Пушкин
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
ПУШКИННІҢ ӨМІРІ
(1799-1837)
Александр Сергеевич Пушкин 1799 жылы Мәскеуде туған. Әкесі ескі ақсүйек тұқымынан. Ақынның балалық кезінде оның әке-шешесінің барлық уақыты тек қонақпен, сауықпен өткен. Баласын тәрбиелеумен олардың жұмысы да болмаған. Ақын жылы шырайды қарт шешесі мен тәрбиеші әйел Аринадан ғана көрген. Бұл екі кемпірден ұзақ-ұзақ ертегілер тыңдау арқылы, ақын ана тілін жақсы үйреніп алған. Пушкиннің үй-іші француз тілінде сөйлесетін. Балаларына (ақынның бірге туған бауырлары болған) шет ел адамдарынан "саны көбірек, бағасы арзанырақ" тәрбиешілер жалдап алған. Пушкин сегіз жасынан кітапқа әуес бола бастайды. Әкесінің французша кітаптардан құралған кітапханасынан тілеген кітабын алып оқи берген. Қандай кітапты оқу керектігі туралы ешкім оған кеңес те бермеген. Дегенмен, нәтижесінде ақын француз тілінде өте көп кітаптар оқып, көп білім алған. Кешікпей Пушкин француз мысалдарына, поэмаларына еліктеп, өзі де көркем шығармалар жаза бастайды. 1811 жылы Пушкин жаңадан ашылған Царскосельский лицейге кіріп, онда 1817 жылға шейін оқыған. Лицейде Пушкин әлеуметтік, әдебиеттік мәселелер жөнінен бір қауым жастармен танысып, пікірлес болады. Пушкин әдебиет үйірмелерін ұйымдастырып, қолжазба журналдар, шығармалар жинақтарын шығару жұмысына белсене қатысады. Пушкиннің ақындық тәжірибелеріне шет елдер жазушыларының да, орыс жазушыларының да әсері болады. Пушкиннің ең алғаш әдебиетшілердің назарын тартқан өлеңдері 1814 жылы шығады. Лицейді бітіргесін Пушкин қызметке кіреді. Бірақ қызмет ақынға қызғылықты болмайды. Сондықтан ол уақытының көбін әдебиет жұмыстарына арнайды. Пушкин өз заманындағы ірі адамдармен танысып, ол шақта жаңа ұрылған жасырын ұйымдарға (декабрьшілер) араласады. Қоғамдық-саяси мәселелермен әуестеніп, соған барынша беріледі. Бірақ бостандықты сүйгіштіктің сазайын тартатын сүрек ұзаққа созылмайды: өкімет 1820 жылы оны оңтүстікке жер аударады. Ақын Кавказда, Қырымда, Бессарабияда айдауда жүрген жылдарында "Кавказ тұтқыны", "Ағайынды қарақшылар", "Бақшасарай фонтаны", "Цыгандар" деген ірі поэмаларын жазады. Және "Евгений Онегин" сияқты ірі шығармасының бас жағын жазады. Бұл еңбектері қысқа уақыттың ішінде Пушкиннің ірі ақындық даңқын шығарады. 1824 жылы өкімет Пушкинді оңтүстіктен қайырып, өзінің туған жері Михайловск деген деревняға айдап жіберді. Деревняда полиция мен монастрь бастығы попқа бақылатып қояды. Бұл деревнядағы оңаша уақытты Пушкин өте пайдалы жұмыстармен өткізеді. Келіп-кетіп халін білген достарына ақын: "кітап, кітап, кітап!" деп тапсырумен болды. Достары Петербургтан мол кітаптар жіберіп тұрады. Оңтүстікте ағылшын ақыны Байронмен әуестеніп, соның бағытына түскен еді. Ал Михайловскіде Шекспирдің пьесаларын, Вальтер Скоттың романдарын оқып, солардың бағытын тереңдете зерттейді. Орыс ескілігіне тереңдеп бойлап, халық өлеңдерімен танысады. "Борис Годунов" деген үлкен шығарма жазады. Бұл еңбекті жазып шығару үшін ақынға Карамзиннің тарихын және тағы сондай өнімді шығармаларды оқып шамалауға тура келеді. Жоғарыда айтылған тәрбиеші кемпір Арина Родионовнаның қасында Михайловскіде болу 1826 жылдың ортасына дейін созылады. 1826 жылы Пушкин Михайловскіден шығуға рұқсат алады. І Николай ақынды шақырып алып: "Мен сенің жастық күнәларыңды кешірдім, бұдан былай сенің шығармаларыңды қарап жіберіп тұратын цензур өзім болам"— дейді. Бірақ осы уақыттан бастап, Пушкин уақытша босатылған тұтқын сияқты болады. Құпия түрде ізін бағушылық күшейе береді. Пушкиннің жүріс-тұрысы саяси полицияны (үшінші бөлім) ұлы әбігерге салады. Құпия қағаздар Пушкин барған жерге ізін ала құстай ұшады. Жандармнан рұқсатсыз Петербургтан Мәскеуге баруына да мүмкіндік болмайды. Пушкиннің Петербургта тұрған кезіндегі жұмысының дені бұрынғыша әдебиет жұмысы болады. Пушкин тарихпен әуестеніп, архив аралап, І Петр дәуірінің материалдарын зерттей бастайды. Пугачев қозғалысын зерттеуге кіріседі. Мәселені дұрыстап тексеріп қайту үшін Пушкин Орынбор өлкесіне, Еділ бойына барған. Жергілікті архивтерді қарастырған. Сүйтіп "Пугачев тарихын" және "Капитан қызын" жазған. Цензур Николай "Пугачевтың тарихы болуы мүмкін емес" дегесін, әуелгі еңбегінің атын "Пугачев ереуілінің тарихы" деп өзгерткен. Өмірінің соңғы жылдарында Пушкин сарай ортасына араласқан. І Николай Пушкинді өзіне "сарай ақыны" етпек болған. Пушкин сыртқы көрініс үшін болса да, бұған көнуді жөн деп тапқан. Ақын өзінің қандай адамдарға араласқанын, бұдан жақсы нәтиже шықпайтынын білген. Сарай маңында Пушкинге айқын дұшпандық көзқарас туады. Ақынды үздіксіз қудалай бастайды. Зәбірленген ақын шыдамай Геккерн-Дантес деген сарай төресін дуэльге (жекпе-жекке) шақырған. Дуэль 1837 жылы 27 январьда болған. Пушкин ауыр жаралы болып, январьдың 29 күні өлген. Ақын өлісімен патша жіберген полиция Пушкиннің сүйегін өз қолына алған. Түн бойы көше-көшеге атты қарауыл қойып, ертеңіне сүйекті Петербургтан Псков губерниясына алып кеткен және жерлеген уақытта да ешбір жиналыс, жоқтау болмасын деп бұйрық берген. Пушкин Михайловск маңындағы Святогорск монастырына жерленген. Пушкиннің өлімі даналықты бағалай білетін халыққа қатты батқан. Ақынның өліміне жалғыз отандастары ғана қайғырып қойған жоқ, Еуропаның бүкіл мәдениетті адамдары да қайғырған.
ПУШКИННІҢ АҚЫНДЫҒЫ
Пушкиннің ақындығының әуелгі дәуірі XІX ғасырдың 10-20-жылдары. Бұл Наполеон соғыстары болып өтіп, декабрь көтерілісі әбден жеңіліп, аяқталған кезеңдер еді. Ол жылдар күшті тап тартысының жылдары болған. Бұл тартыстың айқын көрінісі әдебиеттен де орын алған. Пушкин өзінің шығармаларымен дәл сол таптар қайшылығы күшейген уақытта белгілі бола бастаған. Және идея жөнінен декабристерге жақын ақын болған. Ақынның 1818—1819 жылдардағы шығармалары бұл жақындықты айқын сипаттайды. 1818 жылы Чаадаев деген өте оқымысты және ақынның өзіне тәрбиеші есебінде болған досына ақын өлеңмен хат жазады. Хаттың әуелгі өлеңдерінде өзінде болған зор өзгерісті баяндайды: "махаббат, үміт, атақ" алдауынан құтылдым. Бұл алдау, үміт көрген түстей, тұмандай тарап кетті", — дейді.
Олардың орнына жаңа тілектер орнаған, ол тілектерді ақын былай суреттейді:
...Жанышты өкімет. Шыдаймыз,
Жүрміз отты тілекпен.
Отан даусын тыңдаймыз
Жалындаған жүрекпен.
Намыстанған жүрегім,
Бостандыққа ой барда,
Жанның сұлу жігерін
Бағыштайық Отанға.
Илан, жолдас! Атар таң, Қалмас Ресей мүлде ұйықтап, Болса өкімет күл-талқан, Ұмытылмас біздің ат! — дейді. Мұнда біз Пушкиннің өзін-өзі "отан" алдындағы борышын өтеуге міндетті азамат деп білгенін көреміз. Бұл борыш ақынды — өкім еже, патша өкіметіне қарсы тартысқа жетелейді. Бұл өлеңнің сөздері, теңеу-салыстырулары екпінді, шарықтаған, қанатты теңеу болады. Ақынның талмаураған үмітпен "еркіндікті шын" көксегендігін сипаттайды. Декабристерді дарға асудың артынан Пушкин саяси бағытының айқындығын азайта бастайды. Ақын кертартпаларға қосылмаған. Бірақ лирикасы өткірлігін кеміте бастаған. Ақын декабріні достарын ұмытпайды, оларға ақындық сый жібереді. "Сібірге хатты" (1827) жазады. Бұл "Сібірге хатта" ақын "Сібір түкпірінде" азап шегіп жатқандарды — бойларында "өршіл талап" бар, ол талап "өлмес", істеген "ауыр еңбек кетпес құр" — деп көтермелейді, үміттендіреді. Декабрьшілердің ісіне ақын артықша баға береді. Өлеңнің аяғында: "Қапас зындан қалар құлап" деп жырлап, Пушкин өткендегі төңкеріс сүйгіштігінен айрылмағандығын көрсетеді. Дегенмен, бұл өлеңде ақынның төңкерісшілдік жөнінен тоқырағанды байқалады. Мұнда жалынды сөзбен тартысқа шақыру жоқ. Соңғы төрт жолы достарына қуат берген сияқты болса да, реакцияны жеңудің сенімін бермейді. Ақынның мұндай төңкерісшілдік жөнінен бой тежеушілігін цензур жағдайынан болды, ақын әлі де төңкерісшілдік көрсетер еді деуге болмайды. Неге десеңіз, бұл кезеңдегі басқа шығармаларын тексеріп қарасақ, олардың көбінде-ақ тыныштыққа, усадьбаға шақыру мотивінен келіп отырады. Бұл мотив ақынның ұсақ лирика өлеңдерінде көбеюмен қатар, ірі шығармаларында да берік орнаған. "Евгений Онегиндегі" усадьбадан қашып қалаға кеткен герой Онегин — қоғамға керексіз, пайдасыз адамдардың кейіпкері етіліп көрсетіледі. Оған деревняда өскен, күшті, берік, жас Татьяна қарсы қойылады. "Дубровскийде" ақынның артықша құрметтейтіні — кедейленген, ескі жер иесі ақсүйек, жуас Дубровский карт. "Капитан қызында" да осылай. Дегенмен, ақын бостандық мотивінен бүтіндей қол үзбейді. Мәселен, "Кавказ" деген өлеңінде төңкерісшіл мотив толық сезіледі. Бірақ төңкерісшіл мотивпен айқын жырлауға ол кезде қиын болғандықтан, Пушкин ишараттап жырлайды. Кавказдың бай көрінісін суреттей келіп, бұлқынып, жиектегі тасқа соғып жатқан Терек өзенін суреттей отырып, "меңіреу тас қаһарланып қыса береді, толқынның бұлқынуына ырық бермейді"— дейді.
Осы сияқты бұлқынған еркіндікті заң қысып отыр.
Ұсақ ұлттар әкімшілік қысымында осылайша қиналып бұлқынады.
Бұл күнде үнсіз Кавказ осылайша ренжиді.
Оны жат күштер осылайша жанады,— деген мағынасы бар торт жол өлең "Кавказда" басылмай қалған. Бұл өлең "бостандығынан" айрылып, І Николайдың торына түскен Кавказ халықтарының аянышты күйін суреттейді. Пушкин ақындығының кендігін, тереңдігін айта келіп, атақты сыншы Белинский былай деген: "Шын суретші болғандықтан, Пушкин өзінің шығармалары үшін сырлы тақырыптар тандап алуға мұқтажданбаған, Пушкин үшін әрбір тақырып мейлінше сырлы болған",— дейді. Пушкин бізге тек ақындығының тереңдігі, кендігі жөнінен ғана қымбат емес. Өз уақытында оның шығармаларының атқарған қоғамдық, әлеуметтік салмағы жөнінен де қымбат, бағалы. Әдебиет шығармаларының қай жанрында болса да, Пушкиннің тілі — таза орыс тілі, бай, оңай, халық тілі.
Пушкин өлең жазудың барлық түрлерін жарыққа шығарып, үлгі етіп қалдырды. Пушкиннің ақындық жөніндегі шеберлігі орыс әдебиетін түр жөнінен ерекше байытты, кейінгі ақындарға үлгі болды.
Пушкиннің ақындығын Ленин зор бағалап, Пушкин шығармаларын өте ұнатқан. Пушкин шығармаларын бұл күнде барлық одақ халықтары біледі, сүйеді. Пушкиннен казіргі кәрі де, жас та қол үзген жоқ, сын көзімен зерттеп оқып, жарамдыларын пайдаланады.
"ДУБРОВСКИЙ" ӘҢГІМЕСІНІҢ ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Троекуров, Дубровский деген екі алпауыт болады. Троекуров — ірі бай, зорлықшыл, жуан ақсүйек. Дубровский Андрей — соның көршісі. Бұл момын, шаруасы шағын ақсүйек болады. Екеуі жерлес, көрші. Әуелде дос та болысады. Артынан Троекуровтың бір мазағына шыдамай Дубровский өкпелі болады. Сол өкпенің арты араздыққа, жаулыққа айналады. Троекуров Дубровскийдің жер мүлкін тартып алмаққа бекінеді. Дубровский бұған намыстанады. Іші құса болады. Оқудағы баласы Владимирді шақыртып алады. Владимир Дубровский үйіне келісімен, мұның әкесі қапалық аурудан қайтыс болады. Жас Владимир Троекуровтың озбырлығына кектенеді. Сатымсақ төрелер Троекуровтың тапсыруы бойынша Дубровскийлердің жер-мүлкін қаттап, соттап, Троекуровке әпермекші болады. Жиылып келіп, дегендерін істейді. Сол төрелерді әкесінің үйіне қондырып отырып, түнде Владимир үй-мүйімен өртеп жібереді. Бұл іске оған көмекшілік ететіндер өзінің крестьяндары болады. Осы істен соң Владимир Дубровский өзінің крестьяндарымен қосылып алып, үлкен өжет ерлер тобын құрайды. Маңайдағы бай, алпауыт, ұлық, бұзық атаулыға тәубасын танытып, бөрідей тиіседі. Аздан соң Владимир Дубровскийдің аты бай, жуан атаулыға қорқынышты, құбыжық ат болады. Бұл кезде Троекуров бұрынғыдай масайрап жүре тұрады. Бойжеткен қызы Машаға француз тәрбиешісін шақыртып алады. Оқытушы болып келген жас француздың аты Депорж. Аздан соң қыз бен екеуінің сұқпаты жараса бастайды. Бірақ қыз іштей Дубровский атына ынтық. Бір күні бай үйінде көп алпауыттың асыр салған той сауығы болады. Бұл жиын Дубровскийді көп рет ауызға алады. Қорқыныш, қауіптерін айтады. Осы күнде Троекуровтың үйіне қонып қалған бір бай таланады. Талаушы француз Депорж болады. Бұл Депорж ғана емес, Дубровскийдің өзі болып шығады. Осымен Дубровский тағы да бұрынғыша бай атаулыға бүйідей тиеді. Кәріп-кәсерге рақымды, жәрдемші болады. Дубровскийдің қалың орманға тығылған жауынгер қолы, мықты ерлері ұлықтың әскеріне де бой бермейді. Дубровский өзі бірақ Троекуров қызы Машаға ынтық. Екеуі астыртын хабарласып, көрісіп жүреді. Бірақ осы кезде бұлардың жасырын сырын біліп қойып, Троекуров қызын бір кәрі князьға бермекке байлайды. Қыз қарсы болса да, зорлық етіп, князь екеуінің некесін шіркеуге апарып оқымақшы болады. Дубровский осы жолда тартып алмаққа ұмтылады. Бірақ кешігіп жетеді. Қыз неке оқылып қойғандықтан, бұған енді ермейтінін айтады. Осыдан кейін Дубровский өкіметтің қалың әскерімен қатты соғыс жасап, сол майданда жеңіледі де, өзі қырғын үстінде оққа ұшады. *** "Дубровский" әңгімесінде Пушкин қоғамдық тартыстың бір ауланың көрсетеді. Бұрын ақсүйек болып, артынан кедейленген жүдеу тартқан топтың уәкілі Владимир Дубровский, бір жағынан әділет дегенді жақтайтын, либерал ақсүйек. Озбыр, обыр алпауыттардың сұм мінездерін жазалаушы боп көрінеді. Бірақ бұның өз басы революционер емес, дарашыл, жалғыз кек қуушы ғана боп есептеледі. Бұл әңгімедегі үлкен баға крестьянның алпауытқа қарсы алысқан бір қимылын көрсетуінде. Ескі Ресейдегі алпауыт қанауына қарсы алысқан халық қозғалысының бір ұшқынын көрсетуінде. Осы жайлар Пушкин шығармасында аса қызықты, шебер әңгіме боп жазылған.
СІБІРГЕ ХАТ
Сонау Сібір түкпірінде,
Жасыма, дос, сабыр қыл.
Өршіл талап өлмес мүлде,
Ауыр еңбек кетпес күр.
Жанында жүр жас үмітің,
Ол көңіліңді оятар,
Жігеріңді қайнатар ол,
Көптен күткен таң атар.
Жеткеніндей катергіні
Еркін даусым аралап,
Өтіп шыңырау қараңғыны,
Жетер достық, махаббат.
Қапас зындан қалар құлап,
Түсер бұғау, босатар.
Азаттық шат құшағына ап,
Бауырың қылыш ұстатар.
ЧААДАЕВҚА
Махаббат, үміт, өр атақ,
Алдап аз-ақ тұрғандай.
Өтті жастық ойнақтап,
Көрген түстей, тұмандай.
Жанышты өкімет шыдаймыз,
Жүрміз отты тілекпен.
Отан даусын тыңдаймыз
Жалындаған жүрекпен,
Табысудың мезгілін
Тосқанындай ғашық жар;
Еркіндікті көксеген
Талмаураған үміт бар.
Намыстанған жүрегім,
Бостандықта ой барда,
Жанның сұлу жігерін
Бағыштайық Отанға.
Илан, жолдас! Атар таң,
Қалмас Ресей мүлде ұйықтап,
Болса өкімет күл-талқан,
Ұмытылмас біздің ат қысқы жол
Толқындаған тұманнан
Ай сызылып шығады,
Айналаға мұңайған
Мұңды сәуле құяды.
Қысқы жолда жабырқау,
Желеді үш ат бұлдырап,
Жалғыз үнді қоңырау
Жалықтырған шылдырап.
Есітем таныс сарынды
Әндерінен жәмшіктің:
Кейде еркіндік гулеген,
Кейде зарын жүректің.
От жоқ, үй жоқ қарайған...
Тым-тырыс, қар... алдымда,
Ала діңгек қадалған
Кездеседі бір ғана.
КАВКАЗ
Кавказ менен төменде, биікке асып,
Жалғыз тұрмын, шетіне құздың басып,
Көтеріліп, бір қиыр шыңнан бүркіт,
Шарықтап жүр менімен қатарласып.
Осыдан болжап тұрмын тасқын басын,
Алғашқы қопарылған көшкін тасын,
Бұл жерде иірілген бұлт сулап,
Шулаған, су атылып таудан құлап.
Асты ноян жартастар жап-жалаңаш;
Онан төмен қаз оты, бұта құрғақ.
Төменде жасыл биік, орман шыңы,
Құс сайраған, секірген онда бұғы.
Халқы анау, ұя салған тау басына,
Қойлар жүр жоталардың арасында,
Қойшы жүр көңілді көк алаңында,
Саялы Арбаның жағасында.
Үңгірге ене тығылды бір салт атты,
Бұлқынып жатқан анау
Терек қатты.
Шойын қапас ішінен қарап тұрып,
Тамақ көрген жас андай ойнап, ұлып,
Тастарды аш толқынмен жалап жатты,
Өнімсіз құр жаулықпен жағаны ұрып.
Бекер ғой!
Жоқ жұбаныш, жоқ қой тамақ,
Жанышты мылқау түнек таулар қамап.
ДУБРОВСКИЙ
(Үзінді) Үшінші күн дегенде жаназасы шығарылды. Бишара қарттың үсті кебінмен жабылып, жан-жағына шырақ қойылып, стол үстінде жатыр еді. Ac бөлмеге қаптап, қызметкерлер толып, үйден алып шығуға дайындалысты. Владимир мен тағы үш қызметкер табытты көтерді. Поп ең алдына түсіп, дьячок жаназа дұғасын оқып, оның артынан жүрді. Кистеневкінің қожайыны ақтық рет өз үйінің табалдырығын аттап шықты. Табытты орман ішімен алып келе жатты. Күн ашық, суық еді. Ағаш басындағы күзгі жапырақтар жерге ұшып түсулі еді. Орманнан шыққаннан кейін Кистеневкінің ағаш шіркеуі мен ескі зират көрінді. Бұл зиратқа Владимирдің шешесі қойылған еді, соның қабырының қасынан кеше жаңадан жаңа қабыр қазылыпты. Мырзаларына соңғы құрмет көрсету үшін келген Кистеневкі мұжықтары шіркеу ішін лық толтырды. Жас Дубровский Клиростың қасына келіп тұрды, ол жыламады да, дұға да істемеді. Бірақ бет пішіні адам қорқарлықтай еді. Қайғылы ресім аяқталды. Өлікпен қош айтысуға алдымен Владимир барды, оның артынан барлық қызметкерлер барды. Қатындар дауыстарын шығарып жыласты, мұжықтар жұдырықтарымен көздерінің жасын сүртуде болды. Владимир мен бағанағы үш қызметкердің соңынан бүтін деревня адамдары шұбырып, табытты қабыр басына әкелді. Табыт қабырға түсірілді, келген жұрттың бірі қалмастан топырақ салысты. Шұқырды толтырып, бас иісіп, тараса бастады. Владимир асыға басып, жұрттың бәрінің алдына түсіп алып, Кистеневкі тоғайының ішіне кіріп кетті. Егоровна Владимирдің атынан поп пен барлық шіркеу адамдарын тамаққа шақырып, мырзаның өзі ол тамақта бола алмайтындығын жариялады. Сүйтіп, Антон атай, поп әйелі Федотовна және дьячок болып, Егоровна болып, марқұмның ізгілік істері турасында сөйлеседі. Енді оның мирасқорын қандай істердің күтіп, қарсы алуы турасында әңгімелесіп келе жатты. Троекуровтың келгендігі, оны мырзаның қалай қабыл алғаны, барлығы төңіректегілерге түгел аян еді. Сондықтан, бұл маңдағы саясатшылар бұл істің арты немен тынатындығын, алдын болжасуда еді.
– Болашақ іс болмай қалмайды ғой. Жалғыз-ақ Владимир Андреевич біздің қожамыз бола алмаса, сонысы екінші өкініш. Жігіттігінің қапысы жоқ қой, — деді поп әйелі.
– Біздің мырзамыз ол болмағанда, енді кім болады ғой дейсіз. Кирилл Петрович босқа ашуға билетіп әуре боп жүр, оңай адамды тапқан екен, менің сұңқарым құдай қаласа кісіге ақысын жібере қоймас, жақсылықты жерде қалдырмас. Кирилл Петрович тым кекірейген адам ғой! Әйтсе де біздің Гриша: "Жөнел, кәрі төбет! Шық шапшаң қорадан!" - деп дауыстаған кезде құйрығын қысты ғой, — деді Егоровна.
– Апыр-ай! Егоровна-ау, мұны айтуға Григорийдің тілі не қып барды екен, мен Кирилл Петровичке қисық қараудан көрі тәңірге тіл тигізуді оңай көрер едім. Оны көзің көрсе болғаны — қорқыныш, қалтырау бойыңды алады. Жауырының иілгенінен иіле түседі.
– Барлығы дүниені іс қой. Бүгінгі Андрей Гаврилович сықылды Кирилл Петровичті де жаназалап қояды ғой. Оны қойғанда артықша мырзалық көрсетіп, жұртты көбірек шақырар деймісің, құдай тағалаға оның бәрі бір емес пе? — деді поп.
– Ой, ата-еке-ай! Біз де төңіректегі жұрттың көбін шақырайық деп едік, бірақ Владимир Андреевичтің шақырғысы келмеді. Бізде енді барлығы да жоқ емес, қонаққа берерлігі бар, бірақ амал не? Болмағанда енді басқа жұрт жоқ болса да, қадірлі қонақтар сіздерді жақсылап сыйлаймын ғой, — деді Егоровна.
Мынау жылы сөз шыққан соң, дәмді самсаға жету үміті әңгімешілердің аяқ басуын тездетейін деді. Бұлар аман-есен байдың үйіне келіп жетті. Келсе, столға тамақ та, арақ та қойылған екен. Ол екі ортада жан қайғысын шаршаумен қажытқысы келген Владимир, қалың ағаш ішіне кіріп жүре берді. Ол жолдың бар-жоқтығын керек қылмастан жүре берді, минут сайын бұтаққа соқтығып, ілініп қалып отырды. Минут сайын аяғын шалшыққа тығып алып отырды. Ол ештемені де байқамады. Ақырыңда айнала шыққан ағаштың ортасындағы алаңда жауын суы тұрған жерге келді. Күз, жартылай жалаңаштап жапырағын түсірген ағаштарды және айнала ағып жатқан суды көрді. Владимир тоқтады да, бір сызды томардың үстіне келіп отырды. Бірінен бірі түнеріңкі ойлар жанын азаптады. Жалғыздығы күшті сезілгендей болды. Болашағын ызбарлы бұлт торлағандай көрінді. Троекуровпен арадағы жаңа бақытсыздық кездесуінің белгісіндей көрінді. Азбынша мүлік байлығы өзінен кетіп, басқаның қолына түсіп кетуі де кәдік сықылды көрінді. Бұлай болғанда мұны күтіп тұрған нәрсе қайыршылық болмақ қой. Қуарыңқы жапырақтарды ағызып, өзінің өміріне ұқсас өмірді көзге елестетіп ақырын ғана жылжып аққан суға қарап, сол орында ол тапжылмастан ұзақ отырды. Ақырында ол іңір қараңғысы түсіп бара жатқандығын байқап, тұра келіп, үйге апаратын жолды іздеуге беттеді. Бірақ, бұрын көп таныстығы жоқ тоғай ішінде ұзақ жүріп, ақыры келіп бір сүрлеуге түсті. Бұл сүрлеу тура өз үйінің қақпасынан әкеліп шығарды. Дубровскийдің алдынан барлық шіркеу адамдары мен поп кез болды. Владимирдің басына бір бақытсыздық белгісінің ойы келді. Владимир ықтиярсыз шетке бұрылып, ағаш арасына кіріп кетті. Поптар мұны байқаған жоқ, бірақ өзара қызу әңгімемен кетіп бара жатты.
– Жауыздықтан қашып, жақсылықты жасауға тырыс деген. Сені мен бізге енді отыратын ештеңе жоқ. Бұл немен аяқтаса да, сен істеген іс емес, — деді поп.
Поп әйелі бұған бірдеме деп жауап қайтарып еді, бірақ оның не дегенін Владимир ести алмады. Жақындап келгенде қаптаған халық — бай қорасында топтанып жүрген крестьяндарды және үй қызметкерлерін көрді. Владимир алыстан жайшылықтағыдан жат, шу сөздерді естіді. Сарайдың қасында екі тройка тұр. Басқышта мундир, сюртук киген танымайтын бірнеше адам әлдене туралы түсіндіріп тұрған сықылды.
Алдынан Антон жүгіріп шығып, қарсы алғанда:
– Мынау немене өзі, мыналарың кім, бұларға не керек? - деп сұрады Владимир.
– Ойбай, әкем, Владимир Андреевич, сот келіп қалды. Бізді Троекуровке бергелі жатыр. Бізді сенің мейірбаншылығыңнан алып... — Барлығы мүсәпірлікке түскен мирасқорын қамап ортаға алысты. Владимирдің басы төмен түсіп кетті. — Тілектес адамдарынан алып кетпекші, — деді шал аптығып.
– Ей, біздің әкеміз, — деп шуласты олар, Владимирдің қолын сүйіп. — Сенен бөлек қожаның бізге тіпті де керегі жоқ. Тек бір ауыз сөзіңді айтшы, сотты не болса да өзіміз құдайдан күтіп алайық, өлерміз, тірілерміз. Бірақ сені қолымыздан беріп қоймаспыз? — десті. Владимир бұл сөздерді айтушыларға қадала қарады, бойын бір жат сезім билегендей болды.
– Тапжылмай тұрыңдар, осылай. Сот адамдарымен өзім сөйлесіп көрейін, — деді ол.
– Сөйлес, әкем, сөйлес, бірақ құдай атқандарды бір ұялт, — деп дауыстады топ ішінен біреу.
Владимир чиновниктерге таман келді. Басына картуз киген Шабашкин мықынын таянып, төңірегіндегілерге кекірттене қарап тұр екен. Бойы ұзын, жуандау келген, елулер шамасындағы, беті қызыл, мұртты еркек, полиция бастығы жақындап келіп қалған Дубровскийді көріп, қырқ ете түсті де, қырылдаған даусымен:
– Сонымен, сіздерге әлгі айтқанымды тағы қайыра айтамын: уездік соттың үкімі бойынша, сіздер бүгіннен бастап Кирилл Петрович Троекуровтың билігінде боласыздар. Мұнда Троекуровтың атынан сіздерге ие болатын Шабашкин мырза. Ол не бұйырса да, айтқанын орындап отырыңыздар. Ал, қатындар, сіздерге келетін болсақ, сіздер мұны сүйіңіздер де, құрметтеңіздер, бұл сіздерді жақсылап бағатын адамның бірі, — деді.
Осы қылжақты айтты да, полиция бастығы қарқылдап тұрып күлді, Шабашкин мен басқа мүшелер де соның істегенін істеді, Владимирдің бойын ашу кернеді. Владимир өп-өтірік салқын қанды адамның қалпына салынды да, көңілденіп тұрған полиция бастығына:
– Білуге болар ма екен, бұларыңыз немене өзі, — деп сұрады.
– Білуге болады, бұл не дейтін болсаңыз, бұл осындағы Кирилл Петрович Троекуровтың дүние-мүлкіне ие тауып, өзге қалғандардың барлығын аман-есенде осы жерден кетуін сұрау деген сөз, — деді, қасақана полиция бастығы.
– Олай болғанда, сіздер маған қарайтын крестьяндардан бұрын келіп, биліктен айрылу туралы, міне, помещикке бұрын жариялауларыңыз керек емес пе еді, — деді Владимир.
– Соншама сен кімсің? - деді Шабашкин мазақ көзімен қарап. — Мұндағы бұрынғы помещик Андрей Гаврилович Дубровский құдай құдіретімен қаза болды, біз сізді тіпті білмейміз де және білгіміз де келмейді, — деді.
– Тақсыр, бұл біздің жас мырзамыз Владимир Андреевич, — деді топ ішінен біреу тұрып.
– Анау жерде ауыз ашуға батылы барып тұрған кім өзі, ол не қылған мырза, не қылған Владимир Андреевич, сіздің мырзаларыңыз Кирилл Петрович Троекуров, естисіңдер ме, былжыраған немелер?!
– Е, сүйтпей қайтушы еді, — деді әлгі дауыс.
– Мынау өзі аумаған бүлік шығарушы сықылды ғой, — деді полиция бастығы.
– Ей, староста, кел мұнда!
Староста көптен бөлініп ілгері шықты.
– Дереу жаңағы менімен салғыласпақшы болған адамды тауып, алып шық мұнда, мен оны!..
Староста сөйлеушінің кім екендігін сұрап топқа қарады. Бірақ, тырс етіп үндеген жан болмады, кешікпей артқы қатардағылардан күбір шыға бастады. Дыбыс күшейгеннен күшейіп, бірер минут өтпей-ақ, адам шошынарлық сарнауға айналды. Полиция бастығы даусын бәсеңдетті. Сүйтіп барып жұртты сөзге түсіндіргісі келді.
– Жігіттер, оған қарап тұратын не бар, — десті қызметкерлер. —Ұрыңдар өздерін! — Топ жүйткіп ілгері басты.
Шабашкин, тағы басқа сот мүшелері асығыс жып беріп сенекке кіріп, ішінен есікті бекітіп алысты.
– Жігіттер, бірден қимылдап қараңдар! — деді бағанағы дауыс, сүйтіп топ ілгері қысыла түсті.
– Тоқтаңдар! - деген Дубровскийдің қатты даусы шықты. — Ақымақтар, бұл не болған сендерге? Сендер өздеріңнің де, менің де түбіме жеткелі тұрсыңдар ғой, дереу үйді-үйлеріңе тарандар, маған тыныштық беріңдер. Қорқушы болмаңдар, патша ағзамының мейірімі күшті, мен одан сұранамын, ол бізді жәбірлетіп қоймайды, біздің барлығымыз да соның баласымыз. Егер сендер өздерің бүліншілік шығарып, бұзықтық істейтін болсаңдар, онда ол сендерге қайтіп болыса алады? — деді.
Жас Дубровскийдің сөздері, оның үнді дыбысы, келісімді тұлғасы көңілдегі істі істеткендей болды. Жұрт сөзден тыйылып, тарай бастады, қораның іші бос қалды. Сот мүшелері үйде болды. Ақырында Шабашкин ақырын ғана есік ашты. Басқыш алдына шығып, кісілік етіп иілген түрмен Дубровскийдің өздерін есіркеп, болысқандығы үшін рақмет айта бастады. Владимир жек көре отырып, оның айтқан сөздерін тыңдады да, оның сөзіне ештеңе жауап қайтармады.
– Біз сізден рұқсат алуға қарамастан, осында қонуға байланыстық, әйтпегенде бірден қараңғы, екіншіден, сіздің мұжықтарыңыз жол үстінде бізге шабуылдауына болады ғой. Бізге мынадай бір рақымшылық етсеңіз екен, ең болмағанда қонақ үйге астымызға шөп болса да төсетіп, төсек салғызып берсеңіз екен, біз елең-алаңда-ақ зытып жөнелер едік, — деді заседатель Шабашкин.
– Ойларыңа келгендеріңді істей беріңдер, бұл үйге енді мен қожа емес, — деді жайынша Дубровский.
Осыны айтты да, әкесінің бөлмесіне қарай тартып жөнелді, кірді де, есікті мықтап бекітіп алды.
VІ
"Таңертең ғана өзім жатарлық үй, жерлік тілім наным бар еді, енді мынау бәрінің де таусылғаны. Күні ертең өзім туған, бүгін әкемнің сүйегі шыққан үйден безіп, оны өзімнің тіленшілікке түсуіме себеп болған адамға қалдырып кетуім керек" — деді, Владимир өзіне-өзі. Мұны айтқанда көзі ешқайда бұрылмастан, шешесінің суретіне қадалып, қарады да қалды. Суретші оның шешесінің тұлғасын таңертеңгіліктегі ақ көйлек киіп, шашына бір ғана қызыл гүл тағып, орындықтың арқалығына сүйеніп отырған қалпында түсірген екен. "Мына сурет те менің әке-шешемнің дұшпанының қолына түспекші ғой, мұны қираған орындықтармен бірге апарып кладовойға тастайды да немесе оның итшілерінің күлкі, мазағы болу үшін ауыз үйдің қабырғасына іледі ғой. Ал бұрын шешем ұйықтайтын, одан кейін әкем қайтыс болған бөлмеге оның приказчигі, не болмаса қатын-қыздары келіп орнайды. Жоқ, жоқ! Мені қуып шыққалы отырған бұл қасіретті үй оларға да тимейтін болсын!" — деген ойлар келді Владимирге. Владимир аузын басты, басына неше түрлі қорқынышты ойлар келді, құлағына полициялардың дауысы естілгендей болды, біреуі оны, біреуі мұны сұрап әлек салды. Қайғылы ойдың кұшағында жатқан шағында мұның бәрі де Владимирді еліктіріп әкете алмады. Ақырында барлығы да жай болды. Владимир тартпалар мен жәшіктерді ашып, марқұм әкесінің қағаздарын ақтаруға кірісті. Мұндағылардың бәрі шаруашылық есептері мен түрлі жұмыс жөнінен жазысқан қағаздар еді. Владимир бұларды оқымастан жыртып тастап отырды. Көп қағаздың ішінен "менің әйелімнің жазған хаттары" — деген пакет ұшырады. Көңілі қобалжи түсіп, Владимир осы қағаздарға жармасты: бұл қағаздар Түркия жорығы тұсында жазылып, армияға Кистеневкіден жіберіліп отырған екен. Әйел өзінің шөлдегідей тұрмыста екендігін, қандай шаруашылық істерімен айналысатындығын, айырылысқанына қандайлық қыл жылын, енді оны үйге қайтуға, сүйген жарының құшағына кіруге келуі керектігін жазыпты. Сол хаттардың бірінде әйел кішкентай Владимирдің денсаулығының тиышын алып тұрғандығын, енді бір хатта Владимирдің жас басынан өнер көрсетіп, болашағы зор бақытты адам бола алатындығын айтыпты. Владимир хаттардың қызығына түсіп, оқи беріп, өзгенің бәрін ұмытып, үй іші тұрмысының бақытына жан-тәнімен айналысқандай болып, отыра беріпті. Сүйтіп отырып аспалы сағаттың он бірді соққандығын да байқамай қалыпты. Владимир хаттарды қалтасына салып, қолына жарық алып, кабинеттен шықты. Сот адамдары залда тақтай үстінде ішіпті. Ұсталған стакандар тұр, бөлме ішінде арақ иісі аңқиды. Владимир жаны түршіккендей болып, бұлардың қасынан өтіп, ауыз бөлмеге қарай кетті. Есіктер жабық екен. Владимир кілтті таба алмай залға кайта келді, кілт столдың үстінде жатыр екен, Владимир есікті ашып шыға келгенде бұрышта тығылып тұрған бір адамды көрді: қолында жалтыраған балтасы бар, Владимир бұған шаммен бұрылып қарағанда бұл тұрған ұста Архип екендігін таныды.
– Сен мұнда не қып тұрсың? — деді Владимир.
– Ойбай, Владимир Андреевич, сіз екенсіз ғой, — деді Архип сыбырлап. — Ә, құдай-ай, тек әмсе сақтай көр! Жарық ұстап шыққаныңыз мұндай жақсы болар ма, — деді. Владимир бұған таңырқаған түрмен қарады.
– Бұл арада неге тығылып тұрсың? — деп сұрады ол ұстадан.
– Мен маспын ба? Әкем, Владимир Андреевич, құдай куә, — деді, ақырын ғана Архип тұтығып.
– Балтаны неге алып жүрсің?
– Балтаны дейсіз бе? Осы күні балтасыз жүруге бола ма? Мынау сот адамдарының өзі ылғи бұзықтар ғой, байқау керек.
– Сен массың, балтаңды таста да, барып ұйқыңды қандыр.
– Мен маспын ба? Әкем, Владимир Андреевич, құдай куә ғой, бір ұрттам арақ аузыма алған емеспін, осындай уақытта арақ ішу ойға келе ме? Мұндайды да естиді екенсің, бізді соттың ұсақ чиновниктері билемекші. Бұлар біздің қожамызды өз қорасынан қуып шығармақшы. Әне, сұмырайлардың қорылдап тұрып ұйықтап жатқанын қарашы, барлығын бірден жоқ қылып суға тастап жіберер ме еді?
Дубровский тыжырынды.
– Азырақ сен сөзге құлақ қой, — деді Владимир. Сүйтіп, азырақ ойланып тұрды да, — сенің бұл ойлағаның түк іске келмейді, мұнда соттың ұсақ чиновниктері айыпты емес, фонарыңды жақ, сүйт те маған ер, — деді.
Архип мырзасының қолынан жарықты алып, пештің артынан фонарды тауып алып, жарық қылды. Сүйтіп екеуі басқыштан түсіп, қораның алдына қарай жүрді. Күзетші шойын тақтайды тасырлатты, иттер үрді.
– Күзеттегі кім? — деп сұрады Дубровский.
– Біз ғой, әкем, — деді жіңішкерек дауыс, — Василиса мен Лукерья екеуміз ғой, — деді.
– Ендеше, үйлеріңе қайтыңдар, мұнда керектерің жоқ, — деді Дубровский.
– Шабаш, — деді Архип.
– Тәңір жарылқасын, қожамыз, — деді де, қатындар дереу үйлеріне қарай жөнелді.
Дубровский тағы ілгері жүрді. Екі адам бұларға таман келеді, олар дауыстап шақырды. Дубровский Антон мен Гришаның даусын таныды.
– Неге ұйықтамай жүрсіңдер? — деп сұрады Владимир.
– Ұйықтайтын уақыт па? — деді Антон. — Кім ойлаған, мұндайды да көреді екеміз...
– Ақырын! — деді Дубровский оның сөзін бөліп. — Егоровна қайда?
– Байдың үйіндегі өз бөлмесінде, — деді Гриша.
– Ендеше бар да, оны мұнда ертіп кел, онан соң үйде сот адамдарынан бөлек өз адамдарымыздан біреу де қалмайтын болсын, ал, Антон, сен бар да ат жек, — деді Владимир.
Гриша кетті де, бірер минуттан соң шешесін ертіп қайтып келді. Кемпір бүгінгі түн шешінбестен отырыпты, сот адамдарынан басқа бірі де көздерін ілмепті.
– Бәрің түгелсіңдер ме? — деп сұрады Дубровский. — Енді үйде қалған ешкім жоқ па?
– Үйде сот чиновниктерінен басқа ешкім қалған жоқ, — деді Гриша.
– Мұнда шөп немесе сабан әкеліңдер, — деді Дубровский. Жұрттың бәрі ат қораға қарай жүгіріп, құшақтап шөп алып келісті.
– Басқыштың астына салыңдар, міне, осылай. Ал, жігіттер, от қойындар!
Архип фонарын ашты, Дубровский от тұтатты.
– Тоқтай тұр, — деді Владимир Архипке — Мен, сірә, асығып жүгіріп ауыз үйдің есігін бекітіп кеттім ғой деймін, бар да ашып келші, — деді.
Архип жүгіріп сенекке келді, есік ашық тұр екен. Архип оны кілттеп тұрып бекітті де, ақырын ғана дауыспен: "енді қалай,ә!" деді, сүйтті де, қайтып Дубровскийге келді. Дубровский от тигізді, шөп тұтанып, жалын лаулай бастады, бүтін қораның іші жарық болып кетті.
– Әй, жасаған-ай, Владимир Андреевич, бұл не қылғаның? — деп безектеді Егоровна мұңды дауыспен.
– Үндеме, — деді Дубровский — Ал, жігіттер, енді қош болыңдар, құдайдың бастаған жағына кеттім, жаңа қожаларыңның қол астында тек бақытты болыңдар, — деді.
– Ойбай, әкем, біздің панамыз! Өлсек бірге өлеміз, сені жалғыз жібермейміз, сенімен бірге кетеміз, — десті жұрт.
Аттар дайын болды. Дубровский Гришамен бірге арбаға мінді. Антон атты айдады. Сүйтіп бұлар қорадан шығып жөнелді. Ол екі арада жел қатайды. Бір-ақ минуттың ішінде жалын бүтін үйді орап алды. Шынылар сытырлап түсе бастады, лаулап жанған бөренелер құлап түсе бастады: "Құтқарыңдар, құтқарыңдар" деген сот адамдарының жалынышты айқайлары естілді. Қып-қызыл жалын шатырдан жоғары көтерілді.
– Сүйтпегенде, — деді Архип өртке ашулы күлкімен қарап.
– Архип шырақ, құтқарсайшы мына сұмырайларды! Құдай алдында сауабын алсаңшы, — деді Егоровна.
Сол минутта сот адамдары екі қабат раманы қиратпақшы болып терезеден келіп көрінді. Дәл сол кезде үйдің төбесі сытырлап келіп жалп етіп құлады, ішіндегі жұрттың сарнауы да тоқталды. Кешікпей барлық үй қызметкерлері қораға шықты. Қатындар у-шу болып, көр-жер нәрселерін аман алып қалмақшы болып жүгірісті. Балалар отты қызық көріп секіре жүгірісті. Отты дауыл ұшқынын аспанға ұшырып, үй жанып та болды.
– Енді жарайды,— деді Архип. — Қарашы қалай жанады, ә? Покровскіден қарап тұрса әдемі-ақ көрінетін шығар,— деді.
Сол минутта бір жаңа оқиға оның көңілін бөлді, жалыны аспанға атқан сарайдың төбесінде қайда секірерін білмей, бір мысық жүгіріп жүр екен. Сорлы жәндік, аянышты дауыспен мияулап, құтқарып алуды сұрағандай болды, оның зар қағып жүргеніне қарап балалар шек-сілесі қатып күлісті.
– Неменеге күлесіңдер, шайтандар, — деді ұста ашуланып, — сендер құдайдан қорқуды білмейсіңдер, жасағанның жаратқан жәндігі өлейін деп зарлап жүр. Сендер оған мәз боласыңдар, — деп жанып жатқан төбеге қарай басқыш қойып, мысыққа қарай жөнелді. Ол мысық мұның не ойлап жатқандығын түсіне қалғандай болып, асығыстықпен разылық айтқандай түрмен келіп, жеңіне жармасты. Ұста отқа шарпыла-шарпыла олжасын қолына ұстай төмен түсті.
– Ал, жігіттер, қош болыңдар, мұнда мен істерлік енді ештеме жоқ. Аман болыңдар, сөге жамандамаңдар, — деді ол қызметкерлерге.
Ұста кетіп қалды, өрт өлі де талай уақыт лаулап жанды. Ақырында жалын тоқталды. Үйілген көмір түн қараңғысында жалынсыз жарқырап жатты. Кистеневкінің өртке ұшыраған жандары осы жалынсыз жанған көмірдің айналасында тентіреуде болды. Өрт хабары келесі күні бүтін төңірекке жайылды. Жұрттың бәрі түрліше ұйғару, түрліше жорулар айтып әңгіме қылысты. Біреулері Дубровскийдің қызметкерлері өлім шыққаннан кейін мас бола ішіп, байқаусызда өрт шығарып алыпты десті, енді біреулері жаңа мекенге барып серуен салған сот адамдарын айыптады. Бірсыпыралары земский, сот және қызметкерлерімен бірге Дубровскийдің өзі де жанып кетіпті десті, кейбіреулері шындықты дәл тауып, бұл қорқынышты апатқа айыпты адам ыза үстінде ашумен істеген Дубровскийдің өзі екендігін айтысты. Келесі күні өрт болған жерге Троекуровтың өзі келіп тексеру жүргізді. Бұл тергеу бойынша полиция бастығы, земский соттың заседателі, прокурор жәрдемшісі, хатшы және Владимир Дубровский, нянкесі Егоровна, үй қызметкерлері Григорий, кучер Антон, Архип ұста — хабар-ошарсыз жоқ болғандықтары мәлім болды. Үй қызметшілерінің барлығы чиновниктер үй төбесі құлап түскеннен кейін жанып кеткендерін сөйледі. Олардың жанып көмірге айналған сүйектері табылды. Қатындардан Василиса мен Лукерья Дубровский мен Архип ұстаны өрттен бірнеше минут бұрын көргендігін сөйледі. Жұрттың көпшілігінің айтуы бойынша, Архип ұста тірі және өрт шығаруға айыптының бірі болу керек десті. Ең алдымен күдіктенгендері Дубровскийдің өз басы болды. Кирилл Петрович барлық болған оқиғаның жайын губернаторға суреттеп жазып, жаңадан іс қозғады. Кешікпей тағы бір жаңа хабар пайда болып, жұрт сөзіне азық болды. В. деген жерде тонаушылар пайда болыпты деген хабар бүтін төңірекке қорқыныш таратты. Бұларға қарсы үкіметтің қолданған шарасы жеткілікті болып шықпады. Тонау істері бірінен бірі келісті болып асып түсті. Және тонау бірінің артынан бірі қайталанды. Жол үстінде болсын, деревнелерде болсын, қауіп-қатер күшейді. Тонаушылар мінген бірнеше тройкалар түнде бүтін губерния ішін аралап қыдырып жүретін болды, жолшыны, поштаны ұстап, селендерге келіп, помещиктердің үйін тонап, бұл үйлерді өртеп жіберіп жүрді. Шайка бастығының ақылдылық, батырлық, ер жүректілік атағы шықты. Ол турасында талай керемет әңгімелер сөйленді, Дубровский аты жұрттың аузынан түспеді. Өңшең өжет ерлерге басшылық істеп жүрген Дубровскийден бөтен ешкім де емес екендігіне жұрттың бәрі қатты сенді. Жұрттың жалғыз-ақ қайран болған нәрсесі — Троекуровтың поместьесіне тонаушылардың тимегендігі болды. Тонаушылар оның бірде-бір сарайларына дейін тимеді, бірде-бір көлігін ұстап көрмеді. Троекуров жайшылықтағы зор көкіректігіне бағып, өзінің бұл аман болғандығын, бүтін губернияға да солай да солай бола білгені сықылды, тонаушылардың қорыққандығынан, екінші, деревнесіне полиция адамдарынан ең жақсыларын әкеліп қойғандықтан деп білді. Көршілер Троекуровтың өзін мұнша жоғары ұстауына алғашқы кезде күлісе бастады. Олардың әрқайсылары тонаушылар Покровскіге келмей қалмайды деп күлісті. Бірақ ақырында келіп, тонаушылардың өзі де Троекуровке құрмет еткендігін мойындауға айналды. Троекуровтың мерейі үстем болды және Дубровскийдің жаңадан жүргізген тонау хабары естілген сайын Дубровскийді әрдайым аман жіберіп қойып отыратын губернаторларды, полиция бастықтарын, рота командирлерін мазақтап күлетін болды. Бұл екі арада октябрь келіп жетті. Троекуровтың селенінде шіркеу мейрамының күні болды. Бірақ біз бұл мереке мен одан кейінгі оқиғаларды суреттемес бұрын, оқушыларымызды оларға жаңа болып саналатын адамдармен немесе әңгімеміздің бас жағында үстірт қана айтылып кеткен адамдармен таныстырып өтейік.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру