Мазмұнға өту
Home

Құныскерей

Марат Мәжитов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Құныскерей

Авторы: Марат Мәжитов

УДК 821. 512. 122 ББК 84 Қаз 7-44 М 35 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды. Мәжитов Марат М 35 Құныскерей: роман. – Алматы: «Алаш жолы», 2012. – 482 бет. ISBN 978-601-7401-00-9 Құныскерей Қожахмет баласы Гурьев, бүгінгі Атырау облысына қарасты Тайсойған өңірінде туып-өскен. Совет өкіметіне ашық қарсы шығып, қол бастап, соңына жүздеген жасақ ертпегенімен, Құныскерей банды атанып, жеті-сегіз жыл қуғында, азды-көпті қантөгісте жүрген. Роман мазмұны біржақты емес, кешегі мен бүгінгіні, ескі мен жаңаны салыстыра отырып, қилы-қилы шегіністерге барады, сан алуан «тар жол тайғақ кешуді» сараптап, електен өткізеді. Стиль ерекшелігі, тіл байлығы көлемді шығарманы көріктендіріп тұр. Роман желісі тартымды, жеңіл оқылады, жазушы жергілікті жерді, оқиғаның шиеленіскен тұстарын ерекше сипаттайды. Автордың бұл романды жазуда көп ізденгені шығармадағы шым-шытырық оқиғалардан байқалады.

УДК 821. 512. 122

ББК 84 Қаз 7-44 ISBN 978-601-7401-00-9 © Мәжитов М., 2012 © «Алаш жолы», 2012

ҚҰНЫСКЕРЕЙ Ұлы Қазан «шұғыласына» бөленген Тайсойған өңірі еңбек­ шілерінің арасында кейін атышулы банды атанған Құныскерей Қожахмет баласы да бар еді. Мұрағат деректеріне сүйенсек, ол 1918 жылдың сәуір айынан бастап, ұлы төңкерістің насихатшысы әрі белсенді де белді, сенімді адамына айналады. Ол Гурьев пен Теке қалаларына кіре тартып, керуен басшысы болады. Құныскерей жөнінде 1920 жылдың зауза айындағы үшінші санында «Трудовая правда» газеті шағын хабар жариялайды. Онда: «Гурьевке елден азық-түлік тасып, әсіресе мал айдап әкеліп, оның етін дайындауда Қожахметов Құныскерей айрықша көзге түсті. Ол – өте-мөте іскер әрі бірбеткей, таза, совет өкіметінің ел ішіндегі сенімді өкілі», – деп жазады. 1919 жылдың басында ол Тұзтөбедегі тұз өндіріс орнымен байланыс жасап, елге қап-қап таза тұз әкеледі. Тіпті жарты жылдай сол кентте еңбек етіп, бар ынта-жігерімен жаңа заманды құшақ жая қарсы алған сыңайлы. Кенет 1920 жылғы сүмбіле айының 27 жұлдызында (Оралдағы (Теке) мұрағаттан табылған құжатта екі түрлі жазылған, біреуінде – 27-сі, біреуінде – 29-ы) ол екі бірдей тәртіп сақшысын тал түсте (милиция) ұрып өлтіріп, атқа мініп, бой тасалаған. Бұған: Құныскерейдің қанды көйлек досы әрі құрдасы Жақсылықов Мұхаммедиярды жүйрік атын бермей, тәртіп сақшыларымен жұдырықтасқаны үшін олар ат иесінің жүрегіне қорғасын оқты қадаған, яғни атып тастап, жөндеріне кете барғаны себеп болған. Міне, сол қасірет-қайғының үстіне астындағы ақбозын сар желдіртіп Құныскерей келе қалмай ма. Әр жағы «қанға – қан, жанға – жанмен» аяқталған. Сол күннен бастап жаңа заманның жауы атанған ол қолына қару алып, «Алла» деп атқа мінгені белгілі. Алдымен айтарым, Совет өкіметіне қарсы жасақ жинап, қол астына жүздеген қарулы адамды топтастыру оның көкейтесті арманы болған шығар, бірақ онысын жүзеге асыруға талпынғанымен, шамасы жетпегенін құжаттар дәлелдейді. Бір жылдай жалғыз өзі әрекет етіп, 1921 жылдың аяғына таман 25–30 адамнан қарулы отряд құрып, өзі соған басшылық етеді. Көкжар мен Саралжының ортасында бұларды 150-дей мұздай қаруланған солдат қоршап, оның командирі патша өкіметі кезіндегі Көкжар базарының қожайыны Николай Антонов

(бір құжатта Николай Алексеевич) соғыс тәртібін білмейтін Құныскерей отрядын быт-шыт қылады. Біразы қолға түсіп, алтау-жетеуі оққа ұшады. Осы қолма-қол ұрыста Құныскерей аса мергендігімен, аса жаужүректілігімен көзге түссе керек, командир Антонов: «Мынау адам емес, дию, құдайым енді мұнымен екінші рет кездестірмесін», – деп жағасын ұстаған. Бұл қанды шайқас 1922 жылдың көктемінде, яғни сәуір айының орта шенінде болғанын құжат арқылы анықтадық. Осы қырғыннан Жәрдем, Бекболат, Сапарғали және Құныскерей сытылып шығады. Содан Бекболат пен Сапарғалиға Құныскерейдің өзі ризашылық білдіріп, Қобда арқылы Ақтөбе қаласына шығарып салады да, Жәрдемді Тайсойғанға қайтарып, өзі Шыңғырлауды бетке алады... Бір айта кетер жайт, атақты банды жөніндегі нақты құжаттар тым шашыраңқы. Атырау (Гурьев), Орал, Тайпақ, Көкжар, Қаратөбе және орталық мұрағатының соңына түсіп, қажымайталмай ізденген адамға Құныскерей жөнінде толымды материалдар, мүмкін, табылар, бірақ папка-папка болып түзілген құжаттарға менің қолым жетпегені рас. Қым-қиғаш замандағы колхоздастыру, серіктестірумен қатар жүрген компескелеу кезінде Қызылқоға ауданы жабылып, Тайпаққа көшірілуі, Ойыл мұрағатының өртеніп, қолды болуы, Кермақастағы мұрағаттың мүлдем жойылып кетуі де себеп болған шығар деп ойлаймын. Құныскерейдің туған жылын әркім өзінше жориды. Бір анық жайт, ол 1927 жылдың қыркүйек (мизан) айының соңына таман қияң-кескі ұрыстан аман-есен шығып, Тайсойғанды артқа тастап, Сарқамыстағы тосқауылды таптап өтіп, Түрікпен еліне бағыт алғанда 38 жасқа толар-толмас екен. Мұны көпті көрген Құрманғали қарттың өз аузынан 1954 жылы естідім (қарттың анасы Биқайша 8–9 жасында Исатай мен Махамбетті көріпті). Ақсақал былай деді: «Мизанның орта шені еді (мизан деп қыркүйекті айтып отыр – М.М.). Шәңгілдікте мал қамымен отыр едік. Іңірде үйге Құныскерей кіріп келді. Абыржып қалдық. Ол асығыс екенін айтып, қонақасыға қарамады. Тек шай ішті де: «Құреке, маған бір бағыланды бұтарлап бере қойшы, жолыма нәпақа болсын» деп өтініш етті. Тілге келмей, айтқанын істеп, жетектегі атына бөктеріп бердім. Сосын дорбаға құрт, ірімшік, тұз салып, оны ердің қасына ілдім. Ол менімен қол қысысып қоштасты да, атына тақым салды. Мен не дерімді білмей: «Ал, сәтті сапар болсын, Құнеке, осы сен неше жастасың?» деп қалыппын. Ол: «Немене, маған қарындасыңды бермекпісің, сенде қарындас жоқ қой. Сұраған екенсің айтайын, жеддінің оны құралайда отыз сегіз жасқа толамын», – деп жортып кетті». Ақсақалдың бұл сөзін әкем Кәрім де, атақты да арқалы ізші

Нұрғазы да, Жұлдыз баласы Бексұлтан да растайды. Сол жылы ақын Зімбіл: «Құныскерейді жоқтау» деген толғау шығарып, жеті-сегіз айдай Қызылқоғадағы түрмеге қамалыпты. Ел ішіне ептеп тараған бұл толғаудан менің жадымда қалғаны екі-үш шумақ. Толғауды марқұм Құрмаш Бекұлынан бала кезімде тыңдағанмын. Ол кісі әуелі «апыр-ай, аһ, дауысы құрғыр сынып кетпесе болар еді» деп қозғалақтап алады да, домбыраны құйқылжыта тартып, қоңыр дауысын көтеріңкіреп, толғауды төкпектетіп айтатын. Арасында тына қалып, Құныскерей туралы қысқа-қысқа сөйлеп, сосын қайтадан төкпектете жөнелетін. Мен адайдың «Ер Қармысын» сол кісіден жаттап алып едім. Кейіннен қайтыс болды деп естідім. Әкемнің досы еді, үйге жиі-жиі келіп тұратын-ды. Толғаудан жадымда қалғаны: ...Құныскерей, армысың, Бұл дүниеде бармысың?! Мойныңа іліп кеттің бе Жақсылардың алғысын, Жамандардың қарғысын. Жоқ еді сенің еш мінің, Бөлек еді кескінің. Астыңдағы жүйрігің Оққа ұшты деп естідім. Иығыңдағы періштең Көкке ұшты деп естідім... Сонымен, Құныскерей Қожахмет баласы 1889 жылы желтоқсан айының (жедді) 10 жұлдызында Гурьев уезіне қарасты Тайсойған өңіріндегі Борсан қыстағынан терістікке қарай үш-төрт шақырым жердегі Үшқоңырда дүниеге келеді. Әкесі Қожахмет пен анасы Сарғыш шаруа адамдар болған. Руы ысық, оның Тоғызбай бөлімі, Тоғызбайдың өзі Базар, Назар, Есназар, Түкі, Сағын болып бөлінеді, соның Сағынынан тарайды. Құныскерей ауыл молдасынан дәріс алып, ескіше хат таныған. Тумысынан бірбеткей, өте қайратты, құралайды көзге атқан мерген. Ол, негізінен, мал бағып, мал өсіруді кәсіп еткен. Барымтаға түсіп, ұрлық-зорлықпен айналыспай, саналы түрде өмір сүрген. Жұрт оны қашқын демей, банды деуі қосақ арасында жазықсыз адамдардың да Құныскерейдің атқан оғынан немесе арасына қорғасын құйып өрген дойырынан ажал құшқан соң айтылған шығар деп ойлаймын. Негізінде, ол ақиқат үшін арпалысқан, жөнсіз сөйлеп, жөнсіз оқ шығармаған.

Әрине, оның қиян-кескі айқаста жұмсаған қаруынан о дүниеге аттанғандардың саны біраз. Ол Шыңғырлау, Тұзтөбе, Қаратөбе, Теке (Орал қаласы), Сарытау жағында үш-төрт жылдай жүріп, орыстармен, башқұрт, татарлармен астыртын байланыс жасап, кіре тартып күнін көреді. Сөйтіп, ел-жұрты, туысқандары оны өлдіге санайды. Бірақ Құныскерей екені сезіліп қалған соң амалсыз атқа мінген, амалсыз оқ шығындап, қарсыластарын қансыратқан. Аты аңызға айналып, «Құныскерейдің оң жағындағы періштесі күндіз-түні бағыт-бағдарын, жүрер жолын ашып отырады екен, ал жол бастайтын ақ шайтаны оны көлеңкелеп, оқ тигізбей, қалқалап жүреді екен» деген алып-қашты, лақпа сөздер оған пайдасын тигізгені сөзсіз. Құныскерей сол жүрген жағында да сан жағынан басым әскерлердің ойран-ботқасын шығарып, өзі аман-есен сытылып шығуы, тіпті оған қарша бораған оқтың дарымауы оның өтемөте айлакер екенін, сосын тосыннан батыл шешімге келетінін көрсетеді. Қаратөбенің құбыла бетіндегі, Шыңғырлаудың терістігіндегі, Жетікөл-Жекендінің Ойыл жақ бетіндегі қанды шайқастан денесіне оқ дарытпай шығады. Тіпті қоршап тұрған қарулы отряд солдаттарын жалғыз винтовкамен қырып салған деуге ауыз бармайды. Бірақ құжаттағы дерек солай дейді. Мысалы, Қаратөбенің құбыла бетіндегі шағылда бандыны екі отряд қоршап алады да, «Берілмесең, өлексеңді ат көтіне сүйрейміз», – деп әмір етеді. Құныскерей қарсыластарын қанға бөктіріп, осы қоршаудан да құтылып кететіні шындық. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», деген мақал тұп-тура айтылғанына таңғалып, бас шайқамасқа амал жоқ. 1927 жылдың көктемінде Құныскерей туған өңірі Тайсойғанға сыналап кіріп, басын бағып бұқпантайлап жүрген Жәрдемді, Көкжар түрмесінен қашып шыққан Мұсағалиды кездестіріп, қасына ертіп алады. Менің ойымша, бұл екеуімен ол бұрыннан да хабардар ғой деймін. Әйтпесе бұл келе салғанда ол екеуінің кездесе қалуы мүмкін емес жайт қой. Бұлардың құмда жүргенінен аудан (Қызылқоға ауданы тараған жоқ), Гурьев округі құлақтанып, комиссар орынбасары Ш.Бегалиннен ауданға шұғыл хабарлама келеді. Онда: «Құныскерей құмда, қарулы отряд шығарып, ізіне түсіңдер, қарсыласса атып тастауға рұқсат етемін. Бірақ комиссия барғанша денесін жерлемеңдер», – делінген. Сонымен не керек, бір отрядты Жұмабай Қартқожақов, енді біреуін Молдағали Әйткенов басқарып, атышулы бандыны құрықтауға жедел кірісіп кетеді ғой. Осы екі арада Құныскерей үйіне барып, әке-шешесін, әйелін қуантады.

Сонымен не керек, жаз бойғы қуғыннан нәтиже шықпайды. Қайта отряд солдаттарының қатары сирейді. Молдағали абайсызда Қожахмет қартты атып өлтіреді. Ертегі секілді қым-қиғаш оқиға. Құныскерей қапысын тауып, Молдағалиды бауыздап өлтіреді де, алыс сапарға аттанады. Жәрдем мен Мұсағали оққа ұшады. Осының бәрі шындық. Өйткені құжаттардағы дерек солай дейді. 1989 жылдың аяғына таман дүние салған Жұмабай Қартқожақов та осы деректерді растайды. Құныскерейдің ізіне түскен атақты ізші Нұрғазымен біз көрші тұрдық. Бала кезім ғой, атышулы банды туралы әкеме айтқан әңгімесін тыңдап, аузымның суы құритын. Мен Құныскерей жайындағы аңыз-әңгімені төрт жасымнан бастап тыңдадым. Ол кез 1946–1947 жылдар, одан сәл берірек оны көрген, әңгімелескен қарттар сиректеу болса да бар еді. Менің әкемді Құныскерей «қосшы бала» еткісі келіп, біраз әурелеген. Ол кезде әкем 15 жаста екен, бірақ әжем Балғаным Жұмабайқызының қырағылығы – баласын сақтап қалулы. Әкемнің азды-көпті жинаған қағаздарының ішінде Құныскерей Қожахмет баласының 1929 жылы бір жүргіншіден беріп жіберген хаты мен шағын сүгіреті болатын. Сүгіреті де, хат та қазір қолымда жоқ. Сүгіреттегі мойнына ақ орамал ораған бейне-кескінінен, сосын әкемнің, Нұрғазының айтуымен, мен көлемді шығармамда өз жадымды, яғни ойымды кеңейтіп, Құныскерейді төмендегідей сипаттағанмын. Соны оқырманға қайта ұсынуды жөн көрдім. «...Басында сеңсең бөрік, аяғында көнетоздау құрым етік, үстінде ләкбөктен тігілген бешпент шалбар, иығында шолақ мылтық. Еңгезердей бойы, шор-шор желкесімен тұтаса біткен жауырыны, ебедейсіз ұзын қолы, атан түйенің санындай саны, шошақтау иегі мен көнтіктеу еріні, аясы кең, бірақ бадырақ та емес, шүңірек те емес, аса ызғарлы шатынаған қой көзі, ортасы дөңестеу бітіп, ерніне қарай талпия иілген кеңсірікті мұрыны, көмпие керілген кеудесі мен жұп-жұмыр, жұп-жуан мойыны...» Әкем тірі кезінде шығармама пайдаланған хаттың (жәлитшеден аударған – әкем) ұзын-ырғасы мынау: «Мизан айының он сегізінші жұлдызы, 1929 жыл. Бұл үшбу хатты Кәрім Мұқаш немересіне жолдадым. Мен Құныскерей нағашың, аман-есенмін. Елден шалғайдамын. Әйтеуір, қара жерді басып жүрмін. Сенен сұрайтыным, әгарда ыңғайы соқса, менің анам мен қатын-балама көз қырыңды саларсың. Қолыңнан келсе, аздап болса да өзгелерге білдірмей жәрдем ет. Заманның ыңғайы жаман, аштан өліп қалар. Құдайым өзіңе саулық берсін.

Хатты оқығаннан кейін дереу отқа таста. Саған зияны тиіп жүрер. Үшбу сәлеммен, Құныскерей Қожахмет баласы». Бұл хаттың қалай сақталғаны өз алдына бөлек әңгіме. Мен ел аузындағы осы азамат жөнінде 1971 жылы «Құмдағы із» деген көлемді әңгіме жаздым. Ол «Жұлдыз» журналының 1973 жылғы 3-санында жарияланды. Әңгіме кейіпкері Жұмабай мені «бандының тұқымы, мұны жазалау керек», – деп «Правда» газетіне жазып, ызың-шу қылды. «Жұлдыздағы» әңгіме жөнінде марқұм Сағат Әшімбаевтың мақаласы жарияланды. Ғалым-жазушы Зейнолла Қабдолов мені Жұмабай Қартқожақовпен кездестіріп, бір-бірімізбен түсіністік. Кейін маған өзінің мұрағатын берем деп еді, реті келмеді. Мүмкін қажеті жоқ деген шығар. Содан бұл туындыны романға айналдырдым. Біраз іздендім, бірақ «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей болды. «Құныскерей» романы толықтырылып 500 дана таралыммен 2002 жылы жарық көрді. Мен Құныскерей Қожахмет баласы туып-өскен өңірде туыпөстім, бір артықшылығым сол. Ол кезде «Жұлдыз» журналының таралымы 220 мыңдай еді, содан оқыды ма, әлде 1979 жылдың басында «Жалын» баспасынан жарық көрген «Қып-қызыл жалын» кітабыма енген «Құмдағы із» атты әңгімені оқыды ма, әйтеуір, 1980 жылдың дәлу (қаңтар) айында Түрікменстанда тұратын Алпамыс Мықбасов деген жігіттен хат алдым. Сол хатты түгелдей қол тигізбестен көшірсем, оқырман ренжи қоймас. «Марат, мен сізге Құныскерейдің өмірінің соңғы кезеңін және онымен бірге жүрген адамдар бар екенін хабарлағым келеді. Мен келіншегім екеуміз 1971 жылы Түрікмен ССР-ы, Мары облысы, Ташкепри станциясы с/з Сараджаға (келіншегімнің үйі сол жақта болатын) бардық. Онан соң келіншегімнің әкесінің қайтыс болуына байланысты мен сол жерде екі жыл жұмыс істедім, сондағы естігенім: Құныскерей сол совхозда Андрей деген жасырын атпен Мары қаласынан Маруса деген татар қызбен бірге келіп (үйленген), сол совхозда жұмыс істеген, бұл жерде де талай сотқарлық жасаған, ол жағдайларын мен толық білмеймін. Сонымен, Құныскерейден Айман, Шолпан деген екі қыз туады. Кішісі совхозда (Айман), ал үлкені Шолпан кәзір Ашқабатта тұрады. Шолпаннан бір ұл бар, ол кәзір 21-де болуы керек. Ол кәзір (Марусамен) кемпірімен с/з Сараджада тұрады. Ол кісі өлерінде кемпірін шақырып алып, бар өмірін айтып берген. Ол кісінің моласы түрікмендердің моласына қойылған, қазақ моласына қойылмауы да үлкен бір әңгіме, мен оны толық білмеймін. Моласын өз көзіммен көрдім. Осы білгенімді жеткізу өзімнің борышым деп сізге хабарлап отырмын».

Міне, хаттың ұзын-ырғасы осындай. Хатты ұзақ жылдар бойы сақтап келгенмін. Сәті енді түсті. Соңғы он-он бес жылдықта Құныскерей жөнінде «Ол үйтіпті, ол бүйтіпті» деп айтушылар да, жазғыштар да там-тұмдап көріне бастады. Бірақ көбінікі даурықпа, атойлаған сөздер. Тіпті бір жазғыш оған поэма да арнапты, оқып көрдік, өте-мөте ұят, поэзиядан хабарсыз адам. Кіші жүздің бір тайпасы (он екі ата Байұлына кіреді) ысық руының шежіресі «Бәйтерек» деген атпен жарық көрді. Сонда Әбілқайыр Спанның «Құныскерей» атты материалы, яғни жолжазбасы бар. Ол өзінің айтуынша, 1996 жылы Түрікменстанға Құныскерейдің отбасын іздеп барады. Бірақ материалда қайшы пікірлер, көпірме сөздер, өзі іздеген нысанадан ауытқулар баршылық. Оған жоғарыдағы Алпамыстың хаты да дәлел бола алады. Әрине, Әбілқайырдың қаламы ұшқыр екенін, оның шығармашылық табысы мол екенін біз мақтаныш етеміз, оған алда да жемісті еңбек тілейміз! Менің қолымдағы материалдарға қарағанда және сол жақтан қоныс аударып келген ағайындардың айтуына қарағанда, Құныскерей 1961 жылдың көктемінде кенеттен қайтыс болған сыңайлы. Оның кім екенін өзі ажал құшқаннан кейін шағын жазбасынан біліптіміс. Бір ағайынның айтуынша, кемпіріне көз жұмар алдында өзі туралы бір-екі ауыз сөз айтыпты-мыс. Менің топшылауымша ол он алты жастағы Марусяға 1928 жылы үйленген. Қанды қырғыннан кейін (Сарқамыстағы) желе жортқан ол түрікмен басмашыларына қосылып, екі-үш жыл «серуендеген» ғой. Сол «жақсылығын» ұмытпаған көнекөз қариялар Құнысқа өз қорымынан орын берген ғой. Түрікменстаннан қоныс аударып, Алматы облысы, Жамбыл ауданына көшіп келген Саян мен жұбайы Күлімсияға «Атырау–Алматы» жүрдек пойызында кездесіп әңгімелестім. Бұлар сол Сараджа кеңшарында тұрыпты. Мамандықтары мұғалім. Кезінде Құныскерейді көргенін айтады. «Көп сөйлемейтін, түсі ызғарлы, ірі денелі адам еді. Сол 1956-59 жылдарда ол шаруашылықта жұмыс істеген жоқ, өзінің бір-екі қарасын бағып, орташа өмір сүрді. Бірақ оның аты-жөнін толықтай айта алмаймын. Ал құлпытасында Құныскерей деп жазылғаны анық. Ол қайтыс болғанда, негізінен, түрікмендер болды деп менің көкем (әкемнің інісі) айтып келді», дейді. – Қай жылы қайтыс болғанын айта аласыздар ма? – деп сұрағанымда, Саян: – 1962 жыл ғой деймін, сол жылы біз үйлендік қой, – деп жұбайына қарады. Ал Түрікменстанға арнайы барған Әбілқайыр Құныскерейді 1965 жылдың 27 қаңтарында көз жұмыпты дейді.

Қызылқоғада атақты діндар Хасан Хазірет мешітінің орны бар. 1928 жылы ұсталып, жер аударылған оның өмірбаяны ауыз толтырып айтарлықтай. Әуелі Бұхарадан төрт жылдық діни семинария немесе гимназия ма бітіріп, сонан соң Мәдинада жеті жылдай оқып, 1914 жылы елге оралып, мешіт салдырған. Бала оқытып, көзге түскендерін Бұхараға, Қазанға өз қаражатымен жіберген. Сол Хазірет пен Құныскерей 1927 жылдың зауза айында кездескен дейді. Оны Хазіреттің атқосшысы Таңбай Сапарғалиға айтыпты. Сонда Хасан: «Қазір сенің соңыңнан ешкім ермейді. Жалшы-жақыбайларға жел бітті. Қолына түссең, сенің парша-паршаңды шығарады. Одан да басыңды сағала. Өзіңді тым дабыра қыла берме», – депті. Құныскерей ләм-мим деместен орнынан тік тұрып, қоштаспастан сыртқа шығып, атына қарғып мінді де, қараңғы түннің құшағына енді. Ал Хасан Хазірет таңға көз ілмей, сенделіп уһлей берді», – депті Таңбай. Мұны мен 1951 жылы Сапарғалидың өз аузынан естідім, ол бұл әңгімені туған нағашым Зәкария Аронұлына айтты. Құныскерей жөнінде «менен артық кім біледі?» деп кеуде керуден аулақпын. Бірақ алпыс екі жыл бойына жадымда қордаланған әңгіме көп. Соның біразын шамам жеткенше «Құныскерей» атты романыма сыналап енгіздім. Шығарманы түгелдей қайта қарап, ептеп толықтырып, сыни көзден өткізгеніме де екі-үш жыл болды. Егер жолы болса, жарық көрер, министрлік, оның Ақпарат және мұрағат комитеті бұған назар аударар деген ойдамын. Тағдыры тым кереғар, қайшы тұлға Құныскерей Қожахмет баласының туғанына биыл – 120 жыл... Марат МӘЖИТОВ, жазушы «Егемен Қазақстан», 21 қараша, 2009 жыл.

ҚҰНЫСКЕРЕЙ (роман)

Бұл еңбегімді әкем Кәрім Мәжит баласы мен Құныскерей Қожахмет баласына арнадым. I Ақырап айының ескіше бір жаңасы еді. Үш-төрт күннен бері екпіндеп соққан жел бір орнында тұрақтамады, жаңа бір әзірде күншығыста еді, енді терістікке шықты. Салт атты жүргінші екпіндей соққан желге бір қырындау жортып келеді. Жіңішке сай аңғарының жайдақтау тұсына келгенде ат тізгінін ептеп тартып жан-жағына үңіле қарады да: «Е, е, белгілі бегейай, анау шіліктің оң жағында дүзгін өскен төбешікте біреу емес, екі-үш адам мені күтіп жатқан болды. Е, е, байғұстар-ай, өздерінше маған құрған қақпандары ғой, әлде тұзақтары ма, екен?! Ең болмаса, сайға түскенде астарындағы аттарының ізін бадырайтпай, шөптесін жермен жүру бұлардың ойына кіріпшықты дейсің бе! Сайдың солға қарай бұрылатын тұсында мініс көліктері де қақшиып қаңтарулы тұрғаны бесенеден белгілі. Тәжірибесіз боқмұрындарға «Құныскерейдің жолын тос» деп тапсырма берген кісінің өзі де шалажансар бірдеңе ғой, сірә. Мына өкпек желде нағыз мерген болмаса, көздеген нысанаға дәл тигізу қиындау. Дегенмен мен бұлардың қытықтарына тиіп, мазаларын алайын. Сонда өздері де бой көрсетіп қалар, тамақтары құрғақсып, қуықтары толғасын шыдай алар деймісің! Екінді мен ақшам арасында мені құрықтағысы келген ғой оп-оңай. Дұрыс, дұрыс, ал құрықтаңдар мені, қызылдың жандайшаптары», – деп күбірлеген жолаушы атынан түсіп, тізгінді оң қарына ілген күйі екі-үш қадам аттады да белін босатып жүресінен отыра қалды. Дүзгіннің тасасында, шынында да, қолдарындағы мылтықтарын кезеніп, бір-бірімен иық тіресіп, үш адам жатыр еді. Бірбіріне үн-түнсіз жалтақтай қараған үшеу иектерімен жер сүзіп алға қарай жанарларын тіктей ұмсынды. Бастарын сәл-пәл көтеруге қорқатын сыңайлы. – Мынау со-сол ма? – деді ортасындағы тұншыға сыбырлап. – Со-со-сол, – деді оң жағындағысы. – А-а, ан-ық Құныскерей. – Апырай, қайдағыға қайдан жолықтық. Ба-р-р, пәл-е-е сенен, – деді сол жақтағысы. – Бұл пері бізді сезіп тоқтаған шығар. Ойпырым-ай, мұның жаурынында да көзі бар демейтін бе еді. – Атаңның басы, бұл да адам. Мұның да денесіне оқ дариды.

Тек қапысын табу керек, – деді ортасындағысы сәл-пәл дауысын көтеріңкіреп. – Тс-с, жындымысың, неменеге дүңгірлейсің, естіп қалса, өзінен бұрын көлеңкесі оқ бойы озық жүреді дегенді оң құлағыңмен естіген жоқпысың? – Оттапсың, қарауылға бір ілігіп оқ жетер жерге келсе, қақыратар-ем кеудесін, – деді ортада жатқан жуантық қара жігіт құйрығын аз-мұз қозғап. Түзге жүресінен отырған Құныскерей әлі тұратын емес. Жатқан үшеудің дегбірі кетті. Бозаңдау түсті жарау ат қақшиып тұр. Ат тізгінін оң қарына ілген адам әлі түзде отыр, тапжылмайды. – Қап, мына ит жылан тышып жатқаннан сау ма, өзі, – деді ортадағысы тағы да құйрығын қозғап. – Тәуекел деп екі жауырынның арасынан атсам, қайтер екен. Оғым жетпесе де, мылтық даусынан шошынады ғой, қанша пері болса да. Мүмкін, аты шығандап кетіп, өзі жаяу қалар, онда құдайдың бергені. – Құдай саған не нәрсені болса да бостан-босқа бере салмайды. Ит – жеті қазынаның бірі ғой, ондай сөзге арлануға тиісті емеспін! Желкелерінен шыққан жуан дауысқа жалт қараған үшеу өз көздеріне өздері сенбегендей, ауыздарын ашып аңырайды да қалды. – Тұрыңдар, кәне, ал келдім алдарыңа, атып тастайсыңдар ма, әлде асып тастайсыңдар ма, не істейсіңдер? – деді Құныскерей шолақ мылтығын иығына асынып. Үшеуінде де үн жоқ. Көздері шарасынан шыға шалқалақтап, тілдері байланып қалғандай күйге түсті. Құныскерей сәл көгалдау жерге құйрық басты. Малдасын құрып, шолақ мылтығын жанына қойды. Жаңқалтасынан бір шаршыдай ақ матасын суырып, бет-аузын сипап өтті де, бетінің жартысын алған кеуелдей мұрнын шуылдата сіңбірді. Сонан соң басындағы сеңсең дөңгелек бөркін алып, қолындағысымен басын, жұпжуан желкесін сүрткіледі. – Мойындарың қарысып, желкелерің созылып кетсін демесеңдер, тұрыңдар орындарыңнан, – деп ақырып қалып еді, үшеуі бір сәтте атып-атып түрегелді. – Жақындаңдар, берірек, мен пері, ібіліс емеспін, Құныскереймін! Сендерді бұл араға кім жіберді? Қатарласа сап түзеген үшеудің ортасындағысының шалбары судан малынып, өзі шылқи терлеп, есі ауысқан кісіше ернін жыбырлата берді. – Ей, батырым, бұтыңа жіберіп қойыпсың ғой, не болды, сонша ма сасатындай. Жаңа бір сәттегі сөзің дұрыс еді,

мынауыңа түсінбедік. Батыр екі сөйлемейтінін білемісің? – деді Құныскерей алпамсадай денесін тіктеп. – Сіз перісіз бе, әлде, – деді оң жақтағысы естілер-естілмес үнмен. – Айттым ғой, Құныскереймін деп. – Ал онда анау кім? – дедi сол жақтағысы мойнын кері бұрып. – Ол – Құныскерейдің аты мен жадағайы. Соңғы сөзден кейін ортада тұрғаны сылқ етіп серейіп құлап түсті де, екі алақанын бір-біріне шапалақтап екі аяғын кезеккезек сермеді. – Мынау Дүйсенғалидың інісі емес пе, содан сүдіні аумайды екен? – деді Құныскерей ұмсына тіл қатып. – Дәл айтасыз, сол марқұмның туған інісі. Бұл да милицияда қызмет істейді, – деді оң жақ шетте тұрған жігіт сыбырлай сөйлеп. – Бізді «осы арадан тосыңдар», – деп жіберген Сағызбайдың Қамысбайы. – Өзі ағасы секілді жүрексіз екен, киімін шешіп, бет алды мен кеудесін ысқылаңдар, – деді Құныскерей орнынан көтеріліп. «Ие, мені атып түсіретін адамдарының сықпыты осы болса...» деп сәл-пәл езу тартқандай көнтек ернін болар-болмас жыбырлатты. Сосын «біреуінің атын жетекке алсам қайтеді» деген ой жылт етті де, «қой, осы үш салпаңбайда не жөнді ат бар дейсің» деп, жылт еткен ойын жалғастырмай бірден сығып тастады. – Қазір, қазір ағасы. Айтқаныңызды бұлжытпай орындаймыз, – деді тапақтау қара домалақ. – Иә, иә ме-н-де, с-сол-ай, – деді екінші бойшаңдауы. Құныскерей сәл-пәл қабағын шытты. «Сырымның: жігіт, мігіт, дегені дәл топшылау, мына үшеуі де мігіт. Ал сонда жігіт деп кімді айтамыз?» – деп ішінен күбірледі. Күбірледі де, жерде айқыш-ұйқыш жатқан үш қаруға назарын салды. Салды да, құнжындай кірісіп жолдасын шешіндірмек болғандарға: – Оқтарың көп пе? – деп еді, екеуі қалт тұра қалды. – Сәмек екеуміздікі жай мылтық, ал Кәридікі винтовка, оның он оғы бар, – деді қара домалақ шапшаң сөйлеп. – М-мен-менде тек екеу, с-се-н-нде үшеу ғой, – деді тұттықпа жанындағысына қарап. – Онда винтовканың тоғыз оғын маған беріңдер. Ұңғысындағысы өзіне қалсын, дуадақ атар. – Қазір, қазір, – деп сұлап жатқанды аударып-төңкеріп, шалбарының оң қалтасынан бір уыс оқты уыстап алып Құныскерейге ұсынды да, – бары осы, – деді көмейінен сөйлеп.

Құныскерейдің жаялықтай алақанының дәл ортасына түскен тоғыз оқ бір-біріне соғылғанмен, «біз мықтымыз» деген дыбыс шығара алмай, жұмылып бара жатқан бес саусақтың тегеурінінде көміліп қалды. – Ал, аман болыңдар. Мына жүйкесі әлсіз адамшаны тірілтіп алсаңдар, сол сендерге зор мәртебе. Менің айтарым, алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысатын қайрат, соған көшбасшылық ететін жүрек болмаса, осындай аласапыран кезде өмір сүру қиынның қиыны, шырақтарым, – деді Құныскерей анау қабақта қақшиып тұрған атына қарай бет-жүзін бұрып. Ауыздарын аңқайта ашып екеуі қалды. Адымдай басып Құныскерей кетті. Екеудің біреуі жерде жатқан мылтықты ала салып, мұны қақ жаурынның ортасынан тарс еткізер деген ой миына кірмеді ме, әлде «осы екі жаманның қолынан не келер дейсің» деп ойлады ма, әйтеуір, артына бір бұрылып қарамады. Қара жердің үстінде жүрген жалғыз өзі сияқты, айналасын менсінбегендей кердең-кердең басып, қайқаң-қайқаң етеді. Басында сеңсең бөрік, аяғында көнетоздау құрым етік, үстінде ләкбөктен тігілген бешпент, шалбар, иығында шолақ мылтық. Еңгезердей бойы, шор-шор желкесімен тұтаса біткен жаурыны, ебедейсіз ұзын қолы, атан түйенің санындай саны, шошақтау иегі мен көнтіктеу ерні, аясы кең, бірақ бадырақ та емес, шүңірек те емес, аса ызғарлы, шатынаған қой көзі, ортасы дөңестеу бітіп ерніне қарай талпия иілген кеңсірікті мұрыны, көмпие керілген кеудесі мен жұп-жұмыр, жұп-жуан мойны оны кәдуілгі еркектерден аулақтатып, өзгеше бір жаратылысқа жақындатқандай... *** Атына тақым салған Құныскерей сай жағалап тұп-тура шығысқа бағыттады. «Қаратөбенің оң жағымен, Қияқөскеннің сол жағымен Сорқуысқа ат басын тіресем, онда Қажының Сексенбайы бар ғой, соған бір-екі күн паналармын. Құлағы түрік, ненің не болғанын, кімнің кім болғанын, кім кетіп, кімнің келгенін ұзын хабардан біліп отырады. Сосын шаруасы да тәптәуір, қазаны құрғамайды», – деп іштей күбірледі. От басынан безіп, атқа мініп, қолына қару ұстағалы үшінші жылға аяқ басты. Мұның соңына отряд түскелі де соншама уақыт. Сонан бері қуғын. Содан бері қуғыншының он бес шақтысын амалдың жоқтығынан о дүниеге аттандырды. Өздері қан тілеп, ажал құшты. Қасындағыларды Тұзтөбе маңына қалдырып, осы сапарға жалғыз өзі аттанды. Ойы – әке-шешесіне соғып, реті келсе, Тайсойғанда бұқпантайлап жүрген Жәрдемді тауып,

өзімен бірге алып кету. Сенімді серік қай кезде де қажет... Біраз жер шоқытқаннан кейін ойпаңдау жерге ат шалдырды. Түн ортасы ауа Сексенбайдың қыстауын айналып өтіп, секем алатындай ештеңе байқалмаған соң, атын тасада қалдырып, тықылдатып есігін қақты. – Құныскереймісің? – деді тұншыға шыққан дауыс. – Иә, соның өзі. Әуелі майшам жылтырап, сосын есік ашылды. – Ассалаумағалейкүм, апырай, Құнеке-ай, өмір жасың ұзақ болады екен, неге екенін қайдам, әйтеуір, сені ойлап ұйқым келмей жатыр-ем. – Ым, е-е, ым, солай де. Мен екенімді қайдан білдің? – деп Сексенбайға шаншыла қарады. – Сен осымен үшінші рет тықылдатып тұрсың ғой есікті. Мені кеще деп пе-ең, олай ойласаң, мүлт кеткенің, менің жадым мықты. Құныскерей төрге озды. – Қатының қайда? – деді ол үй иесіне сұрақ белгісімен қарап. – Төркініне апарып тастадым. – Е, е, солай де. Ал шайыңды қой, есік алдында семіз қозының еті бар. Сал түгелдей қазанға. – Ләббай тақсыр. Шай ішілді.Одан кейін ет желінді. Екеуі бір-біріне өкпелі адамдай артық-ауыс сөзге бармады. – Ал Құнеке, таң да сызат беріп қалды, жатып демал, – деді Сексенбай. – Майшамды өшірейін бе? – Жәрдем шаң бермеді ме? – Ол осы маңда, іңірде шайланып кеткен. – Солай де. Мен атымның қасына барайын. – Семіз серке бар еді, таң қыла бере бауыздап тастайын ба? – Әрине, бірақ жағдайыңа қара. – Ләббай, тақсыр. Құныскерей атын жетектеп, ойпаңдау жерге өскен жалғыз қарағайдың түбіне барып, атының ертоқымын алып, жүгенін сыпырып, ноқтаға байланған ұзын шылбырын сүйретіп, бос қойды. Сыралғы жануардың иесін тастап, ұзап кетпейтініне сенді. Аз уақыт болса да көзін іліндіріп алайын деп, олай аунақшып, былай аунақшып, ақыры тырп етпей шалқасынан жатып еді, ұйқы мүлдем жоламай қойды. Ұйқының орнына әлдебір ойлар тоғысып келіп, мазасын алды. *** Желе жортып ауылға келсе, әрі досы, әрі жолдасы Сабырды екі милиция атып кетіпті. Жазығы – астындағы атын оларға

бермей жұдырықтасқаны екен. Айқай-ұйқай, у-шу, екі баласы мен қатыны қанға бөккен өлі денені құшақтап зарлап отыр. Шағын ауылдың тайлы-таяғы қалмай, осы жерге жиналыпты. Құлағы кесік көк төбет, үзік-үзік көкке қарап, ұлиды. – Мынау не сұмдық? – деді бұл атынан ырғып түсіп. – Құныспысың, өлтіріп кетті, өлтіріп. Екі рет атты кеудесінен, – деді шағын денелі ақсақ шал. – Екеуі де милицай. – Қашан, қалай қарай кетті? – Жаңа бір әзірде, шығысқа қарай. Ырғып атына мінді. Көз алды тұманданып, кеудесі сықырлады. Жаурынының ортасы құрыстап, барлық күші екі білегіне жиналды. Астындағы бозды ағызып, жалға көтерілсе, екі атты жайбырақат баурайда кетіп барады екен. Ағызған күйі алдарын орады. Ат үстіндегілер қаруларын кезегенше, қорғасын құйып өрген дойырмен қақ маңдайынан екі рет тартып, ат жалын құштырды. Айналып келіп, екеуін де ер үстінен аударып тастап, аттарын жетегіне алды. Ертеңіне досын арулап жерлеп, екі атты қарасына сойды. Жайсыз хабарды естіп, Қызылқоғадан отряд шығыпты дегесін бұл атына мініп бой тасалады. Ауданның милиция бастығына: «Екеуін де өлтірген менмін. Яки Құныскерей Қожахмет баласымын. Жазықсыз атылған досым Сабырдың құнын осылай өтедім. Қанға – қан, жанға – жан» деп тілдей қағаз жазып жіберді. Содан бері ат үстінде... Жаңа заманның белсендісі әрі жанашыры еді, бір сәтте қаскөй жауына айналды. Содан бері әке-шешесі, қатын-баласымен бір-ақ рет жүздесті. Онда да асығыс, үйіне кірді де шықты. «Отбасыма зияным тиер, солардан қашығырақ жүрейін. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген нақыл сөз тұп-тура айтылған екен, бірнеше рет бетпе-бет келген ажалдан аман-есен сытылып шықтым, бірақ қорғасын оқ мені қай күні қылжитатынын бір Алланың өзі біледі» деп ойлаған. Ойлағанда таңдағы тәтті ұйқыда да түсіне кірмейтін кездейсоқ жайттарды еріксіз көз алдына көлбеңдетіп, езу тарттырғанын қайтерсің. Әйтеуір, Алла сыйлаған оққағары бар ма, кім білсін, немесе дәм-тұзы таусылмай жүр ме, мұның мойнына құрық саламын деушілер жеме-жемге келгенде өздері құрықталып қалады. Әлде ата-баба аруағы желеп-жебеп, Жаратқан ие өз пендесіне оң қабақ танытты ма екен! *** Жетікөл Жекендіден түстеніп, Саралжынның сырт жағындағы жолдастарына бағыттап жортып келе жатқан, кенет астындағы бозы екі рет пысқырып, ауыздығын қарш-қарш шайнап, екі құлағын бұрай винтовкасын суыра бере атына

«жат» деп бұйырды. Қас пен көздің арасында сұлап түскен бозынан аулағырақ ытқыған ол екі-үш рет аунап, жалғыз түп шидің түбіне басын тықты. Алдыңғы жақтан атылған оқ зу етіп жаурынының үстінен кетті. – Әй, Құныскерей, қаншама әулие болсаң да, тап осы жолы құрықталдың. Бес минуттай уақыт беремін, ойлан! Әгардә берілмесең, обалың өзіңе. Өлі денеңді ат көтіне сүйретеміз. Өйткені өлексеңді ел-жұртқа көрсетіп, актілеуіміз керек қой. Солай, о дүниелігім, солай! «Апырай, мынау Қамысбайдың дауысы ғой. Тапқан екен актілейтін денені» деп іштей күбірлеген Құныс жамбасындағы екі саптама кездікті екі жеңінің ішіне сүңгітті де: – Жарайды, Қамысбай, сенің айтқаның болсын, «Өлі арыстаннан тірі мысық» деген, – деп дауыстады бұл. – Әуелі лақтыр мылтығыңды, – деп бұйырды басқа бір дауыс. Құныс қаруын үш-төрт аршындай жерге сырғытты да, өзі кеудесін тіктей тізерледі. Алдындағы жіңішке сайдан әуелі Қамысбай көрінді де, онымен саптаса он шақты адамның сұлбасы көтерілді. Бәрі де бұған қаруларын кезенген, өзге қимыл жасасаң, ыстық қорғасын жаңбырша жауып кететін түрі бар. Құныс орнынан тұрды. Екі қолын сәл-пәл көтерген сыңай білдірді. Сосын әбігерге түспей, өзін салқын кейіпте ұстады. «Тәуекел, қолма-қол айқасып көрейін. Белімдегі қамшыны іске қоссам ба, екен! Жо-жоқ, мұндайда қамшыдан пайда аз, неде болса денемді қимылдатайын. Несі бар, өзіңнің осындайда кім екеніңді өзің байқайсың. Әйтпесе бойдағы қуатты босқа ұстап... Жаратқан ием жар болса, он екі кісі деген не, тәйірі. Әуелі Қамысбай мен анау дүр қараны» деп ойлай бергенде, бұтының арасына жердің шаңын бұрқ еткізіп екі оқ түсті. – Талтайт бұтыңды, қолыңды жоғары көтеріңкіре, – деп ақырды дүр қара. – Табаныңды сәл қозғасаң, аяқсыз қаласың, – дегенді қосып қойды. Қару кезеген он екі адам бұған мысықтабандап жақындай берді. Қақшиып Құныс тұр. Сұлап боз ат жатыр. – Араларыңды ашыңқырап барып, артын ораңдар, – деді дүр қара. – Қара санынан атып, омақастырып алсақ қайтеді? – деді Қамысбай. – Қажеті бола қоймас, – деген дүр қара адымын жаза түсті. Алды-артынан ептеп басып жақындағандар төрт-бес қадамдай таяу келгенде Құныс жалт бұрылып жолбарысша атылды. Ата-баба, әулие-әмбиенің аруағы көтерді ме, әлде

Алла тағала назарына алып, желеп-жебеді ме, әйтеуір, әуелей серпілген ол қатарласа, қапталдаса келе жатқан үшеу-төртеуді жайпап өтті де, қырынан жата қалып, біреуін тобықтан теуіп үстіне құлатты. Екі рет атылған оқ үстіндегіге тиді білем, қозғалмай қалды. Екі қолындағы саптама кездікті кеудесін кере лақтырып еді, біреуі жаншып кетердей шабынған дүр қараның тура кеңірдек тұсына қадалды да, біреуі мүлт кетті. Мылтығын кезене берген Қамысбайға қапылыста мылтық шүріппесін басқан қоянжүрек біреудің оғы тиді ме, ащы дауысын шығарып, шалқалап барып еңкейе құлады. Бұл тағы да көз ілеспес шапшаңдықпен атылып өзіне мылтық кезене бергеннің қарақұсынан қасқайта ұрып, екіншісін шынтақпен қағып өтіп, үшіншісін сырттай орап, көкірегіне қалқалай қойып еді, зуылдаған қорғасын оқтар соның кеудесіне қадалғандай болды. Айнала беріп, үш-төрт домалап, шолақ мылтығын сол қолының бір саусағымен көтеріп алды. Тізерлей шырқ көбелек айналып, үстемелете оқ шығарып еді, нысанасын дәл тапты. Шегіншектей жүгіріп, бойын еңкейте бүгіліп, жіңішке сайдың ернеуінен ішіне қарай аунап түсті де, өзіне-өзі риза кейіппен «у-уф» деп іштегі желін создырта сыртқа шығарды. Артынан тасырлата қуып келе жатқандардың аяқ дыбысын естімеген соң жарқабақтың су ағарынан ептеп сығалап еді, бәрі бірдей қырылып қалғандай ешкім сес бермеді. Алды-артын әбден шолып, көңілі бірлегесін естілер-естілместей ысқырып, атына «мен мұндамын» дегендей белгі беріп еді, боз орнынан атып тұрып, сайға қарай қиғаштай шапты. Сәлден кейін бұл маңда осыдан аз уақыт бұрын ешқандай аласапыран уақиға болмағандай, атына мініп, шолақ винтовкасын тақымына қыстырып алған Құныскерей сайдан шығып, тура терістік бетке жортып кетті. Біраз жортқаннан кейін көгалдау тұсқа ат шалдырды. Сүт пісірімдей уақыт өтті-ау дегенде екі-үш шақырымдай жерден өгіз арба көзіне шалынды. Жанарын тіктей, шұқшия қарап еді, арба үстінде отырған екі әйел сыңайлы. «Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ» деп ойлады да, шолақ мылтығын жанына қойып, жүрелей тізе бүкті. Майсыз доңғалақ шиық-шиық етіп дыбыс шығарады, көк өгіз мойнындағы ағаш қамытын ауырсынғандай басын шайқап, құлағын қағады. Митыңдаған өгіз аяң мұның тұсына әупірімдеп жетті-ау дегенде арба үстіндегі екі әйел «др-р» деп қатар дыбыстап өгізді кілт тоқтатты да, екі дөңгелекті жақтаусыз арбадан сырғи түсті. Біреуі ұзын бойлы, жауырынды, еркек тұрпатты әйел екен де, екіншісі уыздай жас келіншек екен. Құныс еркек тұрпатты әйелден секем алғандай винтовкасына қол жүгірте беріп еді, кенет:

– Тырп етсең, тырайып қаласың, қанышер Құныскерей, – деген дауыс жарықшақтана шықты. – Апырай, ә, сенен мұндай бетсіздікті күтпеп ем. – Құныс иегін көтерді. – Мені кім деп тұрсың, жауыз. Алтыатарын қарсыласының тура маңдайына бағыттаған жігіт түнере түсті. Келіншек арба үстінен тағы бір қаруды көтеріп алып, стволын сырт еткізіп, ұңғысына оқ жіберді де, Құнысқа кезенді. Мұнысы ескілеу винтовка екен. – Атсайшы енді, неғып тұрсың? Жаңылыспасам, сен Қойлыбайдың інісі емеспісің? – деді Құныс жайбарақат сөйлеп. – Ағаңа талай көмектесіп-ем. – О, екіжүзді жауыз, ағамды атып өлтірген сенсің, жалған сөйлеуге қалай дәтің барады, қанішер. Мен сені арнайы іздеп шығып-ем, құдай бар екен, кездестірді. – Оны атып кеткен қызылдар ғой. Сөз орнына тарс етіп тапанша атылды. Оқ Құныстың оң жақ қарын жанай қарып өтті. – Енді сол жақ қолыңды қансыратайын, – деді жігіт атқан оғының дәл тигеніне күмән келтірмегендей суық жымиып. – Апырай, ә, өзің атқыш екенсің ғой. – Бәтимә, ана құрықты алып, мынаның мылтығын сүйреп кел, – деді жігіт қаттырақ сөйлеп. – Несіне саудаласып тұрсың, қылжита салмай, міне, былай етіп. – Тарс ете қалған винтовка оғы Құныстың құлағының жанынан зу етті. Құныс мең-зең болған кісіше екі иығын селкілдете шалқалақтап, еңкейе беріп, беліне ораған бес құлаштай қамшысының ұшын ағыта аса шапшаңдықпен суырып, қарсы алдындағы жігітке сілтеп қалды. Қамшы шиырылып барып жігіттің кеудесін осып өтті. Тарс-тарс етіп, екі рет мылтық атылып еді, оқ дарымады. Аунап түсіп, қамшысын тағы да шиырып-шиырып жіберіп екеуін де серең еткізді. Оң алақанымен жер тірей шырқ көбелек айнала беріп, кеудесін көтере берген жігітті өкшесімен құлақ түбінен қағып, тағы да серең еткізді. Екі қолын жерге тигізбей, екі аяғын аспандата көтеріп, «а-у-уф» деп бір серпілді де, әуеден түскендей арба жанына дік ете қалды. Көк өгіз «мен ештеңе көрген де, естіген де жоқпын» дегендей, екі көзін тарс жұмып мелшиіп тұр. Күн көзін көлегейлеген шарбы бұлттар «мыналарға не болды, айдың күні аманда қырылысып» дегендей шалқая көтеріліп барады. Кіші бесін мезгілін шамалап тұрған күн көзі өз-өзінен мұнар тартып, ыстығын жер бетіне көбірек жібергендей.

– Иә, батырым, халің қалай? – деді Құныскерей жігіттің бетіне үңіліп. – Белің көтере алмайтын шоқпарды – қарыңа неге қыстырдың, а? Адамнан ұялмасаң да, Алладан ұялсаң етті. Жазықсыз адамды жазалағың келді, біреудің айдап салғанына еріп. – Өлтіріп кет бізді, – деді жігіт былдырлай сөйлеп. – Иә, сөйт, жауыз, сүйт, ағамның соңынан барамыз, – деді шашы қобдырай кеудесін көтерген келіншек. Құныскерей екі адымдай кейін шегініп, тізерлей отырды. «Дегенмен, екеуінде де ыза мен кекті тұтандыратын аз-мұз намыс бар екен, онысына шүкір. Сонда бұл екеуі ағайынды болды-ау, байғұс Қойлыбайды атқан Қамысбай екенін бұлар қайдан білсін!» – Сендерді айдап салған Қамысбай болды ғой. Е,е-е, белгілі бегейім-ай! Жөн сілтеп, сендерді өрге емес, көрге айдаған ғой, ант атқыр. Әйелше киін дегенде сол шығар. Мені қайдан танисыңдар, мүмкін мен басқа кісі шығармын. – Осыдан үш-төрт жылдай бұрын Көкжар базарынан көргенмін, – деді келіншек. – Ондағы Құныскерей жауыз емес, адам еді, банды емес, палуан еді. Ешкім беттемеген орыстың мұртты палуанын әйдемге апармай бұрқ еткізген Құныскерей еді. Сонда біз орамалымызды көкке атып, сүйсініп едік. Орыстың түйе палуанын күлкі етіп, бармағымызды шошайтып, тілімізді шығарғанбыз. Менің білетінім, адам қарғысы дарымайды саған. Өйткені сен адам емес, айуансың. Алла тағала жазаласын сені. – Айтарларыңды айтып болдыңдар ма? – деп Құныскерей орнынан көтерілді. Екеуі де жақтарын ашпады. Көк өгіз басын шайқап, тұмсығын көтерді. – Бұдан былай істейтін істеріңді ой таразысына салып өлшеңдер, босқа қызылмай болғанша. Қойлыбайды о дүниелік еткен мен емес, қызылдың бір есері. Жазықсызға оқ атқанды құдай ертелі-кеш жазалайды. Солай атқыштарым! Дәл жанына омыраулап келген бозға Құныскерей тақым салды. Аяқ астында жатқан екі винтовка мен тапаншаға назарын да аудармады. Он екі өрме қамшысын беліне, шолақ мылтығын тақымына қыстырды да, «шу, жануарым» деп бірден желдірте жөнелді. Айдалада аң-таң болып бір әйел, бір еркек пен көк өгіз қалды. Не істеп, не қойғандары тіпті жадыларында да жоқтай... Құныскерей сол сал желдіртумен іңір қараңғысы қоюланбай Көкжардың батыс бетіндегі шеткі үйге ат басын тіреді. Жұпыны, жатаған үйде мұны аңдып отырған біреу-міреулердің жоқтығына көзі әбден жеткен кісідей боздың ерін де, жүгенін де сыпырып, тек ноқтасын қалдырды да, жаурынынан бір

сипап, «бар, бірақ, үйден көп ұзай қоймассың» дегендей, боларболмас ернін жыбырлатты. Ертоқымды қолтығына қыса, шолақ мылтығын сол жақ иығына аса, өлімсірей жылтыраған терезені сәл еңкейіп екі рет шертіп еді, іштен қайқаң етіп жап-жас келіншек жүгіре шықты да, еркетотай үнмен «сағындырдың ғой, жүдә» деп, Құныстың мойнына асыла кетті. – Жарар, жарар, сағынғаныңды кейін дәлелдерсің, шапшаңдап су жылытшы, денемді шайып алайын, – деді жуан дауысын зорлаңқырап бәсеңдете сөйлеген Құныс. – Судың жылысы да, салқыны да, басқасы да дайын, – деп келіншек сыңғырлай күлді... *** Семіз серкенің буы бұрқыраған құда табақ етін Сексенбай екеуі алдарына енді ала бергенде «ассалаумағалейкүм» деп Жәрдем кіріп келді. – Сәлемші болсаң, төрге шық, – деді үй иесі мойнын есік жаққа жалт бұрып. – Аманбысың, бөріден кейінгі еттің иісін сезгіш өзің шығарсың, – деді Құныс Жәрдемге қадала қарап. – О, Құнеке, мұндай ағыл-тегіл сәтті жіберіп алып, кейін өкінетін жайым жоқ. – Әй, шайтан-ай, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деген, қолыңды шайып тез отыра қал, әйтпесе ешкі етінің сырын білесің ғой, – деді Сексенбай екі тізесін кезек қозғап. – Осы менің аузымның ырысы көкжал қасқырдың аузынан да сәттірек, – дей берген Жәрдемнің сөзін Құныскерей: «Бос сөз кімге қажет», – деп пышақ кескендей тыйып тастады. Пысылдаған мұрындар, ысылдаған ауыздар, сылп-сылп еткен еріндер, толассыз қимылдаған жақтар, ерсілі-қарсылы қозғалған жұтқыншақтар ғана іске құлшына кіріскен сыңайлы еді, ол да көп ұзаққа бармай, ескі, бірақ сыры қашпаған ауқымды табақ босап шетке шығып қалды. Ал дастархан үстінен мүжіліп, мүшеленген сүйектер ғана орын алды. – Осы серкенің бас-сирағы қайда? – деді Жәрдем қуақылана жымиып. – Құйқа дәмі шығады деп Құнекең қазанға салдырмады, – деді Сәрсенбай күңгірттеу үнмен. – Қап, – деді Жәрдем сәл кейін шегініп. Ыстықтай сорпа ішіліп, ас қайырылды. – Тамақ пісіруге ебедейсіз екенсің, – деді Құныс үй иесіне көз тастап. – «Үйренген жау атыспаққа жақсы» деген, біреу-міреу иеленіп кетпей тұрғанда қатыныңды қайтып ал. Бәрібір саған қыз тимейді, көкірегіңді көрікше үрлеп, өзіңді бостан-босқа шаршатпа.

– Әй, Құнеке-ай, қатыны мұны тастап кеткен шығар, кеткен қатынның қайтып келуі қиын-ау, – деп Жәрдем шалқалай күліп еді, Құныс алара қарап жым қалды. – Ал Сексенбай, қондық, түстендік, құрметің Алладан қайтсын. Менің жүрген жерімнен, әйтеуір, бір шу шығатынын білесің. Сол шу басталмай тұрғанда атқа мінейік. Жәрдем менімен бірге жүреді. Бұған өнебойы етті қайдан табасың. Қасқыр мен қазақ етке тойған ба, сірә. Айтайын дегенім, өткен жылы өзіңе аманаттаған бір қалта оқты өзіме қайтар. Мына сайын далада оқ атылмай тұрмайтынын өзің жақсы түсінесің, тіпті тарғақ атуға да оқ керек, – деді Құныс әр сөзін шегелей сөйлеп. – Алла жар болсын! Қағаберісте соғып тұрыңдар. Екеуіңді де етсіз қылмаймын, – деді Сексенбай. Жәрдем торысына, Құныскерей бозына мінді. Үй иесі әкеліп берген бір қалта оқты Құныс еңкейе уыстап алып, ер қасына ілулі дорбаға тастай салды да, сұлқ тұрған бозды өкшесімен азкем қағып еді, аты сыдырта жөнелді. Үстіндегі тоғыз пұттай салмақты шыбын құрлы көрмей ме, қалай, басын шұлғып, төрт тұяғымен қып-қызыл топырақты лақтырып, есіп барады. Біраз жортқаннан кейін өз атын Құныстың атымен қапталдас­ тырған Жәрдем: – Құнеке, бағытымыз терістік болды ғой, үйге соқпауға бекінген сияқтысың, – деді дауыстап. Құныскерей үндемеді. Үндемегені – Жәрдемнің жанама сөзін ұнатпағаны. Ең болмаса көкірегіндегі алай-дүлей ыстық лепті «уһ» деп сыртқа шығармағаны да сондықтан болар. Желе жортқан ат үстінде қаршығадай қақшиып отырған Жәрдемге Құныс сәл-пәл көзін жүгіртті де: – Осы сенің қаруың қайда? – деді. – Қапыда аттан құлап, құндағын быт-шыт қылып сындырып алдым. – Е,е-е, отыздағы жігіттің аттан құлағаны жақсы ырым емес. – Солайы солай-ау, бірақ оқтарым өзімде, тура менімен жасты отыз оқ. – Апырай, ә, Ойылдың жарқабағына тыққан екі винтовкаға құрық салудан аулақпысың?! – Оның да біреуінің құндағы жарылған пайдасыз, нысанадан мүлт кетеді. – Әй, пәле-ай, тілің мен жағыңды бірден қарыстырар-ем, жүректілігің мен тапқырлығың ғой мені жіпсіз байлап тұрған. Сенің есіміңді Жәрдем демей, жолбарыс дегенде қайтер еді, а? Құныс астындағы атын бірден сиыршоқыраққа ауыстырып, алдан соққан қатты желге кеудесін тосты...

*** Жылқы жылының қысы аса қатты басталды. Қарашаның – ескіше қауыс айының, екінші онкүндігінде ат тізесінен келетін ақ мамық алқара аспаннан бір түн екі күн ұдайы жапалақтап еді, жарықтық молынан түсті. Қансонар, қансонарда қан қызар дегені бір түнге ғана созылды да, таң ата терістіктен баяулау, бірақ аса ызғарлы суық жел қалың қарды жылжыта қозғап, аязымен тұмшалап, әйтеуір, аз уақыт ішінде ақ мамықты серіппелі қақпандай сірестірді де тастады. Содан Тайсойған өресінің төрт түлігі түгелдей қолға қараған. Жал-жал шағылдардың баурайындағы топ-топ қылаңқұйрық пен шағыры, түп-түп қияғы, жантағы мен қарабарағы, ойпаңындағы еркегі мен сарымия, есекмиясы қар астында жапырылып, жасырынып қалды. Көз жетер жер сірескен ақ қар, аппақ-ау, аппақ, тура солтүстік полюстің бір бөлшегі жылжып келген бе дерсің! Анау жал-жал шағылдар аязға шыдамай шатынап барып, бұрқ етіп жарылып, содан соң төбешік боп үйіліп қалған Мұзды мұхиттың асау мұздары секілді. Осыдан аз күн бұрын күз айының райын беріп жатқан бозғылттау өңді жер беті енді аппақ дүние құшағына еніп кеткендей күйде еді. Ителгінің батыс бетіндегі алақандай жазықтыққа алып кранмен көтеріп әкеп қойғандай, ақ шатырлы жалғыз пәтердің мұржасынан шыққан түтін көк жүзіне тіп-тіке көтеріліп, із тастап барады. Еңселі етіп тұрғызылған үйдің төңірегінде қора-қопсы барын не болмаса қыбырлаған тұяқ, жыбырлаған адам барын аса жіті көз байқамаса, тосын келген кісі бұл үйдегі тіршілікті тек қана мұржадан көтерілген түтіннен сезер еді. Аттылы кісінің күн көзі ұясынан жартылай шыққанда анау қырқадан бері құлағанын қар сипап кеткен шеген ауланың үстінде тұрып Кәрім қарттың көзі шалып еді, жер астына түсіп кеткендей жоқ болғанына таңданып тұр. Үстіне желбегей жамылған түлкі ішігі мен басындағы түлкі тымағы тек осы ауылдың ғана мал-жанын құрсаулап тастағандай болған сұсты да кәрлі, қаһарлы аязды елең қылмағандай өн бойына дарытар емес. – Па, шіркін, қыстың осылай қыстығын жасағаны жақсыақ, – деп қарт саңқылдай дауыстап жіберді. Содан кейін жасы келсе де еті қашпаған сом денесін оңға қарай шұғыл бұрып, қар астында қалған шөпті иіліп-бүгіліп суыртпақтай суырып жатқан баласы Дәденге қарап: – Әй, әуре боп қайтесің, азғантай жандықтың өз азығы өзіне жетеді. Ауладағы арық-тұрақтарға шөпті сәскеде бір шашармыз да, күн ашық-жарық болса тәуекелге бел байлап, Ителгінің оң қолтығын ала тебіндетіп көрерміз. Әй, ойпырым-ай, ол шөмелені басып жатқан бес-

алты күрек қарды лақтырып тастап, сосын айырламаймысың? Өлексенің кеудесін тартқылаған аш бөріше мықшалаңдамай. Өй, ісің бар болсын. Жарар, сол жұлғаныңды қорадағы қасқа сиырдың алдына тастай сал. Жағын қимылдатсын. Аяз мықты ғой, жарықтық. Апырай, әлгі адам ба, пері ме?! – Қарт енді құбыла бетке бойлай қарады. Шөп суырып жатқан жігіт ұзын бойын түзеп сәл тұрды да: – Бұл үйдің шайы қайнап болмады-ау бүгін, – деп естілерестілмес үнмен күбірледі. Сосын шалт қимылмен қар үстіндегі шашылып жатқан шөпті жымқыра құшақтай қора жаққа қадам басты. – Ата, шай әзір, жүріңіз, – деген келінінің дауысын анық естісе де, қарт асыға қойған жоқ. Желбегей жамылған ішігін иығынан төмен сырғыта жағасынан уыстай ұстап, ішкі бетін аппақ қарға ұрып-ұрып алып еді, түлкі терісі өз өңін беріп, құлпырып сала берді. «Қарға аунаған түлкідей» деген осы-ау, шіркін, бұл ішік тігілгелі қашан. Ширек ғасырдың жүзі өтті. Ұмытпаса, он сегіз тері. Мезгілінде, қансонарда ұсталған аңның илеуі келіссе, қылшығы жидіп түспейді, сол бұрынғы күйде тұрады», деп іштей ризалық білдірді ол. – Әке, үйге кіріңіз, шай дайын болыпты. – Бұл – ұлының дауысы. Аяқ астындағы қарды сықырлата басып, өтіп барады. Әйтсе де есік алдына барып, аялдады. Әкесінен бұрын үйге кіруден именіп тұрған секілді. – Әлгі бір қырдан асып түскен пәтшағар қайда жүр өзі? Әлде менің көзіме көрінген елес пе? Қой, жоқ, аттылы кісі еді. Анық аттылы жүргінші. Дәден, анау құбыла беттегі аққаланың үстіне шықшы. Бағыты осы үй сияқты еді. Баласы тілге келместен әкесі нұсқаған жаққа адымдай жөнелді. Қора үстінен қарғып түскен дәу көк төбет бір арс етті де, иесінің алдын орай берді. Сол-ақ екен, аққала астынан жылқының қатты пысқырғаны естілді де, іле-шала: – Бұл үйге қай жағынан таяу баруға болады өзі? Ой, ғажап-ай, төңіректен тесік те, есік те қалдырмай бітеп тастапты ғой, – деген зор дауыс шықты. Көк төбет екі рет арс-арс етті де, жым болды. – Төке-ау, Төке, анау қораның терістік бетін айналып келмесеңіз, бұл араға ат жығылады, – деп дауыстады Дәден. – Ай, Дәден, амансыңдар ма, ой, а? Ойпырым-ай, мына қардың алапатын-ай. Иә, деймін-ау, әй, сендер бар ғой, көктемде су болып ағып кетерсіңдер, жүдә. Мынау масқара, мен көрмеген қар тасқыны. Анау жалдан мен асқалы қашан, жетіп болсамшы. Атты жүргізбейді, ақсақ ойылып. Апырай, жарықтықтың алдыңғы екі бақалшағының үстін қиып тастапты-ау, обалдағыай. Қой, ат мініп азаптанғанша жаяуым жақсы екен, қатты

қардың бетімен қалқи бересің, түге. Ишща-ай, өзім де әбден тоңдым. Машинасы құрғырдың әбден ызасы өтті-ау. – Төке, атты мен жетектейін, – деген баласының дауысын естіп қарт мырс етті. «Ат мінуді ұмытқан ғой бұлар, қысы-жазы машинамен зырылдатады да жүреді. Әйтпесе қатты қарда атты аяңдатып ілби ме екен, әй, пәтшағар ай! Көтере жортақпен отырса ғой, өзі де тоңбайды, аттың да соры қайнамайды. Жылқы тұяғына шақ келер нәрсе бар ма, қар емес, тасты да уатып жіберер. Дастандағы «көлденең жатқан көк тасты саз балшықтай илейтін» Тайбурылдың тұяғында артық теңеу жоқ, шындық. Тұлпар тұяғы темірді де майыстырады. Бірақ адамның да адамы, жылқының да жылқысы бар. Адам біткен Қобыланды, жылқы біткен Тайбурыл емес. Табиғат біреуді артық, біреуді кем жаратады. Тіпті «қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұрған заманда да қоғамға пайда келтіру түгіл өз қара басын алып жүре алмайтындар қаншама?! Ондайлардан не үміт, не қайыр»,– деп іштей күбірледі ол. – Ассалаумағалейкүм, Кәреке. – Жалт қараған қарт өзіне қарай қорбаңдай ұмтылған ферма меңгерушісі Төрежанды көріп, тіктелді. – Уағалейкүм, аманбысың, Төрежан? Ауыл-елің аман ба? Иә, ертелетіп қайдан келесің? Жайшылық па, әйтеуір, жарқыным? Жүрісің суыт қой? – Ой, Кәреке-ай, боранды күні құтыратын біз бала емеспіз. Шаруаның қамы ғой баяғы. Сонда да жақсы ат жоқ. Түн қатып, түсіміз қашып жүргеніміз мынау. Үйдегі келініңді көрмегеніме тура бір жеті болды. Құдай білсін, не істеп жатқандарын, балашағаны айтамын-ау?! Өстіп жүріп бір күні айдалада омақасып қалмасақ жарар еді осы, – деді Төрежан байпағының қонышына жабысқан қарды қамшысының сабымен ұрғылап тұрып. – Жұмыс болған соң солай ғой, тегі, қиындықсыз еш нәрсе оңбайды. Жүр, үйге кірелік, – деді Кәрім көз қиығымен Төрежанның өн бойын түйреп өтіп. – Ат үсті жел ғой, – дегенді қосып айтты. «Қап, мына шал мені мысқылдайын деді-ау... Төрде шалжиып жатып алып, өзгенің тоңғанында не шаруасы бар дейсің мұның. Көрдің бе, қып-қызыл боп талтаңдауын. Ферма меңгерушісі мен емес, тап өзі сияқты. Түйенің жарты етіндей тұлғасын қарашы, жасы жетпістен асса да, еңкеймейтін бұл неткен шал. Төсі бір құшақ боп қайқаяды да тұрады» деп ойлады Төрежан ішке кіріп бара жатып. Ауыз үйден мұны әдеттегідей Балқия шешей қарсы алды. Орта бойлы, ақ құба, жайдары кісі. Бұл неше келсе де, осы жерден қарсылап, амандық сұрасады. Тағы да міне: – Аманбысың,

шырағым, бала-келіннің дендері сау ма? Ат көлігің аман ба? – деп иіліп-бүгіліп тұр. – Төрлет, қарағым, төрлет, – деп жаны қалмай асығыс сөйлейді. Шалы сияқты тәкаппар, кекірейген болса қайтер еді бұл. Киімін шешіп, төргі бөлмеге бас сұға бергенде дастархан жайып жатқан кішкентай, тығыншықтай, қуыршақ секілді аппақ келін «сәлем бердік» деп тізесін сәл бүгіп амандасты да шеттеп тұрды. Екі иығынан дем алып, ыңылдай әндеткен сары самаурынның жанында шоқаяқтағы қып-қызыл қи шоғына қайнаған аққұманның шүмегінен де бу бұрқырайды. Бұл төрге озды. Сыртқы тысы әртүрлі мауыттан құрақша етіп тігілген жұп-жұмсақ көрпеге малдас құрып қонжиды. Сосын дастархан үстіне жаңа ғана қойылған ып-ыстық күлше нанға қарап, бір-екі жұтынды. – Келін, аққұмандағы шайың күйіп кетпесін, – деп Кәрім қарт ескерту жасап еді: – Қазір, ата, – деп лып еткен келіні аққұманды шоқтан алып, самаурын тұрбасының үстіне қоя салды да, ауыз үйге шыға жөнеліп еді, әп-сәтте екі тарелкамен күп-күрең боп быжылдаған қуырдақ әкеліп, дастархан үстіне орналастырды. Қарттың алдына түсі сап-сары май, мұның алдына ақшыл май қойылды. «Тамақты бабымен ішеді-ау мына шал» деп ойлады Төрежан. – Ал, қонағым, тоңып келдің ғой, тамақ ал, – деп қарттың айтуы мұң екен, бұл ыстық күлше нан мен ыстық қуырдаққа кірісіп-ақ кетті. Оң мен солына да көз тастаған жоқ. – Келін, шайыңды демдеп жібер. Дәден, шешеңді шақыр, шайға келсін. Соның-ақ күйбіңі таусылмайды-ау, – деген қарттың қысқа бұйрықтарына Төрежан мән берген жоқ. Майы шылқыған ыстық қуырдақ таңдайын жұлып бара жатқан тәрізді, қасықты толтырып асап-асап жіберді. – Қонағым, жүз грамға қалайсың, тоңып келдің ғой, – деген қарт сөзі мұны елең еткізді. Самаурынның сол жағын ала шеттеу отырған Дәденнің алдында ұзын мойын ақаңның өзі тұр екен, көзге бірден жылы ұшырады. Ниеті құлап түсті. – Дәден екеуімізге бір-екі жүз артық болмас мынадай аязда, – деп күлімсіреді бұл қолындағы қасығын тәрелкенің ернеуіне сүйей салып. Дәден бұған, бұл Дәденге қарады. Сәл уақыт дастархан үстін үнсіздік басты. Тек сары самаурын ғана ыңылдай әндетіп тұр. Шыны-аяғыңдағы шайын тауысып болған соң ғана қарт: – Дәден ішпейді, мен бір жиырма граммен сені қолпаштайын, жігітсің ғой, тартып жібер, әппитет ашады, – деп баласына иек қақты. – Жақсы, Кәреке, жақсы, – деді Төрежан артық сөзге келмей. – Сіз алсаңыз, бізде не жан қалады, тәуекел. – Алдына келген толы стақан арақты шімірікпей қағып салды да, тағы да тәрелкеге үңілді.

Қарт қолындағысын дастархан үстіне қойып, кемпіріне: – Қазанға ас салдың ба, мына бала асықпаса тамақтанып кетсін, – деп бір қойды да, іле-шала шай құйып отырған келініне: – Аққұманның өзінен бір құй, шырағым, – деп шыныаяғын ұсынды. – Ойбай, Кәреке, тамақтанып жайланатын уақыт қайда бізге. Осы құрмет те жарайды. Сәлден кейін аттанып кетемін, – деді Төрежан бойын тіктеп. – Ішінен жанында отырған алпамсадай қарияға ызасы келіп, жарылып кете жаздады. «Керілуін қара алжығанның. Менің қарамағымдағы жылқышы екенін ана боқ мұрын баласы неғып сезбейді, а? Құрақ ұшып, асты-үстіме түсіп, жантайсам жастық болудың орнына, әкесі не айтса соның ыңғайына қарап, қасы мен қабағын бағып отырысын, жаман неменің. Көрейін әуселесін». Жаңағы стакан толы арақ өне бойын қыздырды ма, әлде суықтан келіп қарбытқан ыссы қуырдақ пен күрең төбел шай буынына түсті ме, әйтеуір, ферма меңгерушісінің бақайшағына шейін дызылдап, тұла бойын бір күш көтеріп бара жатқандай әсерде болды. «Тағы бір рет құюға әкесінен именіп отыр-ау, жаман неме. Қап, бекер келген екенмін. Өзіме де обал жоқ, мана Мұсаға қарай бұрыла кетпей. Ақ көңілдігімнен аңқылдап жүріп өлермін-ау, осы. Бірақ ішкі есебі бар емес пе еді, мұнда еріксіз сүйрелеген. Апырай, сол шаруасын мына шалға қалай айтар екен, соны ойластыру керек. – Кәреке, шаруа-күйлерің қалай? Шөп, саламдарың жеткілікті ғой енді. Тек арық-тұрақққа жем жағы болмаса. Оны да бірдеңе жасармыз, әйтеуір, сіздерді құр қалдырмауға уәде етемін, – деп сыпайылады бұл даусын бәсеңдете сөйлеп. – Ниетіңе рахмет, көп жаса, шырағым. Бірақ совхоз түгіл, ауданда жоқ жемді қайдан аласыңдар? Бізді қойшы, біз бірдеңе етерміз. Есек дәмеңді анау Мұсаның құлағына сіңір. Егер мына қар сірескен күйі бір ай жатса бар ғой, соның бір отар қойының жағдайы мәз болмайды. Сен жемді айтасың, қорасының басындағы шөбі ай жарымға жетпейтін шопанның бірі – сол Мұса. Құр сөзден іске көшетін мезгіл әлдеқашан жетті. Немене, Тайсойған өңіріне қар жаудырмаймын деп, Алла тағала құлақтарыңа сыбырлады ма сендердің? Ең болмаса анау Аяпбергеннің оң жақ қолтығындағы есекмияны кезінде түгел шауып, жинастырып алғанда, біраз малшыға қарасын болған болар еді. Қыс көзі қырау, малға қар береміз бе, сонда?! Күзде өзіңе биылғы аяқ алысымыз онша емес, жер қуаң. Үштөбенің жықпыл-жықпылына кашел салдыр деп қақсадым, тыңдадың ба, тыңдаған жоқсың. Шөп, саламдарың жеткілікті ғой дейсің бе бізге. Несі жеткілікті, алты ай қысқа деп үйдірген жалғыз

іскіртіңнің тең жыртысы қара шағыр мен көк жусан, одан қалды, дәнін жармаған удай ащы кекірік. Кекіріктің у дәні жылқының қолқасына кетсе, табанда қатыратынын менен жақсы білесің. Өйткені бес жыл оқуың бар білдей мамансың. Тәжірибең де жоқ емес көрінеді. Осы ферманы басқарғаныңа да үш жылға аяқ басты ғой. Ең болмаса кекірекке орақты қай мезгілде саламыз деп, мына біз сияқты шалдардан сұрап алуға арланасыңдар ма, түге? – Ойпырм-ай, Кәреке-ай, ойда жоқта ақырзаманды орнатып тастадыңыз-ау, бұдан жаман уақытта тойға барған жоқ па едік, – деді Төрежан еңсесін көтеріп. – Бала шайын ішсін, бастырмалатпай қоя тұрсайшы, – деді Балқия шешей шалына қарап. – Тоңып келді ғой. Сосын жайғасып сөйлесесіңдер. Дастархан үстін аз-кем үнсіздік басты. Келіні әуелі атасына, одан кейін енесіне жәудірей қарады. «Осы сөзді неге айттыңыз, атамнан шатақ шығып кетпесін» деген сыңайы ма екен, кім білсін? Дәден әкесіне барлай көз тастап еді, жоқ, ашуланбапты. Қайта кең маңдайы тершіп, жанары үлкен көзін бұрышқа қадап, шалқақ кеудесін одан әрі шалқайтып, көңілді кейіпте отыр. Ферма меңгерушісі шыныаяғын сырт еткізіп төңкеріп тастады да, сәл-пәл кейін ығысты. Оң тізесінің үстінде жатқан жұмсақ орамалмен бетін, мойнын сүртіп, «уһ» деп қаттырақ дем алды. – Шайды неге ішіңкіремедің, шырақ? – деді Балқия шешей Төрежанға бір, шалына бір қарап. – Аққұманға шай тасталды, тағы бір-екі шыны ішсеңші? – Жо-жоқ шешей, әбден қандым, рахмет. Қуырдақты да өлгенше жедім, тәтті екен. – Биыл жыл жылқы ғой. Қыс қатты болуы мүмкін. Бірақ арты ұзаққа созылмайды. Иә, тәжірибеде солай еді. Мінезсіз, адуын жылқы іспеттес, қыста шәлкес мінез көрсетуі әбден ықтимал. Міне, бүгін Дәлудің ескіше он жаңасы. «Ақпанды ақпан, алты күн, аязымен жеті күннің» кірісі. Сонда құт, қамал, сәуірдің басына дейін әлі сірескен жетпіс бес-сексен күн бар. Оның ар жағында отамалы не дейді, оны бір құдай біледі. Сіресіп қатып қалса, қар шіркінді қақыратып, тепкілеп, еркек пен жусан түбірін жұлып жеу тек жылқының жылқысын сынайды, бұған да тәжірибе керек. Тай, құнанның тұяғы бір жетіден кейін домбығып, ісіп кетеді. Тебінге де еті қалың, кексе жылқы төзеді, шырағым, оны өзің де білесің. – Апырай, Кәреке-ай, осы қыстың беталысынан қарадан қарап шошынып жүргенімде, сіз де мені біраз үркітіп

тастадыңыз-ау, тегі. Қыстың аяғы ұзамайды деген бір ауыз сөзіңіз ғана кеудеме шырақ жаққандай болды. Әйтпесе осы үйден торы төбелге отырып аттанып кетуімнің өзі екіталай еді, – деп Төрежан шіңкілдей күлді. – Өзін қоштап, ере күлген ешкім жоқ екенін байқағасын сап тыйылды да: – Көрерміз, басқа түскенді, «басқа түскен баспақшыл», – деп бір қойды. Дауысы жарықшақтанып әлсіздеу естілді. – Сағат ағашындағы шопандардың жай-күйі қалай екен, соқтың ба? Сабырдың отары ерте қоздайды деп естіп-ем. Құттың ортасына таман саулықтары төге бастайды ғой. Міне, жем-шөп соған керек. Әлден ойланбасаң болмайды, – деді қарт сол тізесін қолымен уқалап. – Сосын дастарханның жиылып алынғанын жаңа көрді ме, «әп, бәрекелді» деп, екі аяғын бірдей созды. – Дәден, қонақтың атына шөп сал, аз-кем жағы қимылдасын, – деді қарт есік жақта отырған баласына. – Обал болар, оның да кеудесінде жаны бар ғой. Сосын шаруаңа қара. Күн көзі қыза тай-құнандарды анау Борсан шоқысының оң жағына тебіндетерсің. Сол тұстың қары жұқалау шығар. – Ауданда алдағы жетіде озаттардың жиналысы өтеді деп еді, дәл уақыты әлі белгісіз. Соған Дәден де қатысуы керек еді. Жол түссе машинамен келіп жинастырып кетерміз, – деді Төрежан әдейі Дәден естісін деп шапшаң сөйлеп. – Сол жиналысқа Дәден емес, мына мен барамын. Әлгі хатшымен жүздесіп, ақылдасатын жайттар баршылық. Айтатын әңгіме де көп. Ол өзі ауданнан ұзап шықпайтын адам екен. Әлде бізге жете алмай жүр ме? Соның қандай жігіт екенін көрейін деп ем. Сөйлессе, пікірлессе, белгілі ғой оның аяқ алысы. Шаруаның егжей-тегжейін білсе, шалдырмас. Ферма меңгерушісі шалдың мына сөзінен мықтап тіксініп қалды. Екі беті ду етіп, қызарып кетті. Бірақ сыр бергісі келмей, оң жағындағы мамық жастықты қолтығына тартып, шынтақтай қисаяды. Бешпетінің қалтасынан қызғылт түсті қол орамалын суырып алып, мұрынын шуылдата сіңбірген болды. Шалдың бетіне тіктеп қарамай жүзін бұра сөйледі. Үнсіз қалуды ыңғасыз санады. – Оны уақыт көрсетеді ғой, Кәреке, қыс көзі қырау, салқын тигізіп алсаңыз әрі жылқыға тікелей жауап беретін Дәденнің барғаны жөн еді, оны өзіңіз білесіз. Ақылдасып, шешерсіз, мен пәлендей деп көсемси алмаймын, – деп жуасып сөйледі. – Қой, мен аттанайын. – Төрежан орнынан тұрды. Келеңсіз әңгімені жалғастырғысы келмеді. – Жарайды, шырағым, басқа шаруаң бар ма? Анау жоқ, мынау жоқ деп, сені жөнсіз қыстағанмен ештеңе шықпас.

Ал жиналысқа мына құдайдың күні бөгет жасамаса тәуір ғой. «Ақпанда ақпан алты күн» қарап қалмас, бой көрсетер. Шаруаларыңа мығым болмасаңдар, табиғат қатыгез, қарсы келгенді аямайды, бетке ұрады. «Шешенсуін шіркіннің, – деді ішінен саптама етігін киіп жатқан Төрежан тістеніп. – Жылы жерде отырып-ап, ақыл айтқанда алдына жан салмайды жаман шалың. Одан да алдына келгенді ішіп, пеш түбінде бұтын қысып отырмай ма екен». Үстіне қысқа қара тонын киіп, бойын түзеді де, – Ал, әзірге, – деп қақшиып тұрған қартпен салқындау қоштасып, шапшаң басып сыртқа ұмтылды. Кәрімнің, «жақсы, хабарласып тұр» деген сөзін естісе де, естімегендей сыңай танытты. Адымдай басып, аула ішінде жүрген Дәденнің жанына жетіп барды. Сосын әй-шәй жоқ, оны қолтығынан қыса ұстап, анадай жерде күтірлете шөп жеп тұрған атына қарай жүрді. Әңгімені неден бастарын білмей аз-кем дағдарды да, Дәденнің имек мұрыны мен қою қасын қазір ғана көргендей үңіле қарап: «Өзің сұлу жігіт екенсің ғой, байқамай жүрсем», – деп әзілдегендей болды. Дәден үндеген жоқ. Оның жалт еткен көзқарасында «мына қу неге жалпақтай қалды?» деген сұрақ бар секілді. Сәл езу тартып, сергектік білдірді. – Әй, саған, бір шаруам тіреліп әрі қысылып келдім. Бір майданның солдатымыз ғой, қолтықтан демеп, тұйықтан шығарып жібер, – деді Төрежан Дәденді оң қолтығының астына ала түсіп. – Ол не шаруа, қолымнан келсе аянбайын. – Сол ғой, қолыңнан келетін болғасын ғана қыстап тұрмын ғой. – Япырай, әкесі өлгенді де естіртеді емес пе, айтсаңшы енді үзілдірмей? – Орындайсың ба? – Ферма мегерушісі енді Дәденге тіктей қарады. – Ешкімнен осы уақытқа дейін бетім қайтып көрген жоқ еді. Мәрт жігіт екеніңді көрейін, орындашы. – Егер менің билігімдегі нәрсе болса, бұйымтайыңды ала ғой. – Әрине, сенің билігіңдегі нәрсе. Жылқышы сенсің, жалақы сенің атыңа төгіледі. Осынау екі жүз бас табынға жауап беретін де жалғыз өзіңсің. – Айтпасаң да білдім, сөз төркіні белгілі болды. Менің қолымнан келмейді. – Келмейтіні қалай, осы ферманың малы мен жанына жауап беретін кім? – Әркім өзіне жауап береді. – Әй, сен қыртимай жөн сөйлесейші. Бір жылқы соя алмасақ, ферма басқарып не керек, деймін-ау. – Соғымыңды алғансың.

– Қашан, ойбай-ау, әлгі қарақатқақтағы томашадай құнанды айтамысың, оның еті таусылғалы ай болды, ай. Мен өзгеге емес, өзіме сұрап тұрмын, ит болып кетейін, біреу үшін сұрап жанталасып шырылдасам. Енді бір семіз бие берсең, қыстан зу етіп өте шығамын. Үйдегі хозяйка мен балалар тек жылқының етін жегісі келеді. Әрі қаладағы туысқан да төрт-бес қазы салып жіберіңдер деп хат жазған сайын зарлайды. – Төке, мен бұл жайды шеше алмаймын. Әкейден өтініш ет. Тегін емес, ақшама бер деп жалынсаң, мүмкін жібір. – Жоқ, өзің бітіре сал. Ақшасын тіпті қазір беріп кетейін. Ең төменгі сортпен есептегенде жүз он сом ғой. Арық құнан еді, арам өлетін болғасын деп есептеп шығара салармыз. – Төке, буынсыз жерге пышақ ұрмасаңызшы. Менің қолымнан келмейді дедім ғой. Онсыз да биыл үш-төрт жылқы соғымға сойылды емес пе, өзіңді есептемегенде. – Олар кімдер, мен неғып білмеймін, а? Айтшы кәне? – Директордың қағазы бар. Аудандағы дөкей бастықтар. – Онда жол басқа. Дегенмен, осының бәрі мен арқылы өтуі керек, өзі істің ыңғайы солай ғой. – Сіздің де қолыңыз бар, қажет болса көрсетейін. – Апырай, ә, бәсе, жадымнан шығып кеткен ғой. Сонымен, енді не істейтін болдық. – Әкейге жолығып көріңіз, онсыз болмайды. Менің билігімдегі жылқылардың қайда аттанып кеткені өзіңе аян. Сөз болады, әрі жылқы – өте сезімтал жануар, қатарының зымзия жоқ болғанын іштей сезіп, көңілдерін кір шалып, сосын жүдеп кетеді деп, соғымға сиыр сойғызды. Жекеменшігіміздегі екі биені күздегі қасқыр жарған екі байталдың орнына салды. Қазір табынды өзі бақылап, мені тырп еткізбейді. – Ой, сөз болғаныңа. Ойына келгенді істейді-ау біздің Кәрекең, алдына шығар ешкім жоқ, бай да өзі, би де өзі. Сонда немене, жетпістегі шалға жүгенді беріп, аттың басын қайда бұрсаң да еркің деп бақырайып отырамыз ба, түге? – Не десең о де, мен әкемнен асып кете алмаймын. – Соңғы сөзің бе бұл? – Иә. Төрежанның әншейінде қызыл тамырланып тұратын қызғылт өңі сәл-пәл күңгірт тартты. Аяз шымшыған екі бетінің ортасы болар-болмас жыбырлап, етектілеу мұрыны онан сайын делдиіп, қос жанары алдындағы кісіні тесіп жіберердей кірпік қақпай шаншыла қалды. Оң жақ қолына қысып ұстап тұрған дүзгін сапты сегіз өрме қамшыны саусақтары одан әрі сығымдай түсті. Көнтік еріні бір елідей ашылып, аржағынан еріксіз айқасып кеткен күрек тістері анық көрінді.

– Әй, мен сені адам деп, алпамсадай жігіт деп жүрсем, әлі шикі өкпе екенсің ғой. – Төрежан кеудесін шалқайтып дауысын көтере күлді. – Өй, бос кеуде, ынжық. – Ферма меңгерушісі адымдай басып барып, атының шылбырына жабысты да, ауыздығын да салмастан ер үстіне қонжиды. Сосын астындағы атын қолындағы сегіз өрмесімен сауырлата бір тартып, қарсы алдындағы қалың күртік қарды омбылата әрі өтті. Артына бұрылмастан атын тағы бір қамшылап, тура құбылаға қарай желе жөнелді. Аң-таң боп, аузын ашып, бір орында қаққан қазықтай қаздиып Дәден қалды. Осы күйінде тұра берерме еді, кім білсін, есік жақтан: – Уа, Дәден қайдасың, күн көзі тіпті шақырайып, жарқырап кетіпті ғой, жарықтық. Жабағы, тайды ауланың күн бетіне шығар бойлары жылынсын. Аз-мұз шөбін де сол араға шаш. Бұларға мен бас-көз болармын, өзің жиренге мін де сонау Құрөткелдің бойын жағалап қайтшы, өзектегі қамыс арасының қары қатты ма екен? Қайтарда Қаражал астындағы қалың қылаңқұйрыққа көз салшы, басы қар астында қалмаса түс қайта арық-тұрақтарды сол тұсқа апарып, іңірге шейін, тебіндетейік. Дәден дауыс шыққан жаққа жалт қарап еді, үстіне түлкі ішігін желбегей жамылып, басына түлкі малақайын бастыра киіп, жайқала басып келе жатқан әкесін көрді. – Әлгі мықтымыз не дейді, жай жүр ме екен? – деді Кәрім баласының қасына таяу келгесін. – Сол дәуде болса соғымға жылқы сұрайын деп келді. Бірақ мен ыңғай танытпаған соң айтуға бата алмады. Саған ештеңе деген жоқ па? – Жоқ, маған бөгде сөз айтқан жоқ. – Болған жайды ол әкесінен жасырды. – Апырай, ә, көңілдегісін айта алмады-ау, байғұс. Бұйымтайын айтудан жасқанғаны несі, шіркіннің? Әр нәрсе өз жөнімен болса менің жұртта не шаруам бар. Көрінгенге араласып, көргенсіз атанатын жайым жоқ. Бірақ сол көрінгеннің көргенсіздігін көріп тұрып, басу айтып тежемей, әркімнің жетегінде еріп, аңғалдық танытатын көз жұмбай шалың мен емес. Баяғыда әкем айтатын, әділ бол, адалдықтың шырынын тат, бірақ, үлкенді де, кішіні де басындырып кеудеңе шығарма, қара қылды қақ жаратын би болу немесе қара тасты бір ұрып қақ айыратын күш иесі болу жалпыға емес, ілеуде біреудің басына ғана қонақтайтын бақ деп, сол марқұмның сөзін сарапқа салсам шындыққа жанасады екен. – Әке, бүгін күннің ашық болатын түрі бар. Жабағы, тайды айдап Ителгінің бергі баурайына тебіндетіп көрсем қайтеді? – деді Дәден әңгіме төркінін басқа жаққа бұрғысы келіп. – Ерте, әлі, сабандасын. Сосын Ителгің тым қашық, оған барып қайтқанша сілесі құрып, тұралап қалар. Әрі тебінге үйренбеген шіркіндердің сирақтары домбығып, тұяқтарының

көбесі сөгілмегенмен, бақалшағының жетесі қиылып, ақсап, қатардан шығып, масыл болуы мүмкін. Көресіні сонда көрерміз. Жылқы деген жануардың қарны тоймаса, азып кетуі аяқ астында екенін өзің байқап жүрсің ғой. Маған жиренді жақсылап ерттеп берші, саяқ жылқыларды сыртынан байқайын. – Әке, қар болса қатты, қайтесіз соны, таңнан тұрып, өзім санап қайтармын. Аттан түссеңіз, мінуіңіз қиынға түсер, – деді Дәден жанашырлық дауыспен. – Атты ерттеп бер дедім ғой, бос сөз неге керек? – деді Кәрім қарт түсін суытыңқырап. – Құдайға шүкір, әзір атқа міне алмайтын мешел емеспін. Әкесі өзінің сыр мінез, байырғы торысына ер салдырмай, үшқалақ, жүріс тілеп шошаңдап тұратын, басы қатты, жүрісі де жайсыз жиренді ертте дегеніне іштей таң-тамаша қалды. Бұрын көп тақым салмаған атқа мінемін деуі қай желіккені деп реніш те білдірді, бірақ ішкі дүрдаразды сыртқа шығарып айтуға әкесінен именеді, тіпті қорқады. «Әй, сен жаман, әуелі өз жөніңді жөндеп ал, ақылыңды сосын айтарсың», – десе масқара ғой. Қой, ертте деді, ерттейін, деп Дәден аулада байлаулы тұрған жиренді жетектеп шығып, әкесінің күміс қасты ерін, астына қойдың тұтас жабағысы тігілген жалаң тоқымның үстіне салды да, шап айылын аттың төсіне таман тартты. Кіршік мақпалмен тысталған көпшіктің ортасынан төс айылды тастай бергенде, әкесінің: – Шап айылын босатшы, су жұтқызайын, – деген дауысын естіді. Шелек толы судан жирен ат екі-үш рет жұтты да, мелшиіп қалды. – Қарлаған екен, бірақ жортар алдында аттың аз да болса су ішкені пайдалы, ішін шайқап тезегін түсіреді. Есіңде болсын, қай малға да күніне бір рет су беру керек. Қарды алдына қанша үйіп қойсаң да, сиыр жарықтық оны иіскемейді де, – деді Кәрім баласына қарап. – Кәне, мені демеп жібер. Қолтығынан сәл ғана сүйемелдеуі мұң екен, Кәрім қарт ат үстіне жеп-жеңіл қонжиды. Тіпті тізесінен екі қарыстай төмен түскен түлкі ішіктің де салмағын сезбегендей. Жиреннің тізгінін тұқырта ұстап, оңға бұрды да, жалғыз аяқ сүрлеу ізбен қораны айналып өтіп, терістікке қарай тіке тартты. Анадай жерге барып, жүріс тілеп жұлқынған жирен атты ойқастата шыр көбелек айналдырып: – Әй, Дәден, тобылғы сапты қамшымды әкеп берші, сенектің кіреберісінде ілулі тұр, – деп қаттырақ дауыстады. Дәден жүгіріп қамшысын апарып беріп еді, ат үстіндегі әкесінің екі беті қызылшырайланып, денесі шалқая тіктеліп, бір түрлі аруақтанып кеткен сияқты. Қамшыны сол қолымен іліп алған ол қолындағы он екі өрмесін ақ қардың үстіне сілки лақтырып жіберіп, күртік қарды алдыңғы аямен

кезек-кезек тепкілеп, ауыздықпен алысып тұрған жиренді шұғыл бұрып «шу» деп еді, алға қарай қарғып түскен аттың тізгінін тежеместен сыдырта жөнелді. Сәлден кейін Қызылжарға қарай сәл қиғаштаған жирен көтере шоқыраққа ауысқан екен. Ер үстіндегі алпамсадай әкесі қозғалар емес, бейне бір гипстен соғып тастағандай қақшиып барады. «Апырай, көптен көбеңсіп тұрған ат жазым етпесе болар еді» деп ойлады Дәден. – Әкесі әншейінде торыдан басқаға тақым салмайтын еді, бүгін неғып жиренді қалады екен, ә? Ол жирен ат емес, құдды жел ғой. Ет қызуымен байқамай бірдеңеге ұрындырмаса, қой, әкемнің көріп жүрген қоқайы осы дейсің бе, – деп сабасына түсті ол. Кәрім қарт жиренді текіректеп отырып, Құбабелдің сол жағын ала қалың дүзгінді ойпаңнан бір-ақ шықты. Үстіндегі иесінің ойын сезгендей жирен ат жүріс тілеп, ауыздығын қарш-қарш шайнап, тізгінін тұқырта төмен тартты. Төрт-бес шақырымдай үздіксіз жортаққа бүйірін соғып шаршайтын сыңай білдіретін емес. Қатты қардың ақсақ ойылғанына қарамай, әлі де екпіндейтін түрі бар. Дүзгінді ойпаңның қары жұмсақ екен, Кәрім аттан түсіп, жиреннің тізгінін ердің қасына тұқырыңқырап шалды да, шылбырын қолына ұстап, атты жетектей ілгері аттады. Сыр мінез жылқының сезімталдығына сенгендіктен қолындағы, – шылбырды сол жақ қарына орай салды. Талтаңдай басып, дүзгін ішін едәуір аралады. Кей тұстың қарын аяғымен олай-бұлай серпіп жерге үңіле байыппен қарады. Жусанның бір талын түбінен сындырып, әуелі иіскеп, сонан соң аузына салып, тісіне басты да, түкіріп тастады. «Ащы екен, әлі дәмі де кетпепті» деп өз-өзінен күбірледі. Сирегірек болғанымен, еркек шөбі де балақты екен. Ана қара, аз-мұз демесең жерге жабыса шоқ-шоқ боп өскен ажырық пен алабота да көзге оттай басылды. Қарттың көңілі әлденеге тояттанғандай шалқақ кеудесін кере әлі де нұры таймаған шегір көзін айналасындағы әр бұтаға қадай, қадала қарай бастады. «Апырай, сасқан уақытта сая боларлық жай екен осы ойпаң. Табын жылқы бір ай тебіндесе де ортаймас шөбі бар, ал бір қора қой қозғалмай тұрып жұлады ғой мына араның шөбін». Бұл ойпаңға мұның ат ізін салмағалы жылдардың жүзі өтті. Қарт басындағы түлкі құлақшынын оң қолымен жұлып алып, аздап тершіген маңдайын сүртті де басына қайта кие салды. Әлдебір ой толқыны мазалағандай алға қарай адымдай жүрді. Тіпті сол жақ қарынан суси ақ қардың үстіне ала шұбар аждаһа жыландай ширатыла түсіп кеткен ат шылбырын да байқаған жоқ. Есіл-дерті алдыңғы жақта. Жиреннің екі рет пысқырғанын құлағы шалып қап, шалт бұрылып еді, жирен ат шылбыр

түскен тұста қақшиып тұр екен. Шылбырын сүйретіп, айдалаға иесін тастап, бет ауған жаққа шаба жөнелетін жылқы жирен емес, құлын күнінен әдеттенген. Шылбырын тастаса болды, қазықтың қажеті жоқ, жағалауға жақын кеп якорь тастаған кемедей қақшиып тұра береді. Қарт ентелей басып, ойпаңның орталау тұсына кеп сәл кідірді. Сонан соң сол жаққа қарай бұрылып, бірнеше қадам адымдады да, басқа дүзгіндерден гөрі биігірек, көлемдірек дүзгіннің қасына кеп тоқтады. Дүзгіннің теріскей бетіндегі ошақтың орнындай ғана ойпаңдау тұстың қарын аяғымен әрі-бері итермеледі. Одан сәл әрірек үлкендеу шұңқырдың үстімен өтіп еді, қары тізесінен келді. «Иә, – деп күрсінді қарт, жастық шақтың жалындаған уытты кезінің бір белгісі еді бұл ара. – О, тәңірі-ай, қаны қызған қайратты дене мен алды-артыңды болжауға шамаңды келтірмейтін он алты-он жеті жастың есерлігі не істетпейді?» Бұл да жас кезінде аз-кем есерлікке салынған.

ІІ Ұмытпаса, бір мың тоғыз жүз жиырма алты, жиырма жетінші жылдары. Ауылда колхоздастыру кезеңі басталған шақ. Қым-қиғаш уақыт. Біреулер колхоз боламыз дейді, біреулер болмаймыз дейді. Байлардың малын алуға жаңа-жаңа жарлық шыға бастаған кез. Банды Құныскерейдің атағы ойда да, қырда да дүрілдеп тұрған жыл. Әкеден мың тоғыз жүз жиырма бірінші жылғы оба ауруында айырылған ағайынды екеу – анасы Балғаныммен үшеуі жездесі Шағырды паналаған еді. Шағыр да бай, оған да тықыр таяды. Шоқша сақалды, кең маңдайлы, қызғылт бетті, жуантық кісі еді. Біртоға ақылды адам болатын. Колхоздастыру басталғанда өзі бас боп, малының тең жарымынан астамын колхозға қосып, өзі колхозға мүше боп кірді. Бір күні: «Сені Шағыр шақырады», – деп інісі Мұхит келгесін, бұл жүгіре басып оның үйіне барған. Көктем туып, Борсанның теріскей бетіндегі қырқаға киіз үй тігілген. Шағыр өзінің сегіз қанат ордасында ақ бас керуеттің үстінде аяғын төмен салбыратып отыр екен. Бұл сәлем беріп кіріп барғанда да ойлы жүзін өзгерткен жоқ. Шоқша сақалын тарамдап, алды көгіс тартқан қызғылт көз жанарын керегенің басына ілулі тұрған қасқыр ішікке қадай отырып, қадау-қадау сөз айтты. – Шырағым, мына уақыттың беті тым жаман, сен не байқап жүрсің? – деді. – Түсінбедім сөзіңізге, – деді бұл. – Әй, әлі баласың ғой. Бірақ бар үмітім сенде еді. Әсіресе қайсарлығың мен қайратыңа сүйсінетінмін. Бір жағы туған баламдайсың. Ана бір өзімнің қанымнан пайда болған бір-екі

боқты қойшы. Мал бағып, соның етін жеп, сүтін ішкендеріне мәз, түге, тумай кетіп, туа шөккірлер. Құдайға мінәжат етіп, ұл сұрағанда біреу болса да бірегейін бермей, кілегейін беріпті маған, қайтейін. Тіпті ол екі жаманға сеніп, сөз айтуға да болмайды. Босқа зығырың қайнап, өзөзіңнен төменшіктеп қаласың. Өйткені олар мына уақыттың сарынын түсінбейді де, түсінгісі келіп ойланбайды да. Әлгі Махамбет айтпап па еді: «Жақсыдан туған жаман бар – Күндердің күні болғанда Жарамды бір теріге алғысыз, Қасына адам барғысыз...» – деп, шырағым, сол ақын айтқандай, «жарамды бір теріге алғысыз боп жүр ғой ол екеуі. Арқа сүйер өзіңнен басқа ешкімім жоқ. Майысқанда тіреу бола ма деп, жығылғанда сүйеу бола ма деген оймен саған бар сырымды ақтарғалы отырмын, қарағым. Сөз түсінбес ұл емессің, еңкейген басымды иегімнен сәл де болса көтерерсің деген ниеттемін. Бір жігіт туса өзіңдей болар-ақ. – Айтыңызшы, Шәке, айтыңыз, – деп қалды бұл. – Сіздің сеніміңізден шығудың өзі мен үшін зор мәртебе. Шаруа тек қана маған тірелсе жалтақтамаймын, айтыңыз. – Ә, бәрекелді... – Шағыр басын тік көтеріп, үстіне мауыт шапанын желбегей жамыла орнынан тұрды. Шарасы кең қызғылт көзін мұның жүзіне қадай қарап, етті денесін қозғапқозғап қойды. Сонан соң қайқы тұмсық қара кебісін аяғына іле сап, жұп-жұмсақ қалы кілемнің үстінде олай-бұлай жүрді. Ыңыранып ішінен әлдебір ән әуезін айқандай ма немесе құран сөзінен жаттанды ма, әйтеуір, бір сарынды ыңылмен сүт пісірімдей уақыт сегіз қанат ақ орданың ішінде ерсіліқарсылы қадам басты. Қақ ортада шаншылып бұл отыр. Ол аратұра мұның ту сыртынан да, қарсы алдына да кеп, бар назарын түсіре көзіне көзін шағылыстырып қадала қарайды. Сәлден кейін желбегей жамылған мауыт шапанының әдемілеп зер салып тіккен далақпандай етегін кейін серпіп тастап, кереуеттің үстіне сылқ етіп отыра кетті. Сосын шоқша сақалын тарамдап, аз-кем ойланып барып: – Тегінде, қарағым, әр сауалға нақты жауап берердің алдында асықпау керек. «Асыққан шайтанның ісі» демей ме қазақ. Мен сені барымтаға жұмсағаным жоқ. Немесе біреуді өлтіріп, қанын іш деп те қолқа салмаймын. Оның заманы келмеске кеткен. Сенің топ бастар жүрегің, шоқпар көтерер қолың бар екеніне сенімім мол. Әйтпесе он жетіге әлі толмаған шикі өкпемен сырласуға мен де ықтықпас-ем. Жұртты бостан-босқа дүрліктірген анау қанды қол Құныстың жүрісі де бекершілік-ау. Ақылы бар адам еді, неғып тайраңдап кеткеніне

миым жетпейді. Бұл өкіметтің құрығы тым ұзын. Сол құрық Құнысқа да, бізге де түсуі жақындап қалды-ау, шырағым, тіпті таяу қалды ма деп тіксінемін. Күнде де, түнде де жанымды мазалайтын осы жай. – Бізің кімдер, Шәке? – деді бұл кеудесін тіктеңкіреп. – Қазір... – Шағыр ұмтыла түсіп кереуеттің төмен жақ басына ілінген жібек жіпті жайлап тартып еді, босағаның үстіне бекітілген қоңырау сылдыр-сылдыр ете қалды. Сәлден кейін ақ шаршы орамалын жағынан тартқан, үстінде көкшіл түсті кәмзолы бар, ақ құба өңді, ұзын бойлы Шағырдың бәйбішесі, мұның әкесінің қарындасы Сәнім кіріп келді де, бұған назарын да аудармай, күйеуіне қарап: – Жай шақырдыңыз ба, отағасы? – деді. – Кәрім екеумізге саумал әкелші, – деді Шағыр түсін сәл жылытып. – Сәнім артымен шегініп кейін шығып кетті. Сәлден кейін үлкен екі зереңмен қоса ағаш табақ толы қымызды алып кеп, тізерлей отырып, ағаш ожаумен сапырып-сапырып зереңге құйып, біріншісін күйеуіне, екіншісін бұған ұсына беріп: – Тауысып іш, қарағым, – деп күлімсіреді. – Бәйбіше, өзіміз құйып ішеміз ғой. Кәрім екеуіміздің біраз әңгімеміз бар. Біреу-міреу құлақ тұрып жүрмесін, байқашы. Сосын қазан көтеріп, тамаққа Балғаным мен Мұхитжанды да шақырарсың. Асыңды дайындағасын барып бізге айтарсың. Дастарханыңды осы үйге жай. Бәйбіше шығып кеткеннен кейін де Шағыр әшекейлі зереңдегі қымызын шайқап, баппен ішіп, әңгімені бастай қоймады. Шарасы үлкен қой көзін қайта-қайта алдына малдас құрып, қақшиып отырған бұған қадай түсті. Осыған айтсам ба, айтпасам ба деп ойлана ма, қалай? Бұл бір зереңдегі қымызды тауысып, екіншісін орталай құйып алып, екі-үш жұтқанда барып Шағыр тамағын кенеп қойып, сөз айтуға оқталғанын байқап қалған бұл зереңін екі қолының саусақтарымен қыса сәл төмен түсіре ұстады. – Шырағым, – деді Шағыр тамағын тағы да кенеп. – Заман дегенің қашан да аумалы-төкпелі ғой. Адамдар да әртүрлі. Біреуі бай, біреуі жарлы. Біреуі ақылды, біреуі ақылсыз. Біреуі шешен, біреуі суайт, өтірікші. Біреуі батыр, біреуі қорқақ. Міне, көрдің бе, солай. О бастан-ақ Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі бұл пәнидегі он сегіз мың ғаламды уысына қысып ұстай алмасын білген соң, өзіне сенімді көмекшілер іздеп тапқан. Иә, адам өмірі ұзақ та қысқа. Ұзақ дейтініміз, оның ұрпағы жайылып, жалғасы болса, аты өшпесе, өзі өлгенмен, аруағы өлмейді. Ал қысқа дейтінім, оның арты оңбаса, ұрпағы шөп-шөңгірдің тамырындай тереңдемесе, бітті. Онда қанша аруақты болсаң да, бәрібір заман

өзгерген соң атың да өшеді. Исламның негізін қалаған Мұхаммед пайғамбарым да кезінде осы пікірді қостағаны белгілі. Ұлының аты ұлы, ол адамзат тарихында қалды. Оны тарих бетінен ұрпағы енді өшірмек емес. Ал мына біз ше, мысалы, маған кім тірек боп атымды жалғастырады. Малдан басқаны танымайтын екі есер ме, жоқ, мен өлген күні олар да өледі. Өлмесе де өлгендерден артық болмай, өлексе сияқты боп жүрер. Қаншама жетектедім ол екі жетесізді, бәрібір «жетектеген төбет қораға үрмейді» деген рас екен, еңбегім зая кетті. Жүр ғой әні, не малдың, не жаның санында жоқ. Ол екеуін қойшы, сені шақырғандағы себебім, өз балаларымды өзім жамандап шағым айту емес. Бұл көңіл түңілгендегі сөз ғой. Басты әңгіме мынау, қарағым. – Шағыр тағы да қарсы алдында отырған бұған үңіле қарап, өңінде өзгеріс жоғын сезді ме, әлде өзекті әңгіменің бір шетін суыртпақтап шығарғысы келді ме, әйтеуір, көп кідірмей сөзін жалғастырып кетті. – Кәрім, шырағым, – деді ол тамағын кенеңкіреп алып. – Жас болса біразға келді. Жылым сиыр ғой, тәңірім амандыққа жазса ақырап айында елудің тоғызына толамын. Осы уақытқа шейін не киемін, не ішемін деп ойлаған емес ем. Алдым да, артым да, тіпті төрт құбыласы тең жандардың біреуі мен едім. Әлгі Махамбет айтпап па еді: «Мен, мен едім, мен едім, мен Нарында жүргенде еңіреп жүрген ер едім» деп, сол айтқандай менің де аяқ асты болған жерім жоқ еді. Осы өмірімде не біреуден сөз естіп, не біреудің тұщы етіме ащы таяғы тиіп көрген емес еді. Енді мына заманның таяғы етімді езіп, сүйегімді сындырғалы тұр. Бұған қарсы тұрар шама да, шарғы да көре алмай тұрмын-ау, шырағым. Бәрінен бұрын күні кеше менің қазанымнан бірге ас ішіп, өрістегі жылқымды, еңістегі қойымды өзінің әкесінің малындай иеленіп жүрген жаман тазкепелердің бүгін адам қатарына қосылып, өзіме қарсы дауыс көтере бастағаны жаныма қатты батып, жүрегімді соқтырып отыр. Бүйте берсе, күні ертең мені тыржалаңаштап, мойныма қыл шылбырды салып, Итжеккенге айдап жіберуден тайынбас бұлар. Мен түсінбейтін бір сыр бар, қарағым, осы өкіметте. Бай боп, жалшы ұстағанымыз үшін бізді неге кінәлайды, а? Бізге неге соншама көз алартады? Колхоз деді, онысына көндік, мал сұрады, бердік. Енді біздің жазығымыз не? Мынау ақ пен қараны айыра алмайтын надандарға осыншама билікті неге береді бұл өкімет. Шаш ал десе, бас алатын әумеселердің қолына билік тиген соң, не жорық? Қара да тұр, ертең бұл қара таяқтар бізді өртеп жіберуден тайынбайды. – Бізің кім осы, Шөке? – деп қойды бұл тағы да. – Мына сенімен екеуміз, ана Жұмабай мен Түзелбай, мес қарын Сағын, әзірге осылар. – Менің жазығым не?

– Әкең бай ма, бай болды, тұқымың бай ма, бай. Әкең кезінде жалшы ұстады ма, ұстады. Оны өліп қалды екен деп жаңа-жаңа бас көтерген сені аяр дейсің бе, надан қаратаяқтар, көр де тұр, ертең сенің де құйрығыңа тас байлайды бұлар. – Мүмкін емес, Шәке? Ауыл надан болғанымен, аймақ надан емес қой. Бәрін де өлшеп-пішеді, таразыға салады. Шапқылап жүрген Молдағалида өкімет билігі жоқ, ол тек шабарман, айтқанды орындаушы емес пе?! – Дәл айттың, қарағым. Осы Молдағали сияқты шабармандар ғой біздің түбімізге жететін. Бұлар айтуын келістіріп айтса, тосын адам не білсін, соның екі ауыз жалған сөзіне сенеді де қалады. Сонан соң мылтықтың қарауылына бір ілінсең болды, ерте ме, кеш пе, әлде күндіз бе, түнде ме, әйтеуір, шүріппе бір басылмай қоймайды. Шүріппе басылған соң, тірі қалуың екіталай. Сол мылтықтың қарауылына әзір ілінбей тұрғанда қам жасауымыз керек, шырағым. Сен ойларсың, осы жездем қоянжүрек екен, әр нәрсенің байыбына бармай, қорқақтық жасап отыр деп. Жоқ, таразының екі басын тең ұстаймын десең, ұтылғаның. Дүбір жақындап келеді, менің жүрегім сезеді бір пәлені. Көрерміз, көштің артын деп жайбарақаттыққа салынсақ, ұтылғанымыз. Қазіргі уақыт ұшпа боран секілді. Қамданбасаң, әп-сәтте тырп еткізбей басады да қалады. – Сонда маған не дейсіз, не істе дейсіз, Шәке? – деді бұл өзінің қарсы алдында отырған алпамсадай адамға суықтау көз тастап. – Буынсыз жерге пышақ ұрмайтынымды білесіз. Мен әзірге сіздің жұмбағыңызға түсініп отырғаным жоқ. Тұспалдамай, турасын айтпайсыз ба? Үнсіздік. Бұл саусақтары екі бүйірінен қысып, зерең ішінде тұнып қалған саумалды шайқап-шайқап жіберіп, тауыса ішті де, алдына қойды. Сосын еңсесін тіктеңкіріп сәл кейін шегінді. Біраз отырыстан екі тізесі ұйып, екі табаны шым-шым етіп ауырса да сыр берген жоқ. Есік алдында галошы қалған ескілеу құрым етігінің сыртынан ғана балтырын екі алақанымен боларболмас сипап өтті. Мұның байқағаны, Шағырдың қып-қызыл етті беті сәл бозғылттанып барып қалпына келгені. Салбыраған екі ұрты мен иегінен сәл төмен топ-томпақ бұғағы сол бозғылт қалпында тұрып қалған секілді. Шарасы кең отты да қызғылт көзінде жалт етіп бір ызғар пайда болды да, лезде мейірім шуағы шашырап шыға келді. Ол алға қарай еміне түсіп, мұның маңдайынан ып-ыстық алақанымен жайлап сипады. Қату жымиып, орнынан тізерлей көтерілді. Сонан соң үйдің ішін ерсілі-қарсылы екі-үш рет кесіп өтіп, ақбас кереуеттің үстіне сылқ етіп отыра кетті де, дауысын шығара күліп жіберді. Бірақ

күлкісінде әлде кекесін, әлде таңдану бардай сезінді бұл. Әлі ақ кіре қоймаған шоқша сақалын астынан көтере уыстай ұстап, сәл кідіріп ойланып қалды да, көз жанарын мұның үстінен асыра жіберіп, тағы қасқыр ішікке қадады. Сосын сақалын қыса ұстаған сол қолын төмен түсірді де, сол жақ бүйіріне қарай қисая түсті. Сол қисайғаннан үн-түнсіз сүт пісірімдей уақыт жатты да, жеңіл көтеріліп барып қоңыраудың жібек жібін екі рет тартты. Сәлден кейін сықырлауықтың сол жағы жартылай ашылып, Сәнімнің ақ құба жүзі көрінді. – Отауға шай жасаңдаршы, шапшаңдап, – деді Шағыр біртүрлі селсоқ үнмен. – Сегіз қанат киіз үйдің төріне кең етіп жайылған дастарханның екі бұрышында екеуі отыр. Сәнім селкілдей қайнап тұрған самаурын мен одан сәл төмен орналасқан шоқаяқтың үстіндегі екі бүйірі томпайған үлкен аққұманның күзетшісі сияқты екеуіне алма-кезек қарайды. Дастархан үстінде шашырай төгілген ақ бауырсақ пен кішілеу зеренге салып, екі жерге қойылған сары майдан әзірге ауыз тиген ешкім жоқ. Күрең шайды сораптай ішкен Шағыр өзінен төмен отырған әйеліне көз қиығын да салған жоқ. – Бәйбіше, әлгі ләмпәсиіңнен қойсаңшы, сосын шайға сүтті азырақ қатып, ащырақ құйшы. Күннен-күнге шайдың бабынан да жаңылысып барамысың, түге, – деді Шағыр ауыр денесін ілгері қозғап. Сәнім сәл езу тарта жымиды да, орнынан тұрып, керегенің басына ілулі қоржыннан уысын толтырып, қойдың құмалағындай уақ ләмпәсиді дастархан үстіне әкеп қойды. Сонан соң қоржынның екінші басынан дөңгелек қалайыны суырып алып, бұрап ашты да, оны Шағырдың алдына қарай ысырыңқырай жылжытты. Бұл көз қырын тастап еді, онда да мынадан да ұсақтау ләмпәси екен. – Қарағым, жеп-ішсейші, – деді Сәнім бұған қарай жылы жүзбен қарап. – Мұхитжан мал іздеп кетіпті, Бәтес өрмек тартып жатыр екен, тамаққа келермін деген. – Әлгі Көбес қайда жүр, Мұхитқа мал іздетіп, әй, сол жаман мені жер қылып болды-ау, құдай. «Анда барса, өгіз өледі, мында келсе, арба сынады» Төлеп кешегіден әлі жоқ па? Сол Қызылқоғаның базары оны байлап тастаған болар. Осы бір-екі сәуріктің барынан жоғы еді, құдай басқа берген соң амал бар ма, көрер көзге күйік қылып?! Шағыр қолындағы шыныаяғын дастархан үстіне қойды да, «уһ» деп ауыр күрсініп, тізесіндегі аппақ орамалмен мойнын, маңдайын сүрткіледі. Мұның байқағаны апасының өңі біресе қызарып, біресе

бозара түсіп барып қалпына келгені. Бірақ ашық маңдайындағы қос сызат тереңдеп, жаңа ғана тіп-тік денесі сәл-пәл еңкейіңкіре кеткен сияқты. Ал алпамсадай Шағырдың бетпердесінен ештеңе байқалмайды. Осы сөзді жанын қинамай, әдейі айтқан секілді ме, кім білсін. Бірақ қабағында аз-мұз ашудың табы бардай. – Жаман да болса апаң екеумізден пайда болды ғой ана екеуі, Кәрімжан. Мен бұл арада ол екеуін жамандап, сенің алдыңда абырой жинайын деп отырғаным жоқ. Бірақ «жетектеген төбет қораға үрмейді» деген рас екен. Мен ол екеуін мал емес, адам болсын деп қайда жетектемедім. Кермақастың қызыл үйіндегі оқуға да бердім, қайтып келді. Көкжардағы орыс оқуына да бердім, жылап-сықтап күпісін арқалап, керуенге ілесіп қайтып оралды. Жеті атамда жерге қараған ешкім жоқ еді, өзім де өз тұсымда қатарымнан кем болдым демеймін. Әйтеуір шеңгелімді салған жерім қопарылып қалушы еді. Бида ұстасам – керуеннен айырылмадым, шоқпар ұстасам – тақымым ауып көрген жоқ. Төріме төренің өзі рұқсатсыз аттаған емес. Бірауыз сөзімді құлағына ілмей кеткен шешен де, көсем де кездеспеп еді мына жасымда. Ес біліп, екі аяғыма тік тұрғалы, одан бері де Алла деп ат жалын тартып мінгелі бір кісіге де, мың кісіге де есемді жіберген жоқ едім, енді қайдан білейін, алда не күтіп тұрғанын?! Үнсіздік. Шай ішілгеннен кейін Шағыр мәуіті шапанын жамылып, анадай жердегі төбенің баурайына қарай жүрді. Оның иек қағысы менімен бірге жүр, манағы әңгімені жалғастырайық деген емеуірін білдірген соң, бұл да солай қарай бет алған. Екіндіге таяп қалған күн көзі әлі де қызуын бәсеңдетер емес. «Биыл ыстық ерте түсейін деп тұр-ау, осы» деп ойлады бұл ішінен. Төбе басына шығып жайғасқан соң да Шағыр көпке дейін тіл қатпады. Жанарын көкжиекке қадап, терең ойдың сонарында отырған ыңғай танытты. Біраздан кейін барып, тамағын кеней жөткірініп қойып төңіректі көзімен бір шолып өтті де: – Кәрім, шырағым, – деді даусын көтеріңкіреп. – Адам дегеніңіз бұл дүниенің рахатына да, бейнетіне де езіліп не болмаса тасып, тасқындап кетпей, бірқалыпты өмір сүру керек деп ойлаймын мен. Рас, иыққа түскен ауыр қасіретті адамның адамы, нардың нары ғана көтере алады. Әйтеуір, бір саңылаудан жол тауып, осы бір жантүршігірлек азаптан құтылуға немесе соны жеңілдетуге тырысады. Менің де осы бір азғантай өмірімде көрмегенім бар ма? Он жасымда әке-шешемнен айырылдым. Бірақ ата дәулетін уысымнан шығарғаным-жоқ, етім тірі еді.

Соның арқасында Шағыр атандым. Сөзім де, өзім де дуалы едім. Пайғамбар жасына жақындағанда мынадай заманға душар болдым. Шамасы біз үшін «ақырзаман» деген осы шығар?! Бәрінен бұрын күні кеше босағаңнан аттай алмайтын сасық құлдардың бүгін төбеңде ойнап, әкіреңдегені жанымды да, жүрегімді де жаншып бара жатыр-ау, шырағым, осы жай қиын боп тұр. Ол ауыр күрсініп, тағы да көкжиекке көз жіберді. Сонан соң бұған жалт қарап: – Өзіңің не ойың бар, Кәрімжан? – деді. – Не қиналатыны бар, Шәке, – деді бұл қарсы алдындағы алпамсадай адамның қызғылт өңіне тура қарап. – Өкімет малыңызды алса да, жаныңызды алмас. «Бай бір жұттық» демей ме бабаларымыз. Бұл жұт емес, жаңа заман, теңдік заманы. Біреуді біреу билеп төстемейді. Біреуді біреу жазықсыз жазаламайды. Малыңыздың жартысын колхозға өткіздіңіз, енді тыныш өмір сүруіңізге әбден болады. – Жоқ, шырағым, бізге тыныштық болмайды. Дүрбелең енді-енді басталғалы тұр. Өткен түнде бір жүргінші келіп шай ішіп кеткен. Соның айтуынша, мына Теке өңірінде байларды кәмпескелеп, өздерін Итжеккенге айдап жатыр дейді. Сүмбілеге қарай сол дүрбелең бізге де жетеді. Тажалды күтіп отыра бермей, қарсы әрекет жасауымыз керек емес пе?! «Аурудың алдын ал» дейді ғой қазақ. – Сонда қандай қарекет? – деп қалды бұл. – Турасын айтайын, шырағым, бар жиған-тергенімізді атандарға қомдап, бір-екі үйір жылқымен бел асып кетейік. Маңғыстау барсақ, әр жағын көре жатармыз. Тіпті ана екі жаманды да ерітпеймін, масыл болады. Апаң мен үшеуміз ғана алыс сапарға тәуекел етсек. Және бір-екі жолбасшы бар, олармен кейін таныса жатарсың. – Сонда ел-жұрт, туған-туысқан қайда қалады? Мұнымыз опасыздық болмай ма? Әлі бұғанасы қатпаған інім мен анамды кімге аманаттаймын. Олар қарғыс айтпай ма, маған? Жоқ, Шәке, бұл ойыңызға мен қосыла алмаспын. – Бүгін-ертең емес, ойлан, шырағым. Бәрібір мен киген кебінді сен де киетініңе шүбәм жоқ, – деп Шағыр орнынан көтерілді. Күн көзі ұясына тақалып қалыпты. Өрістен ауылға қарай шұбырған малдың тұяғынан көтерілген шаң ауамен қосыла қалқиды. Анау үйірден шыға жөнелген асауды қуалай қуған Мұхитжанға ұқсайды-ау өзі. Табын түйені желдірте айдап келе жатқан Ыбыраш шығар. Бұл төбе басына шығып, төңірекке

көз салып еді, туған жерге деген бір ыстық жалын кеудесін кернеп, тұла бойын шымырлатып бара жатқандай болды. «Осы араның желкегін жұлып жесем де, өзге жердің қазы-қартасына айырбастамаспын» деп күбірлей ілгері аттады. Содан бір жеті бойы Шағырмен бетпе-бет жүздесудің реті келмеді. Екеуінің арасындағы әңгімені тіс жарып ешкімге айтпады. Соңғы екі күн Шағыр ауылда болмады, бір жаққа жолаушылап кетіпті-міс. Оның ешқайда жолаушылап кетпегенін бұл іштей сезді де. Өйткені алдыңғы күні таңға жақын әлдебір тысырдан оянып кетіп сыртқа шықса, Шағыр құлақасқаға тарантасын жеккізіп жатыр екен. Ұзын бойлы, тарамыс денелі біреу арбаға орта қаптай затты көтеріп әкеліп салды да» екеуі тарантасқа отырып жүріп кетті. Беталыстары Ителгі жақ. Байқап қала ма деп бұл жақындай алмады. «Апыр-ай, жаңағы ұзын қарасы кім болды екен» деген ой мұның жанын жегідей жеді. Содан сол ой таңға көзін іліндірмей қойғаны... *** Кәрім жыңғылды ойпаңды әрлі-берлі кезді. «Шынында, – деп ойлады қарт, – егер қыс аса қатты боп немесе арты ұзап бара жатса, қысырақтың үйірі мен мама биелерді осы араға айдап әкелсе, кем дегенде бір ай қозғалмай тебіндейді. Мына терістіктегі жалжал шағыл шамалы боранды өзінен асырмайды. Ал құбыла бет ойыс, жаз айында түйенің өркешін қағатын түп-түп жыңғылдар жылқының сауырын ызғардан қазір де сақтайды». Қарт жыңғылды ойпаңды мынадай шүйгін деп ойлаған жоқ еді. Осы маңайды жаз бойына табын-табын сиырлар жайлайды, о жарықтықтардың тұқайы не қалдырды дейсің, жыңғылдардың өзін сындырып астаң-кестеңін шығарған болар десе, жоқ, көңілдегідей екен. Келгені, көргені жақсы болды. Осы арадан жарты шақырымдай жерде Жарыпшыққан өзені бар. Бұрынырақта арнасынан аса төгіліп таситын еді, бұл күнде суы тартылған, дегенмен, әйтеуір, үзіліп қалмай жылтырап жатады. «Е, е, – деп күбірледі Кәрім, – биыл жазда жыңғылды ойпатқа хақ тұрған екен ғой... Бәсе, қар суы бұл ойпаңды көгертіп барып құрғаған ғой. Осы жерде ит-құс көп болатын еді. Құдайға шүкір, көбеймесе азаймаған болар. Сосын ғой бақташылардың табынды көздерінен таса қылып, қалыңға жібермейтіні». Қарттың есіне тағы да өткен күндердің бір елесі жалт беріп оралғандай әсер берді. Ұмытпаған екен, сол бір есер шақты. *** Бұл сол бір он алты-он жеті жасында ешкімнен тайсалуды білмейтін, ұр да жық, тентектеу әрі бір-екі жігіттік күші

бар қайратты еді. Қарсы келгеннен қаймықпайтын есер әрі өркөкірек, өкірем боз баланы Шағыр уысынан шығармай, жел өтіне ұстағысы келгенін мұның өзі де кеш сезді. Ұмытпаса, зауза айының екінші жартысы еді. Шағыр мен екеуінің арасындағы әңгімеге біраз уақыт өткен. Кешкі шай үстінде анасы Балғаным кейістік білдіріп, бір-екі ауыз сөз айтқан. Ұзын бойлы, ақ құба өңді, көрікті адам еді, екі баласына алма-кезек қарап отырып: – Кәрімжан, құлыным, айтшы, осы Шағыр саған не деп жүр, а? Абайла, құлыным, ойнап жүріп от баспа, күйіп қаларсың. Ол байлығына, барлығына сенеді. Сен кімге сенесің? Қасыңда отырған қарасының әлі боз өкпе, он төртке енді толады. Менің жүрісім мынау, ыңқыл-сыңқыл. Әйтеуір, сенгеніміз сен. Ойлан, шырағым. Мына заманның сарынына қосыл. Колхозға мүше болдық, енді теріңді төгіп еңбек ет. – Мама, сізге не болды, ешқандай бөгде ойым жоқ. Келесі базарға түсіп, торы төбелді бір құлынды биеге айырбастасам деп едім, – деді бұл. – Өзің біл, құлыным, әйтеуір, біз жерге қарап қалмайық. Есерлік жасама, есті бол. – Шағырдың үйіне бүгін таңда да бір кісі келді, түрінен адам шошырлық. Өзі де денелі екен, шошып кеттім. Жақындап барудан тайсақтадым, – деді Мұхит дауыстай сөйлеп. – Тек, жүгермек, саған не жоқ, ә? Ойпырым-ай, мына кесірдіай, – деп анасы ашуланып қалған соң бұл да үндеген жоқ. Бірақ інісінің сөзіне елеңдеп қалды. – Екінші рет аяғыңды басушы болма олай қарай. Бұл не масқара түнде тұрып ел кезген, – деп анасы Мұхитты біраз сілкілеп алды. Бұл әңгімеге араласқан жоқ, бірақ мына жайдың тосын еместігіне көз жеткізгендей болды. Осы әңгімеден соң тағы да үш-төрт күн өткен. Сол мезгіл ішінде Шағыр бой тасалап, үйінде жатыр ма, әлде науқастанып қалды ма, әйтеуір, бұрынғыдай көлбеңдеп көзге түсе қойған жоқ. Өзі арнайы шақырмағасын, мұның да онымен ісі болмай уақ-түйек шаруасымен айналыса берген. Бірақ көкейіндегі көп ой толқыны мен көңілдегі кейбір күдік әруақыт жанын мазалап, өңешінің ішкі жағына қатты нәрсе тұрып қалғандай әсерде қалдырды. «Апырай, сонда, – деп ойлады бұл, – Шағырдың басына түсіп отырған не, төніп келе жатқан қандай «ақырзаман» болды екен, ә? «Оған сен де шарпыласың» дедіау бір сөзінде. Қорқытқаны ма, әлде шындығы солай ма?! Әр сөзінің астыңғы тігісінде астар жатқандай күрсініп сөйлейтіні ұнамайды бұған. Жо-жоқ, оның жұмсақ алақандай тәніңді сипай, жаныңа сыналай кіретін сөзіне әсте балқып кетуге

болмас. Балқып кеттің екен, бітті, құрығына бір түссең, енді қайтып босану қиын. Апырай, «іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, өзінің қанынан жаратылған екі перзентін өз келешегі үшін тұл қылуға әзір отырған алпауыт адамнан не жақсылық күтуге болады. Қажетіне жаратып, қажеті жоқ күнде мұның да жүрегіне қанжар салып, қылжита салудан тайынбас. Тіпті басын тәнінен бөлек кесіп алып, қас жауы ретінде қанжығасына байлап жүруден де жүрегі мұздамас-ау, шіркіннің. Алды-артын өлшеп-пішіп, оймен барлап отыратын аса сақ адамның мына толғанысы жайдан-жай емес екені өз-өзінен түсінікті. Колхозға мүше боп малының тең жарымынан астамын айдап берді. Текеден келген уәкілдің алдына бұлбұлша сайрап, Октябрь нұрының жақсылығын сөз етті. Лениннің даналығын тебірене айтты. Ойпырым-ай, сонда сырты жылтыр сөздің ар жағында мәңгілік жібімес мұз жатыр екен-ау. Совет өкіметіне деген ызакек, ашу-араз анау қатпар-қатпар қарнында итше ұлып жатыр екен ғой». Бұл көкмайсаның үстінде шалқасынан жатып осы жайларды өзінше барлады. Әлде оның айтқанына хош деп бас изеп, кімдермен астарлас екенін біліп алса ше? Зияны болмас еді. Дегеніме көнбеді, менің құпиямды біреуге жеткізіп қояды деп, мұның көзін жоюға тырысса ше? Ол да болмай қалмас, дегенмен, бәріне әзірленіп, сақадай сай тұруы қажет. Күрең атты қаңтарып қойған бұл таң сібірле атқа тақым салып, Қызылқоғаның базарына торы төбелді жетектеп барып, құлынды биеге айырбастамақ еді. Күрең – Шағырдың атышулы жүйрігі. Әншейінде үстіне шыбыннан басқа ештеңе қонбас еді, мына уақыттан шошынды ма, әйтеуір, «сенің астыңда болсын» деп ең аяулы атын бұған беріп қойғалы біраз күндер болған. Өткен жылғы Ақкөбедегі ұлан-асыр бәйгеге қосылған отыз бесқырық аттың ішінен күрең жалғыз өзі жеке-дара келді. Сондағы Шағырдың көңілдісі-ай! Бәйгені жұртқа ат үсті үлестіріп, жарқылдап сөйлеп ауылына келіп және той жасап, біраз адамды шақырып, жасы үлкендердің батасын алған. Сол бойда аудандағы милиция бастығының орынбасары Жұмабай осы атқа қолқа салып еді. Сәл нәрсеге қызыққыш, көрсеқызарлау адам болатын. – Шәке, жаңа өкіметтің жаршысысыз ғой. Өзіңдей бай, өзіңдей ақылды адам ілеуде біреу болар. Осы жүйрігіңді маған қисаңшы, қолға салып, сұрап тұрмын, – деді Жұмабай бәйгеден қайтқан жолай шай үстінде Шағырды сөзге тартып. – Құны екі үйір жылқы, оны қайдан тауып бересің, тақыр кедей, – деп Шағыр Жұмабайға одырая қарады. Милиция бастығының орынбасары екен деп ығыспады. – Жылқы өзіңде бар, бәсін тік де, алтындай ал, – деп Жұмабай

сақылдай күлді. – Бәрібір ертеңгі кәмпескеде бостан-босқа бір малшының тақымында кететінін білермісің. – Әй, шіркін-ай, сол да сөз болып па, тәйірі, мінсе малшы мінсін, еңбегі сіңді, малымды бақты. Адамды алтынға айырбастап алармысың, – деді Шағыр дауысын көтеріңкіреп. – Адам тым қымбат қой, оған тең келер бұйым жоқ. Тегінде есіңде болсын, біреудің астына жастық қоя сөйлеу азаматқа абырой әпермейді. Әрі осы өкіметтің оң қолы сендейлердің айтатынын да, сұрайтынын да бұқпалап, тұспалдамай, өті жарылып кетсе де тікесінен бастауы керек емес пе, ә? Біз кім, сен кім, арамыз тым алшақ жатыр-ау! Кәмпеске жасап, малымды тартып алып, өзімді Итжеккенге айдаттыратындай біз не істеппіз сонша, осыған өзің жауап бер! Әйтпесе жаңағы сөзің үшін Итжеккенге өзің де кетерсің менімен бірге. – Мен бай емеспін, мен совет өкіметі үшін жан-тәніммен қызмет етемін, – деді Жұмабай қызарақтап. – Ал біз кімнің адамымыз? – деді Шағыр бастырмалатып. – Біз аспаннан аяғымыз салбырап түстік пе, әлде жерден төбемізбен шықтық па, ашып айт, оқыған, тоқыған азаматсың ғой, тегі. – Сендей буржуйлармен салғыласып отыратын менің уақытым жоқ, жүйрігіңді аламын дедім, аламын. – Жұмабай отырған орнынан шапшаң тұрып, қазықтағы байлаулы атына ырғи мінді де, құбылаға қарай сатырлатып шаба жөнелді. Ашудан бет-аузы баржиып, қызарып кеткен Шағыр біразға шейін тек қана күрсінумен болды. Ешкім онымен тіл қатысуға бата алмады ма, әлде қажетсінбеді ме, әйтеуір, ат үстіне қонғанша әңгіме өрістемеді. Күреңді жетекке алған соң Шағырдың қабағы сәл ашылып: – Әй, жігіттер, несіне мүлгиміз, ат үсті жел емес пе, желдіртіп алайық, – деп өзінің денесінің ауырлығына қарамастан астындағы көк шуланды бауырлап-бауырлап жіберіп, қоқты асқанша ауыздыққа тіреген. Сонда қасындағы атқосшыларда ес қалмай, есірік кісілерше жабыла жарысқаны-ай! Бірақ не керек, алдарындағы көкшулан аттың үстінде сықай қапқа тыққан түйенің жарты етіндей Шағырдан озбай да, қалмай да пәтшағарлардың бостан-босқа шаң жұтқаны мұның намысына тигені-ай! Астындағы торыны сауырға тартып жіберіп, алға ұмтылды-ай сонда. Көрінім жерге мүшелігі бар жануар Шағыр соңындағы тобырды қақ жарып өтіп, көкшуланмен қатарласқан. Жалт қараған Шағырдың қып-қызыл қос жанары мұны атып жіберердей болса да бұл ат басын тежемей: «Анау қыратқа дейін жеткендеріңе бір теңге» деп айқай сап, торының тізгінін босата беріп және сауырлаған. Құйындай аққан атының оң жақ

үзенкілігінен еңкейіп кейінге көз тастап еді, Шағырды алатопалаң шаң астында қалдырып, желіккен топ мұның соңынан салған екен. Қыраттан асқанда да торы ешкімге сипатпай жалғыз кетті. Бұл ат басын біразға шейін тежемеді, не екенін өзі де сезбейді, әйтеуір, бір нәрсеге көңілі толғандай немесе мұздай шәрбат суынан қанып ішкендей күйге түсті. Сол жолдан соң Шағыр бұған өкпе артқан адамдай аз-кем уақыт сырттағаны көрер көзге белгілі еді, бірақ сыр беріп, жақ ашқан жоқ. *** Кәрім қарт әлі де еті қашып, еңкеймеген денесін нық ұстап, Жыңғылды ойпанды кесіп өтті. Шіркін, Тайсойған-ай, шөбің шекер, суың бал-ау, не деген құтты қоныс ең. Бірақ ата-бабамыз аялай білген осы бір ұжмақты біз қалай түсініп, қалай бағалап жатырмыз, әңгіме сонда. Жер өзгереді, ел өзгереді дейді. Жел еседі, құм көшеді, су қашады дейді. Кешегі көкорай шалғынды жер көк танабы суалып, тұзды сорға айналар деп еститін бала кезінде. Ол заманына, уақытына қарай шығар? Шыр етіп дүниеге келгелі көргені осы Тайсойған, емгені де өскені де осы жер. Кешегі бес жыл сұрапылдан басқа мезгілде табаны осы арадан ауған емес. Бірақ Тайсойған өңірі сол қалпы, ескіріп тозбайды, қайта жасарып, жайнай береді. Тек игере біл, есептей біл, есіркей білсең, шөбі мен суы он мыңдаған малды қысыжазы асырар. Қарт осылай ойлады, ойланды да, адымдай түсті. Әне бір бұйра құмның оң жақ баурайына қалың қияқ өсетін еді, ана шығыс беттегі биік шағылдың арғы ойпаңы сары мия мен түп-түп еркек болатын. Тап қазірде де сол қалпы шығар. Өйткені бұл араны мал тұяғы сирек басады. Шіркін, осы арадан, әсіресе, әне бір қолдаудан қашар тұрғызып, екі-үш қора қойды қыстай жайып шықса ғой, қандай жеңілдік болар еді, ә? Осы ойын орайы келгенде ферма меңгерушісі Төрежанға айтып көріп еді, ол: «Түу, Кәреке-ай, құлан жортпас құла түзге, қыпқызыл құмның арасына кім барады, барған мал да, жан да арам өледі ғой ол жерден. Қысы-жазы қатынас жоқ. Құдайдың бір қу шоқысын сөз етіп, ерігесіз-ау, жүдә», – деп қолын бір сілтеген. – Әй, менің ойлағаным, тура мына сенің қамың. Үш қора қойың қыстан бүйрек майын жармай шығады. Ал машина баратын жолды өзім тауып берейін, – деді бұл қатқылдау сөйлеп. – Оған су қайда, сусыз өмір болмайды ғой. – Малыңа шақырым жарым қашықтықта Жарыпшыққан бар. Ал ауызсу жерді түртсең шығады, оны өзің де білесің? – Жоқ, ақсақал, ұсынысыңыз дұрыс-ақ болсын, бірақ мұныңыз жалғыз менің қолымнан келетін іс емес. Жоғарыдағылармен сөйлесіп көрейін. Сіз айтты дейін, – деп мырс еткен.

– Өзің біл, шырақ, – деп бұл да жантая қалды. Содан бері жылдан астам уақыт өтті. Енді, міне, сол бір ұсынысын көзімен көріп тұрғаны. Ферма меңгерушісіне айтуын айтқанмен, артынан ойланып қалған да сыңайы бар еді, жоқ көңілдегідей екен. Баз баяғы қалпынан өзгермепті. Қайта қар басқан шағылдар бейне Ақшат тауы секілді, аппақ боп көмпиіп жатыр. Қарт сәл оңға қарай қиыстап желілі алабота өсетін тұстың қарын аяғымен итеріп еді, дәні ғана қураған жарықтық қар астында былқылдақ күйінде бұғып жатыр екен. Содан сәл төмендеу қиғаштап, ойпаңдау тұстың қарын түртіп еді, құдықтың орны көміліп, жермен тегістеліп кетіпті. Өзінің шалт басып, қателескен кезінде паналаған жеріне бұл көп жыл бойы ат ізін салмап еді. Ителгі түбіне қыстағанына екінші жыл болса да тіресіп көріп еді, ақыры шыдай алмады. Мұнысы несі – кәрілік пе, әлде қартайған адам көңілшек бола ма, жо-жоқ, мұны итермелеп еріксіз атқа мінгізген – қыстың аса қаталдығы, малға жайлы қоныстың қажеттігі. Әсіресе жылқы қамын ертерек ойламаса болмайды. Құдай сақтасын, жылқыдан күй бір кетпесін, қоңынан айырылған жылқының қатарға қосылуы қиынның қиыны. Өйткені толық нәрем ала алмаса жылқы жусамайды да, таз қарындағы құрттар өліп немесе түсіп қалады, сосын бітті. Қарт осыны ойлады, ойлады да, сәл кейін жүрді. Көп жыл бойы Сағыз бойын жайлап та, қыстап та келген үйір-үйір жылқының өрісі тым тарылып кеткен соң совхоз директорымен жағаласып, ұғындырып жүріп, құмды қыстау керек деген пікірді алғаш алға тартқан өзі еді. Өйткені отаротар қой жүрген жерде жылқыға не жоқ. Тегінде жүрісті жануардың бірбеткей тебіні, бірбеткей жайылысы болуы керек. Әйтпесе олардың ұнжырғасы түсіп кетеді. Сонан соң Сағыз өзенінің суы шілде айында кермектеніп, аши бастайды. Жылқы малдың төресі емес пе, шөлдеп, тамағы кебірсіп келгенде ғана аздап жұтады да, мейірі қанып ішпейді. Суға мейірі қанбаған соң мама биелердің сүті тартылып, қымыз болмақ түгіл, құлындарын жарытпай қояды. Сүтке жарымаған құлындардың шаң жұтып, жылдам қараөкпе болатыны осыдан. Әуелгі кезде Тайсойған өңірінде ит-құс көп, шағыл тасасынан шыға келіп, құлын мен жабағылардың таңын айырып тастайды деп баласы қақсап еді, бірақ әкесі сыр бермеген соң біраз қыңқылдады да қойды. Пікірін дәлелдеп, әке алдына жайып, сала алмады. Құдық демекші, қанжығасына байлаған кішкентай қол күрекпен жерді тізеге дейін қазып еді, тұп-тұщы су шыпылдай құйылып, әп-сәтте мөп-мөлдір боп тұна қалған. Сондағы судың тәттісі-ай, анау шап-шағын жер кепеден шығып, құдық суын әлсін-әлсін жүрелей жұтқаны талай жылдар өтсе де көз алдынан

әлі кетер емес. Тіпті дәмі әлі күнге шейін аузында тұрған секілді. «Апырай, – деп ойлады бұл, «басы жасамағанның аяғына күш түседі» деген сөз рас екен-ау. Сонда аз-кем уақыт есерлік жасап, күллі ауылға, жекжат-жұрағатқа, ағайын-туысқа соншама жеккөрінішті болуына басты себепкер өзі емес пе, иә, дәл өзі. Шағырдың жазғы түннің самалындай маңдайыңды сипаған сиқырлы сөзіне еріп кетпегенде бәрі басқаша болатын еді...». *** Қатты ұйықтап кеткен екен, шошып оянды. Мезгіл түн ортасы болса керек. Кермедегі бәйге күрең құлағын қайшылап, алдыңғы аяғымен жер тарпыды. Бұл жата қалып, тың тыңдап еді, еш нәрсе сезілмеді. Жаңа туған айдың жарығы да әлсіз. Шағыр үйінің маңында да көңілге күдік ұялататындай қара-құра көрінбейді. Әншейінде адам көрсе, арсылдап алдынан жүгіретін дәу төбет те үнсіз. Сонда бәйге күрең неге мазасызданды? Тоқта, не де болса тәуекел. Бұл шапшаң қимылдап, күреңнің аяғына кілтті кісен салды да, өзі жай басып, Шағырдың ақ ордасына қарай беттеді. Көлеңке жағынан келіп, туырлықтың астынан құлағын тосты. Үй ішінен күбір-күбір сөйлескен екі адамның даусын естіді. Бұл жүрелеп жата кетті де, аяқ киіздің шетін ептеп көтеріп, тың тыңдап еді, дауыс енді анық естілгендей болды. Бірақ отырғанның кім екенін көруге мүмкіндік жоқ, өйткені аяқ киіздің ар жағынан орама ши ұсталған. – Саумалды қанып ішіп ал, – деді Шағыр күңгірттеу дауыспен. – Аңқам кеуіп келіп еді, шөлім басылғандай болды-ау, – деді жуандау дауыс. – Иә, Ахмет халфе не деді? – Өткендегісін алтынға айырбастадым. Бірақ саф алтын емес, кіл Николай теңгелері. Жақында Үйшікке немесе Текеге жүремін бе деп жиналып жатырмын. Маған өтінген соңғы шаруасын сол сапарымда үйлестіремін бе деп отырмын. Оны жол біледі ғой, әзір асықпасын, – деді. – Басқа не деді? – Ләм-мим деп аузын ашқан жоқ. Орнынан тұрып, мешітке кетті. – Дұрыс. – Сен қалай ойлайсың, осы Ахмет халфе Текеге неге көп бара береді, ә? – Қалай деуге болады, дымы ішіндегі адам ғой, сыр бермейді. – Саған айтпағанда сырын кімге айтады ол, жарылып кетпей ме?

– Жарылса, алтыны түсіп немесе шашылып қалады ғой, Хехе-хе, хи-хи-хи, Жуан дауысты адам тұншыға күлді. – Сенің осы Құныстан не хабарың бар? – Өткен күзде Көкжар түбінде быт-шыт боп қашып кетіпті ғой. Сірә, Теке жақта жүр-ау деймін. Бұл өзімше топшылауым. – Сол бандымен Ахмет халфенің астыртын байланысы жоқ па? – Жоқ, ол Құныстан қорқады, тонап кетеді деп. – Олай болмас, меніңше, Құныс пен осы халфенің арасында күбір-сыбыр бар-ау, – деген күдік кеудеме оралады да тұрады. Екеуі де қара жүрек қанішер емес пе. Құныс ашық, халфе жасырын. – Қой Құныстың жөні бөлек, ол өте-мөте сақ, тіпті сауысқаннан да сақ адам ғой. Халфе қысылғанда сатып жібере ме деп күдіктенуі мүмкін. – Мен түсімде Құнысты жиі көремін. Сол пәле осы маңда жүр-ау деп ойлаймын. – Осы сәтте Шағыр қарсы отырғанға көзін қадап, суық жымиған сияқты. – Қой, көтек, онда ылаң келді десеңізші. Алдыңғы жылы маған қосыл, жүректі жігіттерім жетіспей тұр дегенде, сылтау айтып, жылыстап кетіп ем. – Халфенің менің үлесімді сенен беріп жібермегені несі? – Қайдам, маған айтқаны бәйге күреңді Жұмабайға берсін, бір ат өліп те қалады. Бірақ Жұмабайды әуелі бері қаратып алайық, оның пайдасы тиеді. Күреңнің бәсін екі есе, тіпті үш есе етіп қайтарамыз. Қазір жүйрік ат ұстайтын уақыт емес, – деді. Үнсіздік. – Сосын не айтты? – деді Шағыр дауысын бәсеңдетіп. – Осы атқа халфенің өзі қызығып жүрген жоқ па, сен қалай ойлайсың? Шым-шымдап тартып, құйрығымызды құмға батырар-ау ол қу. Мен білсем, ол осы атпен Жұмабай аңқылдақты қолына мықтап байлап алайын деп жүр ғой. Ақын Зімбіл Жұмабайға: «Тұқым едің аңқыған, құйрығың желдей гулеген» дегені бар емес пе, еһ-еһ, хи-хи, ой, қатырады-ау ақындар. Сен былай істе. Қызыл маяны жолай Саурықтың үйінен жетектей кет. Менің атымды атасаң береді. Апарып халфеге тарту ет. «Жолы болсын, мынау жолыңа қаражаты» деп сәлем айтты де. Ал күрең ат жөнінде жұмған аузын ашқан жоқ дерсің. Әлде де ойланайық. Егер екеуміз межелі кезден бұрын сапарға аттансақ, бұл жүйрік бізге де керек қой. Әліптің артын баға тұрайық. Халфенің ізін қадағала. – Әлбетте, әлбетте, бір құдайдан басқаның бәрі екеуміздің еншімізді ажырата алмас, – деді жуан дауысты орнынан қозғалып.

– Ал, сау бол. Келесі бейсенбінің осы мезгілінде бір шаң берерсің. Бірақ жаңалық болмаса келмей-ақ қой. – Әлбетте, Шәке, әлбетте, солай ғой өзі. Істің ыңғайы келмесе. – Аржағын ести алмады. Бұл үйді шапшаң айналып, қараңғылыққа сүңгіген. Сырттап барып, сыртынан қарамақ еді, манадан бері қозғалмай жатқан дәу төбеттің арсылдап, ана түн жамылған жүргіншіге емес, бұған қарай тап-тап бергенін қайтерсің. Бұл амалсыз кейін шегініп, үйіне келді. Бәйге күреңнің шідерін алып жатып мойнынан құшақтап, «иә, саған да ұлы дүбір туды-ау, жүйрігім» деді күбірлеп. Сосын тұсау тастам жердегі төсегіне қисайып еді, ұйқысы келмеді. «Апырай, Шағыр жездесінің бұл сезбейтін мың шұқыры бар екен-ау, бірақ мың біріншіге бұл емес, өзі түсіп қалып жүрмесе. Күреңді мініп Түзтөбедегі апайыма тартып кетсем қайтеді. Жо-жоқ, сәл ертерек қызбалыққа салынуға болмас. Мен де әліптің артын бағайын. Айтпақшы, жаңағы қу кім болды екен» деген ойлар өн бойын мазалап жатып, мызғып кеткенін байқамай қалды. Таң сібірлей атып тұрып, күрең атты отқа жіберіп, арқандаулы торыны жетектеп құдыққа беттеп еді, анадай жерде үстіне мауыты шапан жамылған Шағыр тұр екен. Кесіп өтуді ыңғайсыз санап, амалсыз бұрылды. – Ассалаумағалейкүм, Шәке! – Уағалайкүмассалам, амансың ба, Кәрімжан? Аман-есен өрдің бе? – Рахмет, күн шыға базарға жүремін бе деп, күреңді азкем тыныстатып алайын дегенім ғой. Торыны суарып, жалқұйрығын тарап дегендей... – Сол базарыңды қоя тұршы, шырағым, – деді Шағыр бұған үңіле қарап. – Жалпы, торы аса етті жылқы. Жаңа ойлап тұрсам, «неден қысылып сатамыз оны?» деген сұрақ туды. Мұхитжанға былтыр бір байтал мінгізіп едім, сол биыл құлындапты. Ал мына торыны амандық болса қысқа соғым етерсіңдер. Құдай салмасын, жануардың өзі де отшаң, қысқа дейін тұралап қалады. Қазысы сере шықпаса, менің сәлемімді алма. Күреңді ауыл арасына міне бер, несі кетер дейсің. Айтпақшы, түн ортасында төбет неге арсылдады? Ит-құс келіп жүрген жоқ па екен, әлде ұры-қары ма, байқамадың ба? – Жоқ, Шәке, қатты ұйықтап кетіппін. Тіпті иттің үргенін де естімедім. Жақсы, сіздің дегеніңіз болсын, – деп бұл Шағырдың ыңғайына жығыла кеткен. – Дұрыс. Қазір ұйықтайтын уақыттарың ғой сендердің. Бірақ жастық шағыңды ұйқыға қор қылуға болмайды. Әрине, дамылдау да қажет. Қазір сенің түн жортатын кезің ғой... Қыр астында

қыздар тұрғанда, пәтшағар, қалай ұйықтайсың, шошып оянбай. «Сұлу десе қайнайды қан ішімде, сұлу десе жоқ болар бар ісім де» деп әлгі жаман Зімбіл де қақсамай ма. Сен сол қисық ауыз құрлы жоқпысың, жүдә, – Шағыр даусын шығара қарқылдай күлді. Сосын тез езуін жиып, салмақты қалпына түсті де: – Сөйлесетін аз-кем шаруа бар еді, шырағым, түс әлпетінде маған келерсің, – деді де, шұғыл бұрылып үйіне қарай беттеді. Түс мезгілінде бұл Шағырдың үйіне барудың қамын ойлап, тағы не айтар екен деп топшылай бастаған шақта сырттан аттың дүбірі естілді де, бұл керегенден қарап үлгергенше, «Сәлем бердік, апай, мал-жандарың аман ба? Құдайға шүкір, біз де аманбыз. Шаруа бастан асады. Әрі мына колхоз дегеніміздің аты болмаса, заты оңбай жатыр ғой. Кәрім үйде ме, ә, онда» деген сөздерімен бірге сықырлауықты айқара ашып, ұп-ұзын сырықтай болып Төлеш кіріп келді. – О, Төке, ассалаумағалейкүм, – деді бұл орнынан ұшып тұрып. – Ат-көлігіңіз аман ба? Иә, жол болсын! – Өзің де аманбысың, Кәрімжан, – деді ол төрге малдас құрып отыра беріп. – Атүсті, аз-кем шаруамен келдім. Мына колхозды ұйымдастыруын ұйымдастырдық-ау. Бірақ әлі ісі оңға баспай жатқанын көріп те жүрген шығарсың. Тым шашыраңқы, кім-кімді ұстап немесе бір шаруаға жұмсап болмайды. Мезгіл деген зырлап өтіп жатыр. Менің осы колхозды басқарғаныма да жылға жуықтап қалды, өзгеріс енгізе алмай жүрмін. Ал жоғарыдағы басшы жолдастар жақында шақырып алып ит терімді басыма қаптады. Олардікі де жөн. Ақкөл колхозынан біз қалып қойдық. – Сонда менің не істеуім керек? – деді бұл. – Білімім жоқ, алып кел, шауып кел болмаса. Колхоз малын бағу менің қолым емес, оны ашып айтайын. Ал басқа не бар? – Оның бәрі дұрыс қой, – деді Төлеш бұған жылы шыраймен қарап. – Колхозға мүше боп кірген екенсің, қалайда айтқанымды жасайсың деп жатқан мен жоқ. Әйтеуір, осындай қиын кезде жең ұшымен жалғасуымыз керек емес пе, қайткенде де, ә? – Ол ұзын мойнын қатайта ұстап, мұның бетіне бажырая қарады, тіпті кірпігін де қағар емес. Сәл тартыңқы үстіңгі ерніне тиер-тимес боп имене төніп тұрған мұрнының делдиген екі жағы аздап тершіген бе, қалай? Шүңірейген қос жанары сенің ішінде не жатқанын да білетін немесе көретін секілді. – Төке, менің қандай жәрдемім бар, ойласайық, ақылдасайық, – деді бұл сәл қатыңқы дауыспен біраз үндемей отырғаннан кейін барып. – Е, бәсе, мынауың ер жігіттің сөзі болды ғой, – деп Төлеш мойнын босатты.

Сол екі арада есік алдынан мамасының: «Кәрімжан, шай әзір болды, қонақтың қолына су құй», – деген дауысы шықты. – Апырай, босқа әуре боп, ағарған да жарайтын еді, тегі, – деді Төлеш сәл төрге қарай құйрығымен жылжып. Шай үстінде артық-ауыс сөз болмады. Бірдеңе айтқысы кеп оқталғандай Төлеш екі-үш рет тамағын кенеп, орнынан қозғалып-қозғалып қойды. Шөліркеп келген бе дастархан үстіндегі сары май, құрт, ірімшіктен аузына да салмай, қаймақ қатқан қызыл күрең шайды сораптай ішті. Андасанда көз қиығын шаңырақтаң күлдіреуішіне салып қояды. Осы тыныштық шай аяқталғанша сақталар ма еді, қайтер еді, кенеттен мамасы Балғанымның: – Әңгімелеріңді құлағым шалып қалды, Төлеш қайным, әрине, тың тыңдап жүргенім жоқ, бірақ естіген құлақта жазық жоқ емес пе? – Дұрыс, дұрыс, – деп Төлеш тағы мойнын қатайтты. – Осы колхоздың бір ісіне керек екенмін, мына мен де мүшемін. Тиесілі міндетімді атқарудан қашқақтасам не болғаным. Бізді кезінде зорлаған ешкім жоқ. Бір сиыр, бес қой бердік деп шалқайып жата бергеннен не шығады? – Жөн сөз, жеңгей, жөн сөз, – деді шайды сораптай ішкен Төлеш алға қарай имене түсіп. – Мына Кәрімжаным, шынына жүгінсек, бар ғой, салақтап бос жүр. Осыны неге колхоз жұмысына салмайсыңдар? Ана кіші балам да мал қайыруға жарап қалды. Енді он төртке толады. Ол да қарап отырмасын. Екеуін бірдей үйге тығып қойғанда маған не түседі. «Еңбек етсең – емерсің» демей ме даналық сөзде де. Келгенің жақсы болды, тіпті адамнан да, құдайдан да ұялып жүр ем, шырағым. Әлгі Абай ақын айтыпты дейді ғой, «тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын» деп, тура айтқан қой жарықтық, қандай дәл. – Дұрыс айтасыз, апай, жөн сөз. Апырай, жұрттың ең болмаса, тең жарымы сіздей жанашыр, сіздей жібі түзу адам болса ғой, біз әлдеқашан ілгерілеп кетер едік, – деді Төлеш ақжарқын кейіппен тершіген ұзын мойнын алақанымен сүртіп. Бұл үндеген жоқ. Шай құйып отырған анасына бір, төрде шаншылып отырған Төлешке бір көз қырын тастады. Айтар сөзімді айтып болдым дегендей, анасы бұған қарай мерейлене қарады да, иегінің астынан бір байлай салған ақжібек орамалын сәл көтере маңдайын ашып, оң құлағын сыртына шығара қайта тартты. – Кәрімжан, – деді Төлеш ыстық шайды сораптай ішіп, – анау Борсанның бергі тұсындағы оймақтай ғана тегістік бар ғой. Құдай оңдап сол жерге жазғытұрым су едәуір жиналды.

Кеше әдейі барып көріп ем, суы сіңіпті. Өзінің топырағы да сусыған құмдауыт емес, ширақ. Сол аядай жер шамамен ені төрт жүз аршындай, ал ұзыны алты жүз аршындай болады-ау. Сол жерге үш өгіз соқа салып, тары екпек ойымыз бар. Тұқымды Қызылқоғаның базарынан сатып алдым, үш пұт болып қаладыау, таза, несін айтасың, баданадай. Соны өзің басқар, бас-көз бол деп айтқалы келдім, шырағым. Бұл тағы да үндеген жоқ. – Сенің оған қажыр-қайратың толық жетеді. Қарауыңа үштөрт адам беремін, жасқанба, – деді Төлеш мұның бетіне тесіле қарап. – Неге үндемейсің? – деді анасы шыныаяқтағы шайды бұған ұсына беріп. – Жұмыс бастан асады, – деді Төлеш мойнын бұрынғыдан да қатайта түсіп, Саратанның орта шенінде Сағат көліне шалғы салар кезде де кісі керек. Биылғы шөбі тұнып-ақ тұр. Колхоздың аз-маз малына азықты ертерек қамдамасақ бола ма, тәйірі. – Жарайды, – деді бұл, – басына қос тігіп құдық қазу керек шығар. Сонан соң інімді де ала кетейін, өгіз жетектер. Тамақты өзіміз жасаймыз ба? Мұндай сөзді күтпеді ме, Төлештің мойыны босап, басы сылқ етіп кеудесіне қарай түсіп кете жаздады. Риза болған кейіппен бұған бажырая бір қарап алды да, шайды сораптай түсті. – Ертең түсте сол жерден табылыңдар, Кәрімжан, – деді ол атына тақым салып жатып. – Мен бәрін де әзірлеп қоюға тырысармын. Күн көзі тас төбеден ауып, мезгіл кіші бесін болса да бұл керегенің аяқ киізі түрулі тұсынан сығалап қойып жата берген. Ойы шартарапта. «Жаңа ғана басқарма алдындағы уәдесінен енді тайқып кетсе, адам санатынан шығып қалатыны айдан анық. Әрі мамасы да ренжімей ме, әрине, мұны жер етіп сілкілері хақ. Ал Шағыр не дер екен, «менімен бірауыз ақылдаспай балалық жасадың ғой, оның не, құрулы жатқан серіппелі қақпанды көре тұрып, басқаның? Әй, әй, әй, өзім білемін, өз дегеніммен жүремін деуің бір күні сені орға жықпаса жарар еді» деп, қып-қызыл көзін мұның өңменіне қадап, суарманың піскен қарбызындай басын шайқар ма екен. Қой, тәуекел, не де болса, мойныммен көтерейін». Бұл орнынан атып тұрып, сыртқа шықты. Ат байлайтын кермеге қызыл өгіз сүйкеніп тұр екен, оны біраз жерге шейін қуалап тастады. Сосын жалт бұрылып, Шағырдың үйіне бет алды. Шағыр ақ орданың көлеңке бетіндегі сәкінің үстіне салулы жұмсақ төсекте қисайып жатыр екен. Алдындағы үлкен зеренде саумал қымыз: екі көзін тарс жұмып тасбиық санап, ернін сәл-

пәл жыбырлатады. Етті денесі шілдеде күл басында аунап жатқан сары маядан бірде кем емес. Осы күйінен өзі жанына рахат тапты ма, әлде жорта жасай ма, әйтеуір, бұл қасына барып, тамағын қаттырақ кенегенде де былқ еткен жоқ. Назарын төмен салып, тасбиығын санай берді. Бұл сәкіге тізе бүкпей, кіші отаудың алдында күйбеңдеп жүрген апасына қарай өтіп кетпек болып қадам баса беріп еді, Шағыр көзін ашып: «Отыр, қайда барасың?» дегендей ишарат білдірді. Сәкінің шет жағында малдасын құрып қақшиып отырған бұған көңіл аудармай, Шағыр сүт пісірімдей уақыт тасбиығын санап, ерінін жыбырлатып, қайта-қайта есінеп, бір-екі рет түшкіріп жіберді. Тас санаудан өзі де жалықты ма, біраздан кейін орнынан көтеріліп, алдындағы жайнамазын сілкіп-сілкіп алды да, асықпай бүктеп, сонан соң мұны жаңа көрген кісідей бажырая қарап: – Ә, Кәрімбісің, бір жаратқан ием бар ғой деп, бүгін жұма болғасын мінәжат етіп жатқаным ғой. Адам баласы боп жаратылған соң бір Аллаға сиынып, шүкіршілік етпесең, әйтеуір, түбінде Әзірейіл келіп жаныңды алатын болған соң, осы бастан өзіңді әзірлеп, сақадай сай тұрмасаң, арнасынан асып төгілетін өзендей тасуың да, төгілуің де, тіпті үзіліп кетіп қалуың да бір сәт емес пе? Бәрі жаратқан иемнің қолында, біз соның уақытша тірі пендесіміз, шырағым, қажет екен, қара жер құшағына да барамыз. Одан біз түгіл Қорқыттың өзі қашып құтыла алмаған ғой. Ие, солай, уақыт деген өлшеулі, біреуге ерте, біреуге кеш. Бұл аузын ашқан жоқ. Шағыр мұның бетіне бір-екі рет сынай қарады да, кеудесін созыңқырап барып шырт-шырт еткізіп, тісінің арасынан түкірді. Сосын малдасын құрып, бүгіндікке ауыз тиіп отырғандай «иә, піссімілә» деп зерендегі саумалды жұтыңқырап алды, шайқап-шайқап қайта жұтты да, алдына қойды. – Иә, әлгі бос мойын бұл ауылды неге торуылдап жүр, сездің бе? Аузы аққа жарымаған жаман еді, өкіметтің арқасында ат жалын тартып мінген соң, ол да адам санатына қосылайын депті. Апырай, аш бөрідей шулаған жаман тобырлар бұл күнде миыңды шағатын халге жетті, ой, заман-ай! – Шәке, мұныңыз жөнсіздік емес пе? Айдаладағы адамға ғайбаттан-ғайбат тіл тигізуіңіз ыңғайсыз жай ғой. Ол – өзінің мойнындағы міндетін атқарып жүрген азамат. Жұрт не десе, о десін, меніңше, Төлеш есті кісі, біртоға, жөн-жосықты біледі. Ешкімге тиіп жатқан зияны жоқ. Шағыр селкілдеп күліп алды. Күлкісін тияйын деді ме, зерендегі саумалды басына бір-ақ төңкерді де, шоқша сақалын тарамдап, көкжиек жаққа көз тікті.

– Баласың ғой әлі, – деді ол бұған тағы да тіктей қарап. – Біреу жылы сөйлесе, соған сеніп қалмау керек. Әрине, ет жақының болмаса, кез келгеннің сөзінен секем алмасаң қиын бұл күнде. Мысалы, мен саған жамандық ойламаймын, өйткені жақынымсың, жаным ашиды, қандай қатыгез адам да өз туысын сыртқа теппейді, айналып соғып, адасқанын айтады. Ол сені не деп үгіттеді? Өзіме серік бол, мен саған қамқоршы болам деген шығар. – Жоқ, олай деген жоқ, – деді бұл сәл-пәл даусын қатайтып. – Сен оны есті кісі дейсің. Есті болса, қарға адым жерге қадамы жетпей қалды ма, маған неге кіріп, сәлем беріп, жөнін айтпайды. Біз де колхоз мүшесі емеспіз бе? Осы естінің ісі ме? Құдай бос мойын Төлешке менің күнімді қаратпасын және қаратпайды да. Тек Алланың көзі түзу болсын, мен оның алдында тізе бүгіп, жалпақтай алмаспын. – Сіз мені не шаруамен шақырдыңыз? – деді бұл көтеріңкі үнмен. Үнсіздік. Шағыр шапанының етегін делең еткізіп көтерді де, оң жағындағы құс жастыққа қисайды. Қып-қызыл өңі одан сайын қызара түсіп, ентіге дем алды. Сосын бір сәтке қалғып кеткен кісідей назарын төмен салып, терең ой толқынына қарғып түскендей күйге енді. Аздан кейін басын көтеріп, зіл басқан денесін тіктеп, қолтығындағы жастықты ысырыңқырап тастады. – Шырағым, сен мені айыпқа бұйырма. Үлкен кісі не демейді, кейде ақылды ашуға жеңдіріп алатын кездеріміз де болады. Иә, қазіргі уақыттың өзі осыған жетелейді. Үлкенді сыйлап, қошаметтеп, құрметтеу, иіліп сәлем беріп, сөзімен болса да ілтипат білдірудің өзі екінің бірі істей алмайтын аса қиын шаруаға айналып бара жатыр-ау, бара-бара не болар екенбіз, ә? Шағыр орнынан сәл қозғалып, бұған қырын отырды. Жүзінде әлденеден торығу ма, әлде алдындағы шикі өкпенің қылығы ұнамай ма, әйтеуір қаны басына теуіп, жарылып кетуге шақ қалғандай күйде еді. Екі аяғын жазып, сәл шалқайды да, оң аяғын сол аяғының үстіне қойып, «уһ» деп терең күрсінді. – Әй, аумалы-төкпелі заман-ай, біресе түйе, біресе бие боп діңкемді құрттың-ау. Қарсы келген жауға қасқайып тұрып садақ тартатын еркектігім жоқ уақытта екпеттеп қалдым-ау, еңіреп. Қолтықтан тірер бала, басымды сүйер ағайын-туыс жоқ, құм шағылдың басындағы жалғыз түп сексеуіл мен болдым-ау, қайтейін. Құлармын да күл болармын, құл болатын уақыттан өткенмін, иә, иә, өткенмін, – деді ол екі жағына кезек теңселіп. – Уай, садақтың жебесі боп атылатын жиырма бесім қайтып

оралса-ай, күле қарағанды да, күңірене қарағанды да, кеудеме кездік қадар жауымды да жалғыз қанжармен жайратар ем, жер жабыстырар ем шамамның келгенінше. Апырай, кешегі Қашаған не деп еді: «Жауымды мына жаныштап, досына күлкі қылмасам, достарын мәз қып күлдіріп, жылағанын тыңдасам». Дұрыс-ақ айтыпты-ау, жөн, жөн... Бұл үндеген жоқ, сазарып отырды да қойды. Екі алақанымен басын қыса ұстап бүкшиіп қалған Шағырды біраз күтіп еді, ол ештеңе дей қоймаған соң: – Шәке, мен таңнан Борсанға аттанамын, сол арадан жер жыртып, егін салмақшымыз, – деді. – Не дейсің? – деп Шағыр басын кегжең еткізіп көтеріп алды. – Солай, Шәке, колхозға мүше боп кіргеннен кейін жұмыс істеуге міндеттіміз. Міндетті болмағанның өзіне далаңдап бос жүру тіпті ұят екен. – Аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқсыңдар. Менің байлығым бір сендерді емес, көзін тапса, сендей мыңды асырар еді. Соған сені тұтқа болар деп ем, адастым ба, қалай? – Таусылмаңыз, Шәке. – Ә, бәсе, тектіден туған ұл едің, тексіздердің жетегінде кете ме дегенім ғой. Алды-артымды мұң шалған уақытта көңіліме медеу, жүрегіме шипа болар деп өзіңді арқа тұтатынмын, шырағым. Заман бір құлатып, сен екі итерсең, менің сүйегім шағылмай ма, денемді от-жалын шарпымай ма? – Сонда не істе дейсіз, маған, ашып айтсаңызшы, Шәке? – деді бұл еңсесін тіктеп. – Көптен бері толғатып жүрген ойым еді бұл, айтпасыма қоймадың-ау, Кәрімжан. Айтайын енді, ақтарылайын бүгін. Тек тыңда, тыңда да, құйып ал жүрегіңе, тоқып ал миыңа. Түсінесің бе, қарағым? – Шағыр бұған тіктей, салмақпен қарады. Сәл үнсіздіктен кейін күлге аунаған түйедей ыңыранып, мұрнын шуылдата бір сіңбіріп алды. Етжеңді саусақтарымен үстіндегі шапанының жағасын түзеп, көкжиекке қайта-қайта көз тікті. Сонан соң терең күрсініп, ішінен ыстық ауа шығарды. Қолын айқастырып, кірпігінің астымен бұған тағы бір қадалып өтті де, естілер-естілмес үнмен «иә, пірім, қолдай көр» деді. – Беу, кешегі Махамбет Исатайынан айырылған соң ішқұса боп тентіреп жүргенде деймін-ау: «Арғымаққа оқ тиді, ауыз омыртқаның түбінен, Ер жігітке оқ тиді, қыл мықынның түбінен» демеп пе еді. Пай-пай, шіркін, асыл ерім-ай, қан жылаған жүрегіңді жырыңмен жұбаттың-ау. Ал мына мен ше, мен немен жұбатармын. Құйрығым құмға кірген уақытта сергектік көрсете алмай, серейіп қалмасам не қылсын.

– Апырай, Шәке-ай, ел аман, жұрт тынышта неден түңілдіңіз? – деді бұл шыдамай. – Бөлме сөзімді, пәтшағар. – Шағыр қос жанарын жарқ еткізіп, мұның өңменіне қадады. – «Әке отырып, ұл сөйлегеннен без, шеше отырып қыз сөйлегеннен без» демей ме атамыз қазақ. Әр нәрсеге шыдамдылық керек, әліптің артын баға біл. Есіңде болсын, сөз кеспе. Шаршатасың адамды, ойын бөліп, тіл тиегін сындырасың да, айтылар сөзді шашыратып жібересің. – Шағыр орнынан шапшаң көтеріліп, әңгіме осымен аяқталды дегендей алшаң басып барып ақ орданың түрулі есігінен ішке еніп кетті... Аң-таң боп, қояннан адасқан тазыдай аңқиып қалған бұл да орнынан атып тұрып үйіне беттеді. Адымдап келе жатып, «алжасқан шығар мына шал, әлде қулығы ма екен? Не де болса тәуекел, өзі айтқандай әліптің артын баға тұрайын», – деп ойлады. ІІІ Шилі ойпанды кесіп өтіп, әрі-бері із тастаған Кәрім жиренге тақым салды да, жортыңқырап шығыс беттегі Жарыпшыққанға қарай жөнелді. Жолай қалың есекмия өскен екі қазан шұңқырды басып өтті. Қары қатпапты. «Бұл араның ажырығы тұтасып жатқан шығар, ала жаздай мал тұяғы тиген жоқ», – деп іштей күбірледі. Құмбелдің Жарыпшыққан арнасына еңкейер тұсында суат болушы еді, ойы – соны барлау. Жағасына өскен сидиған ұзын-ұзын қамысын балақтан қысып, қақ ортасының ғана мұзы жалтырап қара шүңейт сіресіп жатыр. «Ортасының мұзы қақ айырылуына қарағанда пәтшағардың суы мол екен, ана бір тұстан ұзынша етіп, суат ойса, балдай суы шыпшып етіп шыға келер-ау» деп сүйсінді қарт. Сүйсінді де, жиреннің үстінен сырғи түсіп, арнаның жайпақтау тұсымен төмен беттеді. Таяз жерінің мұзы қысқасын, су еріксіз шүңейттің тереңіне жиналған екен, жетісіне бір немесе екі рет табын жылқының су ішкені мына шүңейтке бит шыққандай білінбейді, тіпті екі отар қойыңды да ала қыстай сусыратпайды шіркінің. Қарт мұз жағасындағы қалың қарды омбылай ортаға ұмтылды. Әне бір тұстың қарын аршып іздік жасап, мына бір тұстың мұзын ойса деп іштей ойлады да, мұзды тепкілей бастады. Апырай, дүңкілдемеуіне қарағанда, мұздың астын су тіреп тұр екен деп риза болды. Жиреннің үстіне қонжиды да, келген ізімен кейін қарай жорта жөнелді. Шағырдың айдап салғанына елітіп, Шилі ойпаңды екі ай мекен еткенде ылғи таң алдында осы шүңейттің жағасынан Шағырдың жансызын жолықтыратын. Әрине, күнде емес, жетісіне екі рет, сәрсенбі, жұма күндері. Қарт сонау бір жастық шақтың, жалаң сезімге толы

алабұртқан көңілімен ақпанның үскірік боранында ерегіссе жалаңаяқ қар бастыратын ессіз албырт кезін есіне түсіріп, ақырын езу тартты да, дереу жан-жағына көз жүгіртті. Мұнысы, осы ойымды, жо-жоқ, сол бір басты жарға соғар дүлей кезді еске түсіріп, езу тартқанымды біреу-міреу көріп немесе сезіп қоймады ма екен деген сауысқаннан да сақтығы еді. Езу тартып, мәз болатын іс емес, қайта жұрт алдындағы сол бір ақиқаттығы бет қызартар, тіпті кезенген қылышқа тізерлей қыл мойнын ұсынардай іс еді. Бірақ елінің есі бар, ерлігі мол, абыройлы азаматтары мұның қисық басқан қадамын балалық пен шалалыққа санаған да қойған. Енді ойласа, анау марқұм Төлештің бір ғана өзі шалағай-шарпы, жадағай-жалпы жүрген жүз жігітке татиды екен-ау! Шіркін, жігіттің төресі еді-ау, нары еді-ау сол Төлеш. Иә, бір туған түсі қызғылт нардай жігіттің де бір туғаны сирек, тіпті сирек. Сондықтан да болар, төрт құбыласы түгел, иығына батпан-батпан жүк артсаң да, мыңқ етпейтін бір өркеш қызғылт нар секілді абзал азаматтардың аздығы. Қарт ойын сабақтай түсті, жирен желдірте аяңдап келеді. Қысқы күн көзі өзінің шырқау биігіне көтерілгенмен, қар бүркеніп жатқан қара жерге жылылығын жеткізе алмай тұрған секілді. Терістіктен болар-болмас жел лебі білініп еді, аяқ астындағы қатып қалған қардың үстіне аз-кем қозғалыс байқалды. Егер тосыннан айқай жел тұрса, алқара аспаннан ақ мамық жапалақтамай-ақ ақ шулан боранның басталары сөзсіз. Қарт күн көзіне шалқая қарап еді, айналасы қызылтамырланыпты. Демек, жуық арада күн сынбайды, ашық-жарық болғанымен, қайта қатты аяз қаһарын төгеді. «Семіздің майын, арықтың қанын сорамын» дейтін кәдімгі қу шұнақ аяз... Иә, сол бір көктемде ағыл-тегіл су тасып, Жарыпшыққанның өзі арнасынан аса бұрқыраған еді. Тіпті тасқын су сай-саланы қуалап, анау Борсанның сыртын айналып кетпеді ме? Інісі Мұхит екеуі өзгелерге бас болып, Борсанның сырт қоңырлығына екі өгізбен соқа салғанда ылғалы мол қара топырақ төңкеріліптөңкеріліп, теңіз жағасына шыққан итбалықтай аунап қалғанды. Сонда Шағыр ызадан жарылып кете жаздаса да, бұған ләммим деп жақ ашпап еді. Сәуірдің кірісінде жұмыла жұптасқан он бес-жиырма адаммен он өгіз, бес соқа заузаның басына жеткізбей біраз жерді қопарып, тілгілеп тастады. Сондағы Төлештің белсенділігі-ай! Күні-түні тыным көрмей, колхоздың бір өгізін тағы да тұқымдық тарыға қолма-қол айырбастаған. Төлеш айтқандай, ұлтарақтай ғана емес, шамамен ені де, ұзындығы да шақырымдай жер жыртылып, тегістелді. Тұқымды Төлештің жалғыз өзі екі күнде шашып шықты. Оның мұнысы

несі деп кінәлаған да ешкім болған жоқ. Шаршап жүріп, екі керегенің басын айқастырған күркеде қатты ұйықтап қалған екен, таң сібірлей оянса, кермеге шылбырынан тақап байлаған бәйге күрең жоқ. Пышақпен шылбырды шарт кесіп, жетектеп кетіпті. Әттең-ай, кілтті тұсамысын бүгін ғана салмап еді, аяғын суытып, бойын жинасын деп ойлағаны еді, бұл бармағын тістеді. Жүгіре басып ізге түсті, сәлден кейін ұры күреңге ырғып мініпті де, шоқырақтап кетіпті, бағыты – құбыла бет. Бұл не істерін білмеді. Ызадан жарыла жаздағаннан ба, кім білсін, қонышындағы мүйіз сапты кездігімен жата қалып қара жерді осқылаған. Сосын ұшып тұрып жүгіре басып, күркеден екі аяғы серейіп шығып жатқан Төлешті жұлмалап оятты. – Ойпырым-ай, жай ма? – деді Төлеш ұйқылы-ояу кейіппен. – Бәйге күреңді алдырдым. – Алдырғаны несі? – Ұрлап кетіпті. – Не дейді? Төлеш екеуі жүгіре басып, тағы да ізге түсті. Жалғыз жаяу күреңді ноқтасымен жетектеңкіреп барып мініп кетіпті. Анық жалғыз кісі. – Болмады, әккі ұры екен, біраздан бері бақылаған ғой. Тұсамысын салмаған түні әкеткен. Қайта есті кісі болды, әйтпесе қатар жатқан үшеумізді бауыздап кетсе де, ешкім оның қолын қақпайтын еді, – деді Төлеш сәл езу тартып. – Қапаланба, ойланайық, кім алды екен, жасырын сұрастырайық, шырағым! – Шағырдың алдында тізерлеп қалдым-ау, – деді бұл. – Әттең-ай, бекер мінген екенмін. Абыройын асырып қызара бөртеді енді ол қу. Қап, жер жастанғандай болдым-ау. – Сен бар ғой, – деді Төлеш бұлардың қасында үрпиіп тұрған Мұхитқа. – Торыға мініп ауылға қайт. Ауырып қалғасын андағылар қайтарып жіберді де. Бәйге күрең туралы жұмған аузыңды ашушы болма. Сосын Шағырға кім келіп, кімнің кететінін бақыларсың, түсіндің бе? Хабар өзімізден болады. – Әрине, түсіндім, – деп Мұхит бұған жаутаңдай қарады. – Онда жөнел. Торымен шоқырақтап кеткен имек мұрын сары баланың соңынан екеуі біразға шейін аңтарылып қарап тұрды да, мосы іліп, шай қамына кірісті. Серігінің ызадан ұшқын шашқан жанары мен күл түстеніп кеткен өңіне көзі түскен Төлеш бозбаланың балуан тұлғасына бірінші рет сүйсіне әрі күдіктене қарады. «Бастырылмаған ожар күш пен от-намысы қосылып, бірдеңеге ұрындырмаса жарар еді» деп ойлады. Тым жас қой, шикі өкпе ғой әлі. Мұның қазір жаман мен жақсыны толықтай

ажыратар шағы емес, қайта алапат дауыл қозғаған алапат толқынға қарсы құлаштар шағы. Мынадай біреу түсініп, біреу ісініп жатқан кезде бозбаланы анау-мынаудан қорғаштау қажетақ. Түбінде есі бар азамат атануы да мүмкін. Иә, әлім келгенше бұл жігіттен көз жазбай қадағалауым керек». Төлеш Кәрім жөнінде осындай ой ойлады. Ал Кәрімнің ойы қалай болғанда да Төлештен құтылып, бәйге күреңнің ізіне түсуді, оны індетіп барып жазалыны жазалау ғана болды. Қайткенде де ізді суытпау керек, иә, иә, күдікті деген жерлерін көзімен шолып өтпей, көңілі дауаламас. Осы ойын жинақтап, Төлешке білдірсе қайтер еді, сөгер деймісің. Ол лаулап жанған ақ тезектің жалынымен бұрқсарқ қайнап, пыш-пыш етіп, қып-қызыл қызыл шоққа төгіліп жатқан мосыға ілулі қара шәйнекті іліп алып күркеге кірді де: – Төке, сізден өтінерім, маған кедергі болмаңызшы. Бәйге күреңнің ізін суытпай бір жағына шығайын, – деді Кәрім қарсы алдында отырған Төлешке бақырая қарап. – Жоқ, шырағым, мына үлкен шаруаны бастаған екенбіз, енді соны аяқтайық. Осыған өзің бас-көз боласың. Ал ат жөніндегі мәселені өзім тындырамын. – Сонда қалай тындырмақсыз? – Ұрының соңынан тұра қуғанмен, ол бізге енді бой бермейді, босқа далбасалаймыз. Сондықтан ештеңе болмаған сыңай танытып, тың-тыңдай сұрастырып, әрі Қызылқоғадағы жақынжуықтарға астыртын сездіріп қоямын. Әзірге осы да жетеді. – Милицияға хабарласақ ше? – Болмайды, онда бүкіл жұрт құлақтанады да, бәйге күрең одан әрі қолды болып кетеді. Ақымақ деймісің атқа көз тіккен адамдар. Және де олар бірнешеу болуы да ықтимал. Солай, інішек. «Сабырлы жетер мұратқа» деген сөз тегін айтылмаған. – Ой, бүйткен сабырлылықтың... – Иә, иә, сонда не істемексің, айтшы, кәне, батырым? – Төлештің өңі қатулана қалды. – Ізін бір шығарып алсам, барған жерін топшылар едім. – Әрі қарай ше? – Үстінен түссем, өлсем де беріспеймін. Тақымым күреңнің қыр арқасына бір тисе, ар жағын өзім білер ем. Төлеш Кәрімге ұзақ тесіле қарады. Сосын іргеге шырт түкіріп, ұзын мойнын қатайтып алды да, суып қалған шайын ағарған ішкендей шайқап-шайқап ішті. Шеті жырым-жырым кішкентай ағаш көзелектің ішіне құйылған қара шай оған таусылмастай боп көрінді ме, әйтеуір, аузын толтырып бір-ақ төңкерді. Қоламтаға піскен кішкентай күл-күл нанды салалы саусақтарымен екі бөлді де, сәл үлкендеу бөлшегін Кәрімнің алдына қойды. Өзі күлін де үрместен «піссімілә» деп шетінен

тістеді. Нанды жайлап шайнап, бір ұртына апарып әбден езілдіау дегенде қылқ еткізіп жұртты да: – Мен сені есті ме деп жүрсем, әлі балалығың қалмаған-ау. Саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлейтінің не? Асықпай, аптықпай ойланып көрейікші бір, шырағым. Атты ұрлаған адам сені де аямас. Ол қандай жайға да бел буған шіркін ғой. Бүгін түс қайта мен атқа қонамын да, жиекті жағалап Қызылқоғаға құлаймын. Екі-үш күнде шаң беріп қалармын. Сен осы арадан қозғалма. Қорықшылыққа Айтбай қартты бірге ала келемін, жарай ма? Сонан соң екеулетіп тізе қосып, ар жағын ойластырамыз, түсіндің бе? Үнсіздік. – Түсініп, ұқтың ба деймін мен саған, шырақ? – Жарайды, аға. – Е, бәсе, мен өзім де осылай ойлап едім. *** Ахмет халфенің бүгін көңілі тоқ еді, өйткені көптен ойланып жүрген бір мақсаты жүзеге асқандай болды. Таңнан тұрған ол Қызылқоғаның батыс бетіндегі шатырлы қызыл үйін жаңа көргендей, анадай жердегі дөңнің үстіне шығып, қайта-қайта сүйсіне қарады. Қарады да: «Иә, жаратқан ием, өзің жар бола көр, иә, әлһәм, иә Алла. Қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақта. Я роббем хақ» деген сөздерді екі-үш қайталады. «Шағырға бүгін кісі жіберемін, көнсе де, көнбесе де көнеді. Егер алда-жалда шатақ шығарып, кісімсіп кеуде көтеріп жатса, бәйге күреңді бел асырып, Түзтөбедегі нағашыма апарып бақтырамын. Орыс арасы тыныштау, өсек-аяңды білмейді» деп ойлады. Ойланған сайын мәртебесі биіктеп, көңілі одан сайын марқая түсті. Бәйге күрең жөніндегі мақсат-мүддемді ешкім білмеуі керек. Анау мешіт ұстап, жайнамазын жайып, құдайшыл боп отырған Хасан хазіреттің өзіне де бұл құпияны білдіруге болмас. Өйткені оның аяқ астынан судан таза, сүттен ақ бола қалатыны бар. Хазіреттің екі сөзінің бірі – ұрлық – харам, өтірік – харам. Хорезмнен білім алдым, Мәккеге барып, пайғамбарымның басына мінәжат етіп, шәрбат суын ұрттадым. Маңдайымды ұлы пайғамбарымның мүрдесі жатқан қабырғаға тигіздім. Шариғаттың өзі қаскүнемдікке қарсы дегеннен басқа ол ештеңе айтпайды. Иә, бәріміз де құдайдың құлымыз ғой, бірақ өзіңнің ойыңа тап басқанды істеуге жаратушының өзі де қарсы болмас, сірә, қарсы бола қояр ма екен?! Ахмет халфе тағы үй жағына көз тастады. Қызғылт шырайлы өңі, бұрынғыдан да шырайланып, қарасынан ағы көбірек қысықтау көздері одан сайын ағарыңқырап, қою қара мұртын

ширатып-ширатып қойды. Таң алдындағы қораға кіргізілген бәйге күреңмен бірге Тайсойған өресінің бүкіл бақыты да мұның босағасынан аттағандай әсер алды. Содан атты жайдақ мініп келген Жәдіні сұрақтың астына алғанына қазір өзі мәз боп отыр. Әйтпесе ше, «сақтықта қорлық жоқ» деген емес пе? Күреңді күні бұрын дайындалған орынға жайғастырғаннан кейін екеуден-екеу оңаша қалған соң бұл Жәдіге: – Иә, қалай алдың? – деп бас салып сұрақ қойды. – Ақа, қоя тұрыңызшы, әзер жеттім, құйрықтан құйрық қалмады, қызылшақа. Кішкене дамылдап, шай ішіп дегендей... – Ойбай-ау, шайың не, шай ішіп керіліп отыратын уақыт қайда? Таң сібірлемей жоғал, біреу-міреудің көзіне түсіп қаларсың. – Апырай, ағасы-ай, менде тап қазір қозғалатын жайдың жоқ екенін көріп-біле отырып, осындай әңгімеге барасыз, а? Тамаққа тойдырып алып, күреңді қамаған жерге мені де қамаңыз. Сонда ат та пысқырмайды, менің де ұйқым қанады. – Иә, оны қойшы, бірдеңе етерміз. Із жасырдың ба, із? – Ізді қайтып жасырамын, салып отырып аулаға кірдім, – Жәді ыржиды, қорағаштай ұзын қолындағы күректей алақанымен келсаптай мұрнын уқалап-уқалап жіберіп, айқайлап түшкірді және қайталап түшкірді. – Тек шамаласайшы, көкең үйінде жантайып жатқандайақ... – Апыр-ай, енді ағасы-ау, түшкіртпейтін де құдай бар ма, әлде... – Бос сөзді қойып, әңгімені жалғастыр. Жәдінің мамық жастықты умаждай жантайып, пәтсайы көрпенің үстіне шынтақтай кеткені халфенің жынын қытықтаса да, «қап, мына қап-қара құлдың шіренуін-ай, ә, адамсып» дегенін іштей айтып, сырт көзге сыр бермеген. – Сонымен не керек, үш күн бақыладым. Төлештің бұл атпен ісі жоқ екен, анау Кәрім деген бозбала қауіпті. Өзінің денесі де жастығына қарамай, шойыннан құйғандай-ау. Күреңмен жаны бірге ме деп ойладым, шіркіннің! Сонан не керек, әйтеуір, бір жақсысы түні тып-тыныш, шәуілдеп үретін күшігі де жоқ. Төртінші күні еңбектеп барсам, байлаулы тұрған күреңнің аяғында тұсамыс жоқ, сол кілтті тұсамыс қой маған үш күн кедергі болған. Әкем көрден тіріліп келсе де, мұндай қуанбаспын, шылбырды шарт қиып... – Апырай, ә, – деп қалды халфе. – Иә, сосын, айта бер... – Күрең текті жылқы ғой, құйрығыммен жылжып қасына барғанымда осқырынып оғаш мінез білдірмеді. Шылбырды қанжарыммен шорт қиып жіберіп, жетектей жөнелгенімде

жосып жүре берді, жарықтық, мұндай жуас жылқыны бірінші кездестіруім өмірімде. Бұл жылқы емес, саф алтын-ау, саф алтын. Рас болса, адайлар осы күреңге үш үйір бір түсті жылқы, қырық қызыл нар беріпті дейді ғой. Шағыр сонда да міз бақпапты-ей! – Естігенмін. Адайдың құнан орысы Әлібай төре күреңге ынтық болған деседі жұрт. Жалғыз қызы Айшанұрды Шағырдың жарымес баласына бергісі кеп, құда болайық, «күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп дұғай сәлем жолдағанда Шағыр міз бақпай: «Әлібайға мен айтты деңдер, жылқысы көп болса, желге айдасын, қонысын өзі табады, қызы көп болса, Түрікпенмен құда болсын, тыныш өмір сүреді. Менің атыма жылқы баласында тең келер тұяқ жоқ, қызы сұлу дейді, бірақ жылқымен адам бірге тұруы мүмкін емес қой. «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген емес пе» деген екен антұрған. Содан Әлібай бұл хабарды есітіп, бұлқан-талқан боп ашуланудың орнына, «Апырай, Шағыр есті кісі деп естуші едім, рас екен-ау! Әй, пәтшағардың ойлысы-ай, сөзге де, іске де шебер, орнықты адамның сәлемі ғой мынау. Дұрыс, жөн-ақ, бәйге күреңдей ат ұстай алмағанымды өзімнен көрмесем кімнен көремін. Сенің қызыңа менің балам тең келмейді деп жұмбақтауын қарашы, шіркіннің! Пах, есті кісі, есірік сөзге ермейді деген, пай-пай, Шағыр-ай!» деп таңдай қағыпты-мыс. – Меніңше, екеуі де ақымақ, малдың буына мас болғандар, – деді Жәді енді шалқасынан аунай кетіп. Әдейі халфеден сыр тартқысы кеп. – Тек, ақымақты тапқан екенсің. Екеуі де ақылды, парасатты кісілер ғой. Тегінде Шағыр бір сөзді адам және алды-артын шамалай білетін қу. Ол әрбір басқан қадамын, сөйлеген сөзін өлшеп-пішіп отырады. Ол бәйге күреңді өз кермесіне байламай немесе өз балаларына мінгізбей, Кәрімге беріп қоюы тегін емес, мұнда бір гәп бар. Оның қолшоқпары да еменнен кесілген болуы керек, қарағай, қайыңнан шоқпар ұстамайды ол. Анау Кәрім дегені намысқой, жас жолбарыс сияқты пәле-ау, соны айдап салып, өзіне баурап алса, ол пәле шамалы жерді тасталқан етеді. Ол бар ғой, ол бәйге күреңді бізге құтайтпайды әрі ұры халфе деген кір атақты маған тағады да, елге масқара етеді. Сондықтан мен тез Жұмабаймен хабарласып, күреңнің көзін құртайын. Немесе, иә, иә, қайткенде де бұл жерде ұстауға болмайды. – Ойбай-ау, Ақа-ау, соншама неден үрейлендіңіз, аяқастынан, – деді Жәді шүңірек көзін халфеге қадай сөйлеп. – Менің осында келгенімді жұлдыздардан басқа ешкім көрген де, сезген де емес. Атақты ұры Жәді із жасыруды да әлі, құдайға шүкір,

ұмытқан жоқ. Пері не сайтан табар аттың ізін, ал екі аяқты, бір басты адам қаншама көреген болса да ізді кесе алмас, шығара алмас күреңнің ізін. Одан да маған әлгі беретініңді бер, тыныш ұйықтайын. – Ал, егер Нұрғазы ше, Нұрғазы, а? – Түу, Ақа-ай, көлеңкеңізден қорқатын сіз емес, алда-жалда бірдеңе бола қалса, көкірегімді оққа мен-ақ тосайын. – Оның да жөн екен, – деп бұл сабасына түскенде, үш алтын теңге мен бес күміс теңгені Жәдінің қолына ұстатқан. Ол қазір күреңнің қасында қорылды соғып жатыр. Ахмет халфе үйіне қарай қадам басты. Бәйбіше де ұйқысынан оянып, шайдың қамымен жүрген болар деп ойлады. Көңілі шайда, ойы бәйге күреңде. *** Бәйге күреңнің қолды болатынын Шағыр күні бұрын сезген. Бірақ ешқандай шара қолданбай, ештеңе білмеген адамдай күнделікті өмірін сүре берген. Бәйге күрең ұрланса, Кәрімнің тұла бойындағы жын-перісі қозар, айнала жүгіріп, ақырында бұған ақыл сұрауға аптығып жетер, сонан соң бұл құрған тұзаққа оңай түсер деп ойлап еді, ауылға Кәрім келмей, үрпек шаш бала Мұхит келді. Және де ештеңе болмағандай сыңайда. Түс мезгілінде шыдай алмай Мұхитты шақыртты. Өзі саумал алдырып, ақ отаудың қақ ортасына патсайы көрпе төсетіп, малдас құрып тікесінен қақшиып отырды. – Ә, келе ғой, шырағым, кел, кел, – деді ол сәлем беріп үйге имене кірген Мұхитты ақжарқын кейіппен қарсы алып. – Иә, жігітім, сайра, аман-есен жеттің бе, әйтеуір? Менің де ішкен асым бойыма тарамай, жассың ғой әлі, бұғанаң қатқан жоқ. Сендерге бұ дүниеде де, о дүниеде де жауап беретіндердің бірі – мына мен. – Рахмет, – деді Мұхит сол босағада тұрған қалпы. – Жақында бері, саумалға қанып ал, кел, отыр қасыма. Ой, құдай-ай, қыз мінездісін қайтейін мұның, басқа-басқа маған бойларың үйренетін уақыттарың болды ғой осы, – деді Шағыр орын тарлық еткендей өзі сәл-пәл оңға қарай жылжып. Мұхит өзіне ұсынылған зерең толы саумал қымызды екіүш ұрттап, дастархан үстіне қойды. Сосын зәулім шаңырақтың күлдіреуішіне ұя салған қос қарлығашқа шалқасынан қарап еді, басындағы тепетейі түсіп кетті. Оны да елеместен аузын ашып, ұядан көзін алмай сілейді де қалды. Апырай біздің үйдің шаңырағына неге ұя салмайды бұлар, әлде мына шаңырақ тым биік болған соң қонақтады ма екен? Мамасының: «Балам, қарлығаш бақыт құсы, ол ұя салған шаңырақ иелері өмірдегі

бар бақытқа ие болады» дегені жадында. Сонда бұл дүниедегі бар бақыт Шағырға, оның үрім-бұтағына дарығаны ма? Сонда басқаларға не қалды? Қой, мамамның айтқаны аңыз-әңгіме шығар немесе ертегіде айтылатындай біреуден естігені болар? – Мұхитжан, Кәрім қайда, ол неғып келмеді? – деген дауыс баланың тәтті ойын бұзып жіберді. – Ағам, Төлеш екеуі жыртқан жердің басында қалды, қарауылшы келгенше ағам егістікті қарай тұрмақшы. Басқалар жұмыс біткен соң үйлеріне тарап-тарап кетті. Мені де «үйге барып, мамаңа көмектес» деп Төлеш қайтарды. – Иә, сонда, осы жұмыстарыңа сендерге бірдеңе бере ме, жоқ, әлде колхоз үшін тегін еңбек пе? Әлгі жаман Төлештің өзі бір ішек боп қалған қыршаңқы еді, қайдан ол жұртқа қамқоршы бола қалды екен, ә? Ой, Алла-ай, «ит жоқта шошқа үредінің» кері ғой бұл. Иегінің астындағыны көре алмайтын құл Төлеш өкіметтің арқасында атқа мініп, билік айтатын бопты. Барабара басымызға шықпаса неғылсын, түге. – Төлеш ағам айтты, осы еңбектеріңе ағайынды екеуің тары піскен соң екі қап масақ, бір қап ақ тары аласыңдар. Сосын Кәрімге қосымша еңбекақы құйылады, – деді. – Маған колхоз жанынан күзде қызыл үйге оқуға жіберемін, оқисың, үлкен азамат боласың, қайтып келіп, колхоз басқарасың, – деді. – О, жасаған, Төлеш екеуіңді тіпті жарылқапты-ау! Ойбай, сол жаманның аузында да, сөзінде де не дауа бар дейсің, өзі ақымақ болғанмен тұрмай, жұртты да ақымақ еткісі келетінін қарашы, сасық неменің. Соның елтіме сөзіне елігіп қалған екенсіңдер ғой. – Ағам Төлеш жақсы кісі дейді. Адал, іскер адам дейді. – Іскер болып не бітіріп жатыр дейсің сол жаман неме. Бірақ сондайлардың аузы дуалы, жұрт айтқанын екі етпейді. Сен екеуің әлі оң мен солдарыңды таныған жоқсыңдар, сендерге, әсіресе саған маңдайыңнан сипағанның бәрі мықты кісі. Иә, заманның рухы солай, қайтерсің, енді. Жөн, бәрі жөн. – Кәрім бәйге күреңді арқандап жүр ме, әлде шідерлеп жүр ме? Жануар аяғы босаса, ауылға тартып кетуден тайынбас. Атқа сеніп бола ма, түге. – Шағыр алдында отырған үрпек шаш сары балаға барлай қарады. – Күндіз он екі құлаш қыл арқанымен арқандайды, ал түнде тұсамыс салып қояды. Жер от, көбеңсіп, түлеп қалды. – Осыдан барғаннан қыр арқасына шыбыннан басқа ештеңе қонбаса бар ғой, онда, шынында да, көбеңсіп қалған екен, – деді баланың жүзінен ештеңе сезбеген Шағыр оң жағына қарай қисайып. «Апырай, ала алмаған-ау, жо-жоқ, мүмкін емес. Кәрім аса сақ, әлі албырт қой. Ұстаса кетсе, әйтеуір, бір-екі жігітке әлі

келеді. Жоқ, алып кетті, айтпа деп баланы арам Төлеш оқытып тастаған ғой. Адайдан жылқы тартқан Жәдіге күреңді жетектеп кету не дейсің? Қызық енді басталды, шоқ-шоқ, кімнің де болса шабына шоқ түсіреді бұл күрең ат». Шағыр өзіне бақырайып қараған сары балаға: – Бара ғой, шырағым, менікі тек амандық білу еді, – деп есікті иегімен меңзеді. – Ата, шайға жүріңіз, – деп келіні, – әке шай әзір, – деп баласы келсе де, Шағыр тырп етпеді. Кебісі сырп-сырп етіп, бәйбішесі сықырлауықтан басын сұғып, – Шайға жүрмеймісің, суып кетті ғой, күте-күте, – дегенде барып селк еткен адамдай «қазір, қазір» деп асыға тіл қатқан да, сосын: «Балалар ішіп алсын, мен кішкене саумалымды сіңірейінші» деп дауыстаған. Миын торлап тырп еткізбей тастаған салмақты ойдың жүйесі ашылмай сіресіп, әншейінде көз алдынан көлбеңдеп кетпей қоятын қиял тізбегі де қашақтап бой тасалағандай күйде меңзең басын қыса ұстап отырып қалып еді. Бәйге күреңнің сарапқа түскені өзіне де оңай еместігін біледі де, сезеді де. Білгенмен әзірге істер амалы, кесе шабар қылышы болмай отыр ғой. Басқа біреудің тақымы тигенше, сенімді әрі өкіметтің жандайшабы Жұмабайдың қолында тұрғаны жақсы емес пе? Қажет болса, қалаған күнде ол қызылкөзден атты жұлып алу да онша қиынға соқпас. Тіпті сол атты ұрлап халфеге апарған Жәдінің өзі бұл иек қақса қайта ұрлап әкелер, әрине, бір түнде жетектеп алып келеді. Оған Жәді қуанбаса, ренжімейді. Өйткені қыл арқанның күрмелген ұшы оның әрқашан мойнында, бұл тартып қалса болды, я қылғынып жанталасады, я келмеске кетеді. Жұмабайды бір-екі рет қорқытып, үркітіп қойса, атты аңдыған сияқтандырып, сонда оның өзі де күреңді сарайдан шығармас. Тіпті тақым салып мінуден де қорқар. Сонда күреңнің діні аман, отын оттап, суын ішіп тұра береді. Мұның ырысына Жәді тіл-көзден аулақ, біреудің күдігінен сырт жүрсе болғаны, тәйірі. Бірақ ол әккі, ол зымиян, ол ұры, ол оның есесіне Құныс сияқты қарақшы, қандыбалақ емес. Ел шулатпайды, жайлап жүріп-ақ шаруаны келістіре алады. Тындырымдысы-ай шіркіннің! Бір жақсысы, оның мұнымен неше жылдан бері астас, сабақтас екенін тірі жан білмейді. Ол бөрі түн жортады, түнде келеді, таң сібірлемей кетеді. Өткенде бәйге күреңнің Борсанның сырт жағында жер жыртып жатқан Кәрімнің қолында екенін ептеп халфеге сыбырла деген өзі болатын. Егер Ахмет «ойбай, қалайда ұрлап әкеліп, менің қолыма жүгенінен ұстат» деп жабыса қалса, шу шығармай, аңдысын аңдып жүріп апарып бер. Байқа, Ахмет халфе атты басқа жаққа асырып жібермесін, орайлы тұс осы кезең, қапы қалма деп жауырыннан сипап

отырып ақыл айтып еді, орындамауы мүмкін емес. Апырай, ә, әлде бірден жер бауырлап жетіп барып, күреңді үркітіп алды ма екен? Алдымен екі-үш айналып, аттың бойын үйрет деп айтуды жадынан шығарыпты-ау. Әттең-ай, қараңғы түндегі қабан құсап үйелмендей боп жанына бірден барса, ат түгіл, адамның өзі шошынып қалмай ма. Егер қапы қалып, Кәрімнің уысына түссе, айқайдың басы басталды дей бер. Әрине, Жәдінің аты Жәді ғой, бірдеңе қып құтылар-ау, ол қу. Бірақ артын шулатып аттан салдырып кетсе, шатақтың басы шықты дей бер. Немесе ол ит жағадан жармасқандарға қару жұмсап жүрсе, жо-оқ, ондай жарымесің Жәді емес, талай-талай кедергіден қарғып өтіп, арыстанның алдында жатқанды жымын білдірмей қағып кететіннің өзі емес пе еді. Иә, бұл Жәдінің, Жәді мұның сеніміне кіргелі қашан?! Көз аштырмас құтырынған ақ бораның да, күндіз-түні сабалап жауған қара жаңбырың да Жәдінің нар тәуекеліне титімдей де бөгет жасап көрген жоқ еді. Қайдам, ұрлық дегенде ақ перісі бар оның қарақшы атанған күні болған емес. Енді қайдам, қой Шағыр өз ойынан өзі шошынғандай селк етіп, айналасын шоли қарады. Кереге бойына ұсталған қызыл-жасыл қалы кілемдер мен болыскей ақ бас керуеттен басқа жанарына еш нәрсе ілікпеді. Иегін шошайта аспандап шаңыраққа көз тастап еді, күлдіреуіште қонақтап отырған айыр құйрық қарлығаштан өзге, одан сәл төмендеу уыққа байланып, салбырап тұрған шашақтары төгілген уықбаулардан басқа назарына ілінген бірауыз ескі винтовкаға Шағыр қайта-қайта қарап, осы құрғырдың орны сол ара ма өзі, әлде... дегендей ұмтыла түсіп қайта отырды. Алдындағы саумалды сапырып-сапырып бір ұрттап, ысырыңқырап қойды да, өзі шынтақтай қисайды. Бірақ шынтақтап та байыз таппады. Астындағы патсайы көрпені оң қолымен уыстай тіреп орнынан көтеріле беріп «я, Алла» деп белін жазды. Сонан соң аяқ астындағы жұп-жұмсақ кілемді басуға қимағандай екі бүйірін таянып сәл тұрды да сегіз қанат ақ орданың ішін ерсілі-қарсылы кезіп кетті. Осы жарық дүниеде мұның бар құпиясын, бар сырын білетін тек Жәді ғана. Екінші адам әзірге жоқ. Жәдіге де сенбес еді, мына уақыттың күн санап өршіп бара жатқан қып-қызыл өрт жалыны секілді жалындаған екпінінен сескенеді, ығысады. Оған қарсы тұрар асау да долы күштің жоқ екенін өзі жақсы біледі, сондықтан да сезімтал жүрегі еріксіз діріл қағатынға ұқсайды. Октябрь деген жалғыз ауыз сөздің өзі Ленин есімін толықтырып, бүкіл жарлы-жақыбайды қуаттандырып, қанаттандырып тұр деп ойлайды бұл. Енді ол шіркін немелерді тоқтату әй,

қиынға соғар. Өйткені өмір бойы аузы аққа жарымаған, тіпті ата-бабасы шекпен күпі киіп, өрістегі ешкінің емшегін сорып өткен байғұстардың екі сөзінің бірі – Ұлы Октябрь, Ұлы Ленин! Апырай, ә, ақырзаман болады дейді, жер бетін топан су қаптап, тіршілік біткен құриды дейді, бәрі бос сөз. Біз үшін ақырзаман осы Октябрь екенін ертерек білсемші. Езуі жырық, жалаң аяқ жаман Зімбілдің өзі: «Ленин бабам жан-тәнім, Байлардың жойған тарпаңын, Ленин Ұлы Октябрь, жарлының шешкен арқанын» деп тақпақтай жөнелгенде алдына жан салмайтын суырып салма ақын секілді домбыраға қосып бебеулетеді-ай кеп. Ойпырым-ай, сол қисық ауыз Лениннің кім, Октябрьдің не екенін білмейді, оның мазмұнына түсінбейді де, бірақ жырға қосады. Апырай, Лениннің даналығы шулаған тобырды соңына ерте білуінде боп тұр-ау! Неткен әулие адам, а? «Өзі өлсе де артына мәңгілік тұрар заман, жаңа дүние орнатып кетті-ау! Осы жаңа заманмен алысар күш енді құралмас, тек жан сақтап, бой бағып, реті келсе, іштей ара-тұра зиян жасаттырып, ең бастысы, өмір сүретін дара жол табу керек, сара жол енді бізге болмас?!» Шағырдың қан тамырлары лып-лып етіп, жүрегі жиі соқты. Құлағы шыңылдап, шекесі солқылдады. Ол адымдап барып, ақ бас керуеттің жиегіне бар салмағымен отырып қалып еді, кереуеттің темір торы – үстіне жиналған қабат-қабат кілемдердің жұп-жұмсақ түгі өзіне қорғаныш болмағандай дыбысын шығарып шиық-шиық етті. Шағыр кең маңдайын қос алақанымен тіреп әукесі салбырап кеткен иегін барынша төмен түсіре бір сәт граниттен жасалған мүсінге ұқсап қозғалмай қалды. Тек ауа сорған мұрнының шуылы ғана тіршілік нышанын білдіргендей. Сәлден кейін барып ол болар-болмас басын көтеріп «уһ» деп терең дем алды да, екі қолын екі мықынының тұсынан кереуетке тіреді. «Әй, ана бір шикі өкпені өзіме жәрдемші қыламын ба деп ем, әзір көнетін сыңайы жоқ-ау ол күшіктің» деп дауысын шығара күбірледі. Дегенмен «тізгінді босатпау» керек, дегенді іштей айтты. Қайткенде де осал жерін тауып, шідерлеп тастауым қажет, әйтпесе тек Жәдінің жауырыны маған түбегейлі пана бола алмайды. Кім біліпті, о да адам, оның да өмір сүргісі келеді, оған да тыныштық керек. Оның да ойлай білмесе де, ойнай білетін басы бар. Бір сөзді ит еді, қайдам мына заманың оны да екі сөзді етер, а! Иә, сенім сергелдеңге түскен уақыт. Жәді мұны тастап кетпесе, бұл Жәдіні өз маңайынан әріге итере алмайды. Уыс-уыс алтынды мұның қоржынына тыққан Жәді, ат басындай алтынға айырбастамас бәйге күреңді сонау жердің түбінен құнан күнінде жетектеп келген Жәді – мұның сеніміне әбден кірген ұры, Жәді болмаса,

Шағырдың атағы кіші жүзге жайылар ма еді, жайылмас па еді. Иә, «ердің атын не аты шығарады, не қатыны шығарады» деген осы-ау! Сөйткен Жәді туралы арам ойлаудың өзі харам сияқты, бірақ заманның қазіргі аяқалысы солай ойлауға, әр нәрсеге күдікпен қарауға итермелеп тұрған жоқ па? Ұмытпаса, осыдан төрт жыл бұрын таз руының төресі Еділ әкесі Шоманайға ас беріп, бір жыл бұрын үш жүзге сауын айтқан екен, арнайы адам жіберген соң алыс та болса бұл да барған. Қасында Ысықтың Түзелбайы мен осы Жәді. Құр қол баруға ыңғайсызданып, Түзелбай екеуі бірігіп, кіл қылаңнан бір үйір жылқы айдаттырып апарған. Жем өзенінің сағасындағы Сарықамыс деген жерге жүз қаралы үй тіктірген екен, бұларды Еділдің өзі қарсы алып, Түзелбай екеуін бас үйге түсірген. Сондағы бәйгеде адай руынан Қажыеке дегеннің шолаққасқасы озып келді. Сыптығырлау жіңішке, қамыс құлақ, кесік ерін ат екен, сынай қарап еді, көңілі толмады. «Бап емес, бақ шапқан ғой», деп іштей тынған. Бәйге арты дау-дамай боп, шектінің жігіттері «бәйге біздікі еді, шалқасқа жолдан қосылды» деп шатақ шығарып асты тастап кеткен. Сонда адай жігітінің тақымынан осы күрең құнанды көріп, есінен танып қала жаздағаны-ай! Сонау Бозашы түбегін жайлаған Түрікпен адайларынан бір топ жігіттер асқа келген екен, құнан солардың біреуінікі. Дәрет алған кісі боп құнанды сырт айналып тағы қарады. Қараған сайын құмары арта түсті. Тфа, тфа, қанатсыз жылқының жүйрігі болғалы тұр екен, жарықтық! Тіл-көзім тасқа, ойпырым-ай, тұрысын-ай, селк етпейді-ау, алдына қара салмас. Талмай шабатынның нағыз өзі, ой, танауын-ай, екі жағында екі өкпесі болар. Шашасының төгілуін, біреу-міреу сырттай қарап тұрып, сезіктеніп жүрсе деген оймен теріс айналып үйге кірген. Ас тарқап, елге оралар кезде бұл Жәдіні оңаша алып шығып, қайткенде де күрең құнанды қолға түсір, бірақ иесін жаяу қаңғытпа, қан төкпей ал, артыңды шуға қалдырма деп қатты тапсырған. Бұлар төрт күн жол жүріп, заузаның ақырғы күні ауылдарына таяп келсе, Жарыпшыққан қатты тасып, Тайсойғанның ұңғыл-шұңғылының бәрін су алып кетіпті. Түзелбайдың аяқастынан қызуы көтеріліп, ауырып, тарантастың үстінде аһлап-уһлеп әзер отырып келгені. Ақкөбенің тұсынан құмға кіріп, Жарыпшыққанға тірелгенде арнасынан асып-төгіліп бұрқырай ағып жатқан суды көріп, асанқайғыға басқаны-ай! «Шағыр, а, Шағыр, мені әуелден бірдеңе бастады. Сүйегі әлдеқашан қурап қалған Шоманайды тірілтем дедім бе екен, тыптыныш өз босағамда жатпай. Алла тағаланың өзі бұл жүрісімді хош көрмегенін біліп едім-ау, маған уақыт осы жерде болатын

шығар. Тек алатын жанын қинамай алса екен. Әй, Шағыр, мені түсірші, тарантастан, ойбай, ішім, ішім өртеніп бара жатыр. Әй, Алла, не жаздым саған, ең болмаса...» дей бергенде бұл оның сөзін бөліп жіберген. – Ойпырым-ай, Түзеке-ай, дүниеден түңілетіндей не боп қалды өзі? Пайғамбар жасына таялғанда кішкене сабыр тұтсаңыз қайтеді? Айдалада ойбайлағанша сіздің ауруыңыздың бетін немен қайтарамыз, соны ақылдасайық, – деп еді, Түзелбай үндеген жоқ. Сонда бұл: «Әй, Тоқтар, – деді божышыға. – Аттарды доғар да құланы салт мініп, сонау қырқадан асып түсші, соның ойпаныңда Наурыз шалдың үйі бар, бір бағлан сұра, бермесе, Шағыр айтты де, мен мосыға су қайнатайын, Түзекең жас сорпа ішсін». Шай қайнатым уақыт өткенде Тоқтар бағланды алдына өңгеріп жетті. Түсе қалып, қозыны бауыздап, әне-міне дегенше етін түгелдей ошақтағы қара қазанға салды. Ет қайнарқайнамастан анадай жерде жонын терістікке беріп, кескен томардай боп жатқан Түзелбай басын көтеріп: «Әй, атқосшы бала, еттің иісі мұрныма келді, жақсы ырым шығар, көбігі көтерілсе, қара сорпасынан құйшы, ыссылай ішіп көрейін», – дегені. Сорпаға маңдайы тершіген Түзелбай көңілденейін деді. «Шіркін, бағланның еті уыз ғой, балдан да тәтті, өзі шым қара екен, ауруыма шипа болса, әлгі Наурызыңа жиырма-отыз саулық айдаттырып жіберер ем. Шағыр, сен неге үндемей, томсырайып отырсың, ә?». «Тілек бір ғой, түзеке, сіз қатты ауырып қала ма деп зәреқұтым қалмады-ау. Әйтеуір, қазір өңіңіз кірді». «Қойшы, Шағыр, өзім де солай ойлаймын. Өйткені сорпа жүрді ғой өңештен, Алла хош десе, етті де жермін. Айтпақшы, осы Жәдіні жер жұтты ма, бізге еріп шыққан сияқты еді, ұштыкүйлі жоқ болды да кетті. Ой, пері-ай, ала құйын-ау ол. Саған да айтпады ма жөнін, серігің ғой. Қой, саған ескерткен шығар бағытын, әйтпесе жоқ деймін-ау, ел құрып, жұрт құрып, Жәдіні жолдастыққа ерткеніңе әуелден таңым бар. Әлде басқа бір мақсатың бар болды ма оны өзіңе қосшы қылғанда?». «Түзеке, не мақсат болсын менде, алыс жол, көрмеген ел, қосшылыққа да білегі бар, жүрегі бар жігіт керек емес пе, түге. Жолшыбай бір жерге соғатын шаруам бар деп отырғасын рұқсат еткенім рас. Оны жау алмас, әлі-ақ кеп қалар» деп айтуын айтқанмен, «ұрының арты қуыс» дегендей, Жәдіге дүдәмалы да болып еді. Кім біледі, ол қудың күрең құнанды не күйге түсіретінін, тәжірибелі әккі ғой, аңдысын аңдып жүріп қапысын табар, бірақ содан кейін жылқының мән-жайын білетін біреулерге жолай сатып та жіберуі мүмкін-ау ол шіркіннің. Қой...

«Шағыр, менікі жай сөз ғой» деп Түзелбай да қисая кетті де, қайтадан еңсесін көтеріп: «Сол итті суқаным сүймейді, ұры тазыша жалаңдап жүргені, өзінде де, сөзінде де бір тұрақ болсайшы», – деп қайта қисайды. Осы пәле бірдеңені сезіп қойған жоқ па екен деп бұл Түзелбайдың шара табақтай бет-жүзін барлай қарап еді, көңілге алатындай күдікті ештеңе сезбегесін жүрегі орнына түсті. Сәлден кейін тарантастың үстіне жайғасқан Түзелбай мызғып кетті. Бұлар сол арада екі күн жатып, судың қарқыны қайтпаған соң ақыры «Сағат» ағашының түбіндегі паромшы Сеңгірбайға жалынып, екі қозылы қойдың пұлын беріп арғы бетке өткен. Сонда Түзелбайдың тарантас салған паром суға батып кетеді деп, паромға отырмай зәре-құты қалмай қорыққаны-ай! Тарс жұмып алған көзінен жасы сорғалап, әулиеден әулие, құдайдан құдай қалдырмай, жалынып-жалбарынып арғы бетке әзер өткен, «ата сақалы аузына түскен адам мұндай қорқақ болар ма, суға былш еткізіп итеріп тастар ма еді өзін», деп мұның да жыны келген. Бұрын паромға түспеген аттар суға жығылар деген оймен божышы Тоқтар аттарды Жарыпшыққанның жіңішкелеу тұсынан суға салып еді, бәрі де жүзіп өтті. Аман-есен сегізінші күні кіші бесінде ауылға келсе, Түзелбайды күтіп жүргендер баршылық екен, іліп алып күннің кешкіргеніне қарамастан аттанып кетті. Қонағасы жеңдер деп, ернінің ұшымен ғана айтып еді, олар рақметін білдірді. Тағы бір жеті өтті. Жәді жоқ, тағы да бес тәулік өтті, Жәді келмеді. Бұл Жәдіден де, күрең құнаннан да күдерін үзіп, әлдекімге қаны қарайып, ұйқысы келмей жатыр еді, мезгіл түн ортасынан ауған. Кенет сықырлауық жартылай ашылып, «Шәке» деген дыбыстан атып тұрды, қуанғаннан жүрегі дүрсілдей соқты. Жәдінің дауысын анық таныды. «Кір» деді бұл бойын жинақтап, – Кір, кіре бер. – Ассалаумағалейкүм, Шәке, – деді Жәді қырылдай сыбырлап. – Аманбысың, қалай, ат-көлігің аман ба? – деді бұл салқындау ғана. – Шүкір, шүкір, әйтеуір, алдырмай-жұлдырмай жеттік. – Жеттігің кім, сен жалғыз емеспісің, түге? – Күрең құнан бір кісі емес, он кісінің құнына тұрмай ма, Шәке? Қараңғы жерде бір-біріне қарсы қарап тұрған екеуінің де жүзіне күлкі үйіріліп, көздерінде қуаныш оты жылтырады. – Отыр, отыр, баянда жайды, неге соншама кешіктің, батырым?

– Әлгі Аманғали банды айтыпты ғой. «Осыдан осы жылқы бойға сіңсе, тағысын тағы алармыз, қосшы бала» деп. Сол айтқандай бойға әбден сіңірейін деп кешіккенім, әйтпесе сендерді қуып жетуге болатын еді. – Иә, айта бер. – Жіңішке сорға жеткесін тал-түсте олар ат шалдырып, тыныстады. Жәдіге сол керек еді, қалың жынысты қуалап барып, құнанды іліп әкеттім де, орнына жетегімдегі құланы тастай салып, бел асып кеттім. – Сонда немене олар аттарын бақыламады ма? – Көз алдарында ұры тұр деп ойлады деймісің, шіркіндер. – Апырай, мекиен далада аттылы кісіні көздері шалмайтын, ылғи соқыр ма, түге? Әлде сенің көзбайлаушың бар ма? – Жүргіншінің бағытын білген соң, шоқырақты қойып, күні бұрын жіңішке сорға жеттім де, бой тасаладым. Олардың тап осы араға аялдайтынын өзімше топшылап ем, дұрысқа шықты. Жәдіні сезімі ешқашан алдап көрген емес. – Әй, бәрекелді, жарайсың, жігіт екенсің. Ендігі сенің міндетің екі елі аузыңды бір елі қақпақпен жап. Ар жағын өзім келістіремін. – Саудада достық жоқ екенін айтқызбай білетін шығарсыз? – Жәді суықтау жымиды. Қараңғы жерде оның пошымы ертегілердегідей қара дию сияқты боп көрінді. – Қалағаныңды ал, қолыңды қақпаймын. – Қызылқоғадағы татар келіншекке көңілім ауып жүр, не істеймін? – Ой, сөзің құрысын. Бала белде, қатын жолда емес пе саған? – Рас айтамын. Сонымен Ахмет халфенің байланысы бар деп естідім. – Сұлу ма өзі? – Ай мен күндей. – Айналдырып көріп пе едің? – Аулақ жүр, – деп ыршып түсті. – Саған тигенше асылып өлсем қайтеді, – дейді. – Ойланайын. – Осы жай мойныңызда, Шәке. – Жүр, күрең құнанды көрейік. – Көретін жерде жоқ. – Не дейді? – Жылқыға қосып жібергенмін. – Бүлдірдің ғой, текті жылқы қолға үйретпесең, өз жеріне тартып кетеді. Ендігі кетіп қалған шығар. Әттеген-ай... – деп дауыстап жіберген.

– Қапаланбаңыз. – Ой, ақымақ, мен сені... – Сіздің пәтеріңізге кіргізіп, шөбі мен суын алдына қойып... Мен ақымақ емеспін ғой. Сіз ойлағандай. «Уһ» деп бұл сонда жүрелей отыра қалған. Тершіген маңдайын алақанымен сүрте бергені әлі бүгінгідей есінде. Содан екеуі Көкжардың келесі базарына аттанып кетіп, күрең құнанды базардан сатып алдық деп жетектеп келген. «Ойылдың Көкжарына орыстар көп ат айдап әкелген екен, базарға салған жерінен осы құнан бізге бұйырды», деген лақапты таратқан да Жәді. Сөйткен Жәді «әйтті», «бүйтті» деуге мұның аузы барар емес. Содан Жәдіге берген уәдесін жұта алмай, әрі ойланып, бері ойланып, ақыры божышы Тоқтарға қос құланы тарантасқа жектіріп, Қызылқоға тартып кеткен. Татар байы Зәкирдің байы өлген жалғыз қызы Айбала өз алдына бөлек тұрады екен. Ол жайға Жәді арқылы әбден қанық бұл ат басын тура Зәкирдің үйіне тіреді. Қазақ арасында өскен Зәкир қазақшаға судай. Үйінде екен, құшақ жайып қарсы алды. – Ә, дос, хош келдиңиз, бик келдиңиз. – Татарша араластыруыңды әлі қоймайсың-ау, – деп бұл әзілдеді. – О, ана тілді ұмытқан оңбайды. Биз үйде татарша сөйләсәміз. – Уа, Қадиша, дос келді, дос, – деп дауыстады Зәкир. Үйден жасы елуден асса да өңі әлі таймаған, үстінен әтір иісі бұрқыраған Қадиша шығып, мұнымен күлімсірей шүйіркелесе амандасты. – Ә, Зәкирдің досы, үй-іші, мал-жаның аман ба? – Аман, аман, – деді бұл. – Өзі мынадай сұлу болғанда қызы қандай екен деген оймен. – Ал, үйге кіріңіз, төрлетіңіз. Татардың көк қақпалы, қиықтап салған шатырлы үйі әсем әрі таза, аула ішінде көлденең жатқан бір қиқым жоқ, жылан жалағандай. Кең бөлмеге шынтақтай жайғасқан бұл өмір осылардікі деп таңдай қақты да, іле өз ойынан өзі шошып, «Әй, Алла, кешіре гөр пәндеңді, иллаһи илолла» деп ішінен күбірлеген. Қысы-жазы көңін иіскеп отырғанның несі өмір дейсің, несі қызық дейсің, әй сағым қуған сар далаға не жетсін, ең болмаса, дәретке отырсаң, құйрығыңды жел қағады. Шіркін, көк шалғынға аунап-аунап алсаң, көліне көміле түсіп, күн шуағына арқаңды қыздырғанның өзі неге тұрады, басқа қасиеттерін айтпағанда деп шалқая түсті бұл. Бөлмесінің ауасы қапырық па, немене әлде әлгі қу әйел әдейі әтір шашып қойған ба, пай, әйелдің көшелісі екен өзі де. Дегенмен осы татарлардың

әйелдері сұлу әрі тартымды келеді-ау! Біздің қазекеңнің салпақ етек қатындарындай емес, түге. Бұл Зәкирдің үйіне осымен екінші рет келуі. Онда әйелі жоқ, Қазанға қыдырып кетіпті. Шайды күтуші құйып берген, асқа қарамай асығыс аттанып кетіп еді, енді мына бір жайт қу татардың үйіне еріксіз итеріп кіргізгені. – Ә, дос хал қалай, көптен көрінбей кеттің ғой. Мен ойладым, Шағыр ауырып қалды ма деп. Сосын сұрадым Шәріп досыңнан, ол айтты, бек аман деп. – Рахмет, Алла риза болсын. – Дұрыс айтасың, Шағыр, бір Алла жар бола көрсін-тағы. Әйтеуір, жаратушы иемнің назарына қалмасақ, бек ұзақ өмір сүрмекпіз, бек бақытты болмақпыз. Бұл әңгімені оңашада бастағысы келді. – Зәкир, мені сенің үйіңе мұрындықтап жетектеп әкелген бір шаруа бар. Соны өзіңе айтқалы отырмын, айып етпесең. – Мен түсінгем, Шағыр шаруасыз келмейді деп айтыңыз, хош аламыз. – Жәдіні білесің ғой, өзі маған жамағайын. Жаман жігіт емес, тек тұрмыс құра алмай жүргені болмаса, еті тірі. Соның жоқ жерде сенің Айбала қызыңа көңілі кетіпті. Содан мені итермелейді ғой, баяғы, Зәкір досыңа бар деп. – Дұрыс, жөн-жөн достым, – деді Зәкир біраз үнсіздіктен кейін. – «Қыздың өзі үйде, қылығы түзде» демей ме қазақтар. Жалпы, бұл – ортақ мәтел. «Қыздарға қырық үйден тыйым» дейміз біз. Бұл мәтел сіздерде де осылай айтылады. Көксауыр кебіс қыздың бір мүлкі, әне тұр киілмей. Үкілі сәукелесі мен мәндала пешпеті, ләмбөктен тігілген екі көйлегі, көк мауыттан зерде салған қос жағалы сырт киімі әне ілулі тұр, киілген емес. Солай Шағыр достым, жалғыз қыз еді, Алладан тілейміз, аман жүрсін деп, осындағы бір пақырлау татарға қашып кетіп еді, онысы аяқастынан өліп қалды. Енді сыбай-салтаң жүр, ол біздің тілімізді алмақ емес. Айбаланы айтамын. Сонымен, ол қыздың билігі менің қолымда емес. – Апырай, ә, жайсыздау болды-ау мұның өзі, – деп қабағын шытты бұл. – Жуырда Хасан хазіреттің мешітінде болдым. Содан бір Аллаға мінәжат етіп, енді кейін шығайын деп жинала беріп ем, әулие адам ғой хазірет мені ымдап өзіне шақырып алып, бар жағдайымды сұрады. Сонда несіне жасырайын, қызым жайын да айттым. Біздің отбасыға кесір болмай ма деп сұрадым. Хазірет біраз үнсіз отырды да «жо-оқ, сен өсірдің, өндірдің, міндеттен құтылдың. Оның сұйықтау болғанына ата-ана жауапты емес» деді. Тап осылай. Әрине, сұйықтау деген ауыр

сөз. Бірақ қайтерсің, құдай басқа салғасын. – Зәкирдің көз алды суланып, мұрнын тартып-тартып қойды. – Апырай, ә, жайсыздау екен, – деді бұл. – Өзі келіп тұра ма? – Биік жайсыз, бик жайсыз, оныңыз рас. Құдай маған бір ұлды қимады, қимады, – деді Зәкир. – Иә, иә, көріп тұрамыз. – Оу, достар, шай әзір, – деді Қадиша дауыстап, бірақ еркетотай үнмен. Зәкирдің үйінен тарантасқа отырып, ол тура Айбаланың үйіне ат басын тіреді. Оңашада өзімен бетпе-бет сөйлеспек. Кіреберіске байланған көкжал төбет арсылдап, жан алып, жан берейін деп тұрған соң, Тоқтар «кім бар-ау» деп дауыстаған. Сыртқы есік жайлап ашылып, сәнді халат киген келіншек шықты. Содан ұмтылып келіп, төбетке «жат орныңа» деп бұйырды да, өзі тарантасқа отырған бұған қарай қадам басты. Тоқтарға амандаспады. Бұл тарантастан түсіп бойын жазды. Тура шешесінің аузынан түскен екен деп ойлап үлгерді іштей. – Сәлем бердік, – деп иілді келіншек мұның қарсы алдына кеп. – Сәлемат бол, қарағым, біз бір жолаушы едік, өзіңде аздап бұйымтайым боп... – Үйге кіріңіз, – деді келіншек. – Тоқтар сыртта, бұл ішке кірді. Жып-жинақы, әп-әдемі әсем үш бөлмелі үйі бар екен, көрпе төселген шағындау бөлмесіне келіншек өзі бастап кірді. – Жайғасыңыз, мен шай қояйын. – Жоқ, шырағым, жаңа ғана жайланып шықтық. Қонысың құтты болсын, шырақ, келген-кеткеннің қайырлы болсын! – Рахмет, әлей болсын, қайырын күтіп жүрміз ғой, аға! «Адамға бітпеген сурет қой мынау, ойпырым-ай, тал бойында бір мін болсайшы, шіркіннің! Құдай-ау, неткен ғажап сұлулық» деп іштен тамсанды бұл. Бірақ қарсы алдында отырған айдында жүзген аққу-әйелге көз тастап телмірген жоқ. – Мен Шағыр деген ағаңмын, шырағым, – деді бұл сәл үнсіздіктен кейін. – Естуім бар, елге аға, тонға жаға деп жұрт айтады сізді. Әділ адам, ақ пен қараны ажырата біледі дейді. – Рахмет, шырағым. Оймақ ауыз, пісте мұрын, бадана көз, тізесінен төмен түскен тоқпақтай қос бұрымы, сазанның бауырындай ақ балтыры, сәл шалқақтау кеудесінде дірілдеген қос анары, жиі-жиі алған ыстық демі мұның назарына бірден іліксе де, сұқтанған жоқ, қайта қарамауға тырысып бақты.

– Шай қоюға рұқсат етіңіз? – Жо-жоқ, шырағым. Жаңа ғана Зәкир досымның үйінен жайланып шықтым. – Онда шаруаңызды айтыңыз. – Нешедесің, шырағым? – Биыл он сегізге толамын. – Тіпті жас екенсіз ғой. – Иә, «құдай аямағанды адам аямайды» дейді ғой қазақ. Бірақ алақанға сап аялайтындар да табылып қалар. – Келіншектің езуінде мысқыл білінді. – Жо-жоқ, олай деме шығарым, басың жас, бақытың әлі алда. Тек жалғыз тұрғаның ыңғайсыздау екен. Зәкең де жаңа осы жайды айтып, қамығып отырған сияқты. Үнсіздік. «Қой, абыройым барда осы үйден шығып кетейін», – деп ойлады бұл. – Мынау бас салып байлап алмасаң, Жәдіге тимейді, ал зорлық-зомбылықпен алды дейік, бәрібір әйел болмайды. Сосын «Шағыр үйтті, Шағыр бүйтті» деген қаңқу сөзге қалармын, одан да сыр бермейін. Төстеп кететін заман қалған. Өзі дұрыс адам ғой, апырай татардан туса да қазақша қалай-қалай сөйлейді. Істің мән-жайын білетін ақылды әйелге ұқсайды, сұлуға сөз көп. Жәдінің айтып жүргені де сондай сөз болуы мүмкін. Аппақ айдай келіншек тер сасыған жаман Ахметті не қылсын, қойнына алмақ түгіл, мың ділдә берсе де бетінен бір сүйдірмес». Іштей осындай шешімге келген бұл «ал, жақсы, шырағым, айып етпе» деп шығып кеткен. «Сау болыңыз» деп келіншек қалған. Содан Қызылқоғаға да, басқа жерге де аялдамай ауылға бір-ақ тартқан. Өзегі өртенген Жәді де тулап-тулап басылған. Содан бері аттай төрт жыл өтті. Дөненінде бас бәйгені иемденген бәйге күрең содан бері талайталай сарапқа түскенмен алдына шаң шығарған жоқ еді. Енді міне... Шағыр орнынан атып тұрып, үй-ішін кезіп өтті. Айтпақшы, мұның ақылын тыңдамаған Жәді Айбаланы алып қашпақ боп, бір күні соның үйін торып жүрсе, кенет сыртқы есік айқара ашылып, үйден айдай келіншекті құшақтап банды Құныскерей шыға келмесі бар ма. «Қашан келесің енді?» деп үздіккен келіншекке Құныстың: «Бұл аптада мені күтпе, дегенмен, өзім келмесем де, көлеңкем сені сырттай бақылар суық қолдан», – дегенін естіп, Жәді сұлу келіншекті біржола ойынан шығарған. Жан керек екен, пәтшағарға. Шағыр мырс етіп күліп жіберді. Бұл әңгімені кейін Жәдінің өзі айтқан. – Апырай, Шәке-ай, сіз әулие болмағанмен, көріпкел екенсіз, –

деді ол іңірде ат сабылтып келіп, үлкен бір жаңалық ашқандай аңқылдай сөйлеп. – Немене, анау келіншекке жолама дегенім бе? – Әңгіме онда емес, әңгіме сіздің көріпкелдігіңізде боп тұр ғой. Есіңізде ме, мен мисызға «сол келіншектің құшағында Ахмет халфе емес, зор тұлға жатыр ма деп ойлаймын, жоламашы соған, басыңа қатер төнер» дегеніңіз. Осы сөзді мен шығарып салма сөз, мені қорлап отыр, мүмкін Айбалаға өзі қызыққан шығар деген күдікпен не де болса нар тәуекел деп, Айбаланы бір түнде алып қашпақ болдым. Бел асып кетсем, көнбей қайда барар дейсің деген арам ой ғой менікі. Содан келіншектің жылт етіп түзге шығуын аңдымаймын ба? Екі атты сықитып ерттеп төбе астына қойғанмын. Өзін аузын басып көтере жөнелмекпін, тіпті көнбесе іштен бір ұрып талдырып, атқа өңгеріп кетпекпін. Қаным қарайып отыр ем, таң білінербілінбесте есік сықыр ете қалды. Мен де атылғалы тұрған жолбарысша «иә, сәт» деп жиырыла бастап ем, есік айқара ашылып, іштен еңгезердей біреу шықты, келіншек қайда десем, қолтығында орай құшақтап алыпты. Есімнен танып қала жаздадым. Үңіле қарасам, Құныскерей, үстінде түйе жүн шекпен, басында дөңгелек кәмшат бөрік, аяғында қисық табан етік. Алпамсадай боп келіншекті орай құшақтайды-ай кеп. Ойпырым-ай, кәпірдің жүректісін-ай, неғып қорықпайды-ай, бұл ит. Егер есік алдында милиция күтіп тұрса, қайтеді, а? «Қашан келесің?» деді келіншек жалынышты үнмен. «Бұл аптада мені күтпе, дегенмен өзім келмесем де, көлеңкем сені сырттай бақылар суық қолдан», – деп кеңк-кеңк күледі. Содан өз-өзімнен терлеп, отырған орнымнан тұра алсамшы. Құныс ауладан қарғып түсіп, үйді айналып кеткенде де есімді жиып өзіме-өзім келе алмадым. Сөйтіп, қазулы көрге өз еркіммен барып түсе жаздадым-ау. Ойпырым-ай, құдай сақтады-ау мықтап, бір-екі рет есігін қағуға да оқталып барып, тоқтап едім. Құрысын сұлу келіншек, бастың амандығы жақсы, Құныс аунаған жерде менің нем бар, өле алмай жүрмін бе? – Ер жігітсің ғой, Құныстың қол-аяғын күрмеп байлап, ГПУға апарып тапсырғанда келіншек сөзсіз сенікі болар еді, – деп мысқылдады бұл. Жәді үндеген жоқ. Қап-қара беті одан сайын қарайып, балшықтан соққандай етекті мұрыны одан сайын жалпайып, жайын ауызы салпиып, бір сүйемдей маңдайындағы алты сызық жиырылып, шүңірек көзі біресе әрі, біресе бері жылжып тұрғандай, әйтеуір, бет-пошымы аласапыран күйге енді. – Әрине, қапысын тауып өлтіруге болар еді ол кәпірді, бірақ

сол бойда оның көлеңкесі мені өлтірер еді. Сонда кімге пайда, кімге зиян? Жүгіріп барып милицияға айтуға да болар еді, бірақ үйіме жеткізбей жарты жолда жүрегімнен қанжар қадалар еді. Сұлу келіншекке сөз айтқаным бекер болды. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» демей ме қазақ. Әйткенмен Құныс та адам ғой, онда да жүрек бар, онда да ми бар, менің жазықсыз екенімді, әншейін уақытша желіккенімді түсінер деп ойлаймын. – Бос сөзді доғар, Құныс ондай ақымақ емес, сені неғылсын, сенде алты атасының құны жоқ қой ала алмай жүрген. «Қызға кім сөз айтпайды, қымызды кім ішпейді» деген емес пе. Бірақ үлкеннің ақылын әр уақытта тыңда, артық етпейді. Құнысты көрдім деп ешкімге тіс жарма. Жәдінің өңі сәл-пәл кіре бастады. Әңгіме осымен аяқталды дегендей, бұл да орнынан тұрған. Шағыр осы бір өткен жайларды ой елегінен өткізген кезде өзегі өртене бастағандай болады. Төрт жылдан бері талайталай су ақты, уақыт жаңарып жаңғырықты. Заманның беті мықтап өзгерді. Жалшы-жақыбайлар әлділердің желкесіне міне түсті. Баласындай мәпелеген бәйге күрең енді, міне, кім көрінгеннің тақымында ойнамақ. «Қазір қара бастың қамы үшін қойныңдағы қатыныңды да берерсің» деп Шағыр суық жымиды. Бүгін я ертең, Жәдіден бір хабар боп қалар деп өзінеөзі басу айтты да, басын торлап алған көп ойды еріксіз қуалап шығуға тырысты. *** Бәйге күрең қолына тиіп бір түн асқасын Ахмет халфенің сәл-пәл бойы үйренейін деді. Жалғыз Жәдіден басқа аттың бұл үйге келгенін тірі жан білмейді де, сезбейді де. «Мен осы неден қорқып үрейленемін?» деп ойлады ол. Ал ұры Жәдінің аузын мықтап тұрып майлады, енді ол шіркін бұған қарап аузын аша алмас. Алда-жалда күреңнің ізі білініп қалса, Жәді пәлен күні келіп қорама байлап кетті, тұра тұрсын деп жалынғасын рұқсат еткенім рас, оның кімнің аты, қандай жылқы екенінде менің шаруам қанша деп безеріп отырар. Әйтеуір, халфе ұры екен деп ешкім жар салып айқайлай қоймас. Осындай оймен қанаттанған Ахмет күреңді сырттай тағы бір қарап, шөбі мен суын алдына қойып, есікке дәу қара құлыпты салды да, тың тыңдауға шықты. Алдымен Зәкир татардың дүкеніне бас сұғып еді, өзі жоқ екен. Содан талтаңдай басып Шәріп досының дүкеніне кірді. Ол үйелмендей боп, прилавканың ар жағында қырдан келген бір-екі қазаққа сауда жасап тұр екен, мұны байқап қалып, әуелі ыржиып күлді де, сосын «ассалаумағалейкүм» деп прилавканың үстінен екі қолын бірдей ұсынды.

– Әліксалам, Шәріп аманбысың, қырдан келген сауатсыз қазақтарды шырылдатып, есеп-шоттан жеп жатсың-ау, а? – деді Ахмет сәл езу тартып. – Астапыралла, өзімдікі өзіме бұйырса да аз емес. Әр заттың өкімет қойған бағасы бар, сонан бір тиын артық алсам, харам болсын, – деді оң қолын жүрегінің тұсына апарған Шәріп. – Әй, білмеймін, қу татарға сенім жоқ. Анау Зәкир татар да тап осы сенің сөзіңді қайталайды. Екеуің бір-біріңнің ауыздарыңды жалағансыңдар ма, осы? – Халфе қарқылдай күлді. – Ой, шайтан-ай, ә, құрдас деген осындай, қайдағы жоқты айтады, – деді Шәріп те күліп. – Иә, қатын-балаң, мал-басың аман ба? Неғып, мешітке бармай сенделіп жүрсін. Ертең жұма намазы бар емес пе? – Бес уақыт намазымды жіберіп, сен құсап құдай алдында күпірлік қылғаным жоқ. Сонымен қоймай Мұхаммедтің үмбетіміз деп күмпілдейсің-ау, тәйірі. – Астапыралла, мына шайтан не дейді-ай, халфеміз сүй дегенде басқа жұрт бізге не демес, қайтып ал сөзіңді, әйтпесе бүгін саудаға түскен «жүз бесінші» шайдан мақрұм қаласың. – Тек, жұрт көзінше ұялсаңшы, – деп Ахмет жуаси қалды. – Мына кісілерге сатпай прилавканың астына тығып тұрсың-ау, шайтан, ә? Қазір комиссия шақыртсам қайтер едің? – Бұл кісілерге де бес қадақтан шай бердім, неге бермейін. Шәріп алаяқ саудагер емес, Шәріп таза адам, құдайдың құлы. – Алдық қой бұйырғанын, – деді мұртты кісі мұрнының астынан сөйлеп. – Сосын қасындағысын қақпайлап, дүкеннен шапшаңдатып шығып кетті. – Ә, қу татар мен келмегенде ғой, мына екеуінен бір жылдық шай-суыңның пұлын қағатын едің, құдай біледі, ішіңнен мені сыпыра боқтап тұрсың-ау. – Астапыралла, халфені боқтап, аузымды былғар жайым жоқ. Исламның тікелей өкілі емеспісің? Басқа-басқа, ал сенің жолың бөлектеу. – Хасан хазірет пен Мырзағали ақонды қайда қоясың? – О, хазірет үлкен адам, Мырзакең өзің қарайлас. Хазіретке тіл тигізуге болмайды. – Әй, қу татар-ай, өлтіресің-ау тура. – Екеуі қосыла күлді. – Шайыңнан беріңкірерсің, кешке таман Тәмтидің өзі келер, – деді Ахмет. – Беріңкірейтін бұл жолы болмас, барына қанағат ет, – деді Шәріп Ахметтің қушық кеудесін қысып-қысып қойып. – Ақмұнара шапан мен қисық табан құрым етік тауып бер дегеніме жарты жыл болды, енді қашан? – Апырай, саудаға түспесе, жерден қазамын ба? Сен тіпті

әрі-беріден соң аспандағы айды сатып аламын, саудаға түсіріп әпер дерсің? – Сандаламай дұрысыңды айтсайшы. Саудагерлерің бар емес пе?.. Астыртын түрде, жең ұшынан жалғасатын. – Қазір оларды қия бастырмайды, шетінен бытырлатып ұстап жатыр. ГПУ дейтін бір пәлеге қалдық қой. Жетіп келеді де, тығынды-мығындыңды суырып алып, өзіңді құйрыққа бір тебеді. Сосын Текеден бір-ақ шығасың. – Онда сені неге ұстамайды? – Тфу, сөзің құрысын сенің. – Әй, осы сенің Шағыр досың қайда, көптен көргенім жоқ? – Ол саған неге қажет боп қалды? – Ойпырым-ай, тіпті сұрауға да болмай ма? – О, ол жақсы адам, аздап ауырады деп естідім, барып қайтуға мына өкіметтің жұмысынан мұрша жоқ. Шағырға терезесі тең келмейді көп қазақтың, ойлы кісі, философ. Сендейлердің жүзі оның қолына су құя алмайды. – Қойшы-ей, көмейіңді Шағыр толтырған екен, әйтпесе қу татардың аузынан мынадай сөз он түйе берсең де шықпас еді. Құлқының көміліп қалған-ау, сірә. – Шағырды жамандайтын ол менің қатынымның қойнына барған жоқ, көгендегі тоқтымды ұрлаған жоқ. Кезінде қазақ жасамайтын жақсылықты жасап, дүкен ашуыма қаражат берген. Сендей қу мұрт емес, тиын санайтын, адамгершілігі зор адам. Ахмет халфе үндеген жоқ. «Апырай, – деді ішінен, – Шағырды жаман дейтін бір кісіні көрсемші. Неткен залым адам, бәрінің аузын алып тастаған. Неткен байлық, бірақ малы көп болғанмен, соның қызығын көрмегендер қаншама? Өзінен-өзі қызғанатын шіркіндердің малы қазір қызыл итке жем боп жатқан жоқ па? Бірақ Шағырдың тығындысы бір ауылдың малын сатып алуға жетер. Өткендегі жиырма қызыл ішігінің өзін Николайдың бір теңгелік алтындарына айырбастағанымда...». – Әй, неге үндемей қалдың, ішің күйсе тұз жала. – Жо-жоқ, сенен суыртпақтап сыр тартайын дегенім ғой баяғы. Жұрт мақтаған адамды сен жақтар ма екен деп. – Әй, осы сен Шағырдың үстінен сөз теріп жүргеннен саумысың, онда ашып айт, аяғың аспаннан салбырап түссе де, есікті сыртынан жапқызам. Ахмет Шәріптің бетіне жалт қарап еді, Шәріптің үйелмендей денесі жинақталып, беталды суып, көгістеніп кеткен екен. – Тек, патшағар, бәріміз де құдайдың құлымыз ғой. Ол не дегенің? – Нан ұстайын де, әйтпесе осы қылығыңды түп-түгел Шағырға жеткіземін, сақтансын сенен.

– Тек, пәлекет, соншама не бопты, мені сен кім деп тұрсың? – Нан ұстайын де. – Шәріптің сөзі зілді шықты. – Ал, нан ұстайын, құрдас. Оллаһи шыным, жай сені қажайын деп. – Жарайды онда, осыдан... әйтеуір, шайтан түртіп жүрмесін. – Әй, сау бол, татар, шайды ұмытпа. – Ахмет дүкеннен шығып үйіне қарай аяңдады. «Әбден бүлдірдім, қап, шынында шайтан түртті-ау мені», – деп өкінді ол. Құдай бірдеңеге бастарда сөйтеді ғой өзі. Тағы да мықтап ойланайын, ойланбаса болмас тегі. *** Төлеш Борсандағы екі жуан кісі қатар сыймайтын кеңсесіне кіргенін бағып тұрғандай пар ат жеккен тарантас зыр етіп есік алдына тоқтай қалды. Тарантастың үстінде божышыдан басқа екі кісі қатар отыр. Оң жақтағы сарғыш өңдісін шырамытты, аудандық милиция бөлімінің бастығы Иманғалиев Әлім, ал екінші дембелше жас жігітті танымады. Төлеш қонақтарды қайта шығып, есік алдында қарсы алды. – Есенсіз бе, – деді Әлім Төлешке қолын ұсынып. – Сәлеметсіз бе, – деді жас жігіт басын изей амандасып. – Әліксалам, жол болсын, жігіттер, төрлетіңдер, – деді Төлеш сол қолымен кеңсенің есігін көрсетіп. – Төке, мені танитын шығарсыз, – деді Әлім, – ал мына жігіт Үйшіктен келген уәкіл, дәлірек айтсақ, біздің Гурьевтегі екінші бастығымыз Сәлім Басаров. – Хош келдіңіз, – деді Төлеш сәл иіліп кеткен мойнын қатайта, басын кекжите ұстап, – Сәл шаруамен сізге соға кетейік деп, – деді Әлім шегір көзін Төлешке қадай сөйлеп. – Онда ішке кіріп сөйлесейік. – Жоқ, осы жер қолайлы. Сіз аз уақыт қыдырыстап қайтсаңыз, – деді Әлім божышы жігітке иегін көтеріп. – Онда мен аттарды суғарып келейін, – деп божышы делбе қақты. – Төке, егістігіңіз қалай? – деді Әлім, – қасыңыздағы жігітіңіздің хал-ахуалы жақсы ма? – Бәрі де әзірге көңілдегідей. – Сол жігітіңіз осы Шағырдың қолшоқпары емес пе, Төке? – О не дегеніңіз, ештеңе сезгенім жоқ. Адал, бірбеткей жігіт. Иә, иә, меніңше, дұрыс азамат болатын қабілеті бар. – Онда жөн екен, сізден бір өтініш Құныскерей екі жолдасы

мен Тайсойғанға кіріпті деген хабар алдым. Қырағы боп жүріңізші, егер бірдеңе сезе қалсаңыз, дереу бізге хабарлаңыз. – Жарайды, сонда сіз менен де, анау бозбаладан да қауіптенесіз бе? – Жоқ, Төке, қайта өзіңізге сенгенімізден ғой. – Олай болса дұрыс екен, ол банды маған көрінбес, көрінсе, қапы қалмаспын. – Ал, сау болыңыз. – деді Әлім божышыға қолын көтеріп. – Сау болыңыз, – деді Сәлім Төлешке жымия қарап. – Әйтеуір, қырағы болыңыз. – Әрине, әрине, – деді Төлеш. Пар ат жеккен жеңіл тарантас зырлай жөнелді де, әп дегенше артында шұбатылған шаң қалдырды. Аң-таң боп Төлеш тұр. «Бұл не жұмбақ, түсінсем бұйырмасын, – деп ойлады ол. – Кәрімді, Шағырды, тіпті Құныскерейді әңгімелеуі тегіннен-тегін болмас. Әлде маған да күдіктенеді ме екен, ә? Қой, бұлардың әдейі мені нысанаға алуына қарағанда, шынында да, бір дүбір таянған-ау, бірақ оған менің не қатысым бар? Айтпақшы, бәйге күреңнің ұрланғанын да айта алмай қалдым-ау. Соны ұрлаған Құныстың жәрдемшілері болар ма, жоқ, мүмкін емес? Күреңді ұрлаған ұры, қарақшының қимылы бөлектеу ғой. Құныскерей олай қимылдамаса керек. Оның жүрісі бөлек. Ол қажет екен, күреңді Шағырдан да ала алады. Бұлар, сөз жоқ, менен сыр тартқысы келді. Әлімнің қасындағысы менің аузымнан шыққан әрбір сөзімді тергеп-тексеріп тұрса керек, бақырайып көзі тесіп барады, ал өзі жағын ашқан жоқ. Әлде біреу-міреу сыртымнан ғайбаттап жүр ме екен, ол да болмай қоймас. Мейлі, не істесе, ол істесін, менің шаруам түгел». Осындай ой тізгініне берілген Төлеш кеңсенің есігін құлыптады да, өзі дереу атқа қонды. Бағыты – Қызылқоға. Тіпті анадай жердегі үйіне соғып, жөнін де айтып кетуге бұрылмады, астындағы атын шоқыта жөнелді. Төлеш сол шоқытқаннан шоқытып, түс әлетінде Қызылқоғаның бері кіре берісіндегі досы милиция қызметкері Сақтапбергеннің үйіне ат басын бір-ақ тіреді. Сақтапберген қаракөлеңке сенегінде шайды терлеп-тепшіп тартып отыр екен, ұзын мойын Төлеш тосыннан кіріп барғанда, қолындағы шыныаяғын түсіріп ала жаздады. Шай құйып отырған Сақтапбергеннің әйелі Күләш та сасып қалып: – Бұл кім, әй? – деп дауысын шығарып жіберді. – Мен Құныскерей, таста қаруыңды, – деді Төлеш әзілдеп. – Құныс болмақ түгіл құда болсаң да тағамнан үлкен емессің, тізе бүк, – деді Сақтапберген. – Жай ма, ойпырым-ай, – дегенді қосып қойды. – Жай емес, шай ішейін деп келдім, – деп Төлеш етігін де шешпестен дастарқан шетіне қисая кетті.

– Иә, сөйле, – деді Сақтапберген Төлешке қарай жылжи түсіп. – Неменеге ұнжырғаң түсіп кеткен, батырым. Асығып, аптығып жүруіңе жол болсын! Қара жер қозғалмаса қозғалмайтын сені қозғаған қандай күш, ә? Төлеш бүгінгі кездесудің мән-жайын тәптіштеп айтып берді. Сонан соң шыдай алмай атқа мінгенін, мұның ойынша Кәрімге де күдіктенудің қажеті жоқ екенін, оның адал, іскерлігіне айрықша тоқталып өтті. Тіпті қызына келе алдында құюлы тұрған шайын да ұмытты. Мойнының бір қатайып, бір босап кеткеніне де назар аударған жоқ. – Меніңше, Әлім жөн-жосықты білетін, қандай істі де өзінше пайымдайтын жөні түзу азамат адам. Ол біреудің алыпұшпа сөзіне әбден көз жеткізбей сене қоймайды. Және де ол анау-мынау кісіге әңгіме айтып, сыр тартпайтын адам, көп жыл әскер қатарында қызмет еткен, ысылған, тәжірибелі басшы. Оның жалғыз көрген құқайы Құныскерей емес, ол одан да зор Совет өкіметінің жауларымен алысқан. Сондықтан, Төке, елірмей, аптығыңды бас. Әлімнің біздің ауданға келгеніне де бір жыл толып қалды ғой, өз басым қатты сыйлаймын. Құныс келсе келсін, енді ол бұрынғыдай талтаңдай алмайды, Әлімнің құрығына немесе құрған тұзағына тез түседі. – Кәрім жөнінде неге сұрады екен? – Сұраса несі бар, сіз туралы пікірі дұрыс болған соң көңіліндегі күдігін аша түскісі келеді. Шағырдың қолшоқпары боп кетсе, дыңдай азаматтан айырылдым дей бер. Өзіңнің айтуыңа қарағанда, ол жалындап тұрған бозбала екен ғой. Значит, оны анау-мынаудан сақтап, қорған болып жүру сенің тікелей міндетің. Әлімнің Кәрім жөнінде мазасыздануы да осыдан. Әлдекімдердің азғыруымен азғындық жолға ауытқып жүрсе, жас қой. Төлеш етігін шешіп келіп, тіктеліп отырды. Шай қайта ысытылды. Ол терлеп-тепшіп шайды сораптай түсті. Көзіне тер құйылғандықтан ба, сенектің қараңкөлеңкелігі одан сайын күңгірттене түскендей болғасын шыдай алмай: – Күләш, аздап терезені сығырайтшы, біздің шай ішіп отырғанымызды құдай көріп қалатын болса да, тіпті. Не ішіп, не жеп отырғанымызды білмей қалдық қой, жүдә, – деді. – Сақтапберген мырс етті. Күләш орнынан шапшаң көтеріліп, терезе пердесінің шетін сілки ашты. – Әй, жолдас, менің уақытым болды, жұмысқа барамын. Сіз бұл шайды қай кезге дейін сілейтесіз, а? – деді Сақтапберген Төлешті бүйірінен түртіп. – Тоқта, жұмыс бар, оңаша айтатын. – Күләш, сен шыға тұршы, бәсе бұл жай келмейді. Бір

шәугім шайға шақырып келтіре алмайтын едік, міне, көрдің бе? Ал, айта бер, – деді әйелі есікті сыртынан жапқанына анық көзі жеткен Сақтапберген. – Алдыңғы күні түнде Шағырдың бәйге күреңі қолды болды, – деді Төлеш ақырын сөйлеп. – Қойшы, оны қайдан білдің, кім айтты саған? – Ойбай-ау, оны Кәрім мініп жүргенін естімеп пе едің? – Оны мен иіскеп сеземін бе? – Ой, сөзің құрысын, сені де милиция дейді-ау. Сонымен, біз үшеуміз күркеде қорылды соғып жатқанда, біреу күреңнің қыл шылбырын шорт кесіп жетектеп кетіпті. – Күндіз бе? – Түн жарымда тағы. Күндіз атты алдырып бізді қара басып па? – Апырай, сенде де ес жоқ екен, айдалада жатып кісі соншама ұйықтай ма. Үшеуің кімдер? – Кәрім, оның інісі, сосын мен. – Иә, сосын не істедіңдер? – Не істейік, Кәрім қызынып еді, мен жібермедім, жазым бола ма деп. Із кесіп едік, анық бір адам, жарты шақырым шамасындай жер жетектепті де, сонан соң мініп қайқайыпты, бағыты – құбыла, осы бет. – Шағыр бұтына сиетін болды ғой енді. Әлде... – Не әлде, қандай ойың бар, алған кімнің ұрысы, алыс па, жақын ба? – Айту қиын, тіпті топшылаудың өзі қиын. Нұрғазыға неге бармадың, ол ізбен індететін еді, қап. Мүмкін, бұл шынында Құныскерей болар, ә? – Шу шығармайын дедім. Жо-о-қ, бұл оның ісі емес. Жеке ұры, тәжірибелі ұры. Кілтті тұсамысты аттың аяғына салмаған күні жер соқтырып тұр ғой. – Мүмкін, Кәрімнің өзі әдейі салмаған шығар, біреумен келісімі боп. – Ой, сен де, аузым бар деп оттай бересің-ау. Одан да келімге келетін сөз айтсаңшы. – Кәрім қайда? – Егістік басында қалды, мен келгенше қозғалма дедім. Ал інісін ауылына жібердім, Шағырға болған жайды тіс жарма деп тапсырдық. Оның да әуселесін көрейік. – Жігітті жалғыз қалдыруың бекер болған, ит жей ме, сенің егістігіңді. Енді ол ойына не келсе, соны істейді. Атты ұрлаған адамды тауып, өш алмай қоймайды енді. Тезірек қайт та, жігітті қолдан шығарма, атқа мында мен құлаққағыс болып, астыртын сұрастырып әрекет жасап көрейін.

– Онда мен қазір аттанамын. Сен осындағы іске бас-көз бол. – Тағы қандай іс ол? – Апырай, шошынбасайшы, бәйге күреңді айтамын. – Е, жарайды, оны несіне жүз рет қайталай бересің, тәйірі. Төлеш атқа асығыс тақым салды. *** Кәрім екі күн бойы өзін қоярға жер таппай лашыққа кіріп-шығумен болды. Әлі де көмескіленіп үлгермеген бәйге күреңнің ізіне түссем бе деп ойлады ол. Жаяу-жалпы қайда барып, кімді қиратамын деп өзін-өзі тоқтатты. Қап, кімде болса жер соқтырып кетті-ау, әлде осыны Шағырдың айдап салуымен немесе итермелеуімен әккі біреу жасады ма екен, ә? Кім болса да жер табиғатын жақсы білетін әрі бәйге күреңнің мінезіне қанық адам. Кәрім мосыға қара шәйнекті іліп, астына құрғақ тезекті лаулатты. Күн көзі ұясына еңкейді, кірсем бе, кірмесем бе дегендей жалаңаштанып, қып-қызыл шоқтай боп бадырайып тұр. Осы күйінде ол жүгіріп барып, көтеріп алатын жап-жақын жерде тұрған секілді. Қырқадан аттылы кісі бері қарай асып түсті. Мұхит екенін жазбай таныды. Апырай, атқа отырғаны-ай, осының, қомпаңдап. Неге қаттырақ шоқытпайды, астындағы жуан торының мұрнынан қан кетеді дей ме екен деп шыдай алмай қарсы жүрді. – Аманбысың, әй, жайма? – деді Кәрім қаттырақ дауыстап. – Аманбыз, мамам саған азық беріп жіберді. – Иә, ауылда не жаңалық? – деді Кәрім інісін аттан көтере түсіріп алып. – Қашан шықтың? – Түс ауа атқа мініп ем, жолай сәл-пәл көз іліндіріп алдым. Мамам қозының қарнына шикі ет салып берді, өздерің сорпалаңдар дейді. Сонан соң дорбада құрт, ірімшік, қаймақ, азғантай жент бар. Шай таусылып қалды деп, бір-екі қайнатым ғана шүберекке түйіп жіберді. – Оны қойшы, тағы не жаңалық? – Мені Шағыр шақырып, сені сұрады, ал, бәйге күрең жөнінде өтірікті суқиттым, арқандап қояды, көбеңсіп, түлеп қалды дедім. – Шын сұрады ма? – Сұрағанда қандай, ат жөнінде ештеңе білмейтін сияқты. – Қойшы-ей, ашық аузым-ай, сен оның сөзіне сене бересің-ау. – Қызық болды. – Мұхиттың сарғыш өңіне күлкі үйірілді. – Ол не қызық, тез айтсаңшы! – Өткен түнде, шамасы таңға жақын-ау деймін. Дәрет

сындырайын деп сыртқа шықсам, көзге түртсе көрінбейтін тастай қараңғы екен. Ішім ауырғасын жүгіріңкіреп барып жыңғылдың түбіне отырып ем, сәлден кейін қасымнан ұп-ұзын біреу өтіп кетті, мені байқамады. Сосын менде жалма-жан оның соңынан жорғаладым. Ол айдап Шағырдың үйіне барды. Киіз үйдің жанына барып сәл кідірді де, үйді айналып шықты. Сонан соң сықыраулықты жайлап екі рет тықылдатты да, ішке еніп кетті. – Иә, иә, тағы... – Мен де үйдің іргесіне барайын деп ем, қорықтым. – Тфу, сужүрек, әй, құдай-ай, мұндай қорқақ болармысың. Ойбай-ау, сені олар жеп қояды дедің бе, ә? – Тоқтасайшы, енді, сонда да неде болса тәуекел деп, жылжижылжи тертесі көтерулі тұрған тарантастың астына кірдім-ау, бірақ дым естілмейді. – Ойбай-ау, қап, иә, әрі қарай. – Кәрім інісіне қарай еміне түсті. – Біраздан кейін барып, сықырлауық айқара ашылды да, іштен манағы ұзын қара шықты да, айнала көз жүгіртті. Ал Шағыр көрінбеді. Бірақ оның «бұл бір келіскен шаруа болды, әйтеуір, көз жазып қала көрме» деген сөзін анық естідім. Ұзын қараның «Шәке, маған сенсеңізші» дегенін құлағым шалып қалды. – Дауысы жуан ба, жіңішке ме? – Жуан да, жіңішке де емес. Жүгіре басып, келген ізімен кейін кетті. – Құныскерей емес пе? – Мен қайдан білейін, жо-жоқ. Құныскерейден гөрі жеңілтектеу ме қайдам, өзі Құныскерей болса, ол неге жүгіреді? – Ой, сөзің бар болсын, – деп Кәрім мырс етті. – Меніңше, бар ғой, анадағы көктемде көрген адамыма ұқсайды. Онда шошып кетіп ем, түнде тап мен шошитындай кісі еместігіне көзім жетті. Өзі сыптығырлау, ұзын, елпеңдеп, еңкейіңкіреп жүреді. Ал Құныскерей талтаңдап тал түсте келмей ме, жұрт оны саспайды, жүрегінде түгі бар деп жүр ғой, аға, солай ма? – Жұртың кім? – Өзің айтқан жоқпысың, Құныскерей пері деп. Сосын қойшы Әділ айтқан Құныстың аруағы бар жетектеп жүреді, ол еш пендеден қорықпайды деп. – Пері емес, ол адам. Адам емес – қарақшы, әйтеуір ажалы жетпегесін тірі жүр. Мүмкін өлген де шығар. Ал түндегі көргенің Құнысқа ұқсамайды, ол Шағырдың адамы болды. Сен

сужүрек болмағанда, оның кім екенін, не шаруамен жүргенін біліп алатын едік. Сәтінің түсуі-ай, бірақ өзің бүлдірдің бәрін. – Шынында да, қорықтым, ұстап алып қылғындыра салса, бітті ғой. – Басқа ештеңе естіген жоқпысың? – Мен аттанып бара жатқанымды көрген Шағыр теріс айналып, елемеген сыңай танытты. – Онда іші сезген болды, сен қалай ойлайсың? Өзі анық көрді ме? – Е, бұрылып тұрып қарады да, терістікке қарай жүзін аудара қойды. «Сен неге қайтып келесің?» деп мамам да ұрсып мазамды алды. – Әй, сен де бір, әйтеуір, сылбыраясың да жүресің, қашан тірілер қатарына қосылар екенсің, – деді Кәрім інісінің иығынан түртіп. – Әуелі тамақтанып алайық, сосын әрі қарай көрерміз. Қатар жатқан екеудің біреуі әлдеқашан ұйқы құшағына енген, ал екінші аударылып-төңкеріліп жатыр, көзі ілінер емес. «Апырай, – деп ойлады Кәрім тағы да оң жақ бүйіріне аунап түсіп, – осы бір Шағырға түн жамылып келетін жұмбақ адам кім екен, ә? Аңдып жүріп, соны бір тұзаққа түсіріп, жағасынан алса, онда көп сырдың беті ашылар еді-ау. Жөні түзу адам болса, құдайдың жап-жарығында неге келмейді, қап-қара боп қара түнді жамылғанша». Кенет күркенің ту сыртынан аттың пысқырғаны естілді. Ытқып шықты да, бұға қалып тың тыңдады. Аттылы кісі күркеге таяп кеп тізгін тартты. – Кәрімбісің, бері кел, жақында, ербиіп неғып тұрсың? Шағырдың дауысы. – Ассалаумағалейкүм, Шәке, – деп Кәрім ұмтыла түсіп аттың тізгінін ұстай алды. – Сізді күткен жоқ едік, аспаннан түскен тәрізді болдыңыз ғой. – Әліксалам, әрине, құтты қонақ күттірмей келеді. Бірақ ұйықтамауыңа қарағанда өзің де біреуді күтіп жатқан сияқтысың ғой. Әмәнда әліптің артын бағу керек деп сан рет айттым өзіңе. Қараңғыға көзі үйренген жолаушының көзі көргіш әрі байқағыш келеді, күркеден атып шығып, жүрелеп отыра қалғаныңды мен байқап қалдым. Ал менің орнымда саған қастандық жасағысы келген біреу болса, сенің ұтылғаның, себебі қарауылға іліктің ғой. Дыбыс естідің екен, қозғалмау керек, сонда есеңді жібермейсің. Жүрегіңді тоқтатып қарсы қимылдауға әрекет жасайсың, жолдасыңды оятып үлгересің. Әйтеуір, қапыда қалмасыңа мен кепіл. Үнсіздік. – Шай қайнатшы, шөліркеп қалдым, – деді Шағыр күркенің алдына қисая кетіп.

Мосыға ілінген қара шәйнек тез қайнады. Қиыстыра қаланған тезектің маздай жанған жарығында екеуі отыр. Екеуінің беті де оттың жарығына шағылысқандай қып-қызыл. Түнгі түтін тура аспанға тіп-тік көтеріледі. Ақ тезектің жалыны жалаңдамай дыбыссыз ғана жарқырап жанады. – Қоржынымды бері әкелші, – деді Шағыр Кәрімге иек қағып. Ер артына бөктерген қоржынды іліп алып жанына қойғанда барып Шағыр қоржынға қол салды. Жайылған шүберек дастархан үстіне пісірілген қазы, ләмпаси, дөңгелек тоқаш қойды да, Кәрімге бұзылмаған үнді шайын ұсына беріп жөткірініп алды да: – Уысыңды толтырып салшы, шырағым, түйенің сүртіп қатып ішейік, апаң шөлмекке құйып беріп еді, аши қоймаған болар. Айтпақшы, мына мес қарындағы саумал қымыз күркеге кіргізе сал, – деді де, өзі «уһ» деп терең дем алып жантая кетті. Шай көп ішілді, ақ тезек те біраз уақыт лаулады. Шағыр, шынында да, шөліркеп келген екен, «ой, рахат-ай» деп қойып сораптады дерсің. – Көкшуланның ертоқымын сыпырып, мында әкел, – деді Шағыр шай жиналғаннан кейін. – Далада жолаушы жүргенде есіңде болсын, отқа пәле жоламайды, неғұрлым отқа жақын жатсаң, соғұрлым пәле-жаладан аулақ боласың. Әрине, мұным жанған отқа қақтал деген сөз емес, от маңайының топырағы қызады, жер бауырлаушы жәндіктер аулақтау, шеттеу жүреді дегенім ғой. Отқа да табынатын ел бар деп естідім, несі бар от, шынында да, тәңірдің шақпақ тасынан тұтанған. От болмаса, адамзатқа тіршілік те жоқ. Иә, жаратушы бір Алла бәрін де дұрыстап жаратқан-ау, келіспей, келістірмей жатқан пендесі біз ғой. – Қымыз ішесіз бе? – деді Кәрім отқа жақындау жерге ертоқымды әкелгеннен кейін. – Жоқ, салқындасын. Ойпырым-ай, Мұхитжанның ұйқысының қаттысын-ай, тұяқ серіппейді ғой, жүдә. Бала емес пе, шаршаған шығар, ұйқы бұлардың азығы ғой қазір. Жалпы, ер жігіттің төсегі – ер-тоқымы. Ері жастық, тоқымы төсеніш, жабуы жамылғы. Кәрімжан, қасыма кел, әңгімелесейік. – Әңгімелесетін жай болмай тұр-ау, Шәке. Сіздің алдыңызда кінәлімін, ойда жоқта жер соқтырып кетті, – деді Кәрім тізерлей отыра беріп. – Не дейді, не боп қалды? – деді Шағыр денесін тіктеп. – Бәйге күреңді алдырдың ба? – Иә, Шәке, екі күн болды, таң атса, үшінші күн. Кермеден шылбырын қиып жетектеп кетіпті. Ізіне түсіп барлап едік, жалғыз адам. Өзіңізге хабар берудің ретін таппап едік.

– Ойбой-й, болмаған екен, әтттең-ай, жануарым-ай. – Шағыр сылқ етіп жата қалды. Дәл осы кезде Кәрім оның бетжүзін барлайын деп көзін тігіп еді, қанша дегенмен қараңғылық кедергі жасады. Оның май басқан қызғылт өңі әлденеден белгі беріп қалар ма еді, қайтер еді. Шағыр біразға шейін үндемей, төмен қарап ойланып қалды. Сонан соң басын тік көтеріп: «Ештеңе етпес, алысқа ұзап кетпей, ауыл арасында болса бәйге күрең бір адамның қорасына сыя қоймас, көп кешікпей дүбірі естіліп қалар, шырағым. Балалығың, шалалығың әлі қалмаған-ау, аяғына кісен салмаған кезде тізгіннен ұстап жатсаң қайтеді?». Шағыр шын қиналыс білдіргендей «уһ» деп терең дем алды да басын қос уыстай қысып, иегін шошайта көтеріп, көкке қарады. – Ей, жасаған, – деді ол шайқалақтап, – ала жібіңді аттаған жоқ едім, өзіңе деген ниетім түзу еді. Өзіңнің бұйрығыңмен жаратылған пенделеріңе де саусағымды безеген кезім жоқ еді, барынша адал, барынша әділ болуға тырысып бақтым. Мал бітті деп есіріп, жан бітті деп тесіліп кеткен немесе біреудің барлығына көз алартып, аузымнан сілекейім шұбырған уақытым болған жоқ еді. Өзің берген нәсібіңе қанағат тұтып, соны қалжау қып өмір сүріп ем. Мынау не қорлық, жаныма балаған атыма әлдекім тақым салып шіренсе, мені тірідей мазақ етіп қорласа, бұдан артық не азап керек. Одан да өзің әзірейіліңді жіберіп шыбын жанымды шырқыратпай-ақ неге алмадың, көрінгенге аяқасты еткенше. Құлыңды бүйтіп әлдекімдерге қорлатқанша ал жанымды, мен әзірмін, жасаған. Кәрім үңіле қарап еді, Шағырдың тас қып жұмып алған екі көзінен жас парлап отыр екен. – Шәке, мұныңыз не, бел аспай, адаспай жатып, дүниеден түңілгеніңіз, басқа-басқа, тап сізге жараспас. Одан да ақылдасайық, бәйге күреңді қайдан іздейміз, кім алды деп топшылаймыз? – деді Кәрім екпіндете сөйлеп. Үнсіздік. – Жөн сөз, шырағым, – деді сәлден соң Шағыр оңғарылып отырып. – Екі кісіден күдігім бар, қайдан білейін, жаңылысуым да мүмкін, Алланың өзі кешірсін, қара ойлап, жаза бассам. – Кім, Шәке, кімдер олар, айтыңызшы? – деп ентіге ілгері жылжи түсті Кәрім. Шағыр сөзін бастамас бұрын Кәрімнің бет-жүзін бағдарлай қарап еді, бозбаланың екі көзі ұлан-асыр бәйгеге шабар алдындағы бәйге күреңнің жанарындай жалтылдап тұр екен. Мұның күткені де осы жанар, осы бір тас қайнатар күштің бұған деген жанашырлығы мен жауына деген ыза-кек тудырар

сәті еді. Сол сәт, міне, енді туды, енді айтарын айтып қалу керек, аз уақыт болса да өкіметтің құрығын осы жігітке аудара тұру керек деп ойлады. – Шырағым, Кәрімжан, о баста айтып едім ғой, жадыңда шығар, менің сенгенім бір өзің деп, шауып келіп алып кететін, түп жамылып келіп қарыз сұрайтын көже достарды адам санатына қоспаймын мен. Басыңнан бағың тайған күні олар да менен қашақтап, бір ұрттам қара суын сатып беретін болады. Іштен шыққан шұбар жыландардың әуселесін саған айттым ғой, өзің көріп те жүрсің. Олардан маған сен жақынсың, жүрегім, миым солай деп сыбырлайтын секілді. Егер сондай уақыт туып, бел асып, қара бастың қамы үшін тәуекелге басты тігер күн туса сенгенім де, серігім де мына жалғыз өзіңсің. Дүние боқ кімнен қалмаған, бұл жалғанға кімдер келіп, кімдер өтпеген, бәрінен де бір күн көретін жарығы мен бір күн сүретін өмір қымбат. Тас қамалға бір кірсең, енді қайтып шығу қиын. Мен құдайдың ажалын айтып отырғаным жоқ, ажал адамзатқа ортақ қой, мен мына заманның бізге сілтер құрығын айтамын, анау Текедегі тас қамал түрмесін айтамын. Қазақтың жері кең ғой, қарағым, ойы мен шұңқыры, сайы мен өзегі баршылық. Тіпті бізді өз даламыз тарынса, аспанның асты алапат емес пе, біреуі болмаса, біреуі паналатар он сегіз мың ғаламның. Мына жездеңнің қоржынына салып ат артына бөктерері бір тайпа елді, бір-екі жыл асыруға жетіп қалар, қаражаттан саспаймыз, – деді Шағыр асықпай баппен сөйлеп. – Дұрыс қой бәрі, – деді Кәрім әңгімеге еліткен сыңай білдіріп, – алдымен бәйге күреңді ұрлаған кім деп ойлайсыз, соны топшылаңызшы? – Әуелі серттесейікші, шырағым. Азды-көпті қалған өмірімде сен мені жерге қаратпайсың ба, жемге-жемге келгенде желкемнен итеріп тастап, тартып кетпеймісің, айтшы, кәне, берші сертіңді. Алысқан қол, айтысқан серт деген аталы сөз бар. – Шәке, екі сөйлеп, көлгірсу мен де жоқ, бердім қолымды. Түн жамылып тұрмыз ғой. – Әкел онда, қарағым. Кәрім Шағырдың майсаң жұп-жұмсақ алақанын қысып, басын иіп тағзым етті. Шағыр ұшып тұра келіп, Кәрімді құшақтай алып, бетінен қайта-қайта сүйді. Ып-ыстық демімен, сақал-мұрты жас жігіттің бетін қытықтап, ыңғайсыз жайға қалдырып күлкісін келтіргенмен, шыдап бақты. – Сенен күткенім осы еді, сенен күткенім осы еді, – деді Шағыр теріс қарап көзін сүртіп, – Алла тілегімді берді, әй, жасаған, бергеніңе шүкір. Жай қолыңды, шырағым, бата етейік. Екеуі де құбылаға беттерін беріп, жүрелей қалды.

– Иә, Алла жорытқанда жолымыз болсын, жолдасымыз Қыдыр болсын! Күніміз жарық болсын, түніміз тарлық етпесін. Жаппар ием жар болсын! Жарылқа қабыл ет, жарылқаудың қамыт ет, абырой бер, аманат ет, алһамды алһам берекет берсін, Иллаһи әмин! Шағыр екі алақанын жайып, алдымен бетін сипап, сосын сақалын тарамдады. Екеуі де орындарынан тұрып, жарығы сөніңкіреп, қызылшоқтанып жатқан оттың қасына кеп тізелерін бүкті. – Өмірімде адамдарға тек қана жақсылық тіледім, – деді Шағыр оң жағына қарай шынтақтай беріп. – Алла соныма қарай менен де жақсылығын аяған жоқ. Бар болдым, нар болдым. Шағыр атым елге жайылды, ризығым мол, тіпті көлкөсір болды. Енді мынау уақыт сарынын пайдаланып, менің жауларым бас көтере бастады. Іннен шыққан тарақ құйрық балпақтай көкке тойғасын жан-жағына көз тастап өздерінше әндететін шаққа жетті. Бұрынғы кез болса, бір-бір шелек ыстық сумен ол шіркіндерді індерінің түбінде-ақ үйітіп тастар ем, қазір қолым қысқарып, дәрменім азайып барады, істен көрі сөзім көп. Құдайға жазықты болсам да бәйге күреңді не Ахмет халфе, не Жұмабай ұрлады. Өйткені осы атқа екеуі де қызығып жүрген. Жұмабайдың сөзін анау бәйгеден оралғанда өзің естіп ең ғой, міне, енді көріп те тұрсың. Менің атты даулап әріге бара алмайтынымды біледі, бұрынғыдай емес, қажыр-қайратымның кемігенін олар жақсы түсініп отыр, залымдар. – Анық солар ма? – Кәрімнің дауысы қаттырақ шықты. – Анық па, соны айтыңызшы? – Қайдан білейін, шырағым, бірақ күдігім сол екеуінде. Алыстан ұры келетін уақыт емес қазір. Менің сезімім ешуақытта өзімді жаңылыстырып көрген жоқ еді. Кәрім орнынан атып тұрды. Екі қолын қайда қоярын білмеген адамша біресе алдына, біресе артына ұстады. Тұла бойын ыстық жалын шарпып өткендей болды, қаны басына шапты. Адымдай басып, күркеден аулағырақ кетті де, қайтып оралды, сосын күркені екі рет айналып шығып, Шағырдың қасына келді де, қақшиған күйі назарын төмен салмастан: – Нендей ақыл қосасыз, Шәке, «шешінген судан тайынбайды» деген, мен қандай іске де белді бекем будым. Күреңді өзім ұрлаттым, енді өзім табуым керек. Қара жерге кіріп кетсе де табамын ол ұрыны. – Жо-оқ, қарағым, әуре болма, бір ат үшін жаныңды қиып не қыласың, тәйірі? Бір жылқыны қасқыр да талап өлтіреді, бостан-босқа бір жеріңді жазым етерсің. Бастың амандығы жақсы, әрине, бәйге күреңдей аттың қолды болғаны өкінішті-

ақ, бірақ амал қанша, көнуге тура келеді. Менің ақылым – осы, – деді Шағыр. – Көрерміз, – деді Кәрім, – көрерміз, кімнің кім екенін. Шағыр тура желкетұсынан төніп тұрған жас жігіттің мына сөзіне түсінбесе де, ішінен өзінің нысанаға дәл тигізгеніне масаттанды. Енді бұл бір әлек шығарып, елді шулатпай тоқтамайды. Мейлі жұрттың назары біраз уақыт менен ауытқып, күші мен жастығына мас шикіөкпенің қылығына тіс қайрасын. Ахмет халфе де, Жұмабай да маған болсын дейтін адамдар емес, енді ол екеуінің сазайын Кәрімнің өзі-ақ тартқызады. Түрт шайтан, түрт, – деп ойлады Шағыр. Ойлады да, сәл мойнын бұрып: – Абайла, шырағым, босқа есіріп, еліріп, сөнбеген шоғы бар қоламтаға қолыңды тығып алып жүрме. Маған бәйге күреңнен гөрі сен қажетсің, келесі сәрсенбіде ауылға кел, ақылдасайық. Өзіңе өзімізбен бірге сапарға аттанатын қаражатымның жатқан жерін көрсетейін, қандай заман болады, біліп жүргенің жақсы. Ал сәл-пәл көз іліндіріп алайын. Біраз мезгіл болды, таң қылаң бере жүріп кетемін, – деді. Кәрім үндеген жоқ, үндемегенін Шағыр жақсылыққа жорыды, әлде де жас жігіттің намысын қоздырып, қайрай түскісі келді де, осы да жарар деген күдікпен тоқтады. Әйтпесе, шынында да, отқа түсіп кетіп, пәлеге қалармын деп ойлады. Төлеш жөнінде жұмған аузын ашпағанын да жөн көрді. Кәрімнің таңға көзі ілінбеді. Шағыр таң сібірлей көкшулан атқа тақым салды. – Мен келді деп ешкімге тіс жарма, қажеті жоқ, кім қалай ойлайды, – деді Шағыр Кәрімге қадала қарап. – Тіпті анау Мұхитжанға да білдірме, бала ғой әлі. Кәрім Шағырдың қарасы үзіліп көрінбей кеткенше көзін алмай тұрды да қойды. Алай-дүлей аласапыран ойдың шегіне жете алмайтындай көрінді. «Осы кісіден тектен-теккке күдіктеніп жүрген сияқтымын-ау, маған әбден сенетін секілді. Шынында да жасы ұлғайған шақта қолтығынан тірейтін біреу қажет қой», – деп ойлады ол. Айтқан сөздерінің бәрі шындыққа саяды. Өтірік көлгірсіп отыр деп айту қиынырақ. Әйтпесе Шағыр сияқты адамның тұла бойында шын тебіреніс болмаса көзінен жас шыға қоймас. Бірақ кім білген? Екі ұдай ой Кәрімнің алды-артын орағыта жүгіргендей болды. Біреуі «қой әкеңдей қамқоршы адамның сөзіне сенбегенде енді кімге сенесің» дейді. Екіншісі «бәрі жалған, сені отқа итеріп, өзі сен арқылы аса қажетті бір шаруасын бітірейін деп жүр» дейді. Әлі күнге шейін Шағырдың құрық бойламас қулығын білмеймісің, қажет болса ол сенің борша-боршаңды шығарып етіңді жеуден тайынбайды дейді.

Кәрім күркенің көлеңке жағына кеп сүйеніп отырды да, әлгінде ғана болған әңгімені ой елегінен өткізуге тырысты. «Бәйге күреңді іздеме, бір пәлеге ұшырарсың» деді. Күдіктенген кісілерінің атын да атады. Көмбесін көрсетпек болды. Қой, бәрі шындық, әрине, шындық. Сонда менен басқаны неге көзіне ілмейді, а? Маған неге телміріп қалды, бұдан басқа адам құрып қалғандай? Анада түн жамылып келген кісінің кім екенін неге сұрамадым, осындай жайды пайдаланып. Түн жамылып қарыз сұрайтындар кімдер екен, ә? Ахмет халфені бұл неге жек көріп қалды, әлде анадағы бұған тиесіліні бермей кетті ме, ол қу? Саурықтың үйінен алынған қызыл нарды түн жамылған пенде халфеге бермегені ме? Осы жерде бір гәп бар-ау, түйіні шешіле ме, әлде... Жоқ, мен қайткенде де күреңді індетуім керек, бұл – менің адамдық борышым, берген серт, алысқан қолды қайтесің. Жігіттің екі сөйлегені өлгені емес пе? Әй, нар тәуекел, шыбын жаным шырқырайтындай ештеңе көрінбейді ғой осы. Мен іздесем, ұрланған жылқыны іздеймін. Оған қақым бар, оны қалай да табамын немесе құнын екі есе қылып қайтарамын. Осындай ой тізбегіне берілген Кәрім көзі ілініп кеткенін өзі байқамай да қалды. *** Кіші бесін болмай-ақ астындағы атын сабалап, бірде жортып, бірде шоқырақтап келген Төлеш егістің шетіне жетпей күрке маңына көз тігіп еді, жүрегі орнына түскендей болды. Күркеден жүз метрдей жерде биік торы жайылып жүр. Егістіктің әр жеріне құба тал шаншылып, оған «күзетшілер» ілініпті. Кәрім құдықтан су алып келеді, жаңадан жерошақ қазып әбігерге түсіп жатқан Мұхитты жазбай таныды. – Амансыңдар ма, әй, Мұхитжан, сен қашан келдің, өй, айналайын, сары балам. Сен-ау мына «күзетшілерді» ілген, – деді аттан түспей жатып самбырлай сөйлеген Төлеш. – Кәрімжан, шай қойшы, көкем, просто бар ғой таңдай кеуіп қалды. Қызылқоғадан шыға турасынан тартып едім, біраз жер ғой жеткізіп болсайшы. Жолай үйге соғып оны-мұны да ала алмадым. Ойым әлгі қу татар Зәкирден бір қадақ шай сұрау еді, оған да шамам келмегенін қайтерсің. – Ассалаумағалейкүм, Төке, апырай, соншама неге екпіндеттіңіз, ұрланған аттан бір хабар білген жоқпысыз? – деді Кәрім Төлештің қасына кеп. – Әліксалам, екеуміз қуана қоятындай жаңалық жоқ, милициядағы мықтыма тапсырып кеттім, бір жөні болар. Шынымды айтсам, саған асықтым, жалғыз өзі бірдеңеге ұшырап қала ма деген ой мені тыныш жатқызбады.

– Бекер асыққансыз. Мен сізге уәде бердім ғой, бұл арадан біреулер таяқтап қумаса тапжылмаймын деп. Айтқаным айтқан. Кәрімнің өңі сұрланып, қабақ шытты. – Оныңа рахмет, шырағым, Мұхитжан неге келіпті? – деді аттан енді ғана түскен Төлеш қисық табан көнетоз құрым етігінің қонышын қамшысының сабымен қаққылап. – Қап, осы бір таралғысы түскір етіктің қонышын қажапқажап ағартып тастады-ау, бір күні тесіп жібермесе не қылсын. Ағарғанға жұққан шаң ба десем, әй, түйенің көнінен тілген қайыс не оңсын, қаудырлап қатты да қалды, – деп қиналыс білдірді. – Кеше кешке таман жетті. Мамам ұрсып кейін қайтарыпты. Шағырға жолыққан екен, бәйге күреңнің ұрланғанын білмейтін сыңай танытыпты, – деді Кәрім. Шағырдың келіп-кеткенін әдейі жасырды. – Апырай, ә, сонда Шағырдың өзі... Тоқта, Мұхитжанды шақырып алдырып па, әлде... – Иә, шақырды, – деді мосыға қара шәйнекті іліп жатқан бала тосыннан әңгімеге араласып. – Иә, сонда Шағыр не айтты саған? Өзі былай ашуланып отырды ма, жоқ, жайбарақат отырды ма? Көз алдыңа елестетші, қарағым. Сен балалық жасап бірдеңенің ұшын шығарып қоймадың ба? – Түк сездіргенім жоқ, ал өзі жайбарақат қой деймін, сізді «ол жаман неменің қолынан не келеді дейсің, бірақ сондайлардың аузы дуалы болады» деп шықпыртып алды. Бәйге күреңнің жоғалғаны жөнінде жағын ашпады. «Барғаннан бері үстіне шы­ быннан басқа ештеңе шықпаса, қоңданып қалған болар» деді. – Оның мені жақтырмайтынын ежелден білемін, оны қойшы, ол сөз етуге тұрмайды. Апырай, сонда деймін-ау, шынымен бәйге күреңнің қолды болуының иесіне қатысы жоқ болғаны ма, мен шатасқаным ба, құдай-ау! – Төке, өз жылқысын не үшін біреуге ашықтан-ашық ұрлатады, мүмкін емес қой, – деді Кәрім. – Неше бір оңбаған болғанда да тап осындай қулыққа бармас. – Ойбой, қарағым-ай, баласың, балалығың қалмапты-ау, Шағырдың қулығына қанжар бойламайды. Сол атын ұрлату арқылы ол бір мақсатын орындайын деп ойлаған шығар, кім біледі? Адаммен адамның арасында ондай «қазына» дәнекер болмайды, қайта атыстырып, шабыстырады. Бәйге күреңге қызығушы, құмартушы жеткілікті. Оған тақымым бір тисе деп армандаушылар да баршылық. Оның бәсіне Қызылқоға базарында екі дорба алтын берер еді саудагерлер. Жылқы емес,

қанатты пері ғой, ол шаппайды, ұшады. Мұндай жылқы бұл өңірде жоқ. – Сіз Шағырдан күдіктенесіз бе, қалай? – деді Кәрім тұрған жеріне отыра кетіп. – Әрине, қарағым, күдіктенбеске хақымыз жоқ. Жанына балаған жүйрігін саған емін-еркін беріп қойғанына ақылым жетпейді. Осы арада бір гәп бар емес пе, ә? Әлде екеуміздің бірімізді осы атты ұрлату арқылы нысанаға алды ма екен, сол пәтшағар. «Алпыс екі айлам бар, ең жақсысы көрінбегенім» деп қу түлкі айтты дегендей, Шағырдың айласы түлкіден әлдеқайда асып түседі, тіпті екі орап алады, бірақ бұл да астыртын көрінбей, түлкіше емес, адамша қимылдайын деген шығар. Сен қалай ойлайсың? – Төлеш Кәрімге бақырая қарап, сосын жанарын тез аударып жіберіп еді, мойны сәл босап кетті де, басы еріксіз алдына қарай сылқ ете түсті. – Мұхитжан, шайың әлі қайнаған жоқ па, ақ тезекті қалаңқырасайшы, тандырым кеуіп барады, – деді басын иегінен оң қолымен сәл көтерген Төлеш дабырлай сөйлеп. – Дастарқаныңды күркенің ішіне жай, қанша дегенмен көлеңке ғой. Көсілтіп тұрып ішейік шайды. Кәрім Төлештің бет-жүзіне бағдарлай көз тастап еді, адам аяғандай жүдеген екен. Ашық маңдайы әжімденіп, шарасы үлкен екі көзінің алды былшықтанып, екі жағы суалып, көнтек еріні тілініп, ұзын өндіршегі қылқиып, желке тұсы қыртыстанып, екі құлағы қалқайып, онсыз да үлкен мұрны одан сайын үлкейіп бұрынғы шаратабақтай бетте енді қарауыл қараған қас батырдай жалғыз өзі едірейіп тұр. Шамадан тыс ұзын дене де шөгіп, белі бүкірейіп кеткен сияқты. Тік жаға қызғылт көйлегінің жуыла-жуыла өңі ескіріп, арқа тұсы селдіреп, жыртылуға себеп іздейтіндей. Қайыс белбеумен кіндіктің тұсынан тартып тастаған ескі шалбарының екі тізесі мен құйрық тұсына бір емес, екі рет жамау түсіпті. Онысы шалбардың өз түсі емес, ақшылдау болғандықтан үйірінен адасқан жалғыз құландай бірден көзге ұрып, мен мұндамын дейтіндей. Кәрім неге екенін білмейді, осы бір қажыр-қайраты мол, аңқылдақ, істің ұтымын білетін адамды іштей өзіне жақын тұтады, қадірлеп, сыйлағысы, ақылдасқысы кеп тұрады. – Төке, осы сіз неше жастасыз? – деді Кәрім етігін сыпырып тастап, көстиген аяғын жуып отырған Төлешке. – Әй, қарағым, әңгіме менің неше жаста екендігімде ме, әңгіме жүрек пен баста. Биыл күзде отыздың бесеуіне шығамын, отыз бес дегенің аз емес, ал істелген ісім бір беске жетпейді. Қадымшаның өзін әзер жүргізіп оқимын. Ие, сөйтіп жүріп түк бітірмей зу етіп өте шығамын ғой. Не өзіме, не өзгеге, не мына жаңа заманға пайда келтіруге күшім жетпей.

– Төке-ау, шашыңыздың тең жартысы ағарып кеткеніне қарап, мен сізді бір елуді соққан шығар десем, әлі жап-жас екенсіз ғой, тіпті уыздай жассыз. Бар болғаны үш он, бір бес, анау сексеннен асқан Қабылбайдың тоқалы өзінен алпыс төрт жас кіші дейді. Сол рас па екен? – Рас, қарағым, рас. Осыдан екі-үш жыл бұрын жолым түсіп Қабылбайдың үйіне бардым. Өзі күнінде болған-толған адам көрінеді. Мен көргеннің өзінде жасының сексенді еңсергеніне қарамай, еңгезердей, бет алды сұсты адам екен. Шашын ұстарамен сыпыртып тастапты. Шаруасын өзі басқарып, сыртта жүр екен. Кісіге одырайып көз алмай қарайды. Аттан түсе қалып, сәлем беріп ем, болар-болмас ернін жыбырлатты. Алдыңғы жылы жалғыз баласы аяқастынан қаза тауып күйікті деп естігенмін. Өзі бастап үйіне кірді. Көктемгі мезгіл, киіз үйге шыға қоймапты. Пәтері сайлы екен. «Төрле» деді, төрледім. Ақ жайнамазын жайып жіберіп, дұға оқыды, бетін сипағанда қолы қалтырап, көзі жасаурап кетті. – Жол болсын, шырағым, танымадық, – деді. – Әлей болсын, Бексарының Төлеш деген баласы боламын. Арнап келгенім жоқ, жол үсті болғасын ат басын бұрдым. Келген-кеткенің қайырлы болсын, ұлыңыздың иманы жолдас боп, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын! Ажал біреуге ерте, біреуге кеш, ажал айтып келмейді, дәм, уақыт солай болған ғой, ақсақал, – дедім. – Ие, шырағым, Бексарының баласы бар деп естуші едім, түрің тартқан екен әкеңе. Әкең марқұм жол-жөнін білетін біртоға ақылды адам еді. Артыңа сендей ұрпақ қалдырыпты, армансыз екен. Жалғыз балам еді, жиырма екіге толмай қыршын кетті. Обалына өзім қалдым ба, білмеймін. Төрт жыл Орынборда, бір жыл Омбыда оқып білімге сусынын қандырып, томағасын сыпырған бүркіттей саңқылдаған мезгілінде сұм ажал қақты да кетті. Ой, дүние-ай, қайтейін, өмірі көзіме жас алып, жабырқап көрмеген кісі едім, жылай-жылай су боп ағып кетуге қалдым. Егер аққан жасымды бір жерге жинасам, бір отар қойдың шөлін қандырар едім. Егер қара тасқа тамшылатсам, ар жағынан тесіп шығар еді. Қайғым мол, бірақ Алла тағаланың бұйрығы солай, араша түсе алмайсың, – деді ол. – Сабыр, «сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» депті ғой бабаларымыз. Балаңыздың көре алмаған қызығын да, өмір сүре алмаған жасын да өзіңізге берсін, һам қуат берсін, – дедім мен. – Дұрыс, қой, балам... «Әке – балаға сыншы» деген мәтел тауып айтылған. Балам азамат болатын бала еді, соған өкінемін. Ер қайғысын, ел қайғысын қабырғасы сынғанша көтеретін,

уақыттың сарынын, заманның жалынын түсінетін, қарсы алдында аждаһа тұрса да, қаймығуды білмейтін жас қыран еді, мезгілсіз мерт еттім. Сол жақта жұмыста екен, көргім келіп, ауылға шақыртып алып ем, соным бекер болды. Тура өз қолыммен мерт қылғандай, өкініші кетер емес. Екі күн дөңбекшіп жантәсілім болды-ау қарғам. Біреу қас қылып у берді ме деп ойлаймын. Тәуіптің емі қонбады. Менің жанымды ал деп, хақ тағалаға жалбарынып ем, өтінішім өтпеді. – Ақсақал, басыңызға бас, жасыңызға жас қосылсын, менің тілегім сол, ал мен енді аттанайын деп ұмтыла беріп ем, қарт ұшып тұрып, оң қолымен сол иығымнан басты да, отыр деп ишарат етті. Сосын өзі сақал-мұртын салалап, бет алдын уқалап, қалтасынан орамалын алып сіңбіріп, бойын тіктеп маған назарын сала қарады да: – Асықпа балам, күн әлі ерте, дәм ауыз ти, әкең Бексарымен біраз жолдас болып ем жас күнімде. Ер көңілді жігіт еді, әй, соның тәуекеліндей тәуекелді мен осы күнгі жігіттерден сирек көремін-ау, тіпті сирек. Тегінде тәуекелсіз жігіттің мақсаты орындала қоймайды. Тәуекел жігітке жігер береді, өн бойындағы намыс отын маздатып, ілгері сүйрейді. Мен өмірімде екі адамның тәуекеліне тәнтімін. Бірі – сенің әкең, екіншісі – банды Құныскерей, бірақ кейінгісінікі жарға соқтыратын, мойын омыртқасы үзіліп кететін тәуекел, ізгі мақсат үшін күреспесең, тәуекел түкке аспайды, шырағым. – Осы Құныстікі не желік? – дедім қарттың пікірін білгім кеп. – Қаны бұзылған, қаны бұзылмаса, дені сау адамның ісі ме оның қылығы. Адам бұзылайын десе аяқасты екен ғой, – деді де қойды, әріге бармады. Содан шай ішіп, ет жеп күн кешкіре атқа қондым. Артынан естідім, ағайындары қолқалап, Қабылбайды күйеуі қайтыс болған жас келіншекке үйлендірген екен, бала көтеріп, ұл тауыпты. Қуанышы қойнына сыймаған қарт ауыл-аймағына той жасапты дейді. Бірақ сол кездесуден кейін оны көрмедім. – Ой, шалыңның мықтысын-ай, ә, – деді Кәрім таңдай қағып. – Төке, шалды қойшы, бәйге күрең туралы не айтасыз, не ойлағаныңыз бар? – Шайға, – деген Мұхиттың дауысын естіп Төлеш орнынан атып тұрып, күркеге кірді. Шайға әбден қанып алған соң Төлеш оң жағына қарай қисайып, іргеде жатқан ескі бөстек көрпені қолтығының астына жұмырлай тығып алды да, жанарын босағаға қадап түсірмей қойды. Кәрім Төлештің ымдауымен босағаға көз қиығын салып еді, бармақтай қарақұрт киізге жабысып тұр екен. Дереу ұмтылып барып оң қолының саусақтарын жайып жіберіп, қарақұртты алақанының ортасына бырт еткізіп қыса қойды.

– Таста, тездетіп қолыңды өз дәретіңмен жу, – деген Төлеш сөзіне сәл езу тартты да, адымдай басып, қолындағысын жер ошақтағы ыссы қоламтамен ысқылап жіберді. – Құдай сақтады, шаққанда үшеуміздің біріміз азапқа қалатын едік, ойпырым-ай, өзің оқтан да шапшаң екенсің. Мұхитжан, мында келші, ағаңның қолына шаптыршы, уы қайтсын, – деді Төлеш ештеңеге түсінбей аң-таң боп тұрған Мұхитқа. Үшеуі ақыры өзара келісті. – Мені арбап алды-ау, деймін, даусым шықпай қалды, – деді Төлеш бойын жазып. – Жылан адамды арбайды деп естуші ем, ал бүйі арбайды дегенді көріп тұрғаным осы. – Сіз көрмегенде ғой, – Мұхиттың беті көгіс тартты. – Әй, бала, – деді Төлеш Кәрімге қарап. – Дегенмен сақ болайықшы, сол бүйісі құрғыр сені шағып алмады ма екен? Қалай, алақаның дызылдап, қыза бастаған жоқ па? – Күркені аударып тігейік, – деді Кәрім. – Абыржымаңызшы, ештеңе білінбейді. – Мұның жөн сөз, – деді Төлеш, шырт еткізіп тісінің арасынан түкіріп. – Осы қарақұрт ұша ма? – деді Мұхит. – Ұшады деп мамам айтқан. – Бос сөзді қой, – деді Төлеш, – Давай іске кірісейік. Үшеуі күркені аударып тікті. Күнге күйіп ысталып, қап-қара боп кеткен екі ескі туырлық қағылып-сілкіленіп айқастырған екі керегеге қайта жабылды. Күркенің өн бойынан бір кесірткеден басқа ештеңе көзге түспеді. – Мұхитжан, қара шәйнекке жан бітір, үйден әкелген бірер қабырғаң немесе омыртқаң болса бүлкілдет, қараңғы түспей жеп алайық, – деді Төлеш көтеріңкі дауыспен. – Баяғыда, – деді Кәрім, – рас-өтірігін кім білген, жыланды пісіріп жегенді, ал қарақұртты шайнап түкіріп тастаған кісіні өз көздерімен көргендер бар дейді. Сол рас па екен? – Тегінде жыланның еті тығыз әрі тәтті болатын көрінеді. Ана бір жылы Нұртазаның Ықсанымен кездестім. Сол айтады, адайлардан жылқы тартып көп жүріп қалдым да, азығым таусылып, жолшыбай кездескен жыланды қорек еттім деп. Әрине, аш болсаң да жыланды пісіріп жеу қиын, бірақ Ықсан қаныпезер, діні тым қатты адам еді ғой. Жесе жеген шығар, – деді Төлеш ошаққа қарай мойнын созып. – Ықсанды мен де көрдім, бет-аузын түк басқан, ұзын кісі еді ғой. – Құныскерейге еремін деп, босқа оққа ұшыпты. Қамыскөлдің жағасында құрт-құмырсқа үймелеп жатқан жерінен себектің жігіттері көріп сүйегін көміпті дейді. Иә, пәтшағардың өн

бойына бір желік кірген ғой, есі дұрыс адам Құнысқа ілесер ме, оған ерген адам тура көмусіз қалады. – Соны Құныстың өзі атып тастаған деп ел ішінде қауесет тарады емес пе? – Ол да мүмкін, сауысқаннан сақ пері ғой Құныс, Ықсаннан бір шикілік сезіп қалды ма, құдай білсін! Әлде басы артық болды ма екен? – Бәйге күреңді ұрлаған сол Құныстың жәрдемшілері болса қайттық, Төке? – Мүмкін емес, Құныскерейдің аяқ алысына ұқсамайды және де ол құмға кірсе, біреу болмаса біреу құлақтанады ғой. Сонан соң дүрбелең басталды дей бер. – Сонда бәйге күреңді кім ұрлағанына миым жетпей-ақ қойды. Төке, ау, Төке? – Иә, айта бер. Мұхитжан, тезекті қиыстырып қаласаң тез тұтанады ғой, о, о, ие, дәл солай, үрлеме түтінге шашаласың, – деді Төлеш бар назарын жерошақ жаққа аударып. – Төке, бәйге күреңді Жұмабай ұрлаттырып алдырар ма, біреу-міреуді жалдап. Соның бәйге күреңге қызыққанын бір жолы естіп қалып ем. – Жоқ, Жұмабайдың оған өресі жетпейді, қаңқу сөзден қорқады ол. Ал басқа біреу ұрлап, одан кейін барып Жұмабайға сыйлап жүрсе, қайдан білейін? Қалай болғанда да топшылау қиын. Дегенмен, бір анық нәрсе, алыстан ұры келген жоқ, ұры ел ішінікі, сонысы қуантады мені. – Осы Ахмет халфе де бәйге күреңге сөз салып, Шағырды қинап жүр деп естіп ем. – Мұныңның жөні бар, ол – зымиян адам, оның арамдығына қанжар бойламайды. Бірақ халфе Шағырдың ауыз жаласқан досы емес пе, әлде көже дос па екен, араларына қара мысық жүгіретін. – Онысын білмедім. – Сенің неңді алған осы ат, оған бола көп басыңды ауырта берме, білдің бе? Ал Шағырдың алдына тек сен емес, мына мен де барамын. Болған жайды түсіндіреміз, қас қылған бір қанішер сойып алмаса, жуық арада хабары шығады ол аттың. Әңгіме біраз уақыт өрбімей, екеуі де үнсіз қалды. Төлеш орнынан тұрып, сақылдап қайнап жатқан қара шәйнектің қақпағын ашып, ішіне үңіле қарады да: – Қап, суы азайып қалғанын байқамаппыз-ау, Мұхитжан, мынаған бір-екі бақыр су құймасаң болмас, – деп дауыстады. Кәрім осы бір ұзын тұра кісіні сырттай бақылап, оның ақкөңілдігі мен ақжарқындығына, ішіне сыр сақтамас адалдығына тәнті болғанын жүрегімен сезеді. Сезеді де, Төлеш екеуінің арасындағы жақындық бірге

туған аға мен інідей екеніне шүбә келтірмеді. Түндегі Шағырдың айтқанын ой елегінен өткізіп, саралады. «Қанша айтқанмен, көпті көрген көне кісі ғой, шамалап тұр», деді ішінен. Ахмет халфе жөніндегі пікірін Төлеш те қостап отырған жоқ па? Демек, атты ұрлаған, ұрлаған емес, ұрлатқан Ахмет халфе болды. Енді кідіруге болмайды, ат халфеден қолды болмай тұрғанда үстінен түсу керек. Осындай шешімге келген Кәрім орнынан тұрып, үстін қаққылады. Күн көзі ұясына кіріп, төңірек сәл-пәл күңгірт тарта бастаған мезгілде үшеуі қара шәйнекте қайнап піскен етті турап жеуге кірісті. Әңгіме үзілген, ауыздар сылп-сылп, мұрындар шу-шу. – Апырай, құнан қойдың асық жілігі ғой мынау, – дейді Төлеш кенеттен басын көтеріп алып. – Мамам болса қамыр илеп салар еді, – деді кекілді сары бала Мұхит. – Пай-пай, жылқы еті де тәтті-ау, бірақ қойдың етіне не жетсін, – дейді Төлеш қолындағы кездігімен алақанындағы еттің майын қырып жалап. – Бал татыған балық сорпасын менсінбейтін едім, көң сасыған қой сорпасына зар болдым-ау депті ғой баяғыда біреу. – Кәрім еңсесін көтеріп, – алайда, – дей беріп еді... – Осы сөз, дәл қазекеңнің сөзі, тіпті де араласы жоқ,– деді Төлеш аузындағысын сылп еткізіп жұтып жіберіп. – Балық шіркіннің қой етіндей кенеуі жоқ қой, тегінде қой сорпасына жететін сорпа әй, білмеймін, теңдесе алмайды-ау, қай сорпа да. Кәрімжан, қай халықтың болсын мақал-мәтелі тура өмірден алынған, бәрі шындық. Анау Атырау, Жайық жағасындағылардың кәсібі балық, сондықтан олар балық сорпасын аса қастерлейді. Және де балықтың бабын біледі. Қысы-жазы қорегі балық. Ал мына мен бар ғой, балықтың қылқанынан жаман шошимын. Бірде Қызылқоғадағы Сақтапбергеннің үйінде сазанның қылқаны тамағыма кесе-көлденең тұрып қалып, о дүниенің есігінің алдына барып, аттан түспей кері қайттым. Мұхит мырс етті. Кәрім алақанындағы етін асамай, сәл кідіріп қалды. – Содан, – деді Төлеш күректей қолымен алдындағы етті бір көсіп алып. – Сақтапберген жүгіріп әлгі татар доғдырды алып келді. Ол аузымды ашып, олай-бұлай қарады да: – Нешауа, аузыңды толтырып нан жұтып жібер, – деді. Жан тәтті, айтқанын бұлжытпай орындап едім, әлгі қылқанды қасиетті нан итеріп жығып өзімен бірге қарынға алып кетіпті. Жаным жай тапты-ау, ойпырым-ай, наннан әулие тағам болсайшы. Содан бері балықты аузыма алмайтын болдым. Ал енді сенің жаңағы айтқан мәтеліңді Сақтапберген былай деп тақпақтайды: «Бал

татыған балық сорпасын ішпейтін мен байғұс құрым татыған қой сорпасына зар болдым-ау» деп. – Төлеш, аға, мағынасы бірдей емес пе, құрымы не, көңі не, екеуі де – жағымсыз нәрсе, – деді Мұхит сорпаны шәйнектің шүмегінен ернеуі жырым-жырым ағаш зереңге құйып отырып. Балық сорпасы майсыз, қой сорпасы майлы, – дегенді қосып айтты. – Апырай, ә, дұрыс айттың-ау, қалқам, – деп қалды Төлеш риза кейіппен. Кәрім інісіне таңырқап қарады, сірә, мынадай сөзді күтпеген болуы керек. Сонымен, қой сорпасы да түгелдей ішіліп қойылды, артық-ауыс не ағаш табақта, не қара шәйнекте қалмады. Етті жеп, сорпасын ішіп, екі-үш кекіріп алған соң, Төлеш беттің терін сұқ саусағымен ерсілі-қарсылы екі мәрте сыпырып тастап, аяғын күркенің есігінен шығарып созып отырды. – Кәрімжан, саған айта алмай жүрген, бірақ, айтылуға тиісті бір шаруа бар еді, соған қалай қарар екенсің, ә? – Ол иегін кегжең еткізіп басын көтеріп алды да, оңға бұрып, Кәрімді жаңа көргендей бақырая қалды. – Ол не шаруа, Төке? – Екі жүз бас қой, отыз сегіз сиыр, он төрт бұқа, жиырма екі өгіз, он жеті ат, сегіз соқа бар колхозда. Соған тікелей бас-көз болатын маған бір жәрдемші керек. Ондай адам болса, аудан қарсы емес. Осыған өзіңді қалап тұрмын. Шаруаны бір кісідей білесің, басқара алатын қабілетің де жеткілікті. Бас тартпассың деп ойлаймын, шырағым. – Сауатсызбын ғой, Төке. Сеніміңізге рахмет, бірақ сол сеніміңізді ақтай алмай қалсам... – Ой, қарағым-ай, әліпті таяқ деп білмейтін мен де бір колхозға қожалық етіп жүрмін. Сөзді қой, сенің қолыңнан бәрі келеді. Есепшотты өзім үйретемін, қалғанын өзің үйренсең болды, бітті. Мен ертең орталыққа барып докладной беремін, сен келісті деп... IV Ой шырмауынан, тырналардың тізбектеліп ұшқанындай қалың ой тізбегінен әзер дегенде басын аршып алса да, артта қалған сол бір жастық шақтың серпінді жылдарын еске түсірсе, тұла бойы жылынып бір сілкініп қалатын сияқты. Кәрім қарт қанатының қауырсыны азайып, топшысының тегеуріні әлсіреген қыран бүркітке іштей өзін ұқсатса да есіп келе жатқан жиреннің үстінде отырып, жан-жағына көз салып, кеудесін тіктеңкіреп, қомданып-қомданып алды да, тамағын екі-үш қайтара кенеп, сосын шырт түкіріп тастады. Жиреннің тізгінін сәл-пәл оңға

қарай тартып, тақымын қағып еді, жануар пысқырып жіберіп, бөкен желіске салды. Алдындағы кедір-бұдыр шағылды да, тұяқ астындағы қатты қарды да елейтін түрі жоқ. Бауырын жазып, құйындата жөнелуге үстіндегі алпамсадай шалдан сескенетін немесе именетін секілді. Қарт тізгінді сәл босатып аттың ойын сезгендей биік жалға дейін шоқырақтаңқырап, жиреннің бауырын жаздырып-жаздырып алды. Ұясына еңкейген күн көзінің астына қарай ауыздыққа тірей көсілткен жалғыз аттылы – сонау заңғар көктен зулай ағып кеп, қыр басына қанат жайып қона кеткен сыңар бүркіттей қайқаң етіп қыр басына шықты. Шықты да, аржақ жазығында тебіндеп жатқан қалың жылқыны үркітпейін дегендей қақшиып тұрып қалды. Жирен алдыңғы тұяғымен қарды тарпып осқылап жіберіп, қалың жылқыға қарай шаншыла көз тікті. Қос құлағын қайшылап, шіңкілдей кісінеді. Сосын тізгінін төмен қарай жұлқи тартып, аппақ қарды күрей асап тілімен ауыздық астына басты да жағын қимылдатты. Көз жетер жердің бәрі аппақ. Ал үйір-үйір жылқының жондары қоңырайып, ылғи бір түстес сияқты. Тебіннің шетіндегі күрең қасқа айғыр басын оқыс көтеріп алып, аттылы кісіге жанарын тікті де, е, өзіміздің қарт екен ғой дегендей қарсы жүрді. Қарт «жануар әлде қайтеді» деп ойлады да тақымын қатайтып, сала құлаш дойырын оң қолына алды. Айғыр омыраулап келіп, жиреннің тұмсығына тұмсығын тақастырып, сонан соң қарттың оң жақ аяғын иіскелеп, құйрығын тік көтеріп тезек тастады. – Әй, аманбысың, айғырым, жабағы-тай шетінеген жоқ па? – деді Кәрім ат үстінен айқайлай сөйлеп. – Тезегің қатып қалыпты ғой, сірә, сауырың мұздаған-ау, а? Жүр, аралат үйіріңді. Күрең қасқа айғыр «мына шал не дейді-ей» дегендей, үйірдің оң жақ бүйіріне қарай бүлкілдей жөнелді. Құйрықжалы төгіліп, бауыры тартылып, аш құрсақтанып қалыпты. Кәрім қарт үйір-үйірді біраз аралады. Кербиенің құйрығына бір бума сым ілініп қап сүйретіліп жүр екен, аттан түсіп, сымды орап-орап алып қанжығасына байлады. Аулағырақ тастасам, тағы біреуіне ілініп пәле қылар деп ойлады. Шөпті престегелі орақ түскен жерде бума-бума сым жатады да, малға ілінеді. Қайта мама биеге тап болғаны, ал жүген-құрық тимеген асауға сүйретілсе ше, үркіп, жарға жығылды дей бер. Соңғы жылда сымның орнына шөпті тарамыс жіппен бууды тәжірибеге енгізе бастады, бірақ енді орақ тиген жерде бума-бума жіп. «Олақтан салақ жаман» деген аталарымыздың сөзі рас, – деді Кәрім ішінен күбірлеп. Екеуі де оңып тұрған жоқ, әйтсе де салақтық жұмысты кері кетіреді, барыңды жоқ етеді. Қоңыр құнан алдыңғы сол жақ аяғын сылтып басады екен, ұзын шылбырды

мойнынан тастап ұстады да, құрқұрлап тұрып, табанын қарап еді, нағыз жүрегіне жыңғылдың жаңқасы кіріп кетіпті. Аяғын сермеп қалар деп күдіктенсе де, тәуекелге басып пышақ жүзін бармағына тақай жаңқаны қысып тұрып ақырындап суырып алды да, орнына жылқының жаңа тастаған тезегін тыға қойды. «Бүгінше осы араны тебіндесін, жусаны қалың екен, – деп ойлады қарт, – ертең Дәденді жіберіп шилі ойпаңға қарай беттеттіремін». Жиренге «ауп» деп тақым салды да, үйірлерді аралай жүріп санап шықты. Түп-түгел. Жел өтіне сауырын беріп, жүні үрпиіп тұрған жылқы көзіне ілікпегесін, аздап болса да көңілі тояттады. Жиреннің бетін ауылға қарай бағыттады да, ер үстіне түзеліңкіреп отырып, желдірте жөнелді. Батыстан аз-кем суық желдің табы біліне бастады. Қатты қар үстінде дірілдеген қозғалыс пайда болды. Қарт жиреннің тізгінін тежеңкіреп, сыпыра желістен көтере шоқыраққа ауыстырды. Қыза-қыза аттың басын сәл босатып еді, жануар екпіндете сілтей жөнелді. Қарттың ойы – қас қараймай үйге жету. Жіңішке жиреннің төрт тұяғы шашасынан асатын күртік қарды елең қылмай сілтеп келеді. Соңында қатты қар жасырып үлгермеген төрт тұяқтың ізі үңірейіп қалып жатыр. *** Совхоз директоры Асан Жұмақұлов ерте тұрып кеңсесіне келсе, қыбырлаған жан жоқ. Бет-аузы ісіңкі, тұла бойы тітіркеніп, қайта-қайта түшкіре береді. Үйіне түн ортасы ауа трактормен әзер жеткен. Елу-алпыс шақырымдай жерге екі күн жүргенін қайтерсің. Сірескен қар машина түгіл тракторды да сынайды. Аудандық партия комитетінің бюросында бірінші хатшы Сейтқұл Оспанов, әсіресе, бұған тақымын батырыңқырап жібергені қатты батты. – Жұмақұлов жолдас мал шығыны неге бар, а? Ойпырым-ай, қаңтар бітпей жатып көрсеткішіңіз мынадай, ал ақпан, наурыз айларында одақтық рекорд жасайтын боларсыз, ә? – деп кірпік қақпай тесірейе қарады. – Қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз, Сәке, әуелден негізіміз шамалы ғой, шөп аз, жем жоқ, – дей беріп еді... – Тұрып сөйлеңіз, – деп ақырып қалды хатшы. – Бұл шошып кетіп, отырған орнынан атып тұрғаны және ыңғайсыз болды. – Иә, ал, тағы қандай уәжіңіз бар, айтыңыз, ұсыныс-пікіріңіз бар ма, салыңыз ортаға? – Жолдас хатшы, аудандық партия комитетінен тікелей көмек сұраймын, ең болмаса жеммен көмектессеңіз, шынында да ,жағдайымыз қиын, мал өріске шыға алмай төрт тағандап, қолға қарап қалды. Қора басында он күн жейтін шөбі жоқ, отарымыз

бар. Жылда жайылып шығатын еді, биыл бұлай боларын кім білген? Құдайдың күні бір сынбай тұр ғой. – Әй, сіздің де, әйтеуір, басыңыз бар ғой ойланыңыз, – деді хатшы. – Отыра тұрыңыз. – Ал, мына жетімге кім жәрдем береді? – деді сәлден кейін Оспанов отырғандарды көзімен тінте қарап. – Өздеріңізге белгілі, аудандық партия комитеті жем қоймасы, мен кілтші емеспін, бір жерге тығып қойған жем тағы жоқ. Кәне, кім белсенділік көрсетеді? Үнсіздік. Үстелді жағалай отырған жеті совхоздың директорлары бастарын төмен салып, бәрі де мәңгіріп қалғандай, мелшиіп-мелшиіп отыр. – Ау, Қызыл ту сенің жағдайың сәл-пәл жақсырақ емес пе, басқаларға қарағанда, еңсеңді көтерсейші. Осындайда белсенділік көрсетіп, шешіліп қалмаймысың, бөліп ішкенше, бөле-жара ішпеймісің, ә? – Артық-ауыс болмай тұр-ау, Секе, қыстың көзі қырау дегендей, – деді Мырзабек Ещанов орнынан салмақтылау көтеріліп. – Қоғабайдағы силосыңды әлі бастаған жоқсың ғой, ол шамамен 30–40 тоннадай. Сіз енді қыстамшылық жасамай, Жұмақұловқа он тоннадай буылған шөп бер, жарай ма? – Апырай, Секе-ай, біз де өзі шықпа жаным, шықпамен шығамыз ба деп едік, қиын болды-ау. – Еш қиыны жоқ, – деп хатшы Ещановты бөгеп тастады. – Сіздердің қияңқы әдеттерің ұнамайды маған, – деді Оспанов сөзін жалғап. – Жұмақұлов басқарған совхоздың малы түгелдей қырылып қалды делік, сонда кімге пайда, кімге зиян. Сіздер аманесен қыстан шығып, «уһ» деп дем аласыңдар да, Жұмақұлов сорлап түрмеде немесе жауапқа тартылса, рахаттанып, қышыған жерлеріңе тұз сепкендей ләззат аласыңдар ма? Одан да пікірлесейік, кімнің қандай мүмкіндігі бар, соны білейік. Аурудың алдын алмасақ, ертең бой бермей кетер, солай емес пе? – Өткен жаздың қуаңшылығы бәрімізді де қақсатып кетті ғой, ала жаздай әуре боп шапқанымыз – қу қамыс, оны ұсақтап жемге қосудың өзі бір жұмыс. Әйтеуір, әзірге мал шығыны жоқ, бірақ оған мақтана да алмаймыз, – деді Абай атындағы совхоздың директоры Сәкен Ысмайлов қып-қызыл мұрнын уқалап жіберіп. – Вообще, Сәке, мен Жұмақұловқа сегіз жүздей қамыс түк берер ем, жемге қоспағасын, оның құны бір-ақ тиын, ас болмайды, жейді де, қата қалады, қойды басқақ етіп, іш тастатады. – Так, так, дұрыс, енді-енді шешіліп келесіңдер, – деді хатшы

сәл жүзін жылыта жымиып. – Қарап отырып, сақалды қолдан бермейік жолдастар. Мен келесі жетіде Жұмақұлов басқарған совхозды шама-шарқымша аралап, жағдайды өз көзіммен көріп, саралап бір түйінге келем бе деп ойлап тұрмын. Жұмақұловқа ұрыса бергенде не шығады дейсің? Бас қондырысы мынау, мені үйітіп жесеңдер де мейілдерің деп міз бақпай отырған. Бізге қайткенде де мал басын сақтауымыз керек, ерегіскеннен еш пайда жоқ екені белгілі. Жуық арада Сағыз станциясына екі вагон жем келуі керек. Соның көбірегін Жұмақұлов басқарған шаруашылыққа, сонан соң аздап Абай атындағы совхозға бөлемін. Ал мына ішімдегіні біл деп безеріп отырған шаруашылық басшыларына беретін де, бөлетін де ештеңем жоқ. Бұлар тым тоқ, тоқ күйінде қалсын. Сіздің не айтарыңыз бар? – деп хатшы аудандық атқару комитетінің төрағасы Сағын Дәуітовке қарады. – Бір ескертетін жай, – деді Оспанов, – біз партия комитетінің бюросына қонаққа келгеніміз жоқ, ақылдасу, пікірлесу, барды ортаға жайып салу үшін келдік. Иә, сіз... – Жоқ, Сейтқұл Оспанович, – деді ауатком төрағасы. – Менде ешқандай алып-қосар жоқ, жағдай белгілі болды ғой, енді соған шара алсақ. – Ештеңе белгілі болған жоқ, ештеңеге шара алудың да қажеті жоқ, онда екінші мәселеге көшейік, – деген хатшы қабағын шытып. Бұл бюродан терлеп шыққан. Әншейінде жалпылдайтын әріптестерінің қиын-қыстау шақта мұны қолдап, жанашырлық бірауыз сөз айтпағанына ренжігені рас. Қайтсін, өз бастарына сөз тілеп алғысы да келмейтін шығар. Апшыңды қуырып, аттатпайтын хатшының алдында өзіңді-өзің арашалап алу да қиынның қиыны, бәрін біліп, бәрін көріп отыратынын қайтерсің. Асанның шекесі солқылдап кетті. «Ойпырым-ай, шынымен абыройсыздыққа тап болар ма екем, енді не істесем екен?», деп ойлады да, қой, ферма меңгерушілермен мамандарды шақырып кеңесейін деп ұзынша сенектегі есіктерді тартып қараса, тарс жабық. «Бұлар бір жаққа көшіп кеткен бе?» – деп ашулана бастады да, кенет сағатына көз жіберіп еді, тура жетті. Ә, сәл ертелеу екен ғой деп күбірледі де, қайта оралып өз бөлмесіне кірді. Креслода шалқайып отырып, көзі ілініп кеткен екен, сырт етіп жабылған есіктің дыбысынан басын көтеріп алып, үстібасын жөндеді. Оң жақ аяғы қатты ұйып қалыпты, дызылдап барады. Есіктен хатшы қыз басын қылтитты. – Ә, Қадиша, аманбысың, маған парторгті, бас зоотехникті шақыршы. Сосын жалпы кеңсе қызметкерлері орнында ма, білші? – Қазір, аға, – деп хатшы лып ете түсті де, сәлден кейін қайта оралды.

– Парторг жұмысқа әлі келмепті, бас зоотехник фермаға жүріп кетіпті. Басқалары орында. – Парторгті тез шақыр, ол келген соң басқаларын да маған жинарсың. Асан парторг Қабыл Құдысовқа кәдімгідей ренжіп қалды. Бұл тал түске шейін неге шалқаяды? Қайта директор жоқта жұмысқа ерте келіп, кеш кетіп, белсенділік көрсетпей ме. Осының дәу де болса ферма орталықтарымен хабарласып, не болып, не қойып жатқанына да ынталанбаған болар. «Менің коммунистерім түгел, бәрі тәртіпті, малмен шаруам шамалы» деген екен, ертеректе бір совхоздың парторгі ауданнан келген уәкілге. Директор сәл езу тартты. «Әй, айтқыштар бар-ау, бірақ бос сөздің қажеті не, жүрек кілкітіп, құстыра жаздайды. Одан шаруаға пайдасы тиетін бір сөз артық», деп ойлай беріп еді: – Ассалаумағалейкүм, Асеке, – деп ферма меңгерушісі Төрежан кіріп келді. – Иә, қайда жүрсің, төрлет, – деді директор Төрежанның қос қолына бір қолын ұсынып. – Бір-екі күн болды, сізді күтіп жүр ем. – Ау, мал қайда, жан қайда? Совхоз бойынша осы айда шығынды көп берген сенің фермаң. Ал меңгерушінің жүрісі мынау, бостан-босқа салақтап. Ферма орталығымен телефон байланысы бар, шаруаңды телефонмен айта салсаң да түсінеміз. Екіншілей есіңде болсын. – Телефонмен де айтылмайтын шұғыл шаруа болады ғой кейде, Асеке, – деді Төрежан суық жымиып. – Үш ферманың ішінде қысқы азықсыз мына мен, қай жағынан да, малға шөп жоқ, семьяда ет жоқ. Әйтеуір, қойдан жуас біреу бар, анда барса опақ, мында барса сопақ ,кім жаман, Төрежан Биназаров, кім оспадарсыз, Т.Биназаров. Біз де білеміз, кімнің кіммен қалай екенін, кімнің арқасында кімнің адам боп жүргенін, тіпті көріп те жүрміз. Мен-ақ қара торғай осы совхозға, басқасының бәрі қырғи, еще қырғи болғанда қандай. «Мына ақымақ қайтеді-ей, өзі ішіп алған емес пе» деп тіксінген директор Төрежанның бетіне үңіле қарап: – Қысқарт сөзді, тіпті өзің шешен екенсің ғой, білмеппіз, – деп келте қайырды. – Осында қазір совхоз активтері жиналады, жағдайды талқылаймыз, қалғанын сонда сайрарсың. Төрежан кәдімгідей сұрланып, бірдеңе деп ернін жыбырлатты да, сәл шегініңкіреп отырды. Бөлмеге асыға басып Қабыл Құдысов кірді. Өңінде сәл ыңғайсызданғандықтың табы білінеді. Оған қоса мосқал тартқан бас бухгалтер Өмірбек, прораб Сеңгір, кәсіподақ

ұйымының төрағасы Жиенбек кірді. Қабыл директорға қолын ұсынып: – Келуіңізбен, – деді де ұзынша столдың жанына барып жайғасты. – Сәлеметсіздер ме, жолдастар, – деді директор отырғандармен салқындау амандасып. – Ауылдық кеңестің төрағасы қайда, оны да шақырыңыз, – деп есік алдында состиып тұрған хатшыға ым қақты. – Ауырып жатқан көрінеді, – деді Қадиша лып ете сөйлеп. – Апырай, кеше кеште жүгіріп жүр еді ғой, – деді парторг біртүрлі кекесінді пішінмен. – Аяқастынан ауыра қалғаны қызық екен. – Аяқастынан ауырмақ түгіл, өліп те қалмай ма, – деді Өмірбек мырс етіп. – Кешіріңіз, Өмеке, ауылдық кеңес сіздің қарындасыңыз екенін білмей қалдық, – деді парторг қызарақтап. – Бос сөзді доғарайық, жолдастар, – деді директор қатқылдау үнмен. – Аздап мәдениеттірек болайықшы, бұл аула іші, ен дала емес, жұмыс кабинеті ғой, – дегенді қосып қойды. Жиенбек булыға жөтеліп алды да: – Салқын тиіп, кешірерсіздер, – деп отырғышқа шалқая түсті. Сеңгір дереу қалтасынан қол орамалын алып, шуылдата сіңбіріп еді, осыдан қаламын ба дегендей, Төрежан саусақтарын сыртылдатып: – Дұрыс қой, дұрыс, – деді. – Ал, болдыңдар ма? – деді директор, – Болсаңдар, әңгіме мынадай. Осыдан екі күн бұрын аудандық партия комитетінің бюросы болып өтті. Бірінші мәселе, шаруашылықтардың қазіргі жай-күйі. Бірінші ауызға іліккен әңгіме біздің совхоздың бүгінгі аяқ алысы. Сегіз шаруашылықтың ішінде мал шығыны жөнінен шаңымызға ешкімді ілестірмей келе жатыр екенбіз. Бұл, әрине, қуанарлық жай емес, еңкілдеп жылағанмен де біздің маңдайымыздан ешкім сипай қоймас. Мынау қаһарлы қысты қас батырларша қасқайып қарсы алуға жүрегіміз дауаламас, себебі артымыз белгілі. Өз жайымызбен өзіміз есептеспесек, біздің шотымызды ешкім қағып бермес. Былайша айтқанда, өз қотырымызды өзіміздің қасуымызға тура кеп тұр-ау деймін. Жай айтқанда да, қатты айтқанда да бүгінгі жайымыз өте жаман, сын көтермейді. – Жәрдем бермей ме аудан басшылары, біздің жай-күйімізді көріп, біліп отырып, өлсең өрем қап дей ме сонда? – деді парторг шашын сілкіп қойып. – Иә, деймін-ау, тіпті осы совхоздың малы қырылып қалса да мыңқ етпес-ау, олар, – деді Төрежан асығыстау тіл қатып. – Олай болмас, өткен жылғы тым қуаңшылық қай шаруашылыққа да зиянын тигізді ғой. Аудан басшыларының

қолында бірдеңе болса, қылдай ғып бөліп берер-ау, жоқ шығар, «жоққа жүйрік жетпейді» деген емес пе, – деді Өмірбек байсалды қалып білдіріп. – Пай-пай, Өмеке-ай, жоқ жерде жақсы атты болғыңыз келеді, ә? Ауданда болмаса, облыс көмектеседі, әйтеуір көмектесуге қайткенде де міндетті, – деді парторг Өмірбекке шаншыла қарап. – Қырып тастауға батылдары жетер ме екен, әй, соларға да жан керек болар, – деді Төрежан. – Жиенбек, сен не айтасың? – деді директор кәсіподақ ұйымының төрағасына. – Расында да, жағдайымыз мәз емес. Аудан, облыс деп отырғанда қолдағы бардан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Одан да... – Иә, не одан да, жылдамырақ, шапшаңырақ айтсаңшы, – деп түйілді парторг. – Сіз кішкене сабыр етсеңізші, – деді директор парторгке. – Ойын аяқтауға мұрша беріңіз, қылғындырмай. – Жоқ, енді бар-ау, бұл арада кейбіреулер, – деп парторг тағы сөзуарлық танытып келе жатыр еді, директор: – Онда сіз сөйлеңіз, біз тыңдайық, жүдә бой бермедіңіз ғой. Сізге бүгін бір желік пайда боп, сөйлегіңіз келген екен, ал сөйлеңіз, – деп дәл осы сәтте шырылдай қалған телефонның трубкасын көтеріп қайта орнына қоя салды. – Асеке, өйтіп кемітпеңіз, – деп парторг те шап ете түсті. – Мен сізді кемітіп отырғаным жоқ, жұртқа сөз бермей неге кес-кестейсіз? – Онда вообще қойдық сөйлеуді, – деді парторг қызарақтап. – Вот, сүйтіңіз, – деді директор. – Пайдасы жоқ мың сөзден, пайдалы бір сөз артық. Үнсіздік. – Так, Жиенбек, ойыңды жалғастыр, – деді директор тершіген маңдайын алақанымен сүртіп. – Алдыңғы күні мына Төрежанның фермасындағы екі отар қойды араладым. Қар дегеніңіз аула-қораларын басып тастаған. Сағидолла Жақыповтың отарындағы 860 бас қойдың жайы өте ауыр. Әрине, әзірге талшық жасап тұрғаны бар. Бірақ бар ғой, осы қыс осылай бір ай тұрса немесе тағы боран боп масқара етсе, сол Сағидоллаға жәрдем бере алмаймыз ба деп қорқамын. Одан беріректегі Намаздың жайы да мәз емес-ау, Асеке. Қора басындағы бір-екі томпиған шөп бір отар қойға шашқанда мықтаса он-он бес күнге жетер. Үнемдесе, жиырма күн, әрі кеткенде бір ай, ал қыстың қашанға дейін созыларын кім білген?

– Басқаларға қарағанда екеуінің де жағдайы өте жақсы, жылай береді олар, жыласақ құдай береді деп ойлайды. Сөйтіп, жылай-жылай қыстан аман шыға келеді. Бүгін он машина шөп апарып берші, бәрібір аз дейді, білемін ғой мен ол заржақтарды, – деді Төрежан әңгімеге тосын араласып. – Ол екеуі әлі бір бас шығын берген жоқ, ең жақсысы оларға көңіл аудармасаң, өздері тырбанып күндерін көреді. Ит жейді деймісің оларды. Осыдан шығын берсінші, бір қойды екеу қып төлетейік. – Басқаларың кімдер? – директор тіктеліңкіреп отырды. – Осы айда отыз бас қой өлтірген Кеңес Қаражігітов, жиырма екі бас шығын берген Мағзом Тілеубердиев және алты бас қойды арам қатырған Қойшы Ерімбетовтер. Бұлардың да қораларының басында кем дегенде он тоннадан шөптері бар. – Онда малы неге өлген? – Басқақ қой деймін, ерте төлдейтін қойлар ғой, ащы жусан мен шағырды шөп екен демейді. Бір мезгіл арық-тұрыққа жем болмаған соң. – Қар қатып қалып, жайылысқа шыға алмай тұрғаны, әйтпесе жылда жайылып шығатын еді ғой, – деді парторг. – Меніңше, жекеменшіктерден шөп сұрау керек, бір үй бір шана шөп берсе, осында жүзден астам үй бар біраз көмек болар еді, – деді Сеңгір. – Па, шіркін-ай, ендігі қалғаны осы еді, – деді парторг, – бүйтіп жұртқа екі алақанымызды жайғанша тентіреп кеткеніміз дұрыс болар. Мысалы, менің үйімде тіпті шөп жоқ, жалғыз сиыр жел өтінде мөңіреп тұр. Нан жейді, жуынды ішеді. Ал өлсе өрем қапсын деп мен жүрмін. Оған бола басымды ауыртуым керек пе, а? Басқалар да қайбір оңып отыр дейсің. Жолдастар, біз енді жұрттың мазасын алмайық тағы. – Сеңкенің сөзі маған да ой салды, – деді директор орнынан тұрып. – Несі бар, артық-ауысын көпшілік аямас. Тіпті тегін сұрамаймыз, ақшасына бер дейміз. Жиналған шөпті гараждың ауласына жинап, престеу керек. Буылған шөпті әр шопанға қылдай етіп бөліп береміз. Бұл – бір. Екінші жай, Аяпбергеннің бергі жағалауындағы ескі қоралардың шеген ауласын бұзып тасуымыз қажет. Шеген аулалар қалдық шөп, шіріген саламнан соғылған ғой. Қарға соғып тазалап берсек, малға кәдімгідей қағажу болары сөзсіз. Аудан басшылары бар көмегін аямас, ал біз де қол қусырып қарап отырмайық. Мамандардың бәрін әрбір отарға бөліп, нақты тапсырма берейік. – Пәленбай жылғы шеген аулада күбірден өзге не бар дейсің? – деді парторг, – дегенмен сіздің ұсынысыңызға қосылуға болады. – Басқа кімде қандай ұсыныс бар, әңгіменің ашығы жақсы,

түптеп келгенде совхоздың малы мен жанына тікелей жауап беретін екеуміз, – деді директор парторге қарап. – Неге, жауапкершілік бәрімізге бірдей емес пе, бөле-жаратын несі бар? – деді бас бухгалтер сөзге бүйірден қосылып. – Әрине, әуелі сіз, сонан соң біз де шама-шарқымызша сол тікелей жауап бермеу жағын қарастырайық. Өлген қойдың орнына қой салып тірілтейік, кем дегенде он шақты жандық бәрімізде де бар ғой. Ол маңырамағырларды өз игілігімізден өзіміз аяймыз ба? – Пай, дегенің-ай, ой, Өмеке-ай, тіл мен жаққа сүйенгеннен басқа бітіреріңіз шамалы-ақ, сіз айтты деп, дүйім жұрт жекеменшігіндегі қойларын қоса қояр, тегіннен-тегін, ондай коммунизм әлі орнай қойған жоқ, барын ортаға салып, қажетін ортадан алатын. Ал сіз он қойыңызды совхозға бере қойдыңыз дедік, одан бұл шаруашылықтың бүйірі шыға ма, жоқ па, ол жағы күмән және де жұрттың бәрі өзіңіздей қалталы да емес шығар, ішпей-жемей барын совхозға айдап салатын. Одан да асып-төгіліп жатқан артығыңыз болса, бейбітшілік қорына өткізіңіз, ең болмаса газеттен жұрт оқып атағыңыз күллі алашқа тарайды, – деді Төрежан бастырмалата сөйлеп. Парторг мырс етіп, назарын төмен түсірді де, сұқ саусағымен столды шертті. – Тағы кім не айтады? – деді директор отырғандарға үңіле қарап. – Бірақ қысыр сөз емес, нақты ұсыныс керек. Бұл жерге бірімізді-біріміз кекетіп, мұқату үшін жиналған жоқпыз. Өмекеңнің айтқаны – ұсыныс, оны теріс деп ат-тонымызды ала қашуға бола ма? Төрежан, сенікі не байбалам осы, үлкен бар, кіші бар, басымызды сыйламасаң да, бөркімізді сыйлауың керек қой, аузыңа келгенді оттайсың келіп, оттайсың келіп, артық кетсем, кешірерсіздер. Сенікі ненің көкірегі, а, артыңды былғап жүрсің ғой, шырағым-ау, қой сенің фермаңнан өледі, шопандармен ортақ тіл табыса алмайсың, жалпы жұмысқа жаның ашымайды. Оның дәлелі ретінде екі күннен бері бостанбосқа осы арада салпақтап жүргеніңді мысалға келтіруге болады. Ал билік ішіңді жарып бара жатса, төрелігіңе жүгінейік, сосын саған «Бейбітшілік қоры» күлкі ме? Бұл менің тарапымнан ең соңғы ескерту, қазір жөнел де, шаруашылығыңның басына бар. Айтпады деме, бір ай мерзім ішінде өз жайыңды өзің түземесең, орныңнан алып тастаймын. Қабыл сізді Төрежанның фермасына бөлемін, ең болмаса малшыларды рухтандырып, тәтті сөзіңізді айтыңыз, автоклуб пен автодүкенді ала кетіңіз. Алдыңызға Сатанның «К-700»-ын саларсыз. Төрежан парторгке, парторг Төрежанға қарады. – Жиенбек шоферімен екеуі Сағадағы Әлжаппарға көмеккке барады, Сеңгір қасына Саламатты алып Құдысқа көмекшілікке

бар. Мерзім жиырма күн. Өмеке, сіз осындағы кәкір-шүкірмен айналысып, бас бағып жүргендердің тізімін маған тез жасап беріңіз. Сонан соң бухгалтерияда сізден басқа кассир, экономист қалсын, басқасын түгелдей тізімге кіргізерсіз. Манағы бір әңгімеңізді өзіңіз жандандырарсыз, әр үйден он-он бес буылған шөп немесе бір шөмеледей бос шөп алғанның өзінде біз бір отар қойды сақтап қаламыз. Тегін емес, ақшасына сұраңыз, осыған өзіңіз бас болыңызшы. Шөпті гараждың шарбағына апару керек. Оған да Өмеке, басшылыққа сізден ыңғайлысы жоқ сияқты. – Жарайды, талпынып көрейік, – деді Өмірбек. – Ал басқалай ештеңе жоқ болса, осымен әңгімені әзірше доғарайық. Мен таңертең бір «К–700»-бен шаруашылықты аралауға шығамын. Кеңсеге, Өмеке, сіз басшылық етесіз, – деді директор орнынан тұрып. – Аудан басшылары сұрай қалса, мән-жайды түсіндірерсіз. – Бір минутқа қала тұруға бола ма? – деді Төрежан есік алдында кібіртіктеп. – Иә, не айтайын деп ең? – Жаңа көптің көзінше айтуды ұят санап ем, тіпті өзінің бағып отырғаны жекеменшік жылқысы сияқты жүгенсіз кетті, адамды адам деп қарамайды. Өзі би, өзі батыр. Бергісі келгеніне береді, көңілі түспегенге саусағын көрсетеді. Оспадарсыз шалдың баласы да оңып тұрған жоқ, соларға үйір-үйір жылқыны о баста кім бергеніне қайранмын. – Сіз кімді айтып тұрсыз, түсінсем бұйырмасын? – Жылқышы Дәден мен оның әкесі Кәрімді айтамын, егер рұқсат етсеңіз, тұқымын біржола құртпай тұрғанда, олардан жылқыны алып, басқа біреуге тапсырайын деп едім. – Иә, не болды соншама? Олардың не жазығы бар, өткен қуаңшылық жылы әр 100 биеден 90 құлын алды, мал басы аман, енді аяқастынан сыпырып алуға қандай қақымыз бар? – Жоға-ау, адаммен адамша сөйлеспейді, кісіні менсінбейді. Өткенде жағдайларын білейін деп барсам, әлгі озат жылқышы Дәден ініміз мені сыбап тұрып боқтады. Себебі жем жоқ, шөп жоқ дейді, қолда барды қаңтар тумай құртқаны жаныма қатты батты. Сонан соң ақшама бір тай сұрасам, бармағын мұрныма тақады. Сонда деймін-ау, кісілігі қайда ол иттің, жаман болайын, жақсы болайын, мен ферма меңгерушісімін ғой. – Е, жайың белгілі болды, – деді директор. – Кез келген адам шауып барып маған жылқы бер дегенге жетектетіп жіберсе, жылқы қала ма, директордың рұқсатынсыз кім-кімге де татырма деп ескерткенмін. Соғымға сиыр сойсаңдар да, әжептәуір соғым болатын көрінеді. – Директор киім ілгіштегі пальтосын иығына

ілді де: – Тағы не айтасың? – деп алдында кекірейіп тұрған Төрежанға бұрылып қарады. – Мен, әйтеуір, сіздің алдыңыздан өттім, егер анау жылқыдан бір бас шығын болса, мен жауап береді деп ойламаңыз. Алдын ала сізді сақтандырғанымды кесе-көлденең саламында тұрамын. Кім-кімге де айтарым бір сөз, аудан басшыларын да ескертіп қоюды өзімнің коммунистік міндетім деп санаймын, менің арым таза. Әруақытта да адалдықты сүйемін. – Тоқтаңыз, сонда маған көрсеткен құқайыңыз ба, бұл? – директор пальтосын қайтадан ілді. – Мен шаруаның жайын айтып тұрмын, сіздің жеке басыңызға тағар мінім жоқ. – Солай де, Биназаров жолдас, маған қыр көрсететін жеріңіз бұл ара емес және де сізден келген қандай пәле болса да күтіп алуға әзірмін. Директордың шаруаға қыры жоқ, шаруашылықты білмейді, адамдармен ортақ тіл табыса алмайды деп аудандық партия комитетіне аноним хат жолдаған да мүмкін сіз боларсыз немесе ұйымдастырған шығарсыз, мына түріңізге қарағанда. Құдайға шүкір, мен сіздей жылқы етіне құмар емеспін, егер бір жылқыны соғымға сойсам, ұрлап алды деп үйге милиционер ертіп келуден де тайынбайды екенсіз ғой, шамасы. – Қатты кеттіңіз, Асеке, сіз мені түсініңіз. Сыңар езулеудің соңы жақсылыққа апармайды. – «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді» демей ме атамыз қазақ, әзірше ымға түсінеміз. – Мынау жайсыз әңгіме болды-ау өзі, менің айтайын дегенім... – Жарайды, – деді директор Төрежанның сөзін аяқтатпай, – айтатыныңызды тағы бірде айтарсыз. Сізбен салғыласып тұруға уақыт жоқ. – Директор пальтосын иығына іле салып, Төрежаннан бұрын есіктен шықты да, хатшыға: – Мен гаражға кеттім, сұрағандар болса, гаражда дерсің, – деді де, ашылар жағы ұзын сенекке қараған, сырты дермантинмен қапталған қара есікті серпіп жапты. Төрежан тұла бойын кернеген ашудан терісіне сыймай аттай басып парторгтің кабинетіне кірді. Кірді де, қарсы алдында отырған Қабылдың үстінен аттап өтердей емініп барып тоқтады. Жап-жалпақ алақанымен маңдайын ерсілі-қарсылы ысқылап, таңқылау мұрнының астындағы көнтіктеу ернін қайта-қайта тістелеп, сол қолымен бір қарыс болып өсіп кеткен желке шашын тартқылап-тартқылап қойды. Екі көзі қызарып, парторгке алара қарады да: – Қабеке, партия ұйымының басшысыз, коммунистеріңізге неге тәртіп бермейсіз? Аузы барғанша сөйлейді, аяғы жеткенше жүреді, бір өзі құдай, басқа ешкімді

көзіне де ілмейді. Қашанғы бұлай бола береді. Егер созған аяғын жинамаса, кісіні жазықсыздан жазықсыз балағаттаудан тілін тартпаса, біз де айта аламыз айтатын жерге, бара аламыз бара алатын жерге. Ол коммунист болса, мен де коммуниспін, оның жоғары білімі болса, менде де бар жоғары білім. Менің одан нем кем, а? Соншама сөз еститіндей. Алдыңыздан өтейін деп кірдім, парторг жолдас, сіз саяси басшысыз ғой, шешіп беріңіз ақ қарасын сол дұрыс болар, меніңше. – Иә, неменеге от боп жанып жүрсің, отыр? – Қабыл Төрежанға қарап орындықты нұсқады. – От боп жанбақ түгіл өртеніп кетер менің орнымда басқа біреу болса. Мен көнбіспін ғой, сосын бәрі басынып алған. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген, енді ырситып терімді сыпыруларың ғана қалды. Жо-жоқ, тексіз жылқының да тұяқ серпері болады. Мен қанша тексіз болсам да, тұяқ серперім бар, еще қандай, бір-екі адамды тоңқаластыруға жарайды. – Сәл-пәл төмендесейші, қанатың талып құлап кетерсің. – Мына директор жолдасқа не жазғанымды білмеймін, менің қыр соңыма түсіп алды. Жаңа ғана аудандық партия комитетіне арыз жазған сен, мені балағаттап деп айқайлады, жұмыстан босатамын деді. Сонда мен бостан-босқа, жазықсызданжазықсыз жұмыстан шығып қала қоямын ба, еһе, тапқан ақымақты. Алқымнан ала алмасам да, жағаға жармасарым бар менің де, бір адамды сүріндіретін қабілет табылады бойымнан. – Жарар, арызыңды кейін айтарсың, менің жолға жиналуым керек, бос сөз уақыт өлтіреді, жағдайдың мәз еместігін естідің ғой. Әсіресе сенің фермаңның жайы онша емес-ау, бауырым. Айтса айтқандай, сен дау қуамын, сөз қуамын деп мында жүрсің, анда малың аш, тіпті аш болмаса да, жарты құрсақ. Давай тамақтанып жүріп кетейік. – Жоға-ау, басқа мәселе құрығандай директордың маған бас салғанына жыным ұстады. Мал өлсе, не бітіріп отыр. Жемшөп тауып беруге міндетті ме, міндетті. Осы бастан ескертемін, мен бар ғой, жалғыз кетпеймін, дырылдатып бір-екеуді сүйрей кетемін. Өйткені ферма шаруашылығының қара күзден қырын кетуіне себеп болған совхоз басшылары. Жүрдім-бардым қарап, көңіл бөлмеді, «мал қырылады, ойбай» деп менің жар салғаныма екі айдан асты, бірақ ешқандай шара алынбады. Енді бәріне жазықты сенсің деп маған дұзақ құрғысы келіп отыр. Аудан басшылары кешегі бюрода өзін жақсылап қарауылға алса керек, ал ол менен өшін алғысы келеді. Жоқ, ол бола қоймас. Мен қара тас емеспін, не айтса да мелшиіп тұра беретін, менің кеудемде жаным бар, ненің не екенін жақсы сеземін... – Ал, біз кеттік, жүресің бе, жоқ па? Әлде жынымен сөйлескен

бақсыдай әлде де көпіресің бе, бәрібір сені тыңдап тұрған мен жоқ, – парторг сөзінің артын күлкіге жеңдіріп жіберді. Екеуі сыртқа шықты. Терістік беттен қар ұшқындады. Күн көзін көлбей жылжыған қарасұр бұлттар көлеңкеледі. Көше бұрышындағы шағын дүкеннің алдында түтіні будақтап сарғыш түсті «К-700» тракторы тұр. Директордың «УАЗ-игі» зу етіп кеңсенің алдынан өте шықты, бағыты – бензин колонкасы. Екінші көшеден шабалаңдап үрген иттің дыбысы естілді. Дүкеннен екеу шығып, кеңсе алдында қақшиып тұрған парторг пен Төрежанға қарап қойып, гаражға қарай беттеді. Парторг екеудің біреуін жыға танып дауыстады: – Сәлмен, автоклуб пен автодүкеннің шоферлеріне айтшы, машиналарына заправка жасап, біздің үйге келсін. Сонан соң Келденге ескерт, Сатанның «К-700»-ын тездетіп қыздырсын. Жаңа өзім де звондағанмын, дегенмен... – Жарайды, Қабеке, – деді екеудің оң жақтағысы. – Әй, ана қасыңдағың кім? – деп Қабыл қайта дауыстады. – Слесарь бала ғой. – Жұмыс кезінде дүкенде неғып жүрсіңдер? – Жай, темекі алып. – Темекіге біреуің келуге болмай ма? – Екі кісі жақсы, күбір-сыбыр. – Ой, сөзің бар болсын, әлгі менің шоферім гаражда болса айта салшы, үйге келсін. – Жарайды. Қабыл мен Төрежан талтаңдай басып, құбыла беттегі оқшаулау салынған ақ шатырлы үйге қарай жүрді. – Қабеке, мен осы директорды түсінбеймін, өзінше қолынан іс келетін адамдарға ұқсағысы келіп тыртыңдайды-ай, онысынан ештеңе шықпайды. Әлгі Абай айтқандай «болмасаң да ұқсап бақ» деп, ұқсағаннан не пайда, ісі оңға баспағасын, оның қасында өзіңіз тура данышпансыз ғой. – Менің данышпан екенімді қайдан көріп-біліп қойдың? – Белгілі ғой өзі, білеміз ғой ол жағын, былайша айтқанда, кісі танырлығымыз бар. – Қойшы-ей, онда өзің неге директор болмайсың? – парторг Төрежанға қарап жымиды. – Қолтықтан демеп жіберетін біреудің жоғы діңкемді құртып-ақ бітті. Әйтпесе сіз бен біз осылай жүрер ме едік, кім көрінгенге көз түрткі болып. – Жо-оқ, мені қоспа. Маған, – дей бергенде, – Қабыл ағай сізді телефонға шақырады, – деп пальтосын бос жамылған хатшы қыз Қадиша ынтығып жетті. Жалаңбас, ақсұр өңі сәл қызарып, ұп-ұзын кірпігін қағып-қағып, күлімсіреп қояды.

– Кім шақырады? – деді Қабыл қызға бүкіл денесімен бұрылып. Оның қарасұрлау бетіне дір етіп қан жүгіріп өткендей, басы кегжең ете қалды. – Аудандық партия комитетінен, «тез шақыр, жуық маңда болса» дегесін... – Өй, онда көп нұсқаушылардың бірі шығар, солардың-ақ шаруасы таусылмайды. – Қабыл жүре сөйледі. – Әй, сен де жүр, мүмкін керек боп қаларсың, – деді ол талтайып тұрған Төрежанға. – Бес қой өлді дегенше, бес тоқпақ алдым де, енді біздің басымыздан тоқпақ кетпейді, – деді Қабыл адымдай басты да, кеңсеге таяу келгенде қарқынын күшейтті. – Алло, алло, мен тыңдап тұрмын, – деді Қабыл сәл ентігін басып. – Меніңіз кім? – деді телефондағы байсалды дауыс. – Как кім, Қабыл Құдысов. – Құдысов болсаңыз былай, тез ауданға жетіңіз, жағдайды содан кейін түсіндіремін. Директор қайда? – Шаруашылықты аралаймын деген. – Аралап кетті ме, жоқ, деумен жүр ме? Нақты жауап беруді қашан үйренесіңдер осы. – Кім бұл, тақымдап тұрған, ең болмаса аты-жөніңізді айтсаңызшы? – Сейтқұл Оспанов деген адамды естуіңіз бар ма еді? – А, а, Секе, ойпырым-ай, мені қара басып, даусыңызды танымай... – Ештеңе етпейді. Осы қазір жолға шығыңыз. – Телефон ыңылға көшті, сірә, хатшы өз трубкасын қойса керек. Қабылдың шеке тамыры солқылдап, екі жауырынның ортасы терледі. Отырған орнынан екі ұмтылып әзер тұрды. Қасындағы хатшы қызды танымай қалғандай бақырая қарады да, сұп-суық маңдайын алақанымен сипап қойды. Сонан соң есік алдында серейіп тұрған Төрежанды көріп сәл езу тартты да: – Оспанов жолдас қой, бір тосын шаруамен ауданға шақырып жатыр. «Тез жет» деуіне қарағанда өте тығыз шаруа болса керек, – деді. – Өңің бұзылып кетіпті ғой, – деді Төрежан, – әйтеуір, жайшылық па? – Е, жайшылық болмай. – Қабыл қабағын түйді. – Дегенмен,бірінші хатшының өзі звондауына қарағанда, жаман деп те, жақсы деп те айтуға ауыз бармайды, – деп Қабыл суық жымиды. – Е, о кісі директорды сұрап талай звондаған, онда не тұр, – деді секретарша қыз күлімсіреп. – Жаңа аты-жөнін айтпады ма? – деді Қабыл қызға. – Айтқан жоқ, тек парторг жуық маңда болса, телефонға

шақырыңыз, өте қажет, – деді. – Сосын дереу терезеден қарасам, сіздер кетіп бара жатыр екенсіздер, тұра жүгірдім. – Мұнда бір жұмбақ бар, – деді Төрежан салмақтай сөйлеп. – Рахмет, Қадиша, біз кеттік, директор сұраса, айта саларсың, – деді Қабыл әлсіздеу үнмен. – Қазір үйінде шығар, телефон соға салмайсыз ба? – Жо-жоқ, қажеті жоқ, ести жатар. Төрежан мен Қабыл кеңседен шығып, үйлеріне қарай манағыдай жай емес, асығыс басып бара жатты. – Мүмкін бұл жақсылық болар, – деді Төрежан Қабылға, – әйтпесе өзі сені телефонға шақырып әуре болмай-ақ, біреуге звондата салмай ма, көп қой ол кісінің көмекшілері. Қабыл үндеген жоқ. «Адам жаңылысайын десе аяқастынанау, апырай, ә, сұрақ қойып көсемсіп нем бар еді. Әй, кейде өзімді-өзім тежей алмай бөсіп кететінім өзіме таяқ боп тиіп жүр-ау, қайтейін. Бала дейтін бала, шала дейтін шала емеспін, бірақ аңғарымпаздығым өте аз, тіпті жоқ. Жаңағы жерде менің орнымда мына Төрежан болса ғой, желімдей жабысып, ненің не екенін біліп қалады». Осындай ой Қабылдың жанын мазалап, шарбақтан қалай кіргенін сезбей қалды. *** Совхоз директоры боп Асан Жұмақұлов келгелі шаруашылық ілгері баспай-ақ қойды. Бұрын дүрілдеп тұрған совхоздың директоры Хасен жасы алпыстан асқан соң сұранып зейнеткерлікке шыққан. Өзі қолынан жетектеп жүріп, аудан, облыс басшыларына беделін салып, орнына мамандығы мал дәрігері, осы жап-жас жігітті ұсынып еді, болашағынан көп үміт күтетінін білдіріп еді, енді, міне, үш жаз, екі қыс өткелі тұр жас жігіттің директор болғанына, ал шаруашылық еңкеймей, шалқайып барады, не істеу керек? Жеңіл машина кабинасында отырған Сейтқұл Оспановты толғандырған осы сұрақ еді. Машина алдағы «С-100» тракторының қалың қарды жеріне жеткізе күреген жолымен ілбіп қана келеді. Кей тұста алып трактордың да әлі келмей қала ма, кейін шегініп, күрегін қайқайта көтеріп, қайта түсіріп, жылан бауыры ілгері-кейін жалтылдай жиырып, тұрбасынан көк түтіні атқылап, дауысы үзілердей боп тықылдайды да қалады. Дегенмен күштінің аты күшті емес пе, әйтеуір, мелшиіп тұрып қалмай, сәл де болса ілгері жылжиды, көңілге осынысы медет. «Әзірге шығын беріп, қыс қаһарына ілігіп қалған Жұмақұлов басқаратын совхоз ғана. Басқасының ептеп-септеп көктемге жететін түрі бар,» – деп ойлады ол. Өзі осы ауданға бірінші хатшы болып келгелі біраз жыл, осы уақыт ішінде мынадай алапат қысты бірінші

рет көруі. Тайсойғанды қыстаған қора-қора қой ала қыстай жайылып шығып, қора басында қарайып-қарайып іскірт шөп қалатын. Өткен жазда шабатын да шөп болмаған соң, Жайық бойының қамысын сатып алмай, өзімізді-өзіміз алдарқатамыз деп ойлап еді, артық өлшеп, кем пішкен екен, аздап қателесіпті. Сол аз-мұз қателескеннің өзі жер соқтырып кетпесе жарар еді. Ішкі есебі бойынша бұл шаруашылық қысқа үш мың тоннадай ғана шөппен түсіп еді, содан күні бүгін не қалғанын өз көзімен көріп барып бір шара алмақшы. Машина шоқаң етіп хатшының ойын бөліп жіберді. Жалт беріп шоферіне қарап еді, ол кінәлі менмін дегендей бөркін сол қолымен басыңқырап қойды да: – Секе, мына ит бүлкілмен бүгін ел қарасын көре алмаспыз әрі іш пыстырады. Жаңа машина ғой, жаттанды жол, тәуекел деп тартып кетсек қайтеді. Алда-жалда тоқтап қалсақ, трактор ізімізбен келер. Алдыңғы мосты мен демопликатарды қосып, үшінші шапшаңдықпен ыңылдатсам бар ғой, қызыл екіндіде Сағат ағашына құлап кетеміз, – деп тағы да бөркін басып қойды. – Тәуекелдің де тәуекелі бар, көзсіз тәуекел орға жықтырады. «С-100»-нің күрегі әзер айырып келе жатқанда, тізеге жақындайтын қатты қарды сенің «УАЗ»-ың жарып кетеді дегенге кім сенеді, айтшы, батырым. Егер мынау аппақ ақ дүниенің үстімен шаңғыша сырғысаң әңгіме басқаша, – деді хатшы жымиып. – Сенің тәуекелің шөпсіз-ақ қыстан зыр етіп өте шығамыз, тәйірі, бір қысқа қоян терісі де шыдайды емес пе деген біздің тәуекелімізден де батылдырақ болды-ау, тіпті. – Хатшы тағы да жымиды, шофер аздап қана аяз құрсаған алдындағы әйнекті оң қолының сыртымен ысқылады да, пешті қосты. Құлаққа таныс дыбыс ыңылдай жөнелді. – Қалай, батырым, жеңілдің бе, әлде зырғып кетуден ойың бар ма? – деді хатшы шоферге қарап. – Тегінде, батыл шешім, шұғыл шара жігітке тән. Бірақ алдын ала ойластырып алмасаң арты қиынға соғады. Ондай-ондайлар менің басымда да көп болған. – Біреуін айтпайсыз ба, Сәке? – деп шофер жігіт елең ете қалды. – Ненің біреуін айтамын? – Жаңағы басыңыздан өткенді, мысалы, мен құсап астымдағы атыма сенген... – Ә, қуын қара өзінің, бір атқа екеуміз мінгесіп отырмыз ғой, соны ойладың ба, өзің? – Атыма сенгендіктен сыр беріп ем, дегенмен ойлай келе сіздікі дұрыс па деп қалдым. – Ә, солай болар, балақай, сыралғы атыңмен ойнасаң да,

табиғат қаһарлы, оның мінезі тым шатақ, оның сенімен ойнау түгіл әзілдесуге уақыты жоқ, білдің бе? – Оны түсіндім-ау, Секе, соны алдыңыздағы трактор ұғынбайды. – Нені ұғынбайды дейсің? – Уақыттың шапшаң екенін, қыстың қаһарлы екенін. – Әй, қу бала-ай, – хатшы ақырын күліп алды. – Секе, бір әңгіме айтпайсыз ба, жол қысқарсын, әрине, егер мүмкіндігіңіз болса. – Әй, қу бала-ай, машинаң зулап жүргенде ғой, кісімен сөйлеспейсің де, әңгімелеспейсің де, енді көрдің бе, зеріге қалғаныңды. Иә, мен де сен сияқты тәуекелшіл едім, тіпті өз дегенім болмаса қайтпайтын қиқарлығым да бар болатын. Сол көзсіз тәуекелшілдіктің арқасында бір рет о дүниеге кетіп те қала жаздағанмын. Сен қазір нешедесің осы? – Тап қазір ме, тап қазір мен жиырма бір жас, екі ай, он төрт күндемін. – Қатырдың бала, қатырдың. – Хатшы екі иығы селкілдеп біраз күлді. – Сен өзің тура клоун екенсің ғой, білмей жүрсем, а? Әй, қу бала-ай, осы күнгі жастар шетінен пәле, тура тобықтан қағып түсіреді. Байқа алдыңды. – Көріп келемін, Секе, – шофер тежегішті басып, шапшаңдықты бәсеңдетті. – Мынау тура Ойтаңға тартатын кесе жол ғой, абайла, шырағым, апырай, қиғаштай сал, қиғаштап, айттым ғой, іліндің енді, қинама жанын арғымағыңның... – Машина кесе жолдан шыға алмай дарылдады да қалды, алды іліккенмен, арты шоңқиып қозғалар емес. Шофер жігіт өз жағының есігін ашып, еңкейе қарады да: – Болмады. Әй, әй, мына трактор бізді елең қылар емес қой, жүдә, – деп сигналын айқайлатып еді, трактор рулінде отырған екеу естімеді ме, тоқтамады, алға қарай жылжи берді. Шофер жігіт трактордың артынан бар даусымен айқайлап жүгіре жөнелді. Жалт қараған біреуі көрсе керек, трактор кейін шегініп кесе жолға жақындап тоқтады. Кабинаның екі жағынан екеуі секіріп түсті. Хатшы кабинаның есігін шалқасынан қайырып: – Жігіттер-ау, Қалиды зорықтыра жаздадыңдар ғой, даусы ащы шықты, далада қаламыз ба деп қатты қорықса керек, – деді. – Өзіңе сол керек, – деді үстіне комбинезон киген тапалтақтау жігіт. – Тал түсте одыраңдап. – Кінәлі мен емес, машина, – деп ыржиды Қали. – Әй, әй, тросыңды қоя тұр, тракторыңды тырқ еткізіп, буперімді ілмешегімен қоса жұлып аларсың. Жайлап, иықпен итерсеңдер, өзі-ақ ытқып кетейін деп тұр.

– Пай-пай, хатшының шофері сүйтіп, енді, бағынбай көр, астымыздағы тракторымызды тартып алып, өзі құсап жаяу жүгіртсін, – деді тапалтақ қара жайлап қана. – Тек, естіп қалып ұят болар, – деді көмекші қағылез сары жігіт. Хатшы машинадан түсіп еді, қар байпағының қонышынан келді, екі аттап, машинаның артына шықты да: – Қалай, жігіттер, Қалидың бұйрығына бағынбасқа болмас, – деп оң иығымен «УАЗ»-дың кузовынан тірей итерді. – Бір, екі, үш, алға, – деді тапалтақ қара жігіт. – Әй, руліңді түзесейші, – деді қағылез сары. – Әй, қайтедіай, мынау жарайды, шаңытпай қоя ғой, күрекпен аздап алдының қарын алайық. – Қажеті жоқ. Қали, сен шофер емес екенсің ғой, тіпті. Секеңнен ұят болса да сары ауыз балапан екенсің, жайлап артқа бер, болды, болды, ал енді үшке тық, – деді тапалтақ қара. – Давай, давай, давай, ой, молодец, уһ, жан-ай, – деді қағылез сары, – өкпем қысылып қалды, бәрі темекінің кесірінен. «УАЗ» ытқып барып трактордың артына тұмсық тірей тоқтады. Қали кабинадан түсіп, машинаның астына еңкейді. – Секе, тіркеп алсақ қайтеді осыны? – деді тапалтақ қара хатшыға қарап. Сұқ саусағы «УАЗ»-ды меңзеп тұр. – бұл бұрынғы Қали Мыңжасаров болса машинасын тағы да батырады. Өзінің жаны қиналмайды, сонан соң үлкен бар, кіші барды неғылсын. Төрт кластық білімі бар сауатсыз адам сізге лайық емес. О баста жылмаңдап жүріп қолтығыңызға бір кіріп алған ғой, а, солай ма, солай емес пе? – Қой, саған сөз шақ келмес. – Қали езу тартты. – Әуелден көкала мылжың ең... – Мылжың болмасам, ауданның маңдай алды тракторшысы бола алам ба? Сөз бен іс қатар жүру керек. – Тапалтақ қара тақылдай күлді де, талтаңдай басып тракторға беттеді. – Ал, жігіттер, қозғалайық, – деді хатшы кабинаның есігін ашып. – Сағат ағашының о жақ, бұ жағында совхоз директоры күту керек еді. Ойпырай, дала қарының қалыңын-ай, жарықтық, осы қыстан үйтіп-бүйтіп жан сақтап шықсақ, жазы берекелі болатын түрі бар. Қали сен тракторға онша тақалма. Хатшы кабинаның есігін тарс еткізіп жапты. Алып трактор «ыр-ыр» деп темір мұржасынан көк түтінін атқылады да, шынжыр табанымен жерді тірей лық етіп ілгері қозғалды. Сәлден кейін «УАЗ»-ға да жан бітіп жылжи жөнелді. – Секе, манағы бір әңгімеңізді жалғастырыңызшы? – деді Қали басындағы бөркін артқы орындыққа алып ұрып. – Түу, терлеп кеткенім-ай, осы бір қоян бөрікті кисем басымды пысынатып, мазамды кетіреді. Айтыңызшы, Секе!

– Сен өзің бүгін сергексің ғой, тіпті жарадың, қандай әңгімені? – Әлгі о дүниеге кетіп қала жаздағаныңызды. – А, құмартқан екенсің, пәлсінбей-ақ айтайын. Сен алдыңа сақ бол. Мен майданға он сегізге толар-толмаста-ақ кірдім. Ата жаудың кеңірдегінен алсақ дегеннен басқа ой жоқ бізде. Тездетіп фашист деген пәлені көргім келгені де рас. Ыза-кек ішімді аласұртып шыдатпай барады. Содан не керек, Мақаттан кішкентай қызыл вагонға мінген соң Қандыағашқа тоқтап, теміржол босамай екі күн жаттық. Аздап орысша білетін едім, станция бастығы ұзын орысқа барып: – Бізді неге тоқтатасыз, жылдам жөнелтіңіз, – деп талап қойып ем, ол: «Жаяу жүгір, ой, ақымақ, сендейлер ғой елден бұрын оққа ұшатын ең болмаса бір фашисті түйрей алмай. Өлімге асықпа, аз да болса өмір сүріп ал, боқмұрын» деп өзімді жатты да сөкті. Менің жігерім құм боп жасып, төменшіктеп қалғанымды сезді ме, әлгі дырау орыс жауырынымнан сипап тұрып: «Ақымақ болма, асығып, аптықпа, фашист қарауыл емес, түйрей салатын, оны өлтіру үшін айла керек, білдің бе? Мен сендерді ұстағым келіп, ұстап тұрмын ба, көрмеймісің, екі күн бойы қатын-бала, шал-кемпір, жетім-жесірлердің ағылуын, енді түсіндің бе? Әлде миыңның қақпағын ашып құяйын ба?» – Түсіндім, қария, кешірерсіз, – дедім тік тұрып. – Ақылыңызды қалт еткізбей орындаймын. «Түсінсең, марш», – деді ол қатал өңін өзгертпей. Үшінші таңда батысты бетке алып жүріп кеттік. Содан «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, Чкалов қаласындағы қазіргі Орынбор бір ай жатып, әскери дайындықтан өттік. Ой, уақыт өтіп болсайшы, бір ай тап бір жылға татыды дерсің. Әйтеуір, жеттік-ау, тура Сталинградқа тарс ете қалдық. Үш-төрт күн есімді жия алмай жүрдім. Қопарылып жатқан қара жер, тарстұрстан құлақ тұнады. Қырылып жатқан адамдар. Ұрысқа кірген күні екі жолдасымнан айырылдым. Кішкентайымыздан бірге өскен қанды көйлек достарым еді екеуі де. Сөйтіп, Қадірбек пен Садырдан көзбе-көз қош айтыса алмай, мәңгіге көз жаздым. Содан кейін барып бірден есімді жиып, соғыс дегеннің осындай екенін түсініп, фашистер салған ылаңға қарғысымды айтып, бір фашист болса да өлтіріп барып өлуге белімді бекем будым. – Иә, сонан соң, – деп қалды Қали дауыстаңқырап. – Қандыағаштағы станция бастығының дұрыс айтқанына әбден көзімді жеткізіп, ішімнен сол шал данышпан екен-ау дедім, ақиқаты сол – дұшпаннан айлаңды асыра алмасаң, өзің мерт боларың анық. Қас-қағым сәтте ажал-оқ жүрегіңді немесе миыңды тесіп өтеді немесе денеңнің бір мүшесін жұлып,

лақтырып тастайды. Сосын кімге керексің, тірі қалсаң да, мүгедек болсаң, не бітіресің. Келесі күні қолма-қол шайқаста бір немісті түйреп өлтіріп, енді біреуін атып өлтірдім. Әттең, бірнеше жерінен шанышқылайын деп едім, фашистерге көмек келіп, біз амалсыз кейін шегініп, бекініс жасадық. Боратып ата беруге тағы болмайды, оқты үнемдеу керек. Немістер бізден үш жүз, үш жүз елу метрдей қашықтықта. Қас қарайып барады, бір-бірімізді бағып, келсең кел деп аңдысып жатырмыз. Оларға да жан керек екен, алға баспай қойды. Қылт еткенді сұлатып тастайтын снайпер Бағыбек менің қасымда етпетінен түсіп жемін көрген жолбарысша жиырылып жатыр, алға ұмсынған винтовкасының шүріппесі қайырулы, қанталаған екі көзі жау жақты тесіп барады. Қарауылға ілінетін ештеңе таппады-ау деймін, біраздан кейін «қап иттердің сағын көрдің бе» деп күңк етті де, тісінің арасынан шырт еткізіп түкіріп тастады. Екі бүйірден неге сықпаймыз осы жауды деп ойладым да, осы ойымды Бағыбекке айтып ем, ол: «Баласың ғой әлі, еңсеңді көтеріп көр, баудай түсірсін, ақымақ деймісің олар, екі бүйірге екі-екіден төрт пулемет қойса, бізді қоғадай жапырып тастауға әбден жетеді» деп өзімді сөгіп тастады. Қарсы дау айта алмадым. «Шіркін, зеңбірек болып, дәлдеп тұрып атып, алатопалаң жасаса, ай, айызым бір қанар еді-ау», – деймін тісімді шықырлатып. – Иә, сонан соң, апырай, ә, – деді Қали кіжініңкі дауыспен. – Алдыңа қара. – Машинаның дөңгелектері шоқалаққа соғылып, қомпаң-қомпаң ете қалды. – Қап, үзіп тастадым-ау әңгімені, – деп Қали хатшыға жалтақ-жалтақ қарады. – Жоқ, ғасырдан ғасырға жалғасатын бұл кесапат сұм соғыстың әңгімесін шоқалақ та, шофер Қали да үзе алмайды, – деді хатшы күрсініп. – Сосын алдындағы әйнекке ұмсыныңқырап үн-түнсіз сазарды да қалды. Алдағы «С-100» тракторының темір күрегі қалың қарды қақ айырып келеді. Шынжыр табаны жалтжұлт етіп екіндіге еңкейген күннің шұғылалы сәулесі тек қана осы шынжыр табанға түсіп тұрған секілді. Трактордың тұмсығы қайқайып белге көтерілді де, шошаң етіп сайға еңкейді. Қали шапшаңдықты тез ауыстырып, моторды қамшылай оң аяғының астындағы тетікті сығымдап еді, машина сырғи жөнелді. – А, Қали не дедің? – деді хатшы ұйқыдан шошып оянғандай кейіппен. – Маған бірдеңе айттың ба? – Жо-жоқ, Секе. – Қали сасыңқырап қалды. – Е, жаңағы әңгімеңді жалғастыр дейсің ғой, дұрыс, дұрыс, ол әңгіме сендер үшін қызық, ал біздің өткенді еске түсіру жанжүйемізді сырқыратып, буын-буынымызды әлсіретіп тастайды.

Иә, содан қараңғы да түсті. Аздап қол-аяғымызды қимылдатып, денемізді жандандырдық. Дорбамыздағы азығымыздан дәм татып, сыбырласып сөйлесе бастап едік, «рота командирі шақырды сені» деген жалғасқан сыбыр жеткен соң жылжи жөнелдім. Рота командиріміз ұзын бойлы, қоңқақ мұрын, түсі суық жігіт еді, әскери шені майор болатын. Алдына барып «жолдас майор, сіздің шақыруыңызбен» дей беріп ем, ол қажеті шамалы дегендей, сұқ қолын шошайтып ерніне тақады. Сосын алдына топтасқан төртеумізді оңашалап, әрқайсысымыздың бетімізге үңіле қарап былай деді: «Өздеріңді іріктеп алудағы себебім, қауіп-қатері мол іске жұмсағалы отырмын. Егер тайсақтайтын болсаңдар, айтыңдар, қолма-қол ауыстырамын». «Отан үшін қасық қанымыз қалғанша шайқасуға дайынбыз» деп бір кісідей жауап бердік. Командир риза пішінде болды да, «қарсыласымыздың қандай ойы бар екенін білу үшін тіл керек қайткенде де» деді. Біз жылжи жөнелдік, бәрі түсінікті болды. Жарқ-жұрқ, аяқ басқызбайды, ракета төңіректі күндізгідей жарқыратып жібереді. Немістер ара-тұра пулеметтен оқ себелейді. Сәл толастағанда қатарласып еңбектейміз. Сөйтесөйте оларға жақындадық, тіпті таяу келдік. «Қолға офицерді түсірмесек, солдаттарынан не шығады, босқа әурешілік» деп сыбырлады еңгезердей Михаил. «Дұрыс сөз» деп қоштады өзбек жігіті Самед. Көзге түрткісіз қараңғылықты тіліп өткен оқ пен атылған ракета ғана қараңғылықты серпіп бізге жол көрсетеді, бағыт-бағдар береді. Кенет жаудың барлаушысына бетпе-бет кеп қалдық. Олар алтау-жетеу екен, қолма-қол айқас басталды. Мен біреуіне пышақ салып үлгеріп, екіншісіне құр қол жармастым. Пышақ салуға болатын еді, бірақ менмендік пайда боп әрі әскери шенін байқап қап алыса кеттім. Он жамбасқа алып лақтырам ба деп едім, қарулы екен, сол қолымды қайырып, өз қолыммен өзімді қылғындыра бастады. Жаным көзіме көрінді, қырылдап демім бітіп барады. Келер көмек жоқ. Екі рет автомат себеледі. Әйтеуір, жан алыс, жан берісте қонышымдағы екінші пышақты суырып қара санынан ұрдым. Қолы босады, немістер оқ жаудырды. Арқалай зыттым, жата қалып сүйредім, әйтеуір өзімізге жеттім-ау... Үшеуі оралмады, қайран боздақтар-ай, қайтейін. Менің көретін жарығым бар екен, тірі қалдым. – Ал неміс ше, неміс тірі ме, әлде? – Қали тежегішті басты. – Қансырапты, бірақ тірі, рота командирі одан көп мағлұмат алды, ол құпияны жоғарыдағыларға жөнелтіпті. – Ана үш жолдасыңыз ше, олар шынымен өліп пе? – Қали мелшиіп тұрған машинаны шапшаңдыққа қосты. – Михаил мен Самедтің денесін тұтас тауып жерледік. Костяның денесін фашистер паршалап тастапты, әзер таныдық,

оны да жерледік. Иә, солай інішек, бұл сұм соғыс не көрсетпеді. Айтайын дегенім, менің де жас кезімде қызбалау болғаным екен ғой. Мүмкін дәл сол айқаста айналама сәл көз жүгірткенде Самед аман қалар ма еді, төрт балам бар, үйелмелі-сүйелмелі шиеттей дейтін. Мүмкін Михаилға жауған оққа кеудемді тосар ма едім, өйткені Михаил екі қызым бар, әйелім науқас еді дейтін. Мүмкін Костя тірі қалар ма еді, балалар үйінде өскен жалқы жігіт болатын. Қайтейін, менің ырыздығым таусылмапты. – Хатшы үнсіз қалды, Қали оның бетіне көз жүгіртіп еді, өңі бозарып, шарасы үлкен көзінің айналасы жасқа толып кетіпті. – Машинаны тоқтатайын ба, Секе? – деді Қали абыржып. – Жо-жоқ, ілгерілей бер, Сағат ағашы да көрінді ғой. Хатшы дірілдеген саусақтарымен пальтосының жанынан қол орамалын алып көзін сүртті де: «Шіркін, талай ақындар жырлады ғой бұл кесапатты. Бірақ Сырбай Мәуленовтей қазақ ақындарынан озық жырлаған, меніңше, ешкім жоқ-ау. Көріп, қан майданның ортасында болмаған соң, соғысты көз алдыңа елестетпеген соң, шын поэзия туа ма, тумайды. Шолақтау қолын көтеріп Сырбай гүрілдегенде көзімнен еріксіз жас тамады. Өзімді қан майданның қақ ортасында жүргендей сезінемін-ау, ақын-ау, шіркін, осы Сырбай. Қалай дейтін еді, әлі. Е, е, қап, қазір, қазір есіме түседі. Ой, қартаю ма бұл, о несі-ай, Сырбайдың жырын ұмытқаным, ой, пәле-ай, иә, иә, тілімнің ұшында тұрғанын қарашы. Міне, міне, ал Сырағаң былай деп толғайды енді. Әуелі кіріспе сөз сөйлейді: «Жолдастар, мен өзім соғысқа бастан аяқ қатысқан адаммын. Толарсақтан қан кештік, белуардан саз кештік. Мен өзіміздің композиторлармен творчестволық байланыс жасап, соғыс тақырыптарына арналған әндерге сөз де жазған кісімін. Өзім сөзін жазған Т. Әбілхатиннің «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні республикаға кеңінен тарап кетті. Бүгінде ол әнді шырқамайтын бір де бір отбасы жоқ десем, артық айтқандық емес» дейді де, жырлап кетеді-ау, Сырбай, төгіп-төгіп кетеді. Жатқа білетін ем, есімнен шыға бастапты-ау. Ең соңғы жолдары: «Қаралы қағаз жіберіп, қаншама қайғы салды оқтар, Барады үнсіз түнеріп, Соғыстан қайтқан солдаттар...» Хатшы тағы да үнсіз қалды. Сағат ағашының түбінде бұларды совхоз директоры Асан Жұмақұлов пен «К-700» күтіп тұр екен, қол алысып амандасқан соң: – Ал, баста, директор жолдас, қайда барамыз, ерік өзіңде, – деді хатшы жымиып. – Көңілдісің ғой өзің, әлгі парторгіңді Сағызға жұмсадым, келген жемге бас-көз боп, бір қолдан жөнелт деп, мұным дұрыс па, әлде... – Бізге қанша бөлдіңіз? – деді Асан басқа сөз таппағандай кібіртіктеп.

– Әп, бәрекелді. Қалай жеттіңіз, ат-көлігіңіз аман-есен бе деудің орнына, қысылған сыңайын бар-ау, ә, директор... Хатшы Асанды жауырынынан қаға сөйледі. – Уәдем – уәде, анада айттым ғой, он тоннадай жем қоймаңа құйылады. Соны қылдай етіп аса қажет деген малшыларыңа бөліп бер. – Рахмет, Секе. – Рахметіңді жем қоймаңа құйылып болған соң айтарсың. Тоқтай тұр, осы Кәрім шалға жол бар ма, іңіретіп жете аламыз ба? – Қиындау, дегенмен тәуекел жасап көрейік. Мен «К-700»- ге отырып, жол бастайын. Сонан соң трактор, одан кейін сіздің машина ілессе. – Ал онда тарттық. Қалижан, сенің вездеходыңа тағы да жол бермеуге қалды ғой мына алыптар, – деді аудан басшысы шоферіне қарап. – Қайтеміз енді, ағасы, «басқа түскен баспақшыл» демей ме. – Өй, пәле-ай, жуасып қапсың ғой. – Сіз командирсіз, тарт десеңіз, жықпыл-жықпылмен тартамын да кетемін, бұйрықты орындамауға қақым жоқ, бір жерге тұмсығымен қар тіреп тоқтап қалса, мен жауап бермеймін. Әйтеуір, менікі қайткенде де бұйрықты орындау. – Қойшы-ей. – Хатшы қарқылдай күлді. Машина ілгері қозғалды. Ең алда тұрбасынан түтіні будақтаған «К-700», одан кейіндеу шынжыр табаны жарқылдап «С-100» тракторы кетіп барады. Төңіректі тұмшалап тастаған қыстың қысыр аязын екі алып тіліп те кесіп бара жатқандай. *** Кәрім қарт таң атқалы тыным тапқан жоқ. Біресе ауладағы арық-тұрыққа аздап жем берді, онысы суға қайнатқан ұнның быламығы. Күз айында келген автодүкеннен жеті қапшық төмен сортты ұн сатып алған, соны қазір үлкен тай қазанға быламық етіп қайнатып, суыған соң қолдағы жабағы тайларға күніне аздап-аздап жұтқызады. Суға дымқылдап берсе, таңдайына жабысып қалатыны және белгілі. Баласы Дәден тебіндегі жылқыларды бақылап келуге аттанған. Егер тебін азайса, Ителігінің оң жағына қарай қозға деп нұсқау берген. Шилі ойпаң жөнінде ешкімге тіс жармай, құпия ұстауды жөн санаған. Қыстың арты ұзап кетсе, сенері – сол шилі ойпаң. – Ата, үйге кіріп дамылдаңызшы, быламықты біз де береміз ғой, – деген келінін жылы жауаппен қайтарған. – Шағыр-ау, саған не болды, былтырғыдай тағы сұлап түскенше митындай бермекпісің? Осы айналада келін екеуімізден қалатын шаруа жоқ, – деп тымпыңдап келген кемпіріне:

– Құдай өзі берген жанын өзі алады. Шалқамнан жататын саз ауру емеспін. Адам қимылдаса ғана адам, – деп қайырып тастаған. «Быламықты бұларға сеніп тапсыруға болмас», – деп өзі-өзінен күбірлеген. Біреуіне артық, біреуіне кем беріп, ағызып-тамызып құртар. Аз нәрсенің бір қолдан шыққанына не жетсін. Қасқа жабағыға бір уыс шөп асатып тұрып, сынай қарап еді, сүйек бітіміне көңілі толып қалды. Омырауы кең, құлақ түбі ойыңқы, тұяғы шар болаттай жұп-жұмыр екен, осыны көзден таса қылмау керек деп ойлады. Ойлады да, таяу барып мойнынан орай ұстап, аузын ашып қарап еді, таңдайы өсіп кеткен екен. Келінін дауыстып шақырып, жүген мен құр айыл алдырды. Ауыздықпен тілін басып тұрып, таңдайына екі-үш рет шаппа пышағының өткір ұшын қадап еді, қоңыр түсті қан саулай жөнелді. Сәлден кейін жабағының аузын тағы да ашып, сұқ саусағын сырғыта таңдайын басып еді, қан шашырап, ытқып-ытқып кетті. Құр айылды төсінен тартып, қаңтарып тастады да, бөлектеу жерге апарып алдыңғы екі аяғына тұсамыс салды. «Енді өңі кіре бастайды жануардың» деп ішінен жүре сөйледі. Қолындағы ұзын сапты айырын көлденең ұстап, келесі ауланың ішіне көз тастап еді, күрең сиыр бүкшиіңкіреп тоңып тұр екен, қолтығына қысқан азғантай шөбін соның алдына сілки лақтырды да: – Кемпірай, а, кемпір, – деп дауыстады. – Жай ма, мен мұндамын ғой, – деген қора түкпірінен дыбыс шықты. – Сен осы сиырға су бердің бе?! – Жаңа ғана шелек жарым су ішті ғой. – Салқын ба, жылы ма? – Апырай, бәріне бірдей жылы су жеткізе аламын ба? Жүні құрғақ, жылы қорада жатқан сиырдың несі кетер дейсің. Жандықтарға суды жылытып бердік. Сонан соң... – Өй, сөзің құрсын сенің, – деді қарт кемпірінің сөзін аяқтатпай. – Одан да аяқ басқаныма ерінемін десейші. Қар мынау үйіңе кіріп жатқан, отын анау қол созым жерде үюлі тұрған, шелек-шелек қарды қазанға салып қайнатуға не күш керек. Маған айтсаң, мен де отты жаға саламын. Мынандай аязда салқын су беру – жаны ашымағандықтың белгісі. Ол сорлыда ала алмай жүрген өшің бар ма еді, соншама дірілдетіп. Келін, қайдасың? – Мындамын, ата. – Қарт жүгіріп келген кіп-кішкентай, сүпсүйкімді келіннің ширақ қимылына әрі сүйсініп, әрі аяп кетті. Үстіндегі күпәйкесі қолпылдап бос тұр, белін ала жіппен буған екен, онысының бір ұшы шұбатылып, аяғындағы керзі етігіне тиер-тимес боп салбырап кеткен. Аппақ өңі сәл бозарыпты.

Жағынан тартқан қалың орамалының астынан қобыраған шашы көрінеді. – Кемпірі құрғырды айтамын-ау, – деді қарт жалтара сөйлеп, – қайдағы-жайдағыны қобырсытады да жүреді. Бара ғой, шырақ. Біраз тыныстап ал, сосын шешеңе түсіндірші... – Нені түсіндерейін, ата? – Жас келіншектің көзіне әлденеден абыржағандықтың белгісі бардай. – Жоға деймін-ау, бара ғой, шырақ, үйге бар, шаршаған шығарсың. Кішкентайларың жылап қалар. – Мен шешем қасына барайыншы, – деп кішкентай келіні томпаңдай жөнелді. Белін буған жібі шұбатылып тізесінен төмен түсіңкіреп кеткенін байқаған жоқ. Қарттың есіне осыдан төрт-бес жыл бұрынғы жай оралды. Күйеуге кеткен екі қызының орны үңірейкіреп қалған соң бір күні баласы Дәденді қасына шақырды. Шақырды да, былай деді: – Сен де бой жеттің балам. Алдыңдағы екі апаңа елден жігіт бұйырмай, біреуі солтүстікке, біреуі оңтүстікке кетті. Жолдары болсын, әйтеуір өз еріктерімен кетті ғой. Екеуінің де қалталарында дипломдары бар, күйеулерінің қасы мен қабағына қарап отырған жоқ, жұмыста. Сен әуелден сыңаржақ боп өстің, білімге құмарлығың, құштарлығың мүлдем болмады. Үш жыл әскер де саған ойын-той сияқты, мына тұрған Ақмешіттен қит етсе шапқыладың да тұрдың. Ең болмаса орыс тілін де жете меңгере алмадың. Есіл-дертің жылқышылық еді, ол арманыңа қолың оңай жетті. Баласы өкшесімен жер шұқып үндеген жоқ. Бұл қарсы алдындағы ұлына сынай қарап, сұқтана қараған. Екі топшысы мен қайқақ кеудесі өзіне тартыпты. Бірақ желкесі әлсіз, күретамыры білеуленіп, шекесі мен мойын омыртқасы тұтасып, жоталанып тұрса ғой. Басы да шешесіне тартқан, жақ сүйегі шығыңқы емес, иексіз, сүйегі жұқа әлсіз бас. Мұрыны да өзінікіндей қошқар мұрын емес, сәл келтелеу, көз ұясы да тар, шешесіне ауып кетіпті. Саусақтары салалы болғанымен, жіңішке, әйтеуір, бойы ұзын. – Жасың жиырманың бесеуіне шықты, не ойың бар, осылай әрі де жоқ, бері де жоқ салпаңдап жүремісің? Бұл совхоздың жылқысы сенсіз де бағылар, оқы дедім, тырмыс дедім, бірақ өз жайыңды өзің білетін жігіт екенсің, баспадың, ол да жақсы. Ендігі бойдақтығың жараспас, бізге келін түсір, жіп таққан біреуің бар ма еді? Баласы тағы да үндемеді, баяғы қалпы, мойнын төмен салбыратып, анда-санда танауын қорс еткізіп тартып қояды. – Әй, мен саған сөйлеп тұрмын ба, әлде қара жерге сөйлеп тұрмын ба? – деп ақырып жіберген.

Баласы басын көтеріп алып: «Жіп таққаным жоқ еді, әке. Үй болуға асықпайын деп ем. Асығыстық ағаттықа ұшыратпай ма? Әзірге мамам екеуіңіз тыңсыздар, жүре тұрсам деп едім». – Ой, шіркіннің сөзі-ай! Тыңсыздар дейді-ау, қуаттысыңдар десең бір басқа. Шешең алпысқа келіп, мен жетпістің төбесін көріп отырғанда неғылған тыңдық ол. Осы кезге шейін бір қызға қызықпаған жігіттігіңе болайын сенің. Анау Қалдыбектің өткен жылы ғана он бітірген қызы бар, тәп-тәуір тәрбие көрген, соны бір байқашы, дұрыс десең де, бұрыс десең де құда түсемін. Арада бір жеті өткесін Дәденді ертіп, Қалдыбектің үйіне барып құда түсті. Екі жастың бұрыннан уәдесі бар екенін сонда сезді. Қарсы болған Қалдыбек жоқ. Сонымен, күзде ат шаптырым жерді шақырып, той жасаған. Әйтеуір, келіні көңілінен шықты, лыпылдап тұрады. Торсықтай екі немере сүйіп отыр. Балаға әзір тізгін беріп отырған бұл жоқ. Атақабырой оныкі, билеп-төстеу мұныкі, әйтпесе жас қой, әркімнің жетегінде кетіп, шаруаны бүлдіріп алуы мүмкін. «Үкімет сеніп тапсырғасын, сенімді қалайда ақтау керек», – деп ойлады қарт. Осы күні жұрттың көбі жылқы етін жегісі кеп тістері қышиды да жүреді. Бұл байғұс үкімет бағасымен арзан, бір тай 130–140 сом. Және ол тайды семізінен аралап жүріп алғысы келетінін қайтерсің, түге. Қалтасында бөтелкесі, қолында қағазы, астында арқыраған машина жетеді дейсің, тап бір ақ көкесінің жылқысына келе жатқандай. Ондайларға қарттың айтары мына тайды аласың, алмасаң, мазаны кетірме болады. Сосын кім жаман, Кәрім шал жаман, ал баласы ынжық, әкеден аса алмайды деп өсектейді. Өсектегеннен шалдың жоны жығылмайды, мұрны қисаймайды. Қайсысының аузына қақпақ болады. Әлгі Рудаки айтқандай: «Өлген адам оралмас, тірілер жатар көрге кеп, Әдеті солай дүниенің тұрғалы аспан дөңгелеп», өзімнің әлім барында алысып көрейін, сосын «Өлдің, Мамай, қор болдың» емес пе. Алдыңғы жылы баласы облыстан әкеп берген «Шығыс жұлдыздары» атты кітабынан Әбілхасан Рудаки мен Омар Һаямды ғана оқып тауыса бергенде аяқастынан жоғалтып алды. Үйге келген біреу қыстырып кетті, қолды болмаса кететін орны жоқ еді. Сондай өкінгені. Тағы есінде қалғаны Рудакидің мына бір толғамы: «Жақсы да өтті, жаман да өтті жалғаннан, Кетті олар өз орнына арналған. Қу топырақты кеудесіне басты да Не жақсылар түсті сыз жер астына. Дүние жиса сарп етіп өмірін, О дүниеге әкетті тек кебінін», – қарт соңғы екі жолды дауыстаңқырап жіберіп қайталады.

«Дүние жиса сарп етіп өмірін, О дүниеге әкетті тек кебінін...» – Шал-ей, не деп тұрсың, қой, әкетер кезде сенен ешкім сұрамас. Шаршадың-ау, үйге кіріп тізе бүкші, ыстық шай берейін. Жалт қарап еді, қасында томашадай кемпірі тұр. Өңінде үрей бар, ақшылдау беті күлгін тартыпты. – Е, ыстық шай болса, ішуге мен дайын, – деді қарт қолындағы айырын қарға шаншып. – Әлгі бала да кеп қалар. Аздап жел көтерілейін деді-ау. Дегенмен ашық күннің бәрі жақсылық. Күні-түні азынап соқса ақ шулан боран не істер едік, бірақ адамның аты адам ғой, бәріне шыдайды, бәріне төтеп берді. *** Дәден үйір-үйір жылқыларды Құбабелдің оң жағынан Ителгіге қарай жайлап ысырғанда мезгіл тал түс еді. Біраз жер атын жетектеп жаяулатты. Көзімен шолып, іштей санақ жүргізді, түгел. Құйрық-жалы сала құлаш боп күрең қасқа айғыр үйірдің ең шетінде тұр. Бұған қарай одырайып қарады да, иесін таныған соң жөніне кетті. Күз айында қасқыр талаған күрең биенің денесіндегі жарақат, әсіресе оң жақ санындағы бөрінің аузы мол іліккен жері тыртық боп бітіпті. Соның әсерінен бе, артқы аяғын тіреп басатын секілді. Ажалдан енесі арашалап алған торы құлын қазір соқтақтай, құлағын тікірейтіп, жан-жағына осқырынып қарайды. Сондағы оқиға былай болған еді. Күз айының қара жаңбыры төгіп-төгіп алып, артын былғары бүркуге айналдырған. Көк жүзіндегі қара сұр бұлттар батыстан шығысқа, терістіктен құбылаға, одан керісінше жөңкіле көшіп тыным таппағанмен, қуалап айдап, біржолата ысырып тастайтын қатты жел тұрмаған соң, бұлт біткен де басы ауған жаққа қалықтап, аспан бетін айқыш-ұйқыш шарлаған. Бірақ себезелей бүркуін тоқтатпай, жанды да, малды да үш-төрт тәулік бойы мазасыздандырып-ақ тастағаны. Киіз үйде отырған малшылар жерошақты үйдің қақ ортасына қондырып түтіндеткен. Үш мезгіл түтін аралас ауа жұтып, ақ тезектің жалыны беттерін шарпыған малшы балалары бет-ауыздары қап-қара боп көздері жылтырап, іннен басын жылт еткізіп қайта кірген күзен секілді, жаппа есігіне бақан ұстап, сықырлауығының бір жағын ғана ашып қойғанды пайдаланып, сыртқа атыла шығып, көп ұзамай «ищай» деп қайта кіреді. Кірген бойда шешелерінен бір-екі шапалақ жеп, тұғырықтарына қайта қонады. Тұғырықтары соңғы уақытта малшылар үйінің модасына жаппай айналған ағаш кереуеттің үсті бұйырмаса, асты немесе сықырлауықтың ішкі оң жағын ала орналасқан дәу көк сандықтың үсті.

Жаз бойына қос киіз үй тігетін Кәрім ақсақал алты қанат ақ үйге от жақтырмай күз түсе төрт қанат қараша үйге тығылып отырар еді. Жатар мезгілде ғана өзі ақ үйге бас сұғатын, сонда жатса да, жатпаса да өз еркі. – Екі кішкентайымның көзіне түтін кіреді әрі суық тиіп ауырып қалар, мені қыстауға жеткізіп тастасаңдаршы? – деген кемпіріне Кәрім қарт ожырая қарап: – Түтіннің ортасында өспей қайда өстің, бір мезгіл түтінді де жұтқанның артығы жоқ, – деді. Осымен әңгіме өрістемей сап тыйылды. Екінші шыныаяқ шайды енді ұрттай берген бұған тағы да одырая қарап: – Сенің қандай ойың бар, қазір бөрі жортатын мезгіл, өрістегі жылқыны күзетпесек, қапыда қалармыз. Жалпы, күндіз де қадағалаған жөн, көзден таса етуге болмайды, – деді. – Әке, күндіз кім тиер дейсің, баяғыдай ұры-қары жоқ бұл күнде? – деп бұл аузынан қағылған қарап отыра бермей. – Мына жауында атқа тақым салудың өзі біртүрлі, – дегенді қосып қойды. – Немене, қасқыр біткенмен уәделесіп, келісімшартқа қол қойып па едің, а? Ой, көргенсіз, сені де аптал азамат деп, үкімет екі жүз жылқысын аманаттап қойды-ау! Сен берекетсіз өзіңмен кетпей, қалған жұртты дүрліктіріп, сабылтайын дейсің ғой, сөзінің түрін қарашы... Тым-тырыс, тек ыңқылдаған самаурынның ғана дыбысы шығады. Дастарқан шетінде отырған екі жасар Бибатша да атасына бақырайып қарап қалыпты. Шай құйып отырған келіншегінің екі бетінің ұшына қан құйылып кеткендей қып-қызыл боп сұқ саусағымен кесенің шетін сызғыштай береді. Жаңбыр тамшысы тырс-тырс етіп туырлықты сыртынан ұрады, кейде жиі, кейде сиректеу. – Бүгін сәскеде жылқыны өзің түгендедің бе, әлде шоқырақтап барып, шоқырақтап қайттың ба? – деді әкесі тыныштықты әдейі бұзғандай даусын көтеріңкіреп. – Санап шықтым, түгел сияқты. – Сияқтың не осы сенің, екі-үшті қылып. Бағыты қалай? Қасқа айғыр жылқының қай жағында? – Түгел әке, айғыр терістік бетінде. Бағыттары Аяпбергенге қарай. – Айғыр үйірдің теріс жағына шықса, жел терістікке ауатын болды және ауа райы суытады. Тамағыңды дорбаңа салып ал да, жылқыға жет, сонан соң Аяпбергеннің бергі қолдауына қарай кіргіз де, түнде де сол арада бол. Шамаң келгенше аттан түспей ық жағын айнала бер. Егер қасқыр келсе, ық жағынан тиеді. Мылтығыңды ұмытпа. Мен атқа міне

алмаспын, тағы да белімнің құяңы сырқырап сыр бере бастады. Әкесінің қабағы жазылып, шайын ұрттай түскеніне алдымен бұл қуанған. Әйтпесе аяқастынан шатақ шықса, дұрыстап тамағыңды іше алмауың да мүмкін. Содан торы төбелге тақым салып, текіректеп, үйір-үйір боп қаптаған қалың жылқының үстінен бір-ақ түскен. Іңір қараңғысы түскенше жылқыларды тағы бір шолып өтіп, ық жағын ала жүріп еді, топ қылаңқұйрықтың түбінде шоқиып отырған қоянға көзі түсті. Сонда барып мылтықты ұмыт қалдырғанын бір-ақ білді. Білді де, қап деп өкінген сыңай танытты. Мылтық болса, сөз жоқ, қанжығаға байланар қояннан бұрын әкесі сезіп қалса, тағы да ұрсып, өзге емес, өзінің шаршаған жүйкесін қозғайтын болды. Шынында, мылтықсыз күзет үйір-үйір жылқыларды жаяулап айдағандай ғой. Сұр қоян секең етіп, алдыңғы аяғын көтеріп сәл тұрды да, төбені айналып кетті. Сол түні терістіктен жел көтеріліп, жаңбыр тамшылары да жиілене түскен. Түн ортасы ауа жылқылардың ық жағы шұрқыраса қалды. Арқыраған қасқа айғырдың дыбысы қараңғы түнді қақ жарды. Бұл шығыс жағында жусап тұрған үйірлерді атын жетектеп жаяу аралап жүрген. Атына міне салды. Бар дауысымен айқайлап, астындағы торы төбелге қамшы басты. Екі қасқыр екен, көзі көрмесе де, салған ылаңынан сезді. Бұл жеткенше құлынын қорғаймын деген торы биені жарақаттап және бір тайдың қоңын тартып жалбыратып үлгергеніне қайран қалды. Тағы нешеуіне тісі тигенін жарықта көрмесе. Лықси жөнелген жылқыларға құрық салып, қамшысымен сабалап әзер тоқтатты. Бөрілер қайта шаппады, сірә, бөлтірігін ерткен қаншық қасқыр болса керек. Арланы аузын қандаңқырамай кетпес еді. Таңға көз ілмей жылқыларды иіріп, айқайлаумен тамағы қарлықты. Таң сібірлей жылқыларды тағы да түгендеп, қасқырдың аузы тиген торы бие мен қоңыр тайдың жарақаттарына үңіле қарап еді, әйтеуір, мал болатын сыңайда екен, сонысына қуанды. Мылтығы болғанда мына жануарлар аман қалар ма еді, қайтер еді деп өкінді. Әкесінің айтқаны дәл келгеніне басын шайқаған да қойған. Торы биенің жарасы жазылды да, қоңыр тай біраз азап шекті... Болған жайды әкесіне айтып еді, ашуланған жоқ, тек қана: «Басы жасамағанның екі аяғына күш түседі» деген шырағым, бас ауыртып өзің ойлайтын бірдеңең болмаса, дұрыс жөн сілтеген кісі ақылын тыңдаудан намыстанба», – деген де қойған. Сонан соң ас үстіндегі бұған ежірейе қарап: – Мен өлген күні өтініш жасап жылқыларды тапсыр да, қол жұмысқа ауыс. Сенің қолыңнан құрығы құтты жылқышы атану келмейді, – деп салғаны жанына батып-ақ кетті, бірақ жұмған аузын ашқан жоқ. Ашқанмен де ештеңені

дәлелдеп жарытпасы белгілі. Әкесіне арқа сүйеп, соған тым сеніп кеткенін соңғы мезгілде өзі біліп те, сезіп те жүр. Екі жыл қатарынан жүз биеден жүз құлын алып, омырауына «Құрмет Белгісі» орденін таққаны да сол кісінің арқасы. Қазақстан Компартиясының XV съезіне делегат болғаны да әкесінің арқасы. Тіпті үйленіп, үйлі-баранды боп отырғаны да әкесінің арқасы емес пе. Жо-оқ, әкесі құда түспесе де, бұл осы келіншегіне көз тігіп жүрген. Бір-біріне кет әрі емес еді. Әкесі тек бұл шаруаны шапшаңдатуға ғана араласқан жоқ па? Дәден адымдай түсті. Адымдай түсті де, әкесінің мінезіне іштей таңданды. Әке мінезін әлі күнге шейін түсінбейтініне өзін кінәлі санамаса да, осының өзі бұл тап баса алмайтындай жұмбақ, құпиясы көп нәрсе сияқты. Біресе мұз, біресе қар, біресе жаз, біресе ала құйын дауыл. Сөз саптасын емеурінінен түсінбесең болды немесе сәл-пәл тоғышарлық істесең бітті, бетің бар, жүзің бар демейді, тіліп салады. Және де өз айтқанын дәлелдеп шығатынын қайтерсің. Өткен жылы көктемде мама биелер мен байталдардың күйлер кезінде әкесі үйірге қосылатын айғырларды ұстатып алдырып, жылы қорада ұстағанына бұл таң-тамаша қалған. Үйірінен бөлектеніп, арқырап тұрған алты-жеті айғырды қораға ұстау оңай болсын ба? Күн көзі көтерілгенде барып үйірге қосылады. «Есіңде ұста, – деген сонда әкесі, қазір таң салқын, үйір айғырының сауыры мұздаса, әбден құрыс-тырысы жазылғанша күйлеген биемен шаруасы болмай қалады да, сол екі арада биенің күйі басылып кетуі мүмкін. Ал бойы қызып тұрған айғыр күйге бірден түседі, әрі биенің қайыра күйлеуін де сезгіш болады. Айғыр қайырып шаппаса, бие тұрақтамайды». «Алдыңғы жылы да, өткен жылы да көктем дәл осындай кеш келді. Сонда да көрсеткішіміз жақсы боп көңілден шықты ғой», – деді бұл аузына кеп қалған сөзді ұстай алмай. «Баласың ғой әлі, ол жылдары таң суық емес еді», – деді әкесі. – Жұлдызға қарап ауа райын болжауды білмеген соң, мал бағу қиынға соғады. Күн батқанда жеті қарақшы көрінбей, қас қарая туса, таң салқын болады. Ал алдына үйір салып, биеге шауып жүрген айғыр аса кінәмшіл, сәл нәрсеге жабырқап қалады. Құлынын бауырына тартқан мама бие болмаса, қулық туғандар құлынын қызғанып, күйлесе де, айғырға өзі жақындамайды. Түсіндің бе, енді». «Осы әкемнің білмейтін пәлесі жоқ» деп іштей ойлады да үндеген жоқ. – «Ақпа құлаққа айтса ағып кетеді» дегендей, бала кезіңде талай жұлдызды жаттатып едім, миында ештеңе қалмапты. Адамның көкірегіне жатталып, қатталып қалатын кезі бала кезі

ғой. Шіркін, жақсы заманда тудың, бақытың бар екен. Әйтпесе басыңнан таяқ кетпейтін нағыз шұнаққұл болар ең, – деді әкесі бұған түйіле қарап. – Мен данамын демеймін, бірақ бізді өмірдің өзі оқытты. Бүгінгі күнмен біздің уақытымызды салыстыруға келмейді. Әрине, мен жас кезімді айтып отырмын. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген мәтел біржақты. Жақсыны көруге көз керек, ұлағатты сөйлеуге ой керек. Көзің болғанмен көсем бола алмайсың, тілің болғанмен, шешен бола алмайсың. Көруге де, сөйлеуге де алдымен ұғып, сонан соң жүрекке жатқызып тоқу бар, сонан соң іліп алар қабілет керек. Иә, солай, – деп әкесі іштей күрсініп, жүзі жабырқап үнсіз қалған. Апырай, ә, шынында да, басқаларды қайдам, мұның әкесі өзіне темірқазық секілді. Көп біледі, аз сөйлейді. Және де айтқаны келмей қоймайды. Бірақ бірбеткей, тіпті өркөкіректеу, менменшіл сияқты. Үлкен демейді, кіші демейді, бетке айтады. Енді есейдің, осы семьяны да, анау үйір-үйір жылқыны да сен басқар деп оң жақта жантайып жататын шалдарға мүлдем ұқсамайды, жағаласады да жүреді, жағаласады да жүреді. Төсек тартып жатып қалмаса, тыным таппайды. «Сонда деймін-ау, – деп ойлады бұл. – Балам абыройға ие болса екен, менің айтқандарымнан бірдеңе ұқса екен деген талпыныстан туындайтын шығар бұл қылығы. Әйтпесе мемлекеттің жылқысын соншама қызғыштай қорыр ма. Қолында мөр басқан қағазы барларға теріс қарап жонын көрсету немесе ірісінің орнына тай я жабағы беріп, алсаң осы, алмасаң жолың анау деуі адамгершілік емес қой». «Көке-ау, мынау директордың қолы, мынау төленген ақшасының қағазы. Сіздің жекеменшігіңіз емес, үкіметтің малын аяйсыз ба?» дегендерді қуып шығуға шейін барады. Жерге кіріп кетердей боп ұялып тұрады. Елге қарайтын беті қалмағандай қызарады-ай кеп. Мұның қызарғаны әкесіне пшту. Бір күні совхоз директоры Асан кеп пішеншілерге сойып беретін жылқы сұрағанда, әкесі: «Әй, Асан, қай атаң шілденің ми қайнатар күнінде пішеншіге жылқы сойып еді. Менің бордақылап отырған жылқым жоқ. Шетке шыққан бір кәрі бие бар, құлынын шырқыратып соны алмасаң, басқа берер тайым да жоқ. Ол биенің сорпалығы болар, бірақ қазы айналдырып қарық болмайсыңдар», – дегені-ай. «Қареке, енді өзіңіз білесіз», – деп директордың жер шұқығаны мұның да жынына тиген. Тап бір көкесінің еншіге қалдырған малындай әкесінің шалқалай сөйлегенін ұятсыздыққа санағанмен, сабыр сақтап үндемеді. Әліптің артын бақты. Және директор жылқыны мүнан емес, қарттан сұрап отыр.

«Сен директорсың, бір шаруашылықтың қожасысың. Солай ма, солай. Сенің ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс. Пішеншіні алдын ала неге ойламайсың? Оған ет керек екенін білесің, жұмыс істеңдер деп зіркілдегенде жақсысың. Неге күні бұрын, бір-екі ай бұрын деймін-ау, екі өгізшені бөлек бордақылатпайсың? Тіпті совхозда сиыр құрып, бәріне қарасан келсе, маған келіп, Кәреке, осылай да осылай деп, мәселені тігінен қоймайсың ба? Малға біз жауап бергенмен, түптеп келгенде сенен асып қайда барамыз? Сен партия сеніп қойған осы шаруашылықтың басшысың ғой. Айтқаныңды істемесек, жазала бізді, құрық салып жылқыңды қуып ал. Алдын ала ойластырмасаң, іс оңға баспайды. Ал етсіз пішенші шөпті қалай шабады?» – деп тілдеп алғаны ұят болды-ау, ұят болды. «Кәреке, кейде шапқылап жүріп, қажет деген нәрсенің өзін ұмытып кетеміз ғой. Шынында да, біздікі жауапсыздық. Оған енді біреуді жазғыруға болмайды. Сіздің айтқаныңыз өте орынды, оны мойындаймын. Сиырларды да аралап көріпем, оңып тұрғаны жоқ екен», – деп директор тағы да жерге қараған. «Жарайды, қарағым, қысылып келгенің белгілі болды. Жекеменшік дөнен өгіз бар еді, қыстан күйлі шыққан, тым семіз. Мынау кәрілік дегенің ажалға бір табан жақын ғой, олай-бұлай боп кетсем, жаман бала қарама соятын мал іздеп айнала шапқыламасын деп ұстап жүр едім. Соны машинаңа тиеп кет. Өзімді-өзім көрсетіп, сенің алдыңда абырой табайын деп отырған жоқпын. Ақшасын өзің есептерсің, жөні осы, тиеп кет», – деді әкесі. Директор әуелі көнбеп еді, ақыры қызыл өгізді машинаға тиеп, қартқа алғысын айта-айта аттанып кеткен. Мерейі өсіп, әкесінің тапқырлығына іштей марқайып бұл қалған. Дәден осы бір өткен жайлардан еріксіз есіне алғанын ғана ойша қорытып көріп еді, бәрібір әкесінің сөзі де, ісі де дұрыс сияқты болады да тұрады. Әкесі қарауыл қарап, тізгінді оңға, солға бұрып отырмаса, мұның иіні жеңіл, тіпті көңілшектеу. Қолқа салып келгендерді кері қайтарып жіберу қолынан келмес еді. Сонда не болары белгілі, жүз биеден жүз құлын алу былай тұрсын, жылқының жалпы саны да кеміп кетер ме еді, кім білсін! Қой, бүйтіп, өзімді-өзім төменшіктете бермейін деген оймен Дәден жетектегі атының төс айылын қаттырақ тартты да, ер үстіне қонжиды. Қонжиды да, айналасын байыппен шола қарап, жапа-тармағай тебіндеп жатқан үйірдің соңына қарай бет алды. Сол жақ қайыс қанжыға көк сауыр жонаға соғып, тырсылдаған дыбыс шығарып барады.

*** Қас қарая Ителгі жонындағы жалғыз үйдің күні бойғы абыры мен сабыры сәл саябырсып, дастарқан басына ыңылдаған сары самаурын енді келіп, шоқаяқтағы қып-қызыл қи шоғының үстіне баж етіп аққұман қойыла бергенде, сырттан арлан төбеттің арсарс еткен дыбысы шықты да, іле-шала үй-ішін трактордың гүрілі көтеріп кете жаздады. Бөлмелерге кернеп кірген трактор гүрілімен қоса, терезе алды жарқылдаған айқыш-ұйқыш жарық сәулеге шағылысты да қалды. Пеш түбінде шалқайып отырған Кәрім қарт баласына: – Сыртқа шығып, кім болса да қарсы ал, сірә, ат басын осы үйге тіреп келген қонақ шығар. Келін, көрпеңді кейінірек көсілтіп жай. Аққұманыңды шоқаяқтан ала тұр. Иә, сөйт, – деп өзі түзеліңкіреп сәл ілгері жылжыды. – Ассалаумағалейкүм. – Есіктен екі-үш кісі топырлай кірді. – Уағалайкүммассалам, төрлетіңіздер. – Қарт басын тік көтеріп, кеудесін шалқайта түсті де, – Сейтқұлмысың, апырай, қайдан жүрсің? – деп бір тізерлей орнынан тұра беріп еді, Сейтқұл қарттың қолын екі қолымен қыса сілкілеп: – Аманесен жүрмісің, шалым? – деп сол қолымен құшақтай қатар тізе бүкті. – Ал, жол болсын! – деді Кәрім жағалай отыра-отыра қалған кісілердің әрбіреуіне шаншыла қарап. – Әлей болсын! Миялыдан бүгін таңда шығып едік, шаруашылық қамы ғой, баяғы, – деді Сейтқұл. – Ойпырым-ай, көрмегелі көп болды-ау өзіңді, одан бері қаншама су ақты. Үй-ішің аман ба? – Қол тие бермейді, Кәреке, ана жылы ұмытпасам, бұдан бес жыл бұрын-ау. Ойтаңның сыртында отырғандарыңда қымыз ішіп шыққаным. Келінді болып, немере сүйдің, құтты болсын! – Айтқаның келсін, дегенмен аудан басшысы уақыт тауып шаруашылықты жиі аралап, еңбек адамдарымен кездесіп тұруы керек қой. Әйтпесе олардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы саған жете бермейді. – Дұрыс қой, Кәреке, дұрыс. Әйтеуір, зырлап өтіп жатқан уақыт, қаншама жанталасқанмен жетпейді. – Ана балаларды танымадым, ал, мынау өзіміздің Асан ғой, аманбысың шырақ, шешеңнің дені-қарны сау ма? Қатираны айтамын. – Рахмет, Кәреке, рахмет, шүкір жаман емес, – деді Асан. – Келін, дастарқаныңды әзірле, Дәден қайдасың, қасқа ісекті шалып жібер, реті келіп-ақ тұр. – Жо-жоқ, соғымның еті жарайды бізге, – деді Сейтқұл. – Әуре болмаңыздар. – Әй, Сейтқұл, қызыл вагонмен майданға аттанып бара

жатқанда мақсатымыз біреу еді, ол неміс басқыншыларына соққы беру, тіпті тірі қайтамыз ба, өлеміз бе, онымен есебіміз болған жоқ. Жауды жеңдік, елге оралып, бейбіт еңбекке араластық. Сенің осы ауданға басшы боп келгеніңе де біраз жыл. Жасым үлкен ғой, дастарқанымды көрсін деп арнайы кісі жіберіп шақырдым, келмедің, келін түсіріп, қуанышыма шақырдым, келмедің. Оған өкпе артқан мен жоқ. Енді жол түсіп келе қалған екенсің, қолымды қақпа. – Аталы сөз, Кәреке, мен көндім, сен жеңдің. – Кемпір-ай, Сейтқұлмен амандастың ба? – Е, жеңгей бізді сырттан қарсы алды ғой. – Ал, олай болса, нең бар бәрін төк дастарқаныңа, келін, шайыңды сақылдат. Шай ұзақ ішілді. Дастарқан басына келген арақтың аузы ашылмай, сол күйінде қалды. Хатшы ішпегесін, оның қосшылары да ішпейтін боп шықты ма, әйтеуір, Кәрім қарттың «тоңып келді, балалар, бір-екі рөмке, тәбеттері шапса» деген сөзі жалғасын таппады. Шай қайта жаңарып, шыныаяқтар қайта-қайта қойылды. – Биылғы қыс қысатын түрі бар-ау, Кәреке? – деді хатшы терін сүртіп, сәл кейін шегіне. – Жемшөп жағы тапшы, ілдамаға келмей ме деп қорқамын. Біраз жылғы абыройымызды бір қыс сыпырып тастамаса неғылсын. – Естіп жатырмын, жағдайларың мәз емес. Апырай, Сейтқұлға не болғаны табиғатпен сырласқан кісіше алты ай жазда тырбынбай жатып алғаны деп ренжігенім де рас. – Асан, сен мына жігіттерді ана бөлмеге жайғастыршы, өзің де сонда бола тұр. Кәрекең екеуміз аздап әңгімелесейік, – деді хатшы тізесін жазып. – Ие, Кәреке, сөзіңізді бөліп жібердім бе? – Осы совхоздың да жағдайы тым нашар, – деді қарт іргедегі құс жастықты Сейтқұлға ұсынып. – Шынын айту керек, құмға орақ салмады бұлар. Жиектің, қырдың сирек еркегі мен сүттігенін, ақселеуін шабамыз деп, босқа уақыт өткізді. Қуаңшылық болса да, құмның шөбі баршылық еді. Қылаңқұйрық, қияқ, сарымия, есекмия, судыр жантақ, бөлекбөлек алабота да өсіп еді. Жарыпшыққан бойына. «Анау Аяпбергеннің бергі беті, мынау Наурыздың тұсы, сонан соң Ителгінің терістік бетінің шағыры мен қылаңқұйрығын, есекмиясын орыңдар», – деп әлгі Төрежан фермаға айтып едім, жүре тыңдады. Осы шал не біледі дейсің, әншейін ерігіп жүр деп ойласа керек. Анада келгенде де бетіне бастым өзінің, жуас бала ғой, үндемеді. Бірақ шаруа біліңкіремейді, әйтеуір, салақтап жүргеніне мәз. – Айтуыңыз орынды, Кәреке. Қарт солдатсыз, мына төніп

келе жатқан қыс қаһарынан қалай жалтарып кетуге болады? Ойыңыз қалай, ақылдасайын деп келдім. «Сасқан үйрек артымен сүңгидіге» әзір жете қойғанымыз жоқ. Аз-мұз қорымыз да бар. Бірақ қыс арты ұзап кетіп және де бір-екі рет қысып жіберсе, жанымыз мұрын ұшына келеді-ау деймін! Сонан соң ар жағы белгілі емес пе? – Аудан басшысысың, тәжірибең жеткілікті. Осы қуаңшылықты көрдің, сездің, сонда не ойладың? Зырғып өтіп кетемін дедің бе? Ала жаздай Тайсойғанды бір шолып шықпадың. Барды бар, жоқты жоқ деп шот қағатын жыл еді ғой бұл. Өкпелеп жүрем саған. Атақ-даңқтың буына мас болатын жастан әлдеқашан өттің. Енді жасың алпысқа тірелгенде абыройсыздыққа душар болсаң, өкініші өз алдына, ел алдында ұятқа батасың – бір, осы уақытқа шейінгі жинаған абыройың бір тиын – екі, сонан соң тфу десең түкірігің жерге түспей тұрған қызметіңнен шошаң етіп ұшып түсесің – үш; қазіргі саясат солай, сенімді ақтамады екенсің, орныңды босат. Оны өзің менен жақсы білесің. Сенің бес жыл Мақат ауданында, он жылға жуық осы ауданда басшы болғаныңмен есептесіп жатпайды ешкім, еңбек кітапшаңдағы жұмыс стажыңа қарап обал болар-ау деп мүсіркегенді өзің де күтпейтін шығарсың. Осы ауданның жақсысы мен жаманын тұспалдап, кімнің кім екенін саусақпен санайтын мезгілің болған жоқ па әлі? Хатшының өңі құп-қу боп, демін ішіне тартып аз уақыт үнсіз қалды. «Құм ішінде ышқырын тыр-тыр қасып жатқан мына шалдың әулиесінуін-ай, әрине, бас ауыртар ісі жоқ, бейжай жүрген кісі ақылгөй келеді» деп ойлады ма, кім білсін, әйтеуір, қарттың сөзін ауырсынып қалғанын өзі айтпаса да, өңі айтты. Бірақ онысын білдіргісі келмегендей сәл жымиып шалқасынан қайырған ақ бурыл шашын қос саусақтарымен тілгілей тарап, тамағын бір-екі рет кенеп қойды да: – Кәреке, шау тартайын дедім бе, әлде күнбе-күнгі айқай-ұйқай өмір тым шаршатып жіберді ме, білмеймін, өткен жаз бойы шаруашылықтарға сирек шыққаным рас. Адамды қара басарда көзінің астындағыны көрмей кетеді ғой, өзіңмен ақылдасу ойымда болғанмен, әнеміне деп ұзатып, өткізіп алдым. Қазір бетті тіліп, жүрегіңе қанжар сұққандай етіп, осқылап дұрыс сөзін айтатын адам тым азайып кетті-ау, қалмады-ау, жүдә. Бәрі қолпаштау, өтірік көлгірсу, жасандылық, мадақтау сөздер, соны көре-сезе, біле тұрып, қасқайтып қасқалдақтан ұратын мінезім бірте-бірте жойылып бара жатқан секілді, қартаяйын дедім бе, айтшы, шалым, ер көкіректі еркек деп көп естіп едім өзіңді. Мүмкін, өзің айтқан абырой барда осы қызметтен сұрансам ба екен, әлде? Пенсияға да аз уақыт қалды, – деді басыңқы үнмен.

– Саспа, шырақ, саспа, – деді Кәрім қарт оң жағында отырған Сейтқұлға бақырая қарап. – Қай кезде де әліптің артын бақ. Қолдағы бар мүмкіндікті пайдалан. Тайсойғанның қары қатып қап кесірлік жасап тұрғанын көрмеймісің, әйтпесе шөбі шүйгін, мал тұяғы тимеген тұстар баршылық еді. – Одан қазір не пайда? – деп қолын сілтеді Сейтқұл. – Өз қалдерің қалай? – Оңып тұрған жоқ. Шалғы-орақ салдырып, аз-кем шөп жинап алып-ем, арық-тұрақ пен меншігімдегі азын-аулақ малым соны қағажу қылып тұр. – Апырай, ә, оны кімге шаптырып жүрсіз? – Өз балама екі машинадай сарымия ордырып, тасып алғанбыз. Қыстың қатты боларын ішім сезіп еді. Киіктің текесі сауыстанып ерте пайдаға аспай қалды да, дегеншарының күйекке түсіп жүргенін көзім шалғаны бар. О заманда бұ заман киіктің тоқты қошқарына жол тиіп пе еді? Текенің ерте сауыстанғаны әлсіздігі де емес, келер қыстың қамы, табиғаты солай, қыстың қатты боларын осыдан-ақ жорамалдауға болады. Сонан соң қоян құмға ерте қайтты да, күзде қасқырлар ұзақ ұлыды. Бұл да жайдан-жай емес. Қыстың арты ұзаса қулық биелер құлын тастайды. – Маған бір ой кеп тұр, Кәреке. Өткен жылғы шөптің, іскірттің деймін, орындарын ашсақ, бір-екі шанадан болса да шөп шықпас деймісің, ә? – Оның құр әурешілік. Әйтеуір, шықтың ғой, малшыларды аралап, сөйлес, пікірлес, не айтар екен, сосын бір түйін жаса. Басқа шаруашылықтарыңда шөп бар ма? – Ілдалдалап екі-үш айға шыдар деймін. Ең сорлысы, осы совхоз боп тұрғаны. – Дұрыс, олардан шөп сұрама, босқа үркітіп аласың. Сондықтан ақыл-тақыл есеп керек, әлгі директорыңды шақыршы. Кіл мойнына су кеткендерді жинаған екенсің маңына. Осындайда білек сыбанып жарып шығатын аптал азамат құрып қалды ма осы ауданда. Әлде күндердің күнінде өзіме қарсы тұрып, пәле болады деп сақтанғаның ба бұл? – Кәреке-ай, аға деп бас тіреп келгенде іреп-сойып, түгімді қалдырмадыңыз-ау. Кім-кімнің ішіне кіріп шықты дейсіз, сенеміз жас жігіттерге, болашағы бар, білімді деп ойлаймыз ғой. Және де олардың жұмыс істеп, төселіп кетуіне уақыт беруіміз керек қой. Бүгін тағайындап, ертең алып тастаудың да реті жоқ екенін менен жақсы білесіз ғой, ә, шалым? – Оның жөн, бірақ сол тағайындаудың алдында сыннан өткізіп, сілкіп-сілкіп алмасаң, ертең өзіңе масыл боп басыңнан айқай кетпейтінін сен де менен артығырақ білесің-

ау, кәрі тарланым, а, шындық па, осы айтқаным? – Кәрім қарт еңкейіңкіреп Сейтқұлдың жүзіне көз салды. Сейтқұл тақылдай күліп бөлмеге тосын кірген Дәденге: – Інішек, Асанды шақырып жіберші? – деді де, күлкісін жалғастыра берді. – Әке, бауырды турап, тұздықтап әкеліп-ем. – Әп, бәрекелді, онда Сейтқұл екеуміз дүзге шығып келейік. Сен дастарқан жайып, қол шаятын су әзірле. Қонақтардың бәрі ауыз тисін. – Әке, мамам әңгімесі бұзылады, екеуіне бөлек бер деп еді. – Жөн, жөн, жеңгейдің ойлағаны біздің қамымыз. Мында Асанды ғана шақырарсың. Солай ма, Кәреке? – Хатшының айтқанына құлақ аспай гөр, аяғымызды аспаннан келтіріп, Ителгіден көшіріп жіберсін. Сонан соң қонарын сай, көшерін жел білетін қаңбақ боп шыға келесің, – деп күлді Кәрім қарт баласы иығына жапқан түлкі ішігінің бір жеңіне қолын сұға беріп. Туралған бауыр мен ашқылтымдау тұздықтан бір-екі қарбытып сәл кейін шегінген Сейтқұл оң жағындағы Асанға бірдеңе дегісі келсе де, сол жағындағы алпамсадай шалдың аузына салғанын асықпай шайнап, екі көзі алдындағы тағамда боп отырғанын байқады да, ләм-мим аузын ашқан жоқ. Сәлден кейін қарт та дастарқанның шетін қайырып, екеуін жаңа көргендей бажырая қарап: – Алмадыңдар ғой, түге, – деді де, – Дәден, дастарқанды жинап ал, – деп дауыстады Ішке жып етіп кірген баласына: – Қолға су тигізіп жібер, – деп бұйырды. Дәден легенді көтере ұстап Сейтқұлдың қолына су құйып еді, қарт: – Еңкейіңкіреп, легенді төмендеу ұстап құйсайшы, – деп ескерту жасады да, өзі оң аяғын созып, сол қолымен төсеніш көрпенің қыртысын жазды. – Кәреке, мына директорды тыңдасақ қайтеді? – деді Сейтқұл екі бұрышы мысықтың құлағындай едірейіп тұрған жастықты қолтығына тарта қисайып. – Е, жөн, айтары болса айтсын. Ертеректе бесқасқа беріш Талпақ қартайғанда көрген жалғыз қызы Айтты қаратоқай беріш Бәшеннің баласына ұзатса керек. Он төрт-он бестегі жас қыз әкесінің мойнынан құшақтап сыңсып жылайды ғой баяғы, сонда Талпақ: «Жылама қызым, сен кетсең, Бәшеннің үйіне барасың, мен кетсем, молаға барамын, жыласам мен жылайын», – депті. Сол Талпақ айтқандай, жылатып сөйлемесең болды, қарағым, – деді қарт екінші аяғын алға созып. Сейтқұл мырс етті, Асанның бүйрек беті аздап қызарды. – Дәл бүгінгі шаруашылық жайы қалай, өзі? – деді хатшы Асанға, – не бар, не жоқ, айтшы, кәне? – Шынына көшсек, Сейтеке, жағдай мәз емес. Совхоз

бойынша барлығы он тоннадай ғана шөп бар, оны тұра қалып жегенде мықтаса бір айдан сәл асады, әй, асып та жарытпайдыау. Жем атымен жоқ, бітті. Әсіресе төртінші ферманың жайы қиынырақ. Қой мен сиырды, дәлірек айтсам, он бір отар қой мен екі табын сиыр, бір табын жылқыда бар-жоғы сегіз тонна шөп. Мына Кәрекеңе түсірілгені екі прицеп шөп еді, онысы әлдеқашан біткен шығар. – Сонда ала жаздай не бітірдіңдер? – хатшының қабағы түйіле түсті. – Алдыңғы қыстан ештеңе қалмағаны өзіңізге мәлім. Ала жаздай орақ салатын шөптің болмағаны тағы да өзіңізге мәлім, – деді директор. – Жарайды, – деді Кәрім қарт еңсесін көтеріп. – Шабатын шөпті көрмедіңдер, Асан шырағым, машинамен құйындатып аннан бір, мыннан бір шығасың. Ақыл тоқтатып, айналаңа байыптап қарамайсың. Енді бәрі кеш, ал осы төртінші фермадағы қыруар малды қалай сақтамақсың, соны айтшы? «Қап мына кеуелдей шал хатшыдан да жаман болды-ау», – деп ойлаған Асан қызарақтап: – Енді, бірдеме ойластырамыз. Сейтекең аз-мұз жеммен көмектесемін деп отыр. Сонан соң жекеменшіктен шөп жинамақпыз, – деді. – Жарайды, бара ғой, сенің әуеселең белгілі болды, – деді хатшы Асанға қарап. – Мүгедектің ісі екен әнеукүннен бері ойлағаның. – Сейтеке, енді, – дей берген директорға: – Кәрекең екеумізді оңаша қалдыр, – деді хатшы қаттырақ үнмен. – Мен саған бір ойымды айтайын, – деді қарт Сейтқұлға. – Аудан басшысың ғой, мүмкін қажеті боп қалар. Көктем туа бере Жарыпшыққанды Сағат ағашының тұсынан бөге, бірақ су ағар есік қалдырсын. Сосын арнаның сол жақ ернеуін аздап тайпылдап, жіңішке жол салсаң, қар суымен арна толады да су көлге жайылады. Мұны айтып тұрғаным, тап сол тұс ойпаңдау; егер Ойыл тасып өзекке су шықса да, шлюзді жауып, суды қажетіңше көлге шығарасың. Осы Сағат көлі бар ғой бір совхозды қалайда шөппен қамтамасыз етеді және де шөптің көп түрі өседі. Мысалы, биыл қар тым қалың, әлгі араға трактор жолдап, шағыл ернеуінің қарын шөмеле жасап, әр жерге үйдіре бер, үйдіре бер. Жазғытұрым сол қардың бәрі өзекке ағады, көпір салуды ертелеу қолға ал, тоң түсер-түспесте. Басына қарауыл қой. Осы айтқандарым қиын шаруа емес. – Мұның ақыл екен, Кәреке, баяғыдан бері осыны неге айтпадыңыз? – Сен келіп ақылдасып, мен айтпай қалыппын ба, тәйірі?! – Иә, иә, Кәреке, айта беріңіз, айып менен. – Хатшы сәл ілгері жылжып, қартпен тізерлесе түсті.

– Сонан соң Сағат ағашының шығыс бетінен бір қора, құба белдің Жарыпшыққанға тірелер тұсына бір қора салдыр. Суы да, оты да мол, қарық болады. Екеуіне де қой қыстат. – Дұрыс-ақ, дұрыс-ақ, Кәреке, тағы да айта түсіңіз. – Борсанның ту сыртындағы қоңырлыққа қоңыр күзде қара бидай сеуіп тастасаң, келесі жазда бидай тізеңнен келмесе, бетіме тфу де, ол жердің ылғалы ала бөтен, топырағы да құнарлы. Ерінбесең бар ғой көктемде тарының дәнін сеп, жұрт қарық болсын. Немесе кәдімгі қызыл бидай сеп, үкіметке астық тапсырып атың шығады. Және астықтың көкесін сол жерден аласың. Жерді де, елді де жайнатқан үстіне жайната бересің. Аяқастынан абыройың тасиды. Ар жағы Қарабау – он сегіз, оның ар жағында Александров-Гай теміржолы тартылса, он екі шақырым. Астықты төкпей-шашпай теміржолға жеткізесің. Па, шіркін, алтын астықты басқалар бергенде біз кембіз бе? – Ойпырым-ай, шалым-ай, тура ғұламасың ғой өзің, а? – Е, немене, іске асыра алмасаң кінәлі өзің, менікі – ойымды ортаға салу. Қабылдайсың ба, жоқ па, өз шаруаң. – Жо-жоқ, Кәреке ренжи көрмеңіз, мен сізге, шынында да, таңданып отырмын, – деп хатшы бірден сізге көшті. – Сол Борсаныңыздағы жердің көлемі қандай өзі? – Ә, қызығайын дедің бе, қызығарсың. Шамамен ұзындығы сегіз-тоғыз шақырымдай, ал ені үш-төрт шақырымдай боп қалар. Баяғыда біз тары еккенбіз. Төлеш марқұм «осы жердің топырағы қара топырақ» деп таңдай қағып, басын шайқап отыратын. Арыстан еді, арманы көп еді, жаман ауру бір күнде о дүниеге алды да жөнелді. Соның арманы әлі іске аспай келеді, талайларға айттым-ау, бірақ сөзді де тыңдайтын құлақ керек. Төлеш марқұмның айтуынша, бұл өзі екі жөн, я екі қоңырлық дегенім ғой. Біреуі Борсанның ішкі бетінде. Оған жыңғыл, дүзгін өскен, кейбір тұстарында балақты ши де бар. Бұл да біраз ауқымды. Ұзындығы бес-алты шақырымдай, ені екі-үш шақырым. Өзі бар ғой Борсанның құбыла бетіндегі қарауыл төбеге шығып қарасаң, су тасығандағы сазан балықтың жоны секілді, бөлек қара жон боп жатыр. Топырағы да қап-қара, түсі де қап-қара. Сол араны түртсең, су шығады. Иә, бұл Тайсойған жарықтықтың қыры мен сыры көп-ау, түсінетін, байқайтын адамға. – Қарт бір ауық үнсіз қалды. – Кәреке, не ойлап қалдыңыз, ойыңызды айтыңыз, шалым? Айта түсіңіз! – Осы күнгі жастар білімді ғой, оған сөз жоқ. Бірақ тәжірибесі аздау, өмірден көргендері көп емес. Оған оларды кінәлауға болмайды. Көбі соғыстан кейінгі жақсы заманда туғандар. Соғыстан сәл бұрын дүниеге келгендердің өзі аштық,

жалаңаштық көрді деу ағаттық. Кешегі қанды соғыс кезінде де аз-мұз қиындық болса болған шығар. Ол – күллі адамзат басына түскен ауыртпалық. Ие, солай. Ал тап қазіргі кезде мына шешек атып, гүлденген өмірде қарамағындағы азғантай шаруашылықты ұйымдастыра алмай зыр жүгіру, көңіліңе келсе де айтайын, Сейтқұл, тіпті ұят, ұят емес-ау, масқаралық. Осы ауданның жер көлеміндей аудан, сірә, Қазақстанда жоқ шығар. Мынау алапат Тайсойғанның өзі ені – жүз, ұзындығы – жүз жиырма-жүз отыз шақырым. Ойыл өзені анау бұрқырап ағып жатқан. Қаншама жер қырлығың бар, қаншама көлің бар. Соның бәрін өлшеп-пішіп, есептеп әрбір шаршы метрді қағазға түртіп жаз бойы зыр жүгірудің орнына, енді мынау қыс көзі қырауда дірдектеп жүргенің. Сені тәжірибесіз деп ешкім айта алмас, ал дәлелің баланың ойыншығы сияқты, – қуаңшылыққа саясың. Табиғат – түйе емес, жазы-қысы сауатын. Ол бірде мейірімді, бірде қатқылдау. Оның перзенті соған бейімделіп еңбек етуі керек. – Дұрыс қой, Кәреке, сөзіңіз өте орынды. – «Түйесі жоғалмағанның бәрі есті» депті қазақ. Ішіңен мені сыбап отырған да шығарсың. Өз есебің өзіңдегі жігітсің, ептеп қулығың да бар. Жарайды енді бос сөз бас ауыртады. Былай істе, менің тілімді алсаң. – Иә, Кәреке? – Хатшы сәл езу тартты. – Осы совхозды аралап, ненің не екеніне көз жеткізгесін бар ғой, басқа амал болмаса, Төрежанның фермасындағы қора басында шөбі жоқ отарларды көшіру керек. – Қайда, Кәреке, мынадай қыста? – Алдымен тыңдап алсайшы. Өзімнің қарауылға алып, нысаналап жүрген төрт-бес қазан шұңқырларым бар, мал тұяғы тимеген. Сонан соң Жарыпшыққанның суы жоқ құр өзегіне өскен балақты құрақ және де Қызбелдің терістік бетінде қалың шидің арасында қияқ, ажырық өскен ойпаңдау тұс бар. Сол маңға тіркемеге тиеп, үстін презентпен жауып қойларды жеткізу керек. Я болмаса, күрегі бар тракторды алға сап айдауға да болады. Ойпаңның қары онша қатты емес, қойдың өзі тебіндейді. Әрине, қазан шұңқырлар баршылық. Оны кейін айтамын. – Ие, Кәреке. – Тоқта, сөзімді бөлме. Бір қора қойға бір үлкен шатыр жарайды. Сонда деймін-ау, төрт-бес отарға төр-бес шатыр табарсың. Сол жып-жылы қора болады. Шопандарыңа көшпелі вагон бер. Осы совхозда не көп, вагон көп, ар жағы өзінен-өзі келісе береді. Жем тапсаң, бір мезгіл қарбытарсың. Ал сол араның шөбі екі айға мол жетеді.

– Кәреке, алай-дүлей ақ боран соқса ше? Жұтқа ұшырап қалмаймыз ба? – Міне, сенің табиғатпен есептеспейтінің: алты ай жазға алты ай қыс дәл келеді. Жөнсіз табиғат та тентек емес, бас-көзге қарамай сабалай беретін. Енді бар ғой, меніңше, декабрь, ескіше жедді жартылап қалды, енді дәлудің орта шенінде үш-төрт күн қатты жел тұрар. Құттың басында аздап қар жаууы мүмкін. Басқа кезде қатты аяз болады. Қыстың арты жылдағыдан он-он бес күндей ұзаққа созылуы мүмкін. – Облыстан көмек сұраймын ба деп ойлап едім, қыстың арты ұзаса. – Неғыласың облыстың басын ауыртып, өзіңдегіні пайдалан. Өткен заузаның құралайы майдың онында кіріп, жиырмасында шықты. Күн тамбады, үш күн текенің бұт жуарында да күн тамбады, ал төртінші күні аздап жаңбыр болды. Демек, теке бұтын бір күн кешігіп жуды, неге? – Қайдам? – Сейтқұл күліп жіберді. – Менен ол жағын сұрамаңыз. – Теке бізге айтты. Дәлуде, январьды айтамын, қыс қатты болады, сақтаныңдар, – деді. Әрине, бұл менің жорамалым, кәрі көздің байқағаны теріске шықпайды. – Әй, Кәреке-ай, осының бәрін қайдан білесіз?! Алдыңғы ұсыны-сыңызды қолдауға болады. Бірақ штаб бастығы өзіңіз болғанда ғана бұл іске тәуекел жасаймын. Әйтпесе малды айдалада қырып тастап, бүкіл жұртқа күлкі болар жайым жоқ. Сол жерге рация орнатамыз, сонан соң өзіңізбен ауызба-ауыз сөйлесіп тұрамыз. Сіздің ойыңызша, қойлар далада жаурамайды ғой? Солай емес пе, шалым, ә? – Шатыр құрылса, түк те етпейді. Дегенмен, алдыңғы мезгілде екі-үш күнде бір шөптеу қажет шығар, қашан бойлары қатайып кеткенше. Ал штабтың бастығы етіп директордың өзін тағайында. Мен кеңесшісі болайын. Баламыз екеуміздің мойнымызда екі жүзге жуық жылқы барын ұмытпағанымыз жөн. Мен қойдың қамымен шапқылап кетсем, жалғыз өзіне қиындық келер. – Жөн, жөн, шалым. Картаны өзің сызып бересің бе, әлде өзім сызып алайын ба? Дәденге білдей бір жігітті жәрдемшіге беремін. – Қолыңа қағаз-қарындаш ал да, тыңда. Сейтқұл ұмтылып барып бұрышта тұрған сумкасына жармасты да, ішінен мұқабасы жылтыр қалың дәптер алды. – Мен дайын, Кәреке, сайрай беріңіз. – Алдымен Қызбелдің терістігіндегі үлкен қазан шұңқырды сыз. Оған қалай баруды Төрежан біледі. Бұдан бастау алатын

тағы да екі ойпаң бар. Бір отарды осы араға орналастыр. Шатырды бастапқы шұңқырға тіктір. Біз шұңқыр деп атап кеткенбіз, негізінен айналасын биік-биік шағылдар қоршаған терең ойпаңдау жер ғой. Балақты шиі бар тұс, сәл оңға таман, ұқтың ба? – Бұл – бір, – хатшы қағаздан басын көтерді. – Ителгінің шығыс бетінде шамамен екі-үш шақырымдай төбенің басында отызыншы жылдарда шаншылған мосыағаш бар. Содан тағы да шығыс бетте бір-бірімен жалғас алты шұңқыр бар. Соған бір шатыр тік. Әй, жарайды, екі шатырды қатар тік. Шөбі жетеді. Қары да бос, онша сіреспеген. Екі шатырды қатар тік дейтінім, біреуіне үш шұңқыр, екіншісіне үш шұңқырды бөліп бересің. Қасқырдың ұйығы енді, аса сақтық керек, оқдәріні көбейт. Ол тұсқа жел бармайды. Ар жағында таяқ тастам жерде жыңғылды ойпаң бар, о, енді оның құт мекен. Ол – бір тарих... – Немене, Кәреке, нені тарих дедіңіз? – деді Сейтқұл басын қағаздан жұлып алғандай тік көтеріп, – Қайталаңызшы? – Жоға, менікі әншейін, есіме бірдеңе түсіп кетіп. Мына жетпіс дегенің өзі адамды сынайды екен, пәтшағар... Есіктен Дәден кіріп еттің дайын болғандығы туралы айтпағанда қарт әңгімесін жалғастырар ма еді, қайтер еді? Шалдың бір бүкпесі ішінде қалғанына Сейтқұл сәл де болса өкініп қалды. – Дұрыс, балам, біз Сейтқұл екеуміз түзге шығып келейік. Қонақтарыңды отырғыза бер, – деді қарт орнынан шапшаң тұрып. – Көп мезгіл болған шығар, – дегенді кебісін киіп жатып айтты. Таң білінер-білінбесте жылы төсегінен тұрып серіктерін оятқан Сейтқұл шай ішіп аттанып кетті. Кәрім қарттың айтқан ақылына ризашылығын білдіріп, қайтарда соғатынын, мән-жайды толығынан түсіндіретінін, сонан соң бірлесіп қимылдайтынын айта келіп: – Тегінде алдағы қоныс болар тұстарды өзіңіз көрсетпесеңіз, біз тағы бір шикілікті шығарып алармыз, – деп еді, Кәрім қарт: – Оны уақыт көрсетер, шырағым. Әуелі өз мақсатыңның үрдісінен шығып, адамдармен ақылдас, мүмкін олардың да бір ойлағаны бар болар. Малдың жайын баққаннан сұраған жөн, – деп қоштасты. V Шағыр таң сібірлей тұрып, көктемнің саумал ауасын қарбыта жұтып, өзінің үйреншікті төбесіне қарай жүрді. Шығыс беттегі қызыл жалқын – күн көзі шығар алдындағы хабаршы секілді қызыл тамырланып айқыш-ұйқыш әшекей жасаған.

Таң жұлдызы көмескі тартып барады. Жеті қарақшы сәл-пәл төмендеген сияқты. Темірқазық орнында әлі тапжылмай тұр. Топ үркер қашып кетіпті. Жымыңдаған сан мың жұлдыздар қара жермен қоштасқысы келмегендей әлсіз сәулесін барынша шашыратып, жымың-жымың етеді. Шағыр осы көріністерді тамашалап, көк жүзіне шалқалап бір қарады да, «уһ» деп күрсіне дем алды. «Шіркін, жарық дүние-ай, қызығыңа қанағаттанбай-ақ сенен кетіп қалар ма екенмін жұмбақ дүниеге. Кетірер, еріксіз кетірер, мені мына заман. Көкте маған деген бір орын болса, қанат байлап ұшып-ақ барар-ем», – деп күбірледі де, өз даусынан өзі секем алып, жан-жағын тінти шолып жым болды. Анада Жәдінің айтқаны есінде: «Шәке, бір елі ауызға екі елі қақпақ керек. Аузыңды Алла деп ашсаң да, жұмсаң да бөгде сөзден аулақ бол. «Басқа пәле тілден» деген Түзелбай мен Жұмабайды Текеге айдап кетіпті» деп естідім деп еді. Онысы алыпқашты сөз болды. Түзелбай келін түсіріп, тойға шақырған екен, бұл аурумын деп өтірік айтып бармай қалды. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» екені рас. Төбенің басы дымқыл тартқан екен, отырмай, әрі-бері сенделіп жүрді де қойды. Алдыңғы күнгі сөзімнен нәтиже шықпады-ау, сірә, деп ойлады. Апырай, Кәрім ұйып тыңдап, жүрегіне құйып алғандай болып еді. Ахмет халфе мен Жұмабайдың біреуін шулатып бұған төніп келе жатқан қара бұлттың қаһарын аздап болса да аудара тұра ма деп еді, бұл бәйге күреңді құдай үшін ұрлатқан жоқ қой Жәдіге. Жоқ, бәрі де оңынан тууы тиіс. Кеудесінде жылт еткен шоғы болса, ол күрең аттың өшін осы екеуінің біреуінен алуы керек. Оған сенімі мол, бүгін я ертең, немесе бүрсігүні, әйтеуір, бір айқай-сүреңнің шығары анық. Үндемей-түндемей әліптің артын баққан жөн. Осы кезге шейін құдайдан да, адамнан да беті қайтып, жер шұқып көрген жоқ еді, енді... Шағыр иығынан сәл төмен сырғыған мәуіті шапанын жұлып алып, сілкіп-сілкіп жіберді де, қайтадан жеңін кимей желбегей жамылды. Сонан соң төбе басына тізерлей шапанының етегін баса шоңқия қалды. Алау нұрға малынып, жаңа-жаңа қылтия бастаған күн көзіне қарап екі алақанын жайып: «Әй, жаппар ием, жарылқай гөр, жарығымды өшірме» деп тілек етіп, бетін сипады да, ұшып тұрып шапанының етегін қақты. Күн бұлт болмаса күндегі әдеті – осы. Ай туғанда айға, күн шыққанда күнге мұңын шағып, тілек етеді. Жалт бұрылып, үй жаққа көз тастап еді, бәйбішесі үлкен жез самаурынға қара қазаннан қайнаған суды құйып жатыр екен, іші жылып қалды. «Қай уақытта тұрды екен, бұл бейшара?» деп ойлады, байқамапты-ау. Екі бірдей келін ұстаса да, ерінің шайы мен етін өзі пісіріп, қымызы мен шұбатын өзі ашытып

береді. Келінге шай құйдырмайды, өйткені көпшілікте болмаса, келінге шай құйдырып Шағыр ішпейді. Оңашалықты, екеуден екеу отырып ішкенді жаны сүйеді. Әрі әйелінің құйған шайы да, пісірген тағамы да өте дәмді, мұның талғампаздығының кілтін тапқан. Іштен шықты демесең, екі баласына да көңілі толмайды. Әкелік мейірім танытып, олармен сұхбаттаспағанына да көп болды. Екеуіне қояр кінәсі мен тағар міні – азамат боп ілгері ұмтылмайды. Оларға заманның ескісі де, жаңасы да бәрібір. Әйтеуір, күнкөріс болса, ішіп, дәрет сындырғандарына мәз. Сондықтан әкесі баласына қас-қабақ білдірмейді. Ал балалары әкесіне жүгініп, оған еліктемейді. Бұл екі баласымен бәйбішесі арқылы ғана сөйлесіп, хабарласады. Ақырын басып үйге қарай жүрді. Есігін түріп, сықырлауығын айқара ашып қойған ақ орданың ішіне кіріп, табалдырықтың ішкі бетіне кебісін қалдырды. Төрден берілеу төселген жұп-жұмсақ патсайы көрпенің үстіне малдас құрып отырды. Ыңылдаған жез самаурынды көтеріп кірген әйеліне шаншыла қарап: – Есенбісің, бәйбіше? – деп еді, әйелі: – Аман-есен тұрдыңыз ба? – деп езу тартқандай болып еді, бірақ жүзінде қажудың, шаршап-шалдығудың, көзінде уайымның белгісі бардай боп көрінді. Шағырдың іші қылп ете қалды да, сол жағындағы құс жастықты жұмарлай қолтығының астына тығып қисая кетті. Дастарқан жайылды. Қидың қып-қызыл шоғы салынған шоқаяқ қойылып, аққұман үстемеленді. Түйе сүтін қатқан қою күрең шайдың иісі танауды қытықтады. Шағыр тұрып, малдасын құрып, шапанын жамылып, тіктеліп отырды. – Немене, бәйбіше, жүзің сынық, бір жерің ауырмай ма? – деді Шағыр әйеліне. – Жоқ, түнімен кіші келіннің тісі ауырып, сонан соң кішкентайы шырылдап мәре-сәре болдық. – Оған сенің неге иегің қышиды? Әлгі жаман күйеулері бар емес пе, солар жүгірсін. Тыныш жатып ұйықтамайсың ба? Өсірдің, өндірдің, міндеттен құтылдың, құдайдың алдында да, адамдың алдында да. – Іштен шыққан сұр жылан емес пе, отағасы. Жаным ашиды, жүрегім сыздайды. Сен де оларға жат адам сияқтысың. Дастарқан үстінде бірігіп тамақ ішпейсің, ақылыңды айтып бір әңгімелеспейсің. Олар бір бөлек, сен бір бөлек. Саған батып шаруаларын айта алмайды. Жүргені сосын жерге қарап. – Ол иттерден жүрегім шайылған, бәйбіше. Менің басыма мұнара тұрғызбасын және тұрғыза да алмайды. Адам боп адам қатарында жүрмеген соң, олардың тірліктерінен не пайда, а? Анау Кәрімді көрдің бе, тұла бойында жігер оты, намыс шоғы бар. Жігіт тура сондай болуы керек. Әй, құдай басқа бергесін

қайтерсің, өз қолыңды өзің шаба алармысың. Оған қайғырып, босқа жүдеме, бәйбіше. Мен аман-есен жүрсем, саған жамандық келмес, жамандық көрсете қоймаспын. – Шүкіршілік қой, отағасы, шүкіршілік, – деді бәйбіше көзін жаулығының шетімен сүртіп. – Әлгі үлкеніңе айтшы, маған кер төбелді ерттеп берсін. Біраз бой жазып қайтсам ба деп едім. – Жарайды, айтайын. – Бәйбіше сәл қуқыл тартқан ақ сұр бетін бұрып, әлі нұры ортаймаған қарақат көзін күйеуіне қадап қарады да, тайдырып әкетті. Шай ұзақ ішіліп, дастарқан тез жиналды. Шағыр жастыққа қайтадан қисайып, ұзақ ой сонарына берілді. Алды-артын өлшеп-пішті. Ойша көп жерді аралап, өзінше қорытынды жасағысы келді. Оған сегіз қанат киіз үйдің іші таршылық еткендей, тезірек кең далаға шығып өзіне-өзі есеп бергісі келді. Басына айыр қалпақ, аяғына ескілеу қызыл құрым етік, үстіне жүн шекпенін киіп, белін мәндала белбеумен тас қып буып, қолына дойыр қамшысын ұстап, сыртқа шықты да, төбе басына қарай жүрді. Кер төбел ерттеліп кермеге байланды, Шағыр ат үстіне қонды. Кер төбел сырғыта аяңдай жөнелді. Тізгін шығысқа қарай бұрылды, иесінің бабын табуды ойлаған сыралғы ат жол жорғасына салып төгілтіп кетті. Түйе жүн шекпен киген тығыз денелі сары кісі ат үстінде шайқатыла тербетіліп бара жатқандай күйге енді. Оң қолына орай ұстаған дойыр қамшысының ұшы жерге оқ жыландай сырғи түсіп, аттың артқы тұяғымен қапталдаса жосып келеді. Шағыр аттан түспей жосылтып отырып, Наурыздың сол жақ ойымен сәске түсте борпылдақ құмнан тепсеңге ат тұяғын тигізді. Анадай жерде тұрған ескі пәтердің қасына кеп ат тізгінін тартты да, төңірегін шоли қарады. Сонан соң тебініп қап кер төбелді шоқырақтатыңқырап шамамен жүз елу метрдей қашықтықтағы үйінді көңнің үстіне жалп етіп қонған қарақұсша бір-ақ шықты. Аттан түсіп, аз-кем тұрды да, таяқ тастам жердегі жалғыз түп дүзгіннің түбіне үңіле қарап, көңілін бірлегендей тісінің арасынан шырт түкірді. «Аман-есен екен, әйтеуір» деп дауыс шығара күбірледі. Осы жалғыз түп дүзгіннің түбіне ес біліп, етегін жиналғалы жиған-терген қазынасы көмулі жатыр. Он-он бес қадақтай таза күміс пен едәуір мөлшерде алтын теңгелер, жүзіктер, алқасы алтыннан соққан бір-екі күміс белбеу, сонан соң бес-алты айшық алтын сырға мен үштөрт қапсырма. Бөзден тігілген үлкен дорбаға салып, сыртын құрыммен, одан соң киізбен орап көміп еді, айналасына қойдың кепкен құмалақтарын салған. Бар-жоқты салмағы пұттан астам

дүниенің осы араны қоныстанғанына екі жылдан асып барады. Әйтеуір, жатқан жері жайлы, өзінен басқа тірі жан сезбейді. Шағырдың бар сенері де, бар арқа тұтары да – осы қазынасы. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп қай заманда да пұл, әсіресе алтын мен күміс әжетке жарар, қандай пәлекеттен де бір құтқаруға құтқарар деп ойлап еді, бұл ойы теріске шыға қоймас деген сенімде. Тіпті болмаса осынысын ат көтіндегі қоржынға салады да, беті ауған жаққа тартып кетеді. Өмір бойы жинағанын тегіннен-тегін біреуге «мә, сен ал» деп бере қоймас. Соңғы кезде жинап, дорба түбіне салғандарын кереге түбіне көміп жүр, мынаған әкеп салуға топырағы жаңғырығып біреуміреудің көзіне түседі деп қорқатыны рас. Қазып алып қайта көметін тап осындай қолайлы орын іздесең де табылмайды. Құмнан жиекке атылып шыққандағы жалғыз тұспал жер – осы, іліп аласың да, Жіңішке сорды жағалап тарта бересің. Анау ескі пәтер – астындағы атыңмен өз басынды жау оғынан жасыра тұратынына да күмән жоқ. Кер төбел тізгінін тартқасын шошына жалт қарап еді, бір топ ақбөкен екен, жосып барады. Сірә, қуғын көрген болса керек. Жүрегі орнына түсті. «Қандай кезде де заманның кесепатына ұшырауым мүмкін ғой» деп ойлады Шағыр, сонда жүйрік ат пен сенімді жолдас, қымбат қазына бірден-бір қажет. Оларсыз күнің қара. Бәйге күреңді ұрлатқаным орынды болды, тегеурінді қолға барды. Енді оған ешкім көз аларта алмайды. Ал маған керек кезде жүйрік ат астымда ойнайды. Тек Жәді аман болсын. Ана шикі өкпе Кәрімді өзіне серік еткісі келіп еді, әзірге көңілінен шықпай тұр. Дегенмен, үміт те жоқ емес. Соңғы жолыққанда шабына біраз от салып кетіп еді, нәтижесін аз да болса көрді емес пе... Қазынаның жатқан жерін соған айтып қоя жаздады-ау, құдай бір сақтады-ау! Қай күнде де оққағары бар, шайтан мықтап азғырып еді, әйтеуір, жымына түспей аман қалғанына шүкіршілік етеді. Дүзгіннің түбіне тағы да көз жүгіртті, көңіліндегідей. Келген шаруасы осымен бітті, көрді, көрісті. Таңдайы кебірсіп, шөліркейін дегесін атқа мінді. Жиекті жағалап, құбылаға қарай тартты. Кер төбелді ауыздыққа тіреп, көсілтіп барады. Сонау көз ұшындағы жалғыз теректің түбіндегі қайнар бұлаққа жетуге асықты. Ер қасын тіреп тұрған кебежедей қарнын жинақтаңқырап, сәл еңкейе астындағы атының сауырына қамшы тигізді. Кер төбел зымырап ақты, Шағырдың көзінен жас парлады. Әп-сәтте жер апшысын қуырып жалғыз ағашқа келіп те қалды. Аттың басын тартып, сәл сыңар езулетіп аяңға түсірді. Ентігін бастырып, баяу жүрді. Сонан соң ағашқа таяу кеп аттан ырғып түсті де, тізгінді қаңтарып, аяғына

тұсамыс салып, шылбырын шұбатты. Жалғыз терек жапырақ жая бастаған екен, түбіне еңкейіп, шымырлап жатқан бұлақтан қос қолдап сімірді. Суы балдай, қайталап тағы ішті, мөп-мөлдір, тап-таза. Осы бұлақты осыдан он жылдай бұрын кездейсоқ тапқан өзі. Содан бері ылғи қадағалап жүр. Ылғал көп жылдары бұлақ суы ала жаздай шымырлап шығады, ал қуаңшылық жылдары шілде айына жетпей құрғап қалады. Мұның не тылсым екеніне Шағырдың басы жетпейді. Және де жерден шығып, сол жерге қайта сіңеді. Арна немесе іздік жасап ақпайды. Бұлақ туралы ешкімге әлі тіс жарып айтқан жоқ, сірә, өзінен басқа мұны адам баласы білмесе екен деп тілейді, қызғанады. Талай айт пен тойларда құлақ түре жүріп, «жалғыз теректің түбінде бұлақ бар, содан су іштік», дегендерді естіген емес. Бұл арамен жүргінші тіпті жүрмейді десе де болады, тек жоқ іздеген біреу үстінен түспесе. Шағыр суды қайталап, тағы да ішті. Атын суармады, бұлақ суын тек адам ғана емес, астындағы атынан да қызғанды. Су иісін сезген жануар оқыранып, бұлаққа емініп еді. Шағыр ат басын кейін бұрып, аяғындағы тұсамысын алды да, ер үстіне қонжиды. Сонан соң тізгінді шұғыл тартып, тура батысқа қарай сырғыта жөнелді. Есіне бірдеңе түскендей немесе бір затын ұмыт қалдырғандай аттың басын кейін бұрып, бұлақ маңын айналып өтіп, жерге үңіле қарап, басын шайқады да, «апырай, ә, ақбөкендер су ішеді екен-ау, шұбырған ізінің түрін-ай! Мүмкін айдаладағы теректі де, оның түбіндегі бұлақты да табиғат тілсіз де ойсыз жануарлар үшін, солардың тіршілігі үшін жаратқан шығар, ә» деп күбірледі де, ол райынан тез қайтты. Тап сол сәт Шағырдың жан дүниесі бұлақ суын жалғыз өзінен басқаның бәрінен қызғанып, бәріне шөл тілеп еді. Тұла бойына, сезіміне шымырлап кірген осы ойын тез қуып шығуға асықпады. Қатты жүрістен өн бойы салдырап қалғанын үйге кіріп жайғасқаннан кейін барып сезді. Бәйбішесі ағаш тегенемен әкеп қойған саумал қымызды сапырып-сапырып бір тостағанын жұтып жіберді де, қисайып еді, қатты ұйықтап кетіпті. Бастырылығып қалған екен, мең-зең боп оянды. Босағадағы жез құманды қолына ұстай сыртқа шықты. Күн көзі екендіге таяп қапты. Шапанын жамылып қалың дүзгіннің арасына кіріп дәрет алды. Біраз уақыт төбенің басында шоқиып отырды. Тек көз қиығымен бәйбішесінің үйге шай жасап жатқанын байқаған соң ғана барып орнынан тұрып, ішке кірді. Шай үстінде артық-ауыс әңгіме болмады. Қызыл-күрең шай ұзақ ішіліп, ашқылтымдау қуырдақтан екі-үш рет қарбытқан

Шағыр дастарқан үстінде томпайып-томпайып жатқан қызыл бауырсақты көбірек жеді. – Бауырсақ жақсы пісіріліпті, өзің бе? – Сұраулы кескінін бәйбішесіне қарай бұрды. – Жо-жоқ, келін пісірген. «Атама бауырсақ дайындаймын» деп болмайды. – Апырай, ә, дегенмен маған тамақты тек өзің пісір, бәйбіше, кім біледі, аласапыран кез ғой, – деп алдындағы жартысы тістелген бауырсақты алға ысырыңқырап қойды. – Айтпақшы, мана түске таман бір жүргінші келіп шай ішіп аттанып кетті, сені қайта-қайта сұрады. «Көкжар жаққа барамын, сонда ағайыным бар еді, ертеректе Шағырды бір көргенім барды. Сәлемдесейін деп ат басын бұрып ем», – дейді. Өзі ашығып қалған екен. – Бәйбіше сәл езу тартты. – Қандай дейсің, өңі, бет-келбеті қандай? Тегін адам емес қой ол, осы кез жолаушылап, қыдырып жүретін кез бе, түге?! Енді былай аздап сыр тартпадың ба? – Бойы тапалтақ, иықтылау, құс мұрын, шүңірек көз. Шапшаң сөйлейді. Өзі тіпті мешкей ме, әлде аса ашыққан ба, әйтеуір, дастарқанға қойғанның бәрін жеп, бір самаурын шай ішті. Етке қарамады. Аш бөрі секілді, апыл-ғұпыл асығыс жұтады. – Тағы не сұрады, мылтығы жоқ па? – Шәкең өзінің ақ ордасында тынығатын шығар. Пай-пай, бұл өңірде мұндай ақ орданы бірінші кездестіруім. Құтты болсын! – деп сампылдады. Сөйлегені түсініксіздеу. – Жарайсың, бәйбіше, біраз нәрсені аңғарған екенсің. Етің дайын ба? – Ет берейін дедім де, шөліркеп қалған шығар деп, шай әкеп ем. – Онда дастарқаныңды жинамай-ақ етіңді әкеле ғой, шайды көп ішіп қойдым ба, жүрегімді суырды. Бәйбішесі самаурынды көтеріп шығып кеткен соң, Шағыр жеңіл күрсінді де, «ие, бөлтірігі осында екен, бөрісі қайда жүр. Әлде терісі сыпырылып қызылдардың қанжығасына байланды ма, жоқ, мүмкін емес. Қолға түссе, бірінші бөлтірік түсуі керек, бөлтірік аман болса, бөрі де аман. Тойып алып бір жерде тыриып жатқан ғой, кәззәп. Бөлтірігін барлауға жұмсаған» деп ішінен күбірледі де, әлденеден сескенгендей ірге жаққа қарады да, көңілі орнына түсті. Үйге сақтаған «аз-мұзының» жатқан жері дұрыс екен, әйтеуір. «Тағы да лаң басталатын шығар, тегі?», – деген сұрақ тық-тық етіп басына тигендей болғанмен, онша үрке қоймады. Қайта жүргіншінің хабары мұның жүрегін жылытып жібергендей әсер алды. Шағыр қас қарая төсек салдырып жатып қалғанмен көпке шейін

ұйқысы келмей дөңбекшіді. Әлде бір ойлар басына кіріп-шығумен болды. Алдында не жайдың күтіп тұрғанына көз жеткізе алмады. «Бір Алланың өзі біледі, белді буып, жолға аттанса қалай болар еді?», деген бір ой келді де, онысынан тез құтылды. Қасында сасқанда арқасүйер азамат жоқ, айдалада құзғынға жем болып, сүйегім көмусіз қалар. Денесі тітіркеніп, тоңазығасын аяқ астындағы көрпесін алып жамылды. Ұйықтап кеткен екен, «Шағыр, бармысың?» деген жуандау дауыстан шошып оянып, болыскей ақ бас керуеттің үстінен секіріп түсті. Тамағы қарлығып, дыбысы шықпай, албасты басты да қалды. – Қорықпа, мен ғой, Құныспын, – деді әлгі дауыс. – Ойпырым-ай, түсім екен десем. – Шағыр өзіне-өзі келе бастады. Шапанын киіп, керуетті жөндеп, аяғына мәсісін сұғып барып: – Ал, босағада неғып тұрсың, жоғарылат, – деді жайбарақат үнмен. Құныстың күректей алақаны Шағырдың қолына түрпідей тиді. Екеуі құшақтасып көріспей, бір-біріне салқынқандылық танытты. Қара көлеңкеде Құныстың денесі құбыжық сияқты алпамсадай боп көрінді. «Бұл ит менен не дәметіп келді екен, ә?» деген күдік денесін тіліп өтсе де, сыртына шығармады. – Шамыңды жылтыратып әуре болмай-ақ қой, аз-кем аялдаймын да, жүремін, – деді Құныс. – Иә, аман-есен жүрмісің, апырай, сені көремін деп ойламап ем. – Бәрі дұрыс, жағдай бұрынғыша. Сусының бар ма? Шөліркеп тұрмын. Шағыр ұмтыла басып, беті жабулы тұрған тегендегі қымызды сол күйінде көтеріп, Құнысқа ұсынды. Дәу қара саумалды қылқылдата жұ­тып, сәл тыныстап қайта жұтып, жарты шелек сиятын тегенді жылан жалағандай қылып орнына қоя салды да, сылқ етіп отыра кетті. – Уһ, рахат-ай, кебенем кеуіп келіп еді, – деді Құныс екі қолымен жер тірей шалқайып. Үнсіздік. Сегіз қанат ақ орданың ішін меңіреу тыныштық басты. Алыстан жылқының кісінегені естілді. Түн ортасында байғыз шақырды. – Бәйге күреңге құда түсе келдім, бір тәуір аттың ызасы өтті, Шәке. Соны маған қиыңыз. – Бәйге күрең қолды болды. Ахмет халфе мен Жұмабайдың біреуі ұрлап кетті, басқадан көрмеймін. Әлгі Кәрім деген шикі өкпеге міне тұр деп беріп қойсам, ұрлатып алыпты. – Шағырдың сөзі жасандылау шықты ма, Құныс біразға шейін үндемеді. – Солай ма, Жұмабай алса алысқа ұзамаған екен, әйтеуір, – деді Құныс ыңыранып. – Иә, не жаңалық? Әлгі жаман Жәдің қайда?

– Көптен көргенім жоқ. Қызылқоғаның маңын кезіп жүр деп естідім. Сол жаман не бітіріп жүр дейсің. Біздің үйге келіп кеткен Жәрдем бе? – Иә, барлап кел деп жіберіп едім. – Қасыңда тағы кім бар? – Мұсағали бар, басқасы мерт болған. – А-а, имандары жолдас болсын. – Анығын айтшы, ат халфеде ме, Жұмабайда ма? – Ендігі Жұмабайға өткен шығар. Халфе соңғы кезде Жұмабайшыл болып алды деп естимін. – Жәдіге айт, маған атты ұрлап берсін, қарызын сөйтіп өтесін. – Жәдінің қолынан келмейді, босқа әуре боласың, одан да өзің қамдан. – Жарайды. Мен туралы ел ішінде не өсек бар? – Тым-тырыс, өліп қалды деп ойлайды бәрі. – Дұрыс екен. Ал, айып етпе, Шәке, сау бол, көріскенше. Сені ат ұрлататын аңқау деп ойламаушы едім. Бір адамдық жүрегің болмаса да, он адамдық қулығың бар деп естуші едім. – Құныс кеңк-кеңк күлді. – Жиектегі ескі пәтер мен жалғыз теректің түбіндегі бұлаққа жай бардың ба? Шағыр селк ете түсті. Өз-өзіне келе алмай біраз отырды. Сегіз қанат киіз үйдің уықтары сытырлап, шаңырағы шайқалып кеткендей болды. Басы айналып, жүрегі соқты. Ауыр дем алды. – Саспа, Шәке, маған көмбедегі қазынаның жартысын берсең, қанағат етемін. – Әй, Құныскерей, – деді Шағыр күшін жинап, – бар екені рас, оны сенен жасырғанда не табамын? Түбінде қызыл итке жем боларын білсем, қазына жинап нем бар. Есіңде болсын, есіңе сақта, қарынға жабысқан талақтай саған жабысып жүрсем қайтесің, а?! – Көмбең барын көрмесем де, сездім, Шәке. Бұл не қылған адам деп соңыңнан көз жүгірткенім рас еді. Көмбең, иә, сен шауып шыққан дүзгіннің, иә, сен су ішкен бұлақтың түбінде, шындық па осыным? Жата берсін, бір қажетке жарар. Артық мал көз шығармайды. Мен досыма қарақшы емеспін, қасыма қарақшымын, білдің бе? Менен қорқып, ала қашып әуре болма, көзге түсіп қаласың. Сосын екеумізге де жоқ ол дүние. Ал, сау бол, шамам келсе, хабарласармын. – Құныс орнынан көтеріле берді. – Сәл кідір, – деді Шағыр тұншыққан дауыспен. – Сасқан кезде сені қайдан табамын? Ер жігітсің ғой, нар тәуекелге бел буған күні мені де ала кетерсің. Көзсіз ерлік сенде бар, жолға

қаржы менде бар, білдің бе? Қара бастың қамын ойлар кез келді, біз үшін аласапыран алда... – Өзім хабарласармын, ештеңе сезбегендей бұғып жата бер. Құныс екі аттап үйден шыға жөнелді. *** Ертеңінде Төлеш ауданға аттанып кеткен соң Кәрім інісін күркеге қалдырып, торы атқа мінді де, жанын мазалаған ойын жүзеге асыруға тырысты. Борсанның ішкі бетімен жықпылжықпылды қуалап, Қызылқоғаға тіке тартты. Мұнысы – Төлеш кездесіп қалып, сырым ашылып қала ма деп қысылғаны. «Бәйге күреңді тырнағыма іліктірсем Шағырдың өзіне тапсырып, мойнымдағы борышымнан құтылар едім», деп ойлады. Кермақастың қызыл үйіне жақындап кеп, ат шалдырды, кешті күтті. Күн бата атына мініп, қызыл іңірде Қызылқоғаға кірді. Ахмет халфенің үйін сырттай білетін еді, атын тасаға байлап, жаяулатты. Көк қақпалы пәтердің айналасы қол созымдай тақтаймен қоршалып, аула ішіне қасқыр ит байланыпты. Екі бетте қарама-қарсы салынған екі сарай бар, есіктері құлыптаулы. Ытқып шарбақтан түсті де, бұғып отыра қалып, тың тыңдады. Ештеңе сезілмеді. Оң қолына қыса ұстаған кеспелтек таяғынан басқа жолдасы жоқ. Бұқпақтай жүгіріп, сол жақтағы сарайға жабысып тұра қалып еді, сол жағынан арс етіп ит жабыса кетті. Шалт қимылдап итті қара тұмсықтан қонжитып өтті, үнсіз қалды. Енді байлаулы ит арсылдады. Бұл кейін шегініп, шарбақ түбіне келді. Сәлден кейін жүгіріп екінші сарайдың түбіне келе беріп еді, екі қолын екі жағынан шап берді де жұлқылай сүйрей жөнелді. Ернін тістеп қапы да қалды. – Ұстадыңдар ма, иттің баласын, бері әкеліңдер, жүзін көрейік, – деді қарсы келе жатқан адам. Ахмет халфенің дауысы. Екі жағындағы үнсіз екі адамның қолы сәл босаңсиын деді. Кәрім ыңғайлы кезді мүлт жібермей, оң жақтағысын баспен қақты. Қолы босады, сол жақтағыны іштен ұрып, ол еңкейе бергенде қуықтың тұсынан бір тепті. Халфе қаша жөнеліп еді, қуып жетіп, айқайлағанына қарамастан жерге алып ұрып, іштен екі тепті, айнала беріп халфені көтеріп алды да, шарбақтың сыртына атып жіберді, өзі бірге ытқыды. Алдыартына қарамастан атына жетті, ат үстіне отырып, тебініп қап қараңғылыққа сүңгіді. Сол кеткеннен мол кетті. Ахмет халфені өлді деп ойлаған бұл күркедегі інісіне де соқпай Ителгі құмына тартты. *** Ахмет халфе ауыр жараланса да, өлген жоқ еді. Арыз етіп милицияға баруға ұрының арты қуыс болды. Екі інісіне де

«ауыздарыңды ашпаңдар» деп қойды. Не керек, үйінде бір күн жатып, келесі түні таңға жақын Жұмабайды шақырып, бәйге күреңді жетектетіп жіберді. «Ат менде, басқа жақтан іздеп әуре болмасын, аламын десе, келіп алып кетсін» деп Жұмабай Шағырға кісі шаптырды. «Міне берсін, бір жылқыны қасқыр да жейді. Саған сыйладым» деген Шағырдан жауап келді. Жұмабайға да, Шағырға да керегі осындай жылы хабар еді. Екеуі де көңілді, екеуі де тоқ. Таяқтан сирағының сүйегі жарылып, Ахмет халфе біраз азап шекті. *** Кәрім сол кеткеннен өзінен-өзі безініп жыңғылды ойпанда жатып алған. Өзіне шақтап кішкентай жертөле қазып, пана жасады. Тұзақ құрып, құр, кекілік, қоян ұстап, қорек етті. Бір жеті өтті, ешкіммен хабарласпады. Екі жеті өтті, бір ай өтті, тырп етпеді. Торы атты көзден таса жерге ұстап жата берді. Қызылқоғадағы уақиға ертеңгі күні-ақ етек жайған. Тепкіден Ахмет халфенің аяғы сыныпты дегенді естісімен-ақ Төлеш атқа қонып, егіс басына келсе, Кәрім жоқ, Мұхит жүр. Сұраса, атқа мініп кеткеннен басқа ештеңе білмейді. Ахмет халфені соққыға жыққан Кәрім екеніне Төлеш шүбә келтірмеді. Дереу атқа тақым салып, іздеуге аттанды. Азын-аулақ азықпен Мұхитты күркеде қалдырды. Түске таман Кәрімнің үйіне келді. Жайғасып, Балғаным апайының қолынан шай ішті. Бірақ тіс жарып ештеңе демеді. Тосын хабардан бұлардың бейжай екеніне көзі анық жетті. – Екеуіне бас-көз боларсың, шырағым, жұмыс көп болса, үйге жібермей-ақ қой, – деді Балғаным. – Жарайды, апай, – деді Төлеш. – Кәрімнің мұнда келмегені белгілі болды. Шағырға әдейі соқпады. Айдап отырып Қызылқоғаға барды. Милиция досының үйіне түсіп, мән-жайды толықтай баяндады, көмектесуін сұрады. – Менің қолымнан не келеді? – деді Сақтапберген, – Жұмыстан қолым босамайды. – Кімнің қолы бос дейсің? Сұран екі-үш күнге, іздейміз. – Ойбай-ау, босата ма әрі бос жүріс болар, ол желіккеннің қай белді асып кеткенін қайдан білеміз? – Бел аспайды ол, ондай ақымақ емес. Бір жерде жасырынып жатыр, қисық жолға түспей тұрғанда тауып алайық. Әйтпесе тәп-тәуір жігітті елден бездіріп алармыз. Ақыры екеуі келісті, ертеңіне жолға шығып, екі-үш күн құмды кезді, ештеңе жоқ. – Мен енді іздемеймін, – деді Сақтапберген, – таптырмайды ол, мүмкін, Тұзтөбедегі апасына тартып кеткен шығар? – Кетпейді ол, – деді Төлеш, – ондай ақымақ емес деп айттым ғой саған.

– Онда ақылдыңды жалғыз іздей бер, – деді Сақтапберген Төлешке ренжіп. Үш-төрт жетіден кейін Төлеш тағы да атқа мінді. Нәтижесіз үйге қайтты. Төрт-бес күннен кейін атқа тоқым салып, Жарыпшыққанды жағалап екі күн жүрді де, үшінші күні Ителгінің тұсынан шағылға бойлай енді. Ешкім ат ізін салмайтын құмшағылға мұның да бірінші кіруі. Жайлап сүзіп, құмбелді аса беріп еді, сол жағындағы жыңғылды ойпаңнан селдір түтін шыққандай болды. Атын тебініп, солай қарай беттеді. Жақындағанда сезді, анық түтін. Шоқырақтатып жетсе, Кәрім мосыға ескі шелекті іліп, су қайнатып жатыр екен, Төлешті байқап қалып қарсы жүрді. Төлеш атынан түсті де, «Кәрімжан» деп дауыстады. – Ассалаумағалейкүм, Төке, – деді Кәрім ештеңе болмағандай күлімсіреп. – Ау, батырым, мұның не? – деді Төлеш атынан секіріп түсіп. – Ахмет халфені ұрдым деп елден жасырынғаның батырлық емес. Ол итің өлмеген екен, бірақ «аюға намаз үйреткен таяқ» емес пе, бәйге күреңнің ізі шықты. Сірә халфе шарбы майым ақтарылып қалар деп қорықса керек. – Иә, қайдан? – Бәйге күрең Жұмабайдың қолында көрінеді. Бұл жөнінде Шағыр да біледі екен. Екеуі хат арқылы құдаласып, ауыз жаласыпты дейді. Сен екеуміздің жүрісіміз бос жүріс, шырағым. – Төлеш мойнын кегжең еткізіп, Кәрімге күле қарады да, малдасын құрып жерге отыра кетті. – Ойпырм-ай, а?! – Кәрімнің жүзі сұрланып, жел қағып тотыққан беті одан сайын күрең тартты. – Солай, шырағым, бұл иттердің қулық-сұмдығы жеткілікті, абайламасаң орға жығады. Олардың несі кетеді, пышақ жүзін өздерінен бұрса, соған мәз. Ал сенікі балалық, тіпті шалалық деуге де болады, өзіңді-өзің орға итеріп. Әйтеуір, бір атағыңды шығарғың келсе, Қызылқоғаның базарына барып ұрлық жасауыңа да немесе арақ ішіп, мас боп төбелесіп, қайратыңды бір сынауыңа да болар еді. Тентектік жасаудың жолы көп қой. Ал заманның ыңғайын түсініп, өзің өмір сүріп отырған қоғамға сәл де болса пайда тигізу сенің азаматтық борышың екенін ұмытпағаның жөн. Халфені ұрып қаштың, одан не таптың? Өш алудың жолы олай емес, бұл қадамың – өкінішке ғана соқтыратын қадам. – Ұрайын деген ниетім жоқ еді, қолға түсіп қалатын сыңайға ұшырағасын. – Кәрім төмен қарады. – Мықты біреулер екен, екі қолымды сындырып жібере жаздады. Сонан соң, жан-дәрмен сытылып шықтым. Ал Ахмет халфені ұрайын деген ойымда жоқ еді, қарсы келген өзі.

– Сол жерде өзің шейт боп кеткенде ғой, өлтіреді де, көміп тастайды, сонда не істейміз? Бәйге күрең мен үшін қазына емес, маған сен керексің, білдің бе? – Төке, менің жер үйімнен шай ішіңіз, – деді Кәрім күліп. – Жалғыз отырғанда адамның басына түрлі-түрлі ойлар келеді екен. Тіпті Тұзтөбе жақтағы апайға тартып кетсем бе деген де ой түсті. Бірақ оным ағаттық екен, өйткені мені осыншама шатастырған адамдардан кегімді алмай қалай кете барамын. Шағырдың зымиян жан екенін әуелден сезетінмін. Дегенмен тап осындай қулыққа ол кісіні қимайтын едім, енді бәрі де түсінікті болды. – Әрбір ісіңді ойланып істемесең, жардан құлайсың, бұл – ақиқат-шындық. Шағыр сені орға жыққысы келіп еді, әйтеуір, сүрініп барып, аман қалдың. Бағың бар екен. Бар пәлені саған аударып салып, өзі сүттен де ақ болғысы келеді ғой шіркіннің! «Ақтың отын ақымақ өшірмейді» деген сөз рас қой, әйтпесе... – Төлеш бірдеңесін ұмытқандай аңырайып жанжағына көз тастады да, сонан соң орнынан тізесін сықырлата тұрып, қаңтарулы атының қасына барып, артына бөктерген қоржынға қол салды. Қолына ештеңе ілікпеді ме, аттың артын айналып, қоржынның екінші басына қолын тықты да, бір түйіншекті суырып алды. Қоржыннан бір салмақты зат алғандай немесе сол заты қолынан бұлқынып шығып қашып, я пыр етіп ұшып кететіндей, әлгі түйіншекті қос қолымен қысып ұстап, дастарқанға таяу келді де, тізерлеп отыра кетті. Кір-кір шүберектің түйінін жаймен шешіп, Кәрімнің алдына қойды. Майға пісірген үш шелпек нан мен екі түйір қантқа қомайғалана қараған жас жігітке Төлеш аса бір риза пішінмен көз жүгіртті де: – Үйдің дәмі, шырағым, саған арнап алып шығып ем, өзіңе бұйырғанын қарашы, жолымыз болады екен, – деді. – Сосын тамағын кенеңкіреп, ыстық шайды ұрттай бастады. – Сіз де алыңыз, дәміңізге көп рахмет, аға, – деді Кәрім күреңіткен жүзін Төлешке бұрып. – Өмір болса, осы жақсылығыңызды бір қайтарармын-ау. – Кәрім шелпекті үзіпүзіп дастарқан үстіне жайып тастады. – Жо-жоқ, шырағым, маған бір түйір қант берсең жетеді, ал нанды өзің же, наннан үлкен дәм жоқ екенін өзің де білесің. Же, қарағым, же, – деді Төлеш дастарқандағы шелпекті Кәрімнің алдына қарай топтастырыңқырап. – Тоқта, ұмытып бара жатқаным-ай, – деп Төлеш төс қалтасынан кішкентай шүберекке ораған түйіншекті суырып алып, сол күйінде Кәрімге ұсынды да: – Шөкім шай еді, шәйнегіңе демдеп жібер, – деді. Ішіне бір шөкім шай түскен қара шәйнек астына ақ тезектің

қып-қызыл шоғы тартылған соң сәл бәсеңдеткен дыбысын тағы да үдете жөнелді. Кәрім шелпекті аузына бұрап тығып, екі-үш ақ тезекті шәйнектің оң жағына қаластырды. – «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген ғой, шырағым,– деді Төлеш алдындағы шелпектен ауыз тиіп. – Әкеңді көре қалдым, аз-кем жолдас та болдық. Бір сөзді адам еді, жауырыны қақпақтай, ұзын бойлы, өңді кісі еді. Әрі үстінен басып кетпесең, қозғалмайтын салмақты да сабырлы болатын. Сенің түр-тұрпатың тура әкең марқұмнан айнымаған-ау, айнымаған, апырай бала әкеге сендей тартпас. Сол алып денесіне қарамай, ол кісі өте жуас еді, бала-шағаның тілін ала беретін. Біреу жұмаса, тіл қайтармайды, жосып жүре береді. Ал сен басыңнан сөз асырмайсың, қандысың. Мұның енді Мұқаш атаңа тартса керек. Ол кісі ділмар, шешен әрі төре болған. Кезінде билік те айтқан дейді. Бір рет көрдім, ұзын бойлы, аппақ кісі еді. – Менің атам есімде жоқ, бұлдырлау, еміс-еміс қана білемін. Ал әкем көз алдымда тұрады, – деді Кәрім бұрқылдай қайнаған шәйнекті шоқтан көтеріп. – Әкең өлгенде сен есіңді біліп қалдың ғой. Қазасына ел көп жиналды марқұмның. Сол кісінің бір жолы шешең Балғаныммен қалай кездескенін айтқаны есімде. – Төлеш шайды ұрттап алдына қойды. «Жас жігіт едім, ноғайлардың атқосшысы болдым, – дейді. – Ноғайлар парлап ат жегіп Қызылқоғаның базарына түрлі бұйымдар әкеліп сатады. Бір жолы сауда қызып жатқанда сәукелелерінің шолпылары сылдырлап бір топ қыз келіп, сауда жасайды. Ішіндегі бір әдемі қызбен әдейі тілге келдім», – дейді. «Құрбыжан, аты-жөніңізді айтсаңыз, затты арзандау сатамын», – деп едім, әлгі қыз сықылықтай күліп: «Сендей кірешіге атымды айтып қор қыла алмаймын», – деді. Сосын мен тұрып: «Шыныңмен айтпайсың ба, онда зорлап айтқызамын», – деп қызбаланып едім, әлгі қыз: «Сендей жарты қазаққа жөнімді айтып, қор болмаспын», – дегені. Сосын мен тұрып: «Қап, сен қызды әйелдікке алмасам, Хамит атым құрысын», – дедім. Қыз: «Саған күйеуге шықсам, Балғаным атым құрысын», – деді. «Әкел қолды», – дедім мен. «Әкел қолды», – деді ол. – Шарт-шұрт қол алыстық. Қыз маған дөң айбат көрсеткендей сатып алған бұйымын лақтырып тастап, пұлын қайтып алды да, жөніне кетті. Сұрастырсам, атақты бай Жұмабайдың еркесі екен. Үйге келіп, әкем Мұқашқа: «Маған әйел әперсең, тек қана Жұмабайдың қызын әпер», – деп

қолқа салдым. Не керек, әкем құда түсті, қалың берер қырық малды артығымен апарды. Содан бір жыл өткенде Балғаным өз келісімімен маған әйел болды», – деп отыратын жарықтық. – Қызық оқиға екен, – деп Кәрім басын шайқады. – Солай, бұл да – бір тарих, – деп Төлеш желпініп қойды. – Әнеукүнгі уәдені ұмытқан жоқпысың, ә, інішек? Сені өзіме орынбасар етіп алсам деген ойыма аудандағы басшылар қарсы емес. Бәрі де құптады. Осыдан бір-екі күн демалып, өзіңе-өзің келген соң жаңа қызметке кірісесің. Бұйрықты ауданға барып, мен шығартармын, жарай ма? Ал мына оқиғаны өзің біл, сосын мен білейін. Тісіңнен шығарма өмір бойы, ішімізде шемен боп қатып қалсын, білдің бе? – Ұқтым, Төке, бірақ Шағыр болсын, кім болсын, әйтеуір, маған салған лаңын түбі бір алдарынан шығарармын. – Ей, ылаңың не сенің, а? Қайдағы лаң, ойбай-ау, лаңды өзіңеөзің тілеп алып жүргеніңді білемісің? Бәйге күреңді сойып алса да, сенің шаруаң қанша, ұрлап әкетті ме, әкетті, сөз сонымен бітті деп қайқайып жүрмеймісің. Ешкім сенің басыңды жарып, көзіңді шығарған жоқ қой. Құрулы тұрған қақпанға түсіп қала жаздаған да өзің. Қайта құдай мықтап сақтады ол жолы. Қолға түссең, олар аямас еді. Қайта қараңғыда сені шырамыта алмай қалған ғой, бақытың бар екен. Мана айттым ғой, олар сені өлтіріп, денеңді көміп тастап немесе суға ағызып жіберіп қарап отырса, не қыламыз? Қайта оққағарың бар жігітсің, жүдә, о несі-ай! – Төке, бір кезеңі келсе дегенім ғой, әйтпесе нем бар жанып тұрған отқа түсетіндей көзсізденіп. – Енді-енді жөнделіп келе жатырсың. Рас, реті келіп іс оңынан туса , Ахмет халфені де, Шағырды да аямаспыз-ау, бірақ соған дәлеліміз мықты болуы керек. Құр далбасадан ештеңе шықпайтынына көзің жетті емес пе, солай ма? – Төлеш мойнын кегжең еткізіп қарсы алдында отырған Кәрімге тесіле қарады. Табиғат кең етіп пішіп берген олпы-солпы денесі, қолапандай мұрны мен түрілген ерні, аясы кең сұрғылттау көзі, кеңірдегі сорайған ұзын мойны – бәрі-бәрі бір сәтте жиырыла қатайып, сомнан соққандай боп көрінді Кәрімнің көзіне. «Төлештің бір ұрғанынан қандай жігітің де жалп ете қалады», деп естігені мүмкін бекер де емес шығар. Кәрім Төлештің денесіне тағы бір көз жүгіртіп еді, еңкіш жауырыны шалқайыңқырап, екі қарының бұлшық еттері торсия қапты. – Бәрі түсінікті, Төке, сіздің айтқаныңыз болсын, – деді Кәрім алдындағы суып қалған шайын бір ұрттап. – Маған да керегі осы сөзің еді, шырағым. Ал онда отыңды өшір, атқа қонайық. Айдан астам болса да өзіңе пана болған мына жертөлеңе тимей-ақ қой, ескерткіш ретінде қалсын.

Күндердің күнінде жол түсіп үстінен шықсаң, осы жайды еске аларсың. Сенің дәуірің әлі алда, шарықтайтын заманың туды, тек бірбеткей азамат бол, дұрыс жүріп, дұрыс тұр. Сонан соң ақ пен қараны айыра біл, жалтақтама, білдің бе? Кәрім басын изеді де, оны-мұнысын жинастырып, атына ер салды. Осы бір дүзгінді ойпаңды қимағандай сәл тұрды да, атына мініп-ап едәуір жер ұзап кеткен Төлештің артынан шоқырақтай жөнелді. Көңіліне қанат бітіргендей өне бойын шарпып өткен қуаныш сезімін баса алмай айқай салып, астындағы атын қамшылағысы келді де, Төлештен ұялды. Өзімен желдіртіп қатарласа берген бозбалаға Төлеш жалт бұрылып: – Әкел қолыңды, тақымыңның беріктігін сынап көрейін, – деп ұмтылды. – Кәрім де қайтқан жоқ, оң қолымен Төлештің оң қолының сағасынан шап беріп ұстап шалқая тартып еді, қарсыласы міз бақпады. Қоя беріп, астындағы атын езулей қайта жармасып еді, бұл жолы Төлеш шапшаң қимылдап, Кәрімді сол қарынан іле тартты, жас жігіт шалқайып барып қайта түзелді. Бозбаланың қаны басына шықты. Тобылғы сапты қамшысын аузына тістеп, ат жалына еңкейе берген қарсыласының омырауынан қапсыра ұстап, «ауп» деп орай жұлқып еді, Төлеш ер үстінен сәл ауып қала жаздады. Екеуі қайтадан қатарласып, қапталдаса бергенде: – Жарар, жарар, жастығыңды білдірдің. Бір-екі кісілік қайратың бар екен, бірақ әлі тәжірибең аз, соңғыда сол қолыңмен атымды қамшылағаныңда мен ер үстінен түсіп қалатын едім, – деді Төлеш айқайлай сөйлеп. – Сен қайда, мен қайда, екеуіміздің жас шамамыз тым алшақ қой. Сенің күш-қайратың күнбе-күн толысып келеді, ал отыздың ортасына мінген менің өмірден көрген құқайым тым көп, әйтпесе бір қолыммен дөңгелетер шамам бар еді. – Ол атының басын тартып, күлімсіреді. – Кешірерсіз, сәл қызбалық жасасам, – деді Кәрім де езу тартып. – Дегенмен ат үстіне мықты екенсіз. Кезінде көкірек кергендердің біразын төңкергенсіз-ау, сірә. Шын айқайға бассаңыз, мені де састыратын ретіңіз бар. – Сендей кезімде де, сәл ересек тартқасын да топқа түскенім рас. Бір рет Көкжарға барып, бәстескен татар жігітін жығып та кеткенім бар. Ол жігіт те мықты екен, менің де мықты кезім, ай біраз алыстық-ау. Сонда базарлап бірге барған Хамит марқұмның: «Әй, айлаға салма, төстеп көтер, әйтпесе жығыласың», – деген айқайын құлағым шалып қалған соң «ауп» деп көтеріп алып, оң жамбасқа салып шорт қайырдым, жер қапты. Бас бәйге тай екен, жетектеп қайттық. Сонда мен Хамит марқұмның айқайының мәнісін сұрағанымда, оның: «Іштен шалатын әдісқой пәле сенің қапыңды таппай қоймайтынын

біліп, салдым айқайға», – деп мәз боп күлгені бар. Біраз жас үлкендігі болса да Хамекең екеуміз әзілдесе беретін едік. – Төке, мен осы бойда үйге соғамын ба, соқпаймын ба? – деді Кәрім астындағы атын сипай қамшылап. – Мұхит үйде шығар? – Сенен он төрт жасар Мұхитжан ақылды болғанын көрмеймісің. Сол егістік басында жалғыз өзі тұрып жатыр. Бір атар мылтығымды құр дәрілеп қолына ұстатып қойдым. Дән шұқитын құстарды үркітеді тарсылдатып атып. Дырдай азамат, әңгімесі де дұрыс. Кәрімнің ойына інісі түсті ме, әлде мына жасап жүрген қылығының мүлдем теріс екеніне көзі жеткендей болды ма, әйтеуір, біразға шейін үндемеді. – Әй, жігітім, көтер басыңды, «нелер келіп, не кетпес ер жігіттің басына» деген емес пе, қапаланба, бәрі де дұрысталады, бәрі де оңынан туады әлі. Өйткені заман біздікі, заң біздікі, енді тек аянбай еңбек ету керек. Мына жаңа заманның нұр сәулесіне жарлы-жақыбайлар да шомылсын. Солай ма, жігітім? Ал кеттік, енді астымыздағы атымыздың ұшқырлығын байқайық. Жапан түзде екі атты сатырлата жөнелді, қара жердің тұнылығынан ба, ат тұяғынан шыққан шаң әуеге көтеріле алмай бұғып қалып жатыр. VI Оразалы қоқтысында он бес-жиырма шақты қараша киіз үй қаз-қатар тігілген. Бәрі де бір өңкей тектес. Бұл өңірде өткен қыс қатты болғанмен, жаңа ұйымдасқан Ақкөл колхозының азын-аулақ малына шығын келтіре алмаған. Колхоз малын Тайсойғанның шүйгін шөпті шағыл ойпаңдары аман сақтап қалды. Қар ала тесік болып, ызғырық қызыл жел құбылаға ауғанда-ақ, колхоз адамдары қыстақтарын тастап қоқтыға қонып алған. Бұйралана жоталанған өркеш-өркеш биік құмдар. Құм қойнауына кіріп кетсең, аттылы түгіл, түйелі адамың көрінбейді. Осы құм терістікте Бүйректен басталады да, Оңтүстік шығыста Саркөл өресінен аяқталады. Ұзыны да, ені де жүз шақырымнан асатын бұл шағылды құмдардың ортасын қақ бөліп Ойыл өзенінің бір бөлшегі Жарыпшыққан ағады. Мұғалжар тауынан бас алып төмен сырғитын Ойыл өзені, шағыл біткеннің ірге-іргесімен жанамалай ағып, Қызылқоғадан аса бере Жарыпшыққанмен қосылып бір арна болады да, Саркөлдің құмына сіңіп барып жоқ болады. Осы құмды аймақты халық «Тайсойған өңірі» дейді. Сағат ағашынан Борсан қыстағына дейінгі аралық – Ақкөл мен Жаңа шаруа колхозының жазғы, қысқы қонысы. Қараша үйлердің шеттеу тігілгені атақты банды Құныскерейдің әкесі Қожахмет қарттың үйі де, оған жалғас

атышулы ізші Нұрғазының баспанасы. Осы ауылдың қатынбаласының арасында бір сыбыс басталғаны көп бола қойған жоқ еді, тез арада бүкіл өңірге жайы­лып-ақ кетті. Күн көтеріле піскен сүтін құйып алып, қаспағын қы­рып жеп, қара қазанға төніп отырған Қамаш бәйбішенің қасына, тобығынан келетін ішкиімінің оң балағын жоғары қарай көйлегімен қоса ышқырына қыстыра салып, ауыр денесі былқ-былқ қозғалып етікші Таңқай шалдың кемпірі, осы ауылдың сөзуары Мақпал келді. – Ойбай-ау, Қамаш-ау, – деді ол, қазанға түкіріп жібере жаздағанын өзі де байқамай қап, – әлгі банды Құныс бүгін таңда қатынының қасынан тұрып, құмға қарай аяңдап бара жатқанын біздің шал көріп қалыпты. Байғұс-ау, оны әлгі Қиыл бойындағы соғыста өлді дегені қайда? Астағыпралла! Пері болар, сірә. Айттым ғой мен Құныс киелі деп. Біздің шал да сорлы, жаяу кетіп бара жатқан адамды артынан қалмай бақыламас па. О, сорлы шал, маған келіп сыбырлағанша. Сен ештеңе сезбедің бе, Қамаш-ау? – Қойшы әрі, сен-ақ бөсесің де жүресің, – деді Мақпалды әсте жақтырмайтын Қамаш, – басқа біреу болар. Немесе сенің екі көзі атысып шабысқан қыли шалыңа Құныс аруағы елестеген ғой. Бұл өңірде болмағанына екі жылдан асып кеткен жоқ па, өлді деген. Өлген адамның құлағын шулатып не қыласың? Бар, оданда шалыңа айт, қартайғанда өсекшіл кемпіріңе айқайлап ит қоспасын. Сөзден тосырқап қалған Мақпал көйлегінің етегін қағып тұрып кетті. *** Мақпал сөзінің, шынында да, жаны бар еді. Шалдың көргені кәдуілгі Құныс болатын. Оның Тайсойған өңіріне кіргеніне де аптадан асып кеткен. Қасында Жәрдем мен Мұсағали. Қиыл бойындағы отряд тосқауылына тап болған, сегіз адамнан тек екеуі аман құтылған-ды. Ал Мұсағали жолай ерді. Сонан соң Қаратөбе асып кеткенде, қыс бойы Даулабай қыстағындағы қорықшы Исабайдың үйінде жасырынып жатып, қар кете Тайсойған өңіріне шыққан. Мұндағы Құныстың ойы, екі жылдан аса көрмеген әке-шешесі, қатын-баласымен жүздесіп, және жаз бойына Тайсойған шағылдарын паналай тұру. Бастапқы қадамына ешкім бөгет бола қойған жоқ. Құмға ендей кіріп, екі-үш күн жан-жаққа барлау жасаған Құныс бірінші қадамын Шағырдың үйінен бастаған. Бірақ оған да жөнін ашып айтқан жоқ. Сонан соң қасындағы екеуді Ителгі шоқысының маңына қалдырған Құныс өз үйіне жалғыз кетті. Қарайғанды қалт жібермейтін сергек те сақ, қырағы көз, тас

түнек қараңғылықта Оразалы қоқтысын жаңылмай тапты. Ауыл итінің үрген дыбысы естілісімен-ақ, атын жетектеп жаяу жүрген. Бұл ауылда өзіне бас салатын ешкім жоқтығына көзі жеткенмен, «сақтықта қорлық жоқ» деп бөгде адамның көзіне түскісі келмеді. Төбет ит Бөрібасардың үрген дыбысына қарап, өз үйінің шамасында топшылаған. Ауылдың желке тұсындағы ойпаңға атын арқандаған Құныс үйге жаяу тартты. Жан серігі шолақ мылтығын да қазықтың қасына қалдырды. Қараша киіз үйдің сықырлауығы ішінен бекітулі болатын. Үй-іші тымтырыс, бәрі де ұйқы құшағында. Үркер төбеден ауып барады, таң да жақын. Әсте әкесі жататын оң жақ іргені көтерген Құныс: «Әке, есік аш», – деп дыбыстаған. Үрген иттердің дауысымен ояу жатқан Қожақмет қарт селк ете түсті. – Түсім бе, өңім бе, ойпырм-ай! Мынау Құныстың дауысы ғой. Кемпір, – деген ол Қанымды түрткілеп, – майшамыңды жылтыратшы, деді. Денесі қалтырай орнынан тұрып, сықырлауықтың ілмешегін ағытуы мұң екен, еңгезердей дәу қара шалды құшақтай алды. Үйіші абыр-сабыр. Құныстың әйелі Қалима өз көзіне сенбегендей аз уақыт үрейлене отырып қалған да, артынша Құныстың кең құшағына сүңгіген. – Қарағым, тірімісің? – деді шал мырсылдай көз жасын сүртіп. – Хабар болмағасын бәріміз де сені өлдіге санағанбыз. Тек анда-санда бейтаныс адамдар қона жастанып, сен жайлы сұрайтын. Сонда ғана көңілім саңлау тауып, тірі жүр-ау ол, тірі болмаса, неге сұрайды дейтінмін. Қара шәйнек үй-ішіне жаққан құрғақ тезекпен тез қайнады да, шай қамы жасалды. Қаным кемпір баласының өтінішімен сыртты бақылауға кетті. – Әке, – деді Құныс шай үстінде. – Жаз бойы осы шағылды паналамақпын. Біреу келіп мен туралы қысып сұраса, қонып кеткен, басқа жөнін білмеймін дерсің. Мен енді тура ажалдан басқа ешкім ұстай алмас, бір басымда бес емес, ондаған, он емес, жиырма-отыздаған адамдардың құны бар, қолға түссем, олар мені кешпес те. Анда-санда ебін тауып келіп жүздесіп тұрармын. – Қайдан білейін, қарағым, – деді Қожахмет қарт жүзін баласына бұрып. – Бұл дүниеде қолға түспесең де, ақыретте олардың қолына түсерсің, жазықсыз болса, олар да сені жазалар. Өлмейтін пенде жоқ қой, «тек жүрсең тоқ жүресің» дейді қазақ. Қашқын екенсің, басыңды қорға, жазықсыз адамдарда нең бар, жөніңе жүр. Шай жиналды. Үй-іші қайтадан төсектеріне қисайды. Тек Қожақмет қарт қана киініп сыртқа шығып кеткен. Шам

сөндірілді. Сегіз жасар баласы Төкеңді иіскеп Құныс жатыр. Құнысты сырт жағынан аймалап, көз жасын жастыққа сүртіп Қалима жатыр. Сәлден кейін сол жағына қарай аударыла түскен Құныс оң қолымен әйелін бауырына қарай тартқан. Сыбырсыбыр сөз, мырсылдап жылаған әйел дыбысы. Сәлден кейін үйішінде тыныштық орнаған. Алакөбеңде тұрып шағылға қарай аяңдап бара жатқан Құнысты дүзге отыруға шыққан етікші Таңқай шал байқап қалған-ды. Құныстың қырағы көзі шалды іліп кетсе де, сасқан жоқ. Икемсіз ірі дене көкжал қасқырдай кердеңдей басып құмға кірген. Ендігі мақсаты Қызылқоғадағы Айбаланы бір көріп, бәйге күреңді тақымында ойнату. *** «Құныскерей құмда жүр, үйіне қонып кетіпті» деген хабар Қызылқоғадағы милиция бастығы Иманғалиев Әлімнің құлағына да тиді. Ол сол күні өзінің орынбасары Жұмабайды шақыртып алып іске кіріспек болды. Рұқсат сұрап кірген Жұмабаймен саулық сұраспастан, ол сөзін бастап кетті. – Әлгі қанішер құмға келіпті. Қасында жәрдемшілері де бар көрінеді. Енді бізге тыным болмас. Гурьевтен бұйрықты күтпейақ дереу тосқауыл жасау керек. Сен осындағы отрядты жинақтап ,қасыңа Молдағалиды ал. Қызылқоғадағы жасақты отрядты біле тұра, бұл қу Тайсойған өресіне неге келді екен? Әлде бізді менсінбей ме? Жылдар бойы қандай да тосқауылдан құтылған бөрі бізді аяқасты еткісі келетін болар. Жоқ, оның бұл ойы бола қоймас. Мен оның үйіне қонып, сайраңдауына жол бермеспін, – деп бөлме ішін кезіп кетті. Сәл тыныштықтан кейін: – Әлеке, – деді Жұмабай. – Біз неде болса тезірек қимылдайық. Осындағы қырық адамнан құрылған отрядты Молдағали екеуміз бастап, Құныстың ізіне түсейік. Жер-жерге тыңшы қояйық. – Тоқтай тұр, – деді Әлім қолындағы темекісінің қалдығын ерні күйгенше сорып. – Сенің сөзіңнің жаны бар. Оны нағыз паналайтын жері Ителгі шоқысы мен Ақкөбе аралықтары, қалың жыныстары көп, қызыл құмның үстінен шықпасаң көрінбейтін ой-шұқырлы өресі. Ол бөрінің тек ізімен ғана топшылау керек. Оның осы Шағырмен байланысы жоқ па екен? Бүркеніп жатқан сол үндеместен де қорқуға болар. – Жоқ, Әлеке, өрістегі малын күнде санап, бұтын тыр-тыр қасып жатқан ол шалды Құныс не қылсын. Маған мынадай ой келіп тұр, Әлеке, – деді Жұмабай елпек қағып. – Отрядты екіге бөліп, Молдағалиды бас етіп, жиырма адамды Ақкөбе бағытына жіберсек, қалған жиырмасымен Борсан шағылдарын сүзе ың-шыңсыз барып Ақкөл колхозындағы атақты Нұрғазы ізшіні ертіп, бандының ізіне түсемін. – Жобаң дұрыс, енді таңнан атқа қоныңдар, жолдарың

болсын, тек сақ болыңдар, – деді Әлім Жұмабайға қолын ұсынып. Сыртқа шыққан Жұмабай Молдағалиды кездестіруге асықты. *** Осылай милиция әкімдері абыр-сабыр боп жатқанда, Құныс, Мұсағали, Жәрдем үшеуі Қызылқоға маңын торуылдап жүрген. Жәрдемді дереу жіберіп, Құныс бар жағдайды біліп алды. Отрядтың ертең аттанатынын да, бір тобын Ақкөбеге, бір тобын Ителгі шоқысына қарай бағыттайтынын да, Айбала сұлудың Үйшікке базарлап кеткенін де дәл біліп келді хабаршы. Ендігі Құныстың ойы – отрядты асырып жіберіп, олар бұлардың ізіне емес, бұлар олардың сыртынан бақылап, қайткенде де Жұмабайдың астындағы атышулы жүйрік бәйге күреңді қолға түсірмек. «Ол антұрған күреңді бұл сапарға мінер ме екен, мінбес пе екен?» деген сұрақ жанын толқытты. Жырынды бөрі қалай болғанда өз ойын іске асыруға асықты. *** Астындағы ауыздықпен алысқан бәйге күреңді қызықтап Жұмабай Қызылқоғадан ертелетіп аттанса да, күн қыза жүрістері сылбыр тартқан қарулы отряд Борсан қыстағына тоқтай қалды. Сиыршы Бектемістің үйінен түскі шайды терлептепшіп ішіп отырғанда, олардың ізін баса келген Жәрдем таяқ тастам жердегі сай ішінде бұғып жатқан болатын. – Атты осы жолдан қалдырмай қолға түсіру керектігін жадыңнан шығарма, – деді Құныс серігін аттандырып жатып. – Бізге қазір ол ат ауадай қажет, онымен ойлағаныңды істейсің, қусаң – жетесің, қаш­саң – құтыласың. Қандай тәсіл қолдансаң да атты алып кел, ұқтың ба? Қолға түсіп қалып, сау басыңа сақина тілеп жүрме. Сақ бол. Құныстың басты ойы атақты күреңді қолға түсіріп алу еді. «Қандай заман болатынын кім біліпті, – деген ол іштей толғанып. «Жақсы ат – жан серігі», әзірге қасымдағы екеуді қауіп-қатерге жұмсап өзім жақсылап тынығайын, Тайсойған өресінде қайткенде де үш-төрт ай паналай тұру керек». Бәйге күреңді шаужайынан ұстағалы аз уақыт болса да Жұмабай көзден таса қылмайтын. Тіпті жас сәбише мәпелеп, түгін сипап далаға жібермей, жылы сумен аттың үстін жуып, сарайда ұстап, есік алдына қабаған көкжал байлап, аса қырағылық көрсеткен. Қызылқоғадан жылдам аттанып кеткенмен, Жұмабай асыға қоймады. Сойылып жатқан қойдың етін жеп, осы ауылдан салқын түсе аттанбақ, таң қылаң бере, Оразалы қоқтысындағы ауылдың үстінен түспек.

«Мүмкін Құныс қаннен қаперсіз үйінде ұйқтап жатқан болар, бүгін отрядтың аттанғанын оған кім хабарламақ? Сағынып қалған әйелі мен баласынан әзір ұзай қоймаған болар. Шіркін, Құнысты ың-шыңсыз қолға түсіріп алсам, – деп қиялдады ол, – өз аймағымызды қоспағанда, сонау Орал, Ақтөбеге атағым жайылар еді». – Сағынғали, – деді қасында отырған жігітке. – Күреңді сай суының тұнық жерінен суарып, қайта орнына байлап жемдерсің. Өз атыңды мін де, оны жетегіңе ал, байқа, суға аунап қалмасын. Мен тамақ піскенше мызғып алайын. Өзінің жіті көзімен қазанға ет салынғанын байқап жатқан Жәрдем жұрт тамаққа тегіс отырғанда күреңді мініп қашпақ. «Не де болса тәуекел, құр қол қайтуға болмас», – деп күбірледі ол, үй жаққа түйіле қарап. Күреңді жетекке алып, тура өзіне қарай келе жатқан атты көзіне шалынысымен қуанған Жәрдем төмен сырғып, сайды жағалай өскен шиде ағашының тасасына тұра қалды. Сағынғалидың ойында дәнеңе жоқ, бір әуенмен ыңырсып келеді. Оның жүрегі де енді екі-үш минуттан кейін өзіне қадалатын пышақтың суық жүзін сезбеді. Жас жігіт сай бойында жарық дүниемен мәңгілік қоштасатынын да білген жоқ. Сағынғали терең сайдың ішіндегі жидеталдың тұсынан өте бергенде-ақ, барысша атылған Жәрдем оны ат үстінен жұлып алды да, айқайға келтірместен жүрек тұсынан қара кездігін бойлатты. Асығыс қимылмен күреңге қарғып мінген ол, өз атын жетекке ала, сай бойымен шоқырақтай жөнелді. Қапелімде ештеңе сезбеген Жұмабай Сағынғали келмегесін сай бойына кісі жіберген. Тізгіні талға ілініп тұрған ат пен қанға боялып жатқан жігітті көріп, хабаршы кейін жүгірді. «Аға, аға! – деді ол тұтығып, – өлтіріп кетіпті». – Қалайша, – деп айқайлады Жұмабай, – күрең ат бар ма? Үйден атып шыққан ол, сайға қарай жүгіре жөнелді. Оның соңынан жапатармағай бүкіл ауыл адамдары жүгірді. Бәрі де жүгіріп кеп өлі денеге үймеледі. Ызың-шу, айқай. Ауыл үсті әп-сәтте дүрбелең– дүрбігуге ұшырады да қалды. Тұла бойын ыза кернеп ашуға булыққан Жұмабай сол сағатта отрядты атқа қондырып із кесті. «Құныс, – деп ойлады ол, – бұл – тек қана Құныстың қылығы». Іңір қараңғысы түскенше қашқынның сайдан құмға қарай жалт берген ізін шығара алмай-ақ қойды. Жырынды қарақшы із жасыруды ұмытпаған. Не істерін білмей, бір тоқтамға келе алмаған отряд бастығы, ақыры он шақты адамды ізші Нұрғазыға жіберді де, өзі қалғандарымен Сағынғалидың денесін алып, түнделетіп Қызылқоғаға тартты. – Кісі өлтіріп, атты алып кеткен кім деп ойлайсың? – деді Әлім сұрғылт жүзін Жұмабайға бұрып. Оның кісіні тесе қадалатын

шегір көздері қазір де қарсы алдында отырған қомақты денеге қадалып тұр. «Қомағай неме ауылдан аттана бере бәрін ұмытып, тамаққа жайбарақат жайғасып отырған ғой, тап бір аш жүрген адамдай. Әттең-ай, есіл жігіт қапыда өліп кетті», – деп іштей тебіренді Әлім. – Сағынғали жөніндегі істі кейінге қалдыра тұрамыз, оның өліміне бірден-бір жауапты сенсің, – деді ол Жұмабайдың жауабын күтпестен. – Бұны істетіп отырған Құныскерей, әрине, өзі емес қасындағы қосшыларының біреуі болуы да мүмкін. Тақымына жүйрік ат керек болды – алды, оның әлі де бізден не алары белгісіз. Сондықтан қазір кейін Нұрғазыны қасыңа алып ізге түс, ол бөрі күшіктерімен осы маңда жүр. Молдағали бастаған отрядқа кісі жіберемін, ол жаққа алаң болмай, Ителгіні кесіп өтіп, қоқтының, ауылдың маңын торысын. Я ендігі сенім ізшіде, әйтпесе мына құмнан оларды матап байлап, біз үшін оңайға түсе қоймас. Осымен әңгіме доғарылды дегендей, Әлім жеделдете басып барып Жұмабайға есік ашты. *** Нұрғазы таңнан тұрып, кеше кеште өрістен оралмаған қызыл сиырын іздеуге қамданды. – Ит-құстан аман болса игі еді, – деді ол шай қамдап жатқан әйеліне. – Бала-шағаның таңдайына тартып, ауысқаны көршілерге шай сүті болып отырған сиырдан айырылсақ бізге де оңай болмас. – Қойшы, қапаланбай, – деді Жамал, – әлдеқалай түнеп қалған ғой. Осы сөздің аяқталуы мұң екен, шағыл жиегінен ышқына мөңіреген қызыл сиырдың дауысы естілді. – О, жарықтығым! – деді Нұрғазы, – дүниеде бар екенсің ғой. Сыртқа шыққан оның көзіне тура ауылға беттеп келе жатқан бір топ аттылы шалынды. Жүрістері тым суыт, қарулы адамдар, ә дегенше үй сыртына жақындап та қалды. Аттан түскен біреуі үйге қарай жүрді де, қалғандары шоғырланып кейін қалды. – Кәдірмісің, апырай, қайдан жүрсіңдер? – деді Нұрғазы, милицияда қызмет істейтін осы ауылдың жігітін танып. – Ассалаумағалейкүм Нүке! – Әліксалам, амансың бар, қарағым, ал үйге кір, – деді Нұрғазы жігітті үйге қарай бастап. – Асығыспыз, Нүке, – деді Кәдір, – Жұмабай бізді сізге жіберді, сусындап алып, кері қайтамыз. Жағдайға әбден қаныққан Нұрғазы әйеліне де ләм-мим

деместен бөгелмей атқа қонды. Келген топ ізінше кері қайтты. Мұны ауыл адамдарының бірі көрсе де, бірі көрген жоқ, *** Бәйге күреңге тақымы тигесін-ақ Құныскерей із жасырудың жоспарын құрды. – Отряд енді біздің соңымызға бар айлаәрекетімен жанталасып, шындап түседі, – деді ол қасындағы Мұсағали мен Жәрдемге. – Ендігі қастарына Нұрғазыны да ертіп алған шығар. Ол осы өңірге белгілі ізші ғой, біздің қай бағытта жүргенімізді ол қу жорамалдап-ақ біледі. Сондықтан әзірше екіге бөлінуіміз керек. – Сен, – деді ол Жәрдемге қарап, – бос атты жетекке алып, Жұмабайлардың алдын кесіп өт те, Молдағали бастаған отрядтың ізіне аралас. Шамаң келсе, ізіңді шатастырып төртінші күні Сағат ағашының түбінен күт. Ал біз Жарыпшыққанды жағалап тура Оразбай қоқтысындағы ауылға тартамыз. Ал, кідірмейік, атқа қоныңдар. Жәрдемнен бөлініп шыққан соң, сай бойымен әрі-бері суыт жүрістен кейін Құныс ат шалдырды. – Сен, – деді Құныс Мұсағалиға сұстана қарап. – Сағат ағашына тіке тарта бер. Ал мен осы маңды аздап торуылдайын. Ат тұяғын қатқылға сал немесе Жарыпшыққанның арнасына түсіп, су жағала. *** Алдарынан кесіп өтіп, қалың құмға кірген екі аттың ізін көріп Жұмабай Нұрғазыны қасына шақырды. – Жаңа із, – деді Нұрғазы ат ізіне үңіліп. – Жортып жүріпті, бірақ күрең аттың ізі емес. Біреуі жетектегі бос ат, көрдіңіз бе, бірбіріне түйісіп жүрген. Бұған әуре болмайық, уақыт жоғалтамыз, негізгі ізді кесейік. – Нұрғазының өзіне ақыл айтқанына Жұмабай іштей ашуланып қалса да, сыртына шығармады. «Сағынғали үшін сен жауап бересің» деген Әлімнің сөзі мұның көз алдына елестеп басы айналды. «Ауыл маңын торуылдауға кісі қалдыр», – деп Кәдірге айтпағанына да қатты өкінді. Борсан қыстағының Қызылқоға бетіндегі қалың шағылды кесіп өткен отряд күн еңкейе Жарыпшыққанға құлаған. – Осы сайды жағалап жүріп отырамыз да, – деген Нұрғазы Жұмабайға, – қалың құмның өзенге түйіскен жерінен сыртқа шығуымыз керек, дәу де болса сол жерден бір белгі кездесуі мүмкін. Бәрі де Нұрғазы айтқандай боп шықты. Іңір мезгілінде отряд

сай бойынан екі аттың ізін көрді. Біреуі сай бойын қуып кеткен де, екіншісі құмға кірген. – Құмға кірген – күреңнің ізі, – деді Нұрғазы. *** Арттарынан қуып жеткен Әлім жіберген шабарманның нұсқауымен бағытын өзгерткен Молдағали бастаған отрядтың қарасын Жәрдем үшінші күні кіші бесінде көріп, алыстан топшылаған. Бағыттары – Ителгі құмы. Жүрістері сылбыр отряд жасақтарын ол жасырынып жатып, қиналмай-ақ жанынан өткізіп жіберді. Өзінің артынан қуғын жоқтығына көзі жеткен Жәрдем отрядтың ізін баса жүріп, өзі ойлап тапқан арам ойын іске асырмақ болды. Кешқұрым отряд қонған жерде амалын тауып аттарын босатып жібермек, сөйтіп, аз да болса уақыт ұтпақ. Күндізгі аптап ыстықтан шөліркеген отряд күн еңкейе жолдағы Жаңа шаруа колхозының бір-екі үйіне бөлініп жайғасты. Бүгін түн осында тынықпақ. Іңірде аттардың бәрі көлге бекітіліп, қарулы күзет қойылды. – Ақсақал, – деген Молдағали жатарда Наурыз қартқа, – қасқыр көп пе, атымызды жарып тастап жаяу қалармыз. – Сақтану керек, – деді қарт. – Құныс бөрі қасқырдан да алымды болар, құмда жүрсе, аттарыңды сол қуып кетпесін. Бірақ бәйге күреңді алса, басқа аттың не керегі бар оған?! Таңға жақын жылқыларды күзеткен сақшы аттан түсті де, тың тыңдап айналасынан секем алар ештеңе сезбегесін, қисая кетіп қорылға басты. Ай жарығымен бәрін болжап жатқан Жәрдемге де керегі осы еді. Жетектегі атын көлеңкелей келіп, жігітті бас салды да, дыбысын шығармай аузына шүберек тығып, атының шылбырымен таңып тастады. Көлдегі жайылып жүрген жылқылардың бәрінің де өрелерін қиып босатты да, өзі үн-түнсіз қараңғылыққа сүңгіді. Отрядқа деп көктемде ғана жылқы үйірінен ұстаған құр аттар, босанғасын әрбіреуі әр жаққа бытырап кетті. *** Құныскерей әуелі шағылға кіріп біраз жортып, жалт бұрылып қоқтыға шыққан да, суыт жүріспен үйіне тартқан. Күрең аттың сар желісіне қатар келе жатқан аттар шауып отыратын-ды. Міне, сол желіспен таңға жақын Құныс Оразалы қоқтығысындағы өз үйінің ту сыртынан шықты. Жақындап келіп аттан түскен ол бөгелмей, үй іргесіне бір-ақ тоқтады. – Бұл кім? – деді сыртта жатқан Қожахмет қарт дыбыстан оянып кетіп. – Тыс-с, әке, жай сөйле, – деді Құныс, – менмін ғой, үйде бөгде адам жоқ па?

– Жоқ, қарағым! Алдыңғы күні отряд келіп, Нұрғазыны алып кетті ғой. – Білемін... Мен жарық болғанша мызғып алайын. Сіз күреңді үй іргесіне байлап, төңірекке көз жібере тұрарсыз. Дыбыстан сыртқа шыққан Қаным кемпір де жалғыз баласын көріп мырсылдай бастады. «Жалғызым-ай, – деді ол теріс айналып, – өзіңе бір Алла жар болсын-дағы». Үйге кірген Құныстың алдында қобдыраған шашы беліне түскен әйелі Қалима тұрды. Әйелін белінен құшақтай алған ол сырт киімін шешпестен іргеде ұйықтап жатқан баласы Төкеннің қасына жантайды. Әкелік мейірімі түсті ме, баланың желкесінен иіскеп те қойды. Енді бір сәт оң жағында жатқан Қалима жаққа аударылып түсті. Әйелімен әсте сөйлеспейтін Құныс бұл жолы да ашылмады. Өздігінен жөн сұрауға Құныстың қатал мінезінен именетін Қалиманың батылы жетпеді. Тек қана ерінің омырауын ашып, тер сіңген денесін аймалай берді. Таң қылаң бере Құныс аттанып кетті. Баласын оятпады, үш жылға жуық көрмеген әкесін Төкен тағы да көрмей қалды. Жолай Шағырға соғып мән-жайды айтқысы келді де, ол ойынан табан астында айныды. «Содан іргені аулақтау салғаным дұрыс шығар, сенімсіздеу адам ғой» деп күбірледі ой үстінде келе жатқан ол. *** Құныстың ізін тап босқан отряд ертеңіне кеште, қоқтыдағы ауылға келіп бір-ақ тірелді. Із тура ауылға келген, Қожахмет қарттың үй-ішін түгелімен шақырып алдырған Жұмабай кезеккезек жауап алуға кірісті. – Қарт, шыныңды айт, – деді Жұмабай түйіліп, үйге кірген Қожахметке, – Құныс үйге неше рет түнеді? – Екі рет, – деді қарт ойланбастан. – Бар болғаны екі-ақ рет. – Біріншісін білеміз, екіншісі қашан? – Екінші рет өткен таңда келіп, көз іліндіріп кетті. – Қайда кетті, бағыты қай жақ, саған не айтты, мінген аты қандай? – Қарағым-ау! Бағытын маған айта ма ол, айтса баяғыдан бері айтпас па еді? – деді қарт ағынан жарылып, – мінген аты Шағырдың күреңі, әлгі атышулы жүйрігі. – О, жауыз! – деді Жұмабай тістеніп, – тұра-тұр бәлем, тұқымыңмен құртармын мен сені! Қожахмет қарттың жүрегі шым ете қалды. – Ау, Жұмабай, – деді ол түрегеліп. – Құныс, Құныс қой, оны туған балам екен деп ақтамаймын, бізде не жазық бар? Сексенге келіп селкілдеп отырған менен не пәтуа сұрайсың? Анау үйдегі

ақ шашты анасы мен кішкентай сәбидің не жазығы ба, қарағым, байқап сөйле. Өзінің ептеп артықтау кетіп қалғанын Жұмабай сезсе де, алдында тұрған шалдан кешірім сұрауға намыстанды. – Бар, – деді ол қартқа иегімен сыртты нұсқап, – қалғандары кірсін. – Отряд бастығы қорқытып та, ақырып та сұрағанмен, басқалары да өздері көріп-білген шындықты бұрмалай алмады, бәрінің жауабы бір жерден шықты. *** Жуырда ғана милиция бастығы Иманғалиевке Гурьевтен келген қатынас қағазда былай делінген: «Құныскерей бандысының ізіне түсуді тездетіп өзің басқар, бізден көмек күтпей-ақ қой, өз күшің жетеді. Оқиға барысын хабарлап тұр. Н. А. Журин». Молдағалидың қонған жерінде аттарынан айырылып, Жұмабайдың да тілге тиек етерлік іс бітірмегенін білген Әлім қасына екі милиционерді алып, келесі күні түсте әлі де сол қоқты айналасын сүзіп жүрген отрядты қуып жетті. Бір жеті бойына бітірген істерін баяндаған Жұмабайға Әлімнің көңілі толмады. Әсіресе «бандының семьясынан түгелдей жауап алдым» деген жеріне келгенде тіксініп қалды. Тағы да көз жұмып баяғы белсенділігіне басқан. Колхоз мүшелері – адал адамдардың Құныс үшін жүректеріне дақ салудың не қажеті бар? Бұл қысып жауап алардай оларда не жазық бар? Тек қана қонып кеткенін қарттың өзінен сұрап білсе болмас па еді? Құныстың оларға бағытын айтпайтыны ақиқат нәрсе ғой. «Ай! Жұмабай-ай, – деді Әлім іштей. – Анау күржиген желкеңе қондырылған қазандай басыңды ауыртып, өзіңе тапсырылған жұмысты тындырсаң еді бір мысқал, тек қарадүрсінділікке салынбай». Ауылға келген Әлім Қожахмет қартты оңаша үйге алдырды. – Ассалаумағалейкүм, – деді ол қартқа қолын ұсынып. – Денсаулығыңыз қалай, ақсақал, үй-ішіңіз аман ба? – Мың жаса, қарағым, ел қатарында жүріп жатырмыз. – Қарт, ренжімесеңіз, азғана сауалым бар. – Е, сұра, қарағым. – Балаңыз соңғы қонғанда ештеңе айтпады ма? – Соңғысында ештеңе айтқан жоқ, алдыңғысында жаз бойына осы шағылды паналай тұрмақпын деген. – Келініңізге тіс жармап па? – Әй, қайдам, қарағым. Әйел пендесіне жөнін айтса, ол банды Құныс атанып, жылдар бойы өз елі, өз жерімен, өз азаматтарымен жауласпас еді ғой. – Шағырмен сіздің қандай қатысыңыз бар, ол жөнінде не айтасыз?

– Елтең-селтеңі жоқ біртоға адам ғой. Елге беделі бар кісі. Енді сұрақ қоюдың қажеті жоқтығына көзі жеткен Әлім қартты шығарып салды. Бір атқа екі кісіден мінгесіп іңір түсе ауылға жеткен Молдағалиды бас етіп Қызылқоғаға қайтарды. Жұмабайдың қасына екі кісі беріп, ауыл маңын торуға қалдырды. Нұрғазыны қасына алған Әлім шапшаңдатып Құныс пен оның жолдастарының ізіне түсуді ойлап, атқа қонды. *** Егістік басына Шөмішбай шалды кемпірімен көшіріп әкеліп, көңілі жайланған Кәрім сол үйге қонып қалды. Інісі Мұхитты кір-қоңын жуып, киімін айырбастап келуге үйге жіберген. Өзінің ойынша, Жаңа шаруаның азын-аулақ шаруасын дөңгелетіп-ақ кететін түрім бар екен-ау деп есептейді. Астына колхоздың жалқұйрығы тоқпақтай кер атын мініп алды. «Қой-ешкіні әрбіреуге жиырма-отыздан бақтырғаннан гөрі қойды бір бөлек, ешкіні бір бөлек топтастырып, бір-екі кісіге ғана міндеттеу керек», – деп Төлешке ұсыныс жасап еді, басқарма қолдай кетті. Енді осы ойын жуық арада жүзеге асырмақ. Егістіктің бет алысы жаман емес, түгел көгеріп, бой көтере бастады. Алдыңғы күні үйіне соғып, шешесінің хал-жағдайын білген. Баласының дырдай жұмысқа орналасқанын естіп анасы да қуанып қалған. Шағыр үйінде жоқ екен, бір жаққа жолаушылап кетіпті. Апасына сәлемдесіп, тізе бүкті де, қайта шықты. – Шағыр саған өкпелі ме, қарағым, анада сен жоқта босағадан бір қарамады, – деді анасы. – Ол кісі өкпелейтіндей мен не істедім, аты ұрланып еді, табылыпты, – деді Кәрім. – Әңгіме әрі қарай өрістемеді. Үйге кіріп шай ішіп, кідірмей атқа қонған. Жолда келе жатып Шағыр туралы ойлаған. «Ол кісі енді менің қай жағымнан шығар екен, жел жағымнан ба, әлде ық жағымнан ба?», – деп өзі-өзінен мырс еткен. Кер атты сипай қамшылап, қоңыр дауысын көтеріп әндете бастады, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап қойды. Сонан соң ән әуенін шырқаңқырап «Назқоңырға» салды. «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін, Кел десең, неге аяйын аттың терін? Сары ағаш сазға біткен секілденіп, Қай жерде отыр екен бұраң белім-ай...» Қайырмасына келгенде ән сазын үзіп алды. Қоңырлықтан бір түлкінің тұра жөнелгені де себеп болды ма, әнді жалғастырмай, кер атты тебініп қап тікесінен тартып еді, қу түлкі қалыңдыққа кіріп зым-зия болды. Кәрімнің ойына «дүние қызыл түлкі бұлаңдаған» деген ән жолдары еріксіз оралды. «Мынау сол дүние» емес пе екен, егер ол болса адасып қалғаным дұрыс

болар-ау», – деп езу тартты. – Әйтпесе көзі құрғыр қызығып кетіп, бір пәлеге ұшырап қалармын. Есіне ылдидағы сиыршы Бектеміске соғатын шаруасы түсіп, аттың басын сәл солға қарай бұрды. Сиыр ауылын бұл арадан өзі «қоныстанған» жыңғылды ойпаңға қарай көшірмекші. Бірде болмаса бірде егістікке сиырларын түсіріп алар деп қорқады. Көтере жортақпен сиыршы ауылға келсе, кермеде екі-үш ат байлаулы тұр. Сиырлар мен бұзаулары қосылып жамырап кетіпті, өзен жағасында ошарылып жатыр. Аттан секіріп түсіп, үйге бас сұқса, қақ ортада Төлеш қақшиып отыр, екі жағында – үш-төрт кісі. Кәрім сәлем беріп табалдырықтан аттады. – Аманбысың, Кәрімжан, сені іздестірейін деп, апырай, дұрыс келдің, – деді Төлеш қозғалақтап. Кәрім тізе бүкті. Отырғандарды көзімен сүзіп өтіп еді, бәрінің де қабақтары түсіңкі, бет-әлпеттері солғын. – Жай іздестірейін дедіңіз бе? – деді Кәрім Төлешке қарап. – Жай емес, шырағым. Кеше осы үйге отрядпен Жұмабай келген екен, банды Құныскерей үйіне қонып шығыпты дей ме. Кім екенін қайдан, біреу ат суара барған Сағынғалиды өлтіріп, бәйге күреңді алып кетіпті. Сағынғали марқұм Бектемістің жамағайыны ғой, соны жерлеп келуге аттанған екен, әлі жоқ. Мен де жаңа ғана естідім. – Атты әкеткен Құныс қой, Құныс, – деді отырғандардың бірі міңгірлеп. – Аты құрысын, арыстай жігітті айтсаңшы, ой, марқұм-ай, әне, өмір деген – осы, бүгін барсың, ертең жоқсың. – Қара шал осылай деп сақалын сипалады. – Бір Алланың бұйрығы – осының бәрі. «Адамның басы – Алланың добы» деп бекер айтылмаса керек, – деді тағы бір шал тамсанып қойып. – Менің айтайын дегенім, аса қырағылық қажет, малға да, жанға да сақ болмасақ, әркімнің жемі боп кетуіміз оңай, – деді Төлеш. – Егер Құныстың бандысынан біреу-міреу көзге шалынса, дереу милицияға хабар беру керек. Өздерің жеке-дара ерлік жасаймын деп ойламаңдар, онда анау Сағынғалидың жолын құшасыңдар, білдіңдер ме? – Төлеш соңғы сөзін Кәрімге арнағандай соған қарап, нұқыңқырап тұрып айтты да, – жақсы енді біз шаруамызға барайық, – деп орнынан тұрды. – Шайға қарамадыңдар ма, қуыс үйден құр аттанғандарың ыңғайсыз-ау тіпті, – деді қара шал қозғалақтап. – Айтуын айтса да, басын көтермей жерді шұқи берді. – Жоқ, рахмет, Бектеміс келген соң көңіл айтып кіріп шығармын, – деді Төлеш беліндегі жалпақ былғары белбеуін түзеп. – Иә, оның жөн, – деді екінші шал. Екеуі атқа қонды. Бағыттары – Борсанның сыртқы беті. Бір-

біріне тіл қатпастан біраз жерге дейін астындағы аттарын сар желдірді. Сайын дала ат тұяғымен кейін жылжып жатқандай болды. Көкжиекте сағым жортты. Күн нұры жер бетіне шашырай төгілді. – Ұстайды Құнысты, о бөрі қақпанға өзі түседі, көр де тұр, – деді Төлеш ат басын іркіп. – Жолдастары көп пе екен? – Кәрім де тізгінін сәл-пәл тартты. – Әй, сол қанішердің қасында есі дұрыс адам қалды деймісің. – Төлештің дауысы сәл күңгірттеу шықты. – Бәрінен әке-шешесіне обал. Қожақмет дұрыс адам еді, баласы бұзық болды. – Отрядқа мен де қосылсам қайтеді, Төке? – Не дейсің? – Отрядқа кіріп, Құнысты іздесем деймін. Сол итпен жекпежек шығар-ем. – Ол сені бөлтірікше қыңсылатып, тақымына басып кетеді, дию ғой ол. Оған жігіттің жігіті шыдайды, білдің бе? Оны айламен шырмау керек. – Мен жігіт емеспін бе, Төке? – Кәрімнің қаны дуылдап басына шықты. – Сен әлі баласың, түсіндің бе, баласың. Сондықтан жайыңа қарап жүр, бостан-босқа арам өліп қалсаң, елге де, жұртқа да қарабет болармын. Солай, бала, Құнысты сенсіз де ұстайды, бұтыңды мықтап қысқаның жақсы. *** Сағат ағашының жуық маңында ел жоқ. Онсыз да сирек ел қонысы жаз жайлауға көшіп кеткен. Оңтүстік-батыс жағы – тегістік көл де, терістік беті – биік шағылдар, жынысты қалың ағаштар. Теректен жарты шақырымдай жерде өзегі терең Жарыпшыққан саласы ағып жатыр. Нағыз ұры-қарының мекені. Із тастаған үшеуі ағаштың түбіне жайғасқан. Биік теректің басына шыққан адам жуық маңды көзі шалады да, ал терек басына шыққан адамды қасына келмесе, бөгде кісінің аңғара қоюы өте қиын. Бұтақтары көп теректің жапырақ жайған мезгілі. Жәрдем түскі шәй қамында жүр, Мұсағали жолдан өңгере келген тоқтының қалған жарты етін құдық түбіне шелекпен салып қойған, соны алып боршалап жатыр. Төртпақ денесі жұп-жұмыр. Қарасынан ағы көп аларған көзі өне бойы қанталап қызарып жүреді. Туып-өскен мекені Тайсойғанның Қаракөл Қаттыкөл бетін жайлаған шағын ауыл. Руы ысық. Осы аймақ колхоз боп ұйымдасқанда, колхоз мүшесі болудан бас тартқан ол, қашып жүріп әуелі ауыл-ауылдың, кейін колхоз

малын ұрлап, Тайпақ жаққа таныстарына өткізді. Жалғыз ағасын үгіттеп түсіндіре алмаған Тобық, Қызылқоғадан келген милицияға ұстап бергісі келіп қарсыласқанда туған інісін де, милиция Төленді де Мұсағали тал түсте атып кетті. Сонан Қиыл бойына қашып барады... Бәкісімен тобылғыдан қамшы сап жонып, Құныс бөлектеу отырған. Қолы қимылдағанмен, ойы шартарапта. «Екеуіне де сеніп сыр айтуға болмайды, – дейді ол іштей, – әзірге қол жаулық қыла тұрайын. Жәрдемді барлауға жіберіп алу керек. Ал Нұрғазының көзін жоймай болмас. Әйтпесе ол бізді жерге кірсек те індетеді. Сонан соң қапыда қалуымыз да мүмкін». – Жәрдем, мында кел, – деді ол серігіне. – Лып етіп жетіп келген жігіттің бетіне Құныс тесіле қарап біраз отырды. Жүзінен ешқандай толқудың белгісін таба алмағасын барып ол әңгімесін бастады. – Шай ішкесін барлауға аттан да, іңірде қайтып орал. Күн бұлттанып келеді, жауын алдында із жасыр. Нұрғазы жөнінде тіс жарған жоқ. Жәрдем аттанып кеткен соң, Құныс терек түбіндегі ескі құдықтан атын суарды. – Мұсағали, – деді ол шелекке ет салып жатқан қара сақалға. – Өзімізге тықыр таянса, Жәрдем екеуің Нұрғазыны өлтірудің немесе ауыр жарақаттаудың амалын қарастырыңдар. – Сонда қалай? – деді түсінбей қалған Мұсағали, – ол отрядпен бірге емес пе?! – Болса ше, айласын табу керек. Оны біз құртпасақ, ол бізді құртады. *** Түс ауа Құныстың ізінен шатасқан отряд сәл тыныстап аттарын шалдырған. Отряд бастығы Әлім Нұрғазыны оңашалап алып, із кесудің жоспарын құрмақ болды. – Сіз қалай ойлайсыз? – деді ол қасына келген Нұрғазыға. – Құныскерейдің тобы үш адам. Оны біз ат ізінен топшылап отырмыз. Сонда бұл бандылардың басы бірігер ме, әлде үшеуі үш жерде әрекет етер ме? – Жоқ, менің ойымша, олар қалыңға кірмейді. Неде болса құм жиегін сағалайды. Кімде-кім айнала қоршаған қорғаннан гөрі бір бетінің ашық болғанын қаламай ма. Міне, олар да солай. – Қазір жоғалтқан ізіміз қайдан шығады деп топшылайсың? – Меніңше, – деді Нұрғазы сәл ойланып қап. – Құныс ізін Әулиетаның желке тұсындағы қоңырлықтан кездестіріп қалармыз деп ойлаймын. Себебі осы уақытқа дейін маңынан

жүрген адам Әулиетаға аят оқып, бет сипамай өткен емес. Міне, одан Құныс та шеттемес деген ойдамын. – Басында ел бар ма? – Қар тесіле көшіп кеткен. – Осы сөзіңнің жаны бар секілді, – деді Әлім Нұрғазыға. – Ал, жылдам аттанайық. Күн бұлттанып келеді. Жауыннан бұрын із бағытын білейік. Отыз екі адамнан құралған қарулы отряд Әулиеатаны бетке ұстап шоқырақтап кетті. Қарулы отрядты Әулиеатаның тұсындағы қоқтыдан көзі шалып қалған Жәрдем, екі түрлі ой толқынына берілді. Біріншісі – бой тасалау да, екіншісі қоқты-қоқтыны тасалап барып, отряд бастығын атып кету. «Олар есін жинағанша мен ұзап та кетемін, бір бел асқанша ұшқыр торы оларға шалдырмайды. Сосынғысын көре жатармын» , – деп ішінен күбірледі ол көзін отрядтан айырмай. «Отыз екі адам, анау алдындағы жүн шекпендісі Нұрғазыау, желпілдеуін қарашы». «Жоқ, қазір оқ жұмсауға болмайды, – деді ол өзіне-өзі, – үнтүнсіз кейін қайтайын». Торының үстіне қаршығадай жабысқан Жәрдем жалт бұрылып құмға сіңіп кетті. Нұрғазының болжамы дәл келді. Әулиеатаның басынан шығып, қоқтыны жағалап жүрген күрең аттың ізі сәлден кейін қатқылға түсті. Құмға кірер жерде тағы бір аттылының ізі мына ізді кесіп өтті. Ізді көріп Нұрғазы мен Әлім таң-тамаша қалды. – Түс қайта жүрген, – деді ат үстінен ізге үңілген Нұрғазы, – тек бөгде аттың ізі. – Сонда бізге көрінбейтін бұл қандай жолаушы? – деді Әлім темекісін тұтатып. – Жоқ іздеген колхоз адамы болар ма? – Егер мал іздеген адам болса, бізге ұшыраспауы мүмкін емес, – деді Нұрғазы. – Және жоқ іздеген адам төбе-төбенің басымен биікпен жүреді ғой. – Жауын жауып келеді, – деп Әлім терістік жаққа мойнын бұрды. – Бұлт қалың, осы жауын түнімен жаумаса неғылсын. Әттеген-ай, онда күрең аттың ізімен қоштасамыз. Қой, босқа жаурамайық. Маңда ел бар ма? – Бар, – деді Нұрғазы, – шығыс бетте төрт-бес шақырымдай жерде. Жаңа шаруа колхозының екі-үш үй малшылары бар. – Ал, жігіттер, соған тарттық, – деп Әлім атына қамшы басты. *** Іңір қараңғысы түсе қайтып барған Жәрдем жолдастарына көрген-білгенін бастан-аяқ баяндады. Қанын ішіне тартып,

құп-қу боп Құныс отыр. Жауын басталысымен олар теректің оң жағындағы қыстақтың ішіне жайғасқан. Аттары да ауыз үйге кіргізілген. Алдарында иісі бұрқыраған жас ет. Саптама қонышынан қынын суырып алған Жәрдем пышақ жүзін жеңіне сүртті де, етті турай бастады. Әдетте қазақ ғұрпында етті жасы кіші адам турайды. Қарны ашып қомағайланса да, етті кесіп отырып асап жеуге Құныстан именді. – Сонымен, бас-аяғы отыз екі адам дейсің бе? – деді Құныс Жәрдемге алара қарап. – Бәрі де қарулы ма? – Иә, бәрінде де – винтовка. – Сенің болжамыңа қарағанда, отряд бастығы Әлімнің өзі болды ғой? – Әйтеуір, Жұмабай сияқты емес, атқа отырысы тіктеу және арық жігіт. – Нұрғазының астына мінгені қандай ат, өзінің торы алаяғы ма? – Дәл солай. – Иә, ол – осы маңдағы құстай ұшатын ұшқыр жылқы. Беталысы қай жақ? – Қоңырлықтан із кесті, сірә, бәйге күреңнің ізін таныған болуы керек, жапа-тармағай жортып құмға кірді. – Апырай, менің Әулиеата басына соғатынымды болжаған қайсысы екен, сірә, Нұрғазы болар?! Мына қара жауынның арты созылса, бізге көмектеседі. Қоқтыдағы ауылға да Әлім тыңшыларын қалдырған болар. Дегенмен, мен ауыл жаққа соғып қайтайын. Сендер осы орыннан қозғалмаңдар, – деп Құныс түрегелді. Қасындағы екеуі оның мына жауында, әсіресе ауылда милиция қызметкерлері барын сезе тұра, қауіп-қатерге аттанғанына таң-тамаша қалды. Жортып келе жатқан Құныстың ойы – жауынды пайдаланып әке-шешесі мен қатын-баласына тағы бір көріну еді. Көп жылғы жортуыл шаршатты ма, әйтеуір, құмға келгелі үй-ішіне жүрегі бұрды да тұрды. Әсіресе өзіне тартқан ысқаяқ қара баласының желкесін мейірлене тағы да иіскегісі келді. «Мүмкін, бұл отбасыммен соңғы рет дидарласуым болар, – деп ойлады Құныс, – отряд қыса берсе, ұзақ жолға аттануға тура келер. Қапысын тауып, Шағырға да бір соғу керек...» *** Жұмабайдың Әлімнен алған сөгісі есінен кетпеді. Әсіресе өзін отряд құрамынан шеттетіп, екі адаммен ауылға қалдырғаны жанына батып кетті. «Енді мені жұмыстан да қуар» деп өкінді ол. Бірақ қызметтен

босатқандай, менің жазығым не? Ауылда қалғанына, бір жағынан, Жұмабай да қуанды да. Өйткені осы ауылда күйеуі бұдан бір жыл бұрын қайтыс болған, жесір келіншек Үрия бар еді. Жұмабайдың көңілі соған көптен бұратын-ды. Сұлу келіншектің тұлғасы оның көз алдынан жыл бойы кетпей-ақ қойған. Міне, көктен тілегені жерден тап болып, ауылда қалған Жәкеңнің ендігі ермегі – сол. Көктемде Жарыпшыққан саласы тасығанда бөлініп қалған сулардан күндіз балық шаншып келеді де, түн болса, жас келіншектің жанынан орын алады. Бастапқы бір-екі күн қиқаңдаған Үрия артынан Жұмабайдың ырқына тез-ақ көнді... Бүгінде қызыл іңірден-ақ Жәкең Үрияның қасында шынтақтап жатыр. Қиғаш қастарын кере ол назданып отыр. – Байғұс-ау, үш балаң мен әйелің бар емес пе сенің? Сонда мені то­қал­дыққа алғың келе ме? Жоқ, сенің аузы алты қарыс әйеліңнің үстіне мен бара алмаспын. Маған қосылғың келеді екен, әйелің мен балаларыңнан безіп шық, ал безіп шықпайды екенсің, онда сөз басқа... – Үрияжан-ау! Сен үшін семьямды тастармын да, бірақ... саған қосылсам, жұмыстан қуады... сонда мен кім болмақпын? – Ондай солқылдақтығың бар, менің маңыма неге жолайсың, әлде күндікше әуре етпексің бе? Жоқ, оның бола қоймас. – Үрия-ау, – деді Жұмабай оны ту сыртынан құшақтап өзіне қарай тартып. – Әңгіме сен менің осындағы екінші үйім болуың, сонда денем сенде болады да, көлеңкем анда болады, түсіндің бе? – А, солай ма? – деп ол Жұмабайға қарай қисая бергенде, ағаш үйдің сықырлауығы қағылды. – Бұл кім? – деді басын көтерген Жұмабай. – Мен ғой Айдарбекпін, – деді сықырлауықтың арасынан сығалаған жалғыз көз. – Ә, тәйірі сенсің бе, жай келдің бе? – Сіз осында боласыз ба, Жәке, біз бүгін қайда қонамыз? – Бүгін Нұрғазынікіне қоныңдар. Қожахметтің үйіне іргелес қой. Түн ортасында үй маңын бір шоларсыңдар. Сақ болыңдар, ұқтың ба? – Ұқтым, Жұмеке, ұқтым. *** Қара жаңбыр өндіріп-ақ тұр. Қожақмет қарт туырлықтың тесік жерінен іргеде жатқан өзінің үстіне тамшы аққасын, асатаяғын алып, туырлықты көтеріп-көтеріп қойған. Қақырына жөтеліп дүзге шықты. Көзге түртсе көргісіз тас қараңғы. Түн ортасы ауып барадыау деп шамалады қарт. Бұлттың етек-жеңі жабық, сірә, жауын ұзаққа созылар. Киіз үйді бір айналып шыққан қарт енді ғана қайта үйге кірмек болғанда, құлағына бір дыбыс шалынғандай болды.

– Әке, – деді әлгі дыбыс үюлі тезек жақтан, – бері жақында. – Қарағым-ау, Құныспысың? – деді қарт сыбырлай сөйлеп. Денесі қалтыраған ол құлап кетем бе деп киіз үйдің белдеу арқанынан ұстай алды. – Мен ғой, әке, үйде ешкім жоқ па? – Жоқ, қарағым. Сол-ақ екен еңгезердей дене аса бір шапшаңдықпен шалдың қасына бір-ақ ырғыды. – Қарағым-ау, неге келдің, осында сені аңдып Жұмабай мен екі милиция жатыр. – Білемін. Қазір олар кімнің үйінде? – Жұмабай Үрияда, ал екеуі мына Нұрғазының үйінде. – А, жаңа бір әзірде осы үйдің сыртын айналып кеткен солар екен ғой. – Үйге кіріп жылынасың ба, қарағым? – Жоқ, әке, кетемін. Қазір уақыт тар және аңдушылар біліп қалса, өз үйімде шу шығарғаным келіспес. Үй ішіндегі Қалима мен Қаным кемпір де осы әңгімені естіп жат­са да, орындарынан тұрмай, тек көз жастарына ғана ерік берген-ді. – Әке, – деді Құныс тағы да сыбырлай сөйлеп. – Менің ертедегі өзіңе тапсырған аманатым бар ма? – Бар, қарағым! Жүкаяқтың астына көмулі. – Оның сіздерге пайдасы болмас, соны маған алып бер. – Мақұл, қарағым! Әкесі үйге кіріп кеткен, Құныс сыртта қалды. Жүкаяқтың астындағы көмбені қарт қиналмай-ақ суырып алды. Былғарыға орап, қабаттаған шекпен дорбаға салған асықтай ғана алтын еді бұл. Екі жыл бойы қарт мұны көзінің қарашығындай сақтаған. – Құныс, – деді сыртқа шыққан қарт, – анаң ояу жатыр, дидарласып кет. – Жалғызым, – деді Қаным кемпір солқылдап, – қайда жүрсең де аман бол. Сырттан келіп құшақтаған Қалиманы Құныс оң қолымен бауырына басты. Сол қалпымен ірге жақта пышылдап ұйықтап жатқан баласына еңкейіп желкесінен мейірлене бір иіскеді де, өзін құшақтап жылаған Қаным мен Қалимаға тіл қатпастан сыртқа беттеді. Босағадан аттай бере әкесі ұсынған дорбаны оң қолына сығымдай ұстап қараңғылыққа сүңгіген ол сай бойындағы күреңге жетуге асықты. Үйден ұзай бергенде екі ыстық тамшы дөңес мұрнының ұшына қарай домалап түсті. «Бұл несі, – деп таңданды атына жеткен Құныс күреңнің ертоқымын жөндеп жатып. – Қартайғаным ба? Әлде қажығаным ба? Көзіме жас келгені несі?»

Бәйге күреңге тақымы тиісімен жер бағдарын шамалап алған Құныс келген ізімен кейін тартты. Ойы – таң қылаң бере Сағат ағашына ілігу. Шағырға барудан табан астында айныды. Әлімнің жансызы онда да болар деп ойлады да, күреңді тебіне түсті. Бірте-бірте қою қараңғылыққа да көзі үйреніп, айналасын болжамдай бастады. *** Іңірде Әлім бастаған отряд Жаңа шаруа колхозының қатар отырған төрт-бес киіз үйінің сыртына таяу келді. Киіз үйлердің шеткісі – Қапан ақсақалдың үйі, жанында жас төлдер үшін жасалған ба, жер кепесі де бар екен. Әлім, Нұрғазы және екіүш жігітпен қарт үйінің сыртына түсті. Қапан ақсақалдың өрістен малын қайтарып келген бойы екен, қонақтарды сырттан қабылдады. – Ассалаумағалейкүм, – деп бәрі де қарттың қолын алып шүйіркелесе амандасып жатыр. Нұрғазыны таныған қарт ерекше ілтипат көрсетті. Ішке кіріп жайғасқаннан кейін Әлім Қапан ақсақалды сөзге тартты. – Ақсақал, қонысыңыз құтты болсын! – Әлей болсын, шырағым! – Осы отырған төрт-бес үйдің бәрі де малшылар ма? – Жоқ, шырағым. Мұнда мал бағатын мен ғана, қалғандары уақытша мал сүтін пайдаланып отыр. Жақында азғантай болса да қойлардың жабағысын қырықтық, соған көмектесті. Енді шөп науқаны жақындады, басы артық азаматтар көлге шалғы орақ салады деп алдыңғы күні басқармамыз Төлеш келіп кеткен. Қарттың сөзшең емесін сезген Әлім сұрағын жалғастыра берді. – Ақсақал, қарауыңызда қанша бас мал бар? – Ойбой, қарағым, аз ғой, бар болғаны жетпіс бас, төлімен жүздің үстінде. – Біздің кімді іздеп жүргенімізді сезіп отырған боларсыз? – Әрине, қарағым. Құныс құмда деген сыбыс бар ғой, соны іздеп жүргендеріңді естігемін. «Сақ болыңдар» деп Төлеш те тапсырып кетіп еді. – Ол жайында не естіп, не көргеніңіз бар? – Ештеңе сезбедім, қарағым. – Күндізгі өрістен көзіңізге бөгде жан ілікпеді ме? – Жоқ. Ол өзі Құныс болғасын күндіз жортар ма? Ол тек қараң-ғылықты пайдаланады емес пе? Міне, бүгінгі түн – ол үшін сәтті кезең. – Сонда, сіздің ойыңызша, осындай жауында Құныс атқа мінеді ғой?

– Әрине, қарағым. Жырынды бөріге Тайсойған өңірінің бәрі таныс, бәрі жаттанды. Сондықтан ол өзінің қарсыласы оны жүрмейді деген күні ол жортуылға шығады. – Құныстың Шағырмен байланысы жоқ па, ол жөнінде не білесіз? – Шағырдың жөні түзу кісі. Қарақшымен астасарлықтай оған не жетпейді, шырағым? Әп-сәтте шай қамы жасалып, шай ішілді. Ас үстінде артық сөз болмады. Қапан ақсақалдың кемпірі Теңге егде тартқан кісі болғанмен, шапшаң қимылдап жүр. – Кемпір, – деді Қапан қарт шай аяқталғанда. – Әлгі пісіп тұрған тамағыңды, дастарқанды жимай-ақ әкеле ғой. Қонақтар жеп алып тынықсын, ат соқты боп шаршаған шығар. Әлім қарағым, бұрын кездеспеген, үй көрмеген балам едің. Нұрғазы да көптен келмеп еді. Сендерге сойып тастайтын малдың реті болмады, барға риза болыңдар. – Ол не дегеніңіз, ақсақал, бізге осы құрметіңіз де жарап жатыр. Тамақ желініп, сыртқа шыққан қонақтар ат жайын сөз қылды. Әлім аттарды қоңырлыққа бекіттіріп үш-төрт жігітті күзетке қойдырды. – Таң қылаң бере аттанамыз, – деді ол отряд адамдарына. – Әттең, – деді Әлім ішінен үйге кірерде, – қарттың сөзінің жаны бар. Құныс бүгін түнде үйіне соғады-ау. Қап, кейін қайтып-ақ кетпеген екенмін, ойланбай істелген іс болды. Дөңбекшіп көзі ілінбеген Әлім қатар жатқан жолдасын сәлден кейін түртіп оятты. – Нұреке, ояумысыз? – Не айтпақ едіңіз? – деді басын көтерген Нұрғазы. – Қандай ойыңыз бар. Ертең жауын толастамаса, бағытымыз қай жақ болмақ? – Онда кері қайтамыз ғой деймін, бәрібір ізді топшыламағасын, бос жүріс болмай ма? – Оның да дұрыс-ау, бірақ ауылға оралмаймыз. Құмды көктей өтіп Аяпберген қыстағының тұсынан шығамыз да, сол жерден жауынның ашылуын күтеміз. – Ол жақ елсіз, азық мәселесін қалай шешеміз? – Бұрыннан да құр емеспіз, осы ауылдан азын-аулақ құрт, ірімшік жинастырып алайық. Таң қылаң бере сыртқа шыққан Әлім күннің шайдай ашылғанына таң-тамаша қалды. Көп кешікпей отряд аттарына қонды.

*** Таң қылаң бере жолдастарына қайтып оралған Құныс аттан түсіріп алған Жәрдемге тіл қатпастан үйге кіріп жантая кетті. Ірге жақта қатты қорылдап Мұсағали жатыр. Қандай қиын жағдайда да ұйқым бөлініп көрген емес дейтін ол, қазір де сол күйі. Ал Жәрдем оған қарама-қарсы, «құс ұйқы» дейтін ұйқы осы Жәрдемде. Бір ғажабы көзі ілінсе-ақ ұйқысы қанып қалады. Тым сергек, жапырақ сылдырынан оянады. Жаңа да жақындаған аттың дүбірінен шошып кетіп, қолына қаруын ұстай сыртқа атып шыққан. Құныстың ызғарлы, суық жүзінен көңілі әлде неге секем алды. «Біреудің қанын ішіп келді ме екен?» деп ойлады Жәрдем. Жылдан аса жолдас болған Жәрдем Құныстың көңілін қас-қабағынан айыратын. Ата жағынан Жәрдем Құнысқа туыс саналатын. Құныстың кәрі атасы Қамал мен Жәрдемнің кәрі атасы Тәңір бір кісінің баласы. Бірақ Жәрдемнің өз әкесі Кеңірбай тоқалдан туған. Жәрдемнің руы тоғызбай, оның ішінде сағыны болғанмен, тоқалдан туғандық па Кеңірбай Сағын ауылын шеттеп, Тайсойған өресіндегі қалың беріштің ортасынан қоныс теуіпті. Әке-шешеден жастай жетім қалған Жәрдем тентек-сотқар болып өсті. Тұзтөбе жақтағы нағашыларының тәрбиесіне көнбей, ата қонысына келгенмен, бұзақылығын қоймаған. Әлдекімдердің жебеулеуімен көршілес адайдан жылқы ұрлап, ұры атанды да, ауыл арасында қашып жүріп, Қиыл бойында жасақ жинаған Құнысқа қосылған. Ойыл өзенінің Қобда жақ бетінде, милиция жасақтарымен болған қақтығыста Жәрдем Құныстың көңілінен шыққан. Міне, өткенде де жазықсыз Сағынғалиды өлтіріп, күрең атты Құныстың алдына көлденең тартқан да осы Жәрдем. Аз-кем көз шырымын алып, күн тұсау бойы көтеріле тұрған Құныс жүн шекпенін желбегей жамылып, терек түбіндегі құдыққа барды. Күн көзі әлден-ақ жерге ыстығын төге бастапты. Қауғамен су тартып етек-жеңін түрінген Құныс аяғындағы мәсісін шешіп, тура аттаның санындай балтырының бұлшық етін ысқылап жуды. Тік жүргенде тізесіне жететін, тұрқы ұзын жуан қолдарының салалы саусақтарын шекпен ішіне тығып, арқасын ерсілі-қарсылы тыр-тыр қаси бастады. Жауырынның қышуы оған қанбағандай ұмтыла басып терекке барды да, ұзын бойын біресе төмен, біресе жоғары иіп, құйрығының түбіне таскене жабысқан жылқыдай арқасын аямай үйкеледі. Қайта оралып құдық басындағы киімдерін қолына ұстап, көкті құмарлана жұлып жатқан күрең атқа қарай жүрді. Ойына бірдеңе түсіп кетті де, қалт тұра қап: «Жәрдем!» – деп дыбыстады серігіне. – Мен мұндамын, – деді мосы ағаштағы қайнаған шәйнекті алып жатқан Жәрдем.

– Сен күреңді суарып қойған жоқпысың? – Жоқ, отағасы, отқа қазір ғана жібердім. – Бәсе, әсте есіңде болсын, түн оттамаған жылқыға аш қарында су бермес болар. Адымдай басқан Құныс күрең аттың қасына барып қазығын суырды да, жетектей жүріп оты мол ойпаңдау жерге аударып арқандады. Атының ерін алып аунатты. Құйрық-жалын қолымен тарап, түптеріне тырнағын батырды, «әлде де қаси түс» дегендей, күрең иесіне қарап ерінін жыбырлатты. Екі адым кейін шегінген Құныс бірінші рет атына сынай қарады: «Қазақы жылқының тұқымынан гөрі түрікпен арғымақтарына ұқсас, – деді Құныс ішінен. – Негізгі тұқымы түрікпен жылқысы болуы керек. Екі танауы киіктің танауындай желбіреген кең, екі жамбастығының арасы алшақ та құйрық түбіне кішігірім баланың басы сиярлық, төсі тазының төсіндей төмендеу де шығыңқы, алдыңғы ізін артқы аяғының ізі баспайтыны сондықтан екен-ау. Нұрғазы қу менің ізімді осыдан мөлшерлеп жүр ғой. Кеңсірігі жалпақ та басыңқы, тынысы өте кең. Осы уақытқа дейін жылқы баласынан көрмеген бір қасиет осының бойында бар. Екі артық маймақ және тілерсегі атанның тілерсегіндей жуан. Әттең, екі алдының тұяғы қазтабан, қатқылға көп жортсаң, ақсап қалуы мүмкін. Қысқы тебінге жібермей қорада көп ұстағандықтан шығар шамасы. Алдымен теуіп жайылмай, өне бойына бір орында тұрғандықтан, тұяғы жалпайып кеткен». Атынан көңілін аударып қазық түбінде жантая кеткен ол қалың ойға шомды. Екеуіне де сыр ашпай бүгін түнде жолға аттанып-ақ кетсем бе екен? Көптен ойлап жүрген алдағы ұзын сапарының картасын сызғандай. Осыдан Маңғыстау асып, одан түрікпенге өтіп кетсем. Бәрібір бүгін болмаса ертең отрядтың бізді табары анық. Сонда жазатайым қаңғырған оқ жарақаттап кетсе, тіпті өлтіріп жіберуі де мүмкін ғой. Ал әке-шеше, қатынбала ше, көңілі құрғыр соларды да қимайды. Ұзақ сапарға аттансам-ақ, олармен мәңгіге қоштасамын. Шағыр ше, оның өзі болмаса да, қазынасы әжетке жарар. Бірақ қай жерде екенін анықтай түсу керек. «Жоқ, – деді ол өз жүрегімен өзі кеңескендей, – тықыр таянғанша осы құмды паналай тұрғаным жөн. Мүмкін үйге тағы бір соғып, қоштасып кетермін. Ол үшін Нұрғазының көзін жою керек, ол біздің бас сауғалай тұруымызға мүмкіндік бермейді. Бізге құмның шығыс бетін тастап, қалыңға кіру қауіпті. Әзірге бас паналар орнымыз – Аяпберген мен осы екі ара. Егер олар Аяпберген бетке шығып алса ше? Екеуінің біреуін қыстаққа аттандыру керек», – деп Құныс сол жағына аударылып жатты. Кенет кеудесін көтеріп жүн шекпенінің ішінен асынып алған

ат дорбасын алдына қарай ысырып аузын шешті. Ішіндегі тағы бір дорбаны суырып алып, асықтың көлеміндей тұтас алтынды қолына ұстап сипап қарады. Өзімен жолдас болғалы қашан бұл қазынаның, тек осыдан үш жылдай бұрын ғана әкесіне қалдырып кеткен... – Отағасы, шайға келіңіз, – деген дауыс шықты кейінгі жақтан. – Қазір – десе де Құныстың ойы әлде бір байламға келген жоқты. «Амалдай тұрған жөн болар», – деп ішінен күбірлеген ол, орнынан тік көтеріліп үйге қарай беттеді. *** Құныс пен оның серіктерінің Тайсойған өңіріне келгелі айдан асса да, олар жөнінде дені дұрыс мағлұмат біле алмағанына Әлім қатты ренжіп отыр. Сағынғалиды өлтіріп, күрең атты алып кеткен анық кім екені дәлелденген жоқ. Әйтеуір, Құныстың жол серіктері екені мәлім, басқа жақтан ұры келмейді. Міне, Аяпберген қыстауының маңын торуылдағалы да төртінші күн. Әзірге нәтиже жоқ. Құмға із тастамай қоңырлыққа шығатын нағыз кілт – осы. «Сонда осылар күнделікті тағамды қайдан алып жатыр» деп ойлады Әлім. Бүгін таңда ауылына барып келмек боп сұранған Нұрғазыға да рұқсат етпеді. – Болмайды, – деген ол Нұрғазыға қарап. – Бандылардың бір оғы екеуміздің біреуімізге арналғаны анық. Сенсіз мен көзсіз соқырдаймын, менің рұқсатымсыз ешқайда да бармайсың. Бүгінше осының маңында боламыз да, ертеңнен бастап із кесеміз, азық та таусылуға жақын. Қандай ойың бар? – деді Әлім Нұрғазыға. – Егер олар осы маңнан қарасын бүгін көрсетпесе, ертең ерте аттанып, Сағат ағашының үстінен түсу керек, сол арадан бір белгі білінер, ал одан әрі қалыңдыққа кірсе, олармен көп ұзамай кездесеміз, – деді ізші Әлімге көз қырын тастап. *** Күн ыссы болғанмен, баяу ғана шығыстан соққан желдің аз да болса салқындығы бар. Жәрдем астындағы торысын сипай қамшылап, қоқты-қоқтымен қыстаққа қарай келеді. Атын арқандаса да арқасынан тастамайтын винтовкасының дүмбісі ердің артқы жағына тырсылдап тие бергесін, тақымына қыстырып алған. Кішкентай сұсты көздері жылт етіп айналасын жіті бақылайды. Қалт еткен қозғалысты қалт жібермей, топ дүзгіндер мен қалың қылаң құйрықтардың да түптеріне қадала қалады. Осы жүріспен ол тал түсте қыстақтың іргесінен бірақ шықты. Ойпаңдау жерге түсіп, атын қаңтарып қазығын жерге бойлатты да, өзі биік шағылдың басына қарай беттеді. Алды ашық. Бір шақырымдай шамасында Аяпберген қыстауы, тастан қаланып

салынған бұл үлкен үйдің бір жағы – мектеп пен колхоз конторы. Тек қыс айларында ғана ауыл-ауылдан жиналған он бес-жиырма балаға мұғалім болып белгіленген Сыдық сабақ оқытатын. Көктем туа ауыл да, мектеп те жайлауға көшеді де, қыстақ қаңырап бос қалады, міне, қазірде қаншама үңілсе де, қыстақ маңынан Жәрдемнің қырағы көзі ештеңе байқамады. Атына мінген Жәрдем ат басын кейін бұрғысы келіп тұрды да, қыстақтың айналасын шолып шығуға ілгері жүрді. Құмнан қоңырлыққа шыға келген аттылыны Сәлмен байқап қалды. Олар қыстақтың сол жақ бүйіріне таяу шағылға орналасқан болатын. – Әлеке, – деді ол Нұрғазының қасында отырған отряд бастығына жүгіріп келіп, – бір салт атты қыстаққа жақындап қалды. Шағыл басындағы топ дүзгіннің түбінен сығалай қараған екеу аттылы кісіні қадағалап-ақ қарады. – Менің байқауымша, осы тегін адам емес, кім де болса ұстап алудың қамын қарастыру керек, – деді Әлім Нұрғазыға бұрылып. – Сіз бұған қалай қарайсыз, Нүке? – Жоқ, – деді Нұрғазы, – бұған қазір көңіл аудармайық, кейін қайтсын, ізін басып ұясын табайық. Осы дәу де болса Жәрдем болар. Томашадай болып атқа отырысы соныкі. – Онымен кездесіп пе едіңіз? – Бұдан екі-үш жыл бұрын ізіне түскем. Онда сіз жоқсыз. Жұмабайдың жіберген қателігінен айырылып қалдық. Жәрдем қыстақтың айналасындағы жауын артынан жүрген аттардың ізіне көзі түсіп тіксініп қалды: «Сөз жоқ солар, – деді ішінен, – біздің сыртымызды айналып кеткен екен, тез кейін қайту керек». Атының басын кейін бұрған ол келген ізімен кейін қарай шоқырақтап кетті. Бірақ соңынан іле-шала ізіне түскен отрядты ол байқамады. *** Жәрдем аттанып кеткен соң, Мұсағали өз ойын іске асырмақ болды. Көптен күрең атқа қызығып жүрген ол қапылыста атты мініп, Тайпақ жаққа өтіп кетпек. «Елдегі бір атқа қолың жете бермейді, – деді ол өзіне-өзі. – Енді Құныстың қасында маған орын жоқ, өз жөнімді өзім табуым керек». Қапыда Құнысты өлтіріп кетудің де ретін таппады. Өзім жаза болармын деп қорыққан ол сәтін тауып күреңді міне қашып, сайға түсіп кетпек. Жәрдем кеткелі де біраз мезгіл болды. Құныс үйге кірер емес, күрең аттың қасындағы төмпешікте ұзыннан сұлап ұйқтап жатқан тәрізді. Мұсағали біресе құдықтан су әкеліп үйдің іші-сыртына су шашып, біресе мосы іліп су қайнатты. Әйтеуір, қолы жұмыс істегенмен,

көңілі, көз қиығы Құныс жақта. Қайткенде де Жәрдем келмей, атты алып кетудің қамы. «Осы ит сау емес, бір жамандық ойлап жүр, – деді Құныс көз қиығымен Мұсағалидың әрекетін қапы жібермей. Туған інісін өлтірген адам мені де аямас, бұдан сақ болу керек. «Неде болса, – деп ойлады Құныс, – Жәрдем келгенше мұның алтыатарының оғы жетпейтін жерге кетіп өзін байқап көрейін». – Мұсағали, – деді ол орнынан тұрып, – мен мынау дөңнің үстіне шығып қайтайын, сен тамағыңды ас, Жәрдем де келіп қалар. Ал атыңды суарсаң, күреңді де бірге суарарсың. – Мақұл, – деді ол шапшаң қимылмен ішке беттеп, – тамақты ат суарғасын салармын. Ішке лып етіп кірген ол алтыатарын шекпен ішінен беліне қыстыра салды. Дөңнің басына шыққан Құныс айналасын бақылай сәл тұрды да, дөңнің астына түсіп, жалт беріп жүлгежүлгенің арасымен құдықтың тұсына жақындады. Мұсағали екі атты жетектеп келіп, құдықтан қауғамен су берді. Құныс күреңнің ерін әсте үстінен алмайтын. Күніне бір рет қана сыпырып, аунатып алатын. Міне, қазір де ат ерттеулі тұр. Мұсағали жанжағына қарап еді, Құныс көрінбеді. «Е, түзге отырған болар, – деп ойлады ол, – өз атымды оң қапталыма алып сайға қарай жөнелейін». Өз атын қалқалай беріп, күреңнің ауыздығын салды. Үзеңгіге аяғын салмастан аттың үстіне ырғып мініп, жөнеле берді. – Ей, оңбаған, тоқта, – деді шолақ мылтығын көтеріп алған Құныс, – тоқта, әйтпесе кеш болады. Аттың жалын құшып тіл қатпастан шаба жөнелген Мұсағалиды ұзап кетер деген оймен Құныс, қарауылға аларалмастан мылтықтың шүріппесін тартты. Мылтық түтіні сейілген мезгілде жансыз дене күрең аттың сол жағына қарай ауып бара жатты. Жетектегі ат күреңнің алдын айналып барып, көп ұзамай екеуі де тоқтады. Үркіп айдалаға безіп кете ме деп шошынған Құныс, құр-құрлап шұбатылып кеткен күреңнің шылбырына жабысты. – Итке ит өлім! – деді ол Мұсағалидың үзеңгіге қарысып қалған оң аяғын алып жатып. Оқ жүрек тұсынан тиген болуы керек, ашық омырауынан қан ағып жатыр. Аузы мен мұрнынан да қан кеткен. Сұлап түскен жансыз дененің басын құбылаға қаратқан Құныс бетін бүркей салды. «Жәрдем келгесін денесін жасырып кеткен жөн болар, – деді ол ішінен, – байғұсқа топырақ осы жерден бұйырған ғой». Қыстақтан аулағырақ барып атынан түскен ол, екі атты ойпаңға қалдырып, өзі шағыл басындағы үлкен дүзгіннің көлеңкесіне қисая кетті. Күн еңкейе Жәрдемнің де қылт еткен

төбесі көрінді. Қыстақта ешкім жоқтығына көзі жеткен ол құдық басына барып су тартып, өзі ішті, сосын атына су қойды. Атына мінген Құныс Жәрдемге қарсы жүрді. – Не сездің? – деді ол Жәрдемге жақындай түсіп. – Қыстақ басынан топ аттылының ізін көріп асығыс оралдым. – Онда олар сенің ізіңмен келе жатқан болды ғой. – Артымды шолып байқағанмын, тірі жан көрінбеді. Отағасы, Мұсағали қайда кетті? – Жаһаннамға! – Ол не дегеніңіз, өлді ме? – Иә, күреңді міне қашқан соң, атып өлтірдім. – Алла, байғұс-ай! – деді тіпті беті шіміркпеген Жәрдем, – денесі қайда? – Бол, атыңа тез мін де, қолыңа күрек ал, денесін жасырып кетейік. Отряд сені сыртыңнан бақылаған ғой, ол қыстаққа ат түгіл, шайтан да бармас. Тізеден ғана қабір қазған Жәрдем Мұсағалидың денесін енді көтере бергенде, «таста» деген даусы шықты Құныстың. Жалт қараған Жәрдемнің көзіне қыстақ жақтан шауып келе жатқан бір топ аттылы көрінді. Атына секіріп мінген ол Құныстың артынан шаба жөнелгенде сайдан шыға келген төрт-бес аттылының атқан оқтарынан торы ат омақаса құлап, Жәрдемнің екі аяғы белуарына дейін ат астында қалды. Үш жағынан бірдей қамаған отрядтан Құныс та састы. Күреңнің бауырын жазып шабуға жібермей басын тартып келеді. Айнала тосқауыл. Арт жағынан тарс-тұрс етіп атылған винтовканың оқтары жан-жағынан ауаны тілгілеп өтіп жатыр. Қайырыла беріп, өзіне жақындаған аттылыны қарауылға алып тартып қалды. Құлағанын көрмесе де, өмірде мүлт кетпейтін өзінің мергендігіне сеніп атқан адамның құлағанын сезді. Екі жағынан жанамалап он шақты атты шауып келеді. Алды – қалың жыныс тоғай. «Мыналардың маған көп жақындамауына қарағанда алда да тосқауыл болды ғой, демек, оңға тарту керек» деген шешімге келді. Жәрдемнің ізін баса келген Әлім қапы қалмау үшін отряд адамдарын күнілгері бөлген. Сағат ағашында бандылардың қалғандарының барына олар күмән келтірмеген. Сондықтан Құныстың қашатын жолына дейін болжам жасап, қалың жыныс арасына екі-үш адам жіберген. Құныс атын кілт бұрып, оңға қарай ойысты. Өзіне көлденеңдеп жақындаған төрт-бес аттылыға екі рет оқ атты. Екеуі де нысанаға дәл тиді. Күреңнің жалын құша еңкейіп, басын еркіне жіберді. Ендігі ойы – шағылға ілігу. Биік торымен көлденеңдей қосылған шекпенді

біреу мылтығын кезене беріп, Құныстан бұрын атып жіберіп еді, сол жақ қары тыз ете қалды. – Мынау Нұрғазы ғой, – деді Құныс қаны қарайып. Көтеріле беріп нысанаға алып атып жіберді. Биік торы ышқына атылып барып омақаса құлады. Екінші рет атуға үлгермейтінін сезген Құныс бәйге күреңге қамшы басты. Артынан, жанынан атылған оқтардың бірі де оған да, күрең атқа да дарымады. Бауыры жазылып зымырай аққан күрең ат әп-сәтте қуғыншылардан қара үзді. Қоңырлыққа іліккесін, ат басын тежеп тоқтаған Құныс киімін шешіп, жарасын таңды. Оқ сол жақ қарының бұлшық етін сәл-пәл жыртып кетіпті. «Менің көзім емес, қолым өмірімде бір-ақ рет мүлт кетті, сенде айып жоқ, шолағым, – деді ол шолақ мылтығын асынып жатып. – Енді біз алыс сапарға аттанамыз, серігім», – деп күреңнің жалын сипады. Атына мініп аяңдай түсті де, артына қайырылып тағы да тұрды. Тайсойған өресіне қарай түйілген бұлттар күн көзін көлеңкелеп алған. Күн де, бұлт та, құм да – бәрі де Құнысқа түнере қарағандай. «Қош бол, туған жер, қош бол, әке-шеше, қатын-бала, қош болыңдар бәрің де. Тентек ұлыңа өзіңде орын қалмады. Енді қайтып сендерді көруді тәңірім маған жазбаған болар», – деді Құныс тебіреніп. Көзінен ес білгелі екінші рет аққан жасты сүртпестен шоқырақтай жөнелді. Бет алысы – Үшоба, одан арғысын өзі де болжаған жоқ. Жалғыз қара жалғыз ноқаттай боп үзіліп барып, көзден ғайып болды. Оның ізін қуып, тымырсық кеште көкжиек бойын көлбеңдей жортқан көкшіл сағым ғана ирелеңдеп бара жатты. Ұясына жақындап қалған күн көзін басқан бұлттар шығысқа қарай жөңкіді. Қанды балақ, адам бөрісінен құтылдық-ау, дегендей Тайсойған өңірі де кеуде тыныстап, терең демалғандай болды. *** Құныс сол жортқаннан біраз жортып, Сарғыздан әрі асып барып, ат басын тежеді. Таңдайы кеберсіп шөлдейін деді. Бұл маңда елдің де, ауыз шаяр бір ұрттам судың да жоқ екені өзіне аян. Аттан секіріп түсіп, үстіндегі боз көйлегін айырып-айырып жыртты да, жарасын қайтадан таңды. Сонан соң күреңнің ауыздығын алып, төс айылын ептеп босатты да, қақшиып тұрып көкжиекті сүзе қарады. Атты жетектеп, анадай жердегі бір түп қияқтың қасына барып, қос қолдай тартып жұлып алды да, сыртының орама қабығын сыпырып, көк солқылдағын атының аузына тықты. Өзі де біреуінің түбін сорып, лақтырып тастады. Шолақ мылтығын жанына қойып, қара жерге қырынан жата

кетті. Ерінін жыбырлатып мойнын созған атына дереу бір тал қияқтың солқылдағын тағы да тістетті. Сосын орнынан атып тұрып көкжиекті ұзақ қадағалады. Көзіне ештеңе ілікпегесін жаңағы орнына қайтадан жантайды. Жарасы сыздады ма, қарын сыртынан ұстап-ұстап қойды да, ұзақ ой сонарына берілді. Біраздан кейін ұшып тұрып, құбыладан соққан салқын лепке кеудесін тосып, ауаны қарпи жұтты да, аттың ер-тоқымын сыпырып, құмға аунатты. Терлікпен аттың сауырын ысып-ысып жіберіп, асықпай қайта ерттеді. Сонан соң «ауп» деп ер үстінен қонжиды, шолақ мылтығын тақымына басты, ылди-ылдимен құбылаға қарай жортты. Іңірде жалғыз ағаштың түбіндегі бұлаққа кеп ат басын тіреді. *** Құнысты құмнан шығара қуған отряд екіндіде бас-аяғын жинады. Төрт адам өліп, екеуі ауыр жараланған. Нұрғазының биік торысын да Құныстың атқан оғы өлтіріп, өзі аман қалды. Жәрдем өзін-өзі атып өлтіріпті, сірә, ат астында қалып, сынған аяғымен құтыла алмасын сезген болуы керек. – Ал, жігіттер, болар іс болды, төрт бірдей азаматымыздан айырылдық. Тым ауыр қаза. Бірақ Құныстан кегімізді ала алмадық. Қолға түспей кетті ол бөрі. Бөлтіріктерінің жер қапқанын өздерің көріп тұрсыздар. Қалай ойлайсыз, Нұреке, енді ол қайтып оралмас? – Бел асып кетті ғой, сенімді серіктерінен айырылды, келмейді ол жалғыз, – деді Нұрғазы. – Апырай, Мұсағалиды өзі атып өлтіріпті-ау, екеуі шатасып қалған ғой, – деді біреу күңкілдеп. Үнсіздік. – Жігіттер, анау жаралы атты бауыздап, қызыл қуырдақ жасаңдар, тамақтанып алып, түнгі салқынмен аттанайық, – деді Әлім көтеріңкі дауыспен. – Жұртқа қарар бетіміз де жоқ. – Иә, сүйтейік, – десті көпшілік. – Нұреке, – деді Әлім сәл оқшаулау шығып. – Осы Құныстың Шағырмен байланысы жоқ па, қалай ойлайсыз? – Қайдам, кесіп айту қиын. Бірақ Шағыр есті адам ғой, бандымен байланысатындай жөні жоқ оның. О, Шағыр ма, Шағыр сауысқаннан да сақ кісі, өлер жерін біледі ол. Оны неге сұрадыңыз? – деді Нұрғазы. – Жай, әншейін, – дей салды Әлім. – Көңілім бір түрлі сезіктенеді де тұрады, неге екеніне нақты дәлелім жоқ. Мүмкін сол ауылға да жансыз жіберу керек пе еді, енді бәрі кеш. – Шаршағандікі шығар. Мен өзім Шағырдан қауіптенбеймін.

– Иә, иә, ал, Нұреке, қуырдаққа өзіңіз бас болып, шапшаңдатыңыз, – деді Әлім. – Қап, қай жерден қателік жібердім, а? Төрт бірдей азаматты... Әлім өз-өзінен күбірлей оқшаулана берді, оқшаулана берді. *** ...Арада ай жүзі өткен. Біраз уақыт құмда бой тасалаған Құныс айқай-шудың ізі суыды-ау дегенде жалғыз ағаштың түбіндегі бұлаққа жуынып-шайынып түн ортасына таман күреңге ер салған. Содан шоқырақтатып отырып, Шағырдың ауылына тіреліп, атынан түсті де, күреңді жетектей сегіз қанат ақ ордаға кеп тоқтады. Шабалаңдап, арсылдап үрген иттерден үрейлене қойған жоқ. Ат тізгінін белдеуге іле салып, еппен сықырлауықты қайырып, ішке ене бергені сол еді, желкеден ұрған ауыр соққыдан есеңгіреп барып бойын түзеді. Жалт беріп екі қарынан жабыса берген екеуді екі жаққа лақтырып жіберді. Тастай қараңғыда ештеңе айырып болар емес. Есікке қарай аттай берген біреуіне жанталаса ұмтылған Құныс оны бүріп алып, кеңірдегінен қыса ұмар-жұмар жерге құлады. Астындағының жан дауысы шықты да, қырылдап барып үзіліп кетті. – Құныскереймісің, қайдан жүрсің, тоқтат енді. – Шағырдың дауысы. – Мына пәтшағарлар ғой еркелеп жүрген. Үрейленбе, мен қазір майшамды жылтыратайын... Құныскерей ақ болыскей кереуеттің үстінде отырған Шағырға барысша атылып, оны допша жұлып алды да, сыртқа шыға жөнелді. Белдеудегі күреңге ытқып мініп, Шағырды оң қолымен желкелей сүйреді. Іштен екі рет мылтық атылды, оқ дарымады. Құныс қайырыла беріп, мылтығын тағы оқтай берген кісіні жобамен тартып қалып еді, анау серең ете түсті. Оқ дарыды ма, әлде қорқып құлап қалды ма, белгісіз. – Қазынаң қайда? – Өлдім, Құныс, жібер, қылғынып барамын, жі-б-е-ер. – Қазынаң қайда? – Жаман пәтердің құбыла бетіндегі төбе басында, босатшы, босатшы дей-мін-н-н. – Жаңағыларың кім? – Жәді мен бір-екі жолдасы, уһ! – Айлар бойы мені аңдып оп-оңай ұстап алып тапсырғыларың келді ғой, солай ма? Сөйтіп, атақ пен даңққа бөленгің келді ғой, сен жымысқы иттің, а? – Жо-оқ. Ме-мен емес. Мен адалмын. Ана үшеуі мені еріксіз көндіріп, өлтірем деп. – Қазынаң қайда, деймін? Шыныңды айт, әйтпесе бауыздап кетемін.

– Анадағы айтқан жерде, көңнің үстінде, жаман пәтердің мұржасында күрек бар. Іңірде Үштөбеден мені күт, барайын, енді маған басқа жол жоқ. – Басқа жол бар саған, анық жол, анау дүниеге. – Құныс айнала беріп, шолақ мылтығының шүріппесін тартты. Шағырдың үйелмендей денесі тәлтіректеп барып құм қапты. Құныс бәйге күреңнің тізгінін босатып, сатырлата шаба жөнелді. Ауылдағы азан-қазан, ызы-шуды ол есітпеді... VII Құныскерей бәйге күреңнің сауыры ақ көбіктеніп, тікірейген екі құлағының түбінен моншақтай-моншақтай тер шыққанда барып ат тізгінін тежеп, көтере шоқырақтан аяңға түсірді. Күрең жүріс тілеп пысқырынды, құлағын қайшылап, ұзақ есінеді. Ер үстіне қонжиған жеті пұттан астам иесін ауырсынар емес, қанжығаға бөктерген бір пұттай қоржын тағы бар. Он-он бес шақырымдай суыт жүрістен күреңнің денесі енді-енді қыза бастап еді, қас қылғандай иесі тізгін тартты. Құныс аттан түсіп, ер қасының мінер жақ қапталына ілген он екі құлаш ұзын шылбырдың орауын сілікпестен ұшындағы бір қарыстай алты қырлы темір қазықты өкшесімен жерге қадады. Тұла бойының құрыс-тырысын жазғысы келгендей, тізесіне салмақ түсіре екі рет отырып тұрды. Сосын ұмтылып барып аттың тізгінін ер қасына орап, сірестіре қаңтарып, қанжығаға бөктерген қоржынды алып қойды да, үстіндегі ескілеу жадағайын жерге төсеп жантая кетті. Дереу еңсесін тік көтеріп, сәл уақыт көкжиекке қос жанарын қадай қарап, көңілі орнына түскендей қайтадан қисайды. Шолақ винтовкасының оқшантайын ашып, атылуға дайын тұрған оқты сырт еткізіп жерге түсірді де, басқа оқпен ауыстырып, әлгі оқты қалтасына салып қойды. «Түн ортасында Шағырдың денесіне қадалған қорғасын оны өлтіріп жіберді ме екен, әлде жаралады ма екен? Әй, өлтірдіау, қолы мүлт кетпесе, өкпе тұсынан тесіп өткен шығар» деп ойлады да, ол туралы ұмытуға тырысып, жадағайының ішкі қалтасынан шақшасын суырып алып, насыбай атты. Бір ретке мүсе тұтпағандай, сол жақ қолының алақанына молырақ салып танауын толтыра жоғары көтерді. Сосын шалқалай жатып, көзін жұмып, демін аузымен алды. Сәлден кейін көзін жұмған күйі кеудесін көтеріп, екі рет түшкірді. Дыбысы қатты шықты ма, сіресіп тұрған бәйге күрең басын иесіне қарай бұрып, сол жақ артқы аяғын босаңсытты. Артынан қуғыншы жоқтығына кәміл сенген Құныс біраз мызғып алайын деп талпынып еді, сан-саққа жүгірген ойы оның көзін іліндірмеді. Алдындағы күреңге көз тастап, іштей

сүйсінді. «Ер қанаты – ат» деген осы. Әрі осы күреңнің жолы жеңіл. Өткенде де жауған оқтан құтқарды, түнде де тура келген ажалдан сытылып шыққандай болды. «Әй, Алла сақтай гөр, мынау құлыңды, ажалды тура жіберсең, құтыла алмаспынау, әйтеуір, шықпаған жанға өзің себепшісің ғой», деп тілін кәлимаға келтіріп, оң жағына қисайды. Отбасын ойлап еді, өзегі ысығандай күйге түсті. Милиция бастығы Әлім мұның үй-ішінің әрбір қадамына шейін санап, қатаң бақылауға алғанын сезген соң төбе астында тұрып, өз үйіне өзі кіре алмаған кездері болды. Әке-шешесі мен қатынбаласын бір көруге зар қылар ма екен мына заман! Әкесіз өскен бала мен байдан тұл қалған қатын не оңар дейсің? Бандының баласы, бандының қатыны, бандыны туған әке-шеше деп оларға өкіметтің жандайшаптары тыным берер дейсің бе? Мен үшін алдымен олар күйеді-ау отқа! Әлде құрсауды бұзып-жарып баламды өзіммен бірге алып кетсем бе екен? Онда бірінші әке-шешеме, екінші қатыныма обал болады-ау! Қан-қақсап, қолындағы алданышынан айырылып, жер төпеп қалады ғой. Тіпті «тумай, туа шөккір» деп олар маған лағынет айтуы да мүмкін. Қой, өйтпес. Ал қатынымды да алып кетсем ше? Құныс өз ойынан өзі шошып кетті де, жол шаршатқан ғой деп сабасына келе бастады. Жоқ, енді маған ол босағаны аттауға құдайдан бұйрық болмаған екен, зиянымды тигізбей, қарамды өшірейін. Тыныш өмірлерін сүрсін, уақыт болып, дәм бұйырса, көрерміз кейін, мүмкін заманның беті түзелер. Әй, осы қызыл өкіметтің өмірі тым ұзақ шығар, өйткені қабырғасы да, іргетасы да тым берік тұр ғой. Саналысы да, санасызы да осы өкімет жағында. Түк түсінбейтін, малдан басқа ештеңе көрмеген жарлы-жақыбайлар да: «Қызыл бізді жарылқайды, Ленин атамыз теңестірді» деп ыржалаңдап шауып жүр. Мұның артында зілбатпанның, тағдыр-тауқыметінің жатқанын олар сезіп-білер емес. Өкімет әуелі жерді алды, енді малды алса, ақырзаманның қазақ үшін ақырындап кіре бастағаны емес пе? Ой, дүние-ай, сахара сайын даланы әлде біреулер билеп, әлде біреулер таптап ойранын шығарар ма екен, қайтер екен? Туған жердің қызыл топырағы күлгін тартып, күлге айналар ма екен? Туған жұртымның нәрі де, дәмі де болған Тайсойған өңірінің шұрайлы келбеті қурап, малы мен жаны шулап, бара-бара сусылдаған ақ шаңдаққа айналар ма екен? Қой, заманақырдың тумауын көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерге барып тілейін, тілекші болудан басқа не келеді қолдан. Қаңғырған оққа кеудемді тосқанша, қарамды батырайын... Құныс өз-өзінен мырс етті. Жатқан орнынан шапшаң тұрып, екі аршыннан астам ұзын бойын місе тұтпағандай, өкшесін

көтеріп жан-жағын шоли қарады да, «Ә, Саралжынның сыртына жақындап қалған екенмін ғой, қалай байқамағанмын. Бәрекелді, күреңді де, өзімді де суарайын», – деп күбірледі. Кенет есіне Айбала түсті. Түсті де, осы кезге дейін қарсы алдында қап-қара албасты тұрса да шым етіп сескенбеген жүрегін жиі-жиі соқтырғандай болды. Аршыған жұмыртқадай аппақ келіншектің ыстық демі мұның бетін шарпығандай, ақ сазандай шоршыған денесін аймалағандай, «Құнеке» деген нәзік те ұяң, әрі жалыныштылау үнін естігендей, көкіректі қытықтар жұпар иісін иіскеп, ләззат-сезіміне бөленгендей, өзінен басқа өзге дүниені ұмыттырып жіберетін қылықтылығынан сусындап шөл басқандай күйге енді. Күйге енді де, тұла бойын сағыныш оты биледі. Кездеспегелі екі аптадан асқанын іштей санап та үлгерді. Өз денесіне өзі ие болмағандай, езіліп бара жатты да, дереу бойын жиып салмақтандырды. Талай рет ажалмен бетпебет келіп, соның бәрінен сытылып шыққан арыстан кеудесіне әлдеқалай кірген былқылдақ сезімді сығып тастап, онсыз да қайратты сом денесін одан әрі шиыршық аттырды. Осы сәтте өн бойындағы намыс оты тағы да тұтанып, өз елінде, кіндік қаны тамған жерінде, ата-бабасының күні кеше ғана алшаңдай басып, ал бүгінде рухтары ұшып жүрген өңірінде мына жаңа заман, жаңа қоғамға ата жау атанып, басы ауған жаққа безіп кеткелі тұрғаны зығырданын қайнатты. Айдалада жалғыз тұрып, кегін кімнен аларын білмей аласұрды. Өз Отанында, қалың жұртының хақ ортасында банды Құныскерей атанды. Жазығы – өзінің қанды көйлек досының кегін алғаны. Сол қапыда көз жұмған досы үшін бұл жаңа қоғаммен, қоғамның жаңа адамдарымен мәңгілік жау болды. Отбасында тыныш өмір сүріп, жар құшағы мен ата-ананың сүйіспеншілігіне бөленіп, ұрпақ өсіру мүмкіндігінен айырылды. Сонда бұл кім үшін ғұмыр кешеді, тек қарақан басының амандығы үшін, тек сол ғана. Өз қызығы өзінде, өз қайғысы өзінде. Жанын шүберекке түйіп, қол бастар еді, соңына еретін ержүрек жігіттер жоқ, жүректілер өлді. Құныс ауыр ойдан арыла алмаған күйі бәйге күреңнің жанына барып, аттың ер-тоқымын сыпырып, жетектей жүріп аунатты. Сосын сәл көгалдау тұсқа шылбырын сүйретіп жіберіп еді, шөліркеді ме, түйе секілді әр шөптің басын шалып оттады да мелшиіп тұрып қалды. «Ә, белгілі болды, көк майса емес қатқылдау, дәмсіздеу ғой шамасы, бұл араның шөбі. Онда жүріңкіреп барып сусындармыз», – деп дауыстады Құныс құдды біреумен сөйлесіп тұрғандай. Тездетіп атын ерттеген ол Саралжынға қарай бет түзеді. Тосын қимылға бекінгендей қабағы қатыңқы, түсі суық.

Саралжын көлінің маңында жүргінші жоқ екен. Құныс көл жағасына кіші бесінге шейін жайланды. Көл суы салқындау болғанына қарамастан шешініп суға түсті, аттың сауырын жуды. Қоржындағы азын-аулақ тағамға місе тұтпады ма, көлге қарай еңкейе ұшқан торала қазды тарс еткізіп, атып түсірді де, асықпай жүнін жұлып, лаулай жанған ақ тезекке ұстап, қызарғанша күйдіре үйтіп, төс еті мен екі борбайын жеді де, қаңқасын аулағырақ лақтырып тастады. Сосын тағы да жуынып-шайынып, көл жағалап жүре түсті де, кілт тоқтап біраз тұрды. Кенет адымдай басып мүлгіп тұрған күреңнің жанына кеп сауырын терлікпен қатты-қатты ысқылады. «Арғымақтың баласы, аз отар да көп жусар», «Арғымақтан туған қазанат, күніне жарым жер шалғысыз» деп Махамбет толғағандай, арғымақпысың, қазанатпысың? Әлде жабының үш шошағымысың, қайсысың? Қайсысы болсаң да, әйтеуір, мен саған қарыздармын, адамнан бетер қызмет еттің, күреңім. Екеуіміздің алдымызда не күтіп тұрғаны белгісіз, бақ па, сор ма? Менің Алладан басқа серігім жоқ, бар сенгенім өзіңсің, желаяғым! Тағдыр саған қанат берді, маған жүрек берді...» деп іштей толғанған Құныс тағы ой толқынына көміле түспек еді, бәйге күрең басын көтеріп пысқырынды, мойнын қаздитып қос жанарын батысқа қарай қадады. Сасып, абдыраған Құныс жоқ. Көз жетер жерді шолып өтіп еді, сағым қуған сайын далада мұның ізімен бе, әлде тұспалдап па, әйтеуір, күн батыс беттен жалғыз аттылы көрінді. Жүрісі тым суыт секілді. «Мынау жай жортқан жүргінші емес қой – деп күбірледі Құныс. – Кім де болса қарсы алайын». Сақтықта қорлық жоқ деп ойлады ма, шолақ мылтығын иығына іле, сүйретіліп жатқан ұзын шылбырдың ұшындағы қырлы темір қазықты жерге қадай салып, жалғыз жүргіншіні қарсы алмақ ниетпен ұзын денесін тіктеңкіреп, қарсы жүре түсті де, сәл бұрылып, анадай жерде дөңкиіп жатқан көк тастың үстіне қонжиып отыра кетті. Беліндегі күміс сапты кездік тасқа тірелген соң оң қолымен қағып қисайта салды. «Апырай, бұл кім болды екен?» деген сауалдан сескенген жоқ, қайта анау шоқырақ-текірекпен атын қинаңқырап келе жатқан жүргіншінің жүзін көруге құмартқан сыңайы бар. Шамамен сүт пісірімнен гөрі артығырақ уақытта салт аттылы да көз байқар жерге жақындады. Құныскерейдің қырағы жанары сәлден кейін жүргіншіні тани кетті де, жырынды бөрінің жүзінде таңданғандықтың белгісі пайда болды. «Япырым-ау, мынау Нұрғазы ғой, бұл пәтшағар қайдан жүр?» деп күбірлеген ол орнынан тұрып, шолақ мылтығын тастың үстіне сұлата салды.

Жүргінші жүз қадамдай жақындап келіп аттан түсті де, атын асықпай шідерлеп, шап айылын босатып, қаңтарып тастады. Сосын үстіндегі жүн шекпенін шешіп, қолтығына қыса ұстап, үш-төрт аттады да, ойына әлдене оралғандай кілт тоқтап, жерге қойды. Айнала беріп, басындағы дөңгелек бөркін жұлып алып бетін сүрткіледі. Әйтеуір, жын ұрған бақсыдай атының айналасында кібіртіктей берді. – Әй, Нұрғазымысың-ай, бұтына дәрет еткен баладай не айналсоқтайсың, тезірек келсейші бері, – деп дауыстады Құныс. Орта бойлы, қушық беттеу, шарасы кең қой көзді кісі Құнысқа қарай шапшаң адымдады. Бет-жүзінде үрейленгендіктің бе, әлде сескенгендіктің бе немесе шаршап-шалдығудың ба белгісі бар секілді. Әйтеуір, өңі сынық. – Ассалаумағалейкүм, Құнеке, – деді Нұрғазы қос қолын бірдей ұсынып. – Әліксәлем, сәлемші болсаң, төрге шық. Жүрісің суыт қой, анадағы ренжіткенімді кешірген шығарсың, өзіңе мылтық кезенбей, қарауылға атыңды алып едім ғой. Бала-шағаң аман ба? Із кесуді әлі қоймапсың-ау, – деді Құныс Нұрғазының арқасынан қағып. – Жүр, тастың үстіне отырып әңгімелесейік. – Өзіңіздің көңіл күйіңіз қалай, Құнеке? Ат-көлігіңіз аманшылық па? Қайда бет алдыңыз? – Тек, жүргіншінің жолын да, жөнін де сұрамас болар. Біліп тұрып, әдейі оспақтайсың, ә, пәтшағар? Сыртың жылы, ішің суық емес пе өзіңнің? Әруақ қонған ізші едің, бірақ сол әруағыңды маған ғана жұмсағаның ұят болды-ау! Тайсойғаннан бір рет қуып шығарып едің, алды-артыма қарамастай етіп, Мұсағалиды қойшы, қоян жүрек, оны өзім атып тастадым да, ал Жәрдемнің қаны тура сенің мойныңда. Өйткені бақалшағына дейін қаруланған әтратты біздің үстімізге топ етіп түсірген сен ғой. Әйтпесе Тайсойғанның қалың құмының ішінен ол шіркіндер менің иісімді сезді дейсің бе? – Өтті, кетті, Құнеке, мен де адаммын, пендемін. Жәрдем тосыннан кезігіп, соның соңынан түспегенімізде, әлде де кідірте тұратын едім. Қайтейін, маған да тіршілік қажет болды. Бірақ өзіңнің алдыңда ар-ожданым таза. Қарсы алдыңа келіп тұрмын, менен ала алмай жүрген өшің болса, ат та таста, бірақ бетімді жасырып кет, – деді Нұрғазы сұрланып. – Бала-шағамның обалсауабы сенің мойныңда болады. – Өй, пәтшағардың сөзінің түрін, түсінемін ғой сені, әйтпесе өзіңе оқ шығын қылмай, қапысын тауып қылғындырып-ақ жаһаннамға аттандырып кетер-ем. Одан кімге пайда, кімге зиян? Атышулы Нұрғазыны өлтіріп, құдайдың алдында қүнәға

қалар жайым жоқ, – деп Құныс суықтау жымиды. – Ал енді мені іздегендегі шаруаңды айт. Екеуі торсиып жатқан көк тастың жанына келгенмен, отырмады. Бірі қысқа, бірі ұзын айдалада бетпе-бет сөйлесіп тұр. Табиғат біреуіне арыстандай айбат, сұс пен күш, айла-тәсіл берген, ал екіншісіне әркімге қона бермейтін ізшілік қасиет берген. Анадай жерден қараған тосын кісіге ұзын мен қысқа бір-бірімен арбасып, бір-бірін сиқырлап тастағандай көрінуі мүмкін. Өйткені екеуі де қимылсыз, қозғалыссыз, тек ауыздары сөйлейді, жақтары қимылдайды. – Құнеке, – деді Нұрғазы, – арыстандай жүректі едің, тұспалдап неғылайын, бала-шаға емессің, менің келуім, жай келу емес, қайғылы хабар әкеліп отырмын. – Не дейсің? – Құныстың дауысы қатты шықты. – Кім? – Қожахмет әкеден айырылдық... Құныстың жел қағып, тотыққан беті көгістене күлгін тартып жазық маңдайы жиырылып, шүңіректей көзі жасаурап, екі қолымен үстіндегі жадағайының омырауын қыса ұстаған күйі кірпік қақпай сіресті де қалды. Ләм-мим деместен біршама сіресіп тұрды да, сәл шегініп көк тастың үстіндегі шолақ мылтығын алдына ала тас үстіне отырды. Иегін көтеріп, алдында состиып тұрған Нұрғазыға танымайтын адамдай тесіле, қаһарлана қарады. Оң қолы шолақ мылтықтың стволын езіп жіберердей қысып, салалы саусақтары қара темірге кіріп бара жатқандай болар-болмас сықырлаған дыбыс шықты. Құныс осылай отыра берер ме еді, қайтер еді, кенет Нұрғазы көсемдік танытып: – Ей, Құнеке, көтер еңсеңді, ақылдасайық. Басымды бәйгеге тігіп, шалдың аруағын аттап өте алмай, ізіңе түсіп соңыңнан шапқандағы мақсатым – жаманат хабарды өзіңе естірту еді, оны орындадым. Бірақ енді не істейміз? – демесе. – Адамнан ғой шамасы, құдай жіберген ажал болса... Құныс сөзін үзіп жіберіп сол қолымен маңдайын қысты. – Кім, кәне айтшы, кім? Сексенге келген әкеме құдайдың ажалын бұйыртпаған кім, а, тез айтшы, маған он кісі емес, жүз кісі қарсы тұрса да, ойранды салып өлейін, кегін қайтарайын әкемнің, – деп Құныс орнынан ұшып тұрды. – Күреңге ер салшы. Құныстың мына сөзінен де, түрінен де Нұрғазы шошынып қалды. Қанталаған екі көзі шарасынан шыға шақырайып, қою қасы тікірейіп, көнтек ерні ашылып, бет алдын алып жатқан дөңес мұрнының үстіндегі кішкентай қара меңі зорайып, күре тамыры білеуленіп, желке еті күжірейіп, қарсыласына атылғалы тұрған жолбарысша жиырылып барады. «Дәл қазір еш нәрседен

тайынбай, көзсіз ерлікке қойып кететіні сөзсіз. Осы бойда бәйге күреңге тақымы тисе, осыншама ақыл иесі адамның қазған орнына тал түсте жығылуы кәміл», – деп ойлаған Нұрғазы қайткенде де Құнысты тоқтатпаққа әрекет жасауға талпынды. – Құнеке, «ашу дұшпан, ақыл дос» деп атам қазақ тегін айтпаған болар. Алдымен сұрағыңа толық жауап берейін, – деді Нұрғазы шапшаңдата сөйлеп. – Уақиғаны бастан-аяқ баяндамасам, түсінбей қаларсың. – Атып өлтірген ғой. – Құныс Нұрғазыға шарасынан шыққан көзімен шақырая қарады. – Мәймөңкілемей, тез айтшы! – Қарт кеше пәтерін жөндеуге барған екен, Құныс осы пәтерде жасырынып жатыр екен деп біреуі от қойған ғой. Түтінге булығып жүгіріп бара жатқан шалды сен деп бір әумесер солдат винтовкамен тартып қалған. Ар жағы белгілі. Қожахмет әкеміз тіл тартпай кетіпті, иманды болғыр. – Кім екен атқан? – деді Құныс тұншыға сөйлеп. – Аты-жөнін білмеймін, атқан әтраттың бір солдаты көрінеді. Бастығы Молдағали білем. Пәтер түгелімен өртеніп кетіпті. – Менің бағыт-бағдарымды кімнен білдің, әлде сені біреу әдейі жұмсады ма? Құрыққа осылай түсірейік деп. – Мен туралы қара ойласаң, ұтылғаның, Құныс. Сені ажалға айдап салайын немесе қас жауыңа байлап берейін деген арам ойдан аулақпын. Әкеңнің өлімін естіртуді адамдық парызым деп санадым. Артыңды шулатып, алыс жолға біржола аттанып бара жатырсың. Шағырды ауыр жаралап, қасындағы екеуін өлтірген сенің ісің ғой, ағат сөйлесем, кешір. – Немене, Шағыр өлмеп пе? – Құныс жанарын төмен түсірді. – Күн көзі көтеріле жантәсілім болыпты. – Тағы екеуі кім екен? – Біреуі Жәді. Байғұс үйі-күйі жоқ, сыбай-салтаң жүруші еді, дәмі таусылған ғой. Оның не жазығы бар еді, осының бәрі тым қатыгездік емес пе, Құныс? – Қайта сауап болды. Әйтпесе әкем екеуміз қатар жататын едік. Мен қысылғанда ғана қару жұмсаймын. Және жазықсыз адамға қарап тұмсық көтермеймін. Неге олар тірі қалып, менің өлуім керек. Онымен қоймай, менің өлігім арқылы мәртебеге ие боп, абырой табуды әбден жоспарлаған ғой. «Біреуге ор қазсаң, сол орға өзің түсерсің» деген – осы. Бұл аз, әкемді атқан әтраттың бәрін бірден болмаса да, бір-бірлеп қырмай, мен алыс сапарға аттанбаймын. «Қанға – қан, жанға – жан» деп бабаларымыз білмесе, айтпайды, басына түскесін, ыза-кектен туындаған ғой бұл ұлағатты мәтел. Әкем үйде ме? – Үйге апардық. Хабарды естіп милиция бастығы Әлім

келіпті. «Пәтерді өртегенді де, қартты атқанды да жазаға тарттырамын» деп жатқан көрінеді. Сірә, Молдағалиға да жайсыз тиетін шығар. – Молдағалиды олар жазаламаса, өзім жазалаймын. Сол қызылдың есерсоғын баяғыда атып тастауым керек екен, аяп едім байғұсты. Қайран, әкем-ай, өзің тудырған балаң өзіңнің өліміңе себепші болды-ау! Лағынет мына заманға, қыран бүркіт шау тартып, қарғаның жолы оңынан туып қарқылдаған уақытқа кез келіппіз. Кешір, әке! – Құныс екі қолын артына ұстап, жас жуып кеткен бетін сүртпестен ілгері аттады. Шолақ мылтықты жерден көтеріп алған Нұрғазы Құныстың соңынан ерді. Күн көзі екіндіге таяды. Көл үстінде қаңқылдап қаз ұшты. Бір топ шүрегей үйрек екі жаяуды менсінбегендей суды шылп-шылп еткізіп, көл шетіне қонды. Айдын көкте дәу қарақұс қалықтады. Неге екені белгісіз, Нұрғазының кішкентай сұр аты шығысқа қарап, шіңкілдей кісінеді. Бәйге күрең сұлқ тұр. – Әу, Құнеке, қандай шешімге келесің, уақыт өтіп барады. Марқұмның мүрдесін ертең жерге беру керек, мынадай жаймашуақта сақтау қиын екені түсінікті жайт. Тездетпесек болмас. Құныскерей меңіреу адамша мең-зең күйде. Екі қолын артына ұстаған бойы аяғын санап басып бара жатқандай. Қос жанарын бір нүктеге қадаған ба, көкжиектен басын қозғалтар емес, әлде бір қарыстай жуан желкесі мойнымен бірге сіресіп, қарысып қалған ба екен? Кім білсін, әйтеуір, таяқ тастам жердегі Нұрғазының сөзіне ләм-мим демеді, әлде аласапыран ой тасқынына беріліп, өз тізгініне өзі ие бола алмай қалды ма екен? Нұрғазы тынышсызданайын деді. Басын бәйгеге тігіп, банды Құныстың соңынан тұра шапқанда бұл одан сүйінші алайын деп, не болмаса жақсы атты боп жарбаңдайын деген мақсат ұстанбағаны белгілі. Ұзақ сапарға кетсе, құлақтансын деп туған әкесінің қаралы хабарын естіртуді өзіне адамдық борыш санаған. Мұның әрбір қадамын бақылап, аңдып отырған милиция шабармандары себеп-салдарсыз атқа тақым салып, шығысқа қарай тартып кеткенін олар сезбеді дейсің бе? Сезді болды, милиция бастығы Әлім бірден құлақтанады, сосын қарсы әрекетке, айла-шарғыға кіріседі. Әрине, Құныспен қоса ұстамаса, бұл ештеңені де мойындай қоймас. Бірақ әуресарсаңы қанша? «Қайда болдың, не істедің?» «Неге ертелетіп атқа қондың?» «Әлде Құныспен байланысың бар ма?» тағы басқа сауалдар мезі ететіні шындық. Қайткенде де оларға бір жауап, жоғалған түйемді іздедім. Бір сыбыс бола ма деп, Жайыққожа, Саралжын маңын сүзіп, Қоскөлге ат басын тіреп қайттымды қайталай беруім керек. Олар: «түйеңнің

жоғалғанына он бір ай болды. Мұндай шығарып салма сөзіңе біз сенеді деп отырмысың. Кімді ақымақ еткің келеді» десе, бұл да өзеуреп, «көктемдегі қуғында Құныстың атқан оғынан атым өлмей, өзім жантәсілім болсам ше? Егер ондай қанішермен астастығымды бұлтартпастай етіп дәлелдеп берсеңдер, мен атышулы ізші Нұрғазы емес, бандының қолшоқпары ретіндегі қарабет Нұрғазы боламын да, түрмеге айдаусыз өзім барамын. Онда маған түрмеде отыру аз, бетіме қара күйе жағып, жұрт алдында, қатын-баламның алдында әшкерелеңдер де, атып тастаңдар» деп байбалам салар-ау! Мұның сол байбаламына олар сене қойса. Сенбесе мейлі, бұл да ақымақ емес, өлетін жерін біледі. Ал әлгі милиция бастығы Әлім қанын ішіне тартып, сұп-сұр боп: «Құныстың ізіне тағы да түсеміз, жолға әзірлен» десе ше? Десе, дей берсін, жақсы, тапқан екен ізшіні. Тоқтай тұр, Әлім де осал емес. Құныстың кетер жолын күнілгері болжап, күнілгері бір амал ойлап қойса ше? Құнысты ұстауға Ақтөбеден, Үйшіктен әскер шығыпты, олар Сарқамыста бас түйістіріп, әрі-бері сүзіп, бандының жүреді-ау деген жолына тор құрады екен, тіпті астарында ат емес, от-арбалары бар екен, егер қуса, ат түгіл, ақбөкенді де тапап кетеді екен. Құныстың бұл жолы шаруасы бітті деген лақап сөздің жаны бар сөз бе, әлде қазекемнің алыпқашпа өсек-аяңы ма? Әлде нар тәуекел деп мен де қатын-баламды қолтығыма қысып, бас ауған жағыма тайып кетсем бе екен? Жо-жоқ, туған жер... Әй, Алла, сақтай гөр! – Әй, Нұрғазы, өз ойыңнан өзің шошынбай, бері кел, ақылдасайық, – деген Құныстың даусынан селк еткен ол алақтап жан-жағына қараса, Құныс анадай жердегі көк тастың үстінде қонжиып отыр. Бас бармағының үстіне насыбай сепкен бе, танауының екі тесігіне кезек-кезек апарады. Қасына шапшаң басып барған Нұрғазыға тесіле қараған ол қолындағы шақшасын қағып-қағып жіберіп: – Менің таусылуға таялған насыбайым секілді сенің ойың да тым келте-ау деймін! Адамның аяқ басуы мен бет-әлпетіне қарап, оның не ойлап тұрғанын шамалауға болады. Сенде қиялға қанат бітіретін ұшқыр ой жоқ, бірақ арқалы ізшісің. Қорықпа, Құнысқа хабар берді деп милицияға жел айтпаса, басқа ешкім айтпайды. Айтқан күнде де дәлелдей алмайды әрі қорқады, қайткенде де менің әлі салмағым бар ғой. Әрі мынадай қаралы қаза үстінде кімнің езуі қышиды дейсің. Байқаймын, өзіңде бір толқу бар, құйрығыңды қыс, не көрсең де, көппен бірге көр. Жеке-дара жөн таба алмайсың, қатын-балаңның обалына қаласың. «Жеке жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мақал сендейлерге арналып айтылған. Көрдің бе, тайдың тасағындай боп мұның қиялшылын. Өзіңе де, өзгеге де пайдасы жоқ қиял неге қажет?

Құныс мырс етіп, Нұрғазыға жанынан орын ұсынды. Ұсынып меңзегені тастың қырлылау тұсы болса да шегінбеді, бұтын талтайтыңқырап отыра кетті. «Апырай, мынау мені қырлап-қырлап алып тастың да қырлылау жеріне отырғыздыау, ойымды да тоқып, мені әбден сынақтан өткізген екен ғой. А, қарақшы, әйтпесең Құныскерей болармысың. Сауысқаннан да сақтығы ғой, не қолға түспей, не көздеген бытыра дарымай, ойына не келсе, оны істеп жүргені. Қыл шылбырымен қолаяғын буып, қызыл үйдің түрмесіне тастаса, көрер-ем мұның кісіні сынағанын. Бұл банды маған әлі де сенбей отыр. Әкесінің беті жабусыз қалады дедім бе, қанды қолдың соңынан тұра шапқан өзіме обал жоқ». – Әй, Нұрғазы, – деді Құныс тарғылдау үнмен. – Өлген әкем өлді, енді оны тірілте алмайтыным белгілі. Ата баласысың ғой, көргенділігіңді көрсеттің. Жігіт екенсің. Мен әкеме ашық барып топырақ сала алмаспын, онда қызылдың кеңкістеріне әрі мазақ, әрі оңай олжа боламын ғой. Көктен тілегендерін жерден тауып, мені бір ат көтіне байласа, ой, шіркін, рахат дүние кешкендей тойлап, атақ-абыройлары алысқа самғайды емес пе? Мына қуыс кеудемде жаным тұрғанда ондай төк те ас тойды болдыра қоймаспын. Бірақ әкем қабіріне өз қолыммен топырақ тастап, дұға ету борышым, олай етпесем, көз жұмғанын естіп тұрып ат басын бұрмасам, менің қалған тіршілігімде жолым болмас. Солай емес пе, Нұрғазы? – Солайы солай ғой. «Аруақ аттаған оңбайды» деген аталы сөз және бар, – деді Нұрғазы тамағын кенеп, – бірақ мылтықтың тура нысанасына барасың. Ұстап әуре болмайды олар сені, атып тастайды серейтіп. Сосын саған Қожекеңнің қасынан да топырақ бұйырмайды. Өйткені атышулы, аңызға айналған Құныскерей бандының мүрдесін бүкіл ел-жұртқа көрсетуі керек қой мақтаныш етіп. Саған қаны қарайғандардың жолы әбден болады. Тіпті сенің өлі денеңді өртеп жіберуден тайынбайды олар. Құныскерей мұның шешенсінген сөзіне мән бермеді ме, әлде ести тұра, естігісі келмеді ме, жұмған аузын ашқан жоқ. Жанында отырған Нұрғазының томашадай денесіне басын сәл бұрып қарады да, «осы не шатып отыр» дегендей орнынан тұрып кетті. Желбегей жамылған жадағайы сол жақ иығынан сусып төмен түсе беріп еді, сыпырып алып, ұмар-жұмар күйінде оң жақ қолтығына қысты. Сосын иегін көкке қарай шошайтып, аспан әлемінен бір нәрсе іздегендей қақшиып қалды да қатарынан екі рет түшкірді. Дыбысының қатты шыққаны сондай, көл жағасындағы шүрегейлер ду етіп көтерілді. Анадай жердегі сұр ат бұларға шошына қарады.

– Иншалла, жолым болады екен. Әй, Нұрғазы, аттана бер. Маған істеген жақсылығың Алладан қайтсын, бала-шағаңның қызығын көр. Әкемнің мүрдесін сәске түсте шығарасыңдар ғой. Өзің бас-көз боларсың. Қарасына не соясыңдар, ақылдасыңдар. Бір қоңыр құнан бар еді, ат болатын жылқы еді, енді оны кім мінеді, соны шаларсыңдар. Сиыр жалғыз ғой әрі сауып отыр. Ал жолың болсын, тәңірім жазса, әлі де көрісерміз. Шешеме, қатыныма басу айтарсың, бақырып жылай бермесін. Шамаң келсе, баламды қолтығыңа аларсың, жас қой, заманы да оңып тұрған жоқ. Дегенмен осы өкіметтің саясатына бейімдей бер оны, жетесінде болса жетілер. Әрине, сырттай қамқорламасаң, сырттай жанашыры болмасаң... Айтпақшы, Борсан жақ қолтықта өзіміздің қорым бар, әкемді сонда жерлейсіңдер ғой. – Өзің ше, өзіңнің не ойың бар? – деді Нұрғазы қапталдаса үн қатып, – Менен ақыл сұрайтын кісі емессің, бірақ болат қақпан қай жерде де саған құрулы. Тілін бастың екен, мерт болдым дей бер. – Ол не қақпан соншама, барлық жерге сірестіріп құрып тастаған? Арасында менің табаным сияр орын бар шығар, сонымен ептеп жүремін-тағы. Адамның құрған қақпаны ештеңе емес, қақпанды құдай құрса құтқармайды. – Ақтөбе мен Үйшіктен әтрәттар шығып, Сарқамыста түйіседі екен. Бұл ұзын арқан, кең тұсау тек қана Құныскерей банды үшін, соны біржолата құрту үшін әдейі құрылыпты деген сыбыс та бар. Сондықтан жүрер жолыңды әбден таразылап ал. – Ой, айтқышым-ай, ауқымы бес жүз шақырымдай ұлан-байтақ сар далаға екі әтрәд емес, елу әтрәд шықса да жетпейді. Ал сақ бол деуің орынды. Тек оғым аздау, бар болғаны екі белдемше, қадам атқанның өзінде қарсыласымның саны біршама болса, ет пісірімдей уақыт қана айқасасың. Әттең, енді бір белдемше оқ табылса, әкем тіріліп келгендей қуанар-ем. Әй, Нұрғазы, көктемдегі қуғында сенің атқан оғың қарымды жұлып кете жаздады. Өзің мерген екенсің. – Тіліңді тісте, Құныс, әлі беті жабылмаған әкеңді... Ол оқ менің кезеген оғым емес, Әлімнің атқан оғы. – Бәсе, саған ондай мергендік қайдан бітсін. Тез атыңа қон, бос сөз бас ауыртады, – деді Құныс қатқылдау үнмен. – Әңгіме осымен доғарылды дегендей, ол адымдай басып бәйге күреңге қарай жүрді де, әлдене ойына оралғандай серейіп тұрып қалды. *** Қызылқоға аудандық милиция бөлімінің бастығы Иманғалиев Әлім жаманат хабарды ести сала уақиға болған жерге өзі аттанды. Әуелі Қожақмет қарттың қыстауына жол тартты.

Атты парлап жеккен тарантас сәске түс мезгілінде межелі жерге жеткізді. Тарантастан секіріп түскен Әлім өз көзіне өзі сенбеді, қыстау тып-типыл, бәрі өртеніп кетіпті. Қарттың денесін үйіне алып кеткен. Мұны қарсылаған Молдағали сұп-сұр боп: – Әлеке, абайсызда осындай іс болды. Ақпан абайламай оқ шығарып алды. Кешеден бері осы жерде жүрмін... – Қыстауды өрте деген кім? – Мен едім айтқан. Қызу бойымен абайламай, Құныс қыстауында деген сыбысты естіген соң. Бұлай боларын кім білген, кешіріңіз енді. – Қаруыңды тапсыр да, үйіңе жүре бер. Бір рет кешіргенмін. Ақпан қайда? – Ойпырым-ай, Әлеке-ай, атқан мен емес қой. – Ақпан қайда деймін? – Іңірде, екі қызметкерді қосып ауданға аттандырып-ем. – Жұмабай, бері кел, – деді Әлім шеткерірек тұрған жуантық қараға. – Мына Молдағалидың қаруын ал да, Қызылқоғаға әкет. Барған соң Ақпан екеуін түрмеге қама. Әйтпесе Құныскерей екеуін де өлтіреді. Ең болмаса, әділ заң арқылы жазаларын алсын, итжемде бандының қолынан өлгенше. Мен барғанша екеуін де ешкімге жолықтырма. – Шағырды және оның қасындағыларын қайтеміз? Оларды өлтірген кімдер екен? – Оның мән-жайы түсінікті. Құныстан өзге кім болушы еді? – Әлеке, ол пәлекет бізді тосып жүрген шығар? Ауданға жете алмаспыз, бәрімізді де шейіт қылады ғой жолда. Сондықтан... – Жарайды, мені-ақ шейіт қылсын, – деді Әлім Жұмабайдың сөзін бөліп. – Бәрін алып кет, мына тұрғандардың. Тез аттаныңдар. – Әлеке, жалғыз қалай қаласыз? – Аттаныңдар дедім ғой. – Әлеке, ақылдасайықшы, кішкене. Құныс алыс жолға аттанып кетпесе, қайткенде де әкесінің қабірінің басына бір соғады. Бақылауды күшейту керек, сол жерде тап баспасақ, енді ол бізге аш бөрідей тиіседі. Бір-бірлеп құртады бізді, – деді Жұмабай сасқалақтап. – Сонда нақты ұсынысың қандай, бос сөзге уақыт жоқ, – деді Әлім күңгірттеу үнмен. – Шалдың үйі мен қабірінің басына күндіз-түні қарулы күзет қойып, тағы да Нұрғазыны ертіп тездетіп із кесу керек. – Сол Нұрғазың Құныстың тыңшысы болмасын, шығысқа қарай жортып бара жатқанын біздің бір адамымыз байқап қалыпты, – деді Молдағали тосыннан әңгімеге араласып. – Сенің ұшқары ойың мен ұшқары сөзіңнен біз шатасып

біттік. Жазығы жоқ қарияны атып өлтіріп, халықтың алдында қарабет болдық. Құныскерейді ұстаудың орнына оның әкесін өлтірдік деп хабарлаймыз ба жоғарыға? Қожақмет марқұмның босағасын мен қалай аттаймын. Жиналған жұрт бетіме түкіреді ғой. Кемпірі мен келініне не деп басу айтамын? – деп Әлім таусыла сөйледі. – Ана кішкентай қара домалақ баланың кеудесінде тек біз емес, мына жаңа заманға деген кек орнап, ащы запыран тұнатын болды-ау! Оған атаңның өліміне әкең кінәлі, оны да ұстап алып атып тастаймыз, дейміз бе? Әй, Молдағали, турасын айтсам бар ғой, сенің мына ісің, совет үкіметіне жасалған қастандық. Ештеңе түсінбеген, білмеген боп өкіметке деген бұқараның өшпенділігін туғызу. Ақпан екеуіңді табанда аттырсам, маған одан келіп-кетер ештеңе болмас еді. Әзер дегенде жұмысымнан аластап жер аударар, бірақ адамдық ар-ұяттың алдында өзімді сәл де болса жеңіл сезінер-ем. Молдағалидың бет-әлпеті күлгін тартып, шағындау денесін сірестіріп ұстай алмай теңселіп кетті. Қолындағы ат тізгінінен айырылып, құс ататын аңшыдай жүрелеп отыра қалды оң қолымен жүрек тұсын басып уһледі-ай кеп. Екі елідей маңдайы жиырылып, қою бұлттың қалың көлеңкесі қуып келе жатқан күннің әлсіз сәулесіндей тура төбе құйқасының астына сіңіп бара жатқандай көрініс берді. Кішкентай танауы қусырылып, жұқалтаң ерні ырсия ашылып, енді дауыс етіп боздауы ғана қалғанда, кенеттен Жұмабайдың дауысы саңқ ете қалмасы бар ма. – Ей, ез неме, қолыңмен істегенді мойныңмен көтермеймісің, көкбет қатын құсап қалшылдамай. Ал өле қал, өле алмайсың бәрібір. Құдайдың ажалы осындайда келе қалмайды ғой саған. Отырған жеріңе көме салатын. Қолтығынан демеп, қаршадайыңнан қасыма ертіп-ем, адам болудың орнына әумесер боп бара жатырсың. «Жаманға қылыш берсең, досын шабады» демекші, сексенге келген шалға көтерген қылышың бізге көтергенмен бірдей болды ғой. Әлекең дұрыс айтады, мына ісің – тура контрдің ісі. Аға орнына аға, жаға орнына жаға болған мен де тап осы жолы саған араша түсе алмаймын, білдің бе? Молдағали мына сөзден кейін орнынан атып тұрып, қалтыраған саусақтарын шапшаң қимылдата үстіндегі киімін шеше бастады. Езуі ақ көбіктеніп, есалаң кісіше бірдеңе деп ернін жыбырлатады. Үстіндегі бешпенті мен көйлегін жыртамырта лақтырып тастады. Енді бұтындағы шалбарын шешпек боп ыңғайлана бергенде Жұмабай ұмтылып барып оны қаусыра құшақтап еді, Молдағали жұлқынып: – Атыңдар мені, атыңдар. Бандының қолынан қорлықпен

өлгенше, сендердің қодарыңнан өлейін. Осы жерде атып, бетімді жасырып кетіңдер. Менен басқаңның бәрі мықтысыңдар. Мықты болсаңдар, ана бандыны неге дұзақтамайсыңдар, а? Қолдарыңнан келмейді – бір, жандарың тәтті – екі, қоян жүрек, қорқақсыңдар – үш. Сендер ме, сендерді жазалау керек алдымен, – деп жер тепкілеп айқайлай бастап еді, Жұмабай оны құлақ-шекеден бір ұрып сұлатып салды. Құм қауып құлаған ол тырбанып қайта тұра бастап еді, Жұмабай еңкейіңкіреп жағасынан көтеріп алды да, құлаштай соғып тағы да тыраң еткізді. Бұл жолғы соққы Молдағалиды біржола есеңкіретіп тастады. Осы бір келеңсіз көріністі сырттай бақылап үн-түнсіз сазарып тұрған Әлім қасындағы тарантасқа асықпай отырды да, милиция киімін киген божышы жігітке ым қақты. Ауыздықты қарш-қарш шайнап, алдыңғы екі аяғымен қара жерді осқылап тұрған сүліктей қос торы божышының делбе қағуына шыдамай, екпіндете жөнелді. Ошарылып әтрәд қалды, нақты нұсқау бермей бастық кетті. Қайда, қалай, не мақсатпен аттанды, одан бұлар хабарсыз. Ол жайт Әлімнің өзінен басқа ешкімге белгісіз. Ошарылып, аңырайып қалған он сегіз адамның көмейлеріне тірелген бір-ақ сөз сияқты. Ол – банды Құныскерей бұл маңда бар ма, жоқ па? Анау қолтықтан атой салып шыға келсе ше? Ал сол Құныскерей ана зулап бара жатқан тарантастағы екеуді аңдып тұрып, екі оқпен жандарын жаһаннамға жіберсе ше? «Ой, сұмдық-ай! Сонда бір адамнан осыншама қарулы адам неге қорқамыз?» деп күбірледі Жұмабай. Молдағали құлаған жерінен басын жұлқи көтеріп, аузы толы қан аралас топырақты «тфу» деп бір түкірді де, қалталаңдап орнынан тұрды. Сосын қатты ұйқыдан шошып оянғандай меңзең күйде қасындағыларға бақырая қарады да, аяғын санап басып ілгері жүрді. Піштірілген баладай талтаң-талтаң етеді. Сол талтаңдаумен топтан алты-жеті адымдай ғана ұзады да, талтайып тұрып зәр шығарды. – Әй, көргенсіз, күнге қарап неге сиесің, күн көзінен ұялмайсың ба? – деді Жұмабай дауыстап. Біреулер тырқылдай күлді. Енді біреулер тұншыға күлді. Әйтеуір, ең болмаса езу тартпаған ешкім жоқ сияқты. Біреулер жаңағы ыңғайсыз жайдан кейін сіресіп қалған денелерін сәлпәл босатты. Бірақ жағын ашып сөйлеген жан болмады. – Құдайға сенбеймін, Жұмеке, – деді Молдағали шалбарының ауын жоғары көтеріп. – Тек, не дейді мынау. Мұсылман емеспісің, мұсылман баласы айға, күнге, құбылаға қарап дәретке отырмайды ғой, – деді Жұмабай тағы да дауысын көтере сөйлеп.

– Қызылдарға бәрібір, дүниенің төрт бұрышына да қарап шаптыра береді. Өйткені Ленин бабамыз мұсылман емес. Бүгінгі пайғамбарымыз Мұхаммед емес, Ленин Владимир Ильич. Мен Ленин атамыздың салып берген жолымен жүремін, білдің бе? Маған ай да, күн де Ленин идеясы. Ал сендер немене Мұхаммед үмбетісіңдер ме? Ашып айтыңдар онда бүгінгі саясатқа, мына жарқын заманға өкпеліміз, бұған мойын ұсынбаймыз деп. Мүмкін Құныскерей қанішерге қосылып, үкіметке қарсы шығарсыңдар, а? Көктемде ауыздарыңды қан қылып кеткен Құныскерейді қолбасшы әрі жолбасшы етерсіңдер, а? Неғып тұрсыңдар сүмірейіп бастықтарың басын сағалап қашты ғой, әне... – Тоқтат, иттің баласы, – деді Жұмабай ақырып. – Аузыңды жаппасаң, ат көтіне сүйретемін қазір. Қызыл үкімет пен Ленин атамыздан садақа кет, садақа кеткір. Қызыл болып, сен шірік не бітірдің? Не бітірдің деймін? Бітіргенің сексендегі шалдың үйін өртеп, өзін атып тастағаның ба? Ақпан емес, атқан сен көрінеді. Өзің өлтіріп, пәлеңді қойдан жуас жігітке аудара салмақсың ғой, солай ма? Оның бола қоймас. Сен шіріктің сасық қулығың басқаға қайдам, маған бесенеден белгілі. Құнысты ұстасаң, қайда қалдың? Астарыңдағы аттарыңнан айырылып, тілдерің салақтап жаяу қалған сен бастаған он екі адам емес пе еді? Сонда да Үйшіктен келген полковник пен Әлімнің алдында сені жақтап сөйледім-ау, мен. Сен итті қорғаштап жүрген мына менде ақыл жоқ. Әлдеқашан айдаттырып жібермей. – Әй, Жұмеке, несіне кеудемсоқтайсың, сенің де осал жерің маған белгілі, – деп кенет Молдағали тарқылдап күліп жіберді. Ішін басып еңкейе, шалқая күлді. «Бұл ит не бүлдірейін деп тұр» деп ойлаған Жұмабайдың арты қылп ете қалып еді, Молдағали бұған қолын шошайтып: – Есіл-дертің келіншек, Үрияны деймін-ау... – Молдағали тағы күлкісін жалғастырды. – Өй, көксоққан-ай, өзің етегіңе намаз оқып жүрген шығарсың, – деп Жұмабай да тарқылдай күлді. Оған ілесе тұрғандардың бәрі де ду етіп, бір күлкі екіншісіне жалғасты. – Жолдастар, – деді Жұмабай сәлден кейін, – Әлекең бізге ренжіп кетті ғой, оның артынан Нығмет, Сағын, Олжабай, Қадір, Есен, сендер барыңдар. Жұмекең бас болып солай шештік дерсіңдер, Әлекеңе. Ал мен Молдағалиды алып, қалғандарымызбен бәріміз Қызылқоғаға ат басын бұрайық. Винтовкаларыңдағы оқ даяр болсын. Құныс шабуыл жасаса, бас-көзге қарамай тасырлатып атыңдар. Өлсе, өрем қапсын, білдіңдер ме? – Тұрғандар бір кісідей «әрине, әрине» деп бастарын шұлғысты.

Тұрған топ екі жарылып атқа қонды. Бес салт атты батысқа қарай, қалғандары құбылаға қарай шоқырақтай жөнелді. Екпіндері қатты, иықтарына асынған мылтықтары ердің артқы қасына тиіп, тықылдап барады. Неге екенін кім білсін, Қызылқоғаға аттанған топтың қақ алдына – Молдағали, ал соңында – Жұмабай... *** Әлім тарантасқа отырып, сәл-пәл ашуы тарқағаннан кейін сансаққа ой жүгіртті. Бір ойы Молдағали Қожахметті әдейі мерт етті десе, енді бір ойы «жоқ, әдейілеп ор қазуға оның миы жетпейді» дейді. Енді бір ойы – осыны әдейі ұйымдастырып, Молдағалиды арандатып жүрген, сол арқылы бұған ор қазуды ойластырған Жұмабай емес пе екен деп күмән тастайды. Жоқ-ау, алпамсадай Құныспен шүйкедей шалды ажырата алмау мүмкін емес қой. Әлде аты-шулы бандының үрейінің өзі бұларды шатастырып біткен бе?! Ойпырым-ай, көктемдегі қуғында жауған оқ оның ең болмаса астындағы атына тимегені несі? Бір кісідей-ақ мерген еді, екі рет көздеп-ақ атты. Соңғысы кеудесінен... Жоқ, әлде оққағары бар ма, ол қанішердің? Сол жолы алты адамынан айырылды. Облыстан қатаң сөгіс алды. Енді мынау, қой өз еркімен қызметті тапсырғаны жөн шығар. Бұлай жұмыс істеуге болмас. Тоқта, тоқта, «осы Жұмабайдың Ахмет халфемен байланысы бар сияқты» деген сенімді көмекшісінің сөзін жүре тыңдап еді, әлде сол дәлелсіз қаңқу сөздің жаны бар ма? Дегенмен Жұмабайдың артына тыңшы қойса ше? Ақпан пен Молдағалиды барған бойда Гурьевке айдату керек. Немесе тергеушілерді Гурьевтен шақырмаса болмас. Бұл төтенше уақиғалар жайында Журинге телеграмма бергізгені дұрыс шешім сияқты. Ал Шағыр мен оның екі көмекшісінің ажалы Құныстан ба, әлде басқадан ба? «Жоқ, Құныстан» деді бір ойы. Осындай ой арнасына берілген Әлім алдында отырған божышы жігіттің: – Әлеке, Борсан шағылының қолтығына таяу қалдық, ат басын қайда бұрамыз? – деген сауалынан кейін кеудесін тіктеп айналасын шоли қарады. «Расында да, біраз жер жүріп тастаған екенбіз-ау» деп ойлады да, божышыға: – Тәуекел, Құныскерейдің үйіне тарт, әрине, бізді ешкім қабылдай қоймас, бірақ басқа амал жоқ. Тек сақ болғайсың, екі ортада шыбын өледі деп, екі ортада екеуміз арам өліп қалмайық. Егер басымызға қауіп төнсе, менсіз оқ шығарма, асығыстық болады. – Жарайды, Әлеке, – деді жас жігіт делбені қаға түсіп. – Құныс ақылсыз кісі емес шығар, бізді серейтіп атып тастағаннан оған не пайда түседі? Түсінісер дию емес, тілі бар адам ғой. Мүмкін

мен оны жекпе-жекке шақырармын. Сіз секундант боласыз. Оның мылтығына бытырасыз патрон саласыз да, маған қабан ататын картеш саласыз. – Ой-дөйт, дерсің, – Әлім езу тарта жымиды. – Айтқышымай, ол кездеспесін де, кездессе пәлеге қалдық. Ол бізбен есептесіп жатпайды. Табиғат оның пешенесіне ірілікті жазған. Әрі айлакер, әрі жүректі, әрі қара күш иесі, әрі құралайды көзге атқан мерген. Сен мылтығыңды көтеріп, көздеймін дегенше, ол көздемей тоңқалаң астырады. Ғажап, осындай ақыл иесі адамды мына тәй-тәй, қаз-қаз басқан жаңа заманымызға пайдалана алмауымыз өкінішті. – Әлеке, кешіріңіз, Тайсойған өңірін шулатқан есерсоқ бандыны соншама көтермелегеніңіз қалай? Қанша адамның қанын ішті ол... – Жо-жоқ, біржақты ойлама, оны да түсіну керек. Енді мынадай жантүршігерлік уақиғадан кейін өзіміздің де надандығымызға, ұр да жық қорқаулығымызға өкпелемесек, Құнысқа кінә тағуға бола ма? – Ал Шағыр мен оның қасындағы екеуді қанға бөктірген де, құдай біледі сол Құныс. Обал-сауабы қайда? Ит емес қой оларды тырайтып атып тастайтын. Әкесінің өлімі тура соның қарымтасындай. Біреуі – қызыл екінді де, біреуі – түн ортасында боп тұр ғой. – Задында ойланып, айтар сөзіңді ой елегінен өткізіп барып сөйле. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп атам қазақ тегін айтпаған. Ұшқарылық жігітке жараспайды, басың жас, көрер қызығың алда. Пайдасы жоқ әңгімені осымен доғарайық дегендей Әлім тамағын кеней бір-екі рет жөткірінді де, төңіркке көз жүгіртті. Көз алдындағы іркес-тіркес, қоян-қолтық жалғасып жатқан биік-биік шағылдарға сүйсіне қарап, осынау Тайсойған атты өңірдің ертеңін қиялдап болжамдап кеткендей болды. Асты-үсті толған байлық, құт мекеннің мынау жаңа заманда маңдайының жарқырайтыны да, сол жаңа дәуірдің саналы да ерен азаматтары бұл өлкеден көптеп шығары да сөзсіз. Аздырып, тоздырып алмаса, Тайсойған – алтын қазына, адамына да, малына да әрі қорған, әрі азық. Анау Борсан қыстағының ар жағында әкешешесінің қорымы бар. Екеуі де бұл ес біліп, етегін жинамай тұрғанда о дүниеге аттаныпты. Нағашысының қолында өсті, ол да марқұм жарлы адам еді. Қыс соғымға, жаз сауынға жарымай дүниеден өтті. Көктем шыға бұл шағыл арасынан желкек жұлып жейтін, көк қияқтың тамырын соратын, көкқайнардың сағызын шайнап, күзге таман қарақат пен бүлдірген, жиде теріп етегін толтырып

үйге әкелетін. Ал Жарыпшыққан өзені тұнған балық. Сөйтіп жүріп жасы он екіге келгенде кірмешілерге еріп Көкжарға барды, одан біреулерге ілесіп Орынборға маңдай тіреді. Орыс байларына жалданды, оқыды, өнді-өсті. Революция ісіне белсене араласты. Сөйтіп жүріп туған жерге қайтып оралып еді, облыс мұны милиция бөліміне бастық етіп тағайындады. Келгеніне қуанып жұмысты тәртіпке келтірермін деп ойлағанмен, «Құнысты қалайда ұста» деп облыстағы басшылар дікеңдесе, ми жетпейтін шым-шытырық із қалдырып, Құныс та діңкелетіп тұр. Көктемдегі қуғыннан кейін қанішерден құтылдық-ау деп іштей шүкіршілік жасап еді, онысы ұзаққа бармай, сең соққан балықтай қайта есеңкіретіп тастады. Мұның арты неге соғары белгісіз. – Әлеке, ауылға таяп қалдық. Алдымызда қақиып-қақиып бес аттылы тұр, – деді божышы жігіт үрейлене сөйлеп. – Әлеке, алтыатарыңызды ыңғайлап қойсаңыз. «Сақтансаң сақтармын» депті ғой жаратушы да. – Немене? – деді Әлім ұйқыдан оянған адамдай еңсесін көтеріп. – Қайдағы атты, қайдағы кісі? – Алға көз тастаңыз, – деді божышы жігіт сыдырта желген қос аттың делбесін тежеңкірей тартып. – Мылтықтары бар секілді, енді не істейміз? – Әй, Қайсар-ай, әліңе қарамай Құныспен жекпе-жекке шығуды да армандайсың-ау, сен! Жүрегің сыртына шығып кете жаздады ғой аттыларды көргенде. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, өзіміздің жігіттерді танымағаның не болғаның, а? Менің шамалауымша, ана кер аттың үстіндегі Сағын, шалқасқаның үстінде шалқаятын Есен-ау деймін, анау Нығмет, мылтығы шошайған Олжабай, Құныскерейді алдына өңгерген кісіше көлденеңдеп тұрғаны Қадір шығар. Артымыздан қуып жетпей, асып, жығылып алдымыздан тосқаны қызық екен бұлардың. Өзі қаралы үйді одан сайын үрейлендіретінін сезбейді-ау шіркіндер! Атқа мініп, мылтық асынғандарын да дәреже деп есептейді ғой, сірә. Осындай кіресілі-шығасылы білімсіз, тәжірибесіз әрі мәдениетсіз қызметкерлермен Құнысты қалай дұзақтаймыз? Оның айлакерлігі, тіпті саналылығының өзі бізден әлдеқайда озық, – деді Әлім күрсіне сөйлеп. – Мына жүрісімізбен біз Құнысты емес, ол бізді ұстап, матайды әлі, матап та жүр. Божышы жігіт үндеген жоқ. Қос қолымен қыса ұстаған делбені сірестіре тартып, қос атты бүлкілден аяңға түсірді де, алдағыларға бойлай қарады. «Шынында да, айтса айтқандай-ау, көкжал қасқырды қамшымен соғып алған аңшылардай едірейіпедірейіп тұрыстарын, түге» деп ойлады ол. Ойлады да, Әлімнің

ащы сөзі бұған да қатысты екенін мойындағандай болды. Бұл да сол көптің бірі, оқу жоқ, тоқу жоқ, әйтеуір, үстіне көнетоз милиция киімін киіп, қолына мылтық ұстағанға мәз, соны өзіне абырой, биік мансап санайды. Өмірі ауызы аққа жарымай, түйе шекпен түгіл, үстіне дұрыс қой жүнінен тоқылған шекпен кимеген Қалыбайдың баласы – милиция. Милиция болғанда қандай, үлкен лауазымды бастықтың көмекшісі, атқосшысы. Өткенде Бәшен байдың палуан баласы Сәрсен бұған ат басын арнайы тіреп: «Қайсар, не сұрасаң да беремін, бір шаруам бар еді, Әлімге жолықтыршы» деп жалынады-ай, кеп. Бұл: «Жоқ, сендей боржойдың баласына қызмет істей алмаймын» деп шірене қалып еді, анау да шарт сынып: «Ой, әкеңнің, битіңді сыңа алмай жүріп» деп аттанып кетті. Тілі байланып, ләм-мим дей алмай, жер шұқып қалғаны-ай сонда. Әй, тұра-тұр бәлем, бір кек алудың ретін келтірермін деп тістеніп еді, әлі реті келетін емес, мүмкін келмеуі де. Топырлай келіп, тарантасқа таянған бес аттылыға Әлім көз қырын да салған жоқ. Сәл ұмтылып божышы жігіттің иығынан қақты. Артына жалт қараған оған: – Анау ортадағы киіз үй Қожахмет ақсақалдікі шығар. Сыртында қара-құра бар ғой. Тым иектемей екі жүз-үш жүз қадамдай жерге тоқтарсың, өзің тарантаста қал. Мына жігіттер де сенімен бірге болсын, – деді Әлім күңгірттеу үнмен. – Жалғыз барғаныңыз қалай? «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» дегендей... – Шешенсімей тұра-тұршы, шырағым, – деді Әлім қабағын шытып. – Басың жас қой, бос сөзге құмар болма. Біздің қызметімізге сөзден гөрі іске бейім әрі мығым жігіттер қажет екенін өзің жақсы білесің? Қайсардың екі беті дуылдап, өз-өзінен қысылып, төменшіктеп қалды. «Басқа пәле – тілден» деген, үндемей отыра берсемші. Ретсіз жерге қыстырылып, «көсемси сөйлеуден бірнеше рет опық жесем де» деп ойлады да, «кешіріңіз, менен бір қателік кетті» деген өзінің үйреншікті сөзін айтып жалпақтауға батылы жетпеді. Әлім межелі жерге жеткенде тарантасты тоқтатып, еппен түсті де, жалтаңдай қараған божышыға тіл қатпастан қазқатар тігілген киіз үйге қарай беттеді. Аңтарылып, бес аттылы мен қос ат жеккен тарантас тұрып қалды. Үй сыртына таяу келгенде өзара күбірлесе сөйлескен екі шалдың біреуі Әлімге көз жанарын тіктеп. – Әй, шырақ, қай баласың, бері таман кел, – деді. – Ассалаумағалейкум, ағалар, – деп Әлім екі қартқа алмакезек қос қолын ұсынды. – Уағалейкүмассалам, амансың ба, шырақ, – деді алдыңғы тіл қатқан қарт. – Танымадық, ұзақ сапардан келемісің?

– Жоқ, қария, осы ауданның баласымын. Қожахмет қартқа уақыт болды дегесін, төбе көрсетіп, қайыры болсын айтайын деп. – Жөн, жөн, әнебір шошайтып мылтық асынғандарың кім, тағы да не боп қалды деп қорқақсоқтап тұр едік. Ат та, шаптым көбейіп кетті ғой, – деді сөз бастаған ақсақал. – Иә, «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» дегендей, жаңа заман жарылқай ма десек, кері кетіп бара ма немене, түге, – деді әңгімеге араласпай тұрған шал күрсіне сөйлеп. – Қой, Қалыбай, заманға тиіспе, жаңа заманды көгерте алмаған адамға тиіс. Жазықсыздан – жазықсыз Қожахмет марқұмды жер жастандырған ақымақтарға тиіс. Лененге тиіспе, ол жақсы адам, әрі бұл дүниеден өткен кісіге тіл тигізбеген жөн. Пайғамбарымның шариғатында солай депті ғой. Жер астына түскеннен кейін бай да, жарлы да теңеледі дейді. Ал, үйге кір. Кемпірі мен келіні жылай-жылай шаршады-ау, деймін. «Болған іске болаттай берік бол» депті ғой аталарымыз. Бірақ көңіл шіркін шыдай ма? Әрі өз босағасында емес, далада кісі қолынан өліп, ызасы өшер ме оның, – деп қария күңкілдей Әлімге ере жүрді. Әлім босағадан аттай бере тосылып тұрып қалды. Дауысын шығарып сәлем берудің де жөнін таппады. Төрде бүк түсіп денелі қара шал отыр. Оның сол жағында тағы екі-үш шалдау кісі, оң жағында екі-үш кемпір. Ортасында көзін тас жұмып, жиі-жиі уһлеген кемпір – марқұмның жолдасы болар деп топшылаған ол етек жаққа сылқ етіп тізе бүкті. Бұған ешкім назар аудармады. Мұның қасына кеп тізерлеген, сырттан ере келген шал дауысын көтеріңкіреп: – Қаным, көтер басыңды, аш көзіңді. Жылап-сықтағанмен құдай сенен қорықпайды. Көңіл айтамын деп білдей азамат келіп отыр, – деді. Отырғандар, қисайғандар дүр сілкінгендей бастарын көтеріп, кеуделерін тіктеді. Бәрі де «бұл қай дөкей» дегендей Әлімге көз тікті. – Сәлем бердік, шешей, – деді Әлім енді кідірудің жөні жоқтығын сезіп, – қайыры болсын. Тас түскен жеріне ауыр дейді, ұлағатты қариямыз еді, уақыт осылай болған екен. Әрине, өкінішті. Бірақ өз бармағымызды өзіміз шайнай алмаймыз. Тек Алла иман берсін, жаны пейішке барсын! Кемпір бірдеңе деп ернін жыбырлатып еді, естілмеді. – Солай ғой, солай шырағым, – деді төрде отырған шүңірек көз, алпамсадай шал бойын түзеп. – Алладан иман сұраймыз марқұмға! Алланың бұйрығы осылай болған шығар. Анау,

мынау деп сарапқа салудың қажеті шамалы. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас сөз. Сәнді өлім, сәнсіз өлім деп шірену асылық болар. – Танымадық, бұрын-соңды көрмеген, көзіме түспеген баласың ғой, – деді шаңылтырлау дауысымен іле сөйлеген жаңағы ірі денелі шалдың оң жағындағы көршісі. – Немене, құда түсейін деп пе едің, қазбалап сұрап, – деп оның көршісі күңк етті. – Мен танысам, осы әлгі аудандағы милицияның бастығы емес пе? Өлтіруін өлтіріп алып, дым көрмеген кісідей жылмиып келіп отыр ғой. Мұныңды Құныс кешпес, біз кешкенмен. Тірі болса, ол айналып бір соғар. – Ей, Есенқұл, далаға сөйлеп лақпа, билік айтсаң, төрелігін айт, – деді алпамсадай шал түйіліп. – Төбе би төбелігін, төре би төрелігін айтады. Мен екеуі де емеспін. Бірақ айдалада тыритып атып тастайтын, аң емес, айуан емес, адам ғой ол. Жасырақ кезім болса, «қанға – қан, жанға – жан» деп атқа қонар ем, сексендегі шалға мылтық кезенген антұрғанды қалай етсем де басын терістікке қаратып бауыздар ем, кеңірдегін орып жіберіп, бауыздық қанымен ұртымды шаяр едім. Қайтейін, ішім жанып барады, бірақ күресуге дәрмен жоқ, – деді Есенқұл шаңқылдап. Тағы бір шал: «Е, е, Иманғалидың баласы болды ғой. Әкесі көсем жігіт еді...» – дей бергенде Есенқұл: – Әй, Шәріп, сен өйтіп жұмсартып, мәймөкелеме, білдің бе? Иманғалиың өлі ме, тірі ме, білмеймін, білгім де келмейді. Бірақ мынадай ер емес, ез туғызған оның да көсемдігі белгілі сияқты, – деп мысқылдай мырс етті. Әлім үндеген жоқ. Мына шүйкедей шалдың намысын жыртып жүрек шаншытар ащы сөзі мұның жүйкесіне мықтап тисе де, сабырлық сақтап сыр бермеді. Әрине, өпірем қарияның өктем сөзінен қорғанудың айла-тәсілі лықсып келіп кеңірдегіне тіреліп тұрса да, қаза үстінде ақсақалмен айқасудың жөнсіз әрі мүлдем ретсіз екенін түсініп, өзін-өзі тежеп бақты. Бәрінен бұрын сүйегі әлдеқашан қурап қалған әкесіне тіл тигізгені жанына батып-ақ кетті. Қу шал мұны әдейі сөзге тартып, қамшылап отырған шығар, кім білсін! Мүмкін осы ауылдағы Құныстың хабаршы-жансызы шығар, әйтпесе, неге Құныс, Құныс дейді. Дереу беліндегі тапаншасына қол жүгіртті, орнында екен. Кім біледі, жын сияқты ғайыптан-ғайып кіріп келсе, не өлім, не өмір сонда болар. – Шырағым, Қожекең марқұм кісі қолынан қаза тапқан соң артық-ауыс сөздер айтылып жатыр ғой, естуімше, сол қару қолданған адамдардың бастығы өзің екенсің. Ашуызадан туындаған зіл батпан сөзді саған бағыштамағанда кімге

бағыштаймыз. Әрі сол кесапатты істен кейін көзімізге көрініп отырған да өзіңсің. Сондықтан саған бас салып, сені сөзбен болса да жұлып-жеп жатқанымызды айыпқа бұйырып, шет санамассың. Ие, бұл дүние не боп барады өзі, адамдар не боп барады өзі? Менің басым жетпейтін, ақылыма сыймайтын бір заман көші болды-ау өзі, «заманақыр туарда баласы әкесінің сақалына жармасады, қызы шешесіне қарсы отырып дәрет етеді, атыс-шабыс көбейеді, жаңа туған қозысын енесі танымайды, жер бетін шаң-тозаң басады», – дейтін еді қариялар. Сол заманақырдың басы ма бұл, уһ, – деді төрдегі денелі шал көз алдын кірлеу орамалымен сүртіп. Үй ішін үнсіздік басты. Әркім өз ойымен өзі алысып кеткен сияқты. Немесе төрдегі қарияның жеріне жеткізе айтқан сөзінен кейін бірдеңе деу әбестік сияқты болды ма екен. Әйтеуір, сүт пісірімдей уақыт ешкім жағын ашып тіл қатпады. – Шырағым, – деді бұған сырттан ере келген қарт тамағын кенеп. – Әңгіменің ашығын айтсам, қарасына соятын жылқының реті келмеді, құлынды бие арық. Әрі құлыны жетім қалады. Сиыр бұзаулы әрі шайдың сүті. Бір өгізшесі бар екен, соны сойдырып жатырмыз. Бізді қинап тұрған шай, шай жоқ осы ауылда. Соған не көмегің бар? Дүкенші келінге екі рет бардық, «Дым жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отыр, рас шығар, кім білген? – Дүкенші осы ауылда ма? – деді Әлім жүзін қартқа бұрып. – Иә, шеткі киіз үй, қасында жертөле бар, дүкені сол жер тамда. – Жүріңіз барып келейік, – деп Әлім орнынан тік көтерілді. Адымдай басқан екеу шеткі киіз үйге жақындағанда жабықтан сығалап тұрды ма, кім білсін, үстіне патсайыдан қос етек көйлек, оның үстіне омырауын зерлеп тастаған мақпал камзол киген толықша келіншек сықырлауықты керіле ашып бұларға қарсы жүрді. – Сәлем бердік, хош келдіңіздер, төрлетіңіздер, – деді келіншек иіле сәлемдесіп. – Амансың ба, шырақ, – деді Әлім күңгірттеу үнмен. – Үрия деген дүкенші қызымыз осы, – деді қарт үзіп-үзіп сөйлеп. – Төрлетіңіздер, – деп Үрия сықырлауықты айқара ашты. – Жоқ, шырақ, төрлетпейміз, – деді Әлім келіншектің тырсиған кеудесінен көзін тайдырып. – Шаруамыз – Қожекеңнің үйіне менің атыма жазып бір-екі қадақ шай тауып бер, шайы жоқ екен, сосын тағы нең бар, жыртысқа орамалың бар ма, кебініне он шақты кез ақ мата да керек болар-ау, мұқтаж ғой, мен жауап беремін, барыңды аяма. – Мен қазір. – Келіншек сөзге келместен лып етіп, үйге кіріпшықты да тез-тез басып жертөленің құлпын ашты.

– Жанымда ақшам жоқ, шырақ, атыма жаз, қол қояйын. Әлім Иманғалиев деген ағаңмын ғой. – Білемін, сізді білмегенде, – деп келіншек сыңқылдай күлді. – Қол қойдырмай-ақ сенемін ғой сізге... – Сөз соңын жұта жертөленің ішіне кіріп кетті де, әдейі орап қойғандай көп күттірмей керек заттарды алып шықты. – Аға, айтқандарыңызға үш аршындай көк мақпал қостым, әжетке жарап қалар, бір пұттай ақ ұн бар еді, өзім апарып бауырсақ пісірісермін, – деді қабағын кере сөйлеп. – Рахмет, қарағым, көп жаса, ой, айналайын, бәсе, – деп шал қапшықтағы заттарды лып еткізіп иығына салып алды. – Рахмет, қарындас, шын пейіліңіз үшін, – деді Әлім Үрияның қызыл шырайлы өңіне көз қырын салып. – Ой, айтары жоқ қой, бұл қызымның, – деді қарт та қосарланып. Мәз болып Үрия қалды, мәз болып екеуі кетті. «Жап-жас боп лауазымды адамдардың етегінен ұстағанды жөн санайтын келіншек-ау, өзі» деп ойлады Әлім адымдай басып. – Әйтпесе мән-жайды түсініп, көріп отырып, менсіз-ақ көмегін жасамай ма, әлде бандының әкесі деген пікір бұл келіншектің де көкірегіне ұялап қалды ма екен? Мүмкін сондай алыпқашты әңгімеден сескенгеннен қолындағы барын бере алмаған да шығар? Дегенмен өзі өңді, тіпті біртоға ажарлы десе де болатындай келіншек екен, мінезі де оқыс емес, жайдарылау сияқты. Бірақ кімнің ішіне кім кіріп шыққан, әйтеуір, Қазекең: «Түсі игіден түңілме» деп бекерден-бекер айтпаған болар. Әлім үйге тақау келді де, анадай жерде иіріліп тұрған өз жігіттеріне көз қиығы түсіп, бұл пәтшағарларды мылтықтарын шошайтып иіріп қойғанша тапсырма беріп, жөн-жөндеріне таратайын деген ниетпен жанындағы қартқа: – Қабір қазуға кісі бөлінді ме? – деп еді, сол сөзді күтіп келе жатқандай ол кенет тоқтай қалды да, мұның бетіне бажырая қарап: – Ой-бой, шырағым-ай, осы аулдың бас көтерер белді еркегі үш-төртеу еді, бәрі де жаманат хабарды естісімен Шағыр марқұмға аттанып кетіпті. Осы жайды өзіңе түсіндіру мана ойыма келіп еді, қайтадан шығып кетіпті ғой. Жақсы есіме салдың-ау, әй, марқұм жайлы кісі еді, шіркін! Өмірде бір өзөзінен батпан боп жүргенін көрген жоқпын-ау, ылғи құдайға шүкіршілік ететін. «Әй, Алла, бергеніңе шүкір» деген сөзде көп мағына жатыр ғой, шырағым. – Онда мен істің осы жағын жігіттеріме тапсырайын. Босқа уақыт өткізбейік. Қарасына деген малды кім сойып жатыр? – Онда да бала-шаға, қатын-қалаш, басқарып жөн сілтейтін адам керек-ақ, – деп шал мұның бетіне тағы да жаутаң-жаутаң

қарады да, – е-е, қарағым-ай, сен келмегенде марқұмды дұрыстап жөнелте алмай, жұртқа күлкі болатын сыңайымыз бар екен. Алла тағала пендесіне көмектесейін десе, өстіп ыңғайын келтіріп жібереді ғой... Әлім үй сыртына оқшау шығып жігіттеріне қол бұлғады да, өзі қарсы адымдады. Төрт жігітке көрсеткен жерден қабір қазуды ойластыра беруді тапсырып, екеуін үйдің іші-сыртындағы онымұны шаруаға қалдырды. Құныскерей туралы оларға жағын ашпады, бірақ ішкі дүниесі әлем-жәлем, аласапыран күйге енді. VIII Нұрғазы аттанып кеткен соң, Құныс сан-саққа жүгірген ойын бір арнаға тоғыстыра алмай біраз отырды. «Жаңағы Нұрғазының сөзі шындыққа бір табан жақындайды, алдыма, ол осы маңнан жүреді-ау, деген жерлерге тосқауыл қойылған болды. Бұғып жатып, Қособаның түбінде Бекежанның Төлегенді атып тастағанындай қақ маңдайыңнан тарс еткізеді. Демек, сапарымның нақты жоспары болуы керек, әйтпесе жаһаннамға жөнелдім дей бер, сонда көзіңе көк шыбын үймелеп айдалада көмусіз қаласың», – деп күбірледі де, басын көтеріп, күреңге қарады, күрең бұған қарады. «Артымда да құрулы қақпан, сол қақпанның тілін баспай барып әкеме топырақ салуым керек те, әкемді атқан кісіні о дүниеге аттандырмай алыс сапарды ойымнан шығара тұруым қажет», – деп орнынан тік көтерілді. Есіне тағы да Айбала түсті, тіпті ақ білегімен мұның мойнынан орап, ыстық демі бетін шарпығандай: «Сұлу қатын – әзәзіл шайтанмен тең» деген, неге көз алдыма елестеп, көлбеңдей береді? Бұл – жақсы ырым емес», – деп Құныс күңк етті де, жерге басын салмай едірейіп тұрған бәйге күреңге қарай адымдай басты: тұла бойын жойқын күш жайлап кеткендей. Әруақтанып, екі жауырынының арасы құрыстап, тап қазір қалың жаудың ортасына жалғыз кірердей түрге енді. Шапшаң қозғалып күреңнің үстіне ер салды да, үзеңгіге аяғы тиертиместе ер үстіне қонжиды. Шолақ мылтығын сол жақ санының астына қыстырып, ат басын ұясына кіруге енді-енді беттеген күн көзіне қарай тұп-тура бұрды да, әп дегеннен текіректей жөнелді. Ытырынып жүріс тілеген бәйге күреңге де керегі осы еді, тізгінді жұлқи тартып, текіректен дереу шоқыраққа ауысып бара жатты. *** Қызылқоғаға қарай бет алған Жұмабай бастаған топ біраздан соң ілгері-кейінді шектей шұбатыла берген соң, Жұмабай қатуланып:

– Ой, өңшең болбыр, бәріңнің де іштерің кеуіп кеткен бе, түге, неге жинақталып жүрмейсіңдер, кәдуілгі әскер құсап, а? Ай, сендермен бандыны ұстаймын деп жүрген мына мен ақымақ, өңшең қаратаяқ, түге, тфу, – деп ат жалынан асыра түкіремін дегенде, түкірігі алысқа кетпей, ер қасына дәл түсті. Оған өзінен-өзі ыза боп, қасында үзеңгілес келе жатқан Сәуірбайдың атын қамшымен сауырынан тартып жіберіп еді, астындағы аты тосыннан ырғып кеткенде үстінде жігіттің қара жерге жалп ете қалмасы бар ма! Әйтеуір, аяғы үзеңгіден шығып кетті, әйтпегенде бір тосын оқиға тағы да болуы мүмкін еді. Топыраққа бұрқ ете қалған иесін есіркеместен жіңішке құла мөңкіп-мөңкіп алды да, құбылаға қарай шаба жөнелді. Осының бәрі қас-қағым уақытта болған соң, басқалары көздерін ашыпжұмып аңырайды да қалды. Біреулері мылтық дауысын естімесе де, мұны атып түсірген Құныс па деп әбіржіп, аласапыран күйге түсті. – Ойбай, ат кетті, атты ұстаңдар, – деді Жұмабай айқайлап. – Ұмтылыңдар, ұзап кетеді ғой. Мына жаман қалғып келе жатқан ба-ей, аттың сүрінгеніне ұшып түсіп, ай, осындай бос белбеу, бос тақымдар ғой мені құртып жүрген. Әй, Молдағали қуып ұстаңдар, ана оққа ұшқырды. Екі-үш атты жіңішке құланы сатырлатып қуа жөнелді. Бірақ қашқан аттан үріккен ат жүйрік демекші, ана пәле қуғыншыларға маңайлататын емес, бірте-бірте ұзап барады. Дереу бағытын бұрып, күншығысқа қарай тартты. Не жүгені, не шылбыры аяғына оратылып, сәл де болса ат екпінін бәсеңдететін емес. Сәуірбай үстінің шаңын қаға-маға орнынан атып тұрды да, қайта отыра кетті. Орай асынған винтовкасының құндағы беліне қатты тисе керек, екі қолымен жер тіреп ауырсынғандай сыңай білдірді. – Апырай, мұндай бос белбеу болармысың, – деді Жұмабай атынан ырғып түсіп Сәуірбайдың жанына кеп. – Немене, бір жеріңе зақым келмеп пе? Тұршы, кәне. Тұр деймін енді ыңырсымай. – Аздап белім ауырып, құрғыр мына мылтықтың құндағы кіріп кетті-ау деймін, ойбай, сегізкөздігімнің тұсы сырқырап барады. Жұмабай айналасына жіті қарап еді, ешкім бұған көз тігіп, мұны жазғырып тұрған жоқ екен, бәрінің назары жерде шалқалай отырған жігітте емес, қашқан ат пен оны қуып кеткен екі-үш қуғыншыда. Әуелгі сәтте ептеп қысылған Жұмабай енді көңілденіп сала берді. Еңкейіп, Сәуірбайды қапсыра құшақтай алды да, тік көтерді. Сосын әлі де жаурынында салақтаған винтовканы жігіттің мойнынан жайлап алды да, жерге сұлата

салды. Үстіндегі киімін жоғары көтеріп, белін сипап-сипап жіберді де: – Қане ауыратыны қай тұсы, былай, ептеп еңкейші, өзің аязда қатып қалған өлік құсамай, – деп жігіттің сегізкөздігін алақанымен басып-басып көрді де, – нешауа, түк етпейді, әйтеуір, сынбапты, мен омыртқа айқасып кетті ме деп қорқып едім, – деді. Сәуірбай өз-өзінен жымиып, қабағын керді де, оң қолымен бет-аузын уқалап, басын қасып-қасып жіберді. Сосын сәл еңкейе түсіп, «а-һа» деп бойын қайта тіктеді де, «әй, ит-ай» деді тістеніп. – Шырағым, сен кімге ит деп тұрсың, а? Ашып айт, менің не жазығым бар, итке теңейтіндей. Өйтіп көргенсіз болма, білдің бе? Кімді айттың деймін, ит деп. Мен бе сені аттан құлатқан, а? – деп Жұмабай даусын көтере бастырмалатты. – Ағай, сізді итке балап қара басып па, атқа айтқаным ғой. Өзі де шошаңдаған бірдеңе еді әрі саурына қамшы тигесін, – деді жігіт сыбырлай сөйлеп. – Тек, қайдағы сауыр, қайдағы қамшы? Так, так, былай, жайлап аяғыңды басып көрші. Сәуірбай бір-екі аттап және бір-екі аттап сәл кідірді де, қарқылдап күліп жіберді. Ат үстінде тұрғандар жалт қарап жымиысты, ал Жұмабай екі бүйірін таянып балаша мәз болды. – Ой, қағынған, ағаңды бір қорқытайын деп жорта жасаған екенсің ғой деп, Сәуірбайды арқасынан қағып-қағып қойды. – Бәсе, аттан жығылып, белі сынған ешкімді осы кезге дейін естігенім жоқ. Айтуға ұят қой тіпті. Жіңішке құланы қуып жетіп ұстай алмаған үш салт атты үлкен шаруаны бітіріп тастағандай едіреңдеп қайта оралды. – Қап, – деді Жұмабай, – мынау жаман ырым болды-ау, әй, Сәуірбай, ана Молдағалидың артына мінгес. – Әй, Жұмеке, ол ат қашанғы сатырлатып шаба берер дейсің, тоқтайды ғой бір. Ел-жұрттан ұят болар, менің қасыма бір-екі жігіт бер, ұстап алып қайтайын. Мұны Әлім естісе, бізді тағы да жер қылады ғой, – деді Молдағали дауыстаңқырап. – Жо-жоқ, сені жібере алмаймын, бұйрық солай, сені апарып түрмеге жабуым керек. Кінәлі Ақпан екеуің. Екеуің ұйымдасып шалды өлтіріп, Құныскерейді әдейілеп бізге, Әлім екеуімізге бағыттап отырсыңдар. Осы екеуін құртсын деп. О, Құныс ақымақ емес, сен ойлағандай. Ол «қанға – қан, жанға – жан» деп, әкесін өлтірген адамның және оны айтақтағанның ғана қанын ұрттап ішеді, білдің бе? Сенің бұл жолғы айла-шарғың қасқырға құрған серіппелі қақпаннан әлсіз. Сондықтан әзірге орның – қараңғы түрме, білдің бе? – деді Жұмабай айқайлай сөйлеп.

– Ал Құныс менің қанымды ішпей тұрып, мен оның қанын ішсем қайтесің? Мүмкін мен осы айла-шарғыны оны қолға түсіру үшін әдейі жасаған болармын. Менің ішкі өз жоспарым бар, бірақ Әлім екеуің соны іске асыруға мұрсат бермейсіңдер. Ал өздеріңнің қолдарыңнан түк келмейді. Жүрегіне оқ-қорғасын қадайтын жерден бір емес, екі рет айырылып қалдыңдар. Маған бір жұма ерік беріңдерші, бандының басын кесіп әкеліп алдарыңа лақтырып тастайын, – деді Молдағали екіленіп. Тіпті қара сөзге десте бермейтін Жұмабайдың да қапелімде аузына сөз түспей дымы құрып қалды да, аузы аңқиып Молдағалиға тесірейе қарап қалыпты. Ат үстіндегілер де, жерде тұрғандар да – бәрі мына сөз есеңкіретіп тастағандай үнсіз. Жеті жылдай кеңес үкіметіне ұстатпай, небір қанды шайқастан сытылып кеткен атышулы бандыны аяқастынан Молдағали «мен басын кесіп әкелемін» деп тұрса, кімнің жағы қарыспас. Тіпті біреулер «осы сөзді Құныс естіп қалмас па екен» дегендей еріндерін жымқыра тістеп алыпты. Терістіктен ыстық жел есті. Анау бұйра-бұйра шағылдар да мына сөзден кейін бойларын жасырып, бұғып қалғандай. Осы үнсіздік іңірге шейін барар ма еді, қайтер еді, кенет есекмияның басын шалған Жұмабайдың торысы танауын қытықтаған ащы тозаңнан қатты пысқырып қалмаса? Тұрғандардың бәрі жаны бар, жануары бар селк етті де, естерін жиып, етектерін жабар күйге түсті. Сосын бәрі де жалт-жалт етіп қарашықтарын қадап, төңірекке көз жүгіртті. «Аты аңызға айналған, кеудесіне оқ дарымайтын, аруақты Құныс жарқ етіп алдымыздан шыға келмес пе екен?», деп ойлады ма, кім білсін! Әйтеуір, кейбіреулер жон арқасына ілген мылтықтарына қол жүгірте бастады. Бәрінде де бір үрей пайда болғандай. – Әй, Молдағали, – деді Жұмабай тістене сөйлеп. – Осы сенің дені-қарның кәмбіл сау емес шығар. Оллаһи-биллаһи солай. Сенің анау шақшадай басыңдағы миың ми емес кілегей боп кеткен-ау! Астапыралла, сау адам осындай алды-арты жоқ сөз айта ма, а? Ой, көргенсіз-ай! Құдайдан қорықпай, адамнан ұялмай, өй, қарабет, қарабеттеніп не деп былшылдайсың, а? Осы тұрған жеріңде тартып салсам бар ғой, маған өкімет түк те істемейді! Мына жігіттер маған жақ, өйткені бәрін көріп, біліп, таразылап өлшеп тұр ғой. Құныс кім, сен кім, а? Көктемде ұстасаң қайда қалдың оны? Бүкіл аттан айырылып, жұрт алдында қарабет боп жаяу қалған жоқсыңдар ма? Сонда әтрәт басшысы мен де емес, Әлім де емес, өзің едің ғой. Мұны да жоққа шығармақпысың? Айтшы кәне, мына көптің алдында Құныстың басын кесетін болсаң, қайда қалдың сол кезде, а?

Молдағали үндеген жоқ. Бірақ екі беті сұрланып, тісін тісіне баса екі шықшытын бүлкілдетіп, қысық жанарын одан сайын қысыңқырап, бір тұтам мойнына қондыра салған тостағандай басын оң иығына қарай сәл қисайта Жұмабайға тесіле, тесірейе қарады. – Пшту, ұрдым мен сені, – деді Молдағали тісінің арасынан сыздықтай сөйлеп. – Атқышын мұның, Әлім атамын дегенге сенің де атқың келген ғой. Ал атшы, кәне, ә-ә, ату қайда саған. Өміріңде жапалақ атып көрмеген саған адам ату оңай боп па? Мен құсап ең болмаса ақтармен қақтығысты да көрген жоқсың. Ұрдым Құнысыңды, қорықсаң Әлім екеуің қорқасыңдар. Ал мен қорықпаймын. Мен оны бауыздап қанын ішемін де, басын сырыққа іліп қоямын. Денесін қарға-құзғынға жем етемін, білдің бе? Көр де тұр, мен сен құсап далаға сөйлемеймін. Тұрғандар тағы да үнсіз сілейісіп қалысты. Екі қошқар түйіссе, ортасында не өлетіні белгілі дегендей, не Жұмабайға, не Молдағалиға басу айта ламай, бәрі де кібіртіктеп жерге қарай берді. Кенет Жұмабайға: «Осы есерсоқты ерегестірмей қоя тұрсам қайтеді. Бір жайсыз нәрсеге я өзі ұрынып, я мені ұрындырып жүрер, түге. Сосын аяқастынан біреу үшін басыма пәле тілеп алсам, кім маған араша түседі?» деген тосын ой келді. Өз ойын өзі іштей құптады да, дереу жұмсара қалды. Жасанды болса да бет-әлпетіне күлкінің ұшқынын ойнатып, кірпігін қағып, қабағын жиыра жөткірініп, оң қолының саусақтарымен маңдайын уқалап-уқалап жіберіп: – Әй, Молдағали, ей, қағынған, әйтеуір, сен-ақ қағынасың да тұрасың. Сөзден есеңді бір жібермейсің-ау, қу жақ. Белдесіп жыға алмаған адамыңды бір-ақ сөзбен тоңқалаң астырасың. Сенің мықтылығың тіліңде. Оны мойындауымыз керек. Ой, антұрған мен сені қайтер екен деп шабына түртсем, ойбай-ау, бас жоқ, көз жоқ, асау байталдай мөңкіп бара жатырсың ғой тіпті. Ай, шайтан-ай, бала кездегі мінезің есейгенде де қалмайды-ау сенің? Ойпырым-ай, осы сенің қыңырлығың-ай! Зімбіл айтты деп еді Түзелбайға: «Сен мал боп тусаң, атан боп туар едің кері сиетін» деп. Сол Зімбіл айтқандай... Жұмабайдың сөзін аяқтатпай, жігіттердің бірі қарқылдап күліп жіберіп еді, әйтеуір күлуге себеп-салдар күткендей оған қоса бәрі де селкілдей жөнелді. Тіпті жаңа ғана сұстанып, қарсыласына сілеусінше атылғалы тұрған Молдағали да езу тартып, жайбарақат күйге түскендей болды. – Атқа қоныңдар, кеттік, – деді Жұмабай бір шұғыл шешімге келген кісіше қорбаңдап. – Шөліркедік қой, тездетіп Борсандағы Қартбайдың үйіне түстенейік. Ар жағы қол созым, –

дей бергенде жігіттердің біреуі жанұшыра дауыстап: – Ойбай, Құныс, құрыдық, – деді. – Қайда? – Алдымыздағы төбенің басында қақшиып тұр. – Жатыңдар, – деді енді үзеңгіге аяғын салғалы ұмтылған Жұмабай ненің не екеніне көз жеткізбестен, өзі де атының бауырына құлай кетіп. – Мылтықтарыңды атуға даярлаңдар. Салық, қайдасың, әуелі атын көзде. Жаяу қалса, қашып құтыла алмайды. Қапы қалма, қасқа қылып, асықпай дәлде, бол енді. Тым-тырыс. Тек қана винтовкалардың оқшантайлары сыртсырт етіп, даяр оқты атылар үңгіге еріксіз тығып жатыр. Сәлден кейін тәуекел деп Жұмабай басын көтеріп, алғы жаққа жанарын жүгіртіп еді, ештеңе көрінбеді. Жан-жағындағы жолдастары аттарының тізгінін бауырларына қысып, винтовкаларының қарауылын шошайтып, тыриып-тыриып жатыр. Дереу жерге құлағын тосып еді, тұяқ дүрсілі білінбейді. Иегімен құм сызып тағы да сүт пісірім уақытқа жуық жатты да ,тәуекел деп екінші рет кеудесін көтерді. Біз оқ шығармағасын, Құныс та ата қоймас деген оймен мылтығын әзірлеп тізерлей қарап еді, аттылы адам көзіне шалынбады. Тәуекелге бел буып бойын тіктеп ат жалынан сығалай төңірекке бақырая, тесіле көз жіберіп еді, анадай жерде үш-төрт сиырды қуалап бара жатқан атты кісі жанарына ілікті. Бірақ Құныс емес. «Қап, қашып кеткен екен, онысы да жақсы болды» деп іштей қуанған әтрәт бастығы: – Уай, тұрыңдар, тез атқа қоныңдар, әй, енді ол жеткізбес, – деп айқайлай бұйрық берді де, өзі шолақ торының үстіне бір-ақ ырғып, бас жоқ, көз жоқ сиырларды қуалаған аттылыға қарай сатырлатып шаба жөнелді. Мұның атынан қалғандары ілесіп, жердің шаңын аспанға шығарды. Сиыршы құлағы қалқиған балаңдау жігіт екен, өзін орап алған қарулы адамдарды көргенде шошып кетіп, атынан түсе қалды. – Әй, сен Құныскерейді көрдің бе? – деді Жұмабай жігітті ат бауырына алардай төніп келіп. – Қай-қайдағы Құныскерей? – деді жігіт қорыққаннан тұтыға сөйлеп. – К-к-көрмеген сияқтымын. – Осы жаңа ғана төбенің басында қақшиып тұрған бандыны қалай көрмедің? Әлде саған «көрмедім деп айта сал» деді ме ол қарақшы. Тез айт, қалай қарай зытты? Жалғыз ба? Жас жігіт мына қарулы адамдардан құтылуды мақсат етті ме, әлде не дерін білмей оң қолы өзінен-өзі сермелді ме, әйтеуір, қолын құбылаға қарай сілтеп қалды. Сосын: – Былай, – деген сөз қол сермесімен бірге жігіт аузынан еріксіз шыққан соң, астындағы аттарын тықыршытып, ойнақтатып тұрғандар

осы жалғыз ауыз сөзді бағыт-бағдар деп ойлады ма, кім білсін, қол сілтелген жақты бетке алған топ жын ұрған есуас кісідей сатырлатып шаба жөнелді. Топ алдына да Молдағалидың көк шуланы. Аң-таң боп танауларын көкке көтерген үш сиыр мен атын жетектеген қалқан құлақ бозбала өз жөндерінде қалды. Әтраттың бір мүшесіне Құныскерейдің елесіндей жалт етіп көрінген шынтуайтқа келгенде осы қалқан құлақ сиыршы жігіт емес пе екен деп күдіктенген ешкім болмады. *** Құныс сол жортқаннан жортып отырып, бәйге күреңнің тізгінін әулиеатаның тұсынан өте бере тежеді. Тайсойғанның әрбір ойы мен қыры, сүрлеуі мен бел-белесі етене таныс оған түн қараңғылығының қоюлығы аса қиындық келтіре қоймады. Атынан түсіп, Сұлтан Уайс әулиеге бағыштап мінәжат етіп тізе бүкті. Бірақ басына барып дұға етудің қисынын келтіре алмады. «Бұл діннен безгендер әулиені де сырттай бақылауы мүмкін» деп күбірледі. Қасиетті кісінің қабірі басында атысып-шабысып жатсам, «басқа жер жетпегендей бұл несі Құныстың, әулиені сыйламағаны ма» деуі хақ біреулердің. «Ойбай, әлгі қанішер банды әулие атаның басын бүлдіріп кетіпті», деп жұрттың құлағын елең еткізері де хақ кейбір жеңіл ауыздылардың. Ендігі жетпеген адамның арына тиіп, ішқұса қылатын осындай желбуаз сөздер еді. Әрине, жеті жылдай қызылдармен алысқанда, өзінің шамалуынша, бұған атылған қорғасын оқпен бірдей неше түрлі балағат-былапыт сөздер де айтылған шығар. Бірақ адамдық ар-намысты таптайтын, ез етіп, еңсені көтертпейтін әрі өзінің дәлелімен бұлтартпайтын ащы да теңеулі сөздер айтылмаған болар. Өйткені бұл жазықсыздың жанын жаралаған жоқ, тиіскенге тиісті, шабысқанмен шабысты. «Келер ұрпақ қанішер дейтіндей арамзалыққа барып, адамшылық арымды кірлеткен жоқ сияқтымын» деп толғанды ол іштей. «Бірақ, кім біледі, келер ұрпақтың қандай ауаны жұтып, немен қоректенетінін, заман басқа, заң басқа» деп күбірледі де, орнынан тік көтерілді. Есіне Зімбіл ақынның бір шумақ өлеңі түсті де, езу тартты. Қалай еді, «О, Ленин жарықтық, Сен жоқ кезде тарықтық, Өзіңнің нұрың әлемді, Жіберді-ау, шіркін жарық қып!» – Осындай да өлең болады екен-ау, иә, көрерміз, өмір жетсе, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп жүрген Зімбілді көргенім жоқ, енді қайдам? Меніңше, адам өзін-өзі жарылқауы керек. Ленин о дүниеге аттанғалы қашан? Ал заманның ыңғайы бірден-бірге тарылып келеді, құрсауланып келеді. Құныс тосын ойдан серпіліп, атқа қонды. Бәйге күреңнің тізгінін сәл-пәл батысқа қарай бұра тартты. «Қайда, қалай, қай

жерге барамын?» деген сұрақ шортан балықтың қылқанындай жұтқын­шағына кесе-көлденең тұрып қалған жоқ, қайта ат үстіне мінген соң көңілі аз-мұз сергектік танытқандай күйге енді. Иесі сәл тақымын қысқандай болғасын бәйге күрең есе жөнеліп еді, тізгіні сәл тежеліп, аяң-жорғаға түсірді. Көзге түрткісіз қараңғылықты қақ жарып, үкі ұшпайтын мезгілде екеу келеді. Бірі – Тайсойған өңіріне аты да, заты да сіңген банды Құныскерей, екіншісі – Тайсойған өңіріндегі атышулы жүйрік, алдына қара салмаған арғымақ-бәйге күрең. *** Шолпан жұлдыз көмескіленіп, таң шапағы жер бетіне енді-енді сәулесін шашырата бастағанда Әлім арба үстінен түсіп, үстіндегі киімін жөндеп, беліндегі жалпақ қайыс белбеуін қайта буынды. Бауырына тығып, түнімен әлсін-әлсін саусақтарымен сипап қойған сенімді серігі алтыатарын қорабына салып, жанбасына қарай ысырып қойды. Киіз үйдің жанында күйбең-күйбең етіп бірдеңе істеп жүргендердің ішінен Нұрғазы көзіне түсті де, жай басып соларға қарай беттеді: «Ауылдасы, құрмет етер қарты мынадай қайғылы қазаға ұшырап жатқанда мұның сапар шегуі тегін емес секілді. Бірақ қайда болдың, қайда жүрсің?» деу әрине, ыңғайсыздау. Қой, сәл нәрседен секем ала бермейін» деп ,ойлаған Әлім бұған сыртын беріп абайсыз тұрған Нұрғазыға таяу келіп иығына қолын салды. Жалт бұрылған ізші өзіне қадала қараған милиция бастығын көрсе де абдырап, сасқан сыңай көрсетпек түгіл, қазір ғана құшақтасып қатар жатқан адамдай сәл езу тартып: – Ассалаумағалейкүм, Әлеке, аман-есен өрдіңіз бе? – деп екі қолын бірдей ұсынды. – Аманбысың, Нұрғазы, – деді Әлім суықтау амандасып. – Кешеден бері көрінбедің ғой. – Иә, тірі кісінің тіршілігі таусыла ма, біреу көрдік деген соң ат сабылтып барсам, ол жайрағыр менікі болмай шықты. «Мал ашуы – жан ашуы» деп атам қазақ білмесе айта ма... әрі жолай естіп жайсыз хабарды кері асықтым. Сұмдық, ел жұрттың бетіне қарай алмайтын, айтуға ауыз бармайтын тосын уақиға болды ғой бұл бір. – Нұрғазы, сен қазір атыңа мін де, бейіттің басына бар. Төрт жігітке кеше тапсырма беріп едім, соған бас-көз бол. Біз қарттың мүрдесін түске таман жеткізерміз. – Жарайды, бір-екі шыны шай ішіп, аттанып кетейін, – деп ізші өз үйіне қарай адымдай жөнелді. Атақты ізшінің бет алдынан, сөйлеген сөзінен, жүрістұрысынан сезікті еш нәрсе сезбеген соң Әлім ойға қалды. Қасына келіп жасалынып жатқан шаруаларды баяндаған түймедей қара шалдың сөзіне де, жарқ етіп мұның алдынан

әдейі өтіп, төңкере көз тастаған Үрияның өзіне де мән бермей, өз ойымен өзі арпалысты. Неге екені белгісіз, екі құлағы бірінен кейін бірі шуылдап, аяғының асты теңселгендей, көз алды қарауытқандай күйге түсті. «Бір сойқанның боларын денем сезген секілді ме, қалай, жүрегім неге аласұрады? – деп іштей толғанды Әлім. – Апырай, жатқан жыланның құйрығын басқанымыз-ай! Талай рет ақтармен шайқаста да жүрегім бүйтіп көтерілмеп еді. Әлде ажал құрығының жақындап қалғанын титімдей жүрек сезіп, соны күні бұрын хабарлап тұр ма, кім білсін?! Мүмкін, Құныс әкесінің қазаға ұшырағанын естімей, алыс жолға аттанып кеткен шығар? Жо-жоқ, қайрылып алды-артын бақыламай, істеген істерінің нәтижесін естіп-көрмей, ол бөрі аттана қоймас. Қанішерден құтылдық деп жайбарақат күйге түсе бергенде «қайта шапқан жау жаманның» керін келтірген жоқ па! Ол бүгін бір ылаңды салады, нешеуміздің оның шолақ мылтығының қарауылына ілінетінімізді бір құдайдың өзі білсін! Бірақ біз де ішіне шөп тығып, салақтатып шаншып қойған егін басындағы өлі күзетші емеспіз ғой. Пулеметтен оқ жаудырған жауға қарсы атойлап шапқанда, қолма-қол шайқастарда қолдағы алмас қылышқа дем бергенде, қаншама пері-дию болса да бір кісіден үрейленіп күнілгері бәйгеге басты тіге беру, құдайдан ұят шығар? Тәуекел, егер сәті түссе ол бандымен тағы бір айқасып көрелік», – деп сілкінді Әлім. – Әлеке, шай ішіңіз, – деген Үрияның дауысы құлағына ша­ лы­нысымен, киіз үйге беттеді. Осы бір сырнайдың сазындай сұңқылдаған әдемі үн жүрек шаншытар батпан ойды тұла бойынан сығып тастағандай болды. *** Бір күн, бір түндегі екі жайсыз уақиға қалай екені белгісіз күллі Тайсойған өңіріне түгел жайылып, Көкжар, Тайпақтан көктей өтіп, мына жағы Текеден, мына жағы Гурьевтен асып жығылды. Облыстық ГПУ-дің бастығы А.Журин қызметке ертелеп-ақ келіп еді, мұны орынбасары И. Соколов пен бөлім бастығы Тоқтар Алдамжаров күтіп отыр екен. Сәлемдескеннен соң кабинетіне екеуі де ере кірді. – Ертелетулеріңе қарағанда тосын хабармен келдіңдерау, а? Әйтеуір, кісі өлімнен, – дей берген Иван Васильевич қабаттасып: – Масқара, Алексей Иванович, Құныскерей тағы да ойранды салып жатыр... – К черту, осы қарақшы мені әбден аллергия қылып бітті, атын естісем, үсті-басым қыши бастайды. Иә, не бопты, барлық

жайды аспай-саспай түсіндірші. Оны Тайсойғаннан біржолата қудық деп Иманғалиевтің айтқаны осы жуырда ғана емес пе еді? Мүмкін Құныскерей емес, Аманғали банды шығар? Нарындағы біздің адамдардың шамалауынша, ол Тайсойғанға қарай аттаныпты-мыс. Әйтеуір, біздің қызметкерлердің жұмысының бәрі «міс» болады да тұрады. Мен Иманғалиевті жоғары жаққа мақтап жүрсем, тәжірибелі қызметкеріміз деп, иә, сонымен... ГПУ-дің бастығы отырған екеуді тап қазір көргендей шаншыла қарады. Алексей Иванович, ол қарақшы алдыңғы күні түнде жазықсыз екі кісіні бауыздап, видимо, олар Құныскерейді ұстағысы келген бе, әй, білмедім. Шым-шытырық уақиға, сосын енді бір солдат бандыны атамын дегенде оқ бандының әкесіне тиіп, ол сол бойда өліпті. Рация естіліңкіремейді, ал шабарманның айтуы осылай. – Шабарман қайда, шақыршы, асықпай мән-жайды түсіндірсін. – Шабарман қайта шауып кетті, Алексей Иванович, – деді сәл тұттыға сөйлеген Иван. – Әй, сендердің сөздерің құрысын. Ал сен не айтасың? – деп шұқшиды ГПУ бастығы Тоқтарға. – Менің де естіп-білгенім осы сөздер, Алексей Иванович! – Әй, сен ғой қазақсың, келген қазақпен қазақша сөйлестің бе, әлде орысша сөйлестің бе? Мынау екібастан шала қазақ. Қазақ арасында өссе де қазақшаны менен артық білмейді. Сен екеуіңді... – сөзінің ар жағын айтпай, ГПУ бастығы отырған орнынан тұрып, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. – Бұл істі енді мықтап өз қолыма алмасам болмайды екен. Сенген қызметкерлерімнің бәрі мені сенделтіп сергелдеңге салып кетті. Так, былай, Иван Васильевич, сен отыз-қырық адамыңмен Жылой бетті шепке ал, оның негізгі бағыты адайларға қосылу сияқты деп еді ғой әлгі Иманғалиев. Егер бетпе-бет кездесе қалса, тірідей ұстаудың қамын ойлаңдар, тарс еткізіп атып тастамай, қандай адам екен, көрейік! Ал сен Тоқтар Алабие мен Шәңгілдіктің арасын сүзе отырып, Сағыз өзенінің бойын қымта, Жәңгірге қазір ескертемін, саған да қырықелу адамын берсін. Ал Қосшағыл мен Құлсарыға өткенде хабарлағанмын, отрядтары даяр. Сосын Мұғалжардан шыққан отряд Жем өзенінің бойымен барлау жасайды. Олармен өткенде келісілген. Осы тұзақтан құтылып кетсе, ол Құныскерей адам емес, жын-пері шығар. Мен өзім он шақты қызметкеріммен Тайсойғанға ертең аттанамын. Осылай оперативный түрде қолға алмасақ, жалғыз кісіге құрық сала алмай әбден қарабет болдық қой, – деді Журин желпіне сөйлеп.

– Сонда Аманғали бандыны қайтеміз, оны кеше ғана маған тапсырып едіңіз, – деді Тоқтар орнынан тік тұрып. – Айтпақшы, ол да бар екен-ау, дегенмен біз үшін қауіптісі де, қарақшысы да Құныскерей, Аманғалиды бақылап ізіне түсуді жергілікті милицияға тапсырыңдар немесе оны әзірше қоя тұрыңдар, тыныш банды ғой, кісі өлтірмейді, тек кісі сабап, жылқы ұрлағаны болмаса, – деді ГПУ бастығы езу тартып. – Алексей Иванович, Аманғали да осал қарақшы емес, ең бастысы, кеңес өкіметінің қас жауы ғой. Анада бір милицияны қолынан атып жаралады. Қарсыласқан екі кісіні өлімші етіп сабап, аттарын алып кетіпті. Бірақ атпапты, соған қарағанда оғы аз-ау, деймін, – деп Тоқтар ашына сөйледі. – Осы сөзі өзінің жүйкесіне тиді ме, әлде лауазымды бастықтан қорқа соғып тұр ма, әйтеуір, оң жақ бетіндегі кішкентай қара меңі жыбыржыбыр етіп, сол жақ көзі жасаурап кетті. – Ничего, Аманғалиды ұстаймыз, ол бізге онша қиынға түспейді, жолға әзірленіңдер, – деп бір-ақ кесті Журин. – Алексей Иванович, сонда маған қиын болды-ау, менің аяқастынан атым ақсап қалды, бір жақсы ат тауып алғанша бір күн мұрсат бермейсіз бе? – Жоқ, Иван Васильевич, біреудің артына мінгессең де, бүгін түс қайта аттаныңдар. Менің саған беретін запаста тұрған атым жоқ, – деп ГПУ бастығы қатқылдау үн қатты. – Сау болыңыз, жолыңыз болсын! – деді Тоқтар өкшесін өкшесіне тырс еткізіп. – Жолдарыңыз болсын! – деді Журин иегін көтеріп. – Екеуі ашық тұрған есіктен шапшаң басып шығып кетті. «Мына екеуі Құныскерейден қазірдің өзінде қорқа бастады, – деп ойлады ГПУ бастығы желкесін қасып. – Бұл жай емес, значит, ол қарақшы туралы ел ішіндегі аңыз шындық. Жеті жыл кеңес өкіметінің құрығына түспеген деген не сұмдық! Значит, оны сол жердің адамдары қолдайды, оған қызмет етеді, құрмет көрсетеді. Мұның осы жұмысқа Көкжардан шақырылып келгеніне бір жылдан асты, не бітірді, түк бітірген жоқ. Атышулы Құныскерейді тұзақтаймын деп, тұзақтай алмады. Қолыма билік тиді, енді қолға түсіремін деп тісін қайрап-ақ кірісіп еді, ештеңе шығарған жоқ. Өзімнен де тәжірибелі деп, өзіне ұстаз тұтқан Иманғалиевтің беталысы мынау, қорықтан сиырды қуып тастағандай болды. Ол сиырды ұстап, матап тастамаған соң, қорыған жерге қайта келіп, таптайды да тұрады. Ендігі амал, Иманғалиевпен ақылдаса, тізе қоса отырып, кәнігі бандыдан айла-амалды асыру, күш біріктіріп тұзақты кеңірек құру. Әйтпесе ол бізді тағы да жер соқтырып, тіпті кеудемізге қорғасын оқты қадауы да мүмкін! Сонда ол қанішердің

Тайсойғанмен біржолата қоштасқысы келмейді-ау, сірә? Әлде... Иә, иә, әлде оның семьясын тұтқынға алсақ па екен, бір амалын тауып, иә, болмаса, ана жасөспірім баласын ұрлап әкетіп, өзіне берілсең де берілесің, берілмесең де берілесің деп ультиматум қойсақ па екен?! Жо-жоқ, бұлай етсек, ел-жұртты сөзсіз ашындырып аламыз...» Ол өз ойынан өзі шошынғандай орнынан атып тұрды. Дереу төсқалтасындағы қос қақпақты, шынжыры бар сағатын ашып қарады да, үйелмендей боп алдында тұрған қап-қара телефонның трубкасын көтеріп, құлағын бұрай бастады. – Алло-оу, алло, маған Қаражановты қосшы. Немене, орнында жоқ дейсің бе? Жарайды. Ә, күн демалыс екен ғой, кешірерсіз. Онда пәтерін қоса салыңызшы. Мен Журинмін, иә, иә. – Алло, тыңдап тұрмын, – деді ар жақтағы салмақты дауыс. – Жолдас хатшы, кешірерсіз, бұл Журин Алексей Иванович қой. Сізге ескертейін дегенім, мен түс қайта Тайсойғанға жүрмекшімін. Әлгі Құныскерей қайта оралып, тағы да бүлікті салып жатқан көрінеді, адам өлімі бар дейді. Сосын... – Жақсы, жолыңыз болсын! – деп ар жақтағы салмақты дауыс телефон трубкасын қоя салды. – Тфу, не деген бюрократизм, – деді ГПУ бастығы естілерестілмес үнмен өз трубкасын орнына қойғаннан кейін. – Адаммен адамша сөйлеспеу барып тұрған пасықтық қой. Ылғи осылай. Аты-шулы Шыңғыс хан да мұндай көкірек кермеген шығар. Дереу көмекшісін шақырып, өзінің және оның түс қайта алыс жолға аттанатынын хабардар етті. Қасына еретін қызметкерлерінің аты-жөніне дейін атады. Міндетті түрде әрқайсысы белдемше оқ пен винтовка алсын деді. Өзінің кер құла атты мінетінін, ал шалқасқаны бір қызметкердің жетекке алатынын ескертіп, жолға азық мәселесін ақылдасып шешерсіңдер деді. Көмекшіге қуырған қызыл балық, бір консерві қара уылдырық пен екі таба нан және бір құты спирт алуды қатты ескертті. – Қанша дегенмен, екі-үш күндік жол, атүсті адамды тез шаршатады. Сондықтан жолға азықты көбірек, оқты көбірек алыңдар. Жолай аңшылықпен де айналысармыз. Айтпақшы, қуырған балық тез бұзылады, тұздалғанын да ала салыңдар. Өзің білесің, Татьяна төркін жұртына қыдырып кетіп менің бойдақ екенімді. Бастығыңның ішіп-жемі сенің мойныңда, бала абайла, ескерту алып қалма, – деп Журин лықыта сөйлеп езу тартты. – Құп болады, айтқаныңыз көңілдегіңіздей орындалатынына

сендіремін, дайындалуға рұқсат етсеңіз, – деді толықша қара жігіт тұла бойын сірестіре ұстап. – Рұқсат, жолдас Қарамолдин, – деп ГПУ бастығы бет алдын уқалады да, – пысық жігітсің, – дегенді қосып қойды. *** Жұмабай Борсандағы жамағайынның үйіне түскен соң белбеуді босатты. Аудандағы ағасы арнайы ат басын тірегеннен кейін інісі аянсын ба, он шақты жандығының ішіндегі балаларына шай-су етпекші боп отырған көзге түсер жалғыз сегін келесі жексенбі базарына апарып, әй-шәйға қарамай бауыздады да тастады. Жарықтық тым семіз екен, ақ май ақтарылып қалды, құйрығының өзі бір он-он бес қадақ. Қуырдақ қуырылып, бір қазан ет асылып жатыр. Банды Құныскерейді байлап тастағандай жігіттердің бәрі көңілді. Гу-гу етеді, кейбіреуі Жұмабайға жалтақ-жалтақ қарайды. Төрт қанат киіз үйдің төрінде шіреніп Жұмабай отыр. Сол жағында Молдағали. – Бұл Құныс әкесінің өлімін естімегені анық. Әйтпесе ендігі бір шаң беретін мезгілі болып еді. Атамнан әрі кетсе екен сол қарақшы елді дүрліктірмей. – Манағымыз кім болды, осы? Біраз жер шапқыладық, зымзия жоқ, – деп тәмпіш мұрын сір қара жігіт қозғалақтай беріп еді, Жұмабай оған алара қарап: – Көтіңді қысып, тыныш отырмайсың ба? Саған кім сөз берді, а? Қай-жайдағыны маздатпай, – деп басып тастады. – Қанішер бандының елесі ғой. Қорыққанға қос көрінеді дегендей. – Сөзін қысқа қайырып Молдағали мырс етті. Жұмабайдың тып-тығыз, тырсиған күлгін түстес беті одан сайын тырсия, ашу шақырды. Дереу жалт қарап, жанындағы серігіне суықтау көз тастады. Бірақ тіс жарған жоқ. Неге екені белгісіз, жағалай отырғандардың бәрі жанарларын жасырып, төмен қарады. – Ал, қолға су құяйын, шай әзір болды, – деген үй иесінің дауысы кенеттен шықпағанда, мүмкін тағы бір шатақ туып кетер ме еді, кім білсін! Отырғандар бастарын сілки көтеріп, бір-біріне тізе тақасып, жапырласып қалысты. Су құйылып, дастархан жайылды. Таба нан сиректеу болғанмен, құрт, ірімшік молынан шашылды. Ашкөзденген жігіттердің кейбірі құрт, ірімшікке қол созып, енді ауыздарына сала бергенде, шыж-быж етіп, үш-төрт тостаған толы қызыл қуырдақ кеп қалды. Буы бұрқырап, иісі мұрынды жарып барады. Әркімнің алдына жекежеке ағаш қасық тасталынды. Сөйткенше, ыңылдай ән салған сары самаурын да дастарханның сықырлауық жақ шетінен орын алды.

– Ал, Жұма аға, ал қонақтар, тағам алуға рұқсат, – деді үй иесі көтеріңкі, көңілді үнмен. – Бәрекелді. Қапашжан, бәрекелді, – деп Жұмабай өз алдына таман оқшаулау қойылған зерендегі қуырдаққа қасық салды. – Келінжан, шай құюға асықпа, жігіттер қуырдақты қарпып алсын, – деп қолына қып-қызыл шоқ салған шоқаяқ ұстап кірген қараторы келіншекке иек көтерді. Пыс-пыс, сырт-сырт, біреу танауын оқыс тартты. Ыңылдап тұрған сары самаурынмен қақ төрде отырған Жұмабайдан басқасының бәрі иіліп-бүгіліп барлық зейіні мен зердесін тамаққа аударды. Шай ішіліп, одан ет жеп, әбден ырғалып-жырғалып отырғанда қас қарайып, қараңғылық қоюланып кетті. Жаңа туған айдың жарығы тым әлсіз, жұлдыздар сәулесі жер бетіне жететін түрі жоқ. Жұмабай әрі ойланып, бері ойланып, ақыры осында түнеп, таң қылаң бере аттануды жөн көрді. «Көзге түрткісіз қараңғыда бірдеңеге ұшырап, әуре-сарсаңға түсерміз», – деп серіктеріне ақыл айтып еді, олар да қарсылық білдірмей, шыбындаған атша бастарын шұлғи берді. Осындай шешімге өзі де риза, серіктері тіпті риза. Мініс аттары жеке-жеке қазыққа сірестіре байланды да, қазық қасына ер-тоқымдарын төсеніш етіп, қаруларын басына жастап жігіттер жата-жата қалысты. Етке сылқия тойғасын ба, бәрі де көңілді, дабырлай сөйлеп, тырқ-тырқ күледі. – Жігіттер, сақ болыңдар. «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» дегенді ұмытпайық, – деді Жұмабай, – бір тостаған мұздай айранды сіміріп алып сыртқа шығып белін босатқан соң. – Молдағали бастаған әтрат сияқты аттарыңнан айырылып, жаяу қалмаңдар – дей жаздап, өзін-өзі әзер тежеп қалды. Өзді-өздімен күбірлескен жігіттер сүт пісірімдей ғана уақыттан кейін сап тыйылып, тып-тыныш, құлаққа ұрған танадай болды. Біраздан кейін біреуі тісін қайрап, біреуі ыңырсып, енді біреуі қорылдай бастағанда Молдағали қасындағысының винтовкасын жайлап өзіне қарай тартып алды да, беліндегі оқ шанышқан белдемшесін ептеп ағытуға кірісті. Шалқасынан серейіп, жантәсілім болған кісідей ұйықтап жатқан жігіттің бетіне бетін тақап: – Әй, қорылдамай, адамның берекесін алмай ұйықташы, ұйықтасаң, былай қырыңнан жат, – деп әдейі аударып тастады да, босаған белдемшені оп-оңай суырып, кері шегінді. Жүресінен отыра қап жан-жағын тіміскілей көз жүгіртіп, сезікті ештеңе білінбегесін, көк шулан атын жетектеп қою қараңғылыққа сүңіп барып, атқа тақым салды. Ойы – таң жұлдызы тумай Қожахмет жерленетін қорымға жетіп Құныскерейдің жолын тосу. Егер сәті түссе, қанішер бандыны

қанға бөктіріп, өзінің атақ-абыройын аспанға бір-ақ шығару. Осы арманының орындалатынына өз көкірегі сенімді секілді... *** Құныс ата-бабасының қорымына екі-үш шақырымдай жер қалғанда ат тізгінін тартып, қараңғылықты тесіп өтердей өткір жанарын төңірегіне қадай, қадала, үңіле қарады. Басындағы сеңсең бөркін оң қолымен ептеп алып, тың тыңдады, тым-тырыс, күрең де құлағын қайшыламайды. Көңіліне күдік алар ештеңе сезбеген соң, ат тізгінін сәл-пәл солға бұрып, ілгері жүрді. Аздан кейін аттан түсіп, күреңді жетектей тұп-тура құбылаға бет алды. Қорымға шақырым жарымдай қалды-ау дегенде, еңкейіп тағы да тың тыңдады. Танауын көтеріңкіреп қорым жақтан ескен самалды жұтып еді, мұрнына түтін иісі келді. «Аһа, қорым басында адамдар бар екен, от жағыпты. Демек, олар мені сарыла күтіп отыр, әлде қабіршілер ме екен? Қалай болғанда да таяу барып бақылайын» деген оймен Құныс алға қарай қадам басты. Қадам басты да, аз-кем ойға берілді. «Бір өзімді бірдеңе етіп жасырармын, ал атты қайда қалдырамын? – деген сұрақ көкірегіне кептелді. – Қорымның сол жағында жарты шақырымдай жерде айналасына балақты ши өскен үлкен ойпаң бар еді, одан түйелі адам көрінбейтін, қазір қандай күйде екенін? Дәл үстінен шықпаса бұл арада терең ойпаң бар деп ешкім ойламайды. Оны білсе, тек Нұрғазы біледі. Күреңді сол арада қалдырып, өзім қорымға жаяу барсам ар жағын көре жатармын», – деп ойлады. Шолақ мылтығын оң иығына іле салып, күреңнің бет алдын сипалады, кекілін тарамдап, алдыңғы тұқайын көтеріп, шашасын төмен тартты. Бұл – атам қазақтан келе жатқан ат пен иесінің арасындағы тілсіз түсінісу: «пысқырма, үрейленбе, тұяғыңмен жер тарпыма», – деген ұғымды білдіреді. «Ақылды жылқы ғой түсінер, иесін жерге қаратпас», деп ойлаған Құныс шилі ойпаңға қарай беттеді. «Егер шилі ойпаңға қарауыл қойса ше? Қайда барсам да Қорқыттың көрі дегендей, тәуекел, басқа амал жоқ», – деп күбірледі де, адымдай басты. Құныс шилі ойпаңға ық жағынан таяу келіп, тың тыңдап, біраз отырды, ештеңе сезілмейтін секілді. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» деп ойлады да, жемтігін бас салуға бауырымен жылжыған жолбарыстай ілгері жүрді. Әр қадамын санап, жанжағына көз тастады. Кенет бәйге күрең селек етіп оң жаққа едірейе қарады. Құлағын қайшылап тынышсызданды. Құныс жүресінен отыра кетіп көз тікті. Анық көрді, атты адам, шилі ойпаңға құбыла беттен келді. Күреңге тырп етпе дегендей белгі беріп, ат қазықты жерге шаншып, шылбырдың артығын

түйіндеп тастады да, шолақ мылтығын қолтығына қысып, құс ататын кісідей еңкейіңкіреп алға жылжыды. Таяу барып тағы да бақылады. Аттан түсіп, серейіп тұрған адамға шамамен жиырма-жиырма бес қадамдай жақындап сәл-пәл тыныстады. «Бұл кім болды» деген сұрақ өз-өзінен туындаса да асып-сасқан жоқ, қайта онсыз да темірдей қатты денесі одан сайын қатайып, серіппелі қақпандай сіресе бастады. Құныс алдындағы адамға өткір жанарын қадап, үңіле қарағанмен, жыға тани алмады. Әрі бет-пердесін көре алмағасын тану да мүмкін емес еді. «Нұрғазы емес пе екен, жожоқ одан бойы биіктеу әрі мінген аты да басқа. Әлімнің жалғыз жүруі ақылға сыймайды. Жұмабай қорқақ түн жорытпайды. Молдағали ма екен? Ол есерсоққа мұндай мықтылық қайдан келеді? «Атаңда жоқ, арғымақ, анаңда жоқ, арғымақ дегендей. Қалай болғанда да мені өкпе тұстан күтіп, аңдыған, алдын ала жоспар құрған кісі екені белгілі. Әне, иығындағы мылтығын ердің қасына ілді, мұнысы несі әлде белінде тапаншасы бар ма екен? Өзі тіпті өз-өзіне сенімді ғой, асықпайды, саспайды. Тойға келген адамдай шалқайуын қарай гөр. Әлде менің тұрғанымды сезіп, әдейі жасаған айла-шарғысы ма? Қой, енді кешігуге болмас», – деп іштей күбірледі де, бір-екі қадамдай жылжып, кеудесін тіктей беріп еді, қарсы алдындағы кісінің аты мұны көрді ме әлде сезді ме, осқырынып, жер тарпыды. Сол-ақ екен, Құныс өзінің екі аршындай бойы мен жеті пұттан астам салмағын сезінбегендей бір-ақ ырғыды. Ұмар-жұмар, қарсыласының есін жиғызбастан дыбысын да шығармай астына басты. Осқырына атылып, кейін шегінген атты да бір қолымен тізгіннен ұстап қозғалтпады. – Өлдім, өлдім, – деді қырылдаған дауыс, – өліп барамын. Шынында да, өліп қалар деді ме, Құныс екпетінен құм қауып жатқан кісіні жаншып тастаған оң тізесін көтеріп, аздап тыныс берді. Сосын жауырынының ортасынан бүре ұстап шалқасынан сылқ еткізді де, кеудесінен оң қолының алақанымен басып тұрып: – Кімсің, не іздеп жүрсің? – деді күрек тісінің арасынан сыздықтата үн қатып. – Молдағалимын, Молдағалимын,– деді әлгі кісі дірілдеп. – Ә, атаңа нәлет, әкемді өлтіргенің аз болғандай, енді менің қанымды ішкің келді ме? Ақтың отын ақымақ өшірмейді, құдай айдап өзің тап келдің, қан тартқан екен, а? – Өлтірмеші, Құнеке, өлтірмеші, құлың болайын... – Әкемді атқан сен бе, шыныңды айт, айт деймін? – Жо-жоқ, Ақпан, Ақпан. Көрер-көзге тарс еткізді. – Малғұн, неге өтірік айтасың, ана дүниеде қиын болмай ма? –

Құныс сырт еткізіп қынабынан суырып алды да күміс сапты кездігін Молдағалидың кеңірдегіне тақады. – Құнеке, мен едім, мен, қара басып, абайламай, Ақпаннан бұрын атып жіберген. Құдай біледі, тиеді деп ойлағаным жоқ, қорқытайын деп ойлағанмын, имандай шыным... – Бұл араға неге келдің, мені атып өлтіріп, атақ-даңққа марқайғың келді ғой, а? – Жо-жоқ, Құнеке, жо-жоқ, жанымды қалдыршы, жансызың болайын, сенің жауың, менің жауым болсын, а, Құнеке? Құныстың қолы иесіне бағынбай кетті ме, кім білсін, әйтеуір, күміс сапты кездік жалт етіп, Молдағалидың кеңірдегін орып жіберді. Молдағали ышқынып, аяғын үш-төрт серпіді де, денесі қалтырап, дірілдеп барып жантәсілім болды. Құныстың бетіне екі-үш тамшы ып-ыстық қан шашырап кеп жабысып еді, жеңімен сүрте салды. Көкшулан осқырына кейін шегінді. Жақын жерден түлкінің шәуілдеген үні естілді. Құныс төңірегіне дереу көз тастап, тың тыңдап еді, мүлгіген қою қараңғылықтан өзге көзіне еш нәрсе шалынбады да естілмеді. Көкшулан аттың тізгінін ер қасына сірестіре қаңтарған Құныс шылбырын шидің түбіне орай салды. Молдағалиды аяғынан сүйреп балақты қалың шидің арасына апарып тастады. Тап қазір осы арада енді ешкім жоқтығына кәміл сенді. Адымдай басып қақшиып тұрған бәйге күреңді жетектеп шилі ойпаңға түсті. Ойпаң кең екен, ертеректе осы ара ағыл-тегіл су көзі болыпты да, кейінірек әлдеқалай себеппен суы тартылыпты. Соның орны ілкі мезгілде суатқа айналған көрінеді, одан үлкен етіп құдық қазылған. Бұл ойпаңға Қобда бойындағы ұрыстан кейін Жәрдем екеуі бір-екі күн паналағаны бар-ды. Ат үстіндегі айқаста мұны атабабасының әруағы қолдады ма, әйтеуір, атын шырқ көбелек айналдырып атқан оғы қарсыластарын баудай түсірген. Бұлар сегіз, ал олар отыз шақты. Төрт жолдасы жаһаннамға аттанды, ер жігіттер еді, ерлікпен айқасып өлді. Ойпырым-ай, сонда тапа тал түсте сенген тамырының жер соқтыра қапыда қалдырып, бармағын шайнағаны-ай! Бектемістің күдігін есептемей, өзін әншейінде сауысқаннан сақ санайтын бұл жаудың құрған тұзағына оп-оңай түсе қалды. Тұзтөбеден бері ығыса-ығыса, Қобда өзенінің төменгі сағасында отырған ескі танысының үйіне түстенбек болған. Шілде айы еді, ат соқты боп, кіл түн жортып шаршаңқырап келген бұларды танысы Омар жалпылдап қарсы алды. Келіншегі мен баласының Көкжардың базарына кеткенін, бірақ, құдайы қонақтарды қонақасы бермей аттандырмайтынын айтып жік-жапар боп, жалпылдады-ай кеп! Бұл Омарға сенеді, бұрын да екі-үш рет қона жатқаны бар. Аттарды айқастыра

байлап, өздері киіз үйге кіріп, мылтықтарын керегеге сүйейсүйей сап, жаюлы көрпенің үстіне қисая-қисая кеткен-ді. Омар үлкен-үлкен зеренмен қымыз әкеліп, дастарханның үстіне қойды да: «Сусындай тұрыңдар, мен ана бір шоқ талдың арасында көлеңкелеп жатқан жандықтардан бір бағылан алып келе қояйын», – деді. Сөзінде, қимылында күдікті еш нәрсе сезілмеген соң қымызын сіміріп, жантайып жата берді. Ал Бектеміс бұған иек қағып: «Мен ере барайыншы», – деп еді, «несіне әуре боласың?», – деп ыңғай бермеді. Сәлден кейін сыртқа шығып кеткен Жәрдем сұп-сұр боп қайта кірді де: «Шоқ талдың арасынан Омардан бұрын бір аттылыны көріп қалдым, сірә, солдат-ау деймін, тездетіп атқа қонғанымыз жөн болар», – деді. «Не дейсің, Бектеміс, байқашы» деді бұл қолындағы зеренді қоя салып. Жәрдем екеуі қайта шыға бергенде тарс еткен мылтық дауысы естілді. Бұл шолақ мылтығын іле, етігін киместен: «Аттарға сақ болыңдар», – деп сыртқа атып шықты. Үш жақтан үйге жақындап қалған аттыларды көзі шалды. Қанжармен шылбырын қиып жіберіп, ырғып атқа мінді. Боз атты шырқ айналдырып, үш-төрт рет оқ жіберіп еді, нысанаға дәл тиді. Құлап түскен Бектемісті, атына оқ тиіп омақасқан Еленді көрді. Көзіне қан толып, қарсы алдына кеп қалған жез мұрт солдатты қорғасын құйып өрген он екі өрме дойырымен қақ бастан ұрды. Екіншісі мұны атып үлгеріп еді, қорғасын оқ құлақ түбінен зу етті. Оны көздемей атып атының жалын құштырды. «Құныскерейді ұстаңдар, астындағы атын атыңдар» деген ащы дауысты анық естіді. Винтовкасын оқтаймын дегенше оң жақтағы солдат бұған бұғалық тастап дәл түсіріп еді, тартып үлгермеді, Жәрдем атты-ау деймін, арқаны салақтап бос қалды. «Құнеке, тез сол жақ қапталға қарай ұмтыл» деген Жәрдемнің айқайын естіп, теңбіл бозды ытқыта жөнелді, қапталдаса берген біреуін атып еді, шалқалай қисайып, атының үзеңгісінде аяғы кетті. Оның атын әуелі жалынан, сосын жүгенінен ұстаған бұл оны жау жаққа қалқалап, өзі боздың бауырына қарай екі бүктетіле еңкейіп ұзай берді. Жауған оқ дарымады, шоқ талдан өте бергенде бұған мылтық кезенген Омарды көрді, ол атамын дегенше бұл атып жіберді, оғының нысанаға тигенін сезді. Сол жағында жанай шауып Жәрдем келеді. Қалған алтауы жоқ. «Құтылдық, – деді Жәрдем артқа көз тастап. – Апырай, тура келген ажалдан сытылып шықтық». «Алтауы қайда? – деді бұл. – Қалдыбай мен Өмірзақ тірі ме?» «Жоқ, өлді, өз көзіммен көрдім. Елен жығылған аттың

астында қалып, енді тұрамын дегенде атып өлтірді, әй, айызым бір қанды-ау, қызылдардың он шақтысын о дүниеге жібердік», – деп күлді Жәрдем. «Төртеуінің обалына қалдым-ау, Бектеміс бірдеңе сезіп еді, мен ыңғай бермеп-ем», – деді бұл боздың тізгінін сәл тежеп. «Ажал ғой, Құнеке, ажал, ажал астан тәтті демей ме, қайтеміз енді, жазмыш солай». Бұл Жәрдемнің бетіне түйіле жалт қарап еді, анау бұған қарай жымиып көзін қысып қойды. Мына Жәрдем менен де өткен қанішер деп ойлады бұл сонда. Биылғы көктемде сол Жәрдемнен мәңгіге айырылды. Жау қолынан қаза тапты. Айтпақшы, өз оғымен өзін мерт етті. Үрейленудің не екенін білмейтін нағыз қаскөй болатын, қыршын кетті. Дереу сілкініп, ауыр ойды серпіп тастады да, адымдай басып барып көкшулан атты жетектеп келді. Екі аттың да ер-тоқымын сыпырып, жетектеп шығып, отқа жіберді. Шолпан жұлдыз тудыау дегенде, екеуін сықитып ерттеп, қоржынды көкшуланның беліне салды да, даладай ойпаңның екі бұрышына екеуін қақшитып қаңтарып тастап, өзі бейіттерге қарай бет алды, иығында шолақ мылтығы. Жемтігіне тойған көкжал бөрідей кердең-кердең басады, өзінен басқа өзге жұрт, өзге дүниені менсінбейтін сияқты. *** Әлім мен іңірде бейіт басындағы шаруаны реттеп ауылға қайта барған Нұрғазы бас болып Қожахмет қарттың денесін қос ат жеккен тарантасқа салып, үй-ішімен, көрші-қолаңымен қоштастырып, Борсандағы ата-бабасының қорымына жерлеуге алып жүрді. Қарттың ақтық сапарына он шақты еркек кіндікті ғана ерді де, әйел біткендер жылап-сықтап ауылда қалды. Кейде аяңдап, кейде бүлкілдеген қос ат пен атан жеккен екі арба түс әлетінде қорымның басына жетті. Келсе төрт-бес жігіт жалаңдап қабірді әзірлеп қойған екен. Әлім Нығметті оңаша шығарып алып: – Түнде ештеңе сезбедіңдер ме, төңіректі шолып шықтыңдар ма? Ертелетіп бейіттерді аралап көрдіңдер ме? – деп сұрады. – Әлеке, түнімен көз ілгеніміз жоқ, адам түгіл құс ұшпады бұл арадан. Меңіреу тыныштық, мекиен дала, таң ұзарып кеткен бе, атып болмады, – деді Нығмет шапшаңдата сөйлеп. Қарттың денесі тарантастан түсіріліп, қабірдің басына әкелінді. Балуан денелі шал қоңыр дауысымен сарнатып құран оқыды да, жадағайының етегін қағып орнынан тұрды. Сосын: – Уа, халайық, Қожахмет марқұмда ешкімнің қарызы жоқ па, айтыңдар, о дүниеде салмақ болады, – деп дауыстады.

– Жоқ, қарызымыз жоқ, – деді тұрғандар бір дауыспен. – Уа, халайық, иманды болғыр, Қожахмет жақсы кісі ме еді? Онда үш мәрте қайталаңдар. – Жақсы кісі, жақсы кісі, жақсы кісі, – деді тұрғандар бір ауыздан. – Онда марқұмның денесін қара жерге берейік, қабірші екі жігіт ішіне түсіңдер, – деді балуан денелі шал. Қабірші екі жігіт ішіне түсетін болып, сырттағылар кебінге оранған қарттың денесін көтеруге ыңғайлана бергенде кенеттен: – Сәл кідіре тұрыңдар, әкемнің бас жағын өзім көтерейін, – деген сырт жақтан зор дауыс естілді. Тұрғандар селк етіп, жалт қарасты. Қолында шолақ мылтығы бар Құныс таудай боп келе жатыр. Өңі түтігіп кеткен. Жүзіне адам қарап болмайды. Қолында қаруы жоқ жігіттер қапыда қалды. Әлім тапаншасына қол жүгірте бастап еді, Құныс: – Қолсыз қаламын демесең, лақтыр ана ойыншығыңды, – деді ақырып. – Әлім тапаншасын суырып алып, анадай жерге лақтырып жіберді. – Ассалаумағалейкүм, – деді Құныс жағалай тұрғандарға көз тастап. – Иманды болғыр әкем ешкімге қара ойламайтын ақкөңіл кісі еді... – Құныскерей, сабырлы бол, мүрдені кідіртпейік, қане, – деді жұрттан бұрын есін жиған балуан денелі шал. – Құныс, көтер әкеңнің бас жағын. Екі жігіт қабірдің ішіне секіріп-секіріп түсті. Құныс жалғыз өзі марқұмның бас жағын көтерді де, Әлім мен екі-үш жігіт аяқ, орта тұсынан демей көтеріп қабіршілерге берді. – Бас жағына аздап топырақ төсеңдер, иә, иә, дұрыс, – деді қабірге үңіле қарап тұрған балуан денелі шал. – Нұрғазы, қабір ішіне сен де түсші, ыңғайлысың ғой. Осы бір қарбалас сәтті пайдаланған божышы жігіт жерде жатқан тапаншаны қағып алып, Құнысқа кезенерін де, кезенбесін де білмей сасқалақтап әбігерге түсті. Көкірегінде екі ой тұрды. Біреуі әуре болма, я өзіңді, я біреуді жазым етерсің десе, енді біреуі қимылдайтын тұсың осы, мүлт жіберме, абыройың аспандайды деп түрткілейді. Ақыры соңғысы жеңді. Ол тапаншаның құлағын кері қайырып, екі-үш қадам ілгері аттады да, Құныстың жауырынын іздеді. Әне, жауырыны анық көрінді, міне көздеді, енді шүріппені басамын дегенде, тарс еткен мылтық дауысы шықты да, оң қолы тыз ете қалды, тапанша қолынан ұшып кетті. – Күшік, қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырып нең бар? – деді Құныс шолақ мылтығын иығына асып. – Жалт

қараған жұрт аң-таң, бүктүсіп, оң қолын қыса ұстап божышы жігіт отыр. Абдырап қалған адамдарға басу айтқаны ма, кім білсін, Құныс жұрттан бұрын еңкейіп қабірдің бетіне салатын тақтайды түгелдей көтеріп алып қабірдің ернегіне қойды да: – Кешірерсіздер, әкем басында оқ шығармайын деп ойлапем, әнебір қанталақ қару кезеніп шүріппені басуға ыңғайланған соң, амалсыз, – деді Құныс жарықшақтау дауыспен. – Қансырап қалар, біреуің ананың жарасын таңыңдар, – дегенді қосып қойды. Әлім қып-қызыл боп қызарып кетті. «Бүлдірді-ау, көргенсіз, қап тапаншаға ұмтылғанын қалай байқамай қалдым. Енді Құныс алдырмайды, ел алдында абыройдан біржола айырылдық-ау» деп ойлады. Ойлады да, жерде жатқан күректі қолына ұстап қалтиып тұрып қалды. Шолақ мылтығын иығынан алып, жанына қойған Құныс қолындағы күрегін кезекке берместен қабірден шыққан топырақ қабір үстіне қайта үйіліп біткенше сілтеді, сәл тыныстап, белін жазған жоқ. Жаңағыдай біреу мылтық кезенер я болмаса қарулықарулы бес-алты жігіт жабыла кетер деп ойламады да, әлде жабылғанда осы шіркіндер не бітірер дейсің деді ме, әйтеуір, жан-жағына алаңдап, тұрғандарға көз қырын да тастамады. – Ал, шырағым, болды, таста күректі, – деп балуан денелі шал ескерткенде барып басын көтеріп, бойын тіктеді де, сеңсең бөркімен бет-аузын сүртті. Тұрғандардың бәрі құбыла бетке бес-он қадамдай шегініп, тізерлей отырды. Балуан денелі шал құран сүресінен ұзақ аят оқыды. Екі қайтарыла оқылған аяттан кейін жыртыс таратылды. – Балуан ата, әкеме дәуір шығара алмайсыз ба? – деді Құныс шалға қарап. – Мен де өлі мен тірінің арасындағы адаммын ғой, шырағым. Марқұмның обал-сауабын мойныма алу тым ауыр. Қожекеңнің рухына кешеден бергі бағышталған құран сөзімен, жылы лебіздер Алланың құлағына шалынсын, иманды болсын, жарықтық. Тілегі дұрыс екен, жалғыз баласы өзің келіп, топырақ салдың. Қайда жүрсең де жолың ашық, сапарың оң болсын! – деді қарт қоңырқай үнмен. – Ал, аттанайық. Құныс селк етпестен қабір басында қақшиып тұрып қалды. Қос ат жеккен тарантас пен түйе жеккен арба толы адам орнынан қозғала берді. Салт аттылар аттарына тақым салды. Ешкім мылтықтарын бандыға қарай кезенбеді. Сәлден кейін Құныс қабір басына тізерлей отырды, бұл отырыс не отырыс екенін ешкім ажырата алмады. Әлім бір шешімге келе алмай іштей толқыды. Қазір тап

берсе, я болмаса көздеп атса, бәрібір қан төгіс, адам өледі. Оңайлықпен Құныс берілмейді. «Қой, мұны айдалада, жүрер жолынан күтейін, тәуекел» деген ойға бекінді де, арба қозғала бергенде жанындағы Нұрғазының құлағына сыбырлап: – Не істейміз, мына бандыны қалай тұзақтаймыз? – деп еді, Нұрғазы басын шайқап: – Ол қазір бәрімізді де мерт етеді, көрмейсің бе, жанын шүберекке түйіп келіп отыр ғой. Үндемей-түндемей аттанып кетейік, сосынғысын көре жатармыз, – деді. Аттылысы, арбалысы бар, өне бойларын үрей билеген бір топ адам қорымнан жүз-жүз елу қадамдай ұзай бергенде, дереу орнынан атып тұрған Құныс: – Әлім, тоқта, Нұрғазы екеуің бері келіңдер, – деп айқай салды. Әлім тілге келместен арбадан секіріп түсті де, кідірместен ілгері аттады. Артынан Нұрғазы ерді. Ат үстіндегі Сағын винтовкасын иығынан алып, Құнысқа кезеніп еді, қолы қалтырап, жүрегі жиі-жиі соғып, көз алды қарауытып кеткен соң винтовкасын ердің алдыңғы қасына іле салды. Басқалары тырп еткен жоқ. Жақындап келген екеуге сұспен қараған Құныс: – Әлім, саған айтарым, анау қалың шидің ішінде Молдағалидың денесі жатыр. Өзі де ит еді, ит өліммен өлді. Нұрғазы, саған айтарым, әкемнің басын қарайтарсың. Жалаңаш қалса, топырағын жел үрлей-үрлей тауысады ғой. Сау-саламат бол. Айтпақшы, Молдағалидың мылтығы өзінде, тек белдемше оғы мен көкшулан атын алдым. Ал, жақсы әзірге... Құныс кердеңдей басып топ-топ шилерге қарай беттеді. Аңқиып екеуі қалды. Ол екеуіне Құныс не айтты деп аңқиып арбадағы, аттағы топ қалды. Ешкім қару көтеріп батылдық жасай алмады. Қолында қаруы, көкірегінде оты бар еркек біткеннің бәрі жалғыз адамнан сескеніп, ез болып, еңкейіп қалды. Сүт пісірімдей уақыттан кейін бәйге күреңге мініп, көкшулан атты жетекке алған Құныс шилі ойпаңнан қылт етіп шыға келді де, құбылаға қарай жортып кетті. Аңтарылған топ сол орындарында аңқиып тұра берді. *** Құныс сол жортқаннан аттан түспей бел-бел шағылды кесіп өтіп, Ақкөбеге ат басын тіреді. Жылқышы Құдайбектің қараша үйінің сыртына кеп: – Ау, кім бар-ау, хабарлас, – деді көтеріңкі дауыспен. Үй ішінен кішкентай баласын көтеріп қара торы өңді, толықша келіншек шығып сәлемдесті. «Өңдісін-ай мына келіншектің» деп ойлаған Құныс:

– Есенбісің, келін. Құдайбек үйде жоқ қой шамасы, – деп жанарын келіншектің жүзінен аударып әкетті. – Жылқыға кеткен, үй иесі болмағанмен, үйі орнында ғой, қайнаға. Түсіңіз, құдайы қонақ болыңыз. – Рахмет, шырағым, шөліркегесін ат басын бұрып-ем. Құныс аттан түсті. Асықпай екі атты кермеге байлады. Шолақ мылтығын қарына іле үйге кірді. Келіншек жүгіре басып, мосыға су толы шәйнекті іліп, астына кепкен ақ тезек қалады. Жүгіре басып су толы құман мен жез шылапшын әкелді. Құныс беті-қолын жуып, төрге жайылған көрпенің үстіне отырды. Лезде дастархан жайылып, үсті түрлі тағамдарға толды. Құныс шайды ұзақ ішті. Борша-борша боп бақайшығына шейін терледі. Мұндай қаймақ қатқан қою күрең шайды ішпегеніне біраз болып еді. Әйтеуір, бір шәугім қайнаған суды жалғыз өзі тауысты. – Қайнаға, рұқсат етсеңіз, қазан көтерейін, – деді келіншек қонағына жалтақ-жалтақ қарап. – Рахмет, шырағым, осы шайыңның өзі етке тұрарлық, енді бір шыныаяқ құй, сосын аққұманыңды сарқып бір құярсың, сонымен аяқтайын, – деді Құныс тершіген маңдайын қайтақайта сүртіп. – Онда енді асықпай шай ішіңіз, тағы да еселейін, – деді келіншек бәйек болып. – Жоқ, қарағым, әбден қандым, мерейің үстем боп, балашағаңның қызығын гөр! – деді Құныс шын пейілімен. – Ерте, ерте, ертеде Үнді падишасы кең сарай тұрғызып, төрт жағынан төрт есік шығарған екен дейді. «Төрт жақтан келген мейман төрт есіктен кіріп, төрге жайғаса берсін, оларды күтуге төрт жігіт әзір тұрсын. Үйіме мейман келмесе, дастархан жайылмаса, бұл үй – моламен тең» депті-міс. Сол аңыздағыдай көңілің ашық, көкірегің ояу жан екенсің, береке-байлық басыңнан, босағаңнан кетпесін! – Рахмет, қайнаға, айтқаныңыз келсін, – деді келіншек басын иіп. Құныс ас қайырып, дастархан жиылған соң сыртқа шықты. Төңіректі көзімен шолып өтті де, екі атты жетектеп барып, құдықтан суарды. Бәйге күреңнің ер-тоқымын сыпырып, жұмсақтау жерге аунатып, қайта ерттеді. «Менің ізіме Әлім бірден түсе қоймайды, – деп ойлады Құныс. – Жан– жағын жинақтағанша, алыс-жақынмен хабарласқанша біраз мезгіл, шамамен бір күндей уақыты өтеді. Ол ертең ертелетіп немесе бүгін кештетіп қуғын салуы мүмкін. Ал оған шейін мен Сорқияқтан асып кетсем, ар жағы – құлазыған қу дала. Әлде... Жоқ, енді кідірсем, мерт болуым хақ.

Тәуекел, қаңғыған оқ кеудемді тесіп өтпей тұрғанда қарамды батырайын. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деген». – Келін шырағым, пейіліңе, құрметіңе көп рахмет. Құдайбек ініме дұғай сәлем айтарсың. Сау-саламат болыңдар, – деді Құныс екі атты жетектеген бойы киіз үйге таяу келіп. – Қайнаға, қымыз ішпейсіз бе? – Жоқ, шырағым, шайға әбден қандым ғой. – Мынау жол азығы, піскен қазы, ірімшік-құрт, аздаған жент, бір таба нан бар. Аз болса да көптей көріңіз, қайнаға. – Ой-бой, қарағым-ай, босқа әуре боп... – Құныс келіншек берген дорбаны көкшулан аттың үстіндегі ердің қасына ілді де, бәйге күреңге тақым салды. – Жорытқанда жолыңыз болсын, қайнаға, – деді келіншек тақ-тақ етіп. – Саламат бол, шырағым. – Құныс келіншекке көз қырын салмастан жортып кетті. Алда шетсіз-шексіз бұған бейтаныс сайын дала, ұзақ сапар жатты. «Апырай, мына келін мені танып тұр-ау, шамасы. Дастарханы да, сөзі де келісті-ақ. Көрегенді босағадан шыққан болды-ау! Сіренке, қатпа қара Құдайбектің ырысы мол екен осындай қатынға кездескен», – деп күбірледі де, анадай жерде қауқиып отырған қарақұсқа көзі түсіп жымиды. Болмысына қарасаң, тау бүркітімен пара-пар, бірақ Алла тағала бұған жүрек бермеген. Қоянның көжегі мен балпаққа тырнақ батырғанына мәз. Адамдар да солай, біреу батыр, біреу қорқақ, біреу мешкей, біреу тоятшыл, сабырлы, – деп ойлады да, шолақ мылтығын тақымынан суырып алып, жаурынына асынды. Ауыздығымен алысқан бәйге күреңнің тізгінін сәл-пәл босатып еді, есе жөнелді. Бағыты – тура күншығыс. *** «Облыстық ГПУ-дің бастығы Журин Гурьевтен шықты, бір-екі күнде Қызылқоғада болады, қарсы алуға әзірленіңіз» деген радиограмманы қолына алған Әлім бас-аяғын жинап, қызметкерлерімен мәжіліс өткізуді ойлады да, бұл ойынан тез айныды. Кіші бесінге таман облыстық партия комитетінің осындағы төтенше өкілі Байғожаевқа кіріп, болған уақиғаны баяндады. – Естідім, естідім, жаман хабар жата ма, менің ұсынысым, сен Құныскерейдің артынан дереу, тіпті тап қазір аттанып, қуғын сал, ең болмаса бағытын біл. Мен төрт-бес адаммен Журинді қарсылап мән-жайды түсіндірейін. Қасыңа әлгі ізшіні ертіп ал, ол қайда өзі? Молдағалиды үйіне әкеліпсіңдер ғой, қазір кіріп шығайын деп отырмын. Онысы-мұнысына көмектес, жоғын тауып бер деп көмекшімді жібергенмін. Байғұс аңқылдаған ақкөңіл кісі еді. – Рахмет, Сәке, онда мен жолға дайындалып, он шақты

қызметкеріммен екіндіде аттанып кетейін, Нұрғазы менімен бірге, ізшіні айтамын. Сізден тағы қандай нұсқау болады? – Ал, жолың болсын, бандыны ұстай алмасаң да, енді оралмайтындай етіп үркітіп қайт, – деді өкіл жымиып. – Бостанбосқа далбақтап шаба бермей, аңдысын аңдысаңдаршы. Әлім өкілмен қоштасып сыртқа шықты. Есік алдында тұрған Жұмабайға жағдайды айтып, жолға тез жиналатындардың аттарын атады да, өзің осы жерге ие боласың дегендей әртүрлі нұсқау берді. Көкірегіне өкілдің мысқылы хатталып қалды. Қолыңнан түк келмейді, сендердікі бос жүріс дегенді аңғартып тұр. Журинге мұны тап басып жамандамағанмен, ептеп өзінің солақай пікірін білдіруі мүмкін. «Онда тұрған не бар, айтса айтқандай ғой біздің жүрісіміз. Құныскерей мысық, біз тышқан сияқтымыз», – деп күбіреледі де, қолын бір сілтеп үйіне қарай жүрді. *** Қызыл екіндіде он екі адамнан құрылған қарулы шағын әтрәт Керамқастың оң жағымен тұп-тура терістік пен шығыстың ортасына қарап жол тартты. Топ алдында Әлім мен Нұрғазы. Ұлығып жүрген ірісі-уағы бар он-он бес шақты иттің ішінен бұларға біреуі ғана шәуілдей үрді де, сап тыйылды. Сәлден кейін бір қаншық үшін айқас басталып кетті. Қай жеңгенің менікі дегендей, қаншық майдандасып жатқан төбеттерге қысыңқы көзімен сығырая қарап, тілін жалаңдатып қояды. – Негізгі бағытымыз қалай, қайда бара жатырмыз? – деді Әлім Нұрғазымен тізе қағыстыра жортып. – Ұзап кетті ғой ол, енді бізге жеткізбес, дегенмен бағытын анықтап алсақ, соңынан қумай алдын орауға қам етер едік. Ізі Ақкөбеден бір шаң беріп қалар. Ар жағын бір құдайдың өзі білмесе, – деді Нұрғазы астындағы атын сипай қамшылап. – Егер ізін шатастырып Тайсойғанға қайта оралып жүрмесе ол қу, бізді әбден мазақ қылып бітті-ау! Қасында тұрып, дәрменсіз күйде қалдық. Енді ондай сірә болмас. Тап осылай ашық келеді деп шынымды айтсам ойлаған жоқ едім. Ойпырымай, не албастысы бар бұл малғұнның, а? Мүмкін жігіттерді ыммен ұйымдастырып, қабір басында бас салу керек пе еді? – Көңіліңе келсе де айтайын, сенің бұл сөзің шаршаған сөз. Ол қандай айқасқа да дайындалып келді ғой. Әйтпесе тал түсте, ашықтан-ашық келетін дию емес қой ол. Сенің бес-алты жігітің оған шүлдік, қырып тастайды. Көрдің ғой тапанша кезенген көмекшіңнің не күйге ұшырағанын. Желкесімен де көреді ол қанішер, қайта үндемей-түндемей, сен жақсы, мен жақсымен аттандырып жібергеніміз ақылды іс болды. Жұмабайдың

айтуынша, марқұм Молдағали өзі келіп түсіпті ғой қақпанға, қан тартқан екен, «біреудің ажалы судан, біреудікі – оттан» дегендей. – Имандай шыныңды айтшы, іштей Құныскерейге жақтас емеспісің, сенің көзіңнен сондай бір жанашырлықты көргендей боламын да тұрамын, әлде аталаспысың? – деді Әлім Нұрғазыға үңіле қарап. – Ойдөйт дерсің, менің оған жаным ашымайды, одан сескеніп қорқамын. Кесапат қой ол, егер қаны қарайса, қарсыласын қайткенде де өлтіріп жібереді. Ал кімнің бостан-босқа өлгісі келеді дейсің, қатын ауру, бала жас дегендей. Ал ру жағын сұрасаң, ол ысық мен барақ тазбын. – Кімнің ішіне кім кіріп шыққан, бірақ сені Құныспен байланыстыратын бір жіп бар секілді. Көзім тура жетпеген соң, айғақты алға салып, дәлелдеу де қиын. Айтшы, кәне, аттанып кеткен бандыға әкеңді атып өлтірді деп хабарлаған кім? Біреу айтпаса, ол жауырын қарап білді дейсің бе? Шағырдың бар қазынасын бөктеріп, өзін өлтіргеннен кейін оның алыс сапарға аттанғаны бесенеден белгілі жайт. Ал соны қуып жетіп, жаманат хабарды құлағына құйған жел емес, әйтеуір, адам ғой, адам. Сол опасыз кім? Әйтпесе мынадай тосын уақиғаға ұшырамас едік. Сол жаманатты естірткен кісінің мойнында Молдағалидің қаны, оның шиеттей, үйелмелі-сүйелмелі үш баласының обалсауабы соның мойнында, білдің бе? – Әй, Әлім, сен өзің қызына-қызына бар пәлені менің мойныма артып, құрдымның түбіне бір-ақ жібергің келеді-ау, сірә. Білдің бе, дейсің? Мен не біліппін соншама? Айтатыныңды ашық айт, тұспалдамай. Құныс кім, мен кім, оны түсінетін уақытың болған сияқты. Шынтуайтқа келсең, Құныстың ізіне қалайда түсесің деп мені ешкім зорлай алмайды. Аурумын деген сылтаумен жатып алсам, аяғымнан сүйреп атқа мінгізбейді ғой. Менікі сенің көңілің үшін, көктемде де солай, қазір де солай. Ал маған қарап көз аларта берсең, аттың басын ауылыма бұрамын, – деді Нұрғазы қатулана сөйлеп. Үнсіздік. Күн көзі дөңгеленіп екінді мен ақшам арасында тұр. Жүрістері суыт он екі атты сар желдіріп келеді. Ат үстіндегілер бір-біріне тіл қатуға ерінетін секілді. Әркім өз ойымен өзі әуре. Әлде банды Құныскерейдің атқан оғы қайсымызға бұрын тиер екен деп уайымдай ма, әлде осы көріңде өкіргір Құныс бел асып жеткізбей қойса екен дей ме, әлде сәл кейіндеу келе жатқандарымен алдағы екеуінің ажарсыз әңгімелерін естіп, көңілдері ортайды ма, әйтеуір, сырт-сырт еткен ат тұяғының дыбысынан өзге ештеңе естілмейді. Тайсойған ішін біраздан бері өзіне қоныс еткен жалғыз бұлан анадай жерде едірейіп

бұларға қарап тұрды да, басын шайқап-шайқап жіберіп, ойпаңға түсіп көрінбей кетті. Адам көзіне тым сирек түсетін жалғыз бұлан да жүргіншілердің көңілін өзіне аудара алмады. «Ана бұланды қара», «Ойпырым-ай, сиырдай екен», «Семіз шығар», «Атып алар ма еді», «Қой, обал ғой», «Сыңары қайда екен?», «Мен анада да көргенмін» деген келте қайырым сөздер ешкімнің аузынан шықпады. – Артығырақ кетсем, кешір, – деді Әлім күңк етіп. – Мына банды жүйкеге тиіп бітті ғой. – Көпті көрген көсем жігітсің, ойнап айтсаң да ойыңдағыңды айтқан шығарсың-ау. Бірақ менің сәл нәрсені кек қылмайтыным өзіңе бесенеден белгілі ғой, – деді Нұрғазы атын сипай қамшылап. Сосын топ назарын әдейі өзіне аударып, сәл-пәл болса да көңілдерін көтергісі келді ме, әлде жаңағы бір Әлім екеуінің арасындағы кикілжің сөзді өз көңілінен қуып шыққысы келді ме, қоңыр дауысын көтеріп әнге басты: ...Ауылым Ақкөбенің Ойтаңында, Қалқатай, соға кетші қайтарыңда. Ашиды көкірегім сені ойласам, Ғашықтың дерті ғой бұл – байқадың ба?! А-хау, ақша жүзді қарғам-ай, Үлпіл мамық тамақтан Бір сүйгізсең – арман-ай! – Па, шіркін! – деп қалды Әлім, – әнші екенсіз ғой жүдә, бас қамшыны, Нұреке! ...Көрдім де, қалқатайды құшқым келді, Құшақтап көк аспанға ұшқым келді, Қалқатай бір өзіңнен басқа қызға Қарасам, айнып жүрек құсқым келді. А-хау, ақша жүзді қарғам-ай, Үлпіл мамық тамақтан Бір сүйгізсең – арман-ай! – Әй, шіркін, сөз-ақ. Осы кімнің әні? – деді Әлім желпіне үн қатып, – ғажап қой мынау... – Осының сөзі де, сазы да Зімбілдікі ғой. Оның өзі шығарған тағы да әндері бар. Бірақ жаратқан ием оған өнер берген де, берекет бермеген, мылжың, аузына не түссе соны сөйлей береді, адамды мезі қылады. – Қойшы-ей, осындай тамаша әнді Зімбіл шығарған, шырқаған дегенге сенгің келмейді. Кәдімгі қисық ауыз Зімбіл ме? – Иә, Назым есімді сүйген қызы басқа біреумен Көкжар жаққа қашып кетіп, соны күндіз-түні уайымдап аузы қисайып қалған дейді ғой жұрт.

– Апырай, ә, мүмкін, мүмкін. Ақындар өте сезімтал болады, осындай әнді арнаған Зімбілді жүрегі бар қыздың тастап кетуі мүмкін емес. Бір тентек алып қашқан шығар? Нұреке, бары осы екі шумақ па, әлде тағы бар ма? – Бары осы. Оның өлең сөздері қысқа келеді, шолақ қайырылады. Мысалы, – дей бергенде, арттағылардың бірі. – Апырай, анау қасқыр-ау, күшіктерін ерткен, – деп қалды. – Кәне, кәне? – деп біреулер мойнын созды. – Әлеке, қусақ қайтеді, кәміл қасқыр екен, – деді біреу дауыстап. – Желікпеңдер, адамның қасқыры Құныскерейге күш сақтайық. Қуғыш болсаңдар, соны қуып жетіп көріңдерші? – деді Әлім. Нұрғазы мырс етіп, бөлтіріктерін қапталдастыра зымырап бара жатқан қаншық қасқырдың соңынан тесіле қарады. *** Түн ортасына таман иттерді шулатып, дүбірлете үй сыртына келген бір топ жүргіншіден келіншегінің қасында жайбарақат ұйықтап жатқан Құдайбек шошып кетіп сыртқа ұйқылы-ояу атып шықты. Қалтиып тұрған үй иесін көзі шалған Нұрғазы: – Құдайбекпісің, мен Нұрғазымын ғой, бері қарай жақында, – деп өзі де қарсы жүрді. – Ассалаумағалейкүм, Нұреке, ойпырым-ай, жай жүріс пе? Шошыттыңыз ғой тіпті? – Әліксәлем, жылқышы жігіт, үй-ішің аман ба? Жүрісіміздің қатты екенін өзің де көріп тұрсың ғой. Құнысты қуып келе жатырмыз, ал бізге сусын әкел, шөліркедік. Сосын әңгімелесерміз. – Қазір мен Батиманы оятайын, шай әзірлесін, – деп Құдайбек бұрыла беріп еді, Әлім: – Інішек, аман-есенбісің, мезгілсіз уақытта келінді әуре қылма, ұят болар, бізге шалап болса да жарайды, – деп кідіртіп тастады. Осы сөзден кейін Құдайбек киіз үйдің қасындағы кішкентай күркеге қарай қадам басты. Күпшелек толы қымызды сарқа ішкен топ астарына ештеңе төсеместен қара жерге қисая-қисая кетті. Әлім мен Нұрғазы Құдайбектің қасында күңкілдесе сөйлесіп отыр. Жаңа ғана мына жүргіншілерге шабалаңдаған бір қаншық пен бір төбет енді үйден ұзағырақ шығып, шығысқа қарай арсылдай бастады. Бірақ оны елең қылған ешкім жоқ, иттің міндеті үру емес пе деп ойлаған тәрізді ме, қалай, әйтеуір, мазасызданған бір адам болмады.

– Сонымен, шайды асықпай ішіп, аттанып кеткен ғой, – деді Әлім. – Сонда кіші бесін шамасында атқа мінді дейік, ол пәлекет бізден қарасын үзіп белден-бел асқан екен. Енді қуып жету қайда? – Солайы солай, – деді Нұрғазы, – бірақ үмітімізді үзбейік, Шәңгілдіктің тұсынан бір із кесейік, егер одан әрі кетсе, ақылдасып көрерміз. Қазір аттанайық та, Саралжын көлінің маңына барып көз іліндірейік, егер қарсы болмасаң? Әлім бірден жауап бере қоймады. Ойлы жүзін Нұрғазыға бұрып біраз отырды. «Қанша қанішер, қанша мықты болса да Құныс жалғыз ғой. Сонда жалғыз адамға бұғалық сала алмай, анда-мында шапқылаумен уақыт өтті. Тіпті естір құлақ пен айтар ауызға ұят. Ол өз дегенін жасайды, ал біз оның қолбаласы сияқтымыз. Құдай біледі, осы Нұрғазы – Құныстың жанашыры. Жанашыры болмаса, «әкемнің басын қарайт» деп оған неге өтініш етеді, оны маған неге айтпайды? Демек, екеуінің арасын байланыстыратын бір жіп бар секілді. Қазір де мына ізші түс көрген кісідей немесе көріпкелі бардай-ақ тұспалдап отыр. Бізді Құныстың қарауылына айдап апарып,өзі тайып тұрмасына кім кепіл. Бұған өне бойы аржайылық білдірмей, сәл-пәл тұйықтау мінез көрсеткенім дұрыс шығар. Құныстың бізге енді қарасын да көрсетпейтінін бұл қу біліп, сезіп отыр, бірақ сыр бермейді. Не болғанда да мұның айтқанын істеп, айдағанына жүрмей, өзімше шешім жасауға әрекеттеніп көрейін» деп ойын сабақтаған ол: – Жігіттер біршама дамылдасын, таң қылаң бере атқа мінейік, – деді Нұрғазыға қарап. – Бұл сөзіңнің де жаны бар, – деді Нұрғазы орнынан тұрып. – Құдайбек, осы жерге алаша немесе киіз төсей салсаң, сосын Әлекеңе бір төсеніш әкел. – Қой, әуре болып неғыласың, қажеті жоқ, – деген Әлімнің сөзіне қарамастан Құдайбек үйден көрпе, көпшік әкеліп, Әлім мен Нұрғазыға төсек салып берді. Шолпан жұлдызы жарқырай туып, таң енді-енді қылаң бере бастағанда шағын әтрәт аттарына мініп шығысқа қарай жол тартты. Екі ит қосарлана жүгіріп, арсылдай үріп, әйдім жерге шейін жүргіншілерді шығарып салды. *** Құдайбек үйінен кіші бесінде аттанған Құныс Шәңгілдіктің тұсынан өтіп барып күн көзі ұясына батар-батпаста ат басын ірікті. Артынан қуғын жоқтығына көңілі сенген соң, асықпай, екі аттың да ерін сыпырып жетектей жүріп, аунатты. Сосын анадай жердегі Сағыз өзенінен суарып отқа жіберді. Кермектеу болса да өзен суынан өзі де жұтып-жұтып алды. Көгалдау тұсқа

тоқымды жайып, серейіп жата кетті. Сол жатқаннан қылаң бере оянды. Қатты ұйықтап кетіпті. Түсінде Айбаланы көрді. Жалаң аяқ, жалаң бас мұның соңынан жүгіріп келеді. Бұл оған «қал» деп ақырады, ол қалар емес. «Апырай, – деп ойлады бұл, – жақсы ырым емес, тағы бір кесірге ұшырамасам неғылсын». Басын көтеріп төңірекке көз жүгіртті. Бәйге күрең жусап тұр екен де, көкшулан жатыр. «Тексіз жылқы сиыр сияқты серейіп жата береді, бірақ жетекке алғаным дұрыс болды, онымұнымды артып қойдым» деп іштей күбірледі. Адымдай басып өзенге келіп мұздай сумен жуынып, етек-жеңін түрінді. Қайта оралып, қоржыннан суырып алған кішкентай жез шәйнегін суға толтырып, от жағудың қамына кірісті. «Алда кедергіге тап болмасам, Әлім мені қуып жете алмайды, ал Нұрғазының «алдыңда тосқауыл бар» деген сандырағының жаны бар, Сарқамысқа соқпай, Мұғалжар бетімен Жемнің төменгі сағасына бір іліксем, ар жағын көре жатармын. Адайларға соқпай, бірден Түрікпен асып кетсем бе екен, өзге ел ғой. Құдайға шүкір, қаражатым бар» деп толғанды ол іштей. Осындай шешімге келген Құныс тамақтанып алды да, күн шығар-шықпаста атқа қонды. Аттардың тұяғы кіріксін деп ойлады ма, өзен суын ат тұяғына бастыра жағалай жортты. *** Әлім бастаған топ Шәңгілдіктің тұсынан Құныстың ізін шығарып, оның түнеген орнына шейін тауып шұқшия қарап, бастарын шайқап тұрғанда күн көзі өзінің шырқау биігіне көтерілген-ді. Үнемі жортып отыруға астындағы аттарының жарамайтынын байқаған Әлім Нұрғазыға: – Нұреке, не ойың бар, не істейміз, неде болса ізімен ілгерілей береміз бе, әлде доғарамыз ба бұл қуғынды? – деді қарлыққан дауыспен. – Қайдан білейін, бәйге күрең бізге қарасын көрсетпей ме деп қорқамын. Аттарымыз да нашар, күні-түні жортуға жарамайды, дегенмен Жем бойына дейін қуып көреміз бе, әлде, – дей бергенде Сағын қабаттасып: – Атаңа нәлет, Құнысты індетпей қайтпайық, – деді қызынып. – Енді көзімізге бір көрінсе құтқармас едік. – Сағын, мықты болсаң, кеше қайда қалдың? Ол бізге жеткізбейді, босқа әуре боламыз. Жеткен күнде де алдырмайды, санап атып бәрімізді жаһаннамға жібереді, сосын айдалада көмусіз қаламыз, – деді Нығмет күрсініп. Әлім жанындағы серіктеріне жағалай көз тастап еді, көбі көңілсіз, бастары салбырап, жанарлары аяқтарының ұшына қарайды. Сағыннан басқа құлшынып тұрған ешкім жоқ.

Атышулы қарақшыны артынан қуып олжа таппайтындарын біліп-сезіп тұрғандай-ақ сүмірейеді. Жаңбыр жаумай, су болды деген – осы. Әлім әрі ойлап, бері ойлап, өз көкірегімен өзі ақылдасып, алды-артын безбендеп, ақыры Нұрғазының ұсынысына қосылды, құптады. Аз-кем ат шалдырған топ Құныстың бағытымен аттанып кетті, алда ізші. Сол жүргеннен бұлар екі күн бойы ұдайы жүріп Жемге жақындап еді, алдарынан түйе арбалы жолаушы кездесті. Жас жігіт, Ойыл бойындағы ағайынын іздеп келеді екен, сәті түссе, Көкжар базарына да түспекші көрінеді. Жетегінде семіз атаны бар. Жөн-жосық, амандық-саулық сұрасқаннан кейін: – Інішек, Құныскерейді көрмедің бе, астында күрең аты бар, жетегінде көкшулан аты болуы керек, – деп Әлім тосыннан сұрақ қойды. – Көрдім, кеше кеште жолай кездесіп, сосын бірге түнедік, жөнін айтқан жоқ. Мылтығы бар, ұзын бойлы, сұсты кісі. Таңда аттанып кетті, аттары дәл сіз суреттегендей. Менен торсығына аздап су құйып алды. Бірақ мен Құныскереймін деген жоқ. – Бағыты қалай? Байқаған жоқсың ба? – Алаң-көбеңде нені байқайын. Айтқаны, «жолай бір үйге түстеніп едім, содан шөліркеп аңқам кеуіп келе жатыр еді» деп шайды ұзақ ішті. Маған піскен ет берді. Мені буындыра салып, атанымды жетектеп кете ме деп түнімен ұйықтай алмадым. Тым қорқынышты адам еді-ау, бәсе банды Құныскерей екен ғой. – Жарайды, жолыңнан қалма, – деді Әлім атын тебіне ілгері ұмтылып. Аттарының болдырғанына қарамастан, шағын әтрәт түнде далаға қонып, күні бойы жүріп үшінші күні сәскеде Жем өзенінің сағасына ат басын тіреді. Өзен бойында сиректеу болса да ел бар екен. Аттарын суға қандырып, өздері жуынып мәре-сәре боп қалды. Біраздан кейін Нұрғазы екеуі жаяулап шеткерірек тігілген киіз үйге бас сұқты. Үй ішінде екі-үш қара домалақ балалардан өзге ешкім жоқ екен. Олар тосын адамға ауыздарын ашып, бақырая қарайды. – Бұл үйдің ересектері қайда? – деді Әлім жас шамасы төртбестердегі қыз балаға қарап. Жауап ала алмаған ол қолын бір сілтеп кейін шегінді де: – Кеттік келесі үйге, – деп алға түсті. Келесі үйден ұзын бойлы, тарамыс денелі қарт шығып, бұларды қарсылады. Басына ескі сеңсең бөркін қоқырайта киген, қолында таяғы бар ол шырт түкіріп қойып, екеуі сәлем беріп үлгергенше: – Иә, жігіттер, манадан бері қарап тұрмын, жүрістерің суыт сияқты, киік қуып жүрген жоқпысыңдар, мылтықтарың бар ғой, – деп кекесіндей сөйледі.

– Дұрыс айтасыз, ақсақал, адамның киігі банды Құныскерейді қуып жүрміз, – деді Әлім қартқа қос қолын ұсынып. Қарттың жүзі көпе-көрнеу сұрғылт тартты. Онсыз да даланың сүрлеу жолындай қиғаш-қиғаш әжім түскен маңдайы тыржиып, әжімі көбейе әрі тереңдей түсті. Сығырайған көзінде жалт еткен жағымсыз да ашулы көрініс пайда болып, ілезде сөнді. Ақселеу, сиректеу мұрт басқан жымыңқы ерні дір-дір ете қалды. Салалы саусақтары түйіліп, дереу жұдырыққа айналып бара жатты. – Адам киікке айналған заман ғой, шырағым, бірақ жолбарыстың өзіне қарсы шабатын киікте де жүректі теке бар. Құныс түнде менің үйімнен дәм татып, таңда аттанып кеткен, бағыты – шығыс. Солай, қызылдарым, – деп шал сырт айналды. Қаздиып қазан-ошақтан әрі асты, үйге кіріп дәм ауыз тиіңдер деген сөз аузынан шықпады. Аңқиып Әлім, аузын ашып Нұрғазы қалды. Енді не істейміз дегендей, екеуі бір-біріне қарап іштей ұғысты ма, әйтеуір шапшаңдата басып кейін жүрді. *** Жықпыл-жықпылдың арасымен жортып күн шығаршықпаста Жемнің Мұғалжар тауына қарай ирелеңдей бұрылатын жіңішке тұсынан әрі өтпек боп жоспарлаған Құныстың тап осы арада тосқауылға кездесемін деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Өзеннің тоқым қағар суын кешіп өтіп, енді қабаққа көтеріле бергенде бәйге күрең елең етіп, оң жағына едірейе қарады. Жалт бұрылған Құныс өзінен екі-үш жүз қадамдай ғана қашықтықта иіріліп тұрған он-он бестей салт аттылыны көрді. Көрді де, ат тізгінін бұра сол қапталға ұмтылды. Бірақ соңынан қуа атылған оқтан сескеніп, амалсыз өзен қабағынан қайта түсіп, суды жағалап алға қарай шаба жөнелді. Қабақтан төмен түсіп, мұны қуамын деген екі салт аттылыға екі рет оқ жіберді, мүлт кеткен жоқ. Енді сырттағылар өзінің алдын орайтынын сезген Құныс дереу ат басын кейін бұрды. Қабаққа тіреліп келіп, оқ атқан солдатты нысанаға алмай-ақ тартып қалып мұрттай ұшырды. Әлде оқ атына тиді ме, әлде екпініне ие бола алмады ма, әйтеуір ,жануар қабақтан суға қарай домалап кетті. Басқа жолдың бітеу екенін түсінген Құныс жаңағы өткен тұсынан екі атты суға салып жіберді. Судан енді шықтым-ау дегенде кейінгі жақтан тасырлай мылтық атылды. Оқ дарымады. Құныс сол қолтығының астынан атып, топтың алдындағысын сұлатты. Қарсы қабаққа енді көтеріле бергенде көкшулан атқа оқ тиді. Жануар осқырына, кілт тізгінін тартып, көзі шарасынан шыға жығылып бара жатты да, «Қош бол» дегендей, шұрқырай кісінеді. Ат үстіндегі қоржынды оң қолымен іліп алған Құныс

көкшуланның тізгінін жібере сап, бәйге күреңді тебініп қалды. Иесінің бар тағдыры өзіне байланысты екенін ақылды жануар анық сезді ме, әйтеуір, төрт тұяғының бауырынан шаң шығарып, желмен жарыса, көсіле шапты. Бұл екпінімен алдында Қытай қорғаны тұрса да қарғып кететіндей күйде еді. Артынан атылған оқтар Құнысқа да, күреңге де дарымай тымық ауаны тілгілеп жатты. «Апырай, сөздеріне, атқа отырыстарына қарағанда мені тосқан орыстар болды-ау», – деп ойлады Құныс ат бауырына қарай еңкейген кеудесін сәл тіктеп... *** Құбыладан самал жел соқты. Күн көзі ұясынан тез көтерілгенімен, жапан түзде желе жортып бара жатқан салт аттыны әлі де анықтап көріп алайыншы дегендей сәл-пәл кідірістеп, тұсау бойы тұста бажырайып тұрып алды. Көк жүзінде үш-төрт түйір шарбы бұлттар пайда болды да, салт аттыдан сескенгендей лезде тарап кетті. Бір топ киік бұрқырата шаңдатып, қара жер тарлық қылғандай жүргіншінің алдын кескестеп кесіп өтті. Шаңқ еткен құстың үнін естіген Құныскерей атының басын тежеп, кілт тоқтатты. «Апырай, қаршыға екен, – деп күбірледі ол қанатын қағыпқағып жіберіп, аспандай шүйілген томашадай құсқа көз қырын түсіріп, – жұп емес, жалғыз, қосағын біреу торға түсірді-ау, сірә? Мұғалжар тауынан Самайға бет алған шығар, басқа қонақтайтын жері жоқ мұның. Бұл нені көріп шаңқ етті екен?! Ақылды құс қой, алдыңда тосқауыл бар, абайла дегені ме екен, пәтшағардың?! Әлде арттағылар аттарын сабалап жақындап қалды ма екен? Мүмкін емес, қарамды үздіріп кеткен сияқты едім ғой. Қалай болғанда да қаршығаның үн шығаруы тегіннентегін емес, қаршыға жемтігіне түсерде не бір нәрсеге таңғалғанда ғана шаңқ етіп, өзін-өзі қайраттандырады, жігерлендіреді». Құныс атынан түсіп, енді-енді сағымдана бастаған сайын далаға қарайғанды қалт жібермейтін өткір жанарын қадай қарады. Назарын аударатын ештеңе көзіне шалынбағасын, дереу бәйге күреңге көз жүгіртіп еді, ол да елегізімей сұлқ тұр. Ер қасындағы қыл шылбырдың күрмелген тұсын ағытып, сілки лақтырған Құныс иығына айқара асынған шолақ мылтығын жерге қойды да, терістікке қарай үш-төрт қадам басып, жүресінен отыра қалып дәрет сындырды, сәлден кейін денесін сілки көтеріліп аттың беліндегі қоржынға қол салып томпиған қойдың қарнын былқ еткізіп суырып алды да, ішіндегі сумен әуелі қолын шайып, сосын бетін жуды. «Иә, жасаған ием, қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақта

пендеңді, – деді ол даусын көтеріп. – Иә, әулие-әмбием, атабабаның аруағы қолдай гөр». Ұмтылып барып күреңнің ертоқымын сыпырды, сауырын қарындағы сумен ысқылап сүртті де, дереу қайтта ерттеді. Қоржынды ердің артына бөктеріп, екі жағын да қанжығамен қылғындыра байлады. Әлденеден секем алғандай асықты. Шұбатып тастаған шылбырды тез-тез жинап, ердің қасына ілді. Шолақ мылтығын оң қолымен іліп алды да, ат үстіне қонжиды, неге екені белгісіз, ат тізгінін тура күн батысқа қарай бұрып келген ізімен кейін жортты. IX Жем бойында Құнысқа ойда жоқта кездесіп, қапыда айырылған Хамза Төреқұловтың шағын әтрадының, расында да, жартысынан көбі орыстар еді. Қазағы бар, орысы бар он алты адам жаңадан ғана жасақталған тәжірибесіз жас жігіттер болатын. Тіпті Жемнің осы сағасынан атышулы бандыға кездесемін деген ой Хамзаның да үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ. Әттең, деп бармақтарын шайнап қалды. Үш адамынан айырылып, біреуі ауыр жараланды. Әншейінде ұшқан құсты жалп еткізетін мергендігі бандыға кездескенде желге ұшты. «Жүрегімді тоқтатып, көздеп-ақ атып едім, – деп ойлады Хамза, – әйтеуір, тигізе алмадым, он шақты оқ шығардым, біреуі дарымады, ел аңыз еткендей, шынында да, оққағары бар екен бұл қанішердің. Ойпырым-ай, қасқайып қарсы алдыңнан шыға келген анау-мынау емес, үйелмендей кісіге топ адамның бір оғы дарымауы деген сұмдық қой. Қасақана қылғанда қорғасын оқтың оның астындағы атына тимей, жетегіндегі атқа қадалуын қарашы. Бұл туралы біреуге есеп беру түгіл, жай әңгімелеудің өзі ұят, тіпті кісі сенбейтін жайт». Осылай деп іштей күйзелген Хамза атынан түсіп, банды оғынан о дүниеге сапар шегіп, қаз-қатар жатқызған үшеудің аяқ жағына келіп сілейіп тұрып қалды. Басы айналып, жүрегі соқты, қасындағы үзеңгілестеріне не деп жұбаныш сөз айтарын білмей дал болды. Әлі еріндерінен анасының сүті кеппеген он сегіз-он тоғыздағы жап-жас бозбала-жігіттердің қанды қырғын айқас та емес, жалғыз атты қарақшының оғынан жантәсілім болғаны өкінішті-ақ. Енді ел-жұртқа, марқұмдардың ата-анасы, туған-туысқандарына не бетімен көңіл айтады. – Хамза Төреқұлович, – деді қазақшаға судай Владимир сәлден кейін күңгірттеу үнмен, – бұл тұрысымыз не тұрыс?! Құдай салды, біз көндік, «жазмыштан озмыш жоқ» деген сөз рас, бұлардың ажалына бандының оғы жеткені рас. Өзі анық Құныскерей ме, әлде әлгі Аманғали дегені ме? Ойпырм-ай, пәлекеттің мергенін-ай, адам емес, пері ғой мынау, мұны

пулеметтің жаңбырша жауған оғы болмаса, винтовканың оғымен өлтіру былай тұрсын, жарақаттай да алмайтын секілдіміз, шынында да, бұл – таңғаларлық жайт, азды-көпті өмірімде бар ғой мұндай диюға бірінші рет кездескенім, апырай, талай шайқасқа түсіп едім, мынадай пәлекетті... – ол сөзінің аяғын өзі жұтып қойды. Үнсіздік. Ауыр жараланған Қасымнан басқасы тіпті сөйлеуге шамалары келмегендей сілейіп тұр. Осы не айтты дегендей, кей­біреуі Владимирге жалтақ-жалтақ қарайды. Екі-үшеуі қорсқорс етіп танауларын тартып, көздеріне жас алып еді, тіпті біреуі солығын баса алмай дауыс шығара жылай бастап еді, тағы да Владимир белсеніп: – Қойыңдар, түге, қатын құсамай, «болғанға болаттай берік бол», демей ме қазақ, бұл нақыл сөз орыстарда да бар. Ал, бәріміз отыра қалып өкіріп жылайық, сонда мына өлгендер тірілер ме екен иә, болмаса ана қарақшы менен бір ағаттық кетті деп өзі келіп кешірім сұрар ма екен, а?! – Владимир, – деді қой көздеу сарғыш өңді кекселеу қазақ, – айтқанының бәрі орынды ғой, бірақ кішкене сабыр етші, шешенсімей, өзімізге-өзіміз келіп, алды-артымызды ойша безбендеп алайық. Сосын бастық не дер екен? Жынынан айырылыған бақсыдай, сүлесоқ боп қалдық қой өзі. – Дұрыс, дұрыс сөз, өте-мөте ақылды сөз, менікі жай көңіл жұбату ғой, – деді Владимир Хамзаға жалтақ-жалтақ қарап. – Дегенмен, тездетіп іске кірісейік, а, Хамза Төреқұлович! Хамза тіл қатуға асықпады. Ұзын бойы сәл еңкіш тартқандай ма, жауырыны қушиыңқырап, ақшыл өңі сұрланып, астыңғы ернін жымқыра тістеп безерді де қалды. Жасаураған көзінің дымқылын сүртпестен қатар жатқан үш мүрдеге жанарын қадай берді. Бір сәт жүрелеп отыра кетті де: – Кешіріңдер, бізді бауырларым, кешіріңдер, мені.. Мен сендерді сақтай алмадым, обал-сауаптарың қанішер банды Құныскерей мен менің мойнымда, топырақтарың торқа, жандарың жанатта болсын, – деп үзіп-үзіп сөйледі де, орнынан атып тұрып жанындағыларға жіті қарап: – Владимир Антонович, қасыңа екі-үш жігіт ал да, мына марқұмдармен ана Қасымды ауылға жеткіз, басшыларға жағдайды егжейлітегжейлі түсіндіріп айтарсың. Біз қайткенде де бандының ізіне түсеміз. Тәуекел, оны індетпей қайтпаймыз. Бәрібір елге көрінер бет жоқ. Қанға – қан, жанға – жан. – Хамза Төреқұлович, босқа әуре боласыз, жеткізбейді ол, жеткен күнде де оңайлықпен алдыртпайды, көрдіңіз ғой, құралайды көзден ататын мерген екенін. Біз атамыз – тимейді,

ол атады – өлтіреді, иттің баласының не кесапаты бар, а? – деді асығыс сөйлеген Владимир. – Тәуекел, – деді Хамза түйіліп, – құдай берген жанды құдай алады. Қорыққанмен Қодар батыр қоя ма! Ал, біз аттанайық. Коля, Сейсен, Асқар, Николай, Жайық, Михаил, Таран, Елен менімен жүресіңдер. Ал қалғандары өзіңе аманат Владимир, көп кешікпей тездетіп атқа мініңдер. Саған да оңай тимейтінін сезіп тұрмын, бірақ, амал қанша, «басқа түскен баспақшыл» деген ғой, төзуге тура келеді. Хамза бастаған топ аттарына мініп, шұғыл түрде суыт жүріп кетті. «Бағыттарын да саралап, ақылдасып алмады-ау, қап, ұрынады-ау бір пәлеге» деп ойлаған Владимир: – Өзеннің оң жақ бетін ала жортыңдар, жолдарың болсын, амандықпен қауышайық, – деп айқайлады. Мұның сөзін жел ұшырып кетті ме, естіген сыңай танытып, ешкім мойнын бұра қоймады. – Ойпырым-ай, қырып кетті-ау, қанішер, – деп ауыр күрсінген Владимир жүресінен отыра қалды. *** – Неде болса ілгерілейік, – деді тосылып қалған Әлімге ізші Нұрғазы жанарын тірей қарап. – Бәйге күреңнің ізін бір анықтап алсақ, ар жағын ойша топшылауға болады. Ол пәлекет бәрібір өзен сағалайды, иә, Мұғалжарға қарай, иә, Жемнің төменгі сағасымен Сарықамысқа қарай жортады. Ал Қарақалпаққа қарай бет алып, құлан жортпас құла түзге шығып кетсе, қайдан білейін?! – Ұшарымды жел, қонарымды сай біл деп бағыт-бағдарсыз, жөн-жосықсыз шапқылай беретін есуасың ол емес, оның әрбір шақырымы санаулы, әрбір қадамы есептеулі екенін өзің білесің, оғының өзін санап ататын қарақшыны тек болжаммен қусақ, оның қарасын да көре алмайтынымыз айдан анық. Көңіліңе келсе де айтайын, Нұреке, күллі Батыс аймағына атағың шыққан арқалы ізші емес пе ең, сол арқаң Құныскерейге келгенде ұстамай қалды ма, немене өзі. Әйтсек қайтеді, бүйтсек қайтеді деп солқылдайсың да тұрасың, тізгінді неге қолыңа ұстап бастамайсың бізді? – деді Әлім түтіге сөйлеп. Үнсіздік. «Ит ашуын тырнадан алады» дегендей, мынау енді маған бас салайын деді. Құныскерейдің жансызы, бізді әбден шатастырып бітті, бәріне кінәлі осы деп мені тұтқындаудан да тайынбас мынау. – Кескіні бұзылып, тісін қайрап жарылып кетуге шақ тұр ғой» деп ойлаған Нұрғазы ақылды ашуға жеңдірді де, шарт сынды: – Әй, Әлім, Құныскерейді құрықпен емес, қолмен ұстайтын

кезде неге мүдіріп қалдың, әтрат бастығы мына мен емес, өзіңсің ғой. Неге тап беріп байлап-матап тастамадың, мықты болсаң, ә? Неге сол жерде билікті өз қолыңа алмай, менімен неге сыбырластың. «Жалмауызға да жан керек» дегендей, саған керек жан маған да керек, білдің бе? Уыстап тұрып уысыңнан шығарып алған бандының бар пәле-жәлесін маған аудара салмақсың ғой, ал, аудар, ал, тұтқында мені, одан Құныстың белі сынар ма екен? – деді Нұрғазы қалшылдап. – Тәжірибелі ізші екенім рас, бірақ көріпкел әулие емеспін. Ал ізшілігімді Құныстың ізіне түсуден аямағанымды біле тұрып, білгің келмесе не істейін, тілейтінім, көктегі жаратушының мына пендесіне деген көзқарасы дұрыс болсын. Кімнің ақ, кімнің қара екенін Алла тағалам саралап, безбендеп отырған шығар. Үнсіздік. Әлім жанарын Нұрғазыдан аударып, ұшы-қиырсыз сайын далаға тесіле қарады. Сағым арасынан бейне бір өзі қуып келе жатқан бандының түр-тұлғасын көрген сыңайда секілді. Тізгінін қыса ұстап тұрған атын жетектей алға озып еді, топ оның соңынан ілби жүрді. Бірақ бұл сәт ұзаққа бармай Нұрғазы қайтадан тіл қатты: – Оу, Әлім, артық кетсем кешір, томағалы бүркіттің де, томағасымен тұрып-ақ дыбыс шығаратын кезі болады, бірақ оның арты жақсылыққа апармайды. Ашулы бүркіт көзіне қан толып иесіне шүйлігеді. Менде түз тағысының қайратындай қайрат та, ондай долылық та жоқ, айттым – бітті, кестім – үзілді деп шіренетін де шамам жоқ. Көмейіме келген сөзді ақтарып тастадым, артық кетсем, кешір, – деді дауыстап. Әлім кілт тоқтады да, үзеңгіге аяғын салар-салмаста ат үстіне қонжиды. Сосын атының тізгінін қайшылай тартып: – Жігіттер, Нұрекең топшылаған бағыт-бағдарға қарай тарттық, «тәуекел түбі – қайық, өтесің де кетесің» деп бабаларымыз тегін айтпаған шығар, – деп айқайлай сөйледі де, астындағы құланы тебініп қалып сатырлата шаба жөнелді, бағыты – күншығыс. Оның соңынан ілесе шапқан топтың артында шумақ-шумақ шаң қалды. *** Құныскерейдің келген ізімен кейін жүргендегі ойы – ізін шатастыру еді. «Нұрғазының шатпа сөзі шындыққа жанасатын секілді, – деп ойлады ол алдыңғы жағына үңіле қарап. – Мені бұлар айла-тәсілдерімен құрсау-қыспаққа алғысы келген екен. Енді Сарқамысқа жолауға болмайды. Тек қана бір жол – ол Сарыбелдің үстімен Қарақалпақ еліне сапар шегу. Жол ұзақ әрі елсіз, шөлейт, апырай-ә?» Бәйге күрең пысқырынып, басын шұлғыды, қос құлағын

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙