Жиырмасыншы жылдар журналистикасы Том 1
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Намазалы Омашев
Алматы ЖИЫРМАСЫНШЫ ЖЫЛДАР ЖУРНАЛИСТИКАСЫ 1-том Намазалы ОМАШЕВ
УДК 070 ББК 73.01 О 58 ISBN 978-601-7472-64-1 УДК 070 ББК 73.01 © Омашев Н., 2014 © «Қазақ энциклопедиясы», 2014 «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы» көптомдығының бірінші кітабы «Еңбекшіл қазақ» (1923-1924 жж.) басылымында жарық көрген өткір де өзекті публицистикалық жарияланымдарды қамтиды. ҚазАКСР-ның ресми органы болғанына қарамастан басылым беттерінде үкіметтің түрлі бұйрық-жарлық, қаулы-қарарларымен бірге ел өмірінің, жұрт тынысының ішкі иірімдерін аңдататын қоғамдық-саяси, мəдени-шаруашылық тақырыптардағы көсемсөздер жарық көрді. Бұл көсемсөздердің арасында пікірталасқа құрылған, ұлттық мүддені ұлықтаған жарияланымдар да аз емес. Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Сералин, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омарұлы, Смағұл Сəдуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Сəкен Сейфулин, Тұрар Рысқұлұлы т.б. авторлардың толғақты ой-тұжырымдары басылымды өзгеше қырынан танытады. Кітап соңында мақалаларға түсіндірме, авторлар көрсеткіші жəне сол кезде қолданыста болған атаулар мен олардың бүгінгі баламалары ұсынылып отыр. Еңбек зерттеушілерге, журналистер мен тіл-əдебиет мамандарына, студенттерге, магистранттарға жəне көпшілік қауымға арналған. ОМАШЕВ Н. Жиырмасыншы жылдар журналистикасы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. Т. 1. – 320 бет. ISBN 978-601-7472-65-8 О 58 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды ISBN 978-60174-72-65-8 – (Т. 1)
ТАРТЫСТЫ ЖЫЛДАР БАСПАСӨЗІ Журналистика мəселелерін зерттеу институты қазақ журналистикасы тарихын кезең-кезеңімен бүгінгі күн тұрғысынан зерттеуге, бағалауға ден қойып келеді. Осыған дейін «Сарыарқа» (19171919), «Абай» (1918), «Шолпан» (1922-1923), «Таң» (1925), «Сана» (1925), Алаштың ардақты ұлы Мұстафа Шоқайдың басшылығымен шетелде жарық көрген «Жас Түркістан» (1929-1939) журналының жарияланымдарын жарыққа шығарды. «Жабық тақырып» саналып талай жылдан бері архив қойнауында жатқан, бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған аяулы арыстарымыздың құнды көсемсөзі тəуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқан ұрпағына жол тартты. Мұндағы басты мақсат – өткеннен сабақ алу, тəуелсіздіктің қадіріне жетер, оның баяндылығы үшін күресер ұрпақ тəрбиелеу. Осыған дейінгі зерттеулер жеке тұлғалар өміріне, белгілі бір кезеңдерге ғана қатысты болса, біз қазақ журналистикасын, басылымдар мен қаламгерлер шығармашылығын біртұтас қарастыруды жөн санадық. Заман талабымен баспасөз бетінде бір-бірін қаралаған, жала жапқан, орынсыз айыптаған мақалаларды оқырман назарына толық ұсына отырып, ақ-қарасын ажырату ниетіміз бар. Бұл өткеннің қоламтасын қоздатып, сол кездегі саясат кесірінен қия басқандарды жазғыру емес. Керісінше, тарихи əділеттілік үшін əркімнің елі үшін сіңірген еңбегіне лайықты бағасын беру. Кейбір зерттеушілер қолдарына түскен материалдар арқылы өз объектісінің төңірегінде ғана сөз қозғайды. Екі адамның пікірталасында өз жағын ғана ақтап шығуға тырысады. Ал, ақиқаттың əр кезде бел ортада жататыны белгілі. Мəселен, осыған дейін «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы – «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ» басылымдары «кеңестік баспасөз» деген жалпы түсінікпен зерттеушілер назарынан тыс қалып келді. Біз Алаш баспасөзімен қатар кеңестік баспасөзді де зерделеу арқылы онда да елі мен жері үшін аянбай күрескен, ұлттық мəселелерді батыл көтерген қаламгерлер жарияланымдарына куə болдық. Төңкерістен кейінгі алмағайып заманда қазақ жерлерінің солтүстік бөлігін басып қалуға тырысқан алып империя саясатын сынап, сол тұрғыда жүйелі келіссөздер жүргізу арқылы ел аумағын сақтап қалған деректерге кез болдық. Бұл ұлтжанды азаматтарымыздың
аз уақыт болса да кеңестік билікке араласуының нəтижесінде мүмкін болған жетістік. Қазақ жерінде кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары идеология, баспасөз саласында Алаш қайраткерлерін жұмылдырмасқа амал жоқ еді. Біріншіден, олардан өзге оқыған, көзі ашық азаматтар жоқ. Екіншіден, патша өкіметі кезінен ел тəуелсіздігі жолында жүйелі күрес жүргізіп келе жатқандардың халық арасындағы беделі зор, ұлт көсемдері ретінде қабылданатын. Ал, Алаш қайраткерлерінің мұраты – кеңес өкіметінің зор мүмкіндігін пайдалана отырып, халыққа қызметін жалғастыру еді. Сол кезең жарияланымдары «1920-жылдардағы кеңестік журналистика» атты томдыққа енгізілді. Батыр бабаларымыз елін, жерін білектің күші, найзаның ұшымен қорғаса, өткен ғасыр басында қазақтың оқыған азаматтары өршіл рухымен, қалам қайратымен ел іргесінің бүтін болуына барларын салды. Бұл жерде біз сол кездегі ат төбеліндей ғана қазақ оқығандарын алаштық, я кеңестік деп екіге жарып, араларына сына қағудан аулақпыз. Қазақ тілінің болашағы үшін күрескен, қазақтың «қырғыз» атауын өзгертуге тікелей атсалысқан Сəкенді кім ұлтын сүймеді деп айыптай алар? Немесе жеке басын бəйгеге тіге отырып Түркістандағы аш-жалаңаштардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, өз елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Тұрар Рысқұловтың өршіл рухын кім жоққа шығарар? Əрине, заман талабы осы екен деп жел ығына қарай оңай жығыла салатын «шолақ белсенділер» туралы əңгіме басқа. Түптеп келгенде, кеңес өкіметінің көздегені – қазақ оқығандарын бір-біріне айдап салу арқылы өз арасында жікшілдік туғызып, қаралатып, қайсы жеңгендерінің түбіне өздері жету болатын. Бұл саясаттары айнақатесіз орындалды. Əйтпесе, «ұлтшылдар», «алашордашылар», «контрреволюционерлер» деген айыппен атылған ардақтылармен бірге басынан бақайшағына дейін «коммунистерді» де жер жастандыруының себебі не еді? Ұстанған бағыты емес, аз да болса оқығандығы. Өзгелерді артынан ертіп, көзін ашпасын деген қаупі болатын. «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы» атты көптомдықтың бірінші томына 1923-1924 жылдардағы «Еңбекшіл қазақ» газетінің жарияланымдары енгізіліп отыр. Бұл кезең, салыстырмалы түрде алғанда, «дауыл алдындағы тыныштық» кезеңі деуге болар. Себебі бұл қанқұйлы, қатігез Голощекиннің билікке келе қоймаған тұсы. Қазақ оқығандарының талабымен «қырғыз»
дегеннің орнына тарихи атауы қайтарылып, «Қазақ АССР»-і атала бастаған кез. Мемлекеттік деңгейде қазақ тілін дамыту, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге қатысты бірнеше қаулылардың қабылданған уақыты. Сонымен қоса қазақ оқығандарының бастамасымен Қазақ АССР Еңбек Халық Комиссириатының 1924 жылғы 21 шілдеде «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізуге байланысты қызметкерлерді жұмыстан босату жəне оларды қазақ тілінде сөйлеп, жаза алатын қызметкерлермен алмастырудың тəртібі жөніндегі» қаулысы қабылданған. Қаулыны қабылдатып қана қоймай, «Еңбекшіл қазақ» газеті оның орындалу барысын əр санында нақты мысалдар арқылы қадағалап, сын тезіне салып отырды. Əрине, бұл 1925 жылдардың күзіне дейін жалғасқан. Билікке Голощекиннің келуімен «ұлтшылдық» деген айыптауға ұрынбас үшін, керісінше, бұл туралы жақ ашқандардың артына шам алып түсу науқаны басталып кетеді. Сондықтан бұл кезеңді ұлттық рухтың соңғы жалқыны деуге келер. Оның тағы бір дəлелі – кеңес өкіметіне де адал қызмет еткен Алаш ардақтыларын 1929-жылдары абақтыға жабуға негіз болған дəл осы 1920-жылдар басындағы ұлт жолындағы қызметтері болатын. 1923-1924 жылдары баспасөзде көтерілген басты мəселелер – оқу-білім жайы, мемлекеттік кеңселерде қазақ тілінің қолданысын арттыру, баспасөзді күшейту, əліпби ауыстырып, латыншаға көшу, жаңа экономикалық саясат, ел шаруасын түзеу, т.б. болды. Сонымен қатар Түркістан республикасындағы қазақ жерлерін Қазақстанға қосып алу мəселесі күн тəртібінде тұрды. Билік басындағылар сол кездері қазақ көп қоныстанған Ташкент қаласын астана жасауды ұсынды. Оның себептерін түсіндіріп, дəлелдеуде көп жұмыстар жүргізіп, халық саны жөнінен нақты статистикалық деректерге жүгінді. Соның арқасында Қазақстанның оңтүстік облыстары Қазақстанға қосылып, территориялық аумағы мен халқының саны бірнеше есе ұлғайды. Бірақ, ежелден қазақтың атақонысы саналған Ташкент қаласын астана ете алмады. Алаш ардақтыларының үні бұрынғыдай жарқын болмаса да, ұстанымдары сол қалпы батыл əрі табанды қалпында еді. Осыған дейін мемлекет құру ісіндегі тəжірибелері бар олар қай істе болса да ар жақ, бер жағын терең салмақтаған негізді, дəлелді, құлаққа қонымды пікір айтуымен ерекшеленді. Кейбіреулер сынды коммунизмнің тəтті елесіне елітіп, өткеннің бəрін мансұқтайтын əпербақандыққа бармады. Кеңестік мемлекетті құру ісінде
жүргендердің көбісі бірінші кезекте солардың пікірімен санасып отыратын. Бірақ реті келген жерде «ұлтшылдықтарын» тілге тиек етіп, «күндерің өтті» деген кейіппен астамси сөйлейтін əдеттері өршу үстінде еді. Жоғарыда айтылған қазақ тіліне қатысты бірнеше қаулы қабылдаттырудың себебі не дегенге келер болсақ, «Еңбекшіл қазақтың» 1925 жылғы № 221 санында төмендегідей дерек келтірілген: «Қазақстанда 2,632 бірінші, екінші басқыш һəм коммуна мектептері бар. Осы мектептерде оқушы балалардың жалпы есебі 197, 670. Жоғарыда көрсетілген мектептің 618-і қазақтікі, оқушының саны – 29,227» [1]. Осы көрсеткіштен-ақ отарлау саясатының неден басталғанын көруге болады. Қазақ мектебінің саны орыстікінен 4,5 есе аз, онда оқитын бала саны 7 есеге кем. Əрине, дабыл қағатын жағдай. «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1924 жылғы №172 санында жарық көрген Тоқылдақ деген автор «Қазақ тілін жүргізуде елден келген мағлұмат» атты Қарқаралы кеңселеріндегі қазақ тілінің жай-күйі туралы мақаласында мынадай деректі алға тартады: «Ал, енді осы əңгіме қайта қозғалып, қазақ тілімен жүруге айналған істі қайта қоңырсытып отырған мынадай оқиға болып отыр. 22-ші январьда аукомның жауапты хатшысы Чувилин жолдас оқу бөлімі бастығы Салих жолдас Қасымовты шақырып алып, сөгіп: «Сен, алашординец, қалайша орыстарды шығарып, Орынбек Бековты хатшылыққа алып, қазақша жүргізесің? Əзір қазақ тілі ерте, қазақ жетілген жоқ» дегенді айтып, қазақ тілімен жүріп отырған істі тоқтатып, қайтадан орысша жүргізетін болды. Содан қорқып, Қасымов 24-ші январда қазақша жазып отырған Орынбекті һəм Əуезхан Жолымбетовты шығарып тастап, оның орнына хатшылыққа Афанасьев деген жолдасты алды. Һəм орысша жүргізе бастады. Бұл қалай? Мəскеу, Орынбор не айтып жүр, біздер не оқып, не естіп жүрміз? Біздің аукомның бастығы не ойлап отыр?» [2]. «Бөкейлікте қазақ тілін жүргізу жайында» атты мақаланың да негізгі өзегі – қазақ тілінің қолданыс аясы. «Енді гүбірнедегі басқа мекемелерге қарасақ, олар да жоғарыдағы айтқанымыз секілді таз кебінде. Оларға барған қазақ кедейі сыртынан қазақ кеңсесі деп естіп барса да, қазақ тілімен мұңын шаға алмай, «аты өзгерсе де, заты өзгерген жоқ екен ғой» деп түңіліп, орысша жазушы іздеп жүргенін көресің.
Басқа мекемелер өздері қазақша іс жүргізуге жігер ету түгіл, қазақша іс жүргізіп отырған ана мекемелердің істеріне кедергі жасап, кейде қазақша жазған қағаздарын қабыл алмай, қайырып жібергендер де көрінеді. Іштерінде бірен-саран қазақша ынталы жолдастар болса, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып отырғандары да жоқ емес» [3]. «Еңбекшіл қазақ» газетінің жер-жердегі қазақ тілі мəселесінің жай-күйі туралы əр санында үзбей жазуында үлкен мəн бар. Бұл газеттің сол жылдардағы бас редакторы, ұлтжанды азамат Сəкен Сейфуллиннің бастамасымен, күш-жігерімен қолға алынған зор іс. «Еңбекшіл қазақтың» №180 санында Сəкеннің қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы ашық хаты жарияланған. Онда: «Қазақ тілін жүргізу керек» деп құр бұйрық жазып қана қоюмен іс бітпейді. Бұл істі жүргізу жолында көп бөгет бар» [4] дей келіп, сол кедергілерді санамалап береді. Іс қағаздарының қазақ тілінде жүрмей жатуына ақша немесе маман тапшылығын көлденең тартатындарды сынай отырып, олардың уəждерінің бəрі сылтау ғана дегенді айтады. Кейін бұл істің арты сиырқұймышақтанып, кеңселерге қазақ мамандарын тартып, іс қағаздарын қазақша жүргізудің орнына бір-екі тілмаш алумен шектелген кездер де орын алыпты. Ол мəселе де газет бетінде сынға алынған. Бірақ бұл кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарға ғана тəн құбылыс еді. Кейін мұндай келеңсіздікке жұрттың «еті өліп» кеткені сонша, қалыпты жағдай ретінде қабылданатын. 70 жылдың ішінде үш ұрпақ: ата-бала-немере бірі-бірімен тек орыс тілінде қарым-қатынас жасайтын күйге жеттік. Қазақ мектебі деген ауылды жерлерде ғана болмаса, қалада, өркениет орталықтарында атымен жоғалды. Тіл мəселесінің жүз жылдан кейін де өзекті болып отырғаны осыдан. Тілмен бірге ұлттың рухы да жоғалды. Өткені белгісіз, əркімге бір жалтақ, көзсіз еліктегіш ұрпақ қалыптасты. Ғасыр басындағы Алаш ардақтыларының қаупі айнақатесіз орындалды. Тəуелсіздік заманында мемлекет тарапынан осы жоқтың орнын толтыруға қаншама əрекет жасалғанымен, ұзақ уақытқа ұлттық тамырдан ажырап қалғанымыздың кесірі аз уақытта жоғалар емес. Үмітіміз – тəуелсіз саналы жас ұрпақта. Бұл – қазақ тілінің қолданыс аясына қатысты мəселе. Ал, оқу барысы қандай күйде еді дегенге төмендегі мақалалар арқылы жауап табамыз. «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы №149
санында жарық көрген Баймұраттың ұлы деген автордың «Шалқар үйезінде оқу жайы» деген баяндама хатында қазақ мектебінің мүшкіл халі сөз болады: «Қолыма оқу жұмысын басқадан бұрын алып тексеріп қарасам, оқу өте нашар деуге болады екен. Оқу мектептерінің оқытушылары һəм бастықтары орыс екен. Қырдан келген кедейдің жас балалары орыстың тіліне түсінбей, əуреленіп жүрген көрінеді. Қазақша оқу атымен жоқ. Қаладағы оқудың түрін көріп, елдің мектебін аралауға шықтым. Елдің мұғалімдері ноғай екен. Қазақтың балаларына ноғайдың орыстан артықшылығы көрінбейді. Балалар ноғайға да түсінбейді екен. Бірлі-жарымды қазақ мұғалімдері бар. Мектептерге барып едім, оқытушылар баланы үйретпек түгіл, өздері түк білмейтін тəжірибесіздер. Өзі нашар мұғалімге оқу құралдары жоқ көрінеді. Балалар да жалаңаш» [5]. «Еңбекшіл қазақтың» № 221 санында жарияланған «Ақмола үйезінде оқу жұмысы» атты мақаланың да негізгі өзегі – оқу жайы: «1923-жылдың күзінде, Ақмола үйезінде қазақ арасында 32 мектеп ашылды. Қалада 4 мектеп ашылды. Орыс мектебі қаладағы, даладағысын қосқанда, барлығы 83 мектеп болды. 1923-жыл, 20-июньде болған халық ағарту қызметкерлерінің жиылысының: «Орысқа қарағанда қазақ арасында мектеп көп ашылсын» деген қаулысы болған еді. Əрине, бұл орыс тұрсын, қазақ жүрсін дегендік емес, қазақ халқының жалпы сауатсыздығын еске алғандық болатын. Ақмола үйезі сықылды қазағы көп жерлерде, болыс басы бір мектептен болмауы жоғарғы қаулының қағаз жүзінде ғана қалғанын көрсетеді. Ал енді сол ашылған мектептер жайында сөйлегенде де ауыз толтырып айта қалғандай ешнəрсе жоқ. Кемшіліктері өте көп. Мысалы, оқу құралдарының кемдігі, жетіссіздігі; мектепке арналып салынған лайықты үйлердің жоқтығы; мұғалімдердің білімдері шамалы, дүмшелілігі; болыс, ауылнайлардың оқу жұмысына қарастарының нашарлығы, салқындығы; мұғалімдерді жетектеп, жол көрсетіп, жөн істеп отырған күшті (білімді) нұсқаушылардың болмауы, болғандарының лайықты еместігі. Мысалға, біздегі М. Келметұлын алуға болады. Өзі татар, қазақша-орысша білмейді. Бұл байқұстың мұғалімдерге нұсқау беру түгіл, өзінің түк нəрседен хабары жоқ. Солай болған соң оған өкпе де болуға тиіс емес. Өкпені ағарту бөлімінің қызметкерлеріне артуға болады. Олардың бір лайықты кісі тауып қоюлары керек қой!» [6]. Бұл Ақмола үйезіне ғана емес, бүкіл қазақ жеріндегі оқу ісіне тəн кемшілік болатын. Оқу
мəселесі дегеніміз – сол кез үшін басқа ұлттармен тереземізді теңелтетін бір ғана айқын жол. Осыны жақсы ұғынған қалам қайраткерлері білім мəселесін газеттің əр санын құрғатпай жазып, жауапты орындарға жеткізіп отырды. Бірақ оны дəл сол кезде түпкілікті шешудің мүмкіндігі жоқ еді. Себебі, қазақ тілінде сабақ беретін мұғалім мен оқулық мəселесі бір күннің шаруасы емес екендігі белгілі. Оқулық жазбас бұрын, қандай əліпбиді қолдану тиімдірек деген мəселе баспасөзде қызу талқыға салынып жатқан. Біреулер Ахмет Байтұрсыновтың салып берген ізі – төте жазудан айнымайық десе, жаңашылдар оның қаржылық, баспаханалық тұрғыдан тиімсіздігін алдыға тартып, латыншаға көшу қажеттігін айтты. Төте жазудың қолданыстағы қиындығы, нақты бір ізге түспегендігі, дыбыс пен əріп санының үйлесімсіздігі көптеген даулы мақалалар мен тартысты пікірлерге негіз болды. Бұл туралы арнайы тоқталамыз. «Еңбекшіл қазақ» газетінде қазақты ұлт ретінде кемсітуге жол беріліп жатқан жағдайлар батыл сыналып отырды. Отарлықтың қамытын мықтап киген, отырықшы жаңа тұрмысқа, саясатқа бойы үйренбеген, хат танымайтын, жат тілді меңгермеген, ашаршылықтан титықтаған қарапайым қазақтың өз құқын қорғайтын қайбір халі болсын?! «Апатқа ұшыраған ел» атты мақалада осындай жай туралы баяндалады: «Оралдан қашқан казак-орыс, оны қуған қызыл əскер осы ауылдардың үстінен жүріп, көп залал тигізген еді. Оның соңында 21-ші жылғы аштық тағы орнап, көп үйлерді орнымен жоқ етіп, қалғанын əлсіретіп кеткен. Жұттан тірі қалған үйлер 22-ші жылы қазынаның берген азын-аулақ тұқымын шашып, егін егіп, көздерін ашқан. Көздерін ашып, жұттан құтылдық деп демалып отырғанда, «жарлының аузы аққа тисе, мұрны қанайды» деген, бір күні қазынаның салық жинаушылары келіп, манағы азын-аулақ алған астығынан алып кеткен. Бір емес, екі емес ала қыстай алумен болған. Аз нəрсе көп алуға шыдамай, бір күні қаптың түбі көрініп қалған. Алушы неше бетсіз болса да көзі көрген соң екінші қайтып келмеген. Қыс өтіп, жаз жетіп, кəсіп етер уақыт болған. Жұмыс қылатын көлік жоқ. Барлары сауатын сиырын салып, жоғы шоттап болса да егін салған. «Ер бір сүрінсе, қырық сүрінеді» деген мақал, жерде жауын болмай, салатын егіндері кеміс болып тұрғанда далалықтан жалпақ өрт шығып, шапқан пішен, азын-аулақ шыққан егін, баршасы өртке
кеткен. Ажалы соған байлаулы болған кедей одан айырылған соң, құлағына су кеткен малша төмен бұғып отырған жайы бар» [7]. Бұл кедей шаруалар өмірінің айна-қатесіз көрінісі. Енді қаладағы қазақ жұмысшыларының да халі оңып тұрмағаны мына мақалада баяндалған жайдан көрінеді: «Осы мыңнан артық жұмыскерден анық жүз кісі ұлан жазға жоғарыдағы зауыттарға кіріп, жұмыс істей алған жоқ. Кіріп жұмыс істей алмайтын себебі мынау: мəселен, пароходқа от жағып, жүк салуға, мал сойып, ет тұздауға жүз кісі керек болса, жүз орыс, жүз қазақ барса, 50 орыс, 50 қазақ қылып араластырып алмайды. Жүзін де орыстан алады. Бағзы қайсы уақытта кейбір зауытқа 50 кісі керек болып, 50 орыс таба алмай, əлдеқалай он-он бес қазақ кіріп кетсе, 2-3 күннен соң жұмыс іздеп, бір орыстың баласы келсе, қазақты айдап шығып, орысты алады. Жəне бір зауытта 100 кісі жұмыс істеп жатса, 75 орыс, 25 қазақ болса қызметкер санын азайтып, 20 кісі шығарса, 10 қазақ, 10 орыс шығады. Кісінің санына қарамайды. Басындағы местком, завком бірдеңе комның бəрі орыс, сонан соң қазақтың қақтығып, жұмыссыз қалатыны осы. Біразырағы зауытқа кіріп жұмыс істей алмаған соң, тамақ асырау үшін үшеутөртеуі бірігіп, өз беттерімен қыл-қыбыр, жүн-жұрқа сатып, бір шолағы бары отын тасып, басында баспанасы бар қайсыбіреулері үйінің бір жағына 6-7-ден тері илеп, күнін көреді. Қалған айлашарғыға шамасы келмей, қыс-жазы дамыл-тыныштық көрмей, табылса жұмыс істеп, табылмаса зауыт-зауыттың арасында жұмыс іздеп, таңның атысы, күннің батысы 8-9-дан топтанып, сандалып жүрген қазақтар» [8]. Бұл Семей қаласынан 6 шақырым жердегі Затон зауытында қалыптасқан жағдай туралы жазылған «Жұмысшылар тұрмысынан» атты мақала. Бұдан көретініміз – «Еңбекшіл қазақтың» ұлттық мəселелерге бей-жай қарамай, батыл көтергендігі. Көтеріп қана қоймайды, жалпы, шаруа тұрмысынан дамыған елдерді үлгіге ала отырып, одан шығудың жолын нұсқайды. Мəселен, «Ауыл шаруасында сауданың орны» атты мақалада: «Мал шаруасын алайық, күнбатыс Еуропада мал шаруасын кəсіп орнына жұмсайды. Малдың сүті, жүні, терісі – осының бəрі ақшаға сатылады. Швейцария деген патшалықта бір сиырдың өз бағасынан бір жазғы келтіретін пайдасы екі есе артық болады. Мысалы, бір сиыр жүз теңгелік болса, оның жазғы сүтінен, майынан 200 теңге пайда түседі.
Қазақтың мал шаруасы көбінесе санын көбейту. Қазақ малынан тиісті пайда ала алмайды. Қазақтың сиырының, жылқысының, түйесінің, қойының сүті, майы өзі жеуінен артылмайды. Қазақ мал шаруасынан түскен бұйымды ұқсатпайды. Сондықтан қазақ шаруасы ілгері баспайды. Қазақ малының өнгенінен емес, өлгенінен пайда көреді. Тері сатып алатын ақшасы өлген малдың сілекейі ғана. Тірі малдан пайда шығарып, тірі малдан Швейцарияның жеріндегідей ақша алып отырған қазақ аз». Бұл қазақтың жайын бөле-жара айтқаны үшін «ұлтшыл» деген айып тағылатын алмағайып кезеңнің алдында, сөз бостандығы сəл де болса бар, қазақ қаламгерлерінің рухы жасымаған еркіндеу кезде жазылған пікірлер. Олар күндердің күнінде Голощекин деген қанқұмардың айдап салуымен халықтың қамын жеп жазған осы сөздері өздеріне «бəле» болып жабысарын, ілік іздегендерге таптырмас дерек көзі болатындығын іштері сезсе де, тартынып қалмаған. Тырнақ астынан кір іздеуге келгенде алдына жан салмайтын «шолақ белсенділердің» біреуді қаралау үшін қиыннан қиыстыратын тапқырлық шеберлігіне тəнті болмау мүмкін емес. Олар үшін дұрыс сөзді бұрысқа шығару, достан жау жасай салу түкке тұрмайдығын байқауға болады. 1925-жылдары Қазақстанға бұрын Түркістан республикасына қарасты болып келген Жетісу, Сырдария облыстары қосылып, аумағы кеңейгендігі белгілі. Сол кездегі Қазақ АССР-інің басшысы С. Меңдешев, Т. Жүргенов, С. Сəдуақасұлы бастаған ұлт зиялылары қазақ көп қоныстанған жерлердің Қазақстанға қарауы керектігін нақты деректер арқылы дəлелдеп, дəйектеді. Шекара бөлісі кезіндегі даулы аймақтарда қай ұлт өкілінің көптігін санау барысында біраз қателіктерге жол берілгендігі, көп қазақтардың басқа ұлт есебінде саналып кеткендігі айтылған. Соның кесірінен Қазақстанға қарауы керек кейбір жерлердің өзбектерге өтіп кеткендігіне өкініш білдіреді. Сонымен қатар қазақ астанасы болуға қай қала лайық деген мəселе де қызу талқыланған. Алаш ардақтысы С. Сəдуақасұлының «Орта Азияның өміріндегі жаңа дəуір» атты «Еңбекшіл қазақ» газетінің № 252-255 сандарында жарияланған терең талдауға, нақты дерек пен бұлтартпас уəжге құрылған мақаласы бар. Онда былай делінген: «Төрт жылғы өмірдің тəжірибесінің арқасында Орынбор бізге түпкілікті астана бола алмайтынына көзіміз жетті. Ең əуелі, Орынбордың тұрған жері қолайсыз. Түркістан қазақтары шетте жатыр. Семей мен Ақмола
одан да алыс. Орынборға жан-жақтан келіп жатқан шойын жолдар жоқ. Сондықтан қатынасу мəселесі өте қиын. Оның бер жағында Орынборда қазақ жоқ. Қазағы болмағандықтан оның өмірі басқаша. Қазаққа ұқсамайды. Сол себепті біздің Орынбордан алып отырған тəжірибеміз жоқ. Орынбор өз өмірімен тұрып жатыр, Қазақстанның сары даласы оның ойын білмейді. Сондықтан Орынбор өгей шеше сияқты» дей келіп, «Ташкенттің қазіргі халына келсек, Ташкент, əрине, сөзсіз қазақтың қаласы. Ташкенттің айналасы жағалай қазақ, Ташкенттің базарында сатылатын ет, май, сүт – бəрі маңайындағы қазақтың əкелгені. Егерде Ташкенттің маңайындағы қазақтар қалаға малын əкелуді қойса, Ташкенттің күн көру мəселесі екіталайға айналар еді. Олай болса, Ташкенттің қазақсыз күні жоқ. Маңайындағы көп қазаққа жалғыз қала болған соң, киер мен шай, былғары жəне басқа сондай фабрикте істеліп шығатын нəрселерді Ташкенттен алады. Ташкент болмағанда маңайындағы қазақтардың тұрмысы да нашарлыққа айналар еді. Сондықтан Ташкент пен маңайындағы халықтың арасы – ана мен баланың арасындай. Сол себепті Ташкент Қазақстанға берілу керек. Ташкенттің басқа Қазақстанға керек жері толып жатыр: Ташкентте университет бар. Ол университеттің оқушыларының бірсыпырасы осы күнде қазақ» [9] деген дəлел-дəйектерін келтіреді. Өкінішке орай, ұлт зиялыларының бұл тілегі қағаз жүзінде ғана қалды. Кейіннен Қазақстан астанасы Сыр бойындағы Ақмешіт (Қызылорда) қаласына көшірілгені белгілі. «Еңбекшіл қазақ» газетінде Қазақстаннан тыс жерлердегі, атап айтқанда, берісі – өзбек жеріндегі, арысы – алмағайып замандарда Ауғанстан мен Қытайға босқан қазақ жайы да сөз болды. Өзге ұлттардың теперішін көрген кейбір қазақтардың өз ұлтын жасырып қалуға дейін барып жатқандықтары айтылады. Қорыта айтқанда, «Еңбекшіл қазақ» газетінде 1923-1924 жылдары ұлт мүддесіне қатысты мəселелер батыл көтеріліп отырған. Оған қай бағытты ұстанғанына қарамастан қазақтың ұлтжанды азаматтары, мемлекет құру ісіне араласып жүрген белгілі қайраткерлер бір кісідей атсалысқан. Ел, жер, тіл мəселесіне келгенде араларында ешқандай алауыздықтың болмағанын байқаймыз. Ұлт зиялыларын бір-біріне қарсы қою, жасанды жолмен «жау» жасау саясаты қолдан жасалған. Олардың түпкі мақсаты – жалпы қазақ оқығандарының көзін жою болғандығы бесенеден белгілі.
«Еңбекшіл қазақ» газетіндегі пікірталас Кеңес дəуірінің алғашқы жылдарында Алаш қайраткерлері коммунистік партия қатарында халық мүддесі үшін қызмет еткенімен, оларға деген салқын көзқарас, қит етсе «ұлтшыл, алашордашыл» деп айыптау, дұрыс сөздерін бұрысқа шығару, орынсыз қаралау сынды үрдістің күн сайын үдеп отырғанын байқаймыз. Бұл дерттен «Еңбекшіл қазақ» газеті де ада болмаған. Осы жылдары баспасөз бетіндегі пікірталас пен тартысты мақалаларға көбірек өзек болған – өршіл жас Смағұл Сəдуақасұлы. Газет бетінде пікірталасқа түскен мақалаларының бірі – «Еңбекшіл қазақ» газетінің 160-ші санында жарияланған «Ленин Һəм ұлт мəселесі» деп аталады. Сын болғанда, шын емес, əйтеуір «жаптым жала – жақтым күйе» дегендей бірдеңе. «Сыншының» айтуына қарағанда, Лениннің төңкеріске дейін айтқан сөздері соның идеясымен құрылған жаңа заманда іске жарамайды-мыс. Смағұлдың Лениннің ұлт мəселесіне қатысты айтқан ойларын қорыта отырып жазған мақаласы осындай «уəжбен» сын тезіне салынған. Смағұл Сəдуақасұлы былай дейді: Айта берсе, Лениннің тəжірибе қылатын сөздері толып жатыр. Осы күні кейбіреулер өз ұлтынан өзі безіп жүр. «Мен қазақ болмасам да, қазақтың ұлтын қуаттаймын», – деп қояды мақтанып, кейбір ақылды жігіттер. Жалпышыл, көпті сүйген, көптің қамын ойлаған адам баласы Лениндей-ақ болар. Осы туралы Ленин не дейді екен? Жоғарыдағы айтылған мақаласында Ленин былай дейді: «Біз орысты, орыс халқын сүйеміз. Сүйген сайын біз орыстың патшасына, төрелеріне қарсымыз. Біз орыс жұртын жақсы көреміз. Жақсы көрген сайын біз олардың еркін, іргелі халық болуын тілейміз. Бұдан елу жыл бұрын орыстың ең халықшыл адамының бірі Чернышевский айтқан екен: «Сорлы ұлт, бейшара халық – шетінен құл болған құл халық!» деп. Біздің ойымызша, бұл сөз – анық сөз, шын елін сүйген, адал жүрек, ақ ниетті адамның сөзі. Орыс халқы қазір – құл. Бірақ бостандық алыс емес. Еркіншіліктің сəулесі туып келеді. Құлдықтан ел құтылады». Бұл сөздерді Ленин бұдан он жыл бұрын жазды. Лениннің айтқаны келді. Орыс жұрты патшаны жоқ қылып, өз билігін өз қолына алды». Бұл мақалаға орай Серікқали Жақыпұлы деген автор «Ұлтшыл коммунист бола ма,
жоқ па?» атты мақала жазып, мəселені төтесінен қояды: «Көрмей кетті ме екен, болмаса жорта тастап кетті ме екен, Лениннің бұл сөзін қазіргі уақытта бізге үлгіге алуға болмайды. Себебі, үкімет қазірде жарлылардың қолында. Бұл сөзді айтуға мүмкін тек жарлылар үкіметіне риза болмаған байлар һəм ақжағалылар. Ал, енді халықшыл Чернышевскийдің «Сорлы ұлт, бейшара халық» дегеніне келсек, бұдан бізгі еш мағына тумайды. Неге десеңіз, қазіргі біздің коммунистердің жолы мен халықшылдардың жолының арасы жер мен көктей жəне Чернышевскийдің ерте уақытта, социалистер жаңа ғана оянып, халық патша қол астында езіліп тұрған уақытында айтқан сөзі. Бұл сөзді мысалға алуға қазірде келмейді. Жолдас Лениннің əр ұлттың ықтиярын өзіне беру керек деген сөзінен ұлтты сүйеді екен деп ұғыну керек емес. «Əр ұлттың ішіндегі жарлы-жалшылардың ықтиярын өзіне беру керек һəм жарлы, шын бейнетқорларды сүю керек деп айтты» деп ұғыну керек» дей келіп, Смағұл Сəдуақасұлына қандай жолдың ақтығын нұсқайды: «Ұлтшыл болып, езілген тапқа қызмет етем деу – езілген тапты езуші, алдаушы болам деушілік. Езілген таптың қамқоры, жол басшысы болатын тек шыны қосымшасыз коммунистер. Ұлтшылдар – езілген таптың дұшпаны. Ұлтшыл кісі – ортақшыл емес». Мұндай орынсыз, негізсіз сынға Смағұл Сəдуақасұлының «Еңбекшіл қазақ» газетінің № 177 санында «Еріксіз жауабы» жарияланған: «Күлкі сөзге шын жауап берудің өзі бір күлкі» деп Гегель айтқан екен. «Еңбекшіл қазақтың» өткен нөмірінде басылған Серікқали Жақыпұлының мақаласы Гегельдің осы сөзін еске түсіреді. Айтты, айтпады мұндай «сынға» ең жақсы жауап – оңдап тұрып қарқылдап күліп алу. Бірақ мен жауап бермесем, Жақыпұлы үлкен бір мағыналы сөз айттым деп мақтануы мүмкін. Тұрмыстың талқысына түспеген бірен-саран жастар теріс ұғынып қалуы мүмкін». Осы сөздері арқылы бұл «сынның» Смағұлға «шыбын шаққан құрлы» əсері болмағандығын байқаймыз. Бұл жауабында ол С. Жақыпұлының қайткен күнде де Лениннің ұлтшыл еместігін дəлелдеу мақсатында оның «жұрт» деген мағынадағы сөзін жорта білмегенсіп «туған жер» деп аударғанын əшкерелейді. «Мен Жақыпұлының алғысымен коммунист болып, қарғысымен ұлтшыл болмаймын. Бірақ бұл секілді «демеукөкті» əйт-шу қылып мінуден бұдан былай сақтану
керек. «Демеукөктің» түпкі мақсұты һəм апаратын жері белгілі де» деп түйіндейді өз ойын. Смағұл Сəдуақасұлы алаштықтардың салған ізімен қазақты бай, кедей деп екіге жармай, «ұлтым» деп қарайтын ұлтжандылығы мен көрегендігі, сол жолда жанын пида етуге дайын көзсіз ерлігі үшін «жандайшаптардың» талауына түскен. Бірақ асыл тектік жолымен дарыған асқақ рухының, терең білімі мен білігінің арқасында қай қарсыласынан да басым түсіп отырғандығына газет бетіндегі мақалалары куə. Бүкіл қазақ жерін қанға бөктірген Голощекиннен тайсалмай, қасқайып тұрып қазақ жайын айтқан, пікір таластырған, соның жолында құрбан болып кеткен арысымыз еді Смағұл. Сол ардақтымыз мына бір орынсыз сынға күйінгені соншалық, «Еңбекшіл қазақта» «Шырақтарым-ау, бұларың тіпті ұят қой!» атты жауап жазуға мəжбүр болған. Онда былай дейді: «Үш жігіттің сөздері қаншама дəлелді екендігін мынадан білуге болады: Байқан, Ғ. Сұлтанұлы дегендер менің лекциямда тіпті болмаған (мен мұны полиграф шəкірттерінен сұрастырып біліп отырмын). Соны бұл екеуі көрмегені туралы «сын» айтып, естімегені туралы наразылық білдіріп отыр. Мұндайды қазақ тілінде өтірік куəлік дейді. Мен өтірігі үшін ешкімді сотқа тартудан аулақпын. Жалғыз-ақ айтатын сөзім: шырақтарым, бұларың тым ұят. Менен ұялуға беттерің қызармаса да, ұждандарыңның алдында қызарыңдар (əрине, егерде ол ұждан бар болса)». Осы үш жігіттің Смағұлға өкпесі – сол жиында Бөкейдегі жастар ұйымы туралы аз айтқандығы екен. Оған Смағұл: «Қали жолдастың жоғарғы сөзіне жауап берейік. Қали жолдас сықылдылар өз көзін қаптаған шелді сылып тастаса, Бөкейден алысырақ та жерді көрер еді. «Демеукөк» деген əт-шуге мінудің орнына, адам сықылды, жаңа өспірім еңбекшіл жастарға лайық жолмен дұрыстап Қазақстанмен танысса, онда ол Бөкейден басқа жерде де бірдеме істелгенін білер еді», – деп жауап береді. Жаңа заман жастарының тарих мəселесінде тар өрісте емес, кеңірек, бүкіл қазақтың деңгейінде ойлау керектігін жеткізеді. Осындай «тырнақ астынан кір іздеген» орынсыз сындар мен қаралаулар қазақ қамын ойлаған ірі тұлғалардың рухын сындыра алмаса да, еңсесін түсіруге бағытталғаны шындық. «Балақтағы биттердің басқа өрлегені» соншалық, ұлт көсемдерін «өлі арыстанның» күйіне түсіріп, құлағында ойнағысы келген. Алаш ардақтыларының мемлекет құру ісіндегі терең білімі
мен тəжірибесі, өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі қазақты ашаршылық, соғыс зұлматынан аман алып қалуға жетер еді. Бірақ, билік қазақтың өз алдына ұлт ретінде көркеюін қаламағандықтан, олардың елдік мұратына «тосқауыл» ретінде осындай майда-шүйделермен күрес майданын қолдан жасаған деуге толық негіз бар. Бұдан бөлек осы жылдары «Еңбекшіл қазақ» газетінің бетінде əліпбиге, жазу ережесіне қатысты көптеген талқылаулар мен пікірталастарға орын берілген. Мəселен, жазу ережесіне қатысты Жүсіпбек Аймауытов пен Елдес Омаровтың айтыс мақалалары. Мұнда жеке басқа қатысты аздаған «қағытуларды» қоспағанда, əр автор тіл заңдылығына қатысты өз ойларын ғылыми негіздей алған. Ал, əліпби мəселесіне қатысты екі тараптың уəждері туралы «Еңбекшіл қазақтың» №221 санында жазылған мақала толық хабардар етеді: «Қазақ-қырғыз білімпаздарының бас қосқан тобында айырықша бір мəселе болып қаралған – əліппе түзеу мəселесі еді. Баяндама жасаушы Байтұрсынұлы Ахмет болды. Бұл баяндамадан соң, қазаққа латын əрпін алу туралы қосымша баяндама болды. Мұны сөйлеген Төреқұлұлы Нəзір болды. Ахмет осы күнгі «қазақ тұтынып отырған түрік əліппесін тастап, латын əліппесін аламыз» деген пікірдің терістігін түсіндірді. Қазақ əліппесінің баспа түрінің дара болып түзетілуі баспа істеріне де, үйрету жағына да қолайлы, өзге əліппені алудан оңай деп ыспаттады. «Жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек» деді. «Латын əліппесін жалғыз-ақ даралық жағынан жеңілдігі бар» деп, «басқа жағынан кемшіліктері көп болып тұрғанда жəне латын əліппесін жүргізу жұмысы өте көп іс, көп күш керек қылатын болғанда оны алудан пайда жоқ» деді. Ахметті жақтап талай шешендер түрлі дəлелдер келтіріп, мысалға: қаріп белгілерін, сан белгілерін, қаріп ұяларын, қаріпті жию, теру жеңілдігін алып, «латын əрпін қолдануға қазір ерте, орыс халқы алмағанда біз неге аламыз, қаріпке қызығып, мəдениетімізден айырылмаймыз» деген түрде қарсылық білдірді. Нəзір: «Біз латын қарпін қазаққа күшпен алдырғалы отырғанымыз жоқ. Əріптің сыртқы пішініне, ажарына қызығып, сəн үшін алғалы отырғанымыз да жоқ. Латын əрпі үйрену, жазуға тым пайдалы, жеңіл. Мысалы, бір газетке түрік əрпімен жазып шығаруға 15 пұт əріп, латын əрпімен 2 ½ пұт керек. Түрік əрпі үшін 174 ұя керек, латын əрпіне 44 қана ұя керек.
Жазу жеңілдігін алғанда да осылай қолайлы. Түрік əріптерінің біреуі 4 түрлі, латындыкі бір ғана түрлі. Мəдениеттің жаңалығы халықтың пікіріне қарап, ілгері кетпей тұра алмайды. Латын əрпін қазір алам, үйренем деушілерге бөгет болмасқа тиіс. Қашан латын əрпін қолданғанша 10 жыл, 50 жыл, 100 жыл болар, онан да арман кетер. Бірақ мектептегі оқушыларға таныстыру үшін осы бастан қазақ əліппесінің соңынан тіркеп, бірекі əңгімелерін латын əрпімен жазып (немістерше), балалардың көздерін үйрете беру керек. Қазақ əдебеиетіне де, мəдениетіне де, əрпіне де бұдан келетін түк зиян жоқ. Кемшіліктер де жоқ». Əліпбиге қатысты дау 1929 жылы латын қарпіне, 1939 жылы кириллицаға көшумен аяқталғаны бəрімізге белгілі. Осылайша, айналдырған 20-30 жылдың ішінде 3 түрлі əліпби ауыстыруға мəжбүр болдық. Нəтижесінде, бірінің жазғанын бірі оқып, түсіне алмайтын үш ұрпақ дүниеге келді. Алаш ардақтыларының құнды көсемсөз мұралары 70 жыл бойы «жабық тақырып» болудың үстіне, арнайы сауаты бар адам болмаса, оқи алмас та еді. Бүгінгі күні жарық көріп жатқан көптомдықтардың басты мақсаты – араб қарпінде жарық көрген еңбектерді кириллицаға аудару. Осы əліпби мəселесі бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Латын қарпіне қатысты мемлекеттік деңгейде шешім қабылданып та қойды. Ғасыр басындағыдай, осы кезде де негізгі уəж – латын қарпінің өндіріске, жаңа технологияларға қолайлығы. Бірақ, кеңес дəуірінде жарық көрген қаншама ғылыми, əдеби, мəдени мұраларымыздың болашақ ұрпақ үшін түсініксіз болып қалатыны қынжылтпай қоймайды. Қорыта келгенде, 1923-1924 жылдар елеулі, шешуші оқиғаларға толы болды. Сол кездегі қазақтың мұңы да, сыры да, қайғысы мен қуанышы, көңіл-күйі, ел ардақтылары мен зиялыларының өлшеусіз еңбектері «Еңбекшіл қазақтың» сарғайған беттерінде сайрап жатыр. Шындап келгенде, біз қозғаған қадау-қадау мəселелердің əрқайсысы жеке-жеке ғылыми тақырып болуға əбден лайық. Бұл мəселелер кеңес тарихынан белгілі болғанымен жаңа, тəуелсіздік көзқарасы тұрғысынан қайта зерттеп, зерделеуді қажет етеді.
Сілтемелер тізімі: 1. Қазақстан орталық атқару комитетінің ІІ сессиясы // Еңбекшіл қазақ. – 1925. – № 221. 2. Тоқылдақ. Қазақ тілін жүргізуде елден келген мағлұмат // Еңбекшіл қазақ. – 1924. – № 172. 3. Кенесарыұлы Мəжит. Бөкейлікте қазақ тілін жүргізу жайында // Еңбекшіл қазақ. – 1924. – № 176. 4. Сəкен. Ашық хат (қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы) // Еңбекшіл қазақ. – 1924. – № 180. 5. Баймұраттың ұлы. Шалқар үйезінде оқу жайы // Еңбекшіл қазақ. –1923. – № 149. 6. Ақмола оқытушыларының бірі. Ақмола үйезінде оқу жұмысы // Еңбекшіл қазақ. – 1924. – № 221. 7. Ел баласы. Апатқа ұшыраған ел // Еңбекшіл қазақ. – 1923. – № 149. 8. Əмірбек Теңізбаев. Жұмысшылар тұрмысынан // Еңбекшіл қазақ. –1924. – № 156. 9. Сəдуақасұлы Смағұл. Орта Азияның өміріндегі жаңа дəуір // Еңбекшіл қазақ. – 1924. – № 252-255. Намазалы ОМАШҰЛЫ, Журналистика мəселелерін зерттеу Институтының директоры, профессор
ШАЛҚАР ҮЙЕЗІНДЕ ОҚУ ЖАЙЫ (Қазақстан аймақтық партия РКП комитетінің үгіт-насихат бөліміне келген баяндама хаттан) Үгіт-насихат бөлімінің жіберуі бойынша Шалқар үйезінің оқу бөліміне бардым. Қолыма оқу жұмысын басқадан бұрын алып тексеріп қарасам, оқу өте нашар деуге болады екен. Оқу мектептерінің оқытушылары һəм бастықтары орыс екен. Қырдан келген кедейдің жас балалары орыстың тіліне түсінбей, əуреленіп жүрген көрінеді. Қазақша оқу атымен жоқ. Қаладағы оқудың түрін көріп, елдің мектебін аралауға шықтым. Елдің мұғалімдері ноғай екен. Қазақтың балаларына ноғайдың орыстан артықшылығы көрінбейді. Балалар ноғайға да түсінбейді екен. Бірлі-жарымды қазақ мұғалімдері бар. Мектептерге барып едім, оқытушылар баланы үйретпек түгіл, өздері түк білмейтін тəжірибесіздер. Өзі нашар мұғалімге оқу құралдары жоқ көрінеді. Балалар да жалаңаш. Оқу жұмысының елде һəм қалада нашарлығын көрсетіп, үйездік атқару комитетінің һəм үйездік оқу бөлімінің бастығына баяндама бердім. Одан не шығып, не қойғанын білмеймін. Сол жүрістен Орынбор қайтып, Тоқтабайдың Кəріміне жаңа мағлұмат бердім. Ендігі айтатыным: Шалқардың жеті болыс қазақ еліне не қылған күнде оқу керек. Басқа үйездермен салыстырғанда, Шалқар үйезі анағұрлым алыста, кейін жатыр. Бүйтіп жүріп оңатын түрі жоқ. Сондықтан мұндай оқуы нашар елге оқу ордалары көз қырын салулары керек. АПАТҚА ҰШЫРАҒАН ЕЛ Орал гүбірнесі Жымпиты үйезі Ащысай болысының 1-7-ші ауылдарынан шыққан 50 шамалы үй Есенаңқа деген жерді қоныс етуші еді. Бұл үйлер бұрынғы замандағы қара сирақ кедейлер. Сол жерден егін егіп, пішен шауып, күн көріп отырған. Соңғы 17-ші жылдан бергі болған үлкен ауырмалықтан құр қалмай, өздеріне тиежақ үлестерін алған еді. Оралдан қашқан казак-орыс, оны қуған қызыл əскер осы ауылдардың үстінен жүріп, көп залал тигізген еді. Оның соңында 21-ші жылғы аштық тағы орнап, көп үйлерді
орнымен жоқ етіп, қалғанын əлсіретіп кеткен. Жұттан тірі қалған үйлер 22-ші жылы қазынаның берген азын-аулақ тұқымын шашып, егін егіп, көздерін ашқан. Көздерін ашып, жұттан құтылдық деп демалып отырғанда, «жарлының аузы аққа тисе, мұрны қанайды» деген, бір күні қазынаның салық жинаушылары келіп, манағы азынаулақ алған астығынан алып кеткен. Бір емес, екі емес ала қыстай алумен болған. Аз нəрсе көп алуға шыдамай, бір күні қаптың түбі көрініп қалған. Алушы неше бетсіз болса да көзі көрген соң екінші қайтып келмеген. Қыс өтіп, жаз жетіп, кəсіп етер уақыт болған. Жұмыс қылатын көлік жоқ. Барлары сауатын сиырын салып, жоғы шоттап болса да егін салған. «Ер бір сүрінсе, қырық сүрінеді» деген мақал, жерде жауын болмай, салатын егіндері кеміс болып тұрғанда далалықтан жалпақ өрт шығып, шапқан пішен, азынаулақ шыққан егін, баршасы өртке кеткен. Ажалы соған байлаулы болған кедей одан айырылған соң, құлағына су кеткен малша төмен бұғып отырған жайы бар. Қазақстанның жоғары мекемелерінен өтініш: осындай апатқа ұшырап, сорлы болып отырған елге көз қырын салып, жəрдемін тигізіп, жүрушілерге айрықша тапсырса екен. Басқарма: Оралдың гүбірнелік кеңес комитетінің һəм жер бөлімінің өте ескеретін ісі екен. ЖҰМЫСШЫЛАР ТҰРМЫСЫНАН Затондағы қазақ жұмыскерінің жайынан Семей қаласының қасында 6 шақырым жерде Затон деген зауыт бар. Бұнда былғары тон, сабын, тақтай, шойын құятын, ұн тартатын диірмен, мал соятын, ет тұздайтын, жүкші, пароход, шойын жол – міне осындай он шақты жұмыс істейтін зауыт бар. Алды жүз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мыңнан артық қазақтан да жұмыскер бар. Осы мыңнан артық жұмыскерден анық жүз кісі ұлан жазға жоғарыдағы зауыттарға кіріп, жұмыс істей алған жоқ. Кіріп жұмыс істей алмайтын себебі мынау: мəселен, пароходқа от жағып, жүк салуға, мал сойып, ет тұздауға жүз кісі керек болса, жүз орыс, жүз қазақ барса, 50 орыс, 50 қазақ қылып араластырып алмайды. Жүзін де орыстан алады. Бағзы қайсы уақытта кейбір зауытқа 50 кісі керек болып, 50 орыс таба алмай, əлдеқалай он-он бес қазақ кіріп кетсе, 2-3 күннен соң жұмыс
іздеп, бір орыстың баласы келсе, қазақты айдап шығып, орысты алады. Жəне бір зауытта 100 кісі жұмыс істеп жатса, 75 орыс, 25 қазақ болса қызметкер санын азайтып, 20 кісі шығарса, 10 қазақ, 10 орыс шығады. Кісінің санына қарамайды. Басындағы местком, завком бірдеңе комның бəрі орыс, сонан соң қазақтың қақтығып, жұмыссыз қалатыны осы. Біразырағы зауытқа кіріп жұмыс істей алмаған соң, тамақ асырау үшін үшеу-төртеуі бірігіп, өз беттерімен қыл-қыбыр, жүн-жұрқа сатып, бір шолағы бары отын тасып, басында баспанасы бар қайсыбіреулері үйінің бір жағына 6-7-ден тері илеп, күнін көреді. Қалған айла-шарғыға шамасы келмей, қысжазы дамыл-тыныштық көрмей, табылса жұмыс істеп, табылмаса зауыт-зауыттың арасында жұмыс іздеп, таңның атысы, күннің батысы 8-9-дан топтанып, сандалып жүрген қазақтар. Бірақ ашжалаңашына қарамай, 23-ші жылдың басында Абдолла Асылбеков жолдас барып қайтқаннан кейін, партияға түсіп, арамыздан ячейка ашып, қыс-жазы тоқтамай, ертеңді-кеш оқу оқып, газетжурналдармен танысып, шамамыздың келгенінше спектакль қойып, кружок ашуға бет алып, РКП мен РКСМ екеуінде екі ұя, кітапхана, бір мектеп, күндіз балалар, кешке үлкендер оқитын осы сияқтымыз бар. Мұнымыздың да айтарға аты, он екіде бір нұсқа жоқ. Мектепте керосин, қарындаш, қағаз сияқты, кітапханада үстел-орындық сияқты журнал-газет уағымен келмейді. Сонда да жүріп жатырмыз. Кеңес үкіметін езілген таптың, жетім-жесір, зарыққан-тарыққан сорлылардың жол көрсететін көсемі, бастап жүрген басшысы ғой, бүгін болмаса көз жасымызды ертең көрер деп, мақсұтымыз – қайтсек надандықты жойып, езілген еңбекшіл елге ерінбей жүріп, қызмет қылып, өзіміз сияқты нашар таппен қол ұстасып, бастап жүрген адал ниетті ақжүрек азаматымыздың соңынан еру. Осы талап-ниетіміз, алып-ұшып тұрған көңілімізге – бəріне бөгет болатын жалғыз – тұрмыс. Тұрмыс нашар, тəн арық. Кем болып, қаракөңіл реніш тартқан тəнді жанның билеп əкете алмайтыны, ойлаған ойға жетпей, ілгері басқан аяқ кейін кететіні анық. Дүниеге жаралған мақлұқ жануар, адам болсын – бəрінің таласып-тартысып соғыс қылуы, біреуді біреу алдап-арбауы, жүгірген аң, ұшқан құс, оқу, оқу-өнер үйрену, отқа, су суыққа түсіп, мал табу – бəрінің керегі бір ғана тұрмыс. Егер нендей нəрсенің гүлденіп жасауына тұрмыс түзелмей, ешбір нəрсе шықпайтын болса, сол жақсы тұрмыс біздің Затондағы қазақ жұмыскерінде жоқ.
АЙТЫС – ПАРТИЯНЫҢ КҮШЕЙГЕНДІГІН КӨРСЕТЕДІ Ақырғы мезгілде баспасөз майданында, партия жиылыстарында партия мүшелерінің жалпақ айтысы болып өтті. Газет оқушылар бұ айтысқа түрлі мағына береді. Біреулер: «Партия өзгермек, жаңа жолға түспек», – деп жориды. Біреулер: «Сүттей ұйып отырған партияны құйын соқты, арасы іріді, партия азды, партия өлімсіреді, партия өлмек...», – деп жориды. Бұ жорушылардың ішінде дос та бар, дұшпан да бар. Достар күйінеді, дұшпандар сүйінеді. Кеңес үкіметінің, жалшылар табының, ортақшылдар партиясының дұшпандары – «ақталған азбандар» байлар табы, капиталшылар, олардың жалдаулы ғалымдары, артығы жоқ, кемі жоқ – аш қасқыр. «Қошқардікі үзіліп түседі» деп дəметкен. Қанша салбырап қасқырдың көзін алдағанменен жаратылысына қарсы қошқардікі үзіліп түспек емес. Қанша ортақшылдық, адамгершілік дұшпандары «ақталған азбандар» байлар табы дəметкенмен, тарихтың табиғи өсімі тоқтап, ұйымдастырып тағдырын қолына алған жалшы-бейнетқорлар табы өлмек емес. Шырағы сөніп, келмеске кеткен, ертегі болып қалған капитал дəуірі қайта тумақ емес. 3-ші ортақшылдық интернационал туын көтерген ауыр қол Ресей ортақшылдар партиясы азып-тозбақ емес. Олай болса қуанушы дұшпандардың еңбегі – еш, тұзы – сор. Күйінуші достардікі немене? Бұлардікі – саяси соқырлық, түсінбегендік, саяси білімсіздік, партияны, оның құрылысын, тарихты, оның өсім заңын білмегендік. Мұндай жұмсақ жүрек, жылауық, жасық достар бізге дос емес, бұлар бізге қатарымызда қора бұзатын қотыр, қортық. Екі жыл бұдан бұрын біздің ортақшылдар партиясының мүшелері 700 мыңнан астам болған. Бұ күнде бұл саннан жүздеген жылауық қортықтарды, жылмаң бұзықтарды партия шиқанның іріңіндей сығып шығарып тастаулы. Партия одан бері шынығып, маңызданып отыр. Соғыстан қол босап, шаруамыз тіріле бастағалы шаруалардың тұрмысы оңдалулы. Мұнымен қатар партияның да жұмысы ілгері басып, маңызы артулы. Бұл дос та, дұшпан да таласа алмайтын айдан да анық ақиқат. Олай болса өскен, қатайған, маңыздалған партия маңызды мəселелерді шешуге ұмтылады, маңызды билік алуға ұмтылады. Адамның өскен сайын, байыған сайын керегі көбейе бергені
сияқты партияның өскен сайын шешетін мəселелері көбейе бермек. Партияның мүшелері пікірге таласса, оны жиылыстарда, газет-журналдарда, жалпы елдің алдына тартып, талқыға салса, бұл бұрынғы қазақтың ру-ру болып, барымталасқаны емес; патша заманындағы билікке таласқаны емес; біріне-бірі шайтан тұзақ құрып, капиталшылардың базарға таласқаны емес; бұл – азат, терезесі тең, көргенді бейнетқор көсемдерінің сөз бостандығына, ой бостандығына (бұл бостандықтар ортақшылдықтың бірінші негіздері) сөйленіп, ірі мəселелерді шешкені, бұл – ғылымның жолы; бұл – дұрыстықтың жолы; бұл – октябрь төңкерісінің татымды жемісі. Мұндай ірі жұмысты тек кеңесті елдің қолы көтере алады. Бұдан ел бұзылып, Ертіс жарылмайды. Бұл біздің ортақшылдар партиясының шыққаны, күшейгені, октябрь төңкерісінің берген жемістерінің тереңге тамырын тартып, дауылдан да, жауыннан да азбайтын болғандығы. Біздер, большевикпіз, біздер қолымызды Маркстың жолына артқан ортақшылдармыз. Бізге бір кісі, жүз кісі қожа бола алмайды. Біз көпке құлмыз, талай қиын мəселелерді шешкен уақытта біз айтысамыз, тартысамыз, түбінде келіп көпшілікке жүгінеміз. Көпшілік билік айтса, оған құлмыз. Болып өткен тартыс, айтыс осындай ірі мəселелердің шешуі. Ортақшылдар партиясы сайлауда жеңіліп қалса, көрші ауылға көшіп кететін надан емес. Көпшілік мынауың теріс десе, қай ортақшыл болса да бас иеді. Өзінің пікірінен безіп, тұра сала жұмысқа кіріседі. Мінеки, партия мүшелерінің арасында болған айтыстың шын мағынасы осылай. Бұдан кейін қандай мəселелерді шешпек болғандарын, кімнің қалай қарағанын, көпшіліктің қандай билік айтқанын оқушы азаматқа біз газет бетінде таратпақпыз. ҚАЗАҚША ЖАЗУ ЖАЙЫ Төңкерістен бұрын қазақ тілінде оқу болған жоқ. Біздің оқыған азаматтарымыз əуелден бастап оқығанда я орысша оқыған да, я арабша оқыған. Олар араб, орыс тілдерінің заңдарын да, жазуын да жақсы біледі. Жазғанда көбіне сол тілдермен жазады. Арабша, орысша жазылған кітаптарды оқиды. Оқығандарымыздың қазақ тілін, қазақша жазуды керек қылатындары санаулы. Бұлардың да көбі қазақ тілін шұғылданып, тексерген емес. Тек анда-санда,
басқа жұмыстардан қолы босаған кездерде ғана ермек қылады. Бұлардың қазақ тілін керек қылуы бекзада байлардың бұқараға жаны ашығаны сықылды. Ллойд Джордждың бұқарашылдығы сықылды. Бұл сын, əсіресе, орысша оқығандарға дəл келеді. Орысша оқығандардың көбі орыс тілін жақсы біледі, орысша жақсы сөйлей білуді артықшылық деп түсінеді, қазақ тілін менсінбейді. Қазақша жазу ережелері төңкерістен бұрын «Оқу құралы», «Тіл құралы» болып реттеліп шығып еді. Ол ережелерді мінсіз деуге болмайды. Сөйтсе де жоқтан артық, үйренуге жеңіл еді. Жеңілдік жағынан басқа елдердің жазу ережелерінің қайсысымен де таласуға жарайтын еді. Орысша жазу ережелерінен анағұрлым жеңіл еді. Біздің оқығандарымыз осы күнге шейін сол жеңіл ережелерді алған жоқ. Жалпы оқығандарымыз қазақ тілін керек қылмайтындар түгіл (оларға не қылса да рауа ғой), қазақша бала оқытатын мұғалімдеріміз, қазақша кітап жазатын жазушыларымыздың да көбі сол ережелерді жете білмей, қазақша жазуды қатесіз жаза алмайтын еді. Мұны ереженің жеңіл болмағанынан көріп, қазақша білім кеңесі сол ережелерді тағы да жеңілдетіп шығарды. Бірақ оқығандар оны да үйрене алатын емес. Оны да бір түрлі қиын көреді. Жазуды тағы да жеңілдету керек деп əркім əртүрлі жобалар ұсынады. Дұрысы: ереже жеңіл, орысша жазу ережелерінен қазақша жазу ережелері бес есе жеңіл. Оны ешкімнің үйрене алмай отырғаны – ешкімнің оны үйренгісі келмейді, ешкім қазақ тілін менсінбейді. Орысша жазу ережелерін жақсы біліп, орысша жазуды қатесіз жазатын болу үшін бірнеше жыл оқу керек. Қазақша жазу ережелерін бастауыш мектебінде бірнеше ай оқыған жеті-сегіз жасар балалар да жақсы біледі, қазақша жазуды қатесіз жазады. Сөйтсе де, біздің жазу ережелеріміз мінсіз деуге болмайды. Жазу ережелерінің жеңілдік жағынан да, мағына (қазақ тілінің негізгі қасиеттеріне келу-келмеу) жағынан да кемшіліктері жоқ емес. Ол кемшіліктердің біреуі Жүсіпбек айтқан сүйеу таяқ. Сүйеу таяқтың бес тиынға да керегі жоқ. Сүйеу таяқ жоғалса жазу жеңілденеді. Бұған ешкім таласпас деп мұны Жүсіпбек те көп сөз қылмаған екен. Біз де осы күйінде қысқартайық. Жазу ережелерінің тағы бір кемшілігі – «Ы» туралы ереже. «Ы»-ның ашық буында ғана жазылып, бітеу буында жазылмауы.
Бұл үлкен кемшілік. Қазақ тілінде «Ы», «Ұ» деген орыста да, арабта да жоқ, дауысты дыбыстар бар. Бұл дыбыстар орыс тілінде жоқ болған себепті орысша оқыған азаматтарымызға біртүрлі ерсі көрінеді. Орысша «Благотво» деген сөздердің «Б», «Т» дыбыстарының артында да сондай «Ы» дыбысы сықылды дыбысы бар. Бірақ орыстар оны жазбайды, ол дыбыс үшін арналған əрібі жоқ. Сондықтан олай көмескі естілетін дыбыстарды біздің де жазбауымыз керек екен. Орыс тілін жақсы білетін орысша оқыған азаматтар осылай дейді. Жүсіпбек те дəл осылай демегенмен, осыған жақындатқан: «Ы» бұрынғысынша ашық буындарда да ғана жазылып, бітеу буындарда жазылмайтын болсын. Бірақ ол туралы өз алдына ереже болмасын», – дейді. «Ы»-ның тұрлаусыз, көмескі дыбыс екенін ыспаттау үшін «Қасық» деген сөз бен «Мұрт» деген сөзді салыстырып: «Қасықта» «Ы» бар екені анық естіледі де, «Мұрт» деген сөзде («Р» мен «Т»-ның арасында) «Ы» анық естілмейді», – дейді. Жүсіпбектің мұнысы орысша оқығандығына барып, қазақ тіліндегі «Ы» дыбысын орыстың «Благо» деген сөзінде «Б»- дан соң естілетін дыбыс сықылды деп жоруынан жəне жалпы оқығандардың салтына түсіп, қазақ тілін жете тексеруге менсінбей, тек ермек қылып, кезі келгенде ғана соғып өтетін болғандығынан. Қазақ тілі ермек емес. Ғылым жөнімен тексеруге жарайтын тіл. Қазақ тілінің өзіне ғана меншікті қасиеттері бар, заңдары бар, өзгеше дыбыстары бар. «Ы» деген дыбыс қазақ тілінің негізгі дыбыстарының бірі. Қазақ тілінде сол «Ы»-дан көп айтылатын дыбыс жоқ. «Жылқы», «Түлкі», «Тары», «Сары» деген сөздерде келетін «Ы» орыстың «Девочка», «Корова», «Окно» сықылды сөздерінде естілетін «О» дыбысынан анағұрлым анық естіледі. «Қасық» деген сөздегі «Ы»-да анық. «Мұрт» деген сөзде «Ы» дыбысы естілмейді емес, мүлде жоқ. «Мұрт»-тағы «Ы» анық естілмейді деп, «Ы»-ға өкпелеу «Ы» дыбысын менсінбей, дұрыс тексермегеннен болған орынсыз өкпе. Бітеу буында «Ы» дыбысы бар екенін сезу үшін құлақтың артықша сезгіш болуы керек емес, қазақ құлағы болуы керек. «Жарқ етті», «Ай жарық» деген қазақша сөздерде келетін алғашқы «Жарық»- та («Жарқ етті») «Ы» дыбысы жоқ, соңғы «Жарық»-та ап-анық естілетін «Ы» дыбысы бар екенін қазақ құлағының қандайы болса да сезбей қалмайды. ««Ы» бітеу буында жазылмасын» деген ереже болған соң, ап-анық естілетін «Ы» дыбысы «Р» мен «Қ»-ның
ортасында тұрғандықтан жазылмайды да, «Жарық» деген сөз онан басқаша айтылып, басқаша естілетін «Жарқ» деген сөзге ұқсап жазылады. «Жорыт» («түсті жорыту») деген сөз де солай. Өзінен басқаша естілетін «жорт» («аттың жортуы») деген сөзге ұқсап жазылады. «Ы» бітеу буында жазылмасын» деген ереже, əуелде, орысша оқығандардың көңілін аулау үшін шығарылған ереже болуы керек. Бірақ онымен орысша оқығандардың көңілі тынған жоқ. Орыс тілінде жоқ дыбысты орысша оқығандар, бəрібір, жатырқамай қоймайды. «Ы» дыбысының сонан басқа түк жазығы жоқ. Сондықтан оны бітеу буында жазбай тастап кету – үлкен кемшілік. «Қант», «Кент», «Кілт», «Құрт», «Сарқ-сұрқ», «Жалп-жұлп», «Құнт», «Бұлт», «Қарт», «Қарқ», «Тарс-тұрс» сықылды толып жатқан сөздер бар. Бұларда екі дауыссыз дыбыс «Ы»-сыз жалғанған. «Ы» бітеу буында жазылмайды» деген ереже болғандықтан бұл сөздерді «Қаныт», «Кеніт», «Бұлыт» деп бұзып оқуға болады. Бітеу буын ережесінше дəл «Ы»-сыз сөздерге ұқсап жазылатын «Желк» («Желігудің» түбірі), «Бүлк» («Бүлігі» делініп өзгертілетін «Бүлк», «Арс» («Арбаның арысы»), «Қарқ» («Қарығудың» түбірі), «Тұрс» («Отырыс-тұрыс»), «Қарт» («Қартудың» түбірі) сықылды сөздер де толып жатыр. Бұл сөздерден басқаша айтылып, басқаша естілетін: «Желк» («Желк-желк етіп желкілдеу»), «Бүлк» (бүлкілдегенде болатын «бүлк»), «Арс (иттің арсылы), «Қарқ» («Қарқ етті»), «Тұрс» («Тарс-тұрс»), «Қарт» («Қарт кісі») сықылды ішіндегі «Ы» дыбысы жоқ сөздерді бітеу буын ережесінше, ішінде «Ы» бар деп бұзып оқуға болады. Бұл – үлкен кемшілік. Бітеу буын ережесін жоғалту керек. «Ы»-ны бітеу буында да қалдырмай жазып отыру керек. Сонда Жүсіпбек айтқан: «Нта», «Сқын», «Қтын», «Рғыз»-дарды сүйеу таяқсыз «Ынта», «Ысқын», «Ықтын», «Ырғыз» деп жазуға болады. «Тарығу»-дың түбірі «Тарқ»-ты, «Тарқ-тұрқ»-қа ұқсатпай, «Тарық» деп; «Сарқ»-ты «Сарқу»-дың түбірі «Сарқ»-қа ұқсатпай, «Сарық» деп жазуға болады. Бұл жазу ережелерін керек қылмайтын оқығандарға жазуды жеңілдеткенмен, бастауыш мектептерде оқитын балаларды түсініксіз, қиын ережеден құтқарып, хат тану, жазуға үйрету жұмысын көп жеңілдетеді. Қазақ тілінде «А», «О», «Е», «Ұ», «Ы» деген дауысты дыбыстар бар. «Б», «Т», «П», «Р» сықылды дауыссыз дыбыстар бар. Жəне
жарты дауысты аталған «Сау», «Егеу», «Қой», «Үй» деген сөздердің аяғында естілетін «У» мен «И» бар. Дауысты дыбыстарды жеке күйінде айтуға болады. Дауыссыз дыбыстарды дауысты дыбыспен қосып қана айтуға болады. Онсыз жеке күйінде айтылмайды. «У» мен «И» да солай тек дауысты дыбыстармен қосылып айтылады да, жеке күйінде айтылмайды. Сондықтан бұларды да дауыссыз дыбыс деуге болады. Қазақ тілінің кейбір дауысты дыбыстары түрлі себептермен өзгеріп, екінші түрлі дауысты дыбыс болып айтылады. Мəселен, «Сауда» деген сөздің аяғындағы «А» жұмсақ айтылатын «гер» деген жұрнақпен жалғанып, «Е» болып өзгереді «Сауда»+ «Гер»= «Саудегер» болады. «Бел» деген сөзбен «Бау» деген сөз қосылып, «Белбеу» болған. «Бау»-дың «А»-сы өзгеріп, «Е» болған. Дауысты дыбыс өзгеріп, екінші түрлі дауысты дыбыс бола алады. Бірақ дауыссыз дыбыс болып өзгере аламайды. Қазақ тілінің кейбір дауыссыз дыбыстары да солай өзгеріп, басқа бір дауыссыз дыбыс болып шығады. «Қ» өзгеріп, «Ғ» болады; «К» өзгеріп, «Г» болады; «Тарақ» – «Тарағы» болады; «Керек» – «Керегі» болады. Солай кейде «Қ» өзгеріп «К» болады; «П» – «Б» болып өзгереді. Бірақ дауыссыз дыбыс өзгеріп, дауысты дыбыс бола алмайды. Қазақ тілінде «Қап», «Теп», «Кеп», «Тап», «Жап» сықылды түбір сөздер бар. Бұларды өзгертіп, «Қабады», «Тебеді», «Кебеді», «Табады», «Жабады» деуге болады. Бұл сөздерді көсемше қылып өзгертсек: «Қауп», «Теуп», «Кеуп», «Тауп», «Жауп» болады. Дауыссыз «Б» дауыссыз «У» болып өзгереді. Басқа түрік тілдерінде «Ғ» болып айтылатын дауыссыз дыбыс қазақ тілінде «У», «И» болып өзгерген: «Тағ» өзгеріп «Тау» болған, «Бығдай» өзгеріп, «Бидай» болған; «Бұғаздау» «бауыздау» болған. «И» мен «У»-ды қай жағынан тексерсек те дауысты дыбыс деуге болмайды. Екеуі де «Б», «Ғ», «Р» дыбыстары сықылды дауыссыз дыбыс болып шығады. «А» – дауысты дыбыс, «Б» – дауыссыз дыбыс. «А»+ «Б»= «Аб» болады; «Б»+ «А»= «Ба» болады. «И» мен «У»-ды да солай дауысты дыбыстармен ғана қосып айтуға болады. «А»+ «У»= «Ау»; «У»+ «А»= «Уа»;
«Е»+ «И»= «Ей»; «И»+ «Е»= «Ие»; «У»+ «Ы»= «Уы»; «И»+ «Ы»= «Иы». «И», «У» дауысты дыбыстармен осылай жалғана алатынына (екеуінің де дауыссыз екеніне) ешкім таласпас. Сөйтсе де бұл екі дыбыстың «Ы» мен «Ұ»- ға жалғана алатынына Жүсіпбек сенбейтін сықылды. «Е»+ «У» = «Еу» болатын сықылды «Ұ»+ «У»= «Ұу» болады; «Ы»+ «И»= «Ый» болады; «Ы»+ «У»= «Ыу» болады; «Ұу» мен «Ыу» орыстың «У»-ы сықылды, «И» орысша «И» сықылды болып айтылады. Орыстың «У» мен «И» – дауысты дыбыс. Жəне əрқайсысы өз алдына бір дыбыс. Сондықтан Жүсіпбек біздің «Ұ» мен «У»- дың, «Ы» мен «У»-дың қосылғанынан шығатын екі дыбысты буындарды да бір дыбыс деп, оған өз алдына бір белгі керек дейді. Дауыссыз «У» сүкінді «О» əрпімен белгіленсін де («Ұу» мен «Ыу» буындары орыстың «У» сықылды дауысты дыбысы делініп, «У» əрпімен белгіленсін дейді. Дауыссыз «И»-ды олай тексеруге Жүсіпбектің қолы тимеген. Құдай аман болса (жəне қазақ тілін сол жөнмен ермек қылудан Жүсіпбектің өзі де қашпайтын болса) Жүсіпбек: «Ай», «Ой» сықылды буындарда айтылатын дауыссыз «И» өз алдына «И» я «Ы» болып белгіленсін де, «Ый» деген екі дыбысты буын «И» əрпімен белгіленсін», – деп тағы бір жоба ұсынады-ау деймін. Бұл екі жобаның негізі бір. Мұның екеуі де жат тілдің заңына, жат дыбыстарға əуес. Жат дыбыстарды бұлжытпай айта алатын, ондай дыбыстары жоқ тілді ерсі көретін, жат тілде оқып тəрбиеленген қазақ азаматтарының санасына үйлесе кететін жоба. Сондықтан бұл екі жобаны бірінен бірін айырмай, екеуін қатар тексеру керек. Жүсіпбек «Сұу» деген сөздің аяғындағы «Ұ» мен «У»- ды орыстың «У» сықылды бір дыбыс деп, оны «У» əрпімен белгілемекші; «Оқу» деген сөздің аяғындағы «Ы» мен «У»-ды да бір дыбыс деп, оны да «У» əрпімен белгілемекші; «Сұу»-ды «Су» деп жазып, «Сұуы» деген сөзді «Суы» деп, «Жазыуы» деген сөзді «Жазуы» деп жазбақшы. Жүсіпбектің айтып үлгере алмаған жобасынша: «Сыйы» деген сөз «Сиы» болып, «Мыйы» деген
сөз «Миы» болып жазылуға керек. Бұл «Суы», «Жазуы», «Сиы», «Миы» деген сөздерді Жүсіпбек «Су-ы», «Жа-зу-ы», «Си-ы», «Миы» деп буындайды. Мұның аты буынсыз жерге пышақ салған. Олай болғанда «Жазуы» деген сөзді «Жаз-у-ы» деп буындауға да болса керек. Бірақ қазақ баласы қазақ сөзін олай буындай алмайды. Буындаудың да жолы бар. Сөздің қатар екі буынының бұрын айтылатынын алғашқы буын деп, артынан айтылатынын жалғас буын десек: алғашқы буын бітеу, я тұйық болғанда (соңғы дыбысы дауыссыз болғанда) оған жалғас буын дауысты дыбыспен бастала алмайды. «Жас» деген бітеу буынға дауысты дыбыспен басталатын «Ар»-ды қоссақ, «Жасар» болады. «Жасарды» «Жасар» деп буындауға болмайды, «Жа-сар» деп қана буындауға болады. «Ас»-қа «А»-ны қоссақ, «Аса» болады; «Аса»-ны «Аса» деп буындауға болмайды, «А-са» деп қана буындауға болады. «Сау» + «ық» = «Сауық» (бітеу буындағы «Ы» əдейі жазылған). «Сауық»-ты «Сау-ық» деп буындауға болмайды. «Са-уық» деп қана буындауға болады. «Сұуық» «Сұу-ық» болып буындалмайды, «Сұ-уық» болып қана буындалады. ЛЕНИН ҺƏМ ҰЛТ МƏСЕЛЕСІ Тұрмысты өзгертіп, өмірді көркейткен адам баласының əлі күнге дейін жеңе алмай келе жатқан бір нəрсесі бар. Ол – өлім. Өлімнің тілі жоқ. Өлімде ойлау жоқ. Тілсіз, меңіреу рақымсыз өлім. Тумақ болса, өлмек те бар. Өлімнен ешкім құтылмайды. Бірақ кейбір өлімдер басқаша болады. Россия үкіметінің бастығы Ленин январьдың жиырма бірі күні кешкі сағат 7-де дүниеден қайтты. Ленин енді жоқ. Бұл сөз құлаққа бір түрлі ыңғайсыз естіледі. Күні кеше Россияның төңкерісін басқарған, күні кеше бүкіл жер жүзінің тұрмысын дірілдеткен, кеше ғана мыңдаған топта сөз сөйлеген, миллиондаған жұртты аузына қаратқан Ленин бүгін бұл дүниеде жоқ. Жер жүзінде адам аз ба? Адам болған соң, өлмей тұра ала ма? Өлімнен кім құтылады? Бірақ Ленин көп адамның бірі емес еді. Ленин жүз жыл емес, мың жылдарда бір-ақ туатын адамдардан еді. 20 ғасырға дейін
талай данышпан, білімпаздар өтті. Тарих талайды біледі. Бірақ Лениндейді тарих əлі аз көрді. Ленин өлді, бірақ Лениннің аты тарихта жоғалмайды. Біздің қазақ секілді ұсақ жұртқа Лениннің аты əсіресе қадырлы. Лениннің ұлт мəселесі туралы айтқан сөздері, көрсеткен жобалары көпке дейін совет үкіметінің негізі болып қалуы шексіз. Сондықтан Лениннің ұлт мəселесіне қалай қарағандығы, оның бұл мəселе туралы не дегендігі бізге өте қымбат, өте керек. 1914 жылы Швейцария патшалығында қуғында жүргенде жазған бір мақаласында Ленин былай дейді: «Біздің Россияны бұрын көп адамдар «халықтардың түрмесі» дейді екен. Айтты-айтпады, Россия бұрын «халықтардың түрмесі» болды. Россия өзіндегі істеген қысымшылдығымен тұрмай, басқа жұрттардың бостаншылдық жолында жасаған қозғалыстарын аяғымен таптап, жаншыды. Персия, Қытай, Польша, Венгрия – осының бəрінде болған көтерілістерді өз заманында Россияның солдаттары басты. Сөйткен Россияда біз ұлт мəселесін ескермейміз дегеніміз – ұят болар еді». Сол мақаласының бір жерінде Ленин Маркстың мынандай бір сөзін келтіреді: «Өзі біреуді құлданып отырған халық өмірінде еркін ел бола алмайды» деген. «Сол секілді», – дейді Ленин, – «біз де ұсақ ұлттарды құлдықта ұстап, бостаншылдыққа жете алмаймыз. Россияның бар халқы бостандық алу керек. Бəрі де бірдей өзгерістің жемісіне ортақ болуы керек». Бұл сөздер Лениннің өзгерістен үш жыл бұрын айтқан сөздері еді. 1917 жылы Россияда төңкеріс болды. Ленин іске кірісті. Жаңа үкіметтің басына келді. Бұрынғы ұсақ ұлттар автономия ала бастады. Сол кезде ұсақ ұлттардың автономиясына коммунистердің едəуірі қарсы еді. Осы күнгі белгілі Бухарин һəм басқа коммунистер ұлт мəселесіне тіпті жаман қарап жүрді. Россия коммунистер партиясының 8-ші съезінде бұл мəселе туралы көп əңгімелер болды. Сол съезде Ленин былай деді: «Бұл мəжілісте жолдастардың көбі ұлт мəселесіне қарсы болып отыр. Мысал үшін башқұрларды алайық. Башқұрт халқы неше жылдай орыстардың тегеурінінің астында өлді. Оларға орыс деген
сөз залым, қанішер дегенмен бірдей. Оларға бұл пікір көптен сіңіп қалды. Өйткені көргенінің бəрі зорлық, бəрі зомбылық болды. Сол башқұрттарды қалай айландыру керек? Біздің оларға дұрыс қарайтынымызды қалай дəлелдеу керек? Əрине, іспен, күнделік өмірмен көрсету керек. Сонда ғана олар бізге сенеді, сонда ғана оларды біз түзу жолға сала аламыз. Кейбір коммунист айтады: «Біздің мектеп жалпыға бірдей. Сондықтан ұсақ жұрттың тілінде оқытып не керек? Орыс тілі жетпей ме?», – дейді. Менің ойымша, бұл секілділер коммунист емес, нағыз орыстың жуанкеуде ұлтшылдары. Бұл жаман ауру. Бұл аурудан көбіміз сау емеспіз. Міне, осындаймен күресу керек. Біз – жалпышылмыз. Біз басқа ұлтты еріксіз зорлыққа ұстамаймыз. Біздің негіз – еркіндік, ризалық, бостаншылдық болу керек». Лениннің бұл сөздері көпке дейін өлмейді. Бұл сөздерді мəңгі деуге болады. Жер үстінде ұлттар тұрса, бұл сөз де өмір сүреді. Бұл сөз көпке өнеге, көпке мысал. Əсіресе, коммунист партиясындағы азаматтардың ұмытпайтын сөзі бұл. Айта берсе, Лениннің тəжірибе қылатын сөздері толып жатыр. Осы күні кейбіреулер өз ұлтынан өзі безіп жүр. «Мен қазақ болмасам да, қазақтың ұлтын қуаттаймын», – деп қояды мақтанып, кейбір ақылды жігіттер. Жалпышыл, көпті сүйген, көптің қамын ойлаған адам баласы Лениндей-ақ болар. Осы туралы Ленин не дейді екен? Жоғарыдағы айтылған мақаласында Ленин былай дейді: «Біз орысты, орыс халқын сүйеміз. Сүйген сайын біз орыстың патшасына, төрелеріне қарсымыз. Біз орыс жұртын жақсы көреміз. Жақсы көрген сайын біз олардың еркін, іргелі халық болуын тілейміз. Бұдан елу жыл бұрын орыстың ең халықшыл адамының бірі Чернышевский айтқан екен: «Сорлы ұлт, бейшара халық – шетінен құл болған құл халық!» деп. Біздің ойымызша, бұл сөз – анық сөз, шын елін сүйген, адал жүрек, ақ ниетті адамның сөзі. Орыс халқы қазір – құл. Бірақ бостандық алыс емес. Еркіншіліктің сəулесі туып келеді. Құлдықтан ел құтылады». Бұл сөздерді Ленин бұдан он жыл бұрын жазды. Лениннің айтқаны келді. Орыс жұрты патшаны жоқ қылып, өз билігін өз қолына алды. Орыс еліне теңдікті əперген – Ленин. Лениннің сөзі əлгі айтылған.
Ленин бұл сөздерді аузымен айтса, қолымен істеді. Лениннің жүрегі мен білегі бірге қимылдаушы еді. Анық саяси ер осылай болады. Лениннің ұлт мəселесі туралы айтқан сөздерінің көбі əдейі қазаққа арналған секілді. Міне, мен былай дедім, осыдан неге өнеге алмайсыңдар деген сықылды. «Біз орыс жұртын сүйеміз, сүйген сайын біз орыс елі бостаншылдық алсын дейміз!», – деген Ленин. Осы сөзді қазаққа арнасақ, бізді ешкім кінəлар ме екен? Ленин!... Лениннің өзі солай деген. ҚАЛМАҒАН БІР ҒҰРЫП Бұрынғы біздің жас уақыттарымызда Түркістан Қаратаудан ишан-хазіреттер келеді деп үй тігіп, мал сойып, асқа жиналған кісілердей топтанысып, хазіреттеріне сəлемдесуге қарсы шығысып жатушы еді. Қонағасыларына тай-құлын, əлі жетпегендері тоқтысын сойып, бөлініп, аттандырар уақыттарында ишанхазіреттен бата алып, қол көтертуіне əлі барлар ат, түйе, нашарлар 2 қойының бірін беріп, əке-шешелерінен айырылғандай жыласып қалатын. Қазақ елін аралап, Түркістанға барғандарында ондағы отырықшы қазақ халын білмейтіндер қырда не қызық бар деп сұрағандарында: «Қызықтары мынау: қозысы, қазысы, қызы, қымызы», – деп жауап беретін. Кеңес үкіметі орнағаннан бері олардай бастарында қазандай сəлде, ауыздарында «һулһуалла» деп жүріп, надан халықтың арасында неше түрлі бұзықтық жұмыстарды жүргізетін қулардың келуі тоқталып еді. Биыл 23-ші жылы август, сентябрь айларында жазғы тұрмысы жаңа келіп көрінген қарақұстардай Түркістан Созақтағы ноғай ишан балаларымыз деп бір-екеуі ел аралап қайтты. Ақмола, Қарқаралы үйездерінің халқының бұларға шашылуы мынадай: 1) Елдерінен шыққан бетімен жағалап, Ақтау, Ортау, Сартау, Нілді, Қарағаш болыстарын аралап, Жердібай болысына таяп келгенде 20 пар киіктің мүйізі, 120 қой, 70 жылқы, 17 түйе жөнелтілді.
- Шертбай, Шарықты, Құмкөл, Спас, Қарағанды Байдəулет болыстарын аралап, салыққа бір қараны қалтылдап қорыққанынан беретін Тілепбек азынадан бір-бір жақсы ат, 2 кесек киізден алып, айналасы 36 жылқы, 8 кесек киіз, 60 қой бір рет жөнелтілді. 3) Қарқаралының Қызылтау, Нұра, Ақшатау, Тоқырауын, Шот болыстарын аралап, 80 жылқы, 21 түйе жіберді. Жəне осы болыстардың адамдары ұжмаққа қазір апарып кіргізетіндей көріп, қол көтеріп, бата алып 16 қыз құдайы қып берген. Бəрі де жасөспірім жақсы балалар. Жастары 8-ден 17-ның аралығында. 4) Тоқырауын болысында Мұстапа Тыныбай баласы деген бай өзі ишанға қол тапсырып, 26 жастағы сұлу қызын қол көтеріп құдайы қып берген. Оны жиырма күндей өзіне қатындыққа алып жүріп, ендігі жылы келіп аламын деп 50 пұт бидай, 70 кез нəрсе беріп, аманат əкесінің қолына қалдырып кеткен. Жоғарыда айтылған қыздарды да ендігі жылы көп жолдастарымен келіп алмақшы болып, аманат қалдырылды. 5) Өзімен бірге кеткен нəрселер мынау: 17 түлкі, 33 жылқы, 7 кесек киіз, 4 түйе. Бұларға сойылған малдардың қисабын айтып болмайды. Мінеки, қазақтың надандығы. Осы малдардың бəрін үкімет ісіне жəрдемге берсе, ауа кемесінің əжептəуір ісіне көтермесі болмай ма? Олар ендігі жылы тағы да келмек. Босқа мал берген соң, үйінде кім жатады. Бұған басқарма не жауап айтады һəм үкімет қандай жарнама шығарады? ОРЫНБОРДА ҚАЗАҚ ИНСТИТУТЫНДА Ішкі жайы. Оқу реті мынадай тарауларға бөлінеді: а) екі əзірлік бөлім, үш негізгі бөлім, екі дербес (специальные курсы) б) бірінші əзірлік бөлімі төртке бөлінеді (4 группы). Əр бөлімшесінде 42 адамнан. Екінші əзірлік бөлімі екіге бөлінеді: біреуінде 36 адам, екіншісінде 41 адам. т) негізгі бөлім: біріншісінде 37, екіншісінде 14. Соңғы үш бөлім əзір басталған жоқ. Оқушылардың білімдері жетпеген себепті оқушылардың барлық саны 296 адам. Бұлардан 14-і əйел, 282-сі ерлер. Үш əйел, үш еркек татар. Қалған 290-ы қазақ. Əр
гүбірнелерден келгендердің сандары: Орынбор гүбірнесінен – 18, Бөкей гүбірнесінен – 41, Ақтөбеден – 86, Оралдан – 81, Қостанайдан – 44, Адай үйезінен – бір адам, Семей гүбірнесінен – 8, Ақмоладан – 15, Қазан гүбірнесінен – 1, Пензі гүбірнесінен – 1 адам. Бұлардың үкімет тарапынан белгі алып кіргендері: халық ағарту комиссариатынан – 92 адам, гүбірнелік оқу бөлімдерінен – 74, үйездегі оқу бөлімдерінен келгендері – 54, райондардан келгені – 3, өз бетіменен болыстан келген – 3 адам, Аймақтық партия комитетінен – 2 адам, гүбірнелік партия комитеттерінен –5, үйез комитеттерінен – 3 адам. Оқушылар һəм оқытушылар оқуға қызу талаппен кірісіп жатыр. Бірақ институттың балалар оқып жататын өзіне меншікті үйі болмағандықтан кешігіп, мерзімді уақытынан екі-үш ай кеш басталды. Оқытушылары: Байтұрсынов, Жолдыбаев, Дулатов, Омаров, Аймауытов, Шонанов, Қадырбаев, Досжанов һəм тағы сол сияқтылар. Институт басқарушысы жоғары дəрежеде білімі бар Мырзаұлы Мұхтар. Биыл оқу кеш басталғанмен биылдан соң мерзімді уақытында басталады. Себебі, халық ағарту комиссариаты осы күннен бастап институтының меншікті жататын, оқитын үйін əзірлеуге тырысып жатыр. Институтта оқушылар саяси бағытта да танысулары жаман емес. Тəртіпті оқудың бірі һəм оқушылардың өздерінің саяси бағытта ашқан түрлі ұйымдары бар. Нұсқаушылары – Жолдыбаев һəм Аймауытов сықылды жолдастар. Институттың кеміс жағы – оқушыларға қазына тарапынан берілетін киімдердің кешігіп берілуі. Дегенмен халінше беріліп жатыр. Бірақ əлі тегіс алып жеткен жоқ. Орынборда басқа жердегі ортақшылдар курсы һəм халық сақшысы тарапындағы курстағы оқушылар тиісті заттарын сағатында алып тұрады. Бұдан былай бізге де тиісті нəрселерді уақытынан қалдырмай, мұңсыздандырады деп сенеміз. Қазақ институтын бітіріп шыққан адамдар ортадан жоғары дəрежеде білім алып шығады. Олардың міндеттері халық ағарту жайында болады. Институтты бітіріп шығатын срогы 7 жылдық дегенмен, бірден негізгі бөлімдерге кіріп оқыған адамдар екі-үш жылда бітіріп шығады. Оқушылар – кіл қазақтың
кедей балалары. Бұрын қазақ институтында оқымақ түгіл, институт дыбысы құлақтарына енбей, надандық қараңғысынан қармалап шыға алмай жүргендер. Бұдан былай бұл кедей балалары надандық дұшпаны, надандықты бітіретін жауынгерлер болмақ. Институттың мақсаты – тек бұл үш жүз балалар үшін емес, бұлардан соң да əлденеше жүз балаларға институттың есігі зорайып ашыла бермек һəм бұдан былай институт тек Орынборда емес, əр гүбірне, үйездерде де ашылашақ. Сонымен надандық қара тұманы ашылып, біте бермек. Институтта екінші кемістік – қазақ тілінде басылып шыққан кітаптардың жоқтығы. Оқытушылар өздері қолмен жазып алып, оқытады. Дегенмен жазушылар білім ордасымен шарт жасап, қазақ тілінде кітаптар жазып жатыр. Қазірде А. Омаровтың «Физикасы» жартылап басылып шықты. Тағы да басылатын кітаптар: Міржақыптың «Қазақ тарихы», Ахметтің «Əдебиет тарихы», Мурзинның «Химиясы». Бұл кітаптің бəрі де екінші жылға шейін əзір болмақ. АУЫЛ ШАРУАСЫНДА САУДАНЫҢ ОРНЫ Сауда – айырбас. Айырбассыз ешбір шаруа тұра алмайды. Ең алғашқы кезде, бұдан əлденеше мың жылдар бұрын адам баласы осы күнгідей сауданы білмеген. Ол кезде нəрсеге нəрсені айырбастап күн көреді екен. Мысалы, біреуде тері бар, бидай жоқ; біреуде бидай бар, тері керек. Терісі бар, бидайы бармен айырбас жасайды. Айырбастың арқасында бірінде жоғын бірінен алады. Нəрсеге нəрсені айырбастап күн көрген адам баласының тұрмысы өте қиын болған. Себебі біреуге бір нəрсе сатып алу керек болса, ол базарға өз қолындағы нəрсесін алып шығуы керек. Мысалы, біреудің бір терісі бар екен, ол терісін бидайға айырбастағысы келеді. Бірақ бидайы бар кісі бидайын теріге айырбастамайды. Оған жүн керек. Сондықтан терісі бар адам ол теріні əуелі жүнге айырбастап, одан кейін жүнді беріп, бидайды ала алады. Осы секілді нəрсеге нəрсені айырбастағандықтың өте қолайсыздығы болады. Сол себепті адам баласы ақшаны ойлап шығарған. Ақшаға айырбасталмайтын нəрсе жоқ. Дүниенің бəрін ақшамен алуға болады. Сондықтан жұрт, ең əуелі, өз нəрсесін ақшаға сатады да, содан кейін ақшасына өзіне керек нəрсесін алады. Нəрсені ақшаға айырбастағандықты сауда дейді.
Əрбір ауыл шаруасында сауда жұмысы – үлкен істің бірі. Егін салушыға бидайын сату керек. Мал бағушыға малын, жүнжұрқасын, тері-терсегін сату керек. Бұлар сатылмаса, шаруа ұлғаймайды. Мысалы, егін салушы қазақ егінін сатып, пайда көрмесе, ешкім одан астық сатып алмаса, оның еңбектенген жұмысынан ешнəрсе шықпайды, онда ол ең көп болғанда өзіне ішермендік шашып, одан артық еңбектенбейді. Артық еңбектенбесе, əрине, шаруа да ұлғаймайды. Мал шаруасын алайық, күнбатыс Еуропада мал шаруасын кəсіп орнына жұмсайды. Малдың сүті, жүні, терісі – осының бəрі ақшаға сатылады. Швейцария деген патшалықта бір сиырдың өз бағасынан бір жазғы келтіретін пайдасы екі есе артық болады. Мысалы, бір сиыр жүз теңгелік болса, оның жазғы сүтінен, майынан 200 теңге пайда түседі. Қазақтың мал шаруасы көбінесе санын көбейту. Қазақ малынан тиісті пайда ала алмайды. Қазақтың сиырының, жылқысының, түйесінің, қойының сүті, майы өзі жеуінен артылмайды. Қазақ мал шаруасынан түскен бұйымды ұқсатпайды. Сондықтан қазақ шаруасы ілгері баспайды. Қазақ малының өнгенінен емес, өлгенінен пайда көреді. Тері сатып алатын ақшасы өлген малдың сілекейі ғана. Тірі малдан пайда шығарып, тірі малдан Швейцарияның жеріндегідей ақша алып отырған қазақ аз. Мал егін салған жерлерде ғана тірідей көп пайда келтіреді. Екі аттың күшімен бес десятина егін салуға болады. Бес десятинадан 20 пұттан жүз пұт астық түседі. 25 пұтты тұқымға жібергенде 75 пұт таза пайда. Егін салмай, құр мал бағатын жерлерде екі ат жазында, əрине, 75 пұт астық таппайды. Пайдасы сол, оны жаздай бағу керек. Сондықтан қазақ шаруасының көп пайдасы текке кетеді. Мұның бəрі сауда-саттық жоқтықтан. Сауда-саттық болмағандықтан қазақтың көп нəрсесі тегін. Қазақ қымызды, айранды сатпай береді. Бұлай болуының себебі, əрине, қазақтың баяғыдан келе жатқан қонағасы əдеті. Бірақ көп себептің біреуі – сауданың жоқтығынан да деп айтуға болады. Ауылда қымызды жай бермегенмен, бəрібір, сатып жатқан жер жоқ. Қымыз ақша болатын қалалы жерде ешбір қазақ тегін қымыз бермейді. Осы күні біз Россияда отырып, неше мың шақырым жерден келген Американың сүтін ішеміз. Ол сүт кішкене қаңылтыр ыдысқа құйылған. Жан-жағы бітеулі. Қанша тұрса да бұзылмайды.
Американың мұжығы сүтін əкеп, Азияда сатып отыр. Қазақ қымызды Америкаға апарып неге сата алмайды? Осы күні қымызды бөтелке-шыныға құйып, бұзбай əлденеше жыл сақтайтын амал шыққан. Сондай қылып қазақ та жұмыс жүргізсе, бір бие жылында бір құлын тапса, қымызымен екі құлын табар еді. Айта берсе, айтатын сөз толып жатыр. Жоғарғы қымыз туралы алынған мысал – ең ұшқары мысал. Қымыздан басқа да қазақ шаруасының босқа кетіп жатқан түрлері толып жатыр. Жоғарыда айтылған тері де, жүн-жұрқа да – бəрі ешбір жерде дұрыстап ұқсатылып отырған жоқ. Осының бəрі сауданың жоқтығынан. Қазақстанда сауданың кем болған себебінің бірі – жолдың жоқтығы. Жол деп бұл жерде біз шойын жолды айтамыз. Шойын жол болмай сауда күшеймейді. Мысалы, Торғай үйезінен, я Ақмола үйезінен теріні шойын жолға дейін көлікпен алып бару, ол терінің өз бағасынан қымбатқа түседі. Жүз шақырым, мың шақырым жерге кедей жалғыз сиырының терісін сатуға алып бара алар ма? Сондықтан сауда мекемелері тасымалға жеңіл, шойын жол үстінде болады. Шойын жолсыз жерде жөнді сауда да жоқ. Ірі сауда, ірі алыс-беріс болмағандықтан, ондай жерлерде шаруа да оңды емес. Қазақстанда шойын жол мəселесі бұл əңгімеге қатысы аз, өз алдына жеке мəселе. Ол мəселе туралы əлденеше кітап жазуға болады. Сондықтан біз жол туралы осымен ғана қанағаттанбақпыз. Жалғыз-ақ, бұл жерде айтатын сөз: Əрбір шаруа неқұрлым алыс-беріс көп болса, солқұрлым ілгері басады. Сондықтан қазақ шаруасының алыс-берісін көбейту керек. Саудасын күшейту керек. ЖОЛДАС СЕЙФУЛЛИН КҮНШЫҒЫС УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚУШЫ ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ЖАСТАРЫНЫҢ АРАСЫНДА Қазақстанның жалпы халымен таныстырып өту үшін 5-ші февраль 1924 жыл жолдас Сейфуллин Сəкен Күншығыс ортақшыл университетінде оқушы қазақ-қырғыз жастарының арасына келіп баяндама істеді. Күн тəртібіне қойғаны: 1. Қазақ шаруашылығы, 2. Қазақстанда оқу,
- Əскерлік қызметі, 4. Жетісу һəм Сырдария облысын Қазақстанға қосу, 5. Қазақтың тілі һəм əдебиеті. Еңбекшіл Қазақстанның шаруасына көз жіберіп, жерінің кеңдігін қарасақ, қазақ жері қай республикалардан болса да екі-үш есе үлкен. Жерінің жаратылысына қарасақ, тұрмысы өте нашар, шаруасы артта қалған, кедей халық. Жері тау-тас, құмды болады. Тоғайлы, сулы жері аз, мал асырауға тəуір. Қазақ елінің кедейленіп, малдан айырылуы – Герман соғысы, онан тап соғысы болды. Қазіргі күнде қазақтың малын мөлшерлеп қарағанда жалпы 100ден 20-сы қалды. Жекелеп алғанда малдың азын-аулақ қалған жері Семей, Ақмола, гүбірнесінде, Қостанайдың оң жағында, Орал, Ақтөбе, Бөкей гүбірнелерінде мал біткен. Кей жерлерінде ырымға мал жоқ. Ішіп-жегені қара тары, су. Қазақтың малының бітуіне кесір болып жабысқан нəрсе, айтып кеттім, Герман соғысы, тап соғысы, ашаршылық болды. 1923-ші жылы халық астық салып, жерге айналысып, кішкене тəуір еді, биыл тағы нашар болды. Өздеріңізге белгілі, қазақ елі қанша малмен бірге туып, бірге өсіп келе жатса да, малды қалай асырап, қалай артынан жүріп күтуін білмейді. Бұл, əрине, қараңғылық, өнердің жоқтығын көрсетеді. Енді қолдан мал кетіп, ашыққан соң, қазақ береке шаруалықта екенін, жер кəсібінің жақсы екенін білген соң, отырыққа айналуға, шаруаға қол қойып кірісуге жалпы бет алып отыр. Бірақ мұның бəрін өздері кеңітіп əкетуге күштері жоқ. Үкімет қолдап əкетуге үкіметтің де қаражаты белгілі. Бірақ үкімет қолдан келген жəрдемін аямай, отырықшылдыққа айналдырмақшы. Шаруаға мойын бұрғызбай келген нəрсе, өздеріңізге белгілі, надандық, қараңғылық болды. Əр ұлт мəдениетсіз алға баспақ емес. Өз тілі, əдебиеті болмаса кер кетпек. Жиһангер соғысынан кейін қазақ халқы оқудың қадырын біліп, оқудың барысы, жастардың қозғалысы өте зорайып отыр. Қазақ халқы жалпы білімге, өнерге жету үшін отырықшылыққа айналуы керек. Болмаса қазақ халқы шаруаға айналып, мəдениетке жетеді деп айтуға болмайды. Үкімет қолынан келген жəрдемін аямай, жастарды оқытып отыр. Қазір бір Орынборда екі мыңдай оқушы бар. Жекелеп алғанда мынадай: Келешекте қазақ жастарына оқытушы шығаратын қазақ институты – онда 300-дей; Рабфакта – 200-дей; аймақтық кеңес партия мектебінде – 200-дей, дəрігерлер дайындайтын мектепте 100-дей, мал ауруын қарауға дайындайтын мектепте 60-тай;
фин курсында – 50-дей, сот курсында оқып жатқан жігіттер бар. Алғашқы шығарғанын əр жерге тараттық. Баспа қаріп тізетін курста оқып жатқандар бар, аймақтық кооперация курсында 34тей жігіт бар. Милицейский курсында 25-тей қазақ бар. Басқа шет қалаларда: Мəскеу, Қазан, Ташкен сияқты жерлерде оқып жатқан жігіттер бар. Қазақстанның əрбір гүбірнелерінде ашылған мектептер бар. Мұнымен жетіліп кетті деуге болмайды. Бірақ жылдан жылға қарағанда жастардың қозғалысы күшті, оқушыларымыздың халы нашар, қаражаты кем. Бұған бөгет болып отырған, айтып кеттім, үкімет қаражатының кемдігі. Мұнан кейінгі Қазақстанның бір алға баса алмай отырғаны – жерінің шалғайлығы, халқының əр жерде шашылып жатқандығы. Қазіргі уақытта екі облыс Жетісу, Сырдария Түркістан қарамағында отыр. Біз бұрын мəселе қозғағанда Мəскеудегі кіндік үкімет «əзірге қоя тұрыңдар» деп созып келді. Бұл гүбірнелер Қазақстанға қосылғанда Қазақстанның пайдасы тие ме, зияны тие ме? Зиян деп отырғаны – «Қазақстан кедей, шаруасы кем. Ауырлық екі облысқа тиеді» дейді. Бұл – қате. Ашаршылық уақытында Семей, Ақмола гүбірнесі аш гүбірнелерге 5000-дай қара мал жинап берді. Тиетін пайдасы мынау: келешекте тарихтың міндеті – қазақтың шаруасын бір жерден көздеп, тілі, мəдениетін, əдебиетін, тəрбиесін бір жерден молайту. Мұның үшін еңбекшіл қазақ кедейі бір жерде, бір үкіметте болуы керек. Осы күнде қарасақ қазақ тілі Түркістанда бір түрлі, Қазақстанда бір түрлі. Əрине, бұлай болса, əр ұлттың тілі жоғалмақ. Бір жерде болса, тіл де, əдебиет те, мəдениет те бір жерден шықпақ. Кіндік үкімет бұл екі облысты Қазақстанға қоспақ болды. Жақында қосылмақ. Неге десеңіз, Түркістанда өзбек, орыс, қазақ, түрікпен, қырғыз бар. Міне, бұларға кемінен бір мекемеге 30-40 кісі керек. Оған үкімет мекемені азайтып, кісінің, қызметкердің санын азайтып отыр. Сондықтан əр ұлтты өздеріне қоспақ болғаны осы. Онан кейінгі мəселе – қазақтың тілі, əдебиеті. 12-ші топ партия съезінде ұлт мəселесін шешкенде əрбір ұлт өз тілімен, өз ғұрпымен мəдениетке жетуі керек деген. Əр мекемеде өз тілдері жүрсін деген қарарлар шығарған. Қазіргі уақытта қай республикаларда болса да өз тілдері қолданылып жатыр. Біздің Қазақстанда бұл күнге шейін жүрмей келгені – қызметкердің жоқтығы болды. Осы январьдың бірінен бастап, іс жүргізуге декрет шығардық. Əр болыстарда, үйездерде шыға бастады.
Қазақ тілі жүрді. Бірақ жалпы жерде жүріп кетеді деуге əзір қиынырақ. Қазір баспа машина қазақша істеліп жатыр. Бірліжарымды істелгені жіберілді. Бұл машина қазақ тілінің жүруіне бірқатар жеңілдік берді. Қазақ əдебиетін алсақ, қазақ əдебиеті соғыстан кейін кеңес үкіметі орнаған соң алға басты. Осы күнде əртүрлі оқу құралдары шығып жатыр. Мысалға «Физика», «Қазақ тарихы», «Педагогика», «Дидактика», «География», «Ботаника», саяси кітаптар, басқа əдебиет кітаптары басылып шықты. Жалпы баспа күшейді. Əр жерде газетжурналдар шығып жатыр. Бір-екі жылда əдебиетіміз молайып шықпақ. Мұнан соңғы мəселе – əскер жайы. Біз Қазақстан үкіметін жасағанда, əскерін қоса жасау еді. Бірақ бұл уақытқа шейін жүзеге аспай келді. Үкімет қорғаны қызыл əскерді жасау үшін əр ұлт өздерінен қызыл əскер жасамақ. Соның үшін бірінші мəселе – əскер жасау. Қазір біздің Орынборда комсоставта 400-дей орыс бар. Жақында ол курсты ылғи қазақ жастарын оқытуға қызыл командир даярлайтын болмақ. Сол үшін қаулы шығардық. Бұл курста 500-дей кісі оқиды. Онан шыққандар қызыл əскерге бастық болмақ. Онан соң атты əскер үшін (кавалерийск дивиз.) курс ашылмақ. Бірақ мұның бəрін болдырсақ та қаражат қинайтын болып тұр. Мінеки, қысқаша айтқанда, қазіргі уақытта Қазақстанның жайы осы. Мұнан соң оқушы жастар өздері қаулы ұсынып, қорытындысы мынау: жолдас Сейфуллиннің баяндамасын тыңдаған соң, біз Күншығыс ортақшылдар университетінде оқушы қазақ-қырғыз жастары бірауыздан қаулы қылдық: 1. Еңбекшіл таптан шыққан біз, жастар, ортақшыл тəрбиесімен тəрбиеленіп, алған білімімізді, күшімізді артта қалған еңбекшіл қазақ елінің тұрмысын, шаруасын оңалдыруға, түзеуге, ортақшылдық қоғамын орнатуға, істе отырған азаматтарымызға көмекші болып, белсене кірісеміз. 2. Əр жерде шашылған еңбекші қазақ елін, Түркістан сияқты жерде бөлініп жүрген қараңғы халықты бір жерге басын тезден қосуын тілейміз. Неге десең, бытыранды, шашыраған ұлттың алға басуы қиын. Тілі бір, тұрмысы бір, ғұрып-əдеті бір ұлттың бір жерде болып, мəдениетке жетуі керек. 3. Халқы кедей Қазақстан үкіметін отырықшылыққа тез күнде айналуы үшін үкімет бар көмегін аямай, һəм жеңілдік үшін мерзімді уақытқа шейін салықтан құтқаруды тілейміз.
- Үкімет қорғаны – қызыл əскерді жасау үшін шығарған қаулыларын тез іске асырып, бар күштерін сол жолға жұмсауларын тілейміз. 5. Іс басында отырған қаламы жүйрік азаматтар еңбекшіл қазақ елін шаруаға айналдыруға үгіт-насихаттарын газет бетінде тоқтаусыз жазып, шаруаға қалай айналысып, қай түрмен шаруаны жақсартуын көрсетіп тұрулары керек. 6. Шет жерде оқып жүрген біз сияқты жастарға көздерінің қырын салып, паңдықтарын қалдырып келген жолдастар осындай Қазақстанның жақсы-жаман тұрмысын, шаруасын, істеліп жатқан қызметтерінен білдіріп, баяндама беріп тұруларын һəм саясишаруашылық, əдебиет кітаптарын, газет-журналдарын үздіксіз жіберіп тұруларын өтінеміз. Жиылыс осымен бітіп, тарқады. ШАРУА ЖАЙЫ (Қызылжардан) Қызылжар үйезінде егін шығысы нашар болды. Егінді аңызғақ күйдіріп, жел құйып, шегіртке жеп қойды. Егіннің десятинасынан 6-10 пұт шамасында астық алынды. Шөп шығымы оңды болды. Сондықтан ел шөпті көп шапты, пішенді мол даярлады. Жаңаша 1-ші декабрьге шейін жер қара, қар түскен жоқ. Биенің іші аман. Ел тоқ. Базарда мал пұл болып тұр. Жақсы ат – 100 мың сом, семіз сиыр – 50 мың сом, қой – 10-15 мың сом болды. Сары майдың пұты 17 мың сом, бидай пұты 700-800 сом. Бидай ұны – 1 мың сом. Елдің бір қорегі – тары. Қызылжар үйезінде бұрын тары болмайтын. Қазына таратқан тұқым арқылы жұрт тары салып, оның алды тарыны нан-ет орнына жұмсап тұр. Тары – кедейдің сүйікті тамағы саналып кетті. Ел картоптың да дəмін сезіп, қыстаудың көңіне картоп, ешкіқұйрық, қабақ қауын һəм арбуз еге бастады. Күнбатыс жақтағы қазақ болыстары егін салуға шынымен кірісті. 1-ден 50 десятинаға шейін егін салатын шаруалар бар. Не қылғанмен тұрмыс қазақты еріксіз жөндіктіріп келе жатыр. Іске сəт тілейміз.
КООПЕРАЦИЯ ЖАЙЫ Қызылжар үйезінде Шақан, Мақы, Темір һəм басқа аттарда ашылған ұйым дүкендері бар. Бұл дүкендер 1920-шы жылдарда ашылды. Дүкен басында тұрғандар əлі күнге байлар, мырзашоралар. Бұлар жібекті жүн орнына тұтынып, кооперацияны сауда-саттық зат орнында түсініп жүр. Бұл дүкендерден кедей шақа тиындық пайда көрмейді. Бар пайдасын, бар сомасын, бар тəтті-жұмсағын басында жүрген адамдар тұтынады. Губсоюзбен дүкендер əлі есеп үзген жоқ. Кооперацияның жайына енді қанық болған кедейлер ұйым ашпақ болса, интеграл кеудеден итеріп, кетары қылады. Болысыңдағы дүкен иелері есебін үзсін дейді. Губсоюздың қазына алтынын жылдам құстырып, жинап алуға ынтасыз болғандығының мəнісін түсіне алмадық. Дүкен иелерінде мал да, байлық та, сома да бар. Интегралда адвокат та, юрисконсул да, қызметкер де бар. Осы барлықтар арасында жасап, бірі-бірін алып ұрмауы – таңырқарлық іс. Бұ жыл жаз губсоюз 30 балалық есепшілер курсын ашып, үш ай созып, қызметкерлер даярлады. Дүкенге керек барлық қағаз, журнал, книга, формаларын қазақ тілінде бастырып таратты. Мұнысы – іс жөндеуге кіріскеннің белгісі. САЛЫҚ МАУСЫМЫ Қызылжар үйезінде 1-ші октябрьден бастап, салық жинала бастады. Қазақтың көшпелі болыстарына салық ет есебімен, жарым көшпелі елдеріне бидай есебімен түсіп отыр. Мал жағынан да, егін жағынан да кедейлерге көп жеңілдік болып, салықтан олар азат болып отыр. Салықты төлеп жатқандар орта ауқатты һəм жоғары ауқатты адамдар. Салық туралы елде кедей үндемейді, анда-санда аузын күбірлетіп, советке алғыс айтып қояды. Орта ауқатты қазақтар қиқаңдайды. Қиқаңдауы жүк ауырлықтарынан емес, жанындағы байдың салықтан аз сыбаға алып, мұртынан күліп, ортаны бүйірге тепкендіктен. Байлар салық туралы амал тапқан: 60 ірі-қарасы бар Жұман малын баласына, қызына, əкесіне, шешесіне, кірмесіне бөліп, 5-тен қылып, бытыратып жаздырады. Бытыранды «5»-тер салықтан азат болып, ойнақшып шыға келеді.
Байлар малын кедейге тығады. Тағы неше түрлі тəсілдері бар. Алдымыздағы 23-24 жылдарда байлардың осы саясатына қарсы тəпі құрылмаса, бір бай бір пұт ет беретін түрі жоқ. Үйезде бірнеше болыста қазақ салық инспекторлары бар. Қазақ салықтың 37%-ын өтеп қойды. Астық қарызы облигациясын алғандар, червонец сақтағандардың екі езуі құлағында. ЖЕРГЕ ОРНАЛАСУ Қызылжар үйезінде 23-ші жылы ішінде 7-8 жерде қазақтар жер кестіріп алып, қала салды. Олар Көтек, Сүйіндіқара, қалды, Кедей қаласы, Сухой һəм басқалар. Қала болған қазақтарға қорақопсы салуға тегін ағаш, арзан сайман берілгеннің үстіне үш жыл салықтан азат болатын кеңшілік тағы бар. Үйез ішінде қай болыстың кедейі болса да мынаны айтады: «Киіз үй тозды, көш-қолаң қалды, мал таусылды. Жер тырнап, егін салудан басқа күнелтудің басқа сəні жоқ. Сондықтан қала болғанымыз жөн...». Қаланың жерін кестіруге десятина басына алтынмен 20 тиын ақшаны кедей таба алмайды. Ақша таба алмаса, қала да салынбайды. Осы себептермен қала салуда ойы болса да «дəреті бар, дəрмені жоқ» болып, сан кедей отыр. Жер кестіріп, қала салған тағы баяғы əнге басып барады. Егін салмайды, жерін жалға береді. Қаласын планмен салмай, баяғы аңызбен қисайтып балшық қалайды. Қоғамдық жолын сезбейді. Осы себептерден бара-бара баяғы таз қалпы келіп шығады. Жер-су комиссариаты қазақ қаласы үшін өрнек боларлық бір план, бір түр, бір жол-жоба шығарса теріс болмас еді. Қазақ енді көшпелі тұрмысты қойып, қала салуға кіріскені жөн ғой деп ойлаймыз. МИЛИЦИЯЛАР Өткен жылдардағы «милициялардан зорлық көрдім» деп зарлану үстіміздегі жылда жоқ. Аудандық милициялар ел ішінде басқан ізін аңдып басып жүр. Милициядан шынында елдің күткен қызметі толып жатса да, ел арқасына қамшы, мылтықтың дүмі, қылыштың жүзі тимегенге мəз-мейрам.
Ұрыға тізе көрсеткен ер милицияны көзім көріп, құлағым естіген жоқ. Еміс хабарда кейбір милиция начальниктері байқаусызда ұрының үйінде оразасын ашады деген де сыбыс бар. Гүбірнелік жазықтыны зерттейтін мекемеден Хикматуллин жолдас алынған соң-ақ, ұрлық өрби бастады. Жаңа бастық əлі жаттыққан жоқ. Мекемесінде қазақ қызметкерлері жоқ емес, бар. Бірақ маңызы кем. Үйез ішінде милициялардан ұры мен қары қалай жасқанбаса, соты, абақтысы, милициясы бар Қызылжар шаһары да талантараждан аман емес. Жергілікті газеттерден «Пəленді сойып, пəленді талап, пəлені соғып кетіпті» деген хабарды сан ұшыратуға болады. Осындай жолсыздықтарды құлақ естігісі, көз көргісі келмейді. Амал жоқ, бірақ, естімей-көрмей өте алмайсың. ҚЫЗ САТУ (Елек үйезінде) Қалыңмалды қалдыру туралы Қазақстан орталық атқару комитеті декрет шығарғалы бірнеше жыл болса да, жергілікті мекемелердің, əсіресе, халық билерінің құнтсыз, қомағайлығынан бұл күнге шейін түгел жарыққа шығып, жүзеге аспай келген. Міне, осындай қалмай келген ескі əдеттің салпыншағы біздің Елек үйезі, Қарашығанақ болысында жақын арада болып өткен. Елден келген бір хатта мынадай сөздер жазылған: «Қазірде ел көңілді, самогон көп һəм арзан, той-топыр да болып тұрады. Қарашығанақ болысы 3-ші ауылдың қазағы Макар Есжанов сол болыс 3-ші ауылдың қазағы Мұхамедия Жанаевтың 12-13тегі баласына 17-18-дегі қызын беріп, Мұхамедия құда түсті. Қалыңмал – тоғыз қара. Сүйіп болған құдасын кит жағынан Макар мырза жерге қаратқан жоқ, риза қылып жіберді. Құдалар да таудың тасындай кілең билер еді. Ортақшыл жолдастардан Ақтанов Керей болды. Киті бір червонец (10 сом алтын), өзіне (Мұхамедияға) бір тай өгіз, бір бие. Атақты Құрман Төменовке (қазіргі Електегі Еңбек қорғау бөлімінің бастығы) 10 сом алтын кит. Басқа екі құдаға (Серпан, Əділханға) екі баспақ. Қалғандарына бір червонецтен – барлығы 8 кісі құда. Той тіпті көңілді өтті. Халық биі Сапа
Айшуақов та болды. Арақ сонша көп еді. Тойшылар, құдалар бақыраштап ішті. Құрман да арақты көп əкелген екен. «Əй, не сұрайсың, біраздан той көрмей сағынып қалған екенбіз, бір сергіп қалдық-ау», – дейді (кекетіп). Бұл хабар ертегі емес, анық хабар. Жақын арада елге демалысқа барып келген оқушылар да осы сөздің бəрін түгелімен айтып һəм дұрыстап отыр. Ел ішін бейбітшілікке бейімдеп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып, езілген елді тегістік дүниесіне қарай, күңдікте жасаған əйел табының құқығын жақтап, теңдікке жеткізеді деген халық билері жауыздармен бірге той тойласа, малдың құлы – рақымсыз ата-ана қызын шыңғыртып малға сатып жатса, оқу жасындағы баласын бойжеткен қызға теліп, қатын алып беріп отырса, əйел теңдікке қашан жетеді, қыз сату, қалыңмал қашан қалады? Тиісті мекемелер бұларға бір шара қолданып, малқұмар жемқорларға тыю салынып, сорлы əйелдер пұлдықтан құтылса екен дейміз. ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АРАСЫНДА КООПЕРАЦИЯ АШУ ТУРАСЫНДА 1) Фактория һəм ұйым дүкені, 2) Ауылшаруашылық кооперациясы, 3) Несие кооперациясы. Əрбір қазақтың шаруасы керекті заттарын ертерек табуға қажеттенеді. Осы күнгі шай, қант, кездеме, шырпы, сабын, керосин һəм басқа керекті заттардың бəрін адам баласы тұрмысына қарай лайықтап істеп, қажетіне ұстап отыр. Сауда да осы қажеттенгендіктен шыққан зат. Қазақ елін шегіндірген істің ең зоры – саудагерлердің, жиыншылардың қолдарындағы малдарын бағасыздандырып алуы, өлшеулі баға бермей, ауырын жеңілге кесуі. Бұдан былай саудагерлердің қара бұқараның малын алдап алуына бөгет ету ниетімен үкімет қазақ елін өзіне тартып, сауданы жалпы бұқараға пайдалы істеу үшін кооперация ашып отыр. Қазақстан елі бытырап-шашырап жатқан ел болғандықтан, кооперация мекемелердің 10-15 шақты ашқан дүкендері жəрдем
болуға жарай алмай, өзінің бағасын таныта алмай, теңіздегі жалғыз тамшы судай-ақ болды. Хатта халқы таза қазақ болып отырған адай үйезінде кооперацияның бір дүкені жоқ. Соңғы уақытта тəжірибе жасап көру үшін қазақты кооперацияға жақындату ниетімен басқа əдіс шығардық. Фактория деген кооперацияның дүкені болады. Бұл дүкен ұйым дүкендерімен күштенеді. Факторияда қазаққа керек заттар басқа дүкендерден арзан беріледі. Хатта ұйым дүкендерінің өзгесінен де кем бағамен сатады. Саудадан басқа тері-терсек һəм қазақтың басқа сатылатын нəрселерін даярлауға əдіс жүргізеді. Фактория басқа дүкендерден сатып алатын бағасынан қазақтың заттарын қымбат бағамен алады. Бұл дүкеннің міндеті – қазақты кооперацияға жақындатып, кооперацияның пайдасын оларға түсіндіру. Фактория арам сауда, яки алдау дегенді білмейді. Факторияға орыс-қазақ демей түгел кіре алады. Шарты – мүшелік салығын төлеу ғана. Мүшелік салықтың ең зорайып баратын мөлшері алтынмен 50 тиыннан аспайды. Əрбір мүшелер дүкеннен қажетті заттарын алғанда басқаға сатылатын бағадан кемірек алады. Ал, өз заттарын сатқанда күнбе-күндік зат бағасынан қымбат береді. Фактория жұмыстарына кеңінен толғап түсіндіріп, кірер кіріс, шыққан шығындарынан ауылдық кеңестердің алдында факторияның басқарушысы баяндама жасап отырады. Əрине, түсер пайда шамалы болса да бұл жұмыс қазақ елін факторияның мақсұтымен таныстыруға һəм керекті заттарын арзан алып, алдаушы саудагерлерге жегізбеуге үлкен пайда береді. Егер қазақ елін басқарушыға риза болмаса, жоғарғы союздардан кісі сұрайды. Фактория жұмысы алға басып, күшейген күнде қазақтар факторияның əрбір жұмыстарын қарап тұруға ортасынан қарауылшы сайлауға ерікті. Бірақ қарауылшы басқарушылардың ісіне бөгет болмай, қате, яки түзу істерін жалпы халықтың алдына баяндамамен көрсетіп салып отырады. Факторияның мүшелері 50 кісіден артық болғанда ауылдық кеңес орталарынан басқарушыға екі жəрдемші сайлап береді. Соның арғы жағында правления жасайды. Егер мүшелер зорайып бара жатса, факторияны ұйым дүкеніне айналдыруға болады. Ол уақытта барлық фактория ұйымның қолына 1-2 жылға несиеге беріледі. Мінеки, осы жөнмен қазақ елі жасалған сауданың иесі бола бастайды. Яғни, ұйымдасуға үйренеді. Базарларда, қазақтың ауылының жайлауларында жарты
бағалы фактория ашылады. Оның да қазаққа келтіретін пайдасы сондай. Бірақ ол көшпелі фактория мүшелікке қабылдамайды. Қазаққа дарияның үстіне шөп шығады деп қарап отыру енді лайықсыз. Союз мекемелері ауылбасы фактория аша алмауында сөз жоқ. Қоғамшылдықты қазақтардың өздері жасауы керек. Жай дүкеншілердің істерін қазақтардың талайы көзімен көріп жүрген жоқ па? Əрбір саудагерлер қазақтың терісін үш рет сыпырып, əрі қымбат сатып, əрі жаман кездеме береді. Сондықтан жай сауда дүкендерді арадан шығаруға тура келеді. Бұны істеу үшін өздерінің қоғамдары керек. 50 кісі басын қосып, гүбірнелік, үйездік, аудандық союздардан жол-жоба алуға болады. Мүшелге 50 тиын төлеуді шығарғандағы ниет – кедейлердің бəрі де мүше бола алсын дегендік. Сол аздап жиған мүшелік салықтар негізі капитал болады. Мүшелікке түсердегі салықтан басқа, бөлімді салық жəне алынады. Бұл да 5 сом алтыннан көп болмайды. Бұл ақша басын қосушылардың өз мүліктері һəм істеген ісінің тəртіпке қойылып, аяққа басуына себеп. Бөлімді салық кесімді болмайды. Бірақ бұл ақшалар сауда ашуға азғантай болады. Олай болған күнде мүшелер түбінде төлеуге өздеріне сенсе союздан несиеге ақша алады. Банкке һəм мүшелер қоғамынан сомынан 4-5 тиын процент алып отырады. Жобаны алғаннан кейін қоғамдасушылар мүшелердің жазылғандағы берген пайына берген һəм басқаларына берген ақшаларын есептейді. Есептеушілер ұйымның сайлаған комиссиясы болады. Мүшелікке жазылғандағы тіркеу қағазы төмендегідей тəртіпте болады: қоғамның жобасы, тіркеуге арыз қағаз, члендерінің тізімін жəне үш дана жоба қағазын береді. Арыз һəм жобаларға комиссияның 5 кісісі түгелімен қол қоюлары керек. Арызға жалпы жиылыстың жасаған қаулысы, бастық һəм хатшының қойылған қолымен тігіледі. Егер жобаларын гүбірнелік, яки райондық союздар бекітіп қайтарса, қайтадан жиылыс жасап, қоғам тексеру комиссиясын һəм правлениесін сайлайды. Сайланғандар бір жылға сайланады. Правлениеге жұрт сайласа, кім де болса жарайды. Правление сайлағанда өте сақ болу керек. Таза кісіні, мүмкіндік болғанда, хат танитын таза кісіні сайлап, бұрынғы қу дүкеншіден ат-тонын ала қашу керек. Правление алғашқы кезде сауданы өзі жүргізеді. Егер сауда өсіп кетсе, сауданы жүргізетін кісілер жалдайды. Тексеру комиссиясы сауда-
ның жүрістерін бақылап отырып, қоғамның алдында қалай жүріп жатқандығынан баяндама жасайды. Бірлесіп іс қылу – алға басудың белгісі. Қапылыста союздың қолдарында қулық бағып, ізін білдірмей жүргендерге ұрылып қалмаңдар. Жыл толғаннан кейін табылған пайда бастапқы ақшаны бергендердің берілген ақшасына қарай бөлінеді. Мінеки, егер пайда түссе, қоғамның бəрі бірдей бөліп алады: 1) Барлық мүшелерге бірдей бөлуі керек. 2) Кедейлерге мүшелікке кіргендегі пайға беретіндегі салықтарына кесімді уақыт берілу керек. 3) Мата халықтың ішіне оңды мата болып тарауы керек. 4) Пайда өте аз болуға керек. Мүшелерге затты кемітіп беріп, мүше емеске толық бағасымен беру керек. 5) Тауарды несиеге бермей, қолма-қолға беру керек. 6) Тауарды беру, ақша алу һəм тауар алу жұмыстары союз бен банк арасында ғана болып, жай кісілерден сақтану керек. 7) Сатып алғандағы алатын зат союздағы жоқ тауар болуы керек. 8) Əр уақыт анық есеппен жүру керек. 9) Проценттеп шығаратын пайды жеңіл ету керек. 10) Үй іштеріне керек жүрісті бұйымдарды да алу керек. 11) Мүшелікке жұрттың бəрін қабылдау керек. 12) Бақылау комиссиясының ісін күшейту керек. Міне, осы жұмыстармен ғана базарды төмендетіп, қазақтың ойын тартуға болады. Сол уақытта ғана мықты ұйым бола алады. Бұдан əрі жұмысты өркендету үшін союздың мүшелігіне кіру керек. Союздың мүшелігіне қоғам болып қана кіре алады. Жай кісі кіре алмайды. Союз – күшті орын. Ол əрбір істе жол көрсетіп, мүшелерін тауармен мұңсыздандырып, несие реттерінен жол сілтеп, өз күшімен күн көретін орын. Ауылдық қоғамдардың уəкілдері бастарын қосып, орталарынан аудандық союзге правление һəм тексеру комиссия жасайды. Правление бір жағынан саудасын жүргізсе, екінші жағынан, союздың барлық істерін тəртіпке түсіреді. Тексеру комиссиясы правлениенің ісін бақылап отырып, жылында бір рет уəкілдердің алдында баяндама жасайды. Қажет болып қалған уақытта не тексеру комиссиясының, не болмаса, қоғамдардың біразының бірігіуімен мерзімді уақытынан собраниені
бұрын жасауға болады. Союздардың басын қосатын орталық – союз болады. Одан əрі Кеңестер Одақтас Республикасының союзы тұрады. Міне, осы қалыппен кішкене ғана ұйымнан жоғарылай беріп, əрі союзге барып, онда өз күшімен халықты асырап, фабрик-зауыт ұстап тұрғанын көреміз. Үкімет барлық күшін жұмсап, халықты жəрдемімен сүйеп, жемқор саудагерлерге жегізбеу шарасына кірісіп отыр. Соңғы уақытта арзандықпен беру үшін төмендегі декреттерді шығарып отыр: 1) Барлық ұсақ кооперациялар егер саудасын жиырма мыңға жеткізсе, өндірме салықтың бəрінен де құтылады. 2) Өндірме салықты 2 жылға создыруға рұқсат етіледі. 3) Правление мүшелерінің қызметкер үш кісісінен басқасы өндірме салықтан құтылады. 4) Акциз бойынша жеңілдік беріледі. Егер жеңілдік күшті болса, ауылдың жіберіп тұрған тауарлары да ұйым дүкендерінде солғұрлым арзан болады. Фактория болсын, ұйым дүкені болсын қазаққа келтіретін пайдасы – қазақ сатқанда да, сатып алғанда да керекті уақытында алады. Сондықтан ұйым дүкені деп аталады. Бұл жағынан басқа қазаққа ірі керек жұмыс – шаруасын түзеу, ол шаруаны түзейтін құралдар табу. Бұған «Ауылшаруашылық ұйым дүкенінің серіктігі» деген орын бар. Бұл туралы, ауылшаруашылық несиесі туралы қазақ еліне керек болып тұрған мəселе болғандықтан тағы бірде жазармыз. «ҚАЙШЫ» МƏСЕЛЕСІ Осы күнгі шаруа саясатының ең түпкі негізі – «қайшы» деген мəселе. «Қайшы» деген не нəрсе, бұл сөз қайдан шыққан? Шаруашылықтың қазіргі заңын білу үшін, бұл мəселеге анықтап түсіну өте қажет. Қазіргі мемлекет шаруасы екі түрлі заттан құралған. Оның бір түрі – ауыл шаруасы да, екінші түрі – кəсіп, фабрик-зауыт шаруасы. Бұл екі шаруа бірімен-бірі неғұрлым теңбе тең түсіп отырса, солғұрлым жалпы халық шаруасы жақсылап ілгері басады.
Осы күні фабрик-зауыттан істеліп шыққан нəрсенің бағасы өте қымбат. Ауыл шаруасының бұйымдары өте арзан. Соңғы уақыттарға дейін фабрик нəрселері қымбаттап, ауыл бұйымы арзандап келді. Мысалы, қайшының екі басы сықылды. Фабрик нəрсесін қайшының жоғары қарай көтерілген ұшына ұқсатсақ, ауыл нəрсесін қайшының төменгі ұшына ұқсатуға болады. Əрине, қайшының екі басы алыстаған сайын фабрик, зауыт шаруасы мен ауыл шаруасының арасы да алыстай түседі. Қолындағы малы, бидайы арзан тұратын болғандықтан ауыл шаруасының адамдары кездемені һəм басқа керек жарақтарды аз алуға тиісті. Халық аз алғаннан кейін фабрик-зауыттың істеп шығарған нəрселерінің көбі өтпей қалады. Істеп шығарған нəрсесі өтпей қалған соң, фабрик-зауыттың көретін пайдасы да аз. Пайдасы аз болса, оның шаруасы да ілгері баспайды. Ауыл шаруасына келсек те осы сықылды хал. Қолындағы бұйымы арзан тұратын болған соң, бұлар өзінің керегін алу үшін малды да, бидайды да көбірек сатуға тиісті. Ішіп-жемге көп шығын жұмсаған соң, шаруасын көркейтуге, молайтуға орын аз қалады. Сондықтан ауыл шаруасы да тез оңала алмайды. Мұның бəрі «қайшы» мəселесінің үлкен негізгі жұмыстың бірі екендігін көрсетеді. Неғұрлым «қайшының» екі ұшы бірбіріне жуықтай түссе, солғұрлым шаруа ілгері басады. Бұл сөздің мағынасы: неғұрлым фабрик-зауыттың нəрселері арзандап, ауыл шаруасының бұйымы қымбаттаса, солғұрлым баға теңеліп, жалпы шаруа дұрыс өмір сүреді. Қазірде барлық сауда мекемелері, кооператив ұйымдары осы жолмен іске кірісіп жатыр. Соңғы кездерде Россияның əр жерлерінде «қайшының» екі басы біріне-бірі жуықтауға да айналған. Біздің Қазақстанда да бұл мəселе – ең үлкен мəселенің бірі. Біздің саудасаттық һəм кооперация мекемелерімізде «қайшының» бастарын неғұрлым жуықтатуға тырысу керек.
ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗУДЕ ЕЛДЕН КЕЛГЕН МАҒЛҰМАТ Қарқаралы кеңселерінде қазақ тілі жүре ме? Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің шығарған қаулысы бойынша бүтін қазақ елінде қазақ тілімен кеңсе істері жүретін болғанын газеталарда оқып көрдік. Мұны біз де шын сөз деп танып жүрдік һəм закон деп білдік. Сонымен қатар қазақ ішінде ең алдымен қазағы көп Қарқаралы үйезінде 24-ші жылдың январь басында іс қазақ тілімен жүретін болды. Осы Қазақстан қаулысын іске асыруға Қарқаралы исполкомы кірісе бастаған. Оның ішінде халық ағартатын оқу бөлімі ең алдымен кірісті. Һəм 1-ші январь күні оқу бөлімі Қазақстан қаулысын орындап, істерін қазақ тіліне аударып, қазақ тілімен жүргізді. Мұны мен бұрынғы жазған мақаламда айтқам-ды. Ал, енді осы əңгіме қайта қозғалып, қазақ тілімен жүруге айналған істі қайта қоңырсытып отырған мынадай оқиға болып отыр. 22-ші январьда аукомның жауапты хатшысы Чувилин жолдас оқу бөлімі бастығы Салих жолдас Қасымовты шақырып алып, сөгіп: «Сен, алашординист, қалайша орыстарды шығарып, Орынбек Бековты хатшылыққа алып, қазақша жүргізесің? Əзір қазақ тілі ерте, қазақ жетілген жоқ» деген сияқты ұят сөздерді айтып, қазақ тілімен жүріп отырған істі тоқтатып, қайтадан орысша жүргізетін болды. Содан қорқып, Қасымов 24-ші январда қазақша жазып отырған Орынбекті һəм Əуезхан Жолымбетовты шығарып тастап, оның орнына хатшылыққа Афанасьев деген жолдасты алды һəм орысша жүргізе бастады. Бұл қалай? Мəскеу, Орынбор не айтып жүр, біздер не оқып, не естіп жүрміз? Біздің аукомның бастығы не ойлап отыр? Осыларға қазақ ортасы, яки Мəскеу жауап берсе екен! Ең сенгеніміз ауком, оның хатшысы қазақ елінің адам болып, өз алдына мемлекет құрып, өз тілімен өз істерін жүргізуіне мынадай сиымсыз əңгіме шығарса, не болғанымыз? Езілген елді жетектеп, өрге сүйрейтін басшымыз аукомда отырған жолдас Чувилин мынадай қылса, енді кімге өкпелейміз? Губком, губисполком мынадай ауруды тазалап, тез емдесе екен. Бұл жақсы оқиға емес. Сүйікті «айымыз» Ленин жолдастың өлімі еңбекшіл жұртқа бір батса, мынау екі батады. Адасқан Чувилинді жөнге салсын, əйтпесе, «қазақ тілін жүргіз» дегенді Орынбор, Семей айтуды қойсын.
Жарнама Осымен төмендегі Қарқаралы үйезіндегі мекемелердің есіне салынады: 4-ші гүбірнелік кеңестер съезнің қаулысына тіреліп шығарған Қарқаралы ауаткомының №1163-ші жарлығы бойынша 1924ші жылдың 1-ші январынан бастап Қарқаралының үйездік оқу бөлімінің барлық жұмыстары қазақ тілінде жүргізіледі. Сондықтан 1-ші январьдан бастап үйездік оқу бөлімінен барлық қағазды қазақ тілінде жазуларыңызды өтінеміз. Үйездік оқу бөлім бастығы: Қасымов Хатшы: Беков 1-Ауатком жауабы: Мүмкін қадарлы барлық бөлімдер оқу бөлімімен қазақ тілінде қатынассын деп бұйырылады. 2-Ауортақпартком: Ресми түрде жазу керек күнінде 20-30 повеске болады, оның қайсыбірін есіңде тұта аласың. 3-үйездік ақша бөлімі: Қазақ тілі болыстармен ғана жүргізілген себепті бұныңыз үйездік бөлімдерге жатпайды деп санаймын. Үйездік оқу бөліміне кредит ашылғандығы жайында хабар қағазды қазақ тілінде жаза алмаймын ғой! Үйездің əскер комиссариаты: Қызметкерлердің санын арттырыңыздар. Қазақ тілінде жаза алатын кісілер ұстауға қаражат беріңіздер. Прокурор көмекшісі: Еске алуға. Профсоюз: Гүбірне қазақ тілін жүргізбегендіктен һəм тəржімандар жоқ себепті жарнаманы қолайсыз деп санаймын. Еңбек бөлімі: Қаулыда болыстармен екі арадағы қатынастар айтылған сықылды еді. Гүбірнелік ешбір заң (декрет) жоқ. Тəржімандар жоқ. Егер қазақ тілінде жазылған арыз келеді екен, біз оны алып, екінші жағына аударып отырамыз. Түпкі негізбен дұрыс. хатшы: Беков.
Басқармадан: Қазақ тілін жүргізуде жергіліктің мына қылығы сұмдық. Қазақстан орталығы, əсіресе, орталық комитеттің жанындағы қазақ тілін жүргізетін комиссия тиісті шара тұтыну керек. АҚША ӨЗГЕРІСІ ТУРАЛЫ Тиянақты ақша шығарып, оны амалға қою жолында қоянқолтық таянып келеміз. Мінеки, он жылға жақындап барады, Еуропа соғысы басталғалы Ресей мемлекетіндегі халық күнненкүн бағасы төмендеп бара жатқан қағаз ақша дүниесінде жасап келеміз. Өткен 1917 жылғы мартта болған төңкерістен не заман бұрын-ақ алтын-күміс, бақыр ақшалар жойылып кетті. Енді сол күннен бастап еш тоқтаусыз есеп-қисапсыз шамадан тыс қағаз ақша шыға бастап, халық арасындағы алыс-беріс қиындап, не нəрсенің болса да бағасы бір қалпында тұрмай, өзгере берген себепті жұмысшы һəм қызметшілерді үлкен зиянға қалдыратын болды. Керенскийдің үкіметі дұрыстап ел билемек түгіл, жұмысшылар һəм крестьяндар қарсы көтеріліп, мемлекеттің тұтқасы бүлініп, əбден жойылу дəрежесіне жетті. Оған күш, дүние, пұл керек болды. Оны қайдан алсын? Баяғы қағаз ақша шығаратын машина бар. Соған қарай күшті салып, бұрынғыдан да күшейтіп қағаз ақшаны жаудырды. Одан бізге қалған мирас – бүлінген үкіметтің сарқыты: қираған дүние, мемлекет мекемелері, аппараттар, оның үстіне істен түсірілген ақсүйектер, төрелер, байлар бізге қарсы шауып, жанжал шығарған соң, бұрынғыдан да жаман шаруа бұзылды. Не қылмақ керек? Кеңестер үкіметі амалсыздан баяғы ақша жасайтын машиналарды бұрынғы ізімен жүргізіп, қағаз ақша шығаруға кірісті. Өйткені əрі алысып жатқан жауды, дұшпанды жеңуге күш, пұл керек. Барымызды соған жұмсап жаттық. Онда ақшаны дұрыстап жолға қоюға көп абайланбады. Төңкерістің беті ілгері қараған соң, дүние жүзіндегі мемлекеттерде де сол бетпен төңкеріс алға таман жүре берді. Аларман-сатармандық нəрселері бітті ғой, сонан соң ақша өз бетімен керексіз қалады ғой һəм өзінен-өзі өледі ғой деп ойладық.
Сол пікірлерді сынға алып, халық шаруасының саясат жолында мықты орында болғанына көз жіберіп қарағанның соңында жаңа шаруашылық саясатын (Нов. экон. политика) туғыздық. Жаңа саясат туған соң, ақшаға қараған көзқарасты өзгертуге тура келді. Халық арасында тиянақты, бағасы өзгермейтін ақша жүрмейінше, мемлекеттің һəм əлеуметтің шаруасы түзеліп, тура жолмен жүруі тіпті мүмкін болмайтынына көз жетті. Шаруаның мөлшерленуіне, есептесуге, ел мен үкіметтің байланысуына, алыс-берістің жақсы жүре алмайтынына болмайтын болды. Жұмсағаннан қалған пұлды сақтап қойып, керегінде жұмсаймын деуге реті болмады. Жұмысшылардың ақысын дұрыстап беріп отыру тіпті мүмкін болмады. Ал, енді екінші жақтан соғыстан соң бүлінген, қираған шаруа-кəсіп, мал һəм егін шаруаларын түзеп бір жолға қоймастан бұрын, халықпен мəмілеге кіріспестен бұрын тиянақты ақша шығарып, оны дұрыс жолға қою тағы да болмайтын болды. Əуелі, соларды жолға қою керек болды. Сол кезде дұшпандармен жанталасып соғысып жүргенде де кеңестер үкіметі мемлекет шаруасын һəм ел шаруасын барлық күшін салып алға бастырғанын көріп отырғанда достар ғана емес, дұшпандардың да есепқор, білімділері мұнан төрт жыл бұрын айтушы еді: «Кеңестер үкіметі қай мемлекеттен де болса бұрынырақ тиянақты ақша жүргізер һəм жолға қояр», – деп. Бұл күнде сол сөзге, сол мақсатқа желе шоқытып, жақындап, таянып келеміз. Күннен-күн алды-артына қарамай төмендеп бара жатқан қағаз ақшаның жойылар күніне жақындады. Айлық-ақ өмір қалды. Алтын ақша есебінде жүріп тұрған червонецке серік болып, бүгін-ертең күміс ақша шығайын деп тұр: 5 тиын, 10 тиын, 15 тиын, 20 тиын һəм 1 сомдық. Соғыстан бұрынғы аты, бірақ кеңестер үкіметі соғып шығарған. Мінеки, кеңестер үкіметі червонның жолға қойылып, алға басқан мөлшерін, осымен емтиханға түсірейін деп тұр. Қуаныш қойынға симай, қуанышты көңілмен кейін, артта қалған тар кешуге қайырылып қарап, көз жібереміз: «Тиянақты ақшаны жолға қоюда талай қиындықтар болар, бірақ ол болашақ қиындықтар күні бұрын мөлшерленген, артымызда қалған қиыншылық енді алдымызда жоқ».
ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ЖƏРМЕНКЕЛЕРДІҢ ПАЙДАСЫ Қазақ елінің көбі əлі күнге дейін көшпелі. Қыс қыстаса, жаз жайлап, оты мол, суы мол жерлерге көшіп кетеді. Мал қайда барса, көшпелі сонда барады. Көшпелінің малсыз күні жоқ. Мал оны киіндіреді, ішіндіреді, жүн-жабағысын, тері-терсегін сатып, керегіне жұмсайды. Бірақ қазақ надандығынан малын тиісті бағасына сата алмай, саудагерлерге арзанға сатып, есесіне саудагерлерден қымбатқа жаман тауар алып жүрді. Бұған көз жіберіп ойланған қазақ жоқ. Қазақтың малын қымбатқа өткізуге жол керек болды. Жол табылды да. Ол – жəрменке. Жəрменкеде елдегідей бір саудагер болмайды, көп саудагер болады. Көп саудагердің əрқайсысы қазақтың малын өзі алғысы келіп, бірінен-бірі бəс арттырып, талас қылады. Талас болған соңақ қазақ малының бағасы артпақшы. Бұл – қазаққа бірінші пайда. Жəрменкеде қазақ малын тауарға ауыстыруға болады. Малды тауарға алмастырғанда қазақ зиянға қалмайды. Рас, алдау-арбау жəрменкелерде де болады. Бірақ алдау-арбауларды, малдың, тауардың хақының дұрыс болуын бақылап жүретін жəрменке комитеті болады. Неғұрлым қазақ елі жəрмеңке комитетіне дұрыс инабатты адамдарын сайлап, қомағай маклерлер мен байлардан аулақ жүрсе, солғұрлым сатқан малынан пайда көп шықпақшы. Əкең болса да, маклерлерге сену керек емес. Көз алдыңда сені «баптап» қойғанын білмей қаласың. Жəрменкенің тағы бір пайдасы – жəрменке орындары қазақтың жаз жайлайтын жайлауларына ыңғай келеді. Өздерінің жайлауларын тастап, саудагерлерді қазақ іздеп келмейді, қазақты іздеп саудагерлердің өзі барады. Соғыстан бұрын қазақ даласының саудасының көбі жəрменкелерде болатын еді. Сол себепті де тез уақыттың ішінде қазақ даласында жəрменкелер көбейіп кетті. Соғыстан бұрын қазақ даласында 25-тен артығырақ ірі жəрменке, 100-ден артық ұсақ жəрменке болып, ірі жəрменкелердің ғана сауда сомасы 100 миллион сомнан артатын еді. Жəрменкенің саудасы өзгеріс уақытында тоқтап қалды. Тек үкімет соғыс коммунизмынан шаруашылықтың жаңа саясатына көшкен соң, сауда-саттық жүзінде қазақ елімен араласу үшін жəрменкелер келе бастады.
Сол себепті де 1922 жылдан бастап, əр жерде жəрменкелер ашыла бастады. 1922 жылы Ойыл, Темір, Қоянды жəрменкелері ашылды. Əуелі ашылған жəрменкелер қазақ елі жəрменкелерден қашық болғандықтан, сондай-ақ жəрменкелер қазақтың керегін тауып бере білмегендіктен тауар алмастыру жөнінде көңілдегідей іс көрсете алмады. Соңғы уақыттарда ондай кемшіліктер жойылып, қазақтар да жəрменкелермен араласа бастады. Жəрменкелердің саны да, сомасы да артты. Мəселен, Темірдің 1923-ші жылғы күзгі жəрменкесінің саудасы жазғысынан екі есе артып, 345 мың 130 сом алтынға жетті. Ойыл жəрменкесінің сауда сомасы да сол шама. Сөз ақырында Қазақстанның ішкі сауда комиссариатының мағлұматтары бойынша, Қазақстанда осы күні болып тұрған жəрменкелерді көрсетіп өтуді тиіс табам. Аймақтық жəрменкелер: Темір, Ойыл, Қоянды жəрменкелері: Гүбірнелік жəрменкелер: І Бөкей гүбірнесінде: 1. Хан ордасындағы жазғы жəрменке майдың 22-нен июньнің 5-не дейін болады. Хан ордасындағы күзгі жəрменке сентябрьдің 27-нен октябрьдің 5-не дейін болады. 2. Орданың қасындағы Согумский жəрменке декабрьдің 28-нен январьдың 5-не дейін болады. 3. Новоказанка жəрменкесі декабрьдің 14-нен 20-на дейін. 4. Таловка жəрменкесі сентябрьдің 7-нен 12-не дейін болады. ІІ Орынбор гүбірнесінде: 1. Покровский ауылының жəрменкесі октябрьдің 15-нен 25-не дейін. 2. Петровский ауылының жəрменкесі июньнің 15-нен 25-не дейін. 3. Жаманқаланың (Орскі) жазғы жəрменкесі июньнің 1-нен 15не дейін; күзгісі октябрьдің 1-нен 15-не дейін. 4. Качиринскийдің жазғы жəрменкесі марттың 15-нен 25-не дейін; күзгісі октябрьдің 1-нен 7-не дейін. 5. Шарлықтың жəрменкесі сентябрдің 12-нен 22-не дейін болады.
ІІІ Орал гүбірнесінде: 1. Калмыков қаласының жəрменкесі майдың 15-нен 25-не дейін. 2. Қаратөбе жəрменкесі сентябрьдің 10-нан 20-на дейін. 3. Ертек жəрменкесі ... 10-на дейін. ІV Ақтөбе гүбірнесінде: 1. Ақбұлақ жəрменкесі феуралдың 1-нен 20-на дейін; октябрьдің 10-нан ноябрьдің 1-не дейін. 2. Ақтөбе жəрменкесі феуралдың 20-нан марттың 10-на дейін; сентябрьдің 1-нен 20-на дейін. 3. Шалқардың жəрменкесі июльдің 1-нен 20-на дейін. 4. Ырғыздың жəрменкесі июльдің 20-нан августың 10-на дейін. 5. Қарабұтақ жəрменкесі августың 10-нан сентябрьдің 1-не дейін. ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ КЕҢЕСІНЕ Білім кеңесінің жасалғанына көп болды. Бір-екі рет газет-журнал бетінде біраз істеген істері туралы ғана мағлұмат ретінде сөздер басылды. Басқа жұрттың, көпшіліктің талқысына салған, баспасөздің майданына салған ешбір мəселесі көрінген жоқ. Оқу кітаптары жоқ, емлесі бекімеген, жаңа кіргізілген сөздері бекімеген қазақ еліне білім кеңесінің істері жиі-жиі жарияланып отыруы керек еді. Емле (жазу) мəселесі һəм жаңа кіргізіліп жүрген сөздердің мəселелері баспасөздің майданына, талқыға түсіп отыруы керек еді. Білім кеңесі өйтпеді. Білім кеңесі құр өзімен өзі болып келді. Білім кеңесінің əртүрлі мағынаға алған сөздерінің көбіне жұрт риза емес. Жұрттың біреуі – мен. Менің де риза емес сөздерім көп. Білім кеңесінің істері майданға салынып отырмағандығынан Қазақстанның əр аймағы талай белгілі мағыналарға əрқайсысы əртүрлі сөздерді алып жүр. Бір мағынаға əркім əртүрлі сөз қолданып жүр. Кімдікі дұрыс, кімдікі теріс екенін талқыға салып, білім кеңесі қорытып отыруы керек еді. Бұл туралы мəжілістерінде білім кеңесі осы Орынбордағы біледі деген адамдардың бəрін шақырып отырулары керек еді. Шақырғанда қаралатын мəселелерді күні бұрын жариялап,
шақырылған керек адамдардың өзге қызметтен бос күндерін белгілеп, шақырып отырулары керек еді. Білім кеңесі өйтпеді. Мен өзім сол білім кеңесінің қағазында бір мүшесі саналсам да білім кеңесінің (мəжілісі) менің бос уақытыма көп тура келмеді. Қазіргі зор мəселе – жаңа сөздер мен жаңа жазу һəм кітап. Қазір тіл, сөз шатақ болып барады. Мəселен, біреу «кіндік» дейді, біреу «орталық» дейді, біреу «ортақшыл» дейді, біреу «коммунист» дейді, біреу «халық ағарту комиссариаты» дейді, біреу «оқу комиссариаты» дейді. Бұлар қазақтың тұрмысында бұрын болмаған нəрселер болған соң, осындай əркім, əр жерде əртүрлі атап жүрген болар деп едік. Бірақ кейбір ескі қазақтың тұрмысындағы бар нəрселердің өзін əркім əр түрлі атайды. Мəселен, біреу «топ» дейді, біреу «жиылыс» дейді. Қазақтың бір газеті «шет патшалықтарда» деп жазады, біреуі «шет мемлекеттерде» деп жазады. Анау күні жолдас Ленин өлгеннен кейін қазақтың бір газеті «жолдас Ленинді жерлеу» деп жазды. Ал, бір газет «жолдас Ленинді қабірлеу» деп жазды. Мəселен, біреу «маман» дейді, біреу мұны «жаман» дейді. Міне, бұлар əшейін мысал үшін келтірілген аз ғана сөздер. Даулы, теріс қолданып жүрген сөздер көп. Емле де сондай, оқу кітаптары да даулы. Осының бəрі мəселелердің талқыға түсіп отырмауынан. Білім кеңесі бұл мəселелер туралы кеңесуге əрбір қазағы бар республикалардан көп-азына қарай мөлшерлеп кісі шақырып, жиылыс қылмақ ой шығарып отыр. Бұл жиылыс біздің жыртық, кедей қалтамыздан едəуір ақша шығармақ жəне талай кісілерді істеп жүрген істерінен бөлмек. Мұндай жиылыстың қазір шақыруға қажеті жоқ. Менің ойымша, басқа республикалардың кісілерін жиямын деп əзір көңіл бөлмей-ақ, əуелі, барлық Орынбордағы білетін қазақтармен істеу дұрыс. Істегенде білім кеңесіне шақыруға керек. Кісілердің өзге қызметтен босай алатын уақыттарын белгілеп, жиылысты шақырып отыру керек жəне қаралатын мəселелерді күні бұрын жариялап отыру керек. Мəселелерді жəне баспасөз майданына салып отыру керек. Міне, содан кейін барып, керек болса, барлық Қазақстанның ғана əр аймағынан кісілер шақырып, жиылыс қылып мəселелерді ортаға салу керек. Білім кеңесі енді осы жолға түсер.
ҚАНЫНА ОТАРШЫЛДЫҚ СІҢГЕН ЧУВИЛИН (Кеңселерде қазақ тілін жүргізу жайында) Коммунистер партиясының ХІІ съезі ұлттар мəселесі туралы шығарған қаулысында автономиялы халықтардың мемлекет һəм партия мекемелерінің істері сол халықтардың өз тілінде жүргізілуінің сөзсіз керектігін соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсеткен. Онан соң Қазақстанның Орталық Комитеті Қазақстанның қай жерінде, қай уақытта бастап мекемелер қазақ тілін қолдануларының керектігін көрсетіп, декрет шығарған. Қазақ тілін жүргізу деген мəселенің тез іске асуының керектігі орыс, қазақ газет-журналдарында талай жазылған. Біздің ойымызша, бұл мəселені жұрттың құлағына сіңіру жағынан ешбір кемшлік болмаса керек еді. Бірақ біздің ойлағанымыздай болып шықпады. Құлағына сіңбеген кереңдер, кеңестер Ресейінің коммунистер партиясының саясаты ішіне кіріп шықпайтын сұм жүрек меңіреулер əлі бар көрінеді. Жақын арада Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетасы адамды мынадай күйдіретін хабар əкеліп отыр. Қазақстанның Орталық Кеңес Комитетінің декретін іске асыру үшін Қарқаралының үйездік оқу бөлімінің бастығы жолдас Қасымұлы өзінің мекемесінен орыс қызметкерлерінің біреу-екеуін шығарып, орнына қазақ қызметкерлерін алып, істі қазақша жүргізе бастайды. Мұны үйездегі ірі мекемелердің бірінің басында отырған Чувилин деген жолдас естіп, Қасымұлын шақырып алып: «Қарқаралыда қазақ тілін жүргізуге əлі ерте, қазақ тілін жүргіземін деген сен – ұлтшылсың, алашордашылсың», – деп аузына келгенді көкіп, жекіп-жекіп қоя береді. Қасымұлы Чувилинның мұнысы жолсыз екенін білсе де, амалы жоқ, қазақ қызметкерлерін мекемеден шығарып, орыстарды қайтадан алып, оқу бөлімінің ісін баяғы Некең салған жолға қайта түсіреді. Қарқаралы үйезі – қазақ үйезі. Орыс жоққа таяу, аз. Қазақтан орысша да, қазақша да оқығандар көп. Олардың бəрі де қазақ жұртына бір орыстай қызмет істей алады. Сол себептен Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті қазақ тілін жүргізу туралы шығарған декретінде Қарқаралы үйезіндегі мекемелер тегіс 1924-ші жылы бірінші январьдан бастап істі қазақ тілінде жүргізілсін деген. Олай ойлап, былай ойлағанда Қарқаралы үйезінде қазақ тілін жүргізуге
кедергі болатын ешбір себеп жоқ. Чувилинның «əлі ерте» деген сөзін бір-ақ мағынада ұғу керек. «Ерте» деген сөзі мемлекет ісін өз тілінде жүргізетіндей, бұрынғы орыстар отырған орындарға қазақтарды отырғызатындай қазақ жұртына теңдік заман туған жоқ. Ондай теңдік қазаққа əлі ерте» деген сөз. Мұндай сөз кімнің аузынан шығатын сөз? Бұл ұлтшылдық қанына сіңіп қалған, ұлы орыстың отаршылдарының сөзі. Чувилин сондай ұлтшылдыққа мас болған отаршыл болуы керек. Орыстың отаршылдарының қазақты аузына алған коммунист қазақ жігіттеріне оп-оңай ұлтшылдық, алашордашылдықтардың таңбасын баса қоятын əдеті. Орындардағы жігіттер орталық үкіметтің заңын іске асыруға ұмтылғанында, ұлтшыл атына ұшырағанда, ондай заңды шығарып отырған үкімет онан əрі он есе ұлтшыл болу керек. Əрине, Чувилин сияқты сырты ортақшыл, іші отаршыл сұмдардың қазақ үкіметіне көзқарасы солай. Егер советтер үкіметі Чувилиндерді еркіне жіберсе, қазақ жұртына əуеден жауған шұғадан шұлғау да тимес еді. Бірақ Чувилиндердің сорына қарай еңбекшілдер үкіметінің тұтынған жолы басқа. Ұсақ ұлттарды езу, құлдану, олардың өз тілімен пайдаланып өркендеуіне бөгет салу советтер үкіметінің негізінде жоқ. Советтер үкіметінің жолы – дүние жүзінің еңбекшілдерінің көсемі Лениннің жолы, соның партиясының жолы. Көздеген мақсаты – жер үстіндегі еңбекшілдерді бірлестіріп, əділсіздік, құлдықты жою, адам баласын бақытты өмірге жеткізу. Ұлтшылдық, отаршылдық жалпы еңбекшілдердің, оларға басшы болып отырған коммунистер партиясының түпкілікті істеріне үлкен кесір. Ұлы орыстың отаршылдығы жойылмай, бұрынғы тепкі жеген ұлттардың сенімін алу, оларды еңбекшілдер ұйымына тарту ешбір мүмкін емес. Сондықтан біздің партия отаршылдыққа қарсы рақымсыз күрес ашып отыр. Партияның тəніндегі мерез ұлы орыстың отаршылдығын өткір қылышпен кесіп тастап, орнын қырықтықпен қырқып, тамырымен жоқ қылу керек деп отыр. Олай болса, орындардағы партия комитеттері маймөңкені қойып, Чувилиндерді таңбалап, партиядан қуулары керек. Ортақшыл партиясының ішінде ұлтшылдарға орын жоқ екенін жұрт білсін, көрсін, есінен шығармай жүрсін.
БӨКЕЙЛІКТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗУ ЖАЙЫНДА Қазақстанда мекеме қызметі қазақ тілінде болады-мыс деген сөздерді құлағымыз естігелі бірталай болды. Бірақ біздің Бөкейлікте қалаларда ғана азын-аулақ орыс болмаса, халқы тегіс қазақ бола тұрып, əлі күнге мекеме қызметтері қазақ тілімен жүріп кете алған жоқ. Əлі қара халыққа мекемелер алыс тұр. Мұңын шағайын деп өкпесін қолына алып, даладан жаяу келген қазақ кедейі əлі күнге дейін орысша түсіндіруші тілмаш іздеуден құтылып кеткен жоқ. Бөкейлікте қазақ тілін жүргізуге бел байлап отырған екі мекемені көреміз: біреуі – гүбірнелік оқу бөлімі, біреуі – гүбірнелік сот. Оқу бөлімі 24-ші жылдың январынан бастап өз қоластындағы мектептер аудандық уəкілдерімен қазақ тілінде іс жүргізіп отыр. Сот мекемесі қазақша бөлімшелер ашып, қазақша істерді соларға тапсырып отыр. Бұлардан бұл күнге дейін алынған тəжірибеге қарағанда, қазақ тілінде іс жүргізудің мүмкін екендігі, қазақша істі алып жүрерлік кісілердің табылатындығы көрініп түр. Тек жігер, ынта керек. Енді гүбірнедегі басқа мекемелерге қарасақ, олар да жоғарыдағы айтқанымыз секілді таз кебінде. Оларға барған қазақ кедейі сыртынан қазақ кеңсесі деп естіп барса да, қазақ тілімен мұңын шаға алмай, «аты өзгерсе де, заты өзгерген жоқ екен ғой» деп түңіліп, орысша жазушы іздеп жүргенін көресің. Басқа мекемелер өздері қазақша іс жүргізуге жігер ету түгіл, қазақша іс жүргізіп отырған ана мекемелердің істеріне кедергі жасап, кейде қазақша жазған қағаздарын қабыл алмай, қайырып жібергендер де көрінеді. Іштерінде бірен-саран қазақша ынталы жолдастар болса, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып отырғандары да жоқ емес. Мекемені қара халыққа жақындату, қазақ тіліне азаматтық теңдік хақын беру үшін қазақ тілімен жазылған сөздерді басқасоқ, жасқаншақ жасаудан құтқару керек. Бұның үшін халқы тегіске жақын қазақ болған Бөкейліктің гүбірнелік мекемелерінің басқалары да сот пен оқу бөлімінің ізіне тоқтаусыз түсулері керек. Қазақша жазушы жоқ деп сылтау жасау орынсыз. «Мекемелердің істері қазақша жүргізілетін болыпты» дегенді естіп, орын сұрап, шұбырып жүрген қазақ жастары осы күнде
көп ұшырайды. Іс басындағы жолдастар өз тілдеріне өздері өгей көздерімен қарамаса екен. Теңдік, құрдастық керек дейтін болса, қазақ тілін жүзеге асыруға аса үлкен орын беріп, ыждағат етсе екен. Бұлай болмағанда, баяғы итеріп жіберсе құлайтын, түйіп жіберсе жылайтын ескі əдеттен құтылуымыз шүбəлі. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖҮРГІЗІЛСЕ ЕКЕН Қазақстанның газеттері жүзінде ішкі халық комиссарларының «мекемелерде қазақ тілі жүргізілсін» деген жарлығының жүзеге шығарылып жатқанын көреміз. Ішкі халық комиссарларының айтылған жарлығы біздің милиция курсына өзгеріс кіргізген жоқ. Басталғаннан бері пəндердің бəрі де орыс тілінде оқылады. «Бітіре алсақ, бір жылдан соң ел арасында қызмет істейміз бе» деген ойымыз бар. Қазақстанның барлық ісі қазақша жүргізілгенде келешектегі істерді жеңіл билеп кетуіміз үшін осы бастан курста пəндер қазақ тілінде берілсе екен дейміз. Ең болмағанда милицияның іс жүргізуі, саяси білім һəм тарихи материализм дегендер. Келешекке біздің осы кезгі əзірлігіміз өнімдірек болуын көздеп, курсымызға кіргізетін өзгерісті күтеміз. ЕГІНГЕ ҚАМДАНАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ Егінге қамданатын уақыт жетті. Міне, қазір март айы туды. Жаз жақын. Уақыт тынбай ілгері жүруде. Ешкімнің еріншектігіне заман тоқтап, қарап тұрмайды. Пысық, күшті адам заманнан кейін қалмай, мезгілінде үлгеріп, тіршілік ретінде керекті істерін істеп қалады. Шабан, əлсіз, жалқау адам заманға ілесе алмай, мезгілінде үлгере алмай, əр нəрседен кем қалады. Қазақстанның елі жалқау, заманнан кейін, артта қалған ел. Бірақ сен жалқау екенсің деп жүріп, бара жатқан заман тоқтап тұрмайды. Кімде кім жалпы өнерлі адамзаттың қатарына кірмек болса, тынбастан еңбек қылу керек, жалқаулықты қалдыру керек. Тіршіліктің негізі – еңбек. Еңбекпен адам жақсы тұрмысқа жетпек.
Міне, енді егінге қамданатын уақыт жетті. Егінге ертеден қамдану керек. Қазақстан халқы шабан, жалқау һəм сол шабандықтың, жалқаулықтың арқасында надан һəм өзге өнерлі елдің бəрінің артында қалған. «Шабан үйрек бұрын ұшар» деп қазақ мақал айтса да, сол үйрек құрлы «бұрын ұшуды» білмейді. Өзі еңбек қылмаған адамға ешкім жəрдем қылмайтынын қалың қазақтың кедейлері білетін болды. Енді шабандықты тастап, егінге дайындалу керек. Қазақстан үкіметі бұл ретінде қолынан келген жəрдемін аямас. Оның қылған жəрдемі жалпы қалың нашардың бəріне жетпейді. Қазақстанның жер-суын басқаратын комиссариаты өзінің тапқан 8 жүз мың пұттай тұқымды гүбірне-гүбірнеге бөліп жіберіп отыр. Мəскеуден тағы да жəрдем сұрап жатыр. Жəрдем ала алса, тағы да гүбірнеге бөліп жібермек. Бірақ бұл жетпейді. Қазақстанға 3 миллионнан астам тұқым керек. Жалғыз жəрдем беретін Мəскеудің өзінде де тұқым аз. Міне, сол себепті жалпы халықтың өзі ерте бастан қамданып, тұқым тауып, жалғасып, жұқтасып, мезгілінен бұрын егін салуға даярлануы керек. «Жатқанға жан жуымайды». Жазғы егінге қамданатын уақыт жетті. Бұл туралы гүбірнелердегі, үйездердегі, елдегі еңбекші халыққа шын қызмет қыламын деген азаматтар ертерек ойланып, ерінбей, тынбай, халыққа жарнама шашып, қолынан келген түрлі жəрдемдерін, ақылдарын беріп, жалпы ауыл халқын жұмыла егін ісіне кірістіруге барлық күштерін салулары керек. Жалпы халықтың шаруасы түзелмесе, совет үкіметінің де ісі түзелмейді. Жоғарғы совет үкіметінің нұсқасы – осы. Бұған терең ой жіберу керек. Шындап ерінбей, ертеден кірісу керек. Бұл – азаматтың борышы. ҰЛТШЫЛ КОММУНИСТ БОЛА МА, ЖОҚ ПА? Жолдас Сəдуақасов «Еңбекшіл қазақ» газетінің 160-ші санында «Ленин Һəм ұлт мəселесі» деп жазған мақаласында жолдас Ленинді ұлтын сүюші ұлтшыл етіп шығарып, кейбір ұлтын сүймейтін қазақ коммунистерін ұлтын сүймейді, өз ұлтынан безеді, коммунист емес дегенге келтіреді.
Жолдас Лениннің ұлтын сүймейтінін, қысқартып айтқанда, ұлтшыл екендігін ыспат ету үшін Лениннің сөзі деп мынандай сөзді мысалға алады: «Біз орысты, орыс халқын сүйеміз. Сүйген сайын біз орыстың патшасына, төрелеріне қарсымыз. Біз орыс жұртын жақсы көреміз. Жақсы көрген сайын еркін, іргелі халық болуын тілейміз» жəне орыстың халықшыл Чернышевский деген марқұмның «Сорлы ұлт, бейшара халық шетінен құл халық» деп 50-ші жылдың турасында айтқан сөзін мысалға алып, біздің қазақ коммунистері де соны айтсын дегенге келтіреді. Мұнысы Сəдуақасовтың коммунистіктің не екендігін білмейтін соқырлығы, болмаса теріс бағытқа айдаушылығы. Себебі, ұлт деген, қысқаша айтқанда, жері бірге, тілі бірге адамдардың шаруашылық, мəдени, саяси тұрмыс реті бойынша бірлігі. Орысша айтқанда (объединение). Солай болғанда бұл бірліктің ішінде байы да, жарлысы да, төресі де һəм неше түрлі сұмқылдары – бəрі де бар. Теп-тегіс бір таптан деуге болмайды. Əр таптың адамдарынан болады. Егерде біз коммунистер ұлтты сүйеміз десек, байды да, төрені де һəм неше түрлі сұмқылдардың бəрін де сүюші болып шығамыз. Біз, коммунистер, тек қана жалпы һəм шын бейнетқорларды сүйеміз. Байларға, төрелерге қарсымыз. Егер де Ленин ұлтшыл, ұлтын сүйеді десек, онда ол капиталшыларды да, жуан жұдырықтарды да, байларды да сүюші болып шықпақ. Лениннің қанша байларға, жуан жұдырықтарға қарсы болғандығын көп ыспат келтірмей-ақ, көзі ашық, саңлауы бар адамның өзі-ақ түсінер деп ойлаймын. «Марксшылдық қай түрлі ұлтшылдықтың болса да дұшпаны һəм кімде-кім ұлт мəдениетін қуаттаса, оның орны ақсүйек байлардың ішінде. Біздің марксшылдың арасынан аулақ жүрсін», – деп айтқан. Жолдас Лениннің өзі тап жолдас Садуақасовқа арнап айтқан сияқты. Міне, осының өзі-ақ көрсетеді: жолдас Лениннің ұлтшылдыққа қай көзбен қарағандығы, бұл – бір. Екінші, жолдас Сəдуақасовтың: «Біз орыс халқын сүйеміз, сүйген сайын біз орыстың патшасына, төрелеріне қарсымыз. Біз орыс жұртын жақсы көреміз», – деп Ленин айтты деген сөзі жолдас Ленинге үлкен пəле жабу болып шығады. Себебі Ленин олай деп айтқан жоқ, айтқаны мынау: «Біздер өзіміздің тілімізді, туған жерімізді сүйеміз. Сүйген сайын еңбекшілдерді (халықтың
оннан тоғызын) оятып, социал-демократ һəм социалистердің саналы тұрмысына жеткізуге көбірек қызмет етеміз. Біздің туған жерімізді патшаның қандыбалақтары, ақсүйек капиталшылары қанша езіп, зорлық етіп, масқаралап жатқанын көріп һəм сезіп, бек қатты жүрегіміз ауырады». Міне, осы сөзден ұлтын сүюшілік шыға ма? Шықпайды. Бұл сөзде жолдас Ленин ұлтқа қай көзбен қарайтындығын көрсетіп кеткен. Жоғарыдағы қоршауда тұрған оннан тоғыз дегеннің өзі-ақ көрсетіп тұр. Ұлтты сүймейтіндігін жəне бұл сөз заманына қарай үкімет патшалар, байлардың қолында болып, жарлыларды езіп тұрған уақытында айтқан сөз. Жолдас Сəдуақасовтың қисық көшіруі һəм қоршауда тұрған «онның тоғызы» деген сөзді тастап кетуі таңқаларлық іс. Көрмей кетті ме екен, болмаса жорта тастап кетті ме екен, Лениннің бұл сөзін қазіргі уақытта бізге үлгіге алуға болмайды. Себебі, үкімет қазірде жарлылардың қолында. Бұл сөзді айтуға мүмкін тек жарлылар үкіметіне риза болмаған байлар һəм ақжағалылар. Ал, енді халықшыл Чернышевскийдің «Сорлы ұлт, бейшара халық» дегеніне келсек, бұдан бізгі еш мағына тумайды. Неге десеңіз, қазіргі біздің коммунистердің жолы мен халықшылдардың жолының арасы жер мен көктей жəне Чернышевскийдің ерте уақытта, социалистер жаңа ғана оянып, халық патша қоластында езіліп тұрған уақытында айтқан сөзі. Бұл сөзді мысалға алуға қазірде келмейді. Жолдас Лениннің əр ұлттың ықтиярын өзіне беру керек деген сөзінен ұлтты сүйеді екен деп ұғыну керек емес. «Əр ұлттың ішіндегі жарлы-жалшылардың ықтиярын өзіне беру керек һəм жарлы, шын бейнетқорларды сүю керек деп айтты» деп ұғыну керек. Қазіргі қазақ сияқты уақ ұлттарға беріп отырған ықтияр, бостандық жалпы халықтың, яки ұлттың ішінде адамдардың бəріне беріліп отырған емес, тек қана жарлы һəм шын бейнетқорларына беріліп отырған бостандық. Бұл бостандықты беріп отырған ұлтшылдар емес, Россияның шын коммунист жұмыскерлері бұларға басшы болып, түзу жол сілтеген жолдас Ленин. «Бүкіл дүние жалшылыры, бірігіңіздер!» деген коммунистердің ұранынан-ақ көрініп тұр – коммунистердің кімді сүйетіндіктері. Қай түрлі ұлтшыл болса да, езілген тапқа бостандық алып бере алмайды.
Ұлтшыл болып, езілген тапқа қызмет етем деу – езілген тапты езуші, алдаушы болам деушілік. Езілген таптың қамқоры, жол басшысы болатын тек шыны қосымшасыз коммунистер. Ұлтшылдар – езілген таптың дұшпаны. Ұлтшыл кісі – ортақшыл емес. ҚАЗАҚ ИНСТИТУТЫНДА Қазақ институтындағы оқушылардың сабақтары сағындырып басталғандықтан болса да, болмаса оқудың аса қымбатты бағасын түсінгендіктен бе, оқушылар бар ынтасын салып, түнгі сағат 1-2-ге дейін ұйықтамастан ертеңгі сабақтарына əзірленеді. Оқушылардың араларындағы түрлі ұйымдарға келсек, мынадай: 20 январьда Жолдыбайұлы, Аймауытұлы, Қарменұлы осы жоғарыдағы жолдастардың нұсқауы бойынша оқушылардың жалпы жиылысы ашылды. Қаралатын істер: Жолдастардың арасына түрлі үйірмелер ашу. Жоғарыдағы жолдастардың баяндамасын тыңдағаннан кейін көпшілік мақұл деп тауып, төмендегі ұйымдарды ашуға қаулы қылысты: 1) Саяси үйірімі. 2) Театр үйірімі. 3) Əдебиет үйірімі. 4) Тартыс үйірімі. Тағы да басқалар. Бұл үйірмелердің негізгі мақсаттары: Институтта оқушы жолдастар келешектегі жас жеткіншектердің тəрбиешісі болғандықтан осындай түрлі үйірмелермен оқушыларды таныстыру. Ашылған ұйымдардың басқарушылары оқушылардың өз араларынан. Сырттан нұсқаушылар: М.Жолдыбайұлы. Ж.Аймауытұлы. 1) Саяси үйірімі: жетісіне екі рет: жұма күні, жексенбі күні мерзімді уақытында 2 сағаттан. 2) Театр үйірімі: екі жетіде бір рет сауық кешін қою. 3) Əдебиет үйірімі: жетісіне екі рет кезекті күндерінде əзірленеді.
- Тартыс: жұмасына бір рет. Театр үйірімінің басқарушысы жақын арада 24 февральда жастар клубында қызыл əскерлердің 6 жыл толған тойының құрметіне сауық кешін жасап өтті. Тартыс: жуырда екі рет – сенбі күні кеш тартыс болды. Алынған тақырып: «Қазақ халқына отырықшылық пайдалы ма, көшпелілік пайдалы ма?» деген. «Отырықшылдық пайдалы» деп сөйлеуші жолдастың баяндамасы дəлелдірек болып, оқушылар бірауыздан мəдениет жұртына жақындауға отырықшылық себепкер деп қара халықты отырықшылдық жұртына жақындастыруға міндеткер болуларына борышты болып, уəделерін берісті. Тағы да бір рет «Еңбек күшті ме, білім күшті ме?» деген тақырыпты алып, бір-екі жетінің турасында тартыс болды. Тартыстың қорытындысы: Тыңдаушы жолдастар: «Еңбек арқасында білімді аламыз, мəдениетке жетеміз. Олай болса, еңбекке соқпай кететін бір нəрсе жоқ. «Білім – еңбектің туындысы» деп білімді еңбек арқылы жұмсауға уəде береміз», – деп қарарларын шығарды. Жоғарыдағы түрлі үйірімдер мөлшерлі уақытта істеліп тұрса, институттың ішкі тəртіптері көңілдегідей болады деп сенеміз. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОҚУ КІТАПТАРЫН БАСЫП ШЫҒАРУ Қазақстан оқу комиссариатының тегістік тəрбиесін беретін бас мекемесі бірінші басқыш мектептер үшін келесі жылға Байтұрсыновтың «Оқу құралын» (15000), «Тіл құралының» І бөлегін (20000), ІІ бөлегін (15000), ІІІ бөлегін (10000), Дулатовтың «Есеп құралының» І жылдығын (10000), ІІ жылдығын (15000) бастырып шығаруға қам қылып жатыр. 8-МАРТ МЕЙРАМЫ МЕН ҚАЗАҚ ƏЙЕЛІ 1910 жылы атақты əлеуметшіл əйел Клара Цеткин ыждағатымен Копенгаген (Дания) қаласында болған əйелдердің жиылысында 8-ші март жер жүзінің еңбекшіл əйелдерінің күні деп жарияланған.
Бұл күнді əйелдер күні деуімізден мынандай сыр-мағына шығатын: 1) Еңбекшіл əйелдер бұл күні жұмыс тоқтатып, мейрам жасайды. 2) Еңбекшіл əйелдер бастарын қосып, жиылыс жасайды. 3) Жиылыста жыл бойы əлеуметшілдік жолында, жалпы қоғам пайдасына, қалды əйелдер үшін, əйелдер теңдігі үшін не жасалғанын есептейді. 4) Болашақтың жұмысына желі тартып, жол белгілейді. Мəдениетті Еуропа əйелдері сол 1910 жылдан бастап айттай ардақтап, 8-ші мартты мейрам жасап келеді. Капитал үкіметі əйелдер күніне дұшпан көзбен қарап, жоймақ болған. Талай жерлерде жиылып, мұң-мүддесін сөйлесіп жатқан əйелдерді мылтықты көргенсіз полицейлерін жіберіп, талай тарқатқан. Мəселен, Австрияда əйелдер мен əскердің соғысы да болып қалған. Ресей елі – надан ел. Ресей елі Күншығысқа бір табан жақын. Сондықтан Ресей елінің əйелі капиталдың шеңгелінде, шірігеннің үстіне өздерінің ерлерінің, əке-шешелерінің құлдығында жүрген. Орыс əйелі 1917 жылы октябрьден кейін ғана үлкен жолға түсіп келеді. Барлық сары далаға, барлық сары даладағы шерлі апақарындастарға... Сары дала бейне өлік. Сұлап жатқан сары дала; қорлықта, күңдікте жүрген əйел; малға сатылып жүрген əйел; төртінші тоқалдыққа жалға барып отырған əйел; тамағы аш, иіні жалаңаш əйел; неше түрлі ауыр құзырларға ұшырап, өмірі рахатты минутсыз өтіп тұрған əйел; əліпті таяқ деп танымайтын 100% хат танымайтын əйел. Ленин жолдастың көп өсиетінің бірі – Күншығыстың езілген елін тірілту. Бұл өсиетті Лениннің үмбеттері орындамақ. Орындау үшін жұмысты осы сары даланың əйелдерінен бастамақ. Бұл күнге дейін қазақ əйелі əйелдер күнін естімеген болатын. Бұл күннен бастап, тегісінен біліп, түсініп, араласып кетеді деп те тамағымыз іспейді. Бірақ «тамшы тама-тама тас теседі» дегендей бара-бара мақсұттың орындалатынына да күмəніміз жоқ. Өзгеріс уақыты – өрт уақыты, асығыс уақыт. Аңды азамат, азды-көпті үлкен жолда қамыт астында жүрген апа-қарындас, асығыстықпен, өзгерісшіл жолмен мына жұмысқа кірісу керек. Қазақ əйелін түсіндіріп, қазақ əйелінің көзін ашып, қазақ əйелін
шаруашылық, саяси құқықта бəріне ие қылып, мына жалпы əйелдер күнінің не екендігін түсіндіріп, жер жүзінің əйелі болып көтерген тудың астына кіргізу – адамшылдық борышымыз. БІЗДІҢ АЛДЫМЫЗДАҒЫ ЖҰМЫСТАР (Сейфуллин жолдастың «Советская степь» деген газетіндегі əңгімесінен) Жалпы қазақстандық, жалпы россиялық жиылыстардан соң, біздің алдымызға түрлі тығыз жұмыстар келіп басты. Біз ол жұмыстарды көп ұзатпай орындауымыз керек. Қазақстандық кооперация ұйымы жабылатын болғандықтан бізге, Қазақстанда кооперация жұмыстарын орындау керек. Кооперация көбінесе сауда жүргізді. Елді кооперацияға ұйымдастыру жұмыстарына орталық үкімет ақша бермегендіктен кірісе алмады. Кооперация сауда ретінде де елмен қатыспай, елден сатып алатын шикі заттарды да өзінің агенттері, маклерлері арқылы жай саудагерлерден де арзан сатып алып, өз тауарларын елге базар бағасында қымбатқа сатып келді. Онан ел зиянға қалды. Базарды жай саудагерлер меңгеріп кетті. Енді бізге керегі – бүкіл Қазақстанның кооперация жұмыстарын басқарып, кооперацияны қазақ елінің арасына жайғандай бір орталық кооператив мекемесін ашу. Мұндай орталық мекеме елдегі кооперацияны əр түрінде басқаруға тиісті. Кооперация жұмыстары мен үкімет саудасын жөнге салу жұмысы байламды. Үкімет саудасы да елге агенттер, маклерлер жіберіп отырды. Олар елдің затын арзанға алып, үкімет сауда ұйымдарына қымбатқа сатып, бір жағынан елді, екінші жағынан үкіметті жеп жүрді. Бұл ретте біз маклерлерді бітіріп, зауыт-фабрика заттары елдің қолына, ал елдің шикі заттары үкімет саудасының қолына тура барып тигендей қылуымыз керек.
ЕРІКСІЗ ЖАУАП «Күлкі сөзге шын жауап берудің өзі бір күлкі» деп Гегель айтқан екен. «Еңбекшіл қазақтың» өткен нөмірінде басылған Серікқали Жақыпұлының мақаласы Гегельдің осы сөзін еске түсіреді. Айтты, айтпады мұндай «сынға» ең жақсы жауап – оңдап тұрып қарқылдап күліп алу. Бірақ мен жауап бермесем, Жақыпұлы үлкен бір мағыналы сөз айттым деп мақтануы мүмкін. Тұрмыстың талқысына түспеген бірен-саран жастар теріс ұғынып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл «сын» туралы бір-екі ауыз сөз айтып өтуді еріксіз қажет көрдім. Өзінше маған бір ауыр жүк артпақ болып, қабағын түйіп, Серікқали жолдас менен сұрайды: «Ұлтшыл кісі коммунист бола ала ма, жоқ па?», – деп. Жақыпұлы бұның несін менен сұрайды? Əрине, ұлтшыл кісі коммунист бола алмайды. Олай болса, бұл сықылды аяқтан шалыс неме керек? Қарастырып келсек, Жақыпұлының да көздеген нысанасы бар. Сөйлеп-сөйлеп келіп, Смағұл Сəдуақасовты «ұлтшыл» қылып шығармақ. Содан кейін маған айтпақ: «Сен коммунист емес, мен – коммунист. Сондықтан езілген таптың қамқоры, міне, мен – Жақыпұлы» демек! Уа, жолдас Жақыпұлы, бұл секілді «демеукөкке» мінбей-ақ қойсақ қайтеді! Əрқайсымыз да қолымыздан келген жұмысымызды істей берейік-дағы. Езілген тап сені де, мені де көріп отыр ғой. Ал, енді көшіру мəселесіне келейік. Жолдас Жақыпұлы менің «жұрт» деген сөзімді қате деп, Лениннің жазғанын былай деп көшірген болады: «Біздің туған жерімізді патшаның қандыбалақтары, ақсүйектері, капиталшылары қанша езіп, зорлық етіп масқаралап жатқанын көріп һəм сезіп, бек қатты жүрегіміз ауырады». «Жұрт» дегенді өшіргендегі Жақыптың қойған сөзі «туған жер». Сөздің мағынасы бұдан қанша өзгерді? Жақыпұлы «туған жер» дегенді осы күнгі аяқпен басып жүретін қара жер деп түсінсе (меніңше солай болуға тиісті), онда, əрине, мағына өзгереді. Олай болғанда қара жерді езіп, оған зорлық етіп, масқаралауға да болмайды. Ондай жерді езгенге Лениннің де сезімі оянып, жүрегі ауыра қойды ма екен? Біздің ұғынуымызша, Лениннің жүрегі ауырғаны Россияның жұрты үшін, оның ішінде, əрине, еңбекшіл табы үшін.
Сондықтан Ленин айтады: «Біз орыс жұртын сүйеміз, сүйген сайын біз олардың капиталистеріне, төрелеріне қарсымыз», – дейді. Қазақ коммунистері бұл сөзден қандай өнеге алу керек. Ленин құсап олар да айту керек: «Біз қазақ жұртын сүйеміз, сүйген сайын біз олардың байларына, бұрынғы төре, болыстарына қарсымыз» деп. Бұл сөзден тар ауданды ұлтшылдық көріне ме? Əрине, жоқ. Сүйген сайын дегеннен ары қарайғы сөз айтылмаса, таласуға болады. Əйтпесе, бұған қалай айып тағылады? Бірақ амал бар ма, Жақыпұлы айып тағып отыр. Менің «теріс» көшіргенімді түзеткенімен тек тұрмай, Лениннің өзін апарып сандыққа салып отыр. Ол айтады: «Лениннің бұл сөзін қазір үлгіге алуға болмайды»,– деп. Міне, қызық! Ленинің қай сөзін үлгіге алып, қай сөзін тастауды бұдан былай, сірə, Жақыпұлынан сұрасақ керек! Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыққан мына жігіт бұрын қай жерде, кімге үгіт айтып жүрді екен, білер ме еді. Чернышевский туралы да Жақыпұлы текке лағады. Чернышевский жайынан Ленин былай деген: «Бұдан елу жыл бұрын Чернышевский айтқан екен: бейшара халық – құл халық, басынан аяғына дейін құл халық»,– деп. Осы күнгі патшаның шын құлдары бұл сөзді айтқысы келмейді. Біздің ойымызша, бұл сөз адал ниет, ақ жүректен шыққан сөз. Ол кездегі орыс халқының ішінде революционер жоқ еді. Осы күні олар аз-аз болса да бар. Зорлықзомбылық, қараңғылық орыс халқының еншісі емес. Революционер табын жасау олардың да қолынан келеді. Бұның бұлай екенін адамшылыққа біз көрсетіп отырмыз. Біз оған мақтана аламыз. Лениннің айтқаны келді. Орыстың революционерлері адам баласына өнерлерін көрсетті. Лениннің бұл сөзін қазаққа келтіргенде біз не дейміз? Біз айтамыз: «Қазақ та бұрын шетінен құл, шетінен бейшара еді. Николайдың шын құлдары: би-болыстар бұл сөзді көп айтқысы келмейді. Ол кезде қазақ ішінде революционерлер жоқ еді. Енді олар бар. Бірақ олар əлі аз. Бейшаралық, құлдық қазақ еңбекшілерінің еншісі емес. Біз де жақсы, əдемі тұрмысты орната алатындығымызды көрсетеміз. Мен анау күнгі мақаламда осыны мысал қылып отырмын. Бұны қалайша кінəлауға болады? Бəрімізге жолбасшы Карл Маркс айтқан: «Езілген тап құлдықтан құтылу үшін қанша күрессе, құтылғаннан кейін өзін-өзі
тəрбиелеп, жаңа тұрмыс орнату үшін соншама күресу керек деп. Əлі де болса байлар да, болыстар да бар. Қазақтың кедейі өзінөзі тəрбиелеуге енді кіріскелі отыр. Бұған көп күш керек. Мұны істейтін ол кедейдің өзі, оған көмекші коммунист партиясы. Сіз ескірді десеңіз де Лениннің сөзі енді керек. Сондықтан əлде болса да айтқанымды қуаттаймын. Мен Жақыпұлының алғысымен коммунист болып, қарғысымен ұлтшыл болмаймын. Бірақ бұл секілді «демеукөкті» əйт-шу қылып мінуден бұдан былай сақтану керек. «Демеукөктің» түпкі мақсұты һəм апаратын жері белгілі де. ЖАЗУ ТАҢБАЛАРЫМЫЗДЫ АЗАЙТУ ТУРАЛЫ ЖОБА Хат танудың бір қиындығы – жазу таңбаларымыздың көптігінен. Қазақтың ана тілінде дыбыс аз (24) болса да, жазуға келгенде көбейіп кетеді. Хат тану қашан оңайланбақ? Əрине, дыбыс басына бір-ақ таңба болғанда. Татарлар бас қаріптерді алып жүр. Олай жазғанда жазудың бұрынғы түрі мүлде өзгеріп, танылмастай жат болып кететін көрінеді. Ол көрмеге де əдемі емес, толып жатқан ирек, керітінді болып шығады. Жазу машинасына лайықтап, Ахмет ағайдың шығарған қаріптері бар. Онда да дыбыс басына бір таңба алынған. Бұл қаріптер бас таңбаларды алғаннан əлдеқайда қолайлы. Қайтсе де таңбаны азайту мəселесі майданға шықты. Кеп – дұрыс шешуде. Ахмет ағайдың шығарған таңбалары осы күннен бастап, баспаханаларға арналып жасалса, жақсы-ақ болар еді. Онда хат тану бір жола жеңілденіп, орыс жазуының қатарына келер еді. Бірақ ол қаріптер жақын арада іске асады деп үміт етуге болмайды.Тыңнан қаріп жасатуға көп қаржы керек. Қаріп көп керек. Күллі Қазақстан, Түркістан жерлеріне (баспаханаларына) түгел жеткендей қаріп қолға оңай түспейді. Олай болса, қаріп азайту əңгімесі бірталай заманға шейін созылуға мүмкін. Өмір, ғылым жолы жеңілдікті тілейді. Көрнеу тұрған жеңілдік болса оны жайға қарату, «Асықпа, бірақ жарылқаймын» деу дұрыс емес. Сондықтан қаріп азайтудың қолайлы жолын іздеу керек.
Біздің түпкі мақсатымыз – дыбыс басына бір таңба беру. Соған жетуге талпыну керек. Біреулер осы мақсұтқа бір-ақ секіріп жетеміз, жаңа қаріптер жасалып шыққанша, осы күнгі таңбаларымызбен жүре тұралық дейді. Мен ойлаймын: таңбаларымызды бұзбасақ та, санын азайтып, жаңа қаріптерге жетуге бір адым салған дұрыс деп, неге десеңіз, жаңа қаріпке біржола түсіп кетсек, осы күнгі баспа танитындар тосаңсып, жаңа жазуды танымай қалуға мүмкін. Жаңа қаріптерге тез түсініп кету үшін, одан бері де оқушыларды азды-көпті көзін үйретіп, əзірлеп алу керек. Жүзден төрт-ақ адамы хат танитын қазақтың көзін ашамыз деп жүргенде, біржола жаңа қаріпке түсіп кетсек, сол төртеуін соқыр қылып алу қаупі бар – бұл бір. Екінші, тыңнан хат танитындарға жазу үйрену жолын жеңілдету үшін қазіргі қолданып жүрген қаріптерімізді азайту пайдалы. Бұл туралы менің ұсынатын жобам мынау: Бізде баста, ортада, аяқта, жеке жазылатын қаріп таңбаларын есептегенде, барлығы 100 таңба бар екен. Осының 58 таңбасын алып тастасақ, жазуымызға, баспамызға кемшілік келмейді деймін. Шығарып тастайтын таңбалар соңғылар: Көрініп тұр: əр қаріптің жеке таңбалары мен бас таңбаларын алып отырмын. Сөздің ортасында жəне аяғында жалғанып жазылатындарын шығарып тастап отырмын. Орталықта жазылатын таңбалар өзі де аз болады екен. Оны есептеп көрдім. Бас таңбалар үш есе, жеке таңбалар екі есе, орта таңбалар бір есе жазылады екен. Əрине, бұл нобай есеп. Сонымен, бұрын үш-төрт, алты таңбалы болып жазылатын (А, Б, П, Т, Ж, Л, т.б.) қаріптері енді екі-ақ таңбамен жазылады. Бұрын екі таңбалы (Д, Р, З, О,Ұ, У, Е) қаріптері енді бір-ақ таңбамен жазылады. «Е» таңбасының «»ﻪ-сін алу қолайлы. Өйткені жалғанып жазылатын «Е» көп келеді. «Х», «Ш», «Ф», «Һ» таңбаларын енді шығарып тастау керек деймін. Өйткені ол дыбыстар қазақ тілінде жоқ. Өзімізде жоқ дыбыстарды əліпбиге кіргізудің қажеті жоқ. Қазақ «һəр», «һəм», «һеш», «һаман», «қаһар», «шаһар», «халық», «хабар», «хүкімет», «махкəма», «хакым», «хажат» демейді; «əр»,
«əм», «еш», «əман», «кəр», «шəр», «қалық», «қабар», «өкімет», «мекеме», «əкім», «қажат» деп айтады. Егер сингармонизм заңын қолданатын болсақ, қазақтың өз ыңғайына көшу керек. Басқа жұрттан кіретін «фалсафа», «фотография», «фікір», «флегматик» деген сықылды сөздерді «пəлсепе», «потограпия», «пікір», «пілегматик» деп жазудан кемшілік жоқ. Бұл қаріптерді жоғалтсақ (16=4х4) он алты таңбаны жойған боламыз. Бұл – үлкен кіріс. Жалғыз-ақ «Х» мен «Һ» дыбысының əдебиетте, əсіресе, одағай сөздерде жолығатыны болады. Мысалы: «Х», «Ох», «Айхай», «Үһлеме», «Аһа» деген сықылды. Солар үшін бұл екі дыбысты алу дұрыс па? Жоқ, оларды шығарып тастап: «Ай-ой», «Ай-қай», «Үлеме» деп жазғанымыз дұрыс па? Алда-жалда бұл екеуін тастай алмаймыз десек, онда мен бұлардың бір ғана таңбасы Х», «Һ» алуды ұсынамын. Сонымен, бұрынғы 100 таңбаның 58 таңбасын жоғалтып, 42 таңбаға қалдырамын. Мен бұрынғы жобамда емлені өзгертуді ұсынғамын. Егер ол жоба бойынша емле өзгеріп, осы жоба бойынша таңбалар азайғанда, жазу түріміз қалай болар екен? Жазып көрмекші! Бұл жоба баспахана жұмысына да өте жеңілдік келтіреді. Қаріп теру жұмысын үйренуге ол үлкен оңай. Енді қаріп кішірейтіп жасауға болады. Əсіресе, бала оқытуға, хат танытуға өте пайдалы. Бұрын 100 таңбамен таныстырылатын шəкірт, енді 42 таңбамен ғана таныстырылады. Ендеше, екі есе оңайлатқан болады. Тағы бір қолайлысы: бұл жобаны қазір іске асыруға ешбір бөгет, ешбір расход жолықпайды. Бұрынғы басылған кітаптармен артық айырмасы да жоқ. Жəне «Л», «Р», «Е», «З», «О» сықылды жеке қаріптерді оқып, көзі жаттығу келешектегі Ахаңның қаріптеріне тез түсінуге өте қолайлы. Бұл жобамен баспаханаға ғана өзгеріс кіргізгеніміз болмаса, қолжазбамыз түк өзгермейді. Менің бұл жобамды кейбіреулер бүйректен сирақ шығарған көрер. Олай емес. Бұл қазіргі шағымызға ең пайлады, ең қолайлы жол. Сөзді ұзартпай, ендігісін сыншылардың қарауына беремін. Газет басқармаларына: Қазақстан, Түркістанда шығатын барлық газеттер осы жобаны да көшіріп басуын тілеймін.
ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ КЕҢЕС КОМИТЕТІНІҢ ҮЛКЕН ПРЕЗИДИУМЫНЫҢ ҚАУЛЫСЫ Қазақстан Орталық кеңес комитетінің үлкен президиумының соңғы мəжілісі кеңселерде қазақ тілін жүргізуде құрылған орталық комиссияның істеген істері туралы баяндамасын тыңдағаннан кейін мынадай қаулы шығарды: 1) Кеңседе қазақ тілін жүргізетін комиссияға жергілікті ісін күшейту, əсіресе, Семей гүбірнесінде қазақ тілін жүргізу ісіне ілтипат етуді ұсынуға; 2) Қазақ жұмыскерлеріне болыс хатшыларын дайындау үшін төмендегі курстар түрін бекітуге: а) Семей гүбірнесі үшін Семей қаласында 58 кісілік курс ашуға; б) Ақмола гүбірнесі үшін Ақмолада 25 кісілік, Атбасарда 80 кісілік һəм Қызылжарда 20 кісілік курс ұйымдауға; г) Ақтөбе гүбірнесі үшін Ақтөбеде 20 кісілік, Шалқарда 20 кісілік, Торғайда 20 кісілік һəм Темірде 15 кісілік курстар ұйымдауға; д) Бөкей гүбірнесінде Орда қаласында 25 кісілік курс ұйымдауға; и) Орал гүбірнесінде 40 кісілік курс ұйымдауға; ж) Адай үйезінде порт Урецкіде 30 кісілік курс ұйымдауға; з) Ал, Орынбор гүбірнесінде дербес курс ұйымдау, қазақ аз болғандықтан қолайсыз деп тануға, соның үшін Орынбор гүбірнесіне кіретін қазақтың 4 болысы үшін Қазақстан аймақтық партия мектебінен 10 орын беруге. 3) Жалпы Россия Орталық кеңес комитеті президиумы алдында болыс хатшыларын дайындайтын курстарды қаржыландыру, ұйымдау расходтарын мемлекет күшіне көшіру туралы өтініш етуге; 4) Қазақстанда кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу хақында дербес қор жасауға, Қазақстанда кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу хақында дербес қор жасауға қаржыны іздеп табуды Қазақстан Халық комиссарлар кеңесіне тапсыруға; 5) Орынбор қаласында қазақ нұсқаушыларының курсын ұйымдау туралы мəселені сараптауды комиссияға тапсыруға; 6) Комиссия өз ісінде кəсіпшілдер ұйымдарымен орталықта қандай байламы болса, жергілікті кəсіпшілдер ұйымдарымен де сондай тығыз байлам жасауды комиссияға ұсынуға;
- Кеңселерде қазақ тілін жүргізу хақында комиссияның барлық қаулылары һəм бұйрықтары халық комиссариаттарына, аймақтық басқармаларға (управление) һəм Қазақстандағы гүбірнелік кеңес комитеттеріне міндетті деп тануға. ҒЫЛЫМ-ƏДЕБИЕТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ЖИЫЛЫСЫ Жаңа тұрмыс, жаңа шаруа түрі, жаңа жасау қатынасы – жаңа ғылым, жаңа əдебиет, жаңа мəдениет тілейді. Октябрь өзгерісінен кейін қазақ елінің де тұрмысында, жасау қатынасында, шаруа түрлерінде жаңалық пайда болулы. Сондықтан өзінен өзі жаңа мектеп, жаңа əдебиет, жаңа салт-сана, жаңа мəдениет қалқып шығып отыр. Əдебиеттің де, мəдениеттің де, мектептің де қаруы – тіл. Тілсіз бұлар жасамайды. Міне, сондықтан соңғы 4-5 жылдың ішінде өмір толқыны қазақтың тілін жардан жарға соғып отыр. Қазақтың қалам қайраткерлері, қазақтың халық ағарту мекемелері ескі тілге, ескі емлеге жаңа білімді, жаңа ұғымды сиғыза алмай, жатпай-тұрмай өзгерту, өңдеу, түзеудің жолында. Бұл ретте жасалып жатқан жұмыс сырттан қараған уақытта баланың қуыршақ ойыны сияқты болып та көрінбек: бүгін бір дыбысты бір таңбамен белгілесе, бір ұғымды бір сөзбен атаса, ертең өзгертіп, басқа таңбамен белгілеп, басқа сөзбен атап отыр. Бұлай болуы өзінен өзі туып отырған табиғи рет. Қазақ тілі бұрын талқыға салынбаған тіл. Қазақ тілі бұрын ғылыммен соқтығып, өңделмеген тіл. Сондықтан əп дегеннен жапалақ егіз таппайды – қазақ тілі бірден жылжып жүре алмайды. 4-5 жыл толғап, олай да бұлай да салып қарап, шығарған жобаларын газет-журнал бетінде елдің алдына тартып, Қазақстан оқу комиссариаты мына алдымыздағы май айында Орынборға қазақ елінің ғылым-əдебиет қайраткерлерінің тобын шақырып отыр. Топқа Қазақстаннан басқа, Түркістан, Хиуа, Астрахан, Сібір қазақтарынан да уəкілдер шақырылмақ. Топта қазақ емлесі, қазақ тілінің пəн сөздері талдап қаралып, бір жөнге салынып, бір түрге айналмақ. Мұның үстіне қазақ школ-
дарындағы оқу реттері, программа, жобалары да қоса қаралады ғой дейміз. Осы күнде орыс мектептерінде Америка жолымен, тағы да басқа жолдармен оқытылып барады. Қазақ мектептері əлі бір бағытқа түскен жоқ. Əр жерде əртүрлі жолмен оқу жұмысын алып бара жатқан түрі бар. Мінеки, топта осы əңгіме де қаралып, мектеп бірыңғай жолға салыну керек. Сондықтан ғылым-əдебиет жұмыскерлері, оқытушылар бұ жұмысқа даярлана беру қажет. Топқа келушілердің əрқайсысы өз аймағындағы оқу, тіл, емле туралы пікірді жұмырлап, қолдарына ұстай келуі жөн. Топ – ұлы жиын, бəйгі. Еуропа ретінде топта қаралатын əңгімелер жер-жерде тексеріліп, екшеліп, топқа жұмырланып салынады. Келушілерді күтініп келеді ғой деп үміт етеміз. АШЫҚ ХАТ (қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы) Қазақстанның гүбірнелік һəм ояздық совет комитеттерінің төрағаларына! Қазақстанда мекемелерде қазақ тілін жүргізуге екпіндеп кірісіп жатырмыз. Бірақ бұл істі көңілдегідей қылып тез бітіріп тастауға болмайды. «Қазақ тілін жүргізу керек» деп құр бұйрық жазып қана қоюмен іс бітпейді. Бұл істі жүргізу жолында көп бөгет бар. Кей қызметтегі адамдар сыртынан: «Иə, əбден, қазақ тілін кіргізу керек...» десе де, бұл іске шындап күш жұмсамайды. Кей қызметтегі адам «Қазақ тілін жүргізуге не қылып жатырсың?» десең, «Ақша керек, ақша» дейді. Ал, кейбір қызметтегі адамға: «Қазақ тілін неге кіргізбейсің?» десең: – «Қазақша һəм орысша жазуды жақсы білетін кісі болса екен, сонда қазақ тілін кіргізер едік». «Мен қазақ тілін кіргізуге құмар-ақпын. Бірақ іс білетін қазақ жоқ. Бір іс білетін қазақ тауып берсеңші», – дейді. Қысқасы, сылтаудың саны жоқ. Сөйлесе кетсең қызмет басқарып отырған адамдардың, мекемені билеп отырған адамдардың ешбір қазақ тілін мекемеге кіргізбеймін дейтіні жоқ.
Бірақ кейбір азғантай жерлерде ғана болмаса, қазақ тілі əлі де қазақтың өз аузында. Кейбір жерлерде тілін кеңсеге кіргізбек түгіл қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл жұмылған ауыздың ішінде Рас, шынында бұл істің өзі оңай да емес. Бірақ қазіргі Қазақстанда əрбір мекемеде қызмет қылып жүрген азаматтар һəм қызметтен тыс адамдар жалпы жұмыла бұл іске кіріссе, бұрынғы патшалардың замандарынан бері жұмылған ауызда буылып келген қазақ тілі совет мекемесіне кіруі хақ. Жалпы жігер керек, жалпы ынта керек. Коммунист партиясы һəм совет хүкіметі азаматтарды осыған шақырып отыр. Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреулері қазақ тілі туралы қатты кірісуге «біреу ұлтшыл деп айтады» деп бой тартады. Бірақ ол қулық коммунистік қулық емес, ол кəрершілдік, жағымпаздық. Коммунист партиясының орталық комитеті бұл туралы соқырға таяқ ұстатқандай айдан ашық айтып отыр. Сол тəрізді, бұл іс көп бөгеттерге, көп кесірлерге ұшырап отырар да. Оның жəне біреуі мынау: кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін жақсы коммунист екен деп айтсын деп қазақ тілін екпіндетіп кіргіземін деп жүрген адамдарды «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл!» дер. Бірақ ондай сасық демагогтер коммунист партиясының орталық комитетін «ұлтшыл» деп айта алмас. Олардың мақсұты белгілі. Енді менің сіздерден сұрайтыным мынау: һəр гүбірнедегі, һəр ояздағы қазақша, орысша жазу білетін адамдардың тез есебін алыңыздар. Һəм қандай адам қандай қызметке жарайтынын анықтаңыздар. Жəне олардың əрқайсысының жасы нешеде, білімі қанша екенін анықтаңыздар. Қазақ тілін шындап кеңсеге кіргізу ретінде 3-4 мың қазақша, жазуды жақсы білетін, кеңсе істерін тəуір білетін һəм орысша білетін адамдар керек. Тез, шындап іздесе бұл табылады. Бірақ сонша адам табылғанша қазақ тілін кеңсе істеріне кіргізу жұмысын тоқтатып қоймай, үсті үстіне істей беру керек. Жоғарғы қазақша, орысша жазу білетін адамдардың тиісті анықтамалары мен тізімдерін (списоктерін) мұнда бізге жіберіңіздер. Бұлардың ішінен ең алдымен жастарын қызметке салу керек. Өйткені, Николайдың заманында отаршылдыққа бойұсынып
қалғандарының көбі орысша жазуды жақсы білсе де, қазақшаны білмейді. Міне, осыған тығыз кірісулеріңізді өтінемін. Қазақ тілін сіздер төменнен жоғары қарай жүргізіңіздер. Біз жоғарыдан төмен қарай жүргізейік. Міне, сонда ғана қазақ кедейлері өз тілінде жазылған бұйрық, жарлық, декрет, закондарды, жобаларды, нұсқаларды яки өзі оқып, яки тыңдап, өз мұңын өз тілінде айтып, қатарға кіре алады. Істеріңізді күтемін. Жолдастарыңыз: Сəкен ШЫРАҚТАРЫМ-АУ, БҰЛАРЫҢ ТІПТІ ҰЯТ ҚОЙ! Байқан, Ғ.Сұлтанұлы, З.Қалиұлы деген үш жігіт менің 28ші февральда полиграф курсында сөйлеген сөзіме «Еңбекшіл қазақтың» 179-нөмірінде қарсылығын жазып отыр. Мен бұл лекциямда қазақ жастарының баяғы патша заманында болған жасырын ұйымдары туралы сөйледім. Көбінесе өзім ішінде болған Омбыдағы «Бірлік» ұйымын айттым. Үш жігіттің сөздері қаншама дəлелді екендігін мынадан білуге болады: Бай-қан, Ғ.Сұлтанұлы дегендер менің лекциямда тіпті болмаған (мен мұны полиграф шəкірттерінен сұрастырып біліп отырмын). Соны бұл екеуі көрмегені туралы «сын» айтып, естімегені туралы наразылық білдіріп отыр. Мұндайды қазақ тілінде өтірік куəлік дейді. Мен өтірігі үшін ешкімді сотқа тартудан аулақпын. Жалғыз-ақ айтатын сөзім: шырақтарым, бұларың тым ұят. Менен ұялуға беттерің қызармаса да, ұждандарыңның алдында қызарыңдар (əрине, егерде ол ұждан бар болса). Ал, енді үшінші жігітке келейік. Қали жолдас ұмытпасам менің лекциямның артынан былай деген сықылды еді: «Сіз, Смағұл жолдас, Бөкейдегі жастар ұйымы туралы аз айттыңыз. «Жастарға жаңа жол» деген өзіңіздің кітапшаңызда да Бөкейдің ұйымдарын жазып едіңіз. Оның бəрін мұнда сөйлемедіңіз», – деді. «Менің лекциям көбінесе патша заманындағы ұйымдар туралы. Бөкейдегі ұйымдардың көбі төңкерістен кейін туды. Оны өз орнында айтып кеттім. Сондықтан бұл жерде алалаған һешнəрсе жоқ», – дедім мен.
Сонымен сөз бітті. Қалиұлы газетте жазғанның жүзден бірін мəжілісте айтқан жоқ. Бұл «пікірлер» бұл жігіттің басына лекцияның артынан қайдан келіп түскенін мен біле алмадым. Осы сөзбен менің жауабымды бітті деп есептер едім, бірақ бір мəселе күдік қалып барады. Қалиұлы жазады: «Өзгерістен бұрын төңкерістің дұрыс соқпағына түсіп, ұйымдасқан қазақ жасын естігеніміз жоқ. Болған болса, Смағұлдың өзі айтар. Бірен-саран 1905 жылғы ереуілде бірге қатысқан Бөкей елінің Меңдешұлы, Залиұлы сияқты адамдары болса, болған-ды», – дейді. Қысты күні орыс газетінің бетінде Бөкейдің бір азаматы «Қазақ халқын сүю жалғыз сенің еншіңе тиген жоқ, біздің де оған құқығымыз бар» деп маған өкпелеп еді. Жуырда Бөкейдің бір жігіті: «Сен қазақты неге сүйесің?»,– деп мені кінəлады. Енді Бөкейдің мына үш жігіті: «Сен жалпы Қазақстанның ішінде Бөкейді ғана неге мақтамайсың», – деп ұрсып отыр. Баяғыда Шəймерден Əлжанов марқұм айтушы еді: «Жаным-ау, бұл қазаққа қайтсек жағамыз?», – деп. Сол сықылды: «Жанымау, бұл Бөкейге қайтсек жағамыз? Екі-үш жігіттің қырсығынан барлық Бөкейді өкпелетіп алар ма екенбіз?» Қалжың өз алдына. Қали жолдастың жоғарғы сөзіне жауап берейік. Қали жолдас сықылдылар өз көзін қаптаған шелді сылып тастаса, Бөкейден алысырақ та жерді көрер еді. «Демеукөк» деген əт-шуге мінудің орнына, адам сықылды, жаңа өспірім еңбекшіл жастарға лайық жолмен дұрыстап Қазақстанмен танысса, онда ол Бөкейден басқа жерде де бірдеме істелгенін білер еді. Бұрын һешнəрсені есітпесе, енді естігенін дұрыстап ұғу керек еді. Содан кейін тарихқа кірісу керек еді. Бірақ мұның бірі жоқ. Менің ойымша, жолдас Меңдешұлы һəм Залиұлы мұндай тарихшылардың еңбегіне аса риза бола қояр ма екен? Иə, Қалиұлы рас айтты: «1905 жылдан бері бірен-саран келе жатқан жалғыз біз-ақпыз» деп айта қоймасау», – деймін. Осы күні бізде тарих туралы жазылған кітап жоқ. Оның бер жағында Қазақстанда төңкеріс қозғалысы туралы жазылған толық кітап жоқ. Сондықтан жалпы Қазақстанның өткендегі жайын үйрену өте қиын. Түбінде мұндай кітаптар бізде жазылуы тиісті, һəм жазылады да. Бірақ бұл іс бір күннің жұмысы емес, көп күндер, көп айлардың жұмысы. Оған дейін біздің тарих һəркімнің
сөйлегенінен құралады. Сөйлеген кісі, əрине, өзінің жақсырақ білетін жерін көбірек айтады. Бұл үшін айыптау үлкен адасқандық. Бөкей гүбірнесінің кітап болып жазылған тарихы болса, мен оны көре, біле тұра айтпай кетсем, онда, əрине, кінəлауға болады. Ал, енді оның бəрі жоқ болса, мен лекциямда білгенімді ғана айтсам, менің қасымда Бөкей туралы менен жақсы білетін кісі отырса, ол маған қосымша қылып неге баяндама жасамайды. Өз алдына сол туралы жеке неге лекция оқымайды. Қазақстанның басқа жерінің жігіттері Бөкейді менен артық білетініне Қалилардың көзі жете ме? Көзі жетпесе, жалғыз Сəдуақастың баласы ғана неге кінəлі? Жоқ, болмаса «тарихшылардың» қаламы менің лекциям болғанда ғана жазуға шамасы келе ме? Бұл сұрауларды əрі қарай соза берсе, қызық əңгіме болар еді. Бірақ сөздің шыны керек, өзім ұялып отырмын. ҚАЗАҚША ОҚУДА Соңғы кезден бері қазақ газетасында қазақ тілінің іске асуы туралы һəм қазақша білмейтіндердің қазақша оқулары міндетті екені тақырыпты мақалаларды «Қазақ тілі» газетасынан əркім оқыған шығар. Осы істің бірінші орындалатын орны Семейде, сот ауданы екені де айтылып еді. Осы кезде 30-ші январдан бері қарай жұмасына 6 сағат уақыт белгілеп, кешкі сағат алтыдан 8-ге шейін Губ-соттың барлық жауапкер орыс қызметкерлері оқуға кірісті. Шамасы қырықтай кісі. Оқушылар өте ынталы. Оқытушылар жексенбі күні Жиенғалиұлы һəм басқалар. Əйтеуір Губ-сот айналасында қазақ тілі іске асу турасында көзге ілерлік шүбə қалған жоқ. Оқу уақыты екі айға созылады. Оқытушылар əзір ақы сұраған жоқ. Осы күнге дейін бұл турада үндемей отырған кеңес мекемелері енді үнін шығарып, іске кірісер деген сенім күшті. Орысша оқи алмай, қазақша аз-маз білімі түкке жарамай, зар қағып жүрген қазақ сорлы кедейлерінің балалары жөндеп хат-шот үйреніп, іске кірісіңдер. 12-ші партия тобынан алғыстарыңды алыңдар.
ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ СОВЕТ КОМИТЕТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ КЕҢСЕДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗЕТІН ОРТАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ІСІ Қазақстан орталық совет комитетінің жанындағы кеңседе қазақ тілін жүргізетін орталық комиссияның төрағасы жолдас Ж.Сəдуақасұлы басқарған соңғы мəжілісте кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізетін гүбірнелік комиссиялар туралы жоба хақында төмендегі ұйғарылды. 1. КирЦИК жанындағы кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізетін орталық комиссияның бұйрық, нұсқауларын жүзеге асыру үшін гүбірнелердегі мемлекеттік мекемелерде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізумен байланысты мəселелерді шешіп, сараптау үшін һəм жəне де бұл кеңсе істерін жүргізуде үйездік комисиялардың ісін бақылап, оны қолдандырып отыру үшін КирЦИК-тің 1923 жыл 22 ноябрьде шығарылған декретінің («Еңбекшіл қазақтың» 151 санында) 7 тармағы бойынша Қазақстан жұмыскер, крестьян хүкіметінің 23 жылы шыққан 15-нөмірлі заң жинағының 86 статьясы) Қазақстанның гүбірнелік советтер комитетінің президиумдері жанында кеңседе қазақ тілін жүргізетін гүбірнелік комиссиялар жасалады. 2. Гүбірнелік комиссиялар, Губисполком президиумдарымен 3 кісіден белгіленеді. Комиссияның төрағасы Губисполком президиумының мүшесі болады. 3. Гүбірнелік комиссияларға КирЦИК жанындағы Орталық комиссияның нұсқауларын орындау жүктеледі жəне де мынаны істейді: А) 23-ші жыл 22 ноябрьде шығарылған КирЦИК-тің декреті лайықтаған мезгілдер тəртібінде гүбірне құрамаларында (аппарат) аталған істі жүзеге шығаратын барлық мемлекеттің ісіне жалпы қолдандыру, нұсқау беру; Б) кеңсе ісін қазақша жүргізумен байланысты жұмыстардың жоспарын жасап, жүзеге асыру; У) алдағы тұрған негізді мəселені мехнатсыз іске асыруға қажетті қазақша оқи, жаза білетіндердің есебін алу һəм төменгі советті аппараттарда жаңа қазақ қызметкерлерін дайындайтын ұйымдау жоспарларын жасау;
Г) Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу ретінде бағынатын орындардың жұмыстарының мезгілінде, нақпа-нақ орындалуын бақылау. 4. Істеген істерінде көрнекті жеміс шығару мақсатында бұл комиссияларға өзіне қарамақ бөлімдерден нұсқауларын орындау туралы баяндамалар сұрауға һəм комиссияға жүктелген міндеттерді орындаумен байланысты жеке мəселелерді алдын ала шешуді жүктеуге құқық беріледі. 5. Гүбірналық комиссиялар өзінің жұмысында губисполком президиумдарының аппараттарымен пайдаланады. 6. Гүбірналық комиссиялар істеген істері тақырыпты губисполком президиумының алдында есеп береді һəм Кирцик жанындағы орталық комиссияға соңғының лайықтаған мезгілдерінде есеп-қисабын жібереді. 7. Гүбірналық комиссиялардың жергілікті орындары үйездік советтер комитеті президиумдарымен белгіленген үш кісілік үйездік комиссия. Бұл комиссияның төрағасы үйездік исполком президиумының мүшесі болу міндетті.
ҚИСЫҚ СЫНҒА ƏДІЛ ТӨРЕ «Ақжол» газетінің 412-санында Темірбай жолдас «Қазақ əдебиетінің тарихынан» деген əңгіме жазған. Мақаланы басынан оқи бастағанда əдебиет тарихын толықтыру екен деп қалуыңда талас болмағанымен, аз оқығаннан кейін мақала алғашқы алған бетінен тайып, ойлаған ойыңа қарсы келіп, жазушының жек көретін бір адамына соқтыға жөнеледі. Ол адамы – Сəкен. Сəкеннің əдебиет тарихынан оқыған лекциясы туралы Сəкенді «өтірікші, жас буынға қата ұғындырды» дейді. Мылжың дейді, соқыр дейді, арсыз, əңгі дейді. Білгенінше жамандап, халық көзіне үлкен мінді кісі қылып көрсетеді. Темірбайдың өзі айтқандай егер мен Темірбай болсам, дұрыс сөзді қисық ұққан, бадырайып тұрған «А» қарпін «Б» деп, «Т» қарпін «Е» деп шатастырып, ашық жазылған сөзге көзі жетпей, жетсе де көрмей, əдебиетті сынамай Сəкенді сынап, қай жерінен мін шығар екен деп тіміскілеп, дұрыс сөзді бұрыс деп, Сəкенге қара басының дұшпандығын білдірген Темірбайдың өзіне арыз
сөздерін қайта айтар едім. Бірақ Темірбай Сəкенге дұшпан болса да, мен Темірбайға дұшпан емеспін. Екі қатын сиыр сауып отырып, тезек үшін ұрсысып, бірін-бірі салдақы, бетбақ, пəлен-түген деп қайдағы сұмырай сөздерді тауып айтатындары сықылды, мен де бірдемелерді шатастырып, ауызға не келсе соны оттар едім. Бірақ мен қисық сөзге əділшілігімді айтам, біреудің бетіне күйе жағып, ұждансыздық қылуға батылым бармайды. Темірбайдің бар ойы – Сəкенді жұртқа жаманатты көрсетіп өту. Одан басқа түгі жоқ. Темірбайлардың Сəкенге көзқарасын кім де болса біледі. Əйткенмен «Дұшманыңды, досыңдай сына!» деген сөз өте тура, өте иманды сөз. Мұны Темірбай ойлауы керек еді. Біреуге дұшпан болдым деп, түзу ісіне баға бермей, ағын да қара, қарасын да қара деу адамшылыққа жата ма? Темірбайды іске асқысыз қылатын, тілімнің былапыт-былық болмай отырғанын қарашы! Темірбайдың бұл жазған сөзінде сүйінерлік дəнеңе жоқ. Оныкі Сəкенді қаралау, əйтпесе, əдебиетке жаны ашып отырған Темірбай жоқ. Жаны ашыды дер едік. Мынау əдебиетке жаны ашыған кісінің сөзі емес, тек ұнатпайтын адамның бетін тырнау... Сəкен əдебиет тарихынан жаңылса, не қате ұғындырса, Темірбай өзінше дұрыс ұғындыру керек еді. Сəкеннің мына жері қате, мұны былай ұғыну керек деп айту керек еді. Бұлай болған уақытта Сəкеннің қатесін бір көрсек, əдебиеттің шын тарихына танысып қалуымыз екінші пайда болар еді. Темірбайдың əдебиетте жұмысы жоқ, жұрт жаққа шымылдық құрып, дəлелін жарыққа шығармай, шымылдық ішіндегілерге Сəкенді жамандайды. Оны көріп отырған жұрт əділ тексеруіміз керек. Темірбай Сəкенді жамандағанда былай деп жамандайды: І Сəкен «Қазақ əдебиетінің тарихын сөйлеу оңай, ол жаңадан дүниеге келген жас бала» деп айтты. Сəкен олай деп отырған жоқ. Сəкен: «Қазақ əдебиеті екіге бөлінеді. Жазба һəм ауыз əдебиеті дейді. Əуелі бірнеше жүз жылдап ауыз əдебиеті болып келді: мақал, тақпақ, жыр, ертегі һəм қара өлеңдер дейді. Жазба əдебиет соң шықты»,- дейді. Бұған не талас бар? Таласушы тек ойы қарсылықпен таласады. Əйтпесе бұл арадан іліп ала сала, жамандауға сиятын дəнеме жоқ. ІІ Сəкен лекция оқығанда мылжың сөйледі дейді. Бұған қарағанда, лекция оқушы жұрттың түсінген-түсінбегеніне қара-
май, қысқа ғана оқу керек деген сөз аңғарылады. Мағынасыз сөйледі деуге жатпайды. Себебі жазылып отырған, естіп отырған лекцияның ішінде мағынасыз құрғақ кеңес жоқ. Мылжың мен жақсының арасын қандай кісі айырады? Əрине, бұл Темірбайдың сыбағасы емес, олай болса оған кінə жоқ. ІІІ «Əдебиетке жақындауға мен сескенемін, қорқамын, мен суға кетіп қалам, менің батырлығым жетпейтін жерден Сəкеннің қорықпағаны, жүректілігі керегі жоқ жұмыс» дейді. Темеке! Жұрттың бəріне өзімдей қоян бол деуіңіз жолға келмейді ғой! Əдебиет философтардың жеке алған еншісі емес. Əдебиет халықтың тілі мен халықтың тұрмысынан алынып жазылады. Өз тұрмысында болған затқа халық Темірбай секілді қарамайды. Өз шамасынша сынайды. О сынау қисық емес, түзу сынау болып шығады. Əйелді періште деген байларша əдебиетті қол жетпейтін көктің періштесі деу қате. Əдебиет адамның тұрмысынан алынса, өз тұрмысына адам өзі тəңірі. Олай болса, адам əдебиеттің құлы емес, əдебиет адамның құлы. Төңкерістің коммунист ұлдарында Темірбайдікіндей жарылып кетейін деп тұрған жүрек болмайды. Олар əдебиет, мəдениет, бай, құдай – бəрін балғамен, найзамен құл қылып алады. «Социализм мезгілінде үкіметті ас пісіретін əйелдер басқара алады» деген жолдас Лениннің сөзі бар. Біз социализмге тармасып келе жатырмыз. Темірбайдың «Əдебиет оқудың түбіне жеткен ғалымдардың еншісі» дегеніне қосыла алмаймыз. Он екі пəнді тамам қылған молда білсін деп отыра алмадық. Əдебиет аз оқығанның да еншісіне тиеді. Төңкеріске қарсы байшыл философтан, тұрмыс күресінде сол уақиғаны басынан кешіріп отырған жұмыскер көп біледі. Тəжірибемен Темірбай есептеспесе де, біз есептесеміз. Жазған сөздерінің түріне қарағанда Темірбай көк тəңірінің пендесі ме деп қорқам. Əйтпесе коммунист болса «Исторический материализмді» оқып шық та, əдебиет кімнің еншісі екенін біл, илан дер едім. ІV «Сəкен – есі жоқ əңгі» дейді. «Қазақ əдебиетінің ағасы – Абайды 1905 жылдан соң өлең жаза бастады, «ол қазақ əдебиетінің ағасы емес деп айтты»,- дейді. Егер Темірбай бұл араға құмарланған болса, жазылған сөздерді қайта-қайта оқып, не жазылғанына түсініп барып, кінəлау керек еді. Сəкен айтады: «Осы адасумен адасып отырып, қазақ əдебиеті 1900 жылдан бері шықты.
1905 жылдың жұмыскер қозғалысынан кейін ұлт сезімі туа бастап, қазақ оқығандары тіл түзеу дегенді жарыққа шығара бастады. Бірақ сол əдебиеттің азғын уақытында бірен-саран өлеңін қазақ тілінде жазғандар болды, мəселен: «Абай» дейді. Бұдан Сəкеннің Абайға Темірбайдан артық баға беріп, тарихи сынай білгендігі көрінеді. Сəкен Абайды «1905-жылдың бергі жағында өлең жазуға кірісті» деп отырған жоқ. Əдебиеттің былық кезінде, яғни 1900 жылдан бұрын жазды деп отыр. Əйткенмен «Абай – жаңа жолбасшы емес, ілгергі өткендердің жолын ұстай білген» дейді. Əрине, Темірбайдың өзі де «Абай жаңа тіл ашты» дей алмас. Олай болса Темірбайдың түсінбегендігі болмаса, Сəкендікі дұрыс. V «Егер де мен Сəкендей соқыр болсам, орысша оқыған қазақ ақындары орысша сөз кіргізіп, қазақ тілін бұзды дер едім» деп Темірбай жəне Сəкенді түйреп өтеді. Айнала қарағанда, Темірбай əдейі біліп адасып отыр да, болмаса өзі білмей біреудің дегеніне еріп отыр. Бұл туралы Сəкеннің сөзі: «Қазақ елі орысқа бағынып, орыс оқуын оқығандар шыға бастағаннан кейін, əдебиетшілдердің іскерлігі орысшаға ауа бастаған. Бұдан былай сөздің ішіне орысша кіргізу мақсұт болған. Орыс тілін білген-білмегенінде жұмысы шамалы, аз-мұздап білген тілін өлеңнің ішіне кіргізіп қалуға ақындар өте ынталанған», – дейді. Бұл сөзден орысша оқып шыққан ақындар өлеңдеріне орысша қосты деген мағына шықпайды. Елдің надан ақындары орыс тілін қызық көріп, білмегеніне қарамай, өлеңіне орысша сөз кіргізуге тырысқандықтары шығады. Оған анау бір ауыз өлең əрі дəлел. Сол өлең оқыған қазақтың жазғаны ма, болмаса надан қазақтың жазғаны ма, Темірбай соған қарауы керек еді. Орыс школының бетін көрген кісі «принимать» деген сөзді «пръмить» деп, «Здравствуйте» деген сөзді «Зьдрасти» деп өмірінде айтпайды. Сəкеннің бұл сөзін дəлелдеу үшін Николай патшаның таққа мінерде Омбыға келгенде Ақан серінің айтқан бір-екі ауыз өлеңін жазып кетем. Темірбай не деп түсінер екен (өзінің аузынан шыққандай қылып көшірем): «Бірінші здраю, желаю, Всем прасентва жества, Белики князь, басыңда тəж. .................................................... Сиуда прабитил сен сабаз»
Мінекей, Ақаңның жоғарғы жазылған өлеңдерінен не аңғаруға болады. Жалғыз-ақ оның өлеңінің ішіне орыс тілін кіргізуге əуреленгендігін аңғаруға болады. Бұны Ақан еріксіз айтты деп Темірбай маған пəле салса, мен Темірбайға қазақтың бозбаласының «Қыз-ойнақ»-та айтатын өлеңдерінен мысал келтірсем, тоқтар деймін. Əрине, қазақтың қызы жігітін өлеңіне орысша кіргіз деп қыстамайтынына Темірбай сенер. «Көптен көп паклон айттым скажия, Сен тұрсаң уағдаңда спасиба, Сөзімді ескере ала ескерсеңіз, Шестрой қорошенкей сбатия»! .................................................. Мінгенім дайым менің сабырсынай, Кемпір мен шал ойнайды напрасынай, Ойнаса боз бала мен қыз ойнасын, Екеуі полнай пошом сагласынай». Қысқасын айтқанда, Темірбайдың түзу жүріп келе жатқан атты бұрып шалдырғысы келгені, болмаса орыс еліне араласқаннан кейін, қазақ өлеңіне, орыстың сөздері, бұзылып-жарылып, тамтығы кіріп, қазақ əдебиетінің сиқын бұзуы хақ. Бір ерегеспен аузынан шығып кетсе де, Темірбай мұны мойнына өзі де алар деймін. VІ Омар туралы Сəкен мақаласының ішінде «Əсіресе сол кезде Ғалияда оқитындарға қосылған Омар Қарашұлы» деген сөз «Ғалияда оқитын Омар Қарашұлы» деп жазудан қате кеткен. Əйткенмен Қазанда елу жыл оқысын, ұлтшылдық дəуірінде Омардың сіңірген еңбегін Темірбай жоюға болар ма екен. Сəкен де, мен де ұлтшылдарға беретін бағамыз шамалы. Сонда да, кім де кімнің істеген ісін бағалай білеміз. Омардың (қай сан екенін білмеймін) «Қазақ» газетасына қазақ тілі туралы жазған мақаласы бар. Сəкен соған сүйеніп айтты. Егер керек болса, одан справка алып беруге мүмкін. Қорытып айтқанда, қазақ емлесіне бір кісі көсем болып, мүлтіксіз шығарды дей алмаймын. Мұныма емленің табаны əлі жерге тимей, мың кісінің сынына түсіп жүргені тарихи дəлел. Əттең, дүние-ай! Темірбай коммунист болса, мен мынаны айтар едім: қоғам тұрмысына бір адам оза шығып, басшы бола
алмайды. Басшыны басшы қылатын қоғамның серіктігі. Бір адамға тарих баға бермейді. Олай болса Ахметті Ахмет қылып отырған қоғамның серіктігі. Сол үшін Ғалияның шəкірті болсын, басқа болсын, тарихтың айтуына қарағанда, Ахметке көмекші керек. Егер Омарды Ахаңа жолатқысы келмесе сөзім жоқ. Бірақ емле бір кісінің еншісі деу – тарихи қателік жəне Ахметтің жақсысын жақсы, жаманын жаман деген кісі кəпір болса, онда осы күнгі емле туралы айтыс шығарып, Ақаңның қаріптеріне өзгеріс кіргізіп жүрген азаматтардың бəрі кəпір. Жоғарғылардың бəрін қорытып келгенде мен өзім мына пікірге келдім: Темірбайдың жұмысы əдебиетті сынауда емес, Сəкенді сынауда. Менің ойымша, əдебиет Сəкен емес те, Сəкен əдебиет емес. Жалпы, əдебиет туралы Сəкен пікірін жарыққа шығарғанда, қате жерлері болса, Темірбай түзеп, əділ төресін беретін жөні бар емес пе еді? Егер өзінің айтқанындай қолынан келмесе, бірауыз дəлелсіз, біреуді лағаттау неге керек еді? Егер «Ақжол» басса, Сəкенді бейпіл сөзбен мұқатам десе, атаенесінен түк қоймай лағаттаса, мынасынан сыпайы болар еді. Темірбайдың сынынан оқушы нені оқыды? Əрине, Темірбайдың Сəкенге дұшпандығын, аяғынан қалай шалуды аңдып жүргендігін ұқты. Бұған қарағанда Темірбай Сəкенді өз ойынша жас буынға (ложное понятие) берді деп кінəласа, өз қара басының өкпесін газетаға жазып, дəлелсіз біреудің бетін тырнап, арына қолын созып, ұжданын ұмытты деп біз Темірбайды кінəлаймыз. ҚАЗАҚША ІС ЖҮРГІЗУ Қазақстанның орталық комитетінің қазақ тілін іске асыру туралы қаулы жасағанына бір жылдан асып барады. Сонан бері қарай газет бетінде қазақ тілінің іске асуына азаматтардың көбі қауіп қылатындары көрінеді. Бұған шейін қазақ тілі іске аспаса, оған себеп – қазақтың іс басындағы азаматтары қазақшадан орысшаны тəуір көреді һəм білуге көп ынталана да қоймайды. Ал орыс жолдастарға келсек, олар қазақша оқымаған, жөпелдемеде біле қоюы қиын болғандықтан тұрған орнынан айырылу қаупімен
қазақ тілінің іске асуына кедергі болмаса, ұмтылмайды. Бұған шейін біздің Жымпиты үйезінде қазақ тілі сот кеңесі мен милициясының кеңсесінде ғана жүріп келді. Менің ойымша, қауіп, қиын дегендерді шетке қойып, қолдан келгенше қазақ тілінің қалайда пайдаға, іске асуына тырысу керек. Олай болмағанда, «Қазақ, қазақша» деп сөйлей берудің пайдасы жоқ, жөні жоқ.
БҰХАРА ҚАЗАҚТАРЫ Бұхарада кеңестер республикасының орталық қазақ бөлімінен келген мағлұмат. Бұқара республикасының қарамағында 375 мың қазақ бар. Бірақ айтуға ғана болмаса, іс жүзінде, барлық Бұхар топырағында жасаған 3 миллион халықтың 8 ден бірі болып, сыбағалы еншісін ала алмаған халық. Себебі: бұрынғы Əмір патшадан бері езіліп, қорқып қалған сорлы қазақ жалшылары əлі де мынау үстіміздегі теңдік заманына сенбейді. «Қазірде большевик болсақ, ертеңіне өзбек, тəжік немесе сарттарға табынып қаламыз ба?» деп қорқады. Бұрын бандылардан запы болған ел екінші жау шығып, тұқымымызды құртады деп қорқады. Бірақ 375 мың қазақ бар екені рас. Оның 185 мыңдайы қазақ екенін жасырып, «өзбекпіз» деп қазақтықты жойып отыр. Бұл қазақтар мұнан 143 жыл бұрын келіп орныққан. Бірақ Қызылжар, Есіл дария жағынан көшіп келгенін, түбінің қазақ екенін аздап біледі. Бұлардың көбі: найман, қаңлы, тама, қыпшақ болады. Бұларды «қазақ» дегеніміз болмаса, қазақтың əдет-ғұрпын білмейді. «Түбің қазақ» десе ашуланып қалады. Басқалары (190 мыңға жақыны) көшпелі шаруа қазақтар. Қаладан алыс, өз алдарына ұзақ көшіп жүреді. Бұлардың бір жаман жері – 5-6 жүз үйден хат танитын бір адам не шығып, не шықпайды. Кей жерлерде орысты көрмегендері де бар. Жоғарғы айтылған Бұхараға қарайтын қазақтардың басын қосып, аң-білім тарату Бұхарада тұрған орталық қазақ-қырғыз
бөлімінің қолынан келмейді. Өйткені қазақ бөлімінде басқарушы бір-ақ қазақ бар (президиум мүшесі). Бұхарадағы қазақтардан істейтін адам жоқ. Өзбек болып кеткен қазақтарды басқа қазақтардың ортасына қосып, оларды ұйымдастыру бір адамның қолынан келмейді. Мұны қазақ азаматтары ескеруі керек. Бұл уақыттарда мына жұмыстар істеліп жатыр: Бұхара облысында қазақ ортасында үйездік исполком жəне райондық исполком һəм милиция мекемелері. Басқа облыстарда: Қарсы облысында бір қазақ уəкілі, Нұратада, күншығыс Бұхарада басқа да сондай облыстарда бір-бір қазақтан өкіл қойып, «Қазақ бөлімі» деп ат қойды. Əзірге істеп жатқан істеріміздің барысы осы. Ел арасына өзгерістің жөнін түсіндіріп, үкіметпен жақындастыруға шығаратын адамдарымыздың жоқтығын жоғарыда айтып өттім. Өзбек, тəжік, ноғай, қызметкерлерін жіберсек, қазақ олардың сөзіне түсінбейді. Қазақтың сөзін бұлар да түсіне алмайды. Сонымен азырақ дағдарып тұрмыз. Түркістан, Қазақстандарда қазақ азаматтары бар шығар деп, олардан да үміттенеміз. Əрине, қазақ оқығандары болып істесе, ағарту, кооперация, жер-су істері бұл қалыпта болмас еді.
ҚАЗАҚ ТІЛІ КЕРЕК Қазақстанда кеңсе тілдерін қазақ тілімен жүргізуге қамданғалы жылға айналып барады. Орындарда жүзеге асып, жүріп жатқанын да көріп отырмыз. Қазақ тілінің қалай жүріп жатқанына қарасақ, əрине, аты ғана болмаса, кемшіліктері толып жатыр. Бұған мысал қылып бір ауылнайдың жазған қағазындағы сөздерін бұлжытпай жазып отырмын. «Бұйрық. Мин 2-ші ауылдың төрағасы Нұрғалы Ибраһим оғлына бұйырамын. 5-ші январь күні қалмастан маған келіп зем помощтан сын тапсырасың, килми қалсаң он тиңкы алтон ақшамин штраб толисын. 2-ші ауылдың төрағасы» деп қолын қойған.
Ел ішінде кеңсе тілі қазақша жүріп жатыр деп масаттанғанымыздың түрі жоғарыдағы сияқты. Əуелгі кезде мұндай кемшіліктер болар ғой. Бірақ басын бастаған соң, тиянақтап оңдау керек. Осындай кемшіліктерді жоюға əр гүбірналарда болыстық хатшылар дайындайтын курстар ашылғалы жатыр. Бірақ мұнымен ғана қазақ тілі оңдалып жүріп кетпекші емес. Ең жақсы жүріп кеткенде əртүрлі жазатын бұйрық қағаздарының жоспарлары (планы) дұрыс болғанмен, жазу ережелері түзелмейді. Оның бер жағында ел ішіндегі қазақша шала ирек сыза білетіндер түгіл, орталықта, гүбірналарда істеп жүрген азаматтарымыздың көбі ишан-хазіреттерше жазады. Хат жазғанда: «Хурматлу о ғизатлу қадырдан артық көргуші» деп шүршітшелеп жүрген азаматтарымыз жеткілікті. Талайын көзім көрді. Жетпесе көбі орысша жазады. Орысша оқығандарымыздың көбі қазақ емлесін менсінбейді де. Ал енді тап осы күнде оқып жүрген жастардың көбі (қазақ институты сияқты қазақша оқып жүрген мектептер болмаса), əсіресе, орысша оқып жүргендердің арасындағы бұрыннан білетіні болмаса, былайғылары қазақ емлесінің не екенін де білмейді. Қазақ тілін қолданамыз десек, істі басынан бастауға керек. Соның үшін əрбір орысша оқып жатқан қазақ оқушылары бар мектептерде басқа сабақтармен қатар қазақ тілінің оқылуы өте керек. Келешектің қызметкерлері оқып жүрген жастарға қазақ емлесімен жақсы жаза білуді міндет қылуға керек. Сонда ғана Қазақстанда кеңсе тілдері қазақша тез жүрмекші һəм ел ішінде қазақша жазу тез тарайды.
ЛАЙЫҚТЫ МІНЕЗ (Білім кеңесінің бір мүшесіне) «Ақ жол» газетінің 417-нөмірінде Қазақстанның «Білім кеңесінің бір мүшесі» деп қол қойып, менің «Еңбекшіл қазақ» газетіне білім кеңесінің істері туралы жазған сөзіме қарсы бір кісі едəуір сөз жазыпты. Егерде жазған сөздерінің астына жазушы «Білім кеңесінің бір мүшесі» деп қол қоймаған болса, мен бұл сөзді жазбай-ақ қойған болар едім.
Қазақстанның білім кеңесінің бір мүшесі болып отырып, бұ кісі теріс ұғынуларын анықтау үшін һəм жəне бұл кісі Қазақстанның білім кеңесінің бір мүшесі болып отырып, менің жазған сөзімді орынсыз жала деп Орынбордағы қазақ газетіне жазбай, басқа республиканың газетіне жазғанын лайықты мінез деп таппағандықтан бұл сөзді жазып отырмын. Қазақстанның «Білім кеңсінің мүшесі» менің жазған сөзімді қате деп тапса, сол білім кеңесінің жанындағы қазақ газетіне жазуы лайық еді. Егерде білім кеңесінің жанындағы қазақ газеті баспаса, сонда барып шет жерлердегі газеттерге жіберсе, орынды болар еді. Бұлай болғанда «Еңбекшіл қазаққа» һəм оны шығарушыға білім кеңсінің мүшесі сөзін баспау үлкен айып болар еді. Мұны білім кеңесінің мүшесі істемей отыр. Совет үкіметінің газеттерінің біреуін өзімсініп, біреуін жатқа балап, үн-жоқ, түн жоқ Орынборда «Еңбекшіл қазақтың» қасында отырып, шет жердің газетіне жазып жіберіп отыр. Менің ойымша, бұл – үлкен ұят. Бірінші – білім кеңесіне ұят, екінші – бізге де ұят, үшінші – жоғарғы сөзді жазушыға да ұят дер едім. Бірақ ол əдейі «бүйректен сирақ шығара берсін, күл болмаса, бұл болсын» деп жазып отыр ғой. Оған ұят емес. Бірақ айтар: «Сəкен Қазақстанда, Орынборда іс басындағы адам, комиссар һəм Орынборда қазақ газеті соның қолында. Сол себепті жазған сөзімді Орынборда бастырмайды ғой деп басқа республикаға жібердім» деп айтар. Бірақ бүй деп айтса да, орынсыз болар еді. «Еңбекшіл қазақ» газетінің бас жазушысының бірі, білім кеңесінің бастығы жолдас Жолдыбайұлы ғой. Мен білім кеңесі туралы қысқаша мақаламды жазғанда «Іс басындамын, комиссармын, бұған қарсы жазған кісінің сөзін Орынборға бастырмаймын» деп айтқан жоқпын. Қазақстанның білім кеңесінің атынан жазып отырған білім кеңесінің мүшесінің сөзін баспасқа «Еңбекшіл қазақ» газетінің ешбір еркі жоқ. Совет үкіметінің ілгергі адамының бірі болып жүрген Тұрар Рысқұлұлының сөздерін кекетіп, совет үкіметінің өзін «жауы» санап, Еуропада қаңғырып жүрген Мұстафа байқұс Шоқай баласы шет мемлекеттің бірінде шығатын ақтардың бір газетіне бір «ұзыннан ұзақ, көкке тұзақ» алжыған азбандарға болмаса, ешкімге керегі жоқ бір көкмылжың сөзді жазып еді. Бірақ бұл жерден Мұстафа бейшараны айыптауға болмайды. Өйткені
оның запырандай сандырағын совет республикасының газеттері баспайды ғой. Ал, Қазақстан газеттеріне баспай, басқа республиканың газетіне мінеген сөздерін жіберуге білім кеңесінің мүшесі Шоқай баласы емес те, мен Рысқұлұлы емеспін ғой. Жəне «Еңбекшіл қазақ» совет үкіметінің газеті болғанда, «Ақ жол» да совет үкіметінің газеті ғой. Большевик комиссарларын жек көрген кісі бəрін бірдей жек көру керек. Большевик газеттерін жақтырмаған кісі бəрін бірдей жақтырмау керек. Азаматпын деген кісілерде бір қатты тұтынған жол, иман болу керек қой (принцип). Тым болмаса, өзінен өзі жүріп, ақкөт қоянша көлеңкесінен үркіп жүрген, ешкім елеп, «жер үстінде бір Шоқай баласы деген бар еді» демесе де, өз-өзін совет үкіметінің дұшпаны санап, Донкиход ұқсап жүрген Мұстафа сорлының принципіндей болсайшы... А, а... байқамай мəселеден де шығып та кеттім. Жə, енді, мəселеге келейік. Білім кеңесінің мүшесі айтады: «Білім кеңесінің істеген маңызды істерінің бəрі де «Қызыл Қазақстан» һəм «Еңбекшіл қазақ» газетіне жарияланып отырылды. Сəкен мұны неге көрмейді?» дейді. Дұрыс айтады. Жарияланған. Мен жарияланып отырылмады дегенім жоқ. «Көптің талқысына түсіп отырылмады» дегенмін. Білім кеңесі емле һəм жай сөздерін жариялағанда тек жұрт сол жарияланған мəселелерін қолдансын деген ретпен ғана жариялап отырды. Ал, менің ойымша, емле һəм пəн сөздері тəрізді мəселелерді əуелі баспасөз жүзінде де һəм басқа ретпен де əбден көптің талқысына салып алу керек еді. Өйткені менің ойымша көп сөздер білім кеңесінде қате шешілген. Мұны жазу танитын һəм тіл білетін қазақтың көбі айтады. Оған дəлел қазақтың ескі, зор жазушысы Мұхаметжан Сералыұлының газет беттеріндегі сөздері һəм Жүсіпбек Аймауытовтың газет беттеріндегі сөздері. Жəне, маған кейиді: «Сəкен білім кеңесінің істеген істеріне риза емес екендігін бұрын да білеміз» деп интернационалды білім кеңесі айтқандай «бибауырмал» деп айту дұрыс емес екендігін айтып, менің бір жазған кішкене ескертуімді дəлел қылып келтіреді. «Сəкен білім кеңесінің барлық ісіне риза емес» деп айту тым қате болар. Ал, менің ойымша былай қылса дұрыс болар еді деген сөзді айырықша жариялап айтып отырмын. Менікі қате болса, қатесін айту, көрсету керек қой.
Сөз көптің ортасына, талқысына түссін, біреудің білмегенін, біреу білер деген ниетпен газетке жазып отырмын ғой. Əйтпесе, білім кеңесі өзіміздің мекеме ғой, «былай қылса дұрыс болады» деген сөзді газет бетіне жарияламай-ақ енгізуге болар еді ғой. Жəне маған «интернационалдың» мағынасын Сəкен тапты деп жұрт шу ете түскен жоқ» дейді. Рас, күллі Қазақстан шу ете түскен жоқ. «Интернационалдың» дəл мағынасын Сəкен тапты деп шу ете түспегенмен, білім кеңесінің теріс аударуын Сəкен тапты деп газет оқитын һəм орысша білетін адамдар шу ете түсті (шу ете түсті деген сөз орынды болса). Ешкім білім кеңесінің бибауырмалы дұрыс деп айтқан жоқ. Сондағы газеттерді оқыңыз һəм Мұхаметжан Сералыұлының сөздерін оқыңыз. Бұл туралы маған қысты күні Ахмет Байтұрсыновтан қай жағынан болса да кем емес деп жүрген Елдес Омарұлы келіп, біраз сөз айтқан. Оған да мен «мəселені газет бетіне көптің талқысына сал» деген едім. Ол ауырып қалды. Жəне менің «білім кеңесі Орынбордағы қазақтың білетін адамдарымен пайдаланып істей алмады» дегеніме білім кеңесінің мүшесі айтады: «Біз жақын арада бір жиылысқа Орынбордағы барлық жауапты іс басындағы адамдарды шақырдық. Мəселен, Нұрмақұлы, Зəлиұлы, Меңдешұлы, Əлібекұлы, Қасаболатұлы... һəм басқалар» дейді. Бірақ бұл жиылысқа уақытым жоқ деп Сəкен келмей қалды» дейді. Мəселе бір менің келу-келмеуімде емес. Мəселе – білім кеңесінің жиылыстарына өзге жауапты іс басындағы адамдардың бəрі болмаса да біразының келіп тұруында ғой. Олай болғанда жоғарғы аттары айтылған адамдар, білім жиылысында сол бір реттен басқа неше рет болды екен? Неше рет шақырылды екен? Бұлардың қолдары бос уақыттарында шақырды ма екен? Жұрттың қолдары бос уақытын көздеп, білім кеңесінің жиылыстары шақырылды ма екен? Жоқ, өйткен жоқ. Мінеки, айналасы мəселенің азырақ терісірек, жөн алған жерлері осылар ғана. Менің ниетім біреуді кеміту емес. Менің ниетім: Қазақстанның білім кеңесінің істерінің көлемін зорайтып, емле, пəн сөздері һəм басқа сондай мəселелерді қай ретпен болса да көптің талқысына
салып отырғызып, Қазақстанның барлық кəрі-жастарының күштерін, білімдерін пайдаландыру. Сол себепті сөз қозғала берсін деп мəселені газет бетіне шығарған едім. Əйтпесе, еріккендік емес, сөз таба алмағандық емес, іс таба алмағандық емес. Іс тіпті көп, істеуші аз. Оған бір кісі айыпты емес. Егерде істеуші көп болса, бүйтіп екі тудың астындағы егескендерше əр жердегі газетке сөз жазысып отырмас едік. Білім кеңесі де, «Еңбекшіл қазақ» та – Қазақстандікі; екеуі де Қазақстандағы совет үкіметінікі. Бірінен бірін айыру достық емес. Біреуін өзімсініп, біреуін жатсыну достық емес. Кім де кім бір жұмысқа кіріскен соң таза ұжданмен міндетті істерін дұрыс атқарып отыру керек. Іштен кезі келген кезіңді аңдып, өзі шетіне жегілген ауыр арбаның дөңгелегін шырмап, шатастыра беру шын азаматқа лайықсыз мінез. Білім кеңесінің бастығы, «Еңбекшіл қазақ» газетінің бас жазушысының бірі – жолдас Жолдыбайұлы бұл мəселенің түбіне көзін жіберер. Білім кеңесі туралы жазылған мақалалардың бəрін сол өзі жазысып отырған «Еңбекшіл қазақ» газетінің бетіне бастырып отырар. Əлі де болса біздің тілек: білім кеңесінің істерінің көлемінің зораюы. Қазақстанның білер деген адамдарының білімдерінен көбірек пайда шығару. Білім кеңесінің емле, пəн сөздері тəрізді мəселелерінің көптің кеңесіне салынып отырылуы. ОРЫС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КУРСТАРЫ Қазақстанның халық ағарту комиссариаты февраль айының басында Орынборда орыс қызметкерлерін қазақ тіліне үйретуге курс ашты. Қазіргі уақытта курста 114 үйренуші бар. Үш бөлімге бөлініп оқиды. І, ІІ бөлімдерде орыстың жауапты қызметкерлері, ІІІ бөлімде кеңсе қызметкерлері оқиды. І, ІІ бөлімдердің шығынын оқушы жауапты қызметкерлердің өздері көтереді. ІІІ бөлімнің шығынын сол бөлімдегі оқушылардың қызмет ететін комиссариаттар көтереді.
ҚАЗАҚША ҚОЛБАСПА МАШИНАДА ЖАЗАТЫНДАРДЫҢ КУРСЫ Білім орталығының басқаруымен орыстың қолбаспа машиналары қазақшаға айналдырылып жатыр. Машиналардың алды істеліп шықты. Ондай машиналар тағы да істелмекші. Енді ол машиналармен жұмыс істейтін адамдар керек. Сол себепті де халық ағарту комиссариаты қазақша, орысша қолбаспа машиналармен жұмыс істейтін қызметкерлерді əзірлеп шығару үшін курс ашуға қам қылып жатыр. КҮЛКІГЕ ЖАУАП «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» деген сияқты жолдас Сəдуақасұлы қазақ коммунистерін біресе ұлтшыл қылып, біресе ойыншық қылып шығарып айтқан сөздеріне шынымен жауап та бергісі келмейді. Жарлы тапты келемеж ойыншық етіп келген белгілі ақжаға байлар еді. Бұл əдет жолдас Сəдуақасұлына кімнен жұқты екен? Сəдуақасұлының айтайын деп аузында əзір тұрған сөзі «сіздердей надан қалған жарлыға сын не керек, көзді жұмып, біз не айтсақ, соған ере бермей» дегені-ау деймін. Болмаса Сəдуақасұлы күлмей, демеукөк, əлен-пəлен демей, дұрыс жауабын беріп, жарлы байқұстардың түсінбеген жерін түсіндірер еді. Жоқ, Сəдуақасұлы! Ол келемеж ететін заман өткен. Жарлы байқұстар да кімнің не айтқанын, не оймен айтқанын айыра біледі, сезімі күшті. Сəдуақас қанша ақсынып жазса да, «Еңбекшіл қазақ» газетасынан 160-шы санындағы «осы күнгі кейбіреулер өз ұлтынан өзі безіп жүр, мен қазақ болмасам да қазақ ұлтын қуаттамаймын деп қояды мақтанып кейбір ақылды жігіттер» деген сөзі кімге арнап һəм не оймен айтқаны көрініп тұр. Бұл сөзді айтқандағы Сəдуақасұлының ойы – ұлтын сүймейтін қазақ коммунистерін тентектікке шығарып, ұлтшыл болып, ұлтын сүю дұрыс екендігін Лениннің сөзімен сипат еткісі келді. Бірақ соңғы нөмірдегі Сəдуақас ұлының айтуына қарағанда, Ленин ұлтты сүймеуші болып шығып, ұлтын сүймейтін кісінің тентек екендігін сыпат ете алмай шықты. Ақырында біздің айтқанымызға амалсыз қол қойып отыр. Сəдуақас бұл сөзді сипат ету үшін Ленинді мысалға алмай,
бірден-ақ Колчак, Милюков сияқтылардың бірін алса, бəлкім ыспат етіп шығар еді. Жоғарғы Сəдуақасұлының кейбір қазақ жігіттері ұлтын сүймейді деген сөзі жалғыз маған айтпағанмен, мен де сол айтқан коммунистердің бірі болғандығымнан Сəдуақасұлының сөзіне надандығыма қарамай «сын» жаза қойған едім. Бұлайша жазғанымды жолдас Сəдуақасұлы «демагөкке» шығарулы, біреуге біреу сын жазғанда «демагөк» болатынын білгеніміз жоқ һəм естігенім де жоқ. Бұл сөзді тек Сəдуақасұлынан естіп отырмын. Мен ол сынды жазғанда «демагөк» болып, Сəдуақасұлының атағына, болмаса дəрежесіне қызығып, орнын алайын, атағын алайын деген ойым жоқ еді. Білімпаздардың атағына өзгерістен бері қарай тойғандай да болдық. Жəне менде «мен білем, сен білмейсің, «мен-мен» дегендей ой жоқ. Сəдуақастың бұл айтқан «демеукөгі» ақжаға байлардың, болмаса, олардың құйыршықтарының бұрынғы мініп жүрген демеукөгі болуға тиіс. Нағыз жарлыға бұндай демеукөк əлі біткен жоқ. «Ұлтшыл кісі коммунист бола ма, жоқ па?» деген сөзім Сəдуақасұлынан сұрап отырғаным емес, жалпыға арнап айтқан сөз. Сəдуақасұлының «ұлтшыл емеспін» деп қағаз жүзінде айтатындығын сұрамай да білеміз. Лениннің сөзіне келсек, кеп ақ жер, қара жерде емес. Лениннің «онның тоғызын сүйеміз» деген қоршауда тұрған сөзін Сəдуақасұлының тастап, жазбай кеткендігінде. Бұл сөзді əлі де болса Сəдуақасұлы айта алмай, жанамалап кетіп, тілі күрмеліп отыр. Бірақ соңғы жазғанында «тентектің ақылы түстен кейін» дегендей, еріксіз «қазақтың байларына, болыстарына қарсымыз» деген екі ауыз сөзді қосып отыр. Бұнысы шын көңілімен айтқан болса, сүйінерлік сөз. Бірақ жоғарыдағы ұлтын сүймейтін қазақ жігіттеріне айтқан сөзі көзге көрініп тұрғанда һəм Сəдуақасұлының басқа жерлерде айтқан сөздеріне қарағанда тек бір көңіл делбеу бола ма деп ойлаймын. Ғажап емес, Сəдуақасұлының өзі айтқан демеукөгіне мінгені де болып шығар. «Шоттың басын бассаң, сабы маңдайыңа тиер» деген Сəдуақасұлына алды-артын байқап сөйлеу керек еді. Менің Лениннің Сəдуақасұлы күлкіге алған «бұрынғы патша заманында айтқан сөзі қазіргі біздің тұрмысымызға келмейді»
дегеніме, «қызық, Лениннің қай сөзін алып, қай сөзін тастауды бұнан былай Жақыпұлынан сұрасақ керек?» деп кекетеді. Бұл сөз де Сəдуақасұлының саяси жағынан соқырлығын, өте «білгіштігін» көрсетеді. Жолдас Ленин əрбір сөзді айтқанда заманына қарай айтқан. Патшалар үкіметі тұрған заманында айтқан жолдас Лениннің сөзі военный коммунизм һəм қазіргі НЭП заманында айтқан сөздері мен қолданған істері, саясаты бірдей емес. Əртүрлі заманына қарай лайықтап айтылған коммунизмға баратын жол түп-түзу емес, қисық жыланирек деп айтқан Лениннің өзі. Жол ирек болса əр заманның айтатын сөзі де түрлі-түрлі ирек болмақ. Бұлайша айту Ленинді сандыққа салу емес. Лениинің айтқан өсиетін орнына келтіру. Ленин айтқан бұрынғы уақыттағы Чернышевскийдің «сорлы ұлт, бейшара халық» деп айтқанын осы күнде біздер де айта берсек, біздерге басқа елдің көзі ашық коммунистері не дер еді һəм кім болар едік? Бұлай деп өзгерістен соң Лениннің өзі де айта қойды ма екен? Біз естігеніміз жоқ, бəлкім, Сəдуақасұлы естіген шығар. Бұндай бұрынғы уақытта айтылған сөздерді осы күні де айта берсек, онда біз Марксшыл, Маркстың жолымен жүруші болмай, діншілдер сияқты болып, біздің Маркс оқуы орысша айтқанда тек бір догма болып шығар еді. Сəдуақасұлы айта берсе өз ықтиярымен «білгіш» кісі білетін шығар дейміз-дағы. Жақыпұлының бұрын қай жерде, кімге қандай үгіт айтып жүргенін білер ме еді дейді. Білу деген жөн ғой. Бірақ Жақыпұлының октябрь төңкерісінен бері қарай ақтарға, байларға қарсы болып ұсталып, тұтылып, атыс-шабыстарда болып, жарлы тапқа шын ниетімен қызмет еткенін айтсам, Сəдуақасовтың тағы да өзін өзі мақтады деп айта ма деп сескеніңкіреп те отырған жайым бар. Өте керектен сайыса тиісті орнында айтылар, қалайда байлар алашордалар жағында болған жоқ һəм олардың құйыршығы да болған жоқ, ұлтшыл байларға қарсы болып, жарлыларға октябрь өзгерісінен бері қарай бір бағытпен тиісті үгіттер айтып келе жатса керек. Мақтанушылықтың керегі жоқ. Сəдуақасов айтқандай, еңбекшіл жарлы таптың өзі-ақ білер. Менше, əуелі, жарлыға қандай пайда келтіріп, қандай үгіт айтқанын һəм 18-19-шы жылдарда қай жерде жүргенін Сəдуақасовтың өзі айтса тəуір болар еді? Екінші «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегені Сəдуақасовтың өзінше дұрыс.
Совет үкіметі аман тұрса, жер астынан төменде жүрген жарлы таптан талай жіктер шығар да һəм неше түрлі қуларды қуар да, ғажап емес. Адамның тарихи өсу заңы талай асауды үйретер, жер астындағы (езілген нашар таптың ішінен) жіктердің жаңа шығып келе жатқан уақыты. БҰХАРА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ХАЛЫ (Бұхар республикасының орталық комитетінің жанындағы қазақ бөлімінің бастығы жолдас М.Наурызбайұлының басқармаға жазған мақаласынан қорытынды) Бұхар республикасындағы қазақ халқының бір шеті Ауғанстанға жақын шекарада отыратын. 20-шы жылы Бұхараның əмірі патша үкіметі түсіп, төңкеріс болғаннан кейін, Бұхарадан қашып барып, күншығыс Бұхарада кеңес үкіметіне қарсы соғыс ашып, біраз жатты. Сол уақытта күншығыс Бұхара қазақтарынан мобилизация қылып əскер алып, өзіне қазақтарды бағындырып жүрді. Ол жердегі қазақтар таянып қалған кеңес үкіметі келеріне əбден көздері жетіп, əскер бермеуге тырысса да, мынау уақытша билеп тұрғандықтан амалсыз қарсы тұрар шамалары болмай, біраз солдат берген. Солайда кеңес үкіметіне қарсы тұрып шыдай алмай, əмір бұл арадан да қашып кеткен. Сөйтіп тұрған уақытта күншығыс Бұхараға Əнуарбек паша келіп, бұл да қазақтардан əскер ала бастаған. Егер əскер бермесе, өздерін өлтіріп, малдарын талаған. Өстіп, бұл арадағы қазақтар билеп тұрған белгілі үкімет болмай, көрінгеннің қолында жем болған. Бұл жердегі қазақтардың жалпы есебі үш мың үйден артық болатын. Осы қазақтардың арасында жүргенде Əнуар паша өлтірілген соң, қызыл əскер барып қазақтардың бəрін ілгері қарқында түсінісе алмай, басмашы деп малдарын талап, тағы да сондай көп жəбірлер жасаған. Сондықтан əуелден аузы күйіп, қуғын көрген надан бейшаралардың ішінен екі мың бес жүз үй шектес отырған Ауғанстанға қарай ауып кеткен. Қазіргі күнде онда да оңып отырған жоқ. Ауып барған қазақтарға тау арасынан жер берген. Тау арасында диқаншылықпен кəсіп етуге болмайды, мал шаруасына да өте жайсыз. Жері тастақ, құм. Бұл кезде қолдарында бар байлығы – малдарын қырып алып, қарап отыр.
Енді бұлар қайтадан өз жерлеріне көшіп келіп, диқандары диқаншылықпен, шаруалары малдарын бағып күн көрейін десе, Ауғанстан жібермейді. 23-ші жылдың басынан бері қарай жалпы тұрмыстары нашарлап, малдан айырылып, аштан өлуге қалған соң үлкен-кіші демей қыздарын ауғандарға сатып, күнелтіп отырғанға ұқсайды. Бұл күйзеулі тұрмыстарының үстіне ауғандар бізге көшіп келгендегі халдарыңа мөлшерлеп салық төлейсіңдер деп жəне қысатын сияқты. Құлқын тамақ үшін шырылдатып қызын сатып, жықпа-жығылма болып, аштықтың құшағында отырған қазақтардан Ауғанстанның салық сұрап қысуы жан түңілгендей. Амалдары жоқ, əркім барын ұсынады. Салық үшін де қыздарын ықтиярларымен жалпы бере бастар. Анау-мынау деп қорқытып, салығына қыздарды ала да бастаған көрінеді. Қысқаша айтқанда, осындай тұрмыстың талқысымен бұл кезде күндері қаран. Бұл Ауғанстанға кеткен қазақтар өз жеріне қайтқалы ізденіп, Бұхараның 4-ші құрылтайына һəм халық комиссарлары кеңесіне біздерге көшіп келу үшін ұлықсат етіліп, ашық хат берілсін деп арыз берген еді. Олардың берген арыздары турасында ешбір жауап берілген жоқ. Ең болмаса, қазақ бөліміне хабар беріп, бұл туралы шара қолдансын деп жазған қағаз да жоқ. Бұл қалыпта Ауғанстандағы Бұхарадан көшіп барған қазақтардың қалған малынан һəм қыз-қатындарынан айырылып қалуларында сөз жоқ. Түрлі себептермен бұл қазақтар туралы Бұхараның орталық комитеті жанындағы қазақ бөлімінде іс жүзінде ештеңе істей алмай отыр. Басқармадан: Тарихи тəжірибе осылай болады. Қазақтың «əулие аттаған оңбайды» деген мақалы əулиенің басынан аттап кеткенді айтқаны емес, пайданы залал деп, досты дұшпан деп адасқандарға арналған мақалы. Бірақ бейнетқорлар үкіметі тасжүрек емес, зарыққандарға жəрдем қолы созулы. АЗҒЫНДАРДЫ ЖОЮ КЕРЕК Қазақстан орталық кеңес комитеті жанында кеңселерде қазақ тілін жүргізетін орталық комиссия Қазақстан кеңес мекемелерінде переводчиктер ордасын жою туралы барлық гүбірнелер кеңес
комитеттерінің һəм олардың жанында қазақ тілін жүргізетін гүбірнелік комиссияларға бұйрықхат жариялап отыр. Өйткені кейбір гүбірнелерден алынған хабарларға қарағанда, Қазақстан кеңес мекемелерінде барлық кеңсе істері қазақ тілінде (орыс тілімен қатар) жүретін болғандықтан бұл істі бұрынғы патша кеңселеріндегідей бір-екі переводчик қана жүргізетін сияқты көрінген һəм кейбір гүбірнелік мекемелерде үйездік кеңес комитеттерде олар құрылған да көрінеді. Кеңселерде қазақ тілін жүргізуде бұл үлкен қателескен əдіс. Олай болғанда əрбір кеңседе бір-екі переводчик болып, солар ғана кіретін-шығатын қағаздарды қазақшаға аударып отырады ғой. Бұдан жалпы бұқараға не пайда? Түк пайда жоқ. Қазақстан үкіметі қазақ тілін бұлай жүргізем демейді. Жүргізудегі негізгі мақсатымыз: бірден, жалпы бұқара қазақ халқы мұң-мұқтажын, переводчиксіз өз тілінде түсіндірсін һəм сол надан халықтың өзінен адамдарды тартып, үйретіп кеңсе істеріне жаттықтыртып, бүкіл кеңселерді біртегіс қазақ тіліне аудару. Мінеки, осы мақсатқа жеткенде қазақтың сахарада жатқан елдерін кеңес құрылысына жақындастыра аламыз. Сонда ғана бүкіл Қазақстан кеңселерінде істі өз тілінде жүргізе аламыз. Егерде əрбір кеңсемізге бұрынғы некең заманынан қалған əйдік, азғын переводчиктерді отырғызып, кеңсе істерін басқартып қойсақ, ешуақытта ойлаған мақсатымызға жете алмақ емеспіз һəм бұл əдіс қазақ тілін жүргізуде тұтынған жолымызға хлаф келеді. Сондықтан жергілікті орындар, оның ішінде, қазақ тілін жүргізу үшін құрылған сəйкес орындар енді бұдан былай азғын переводчиктер ордасын жою керек. Олай болмағанда кеңсе ісін ойлағандай бағытпен қазақ тілінде жүргізе алмаймыз. ҚАЗІРГІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖЕРЛЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРАЙТЫНДАРЫ ҚАЙСЫ БОЛУ КЕРЕК? Түркістан республикасына қараған қазақтың саны қазіргі Қазақстандағы қазақтан аз-ақ кем. 1917 жылғы санақша 1. Сырдария облысында 1,405,000 жан қазақ; 2. Жетісу облысында 810,000 жан қазақ;
- Ферғана облысында 391,000 жан қазақ; 4. Самарқан облысында 125,000 жан қазақ; 5. Закаспий (қазіргі түрікпен) 95,000 жан қазақ. Бұл санақта Амудария облысы айтылмаған. Мұндағы халықтардың да көпшілігі қазақ пен қарақалпақ. Амудариясыз Түркістанның бөтен жеріндегі қазақтар 2,825,000 жан екендігі жоғарғы есептен көрініп тұр. Соңғы жылдардағы есептің ішіндегі дұрысына жақындауы осы 1917 жылдың есебі болғанмен, бұның бойынша да Ферғана облысындағы һəм Жетісудағы қырғыздар кем жазылған. Оған себеп – 1916-шы жылғы бунт пен Түркістан шегінен шығып кеткен көп қырғыздар есепке ілінбегендік. Түркістанға қараған 6 облыстың барлығында да қазақ бар. Сондықтан Түркістан республикасындағы қазақтар Қазақстанға қосылсын дегенде қосылатын Жетісу мен Сырдария облысы деп ойлауға болмайды. Сөз мəнісінше, Түркістан топырағындағы қазақ бар жерлер қосылады деп түсіну керек. Өйткені Қазақстан республикасы тақырыпты шыққан декретте де «Қазіргі Түркістан республикасындағы қазақ жерлері халқы тілесе, Қазақстанға қарайды» деген. Бұған қарағанда қазақ отырған жерлердің барлығы да Қазақстанға кету керек. Сөз халықтың тілеуіне қалса, «қосылмаймыз, бірігіп бір жерден басқарылғанымыз жақсы» демейтін қазақ қалмайды. Тілі, тұрмысы, қалпы, салты тағы басқа да тарихи-табиғи түрлері бір халықтың бір мемлекет басқаруында болуы əр іске де ыңғайлы екендігі анық. Бірақ мемлекет басқару жұмыстары жер шегімен жалғасқан. Сондықтан бір мемлекетке бірігетін халықтардың жер ыңғайын да қарастырмауға болмайды. Былайша айтқанда, бір мемлекетке қараған халықтың жер шегінің бөлшектенбей, бірбірімен тұтасып жатуы тиіс. Қосылу мəселесінде де еске алатын жер – осы. Нұрынға қараған қазақтардың Қазақстанға қосылатыны қонысы қатар, шектес жерлері деп ойлау керек. Түркістан республикасындағы қазақ жерлерінің Қазақстанға қосылып жатқандары – Сырдария, Жетісу облыстары. Сонан соңғы осы екі облысқа жалғас Амудария қазақтары һəм Ферғана қырғыздарының жерлері. Қалған қазақ жерлерімен екі арада бөтен халықтар бар. Біздің ойымызша, Қазақстанға алдымен қосылатын жерлер – Сырдария
мен Жетісу облыстары болады. Бөтен қазақ бар жерлерді, екі арада бөтен халықтар болмағанмен, жерінің алыстығына қарап үкімет істері ыңғайланып, қатынас түзелгенше əзір қоя тұру керек. Бірақ Жетісу облысымен қатар Ферғанадағы қырғыз жері де бері бөлінуі керек. Өйткені Жетісу мен Ферғана бөлінген қырғыздардың екі араларында тек Памирдың тауы бар, бөтен ел жоқ. Қысты күнгі тау жолдарын қар үріп, бітейтін аз уақытта болмаса, екі арасы қатынасып жатады. Ферғана қырғыздарының мəдениет жұмысын Жетісу қырғызынан айыруға болмайды. БАСПАСӨЗ – ТАП ҚҰРАЛЫ Адам қоғамы жіктесіп тартысқан уақытта ағып жатқан құралдар малданады. Құралдың ішіндегі ең күштісі «тас жаратын қызыл тіл» – сөз. Дін таратушылар кітаптар шығарған, таратқан. Ел оқып мойынсұнған. Мұқанбет сол сөзбен Құран таратпаса, ислам діні мықтаса Арабстанға ғана тарар еді. Əйтпесе, қара сирақ араб жайдақ түйемен жер жүзін аралап, үгіт-насихат тарата алмас еді. Құрғақ насихат адам миынан берік орын да ала алмас еді. Екатерина заманында ауа көтерген Пугачев та мұжықтарға патша үкіметінің əділсіздіктерін көрсетіп, жар шашқан. Жарды оқыған мұжықтар топ-тобымен Пугачевқа қосылған. Патша үкіметінен, Нұралы ханмен тартыста Сырым батыр хат жазып, киіз туырлықты қазаққа ұран салған; башқұрт ханына, Хиуа, Бұхараларға хат жазып, хабаршы жіберген. Патша үкіметінен қысымшылық көріп, қазақ елі бытырап, жан-жаққа қаша бастаған уақытта «жауыздық мəңгі қалмайды, іргемізді жыртпалық, жарық күн туар» деп Досбол би Арқаның еліне хат жазып, қашуды тоқтатқан. Осындай тартыстардың, тайғақ кешу, тар жолдардың уақытында адам қоғамының қол артатын сенімді қаруы – жазу. Мəдениетті елдерде, капитал дəуірі орнап, қоғам ең үлкен тапқа (капиталшылар табы, жұмысшылар табы) бөлініп, айқын тартысқа кірген елдерде құралдың ең күштісі тағы – сөз. Бірақ надан елдердегідей қауырсын қаламмен түрткілеп хатқа жазған сөз емес, машинамен табақ-табақ етіп, мыңдап-мыңдап күн санап шығарып тұратын газетке, журналға жазылатын сөз.
1860-1870-ші жылдардан бастап Ресейде капитал дəуірі орнайды. Тап тартысы бір күн сөнбестен біздің күнімізге дейін келді. Айналасына қожа-молда, би-төрені жиып, үзілместен капиталшылар табының баспасөздері шығып тұрды. Бұған қарсы айналасына бейнетқорларды, жұмысшыларды жиып, жұмысшылардың баспасөздері тарап тұрды. Сөз жоқ, бұ таптарға баспасөздер үлкен құрал болды. Капиталшылар үкіметі осы жалшылар баспасөзін жоюға бар күштерін сарп етті. Баспасөз таратқызбаса, жұмысшылар табының топшысының қиылатынына, ұйымдаса алмайтынына капиталшылардың көздері жетті. Осы оймен үкімет капиталға отар есебінде болған қазақ елінің де жалғыз «Қазақ» газетін де талай жауып, талай штраф салып, шығарушысын абақтыға салған. Жұмысшылар табының талай баспасөздерін жауып, шығарушыларын итжеккен суық Сібірге айдаған. Жұмысшылар табы сонда да баспасөзсіз тұра алмайтын болғандықтан шет мемлекеттерде шығарып тұратын болған. Ильич Владимир 10 жылдап октябрь өзгерісіне, коммунист партиясын құрауға, ІІІ коминтерн тұрғызуға дайындалған уақыттағы қолданған үлкен құралы – шет елге қашып барып отырып шығарған «Ұшқын» деген газет болатын. Таптың, тап тартысының өсуімен қатар тап құралы – баспасөз де өседі. Таптың осалдауы, семуі, өлуімен қатар тап құралы баспасөз де осалдап, семіп, өшеді. Жалшылар табы өскен сайын (Ресейде) ұшып түскен ұшқын, оттың ұшқыны сияқты кішкентай газет өсіп, «Правда» (қазақшаға аударғанда «Шындық») деген үлкен газет болып, ақырында 1917-ші жылы октябрь айында кішкентай ұшқын таудан шыққан жалпақ өртке айналды. Октябрь өзгерісін жасап шығарды. Бір жақта көлдей етіп Милюков күн шығарып тұрған «Речь» (қазақшасы «Уағыз») деген газет бүкіл патша мекемелерін, школдарды, шіркеулерді толтырып тұратын. Газет капитал семген уақытта семіп, капитал қашқанда бірге қашып, бір күнде өзінен өзі құрып, жыбырқай қатын өсек əңгімеге айналып, өліп бара жатқан капиталға саз қосып өліп барады. Қысқасынан айтқанда, баспасөз тап тартысы уақытында езілген тапқа азаттық жолында үлкен, сенімді құрал. «Ресейде тап тартысы бітуге тақау ғой. Бітті ғой. Енді баспасөз неге керек?» деген сауал оқушының басына ұяламас па? Олай болса айтатынымыз: Ресейде тап тартысы сөнгенмен, басқа мемлекеттерде əлі сөнген жоқ. Басқа елдердің жұмысшылары əлі
қызу тартыста. Ресей жұмысшыларының мақсаты өз капиталын жеңіп, қол қусыру емес. Ресей жұмысшыларының мақсаты – жер жүзінің капиталын жеңу, жою. Тарихтың берген сыйы арқасында Ресей жұмысшылары жер жүзіне басшы болып шықты. Сондықтан олардың міндеті ауыр болып шықты. Екінші жағынан, Ленин жолдас айтқандай «өңделмеген жұмыс көп-ақ қой». Бұларды оңдау үшін құрал керек. Ол құралдың сенімдісі баспасөз ғой. Үшінші жағынан, адам қоғамның тапқа бөлінуі, тартысуы басыла қойған күнде де, бір тап, еңбек табы болып шыққан адам қоғамы жаратылыспен тартысын еш уақыт тоқтатпайды. Бұ соңғы тартыста жүкті тең тарту керек. Бұ жүк тартуда ұйымдасатын, күш қосатын, ұрандасып, əуіп-əуіп салатын құрал баспасөз ғой. Олай болса баспасөзді күшейте, оңдай беру «құдайдың парызымен» бірдей ғой. Ауалық сары далаға... Бұнда не бар? Баспасөз бұнда қару ма? Баспасөздің бұнда қадірі қандай? Сары далада баспасөз ергежейлі. Бойы өсіп, буыны қатқан жоқ. Баспасөз сары далада жат қонақ. Баспасөздің қазақ ішіне шыға бастағанына 10-15 жыл. Баспасөздің қазақ бейнетқорларының арасына тарай бастауы октябрь өзгерісінен кейін. Баспасөз қазақ бейнетқорының арасына əлі толық енген жоқ. Бұған себептер көп. Ең зоры – көшпелілік. Баспасөз қазақ ішінде əлі қадірсіз, түсініп жетпеген. Құрал болатын газет-журналдан «Қыз жібек», «Шортанбай» əлі қадірлі. Баспасөзге көзқарасы екі түрлі. Елден осы жолдарды жазушыға бір досы хат жіберген. Хатында мынадай сөз бар: «Шырағым, Орынбордан келген бір оқып жүрген жігіт (?!) сені бұ күнде іс басында жоқ, газет жазып, қаңғып жүр», – дейді, – «Өйтіп қор болғанша, ауылға келіп, өз арамызда жүрсейші» деген (анда-санда жазған маңызсыз мақала үшін көтерген жігітке нұр жаусын!). Бұл нағыз наданның, газеттің не екенін білмейтін сорлылардың сөзі ғой деймін. Екінші көзқарас – газет əкімдер тұрған жерде шығады. Газетке араз адамымызды сыбап жазсақ, əкім жаза салады. Бұл ретте газетке ауылдағы дұшмандарды мұқататын қару деп қарайды. Бұл аз да болса түсінуге жақындаған көзқарас. Бірақ кемшілігікөп... Шындықта, сары далада малша бытырап жүрген кедей; қаңғып жүрген аш-жалаңаш; өтірік большевик болып, кеңестерге еніп кетіп, ел тонап жүрген қулар; школсыз, оқусыз жетім қалып, сорлы болып отырған балалар; жаңадан бас көтеріп келе жатқан ұсақ
саудагерге жем болып отырған бейнетқор ел; 98% хат танымайтын қасіреті қалың ел; көз алдындағы теңдікке ие бола алмай, малға сатылып отырған əйел; жалпақ ауру, шыбындай қырылу; «көзін сүзіп, жүзін бұзып» елді ілгері бастырмай садақа алып отырған «Бұхар мысығы» –ұзын жең молда. Қысқасы, сары далада қаптаған осындай дұшмандар... Қазақ бейнетқоры бұ дұшмандармен тартыспақ. Бұл – тарих заңы. Бұ тартысты аттап өтуге болмайды. Тартысқан уақытта құрал керек. Қазақ бейнетқорына бұл тартыста құрал – баспасөз. Оқу жайы, мектеп жайы, отырықшы болу жайы, кооперация ашып, бүлінген шаруаны тірілту жайы, қазақ кедейлерінің ұйымдасуы, қазақ жастарының ұйымдасуы, қазақ əйелдерінің теңдік алуы, кеңестер жұмысының түзелуі... Қысқасы, Қазақстан бейнетқор табының жер жүзінің бейнетқорларының туының астына жиналып, қатарға кіру құрал керексітеді. Ол құрал – баспасөз. Олай болса баспасөзді күшейту, баспасөзді елдің сүйегіне сіңіріп, қанына араластыру, баспасөзді Қазақстан бейнетқор табының тартысында құралы ету барлық мекемелердің, партия ұяларының, партия мүшелерінің, өнер ұйымдарының, жастар одақтығының, əрбір аңды азаматтың борышы. Осы борышты еске салу үшін «баспасөз күні» ашылып отыр. Еңбекшіл ел бұл күнге саңырау қалмас, баспасөзді күшейтер деп біз сендік.
ЕЛ ГАЗЕТКЕ НЕ ЖАЗБАҚ? «Ағаш көркі – жапырақ» дегендейін «газет көркі – ел хабары» деуге болады. Ол аз. Газет қалың бұқаранікі болу үшін елмен қоянқолтық айқасу керек. Қайткенде газет елмен айқасады? Əрине, елдің өз тұрмысын өзіне, айнаға түсіргендей ашық көрсеткенде. Ішкі-сыртқы хабар, үкіметтің қаулысы, бұйрық-жарлығы, сиездің протоколы елдің оқуына онша қызықты көрінбейді. Жоғарыдан шыққан дерексіз терең сөз, терең саясат, қарапайым ел қазағына жат нəрседей көрініп, əрі ұғымсыз, əрі жалықтырғыш болуында сөз жоқ. Газетке елдің селқос қарауының бір себебі: өз мүддесін сөйлейтін, қышыған жеріне дөп келетін сөздердің аз басылуынан деп жоруға болады.
Бұған кім жазалы? Газетші ме, хабаршы ма? Əрине, екі жақта да бар: «апама жеңгем сай». Бұл бəріміздегі жалпы мін, жалпы салақтық, жалпы дерт, не десең сол. Елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ. Кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш тағы бірдеңе болмақ. Бірақ газетшіге кінə қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші тəуіп те, пайғамбар да емес («ғайыпты пайғамбар да болжамаған» деген қазақ нақылы пайғамбар да өзіміздей адам деп білгені). Ел мұңмүддесін айтып, жетпегеніне жеткісі келсе, «алма піс, аузыма түс» деп қарап жатпай, газетшінің құлағын бұрай беру керек. Тұрмыс – тырбанғандікі, заман – еңбекшінікі. Ырыс – еңбекте. Тұрмыс ырысы еңбекке тірелген заманда нендей игілікті болса да еңбекші жұрт өз талабымен, өз күшімен табу керек. Əлеумет ісі көппен, көмекпен, науқанмен істеледі. Сол науқан салатын əлеумет ісінің бірі – газет. Ел: «жазбасам – маған серт, баспасаң – сағат серт!» деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады. Газеттен пайдаланады. Рас, газетке не болса, соны баса беруге болмайды. Газет елдің келесіне, жалпысына керекті сөзді басады. Сəрсембайдың аттан жығылғаны, Бейсембайдың ұйқысырағаны, Жұмабайдың арақ ішкені тəрізді қара су ұрттаған құрлы жұртқа пайдасы жоқ сөздерді газет баса алмайды. Газет шамасы келгенше көпке өнегелі болған уақиғаны, шын сөзді басуға тырысады. Бірақ қайғы сол: біреудің біреу ертоқымын ұнатпаса да əлеумет жұмысымен шатастырып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» мөлдіретіп, газетті адастырады. Сөйтеді де газетшіге өкпелейді. Өтірік айтса, жала жабылса жауапты болармын деп жұрт ойламайды. Қиыншылықтың бір үлкені – осы. Ел газетке не жазу керек? Енді соған келейік. Тіршіліктің тұтқасы – шаруа. Шаруасыз күнелтуге болмайды. Оны бəріңіз білесіз. Өнер, ғылым, саясат, əдебиет, адамгершілік.. – бəрінің шығатын жері де, қоятын жері де шаруа. Шаруа оңалмай, басқа игілік те орнамайды. Ендеше, жұрт алдымен шаруа жүзіндегі мүддесін жазу керек. Қазақ шаруасының ұлтандысы – мал өсіру. Олай болса, мал шаруасы жайынан жазылуға тиіс. «Малдың несін жазамыз» деп
абдырау жарамайды. Ең болмаса, мына сұрауларға жауап жазылып отырса да шаруа жайы көрінеді: Қыс қалай өтті? Күйзеушілікке, жұтқа шалдыққан ел бар ма? Жауын-шашын қалай? Шөп шығымды ма? Жұға ма? Малдың ауруы, індеті жоқ па? Болса, қай елде? Ауруға, індетке қандай шара, нендей ем істеліп жатыр? Əлде істелмей ме? Дəрігер көмегі тие ме? Ұры, қасқыр тағы да сондай төтеннен жолығатын шығындар қалай болып тұр? Оларға қарсы қандай қам істеледі? Əйтпесе, қам істеуге үкіметтен көмек сұрауға ойланушы болды ма? Малдың нарқы немене? Ел малын саудагерге сата ма? Ұйымдар, кооперацияларға өткізе ме? Оларда қайсысы тиімді? Мəселен, бойдақ қойға неше кез киермендік шыт беріп жүр? Мал тұқымын асылдауға, елдің керек-жарағын жетістіруге ашылған ұйым, артель, кооперациялар бар ма? Жоқ болса неліктен? Əлде елді алыпсатарлар қанап жүр ме? Егін салушылардың мүддесі не? Тұқым, сайман, жері жоқтықтан егін сала алмай қалған елдер кімдер? Қарызға ақша беретін серіктік дүкендерінен ақша алып пайдаланғандар бар ма? Алтын қарызы, астық қарызы деген сөздерді жұрт ұғынып, пайдасына көзі жетті ме екен? Алушылар шығымы қалай болатын? Шегіртке, саршұнақ деген зиянгерлер жоқ па? Бар болса, жер бөлімдеріне аян ба? Білдірілді ме? Қоныс алған, жерсіз қалған, отырықшы болған, бола алмай жүрген елдердің жайы қалай? Қолынан келмей, жөнін білмей отырған қандай мұң-мүддесі бар? Жер сатушы, жер жалдаушылар жоқ па? Жер дауы қалай тынышталып бітеді? Бітірушілер бар ма? Көрші ұлттармен жер жайында шекісу жоқ па? Одан кейінгі газетке жазылатын сөз: ел басқару – əкімшілік, билік жайынан болуға тиіс. Ел ішіндегі кеңес қызметкерлері: ауылдық сəбет, болыстық исполком, милиция, инструктор, халық билері, тергеушілері. Осылардың қызметі, тұтынған бағыты, кедей табына əперіп отырған теңдігі, қызметіне жарамды-жарамсыздығы, ересен жақсы, орасан ұят істері, кеңсе қағаздары қазақшаға айналуы, қызметкер табылуы, оның кемшіліктері, пайдасы, қазақ тілімен жүргізуге кедергілер, болыстарды біріктірудің-аудандаудың салдары, ел партиясы, кедейлер оянуы, елдегі коммунист ұялары, мүшелері, олардың қызметі, болыстық исполкомдарға көмегі, шекісуі, жастар ұйымы, олардың маңызы, қызметі, жиылысы, қаулысы; əйел
теңдігі: қалыңмал алу, оған тыю салыну, жесір дауы, құн, барымта; соттардың дау бітіруі, елдің тынышталуы, болмаса жолсыз істер, лау міну, салық жию жұмыстары қалай өтуі – міне, осының бəрі газетке басылатын елдің күйінді, керекті мəселелері. Жазылуға тиісті хабар: оқу-оқыту, мектеп, мұғалім жайы. Мектеп жабдығы, мектеп шығыны ел мойнына артылғаннан бері мектептер шағындалып, мұғалімдер іріктеле бастағаны мəлім. Бірақ сол шағын мектептің өзін ел қамтамасыз қылып, баласын оқытып отыр ма, жоқ па? Оқытпаса, мектепке салқындықтың себебі не? Қай елде қанша мектеп, мұғалім бар? Оқуына құнтақты ма? Осылар жайынан жоғарғы мекемелер толық мағлұматы бар деп айтуға болмайды. Өйткені мұндағылар жер-жердің баяндамасынан ғана біледі. Жеріндегі оқу мекемелерінің өзі де «пəлен елде пəлен мектеп бар, пəлендей бала оқиды...» деген сияқты ұзын ырға есеп болмаса, ел мектептің ішкі жайы-күйімен, ішкі сырымен таныс бола алмайды. Өйткені жылында бірлі-жарым келіп кеткен инструкторлар мектеп жайымен толық танысу мүмкін емес. «Қыстай пəлен бала оқып шықты» деп отырған мектепте бір-екіақ ай онды-бесті бала оқып, анығында мұғалім «қарақшы» болып қалатыны мүмкін нəрсе. Ұлы сиезде, болмаса мекемеде қашып отырып оқыған, тыңдаған баяндамалар есте қалмайды. Сондықтан елдегі оқу жайын ел кісілері жазбай, дұрыс мағлұмат алу мүмкін емес. Елдің оқуға көзқарасы, қатынасы, істеген қамы, салдырған мектебі бар ма – бұ да жазылуға тиіс. Алдымызда сауатсыздықты жою келе жатыр. Адамның жүзден 96-сы хат танымайтын қазаққа бұ қалпында, аспаннан шұға жауса да ұлтарақ тимейді. Бостандық, теңдік, əділдік, тыныштық, береке, өнер, білім, саясат, қысқасы, қандай жақсы ниет, таза мақсат болса да надан адамға қонбайды. Алдымыздағы қауырт жұмыс сол надандықтың ұясын бұзу. Ол үшін алдымен əліпби оқытып, хат таныту керек. Ана жылғыдай сауатсыздықты жоюға шартық мұғалімдер шығып, лау мініп, қыз-қатынды жинап, елді əбігер қылады деп ойламау керек. Бұ жолы жұмыс тəртіппен істелетін сиқы бар. Міне, ел осы туралы жазғаны да жөн. Тағы бір жазылатын хабар – жұмысшылар тұрмысынан болу керек. Қазақстанда түрлі кəсіпте жұмысшылар бар: балықшы, тұзшы, көмір, мыс, алтын кендерін қазушы, былғары, тері зауытында, жүнде, отын кесуде, сал ағызуда, пароход – баржыда, шойын жолда
жұмыс істеушілер бар. Міне, солардың тұрмысы, ұйымы, алған теңдігі, болмаса көрген кемдігі қандай екені газет бетінде көрініп отыру керек. Адамның салт-санасына өзгеріс кіргізетін тұрмыс – кəсіп. Жұмысшылар тұрмысы ел кедейінің тұрмысынан анағұрлым айырмасы бар. Еңбекшілер, кедейлер табы дегенде бетке ұстайтынымыз сол жұмысшылар болмақ. Тап сезімі алдымен соларда оянбақ. Олай болса, жұмысшылар тұрмысынан жазу – керектің керегі. Қысқаша айтқанда, елдің газетке жазатын хабарлары мынау: 1. Шаруа жайы; 2. Əкімшілік, сот жайы; 3. Əйел теңдігі, жастар тұрмысы; 4. Оқу жайы; 5. Жұмысшылар тұрмысы. Газетке не жазу керектігі бұрын да талай айтылған, қақсалған əңгіме. Сөйтсе де, «баспасөз күнінде» тағы айтамыз. Өйткені андасанда есіне салып отырмаса, ел ұмытып, салақсып кету қаупі бар. Ендігі тілек: сөзді ұзартпай, шұбатпай, қысқа, тиімді қылып жазуларыңызды басқарма сұрайды. Əрине, ол мүмкін болғанша. БАСПАСӨЗ – АУЫЛҒА
Орынбордан қайтып бара жатып, Орал бойындағы бір казакорыстың қаласына түстенгенбіз. Түскен үйіміз пеш жағып жатып тамыздық іздеді. Жуан сары əйел бір құшақ сары қағазға басылған қазақша газетті бұрқыратып əкеліп пешке тықты. Қарасақ, Оралдың «Қызыл туы». Бұ қалай, қайдан алдыңдар, отқа неге жағасыңдар дегенімізде: «Байым Елекке лау айдап барғанда алып қайтты. Біз танымаймыз, мұсылманский ғой, сондықтан тамыздық етіп отырмыз», – деді. Қазақ елі осы күні шетінен темекі тартады. Шал да, бала да, қыз да, қатын да тартады. Темекі тартушыға қағаз керек, газетті қазақ жалпағынан темекіге жұмсайды. Газет бастап болыстық кеңсеге келеді. Қаладан алып келе жатып, газетті темекіге жырту жұмысына кіріседі. Қалғанын кеңсе айналасындағылар үлгереді.
Ауыл соқыр, ауыл надан тұрмыстың тоқсан тоғыз тарауында ауыл жөн таба алмай сандалып отыр. Шаруашылық ретінде, саясат ретінен, денсаулық ретінен, оқу-білім ретінен елдің көзі соқыр, күні қараң. Ел сондықтан газет іздеп, жүнін жейді. 6-7 жасар жас бала Бектұр. 2-3 ай оқып, орысша, қазақша ежіктеп хат танитын болған. Бектұрмен көшеде бір күні бірге қыдырдым. Жолдас Бектұр айналаға жалт-жұрт қарап жүрмейді. Байқасам, ылғи үйлердің маңдайына қадаған түрлі вывескелерді оқып келеді екен. Тікелей пайдасын көздеудің үстіне үлкендер мектепте оқыған қазақ Бектұр сияқты баспасөзге əуес болады. Бұл реттен газеттің ауыл арасына тарауы сауатсыздық жою жұмысына үлкен қолқабыс. Жолаушының ат-тонын, бара жатқан жерін, жеті атасына дейін шежіресін қалдырмай біліп қалатын білімге өш қазақ бейнетқоры жолбасшы Лениннің жайын, сөздерін білуге жерік əйелдей ынталы. Білейін десе құрал жоқ. Ол құрал газет қой. Газетіміз аңсаған ауылға бармай, орыс қатынына тамыздық, темекішіге қағаз болып келеді ғой. Бұл күйде газетімізді қалдыра берсек жұмысымыз жарға бұршақ атқан болады ғой. Еңбекшіл елдің төрт аяғы төбемізде ойнайды ғой. Сондықтан мына баспасөз күні елдегі кеңсе басындағы азаматтарға, кеңес төрағаларына тағы бір рет өтініп өтуді борышымыз деп санап отырмыз. Еңбекшіл елге газетті дұрыстап таратыңдар! Екінші жағынан, орталықтағы мекемелер ресми бұйрық шығарып, газеттерді үлестіретін айырым журнал жүргізіп, ай сайын сол журнал тергеліп, газетті жоғалтушылар үкіметтің ресми қағаздарын жоғалтқан ретте жауапты болатын болса жақсы болар еді. Бұдан басқа кеңестер, елдегі партия ұялары, əрбір аңды азамат еңбекшіл елге газет таратуға бар күшін сарып етуге үлкен борышты. Борыш өтелмей қалмасын! ЖЕРГІЛІКТІ ӨНЕРЛІ КƏСІП ҚАЗАҚСТАНҒА ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДА НЕ БЕРЕДІ? Биылғы жылы өнерлі кəсіптің əр түріне айырықша өндіріс жоспарлары жасалды. Бұл жоспарларды жасағанда кəсіп орнының
күш-қуаты, қаржысы, затының өтімі һəм басқа шарттар ескерілді. Сол себепті жоспарлар бұрынғыдан бейім, жеңіл болды. Өнерлі кəсіп те – ел мүлкі. Ел өзінің байлығының қандай екенін, артуын, кемуін біліп тұрулары керек. Бұл мақалада гүбірнелік мекемелердің пайдалануында болған гүбірнелік кəсіп орындарының Қазақстанға нендей пайда беретіні айтылмақ. Əуелі, Қазақстандағы мықты кəсіп – тұз кəсібінен басталық. Елек, Павлодар тұздары секілді ірі тұз кəсіптері аймақтық мекемелердің қарауында. Қарабас, Жаңатұз, Жамантұз секілді ұсақ тұз кəсіптері гүбірнелік мекемелер қолында. Биылғы жылы 50,000 пұт тұз шығарылады. Былғары кəсібі 139,600 ірі тері, 138,000 қой терісі, 50,000 ұсақ тері істеп шығарады. Бұл жұмысты атқаратын Қазақстанда 6 былғары зауыты, 3 қой терісі зауыты бар. Бұл жұмысты тері зауыттары толығымен атқарады. Өйткені олардың қолында қазірден-ақ жеткілікті қаржы, жұмыскер һəм шикі терітерсек бар. Бұл жұмыс атқарылғанда былғары кəсібі Қазақстанға 236 мың сом таза пайда береді. Семей гүбірнесіндегі орман кəсібі биылғы жылы 12,000 текше саржан отын, 4850 текше саржан шикі ағаш əзірлеуге ұйғарды. Орман кəсібінің де іс жүргізетін қаржысы, жұмыскерлері һəм басқа керектері жеткілікті күйде. Өзінің жоспарлаған жұмыстарын түгел атқарарлық орман кəсібі биылғы жылы 47,000 сом пайда береді. Силикат кəсібі биыл 3,000,000 пұт кірпіш, 15,000 пұт бояу, 800 пұт желім, 75,000 əлебастр, 25,000 пұт бор, 50,000 пұт известь жасап шығарды. Силикат кəсібінің өз қаржысы да жеткілікті болғанмен де жұмысты күшейту үшін қарыз керек. Қазақстанға бұл кəсіп 17,000 сом пайда береді. Қазақстанда тоқыма кəсібінің халы нашар. Қазақстанда 3 мауыт тоқитын зауыт бар еді, Орынбордағысы жабылып қалды. Қостанайдағы, Оралскідегі зауыттар жылына 45,000 аршын дөрекі мауыт жасап шығарып, 10,000 сом пайда келтірді. Бұл фабриктерді күшейту керек. Бұл айтылғандардан басқа гүбірнелерді мынадай ауыл өнерлі кəсібінің орындары бар: Орынборда сыра зауыты жылына 48,000 шелек шығарады. Май 36,000 пұт; Жеміс суы 6000 шелек; Сабын 1,400 пұт; Байпақ 2,500 пар;
Киіз 6,000 аршын. Ақмола гүбірнесінде: Байпақ зауыты жылына 6,000 пар шығарады; Киіз 6,000 аршын. Семей гүбірнесінде: Май зауыты 18,000 пұт шығарады. Ауылдың өнер кəсібінің қаржысы, жұмыскерлері жеткілікті, жоспарлаған жұмыстарды уақытында атқаратын ауылдың өнерлі кəсібі 145,000 сом пайда береді. Мұнан басқа Қазақстанда 4 темір құятын зауыт бар. Бұл зауыттардың Орынбордағы екеуі биылғы жылы 5,050 пұт шойын құяды, 384 фургон, 28 өрт сөндіретін насос, 60 прес жасап шығарады. Семейдің шойын зауыты 6,000 пұт шойын құйып шығарады, Ақмоланың зауыты 5,400 пұт шығарады. Бұл зауыттардың өз қаржылары жеткілікті. Істеп шығарылған зауыттарының өткізілетін орындары əзір. Бұл зауыттар жылына 6,000 сом пайда береді. Мəтбуғашылық кəсібі ретінде жұмыс аздықтан Орынбор гүбірнесінде 3 баспахана, Ақмола гүбірнесінде 4, Орал гүбірнесінде 1 баспахана қалдырылды. Бұл баспаханалар керекті толығымен атқарып тұрады. Оларда 280 жұмыскер жұмыс істейді. Баспаханалар биылғы жылы 22,000 сом пайда береді. Қысқасынан айтқанда, гүбірнелік мекемелердің қарауындағы 36 кəсіп орны биылғы жыл Қазақстанға 500,000 сом пайда береді. Бұл ақша сол кəсіп орындардың көркеюіне жұмсалмақшы. Қазақстанға өнерлі кəсіптен келетін пайда мұнымен бітпейді. Аймақтық, жалпы мемлекеттік кəсіптеріміз де Қазақстанға пайдасын тигізіп жатпақшы. ТҮРКИЯНЫҢ ЖАЙЫ «Түркия бас көтереді» деген, «құрымайды» деген адам болмады. Міне, сондай хəлге келген уақытта оқи бастаған жас түріктер ержетіп, Түркияның ондай хəліне шыдай алмай, 1908 жылы Түркияның сұлтан халифасы Əбділхамитты тақтан түсіріп, орнына інісін қойып, Түркияның əр уалаятынан уəкілдер
шақырып, мемлекет істерін қарауға жиылыс қылып, мəжіліс ашты. Бұл жиылыстың шығарған қарары бойынша Түркияның билігін бұрынғыдай сұлтанның өзіне жеке ғана беріп, қоя бермей, мемлекет істерін тексеріп отыруға дауам уəкілдердің мəжілісі болды. Жас түріктер сұлтан халифаны мүлде жоғалтуға һəм молдаларды үкім істеріне қатыстырмауға іс қыла алмады. Оған жас түріктер бата алмады. Жас түріктер Түркияға уақ-уақ қана жаңалық кіргізді, зор жаңалыққа бара алмады. Біраздан соң жас түріктерді ескі түріктер қайта жеңіп, іс басына өздері қайта мінді. 1914 жылғы басталатын дүние жаһангерлер соғысына Түркия еріксіз кірді. Сұлтан халифаның əмірі бойынша ғана соғысқа лаж шыққан Түркияның сорлы қара бұқара халқының мойнына бұрынғыдан да жаман соғыстың барлық ауырлығы түсті. Кедей Түркия бұрынғыдан да кедей болды. Қара бұқара халық аштықжалаңаштыққа айналды. Соғыстың ақырғы кезінде Англия, Франция, Италия һəм Грецияның теңізбен кемемен келген əскерлері Түркияның Арабиясын, Бағдат, Смирно, Стамбулдарын алып қойды. Бірақ Түркияның сұлтан халифасы Стамбулды Англия, Италиялар алып қойса да, сол Стамбулдың өзінде Англияның айтқанын қылып отыра берді. Түркия енді өз алдына мемлекет деген аттан шыға бастады. Міне, сол қарсаңда Түркия енді тіпті шындап тұрмайтын мəңгілік ұйқыға кетті. «Түркия енді жоқ» деген қарсаңда түрік халқының ұлт сезімі оянып, буындырып, үнін өшіруге айналған Еуропа жалмауыздарына қарсы тұруға ашынған аюдай майданға шықты. Еуропа капиталынан ұлт қорғауға ұраны лезде күллі Түркияға жайылды. Халықтың ұлт намысы лезде қайта қозып, күннен-күнге өршіп, қалың өрт – ұлт қозғалысы түрік халқын билеп əкетті. Лезде топ-топ болып, ұлт əскері жасала бастады. Бұл ұранның туын көтерген Мұстафа Кемал деген паша. Түркияның Эрзурум, Сиуас деген қалаларында жиылыс жасады. Сұлтан халифаға бағынбай, «Жоғарғы ұлт мəжілісіне» деген кеңесті үкімет жасады. Бұл жиылыстарды əуелгі уақытта Еуропа мемлекеттері елемесе де, біраздан соң Измир деген жерде Мұстафа Кемал пашаның жасаған ұлт əскері ең бірінші рет Англия мен грек əскерлерін жеңгеннен кейін, бұған Еуропа мемлекеттері ауыздарын ашып, қарай қалды. Не өлмек болып, не Еуропа
жаһангерлерінен түрік халқын құтқармақ болып, белді байлап, Мұстафа Кемал бастаған түрік халқының əскері айлалы жаумен аюша алысып жатып алды. 1920-жылдың 23 апрель айында болған жиылыстарындағы Түркияның бұл ұлт қозғалысының жасаған шарты, қылған серті мынау болды: 1. Англияның айтқанын қылып отырған сұлтан халифаның жарлықтарына халқы бағынбайды. Түрік халқының Мұстафа Кемал бастаған ұлт əскері Еуропа жаһангерлерін Түркиядан қуып жібергенінше, қылыштарын қынаптарына салмайды. Енді бұдан былай Еуропа жаһангерлерін Түркияның мемлекет шаруасына һəм үкімет істеріне қол сұқпайтын қылады. Міне, ұлт қозғалысының ұстаған мақсаты, қылған серті осы еді. Бұдан соң Түркияның ішіне кіріп алған Еуропа жаһангерлері мен Түрік халқының Мұстафа Кемал бастаған ұлт əскерінің үлкен белдескен жері Анатолия уəлаятында һəм Смирно маңында болды. Түрік халқының ұлт əскерімен бұл уəлаяттардағы соғысқан грек əскері еді. Ұзақ аңдысып, не жеңуді, не тегіс қырылуды серт қылып, қажымай белдескеннің соңында 1922 жылы август айында Сахария деген өзеннің маңында Мұстафа Кемалдың ұлт əскері гректерді быт-шыт қылып жеңді һəм 1922 жылдың сентябрь айында гректерді Смирнодан қуды. Гректер соғыс майданында жеңілген соң, Еуропа жаһангерлері түрік халқын тегіс қырып тастамаса, бағындырып алмайтынын білді. Англия мұрындық болып, Еуропа жаһангерлері тезінен Лозанна деген қалаға бітім жиылысын шақырды. Бұл Лозанна қаласында шақырылған бітім жиылысына түрік халқының Мұстафа Кемал бастаған жаңа үкіметінің бастығы Исмет паша болып, уəкілдер барды. Бұл бітім жиылысына совет үкіметіне де шақыру келген соң, совет үкіметінің атынан да жолдас Чичерин бас болып, уəкілдер барды. Бітім жиылысында совет үкіметінің уəкілдері түрік халқының, жаңа үкіметінің уəкілдерінің тұтынған жобаларын қуаттады. Ұзақ сөз, ұзақ арбасу, ұзақ тартыстан соң белдескен жауын қан майданда жеңген Исмет паша сөз майданында да жауын жеңіп, айтқанын қылдырып шықты. Жаңа жолға, жаңа майданға түскен түрік халқының Мұстафа Кемел һəм Исмет бастаған ұлт əскерінің һəм жаңа үкіметінің жауларын һəм қан майданда һəм сөз майданында жеңуіне Рос-
сияның совет үкіметі үлкен күш, үлкен демеу болды. Өйткені 1921 жылдың 16 мартта совет үкіметі мен түрік халқының Мұстафа Кемал бастаған үкіметінің арасында келісу (договор) болған. Міне, бұл келісу Мұстафа Кемал үкіметіне үлкен күш болды. Бұл келісудің түрік халқына үлкен күш, демеу болғанының бір мəнісі мынау: Мұстафа Кемал бастаған түрік халқының ұлт əскері Еуропаның жаһангер, обыр жалмауыздарына қарсы соғысып жатты. Ал Россияның совет үкіметі де Еуропаның жаһангер, обыр жауыздарымен қан майданда белдесіп күресіп, жеңіп һəм жеңілген соң қатты арбасып жатты. Сол себепті түрік халқының Мұстафа Кемал бастаған жаңа үкіметі Россияның советті социалшыл үкіметіндей еңбекшіл таптың ғана үкіметі болмаса да, əйтеуір, өзі жаһангершілік ниетімен соғысып жатпаған соң һəм жəне бұның соғысып жатқаны Еуропа жалмауыздары болған соң қандай ретте болса да, совет үкіметі түрік халқының бұл жаңа үкіметіне ниеттес болды. Мұны күллі дүние біліп отырды. Жəне совет үкіметінің күллі жер дүниені солқылдатқан қызыл əскерінен Еуропа жаһангерлері үлкен қауіп қылып отырды. Сөйтіп Лозаннадағы бітім жиылысында түрік халқының уəкілдері жауына айтқанын қылдырды, бітім шарты жасалды. Бітім шартын екі жақ бекітті. Бұл бітім шарты бойынша Англия бас болған. Еуропа жаһангерлері түріктің жерлерін өзіне қалдырып, Стамбулдан кетті. Мінеки, сөйтіп сыртқы жауын, Еуропа жаһангерлерін жеңіп, Түркия мемлекетін жаудың темір тырнағынан босатып алған соң, түрік халқының Мұстафа Кемал бастаған ұлт үкіметі ішкі жауларын жоқ қылуға кірісті һəм іркілмей жаңа заң, жаңа тəртіп орнатуға кірісті. Кіріскені сол: сұлтандықты, халифаттықты жоқ қылып, Түркия үкіметін жалпы халықтың республикасы қылды. Халифаны тұқымымен Түркиядан кетірді. Дін істерін мемлекет, үкімет істерінен бөліп тастап, енді бұдан былай дінді үкімет істеріне қатыстырмайтын болды. Мешіттердің барлық мүліктерін мемлекет қазынасына алды. Дін оқытатын мектеп-медіреселердің бəрін жапқызды. Һəм басқа да талай жаңа закондар шығарды. Қазір қуылған, азбан халифа Швецарияда. Түрік халқының жаңа үкіметінің бұл істеген істеріне «риза емеспін» деп айтады дейді. Жəне кейбір араб халықтарының һəм Мысыр, Марокко халықтарының əмірлері, хандары мұсылман халықтары
халифасыз тұруға мүмкін емес, Түркия халифаны керек қылмаса, біз халифа боламыз деп жатқан көрінеді. Арабиядағы Құсайын деген əмір өзін-өзі халифамын деп жариялайды. Һүндістан мұсылмандарының һəм Мысыр мұсылмандарының хансымақтары һəм моллалары күллі жер дүниедегі мұсылман халықтарының жиылысын шақырып, халифа мəселесін шешу керек деп жатқан көрінеді. Əрине, халифа туралы қазір барлық мұсылман жерлерінде сөз көп. Ол сөздерді қоздырып жүргендер Түркияның жаңа үкіметінің жаулары. Бұрынғы азбан халифа патшашылдар əр жердің сұлтансымақтары, мүфтилері, моллалары, ишандары һəм басқа да осындай жаңалықтың жаулары халифаттықты жойғанда Түркияның жаңа үкіметі мұны білмей істеген жоқ. Түріктің белгілі мақалы бар: «ит үреді, керуен көшеді» деген. Керуен жүре бермек, иттер үріп қала бермек. Жер дүниедегі барлық мұсылман халықтарының діни бастығы – халифа. Мұсылман халықтарына халифа керек деп жұртты адастырған сөзді бір жағынан аздыртып, қоздыртып отырған қазіргі Еуропа мемлекеттері. Олардың өйтіп отырғандары өздерінің айтқандарын қылып отыратын біреуді халифа қойып, діннің тұманынан əлі құтылмаған мұсылман халықтарын бағындырып отырмақ. Сол ниетпен Англия, Франция, Италияның əрқайсысы Африка мен Азиядағы өздерінің билеп отырған мұсылман халықтарынан халифаның шіріген тағына астыртын əркімді лайықтап жатыр. Əрқайсысы əртүрлі сұрқия саясатын жүргізіп жатыр. Əрине, мұның бəрі де иттің үргені, жалмауыздың белгілі қарасұр ниеті. Түркияның жаңа үкіметі тарихи іс істеді. Қорықпай-ақ ілгері қарай аттады. Халифа - сұлтандардың, молдалардың мың жылдан бері мұсылман халықтарын надандықтан зеңгітіп келген тұманнан шықты. Түркияның тарихын жаңадан бастады. Енді бұдан былай Түркияда еңбекшіл таптың сезімі оянбақ. Енді бұдан кейін Түркияның тарихының ендігі басын еңбекшіл тап жазбақ. Жалпы адамзаттың бақытты бауырмалдық тұрмысына Түркияны еңбекшіл табы жеткізбек. Əрине, бұл – қиын, жүк ауыр. Жол бойы əр асуда əртүрлі ит үре бермек. Ал керуен жүре бермек. Керуеннің ақырғы көшбасшысы түріктің еңбекшіл табы болмақ.
ЖАҢА ГАЗЕТ Астраханьның гүбірнелік партия комитетінің қасындағы татарқазақ бюросының һəм пищевиктер ұйымы мен тау жұмысшылары ұйымының атынан шыққан «Кедей тілі» атты газеттің басқармамызға бірінші саны келді. Қазақ əдебиетінің буыны қатып, белі бекінбеген жас екені даусыз. Қай газеттер болса да кемеріне келіп, мінсіз шығып отырғаны жоқ қой. Солайда «Кедей тіліне» баға беріп өтелік. Көлемі Қазақстанда шығып тұрған қай газеттерден болса да кем емес. Баспаханасы да кедей көрінбейді. Газеттердің белгілі əртүрлі бөлімдері мұнда да толық деуге болады. Енді газеттің ішкі құрылысына, жазылған мақалаларына, хабарларына келсек (бірінші саны ғой) тесе қарап, тексеретін сынды көтере алмайды. Мақалаларының маңызы жақсы. Бірақ сөз байламдарында біраз кемшіліктері бар. Қазақстаннан мойыны алыс жатқан, əдебиет жүзінде қатынастары кем ел ғой, қазақтың жаңа емлесімен толық пайдалана алмайтын көрінеді. Онысы газеттің басындағы «Кидей тілі» деп əдейі заказ беріп, жазып қойғандарынан көрініп тұр. Əр елдің тілдерінде басқалық барлығы белгілі. Бұл газеттің айырықша жақсы қадамы – бірінші санындаақ жергілікті бір қазақпен шеттен барған қазақты сөйлестіріп, тілдерін сынаған. Бұлары қазақ тілін газет бетінде бір бағытпен жүргізуге ынталылықтарын көрсетіп тұр. «Көш жүре түзеледі» дегендей, аяқ-қолын жиып, бетін түзегенінше сол болып жатқан шығар, келешекте қатардағы газет болары шексіз. Өнер-білім, мəдениеті кем баспасөзге шөлдеп отырған қазақ жұртының жаңа талпынып келе жатқан дəуірінде бұл сияқты газеттердің əр жақтан шығып, маңайындағы еңбекшіл қазақ кедейлеріне жол сілтеп, жөн көрсетіп, мұң-мұқтаждарын көксеп, бармақпен санарлық қазақтың баспасөзіне қол ұстаса жарыққа шығуы үлкен қуаныш. Бұл газет қолына тиген азамат «Кедей тілі» деген атына көзі түсісімен жүрегі жарылардай қуануы керек. Газеттің көп пайдасының ішінде бір қасиеті – көз көрмеген, құлақ естімеген жерлердің халын, тұрмысын тағы тағыларын ішінде болғандай қылып таныстыруы. Қазақстанның сары даласында жатқан отбасынан шыға алмайтын қазақ жұрты қайда қандай ел бар, халқы, тұрмысы қандай
екенін қайдан білсін? Қазақстаннан тыс Астраханьға бағынып отырған қазақ елінің бар екенін білмейтіндер екінің бірінен табылады. Міне, мұнан былай «Кедей тілі» газетін оқығандар Астрахань гүбірнесіндегі жұмыскер-шаруа қазақ бауырларының хал-жайларымен үйінде отырып барып келгендей болып танысады. Сөзімнің қорытындысында айтатыным: Баспасөзсіз мəдениетке жетісе алмайтынымызға дау жоқ. Газетті бағалау керек. Газеттеріміздің ең керекті жері – ел ішіне тегіс тарап, мұратына түгел жетіп отырмағандығын кім де болса біледі. Солайда мына газетіміздің бетінде таныстырып отырған «Кедей тілі» газетін əрбір көзқарақты азамат өздері жазылып алдырып һəм ел ішіне тарауына себепкер болулары тиіс. «Кедей тілі» газетін алдырушыларға адрес мынау: г. Астрахань. ул. Степана Халтурина редакц. газ. «Кедей Тли» при из-ве «Коммунист» Əріптесіміз «Кедей тілі» газетінің өмірі ұзақ болып, мойнындағы ауыр міндетін атқарып, қызметінің жемісін қазақ кедейінің арасына жеткізіп, гүлдендіруіне «Еңбекшіл қазақ» басқармасы шын тілектестігін білдіреді.
БАСПАСӨЗ – ҚОҒАМ ТАМЫРЫ (партия тобының уəкілдеріне) Адамның тіршілігіне қан керек, қанның тамыр-тамырды қуалап бүкіл денеңе жүгіруі керек. Қоғамның тіршілігіне мəдениет керек. Мəдениет қоғамның денесіне жайылуы керек. Мəдениеттің жайылуына тамыр керек. Қоғам өмірінде мəдениет тарайтын тамыр – баспасөз. Мəдениетсіз ел – қазақ елі, баспасөзі аз ел – қазақ елі. Қазақ қоғамының денесіне мəдениет тарай бастағалы 3-4 жыл болды, қазақ арасына баспасөз тарай бастағалы да 3-4 жыл болды. Газеттің керектігі туралы біз талай жазғанбыз. Естігеніміз жоқ деп оқушы айтпас. Сондықтан бұл мəселені бұл жерден біз қайтадан жаңғыртпаймыз, сонда да айтып өтпекпіз: баспасөз
жанданбай, газет-журнал бейнетқор елдің арасына дұрыс тарамай, қазақ елі мəдениетті бола алмайды. Жаңа өмірде, жаңа дəуірде қатарға кіре алмайды. 6 гүбірне, 2 үйез, адам саны əлденеше миллион Қазақстан Республикасының астанасы – Орынборда аймақтық комитеттің, Орталық Атқару Комитетінің тілі «Еңбекшіл қазақ» жетісіне үш рет шығады. Газеттің саны 3300. Бұл есеп Қазақстанда мəдениеттің құралы, таптың құлағы –баспасөздің не күйде екенін көрсетеді. Баспасөз аса нашар күйде! Олай болса Қазақстандағы тез оңдайтын, тез қолдайтын жұмыстардың бірі – баспасөз. «Еңбекшіл қазақ» газетін бұл күйде қалдыру мүмкін емес. Санын көбейту керек, ең болмағанда 10,000-ға жеткізу керек, жазуын өңдеу керек, ел ішіне, ауылға тарату керек. Бұлай ету жалғыз басқарманың қолынан келмейді, бейнетқор елдің қолынан келеді. Бұл мұңымызды елге қалай шағамыз? Елге мына елдің партия тобына келген, елдің обал-сауабын мойындарына жүктеп келген жұмысшы-бейнетқор, ортақшыл уəкілдері арқылы жеткіземіз. Газетке алдырушылар əзірлеу, газетке хабар жазу əрбір азаматтың, əсіресе, партия тобына келген коммунист жолдастың бірінші міндеті. Жолдастар! Жайды айттық! Ретті көрсеттік. Арызды жол емес деп айтпассыз. Арызымызға назарларыңды күттік! Əрбір уəкілдің «Еңбекшіл қазаққа» алдырушы болып жазылып кетуі керек. Əрбір уəкіл елге барған соң аз болғанда 20-дан газет алдырушы тауып жіберуі керек. Əрбір уəкілдің елден хабар жазып, газет бетін байытып тұруы керек. Жалғыз «Еңбекшіл қазақ» емес, басқа да газеттер, журналдар аңды азаматтан осындай жұмыс күтеді. Бұған жалқаулық жасау, бұл жұмысқа, баспасөзді жандандыру жұмысына, белсеніп кіріспеу аңды азаматтың, коммунист азаматтар ұжданына ауыр қара тас. Айттық жолдастар! Жəрдемді сендерден күттік.
ҚАЗАҚСТАНДЫ АУДАНДАУ МƏСЕЛЕСІНЕ Бұрында Ресей гүбірналарға, облыстарға бөлінетін еді. Гүбірна мен облыстарға тек ел билеу жағынан ыңғайлы болу үшін ғана жіктелетін еді. Бірақ, шаруашылық жайын гүбірна, облысқа бөлуге дөп келу жағы ескерілмейтін еді. Патша үкіметінің кеңесшіл əкімдері халықтың шаруашылық мүддесінен кеңсенің пайдасын ілгері санайтын еді. Сөйтіп, бұрынғы гүбірналар мен облыстарға кіндік болып тұрған əр қалалар, екінші жағынан, ел шаруасының жағдайына дəйім тиімді болмайтын еді. Гүбірна мен шаруашылық аймағы, оқу аймағы, əскер басқару аймағы, почта, теміржол аймақтары, олардың кіндіктері үйлесе алматын еді. Мəселен бұрынғы Орынбор, Торғай гүбірналарын алсақ, олар Самар почта аймағына, Уфа оқу аймағына, Қазан соғыс аймағы сықылдыларға шартарап болып қарайтын еді. Басқалар да солай еді. Қысқасы, шаруашылық пен тұрмыс аудандары ел билеу аудандарына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын еді. Төңкеріс орнап, еңбекшілер өз тағдырын өзі шешуге ие болған соң, бұрынғы гүбірналармен облыстарға бөлу ел шаруасына үйлеспейтіндігі күштірек сезіліп, гүбірна ішінен гүбірна бөлініп шығып, үйез ішінен аудан бөлініп шығып, болыстарда бөлініп шығып ұсақтала бастады. Мұны істеткен – тұрмыс. Сөйтіп бір кезде гүбірналар, үйездер, болыстар төлдей бастағанын көрдік. Төңкерістің лайсаң кезінде мұнымен санаспасқа, бұған көнбеске болмады. Тұрмыс өз тілегін өзі өз бетімен дегендей барымталаған сияқты орындай бастады. Төңкеріс орнады, Ресей ішкі-сыртқы жауларынан босады; ашаршылықтың сұсты бұлты үстімізден серпілді. Шаруашылықты оңдап, кəсіпті дамытып, тұрмысты тəртіпке салатын мезгіл жетті. Бұрынғы гүбірна, облыстарға бөлуде, соңғы гүбірна, үйездер, болыстар төлдеуде ел шаруасына үйлеспейтіндігі сезілді. Бір жағынан басқару үшін əрі жеңіл, əрі арзан, əрі ыңғайлы жағын көздеп, екінші жағынан шаруашылыққа, жер-жердің айрықша шарттарына үйлесу ретін көздеп, Ресейді аудандау мəселесі жүзеге қалқып шықты. Өткен жылғы партияның ХІІ тобы аудандау жайында қаулы шығарды. Сонан бері қарай бүтін Ресейде аудандау мəселесі сөз келеді. Ресейдің орталығында да, басқа түкпірлерінде де, біздің Қазақстан
сияқты бөлімдерінде де бұл əңгіме қозғалулы. Сондықтан мұны Қазақстан да əңгіме қылып, жобаларын жасап жатыр. Əрине, бұл мəселе өте зор. Бұған көп мағлұмат, көп қайрат, мол жігер керек еді. Əңгіме əлі талай талқыға түсіп, тезден өтеді. Бірақ, іс дұрыс бет алып, өнімді болу үшін Қазақстанның мəн-жайын жақсы білетін əрбір азамат бұл жайында білгенін, ойын майданға салып, іске жəрдемін көрсету зор міндет. Біз де аудандау жайында ойымызды айтпақшымыз. Елінің түрі жағынан, шаруашылығы жағынан, тілі, əдетсалты жағынан, мəдениеті жағынан, жер мен ауасы жағынан Қазақстанның Ресейдің басқа бөлімдерінен зор айырмашылығы бар. «Жеріне қарай құланы, суына қарай жыланы» деген қазақтың ғылым сынын көтерерлік мақалы бар. Табиғат жағына қарай шаруашылық һəм шаруашылық айқастары болады. Орманды Сібір ағаш кəсібін, кенді Орал тау кəсібін, балықты Каспий мен Мурман балық аулау кəсібін істейді. Киев, Тула, Қазанды ала сызық тартсақ, Қамшы жақтағы қара топырақты гүбірналар егіншілік қылады. Бұл айтпасақ та түсінікті. Шаруашылық айқасқа қарай елдің тұрмысы болады. Əдет-ғұрпы, салты болады. Еділден Алтайға шейін, Орал мен үй басынан Алатауға шейін қазақтың тілі, ғұрпы, тұрмысы бір айырмашылық жоқ. Шаруашылық жүйесі ыңғайлас: мал бағу, қолайлы жерде егін салу, шала көшпелілік аралас, қамыс борықтың тамырындай айқас. Қоныстың əлі ортақ жерлері (жайлау) көп. Осы айырмашылықтар себепті Қазақстан бұл күнде өз алдына автономиялы республика болып отыр. Қазақстанды аудандау əңгімесі бұл күнде жіті сөз болып отырғанда, əлгі айырмашылықтарды ескермей болмайды. Əрине, аудандау мəселесінің тұтқасы шаруашылық жағдайы болмақ. Тұрмыстың арқауы – шаруашылық. Оған талас жоқ. Бірақ, аудандау ісінде жоғарғы айтылған ұлт айырмашылығы, ел тұрмысы, салт та көрнекті орын алмай болмайды. Бұл күнде мемлекет саясатының қарастырып отырған əңгімесі – ұлт мəселесі. Жиһангершілік мемлекеттерден біздің езілген елге белдірек болып отырғанымыздың бір себебі де сол ұлт мəселесін дұрыс шешу əдісімізде. Езілген ел еңбекшілерінің дамуы үшін де, езілген һəм езген елдер еңбекшілерінің бір-біріне сенімі артып, жуықтасып, иық тіресіп, жиһангершілікті қопару үшін де, ХІІ съездің ұлт мəселесі жайындағы қаулысын орындамай, селқос
қарауға болмайды. Бұл анық нəрсе көп сөйлемесек те түсінікті. Жергілікті елдің тілі барлық мемлекет мекемелерінде, сауда-кəсіп орындарында, мектептерде ұсталсын деген сол ұлт саясатынан туған нəтиже. Сонда ғана осы нəрселердің бəрі халыққа əрі жақын, əрі пайдалы болмақ. Əрине, соңыра болыс-болысқа бөлінгенде ана тілі тезірек іске асатын жағын көздеп іс қылу керек. Орыс пен қазақты араластырып, болысқа қосақтаудан келер пайда жоқ. Зиян болар. Өйткені, əуелі, ондай болыстардың мекемесі қызметкер адамдарды көп керек қылады, кеңсе істері екі тілде жүру керек. Іс жүзінде бөгет болады, қымбатқа түседі. Қала берді, араларында жанжал, дау болары мүмкін. Бұл болысты қалай жасау жағы болсын. Енді, қалай əрлендіруіне келейік: Болысты əрлендіру мəселесі бізде басқа жерлерден гөрі өзгеше. Халықтың сиректігі, қоныстың шалғайлылығы, қатынас жолының жоқтығы, бола қалса кемдігі болысты əрлендіруге біраз кесел болады. Болысты құр əрлендіремін деп тек ұзыннан ұзақ, көкте тұзақ жерді бір кеңсенің қолтығына тығудан пайда жоқ, зиян бар. Осы күні де ұзындығы 400 шақырымдай болыстарымыз бар, мəселен, Тосын болысы. 300 шақырым болыстарымыз бар, мəселен, Амангүл, Тəуіп сықылды болыстар. Олардың арасына қатынасып, тез хабарласып, іс жүргізіп тұруға автомобиль, почта түгіл, əзір төсеген жолымыз да жоқ. Тіпті төсеусіз жолымыз да жоқ. Көбінесе, қатынауға араларында ел де, су да бола алмай қалады. Салық, басқа түрлі жұмыстарды ондай шұбалаң, ірі болыстарда дұрыс атқару мүмкін емес. Қала береді. Кеңсені халыққа жақындатудың орнына қашықтатамыз. Қатынас, хабар сараңдайды. Сөйтіп, жаңа оңдалып келе жатқан ісіміздің кешелдеуіне себеп болады. Болысты ірілендіруге сондықтан өте сақ қимылдау керек. Ірілендіруді жергілікті істің тəжірибесіне қарай істеу керек. Аудандау мəселесі тым күрделі, тым зор, тұрмыс пен шаруашылыққа тым зілді. Сондықтан, шаруашылық жағынан қалай аудандау керегін толық зерттеп болғанша əзіргі үйез бен гүбірналар шегін жұмырлап, түзеумен місе тұтуға болады. Болыстан шығып, енді ауданға келейік. Бұрыннан Қазақстан патша үкіметінің отары болып келгені бəрімізге белгілі. Бұл күнгі қалалар қазақ арасында я отаршыл саясаттың дүмпуімен салынған (Қостанай, Ақтөбе); я елді əкім-
дер тегеурініне дөп койып, ауасын тез басып тұру үшін салынған (Ырғыз, Торғай, Атбасар, Қазалы) сияқтылар; я елді айнала қоршап, бұлқындырмас үшін салынған (Семей, Өскемен, Омбы, Алматы, сияқтылар). Əрине, ол қалалар салынғанда елдің шаруашылығы мен тұрмысы есте тіпті аз болған. Қалалардың шаруашылыққа беретін пайдасы есептелінбеген. Сол себепті де ол қалалардың маңыздырақтары Қазақстанның қырқай шетінде (Омбы, Қызылжар, Семей, Қостанай) сияқтылар тұр. Елдің, кəсіптің, шаруашылықтың қайнаған ішінен жырақ. Қатынасқа шалғай. Сондықтан қалалар шаруашылық ауданының кіндігі болуға онша ыңғайлы емес. Кəсіп ілгерілеген сайын, шаруашылық дамыған сайын, өнерлі кəсіп дамыған сайын һəр ауданда өзінің шаруашылығына кіндік боларлық орындары шыға бастамақшы. Жоғарылардан аудандау ісінің өте қиындығы көрінеді. Осы күні шаруашылық ел билеу жағынан бөлімдеріміз бар. Олардың асығыс өзгертушілік, шаруа, тарих, тұрмыс жағынан бірыңғайлас Қазақстанды бөлек-бөлек облыстарға тырағайлатып жіктеушілік, қазақ арасында жаңа дамып келе жатқан мəдениет жұмысының негізін əлсіретпекші; СССР-дің ұлт саясатына кемшілік келтірмекші; Қазақстанның шаруашылық күшін мойындатпақшы. Сөйтіп, қолдан еппен тұрғызылса, аудандардан ауыр салдар шықпақшы. Бұрынғы ел билеу ретімен ғана салынып, шаруашылықпен байланысы жоқ қалалардың епті əсері бара-бара өзінен əлсіремекші. Ендігі аудандар шаруашылықтың ұйытқысы боларлық, табиғаттың өзі орта болуға арнап қойған орындардың маңында болу керек. Əрине, ондай кіндіктер арқылы тиісті нəрселерді кіргізіпшығарып тұруы оңай болу үшін теміржолдар бойында болғаны артық. Ондай теміржолдар қазір болмағанымен, салынады. Қала берді, шектерін жүргізе қалғанда, келешектегі болса да кəсіпті орындарына ыңғайлап тарту керек. Бұрынғы теміржолдар Қазақстанның ортасынан қашық, кей жерлерде, тіпті, бір қиыр шетте жатыр (Сібір жолы). Тартыла бастап қойылған Жаман қаладан Семей құлайтын жолда көбінесе соғыс мақсатымен, отар саясатымен белгіленген. Бұрынғы жолдар қазаққа шаруасын дамыту үшін емес, соғыста əскер тарту үшін, отар үшін арналып салынған. Байлығы, кені бар жерлерді бірбірімен байланыстыра алмайды, көрші республикалармен айырбас
жасауға пайдасы шамалы. Сөйтіп, шаруашылық дамуына ол жолдардың маңызы кем. Бұл кезде шаруашылығы күшті жерлерде баса теміржол салу маңызды əңгіменің бірі. Ендігі теміржолдар темірқазықтан оңтүстікке қарай салынуы керек. Мəселен, Қызылжар, Көкшетау, Атбасарлатып, Əулиеатаға қарай жол салынуы керек. Семейден Аягөз барып жатқан жолды Қапал, Алматылатып, Ташкентке қосу керек. Сонда біздің Қызылжар, Көкшетау, Қостанай сықылды астықты орындарымыздың астығы Түркістанға баруға жол дұрысталады. Семей, Ақмола гүбірнасындағы көмір де Түркістанға тіке түседі. Түркістанға астық пен көмір керек. Түркістанның жасаған матасы бізге келеді. Мата тоқырлық бізде мата жоқ. Сөйтіп, екі республика арасында төте айырбас дамиды. Нені аудандаймыз? Əрине, Қазақстанның осы күнгі шегімен Түркістан қазағын қосып, соның бəрінің жайында аудандау тұтас болуға тиіс. Əрине, облысқа бөлу əңгімесі талай мəселелермен байланысулы. Əлгі жоба (перспективный план), қазақты жерге орналастыру ісі, аудандау жұмысы сияқты мəселелерімен байланысулы, бірімен-бірі ұстасулы. Ел билеу – шаруашылық ауданы қоныстандыру ауданымен есептеспеске амалы жоқ. Сондықтан шаруашылық жағынан толық зерттелмей тұрғанда облысқа бөлу дегеннен сақтану керек. Əрине, Түркістанмен Қазақстан қазағы қосылған кезде тілше созылып, қысыла келе жатқан болыстар мен үйездер шеті болса да ондайларын дөңгелектеуге керек еді. Саясат, шаруашылық, мəдениет, халық жағынан кіндік болуға қазақтың басқа қалаларынан Ташкент қолайлы. Ташкент – мəдениет кіндігі. Ғылым ұясы университет бастығы болып екі рабфак, талай жоғары дəрежелі мектептер бар. Оқу-оқыту, ғылым ордасы қазақтың басқа қалаларынан Ташкентте анағұрлым артық. Басқа қалаларға қарағанда Ташкент əрі қазаққа орталық. Сауда кəсібі мол. Қазақстанның басқа жерлерімен борық тамырындай айқасып, араласып жатыр. Ташкент Сібір темір жолымен тіке қатынасып, мақталы аудандарға қазақтың астығы мен көмірін жеткізеді. Ол аудандардағы керек нəрселерді бізге жеткізеді. Ташкенттің шаруашылық маңызы да зор. Ташкент Қазақстанның кіндігі болуға жол.
ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗЕТІН ОРТАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ІСІ Кеңселерде қазақ тілін жүргізетін орталық комиссия соңғы мəжілісінде мына төмендегі мəселелерді қарап, қаулы шығарды: Комиссия Қазақстан аймақтық соғыс комиссариатының кеңсе қызметкерлері саны һəм онда қазақ тілін жүргізу туралы соғыс комиссары жолдас баяндағаннан кейін, оның Қазақстан аймақтық соғыс комиссариатының қызметкер саны, құрылысы һəм оның бөлімдері қазірде əбден бекініп, бір жолға қойылған жоқ. Жақын арада қайта түзеледі деген мəлімдемесін еске алып, Орталық комиссия ұйғарады: аймақтық соғыс комиссариатының һəм оның жергілікті орындарында қызметкерлер саны һəм құрылысы лайықталғанға дейін, уақытша қазақ тілін барлық бөлімдерде жапа-тармағай жүргізуден тоқталуға һəм соғыс комиссариатының қазіргі уақыттағы қызметіндегі екі хатшыны һəм нұсқаушыларды қазақ қызметкерлерімен алмастыру қажет деп білу керек. Қазақстан аймақтық соғыс комиссариатының қазіргі құрылысы Қазақстан жағдайына жақтатылып жасалмағандығы һəм ұлт түзілісі (əскер түзеу) сияқты жұмыстарды алып жүруге болмайтындық халды ескеріп, Орталық комиссия жақын арадан қазақ халқынан əскер түзілетінін еске алып, Қазақстан аймақтық соғыс комиссариатына Қазақстан шарт-жағдайына сəйкес соғыс комиссариатының құрылысын жөндеуді тиісті орындардан өнініш етуді ұсыну қажет деп табады. Қазақстан соғыс комиссариаттарында қазақ тілін жүргізу, қызыл əскер бастықтарын қазақ халқынан толықтыру һəм қызыл əскер сапына қазақтан көп кіргізу мақсаттарында Қазақстан аймақтық соғыс комиссариаты бүкіл Қазақстандағы бастық һəм саяси құрылысқа жарамды һəм жəне де қазіргі уақытта қызыл əскер сапынан шығып, үйлеріне қайтып отырған əрбір соғыс мектептерін һəм курс бітірген қазақтардың есебін алуы қажет. Комиссия Орталық одақтық қазақ бөлімінің ұйымдау басқармасының (КОЦ Оргбюро) қызметкер саны туралы мəселені қарап, қаулы етті: Қазақстанда Орталық одақтық қазақ бөлімінің қызметкер саны һəм құрылысы бірыңғай болып бекінгенге дейін оның қызметкерлер саны туралы мəселені кейін қалдыруға һəм қазақ бөлімінің ұйымдау басқармасына қазақ тілінде баспасөз жұмысын күшейтуді ұсынуға қаулы етті.
БҰХАРА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ХАЛЫ (Тілшімізден) Бұхара республикасындағы қазақ халқының өз құқын өзіне берсе, мұндағы біздің жарлы бейнетқор қазақ халқы екі облыс болуға мүмкін. Егер олай болмаған күнде бір облыс болуы шексіз. Солайда бұл қалыптағы Бұхарадағы қазақ халқының ортасына шеттен іскер қазақ азаматтары келіп, іс жүргізбесе, өз алдымызға облыс түгіл, үйез боларымызға да көзіміз жетпейді. Себебі – біздің Бұхара Республикасында істеуші қазақ азаматтары тіпті жоқ. Дүние жүзіне көз жіберіп қарағанда ең төменгі дəрежеде қараңғылық, надандықтың астында езіліп отырған халық – Бұхара қазақтары деуге болады. Айналып үйіріліп келгенде кемшілігіміздің бəрін соқырлығымызға, надандығымызға аударамыз – дұрысы да сол. Болмаса осындай теңдік дəуірінде басқалардың табан астында езілмей, Бұхара халқы өзінің тиісті құқығын көксеп, ел болу, облыс болу мəселелерін өздері шешер еді. Бұған шейін біздің қазақ бөлімінің облыс түзеу туралы істерінің планы болса да, тегінде бұл қазақтарды кімнің билеп-төстеп кетеріне көзіміз жетпей отыр. Əлі күнге шейін «анау аудан, мынау аудандағы қазақтар кімдікі болуға тиіс?» деп айдалада жүріп, өз көлеңкемізден өзіміз қорқып жүрміз. Жоғарыда хал-жайын айтып келе жатқан қазақ халқының көбі өзбек болып кеткен. Жəне де Көмене облысының жерінде жиырма бес мың үй шамасы қазақтар бар. Егер тең көрсе, «кімдікі болуға тиіс?» дегізіп, талқыға салмай-ақ қазақ бөлімінің қарамағына беру тиісті емес пе? Бұл Бұхара республикасындағы өзбек болып кеткендерді қазақ қылу, барлығының басын қосып облыс түзеу, қысқасы, мұндағы қазақтарға жолбасшылық қылып, ісін бір жолға салу, бұл республикада істеп жүрген қазақ азаматтарымен жүзеге шықпақшы. Бұл істерді жүзеге шығару үшін республикамыздың жоғарғы мекемелеріне Қазақстаннан, Түркістаннан іскер қазақ азаматтарын сұрап əпер десек – бұған құлақ салмайды. Бұхараның орталық комитетінің жанындағы қазақ бөлімі өзі алдырайын десе, рұқсат бермейді.
ОРЫНБОР МЕН МƏСКЕУДІҢ НАЗАРЫНА Баспасөздің еңбекші халықты төңкеріс, əлеумет намысымен намыстандырып, оларды ұйымдастыру жөнінде айғайшы, үгітші бір мықты құрал екені даусыз. Баспасөз – коммунист партиясының бір тарау жұмысы. Біздің баспасөзіміз жас, жолы қысқа, көргені аз, шынында, əлі ұйымдасу дəуірін толық бастан кешірген жоқ. Сондықтан қазіргі оның халы мен келешек уақытындағы міндеттерін біраз шолып, сын көзінен елеп өтпекпін. Əлеуметтік қоғамда еңбекші жұртқа керекті болған күнбе-күнгі жұмыстарының нұсқасын көрсетіп, көппен сырласып, жақындасып, көсемшілік, жолбасшылық міндеттерін өтердей, не ұран не өсиет берердей газет-журналдармыздың шын мағынада төңкеріс, марксшылдық жолымен жүре алмағанын көреміз. Кейбірі майсыз қисық арбаға жеккен мəстек аттай өлімшінің күнінде жатыр. Жолы қисық, құрғақ айқай мен ойбай; өлгісі келіп, өле алмай, өлмегісі келіп те құр текке əуре-сарсаң, масыл. Бірі жұртқа майлық орнына жұмсалудан артық қадірі жоқ, ұғымсыз, ауыз тілмен жазылған мылжың, сыпыра орысшадан аударма мақалаларымен мəдениетсіз, өнерсіз болып, əйтеуір, хүкіметтің 3-4 жыл ұдайы аяусыз шелектеп төккен жемін жанына қорек қылып келе жатыр. Оншамен ұзақ жайыла алмауы тағы белгілі. Ал, енді біреулері бір-екі кісі ғана бір түнде отырып жазып шығаратын мектептегі жазба газеттері сықылды маңызсыз, өңделмеген, жөнделмеген, сатпақ күйінде ұятты қысып, үн шығарған болып əуреленуде. Тап күресіне мықты құрал, қалың шаруа, батырақтарға жақын дос болғандай буыны бекіп, тар жолмен тойға ілесем деп келе жатқандары да бар. Баспасөздің осы суреттерінен жаманы, жүйрігінен шабаны көп екендігі сезіледі. Бұл Қазақстанда шыққан баспасөздің (газет-журнал) нұсқа есебін (тираж) алсақ, барлығы 8000 (сегіз мың) шығады. 3 миллионнан астам қазақ жұртына 8 мыңды қалай үлестіріп бересің. Екінші қылып айтқанда орта есеппен 400-450 адамға бір газет тиеді. Оралдың 300 шығатын «Қызыл туынан» жұртқа не қайыр, 700-800 жанға біреуден келе ме, жоқ па? Орынборда шығатын «Советская степь» газетінің бір өзі 8 мың дана болып шығады.
Бұл қалыппен бара бергенде, пар аттан дара аттың ерте өлуі, орталық газетті гүбірнелік газеттің ұрып жығуы да шексіз. Мұның үшін қамығуға болмайды. Шынында жаман онның орнына жақсы үш газеттің шыққаны пайдалы. Онсоң қай газеттің болса да ауыратын жалпы дерті бар: Гүбірнелік қазақ газеті сонда шығатын орыс газетінен көшіреді. Орталықтағы да газет-журнал шығарушылардың баспасөзге баға бере алмауларының үстіне, əрі жазушылықта көптен тəжірибесі болмай, саясат жағынан надан болуының үстіне санасыз салақтығы; үлгілі орыс газеттерін түгел оқымаушылығы; қалам қайраткерлерінің, не журналшылардың ұйымы жоқ, бар жеріне араласпайды; білім кеңестерінің жиылыстарына қатыспайды... Партиядан тыс қалам қайраткерлеріне жолдастық қарастың кем болушылығынан, орынсыз пəле жағушылықтан, мамандарды баспасөз майданынан қашырушылық, олардың еңбегін, адал ісін сынай алмаушылық, тілшілердің жоқтығы, олардың жазған мақалалары төленбей, азғана жазушыларды жауыр қылып, құрт ауруына шалдықтырып, ажалынан бұрын өлтіруге ынтық болғандай партия жолы деп қолданушылық, өзі дым білмей, білмегенмен тұрмай, жұртты жирентетін бейбастақ, сөгіп жазған тілдерімен (мысалы дін жайынан) газеттің бағасын түсіру (ондай орнында жалпақ тілмен табиғат, ғылым жүйелерін тең түрде суреттеп ұғындыру керек). Əдебиеттің таратылмаушылығы, жер-жерге кітап складына кітап үйлестіретін пункт, не сенімді комиссиялар түзуге қам қылынбаушылық; анкета қағаз жазып, тілшілік билет дайындамай олардың жиылыстарын шақырмау, тілшілер үшін курс ашпаулар... Қазақ сықылды ұсақ, надан ұлттарға Мəскеу кіндігінің қаржы жетістіру жабдығында үлкен шаруа қолданбаушылығы. Қазақ журналшыларының мектеп, институт ашылмағаны. Газет басқармаларымен таныстығы болмай, не тиісті нұсқа бермей, кім кез-келгендердің, жер-жердің ықтиярымен сайланғанына риза болып отыра берушілік. Қай қайсы шығарушылардың өзінше əдебиет жүзінде ат шығаруға, өзін мақтап көрсетуге құмарлығы, коммунист бағытынан айнымай-бұлтармай бір беткей əділ апарудың орнына, жалтақтап, жарамсақтанып, губаткомдағы жеке ұлттардың ызғарынан қорқып, басылатын басылмайтын мақалаларды солардың кеңесімен
шешулері, кеңеспеген күнде сайлауда түсіру қаһарымен, не істен қуам деп қорқыту. Кей шығарушылардың өз міндетін білмей, жазған өзінің бас мақаласынан басқа барлық жұмысты хатшының мойнына арту. 12 ай - жылда баспахана, газет шығару техникасымен таныспаушылығы. Əр жерден бір ақша алуға, кей жазушылардың кісінің мақаласының аяғына, не орыстан айтпай көшірген хабарлардың соңына аттарын қоюға арланбаушылықтары. Көп тілшілердің шын болған хабарларды жазуға қорқулары, оларды дəріптеп, əр тілшілерге арнап тегін газет жіберудің орнына, басқарманың қашыратын істері, тағы тағылар... Осы кемшіліктерді қорыта келіп, баспасөзді өркендету үшін келешекте қолданылатын ұсыныс та кіргізбекшімін: 1. Жазуды өнерім деп санайтын қалам қайраткерлерінің есебін алып, ертелі-кеш істеген қызметтеріне қарай баспасөз жұмысына пайдалану. Жас жазушылардың білімін толтыру үшін үлкен шаһарларға оқытуға жіберу. Қазақстанның астана қаласына журналшылар институтын ашу. Осы уақыттағы газеттерінің басқармаларын анкета арқылы сұрастырып (шығарушылармен танысу үшін) сұрыптау, алмастыру шараларына кірісу. Нашар газетті тоқтатып, жақсы газеттерді күшейту; қазақ шаруаларының ұғымына, салт-санасына, шаруашылық мəдениет шамаларына лайықтап күнделік шаруа газетін шығару (сурет салып «Беднота», «Крестьянский» газеттің бағыттарымен). Əр мектептің жанында, не клуб жанында жас шаруаларды тілшілік қызметіне жаттықтыру үшін мектеп программына кіргізіп, əдебиет үйірмесін ашу. Оқытушыларды ескі журналшылардан белгілеу, тілшілердің жеке өз журнал не газеттері болсын. Жазға қайтқанда сол тілшілер əрі газет таратуын, əдебиет үйлестіретін агент орнына жұмсалсын. Газет-журналда жазушыларға нұсқа берерлік, техника, басқарма міндеттері тілшілер жайынан, кітап алдыру, үлестіру, газетті көпке қалай оқу, жазба газетті шығару тағы тағылар үшін арналып баспасөз бөлімі ашылсын, не бір қолданба, не журнал шығып тұрсын. Қазақ жазушылары Ресей жазушыларының съезіне, кеңестеріне, курстарына, не тіпті танысуға экскурсия қылып барып, көріп қайтарлық қаражат құрастырылсын. Хүкімет Орталық мекемелер баспасөз шығару, күшейту, үлестіру тақырыпты өз жолдарына міндетті бұйрық шығарсын; əр ұйым, исполком, қауымдар тілші
белгілеуді жəне бір отанға бір айқайлап оқушыны белгілеуді үстіне алсын. Өз бетімен қазақ əдебиеті оқылмайды. Партком жанындағы баспасөз бөлімі сілкініп, алдағы партия конференциясында бірсыпыра жұмыс бітірер деп сенеміз. Қазақстандағы баспасөзге бірінші негіз салып ВСНХ-дан қаріп, машина бергізген, қазаққа баспасөздің аса керектігін ұғындырған көсем – Ленин еді. Əлі де Мəскеу бір шарасын қарастырар. БІЛІМПАЗДАР ЖИЫЛЫСЫ Июньнің 10-ы күні Орынборда қазақ білімпаздар жиылысы ашылады. Қазақ елінде патша заманында жиылыс болмайтын. Себебі жиылыс деген нəрсе капитал үкіметінің қарақұлағы болатын. Февраль өзгерісінен қазақ елдерінің жиылыстары басталады. Октябрьге дейін жиылысқа келушілердің дені молдалар болған. Қаралған мəселелердің дені діни мəселелер, мүфтилік мəселесі болған. Бітірген жұмыстың дені қол көтеріп, «əмин» деп бата ету болған. Октябрьден кейін кеңестер жиылыстары жарыққа шыға бастаулы. Қаралған мəселелер тұрмыс, шаруа билеу мəселелері. Жиылысқа келушілер – бейнетқор ел уəкілдері. Бұл ретте жұмыс қазақ қатынының өрмегіндей ілгерілеп келеді. Биылғы жылы оқу комиссариатының білім кіндігі қазақ-қырғыз білімпаздарының жиылысын шақыртып отыр. Бұл жиылыс еріккеннің ермегі – «топалаң уақыттағы той» емес, мектептерде оқу ана тілінде жүргізіліп, кітаптар жазылып, баспасөз жанданып, жазу машинасы шығып, мекемелерде іс қазақ тіліне көшіп жатқан дəуірде үлкен серпіліс болып, пікір, өрнек жазу-сызу програмдар, жобалар майданы ашылған дəуірде өмірдің тілегімен болып жатқан жиылыс. Бұл жиылыс ой, сөз, жиылыс бостандықтарына сүйеніп жасалып отыр. Бұл жиылыс қазақ елінің мəдениеттің айқын жолына түскендігіне дəлел. Орындардан келушілер де, мұндағы баяндамашылар да жиылысқа ат жаратып, дайындалу керек. Қаралатын мəселелер: 1. Қазақ емлесін бірөңкейлеу; 2. Қаріп жайын қарастыру;
- Бастауыш мектептерде оқылатын пəндерді жоспарлау; 4. Халық əдебиетінің халын һəм қалай жию жолын қарастыру; 5. Оқу һəм білім кітаптарын көбейту шарасын қарастыру; 6. Қазақ-қырғыз пəн сөздері бір болу мəселесі. Жиылысқа шақырылған адамдар саны: Мəскеудегі шарқы баспасынан – 1 адам; Мəскеудегі шарқы институтынан – 1 адам; Хорезмнен – 1 адам; Түркістаннан – 4 адам; Қазақстаннан – 16 адам. «КЕДЕЙ ТІЛІ» Астрахань гүбірнасында Қазақстанға кірмей қалған бірталай ел қазақ бар екен. Сол елдің біразы мал бағып күнелтеді екен де, дені балық аулап, кəсіп қылады екен. Гүбірнедегі істеуші коммунист жолдастардың айтуына қарағанда, тап осы күні 30 мың қазақ жұмысшы есебінде балық аулайды екен. Бұлардың арасында ешбір саяси тəрбие жүргізілген жоқ. Бұлардың ішінен көсем боларлық һəм сол жұмысшыларға басшылық қыларлық жігіт шыққан жоқ. Басқа жерден келген, анық қазақ тілімен сөйлеп, жөн үйретерлік жəне қазақ жоқ. Краснояр үйезінде 4 болыс ел қазақ бар екен. Үйездегі мекемелерде іс басында тұрған бір қазақ жоқ екен. «Қызыл ел» дейтін ноғай тілінде шығатын газеттің басқарушысы, жолдас Ғұбайдуллинның айтуына қарағанда ноғай ортақшылдары жұмысшы қазақтардың ортасына барып, насихат сөйлеп, саяси тəрбие беруге кіріскен екен. Бірақ анық қазақ тілінде болмаған соң, қызметтері өнімді жеміс бермепті. Не қылса да істемей қоймаймыз деп арпалысып жатқанның үстіне мен кездестім. «Қызыл елдің» басқарушысына мен келіп кірген кезде жеке үстелде бір қазақ жігіті басылып шыққан үлкен бір табақ қағаздың бетін шимайлап, түзеп жатыр-дағы: «Мынаны бұлай қыл, ананы неге бұлай қылмадың?», «Ленин һəм ұлттар» деген мақаланы төртінші бетке неге жібердің?» деп терлеп-тепшіп, бір-екі ноғай ортақшылдары (біреуі Ғұбайдоллаұлы) əрі үйретіп, əрі кейіп тұр екен. Сөздерін бөлмейін деп, жұмыстары ыңғайланғанша
қарадым да тұрдым. Сонау шимайланып жатқан үлкен қағаз қазақ тілінде тұңғыш шығайын деп жатқан Астраханьның «Кедей тілі» деген газетінің бірінші саны екен. Біраз əңгімелесіп болған соң, «Кедей тіліне» келгенде жолдас Ғұбайдуллинның айтқаны: «Басқұншақтағы алты мың қазақ жұмысшыларымен барлығы Астраханьның маңайында отыз мың жұмысшы қазақ бар. Не татар газетін, не орыс газетін оқып, ұғына алмайды. Басқа жерден келетін қазақ газеттері бұл елдің шаруасын біліп, ол туралы ешбір нəрсе жазбайды. Бұл күнге шейін қазақ тілінде газет шығарарлық бұл елде қазақ жігіті болған жоқ. Жуырда болатын да емес, сол себептен ноғайша жазып беріп, оны қазақшаға аударып, «Кедей тілін» солайша шығара бастадық. Қазақшаға аударатын бір қазақ жігітін тауып алдық» дейді. Сондай қиыншылықпен 18-ші апрельде Астраханьда қазақ тілінде «Кедей тілі» деген газет дүниеге келді. 30 мың жұмысшылардың ішінде, əрине, көзі ашық, жөн білетіндері де, жол сілтеп, көсемдік қылатындар да бар шығар. Солардың мынау «Кедей тіліне» қолғабыс қылулары – міндет. Жасасын, «Кедей тілі»!
ЖАЗУ МƏСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ СОҢҒЫ СӨЗ Алдымыздағы шілденің 10-ында болатын білімпаздар тобының қарсаңында мүддемізді айтып қалалық. «Еңбекшіл қазақтың» 154-ші санында емле туралы, 178-179шы сандарында қаріп туралы менің жобаларым басылды. 159, 161, 162, 164, 195-ші сандарында Елдестің қарсы даулары басылды. Елдес көп жазды. Балаға сабақ бергендей «Қазақ тілінде пəлен дыбыс бар, оның пəленше таңбасы бар...» деп жұртты сендіре, өзгені надансына, қазақ тілінің бел баласы өзі тəріздене жазды. Мұндай зор мəселені қара борандатып, соқыр сезімге беріліп, қызуланып тексеру ағат. Бұл салқын ақыл, саналы ой керек қылатын мəселе. Кеп біреуді түйреуде емес, мəселенің дұрыс шешілуінде. Жазу мəселесінде айтыстың шиеленіп, ауыр болуына зор себеп бар. Емлеге əркім əр жақтан, əртүрлі қарайды. Біреу тілдің тарихынан, біреу нағыз грамматика жағынан, біреу естілу (фонетика) жағынан, енді біреулер іс жүзінде қолайлы, жеңілдік келу жағынан қарап шешпек болады. Сонымен əркім өзінің
ұстанған негізінен айырылғысы келмейді. Елдестің негізі: тіл құрал (этимология), естілу (фонетика). Менің негізім: көбінесе іске қолайлы (практика), жеңілдік, қала берсе, естілу. Дұрысында, емлені іске қолайлы болу жағынан ғана қарау керек. Жазу мəселесін шешкенде алдымен «тілдің заңы бұзылса, жалпақ жұрттың тілі бұзылып кетеді, жоғалып кетеді...» деген соқыр нанымнан (фанатизм) құтылу керек. Елдес қорыққандай тіл сонша шетін, тиіп кетсе жарылып қалатын қағанақ емес. Елдес «ҰУ» деп жазып, олай буындай ма, Жүсіпбек «У» жазып, буындамай ма қазақтың тіліне иненің жасуындай пайда, зиян келмейді. Араб, парсы, татар, сарт, миссионерлер əдебиетінің ықпалына жүріп, айдауына көнбеген, тілінің заңы, құралы не екенін білмеген «Е, Ы, Й» дыбыстарын «И»-мен; «О, Ұ, У» дыбыстарын «О»-мен – бір-ақ таңбамен жазып келген сол тауқыметтің бəрін тартса да, бұзылмай келген қазақтың тілі біздің бір, екі таңбамызбен əсте өзгермейді. Тіпті бұзылмайды. Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады; жасаса, өркендесе, тілі де өркендейді. Азамат болған баласы ат мінсе, қалтырауық балажан шеше «жығылып қалар ма екен?» деп үйде отырып тақымын қысады. Елдес əлде қара борандату үшін жоқты сөйлейді, əлде əлгідей қорқақ шеше (егер ондай шеше қазақта болса). Білім өскен сайын, ой өседі; оймен бірге тіл өседі. Бірақ тіл шұбалаң, мылжың болмайды, шынығады, шымырланады. Аз сөз, көп мағына – міне, білімнің тілегі. Тіл өскен сайын, дыбыс көбейеді. Ендеше, əріп те көбею керек пе? Жоқ. Аз əріп, көп дыбыс – міне, жақсы хаттың шарты. Дыбыстың еркіне салсақ, таңба (əріп) мейлінше көп болу керек: бір дыбыстың өзі əр орында əртүрлі естіледі. Анығында дыбысқа тап келетін таңба бола бермейді. Ауыздан шыққан барлық лебізді əріппен түгендей жеткізу мүмкін емес. Ат айдағандағы «шу-шу», болмаса таңдай қағу, тоқтатудағы «дыр», күлкіні, кейігендегі одағайларды қайтып қаріппен айта аларсың? Жазу, қаріп нобаймен, шартпен ғана алынатын нəрсе. Профессор Ушаков айтады: «Кəдімгі хаттағы қаріптердің дыбыстарға дəл келмеуі кемшілік емес; іс жүзінде қолайлы болуға жазудың дəлдігі тіпті міндетті емес, қайта дыбысқа нобайлы жазу əрі жабайырақ, əрі оңайырақ болады», – дейді. «Емленің мақсұты – жетілген, бай тілді өте жабайы құралмен таңбалап білдіру», – дейді ғалым Раумер. Сондықтан «Қолдануға қолайлы жазу – дыбысты
жалпыға түсінікті етіп көрсету», – дейді Курч деген кісі. «Ауыз сөз – ойдың пернесі болса, жазу – ауыз сөздің пернесі» деген Томсон. Дыбыстарға нағыз адал келетін жазу жоқ. Ондай жазу жалпыға түсініксіз, ендеше болмау керек. Нағыз дыбысқа адал жазу тіл ғылымында (языковедение) ғана болу керек. Дыбысқа əріпті келтіреміз десек əліппиден талай əріпті шығаруға, талай əріпті тыңнан ойлап табуға, əйтпесе ескілерге түрлі белгілер қосып қолдануға тура келер еді. Бұл дұрыс хат болмайды, қолдан жасама хат болады. Бұл пікірлерді жазуды оңайлатамын деп талай жыл еңбек еткен ғалымдар айтып отыр. Мұндай талай беделді сөздер келтіруге болады. Бірақ орын аз. Дыбысшылдардың əуейіленбеуіне бұ да жетерлік сөз. Сондықтан естілуді (фонетиканы) негізге алуға болмайды екен, аса бір керекті орын болмаса. Сол тəрізді жазу мəселесін тіл заңына (грамматикаға) тіреп шешуге де болмайды. Тіл – жанды зат: өркендейді, дамиды. Жазу – өлі сүйек зат. Тіл заңы (грамматика) да кертартпа (консервативный) нəрсе. Шідерлеп, өрісіңді ұзартпайды. Грамматикашылар тілді тапқа, жікке, сортқа бөлемін, əр сөзді, əр дыбысты белгілі таптың əдет-ғұрпына, салтына бағындырамын деп талай жерде зорлық істейді, жіксіз жерде жік шығарады. Бұдан екі жүз жылдар бұрын Ломоносовтың шығарған «ия», «ыя», «ие», «ые» деген жалғауларынан орыс жаңада ғана құтылды; еркек, əйел, орта сөздердің аяғын бір-ақ түрлі (ые, ие) жазатын болды. Тілге бұдан келетін кемшілік жоқ. Сол сықылды: «они, оне, одне, одни, оба, обе,» деген бөлек-салақтарды кеше ғана қалдырды. Міне, грамматиканың тусау болғаны. «Тіл құрал» шықпастан бұрын «дыбыс», «буын» дегенді жұрт білмеуші еді. Дыбысты, буынды өзгелерге еліктеп, дыбыс əдісін (звуковой метод) қолданғандықтан алып отырмыз. Еліктеу онымен тоқтамайды. Мəдениеті күшті жұрт еліктетеді. Жазудың, жазу үйретудің оңай жолы табылса, еліктемеске əддіміз жоқ. Бұл күнгі басымызды шұлғып отырған «дыбыс», «буыннан» безіп, ертек Америка əдісіне түспесімізге кімнің көзі жетеді? Сондықтан жалаң тіл құралдың (этимология) дəлеліне сүйенуге болмайды, оның өзі жасама, еліктеме нəрсе. Шынында, грамматика екі түрлі болуы керек: бірі – тілдің, сөздің, істің ыңғайына жүретін құбылмалы, жанды этимология; енді бірі – тілдің негізін, түп атасын, өзгеру жолын, тарихын
тексеретін ғылыми грамматика болмақ. Мектепте жазу үйретуге, дұрыс сөйлетуге көмек ететін жанды этимология мен ғылыми грамматиканы шатастырып жүрміз. Соңғы грамматика орта медреселердің соңғы жылдарында, жоғарғы медреселерде оқытылу керек. Бастапқы бастауыш мектепте Ахаңның «Тіл құралдары» (əсіреесе ІІ ) екі түрлі этимологияның жолдарымен жазылған, іске жанасу жағында ауыр жерлері көп. Екі сөздің бірінде тіл заңына жүгірудің себебі осы. Мысал келтірейік: «Атты кісі мылтық атты». Фонетика көзімен қарасақ, екеуінде де «атты» жазылуға тиіс. Олай емес, этимология көзімен қарап, бірі сын есім, бірі етістік болған соң, Ахаң екі түрлі жаз деп отыр. Грамматика жағынан да айырып жазуға Ахаңның дəлелі жоқ. Алайық мына сөздерді: Қасым-бек, Қойшығұл, Түйе-бай, мал-ғой, жоқ-қой, керекқой, адам-да, ұшқан құс-та, жүгірген аң-да, барайын-ба, келейінбе, аламын-ба, барған-бысың, келген-бісің, жазған соң, малмен, көппен, би-еке, аға-еке, молда-еке, тайым-ай, япырым-ай, жарықтық-ай, ап-ақ, сап-сары, бара-алмайын, жүре-алмаймын, бимаза, бей-бастақ, би-тарап, би-қам, бет-бақ... Этимологияға сүйенбесе, осы сөздерді бөлек жазуды, не сызықшамен («–») жазуды кім білер еді? Этимология бір жағынан сөздің түбірін, табын айырып, мəнісін көрсетіп пайда келтіріп отырса, екінші жақтан жазуға ауырлық келтіріп отыр. Қосалқы сөз, қос сөз, жалғаулық, көсемше, жіңішке буын, жуан буын, шырай, одағайларды бірінен-бірін айыру, араластырмау үшін солай жазылып отыр. Қасым-бек, Түйе-бай, бір-ақ, бей-бастақ, би-тарап, бет-бақтарға сызықша қойғызып отырған түбірін қазу, қала берсе, жуан, жіңішке буындар. «Ғойда» жеке мағына жоқ, жалғаулыққа, жалғауға, жұрнаққа келмейді. «Айттым-ғой» (сказал, ведь) не қылу керек? Сызықшамен бөлгеннен басқа шара жоқ. «Адам-да» ұшқан құс-та, жүгірген аң-да» мұндағы «да-лар» орыстың «и» деген демеуінің (Союз) мағынасында болғандықтан, жатыс жалғаудан айыру үшін осылай жазылып отыр. Сол тəрізді қосалқы сөздегі «Ма, ба, ме, белер» орыстың «ли» бөлімшесінің мағынасында болған соң, бөлек жазылады. «Соң» – «после» мағынасында. Ол – үстеу (наречие). Ендеше бөлек жазылуы керек. Жұрнақ біткен зат есіммен қосылып жазылып, «еке»-нің сызықша арқылы жазылуы да жуан, жіңішке сөздерге бірдей тіркелуінен болса керек. Өзге
падеждерді алған соң, «мен, менен, бен, бенен» жалғауларымен орыстың (Творительный) падежін де алуға болмас па еді? Олай етуге «мен, беннің» есімдерін басқаларға да тіркелуі бөгет болса керек. «Таңдаулы шырайға» қосылатын «ап», «қаптарды» бөліп алып, «ап-ақ, қап-қара» деп жазайық десем, Елдес тіл заңының дəреті бұзылатындай қорқар еді. Жұрттың туынды, қосылмалы ұзын сөздері ауызша айтылғанда қысқарып, ықшамдала береді. Сөз – ықшамдық тілейді. Қарап отырсақ, ықшамдалып, сығылысып кеткен сөздер толып жатыр. Мəселен: əйтсе де, қайтсе де, қайтып, сөйтіп, о да, бұ да, биыл, кəдімгі, əше, қайдам, əкел, əпер, мөт, мұтшақ, бойсұну, ұсап, қайткенде. Ту баста бұл сөздердің былай екені анық: «алай етсе де, қалай етсе де, қалай етіп, солай етіп, ол да, бұл да, бұ йыл, қадым күнгі, ендеше, қайдан білейін, алып кел, алып бер, үміт, ұмытшақ, бой ұсыну, ұқсап, қалай еткенде». Осындай ықшамдалған, ықшамдалып келе жатқан сөздерге: мұт, мұтшақ, бойсұну, күнелту, бар-ды (бар еді), жоқ-ты (жоқ еді), болыпты-мыс, болмасбеді (болмас па еді), жүрсигедім (жүрсе игі едім), жүралмаймын (жүре алмаймын), баралмаймын-дар да қосылады (бара алмаймын). Мұндай сөздер əуелдегі шыққан түбірін көксемей, қысқарған түрінде жазылуға тиіс. «Бар-ды, айтқан-ды, жоқ-ты»-лардың «еді»-сі қысқарып, «ды» боп қалса, «болмасбеді, жүрсигеді» болып, «еді» қысқару керек. Егер «игі» бөліну қажет табылса, «жүрсе игеді» болып жазылуға тиіс. Жоғарыдағы «алып кел, əпер, қайдам»-дар сықылды «жүреалмаймын, бара-алмаймын»-дар да қысқартылып, («жүралмаймын, баралмаймын») жазылу керек. Дəйекші туралы ойлап-ойлап, мынандай қорытындыға келдім. Дəйекші, көбінесе, бас буынды жіңішкертеді. Сөздің ішіндегі «Е», «К», «Г» дыбыстары өздері жіңішке естілгені болмаса, бүтін сөзді жіңішкерте алмайды. Сондықтан сөздің бас буыны жіңішке естілген жерде, ішінде «Е», «К», «Г» «Қ», «Ғ» болса да, дəйекші қалмай жазылған дұрыс болар деп білдім. Бұл жоба жазуға көп жеңілдік келтіреді. Бұрынғы «іс, іске, піс, піспек, өр, өрле, біз, бізге, сөз, сөзге, түр, түрлес» дегендегі түбірінде бір дəйекшілер жоғалмайтын болады: «іс, іске, піс, піспек, өр, өрмек...» болып жазылады. Бəрі біркелкі. Бұрынғы ережеде болмайтын тағы бір пайдасы: шұбалаңқы ұзын жазылатын, сызықпен қосылатын сөздер қысқарады, жазу ықшамдалады. Сыдыртып, тез оқудың
бір шарты – сөздің ықшамдығы. Кітап оқығанда кісі ежелеп отырмайды, сөздің тұлғасынан тани кетеді. Неғұрлым тұлғаның тұрқы қысқа, ықшам болса, соғұрлым оқуға да жеңіл болмақ. Жазу үйретуге тағы солай. Осы айтылғандарға сүйеніп, жоғарыда көрсетілген мысалдарды былай жазуды ұсынамын: «Атты кісі мылтық атты. Қасымбек, Қойшығұл, Түйебай, бірақ, малғой, жоққой, керекқой, адамда, құста, аңда, барайынба, келейінбе, аламынба, барғанбысың, келгенбісің, жазғансоң, малмен, көппен, биеке, ағаке, молдеке, тайсымай, япырмай, жарықтығай, аппақ, сапсары, баралмаймын, жүралмаймын, бимаза, бейбастақ, битарап, биқам, бетбақ, болмаспеді, жүрсе игедім...». Қазақ тілінде үндестік (сингармонизм) бар деп, бірталай басты қатырдық. О да жоқ сөз болып барады. Қараңыз мына мысалдарды: «Мақамбет, Ақмет, құдірет, қасиет, Қаныбет, қауесет, қызмет, бірақ, қане, қорек, қыркүйек, қалпетімен, Қабен, саудагер, Қаныкей, қажет, қазір». Мұндай сөздерді іздей берсек, аттың қара қапталынан келетін. Əрине, олардың ішінде шеттен кірсе де, байырғы болып кеткендері де бар, өз байырғымыз да бар. Қайткенмен олардан құтылу, əйтпесе, елдесшілеп «касиет, кызмет, əкмет, (Ақмет), күдірет, кажет...» деп бұзу мүмкін емес. Сондықтан үндестікті (сигармонизмді) тіл білімдерінің (языковед) сыбағасына қалдырып (егер олар қашпай ала қойса), сөзіміз бен жазуымыздан аулақ қылу керек. Енді Елдестің көкейін тескен «У», «Й», «Ы»-лар туралы бір-екі сөз. «ҰУ» мен «Й» екі дыбыстан құралғанына таласпай-ақ қоялық. Ұ+У=ҰУ. Ы+У=ҰУ. Ы+Й=Й» деп-ақ қояйық. Бірақ таңбаны ықшамдау керек болса, оларды ықшамдау керек. Осы күнгі орыстың «Е», «Ё», Я», «Ю» деген қаріптері мына дыбыстардан құралған: И+Э=Е И+О= Ё И+А=Я И+У=Ю Орыстың бұдан неше ғасырлар бұрын қолданған қоспақ таңбаларын біз осы күні қолданып отырмыз. Неге? Ломоносовтарымыз жаңада шықты. Біз орыстың таптаған жолын таптағымыз
келмесе, қоспақ таңбадан осы бастан құтылуымыз керек. Елдес этимология (тіл заңы), фонетикаға (естілу бойынша) сүйеніп, оларды қорғап-ақ шығар. Іс жүзінде қолайлы болуына келгенде, ілгеріден тілеуіміз бар ғой десек, оларды қысқарту тиіс. «У» да, «Й» да, қай жерде болса да, бір таңбамен жазылсын: шолағы да, ұзыны да. «Ы» қалмай жазылсын. «Өзгеде жоқ, бізде бар» деген пікірлер жүр. Сондықтан «келу, бару, сарық, қайық, қиын, қарыт, тарық, Троцский, қырық...» деп жазамыз десіп, оп-оңай көріп жүр. Бұл – сөзді ықшамдауға жатпайды, шұбалтып, соза беру болады. «Ы» деген дыбыс бірде бар, бірде жоқ, ойнақшып, тұрмайтын сағым сықылды дыбыс. «Сарт-сұрт, қырт, қарт, (кəрі), қарқ, мұрт»- тардағы «Ы» емес, сəкүн (ъ) тəрізді бірдеме. «Келу, бару»-дың ішіндегі «Ы» дыбысы да дүдəмал. Ондай дүдəмал дыбысқа бола «ашық буында, бітеу буында «Ы» дыбысы қалмай жазылады» деп ереже шығару керек емес. Айқын естілетін жерде «Ы» жазыла берсін. Түбінде тіршілік тартысында күштілер жасайтыны шын болса, «Ы» сықылды шалағай, тұрлаусыз «меньшевиктер» сүйрегенмен аңға жарамайды, бір кезде шығып қалады. Таңба (қаріп) туралы қазірден-ақ Ахаңның жазба машинаға арнап шығарған таңбалары қабылдансын. Ол мүмкін болса, аз да болса жеңілдік келтіру үшін бұрынғы басылған жобамды жақтаймын. Тыңнан шығарған, татардың өзгерткен, болмаса латыннан алған таңбалар туралы менен басқа да айтушылар табылатын. Сондықтан сөзді доғарамын. ҮМІТ СОЛАЙ ЕДІ Бытырап, капиталға отар болып кеткен езілген ұлттардың бірігуі, айналасы жиналып, жұмырлануы, бірігіп, мəдениеттің ауыр жүгіне жегіліп, ел қатарына келуі, бақытты тұрмысқа ие болуы – əділ саясат малданған кеңес үкіметінің тілегі деп біз бұрын жазғанбыз. Осы негізді мақсұттан қарап, Түркістандағы Жетісу, Сырдария облыстарының қазақтарының Қазақстанға қосылу мəселесі көтерілген. Ұзақ толғақ, ұзақ тəжірибеден кейін Қазақстан үкіметі қосып алмақ, Түркістан үкіметі бөліп бермек болған.
Екі мемлекеттің үкіметтерінің бұ қосылу туралы бір ойда, бір пікірде болуы шын бейнетқор елдің үкіметтері екенін көрсетеді. «Бөл де, биле» деген саясат малданған «басып шөкпе» капитал үкіметінің бұ мінез жанына жат мінез. Екі мемлекеттің үкіметтері түсіністі, екі мемлекеттің бейнетқор қазақтары үкіметтің өздерінікі екеніне тағы бір қабат сенді. Үміт солай еді. Үміт орындалды... Ендігі мəселе – Қазақстанның астанасы қайда болмақ? Салыстырып-салыстырып қараған уақытта, тұрмыстың, ғылымның түрлі қарауылдарынан қарағанда қазақ астанасы– Ташкент. Екі мемлекеттегі өзгерісшіл азаматтардың, екі мемлекеттегі ғылымға қол артқан білімпаздардың, екі мемлекеттің білімді тəжірибе мен шаруашылық көзқарастарынан жиған бейнетқорларының ойынша Қазақстан астанасы – Ташкент. Ташкент өткен заманда, бір шақта Қазақстанның астанасы болған қала. Қазақ елінің ескі ақындарының кестелеп, жыр еткен Ташкенті. Қазақстанның тарихи құқықтары Ташкенттің астана болуын тілейді. Мемлекеттің астанасы мəдениеттің көзі болу керек. Ташкенттен бөтен Қазақстанға мəдениет күлін төгетін қолайлы орын жоқ. Олай болса, мəдениеттің өсу шарттары Ташкенттің Қазақстанға астана болуын керексітеді. Астана қала мемлекеттің ортасында болуы керек. Жағырапия ретінде Қазақстанның орталығы – Ұлытау, я Бетпақтың даласы. Бұл орындар астана бола алмайды. Үшінші орталыққа дəл келетін жер – Ташкент. Жағырапия жағдайынан Қазақстан астанасы Ташкент болмақ. Ташкенттегі қызметкерлердің, оқушылардың, жұмысшылардың бір қауымы қазақ. Бұл реттен Ташкенттің астана болуы керек. Мəдениет ретінде қазақ елі малын кіш-кіштеп кейін қалған ел. Өмір қазақты егіншілікке айдап отыр. Кəсіптің жаңа дəуіріне көшкен шақта өнеге керек. Өнегені надан ел бірден Америкадан ала алмайды. Мəдениет сатысында тетелес тұрған елден алады. Ол елден қазаққа өнеге болатын ел Ташкент айналдасындағы диқаншы – Түркістан елі. Бұл реттен де Ташкентті астана етпей болмайды. Елге астана тауып алу қиын. Ташкент екі ұлттың астанасы: қазақ, өзбек елінің. Өзбек елінің ата мирасы, астанасы – Самарқаны, басқа да қалалары бар. Ташкентті Қазақстанға бергеннен өзбек елі
ұтпаса, ұтылмайды. Бұ жағынан да Қазақстанға Ташкенттен бөтен астана болуға лайықты орын жоқ. Мəселенің алдын əділдік тезіне салып шешкен екі мемлекеттің үкіметтерінен де, бейнетқор елінен де мəселенің артын да – астананы Ташкентте жасауды да орындар деп үмітіміз мол. ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗЕТІН КОМИССИЯНЫҢ ІСІ Орталық комиссия соңғы мəжілісінде кооперация орындарында қазақ тілін жүргізу тақырыпты ... комиссия кооперация орындарының төменгі дəрежедегі ұйымдары көбінесе Қазақстанның түкпірлеріндегі қазақ халықтарымен аралас жасайтындықтарын еске алып, қазақ республикасының кооперация мекемелерінің кеңсе істерін һəм есеп-қисап жұмыстарын қазақ тілінде жүргізу қажет деп қаулы етті. Соның үшін Қазақстанның кооперация істерін басқарушы жолдас Қулчуринге бұл істі жүзеге шығару тақырыпты өз пікірін тез білдіруге тапсырылды. Комиссия Қазақстан Ішкі істер комиссариатында һəм оның жергілікті орындарында қазақ тілінің іске асуы туралы жолдас Орынбайұлының баяндамасын тыңдап, оның көрсетуіне қарағандағы ауыршылық жайларда істелінген қазақ тілін жүргізу ісін тəуір деп тапты. Əйтсе-дағы КирЦИК-тің қазақ тілін жүргізу тақырыпты шығарған декретін тығыз, нақпа-нақ орындау үшін комиссия Ішкі істер комиссариатына тапсырды. Халық комиссариаты, əуелі, өз кеңсесінде һəм, əсіресе, гүбірнелерде, үйездерде, болыстардарда кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу ісін күшейтуге; милиция қызметіне жол-жобаны һəм басқа деректерді орыс тілінен қазақ тіліне аударуды екпінді істің бірі деп тауып, 1924-1925 жылдағы жасалатын кіріс-шығысқа расход мөлшерін кіргізу үшін оған қанша қаржы шығатынын қисаптауға жəне де жергілікті орындарда губисполкомдар əкімшілік бөлімінің бастығын жиі-жиі ауыстыра бергендіктен кеңсе ісін қазақ тілінде жүргізу жұмысына бөгет болатындықты еске алып, губисполкомдарға бұдан былайғы уақыттарда əкімшілік бөлімінің бастығын іс комиссариатының рұқсатынсыз орнынан түсірмеу туралы тапсырылды.
ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ АҒАРТУ КОМИССАРИАТЫ НАЗАРЫНА «Бұрын үш ұйықтаса түсіне кірмеген ең қадірлі орынды оқытушылар алуы тиіс» деп Ленин жолдас ауырардың дəл алдында айтуы хақ. Хақ болса, солай болуға тиісті де. Шиеттей қызыл қарын жас баланың ортасында ерінбей, жалықпай ана-мынаны елең қылмай, оқытушылар мойындарындағы міндеттерін атқарып келе жатыр. Оқытушылар Ленин жолдас айтқандай қадірлі орынды алып, жайы дұрысталып, еңбегі толықтанып, жалғыз мұңы – балаға ақты-қараны танытуға жұмсалып қана алаңсыз қызметте ме? Бұл арасы солай деп қысқа жауап беруге болмайды. Қостанай гүбірнесіне қараған басқа ауданның оқытушылары не жайда екені бізге қараңғы. Біздің Жаркөл ауданындағы оқытушылардың халы нашар, еңбекақысы əлі дұрысталған жоқ. 11-12-ші ретпен алатын оқытушылар аз. Көпшілік жағы 9-10 рет оларға былай беріледі: 12 рет – 17 сом 55 тиын; 11 рет – 16 сом 20 тиын; 10 рет – 14 сом 85 тиын; 9 рет – 13 сом 50 тиын. Қостанайдағы оқытушылар осы ретпен алса да, ақша жағы анағұрлым ілгері. Қостанайдың гүбірнелігіне таласымыз жоқ. Шаруалық кəсіп жағынан болсын, базар нарқы болсын, Қостанайдан Жаркөлдің айырмасы жоқ. Дүйсенбі күні Қостанайда бидай 2 сом болса, бейсенбі күні Жаркөлде де 2 сом болады. Айырмасы – үш-ақ күн. Бұлай болса, гүбірненің оқытушылары аудан оқытушыларынан артық алатын мəнісі не екенін түсіне алмаймыз, аудан егін ексе, Қостанай егін екпей отыр ма? Аудан мал (өсірсе) ұстаса, Қостанай мал ұстамай отыр ма? Іс бұлай болса, өзімізге жүгініп, тайлы бие тигіземіз. Қостанай айлығымызды анда-санда бір тигізеді (мұнан былай гүбірне, аудан демей, оқытушы біткеннің еңбекақысы бірдей болса екен). Ноябрь басында октябрь айына еңбекақымызды аларда Қазақстан халық ағарту комиссариатынан оқытушылардың еңбекақысына қосымша (субвенц.) алтын есебімен 11 сомнан гүбірнеге келіпті деп анығын білген кісінің аузынан естіп едік, тағы бір ретте
2-3 ай өткен соң, гүбірнаға барушы бір жолдастан «оқытушылардың қосымшасын (субвенц.) əкелуге доверенность əкетіпті деп естіліп еді», ол тағы «қой болдылау» болып кетті. Қазақстан халық ағарту комиссариатынан жіберілмеген шала хабар ма, болмаса жіберіліп, Қостанайдың бір тесігіне кіріп кетіп, оқытушылардың маңдайына сыймай жүр ме екен? Газет арқылы жауап күтеміз. МҰҒАЛІМДЕР ҚЫЛЫҒЫ (əңгіме) 1919-шы жылғы санаулы мұғалімнің бірі еді. Шынымен ескі қалыпқа кіріп, дін жолын ұстағаны ғажап екен дедім. Менің бұл таңырқауым орынды еді. Өйткені кеңес үкіметі алғашқы келген бетінде еңбек (баулу) мектебін орнықтыру жолында, үйездің ағарту бөлімі бір үйездік (осы күні гүбірне) оқытушыларын жинаған болар. Орысша оқытушылардан басқа мұғалім аталғандардың көбі шала сауаттылар еді. Жаңа оқу түгіл, ескі оқу дегеннің өзін жөнді жүргізе білмейтіндер. Бірсыпыралары педие иелері, жасы ұлғайған қалпелер еді. Солардың ішінде жаңа біліммен тəрбие алып, үлгілі мұсылман мектептерін бітірген оншақты мұғалімдер бар-ды. Қасымбек, Достан деген екі жас мұғалім болды. Олардың киімі де, жүріс-тұрыс қалыптары да ыңғайлы, жаттық еді. Сиезде жаңа оқудың, əсіресе, қазақ балаларына керекті мағлұматтардың үйрену жолдарын айтып, тақылдағанда жұрт ырза болған. Атақ үшін немесе пайдаға қызығып мұғалім болғандар бұлардан қаймығып, қымсынып жүретін-ді. Орысша учитель саналғандардың да біразы бұларды сенімді оқытушы деп қанағаттанған. Əлі есімде, осы екі мұғалім алғаш мектеп ашып, қаладан елдеріне қайтқан сапарында ірі ақсақал, бұрын ақын аталған Бижан қарттың үйіне қонған. Бижан ақсақал өзі ауырып, төсекте жатса керек. Мұғалімдер қазақтың қариясы, көпті көрген кəрі кісі екендігін елең қылмай, ысқақтап күліп, орынсыз қалжың айтып, қазақтың ескі əдеттерін сынап-мінеп, ірілік қалып көрсеткен.
Сыпайы киім, тараған шаш, өкшелі етік киген жастардың мінезі ақсақалға ұнамаған. Дін оқудан басқа білім жоқ, мұсылманның шарттарын өтемеген кісі кəпір деп түсінетін тоң мойын ақсақал бұларды айыптап жаратпай қалған. – Намаз оқымады, үлкенге иба жоқ, кішіге ілтипат жоқ. Бұлар жұртты аздырушы ғой деген мазмұнда ел қалпынша өлең де шығарса керек. (Өлеңін Құсайын біледі) Сол қарттың өлеңін естігенде: – Біз, дінші молдалар емеспіз. Жаңа тəрбие жолын ұстап, жаңа мектепті гүлдендіруші – біздер,- деп сөйлеген-ді. Бұлардың жаңа пікірлі мұғалім екеніне бір қатар жұрт сенген. Өткен жаз Ермек елге барып келді. Бір сөзінің ретінде Қасымбек пен Достанның қызығын айтайын деді. – Қымызы бар деп байлардың үйіне көп қыдырып бармайтынымды білесің ғой. Қатыққа тойып, үйдің уақ-түйек шаруасын істеп шаршап, үйде жатыр едім. «Төре келді, төре келді» деген далада дауыс естілді. Өзім көп төренің ішінен келген адам, төремен жұмыс болған жоқ, мен үйде жата бердім. Жаңада келген соң ауыл мені де құрметтейтін-ді. Тіпті комиссардан кем көрмейтін жерлері де болатын. Төрелер түскен үйге мені де шақырды. Бардым. Төре дегені налог жинайтын немесе болыстық милициялардың бірі шығар деп ішімнен ойлағам. Олай болмады. Жеті қанат киіз үйдің төрінде алдарында жуан сары аяққа құюлы қымыз. Арттарында бір-бір жастық. Шекелері қызып, қызара бөртіп отырған кəдімгі жаңа пікірлі талапкерлерімізден Достан мен Қасымбек. Жəне шоқша сақалды, дөңгелек жүзділеу, орта бойлы, ақ құбаша тығырайған бір кісі. Жасы 30-40-дың арасында. Мұртының ортасы ұстарамен қырған, екі жақ жебесі кішкене тікірейіңкіген соң қайшымен қысқартып қойған. Əңгімені сықпыртып отыр. Мен барған соң кішкене бəсеңдейін деді. Жазғытұрғы мұсылман руханилар (молдалар) мəжілісінің қаулысы бойынша əр болысқа бір имам (молда) сайлауға шыққан беттері екен-ау.
Достан кішкене ұялайын деді, білем, жалтақтап қарай береді. Мен оларды ұялтқандай сөз айтқым келмесе де, істеріне ырза болмай, соларға тиетін бірсыпыра пəлсапалар соқтым. Молдалар лəм-мим деп аузын ашқан жоқ. Бұрын Достан арсалаңдап, қалжыңдап ойнай беретін-ді. Бұл жолы амандық сұрасқаннан басқа аузын ашқан жоқ. Мен келерде айтып отырған шəриғаттары бар еді. Аяғын көмескілеу қылып жіберді білем. Онша түсінікті болып шықпады. Сойылған тоқтының еті желініп, біраз қымыз ішілді. Талай айтуға қырланып, айтқаным жоқ. Əйтпесе, «Дін адамды бұзады, өте-мөте жастарды жаңа рухпен өсіру керек» деген Достанның сөзі бар еді. Шіркін, замандас қой, ұялтып не қылайын дедім. Өздерінше адамдарын сайлап алып, лаумен тағы бір жаққа жүріп кетті. Жанындағы аққұбаша кісі үйездік мұтағасып білем, – деді. – Мұтағасып деме! Ол «фанатик» деген сөз, «мұхтасип» шығар, – дедім. – Мен қайдан білейін жұрт сүйдейді. Олардың бір қызық жері – сол молдалар пайдасына елден салық жияды екен. Еңбектеніп шашқан астығының құшырын тағы да сол сықылды жию ретімен елдің сорын қайнататын көрінеді. Жүрген жерінде кілең байларға түсіп, тоқты жеу; байлардың шашбауын көтеріп, сөзін сөйлеу. Жеккен лаулары кедейдің мəстегі. Не қыласың, бүлдіріп-ақ жүрген көрінеді. «Міне, бұқара халыққа жол көрсетіп, басшы болады деген мұғалімнің қылығы. Елдегі шаруа халықтың қараңғылыған пайдаланып, өз бастарының сыйлы болуы үшін ар-ұятын айырбастап, екінші жолға түскені. Бұларды көрген ел жастары неғып оңар? Бірақ кейінгі жас буындарды теріс жолға түсірмей, олардың қарамағынан алу керек» , – деді Ермек. «1919-шы жылғы санаулы мұғалімдердің бірі еді. Шынымен ескі қалыпқа кіріп, дін жолын ұстағаны ғажап екен», – дедім. ЛАТЫН БЕЛГІЛЕРІН АЛУ ЖАЙЫНДА ҚОСЫМША «Жас қазақ» журналының 4-санында басылған «Дыбыс белгілерін негізінен өзгерту керек» деген мақалада біз латын белгілерін
алудың керектігін ғана сөйлеп, жобаның өзін тек шет-пұшпақтап қана айтып, мəністемей кетіп едік. Өйткені біздің Қазақстан азаматтарының көзқарасы салқын болғандықтан нақ бүгін-ертең шешіле қоятын əңгіме бола қоймас деген ой еді. Жақында Мəскеу, Ташкент азаматтары бұл мəселеге шұғыл кірісіп, өздерінше жобаларын тартып отыр. Сол себептен біз де осы күнге шейін шыққан жобалармен қатар өз жобамызды да түсіндірмекшіміз. Мəскеуден гөрі Ташкент жобасы біздікіне жататын секілді. Ташкенттің бізге қосылатыны: 1. Белгілерді ұлы, кішіге бөлмеу; 2. «Қ» мен «К», «Ғ» мен «Г» - ге бір белгі қолдану; 3. «Ұ» мен «ҰУ»-ларға бір белгі қолдану. Əуелгі екі белгі («Қ-К», «Ғ-Г») туралы өткен мақаламызда айтылып кеткендіктен соңғы екі белгі, яғни, «У», «ҰУ»-ларға бір белгі қолдану жайынан ғана айтып өтпекпіз. Бір белгіні, мысалы, «У»-ды «ҰУ» орнына алсақ, сол белгіні «У» деп оқуға болады. Оның үшін ұзын «И» дауысты дыбыстардың соңынан жарты (шолақ) дауысты дыбыс болып оқылады деген ереже болмақ. Бұл ереже латын тілінде бар ереже, біздің қазаққа дəл келеді. Мəскеу, Ташкент біздің жобаларымыздың қай-қайсында болса да латын қаріптерінің қазақ дыбыстарына үндес келетін белгілерінде айырма жоқ. Айырма тек латын тілінде жоқ болған қазақ дыбыстарына латын қаріптерін арнауда. Бұл жақтан қарағанда Ташкент жобасы Мəскеудікінен гөрі бізге жақынырақ. Өйтсе де бізге қосылмайтыны бар. Сол себептен əлде де болса Ташкент азаматтарына ескертетініміз мынау: қаріптердің астыңғы белгілерін қоя тұрып, үстіңгі белгілерінен қашуға болмайды. Өйткені «і», «j»-лардың үстеріндегі ноқаттарынан қашып отырғанымыз жоқ, оның бер жағында үндес қаріптерге негізгі бір белгі алып, айырма белгілерін көрнекі қылып алу керек. Олай болу үшін айырма белгілері негізгі белгілердің астыңғы жағында я ішінде болулары тиіс емес. Өйткені оқуға қолайсыз, кедергі болмақ. Осы айтып өткен реттерге қарап, «Ң», «Ұ», «Ы» белгілері жайында мынадай белгілердің алынуларын жөн көреміз: «n», «û», «î». Бір дыбысқа бірнеше белгіні құрастырып, жаңа екінші бір дыбысқа белгі қылу Еуропа халықтарының тілдері дами келе амалсыздан қолданып кеткен бір қолайсыз əдістің бірі. Біздің оны
үлгі қылуымыздың жөні жоқ. Сол себептен «Ч»-ны жалғыз «Һ» мен белгілеуіміз жөн. Латында «К» «С» болмақ жəне «К»-дан гөрі «С»-ның жазуы да оңайырақ, сондықтан «Қ» – «С» болмақ. Енді дəйекшіге келсек, оның да көрнекті болып тұруы тиіс. Жəне қаріптермен пішіндес болып тұруы лайық. Бұған орыстың «Ь» алынуы жөн. Оқу ретінің жеңілдігіне қарағанда дəйекшінің сөз басында жазылуы жөн болар еді. Жазу ретінен аяғынан (соңынан) тұруы қолайлырақ. Қайткенмен де дəйекшінің орнына талас шамалы болуға тиіс. Осы айтқандарды ескеріп, Түркістан, Қазақстан бір қаулыға келген болса, қазақ əліппесіне латын белгілерін алу мəселесі даусыз шешілгенге саналар еді. Бұдан кейінгі жұмыс тек іс жүзінде қолдану шаралары болып қана қалар еді. Оның бер жағында өз бетімен қолдана береміз деген азаматтар да үйреніп қолдана берер еді. Сонымен біздің əлде де болса ұсынатын əліппеміз мынау: 1. А – а 2. Б – б 3. Д – d 4. E – e 5. Ғ – g 6. И – i 7. Ы – î 8. Ж – j 9. Қ – c 10. Л – l 11. М – m 12. Н – n 13. Ң – n 14. О – o 15. У – u 16. Ұ – û 17. П – p 18. Р – r 19. С – s 20. Ч – h 21. Т – t 22. З – z 23. дəйекші – ь
Мысалдар: Қажымас дос халықта жоқ, Айнымас серт қайда бар? Алда көрген артта жоқ, Мысқыл өсек айла бар. Абай Мұрзалыұлы Мұхтар 1924-ші жыл. 18 май Cajimas dos calicta joc Ainîmas sert caida bar? Alda corgen artta joc Mîscîl osec aila bar. Abai Mîrzaulî muctar
1924 nhî jîl maidîn 18 «ЕҢБЕКШІЛ ҚАЗАҚТЫ» КҮШЕЙТУ Газеттің керектігін, газеттің тап құралы екендігін, газет қоғамның күре тамыры екендігін біз бұдан бұрын талай жазғанбыз. Қазақстанда баспасөздің нашарлығын, елдің қалыңына газетжурналдың жетпейтінін, газеттің майлық болатынын, тамыздық болатынын, темекі қағаз болатынын, оқушының алдына тартқанбыз. Газеттің шын қожасы – кедейлер табына, ауылдағы момын шаруаға газет бармайды. Бармайтыны – газеттің саны аз. Қазақстандағы шығып тұратын барлық газеттерді жиып, қаріптерін үлестірсе, екі бейнетқорға бір қаріптен я тиіп, я тимес еді. Америкада төрт адамға бір автомобильден тиіп отыр. «Жоғарғыны көріп пікір, төменгіні көріп шүкір ет», – дейді қазақ нақылы. Жоғарғыны – 4 адамға бір автомобильді азсынып, жан басына біреу етеміз деп жатқан Американы көрсек, көп пікір туғызады; бірақ, шүкір етуге төменгі жоқ. Мəдениет дүниесінде қазақтан төмен ел жоқ. Бұл рет – қызғанышты рет. Жұбанатынымыз: тарих заңы арқылы азаттық алғандығымыз; көзден томаға, қолдан шынжырдың түскенін, жер жүзінің бейнетқорларына қанына қан, етіне ет болып қосылғанымыз; жалпы
бейнетқор табымен қол ұстасып, Лениннің жолына түскендігіміз. Алдымызда от бар – ұлы жолдың үстінде. Маңдайымыз бақыт жұлдызына түзу. Ендігі жұмыс – ескекті қалай тартуымызда. Өңделмеген жұмыс ағып жатыр. Ағып жатқан жұмыстың негізі – жабайы сауатсыздықты, саяси сауатсыздықты жою; шаруаны тірілту, ескі салт-сананы бұзып, жаңа салт-сана орнату. Жұмыс – көп, майдан – жалпақ. Бұ жалпақ майданда ауыр жұмысты орындайтын құралымыз – баспасөз. Қазақстан Республикасының орталық тілі – «Еңбекшіл қазақ» жетісіне үш шығады. Саны – 3300. Шайнап бүріксек, бейнетқор қазақ басына, хат танитын 3-4% адамға да ұшқыннан тимейді. Ері бар, əйелі бар, Қазақстанда 3 миллион адам бар десек, оның 2% хат танитын болса, хат танитын 10 адамға бір «Еңбекшіл қазақ» керек десек, газеттің санын 6000 етуге тура келер еді. Біздің газет – 3300-ақ. Газеттің саны бұлай болып тұрғанда, бейнетқор елге газет тарамайды деп өкпелеуіміз орынсыз. Газетті – «Еңбекшіл қазақ» газетін күшейту, санын көбейту, шығуын жиілету, бірінші, кезекті кешіктіруді күтпейтін, тығыз жұмыстың бірі. Мұны біз талай ескергенбіз. Жайымызды айтып, елдің алдына талай жүгінгенбіз, талай үндеулер таратқанбыз. Бірақ «жүк əлі орнында»... Қозғалса, аз қозғалулы... Кім біледі? Ел шашық қой, қатынас оңды емес қой, зарымыз ел құлағына ендіенді жетіп жатқан болар... Ел сілкінген де болар. Аңды азамат еңбекшіл елге түсіндірген болар. Газет алдырушылар, газетке сөз жазушылар жұмысқа кірісіп те жатқан болар... Үмітімізді үзбейміз. Сонда да қарап отыра алмадық. Тағысын тағы шаралар көздедік. Тапқанымыз – орындардағы газет-журналдарға салмақ салу, жұмыс тапсыру болды. Əрбір орындағы газет «Еңбекшіл қазаққа» алдырушыларға шақыру ашсын. Келесі саннан бастап, шақыру «Еңбекшіл қазақтың» өз бетінде де ашылады. Жолымыз, тілегіміз бір ғой. Аймақтық партия комитетінің, орталық атқару комитетінің тіліміз ғой. Орындардағы тілектес газеттер бұл ұсынысымызды қарсы алар, орталықтағы жалғыз «Еңбекшіл қазақтың» күшеюіне, гүлденуіне көмек жасар, шақыру ашар. Бейнетқор ел де, жер-жердегі басшы азамат та бұл шақыруға саңырау қалмас деп сендік.
ЖАЗУ МƏСЕЛЕСІ Тілдің тиіп кетсе жарылып қалатын қағанақ емес екені рас. Бірақ жазудан, əдебиеттен «қазақтың тіліне иненің жасуындай пайда-зиян келмейді» деудің түк қисыны жоқ. «Еліктен күшті нəрсе жоқ. Атасы маймыл адам, басшы доға исе, бəрі де маймылшалап, доғашы бола қоям деп ойлайды» («Ақ жолдың» № 435 басылған қып-қызыл жолдастың сөзі). Бұған шек келтіруге болмайды. Бұл – жан тілінің заңы, мұны неше түрлі дəлелдермен ыспаттауға болады. Жақшаның ішіндегі қып-қызыл жолдастың беделіне сенбей, дəлел керек қылушылар болса, «Ақ жолдың» сол №435-тегі қып-қызыл жолдастың келтірген дəлелдерін тексерсін, менің білуімше, сонда айтылған дəлелдердің өзі де кісі қанағаттанарлық. Жазу, əдебиет тілге əсер бермей қоймайды. Бұған адамның маймыл мінезділігі кепіл. «Адам да, құс та, аң да – бəрі де жан иесі мақұлық» деген сөзді Жүсіпбек «адамда, құста, аңда ...» деп, «да»-ны қосып жазатын болса, оны еліктейтін маймылдар табылмай қалады деуге болмайды. Олай жазуды Ушаков, Раумер, Томсон, Павелдердің беделімен қисындырып, ереже қылып шығарсақ, тіл бұзылмай қоймайды. «Адам да» деген екі сөз. Оқымаған, Жүсіпбекті еліктей алмайтын қазақ оны екі сөз қылып, «адам»-ның «Д» мен «М»-ның арасындағы дауысты «А»-сын көтеріп айтады; «Адамда» деген (мəселен, адамда ақыл болады дегенде айтылатын «адамда») – бір сөз. Қазақша сөйлей білетін қазақ оны бір сөз қылып, «Д» мен «М»-ның арасындағы «А»-ны көтермей, ең соңғы «А»-ны көтеріп айтады»*); «Адам да» деген екі сөзді бір сөзге ұсатып, «адамда» деп жазатын болған соң, оны оқушы жазылуынша оқып, «Д» мен «М»- ның арасындағы «А»-ны көтермей, аяғындағы «А»-ны көтеретін болады. Хат танитын беделді азаматтар Жүсіпбекті еліктеп, сөзді бұрып сөйлейтін болады; қара бұқара беделді азаматтарын еліктеп үйренген. Сондықтан олар да жүсіпбекшелеп, сөзді бұрып сөйлейтін болады. Сонан соң қазақтың тілі бұзылмай амалы жоқ. Дұрысында жазудың, əдебиеттің қызметі тілге əсер беру, құбылмалы тілдің құбылысына басшылық қылу емес, тілдің түрлі қасиетін, сөздің түрлерін (қолдан келгенше) бірінен-бірін айыра танырлық қылып, ашып көрсету. Бұл қызметті атқара алмаған жазу, жазу емес, лекер. Пайдасынан зияны артық лекер. Тілдің бар қасиетін жасырып, өзінде жоқ қасиеттерді туғызуға бет алған жазу əдебиет – жалған жазу, жалған əдебиет болады.
Дыбысшылдардың əуейін басу үшін келтірген Жүсіпбектің Ушаков профессорымен дауласа алмаймыз. Ол кісінің беделіне біз де тұрамыз. Көрмесек те Раумер, Томсондарға да қарсылығымыз жоқ (бұлардың Жүсіпбек келтірген беделді сөздері Ушаковтың «Русское правописание». Москва, 1911» деген кітабының 9-шы бетінен көшірілген. Ол сөздердің дұрыстығына Ушаковтың келтірген дəлелдері де жетерлік. Олардың өздері нендей дəлел келтіргенін Жүсіпбек те білмейді. Көрмеген Раумер, Томсондардың беделді сөздерін бетке ұстауды қазақша «қара борандату» дейді. Жүсіпбекше «қара борандатудың» не екенін мен түсіне алмадым). Ушаков ол беделді сөздердің жөнімен орысша жазу ережелерін тексерген. Ол беделді сөздерді Ушаков тіл жүйесі тексеріліп, бір қалыпқа түскен, дыбыс таңбалары артықтық қылмаса кемдік қылмайтын орыс тілі үшін келтірген. Оны əкеліп қазақ тілінің жазу ережесі үшін бетке ұстау орынды болғанмен, жеткілікті болмайды. Ушаковтың қазақ тілін тексергені бар ма, жоқ па – оны мен білмеймін. Жоғарыда айтылған кітабынан қазақ тілін білмеген болар деп жоруға болады. Қазақ тілін білсе, «Ъ»-ты қазақтың «Ы» я «Ұ» дыбыстарының бірімен салыстырар еді. Оны істемеген. Қазақ тілін, қазақша жазу ережелерін тексергенде кісі қанағаттанарлық дəлел келтіру мүмкін болмаса (табылмаса, я газет бетіне симайтын болса), беделді кісінің беделді сөзін келтіруге болады. Бірақ ондайда беделіне жұрт сенерлік кісілердің беделді сөздерін келтірген артық. Меніңше, қазақ тіліне келгенде Ушаков, Томсондардан Байтұрсынұлы Ахмет, Досмұхамбетұлы Халелдердің беделі құдайдай. Халел «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген кітабында: «Он тоғызыншы ғасырдың екінші бөлімінде қазақ елі отырықшы бола бастады да, өзара араласуы кеміді. Көршілес отырған «əдебиеті» бар ноғай-сарттардың тілі отырықшы елдің арасына жайыла бастады. Осы ағайындар арқылы бірқатар парсы, араб сөздері өзгермейінше тілімізге кіре бастады», – деп ноғай-сарттар мектебінің жазуы қазақ тілін бұза бастағанын айтады. Халел оны жүсіпбекшелеп айта салмай, толық дəлелдермен ыспаттаған. Жүсіпбек қазақ тілін менсініп, қазақ тілін тексерген Ахмет пен Халелдің сөздерін оқыса, «Қазақ тілі араб, парсы, татар, сарт, миссионерлер əдебиетінің ықпалына жүріп, айдауына көнбеді» демес еді. Халел айтқан дəуірде қазақ тіліне сіңіп кеткен «Кəмила», «Мəрия», «Жəмила» сықылды толып жатқан сөздер бар. Бұл сөздер Жүсіпбектің
түсінуінше қазақ тілін жандандыратын болар. Халел ол сөздерді сау жерге шыққан шиқанға меңзеп отыр. Дұрысында, ол дəуірдің қазақ тіліне əсері болмауға тиіс еді. Ол дəуірде қазақ тілін бұзарлық əдебиет бола қойған жоқ. Қазақ тілінің сол шамалы дүмпуілге де шыдай алмай, «Кəмила», «Жəмила»-ларды бойына сіңіріп алғаны дүниеде еліктен күшті нəрсенің жоқтығын ыспаттайды. Жүсіпбектің «Соңғы сөзінде»: «Елдестің негізі – тіл құрал, естілу. Менің негізім – көбінесе іске қолайлы (практика) жеңілдік, қала берсе естілу», – дейді. Мұнысы – жала. «Жазудың жеңіл болу жағын ескерудің керегі жоқ», – деп мен ешқашан да айтқан емеспін. «Еңбекшіл қазақтың» №195-де басылған «У» мен «Й» деген мақаламда «Үу», «Ю», «Я»-ларды жалғыз «У», «Й»-мен жазсақ, іс жағынан да қиын болатын көрсеткенмін. Жүсіпбек: «Дыбысты, буынды өзгелерге еліктеп, дыбыс əдісін қолданғандықтан алып отырмыз. Дыбыс буыннан безіп, ертең Америка əдісіне түсетінімізге басқалар шек келтіргенмен, Жүсіпбек екеуіміз шексіз сенеміз. Бірақ дыбыс пен буын тек бала оқыту үшін ғана емес, басқа орындарға да керек. Буын, сөздің буыны ең алдымен жыршыларға, ақындарға, Жүсіпбектің қара басына керек. Жүсіпбектің əн шырқап, «Қалияны» айтқанда «Ойпырым-ай Қалия-ай»,-деп созады. «Қалияны», «Қал-иай» деп буындайды. Өйтпей, «Қалиай» деп буындап созуға Жүсіпбектің ақындық сезімі бастырмайды. Жүсіпбектің «соңғы сөзінде ұсынған жобаларынан меніңше қисындысы: 1) Дəйекшіні қалдырмай жазу; 2) «Т» естілген жалғау, жіктелулерде, «Д» жазбай, естілуінше «Т» жазу (бұл жобаны мен білім кеңесіне ұсынып, кеңес оны мақұлдап еді. Мен оны кеңестен бұрын ауызекі Жүсіпбектің өзіне де айтып едім. Жүсіпбек те мақұлдап еді. Енді оны менімен айтыс ретінде ұсынып отырғаны – қара боранның дəл өзі емес пе?). «Да», «Де», «Ма», «Ба» («Ме», «Бе»), «Ғой», «Ғана»-ларды алдындағы сөзге қосып жазамын дегені қисынсыз. Ол жазуды жеңілдетпейді, қиындатады. Онда мағынасы да, естілуі де түрлі сөздерді біріненбірін айыра алмайтын қылып шығарамыз. «Келсе игі еді» деген сөзді жүсіпбекшелеп «келсеигеді» деп жазатын болсақ, «Қара ала атқа ұсаған аса ойнақы ат қолға ұстатпайды» деген тоғыз сөзді үш сөз қылып, «қаралатұсаған асойнақат қолғұстатпайды» деп жазуымыз керек. Сөйтсек, бұл сөздерді осылай тізіп айтқанда естілмей
қалатын дыбыстарды жазып əуре болмаймыз. Жазу жеңілденеді жəне ықшамдалып бір сөз болып бара жатқан «қаралатұсаған» деген сөздің бірігіп кетуіне бөгеу болмаймыз. Жүсіпбектің бұған да қол қоюы мүмкін. Жүсіпбек мұны да жеңілдік деп білер. Бірақ «қаралатқұсаған»-ның бір сөз емес екенін, оны қосып жазудың қисынсыз екенін көрсетуге оқушыдан ұялып отырмын. «У» мен «Й» туралы Жүсіпбектің түк дəлелі жоқ. «Ілгеріден тілеуіміз болса»,- деп отырғаны дəлел емес, «қара боран». Сондықтан онысының қисынсыз екенін көрсетудің де кажеті жоқ. «Қажет», «қасиет», «қаражат» сықылды сөздерді əркім əртүрлі айтады. Ондай сөздерді қалай жазу керек екенін Халел толық дəлелдермен түсіндіріп, көрсетіп отыр. Жат елдің сөзін бұзбай айта алатынын көрсетіп, мақтанатын азаматтарымыз ол сөздерді «хажат», «хасиет», «харажат» деп жүр. Бірақ елдегі бұқараның оған тілі келмейді: «қажет», «қасиет», «қаражат»,-дейді. Адамда ес бар, зейін бар. Адам есімен көрген-білгенін жаттап алады, зейінімен көрген-білгенін оңай жаттайтын қылып жүйелейді. Бір ауыз сөзіне түсінбей, құранды жаттап алуға болады. Оған зейін керек емес, тек ес керек. Жиегі 12 кез шаршы (ұзыны да, ені де 3 кезден болған) дастарханнан жиегі 12 кез дөңгелек дастарханның матасы 1¼ есе артық болатынын (шаршы дастарханнан 11 орамал шықса, дөңгелек дастарқаннан сондай 14 орамал шығатынын) түсіну үшін зейін керек. Адамның зейіні көрген-білгенін жүйелеп түсінуді тілейді. Зейіннің сол қасиетінің арқасында адам табиғаттың неше түрлі заңын тауып отыр. Осымен сол тапқанын ұмытпайтын болып жаттап алып отыр. Ес те, зейін де жылдан-жылға өрбіп, ілгерілеп барады. Ілгеріден тілеуіміз жоқ емес, кім біледі, бір кезде ес кемеліне жетіп, көрген-білгенін түсінбей-ақ, жүйелемей-ақ жаттап алатын болар. Міне, іс сөйтіп жетілгенде түрлі ұғымдарды жүйелеп, тап-тапқа бөлудің керегі болмайды. Біз əзір ол дəуірге жеткеніміз жоқ. Адам баласының ақылы əзірге жүйелеу дəуірінен шыға алмай жүр. Сондықтан бұл күнгі адам көрген-білгенін жүйелемей қоймайды. Ақылдың жүйелеуді тілейтін қасиеті, əсіресе, оқу жасындағы балаларда күшті болады. Оларға жазу үйреткенде, заң, ереже деген ештеңе жоқ, əр сөздің дербес сүгіреті болады деп, əр сөздің сүгіретін өз алдына жаттап алуға қоссақ, оған бала қанағаттанбайды. Зейінді бала түрлі сөздердің сүгіреттерін жаттай келе, жазу ережелерін
өзі ойлап табатын болады. Таба алмаса, «Бұл неге бұлай?» деп мұғалімнің мазасын алады. Оқыған сабақта жүйе болмаудың жөні жоқ. Жүсіпбек тілдің заңы, ережелері болуына қарсы. Сол қарсылығымен соңғы сөзінде ұсынған жобаларын да жүйелемей ұсынып отыр: «Барған-бысын» деген сөзді «барғанбысың» деп жазу керек; «Атты кісі мылтық атды» демей, «Атты кісі мылтық атты» деп жазу керек», – деп бірқатар сөздердің сүгіретін көрсеткен. Оны қалай жүйелеу керек екенін айтпайды. Өйткені өзі жүйеге қарсы. «Ы» туралы ереже болмасын, жазған кісі жазар, жазбаған кісі жазбас, жүре келе ондай «меньшевиктер» (біз «меншебек» деп жазушы едік, Жүсіпбектің көрсеткен сүгіреті бұзылмасын деп, əдейі жазып отырмын) өзі-ақ шығып қалар дейді. Жүсіпбек ұсынған сүгіреттердің бірсыпырасын мен өзімше жүйелеп, тексерген болдым. Енді қалғанын Жүсіпбектің өзі (я болмаса алдағы сиезде ол үшін басқа біреу) жүйелемесе, мен ерініп отырмын. * Қазақша сөздің ең соңғы буынындағы дауысты дыбысы көтеріліп айтылады. Бұл қазақ тілінің заңы. БҰДАН АРТЫҚ АДАСҚАНДЫҚ БОЛА МА? Ақтөбе үйезі Қобда болысы 4-ші ауыл Сазды бойында 1923ші жылы 15-ші октябрінде жаңа мектеп салынып, бұл мектеп ноябрьдың бірінде ашылып, балаларды жиып, ноябрьдің 10-нда оқу басталды. Оқу басталғанда балалардың саны – 20 шақты болып, 3-4 ай оқытылды. Сонан соң оқушы балалар күнбе-күн кеми бастап, оқу уақыты бітіп, жаз тарқатылған уақытта мектепте қалып, оқушы балалар 10-ға жетпейтін болып қалды. Оқуға келмей қалған балалардан: «Оқуға неге келмейсіңдер?», – деп сұрасам, балалар: «Əкем қазақша оқудың бізге керегі жоқ, орысша оқу болмаған соң, қазақша оқып не бітіресің?», – дейді, – «Барма! Үйде өз шаруаңды істе деп айтады», – деп жауап береді. Міне, қызық! Біздің осы күнгі ұранымыз – қазақты өз тілінде көркейтеміз деп жүрсек, елдегі қазақтар баяғы таз кебінді əлі тастағысы келмейді. Қай тілмен оқуға біз жарып отырмыз? Бұдан артық адасқандық бола ма?
АЙМАҚТЫҚ УЧИТЕЛЬДЕР КУРСЫ Июнь айының 15-і шамасында учительдердің білімін толықтыратын ай жарымдық аймақтық қазақ курсы ашылмақ. Мұнымен қатар əр гүбірнелерде де айлық қазақ мұғалімдерінің курстары алды оқуларын бастап, қалғандары да кешікпей ашу қамына кірісіп жатқандары көрінеді. Осы курстардың сондағы көздегені: арбаның төс кіндігіндей ел ортасында отырып, шаруа халықтың қандай істеріне де болса басшылық, қошаметкейлік етіп, əсіресе, оқу-оқыту жəне тəрбие жақтарына аса көп еңбек сіңіріп, талай ауыр жүк көтерген қадірлі оқытушыларымыздың жалпы білім де, саяси да түсініктерін толтыру, төңкеріс болғаннан бері қарай жөнді бас қоспай, жылма-жыл өзгертіліп тұрған оқу-оқыту жолы, мектеп жұмысының жобалары, жаңа мектеп жұмысының жобалары, жаңа мектептің түр-түрлері һəм мақсұттары сықылды педагогика заңдарынан хабарсыз қапыда қалып бара жатқан қазақ учительдерінің өзара бастарын қосып, келешекте қолданарлық ауыл мектептеріне, қазақ балаларының ұғымына, сұрауына лайықты қылып жоба, жол (програм) шығару, сары даланың надан қазағының сауатсыздығын жоғалтуға, оқу жасына толмаған қыршын жас буындарды ұйымдастырып, үлгілі тəрбиемен сана беруге жəрдемші болатын учительдерімізге мектептен бұрынғы тəрбие жолымен де, жасы озып, есейген азаматтарды оқыту жолының өзгешелігімен де əбден таныстыру... Курс Қазақстанның астана қаласында ашылып, қолтығындағы барлық гүбірнелерге қызметін тигізу ойында болғандықтан 170 кісілік болып ұйғарылған (бəрі қазақ). Оқыту учительдерге орыс тілінде болмақшы. Жалғыз қазақ тілі мен қазақ тарихы ана тілінде оқытылмақшы. Сабақ берушілерден (лектор) гөрі қай сабаққа да ынта көңілмен қарап, қоғамдасып қиын мəселелерді ортаға салып шешу, əдейі шақыртумен келген соң бір жақты жұмысқа ғана берілмей, армансыз бірдеме біліп, əр нəрсемен танысып отыру үшін серуендеу, кітапханалардан кітап алып оқу, əр жерге баяндама тыңдауға барып, түрлі істердің сырын ашу, дербес үйірмелер ашып, күндіз болсын, кеш болсын жер-жердегі əр учительдердің өзінше оқыту жолын сынға салып, көптің талқысына түсіру, кезекпен əркімге əр мəселеге баяндама жасату (сиезге ұқсатып). Міне, мұның бəрі курсанттардың талап, қайрат іскерліктеріне тірелетін жұмыстар.
Күндізгі берілген сабақ, айтылған əңгімелерді тіркеп жазып отыратын ортадан кезекпен жауапкер хатшы сайланбақ. Курстың ішкі тұрмыс, шаруашылық реттерін меңгеріп билеп отыратын курсанттардың ортасынан комитет сайланады. Енді учительдермен (курсанттар) азғана пікір алысып, көңілімдегі түйдектеліп жүрген бірсыпыра сөздерді шығарғым келеді: Қазақтың қандай қызметкерлері болса да, елдің сырын, түрін сипаттап, жақсы да, жаман да əдеттерін, тілектерін, мұңдарын, оқытушылардан артық біліп, солардан артық қызмет сіңірді деуге болмайды. Шаруа, кедейлердің күнбе-күндік шаруашылық жұмыстарына мектеп салып, балаларын оқытушылыққа аз да болса себепші, жөн сілтеуші солар болды. Бірақ біздің Қазақстанда оқытушыларға Ленин көсем бергендей баға, Ленин көтергендей саты-баспалдақ əлі берілмей, көрінбей отыр. Совет үкіметіне көптің көңілі түзу, жүрегі таза болса-дағы, тұрмыс кедейшілігімен күресіп, игілік істерін түгел жарыққа шығара алмай келе жатыр. Қазір оқытушылардың саяси саңлаулары, сезімдері көп оңды, топтап болса да, жеке-жеке əр жерде партияға кіріп жатқандары сезіледі. Украинада осындай өздерінің учительдер сиезі болып жатқанда орталарынан үкімет сиезіне құттықтаушы бір-екі адамды сайлап, шын армандарын, тілектерін айтқанда, учительдердің де партияға кіруге талаптары зор деп білдірген. Қашан да болса біздің партия, комсомол комитеттері, кəсіпшілер ұйымы (профсоюз) əлгі оқытушыларымызбен қолға қол ұстасып, əлеумет майданында бірдей қызмет жасауға араларына тартқандары жөн. Оқытушылардың осы күндегідей аяныш күйлеріне жəрдем қылуға тырысып, неқұрлым инабаттарын көтеруге тырысулары мақұл. Ауылдың шаруашылық, мəдениет жұмыстарына қолқабысы мол тиетін оқытушыларды үркітіп, қашырып ұстамай, сабырлықпен көп жыл ұдайы надандыққа қарсы күреске салып пайдалануымыз міндет. Бұл курс бір есептен Қазақстан қоластындағы 170 оқытушылардың бас қосқан жері, октябрьден кейін көзіміз көріп отырған тұңғыш ұлы топ, сиез сықылды. Жеті жылда қазақ ішіндегі оқуоқыту, мектеп жайлары туралы бажайлап сөйлесілмеген мəселе осы жолы ұшына шықпақ. Оқытушыларымыздың ендігі болатын топқа шейін істелетін жұмыстардың бағыты, беті, жолы осы жолы түзілу керек. Жарты айдан Орынборда КирЦИК мүшелерінің кезекті жиылысы (сиезі) болады, əрі өнерпаздардың жиылысы да
болайын деп тұр. Оның артынан келетін комсомолдардың жалпы қазақстандық тобы бар. Осылардың қай қайсысында болсын учительдер тиісті ұсыныстарын, тəжірибеден шығарып, шаруа кедейлерге жайлы боларлық тілек, көзқарастарын білдірер деп сенеміз. Қош келдіңдер, қазақ учительдері! Қазақ кедейлерінің шаруа, білім, өнер жақтарынан теңеліп, қатарға кірулері сендердің жуан мойындарыңда. Хүкімет қолдан келген шаруасын істеп отыр, істеуге міндетті! Сендер ерінбей, еңбегіңді істеп, еңбекшілдердің қамын көздеңдер! АУЫЛДА ƏДІЛ СОТ (əңгіме) Майдың бас кезі. Қар кетісімен, жұрт жұмыла егін жабдығына кіріскен. Сабанға жегуге көлігі жоқтар байларға жалданып, жер айыртып алмақ болған. Жер жүзі көкала жасылды кілемнің түріндей түрленген. Сайлардан аққан сулар, шырылдап ұшқан құстардың жазды мақтап айтқан түрлі əндері дүниеге бір түрлі көрік, бір түрлі ажар беріп тұр. Соқашылардың соп-соптаған дауыстары дүниені жаңғырықтырып, аспандағы құстармен əн қосты. Ауылдағы жұмыссыз қалған кемпір-шалдардың құлағына естілгенде жаңғырыққан дүние, у-шу болған дауыс бір түрлі көңілділік білдіріп тұрды. Күйеулері жұмысқа кеткен келіншектер де ертеңгі ұйқысынан оянып, қырға дəретке шыққан кезінде соқашылардың дауыстарын естіп, аяушылыққа қалғандай болды. «Байқұстар-ай, ертемен тұрып, дамылсыз-ақ жүр-ау, несіне асығып, таң сəріден тұрды екен» дегендей мұңданып, əреңдеп қайтып барады. Таудың беткейінде жайылып жатқан жылқылардың ішіндегі құлындар ойнақтап, енелерін айнала шапқылап жүр. Жабағылары жалпылдаған, қырыққан құйрықты тайлар да құлындармен ойнап түсіп, ерінген тəрізденіп, қайтадан оттауға кірісті. Жылқылардың ортасында тұрған күлтелі құйрық, жалы төгілген кəрі айғыр
балаларының мазасызданғанына ашулы көзбен қарап, басын көтеріп кісінеп, үйірін шақырып, құйрығын бұлғап қойды. Күн көтеріліп, жəндік атаулыға тіршілік білінді. Құстар əн салды. Мал қыбырлады. Соқашылар – «соп-соп»... * Ертеңгі айтқа қарсы жыртып жатқан жердің екі жағын қосып тастауға Қосылбай үйінің соқашылары жаттеңкіреп айдап жүр. Қосылбайдың інісі – Басан түйін ұстаған, өгіз айдаған Жоламан еді. Жоламан малай бір жер айыртып, қазынадан келген тұқым болса, жерге сеуіп беруге сөйлесіп, Қосылбайға сабанға кіріскенді. Жоламан – момын кедейдің үстінде жөнді киім жоқ. Бұтында жүнін сыртына айналдырып киген жарғақ тері шалбар. Үстінде жамаулы тоқыма ала шапан, аяғында қонысы шалжиып өкшесіне түсе берген соң, жіппен буып қойған қайыс етік, жыртық құлақшын. Сұршалау шешек дағы бар ашаң жігіт. Өмір бойы кісіге жалшылыққа тұрып келсе де, жалғыз қашар, бұзаулайтын сиырдан басқа үйінде адал қара жоқ. Кəрі шешесі, əйелі бар. Басқа ағайын тумаласы шамалы – ақ жігіт. – Айдап қой, Жоламан. Ертерек бітіріп, айтқа қайтайын, – деді Қосылбайдың інісі Басан. – Жарықтық-ай, айт та болды ғой. Бұрынғы заманның айты қандай қызық болатын еді. Биыл не сəні болсын? Əйтеуір, кəдірлі күн, жұмыстан тыныққанымыз болмаса, неге мəз боламыз? – деп Жоламан шыбыртқысын бұлғап, «соп-сопқа» салды. – Соп боразда! Осы қоңыр ала өгіздің жүрісі күндегідей емес, соп, – деп сауырға тартып-тартып қалды. Қоңыр ала кішкене көтеріліңкіреп, қатарындағы өгізді итеріп алға басты да, кенет кейін шегініп, сүйретіліп барып, бораздадан артқы аяғын шығарып, сылық етіп құлай кетті. – Айда! Арамқатқырға не болды, – деді Басан. Жоламан сауырға бір салды. Құйрықтан көтермеледі, өгіз тұрмады. Басан екеулеп қамыттан шығарып алып сүйреледі, болмады. Мойнын созып, мүйізін жерге тіреп, көзін алартып жата берді. Маңындағы соқашылар жиналды. У-шу болды. Өгізді қозғады. Ала өгіз жатысты түзеді. Өлетін шығар десті. – Бауыздау керек, адал өлсін десті келгендер.
– Бауыздауға болмайды, болса арам өлсін, біздің ағайдың мінезі жаман, сөйлеп бітеді, – деп Басан без-без етті. – Өгіздің төрт аяғы сіресіп, көзі аларды. Көп ұзамады, өлді. Бірақ арам өлді, Басан бауыздаттырмады. * Айттың екінші күні. Таңатардікінде төрелер толып отыр. Шынтақтарында бірбір жастық. Ортасында жыртылған газеттің бір жағынан салып, жайып қойған жапырақ темекінің ұнтағы. Түтін будақ-будақ. Нақ төрде отырған қарақожырлау келбетсіз қара жігіт. Үстінде қара тройке, қисық өкшелі етік. Болыс екенін салмақпен маңызданып сөйлеген сөзі анықтап тұр. Қасындағылар да төресымақтар: болыстық милиция, хатшы, ауылнайдың хатшысы, болячейкенің мүшелері. Əңгімелері – қалжың. Қатындардың жаулығының артықтығы (Қостанай жағының жас əйелдері бес аршын ақтықтан биік жаулық орайды). Қаладағы барышняларша (бикештерше) қысқа киінбей, ұзын көйлек кигенінің ерсілігі, дүниенің қызығы қалада болып, қазақ онан хабарсыз екендігі еді. Қолға су құйылып, табақпен ет əкелінді. – Төрелердің бəкісі (пышағы) бар шығар, тураңдар. Ет біткен кез ғой, болыс келе ме деп сақтап жүр едім. «Азсынбаңдар, қайындарым», – деп қайқы танаулау қызыл шырайлы жас қатын төніп тұр. – Жеңгей, пышағымыз жоқ. Турайтын бірдеме бермесең болмас. – Қой енді, осынша мырзалардың біреуінде пышақ болмайтын ба еді? – Бұйырмасын, жеңгей... Ет турала бастап, жұрт алқақотан отырысты. Бұл үйдегілерге киімі жанаспайтын нашар киімді сары жігіт есік жақта отырды. Мұнымен төрелердің жұмысы болмады. Мұрнының қаны, бетіндегі жарасы жуылмай, дал-дұл күйінше мөлиіп отырғанына ешкім таңырқаған жоқ. Ет жеп, қол жуылды. Қонақтар кейін шегініп отырды. – Тақсыр, арызым бар, – деді манағы есік жақтағы салбырап отырған сары жігіт. – Тақсыр, арызым сол: Қосылбайдікіне соқаға кіріп едім, – деп иығын қозғалтып сөйлей берді. Бір өгізі соқада жүріп, қазалап еді. Соны менен көріп, кеше айт өткен соң, жұмысқа шығайын деп
келсем, Қосылбай менімен байланысты. «Сен ит, қырсық болдың, сап-сау өгізімді өлтірген – сен. Түбіңе жетем», – дейді. Сөзден сөз шығып, мені сабады. Аузы-мұрнымды қан қылды. Қуып шықты. Жерсіз қалған шығармын. Осыған не айтасыңдар? – Договор жасасып па едің? – деді күлмеңдеп отырған қалжыңшыл милиция. – Мен оны білмеймін ғой, қағаз танымаймын. Біз – бір соқырмыз. – Енді онан ақы даулай аласың ба? – Менің ақым кете ме? Өзім жарлы адам. Бір үйлі жанның қарап отырғаны – жалғыз қашар. Менің ақымды алып беріңдер. Мені неге ұрады? Жалғыз өзі емес, Жұмабай да қосылып ұрды. Арашалар ма екен десем, əкесін жақтады. – Өгізді ұрып өлтірген шығарсың, – деді болыс. – Өзінің інісі де бірге, ол көрмей ме? Жанымызда бөтен соқашылар да бар, құдайлығын бəрі де айтар. – Енді неқыл дейсің? - деді болыс. – Бəріңнің де бастарың құралып отыр екен, мені ұрғызып қоясыңдар ма? Осыны айтайын деп келдім. – Оны біз тергемейміз. Кеңседе союз рабземлесі бар. Соған заявление бер, сол тергейді. – Өзің рабземлеге жазылып па едің? – деді хатшы. – Жоқ. – Неге жазылмадың? Үндей алмай сасып қалды. – Маған не қыл дедіңіз? – деп болысқа қарады. – Өзіңнің миың бар ма? Арыз бер дейім, арыз. – Мен жазу білмеймін. Соқыр адаммын. Мені жабыла ұрды. Жұмабай да қосылып ұрды. Шық, кет, – деп қуып шығарды. Мен енді онда жүре алмаймын, мен қалай күн көрем? – Сен арыз жазып, союзыңа бер. Сол тергеп, ақың болса алып берер. Маған несін айта бересің? – деді болыс. Жігіт біріне түсінбеді. Ішінен тағы күбірлеп: «Мені ұрды, мұрнымды қан қылды»,- дей береді. – Несін айта бересің? - деп, отырғандар жекіріп тастады. Көптің ішіндегі жастау біреуі: «Болысқа тіреп арыз жазсын, тиісті орнына сіз жібересіз, – деп мəміле айтты. – Бұ да жарайды, – деді болыс. Көптің біреуіне «арыз жазып бер» деп жігіт өтініш қылды.
Қисық көздеу, томпақ бет қара торы дембелше жігіт шіреніп отырып, арыз жазып оқыды (болыстың хатшысы). «Қайыңды болыстың аткомына. Ауыл 2-ші. Сол болыс Жоламан Бітімбайұлынан. Арыз. Осы жыл өзіммен ауылдас Қолысбай Мəмбетұлына соқаға кірістім: бір жер айырып беруге, қазынадан тұқым тисе, соны шашып беруге. Соқадағы өгізі қазалады. «Өгізді өлтірдің» деп мені сабап, қуып шықты. Ақымды бермеді. «Сен қырсық болдың, сорың жұқты» деп. Осыған Сүндетбай, Мықтыбай, Беркін, Тоқанұлдары куə. Арыз иесі – Жоламан Бітімбайұлы. Қол қоя білмеген үшін Қапаш. Осы жыл, 7-май». Қағазды төрт бүктеп, болыс қалтасына салды. – Хабар өзімнен болар, үйіңде жата бер, – деді. Жұрт тысқа шықты. Дүркіреген көптің дүрмегімен Жоламан да шықты. Бірақ тиянақты жұмыс бітіре алмағанын сезіп, кішкене ере түсіп, қайырылатын болыс, есіркеп аяйтын жан болмайтынын біліп, ауылына қарай Жоламан жүре береді. * Арада бір жеті өтті. Қосылбай протокол жаздырып, Жоламан өгізімді өлтірді, зорықтырды деп ауылнайға мөр бастырды. Ауыл ақсақалдарының жиылысына салып, Жоламанның жалғыз қашарын төлеуге алуға ізденіп жүр дегенді Жоламан да естіген. «Хабар өзімнен болсын» деген болыстан дерек, арыздан хабар болмаған соң, Жоламан Əбендікіне келді. Əбен қаладан түнде келген. Мұнда бірсыпыра ауыл адамдары, ауылнай жəне қадірлі қарттар да бар. Жоламанды сабаған Жұмабай бұлардың ішінде, Жұмабай болыстық комитеттің мүшесі. Көр-жерді кеңесіп, дуылдасып отырған көптің ішінде Жоламанға жылы ұшыраған бірақ кісі бар. Əнеу күнгі болысқа арызға барғанда «Болысқа тіреп арыз жазсын, тиісті орнына болыс жөнелтер» деген жігіт осында еді. Шынында Жоламан сонан ақыл сұрағалы келген. – Менің арызым аяқсыз кетті, – деді Жоламан. Ақсақалдар бастан-аяқ уақиғаны қайта сұрады. Билік айтты. Ұрыса келген үлкен адам: «Барып жұмысыңды істе. Үлкен адамның ұрғанын көтеретінбіз. Жас адамсың, нең кетті?».
– Мынау отырған Жұмабай да мені ұрған, ата-тегімді боқтап, қуып шыққан. – Ой, былжыраған, шірік неме. Ақсақалдардың айтқанына мен көндім. Сен неге көнбейсің? Қолыңнан не келеді? – Жарайды, жарайды,- деп ақсақалдар екі жағын басып, сөйлеттірмеді. – Шал мені жолаттырмайды ғой, тағы мазамды алады, – деп Жоламан қыңқылдайын деп еді. – Үндемей жұмысыңды қыл! Егініңді шаштыр. Бір айтқан соң Жұмабай үйін көндірер, – деді ақсақалдар. Мойнына су кеткен жылқышылардай еңсесі түсіп, Жоламан сүйретіліп, үйден шықты. Жеген таяқ, ата-тегін боқтаған сөгіс далаға кетіп, Жоламан Қосылбайға қайтадан құл болды. ҮШ ТОП Июнь айының қалған күндері Қазақстан астанасы – Орынборда жиылыспен өткелі тұр. Қатарынан үш топ болғалы тұр: білімпаздар тобы, Қазақстан аймақтық жастар ұйымының тобы һəм Орталық комитеттің ІІ сесиясы. Үш топтың да өз жолында атқаратын ауыр міндеттері бар. Бұл міндеттерін күрделі қызметтермен жүзеге шығарып, езілген қазақ кедейіне жемісін береді. Үш топ та бұл жолы Қазақстан үкіметінің біраз тағдырын шешіп бермекші. Алайық, білімпаздар тобын. Бұл топ – тарихи топ. Мұндай топ қазақ қазақ болғалы болған емес. Неше дəуірлерді бастан кешіріп, соңғы кеңес дəуірінде іргелі үкіметте болғанымызда осы топты шақырып отырмыз. Білімпаздар топбының қызметі тіпті ауыр. Бұл жаңа туып, буыны қатпаған жас əдебиетімізді, өңделмеген білімімізді дұрыстап, адастырмай, тура бағытпен мəдениетті тұрмысқа қарай жетектейді. Басқа алдымыздағы мəдениетті халықтар тұрмыс жүзінде жүз құбылып, мың түрленсе, біз оларды басымыздан өткізбей-ақ ең тура, жеңіл, сыннан өткен дағдылы жолмен қазақ тілін өңдейміз, жас əдебиетін көркейтеміз. Бұл жер қияметтің қыл көпірі сияқты. Себебі өзі 2%-ы хат танымайтын қазақты адастырып алсақ, барынан айырыламыз. Дұрыс бастасақ, оңай жолымызбен тезден сауаттадандырамыз. Бұл білімпаздар
тобына орындар елеңдеп қарап отыр. Баспасөздің қасиеті қандай болса, білімпаздар тобының тарихи қасиеті сондай. Баспасөзімізді түбімен қопарып, жаңадан өңдеп береді. Соныменен топтың ахырын көрелік. Не шығарар? Екінші топ – Қазақстаның Орталық Комитетінің мүшелерінің 2-ші сессиясы. Мұның күн тəртібі де болғанынша кең. Қатарымен үлкен мəселелер тұр. Үстіміздегі жылдық шаруашылық, ел билеу, сондай-ақ, сауда-саттық дегендей толып жатқан істердің бұған шейін іс жүзінде шеккен тəжірибесін қорытып келіп, төте, оңай реттермен қазақ кедейіне шаруашылық һəм басқа жолдар да басшылық қылып, 2-ші сессия бағыт беріп, жөн сілтейді. Бөтен мəселелерден де бегірек оқу жайын тесе қарауы күтіледі. Өнербілімге жетіспей, мəдениетті ел болмайтынымызға көз жеткен ғой. Солай болса алда оқу жағы қатты ақсаулы. Енді оңдап аяққа бастыру тиіс. Соңғы топ – Қазақстанның аймақтық жастар ұйымының тобы. Бұл топ былтырғы өзінің мерзімді мезгіліне бір есептермен əзірлене алмай қалып, екі жылға толғанда ашылғалы тұр. Жалпысын алғанда, біздің қазақ жастары бұзылмаған, бөлінбеген тап-таза, тумысындағы қалпы. Саясат жағынан не өткенді, осы күнгі үкіметтің саясатын білмейді, оқымаған, надан. Жастар ұйымының міндеттерінің бірі, хатта, ең мықтысы – партияға мүшелер дайындап беру болса, жоғарыда айтылған жастар анық жүректерімен жастар ұйымында тəрбиеленіп, ұғынып, коммунизм жолына аяқ басулары керек. Əлі күнге шейін жастар ұйымында жүрген қазақ жастары кем. Өте аз. Оларды ұйымға кіргізу туралы айрықша жол қолданылып, қызу түрде іске кірісілген жоқ. Аймақтық жастар тобының бұған шейінгілерінің қазақстандық деген аты ғана болмаса, затында түк болған жоқ-ты. Алдыңғы жылғы тобына 3-ақ қазақ келген. Бұл қалыпта қазақ жастары тезден оянады деуге сыймас. Аймақтық жастар комитетінің өткен жылдан бермен қарай істеген істері – оның ар жағында 2-3 жыл істелген іс татырлық болды. Биылғы жылы қаншама жастар тұрмысына лайықты əдебиеттер, газет-журнал шықты. Аймақтық курсын ашып, болыстық ұйымдарға хатшылар дайындап жатыр. Міне, осылары көзге көрінерлік болды. Соған – шүкірлік қыламыз. Алдыңғы топ өткендерін есепке алып, келешекте қазақ жастарын ұйымдастыру жолында айырықша жол қолданудың шара-
сын қарар. Қазақ жастарын ұйымға алу ретінде біраз жеңілдіктер істер. Қазақ «қазақ-қазақ» дейтін сұлу сөздерді қойып, іс жүзінде көрсетер. Əрбір аңды қазақ жастары құлақ түріп, көз сүзіп топты күтеміз. Жастар дүниесінде келешекте істелетін істердің жөнін көздеп, тарихи іс істеріне сенеміз. Жемісін күттік. Жарыс келген үш топтың үстіртін ғана міндеттерін, мақсұттарын ескеріп өттік. Енді сөзден – іске. Бұған шейін қағаз бетінде қала берген, сұлу əдеби тілмен жазылған қаулылар жеткен. Бұл үш топтың қаулысы кідірмей, іс жүзінде көрінетін болсын. Солай боларына сендік. Іске сəт. БІЗДІҢ ЖОБАМЫЗ Соңғы кезде көптің көңілін аударатын ірі мəселенің бірі – қаріп түзету мəселесі болып отыр. Бұл мəселе бір елде ғана емес, бүгінге шейін оқу, жазу һəм баспа істерінде араб қаріптерін қолданып келген барлық күншығыс елдерінің бəрінде де сөз болып отыр. Қарап отырсақ, Əзірбайжан, Дағстан, Гүрстан, Жақұтстан, Татарстан, Башқұртстан, Түркістан, Қазақстан һəм Стамбул түріктері – бəрі де осы мəселені ауызға алып, талқыға салып жатқанын көреміз. Мəскеуде қызметте һəм оқуда жүрген күншығыс елдерінің бірсыпыра азаматтары бұ күнге шейін араб қарпін қолданып келген күншығыс елдері бұдан былай латын қарпін қолданудың жолына түсу керек деп тауып, латыншылар ұйымын ашып отыр. Июнь ішінде Орынборда болатын қазақ білімпаздарының сиезінде де осы мəселе қаралатын көрінеді. Сонымен бұл мəселенің толғағы жетіп, дұрыс шешуді күтіп тұрғандығын көріп отырмыз. Неліктен бұл былай болып отыр? Барлық күншығыс елдерінде қаріп түзету мəселесінің қозғалуына себеп не? Бұған себептер көп. Бірақ сол көп себептің ең зоры – қолданып отырған қаріптеріміздің жұрттың мəдени тілектерін өркендетуге қолайсыз, жарамсыздығы. Хат тануға, тез жазуға һəм баспа істеріне осы күнгі қаріптеріміздің келтіретін кемшіліктері көп. Мысал үшін бірнешеуін көрсетейік: 1) Қазақ-қырғыз тілінде дыбыс саны 24-28 шамасында ғана болса да, басуға, жазуға келгенде 100-ден асып кетеді. Мұның баспа ісіне, хат тануға келтіретін зияны санап бітіргісіз.
- Қаріптердің асты-үстіндегі шым-шытырық толып жатқан нүктелер баспаның, жазудың шырайын бұзады һəм тез жазуға бөгет болады. 3) Біздің қаріптеріміз басқанда, жазғанда оңынан солға қарай тізіледі де, цифрларымыз солдан оңға қарай тізіледі. Мұның да баспада, жазуда келтіретін бөгеттігі мол. 4) Қаріптерімізде жазу машинасына, тез жазу (стенографияға), телеграф істеріне, білім кітаптарындағы (алгебра, геометрия, химия, физика) пəн белгілеріне жарарлық таңбалар жоқ. Бұлармен пайдалана білмеген жұрт оңбайды, кер кетеді. Айта берсек, қаріптеріміздің бұлардан басқа да кемшіліктерден көрсетуге болады. Қаріп түзету əңгімесінің мұндай қызу көтеріліп отырғандығы қаріптеріміздің осындай кемшіліктерінің молдығынан. Осы кемшіліктерді жою туралы түрлі жобалар шығып отыр. Олардың белгілі болып отырғандары – Əзірбайжан түріктерінікі, А.Байтұрсынұлынікі, Алпазовтікі, М.Мырзаұлыныкі, Ж.Аймауытұлыныкі, Х.Досмұхамметұлыныкі һəм Мəскеудегі күншығыс азаматтарынан құралған латыншалар ұйымыныкі. Бұл жобалар негізінде екіге бөлінеді. Бір жағы бұрынғы ескі қаріптерімізді жамап-жасқап, түзетеміз дейді де, екінші жағы ескі, тозған арбаны сыналағанмен алысқа бара алмаймыз, мəдениетті жұрттар қолданып отырған латын қарпін негіз қыламыз дейді. Алғашқы пікірді А.Байтұрсынұлы, Əлпаров һəм Аймауытұлы қуаттайды да, кейінгіні Əзірбайжан түріктері, Мəскеудегі күншығыс азаматтарынан құралған ұйым, М.Мырзаұлы һəм Досмұхамметұлы (бұл кісінікі айналасындағы желіктің салқынына шалыққандықтан болса керек) қуаттайды. Біз де соңғы пікірдегілердің ішіндеміз. Біздің оқушылардың сынына ұсынып отырғанымыз Мəскеудегі «латыншылар ұйымының» жобасы. Ол жоба мынау: Aa – Аа Bb – Бб Pp – Пп Tt – Тт Dd – Дд Rr – Рр Ss – Сс
Cc – Чч Çç – Шш Zz – Зз Jj – Жж Qq – Ққ Kk – Кк Ğğ – Гг Gg – Ғғ Ll – Лл Mm – Мм Nn – Нн Ц – Ңң Oo – Оо Uu – Ұұ Wwu – Уу Iiy – Ии Ee – Ее Əə – Ыы Хх – Хх Ff – Фф Hh – Һһ дəйекші. Жоғарғы таңбалардың жазылуы: Aa Bb Pp Tt Dd Rr Ss Cc Çç Zz Jj Qq Kk Gg Ğğ Ll Mm Nn Ц Oo Uu Wwu Iіy Ee Əə Хх Ff Hh. V= қысқа у: ау – av; сау=sav; тау=tav; жау=jav; у=қысқа и: ай=ay; сай=cay; тай=tay; жай=jay. Бұл жоба қазақ-қырғыз жұртына лайықталған жоба. Қазақ тілінде жоқ бірер қаріптер қырғыз тілі үшін кіргізілген. Бұл жобаны дұрыс тауып, қазақ-қырғыздың жастары, еңбекшілері осы бастан үйренуге кіріссе, жоғарыдағы көрсетілген қаріптеріміздің кемшіліктерінен біраз жылдың ішінде оңай-ақ құтылар едік. Бұл қаріптердің оқу, жазу һəм баспа істеріне келтіретін жеңілдігімен бірге күнбатыс жұрттарының үлгілі мəдениетімен пайдалануға келтіретін жеңілдігі де аз емес. Өйткені, күнбатыс жұрттарының қолданып отырған қаріптерінің негізі де осы латын қарпі. Ескі қаріптерді түзеп, жеңілдетеміз дейтіндердікі болашағы жоқ, босқа əурешілік. Ол жолмен қазақ-қырғыз еңбекшілі мұратына
жете алмайды. Қазақ-қырғыз еңбекшілі жауыр атпен шиқылдаған ескі арбаны қойып, өзі жүйрік, өзі берік автомобиль мен отарбаға мінуден тайынбауға тиіс. Болашағы зор, көптің құралы латын қаріптерін үйреніп, мəдениетті жұрттармен жақындасудың жолына түсуі тиіс. Бұл жол – адастырмай азаттыққа апаратын төте, дұрыс жол! Оқушым ұқпай – Oqwcəm, uqbay, Осқырып шықбай – Osqərəb cəqbay, Сабырмен байқа сөзімді! – Sabərmen bayqa sozəmdə! Ахмет – Aхmet. Еңбек етсең ерінбей – Eцbek etseц erənbey. Тояды қарның тіленбей – toyadə qarneц təlenbey. Мақал – maqal. Байділдаұлы А. – Baydəlda ulə А. Мəскеу – Maskeu. КӨЗ СҮЙІНЕДІ Патша заманында мұсылман сиезі болған. Сиезде қаралған көп мəселелердің ішінде, əсіресе, қызу қаралғаны – «жесір, құн, мирас мəселелері заңмен қарала ма, шариғатпен қарала ма» деген мəселелер болып еді. «Оқыту жолын қалай апарамыз?» деп мұғалімдердің көтерген мəселесі сиезге жиылушылардың күшінің кемдігінен қаралмай қалған. 1917 жылы патша құлағаннан кейін бір гүбірненің қазақтарының жалпы сиезі болған. Жаңа тұрмыстың құрылыс реттері қаралған. Сиезге көп əзірет-қожалар келіп, уəкілдерді шұбатып ертіп жүріп, 16-жылғы жігіт алуға қарсылық жасап, патшаның кəріне ұшыраған шейіттердің молаларына аят оқумен жұмысты бастаған. Университет бітірген февраль өзгерісінің көсемдері жүгініп отырып, «табарак» тыңдап, «афферлимен» бет сипаған. Октябрь өзгерісінен кейін қазақ елінің 2-3 жылы ақтар мен қызылдардың арасында қиқуда өтті. 1920-1921-ші жылдар апат аурулармен, ашаршылықпен елдің есін тандырды. 1922-1923-ші жылдар ел есін жия бастады, басын көтерді. Жаңа өмірге жаңа салт-санамен кірді. Тамағы, киімі, көлігі, сайманы дайын уақытта үй басына бір десятинадан тарыдан басқа нəрсе шашпайтын қазақ елі жалаңаш жалпы аш жүріп, ат, түйе, бұзаулы сиырды матап,
шоттап, күректеп егін салды. Тары, бидай, картоп, бақша, бұршақ басқа да түрлі ұрықтарды шашты. Тұрмыс түрі, тартыс құралы, жасау туралы, жасау қатынасы, шаруаның, тіршіліктің қай жағы да болса өзгере бастады. Бұлармен қатар салт-сана да өзгерді. Қазақ балалары кітабын арқалап, оқу іздеді. Қазақ балалары Еуропаның қалаларына білім іздеп кетті. Қазақ кедейлері қызыл əскерге кіріп, Кавказ, Қырым, Дон кетті. Қазақ кедейлері, қазақ жастары ұйымдасты. Мемлекеттің, партияның құрылысы жұмыстарына кірісті. Қазақ білімпаздары ғылымға жұмылды. Ғылымды көктен жерге түсіруге, бейнетқор елге түсінікті етуге күш сарып етті. Оқу кітаптары көбейді. Газет-журнал көбейді. Ел «тəбарактың», «Тақабалдың» орнына «Жаратылыстану», «Физика», партия програмын, «Макардың түсі» жүздеген, мыңдаған кітаптарды оқи бастады. Мектептерде, мемлекет кеңселерінде елдің өз тілі жүре бастады. Жазу машиналары шықты. Ел тегісінен кеңес үкіметінің саясатына түсініп, партия, кеңес топтарының қарарларын іске асыра бастады. Ақырында 1924 жылы 12-ші июнь күні Орынборда білімпаздар тобы ашылды. Қазақстан, Түркістан, Хиуа, Бұхара қазақтарының білімпаздары, қалам қайраткерлері жиналып, жұмысқа кірісті. Топ ашылған соң, аймақтық партия комитетінің уəкілі құттықтады. Мимен, қаламмен, біліммен бейнетқор елге жұмыс жасаймыз, кеңес үкіметінің ғылым майданында, салт-сана майданында қаһарман əскері боламыз деп білімпаздар бір ауыздан қарар шығарды. Қазақ емлесі, қазақ тілінің заңдары, негізгі түбірі қандай, бейнетқор ел қалай сөйлейді, қалай түсінеді, қалай жазады деп 3-4 сағат үзбестен баяндама жасалып тұр. Құлағын тосып тыңдап, кішкентай дəптерлеріне анда-санда бір нəрсені жазып қойып отырған жолдастар. Білім кіндігінің уəкілі Қазақстанда 2-3 жылдың ішінде ғылым майданында, əдебиет майданында жасалып қалған көп жұмыстарды санап өтіп, қазақ емлесін жарық болашақ күтеді, қазақ білімпаздары басқа елдің білімпаздарының бұрынғы адасқан жолына түспейді. Қазақстанда ғылым жұмысшының, шаруаның мүлкі болады, білімпаздар олардың достары болу керек дейді. Топ дұрыс деп қошаметтеп, қол соғып, үйді жаңғырықтырады.
Қаралатын мəселелер бірінен бірі маңызды. Топ – нақ ғылым тобы. Бұ топ – бірінші ғылым тобы. Топтан көп жеміс күтіледі. Топқа көз сүйінеді. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОСЫЛУ МƏСЕЛЕСІ ҺƏМ ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТЕР ЖОБАСЫ Қазақстан Республикасы құрылғаннан бері қозғалумен келе жатқан Түркістан қазақтарымен қосылу мəселесі енді аяқталуға айналды. Түркістан қазағымен қазіргі Қазақстанның бірігуімен бірдей Орта Азиядағы бұрынғы мемлекеттің бөлімдеріне де үлкен өзгерістер кіргелі отыр. Осы күнгі Орта Азиядағы республиктер (Түркістан, Хорезм, Бұхара) ұлт ыңғайларымен құрылған мемлекет басқарулары емес (бірінде бар халық барлығында да бар). Бұл айтылған республиктердің үшеуінің де халқы қазақ, түрікпен, өзбек, сарт, тəжік, қырғыз, қарақалпақ, тағы басқа уақ ұлттар. Бұхар мен Хорезм Орта Азияны орыс үкіметі алмастан бұрынғы бар мемлекеттер. Бұрын Түркістанда түрлі халықтардың қожалығы құрылған: араб, қытай, түрік, сарт, қазақ, қалмақ сықылды халықтар да Түркістанның бөлек жерлерін билеп жүрген. Соңғы орыс бағындырар уақыттарда Түркістанның көп жері Қоқан хандығына қарайтын еді. Орыс алғаннан кейін Түркістандағы халықтардың өзара хандыққа бөлімдерін бітіріп, барлығын бір Түркістан крайы деп атап, өзіне бірден бағындырды да, Бұхар мен Хорезмді жұрттың көзіне өз беттерінше қойған қылып қойды. Ресейде болған үлкен өзгерістің құшағына кірген жерінің қай реттерінің болса да тұрмысқа тұтаспаған бойларын орынның өз тілегенінше қылып қоятын кəсібі Орта Азиядағы да халықтардың əкімшілік айырмашылықтарын енді тұрмыс тілегіне қарап өзгерейін деді. Орта Азияда енді мұнан былай бұрынғы хандардың, халықты жеген жауыздардың өз ындындарының ыңғайы үшін құрып кеткен, онан қалды патша үкіметінің де жауыз ойына лайықтап ұстаған басқару бөлімдерінің орнына жер-жердің ұлт айырмашылықтарына, тарихи-табиғи себептеріне һəм шаруа
тілектеріне қарап құрылған мемлекеттер болмақшы. Мұнан былай жоғарыда аталған Орта Азиядағы басты ұлттардың басбастарына мемлекет бөлімдері болмақ. Əрқайсылары өз ұлт істерін, шаруашылық жұмыстарын өз тұрмыс тілектерінше алдыалдарына реттемек. Мақаланың басындағы «Орта Азиядағы жаңа мемлекеттер жобасы» дегеніміз жалпы қорытындысы осы əр мемлекет басқаруында бөлшектенген ұлттардың бастарын біріктіру. Былайша айтқанда, Орта Азияны ұлт ыңғайынша құрылған республикаларға ажырату деген пікір. Мұны əуелі Орта Азиядағы республиктердің өз еңбекшілдерінің ұсынуымен коммунист партиясының орталық комитеттері қозғады. Осы ретше болатын Орта Азиядағы мемлекет бөлім жобалары: 1) Түрікпен республигі, 2) Қара қырғыз автономиялы облысы, 3) Тəжік автономиялы облысы. 4) Түркістанның қазақ жері Қазақстанмен бірігіп бір республика болады. 5) Түркістанның өзбек жері Бұхарамен бірігеді. Түркістанның Қазақстанға қосылатын жерінің шегі іс жүзінде əзір аталып, ашылған жоқ. Біздің ойымызша, қазақ жері делінетіндер кіл қазақтар отырғандармен бірдей: 1) Қазағы көпшілік жерлер. 2) Құрама, қырғыз, қарақалпақ сықылды қазаққа ағайынды халықтар бар жерлер болуы тиіс. Орта Азиядағы халықтарды ашалағанда оларды алдымен ұлт айырмашылықтарына, екінші тұрмыс түрлеріне қарап бөлу керек. Қарақалпақ, қырғыздардың шаруа тұрмысы қазақпен бір қалып, салттары қазақ сықылды. Құраманы алсақ, бұл қазақтың əр руларынан құралған қырық ру, құранды. Құраманың ішінде үш жүздің əр аталығынан тегіс бар деуге болады. Мəселен, өзара арғын, найман, дулат, қаңлы, шөмекей, жағалбайлы деген рулары бар. Құрама тек Ташкент үйезінде. Жалпы саны 50 мыңдай. Əлгідей қырық рудан құралып, жинақ отырғандықтан «құрама» деп атанып кеткені болмаса, бұлардың шаруасы, салты Ташкент үйезіндегі қазақтардан айырғысыз. Құраманың мəдениеті қазақпен бір болады. Сондықтан құраманы қазақпен бір деп санау керек. Осы айтылған рет бойынша қазаққа тиісті жерлер:
- Сырдария облысы тегіс. 2) Жетісу облысы тегіс (Жетісудағы қырғыздар болатын қырғыз облысына қосылады). 3) Амудария облысы көпшілігі қазақ болғанмен жер ыңғайына қарағанда осы күнгі қатынас құралдары кем кезінде меңгеруі Қазақстан үкіметіне өте қиындық қылатындықтан қасындағы Хорезм республикасындағы қазақтарға қосылуға керек. Бұл айтылған жерлерден басқа Қазақстанға Самарқан облысының 6 болыс қазағы қосылады. Жоғарғы көрсетілген шектерден де тысқары қалатын қазақ жерлері болайын деп отыр. Олар Бұхар мен Хорезмге қараған қазақтар. Өткен жылдардағы Орта Азиядан жиған Руманцовтың санағы бойынша Бұхарда қалатын қазақ саны 500,000 жан. Хорезмдегі қазақ 138,000 жан. Егер ілгергі айтылып өткен ретпен Хорезмге Амударияны қоссақ, мұндағы қазақтың саны да екі жүз мыңнан астам болады. Қазақстаннан тысқары қалатын қазақ жерлерінің қазағы қалған республиктерінің ішінде автономиялы облыстарының құқығын алып отырулары керек. Бұхарда қалатын қазақтардың күншығыс Бұхарадағысы (Жиделі байсын) бір облыс. Нұратадағысы бір облыс болады. Бұл екі облыстың да ортасында көрнекті қалалары жоқ. Сондықтан əзірінше олардың орталығы Бұхарда қала беруі мүмкін. Хорезмдегі қазақтар осы күні-ақ бөлек облыс болып отыр (Қожа елі облысы). Хорезмге тағы Адай үйезін қосу керек дегендер де бар. Бұл пікірді мақұлдаушылар Қазақстанның орталығы қай жерде болса да осы күнгі Адайға Хорезмнен жақын болып жолықпайды дейді. Хорезм мен Адайдың шаруасы да аралас. Бұрынғы кезде өзгерістен бұрын, Адайдың бір қатарларының Хорезм халқы мен жер пайдалануы да бір болған. Амударияның бойындағы мақта шығатын жақсы жерлерден алып отырған Адайлардың орындарының осы күнге шейін барлығын Хорезмдегі қазақтардың барлығы да біледі. Салдырлап көше бергеннен сол сықылды мəдени кəсіп қылып, келешекте күнелтетін жерлерін көздеп отырғаннан ыңғайлы қоныс адайға табылмайтыны күмəнсіз. Асылы, сірə, құр қазақ бар екен, қайда болса да қосыла берелік деу қате. Жер ыңғайы мен келешекте күн көрудің қамына қарау
керек. Амудария мен адай Хорезмге қарасын дегенге түпкі себептер осылар. Енді қалған қазақтармен қалай қосылудың ретіне келсек, қосылғаннан кейінгі орталық орын қалай жер болады деген сауал шығады. Қазақстанның мықты кемшілігінің бірі – шегіндегі қалалардың барлығы да аумақтарының орталығында шаруашылық тілектерін салдырған емес. Жаугершілік заманында, я қоқанның, я бағындырарда орыс үкіметінің орнатқан соғыс қорғандарының орнына өскендіктен орталыққа лайықты Орынбор, Семей сықылды үлкен қалаларының жерінің шетінде болғандығы. Жер ыңғайына, болыс һəм халқына қарағанда да Қазақстанға Ташкент қаласынан қолайлы орталық болатын орын жоқ. Егер келесі де орындардың шаруа тілектерінен қарап теміржол салынатын болса, (өйтпеске болмайды да) Қазақстанның қай бұрышымен болса да бөтен қалалардан гөрі Ташкент жедел жалғасады. Осы күнгі Жетісу теміржолын Семейге жеткізсе, аз уақыттың өзінде-ақ Қазақстанның шығыс шеттері Ташкентпен төте байланыса алады. Ал осы күнгі күйде де Орынбор мен Ташкеннің арасының Семей мен Ақмолаға екі-ақ күндік айырмашылығы бар. Ақтөбе, Орал гүбірнелері болатын болса, бұлардың көпшілігі Ташкенмен осы күні күнде қатынасып жатыр. Бөкей үшін ЕмбіАқтөбе темір жолын жүргізгенше, Ташкентпен қатынасуға екі жол бар. Біреуі күншығыстағы гүбірнелер сықылды Мəскеуден пойызға мінген адам Ташкенге тіке түседі (бұл қысқы жол). Жаз пароходпен Каспий арқылы Красновод келіп, пойызға мінуге болады. Бұл жол Бөкейге бұрынғы Орынбормен екі арадан анақұрлым ыңғайлы да соғар. Қайткенмен Ташкеннен басқа қолайлы орталық жоқ. Ташкен жалпы қазақ халқының мəдени кіндігі. Шаруашылық жағынан қарасақ, əсіресе, түрікпеннен қосылатын екі облыс, қай жағынан болса да тұра алады деуге болмайды. Келесі Қазақстанның тең жартысының сауда-саттығы Ташкеннің базарында болады. Сондықтан Ташкенге барлығы басқарып тұратын орталық үкіметті орнатпаса, əлгі айтылған жерлердің шаруасының билігін Ташкен базарынан ажыратып алу қолдан келмейтін іс. Осы ретпен құрылған Қазақстан республикасында осы күнгі (1920-шы жылы жиылған) есеппен 7,300 мыңдай жан болады, оның 50% қазақ, 40% орыс, 5% сарт, 5% басқа халықтар.
Бұл есептің көрсеткен сандары дұрыс емес. 1920-шы жылғы есеп бойынша қазақтың көп жерлері жазылмаған. Түркістанда кейбір жерлерді сарт деп жазып жіберген. Өзгерістен бұрынғы уақыттың есебіне қарағанда келесі Қазақстанда 9 ½ миллиондай халық болу керек. Оның 5 ½ миллиондайы қазақ болады. Осы сықылды санақтың шатақтығынан Өзбек республикасы мен шекті белгілерде Ташкен үйезінің кейбір жерлері хақында қиыншылықтар болуы мүмкін. Мəселен, 1920-шы жылғы санақ Ташкен үйезінің үш болысында (Зеңгі ата, Ниязбек, Шыназ) халқының көпшілігі өзбек деп жазып қойған. Анығына қарағанда олай емес, бұл болыстардың қазағы көп. 1911-ші жылдың санағынша: Қазақ Өзбек Зеңгі ата болысы 49,76% 48,28% Ниязбек болысы 61,40% 36,26% Шыназ болысы 62,24% 36,89% Жалпы халықпен бірдей 9 жылдың ішінде болатын бұлардың өсімдерін қосқанда 1920 жылғы санақ былай көрсетуі керек: қазақ Өзбек Зеңгі ата болысында 49,68% 48,19% Ниязбек болысында 61,27% 36,18% Шыназ болысында 62,18% 36,87% Бұл болыстарда 1920 жылғы санақта өзбектердің шексіз көбейіп көрінуіне себептің бірі – жоғарыдағы айтылған қазақ ауылдарының көбісі есепке алынбай, алынғандарының бір қатарлары да өзбек деп жазылып кеткендік. Асылы, санақ хақында толық қылып тағы да жазармыз. Қосылу мəселесінің қысқаша қорытындысы осы. Келесі сиез бір болады.
БІРІНШІ ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫ БІЛІМПАЗДАРЫНЫҢ ТОБЫ 1924-жылы 12-июнь. Сағат күндізгі 12-де ағарту қызметкерлерінің ұйымының үйінде Қазақстан халық ағарту комиссары Нұғман Зəлиұлы бірінші қазақ-қырғыз халқы білімпаздарының тобының ашылғандығын жариялады. Молдағали Жолдыбайұлы төмендегі топқа келген уəкілдердің тізімін оқып шықты. 1. Мəскеудегі күншығыс баспасөз тарататын кіндік ұйымынан – Нəзір Төреқұлұлы, Əлихан Бөкейханұлы. 2. Бұхара қазағынан – Мырза Наурызбайұлы. 3. Түркістаннан – Ишанғали Арабайұлы, Халел Досмұхамбетұлы. 4. Қазақстанның аймақтық партия комитетінен – Аспандияр Кенжеұлы. 5. Жалпы Ресейлік кəсіпшілер кеңестер ұйымының қазақ аймағы бөлімінен – Мұхтар Саматұлы. 6. Орынбордағы қазақ институынан – Мұхтар Мырзаұлы. 7. Қазақстан халық ағарту комиссариатынан – Елдес Омарұлы, Нұртаза Ералыұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Нұғман Зəлиұлы, Молдағали Жолдыбайұлы. 8. Қостанай гүбірнелік оқу бөлімінен – Ерғали Алдоңғарұлы. 9. Семейден – Мəннан Тұрғанбайұлы. 10. Оралдан – Нығмет Шағиұлы. 11. Бөкейден – Рүстем Ақбайұлы. 12. Қазақ аймағын зерттеп, ғылым жиятын қауымнан – Міржақып Дулатұлы. 13. Орынбордағы газет-журнал басқармаларынан – Рақым Сүгірұлы. Зəлиұлы топтың басқармасын сайлауды ұсынып, Жолдыбайұлына сөз берді. Бұл жолдас төмендегі кісілерді атады: Зəлиұлы Нұғман, Кенжеұлы Аспандияр, Наурызбайұлы Мырза, Бөкейханұлы Əлихан, Арабайұлы Ишанғали. Топ бірауыздан аталған бес кісіні топбасылыққа қабыл алды. Топтың хатшылық қызметін атқаруға Тұрғанбайұлы Мəннан, Алдоңғарұлы Ерғали белгіленді. Кіндік білім кеңес атынан топтың қарауына мына мəселелер ұсынылды: 1. Оқу, білім кітаптарын көбейту шаралары.
- Ауыз əдебиетін жинау шаралары. 3. Емле жайында. 4. Қаріп жайында. 5. Пəн сөздері. 6. Бастауыш мектептің оқу жобасы (програм). Топ бұл мəселелерді қабыл алды. Халел Досмұхамбетұлы бастауыш мектептің түрі (тип) жайында, оқытушылар дайындайтын ғылым орындарының оқу жобалары жайында қарастыруды қосымша етіп ұсынды. Бұл ұсынысты топ мақұлдады. Бұхара қазақтарының уəкілі Мырза Наурызбайұлы Бұхара мен Хорезм өлкесіне қарап отырған қазақтарды оқыту, ағарту шараларын топтың қарауына салды. Тұрғанбайұлы: «Бұл мəселе ол екі өлкеге арналмай, Түркістан мен Қазақстаннан тысқары өлкелерде қалған қазақ халқын оқытып, ағарту шарасы қаралсын», – деп Наурызбайұлының қойған мəселесіне түзету кіргізді. Топ Тұрғанбайұлының түзетуімен бұл мəселені қарауды лайық көрді. Сонымен топтың қарауына жоғарғы тоғыз мəселе қойылып, бекілді. Топтың сөйлеу мен баяндау тəртібі төмендегі түрде болып бекілді: 1. Жиылыс сағат оннан екіге шейін, түстен кейін бестен тоғызға шейін. 2. Баяндамашыға бір сағат. 3. Қосымша баяндамашыға отыз минут. 4. Баяндама туралы сөзге бірінші рет он бес минут, екінші рет он минут, үшінші рет бес минут уақыт берілсін. 5. Өз басы туралы сөйлеушіге мəжіліс соңында үш минут уақыт берілсін. Топбасы құттықтаушыларға сөз берді: 1. Қазақстан Орталық комитеті мен оқу комиссариаты атынан Ж.Нұғман топты құттықтап, бұл топты қазақ халқында бірінші екенін, маңызын, ескі үкімет заманында мұндай топтың болмағанын, болуы мүмкін де емес екенін, коммунист партиясы бастаған кеңес үкіметінің езілген ұсақ ұлттарға беріп отырған сыйы екенін көрсетіп өтті. 2. Қазақстан аймақтық коммунист партия комитеті мен халық комиссарлар кеңесі атынан Аспандияр Кенжеұлы топты құттықтап былай деді:
«Кеңес үкіметі Қазақстанға кешірек келіп орнады. Белсеніп қызметке кіріскеніне 4 жыл да толған жоқ. Қазақстанның жерінің кеңдігі, қатынас жолдың кемдігі, өндіріс орындарының, ұйымдасқан жұмыскерлердің жоқтығы көздеген мақсұтты қызметті тезінен іске асыруға үлкен бөгет болды. 12-ші партия тобы ұлт мəселесін негізінен қарап, кеңес үкіметіне қараған уақ ұлттарға еркінше қызмет істеуге үлкен жол ашты. Ұсақ ұлттардың ішіндегі зиялы атанған азаматтарына зор міндет артты. Бірақ олардың көбі, əсіресе, қазақ зиялылары міндетін біліп те қызметке тезінен жегіле қоймады. Қазір де осы топқа жегіліп отырған сол зиялылардың басты адамдары. Сондықтан бұл топ бұған шейін ынта мен қызмет істемей жүрген қазақ азаматтарының мойнына тарихи үлкен міндет қалатыны турасында пікірлер білдіріп өтер деп сенемін. Қазақ азаматтарының ынтамен қызмет істемегендіктеріне Семей гүбірнесіндегі болған халды мысал етіп көрсетіп өтемін. Алып отырған мағлұматтарымызға қарағанда, Қарқаралы үйезіндегі қызметкерлерді үкімет күшімен жұмысқа қосып отырғаны көрінеді. Бұл – кешілмейтін күнə. Кеңес үкіметі қалай болар екен деп дүдамалдап толқындауға орын қалған жоқ. Жұмысы реттелді, шаруасы өркендеп, негізді жолға қойылды. Қазірде дүние жүзіндегі оннан аса үкімет ресми түрде танып отыр. Олардың бізді тануы аяғандықтан емес, шаруа заңының еріксіз мойындатқанынан. 13-ші партия тобы бұл сөздерді себептермен айқындап көрсетіп те өтті. Бұл өздеріңізге газеттен мағлұм болғандықтан талдап, баяндап отыруды лайық таппадым. Орыстың қыңыр тартып жүретін зиялыларының пікірі де негізінен құлап, жемірілгені осы жылы анықталды. Мəскеуде болған 13-ші партия тобына партияда жоқ оқытушылардың ірілері бұрынғы пікірлерінің жемірілгенін, шын қызмет істейтіндігін өз ауыздарынан шын жүректерінен білдіріп өтті. Əрине, біздің қазақ оқытушыларында да осы хал болған шығар деп білемін. Қазақ оқығандарынының ілгеріде көп қатесі болды. Кеңес үкіметі ол қателерін кешірді. Мұндай кеңшілікті ойдан шығаруға жарамайды. Қазақ оқығандары бұрынғы патша саясатын, одан соңғы кадет, эсер һəм басқа партиялардың саясатын көздерінен өткерді. Олардың бірі де ұлт мəселесін ауызға алған жоқ. Ұлт мəселесін тура шешіп отырған жалғыз коммунист партиясы. Бұған мысал, Қазақстан сияқты ұсақ ұлттардың республика болып отырғандықтары.
Қазақ-қырғыз халқы мəдениеттен өте алыс жатыр. Көп хат танымайды. Соларға мəдениет кіргізу үшін, оқыту үшін үлкен күш, қажымайтын қайрат керек. Қазірдегі оқытушылардың көбі шала оқулы. Тəрбие жолын, оқыту тəртібін толық білмейді. Қазақ тілін жүзеге асыру, қазақ-қырғыз еңбекшілерін қатарға қосу – бірінші міндет. Оларды оқыту үшін емлені түзетіп алу, пəн тілдерін тауып алу – бірінші басқыш болып саналады. Қазақ-қырғыздың бірінші білімпаздар тобы айтылып өткен үлкен міндеттерді толығымен атқарар деп сенемін». Кенжеұлының сөзі турасында топ қаулы шығаруды лайық тауып, қаулының жобасын Жолдыбайұлы оқып шықты. Саматұлы ұсынылған жобаны негізге алып, жазу тəртібін өңдеуді топбасыларға тапсыруды өтінді. Өтініш қабылданды. Топбасылардың өңдегенінен соңғы қаулы төмендегі: «Қазақ білімпаздарының Бұхар, Хиуа, Түркістан, Қазақстан республикаларындағы қазақ елдерінің уəкілдерімен қосылып жасалған тобы кеңестер одағындағы оқығандардың сезімінде алға қарай өзгеріс болғанын ескеріп, өз тарапынан мынандай қарар шығарады: 1) 12-партия жиылысында шығарылған кеңес үкіметінің ұлттар жобасының, əсіресе, күншығыс ұлттарына өте бейімді болып, əлден-ақ жемісі көзге көріне бастағандықтан оқығандардың кеңес үкіметімен қол ұстасып істес болуына ешбір кедергі қалған жоқ. 2) Бұрынғы артта қалған ұлттарды ағарту, мəдениетке қолын жетістіру үшін кеңес үкіметінің оқығандарға ел үшін қызмет істеуге толық ерік беріп отырғаны ұлт оқығандарын өз елі алдында үлкен борышты, өз елінің алдағы тұрмысына жауапты қылып отыр. Шектегі ұлттардың, соның ішінде, Қазақстанның алда кеңес құрылысының өңделуі, шаруашылық мəдениетінің көтерілуі тарихтың ұлт оқығандары уəкілдерінің үстіне жүктеген борыштың орындалуына һəм оқығандардың ұлтшылдық секілді адасулардан бұрылыссыз құтылуына байлаулы. Бірақ мұны жиылыс «алдақашан із қалдырмай өтіп кеткен қате, алдағы буынның онымен бас ауыртуы тиіс емес», – деп таныды. Жиылыс іске кіріскеннен кейін істі жоғарыда көрсетілген жолдармен апаратынын білдіреді һəм жергілікті қызметкерлерді де соған шақырады. Олар ол жолдармен істеп, бар жігерін салса, жиылыстың еңбекші елдің сезімін арттырып, көзін ашуға бастаған
жұмысы іскер, маңызды болып, октябрь төңкерісінің бірігуіне себеп. 3) Түркістан оқу комиссариаты атынан Ишанғали Арабайұлы көпті құттықтап, жоғарыдағы шешендердің ретінде кеңес үкіметінің беріп отырған теңдігін көрсетіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатады дейтін заманның келгенін білдіріп өтті. Түрік қауымының ішінде ең алдыңғы мəдениет басқышында деп саналған ғұсманды түріктері əдебиет жүзінде адасып кетті. Балқандағы Стамбулда жазылған кітаптарын да Анатолы түріктерінің оқи алмай отырғанын айтты. Қазақ-қырғыздың əдебиеті, емлесі əуелгі бастан-ақ негізді жолға түсіп, үлкен үмітті түрде кетіп барады. Бұл түрімізден өзбек ағайындарымыз да үлгі алуға кірісіп отыр. Қазақ-қырғыз білімпаздары осы жолдарынан адаспай, басқа түрік қауымдары үлгі аларлық түрде əдебиеттерін өркендету керек. Сонымен қатар басқа ағайындардан алыстап кетпей, өздерінде жоқ болып, оларда табылып отырған ғылым тілдерін жиренбей-ақ алулары керек. Өте орысшыл болып, дайын тұрған орыс əдебиетін, орыстың ғылым тілдерін алып жүре берсек, үлкен адасқан боламыз. Соны естен шығару жарамайды. Қазақ-қырғыз өте өзімшілдіктен жырағырақ болып, жалпы ғылым тілін басқа ағайындарымызбен бірлестірулері керек. Жасасын бірінші білімпаздардың тобы! Жасасын осы топты шақыруға мүмкіндік берген кеңес үкіметі! 4) Жалпы ресейлік кеңестер, кеңесшілер ұйымының Қазақстандағы бөлімі атынан Саматұлы Мұхтар топты құттықтап айтты: «Болып өткен кəсіпшілер ұйымының тобына келген уəкілдерді қараған уақытта қазақ еңбекшілерінің де ұйымдасып қалғаны көрінді. Өте бытырап жатқан қазақ еңбекшілерінің былайша ұйымдасуы бізге үлкен қуаныш. Біздің қызмет жүргізгенімізге 2 жылдан артық болған жоқ. Сондай қысқа уақытта Қазақстан сияқты қатынасы жоқ кең өлкенің еңбекшілерін ұйымдастырып, біріне-бірін жалғастыруды үлкен қызметтен санау керек. Бұрынғы уақытта ғылым орыстың байлары мен орыстарының қолында болды. Қазақ ішінде де оқығандар байлар болды. Кедейлерінің оқуға халы келмеді. Осы уақытта əкімшілік, ғылым жалпы бейнетқорлардың қолына тиіп отыр. Халықтың көпшілігі кедейлер мен еңбекшілер. Біз бар күшімізді салып, қазаққырғыздың кедейлері мен еңбекшілерін оқытып, жетілдіруіміз керек.
Бұл мақсұтқа жетуге екі түрлі жол бар: 1) Оқытушыларды кедей табынан өзіне дайындап беру, оларды мұқтаж қылмай ақысын толықтандырып беріп отыру. 2) Қалалы жерде тұратын басшы азаматтарымыз қырдағы оқытушыларға көңілдерін бөліп, оларды ұйымдастырып, оқу жолындағы керек-жарағын тауып беріп отыру. Оқыған азаматтарымыз шын ынтасымен қызметке белсеніп кіріссін. Осы мақсұттарымызға тез жетейік. Тұңғыш қазақ-қырғыз білімпаздар тобының жұмысы жемісті болып, жалпыға жайылуын тілеймін». 5) Аймақтық оқытушылар курсы атынан Ырысбайұлы топты құттықтап, қазақ оқығандарының оқытушыларға барлық көмектерін көрсетулерін өтінді. Өздерінің шын ынтамен қызмет етіп, міндеттерін атқаруға уəделерін білдірді. 6) Қазақстан Орталық ғылым кіндігі (Академ. Центр) атынан Ж.Лебедьев топты құттықтады. Қазақ əдебиетін жиған ғалымдардың мағлұматына қарғанда, қазақ əдебиетінің ілгергі күні үлкен үмітті түрде екенін айтты. Бұрынғы ғалымдардың адасып, ғылымды адамшылық жолында қызмет еттірмей, байларға құрал етіп бергенін, қазақ-қырғыз білімпаздары ол қатеден осы бастан сақтану керек екендігін білдірді. Топтың маңызын қарайын деп отырған мəселелерінің өзі-ақ көрсетіп тұрғанын айтты. Ғылым деген сөздің не екенін, қиялды жолға кетпей, тұрмысқа жақын жолмен жүрудің қажеттігін, оқығандардың халықтан алыстамауының керектігін баяндап өтті. 7) Башқұрстан үкіметі атынан Ж.Ибраһимұлы топты құттықтап, кеңес үкіметінің беріп отырған бостандық сыйын көрсетті. Қазақ пен Башқұрт халқының қатар тұрғанын, ең бірінші міндет – кеңсе жұмыстарын халықтың өз тілінде жүргізіп, жалпы еңбекшілерге жақындату керектігін айтты. Бұл мəселеге Башқұрстанның белсеніп кіріскенін білдірді. Бұл топ өзінің ауыр міндетін ойында ұстап, негізді түрде əдебиетке жол салуын өтінді. 8) Бұхарадағы қазақ халқы атынан Мырза Наурызбайұлы топты құттықтады. Бұхара өлкесіндегі қазақтардың сарт болып кеткенін айтып, олардың бұл халдеріне анық мысал келтіру үшін өзі сартша сөйледі. Қазірде Бұхара өлкесінде жарты миллион қазақ бар. Оларды бұл уақытқа шейін сарттар езіп келді.
Жарты миллионнан 250 мың қазақ сарттар аралас отыр. Солар өздерінің қазақ екендіктерін жасырады. Тек өзара ғана қазақ екендіктерін айтып отырады. Сарттардың үстемдігі осынша – тілі, ғұрпы, əдеті сартша болып кеткен. Кеңес үкіметі келгеннен бері де ондағы қазақ халқы бостандық жемісін татқан жоқ. Сарттар қазақты əлі езуде. Бұхара мен Хорезм үкіметтерінің кеңселерінде қызметте бір қазақ жоқ. Осы жылы ашылған қазақ бөлімінде 2-ақ қазақ қызмет істейді. Өзгелері сарт. Ондағы қазақ жұрты Қазақстаннан ғылыми, əдеби көмек күтеді. Бұған шейін Қазақстан бізге ойын бөліп, көмегін көрсеткен жоқ. Қазақстан мен Мəскеу айрықша назарына алып, көмек көрсетпесе, халымыз өте нашар. Осы тілегімізді ойларыңыздан шығармауларыңызды өтінемін. Құттықтау сөздерінен кейін топ басы Мəскеудегі ғылым кіндігіне телеграм жіберуді ұсынды. Топ қабыл алды.
СЕМЕЙ ГҮБІРНЕСІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ІСКЕ АСУЫ Семей гүбірналық кеңес комитетінің жанында қазақ тілін жүргізетін гүбірналық комиссияның баяндамасындағы мағлұматқа қарағанда Семей гүбірнесінде қазақ тілінің іске асуы мына түрде көрінеді. Губисполком президиумы гүбірнада қазақ тілін жүргізуде ең алғаш Қарқаралы үйезінде (көбі қазақ) кеңсе ісін қазақшаға айналдыруға 14-ші сентябрьде өткен жылда комиссия жасаған. Комиссияның көздеген негізгі мақсаты – бүкіл гүбірнада, əсіресе, Қарқаралы үйезінің кеңсесін бірте-бірте қазақшаға айналдыру жоспары болған. Одан кейін гүбірнадағы қазақ қызметкерлерінің есебін алып, олардың жарамдылығын айыруға кіріскен. Кеңсе ісінде жаңа өзгеріс болғандықтан ба, болмаса, мұндай жаңалыққа дағдыланбай таңданғандықтан ба, əйтеуір, Қарқаралы үйезінде орыс азаматтары мен қазақ азаматтары арасында қазақ тілін жүргізу ісінде көп шəйкем-шалыс ғамалдар болған (бұл хақында уақытында газет беттерінде жазылған). Соның себебінен көп жанжалдар туған. Гүбірналық үкімет жергілікті болып жатқан мұндай істерді лайықсыз тауып, жанжалды сұйылтып, араны жарастыру үшін,
əсіресе, жергілікте қазақ тілін жүргізуде түзу жөн сілтеу үшін комиссия шыққан. Комиссия ағасы губисполком төрағасы жолдас Досұлы. Комиссияның аз күндегі ісін өндіріп істеген деп бағалауға болады: қазақ тілін жүргізуде кесір болған жанжалдарды құртқан, əлі күнге бітпеген зиянды тектерді үйезден қуған, жарамсыз қызметкерлерді шығарып, орнына лайықты білімдірек қызметкерлер белгілеген, барлық қазақ қызметкерлерінің есебін алып, онда орнықтырғандарын онда, қалғандарын Семейге жіберген һəм қазақ тілін жүргізуде толық мағлұмат берген. Қарқаралы үйезінің кейбір мекемелерінде əлі қазақ тілі толық кірген жоқ. Себебі басында орыс азаматтары отырып, ол іске селқос қарағандығы көрінеді. Бұл үйезге қарағанда халқы орыспен аралас болса-дағы, Зайсан үйезінде қазақ тілі жақсы жүріп бара жатқан көрінеді. Қалған төрт үйезде: Семей, Павлодар, Өскемен һəм Бұқтырма қазақ тілін жүргізу хақында, жергілікке нұсқау, жобаларын көрсетіп, дайындалып жатқан көрінеді. Комиссия баяндамасының ахырында мынандай қорытынды көрсетеді: Бұхтырма мен Өскемен үйезінің бір-екі болысынан басқа гүбірнадағы барлық қазақ болыстарының кеңсе істері қазақ тілінде аударылған һəм олардың үйездік мекемелерімен қатынасы жалғыз тілде, яғни қазақ тілінде. Зайсан мен Қарқаралы үйезінде əзірге екі тіл қатар жүретін көрінеді. Ал, қалған үйездерде əзірге дайындалу ісі жүріп жатыр: қазақ қызметкерлерінің есебін алу сияқты. Енді ілгеріде бүкіл гүбірнада қазақ тілінің жүріп кетуі бір есептен гүбірналық мекемелерден. Егер олар бұл іске барлық ынтасымен қарсы алса, мүмкін белгілі мерзімде мақсұтқа жету. Бұл бағытта губисполком һəм комиссия бар күшін салып отыр. Бірақ тағы не шара тұтынсақ та іс оншама жерде тұрған жоқ. Оның себебі – ысылған қазақ қызметкерлері аз, болса жас. Бұл жайды еске алмай жіберген қазақ жұмыскерлерін гүбірналық бөлімдер жарамсыз деп кері қайтарып, яки «переводчик» қып отырғызады. Өйтуге жарамайтындығы айтылып еді дейді. Жəне тағы істің ілгерілемей тұрған себебі – қаржының өте аздығынан, қазақ қызметкерлеріне еңбекақы жартымсыз берілетіндігі көрінеді.
ЖАЗУ ЕРЕЖЕСІ ТУРАЛЫ БІЛІМПАЗДАР ТОБЫНЫҢ ҚАРАРЫ Емле жайында баяндама қылған Омарұлы Елдес, оның баяндамасына үстемше баяндама жасаған Мырзаұлы Мұхтар. Бұлардың үстінен қосымша түрде ғылым жөнінен орыс тілінде Бутовский жолдас баяндама жасады. Елдес пен Мұхтардың баяндамаларын, баяндама бойынша екі күннен аса талқыға түсіп, жақ-жақ болып сөйлеген шешендердің пікірлерін мұнда түгелімен баспаймыз. Себебі топта болған барлық қаулыларды, мəжілісхатты, баяндамаларды жинастырып, айрықша кітапша етіп шығаруға Қазақстан халық ағарту комиссариаты мойнына алды. Емле жайындағы қаулы бір ынтымақпен өту үшін комиссия сайланып, талас сөздерді тексеріп, бір орынға қою лайық делініп, бес кісіден құралған комиссияны сайлады. Олар: Байтұрсынұлы Ахмет, Шонанұлы Телжан, Омарұлы Елдес, Мырзаұлы Мұхтар, Досмұхамбетұлы Халел. Комиссияның емле жайынан байлаған қаулысы: Жазу ережесін түзетуші комиссия атынан топқа баяндама қылған Омарұлы Елдес. Комиссия өзіне тапсырылған мəселелерді тексеру ретін қарастырып, əуелі, қазақша дыбыстар қандай екенін, оған лайық таңбалардың нендей болуын ашып алу керек деді. Қазақ тілінде: А, Б, П, Т, Ж, Ч, Д, Р, З, С, Ғ, Қ, Ң, Л, М, Н, О, Ұ, Е, Ы дыбыстары бар, олардың таңбалары осы жазылған қаріптер екені даусыз қабылданды. Мұнан кейін «К» мен «Г» дыбыстары тексерілді. Мұхтар: «Тілімізде үндестік заңы бар деген соң, сол заңның арқасында дəйекші мен жазуды жеңілдете алатын болған соң, «К», «Г» дыбыстарына өз алдына қаріп алмай-ақ, жұмсақ сөзде келетін «Қ» мен «Ғ»-ны «К» мен «Г» деп білсек болады. Сонда əріптің саны азаяды. Сонда əріптің саны азаяды да, жазу жеңілденеді», – деді. Комиссия бұл мəселені тексере келе: «К» мен «Г» қазақ тілінде бар. Екеуі де қазақша əліпбиге кіргізілсін. Бірақ түбінде бұл екі дыбыстың тегі тексеріліп, талқыға түсетін болса, қайтадан қаралар», – деді.
Мұнан кейін «Ғ», «Ш», «Ф», «Һ» дыбыстары тексерілді. Комиссия: «Бұл төрт əріп қазақша əліпбиден шығарылсын деді жəне бұл төрт əріп қазақша оқу құралдың аяғында арабтың басқа əріптеріне қосылып, тек оқушыларға ғана таныту ретінде ғана жазылу керек. Бірақ ол əріптердің ешбірімен де қазақша ешбір сөз жазылмасқа тиіс», – деп ұйғарды. Мұнан кейін: жарты дауысты «Й» мен «У» тексерілді. Комиссия: «Жарты дауысты «Й» мен «У» дауысты дыбыстың артында болады», – деп бір ауыздан қабыл алды. Мұнан кейін жарты дауысты «Й» мен «У»-дың дауысты дыбыстың алдында болатын, болмайтыны тексерілді. Комиссия «Й» мен «У» екі дауысты дыбыстың арасында келеді деп білді. Мұның артынан қазақ тілінде орыстың «И» мен «У» сықылды дауысты ұзын «И» мен «У» дыбыстарының бар-жоғы тексерілді. Бұл туралы комиссия бір қарарға келе алмады. Мұнан соң «Й»- дың бітеу буында жазылу, жазылмау мəселесі қаралды. Комиссия: «Ы» бітеу буында да қалмай жазылатын болсындеді. «Б» мен «П»-ның жазу ережесі тексерілді. Комиссия түбір сөздерде де, жалғау, жұрнақ, жалғаулықтарда да «Б» мен «П»-ның жазылуы «Тіл-құралша» болсын -деді. Бұрын «Д» мен жазылып жүрген жалғау, жіктеу, жұрнақ («дағы», «дыкы»)-тар дыбыс жүйесінше жазылуы дұрыс делінді. Сөз артынан айтылатын демеулердің жазу ережелері тексерілді. Комиссия: «Ондай демеулердің түбір мен жалғаудың арасында келетіндері сызықшамен жазылсын да, олай түбір мен жалғаудың арасына түспейтін демеулер (да) бөлек жазылсын», – деді. Сүйеу таяқ тексеріліп, комиссия: оны жоғалту керек-деп ұйғарды; сөз басындағы «А» мəтсіз «А» болып жазылсын-делінді. Үндестік заңына келмейтін жұрнақтар тексерілді (кер, қор, дікі, нікі). Комиссия: «Бұл жұрнақтармен жалғанған түбір сөздердің дəйекшілері қалмай жазылсын», – деді. Мысал: тордыкы, төрдікі, сөздыкы, сөздікі. Дауыссыз 24 дыбыс былай жіктелсін делінді: І Дауысты: А, О, Ұ, Ы, Е; ІІ Жарты дауысты: Й, У, Р, Л; Дауыссыздар: ІІІ Ұяң: М, Н, Ң;
ІV Ымыралы: Ж, З; V Ымырасыз: Д, Г, Ғ; VІ Қатаң: Б, П, Т, С, Ч, Қ, К. Бұл əріптердің əліпби реті былай болады: А, Б, П, Т, Ж, Ч, Д, Р, З, С, Ғ, Қ, К, Г, Ң, Л, М, Н, Ұ, О, У, Е, Ы, Й. «сын», «сың» жіктеулерінің қазақ тілінде екі түрі де бар. Екеуі де қатар алынсын делінді. Топ ол комиссияның қаулысын талдап қарап, мынандай қосымшалап өзгерістер кіргізді: 1) Бұрынғы «Ч»-ның орнына «Ш»-ны қою қазақтың дауысына дəл келеді. Соның үшін үш иректі «Ш» қолданылсын деп Нəзір ұсыныс қылды. Топ мақұл көрді. 2) «Сын», «сың» жіктеулерінің қатар жүргенше, біреуі ғана алынсын деген ұсыныс кіргізіліп, көпшілікпен топта «сынды» қабыл етті. 3) «Ғ» əрпінің нүктесіз «Ғ» мен алмастырылуы жайында ұсыныс болып, топ қабыл алды. 4) Ахмет пен Елдес ұзын «У» мен ұзын «И»-дың жоқтығын дəлелдеп, көп мысалдар көрсетіп шықты. Мұхтар мен Телжан жоғарғы екеуінің дəлелдерін бұзып, ұзын «У», «И» бар деп ыспаттады. Екі жағы да дауысқа түсіп, ұзын «У», «И» бар деушілерге 7 дауыс, жоқ деушілерге 8 дауыс берілді. Мұнан кейін жазуды жеңілдету үшін бір ғана түрлі «У» мен «И»-ды жазу жайында сөз болды. Мұнда да ерсіл-қарсыл пікірлер, таластар шықты. Екі жоба дауысқа түсті. Бір ғана «У» жазылсын дегендерге 8 дауыс, Ахмет пен Елдестің ұсынған ретінше жазылсын дегендерге 9 дауыс берілді. ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ІІ СЕССИЯСЫ Июньнің 16-ы күні орталық комитеттің екінші сессиясы ашылды. Орталық комитеттің төрағасы жолдас Меңдешұлы мəжілісті ашып, бүкіл еңбекшіл халықтың жолбасшысы Лениннің өлімін еске түсірді.
Лениннің өлімі орталық атқару комитетінің мүшелерін екінші сессияның алдында тұрған кезекті мəселелерге артықша назар салып, дұрыс шешуге міндетті қылады. Күн тəртібін қабыл алғаннан кейін, сессия жер-су комиссариатының баяндамасын тыңдауға кірісті. Қоныстандыру. (Жолдас Тоқтабайұлының баяндамасы) Бүкіл Қазақстанда 204 миллион десятина жер бар. Осы жердің 150 миллион десятинасын қазақ пайдаланып отыр. Қазақ пайдаланып отырған жерлерде осы уақытқа шейін қоныстандыру ісі жүргізілген жоқ. Қоныстандыру жұмысын дұрыс өткізумен бірге Қазақстанда жер мəселесі шешілмекші. Жалпы қазақ халқы қоныстандыру ісін тілеп, 1922-жылдан берлі бірнеше қазақ болыстары сұранып та отыр. Бірақ бұл уақытқа шейін тəртіпке қойылған жол-жоба болмағандықтан, істелген істер онша жемісті болған жоқ. Қазіргі уақытта қоныстандыру хақында жаңа жоба шыққаннан бері іс жүргізіле бастады. Екінші алда тұрған жұмыс – қазақ халқын отырықшы-диқаншылыққа айландыру, оларға жерді дұрыс бөліп беру. Бұл істер халықтың өз күшімен жүргізіліп отыр. Ақырғы, үшінші жұмыс – үкіметтің байлығын, пайда келтіретін статьяларды һəм совхоздарды қоныстандыру. Қазақ халқының сұрануымен қоныстандыру жұмысы өткен жылдан басталған. Өткен жылда 3 мың үй қоныстандырылып отыр (Семей, Ақмола гүбірналарында). Қазіргі уақытта осы гүбірнелерде 3,600 үй қоныстандыруды сұрап, арыз беріп отыр. Үстіміздегі жылға көзделген істер. Қоныстандыру жұмысын үкімет қаржысымен жүргізу. 3 миллион десятина жерді тексеріп өтуге жер пайдалану ретінде нендей норма қолдану керек һəм 1,029,500 десятина жерге жоба шығару көзделіп отыр. Орындарда бұл жердің есебін 1,195,107-ге дейін өсіріп отыр. Осы көрсетіліп отырған істердің ішінде Орал гүбірнесінің жұмысы екінші түрде Балықты суының ауданында Бөкей гүбірнесінен келетін қазақтарға қоныс əзірленіп жатыр. Бұл гүбірнеде биыл қоныстандыру жұмысы 220,000 десятина жерді алады. Қоныстандырылмай, жайылып жатқан кең даламен біздің қоныстандыру жолында қолданып отырған жобамызды салыстырсақ, жобамыз өте кішкентай.
Егерде біз осы жоба бойынша істі алып барсақ, тегіс қоныстандырып шығуымызға 50-60 жыл керек. Соның үшін жобаны қалай қылғанда да үлкейту керек. Жер-су комиссариаты келесі қоныс жылына жобаны төрт есе үлкейтпекші болып отыр. Мұның үшін қызметкерлердің һəм қоныс складтарының санын арттыру керек. Складтардағы құралсаймандар көп жылдан бері түзетілмеген себепті, осыларды түзеттіруге қаржыны орындардың өздері берулері керек һəм құралсаймандарды жетістіруді өз міндеттеріне алулары керек. Қаржының жетпеуі. Тиісті қаржының кезінде қолға тие қоймауы қоныстандыру ісіне көп кедергі келтіріп отыр. Істің жемісті болуына қаржы мəселесін аяққа бастыру тиіс (баяндамашы жер-су комиссариатының келешекте көздеп отырған істерін көрсетеді). Қоныстандыру жұмысына қаржы жалғыз үкіметтен алынбай, халықтың өзінен де алынуы керек һəм осы туралы халыққа өз араларынан сайланып шыққан уəкілдерінің үгіт таратуларының қажеттігін көрсетеді. Қазақстанды тексеру. Қазақстанда қоныстандырлмай үлкен аудандар қалады. Жерсу комиссариаты орталық (Мəскеу) қаржы берсе, осы аудандарды тексеріп өтпекші. Ендігі екпінді жұмыс – отырықшы елдерді орналастыру. Осы уақытқа шейін жер дұрыс бөлініп тəртіпке қойылмағандықтан, ел пайдалана алмай келеді. Енді тəртіпке қойғалы жақын арада жер-су комиссариаты іске кіріскелі отыр. Осы үстіміздегі жылдың ішінде үкімет байлығымен 75,000 десятина жерді қоныстандыруға көзделіп отыр. Бірақ жерге өте кем хақ төленуі себепті бұл көзделген жұмыс толық істеліп болуына көз жетпейді. Қоныстандыру ісі өте ауыр жұмыс. Соның үшін орындардағы қаржыдан қоныстандыру ісіне жəрдем көрсетіп, назар салынып отырылуы керек. Осылардың бəрін басқарып отырған жер-су комиссариатын күшейту керек. Баяндама бойынша айтыс. Жолдас Задорожный (Қостанай гүбірнасы) Қостанай гүбірнасында көзделген жобаның толық жүзеге шығарылуын айтады. Ел шаруаларына қоныстандыру жайынан көп арыздар түседі. Соның үшін шақырылған 20 маман бар. Оныңмен де ел шаруаларының сұрауы, тілегі орындалуы екіталай. Іске кедергі келтіріп отырған
бірінші себеп – құралдың кемдігі. Губатком қоныстандыру жұмысына айырықша қаражат шығармақшы. Жолдас Мыңбайұлы (адай) Адай үйезінде жер мəселесі тəртіпке қойылмаған, былығып жатыр. Мал бағып күнелткен қазақтар қысқа қарай көршілес Хорезм республикасына көшіп барып қыстайды. Жаз жайлайтын жерлері жоқ. Егерде жаз жайлауға Орал гүбірнасына көшіп барса, олардан налог алады. Сондықтан адай халқын отырықшылдыққа айналдыру үшін қоныстандыру жұмысын тез жүзеге асыру керек. Жолдас Маймин (ақша халық комиссары) жер-су комиссариатының келесі қоныстандыру жылына жобаны төрт есе үлкейтуге деген көзқарасына қарсылығын білдірді. Орындардың жайын білмей һəм ондағы жобалармен таныспай, мұндай үлкен жоба шығаруға болмайды. Себебі үкімет жеткілікті қаржы бере алмайды. Қоныстандыру жұмысына керек қаржыны күштірек шаруаларға салу керек дейді. Осыларды қоныстандырудан қалған қаржы болса, соған жарлыларды тегін қоныстандыру керек дейді. Жолдас Досұлы (Семей) Майминның қоныстандыру ісіне жұмсалатын қаржыны елдің өзіне салу керек деген сөзін дұрыс емес дейді. Егерде іске Майминның ойынша қарасақ, қазақ елі қоныстандырылмайды. Қоныстандыру үшін үкіметтен айырықша жəрдем керек, болмаса іс алға баспайды. Əсіресе, Қарқаралы, Павлодар үйездерінде қоныстандыру мəселесі өте қиын. Жер-су комиссариаты Меңдешұлының айтуына қарағанда, Орал һəм Ертіс суының бойларында қандай һəм қанша жерлер декрет бойынша Қазақстанға тиісті екендігімен толық таныс көрінбейді. Жер-су комиссариатының жобасы осындай жерлердің шекараларын жақсы айыруға тиіс. Қаржының жетуіне қарай, жоба жасалуға тиіс. Қоныстандыру ісінің қаржысын молайтуға керек. Істі көңілдегідей қылып жүргізуге орындардың əдет-ғұрпымен таныс қызметкерлер əзірлеп шығаратын жер техникумын ашу керек. Екінші, жолдас Меңдешұлы айтып өтті – қоныстандыру жұмысы үкімет қаржысымен ғана жүргізілмей, елге де расходтар салынып отыр деп. Міне, осындай алым істерін тəртіпке қою керек. Жолдас Хаңгерейұлы (Ақтөбе) Ақтөбе гүбірнасында отырықшылдыққа айналдыру жұмысы өте нашар, егер келешекте осы түрде іс жүріп отырса, ел шаруасы алға баспақшы емес.
Жолдас Тоқтабайұлының қортынды сөзі. Қоныстандыру жұмысына қаржы алдымен үкіметтен һəм аз-кем елден алынуы керек дейді. Егер жолдас Маймин жер-су комиссариатының жобаны үлкейтеміз деген көзқарасына қарсы болса, бұл арада айтып өтуге керек, жоба онша үлкейтілген жоқ. Келешекте істі қазіргі ретпен алып барсақ, қоныстандыру жұмысы 70 жылсыз бітпейді. Тез уақытта қоныстандыру ісін бітіруге орындардағы мекемелер жəрдем көрсетулері керек. Губаткомдар назар салып, бақылап отырулары қажет. Жер-су комиссариатының баяндамасы бойынша қаулы шығаруға қаулы сайланады. Комиссияға мынандай орындардан кіреді. Жер-су комиссариатынан, ақша комиссариатынан һəм гүбірналардан бір адамнан. Халық ағарту комиссариатының баяндамасы (жолдас Зəлиұлы). Қазақстанда мектеп ісі. Қазақстанда 2,632 бірінші, екінші басқыш һəм коммуна мектептері бар. Осы мектептерде оқушы балалардың жалпы есебі 197,670. Жоғарыда көрсетілген мектептің 618-і қазақтікі, оқушының саны – 29,227. Қазақстандағы шаруашылық жайының ауырлығы себепті мектеп қызметкерлерінің тұрмыстары да өте ауыр. Еңбекақыларын уақытында ала алмай, бірнеше айларға созылады жəне орындарда олардың еңбекақыларын кеміткендері сезіледі. Халық ағарту орындарының жалпы қаржысы орындардағы қаржыдан ұсталғанмен де өте кем. Оқу ісіне ұсталып отырған қаржының саны орташа есеппен жалпы қаржының 25%. Бұл қаржы қазіргі біздің қажетімізге жетпейді, өте аз. Жақын арада алдымызда тұрған үлкен жұмыс – сауатсыздықты жою. Бізге 1,200,000 адамды хат танытып шығаруымыз керек (осының ішінде қазақ 800,000, орыс 400,000). Халық ағарту комиссариатының ұстап отырған жолы октябрь төңкерісінің он жылдық тойына шейін орыс арасында сауатсыздықты мүлде жойып, қазақ арасында 50%-ке шейін жою. Биылғы жылға көзделінген іс – Қазақстанда 1003 сауатсыздықты жоятын орын ашу еді. Іс жүзінде 887 орын ашылып отыр. Оқушылардың есебі 16,000 адам. Үкімет жəрдем бермесе, көзделген жобаның 26%-і жүзеге асырылмайтын көрінеді.
1924-1925 оқу жылдарына 1500 сауатсыздықты жоятын орындар ашуға ойымыз бар. Осының ішінен 500-і үкімет қаржысына һəм қалғаны орындарындағы қаржыға ашылмақшы. Балаларды жалпы тəрбиелеу. Жолдас Зəлиұлы айтады: «Бұл мəселе туралы халық ағарту қызметкерлерінің арасындағы екі түрлі көзқарас бар: бір жағы – бұл жұмыс жақын жылдардың ішінде істеліп бітпейді. Себебі – көп қаржы керек дейді. Екінші жағы – қалайда балаларды жалпы тəрбиелеу деген мəселені жүзеге асыруға болады» дейді. Халық ағарту комиссариаты жанында һəм оның бөлімдерінде комиссиялар ұйымдастырылды. Олардың міндеттері – мектеп жобаларын жасап шығару. Бұл мектептер қаржының ретіне қарай жүзеге асырылмақшы. Халық ағарту комиссариаты қазақ балаларының жатағы бар коммуна мектептерінде оқу жылы біткенше ғана оқыту мүмкін деген қорытындыға келеді. Сонда да оқудан қол үзбейді. Өткен жыл үкімет қаржысынан 18 коммуна мектебі, аймақтық қордан 7 мектеп ашылған. Келесі жылға əр үйезге бір коммуна мектебінен кем келмейтін қылып, 25 коммуна мектебін ашармыз деп шамалаймыз. «Жоғалсын сауатсыздық» қауымы. «Жоғалсын сауатсыздық» қауымынан жолдас Петров баяндама жасады. Қауымының ұйымдастыру жағының нашар бара жатқанын һəм жалпы халықтың сауатсыздықты жою ісіне аз назар салатынын айтады. Гүбірналарда ұйымдастырылу істерінің барысы көңілдегідей емес. Гүбірналық атқару комитеттері һəм гүбірналық оқу бөлімдері тиісті назарларын салмайды. Қостанай гүбірнесінде ұйымдастыру ісі декабрь ішінде басталса да, соңынан іс мүлде тоқталып қалған. Орынбор гүбірнесін есептемегенде, алдыңғы қатарда ісі тəуір жүріп жатқан – Ақтөбе гүбірнесі. Мұнда көп болмағанымен, бірқатар қауым ісінің жемісі көрінеді. Орынбор гүбірнесінде 557 мүше һəм 19 ұйым бар. Келешекте қауымның ұйымдастыру ісіне назар салу керек. Қауым қараңғы ауылдардың ішінде жалпы көптің күшімен ғана өзінің тамырын жая алады. Айтыс. Баяндама туралы шыққан жолдастар гүбірнелерде сауатсыздықты жою ісі өте нашар, жоқтың қасы һəм істі жүргізуге де болмайды дейді.
Себебі оқу құралдары жоқ. Көбінесе қазақ əліппелері жоқ. Халық ағарту комиссариаты гүбірнелерге оқу құралдарын таратуға тырыспайды. Екінші, оқытушылардың тұрмыстары өте ауыр. Қай бір жерлерде оқытушылар 3-5 сом алады. Оны да уақытында ала алмайды. Мектептер ауыл қауымдарының қаржысына көшуі қай уақыттарда іске кедергі де келтіреді. Елдің жуан жұдырық байлары оқытушыларды өздеріне қарай бұрып, біздің мектеп жайында қолданып отырған саясатымызды бұздырады. Мектептерде оқушылар сұрыпталып, жарлы балалар ғана алынбай, жуан жұдырық байлардың балалары кіріп кетіп, жарлының балалары мектеп тысында қалатындары да бар. Жолдас Меңдешұлы оқытушылардың тұрмыс жайына тоқтап, оқытушыларға орнықты ақы белгілеу керек. Осы белгіленген хақтан оқытушылардың ақылары төмен болмас деймін. Қорытынды сөз. Жолдас Зəлиұлы қорытынды сөзінде қаржының жоқ нəрсеге ұсталмай, тиісті орнына жұмсалатынын айтады. Ақша бөлінген уақытта жарлы гүбірнелер еске алынады. Гүбірнелермен қатынас нашар деген сөздері онша маңызды емес, халық ағарту комисcариаты биылғы жылы барлық гүбірнелік оқу бөлімдерінің баяндамаларын тыңдап өтті. 8 мың қазақша һəм орысша кітаптар таратылды. Тағы да толықтырылмақшы. Оқушыларды сұрыптап алу ісіне де назар салынды. Биылғы жыл орталық мектептер қаралып өтті. Байлардың балаларын шығарып, олардың орындары жарлыларға алынып берілді. Орал гүбірнелік атқару комитетінің баяндамасы (жолдас Киселев). Гүбірненің жалпы халы. 4 жыл ұдайы гүбірне аштықпен алысып отыр. Шаруашылық өте күйзелді. Халықтың саны азайды. Мысалы, 1915 жылы 105,000 шаруа бар еді. Қазір 73,000 қалып отыр. Егіс жері 1923 жылда 40,000 десятинадан 128,000 десятинаға шейін кеміп отыр. 1924жылы мұнан да кеміді. Себебі –тұқым жоқ. Мал өсіру ісі өркендеп келеді. Бірақ əлі əлсіз. Уақ малдың саны ірі малға қарағанда тез өсулі. Түйенің саны көп кеміді.
Ауыл шаруашылығының күйзелуінің екінші себебі – қаржының аздығынан қоныстандыру ісінің нашар жүріп отырғандығы. Гүбірнеде едəуір аштар бар. Биылғы егіннің шығысы да нашар. Жалпы тұрмыс жайы нашарлап барады. Губатком ауыл шаруашылығын алға бастыруға қамданып жатыр. Бірақ қаржының кемдігі кедергі қылады. Гүбірналық атқару комитетінің қарамағында екі тері, бір механический һəм бір кірпіш зауыты бар, бір шұға һəм 250 жұмыскер істеп жатқан жүн фабрикасы бар. Бұл өндіріс орындары азын-аулақ пайда келтіріп істеп жатыр. Үкімет пайдасына істеп отырған үлкен өндіріс орындарында (жер май, балық, тұз һəм диірмен) 3 мың жұмыскер істеп жүр. Бұларды басқарып отырған мекемелердің қашық болған себепті өндіріс орындары нашар күйде. Гүбірнелік атком өз қарамағына алуға ізденіп отыр. Гүбірненің сауда обороты 15 миллионнан 1,750 сомға шейін кеміп отыр. Кооператив һəм үкімет саудасы өте күшсіз. Бұларға түсетін сауда обороты (6%) алты-ақ процент. Халық ағарту ісінде оқу жасындағы 80 мың балалардан 15% қана оқып отыр. Мектеп һəм балалар үйі қағаз бетінде ғана. Оқушылардың тұрмыстары нашар, қаржы аз беріледі. О да уақытында тимей, 2-3 ай өткен соң беріп алынады. Денсаулық жұмысында бірінші кем жері – қазақ қызметкерлерінің жоқтығы. Ауылға қарағанда қала халқы жəрдем алып тұрады. Гүбірнеде жыл сайын чума һəм безгек аурулары болады. 2,860 кəсіпсіз адам бар, көбісі кеңес қызметкерлері. Қазір, ауыл шаруашылығына араласқаннан бері кəсіпсіздердің саны азайды. Жергілікті қаржы 500,000 сом кем көрсетілген. Кемісін тексеріп, ретке қойғаннан кейін 318,000 сомға дейін азайтылды. Қаржының кіріс жағы 84%-ке толықтырылды, шығыс жағы – 62%- ке, бірыңғай шаруа салығы 87%-ке жиылды. Салық ісі соғысқа шейінгі уақытпен салыстырғанда көп кеміді. Халықтың жартысы салықтан құтқарылып отыр. 1924-1925-жылдардың бірыңғай шаруа салығының негізі. 1923-1924 жылдарда жиылатын салық бірінші апрельге шейін 85%-ті жиылды. Толық жиылмаудың себебі – қанағаттандыратын егіннің шығысының болмауы. Салықты төлемегендердің көбі – жарлы жағы. Салықтың 83%-ті ақшадай жиналып отыр. 1924-1925 жылғы салық.
Алдымен қос салық салу ісі жойылды. Бұрынғыдай барлық жыртылған жерге салық салынбай, шашылған жерге ғана салынады. Шабындық жерге салынбайды. Өткен жылы бір артық мал, я десятина жер болса, салық балық шаруашылығынан жоғарғы нормамен алынушы еді. Қазір артығы болса, ол уақытта сол артығынан ғана жоғарғы нормамен алынады. Бұл қолданған жолдың малдың өсуіне көп пайдасы бар. Түйе малын өсіру. Түйе малы кеміп барады. Өткен жылы екі ат бір түйеге есептелуші еді. Қазір екі түйе бір атқа есептеледі. Айтыста. Екі жолдас шығып, заңның кеміс жерлерін көрсетіп өтті. Қаулы. Қазақстанның жалпы жайы 1923-1924 жылдарда жиылатын салық уақытында қолайсыз болғандығын көрсетеді. Ақша комиссариатының недоимка жайындағы қаулысы алда тұрған салыққа қолайлы болатындығын көрсетеді. Жаңа салықтың егін шашуды, мал өсіруді өркендетуге һəм ауыл мен қаланы жақындастыруға көп пайдасы барын көрсетеді. Сессия гүбірнелік атқару комитеттеріне тапсырады. Болыстық комиссиялардың қалған салықтарды жию ісін жылдамдатуға берілген күтесі һəм скидкелерімен халықты таныстырып, оларды төлетіп бітіруге. Қазақстан орталық атқару комитеті орталық үкіметтен Қазақстан жалпы комиссарлар кеңесіне əрбір гүбірнелерден алынатын салықты һəм қосымшаны ретіне қарай өзгертуге құқық алып беруге ізденсін.
ҚАЗАҚСТАННАН ТЫС ЖҮРГЕН ҚАЗАҚТАРДЫҢ ХАЛЫ Сарытау гүбірнесі, Ну өзен үйезінде бес мыңдап қазақ бар. Бұл қазақ Бөкей гүбірнесінен һəм Орал гүбірнесінен мұқтаждық бойынша əр түрлі кəсіп етіп, тамақ асырауға келіп, Ну өзен үйезіндегі байларға жалданып, малшы болып, мал бағып, қызмет етіп, сіңіп кеткендер. Бұлар бір сырыпасы 1922-ші жылғы ашаршылық уақытында тамақ асырап, күн көру үшін келіп, елдеріне қайта алмай қалғандар.
Бұлардың көбі далада, орыстардың орталарында мал бағып, халы тəуірлері егін салып отырады. Тұрмыстары бек нашар, қай отарда жерден қазған нашар үйлерді көрсек, олар даусыз қазақтыкі болмақ. Былтырғы жылы бұлар қала болғалы бір-екі-үш жерге жиылған екен. Бірақ өңшең кедей кəсіпсіз жиылып тұра алмай, биыл тағы да бұрынғысынша орыстарға малшы болып кетулі, араларында еш ағарту қызметі жоқ. Кеңес үкіметі болғалы Ну өзен, Алғай сияқты қалаларында болмаса, ешбір үгіт-насихат кеңес үкіметінің жолымен таныстыру реті болмаған. Араларында əліпті таяқ деп білетіндері жоқ деуге сияды. Бұларға қалалардағы орыстардың көзқараулары бек жақсы. Бірақ бұлардың ішінде қызмет етуге қазақтан еш адам жоқ. Сондықтан баяғы надандық күйінде қала берулі. Жуық арада бұлардың ішіне барғанымда мынандай сауалдар берді: «Біз осы надандық күйімізде қала береміз бе? Əлде бізге Қазақстан азаматтары көздерін салып, біздерге жəрдем қолын созып, надандықтан құтылуға себепкер бола ма?», – деп. Бұған мен: «Əрине, берілер. Қазақстандағы азаматтар көзінің қырын салар», – деген жауап беріп кеттім. Бұл сөзге үлкен көтеріліп қалды. Бұдан кейін Ну өзеннің аудандық партия комитетіне барып сұрастырғанда олар да: «Қайтелік, қызмет ететін кісіміз жоқ. Бізге қызметкер кісілер кітап, газета-журналдар жіберіңіз» деген өтініштер айтты. «Мен айтып қарайын, жəрдем етер» деген сөзбен мен кеттім. Ендігі менің тілегім: сол Ну өзен үйезіндегі жалпы қазақ бауырларымызға Қазақстанның Орталық мекемелері көздерінің қырын салып, жəрдем қолын созып, надандықтан құтылуларына себепкер болып, тиісті жол көрсетіп тұрса екен. ҚАСАҚАНАЛЫҚ ПА, ҚАСТАНДЫҚ ПА? Біздің Шалқар үйезінде кеңселерде қазақ тілі бірінші майдан бастап жүре бастады. Үйез мекемелерінде қазақ тілі жүргізіле басталса да, гүбірнадан қазақша бір қағаз келген жоқ. Мысал үшін гүбірналық санақ бөлімін алуға болады. Гүбірналық санақ бөлімі қазақша қағаз жіберу орнына «істі орысша жүргіз» деп бұйырады. Шалқардың үйездік санақ бөлімінің бастығы Əлімбаев жолдас гүбірналық
санақ бөлімінен 10-май, №225 нөмірлі қатынас қағазымен «Қазақша жақсы жаза білетін бір қызметкер алуға рұқсат бер» деп сұраса, гүбірналық санақ бөлімінің бастығы (орыс емес, қазақ) Нұрмұхамбетұлы табанданып тұрып, Əлімбайға орысша бұйрық жазады (29-май, қатынас қағазының нөмірі 1300). Бұйрықтың қысқаша қорытындысы мынау: «Адам алуға рұқсат етілмейді. Гүбірналық санақ бөлімінің жалғыз саған ақша беруі де қиын. Үйездік санақ бөлімінде бір-ақ адам болуға керек. Істі орысша жүргізу керек. Əліпбаев орысша жақсы біледі. Сондықтан істі қазақша жүргізуі тиіссіз. Енді қағазды қазақша жазсаң, мықты сөгіс естірсің» деп жарты табақ қағаздың бетін толтырып, Нұрмұхамбетұлы шегендеп қол қойған. Нұрмұхамбетұлы басқа мекемелердің бəрін қазақша жүргізгенде, санақ мекемесінде де жүргізуге болатындығын ойламады ма екен? Нұрмұхамбетұлы жаратпайды деп жүргізіп жатқан істі тоқтатып, орысша жүргізуге болмайтындығын білмеді ме екен? «Қасқырдың қарақұлақ шамы» дегендей қазақша қолы жүрмейтін болса, қазақ тілін сүймейтін болса, жұмысты тастап, қарап жүру керек қой! Оған қарап көптің тілегін, үкіметтің декретін бұзуға болмайды ғой! Міне, орындарда қазақ тілі жүретін-ау (өз əлінше ептеп-ептеп болса да)! Бірақ осылай етіп, гүбірналардағы оқымыс азаматтар простой болғысы келмейді, бөгет жасайды. Дұрысында Нұрмұхаметұлынікі қасақаналық па, қастандық па? Қазақ тілін жүргізу комиссиясы есептесуі, сөйлесуі жөн. Болыстық, үйездік мекемелер қазақ тілін жүргізуге шамасынан келгенше тырысып жатыр. ƏЛІППЕ ТҮЗЕУ МƏСЕЛЕСІ ТАҚЫРЫПТЫ БІЛІМПАЗДАР ТОБЫНЫҢ ҚАУЛЫСЫ Қазақ-қырғыз білімпаздарының бас қосқан тобында айырықша бір мəселе болып қаралған – əліппе түзеу мəселесі еді. Баяндама жасаушы Байтұрсынұлы Ахмет болды. Бұл баяндамадан соң, қазаққа латын əрпін алу туралы қосымша баяндама болды. Мұны сөйлеген Төреқұлұлы Нəзір болды. Ахмет осы күнгі қазақ тұтынып отырған түрік əліппесін тастап, латын əліппесін аламыз деген пікірдің терістігін түсіндірді.
Қазақ əліппесінің баспа түрінің дара болып түзетілуі баспа істеріне де, үйрету жағына да қолайлы, өзге əліппені алудан оңай деп ыспаттады. Жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек деді. Латын əліппесін жалғыз-ақ даралық жағынан жеңілдігі бар деп, басқа жағынан кемшіліктері көп болып тұрғанда жəне латын əліппесін жүргізу жұмысы өте көп іс, көп күш керек қылатын болғанда оны алудан пайда жоқ деді. Ахметті жақтап талай шешендер түрлі дəлелдер келтіріп, мысалға: қаріп белгілерін, сан белгілерін, қаріп ұяларын, қаріпті жию, теру жеңілдігін алып, латын əрпін қолдануға қазір ерте, орыс халқы алмағанда біз неге аламыз, қаріпке қызығып, мəдениетімізден айырылмаймыз деген түрде қарсылық білдірді. Нəзір: біз латын қарпін қазаққа күшпен алдырғалы отырғанымыз жоқ. Əріптің сыртқы пішініне, ажарына қызығып, сəн үшін алғалы отырғанымыз да жоқ. Латын əрпі үйрену, жазуға тым пайдалы, жеңіл. Мысалы, бір газетке түрік əрпімен жазып шығаруға 15 пұт əріп, латын əрпімен 2 ½ пұт керек. Түрік əрпі үшін 174 ұя керек, латын əрпіне 44 ғана ұя керек. Жазу жеңілдігін алғанда да осылай қолайлы. Түрік əріптерінің біреуі 4 түрлі, латындыкі бір ғана түрлі. Мəдениеттің жаңалығы халықтың пікіріне қарап, ілгері кетпей тұра алмайды. Латын əрпін қазір алам, үйренем деушілерге бөгет болмасқа тиіс. Қашан латын əрпін қолданғанша 10 жыл, 50 жыл, 100 жыл болар, онан да арман кетер. Бірақ мектептегі оқушыларға таныстыру үшін осы бастан қазақ əліппесінің соңынан тіркеп, бірекі əңгімелерін латын əрпімен жазып (немістерше), балалардың көздерін үйрете беру керек. Қазақ əдебеиетіне де, мəдениетіне де, əрпіне де бұдан келетін түк зиян жоқ. Кемшіліктер де жоқ. Түрік халқының 25 жылдан бері жөнді жасай алмай келе жатқан жазба машинасы да латын əріптеріне мұқтаждықты көрсетеді. Нəзірдің де сөзін қуаттап, бірсыпыра шешендер шықты. Ақтығында мəселе дауысқа қойылып, латын əрпін қолдану тақырыпты жақтаушылардың да, қарсы шығушылардың да дəлелдері тым толық емес. Бұл сиезден кейін, екі облысты жəне қатыспаған басқа қарақалпақ, құрама, Астрахань қазақтарын ішке алып, толық сиез тағы шақырылу мүмкіндігі барлығын еске алып, əзірге əдебиет, баспасөз жүзінде еркін талқыға салып, көптің пікірін білу қажет
табылып, бұл мəселенің түйінін шешуге Қазақстанның халық ағарту комиссариатына тапсырылды. Сонымен мəселе ашық қалып, тиянақты қаулы бұл сиезде де шығарылған жоқ. Екі жақтың да сұрауы бойынша латын əрпін алып, алмаймыз деген туралы осы сиездің көзқарасы керек деп, Ахмет пен Нəзірдің жобалары дауысқа түсті. Нəзірге 9 дауыс, Ахметке 8 дауыс берілді. АҚМОЛА ҮЙЕЗІНДЕ ОҚУ ЖҰМЫСЫ 1923-жылдың күзінде, Ақмола үйезінде қазақ арасында 32 мектеп ашылды. Қалада 4 мектеп ашылды. Орыс мектебі қаладағы, даладағысын қосқанда, барлығы 83 мектеп болды. 1923-жыл, 20-июньде болған халық ағарту қызметкерлерінің жиылысының: «Орысқа қарағанда қазақ арасында мектеп көп ашылсын» деген қаулысы болған еді. Əрине, бұл орыс тұрсын, қазақ жүрсін дегендік емес, қазақ қалқының жалпы сауатсыздығын еске алғандық болатын. Ақмола үйезі сықылды қазағы көп жерлерде, болыс басы бір мектептен болмауы жоғарғы қаулының қағаз жүзінде ғана қалғанын көрсетеді. Ал енді сол ашылған мектептер жайында сөйлегенде де ауыз толтырып айта қалғандай ешнəрсе жоқ. Кемшіліктері өте көп. Мысалы, оқу құралдарының кемдігі, жетіссіздігі; мектепке арналып салынған лайықты үйлердің жоқтығы; мұғалімдердің білімдері шамалы, дүмшелілігі; болыс, ауылнайлардың оқу жұмысына қарастарының нашарлығы, салқындығы; мұғалімдерді жетектеп, жол көрсетіп, жөн істеп отырған күшті (білімді) нұсқаушылардың болмауы, болғандарының лайықты еместігі. Мысалға, біздегі М.Келметұлын алуға болады. Өзі татар, қазақша-орысша білмейді. Бұл байқұстың мұғалімдерге нұсқау беру түгіл, өзінің түк нəрседен хабары жоқ. Солай болған соң оған өкпе де болуға тиіс емес. Өкпені ағарту бөлімінің қызметкерлеріне артуға болады. Олардың бір лайықты кісі тауып қоюлары керек қой! Айтылғандай кеселдерді жойып, ағарту жұмысын алға бастыру ағарту бөлімі, басқа да тиісті мекемелердің қол ұшын берулері – кезектегі міндеті. Мұны, əсіресе, ағарту қызметкерлері ұғыну керек.
ҚАЗАҚША ПƏН СӨЗДЕРІ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫ Қазақша пəн сөздері жайынан баяндама білімпаздар тобының 4-ші кезекте тұрған мəселесі еді. Бұл мəселе тақырыпта сөз сөйлеген Омарұлы Елдос. Баяндаушының һəм басқа шешендердің сөздерінен шыққан ұсыныстардың бəрі жеке-жеке қорытылып, топтың дауысына салынғаннан кейін, төмендегі түрде қаулы шығарылды. Жат сөз қазақ тіліне сіңіп кететін болуы үшін Омарұлының баяндамасында көрсеткен қазақ тілінің тоғыз түрлі заңы негіз болып алынсын деді. Ол заңдар мыналар. 1. Қазақ тілінде үндестік заңы бар. Қазақ тілінің үндестік заңына келмейтін сөздер де жоқ емес, соны айтып үндестік заңын қолдануға қарсы болып жүрген азаматтарымыз да бар. Үндестік заңына келмейтін сөздердің бəрі де қазақтың өз сөзі емес, қазақ тіліне кіріп кеткен жат сөздер. Үндестік заңына келмейтін қазақша сөз түрі жалғыз-ақ «нікі», «дікі», «тікі»-мен жалғанып айтылатын түр. Қазақ тілінде үндестік заңы бар екеніне осы «нікі»-ден басқа қарсы дəлел жоқ. Дұрысында ешбір тілде де тастай қатқан тұрлаулы заң болмайды. Бір заңның күшімен екінші заңға бағынбай кететін сөз түрлері болмай қалмайды. Ондай заңға келмейтін бірен-саран сөз түрлерінен ол заңды жоққа шығару, я ол заң жоғалуға бет алған деп жору қате. Қазақ тілінде үндестік заңы бар екені рас болса қазақ тіліне кіргізген жат сөздердің бəрін де сол заңға келтіріп алу керек. Сөздің ішіндегі дыбыстарының бəрін де бірыңғай жіңішкертіп, я бəрін де жуандатып алу керек. 2. Қазақ тілінде жұмсақ «Ə» сөздің бас буыннан басқа буындарында болмайды. Əсіресе, сөздің соңғы буынында жұмсақ «Ə» болмайды. Бұл – үндестік заңының салдарымен болған қазақ тілінің айрықша бір қасиеті. Қазақ тілінде «Мəриə», «Кəмилə» сықылды соңғы буында жұмсақ «Ə» бар сөздер де жоқ емес. Бірақ ол сөздер арабша оқыған молдалардың зорлап кіргізген сөздері. Мұндай сөздердің ерсі жері – бұларға жалғау қосып өзгерткенде, бұлар қазақ тілінің сөз жүйесінше өзгере алмайды. «Кəмилə»- нің өзі жұмсақ болғанымен, мəселен, барыс жалғауы қазақша сөз жүйесінше «Кəмилəге» болмайды, «Кəмилаға» болады.
Қазақ тілінің мұндай сөздің бас буынына басқа жеріне жұмсақ «Ə»-ні сидырмайтын қасиеті болған соң, бас буыннан басқа буындарында жұмсақ «Ə» -сі бар сөздегі «Ə»-ні өзгертіп, я «Е», я жуан «А» қылып алу керек («Əдəбиəт» «Əдебиет»). 3. Қазақша сөздерде «О» дыбысы бас буындарда ғана болады. Басқа буындарында «О» дыбысы бар «бейнетқор», «қамқор» сықылды сөздер оның аяғында «қор» деген жат жұрнақ болғаннан ғана болып отыр. Тілімізде «О» дыбысы бас буыннан басқа жерде тұра алмайтын болған соң, бас буыннан басқа буындарында «О»- сы бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, «О»-ны басқа бір дауысты дыбыстарға айналдырып алу керек (Покров-«Боқырау»). 4. Қазақша сөздің аяғы «Ғ», «Г», «Д» болып тынбайды. «Қ», «К», «Т» болады. Ондай сөздерге дауысты дыбыспен басталатын жұрнақ, жалғаулар (жіктеулер) қосылып, «Қ», «К»-лар («Т» емес) екі дауысты дыбыстың арасына түссе (олардың алдындағы дыбыстары да дауысты болса), «Ғ», «Г» болып өзгереді. Бірақ «Т», «Д» болып өзгермейді. Аяғында ондай дыбыстары бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргенде, сөз аяғындағы «Ғ», «Г», «Д»-ларын «Қ», «К», «Т», қылып алу керек. Бұл дыбыстардың алдындағы дыбыстары дауысты болғанда, артынан жəне дауысты дыбыс жалғанса: «Қ», «К»,-лер «Ғ», «Г» болып өзгеретін болып, «Т» өзгермей сол күйінде қалатын болуы керек. Ондай сөздің аяғындағы «Қ», «К»-лердің алдындағы дыбыс дауысты болмаса, ол сөздерге дауысты дыбыспен басталатын жалғау, жұрнақтар жалғанғанда да «Қ», «К»-лер өзгермейтін болуы керек. Я болмаса сөз аяғындағы «Ғ», «Г», «Д»-ларды мүлде жоғалтып жіберу керек («Оренбург»- «Орынбор»). 5. Қазақ тілінің үздіксіздік заңы бар: қазақша сөздің ішіндегі дауысты дыбыс алдындағы дауыссыз дыбыстан айырылып, онан кейінгі буынға шыға алмайды («Қарағай»-«қар-ағ-ай» болып үзіліп буындала алмайды). «Мəс-ле» сықылды үзіліп қалатын сөздер де қазақ тілінде болмайды жəне бір сөздің ішінде арасына дауыссыз я жарты дауысты дыбыс салмай, екі дауысты дыбыс қатарынан келмейді. Үздіксіздік заңына келмейтін жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде өзгертіп, үздіксіз қылып алу керек («мəс-ле»=»мəселе», «мүмин»= «момын»). 6. Қазақша сөздің екпіні соңғы буында болады. Сондықтан екпіні соңғы буыннан басқа буындарда болған жат сөздерді
қазақшаландырғанда екпінін соңғы буынына келтіріп алу керек («Бөкебай»-«Пуховой», «Самар»-«Самара»). 7. Қазақша сөзде бір дыбыс қосарланып келмейді. Сондықтан дыбыс қосарланған жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде қатарынан екі айтылатын дыбыстың біреуін я мүлде жоғалтып жіберу керек те, я болмаса орнына басқа бір дауыссыз дыбыс кіргізіп алу керек («Алла»-«Алда»). 8. Қазақ тілінде өзінде жоқ дыбыстардан тізілген сөздер болмасқа керек. Ішінде жат дыбыстары бар жат сөздерді пəн сөз қылып алғанда оның жат дыбыстарын шығарып тастап, орнына қазақша дыбыс кіргізіп алу керек. Жат дыбыстардың əрқайсысына алдын ала қазақ дыбысын арнап көрсетуге болмайды. Ретіне қарай, мəселен, орысша «В» қазақша «У», «П», «Б»-болып өзгеруі мүмкін; «Х» дыбысы қазақша кейде «К», кейде «Қ» болып өзгеріп, кейде мүлде жоғалып кетуі де мүмкін. 9. Қазақ тіліне кірген жат сөздер түбір сөз есебінде алынып, қазақ тілінің заңдарынша өзгеретін болуға тиіс. Жат сөзді жат жұрнағымен алуға болмайды. Жұрнағымен кірген сөз болса, оның сол жұрнақты түрін түбірге балап алу керек», – дейді Елдес. * Бүтін дүниедегі қауымға бірдей жүріп кеткен пəн сөздері бізге де бір болып алынсын. Сол бүтін дүниеге жүріп кеткен пəн сөздерінен дəлме-дəл келіп тұрған қазақ сөзі болса, сол қазақ сөзімен ананы жарысқа қойғанда, қайсысы өтерлігі ашық мəлім болмаса, өмір жүзінде жарыстырып, екеуі қатар жазылып қойылсын. Пəн тілі, ең əуелі, қазақ халқының сөзінен ізделсін. Онан табылмағаны басқа түрік қауымдарының сөзінен ізделіп, табылғаны жатырқаусыз алынсын. Жат қауымнан пəн тілін алғанда қазақ тілінің заңына бас идіріп, бұрылып алынсын. Пəн сөзін белгілеп, тексеріп отыратын, оны заң күшіне асырып, жүзеге шығаратын орын бүтін қазақ-қырғыз халқында жалғыз ғана болсын. Пəн сөзін тексерушілер əр пəнге арнаулы секцияларға бөлініп, сол пəндердің мамандарынан құралған болсын. Секциядағы мамандар өздерінің алатын пəн сөздерін халыққа жариялап, талқыға салып, əбден қолайлы тапқаннан кейін білім кеңесінің алдынан өткізіп, заң күшін беретін тиісті орнына тапсырылсын.
Пəн сөзін табу, оны халыққа жариялау, ол турада білімділердің пікірін сұрау – секциядағы мамандардың міндеті болсын. Ғылым кеңесі керек деп тапса, басқа ұлттардың да мамандарын шақырып алып, ғылыми пікірлерін алсын. Қазақтың тілі реттеліп, жиналып, лұғат кітабы шығарылсын. Оқу, ғылым кітабын жазғандар кітаптарының аяғына пəн тілдерін реттеп, жазып қойсын. Бұрыннан əке атының аяғында қосылып жүретін «ов», «ский», «ы» сияқты орыс пен арабтың сөзі қолданылмасын. Кісіні шақырғанда, сөз сұрағанда қазақ тілінің заңы бойынша тура өз аты аталсын. Кітаптың сыртына жазғанда, ресми қағаздарға қол қойғанда, документ қағаздарға тіркегенде əуелі əкесінің аты, сонан соң өзінің аты қойылсын. Əкесінің атынан кейін «ұлы-қызы» сияқты білдіретін сөздер жазылсын. ҚАРАШЫҒАНАҚТА 23-ші июнь. Биыл су жөнді тасыған жоқ. Сондықтан шөптің шығысы нашар болды. Күн ыстық, жауын жоқ. Астықтан үміт жоқ. Бұдан былай жауын болып, сабан тарысынан бірдеме болмаса, халық күдер үзіп, қол сілкіп отыр. Астық қымбат, мал арзан. Ұнның пұты 4-5 сом, қойдың бəсі де сол. Тарының пұты 2 ½ сом. Сиырдың барып тұрағаны 40-30 сомнан аспайды. Кооперация, артель, коммуна сияқты шаруашылық ұйымдары жоқ. Қарашығанақ кедейлері ондай ұйымдардың атын да жөнді білмейді. Бұл аткомда іс қазақ тілінде жүреді. Үйезде қазақ тілі жүрген жоқ. Жүргізуге ыждағаттары да кем. Болаткомнан іс қазақ тілінде барады, болаткомнан орысша келеді. Үйездік ағарту бөлімінде де қазақша іс атқаратын бір хатшы жоқ. Үйездік жəрдем комитетінің бір дүмше хатшысы бар. Ағарту бөлімі керек уақытында қағазды соған жаздырып алатын көрінеді. Міне, ағарту бөлімінің жəрдем комитетінің хатшысына беделін салып, қысқа уақыттық курс бастығына жаздырып жіберген қатынас қағазының көшірмесі: Мұгалемский курс бастығына: Ағарту бөлімі командировать етеді Қарашығанақ школынан интернат мұғалем Молахметов оқуын ұзайтуға.
Халық бөлімінің бастығы: Айшуақов. Халық бөлімінің хатшысы: Сүлейменов (жорта өз емлесімен жазылған). Қазақ азаматтарының көбі орысша оқыған. Сондықтан қазақша жаза білмейтіндері рас. Бірақ «Шындап жыласа, соқыр көзден де жас шығады» дегендей, шындап қазақ жүргізейін десе, ел ішінен қазақша жақсы жаза білетін, талай мұғалімдерді табуға болады. Осы күнге шейін үйездік мекемелердің қазақша бір-бір хатшы алмай отырғаны мықты жөнсіздік. Қарашығанақта оқу-оқыту жұмысы нашар. Үкімет тарапынан ашылған (жалғыз Қарашығанақтағы балалар интернатынан басқа) бір мектеп жоқ. 1923-жылдың аяқ кезінде Қарашығанақтан 50 балалық интернат ашылған. Бұл интернаттың да халы көп күйлі емес. Жалғыз үйі (бұрынғы болысной школ) болмаса, киім, төсек-орын жəне тамақтары жеткіліксіз. Оқу құралдары кем. 5, 8, 9-шы ауылдарда елдің өз күшімен ашылған мектептер болса да, оқу құралы кеміс, мектеп үйлері жайсыз болғандықтан көңілдегідей жеміс күтуге болмайды. Болыс қол астында оқу жасындағы кедей балаларының саны 200-ден астам. Ел үкіметтен осы балалар үшін 50 балалық (интернат жанынан, қазына есебінен) мектеп ашуға сұранбақ ойлары бар. Сөйтіп, жалпы елдің оқу оқыту ісіне ынталары күшті. «Жалғыз-ақ тоны келте, қолы қысқа» дегендей шаруа күйзеулігі еркіне жібермейді. Қазақстанның бас ағарту мекемесі елдің бұл тілегін еске алып, іске асырса, өте оңды болар еді. ҚАЗАҚ БІЛІМДІЛЕРІНІҢ СИЕЗІНДЕ ЛАТЫН ҚАРПІ Үстіміздегі июньнің 12-18-не шейін Орынборда болып өткен қазақ білімділерінің сиезінде əліппе жайында Байтұрсынұлы Ахметтің баяндамасы болды. Латын əліппесін алу туралы Төреқұлұлы Нəзірдің қосымша баяндамасы тыңдалды. Ахаң баяндамасында «Жақсы əліппенің қасиеттері: жылдам жазу жағынан, бала оқытқанда қаріптері бөлек-бөлек оңаша тұрып көзге түсуінен, жазбасына баспасы ұқсастығынан, тағысынтағыларынан болады» деді. Əр елдің əліппелерімен, оның бер
жағында латын əліппесімен салыстыра келе, «осы күнгі қазақ əліппесінен жақсы жер үстінде əліппе жоқ» деді. «Латынның керегі жоқ, маңымыздағы ел жазбайды. Өлген латын тілін тірілте алмаймыз. Латынның бізге қажеті жоқ. Латынды ауызға алу еріккендік. Латыннан анағұлым əліппеміз тұрғанда, босқа латыншыл болудың керегі жоқ. Əліппеміздің кемшілігі: бір қарпінің өзі үш-төрт түрлі жазылулы, басқанда да қосылып кеткендігі. Біздің қаріптеріміз дараланса, кемшіліктің бəрі жойылады», – деп осы сықылды əдемі, сырлы сөздер сөйледі. Латыншылдар жағынан сөйлеген азаматтар Нəзір мен Қазақстан баспасөзінің қазақ бөлімін басқарушы жолдас Қазанғапұлы. Нəзір жолдас латын аламыз деушілердің негізгі дəлелдерін көрсетті де, жолдас Қазанғапұлы екі əліппенің техника жағынан артықшылық-кемшіліктерін салыстырды. Қазанғапұлы жолдастың анық санағы, күндегі Орынбор баспасөзінің тəжірибесіне, ісіне қарағанда, екі əліппенің техника жағынан арасы аспан мен жердейлігі білінді. Мəселен, бір баспа табақ қағазды қазақ тілінде араб қарпімен басып шығаруға 13-14 пұт қаріп керек; латынша 2 ½ -3 ¼ пұт қаріп керек екен. Бір пұт арабша қаріп құйдыруға 80 сом кетеді екен; бір пұт латынша қаріп құйдыруға 39 сом бірнеше тиын кетеді екен. Сонда қазақша бір табақ басу шығыны латынша жеті табақ басуға жетеді екен. Бұл – пұл жағынан. Ал, жұмыс жағынан да араб əліппесі латынның шаңына ере алмайды екен. Өйткені машинаның бəрі солдан оңға қарай жүреді. Латынша солдан оңға қаріп тізіліп, машинаның ыңғайына көшеді екен. Арабша оңнан солға тізіліп, машина саларда машинаның ыңғайына қарай қайта аударғанда бірқатар терілген қаріптер ыдырап кетіп, еңбек босқа кетеді екен. Кітапты беттегенде латынша терілген кітапты жай ақ қағазша бүктей салса, бетіне беті сəйкес келіп, орнына түсе қалады екен. Арабша терілген олай оңай бүктеуге келмейді екен. Осы күнгі қазақ кассасында 178 ұя бар екен. Латын əліппесін алса, қазақ кассасында 48 ұя болады екен. Осы сықылды іс жүзіндегі пұл мен күшті сақтау жағынан Төреқұлұлы мен Қазанғапұлының келтірген дəлелдерінің ұшы-қиыры жоқ. Əліппе туралы күнжарым айтыс болды. Сиез аса ықыласпен тыңдады. Ақырында латынға қарсылар: араб əліппесін латындікіндей даралап береміз. Сөйтіп кемдігін жоямыз. Мұнан былай
латын ауызға алынбасын деп, сиезге ұсыныс кіргізді. Латыншылдар: латының негізіне қарсы болмай, қалай бірте-бірте жүзеге асыруы өңдеуге берілсін деп жұпыны ұсыныс кіргізді. Ең болмағанда латын əңгімесін өңдеп, жүзеге асыру жағынан пікірін тиісті мекемеге тапсыруына Қазақстан оқу комиссариатына тапсырылсын деді. Дауысқа салынғанда латыншыл, латынға қарсы дауыстар тең болып шықты. Қазақстан оқу комиссары, сиез мүшесі жолдас Зəлиұлы сиезде бола алмай, қағаз арқылы дауысын латынға беріп жіберіпті. Сөйтіп, жолдас Зəлиұлының дауысымен сиезде латыншылдар бір дауысты артық алған болды. Латын мəселесін өңдеп, дұрыстап қарастыруға сиез Қазақстан оқу комиссариатына тапсырды. Латын ауызға алынбасын деген сөз далада қалды. Латыншыл еместердің араб қарпін даралап береміз, жазбасынан баспасын айырамыз деген ұсынысы бір артым дауыспен өтті. Сөйтіп, латын мəселесін оқу комиссариаты өңдеп, дұрыстап шыққанша, латынға қарсылар араб əліппесінің жыртылған жерін жамай тұрмақшы. Жамауға инесі мен жібі табылу-табылмасы екіталай. Өйткені, инесі мен жібі бізден мол түрік, Үндістан, Ноғай сықылды халықтар араб əліппесін жамап, даралап, 20 жылдан бері əлі іске асыра алмай келеді. Сиездегі тыңдаушы жастар латын жағында болды. Бұрын латынға қарсы болып жүргендердің біразы Нəзір мен Қазанғапұлының сөздерінен соң, латынға қосылды. Латын іске асатыны сиезде анықталды. БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖОБАСЫ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫ Бұл да қазақ-қырғыз білімпаздар тобының жеке қараған мəселесі. Баяндама жасаушы Шонанұлы Телжан болды. Шонанұлы програмның қай түрде жасалуын айтып, сан мен өлшеу жөніндегісін талдап оқып шықты. Мектеп жобасына жататын түрлі оқу кітаптарын жеке талдап оқымай, жалпы жай айтылса екен, програмды асықпай отырып тексеріп, сынайтын комиссия құрылсын деп ұсыныс кірді. Топтың ырзашылығы мен жұмыс мектептердің түрін қарайтын (бұрын сайлаулы) комиссияның қарауына тапсырылды. Комиссияның қаулысы:
Комиссияда қаралған жұмыс мұғалімдер даярлайтын техникумдар мен институттар програмдарының негізі, пысықтауыш қысқа курстар жайында: 4 жылдық бастауыш мектептің программасы; І Мұғалімдер даярлайтын техникум: 1) Қазақтың бастауыш 4 жылдық мектептеріне мұғалім даярлау үшін техникумдар болсын. 2) Барлық қазақ техникумдарының програмы бірөңкей болуы керек. 3) Оқу ана тілінде болады. Шарасыз кезде жоғарғы бөлімдерінде оқу орыс тілінде де жүргізуге тоқтау болмасын. 4) Мұғалімдер даярлайтын техникумдар програмы мұғалімдерді ғана əзірлейтін болып арналып жасалуы керек. 5) Техникумдарда оқу ұзақтығы негізгі бөлімдерінде төрт жыл болады. Бұл төрт жылдың алдыңғы екі жылында жалпы ғылымдар оқылып, соңғы екі жылында мұғалімдік ғылымдарға бейімделеді. 6) Техникумдарға 4 жылдық мектептерді бітіргендер кіреді. 7) Техникумдар жанында негізгі бөлімдерден басқа екі жылдық уақытша əзірлеуші бөлімдер болады. 8) 4 жылдық бастауыш мектепті толық бітірмей келгендер сыналып, техникумның бірінші, екінші əзірлеуші бөлімдеріне кіреді. 9) Техникум əр гүбірнеде біреуден болсын. Мүмкін болса, үйездерде де болсын. ІІ Мұғалімдер даярлайтын институттар: 1) 7 жылдық мектептерге мұғалімдер даярлау үшін институттар болады. 2) Барлық қазақ институттар програмы бірыңғай болады. 3) Оқу ана тілінде болады. Амалсыз кезде жоғарғы бөлімдерінде оқуды орыс тілінде жүргізуге бөгет болмасын. 4) Институттар програмы мұғалімдер даярлауға арналып жасалады. 5) Институтта оқу ұзақтығы негізгі бөлімдерінде 4 жыл болады. Бұл төрт жылдың алдыңғы екі жылында жалпы ғылым оқытылып, соңғы екі жылында мұғалімдік ғылымдарына бейімделеді. 6) Институттарға 7 жылдық мектептерді бітіргендер кіреді. 7) Институттар жанында төрт жылдық негізгі бөлімдерден басқа 2 жылдық уақытша əзірлеуші бөлімдер болады.
- 7 жылдық мектепті толық бітірмей келгендер сыналып, институттың бірінші, я екінші əзірлеуші бөлімдеріне кіреді. 9) Институттар үлкен өлкелерде болады. 10) Техникум мен инситуттардың осы түрлеріне арнап екі республиканың профобрлары програм жасап шығарады. ІІІ Пысықтауыш қысқа курстар: 1) Қысқа курстар тек 4 жылдық бастауыш мектептеріне оқытушылар дайындау үшін ғана болады. Мұнан соң еңбек мектептерінің түрлері қандай болуы кеңес болып, ақтығында комиссия мынандай қарарға келді: 1) Жалпы 4 жылдық мектеп қазақ арасында интернатсыз болады. 2) Жұмысшылар көп жерде, елі өте жарлы жерде, я бытырап, көшіп жүретін жерлерде мектептер (школа-коммуна) болады. 3) 4 жылдыққа жарамды мұғалімдердің кемдігінен кей жерлерде 4 жылдық орнына əуелі екі жылын бөліп ашуға да болады. 4) Отырықшы халықтың мектебі бір жерде тұрады, көшпелі елдің мектебі өзімен бірге көшіп жүреді. 5) Отырықшы елдің мектебінде оқу жалпы қалыпты уақытта болады; көшпелі, я қыстауы бытыранды, я там үйі жоқ елдерде оқу мезгілі жергілікті жағдайға қарай болады (қысқа, басқа кезде де болады). 6) Алдыңғы 4 жылдық мектептерді бітіргендер үшін жалпы ретте ел ішінде 7 жылдық школа коммунаның жоғарғы 3 жылдығы ашылсын. 7) Елдері жиі отыратын жерлерде алдыңғы 4 жылдықты бітіргендер үшін интернатсыз 7 жылдықтың соңғы 3 жылдығы ашылса да болады. ІV 4 жылдық бастауыш мектептің програмы (алдымен шама тілінің програмы) қаралды: 1) 1-ші жылдағы салмақ өлшеулері грамға айналды. Балалар бірінші жылдан метр өлшеулерімен таныссын. 2) 2-ші метр өлшеулерінің түрлерімен таныссын, жоғары-төмен санай білсін, – деді. Бұлардан басқа програм түзету кіргізілген жоқ, өзгесі қабыл алынды. Мұнан соң ана тілі програмы қаралды. Ана тілі програмының еш жері түзетілмей қабыл алынсын деді.
Мұнан соң тұрмыс жүйесі ғылымының програмы қаралып, сол күйінде қабыл алынды. Бірақ «ІV жыл аяғында қысқаша ауылының, болысының, үйезінің тарихымен таныстырылсын», – деді. Мұнан кейін табиғаттану програмы талдап қаралды. «Ұрық» деген сөз «дəн» болып жазылды, «томар» – шым-көң», «тұқым–жеміс» болып алынды, «бұлшық етті» тек «ет» деп алды. «Бүрге», «бит» қосылды. «Ми тамырының саласы» деген сөз білім кеңесінде қайтадан аталсын деді. Құспен танысқанда «бүркіт», «қырғауыл» қосылсын деді. Мазмұны өзгертілмеді. Мұнан соң жер тану програмы қаралып, талданды. «Айуанат – жануар», «Ресей» орнына «Кеңестер одағы» деген сөздер алынды. Жұлдыздар «Үркермен» толықтырылды. Мазмұны өзгерілмей жер тану програмы қабыл алынды. Сүгірет салу програмы тұтасынан қабыл етілді. Комиссия програмдардың негізін дұрыс деп тапты. Мазмұны тұрмысқа жуық, балаларға ұғымды, ауыр емес деп таныды. ҚАЗАҚ БІЛІМПАЗДАР ТОБЫНЫҢ ҚАУЛЫЛАРЫ Ауыз əдебиетін жинау жайында. (Баяндаушы Х.Досмұхаммедұлы) Халел өзінің қысқа баяндамасында əдебиет жинау үшін жержерде бір-бір адамнан сайланып, соларға бір ауданда жұмыс қылуды міндетті қылып тапсыру керек. Жиналған əдебиетті реттейтін жақсы қызметкерлер болсын, солар реттеп болысымен тезінен мемлекет баспасөз тарату бөліміне тапсырып, бастырып таратсын. Халық əдебиетін жинағанда анасы жақсы, мынасы жаман деп бағалап жинамай, қай түрін болса да жинау керек. Сиез халық əдебиетінің маңыздылығын, оған ақшаны аямай жұмсаудың қажеттігін айтып, қаулы шығарып кетсін, жиналған əдебиеттер иесінен сатылып алынсын. Ахмет сөйлеп: «Əдебиет жинау ақша күшімен не адамшылық күшімен болады. Ақшаға қызықтырып, қолынан келмейтін кісіге іс тапсыруға болмайды. Жинағанды дұрыс деп ала бермей, көп тексеріп қарау керек. Түркістан не Қазақстан білім комиссияларының біреуіне əдебиет жинау туралы нұсқа жасап шығаруды осы білімпаздар тобы тапсырып кетуі керек» деді.
Нəзір: «Əдебиет жинауда бізде тəжірибе жоқ. Ол жайынан баяндамада толық айтылмайды. Əдебиет жинаушылар көбіне ескі жырларды ғана жияды. Төңкерістен бері болған жаңа əдебиетті де қалдырмай жию дұрыс. Төңкеріс уақытындағы халықтың рухын, оған көзқарасын ашық айтып беретін соңғы кездегі əдебиеттер. Орыстың іске татымайтын кітаптары басылып шығып отыр. Акцентрдің нашарлығынан бұған шейін көп кітаптар жарыққа шыға алмай, таралмай шкафта жиналып, босқа жатыр. Білім ордалары ел ішіне кісі жібереді – ол қате. Онан да ел ішінде тұрған мұғалімдер қаладан оқып қайтқан шəкірттер арқылы жиюдың қамы көзделсін», – деді. Бөкейханұлы: «Қазақтың тұрмысынан білім жинағанда үлгіні Еуропадан алу керек. Жылқының бəрі бəйгі, жүйрік яки жорға бола бермейді. Бұл ғылымның жолында маман болуға да адамға тумыстан берілген табиғаттың сыйы керек. Кім көрінгенге тапсырумен жұмыс болып шықпайды. Мойнына алған жұмысын қызығып, сүйіп істеген адамнан жеміс көп шықпақ. Ондай кісі тиісті мағлұматтарды жиып, лайықты орнына алып барып сатады», – деді. Басқа да сөйлеушілер көп болды. Топағасы болып отырған Əлихан сөйлеушілердің сөздерінен қорытып, төмендегі ұсынысты топқа салды: 1. Ауыз əдебиетін жинау туралы қандай мағлұматтарды жинаудың керектігін баяндап, қай орыннан жинауды көрсетіп, толық қолданба нұсқа кітап шығарсын. 2. Көрінген кісіге əдебиет жинауды тапсыру дегенді қойып, жинаушыларды мықтап тыңдап, тауып алсын. 3. Жиналған материалдарды тəртіптеуді ысылған қызметкерлерге тапсырып отырсын. 4. Халық ағарту комиссариаты барлық оқу жолына ұстайтын ақшадан лайықты ақша бөліп, осы əдебиет қызметі жолына ғана арнап қойсын. Топ бұл ұсынысты өзгертпестен қабыл алды. Оқу-білім кітабын көбейту туралы қаулы. Баяндама жасаған Мырзаұлы Мұхтар бұған шейін Қазақстанда білім кітаптарын көбейту шаралары тиісті дəрежеде істелмей келгендігін, шыққан бір кітаптардың тіл, маңыз жағынан ұғымға үйлесімсіздігін, білім кітаптарының қазақ мектептеріндегі орысша білмейтін кедей балаларына пайдасы көп тиетіндігін айта
келіп, тез арада білім əдебиетін бір жөнге салып ұйыстырудың, толықтырудың шараларын айтады. Олар мыналар: 1. Əдебиет жұмысы төтенше жұмыс ретінде танылсын. 2. Қазақстан орталығында жігерлі, қолдарынан іс келетін азаматтардан толық праволы кеңес сайлансын. Бұл кеңестің міндеттері мыналар болсын: 1) Əдебиет жұмысының ретін, бағытын тексеріп жазушыларға басшылық қылып, жөн көрсету. 2) Баспасөз мекемелерінің жұмыстарын ынтымақтастырып, кемістерін жоюға шаралар қолдану. 3) Жазушылардың басын қосып отыру жəне соларды қамсыздандыру шаралары. 4) Кеңестің осы айтылған міндеттерін орындай аларлық арнаулы қаржысы болуы тиіс. Одан басқа барлық кітапқа деп арналған ақшалардың бəрі де сол кеңесте бөлінуі жөн. Егер бұл қаржылар да кем болса, Қазақстан үкіметі арқылы Кеңес Одағының үкіметінен осыған арналып, қосымша қаржы сұралсын. 5) Кітаптардың кезектік ретінен алдымен мектеп құралдары түгелделсін деген нұсқа берілсін. Содан кейін негізгі пəндерден толық мағлұмат берерлік жəрдемші кітаптар аударылсын. 6) Жалпы, ел үшін денсаулық, тазалық, шаруа, тұрмыс жайларынан, қазақ тарихынан кітаптар аударылатын болсын. Кеңес алғашқы кезде орысшадан тек қазаққа үйлестік реттеріндегі өзгерістермен ғана аудартып отыратын болсын. 7) Жалғыз бұл шаруалармен ғана тынбай, жəрдемші ретінде білім əдебиетін көбейту туралы түрлі қауымдар, серіктіктер ашылып отыратын болсын. 8) Бұларға үкімет, партиялардан түрлі кеңшілдіктер, жəрдемдер беріліп, білім-əдебиет кеңесіне басшы болатын болсын. Қазанғапұлы қаулыға «Мемлекеттен баспасөз керек қылған ақша тоқтаусыз беріліп тұрсын» деген сөзді қосты. Жоғарыдағы ұсыныстардың көбі тілек ретінде өтті. ОРТАЛЫҚ КОМИССИЯДА Қазақ тілін жүргізетін орталық комиссия бастапқы кезде əр комиссариатта һəм олардың гүбірнелік бөлімдерінде қазақ қызметкерлерінің қосымша штатын белгілеуге ұйғарып, орталық
үкіметтен қосымша қаржы сұралып еді. Бірақ орталық оны бере алмады. Сол себепті орталық комиссия гүбірнелік комиссияларға бұрынғы қызметкерлердің бірсыпырасын шығарып, олардың орнына қазақтың тілін, жазуын білетін адамдарды алуға қам қылуды ұсынды. ҚАЗАҚ НҰСҚАУШЫЛАРЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ КУРСЫ Июльдің 15-де Орынборда, халық ағарту комиссариатының басқаруында, бақылау комиссариатының бақылауында қазақ тілін жүргізетін қазақ нұқаушылар əзірлеп шығару үшін аймақтық курс ашылады. Курс үш айлық болатын болып, 30 кісіге арналды. Гүбірнелерге курсқа үйез сайын бір адам (қазақ) жіберуге бұйырылды.
БҰХАРА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ХАЛЫ ҺƏМ АЛДАҒЫ ІСТІҢ ПЛАНЫ Бұхара республикасында жарты миллионға жақын қазақ бар. Бұлардың Бұхара ауғандарына алдына екі жүз жыл, соңына жүз жиырма бес жыл болған. Содан бері бұлар əмір қол астында езіліп келген. Жоғарғы айтқандардан да бұрын орнығып, өзінің қазақ екендіктерін ұмытып қалғандары бар. Олар найман, керейттер болса керек. Бұхара респубикасына ауып келген қазақтар екі бөлініп орныққан. Бірі – көшпелі, екіншісі – отырықшы. Көшпелі қазақтар осы күнге шейін қызу далаларда көшіп жүреді. Отырықшылары тау етектеріне, бұлақ жағалауларына отырып, қыстақ толып, егін егіп, күн көреді. Өзбек, тəжік халқымен араласып, əдет-ғұрпын, ана тілін жойып, өзбек болып кеткен. Екінші – көшпелі қазақтар өзбектермен араластары сирек болғандықтан, олар қазақтығын (əдет-ғұрып, тілін) жоймаған. Бұл қазақтар туралы Бұхардың 20-жылғы төңкерісінен 23-жылға шейін ойлаушы һəм олардың халын қайғыртушы болмаған. 1923 жылдан бастап, Бұхараның IV жалпы сиезіне қазақтардан біренсаран уəкілдер келіп, Бұхара орталық атқару комитеті жанында
қазақ-қырғыз бөлімін ашуға себеп болған. Сонан бір жылдан бері қазақ-қырғыз бөлімі қолынан келгенінше іс істеп келе жатыр. Бірақ қазақ-қырғыз бөлімі қазақ қызметкерлері жетіспегендіктен мейлінше іс істей алмай келді. Енді қазақ-қырғыз облысының планын түзеу, орнын белгілеу болу керек. Əрине, бұл жұмысты да жүзеге шығару үшін қызметкер һəм кең құқық керек. Қазақ-қырғыз қарамағындағы қазақтардың ортасында болыстық, райондық һəм үйездік исполкомдар бар. Бұларда да баяғы айтқандай қызметкерлер жоқтықтан іс гүрлеп жүріп кете алмай жатыр. Бұхараға қарайтын қазақтарды Мəскеудегі 12-партия сиезінің һəм Ташкенттегі Орта Азия бюросының қарауына сүйеніп, өз алдына кең құқықты бір облыс қылуға тиісті. Бұхара қазақтары өз алдына облыс болып айырылғанда жер ыңғайына қарай бөлінуі керек. Қазақстан, Түркістан, Өзбекстан болып бөлінгенде Бұхара қазақтарының өзбекпен қосылуы жөн. Бұхара қазақтары облыс болғанда, қазағы көп жер һəм орталық Кермене облысы. Керменені қазақ облысы қылу керек. Онымен бірге айналасындағы Нұрата, Аютереңдегі қазақ, қарсы жолындағы қазаққа Керменедегі 32 мың үйлі қазақты қосып алса, Кермене қазақ облысы болуға лайықты-ақ. Кермене облысы қазақ облысы болып, қазақтарға берілмесе, ол уақытта Бұхара қазақтарына тең бөліп, енші берілмеген болады. Екінші, ол жақтағы қазақ-қырғыз оқу-білімінен бұ күнге шейін шеттеп келсе, бұдан былай да солай болатыны шексіз. Бұны Қазақстан, Түркістан азаматтарының құлағына көптен салып келеміз. Бұхара қазақтарына көзқырын салып, көңіл бөлулері, жəрдем берулері жөн. ҚАЗАҚ БІЛІМПАЗДАР ТОБЫНЫҢ ҚАУЛЫЛАРЫ Қазақстан мен Түркістаннан сыртқары қалған қазақ халқын ағарту жайында. Бұл туралы баяндама жасаған Дулатұлы Міржақып. Міржақып шет орындарда қалған қазақтардың өз бетімен ілгері баса алмайтынын, олармен қатынасты тығыз жасап, қазақ əдебиетін, қазақ оқытушыларын толық етіп беріп тұрудың қажеттігін көрсетті.
Бұл баяндама көп шешендердің пікірлерін естігеннен кейін Байтұрсынұлы Ахмет қорытып, мына түрде ұсыныс кіргізді. Қазақстанның облыстық ортақшыл комитеті мен халық ағарту комиссариатынан сұрауға: 1. Бұхара-Хиуа қазақтарына қазақ оқытушыларын, өсиетшілдерін жіберуді; 2. Қазақстанда ашылған мектептерден олардың шəкірттеріне стипендия ашып, орын арнап қоюды. Бұл ұсыныс тұтас дауыспен қабыл алынды. Жалғыз-ақ Наурызбайұлы: «Комиссия деген сөз қалды», – деп ұсынысқа қарсы болды. Оның пікірін Досмұхамметұлы жақтады. 3. Қазақстан Халық Ағарту комиссариатының жанынан БұхараХиуа қазақтарын ағартуға арналып, бір комиссия жасалсын. Комиссияға кіретіндер: Қазақстан Халық Ағарту комиссариатынан біреу, Бұқара қазақтарынан біреу, Хиуа қазақтарынан біреу. Комиссия сол орындағы қазақтарды аралап, хал-жайын біліп, ағарту шаруасын істесін. Комиссия барлық жұмысынан Қазақстан Халық Ағарту комиссариатына есеп беріп отыруға міндетті болсын. Осы ұсыныс дауысқа салынып, қабыл алынды. Арабайұлы қырғыз халқына қызметкерлер мен мұғалімдер керектігі жайында сөйледі. Топ бұл мəселені Қазақстан Халық Ағарту комиссариатымен, облыстық партия комитетімен сөйлесу керек деп, топтың қарауына тиісті емес деген пікірін айтты. Бұхара мен Хиуадан басқа шет өлкелерде қалған қазақтарды ағарту жайында сөйлеуге Тұрғанбайұлына рет берілді. Тұрғанбайұлы Астрахань гүбірнесіндегі, Алтай гүбірнесіндегі, Томск гүбірнелеріндегі қазақтардың қараңғы халда жатқанын, оларға Қазақстан Халық Ағарту комиссариатының өзінің уəкілін жіберіп, ағартудың қамын істеу керектігін сөйледі. Қытай, Моңғол өлкелерінде қазақ елінің барлығын, олардың надан қалмауын ескерудің керектігін, кеңес үкіметінің саясаты да мұны керек қылатынын айтты. Дулатұлы Тұрғанбайұлының сөздері мөлшерден артығырақ екенін, ол айтқан гүбірнелердің бəрі де Қазақстанмен шектес отырғанын, сондықтан олар Қазақстаннан жақыннан пайдалана алатындығын, Қытай мен Моңғолдың қазақтары жайында бұл
топтың сөйлеуі керек еместігін айтты. Сөзіне дəлел етіп, басқа гүбірнелерде қалған қазақтардан алып отырған хатын оқыды. Арабайұлы: «Қазақстанға кірмей қалған кеңестер одағының əр гүбірнелерінде бытырап жүрген қазақтарға оқу кітаптары, мұғалімдер жіберіп, Қазақстан Халық Ағарту комиссариаты көмегін көрсетсін. Өзінің қормалдығына алып тұрсын деген сөзді қаулы етуге ұсынамын», – деді. Топ тегісінен қабыл алды. Топта қаралатын мəселелер біткеннен кейін өтініш есебінде Досмұхаметұлы «осы топта болған барлық қаулыларды Қазақстан Халық Ағарту комиссариаты жекелеп жинастырып, айрықша кітапша етіп бастырса екен. Кітапша əркімнің қалтасында жүріп, керек болғанда мағлұматқа көмекші боларлық болса екен» деген ұсынысты кіргізді. Топ тұтас дауыспен қабыл алды. Дулатұлы: осы топтың мəжілісхатын, баяндамаларын, қаулыларын жинастырып реттеп, Қазақстан Халық Ағарту комиссариаты бір кітап етіп бастырып таратса екен. Алынған қаулыларды декрет арқылы заң күшіне асырса екен деген ұсынысты кіргізді. Топ мұны да бір ауыздан қабыл алды. Арабайұлы топты жабу алдында төмендегі сөздерді айтты: «Бұл топ қазақ-қырғыздың ғылым мəселесінде тұңғыш тобы. Бұл топтың маңызы үлкен, қасиеті зор. Топ негізді мəселелерді шешті. Ілгергі өмірге бағыттап, сара жол салды. Қазақ-қырғыз халқы ескілік дəуірден босанып, мəдениет дəуіріне көшетіндігін көрсетті. Октябрь төңкерісі басқа мəселелерде қандай өзгеріс жасаса, ғылым əдебиет жүзінде де сондайлық өзгеріс жасады. Сол өзгерістің бізге кіргені осы. Топтың уəкілдерінің мойнында əлі де болса ауыр міндеттер бар. Осында байланған сөздерді халықтың қараңғы түкпірлеріне шейін жайып, өрбіту керек. Төңкеріс тоқталып, ілгері басу жолы басталды. Бұл топтан кейін бізде де сол жол болу керек. Енді əркім өз бетінше кету деген сөз болмас деп сенемін. Осы кеңшіліктердің бəрін берген ортақшыл партияның жетегіндегі кеңес үкіметі. Соны есте ұстап, барлық күшімізбен кеңес үкіметін қолдаудың жолында болуымыз керек. Жаңа іс, жаңа жолымыз өркенді болсын. Жасасын кеңес үкіметі! Жасасын көсеміміз Лениннің салып кеткен жолы!
Топ қошеметтеп, қол соқты. Күндізгі сағат бірде 17 июльде 1924 жылы мəжіліс ресми түрде жабылды. Бітті. ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗУ Қазақстанның аймақтық қатынас мекемесі КирЦИК-тің қазақ тілін жүргізу туралы шығарған декретін орындау жөнінде мынадай жұмыстар істеді: почта-телеграф жұмыстарындағы барлық қазақтардың һəм басқа қазақ тілін білетін адамдардың есебін алды. Ондай адамдар Қазақстанда 37 кісі-ақ екен. Олардың да көбі шəрі, өнерлі орындарда. Қазақ елінің арасында жұмыс істеуге тек қазақ тілін білетін қызметкерлер жіберіледі. Барлық выпискаларға, печатьтарға, штампларға орысшамен бірге қазақша да мекеменің аттары жазылады. Орыстарға қазақ тілін үйрететін курс үшін орталықтан 14,255 сом 50 тиын ақша сұралды. Əзірге ақша келмей тұр. СЕМЕЙ ГҮБІРНЕСІНДЕ Семейдің 5 айлық болыстық хатшыларды əзірлейтін курсын 43 қазақ оқушысы бітіріп шықты. Сынау комиссиясы бітіріп шыққандардың 26-сын болыстық аткомдардың хатшылығына, 7-сін іс жүргізушілікке, қалған 10-ын тіркеушілікке қолайлады. Комиссия бұл курс бітіріп шыққандарды үйездерге бөліп, курсты жақсы бітіргендерін орталық комиссияның бұйрық хаты бойынша əр үйезде белгіленген үлгілі болыстарға жіберді. Күзге таман курс тағы да ашылады. АҚМОЛА ГҮБІРНЕСІНДЕ Гүбірнелік комиссия Қызылжарда болыстық хатшыларды əзірлейтін 100 кісілік курс ашпақшы болып еді, бірақ Орталық оған жеткілікті қаржы бермегендіктен, курс 50 кісілік болып ашылып, майдың 12-нен бастап оқу болып жатыр. Курс үш айлық болып, күніне 6 сағаттан 576 сағат сабақ беріледі.
ОРТАЛЫҚТЫҢ НАЗАРЫНА Ел кемі болса айтып, мұңы болса шағып, баспасөз жүзінде батыршылығын білдіреді. Біреуден болмашы зəбір көрсе, шешесіне келіп жылаған ерке балаша бейнетқор ел тонның келте жерін өзінің үкіметіне баспасөзі арқылы білдіріп отырады. Осы мақсатта «Еңбекшіл қазақ» газетінің өткен сандарында, «Жер кемтарлығы» деп бір мақала жазғам. Ол «Жаңа қала» үйездің жерсіздігі жайында болатын. Бұл туралы жерсіздіктің неден туып отырғанын, елдің соңғы күйін анықтай кету үшін, жердің қысқаша өткен тарихын да сөйлей кетуге тура келеді. Бұрынғы Нарын, Қамыс-Самар атанатын екі үйез бұ күнде Жаңақала үйезі атанып, қосылып отыр. Жүз жылдар тұсында Нарын, Қамыс-Самардың осы күнгі ұшықиыры жоқ жалпақ шағылы, тал менен шілік қаптаған қоңырсынған қырлық екен. Төрт түлік малдың қонысына таптырғысыз нулы жер болғандықтан, ел қолдың саласындай қаптай қонып, жер беті қара қорым малдан көрінбейді екен. Сол күндері ала жаздай отырғанда іргелері жапырылмаушы еді, дейді. Атақты жыршы беріш Махамбет батырдың ханмен араз болып, елден ауып, найзасы қолына түспей жүрген күндерінде Нарынды көксеп толғаған жыры есті алғандай. Жаңақала үйезінің осы күнгі Ахмет болысы əлі күнге дейін балауса құрақ желпілдеп тұрған суаттық. Биік қызылдар қабағында жарбиып жатып қалған топ шілік бар жерлер бар. Ақсақалдардан сұрасаң, кеп-кеше біздің етек жеңді түрініп, көбелек қуған бала күндерімізде бұл жерлер су түсетін көл, талшілік таласып өсетін қырлық еді. Шет жағасын көріп қалдық. Адыр азып құм болып, шөгіп кетті ғой деседі. Ертеде Нарын, Қамыс-Самардың осы күнгі қызыл құмдарының ғажайып қоныс болып озғаны туралы талай жырлар ел аузында жатталып жүр. Ең соңғы жыр күні кеше дүниеден өткен Шəңгерейдікі. Шəңгерейдің өткеніне 5-6 жыл. 60-тан асып, жазылмай өліп кеткен кісі.
Ол кісі жаңа құм басып, тал-шіліктің тұқымы құрып жетпей, біркелкі тəуір тұрғанда көрсе керек. «Алалы сақа атысқан, Жалаң аяқ құм басқан. Тал-шыбыққа таласқан, Бір күні едім мен бала»,-деп жырлай келеді «Алалы сақа атысқан, тал-шыбыққа таласқан» деген сөзінен, кеп-кешеде Нарынның өзгелігі көрінеді. «Жері байдың – елі бай» дегендей, сол кезде Қамыс-Самар, Нарын өр дəулетті ел болыпты. Бір шеті Жайық, Аққозы (Теке қаласына 150 шақырым) Алтана, Дүре дейтін жерлерге дейін қыстап-жайлап отыра беріпті. Бұл ертерек уақыт. Оралдың бес қаласы салынудан бұрын болса керек. Патша бар қазақты қол астына алып болып, жауыз саясатын жүргізіп келе жатқан кезі. Бастап Қара өзеннің арқа бетін пышақ кескендей бастырмай қойып, Оралдың байлар малына отар етіп беріпті. Орал, Қараөзенге мінбелете-мінбелете қала салынған. Келе-келе Оралдың ноғай өрісі Сарыөзенді ғана шекараға қалдырмақ болып, Қараөзеннен асып қол созады. Қазақтың жаңа бастап салған, Сарыөзеннің бергі бетіндегі Керден дейтін қаласын бұздырып, Сарыөзеннің арғы бетіне көшіреді. Сол көшіп салған қаласы – Жаңа қала. Керден жаңа қаладан 4 шақырым Сарыөзеннің бергі бетіне мінбелетіп салынған. Бұл күнде тапау көше белгілері əлі күнге бар. Осы күнге дейін əлі жойылмай, ескі қала атанып келеді. «Жер дауы, жесір дауы», – дейді қазақ. Бұл екі дауға келсе, тақымына сойыл қыстырып, арға шауып кететін бұл елдің ескілікті шыны. Орысты жаңа көрген қорқақ күнінде Қараөзеннің Орал бетінен айырылған болуға керек. Мына соңғы дауға, жұрт өңештеңкірейді, айтысады. Жылдам көше де қоймайды. Осы күні ескі қаланың түсер алды Жасауыл көл атанады. Сол Керденнен көшіргенде Оралдың жасауылы Қоныс етіпті. Бұ 50-60 жыл шамасындағы уақиға. Бұ кезде Қамыс-Самар правитель Салық Бабажанұлы деген қайратты адам болып, жер хақында үлкен дау көтеріп, қара өзенді қыраң күйінде қалдырыпты. Салықтан соңғы правитель Шəріп Төре екен. Бұл Оралмен астасып, қоян-қолтық Қараөзеннің қазақ бетінен жерді бөлшектеп бере келіп, 40 мың десятина жер Қарасамарды біржола Оралға қалдырыпты.
Қарасамардың дауы созыла келе соңынан Бақтыкерей Құлманұлы да қумақ болып, жұртынан патшаға деп сыйлық алып, шығынға ұшыратып жүрді. Сөйтіп, ел ат төбеліндей əр жерде қоныстанып қалды. Жер азды. Жыраудың жырында сөйленіп келе жатқан Нарын, Қамыс-Самар, жалпағынан құм болып шөкті. Жердің бетінің қыртысы кетіп, аспан астын қып-қызыл шаңдақ алды. Ну құрыды. Құмның малының күні сабаудай қияққа қалды. Шөп азған соң, мал да азды. Құм ішінен суаттық-суаттыққа ғана қыстау салып, елдің арасы сиректелді. Айда-жылда арнайы іздеп барғанда болмаса, бірін-бірін сыртынан да көру жоқ. Тұрмысының оншама қатынасы, үлгісі болмаған соң, адам малша тұра бастады. Кеше келіп өзгеріс болды. Қылышын жарқылдатып, аттың құлағынан ойнатып, жауға шапқан Орал қолға тұрды. Бірақ, елдің де арқауы кетіп қалып еді. Сонда да, қоныстың кемдігі тақ шекелеріне тигендіктен, Оралға кеткен жерімізді алып беріңдер деп айғай салды. Ел ашаршылыққа ұшырады. Өлетіндері өлді. Қалғандары бірекі қараның құйрығына жабысып, жыл шықты. Өлдім десе де басқа жасар кəсібі жоқ. Алып шыққан азды-көпті қарасын төлдетіп, терісін иге салып қайыс етік етіп, жалаңаш етке жүн шекпен киіп, күн көріп келеді. Бəрекелді, үкімет құмнан бостырып, шығарып бекітуге алды. Əр қызылдың астында аңша үріп жүрген адамдарды қатқылға қуды. Бірақ, əлі күнге ұлтарақ жер берілген жоқ. Бар күн көргіші екілі-үшті қарасын алдына салып, қайда болса, сонда шұбырып жүр. Бұ несі? Зəлім патшаның жауыздығынан қонысы тарылып, жері аздап, ін қазған борсықша шағылды бүркеніп жата берген мына елдің тұрмысын орталық əлі білмей ме? Білмейтін шығар дер едік: 1922-ші жылы Халық Ағарту комиисары Зəліұлы, 1923-жылы үйездік исполком мүшесі Қарменұлы халық тарапынан жіберіліп, хал-жай баяндалып еді. Істелген дым да жоқ. Қонысы азып, жерден айырылып, басқа бір кəсібі болмай, төлмен бірге малдың емшегіне жабысып күн көріп, ғылым-білім миына кірмей жүрген мына елдердің кеңес үкіметі тұсында оңалту шарасы көзделмеуі – жарамайтын іс. Жер комиссариаты 2 жылдан бері анау ұры мен бөрінің ұясы болып бара жатқан Оралдың ессіз даласын неге бермейді?
Ыждағаттап неге қоныстандырмайды? Адамшылық шегінен шыққан мынау елдің жарлы-жақпайын кəсіпке үйретуге, Орал жері көрім-ақ (жақсы-ақ). Бір жағынан, отырықшы, кəсіпқор орыс елі көрші, жері егінге ыңғайлы. Екінші жағынан біркелкі шойын жол бойы да жақын тұр. Бұл – үкіметтің ойлайтын жері. Орал жеріне көшумен мəдениетке жылдам үйірілуі шексіз. Ашық тұрған бұл шараны кешіктірмей қолдану бейнетқор үкіметінің борышы. Қысқартып айтқанда, ел күйі осы. Қазақ даласының тағдырын шешуші азаматтар, оң құлақтарыңмен тыңдап, сүттеріңді ақтаңдар. Мына жарлы-жақпайларды сергелдеңге салыңдар! ҚҰРБАН АЙТ Бүгін – құрбан айт. Құрбанның (құрбан шалудың) арғы түбін тексерсең, жоғары өрлеп, бұрынғы жабайы халықтың тұрмысынан алып сөйлеуге тура келер еді. Газетімізде орын аз болу себепті толық мағлұмат беруді жергілікті жастар ұйымы, партия ұяларына қалдырып, Мұхамбеттен бергі құрбан жайын сөйлеумен қанағаттанамыз. Əркімге белгілі, қай дінді алсақ та, құрбанның мақсаты бір құдайға жақын болу. Күні кешеге дейін құдайдың көңілін табу үшін жүздеп, мыңдап адам (құл) қыру болғаны да тарих оқыған адамдарға аян. Ибраһимның «сені құрбанға шалам» деп Смағұлды сүйрелеуі де бекер емес. Өйткені пышақ Ибраһимның өз қолында ғой. Қара халықты сендіруге бұдан да артық қулық болар ма? Туралап мақсатқа келейік: Мұхамбеттің əскерінде топтанған тобыр, үйірлеген кедей əскер көп болған. Мұхамбет бұларды қоянға салған тазыдай жауға айдап жіберіп, ел шаптырып отырған. Кедей əскерлер жауға кеткенде үй іші аш-жалаңаш, мұқтаждықта қалатын болған. Үкімет сомасы бұлардың жыртығын бүтіндеуге жетпеген. Ескіліктен келе жатқан құрбан шалу əдетін жойып жіберудің қиындығы тағы бар. Мынау мұқтаж екен деп шын досы Əубəкір, өзі бағып қаққан Əбутəліптің малын сыпырып беру тағы қиын. Жүнін жеп бара
жатқан кедейлерді тыныштандырмай жəне болмайды. Ақырында Мұхамбет қынжылып, құдаймен (қабырғасымен) кеңесіп, байларға төмендегі бұйрықты əкелген болатын. «Иннаа а-тəйнаа каль каусар. Фə солли ли раббикə уан-хау» (Қазақшалап айтқанда «Кəусар арағынан дəмең болса, құрбан шал, намаз оқы» деген сөз). Бұл бұйрық жауда байы өлген жетім қатын, уақытсыз əкесінен айырылған жетім бала, жараланған аш əскерлердің зар-шуынан Мұхамбеттің құлағын тыныштандырады. Шулаған арық, шұбырған кедейлердің көңілін делбеп, ұстау үшін қолданған Мұхамбеттің жіңішке саясаты бері келе Мұхамбет жолын ұстанғандарға міндет (парыз) болып танылған. Міне, осы күннен құрбан шалу əдеті басталады. Құрбат шалу алғаш əлді кісілерге міндет болса да, келе-келе құлықсыз молдалардың айдауымен бұл отқа шырылдап, кедейлер де түсіп кетті. Құрбан шалу – əркімге міндет. Құрбансыз кісі зират көпірінен өте алмайды-мыс. Əрине, молдаға керегі – терісі. Жыл 12 ай байға жалданатын жалшы-кедейлердің жылдық еңбегінің үштен бірін жырып кететін 6 айлық қозы үшін байларға 6 айлық еңбегін сатуға тиістілігін олар (молда) қайтсын! Құрбан айты күні жер жүзіндегі мұсылмандарды былай қойып, қазақтың бір ауылын алсақ та, қанша мал сойылады, қан шығармайтын үй бола ма? Жоқ. Əр үйдің іргесінде көтеріп ұрып, бауыздап жатқан құрбандық. Сырттан терісін санап, езуін жия алмай жүрген дəндеген қу молдалар. Байға еңбегін сатып, беделін салып, қарт шешесіне я əкесіне байдың қарт саулығын сүйрелеп келе жатқан кедей Салмақбай. Осы жөнсіздік, осы орынсыз шығынды көргенде еріксіз кісінің іші ауырады. Соңғы əзірде аспан асты құрбанға сойған малдың етіне қан сасығанын көріп, Мұхамбет өзі де (құдаймен ақылдасып па, болмаса қабырғасымен кеңесіп пе) түзету кіргізген болатын. Ол қазақшалағанда: «Құдайға сойған малыңның қаны бармайды, ол керек емес, таза ниетің керек» деген сөз. Бұл Мұқаңның өзінің сорақылығын сезіп жəне тұрмыс түзеліп, əркім құрбансыз да тұра алатынын көрген соң, енді қан сатып құрбан шалмаса да болады ғой деп жалт берген болады.
Біздің сөз етіп отырғанымыз – қазақ кедейі. Қазақ кедейі бұл күнге шейін əдетке құл болып, байларға еңбегін залогқа салып бөлетін, дағдылы əдеті. Құрбанның негізсіздігі жайында бірқатар сөйленді. Енді ол əдетті тастау керек. Молдасын байлардың өзіне тастап, ұйымдасу, ұйымдасып тұрмыс пен күресу жөнін іздеу керек. Айтын, дінін, молдасын жалпы кедейлер бастап, безіп шықса, байлар дінді бір күн де ұстамайды. Байлар дінді кедейлердің көзін бояу үшін құрал есебінде ғана ұстап отыр. Олардың өздерінде дін жоқ. Кедейлер керексінбесе, діннің олардың өз соқа бастарына үш тиындық қасиеті шамалы. Молдаларда, байларда дін болмайды. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген сөз молданың сырына қанған адамның аузынан шыққан сөз. Ұзын сөздің қысқасы, айт күні шығынданба, құрбан шалма, ол күні шығаратын орынсыз шығыныңды өз кетігіңе, үй іші мұхтажыңа немесе ұйымның пайдасына, не үкіметтің керегіне, өз жыртығыңды бүтіндеуге жұмса. Айту бізден, істеу сізден. Қапыда қалма! Сақ бол, қазақ кедейі! ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАРЛЫҚ ГҮБІРНЕЛІК ПАРТИЯ КОМИТЕТТЕРІ МЕН БАРЛЫҚ ҚАЗАҚ, ТАТАР ГАЗЕТТЕРІНІҢ БАСҚАРМАЛАРЫНА Қазақстанның ІV аймақтық партия конференциясы əм ХІІІ партия жиылысы баспасөз мəселесі туралы ұлт республикаларында ұлт баспасөзінің көркейіп бекуіне жақын кезде өте назар салу керектігін білдірді. Соңғы екі жыл ішінде біз қазақ газеттерінің санын арттырып, ісін тəртіпке салдық. Ендігі біздің алдымызда тұрған екпінді жұмыстар: газетті жалпы бұқараның мұң-мұқтаждарына, түрлі сұрауларынан толық жауап берерлік етіп, шала хат танитын қазақ кедейіне жабайы сөзбен түсінікті түрде шығару, тілшілер арқылы елмен қатты байлам жасау. Бұл жұмыс партия, кеңес, кəсіп мекемелерінің жəрдеміне сүйеніп, басқармалардың істейтін ең ауыр, ұсақ, қиын жұмысы.
Соның үшін тез уақытта істелетін жұмыстар: 1. Қазақ газеттерін жетілік шаруалар газеті қылып шығарып, бұрынғы жетінің ішінде шығып тұратын мерзімді күнін кемітіп, оның есесіне газеттің мазмұнын жақсартып, көлемін үлкейтіп (аймақтық партия конферциясының қаулысы) партия, кеңес, кəсіп мекемелерінің жұмыстарын көрсетіп, олардың еңбекшілдердің тұрмыс оңдау жөнінде не қылып жатқанын халыққа айқын түсіндіру һəм қазақтың тұрмыс, əдетімен есептесіп, бұл жағын да қамти отыру керек. 2. Газеттің мақалаларын алдымен өңдеп, дала қазағына ұғымды болғандай қылу. 3. Кəсіп орындарына да, мекемелер де, аудандар да, болыстар да, ауылдар да тілшілер белгілеп, оларды жұмысқа молықтырып, басқарма төңірегінде ұйыстыру. 4. Қазақ газеттерін алға бастырып, оларды болыстық аткомдар, ауылдық кеңестер, шефтер, кооперация ұйымдары, ауылмен тура қатынасы бар жолдастар арқылы елге тарату науқанын зорайта барып, почта бөлімдерінің қазақ газет-журналдарын орындарға уақытымен дұрыс тапсыруына өте назар салу. 5. Гүбірнеде, үйезде елге газет тарататын, ел адамдарын газет алуға жазатын орындар почта белгілеу керек. Бұл жұмысты елдегі жігерлі жолдастарға тапсырып, ондай орындарды кітапханалар, мектептер, ағарту үйлері һəм басқа сондайлардың қасында ашу жөн. 6. Елдің көпшілігінің сауатсыздығын ескеріп, газет басқармасы ауылдарда, жұмыскерлер аудандарында жұртқа естіртіп, газетжурналдар оқу ұйымдарын ұйыстыруды өзі үстіне алуға міндетті. Бұл жұмысқа өзінің тілшілерін, мұғалімдерді, оқытушыларды, елдегі басқа сауаттыларды қосып, кітапхана, оқу үйлерінен пайдалану. 7. Қазақ баспасөзінің алдында тұрған жұмыстардың өте қиындылығын ескеріп, қазақ газет-журналдарының басқармаларын əдебиет, газет жұмыстарына ыңғайы бар партияның тынымды мүшелерімен толықтырып, күшейту мəселесін тағы да көтеруге. 8. Газеттің қазақ қызметкерлерінен, я ол жұмысқа ыңғайы барлардан журналшылық мемлекет институты қасындағы журналшылар курсын бітіріп шығу үшін екі жолдасты белгілеу (партиялық стажы, əдебиет жолында еткен қызметі, қысқаша тəржіма халі туралы тізімдер августтың бірінен қалдырылмай,
Ресейдің ортақшылдар партиясының орталық комитетіне тапсырылады). Жоғарғы көрсетілгендер бойынша баспасөзді бекіту науқанын тезінен бастап, Қазақстан газеттерінің шығарушыларының сентябрьдің 1-де болатын мəжілісіне дейін тиісті тəжірибе істеп, жеткілікті материалдар əзірлеп қою керек. Қазақстанның аймақтық партия комитетінің жауапты хатшысы: Коростилов. Баспасөз бөлімі бастығы: Дунаев. БОЛСА ЕКЕН Жазғытұрымғы уақыт еді. Сəлім (нұсқаушы) біздің ауылдың мектебін қарай келді. Нұрекең үйінде отырмыз. Ұлжан бəйбіше Сəлімді коммунист деп жақтырмай жүр. Үйге бозбалалар толып кетті. Ұлжан бұларға: – Неменеге топырладыңдар, қажыдан келген кісі бар ма? Кəменес болғырларың келді ма? – деп терсігіп жүр. Шай келді. Ұлжан құйып отыр. Нұрекең үйінде жоқ. Сəліммен оқу жайын сөйлесіп, мектепте дін сабағын оқытып жатқанын айтысып отыр едік: – Шырақтарым, сөздерің жаман екен. «Дін оқытпа» дегені несі, жасынан баламызды кəменеске қалай шоқындырамыз, бүйткенше оқытпай-ақ қояйық, – деді Ұлжан. – Жеңгей, өйтіп шошымаңыз. Мектептен тысқары оқытуға ерік бар, тек заң бойынша мектепте оқытуға жарамайды. Айыпқа бұйырмаңыз, дұрысында дін оқыту керек те емес қой, тыңдасаңыз керек еместігін түсіндіріп көрелік, – деп Сəлім бастай бергенде: – Қой, шырағым, ұғындыра алмассың, əуре болмаңыз, жақсы сиымызбен отырайық. Жасымыз қырыққа келгенде бізді жолдан тайдыра алмассыз, тіпті сөзіңіздің əлпін жақтырмаймын, – деді. Дəмді əңгімеміз бөлінді. Басқа сөзбен айналдық. Шайдан соң Сəлім заттарын алып, жігіттермен бəріміз тысқа шықтық. Үйден аулағырақ барып отырып, Сəлім Ұлжанды мысалға ала, қазақ халқының надандығын айтып, сөз ақырын үгітке айналдырып, бізді біраз ұйытты. Жігіттер ырза болып, едəуір жігерленіп қалды. Сəлім екеуіміз мектепке кеттік. Барып мұғалімге біраз бағыттар көрсетіп, ісін қарап, кешке қарай Сəлім жүріп кетті.
Сəлімнен жөн сұрап, күзге қарай мен де Орынборға оқығалы кеттім. Шетте екі жыл жүріп, өткен қыс елге қайттым. Баяғы Ұлжан жеңешем қонаққа шақырды. Барынша құрметтеп жүр. Қара шай, қуырған бидаймен сыйлағанын олқысынып: «Өткен аштықтан жұтап, бір-ақ атымыз қалды, сиыр да жоқ, барына риза бол», - деп ғафу өтініп жүр. Мен де: «Оқа жоқ, біз сынамаймыз ғой»,- деп шайып-жуып қойдым. Нұрекең үйде жоқ. Шайын əзірлеп, Ұлжан жеңешем қарсы қарап отырды. Кербездеу кісі еді, орамалды құлағының сыртына сырып тастап, əңгімені гөйте бастады. Тыңдап отырмын. Ел жайын сықпыртып сөйлей келіп, абысын-ажын арасындағы пыш-пышты да айтып өтті. Енді маған сөз тастап: «Неге елге жиі келмейсің, енем байғұс қызығыңды көргісі келеді, үйлену керек қой, қалыңмал деп қысылатын заман қалды...», – деп сөзін аяқтады. – Ел коммунист деп қыз бермейді ғой, – дедім. – Ойбой, қайным-ай, елдің жайын білмейсің ғой, жұрт енді қызын кəменске өткізе алмай отыр, – деді. – Неғып бүйтіп қалды? – дедім. – Қайным-ау, несін сұрайсың, біздің елде кəменске қарсы қылған, атын атай алмайым, ана студенті құрғыр ғой. Оқымаған еркектер нені білсін, олар білмегенде біз не сор? Жұрт ата баласы еді, бірдеңе біледі ғой деп, соның ауызына қарады. Ол антұрған: «Кəменес – жауыз, құдайды «жоқ» дейді. 5-6 қараң болса, тартып алады. Сенікі-менікі жоқ дейді»,- деп азғырды ғой. Жұрт еті үйреніп, енді түсінді. Бақсам, өзі бай болғансын жаратпайды екен. Біздің үйдегі ана кəменес Кəріммен сөйлеседі де отырады. – Бірдеңе білген шығар деймін, былтырдан бері намазға тізесін бір бүккен жоқ. Айтжанды кəменес қылсам екен дейді де жүреді. Сенімен бір оңаша сөйлескелі жүр едім, жасы 15-ке келіп қалды, кедейлікпен оқыта алмадым. Енді Айтжанымды қалай кəменес қылам. Осыған ақылыңды айтшы, қайным, – деді. – Келесі жылы оқуға жіберіңіз. Мектептердің өзінде коммунистке жазылатын ұйым болады. Оқып жүріп, өзі-ақ коммунист болады. Айтқаныңыздың бəрі дұрыс,- дедім. – Сөйтейін, ағаңа да айтайын, əйтеуір, кəменес болса екен, надан қалмас еді, байларға таба болмас еді, – деді.
РЕСЕЙ ҚҰРАМАСЫНА ҚАРАЙТЫН АВТОНОМИЯЛЫ РЕСПУБЛИКАЛАРДЫҢ ОРТАЛЫҚ АТҚАРУ КОМИТЕТТЕРІНЕ Автономиялы ұлт республикаларында һəм облыстарда кеңес мекемелерін өздерінің байырғы елдерінің тұрмысына бейімдеу, ел адамдарын кеңестер жұмыстарына қатыстыру мақсатымен Ресейдің орталық комитетінің президиумы автономиялы елдердің жеріндегі барлық мемлекет мекемелерінің істерін бірте-бірте жергілікті тілге аударуды керекті тауып, июльдің 14-інде қаулы шығарды. Істі жергілікті тілге аударғанда Ресей құрамасының орталық мекемесінің жұмыстарына қиыншылық келмеуі тиіс. Соның үшін орталық мекемелермен қатынас орыс тілінде болады. Барлық автономиялы республикалардағы, облыстардағы іс жүргізуді жергілікті тілге аудару жұмысының жоспарлы жолмен апарылып, мемлекеттің қаржы қуатымен сəйкестіру мақсатымен Ресейдің Орталық Атқару Комитетінің президиумы іс жүргізуді жергілікті тілге аудару жұмысының жалпы негіздерін һəм жоспарын, сондай-ақ ол жоспарға керекті қаржылардың сметаларын жасау үшін жақын арада бұл іске қатынасы бар мемлекет мекемелерінің уəкілдерімен бірге автономиялы облыстардың Атқару Комитеттерінің уəкілдерінің мəжілісін шақыруға ұйғарады. Алдындағы болашақ мəжіліске мағлұматтар əзірлеу үшін Ресей құрамасына кіретін автономиялы республикалардың һəм облыстардың Атқару комитеттеріне үстіміздегі жылдың август айында (10-нан қалдырмай) Ресейдің Орталық Атқару Комитетінің ұлттар бөліміне бұл мəселелер туралы өздерінің пікірлері мен ол жұмысқа керекті қаржылардың шамасын, сондайақ ол қаржылардың қандай жергілікті бюджеттен алынып, қандай мемлекет бюджетіне түсе алатынын көрсетіп, іс жүргізуді біртебірте жергілікті тілге аудару жұмысының жасалған календарлары жоспарын тапсыруды ұсынады. Мұны істегенде алдымен мемлекет мекемелерінің қызметкерлерінің жергілікті тілдерде сөйлесу ісіне өте көңіл қою керек. Календарлы жоспарды жасағанда жергілікті тілді жүргізуді жалпы бұқараға, тура араласатын төменгі мекемелерден бастап, бірте-бірте жоғарылауын ескеру керек.
Əрбір автономиялы ұлт республикаларының, облыстардың жергілікті тілдерінің қайсысының мемлекет тілі деп танылғанын, республикада я облыста жер ыңғайымен біріккен, іс жүргізудің өз тілдеріне аударылуына мұқтаж, саны көп қандай ұсақ ұлттар бар екенін білдіру керек. Іс жүргізуді жергілікті тілдерге аудару, мемлекет мекемелерін байырғы елге жақындастыру жұмысына əзірлену жөнінде қолға алынатын істердің ішінде сметалы жоспарға мыналарды кіргізу керек: А) Орталық һəм жергілікті кеңес мекемелерінің əкімшіліккеңсе құрамасының жергілікті тілдерді білетін тəжірибесіз қызметкерлерін, басқа ұлттардың мекемелерде қызмет істеп, жергілікті тілін білмейтін қызметкерлерді жергілікті тілге үйрететін курстар ашуды; Б) Баспа машиалар, баспахана қарпі, жергілікті тілдің қарпімен жасалған іс жүргізуге керекті құралдарды, заттарды сатып алып, олармен мекемелерді жабдықтандыруды; В) Жергілікті тілде мекемелерде іс жүргізуге, есеп беруге керекті нұсқаулар бастырып шығаруды; Г) Іс жүргізуді тілге аудару жөнінде керек табылса, кейбір мекемелерге уақытша шара есебінде бұл шекке дейін мемлекет бюджетіне алынған штаттағы əкімшілік-кеңсе қызметкерлерінің 10% жергілікті елден қызметкерлер белгілеуді; Ресейдің Орталық Комитетінің президиумы іс жүргізуді жергілікті тілге аудару ретінде бұған шейін қандай шаралар қолданылғанын, бұл жұмысқа мемлекеттік, жергілікті қаржылардан қанша шығарылғанын, іс жүзінде қандай нəтижеге жегілгенін көрсетіп, барлық шығарылған қаулыларды, бұйрықтарды жіберуді ұсынады. ІІ Орталық үкімет шығарған декреттерді, қаулыларды, закондарды, сондай-ақ жергілікті елге өте маңызды жергілікті мекемелердің қаулылары, бұйрықтарын елге таратып, қадірін арттыру мақсатымен оларды жергілікті тілдерге аудару һəм бастыру жоспарын жасап, алдымен қайсыларын аударуға тиістілігін көрсетіп, сол жоспар бойынша бұл жұмысқа мемлекет һəм жергілікті бюджеттерден қанша қаржы керектігін есептеп, болашақ мəжіліске тапсыру. Болашақ мəжіліс Ресейдің Орталық Комитетінің алдындағы секциясы уақытында осы жылдың август айының ішінде шақы-
рылатын болғандықтан, уəкілдерді автонмиялы секцияға келетін мүшелердің ішінен сайлауды, оларға тиісті нұсқаулар, мағлұматтар тапсыруды ұсынады. Алдағы жиылыстың автономиялы республикаларға, облыстарға жергілікті тілдерін жүзеге асыру үшін керекті тапқан қаржыларды Ресейдің Орталық Атқару Комитетінің президиумы бекіткеннен кейін жоспарлы тəртіпте беріледі. Бұл тəртіп автономиялы елдердің өздері үшін өте керекті. Өйткені іс жоспарсыз болып, алдағы алатын қаржының шамасы белгісіз болып қалса, іске былық кіріп, жалпы жоспар бұзылады. Сондықтан əзірше автономиялы республикалардың һəм облыстардың орталық мекемелерінің істі жергілікті тілдерге ауыстыру жұмыстарынан һəм жалпы мемлекет бюджетінен қаржы жіберуден тыйыла тұруы жөн. Ресей орталық атқару комитетінің төрағасы: М. Калинин. Хатшысы: А. Киселев. Ұлттар бөлімінің меңгерушісі: А. Клингер. Мəскеу. Кремль сарайы. Июльдің 20-сы 1924-жыл. ҚАЗАҚСТАНДА МАЛ ӨСІРУШІЛІК ПЕН МАЙ КƏСІБІ Қазақстандағы кəсіптің мықтысы – мал өсірушілік. Бұған санақ бөлімінің мағлұматтары толық дəлел. Қазақстанның 1923 жылғы барлық кірісі 125 миллион сом. Соның ішінде 56,2% (73,9 миллион сом) мал өсіру кəсібінен түскен түсім. Диқаншы шаруалардан бұл жылы 40,9 миллион сом (34,8%), мемлекет пен кооперация қолындағы кəсіптерден 12 миллион сом (9%) түсім түсті. Мал өсіру Қазақстанның негізгі кəсібі болғанмен де соңғы кезде мал өсірушілік өте төмендеді. Санақ бөлімінің мағлұматы бойынша 1920 жылы Қазақстанда 12½ миллион бас мал болып, 1923 жылы ол мал 46,5% кеміген, яки 6, 668, 670 бас қалған. Соғыстан бұрынғымен салыстырғанда мұнан да көп кеміген. Малдың мұндай кемуіне себеп: «Азамат соғысы», 1920 жылдың жалпақ жұты, соңғы жылдардың қуаңшылығы. 1923 жылдан бастап мал кəсібі көтеріле бастаса да, мал кəсібінің алға басуы өте жай. Бұған түрлі себептер бар. Мал дəрігерлік жəрдемі Қазақстанда өте нашар. Əрбір мал дəрігеріне 626,16 шаршы шақырым жер мен
243,000 бас мал тура келеді. Бір мал фельдшеріне 43,399 бас мал келеді. Бұған Қазақстанда мал тұқымын асылдандыратын, өсіретін орындардың аздығын қоссақ, мал кəсібінің жайлап алға басуының себебі белгілі болады. Май кəсібі де жақсы күйде емес. Патша əскері үшін малды қоралап қыру, азық алымы, соғыс, жұт, аштық май кəсібін ақсатқан. Қазіргі уақытта май кəсібін көркейтуге қаржы жоқ. Ауылшаруашылық кооперативтерінің ісі – ауылшаруашылық заттарының кооперация арқылы өсімі нашар, мамандар аз, агроном участкалары сирек. Мемлекет сүт кəсібінің Қазақстанда (Қызылжарда) уəкілдігі болғанмен, оның қолында бір де зауыт жоқ. Мұның бəрі май кəсібінің алға басуына кедергі. Бақылау комиссариатының алқасы бұл кемістіктерді еске алып, Қазақстанда мал өсірушілікті көркейтуге Ресей құрамасының бақылау комиссариатының өте көңіл қоюын өтінеді. Өйткені мал өсірушілік – Қазақстан кəсібінің екі мықты тірегі болуының үстіне Кеңестер Одағының сыртқы саудасында да көрнекті орын алады. Сібірден шетке шығаратын азықтың орталығы болған Қызылжардағы екі май сақтайтын қойманы жөндеуге ұйғарды. Мемлекет кəсібінен Қазақстанның сүт кəсібі мықты. Кейбір аудандарда сүт кəсібін күшейту керектігі көрсетілді. Алдағы 5 жылдың ішінде мал өсіру кəсібін көркейту жоспарын жасау – жер-су комиссариатына тапсырылды.
АҚЫНДЫҚТЫҢ ДА ШЕГІ БОЛСА КЕРЕК «Қазақ тілінің» июльдің 10-ында шыққан 78 санында Мəжит жолдас «Жамау-жасқау...» деп қазақ азаматтары арасында қазақ тіліне латын таңбасын енгізу мəселесі көтерілгендігі туралы өлең жазыпты. Бұл мəселе Орынборда болып өткен білімпаздар тобында талқыға түсіп, уəкілдердің пікірлері екі бөлініп, ақырында мəселені ашық қалдырып, халық ағарту комиссарларының қарамағына тапсырылып, онан соң бұл мəселе туралы газет бетінде де сөз қозғалып, жалпының пікірі білінсін деп қойылған болатын.
Топта латын таңбасын мақұлдағандар да өздерінше толық себептер келтіріп, келешекте қолдануға керектігін дəлелдеген һəм бұрын газет бетінде де біраз сөз болған. Қарсы болғандардың да пікірлері көрінді. Бірақ мəселеге Мəжит сияқты дəйексіз қол салған бірі де жоқ. Қане, оқытушылар сынасын. Мəжитті жырлаталық: «Ойпырмай-ау, ойпырмай! Қырғыз атаң қоқи-ай! Қойшы қазақ қоқымай, Латын бізге ертерек». Мұнан не ұғынуға болады. Мысқыл ма, немене *? Жəне: «Іске асқан тілің жоқ, Ынта салған бірің жоқ. Емле толық түрің жоқ, Жамау-жасқау не керек» Мəжитке қандай жақсы тіл керек екен? Жас емлеге қандай сын артпақ? Неше жүз жыл жасап келе жатқан көз алдындағы орыс емлесі қойылмай отыр ма екен? Тағы да сарнаталық: «Жаңа киім жаңа ғой, Емле жаңа бала ғой. Тоқырауы шала ғой, Латын мəтін керексіз», – дейді. Бұл арада амалы жоқ емленің жас екендігіне қол қояды. Соңғы төрт ауыз өлеңі Мəжиттің өзінің айтып отырған латын мəселесіне таныс еместігін көрсетеді. Латын таңбасын алсақ емлеміз бұзылады деп, сиездегі білімпаздар айтқан жоқ, егер ала қалғанда да бұзылуға толық мүмкіндік табылар еді. Дұрысында, бұл мəселені көп талқымен жаңылмайтын болып, қатты сыннан өткізіп шешу тиіс. Газет бетінде пікір алысу деген аса пайдалы. Бірақ Мəжитшелеу жөн емес. Мəжит бұл арада қателесіп отыр. Бұл кесе-көлделең мəселе емес. Бұл мəселенің жақсылық жағынан болсын, ықтимал жамандық жағынан болсын, өркендеп келе жатқан мəдениетімізге де көп дақылы бар. Мəжит бұл мəселемен таныс болса, бұл арада қазақ əдебиетінің жастығын ескерсе, сондай-ақ латын таңбасының қазақ тіліне, емлесіне тиетін кеселдерден болжаса жабайы түсінікті тілде, жалпыға ұғымды түрде мақала қылып жазуы дұрыс еді. Дəлелсіз кесе-көлделең
келіп газет бетіне артылуы өте ағат іс. Өзінше көкірегінде сайрап тұрған ақындығымен бір-ақ ауыз сөзбен жаздым деп отырған шығар. Бірақ оны түсіну үшін былайғы жұртқа ақындық жолдама Мəжиттей болуы керек қой. Латын керек деп адасып жүрген (Мəжиттің ойынша) қазақ азаматтары тіпті де түсінбейді ғой. Ақындықтың да шегі болатын шығар деймін. «Шөп те өлең, көде де өлең, жусан да өлең», – деп шатпақтай беру жөн болмаса керек. Əлде Мəжиттің латынның терістігін сезіп тұрса, қазақ кедейінің жаңа көзін ашып келе жатқан жастар түсінгендей қылып пікір көрсетіп, жабайы мақаламен жазуы керек. Мынау өлеңіне қарағанда Мəжит баяғы орыстың Третьяковский деген ақынның шəкірті екен деуге болады. БІРЫҢҒАЙ ШАРУА САЛЫҒЫ Вкладной лист деген не? Шаруа салығын есептеу үшін ауыл кеңестері салық төлеушілердің ауылдық тізімдерін жасайды. Бұл тізімдерде əр шаруаның малының, жанының, жерінің қанша екенін көрсетеді. Бұл тізімдерді болыстық аткомдар, ақша инспекторлары, үйездік ақша бөлімдері тексеріп қарайды. Күздігүні салықтың қатарлары (разряд) белгіленіп, түскен салықтың жиындысы есептеліп, əрбір салық төлеуші шаруалардың қолынан расписка алып, вкладной лист (салық қағазы) беріледі. Вкладной листте жерге теңгергенде шаруаның қанша малына һəм қанша жеріне салық түскені, қанша мемлекет салығы салынғаны, жергілікті шығындар үшін қанша қосымша қосылғаны көрсетіледі. Түскен салыққа ырза болмаса, я бір қате тапса, шаруа вкладной листті алғаннан кейін екі жұманың ішінде салық комиссиясына арыз бере алады. Вкладной листте салықтың төлейтін уақыттары көрсетіледі. Вкладной листті алған соң салық дұрыс салынған ба, мал, шабындық, егіске дұрыс аударылған ба, басқа қателері жоқ па – соларды жақсылап есептеп қарау керек. Есептен, саннан, қосымшадан түрлі қателер болуы мүмкін, мұндайларға сақ болу тиіс. Егерде вкладной листтің бір жерінде қате болып, салық дұрыс салынбаған болса, ауыл кеңесіндегі соңғы тізімнен көшірме алып, екі жетінің ішінде үйездік салық комиссиясына арыз беру керек.
Кассаға ақша əкеліп тапсырғанда вкладной листті бірге беру керек. Егерде шаруа қатеден салықты артық төлеп қойса, ол уақытта төленген ақшаның артығын қайтып алуға, я келесі жылдың салығына есептеп қалдыруға болады. Бұлай ету үшін болатком арқылы үйездік салық комиссиясына арыз береді. Бұл арызға вкладной лист пен салықтың төленгені туралы квитанция һəм салықтың артық төленгенін ыспаттайтын документтер тіркеледі. Вкладной листті жоғалтпай, жақсы сақтау керек. ҚОСЫЛУ МƏСЕЛЕСІ «Еңбекшіл қазақ» газетін оқушыларға Түркістан Республикасына қараған екі облыс (Жетісу мен Сырдария) қазақтарды Қазақстанға қосу мəселесі көтеріліп, іс жүзінде əрекет қылынып жатқандығы мəлім болса керек. Бұл мəселе июньнің сегізі күні Қазақстан аймақтық партия комитетінің президиумында қаралып, ақтық рет шешілді. Президиум екі облысты Қазақстанға қосып алу жұмысты тез арада үлгеруі үшін Орта Азияға қараған республикалармен шекараны ашып, жайластыруға араға елшілік комиссиясын сайлады. Комиссияға өткендер: Қазақстан орталық атқару комитеті төрағасы – Меңдешұлы Сейітқали, жер-су комиссары – Əлібекұлы Əлиасқар, бұларға кандидат болып Түркістандағы Қазақстан уəкілі –Жүргенұлы Темірбек жəне Түркістанға қараған қазақтардан көрсетулері бойынша Қожанұлы Сұлтанбек, Серғазыұлы, Есқарайұлы сайланды. Мұнан кейін Түркістаннан бөлініп, Қазақстандық болып саналған соң, жоғарыдағы екі облыс қазақтар арасындағы жұмысты уақытша басқарып тұратын ревкомға мүше болып жоғарыдағы көрсетілген елшілік комиссиялардың ішінен Қожанұлынан басқалар тегіс сайланды. Бұларға кандидат болып Қожанұлы, Ізбасарұлы жəне Мыңбайұлы белгіленді. Ревком төрағасы болып Меңдешұлы, орынбасарлыққа Əлібекұлы, Есқарайұлы сайланды. Бұлар бір жағынан шекара айырылғанша уақытша атқаратын қызметтерінің жоспарын тез арада істеп, əзірлене бермекші.
Ендігі шешілмей тұрған мəселе – Қазақстанның болашақ орталық орны. Қазақстанның орталығының бірінші міндеті – бұқара халықпен қатты байланыс жасап, қызметінің жемісін солардың арасында да көрсету болғандықтан, өзі де солардың ішінде болып, сонда істеуге тиіс. Осы бағытпен президиум қайткенде де Орынбордан орталықты көшіру керек деп тауып, Қазақстан даласынан бір қаланы орталыққа белгілеп, дұрыстап алғанша кеңестер одақтығының орталық комитеті алдында орталық мекемелерімізді уақытша Ташкентке көшіре тұруға, ізденуге қаулы етті. Кешікпей алдымыздағы август айында бұл мəселе де шешілмекші. Сөйтіп, осы жазда қосылу мəселесі аяқталар деп шамалаймыз. ШАРЛАҚТА ҚАЗАҚ ҚАЛАСЫ Қызметпен елге шыққан қазақ азаматтарының үгіттеуімен Шарлақ үйезінде үш жерде қазақ қаласы ашылмақшы болып еді. Алды 50 үйлік, соңғылары 30 үйлік, 15 үйлік. Соның елу үйлік болып құрылмақшы болған қаласы қазір іске асуға айналды. Шарлақтан 20 шақырым жерде Ертіс жарының жиегінде салынбақшы. Қала болмақшы болған қазақтар қашаннан бері қарай Ертіс жағасында мал өсіріп, кəсіп етіп күн көрген. Қоныстас отырған орыс қалаларынан шаруаның əртүрлі өнегелерін үйренген ел. Ата қонысы, аяулы жерлерінің көбін орыстар алып, көбін жонға қуып жіберген. Қалғандары қазақорыстың улы тырнағына шыдап, ата қонысын, өлгеннің моласын қимай, көнтерілі көк есек болып, отыра берген. Қазақ жерінің бəрі қазынаныкі болып жарлық жарияланғаннан кейін, қалған елдер ағашты сатып кесіп, шөпті сатып шауып, зорлықшыл үлкен ауылдың бəлелерінің қорлығына шыдап отыра берген. Отырған сайын қазақ құрып, орыстар байи берген. Ертерек кезде Асанқайғы Ертіске қарап тұрып: «Жетім бала, жесір қатын, нашарлардың қолы екен. Бірақ сары баланың иісі шығып тұр екен», – депті, – «Сол айтқаны келді. Сары бала жерімізді алып, осындай күйге ұшыратты», – деп үһілейді қариялар. Айтуларына қарағанда, алғаш қазақтар да оңайлықпен жер бермеген, казак-орыстармен талай дауласқан, талай қан төгіп, қырылысып, төбелес болған. Бірақ сүйеніші күшті орыстар жеңе
берген. Кезіндегі төрелерге жылап барса да, отаршыл, ұлтшыл орыс төрелері қазақтарды қуып шығып, казак-орыстардың айтқанын істеп отырған. Орыстар қазақпен өштесіп, арқан бойы шыққан (өткен) малдарын қуып, батырып төлеу төлетіп отырған. Міне, осы қалпымен қазақтар төңкеріске келіп жеткен. Төңкерістен кейін де олардың көзінің жасын құрғатып, тілегін орындаған Шарлақта орыс бастығы болмаған. Бұрын казак-орыстан қысым көріп, бергі жерде төңкеріс тұсындағы ауырлықтармен шаруасы нашарлап, аяқты малдан айырылып қалған. Содан кейін шыдап қала болмақшы болып, егін салып, жер емшегін еміп, күн көруге ойлап, 50 үй ынтымақтасып, Шарлақтың жер бөліміне арыз берген. Былтыр 1923 жылы март ішінде осы ойды ойлап, участке сұрап, жер бөліміне арыз бергенде жер бөлімі ақша сұраған. Ақшаның көбін төлеп, сатып алып, шөбін шапқан болатын. Бұлар қыс күнелтіп, су бұзыларда судан қорқып, шымнан үйген үйшіктерінде отырды. Алды, оңтүстігі, солтүстігі казак-орыс. Күнбатысында хохол қаласы. Аяқтың ауданындай жерді пəлен жүз мың теңгеге сатып алып, қысылып отырғанда, 1923 жылдың жазында тоғайда қорасын өштескен казак-орыстар өртеп жіберген. Тоғайдың шөбін қырға тасып жеуге күші жоқ, нашар ел күз тоғайға тағы үй салып, сұрамай ағаш кесіп, қораға жапса, ағаш қоритын құзғындар, пəлен жүз сомға протокол жасап қояды. Сол ақшаны осы күнге шейін төлей алмай, əлі сандалып жүр. 1923 жылы сатып алған жерінің қағазы бекіп, гүбірнелік жер бөлімінен планы келіп отыр. Бұның былтырдан қалған ақшасын тағы төлеу керек. «Арық атқа қамшы жүк» дегендей кедейленіп қалған елге бұл ақша да ауыр болып тұр. Жалғыз осы елу үй емес, Ертіс жағасындағы барлық елдің де көрген күні осы. Əсіресе, қысымшылықта отырған – қала болам деген елу үй. Орталықтың жер туралы шығарған декреттерінің ішінде «Ертіс жиегіндегі қазақтардың өз жері өзіне қайтады» дегенді көзіміз шалған сықылды еді. Мына қазақтардың ескі кебін киіп, ескі бұлттың басынан арылмай отырғаны таңқаларлық. Қазақтардың қала болғанша көрген күні осы. Қала болғаннан кейін Шарлақтың қандайлық рақымшылдығы болатыны белгісіз. Қаланың планы жаман емес: қала болмақ, əлеумет дүкенін ашпақ, үлкен-кішілері тегіс оқымақ, мектептің бір жағынан клуб ашпақ. Бұрынғыдай байларға табынғанды тастап, егін егу,
еңбекпен күн көру ісіне кіріспек. Шарлақ үйезінде бұлардан басқа жоғарыдағы айтылған екі қазақ қаласының да ойлаған ойлары, құрған планы осылар секілді. Шарлақ үйезіндегі тұңғыш қазақ кедейлерінің қала салу жұмысы іске асып, жарыққа шығуына тілектеспіз. Іске сəт. Шарлақта оқу жайы. Мен алғашқы берген мағлұматымда бүтін Шарлақ үйезінде 16 мектеп бар деп едім. Осы күні мектеп саны көбейіп, жүзден асты. Марттан бері Шарлақта халық ағарту жұмысы түзелді деуге болады. Жүзден аса ашылған мектептің бəрінде де үлкендер аралас оқиды. Оқушылар есебін қысқаша көрсеткенде мынандай: 1,824 ұсақ, 523 қатын-қыз, 273 үлкендер. Шарлақта сауатсыздықты жою жұмысына март айынан қалмай кірісілді. Марттың онынан бастап, апрельдің 15-не шейін бүтін Шарлақ үйезіндегі мектептердің бəрін түгел араладым. Маңызын салмақтауға тілім күрмеліп отыр. Өйткені біздің Шарлақ үйезінде тəжірибе көріп, ысылған мұғалімдер жоқ. Болса да аз, білімдері кем, дүмшелеу. Ашылған 100-ден астам мектептің 10-ы ғана қазына расходында, қалған мектеп – бəрі де халық күшімен ашылған. Халық жаншылып, жұқарып отырса да, оқу жұмысына екпінді, жақсы қарайды. Мектеп үйлері. Жоғарыда айтылған көп мектептің бəрі де қысқы қараңғы, тар, иіс-қоңыс, шаң толған үйлері. Орнының жайсыздығынан қыс оқудан жеміс шықпайтынын еске алып, оқу бөлімі ел күшімен ашылған мектептің бəрін де жазға қарсы ашып отыр. Алдымыздағы жылдың оқу жайын еске алып, Шарлақтың қазағына тоғыз интернатты мектеп салдыруға қам қылып жатырмыз. Бұл мектептердің əрқайсысына 60 бала сыйып, 30 бала жатып оқырлық кең болмақшы жəне 62 оқытушы даярлап қоймақшымыз. Мұның жартысы қазақ оқытушысы болмақшы. Бұл 9 мектептің бəрі де халық күшімен салынбақ. Болыстық аткомдар бұл жұмысты жүзеге асыруға қолға ала бастады. Шарлақтағы қазақ интернаты. Қыстың ортасынан бері қарай қазақ интернаты кері кетті. Қыс басында 25 бала еді, орта кезінде 15, аяқ кезінде 9 болып қалды. Шарлақ қаласынан 15 шақырым Кереку жақта Атмас деген қала бар. Онда орыс жетім балаларына даярлаған «балалар үйі» болатын. Қыстың орта кезінде қазақ балаларын сонда апарып,
бір кішкене үйшікке қамаған. Жүздей орыс баласы, 15-тей қазақ баласы бар еді. Қазақ балалары барғаннан кейін қорлықты көп көрген соң, көбі қашып кеткен. Қалған балалардың да тұратын түрі жоқ көрінеді. Себебі тəрбиелеуші əйелдер мейірімсіз, қиянатшыл, тамақтарына, киімдеріне қиянат қылады. Балалар кемдігін айтып, мұңын шағайын десе, қазақ азаматтары Шарлақта жатыр. Атмасқа сирек барады. Бұл күнге шейін қазақ балаларының басында жастық, астында төсек жоқ. Өздерінің елден киіп келген киімдерін, шолақ тондарын жамылып жатады. Тон толған бит. Көйлек-дамбалдан басқа киімдері жоқ. Қыс оңдап оқу оқи алмады. Қазақ жетімдерінің қазіргі жайы осы. Алдымыздағы жылда не күйде болатынын кім білсін! ОРТА АЗИЯНЫ ҰЛТ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНА АЙЫРУ ҺƏМ ЕКІ МЕМЛЕКЕТТІ ҚОСЫП АЛУ МƏСЕЛЕСІ Қазақстан орталық атқару комитетінің төрағасы – жолдас Меңдешұлымен əңгіме. Көптен сөз болып келе жатқан Түркістан республикасына қараған екі облыс (Сырдария, Жетісу) қазақтарды өз ұлты автономиялы біздің қазақ республикасына қосу мəселесі тиянақты түрде шешіліп, бұрынғы қосыламыз деп іздену дəуірінен шығып, енді қосылдық деп іс жүзінен əрекет қыла бастадық. Кеңес конституциясының (негізгі заңының) жүзінен қарағанда ұлт теңшілігі өте зор орын алып отыр. Осының бойынша қазақ халқы да пайдаланып, іргелі үкімет болғалы, міне, төрт жыл өтіп барады. Жоғарыдағы екі облыс қазақтарымызды біз əуелде ұмытып, қосып алмаған жоқ едік. Ол екі облыс ежелден Түркістанмен шаруашылық, мəдениет жүзінен қатты байланысты болатын. Сондықтан əуелгі кезде уақытша əрбір автономиялы республикалар бөлініп, өздерін-өздері шаруашылық саясат жүзінен билеп ыңғайланғанша қоя тұрған болатынбыз. Қазірде ұлт республикалары етек-жеңін түйіп, үкімет істерін көңілдегідей жүргізіп отыр. Ілгергі уақыттарда тіршілік жүзінде үлкен себептермен бір-біріне жіпсіз байланып, Орта Азияға кіріп отырған уақ ұлттар қазірде бөлек республика болғалы отыр. Мысалы: өзбек, ал енді тəжік, қара қырғыз сияқтылары автономиялы облыс болып, тура орталыққа
қарайды. Бұл ретте екі облыс қазақтар негізі салынған өз ұлты – Қазақстанға шығып отыр. Ендігі осы күндердегі екпінді жұмыс – сол ұлт республиктеріне бөлініп жатқан Орта Азияның шекарасын айыру. Бұл арада біздің де көп дақылымыз бар. Мезгілімен пайдаланып, тиісті үлесімізді алғалы жанталасуымыз керек. Осының дерегінен шақыру бойынша Ташкентке жүргелі отырмын, – деп жолдас Меңдешұлы сөзін айта берді. – Шекара айыру хақында біраз таластар болуы мүмкін. Өйткені Азияға қараған уақ ұлттардың көбі һəм Ташкент айналасындағы қазақтар да таза еңбегімен күн көреді. Мысалы: бақшашылық, егінді қолмен суару, тағы-тағылар. Шекара айырғанда бергіректе су мəселесі үлкен орын алғалы тұр. Жер суаратын сулардың басы өзбектерде қалып, пайдаланып, жер суаратын ең керекті жерлері қазаққа қалмақ. Бұл сулар я қазаққа, я өзбекке қарауы тиіс. Олай болмаған халде арамызда жанжал көбеюі даусыз. Менің ойымша, сулар қазаққа қарар. Себебі, шекара айырғанда қазаққа қараған жерлерге суды аламыз деп өзбектер бас сұға алмас деймін. Бұл жерге келгенде біз де қатты берік боламыз. Бар күшті саламыз. Біз енді Қазақстанның шекарасын Түркістаннан ақтық рет дерлік түпкілікті етіп айырайық деп отырмыз. Істің қызу мезгілінде бұл мəселеге қатынасы бар қазақ азаматының іркілетін орны қалған жоқ. Бұл жерге келгенде жергілікті қазақтардың назарларын аса көп салулары керек. Шек айыру мəселесі олар үшін өте керек. Бұл мəселе олардың келешекте тұрмыс жүзінде бар тағдырын шешіп береді. Сондықтан жергілікті қазақтар қаперсіз жатпас, қамданар, бізге шекара айырғанда көп жəрдем істер деп сенемін. Қай күнде де жергіліктің сөзі өтімді болатын. Бұл мəселені күзге шейін аяқтағалы іске кірісіп жатырмыз. Сөйтіп мақсат орындалды. Ендігі жалғыз-ақ ұзаңқырап, шешілмей тұрған мəселе – орталық жайы. Орынбор – қазақ қаласы емес. Қай жағынан қарасақ та, Орынбордың қазақпен байланысы жоқ. Ол солай болса əзірше Қазақстанға орталыққа Ташкент қаласынан басқа лайықты қала жоқ. Бізге Ташкент қандай керек болса, мəдениет, шаруашылық жүзінде өзбекке сондай керек. Сондықтан ендігі бір жанға батып отырған мəселе – Ташкент жайы. Ташкенттің айналасын тегісімен дерлік, қазақ елі болса да жəне қаланың өзі саяси, шаруашылық жағынан да қазақпен қатты
байлаулы болса да қаланың ішінде өзбек көп болғандықтан, орталықта (Мəскеуде) «Ташкент өзбекке қарасын» деген қаулы болды. Егер олай болса Ташкенттің ар жағында қазақтар өзбекке қарауға керек. Дұрысында олай ету мүмкін емес. Сондықтан Ташкент мəселесі туралы ар жағындағы қазақтардың халы таразыға түсуге тиіс. Қазір де аужайы байқала басталған соң, біз Қазақстан орталығы түпкілікті Ташкент болмағанмен, уақытша орталықты сонда көшіре тұрамыз деп, Ресей құрамасының орталығынан сұрап, ізденіп жатырмыз. Өйткені бір көшіп алайық деген пікір де бар. Екінші, Орынборда отырып, ол облыстарды билеу оңай емес. Қысқасы, билей алмаймыз дейміз. Бұл халде қысқа шейін орталықты Орынбордан көшіреміз, я көшіре алмаймыз деп айта алмаймын. Бірақ ендігі сиез Орынборда болмас, қосылған екі облыстың сиезге келетін уəкілдерін мұнда сүйрей алмаймыз. Сиез мүмкін жылдағысынан біраз кешірек болар, əйтеуір, 5-ші сиезде я Тəшкентте я оның бер жағындағы бір жерлерге істерміз деймін, – деді.
«ТҮРКІСТАН» ТУРАЛЫ РЕСЕЙ ҚАШҚЫНДАРЫ Шет мемлекеттерде жүрген Ресей қашқындары кеңес үкіметіне қарсылық əрекеттерін қоймайды. Əсіресе, «Дни» деген эсерлер газеттің төңірегіне жиылғандар. Олар соңғы əзірде Түркістанды большевиктер тарапынан езілген қылып көрсетіп, өздері Түркістанның қорғаушысы болып, газетте («Дни») бетінде шулай бастады. Олардың бұл əрекеттерін көргенде, бір жақта елінен айырылып, қаңғырып жүрген Ресей қашқын ақтармен «Түркістанның» қанша байланысы бар еді? – деген ой адамның ойына келеді. Бірақ «Мақсат жұмсалған əрекетті ақтайды» деген орыстың мақалы бар. Сол айтқандай ел жұртынан біржола айырылып, қашқында жүрген ақтар қандай əрекетпен болса да, большевиктерді жойсақ дейді. Соның үшін де өздерін ұсақ ұлттарға жақтаушы қылып көрсетпекші. Жоғарғы айтылған «Дни» газетінің бетінде «Түркістан» туралы хабаршы болып, көбірек мағлұмат жазатын «Қоқанд байлар мұқтариятының» бастығы болған, осы күні Парижде ақтармен пікірлес болып істеп жүрген Мұстафа Шоқаев деген Түркістандық. Ресей қашқын ақтарының Түркістан туралы пікірлерін білу
үшін М.Шоқаевтың соңғы уақытта жазған екі мақаласына тоқтамақшымыз: біреуі – «Жаңа Түркістанда» («Днидің» 378-375 нөмерлерінде), екіншісі – «Лениннің Түркістанда қалдырғаны» деген («Дни 435-нөмерінде 1924 жылы шыққан). Мұстафа Шоқаев сөзін Түркістанда 1921-1922 жылы кеңестер үкіметі тарапынан жүргізілген жер реформасынан алып бастайды. Шоқаев: «Жер реформасы уақытында күллі патша заманында халықтан күшпен алынған жер емес, кеңес үкіметі уақытында тартып алынған жерлері ғана кері қайтарылып берілген еді», – дейді. Сонымен Шоқаев күллі патша заманындағы халыққа күшпен көрсетілген зорлық-зомбылықтардың бəрін кеңестер үкіметінің мойынына салмақшы. Дұрысын айтқанда, кеңестер үкіметі отаршыл мұжықтардың қолынан 300 десятина жерді кедейлерге алып бергенімен тұрмай (кедейлерге қайтарылған патшалық жер туралы бұ жерде сөз қылмаймыз), соңғы уақытта жер өлшеу һəм шегерлеу жұмыстарында, көп жерлері бар байлардың артық жерлерін кедейлерге алып берген еді. М.Шоқаев тағы жазады: «Уақытша үкімет бірінші сайланған күннен-ақ, 1916-жылдағы қозғалыстың себебімен күшпен тартып алынған жер кері қайтарылып берілсін!», – деп еді һəм бұл қарарды, – «Бір үлкен өзгеріс (реформа) деп үп-үлкен қылып гүлеткен жоқ еді», – дейді. Бірақ бұл туралы біздің ескі патша бөлімінің құпия қағаздарынан басқа білетін хабарларымыз да бар. Сол хабарлар бойынша, уақытша үкімет жағынан Шкапский деген Жетісуға сайланып барып, облыстық кемитетке (1916-жылы): «Көтеріліс қылған халықты қыра беріңдер!», – деп бұйрық беріп кеткенін біз білеміз. Енді Ресей орталық комитетінің Түркістанға берген жəрдеміне келсек, дұрысында адам айтып жеткісіз жəрдем берді. Əсіресе, арықпен су шығару, мақта егу жұмыстарында. Осы күні су суару, арық қазу жұмысы төңкерістен бұрынғы шамасына таяу барып қалды. Ал мақта егу жұмысына келсек, бұл да жылма-жыл түзеліп, алға басып келеді. Мəселен, былтыр мақта егіннің саны 170 десятина болған болса, биыл, бірінші майда көрсетілген мақта комитетінің хабарына қарағанда, мақта егісі 240 десятинаға шейін жеткен.
Мұстафа Шоқаев Түркістан шаруашылығының большевиктер тарапынан түзетілгенін көргісі келмесе де, шаруашылығы жөнделіп келе жатыр. Түзеліп келе жатқан шаруашылықты қаншама жамандап, «сан-санауда» жаңылыстырам дегенмен, ақтардың қолынан ешнəрсе келмейді. М.Шоқаевтың мақаласындағы бір қызық жері – Түркістанда октябрь төңкерісі, ол төңкеріске жерлі халықтың қатысқаны туралы айтқан жері. Шоқаев жерлі халықтардың жұмыскерлері мен кедейлері октябрь төңкерісіне араласпады һəм ол төңкеріс жерлі халыққа түсініксіз бірнəрсе болды деп көрсетпекші болады. Қалай дегенмен де қисыны келмейді. Бір уыс орыс теміржол қызметкерлері жерлі халықтың жұмыскер кедейлермен қол ұстасып, Түркістанда құрылған кеңес үкіметін шаншып жоқ қылмақ болып ұмтылған орыс ақтары мен шет мемлекетердің əскерлерінен аман алып қалғанын көріп отырмыз. Сонда Түркістан кеңестер үкіметіне қарсы жасалып жатқан əрекеттерде М.Шоқаев та бар еді (мəселен: түрікпен облысында учредительное собраниенің комитетін жасамақ һəм «Лига нацийға» хитабнама жазу). Сол уақыттарда ақтарға қарсы соғыста орыс қызыл əскерлерінің ішінде жерлі халықтан құралған 30 мыңдай қызыл əскерлер бар еді. Жоқ болса, бұларды қайда қоямыз?! Жоқ, бұл туралы ашып, турасын айтуымыз керек: тап күресі жолында Түркістанның жергілікті халқы орыс жұмыскерлерімен бірігіп, қол ұстасып, өздерінің келешектегі жолын белгілеген. Əрине, бірақ төңкеріске қарсы болғандардың пайдасына емес. Мұстафа Шоқаев өзінің «Қоқанд мұхтарияты» туралы айта келіп: «Оны Түркістаннің жерлі халықтары қуаттаған һəм ол үкіметтің басында отырғандар анық жергілікті халықтардың пікірін айтушылар еді», – дейді. Мұнымен қоймай, «Қоқанд автономиясы» Қоқанд шаһарында шақырылған, сонда «мұсылман жұмыскер һəм солдаттар мен егіншілер сиезді құттықтап еді», – дейді. Бұл жерде Мұстафа Шоқаев өзінің сөзін «мұсылман жұмыскерлері» һəм «Егіншілер сиезімен» нығыздамақ (бекітпек) болып, босқа шаршайды. Ол сиездерде тек атында ғана кедейлер сиезі болып, затында (тегінде) байлардан шақырылған сиез еді. Қаншама «Қоқанд автономиясы» күллі халықтың пайдасын ойлап еді дегенімен, өзі
бір тиын ақшасыз отырғанда, қорқақтық қылып Қоқандағы қазынабанк ішінде толып жатқан ақшаны басып алмаған. Себебі, онда ақша салған байлар үркіп кетпесін дегендіктен болатын. Сөйтіп, «Қоқанд автономиясының» негізгі қуаты – байлар еді. Онан кейін Қоқанд автономиясы «Түс-күншығыс ұйымы» Калидинмен бірігіп, кеңес үкіметімен күреспекке қаулы қылып, тиісті адамын жіберген еді. Осы айтылғандардан Шоқаев жолында болған байұлтшыл зиялылардың, жалғыз жұмыскер халықтың пайдасын ойламақ түгіл, жалпы ұлттың пайдасын көздемейтіні анық көрінсе керек. Өйткені, орыстың бұрынғы генарал Калидин һəм Деникин дегендерінің езілген жұрт азат бола қойсын деген ешбір ой жоқ еді. Олардың сондай екенін көшпен көрген тəжірибесі арқасында «Алаш орда» үкіметі де түсінген еді. Сол «Алаш орданың» бір бастығы Шоқаев еді. Кеңестер үкіметі епті, керекті жерде байлар жағы болған халық таптарына тиісті кеңшіліктер бере алады (мəселен, Түркістанда Уаков һəм соған ұқсаған басқа нəрселерді...), бірақ өзінің негізгі жолын һəм мақсатын еш нəрсеге айырбастамайды. Түркістанда кедейлер ұйымын кеңестер үкіметі Шоқаевтар айтқаннан да артық ұлғайтып, күшейте береді. Халық ағарту мəселесіне біз тоқтаймыз. Бірақ «Дни» газетінің басқармасы тарапынан айтылған мына бір өтірікті көшірмей де өте алмаймыз. «Дни» газеті жазады: «Түркістанда жергілікті орыс школдарында орыс дініне кіргізу, өз еліне қарсы қылып тəрбиелеу, зорлау жоқ еді», – дейді. Бұнысы тіпті қате. Өйткені орыс школаларында «Құдай патшаны сақта» деген өлеңді бұйрықпен оқытатыны, өз жұртына қарсы қылып тəрбиелейтіні əркімге мəлім еді. Шоқаев «Лениннің Түркістанға қалдырғаны» деген мақаласында өзінің кеңес үкіметіне қастығын мейілінше тісін басып жүрген орыс ақтарымен пікірлес екендігін көрсетті. Дұрысында, Мұстафа Шоқаев қазіргі күнде Түркістан халымен таныс еместігінің үстіне, өзі тұрмыстан кейін жұртта қалған. Түркістанды білмейтін Ленин емес, Мұстафаның өзі. Түркістанда Лениннің бұйрығы орындалуымен бірге үкімет ісі, халық шаруасы алға басып барады деуге болады. Езілген күншығыс ұлттары Ленинді өзінің жолбасшысы деп таныған. Күншығыс елдеріне Ленин жасаған төңкеріс азат-
тыққа алып баратын айқын жол болады. Езілген күншығыс халықтары шет елде қашқында жүрген Россия отаршылдарының құйрығы болған ақтарды һəм олардың ішінде болған Шоқаевқа ұқсағандарды қаламайды. Солармен бірге күллі жер жүзіндегі байлар үкіметтерінде құйрық боп сатылған социал домакраттардың да қандай қастықтары бар екенін жақсы біледі. Сондықтан оларды күншығыстың досы деп білмейді. Езілген күншығыс ұлттарының жолы – күнбатыс жұмыскерлерінің, коммунист партиясының жолы. Байлар мемлекеттері большевиктер төңкерісін «Азия» төңкерісі еді деп екінші атпен атайды. Өйткені Россияның өзі де күнбатыстың бір отары еді. Соның үшін де Россия төңкерісі күншығыс елдеріне түсінікті болып отыр. Лениннің жолы һəм Лениннің үйреткен өсиеті – езілген күншығыс халықтарына азаттық жолы. Бұдан басқа жол жоқ. Əрине, бұл жерде Шоқаевтардың һəм Қоқанд автономиясы, Алаш орда, Мұсауаттар тағы сол сияқты ұлтшылдық ағымын қуаттайтындардың жолы қосылмайды, ажырайды. Бұл ағымдар күншығысты езушілердің жолын қуаттайтын болғандықтан, күншығысты езушілерден болып шығады. Соның үшін күншығыс халқы бұл ағымдардың артынан бармайды. Мұны Шоқаев, əсіресе, «Днидің» төңірегіне жиылған қасиеті кеткен батырлар түсінуі керек. Сөз аяғында «Дни» газетінің жоғарғы айтылған нөмірінде жазылған бір қызық хабар туралы бір-екі ауыз сөз айтпай болмайды. Онда былай жазылған: «Түркістанда жерлі халықтың үкіметке қарсы əрекеті күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Самарқанд пен Ашхабад арасындағы теміржол үзілген һəм Самарқанд аймағы көтерліс жасаушылар тарапынан алынған» деп. «Дни» басқармасы осы хабарды басып, сонымен жұртты жоғары айтылған сөздерге сендірмекші. Бұндай уақиға еш уақытта болған емес. Бұл хабар тек өздерінің жұртты алдау үшін шығарып алып жүрген хабарлары. Ресей қашқындары басқа қылар амалдары қалмағаннан кейін өмірін түс көрумен өткізетін болған. Олармен бірге түс көргіш адамның бірі – Мұстафа Шоқаев.
ШАРЛАҚТА Шарлақтың қай мекемесінде болса да əлі күнге дейін қазақша жүргізілген іс жоқ. Үйездік атқару комитеті жаңада ғана ойланды. Бірыңғай қазақ болыстарына қағаз қазақ тілінде жіберіліп, орыс пен аралас болаткомдарға орысша жіберіліп отыр. Үйездік атқару комитетінде қазақтан екі ғана жігіт отыр. Сот мекемесі. Бұл мекемеде де іс қазақша жүрген жоқ, орысша жүріп жатыр. Қазақ қызметкерлерінен біреу де жоқ. 1923-жылдың аяғында қазақ соты жеке бөлініп, үш жігіт істі қазақша айналдырып, тым жақсы болып келе жатыр еді. Губсоттың бұйрығымен жабылып қалды. Содан кейін іс таз қалпына түсіп, тағы орысшаға айналды. Сот бастығы Мартынов жуырда түсті. Қазақша арызбен кірген қазақ кедейлерін «Орысша жаздырып əкел!» деп қуып шығушы еді. Жаңа болған судья одан да сорақы. Милиция һəм угрозыск. Мұнда екі қазақ жігіті отыр. Бастықтары орыс, азулы кісілер. Екі балаға ерік беретін емес. Елдегі жуандардан соққы көріп, жылап келген сорлы қазақтар мұң-зарын өз қолымен, өз аузымен жеткізе алмайды. «Орысша арыз жазып берші, қарағым!», – деп шұбырып жүрген бір кедей. Мұнан басқа партия комитеті, кооперация бөлімі, кəсіпшілер ұйымы, оқу бөлімі – бұлардың бəрінде де қазақ қызметкерлері жоқ, орыстар. Орыс тілінде жүргізіп жатыр. «Бұларың қалай?» деп айтушы қазақ жігіті болса, «ұлтшылдық» таңбасын баса қояды. Кедей, езілген таптан шыққан жас ортақшылдар, орыстардың ажырайғанын көріп, тауы шағылып қалады. Үйездік мекемеде 10 шақты қазақ жігіттері бар. Қазақ тілінің іске аспай жатқанын, қалың бұқарамен араласа алмай отырғанын айтып қынжылады. Отаршыл орыс жолдастар бұлардың қынжылғанын қайтсін. Қазақ тілінің жүруіне екінші кесел – қазақ қызметкерлерінің аздығы. Бірақ мына күйімен тұрғанда қазақ қызметкерлерінің қызмет істей алатын да түрі жоқ. Жер бөлімінде.
Мұнда бір қазақ жігіті бар. Жаңа да келді. Ол жігіт істі қазақша қанша жүргізейін десе де, жанындағы мүйізді қошқарлар ырық бермейді. Мұндағы қызметкерлердің көбі Некең заманындағы сарыала түймелілер. «Қазақша» дегенді естігенде төбе шашы тік тұрып ашуланады. Тергеу бөлімінде. Тергеу бөлімінде жаңа келген жолдас Аманұлы өз жұмысының бəрін де қазақ тілінде жүргізіп жатыр. Орыстар орысша жазады. Жоғарғы мекемелерге де қазақша жазып жіберіп отыр. Жалғыз өзі. Жұмыс ауыр, ауыр болса да қазақша жүргізуге ынтасының күштілігінен аянбай шыдап атқарып отыр. ҚОСТАНАЙ ГҮБІРНЕСІНДЕ ОҚУ ЖАЙЫ Өткен жылдарға қарағанда биыл мектептерде оқу-оқыту ісі жақсы өтті. Мектепте балалар халық ағарту бөлімінің мөлшерлеген мөлшерінен артық оқыды. Бұны анықтау үшін өзіміздің Қостанай ауданынддағы мектептердің жайын айту жетеді. 1923жылы ашылған 35 мектеп бар. 15 шамаласы үкіметтен, қалғаны (20-сы) халықтың өз тарапынан ашылған. Мектептердің алдында 70 бала, ең кемінде 30 бала оқиды. Оқушы балалардың көбі кедей, жалшының балалары. Басқа жылдарға қарағанда биыл əйел балалар да жақсы оқыды. Қай мектепті алсақ та, оқушылардың үштен бірі əйел балалар деуге болады. Мектептердің бірқатарында жастар ұйымы бар. Айына екі рет сауық кеші қойылып тұрады. Мектептен тысқары үлкендер үшін оқу орындары ашылып, 20-30 азамат хат танып шықты. Қалғандары да оқытылмақ. «Ауыл» газеті шыққаннан бері, жалпы шаруаның оқуға көзқарасы жақсы түзеліп барады. «Педия» құзғыны молдаларды шөміштен қағып, оларға беретін садақаны мектеп пайдасына шығарды. Жаз шыққаннан бері мектептің жабдығын жеп, мектеп пайдасына 5-6 жерден егін салды. Кейбір орындарда жаңа мектеп салуға қам желініп жатыр. Əрине, мектептің барлық керегі сай деп айтуға болмайды. Оқу құралы, жергілікті қаражат кемістеу. Оқытушылар жағына келсек, биылғы жыл Қостанайда 75 кісілік 3 айлық мұғалімдік курсы ашылды. Шақырылған азаматтардың бəрі де мезгілінде келіп оқып жатыр. Бұрын гүбірналық халық ағарту
бөлімінің 1921-1922-жылғы ашылған курстарына шақырған мұғалімдер дұрыс бармап еді. Биылғы жылы мұғалімдердің айлық алысы екінші түрде деуге болады. Осы оқып жатқан жолдастар қайсы болса да, азды-көпті алған білімдерін шын ынтамен елдегі жас буындарға шашар деп үміт етеміз. Басқарма: Бүкіл Қостанай гүбірнесін, Қостанай үйезін мысалға алып, оқу жағы тым-ақ жақсы жүріп жатыр деуіңіз ағатырақ болса керек. Қостанай ауданы іргеде отырған соң оңбай не бопты.
ЖИҺАНГЕРШІЛІК СОҒЫС БАСТАЛҒАНЫНА 10 ЖЫЛ Міне, бүгін (1-август) Еуропа соғысының басталғанына 10 жыл өтті. 10 жыл бір сан өмір бола тұрса да, Еуропа қырғыны кешегідей болып көрініп, естен кетпейді. Тарихқа қарасақ, тарихта да мұндай болып адам қаны төгілген жоқ екен. Бұл секілді неше миллион жастар қыршынынан қиылып, неше миллион жан жарымжан болып, артында қатын-балалары шулап қалған сұрапыл қанды уақиға болмаған екен. Жаудың басталған себебі не? Германия капиталы артыққа өсіп кетіп, ХХ ғасырдың басында Еуропаның басқа мемлекеттерін үнем жүзінде өзіне бағындырып, ілгеріден дəуірлеп келе жатқан Англияның капиталымен əр жерлерде түйісіп, мақсаттары қайшы келіп, сиыса алмайтындықтары көрінді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген секілді жердің үсті тарлық етіп, бірін-бірі бағындыруға бет алып, күш құрау үшін одақтас іздей бастады. Əуелі екеуі де Франция мен Россияны қосып алмақ болды. Бірақ Франция Германиямен косыла алмайтын болды. Өйткені Германияның күшейгенін іргелес отырып, Франция көтере алмайды, бұл – бір. Екінші, 1871 жылы айырылып қалған Лотарингияны қайта алу, Германияның Рур деген жерін меншіктену ойы бар. Россияны алсақ, Түркиядан бүтін Кавказ өрісін өзіне бағындырып, қарамағын кеңітіп, Балқан мен Малая Азияда өз үкімдігін жүргізіп, Балқанда Германияның қадірін жоғалту.
Міне, осы себебті Франция мен Россия 1907-жылы Англиямен одақтастық шартын жасасты. Германияның мақсаты – Африканы өзіне бағындырып, Англияның құрғақта һəм су үстінде қуатын азайтып, бүтін Еуропаны өзіне бағындыру. Австрияның мақсаты – Сербия, Греция арқылы теңізге шығуға өзіне жол ашу. Англияның ойы – Германияға басым болу үшін Индия мен Африканың құбыла жағымен төте қатынасуға Түркия һəм Мысыр арқылы жолын тазарту. Міне, Еуропа жаһангерлерінің осы саясаттарына қарағанда ерте болсын, кеш болсын жау болмай қалатын орны жоқ еді. Россияның əскер жинай бастағыны Германияға дəлел болып, Россияны жауласуға шақырып, Бельгияны тапап өтіп, Парижді зеңбірек астына алмақ болғанда баяғы 1907-жылғы одақтық шарты бойынша Англия Германияға қарсы жауласу жұмысына кірісті. Бұның соңында Англия Францияның жау кемелері Түркияны қамап, Еуропа қиғаш атысқа батты. Өтірік социалшылдар (меньшевик, эсерлер) жұмысшылары мен крестьяндардың қанын төгуге жəрдемдес болды. Қайсы мемлекеттер жауласуға 10-15 жыл əзірленді. Жау басталардың алдында жұмысшылар мен крестьяндар жауға қарсы болмас үшін əр мемлекеттердің өтірік социалшылдары жұмысшылардың қанын капиталға сатып, жауласушылыққа үгіт жүргізді. Мəселен, Герман: «Россия, Англия, Франциялар біздің ел болғанымызды көре алмай, ғылым-өнерімізді жоқ етіп, елдіктен қалдыруға шара жасап, жауласқалы жатыр. Арымызды, намысымызды қорғау үшін жеңіп, жеңіскенше жауласуымыз тиіс», – деп жар шақырды. «Франция, Англия, Россиялардың өтірік социалшылдары: «Германия, Австрия, Түркия жерімізді, суымызды тартып алып, өздеріне бағындырғалы жатыр, біріміз қалмағанша қорғануымыз тиіс» деп ұран шақырды. Жалғыз-ақ Ленин жолдас бастаған большевик партиясы жаудың əр мемлекеттердің жиһангерлерінің өз капиталдарын қорғау үшін болып жатқанын түсіндіріп, жер жүзінің бейнетқорларына «жауласпаңыз, байлардың капиталын қорғау үшін қан төкпеңіз» деп ұран сала тұрса да, өтірік социалшылдардың азғыруымен жұмыскер, крестьяндар жауға беріліп кетіп, өзді-өзінің қанын төге бастады.
КЕДЕЙ БАЛАСЫ ОҚУДАН КЕМ ҚАЛМАСЫН Кеңес үкіметі орнап, əрбір мектептің жалпы кедей балалары үшін есігі ашық болса да, сол оқу орындарын кедей балалары түгелімен пайдаланып отыр деуге болмайды. Бұлайша тегісімен пайдаланбаудың себебі үкіметтен, болмаса жоғарғы іс басындағы басшы адамдарымыздың салақ қарауынан емес. Олар хал келгенше оқу жолынан үкімет қаржысын аяп жатқан жоқ. Тек оқудан жетіспей кетік қалып отырған баяғы сорлы кедейдің күшінің жетпегендігінен. Осы бостандық туып, ел ішінде жалпағынан мектеп ашылғалы, міне, 6-7 жыл өтіп барады. Содан бері қарай ел ішіндегі мектептен І басқыш мектепті бітіріп шыққан балалардың саны өте аз. Неге олай болады? Əлбетте, бұның себебі былай болуы керек: бір ауылы жиі деген жерге мектеп ашса, оның айналасындағы ауылдың ең жақыны жарты шақырым, алысы 4-5 шақырымнан кем болмайды. Əрқайсысы əр жерде жалғыз болып отырады. Бұл ауылдардан оқу басталған уақытта жылы күндерде кез-келген кедей баласы жалаң-аяқ, жеңіл-желпі киімнен-ақ үзілмей шын ынтасымен оқып тұрса да, салқын түскесін келуден тоқталып қалады. Оқытушы да ең баста кедей баласын алады. Бұл ретпен осы кедей балалары оқу уақытын тегісімен бітіріп шыға алмайтыны өз-өзінен көрініп тұр. Үзілмей оқиын десе, суыққа киетін киім жоқ. Басында жатып оқитын тамақ жоқ. Сөйтіп, алаң болып, соры қайнап, көзі жаудырап, ойлаған мақсатына жете алмай оқудан құр қалады. Бұған қылар амалы жоқ. Енді бұл мектептен үзілмей оқитын кім? Əлбетте, əлді кісілердің балалары, киімі барлар, суыққа тоңбайтындар. Кедей балаларының келе алмайтын себебін біле тұра мектепті жауып тастауға болмайды. Сөйтіп, нашар балалар оқи алмай, əлділердің балалары ыхтиярсыз оқуға кірісіп кетеді. Қыршындай кедейлердің жас балаларының оқудан тоқталмай, мəдениетке жетісуіне жоғарғы мекемеде отырған оқу бастықтарының мына шараларды ертерек естеріне алуларын өтінеміз: 1. Əр мектеп жанынан елу балаға интернат ашылуын; 2. Сол интернат ашылған мектепке екі оқытушыдан тағайындалсын; 3. Саны бар, сапасы жоқ мектеп атағын көбейткенше, мектеп санын қысқартуын;
- Сол мектеп жанынан кітапхана ашып, балалардың көзін ашуға басқармалардан түрлі керекті құралдар жіберуге бұйрық етуін. Міне, осылай болғанда ғана кедей балаларының жалпы тегістікке, жалпы мəдениетке жетісуі шексіз. Басшылар жол көрсетіп, жас буынды жетектесе, оның арттарынан адал ниет ақ жүрекпен шын ынтасын салып, басы жерге жеткенше кейінгі кедей табының жас жеткіншектерінің қалмай ерулеріне, ешкімнің де шүбəсі жоқ болуы керек. Осы жоғарыда айтылған төрт түрлі ұсыныс орындалса, оқушы балалардың оқуының өнуіне һəм бір жерде жатып, балалар бас қосып, тұрмысына керекті заттар табуына жəне жалпы тегісшілдік тəрбиесіне жаттығуға үлкен пайда болар еді. Бұл жұмыстың жүзеге шығуын тек үкіметтен ғана күтпей, жалпы, халық та бірігуі керек. Үкіметтің қандай күшінің бар екенін біле тұрып, үйде отырып, бəрінде «бітірт» деп қол қусырып қарап отырмай, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, надандықты жоюуға тырысалық. Жалқаулықтан безетін уақыт жетті. ОКОП ЖҰМЫСЫНА ҚАЗАҚ ЖІГІТІ АЛЫНДЫ Одақтас мемлекеттер қаншама аспалап, немістерді бір айдың ішінде жеңеміз деп жорыса да, қашаннан жауға қамданып келген немістер қапелімде бола қоймады. Хатта кімнің жеңері бимағлұм бола бастады. Одақтастар ойларына келген шараның бəрін де жасай бастады. Мəселен, бұрын жау ғылымын үйренбеген өзбек, қазақ сияқты халықтарды фронтқа окоп қазуға алып, мылтықтың үстінен шенге салды. Бірақ бұл патша үкіметінің ақырғы сандырағы екен. Үш-төрт ай өтпей-ақ, феврель төңкерісі болып, Николай тақтан ұшқаннан кейін мемлекет басына уақытша өтірік социалшылдардың адамдары отырып, билікті қолына алды. Əлгі жау көтеруге делбеуші болған өтірік социалшылар жеңіп, жеңіскенше жауласпақ болып, жауды соза берді. Февраль төңкерісі солдаттардың, крестьяндардың көзін ашуға себеп болды. Басынан аяқ жауға қарсы болып, жер жүзіне жар шақырған жолдас Ленин һəм ол бастаған большевик партиясы
болды. Қалың қара бұқара, жалпақ жұмыскер большевик партиясының үгітіне түсініп, фронттан, жауласудан тиылып, елге қайта бастады. Сол кезде қазақтың оқтан аман қалған жігіттері де елге қайтты. Фронтта қанша жігіт өліп қалғандығынан анық есеп жоқ. Елге қайтқан жігіттердің саны 1 -дей болса керек. Жаудың шығыны. Жиһангерлер соғысының адам баласына, халық шаруасына қандай-қандай апат келтіргенін мынандай ескеруге болады: 1793 жылдан бастап, 1905 жылға дейін бүтін жер жүзінде болған соғыстардың шығыны – 41 миилиард сом (алтын есебімен); 1914 жылдан 1918-жылға дейін болған жиангерлер соғысының шығыны – 378 миллиард сом. Яғни, 4 жыл жаудың шығыны бұрынғы 112 жылғы жаудың шығынынан 9 рет артып кеткен. 1913 жылы бүтін Еуропаның жанының қисабы 401 миллион еді. Жаудан аман болып, тыныштық күйде өсе берген болса, 1919-жылдың ортасында бүтін Еуропаның жан есебі 424 миллион болмақ еді. Дұрысында (1919 жылдың есебі бойынша) 389 миллион жан қалулы. 10 миллион шамалы жан жауда өлген. Басқа 21 миллиондай жанның жаудың əлегінен өшкені – міне, Еуропа соғысының қаншама апат келтіргенін осыдан білуге болады. Қайткенде жер жүзінде татулық орнайды? «Еңбекшіл қазақтың» өткен нөмірінде жаудың не себептен басталғанын айтып өттік. Егесу, бəсеке-бастық капитализм дəуірінің еншісіне тиген нəрсе. Дүниенің рахаты мен бейнеті адам баласына тегіс болмай, біреуді-біреу езіп, біреудің маңдай терімен біреу пайдаланған заманда жауласу болмай тұрмайды. Ұлт озбырлығы, тап тартысы капиталдан туады. Капитал дəуірінде бай, күшті мемлекеттер уақ мемлекеттерді өзіне бағындырып, саясат һəм үнем жүзіне қол жетпекші. Бұның соңында əрбір капиталшыл мемлекеттердің бір-бірімен қайшыласып, бəсеке-бастық тумайтын шарасы жоқ. Бұның түбі жауласу, қан төгу болады. Жалғыз-ақ жер жүзіне кеңес үкіметі орнаған шақта тап тартысы жойылып, ұлт мəселесі дұрыс шешіліп, жер жүзіне татулық орнайды. Орнасын бүтін дүниеге кеңес үкіметі!
ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ҚАЗАҚ БӨЛІМІНДЕ Биылғы июннің 17-сі күні жоғарғы соттың қазақ бөлімінде Бөкейдің гүбірнелік соты жасаған үкім үстінен қуынып берген Көшекұлы Ишанның, Нұрмұхамбетұлы Əліпқалидың, Жұмағазыұлы Құсайынның жəне басқаларының арызы қаралды. Істің қысқа жайы: 1920 жылы Бөкей гүбірнесі Орда үйезі Тарғын болысының азаматтары: 1) Нұрмұхамбетұлы Əліпқали. 2) Шəңгерейұлы Қибаш Бөкейдің гүбірнелік соғыс комиссариатына ойын даярлаушы агент Көшекұлы Ишанның орынбасарлары болып жүріп, 3) Жұмағазыұлы Қибаш. 4) Ералыұлы Сағналы. 5) Мұхаметқалиұлы Сəрсен. 6) Жұмағалиұлы Құсайын. 7) Есқалиұлы Зұлқаш 8) Сол гүбірне, сол үйез Жиенқұл болысының азаматы Ниетəліұлы Қыдырғали Бөкейдің гүбірнелік соғыс комиссариатында қызыл əскер болып жүріп, Қасайып бандыларын қарауылдаймыз деген сылтаумен құралданып шығып, Орал гүбірнесінен еліне қайтып келе жатқан Царицын гүбірнесі Николай үйезі Қойсан болысының орыстары – Бондаренко Яковты, Ларенов Владимирді делбешісімен банды деген болып, атып өлтіріп, сүйектерін құдыққа тастап, ат, арба жəне басқа мүліктерін олжалаған. Бұдан басқа Мұхамбетқалиұлы Сəрсен 1922 жылы июнь ішінде Тарғын үйезіндегі 3-ші ауданда милиция болып жүріп, абақтыға тапсыр деген Орда қаласына өзі айдап бара жатқан Талабке үйезінің азаматтары – Аязбайұлы Жабу мен Нұрмұхамбетұлы Өмірзақты жолшыбай қашқан себепті, ұстау үшін басқа шара қолдануға еркі бар бола тұрып, табанда атып өлтірген. Ералыұлы Сағыналы мен Жұмағалиұлы Құсайын 1922-жылы апрель ішінде Тарғын үйезіндегі 3-ші ауданда милиция болып жүріп, сол ауданның халық судьясы – Көшекұлы Ишанның бұйрығы бойынша Орда қаласына өздері айдап бара жатқан Талабке үйезі Нарын болысының азаматы Сейітəліұлы Қуанышəліні атып өлтірген. Көшекұлы Ишан 1920-жылы Бөкейдің соғыс комиссариатына агент болып жүріп, орынбасарлары – Нұрмұханбетұлы Əлібқалиұлы мен Шəңгерейұлы Қибаштың, қызыл əскер Жұмағалиұлы
Құсайынның жəне басқаларының үш орысты өлтіргендерін уақытында біле тұрып, жасырған. Өлген орыстардың мүлкінен олжа есебінде бір тарантас арбасын алған. Бұдан соң 1922-ші жылы Тарғын үйезіндегі 3-ші ауданда халық соты болып тұрып, Орда қаласына өзі айдатып жіберген Сейітəліұлы Қуанышəліні, милиция Жұмағалиұлы Құсайын мен Ералыұлы Сағыналының дəлелсіз сылтаумен жолда атып өлтіргендерін біліп отырып, тиісті шара қолданбаған – жасырған. Осы істі Бөкейдің гүбірнелік соты биылғы майдың 18-20-сы күндерінде тергеп қарағаннан кейін: 1) Ниетəліұлы Қыдырғали мен Шəңгерейұлы Қибашқа қылмыс заңындағы 184 статьяның 2-ші бөлімі бойынша қысып ұсталумен əрқайсысы 3 жылдан абақтыда отырсын. Бірақ Ресей бас комитетінің 1922-жылғы ноябрь кешірімі бойынша жоғарғы жазаның бір жылы кемісін, Қазақстан бас комитетінің 1922-жылғы октябрь кешірімі бойынша қалған жазаның тағы 8 айы кеміп, қысып ұсталу қалсын деп үкім еткен. КІМ ҚАРАСАДЫ? Кеңес үкіметі жұмыскер кедей таптың үкіметі екенінде сөз жоқ һəм солай деп қара халыққа күнде қақсалынып жүр. Əр нəрседе құр ауызбен ғана айтылғанмен болмайды, жүзеге шығып, істелсе ғана болады. Əрбір езілген тап, жұмыскерлер басқа да теңдікке қолы жетпей жүргендер көбі-ақ төңкерістің жемісін жеп, қолымен ұстап, көзімен көріп жатыр. Бірақ осылардың ішінде қосақ арасында босқа төңкерістің жемісін жей алмай, қолы теңдікке жете алмай, ескерусіз жүрген қазақтың сорлы болған кедейлері толып жатыр. Ескерусіз емей немене? Темір қаласында ашаршылықтарда, одан бұрында елдерінде күнелте алмағасын əрбіреуі əр жақтан қаңғып келіп, отырып қалған қазақ үйлері 150-ден астам, 200-ге жақын. Осылардың көбі орыс-ноғайлардың ас үйлерінде, сарайларында отыр. Бірсыпыраларының салып алып отырған үйлері де бар. Өздері орыс-ноғайлардың қызметін етіп қана тамағын асырап отыр. Ал енді бұлардың жергілікті мекемелерден көріп отырған жəрдемі шамалы. Шамалы ғана емес, тіпті жоқ деуге де болады. Бұл
бейшара қазақ үйлері, түрліше қаланың алғырт-салғырттығынан құтылмайды. Кейбіреулер елден келген ағайындарының малдарын базарда сата қойса (патенттің) жоқ, маклерлік қылып жүрсің деп айып (штраф) салудан мекемеде қызмет ететіндері беттері бүлк етпейді. Енді, егіндік жер, шабындық тоғай, бақшалы жер – бəрі де қарашекпендерге (Темір қаласындағы) беріледі де, əлгі қазақтар ылғи құр қалады. Бұған келгенде мекемелердегі азаматтардың көздері көр болып кетеді. Əрқашанда осылай болатынын еске алып, кешегі 4-июль күні Темір қаласындағы жарлы-жақыбай қазақтар жиналып, «Жарлыжақыбай қазақтар ұйымын» ашқан (бұған басшылық қылған Қасаболатұлы). Темір қаласының түбінде жер-су бөлімінің билігінде 40 десятинадай «Казачьи тогай» деген шабындық тоғай бар-ды. Сол тоғайды əлгі «жарлы-жақыбай ұйымы» атымен жерсіз қазақтар сұраған. Гүбірнаға əлденеше рет телеграм берілген. Аяғында гүбірна мен үйезден алынған жауабы 800 сомға сатып алу болған. Бұған «жарлы-жақыбайлардың ұйымы» əлі келмей, ала алмады. Əлгі тоғайды бүгінде саудагер ноғайлар алып, шауып жатыр. Енді бұл қаладағы қазақтар кіндіктен бірдеме болмаса, үйез бен гүбірнеден күдерін үзді. «Жыласаң тағы да» дегендей осының үстіне «тек батырақтардың (малайлардың) ғана ұйымы болуға тиіс, біз мұндай ұйымды танымаймыз...» деп профсоюздың бастығы Громов деген шақ-шақ етеді. Осылайша Темірдегі жарлы-жақыбай қазақтар қайтерге білмей дағдарып отыр. Сөйтіп бұлар жерсіз-сусыз əрбіреуі əр байдың, саудагерлердің тепкісінде езіліп жүре бере ме, болмаса бұларға қарасушы бар ма? Енді кім қарасады?
АШТАН ӨЛМЕУ, КӨШТЕН ҚАЛМАУ МАҚСҰТ ЕМЕС Дорбалы қайыршы ел қыдырып, тамақ асырайтын, ақырында үйсіз-күйсіз өлетін. Ашаршылықтан кейін котелок арқалаған «голодающий» көбейді. Үкімет бұларға жəрдемге кірісті. Жəрдем жасағанда
үкіметтің мақсұты – оларды аштан өлтірмеу, көштен қалдырмау емес, оларды байыту, күйлендіру, шаруасын тірілту еді. Осы күні ел ішінде кателок арқалағандар сирек көрінеді. Шаруа аздап түзелулі. Үкіметтің еңбегі аз да болса жеміс берулі. Ашаршылық жылы қаңғып қалғандар кішкентай ғана шаруа тұрғызып алулы. Биыл бірқауым жерде егін шықпай қалды. Егінсіз қалған жердің бірі – Қазақстан. Астығы жоқ қазақ не істемек? Жаңа ғана қалқиып келе жатқан шаруасына қайтадан қол қоймақ. Ішпей-жемей малданып отырған сиырдың баспағын расходқа ұстамақ. Көлік етіп отырған сыңар өгізін сатпақ. Сөйтіп, «Жарық астаудың басына қайта мініп» ашаршылық жылғы таз кепті қайта кимек. Котелокті қайта арқаламақ. Көлеңкедей қалықтап, үй-үйдің арасында тағы сандалмақ. Бұ халды шегіп, үкімет егіні шықпаған жерлерге 60 миллион ақша жіберіп отыр. Егінсіз үйге үлестіргенде, бұл ақша орта есеппен 60 сомнан тура келеді. 60 сом жəрдем алса, кедей, егінсіз қазақтың шаруасы күйленбей ме? 60 сом астық, сулық, тұқым басқа шығынға жетіп, сыңар өгіз, мəстек аман қалмай ма? Келесі жаз ол қазақ қайтадан егін жұмысына араласпай ма? Сөз жоқ, 60 сом кедей, егінсіз қазақтың шаруасына арқау болады. Жоғарыда айтқандай, мемлекеттің жəрдем еткендегі мақсұты – елді аштан өлтірмеу емес, елге котелок арқалатпау, елдің көлік малын саттырмау, мемлекеттің жалпы жыртысын азайтпау. Бұл ретке қазақ түсінер ме? Тұқым қуған құрт аурудай дос-ес, жегжатты сағалап қалған қазақ елі үкімет жəрдемін дұрыс тарта алмай, еңбегін еш қылып жүрмес пе? 60 сом алған кедей қазақ астықты қайдан алар? Арзан алар ма, сеніп болмайды. Олай болса, бұ жəрдем жұмысын өткізу – кооперациялардың міндеті. Үкімет жəрдемді кедейлерге, орта шаруаларға жіберіп отыр. Кооперациялар бұ жолдан таймауы керек. Коолперациялар кедейлер мен орта шаруалардың кооперациясы болуы керек. Байлардың кооперацияға енбеуі керек. Егінсіз қалғандарға үкіметтің жəрдемі гүбірналық атқару комитеттерімен, төменгі кооперациялар саласымен үлестірілуі керек.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру