Ол екеуі
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
(әңгіме) Жол бойы ол жылаумен болды. Кітап та оқыды, әлдебір тәттіні тісіне басты, бірақ бетін жуған жас тыйылған жоқ. Анау оны тағы да ренжітіп, кемітті... Грэм Грин қалай әдемі айтқан десеңізші: «Асқақтамай аймалап, мұқатусыз берілуге жанымыз бен тәніміз тым жүдеу - ау». Олар да осындай күйге тап болып еді. Міне, енді ол мұқатылып жылап отыр. Көңіліндегі ренішіне қарамай, сонда да іздеп келеді. Келмей тұра алмады... Ондағының бәрібір керемет қуанатынын әйел біледі. Ол келген сәтін елестетіп, езу тартты... Поезд тоқтағанда, оның да жасы тыйылды. Ол перронға шығады да, алакөлеңке арасынан темір жол басқышының алаңында тұрған сымбатты сұңғақ бейнені көзімен емес, көңілімен тани кетті. Мұнда күтуші жұрт көп екен. Алайда оны миллион адамның арасынан да таныр еді. Ол күліп келе жатады. Анау да күлкімен жауап қатады. Анау оның қолтығынан алады. Шын қуаныш, шын қайғы үнсіз болады. Сондықтан олар машинада да үнсіз отырады. Міне, үйге де келіп қалыпты. Анау есік ашады. Сонда ол терең күрсінеді. Мынау төрт қабырға оның жан дүниесін тұмшалап алады: бұл қабырғалар оны барлық тағатсыздық, іліктестік, орынсыз сыпайыгершілік, реніш атаулы сонда қалып қоятын өзге дүниеден бөлектеп алады... Ол қол сөмкесін диванның бұрышындағы сүйікті орнына қояды да, таранып болып жадырап сөйлей бастайды. Анау оған құныққан көзбен, әрі назды жанармен қарайды. Сонан соң алақанына аялап алады да, жүрек шөлін ал аулы сүйіспен басады. Ол сәбилік мейіріммен ананың мойнынан құшып, шашынан сипайды. Анау болса оны жас баланы көтергендей диванға аялап жайғастырады.
— Ал енді, кешкі асқа отырайық!
Шәйнек отқа қойылып, ол дастарқан қамдайды. Анау болса қымыз дәмді жүзім суы «Цинандалидің» тығынын ашады. Дастарқан басында ұзақ та қызу әңгіме басталады. Анау кейде толғанып, кейде тұтығып, кейде ағытылып сырын ашады. Айтқанының бәріне бірдей бас шұлғи қоймаса да, ол ынтыға тыңдайды. Бәрін де түсініп, астарын аңғарады. Әңгіме айтып отырған адамды тыйып тастап немесе құлшындырып қояды, айтылмаған жайларды оймен болжайды. Ерке - тентек былжырауық баласын қақпайлаған шешедей ол әңгімешіні тоқтатып, алдына ас қояды:
— Сен мандытып ас алмай отырсың ғой. Мынаны жесеңші...
Анау оған бәрін - бәрін түк қалдырмай ой сырын, жүрек сырын ақтара төккісі келеді. Әлденені ұмытып қалам ба деген қауіппен кейде оған баяндаймын деген жайларын, өзінің ойын, өзінің тұжырымдары мен түсініктерін тармақ - тармағымен кітапшаға немесе темекі қорабына жазып жүруші еді. Сөйтіп, ол барлық сырын алдына жайып салды. Бұл дағды оны әрі елжіретеді, әрі күлдіреді. Уақыт жылжып барады. Анау сөзге қалам тартқандардың бірі еді. Оған өзінің қолжазбаларын көрсетеді. Ол бар ықыласымен оқып еді. Оған алдындағы адамның еркін семсерді құлаштап жұмсағандай ірі жазулары ұнайтын. Ол қолжазбаның қателерін үркектей отырып жөндей бастайды — жазып отырғанда оны тіл құралы емес, ой құралы билеп алып, тыныс белгілеріне мән бермей айтылмаған ойларын аяқтамай, көп нүктеге әуес болатын. Оның ойынша, анау мейлінше нағыз творчествоның адамы. Оған ұнайтыны да осы еді. Анау «әдеби» жоспары жайлы айтқанда, өлеңдерін оқығанда, суреттерін «көрсеткенде», тағдыр қас қылғандай: «Бұның құдай берген дарыны мол да, мәдениеттен алғаны мандымаған - ау» деп ойлайтын ол өзінше. Оның қателігі де соңғы тұжырымында еді. Анау көпшіл болатын. Әдебиет пен өнер жөнінде оның да азын-аулақ хабары бар еді. Бірде анау өзіне жақсы таныс әйелдің өміріндегі кездескен оқиғадан бір жағдайды айтып берді. Жай ғана екі-үш көрініс... Қызғаныш сезімі... Ол тартыс шиеленісіне таңырқады. Сол әйелдің нені ойлап, нені сезінгенін көзі көріп, ойы жетпесе де, ол өз ойы мен сезімін өрнектей отырып шағын әңгіме жазып еді. Әңгіме анаған ұнап, өзі алды да, кейіннен оның ойын кеңітіп новелла жазды. Осының бәрі күні кеше болған еді. Міне, енді алдындағы кісіні тыңдай отырып, ол әдеттегідей қайта құлпыру сезімін аңғарып еді — ол өзін-өзі ұмытып, осы адаммен тағдырлас болып алды, осы адамның қанында қайнаған жайлар оның да жүрегінде жаңғырады... Осындай сезімнен соң төсекке жатқанда, ол мұнан артық таза да таңсық орын жоқтай көреді!..
Ол төсекке бұрын жататын.
Қақаған аязда да терезені ашу, сақал-мұртын қырыну, тіс тазалап, мұздай сумен шайынып алу ананың әдеті еді. «Қалай сонша шұқыланып жүріп алады! Жалғыз жату жабырқау екен-ау!..» Ақыры, бір сәтке ызғар молайып, көрпенің шеті көтеріледі. Сонан соң... алғашқы құмарланған құшақтар!.. Ол өздерінің махаббаты ақ дастарқандай тамылжыған тазалық пен өмірдің терең мәніне тола деп білетін. Осынау жанның махаббаты күндіз түндегіден де нұрлы болатынына таңданушы еді ол. Анау оған қарауға тоймайтын. Әйелдің жолы нәзік. Ұялшақ жанарымен өзі де назар салғанда, анау оның жүзіне рахаттана қарап гүлдей құлпырып, көзі жайнап кететін... Ол айна алдында тұрды. Шашын төгілте тарап, ұзын бұрымын нығыздап өрді де, ауыр түйіншек етіп желкесіне түйіп, еппен ғана түйреп қойды. Жұрт оны сымбатты деп санайтын... Айна алдынан аулақтап, орындыққа отырып өзіне-өзі сыбырлап сыр шерткендей қоңыр дауыспен ән салады:
Біле алмадым, қалай түстім бұл күйге,
Ыстық ұя құра алмадым бір үйде жалғызбын - ау»...
Біле алмадым қалай болды, тәңірім-ау,
Тырна ұзатып дара қалған хал мынау жалғызбын - ау»...
«Бұрынғымнан өзгерген жоқпын ғой, рас па?» —
Ол ойша сөйлесіп тұр. —
Опаны да, сықпа майды да, боялған тырнақты да, сүрмелі қас пен кірпікті де жаныңнан жек көруші едің-ау сен. Сен құрбандық пен азапты талап ететінсің. Көп жайды түсінетінсің... Бәлкім, көп жайды осы кезге дейін түсінбей жүрген шығарсың, сен аңқаусың... Маған бірде айтқаның есіңде ме: «Осы әйелдер, бәрің де өздеріңе ненің жарасып, ненің үйлеспейтінін біле бермейсіңдер. Тек әншейін желігіп, бір - біріңнен қалғыларың келмейді... Біздің жаратқан табиғат сенен жақсырақ біледі ғой — көрмейсің бе, бет ажарыңды ешкімнен кенже етпеген»... — деп ашуланып, сөмкемдегінің бәрін лақтырып тастап едің. Содан бері мен опа майды да, сықпа майды да қолыма алған емеспін. Оның есесіне өзің сүйетін иіссу жеңіл ғана бүркіп аламын. Сол сәтте бұрынғыдан бетер өзіңді сағынып ойлаймын... Бұдан екі жыл бұрын әріптесім сенің мен туралы әңгімелескеніңді айтып беріп еді: «Бәлкім, ол есейе түскен шығар» депсің. Білесің бе, сенің осы сөзің мені күлдіріп алды. Көріспегеннен бері егде тартып та қалған шығар? — деп айтқың келді ғой сонда? Міне, енді байқашы, титтей де егде тартып немесе есейгем жоқ. Сол баяғы қалпымдамын. Айтса да мені кәрілікке қимағаныңнан «есейген» шығар дедің - ау... ...Өзі дағдыланбаған мейманхана жағдайында ол бұл түні мазасыз ұйықтап, жақсы жатып, жайлы тұрған жоқ... Ол оған кеше телеграмма жібергенін есіне алды... Өз - өзінен наразы болып өкінді.
Ол телеграмма анаған жетпесе екен деп тіледі, оның келмегенін тіледі... Егер келіп қалса, бір кезде жақын жан боп айырылып, енді бөгде біреудей тосырқай жолығыссақ, екеуіміз де ауыр соққы мен көңілсіз көрініске ұшыраймыз - ау деген ой жүрегін қарып түскендей болады... Өткенді қозғап нем бар еді? — деп өкінді... Оны жіберерде енді қайтып көрем бе, көрмеймін бе деп еңіреп едім. Көз жасымды елден жасырып едім.
Мен қазақпын жаралған сүйек - еттен,
Менде ар бар, менде ой бар жан тебіренткен.
Халқымның қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен, —
деген өлеңі әлі есімде.
Жеңіс күні ол майданда еді. Жеңіс күні барлық халық қуанышы қойнына сыймайды ғой. Мен ол өлі ме, тірі ме деп сол күні не қуанарымды, не жыларымды білмеп едім. Сөйтіп, сасқалақтап тұрғанымда, одан телеграмма жетіп келді: «Шөліркеген адамдай, табысуға ынтықпын» депті. Қуанғанымнан жүрегім жарыла жаздады. Апамды құшақтап еңіреп жылап жібердім.
Әй, не болды. Қарағым, не болды, — деді қарт апам.
— Телеграмма алдым. Тірі екен. Мен оның есінде екем. Мені ол ұмытпапты, - деп апамды қайта құшақтап тағы жыладым.
«Қырық жыл қырғында да ажалсыз өлмейді» дегендей, ол аман-есен өз ұясына оралды. «Өсек — өрт» деп дұрыс айтқан екен қазақ. Әлде біреу «Жарың сенің көзіңе шөп салды» деп айтыпты... Ол түсінік сұрап қорланып отырмады. Тіптен үйге бас сұқпай тайып тұрды. Сонан соң менің жазған хаттарыма жауап бермей жатып алды. Қандай қатыгездік, не деген әділетсіз қатыгездік. Мен кеше жіберген телеграмма жетпей-ақ қойсын, бұрынғыдай телеграммаға да селт етпей-ақ қойсын...» ***
Ғаламнан ыстық - суық көзін ашқан,
Мен бір жан өмірімнің өзі дастан.
Көктемдей құбылмалы мінезім бар,
Мейлің күл, мейлің сүйсін, мейлің жасқан, —
деп айтатыны есімде...
Ол кездесуді қайта аңсады. Жүздесіп тұрып, тілдескісі келді. Алшақтаған он жылдың ішінде өткізген өміріне үңілгісі келді...
Оның жүздескісі келді...
— Егде де тартқам жоқ, есейгем де жоқ деймін-ау... Қалай дегенмен осынау он жыл өміріме, түріме өз таңбасын түсіріп, өзгертіпті ғой... Жо-жоқ, кездесудің керегі жоқ. Ол менің көңілімде сол бір соңғы көргендегі қалпында қалсын. Оның ойында да менің «егде тартқаным» емес, «есейген» деген ұғым жүрсін — осылай болғаны дұрыс. Жалықпас үшін театрға барайын. Ал этаждағы кезекшіге, егер ол келсе, мені күтпеген жерден асығып кетіп қалды деп айтқын дейін...
Кенет есік қағылды. Ол сескеніп, денесі дір ете қалды. *** Ол абыржыған күйі Куприннің кітабын аударыстыра берді. Ол кілтті бұрап есік ашты.
— Мінеки, шақырып ең жаныңа, ат терін аямай алыстан алдыңа келіп тұрмын,— деп әскери тәртіппен күлімсіреп қалт тұрды.
— Мен сізді көрсем деп ем. Мен сені күтіп едім...
Алғашқыда сөздерінің ырғағы табылмай, екеуі де анау-мынауға кетті. Анау дәті шыдамай орнынан тұрып ары-бері теңселіп жүріп өзі жайлы, өзінің толқуы мен сәтсіздігі, өкінішті қателігі жайлы, қатал да қолапайсыз әскери тірлігі жайлы, таусылмайтын тауқыметі мен уақыты, ортасы жайлы айтқан сәттерде де ол бақылай қарап отырып еді...
Олар тысқа шықты. Бос көшемен біраз қыдырып, Пушкин ескерткішіне келді.
— Мынау ескерткішті жаңа орынға көшіріпті ғой.
— Жаңа орын Александр Сергеевичке жараса ма?
— Иә, — деді ол ойлы жүзбен, — «Известия» мен «Госстрахтың» және мына бір қызыл кірпіштен соғылған қомақты үйдің қасында... меніңше, ақынның ұлылығы солғындап кеткен сияқты - ау...
Анау оны қолтығынан алып жайлап әндетті:
Буря мглою небо кроет
Вихри снежные крутя.
То как зверь она завоет,
То заплачет, как дитя.
Ол тыңдап тұрып қасындағы кісі бұл әннің әр жолын екі тілде алма-кезек ауыстырып айтуды жақсы көретінін осынау қыбырсыз көшеде еске алып еді... Осы кезде жасыл жарықты машина келе жатты. Анау қол көтерді. Машина тоқтады. Шофердің:
— Қайда апарайын? — деген сұрағына:
— Жай ғана Москваны қыдыртыңыз, аралатыңыз. Асықпаңыз, ақырын алып жүріңіз,— деп жауап берді.
Машина орнынан қозғалғанда анау қайтадан әнге басты. Бұл жолы өз тілінде айтып еді:
«...Жырлашы бір, көк шымшық құс
Теңіз жайлап қалғанын.
Жырлашы бір, жас мұңлы қыз,
Ертемен су алғанын...»
Ол өздерінің жас кезінде, махаббаттың балдай тәтті шағында айтатын әндердің бірінен соң бірін салды... Машина асықпай, бір қалыппен Садовое кольцо көшесімен жүріп келеді. Үйлер қалқып өте шығады да, қала оттары қалтырап қала береді. Ол қасындағы отырған жанның қалаулы әндерін баяғыдай айта берді, айта берді.
— Менің саған арнап бір рет жазған өлеңім ойыңда бар шығар:
Мен шөлдедім, шөлдедім!
Шөлдеген сайын сен дедім!
Шөлдеп неге өлмедім?
Сусын бер, сәулем, сусын бер. —
Осылай басталушы еді ғой сол өлеңім. Есіңде бар ма?
— Есімде, айналайын. Аяғын өзім айтайын:
Мен шөлдедім, шөлдедім!
Шөлдеп неге өлмедім!
Неге тірі қалдым мен?
Аясаң мені — қарқын бері
Мен шөлдедім, шөлдедім!
Шөлдеген сайын сен дедім!
Шөлдеп неге өлмедім?
Сусын бер, сәулем, сусын бер.
Ол әнін доғарды. Таң сәрі болып қалды.
— Біраз саяхаттадыңыздар. Баратын жерлеріңізді айтсаңыздар. Ән салып, өлең айтып біраз жүрдік. Сіздерге рақмет. Екеуіңіздің әңгімелеріңізді мен ұқыпты тыңдап отырдым, — деді шофер.
— Гранд Отельге, — деп қысқа қайырды анау. Олар көп уақыт үн қатқан жоқ. Сонан соң тылсым тынышты өте баяу үнмен бұзды анау.
— Мен бір шынжау ағаш едім, жалғыз өскен бәсеңде,
Жалғыз менің жемісім жоқ, жеміссіз тал әсем бе?
Мен сендікпін кетсем - дағы жаңқа болып, шиі боп,
Құш мені тек, о сүйіктім, тағдырының сыйы деп.
Ол қасындағы кісінің кеудесіне басын сүйеп, құшағына тығылғысы немесе жылағысы келді... Ол анау аймаласа екен, сүйсе екен деп тіледі...
Бірақ анау мұның күйін сезсе де, тап қасында, дәл жанында қимылсыз отыр.
— Мінеки, жолдастар, — деді шофер машинасын тоқтатып. — Жеттік. Алып келдім...
Анау оның қолтығынан алды. Кіре берісте оның қолын қысып, басын иді, сәт сапар тіледі де... кете барды. Тағы да кеткені ме! Баспалдақпен көтеріліп бара жатып, анау айтқан әлгі сөздерді қайталай берді:
«Мен бір шынжау ағаш едім, жалғыз өскен бәсеңде.
...Жалғыз өскен бәсеңде!»
Бұрымын тарқатып тұрып ол ойға шомды: «Осылай етуі тиіс еді. Бұл өзіне тән қылық қой. Егер ол басқаша болса, мен оны сүймес те едім». ...Бөлмеге ұзын бойлы қызыр кіргендей болды. Үсті-басы аппақ. Басында қарқарадай төңкерілген сәлде. Салалы сақалы сәлдесінің жалғасындай ақ жібек шашақтанып кеудесін беліне дейін жауып тұр. Қолында қызыл ағаштан қиылған аса майы бар. Ұзын шапанның етегі көлбеңдейді. Ол орнынан тұрып, алдындағы ақсақалға иіліп ізет көрсетті. Шал: «Отыр, қарағым, отыр, балам»,— деп нұсқа берді. Әйел орындыққа отыра бергенде, бүкіл бөлме ала көлеңкеден арылып, көктем таңының ақ торғын мамық нұрына бөленіп кеткендей болды. Қызырдың үсті үлпек торғын түске кенеліпті. Әйелге әлгі шал ауадай жеңіл, көгілдір көбіктен жасалғандай ұша жөнелуге әзір отырған сияқты көрінді.
— Сүйіспеншілікті құдай берген адамға, жек көруді құдай берген наданға. Сүйсең сүйгін шын жүрекпен, көңілмен. Ойнамағын, балаларым, өмірмен. Сүю деген ешкімге арзан түспейді. Рахатын, ауырлығын көтере біліңдер, — дейді шал жымиып күліп, ақ батасын бергендей.
Бірақ әлгі шал адам бірте-бірте алыстағандай, ауада бұлттай ыдырап барады. Оған тек қалтыраған кәрі дауыстың үздік-үздік сыбырлаған үні ғана құлағына жетеді.
«...Тоң пейіл арманынан алыс болып,
Жағада ол қалды аңсаумен қалыс болып.
Ніл суындай арнасынан асатын,
Жасырмаймын мен едім тек оның шөлін басатын».
«...Қарсы алдыңда жайнап тұрса сүйіктің.
Өзге өмірдің бәрінен де өзің ғана биіксің...»
«...Бұл махаббат алам десе кеудеңдегі жаныңды.
Қарсыласпай семсерге де тосамыз - ау тәніңді...»
Аяғы құрыш шынжырмен құрсауланып, көз жасындай мөлдір бастаудың түбіндегі қазыққа байланған сияқты. Ол көзін ашқандай болды. Төбесінде әлгі шалға ұқсаған ақ бұлттар өркештене топтанып жүр екен. Жерге қарап еді — аяғы алтын кісенмен тұсаулы сияқты болды. Мөлдір бастау түбінде жаңадан бүршік ата бастаған қос раушан өсіп тұр екен. Ол соған ұмтыла беріп, қол созған күйі қалғып отырып, оянып кетіп еді...
Соғыстан үш жыл кейін тұрмысқа шыққаны есіне түсті.
Ері ақкөңіл, жібі түзу адам. Олардың екі баласы бар. Жұрт оны бақытты деп біледі.
— Ол кісімен ұялас болып едім. Екі бала туып едім. Ұяма қайтайын, ұяма аттанайын!
Бір жыл өткен соң анау оның хатына жауап берді.
Алдым, құрбым, сізден жылы хат бүгін,
Ол әкелді өмірдің мол шаттығын.
Ұсындың да жүрегіңді, гүліңді
Жуып-шайдың кеудемдегі мұңымды.
Мөлдіреген таң сәріде шыққа ұсап,
Тамды - дағы тазалады қара өріктің тозаңын.
Ұсындың да жүрегіңді, гүліңді
Талпынам да жетсем деп қол созамын.
Тебірендім, ардақтадым атыңды,
Жас балаша әлдиледім хатыңды.
Көктен ағып түскен қолға меруерттей
Аяладым сенің махаббатыңды.
Көз алдымнан бір кетпейді зор тұлғаң,
Қор қызыңдай өзі келіп ұйықтатады,
Өзі келіп оятады ұйқымнан.
Өзі келіп ұйықтатады
Өзі келіп оятады ұйқымнан.
Ол бұл хатты өзінің еріне көрсетті. Ері әлденеше рет оқып шығып, ауыр күрсінді де, жайлап тіл қатты.
— Ия, сендерді ажыратқан соғыс екен.
5.08.1958 ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру