Біз түкіруге келдік
Мұхтар Шерім
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Біз түкіруге келдік» атты Мұхтар Шерімнің сатиралық шығармалар жинағы 2007 жылы Алматы қаласында «Нұрлы әлем» баспасында жарыққа шыққан. Қазақ сатирасы жанрының алыбы Мұхтар Жұмашұлының «Біз түкіруге келдік» атты кітабында шығармалар тізімі: «Біз түкіруге келдік...», «Маған меркесті керегі не?», «Неге туа бересіз?», «Шәй ішіп отір едім…», «Бетіне рұқсатсыз түкіргеніңіз қалай?», «Кешіріңіз, таныма
“БІЗ ТҮКІРУГЕ КЕЛДІК...“
Олар он сияқты. Ұзынды-қысқалы болып қазақ дәстүрі, қазақ салты дегенде, дәмелері қозып кетеді. Бір күні Мыжбан бастаған “Көп түкірсе— көл, түкірмесе— нөл“ аты қоғамдық бірлестіктің мүшелері, жуырда ғана зейнеткерлікке шыққан эксминистрдің үйіне келді. Есіктің қоңырауын Мыжбан басты. Көп кешікпей күрк-күрк жөтеліп, министр көрінді. — Сіздерге кім керек?-деді ол. — бізге сіз керексіз,- деді Мыжбан. — Үйге кіріңіздер. Жайшылық па? — Біз асығыспыз. Жәй бетіңізге түкіріп кетейік деп едік. — Не үшін?-деп таң қалды экс-министр. — Министр болып тұрғаныңызда ұйымдасқан жемқорлықтың басында жүргеніңіз үшін Паламент Мәжілісінде, салт-дәстүріміз бен тілімізге күлгеніңіз үшін, портфельді босқа ұстағаныңыз үшін, Астанада жүріп, Аристотельге ұқсағаныңыз үшін, біз сіздің бетіңізге түкіруге келдік. Бетсіздердің бетіне түкіру ежелгі қазақ дәстүрі. Рұқсат етіңіз. Экс-министрдің беті қызарып, құлағы ұзарып кетті. — Түкіру үшін ғана келдіңіздер ме?-деп сұрады сосын. — Иә. Қай бетіңізге түкірейік?-деді Мыжбан. — Сендер кімсіңдер өзі? — Біз бе? Біз— халықпыз. — Мен халықты алдаған жоқпын. — Неге? “Қарық қыламын!“ деп өтірікті соқтың? Тфу! — Болды, болды, біреуің ғана “общий“ түкіре салыңыздаршы! — Көп түкірсе, көл дегендей... — Немене, сонша... Айдалада шөлдегендей... — Аға, тфу, сізде бет жоқ екен! — Бетім жоқ болса, бетіңнен кесіп берейін деп пе едің? Жоғалыңдар!- деген экс-министр қатты ашуланып, есігін тарс еткізіп жауып алды. Олар он шақты. Ұзынды-қысқалы болып, қазақ дәстүрі, қазақ салты дегенде, делебелері қозып кетеді. Сосын олар облыстық полиция бастығына келді. Кезекші кіргізер емес. — Қандай шаруа?-деп сұрады ол. — Түкіреміз де шығамыз,-деді Мыжбан. — Кімге? — Бастығыңның бетіне. — Да вы что? — Солай. Хабарлас. Бізді қабылдасын. Түкіреміз де шығамыз. Кезекші бас полицеймен хабарласты да, “кіріңіздер!“ деді. Бірақ, әлі таңданып отыр. Олар он шақты. Ұзынды-қысқалы болып бас полицейдің кабинетіне кірді. — Біз түкіруге келдік,- деді Мыжбан,— бетіңізді ыңғайлай беріңіз. — Менде бет жоқ,-деді ол күрсініп,— қарамағымдағылар парақор,
лауазымды қызметке алсам, “шляпа“ береді, “алмаймын“ десем, өкпелейді. Жазықсыз қамаймыз кейде. Осы жаңа ғана “Сенде осы иман бар ма?“ деп облыс имамы түкіріп кетіп еді. Кеше облыс әкімі түкіріп кеткен. Енді министріміз түкіргелі жүр екен. Сендер де келдіңдер, түкіретін жерім де қалмады, өзі... — Ренжімеңіз, “көп түкірсе— көл“ деген бар, тфу бетін құрысын!,-деп Мыжбан бастап, өзгелері қостап түкіріп шықты. Олар он шақты. Ұзынды-қысқалы. Қазақ дәстүрі “түкіруді“ насихаттап жүр. Немене, бетіңіз жыбырлай қалды? Әлде, сіздің бетіңізге де түкріп кетсін бе?
МАҒАН МАРКЕСТІ КЕРЕГІ НЕ?
Мен әкім болған күні теледидар журналисі мен операторы жетіп келіпті. Мені әкімдікке осылар қойғандай. — Мыжбан Мәндірбайұлы, әкім болуыңызбен құттықтаймыз. Әкім деген жан-жақты болуы керек екенін білесіз ғой? — Білемін. — Онда біздің қойған сұрақтарды құлағыңызға ілесіз ғой? — Ілемін. — Айтыңызшы. Көк түріктің тасқабасылған таңбалы жырлары қай ғасырда жазылған? Мыналарды жын-пері ұрған шығар? Әуелі жымидым, сосын ыржидым. — Түрлі-түсті түріктің маған қажеті қанша? Одан да ауданды қалай көркейтесіз, қалай жұмыс істейсіз?-деген сұрақтармен сабаламайсыз ба? — Қазтуған, Доспамбеттерді танитын шығарсыз?-деді тілші. — Олар кімдер еді? Депутаттар ма? Менің ашуым келе жатыр. Жөнді сұрақ бермесеңдер, кабинеттен қуып шығуға мәжбүр боламын. — Бос уақытыңызды қалай пайдаланасыз? — Менде бос уақыт жоқ. — Жас кезіңізде кітап оқыдыңыз ба? — Оқыды-ық! — Қандай кітаптар? — СССР тарихы, алгебра. — Есепке есе жібермейтініңіз байқалды. — Сіз не, менен емтихан алғалы келдіңіз бе?- дедім мен қалшылдап,— байқаңыз, енді екі сөзден кейін миыңыз шайқалады! — Сіз немене бұзық әкімсіз бе? — Жоқ, дегенмен, табаныңызды жалтыратқаныңыз жөн болар. — Мектепте, социалзим дәуірінде СССР тарихын оқыпсыз. Жөн-жөн. Онда Макендонский, Цезарь, Аттила, Шихуанди, Шыңғысхандарды білетін шығарсыз? — Білемін!- деп шыңғырып жібердім мен. Шыңғырғанымнан шыбын шалқасынан түсті. Бұл дауысқа көмекшім
Тәпек кіріп келді. — Айтшы, Цезарьді білесің бе?-дедім мен. — “Отан“ партиясынан ба, “Ақжол“ партиясынан ба?-деп қалды ол. — Неге білмейсің? Цезарь! Цезарь ше? Ойбау-ау, өзіміздің Цезарь! Сол ғой! Соны да білмейсің бе? Аттиланы да ұмытып қалдың ба? Менің құдам Аттила— Атабекті айтамын!-деп білгішсіген болдым да, тілшіге бұрылдым,— осы тойғаныңызбен кабинетті босатыңыз! Менің әкім болғаныма бесінші күн! Мен сіздің Македонский деген “крышаңызды“ мойындамаймын. Мен ештеңеден қорықпаймын. Кабинетімде өлі тыныштық орнады. Теріме сыймай отырмын. Тілші тіліп тістеп алғандай. Бір кезде ол: — Кешіріңіз, ХХ ғасыр басындағы Жапон әдебиетінің алыбы Акутагаваның “Мұрын“ атты новелласын...- деп келе жатыр еді: — Мұрыныңмен қоса жоғалыңыз! Маған ешқандай мұрынның керегі жоқ. Өз мұрыным өзіме жетеді,-дедім. Көмекшіме иек қақтым, ол тілшіге бұрылды. — Кешіріңз, мен сіздерді шығарып салайын. — Мыжбан аға, сізге соңғы сұрақ, Бразилияның жазушысы Пауло Коэльо ұнайды ма, әлде Нобель сыйлығының лауреаты колумбиялық жазушы Маркес ұнайды ма? Жүрегім шымырлады. Миым қайнады. Жүйкем жыртылды. Ішімнен: “сабыр сақта, Мыжбан, сен әкімсің ғой! Кешегі кәсіпкер емессің!“ деп өзімді қайрап алдым да, жәй ғана дауыспен: — О, мадам, тілші ханым, маған Маркестің керекгі не? Кім ол маған? Көк тиын! Танымаймын да, танығым да келмейді. Немене, мені Бразилияның немесе Колумбияның губернаторы деп пе едің? Мен әдебиет ауданының әкімі емеспін. Мен өзіміздің Мұхтар Шахановты білемін! Жақсы термеші, жырау. Мен өзіміздің Олжас Сүлейменовты білемін, орысша тақпақ жазады, мен өзіміздің Мұқағали Мақатаевты білемін, мықты кинорежиссер, мен... тағы айта берейін бе? Тест сұрақтарына дұрыс жауап бердім бе?-дедім. Сосын орнымнан тұрып, ауыздары ашылған, аптықтары басылған тілшіні қолтықтап, демалыс бөлмесіне етіп әкелдім. Хатшы қызым кофе әкелді. — Қымбаттым,-дедім мен “оқығанымды“ танытқым келіп,— Менің Маркесім— халқым! Менің Маркесім— бизнесім! Менің Маркесім— парламенттегі достарым! — Әдебиетті сыйламаған, әдебиетті білмеген әкім әкім болып жарыта ма?- деген тілші қыз, жүдә “қасқыр қыз“ екен, кофені бетіме шашып жібергені. Орнымнан ұшып тұрдым, олар кабинетімнен шыға жөнелді. Қапелінде не істерін білмей қалған көмекшім: — Полицияға телефон соғайын ба?-деді. — Жоқ,-дедім мен,— жұмыс, жұмыс деп бүгін бетімді жууды ұмытып кетіппін. Кофемен бет жуған өте жақсы! Атың өшкір Маркес! Сен кім едің?
НЕГЕ ТУА БЕРЕСІЗ?
Бетпақдалада жын жоқ, жыны несі, дым жоқ. Адамы несі, ел жоқ... Оны бәріңіз білесіздер. Түсімде осы бетпақдалаға әкім болыппын. Бетпақдала облысы құрылып, жан-жақтан ел көшіп келіп, көшелер бой түзеп... Өздеріңіз білесіздер келімсектер қазақ жерінің ең шұрайлы жерлеріне қоныстанып жатса, біздің қазекең ит байласа тұрмас Бетпақдалаға қоныстанып жатыр. Қақаған қыс айында қаламыздағы бір апай бірден бес бала таппасы бар ма? «Дала», «Жусан», «Жантақ», «Топырақ» газеттері шеттерінен дабыралатып жазып жатты! «Демографиямыз көгеріп жатыр!» деп. Бір күні бұрын он баласы, енді қызыл шақа бес баласы бар алып ана қабылдауыма келді. --Кірсін,--дедім көмекшіме. Екі баласын арқасына таңып, екі баласын етегіне орап алып, бір баласын қолтығына қыстырып келген апай: --Кешіріңіз, үйге тастап кететін, күтушіміз жоқ, ыңғай сақырлаған еркектер...—деді. --Ештеңе етпейді. Әттеген-ай, тұңғышыңыз қыз болмаған екен де... --Құдай не берсе, соны ала беремін, шырағым... --Қайда тұрып жатырсыздар? --«Жаңадан облыс құрылыпты» деген соң осында көшіп келіп едік... Үй беріле ме деп... Әзірше қасқырдың апанында тұрып жатырмыз... --Ештеңе етпейді. Ресейде аюдың апанында да тұрып жатқандар бар дейді... --Қасқырдың апаны суық, жылу, газ, свет жоқ... --Свет кіргізіп береміз. Тапсырма беремін,--дедім мен. --Свет жоқ болса да, светке төлеп жатырмыз... --Қалай сонда? --Білмеймін, шырағым, әйтеуір айдың аяғында суға, жылуға, светке «кібітәнсия» келіп тұрады... --Ұятсыз компаниялар! Алпауыттар! Қасқырдың апанынан да ақша алып жатыр десеңізші! --Жер салығын да төлеп тұрамыз... «Қасқыр апаны аспанда болғанда, төлемейтін едіңіздер» дейді салықшылар... --Ім-м... Күйеуіңіз не істейді?—деп сұрадым мен. --Күйеуім мүгедек... Екі аяғы жоқ.. Астанада құрылыста жұмыс істеп жүріп, сегізінші қабаттан құлап, екі аяғы тізесінен сынып кеткен... --Екінші қабаттан құласа қайтер еді?.. Ойламаған ғой... --Қасқырлар күнде апан аузына келіп, ырылдап кетеді. «Шығыңдар!» дейді... --Олар сіздерді жеп қоймайды ма? --Бала-шағасы көп адамдарды аяйды екен. Оның үстіне шетімізден арықпыз... --Жәйша жүрсіз бе? --Орталықтан пәтер бергізсеңіз... Өзіңіз білесіз, үшем тапқандар да пәтерлі болып жатыр... --Олар жастар... Сіздің жасыңыз қаншада?
--Елу үште... --Ұялмайсыз ба апа... Келіндеріңізбен «марафонға» түсіп... --Енді шырағым...Күйеуім мүгедек... --Мүгедек екені көрініп тұр. Сіз де қызықсыз. Неге туа бересіз? Бірдеңе көрінді ме? --Құдайдың бергені де... --Құдай бере берсе, ала бересіз бе? --Үй бермейсіз бе сонда? --Берілмейді! Қасқырдың апанында тұра беріңіз! --Қасқырлардан да ұят екен. Сүйреп әкелген қой еттерінен қашанғы қуырдақ жей береміз? --Жағдайыңыз жақсы екен ғой! Апа, менің жұмысым бар, түс қайта Астанаға ұшып кетуім керек... Сау болыңыз! --Онда шырағым, мына бес баланы жылы кабинетіңе тастап кетемін! Көктемге дейін! Сау бол шырағым!—деген алып ана кабинетімнен шыға жөнелді... Столымның үстінде іңгәлап жатқан бес нәрестенің даусынан шошып, алып ананың артынан тұра жүгірдім. Әлі жүгіріп келемін...
ШӘЙ ІШІП ОТЫР ЕДІМ…
Түн. Негр түн. Айнала қап-қараңғы. Биік ағашқа өрмелей шықтым да, қытай қорғанындай биік дуалға секіріп түстім, есекке отырғандай жайғасып, жанжағыма көздерімді қуалап жібердім.Сосын, ішке қарай өзімді лақтырып жіберіп, доптай домалап, жерге топ ете қалып едім, арсалаңдап, есектей иті кесектей тілін шығарып, ия, иті құрғыр жүгіріп келеді екен. Аулада жарық самаладай, тұра қаштым. Өзі біртүрлі, жүз жасаған шалдың әжім-әжім бетіндей берекелі пошымы бар ит мені басып озды да, дәл алдыма шоқиып отыра кетті. Үрмейді. Соған қарағанда, менен үрейі ұшып, тілі байланып қалды-ау деймін… Кері бұрылып, ат шаптырым ауласы бар үйді айнала қаштым. Ит тағы да мені басып озып, алдыма шоқиып отыра қалды… Не үрмейді, не күлмейді… Қазір бас салса, ішек қарынымды сылп-сылп жұтып жататыны көз алдыма елестеп, «Құдай-ай, байдың үйін тонауға неге келдім екен?!» деп кері бұрыла қаштым. Сарай тұр, соның есігін тартып едім, ашылмады, есіктің астында кішкентай тесік бар екен, содан өтпек болып, басымды сұға қойдым. Сұққанымды қайтейін, басым кептеліп, не ары, не бері өте алмайтынымды ұға қойдым… Енді жетіп те қалған шығар? Қазір құйрығымның жартысын жейді… Жүрегім тоқтап қала жаздады… Алдыма қарасам, иті құрғыр шоқиып отыр… Тілін таза ауаға шығарып! Сөйтсем, сарайдың бергі беті соғылыпты да, арғы беті әлі ашық дала екен! –Кешіріңіз, бір тойып алайын деп келіп едім…—дедім мен жыламсырап. –Оқасы жоқ,–дегендей болды ит. Деді ме, солай елестеп кетті ме, ойбайлай басымды суырып алдым да, тұра қаштым. Жүгірген бойы есігі ашық тұрған коттедждің ішіне қойып кетіп, есігін жауып алдым. Есікті тұтқасынан тартып тұрып, артыма қарасам, тура сондай есектей ит шоқиып отыр! Беті
біртүрлі… Адам қорқады… Қай жақтан кіріп кетті екен? Есікті ашып қалсам, алғашқы көрген итім басын шұлғыды. Бұтын көтеріп, зәр сындырды… Есікті тарс жаба қойдым. Төбе шашым тікірейіп кетті. Шортик киіп шыққан болатынмын, бір кезде, балтырым жылы-ы-ып сала берді. Көз қиығымды салсам, әлгі ит балтырымды жалап жатыр! Тұра қашып, екінші қабатқа шықтым. Ит артымнан қумады. Тентек иттер ме деймін. Екінші қабаттағы холы керемет екен. Жарықты сөндірмепті. Ортада су бұрқақ, арқардың мүсіні… Керемет енді… Қорыққаным басылайын деді. Жұпжұпсақ қоңыр теріден жасалған диванға отыра бергенмін, диван дегенім қозғалып кетті де, мен ұшып тұрдым. Сөйтсем, дә-әу иттің үстіне отыра кетіппін! Терісі қоңыр, аузын кере есінегенде, алтын тістері жарқ-жұрқ ете қалды. Үрген жоқ… Өзімді қайрап, бетімді шапалақтап жібердім де, тез есімді жидым. «Ашбек Жалаңашұлы! Есіңді жи! Сен өміріңде тұңғыш рет миллионердің үйіне ұрлыққа түстің! Алтындарын ал да, тайып тұр!» Аяғымды еппен басып, бір бөлмеге кірдім. Жарықты жағып қалып едім, ойбай! Бір ит шоқиып отыр! Жүрегім зу ете қалды! Осымен, төртінші ит! Пародасы бөлек иттер әйтеуір! Ұрғашы болса керек, құлақтарына алтын сырға тағып қойыпты! Кеудесінде бриллиант моншақ… Мүләйімсіп келіп, аяғыма арқасын үйкеледі. Тапжылмай тұрмын. Көзімді тарс жұмып алдым. «Құдай-ай, қайда тап болдым өзім?» Тұра қаштым. Қашып бара жатып, асханасына кіріп кетіппін… Тоңазытқышын ашып қалсам, ойбо-ой, мұнда не жоқ десеңші! Бәрі бар ғой, бәрі бар! Дереу дастархан жайып жіберіп, терлептепшіп, шәй ішіп отырғанмын. Бірінші қабаттан әлдекімдердің даусын естігендей болдым. Асханадан шығып, келесі бір бөлмеге кірдім де, олардың жатын бөлмесі болса керек, жалпақ диванның астына жата кеттім. Бір кезде ерлі –зайыптылар ішке кіріп, диван үстіне құлай кетісті. –Күзетшіні қуу керек, қыдырып кетіпті,–деді әйелі. –Төрт ит тұрғанда, қандай ұры келсін? Ұры келсе қуанар едім!—деді күйеуі. –Неге? –Абырой ғой! –Швед иті он мың доллар, ағылшын пародасы сегіз мың доллар, өңшең қымбат иттерді сатып алғанымызды туыстарымыз көре алмайды! –Үндістаннан сатып алған итімізге құда түскен кәсіпкер Ырылбайды білесің ғой. Бір кафеде құдайы берген боламыз да, ол ішіп отырған қымызға у қосып беруді жоспарлау керек. –Ия, у беріп өлтірейік. Сол кісі маған жақпайды. –Мұнайды жасырын жалап, байып отырғанымызды білесің. Оның да мұнай жалағысы келеді екен! Шетелге жасырын уран сатқаны аздай… Мына сөзді естігенде, еңіреп жыладым. Танымасам да, Ырылбайға жаным ашып кетті. –Сыңсылап жылаған сен бе?—дер сұрады күйеуі. –Ия. Шешем марқұм есіме түсіп кетті…—деді әйелі. Менімен қабаттасып жылағаны қандай жақсы болды! Бір кезде күйеуі жатып алып, темекі тарта бастады. Темекіні сорды да, саусағына қыстырған күйі қолын төмен салбыратты. Мұрнымды құрт жеп бара жатқандай, менің де темекі шеккім
келім кетті. Саусақтар арасындағы темекіге аузымды тосып, бір-екі сорып үлгердім. Бір кезде қымбат темекіге қатты қызығып кетсем керек, қожайынның қолындағы темекісін емес, саусағын сорып алыппын. Бәсе, түтін шықпайды… Қожайын атып тұрды. Әйелі шыңғыра қашты. –Әй, сен кімсің?–деп сұрады ол еңкейіп. –Кешіріңіз, практикант ұры едім…–деп ақталдым мен. –Танысқаныма қуаныштымын!—деген ол мені төсек астынан суырып алып, бетімнен сүйді. Ұра жөнелетін шығар, немесе атып тастайтын болды –ау деп ішімнен ойлап тұрғанымда, қашып кеткен әйеліне ертіп апарып, мені таныстырды. –Қатипаш, бұл біздің үйге алғаш түскен құрметті ұрымыз екен. Басына ақ құйып шығарып салуымыз керек… Мені үйіне кіріп кеткен жылан деп ойлады ма, әйелі басыма бір кесе кефир құя салды… –Ой, дура, шутит еткенді де прямой түсінесің. Қонаққа тамақ әкел… Не керек, маған дастархан жайып, құрмет көрсетті. Аң-таң болсам да, тамаққа тыңқиып тойып алдым. «Болды, рахмет…» десем де, үш қайтара тамақ жегізді… Қарныма иненің ұшын сәл тигізсе, тырс етіп жарылардай тойдым! Өмірімде бірінші рет… Қолыма он мың доллар ұстатып, қожайын есік алдына дейін шығарып салды. –Біздің үй осы, біз жоқта ұрлыққа келіп тұрыңыз,–деп әйелі де жымиды. Жылағым келіп кетті. Не деген мейірімді жандар еді! Қимай қоштастым… Қимай кетіп барамын… Не олар ноқалай, не мен ноқалаймын…
БЕТІНЕ РҰХСАТСЫЗ ТҮКІРГЕНІҢІЗ ҚАЛАЙ? (Саяси сатира) Түтіп жегісі, жұтып, жалағысы келді. Бірақ жеуге де, жалауға да болмайды. Адамжегіш емес. Ол Қазақстанның Германиядағы елшісі... Алдында айбақсайбақ болып тұрған атташе Айранбай Көжебаевқа ашқарақтана қарады. --Айранбай Көжебаевич, абыройымызды, Қазақстанның абыройын айрандай төктіңіз! --Кешіріңіз... --Кешіре алмаймын!—деп ашу деген айғырды ерттеп мініп алған елші айқайлап берді,--Не деген таяз адам едіңіз! Сіз жұмыс істеген бір жыл ішінде не істемедіңіз? Бір қарасам, неміс қыздарымен бірге сағыз шайнап тұрсыз! Саясат санаңызға кірмейді! Енді бір қарасам, көшеде талтаңдап барасыз! Аяқты жиыңқырап жүруге болады ғой, жарқыным! Қатты талтаңдауға бола ма? Шалқайған Көкірековичтің баласы екеніңізді мына Германия халқы біле ме? Әкеңізді құрметтеймін, бірақ сіз бір жыл ішінде мені жындыханаға жатқызудың сәл алдында тұрсыз! Машинаны құйындатып айдайды екенсіз! Көшеде бутерборд жеп тұрған семіз әйелді қағып кете жаздағаныңызда, ол байғұс асығыс жеймін деп саусақтарын да шайнап тастапты! Сосын бір неміс азаматын тоқтатып алып: «айн, свайн, драйн, енеңді сенің ұрайын!» деп мұрын астындағы мұртын жұлыпсыз... Ол қашып бара жатса да, артынан
қуып жетіп, «Сіз Гитлерден аумайды екенсіз!» деп мазақтағаныңызды қалай түсінуге болады? --Шынында ол Гитлер көкемізден аумайды екен,--деп міңгірледі атташе. --Гитлерге ұқсайды ма, Шиллерге, жоқ әлде, Эзопқа ұқсайды ма, онда қандай шаруаңыз бар? Мемлекеттік қызмет этикасы деген болады, жарқыным,-- деген елші Елшібек Елібаев терезе тұсына келді де, кенет кілт бұрылып: --Сіз ішімдік ішіп алып, бір лауазымды қызметкердің бетіне рұқсатсыз түкіргеніңіз қалай?—деп сұрады, бірақ жауап күтпестен, бокалдағы апелсин шырынынан ұрттай салып:--кешірім сұраудың орнына «жалғыздық Құдайға ғана жарасқан!» деп екінші мәрте түкіргеніңізді қалай түсінеміз?—деген дегбірсіз ойын қосып қойды. --Мен оңтүстік жаққа түкіргенмін, солтүстік жақтан жел тұрды да, түкірігімді бұрып әкетіп, сол кісінің бетіне жабыстыра салды... --Ерегіскендей, екінші мәрте түкіргеніңіз қалай? --Сосын солтүстік жаққа қарай повторно түкіргенмін, ол кісі оңтүстік жаққа шығып кеткен екен, батыстан «тайфун» тұрып... сосын құдай ұрып... --Саясатта түкіруге болмайтынын есіңізде ұстамаған екенсіз! Саясатта сабырлы болып, келіп қалған түкірікті ішіңізге қарай «түкіре» салуыңыз керек еді... --Темекі шегіп тұрсам, түкіре беремін... Кешіріңіз... Елшінің есі шығып кете жаздады. Ел не дейді? Елбасы не дейді? Қазірдің өзінде батыс басылымдары жарыса жазып жатыр... --Мәселе түкіруде емес, мәселе қалай түкіруде! Саясатпен түкіру керек еді! Рұхсат сұрап барып түкіру керек еді! Неміс халқы кез-келген нәрсеге алдымен рұхсат сұрап алады. Біздің қазекеңдер сияқты кабинетке кіріп алып: «Кіруге рұхсат па екен?» деп тұрмайды! Ғафу өтінемін, сіз осы қызметке келерде мемлекеттік қызмет этикасы туралы тест тапсырдыңыз ғой? --Ия. --Он сұрақтың құрығанда сегізіне жауап берген боларсыз? Қандай сұрақтар келіп еді? --Айта берейін бе? --Айтыңыз... --«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегенді қалай түсінуге болады? Қалауын тапса, қар жана ма, өшіп қала ма? Түнде суға түкірме дегенді қалай түсінеміз? Әйел екі қабат кезінде қандай түстер көреді? Бит пен сіркенің айырмашылығы... Тауық неге қыт-қыттайды? --Жарайды, доғарыңыз! Сізге осындай сұрақтар қойылды ма? --Ия. «Сұрақтар жеңіл болсын» деп пахан звондаған соң... --Сізді әлдеқашан қызметтен қуып жіберуіме болар еді. Жас қой, түсінер, ойланар дедім. Әкеңізді сыйладым. Бірақ сіз күні кеше ғана елшіліктің балконында тұрып алып, бар даусыңызбен: «Сағындым, әке, исіңді!» деп айқайлағаныңыз қалай? Құрметтім, өзіңіз ойлаңыз, әкеңіз иісін қалай жібереді? Сіз, Айранбай Көжебаевич, жұртпен мәдениетті амандасудың орнына, «Гутен тахты» әдейі бұрмалап: «Көкем тах, апам тах!» дейтініңіз қалай? Сіз шетелде жүрсіз, қымбаттым, сізге қарап, қазақ елін бағалайды...
Ол сөзін аяқтап үлгерген жоқ, ұялы телефоны шырылдап қоя берді. Атташенің әкесі, өзінің досымен сөйлесіп жатты. Сөйлесіп болды да, шаршаған кейіпте былғары креслоға отыра кетті. --Пахан не дейді?—деп сұрады атташе. --Не деуші еді? Аса құрметпен «сволочым менің!» деп еміреніп отыр! Елге қайтсын, «сволочымды сағындым» деп отыр, --деген елші атташенің бетіне бір түкірді. --Мұ-мұныңыз қалай?—деп сұрады анау. --Әкеңіздің атынан түкіруге ресми рұхсат алдым... қайталайын ба?—дегенде, Айранбай Көжебаевич елшіліктен қаша жөнелді... Қашқанының өзі қызық, талтаңдай безіп барады...
КЕШІРІҢІЗ, ТАНЫМАЙ ҚАЛДЫМ...
Өзіммен-өзім, көзіммен-көзім, сөзіммен-сөзім болып, көшеде күрсініп келе жатқанмын. Біреу жын қуғандай, тап бір әйелі төрт баланы “оптом” туғандай, жүгіріп келді де, арқама жұдырығымен қойып қалды. Жанарыма жас келіп, жылай салатындай жас бала емеспін. Еңсеріле бұрылып, еркек мінез таныта жалт қарадым. – Ой... — деді анау. – Немене, “ой?” – Кешіріңіз, танымай қалдым... Мен сізді облыс әкімі екен деп қалдым... – Ей, есектің қодығы, облыс әкімі осылай көшеде, жалғыз өзі жынданып келе жата ма, не? – Облыс әкімінен аумайды екенсіз... – Облыс әкімінің арқасынан ұратын сіз кімсіз өзі? – Жыным келіп... Кешіріңізші... “Облыста сыбайлас жемқорлық жоқ” деп есеп беріпті, бәрі өтірік! Соған жыным келіп... – Жыныңыз таксимен келсе, ұшақпен қайтып кетсін, мен облыс әкімі емеспін!— деп ашуландым да, қалтамды қарадым. Құдайым-ау, қалтамда не бәрі жиырма тиын ғана қалыпты! Соған пісте сатып алып, бір-бірлеп шағып келе жатқанмын. Біреу артымнан қалмай сөйлеп келеді.. – Аса құрметті премьер-министр мырза, тоқтаңызшы... Тыңдаңызшы мені... Біздің депутаттар неге төбелеспейді? Мәселен, Украина депутаттары төбелеседі. Ресей думасының депутаттары төбелеседі. Күні кеше Қырғыз депутаты Қамшыбек Тәшиев депутат Бақадүр Сүлеймановты қуалап жүріп... Тоқтаңызшы, бір қараңызшы маған... Премьер-министр мырза... Біздің депутаттар Елбасыға, Сізге бас шұлғи береді... Айналаңызда жағымпаздар... Бір-бірімен төбелессе, ширай ма дегенім ғой... – Бәле дегенім ғой! — деп жалт қарадым. – Ой... – Немене, ой? – Кешіріңіз, премьер-министрден аумайды екенсіз... Бір қырыңыздан тұрғанда...
– Әй, есектің тайқары! Немене, премьер-министр ерігіп жүр ме? Премьерминистр пісте шақпайды ғой... – Кешіріңіз... Мына жұртқа не болған өзі? Қымбатшылықтан бастары айналып, көздерінің алды тұманданып кеткен бе? Жыларман болып тұрғанымда, бір әйел келді де, артымнан бір тепті. Етпетімнен құлап түстім. Әйелде ұят жоқ екен. Жұрттың көзінше үстіме атқа мінгендей, отырып алды. – Сізге не керек өзі? — деп міңгірледім еңбектей жылжып. – Оңбаған! Қызыңдай жас қыздармен саунада болғаныңша, өліп кетпейсің бе? Ажырасамын! Сендей кәсіпкерден, көшедегі қайыршы артық! – Айқайламаңызшы, өтінемін...Сіз... маған бір қараңызшы... – өлә... — деді ол менің бетіме үңіліп. – Немене, “өлә?” – Артыңыздан қарағанда, менің күйеуімнен аумайды екенсіз... Үсті-басымды қаққыштап, жұрт шатаспас үшін, театрдағы досым берген сақалды жабыстырып алдым. Бір кезде сонадайдан екі полиция инспекторы тұра жүгірді. “Әне, Бен Ладен! Бен Ладен тұр! Терроршы Бен Ладен!” Тұра қаштым. Олар артымнан қуып кеп берді. Жексұрынға да, жексұрын емеске де жан керек, сән орталығына қойып кеттім. Қыз-келіншектер боянып жатыр екен. Бір бөлмеге кірдім де, шешініп жатқан қызды талдырып құлатып, киімін киіп, әзер құтылдым. Ертеңіне... Енді мен жындана бастадым. Көшеде кетіп бара жатқан бір жігіт ағасының құлағына шертіп жібердім. Ол маған бұрылды. – Ой... — дедім өтірік. – Немене, “ой?” – Сатқын Рахат Әлиевтен аумайды екенсіз! Кешіріңіз... Бір сап-сары, көк көз кісінің бетіне шапалақпен салып жіберіп: – Қашқын десе! Алматы қаласының жерін сатып-сатып байып алдың да, қашып кеттің ә?—дедім. – Сіз не деп тұрсыз өзі? —деді анау мәңгіріп. – Ой, кешіріңіз... Сіз Алматы қаласының қашқын әкімі Виктор Храпуновтан аумайды екенсіз... – Немене, Храпунов осылай перәшкі жеуші ме еді? – Кешіріңіз... Ол менің тұмсығыма қойып қалды. Шалқамнан түстім. Құдай-ай, ешкім көмектеспеді. Ары-бері ағылған адамдар. Тұрғызбайды бірі... Шамасы, мені қайыршыға ұқсатып жатыр. Ерегісіп мен жатырмын. Ерегіскенде бір жыл тұрмай қояйын ба, осы-а?..
ҚАБІРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНАНБЫЗ!
Қалғып отырған хатшы қыз кенет есіктен ентелей кірген скелетті көргенде, шашының арасында шайтан жүргендей шыңғырып салды да, басы сылқ етіп талып қалды. Қарсы бөлмеден әкімнің көмекшісі атып шығып: --Сіз... сіз кімсіз?—деп сұрады. Жүрегі жыртыла жаздады...
--Қабірстан Республикасынанбыз!—деген скелет басымен оның басын соғып қалғанда, анау есінен танып, шалқасынан түсті. Кабинетке сықырлай кіріп келгенде, әкімнің де зәресі бозторғайдай ұшты... Сасқанынан: --Сіз... сіз қатты азып кетіпсіз... Сықырлап, қу сүйегіңіз қалыпты...—деді жаны ашыған сыңай танытып. Скелет орындыққа келіп отырды. Қабырғаларының арасына қыстыра салған сигаретін алып, асықпай тұтатты. Түтіні қабырғаларының, жақ сүйектерінің арасынан шығып жатты... --Апай... --Қандай апай? --Кешіріңіз ажырата алмай тұрғаным... --Сендер нені ажырата аласыңдар өзі? Еркек скелетпін... Кенет ақ жайма жамылған әйел кіріп келді. --Біз Қабірстан республикасынанбыз!—деді әйел бұрын кірген скелеттің қасына отырып жатып,--кешіріңіз, мен кеше өлген әйелмін. Қазақстанда ақшасы жоқ сырқаттар «оптом» өліп жатыр... қала ауруханаларында ажал кезегінде тұрғандар көп. --Хош ке-келдіңіздер... Ш-шаруаларыңызды айтыңыздар,--деді әкім алдындағы графиннен су ішіп жатып. Көздері шығып барады. --Мен мына скелеттің әйелімін. Атым-- Қатипаш. Свежи өлікпін. Күйеуімнің өлгеніне он жыл. Сіздер, өлгендерге маза бересіздер ме осы? --Не болып қалды, әруақ апай? --Жер бетінен естіп жатырмыз, осыдан бір ай бұрын қайтыс болған атақты әншінің қабірін бір тірілер даулап жүр дейді ме? Ол жер келесіде өлетін туысыма тиесілі дейді ме... --А... ия. Сондай бір арыз түскен... --Тірілерге кеңсайдан жер учаскесі алдын-ала беріле ме не?—деп қалды скелет. Сосын сықырлай орнынан тұрып, әкімнің иығына сүйекті қолын салды. Әкімнің үстінен тер сел болып ақты. --Ж-жоқ. Орынбасарым оңдырмай жүр... --Не, проблема керек пе сендерге? Біз жаққа ертерек көшіп келгілерің келе ме? --О, не дегеніңіз, --деген әкім есін жиып алды,-- скелет көке, коньяк ішесіз бе? Әлде кофе? --Немене, мені алқаш өлік деп ойлайсыз ба? Кофеңді көзіңнің ішіне құй! Бізге шәй болса да жетеді... Әкім столының бүйіріндегі түймені басты. Ішке төбе шаштары қақиып қалған көмекшісі кірді. --Шашыңызға не болған? --«Прическам» ғой,--дей салды көмекшісі қалтырап. --Мен хатшы қызды шақырдым... --Ол басына шелек төңкеріп алып отыр. --Кірсін... Көмекші жігіт хатшы қыздың қолынан сүйреп, әрең кіргізді. Сонда да, басындағы пластмасса шелекті алар емес. --Басыңыздағы шелекті алыңыз,—деді әкім.
--Қойыңызшы, қорқам... --Қонақтарға шәй әкеліңіз... Хатшы қыз кетісімен « свежи» өлік: --Өкпеміз қысылып, Кеңсай зираты күннен күнге тарылып барады. Демек, халық арасында өлім-жітім көп. Шенеуніктер аз өледі. Жағдайлары жақсы,-- деді. --О не дегеніңіз, құдай қаласа өлеміз... Қайтыс боламыз... --Сонда сіз жерленген қабірді ертеңіне біреу «менің жерім» деп даулап жатса ше? Ол ол ма, Кеңсайдан қабір сатып, ақша табатын сұмырайлар да бар дейді,—деді скелет ашуланып. Тіпті, орнынан тұрып кетті. Ашуланғаны соншалық, сүйек басы жерге домалап түсті. Ішке қалтырай шәй әкеле жатқан хатшы қыздың алдына қу бас домалай барғанда, ана қыздың тілі байланып қалды. Сосын кабинеттен тұра қашты. --Қайда барасыз? Қонақтардан ұят болды-ау!—деген әкім де кабинеттен қаша жөнелген, қарсы келе жатқан тағы бір скелетке соқтығысып қалды. --Кешіріңіз... --Оқасы жоқ, әкім мырза. Мен-- Менмін ғой. Бес жыл бұрын мені тапсырыспен атып кеткен. Озық ойларымды ашық айтқаным үшін... --Кабинетке кіре беріңіз, мен қазір...—деген әкім зуылдай қашып, ғимараттан шыға берген... Есік алдында бір қора скелеттер тұр екен. Шеруге шыққан сыңайлы... Қолдарында плакаттар, ұрандар. «Жасасын, жарық дүние!» «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар!», «Мұнайлы ел, мұңаймаңдар!» «Қабіріміздің басындағы көк тастарды қиратпаңдар!» деген жазуларды іштей оқыған әкімнің көздері қарауытып, құлап бара жатты... Бір кезде бір көзін сығырайта ашып: «Өлгім келмейді..» деді. Құдай сақтасын, өлмей-ақ қойсыншы...
ИНТЕРНЕТТЕГІ "ИТТЕР!"
Ақын болғым келеді. Бірақ ақын емес, қатын болдым...Сәл дөрекілеу кеттім ғой деймін... Өзбектер "қатын" дей береді әйелдерін. Менің атым-- Пістегүл, фамилиям-- Стақанова. Сонда бір стақан пісте болады да... Ақын болғым келеді. Бірақ жаза алмаймын. Сосын Мұқағали ақынның бір өлеңін көшірдім де, "Бұл біз ғой" атты әдеби сайтқа салып жібердім. Қуанғаным-ай! "Өлеңім" жарияланыпты! Мұқағали тірі болғанда, екеуміз бірге қуанар едік! Ол кезде интернет болған жоқ емес пе? "Өлеңімнің" соңындағы пікірлерді оқып, өріп қойған шашым тарқатылып кетті. Шетінен данышпан! Шетінен ақыл айтқыш! Әрине, тасада тұрып алып, шетінен батыр! Шетінен бәдік! Қатын менен жаман! Сол пәтуәсіз пікірлерді назарларыңызға ұсынайын: Бірінші пікір: Пістегүл! Өлеңің өлең емес! Сен одан да базарға барып, пісте сат! Поэзиялық леп жоқ! Сәлеммен, Ауф-ауф.
Екінші пікір: Атаңа нәлет-ау, басыңды асфалтқа мыжып тастау керек сенің! Өлең жазғанша, күйеуіңнің қасында тыр-тыр қасынып жатпайсың ба? Мынау не? Өлең бе? Тақпақ па? Бесінші сыныптың оқушысы жазған шимай-шатпақ!
Көктөбет. Үшінші пікір: Көктөбет, мен саған қосыламын. бұл қатынды атып тастау керек. О, шешең... Алыпсоқ. Төртінші пікір: Не болып кетті сендерге? Әйел ақынды сыйламайсыңдар ма? Осылай дөрекі пікір жаза ма екен? Иттің балдары-ау, шошқа екенсіңдер ғой! Ауф-ауф. Бесінші пікір: Ауф-ауф, сен поэзияны нашар біледі екенсің ғой! Бұл өлең керемет жазылыпты! Ұйқастары ұйып тұр! Ыр-рр... Алтыншы пікір: Қай жері керемет! Жазған соң, Мақатаев сияқты жазу керек қой!...Оның әр өлеңі классаика! Күшкәкүшкә. Жетінші пікір: Сен нашар өлең жазып қартаятын болдың, Пістегүл! Ұйқастары қатты ұйқасып кеткен екен.
Итбас.
Сегізінші пікір: Жігіттер, темекілерің бар ма?
Шылымбек. Тоғызыншы пікір: Қандай адамсың? Интернет арқылы темекі сұрағаны несі?
Насыбайұлы. Міне, "данышпандардың "пікірін" оқыдыңыздар, айтыңыздаршы, көңілдеріңізге нені алып, нені тоқыдыңыздар? Біреуі Мұқағали өлеңін танымады. Классикті мойындамай жатқандар, мені қалай мойындасын!
Құрметпен: Пістегүл СТАҚАНОВА.
СІЗ ӘЛІ ОТЫРСЫЗ БА?
Сауаты - су, білімі - бу, кәсіпкерліктің арқасында, танысымның тамырын дөп басқан Мыжбан екеуміз әскерде бірге болғалы құдай жапалақты да жарылқаймын десе, демде ғой, күндердің күнінде күндей күркіреп, мінезі жаңбырдай сіркіреп, аудан әкімі болып шыға келгенде, шапалақ ұрғандар аз болды. Енді жаласа, жалп ете қалатындай қоржын тамда қашанғы отыра берейін, “однопалчанымнан” участкелік жер, несие сұрайын деп, бір күні аудан
әкіміне келдім. Мыжбан бір қапшық цемент жұтқандай қақиып отыр екен, иілмейді, біреу аузына шланга тығып, үріп тастағандай, столын тіреп тұр. Саусақтары быртиған, маған “отыра бер” дегендей ишара етті де, шыр еткен телефон тұтқасын көтеріп, ә дегеннен ұрыса жөнелді. — Не деген адамсыз! Мен сізге үш күнде бітіріңіз деп едім ғой! Үш күн босқа кетті ме? Ауырып қалдым? Одан да өліп қалмайсыз ба? Жылап еңіреп баратын едік қой! Сізде ар-ұят жоқ екен. Жыламаңыз деймін, көңілім босап кетеді! Ертең облыс әкіміне айтамын! Айналайын-ау, аудан шекарасына “Хош келіңіздер!” деп жазуды цементпен құйып, бір шелек әкпен әктей салуға да бір ай керек пе? Кеше көрдім, “Келе беріңіздер, кете беріңіздер!” деп жаздырыпсыз! “Немедленно” бұздырып тастаңыз! Ұят! Позор! Мен сізді қызметіңізден алып тастаймын. Мыжекең телефон тұтқасын қойып, маған бұрыла берген, тағы да безілдей жөнелді. — Иә, тыңдап тұрмын? Не деген адамсыз? Мен сізге үш күнде бітіріңіз деп едім ғой! Үш күн босқа кетті ме? Әкемнің төртінші әйелі қайтыс болып еді дейсіз бе? Неге біріншісі емес, төртіншісі өлген? Сізде ар-ұят жоқ екен! Жыламаңыз деймін, немене бұл ауданға жылауықтар жиналған ба? Қазір ғана Қиқымбаевпен сөйлестім, ол да жылайды. Ертең облыс әкіміне не айтамын? Айналайын-ау, Төле би, Қазыбек би ескерткішін мектептің алаңына дұрыс орнатыпсыздар, ал Әйтеке би қайда? Немене? Тойға кеткен? Слушай, Әйтеке би тұғырының үсті бос, астына “Әйтекең тойға кетіп еді” деп алтындата жазып қойыпсыздар. Бұл не деген масқара? Не? Жаһандану жаңалығы деймісіз? Жаңалығыңызбен жалп еткізіп ұрып жығу керек сізді! Әй, слушай, сосын Төле би мен Қазыбек би ескерткіштеріне қара көзілдірік тағып қойғансыз ба? Бабаларымыз жаңа заманға жаңа көзқараспен қарап тұр деген ойыңызды есекке айтыңыз! Көзілдіріктерін алып тастасын, мүсінші Миғұлабаевқа хабарласыңыз! Осы сіздер-ақ шаршатып біттіңіздер! Ұят, позор! мен сізді қызметіңізден алып тастаймын. Аудан әкімі келесі телефонды көтерді. — Не деген адамсыз? Мен сізге үш күнде бітіріңіз деп едім ғой. Үш күн босқа кетті ме? Немене? Ішім өтіп жүр? Ішіңіз неғып іріп түсіп қалмайды?! (Мыжекең сөйлесіп жатып, бір парақ қағазға бірдеңелерді сүйкей жазды да, маған ысырды. Оқып қарасам: “Сіз әлі отыр екенсіз ғой, кешіріңіз танымадым?”-деп жазыпты. Мен параққа: “Тыжбан деген “однопалчаныңызбын”. Сәлеметсіз бе?” деп жазып, өзіне қарай ысырдым). Әй, слушай, сізде ар-ұят жоқ екен. Жыламаңыз деймін. Жылайтын уақытты тапқан екенсіз. Ертең облыс әкіміне не айтамын? (Мыжекең әлгі параққа: “Однопалчанымбысың?” Тыжбанбысың? Жағдай қалай?”-деп жазып қойды. “Ойылған асфальт жолға сиырлардың тезегін төгіп, сылап тастағанды кімнен көрдіңіз? Немен? Тезекке алебастр араластырдық? Албасты-ау, менің алдымдағы әкім жолды жөндеуге берілген қаржыны жеп кетсе, мен енді несін жейін? Сенің алебастрыңды жеймін бе? Ұят, позор! Мен сізді қызметіңізден алып тастаймын!
Ол артынша шырылдаған телефон тұтқасын көтергенде, сағатына қараса, түскі үзіліс болыпты.Үнемі өзіммен алып жүретін қоржынымның ішінен термосқа құйылған шәйді пиялайыма құйып, стол үстіне бір таба нан, конфет тастап, енді жүрек жалғайын деп жатқанымда “іскер” әкім сөйлесіп жатып, әкімнің бір парақ қағазға “Маған да шәй құйып жіберші”,-деп жазылған сәлемін оқыдым. “Атауыңды іш!”-деп жаза жаздап, екінші пиялаға шәй құйып бердім. Ол шәйді бір ұрттап қойып, әлі сөйлесіп отыр. — Әлеу, слушай, не деген адамсыз?! Мен сізге үш күннің ішінде шақырыңыз деп едім ғой! Үш күн босқа кетті ме? Ауырып қалдым? Ертең ауыра тұрсаңыз болмас па еді? Жыламаңыз деймін, жаман ырым бастамай! Ертең облыс әкіміне не деп айтамын енді? Әкім болып келгеніме бір ай өтті, әлі үйіңізге шақырған жоқсыз! Сізде ар-ұят жоқ екен! Айналайын-ау, бір қой сойып, дастарханды жайнатып, қалтама конверт салу да қиын болып па? Мен сізді қызметіңізден алып тастауға мәжбүр болып отырмын! Ол телефон тұтқасын қоя беріп, маған бұрылды да: “Сіз әлі отырсыз ба?” деп сұрады. Әскерде бірге болған досымның “сіз” деп сызыла қалғаны біртүрлі екен. Келген шаруамды айтқым келген, ұмытып қалдым. Осы мен әкімге не үшін келдім екен? Осы сәтте телефон тағы да безілдей түсті. — Бетсіздер!-деді аудан әкімі қалшылдап. — Арамтамақтар. Сендер ішіпжегеннен басқа не білесіңдер өзі?! (Енді ол тұтқаны қоя салып, орнынан тұрып кетті де, қолын сермей ұрса жөнелді). — Не деген масқара! Мен сендерге де үш күн бердім ғой! Үш күн босқа кеткені ме? Облыс әкіміне не айтамын?! Позор! Сендерде ар-ұятан кәшек те қалмапты! Бәріңді қызметтеріңнен алып тастаймын. Сөйтіп өз командамды шақырамын! Мыжекең сол сөйлеген қалпында, кабинетінен шығып кетті. Шәй ішіп оытрмын. Бір кезде хатшы қыз кірді де: — Сіз әлі отырсыз ба?-деп сұрады, — Әкім түскі үзіліске кетті. — Білемін. — Таңертеңнен түске дейін ол кісі ешкіммен сөйлескен жоқ. — Қалай? — Өзі айтқан: “Бұрын әкім болып көрген жоқпын, сендерге қалай ұрсуды да білмеймін, тәжірибеден өтейін”,-деп. Бірінші орынбасарына тапсырма берген, ол кісі телефон соғып отырады, әкім “ұрысқан” болады. Түсінген шығарсыз? Не шаруамен келген едіңіз? — Жай, әншейін...-дедім мен ыдыстарымды қоржыныма салып жатып. — Ұрыс естиін деп келген едім. Кешіңіріңз, үйіме телефон соғып алсам?! — Мейліңіз. Мен әкімнің кабинетінде әйеліме ұрыса жөнелдім. — Әй, қатын! Не деген адамсың?! Мен саған үш күннің ішінде бітір дедім ғой! Үш күн босқа кетті ме?! Ауырып қалдым? Жер алғаннан кейін ауырсаң болмас па еді?! Үйдің бір қабырғасы құлап түскенін білесің. Соны үш күннің ішінде сылап, кірпішпен қалап шығуға болады ғой. Позор! Ұятсыз! Мен сені әйелдік қызметтен алып тастаймын!
«АҒАЙ, БАСЫМ ҚЫШЫП ТҰРҒАН ЖОҚ...»
Ісініп-кеуіп, көзімен «суық су сеуіп», шытынағанда, шықшыты шытырсытыр еткендей, мойыны жаңа кесілген бөренедей жуан, мұрыны өліп жатқан құрбақадай жалпа-ақ, аяғы «жұрт көрсін» дегендей, әдейі талта-ақ, басында қайқы қалпақ, кеудесі артқа шалқақ, шала қазақ досымен «ЭйрАстана» әуе жайына келе жатты. Бір кезде кеудесінен бұрқырап бу шықты. Қорқып кеткен досы: --Кеудең қайнап жатыр!—деді. --Бу ғой... Байлықтың буы...—деді «Қазхалықсору» банкісінің мүшесі Шіренбай шірене түсіп. Бір кезде Шіренбайдың басы иығына құлап, кеудесі бүгіле берді. --Шіреке, жайшылық па?—деп сұрады оны сүйей берген досы. --Байлықты көтере алмай келе жатырмын... --Ауыр ма? --Зіл батпан... --Жартысын маған берсеңші? --Е?—деген Шіренбай алқына демін алды. --Көтерісіп жүрейін дегенім ғой... Жаным ашып... --Ойпырмай, сенің жаның ашымай-ақ қойсыншы! Жалпақтап жанымда жүргеніңе мәз бол! Досы ыржалақтап күлді. --Не болды ей? --Мәз болып тұрмын... --Ал мен байлық пен мансапты көтере алмай тұрмын... Ісініп кеттім. Тарс етіп, жарылып кетпеймін бе? --Негізі, семіздікті қой ғана көтереді екен. Сондықтан «мә--әәә мә, мә!» деп маңырап алайық... «Ақылына айызы қанған» Шіренбай досының арқасынан қағып, жанжағына қарап алып: «Мә-ә... Мә-мә...» деп қалды. Досы да «Мә-мә.. мә-- әәәә...» деді. Сол екен, Қазақстан қайыршылары қаптап кетті. «Маған беріңіз!», «Не бересіз?», «Мә!» деп тұрсаңыз, әкеліңіз!» деп шуласқанда, құлақтары қаңылтыр милары мипалау болды. Полицейлер, әскерлер келмегенде, қайыршылар астында тапталып қалар ма еді! «Жасасын, Қазақстан қайыршылары!»деп қалды ана тұстан біреу. Оны «кэнбешниктер» ұстап әкетті. У-шудан әрең құтылған Шіренбек әуежайдың ішіне кірді. Сәл жеңілденіп қалғандай еді, ақшаның буы кеудесінен бұрқырап шыққаны. Кәдімгі моншаның ыстық «пары!» Ұялып, кеудесін алақанымен басып еді, саусақтарының арасынан шығып жатты. Әуежай күзетшісі келіп: --Кешіріңіз, кеудеңізден түтін шығып жатыр!—деді. --Түтін мен буды ажырата алмаған сорлы, бұл бу! Ақшаның буы!—деді Шіренбайдың досы жағымпазданып. --Жүріңіз, тексереміз. Мүмкін, шпион шығарсыз... Әуежайды жарып жіберетін терроршы болсаңыз... Шіренбай шыдамады, күзетшіні бір ұрып құлатып, касса маңына келді.
--Қарындас, маған Түркияға бір билет... --Кешіріңіз ағай... Кеудеңізден түтін... --Америкаға бір билет... --Ағай дейім, өртеніп жатырсыз... Шіренбай билет сатушы қыздың басына пәпкісімен бір ұрды... Тағы ұрды. --Ағай, басым қышып тұрған жоқ қой, неге ұрасыз? Шіренбай папкісмен қыздың басына аямай ұрды. Байғұс қыз тілін тістеп алды. --Рахмет ағай. --Не үшін? --Өзім де білмей тұрмын... Бір кезде үш-төрт күзетші жетіп келді. Шіренбай кеудесін ашып қалып еді, ақшаның буы зал ішін тұмандандырып жіберді. Ештеңе көрінбейді. Бұлар бұқпантайлап, сытылып шығып кетті. Әне, Шіренбай бауырымен жылжып барады... Досы қолынан тартып, сүйреп әлек. Қайтсін-ай, соншама байлық пен мансапты бір өзі көтеріп жүру деген «оңай» ма? Арқалап... Ей, кедей, сіз не арқалап жүрсіз? «ЖАҒЫМПАЗ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛДЫҚ... Біздің қоғам «қызы-ық кино» сияқты... Қалай басылымдарға жазылу басталды, билік білегін түріп, әкімдер «әңгіме» айтып кетеді. Амалсыздан «базар жоқ!» деп жазыла кетесің! Көз алдыңызға «бөебік» кинодағы атысыпшабысып жүретін кейпкерлерді елестетіп көріңізші? Онда мен мына сатираны басқаша жазамын: Әне, облыс әкімі мұздай қаруланып алған, пистолетін шығарды да, кабинетіндегі мектеп директорлары мен басқарма бастықтарына бағыттап: --«Жағымпаз» газетіне жазылым басталды. Облыс бойынша мемлекеттік басылымға елу мыңнан аса адам жазылатын болсын! Өліп кеткен аталарың мен әжелеріңнің аттарынан да жаздыра беріңдер, сауабы тиеді...—деді. --«Жас Алаш» газеті шындықты жазады, соған жазыламын дегендер көп...— деп қалды біреу. --Кімнің аузы жыбырлады?—деп сұрады әкім. Менің қасымда «Талан-тараж» басқармасының бастығы отырған. «Менің аузым айтып қалды..» деп міңгірлегені сол, облыс әкімі оны атып салды. Оқ жүрегіне кіре алмай, майысып, көйлегін жыртқаны болмаса, басекең басын изеп, әкімнен кешірім сұрап жатты. Содан кейін әкім жазылым жоспарына кірген мемлекеттік басылымдардың тізімін оқып берді. Жекеменшік газеттерге бүйрегі бұрылмайтынын айтты. Осы жиылыстан соң бір мектеп директоры гранат алып, автомат асынып, мұғалімдерді мәжіліс залына жинап алыпты да: «Бәрің «Жағымпаз» газетіне жазыласыңдар!»-дейді ғой. «Айлығымды толық алғым келіп еді...» деп міңгірлеген әдебиетші қыздың басына гранат лақтырған екен, қасындағы құрбысы етегімен қағып үлгеріпті әйтеуір... Гранат жарылып, көйлегінің етегі жана бастаған екен. Оны өзгелер түкіріктеп әрең өшіріпті. Сол екен, мұғалімдер жаппай «Жағымпаз» газетіне алты айға жазыла бастаған, жұмыстан шығып кетуден қорыққан мәтемәтика пәнінің мұғалімі дауыстап: «Газет со-ондай «қызық!» Қазақстан жағымпаздары
туралы бірден бір басылым. Мен бұл газетке бірден елу жылға жазыламын!»- - дейді. --Ойбай-ау, қазір өзің қырықтасың. Сонда не, тоқсан жас жасаймысың?— деген директор автоматымен атып жібергенде, оқтар әшейін көбелек болып ұшыпты! Мұның бәрін маған әйелім айтып келді. Тарих пәнінен сабақ беретін әйелімнен айналайын, «Жағымпаз», «Биліктің бантигі», «Шенеунік», «Үкілі үкімет», «Сен ары тұр», «Сенатор», «Жасыл экономика» «Қызыл инфрақұрылым» «Көкпеңбек құрылыс», «Қоңыр нарық» газеттеріне жазылғанын айтқанда, аузым «О» әрпіндей болып ашылып, қайтып жабылмай қалды! Бір ай айлық алмайды енді... Жетпіске келген әжеміз бар еді, пенсиясын алуға барса, пошташы «Жағымпаз» газеті мен «Секс» журналына күштеп жаздыртыпты. Әкем де «Жағымпаз» газетіне еріксіз жазылған. Универде оқитын ұлым мен қызым да «Жағымпазға» жығылыпты. Бір кезде бірінші сыныпта оқитын қызым келді арсалаңдап. --Әке ақша берші! --Е? --Апай айтып жатыр, «Жағымпаз» газетіне жазыласыңдар деп. --Ойбай-ау, бұл газетті түсінбейсіңдер ғой? --Мектепте перәшкі жегенде қолдарың май болмайды, осы газетке орап аласыңдар дейді... «Қалайда «Жас Алашқа» жазыламын!» деп тістеніп, ертеңіне бастығымның алдына кірдім. --Біздің үйге алты «Жағымпаз» газеті келеді екен. Мен бұл газеттің орнына «Жас Алаш» газетіне жазылайыншы...—деп өтіндім. --Не, оппозицияға кеттің бе? Мен де өлгеннің күнінен «Жағымпазға» жазылып отырмын. «Газеті көп үй-- береке, газеті жоқ үй—келеке!»—деп келесі бөлмеге жетелеп апарды. Зеңбірек тұр екен. Қорыққанымнан екінші мәрте «Жағымпаз» газетіне жазылып кеттім. Бір айдан кейін біздің үйге газет жауады! Газеттен сорпа қайнатып ішеміз! «Газет көрпе» жамылып жатамыз! Келінім босанайын деп жатыр. Құдай қаласа, немеремнің атын Газетбек қоямын! Біздің үйге келіңіздер, жабыла газет жинаймыз... Айтпақшы, «Жас Алаш» газетін ала келіңіздерші, «мүжіп» оқиық!
БЫЛШЫЛДАТЫП СҮЙЕ БЕРЕДІ...
Айтпақшы, сіздер тойларға барып жүрсіздер ғой? Сондағы сүйістерді көрсеңіздер! Былш-былш... Ай көрмеген, жыл көріспеген ағайындар, жеңгелер мен әпкелер былай сүйіседі: «Ой, Бота! Сен әлі тірісің бе? Ауруханада жатыр деп естіп едім. Келші құшағыма! Үммә, үммә... Ойбай, үстіңдегі халатың не? Ауруханадан сұранып келдім дейсің бе? Түріңнен айналайын, быттиып азып кеткен! «Үммә, үммә!» Еркектердің сүйістерін көрсеңіздер... Шыбынның сирағы сияқты жұқа ерін, «колбаса» сияқты бұртиған ерін, салбырап кеткен ерін, жалбырап кеткен еріндердің былай өңмеңдеп, дүрдиіп, ұмтылып келе жатқанын көргенде, о-ой... көзіңді тарс жұма қоясың. Түкірігімен сүйіп алғанда, жиіркенгеніңді байқатпай:
«Қалайсыз? Тойға келдіңіз бе?» дейсіз тойға келгенін біліп тұрсаңыз да... Баяғы кеңес дәуіріндегі бас секретарь Брежневтен қалған сүйіс қой бұл... Қазір еркектер де бір бірімен «інтімні» сүйісе береді... Дәмі жоқ, тұзы кем сүйістер ғой... Ал енді, балаңызды сүйсеңіз болады енді. Бірінші сыныпта оқитын балаңыз мектептен арсалаңдап, жүгіріп келгенде: «Қандай баға алдың?» деп сұрайсың. «Бес!» «Мәледес!» деп бетінен түк қоймай сүйіп, жалап тастасаң да өз еркің. Бірақ барлық ата-аналар баласын сүйе бермейді. Бір жеңгей бірінші сыныптағы баласына ұрсып отыр дейді. «Қанша алдың?» «Минус үш...». «Үш те болса, күш... Бірақ ертең бес алып кел!» «Анашым, бес ше, бес таусылып қалыпты...». «Сенің миың кеуіп қалған!» деген анасы баласының басына линейкамен сарт еткізеді. «Әкел кітабыңды, оқимыз! А-лаш... Алаш деген немене? Түсінесің бе?» «Білмеймін...» «Осындай қиын сөздерді, саяси сөздерді бірінші сынып баласы қайдан түсінедіей? Өзім де түсінбей отырмын. А-лаш деген... Бірдеңені ал да, аш... Мысалы сөмкені алып, сөмкені былай алып, аузын аш...» «Ия саған Алаш дегеніміз-- «Алаш» базары ғой...» деп қалады баласы бұртиып. «Солай шығар? Енді ағылшын тілін оқимыз. Әкел бері кітабыңды. Май неймз... Айтшы, май неймізің кім?» «Май жеймісің демеші анашым, май жемеймін...» «Атауыңды жегір! Мен саған «май жейсің бе?» деп тұрған жоқпын! Қолыңды қарашы, кір-кір... Екі аяғыңды аспанға қаратып, алақаныңмен жүресің бе деймін осы? Май неймз Жеңіс деші...» деген анасы баласының басына шапалақпен сарт еткізіп, құлағынан бұрап алады... Сол кезде баласы былай... қорсылдап... басын салбыратып... мұрнын тартып... Шешесі бақырып: «Жыласай... Жыла! Жылай сал!» деп еді... Міне былай: «Ң-ң-ң-ң-ң...Өа-а-а-а...» деп аңырай жөнеледі, қаша беріп, есіктерді сарт-сұрт жабады, жиюлы төсекті қиратып, қабырғаны ұрғылап, оң аяғына сол аяғымен бір тебеді... Жүйкесі жұқарған деген осы... Жүйкелеріңіз жұқармасын, жеңгейлер! Жүйке демекші, көшеде өз машинаңмен келе жатып та жүйкеңіздің бір сымы бырт етіп, үзіліп кетеді. Бағдаршамның қасындағы «зебра» бар емес пе? Жаяу жүргіншілер өтетін жолақ. Сол жерге келіп «ши-иқ» етіп тоқтайсың. Жаяуларды құрметтейміз, бірақ олар бізді құрметтейді ме? Тура жайылып бара жатқан қойлар сияқты ғой. Асықпа-ай, құлағына «нәуішнигін» тығып алып, ән тыңдап бара жатады. Міне, былай кетіп бара жатыр... Жасыл бітіп, қызыл қызарса да, міне былай, әсіресе қыздар құйрығын бұлтың-бұлтың еткізіп, балтырларын жарқыратып... Сол жалтыраған балтырына балқы-ып қарап қалсаң, артыңдағы машиналар «бипбип, бап-бап, тр-р-р-ың-тыррррың...» деген неше түрлі «сигналдар» шығарып кетеді. Оны қойшы, жаяулар «зебраны» қойып, көшенің кез-келген жерінен жүгіріп шыға келгенде, дәретханаға бармай-ақ... Қайдағы біреу үшін сотталып кеткің келмеді енді... Бір досым «Тайотасымен» келе жатса, бір қыз алдынан жүгіріп шығыпты. Тежегішті басуға үлгермей, басып өте шыққан ғой. Сөйтсе, жаңағы қыз тігінен, міне былай... (жатады) шалқасынан жатыр дейді. Сағыз шайнап жатқанын қарасаңшы! «Қарындас, бір жеріңіз ауырып қалды ма?»-деп сұраса: «Туу, асығыс едім, универге дейін апарып
тастаңызшы!Таксисіз бе?»-- депті. Жұрттың бәрі сотқа пара беріп, оңай құтылып кететін миллионер емес қой... Ырым дегенге сенесіздер ме? Сеніңіздер. Мәселен, бастық болсаңыз, мынадай ырым тиымдар есіңізде жүрсін: жиналыстарда жынды адамдарша жарыса сөйлеуге, жыртыңдап күле беруге, өтірік есеп беруге, министрге қарап керіліп, есінеуге, талтайып отыруға, (міне, былай...) кабинетіңде етпетіңнен жатып алып, жұртты қабылдауға болмайды. Ал егер депутат болсаңыз: түнде мәжіліс залында қонып қалып, түске дейін ұйықтауға, мәжіліс кезінде тамақтануға, депутаттың бетінен алып, бет жыртысуға, украйндықтар сияқты төбелесуге, түнде заң қабылданып жатса, жалғыз бармауға, дауыс беріп жатқанда бұраңдап, қылымсуға, спикердің алдын кесіп өтуге, тілшілерге арқан керуге болмайды. Қыздарға да қырық тиым бар: Моншада «наушник» киіп алып ән тыңдауға, ауызға қолын жумай салып, ысқыруға, темекі түтінін «көзінен» шығаруға, күйеуге тиер алдында несие алуға, бұрылып, желкесін көруге, ұйықтап жатып сағыз шайнауға, сырамен тіс жууға, шашын тықырлатып алуға, мұрт өсіруге болмайды... Біздің Оралда казактар бар. Олар орыстың ішіндегі қазақтар ғой... Қазақшаға тілдері келмей: «Мы казаки!» деп жататындары сондықтан. Негізі, қазақ деген сөздің түбірі-- қаз... Қаз—кәдімгі қанаты бар қазы. Ақ деген сөз— аппақ, ақ, ақ қазы болады сонда. Орал казактарын «Беп-белые гуси» деп атасақ та болады. Орал казактары бұрын қылыш орнына қамшы ұстаған, намаз оқып, дәрет сындырған деген тарихи болжам да бар... Сосын бар ғой, мақал мәтелдерді шығарған адамдар университетте оқып, диплом алмағандар-ау деймін. «Ит итті, ит құйрығын жұмсайды» дейді. Өздеріңіз көрдіңіздер ме, бір итке бір ит үріп қойып: «Әнәу жерде сүйек жатыр еді, әкеш...» деп жұмсайды ма? Ал екінші ит болса құйрығына қарап: «Шарша-ап тұрмын, құйрығым, сен бара қойшы!» дейді ме? Өтірік қой. «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Өтірік. Атың шықпаса, базар өрте. Атың шықпаса, орман өрте... Айдаладағы бос жатқан жерді өртегеннен не шығады?» «Қалауын тапса қар жанады» бар. Бұл да өтірік. Бір шелек қарды жақсаң, бір шелек су болады. Есесіне қалауын тапса, адам жанады. Прокуратура, сот ғимараттары алдында адамдар әділетсіздікке күйініп, үстілеріне бензин құйып, жанып жатады... «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» деген бар. Бұл да өтірік. Жыланның ініне барып: «Жаным жылан, айналайын жыла-ан! Мен саған ғашықпын!» деп кешке дейін отырсаңыз да, «квартирасынан», шықпайды. Өйткені жылуға, светке суға ақшасы жоқ... Төлемеген... Одан да: «Отыз градус жылы сөйлесең, қырық градус болып, алқаш күйеуің алдыңнан шығады» десек, құлаққа кіреді... Қазақ тілі, ана тілім қандай керемет! Бір сөздің бірнеше мағынасы бар ғой! Осындай тілден айналмаймыз ба? Бірде тау жақтағы ауылда тұратын таныс әйелді көріп қалып: «Жеңше, тауық па?» деп сұрадым. «Жоқ тауық емес, қораз сатып алдым!» дейді жеңшеміз. «Жоқ, тауық па?» деп сұрап жатырмын. «Әй, қайным, тауық емес, қораз, қораз, ә-те-еш!»--деп айқайлап берсе бола ма! Сонда мен: «Тау ық па, ық емес пе? Тау дегеніңіз ауылға ық болады ғой, жел жоқ шығар?» деп сұрағым келген. Әне, біздің ана тіліміз
қандай! Қазақ тілі неткен бай тіл! Осындай керемет тіліміздің мәртебесін көтере алмай жүрміз ғой! Сөздің мағынасы демекші, бірде аялдамада тұрып ойланып кетіппін... Астанаға алғашқы қар жауып, еріп кеткен кез еді. «Ия, қыс енді...» дедім. Сол екен қасымдағы еңгезердей бір жігіт түтігіп: «Неге қыс дейсің? Мен бе қысатын? Танымайтын адамға осындай көргенсіз сөз айтқаның не? «Зима» десең де болады ғой...» деп дегбірімді алса болар ма? Ой, мұндай мағынасы сан алуан сөздер өте көп. Мысалы:--Қораз. Екінші мағынасы: қор аз. Қор ше, жиналған қор аз. Пәленше атында қор ашылып, оны Түгенше жеп қойған деген сияқты. Сосын бар ғой, біздің қазақ жігіттері қыздармен жөнді таныса алмайды. Түйеден, ұшақтан түскендей, дік еткізіп сұрақ қоя салады. Қыздарға былай, жұмсартып, жұмбақтап сұрақ қоюға болады ғой. Мысалы, менің бір досым қыздармен былай танысады. «Қарындас, тауға шыққансыз ба?» -деп сұрайды. Қыз қылымсып: «Ия, шыққанмын. Тауға өрмеледік қой» дей салар. «Жоға, күйеуге шығу—тауға шыққанмен бірдей ғой, тұрмысқа шыққансыз ба деймін...» «А-а, кешіріңіз, тауға шыққан жоқпын, қазіргі таулар төбешіктер ғой...» депті сонда бойжеткен. Көрдіңіз бе, осылай жұмбақтап сөйлеу керек! Келіншекпен сөйлесе қалсаңыз: «Қанша рет қиналдыңыз?» деп сұраңыз. «Қанша балаңыз бар?» дегеннен жақсы ғой. Енді әйелдер рахаттанып, ішек сілесі қатып, күліп жатып босанбайтын шығар? Қиналады ғой... Жарайды, қай –қайдағыны айтып кеттім-ау, баршаңызға айтарым: өмірде қиналмаңыздар, ойнаңыздар, күліңіздер, көшеде мәшине қағып кетпей, аман-есен жүріңіздер!
ШӘЙ ІШІҢІЗДЕР!
Шай ішкенде тұрған не бар? Қызық-ей, осы адамдар... Бір үйде, бір подьезде тұрып жатып, бір-бірін шайға шақырмайды. Шайы несі, бір-бірін танымайды да... Содан таңертең ерте тұрып, әйеліммен ақылдасып, көршімді шайға шақырдым. Сөйтсем, көршім шала қазақ екен: «Спасибо, я хочу кофе..» деді де кетіп калды. Ойланып қалдым. Келесі көршімнің есігін тықылдатып: «Кофшай ішіңіз біздің үйден...» дедім. «Ол не пәле кофшай?»-- деп сұрады ол есінеп. «Біріккен сөз ғой. Кофешай ішіп кетіңіз..» «Арақтың аты ма десем... Ақымақ адам шайға шақырады ма? Жүз грамға шақырады!» «Кешіріңіз, онда жүз грамм шай ішіп кетіңіз...» Қызық-ей адамдар! Бір-біріңді шайға шақырып, қатқан нанды қытырлатып жеп, былтырдан қалған арзан кәмпитті сорып отырып әңігімелескенге не жетсін? Қанша адамды шәйға шақырдым, келмейді. Енді мен көшеге шықтым. Бір келіншек кетіп бара жатыр екен: --Кешіріңіз, тоқтай салыңызшы,--дедім қатарласа беріп. --Ал, тоқтадық. --Біздің үйден шай ішіп кетіңізші... --Ағай, сіз ноқалайсыз ба? --Ол не ноқалай деген? Атақ па? --«Шай ішсең—көңілің жай...» деген. Ашуланып бара жатыр екенсіз... --Дура!
--Дура емес, дуракпын. Өзің дурагүл! Қап, мына қырсықты-ай! Кімді шайға шақырсам екен? Адамдар мейірімді болуы керек қой. Бір бірінің үйінде шай ішісіп... Поштаға барып, Өзбекстан президенті Ислам Каримовке жедел хат жібердім. «Біздің үйден шай ішіп кетіңіз, Ислам әкә!» деп. Өзбектер шай ішуді қатырады ғой. Қырғызстан президентіне де, Ресей президентіне де, Қытайға да хат жолдадым. «Мен сияқты қарапайым адамның шайға шақырғанына келсе келер, келмесе одан әрі!» «Қой, ұят болып жүрер...» деген ойқы-шойқы оймен поштаға қайта кіріп, ұлттық банктің бұрынғы басшысы Марченконы шайға шақыра салдым. Әшейін. «Келмейді ғо—ой...»деп. Содан облыс әкімінің қабылдау бөлмесінде отырмын. --Не мәселемен келдіңіз?—деп сұрады көмекшісі... --Ешқандай. --Кешіріңіз, бұл жер аялдама емес. Автобус келмейді. --Морг емес шығар. --Шығып тұрыңыз! --Бір нәрсе айтамын да шығамын. --Болмайды! Ол кісі шәй ішіп отыр. --Шай? Бір өзі? --Е? --Адам емес екен ғой, Адам деген бір өзі шәй іше ме екен? --Сіз ... сіз не деп кеттіңіз? Кетіңіз бұл жерден! --Мен облыс әкімін шәйға шақырғалы келдім. Облыс әкімі өз үйінде қалай шәй ішеді, халық қалай шәй ішеді салыстырып көрсін деймін. --Кетіңіз бұл жерден! --Кеше сайланған аудан, ауыл әкімдері шетінен парамен ұсталып жатыр! Солардың құрметіне шай ішеміз! Көмекші жігіт күзетшілер шақырып еді, қолымды қайырып, бір бос кабинетке апарды да, шай берді. Бір шелек қайнаған суға бір пәшкі шай салды да: «Мә, атауыңды іш, іше бер!» деп қояды. Қуығымнан ұялып, құстай ұшып, үйіме келсем, мәссаған... Төрде Ислам-- әкә отыр шәй ішіп... Әйелім майысып көк шай құйып отыр. --Рахмет, шайға шақырғаныңзға,--деп қойды президент,--Шымкент жақын болған соң келе салдым. Оның үстіне, Қазақстанда базарларды қалай өртейді, соны біле кетейін деп... Бір қарасам, Марченко келе жатыр! «Қызметтен кеткелі басым сынып барады! Хочу зеленый чай!» дейді. Қырғыз президенті келмеді. Елінде ереуіл болып, содан шыға алмай қалыпты. Қытай қыңқ демеді. «Мұнай қатқан шай ішіңіз!» десең ғана келеді ғой... Путин телефон соғып: «Привет, протон!» деді де қойды. Оны мен «Привет, братан..» деп естідім. Қысқасы, біздің үйде мереке! Келіңіздер, шай ішіп кетіңіздерші!
МЕНІҢ ҚАНЫМ ҚЫШҚЫЛ...
--Мырзалар! Құрметті сенаторлар, депутаттар!—деді парламент сенатының төрағасы Мақұлбек Мақұлбаев көз жасымен көзілдірігін суртіп жатып,--Ия, ия, сенатор Сүлікбаев отырған ұшақ Сирияның үстінен ұшып бара жатқанда, оппозицияның қаруланған тобы атқылап, ұшақ екіге бөлініпті де... Сенатор аспаннан жерге түспей қалыпты... Түркияда демалып, Астанаға ұшып келе жатқан беті екен. --Сүлікбаев әлі аспанда ұшып жүр ме? Аспандап, танауын аспанға қаратып жүруші еді...—деп сұрады депутаттардың бірі есінеп. --Жоға. Бір шымшық арқасына қонған екен, содан құлдилап, абырой болғанда шөмеленің үстіне түсіпті! --Құдай қағыпты! --Креслосының киесі қаққан! --Бірақ Сүлікбаев ауыр жарақаттанып, көп қан кеткен. Соған депутаттар болып, сенаторлар болып, қан берейік. Донор болайық. Қане, дауыс берейік, қарсы қалыс бар ма?—деп сұрады сенат төрағасы қабырғасын қасып, бұнысы: «қабырғамыз қайысып отыр» деген белгісі еді. --Өзі тірі ме?—деп қалды Мемлекеттік хатшы қасын керіп. --Кеше скайп арқылы сөйлескенімде, қолтығын қасып жатқан... --Байғұс-ай, білімі таяз, ойы аяз болса да, сенаторлыққа секіріп келіп еді...— деп аяныш білдірді сенатор Ұйқыбасов. --Билік не айтса, «мақұл, мақұл!» деп басын изей беруші еді... --Керемет ғалым болатын... Сенаторлыққа бекер келді... --Енді оның орнына кім келер екен? --Шуламаңыздар!—деді сенатор төрағасы күрсініп,--ол әлі тірі ғой. Қиналып жатыр. Қан берейік, қан! Сенатор Рубек Жершілбаев, сіз қан бересіз бе? --Кешіріңіз... беруін беремін-ау, бірақ... --Немене бірақ? --Менің қаным қышқыл... --Ол саусағын батырып, дәмін көрмейтін шығар? --Оның үстіне қаным арам... --Қалай арам? --Өзіңіз бірде: «Арам сенаторсыз! Кәсіпкер ініңізді троспен сүйреп келесіз!» дегенсіз... Арам қанның қажеті болмас... Сенат төрағасы жынданып кете жаздады. Оған жындануға болмайды, ертең «Кландар мен жыландар» заңы қабылданбақ... Ол Аштық пен тоқтық министрі Әшейінгүл Келгеноваға бұрылды: --Сіз ше, министр ханым? --Кешіріңіз... --Ия? --Менің қаным женский ғой... --Онда тұрған не бар? --Кейін әйелі қызғанып жүрмейді ме? --Бересіз бе, бермейсіз бе?
--Үйде уылдырық бар еді... соны берейін... --Қан керек, қан! Түсінесіз бе, қан! Сенатрорлар мен депутаттар, бірді-екілі министрлер де, мемлекеттік хатшы да жым-жырт. --Менен қан шықпайды-ау...—деп қалды осымен төртінші рет сайланған депутат Тайраңбаев. --Неге олай дейсіз? --Баяғыда мектепте оқып жүргенімде мектеп директоры: «Тайраңбаевтың бетінен бес кило ет шығар, бірақ қан шықпайды...» деуші еді... --Депутаттар! Құрметті сенатор мырзалар! Өзіміз сияқты қолдан жасалған қоғам қайраткері, Солғанбай Сүлікбаев ауыр халде жатқанда, адамгершілік танытпағанымыз елдігімізге сын. Қарапайым халық не ойлайды? Қан беруге сараң болсаңдар, бюджеттен қаржы бөлейік! –деді президент кеңесшісі күңкілдеп. --Дұрыс айтасыз! Бізде артық қан жоқ! --Керек десеңіз, бізде жан жоқ! --Қой-ей, көпке топырақ шашпа! --Сенатор Сүлікбаевқа қан беру үшін мемлекеттен жүз миллион теңге бөлінсін! Депутаттар қолдап, сенаторлар мақұлдап, Сүлікбаевқа қан тапсыру үшін қарапайым халық қан беретін болды. «Билікті донормен қамту мәселелері» заңы қабылданды... Оны ұйымдастыру, жарнамалау үшін бүйірі шұрқ тесік бюджеттен жүз миллион теңге бөлінетін болды... Кенет сенат төрағасы ұялы телефонын көтеріп: --Немене? Как қайтыс болды? «Хош бол, қайран кресло!»деп қолын бұлғады деймісіз? Обал болған екен..—деп бір көзін уқалады. Оның бір көзінен ғана жас шығатын...Сенаторлар мен депутаттар бір минөт үнсіз тұрып, екі минөт күрсінген болып, артынша ашық-жарқын арқаларыннан қағысып, «жайлы өмір» жайлы әңгімелесіп бара жатты...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру