TELEGEI

Home

Ашық аспан

Жұмекен Нәжімеденов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ашық аспан

Нәжімеденов Жұмекен Сабырұлының «Ашық аспан» атты кітабы 1982 жылы жарық көрді. Басылымға мынадай шығармалар кіреді: «Күз», «Қос қоңыр қаз», «Қауыз», «Қасым аға», «Қарыз», «Тимур», «Темірқазық», «Тау», «Тау баурайында», «Тамыр», «Сезім иірлері», «Саяжайда», «Салмақ туралы», «Қошалақ тауы», «Қызыл кітап», «Қызыл гауһар», «Алдар көсе немесе диологтар», «Ырым», «Шыт көйлек», «Шал мен теңіз», «Уақыт ж

ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ

АЩЫҚ АСПАН

ЖАЗУШЫ

КҮЗ Сұп-суық күзгі леп, Күзгі леп сүзгілеп бұлтты бұлт тықсырды, тықсырды, сұп-сұр ғып аспанды, бар маңды, мына ұлы жалғанды, Көңілді, сезімді, Үмітті, арманды. Бұта – сұр, бір түрлі Қызыл-сұр гүл тұрды. Тас та сұр. Сұр бәрі: Сұлудың тырнағы, Өлеңнің ырғағы – Сұр бәрі, сұр бәрі.

Сұр тамшы, жай ғана
Сұр тасқа тайғана...
Қой, қой, қой, қой, бала –
Қарайын айнаға:

Мөп-мөлдір жаңағы
қап-қара жанарым
Кенеттен, о, тоба, түрленіп,
Кетпесе неғылсын сұр болып?!

ҚОС ҚОҢЫР ҚАЗ

Көзің – мөлдір,
көл – мөлдір, мөлдір, мөлдір,
мөлдірлердің мөлдірі мен жүрген бір.
Не қарайсың мөлдіреп мына маған,

Кінәлаған кісіше, кінәлаған?
Кінәлама.
Қарай ма бірақ адам
сұлулыққа өзіне ұнамаған?!

Қос қоңыр қаз...
Шын ерке өстер тегі,
қандай еркін, табиғат, қос тентегің!
Бұ да, бәлкім, сүйгеннің тірлігі де –

Су шаша ма, қайтеді бір-біріне?
Көзің – мөлдір,
көл – мөлдір, мөлдір, мөлдір,
Мөлдірліктің еркесі мен жүрген бір:

бір мөлдір – сен,
бір мөлдір – еркем, елім,
домбырам жоқ – мөлдір күй шертер едім,
Еркелеткім бар менің біреуіңді,

біреуіңе келгенде еркелегім.
Соңғы шапақ астында тастар жанып,
бейнесі тұр көлде, әне, астарланып.
Күн сәулесі алдында қызарғанға

гүл екен деп біз талай тас қармадық.
Қанатымен су шашып бір-біріне,
Қос қоңыр қаз қаңқылдап күлді міне:
бізге жетпей басылды майда толқын,

майда толқын, сен айтшы, қайда сол күн?!
Не қарайсың мөлдіреп мына маған,
Кінәлаған кісіше, кінәлаған?
Мендегі сол көңіл ғой сен деген құр,

Сен де мөлдір,
мөп-мөлдір, көл де мөлдір.
Қызыққанын үзіп жер ауыз емен,
қой, қой, пиғыл ойлама, жауыз өлең!

Қос қоңыр қаз жүр әне,
ең осалы
өкпелейді, онысы жарасады.
Жанап кетсе біреуі, екіншісі

қаусырынған қанатын сәл ашады...
О, мөп-мөлдір қос жанар дөңгелендің,
Сен де келдің бұ көлге,
мен де келдім.

Біз де көптен бір көлге қонбай жүр ек,
Құс емеспіз, көл іздеу болмайды деп.
Сен көрсеттің көзіңнің мөлдірлігін,
Мөлдірлігін жанымның мен де әйгілеп.

Тұрмыз енді қызықтап қос қазды анау,
Неге керек, сөз сұрау, бос қазбалау?!
Көзің – мөлдір,
көл – мөлдір, мөлдір, мөлдір,

баяғы өз мөлдірің мен жүрген бір...
Қаз сүңгіді
Бірі, әне, болды ғайып,
екіншісі қанатын қалды жайып.

...Қайттық, қалқам қайтайық,
табиғаттың
өзіне-өзін оңаша қалдырайық.

ҚАУЫЗ

Міне, масақ – дұрыс сынды түр-түсі,
күміс сын-ды күлкісі:
Қауыз, қауыз!
Сылдыры бар, жоқ дәні,

О, құдайдың...
О, құдайдың соққаны!

Ал, сабақ сол... сол баяғы бір сылдыр,
ал, бос қауыз – жүрегі жоқ көкірек,
мықты екенсің, күрсіндір!

Қанағаты қарынға ауған ол да ауыз,
түбі түскен ыдыс сын-ды жалмауыз.
Жел екпіндеп, күн төбеден жанғасын
ол да өседі.

Құрт па, дерт пе – қағып алған дән басын!
Күлме, достар, ей, күлмеңдер, күлмеңдер,
басын іздеп сипаласа ол жамбасын.

Жүрегі жоқ көкіректер, тыңдаңдар,
тыңдай білсең бос сөзде де бір мән бар.
Бірақ құрғақ сыбдырымен кімді алдар
О басында қауыз болып туғандар?!

ҚАСЫМ АҒА

Тұтап шығып сөзі ойдан,
аһ дегенде пеш-демі,
Жалын айдап шығатын –
Уа, ақ жалын, кеш мені,

Ұшқын ұшса жалыннан
ойып түсіп бір түрлі,
бетіңе леп ұратын
қағаз күйген сықылды.

Әр жолының астына
Қалың мағына қапты ұйып,
теңеулері сондықтан
көрінеді баттиып.

Үтірлері – тұлпардың
ізі сын-ды бір ұлы,
нүктелерінің өзі
жұдырықтай жұмулы.

Тентек-телі сөздерді
айдап келіп қамарда,
жақшалары ұқсайды
Тәңір соққан қамалға.

Сәл шытынса қабағын
Шыңдарына қар түсіп,
Сәл жымиса – Африка,
Антарктида шарпысып

сықырлайды мұз болып,
Әлемнің бір жартысы,
Мұзға қарсы жалын боп
шарпысады жартысы...

О, космос ақыны!
Ашық бояу өртенген,
бір жалт етіп құйрықты
жұлдыз сынды ерте өлген, –

Жоқ, өлген жоқ, ізі, әне –
Жосып жатыр – саспаңдар,
Құдай тартқан секілді
бір сызықты ақ бормен

Қара тақта-аспанға!

ҚАРЫЗ

Ақын аға бір інісін, әй шөмитті-ау, шөмитті:

– Қолдан адам жасап едім сен итті,

білмедің сен кісілікті, ұятты,
барлық қолдан жасалғандар сияқты.

Қалш-қалш етті ызадан.

– Кішілерге кешіріммен қарап өскен жұрт едік,

не болды, аға, аппақ таңнан ала дауыл бүркеніп?!
Асқар тау боп жасасаңыз бір ұлылық,
соны енді
сатасыз ба төбелерге төменгі?

Адам еттім деп тұрсыз ғой,
Іс көрсетсе бұл арсыз –
бәлкім, адам ете алмаған шығарсыз?!
Кешір, аға, айтайыншы көзіңе:

Жақсылықтар жасадым деп сөз етудің өзі де,
Ойлап көрші, кісілікке келе ме:
орнын өзі тауып тұрған немеге,
Өзі қағылғалы тұрған шегеге –

бір қызметін атқарсаң сен балғаның,
және соны әңгіме етсең өзіңнің кім болғаның?!

– Жақсылық та қарыз, бала, иесі бар оның да,

ұзақ ұстап тұра алмайсың қолыңда,
Көңлің ылғи бір күптілік сезеді –
иесіне қайтармасаң тез оны.
Сол қарыздан құтылдым ба деп едім,

Құтылмаппын жүгімнен –
Соны сезіп күйіп тұрмын бүгін мен,
Әжім мынау бетімдегі,
бел мынау

қарыздардың салмағынан бүгілген.
Мына күшік, өйткені, мен кеткелі
Жан адамға бір жақсылық етпеді.
Жақсылықты бұ да етсінші деп едім,

бұған да ол қарыз еді себебі.
Көрдің бе сен, жақсы іс түгіл бұл, залым

иттігінің өзін бұлдап тұрғанын?!
Жақсылықтың иесін таба білмесек,
ит аузына бал тосқанмен бірге есеп.
Бірге ойлап ек,

бірге жазып,
бірге ішіп,
тал бүріндей шуақ жаққа тырмысып
өсіп ек қой...

Бал берген сол қолымды
ит боп бүгін қауып алды бұл күшік!
Уақыт тыныш болғанымен бас аман,
басым менің осы қазір есалаң:

бақытсыздық сезеді екен адам шын
жақсылығын жамандарға жасаған.

– Аға, – дедім, іштей ғана безілдеп,

айта алмаған сөзім еді кезінде:
жақсылықты жамандарға жасаған жөн.
Жақсылық
жетіп жатыр жақсылардың өзінде.

Жаман болса ол – жамандығы бағы да,
Жақсылықтар жасау керек тағы да.
Өйткені, аға, жамандарға қарыздарсың,
түсінсең,

одан гөрі кінәлісің жақсылығың үшін сен!

ТИМУР

Жәрдем Тілековтың немересіне

Жұбанбайды бала жылап беталды:
«Атам қайда?
Шақырыңдар атамды!»
Ешқайсына көтертпейді еңіреп:

«Атам өзі арқалайды мені»,– деп.
Бір орындық оқшаулау тұр, әне, үйде,
Сол орындық ыстық білем сәбиге,
Қориды кеп орыны деп атамның –

Атасы енді отырмайды, әрине.
Бақырады қыңыр бала беталды:
«Атам қайда?
Шақырыңдар атамды!»

Атаға бір арыз айтып алмақ па,
«ата, аталап» жаутаңтайды жан-жаққа.
Ал атасы естімейді расында –
төмпек болып жатыр төбе басында.

«Атаң ауруханада ғой»,– деп алдап

үйдің іші отыр әзір амалдап.
Үлкендердің ұқпаса да қыр-сырын,
Сезе ме екен бір сұмдықты – көнбейді
атасының титтей ғана «қырсығы».

Шығады деп атаң ауруханадан
бүгін алдар,
ертең алдар,
бірсүгін

не айтпақсыз?
Жұбанбайды ол еңіреп:
«Атам келіп арқаласын мені»,– деп.
Ей, кішкене бүлдіршін!

Енді сені кім арқалар?!
Кім білсін,
Арқалайтын атаң сенің нар талап
жатыр бүгін топырағын арқалап.

Шындық осы.
Сені сипап маңдайдан
отыратын аңқау, адал жан қайран
өтті, бітті – барлық тірлік, бар майдан –

тағдыр солай мөрін басып, қол қойған.
Күні ертең-ақ ақыл жиып көп асыл,
бәрін өзің түсінетін боласың.
Ал, әзірше...

Жоқтатпа, жұрт, атасын,
арқалаңдар, атасының баласын!

ТЕМІРҚАЗЫҚ

Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып
Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып,
талай жорттым жолсызбен,
айдалада ақ тымық,

барабанын құлақтың тыныштыққа шақтырып,
Тыныштық па?
Бәлкім, үн-дыбыс шығар бұ-дағы,
ауық-ауық жолшының шыңылдаса құлағы?

Сайтан сыбырласқандай қара түнде молдамен,
бір құпия келісім тапқан сын-ды болды әлем.
Түсініксіз құр сыбдыр:
ескі құран парағын

аударғандай әлдекім – елең қағып қарадым.
Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен
талай-талай үйлерге адасқан боп қонған ем.
Құпия үміт жұлдызы!

Армандардың жас, асыл
Нұры болып тасасың!
Жаса, жаса, ақ жұлдыз – ақ тілеулер жасасын,

Қарт әже жоқ,
Жас ит жоқ – қызды ауылдар жасасын!

Біздің дала кең, шіркін,
адаспасқа жоқ амал:
адасқанда басыңа келген ойдың көбі адал,
сыбдыр естіп қияқтан, сыр түю де қоғадан

ссзім, сезім екен ғой сескену де моладан.
Иесіз қыстау, еңкеу жер елес беріп не түрлі,
болады-ау жон-арқаңа кірпі аунаған секілді.
Ақыл қандай сасқалақ,

Көңіл қандай күйгелек –
Сұлы мұрты тізеңе қадалғанда ине боп,
сөлін екті даланың ол да саған, шырқырай
тартысқанда тістесіп мың дию мен бір құдай.

Жас терідей даланы созып алған тәрізді,
дию жеңіп құдайды – өзі қалған тәрізді;
көлеңкелер арбасқан;
салушы еді маған мұң,

айсыздығы түндердің
жайсыздығы ғаламның.
Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен
арулардың аулына адасқан боп қонған ем.

Жалғыз жанған маяктай теңіз кезген кеме үшін
нысана ғып өсіп ем, сенім тұтып сені шын.
Жұлдыздардай көктегі жымың қаққанда толған
қыз,

ат қазықтан адасып,
тоқым төсеп қонғанбыз.
Иісіне жап-жасыл түтінімнің, түндіктің,
сүйгеніме қайтарған сонда мені сен жалғыз!

Босағамның жұлдызы!
Беріктіктің қазығы,
беріктігімнен басқа болған емес жазығым.
Бір қалып жоқ өмірде, ақ жұлдызым, нұр-жүзім,

Көлеңкенің өзі де бірде қысқа, бірде ұзын.
Сонда сенсің маңдайды аудартпаған бағыттан,
О, аппақ ар,
ақ арман – менің биік жұлдызым!

ТАУ Шамасы жоқ Тастайтұғын қар-мұзын да аунатып, Жылжи алмай қалыпты, әне, тау қатып. Әлемдегі мықтылықтар не түрлі алыс, суық көрінуде секілді, Пайдасы жоқ, сұсы ғана сырт биік

Көкшиеді мұз-қабағын күрт түйіп.
Қыпыңдайды көк кірпігі шыршаның,
тауға еліктеп қалыпты, әне, бұлт та ұйып.
Ұлысың, тау!

Ал, не болды?
Табаныңда тұрса да
Құм тағдыры – өз тағдырың бір сана.
Қабақ қатып, қар мен мұзды құрсана,

атағаны үшін жұрттың ұлы деп
нең бар еді ызбарланып мұншама!
Мына тұлғаң – аятар, не мұңайтар,
тастың тегі – топырақ деп кім айтар...

Уа, ұйып қал, бұлақ, бір сәт ұйып қал,
жаралғаныңды ұмыт сен де сұйықтан!

ТАУ БАУРАЙЫНДА

Көкірегімнен қуат сездім сұрапыл –
ақ көз-бұлақ, ақтарылмай тұра тұр.
Тасқын алса жер мен көктің арасын
Міз бақпаған қасиетті қара шың,

Қалтырарсың сен де, ғажап гүрілмен
көк тасқыным өткен шақта түбіңнен.
Ей, қара емен, ток ұрғандай дірілде –
Сенің дағы бір шайқалар ұлы іргең.

Әр бұтаны бір оятып жүгірген
күздің желі, сен де тоқта,
бүгін мен,
шабыт буып, байланбаса тіл егер

Көрсетпек ем бір өнер.
Ей, қап-қара, қап-қара,
Сен де тоқта, қап-қара бұлт, қаптама.
Бір таң қалсын дала жұрты,

тау елі –
нөсерімді мен төгейін әуелі!

Жел тоқтады демін ішке ап бір түрлі,
Қарғып шықты, аспанға бұлт күркірлі,
Зевс құдай шағып еді шақпағын –
Медеу сайын шаң қаптады қап-қалың.

Күтір етіп бір қозғалған қара шың –
құйын алды жер мен көктің арасын.
Аунап кетіп ақ шыңдардың мұз-қары
қара еменді қағып жықты ызғары.

Желге қарап жалаң төспен жаздағы,
аз, аз дедім ерегесіп, аз бәрі –
Құздан төмен құлдыраған бір қой-тас

талма түсте тапап кете жаздады.
Желеңімді жұлып кетті жел-нөсер
жігерімді жығып кетті белдесер.
Кім бар, кім бар енді көңіл делбесер –

Кешірімің жоқ екен-ау емге етер,
Хақ-тағала, мен де есер ем, сен де есер,
Мен болдым ба жауың қылыш сермесер?!
Мұзды жарып ақты тасқын, қар тұрмақ,

ауық-ауық ақ жалдары жарқылдап,
Жетім сөздің жел болуы оңай-ақ,
Көңілшектің көл болуы оңай-ақ;
бір періште жылап тұрды мені аяп.

Ал, сай жақта тас кеміріп, жар тырнап
бір ібіліс күліп жатты қарқылдап...

ТАМЫР

Монолог
Жаңбыр жаусын!
Жаумай қойсын!
Былай да

Қатысым жоқ қара бұлтқа, құдайға.
Сен – көктейсің,
тұрған шақта мен аман,
бұтақтарым, жапырақтарым, мұңайма!

Мен аманда жарқырап бір шығып қал,
Жапырақтар, ши-бұталар, шыбық-тал!

Жел, шуаққа көрген емен елеңдеп,
Құс, көбелек жазған емес мені емдеп.
Көтерілген сайын сендер биікке
жерге кіріп барамын мен тереңдеп.

Бұтақ, саған бұлбұл келіп қонады,
Сайрап отыр, сайрап отыр ол әне.
Жапырақ, сенің обалың жоқ, обалың –
шымшықты да көтеретін жоқ әлің.

Ал мен туған топырағымда тоңамын:
жауын құрты – менің жалғыз қонағым.
Жиған сөлім топырақ сорып жатып ап –
Соны, соны сен әкеттің, жапырақ!

Елеп көзге ілген емес мені ешкім,
көрінуге мен де ұмтылған емеспін.
Қалдым ақыр қан, бояудан жұтап бар,
есесіне, сен өстің, ши-бұтақтар.

Менің нәрім – желге ұшатын қаңбақ па,
Желдей тарап ап кеттіңдер жан-жаққа.
Жо-жоқ, бұлдап жатқаным жоқ оны аса –
өз бұтағым тонасыншы – тонаса!

Разымын тағдырыма!
Бұл да рас:
Тағдырластар, о, тамырлар, құрбылас,
ғұмыр бойы сорып бізді жұтатқан

бір-ақ тілек тілейікші бұтақтан,
жапырақтан шаңдақтағы, жолдағы.
Не солғанда құлақтары салбырап
не толғанда жасыл басы жалбырап

бізді есіне алып қойса – болғаны...

СЕЗІМ ИІРЛЕРІ

Төрт жасымда қалып едім әкеден,
бірақ жетім атанған жан емеспін:
Өзім тұстас көп баламен тең өстім,
Жетімсің деп кеміткен жоқ мені ешкім.

Бір әке емес,
Кетті әкелер майданға!
Қара талқан шылап жеп ап айранға,
Жау көзімен қараушы едік «байларға» –

баласына басқарманың шолақ қол;
Саз балшық не, бригадирдің ұлы не,
О кезде «Р»-ға келмеуші еді тілі де –
бір жылатып алушы едік күніне;

Әкелері болғаны үшін, сірә, олар
кінәлы еді;
ақ нанда да кінә бар.
Көйлектің көк, ағы бар,

Жорға мінер бағы бар,
тере берсең табылар
тағы, тағы, тағылар.
О, олардың кінәсы көп, көп, көп, көп,

Жабылатын едік кейде мектеп боп;
Әңгімеміз солар жайлы қоздап бар
Кекетуші ек: мырза, балпаң, боздақтар.
Жүруші едік қызарысып, шарпысып

Көздер жанса,
Көңілдерге қар түсіп.
Бірақ солар бізге қиып беретін
ат сауырын, ақ нандардың жартысын.

Оған ырза болған, әттең, біз бар ма –
Сылтау табар көңіл шіркін мұздарда:
«Түгенше ме? Қорқақ! Тартып алдық», – деп
Мақтанушы ек өзім деген қыздарға.

Балалық-ай!..
Балалық та емес ол,
алдануы – арзан еді демесең,
бастауы екен пендешілік пиғылдың,

итшілеген тіршіліктің немесе.
Пендешілік түсініктен, құдірет,
Көкіректің қыжылдаған күні көп:
«Менде неге болмайды», – деп қиналсақ біз

бір рет,
Күйіп-пістік «онда неге болады» деп мың рет!
Бір қарасам, он бір жасар қарт боппын,
арасында мені аяған көп қарттың –

Жақсылық па – аяп еткен жақсылық?!
Иә, достар, осы сауал, осы оймен,
Күл, кінәла, жайымыз бар есейген.
Содан шығар біздің ұрпақ қаталдау,

Қаталдығы: аянышты кездерде
аяуға да бата алмау.
Ал әлдекім бізді де аяп, болды ұққан –
Әлдекімге өшіктік біз сондықтан.

Ауызды ашсақ – сөздің не бір өткірі,
сондықтан да шықты ысқырып, бет тіліп.
Өскендіктен шығар, бәлкім, бұл мінез
аяу, қорлау – егіз ұғым деп біліп?

Жо-жоқ, достым!
Қорлау ғана емес бұл,
аяушылық – жақсылық та ең ескі.
Адамды аяп көмек жасау жолында

мен ештеңе аяп көрген емеспін!
Аяушылық – жүректің нақ өз үні,
ал аяуды – қорлау көрген қашанғы
адамдардың өзімшілдік сезімі.

Аяушылық – ұлы сезім!
Махаббаттай әлемге кең тараған,
Махаббаттай, туады ол да санадан;
есерлер де біледі аяп,

Және де
аямайды әлсіздерді ғана адам,
Халықты да аяп көргем мен жүдеп,
алыпты да аймалағам елжіреп.

Көрмейсің бе, дауыл жыққан еменді,
судыр қағып аймалап жүр жел-жібек?!
Аяушылық – ұлы сезім!
Бұл сезімге бүкіл адам, халық құл,

тек ол үшін жалғыз-ақ шарт қалып тұр:
мұқалуы керек ептеп мықтының,
жығылуы керек кейде алыптың!
Пендешілік!

Баяғы өмір,
баяғы ән –
түсінгенмен мойындамас жай адам.
Пушкиндердің өңменіне оқ таяған,

Лермонтовты өлтіріп ап аяған.
Аяу сондай бола ма ылғи?..
Бар үміт

Қурап-тозып, дүние түгел тарылып, –
Абайларды ажал жеңген сондықтан,
Толстойды сөйтіп жеңген кәрілік.
Аяушылық мезі қылған көп мені

Ұлыларға мысқалдан да жетпеді:
бір мысқалы Галилейге көп пе еді,
Пугачев пен Махамбетке көп пе еді!
Аяушылық көрдім талай адамнан:

біреу – көлік,
берді біреу маған нан.
Күн шуағын сезіп өстім төбемнен,
Құм жылуын – табаннан.

Шабыт беріп ақ тілеу мен ақ арман,
Қара өлеңнің өзі, міне, ағарған;
Кей күндері сезіп те едім сәл ызғар,
Өңменімде сол ызғардан әлі із бар.

Мыңның құшақ жая алғаны үшін де,
бірдің пышақ таянғаны үшін де –
мен – бәріне,
бәріне – мен қарыздар:

құрбылардан алған қарыздарымды
Өтеп келем інілерге дарынды.
Әкелерден алған қарызды өлеңмен
Мына жалғыз ұлыма өтеп келем мен.

Ұлым өсіп келеді, әне,
дүлей бір
кекті жесір қатпаса екен үрейлі үн!
Құдіретіне ұлы пиғыл, ұлы ойдың

тапсырамын ұлымды мен,
тілеймін:
Масылым деп аямасын ел оны,
асылым деп аяласын деп едім –

Осы менің бар өмірім, өлеңім.

САЯЖАЙДА

(Әзіл)

Самалға шық, жігіттер, саяға шық,
Қолпаштасып алайық, аяласып.
Көркі әңгіме көңілдің қоңыр-күңгір,
Қоңыр бұлтта жүр малтып Ай адасып,

Саяға шық, жігіттер, саяға шық,
Перне жиі сағадан әрі асқасын,
Ей, күйші дос, саусағың адаспасын.
Көркі күй ғой көңілдің қоңыр-күңгір.

Күймен бабын табалық көңілдің бір:
Самалға шық, жігіттер, саяға шық,

Қоңыр бұлтта жүр, әне, Ай адасып.
Текеметті төсейік осы араға,
Төр жоқ мұнда,
Жоқ, рас, босаға да.

Кіржіңдеспе Сайындар, Сайымжандар,
одан да анау бокалды дайындаңдар.
Бір-біріңді сөйлеңдер аяласып,
ашық-ашық күліңдер саяда ашық.

Артын бақпа әзілдің – адасасың,
Аспан жақта жүр ғой деп Ай адасып.
Перне жиі сағадан әрі асқасын,
байқа, қүйшім, саусағың адаспасын.

Сый да бөлек бұ жерде кәде бөтен,
Міне кетем демеңдер, әне кетем.
Ал мақтайық: Мәткәрім қарыны мен
Сабырханның дачасы әдемі екен!

Әдемі екен, тал-қайың сыбырласып,
болған сын-ды олар да бүгін ғашық.
Самал-кеште біз-дағы саяда ашық
Құшақтасып алайық, аяласып...

Әлгі қайда?
Кеткен бе Ай адасып?!
Су-су етсе қайың мен шынар басы,
Көлеңкелер төменде жүр арбасып.

Түсіне алсаң жігіттің бәрі жақсы,
Қой, қой, жаман емес қой шығармасы.
Күй тыңдайық,
Сөз қалсын осы арада,

бошалама, Қалихан, бошалама.
Мына шөлмек тағы да босаған, ә?

...Сен кім едің, құлағы тосаң аға?!

САЛМАҚ ТУРАЛЫ

Кеңседегі біреудің кеңсірігін сөз еттік,
ел сенетін біреудің кемшілігін сөз еттік.
Жетпейтінін сөз еттік, әңгімеге өзек қып,
біреуіне – ақыл-ой,

біреуіне – өжеттік.
Бір ағаны еске ап ек,
естілді бір көбең үн,
Көбең айтты: – Жұмыста салмағы жоқ, – деді, – оның.

Беделі аздау адамды – сөзден түйдім жаңағы –
Салмағы жоқ дейді екен космостың заманы!
Қайқы иегі басындай пешке кепкен байпақтың,
ащы сөзді әлгі адам төкті аузын шайқап бір.

Бақ-құдайға бағымсыз,

басқаларға жұғымсыз
жігіт еді, ол рас, қолы – шешен,
тілі – үнсіз,
соны айтқаны әлгінің.

Қой, ар жағын қозғама,
Мені ойлантқан бұл да емес,
«Салмақ» деген сөз ғана.
Бір сөз шықты аузымнан абайсызда атылып,

Қармағымды ой қапты – қалтқымды батырып.
«Салмақ?» – дедім,
Шын тәңір – салмақ десе ып-ырас,
Менде салмақ болса, ол – Жерге деген ықылас.

Космонавқа таңданбан,
таңсық емес ол маған;
Салмағы жоқ тағдырға қайтып көнді сонда адам? –
Мен осыған таң қалам!

Салмағы жоқ дене де бола ма екен,
бұ қалай:
Желге ұша ма сонда адам даруы жоқ «дұғадай?»
Ей, космонавт, заңдарын физиканың жатта бар,

Салмақсыздық, меніңше, барлық заңға жат болар,
ұлдарының
Жер-ана
алыс жолға аттанар

оралсын деп тезірек салмақтарын ап қалар.
Қауырсын да қол жетер жерден ұзап әрі аспас,
Космонавтан басқаға салмақсыздық жараспас!..
Қашты біреу Батысқа ұзартам деп мұратын,

Міне, міне, дәл соның салмағы жоқ бір атым.
Басың сенің доп, адам,
О, домалан, домалан,
Көкейіңде көп алаң,

Көрген күнің зобалаң,
табанының астында туған жері жоқ адам!
Салмақ – тарту күш десе, рас шығар жартысы,
ал, жартысы, жартысы – атау үшін, шарт үшін.

Ғұмыр бойы келем мен топырағыммен, «тартысып»,
тарту күші, болса олай, – махаббаттар шарпысы!
Мен – жерімді сүйемін!
Жүрек маза бермеді:

Сүйе ме деп, япыр-ай, сүйе ме деп Жер мені?
Мен – ғашықпын,
ғашық – мас, сүйсе ғана айығар,
айығып ап әр неден күдіктенер жайы бар.

Мен – іңірдің желімін қоңыр бұлтын шұбыртқан,
Жел болмасам сол желде тынысым бар бір ұрттам.
Сенде менің бөлінбес күллі ырысым, күллі есем,
Ей, Жер-ана, не ойласам – ораласың тілге сен

Жапырағыңмен сыбырлап отырмасаң күнде сен,
Мен өнерде өзімнің салмағымды білмес ем!
Тастың сипап маңдайын,

топырағымды уыстап,
салмақ жайлы мен де енді толғанамын дұрыстап.
Самал сүйсе, жапырақ,
Шық-көзіңді аш кеңірек,

кеңірек аш, дөңгелеп бір көрінсін төңірек,
түске қарай жел тұрар – жасыңды төк еңіреп:
гүлден гөрі Жер-ана кем сүйеді мені деп.
Махаббатқа өкпелеп – емен болды көк терек,

Абай болды сол ақын – заманына өкпелеп,
соның бәрін салмаққа қоса аламын мен анық,
бірақ бәрі соғады қара жерге оралып.
Салмақ шын-ақ тартылыс күші болса – жақ ашпан,

Салмақсыздық бірақ тек космонавқа жарасқан.
Уа, Жұмыр жер, аспаның салмақты аспан, ақ аспан –
Тартып ұста ауаңды күллі әлемдік таластан!

Талай жанды біз кейде әңгімеге өзек қып,
Талай ерді санадық, сараладық, сөз еттік.
Беделі аздау ағаны – сөзден ұқтым жаңағы –
Салмағы жоқ дейді екен космонавтар заманы.

Салмақсыздық еткенде санасыздар былайғы,
Салмақ дейді кей ауыз бір мықтыға ұнауды.
Тартып көрмей безбенге саған қалай ел сенбек,
Салауатқа, санаға салмақ тұрса өлшем боп?!

Жо-жоқ, достар, әр сөздің астын қазып мән баққан,
жеңіл түйсік тудырма саф ұғымнан – салмақтан:
ғұмыр бойы келем мен топырағыммен «тартысып»,
тарту күші, болса олай – махаббаттар шарпысы!

Жаса, жаса, Жұмыр Жер!
Салмағыңа сай ұлға
бір үміт бер күніне,
тым құрыса айында.

Салмақтыны емес, сен, салмақсызды ауырла,
Салмақты бас – дән болар,
Жел, байқап ес, жай ырға.
Талқыңа сал, о, тағдыр,

Саулығымды ал,
Санамды ал,
Туған жерден тек мені – салмағымнан айырма!

ҚОШАЛАҚ ТАУЫ

Көкшіл төбе.
Тау деген құр атағы,
дала күні құсап күні батады.
Өзіне тән бірақ аң, құс, даусы бар,

кім біледі, бұ да содан тау шығар?!
Айналасы қобыраған жал-жал құм

Жел көтерген жалы сын-ды жалғанның.
Маңайымен салыстырсаң
әлгі көк
Жусан төбе – талай таудан мәндірек,

салмақтырақ,
атақтырақ.
Әңгі, ала
Қарғасының өзі қарар паңдана.

Жер отына хайуан біткен өш-ті аса:
Мортығын қой маңырап іздер, ешкі асап.
Қыран құсап қалықтайды торғайы,
Сарышұнағы қорсылдайды шошқаша.

Неткен тоқтық!
Тағдырына мәз бәрі,
дуадақтай – көбелегі жаздағы.
Бөксе артып ем – тарғыл тасы тоқтықтан

тулап-үркіп жығып кете жаздады...
Қошалақ-ай!
О, жаһанның мықтысы!
Қар, мұз түгіл, жарытпайды шық түсіп.

Мұнша аласа болмасаң сен,
келмес ед
көрген жанның басыңа бір шыққысы!
Бірақ, бірақ ойлап көрсең індете,

аласалық – адам кешпес мін бе екен?!
Әр бұтасы айдарлы, әрі кекілді –
жақсы ақынның қолтаңбасы секілді!
Күндемеңдер, ей, достарым, күндеме

төбесін тау жасайды деп бұл неге.
Аң, құсы бар, демек, ерек даусы бар
тау болса егер, кім біледі, тау шығар?
Төбе аз ба екен таудан биік заты, ары,

тау аз ба екен асыраған атағы –
бұ да соның бірі болып жатады.

ҚЫЗЫЛ КІТАП

Ғылым айтқан сөздің бізге бәрі ұлғат.
Ғалымдар бір қызық жұрт:
Сары қоңызды қорғап бірі ұзын мұрт,
Жазды-ай келіп көптіріп.

Уайым ойлап, қайғы шегіп қаңғырып,
тасбақаны жазды біреу жандырып.
Құрып бара жатыр дейді табиғат:
бір елдерде әлденендей аң құрып,

бір жерлерде шөп құрып.
Америка құрылығын қысып тым
Жіберіпті кеше жазған жас ғалым:

Мұрты сиреп барады деп мысықтың.
Асанқайғы, сайысқа түс, ас, талас,
уайым айтсаң – сені-дағы тастамас,
серік етер сені олар,

қайғысы жоқ бас па бас!
Қырық жылға етеді олар қанағат
Қырықаяқтың башайларын санап-ақ.
О, жамағат, жамағат,

Ғылым жайлы ойламаймын мен ағат.
Сиректерді «Қызыл кітапқа» ұсынар
ғылым салты келе жатқан мәңгіден.
Ғалымдар да, ақын сын-ды жан білем,

Олай болса, менің де бар уайымым, әңгімем.
Қоңызды да қорғау керек,
бірақ мен
тарақанның аяғын

санамаймын шырақпен.
Азайғанды, жоғалғанды тіркесек –
Қайырымнан айырылды бір әпкем.
Уақыттың жақсылығы көп анық,

Көптігінен емес жатса қайсыбірі жоғалып:
Көп жақсылар кетіп жатыр қыр асып,
Орден, медаль – көпшіктерге қадалып.
Қане, қайғы сапыралық,

әңгімені соғалық:
Көп қайратты жапырдық біз қоға ғып,
Қадірлемеу арқылы.
Бір адамда бара жатыр жоғалып

Жақсылықтың бар түрі.
Ал өз басым аманында Ай, Күннің
Құрдасымның алдындағы беделімнен
айрылдым,

«Қызыл кітап», мұны да бір тіркеп қой.
Туласа да тентек жиын, үркек той,
Қара еменше қарайтұғын бүлк етпей
Ұлылардың саны азайды бүгінде.

Жел ескенде сол еменнің түбінде
Ербең қағар үп еткенді ызғар ғып
шөп пен шөлкем – біз қалдық.
Кешегі өткен айқас – адал базардың

берері жоқ – жалдаптары қалыпты.
Ұлы ұрыстың даңқты
Көп ері жоқ – балдақтары қалыпты.
Кешегі өртте жанған ерлер жарқырап

өшіп жатыр,
орден, медальдарымен
арттарында даңқы ғап.
«Көк базарда» бос балағын белбеулерге қыстырған,

Күлген шақта сыңар жеңдер қалтырап,
Қымыз ішіп дуылдасқан алты қарт,
Кеше көрсем – үшеуі отыр:

ақсақ, шолақ жұрт кәрі
Салбыраған, қабақтары, мұрттары –
Қымыздарын көңілсіздеу ұрттады.
Аңыз жасап шегірткенің мұртынан,

Қоңыздардың мұртынан
таратқанша сұр болжам мен сұр тұман,
Қорға, ғылым, майдан ерін сыртынан,
«Қызыл кітап», түртіп ал!

Ғылым айтқан сөздің бізге бәрі ұлғат,
Көбелекті жазды біреу көптіріп,
тарбақаның мұңын айтты жандырып,–
құрып бара жатыр деді табиғат,

бір елдерде әлденендей аң құрып,
бір жерлерде шөп құрып.
Табиғаттың жанашыры жамағат,
сен жайлы да ойламаймын мен ағат,

Өртеп түсер удан гөрі әлі де
емдеп жазар дәрі әлсіз!
Жо-жоқ, қабақ көрсетпеңіз маған сіз –
менің ойым залалсыз!

Табиғаттың тұтастығын сақта, ілім,
ал табиғат кімге керек адамсыз?!
Рас, жыршы артық кетер кейде тым,
өйткені оның біраз ойлар жейді етін.

Қолдан келсе, ұзарт адам ғұмырын,
Қысқартудың есебінен бейнетін!
Табиғат-ау, кеңшілігің қайда әлгі?
Кеңшілік ет, кеңшілік –

Сақтай тұршы батырларын майданның!
Мақтан етуші едім бірін сыртынан,
Міне, қазір келдім соның қырқынан –
Жүрегімнің басына уын бір төкті ой.

Махорка иісі бұрқыраған мұртынан
Сол бір асыл қарттар сиреп барады,
азайғанды, сирегенді тіркесек,
«Қызыл кітап», осыларды тіркеп қой,

«Қызыл кітап», түртіп ал!..

ҚЫЗЫЛ ГАУҺАР

Төрт аға бар,
Қыз – жалғыз, өзі сұлу,
сыйлы адам
әкесі бай – жалғыз қыз асыл тастар жинаған,

Көк гауһар бар,
сұры бар,
күлгіні бар, ағы бар –
тағы, тағы, тағылар қазынадан табылар,

Қызылы жоқ тек қана.
Қанағат пен ізетті
Ұмытқан қыз әлемнен қызыл гауһар іздетті.
Қызыл керек, қызыл-деп,

Қызыл-қызыл-қызыл-дап
гүл іздеген арадай іздеушілер ызылдап
шар-тарапқа аттанды:
Қыз көңілінде жоқ ісі

Құр қол қайтты көбісі,
Қайтпай қалды көбісі:
«Қарға іздесін қызылды!» – деді біреу қылжақбас,
О, күлкі, қаш, бір мысқал қыз қайғысын ұрлап қаш!

Ұрланып кеп қақпасын қақты түнде сол қыздың,
Жо-жоқ, жігіт емес ол – мыстан кемпір бір қақбас.
Сақтан, сарай, қара түн:
істелмек пе арам іс,

аулақ, аулақ, күдікті ой, көңілге жат, әрі алыс.
Қыз ашқанда есігін айтпақшы, әлгі кемпірдің
қолын көріп қалып ед, қол емес-ау, тарамыс;
тарамыстан қан жүріп, тамыр соқпас сірә да,

ал тамырсыз денеден қайырым да сұрама!
Қызыл гауһар табам деп ызың етті сол мыстан –
қызармағы тастың да қызығудан, болмыстан –
Гауһар түйме көрсетті.

Қарады да қыз алып:

– Мынау ақ қой, апеке-ау?

– Піседі ертең қызарып,

Жас тас еді бұл әлі –
Нағыз асыл қыз алар
бір жас жігіт қызарса – тас та содан қызарар.

– Жігітім жоқ, – Күлді қыз.

– Ағаң бар бір талапты ер,

қызарғанын көрейік: кіші ағаңа шарап бер.

– Сонсоң? – деді қыз шошып,

– Сәбисің-ау сен әлі,

Сонсоң түк те болмайды – ұйықтайды да қалады.
Қыз қарады гауһарға: ғажап екен тас тіпті, ә?
Кіші ағасын шарапқа үлгерді лез мас қып та –
Кемпір сүйеп апарып жатқызды да жастыққа,

берді гауһар түймені;
обалы не, обалы:
түйме қыздың өңірінде қызарғандай болады.
Тас қырында қызыл нұр қан секілді ұйып қап

Жалғыз түйме жанады – аға жатыр ұйықтап.
Қыз күрсінді:

– Түйме әсем, әттең жалғыз! – деп қалды.

Барып қалған есікке кемпір кенет тоқталды,
тұла бойы түп-түгел толы қалта-қапшық-ты,
Қойынынан гауһардың тағы бірін ап шықты,
тағы ұсынды түймені,

қарады да қыз алып:

– Мынау да ақ қой, апа-еке-ау? – Бұл да пісер қызарып... – Жігітім жоқ! – Күлді қыз. – Шарап ішер талапты ер, бір ағаңды шақырып тағы, тағы шарап бер. – Сонсоң? – деді қыз тағы. – Сенбейсің бе сен әлі, Сонсоң түк те болмайды – ұйықтайды да қалады Қыз қарады түймеге: қандай сұлу тас тіпті, ә? Құйды ағаға шарапты, тағы да сол мастық па – Кемпір тағы сүйрелеп жатқызды да жастыққа, берді гауһар түймені. Обалы не, обалы: Ол да қыздың өңірінде қызарғандай болады. Тас қырында қызыл нұр дірілдейді ұйып қап, түймесі – екеу, аға – екеу, жатыр, әне ұйықтап. Екі түйме қамзолын қаусыра алмай бір түрлі, Қос түймесін сипалап қыз тағы да іркілді. Кеуда қысқа көрінді, етек жақ тым ұзын да, Қыз құмары он есе артты сонда қызылға. Қызыл енді түс емес, құлаққа ұрды үн болып – Қызыл дүние, ызыңда, қане ызыңда, ызыңда! Кемпірдің де манадан аңдығаны осы еді, Көсеу тілі екі ұртын олай-бұлай көседі. От жанғандай ұртында – ысылдатып ерінді аузын ашқан – көмейі үңірейіп көрінді. Бір түймені қыз қолы тағы ұстады қорқып-ақ, бір ағасы масайып тағы ұйықтады қорқырап. Сонда кемпір есікке ұмтылды да тепеңдеп: «Кәрі көздің қызығын қырқып алдың – кетем», – деп байбалам сап бір ауық: «Алдап алдың мені», – деп, Өкінген боп бір ауық жібереді еңіреп. Қыз шыбықтай иеді мойын-басын өр біткен, Қалады ұстап мыстанды бұ жолы көп қорлықпен Адам аз ба дүниеде қаны кеуіп, жаны ұлып, Қасіретін басының сұрап алар жалынып: Жылады қыз. Кемпірдің үсті қалта-қапшық-ты, Қапшығынан гауһардың тағы бірін ап шықты. – Бол, тез! – деді, – соңы осы; шақырып тұр мені есік. босқа кетті бір түнім сенімен құр кеңесіп. Қыздың үлкен ағасы сопы-шора кісі еді, Қарындастың қадырын силап ол да ішеді. Қыздың төртінші ағасы ұйықтағанда қорқырап, Гауһар түйме төртінші қадалады жарқырап.

Кемпір кетті. Таң атты.
Төрт түймесін бір ұстап,
Төрт ағасын оятып күлмекке қыз дұрыстап,
жамылғыны сыпырған –

Обал, обал, обал-ақ:
төрт бас кетті төрт жаққа қарбыз құсап домалап.
Бар маңайды кенеттен қызыл жапты, қайғы алды.
бітті қыздың құлағы,

қызыл тілі байланды,
домаланып денесі, қызыл қабық
жапты үстін,
бүрісті де қыз сонда қызыл қоңызға айналды.

Қызыл-гауһар дүние!
Қызыл қоңыз-құмарлық,
«дүние-қоңыз» дегенді дәл осыдан шығардық,
«дүние-қоңыз» тіркесі тірі ұғым боп әу баста

тілге кірген осылай.
Құмарлық пен құлқынның күйін күйттеп қыз-арман,
қанталаған – қыз көзі,
гауһар емес, қызарған.

Нені қуса адамдар – сол айналар қызылға –
Қызыл дүние, ызыңда, ей, ызыңда, ызыңда!
«Қызыл қоңыз» бізде бір мода деген мыстан, бар,
маусым сайын құбылар, қане, қуып ұстаңдар!

Гауһар жүзік – мода екен –
Қалтаға да обал-ақ –
Соның соңынан көп бас жүрген сын-ды домалап.
Бай ғой Совет адамы,

рухтардың байлығын
алмастырмаса екен тек гауһар жайлы қайғы-мұң.
Ашкөздене ұмтылар мода деген «тағам» бар
тегі тас қой гауһардың,

қайырым жоқ, жоқ онда ар.
Тас қызарсын қызарса,
Қызармасын көздер тек,
сұлулардың, жігіттер, жанарына қараңдар!

АЛДАР КӨСЕ НЕМЕСЕ ДИАЛОГТАР

– Шығайбайлар, байбайлар,

құлықты қой енді ұсақ?
Ыққа қарай жүргенде арттан ескен жел құсап
Қуып жетті бізді де Алдар көсе даңқы ұлы –
тауға жауған жаңбырдың сайға түсті салқыны.

Алдар көс, дауысы әлдеқайдан тұр шығып –
Саған, Уақыт, ырзамын,
Саған, саған тіршілік!
Даңқ-атақты жоғалтпай алып жеткен бізге алыс,

Саған-саған, мадақ сөз,
Саған, барлық қызғаныш!

Шындық – арман,
Шындықты танып алу – мың арман,
таңдану – көп,
тану – аз, шықпай келем құмардан.

Аға, сізге бір сауал: адал болса даңқ-атақ,
Алдар көсе алдаумен атын қалай шығарған?
Арамзаны ар тұтып.
алаяқты тағы ақтап,

қалмаймыз ба ұятқа алдаушыны мадақтап?!

– Жаз, қорықпа, алдаумен атақ қуған жоқ Алдар,

ақтап алған аңызды мемлекеттер, қоғамдар.
Алдауыш деп кім айтты?
Сүйсінтпеген даңқ – тұл,
Алдар еткен Алдарды махаббаты халықтың!

Ойнасаң да Құдаймен құрдасыңдай кәдімгі,
Махаббатпен ойнарда білу керек әліңді!
Алдар көсе алдаумен даңқ іздеген жоқ, шырақ,
даңқ іздесе амал бар, алдаудан да жақсырақ.

Адал, арам дегенді басқа кезге алып қой,
атанған жоқ ол Алдар,
атандырған халық қой?!

– Бірақ қатал алдаған қақыратып, қақсатып,

сонда Алдардың болған ба алдау ғана мақсаты?
Аяу білмес жан екен,
мейірімсіздің өнерін
қылмыстан да, кеш аға, ауырырақ көремін.

Көрінеді кей сәтте тірлігінің көбі арам,
Қой ұрлайтын қасқырдай күзеті жоқ қорадан –
Айла, амалдар жүр әлі жер бауырлап, жылыстап,
әр қақпаны бір аңдып,

әр тұтқаны бір ұстап.
Қарға аузында – ірімшік.
ойлан-ойлан дұрыстап,
біздің кездің түлкісі, кеуделерден қуыс тап,

айла болса – өнерің,
өнерге сай жұмыс тап!
Жорға тілмен тайпалған,
өнерімен майталман

аузын қағу аңқаудың – адалдық деп айта алман!

– Кімді алдаған сонда Алдар?

– Мен болғам жоқ ол маңда,

Соның үшін бәрібір.

– Түсінбесең – толғанба.

«Бәрібір» деп кергисің,
емес, емес, ол емес
арамза мен аңқаудың арасындағы ерегес,
ерегесіп алдаған, алу үшін емес тек:

Шығайбайды қақсатқан «бор қасқа» атты елестет.

Арамдықтан алданса – Алдар алған көп кегін,
тісін қаққан тістінің тіршілікте өтпелі –
алданғанның барлығы аңқаулықтан деп пе едің?!

– Болсын, аға, солай-ақ,

жасықтарды жеп тілмен,
Ынжықтарды мұқатып – сонша неге көп күлген?

– Ынжықтар ма, сеніңше, мүләйімсіп жүргендер,

білместігің бар, бала, кещелермен бірге емдер.

– Қаталдығы рас-ау, күле берсін ол мейлі...

– Қаталдықты, әдетте, қаталдықпен емдейді;

жалқы майдан ашқан жан қайырымсызға қарсы арнап,
Жағы түсіп қалғанша жақсылық деп жар салмақ.

– Алыптарды айыптау – мадақтаудың жөні осы,

Мадақтамақ едім мен кітабымда келесі,
бағыт, бағдар алмақ ем тірек тұтып Сізді, аға,
Жә, жә бөтен ойым жоқ,
Мұздама, аға, сыздама.

Азаматтың алдында ақ ойымды пәк ұстап
ашпақ едім бір майдан тоғышарға бағыштап.
Желдей кезіп жер үстін –
Сөздер тауып ең ыстық

Арнамақ ем Алдарға...

– Келістік қой?

– Келістік.

Жарқылдаған жанға сол жалғыз ойнап отпенен,
жауын жарты бөлісіп – бір еркектік етпек ем;
кетіп жүрген есем бар,
есебім бар ептеген:

Менің-дағы несібем
Шығайбайлар ауласына көктеген...

ЫРЫМ

Ырымшыл ма,
Құдайшыл ма сол кісі?
Жақын ұғым алдыңғысы, соңғысы:
ырымшылдық – қараңғылық деп ұқтық,

құдайшылдық – қартайғанның белгісі.
Көшерінде Қошалақтан талай кәде жасалды,
бәрі, бәлкім, кәріліктен бас алды?
Қарт әйтеуір қара інгенге жүк артып,

Қара қойды құрбандығына шалды.
Қош айтысты ел, – әй, қиын-ақ, қиын-ақ:
белбеуіне бір уыс құм түйіп ап,
Көзбен де емес, сақалымен төкті жас.

«Оң сапарға» жиылған жұрт көп-ті, рас,
Сол көп күбір-сыбыр етті: «Құдірет,
Жетпіс жылда жылжымаған бір рет
іргеңді аудар деген кім,

кім зорлады мұны?!» – деп.
Топырағың не деп ем мен
Күлімдеп,
Қақты арқамнан: «ырым, ұлым, ырым», – деп.

Қарттың аузы болатұғын дуалы-ақ,
сөйледі ол бір жаратқанды куәға ап,
барам, деді, жақын-жуық жағалап,
қартайған соң қайын жұртты қуалап.

Түйекөш жер – түсте жеттік біз оған,
бір ойпаңнан суы шыққан ызадан
құдық қаздық,
тайыз екен құдығы,

терең екен бірақ елдің ұғымы:
«Жылқың жалды болсын» айтып бір ұлы
белдеуге әкеп қыстырды тал құрығын.
«Қазан майлы болсын» айтып бір әйел

көсеу берді.
Мынау неткен құдай-ел:
«Қораң толы болсын», – десті,
ал, мұнда

желі тартып берді біреу шалғынға.
Шолақтау ем: «Көсеу берген несі, –
дедім, бұл жұрттың?»
Шеркештің бір бойжеткені күлімдеп,

Сұңқ-сұңқ етті: «ырым, жиен, ырым», – деп.
Қонақ асы жеу боп кетті біз бітірер іс тегі,
ешкімнің де қазаны оттан түспеді.
Қара күбі толды тағы шүпілдеп,

ырқ-ырқ етіп батырмады піспегін.
Жер от екен, мал семірді ғаламат,
тышқандар тым көбейді,
Мысықтар да жиі-жиі балалап.

Ақшам намаз уақытында, ымыртта
Көкем ғана бас шайқайтын су ұрттап.
Жалпақ басы секілденген кебістің
Сақалымен, ойлы шолып жер үстін,

бір күні айтты: «басталатын жылы өткен соғыстың
дәл осылай желбіреп ед көк шыбық,
дәл осындай болып еді тоқшылық,
жақса жарар ырым», – деді.

Соғыс болған жоқ, бірақ,
есесіне тез семірді тоқты, лақ.
Жұрттың бәрін уайымға қарық қып,
ырым еткен құманынан су ұрттап,

бас шайқайтын мезгілінде, ымыртта
Нәжімеден қайтыс болды жарықтық.
Жайнап тұрған өмір ме бұл жаңағы?
Мына дүние неткен қапас, тар әрі!

Айтпақшы, қарт үзілерде көз ашып
керегенің басындағы белбеуіне қарады.

Ел шу етті: «бұлай болды-ау ақыры,
Жат ырым ғой, жат ырым ғой, жат ырым
қартайғанда ірге аудару».
Жылап, жоқтап өтті ымырт,

таңы да атты көп-көп тұрып, көп тұрып.
Шешіп алып түйіншегін белбеудің
шағыл құмын жас қабірге септі жұрт.
«Бұл не?» – деді әлдебіреу дүрілдеп,

бір қария жауап берді ырым деп.
Қасиеті шығар, бәлкім, кең даланың, кеңдіктің,
есім менің кеш кіріпті, – енді ұқтым.
Неткен асыл ұғым едің, ырым, сен!

Ырым, сендей ескілікке сүрінсем
сүрінейін,
Кешірім ет, креслолар, кеңселер:
әлгі ырымда қасиет бар ел сенер,

Мен де сенем, сенем, сенем, мен сенем,
ырым деген – туған жердің топырағы болса егер.
Менің байтақ Отанымның жері кең,
Кете берсін еріген мен жеріген!

Көке, енді сен де кешір!
Өзіңе ұқсап мен де жұртқа сыйлы өстім,
Мен де сүйем топырағымды,
бірақ сенше сүймеспін:

Қоныс іздеп көше алмаспын сен құсап,
топырағымды белбеуіме түймеспін!

ШЫТ КӨЙЛЕК

Денсаулықты жөндеу үшін, көпшікті
жүректерге қою керек деп шықты.
Инфарк па?
Жүйке ауру ма?

Бәрі осы
ауа мен су – бәрі осының бәлесі.
Бұған біреу дау шақырды: Жоқ!– деді,
ауа да – жел,

желдің бәрі өтпелі,
ал суыңның сынап құсап әрі-бері
ағуы көп тоқтағанынан гөрі,
денсаулыққа зиян емес ол да аса,

киген киім болмаса:
ауа өтпесе, қыздырмаса күн әрі
Нейлон, балон, кремплиндер кінәлі.
Жібек – жұқа,

Мауыт – қалың,
майданды
бастап тұрған ала шыттар қайда әлгі?!

Шұға, мақпал, бастондарға айып тақ,
Сөрелерге шыт-шыпырды жайып бақ!
Гастрит пе?
Қасқыр-ит пе?

Бәрі осы –
Бөзден көйлек кимегеннің бәлесі.
Әр моданың пәлсапасы бар, әрі
бар өзінің қаруы мен жарағы,

айыбы бар тағатұғын сыны ғып,–
Соның бәрі шыт көйлекке ұқсайды:
бір терлесең түсетұғын сылынып!

О, шыт-талғам!
Тас безедік,
жыр сыздық –
Модаға ер деп зорлап жүрген кім сізді?!

Өңменді атты өмірдегі құнсыздық,
Шытқа айналып көп ән-күйің, тірлігің,
Жайманың бар бетін бермей жүр бүгін.
Шытқа мен де қарсы емеспін,

бар шыным:
Өнердегі арзандыққа қарсымын.
Құнсыздыққа қарсы ашамын қан-майдан
Маржан-терді моншақтатып маңдайдан.

Ей, шытқұмар!
Қане, алып қал, алып қал,
Шыт-жырларды қара бақыр-шабыттан!
Ал мен шытқа қарамаймын – жарайды,

бірақ мен де модаға еріп қараймын
Қара барқыт шапанымен Абайдың.

ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ

Көк теңіздің жағасында шал тұрды,
иықты да балтырлы.
«Қайран теңіз!– деп күрсінді қарт ойлы –
Сені қайдам, мен мінекей, қартайдым».

(Өткен күннен қартта белгі бар тағы –
Тозып біткен қамыс сары қалпағы).
Теңіз жатты алабұртып бір түрлі,
Жазғы аспанның бұлты құсап күркірлі.

«Айтарсың-ау,– деді теңіз,– сен де аса
Өзгермепсің, сақал-шашың болмаса.
Адамдардың біз қартайдық дегені –
Көбіне-көп қулық болып келеді».

«Жоқ!»– деп сонда ыршып түсті қарт әлгі
Толқыныңа шайдырмаушы ем арқамды,

ал сен болсаң сол баяғың, баяғы
толқындарың бурыл жалын жаяды».
«Бұның рас,– деді теңіз,– сен аса
Қайратты едің, қуанушы ең балаша.

...Бір күндері екеу болып келдің сен –
Ұлың қайсар жігіт еді, мен білсем.
Содан кейін үшеу боп та келдің сен –
Ол ұлың да қуатты еді, мен білсем.

(Көгереді теңіз-толқындар тағы,
Сарғаяды шалдың шетен қалпағы):
Енші алды ғой?
Көрінбейді, көп болды?»

«Неғыласың еске салып өткенді,
екеуін де соғыс жұтқан екі ұлдың.
Содан бері, отыз бес жыл, жетіммін.
Қартаяр ма ем ол екеуі болса аман,

Қайрат аңсап келер ме едім мен саған?!»
«Ией, бейшара!– деді теңіз елжіреп,
(Толқын жалын тарап жатты жел жібек) –
бірақ сенің бағың асқан зор кісі:

Сенің көзің келеді ылғи көргісі,
жаның сенің аңсайды ылғи жаңаны,
ал мен болсам бос қармаймын жағаны –
уысыма ілінген түк жоқ әлі,

ештеңені іздемеймін, себебі,
Сен – тірісің, тұзды сумын мен өлі».

Тоқсан толғап шақты сонсоң қарт мұңын,
Ұлылардың мақтап айтты мәрттігін,
ауық-ауық тауып айтты сөз құнын,
жездей қақтап сауып айтты мазмұнын.

Теңіз айтты...
Шал сөйледі тағы да,
Кенет... теңіз-ұлылыққа табына...
Ұмтылды қарт...

Теңіз ашты құшағын –
екеуі ақыр шын табысқан құсады.
Теңіз сонда демін ішке тартады,
Қарт жоқ, бірақ сарғаяды қалпағы...

Осы жайды орай сөйлеп алыстан,
былай деді бір қария данышпан:

– Балам,– деді ол,– сенген жақсы, бірақ та

Құдіреттімен сыйласқан жөн алыстан.
Толқын-жырға сырымды айттым іште бар,
толқын, толқын!
Дауылсыз да күшті олар.

Мені-дағы теңіз лебі тартады,–
Құдіреттіге құмарлығым артады.
Мен де өнер-теңізіне сырлы бір
Қойып кеткем бұдан жиырма жыл бұрын,

ал қазіргі қалқып жүрген – қалпағым.

УАҚЫТ ЖЫРЫ

Сараң аты елге әйгілі біреу өліп кетеді,
Жомарт аты елге әйгілі біреу өліп кетеді.
(Ақылды адам көз жұмды деп барлық сараң жоқтайды,
Қайырымды адам көз жұмды деп барлық жомарт

жоқтайды.)
Екі қабір – екеуінің мекені,
бір төбеге жерленеді екеуі.
Таянады –

ездің ойы, ісі ердің
таразыға табан тіреп түсер күн.
Сырттай құрмет-атақ тұтып Құдайды,
Сот құрады сарапшылар былайғы:

«Не бітірдің?»– деп сараңнан сұрайды,
«Немен келдің?»– деп жомарттан сұрайды.
Сараңдығын аттап өтіп бірі айтты.
Жомарттығын мақтан етіп бірі айтты.

Ақтауға өзін сөз таппаса қайтеді жұрт бұ тілді:
бірі барын арқау етіп құтылды,
бірі жоғын сылтау етіп құтылды –
екеуінің сөзі де аса ұтымды,

екеуі де жақсы кісі сықылды...

Бас сарапшы қатқанда ақыр батыл үн,
Жомарт – күліп,
Сараң жылайды ақырын;
Жо-жоқ, үкім анық шыққан жоқ әлі,

екеуінің күнәсы ауыр, бірін тек
айдаһарға жұтқызатын болады,
(Жөнделуге тапсырылып актімен
Тозақ пеші жанбай тұрған шақ білем).

...Тісі ақсиып, күлетіндей ыржақтап
Айдаһар да келе жатты бір жақтан,
бары – ауыз боп ашылатын секілді,
жұтқан сайын ашығатын секілді.

Жомарт жатыр,
Жомарттықпен бергені
айдаһардан қорғау керек енді оны,
есіне алса: ғұмыр бойы ештеңе

аямапты бай, кедейден, кещеден,
данышпаннан, жауыздан да, баладан,
алғыс-қарым тілемепті және оған;
Өсекшіге етік берген, ер берген,

Жалғыз атын аямаған зергерден.

Сәудегерге, жесірге де көп берген,
бар ғұмырын тек берумен өткерген,
дүниенің санамаған көп-азын —
енді неден қысылады сабазың!

Мекенжайым – Жұмақ қой деп арайлы,
Желге қарап кекілін бір тарайды.
Өзін қойшы,
көршіні аяп қынжылып,

Сараң жатқан жаққа бір сәт қарайды.
Сараң жатыр,
Қарайды ол да ұрланып,
Күздің соңғы жапырағындай дір қағып.

Зауалы боп өткен күннің баяғы,
Әне, айдаһар таяп қалды, таяды,
аран аузын ашып алып жұтқалы…
(Кенет, ешкім не болғанын ұқпады)

дем-лебімен енді тарта берген ол,
Көмейіне бір күлше нан көлденең
тұра қалды.
Іс болды бұл ғажайып,

(автормыз ғой, таңданбай-ақ жазайық).
Сөйтсе сараң, уа, құдірет, құдірет,
жомарттық қып ғұмырында бір рет,
Нан беріпті қайыршыға қаңғыған,

Сол нан екен – әлгі нан,
Жақсылық боп шығып тұрған алдынан.
Ал, жомартты... сенімді еді ол әлі,
«ау, ағайын» дегенінше айдаһар

бір-ақ қылғып жұтады да салады.
Өйткені, оған беру мақсат боп алды,
Таныған жоқ сауап, қайыр, обалды,
Таңдаған жоқ уақытты адамды,

шашқан алтын, шешкен шапан көп әлгі
жеңіл бу боп желмен еріп жоғалды.
«Ғарасаттың майданында» тағы да
Әлдекімді тергеп жатты жабыла.

Сырттай атақ-құрмет тұтып Құдайды,
Сот құрады төрешілер былайғы:
Не тындырдың деп біреуден сұрайды,
Немен келдің деп біреуден сұрайды.

Қызық жайлар боп жатады мұнда аса:
біреу ерлік, жомарттығын бұлдаса,
айдаһардың жемі болса сонда да
О, дүние де – оңған дүние болмады, ә?

Енді бірі... қарау жан ғой ол нағыз,
Жоқ, сараңды ақтап әуре болмаңыз!
Айдаһардың қарыны еді – орны оның,
Бір-ақ мәрте қайыршыны алдаған,

күлше нанның арқасында қалды аман –
бәрі, бәрі – дейді қарттар Алладан!
О дүниеге мүлде сенім жоқ менде,

Және жабық көңіл, құлақ өткенге,
Тек мені әлі толғандырып қояды
Жақсылық пен жамандықтар баяғы.
Екеуі де қалмас мәңгі модыдан,

Жақсыға – бір,
Жаманға мың жолығам.
Қылмыс болса есепсіздік, шашпалық,
Сол жомартты алған Құдай, мені де ал!

Ал, сараңның тірлік-қамын елестет,
Сараңға өштік оты жанса – о да ескі от.
Жаңалық сол: жұмсақтық бар онда да,
түгел тастан жаратылған емес тек.

Жүрек жанса мейірім-отпен бір алау
Жақсы ат алу үшін емес шығар-ау,
Жақсылықты – жақсы ат үшін етер кім,
Ондай болса – күнәсін мен көтердім!

Құтыла алмас бірақ ондай өсектен
Жақсылықты жасайтындар есеппен.
Мен – қазақпын, қайырымды адам боп өстім.
Бірақ қайыр сұрап келген жоқ ешкім.

Толғантқанмен «сараң», «жомарт» деген сөз,
Атымтай да, Шығайбай да емеспін.
Кейде, рас, толғантады мені осы
ғасырлардың мәселесі келесі:

Сырттай сайлап Абайдай бір Құдайды,
Сот құрса егер кейінгі ұрпақ былайғы,
«Не тындырдың?» десе қатал бірі аса,
«Немен келдің?»– деп біреуі сұраса,–

Жауап таппай мінезіммен тым ынжық,
Тұрған шақта жерге қарап күмілжіп,
Уақыт өзі Айдаһар боп көгіс тым,
Зауалы боп, өткен күннің, көп істің,

Салақтығым үшін ой мен өлеңге
аузын ашып, енді жұтам дегенде,
дөңгелентіп тартқан кезде деммен ол –
бір өлеңім тұрса деп ем көлденең!

ТҰЗЫ ЖЕҢІЛ ЖЫР

Ғұмыр бойы пысықтыққа қас едім,
Кеше өзім де бір пысықтық жасадым:
Пысықсың деп айтып салдым бір досқа,
Өмір басқа, дедім тағы, жыр басқа.

Бәрібір деп сыңар танау осқырды,
осыны айтып оспадарсыз дос күлді,
ақын емен деді ол сонсоң, арқалы,
арқалының жүгін бірақ тартамын,

Сен – бұлбұлша салам дейсің тамаша ән,

Мен – нәр бермей қоя аламын қаласам,
бұлбұлға да тамақ керек емес пе?!
Сен, сен, деді ол, жыр жаза алғаның үшін
Кемітпексің біреулердің жұмысын,

тек сол үшін ентігіп кеп алдың дем
періштедей кез боп қалған малғұнмен.
Қайсымыз зор, айтсыншы жұрт дәл білген:
Сен – гүл болсаң,

Нанмын – мен!..

Сөз таппаса салады екен ақын ән:
ылғи өстіп ән салам деп шатылам...

ТҮС Атқа мініп жүрем ылғи, қыстығып мінген атым кісінеп, не пысқырып, Желіс салып, кейде өзімше жетісіп, бір қабаққа шығып жүрем, не түсіп. Түнде адасып Қошалақтың құмында ақ, елегзимін, ән сап жүрем ыңылдап. Әлденеден шошынады жан-дене, жөңкіп өріп жүрген сын-ды әлдене. Бұта сайын тұзақ керіп, жіп іліп, әр көлеңке сайын біреу тығылып, алқынысып жүрген сын-ды талай жан – немене екен әне біреу қарайған? Әлдекімдер алқымдасып, қысысып, Әлдебіреу ықылықтан іші ісіп құлағандай. Әлденендей құс ұшып, Шіл үрікті – ыс-пыс етті маңай да, аяқ асты көрінбейді, абайла Қыстығам кеп, генералы қол қойған бұдан қауіпті емес шығар қан майдан?! Ыңылдаймын, Шықпайды үнім, болмайды ән, Шып-шып ыстық тер кетеді маңдайдан.

Атқа мініп жүрем ылғи,
қыстығып
Мінген атым кісінеп, не пысқырып,
Мінезі ыстық, қылпың қаққан бір пері:

Қамшылар жақтан – үркеді,
мінер жақтан да – үркеді,
Қашан құлап қалар екем деген ой

Жанға мүлде маза бермей жүр, тегі.
Шоқтығы осал кер бестінің кергіген,
мойынына кетіп жүрді ер кілең,
Құйысқан жоқ,

Үзілді де шап айыл
ауып түстім,
Жығылғаным – жер білем...
Шыдай алмай жырдың шоқырағына,

Құладым мен тағы, тағы, тағы да
прозаның қара топырағына.

ТЫНЫШТЫҚ

Ақша бұлтқа ақ шыңдар тұр жарасып,
бұлттар көшсе – көшердей бірге адасып.
Оятады бұтаны жел ақырын
Шық-көздерін жапырақтың тырнап ашып.

Сабақ-мойнын жапырақ мың бұрап ап,
Жылт-жылт етіп айнала тұрды қарап.
Тырнап ашып көзімді,
кемді күннің

хабаршысы – газетке мен де үңілдім.
Шешем байғұс әрнеге көңілі алаң
«Тыныштық па, шырағым?» – деді маған.
бас изедім мен үнсіз.

Күрсінді ана
бір қызарып бет жүзі, бір сұрлана
Ойлайтыны уайым;
Шатырымнан

жайлап сырғы, тамшылар, тырсылдама.
«Тыныштық па?» деп тағы сұрады анам,
Сенбейтіндей газетке, мына маған.
Шаруасымен оянды күндегі елім,

тыныштықтан, дедім мен, тіл кебеді.
Желі де жоқ кептірерлік шықты үрлеп
Көбелектер әлі отыр гүлде дедім.
Мазалайды кәріні бұл ой неге,

Неге мұнша тыныштық тілейді өле?
Газет ұстап шытынсам қабағымды,
қабағыма қарайды үрейлене.
Міне, тағы күрсінді қақырап бір,

сығырайып мені әлі бақылап тұр.
Мылтық оқтап бір жерде асығып ел,
соғыс жүріп жатқанын жасырып ем.
«Тыныштық па?» – дейді ана,

тағы, тағы
көзіне әжім уайым тоғытады.

Әне, дедім, шық-көзін ашып жанған
жапырақтар,
Әне, алаң жасылданған.
Қойтас қарнын қампиған кебеже-кең

терезеден көрсеттім, терезеден
Жас ағаштың көрсеттім бунақтарын,
бүгінгі ауа райын бір мақтадым.
Тыныштық қой, дедім мен, мұның бәрі.

«Шүкір, шүкір!» – деп кемпір жымыңдады.
Тыныштық та дыбыс қой,
тереземді
жауып едім – құлағым шыңылдады.

Тыныштықтың түсі деп қоңыр түсті,
қоңыр түсті таңдадым, көңіл түсті.
Момын ғой деп кидім мен қоңыр көйлек,
Мінезім де қоңыр ғой, момын ғой деп.

ТОР Жағасында Қиғаштың құмға айналған қыр барлық, сол қырлардың бауырында біздің ауыл тұр қалғып. Мұржалары есінеп – шықса асықпай түтін ақ, сол түтінді таратар жел де асықпай күтіп ап. Ағаштар бар қайқы өскен, Көлшік сулар, бір түрлі арасынан кірпіктің қараған көз сықылды. Тастай бұйра тыныштық! Былтыр ғана түсіндім: таптырмайтын жер бопты ұйықтап қайту үшін бұл. Дем алу ма? Жоқ, ол жоқ: ағайын бар... айып бар... Сәл босасаң – дайын тұр қайқы тұмсық қайықтар. Сен де асықпай қайыққа отырып ап сырғысаң – Май шабақ пен «ащы су» ата-тегі бірге ұсар. Бір аға айтты: «Қымсынба, әлгі дәмнен және әкел, бала алыстан келгенмен, өзіміздің бала екен!»

Бір шал көрдік жағада,
Сәлем бердік сол шалға,
Сондай шығар бір алла кәрі кісі болса ол да.
Таң қалғаным: тілі аппақ, алған сын-ды бор жалап,

Тілінде емес әңгіме,
отырды қарт тор жамап.
Әркімнің өз ісі бар,

бар, әрине, өз әлі,
Өз әліңді білмесең – тозағы сол, тозағы...
Көк аспанда заулаған ракетаның ізіндей
ақ капрон жіпті қарт құлаштап кеп созады.

Тор жамайды қария,
көзі де әлі көргіш-ақ,
тиіп кетсең үгілер аппақ басы бор құсап;
Қолындағы ине ме,

инеге ұқсас басқа ма,
Не де болса, жасқама – жылпос екен масқара!
жо-жоқ, жыртық жоқ торда,
көтерді қарт қарын тік –

Сонда аңғардым: тігеді ол кең көздерді тарылтып.
Енді жетті басыма шал ісінің шын мәні:
Құлағымда әлдекім шалғы-орағын шыңдады,
әлдеқайда күркіреп күліп жатты жын, кәрі –

Дүр сілкінген көкірек дүрсілдеуден тынбады,
Мың аттылы жарысқан кең өлкеге ұсадым,
Дәмесі жоқ, демі жоқ көлеңкеге ұсадым.

– Ақсақал-ай, – деген сөз айтылғандай жау үшін

қатал әрі еріксіз тарғыл шықты дауысым.

– Ұшына да саусақтың жүректен қан тарайды –

Қолың сенің, қария, неге қалтырамайды?
Басың қалтылдағанша қолың қалтылдасын да,
түйе өлтіру – түк емес,
түйдегімен өлтірудің қасында

Ірілер – аз, әдетте
ұсақтар көп,
анық бұл;
шабағынан бастайды құртатындар балықты,

балағынан бастайды құртатындар халықты.
Кіржің еткені ғана – кейімеді қарт бірақ,
мықтылығын торының тексереді тартқылап.

– Айыптасаң, – деді, – ұлым, айыпта анау

Алланы,
торға тұрар бұл судың балығы да қалмады.
Шабақтар да жылпылдап ұстатпайды бұл шақта,
ал, Қиғаштың балығы кетті содан ұсақтап.

Қолым қалтырамаса қайраты бар деп түсін,
Қайраттыны сен осы мақтап жүрген жоқпысың?!

– Қайрат емес, расы қаталдықтың ісі бұл!

Түрме салып жүргенін іші сезген кісінің
Қолындағы тас түсіп, сына беред деседі...

– Ондай түйсік, шырағым, бірте-бірте өшеді.

Жағасында Қиғаштың құмға айналған қыр барлық,
Құшағында құмдардың біздің ауыл тұр қалғып,
Қолдар ояу, тіл ояу,
тұрмыс-күйге бәрі ынтық,

Ойлы ауыздар көп онда,
ойламас тек қарын түк.
Жанап кетсең үгілер аппақ басы бор құсап,

Сол шал отыр жағада тор көздерін тарылтып.

– Бұл ауылға, дедім мен, жетпеген бе заң әлі –

тарылтасың онсыз да балықтың тар заманын.
Онсыз да тор тар тірлік,
тар түсінік, тар ұғым,
тарылтасың сен тағы сорлылардың жарығын.

Ата, халің жоқ шығар ашығатын айғайлап,
балықты аула,
шабағын құтқаратын жайды ойлап.
Ірілердің шығыны – көндірген іс,

бүтін бас
шабақ түгіл бұл тордан қоңыз да аман құтылмас!

– Түп пиғылың, міне, енді құлағыма кірді шын,

Әй, білгішім, білгішім,
Өзің тойып алған соң балықты аяп тұрмысың?! –
Жымың етіп күлді шал,
естіген жоқ өзге ешкім:

мен болмыспен бетпе-бет
Жекпе-жек кеп кездестім!
«Өзің тойып алған соң?» Өзіме аян өз емім,
Әлі күнге сол сөздің шын салмағын сеземін.

Табиғатты қорғаштап жыр жазып ем бір мықты,
Әсерімен сол жырдың түзетпек ем тірлікті.
Жағасында Қиғаштың «сап!», «сап!» болдым мен
өстіп.

Содан кейін ешкіммен жарымадым кеңес қып,
Серіктерім қайыққа бастай берді,
абайлап
сөзге тартты, «бала ғой», қызып қалды деп ойлап.

Көтеріңкі сөздердің көмір болды ақыры,
Күшке тимес жыр жаздым – өмір болды ақыры.
Қалғиды деп халқымды,
самарқау деп елді мен

«Суреткердің көзімен» көрмек болып кергіп ем.
Көрінгенмен ақ борды жалағанға тілі ұқсас,
Қызыл екен қарт тілі,
бор бас емес, күміс бас.

Өш, өш, көңіл желігі!
Көлеңкең де бойға айып,
Мықты екенбіз, көлеңке, қарынсыз бір тойлайық.
Сенбейді екен мына жұрт тоқ кісінің сөзіне,

Халық қамын ойласақ – тоймай тұрып ойлайық!

ӨТКЕЛ АУЗЫНДА

Толқындар жоқ,
Қояды жай ырғалып
Өзек суы,
Маңай тыныш бір қалып.

Тырс-тырс етіп екі-үш қайық жағада
бірін-бірі бүйірімен тұр қағып.
Ақсақал шал қолына алып таяғын:

– Балам, – деді, – баратының қай ауыл?

Айтып едім ескі құрдас бір ерді,
Қарт таяғын тастап келіп жіберді.
Құрдасымды жек көре ме деп ойлап
сасып қалдым,

сауал бердім абайлап.
Сауалым да болды білем мардымсыз –
аларып бір қарады да ол қалды үнсіз.
Мен де үнсізбін.

Отырып қарт қайтадан
таяғының бұдыр жерін сипап ап,
өтпейтұғын кездігімен қиқалап
жонып кетті.

Асықпайды түк қолы,
қаламайтын секілді істің біткенін.
Кездеспейтін халім еді бұл менің,
не ойларға,

не айтарға білмедім.
Бұ да, дедім ыза болып, біткен ел,
біреуіне бітпеген соң түк бедел.

– Ата, – дедім, – жолаушы едім.

– Білгемін,

Шыныңды айтшы, іздегенім кім дедің?
Не де болса шындық болсын деп ойлап,
Өз шешемнің атын айттым абайлап
Сонда қарттың жыбыр етті ақ мұрты:

– Бар деуші еді баласының дакпырты,

аты дардай бір естіген құлаққа?! –
деді қария,
қозғалған жоқ бірақ та.
Жона берді таяғын жай;

ол әлі
мені мүлде байқамаған болады.
Күн кешкірді.
Шыдам бітті қап-қалың,

Жалынуға жаңа сөз де таппадым.
Жібітуді ойладым шын кәріні,
ал ол үшін не айтсам да бәрібір:

– Ата, – дедім, – шынымды айтсам тегі мен,

үйіме тек кіремін де көрінем,
Қайтыс болған бір ағасы шешемнің –

Орнына бата етуге келіп ем.

– Өй, – шошынды ол, – суайтым-ай көк ерін,

Қайтер екен, бір сынайын деп едім,
таптың сөзді, өтірік те болса, енді,
елден безіп, ермек қуған белсенді?!
Сәби ең сен...

Ұмыттың ғой шамасы,
тұқымыңнан аумай қапсың, қарашы,
Мен боламын шешеңнің сол ағасы! –
Осыны айтып, күлді-ай келіп нағашым.

ҚҰМ ЕЛІ

Адамы ояу,
Құм болатын ұйықтаушы,
Өрістес кеп малын түстеп үйренген
ең бір жақын көрші атанған үйлерден

түнде талып жететұғын ит даусы.
Анда бір үй,
мұнда да бір үй жалғыз –
мықты екенсің, ел сирек деп иланғыз!

Ана үйдің де кемпір сауған биесін,
Мына үйдің де самаурынын құйған қыз.
Қабынтатын «қалың халық» деп өле,
Қарттар байтақ, бақ, мансапқа кенеле,

деген шақта «отайыпты ана алап» –
Сақалдарын қойысатын салалап.
Бір қара шал өлерінде, сары шалға
айтыпты-мыс: «Халық саған аманат».

Әкімдер кім?
Кеңсе қайда – оны ешкім
сөз еткенін бір естіген емеспін.
Шалдар ғана бата жасап,

десетін:
«Мерейлі бол, үкіметі Кеңестің!»
Әр шал хақ пен үкіметке ниет етіп,
әркім жағып жататұғын жеке отын.

Он құдықтың суы жетпей малына,
бір самауырын су – жанына жететін.
Қартсыз болған емес сол ел бір дана
Сөйлейтұғын сағымдана, мұңдана,

ымырт шақта таспиғын қолға алып
отыратын уайым айтып толғанып...
Кім біледі,
Кеңдігімен даланың

қалың болса – қалың шығар сол халық?!

ҚЫС –80

Дыбысы жоқ құстар ұшты, жай ғана,
Жапырақсыз бұта қатпай көңілді үн;
ет-теріден айрылды айнала,
Құр қаңқасын көрдім мына өмірдің –

терезеден қарау ғана болды ермек,
Осы менің – мен екенім анық па?
Деуші еді ғой дүние деген дөңгелек,
қалай түскен төрт бұрышты қалыпқа?

Есіме алдым мекемемді – кеңсені,
елестеттім бір бейнені сүйікті...
Оң иықта – періште бар деуші еді,
сол періште тастап кетті иықты.

Оң қарымды басқан сын-ды тау құлап,
глобустың оң жартысын су алды.
Кіші қызым сәл тұрды да жаудырап,
«Папа тыныш ұйықтады»,– деп қуанды.

Төсегіме келгендердің бәрі осы –
түсінбейді бірі тілді, бірі ымды.
«Тыныш» деген сөзден ұшып зәресі
Шешем байғұс жетіп келіп сүрінді.

Ғұмыр бойы тыныштықты уағыздадым жан
салып,
тыныштықты аңсадым:
Отаныма тек тыныштық тіледім,

Ошағыма, от-басыма тіледім,
бірақ бірақ тілегенім жоқ еді
тыныш тапсын деп ешқашан жүрегім.
Оң жақ жартым тынып қалды бір түрлі

Сол жақ жартым соған қарсы майдан ашқан
сықылды.
Бір мұхитқа антициклон келді де,
бір құрлықта революция жеңді де –

аман қалдым мен, міне.

САИДАҒА

Ей, кішкене бөбегім!
қызықтайсың әр нәрсені бір ұстап,
біріне, әттең, қарамайсың дұрыстап,
Сөзіме де түсінбейсің не менің.

Ұзақ жолға дайындалған кеменің
белгісі боп танылатын шет елде
Қызыл жібек желбірейді шекеңде –
ей, кішкене туым менің көтерген,

мен көрмеген мұхиттардан өтер ме ең,

аман-есен шекаралар дауынан,
түрлі-түсті түсінікпен ауырған
пиғылдардан,
толқындардан,

дауылдан!
Сүйкімдісің, өйткені, есің білмейсің,
ертеңге не қалатынын білмейсің:
бүгін қолыңды жалап тұрған күшіктің

ертең ит боп қабатынын білмейсің.
Ырыздық жиған – қап аларын білмейсің,
Жимағанды ел табаларын білмейсің.
Мамық майса қураса ертең

табанға
тікен болып қадаларын білмейсің.
Бүгін нұрың тамып тұрған гүлдейсің,
боз қырауда не боларын білмейсің,

гүл таңдаған – шөп аларын білмейсің,
төбе азғанда сай боларын білмейсің,
пасықтықтың пайда аларын білмейсің,
қайғы-мұңның қайда барын білмейсің!

Сурет салып отырсың сен жасырып –
көк желкеңде айна барын білмейсің.
Сені ерке еткен «таудай» әкең
күні ертең

титтей төмпекке айналарын білмейсің!
Білме қызым,
білгендерге түсінбе,
ертең мықтап, түсінерің үшін де.

Әр минуттан қызық қарма, үміт тап,
ертеңгі мұң есебінен күліп бақ,
еркелеп бақ!
Ойна, ойна, бақыр, күл,

есебінен ертең кірер ақылдың.
Бәлкім, ертең де еркелетер?
сенемін:
төбесіне тік көтерер сені елің

жалауындай алыс жүрер кеменің?
Ей, періштем, бөбегім!
Періштені көрген емен мен өмір.
Бірақ, бірақ мына сенің қасыңда

Оның-дағы пенделерден жасырған
Күнәсы көп болу керек дер едім.

ПОЭЗИЯ

Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,
Поэзия секілді бір саулы інген.
Ботасы өлген секілді ертеде оның,

Абай жатқан баурында кер төбенің.

Қасым жатқан шет жағын боз даланың,
Саулы інген-жыр кезеді боздап әлі.
Ботасы өлген батады Ана мұңға,
Ілиястың Құлагер заманында.

Алаяқ пен не түрлі қырсау мінген
Поэзия – жүр әне, бір саулы інген.
Ботасы өлген батады Ана мүңға
«Аралды» ашқан Әбділда заманында.

Боз інген жүр, бір ойға бекіндім мен:
бұйдасын қиып кеткен секілді інген.
Бір желіге тоқтары, келері анық
деп ақындар жөңкіп жүр шелек алып.

Қайтіп бүтін бұл ырыс тисін бірден
Жебір қолға саумаған – исіндірген?!
Бір тамшыға біреу жүр құны қалып,
Біреу шықты, әнеки, тұлып алып.

Байғұс інген... бүйірі бүлкілдейді,
бота-қайғы бауырын түртіп жейді.
Бір шелекке нәр тамып бірер қасық,
бірер көңіл қалды, әне, құмар басып.

Ол бақыттан, достым, сен қалдың аман,
Ең тынышы – қой бағып, мал құраған...
Бос шелектің дауысы-ай даңғыраған,
бос шелектің дауысы-ай даңғыраған.

ЕРТЕГІ

Диюды құрдас қып
Сұңқылдай сырластық –
деп күлген бір ерді
Алла өртеп жіберді;

соқ бері,
соқ әрі
иектен жоғары!
Суайтты жоқ ары

Сужүрек сабады.
Өгіз ғой деп өгіз
арбаға жегеміз.
Ал анау бұқаны

Жекпейміз неге біз?!

Шындық қой бұл, шырақ,
Піспеген былжырақ.
Бір-бірін өлтірді шымшылап
бір соқыр, бір шұнақ.

Бір басшы, сараң, сақ
біреуді жарамсақ
пір тұтты, бір тұтты,
Содан соң... құртыпты...

Бір қария мақалға
Қырық жыл қақалған.
Қақалып, қақалып
Данышпан атанған.

Ақыры... зор, кәрі
періште сорлады:
сайтаннан қатын ап –
ақымақ, ақымақ.

Ертек пе бұл,
Өлең бе?
сенбейсің-ау сен емге:
Осылардың барлығын

мен біледі дегенге.

ДӘМЕ

Бұлт үйірілді далаға –
Жауады екен деп күттім,
тағы да ырыс, бақ күттім
қамбасы боп Тоқтықтың.

Аласапыран жел тұрды –
бұлт тарады, кетті, ықты:
Жапырағым сарғайды,
Мен – аштықпын, жоқтықпын!

Тіл ұшында сөз тұрды,
Кенеземді кептіртті:
Маған арнап айтылар
Сол асыл сөз деп күттім.

Беделсізге – бел бітті,
бейсанаға бет бітті,
қалдым тағы жамылып
көлеңкесін көптіктің.

Тауға тағы бұлт келді –
Жаңбыр жауды бір апта:
бетпақ шөлге тамшы жоқ,
Құйылды су бұлаққа.

Сөз де айтылды – асыл сөз –
маған емес бірақ та.
Далам кетті дөңгелеп
Көз көрмеген жыраққа...

Жапырағым айналды
елеңдеген құлаққа.

ГЕОГРАФИЯ

Әлдене бір ендіктерде, белдеуде
Экваторға айналсам-ау мен демде,
Жердің шарын құшақтасам,
бір ғана

қарым менің шақырым боп мыңдаған
Кетсе ұзарып;
Саусақтарым бұл мықты
Сипап көріп мұхиттарды, құрлықты,

Көшелерді, каналдарды
аккордеон тіліндей ғып басқанда
ғажап бір күй шапшыр еді-ау аспанға!
Күшті шығар Бетховен мен Құрекеңнен он есе,

ағылшын да, француз да, немесе
орыс, жапон, немістікі де емес ол,
бірақ шерткен күй секілді жеңешем
Әркімге ыстық «Полонездей» –

Адам күйі! –
Аты жаңа демесең
баяғыдан бар күй – өзі шыншыл-ақ...

– Күйдің ұлты кім, шырақ?

Құрыр еді-ау бұл сұрақ:
Жесір біткен бір-ақ тілде сыңсымақ,
бір-ақ тілде күледі екен күн шуақ,
ит те жүр ғой бір-ақ тілде қыңсылап?!

Жылайтыны тәрізді күллі сәби бір тілде,
Күллі адамзат ойлар болса бір тілде,
бір соққыдан барлық шеке ісер болса күлтілдеп,
бар жүректі бір-ақ қайғы түртіп жеп,

Адамзат деп қана аталса күллі әлем,
бір-ақ жанып жырлар ем
Адамзаттың бақыты мен мұратын
Мадақ етіп шабытыммен сұрапыл!

Сонда ғана ендіктерде, белдеуде
экваторға айналар ем мен демде,
Жердің шарын құшақтар ем,
глобусты құшақтаған кәрі, ізгі

география мұғалімі тәрізді!
О, қанша амал, қанша амал,
Әзірге тек қиял жұтып тамсанам.
Адам – адам болғалы бар бұл мақсат,

ақын – ақын болғалы бар бұл мақсат,
Кей мезгілде сөзге айналып құрғақ, сақ,

Кейде күдік, күмән болып тырнақ сап –
Жаным менің жүр қақсап.
Амал қанша!
Сенбеушілік, сертсіздіктер, уайымдар,

біреу – басын, біреу – қанжар дайындар:
Абельдер мен Каиндар,
Хауа-анадан бір туғандар әуелде
Әр өлкеге, әр елге

бір-бірінен туы бөтен, әні өңге
ұрпақтар боп тарап кетті әлемге.
Адам деген атамыздың аты ғана қалды асыл,
Кімге керек қара нәсіл, ақ нәсіл:

Жапонның да аспанының Айы әппақ,
Негірдің де жапырағы жап-жасыл.
Ағылшынның бұлағы да мөп-мөлдір,
Машын-Шыңның бұлағы да мөп-мөлдір:

барлық елдің бұталары басына,
жасыл-жасыл желек байлап көктем жүр.
Шекара бар,
Карта бөлек, алайда

ешқайсысын Көктем алаламайды, ә?!
Барлық жерде аспан биік, күн қызыл,
барлық түннің күліп туар жұлдызы –
О, жасаған, жасаған,

бірін-бірі жылататын несі адам?!
Бар халықтың тыңдап көрсең әуенін:
барлығының мұраты – өмір, жауы – өлім,
О, жасаған, есалаң,

бірін-бірі өлтіретін несі адам?!
Барлық елде бала – бала, ана – ана:
балаларды күштеп бөлу бола ма,
аналарды түстеп бөлу бола ма?!

Бірақ бөліп көрген емес мені ешкім,
Қазақ боп-ақ қалғаныңнан көп өстім.
Жо-жоқ, достым, космополит емеспін!
Бірақ анау шекаралар, сақтықтар

жатқан сын-ды адамдарды жат қып бар,
саясат пен түсініктің әр түрі
жалын болып Жерді талай шарпыды.
КПСС – ойлайды өзі дұрыстап:

Экватор боп он есе,
Шеңбер болып немесе
бөшке-жерді құшағында тұр ұстап.
Ал анау жақ сөз гулетіп бір қауым,

Сан саланың салыстырып ыңғайын,
ұшқын іздеп әрбір тастың қырынан,
бензин-бөшкеге от қоюға тұр дайын.
Әр сыбдырға жалтақтап,

сана бұзып, салт аттап,
«Соғыс» деген сөзбен ойнап ант атқан
Қыңыр бастар қысыр сөзбен мал тапқан,

Түйе жасап шіркейден,
қайық жасап қалпақтан,
«Қызыл қатер» кеп қалды деп ұрандап,
Суайт, сымпыс дүниені жүр алдап.

Аққуға да мылтық кезеп, сірә онда
Сауысқанды салады айдап қыранға,
бұлбұл әнін айналдырып зор дауға;
Қызыл тудың көлеңкесінен осы

Жанатындай жер лаулап,
Ұмтылады мың тонналық бомбамен
Құзғындарды көгершіннен қорғауға!
Көкірегі қарау, бетер зынданнан,

адамдарды қырғаны үшін бұлданған
Пиночеттер, фюрерлер кіл жалған,
бөлсек, – дейді – Айды алтыға, Күнді – онға.
Олар үшін – ракеталар аздай бір,

бомба жасау – сол баяғы-бәз қайғы.
Пиғылынан шошынып Жер солардың
Экватордан жұлып шыға жаздайды.
Көп күйбеңнен көңілі қалып қорлана.

Үһілейтін сын-ды сонда Жер маған.
Географиялық сызықтарға содан біз
сене алмадық. Біз – қорғанбыз, қоғамбыз.
Қарғып шығып қорғанымнан, қоғамнан,

Жоқ, мен, сірә, экватор бола алман!
Жоқ, бола алман!
Жау пиғылдар түрлі анда
Зеңбірек боп ашылғалы тұрғанда,

Кнопка боп басылғалы тұрғанда
Мен, мен, сірә, экватор бола алман!

Революция пионерлерінің сол
галстуктерін жалғап,
шығар күннің қызыл нұрын жұтқызып,
Шекарамды содан өрдім қып-қызыл,

Қызыл сызық! Аттай алмас оны ешкім,
(өзім де өмірі аттап көрген емеспін!)
Жасарғысы келгенде қыр, жоталар,
Көктем ғана аттай алар, өте алар:

Қызыл гүлін шам ғып жағып маздаған,
рұқсатсыз аттай алар жаз ғана.
Жау боп келсең – қара суымды ұрттама,
жақсылықты жатырқаған жұрт надан!

Біздің қызыл сызықты аттай алар жерде – жел.
Көкте нөсер, бұлт қана!

Жоқ мен әзір экватор бола алман,
Шыққанымнан емес, Шымкент, Оралдан,
Қысқалығынан да емес қолымның –
алалығы ой-пиғылдың, көңілдің.

Дәнеңе жоқ діннің бөтендігінде,

тілдің бөтендігінде.
Ашық көктен домаласа жай тасы –
бомба ғана емес шығар, байқа шын,
ол – мемлекет, шекаралар айқасы,

Ұғымдар мен идеялар айқасы!
Айқас қана жеткізеді жеңіске,
Жеңіп қана ел болдық біз ірі алғаш.
Ауған, араб, неміс те

бізбен бірге – идеялас, ұрандас.
Қасым ағам – испанканы ұнатқан,
ал мен жапон қыздарына ғашықпын.
Көктем мен жаз сықылды

Достық үшін шекарам да ашық тұр.
Жеңістерге жүгінгендей бүгін ел,
Мен достыққа жүгінем.
Қызыл сызық болып жерді құшармын,

Экваторға айналармын түбі мен...

БЕС БҰТАҚ

Бала деген ерке екен, ертегі екен,
ертегіше тыңдаймын, еркелетем.
Ертегі үшін мен бейне мықты роман –
мұқабамның өзімен ықтыра алам.

Маймыл сын-ды мазақ боп түкті надан,
«Қызық!» – десе төбеммен тік тұра алам.
Жатыс бөлек болған соң, көрпе бөтен,
Жайлауына қашады бөрте бөкен,

бөрте бөкен – кіші қыз,
Күн көрінген
Зың еткізіп құлағын шерте кетем.
Шып-шып етіп тер шығып пысынаған

мұрнынан ақырын қысып алам.
Тер мөлтілдеп тұрса да гүл шығындай
Мұрны мұздай – күшіктің тұмсығындай.
Мақтап қоям:

«Бес» апсың, дұрыс күнім!»
Қызық көрем сондағы тұр-ұсқынын.
Мен егер де бір жұма уақыт болсам,
бес тентегім – бейне бес жұмыс күнім:

көңілімді көтерсе бірі менің,
шаршатарда – барлығы бірігеді.
Екі күндік демалыс – үлкені екі,
Тұлымдарын бұрайды күлтелетіп,

Ал, кей кезде...
Жалғыз ұл,
Сүйсем-күйсем

Өзім білем, «ауыр күн» – Дүйсембім сол.
Бес бөбегім, бесеуі де асыл маған,
асыл оймен жаңарам, жасылданам.
Бірін сүйсем – масайып қаламын да,

екіншісін иіскеп – басым жазам.
Жеке зерттер әр тастың кескін-қырын
тас астынан, геолог, естілді үнің...
Мен – географ,

Жер шары – үйім, жайым,
бес бөбегім – бесеуі бес құрлығым.
Тегі – топырақ, болса да ұлы атағы,
Бірін-бірі қағады, құлатады:

Африканы жылатса Америка,
Евразия болып мен жұбатамын.
Жел-ауаға айналса егер демім,
бес құрлықтың бір кезде көгергені!

Ал теңіздер,
Мұқиттар шалқып жатқан
махаббатым соларға деген менің!
Біреуі артық,

бірі кем емес еді,
тең ұстадым бесеуін – тең өседі.
Әлдекімдер әр жақта кеңеседі:
тағы да сол соғыс па?

Мұздай суық
Антарктида жақтан бір жел еседі.
Жоқ, іске аспас жаман ой,
Жалғыз ұлым

Шашын сипап қартаяр балдызының.
Бөбектерім ер жетер ертең менің,
Көрмес олар ағаштың өртенгенін,
Құлағанын үйлердің опырылып,

Жылағанын ақсаққа соқыр ұлып.
Еркелесін, қақпашы, еркелесін,
Зая-ақ кетсін уақытым, ерте, кешім.
Ертең деген – ертең ғой, ертегі емес,

бәлкім ертең ешкімге еркелемес?
Құлағынан ертеңнің ертегі өтпес,
бәлкім, ертең ешкім де еркелетпес?!

АҚ КӨЙЛЕКТІ ЖЕҢЕШЕМ

Аттандырып ағамды,
айылын көріп атының,
«Жолың болсын!» – деп ылғи күбірлеуші ең ақырын.
Әулиедей жүзіңе тұнып сонда нұр-сипат,

Қалушы едің мұңайып ат сауырын бір сипап.

Тілек, ниет дегенге әлі күнге иланам:
«Жолы болып» ағамның келіп жүрді үйге аман.
Ниет, тілек дегенге әлі күнге тоқталам:
Жолы болу – үйге аман оралу ма деп қалам.

Ақ көйлекті киіп ап,
ақ самаурын қайнатып
Күттің,
Күттің кеткенше Ашақ асып Ай батып.

Жиналысы қиын-ды қызметінен кеңсенің,
ағам шаршап қайтатын ер үстінде теңселіп,
шаршап шатақ салатын:
«мә-мә, саған, мә, саған!»

Сонда да сен тілеуші ең «жар болсын деп,
жасаған!»
«Жасағаны жар болып» ұйықтап бір кез мас ағам,
Күзетуші ең кірпігін үнсіз қарап тасадан.

Сол қараған көзіңде мейірімді жеңсе мұң,
ерің емес тек қана ұлың да еді ол сенің.
Екінші ұлың – мен болдым;
түсті ақыры шашыңа ақ

бірі – жалқау,
бірі – есер, екі масыл асырап.
Бөріктіні бет тұтқан берік адам еді аса:
бала орнына күткенмен, жұмсамайтын балаша.

Бала едім мен жалында ойнап жүрген әр тайдың,
түсінгеннен сол жанды – аяймын деп қартайдым.
Серкелігі болғанмен;
Ерке емес-ті есі жоқ –

ағам да ұқты жеңгемді – әттең, әттең, кешірек!
Әттең, бала таппады;
бар адам деп былай да
бақ-ырыстан қақты, өстіп, – мүйіз шықты құдайға!

Тентек едім,
бүгінде менен момын жоқ кісі,
жуасытты сана мен сәтсіздіктер соққысы.
Әлі де бар көңілім қызу құмар, от құмар,

тұмсық көрсем шет жатқан –
шерте кеткім кеп тұрар.
Жуасыған ағам да тағдыр оқып ақ үкім:

«Жолың болсын?» – деп жеңгем сипап қалған
табытын.
Алыстағы соғыстан оралғанмен ол аман,
Оралмады, амал не, тиіп тұрған моладан.

Кім біледі, табиғат сыйлаған бір бақ шығар:
Қартаймаса жақсылық,
Қартайғанмен жақсылар.
Сертім үшін:

жарымнан мінез көрсем бір бөтен,
бөркім үшін:

жеңгемді қыздарыма үлгі етем.
Кейде өтеді көзінен мұң керуені,
ой легі,
Күннен өткен бұлт сын-ды,

бірақ, әлі ақ көйлегі.
Тәңірі – жалқы,
Жеңешем жалғыз қыстап, жал қыстап,
балаларын ұсынған ағайынды алғыстап:

«Бала деген – ит емес алатұғын асырап», –
«Жар бола гөр, жасаған!» – дейді сонсоң
нанды ұстап.
Балада ма бақыт тек?

Айта берсін жүз надан
он балалы үйдің де ошақ-оты мұздаған.
Бала көтермегені – соры болса жеңгемнің,
Мен – ағамның бақытын әлі күнге қызғанам!

АҒАШ ҚЫЛЫШ

Таудай қартсың,
бұлағы аққан тау ғұрлы
Жомарттық ет,
Қоршап тұрмыз аулыңды,

Шапқыншымыз, еріміз бар – ер десең,
шауып аламыз – қонақ асы бермесең.
Солай депті
Кино түсіргелі жүрген бір кісі.

Қарт күлмеген, келген бірақ күлкісі,
Кәрі ерінін бір шүйірген ерсі етіп,
Әзіл сөзді сүйетінін көрсетіп,
былай деген сөйлеп қалған тіл үстем:

«Шабасың ба мынау ағаш қылышпен?!»
О, түсінем,
Жамбыл қартты қатты ұғам,
Қатты ұққаннан көп ұғыммен қақтығам.

Көзді алдауға жасатылған басында
ағаш қылыш ұнамаған расында.
Ағаш қылышты ұнатпаған қарт ақын
болат қылыштар үшін,

қиялай бір тартатын!
Ерді қалай мойындайды – қыңыр әрі оғаш
жан –
Қылышының өзі болса ағаштан?!

Көшті бізден талай бояу – түс түлеп,
жапырақ та,
Фильмдер де түсті көп.

Күшті шықты «Аманкелді» киносы,
Жамбыл айтқан әлгі сөз тек – күштірек!

Ағаш, ағаш!
Ағаштың түк кінәсі жоқ, расы,
Қылыш болғандығы ғана кінәсі.
Сен де – өнерде жұртты алдауға жасалған,

Жалтақтайсың ағаш қылыштарға көп –
балғын үміт, жас арман!
Орын қалмай қойды-ау ағаш-өлеңге,
Сен келгелі өлең атты иен-елге.

Содан бері сырт көздерге болат болып көрініп,
ағаш-қылыш келеді ойнап төбеңде.

АЯЛДАМАДА

Әйелдер тұр тықыршып,
сұлулары көптен көп –
еріні күрең көбінің
иектері көкпеңбек.

«Сыпайылар – тоңбайды, қалтырайды» деген бар,
әйелге арнап айтқандай мәтелін де адамдар.
Түсі кетер ерлердің суыққа тым жаны осал,
ал, әйелге тон сын-ды, тоңғаны да жарасар.

Неткен халық бұл халық!
Тісім түсіп, мөр тайып,
таң қалам деп әйелге қалдым, міне қартайып.
«Сыпайылар – тоңбайды, қалтырайды» деген бар –

мәтелін де әйелге өлшеп айтқан адамдар.
Бір-бірінің түр-сұрын кекетіп тұр текке үркіп,
үркіп-үркіп қарайды қара кірпік, көк кірпік.

– Қалқам, тоңып қалдың-ау, автобус жоқ...

– Жоқ, аға, –

бір төңкеріп тастады тұйық көзін томаға.
Сонсоң мойнын қымтады, шолақ екен жағы да,
Тоңдың десе – тоңған боп көрінбеуге бола ма?!
Тоңып тұр ол,

тұр ұстап әлгі сөзім тек менің,
жағын ашса – тісі тұр сақылдап-ақ кеткелі!
Кеше ғана, жапырақ, сыр шашып ең шалқып-ақ,
бүгін қорқып қалыпсың жел алдында қалтырап.

Бірақ әйел суықтан қорықпайды – сыйлайды,
пайдаланбай қалуға суықты да қимайды.
Мен ұқтыра алмаймын,
Сен ұқпайсың немесе:

тоңған кезде сұлулар – сұлуырақ он есе!
Кеше жел тұрды арқадан –
дауыл болды дақпырты

ауладағы қоқысты алай-түлей лақтыртып.
Жел пәс бүгін, суды лай асфальт қана қапты іркіп,
қар жұққан жоқ бұтаға – қырау ғана ақ кірпік.
Әйел тоңса, ойлама, осал халық-ау тегі,

сұлуырақ көрінсе – тоңбағанда қайтеді?!
Жасырады бәр-бәрін сыпайы жұрт, «сұм» әрі,
бірақ жасырғанын ел білсе екен деп тұрады.
Білдік, білдік!

Білдік біз табына да жағына,
қор мазақсың – білмесең,
білсең – кешпес тағы да.
Міне, халық дегенің әйел сын-ды, абайла –

суық болсын, болмасын –
тоңу керек қалайда!..

АШАҚ-МӘШІ ХИКАЯСЫ

Атақ-даңқ дөгеннің болмай кейде көбі адал,
Герострат даңқындай,
дақ боп кейде қалады ол.
Әлі күнге бір сыпсың тарайды сол даладан,

Әлі күнге бір суық еседі сол моладан.
Ағайынды екі адам:
Қымыз ішіп, қыз құшып,
атақ үшін, ақыры кетісіпті ызғышып.

Көрмегенді көне көз
көне аңыздан сұрасақ:
екі еріккен өтіпті, бірі – Мәші,
бірі – Ашақ.

Не істемегеп адамдар дүние үшін бұ қараң,
ал, атағы үшін сол дүниені де құраған.
Мәші айтады бір күні:
аулақ етсін күнәдан,

Мәші есімін көр де тұр, даңқты етіп шығарам.
Екі көзі жасаурап:
Мен де – дейді сонда Ашақ,–
Жорға күрең-төбелін жалғыз аяқ-жолға сап.

Жоқ, мен,– дейді Мәші аға,
О, жасаған, жасаған,
О, жасаған, қуыс көз-құмарлыққа мас адам
«Мен», «мен» десті «мен!» десті,

Кесір егес, кері егес –
Ией, ерегес, ерегес, мен-мендіктер, ерегес?
Қадалысты екеуі – қатал қабақ, жат ары –
Қайсысының бірақ та бұрын шықса атағы,

Сөз байласты қалсын деп «тауарықта» сол ғана,
екіншісі болмаққа біріншіге қол-бала.
Ал, халықты ұмытты,

Әппақ шелге тұнып, құр
Түк көрмеді көздері, уа құмарлық, құнықтыр!
Атақ, даңқ кім үшін?
Бос қуыс сөз далбаса,

есімді елеп ел өзі ауызына алмаса!

Құдай өзің дәме бер,
Бермесең де емексіт,
Бал болмаса дәме-үміт, су да емес-ау, демек, сүт.
Ашып кетті сүт-үміт,

Қашып кетті көкжиек,
ауық-ауық аулақта ішін тартты жел өксіп.
Менің туған жерімнің тікенінде де ұят бар –
Тікенімен тырысып теріс айналды қияқтар.

Менің туған жерімнің қаңбағында салмақ бар,
Қабырғасы ырсайдай
ақ тікенді бір сайға жасырынды қаңбақтар.
Бір бәйтерек тереңнен, шығар-ау деп ұмтылып,

демін ішке ап сары бауыр ұйып қалды құм тынып.

Грек мифіндегідей, қалтарыстан, тасадан
найза ұштары шықты өсіп.
Ал, азамат, асы адал
арыңды әкел дегендей, жау қаптады, не шара,

ду-ду етті дала үсті, жабылғандай аш ара.
Аспан кетті шалқайып көгістене, қасара –
Қасарды деп, ей, тағдыр қарау үкім жасама:
сұспен күлді сұр болат,

Ашақ – Мәші қайда әлгі,
Алсын атақ-даңқты
ашсын-дағы майданды!
қарсы шапты Мәші, рас,

ұшқындар, ал шашырас!
Көрінді елдің досы – дос,
Қара бауыр қасы – қас,
бақайшағы – қара тас,

бағы батпақ, басы – бас,
қарсы шапты Мәші, рас,
Құр шабыста мақсат не:
Күші басым жау оны байлап алды әп-сәтте.

Жеңі ұшынан жел тұрып, жеңісіне мастанған
атылады Ашаққа жау батыры жас тарлан,
Ашақ тұра қашады
атақ-даңққа аш әлі,

Қуып жетіп жау сонда желкесінен басады,
Лақтырғанда Ашақты жауырынынан шанышып –
Қорқақтың да шырқырап көкке шықты жаны ұшып.
Елдің жалын жапырып бітті солай жау ісі,

Ашақтың тек қалды өшпей «сауғалаған» дауысы...
Тірі қалған шал, кемпір итке тағар қарғы ұстап,
Жалғыз көмген Ашақты сол төбеге қарғыстап.

Мәшіні ешкім білмейді – ұмыту боп соқты сәт
Түтіндей де алмады шала жанған от құсап,
Саныңды құр соғасың,
ойласаң мұң боласың –

аты шықты Ашақтың: Әне, «Ашақтың моласы»!
Қоңыр төбе жусанды. Жалпақ шағыл түбінде
Жатыр Ашақ моласы – қауым болған бүгінде.
Арын қорғай алмаған,

Сыйламаған әрі елін
Қорқақтар мен сатқыңдар емес, рас, бәрі оның.
Қалай Ашақ атанды?
Көне әңгіме, ескі үн бұл,–

Қалай өлді сол Ашақ?–
Жұмысы жоқ ешкімнің.
Өлген жанын алыс ел ару жуып, ақ тілеп,
Сол қауымға тасиды топырағы қатты деп.

Неге қатты топырақ – құм ғой маңын қоршаған –
Ұғар еді өткенді ой көзімен көрсе адам:
Жиіркеніп Жер байғұс өкінішті бір мұңмен
Ашақ үшін тас болған шығар, бәлкім?

Кім білген.
Қарттар кескен ақ үкім – қарғы,
қарғыс – бәрі ұмыт,
арын басқан күнәдан Ашақ жатыр арылып,

Алапестен өлгендей жан жуымас деп еді,
Жазасы еді сол елдің жалғыз көмген себебі.
Дәстүрдің ең жаңасы –
Жұрт байлығы, ел асы,

Ұмытшақтау ауылым бар – ақ көңіл ғой шамасы.
Ымырт шақта көрінер қарауытып, қарашы –
Топыраққа қорлық-ау сатқындардың моласы!
«Ез ұятын топырақ артар» десе – дәл ұғым:

Қызарады кеш сайын менің әппақ шағылым.
Жау аттаған жерлерде адам бар ма сау іші,
Қайтушы еді қашанда жауыз болмай жау ісі:
Тыншымасын деген ғой, құмның ары мәңгілік,

айсыз қара түндерде жел көтеріп жаңғырық,
еміс-еміс естіліп, құлаққа ұрар қаңғырып
әлдекімнің ышқынып «сауғалаған» дауысы...

АУЫЛ СОВЕТ БАСТЫҒЫМЕН ӘҢГІМЕ

Ауыл совет бастығы еді бір ағам...
Кеше сонда қонақ болдым кешқұрым.
«Әрі қайтар шек-шек келгір ешкіні»,–
деп зекіріп айтқан сөзін естідім.

Бұған алғаш мән бергем жоқ мен аса,
аға үйіне еркелеумен балаша;
тұрмыс, күтім, көңіл – бәрі жаңаша,
үйлер қандай,

аула қандай тамаша!
Ас соңынан сұқбат құрдық. Шай үсті,
үй іші боп жапондардың сервиздерін жайысты.
Чех шынысы,

алтын, күміс ыдыстарға тамсандым,–
хрустальға конфет емес, нан салды.
Бірақ шайдың сүті қызық,
ақ жеңгем:

– Біздің сиыр консерві,– деп майысты.

– Шай-қатығы жоқ па?– дедім,– бұл үйдің?–

ағам басын төмен салып жымиды.
Саусақтарын сылап қойып жеңешем:

– Ауыл деген атағы бар демесең,

мал саумаймыз,
Өкіл келін ауданнан
Мынау ағаң бас боп бәрі қаулы алған:

– Шайды сүтсіз ішуге ме?

– Жоқ, айнам,

ел бүгінде екіленген, тоғайған,
қашан да ессіз келеді ғой тоқшылық,
аулаға егу керек десті көк шыбық;
Көк шыбыққа өспесе де түйір дән,

Шыбық ектік – айрылдық сиырдан.
Тыңдай берсең, жеңгеңде сөз көп әлі,
Сөз сауамыз, сиыр ұстамағалы.
Ағам сонда бір желпініп боп қалды:

– Ескілікті жойғанбыз!– деп мақтанды,–

Шүкір, Халық ақша алады,
қуғанбыз
ауыл үстін шаңдатады деп малды.
Тек бір қырсық қария бар, долдана

айқай салып мал ұстайтын сол ғана.
Үш жыл бұрын жалғыз еді ешкісі
Сегіз бопты, санап едім кешкісін.
Ауылымызға апат боп тұр асқан бұл –

жапырағын теріп жейді жас талдың.
Сүт – дүкенде,
ет – дүкенде, тарығар
жағдай жоқ,

мал не керек, бәрі бар.
Сондықтан да сиырымыз – консерві,
ал, консерві – шөп жемейтін «жануар».
Ауыл көркі дегеніңді біз өстіп

қолымыздан келгенінше түзестік.

– Сонда қалай?– дедім мен,–

Малды қарсы қоймақсыз ба егінге?

– Астанадан келген қонақ көк өнім

көрген шақта бір сүйсінер деп едім...

– Астанадан келгеніммен – жай келем,

бұйрық емен, қағаз емен, қаулы емен,
бірақ, аға, жапырақ үшін, тал үшін
дұрыс емес малды қуғындау деген.
Жеңгем айтты:

– Ауыл деген атағы,

Маған малдың асаулығы батады.
Мал саумайды құмның әйелдері де,
соғымын жұрт атып ұстап жатады.

Маған доктор: «Сырқатыңа дарып ем
Жазылмайсың,– деп еді,– құр дәрімен.
Ауыл барып айран сімір, ауа жұт,
Қымыз, шұбат мықты бірақ бәрінен»,

Күтпеген бір қиындықпен беттестім,
Көктемде де көкейімнен кетпес бұл.
Құр дәрімен жазылмайсың деп еді,
ауамен де жазылмаспын деп кестім.

Ел көңілін сезгеніммен бауырмал,
ақ іше алмай қайттым, сөйтіп ауылдан.
Қуғындалған ешкілерді көргенде
бір мұңды күй сарнап кетті кеудемде:

Сонау жылдар аштық атты «бәледен»
бізді асырап алып қалған мал еді ол.
Ешкі етектен тарта ала ма, ел өссе –
түсінбедім ағам айтқан кеңеске.

Малсыз ауыл – жапырағы жоқ ағаштай,
Малымен де ауыл – ауыл емес пе?!
Кеше кешке естідім:
Жапырақты ешкі жепті кешқұрым,

сонсоң біреу сойып апты ешкіні...

АУА ДАБЫЛЫ

Жай қарасаң, ғалымдардың қайғысы
түсінбейтін қайғы сын-ды жай кісі:
Фабрика, заводтардың демі ыстық,
Содан ысып бара жатыр кеңістік.

Жел қуа алмай машинаның газ, уын,
Экскаватор ақситады азуын,
Гүлді алқапқа бағыт алса бульдозер,
тракторлар шынжырлы

оқиды көп ұйқаспайтын бір жырды.
Бомба ызадан жарылды анда;
бір жақта
Монологты мылтық оқып қылжақтап;

антенналар орманы өсті көк тіреп;
топыраққа дәнмен бірге дәрі егіп,
темір-табан техника тепкілеп,
барлығынан осының –

пеш күрсінген секілді ыстық жетті леп.
Болатты үйтіп,
вертолетті маса ғып,
атомдардан азық-түлік жасадық.

Әлденені айта алмай тұр мұржалар
Түйдек-түйдек түтініне шашалып.
Жүрек шаншып,
Қысқан шақта қос өкпең

дәрі таңдап:
Отаныңнан, не шеттен
түбінде бір (ауа есепсіз десек те)
қиналатын секілдіміз есептен.

Ал әзірше сүйенеміз орманға,
дала деген зор барда
гүл егерміз сорларға,
Сүйенерміз салақтық пен долбарға,

бірақ, бірақ нақ бүгіннің өзінде
дәрі-дәрмек шынысынан толды арба,
Ойланайық: мен – бар,
Сен – бар,

Ол – барда,
Мензуркаға құйып берсе ауаны
Қалтырамай ұстайтұғын қол барда.

АТ АРБА

Омырауына қамыт батқан,
келеді ол
тер орнына бу атады денеден.
Қорлық, бейнет қазына болса – қазып ал!

Қасқа тағдыр сол маңдайға жазылар.
Ат иесі неғылады басқаны –
арбасында кірпіші бар, сазы бар,
жайбарақат.

Ат тындырса сонша ісін,
Үйірмегенде қайтеді қамшысын!

Шама жоқ-ау, сірә, бір үн қатпасқа! –
ауық-ауық пысқырады ат қасқа.
Майсыз ағаш арба келеді ойбай сап –
байбаламға шеберсің-ау, әй, найсап!

Ырсаң қағып аттың қабырғалары
Ол да сықырлайтын сын-ды болады –

Обал қайда?
Тағдырына обалы!
Тағдыр – ауыр,
Жұрттың онда ісі не:

аяуға – жоқ,
қызықтауға кісі көп,
Жылқы екенін білдірді ме тегінің,
ат бір кезде жіберді әнтек кісінеп.

Жалт қарасты сонда адамдар,
Обал, ә!
ескі арбаға ат жегуге бола ма
Мынау әсем машиналы қалада?!

Көп көңілде осындай ой жатты ұсақ,
ұсақ пиғыл ұсақ міндер тапқыш-ақ:
«Қарашы, әне, тезек тастап барады», –
деп кісінеп күлді біреу ат құсап.

Балалар мәз, балалар мәз, балалар
атқа еліктеп пысқырып жүр, әне, олар.
Ал ат байғұс тартады ауыр арбаны,
арба болып батады оған бәр-бәрі,

Қамыт болып батады оған бәрі-бәрі,
бұйым емес, мына ат үшін, қалғаны –
Міне, сізге тіршіліктің бар мәні.
Тарт, алыбым, арбаны алға!

Тарт, тарт алға, арықтардың қаңқасы!
Жылжыса алға ауырлықтың әр тасы
Иық қаққан қамыттардың арқасы,
Қамыт киген алыптардың арқасы!

АРМАН

– Бұлбұл құстың әні қандай әдемі,

Шіркін, өзін тыңдар ма еді және бір.

– Кеше бірақ шықпады үні қарлығып,

ангинаның әлегі ғой барлығы.

– Рас, биыл ангина көп болып тұр,

О, зауалыңа жолыққыр!

– Ән салар ем, тамағымның жарасы

жұтындырмай отырғанын қарашы!
Бұлбұлды өстіп «түсінген» боп бәр-бәрі –
Әтеш, қарға, шымшық та сөз арнады...
Көрдіңіз бе, Әтеш, Шымшық, Қарғаның

ангинамен ауыру да – арманы.

ЖАЛҒЫЗ ҚАЙЫҢ

Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың,
Мен бір саған жаңа ұйқас дайындайын.
Басқа жақсылығым жоқ,
қайғырайын,

Жалғыз тұр деп ақ қайың уайымдайын,
Одан саған не пайда,
Қайың, қайың!
Жел өтінде ыс-пыс боп, ырсыл қағып,

тас қабақта тұл-жалғыз тұрсың нағып?
Жағдайыңды, жел айтты, нашар деп тұр,
жапырағыңды тағы да шашам деп тұр.
Тоғай атты халқыңнан қалай бездің,

Орман деген еліңнен қашан кеттің?
Неге кеттің, япыр-ау, ерен өткір
балта болды ма еліңде керемет бір?
Әлде қуып шығарып тас қабаққа,

Ниет етті ме ел итеріп тастамаққа
Түпсіз сайға тік жардан, құламаған?
Болды ма ісің көпке әлде ұнамаған?
Үндемейді ақ қайың,

тілді көмей
жұтқан сын-ды,
салдырамай, күлдіремей
шытыр-шытыр ұшады жапырағы –

өскендіктің белгісі үлбіремей.
Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың,
аямайын,
тек қана уайымдайын.

Көңіл үшін, ақ қайың, бір тіл қатшы,
сары жапырақ – тіліңді жылтылдатшы!
Жел өтінде ыс-пыс боп, ырсыл қағып,
тас қабақта тұл-жалғыз тұрсың нағып?

Әлде ісің болды ма еркін бірер
әлдекімді сескентер, серпілдірер?
Жағдайыңды жел айтты, нашар деп тұр,
Жапырағыңды жан-жаққа шашам деп тұр.

Жел басынбас еді ғой орманда өссең,
Орманыңнан, айтшы, енді қашан кеттің?
Мен керемет, деп әлде, мен керемет
көзге түсіп қалдың ба елден ерек?

Қайратыңнан хабар ғып, сес ұқтырып
әлде біреуді алдың ба өшіктіріп?
Берілдің бе есерлеу елеске бір?
Бұл тұрысың, әйтеуір, емес тегін.

Неге кеттің, япыр-ау, ерен өткір
балта шықты ма еліңнен керемет бір?
Айтшы маған сырыңды, қайың, қайың,
уайымдасам – түсініп уайымдайын.

Сонда ақ қайың аш белін бір бұрады,
Жапырағының тілімен сыбдырады:
«Уайымдама,
бел қатқан, буын бекіп,

бұтағымды жел ұрса уілдетіп.
Көзге шұқып қайың деп өкпелеткен
орман деген елімнен көпте кеткем.
Бірақ, бірақ қорғайды мені ол әлі,

кей ымыртта бұлт болып көк алалы
жылы жаңбыр төгеді,
жапырағы
Қарғып келіп мойныма оралады.

Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен,
жапырағымды күз ғана шашып-төккен.
Қиып түссе – арман не,
қайзалағыш

бір көк топас балтадан қашып кеткем!
Жүрек толса – жас төгу дайын емі,
бұл тұрғаным – қайғы, рас, уайым елі.
Бәрінен де қауіпті ед өткір балта,

өйткені оның сабы өзім – қайың еді.
Жоқ, көнбеске кеткем жоқ,
Көк-айыл да
болған емен, жолым бар ағайынға.

Орман атты елімде – қайың атым,
топырағым, тамырым – тоғайымда!»

ЖЕЛТОҚСАН

Жапырақтың сарысы, қызылдары
қызыл-сары дыбыс боп ызыңдады.
Ербеңдейді не біліп бұта басы? –
жұтамашы, табиғат, жұтамашы.

Кей ағаштың лыпасыз тұрғаны оғаш
жел өтінде тыртиып тыр-жалаңаш.
Неңді ұғынды, суық жел, неңді аяды?
Жақыны жоқ,

Жанашыр болмай әрі,
Өгей шеше үйінен қуып шыққан
Жетім қыздай кей ағаш сол баяғы.
Сұмырай көшіп жатыр ма, сұқсұр қонып –

Күлкі, әзіл де естілді сұп-сұр болып.
Әне, аспанның күн жатыр шетін ала –
шуақта отыр үш мысық, екі бала.
Ар жағында ұлы ызғар сезіліп тұр,

жылтырайтын дүниенің беті ғана.
Жапырақ жасыл кезінде білінбейтін

жүгіріп жүр бір бояу, бір үн бейпіл.
Тастың-дағы таныдым бүгін кейпін.
Құс еттенді терісі кәрі еменнің,
тізесінің дірілін және көрдім.

Біткен бе анау көмекей-құлқын құлы –
Көгерткен кім бұлақты қылқындырып?

ЖЫЛ ҚҰСЫ

Құдаш Мұқашев туралы

Жыл құсындай соғушы еді бір ауық,
біздің үйде –
балаларға жылауық
ұнататын ертегілер айтуды.

Құстар келді, кетті,
талай ай туды,
бұлт секілді кетті талай жыл ауып,
ал, Құдаш жоқ, Құдаш жоқ –

болмаушы ма ед құстың келу-қайтуы?!
Салауат айт, дейді қарттар, өткенге,
Өткендерді сағынған сәт көп менде.
Жылда екі рет жоқтаймын мен құсымды

Күзде және көктемде...
Әлдекімнің көшіп кеткен жұрты деп,
Әлдекімді сыбайтын кеп ысыртып.
Көзін жұмып күлсе сонсоң,

дүркіреп
ұшқан сын-ды болатын көп құс үркіп.
Көзін жұмып?
Иә, солай болатын,

ондай етіп күле алмайды он ақын:
орманға ұқсас, қалай адас – мол іші,
қулық-сыр боп көрінетін сонысы.
Ондай шақта ойы астарлы, тілі сақ

сезілетін –
Сезім екен бұ да ұсақ.
Күлгені оның – өмір сүргені екен ғой,
бір сәт қана ойлы еңбектен тыныс ап.

Момын да еді, ақын сонша өр еді –
еңбек-тұғыр,
О, көңілдің көбеңі!
Ұлыма айтсам Құдаш жайлы мен бүгін

ертегі айтып отырғандай көреді...
Жоқты көксер көңіл сәті көп менде.
Әр жыл сайын көктемде
Жүрегімді қанатты ойлар тепкенде

Жалтақтаймын ағаштардың басына,

бұталарға жасыл-жасыл бүр жапқан
Құсым келіп қонатындай бір жақтан.
Жүрек қаны – қаламымның сиясы,
қасіретімді қайда апарып құясың?!

Қыран-ақынның бермек едім сый-асын...
балапанын құс баулыпты басқа бір,
басқа бір құс меншіктепті ұясын.

НЕМЕРЕ

Ат үстінен көтеріп, ауық-ауық жөтеліп,
мені өсірді қолда бар биігіне көтеріп.
Немерем деп ешкімге таныстырған жоқ еді ол,
түсірмеді биіктен, түсірмеді төбеден.

Атын атап шешемнің – биіктедім мен де көп,
үлкендермен тең өстім – кемпірлерді жеңге деп.
«Немере» деп бір күні кесті әлдекім үкімді,
бар бақытым осы бір жалғыз сөзге жұтылды.

Құладым мен биіктен,
Қорлық сездім мың түрлі
ер-тұрманын арқалап жаяу қалған сықылды
айдалада, елсізде;

қаңырап қалды көкірек,
Неге сенсем, мені егер келген болса не тіреп
күйреді сол бір күнде.
Жүрегімді жұлқып жеп

«Немере» атты сорлы сөз сорып жатты бүлкілдеп.
Қуыстандым қаралай,
Қуыс көңіл сезгіш-ақ:
Көңіл-жүректен емес,

тілден туған сөз құсап.
Жалғыз сөз боп жаңағы жан шарпыды мұң-ызғар,
Көк шалап боп тарады бойға шұбат, қымыздар.
Жалғыз сөзден ұққанда тіршіліктің бар құнын,

жалым менің жығылды жабысындай жарлының,
қайда қарасам да мен – көрер болды көзім мұң,
Көргенімнің бәрінен бір бөтендік сезіндім.
Нені ойлайын – бәрібір, шашылды кеп тары-үміт,

айналғандай тарыға жалғыз жүрек жарылып.
«Немере» атты бір сөзді бөлшектедім көп ой ғып,
Көп ойлаған сайын мен сезіндім бір өгейлік.
Қарттар кейін: «немере тәтті екен», –

деп жүрді айтып,
бірақ менің жанымды жылытпады бұл қайтып.
Немере деп атаса әлдекімді
мен үшін

жібереді аралық қашықтықты ұлғайтып:
Өгейлік пен бөтендік шыға ма деп арадан

Інім деген ағаға батпай талай қарағам.
Өз атымен әрнені атамаса бола ма, –
Осы күні немере іні де көп, көп аға.
Нұқ пайғамбар жасаса – симас едім кемеге,

елім кеме жасады – орын деген немене,
Каютам бар арнаулы – ұмтылмадым мен өле,
Кейде көңіл қалғанмен,
Сыз өткен жоқ денеме;

туысым көп немере,
достарым көп немере.
Әлдекімдер «немере» атағысы кеп мені,
қағып көрген қолының құдіретімен өтпелі,

күші бірақ жетпеді құлатуға бір ұрып,
алақанға айналды түйілген көп жұдырық.
Сүйді мені маңдайдан алтын шуақ, алтын Күн:
пейіл-нұры елімнің,

мейірімі халқымның.
Шүйірілме, еріндер,
ей, қабақтар, тыртыспа,
ішке тартып біреуді,

ал біреуді сырт ұстап
сырғақтаған тірлігің сынға түсті бұл тұста;
ант етемін нан тістеп, ант етемін бұлт ұстап,
тағдыр – шүберек емес түсетұғын жыртысқа.

Немере ұлы көкемнің – менмін, рас, анық бұл;
өгей ұлы емеспін бірақ мына халықтың.
«Немере» мен «өгейді» шатастырған күн өткен,
тілдің өзі – немере жүрек үшін, кеуде үшін,

Мен жүрекпен сөйлеймін...
бағалайтын сенбісің?!

МОСКВАДАҒЫ ПУШКИН ЕСКЕРТКІШІ ТҮБІНДЕ

Бір-біріне қонақ дейді ақындар –
Александр Сергеевич!
Қарсы алмауға хақың бар:
Кіп-кішкене жігітімін, ал, мен бір

жас халықтың.
Фонтан болып атылғанда ән мен жыр,
домбыраның кеудесіне толғанда үн
мен де туғам,

туа жыршы болғанмын,
өзіңе ұқсап.
Шағын бірақ дауысым.
Менің даусым жаңғыртты тек тау ішін,

Жаңғыртуға жетпей жатыр даланы;
«Тағы тұңғыс» түгілі, не обалы,
Қазағым да танып біткен жоқ әлі.

Сен – Атырау жыр теңізі,
Мен – Терек,
Терек болып келдім саған ентелеп.
Кавказ сын-ды Алатауым,

басы – қыс,
бауыры көктем;
ағысымды асығыс
алып келдім,

түсіп келді басыма іс...
Тағдырым бар, тағдырым бар, тағдырым
шолақ сайдың тағдырындай тасығыш.
Ер төсінде үр қызы жүр гүл өріп,

желкесінде күздің қары тұр еріп.
Жүрегіне таман қолын жіберіп...
Ұлы Пушкин тіл қатпайды түнеріп,
Атыраудай Терек сөзін тыңдаған

тым сүлесоқ.
Не дейді деп бұл «надан»,
Қабағын сәл көтермек-ті,
әйгілі

көтертпеді көзіндегі қайғы ұлы.
Бір-біріне қонақ дейді ақындар –
Атырау-ақын!
Қабылдама – хақың бар.

Бірақ шулап мынау әлем, Жер үсті
Қонақжай ел деп жатыр ғой орысты?!
Ықылас – Ниет дәме етіп ем мен сенен,
алып орман,

атайы ақын,
еңселі ел!
Саласың деп ұлы төрде қалайда ән
қарт Алатау қасарып тұр талайдан.

Топырағымен көзім сүрткем Жамбылдың,
бата алып ем Махамбеттен, Абайдан.
Ақ пейілмен ардақ тұтқан халықтар
«Татьянаның қырдағы әнін» алып бар!

Ей, қайраттан, дескен, ұлым қайраттан –
болат пышақ та өткір болса – қайрақтан.
Аруақтарға жолыққан жөн оңаша,
жолық дескен, таң алдында Ай батқан.

Жасаң тілек, дәм-дәмемен бір қыршын
Сен деп келдім,
бір пиғылың білдірші!

Ер төсінде үр қызы жүр гүл өріп,
Желкесінде алғашқы қар тұр еріп.
Жүрегіне таман қолын жіберіп,
Ұлы жыршы тіл қатпайды түнеріп.

Атыраудай Терек сөзін тыңдаған
тым сүлесоқ.
Қайтеді деп бұл «надан»

Қабағын сәл көтермек-ті,
әйгілі
көтертпейді көзіндегі қайғы ұлы.

Үлкен, кіші деп бөлетін затында
Өнер – шоқпар емес басар тақымға
Бір-біріне қонақ дейді ақындар –
О, ұлы жан!

Менсінбеуге хақың бар.
Бірақ арнап тірегенге ат басын
Тәңірі де ашқан дейді қақпасын.
Түрің ғана болмаса, ақын, мұңайған,

Кем емессің Құдайдан,
артықтығың болса егер –
Гомер, Данте өлшемімен өлшенер.
Мен үшін сен ұстаз едің,

батыл тым
шықса сөзім – өзімсіну шәкірттік,
ұстаз бар ма менсінбейтін шәкіртін?!
Оян, ақын!

Қайғылы ойды таста әрі,
Өлеңіңді оқышы өзің тастағы.
Халық келді,– заман келді басқа бір –
Оян, ақын!

Кекті ашуды қой әлгі,
«тағы тұңғыс, қалмағың» да оянды.
Уақыт кешкен, сен де кеш:
патша ағзам – періште емес, пенде емес,

екі ортада екі жүзді болды егес.
Пенделігі үшін кешсең ескіні,
патшалығы үшін тағы кеш бірін.
Жо-жоқ, жарың адал адам еді асқан,

адасса егер адалдықтан адасқан.
Жазығы жоқ сұлулығынан басқа
төріңе де, төсегіңе, жолдасқа.
Саған тиген жалғыз оқты салмақтап,

бүгінгі ұрпақ бәрін-бәрін алды ақтап.
Өсек, ғайбат өршіткен қай оңбаған?
Музаң сын-ды
жарың саған болды адал!

Бұйра басын сілкіп тастап ұлы ақын,
Жүрегінен оң қолын ап,
сұрапыл
ырзалықпен созды маған;

бір оймақ
қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
Менің ыстық алақанымды ұстады –
Қабыршақ боп тастар сынып түсті, әне.

Жазылды да желеңінің қат-қаты

Тас-тұғырдан түсіп келе жатты ақын.

МОЛШЫЛЫҚ

Махамбет шал төгіп кетті отты өлең –
Топырағымда ерлік болып көктеді ол.
Абай аға егіп кетті ойлы өлең –
Қазағымның қасиеті боп сөйледі ол.

Топанына тоғыттырып жер-көкті
Қара нөсер Қасым аға – ол да өтті.
Ілияс еккен ақ бадана сөз дәнін
туған топырақ тал бесік боп тербетті.

О, Молшылық!
Байлық еді бұ неткен –
бал ағады шүмектен,
алтын ақтап жатырмыз біз күрекпен!

Менің дағы халім жақсы,
қызықтады көп адам:
нарттай қызыл нан суырдым табадан.
Ырысым сай еңбегіме, ісіме:

Кем болмайтыны секілді масақ терген кісі де
Миллиард пұт астық берген даладан.

МЕНІҢ ЖОЛДАРЫМ

Жаным біреу,
екі айрылды бір сенім,
бірін таңдау керек болып тұр соның.
Жыр жазып ем кеше де ыстық бу атып,

ертең, бәлкім, романға кірісемін?!
Белгісіздеу: қай жолды әлі көздерім,
бірақ, бірақ екеуі де – өз жолым.
Жыр жазар ем,

Қара сөз де жазар ем,
таза жыршы,
прозаикпін таза мен.
Қайрат та бар,

қайратқа еңбек, талап тең,
Уақыт біреу,
ғұмыр біреу тек, әттең!
Менің жолым – екі тарау болып тұр,

сырбаз досым, сыншыларға соны ұқтыр.
Маған, маған көңіл-күй бер,
ортайсам
Мені, мені денсаулықпен толықтыр.

Жолым – екеу,

екі айрылды бір мақсат,
бір жақтан – сөз,
бір жағымнан жыр қақсап
ауру тістей мазалап жүр.

Осы бақ:
Жыр – сері ғой,
Қара сөз жүр асырап.
Бірді жырлап,

Жасаймын деп мың кейпін,
отыз тістен шығады ойнап тіл бейпіл.
Араласып кетсе менде күлкі, мұң –
Мен де бейне күздің қоңыр бұлтымын,

Жел қысқанда не жауарын білмейтін.

ӘКЕ Оқып жүрген кезім еді мектепте. Салық қария қыңыр да еді, көк бет те: – Құдай бар ма, – деді ұстап ап, жігіт болсаң сен ойлы, Әлде жоқ па, айтшы, балам, кітабыңда не дейді? ... Бұл не сауал, түсінбедім, не екенін, түсіндім тек: түсірмеу жөн кітабымның беделін: – Бар дер едім, сөмкеме нан салған емес ол менің, Жоқ дер едім – іздеп барып орнын сипап көрмедім. Рухтанып аузыма сөз түскеніне тегіннен – Кітапта да дәл осылай жазылыпты, дедім мен. – Жөн-ақ, ұлым, ризамын жауабыңа екпінді, Кітабың да ақылы көп кітап екен! – деп күлді, Құдай бар ма? Жоқ па – оны ойлап көрген емен мен, тегі, бес саусағым жердің күйін шертеді. Қымбат бірақ құдай жасады дейтұғын іс-қимыл, Қымбат және құдай жайлы аңыздар мен ертегі.

Әке!
Маған сенің есім-атағың
Құдай сын-ды алыс, жұмбақ, жат әрі.
Құдай сын-ды ұғым боп құр атағымен алдаған

Түсініксіз боп көрінесің түсімде де сен маған.
Туған жылым... болса егер анық бұл:
Мен әкеден төрт жасымда қалыппын.
Әке деген, мен үшін, сөз! –

Сөздер сын-ды көп ескі,
көзім көрген секілді ескі елесті –
сарғыш тартқан суреті де ескіліктей көмескі.
«Әкең бар ма?» – деген сауал қойылғанда мен жүдеп,

бірер мәрте тосылдым да мөлдіреп,

жауап берер жасқа жеттім:
«Соғыстан бұрын болды», – деп...
Жер секілді жарық тілеп жалтақтайтын Күн, Айға,
Жалтақтаймын «Әке» деген жалғыз сөзге былай да

Алмағаным үшін қабырғаңды құшып жылай да,
Әке!
Менің ұғымымда құдай сын-ды «барсың» сен,
Жоқтығыңмен де ұқсадың сен құдайға.

ІҢІР ӘҢГІМЕСІ

– Бармысың, әй, азаматым, тірі, аман!–

деп ентелеп келді маған бір адам.
Көрісуге қол тимеді, көп болды,
Неғыламыз,– деді күліп,– өткенді.
Саидамен табысты ол күлісіп,

Соған мәз боп жадырады үй іші.

– Жүз грамсыз,– деді тағы,– қызбайды іш.

Құрақ ұшып жатырмыз-ау біз байғұс.
Қызды әңгіме.
Ұмыттым мен ұмыттым
Бір қызметтен кеткендігін жігіттің,

ауық-ауық қабақ-қасы салбырап,
Ұмытпады, амал қанша, ол бірақ:
«Әй заман-ай!» деп күрсінсе қонағым,
Мен де «солай, солай!» деген боламын.

– Қол астымда жүргендігін өріп кім –

деді бір сәт – түсіндім де торықтым,
Жұрт бұзылған!..
Қарсы пікір айтуға
табалаған болам ба деп қорықтым.

– Тақты,– деді ол,– бәз біреулер бекер мін,

Тәрбие бар, бәрін-бәрін көтердім.
Көпсінгені – машина ма?!
Өлмеспін,–
Орныма қызықпайды енді ешкім –

Орнынан көтеріле жөткірді,
пәлсапаға қосқандай бір жаңалық:

– Халық деген – қой екен ғой аналық,

Халық деген – қой екен ғой,– деп күлді.
Қайран қалдым. Азамат боп тірлікті
түсінетін жігіт еді бұл мықты.
Әрбір сөзі жататұғын салмақты –

енді содан жаңқадай да қалмапты.
Талай орта, талай жұмыс сынаған
Қалай оңай құлдыраған мына адам?
Таза ұстаған қымбат жерді бұл қалай

Мынау арзан пиғылымен былғамай?

Көне алмадым; Әлгі сөзге кім көнген:
«Қойдың-дағы қайыруын білген жөн!»
дедім бәсең,
бірге лекіп тек, әттең,

күле алмадым күйіп күлген қонақпен.

...Ойлайды деп ана қамын, бала емін,
Азаматқа қатты сенген жан едім,
Түсінем бе деп ойлаушы ем кейде ептеп,
Лауазымды-дәреже емес, бейнет деп.

Сол бейнетті көтере алар күші бар
Ерді ғана үлкен орынға ұсынар –
Дәл осылай ойлаушы едім, әлі де
Ол ойымнан айнығам жоқ, әрине.

Бірақ мынау... мінбелерге жатып ап
Сөйлеуші еді халқымыз деп қақырап –
Соның бәрі қара басы үшін бе?
Алтынның да жата ма арзандығы ішінде?

Қайғырды ол.
Мен де мықтап қайғырдым:
Ол – орнынан,
Мен – сенімнен айрылдым.

Қонағымды өзімше ұққан көңілмен:
«Тым асығыс болған екен!» дедім мен.
«Түскенімді» айтады деп түсінді ол,
«Өскенің!» деп ойладым мен ішімнен...

КӨҢІЛ

Бүр жарды, әне, бір бұта
Жасыл тартты кең өлкем,
сол болар деп күні ертең
саялайтын көлеңкем,

үміт еттім, мен соны
Сүйеу көрдім, бір түрлі
Жалғыз бұта – орман боп
Желден қорғар сықылды.

Жалғыз жапырақ сарғайды –
Күз желі алды кеудемді.
Маған қонды бар қайғы,
Сарғаям-ау мен де енді

Деген ой жеп, көңілімді
Күмән алды – күмән сол:
көктемейтінге ұқсады
Жалғыз ағаш бұдан соң.

Бір көгеріп дүние,

бір сарғайса – алды ашық.
Өтіп жатыр уақыт
Көк, сарысы алмасып.
Күз келерін қайғы етпе,

Күзде бүкіл ырыс-бақ,
қуару үшін күз құсап
ең алдымен көктеу керек дұрыстап.

КӨКАЙДАЙ

Ән болса егер – естілсін деп алыстан,
алысқа арнап ән шығарған данышпан
Мұхит аға арман қуып бір арлан
асқақ әнін ат үстінде шығарған.

О, жұмарлан, жота-жондар, жұмарлан,
айлы кеште ойламаған кім арман,
сонда да ешкім шыға алмаған құмардан,
Мен де, сірә, құмарымнан шыға алман!..

Құмның түні күндізінен сәндірек,
айлы түнде салғанда әнші әнді үдеп,
ел оянып, қыз-келіншек
Самаурын

Қояды екен Мұқит келіп қалды деп.
Дүрліктіріп түнгі құмның сан аулын
Күттіретін қонақ болса, ол – санаулы.

Әлденеше сөнеді екен жаққан от,
Әлденеше қайнайды екен самаурын.
Қашан келер,
Қай қазыққа ат байлар? –

Талас құрған жұрт бір-бірін қақпайлар.
Әнші қайда?
Әнші әлі жоқ,
бірақ та

Әні ап-анық естіледі құлаққа.
Тыңдай білген халық күй мен әнді көп
бүгін маған сол әннен де мәндірек.
Түні бойы ел Ай астына үңілген

қылт еткенді Мұқит келіп қалды деп.
Ән болса егер – естілсін деп алыстан,
алысқа арнап ән шығарған данышпан.
Дала қақтап емген сын-ды тау суын

Халық сорып отыр Мұқит дауыс-үнін.
Көкжиектен көтерілген биік үн
бір көтеріп берді құмның иығын.

Ай батқан жоқ,
Мұқит келген жоқ әлі,

Самаурынға ел қайта-қайта от салады,
Өкпелеме, күйрек досым күмәншіл,
біздің үйге түспеді деп ұлы әнші.
Келмейді, рас, оған, сізге, бізге де ол –

Мақтанудың жолын мен де іздеп ем.
Естілетін ылғи ғана алыстан
Әдеті ғой шын өнердің данышпан.
Таңға айналды құмға талай кеш кіріп,

ғасыр өтті – ән тұр әлі естіліп.
Ал, Әнші ше? –
Күт, күт, жұртым, тік тұрып:
Келмейді әнші, қояды тек күттіріп.

КҮРЕҢ ҚЫЗ

Күрең көйлек кигенің үшін сені
Күрең қыз деп соңына түсуші едім.
Құлағыңа шейін бір қызартып ап,
күрең қыз деп күлуші ек біз артынан.

Күлсең де жай – күрең боп кетуші едің,
енді ойласам – ақ екен бетің сенің.
Мектептегі тентектер – бізге еліктеп,
«Күрең апа» деуші еді екі інішегің.

Ұялшақ ең, япырай, момын ең сен,
момындықтан кетістің менімен сен.
Сен – қызарсаң,
Жұрт – күліп,

Әжептәуір
көтеріліп қалушы ед менің еңсем –
қаталдық қой;
Ол ұғым емес бүгін,

Қызды еске алу, әрине, о да ескі ұғым.
Ауыл барған сапарда сұрастырғам:
алып қашты бір жынды деп естідім.
Күрең көйлек – күрең жан екенсің ғой,

Өтті маған күрең түс бекер сіңбей.
Әлдекімді күреңіте, күле күтіп,
Қай жерде отыр екенсің күреңітіп?!
Момындардың көңілі – бос,

жаны да ашаң –
Налымасаң, неғылсын, налымасаң!
Қырсық-ұят баяғы, сор-намысың
жасап берген сол темір тордамысың?

Торға лайық жуастың күйі-шері,
тұтқын болуға әйтеуір тиіс едің –
соны ойласам – ас емес, ми ішемін:
Саған тастап шықты екен торын қай құс?

Күнің сенің не болды, момын байғұс?!

КИІМ ІЛГІШ

Бекер, бекер атталды ма табалдырық бір елі,–
босағада киім ілгіш тұр еді:
бір қонақтың сұп-сұр болды реңі.
соқпай қала жаздады

біреуінің жүрегі.
Тағы бірі сала берді түнеріп
Киім ілгішті көріп.
Үй иесі қарсылаған қалбаңдап,

бір әйелдің жүзіндегі күлкіні
тек сол ғана қалды аңдап.
Бір келіншек сырт киімін шешіп еді жігерлі –
бірер еркек басын шайқап жіберді.

Ал бір жігіт қайта шығып кетудің
еп-есебін таппай тұрған секілді.
Не бар сонша?
Не көрінді жұртқа әлгі,

Қоян сын-ды көріп қалған сырттанды
үрікті олар.
Қарайды кеп күндей әрі түңіле:
бай асына екі-үш мәрте күніне

көзін сүзген жарлы үміткер секілді,
галстук емес, қара тіккен қайғылы,
мойындарға қарғы біткен секілді,
аршындаған азаматтар жай күні

қарап жүріп сорға іліккен секілді.
Қауырсынынан қыранның
Қарға үріккен секілді.
Не көрді олар соншама,

бомба да емес, емес бұл,
басын кесіп іліп қойған жоқ ешкім,
бірақ одан да өткен «сұмдық» болып тұр:
Киім ілгішке ілінген, сол кәдімгі

Шинелі екен Қасым Аманжоловтың!
Киім ілгіш алдында
талай пальто, қалпақтармен жолықтым.
Пальтолардың қайсыбірін танып құр

қуанушы ем,
ал киімнен үркудің
Мағынасын соң ұқтым.
Қонақ күттім,

күткендерді көп көрдім,
кесірлікті, кеңдікті де өткердім.
Киім ілгішке қарап,
түстеп танып қалпақтарды мәні көп

құбылысқан қабақтарды байқап қалдым сан рет.

Бір кәріге ойымды айттып – естігенім болса анық,
Қасым ақын, дедім мен,
отырыста жайсыз болған тегінде,
әйтпесе одан ел үрке ме соншалық?

– Рас,– деді аға сонда,– бәрі рас,

ешкімге ақын қиянат қып жарымас,
адам еді ол ақылы емес, жаны мас.
Сөз танымас адамды да танымас,
танымастар айтып жүрген әңгіме,

танымастар қылығы ғой әлгі де.
Қасым сырын ұғынбады көп ешкім,
мезгілінде мен де ұғынған емеспін.
Отырыста ғажап еді ол – жігіт қой,

адам түгіл кемсіткен жоқ тауықты.
Бірақ ондай адамдардың, біліп қой,
деді қария, қалпағы да қауіпті.
Әлдекімнің шинелі мен жағасы

талай сырды ашады екен,
қарашы,
адамдардың ішіндегі аласы:
Менмендік пен мезі мылжың арасы,

Күндеулер мен менсінбеулер арасы
Мұнша жақын болғаны ғой, шамасы?!
Сымпыс тірлік сырты ғана шіренген,
Көкірегіңде көк түйір жоқ, білем мен,

Жағаң ғана ұқсайды тек білгішке,
Жасандылық, жайсыздармен бірге ішпе.
Сен өнерге сырттан келген адамсың,
барлық пальто жат саған,

барлық қалпақ жат саған,
Сондықтан да сақтан киім ілгіштен!..

КЕШІРІҢІЗ

Бір атайы жыршы құсап ақ иық,
ағаң отыр ақыл айтып шәниіп.
Қызмет бабын ескермейді, бір түрлі
ақындығы жеңіп тұрған сықылды.

Сөзі астарлы, күлкісі әсем, өңі үстем,
Өлеңінде ұйқас бардай келіскен.

Шіркін, шіркін, жазған болса екі өлең
мен ғұмыры қалам алмай өтер ем.
Ақыл сөзін, мағына-мәнін не терең
Лауазымы, беделі үшін көтерем.

Ойнаған боп мұқатады жай тағы,
Маңдайыңнан сипап ақыл айтады –
Шыда, жыршым!

О, заманда, бұ заман
Күйіп өлген бір ақын жоқ ызадан...

ИРИНА РОДНИНА

Жоқ шығар-ау қанша шарла жер үстін
Шаттығынан өткен шаттық жеңістің,
бақытынан өткен бақыт жеңістің –
деді біреу,

Мен келістім, келістім.
О, еңбектің жеңісі,
рухтардың жеңісі...
Бір балладам тауып туса желісін

Жеңіс, жеңіс мен үшін!
Шу етті ұлы стадион – соқты қол,
Жер солқылдап кетті білем тепкіден.
Сонша сүйген, сүйсіндірген кім бізді?

Жеңіс өзі қалап титтей бір қызды
Құдіретті тұғырына мінгізді.
Біздің гимн әмірін бір жүргізді,
көтерілген сәтте Қызыл Ту біздің.

Тудай шалқып сезім шіркін «мен», «мен» дер
«Менге» құмар келеді ғой жеңгендер.
Ал, мына кыз гимн ойнаған шақта
Қып-қызыл Ту төбеде айналған шақта,

тыйылмады көзден жасы бұршақтап.
Алғыс толы ойлар туып көңілде,
Жанарыма жас үйірілді менің де:
Жасыл бақта жаздағы

Жарып шығып жасыл сабақ басынан
гүлдер бар-ау көз алдында ашылар.
Соған ұқсап жүрегім
Көкірегімді жарып шыға жаздады!

Қызыл Тудың сәулесі мен жүзі шын
Жанған сын-ды болды маған –
Ұлы елдің
Гимні ұлы ойналды осы қыз үшін,

Туы төбеде айналды осы қыз үшін –
Неткен бақыт!
Ұлы еліңнің ұлы гимні алдында
Жүрегіңнің қызыл туы алдында,

О, құдірет, тап осылай, құдірет,
Жыласаң ғой ғұмырыңда бір рет!

3475М

Әр қой-тасқа бұрылып
бұлақ ақты бұлтақтап.
Жайған кірге сүрініп
аулада жүр бұлт әппақ.

Көтергенге мастанған
Сәби сын-ды ақ шыңдар.
Бөркімді аттым аспанға,
ал, ақ шыңдар, қақшыңдар!

Күдікке көп,
түк уақыт жоқ уайымға,
мұндағының үлгі бәрі, бәрі ұлғат.
Биіктеген сайын да

Қатаяды табиғат.

Көкке қарап тамсанам –
алыс еді алғашқы арман-мұрадым...
Кешір, аспан, мен саған
бүгін тағы жақындадым бір адым!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙