Аударма өлеңдер
Тұрсынхан Әбдірахманова
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Тұрсынхан Әбдірахманова – өлеңдері бірнеше тілге аударылған ғалым. Ақын поэзиясына нәзік лиризм мен философиялық терең ой тән. Көркем аудармаға үлес қосқан ақын бірнеше шығармаларды қазақ тіліне аударған. Тәуелсіздік алғаннан кейін екі томдық шығармаларының жинағы жарық көрді.
БІР ӨЗІМ
Т.Шевченкодан
Бір өзім.
Тек өзім ғанамын.
Жапанда жалғыз қазықтай.
Жалғыздық бердің тәңірім
Таусылмас ризық — азықтай.
Еркіндік, бақыт бермесең,
Сыйладың неге сұлулық
Сұрадым қашан өзіңнен
Жарат деп мені сұлу қып.
Жанары жалын қара көз
Қарасын күліп кімдерге.
Жаспенен тозды жуылып
Жалғыздық кешкен түндерде.
Досыма шағар мұңымды
Жас маржан етіп ағыттым.
Жат ортада жалғызбын
Татпадым дәмін бақыттың.
ҰМЫТПАН
Берді Кербабаевтан
Бауырына алып, құшқан мені аялап,
Толқынға орап, тербеткен мол саяға ап,
Ақ жүзімді күн нұрымен бояған,
Қара теңіз, сұлу өлке, бай алап!
Самалыңа жан саялап, тыныққан
Кезімді де, өзіңді де ұмытпан!
ЖҮЗІМ ШОҒЫ
Таушан Есеновадан
Алтын ұям — Ашхабадта
Күн көзінен нұр алып,
Мәуелеген жасыл бағым
Өсті бойлап, бұралып.
Саянда өткен шат күндерім,
О, сүйікті, астанам,
Бейне дастан тәрізді бір
Ақын жырлап тастаған.
Сенен еңбек аямадым,
Солмасын деп үзімің,
Аулама сән көрік беріп,
Өскен бір шок жүзімім.
Бал-шырынды түйіріңді
Топыраққа қимадым.
Сараңсымай сен де күзде
Жемісті мол сыйладың.
Сонау бір түн келерінде
Бар қаһарын жинапты.
Желді үйіріп асықтайын,
Мекенімді қиратты.
Мәуелі бак, зәулім үйді
Аждаһаша түн жұтты.
Ерке желі ескен алқап
Қас қаққанша тұншықты.
Жүзім өскен жасыл бақша
Саз балшықты болды алап.
Жер қойнына мөлдір шырын
Көз жасындай сорғалап.
Жөңкіген бір қара бұлттай
Қаза түні өтті де,
Атты жаңа арайлы таң
Нұр шапағын төкті де.
Шайдай ашық торғын көктен
Сәуле шашып қалаға,
Күн күлімдеп, құйды нұрын
Шипа етіп жараға.
Жарқыраған көк аспанға
Үміттене қарадым.
Көп самолет көктемдегі
Гуіліндей араның...
Келе жатыр қанат байлап,
Келе жатыр достарым!
Баку, Ташкент, Москвадан
Бауырларым — тосқаным...
Майлы киім ұзақ күнге
Кім үстінен тастаған.
Нұрлы еңбек құшағында
Бой түзеді жас қалам,
Гүлдей түлеп шешек атып.
Қайта туды астанам!
Тереземнің нақ түбінен
Қайта жүзім көктеді.
Паш еткендей сән-сәулетті
Осы жер мен көктегі.
Жасыл торғын жамылды да,
Жайды бақшам жас қанат.
Гүл демімен тыныс алып
Жайнай түсті Ашхабад!
KІЛEM
Ақжамал Омаровадан
Кемпірқосақ нұр шашып кең бөлмемде,
Жас қанатын жайыпты жасыл бақша.
Орылмаған көк шалғын — көк өлең де.
Орнап қапты пышақтай, жас қияқта.
Паркет толы өсіпті алуан гүл!
Алуан гүл!
Япыр-ау, бұл не сыр, бұл!
Терезеден сығалап,
Қалтырап дір,
Қызыл шұнақ далада қарлы аяз тұр.
Ызасына аяздың жүдеусіреп,
Көктемді үйге келтіріп берген ірең —
Төрімдегі екен ғой жібек кілем,
Бірде жасыл құбылып, бірде күрең.
Әуе айналып түскендей шақта аптап,
Кілем жайып, жайғасып, орын баптап,
Отырысқан үлкендер шай сораптап...
Кілемшілер еңбегін сөйлер мақтап.
Сондай сәтте жан-жақтан есіп самал,
Қоштағандай кеңесті бұлбұл сайрап,
Маужырап, жан тынығып, рақат табар,
Жібек желмен тыныстап барша аймақ.
Даңқы асқан кілемші құрбыларым,
Мен де сүйіп сендерді, жырға қостым.
Өнері тасып жас жандар, жаны жалын,
Еңбегінің жемісі гүлдей өссін.
Шығара бер, достарым, кілемге орап
Өлкеміздің өрнектеп өзен-көлін!
Шешек атқан секілді жасыл алап,
Елестетсін кең-байтақ Түрікмен жерін.
КӨМЕКШІМ
Ақша бұлттай ақ мамық бесігіңде
Ұйықтасын ақ ботам — келешегім,
Айта алмайтын сен әлі есімін де
Кейіпкермен ұзақ түн кеңесемін.
Шам нұрына шалықтап, езу тартып,
Жымиясың, кірпігің дірілдейді.
Шабыттанып мен сонда кетем шалқып,
Өмір сен боп — өлең боп күлімдейді.
Мақпал қара түңдерде маужыраған,
Мен жырлаймын елімнің тың істерін.
Өлкемдегі әрбір сай, тау, жырадан
Жыр-самал боп еседі тыныс-демің.
Сызат беріп сұлу таң көтерілді,
Түн сырының жоқ оған көмескісі.
Тек сен, ботам, сезбейсің екеніңді
Үлкен істің кішкентай көмекшісі.
КЕЛІҢІЗ
Зәулім үйлі Москва қаласынан,
Украина — бай-дарқан даласынан,
Мекендедің Отанның қайсы алаңын
Демеймін, кел ауылыма, қарсы аламын.
Күміс терек, кең жайған жапырағын,
Торғын тоғай, торқалы атырабым.
Көрсең көңілің тояттар бауырымды,
Ақ мақталы — ақ қанат ауылымды.
Кірсең алар тұтқындап жасыл бақшам,
Шабдалым мен анарым, дәмін татсаң!
Иісі ғана мас қылар қауынымның!
Көркі осындай, кел де көр, ауылымның.
Иә, мүмкін бар шығар торғын алап,
Жасыл бақша, жайқалып, жайған қанат.
Қанша аралап көрсең де аспан астын
Түркімен жерін аузыңнан тастамассың!
ЖҰЛДЫЗ
Зульфиядан
Бөлме қапас.
Шықтым салқын аулаға.
Түн мұнарын серпіп, мені баураған.
Жарқырайды, жаудырайды бір жұлдыз
Сенің отты жанарыңнан аумаған.
Алыс жұлдыз, арман отын тұтатып,
Телміресің қайратымды уатып.
«Махаббатым, біргемін ғой өзіңмен»
Деп сыбырлап тұрғандайсың жұбатып.
ЖАЛҒЫЗ АҒАШ
Жалғыз ағаш тұратын жол шетінде,
Табиғаттың кәріне төтеп беріп,
Арай көркін әкетті, келбетін де
Аңызақ жел ұрды да төпеп келіп.
Жапа-жалғыз айқасты бар дүлеймен
Қатып-семді, қаймықпай тұрды бірақ.
Нәр қуаттан айырылып, селдіреген
Сүлдесі қап, ақыры түсті құлап.
Жел тынар ма, кезеді қабақ ашпай,
Құрбан тапса, тағы да жалмау үшін.
Өмір гүлін егейік осы ағаштай
Құлар болса, типыл боп қалмау үшін.
БҰЛБҰЛ
Жас бұтақтарда бұлбұлдар сайрап, жел билеп,
Жанарды баурап жасыл бақтағы ақ сағым,
Арайлы көктем аясына алып, әлдилеп,
Оятып ойды, тұтатып сезім шақпағын.
Тоқташы, бұлбұл, тыңдашы мені, жан бұлбұл,
Мен дағы жырлап көрейін сенің үніңмен.
Осынау сәтке билеген мені нән бұлбұл,
Көктемнің, гүлдің сырласы ем ғой бұрын мен.
Мен жар сүйгем, жалыны мәңгі шарпыған,
Жүректің ерке лүпіліне сен құлақ сал.
Өмірден өтем адалдық деген айтып ән,
Жанымның көркі бұл күйімнен сен сабақ ал.
* * *
Ұйқыдасың, жан досым, жер қойнында,
Олқым — сенсің, жетпейтін жалғыз өзің.
Ақтарамын әкеліп барды ойымда,
Сен үнсізсің, телміре, талды көзім.
Сен тұрушы ең гүліңмен бір құшаққа ап,
Енді саған мен келем гүл құшақтап.
Бір тұтанып, әмірде алаулаған,
Бір-біріне біз ек-ау қалаулы адам.
Қарсы алатын күліп кеп нұр жүзіңе
Арман енді жалғыз сәт қарау маған.
Көзімнен нұр көруші ең төгілгенін,
Енді жасқа көрмейсің көмілгенін.
Балапандар марқайды, кетті ұшып,
Жылы ұя бос қалып, қаңырады.
Қарс айырылып көкірек, жүрек сыздап,
Көз алдында кең дүние тарылады.
Мүсіркей ме, сұрай ма мынау өңір...
Асау басы құлады мойынына.
Балапандар қанатын қомдай самғап,
Кірді барып кең өмір қойынына.
Балапандар орынын мамық төспен,
Сипап еді жып-жылы леп сезілді.
Қуаты еді сол бір леп, тыныс-демі
Оятты да қуантты пәк сезімді.
ОНЫ ФАРХАД ДЕУШІ ЕДІ
(Поэмадан үзінді)
Мөлдір аспан.
Таудан ескен самал жел
Құшағында
манаурайды жасыл бел. Шынында қар —
ару салған ақ шәлі,
Етегінде
көктем, жасыл бақшалы.
Фархад келеді
құз-шыңдарды қиялап,
Жас жанына арман құсы ұялап.
Махаббаты басшы болған жас жігіт,
Тағдырымен сайыс құрып, бәс тігіп.
Жанары от жас қыз көріп Шырындай,
Армандаған өзге ешкімге бұрылмай.
Махаббатқа тағдыр тезі құрылмай
Қалған ба әсте ақ түтекке ұрынбай...
Жадау тартқан, жабырқаған реңі
Айығар ма, табылар ма бір емі.
Мәңгі үзілмес арқауындай жырының,
Құша алар ма жан шипасы Шырынын.
Мынау шыңнан дария суын құлатса,
Құрақ өссе, құмда мәңгі гүл атса.
Мынау шөлді мырза етсе жас ұтып,
Алғыс алса ел ырысын тасытып.
Құлағына жетіп сонда бір үні,
Қарсы алар болса ару Шырыны.
Өлкеме сен жан беріпсің дер ме еді!
Халқыма сен нан беріпсің дер ме еді!
Айым болып аспаныма жарасып,
Тұрар ма әлде арман құсым — жан ғашық!
Бақ жұлдызым дер ме әлде аялап,
Болар ма екен бізге де өмір сая бақ.
Жетелеген жеңіп алау сезімі,
Тал бойынан тауып қайрат-төзімді,
Қарсы алдынан шықса Шырын кез келіп,
Жасыл бақ боп шөл жайқалар өзгеріп...
Махаббатқа болар нені теңгеріп,
Өтеді ғой тау бөгетті төңкеріп.
Алаулаған пәк сезімге дем беріп,
Дүниеге өмір себер, өң беріп.
Алау жанын, жас жүрегін тулатып,
Осылайша алыс арман тіл қатып.
Шығандатып, шынды ұрып, шыңға атып,
Тау жаңғырта шырқады-ай кеп бір уақыт...
Hay күйінен оятты да жер-көкті,
Асқар басып, ғарыш асып, ән кетті.
Теңіздейін толқып кетті бай танап.
Тебірене әннің сөзін қайталап.
Көкіректен күңіреніп ән төгіліп,
Құлақ тосып тұнды дала, егіліп.
Көтермелеп жібек самал жел есіп,
Ән шығандап кетті желмен ілесіп.
Бота көзі жаудыраған балбұлақ,
Жүгіруден тыйылды ол да ән ұнап.
Ғашықтармен көне күннен сыралғы,
Сабағында райхан гүл бұралды.
Әнші ұнаса, теңеймін ғой бұлбұлға,
Ән жетелеп алып кеткен бір қырға
Бұлбұл дағы мынау әнге табынып,
Өз әнінен қалды мүлде жаңылып.
Қия жардан орғиын деп сүр елік
Тұрған бойы қалды орнында сілейіп.
Қамыс әннің ырғағымен иіліп,
Көбік шашпай қол құндақта түйіліп.
Ән соңынан ән сорғалап құйылып,
Әлем тұнды өзге үннен тыйылып. ...
Махаббаты сарқылмас ән бұлағы — Міне,
Фархад әлсіреп кеп, құлады.
Әз табиғат оның жанын түсінді:
Гүл жұпарын сусын етіп ұсынады.
Құз қиясын, тау қойнауын ақтарып,
Тас жайылып, жастық болды ақ мамық.
Кілем төсеп пәк құрақтан атырап.
Көк көрпе боп жайқалды көк жапырақ.
Қызыл-жасыл қыр аруы — қызғалдақ
Құлпырады төккен зердей қызға арнап.
Жұпар ауа, жұтқанның бойы елтіген,
Айықтырмақ Фархадты ол да дертінен.
Аясына алды арай таң күліп,
Ауа жарып, жөнелді ән жаңғырып:
Әнге өріліп тоғысты да бай танап,
Аспандады Фархад атын қайталап.
Осы есім күллі дүние қош алған,
«Батыр деген сөз екен, тау қопарған».
Әлемге әйгі Фархад-Шырын бұл әні.
Қанша қалам етер мұны жыр әлі.
Махаббатқа болар нені теңгеріп,
Өтетұғын тау бөгетті төңкеріп.
Туған күні ол тумапты шапағат,
Сондықтан әр кіршіксіз пәк махаббат...
...Сахнада Фархад — Кабул Кари-ді,
Өнерлі жас жүзі жарқын, жаны игі.
Қошеметтеп соқты қауым алақан,
Көзінде әнші: «Барым саған, ұлы Отан!»
Ойхой, мынау қауым коп пе, гүл коп пе..
Әнші разы жасалған бұл құрметке.
Өнер күші-ай, жүректерге жол тапқан...
Деуші еді оны Кабул демей, Фархаджан.
ҚАЗАҚСТАН
(1937 жылы 23-наурызда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі съезінде оқыған өлең)
Хамид Алимжаннан
Қазақстан — коп нәсілдердің
Жете алмай, көрмей кеткені.
Қазақстан — ата-бабаның
Армандап қиял еткені.
Қазақстан — мамыр Отан,
Халық еркін алған тыныс.
Қазақстан — байтақ жатқан
Қуатты өлке, тұнған тын іс.
Қазақстан — қабат-қабат,
Ен қазына жатқан жерлер —
Эмбанефт, Балқаш, Арал,
Қарағанды Риддерлер.
Қазақстан — қарлы таулар,
Өмір көзі шипа бұлақ.
Қазақстан — кең көсілген
Жасыл жайлау — көкше құрақ.
Қазақстан — шаруаларға
Мәңгілікке берілген жер.
Қазақстан — мыңғырған мал,
Азат еңбек, төгілген тер.
Қазақстан — жер сауырын
Кек теңіз боп жапқан бидай.
Қазақстан — байлық, бақыт
Арнасына жатқан сыймай.
Қазақстан — Амангелді
Ел қамын, ер кегін қуған.
Қазақстан — ақын Жамбыл
Тоқсанында қайта туған.
Қазақстан — өркенді ел
Жарқыраған бак, жұлдызы.
Бұлтты тіліп шыққан жайдан
Жаралғандай ұл мен қызы.
Қазақстан — гүлденген ел,
Шыңына енер ұрған құлаш.
Қазақстан — күйші Дина,
Қазақстан — бұлбұл Күләш.
Қазақстан — оқырман ел,
Жаппай сауат ашқан қауым.
Қазақстан — ғылым, білім
Шыңын өрлей басқан қауым.
Қазақстан — халықтардың
Правосы, ол жаңа заң.
Қазақстан — ынтымақты ел
Бастаушысы — жаңа адам.
Қазақстан — көп нәсілдердің
Жете алмай, көрмей кеткені.
Қазақстан — ата-бабаның
Армандап қиял еткені.
Көп жаса сен, байтақ өлке,
Бауырлас ел, туысқан.
Сен гүлдей бер, біз жырлайық,
Көркейе бер, Гүлстан!
* * *
Разы емен тамшы жас төксем көзімнен,
Разы емен нұр қайтса аздап жүзімнен.
Шалыс басып, өмірден мынау адассам,
Разы емен, бәрі де онда өзімнен.
Бағым да бар, гүл-бақшамда гүлім көп.
Әр бұтақ, әрбір гүл-шоқта бұлбұлым көп.
Мен көрмеген гүл-бақша қалмас жаһанда.
Сол бақшаларға жеткізер бақыт жолым көп.
Кешіргейсің, менің назды періштем,
Сипатыңды жеткізер сөз таппадым,
Саған мұнша керік берген қандай жан.
Айтып берші, соның өзін мақтайын.
ҚАЛАЙ ҒАНА
Мұса Жалилден
Сөз маржанын төктім тізіп,
Құлағыңды салмадың сен.
Тереңнен сыр айттым сүзіп,
Қаперіңе алмадың сен.
«Иланбаймын» дейсің маған,
Айтсаң етті сәл ойлана.
Жүрегімді жарып саған
Көрсетермін қалай ғана.
АЛМАТЫДА, ЖАМБЫЛ АҚЫН ТОЙЫНДА
Сильва Капутикяннан
Кең тыныстап, көк аспанның төсімен
Ұшып жеттік, достар, әрбір қиырдан.
Көк құрыштан, Лайнер бізді тездетіп,
Қауыштыру үшін дерсің құйылған.
Біздер өстік әр ұяда, жырақта,
Алуан көзде ұйып алуан таң нұры.
Әңгімеміз үйлесті, бір тұрақта
Бала күннен тербеткендей жан сыры.
Қар құйынның, құм биінің арасы —
Мызғымайтын біздің достық — асқар тау.
Ұғысар ма ек жандарындай бір үйдің,
Орыс тілі болмаса егер, достар-ау.
РОМАНС
Нүри Арслановтан
Болсаң да сен жатқа несіп,
Жар болсаң да бөгде жанға,
Мазасыз ой ерегесіп,
Келеді алып осы маңға.
Құспен бірге оянамын,
Таң нұрынан сені көрем.
Сезесің ғой ой алаңын,
Бұл сәт мені кешір, өлең!
Күшті едің, сен не қылған,
Жалындаған от махаббат!
Сен бересің өліге жан.
Өлеңге өріс, ойға қанат!
ТҰТҚЫН ЗАРЫ
Мұстай Кәрімнен
Тұншықтырған тамұқ өңір...
Үф деген жел де жоқ,
Мұнда құстар ұша алмайды аспандап.
Жат өлкеге қарғыс атып, сор кезген.
Шер төгемін көзден қанды жас парлап.
Менің туған елімде ғой қазір күз,
Тырна қайтып, ән төгілтіп барады-ау.
Жапырақтарды Днепрге иіріп,
Ақ қамыстың үкісін жел тарады-ау.
Ағатайым,
Тырна әнін естісең,
Менің зарым деп ұққайсың,
Құлағыңа барды ма?
Теңселдіріп көк аспанды нөсер боп,
Мынау жасым төгілсе ғой алдыңа.
Қарындасың мен, тұтқында зар кешкен,
Құтқарар деп сеніп, өзің — тосқаным.
Сенде қанат, сенде Отан аясы,
Ашық аспан, бар ғой сенер достарың.
Тұншықтырды-ау тамұқ өңір...
Үф деген жел де жоқ,
Естілмейді мұнда құстар әні де.
Өлік сынды үнсіз жерге төгілер,
Қанша жасым қалдың екен әлі де.
НА.Некрасовтан
Өлеңім менің!
Тыныштық үшін төгілген
Көз жасына куәсің.
Жанымның
Жасыны ойнаған
Сәтімде ғана сен туасың.
Адамдар жүрегін
Өтпейсің толқытпай,
Жартасқа соғылған
өр,асау
толқындай.
* * *
Күз түнінде
Балалар алау жағып,
Тұрды жалын
Қайыңның көзін қарып.
От жаулығын жамылып
Азар тұр ол
Қан-селі жоқ
Ерінін қыршып алып.
Біз де ылғи
Осылай шектен кетіп,
Сүйек жарып,
Сөзіміз еттен өтіп...
Жақсы көрген жаңдарды
Жүреміз ғой
Көбінесе кейітіп,
өкпелетіп.
* * *
Орал тауы іргесінде
Автоматты кезей ұстап,
Тұғырынан маңғаз қарап,
Тұр жауынгер қыранға ұқсап.
Еркін өмір ерке желі
Аялайды өбіп жүзін,
Жоламайды торып құзғын,
Сүйемін деп ант бермей-ақ
Берді ол жанын Отан үшін.
Татьяна Кузовлевадан
ҰЛЫ ПЕТР АРАБЫ
Қызық ойын, қимас сарай...
Логонда қалды не, керек!
Қара қолдан кіп-кішкентай
Енді әке жүру қайда жетелеп...
Түркі кеме ымырттанып,
Кетті алып жаңа жайға.
Тәж бен тахыт, байлық, бақыт,
Князь аты қалды қайда...
...Петр патша еркелетіп,
Жанға мұң жоқ бататұғын...
Тек қара ру өзек өртеп,
Бір бүйірде жататұғын...
Торт атаға толған кезде
Славян қаны тамырда ойнап...
Пушкин кейпі боп көрінді
Сәл қимылдан бойлап-бойлап.
Көмір қара бұйра шашты
Беріпті оған аямастан.
Князь баба сығалай ма
Қалың ерін, қою қастан.
Алыс елде көз жұмды ол,
Өшті бірге құпия сыр.
Шөберенің көкірегіне
Қонды болып толқынды жыр.
Лий Сеппелъден.
Өмір, мен сені
кейісім,
күтуіммен де,
Қуанышым,
ұтуыммен де
Толықтырам,
молықтырам
Ілгері жылжытып сені,
Бір гүлден
бір гүлге,
Бір таңнан бір таңға
Жаңаға,
жақсыға жолықтырам.
О, өмір!
Сенсіз мен жоқ болсам,
Менсіз сен де жоқ.
Мен ылғи сенімен қауышамын,
Өзің боп
Мен саған ауысамын.
Мен сенің
өзіңмен жарысамын,
Ілгері бастап сені
Ғарышқа ала ұшамын.
Қиынмен алысамын.
Мен асығамын,
Бөгетті бұзу деген
Жолменен түзу деген
Ілгері ғана жылжу,
Ол — менің ғашық әнім.
Мен асығамын.
Мәңгі жоқ,
мәңгілік жоқ,
Өмірін оздырар кім
Қағазға түскен жазу
өшіп үлгермей-ақ
бәлкім мен
көз жұмармын.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру