, мыстанкемпір, таулақ, сайтан, албасты, хор қыздары мен періштелер бейнесінің бәрі неге ұдайы әйел бейнесінде суреттеледі? Әлде ібілістерді көрген бар ма? Қазақ мақал-мәтелдерінің өзі алдыға таудай талап қоятындай: “Қыз өспей ме, көкейіңді теспей ме?”, “Қыз өссе – елдің көркі...”, “Қызға қырық үйден тыйым”, “Қыздың жолы – жіңішке”, т.б. Бізге Қыз Жібек пен Төлеген, Баян Сұлу мен Қозы Көрпеш, Назым мен Қамбар, Ақжүніс пен Ер Тарғын және басқалар әпсаналар мен аңыздардан келген жоқ. Оларды өмірдің өзі тудырды. Қаныңды қыз-қыз қайнататын қимас кейіпкерлермен бірге Мәжнүн мен Ләйлі, Фархад пен Шырын, Мұңлық-Зарлық, Шаһризада ғашықтық хикаялары соны бір әлем ашқандай әсер қалдырады. Қалқаман – Мамыр, Еңлік – Кебек – сол мәңгі махаббат жырларының жалғасы. Халықтың ән мен күйлері дала еркетотайларын қалай үр қызындай әспеттейді. Бұл іңкәрлікті жаратылыстың керемет көрінісі, асау жел ызыңы, құстардың құйқылжыған үні, сәнді тал жапырақтарының сыбдыры, тастан тасқа еркелеп секірген бал бұлақтың сыңғыры жүрекке жеткізгендей. Дүние кемпірқосақ көкорайдай құлпыра түскендей. Көзайым жанды көргенше күйіп-жанып, аптығып
жауқазын жас жігіттің жүрегі түкті болса да, көңілі күпті. Бұл жолда байбатша мырза дүние-мүліктің бетіне қарамай, тек есіл-дерті – сүйіспеншілік пен құмарлық. Алайда “Қыз Жібектің” туындыгері (Жүсіпбек Шайқысламұлы нұсқасы) көркемдік кілтін бірден қолға ұстата салмайды. Әуелі көш қызығын сипаттайды: Қазыналы қырық нарға Жібектен арқан тарттырған. Әсемдіктің бәрін де Бұл жиһаннан арттырған. Дүрия бешпет белсеніп, Бұл дүниені кең салып, Алтынды қамшы қолға алып, Абжыландай толғанып, Бұралып кетіп барады, Жын соққандай теңселіп. Дастанның белгісіз иесі сұлулыққа көз сүріндіріп, әсемдік әлеміне табындырып, жүрек лүпілдетеді. Бұндағы қырмызы қыздар жүзіктің көзінен өткендей жұтындырып, бірінен бірі асып түседі. Халықтық таным-ұғымдарға сай жеті, қырық киелі сандары жиі ұшырасып, ортақ ойға орайластырып, жетелеп отырады. “Алпамыста” баһадүрді мыстанкемпір 40 қыз-келіншекпен қарсы алып, қырық құлаш зынданға салдырса, “Қыз Жібекте” хас сұлудың айдында жүзген аққуларындай алтауы суреттеліп, жетінші Қыз Жібектің анасының кейпін кестелейді. 46 нарға жүк артқан арулар мен 40 күйме сән-салтанаты қалай сүйсіндірмейді? Түздің тамаша табиғатымен үйлесіп, үндесетін нәзік жандар жаратылысы өзгеше жарасыммен жарқырайды. Жастық пен қарттық қойындасып, келешекке кетіп бара жатқандай. Кейуана болса да, әлі сынын бермей, бетінен әр таймаған бәйбіше жас дәурен қызығын қайта кешкендей. Оны топ жұлдыздар арасынан байқамай қалу мүмкін бе? Бейнелеу күшімен,
шынында да, Қыз Жібектің шешесі осы дегізгендей. Сары алтыннан жабдығы, Бір жүз он түйе қазына Қызыл алтын сандығы... Көркі Раушандағыдай, Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері Әлгі қыздан салдығы. Айдың өткен нешесі, Ай қараңғы кемесі. Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері Ілкі қыздан мүшесі. Асылдай болып есіліп, Нұрдай болып шешіліп, Ақ маңдайы жарқылдап, Танадай көзі жалтырап, Алтынды кебіс сартылдап, Көшті тартып барады. Жібекті тапқан шешесі. Берсе тәңір жігітке, Ертесі мен кеші не? Төлеген жігіт сұлтаны болса, Қыз Жібек – бұла өскен дала аруы. Оны кім болса да, ғашық көзбен көретіндей. Ақын-жырау кейіптегенде бояуларды баттастырып жақпай, шым-шым сезім иірмекке иіріп, келістіріп кестелейді. Жиһаннан асқан сәулеті, Ләйлі-Мәжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті. Үш қызы бар қасында-ай, Кебісінің өкшесі
Бұхардың гауһар тасындай. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап. Алтын шашбау шашында, Қыз Жібектің шаштары – Қоғалы көлдің құрағы, Көз сипатын қарасаң – Сегіз бейіш ішінде Хорлардың жаққан шырағы. Дүрі – гауһар сырғасын Көтере алмай тұр құлағы. Қыз Жібектің ақтығы Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы Айбалтаның сабындай. Төсінде бар қос анар Нар бураның санындай. Оймақ ауыз, құмай көз, Іздеген ерге табылды-ай. Өткірлігін байқасаң, Ұсталар соққан кетпендей. Нұр тұқымын еккендей Бір ауыз сөз сөйлескен Мұратына жеткендей. Тірісі түгіл, Жібектің Өлігіне адам қайырылып, Бетінен келіп өпкендей, Қыз Жібекті Төлеген Ақылменен танып тұр. Көз мейірі қанып тұр.
Бейіштен жанған шамшырақ, Көзі ойнап жанып тұр. Белі нәзік талып тұр. Тартқан сымнан жіңішке, Үзіліп кетпей неғып тұр? Қазақтың тұрмыстық, иә батырлық дастандарында болсын, қыз кейіпкерлерге ешкім сараңдық танытпай парасат-пайыммен пішіледі. “Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы” Баян, “Қобыландыдағы” Құртқа, “Қамбар батырдағы” Назым, “Алпамыстағы” Гүлбаршын, “Ер Тарғындағы” Ақжүніс ел үшін еңіреген ер жігіттерге сенімді серік болып қана қоймай, сүйгендері үшін қандай құрбандықтарға дайын күйінде есте қалады. 1821 жылғы жазға салым А.Негри бастаған елшілік керуені Орынбордан Бұхараға сапар шекті. Орыс әскери штабының офицері Е.К. Мейендарф талай жазбаларының негізінде “Орынбордан Бұхараға саяхат” атты кітабын ілешала неміс жәе француз тілдерінде бастырды. “Ер Тарғында” Ақжүністің Қарт Қожақты иліктіріп, тіл қататыны бар: Ай, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ! Атыңның басын тарт Қожақ! Менің немді сұрайсың? Бұхар барсаң, қолаң бар, Қолаңды көр де, шашым көр. Зергер барсаң, қасында Алтыннан соққан түйме бар, Түймені көр де, басым көр! Молдаға барсаң, қасында Қиюлы жатқан қалам бар, Қаламды көр де, қасым көр! Имран барсаң, пісте бар, Пістені көр де, мұрным көр. Әр шаһарға қарасаң, Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзінгі көр де, көзім көр! Самарқанд барсаң, сандал бар, Сандалды көр де, тісім көр! Ұсталарға барсаң, қасында Тартулы жатқан сымдар бар, Сымды көр де, қолым көр! Тоғайға барсаң, тоғайда Домаланған қоян бар, Қоянды көр де, жоным көр! Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр! Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де, бетім көр! Мен Қырымның ішінде, Ақшаханның қызы едім, Атам менен анамның, Асыранды қазы едім. Қойда бағлан қозы едім, Жылқыда шапқан боз едім. Қытай менен Қырымнан Тамам жақсы жиылса, Аузындағы сөзі едім. Менің немді сұрайсың? Бұл уақыт болғанда, Бұл заманның шағында, Жылап тұрған көзім бар, Жалынып тұрған сөзім бар, Өксіп тұрған жасым бар, Әуре болған басым бар, Алғанымнан айырма, Мені өзіңе қайырма! Бұл үзіндіні кездейсоқ етісіп, Е.К. Мейендорф кітабында келтірсе, соның ықпалымен француз жазушысы Проспер Мериме (1803-1870 ж.ж.) А.С. Пушкинді қайран қалдырған новелла жазып, дала дүлей-мінезіне еліктеп Италия ақыны
Джакомо Леопарда (1798-1837 ж.ж.) баллада тудырады. Альпіні асқан Ақжүністің әні ескі құрлық Еуропа құлағын да елеңдетеді. Тамаша теміржолшы һәм тарихшы М.Тынышбаевтың қорытуынша, Ер Тарғын – Едігенің ұрпағы. Бұнда тарихи шындықтың өмір шындығына айналғанын қазбалап жатудың өзі артық. Басында жыр, толғау мен дастандар шиыршық атқан шағын оқиғадан бастау алып, келе-келе айдынданып, айбынданып, ұлттық сипат дарытқандай. Халық өмірінің әр кезеңдерін қамтиды. Бұлардың әрқайсысында Отаншылдық рух күшті, туған жер мен елге деген тартылыс күші мен махаббаты басым. 1927 жылы Мәскеуде болашақ академик Қ.И. Сәтпаев алғысөзімен бастырған “Едіге” мен “Орақ-Мамай”, “Қарасай-Қази”, т.б. мен Мұрын Сеңгірбекұлы (тек бұрыннан жазылып келе жатқандай Сеңгірбаев емес!) жырлаған “Қырымның қырық батыры” да сол үлкен үрдісті дамытып-жалғастырып әкетеді. Осы орайда “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында Ұлттық Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының бір топ ғалымдары әзірлеп берген “Бабалар сөзі” (100 томдық) “Хикаялық дастандарының” да халықтануда атқаратын мәнінің зор маңызын айта кету орынды, әрине. Ауыз әдебиетінің түрлі-түрлі туындыларын орындайтындарда зерек зердемен бірге қаншама қиял, озық ой мен сүйіспеншілік сезімдері жатады. Олар әдебиеттегі әсірелеу, теңеу, бейнелеу, жиынтықтау тәсілдерін қалайқалай қолданады? Бүлкілдеп аққан бастаулар сырлы әуенімен айбарақтамайақ алыс айдынды сағынышты сағаларға құяды. Мінәйі мінез, қиын-қилы қызық қылық, биік бекзат болмыс дарытқан қазақ қыздарының бейнесі қандай қанық! Олар келекеле Абай, Мағжан мен Қасым өлеңдеріне, М.Әуезовтің “Қаралы сұлу”, “Қарагөз”, “Айман-Шолпан”, Б.Майлиннің “Шұғаның белгісі” С.Мұқановтың “Ботагөз”, “Сұлушашы”, Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан” және басқаларға ұласты.
ШЫҒЫС ПЕН ШАҺАРИЗАДА Жарықтық жер – қаншама белдеулер мен бойлықтарға бөліп, шекара тартып, тосқауыл қойғанмен жаппай адамзаттың ортақ атажұрты. Тағдырлас. Сонау Абыл мен Қабыл заманынан бері зұлым күш айрандай ұйып отырған қауымды ала тайдай бүлдіріп, жарық дүние қақ жарылып ара қатыс барған сайын күрделене түсті. Батыс пен Шығыс арасында көзге көрінетін де, көрінбейтін де мәңгілік майдан жүріп жатыр, оған сыни сына қағушылар кейбірінің құдайы жарылқап, тағы да әлжуаз әлем быт-шыт болып дүрліге жаздады. Жер жүзіндегі әртүрлі табиғи апаттар (дауыл, зілзала, сел, т.б.) аздай-ақ, өркениеттер қақтығысы қантөгіспен жалғасып келеді әлі. Сәл сылтау себеп-салдардың өзі жетеді, бес күн жалған қауға тиген өрттей лап ете қалайын деп тұр. Даттың перуайсыз бір басылымындағы Аллаһтың соңғы елшісіне салынған сайқымазақ суреттің соншама ұшындырып ушықтырғанының ұшқыны біраз Еуропа елдеріне дерттей дендей еніп, төрткүл дүниені дүр сілкіндірді. Қалғып-мүлгіген ислам әлемі дүрк етіп тік көтерілді. Алайда күштілердің дүмі қашанға дейін диірмен тарта беретіні беймәлім. Әрі-сәрі күн кешу үшін азаматтың ғазиз басына үлкен сын. Пайғамбар жасынан асқан біздің буын ұлттық қадыр-қасиеттің шет жағасын көріп қалса да беймаза ой үстінде. Жастарымыздың жасампаздығы келешекке сендірсе де көбіміздің, әсіресе, қыздар жағының еліктеу мен солықтаудан ары бара алмай жүргеніміз жанға батады. Біз әйтеуір біреудің қолтығына кіріп кете жаздаймыз. Қаншама тыраштанып Еуразияға ұмтылсақ та ол тек түсімізге кіреді. Біздің болмысымыз әуелден бөлек. Алматыдағы биік мінберден Шығыс бір батагөйінің айтқаны ақылға сиып,
көкейге қонады: “Ұрпақ санасына Еуропа мен Американың мәдениетін сыбырлап сіңіре берсе, барлық құндылықтардың соларға тәуелді болатынын, мінез-құлықтың да тәуелді болатынын, нәтижесінде сана биігін батыстық ұғым матап алған дүбәра буын өтетінін дәлелдеді”. Шынында да, бір ұрпақ жасындай уақытта жер бетіндегі жалғыз үстемдікке ұмтылған алпауыт Америка не істемеді? Қырғиқабақ соғыс өртін тұтатып, оның жалыны Корей түбегін жалмағаны кеше емес пе еді? Қан қақсаған Вьетнам байғұстар қандай құқай көрмеді? Ауғанстанның астаңкестеңін шығарып, бейбіт халықты қырғанның обалы мен сауабы кімге? Қособада ежелден тату келе жатқан қоңсылас словактар мен хорваттар қырқысып, шырқы бұзылып, шаңырағы шайқалды. Парсы шығанағынан маза кетіп, ақыры Ирактың түбіне жетіп тынды. Мойнына қан жүктегендер жазаланбай ма сонда? Жүгенсіздік пен жетесіздікке тиым салынар күн қашан келеді? Айдалада жатып, қаймана елдердің ішкі ісіне араласып күшпен тәртіп орнатқанси беретін АҚШқа неге жалтақтаймыз? Жаппай тегеурінді емес, өте бәсең әлсіз қарсылық білдіріледі? БҰҰ, ЕО неге қолжаулық болып бұға береді? АҚШ жоқ-барды сылтауратып, Солтүстік Альянс күштері Югославияның тоз-тозын шығарды, Таяу Шығыс елдеріне ес жиғызбай, демократия (қандай демократия!) әкелмек түгіл өз қотырын өзі қасып жатқан халықтарды өзара қырқыстырып, ұрыншақтықпен өзіне ұнай бермейтін мемлекеттерді қырына алып, қоқан-лоққы көрсету әлі тиылатын емес. Халықаралық қауымдастықтың аузына құм құйып, өзім білермендікке салына беруге бола ма? Абыржу қашан тиылады? Қырғиқабақ соғыс саясаты құрдымға әкетіп бара жатқаны неге бейқам қала береді? Әйтеуір, болашақ буалдыр екені алаңдатады.Шыққыр көз не көрмеді?” дейтін еді жарықтық әжем (кей-кейде қамығып). “Неге өйтеді екен?” дейтінбіз байыбына бармай. Сөйтсек... Біздің ел-жұртымыз тағдыр тақсыретін тартудай-ақ тартты. Зұлымдық пен зұлматтың құрбаны болып, жер бетінен өшіп кете жаздады. Өмірдің қияметқайым өткелдерінен
өткендердің өкілдеріне “Мың бір түн” қалай өнеге беріп, қандай тәлім түйгізеді? Қанша жаһандану десек те, біз Батыс пен Шығыс қызкеліншектерінің арасына шарасыз шек қойып отырғанымыз жоқ. Рас, қазіргі қазақ қыздарының кейбірінің әйел теңдігі осы екен деп әдептен озып, бейпіл батысқа еліктеп, солықтап шылым шегіп, тылтитып шалбар киіп, мықынына дейін кіндігін ашып жүретінін көретін жағдайға жеткеніміз ұшпаққа шыққанмен бірдей. Өкінішті, әрине. Түу болмысынан біткен бекзаттық, биязылық, кісілік пен кішілік, ибалық пен инабаттылық қайда? Бұрынғыдай найзағай отына жаныған ұлттық ар-намыстан бірте-бірте айырылып бара жатқан соң қаракөз қарындастарымыз кезкелген құрылық өкілдерінің құшағында кетіп бара жатады. Ұзағандар ішінен, бәлкім, жылап-сықтайтын шығар ел мен жерді сағынып. Одан не үміт, не қайыр?!. Қандай ауыр тауқымет болса да, халқымыз қыз баласын бауырларының көзін бақырайтып қойып,түнгі көбелекке айналсын деп бетімен жіберді ме? Бұнда ешкім кежегесінен кейін тартып, кешегіні көксеп отырған жоқ. Қайткенде де жүрегі жаралы пұшайман жетімдердің көзін жәудіретіп қойып, жеме-жемге келгенде тіпті қыр асырған емес. Жалмауыз жаһандану жұмырына жұтылып кетпеудің лажы қайсы? Елімізде ана тілінің хал-ахуалы мүшкілденіп, шатқаяқтап тұрғанда асыл құндылықтардың аса қажеттілігі неге ұмтыла береді? Уақыт қаншама күрделеніп бара жатқанына қарамастан Батыстың баз біреулері Шығысқа шекесінен шікірейіп мұрнын шүйіріп қарауды қоймай келеді әлі. Қайда қарасаң да қазылып жатқан Қорқыттың көріндей арандатушылық, астамшылық пен шамшылдық шырмауықтай шырматылып қалыс қалмайтындай. Осындайда сенімге селкеу түсіп, буалдыр болашақ біртүрлі секем алдырады. ...Сол қысқы кештер қандай еді? Арыстанды – Қарабастың асау желі тоқал там бұғатында ызыңдап, жаяу борасын сай-салада ашынған бурадай асыр салады. Ханзада әпкем айтатын ертегілерге ұмсынып, үйме-жүйме сарыауыз
балапандай шүпірлейміз. Әжем жарықтық көнекөз кебежеге арқа сүйеп басын анда-санда изеп қойып, өш алардай уақытты зырқыратып ұршық иіреді. Мал жайғап болған соң төргі бөлмеде ауыл ақсақалдарын сақаша иіріп, пайғамбар жасынан асса да көзіне енді-енді көзілдірік іліп, біздің көкем діни хиссалар оқып, қарттар әжім-әжім жүзінен тарам-тарам жас ағып отыратыны таң қалдыратын. Солардың ішінде мен естіген ең ғажап ән – “Бесік жыры”. Қандай өміршең, қандай мұңды! Шындық бет-жүзіңе қаратпайды. Хан ба, қара ма талбесікте тербеліп жатқанда нәрестеге бәрі бір секілді, даңғаза дүние таң шығындай мөлдіреп, періштедей балбұл жандырады. Оның құлағына әлгі әспет әуенмен бірге ұлы дала жыры келеді, қайдағы-жайдағы сағыныш сарыны еміс-еміс талып жетеді. Сайын сахара, түз тебініндегі тарпаң тұлпарлар тұяғының дүбірі, бозала таңда титтей ноқаттай болып таңдайынан әуез төгетін бозторғай, түгел тіршілік сәби сезімін қытықтайды оятып. Мені анам айтып, Ханзада әпкемнің аузынан жазып алған “Бесік жыры” әлі күнге дейін әлдилеп тұрғандай: Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікте жат, бөпем. Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін Байқасқаның құйрығын, Жіпке тізіп берейін. Құйрығындағы сатпағын, Быламық қылып берейін. Оның тұзын кім татар? Жеңгелері татар. Сейітхан деген туыпты, Ту биені сойыпты. Аталары жиналып, Атын Сейітхан қойыпты. Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қараның бегі хандар-ай, Сейітхандыкіне түсе кет Шай самауырын іше кет! Қанша қонақ келсе де, Есебін оның табады. Сейітхан күтіп алады. Сейітхан деген бір кісі, Арабаның тіркісі. Шаудан қалпақ басында, Ханның қызы қасында. Саудырайды теңгесі, Теңгесінен бермесе, Өкпелейді жеңгесі. Әлди бөпем, ақ бөпем, Ақ бесікте жат, бөпем. Жылама, бәлем, жылама, Уыз дәмін тат, көкем. Жұрт сүймесе сүймесін, Өзім сүйген бөпешім. Қандай тұтқыр зерде! Ана әлдиі жалғаса беретіндей. Көп сарылып, тағатсыздана күткенде “Мың бір түнге” де кезек келді ақыры. Бір табан жақын Шығысқа бүйрегіміз бұрып тұрғандықтан ба, қазақ қауымы басынан оны жатжерлік деп жатырқамай, неге туған топырағын тосырқамай қарсы алады? Шығыс шырайлы сөзі мен сазы нәзік жүрек қылын шертеді. Қайдағы бір алыс елдер көзге елестеп қазына тиеген керуен маң-маң басып сары сағым арасында көгілдір көкжиекке сіңіп бара жатады. Қою оқиғасы бірінен кейін бірі қызықтырып ынтықтыра түседі. Кейіпкерлердің жат топырағы бізге аңғарылмайтындай. Әрдайым жалмауыз жауыздықпен жекпе-жек күрес жеңіспен аяқтала бермейді. Жаналғыштар, қанішерлер, қаптесерлер түрлі-түрлі тәсіл қолданып, түлкібұлаңға салып, жатыпатар мүләйіп, жыртқыштығын жасырады. Қаныпезерлік пен
қаталдық, зауал мен зұлмат, зұлымдық пензымияндық қайда жүрсе де тамыр жайып, әлімжеттік пен көтензорлық жасайды. Астыртын аяқтан шалып, аярлық жасап, ауыр күнәға батып, мойынға қан жүктейді. Ал, қаршадайдан санамызға сіңіп, төл туындыға айналған “Мың бір түн” мәңгілік өмір жыры, Х ғасырдағы әл-Масғуди мен Мұхаммед ибн Ысқақтың (Надым) айтуынша, әуелде парсының “Хезар әфсанасынан” бастау алып, араб, түркі, грек, үнді, ауған халықтарының арасына тарап, даналықты паш етіп, келе-келе көлемі ұлғайып, 1500 баспа табақ болып, тоғыз томмен аяқталатын шоқтықты шығарма анау-мынауды шалғайына жабыстырып, жалын сипата бермейді. Табиғатына тіс батпайды. Сегіз топ ертегі мен олардан тарайтын хикаялар аз емес, сан алуан. Көрінген көкаттының бұл туындының шалғынына ат шалдыра бермейтіні сондықтан. Әдетте қара қылды қақ жарғандай, өзін пайымды пікір айтып жүрмін деп санайтын В.Г. Белинский ол туралы: “Шығыстағы махаббат тән құмарлығын дәріптейді” деген жаңсақ ой түйеді. Оны тек арабтардың қанжыға байлап беріп, арғы астарын түсінбей, асығыс атүсті тұжырым жасайды. Мейлі, әркімнің ар-ұяты, ақыл тезі төреші. Таяз таным да кей кейде ой-түрткі. *** Шәкірт шағынан-ақ көкірек көзі ерте ашылып келе жатқанын сезген жарықтық Абай Шығыс шайырлары мектебінен тез өтті. Әфсана мен тәмсілдер өз алдына рухи құндылықтар мөлдір теңізіне терең сүңгіп, көркемдік айдынында еркін жүзді. Оның жаратылысы жақын тума ой мөлдір тамшыларын қабылдап, одан ерте жетілуі, жан жұмбағы, әрине. Иузи – раушан, көзі – гауһар, Лағилдек бет үші ахмар. Тамағы қардан әм биһтар, Қашын құдірет қолы шигә. Өзәң гүзәлләра рахбар,
Сәңе ғишық болып кәмтар, Сүлейман, Ямшид, Искандәр Ала алмас барша мүлкигә, Мүбәдә олса ол бір кәз Тамаша қылса йузма-йуз. Кетіп қуат, йумылып көз, Бойың сал-сал бола нигә? Әйтпесе, бұл тақырыпқа ол кездейсоқ қалам тартты? Шығыс сарыны оның ғақлияларында да тұнып тұр. Ұлы ақын бұл әлемдер арасына ешбір шекара қоймай, мәдениеттер мәйегіне ден қойып, тел емді. Батыс батсайы күнінің нұрына шомылып, аспан астында үндесіп, Байрон, Гете, Мицкевич, Крылов, Пушкин, Лермонтов және басқалардың қысылып-қымтырылмай қазақша сөйлегені қандай! Жырақтағы жарық жұлдыздар бір-бірімен іштей ұғыса жымыңдасып тіл табысқандай. Бұдан Абай, Рудаки, Фирдоуси, Низами, Саағди, Омар Қайым (Хайям), Жәми, Науайы шығармашылығына шұқшиып, шамшылдық пен шалағайлық танытып, оларды мүлде тәрік етті дейтін ой тумайды. Шығыс шайырларымен терең тамырластығын бес саусақтай біле тұра, Батыс әдебиетіне бет бұрып, ұлттық ұғымтанудың айдыны мен айбынын асырып, асқақ рухты одан сайын биіктетті. Не шықты? Алақандай Македония тарлық етіп, әлем жартысын Букефал тұяғының астында қалдырып, жойқын жортуыл жасаған қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайын Еуропа мен Азияны қойындастырып қаншама біріктіремін дегенмен арман аңсары орындалды ма? Жас патша сардарларын күштегендей парсы перизаттарына үйлендіргенде не көздеді? Құр қиялдың қалай аяқталғанын тарлан тарих біледі. Мейманасы асқанға тосу болады ма өзі? Уақытқа жүгінсек, Шығыстану бар да, Батыстану неге жоқ. Ғылым адамзатқа ортақ емес пе? Әлі күнге Еділдің есімі естілгенде әлдекімдердің тыжырынып, ешкікөзденіп шыға келетіні несі? Әлде... Қанша қастерлеп, бәйек болғанмен қасқырлар орманға
қашып, айға қарап ұлитын дағдысын қоя ма? Отаршылар мен оның қолшоқпарлары әйтпесе не істемеді? Үндістан өткен ғасырдың ортасына дейін Ұлыбритания тепкісінде езіліп, Ібір-Сібір аз ұлыстары мен ұлттарының зеңбірек зіркілінен үрейі ұшып, жалпақ Ресейдің айтқанына көніп, айдауына жүріп, біртұтас кәрістер мен осетиндердің солтүстік пен оңтүстікке амалсыз бөлініп, Курил аралдарының кейбір қатысты бөлігі Жапонияға қайтарылмауы ненің салдары. Сасық саясаттың исі мүңкіп тұрған жоқ па? Басқа атаулар табылмай қалғандай, Владивосток, Владикавказ, Павлодар, Грозныйдың әліге дейін мұрты бұзылмай тұруының мәнісі қандай? Қандықолдардың күншығыс даласы мен қаласында қалдырған сойқандық іздері аз ба? Жаһандануға жанталаса кіріскен Батыс қоғамының да қарыштап қара үзіп кете қойғаны шамалы. Адам баласы өркениет Отаны тек бір өңір емес. Иман, әдеп, иба мен ар-намыстан айырылып, бірте-бірте құлдырап, іштен іріпшіріп, өзі қазған орға өзі қалт-құлт етіп құлауға жақындап қалғанын сара көкірек сарапшылар сирек болса да андасанда айтып жүр. Бар-бәрін уақыт көрсетеді. Бомбейде туып, Англия азаматы атанған Редьярд Киплинг (1865-1936 ж.ж.) Нобель сыйлығын алып тұрып, астамшылықпен былай жаза ма? Запад есть запад, а Восток есть восток, И с мест они не сойдут. Пока не предстанет Небо с Землей На страшный господень суд... Но нет Востока, и Запада нет, что – племя, родина, роз, Если сильный с сильным лицом к лицу у края земли встает. Жүрек қалауы болмаса кім түртеді? Әр жолдың астарында бұқпантайлап отаршылдық пиғыл аңқып тұр. Орыс тілінде
жазатын қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың пешенесіне уақыт уағызын жаңадан асқақ айту жазылғандай: Нет Востока, И запада нет, Нет у неба конца. Нет Востока, И запада нет, Два сына есть у отца. Нет востока, И запада нет, Есть Восход и Закат, Есть большое слово – Земля! Бұл суреткерлерді бір-біріне қарсы қою емес. Асыл мұраттар асқарларына меңзеу ғана: Тек екі тіршіліктаным мен өркениетті салыстырып, әлденеге көз жеткізетіндей қарекет. Ежелгі Эллиндік Египетте Клеопатра, немесе теріскей қоңсыдағы ұлы Екатерина тоят түнінен кейін небір боздақ жігіттердің басын шапқызғанда айызы қанып, қарағайдай мүйізі шықты ма? Әруақытта тойымсыз жан нәпсі мен құлқынның құлы болып қалады. Аңыз айтады. Қатігез хан баласының кездейсоқ қазасын кім естіртеді? Қалақтай домбыраның күмбірлеп тұрған көмейіне қорғасын құйылды. Өмір мен өлім текетіресі жалғасып жатыр әлі. Сонда адамзат аясындағылар дүниені қақ жарып, Батыс пен Шығыс деп бөлгенде не аңсады? Кітап кілті тіпті қарапайым десе де болғандай: “Апа, жездемнің серті бойынша, күн шықпай өлуіңіз керек. Аз ғана қалған өміріңіздің ішінде көп айтатын ертегілеріміздің бірін айтып, артыңда қалатын менің мейірімді қандырсаңыз қайтер еді? Ол сөзің менің жүрегімде мәңгі қалсын” деген Дүниязада өтінішімен ашылады. Адам баласының бойында бола беретін тамам қорқақ, қарау, аяр, астам қара күштерге әлсіз талмау
тағдыры қыл үстінде тұрған Шаһаризада ақыл-парасаты мен сұлулық салтанатын қарсы қояды. Ұдайы бір әйелдің мекерлігі қырық есекке жүк бола бермейді екен. Тіршілік қандай тәтті! Өмірдің тар жол, тайғақ кешуі сананың сират көпірінен де өткізеді. Пенде кей кейде отқа ұмтылған пәруанадай парасат терезесінен себездеп тау сәулесі рахман нұрын шашыратып, ұяң үмітке талпындырады. Бірте-бірте махаббат сезімі оянып, өмірге құштарлық артқанын қаперсіз адам байқамай да қалады. “Мың бір түннің” ұзын ырға өзегінде жұмыр басты пендеге тән қам-қарекеттің бәрі де бар: мықтылық пен осалдық, мейірімділік пен мерездік, қайырымдылық пен қатігездік, пәктік пен парықсыздық, даналық пен дүниеқоңыздық, сұлулық пен тұрпайы ұсқынсыздық қоян-қолтық бетпе-бет келіп, баз бірде итжығыс түсіп шарпысып жатады. Көк пен жер, ауа мен топырақ, от пен су арбасқандай. “Менің бұл кіріп отырған үйімнен әлденеше жүздеген қыз о дүниеге сапар шекті. Мен де солардай жарық дүниеге қош айтатын жанның бірімін. Бұрынғылардан айрықша – менің жанымды қалдыр деп тілемеймін. Атамыздың қартайғанда көрген көзінің ағы мен қарасындай екі қыз едік. Артымнан ерген жалғыз сіңлім Дүниязада бірге келіп, есік алдында қалды. Сонда өзім өлгенше дидарын көріп отыруға рұқсат етіңіз”,– дейді бас кейіпкер. Ол жалғанның жасампаздығына сендіреді: “Ей, ұлы бақытты патшам, әлемнің алуан түрлі әңгімесін айтып, Сізбен бірге отыз үш ай өмір өткіздім. Барлық әңгімеде болған уақиға өмірден бақыт, игілік іздеп өліпті. Сіздің алдыңызда осынша әңгімені өмір үшін айттым. Бір түннен кейін келетін өлімді мың бір түнге ұзаттым. Өмірді көксеген кісі өз басы мәңгілік қалуға емес, келешек өмірінің өркендеуі үшін көксейді. Мен сол тілегіме жеттім. Олар – мына үш бала. Бұлар екеумізден өрбіген бұтақ, ашылған гүліміз. Мәңгілік өмір сүретін адам болған емес, болмайды да. Айтқан сертіңіз бойынша, мені өлтіріңіз. Сізге ұзақ жасап, бақытты өмір иесі болуыңызға тілегіммен бірге, осы үш нәрсені аманат етем. Пәк жанды сәбилердің әкесі –
Сіз, анасы – мен. Бұған әділет тәңірісі куә”. “Патша ана мен балаларды қоса құшақтап, өкіріп жылап жіберді”. Соншама ұзаққа созылған ғұмырлы хикаялар аяқталып, жақсылық тас жүректі жібітті. Көңіл күдігі тарап, жан тазарды. Көк күмбезде күн күркіреп, кемпірқосақ керіп, нұрлы нөсер төгіптөгіп өткендей. Тіршілік таңы себездеп атып келе жатты. Әмірші де ет пен сүйектен жаралған адам екен. Емеуірін білдірді: “Жауыздық дүние қараңғы түндей батып, адамдық өмір атқан таңдай жарқырасын! Енді адам өлтірмеске ант етемін. Өлім жазасы тек адам өлтірушілерге ғана болсын!” деді де патша беліндегі қылышты шешіп, төнген өлімді жеңіп шыққан Шаһаризаданың қолына ұстатты. Бұларды тек тән құмарлығын оятады деп кім айтты? Мәңгілік өмірдің нағыз салтанат құруы емес пе? Онысы ең соңында екеуара сыр-сұхбат құрғанда да аңғарылмай ма? “Шаһрабоз: Құрметті Шаһаризада, тап осы әңгімелердегі уақиға өмірде болғаны рас па? Шаһаризада: Ұлы бақытты патшам, бұл мен айтқан осы сияқты көп әңгімелер халықтың ұшқыр қиялы... Жоқ кісінің ойында дүниеде жоқтың бәрі болады. Олар дүниедегі кедей болса да, ой өрісіне ұшан-теңіз бай”. Әлбетте, “Мың бір түн” жылдар, ғасырлар, ұзақ уақыт бедерінде толығып, толысып Шығыс пен Батыс халықтарының назарынан бірде-бір рет тыс қалып көрген емес. Ол қазақшаға да бірнеше мәрте тәржімеленді. Үзінділерін есептемегенде, ХХ ғасыр ортасында Әбдіқадыров оны төрт кітапқа сиғызып ықшамдап майын тамызып жеткізді. Араға елу жылдай салып, марқұм Қалтай Мұқамеджанов оған қайта оралды. Бірақ, ешкімнің көңіліне келмесін, болбыр шыққандықтан, оның бұрынғыдай әсері онша болған жоқ. Неге? Оны зерттеушілер зерделеп айтатын кез келгендей. Қ.Әбдіқадыров Шаһаризадамен сырласып, біршама жылын сарп еткенін тұспалдап, қимай қоштасады: Қош айттым Шаһаризадаға елу бесте, Шыдадым не айтса да мың бір кешке.
Персі, араб, түрік, моңғол түрлі тілден Жібін ап қазақшалап тіктім кесте. Кәрі ауыз қалжыраса қақпаладым, Былдырап кейде сөзін жас баланың... Дін, сауда, патшалардың мадағынан Халыққа, әділетке тартпаладым. Сабындап, шашын тарап, кірін жуып, Ғасырда жиырмасыншы киіндіріп. Алқапты колхозданған қыдыруға, Жөнелттім машинамен сүйіндіріп. Қазір барған сайын күрделеніп өмір өзгеріп жатыр. Жүректерге сәуле жүгіртіп, мәңгілік жасарып, жаңғырып келе жатқан Шаһаризада шырқыраған шындыққа, өмірді сүюге шақырып тұрғандай әлі. САРАМЖОЛ Қашанда да бір кем дүние бәрібір қолды байлап, рухи кембағалдық байқалып тұрады. Дала көшпелілерінің өркениетінде бесік жырынан артық ән де, әуез де жоқ. Ол бұл жағынан кемтарлық көрмеді. Адамзат мәдениетінің алтын бесігінде тербеліп өсті. Homo Sapiens түрлі-түрлі тарихындағы алғашқы ақын әйел атанса жұмыр басты пенденің жанынан гөрі тән сұлулығын барынша жарқырата көрсетуді асыл мұрат тұтып өтті. Аты да затына сай. Сапфо (псипфа – “мөлдір”, “айқын”, “нұрлы”). Орта дәулетті дөңгелетіп әкететін көрікті пысық қыз болмаса да, бір көрімге тартымды Сапфо (шамамен б.д.д. 612-572 ж.ж.) әдебиеттің әспет ынтызар әлеміне ұмтылып, 42-Олимпиада жылы туған ол айналадағы әсемдікті жырмен айшықтап,
тыңнан түрен салды. Күллі адам баласы көкжиегіне көз сүзіп қанша үңілгенде де атын алтын әріппен жаздырып, ұрпақтар санасына ұлы сезімдер сәулесін түсірген нәзік жыныс өкілдері саусақпен санарлықтай. Біреулердің айтуынша, аузы айдай, көзі күндей хор қызындай сұлу болмаса да аққұба, шағын бойлы, нұрлы жанары танадай жарқырап жалт-жұлт етіп тұрады екен. Оң-солын таныған Сапфо рухи өмірге талпынып, алыс іңкәр арманына құшақ жайды. Махаббат мұңлы мақамдарының майталманы Овидий (Публий Овидий Назон) оның аузына: “Егер тасбауыр табиғат маған сұлулықты қимаса, бұл ойсыраған олқылықты мен ақыл-парасатыммен толтырамын. Мен тығыншықтай тәпелтек-ақ болайын, бірақ, есімімнің өзімен бүкіл елімді айқарып құша аламын. Анау айтқандай, ару болмасам да, Кефай қызы (Андремада) Персейге ұнады ғой” деген сөз салғаны құпия қоламтасын көсегені емес пе? Әкесі Скамандроним мен шешесі Клейданың қызы басқа балаларына қарағанда еті тірі болып қағілез өсті. Шынында да, сөз сайысында Сапфомен тарихта шамалап болса да иық тірестіруге ұмтылатын ұрғашы іздеу бекершілік (Страбон) еді. Әдетте қарсы жыныстың өкілін еркектің бір қабырғасынан жаралды дегенмен олардың бір-біріне естен тана құлай беріліп құмарта ғашық болуы анда-санда сирек кездесетін құбылыс. Бұл дерт Сапфоны да айналып өтпегендей. Оның көңілі өз бауыры Харакстың әйелі Родопаға (жеңгесі, не келіні) ынтызарлығы қатты оянады. Одан әрі аңыз бен ақиқат қатар өрбігендей. Ажарлы ару ақыры Эллададан аластатылып, Мысырды паналайды. Күндердің күнінде ысымалы балғын аяғын суыту үшін Ніл суына балтырын батырып жағада отырғанда бір сандалын бүркіт іліп алып, құрбандықты байқап тұрған Амази перғауынның қарсы алдына қалдырып ұшып кетеді. Нөкерлер патша пәрменімен ұлы өзенді жағалай жүріп, ай мен күндей жас келіншекті Сарайға салтанатпен жеткізеді. Ертегіге ұқсас тағдырдың одан әргісі тылсым тұңғиық. Кәнизактар тобына қосылса да әйтеуір перғауынның нақсүйер перизаты болғаны анық. Жаны бар сөз секілді. Ал, Сапфоның көп
ұзамай күйеуі мен қызы бірінен кейін бірі қайтыс болған соң мінәйілер мектебінде дәріс алған бойжеткен жанын жегідей жеп жүрген жырға біржолата басыбайлы ден қояды. Өзекті өртейтін өлеңдерінен тарайтын тәтті уыт ешкімді де бейжай қалдырмайды. Мөлдір махаббатқа тәнті тұратын ақын Лесбос қыздарына арнайы оқу орнын ашып әдемілік әлеміне тәрбиелегенде ол мият тапты ма? Есімдерінің өзі елегізетін Аттида, Иорга, Телезинна және тағысын тағылар оның шәкірттері еді. Опа бермес өмірде онша жолы болмаса да сырдың сылқым келіншегі махаббат жыршысы ретінде заманының заңғар биігіне көтерілді. Құж-құж құздарына тек қана шақырайған күн көзіне шімірікпей тура қарайтын һәм жасқанбайтын қырандар қонатын айдын ортасындағы аралдағы жартас мызғымай мелшиіп қалыпты. Он бесінде толысып туған ай сәулесі суда дірілдеп сиқырланып құбылады. Көк кіндігіндегі жер серігінің нұры әппақ жап-жарық екен тым. Шалғайдағы шатқалдан әлдебір түн құсының үні келіп тұр: үні уілдеді, жарқанат жалпылдап ұшты, сай-сүйекті сырқыратып байғыз сұңқылдады, ебіл-дебіл шашын жайған сәндітал сыңсыды. Ту сыртта қалған қаланың жасыл желегі жапатармағай жамырап, бозамық бейуақтағы бақтардан бұлбұл сайрады ма-ау, солармен сырласып сандуғаштар жарыса жөнелгендей, тылсым тәтті тіршілік дәмді дыбыстарға толып кетіпті. Аңсары ауып, армандайтыны осындай оңаша сағынышты сәттер емес пе? Әй, дүние-ай!.. Шабытты шақ шамырқандырды. Көптен бері емін-еркін жыр оқымағаны ойына оралды. Қаймыжықтана тербеліп жатқан теңізден сезімді сергітіп салқын леп есті. Тыншу екен. Жас келіншектің күйіп-жанып дел-сал болған денесі сәл сергиін депті. Қайдағы бір қиял құшағындағы Сапфо сол айналадағы үлкен әлемнің құйтақандай бөлшегіне айналып кеткендей. Кеудесіне күйзеліс күйі еніп көп күрсінетін болып жүр. Сондайлардың бірінде күйініп: “Қасірет жұрты бұл. Егер жалған мүлтіксіз жақсы болса, онда тәңірлер түгелімен ажал құшар еді” дегенін қағып алып, іліп әкетіп, таратып
жіберіпті. Мейлі ғой. Сонда жұрт жайына қарамай аузымен жүретін болғаны ма? Әй, өмір-ай! Ол сүйіспеншілік отына пәруанадай шарпыла өртеніп, ғашық болып көрмегендей, шөлдегенде сілекейі бал татып, тілінен шәрбат бермегендей жүдә, қызғаныш қызып итінің жүрмейтін жері жоқ-ау, ә, көпшілік құрметінен кенде ме еді? Бұның бейнесін алтын ақшаға шекіп, төбесіне хан көтерді. Ешкім қарадан шықты деген жоқ. Бойы біртүрлі ауыр тартса да әлі күйге сондай бір мөп-мөлдір қас-қағым сезім лыпып қанат бітіргендей. Ет-жүрегі елжіреп елпілдеп кететіні неліктен екен? Бір шабытты шақта шумақтар еркелеп еркін туып еді: Отырса егер ұмсынып, естіп ләззат лебізді, Бақытқа жан табынса көрінеді тәңірдей. Тәрік етпей ешқашан бар сезімді ең ізгі, Тамылжыса таң бірдей. Күміс күлкі сыңғырлап, бой балқыса елжіреп, Тоқтап қала жаздаса сондай сәтте жүрек те, Сені көрсем керемет мұң мұнары селдіреп, Тәуекелде дір етпе. Тіл байланып кеудені жалын шарпып өткендей, Сағыныш та саябыр сарғаяды санадай. Көз қуаныш қашықтан дауыс талып жеткендей, Құлаққа ұрған танадай. Ештеңе емес михнатты тіршілікті тек кешкен, Ішкі нәзік байланыс үзілгендей өңірмен. Бозарды түс қайтейін бетер болып көк шөптен, Қоштасқандаймын өмірмен. Ежелгі Египетте ерлі-зайыптылар қимас қылығын бірбіріне ерке назбен білдіріп, тұңғиықтан тіл қатқандай! Күйеуі: “Сүйіктімнің ерні – раушанның қауызы, кеудесі – махаббат алмасы, қолдары – қақпан, ал, маңдайы – тұзақ”. Келіншегі: “Көзім танадай жарқырап тұр, өйткені саған ұдайы шөліркеймін. Жалғыз жаратқаннан күндіз-түні жалбарынып тілейтінім тек сенің аман-саулығың. Бұларды
қыз-қыз қызу құшақта есінен тана жастық буына мас болып, басынан небір ғажайып махаббат маусымын өткерген аса сезімтал Сапфо білмейді емес. Бес күн жалғанда бұйырған жар қызығын сипаттауға сөз жете ме? Бүлдіршін балиғатқа толып, әсем де әдемі әлемнің табалдырығын тоздырып, өзін сұлу сағым ішінде жүрендей сезінетіні қандай! Адам қайтсе бақытты бола алады? Буырқанып, бұрсанып, темір болат құрсанып батырлар да өтеді бұл пәниден. Бармағын тістеп бағландар да аттанады қимай-қимай. Ешқашан жазмыштан озмыш болған емес. Қалайда маған ғашықтар ғұмыры бір тұтам болатындай көрінеді де тұрады. Байырғы Грекияның поэзиясы өзінің тамаша жұмсақтығы, түрінің ұстамдылығы, қатаң қалып пен қағидаттылығымен марғасқа ұлы көркемдік қуаты және қарапайымдылығымен ерекшеленсе, соларға мұрагерлік етіп, дәстүрді жалғастырып әкеткен Сапфо жанының жұмбағы жасампаз жырларында жатыр. Көнекөз көзайым дүниедегі таңсық әлемді жеткізіп жатқандай. Кездейсоқ көктен шұға жаумай, ешкім шүлен тарқатпай, тіршілік тіні бара-бара ширығып ширатылудың орнына боржып, босаңси беретіні неліктен екен? Кісі ақысын жемей, жамандық атаулыға мойын бұрмай, ешкімнің ала жібін аттамай да бұйығы тып-тыныш биязы күн кешу де бек мүмкін. Момақан жатқан су бетіне тас лақтырса не болар еді? Мамыражай өмірдің қандай қызығы бар? Әсілі, жер бетіндегі аз күн жалғанда биік асыл мұратқа жету үшін бұлар тым тапшылық етпей ме? Тіршіліктің бұйырған тұз-дәмін татып, өмірдің біраз қызық-шыжығын көрген адамзат тарихындағы тұңғыш арзу ақын әйел тағдыры өзгеше өрілген тұлға мәңгі сезім сиқыры алдарқатып арбап алыпты оны. Махаббат жыры! “Эрос құдіретті күшімен мені қайтадан құрсаулап барады, бұл қуатты құбыжықта жұмақ та, тозақ та бар” деп жүрегі лүпілдеген жанның әманда көктемнің жас исіне елтіп, жарғақ құлағы жастыққа тиді ме түге? Талай лақап таратылып (кімнің аузына қақпай қойып жатыр?) бұл туралы әртүрлі алыпқашпа әңгіме гулеп желдей есетін шығар. Әйтпесе, “Сапфо, дау жоқ, барлық
уақыттың ұлы жыр данышпандарының санатына жатады. Оның жүрек жырлары сезімқұмарлық поэзияның озығы, оған қаншама еліктеп-солықтаса да үздік үлгі ешкімге жалқұйрығын сипатпайды” дейтін Г.Лихтың танымына кім дау айта алады? Ол сопышыл, ділмарлық ұстазы Гимерий Афинскийдің (біздің дәуірімізге дейінгі 350 жылдар) сөзіне қайта жан бітіргендей: “Сапфо күйеу жігітке көйлек-көпшек, төсек-орын дайындайды (әрине, жырларымен), әлі қаймағы бұзылмаған қыз-қалыңдық сұлулығын дәріптеп паш етеді, неке сарайына күймемен Афродитаны және онымен бірге алда үйлену тойына шырақтар лаулатып келе жатқан Эрос хорын ілестіріп әкеледі”. Адамзат өркениетіне көп үлес қосқан Грекия даналары да оны әрқалай қабылдады. Сократ “Махаббаттағы ұстазы” атаса, Платон “Оныншы муза (тәңірия)” деп илікті. Туған топырақ түтіні тосын тәтті. Жан-жақ тағы жасыл жамылған жатаған жоталар жанарын суырып кете жаздайды. Көктеңбіл теңіз қашап болса да қысы-жазы дөңбекши толқып тебіреніп жатады. Алыстағы алқаракөк аралдар қиял құсын әлдеқайда шартарапқа құйқылжытып шарықтатады шағаладай шарқ ұрғызып. Көп жылдар бедерінде Лесбос (Митилини) аралындағы бәйшешек бойжеткендерге арнайы оқу орнын ашып, мектепте әдет пен әдепке (поэзия, эстетика мен сурет салу сабақтары, т.б.), әсемдік әлеміне баулығанда тек өз қарақан басын ойлады ма?! Мәдени ошақ ой мен сезім отын жақты. Қай-қайдағы қиыр болашақтың буалдыр бейнесін дүрбімен қарағандай жақындатқысы келді. Сүйді. Күйді. Алайда, өгей өмір өксітіп опа берді ме? Маңдайын тауға да, тасқа да соқты. Неке құдайы Гименейге сиынып, әмпей етіп, неге шақырды екен? Қаншама шегершінге шырмауық жапырақтары мен өркендеріндей болып оралмайын десе де қатыгез уақыт өз дегенімен еркіне қойды ма? Махаббат мәйегінен гөрі зұлымдық зары зықысын шығарып, меңдуана жегізгендей гүлтікен болып жауқазын жанына қадалыпты. Бұлардың барлығын тереңіне шым батып ойлап кетсе, жүрегі қан жылайды. Күйінішін күйттемей, ауық-
ауық мауқын басып, ауан әуезесін әшекейлеп, көңіл күйін кестелеп, өмірін өрнектеп өлең өрді. Өзегі өртке толып, оны салқын сезім селімен басқысы келіп, пәруана қанаты ыстық керімсалға күйгенше көгілдір кеңістікке талпынды. Сор болып сіңлілерінің табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын деп елпілдеп жүргенде өзі бұндай бұлқан-талқан аласапыран жайды бастан өткеріпті. Әулие махаббат тәңіриясына табынғанда енді қайтеді? Тағы да жасын сезім атойлатып жастық желі тілге оралды. Қыздар хоры: Таяу қалды қалыңдық, қарсы алуға шық енді! Кешкі жұлдыз қатерлі... Зұлымдықтың бар нұры. Жігіт болсаң егерде жөндеп ұста жүгенді, Қызы үшін қам жейді ата-ананың әрбірі! Жігіттер жыры: Жұлдыз сондай меймандос! Көктің жарық сәулесі, Кірді өңің өзгеше сертте тұрған сәтіңде. Қыдыр кезген түнде бұл жүрек тулап, беу, несі, Аллаһ жар бол жандарға ескен желдің өтінде. Қыздар хоры: Қызғалдақтай қалыңдық гүлзардағы бейне бір, Жел аймалап, күн сүйіп, түнгі шықтан нәр алып. Бәпік басып өтті өмір желіккенмен кейде құр Не істейді періште тек пәктіктен жаралып! Жігіттер жыры: Жайды өркенін жүзімдер мәпелеген бақтағы, Мықты тіреу іздейді шырмауықтай шырмалып. Шегіршінге шынайы ұмтылатын шақ тағы, Кім болса да қалтарыс несібеден құр қалып.
(Қалыңдыққа): Таза болсаң әманда демеу әке-шешеңе, Солар сені өсірді, өсиетін орында. Бойжеткен соң бұлғақтап көрді жігіт нешеме, Төрт құбылаң түгел сай: жасауыңнан қорынба! Құдайым-ау, бұл өзіміздің қыз сыңсуы еес пе? Бәдік айтыстың бір түріндей кейбір нышандардың шалығы жатқандай. Ай астында алтыбақан теуіп, қыз бен жігіт сырласып бір-біріне жүрек сөзін айтпайтын ба еді? Соның нақ өзіндей. Адамдардың уылжыған уыз сезімі қалай-қалай астасып үндеседі.? Іші шиша Сапфоға өзінен жастау ынтық Алкейден гөрі басқа замандастары Архилах мен Гиппонаксқа иліктің деп жазғыруға кімнің жүрегі дауалайды? Бәрін бір ғана патша көңіл біледі. Алдияр уақыт асқанды да, тосқанды да сабасына түсіріп, барлығын орын орнына қояды. Нақақтан нақақ күйетін некен-саяқ тұзы жеңілдер болуы кәдік. Баз біреулер күрделі мәселенің байыбына бармай, қаңқу мен лақап сөздерге еріп, сан-саққа жүгіртсе де Сапфо ғажап ғұмыр кешті. Ол өмірге ынтызар ғашық болатын. Сондықтан да нәзік жандардың бекзат болмысын жырлады. Адам мен табиғат, өмір мен өлім, үміт пен күдік алтын арқау болып тартылып, мәңгілік мұра кешегіден бүгінге, бүгіннен болашаққа жол жалғасып үзілмей келеді әлі. Адам баласының көп буыны Сапфоның сүйіспеншілік лағыл лирикасын қарайғанда жүрегіне талғажау етті. Филлип Екінші алыс жорыққа аттанғанда оның әйелі Олимпиада (Ескендір Зұлқарнайынның шешесі) қойнына түсі суық аждаһаны алып жатып, Сапфо жырларын жастанып жиі-жиі мұқият оқитыны айтылады. Содан кейін де мөлдір сағыныш пен тұнық сезімге толы толғақты туындылардан қаншама ұрпақ рухи нәр алып, тәрбиеге тірек, өнегеге өзекке айналдырды. Жіңішке жүректерге жеткен жырлар жан жібітіп, асыл сезім оятады. Оған деген оқырман құштарлығының мәңгілік екенін байқатады бұл. Адамзат өркениеті содан бері тастан пергаментке, пергаменттен қамысқа, одан қағазға көшіп,
ұзақ жолдан өтті. Ғасырлар түнегін жарып, әйел ақын әуезесі әлдилейді: Қордаланды Ай, Құс жолы шаңытады, Ол да сөніп... түн ауды тұмшалаған. Беймазалық қайтеді тұмса маған... Не бойлайды тәңірдің таңы тағы? Сөйткен Сапфо қайта-қайта жан сырымен бізді неге елегізете береді? “Мен құлай сүйдім, күйінгенім сонша көп кісіні жалғыздық төсегіме шақырып едім, бірақ, жаратқан қайғы-қасіретімнің жоғары түсіндірмесін жіберді... Мен Киприданың баласы өзінің қатігез жебесімен жаралағандармен шынайы құштарлық тілімен сөйлестім... Өз жүрегімді ләззат шыңырауына лақтырғаным үшін мені күстаналай берсін, алайда, тоқ етерін айтқанда кем дегенде өмір құдіретінің құпиясын білдім! Асыл мұратқа мәңгі шөліркейтін менің көлеңкем Галестің салтанатты сарайына енді, жап-жарыққа қарыққан көздерім атып келе жатқан тәңірдей махаббаттың арайын көрді!” СӘУЛЕҢКЕ Күннің кері шағылысқан шұғыласы – сәулеңке. Адам ажары арайланғанда да сондай сиқыр сәуле таратады. Алыс нәзік нұрмен бірге бізге де сонау тарих қойнауына кеткен көне замандар сұлулығының сәулеңкесі себездеп жетіп жатқандай... Әйел затын еркектің бір қабырғасынан жаратпағанның өзінде (әфсанада айтылғандай) бәрібір басқа орайда адам баласы оны ойлап тапқан болар еді. Мейлі, қазақ ұғымындағы ең бір жағымсыз жандар: мыстан кемпір, жезтырнақ, таулақ, сайтан солай жанама бейнеленіп,
суреттелсе де, онда жер үстіндегі бес күн жалған сұлу жыныс өкілінсіз біртүрлі бос кеуек, қызық-шыжықсыз өтетініне кімнің күмәны бар? Соншама тырысып, жұлдыздарға қарап жауырын ашпай-ақ, халық зердесінде көкжиектегі кемпірқосақтай құлпырып тұрған алуан-алуан арулар, сансыз сұлулар, амазонкалар (тақтай төстер), қаһарман жауынгер қыз-келіншектер мен перизат періштелер құр қиялойдан туған жоқ. “Әлемді әдемілік сақтап қалады” деген ұлы суреткер дәуір тынысын тап басқандай. Шынында, олар (қызқырандар) дүниеге қай кезде келді, бойжеткенше бұлғақтап қайтіп өсті, тарау-тарау тағдыр мен өмір өткелектерінде олар қандай күрделі күй кешті?.. Хауа ананың сіңлілері мен қыздары туралы бізге ақиқаттан гөрі аңыз көп жетті. Адамзат пешенесіне жазылып, талай қызғалдақ қыздар бойжетіп, ұйпадарлы ұрпақ мәпелеп өсірсе де, мәңгілік із қалдыра бермепті. Ал, Нефертити орнының жөн-жосығы бөлек. Бұл бекзат бейне там-тұм болса да тарихтан анда-санда шаң беріп, жанды арбап, күні кешегідей жаулап жатыр әлі. ХХ ғасырдың 1912 жылы Амарна көне кентінің орнын қазғанда құм арасынан алтындай жарқырап, атам заманғы тұңғыш бәдізшілердің бірі Тутместің ісмер қолынан шыққан патша мен патшайымның кішкентай мүсіні гауһар және жауһармен көмкерілмесе де, көзге оттай басылып, әлем БАҚ-тарын дүр сілкіндіріп, шулатып тынды. Майталман мүсінші бар-бар хас шеберлігін жұмсап, кейіпкерлеріне жан бітіріп, кімді бейнеледі? Көкейде адамзат балаң кезінде де соншама шеберлікке жеткен екен-ау деген қайран қаларлық сауал тұрады? Бұл өлкеде өнердің керемет гүлденіп, өркендеп, қасаң һәм қатқыл қағидалар жұмсарып, тіпті мансұқталып, іргелі ізденістер барынша өзіне ақ жол ашқан кез еді. Ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде рухы биіктей асқақтап, рауан сезімдері мен ойларына қағілез қанат бітіп, ішкі жансарай құлпыра бай реңк алып, сиқырлы бейнелеу құралдары нәзіктік пен қаһармандықты ту етіп көтерді. Ежелгі Египет топырағындағы табыттар мен түрделер, Пирамидалар
астындағы атшаптырым дәліз қабырғаларында кездесетін лала гүлдер һәм түрлі-түсті тұрмыстық бұйымдардың көптеп табылуы соған меңзейді. XVIII әулеттің IV Аменхотен перғауыны билікті қолға алғаннан кейін, біздің дәуірімізге дейінгі 1361 жылы, Нефертитиге үйленіп, қаскөй қастандықтан көзі жұмылғанша аттай он алты жыл өмір сүрді. Қаптап кеткен олардың саны қисапсыз еді: Тефнут тәңірияның көз жасы – шық пен жаңбыр; Нехбет – Ніл иесі; Осирис – құнарлылық құдайы; Нәйт – соғыс тәңіриясы; Геб – жер құдайы; Шу – ауа құдайы; Сешат – құснихат тәңіриясы. Қаншама құдірет иелерінің қайсысы күшті? Солардың бәрін бір жүйеге түсіріп, Эхнатон (Атонға жақын) патшаның өзі жаңа есім алып, мемлекет астанасын Ахетатонға (қазіргі Тельэль Амерна) көшіріп, тек жалғыз Жаратқанға жалбарынатын жарлықпен бұрын-соңды болмаған діни төңкеріс жасады. Ашық күні найзағай ойнағанмен бірдей оқиға еді бұл. Бұндай тіршілік түйткілдерін шешетін шешуші қадам қауымда мейманасы асып, бел алып тұрған абыздарды (.....) қалай тыныш ұйықтатады? Әйтсе де бұл үрім-бұтақ қарғысқа ұшырап, тағдырдың қара таңбасы басылғандай. Эхнатон діни төңкерісін аяғына дейін жеткізбей қастандықпен өлтірілді. Тутанхамон да боздақ күйі жап-жас болып соның кебін киді. Күйеу баласы Сменкара да абайсызда ақыретке аттанды. Нефертитидің өмірі де уақыт сағымына сіңіп, құпия қалды. Дегенмен, патша патшалығын істеді. Әдебиет пен өнер кең өріс алып, үстемелей дамып, шабыт шұғыласы шалғай шартарапқа шапақ шашты. Тарпаң тұлпарлардың тұсауы шешіліп, жыр жасампаздықты жыр етті. Сондай бір тұста әулетті әйгілеген әнұран (гимн) туды: “Сен, Атон, аспанның қиыр бір шетінен алаулап шыға келесің,– бүкіл жанды жаратылыстың бастау көзі сен. Бірте-бірте көк кіндігіне көтеріліп, сұлулықты паш етіп, таңғажайыппен толтырасың төңіректі. Жер үстіне шырқау биіктен күлімсіреп қарағанда сенің сәулең жаратқан дүниені аймалайды. Қаншама қашық болсаң да рахман нұрың топыраққа қуат пен құнар құйып, үйлесіп жарасқанда
барлығы бүршік жарады. Батыс тұңғиығына батқанда жер жүзіндегі тіршілік түгел тыныстап, қараңғылық құшағына алады... Әлем әуезге бөленеді. Таңертең қайтадан көкжиектен көрінгенде жерден қасірет бұлты сейіледі. Екі ел – жоғары және Төменгі Ніл – сенің балаусаңнан қуаныш құшағына енеді. Бәрі оянып, жуынып-шайынады, киініп мінәжатпен саған қарай алақан жаяды. О, Қуат көзі, айнала ащы тер төгіп, еңбекке кіріседі. Кең өріске бар-бар жанжануар рахаттанып, көкмайсада жасыл желекті үзіп, қозылақ асыр салады. Ұядан ұшқан балапандар мәз-мәйрам масаттанып, қанатымен тербейді. Сен нұрландырған жол шартарапқа кетіп жатыр. Көз алдыңда қайықтар қалқып, балықтар шоршып, сиқыр сәулең теңіз түбіне дейін жетіп, айнадай жарқыратады. Дүниеге келген әрбір пендеңе тіршілік-тыныс беріп, нәрестеге несібе сыйлап, әрқайсысын әздектейсің... Сен – өзіңе ешнәрсе тең келмейтін жалғыз – Жаратқансың! Тек қана Сен жалғыз дара жүрек әмірімен жерді жараттың. Адамдар өмірін сақтау үшін жер құрсағынан сен жаратқан Ніл ағып шығады ұдайы. Иә, сен ғана көктен сонау төмендегі алқаптарды нәрлендіруге Нілді бағыттап отырсың. Қыруар шаруаңды аяқтау үшін жыл маусымдарын алмакезек ауыстырып, қысты қатқақты, жазды аптапты етіп, қойғаның қандай. Бар – бәрін бақылап тұруға өзің көк кіндікті жараттың. Күллісі сағам ұмсынады, жарықтық, Күн! Сен менің жүрегімдесің – ол қасиетіңді төл перзентің Эхнатон тәрізді ешкім білмейді. Жерді жаратқалы бері оны өз ұлыңа, Жоғарғы және Төменгі Египеттің патшасы, патшалардың патшасы Эхнатон үшін арнағансың, оның және патшайым Нефертитидің ғұмыры ұзақ болғай”. Әлде матриархат дәуірі таяп тұрғасын ба, ол кезде аналар, әсіресе, Египет аналары әсіре әспеттеліп, атақ-даңқын дабырайтып көкке көтерді. Не болса соған жармасып, тақырыпты тайыздатып, кездейсоқ қалам тербей бермейтін Геродоттың (б.з.д. 484-45 ж.ж.): “Египет әйелдерді ғаламат құрмет тұтқаны сонша, оның перзенттері әкесінің емес, шешесінің намына жазылғанды мәртебе санаған” деуінде қаншама
шындық жатыр. Олар әрқашан сұлулықты пір тұтып, әлемді аузына қаратқан әсемдіктің алдында құрдай жорғалады, үстінен құс ұшырмай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмады. Ертегідегілердің сөйтіп балаңдық шақты бастан кешіре жүріп, махаббат күшіне табынғандығы сонша, өлімді өмір жеңетін жасампаздықты жақтады. Осирис жазатайым бауырының қолынан қаза тапқанда оның әйелі Исида сүйіспеншілігінің арқасында отағасы қайта тіріліп, құдай қосқан қосағымен шат-шадыман ғұмыр кешеді. Бұл жағынан біздің “Қозыкөрпеш – Баянсұлуға” қандай ұқсас! Ғашықтар ғұмыры қашан да қызықты, ғибратты. Арай елі Египеттегі Нефертити (“Сұлу келе жатыр, жаңа есімі Нефер – Неферу – Атон”) тәлімді тіршілігі де соған саяды. Оны мүсінші қалай-қалай бейнелейді? Аршын төс. Кермеиық. Кербез десе кербез. Келісті кескін бізге қас қақпай, кешеден бүгінгі күнге тесіліп қарап тұрғандай. Ажары ашық таңдай, жазық маңдай, алма мойын, қалам қас хас ару. Жүрек лүпіліне толы кеудесі сәл көтеріліп басылып, көтеріліп басылып болар-болмас дірілдейтіндей. Аузынан інжумаржан шашылып, лебізі бал татиды. Таң шығындай таза мұңы мөлдірей қалыпты. Көркем келіншек қызық қылықпен нәзік назданатындай ыстық демі сезімді қытықтап барады. Ол өзінен көп кейін туған Леонардо да Винчидің “Мона Лизасына” да, Рафаэльдің “Сикстин бекзадасына” да ұқсамайды. Өйткені, ол – Нефертити! Эллинде әдемілікті әспеттеу, көне Римде жан сұлулығына табыну адамды қалай асқақтатады! Үйлесім мен үндестік қандай! Зиялылық пен зайырлық ше? Асыл мұрат айшықтары осындай. Сыйқырлады сұлулық сәт шалығы, Еркелете бермейді өмір, иә. Еліттіріп ертегі патшалығы, Табыстырды біздерді тәңірия. Күрделі кез, сені де салды тезге, Тіршіліктің тербетіп толқындары.
Найзағайдың жорығы қалды көзде, Бекзат бейне болмаса олқы бәрі. Сембейді екен ешқашан лала гүлі, Теңбіл-теңбіл айдын да теңіздегі. Еркіндікті аңсайды дала ұлы, Әлпештеген арманы ең ізгі еді. Бір бойжеткен кетпейді есімдегі, Саған ұқсас тағдыры заңғар тартып. Мұнартқандай келешек көшіндегі, Асау уақыт уағыз аңғартады. Қарап қыран қиырға балапаны, Ержетіп ұл Ұрымда, қыз Қырымда. Тұр сезіліп жып-жылы алақаны, Жаса, ару, мәңгілік ғұзырында! Тәйірі, Нефертитиді суреттеуге тіл жете ме? Ақылпарасатын қайдам, оның Олимптің сұлу тәңіриясы Афродитаның өзін таңдай қақтырып, жолда қалдыратын сымбаттылығы өте сирек кездесетін құбылыс. Парасат падишасының тобықтай түйін түйгізетін түгел тәлімі мен тіршілігі көңіл тоғайтады. ХХІ ғасырдың тікаяқ адамдарына байырғы әдет-ғұрыптардың аса анайы көрінуі де мүмкін. Өз әкесімен некелескен он бір жасар қызы Анкесенаман жесір қалып, әлі балиғатқа жетпеген өрімдей перғауын Тутанхамонға тұрмысқа шығып, боздақ он сегіз жасында ажал құшқан күйеуін жоқтауы да қасірет-қайғыдан қара жамылған хас сұлудың күйінішті көңіл күйін жеткізгендей: “Аһ, менің бауырым, аһ, менің жұбайым, оян, оян, сен сырқат шығарсың, ұйықтағандай қалыппен қорқытқың келеді. Басыңды көтер жоғары. Ғайыптан пайда бол, пайда бол!”. Бертініректе біздің дәуірімізде өмір сүрген Батыс саяхатшылары Карпини Джованни де Плано, Рувруквис Виллем, Марко Поло, Клавихо Рюн Гонзалес те және
басқалар Шығыс көшпелілері әйелдерінің тағдыры мен тұрмыс-тіршілігін тамсана жазды. Берлин, Лондон, Мәскеу, Нью-Иорк, Париж мұражайлары сол жақтың мәңгілік мұрағаттары мен жауһар жәдігерлеріне толып тұруы жайдан жай ма? Обалына нешік, ежелгі Египетті жан-жақты зерделі зерттеуге құлшыныс білдірген ағылшын, француз, неміс оқымыстылары болатын. Олар, сөз жоқ, бұл салада алды орап тұр. 1922 жылы Картер мырза мен Г.Г. Карнарвон лорд ашқан Тутанхамон табыты ғылыми ортада қаншама дау-дамай, айқай-шу тудырды. Ғасырлар бойы тоналмай, алтынмен апталып, күміспен күптелген ескінің ескерткіші көне дәуір көз қарашығындай сақталып, бізге жеткеннің өзі қандай қымбат қазына! Бұл жағынан Есіктен табылған үйсіннің қыршын шаһзадасымен бірге шыққан мүлкамандар да мәдени өмірде үлкен төңкеріс жасаған жоқ па? Мысыр ғана емес, қазақ жері де адамзатқа қасиетті асыл мұраларды бауырына басып, жасырып жатқанын көрсетеді бұл. Ұзақ уақыт бойы күн нұрындай сіңген үлкен үрдіс лезде ұмытыла ма? 1881 жылы бір перғауынның дәріленген денесін кемеге тиеп Луксордан Куфтаға жеткізгенше Ніл жағалауынан алыс сапарға шығарып салған шаруа әйелдері легінің үсті-үстіне азаюдың орнына көбейе түскені біраз ойға қалдырады. Бұнда Ана махаббатымен қоса әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүрүрдістің халық өміріне терең тамыр тартқанын дәлелдейді. Кейде тарих тірілмейді. Қай кезде болса да Нефертитидің аты Нефертити. Бірақ, оның кейінгі ғұмыры тылсым тұңғиығына тіреледі. Сұлулыққа кім сұқтанбайды? Соңынан ол қандай күн кешті? Ана бір жылы Күншығыс елінде ұйымдастырылған көрмеде мамандар Джоконданың кербез кеудесі мен алма мойын алқымын өлшеп, соған сай жапон тілінде сөйлетіп, келіп-кеткендерді ізетпен қарсы алып, шығарып салу рәсімін жасағанын оқығанда қайран қалғанымды жасыра алмаймын. Бәлкім, сондай сабақты сәт болып, Нефертитиді ескі египетше сөйлете қалса, кім біледі, лебізі балшырын, нұрлы жүзді жан көз алдында тұрар ма еді, шіркін!..
Перғауындар заманы енді келмеске кетсе де, ертедегі әйелдер әлемі сонша неге ынтықтырады? Адам арайланып келе жатқан таң сәулесіне қызықпайтын ба еді?!. ТҰРАН ТӘҢІРИЯСЫ Кір өзіне емес, бассақтардың жеріне құда түскенін Тұмар түсінді. Оның ашқарақ меселін қайтарды. Геродот Ұлы дала төсінде тіршілік көші мәңгі тоқтаған емес. Қырқысты. Татуласты. Лаулады. Бықсыды. Көшті. Өшті. Құлазыды. Гүлдеді. Қайта түледі. Гуледі. Содан бері де бұл Тұран топырағы үстінде қанша таң атты, қанша күн батты. Аңқылдай соққан желмен ақселеу бойжеткендей ырғалып, боз жусан балапандап кермек исін көкшіл мұнар көмкерген көкжиекке сіңіп, жұлдызды жырақтарға әкетіп жатыр. Арғымақтар мен жампоздар тұяғы һәм табаны астында аунап түсіп, уақыт пен кеңістік ерлік жырын шертеді. Ешқашан да өмір отының өнегесі өшпейді. Ата-бабалар рухы ұмытылар ма, сірә? Екі жарым мың жылдай бұрын ғұмыр кешкен Тұмар патшайымның тарихы мен бяаны шынымен басталған да, аяқталған жоқ әлі. Ол келе-келе көңілі күпті, жүрегі түкті баһадүр батырлар жалаңтөстігі мен жанқиярлығына жалғасты. Тұмар тұлғасы туралы тарлан тарихта қысқаша қайырып, сирек жақ ашпады: “Сақтар көсемі Ішбақайдың ұрпағы. Мәдидің шөбересі, аты аңызға айналған Сыпыра ханның немересі немесе қызы”. Егер кейбір шындықты өз “Тарихында” Геродот жазбаса, бәлкім, біз ол туралы ештеңе білмеуіміз де кәдік-ау. Бұған да шүкір! Таратқалы отырған ойранды оқиға Еуропаның алақандай
елінен Шығысқа қарай басталған қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайынның қанды жорығынан екі жүз жылдай бұрын болған шайқас. Табиғаты қызық тіршілік түзілімінде ғажайып сыр аз емес. От пен су, жер мен көк, топырақ пен жел шарпысуынан жаралған дүниеде былайғы қаймана жұрт байқай бермейтін нәзік байланыс бар екеніне көо соқыр болмаса көкірек көзі жетеді. Жұлдыздар жайбарақатта неге жымыңдайды? Жер үстінен бұлттар керуені боздай көшіп, әлдекім қаһарынан қапқара дуайпат дауыл тұратынының себебі не? Қандай хикмет? Мұхиттар мұңаяды. Өзендер өкінеді. Тұман тұмшалайды. Шынарлар шайқалады. Ай мен күн бұзылады. Солардың бәрінде де бір бұлжымайтын заңдылық жатқандай. Қазақта тұз-дәмі жараспай қалса, біреулердің өзара жұлдызы қарсы деген сөз бар. Егер жырақтардан жақауратып нұр себетін ғарыш шырақтары құпиясының бүге-шігесін білмесе ондай ұғым бекерден бекер айтыла ма? Әрине, ештеңені ешкім күштеп таңбайтыны ақиқат. Алайда бұл саладағы не ықылым заманнан бері мәңгілік келе жатқан түрлі-түрлі қоғамдықәлеуметтік қарым-қатынастар: елдер мен елдер, құрылық пен құрылықтар хақында тарлан тарихшылар, жүрек жұтқан жиһангездер өздерінің жылнамалары, жоспарлары мен шежірелерінде тайға таңба басқандай етіп айтып кетсе, бұра тартуға бола ма? Геродот (б.д.д. 484-425 жылдар) пен Плутархты (б.з.д. 127-45 жылдар), одан кейінгі жауырыншы жылнамашыларды кім мансұқ ете алады? Әрдайым қаншама көлегейленгенмен шырқыраған шындық сол күйінде қалады. Бір-бірімен ауылы аралас, қойы қоралас бір жақта жатқанымен Иран мен Тұранның бір-біріне жұлдызы қарсы болып, іштей бәсекелесіп өткені бір тұтам өтірікті өрге бастырмайды. Ендеше ертеде ұлы дархан пейіл даланы емін-еркін ен жайлаған соң, скиф пен ғұн тайпаларының ұрпақ шашып, кең өріс көкжиек көкжиек көксеп өсіп-өнгені аян. Олар жер бетінде мәңі өшпес із қалдырды. Жалпы өркениет өскіндерін өркендетіп, қандастарын бірлік пен тірлікке үндеп, Тұмар патшайым билеген заманның көмескі
зері біздің ғана емес, адамзат зердесінде еміс-еміс болса да сақталып қалыпты! Сонда Тұмар кім?.. Тарих тереңіне тартады, әрине. Тұтас Тұран топырағын қысас ашкөз қаскөйлерден қорғап қалған қырдың қаһарман қызы хақында мағлұмат тым тапшы. Мардымсыз. Шежіренің сарғайған беттері де сыр шертпейді? Ерлік жырын жаздыруға неге құлықсыз болды екен? Ұрпақтар зердесінде сақталғаны да сирек. Құнтталмағаны қалай? Тұлпарлар тұяғымен жазылған тарихымыз қайта қарастырылып жатқанда бұл мұқият оралуды керек етеді. Ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Байырғы қазақ жұрты заман қанша құбылғанымен оыс топырақта туды. Өсті. Қырандай қиырға қарады. Уақыттың қытымырлығына қарамастан, патшайым халық жадында ұдайы жаңғырып, жүдә жатталып қалған ежелгі ерлермен қатар тұрып, есімі алтын әріппен жазылған ересен ерекше тың тұрпаттағы тамаша тұлға. Көшпелілерді қаншама қырына алса да грек тарихшысы бұны сүйіспеншілік сәулеңкесіндей табандылықпен атап өтеді. Халық қамын жеген қыз. Қаһарман. Қайраткер. Қалай қарағанда да ұлы ұғымға саяды. Құлан жортып, қыран ұшқан кер дала ешқашан қас дұшпанға тәкаппар төсін бастырған емес. Әлімсақтан қатар қоңсы болып келе жатқан Иран (Ерлер елі) мен Тұран (Көшпелілер елі) арасындағы бірбіріне жұлдызы қарсы бақталастық бәсеке тек жер дауының айналасында туындайтын көкейкесті мәселенің бірі деп қарастырудың жөні жоқ. Қашан да даладағы көшпелілер мәдениеті сұғанақ қызыл көздердің құртына айналып, құмарттырып, қызғаныш отын оятып отырды. Рухы биік халық өмірі өркениетке бастайды. Сақ қорғандары мен қамалдарының құпиясы, скифтердің аң айшықтары кездейсоқ қайдан келді? Тек қойын құрттап, айран ұрттап күн кешкен түз түлектерінің мәңгілік мәдени мұрасы көзге неге оттай басылады? Олар тәуелсіздік десе төбесінен жай берді. Қалай болғанда да парсы патшасы әуелгі жеңіс буына әулекілене масаттанып, әз ұя Азияның біраз мемлекетін бағындырып, Грекияны талқандап, жаулап алғаннан кейін
қисапсыз қалың әскер қара құрттай қаптап, теріскейдегі Кіндік Азияға қарай жөңкіді. Адамзат тарихының атасы Геродот қолбасшы Гарпачтың Таяу Шығыстағы елдердің біразын басып алып, тып-типыл етіп, тізе бүктіргенін тәптіштесе, Екінші Кіршаш Орта Азияны түгел жаулап алып, қаһарлы қылышынан қан тамып, Тұран ойпатына сұғына еніп, бассақтар (массагеттер) мен сақтардың патшайымы Тұмарға жеңгетай жіберіп, кісі салды. Бұл біздің дәуірімізге дейін, тіпті Ескендір Зұлқарнайыннан да бұрын 530-жылдың жаз бойы (шілде мен тамыз арасы) еді. Себебі, Кіршаш (Кир) есімі одан кейінгі қилы-қилы құжаттар мен дерек көздерінде кездеспейді. Ол аждаһадай жалаңдаған ажалға өзі арандады. “Бірақ Кир өзіне емес, бассақтардың ұлан-ғайыр жеріне құда түскенін Тұмар түсінді”,– деп жазды тағы да сол Геродот оқиғалар тамырына үңіліп.– Оның меселін қайтарды”. Тұран топырағындағы құлақ естіп, көз көрмеген бұл қанды қырғынның аяғы қылышпен келген қызылбастардың күйреп ойсырай жеңілуімен бітті. Геродотқа қайта жүгінсек, ол былай дейді: “Сонымен бассақтар жеңді. Парсы әскерінің басым көпшілігі шайқас даласында қырылды. Кіршаштың өзі өлтірілді”. Дегенмен бұл өлкеде ол кезде кішігірім қақтығыстар бұрын да аз болмайтын. Ел мен жерін қорғауда көшпелілердің таң қаларлықтай бірауызды ұйымшылдық танытып, жанкешті жанқиярлық жасауы ұлыстың кейінгі ұрпақтарына зор тағлым түйгізеді. Ол Отаншылдық сезімінің ұшқыны. Ақыры бақайшағына дейін қаруланып, жасанған жау ыза мен кек, намыс пен арға шарболаттай қайралған найза мен қарша жауған жебеден өлім құшып, жігер мен қайрат мұқалмай жасындай жарқылдады. Қанағатсыз әбден құнығып, тойымсыз қомағай көрсеқызар патшаның басы қанға тұншықтырылды. Содан бассақтардың басына қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнады ма? Оған дейінгі және кейінгі буындар басқыншылық пен жаугершіліктің не әкесін көрді. Түйткілі көп ұзынсалқар тіршілік кезінде шығыстан батысқа, қайтадан батыстан шығысқа қарай асау арнада талай буырқанып, “Ұлы көші-
қонды” өзегінен өткізген көшпелілер көші бір сәт тоқтап қалған жоқ үдеріп. Көптеген қымбат-қымбат қазына байлығы мен қызық-қызық ғажайып құпиясын тымпиып ішке бүккен төбелер, қорғандар мен қамалдар қаңырап құлазып қалды. Ата-бабалардың арыстандай арпалысқан айбары мен айбыны тігірсіз ұрпақтарына мардымсыз мағлұматтарда жұлым-жұлым болып жетті. Жиырма бірінші ғасырдың басында өркениетті өмірге өршелене дәмеленіп, үлкен үміт үзеңгісіне аяқ салып отырған бүгінгі буын сол қаһармандық салт-сана, әдет-ғұрып пен дәстүр тәлімін тегі ұмыта ма? Әмсе, Тұмар тақырыбы, оның аса күрделі уақыты бір туынды, бір жанр аясында шектелмейді. Бұл тарихи тақырыпты қаузай қопарып жүрек жұтқан батылдық танытып, тұңғыш рет бағзы заман хикаяларын шертіп, жан бітірген марқұм Болат Жандарбековтың әлі лайықты бағаланбаған “Сақтар” дилогиясында шындық шырайына шіркеу түсірмей, махаббатқа мәйін мінездеме береді. З.Қыдыралина “Томирис” поэмасын, Шаһимардан осы адас пьеса жазып, Д.Стамбекұлы толғау тудырып, жазбагер М.Барманқұлов қысқа қайырымдар қайырса, тарихшылар Ә.Хасенов пен Б.Албани өз еңбектерінде Тұран көшпелілері тәңіриясының қаһармандығын қал-қадари паш етеді. “Қазақтар” анықтамалығы аз болса да Тұмар ханымға тоқталып, назар аудартады. Демек, бұл бағыттағы сең сөгіле бастағандай. Қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайын Ахеман әулетінің әптер-тәптерін шығарып, әбден әбігерге түсіріп, тобасына келтіріп, бүкіл парсы топырағын табанына таптап, жұлдызды түндерді жамылып, Яксарт жағасына жетіп, жүрегі шайлыққанға дейін шамасы екі ғасырдай бұрын болған бұл оқиға әркімді масаттандырып, мақтаныш сезімін оятады. Тұмар патшайым аяулы атамекенді көз қарашығындай қорғап қана қойған жоқ, астамшылықпен келген басқыншыларға мәурітімен күйрете соққы беріп, елінің асқақ рухын асқақ биік көтеріп, жеңістерге жігерлендірді. Керек болса, ол да қалжа жеген анадан туып, тұяғымен жер тарпыған тұлпар
тізгінін ұстады, жер құшып, бақыт бесігін тербетіп, перзент сүйді. Әсіресе оның тақтайтөс перизаттардан тұратын атты әскері дұшпандарға қорқыныш ұялатып, үрейін ұшырып, қашақтарды қашыра тітіркендіріп тұрған жойымпаз күш еді. Сары жебелі садақ тартуға ыңғайлы болсын деп бір анарын кесіп күйдіріп, ер үстінде әбден машықтанған сұлу жыныс өкілдері кілкіндей хас жауынгердей қанына қатып қарайса, қаһармандықпен жасындай жарқылдап, арыстандай айқасып, жолбарыстай жағаласып, қабыландай ғажап қайсарлық көрсетті. Қазір соншама сонау ертеде болған аяусыз қанкешудің бар-бәрін қаз-қалпында көз алдына келтіру мүмкін емес шығар. Қаншама қыршын қызғалдақтар өмір өртеңінде қайта қаулады. Талай түн мен күн беймаза күй кешкізіп, найза мен қылыш белден, арғымақтар белдеуден кетпеген заманда Тұмар патшайым бас болып, елі мен жерін аман-сау сақтап қалу үшін аса қайрат қажырлық пен санаткер сабырлылық керек ететін қарсы қарымта қимылға барғаны байқалады. Өңмеңдеп келе жатқан Кіршашқа Тұмар патшайым қатты қолқа салып, парасат пайымға жүгінуді тілейді. “Басқа елдің қажеті жоқ, бірақ көгілдір күмбезді көгі бар бетегелі боз даламызды біз ешкімге де бермейміз”,– дейді ол мәмілеге шақырып. Ту-талақайы шығып, дегбірінен айрылған парсы патшасының тар маңдайы тасқа тимей қайтпайтын еді. Тайыз таным ұрдажық әлімжеттік әрекетке итермелеп, қара күш көрсетуді көздейді. Дала аруы сондай оқшау қимылқозғалыстан сақтандырады: “Мидия патшасы! Райыңнан қайт! Босқа әбігерленіп қара тер болып салдырып жатқан көпіріңнің қара басыңа пайдаға не зиянға шығатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Бұныңды доғар да, өз патшалығыңды биле, біздің өз жерімізге иелік етіп, тіршілік еткенімізді көп көрме. Әлбетте, бұл кеңесімді құлаққа ілмей, өзім білермендікке салынып, арамыздағы тату-тәтті қарымқатынастарымызды бұзарсың. Бассақтар жеріне басып кіруге соншама құмар болсаң, арам-тер көзбояушылық жасап, көпір салмай-ақ қой. Біз үш күншілік қашықтыққа
шегінеміз, сен өзеннен жайбарақат өт. Ал егер сен өз жеріңде бетпе-бет кездесуді қаласаң, онда біздің айтқанымызды істе”. Отан қорғау қай кезде де азаматтық парыз. Бассақтар патшайымы соны бес саусақтай жақсы біліп, әдеп пен әдеттен аттамағаны қандай! Сол шақта Үстіртте аң аулап, құлан қуып, киікті кимелеп, саят қызығына түскен басқа бір сақ әміршісінің әйелі Зарина да ең алдымен қоңсылар татулығын ойлап, жер тағдырына алаңдап, өзін құрбандыққа шалып, құбылысқа немқұрайды қарай алмайды. Кикілжіңге киліккен екі жақты да басын бәйгеге тігіп, бейбіт бітімге шақырады. Өмір өнегесінің бұдан артық үздік үлгісі бола ма? Күнгейдегі қызылбастар жерінен кеудемсоқтықпен келген жау жасақтарын қу медиен шөлге бастап әкеліп, тығырыққа тіреп, көзсіз ерен ерлік көрсеткен шырақтың да қырдағы қаһармандығы сахара сайын батырлық жырының алтын қайнарындай. Тұран топырағы ондай-ондай елі үшін еңіреген ерлердің толыққанды тұлғасын тәрбиелеп, ұйпадарлы ыстық ұядан ұшырды. Ал Тұмар патшайым сол жердің отын оттап, суын ішті. Ерлік үрдісімен емізіліп ержетті. Сондай сүйіспеншілік пен махаббат арқасында ашкөз ата жаудан да қыңбайды. Бұл бұрын кісі естіп, көз көрмеген өжеттікті сезінген парсы әскербасысы Крез Комбисұлы Кірге қайта-қайта құйтырқы ақыл қосады: “Патша ағзам! Зевс құдай мені құзырыңа тәуелді қылып бергелі қолымнан келгенінше қауіп-қатерден жан-тәніммен қорғауға ант-су ішкем. Тіршіліктен түйген ащы кермек тәлім бір басыма жетерліктей. Егер сен өз басыңды да, әскерлеріңді де жазмышқа тәрк етпей ажалсыз деп білсең, менің кеңесімнің саған зияны бола қоймас. Ал жазатайым өзіңді қарапайым ажалды пенделердің үстінен әмір жүргізетін ет пен сүйектен жаралған жай адам санасаң, алдымен мынаны көкейіңе түй. Аумалы-төкпелі өмір тұрлаусыздығы сол – жалғыз бір жан мәңгі бақытты бола алмайды. Алдымыздағы тәуекел іске келсек, менің пікірім сенің жақсыларың мен жайсаңдарыңның діттегенімен бірме-бір сәйкес келе
бермейді. Жауды өзеннен өткізіп, жерімізге аяқ бастырсаң, төбемізге әңгіртаяқ ойнататын қауіп-қатерді басыңа тілеп алғаның. Жеңілсең – мемлекет мүлде біржолата жойылады, жеңіске жеткен бассақтар жалт беріп кері қайтпаса, иелігіңе тереңдеп енері – басқа киген бөріктей. Өзің жеңіске жеткенмен, жауды туған топырағында жер жастандырып, талқандап, өлімсірете өкшелей қуғандағыдай жеңіс бола алмайды”. Қалай дегенмен, бассақтардың күні туып, жауды жеңді. Жасампаздық пен жеңімпаздық салтанат құрды. Тұмар патшайымның да тұлғасы одан сайын тартымды болып биіктей түсті. “...Қапшығынан Кіршаштың басын суырып алды. Ол патшаның жартылай жұмылған көзі мен көгеріп кезерген ерніне барлай байыппен қарап, ұйпа-тұйпа шашынан ұстап тұрып, баяу күрсініп, құмығыңқы дауыспен үн қатты: – Әлем әміршісі, сен шын мәнінде қатерлі қас дұшпан едің. Мен сені, лайықты қарсыласым, ең қымбатты сүйіктімнің қанына тұншықтырамын. Тұмар ханым Кіршаштың басын жоғары көтеріп тұрып, Фархадтың қолынан месті алды. – Бассақтар! Патшайымдарың сөзінде тұрды. Сен, парсылардың патшасы, қанға шөліркеп келіп едің, енді мейірің қанғанша іш! Сөйтіп, Тұмар ханым Кіршаштың басын мөймілдеген қан толы меске сүңігітіп жіберді”. Тарихи роман осылай аяқталды. Ол туған топырақ үшін қандай ауыр болсын құрбандықтарға дайын еді. Айқаста күйеуінен, тұтқынға түскен баласынан айрылды. Бірақ Отан дейтін ұлы ұғым бәрінен де қымбат болатын. Азаттықтың ақ таңы әлі алыс еді.
НАҚСҮЙЕР Адамзаттың тым ұзақ тарау-тарау тарихында ондай қайталанбайтын сайқал сұлу да нәзік жыныс өкілі болды ма, жоқ па бұны жер басып жүрген ешқандай жұмыр басты пенде айтып бере алмайды. Алайда, ол өмір сахнасындағы өз ойынын от шығармай шебер алып шығып, әлем аңызындағы ең әйгілі әйелдердің біріне айналды. Адамның бар-бар қысқа ғұмыры бақ пен сордан түзіледі десек, тіршіліктегі бұйырған тұз-дәмін лайықты тауысты. Не киіп, не ішемін демеді: кебін кигенше үлде-мен бүлдеге оранды, сән-салтанатты жақсы көрді, кесірленіп кесе көлденең тұрғандардың көмейіне құм құйды, тақ пен тәждің арқасында емін-еркін дәурен сүрді. Ешкім оны хор қызына баламайды. Періште де, пері де емес. Әйтсе де аңыз бен ақиқат араласа жеткен лебіздерде биік билік басына ерте келген қызға тәңіриядай тамсанбаса да қалыс қалып жек те көрмейді. Оның етжеңді, құс тұмсық, тапал, баланың жұмыр білегіндей иегінің кемиек екенін суреттейді. Кім біледі, көзкөргендердің қателесуі екіталай. Біреуі асыра, ал, біреуі басыра бейнелейді. Батыс пен Шығысты күштеп некелестіріп, ойкуманаға дейін мызғымайтын ұлы мемлекет құруды аңсаған аса жойымпаз жаугер Ескендір Зұлқарнайын Бабылда қыршынынан қиылғаннан кейін (небәрі отыз үш жас) тез ыдыраған орасан патшалықта талас пен бөліс басталып, мәйіттің топырағы кеппей жатып, жас билеушінің бала кезден тай-құлындай тебісіп бірге өскен Лаза Птолемей өз қалауынан ежелгі Египетке көз сүзіп, жаңа бір әулеттің іргетасын қалады. Ол басқа әскербасылардан жасырып, ұлы Александрдың жауһар мен гауһар өрнектеген табытын Александрияға әкеліп қойғаны айтылады да із-түзсіз жоғалып кетеді. Оны ең соңғы рет Юлий Цезарь көрді деген қауесетті де құлақ шалды. Әлде бұл тағдыр тәлкегі ме, сол Птолемей
Сотердің (“құтқарушы”) он екінші ұрпағы Клеопатра VII (б.д.д. 69-30 ж.ж.) есімі зерттеушілерді енжар қалдырмай келеді әлі. Көне Грекияның орасан ойпазы Плутарх (б.д.б. 45-127 ж.ж.) бәрін екшей келіп, елу адамның ғұмырнамасына тоқталып, сол салыстырмалы теңдесі жоқ еңбегінде кейбір күрделі мәселелердің себеп-салдарына үңіліп, айшықтап таратады: “Бір бұл әйелдің сұлулығы өзіне тәнті етіп, таңдай қақтыратындай емес еді, дегенмен, қарым-қатынасы, жүрістұрысы айрықша болатын, сондықтан түр-тұрпаты сирек ұшырасса да, бұлтартпайтын ой тұжырымдарға сәйкес әрбір сөзімен, әрбір қимылымен ерекше әсерге бөлеп, жанды баурап, жүректерді түпкілікті жаулап алатын. Дауыс әуезесі бойды балқытып, бипаз бұлбұл үніндей естіліп, тәтті тілі де әңгіме ыңғайына қарай нақпа-нақ үйлесіп, көп ішекті саз аспабында сиқырлы болатын... Кез келгенмен тез түсінісіп, тек анда-санда ғана тілмәш арқылы сөйлесіп, өзі жиі-жиі жат жерліктер – эпиоптар, троглодиттер, жөйттер, арабтар, сириялықтар, индийліктер, парфяндармен емін-еркін араласа беретін...” Балғын бойжеткен атасы негізін қалаған атақты Александрия кітапханасына барғыштап, мәдениеттің уызына жарып, рухи құндылықтарды терең бойға сіңіріп, мемлекет пен халық, тобыр мен тұлға һәм билік басындағылардың қыры мен сыры мен мінез-құлқын, өресі мен өрісін, пайымы мен пиғылын зейін қоя зерделеп, үркердей зиялыларды қадырқасиетімен төңірегіне топтап, үйрену баспалдақтарынан бас айналдырарлықтай жылдам өтті. Оның қолтығына жел беріп, дым бүркіп жүрген не еді? Клеопатраның өзімшілдігі өз алдына, жан-жақты білімдарлығы, парасат патшалығына лайық жаратылысы бөлек жан болатын. Оқыста ой оралғанда: “Бір әйелдің мекерлігі қырық есекке жүк болыпты” деген Шығыс даналығы еріксіз еске түседі. Солай ма, әлде басқалай ма, әйел әлемі өзіне тарта берді. “Әкесі жағынан әйгілі” ақсүйек тұқымы ойына келгенін істеді. Бұл мекерлік пе, аярлық па, әлде құшаққұмарлық па, жоқ шынымен шынайы махаббаттың өзі ме? Бойжете
бастағаннан бәрі де Клеопатраның тал бойында ұштасып, ыңғайға қарай тартымдылығы көз тартып, жаны жарқ-жұрқ етіп, жанартаудай жарқылдап жататын. Әйтпесе ықыласы ауған еркеккіндіктілерді Цезарьдан бастап, қалай айтқанына көндіріп, айдауына жүргізеді? Бұлғақтап өскен бұла бойжеткеннің шыли шікамшыл еркелігін кім көтеретін еді? Әкесі өлісімен балиғатқа жаңа жеткен ұрғашы сол әулеттің ақылға қонымсыз заңымен он алты жасында он үштегі жарыместеу, денсаулығы әлжуаз інісі Дионис – Птолемей ХІІге тұрмысқа шығып, қосамжарланып таққа отырды. Жарық шалғанға Венера теңіз көбігінен, Клеопатра кілем орауынан шықты. Қол астындағы бұратана елдерден ақша өндіруді сылтауратып, Египетке келген оң-солына зәр шашып тұрған күшті Римнің императоры, құдіретті қолбасы Гай Юлий Цезарды иліктіріп, толған айдай толықсыған келіншек ел-жұртын жанымен де, тәнімен де қорғап құрбандыққа шалынғандай. Сенімді құлы Апполодарға кілемге оратып, Клеопатра өзін Цезарьға тарту-таралғы еткізеді. Оны қарсы алып, қошеметтің көкесін көрсетіп, Ніл бойымен екі ай жүзіп, төрт жүз кеме көл-көсір сый-сияпатпен һәм сән-салтанатпен олар қайтып Александрияға оралады. Серуен сергіткендей. Клеопатра іле-шала Римге келгенде қисапсыз асыранды құралай еріп, күркіреген қабыландар қолбала күйі жетекте жүрді. Өзі алтын күймеге тақ орнатқызып, сан мыңдаған нөкерімен кербездене керілді. Билеуші де оған қарыздар болып қалмағандай жарлығымен Шолпан ғибадатханасына нақсүйерінің алтын мүсінін қойғызып, айды аспанға бірақ шығарды, Тибр жағасындағы зәулім жайлы тұрғынжайға жайғастырып, үлкен сый-сияпат жасатады. Алпысты алқымдаған әміршіден Клепатра ұл тауып, есімін ПтолемейЦезариан қойғызды. Қарсыластары соны пайдаланып, әртүрлі өсек-аяң таратып, ақыры 44 жылғы 15 наурызда ол сенатта қастаңдықпен өлтіріледі. Артынша жауласушы топтар арасында шөре-шөре пұшайман күй кешкен келіншек қара жамылып асығыс Египетке оралады. Бірақ, көздеген мақсатына жетпей қоймайтын Клеопатра маңдайы
тасқа тигендей болса да патшалықтан күдер үзбейді. Көп ұзамай, айла-шарғымен Римнің тағы бір әскербасы Марк Антонийді бас игізіп, жас күйеуге шығады. Одан үшем көріп (Александра, Клеопатра мен Птолемей), дәурен сүріп, дүниені беймарал сапыра шайқап, айналаның астаң-кестеңі шығып жатса да көзге ілмеді. Антоний болса оның ныспысын жауынгерлерінің қалқанына қашаттырып, алтын теңге соқтырады. Шығыстағы жеңісінен кейін абыройы асқақтаған Антоний оған Кипр, Киликия мен Финкияның тартутаралғы жасады. Мысыр патшайымы махаббат машақаты мен мерекесі үстіне тіпті мейманасы асып, масайрады; бірде мәйін мінез танытса, енді бірде жауырынан сипатпай, ешқандай қылбұрау құрық түспеген асау тарпаңдай тулап қиғылық салды. Масаң күйінде құлағындағы дүниедегі ең қымбат сырғаны жұлып алып, ертінді шарапқа салып, сіміріп ішіп қойып, еркетотай тіпті шектен шыға жүгенсіздік көрсетеді. Кейде түнде өзі күң болып, Антонийге теңізші киімін кигізіп, бейуақтағы Александрияны қайыршылардай аралап, қаланы басына көтеріп, даңғазаға айналдырып, әптер-тәптер ететін. Бұндай ерсі қылықтар дағдыландырып, әбден мезі болған александриялықтарға ұнай қоя ма? Сондай сәттерді жіпке тізіп, сарайдың және бір серкесі әтек Потин арандатып, наразыларды ұйымдастырып қарсы айдап салғанмен жазалауға ұшырап кете барады. Болашақ бәсекелесінің қарындасы салихалы Октавияға үйленуге мәжбүр болса да Антоний құмары тарқамай, тіпті өзін қанжармен жарып жіберіп, Клеопатра құшағында көз жұмады. Асқанға да тосқан болып, сазай тартады. 31 жылғы 2 қыркүйекте (б.д.д.) Акциум мүйісіндегі айлақта болған теңіз шайқасында мүлде жеңілген Клеоптра жағы өзін улы жыланға шақтырып, бақилыққа аттанып, өгей өмірдастанға леп белгіге бергісіз нүкте қояды. Әрине, билік жүрген жерде безбүйрек зұлымдық пен қаскөй қатыгездік болмауы мүмкін емес. Тақ пен тәж жолы – тар және тайғақ. Онымен бірге қулық-сұмдыққа да найза бойламайды. Ішіне шынатақ айналмайтын Клеопатра
сол үлкен мектептен өзімшіл өркөкіректікпен өтті. Бір емес, өзінің екі бауырын тажалға тосып, кіші төңкерісші Помпейден жерініп, Цезарь қастандықтан қаза тапқаннан (бұл топтың арасында атақты ділмар Цицерон да болатын) кейін Антонийдің де түбіне жетіп, туған сіңлісі Арсиноэға да көлеңкесі түспей, араша болудан әдейі бой тасалап, бәрінің басын жұтып, ақар-шақар болып жататын әйел әлемін айшықтап әйгіледі. Бірде ақылмен, ал, енді бірде айлашарғы арандатумен әккі болған ол анаған да, мынаған да тұзақ құрды. Текті әулеттің тұяғы сөйтіп адамзат тарихында қарама-қайшылықтарға толы күрделі тұлға болып қалды. Бұл “Еркек әйелді шөл далада келе жатып кенезі кепкен жолаушы секілді сүйеді. Оның ынтығын басқаннан өзге дүниелерге назары ауып кететіндігі сондықтан. Ал, әйелдің махаббаты ашық далада келе жатып ыстық күннің көзінен қалқа іздеген сапаршыны еске түсіреді. Басына қалқа, жанына қажетін тапқаннан кейін де оның махаббатының бір сәт кемімейтіндігінің себебі осындай” деген қытай даналығына жан бітіре түскендей ме, қалай? Әсте, әйел жаны нәзік, тұңғиық. Оған ешкім күмән келтірмейді. Бір бойжеткеннің бойынан Баянның биязылығын, Қызжібектің қырмызы мен қылықтылығын, Ақжүністің ақ жанын, Назымның назеркелігін іздей беретініміз сұлулыққа іңкәрлікті меңзейтіндей. Бастапқыда адам баласының екінші жартысын мүсіндегенде жаратқанның солай күрделі әрі нәзік етіп бейнелегені сезімге сәуле жүгіртеді. Ал, енді айналада әдемілік анталап таң шығындай мөлдіреп тұрғанда арбалмай көр! Хош иісті шөп пәркі мен жасыл желек жапырағында жаңбыр тамшылары қалай жақұттай жанып, меруерттей жарқырайды зер шашақтар төгіліп. Миуа қалай уылжиды! Нәркес көзді сұлу қалай назданады! Паһ, шіркін! Әйел жанының әсемдігі, шашының емес ақылының ұзындығы Хауа ана заманынан бері жыр мен сырға тектен тек арқау болып келе жатқан жоқ. Арада ғасырлар өтсе де Клеопатраның есімі ұмтылмайтындығында заңдылық жатыр. Тұмар ханым, Жанна д’Арк және басқалар мақұл.
Сондай-ақ болсын, Клеопатра қандай ұлы істер атқарды? Қалай дегенде де қылықты келіншектің құрығы ұзын болып шықты. Ырғын еркектің көңілін табу оңай ма? Жалпы, Клеопатраның келбеті келісті. Оның тылсым тұлғасы, жұмбақ жаны, өрекпулерге толы өмірі мен тамаша тағдыры осы күнге дейін әлі бұрынғы-соңғыларды неге мазалап қатты қызықтырып келеді? Әдебиетте оның бейнесін алдымен У.Шекспир, Б.Шоу жасады, өнерде П.П. Рубенс, Д.Тьеполо бұл тақырыпқа арнайы қылқалам тартты. ХХ ғасыр ең үздік саңлақ сахнагерлерінің бірі Элизавет Тейлордың бірнеше сыйлық алған “Клеопатра” фильмінде кейіптегені танымды тереңдете түскендей. Қазақ қыз-келіншектерінің бүкіл болмысын нәзік біліп, шебер бейнелейтін сарабдал суреткер, академик, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов “Қозыкөрпеш – Баянсұлу”, “Қызжібек”, “Ақансері – Ақтоқты” драмаларын, “Ұлпан” романы мен аналар жайындағы топтама әңгімелері, Әппақ, Майра, Күләш туралы толғамдарын тудырған Жаһани жазушы құпия қойындәптерінің бір бетінде Клеопатраны аяп, уәйім жегізеді, опындырады. Өзекке өрт түсіріп, ой толғайтындар тек жалғыз солар ғана ма? Қазақ қаламгерлері Зейнолла Шүкіров, Дәуітәлі Стамбеков, Сауытбек Әбдірахманов, Темірақын Жақып және басқалар әр кезде, әр жанрда бұл тақырыпты толғап, айналып кете алмады. Қайран Ғабең тағы бір тұста: “Әйелге еркектің, еркектердің таласы талай жазылды. Әйелдің еркекке таласы әлі жазылған жоқ. Бұл тақырыпты мен ептеп сезінсем керек: арнаулы тақырып етпегенмен бір сүрлеуге қоса кету дұрыс болар” деп ақтарыпты жан сырын. Базбірде билік безбүйректік пен бойкүйездікке бастайды. Солай, құлағы тыныш, әрине. Қарақан басын қанша ойласа да Клеопатра қыр соңынан құлғанаша қалмаған құдіретті Римнің құрған қақпанына тап болды. Екіұдай күй кешті. Акциум айлағында болған ақырғы шайқаста Август жасағынан мүлде жеңіліп, тақ пен тәж қараң қалып, өмірден опа таппай баз кешті. Қолында өлшеусіз билігі бар нысапсыз
әйелдің ашкөз араны барған сайын ашыла бастағандай еді. Тегеурінді тақымына қарамай асау арғымақ жалт етіп тастап кетті. Даңқы дүрілдеп тұрған Рим мен тізе бүккен Грекия, Египет арасына салқындық сызаты түсіп, сына қағылды. Саяси сахна жабылып, бұл оқиғалар Клеопатра қазасын тездетті. Арттағыларға аяқталмайтын ақиқат пен аңыз қалды. СӘУКЕЛЕ Ешқашан нағыз тарих тек бірақты түзілмейді. Оның есімі дала көшпелілерінің сана сұлулығын ертеден сәулелендіріп келе жатқаны болмаса, сына тастардағы жазулар түу әріден бастау алғанның өзінде қолға ұстатқандай дерек көзі мен мағлұматтар аз. Сондықтан ол туралы ақиқаттан аңыз көп. Ғашығын іздегендер қисапсыз, бірақ мөлдір махаббат жолында шыбын жанын шүберекке түйіп, құрбан болу жалғыз Айшабибінің маңдайына жазылғандай. Сәл-пәл өзгергені болмаса, дала самалы сондағыдай гулейді, құстар әні сондағыдай алтын бесікті тербетеді, адамдар туып, атжалын тартып мініп ержетеді. Түз төсінде төл асыр салып, ботақан аяғын апыл-тапыл басып, құлыншақ аңыраған желмен жарысып, қырмызы гүлдер ашылып, дүние бір шырайланып, думанға толады. Па, шіркін!.. Уақыт пен кеңістікті көктей өткен көшпелілердің тұлпар тұяғымен жазылған тарлан тарихында ай десе аузы, күн десе көзі бар небір арулардың өмір сүргені ыждаһатталып қағазға түспесе де, жүректерде жаңғырығып жатыр. Дәуірлер мен дауылдар мүжіген керемет кесененің қас бетіндегі кестеленген ой мен сезім айшықтары соның ұшқындарын ғана жеткізеді. ...Күз. Бұлт. Неткен аруана жер! Тіршілік толқындары мәңгі тоқтамайды. Бала кезде
айналаның бәрі тап-таза, мөлдір, қулық-сұмдықсыз пәк көрінетін. Ақсақалдар сырттағы Көктөбеге шығып алып, жантайып жатып, “жығылсаң жер көтереді” деп ауылда балаларды бір-бірімен күрестіретін еді. Сөйтсе, бұнда да тәрбиенің үлкен мәні бар екеніне кейін көз жетіп жүр. Арман сүрлеуі жетелеп, жолдарға, олар заңғылдарға ұласып, асыл мұрат биіктеріне бастайды. Оны да қыста қалың қарды омбылап, көктемді іздеп келе жатқандай күй билеп, Шалғайдағы Шыршықтан шыққан қоңыраулы көш қарақошқыл жартастарды артта қалдырып, жасыл әлемді қақ жарып, қараағаштар көлеңкесін ұзарта бастаған бесін әлетінде ойға құлап, қапырықта тау өзенінің жағасына тоқтап, алқалы топ “уһ” деп бір дем алғандай қоналқыға аялдады. Күн төбеден ыстық табада шыжғырғандай кенезе кеуіп, әншіні қуырып барады. Шаш шаһарының ұлпа таңы кете қоймапты әлі. Жолай Шым қамал мен Исфиджап та күптігей көңіл толқынын баса алмағандай. Серіктері Кәусар суға бас қойды. Қыз жаны беймаза күй кешіп, әлденеге қабаржып, алаңдай береді. Жалбыз бен сыз иісі қоюлана түсіп, шағыр жусанның кермек дәмі қолқа атты. Сәнді талдар иығына қалың түскен майда жапырақтарын жамыратып, Тәңіртау жақтан соққан самалға сыбдыр қаға сылаңдап біртүрлі сыңсығандай. Сәукелелі жас сұлу су жағалап кетті, бас киімін шешіп, жеңілденіп, көк барқыт қамзолының түгі күн сәулесімен сан құбылып, жалт-жұлт етеді. Ол жайлап жуынып-шайынғанда шәйі көйлегі судырап бүрмелі етегі төгіліп тізесін жапты. Күз күнінің кемпіршуағының шоқтай қызуы балғын денесін одан сайын балбыратып, сары майдай сарытап сағынышын ерітіп жібергендей. Салқындағысы келді. Қалың қамыс тасалап, үпелегі үлбіреп, өрекпіген өзеннің арғы бетіне қарады. Жарлауыттан жайпауыт іздеп, мөлдір суға айнадай үңілуге шақ қалғанда, күнге шағылысқан аппақ білегіне оқ жылан атылып, оратылады... Аңыз бойынша, Айшабибі солай ажал құшады. Ал ақиқат қандай?!. Егер шынымен Зеңгібабамен (Айқожа) ілік-шатысы болса (кей деректерде Айшабибі сол кісінің
өгей қызы дейді), оны әлі де байыпты зерттеп, арақатысты аша түскен абзал. Шәкірті Тынжы (сиыр) малының атасын өлер алдында ұстазы Сүлеймен Бақырғани шақырып алып, әйелі Әнуар ананы аманат етіп тапсырып, батасын береді. Қыз әжесі Ұлықпатшаның да мазары Ташкенттен батысқа қарай 30 шақырым қашықтықта жатыр. Ат тұяғын тай басатындай, С.Бақырғани болса Құл Қожа Ахмет Иассауидің тәлім-тәрбиесін алып, Ислам дініндегі сопылық сарынды тереңдетер үрдісті ілгері жалғап әкеткен ақын. Оның қаламынан туған ошақтың үш бұтындай “Бақырғани”, “Хазірет Мариям”, “Ақырзаман” көне қыпшақ тілінде жазылған жәдігерлер. Жеме-жемге келгенде бұл кезде, яғни С.Бақырғани 1186 жылы қайтыс болғанда Еуразияның біраз бөлігін шұғыл шабуылымен шаңға бөктірген Шыңғыс хан мемлекеті де нығаю жолында болатын. Сол үшін оны баз бір ғалымдардың Алтынорда әдебиетінің өкіліне жатқызуы жаңсақ. Бұлар дүниеқоңыздық сасық байлықтан бас тартып, тылсым тағдыр мен тәтті тіршіліктің қызық-шыжығын тәрк етіп, баянсыз күйбеңгершіліктен баз кешіп, таза тақуалықты уағыздайды. Қолдан келсе кембағалдар мен мүсәпірлерге рахымшылықпен көмектесу азаматтық парыз. Құдайдың құдіреті Хор қызындай болып, маңдайына күн тимей бұлғақтап өскен бойжеткен Айшабибі (Бибіғайша) мүлде беймәлім бекзат бейне. Ол Низамидің аппағындай қыпшақ жұртында туып өсті. Келешек келін болып түсетін жері де Қарахан әулетінің қасиетті топырағы. Айша (өмірге құштар, іңкәр – арабша) өмірін зерттегендер оның ХІІІ ғасыр аяғына таман дүниеге келіп, тым ерте қайтыс болғанын айтады. Бұл аса күрделі кезеңдер көшпелілер өзара дай-дай болып, нақты әлі бір дінге беріле мойынсынып болмаған еді. Бірде Айшабибінің кесенесін Темір әмір өз балдызына салдырды десе, енді бірде Зеңібабаның өгей, С.Бақырғанидің бел қызы деп сан-саққа жүгіртіп, бір мәмілеге келмеуінің мәнісі осында жатқандай. Ш. Уәлиханұлы, В.В. Бартольд және басқа зерттеушілер Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата, Сүлеймен Ата, Бақырғани Ата), Зеңгібабаны айтқанда тақырыпты
онша тереңдетпей төңіректеп, бетінен қалқып, жеңіл-желпі сырғытып өте шығады. Әсіресе, неміс текті орыс оқымыстысы күллі Кіндік Азия мен Қазақстанның даласы мен қаласын, Ташкент (Шаш), Исфиджап (Сайрам), Түркістан (Иассы) мен Таразды түгел қамтып, оның ішінде айрықша Қарахан әулеті жайында жан-жақты толғап, бүге-шігесіне дейін тәптіштеп жазса да (тек V-томның өзінде 30 рет), Айшабибі хақында тиянақтап қиуын келтіріп, ауыз толтырып лебіз білдірмей, ат үсті ой айтатыны өкінішті, әрине. Жазбагер Б.Әбілдаев қанша жақындатып тартқылауға тырысып, Сүлеймен Бақырғаниға (әкесі) телісе де, бұл деректің әлі де күмәнді, дүдәмалдау шикі жағы көп. Шоқан “Қашғар күнделігінде” келтіргендей, Әнуар ана Арыстанбаптың алтыншы ұрпағы сиыр жайып, падашы болып жүрген күйеуіне (яғни Айтқожа – Зеңгі баба) түстін апарып жүрсе, оның ұстазы Сүлеймен Бақырғани, кейбір дерек көзіне сүйенсек, 1186 жылы опат болса, Айша бибінің әжесі Ұлықпатша мен туған бауырлары Ерқұбы, Ғабділмәлік, Әлиасқар да пәниде болып, бақилыққа аттанғандар. Бұдан, біз тіз-тірнектеп там-тұмдап жинаған мағлұматтарға қарағанда, махаббат шынарының он үшінші ғасырдың екінші жартысында ғұмыр кешкені байқалады. Бұл әлі ұлы далаға шаңды-шаңға қосып, жалпақ жазираны қанға бөктіріп, мың қолдар шапқыншылық жасамай тұрып, бірде Санан, енді бірде Қарахан әулетінің жеңіп, кейде итжығыс түсіп, хорезмшаһтардың нағыз дәуірлеп, төрт құбыласы сай шырқау шағы. Қарлұқтар мен қыпшақтар да оқтын-оқтын бір-біріне алакөзденіп, бас көтеріп қақтығысып жатса, қарақытайлар қиыр шығыстан, арабтар қайта-қайта оңтүстік батыстан шүйлігіп, өзара текетірес бір сәт бәсеңдемейтін. Бір таңданарлығы, В.В. Бартольд бұл кезең туралы “Қарақытайлар мен Хорезмшаһтар” деген зерттеуінде түбегейлі тиянақты тоқтамай, неге екенін қайдам, Қарахан әулеті жайында жалаң жадағай айта отырып, қасірет құрсауындағы қалыңдыққа қатысты негізгі мәселелерді айналып өтеді. Сонда Арыстан мен Айшабибі арасындағы ғажайып махаббат хикаясы қалайша орта жолда
үзіледі? Көкіректе шемен болып қатқан сыр ағыл-тегіл шертілмей ме?.. Сол көктем санаға өшпестей із қалдырыпты. Жазғытұрымға салым Асқар Сүлейменов, Аман Сейітқадіров (орыс тілді жазушы) үшеуміз Айшабибіге тәу етіп, сол атақты ауылдан кештетіп Таразға (ол кезде Жамбыл) оралған бетімізде біздер аялдаған мейманхананың бөлмелері жас жұпар иіске толтырып, гүл жауғандай десте-дестеге толып кетіпті. – Әкелген кімдер? – дегенде кезекші келіншек: – Әлгіде бір топ қыз-жігіт келіп кетті,– деп бәйек болып қалды. Бұл ілтипат бізге емес, махаббат әулиеханасының періштедей перизаттарына білдірілген құрметтей көрінеді. Әлі күнге дейін сол сапар жүректе жаңғырығып қайтақайта еске түседі. Жұлдызды түндер жәудіреп, аспан шырақтарының астында махаббаттың мәңгі ескерткішіне содан бері талай мәрте ат басын бұрдым. Кеудені біртүрлі асқақ рух кернеп, бір ғажайып күй билеп, ой қаумалайтын. Арманнан келген ару тағдыры толқытатын шығар. Олай болса, бұл дәуірдегі Қарахан әулетінің соңғы тұяғы қандай ғұмыр кешті? Алыстан арып-ашып келіп, махаббаты үшін ерлікке барған арудың арғы тегі кім еді деген мәселенің әлі басы ашық. Алайда шындық шырайына шіркеу түсірмеудің орнына кейбір тарихшылар өз зерттеуін тұлыпқа иіген сиырдай өз зерттеуін жалаң ауызға құрады. Егер Сатұқ Бура Қарахан екі ғасырға жуық өмір сүрген әулеттің нағыз түп негізін қаласа (бұдан бұрын бірінші болып Білге Құл Қазыр сондай әрекетке барды), Жүсіп Баласағұни (шамамен 1021-?) мен Махмұд Қашғари (10291038 жылдар арасында туған) да бұл қоғамдық құбылыс пен құрылыстан қалыс қалған жоқ. Түбі бір түрік әлемін аңсап, 110 жер-су атын, 40 ел мен тайпа, 262 мақал-мәтел 242 бәйіт түзген “Диуани лұғат ат-Түрк” туындыгері тыңға тұңғыш түрен салса, хас Хаджип ақын он үш мыңнан тұратын “Құт қайнарлары” кітабында сол кездің рухи тыныс-тіршілігін танытты. Қарахан әулетінің шығыс тармағын билеген кіші
ұсақ-түйек әміршілер Арыстан тегін аталса, батыс бөлігін билеушілер Бура тегін, илек лауазымын иеленді. Махмұд Қашғаридің өзі көрсеткендей, “Қаһания хандары Қара деген лақаппен аталады. Мәселен, Бура Қара қаһан деген сияқты”. Тарихтың талмауыр тұсында недәуір маңыз атқарған бұл әйгілі әулет өзінің арғы тегін Әбілқасым Фирдаусидің “Шаһнама” дәуірнамасындағы кесек кейіпкердің бірі Афрасиабтан (Алып Ер Тоң) тарататынын да ескерусіз қалдырмау керек екенін айту міндет. “Қазақстан тарихы” да, “Қазақ Кеңес анықтамалығы” түк жаңалық қоспай, тіпті Қытайдағы қазақ қаламгері Нығмет Мыңжан да “Қазақтың қысқаша тарихында” “1212 жылы Қарахан әулетінің соңғы өкілі Қылыш Арыстан ибн Қылышты Хорезмшаһтың әмірімен өлтірілгенін” тәптіштейді. Бұны С.Г. Кляшторный, Т.И. Сұлтанов та өз кітабында жоққа шығармайды. Айшабибі тақырыбына қайта-қайта қадалып қайырылғанда бұл тағы бір есте тұтатын жай. Қанша қазбалап жазғанмен, аңыздағы аруды Сүлеймен Бақырғани мен Зеңгібаба айналасынан алыстатпай қарастыру қалай? Қарахандар кезеңіне тоқталғандар Таразға қарай жол тартқан қасіретті қалыңдық туралы ләм-мим деп жақ ашпайды. В.В. Бартольд Сүлеймен Бақырғани, яғни Хакім Ата, Хәкім Қожа хақында Залеман және Комаровпен ашық пікірталасқа түскенімен Айшабибі жөнінде бір ауыз жарытымды сөз айтпағаны қалай? Шоқан да Әнуардың Зеңгібабаға артынан түстік апарып жүретіні жайында айтып, бас-басына балаларының ныспысын атап кетеді. Ол генерал М.Г. Черняевпен әулиеатада болғанда Айшабибі басына зиярат етпеуі және мүмкін емес, әрине. Ш.Уәлиханұлы неге алыс-алыс әпкесі туралы толғана жазбады? Біздің замандасымыздың ерте орта ғасырда өмір сүрген қыпшақтың аяулы қызын С.Бақырғани мен Зеңгібаба қанатының астында көргісі келетін талпынысы түсінікті. Бірақ бәрінің жөн-жосығы бар емес пе? Ешкім ешнәрсені қызғанып отырған жоқ. Академик А.Н. Бернштам, Алтынорда дәуірін бүге-шігесіне дейін зерделеп зерттеген, көптеген қазба
жұмыстарына кеңесші болған А.Ю. Якубовский, одан қалса 1885-1886 жылдары Тараз топырағындағы мұрағаттар мен жәдігерлерді зерттеуге ұйытқы болған Н.Пантусов Айшабибі атын онша атамайтыны ойға қалдырады. Тек Қарахан дәуірінің ескерткіштеріне тоқтала келіп, білікті зерттеушінің бірі Бабаған қатын кесенесін ХІ ғасырға (Саманидтер заманы) жатқызатыны неліктен? (Айшабибі мен Бабаәже қатын бір-бірімен ажырамас тұлғалар). Оны айтқанда да марқасқа маман ғимаратта Қапқаз сәулет өнерінің ықпалы бар деп жаңсақ жұмбақ әлемге жетелейді. Күтушісі Бабаәже болғанда Айшабибінің ғұмырын бері сырғытқанда не ұтамыз? Қанша құйма құлақ болғанмен бір мәмілеге келіп, ұтырлы уәжге тоқтау уәжіп. Бұндайда қарапайым есеп-қисап көп нәрсені аңғартып, сілемдерге сілтейді. Әгарки, Қожа Ахмет Иассауидің туған жылы шамамен ХІ-ХІІ ғасырлардың түйісі десек, оның ұстазы Арыстанбап, дау жоқ, оған бір табан жақын тұрмай ма? Айтқожа (Зеңгібаба) оған алтыншы ұрпақ туажат болып қосылса, орта есеппен арасында 200 жылдай мерзім жатыр, яғни ол бертініректе дүние есігін ашып, “Өзбекстан анықтамалығында” жазылғандай, 1259 жылы қайтыс болғаны жобаға келеді. Ал сопылық сарын сардарының шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың дүние салғаны 1186 жылы болса, шынында, Айшабибінің бесікте іңгәлап жатқаны қай кез? Ендеше аңыз-әфсанаға мейлінше иек артпай, ақиқатқа келгенде мүлде ақсап, мүлт кетіп, жаза баса беретінімізге жол болсын? Ш.Уәлиханұлы, Ә.Дибай, В.В. Бартольд ел аузында қалған-құтқан ұзынқұлақ сөзге аса мән беріп, түйсік таразысы солай қарай ауытқи беретіні қаперге кірмегені ме сонда? Ақ махаббаттың жұлдызды жолында басын бәйгеге тіккен арудың өгей әкесі Зеңгібаба қай жылы туған болып есептеледі? Бәрімізді толғандырған тақырыпты ешкім ат үсті таратып бере алмайды. Ендеше осы орайда сәл де болса сәуле себездететін іргелі ізденіске бастайтын мәліметтерге ғана сүйенуге мәжбүрлік туады. Тарих ары тазаның алдында шындық пен уақыт бетіне қаймықпай тура қарауды үйретеді. Осыдан біраз бұрын
белгілі маман И.Шәмшатов арнайы құптайтын мақала жазып, онда Алтынорда мен Қазақ мемлекеттілігіне қатысы бар үш Жәнібекті бір-бірімен шатыстырады. (Өкінішке қарай!) Амал қайсы, араласуға тура келеді. Алайда анау дұрыс, мынау бұрыс деп қыздың жиған жүгіндей бәрін текшелеп орынорнына қойып жанашырлықпен әділқазылық жасап жатқан ешкімнің жоқтығы қатты қарын ашырады. Ертегідегі ұдайы бір жағын ғана шалатын соқыр түйедей әр нәрсені бір бұтыпшатып тарихнамаға күмәнді тіл бітіру кімге пайда береді? Онсыз да осал түсіп, опық жеп жүргеніміз аз ба? Алыс та, қалыс та адамдар жазғанда оқтын-оқтын оған лайықты баға берілмей ме? Тарих қалаған кісі тақымға салып, әр жағынан тартқылай беретін көкпарға ешқашан сорпасы қосылмайтын зат. Зерек зерделі зерттеуді одан сайын тереңдетіп, қай тақырып болса да әділдік таразысына тартып отыру кемшін бізде. Әрине, тарихқа талас көп. Оған барған әркім жаңалық ашқансып, жалаңтөстеніп білек сыбанып шыға келеді. Бірақ оның да обал-сауабы бар емес пе? Шындық шырайына шіркеу түсірмегенде ғана ақиқаттың ала жібін аттатпайды. Ал геология-минералогия ғылымдарының докторы Ә.Байбатшаның “Қазақ даласының ежелгі тарихын” (“Санат”, Алматы, 1998 жыл) жазуын әркім әртүрлі қабылдады. Неге? Теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаев тарихқа барғанда оған біреу тоңтеріс қарады ма? Дәрігер генерал Санжар Аспандияровқа ше? Телегей теңіз білім мен біліктілік кімге де күмән келтірмейді. Басқа басқа, Ә.Байбатша әкесі мен баласының арасын 1000 жылдан аса уақыт салар ма еді? Қараша мен Бәйдібек ұлттың ұюына ұйытқы болып, дәулет пен сәулетті серік еткен тарихи тұлғалар. Жазбагердің жобасынша, Қараша би шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 530-604 ж.ж. ғұмыр кешсе, Бәйдібек араға аттай мың жыл салып, біздің заманымыздың шамамен VI-VII ғасырларында өмір сүрген болып шығады. Сөйте тұра, Ә.Байбатша, жазушы Е.Тұрысов “Бәйдібек” атты деректі хикаятында Қараша ұлы ХІ-ХІІ ғасырлар тұсында өмір
сүрген деген мәліметі де ақиқаттан алшақ. “Жас Алаштағы” бір мақаласында да Ғ.Елшібай дерек-дәйексіз бабамыздың бертінірек ғасырларда (VI-VII ғ.) ғұмыр кешкенін айтады. Өзгелерге құлақ асу қайда? Жазбагер Күмісжан Байжан “Жамбыл елінің жайсаңдары” (“Сын”, Алматы, 2003 ж.) атты кітабында тайға таңба басқандай етіп, оның 1356 жылы (Хижраның 131 жылы) туып, 1419 жылы дүние салғанын бір шама-шарқынша дұрыс жеткізгендей көрінеді. Біздіңше де, бұра тартуға мойын бұрғызбайтындай, бұл Бәйдібек уақытына бір табан жақын келетіндей. Сонда майдан қыл суырғандай бола қалған жағдайда, кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс? Қалай дегенмен, ол өз атасы Майман Майқыдан (Ол Шыңғыс ханның замандасы) үлкен емес. Қай кезеңнің болса да тарихын тек аңыз аясында түзуге болмайды. Неге екенін қайдам, біздің қара қылды қақ жаратын мамандарымыз соған тым әуес, негізгі тақырыптан ауа жайылады. Б.Әбділдаевтың да байыптылық пен тыңғылықтылығына еш күмін жоқ. ХХ ғасыр басында төңкерістен әлдеқайда бұрын “Туркестанские ведомостиде” қыз әулие туралы Ғалиасқар Калинин (?) мақала жазыпты. Бұнда да даусыз мағлұмат аз. Ал “Кастанье кітабында” Айшабибінің Измайыл Атаның қызы екені айтылады. Қайсысы сенімді? Әрқашан бізді халықтың табанына кірген шөгір маңдайға қадалсын деген ой мазалайды. Айшабибіні алақанға салып, қалай аялап, әспеттесе де жарасады. Оны Сүлеймен Бақырғаниға немесе Зеңгібабаға қимай отырғанымыз әсіре әбестік болар еді. Айшабибі тақырыбы тұқыртпай қиялға қанат бітіреді. Қанша қазбалап жазғанмен, Б.Әбділдаевтың аңыз аруын Сүлеймен Бақырғани мен Зеңгібабаға тели беретіні қалай? Күн көзін қолмен көлегейлемейтіндей, ақиқатты ешкім бүркей алмайды. Айшабибінің Қарахан әулеті өкілдерінің кейінгі біреуіне тұрмысқа шыққаны шындық. Сонда кімге? Тараздықтар мен онда келген қонақтар түгел табынатын Қарахан әулие мазары қашан және кімге арнап салынды? Бұның бәрі болашақ зерттеулер мен ізденістер жауап беретін сауалдар. Егер анық-қанығы болса, біздің ұлттық
тарихымыздың кейбір ақтаңдақ беттері айқындала түсер еді. Біздің де тілегіміз сол. Тарихқа әркімнің де таласы болатыны содан емес пе?!. ...Әйтсе де, толқындарын жарға ататын тіршілік тоқтаған жоқ. Махаббаттың мәңгілік жыры аяқталмайды. Қасіретті қалыңдықтың денесін жерге тапсырғанда күн бұзылды. Керімсал ішін тартып, ышқына-ышқына басылды. Бірауық терең тамыр тартқан тал-терек мұңайғандай жамыраған жапырақтары үнсіз аһ ұрды. Тау үстінде бұлттар тұнжырап тұрып-тұрып, қыстығып, өкпесін жазғандай әлдеқайда маңып бара жатты. Әлденеден секем алып, бұтақтан-бұтаққа ұшып қонған құстар қайта құйқылжытты. Өзен өкіріп, асау арғымақтай шапшыды. Қыз сәукелесі бір батып, бір шығып суда алыстай берді. Көкірегі күрсініске толы түз тынысы кеңейіп сала бергендей. ПАТШАЙЫМ Біздің бүкіл ұлттық байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, обыр құлқын қылғытып жатқанда бөркімізді аспанға атып, құр бос ерте алақайлап, айдалада далақтап жүрген жоқпыз ба осы? Сауысқанның сақтығы керек-ау шамасы? Және ешкім емес, қоңсыны құдай қосады. Жанағанына зәр шашып, жыртқыш екі басты самұрықтай ажалды жез тырнағымен шеңгелдеп, ашулы ақикөз аюдай батыс-теріскей көршіміз әлсін-әлсін әпербақан әлімжеттікпен әлсіздерді түртпектеп, сыныққа сан сапалақ сылтау іздеп, қанды көзін жиі алартып, керегесін кеңейтті. Алтынорда ыдырағаннан кейін бірте-бірте күш алып, біраз ұлыстар мен ұлттарға тізе батырып, оспадар отаршылдық қамытын кигізді. Шығыс бүйірден ашқарақ аждаһа елді қадалып қан қақсатты. Бірақ, бұлардан қайсы біреудің тұрмысы ғажап
түзеліп асып-тасып жетісіп, шүу қарақұйрық қара үзіп кеткені байқалмайды. Шықпа жаным шықпа деген ілекер ілдалда үмітпен олар да, басқалар да жалмауыз жаһандану жағдайында күн кешіп келеді. Адамзат өркениеті ұзақ та ауыр жолдан өтті, өте береді. Венесуэла Президенті Чавес шаптығып, Оңтүстік Америкадағы Бразилияға сапарында Ватиканның жаңа папасы Бенедит XV-ның бір ағат сөйлеуіне байланысты бұл құрылықтағы үндістердің жаппай қырылыпжойылғаны үшін еуропалықтар тұтас халық алдында кешірім сұрауы қажет дегенінде мәніс көп. Әне-міне дегенше уақыт үдеріп келешек көкжиегіне тартып барады. Өмір-өзен өтемөте өрекпіп жатыр. Әлемде өтіп жатқан кіші-гірім оқиғалар қоғамдық-әлеуметтік сала мен кездейсоқ құбылыстар ешнәрсені де айналып өтпейді. Солардың аясында Ресейде де өзгерістер, өсу мен өшу, ілгерілеу мен көткеншектеу, іркілістер мен ізденістер аз болған жоқ. Кезінде оны кім билемеді? Татар да, неміс те, жебірелі де, гүржі (грузин) де тәж киіп, таққа отырды. Әйтеуір, бір шүкіршілігі, үлкен шаңырақ әлі күнге дейін шайқалып құлап ортасына түсіп кетпей, әдірем қалмай келеді. Әркімнің соншама әкесінің құны қалғандай, биік билікке ұмтылатыны несі? Негізінде, көрші ақысы деген бар емес пе?.. Ал, жылғы маусымда Сарайдағы ішкі бүліктен кейін патшайым болып таққа тақымы тиген Ұлы Екатеринаның орны әлі үңірейіп тұр. Оны қанша саққа жүгірткенмен Петр І-ден кейін Екатерина Алексейқызы (1729-1796 ж.ж.) Отан қамын ойлап, ел бағына біткендей. Қарапайым кедейлене бастаған прусс генералының отбасында дүниеге келіп, пешенесіне отыз жылдан аса жат жұртты билеу жазылған келіншек шоқындырылғанша София-Августа-Фредерика, бекзада Ангельт-Цербская Балтықтың оңтүстік жағалауынан 1744 жылғы қыста жасау-жабдығымен Петербургке ұзатылды. Алғашқыда Нева жағалауында қапас тордағы тотықұстай қайта-қайта қапаланып күй кешті, патша көңілі көп қалып, ғазиз басын тауға да, тасқа да соқты. Жар қызығына онша жарымады.
Бірте-бірте Сарай төңірегіндегі сарсылтқан өсек-аяңға құлағы үйреніп, еті өлді. Ертелі-кеш жаны жұбаныш іздеп, тақ пен тәж түске кіретін болды. “Мені күстаналап, құлақ құрыш етін жемейтін құдайдың бір күні жоқ,– деп мұң шақты Екатерина.– Төңірегімде өсек-аяң өрбіп жүрді”. Сондай бір толас сәтті пайдаланып, ақсүйектерге арқа сүйеп, басын бәйгеге тігіп, төңкеріс жасап, штат қызы билік басына келді. Қиыр Шығыс қаламгері Всеволод Никанорұлы Иванов орыс астамшылығы мен шамшылдығын жасырмай, “Фике патшайым” хикаятында ақиқаттың ала жібін аттай алмайды. “Бәрі тап-тұйнақтай кешіп-пісілді: Тап бүгін Екатерина сенімді әскермен өз орнында істі бітіру үшін Петергоф пен Орениенбаумға аттанады,– деп жазды тарихшы-жазушы.– Ақырында ол жалғыз өзі билеп төстейтін ұлы елдің қожасы болды. Енді отыз бес миллион халыққа ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бірінші шіріген байдың өзі. Бір қасын кере көтеріп, тәкаппар сөйледі”. Шындығында, әйел патшаны бірінші болып көкке көтеріп, “Фелица” (латынша felix – бақытты) мадақтамасын жазған Гаврила Романұлы Державин болатын: Сол үшін Преображен полкінің бұрынғы қатардағы жауынгері алтын күлдеуіш пен 500 червонецпен ақшалай сыйлық алды, 17841788 жылдары губернатор, 1791-1793 жылдары Бас кеңсе хатшысы, 1801-1803 жылдары Әділет министрі қызметін атқарды. Айтпақшы, Екатерина Екінші күйеуі Петр ІІІні тыбыр еткізбей, оны үйқамақта ұстаған басқаларды да аз жарылқаған жоқ. Ағайынды бес Орловқа графтың атақ беріп, оған қоса Александр мен Григорийге 50 мың рубль ақша, 1000 шаруаны меншігіне ұсынды. Дашкова ханымға 25 мың теңге босатылып, Әулие Екатерина орденімен марапатталды. Адмирал Талызин омырауына ең жоғарғы орден Андрей Первозванныйды тағады. Болашақ генералфельдмаршал капрал Г.А.Потемкин Таврический атағын иемденіп, таныстыққа кең жол ашылып, әртүрлі сылтаусебептермен 15 мың кісі құлдық қамытын киеді. Соған қарамастан ол 1776 жылы патшайымға төсегін босатып
берді. Келер жылы қыркүйекте 150000, екі жылдан кейін несиеге 75000 рубль алса, зейнетақысы 75000 еді. Оған 1783 жылы тағы да қазынадан 100000 рубль тиді, тартутаралғыдан кенде етпей, бірнеше миллионға Сарай сатып әперілді. Және Бас қолбасшылықтан бас тартайын дегенде ақыл қосты: “Барлық кездейсоқтыққа көлденең қарсы тұрып, өз парасатың мен жаныңды шынықтыр, Сіз төзім арқылы жеңетінімізге сенімді бола беріңіз!”. Ол туралы патшайым және бірде: “Оһ, бұл адамның басы саф алтын! Ол бас және диюдай арбайды” деп айтып салуы нысанасыз атылған оқ емес. Екатерина ІІ бұған қарап төңірегіне өңкей жағымпаздар мен жандайшаптарды жинап алды деген ой тумайды. Патшайым сұмдық еңбекқор еді. Мемлекеттік істермен мұқым айналысты. Келген хаттардың көбісіне өзі жауап жазды. Қолы қалт еткенде әдеби шығармалар тудырып, сахна өнеріне көп көңіл бөлді. Әйтсе де көпке жағу оңай ма? Жаңа туындыларды үзбей қадағалап отыруы өз алдына, мәдениет дамуына аянбай ат салысты. Бәлкім, сол қадыр-қасиеттері замандастарына қозғау салып, шабыт та берген шығар. Бетің бар, жүзің бар демейтін жазбагердің атақ-даңқын дабырайтқан “Фелица” ордасының басталуы да оқыс: Қырғыз-қайсақ ордасының Патшайымы тәңір тектес! Ақыл-ойлар қордасының Ізгі ізі мәңгі кетпес Шығандауға ол жарады Ханзадаға жап-жас әлі, Қыдыр кезген сол араны Гүлге таныс тау-тас әні, Билеп рух, парасатты Кеңес тыңда сара сәтті. Басына бақ қонған Штеттиннің қаншырдай қатқан қызы сары қарын тартып байсалды бәйбіше бола бастап, билік емін-еркін тиген соң сайқал саясаты барынша пайдаланды.
Обалына не керек, оның уақытында Ресейге қару-жарақ күшімен, қоқан-лоққымен, алдап-арбаумен Солтүстік Қаратеңіз, Қырым, Кавказдың теріскей жағы түгел, Батыс Украина, Белоруссия, Литва жерінің біраз бөлігі қосылды. Тарихи Текенің Уральск, Ақжайықтың Орал өзені болып аталуы да осы тұс. Әр кезеңде И.А. Крылов, А.С. Пушкин, В.И. Даль, Л.Н. Толстой, В.Г. Короленко және басқалардың табаны тиген топырақтың ежелгі атауын өзгерткенде “әй” дер ажа, “қой” дер қожа” болмағаны өкінішті, әрине. Кейін әбден дәндеп алған олар Үйшікті Гурьев, Ақмешітті Перовск, Шымкентті Черняев, Майлыкент-Түлкібасты Ванновка деп атай салуы өзекке өрт түсірді. Бұл жағынан орыс патшайымы отарлаудың қыр-сырын тісқаққандықпен меңгеріп, содырлық пен сойқандықты одан әрі дамыта түсті. Ұшы-қиырсыз қазақ даласы қыспаққа ұшырап, жанжақтан – батыс, теріскей мен шығыс тараптан қусырылып, қос өкпесі тарыла бастап, талапайға түсіп келе жатты. Сан ұрпақ кеудесінде әлпештеп келген азаттық деген ұлы ұғым көзден балбұл ұшты. Соңынан құтырып, А.И. Солженицын, В.В. Жириновский, М.С. Горбачев және өзгелердің аузына келгенін оттап, сандырақтағаны сол көксеудің көкейін тесіп, ұлы көш-керуенге шәуілдеп үрген қандендердің қылығын көз алдына елестетеді, Қазақ мемлекеттілігі мен кең байтақ жерінен әйтеуір бір ши шығарып қалайын деген қара ниет пен қараулықтың нәтижесі. Іргемізді бекітіп, етек-жеңімізді түретін кез жеткен жоқ па? Бұлар неге оқтын-оқтын тиісіп, сол сорақы саясатты аңсай береді әлі? Сонда “бөлшекте де билей бер” деген қарасы батқыр науқанның қыр соңынан қалмағаны ма? Әрине Екатерина туралы қаңқу сөздер, тарихи әңгімелер, әзіл-оспақ аз емес. Кезінде оны А.С. Пушкин, П.А. Вязенский, Д.Давыдов және өзгелер қызыға жинап, өңдеп бастырған болатын. Соның біреуі былай өрбиді: А.Н. Голицын кнәздің айтуынша, бірде Суворов сарайға түстікке шақырылады. Бір қызу әңгімеге беріліп кетіп, астан түк ауыз тимейді. Бұны байқап қалған Екатерина мәнісін сұрайды.
– Әмірші-анамыз, ол біздің ұлы тақуа ғой,– деп Суворов үшін Потемкин жауап береді.– Бүгін айт, қой, енді сан жамырап, жұлдыздар туғанша тамақ ішпейді. Патшайым қолбаланы шақырып алып, құлағына сыбырлайды, ол сәлден кейін шағын құтымен қайтып келеді, онда Гауһар орден жұлдызы бар еді, билеуші әйел оны Суворовқа ұсынып тұрып, мәзірді бөлісуіне болатынын жеткізіп қояды. Әр заманның өз құрқылтайлары мен сұрқылтайлары, иманы мен ибасы, әдебі мен әдеті болады. Қоғамға ерсі қылықтар жаппай Ресейде де етек ала бастады. Жүгенсіздік жайлады. Биліктегілердің мейманасы асқаны сонша ойпікірге пысқырып та қарамай, еркектер мен әйелдер көрер көзге қойындасып сапырылысып жатты. Жігіттік пен серілік ерлікке барабар саналатын күйге жетті. Зинақорлық дағдыға еніп, оны ұйымдастырушылар тіпті мемлекеттік мекемеге айналғандай еді. Қаншама жаман болса да үрдістің аты үрдіс. Етегіне намаз оқымайтын шығар ешкім. Сөйтсе де, Елизавета сияқты Екатерина да нақсүйер ұстап дәнікті. Егер Елизавета атбегі Бироннан Курляндия герцогін жасаса, Екатерина Понятковскийден Польша королін шығарды. Елизавета ресми түрде екі ығай мен сығай сай тасындай іріктелген жігіттер – Разумовский мен Шувачовты таңдап, төбесінен құс ұшырмай қамқорлық білдірсе, оның кейінгі әріптес-келіні одан оқ бойы озды. Зады, Екатерина ІІ қымқиғаш қарама-қайшылыққа толы тұлға. Бәлкім, дәлдүріштік болар, өзінің әдебиет жанрларында қалам тартпаған тақырыбы жоқ. Өнер өкілдеріне ұдайы қамқорлық білдіріп, желеп-жебеп отырды. Француз ағартушыларының алдында тақ тұрды. Мәселен, Дидромен хат алысып, Петербургқа шақырып бірталай мәселенің басын қайырған да болатын. 1765 жылы Екатерина Екінші Дени Дидроның бүкіл жеке кітапханасын сатып алуға пәрмен берді. “Сіздің Дидро – айрықша адам, онымен әңгімелесуден соң бүйірлерім мыж-мыж болып, көкала торғайдай көгеріп шыға келеді. Мен онымен сұхбат үстінде арамызға қалқа етіп стол қоюға
мәжбүр болдым” деп шағынды патшайым бір хатында ағартушының қол ишарасынан секем ала шамырқанып. Санкт-Петербург Академиясының мүшесі Дидро 1773 жылы Ресейге келіп, жарты жылдан астам мезгілде орыс өмірімен танысты. Патшайымның жақсы досы бұқарамен қоян-қолтық араласып, оқытып, білім беріп, ағартушылық жұмысын кеңінен жүргізді. Көп ұсыныстарының бірінде шаруалардың шектелген құқын жоюға кеңес берді. Бірақ, бұған билік селт етіп құлақ асты ма? Өкінішке қарай орыс патшайымы Сена жағасында болған теңдік төңкерісін тұншықтыруға белсене араласты. Ресейде еркін ойға тиым салып, бүлікшілердің бойын аза-қаза тұрғызды. А.Н. Радищевтің “Петербургтан Мәскеуге саяхат” жазбалары Е.И. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінен зиянды деп тапты. Ол нәйеті ереуілге жел беріп, қатысқаны үшін башқұрт аулының старшинасы Азыналинді баласы Салауат Жолаймен бірге мұрнын кесіп құнтитып, құлағын кесіп шұнтитып алыс Эстониядағы бір аралдағы абақтыға апарып жазалады. Бұдан артық тағылық бола ма? Әрқашан ашық та кесек сөйлейтін Николай Салтыков оның бір ашынасы Зубов туралы көңлі толмайтындығын айтқанда: “Несі бар! Жас жігіттерді тәрбиелеп, мемекетке қолбала дайындап жатырмын” деп Екатерина беті шімірікпей, өзіне шық жуытпайды. Жұрт не десе, о десін, 1754 жылы ол шала бала тауып, ана атанды. Гу-гу әңгіме басталып, оның әкесі кім екендігін замандастар мен зерттеушілерге әлі күнге құпия болып келеді. Жаратылысы ма, жоқ әлде басқалай себеп-салдары бар ма, Екатерина бір пәс нақсүйерсіз қалуды қаламайтын. Оның ағайынды Зубовтарға назары ауғанда біреуі жиырма екіде,ал, енді біреуі он сегіз жаста болатын. Қаншама қамқорлық білдіріп, жатып жастық, жайылып төсек болып, шыр-пыры шыққанмен патшайымның сүйіктілері оның да көзіне шөп салып жүрді. 1780 жылы РимскийКорсаков Брюс ханыммен, 1789 жылы Дмитриев-Мамонов қысыр жыландай Щербатовамен көңіл көтеру үстінде қолға түседі. Одан Екатерина Екіншінің еркектерге деген зауқы қайтқан емес. Қоғамдық ортадағы түрлі қауесетке қарамай,
Григорий Орлов (1762-1772 ж.ж.), Васильчиков (1772-1774 ж.ж.), Т.Потемкин (1774-1776 ж.ж.), Заводовский (17761777 ж.ж.), Зорич (1777-1778 ж.ж.), Римский-Корсаков (1778-1780 ж.ж.), Ланской (1779-1784 ж.ж.), Ермолов (1785178 ж.ж.), Дмитриев-Мамонов (1786-1789 ж.ж.), П.Зубов (1789-1796 ж.ж.) бір-бірін алмастырып, төсек жаңғыртып жататын. “Ойнас оттан ыстық”. Сонша жігіт-желеңмен жүріп, қолғаптай ауыстырған патшайым бұл шындықты, әрине, білмеуі мүмкін емес. Солардың ішінде, әсіресе, Александр Ланскойдың кездейсоқ қазасы оның қабырғасын күйретіп кетті. Не деген нәпсі! Бұл ашынасына мемлекеттен 92 миллион қаржы-қаражат жұмсалды. “Менің ең жақсы көретін досым қайтыс болғанда орны толмайтын қайғыны көтере алмаймын деп ойладым,– Бұл өліммен бетпе-бет келгенде Екатеринаның көкірегі қарс айырылды.– Әлсіреп, ұнжырғам түскені сонша бір ауыз жылы сөзден еңіреп жылап жібермес үшін адам әлпетіне тіктеп қарай алмаймын... Не болатынын білмеймін... Ешуақытта мен бұндай бақытсыз болған емеспін”. Қайтсін-ай!.. Жанын жылытатын ет жақынынан айырылып, басына қасірет бұлты үйірілді. Ол бұдан кейін де жүрегі шер-шеменге айналып, он екі жыл өмір сүрді. Екатерина ІІ-нің мейірімі түскен ашыналарын жарылқаудай-ақ жарылқады. Г.Орлов тым жайбасар жалқау болса да күллі орыс артиллениясының қолбасшысы етіп тағайындалды. Зорич те өң түгіл түсіне кірмеген көл-көсір байлыққа ие болды. Польшада 500000 рубль тұратын мөлтек жер сатып алып, нақты 500000 рубль қолына тиіп, өзге де игіліктердің иесі атанды. Бұлар қазынаға оңай түскен жоқ. Билік – үлкен өнер. Соның биігіне ұмтылып, сол деңгейде қалған Екатерина Алексейқызы келін болып түсіп, өзін жат жұрттықпын деп санамай, келген жеріне судай сіңіп, тастай батты. Шарапаты арқасында тақ пен тәжді өзіне қызмет еткізді, елді ел қылды. Оның заманында отыз жылдан астам уақытта артық-кем кеткен тұстары болған шығар. Бірақ, кежегесі кейін кеткен жұрттың көсегесін көгертіп, қатарға қосуға бар күш-жігерін жұмсады. Әрине, жан жұмбағы аз
емес. Марина Цветаева: О, ақындар, ақындар! Әйелдердің жалғыз ғана нағыз нақсүйерлері! – дегенді кімге қарап айтты? ДҮЛДҮЛ МЕН БҰЛБҰЛ (Жорж Занд пен Полина Виардо және басқалар) Көктемнің қара нөсері мен найзағай нұрына емін-еркін мелдектей шомылып, жаратылыс тазарып, балбырап қазқалпына келгенде қос-қостан көк кенересінде кербез келіншектей керіліп, құлпыра сан құбылып тұрған кемпірқосақты кім көрді? Бір құдай болмаса, бұларды ешкім қосақтаған жоқ. Екеуі екі әлемнің тетігін ұстап, тәтті тіршілік тірегіне айналды. Өмір-өзен асау ағыстарында араласқұралас күн кешіп, тарихтары тараптар мен тораптарда тоқайласып, талғам мен талақ таразысына түсіп, жарық дүниеге біреуінен кейін біреуі бір мүшелден астам уақытта келіп, тіршілікті шайқап өтсе де ұлылыққа ұмсынып, тасып, асып кетпей, әулие өнерге қылау түсірмей, ынты-шынтымен қызмет етті. Олардың заманы ортақ, дос-жарандары ортақ, парасат-пайым патшалығы ортақ еді. Көкірегінен азған кейбір келесаулардай кердеңдемей, алғашқы кездескенде-ақ бір-бірін алыстан таныды: керіскедей келіскен келіншекке он екіде бір гүлі ашылмай, оңды-солын енді танып келе жатқан қырмызы қыз қылымсымай құшақ жайды. 19 бен 36! От пен су шарпысқандай. Суреткер Жорж Занд пен жас әнші Полина Виардоның өнер өлкесіндегі тағдырлары солай шоғысты. Жас аралары недәуір кереғар қашық бола тұрып, олар қалай үндестік пен үйлесім тапты екен?!
ЖАҺАНИ ЖАЗУШЫ!.. Бірін-бірі сыртынан жақсы біле тұрып, бұлар тұңғыш ұшырасқанда бәлсінбей тұрмыс тауқыметін жеке тартып келген Аврора Дюпен Жорж Занд лақап атымен зиялы қауым аузына недәуір ілініп қалған қаламгер болатын. Отыз жасында арман қалаға келіп, шатырда тұрса да барабара басқа бір рухы әлемнің табалдырығын аттағанда алда үлкен атақ-даңқ күтіп тұрғанын білген жоқ. Ол табандылық және төгілген ащы маңдай тер арқылы өз дегеніне жете бастады. Мойындағаны сол емес пе, тісқаққан тәжірибелі белгілі баспагер Латуш бастапқыда Бальзакты еске түсіреді деп бұның “Индианна” (1832 ж.) романына мұрнын шүйіре қарап, кейіннен жазып жаңылғанын айтып, ант-су ішіп жалтарды: “Жорж, жұрт көзінше кешірім өтініп, алдыңда тізе бүгейін. Кешегі дөрекілігімді ұмыт, осы жарты жылда морт сынып, шарт кеткеніңді де ұмыт. Түні бойы Сіздің кітабыңызды мұқият оқумен өткіздім. О, менің балапаным, қандай ризамын саған!”. Әлбетте, бұған дейін де француз әйелдері шама-шарқынша қалам тартып, қара сөз көрігін қыздырып жүргендері аз емес еді. Бірақ, қарқарадай Виктор Гюго, Оноре де Бальзак, Александр Дюма-әке және сол деңгейлермен қатар тұрып, қажырлы еңбек етіп, ұлы мәдениетте мәңгілік із қалдыру кімге жеңіл тиеді? Соншама батылдығы жетіп, әйел басымен сөз сайысына шықты. Нәзік жан өкілі бола тұрып жүрегінің түгі бар екен. Ежелден еркектер еншілеп алған әдебиеттің сиқыр әлеміне есік ашып, желбіретіп ту тікті. Вольтер, Мольер, Расин мұрагері болудан қаймықпады. Бір әріптесі хатында келе-келе Жорж Занд есімі көркемсөз тарихында Бальзак, Дюма-әке есімдерімен қатар аталатына меңзегенде ақиқат ажарын ашып, шындықтан шығандамайды. Жаратылысы солай болған соң, кейде лапылдаған сезім отына пәруанадай
шарпылып, әйел әлсіздігін көрсетіп қалған шығар. Қаршадай ұлы Морис пен қызы Соланжды жетектеп, қайдағы бір қиял дүниесін құшырланып іздейтін жас әйел досқа күлкі, дұшпанға таба болмау үшін қасақана еркіндікке ұмтылып, алғашқы күйеуі Казимир Дюдеванмен жолы айырылды. Сұлу жыныс өкілінің бас бостандықты қызғыштай қорғап, Парижге табан тірегенде ойы онға, санасы санға бөлінгеніне тек уақыт куә-дүр. Талайды шабындырған қала оны бетке қағып жатырқамаса да көпке дейін көшке ілесіп, дүрмекке сіңісе алмай жүрді. Париж! Сүйікті де сүйкімді Сена! Тоңтеріс шарпаң мінез танытпай, бауырына тартты. Еуропа жүрегі болып есептелетін бұл шаһарға бақыт іздеп келгендер аз ба? Бұнда көктемгі жыл құсында жан-жақтан нанталаптар ағылды. Ол өзінің ұзақ ғұмырында нені, кімді көрмеді. Айқара құшағына азуын айға білеген ақындарды, жұлдызы жарқырап келе жатқан жазушыларды, сайыпқыран суретшілерді, майталман музыканттарды, сәнқой сылқым сұлуларды сиқырымен тартты. Онда Мольер мен Рабле, Вольтер мен Дидро, Гюго мен Бальзак, Тургенев пен Мицкевич, Жанна д’Арк пен Бонапарт, Шопен мен Лист, Дюма-әке мен Делакруа, Ван Гог пен Гоген, Байрон мен Гейне табанының мөрі жатқандай. Жақұт жаға әлі ғашықтық жырын шертіп тұрған секілді. Жорш Занд та санаткерлер санына қосылды. Біреу оны “біздің заманымыздың ең әйгілі әйелі” десе, тағы бір қаламдасы қуаттай қолпаштап іліп әкетті: “Бұл әйел – біздің дәуіріміздің құйып қойған Жанна д’Аркі, желеп-жебеуші жұлдызы һәм болашақ болжамгері” (В.Г. Белинский). Тағдыр тақсіретін тартып қалсын ба, нартәуекел әупірімдеп жүріп бірнеше кітап жазды. Ересен еңбекқор еді. Көзкөргендердің көбісі оны тығыншықтай тәпелтек, қабағы үнемі түксиіп жүретін тана көзді, кісіге абдырай қарайтын өңі шикіл, мойны мен алқымын ерте әжім торлаған деп суреттесе де келіншек бір көрімге тартымды болатын. Басқа басқа, ал, Альфред де Мюссе оның ішкі жан қыртыстарын бір кісідей жақсы білетін: “Алғаш көргенде ол өзінің жиі-жиі сиқын
кетіретін сыптай еркек костюмінде емес, үстіндегі әйел көйлегінде ұшырасты. Өзін де атақты ару әжесінен мұраға қалған (Напалеон генералының қызы – А.Н.) әйелге тән биязы бекзат болмысын көрсетті. Жүзінде жастық іздері қалыпты, қою қара шашы көлеңкесі астындағы жалт-жұлт еткен көздері нұрланып, өңменіңнен өтіп кетердей сиқырлап, жүрегіңді жаулап алады. Маңдайында шексіз ойлар табы жатқандай. Үзбей шылым шегіп, аз тіс жарса да сөзі тастай, дархан бай жан-дүниесі мен өмірге құштарлығы еркектердің еріксіз назарын аудартқызатын”. Бұлар, Занд пен Виардо, танысқалы бері бір-бірін көзден таса еткісі келмейді. Бұрынғы құдай қосқан қосағынан мүлде заңды ажырасқан соң Жорж біржолата әдебиетке берілді. Өрбіген өсек-аяңға қарамай, шеберлік шыңына қарай жол тартты. Көп ұзамай бас бостандығы өзіне тиген келіншек қыр соңынан қалмаған Просиер Мериме және басқа бөрік кигендердің қырындауына қарамастан әлдеқайда жас Альфред де Мюссенің етегінен ұстап, Венецияға сапар шекті. Бұл аса сымбатты ақын, прозашы, драмашы жігіт туралы сырлас сыншы Сент-Бевтен талай мәрте жылы лебіз естіген еді. “Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған” болса да екі қошқардың басы бір қазанға симай, кикілжің қайта-қайта шаужайға орала берді. Аурушаң, шікәмшіл һәм кірпияз Альфред тұтқиыл тегеурінге төтеп бере алмады. Ол осы әйел ықпалымен мүлде құлантаза өзгеріп, ешқашан бұған дейін де, одан кейін де махаббат пен бақыт дәмін тамсанып татпағанын амалсыз мойындайды. “О, өлу қорқынышты, өстіп сүю қорқынышты. Тілегің қандай, менің Жоржым, саған деген тілек!.. Мен өліп барамын. Қош бол!” деп Мюссе үздігіп, Париждегі шатыр астына оралып, бес уақыт намазын үзбегендей, жазуға бар ынта-шынтасымен берілген әйелмен біресе қосылып, біресе ажырап михнат кешкенде Жорж Занд өз тарапынан оған басу айтады: “Біз бұдан екеуміз де арылуымыз қажет”. Әрине, уақыт – емші. Ара арасында, шынтуайтында, Париждегі мәдени-сауықтыру орталығы болған шаңырақ шабыт ұясына айналғандай. “(Полина) бізге
жиі кіріп-шығып кетеді, кеше құлдыраңдаған құйтақандай Луйзеттамен түстеніп аттанды... (Полина) мүлде түпкілікті өз денсаулығын күтуге ден қойғандай көрінеді... Күн сайын атпен сейілдеп, кешкі 8 немесе 9 сағатта ұйықтауға жатады. Жақында (ол) Куртавнельге кетеді,– деп жазды анасы баласына. Артынша басқа жаңалықты да қуана хабарлайды: “Полинаның кантатасы – ғажап жауһар. Екеуінің ымыжымының бірлігі емес пе, септесіп газет шығарып, құрбысын бас кейіпкер етіп,“Консуэло” (жұбаныш, алданыш – исп.) “Рудольштадт ханым” романдарын жазуға бел байлады. Жорж Санд Консуэлоның бір сәтін былай береді: “Консуэло бар-бар сезімінің ең күштісі енді бостандыққа құштарлық, бостандыққа қажеттілік еді. Сондықтан ол бостан кеңістікке жүгіріп шығып, жасанды қалың бұталар мен сүрлеулер сыңайына қарай, одан да кең көсілген орасан аллеяларды көріп, алабөтен ләззат алды”. Әншінің меццо-сопрано даусына риза болған Шопен 1848 жылғы көктемде тым тәнті екенін білдіреді: “... Мен ғажап Виардо ханымды көрдім; ол өтінбесем де, концертінде менің мазуркаларымды орындап, маған сонша ілтипат пен қошемет көрсетті”. Бұдан және өзге құжаттардан Жорж Зандтың да, Полина Виардоның да таныстары мен достарының ортақ екенін байқалып тұр. Тағы бірде 1844 жылғы 6 көкекте Виардо құрбысына: “... Мен ойша барымды салып, Сізді еске түсіретін кішкентай портрет салдым” деп қиылды. Егер бір кеште Виардоның үйінде Герцен, Бакунин, Лист, Россини, Мюллер-Штрюбинг, Ребер, Фманка, Том, Сен-Сенс, Дамке, Штокгаузен, Рубинштейн, Шефер, Делакруа, Коро, Доре, Лакфе, Сартори бас қосса, 1864 жылғы жазда Баден-Баденде А.Г. Рубинштейн мен В.А. Чекунованың үйлену тойындағы қонақтар арасында П.Виардо, И.С. Тургенев және басқалар болса, Жорж Зандтың Ноандағы атақонысында аталған меймандар біразының жолы сан рет түйісті, мәжіліс ұзаққа созылып, отырыс жарасты. Алдыңғы ғасырдың қырықыншы жылдарының екінші жартысында шығармашылығында сары майдан қыл суырғандай етіп жазатын Иван Сергейұлы Тургенев те аса
мазасызданып, қам жейді: “Сүйікті Куртавнель ...Осы жазда ол туралы жиі ойладым... Гүлзар құрылысы бітті ме? Жорж Занд ханымды көресіз бе?” Ендеше, толғандыратын ортақ ой, ортақ мақсат, ортақ мәселелер болғаны ғой бұл. Біз әлдеқалай табылған ұғымды сырттан күштен таңуға неге құлшынып тұрамыз? Бұл құлаққа сіңісіп кете ме, жоқ па. Ресей БАҚтары таласа-тармаса оны (Тургенев) “еуропадағы орыс”, “орыстағы еуропалық” деп атап та жіберді. Қалай дегенде де Ескі Еуропа елдерінің өкілдері Парижге ат басын тіреуге асығып тұратын Г.Гейне, А.Мицкевич, Ф.Шопен, И.Е. Репин құрылық жүрегінде талай мәрте болып, ой кешті, шабыт шыңырауынан сусындады. Тағдырдан теперіш көріп, махаббат машақатын тартқан поляк композиторы Ноанға бауыр басып, Аврира Дюпеннің ыстық құшағынан пана тапты. 1838 күзде олар шағын Майорка аралына келіп, теңіз табиғатын тамашалайды. Бұл екеуіне де көтеріңкі көңіл күй сыйлағандай. Жаратылысынан әсершіл Жорж Занд тамылжып тұрған төңірекке сұмдық сүйсінеді: “Ақын, әйтпесе суретші армандағанның бәрін табиғат осы жерде шеберлікпен жасап қойғандай... Ешуақытта өзімді ЛаКартухта болған сағаттай сонша ғажайып сезінген емеспін”. Оған елгезек Фридерик Шопен де қоштап, үн қосқандай: “Мен Пальмадамын – пальма, самырсын, алоэ, апельсин, лимон мен анар ағаштарының аясында рахаттанып жүрмін. Асман көкшіл түске боялыпты, теңіз – торғын, ал, таулар – қоңырқошқыл. Ауа ьал татиды. Күндіз күн нұрын аямай төгіп тұр, бәрі жаздағыдай жеңіл киініпті: Қапырық. Түнде сағат сайын ән шырқалып, гитара ойнап жатады. Атшаптырым балкондардан жүзім жапырақтары араб дәуірін бастан өткерген қабырғаларға салбырап қалыпты... Қала мен бұндағылардың бәрі Авфриканы елестетеді... Қысқасы, өмір ғажап!” Сонда тіршілік күйкілігінен бұл бақыт та баянды болмағандай. Парижге оралғаннан кейін араға әзәзіл араласып, тағдыр түйістірген жолдар екі айырылады. Көп ұзамай, Отанына сағынышы сарғайып, “Париж – қалауыңша, барлығы” дейтін Шопен дүние салады. Жорж Занд болса
өмірінің бесінге таянып келе жатқанын сезінгендей балалары мен немерелерін әлпештеп күн өткізуге кірісті. Жорж Занд қазасына қабырғасы қайысып қайғырмаған кемде-кем. Виктор Гюго қабір басында аяулы жанды жер қойнына тапсырып тұрып тебірене жалынды сөз сөйлесе, Ресейден оған Ф.М. Достаевский қамығып қосылды. Жасы ұлғайғанын сезген И.С. Тургенев те жаһани жазушының көз жұмғанына жүрегі жарылардай достық сезімін білдіріп, жамбасы тиген жанға қаралы көңіл жамылды. Көкейде шешілмеген мәңгі сауал қалды. Жарық дүние үшін жекпе-жекте өлім бе, жоқ өмір жеңді ме? Жер жүзінде ойлы оқырманы, қара орман халқы бар адам мәңгілік ұмытыла ма?! *** ТУРГЕНЕВ ПЕН ВИАРДО! Бойында шығыс қаны буырқанған жиырма бестегі жігіт жартылай сығанның жиырма бірдегі жас келіншегін құлай сүюі ортада талай тілді қышытып, түрлі-түрлі алыпқашпа әңгіменің тұздығына айналды кезінде. Бұл аяулы тұнық сезім туралы жазыла-жазыла шақырып жауыр болғандай. Жиырма бестің сағынышты жүрек жыры таусылған ба әсте? Полина Виардо мен Иван Сергейұлы Тургеневтің терең сүйіспеншілігі, жазушының әншіге деген мәңгі махаббаты ұшан-теңіз әңгіме арқауы. Кейбіреу бұны саудайының ісіндей көруі мүмкін. Әйтпесе ол үзідігіп тұрмыстағы әйелге бес жүзден астам арман мен үмітке толы хат жазып, соңынан салпақтап қырық жылдан аса жүрер ме еді? Бұрын олар бірін-бірі білді ме, ол арасы беймәлім, алайда,әншімен оны тұңғыш таныстырғанда аяғы мұңлы хикаяға ұласатынын ешкім ойламағаны ықтимал. Петербургке өнер сапарымен келгенде: “Бұл – орыстың жас байшыкеші, атақты аңшы, осал ақын” дегенді еске алады Полина 1843 жылы қарашадағы Нева жағасындағы оқиғаны. Орыс БАҚторы француз әншісінің “Солтүстік Пальмираға”
келгенін лепіріп жарыса жазып жатты. А.Полежаев өлең арнады. Тіпті “Иллюстрация” журналы К.П. Брюлловтың “Сомнамбулдағы” Әмина кейпінде бейнеленген суретін басты. 1840 жылы ол көкек айының басында өзінен он тоғыз жас үлкен Луи Виардоға тұрмысқа шығады. Тойға Бальзак, Ламартин, Гейне, Сент-Бев, Делакруа, Ламайне, Мицкевич қатысып, жас әншінің мәртебесін көтеріп, қызық думанның ажарын кіргізуге күш салады. Жұлдызы жаңа жарқырап келе жатқан көкөрім пері үшін бұл үлкен ілтипат. Ал, мұңлық И.С. Тургенев оны қандай ғашық көзбен көрді? “Шарасы үлкен көзі, сонымен бірге жүрегіңді дір еткізіп жұлып түсетін көзқарасы, шашы таңқаларлықтай алтын-күлгін түстес болатын... Мен оны қайтіп ұмыта алайын. Алғаш рет көрген сәттен бастап, оның сезім шұғласына шомылып... мүлде бос сахна, ол шымылдықтың ар жағындағы оң жақтан басында гүлтәжі бар шыға келді – сол қатерлі кезден бастап, оған басыбайлы ұмсынып қалшиып қалды”. Базбіреулердің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан жазушы жүрек отымен арманына қарай құшақ жайды. Енді бар байлығы: әдеби арманы, тіршілігі, жастығы мен көктемдерінің барлығын гүл орнына тікен шықса да махаббат жолына құрбан еткендей. Бұдан былай қарай сүйген жанына қол созып, гүл-гүл ұсынып, ұзақ тар жол, тайғақ кешуден өтеді. Бұл күйді біреу түсінді, біреу түсінбеді. Сол кездегі мәдени ортаға өте жақын Авдотия Яковлевқызы Панаева (Головочаева) қызғаныштан жарыла жаздағандай, іштей біртүрлі шоқ-шоқ деп табалап, мысқылдағандай етіп жұқарта жеткізеді: “... Бір күні кешке бізге Тургенев лепіріп алып-ұшып келді. – Мырзалар, бүгін сондай бақыттымын, сірә, дүниеде менен бақытты басқа адам жоқ шығар,– деп қолды-аяққа тұрмады. Тургеневтің келуі Белинский, Боткин және басқалар ойнап отырған преферанстың тоқтап қалуына әкеліп соқты. Боткин Тургеневті тақымдап, тезірек ол өз бақыты туралы айтуын қолқалады, басқалар да елеңдеп елегізіп қалды.
Сөйтсе, Тургеневтің басы ауырып, сақинасы ұстап, Виардо самайын әтірмен сылаған екен. Тургенев келіншектің саусақтары самайын сипалап, жанасқандағы өз сезімін баяндап жатты. Белинский ойын тоқтағанын жақтырмайтын, сөйлеп тұрғанға сұсты қабақ түйіп, шыдамсыздана дауыс көтерді: – Ойынды жалғастырамыз ба, мырзалар, әлде картаны араластырайын ба? – дегенде ойын қайта жалғасты, ал, И.С. Тургенев бөлмені ерсілі-қарсылы кезіп, өз бақыты жайында жақ жабар емес. Белинский кілт кідіріп күрсінгендей Тургеневке: – Сіздің махаббатыңыз сияқты бұндай өткінші сезімге сенуге бола ма? – деп көкірегі терең қарс айырылды”. Қанша күстаналағанмен бұл әсіре әуейілік пе? Барлық машақатты махаббатқа сілтеп қоя салуға болар еді. Алайда, сүйіспеншіліктен кінәрат іздеу әбестік. Сонан кейін бәрін пайымдай келе И.С. Тургенев Виардо отбасымен бірге Еуропаның біраз елін аралады. Ең соңында бұндай көшпелі өмірден жалыққандай, ол Париждегі Виардолар тұрақжайының қасына жайғасты. Полинамен екеуінің арасына аламысық жүгіріп, кірбің түсіп, ызғар соққан кез де аз болған жоқ. Дегенмен, сүйіспеншілік дерті қаулап, одан сайын арта түсті. “Ася”, “Алғашқы махаббат”, “Қызыл су” хикаяттары жазылып, сүю мен күюдің таңсық тақырыбы ынтызар жүректерге жол тартып, әйел теңдігі, махаббат мөлдірлігі, талғау мен таңдау алдында тұрған тұлғалар байыпты бедерленеді. Бұл жағынан И.С. Тургенев туындылары Жорж Занд шығармаларымен үндесіп, кейде қабысып жататыны дау туғызбайды. Әсіресе, француз әдебиетін, оның Виктор Гюго, Дюма-әке, Ги де Мопассан, Густав Флобер, Жюль Верн және басқаларды жеке дара жақсы білгендіктен орыс жазушысы бұл ортада өзін еркін сезінді. Ой мен өнер адамдарының жанын жазбагерден артық кім біледі? XVIII ғасырдың екінші жартысының бірінде И.С. Тургенев Полина Гарция-Виардоға көлгірсімей жақауратып жүрек сырын жеткізеді: “Сізге арнаған сол сезімдерімді бек
жақсы білесіз, ол тек қана менің өліміммен бітеді”. Өмір деген солай. Күрделі. Бұралаң да бұлтарысты соқпақтар ұдайы асыл мұратқа жеткізе бермейді. Бұл үшін Полинаны жазғырғандар да жетіп артылады. Жеңілтектік жасады деп Иван Сергейұлының соқа басын айыптағандар да аз емес еді. Бірақ бәріне жауапты ұлы Махаббат! Қазір ғой дүниенің бәрі оп-оңай болып кеткендей, үйлену мен үйлесу, арбасу мен ажырасу. Бытық-шытық бірнәрсе әйтеуір. Ойран ботқас шығып, шығыс пен батыстың ішекқарны араласып, жаһандану жан-жағын жалмап келе жатқандай. Кіші көгілдір экраннан ату-асу, қатігездік пен қанішерлік, зинақорлық пен зұлымдық зорлықпен тықпаланып, дүмбілез талғам таңылады. Иә, бар салада уақыт өзгеріп жатыр. Жаңа қарым-қатынастар қалыптасып, бұл құбылысқа ешкім көзжұмбайлықпен енжар қарай алмайды. Бұл шығыс бір батагөйінің сөзіне жан бітіргендей: “Ұрпақ санасына Еуропа мен Американың мәдениетін сыбырлап сіңіре берсе, барлық құндылықтардың соларға тәуелді болатынын, мінез-құлықтың да тәуелді болатынын, нәтижесінде сана биігін батыстың ұғым матап алған дүбәра буын өсетінін дәлелдеді”. Бүгінгі таңда біз қастарымызға сонша еліктеп, солықтайсыңдар деп батыра айта аламыз ба? Қыздар неге кіндігі мен мықынын ашып жүреді? Жаппай темекі тартуға кім қарсылық танытады? Азған қоғам ба, адам ба? Жігіттер құлағын қойып, мұрнына сырға тағатын болып жүр. Бұларға кім батыстың ең жақсы қадыр-қасиетін үйренбе деп жатыр? Шынайы Шығыс шырғалаңынан шығып, кең қанат жайып келе жатқан жақсылық пен ізгілік нұрына кім қалай ұмтылады? Әрине, дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Жалпы, адамзат өркениеті бір аймақ, бір ел, бір құрылыққа ғана тән емес. Ол көшпелі алтындай бір атажұрттан бір атажұртқа сусиды. Тек соны ұмыта беретініміз ақылға сия ма? Адам баласына қоңыр індет әкеліп, қиын-қыстау күн туғызған қанішер Адольф Гитлердің өзі “Шығысты жаулап алған соң, ол елдердің адамдарына күні-түні музыка тыңдата
беру керек. Ми тынықтырмай музыка тыңдай берген адам мәңгүрттеніп, қой секілді айдағаныңа жүреді” дегенді неге айтты? Біз соның астарын аңдап, парасатқа салып паймыдадық па? Бір-бірімізден бірде алшақтап, ал, бірде жақындап жүрсек те түбінде адамзатқа ортақ асыл мұрат ұшпаққа шығарады. Ата-бабамыздың уақыт сынынан өтіп, қанымызға сіңген құндылықтардан неге жиренеміз? Рас, ол замандағы санадағы биязылық, иман мен ибаның шашасын шаң шала қойған жоқ еді. Әлем ғашықтық хикаясының небір әкесін білетін. Жүністің Зылихаға, Мәжнүннің Ләйлаға, Фархадтың Шырынға, немесе Петрарканың Лаураға, Ромеоның Джульеттаға ынтықтығына шәк бар ма? Сезімдері қандай тұнық! Тургеневтің Полинаға өліп-талып ғашық бола жүріп соларды білмеуі мүмкін емес. Әйтсе де, бұл екеудің араласып-құраласып қарым-қатынас жасап жүргенін әркім әртүрлі қабылдады. Ағысқа қарсы жүзіп, қоғамға қайшы іс-әрекет жасау қаншама қиыншылықтар туғызды. Қалыптасқан жағдайды біреу түсінді, біреу теткіді. Бұған дейін ерлі-зайыптылар артынан көлеңкедей ілесіп жүру болып па еді? И.С. Тургеневтің оған батылдығы мен ерік-жігері жетті. Мақұл, әнші бойынан титімдей де ақау көрмей, жазушы оған ес-түссіз ғашық көзбен қарағанның өзінде суретші әулеті әуелден міншіл де сыншыл келмей ме? Орыс қылқалам құдіреттерінің бірі Илья Ефимұлы Репинді бұл жағынан кінәраттау қиын. Ол куәлік етеді: “Қоңырау қағылды!.. Мен мүлде Иван Сергейұлын танымай қалдым – оның жүзіне қуаныштың қызғылт нұры жүгіріпті! Демде қалай жасарып кеткен! Ол есікке қайта-қайта ұмтылды – Виардо ханымды қайда отырғызуды білмей қысылып күйбеңдей берді. (Мен тіл білуіме қарай). Алдында қысқа ғана не айтып, не қоятынымды ойлап жаттығып алғамын... Виардо ханым, шынында да, сылқым келіншек екен, онымен мәжіліс құру қызық әрі көңілді болып шықты. Алайда, оған тіке тесіле қараудың қажеті жоқ – беті сиықсыз, ал, көзі, даусы, жүріп-тұрғандағы қылығы қандай!.. Иә, бұл перизат еш жоғарғы жауһар... Дәл солай: бұл ең жоғарғы
жауһар!..” Тургеневтің тағы бір қаламдас замандасы М.Е. Салтыков Щедриннің: “Сан алуандық мағынасында, Париж көшелерінде серуендеу кез-келген көрмеге барудан кем түспейді” деп айтқанын жаңғыртқандай, Францияда көп тұрған тағы бір орыс суретшісі Алексей Петрұлы Боголюбов (А.Н. Радищевтің жиені) негізінен өз әріптесінің пікірін қостап, кездесулерден кейін көкейінде бір түрлі әсер қалдырады. Ұзақ болса да көзкөргеннің байқап, түйгенін келтіре кеткен артық емес. “Бәрі... сиықсыз сұлу, әдемі әйелге сонша ынтызар болып, онымен өткізген ғажап сәттермен салыстырғанда түк емес... Ол ақырғы деміне дейін бақытты болатын. Басқа ұрғашыға онша зауқы соқпады, оған зар бола тұрып, мүсіркеп өзінің ықыласы мен сүйіспеншілігін сыйлағысы келгендер бекер жазғырады. Виардо ханым оған берген ой мен жүрек ләззат мезеттерінің алдында – ақша ешнәрсеге тұрмайды... Иван Сергейұлын жақын біліп, ол бүкіл ғұмырын арнап, әспеттеген әйелді тыңдағанын көргенде: біздің ресейліктердің бар әжік-күжігі мен қауесетіне қарамай, ол өзінше бақытты болды, туа бітті өз өзімен қалған бұндай екі кемеңгер тұлғаларды бейпілауыз сан-саққа жүгіртетін адамдар болғанын айту ләзім,– дейді ол суретші-теңізші жазбаларында.– Виардо ханым онша тартымды болмаса да, сыптай сұңғақ, тіпті емге артық қырым ет жоқ, оның испан сығандарына тән табиғаты ма, қартайғанша көмірдей қап-қара сүмбілдей шашы, ақылпарасат толы шаралы нұрлы көздері мен аққұба өңі болды. Үлкен аузы рабайсыз әлпетін кетіріп тұрса да, ол ән айта бастағанда, бет-бейнесіндегі кемшілік жайында сөз ұмтылып, аса аруақтанып шабыттанып кететін: сондай сұмдық сұлу, сахнагер болғаны сонша қол шапалақтау мен сүйсіністен театр сілкініп, сахнаға гүлдер жауып, шымылдық түсіп келе жатқанда қошемет айқай-шу астында сахна падишасы маңмаң маңғаз басып жасырынады. Полина Виардо мен үшін әрқашан бар-бар сахна рахаттарынан да жоғары тұратын...” Генрих Гейненің “сирек ұшырасатын ғаламат”, “құмарлықты оятатын әні, әсіресе, ол аузын кең керек ашып, м маржандай
тізілген әппақ тістерімен сондай қатігез тәтті күлгенде көрсе” дейтіні содан, әрине. Ешкім сөз бен сұлулық салыстырып һәм таластырып жатқан жоқ. Қалай дегенде де, Полина Гарция Виардо екі от: махаббат пен отбасы ортасында алмағайып күн кешті. Оны поэзиядағы Лорд Байронмен теңегендер де болды. Өзі де ерекше еді. Сол кездегі саңлақ сазгерлердің туындыларын түгел нәшіне келтіріп орындап шықты. Айта берсе, ол А.Моцарттың “Жаназасын” шырқағанда сүйсінбеген жан қалмаған шығар. Қанша дегенмен, өмір заңы қатал да қатігез. ХІХ ғасыр француз әдебиетіне орасан көп берді. Полина Виардо сол ортада тәрбиеленіп, өнеге алып өсті. Кезінде И.С. Тургеневтің мәдени өмірге қызу араласып, ат салысқаны аян. Ол әншіні әспеттеп қана қоймай, шын мәнінде әдебиеттер арасында алтын көпір бола білді. Жюль Верн (1828-1905 ж.ж.) алпыстан астам қиял-ғажайып ғылыми-танымдық роман, хикаят, әңгімелер жазып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Қиялгер қаламгер Кенесары Қасымов қозғалысын арқау етіп, “Жансыз” туындысына қалам тартты. Сырттай болса да ойша топшылап ұлттық-азаттық көтерілісінің халықтық сипатын ашып көрсетіп, патша сарайындағы дүрбелеңді де барынша байыпты баяндайды. Ол И.С. Тургенев басшылығымен орысшаға аударылып 1876 жылы жарық көрсе де көп уақытқа дейін Ресейде шығарманы оқу зиянды деп тиым салынып келді. Феофар-хан өзіне ерген серіктерімен бірге жазаланып тынады. Ж.Верн тақ шайқалуын шынайы суреттеп, оқиғаға жанды құбылыс ретінде жоғарғы баға береді. Біз қанша махаббат-сахаббат, үй болу, шаңырақ көтеру деп өліп-талсақ та бұған француздар жүрдім-бардым қарағандай “Махаббатта қашан да жолым болмады. Сүйіспеншілік те, батырлық та жасай алмадым, өзгенің де жүрегін жаулай алмадым, жеңімпаз да, не болмаса Дон Жуан да болу қолымнан келмеді дей тұра Стендаль (Анрид Мари Бейль) “Махаббат туралы” біртүрлі кітап туғызып, оған төрт тараптан өз көзқарасын білдіріп, толғау жазды. Ғұмыры үйленбей өткен жанды бұған не итермеледі? И.С. Тургеневтің
досы Густав Флобер де отау тікпей шығармашылық үстінде өмірден өтті. Сонда қалай?! Иә! Жас қартаяды. Гүлдер солады. Жүзден әр таяды. Теңіз тартылады. Жазмыштан озмыш озбайды, жер жыртығын жамаған ешкім жоқ. Бұлардың Жорж Занд, И.С. Тургенев пен Полина Виердоның ортақ достары мен таныстары бірінен кейін бірі фәниден бақилыққа аттанып жатты. Ф.Шопен, Г.Берлиоз дүние салды. Бизе мен Флобер көз жұмды. Дүниеде адам баласына біткен ең үлкен жүрек те соғуын тоқтатты. Бірақ, қай жерде жүрсе де И.С. Тургенев Полинаға деген ыстық сезімін ақырғы демі біткенше суытпай алып өтті. Ой, арман-ай!.. ДӘУЛЕСКЕР О, ғажап! Құймақұлақ, сақ, қырағы көз болса бүкіл қазақ даласы ән салып, күй тартып тұрғандай, оған ақ пейілдей етіп көгілдір кеңістікті құдай берген шығар. Немесе халық туындыларының ең үздіктерінен өмірдің өзіндей кең тыныс сезілетіні неліктен? Қуаныш пен қаіретте, бақыт пен кембағалдықта, кісәпірлік пен мүсәпірлікте туған елжұртының жыртысын жыртып, мұң-мұқтажы мен баржоғын түгендеп, жоқшы болған ой мен өнер рухи көсемдер иелері мейір-шапағатқа бөленіп, уақыт өте келе төрге озды. Ұлан байтақ өлкенің Батысынан Құрманғазы, Дәулеткерей мен Махамбет, Арқадан Тәттімбет пен Абай, Қаратаудан Ықылас пен Майкөт, Жетісудан Сүйінбай мен Жамбыл шығып, шабыт шыңына шығандады. Сол шоқ жұлдыздар арасында Дина Нұрпейісованың орны бөлек, дара тұр. Өнер қонған ел өзегі өртеніп, қос ішекте шаттығы мен шерін жапалы жүрекке жеткізіп, боздағы бозторғайға үн қосып, айдындағы аққу сұңқылымен бірге бебеулеп, ару анамен қосылып аңырайтын домбыраны кие тұтып, қасиетіне
бас иді. Тоғыз жастағы Динаны әкесі Кенже күй атасы Құрманғазыға теліп, темірқанат тірнектей әдемілік әлеміне баулыды. Балғын бала күйшінің ортасы думаншыл, ән-күй құдіретін нәзік түсініп, барынша рухи өмірді әспеттеп, серік етіп, сахарадағы саф алтын қайнардай дарын көзін ашуға ұдайы құмбыл болып тұратын. Еспе желмен құм сыңсып, сібірлеп атқан таңмен сексеуіл сыланып, жапырақтар жамырап жататын түз тіршілігі қандай тылсым сиқыр! Боз далада Бозторғай жағын безеп, бота боздап, қой қоздап жазға салым жайлауға шыққан ауыл мәре-сәре болып күн кешті. Керемет көркем көрініс кеудеде күмбірледі. Сол алғашқы әсер ғұмыр бойы көз алдында таң шығындай мөлдіреп, қиял құсын қалықтатып, балауса ойын шарықтатты. Филология ғылымдарының докторы Нысанбек Төреқұл сол бір сәттің сағынышын былай береді: “Дина домбырасының бұрауын келтіріп, сәл ойланып, бір күйді шерте жөнелді. Бас жағы ойнақылау, қозы-лақ қуалап, зыр жүгіріп жүрген балалар. Жас төлдің маңырағаны, қой қайырып жүрген қойшылар, ауыл итінің үргені, абыр-сабыр шақ. Күйдің орта шенінен бастап зарлы сарын, жетім баланың өксігі, қасқырдың ұлығаны, апыр-топыр дыбыс, қасқырдың қойға шапқаны, жетім қозының енесін жоқтап маңырағаны... Дина осылайша күйін аятады да, Жәкеңе бұрылды. Бұл күйдің аты – “Көгентүн” деп аталады. Оның таралу себебі былай: – Кербез деген абысыным болды. Кербез десе кербез еді, шіркін! Өзі сұлу, сымбатты, тіке сөйлейтін, айбатты келіншек болатын. Күйеуі біздің Нұралыдан бес жас үлкен еді”. Нұралы Нұрпейісов – Динаның ері. Құнарлы топыраққа түскен дән қодырең болса да бәрібір өнбей қоймайды. Нарынға жалғасатын Бекетай құмында тұлымшағы желбіреп, емін-еркін еркетотай өскен Динаның жастайынан пір тұтып, құлағына құйғаны Құрманғазы, Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма мен Бала Майсаң туындылары болатын. Бұл тегеурінді топ кімге болса да ықпал етпей қоймайтын. Қызықтыратын. Құмарттыратын.
Құмбыл ғашық етіп, қиырға қанат қақтыратын. Құштар көңілге шабыт тамызығын маздатып, тылсым от тұтатып кететін. Үлкен күй мектебінің сезімтал шәкірті ұлы ұстаздар тәлімін көкейге түйіп өсті. ХХ ғасырдың ортасынан асып бақилыққа аттанған да Д.Нұрпейісова өміріндегі жұмбақ аз емес. Ол әуелгіде Құрманғазыға шәкірт ретінде жүрсе де кейіннен ашына болып, арасындағы баласы недәуір есейіп қалғанда суға кетіп қаза тапқаны құпия күйінде кетіп барады. Шындық шырайына шіркеу түспегені ғанибет, әрине. “Дина күй желісі мен қағыстарды дәл сақтап, оның құрылысындағы барлық ерекшіліктерді бұзбай, өз қалпында бере білетін”,– деп жазды зерттеушілер. Академик Ахмет Жұбанов та бұған жан бітіре түседі: “Мен осыған дейін Құрманғазының тікелей өзін болмаса да, оның шәкірттерін көрген Қали мен Оқаптан асқан домбырашы жоқ шығар деп ойлаушы едім. Бірақ Динаны тыңдағанда оның оң қолының жылдамдығы, жалпы ойлау шеберлігін көріп, таң-тамаша қалдым. Динадай шебер домбырашыны осы уақытқа дейін көрген емес едім... Күздің қытырым самалында желге қарсы жүгіріп, шат көңілді, алаңсыз оқып жүрген қыздарын көріп, Динаның көңілі босады”. Бұл өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасынан ауған кез. Алпысқа таянған кейуана тұғырына қайта қонды. Шабыт шалқарын шалқытты. Күй атасының ел аузында жүріп айтқан арманы қандай! “Егер Динаның оң қолын, менің сол қолымды бір адамға берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді”. Тыңнан түлеген дәулескер күйші халқына қалтқысыз қызмет етті. Д.Нұрпейісова шығармашылығында Құрманғазының тәкаппар өршілдігі, Дәулеткерейдің терең сыршылдығы жатқаны қапысыз аңғарылады. Әр кездерде туған “Ана бұйрығы”, “Әсем қоңыр”, “Байжұма”, “Боз шолақ”, “Бұлбұл”, “Делегат”, “Домалатпай”, “Еңбек ері”, “Жеңіс”, “Жігер”, “Кербез”, “Көкөніс”, “Қарақасқа ат”, “Қосалқа”, “Меңдіқара”, “1916 жыл”, “Өттің дәурен”, “Сауыншы”, “8-Наурыз”, “Тойбастар” т.б. шеберлік шыңының әрқалай шақтарында туса да біртұтас көркемдік
келісімін әкеліп, рухи көкжиекті кеңейтті. Суреткер көзінен қандай құбылыс қақас қалады? Бұларда халық өмірінің бір ғасырға жуық өзгерістері, өсу мен өшу, шырқау мен құлдырау мезеттеріндегі кейбір көкейкесті мәселелер көрініс табады. Күле кіріп, күңірене шығып, білдірмей текеметіңді тіліп отыратын құдай ұрған антұрғандарды емес, тіршілікті түгел тәрк етіп, тал бойында кісәпірлігі мен мәңгүрттігі жоқ елжұртының елгезек жасампаз өмірін күй тілімен өрнектеді. Егер кейбіреулер ағымға ергенде туған “Партия” және “Сталиннің” өміршеңдігіне күмән келтірсе, өнерге қатысы аз науқаншылдық пен маусымшылдықтың себеп-салдарынан пайда болып, әкімшіл-әміршіл жүйенің айтқанына көніп, айдауына жүргенде дүниеге құлықсыз келгеніне көз жетеді. “Күй кітабында” қауесет құжат пен дәйексіз деректерге сүйеніп, “Ақселеу жаңсақ пікір келтіреді” дейді күй анасының немересі Балжан Жұрынбайқызы. “Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қапас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қапас пен Динадан Нұрпейіс атты ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қапас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша, Дина оны “Жәпек” деп атайтын болған. Кейбір деректерде Жәпек деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір, бір тізім алу науқаны басталғанда дәстүр бойынша, аталарының атын атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің атануының сыры осында. Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған. Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған” десе, оған үзілді-кесілді қарсы шығып, “Дина 18-19 жасында Мақат баласы Нұрпейіске тұрмысқа шығады. Нұрпейістен кейін Нұралыға атасады” деп дауға нүкте қойғандай
Б.Жұрынбайқызы. Бертініректе жетпіс бестің жотасына шығып, 1955 жылы қайтыс болса да, Дина Нұрпейісованың есімі төңірегінде талас бар әлі. Бізге аңыздан гөрі ақиқат қымбат. Бұл жағынан Дина мен Жамбыл тағдырлас. Екеуі де құмырсқаның илеуіндей қайнаған өмір ортасынан шығып, үкімет өктемдігінен біреуі жырлауға, енді біреуі күй тартуға мәжбүр болды. Төңкеріске дейінгі де, кейінгі де әлеуметтік-қоғамдық құбылыстарға куә болған қос қария ұлт мәдениетінің кірпияздық қасиеттерін ту етіп, оған қылдай қылау түсірген жоқ. Бір-бірімен әзілқалжыңы жарасып, өгейсімей күй кешті. Қиянат пен қолпаштың не көкесін көрген Жамбыл өз тұрғыласын бір қақпаймен қағытып өткенде еріксіз езу тартқызады: Көп болды Дина сені көрмегелі, Орден ап, өрге шауып өрлегелі. Сен дегенде көңілдің ілгіші бар, Келдің бе сол ілгішті жөндегелі?!. Бүйтпесе, Жамбыл Жамбыл болар ма еді? Жыр мен күйдің қос құдіреті кездескенде де арқын-жарқын кінәратсыз риясыз қылық көрінеді. Екеуінің де жасы егде тартып, өмір екіндісіне жақындағанда бір-бірімен әңгімесі жарасып, әмпей-жәмпей болып, әзілі әзіл, қалжыңы қалжыңға ұласып, сағынысып отырады екен. Жәкеңнің Динаға деген ыстық ықылас сезімі ұзақ сақталып, бір қағытпаның аясында шектелмейді. Жыр дүлдүлі шығармашылығына 75 жыл толу мерейтойы аталып өтіп жатады. Халқы ақсақал ақынды әспеттеп, Альпінің аржағынан Ромен Роллан, Күнгейдегі алып елден Рабиндранат Тагор сымхат жібереді; басқалармен бірге оны қазақтың зиялы қауым өкілдері құттықтайды: бұлбұл көмей әнші Күләш, таңғы талшыбықтай мың бұралған сұлу биші Шара ілтипат білдіреді. Музыканың аса білгір майталманы Ахмет Жұбанов та келеді. Бірақ көңілі қоңылтақсып, олардың бәрінен қайта-қайта дәулескер күйшінің жайын
сұрап, қазбалай берген құсайды. Тек оны көргенде ғана: “Иә, тоты құстай таранып, аққу құстай сыланып, ойың кімде? Әттең, жиырма бесімде кездеспедің-ау”,– деп өкінішөкпесін жеткізеді. Д.Нұрпейісова да оған өзінің сөзге қара жаяу еместігін білдіреді: “Ойым сенде. Сен сәулетті жігіт болдың, мен сәукелелі қыз болдым, бізде енді арман жоқ”. Қос қарттың қалай қауышқанының куәгері болған Кенен Әзірбаев айтады: “Сондағы Жәкеңнің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Екі ғашық сағынысып табысқандай құшақтасып, жамырасты да қалды. Арада жөн сұрасқан қалжың сөздер айтылып жатты. Қонақ үйге кіргізіп, қос қарияны отырғыздық. Сонда Жәкең Кавказ сапары туралы біраз айта келіп: “Сен қасымда болғанда ғой, тіптен қызық болады екен! Грузиндердің жүз жасаған кемпір-шалдарын көретін едің”. Іле-шала: “Өзің ғой ертпей тастап кеткен”,– деп назданыпты Дина. Әрине, арғымаққа әңгінің жүгін артпайды ешқашан. Қазір шаң түсте ши шығарып, Жамбылдың да, Динаның да шығармасынан қам шикілік іздейтіндер әр кезде заманға емес, адамға шүйліге бастады. Әрдайым тұлға тұлғалығын жасайды. Немесе біреу біреу үшін тер төгіп, еңбектеніп жататын кез емес. Асыл нәсіліне тартады. Ненің не, кімнің кім болғанын терең ұғынған жан ғана солай қазып сұңғыла сөйлеуге құқы бар. Иә, өмірге кім келіп, кім кетпей жатыр. Дина Нұрпейісова халқының кешегі дархан күйшілік дәстүрін бүгінгі күнге дейін жалғап, уақытқа алтын көпір бола білді. Сонысының өзімен ол өнеріміздің және бір ірі өкілі ретінде қалып, көсегесі көгерді. Қай той-томалақ, қай тамаша думан болсын, Дина Нұрпейісова күйлері орындала қалса, өзеуреп өре түрегелгенде үлкен мән-мағына жатыр. Ол өзекке өрт түсіріп, қайрат-жігеріңді қайрап, елпектемей ертеңге елгезек қарауға үндейді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында шалғай-шалғай сібірібірді шарлап, түздіктер тіршілігінен кітап түзген Аткинсон (Томас-Вильям) жалғандыққа баруға жүрексініп, жазбасына жаңылмай түсіреді:
“Халықтың қаһармандық тарихын жырлаған ақынын малшылар зер салып тыңдап отырды, мүмкін кезінде Гомердің өзі бұндай ықыласқа бөленбеген де шығар. Қазақ ақыны өз халқының ортасында, гректердің арасындағы Гомер сияқты, әжептеуір беделге ие болып тұр. Шайыр тау мен даланың әдемілігін, жүйрік аттардың сұлулығын жырлағанда, оны тыңдаушылар сабыр сақтады, сілтідей тынды, ал ұрыс-соғыс туралы жыр басталысымен олардың бет-жүздерінде толқудың нышаны пайда болды”. Не болса да боямасыз өткен шақпен біздің бәріміз үшін ақ жарылып айту бек мүмкін. Бірақ анау деу, мынау деу қиянат болар еді. Дина Нұрпейісова дала дидарындағы қадау-қадау дара тұлға тұлғалардың бірі, қайталанбайтын құбылыс. Оның күйлерінің жеке-жеке нақты туу тарихы, ақиқаты мен аңызы қатар жүреді. Қай тақырыпқа барса да ол бар-бар туындыларына қазақ өмірін алтын арқау етеді. Қазір біздің елімізде сызылтып скрипка, күмбірлетіп күйсандық тартып, классикаға келеңсіз қол арту дағдыға айналып келеді. Рас, ұлттық өнер өкілдері бұл салада топ жарып та жүр. Дегенмен халық мұрасы, оның ішінде әнкүйлердің әлемдік маңызы әлсіреп, ұмытыла беретіні көңілге көп кірбің түсіреді. Кезінде Әміре Қашаубаев даланың іңкәр даусымен бүкіл шікәмшіл батысты қайран қалдырған жоқ па еді? Әлі де даңғаза дүние дәмді дыбыстар мен сиқырлы сазға ділгір. Біздің еліміздің өнер өлкесінде игерілмей жатқан бұл көл-көсір байлық қаншама. Халыққа сол қыруар қазына қай кезде және қашан қайтарылады? Біздіңше, олардың барынша насихаты жетпейді. Ендеше уақыт алдындағы қарыз бен парыз аз емес. Күй өнерінің бағы жанып, қайнар көзі ашылып, күткен күн келеді.
АРМАН АЙШЫҚТАРЫ ЗӘУЗАТҚОРЛАР 1.ҒҰНДАР (ХУНДАР) Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді, Ой артынан ойлар келіп кетеді. Түн баласы көр көзінен жас төгіп, Күншығыстан бір пайғамбар күтеді... Ерте күнде отты күннен Ғұн туған, Отты күннен от боп ойнап мен туғам. Жүзімді де, қысық қара көзімді Туа сала жалынымен мен жуғам. Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар, Мен – күн ұлы, көзімде күн нұры бар. Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар. Мағжан. Тарихтың терең қойнауында көшпелілер тұлпарлары тұяғынан ұмытылмастай із қалды. Қою құйын шалықтап, шаңы шаңға қосыла ұшып шұбаған құмдауыт жолдарға жұлдыздар жақұттай шашылып, қаңбақ ұшқан қырларына дейін марғау ырғалған уақыт керуенінің күміс қоңырауы сыңғырлап, күймелердің сықыр-сықыр сиқырлы үні келеді. Қаншама кейбір кіші-гірім кінәраттары болғанымен ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әупіріммен сәл ертеректе жарық көрген Қазақ кеңес анықтамалығы негізгі мәселеде шындық
шырағын жағып, ақиқаттан онша алыс кете алмапты: “Ғұндар түркі тайпаларының түп атасы екені Қытай тарихында ашып айтылған. В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам, т.т. ғалымдар да солай дейді. Олар Ғұн мен Оғыз екеуі бір ел деп дәлелдейді”. Маңызды мәліметтер мен сарғайған қағаз беттерінде шежіредей ширатылып Ғұн, Ғын, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ – Ғұн, Тағ – Ғұн, Шан-жун, Гой-фан, Хань-июнь және басқа да атаулармен аян ежелгі жауынгер тайпалар керегесі ағаштан киіз үйлерде тұрып, түндік арқылы көкпен тілдесіп, табиғатпен үндесіп, асқар-асқар таулар аясындағы жусанды жазықтарды ен жайлап, ошақ отын маздатып, түтін түтетті. Олардың отар-отар қойы, үйір-үйір жылқысы, келекеле түйесі қисапсыз болатын. Келешек көкжиегіне жол тартқан көшінде арбалар мен күймелер бар еді. Жігіттер асау желмен жарысып, тор көз сауыт киіп, оқшантайдан жебе суырып, садақ тартты; бойжеткендер бой сылап, аймен шағылысқан ақ білектеріне білезік салып, құлақтарына сырға, бұрымдарына сыңғырлатып алтын-күміс шолпы тақты. Бұл түсініктің тобықтай түйіні: “Атқа мініп садақ тартқан, қуыс үйді паналаған жұмыр басты жандар түгелімен Ғұндарға бас иіп, тізе бүгуге тиісті”. Шалқы (Шилха), Өрғұн (Орхан), Өмір (Амур) өзендерінің тентек толқындарындай тіршілік арнасына сыймай толқып жатты. Бұндайда жабайы жағалауларда жолбарысша жортып, айбарлы арыстандай апшыған көшпелілер селін қалай тоқтата алады? Дегенмен, дүйім жұрттың қорқыныш сезімін туғызып, зәресін зәр түбіне жіберіп, құтын қашырып, жүрегін әбден шайлықтырып, түн ұйқысын төрт бөліп, төбе шашын тік тұрғызып, үрейін ұшыратын Ғұндар кім болып еді? Құмық зерттеушісі Мұрат Әжі сәл сыңаржақтау кітабында қысқа болса да оған теріс тұжырым жасағанды тұқыртуды жасырмаған екен: “Орал ойпаттарында жергілікті угорлар мен сарматтарды қосып алып, II-IV ғасырларда қалыптасқан түркі тілдес хұндардан тұратын көшпелі халық хұндардың Батысқа қарай жөңкілуі (IV ғасырдың 70-жылдарынан
бастап) халықтардың ұлы көшіп-қонуына ықпал етті. Бірқатар герман мен басқа тайпаларды бағындырып, көптеген елді ойрандап, жермен-жексен етіп, жортуыл жасаған рулардың басын біріктіріп, құдіретті одақ құрды. Аттиланың тұсында оның қуаты орасан артты. Хундардың батысқа ұмтылуы Қаталун қырғынынан кейін (451 жыл) тоқтады. Аттила ажалынан соң (453 жыл) бұл тайпалар одағы ыдырап кетті”. Туындыгер қисынға қарамай, парасат таразысы мен ғылыми дәлдіктерден ауытқып, аталмыш көшпелілердің аталған аймақта мүлде ешқашан болмағанын ескермей, құр қиялға ерік бергендей. Ал, ІІ Птоломейдің айтуынша, екінші ғасырдың ортасында Қап тауына қоныстанғаны құжаттарда қатталып қалады. Бұл Қытайдың Хань әулеті билеген кезеңнен біраз кейін. Бір хатта: “Крурана, үйсін, хужие (бәлкім, юэужи) елдерін және олармен көрші отырған 26 елді бағындырып, оларды түгелдей хұндарға қостық, сөйтіп садақты халықтарды бір елге айналдырдық” деп қыр көрсетіледі. Шынында да шығыстағы Қияңқы-Хуанхэ – Сары өзеннен бастап, батыстағы Босфор Киммерийскиге дейін кең байтақ өлке ешкімнің тақиясына тар келмейтін. Желдей есіп, селдей көшіп жүрген тайпаға енді кім тосқауыл болсын! Әбдіқадыр Дәуітбеков “Түркілер – ақсүйектерде” (Шымкент, 2002 жыл) де біржақты пікір айтқандай: “Оңтүстік-Шығыс Азия Өртөс жерінен Ғұндардың тынымсыз шабуылына ұшырап тұрды. Олар өз даласына заттай құндылықтарды ғана емес, сонымен қатар Вьетнам, Лаос, Тай, Бирма қыз-қырқындарын әкетіп отырды. Жат жұрттықтардың әйелдеріне әуестік із-түзсіз кеткен жоқ – бірнеше ұрпақтар ауысқаннан соң Ғұндар аласа бойлы тәпелтек, қоңырқай өңді, қысық көз, көмірдей қара шашты болып шықты. “Ғұн” атауы әлем картасында кеңінен тарап жатыр”. Обалына не керек, қырдың соңғы ханзадасы, қазақтың ғажайып ғалымы Шоқан Уәлиханов та бұл тақырыпқа мүмкіндігінше қайта-қайта қайырылып айналып соғып, қалам тербетті. Тегі чуваш Н.Я. Бичурин (Иакинф), Л.Н.
Гумилев, Мұрат Әжі, тағы басқалар байырғы бұл халықтың тағдырын сан қырынан сөз етіп, зерттеу нысанасына айналдырды. Сөз жоқ, даланың еркебұлан ұл-қыздары тауға арқасын беріп, Көк тәңірге мінәжат етіп, қайсарлық қанатында ер көңілді болып өсті. Махмұт Қашғари бұл көшпелілер терістік-солтүстік жақты мекендейді деп сілтеме жасаса, тайпаның оңтүстік жағы бодандық бұғауын киіп, басқа руларды сіңіріп, өздері де сіңісіп, аралас-құралас күн кешті. Әл-Бируни һәм Ауфидің бағамдауынша (бірі бірінің аузына түкіріп қойғандай), Ғұндар (Күн) бұрын Алтай атырабында, Өп (Обь) өзенінің бойында, Байкөл баурайында көшіп-қонып жүрген еді. Терістік шұғыласы мен ызғарынан қаймыққандық қана емес, көшпелілердің тегеурінді толқынына төтеп бере алмай, Цинь Ши-хуанди шығыстың бөлшек-бөлшек иеліктерін тізе бүктіре бағындырып, жалпықытайлық әулетке өзін жеке дара билеуші жариялап, беймаза солтүстік көршілерінен бір мезгіл тыныс табу үшін басында уақытша болса да қамзау етіп, ұзақтығы төрт мың шақырым, биіктігі он метр, әрбір 60-100 метр сайын бақылау мұнарасы бар ұлы қабырға тұрғызуға пәрмен берді. Бұнша ысырапқорлығын айыптағандар да табылды. Қамал-қорған ұзақ уақыт дамыл, тыныштық бермесе де ауық-ауық ық-панаға айналғандай әйтеуір. Келе-келе қытай ұлы қабырғасы әлемнің сегізінші кереметі болатынын ол уақытта шақшадай басы шарадай болып жүргендер қайдан білсін. Ғажап құрылыстың үшмыңыншы жылдың табалдырығында сыр беріп, әр жер, әр жері шытынап шөге бастағаны да аз алаңдатпайтындай. Сонымен Ғұндардың мейлінше күшейіп, көршілеріне көз алартып, үстемдік құра бастауы Мүде (209-174 ж.ж.) Тәңірқұты (Шаньюй) кезі. Билік басындағы хан басқару жүйесін одан әрі жетілдіріп, жанашыр қамқор, керегінде қатыгез де бола білді. Өмір өнегесін тартты. Кеудесіне нан пісіп келе жатқан дунху патшасы елшілерін жіберіп, астындағы аяулы атын, қойнындағы сүйікті қатынын қолқалағанда бір сөзге
келмей беріп жіберуі көргендікпен қоса кемеңгерлік, әрине. Қанағатсыз қоңсы өріс сұратқанда табанда тұрып алып Мүде: – Жер – ел мен мемлекеттің тірегі емес пе? Жоқ. Енді болмады. Соғысамыз! – деуінің өзі неге тұрады? Тәңірқұты қанша тәкәппар болса да ең алдымен ел тыныштығын ойлады. Әйтпесе, ағайындар арасында мінуге тұлпар, ілуге қыз табылмай ма? Ию-қию болып, басы бірікпей, қырық ру құрама ұлттар мен ұлыстардан тұратын Қытайды (Шын) айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген Ғұндар шығысқа қарай қыран көзін тігіп Курил (Көрел) және Жапон аралдарына жетіп, ат басын ірікті. Тамғасы мен туына күн (көз) аясын алу содан шықты ма екен, кім біледі? Қайткенмен Күн мен жердің нәзік байланысын сәулелі сезіммен ұғынған көшпелілер дүниетанымы қайран қалдырады. Сонан соң жаңаша жыл санаудың алғашқы бес ғасырына дейін Еуразия кеңістігін көктей өтіп, ұлардай шулатып, Батысты бөріктірді. Көшпелілер көсемі Еділ Ғұндарды бастап, Шығыс пен Батыс Румды тыбыр еткізбей, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Қашан да қызғаныштың қызыл иті арттан құлғанаша түсіп, қапталдасып, қыр соңынан қалған ба? Адамзат өркениетіне үлкен үлес қосқансып, басқаларға басына қарайтындар Шығыс пен Орталық Еуропаның жазықтарын баянды бақыт іздеп, қоныс еткен Ғұн зәузатқорларын қорлап, жабайылар да, тағылар да солар деп сан саққа жүгіртіп, олардың қолбасшысы Еділдің алдында бетпе-бет пұшайман болып, дәрменсіздік танытқан герман тайпалары Еңіл, даттар Артала, испандар Аттила, қытайлар Этил есімімен қырық құбылтты. Еуропалықтардың шамшылдығы мен астамшылдығы қазір де жиі-жиі байқалып қалады. Дегенмен Рим жазбагері Ромуль анда-санда тілін тістесе де ақиқаттың ала жібін аттап өте алмайды: “Скифия мен өзге елдерді билеп-төстеген кім болса да бұндай қысқа мерзімде дәл Аттиладай ұлы шаруалар тындырғаны кемдекем. Оның патшалығы мұхиттағы аралдарға дейін айқара
созылып жатыр. Ол скифтерді ғана емес, римдіктерді де салық төлеуге мәжбүр етті. Әскери күшінің құдіреттілігі сонша ешқандай халық оған қарсы тұра алмайды”. Оның аузына кім түкірді? Әр кезеңде оны мойындау Еуропада да тоқтаған емес. “...Грек жылнамаларында Аттила соғыста .... әдістерді қолданған, стратегиялық тәсілдерді жетік білген. Ол қарақшы емес, ұлы қолбасшы, көреген көсем” дейді ағылшын жазбагері Давид Николле өзінің “Аттила и орды кочевников” атты кітабында (Лондон, 1997 ж.) ол туралы шетелдерде 700 тарта еңбек шыққанына сілтеме жасап. Тәуелсіздік алғалы бері түзіліп келе жатқан тарихымызға біз неге сондай салдыр-салақ қараймыз? Осы күнге дейін қалайша назар аударылмаған бұған. Хұнды керісінше оқыса неге Нұх болып шығады. Бұларда қандай байланыс бар? Осыдан сәл бұрынырақ “Мәдени мұраға” байланысты халқымыздың зиялы қауымымен басқосуда еліміздің кезіндегі бас хатшысы Иманғали Тасмағанбетов бірнеше жыл бұрын Еуропа жүрегінен аттай қалап, Мұстафа Шоқайдың шығармаларын әкелгенін және оның әлі күнге ешкім қолға алмай, зерттемей жатқанын базына етіп айтқан еді. Сең қозғалған жоқ әлі. Тарихшылар да, басқа саланың мамандары да селт етпей отырғанына өзіміз болмасақ кім кінәлі? Бұндайда өліарада VI ғасырдың әдеби туындысы болып есептелетін “Гетика” еріксіз мойын бұрғызады. Онда “шетшеті жоқ шабындықтан омартадай аздаған ғана гүл жинадым” дейтін Иорданның өзі Әділді әспеттегенде сезіміне селкеу түсірмей, күнді қолмен көлегейлей алмайтынын білгендей: “Жарық жалғанда халықтарды тітіркендіру үшін, барлық елдерге үрей сеуіп, қауіп-қатер туғызуға жаралған өзіне тән орасан таным-түсініктері бар, барлығын кіріптар ететін жігіт еді, оның әр қимылынан тәкаппарлық танылып, ілгерікейін қараған көз қарасынан, дене қозғалысынан асқақ құдыреттілігі аңғарылатын. Соғысты сонша сүйіп тұрса да кәдімгі қарапайым қадыр-қасиетімен баурайтын, парасаты
аса күшті, кембағал мүсәпірлерді мүсіркеп, өзі бір мәрте сенген кісіге ақырына дейін мейірімді болатын. Сырттай пәкене тәпелтек көрінгенімен, кең кеуделі, қазан бас, кішкене көзді, сәл-пәл ақ араласа бастаған сирек сақалды, тыжырындыратын терісі бар бұзау тұмсық болғанымен болмысының бекзаттығы байқалып тұратын. Туа бітті өзімшілдігі бетке ұрса да килі қылыш ұстағанда әрқашан әруақтанып кететін”. Арада көп уақыт өтсе де француз тарихшысы А.Тиерри де Аттиланың адамзат өмірінде алатын орнын мәжбүрлікпен мойындайды: “Аттила аты адамзат тарихында А.Македонский мен Ю.Цезарь қатарынан орын алады”. Күн шығыстан шыққандығы болмаса әділ, кейінгі Шыңғысхан мен Темір жоғарғы аталған жаулаушылар жауыздығынан артыққа барған жоғына көз жетеді. Шырылдап шындыққа келгенде көз жұмбайлықпен әлдекімдер бұнымен Батыс пен Шығыс арасына шек қойып, сына қағып адамзатты әділетсіз қақ жаруындай сыңай танытады. “Асыл пышақ қап түбінде жатпайды” бәрібір. Ерте Орта ғасырда дүйім дүниені дүрліктірген Рафаэль Сантидің “Римді құтқару” атты сыршырайы өкінішке қарай, сирек көрсетіліп, көбінесе құпия қорда сақталып келеді. Онда “мәңгі қаланы” құтқару үшін император Валентинаның тапсырмасымен Рим папасы І – Левтің Әділдің алдында бас ұрып келуі суреттеледі. Шындық па? Шындық! Арада 1500 жылдан астам уақыт өткенде оның несі жасырын? Әрқашанда жалған намыс жарға жығады. Бұл мәңгі есте ұстайтын жай. Бәрібір ол оқиғалар заман мен адамзат зердесінде өшпей тұр. Ертедегі испанның “Менің Сидім туралы жыр”, француздың “Роланд туралы жыр”, германның “Хильдебрант туралы жыр” және Батыстың басқа да батырлық баяндарына елдік пен ерлікті толғау тән болса, сондай “Нибелунгтар туралы жыр” тікелей Ғұндардың Бұрғұндар мемлекетін жойып жіберу жорығы жайында тебірене сөз қозғайды. Ер мен жер, зұлымдық пен сүйіспеншілік, тұлға мен
тобырлар тағдыры талқыға түседі. Бір қызығы, академик Әлкей Марғұлан Қарақалпақстанда сапарда болып, әкеліп жариялаған “Алаңқай батыр” дастанында да осы халықтардың ұлы көші-қонының жаңғырықтары жатыр. Қандай үндестік? Айдаһардай мықтыны, Ат үстінен тайдырды. Ығыстырып Бұрғұнды (бургунд), Қонысқа малды жайдырған, Азаулы көлді жайлатып, Сусындап шөлін қандырған. Бұдан байқалатыны – Еділ патшадан бұрын да Ғұндар мен Бұрғұндар талай-талай шайқас даласында қақтығысқан секілді. Дастандағы деректердің әлем әдебиетіне сәйкес келетін тұстары көп. Бірін-бірі толықтырып, тірілтіп жатқандай. Гетенің “Шығысты тәңір мейірімен жаратқан, Батысты да сол дарақтан тартақан” дейтініне және жан біте түскендей ме, қалай? Қырым қырқаларындағы көне қорымдарды қазғанда археологтарға көшпелілердің ізі сайрап жатқанын көрсететін көптеген мәлімет кездесті. Мәселен, бүгінге дейін Эрмитажда сақталып, 1820 жылы Күл-Обадан табылған заттар ертеде тіршілік еткен тайпалар өмірінен сыр шертеді. Сарыарқадан көшкендер атамекенге сағынышын мәңгі бірге ала кеткендей. Еуропаны өрнектейтін Өлеңті, Шідерті өзендерінің кездесетіні кездейсоқтық па? Ұлытаудағы Арғанаты таулары тізбегіндегі сақталған сыры беймәлім бәдіздердің Қапқаз теріскей жоталарында жұмбақ күйінде жатуы да шешуін күтеді. Бұл дала өркениетінің қызық қалдықтары. Көшпелілер қонысқа жайлы жерлер құбылысын аспан әлемімен бағдарлай отырып, сәйкестендіргені емес пе? ...1976 жылы күзде Байкөл қыраттарын аралағанымызда көп атаудың сол көне заманнан қалғанына тағы да көз жетті. Ғасырлар сөйлеп кетсе, Ғұндар ғұмыры адамзат ұзақ
тарихымен салыстырғанда тым қысқа. Әртүрлі себепсалдармен жер бетінен жойылып кеткен халық қаншама? Бірақ, оларға бұндай қауіп төнбесе де бірде әлсіреп, енді бірде күшейіп арпалысты. Олар ұдайы белдеуден ат кетірмей, қолдан садақ түсірмей, соғыстан көз ашпағандай. Қытайлармен жиі-жиі үш жүз жылдай жаға жыртысып, жаудай жағаласты. Тіпті әзәзілдің тіліне еріп, азғыруға көніп өз қандастары үйсіндер, қаңлылар, қыпшақтармен де қырқысып, қырғиқабақ болып өтті. Ақырында Ұлы даланы тастап, ескі құрылық тайпаларына тиісті. Мажарстандағы Үлкен және Кіші Қыпшақ даласы Ғұндар ғұмырының жалғасындай. Бұның бәрі суға кеткен адамның тал қармауына мүлде ұқсамайды. Бұл от пен судың ортасындағы шарпыста қалып, ажал аузында тұрып, ылажсыздан жан-тәсілімде айдаһар жұтатын көжектей болмай жазмышта жанталасқан өмір үшін қиянкескі күрестің нағыз әкесі болатын. Әрине, аңыздан тарих жасалмайды. Өткір ұстараның қылпылдаған жүзінен өткендей ғұндар күрделі күй кешті. Тіршілік толқындары туырлығы дәуірлердің қолы дауылмен желпілдеген кәдуілгі көшпелілер ұрпағын жырақ жағаға тепті. Ғұндар тарихы қызық әрі тұңғиық. Тек түйіршіктерден саф алтын жиналатындай шаң басқан шежірелер мен жылнамалар жиынтығында жасырын жатқан күл-қоқыстан аршып алып, бүгінгі тарихи ғылыми айналымға түсіру кезек күттірмейтін мәселе. Ұлы дала мен Русь қарым-қатынасын недәуір бүге-шігесіне дейін зерттеген Л.Н. Гумилев, К.Н. Иностранцев және басқа оқымыстылар олардың угордан шыққан гундармен қосылып, жаңа түп-тамырын таратып, батысқа қарай жылыстағанын қадап айтады. Бұл бүкіл Еуразияны аяғынан тік тұрғызған көшпелілер тақырыбы тарихи әдебиетте әр қырынан суреттелсе де діттеген жеріне жеткізілмей келеді. Әлі де болса оған салқындықпен атүсті қарау етек алып жүр. Мәскеудің “Армада” баспасы жылы шығарған Анатолий Соловьевтің “Аттиласы” да соның кебін киіп, көркемдігінен
гөрі тиімділігін көздегені байқалады. Ал, Америка жазушысы Томас Костейннің “Ғұндар” романы (бастапқы аты “Түн мен таң”, 1956 ж.) бірсыдырғы шабытты жазылса да оқиғаны жеңіл қарпиды. Әйтсе де оның эпилогын бере кету артық емес шығар. *** “Мен “Ғұндарда” бізге тарих жеткізген ұлы жаулаушы Ғұндардың императоры Аттиланың өмірі мен өлімі туралы нақты дәйекті жайлардан онша ауытқымағанымды көрсеткім келеді. Бәлкім, оқырманды “құдай қамшысы” аталған атақты адамның ажалынан кейін не болғаны қызықтыратын болар. Аттиланы лаулатып орасан отқа өртегеннен соң оның ұлдары мен әскербасылары арасында билікке таласқан аяусыз, ымырасыз күрес басталады. Еллах жеңіліп, оны Паннониядағы Нетада жағасында өлтірді. Аттиланың басқа баласы Теңізық Дунай бойынша созылып жатқан империяның бір бөлігін бірнеше жыл ұстап тұрды. Бірақ, Аттила жаулап алған көптеген провинция мен мемлекет бірте-бірте Ғұндардың қол астынан сыпырылып шыға бастады. Аттиланың әскері шетінегеннен бір жыл өткенде Валентиниан императордың қабылдауына келген Аэций өлтірілді. Римді қорғау үшін асыл тастармен безендіріліп қынынан шықпаған қанжар Шалон түбіндегі шайқас жеңімпазының кеудесіне қадалды. Бір жылдан кейін өзге қастандық жасаушылар су жүрек Валентинианның көзін жойды. Бұдан соңғы билік үшін күрес Гейзерих бастаған вандалдардың Римді алуымен аяқталды. Гонория ханым Италияға оралғанымен оны күйеуге ұзатып, ол тарих беттерінен мүлде жоғалды. Шығарманың ойдан шығарылған кейіпкерлері жайында мүлде аз айтуға болады. Микка Медестий қайыршылық етпесе де қоңыртөбел көпес болып өлді. Тергестің қонақжай көңілді әйел иесі өзінің төртінші күйеуіне дән риза еді. Хартагер бірнеше қара құлын тапқызғанмен олардың бір
де біреуі шапшаңдығымен де, шыдамдылығымен де оған жете алмады. Автор Рориктің денсаулығы түзелмеген себепті жазық халықтарының тәуелсіздік үшін шайқасын Николан мен Ильдико бастады деп топшылайды. Және олар сүйіспеншілігі мен ынтымағы ежелгі ұзақ бақытты ғұмыр кешті...” Өте ертеде Каспийдің Күңгір, Хазар, Ғұн теңізі аталғанын ілуде біреулер ғана біледі. Жалпы ғұндардың жолы ұзақ жалғасып жатыр. Сібір бағыты. Өптің бір саласы Арғұт – Күнобат, Тянғұн қаласы (Алтай өлкесі), Кунгөртұғ қаласы (Тува), Янғұн қаласы (Кемер уәлаяты), Арғын (Өмірдің бір саласы), Амғұн (Өмірдің бір саласы), Арғұн жоталары, Нарасұн қаласы (Чита уәлаяты), Приарғұньск (Чита уәлаяты), Күнарма (Іркіт уәлаяты), Күнгесалақ көлі (Таймыр), Дөпкүн көлі (Таймыр), Қайдусүн өзені, Индигарканың бір саласы, Ортьяғұн өзені, Тураның бір саласы, Сунтар өзені, Қолыманың бір саласы, Арғы өзені, Өмір уәлаяты, Арман өзені, Магадан уәлаяты, Арман қаласы, Магадан уәлаяты, Арму өзені, Уссуридің бір саласы. Кіндік Азия бағыты: Сейхун өзені (Сырдария), Жейхун өзені (Амудария), Баласағун қаласы, Арганаты таулары, Роғун (Тәжікстан), Гунт (Тәжікстан), Шарғұн қаласы (Өзбекстан). Қапқаз бағыты: Хұнакент өзені, Арғын өзені, Арғын қаласы (Ичкерия), Гұніб қаласы (Дағыстан), Хұнзағ (Дағыстан), Сунжа өзені. Еуропа бағыты: Карсұн қаласы (Мордовья), Күңгір қаласы (Пермь уәлаяты), Шахунья қаласы (Новгород уәлаяты), Суна қаласы (Киров уәлаяты), Гундуровка қаласы (Донецкінің бұрынғы аты), Кунья қаласы (Харбков уәлаяты), Хунгария (Венгрия), Хунедоаре (Румыния), Бургундия провинциясы (Франция), Кунео қаласы (Италия), Хунар өзені (Испания), Ла-Лагун өзені (Испания), Сагунто қаласы (Испания). Есімдер: Чугунов, Бела кун, Арғыновтар, Богун, Драгунский. Сөздер: – драгун, Кун, чугун, стригунов.
Қытай бағыты – Сунгари өзені (Өмірдің бір саласы), ГунНарийн (Монголия), Гунгашань таулары (Қытай), Дунфон хун (Қытай), Хунань провинциясы (Қытай), Хуньчун қаласы (Қытай), Куньмин (Қытай), Цианхун қаласы (Қытай), Цзыгун қаласы, Цинькун қаласы, Арғын – Юци қаласы (бәрі Қытай), Кунтева (Солтүстік Вьетнам). Корей бағыты: Чхунну қаласы (Оңтүс.Корея), Сунчхой қаласы, Чхунихон қаласы, Кунсон қаласы (бәрі Корея). Жапон бағыты: Ячуни аралы, Ионачуни аралы. Бирма бағыты: Рангун қаласы, Ламнихун қаласы (Тайланд), Кхутхан жоталары – Тайланд. Үнді бағыты: Ярхун (Пәкстан), Гуна қаласы (Индия), Гунтур қаласы (Индия). Скандинавия бағыты: Бренейсун (Норвегия), Кристиансунн қаласы (Норвегия), Фарсуни қаласы (Норвегия), Трсунген қаласы (Норвегия), Хунневан қаласы (Швеция), Сундеволь қаласы (Швеция), Гуньверн жоталары (Гренландия). Америка бағыты: Ла-хунта қаласы, сөз: хунта (Чили). Австралия бағыты: Кохуна қаласы. *** Мильоны – Вас. Нас – тьма, и тьмы Попробуйте, сразитесь с нами! Да, скифы – мы. Да, азиаты – мы, С раскосыми и жадными очами! А.Блок. – Бізде осы табиғаты тасыр тарихшылар аз емес. Бірақ неге ұлттық тарих жоқ. – Құрастырып жатыр ғой әлі. – Қашанға дейін?.. Кездейсоқ бейресми ортада құлағымыз шалған (естігенге жазығымыз бар ма?) екеудің бұл әңгімесінен кейін жүрекке қалай ас батады? Ойға ой, сезімге сезім жамалады. Адамзат пен ата-бабамыздың өткен небір ауыр жұлдызды жолдары
елестеді. Жылнамалар, шежірелер, ғылыми кітаптардан көз майы таусылды... Биіктік пен кеңістікті бірдей бауыр басып, тел өскен түздіктер тіршілігі кімді болса да ертеден қызықтырып келеді. Жазғытұрым жайлауға шығып, қоңыр күзден бастап қойнау-қойнауды паналап, көзден бұл-бұл ұшып, тырна тәтті тырауының қанатында кетіп бара жатқан көктемді қуып, ендіктер мен бойлықтарда емін-еркін көшіп жүріп, өшпейтін дана өркениетін жасаған халық биіктерге ханбалығындай өрлеп, ұрпақ шашты, өніп-өсті. Кеңістікке симай, көршілерімен алысты-жұлысты, ұлы өмір үшін айқасты. Теріскейде Солтүстік Мұзды мұхит пен оңтүстікте Тәңіртаулар арасын мекендеген көк еркесі сақтар, кейін скифтер болып тарих қойнауларынан қылаңытты. Олар бара-бара, келе-келе өзімен туыстас, тілдес һәм ділдес басқа тайпаларға сіңіп, тереңнен бермен қарай тамыр тартады. Басы биіктерден басталған бастаулардың сонша сағынышты сағаларға құймауы мүмкін бе? Арғы-бергі адамзат өмірінде (Цицеронның айтуынша) “тарих атасы” атанған Геродот (б.з.д. V-IV ғасырлар) өзінің тоғыз тәңірияға (муза) бағышталған үлкен тараулардан тұратын ересен еңбегінің Төртінші кітабында: “Скифтер тайпасы – сақтар бастарына тығыз киізден жасалған шошақ қалпақ, бұттарына шалбар киеді, өздері жасаған садақтары, қысқа найзалары және ерекше айбалталары (сагариялары) болған. Сақтар деп амиргийя скифтерін атаған” деп одан сайын қаузап, қазбалай түседі: “жиырма сегіз жыл бойы скифтер бүкіл Азияны билеп-төстеді”. Сөйтсе де, біздің заманымызға дейін 339 жылы скифтер патшасы Атейдің 339 жылы ІІ Филипптен ойсырай жеңілуі көп уақыт бойы оларды есеңгіретіп тастады. Бассақтар (массагеттер) көсемі Тұмардың парсы патшасы Кирдің басын алып, тәубасына келтіретінін де грек тарихшысы көркемдікпен кестелеп, алға тартып, ақылгөйлеріне құлақ аспаған өркөкірек Дарий жорығының ұлы далада абырой әпермей, шегінуіне шолу жасап,
Эллада мен оның қоңсыларына қайта-қайта қайырылып, халықтанудың құпия беттерін ашады: “Бассақтар киім-кешегі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас. Олар ат үстінде де, жаяу да шайқасады; соғысудың екі тәсілін де тамаша біледі: садақтар және найзаларға мұстақам, қарапайым айбалталары да бар. Барлық заттары алтын мен жезден тұрады... Олар ешнәрсе екпейді, Арағыс (Аракс) өзенінің бықып жататын балықтары мен жан-жануарлардың өнімін талғажау етеді. Олар сүт ішеді. Тәңір тұтып, жылқыдан құрбан шалып, тек Күнге табынады. Бұның мәні үдемелі қозғалысты қажет ететін құдайға да жылдам жануар керектігіне саяды”. Геродот Эллада біздің заманымызға дейін 594 жылы келген дала данышпаны Анахарис туралы да егжей-тегжейлі айтып кетеді. Күн шығыс пен батысты айқарған сақ-скифтер (сколоттар) көшіп-қонып, өгіздер жегіп, арбаларда тұратыны да көзден таса қалмайды. Қара теңіздің (Понт) солтүстігін жайлаған ел туралы өзі көріп-білген шындықты енді қалай жеткізсін! ІІ ғасырда Рим жазбагері Климент Александрский де қаймана еркін тіршілікке тәнті болып хабардар етеді: “Сақ әйелдері атпен қасақана қашқан болып, зымырап бара жатып, кәдуілгі еркектерше артына бұрылып садақ тартады”. Бұдан осы күнге дейін қыз-келіншектерін еркін ұстайтын атабабаның әдет-ғұрпы көрінбей ме? Тәңірдей табынатын әулие Ұмай болмаса да ежелгі сақ анасы құдайы қонағына ақ тілегін жасырмайды: Жер бетінен көрінер тау сілемі, Ақша бұлттар көк жүзінде қалықтап. Аралықты талай таулар бөліп тұр, Алыс-ақ жол, білсек егер, нарықтап. Сізге мәңгі ұзақ ғұмыр тілеймін, Қайта айналса, абзал еді-ау, шарықтап. Бізге жырақтағы жұлдыздардай көмескілеу жарығын себезгілеп себетін ақын жаны өз көңіл күйіннен де қалыс
қалдырмайды: Батыстамын мен, Орнықтым осы араға. Бықыған аң мен құс, Тұр, әне, босағада. Құдайдың ханшайымымын, Жаратқан жар болар. Жылжыман бұл топырақтан, Мен емес қар болар. Тартылды сырнай, Көңілге шаттық құйып. Үмітім көкке өрледі, Патшам перзент сүйіп. Сөйтіп, Таң патшалығы тұсында үш ғасыр шамасында 50 мың шумақ жыр жазылып, ал, Иуан хандығы дәуірлеп тұрған кезінде екі жүзден астам ақын-жазушылар шығып, отыз мың шумақтан тұратын төрт мың жол өлең құралды. Мәселен, қыпшақ ақыны Сағидолла 1272 жылы дүниеге келіп, “Таудағы доста еске алуда”: Әсілі ол асылзада тұқымы еді, Өмірді өткізген-ді болып ғаріп. Үйінің сау жері жоқ,шұрық-шұрық Кимеді бүтін киім иіні жарып, – деп толғады. Әрине, өкінішті. Уақыт шаңынан аршып алар қаншама өзекжарды өлеңдерді тозаң басып қалды. Ал, тарихты ше? Бір құжатта қытай императорының жарлығымен көшпелілердің 533 тақырыптағы 13 862 түрлі кітабы өртелгені қатталғаны айтылады. Соған қарамастан, тарихшыларымыз жүдә селт етер емес. Ғұн-сақ-скифүйсін, т.б. тайпалық бірлестіктер мен одақтар не дейді? Ұлы даладағы үнсіз жатқан құпия қорғандар, көне қорымдар мен обалы көп обаларға қашан тіл бітеді? Бұл тұрғыдан
ағылшын зерттеушісі Шарон Турнер (1768-1847 ж.ж.) айды аспанға шығарғандай. “Англо-саксондардың тарихында олардың арғы тегі сақтардан (Sakai ytvtct Sacae) тараған деген тұжырым қалыптасқан. Кезінде сақтар Каспий бойынан шығысқа қарай жылжып, Бактрияға ғана емес, сонымен қатар батысқа қарай Армения жерінің өте шұрайлы бөлігіне қоныстанған. Ол заманда, Страбонның айтуынша, әлгі аймақ Сакасина (Sakasina) деп аталыпты. Плиний әлгі аймаққа қоныстанған сақтарды Сакассани деп атаған. Бұл атау дыбысталуы (айтылуы) жағынан Сақасуну (Saka-syny), яғни сақтың ұлдары (ұрпағы) деген атауға ұқсайды. Біздің ойымызша, бұл бір ұғымның екі түрлі атауы,– дейді ол күмән қалдырмай. – Бұл этимологияны алғаш ұсынған Горопиус Беканус (Cozopis Becons) да аталмыш пікірді құптаған. Әдетте бұндай мәселелерге әркімақ күдікпен қарап, талқыға салатыны бар. Ал, біздің Камден (Camden) болса, әлгі этимологияны толығымен қолдаған болатын. Менің өзім де біздің арғы тегіміз жөніндегі жоғарыда аталған пікірді ең ойға қонымды дүние деп ойлаймын. Себебі – екінші ғасырда Страбон мен Плинийден сон Птолемей де сақтардан бастау алатын скифтердің саксондар (Saxones) аталғанын атап өтеді. Демек, бұл пікірдің дұрыстығын және аталмыш саксондардың да арғы тегінің Сақа-сунудан немесе сақтардың ұрпағынан тарайтындығын дәлелдей түседі”. Сонау Альбионның тұманды жағалауындағы жазбагер 1827 жылы жазып, солай деп жатқанда Есік, Берел, Бәйгетөбе, Талас ескерткіштері тұрған біздің топырағымыздан шыққан мамандар қалғып-мүлгіп отыра бере ме? Сол Шарон Турнер Кемпел мырза сапарнамасына сілтеме жасап, бұлтарып, бұлғалақтамайтын тұжырым келтіреді: “Плутарх жазып кеткен Араксис (Araxs) өзенінен өткен соң, осы өзен мен Кура аралығында Қарабақ деген әдемі аймақ жатыр. Бұл – ежелгі сақтардың елі. Плиний мен Страбон жазып кеткен скифтердің жауынгер тайпасы, яғни біздің байырғы бабаларымыз саксондардың дәл өзі болуы керек”.
Түйінді көкейтесті мәселелерде біздің тарихшылар қорқақтап жүргенде ағылшын, неміс, венгр, дат, т.б. елдердің оқымыстылары оқ бойы озып кеткендей. Алғырлық танытып, алды ораған Шарон Турнерге, әйтпесе кім не дейді? “Осыған қарағанда байырғы заманда бір-біріне тиіп тұрған көршілес елдердегі туыстас тайпалардың көпшілігі о баста бір бәйтеректің діңінен тараған бұтақтар болуы кәдік. Сондықтан парсылар да, сақтар да, олармен көршілес тайпалар да үлкен Скиф семьясынан тараған яфет немесе яфеттер тұқымдары болуы ықтимал” дейтін пайымды пікір патуасыздың өзін тақ тұрғызбай ма? Жеме-жемге келгенде біздің ауызды қу шөппен сүртетін жөніміз жоқ. Егер бұрын аз зерттеліп келген көшпелілер тарихы енді бір жақтан Үнді, қытай, кәріс пен жапон деректеріне сілтеу жасалып сүйенсе, екінші тараптан арабпарсы құжаттарымен салыстырылып қарастырыла бастаса қандай сөкеттігі бар? Орталық Қазақстан мен Оңтүстік Сыр бойындағы қалаларды қайта оралтуға орасан маңдай тер төгіп, көп еңбек сіңірген академик Әлкей Марғұлан да олардан қалыс қалмапты: “Соңғы жылдары жүргізіп жатқан зерттеулер бойынша, монғол дәуіріне дейінгі Отырардың қалдығы бірнеше қаттауға бөлінеді. Оның ескі заманғы астыңғы қаттауы Ғұн, Үйсін, Қаңқа (Канғой) заманын суреттейді”. Бұл ғұлама бастаған ғалымдар тобының қай салада болсын жүргізген тындырымды ісі бәрекелді дегізеді. Иә, солай екен деп арқаны кеңге салуға тағы да болмайды. Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Брежнев қамқорлығының арқасында қияндағы Украинадан алдырған оқымыстысымақ біреуге білдірген Ермахан Бекмахановтың бетің бар, жүзің бар демейтін қайсар мінезі неге бізге тәлім түйгізбейді? “Сіз Әлиев жолдас “жалған ғалым”,“жалған профессор” болып тұрып, Қазақстан тарихы туралы не білесіз? Қысқасы, сіздің сөзіңізді топшылағанда, мүлде ешқашан “Қазақстан тарихын” парақтамағаныңыз байқалады. Ғылым кім көрінген көлденең көкаттының келіп, алдарқататын ауласы емес, Сіз
оқымысты атағын жамылып жүрген бейсауа жансыз!”. Сөз сүйектен өтпей ме? Егер Ғұн атауы әлемнің кейбір жер-су аттарында мәңгілік қалса, сақ пен скиф те ойып орын алудан одан осал соқпайтындай. Ауғанстан мен Иран арасындағы бұрынғы Сақстан (қазір Сейстан), қырымдағы Скифия қаласы мен Сақ көлі, Египеттегі Саккара, Жапониядағы Сакисима, оқымысты Саккери (Милан), жазушы Саккерти (Флоренция), XV ғасырдың бірінші жартысындағы өзбек ақыны Саккаки аттары мен есімдерінде қандай сыр жатыр? Сақтардан кейінгі Скифтер, Сарматтар, Саврамат, Аландардың тарихта ізі бар болса, олар қайда сіңіп кетті? Еуразия кеңістігіндегі түркілердің басқа тайпаларына тағдыр қосып, қазір асау қанында ойнап жатпасына кім кепіл? Академик А.П.Окладниковтың емешегі қалайша езіледі? “Ежелгі Түрік Сібірі Шығыстан гөрі Батыспен тығыз байланысты. Оның мәдениеті бұрынғы ойлағандай емес, одан гөрі бай әрі шымқай. Байкөл, Ангара, Лена жағалауларында Батыс пен Шығыстың көне мәдениеті тоғысып, айырылысып жатты, өз кезеңіне тән аса құдыретті мәдениет ошақтары өмір сүрді, әрине, оларды есептемей Еуразия тарихын толықтай түсіну мүмкін емес еді. Байкөл бойындағы түрік қалаларынан табылған қазбалардан шыққан жол Дөң мен Дунайға тура төте тартатынын байқаймыз”. Орыстың ірі ғалымының жүрегін жаулаған қазбагерлер ашқан жаңалықтар болатын. Әсіресе, адамзат өркениетіне қосылған скифтердің аң айшықтары (Звериный стиль) жаратылысы бөлек құбылысқа жатады. Бұл өнердің шебер туындыларымен скифтермен әртүрлі деңгейде қарым-қатынас жасаған қоңсы елдердің барлығы емін-еркін пайдаланды десек артық айтқандық емес. Көшпелі болған үлкен юэужилер, түркілер, үйсіндер мен қаңлылар жан сұлулығының нұрлы қайнарларынан сусындады дәйім. Зергерлер бас киім, белдік, қару-жарақ пен ер-тұрманды безендіргенде алтын мен күмісті, темір мен жезді ғажап пайдаланғаны күмәнсіз. Арыстан мен жолбарыс, қасқыр мен таутеке, түйе мен жылқы, самұрық
(көкжөре, қанкерде) мен бұлан (қандағай), арқар мен марал тағы басқа тағылар жекпе-жегі шебер шекіліп, көшпелілер бай дүниетанымының көріністеріндей керемет дамып, ғұн, сақ, скиф, үйсін тайпалары дәстүрді дәстүрдей, жаңалықты жаңалықтай іліп әкетті. Бұл тіпті бертінге дейін жалғасты. Бұларды батыс жиһанкездері мен саяхатшылары Рубруквис, Марко Поло, Карпини, Клавихо да түсіндіре алмайды. Мәселен, ертедегі көшпелілердің түрлері болып саналатын өзбек ұлысының құрамында манғыт, жалайыр, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, қалмақ, дүриян, үйсін, қият, керейіт, қарлық, құсшы, кенегес, барақ, күрлеуіт, бүркіт, меркит, тана, ұйғыр, татар, мажар, башқұрт, таңғұт рулары кіргені мәлім. Сол жамыраған бұлақтар бара-бара қандай айдындарға құйды? *** Ешқашан жоқтан бар жасалмайды. Кезінде көшпелілер қай жақтан қыспақ көрмеді? Сөйтседе Батыстың Шығысқа көзқарасы әлі жөндеп оңалмай келеді. Олар мен ұрпақтарының басына тағдыр тауқыметі мен тақсыреті қалай түсті; алып бәйтеректің бір бұтағы қырға тамыр тартып, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға” ұшырап, отаршылдық қамытын киді. Ғасырлар ұзақ, ғұмыр қысқа. Әйтпесе, ГрекБақтияр (Греко-Бактия) мемлекетін талқандап, көш елі (Құшан) қуатты империясын құрған юэгжилер қайда кетті? Біздіңше, санаға сыздықтап сығалаған сайқал саясаттың салдарынан бұл байтақ ата-бабаларымыз өздеріне бір табақ жақын ұлы жүздер құрамына кірген деп жорамалдауға әбден болады. Бұған қытайда шыққан “Шыңжан тарихи сөздігі” де жан бітіре түскендей: “Қазақтың арғы тегі – сақтар, ұлы үйіжылер, үйсіндер, қаңлылар, аландар, хұндар...” Бұнда тайпалардың рет саны сәл өзгергені болмаса деректер мен құжаттар шындық шырайын шіркеу шалдырмайды. Бүгінгі түрік халықтары өзінің түп-төркінін іздегенде баз біреулердей ақиқаттың ала жібін аттамай, кім болса да көлгірсіп, бет алды лағып тұрарлықтай қымағаны
абзал. ... Әне бір жылы Қазақстан мәдениетінің Өзбекстандағы күндеріне барғанда Қашқариядан өтуге келе жатып, Үйсін аулының үстінен өткеніміз есте. Ұлы Жібек жолы “Үйсінтауды етектеп, Шәлкөдеге жеткен (Қашқардан шыққан) “кіре керуен”... керуенсарай Кегенге бір тоқтап, одан ары қарай Алматы – Ташкентке бет түзеген”. ...Соны түсінген венгр ғалымы Арминий (Герман) Вамбери қаһармандық жасағандай қызық қорытынды жасайды. “...Шығыс ежелден поэтикалық қиялдың елі болған және қоғамдық өмірде тағылықтың белгілері неғұрлым көп сақталса, яғни мәдениеттілігі барған сайын жас болса, поэзия мен оның түрлеріне деген әуестік, әмсе аса әсірелеу мен ойдан шығаруға құмарлық солғұрлым күштірек болады. Сондықтан да қырғыздың (қазақтың – А.) киіз үйінде тұратын адамдардың Париж – Лондандағы көзі ашық қоғам мүшелерімен салыстырғанда поэзияға бейім болатыны таңқаларлық құбылыс емес...”. Қай заманнан да рухи туыстық іздеу асыл мұраттай әсер қалдырады. Батыс пен Шығыс арасындағы үзіліп қалған байланыстарды қалпына келтіргісі келіп, бүкіл тапқантаянған халықтар ой інжу-маржанын сүзіп, көңіл көкжиегін кеңейткен Иштван Мендоки Қоңыр атын алып, ақырғы тынысын сонау Мажарстаннан шығып Алатау аясындағы Кеңсайдан табуы шын мәніндегі ойландыратын оқиға. “... Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, башқұрт, т.б. өлеңдерін аудару үстіндемін. Жұмыс нәтижесі қарқынды,– деп ол қазақ әріптесіне жазған хатында қуана хабарлады.– ...Кешікпей мажар тілінде жарық көргелі жатқан Момышұлы Бауыржан батыр ағамыздың “Ұшқан ұя” еңбегін редакциялап баспаға дайын еткіздім”. Азаттық үшін ажал аждаһалары мен һәм аюларымен алысып, аса ауыр жолдан өткен, Алтай, Пияз (Памир) бен Тәңіртаулар төңірегін мекендеген Азия көшпелілері, соның ішінде ғұн, сақ (скиф), үйсін тайпаларының үрім-бұтақтары басқалармен салыстырғанда пәнайы себептермен ұмыт қалып,
мардымсыз аз зерттелсе де тыныс-тіршілігі таңғажайып. Бұл бағытта аңыздарды тарихи ақиқатқа айналдыруға тырысса да марқұм Ә.Бүркітбаевтың ізденістері аяқталмай қалды. Сәл сыңаржақтау пайымдаса да Шань Бошуан “Қазақтың этногенезіне жаңаша талдау” деген мақаласында бұрынғы өз айтқандарының тігісін жатқызғандай қайта оралады: “Қазақ этногенезі екі мың жылдың алдындағы үйсіндер ғана емес. Қазақтың арғы тегі – Хань патшалығы кезіндегі Яньца – Аландар, Оңтүстік – Солтүстік патшалықтар кезіндегі HejieХы жие және олардың ұрпағы Таң патшалығы дәуіріндегі Қыса түркілері”. Шетелдің бірен-саран ғалымдары болмаса, бұл құбылыстың жартас пен сына жазулары, аңдар патшалықтарының (звериный стиль) табиғатын түсіндіруге біздің бұл саладағы мамандығымыздың тісі батпай отыр әлі. Тарих ғылымдарының докторы Н.Мұхаметханұлы да оған үзілді-кесілді ынты-шынтымен қосылмаса да жұмсақ рай танытады: “Үйсін мемлекеті Орталық Азия тарихында аса маңызды рөл атқарады. Өйткені, ол – Қазақстан территориясында құрылған ең алғашқы мемлекеттік құрылым. Үйсін мемлекетінің қоғамдық құрылым жүйесі (ол кезде қоғам бола қойды ма екен?) Хұн империясының мемлекеттік жүйесін жалғастырды және дамытты. Сондайақ, өзінен кейінгі Қазақстан аумағында құрылған көшпенді немесе жартылай көшпенді елдерге мемлекеттік үлгі-өнеге көрсетті. Басқаша айтқанда, Қазақстандағы мемлекеттіктің алғашқы үрдісін қалыптастырды”. Осы күйі қаз-қалпында ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Бәрі де өсіп-өну, өркендеу, алмасу, арбасу үстінде жетіледі. Алдияр уақыт дәргейіндегі көшпелілер ұбақ-шұбақ керуені келешекке бет алып бара жатса, онда кешегі күннің де кейбір жағымды-жағымсыз көріністері шаң береді. Әйтседе, бірде жеңіліс, ал, бірде жеңістен тұрмайтын өмір бола ма? Бұлар біздің халқымыздың ұзақ жолы тақтайдай тегіс, түзу болмағанын байқатады. Әйтеуір ХХ ғасырға тұяғы ілініп, жаңа үш мыңыншы жылдардың табалдырығын аттаған қазақтардың алдында да талғап,
таңдайтын көкейтесті мәселелер көп. Сол шындықтың шет жағасын шабыт шұғыласына бөленген шайыр болмаса кім жеткізеді? Әманда ақын жүрегі құбыланамадан болашақ бағдарбағытын сездіріп тұрады. Арада, бәлкім, жиырма ғасыр, одан да көп уақыт өткенде өмір өтінде шалғайына жабысқандармен шамырқана шырмалып шарпысып жүріп, Мұқағали Мақатаев неге шыр-пыр болады? Мен – Үйсінмін, қауға берсең қауға бер, Қан ағызып, үйренгем жоқ жаулап ел. Дауы да жоқ, жауы да жоқ тып-тыныш, Бауырларым, біздің асқақ тауға кел. Мен – Үйсінмін, мал бақ десең мал бағам, Еш жамандық көргенім жоқ қауғадан. Мен – Үйсінмін! Ұлы жүзбін, ұлымын, Ұлымын деп ұлылыққа бармағам. Ортадан да, кішіден де кішімін, Ұлымын деп көрсетпеген қысымын. Ел басына екі талай күн туса, Екі інімнің найзасының ұшымын. Мен – Үйсінмін, Ұлы жүзбін, ұлымын, Кісіліктің, кішіліктің құлымын. Бөлінбеген еншім даяр, екі інім Желкілдетіп жетіп келсе тұлымын. Әлбетте, сана, сезім мен ой соқпақтарында көлденең жатқан шөпті іліп алуға ешкімнің жүрегі дауаламайтыны өкіндіреді. Көне ғұндардың “халықтардың ұлы көші-қонын” бастауына түрткі себеп болған не? Қияңқы өзені мен Дунай арасындағы кең байтақ жауһар жәдігерлер қалдырып, өздері уақыт сағымына сіңіп кеткен сақтар (скифтер) мен сарматтар кім еді? Адамзат өміріндегі олардың орны қандай? Күні кешегі көшпенділердің бүгінгі буыны бір аяғы қаланы, бір аяғы даланы басып тұрып, Қазақстан деген егемен ұлы ел атынан жалпақ жалғанды аралап жүріп,
басынан қилы-қилы күрделі күй кешеді. Бұл өлең Варшавада басталып, Делиде аяқталып еді? Вокзалдар. Аэропорттар, Шақырымдар, Сөз бе екен ұрпағына көшпелінің? Сапар шегем... (Күндесін пақыр мұндар) Бәрі қалар көзден нұр өшкен күні. Тіршілік кіл мәңгілік қозғалыста; Тосын таныс, жаңа жұрт назарында. Жолдарымды, уақыт, соз алысқа, Қызық көп әлі өмір базарында. Толқындардай теңселген желді күнгі, Тынышсыздық жаныма қажет еді. Кезі келсе танытып елдігімді, Достар тауып қайтқанға не жетеді?! Қайда болсам; ұзақ па, аз заматқа, Құштарлықпен бұлақтың көзін ашып, Аттанамын ден қойып азаматқа, Еңбегіне, сүйсініп сөзіне асық. Тағы да күз жүрекке салып ұшқын, Керней шалды жолаушы құрметіне. Ұшты алып қанаты сағыныштың, Бір шетінен Отанның бір шетіне. Жетіп тұрмын қалай мен жол ортаға, Ауыр ойлар меңдеген секілді ме? Оралмай ма нәр сықап омартаға, Бал аралар мелдектеп екіндіде. Күй табағы айналып, күйге оранып, Құйын ойнап кеудемнің көрігінде. Қайтып келе жатамын үйге оралып, Керімсалдың сүйгені ерінімде.
Ғибратты ғұмыр
І Қит етсе өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды дегенге бой үйреніп, ет өліп барады. Шын мәнісінде солай ма? Олай 6олса осы күнге дейін туа бітті төл жазба әдебиетіміздің туын тіккен ұлы Абай қалай зерттеліп, қалай оқытылып келді? Енді ше? Жалпы абайтануда ілгерілеушілік, жылт етер жаңалық бар ма? Бәз баяғы бір жартастың кері келіп жүрген жоқ па? Бұл сауалға қанағаттандырарлық жауап табылмай отыр әлі. Барша «адамзатты бауырым деп сүй» дейтін ақын жалғыздықта қапалықпен бүкіл туған халқына белгісіздікте көз жұмып, қазасына.бірен-саранның қабырғасы қайысып жоқтағаны болмаса, араға ширек ғасыр салып оның да соңына шырақ ала түсіп, өкінішке қарай, тарих пен әдебиеттен оның есімін сызып тастағысы келгендер аз болмады. Бәрі бір күн сөніп, айтұтылған жоқ. Бірақ аспан әлеміне бір жарық қосылды. Тағы да бір жыр жұлдызы жанды. Абай жұлдызы!.. Оған байшыл деп кінә тақты, ескі өмірді көксеп жырлаушы деп көлденең тартып, әйтеуір не керек, түрлі-түрлі кінәрат тауып, әруақпен күресіп бақты. Ол таным таяздығы мен сана саңыраулығы ма? Жо, жоқ. Оның ар жағында қалайда да ұлы Абайды өз халқына оралтпаудың сұмдық пиғылы жатты. «Мазмұны жағынан бізге Абайдың пайдасынан зияны көп» деп жазды «Жыл құсы» журналы үстінен қиқу кетірмей. (№2, 1928 ж.). Бұл кездейсоқ бірен-саран жаңсақ пікір емес еді. Ең алдымен айтатын жай, сол дау-дамайдан кейін де оның шығармалары бірнеше рет жарыққа шықса да әлі бір ізге түспей, бүгінгі әдебиеттанудың биігінен терең зерделенбей келе жатыр. Бұл шалағайлық мектеп қабырғасынан бастап, Ұлттық академиядағы Абайтану бөліміне дейін қамтитынын айтсақ, одан ешкім тағынан тайып кетпейді. Асылы
данышпандықты таныту үшін осы данышпандар алдына жығып беру шарт емес. Өзімізде де пайғамбар бар екеніне маңыз беретін кез жеткендей. А.Құнанбайұлы өзінің, тек өзінің озық ойлы, қырандай қағылездігі мен сәулелі сезімталдығы арқасында еуропаша мәдениеттің ең үздік үлгілерін табиғи сіңірді. Бұл жаны, қаны қазақ бола тұрып оны Байрон, Гете, Мицкевич, Пушкин және басқаларды тәржімалағаны үшін Батыс, орыс әдебиетінің алдында шәкірт дәрежесінде қалдыра беруге себеп-салдар жоқ. Абай осы күнге дейін, тағы да қайталаймыз өкінішке қарай, тек орыс әдебиеті тұрғысынан, яғни отаршылдыққа орай жағыну тұрғысынан зерттеліп келгені ащы болса да айқын шындық. Абай орысшылдығына қарамастан шығармаларының қайсысынан болса да, дала исі, қазақтың төл исі аңқып тұр. Оның қолтаңбасында Шығыс шайырларының сөз саптауы анық. Солай бола тұрса да, бізде бір ақиқат ұмтыла береді. Абай орыс отарлаушылығының әбден шырқау шыңына жетіп, ұлан-байтақ даланы құлдық құрсауына алып, қолаяққа кісен түсіп, Азия десе оны құбыжық көрсетіп, төбе шашы тік тұратын кезде өмір сүрді. Қытай, Жапон, Корей әдебиетін айтпағанда қолға түрік, парсы және араб ақынжазушыларының шығармалары түсе беруі екіталай еді. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегендей, түз өмірін саясаттандыру әуелі орыс басылымдары арқылы жүргізілді. Бұл қалай болғанда да зердеде тұтатын жәйт. Осынау асты терең ағысты Абайдың аңғармай қалуы мүмкін емес. Қазақ қауымы мен халқына деген сонша сыншыл көзқарасының жедел де өршіл дамуына бұл жағдайлар пәрменді әсермен ықпал етті. Ендеше мәдениет, оның ішінде әдебиет саясаттандырылды дегенше оның бағы жанып, көсегесі көгермейді. Рас, Абай орыс әдебиетінен үздіксіз үйрене отырып, тез марқайып, оның сыншылдық бағыты мен бағдарын нәзік ұғып, оны тікелей көшірмей өзінше іліп әкетті.
ІІ XX ғасыр басында Абай әулетінің үстінде уақыттың қара бұлты барған сайын қоюланып үйіріле бастады. 1903 жылы жазға салым Көкшетау жақтан ақын атына белгісіз біреуден хат келді. Онда: «Баяғы дәурен өтті де, өлетін заман жетті де. Барлық жай-жапсарды айтып, ақылдасуға болар еді, амал не қазақтың мүддесін шағын ойласуға кедергі жасап тұр ғой». Мұны ұйымдастырған Мемлекеттік І-ші Думаның депутаты, «Серке» газетін шығарушы, мешіттің мұғалімі Шаймерден Қойшығұлов болып шығады. Ол қазақ қоғамы ғана емес, бүкіл орыс отарлаушылары аяғынан тік тұрғызды. Сол сол-ақ екен. Патша жандармериясының әлекедей жалаңдаған жендеттері тіміскілеп, аяғы жеткен жердің бәріне жағалай тінту жүргізді. Сөйтіп, халық тағдырының жан айғайы тудырған бір хат үлкен дүрбелең туғызып, көршілес Көкшетау, Ақмола, Семей, Омбы, Томскі уәлаяттары арасында түрлі-түрлі жеделхат, хабарламалар, қаулылар мен анықтамалар – бас-аяғы бары отыз құжат қатталды. Тіпті бір жандайшап, «Тінту кезінде Құнанбаев жане Ибрагимовтардың толып жатқан сандықтары, үйжайларынан табылған барлық хат-қағаздарды тартып алдым» деп асығыс көкіді. Бұған Абай жаулары жерден жеті қоян тапқандай қуанып, айызы қанса, аз достары жаны ашып қарады. Ашынғаннан ашық хат жазып, Сенатқа жолдауы да осындай әсіре әрекет-қылықтардың әсері емес пе екен деген ой келеді. Көп ұзамай Семей оязы Семей облысының әскери губернаторына құпия рапорт жолдады: «1903 жылғы 22 тамыздағы № 200 ұсынысыңыз жайында Сіздің құзырыңызға Шыңғыс болысының қырғызы (қазағы – А). Ибраһим Құнанбаевтың жасы 60-та екенін, 3 әйелі барын, 1000 жылқысы мен 2000 қойы барын, оның өте білімді және ақылды адам екенін, Шыңғыс болысы болып екі рет үш жылдан және үш рет үш жылдан істегенін, сонсоң үкіметтің
тағайындауы бойынша бір рет 3 жыл бойына Мұқыр болысы болып істегенін хабарлаймын», – делінген бүкіл өлкені сергелдеңге түсірген әлгі хатты тексерудің қорытындысында. «– Құнанбаевтың қызметінде парасаттылық және жігерлілік, үкіметке берілгендік және ұлтшылдықтың жоқтығы көзге түсті... Құнанбаевтың өзі кітаптар, газеттер және журналдар алдырады, орыс әдебиетіне ынта қояды... Саяси жағынан алғанда, мен оны ақылды адам деп, фанатик емес деп санаймын. Мұсылман билеп-төстеушілерінің қаракеттеріне араласпайтын, сенуге болатын адам деп санаймын». Бұдан Абай неге жасын ұлғайтып көрсетті деген ой туады. Сонымен қатар оның келе-келе өзін бүкіл күйбеңгершілік тіршіліктен шектеп, ауыл мен ағайын арасының ұсақ-түйек кикілжіңіне, қожырап бара жатқан қоғамның кіші-гірім құйтырқы оқиғаларынан бойын аулақ ұстағаны көрінеді. Не де болса өз құпиясы өзіндегі жұмбақ жан. Ол күйзелістер мен күңіреністерін қағазға төкпегенде қайтеді?!. Әдебиеттегі Абайдың ең басты ерлігі ғажап ұлттық кесек характер, сом мінез жасап, қазақтың көркем ойына жаңадан түрен салды. «Аттың сыны», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жазды күн шілде болғанда», «Ескілік киім», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Қыс» және өзге өлеңдерінде әлем поэзиясында теңдесі жоқ асыл нұсқа туғызды. Табиғат төрт мезгіліндегі жаратылыс құбылыстарын жырлай отырып, Шыңғыс.ш о қ ы л а р ы н а н томағасын сыпырған қырандай қиыр-шиырларды көріп, аядай ауыл айналасың. Айналшықтап қалмай жалпы жиынтық сурет салуға ұмтылды. Оның шеберлігінде шек жоқ еді. Бұлар этнография нышандарына толып, халықтануға орасан септігін тигізді. Шынында да, ақынның бейнешілдік жасау мәнері ғажап ғибараттардың бірі десе де болғандай. Әйтпесе жеке-жеке Жидебай, Шыңғыстау, Арқат, Қопа мен Ақшоқыны жырласа, оның қолын ешкім қаққан жоқ. Тек бір-екі туындысында ғана тобықтыны атап өтіп, түлкі заманын тазы болын шалудан дәметіп жүрген
пысықайлардың (Күлембайға «мәз болады болысың», Дүтбайға», «Абаралыға», «Көжекбайға») жарамсыз мінезқұлықтарды қаужап кетеді. Ол өнер құдіретін сезді. Сол арқылы адам мен заманды түземекке ниет етті. Жазба әдебиеттің төлбасысы еңбек пен өнер сүйгіштікті тәптіштеп, жүйелі жазып кеткені қандай? Қоғам мен адам арасындағы қайшылықтары тұлға дағдарысын әкелгендей. Басқаға қайдам, маған солай көрінеді де тұрады. Әрине айта берсе сөз көп. Абай туралы да әңгіме аз емес. Бұдан сәл бұрын ақын қоры «Абайдың ақын шәкірттері» атты кітап шығарды. Бұл, әрине, құптарлық қадам. Бірақ ол көптеген кемшіліктен құралақан емес. Оны құрастырып, алғысөзін жазған абайтануға едәуір үлес қосып жүрген Қ. Мұхаметқанов болған соң мұндай басылымның көтеріп тұрған жүгі де ауыр болатынын айта кеткіміз келеді. Әйтсе де кіріспе мен түсініктемедегі қайталаулар мезі етіп, кібіртіктетіп, қиялды тұсайды. Мәселен, «Алғысөзде»: «Абай көркем әдебиетте Пушкин бастаған, Пушкин атасы болған реализм мектебінен үлгіөнеге алды» (8 бет) делінеді. Тағы да: «Абайдың әлеуметтік тақырыпта жазылған өлеңдерінің Гоголь, Салтыков-Щедрин, Некрасовтармен үндес больш отыруы орыстың демократ-жазушыларынан алған үлгіөнеге еді» (10 бет) «...орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі ақындық талантына кең жол ашады... Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болды» (16 бет). «Пушкин, Лермонтовты қатты зер салып оқығанын көреміз. ...әкесі Абай үлгі алған зор мектеп – орыс әдебиетін ардақтап, орыстың ұлы ақындарын аса үлкен құрметпен атайды» (27 бет). «Ақылбайдың «Кітапта жазған oрыс даналары» деп сүйсініп оқып, өнеге алғаны осы Пушкин, Лермонтовтың кітаптары. Осы ақындардың романтикалық өлең, позмаларын
өзіне үлгі етеді» (28 бет), «Дағыстан» поэмасы қазақ әдебиетіндегі жаңа үлгінің бірі» (33 бет). «Осыныңбәрі.– Ақылбайдың Абай поэзиясынан алған ақындық өнердегі үлгі-өнегесін айқын аңғартады» (49 бет). «Мағауия әкесінен үлгі-өнеге, мол тағылым алған, ұлы ақынның жолын қуған, білімді, мәдениетті, саналы шәкірті, талантты ақын» (89 бет). «...Абай арқылы келген орыс әдебиетінің жақсы өнегесі көрініп тұр» (90 бет). «Медіғат-Қасым» поэмасында адам образын жасауда, көркемдік әдістер (приемдар?) жөнінде Пушкин, Лермонтовтың әсері, жақсы өнегесі үнемі сезіліп отырады» (112 бет). «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Абай нұсқаған бағыттан идеялық мазмұнмен қатар, жас ақынның Абайдан ақындық суреттеу үлгісін де өнер етуге талпынғаны байқалады» (127 бет). «Тұрағүл Абайдың ең сүйікті баласының бірі және ұлы ұстаз ақынның әдебиеттегі дәстүрін берік ұстаған саналы, мәдениетті шәкірті болған адам» (172 бет). Осылардың өзі де жететін шығар. Біз бұларды әдейі тізбегеніміз Аллаға аян. Өзінен өзі тіленіп тұрғаң соң, амал жоқ. Бүйтіп асығыс кітап шығаруға атүсті қарасақ, Абайға да, оның шәкірттеріне де обал емес пе? Әуелден Абайға абай болайық деп келе жатқан жоқпыз ба? Оның үстіне Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл Абайдың шәкірттерінен гөрі өз балалары десек әлдеқайда жарасар еді. Сонда Көкбай, Шәкәрім мен Әріп шәкірттері емее пе? Ұлы ұстаз дәстүрін кез келген уақытта жалғастырып, поэзиядағы нар жүгін көтеріп әкететін бұндай тұлғалардың тұңғыш жинақтан сырт қалуы көңілді онша көншітпейді. Қайткенде де кітап жан-жақты ойластарылып, ұтымды құрастырылмағаны көрініп тұр. «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқынағалар, артқы толқын-інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай
көрінер» демей ме Абай? Ендеше ұлттық жырдың жарқын жұлдызын өз ортасынан бөлек, оған дейін, одан кейін деп қарамай, «Абай айналасындағы ақындар» деген атпен толық қамтып, оқушы сұранысын өтейтін, зәру басылым шығарғанда ұтатын еді. Оған бөле-жармай-ақ алдыңғылардан Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Байкөкше, кейінгілерден Шәкәрім, Көкбай, Әріп, т.б. қазақ өлеңінің ірі өкілдерін ендіріп, кітап көкжиегін кеңейтіп, қолдан түспейтін еңбек түзгенде жүдә дауа болмас па? Сөйткенде шоғыр жұлдыздар ішінде Абай бейнесі жарқырап тұрмайтын ба еді?.. Әйтпесе қазақ қоғамының шыр-пыр қамын жеп, шырқыраған шыбын жанын жалау етіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, керек жерінде бала да, дана да болып, аттың жалы, түйенің қомында күн кешкен Бұқар жырау кімнен сорлы еді. Дулат пен Шортанбай ше? III Өз уақытынан оза туған Абай көп толғанып, адам мен табиғат, елдік пен ерлік, кісілік пен кісапірлік, ұлылық пен кішілік, жастық, пен махаббат, жақсылық пен жамандық тақырыптарына әр қырынан көңіл ауанына қарай қайтақайта оралып отырды. Ол қалай еңбек етті деген сауал тууы ықтимал шынында да, шабытты шақтары қай кезде болатын еді? Бұл туралы көз көргендер не дейді? «1880 жылдан бастап, 1886 жылдарға дейін, Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда, «Дала уәлаяты» мен «Серке» газеті шыққанда, тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды да жырлайды» дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді. Осы хал 1886 жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты, – дейді Абайдың үзеңгілес әріптесі Көкбай Жанатайұлы Мұхтар Әуезовке жаздырған естелігінде. –
Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да өзі жазбақшы болды. Сөйтсем сол күні «Жазды күн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғаш рет қанағат қылғанын көргенім сол... Осыдан кейін, өлеңді жиі жаза бастады. Тегінде, өлеңді көп жазатын уақытты қысқы күн мен жазғы салым болсын. Кейін 89-90 жылдардан тыныштық алып отырғанда барлық әндерін де бір-ақ қыста жазға салым шығарды». Ақынның баласы Тұрағүл да оны қуаттайды. «Сол жылы (яғни 1889 жылы) артынан абайлап қарасам әкемнің ғылым жолына белсеніп шыққан жылы екен. Сонда таңертеңнен кешке дейін бас алмай, орыстың кітаптарын оқиды да ара-тұра өлең жазып тастайды. Өлең жазарда ширек табақтай қағазды алдына алып, қолында қарындаш бір мұсаға мінген кісідей болып, көзі жасаураңқырап (тегінде көзі жасаурағыш еді), әндетіңкіреп, күңіреніңкіреп отырады, – деп қуәландырады әкесін шабыт үстінде көрген баласы сыр ағытып. – Сол күңіренудің арасында естірестімес қылып, күбірлеңкіреп келіп, жазып кеткен соң, көп ойланып тоқтамайды. Алдыңғы жазғанын сызып тастап, түзетпейді де. Бейне өлеңнің тығыны алынып, ағып бара жатқанға ұқсайды. Сол жазып тастағаннан кейін, өзі жатқа айта білмейді». Есі кіріп қалғанда Абайдың алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алған Әрхам Кәкітайұлы бұл туралы былай әңгімелейді: «Жасы елуден асқаннан кейінгі Абайдың тұрмысындағы әдет: ерте сағат 8-9-да оянады. Түзге барып, жуынып келген соң сүйікті керуетінің алдына қалың көрпе төсеп, бас жағына үлкен жастық қойған орынға келіп отырады. Бар киген киімі – көйлек-іштан, басына қазақша сырып тіккен тақия. Егер үй салқын болса, арқасына жеңіл шапан жамылады. Басқадай киім кимейді. Алдына дөңгелек үстел койып, ертеңгі шайды соған жасаттырады. Ішіне қант салып, шайқап суытып, екі шыны шәй ішеді. 3-4 бауырсақ, тоңазытып туралған екіүш жапырақтай ет жейді. Шайды жинап алысымен үстелге
таза дастарқан жайғызып, Абайдың өзі отыратын кітабы, ақ қағазы, қарындашы қойылады. Олармен қатар беті ашық, сырты шойын қара сағаты, ұсақ жазған әріптерді ірі көрсететін томпақ шыны. Насыбай салған мүйіз қара шақша тұрады. Шам жаға үйге кіріп, шәй ішіп болған соң, үйдегілерді шығарып жіберіп, оңаша қалып кітап оқуға кіріседі. Андасанда қағазға бірер жол жазып, отырады. Кешке тамақ келгенде аздап ет жеп, бір тостағандай сорпа ішеді. ...Абай түнде көп ұйықтамайды, шамды сөндіріп жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта жағып, кітап оқып отырады. Не қағаз жазып отырады. Аздан кейін шамды өшіріп жатып қалады да, бір мезгілде тағы шам жағып, кітап оқып отырады». Ол бар болғаны 5313 жолдай жыр жазса, оның аудармасы – 1700. Абайдың төл туындысы сонда 3613 жол болады екен. Әсіресе ең өнікті еңбек еткені 1897 жылы – 397 жол, 1896 жылы – 336; ал ең аз жазғаны 1885 жылы 14 жол, 1903 жылы – 16. IV Егер Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай (санай берсе өте көп) қазақтың ұлт болып, бірте-бірте қилы қалыптасу кезеңдеріндегі әртурлі хикметтер мен ойкешулердің қуанышы мен азабын көрсетсе, Абай әбден халық ретінде әлем аясындағы толыққаңды рухи бейнесін жасап берді: «Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», «Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық», «Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», «Ала жылан, аш бақа күпілдектер». Бұл басқа ақындармен салыстырғанда аспан мен жердей айырмашылықты көрмеу мүмкін емес. Бұқар жырауға Абайдың, Абайға Бұқар жыраудың күпісін кигізу, еш жараспайды. Екеуінің арасында қанша кереғар заман тұр. Түрлі-түрлі пікір, ой, сезім, көзқарастар қайшылығын алдымен уақыттан іздеген мақұл. Астар, тұспал, ишарамен айту үрдіске енді. Абай өлеңдерінің кейбір көлденең көк
аттыға ұстата бермейтін тылсым сыры осында жатыр. Оның дәуірінде, әлеуметтік-қоғамдық қарым-қатынастар ушығып, одан сайын тереңдей тусті. Абай айналада аждаһадай ысқырып келе жатқан отаршылдыққа қарсы қару ұстайтын мезгіл емес екенін біледі. Сондықтан қолына пәрменді қару етіп, қалам алып, сөз маржанын тізді. Оған өзінен бұрынғы ізашарлардың ақылгөйлігі, дінмарлығы, шешендігі мен төкпелігі ұнаған жоқ. Абай надандық қыспағына душар болғанмен ұшынып тұрған нарықтық қатынасқа ұшыраған жоқ. Қайтіп үрлеп ішіп, қалай шайқап төгемін десе де бір қарақан басына Құнанбай қажыдан қалған дәулет пен сәулет жететін еді. Ендеше ешкім зорламай, тілімен, зәрімен зар төгіп, неге өлең жазды? Бұл да болса мыңмен жалғыз алысқан жанның жұмбағы. Тәңірдің тылсым күші. Сонда да болса алдыңғы толқын ақындарға сонша неге шүйліге береді? Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау. Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса, Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау! Бұл өлең туған кезде қазақ поэзиясы бейнелеу құралдардың арсеналы байыған болатын. Бұл үш ақын да көбінесе Сарыарқа өңірінде ғұмыр кешті. Абай Жайықтағы, Махамбет Атыраудағы, Мұрат Жетісудағы Сүйінбай есімдерін еміс-еміс естімесе, олардың туындыларымен онша таныс емес еді. Ал, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай мен Абай қай тұста қиылысып, қай тұста жеке-жеке өлеңнің ақ отауын көтереді. Біз үшін мұның үлкен мәні бар. Мысалы:
БҰҚАР ЖЫРАУ: Сөз ұғарлық ер болса, Айтылмас шын сөз болмайды. АБАЙ: Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? * Ендігі жұрттың сөзі ұрлық-қарлық, Саналы жан көрмедім, сөзді ұғарлық, БҰҚАР ЖЫРАУ: А, заман-ай, заман-ай Басты мына тұман-ай. Істің бәрі күман-ай, Баспақ-тана жиылып, Пәни болған заман-ай. Құл-қүтандар жиылып, Құда болған заман-ай, Арғымағын жоғалтып, Тай жугірткен заман-ай. АБАЙ: Сұм-сұрқия қу заман Гүл көрінер жігітке. Қызықты өмір жайнаған, Кеудесі толып үмітке.
- Мынау азған қу заман, Қалыбында тұрмайды. Біреу малды ұрлайды, Біреу басты қорлайды. ДУЛАТ: Елін сатып, шен алған, Өлекседен жем алған, Кебеже-қарын, кең өңеш, Өлексе көрсе үңгіген, Күшігеннен кем емес, Тек дейтұғын тегі жоқ. Өз еліне ебі жоқ, Жатқа зерде, кегі жоқ – Азған елге би болды. Кінәм жойқын, тәубем аз, Тіршіліктен не таптым, Д үние – жемтік, мен – төбет, Соны бақпай, не бақтым? Ырылдасып әркіммен. Не қапқыздым, не қаптым. * Қазіргі қазақ ұлығы, Жаман иттен несі кем? Жемтік көрсе, қан көрсе, Айырылар мүлдем есінен. Сендер атқа мінген соң, Тандыр болып суалды Шалқар көлдей несібем.
ШОРТАНБАЙ: Бұл заманның адамы, Ұстасады көре алмай. Аз болса, бөліп бере алмай. Шындық кетті қазақтан Ант-сөзіне сене алмай. Азған елдің адамы Апшыған сұмдар қадамы, Жүйрікпін деп шабаны Момынға жапса жаланы. Қулық-сұмдық табады. Мейір кетті пендеден Сөйтіп ердің елінен, Ақыл сұрасаң азбассың, Көпті көрген көнеден. Қасиет кетгі төреден, Әділдік кетті билерден, Абырой кетті әркімнен. * Келедей істі көлдей ғып, Өтірік айтып жаласын. Мойнына әкеп жабады. Өз қолыңды кесе алмай, Шиеленгенді шеше алмай, Осы шығар, әлеумет, Дүниенің қауіп жаманы?!.
АБАЙ: Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар, Өтірік пен өсекке Бәйге атындай аңқылдар. Кетті бірлік, Сөнді ерлік, Енді кімге беттемек? Елің – ала, Отты шала, Тайса аяғың, кім көмек. Жалығуды пәледен Жұрт ұмытты біржола. Шыныменен тәмам ел, Кете ме екен ит бола. * Кеселді пысық көбейді, Күшік иттей үріп жүр, Кісіден кеммін демейді. Әдетте қазақ ақындары жылқы, ат, арғымақ, тұлпар, пырақ десе делебесі қозып, әруақтанып кетеді. Бұл тақырыпқа Бұқар жырау да, Абай да барды: Ойнай басқан аяқтым, От орнындай тұяқтым Қиғаш қамыс құлақтым, Сапты аяқтай еріндім. Сарымсақтай азулым, Сауырсын кебе жараған.
Кекілін қыздай тараған. Тостаған көз торыны Топ тарқамай мін-сана. АБАЙ: Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Аузы-омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ. Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, Қабырғалы, жоталы, болса күшті. Ойынды еті, бөп-бөлек, омыраулы, Тояттаған бүркіттей салқы төсті. Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ, Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ. Жел соғарлы, сіңірлі, аяғы тіп-тік, Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ. Екі өлеңде де арғымақтың сұлу ажары, бітім-келбеті келісті беріледі. Егер Абайдың «Аттың сыны» әлсіз түйінделіп («Ыза қылдың қолыңа, бір тигізбей»), жеке бір адамның ғана көңіл-күйі берілсе, Бұқар жырауда күшті азаматтық үнге бастайды. («Еліңнің қамын же – сана»). Абайға дейінгі үш ақын да адамгершілік, ерлік пен елдік туралы айтқанда да алды орап БҰҚАР ЖЫРАУ: Адамзаттың баласы Атадан алтау тумас па? Атадан алтау туғанмен, Оның ішінде біреуі арыстан болмас па? Арыстанның барында,
Жорғасы болса мінсін, Торқасы болса кисін. Толғамалы қамшы алып, Толағай да-толағай дәурен сүрмес пе? ДУЛАТ: Қайран қазақ, қайтейін, Қарасы – анытқор, Ханы – арам, Батыры көксер басы аман, Бәйбіше – тантық, бай – сараң. Бозбаласы – бошалаң, Қырсыға туды қыз балаң. Нары – жалқау кер табан, Құсы – күйшіл, ат – шабан. Жырғалаң жоқ, жобалаң. Ебі кеткен ел болды. Енді қайда мен барам? ШОРТАНБАЙ: Ықтияр кетпей жалды атқа, Жүйрігің мен жорғаңды Өзің де мініп жебеле, Қатын-бала қамы үшін Қарсы шап та, мылтық құш. Құр жабырқап, жүдеме. Айтып, айтпай немене. Өткен заман келе ме?! Қайран да, халқым қайтейін, Кейісті көп тартарсың. Көппен көрген себеле, Селебені елеме.
Қанша қамкөңіл болғанмен, олардың жырына жігерлілік, асқақтық қанат бітіреді. Күреске шақырады: «Қарсы шап та, мылтық құш», «Толғаламы қамшы алып». Ал Абай болса көзге шұқығандай етіп, көк нұқиды. Талапты тұқыртады. Міншіл. Сыншыл. Кінәмшіл. Әйтсе де оған ақындық рухы жағынан Дулат тым жақын. ДУЛАТ: Қазақ деген ғаріп жұрт, Мығыңды көрсетпей, Ұстарасыз түсті мұрт. Ұйқы басып, сезбедің. Шырмаған жаудың сырт, – десе Абай да жүрек қыжылын ащы ақтарады: Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. Бет бергенде шырайың сондай жақсы, Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың? ДУЛАТ: Азған сені көргенде, Қайнайды менің зығырым. АБАЙ: Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде.
ДУЛАТ: Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай. АБАЙ: Адасқан күшік секілді. Ұлып жұртқа қайтқан ой. ДУЛАТ: Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын. Ел пысығы жортады. Өзі елді қорқытып, Онан өзі қорқады. Алдына түсіп томпандайды. АБАЙ: Өзі ұлыққа, Қадір жоққа Қарамай өз халқына, Сөз қайырмай, Жөнді айырмай. Жұртқа шабар талпына. Әрине, үндестік пен үйлесімнің де шет-шегі бар. Бірақ дәл осылай ақындардың бір-біріне рухи туыстасып, бауырласып, үндесіп келуі дәстүрді ешқашан мансұқ етпейді. Абайдың жаңашылдығы аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ. Ол өзіне дейінгі қазақ жырының бүкіл асыл қасиеттерінен нәр алып, ұдайы қуатты қайнардан сусындап отырғанын көрсетіп, алға
тартады. Зады, замандастарының айтуынша, Абай айналасында ақындар, жыраулар, әншілер мен күйшілер аз болмаған. Оның ғажап жыр мектебі болашаққа қарай мәңгілік өнер нұрын шашып жатыр. Біз бұнда оның бір қырына ғана тоқталып, тақыр жерде өспеген поэзия бәйтерегі екенін айтқымыз келді. Әйтпесе Абай әлемі ой мен қиялға жеткізе ме?!. ЗАМАН ЗӘУЗАТҚОРЛАРЫ Қазақтар Алыстан “Алаш” десе аттанамын, Қазақты “қазақ” десе мақтанамын. Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын. Міржақып. Біз кімбіз? Қайдан келіп, енді қайда барамыз? Нұрлы қуатты қайнарлар мен ботагөз бұлақтар бастаулары не дейді? Менің Отаным – Қазақ елі. Қазақия. Қазақстан!.. Біздің тұзы жеңілдеу халқымыз тажалдың өзімен де талай тура бетпе-бет келіп, жалын жұтқыншақты жалмауыз жұмырына жұтылып кете жаздап, жойылудан әупіріммен әрең аман қалып, ілдалалап ХХІ ғасырға тұяғы ілікті-ау әйтеуір. Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия мен басқа елдерде әртүрлі қоғамдық-әлеуметтік себеп-салдармен тағдыр тауқыметін тартып, жұмыр жерде тарыдай шашылып жүргендерді қоспағанда, соңғы мәлімет бойынша, байырғы атақоныста
9 миллиондай қазақ тұрады екен. Аз да болса саптағылар мен санаттағылар бауырға тартылып жатыр, енді санның сапарға айналар кезі келе жатқандай. Олай болса, адамзат өркениетіне не қосылды? Қорқыт күйлері. Әбу Насыр әлФараби ойлары. Махмұт Қашғари сөздігі, Жүсіп Баласағұни толғаулары, Мұхаммед Хайдар Дулати тарих тарауларымен әлемдік тұлғалар бола ала ма? Тіршілік дарағындағы қазақ халқы уақыт сүзгісіне түсіп, бәріне көнбістікпен төзіп, ұзақ ауыр жолдан өтті. Өткен ғасыр басында ел-жұртының бақыты мен бостандығы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, отқа да, суға да түскен Ахмет Байтұрсынұлы: “Алхамдулла, аз емеспіз, 6 миллион қазақпыз” деген шүкірлік етіп. Енді олардың бүкіл ұзын-ырғасы екі еседен асып, ұлы далада тағдырдың ыстық табасында шыжғырылса да табан аудармай, ұл-қыз өсіріп, көңлі келсе көл, шекесі тырысса шөл болып, жансебіл қияметқайым ғұмыр кешіп, бүгінгі күн биігіне жетсе де маңдайының шылқып отырғаны шамалы. Тәуелсіздік туы көтеріліп, егемен ел болғанның түрі бұл. Жаһандасу жанкештілікпен келе жатыр. Шүкір! Алайда, сансапалақ қиыншылықта балға мен төс арасында жаншылып кетпей шыңдалып, ата-бабалардың батырлық пен батылдық танытып, жүрек жұтқан жанқиярлығы арқасында керегесі кеңейіп, шаңырағы шайқалмай апайтөс алыптармен терезесі тең болуға ұмтылып келе жатыр. Барлық ұсақ-түйек пендеуи күйбеңгершілікті былай ысырып қойғанда, өмірбақи қайран қазақтардың сордан көзіне көк шыбын үймелеп, ашылып көрді ме? Тіл ғана емес, саясат серкесі Олжас Сүлейменов Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың арнайы барып, сіңірі шиқылдап әрең-әрең отырса да, ЮНСКО шеңберінде Қырғыз мемлекеттілігінің құрылғанына 2500 жыл толу мерекесін өткізу туралы ұсыныс енгізіп қайтқанын айтады. Ал, біз де ше? Құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Ешнәрсе 1500 жылдан асып көрмегендей: Түркістан – 1500, “Қозыкөрпеш – Баянсұлу” – 1500 жыл. Ары, не бері
жылжытуға болмайтындай. Бейне бір бәрін кесіп-пішіп қойғандай, тарихқа қиянат қашанғы жалғаса береді? Сол аралықта қоңсылар оқ бойы алды орап, “Алпамыстың” – 1000, “Манастың” – 1000 жылдықтарын тойлап, бүкілхалықтық мереке салтанатына айналдырып жіберді. Біздің республикамызда той-томалақтардың көбісі жетім қыздың тойындай өтетіні қалай? Бәлкім, бұған да орыс отаршылдығы сайқал саясатының салқыны тиген шығар. Сол кесір-кесапаттан қырғыз, қайсақ, тіпті номад, калбит пен мәмбет аталып, төл атын алмаған халықты кім болса соның басынуы әлі күнге сезіледі. Әйтпесе, не әдебиетші емес, не тарихшы емес дүбәра дүрегейдей дәлдүріш Рой Медведовтың “Литературная газетадағы” (№13, 2003 ж.) кездейсоқ сандырағына жол болсын? “Шындығын айтқанда, қазақта мемлекет құрудың қажетті мәдениеті жоқ” деп көкиді ол қисынсыз зиялылық пен зайырлықты бөгдеге қимай. Әлсін-әлсін келіп қайтатын жыл құсындай аққұстардың бейпілауыздығына сайып, қолыңды сілтей салайын десең сандырақ сөз сүйектен өтіп барады. Теріскей қоңсымыз БАҚ-тарының қасақана терісін теріс айналдыра жамылып, ақпараттар айдынында арандатып бәле жауып байбалам салуы жалғыз бұл ма? А.И.Солженицын, М.С.Горбачев, В.В.Жириновскийдің әдейі қысастықпен айтқанын қайта жаңғыртқанда кім не ұтады? Бүйте берсе біздердің Сарытау (Саратов), Астрахан, Орынбор, Қорған, Селебі, Омбы уәлаяттарына құқығымыз бен қатысымыз қайда қалады? Біле білсек, қазіргі Қазақстан байырғы Үйсін, Қаңлы, Түрік қағанаттары, Дешті Қыпшақ, тіпті бергі Алтын орданың бірден-бір мұрагері емес пе? Не дегенмен отаршылдық сызы мен қырғиқабақ мінезі бойға терең сіңген бе әлі күнге дейін байқалады. Азияға ашылған “терезе” ретінде қараған сайқал саясат салқыны І-Петр заманынан бері жалғасып, бұғаулық шынжыры үзілмей келеді әлі. Ұзақ жылдар бойы салт-сана, әдетғұрыппен көшпелілер тұрмысына кірген хандық билікті бір дегеннен жойып жіберу қырға қырбайлық әкелді. Өз алдына
отау тігіп, ұлт болып ұйығанша да қазақ ежелгі халық болатын. Оның бастауын Ғұннан, Сақтан және түрлі түркі тайпаларынан алғанмен бәрі бір өмір қайнарлары ұлы сағаға құяды. Өйткені, келте түсінікке кереғар, елтану мен қазақтану өте ертеден басталады. Ұлы дала мен Орыс тамырлы байланыстарын қаза зерттеген Л.Н. Гумилевтің: “Қазақтар сонау көне түркі заманынан келе жатқан халық” деуі шындық шыңына меңзейді. Қазақтың тұңғыш тамаша әмбебап ғалымы Шоқан Шыңғысұлы да шындық шыңырауынан сыр тартады: “Бұл халық өздерін қазақ деп атайды, көршілес қырғыздар да оларды солай ұлықтайды... Орыс казактары да әр тектес тайпалардан одақ құрып, казактар деген атауға ие болды. Татар (түркі дегені) қазақтардың шыққан тегін Алаш, Алашамен байланыстыруында да тарихи шындық жатыр”. Қалай түсінсек олай түсінейік, құйма құлақтықты пір тұтқан қыр ақындарында басқа халықтарда жоқ қасиеттер өз елінің шежіресін өлеңмен өрнектеуге құштар болғаны бас шайқатады. Ш.Уәлиханұлының өзі Абылай замандасы Шал жыраудың поэзия тілімен айшықтаған жылнамасының қолға түспегеніне опынады. Нұржан Наушабаевтың “Манзумат Қазақиясы”, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Шәді төренің шежірелері мәңгілік меңзелдес болмағанымен оларда ақау да аз емес. Айналайын әруақтары кешірсін, Абай, Шаһкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпей және басқалардың қазақ ата тегі хақындағы жазбалары нобай, үзінді күйінде, естігендері мен оқып-білгендерін мазмұндаумен ғана шектелгендей. Ғылыми мақалалар жазуды ойламаған да шығар, бәлкім. Қашаннан әдебиет пен тарих төркіндестігіне қарамастан екеуі екі түрлі тараптан тоғысады. Әдебиет әдебиет те, тарих тарих. Аңыз бен ақиқат кейде бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Бірақ, шежіреге де сонша шошына қарай беруге болмайды. Мәселен, біз Бибарыс пен Халдунның “Қыпшақ шежіресін”, Ұлықбектің “Сұлтандар шежіресін”, Мұса Шорманов, Диханбай, күні кешегі Ә.Марғұлан қолынан шыққан шежірелерді білеміз бе? Егер Абай қайта-қайта жанға батырып: “Ғақлиясының”
бірінде: “Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қоштасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем – сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, “не қылды, не болды?” демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай?..” деп өз ұлтын ащы мінесе өз тұрғылас тұстастарын тұспалдап, көкжиек кеңістікті көлегейлеген кещелерді меңзегені болып табылады. Жарықтық, сонша неге түңілді екен? Әуелгі жаратылыс мінез-құлқында сондай құдай сүймес майда-шүйде қылық болды ма екен, сірә? Шаһкәрім Құдайбердіұлы болса да өзінің “Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде” бір ауыз қара сөзбен қайырудың орнына жылнама жолдарын өлеңге айналдырып, келісті көркемдік келісімнен тұратын өнерге нұқсан келтіріп, тізеге салып, әуре-сарсаңға түседі: Астрахан, Қырым, Қазан қаласында, Болыпты төрт бөлек хан таласында. Билеген бергі шетті Әбілқайыр, 1450-жылдың шамасында. Осы кез біздің “қазақ” атанғандық, Түрікте бір әдет бар ескі заңдық. Тамызып қанын сүтке қосып ішіп, Анда деп жасайды екен туысқандық! Туысқа әшейінде қарамайды, Жақын деп қан қосылмай санамайды. Ішсе де қай румен қанын қосып, Бір туған жақыным деп бағалайды.
Құралған әр рудан қазақ басы, Анда боп қан қосылған қарындасы. “Ел болып, өз еркімен еркін жүрген”, деген сөз қазақтықтың мағынасы. Қазақтың Әз-Жәнібек ханы болған, Билеген сыртын ноғай заңы болған. Арғынның арғы атасы Дайырқожа, Дейтұғын бір әділ би тағы болған. Ол биді Әбілқайыр жақсы көрген, “Ақжол” деп оң тізеден орын берген. Қобыланды Қара қыпшақ батыр еді, Намыс қып күндестікпен шайтанға ерген. Өлтірген аңдып жүріп Ақжол биді, Қазаққа осы жұмыс ауыр тиді. Қысқасы Қобыландыны өлтірем деп, Жар салып Әз-Жәнібек халқын жиды. Жалынған үш кісінің құнын ал деп, Алмаған “Бізге керек емес мал” деп. Бермеген Әбілқайыр Қобыландыны, “Мұны өлтірсең қалған ел бұзылар” деп. Сондықтан өкпе қылып қазақ көшкен, Қыпшақты шауып, жаншып қатты өштескен. Шудағы Шағатайдың нәсілінен, Қараймыз Мұғылтемір ханға дескен... Кезінде адамзат тарихында атаулардың кездейсоқ болуы да кәдік. Америка Христофор Колумб атын алмай, жаңа құрылық неге Америго Веспуччидің есімімен аталды? Бирманың Мьянма, Голландияның Нидерланды аталуының қандай-қандай құпиялары бар? Сондай-ақ “қазақ” атауының
айналасында талас пен тартыс, дау мен дамай тынған жоқ әлі. Баз біреулер әлі күнге дейін оның үндестігі мен үйлесімін іздеп жүр. Бізге мәлім мағлұматтар мен дерек көздеріне басқаша тіл бітеді. Сан алуан мәліметтерге сілтеме жасай отырып, біздіңше, қазақтанумен айналысатындарды үш топқа бөлуге болатындай: 1.Аңызды арқаланып, алға тартатындар: Абай, А.П.Чулошников, Шаһкәрім, Мәшүр Жүсіп Көпей, М.Дүйсенов, т.б. 2..Дыбыстық үндестікті малданып зерттейтіндер: Мұхаммед әл-Ауфи, Константин Порфиродный, Әбілғазы, А.Вамбери, З.У.Тоған, Н.П. Марр, т.б. 3.Қайнарға жаутаңдап қайырылатындар: Ә.Фирдауси, Рашид Ад-Дин, А.И.Левшин, Ш.Уәлиханов, В.В. Вельяминов-Зернов, М.Тынышбаев, В.В.Бартольд, С.Аспандияров, И.Қабышұлы, т.б. Біріншілердің үздік үлгісі Мәшһүр Жүсіп Көпей: “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен деседі. Сол заманда қырық ханның бірі болған қызыл Арыстан хан Бұқарада тұрып хандық қылған екен. Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтады. Мұнараны сол қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат артына салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, бәйбіше өзінен тумай тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп, бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді деген соң хан қырық жігітке бұйырыпты... кеше “Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұрпағымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік” деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып, өз алдына отау тіккен емес, әр жұртқа бұратарта қоңсы болып жүрген”. Екіншілер болып емексітетіндер ішінде Чехославак
академигі Б.Грозный да (1879-1952 ж.ж.) бар. Ол: “Касахи” біздің заманымыздан бұрын Каспий теңізінің батысында тұратын Ғұн тайпасы. “Касахи” сөзіеің түбірі – “қас”, “қаз”. Ал, “қасақ”, “көсег” сөздерінің түбірі де осыдан алынған. “Кавказ”, “Каспий” бәрі бір түбірден” қисын іздейді. Осыған орайлас ойын білдірген академик Н.Я.Маррды В.В.Бартольд сынап, пәтуасыз пікір айтқанын айтып кетеді. Олар жалғыз емес, әрине. Армян жазушысы Мұса Харений де “Қазақтар біздің заманымыздан көп бұрын, Иран патшасы Валирттістің кезінде (126-197 ж.ж.) Күр өзенінің оңтүстік жағын қоныстанып отырғанын” көрсетеді. Ғұлама ғалым Рамстедт те “қазақ” пен “хазар” сөздерінің түбірлестігіне тоқтайды. Тарихшы Тәбириди Әмудария атырабында қазақтардың болғанын тәптіштеп кетеді. Бұл көшпелілер өмірінен жібі түзу еңбек жазып, түбегейлі тиянақтылықпен А.И.Левшин (1799-1879 ж.ж.) табандылық танытады: “... Олар осы күнге дейін өздерін тек қана қазақтармыз (казақ) деп атайды. Осы аталумен олар парсылықтар, бұхарлықтар, хиуалықтар және Азияның басқа халықтарына да мәлім. Қытайлықтар бастапқы қәріп “қ-ні жұмсартып “хасақтар” деп атайды. Ресейде де XVIII жүзжылдыққа дейін қырғызқайсақтарды білген жоқ, оларды қазақтар, қазақ ордасы дейтін еді”. Оны “Қазақ тарихының Геродоты” атаған Шоқан тағы бірде: “Шайбаниинмада” – “қазақ” өте қадірлі сөз, мықты, күшті, шабытты көрсетеді. Еуропа тілінде ондай ұғымды рыцарь (ер) деп атайды” дегенге ден қояды. Алтын орданы шабуға бара жатқанда Әмір Темірдің шекара шебіндегі қазақтарды қырып-жойғаны туралы да мәлімет кездеседі. Көп зерттеушінің ойы бір арнада тоғысса көкейдегі қоламтаны қайта көксегендей. В.В.Вельяминов-Зернов, А.И.Левшин, қазақ тарихшылары М.Тынышбаев, С.Аспандияров және басқалар қазақ халқының негізін құрайтын арғын, найман, қоңырат, үйсін, шанышқылы, қаңлы, жалайыр тәрізді рулар мен тайпалар түп-төркініне назар аудартады. Қазақтануды қаузағандардың бірсыпырасы
көне дерек көзі деп Ә.Фирдаусиге сілтеме жасап жүр. Әйгілі “Шахнама” дәуірнамасы – тарихилаудан алыс әдеби шығарма. Сондықтан ерте орта ғасырдағы туындының асыл құнын төмендетпей, рухын ту етіп көтерсек қана баянның байыбына бара алатынымыз айдан анық. Байырғы атақоныста уақыт пен көкжиектерді көктей өткен көшпелілердің басын қосып, қара шаңырақты стап қалған қазақтар тағдыры мен тарихын сан саққа жүгірте бермей, толыққанды шынайы көрсету өмір талабы. Әйтпесе, Кіші Азиядағы түріктердің Түркістанға көзі боталап қарайтыны неліктен?! “Өркениет – цивилизация, латынша Civis – азамат, қала тұрғыны немесе қала мәдениеті деген сөз. Осы орайда Страбонның: “Өркениет болу үшін бір қала да жеткілікті” дейтін сөзі бар. Қазақтар тұрған жерлерде Арқайымнан бастасаң 300-400 қала болған. Атақты астанамыз Отырар, Тараз, Талас, Испиджаб (Сайрам), Түркістан, Жанкент, Ташкент, Бұхара, Жаркент, Хорезм және Жетісу қалалары,– дейді академик Е.Омаров.– Қазар қалалары: Саркел, Итил (Еділ), Астрахан. Қалалар негізінен Жібек жолы бойын жағалай орналасқандықтан олар үлкен мәдениет әрі ғылым мен білім орталығына айналды. Қазақ өркениетін, жалпы, қаситтерден бастап есептесек 4000 жыл, ал, қассақ сақтарынан бастасақ 2600 жыл шамасында. Меніңше, тарлан тарихымыз 6000 жылдан асады деп болжауға болады”. Бұған не алып қосуға болады? Гете аса пір тұтып, жоғары бағалаған Шығыс жеті жұлдыздарының бірі Омар Һайямның (Қайым) толғанып: Келу менен кетуіміз жұмбақ біздің баяғы, Данышпан ой шеше алмаған не теңіз. Бұл өмірдің басы да жоқ аяғы, Қайдан келіп, енді қайда кетеміз? – деуі нысанаға дөп тиіп жатқандай. Ежелгі тарихтың әр жерінен шаң беріп, ру және тайпалардан құралса да қазақтар ешкімге қолбала болған емес. Әйтсе де А.П.Чулошниковтың:
“қазақ халықтығының өзінше өмір сүргенін XV ғасырдан одан әрі ерте әкетуге мүлдем тырысу алдын-ала сәтсіздікке ұшырайды. Егер қазақтар ХІ ғасырдан кейінгі қазақ халқының құрамына кірсе бұл кездейсоқтық” дегені асығыстық шығар онда. Оның мақсаткер мінеушісі сонша шұқшиып тырнақ астынан кір іздемей Мұхамеджан Тынышпаев: “Туындыгер қазақтарды XV ғасырдан ерте қалыптасқан жоқ деп тұжырымдауы” ағат дей келіп: “...қазақтар (қырғыздар) туралы әр түрлі деректерден “қазақ” деген сөзді ғана іздестіріп, олар әр қилы кезеңде әр түрлі түркі-монғол тайпалары қосылған негізгі тайпа деп есептейді... Қазақ халқының әрбір руының зәузатқорын алдын-ала зерттемей, сондай-ақ, оның қай кезде кіммен қақтығысқанын анытап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес” деп тоқтам жасауы қалайда құлақ қойғызады. “Қазақстан тарихын” жазған дәрігер, генералмайор шенінде демалысқа шыққан Санжар Аспандияров та қарап қалмай, М.Тынышбаевты аяғынан бір шалып қалуды ұмытпайды: “Қазақ-көне ұлы халық екенін дәлелдеуге тырысқан Тынышбаевтың тұжырымы түсінікті емес пе? Бұл халыққа черкестер де, литвалықтар да, Қырым және Қазан татарлары да жатады. Оған Әзірбайжан түріктері – “қазақтар” да кіреді”. Ол өз қандасын сынай отырып, Маркс пен Энгельске, Ленин мен Сталинге сілтеме жасаса да қуғын-сүргіннің қасыретті құрығынан құтыла алмай, құр қиялдың құрбаны болады сөйтіп. Бұл төл тақырыптан “Айқап” жорналы да қалыс қалмай, “қазақ” деген сөзге екі мағына береді: біріншісі, “қашақ” дейтіні қазақ даласын айнала мекендейтін отырықшы елдердің әкімдеріне барғысы келмегендер мен жатқан қазақтың қазіргі кең даласына қашып шыға берген. ...Екінші тұспалда “қазақ” есімі “ақ қазақ” деген сөзден тууы да мүмкін делінеді”. Ағынан жарылса да бұл дау-дамайға И.А.Кастанье де нүкте қоя алмайды: “Тарихи мәліметтерге қарағанда, қазақтар (қырғыздар) бірнеше түркі тайпаларының араласуынан шыққан, кейде олардың арасында керей, найман, қыпшақ,
алшын және арғын атаулары да болған”. Қызды-қыздымен түрколог академик А.Н.Бернштам да бұған амалсыз араласып кетеді: “Дешті Қыпшақ жерінде – кейіннен бізге “қазақ” деген атпен белгілі болған “қас”, “хазақ” т.с. атты көптеген тайпалық құрылымдар өмір сүрген”. Әрине, аталмыш күрделі мәселенің күрмеуі көп. Әне бір жылы сан алуан пікір таласында “қазақ қауымы” атты еңбек жазған Сәбит Мұқанов М.Ақынжановтың “қас” “сақ” деген екі сөзден құралатын ойына қосылады: “Қазақ тарихы туралы қай кезде кімдер жазса да бір мәселеге талас жоқ сияқты. Ол қазақ халқының көне замандарындағы көшпелі рулардан құралуы. Солардың арғылары: “сақ”, “массағат”, “сармат”, “үйсін”, “қаңлы”, бергілері: қыпшақ, найман, керей, тағы басқаларын айтса да бәрі бір, өйткені қазақтың басын құраған сол рулар екені ақиқат... “қазақ” деп аталатын халықтың дәл қай кезден құрылғанын басып айтатын тарих әзірге жоқ. Қазақ халқының алғаш пайда болуы, қалыптасуы жайындағы жоғарыдағы жорамалдардың, пікірлердің біразы секілді көрінгенмен, әлі де болса дәлелдеуді қажет ететін талас мәселе екені мәлім”. Оңтүстік Сібір (Тұран) нәсілділерге жататын қазақтар жер бетінен өшіп кетпей, тамыры терең алып бәйтеректей қатал уақытпен жапырақ жайып, мәңгілік көктеп келеді әлі. Олар өмір өтінде не көрмеді?! Үйсін, Қаңлы, Алтынорда мемлекеттерінің басқару тек билік үрдістері жас қазақ хандығына ұласқаны үлкен алқаракөк айдындардың сарқылмағанын көрсетпей ме? Орта ғасыр көшпелілер өміріне аз өзгеріс әкелген жоқ. Кіндігі бір бауырлардың арасы алшақтап, өзара алыстай түсті: “Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кез еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді... Жұрттың көпшілігі Жәнібек хан мен Керей ханның жанына
кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. (Алла жақсы біледі). 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді”. Осында көп мамандар көңіл аудармай жүрген екі жай бар. Алғашқысы – Дешті Қыпшақ. Одан соңғысы – өзбекқазақ. Қалай дегенмен ұлттың тұңғыш тарихшысы қазақ хандығы заманын бізден бір табан жақын тұр. 1458 жылы Түркістан төңірегінде Әбілқайыр жоңғар қонтайшысы Өзтемірмен шайқаста жеңіліп, Шайбани шөбересі майдан даласын тастап қашып шығады. Бұл кезде, яғни 1458-1459 жылдары қас қылғандай Моғолстанның өз ішінде Уәйіс хан өлісімен тақталасы өршіп, ағайынды Есенбұға мен Жүніс ымырасыз күреске кірісті. Осындай оқ пен оттың арасында жүріп, әр тарихшы әрқалай айтқанмен қазақ хандығының дүниеге келуі сол ғасырдың алпысыншы жылдары болуы мүмкін. “Бабырнамада” Заһарад-Дин “қазақтық”, “қазақ болып жүргенде”, “қазақ күндері” дегенді жиі айтатыны да сол дәуірге жатады. Ноғай ханның тұсында Еділ бойы елінің тұрғындарының біразы ноғайлар, Жошы ұлысын жайлағандар өзбектер деп те аталғаны аян. Олардың көбісі ат әбзелдері, зергерлік бұйымдары мен ою-өрнекте байырғы Ғұн, Сақ (скиф), Үйсін дәуірінен қалған аң айшықтарында (звериный стиль) мәдени мұраны аманат етіп көздің қарашығындай сақтап қалды. Дала өркениеті өрнектерінде де сол нәзік нақыштар мен қызық қолтаңба іздері жатыр. ХХІ ғасыр қазақ халқы үшін оңай басталған жоқ. Рас тәуелсіздік таңы атып, егемен ел болғанымыз жалғасты. Ғасырлар бойы ғазиз анамыздай әлпештеп келген жер сатылды. Қыруар қазба байлықтары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Тұрғындардың басым көпшілігі ыңыршағы айнала мәңгіріп, күн көріс қамынан артпай жүр. Нарықтық қарым-қатынастар қиыншылығы қашанғы қабырғаны қайыстыра береді? Болашақ буалдыр болса да ертеңге елеңдеп сеніммен қарағың келеді. Жалғыз
мен ғана емес, басқалар да соған емексиді. Америка ғалымы Марта Брил Олкот “Қазақтар” атты кітап жариялады. (Оның тез арада тәржімалануын қалар едім). Батыстың Қазақстанға жан-жақты қызығушылығы артып отыр. Мәселен, Францияда біздің елімізді зерттейтін топта 25-ке дейін кісі болса, Англияда 7-8, Алманияда – 1-2, Италияда – 1-2, АҚШ-та – 5-6 адам бар. Бұл сең бұзылды деген сөз. Егер адамзат өркениетін өзіміз орнаттық деп мардымси қарайтындардың өзі ұлтымыздың мәдениетін, тарихы мен саясатын зерттей бастаса аса қажеттіліктен туғандай құбылыс. Біздің Ұлттық Ғылым Академиямымызда “Қыпшақтану” дейтін аты бар да заты жоқ орталық тіркелген. Өтйкені, оның не тындырып, не қойғаны беймағлұм. Түркістандағы Халықаралық қазақ-түріктің Ахмет Иассауи атындағы университетінің профессоры Рақманқұл Бердібай өзекке өрт түсіретін жайдан сыр шертіп: “Біздің тарих неге жазылмаған?” деп оқырмандар шошып кетпесін. Жазылған том-том кітаптар бары рас. Тіпті бір кітапхана құрастырса да болады. Мысалы, Левшиндер, Бичуриндер мыңдаған Қытай томдарын қарады дейсіз бе? Олар өздеріне керегін ғана алды. Олардың бәрінде Еуроцентризм, “Жақсылықтың кіндігі Еуропа болды” деген ой, орыс шовинизмі, “өзге халықтар орыс халқының панасында ғана көгере алады” деген тұжырым насихатталды,– дейді ақиқаттан онша аттамай. – Ал сол кездегі Сібірдегі көптеген шағын ұлттар құрып кетті. Әрине, орыстың Вельяминов-Зернов, Л.Гумилев сияқты адал ғалымдары да болды. ...Қазақтың тарихы қайта жазылуы тиіс!”. Ұлы далада қанша ұрпақ ауысты. Енді қандай қайғықасірет бұлты төнсе де таза тілектер бір асыл арнада тоғысқандай. Егер бұрын тек Еуропа көзімен зерттесек, енді туған халық тарихын араб-парсы, қытай-үнді, жапонкәріс деректері мен дәйектерінен қарастыруға көкжиек ашылды. Қытай тарихшысы Бэн Гу өзінің “Ханнамасында” былай суреттейді: “Сақ – біздің жыл санауымыздан мың
жыл бұрын Орта Азия мен қазақ даласын мекендеген ежелгі тайпа. Ертедегі Үйсін, Қаңлы, Ғұн мәдениеті дегендер – Сақ мәдениетінің жалғасы. Үйсін, Қаңлы – Батыс өңірдегі байырғы ірі мемлекеттер, қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ірі тайпалар батыстағы аландармен (Солтүстік Қапқаздағы), Шығысында Тәңіртаумен шектесіп, қыпшақ мемлекеті қаңлыға қарайды, әдет-ғұрпы, киім-кешегі қаңлылардікі сияқты”. Кейді әлсіреп, кейде күшейіп әулие ата-бабаларымыз құдай құдыретінің арқасында білектің күші, найзаның ұшымен сақтап қалған ұлы жерге мұрагер болып отырған қазақтар бостандық жолында ұзақ ауыр жолдан өтті. Ұлт ретінде тарих толқындарында үндістер мен аборигендер секілді құрып, жойылып кетпей, небір қиын-қыстауда таңдау мен талғаудың алдында тұрып, сенімділік пен төзімділікте тәрбиеленіп, даланың азаттық рухын жоғары көтерді. Әлемде жер көлемі жөнінде алдыңғы 10 ел қатарында қыруар табиғи байлыққа қол жеткізіп, бодандық пен құқықтық кіріптарлықтан құтылды. Тәуелсіздік таңы оңай атқан жоқ. Қаз-қаз басқан жас мемлекетіміз енді-енді бұғанасын бекітіп, бойын тіктеп келеді. Бәрінен де ұлт мүддесін биік қоятын бүгінгі ұрпақтар алдында бұрыңғыдан да көп асқаралы міндеттер тұр. Ел мен жер тағдыры ешқашан ешкімді де бей-жай қалдырған емес. “Мен – қазақпын...” кеудесі күрсіне отырып айтқанда марқұм Жұбан Молдағалиев туған халқының өкінішті өткеніне көп үңіліп кеңірек көзінен өткізгендей. 1926 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтың мақаласындағы: “Қазақстанның ұлтшылдығы үстемдікті бағындыруды көксеген, шегіне жеткен озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса, теңдік алуға ұмтылған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей, ұлтшылдық жойылмайды” дейтін ұлағат өларадағы өмірге қандай үйлесім мен үндестік тілейді. Тілші-ғалым Сейдін Бизақұлы сәтімен байқағандай: “қазақ – көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай этнографиялық ахуалы әрқилы, пейілі байтақ
даласындай кең де қонақжай халық”. Әлқисса. Сонымен мәңгі өмір оты өшпей, адамзат арба мен жерағаштан зымырандар және серіктерге дейін өркениет өріне тартып келеді. Дала мәдениеті ғажайып гүлденіп, ғаламат дамыды. Көшпелілер көші уақыт пен кеңістік көкжиегіне сіңіп әрі кетсе де ешқашан тоқтаған емес. Кейінгі кезде әлем этнозәузатын зерттеуде бірқатар жетістікке қол жеткізіп, нақты нәтижесі қызықты көрсеткіштерді көлденең ұсынып отыр... Қазақ халқының зәузаты аса тым күрделі құрамда түзілгендей. Сол қорытындыға байланысты бұл ұлттың 56 пайызы азиялық болса, 44 пайызы еуропалықтар тегіне жақындау; оның ішінде 17 пайыз қазақ ген жағынан тува, сақа, буряттарға таяу тұрса, 13 пайызының француз, ағылшын, неміс халықтарымен туыстығы анықталды. Тіпті алақандай қазақ қауымының америка үндістері мен Скандинавия ежелгі тұрғындарына да зәузаттық ұқсастықтары бар екендігі байқалғандай. Ары тарт, бері тарт шөре-шөре болып, трайвализмнің туын көтеріп, әлдеқандай көрсеқызар көзқамандықпен елірме әулекі топтың қолтығына дым бүркіп жүргенде түп атамыз ыстық қара құрлықтағы африка нәсілдеріне де орайлас шыққандай. Аллаһтың әміріне дау бар ма?! ЖҰЛДЫЗДЫ ЖАНДАР (Біз осы, қазақтар, кімбіз және қандаймыз?!) Эссе О заманда, бұ заман қазақтың қыр соңынан қырсықтың қалмай құлғанаша түсетіні неліктен? Ұлт болып ұйып, қара шаңырақ көтеріп, қара қазан қайнатып, халық болғалы бері оның бойына саналылық пен шалалық, жатыпішер жалқаулық пен жаһілдік, дүниеқоңыздық пен даңғойлық, тоғышарлық пен тоңмойындық, зайырлық пен зұлымдық
неге ұялайды? Төзімнің де таусылатын шегі бар емес пе? Қалайша елгезектік пен енжарлық, ерлік пен ездік көсемдік пен кещелік неге бірге жұп жазбай қатар жүреді? Бөгде жұрт бізді қалай бағалайды? XVI ғасырдың елең-алаңында Рузбехан Испаһани: “Өзбектерге үш халық (немесе тайпа) жатады. Олардың біреуі – Шайбани әулеті, екінші халық – қайратымен және ержүректілігімен жер жүзіне даңқы жайылған қазақтар болса, үшінші халық – Хаджи-Тархады (Астрахан) билеп отырған маңғыттар десе, араға төрт жүз жылдай салып Г.Н.Потанин бұл ойды бекіте түседі: “Қазақтар сергек, денсаулығы мықты, өмірге құштар халық, олар ойынсауыққа әуес, шымқай бояулы әлем-жәлем киім-кешекті жақсы көреді. Тіршілікте той-томалаққа құмартып, мерей мерекеге елеңдеп, бейім тұрады. Жекпе-жек жарыс өнері мен жасау-жиһаздардың қазақтардың бойында, бәлкім. Француздарға ұқсайтын әсірелік сезімін тәрбиелейтін шығар. Афиндықтар сияқты жаңалық десе ішкен асын жерге қояды”. Бір-бірін білмесе де, Армений Рампери одан қалыспайды: “...Халқының сан мөлшері туралы сауалыма ұдайы: “Әуелі даладағы құмды, содан соң ғана қазақтарды сана” деп күле жауап беретін. Сол сияқты, олардың шекараларын да анықтау мүмкін емес. Біздің білеріміз, олар Сібір, Қытай, Түркістан мен Каспий аралығындағы ұлан-ғайыр сайын даланы мекендейді. Осы өлке қоғамдық құрылысына байланысты қазақты орыстың, не қытайдың иелігіне жатқызудың қателігін айқын дәлелдейді. Ежелгі Түркістан тайпаларының кемшілігі мен жетістігі араласа сақталған дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың шынайы көрінісі осы ұлтта ғана сақталған. Бізді аса таңғалдырғаны – бір жағынан, олардың музыка мен поэзияға зор бейімділігін, екінші жағынан, ақсүйек текшілдігін байқағанымыз. Екі қазақ жолыға қалса, міндетті түрде алғашқы сұрауы: “Жеті атаң кім?” деп келеді, ал, екіншісі, тіпті, сегіз жасар бала болса да жауапқа мүдірмейді.
Олай болмаған күнде жетесіздігін көрсеткені”. Әрине, сырт көз сыншы, сырын жасырмай, жаңылыс айтпайтын шығар. Э.С.Вульфсон ағынан жарылады: “Қызжігіттерінің ойын-сауықтар да емін-еркін араласуы жөнінен қазақтар басқа мұсылман халықтарынан өзгеше: әйелдері жүздерін жасырмайды, ерлерден тығылмайды және мәселен, татар әйелдері сияқты көзден таса өмір сүрмейді. Біздің бұрын байқағанымыздай, қазақ әйелдері еркектермен бірге атқа шауып, ән салып, көңіл көтеріп жүре береді және өз адамдарын да жат жерліктерді де жатырқамайды”. Әдетте жамырасып ұлттық тарихымыздың Геродотына теңейтін (Мен бұндай салыстыруға мүлде қарсымын!) А.Левшин де құдай сөзін айтуға құмбыл: “Деспотизмді көп көрмеген қазақтар басқа Азия халықтарына қарағанда аңғалда ақкөңіл, сенгіш... Қазақ әйелдері ерлерден гөрі бейнетқор: малға қарайды, киім тігеді, ері үшін бәрін жасап, оны жүрерде атына мінгізіп, аттандырып салады. Қазақ әйелдері жанашыр, ақ жүрек келеді”. Құлақ асқанға айтуын айтудай айтылып келеді екен. Өзгелер де өзіміз де еріксіз елең еткізетін ескерту – естеліктен кенде емеспіз. Бірақ, әйтеуір айкәпір атанбаппыз әлі. Елжұрт тағдыры тақиясына тар келмей Абай отандастарын сонша шырылдап басқалармен терезесі тең тұруға үндеді. Соған қарамастан қарақан бастың күйбең тіршілігін күйттеп, түк көрмегендей бәрін-бәрін бауырына баса беретіні қалай? 1916 жылы исі қазақ шамамен 5 миллион 650 мың болса, 1921 жылы 4 миллион 800 мың, 1933 жылы 3 миллион 400 мыңға құлдырап кетті. Сонда жан алып, жан беретін жекпежекте өмірді өлім жеңгені ме? Ата-бабалар ұдайы ішіп-жеуді дағдыға айналдырмай, қойын құрттап, айранын ұрттауды кәсіп етіп қана қоймай, жар құшып, үрім-бұтақ жайғызыпты. Сейіл-серуен құрып, ит жүгіртіп, құс салып, балуан белдестіріп, ат суытып, бақсынапты. Бұның баршасы ұрпақ қамы үшін, салауатты өмір салты үшін. Егер Абай жүйрік баптап, тоғызқұмалақ пен шатыраш ойнап, Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) шаршы топта кірдің тасын көтеріп, Мұхтар
аяқдоп қуса еріккеннің ермегі ме? Рухы биіктер алуан спорттың әр түрін жансерік етіп, сарыуайымға салынбай, сергелдеңге түспей-ақ сәулелі сеніммен алға аттады. Олардың өрен өмірі мен өшпес өнегесі мәңгі ұмытыла ма?! Қазіргі қазақтар қалай-қалай ғұмыр кешіп келеді? Олар әуелден әдебиет пен өнерді әспеттеп, спортты сүйді, марқасқа мінезімен ешкімге де міндадар болмай, емін-еркін өмір сүрді. Өзінің өзегі өртенгенде не дер екен? Дулат: Кешегі бір заманда, Қайран қазақ, қайтейін. Мынау азған заманда Қарасы – антқор, ханы – арам, Батыры көксер бас аман. Бәйбіше – тантық, бай – сараң, Бозбаласы – бошалаң, Қырсыға туды қызбалаң, Нары – жалқау, кер табан. Құсы – күйшіл, ат шабан. Жырғалау жоқ, жобалаң, Ебі кеткен ел болды Енді қайда мен барам? Ал, Абай: “Осы, мен, өзім қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді, әрі нешік, бойларыңнан адам жақсы көрерлік, көңіл тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ... Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мол ізденуі, өнер ізденуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. ...Әй, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру