Шырпы сатқан қыз
Ханс Кристиан Андерсен
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ханс Кристиан Андерсен есімі балалар мен ересектерге арналған ертегілерімен танымал. Әлеуметтік-психологиялық астар шығармаларының барлығына дерлік тән. Жомарттық пен адалдықты, әділдікті негізгі принцип ретінде ұстанған. Ертегілері балаларға ғана емес, жалпы оқырманға арналған. Себебі, тұлға бол...
(ертегі)
Аударған Ғ. Жұмабаев
Сол бір кештің суығын-ай! Жапалақтап қар жауып, ымырт қоюлана түскен. Бұл жаңа жылдың қарсаңындағы соңғы кеш болатын. Осынау әрі суық, әрі қараңғы шақта жалаң бас, жалаң аяқ, кіп-кішкентай қайыршы қыз көше бойлап қаңғырып келе жатты. Рас, үйінен шыққанда аяқ киімі бар еді, бірақ өзі абажадай, ескі кебіс қанша әжетке жарасын? Бұл кебісті бұрын анасы киіп жүруші еді, үлкендігі сондай, оны кішкентай қызы бар пәрменімен жүйткіп келе жатқан екі күймеден жалтарам деп жолда жоғалтып алды. Кебістің біреуін сол қалпы ұшты-күйлі таба алмады, ал екіншісін өзі танымайтын бір бала, балам туғанда аспалы бесік жасаймын деп тартып әкетті. Қыз енді жалаң аяқ тентіреп келеді, екі аяғы тоңғаннан қызыл күреңденіп, көгеріп кеткен, тозығы жеткен ескі белдемшесінің қалтасында бірнеше қорап күкірт шырпысы бар, оның біреуі қолында. Күн ұзаққа бір тал шырпы да сата алмады, оған бір тиын берген де адам жоқ. Әрі аш, әрі суық сорып, бүрсең қаққан сорлы әбден қалжыраған. Жапалақ қардың ұлпасы иығына әсем төгілген ұп-ұзын қолаң шашына қонақтап жатыр, бірақ шашының әдемі екенін осы күнге дейін өзі де білген емес. Терезе біткен самаладай жарқырайды, қуырған қаз етінің хош иісі мұрнын қытықтайды, айтпақшы, бүгін жаңа жылдың қарсаңы ғой. Ол соны ойлап келеді. Ақыры жұдырықтай қыз бір үйдің бұрышына келіп паналады. Екі аяғын шарт жүгініп, бүрісіп отыра қалды. Бірақ аяз күшейе түсті, үйге қайтуға тағы батылы бармады: бір тал да шырпы сата алған жоқ, бір тиын да табыс тапқан жоқ, ол үшін әкесі өлердей ғып сабайтынын қыз жақсы біледі; оның үстіне үйлері де үй емес, онда да азынап тұр; бұлар бір үйдің шатырында паналайды, қабырғаның үлкен-үлкен саңылауларын сабанмен, шүберекпен тығындап бітегенмен, суық жел ерсілі-қарсылы ұйтқып тұр. Қыздың құйтақандай қолдары мүлде илікпей қатып қалды. Кішкентай шырпының оты ғой әжептәуір жылытып тастар еді-ау, ә! Қалтасынан шырпыны суырып алып, қабырғаға үйкеп жіберіп, жалынына саусақтарын жылытып алса қандай жақсы болар еді. Қыз қорқа-қорқа шырпының бір талын алды да, шырт еткізіп жағып жіберді! Шырпының тұтанғаны қалай ғажап, жалыны қандай керемет! Қыз оны алақанымен қалқалап еді, шырпы асықпай, бір қалыпты жана бастады, жалыны кішкентай шырақ тәрізді. Шырақ болғанда да ғаламат! Қыз өзін жалтырауық жез тұтқасы мен шойын қақпағы бар керемет үлкен пештің аузында отырғандай сезінді. Оты қалай лапылдап жанады, қызуы қандай күшті еді. Ойбай-ай, мынасы несі? Қыз жылынайын деп қолын апара беріп еді, кенет... жалыны жалп етіп сөніп, пеш көз алдынан ғайып болды. Қыздың қолында жанып біткен шырпының шаласы ғана қалды. Қыз тағы бір шырпыны тұтатты, шырпы лап етіп жанып, айналасын жарық қып жіберді, оның сәулесі үйдің қабырғасына түскен кезде, қабырға жұп-жұқа торғын жібектей мөп-мөлдір боп кетті. Қыз қарсы алдында тұрған бөлмені, ондағы столды, оған жабылған аппақ дастарқанды, дастарқан толы аса бағалы фарфор ыдысты, стол үстінде айнала хош иіс таратып тұрған, ішіне қара өрік пен алма салып, қуырып пісірген тұтас қазды көрді. Бәрінен де қызығы, әлгі қаз арқасына қадалған шанышқы мен пышаққа қарамастан, столдан секіріп жерге түсіп, еденде балпаңдап жүрді де кетті... Ол тұп-тура байғұс қызға қарай келе жатыр еді, бірақ... кенет шырпы жалп етіп сөнді де, тағы да баяғы үйдің ызғарлы суық қабырғасы бейшара қыздың еңсесін басып, бүрістіріп тастады. Қыз тағы бір шырпыны тұтатты. Енді бір елесте ол керемет әсем жаңа жылғы елканың түбінде тұрғандай сезінді. Жаңа жылдың алдында бір бай көпестің терезесінен тамаша елка көрген еді, мынау одан да керемет екен. Бұтақтарында мыңдаған балауыз шам жарқырап жайнап тұр, дүкендердің терезелеріне қоятын түрлі-түсті тамаша суреттер қызға бажырая қарап қапты. Сәби қыз әлгі елкаға қолын енді соза берем дегенде... шырпы тағы да сөне қалды. Жарқыраған оттары бірте-бірте жоғары өрлеп барып, біраздан соң жарық жұлдыздарға айналып кетті. Сол жұлдыздардың бірі аспанды отпен сызып, сонау биіктен құлап түсті. «Біреу өлді-ау» деген ой келді қызға, өйткені жақында ғана опат болған кәрі әжесі дүниеде өзін жақсы көрген жалғыз адам: «Аспаннан жұлдыз құлап түссе, біреудің жан тапсырғаны», – деп отыратын. Қыз тағы да бір шырпы тұтатты, айналасына соның жарығы түскенде, сол сәуленің ішінен өзінің әжесін көрді. Моп-момын, сүп-сүйкімді болып дидарынан айрықша бір ізгілік пен жылылықтың нұры тамып тұр. − Әже, – деп қыздың жан даусы шықты, мені өзіңмен бірге ала кет, ала кет! Мен білем: шырпы сөнген кезде, сен ғайып боласын, жып-жылы пеште қуырып пісірген дәмді қаз еті де, керемет үлкен елка да бәрі де ғайып болады! Сөйтті де қыз қолындағы қорапшада қалған шырпының бәрін бір уыс қып алды да, түгелімен тұтатып, кәрі әжесін құйттай да болса жібермей тұра тұрмақ болды. Шырпылар бүрк етіп жанып, айналаны дәл күндізгідей жап-жарық етіп жіберді. Кәрі әжесі тірі кезінің өзінде дәл мұндай асқан сұлу, аса айбынды емес еді. Ол кішкентай немересін қолынан жетектеп алды да, жүзінде шаттық нұры ойнап, екеуі қол ұстасып, аштық та, жалаңаштық та, қорқыныш та, үрей де жоқ сонау биік аспанға, тәңірінің мекеніне қарай бірте-бірте көтеріліп, алыс сапарға аттанды. Таңертең құтырынып тұрған аязда, бір үйдің бұрышында отырған кішкентай қызды жұрт тауып алды: екі беті албырап, ерніне күлкі тұнып қалыпты, бірақ әлдеқашан жүріп кеткен екен: ол ескі жылдың ең соңғы кешінде өлген. Шырпы ұстаған қыздың өлі тәніне Жаңа жыл күн нұрын төгіп тұр; бір қорапша шырпыны түгел жағып бітіріпті.
− Жұдырықтай бейшара шырпы жағып жылынбақ болған ғой, – десті жұрт. Бірақ оның сол кеште қандай ғажайыптарды көргенін, ғаламат сұлу дүниенің ортасында кәрі әжесі мен екеуінің Жаңа жылғы бақытын қалай қарсы алғанын ешкім білген жоқ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру