Сырдан ұшқан қарлығаш
Қатира Жәленова
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сырдан ұшқан қарлығаш. Қатира Жәленова
І БӨЛІМ
Жарық дүние,
Сырыңа қанып келем.
Бірге жасап өзіңмен,
Халықпенен.
Дәл өзіңдей
Жап жарық
Жырларыммен
Адамдардың бәріне
Жарық берем!
Ақын
Томағасын сыпырған,
Қиял құсын ұшырған.
Тас емшегін идіріп,
Сүт шығарған қысырдан.
Ащы терін алғызған,
Арғымақтай қан қызған.
Көңіл атты көк дөнен,
Жер түбіне барғызған.
Артық санап ақшадан,
Ар-ұжданын сатпаған.
Ақсүйектік қанында,
Тектілігін сақтаған.
Уәлі сөзге тоқтаған,
Қорықпаған ноқтадан.
Кем-кетігін түгендеп,
Жүрттың жоғын жоқтаған.
Қайнап шығып қайнардан,
Шарболаттай қайралған.
Шындық үшін от кешіп,
Оққа басы байланған.
Тола, айдай алыппыз,
Түнек түрер жарықпыз.
Сүген құлы Алланың,
«Ақын» деген халықпыз.
Руханияттың айнасы,
Қоғамға зор пайдасы.
Зиялылырын іздейтін,
Беу,қазағым, қайдасың?
Қайдасың?!
Тәтті өлең
Қиялымның
Талмайтын кептері едің,
Бар тілеуім
Өзіңде боп келемін...
Жеткізе көр,
Шаттығын жүрегімнің
Мұңы басым жандарға
Тәтті өлеңім!
Отсыз болсаң
Ешкімге жоқ керегің,
Ортаймасын
Қызуың деп келемін.
Жеткізе гөр,
Жалынын жүрегімнің,
Жаурап жүрген жандарға,
Тәтті өлеңім!
Алсын сенен
Таба алса деп керегін,
Сезімімді селдетіп,
Төкпеледім.
Жеткізе гөр,
Лүпілін жүрегімнің,
Ғашық болған жандарға,
Тәтті өлеңім.
Бірге өткеріп
Өмірдің өткел-өрін,
Туған жерде
Бүр жарып көктеп едім.
Жеткізе гөр,
Жан-сырын жүрегімнің,
Өз еліме
Ей, менің тәтті өлеңім!
Жарық дүние
Мен бүгін
Жаңа туғант баладаймын,
Құрысын бәрі
Уайым, нала-қайғың!
Жарық дүние,
Жырыммен,
Шаттық үнмен
Орманыңды,
Тауыңды аралаймын.
Көтеріңкі көңілмен
Асқақ үнді
Бастайын мен
Мақамы басқа жырды
Іңкәрлікпен сүйейін тіршілікті,
Түнертпесін бұлт ашық аспанымды.
Қуанышын жүректің
Ақтара бір,
Жазайын мен
Көбірек шаттана жыр.
Ауыр ойдан сілкінген
Ақынына
Мейірленсін
Құлпырып жатқан өңір.
Жарық дүние,
Не деген керім едің!
Өзіңе алғаш
Сәби боп келіп едім.
Сәбиің боп еркелеп
Бүгін саған,
Құшағыңа
Армансыз көмілемін.
Шуағы мол
Жап-жарық нұрың қандай!
Сіміремін нұрыңды
Шырын балдай...
Тіршілік деп соғатын,
Тіршілік деп
Жүрегімде менің бұл
Тыным бар ма-ай?!
Жарық дүние,
Сырыңа қанып келем,
Бірге жасап
Өзіңмен,
Халықпенен
Дәл өзіңдей
Жап-жарық жырларыммен
Адамдардың бәріне
Жарық берем.
Тіршілік үшін жаралдым
Көгілдір күмбез аспанның
Жұлдызы болар едім мен,
Қарауым үшін биіктен
Ғажайып мынау өмірге,
Көруім үшін әр үйді,
Жаңарған әрбір өлкені,
Құрыш білекті жастарды
Үміт күттірер ертеңі...
Парақтап әрбір жүректі,
Бөлісу үшін жан сырын,
Қалмасыншы деп қонақтап
Жанарларын тамшы мұң.
Қасірет шеккен пенденің
Көзінің жасын құрғатып,
Қайырымы мол жандарға
Сыйлар ем әкеп нұр бақыт.
Құдіретім жетсе және де
Ән болар едім қанатты,
Шарқ ұрып ұшар сазымен
Оятып барлық алапты.
Сілкілеу үшін баршаның
Көңілін жатқан бұйығып,
Жылыту үшін жүрегін
Нұр шуақ болып құйылып.
Сазды әуенменен сиқырлап,
Танытып елге ән күшін,
Қуаныштарын молайтып,
Кемітер едім қайғысын.
Ұмытып көңіл наласын
Әнменен жүрсе емделіп,
Аялар едім сазыммен
Адамдарға мен дем беріп.
Бірақ та, тіпті, назқоңыр
Ән емеспін мен төгілген,
Жұлдыз да емеспін жарқырап
Сәулесін құяр көгімнен.
Адамзатпын мен – саналы,
Ой-өрісі кең, жан-жақты,
Сондықтан да өтер парызым
Екеуінен де салмақты.
Көтеріп келем иықпен
Ғасырдың ауыр салмағын,
Бастауын алар мың бұлақ,
Ағысы қатты арнамын.
Сусыны болдым сартап боп
Шөліркеп жатқан даламның,
Адамзат болып о баста
Тіршілік үшін жаралдым!
Сырдария
Сәлем бердім,
Сұлу Сыр,
Ізетпенен,
Сағынышымның
Моншағын тізбектеген.
Жыл құсындай
Жыл сайын қайта оралып,
Жыр маржанын
Өзіңнен іздеп келем.
Ұнайтындай өзіңе-еркелігім,
Толқындарың
Сырлы саз шертеді мың.
Туған жердің
Қарсы алып арай таңын,
Келіп тұрмын жағаңа ерте бүгін.
Арман қуып,
Тәтті ойдың жетегімен,
Бала болып
Бір сәтке кетемін мен.
Андағайлап
Жан-жақтан жармасады,
Тентек желің
Жұлқылап етегімнен.
Санамашы
Мені енді жатқа бүгін,
Саған деген
Қылаусыз ақ көңілім.
Толқыныңмен
Алысып өскен ем ғой,
Бұрымымды тарқатып ақ көбігің.
Ойхой, шіркін!
Бір аунап құмдағыңа
Еніп кетсем бір сәтке жыр бағына.
Қайта оралса
Бал татқан балалық шақ
Кейін қарай шегініп жылдар мына...
Бұл өмірден
Демеймін кенже қалғам,
Таусылар ма, сірә да, мендегі арман?
Аңсап келдім,
Сұлу Сыр,
Құшағыңды аш,
Балалықтың базарын
сенде қалған...
Жүрегімде бақ жұлдызы
«Жиһазы мол жасауын жиып-теріп,
Тас бауыры тағдырдың иіп келіп.
Біреулерге қимаған қазынасын
Біреулерге береді үйіп-төгіп.
Байлығы да,
Абырой-атағы да
Кетіпті асып,
Қарасам қатарыма»,-
Деп күйініп
Кейбіреу өз-өзінен
Шатылып жүр күншілдік шатағына.
Ал, өзім ше?
Бақыттан кенде ме едім,
Өзгелерден демеймін кем келемін.
Өз бақытым жетеді бір басыма,
Шаруам не
Басқа бақ, елде менің?
Кереметпін демеймін,
Дарынды едім,
Бағаласа болғаны барымды елім.
Жан азығым
Табылып жақұт жырдан
Жай табамын...
Осы ғой бағым менің.
Нәрлі болса неғұрлым,
Өнбек егін,
Бабын жасап
Мәпелеп келген едім,
Сезім сөлін сіңіріп тамыр жайған
Жемісін мол береді енді өлеңім.
Осы емес пе
Бағымның өрлегені?!
Осы емес пе
Мен үшін ең керегі?!
Бар жүрекке
Асығам жол салуға.
Еңбегімнің жемісін ел көреді.
Жасамадым зиянды іс
Жаным кірлеп,
Жақсылықтиың жанынан
Табылдым көп.
Жүрегімде –
Өзімнің бақ жұлдызым,
Басқалардың қайтемін бағын күндеп.
Бақ жұлдызы адамның туылсын көп,
Сән-салтанат жерімде құрылсын бек.
Бұл тағдырдан тілеймін:
– Кімнің болсын
Өз бақытын өзіне бұйырсын! – деп!
Қарақалпақ елінде
Бүгін саған араналады асқақа ән,
Әму елі,
Есігім ең ашпаған.
Дарияңдай тасып тұрып көңілім,
Қосық1 оқып мен өзіңде йоштанам.2
Өткір алмас,
Ақ семсерін жастаған,
Айбатымен
Жаудың жүзін жасқаған,
Армысыңдар,
«Қырық қызы» Әмудің,
Гүләйімдей қолбасшысы бастаған!
Бәрің бірдей
Сауыққұмар,
Жырқұмар,
Сендер жайлы
Көкірегімде сыр тұнар.
Жаудыраған жұлдыздары Әмудің
Армысыңдар,
Қарақалпақ бауырлар!
Аспаның да
Көңіліңдей ашық тым,
Қарсы алады
Алтын нұрын шашып күн.
Мен сіздерге жеткенімше асықтым,
Мен сіздердің бәріңізге ғашықпын!
1Қосық-өлең
2Йош-шабыт
Қарақалпақ қызына
Гүлстан Шамұратоваға
Сен
Әмудің
Топырағынан жаралдың,
Ал, мен
Сырдың
Топагынан нәр алдым.
Біз екеуміз –
Қос өзеннің толқыны,
Құйылармыз айдынына Арпалдың.
Егіз өскен
Сыр, Әмудің қызымыз,
Ортақ бізге
Суымыз,дәм-тұзймйз.
Ортақ бізге
Шертетін ән-жырымыз,
Ортақ бізге
Шаттығымыз,
Мұңымыз.
Туысқаным,
Бауырласым,
Қандасым
Күтер бізді
Әлі талай алда сын.
Жалын атып
Жану керек жанғасын,
Бір соғайық
Еңбектің сом балғасын!
Туысқаным,
Бауырласым,
Қандасым,
Жүрегіміз бірге соқсын,
Талмасын!
Бір-бірімізге
Мейіріміз қанбасын,
Арамызды
Достық жібі жалғасын!
Сен
Әмудің
Топырағынан жаралдың,
Ал, мен
Сырдың
Топырағынан нәр алдым.
Біз екеуміз-
Қос өзеннің толқыны,
Тоғысамыз айдынында Аралдың.
Алтыбақан басында
Қырғыздың «Гүлдесте» вокалды ансамбліне
Түсірді де
Балдай тәтті күнді еске,
Сезім қылын дірілдетті-ау
«Гүлдесте»
Алып келіп
Қырғыздың ән самалын
Алтыбақан басындағы бұл кешке.
Жүрек тербер
Мұңлы сазы-ай қырғыздың!
Шық боп тұндың
Жанарында бір қыздың...
Шымырлатып
Жан-дүниесін ақынның
Кеудесінде
Бір дауыл күй тұрғыздың.
Бабамыздан қалған
Ортақ мол мұра,
Үн қосқанда
Қомуз бенен домбыра,
Бір соғады
Қазақ-қырғыз жүрегі,
Әуел бастан
Еншісі бір тағдыр,ә...
Көңілдер де
Тауып енді жарасым,
Бір аранада
Тоғысқандай жаңа шын.
Арамызда жатыр
Достық көпірі,
Жалғастырып егіз елдің арасынепеп
Бүгін, міне,
Айғағындай бір соның,
Қырғыз досым,
Ұсынасың гүл шоғын.
Оттай ыстық сезімімнен өрілген,
Мен де өзіңе
Үзіп берем жыр шоғын...
Шаттық түнеп,
Кеудемізге күн көшсін,
Арманымыз
Арманыңмен үндессін!
Тілегіміз
Тілегіңмен бірлесіп,
Жүрегіміз
Жүрегіңмен тілдессін!
Ортақ бізге
Ойын- сауық, думан бар,
Алтыбақан басында өнер қуғандар.
Шашу етіп
Қырғызымның ән-жырын,
Хош келіпсіз,
Қадірменді туғандар!
«Қызыл қайың»
– Тосып жүрем сағынып, қызым, дәйім,
Келсең әр кез саған дәм-тұзым дайын, –
Деп сен жақтан
Жеткендей талып бір үн,
Мені өзіңе тартасың, «Қызыл қайың».
Әкеткенмен ағызып өмір-ағын,
Мен де өзіңе есіме ап сағынамын!
Келіп едім оралып,
Шықты алдымнан
Баяғыдай жаудырып тағы да құм...
Жаралғандай о баста іштен егіз,
Бойымдағы әл-қуат, күшке негіз
Өзің ең ғой...
Бір кезгі жалаң аяқ
Есіңде ме, құм кешкен кішкене қыз?
Сексеуіді,
Жыңғылды
Жота құмдар,
Ой тереңін мендегі қопарыңдар!
Қопарыңдар, жырымнан от алыңдар,
Балалық шаққа қайтадан апарыңдар!
Ол кездері басқа еді-ау,
Басқа бәрі...
Құмнан есіп тірліктің асқақ әні,
Бауырында дөңгелеп шағын ауыл,
Бақша салып жататын жас та,кәрі...
Мейірлене қабағын таң ашатын,
Таң нұрымен төгіліп тамаша күн,
Ақ әжелер қақ тіліп, төстік жасап,
Тентектері «тәттіге» таласатын.
Көлеңке-ойдан дегендей арылыңдар,
Құюшы еді алтын Күн жарығын бар.
Шағылысып сәулеге түйір-түйір,
Көз қаритын сары алтын-сары құмдар.
Осылайша күн ысып,қайнайтын тұз,
Бала біткен ойынға тоймай күндіз.
Кеш қарая
Қайтадан шұбырып кеп,
Құм төбеде асыр сап ойнайтынбыз.
Соның қазір жоқ бірі!
Тыныш маңай...
Құмда өрмелеп барады құмырсқа жай,
Естелік боп көшесің көз алдымнан
Бір кездегі ауылым ырысқа бай...
Қалайша енді толқымай жай табармын,
Сағыныштың сарқылмас айтам әнін!
Балалығым өткен жер,
Бұрынғыдай
Дәуреніңді қайтіп мен қайтарамын?
Қиындықтың төзуші ең қандайына,
Аптап құмның «сыймапсың маңдайына».
Шөл қандырам деп саған келгенімде,
Кермек болып татыдың таңдайыма.
ТАбу керек қайткенде бір амалын,
Құмға естірт іп қайтадан бұлақ әнін,
Толқындары жүгірсін жамырасып,
Тас емшегі иіген Сыр-Ананың.
Неге біздер беземіз шөл даладан?
Шөл далаға жан беріп қолдан адам,
Қажет етсе,
Кәдімгі сиқыршыдай
Орната алар әп-сәтте орман оған.
Жансыз дала тіріліп жанданар-ау,
Жанданар-ау,
Сірә да, бар ма оған дау?!
Қоныс теуіп сол кезде
Ауыл қайта,
Атар еді жарқырап таңдары алау.
Жастар сауық құрар ау іңір ене,
Құрбым менің жаныма үңіле ме?!
Көз ұшында көлденең көк аттының
Кішкене қыз алдынан жүгіре ме?!
Әрін ашып жал құмның тұнжыраған,
Су жүгірсе қойнына сыңғыраған,
Айналмас па,
Шұрайлы құт-мекенге,
Өрісі өсіп, малы өріп мыңғыраған.
Сен дегенде қалай мен қызынбайын,
Сені жырға қосуға қызың дайын.
Ізгі ойларым осынау іске ассын деп,
Үміт артар ертеңге, «Қызыл Қайың».
Толғандырыр мені әркез болашағың,
Туады ертең басыңа жаңаша күн.
Жақсылықтың бәрі кеп орнайды деп
Алдын-ала мен саған бал ашамын.
Ұстаз
Жағыпар Зермұхамиедовке
Тұтатып сезім – оттықты,
Кеудеме тұтас сыйды Күн.
Ұстазым, ойда жоқ тіпті
Тарттыңыз ғажап сый бүгін!
Архивіңізде сақтаған,
Ұсындыңыз бір дәптерді.
Сол дәптер маған қаптаған
Тәтті елестерді ап келді.
«Есіңе ал, мені көр де» деп
Тазалығымен бір керім.
Алдыма келді дөңгелеп,
Арманшыл, бала күндерім.
Өткеріп ширек ғасырды,
Өзгертпей әрпін тұра алған.
Оттай боп көзге басылды,
Оқушы күнгі шығармам.
Аударып әрбір парағын,
Әріптер тізген дәптерім.
Осында- қайран, бала күн,
Партаға отырған сәттерім...
Балалық күннің белгісі-
Дәптерді көріп жыладым.
Сезімнің соғып сел күші,
Толқысам, кешір, мұғалім!
Мендегі бұлақ сезімді ап,
Жолымды алдағы біліп кең.
Сол кездің тіпті өзінде-ақ,
Қарап па едіңіз үмітпен?
Алысқа барып жетер деп,
Осы бір балғын бұлақ-үн.
Сеніміңізді бекемдеп,
Жүрдіңіз бе екен,мұғалім?
Жасампаз жарқын тілекпен,
Жағайын жырдың шырағын.
Ұстаздық үлкен жүрекпен,
Қолдап жүріңіз, мұғалім!
Алғашқы мұғалім
Бастау алып білімнен тұма-жырым,
Сыңғыр-сыңғыр шығарып бұлақ үнін,
Шөлін басса халқымның,
Сізге алдымен қарыздармын,
Алғашқы мұғалімім!
Үмітімнің жағылып шырағы мың,
Көңілімнің көгінен шығады күн.
Сәулеленсе ой-санам,
Сізге алдымен
Қарыздармын,
Алғашқы мұғалімім.
Сіз арқылы
Танысып тұңғыш тілмен,
Таң нұрына құмартып,
Күн құштым мен.
Сіз арқылы сезіндім
Тұңғыш рет
Өн-бойыма біткенін бір күштің мен.
Өмір-өзен.
Ілесіп қатты ағысқа,
Арман-құсым
Қанатын қақты алысқа.
Жүрегімнен
Жалын жыр төксем дедім,
Қол соғатын
Сүйініп жат, таныс та...
Мұратыма жеттім бе,
Жетпедім бе?
Жалын жырлар төктім бе,
Төкпедім бе?
Қалдым ба әлде аса алмай
Өз мұңымнан,
Замананың сын-асу өткелінде?..
Төрелігін өзі айтар бүгін елім,
Сосын әділ қазымның бірі менің-
Өзіңіз ғой,
Ұстазым,
Сізге алдымен
Сын сағаты соққанда жүгінемін.
Уақыт заңы...
Мүмкін бе бағынбауым?!
Қалды тәтті сағыныш,
Жаным да мұң.
Сізді көріп жаныма жас іріксем,
Балалық шақтарымды сағынғаным...
Бұл күндері толассыз ағын жаным,
Барым менің халқыма –
Жаным да, арым.
Аяулы ұстаз,
Өзіңе жыр арнасам,
Шәкірттік күндерімді сағынғаным...
Балалық шағым – балғыным
І
Балалық шақ,
Жүресің кіл есімде...
Балағыңды тізеден түресің де,
Жүгіресің құм кешіп бұрынғыдай,
Қауқарым жоқ тек саған ілесуге,
Жете алмаймын, кекілдім,
Білесің бе?
Балалық шақ,
Жүресің кіл есімде...
Баяғыдай сақылдап күлесің де
Жалақ алып қашасың «қуып жет» деп
Жолдарменен мен үшін түгесілген.
Қуа алмаймын сондықтан,
Білесің бе?
Балалық шақ,
Жүресің кіл есімде...
Сағыныш боп кеудемді тілесің де,
Аңсатасың кезімді мұңсыз жүрген
Тек «ойын алаңы» боп үлесімде,
Сені сондай сағынам, білесің бе?
Балалық шақ,
Түсесің кіл есіме...
Қатал тағдыр соққанда дүресімен,
Қажығанда тірліктің күресінен,
Саған қайта оралғым кеп тұрады
Дәм татсам деп бал дәурен үлесінен.
ІІ.
Сағынышымның жаңбыры
Жиілеп, жанға салды мұң.
Адасып қалдың қай маңда
Балалық шағым-балғыным?
Басқа да болмай жұмысың
Гүлдерге толы уысың...
Томпаң да томпаң жүгіріп
Жүрмісің кезіп құм ішін?
Көктемде жасыл жаңбырлы,
Белуардан кешіп шалғынды.
Көбелек қуып жүрмісің,
Өткеріп бастан бал күнді?
Алуан тақпақ жаттап ап,
Өмірге мынау шат қарап,
Жүретін мұңсыз, бейкүнә
Періштем едің ақ қанат.
Уыздай аппақ періштем,
Көркем-ақ едің келіскен.
Жүзіңді жылдар жасырды,
Уақыт заңы өр, үстем...
Көз жазып қалып өзіңнен,
Кермегін мұңның сезінгем.
Жалғанда мынау жабығып,
Жан бар ма сенен безінген?
Балалық жөнің дара ғой,
Санама түрлі салады ой...
Таппасам сені таппайын,
Ертегім болып қала ғой!
Қаралы қоңыраулар
Белоруссияда Хатынь деген деревня бар. Ондағы 26 уйдің тұрғындарын фашист жендеттері 1943 жылдың 22 наурызында тірілей отқа өртеген. Содан бері мұнда тіршілік жоқ. Тек әр үйдің мұржасына ілінген қоңыраулар ғана кезек-кезек үн шығарып, үй иелерін жоқтайды. Хатынь Белоруссиядағы өрт құрбандығына айналған 296 деревняға қойылған қаралы ескерткіш. Хатынь – халық қарғысы, фашизм таңбасы.
Бұл арада қайғы – зар, аңырау бар,
Көкірегіңді күйдіре жалын аунар.
Түтіні өшкен
Әр үйдің мұржасында
Жоқтау айтып жылайды қоңыраулар,
Қаралы қоңыраулар!
Жаралы қоңыраулар!
Еске салып
Қан майдан қырғындарын,
Күңіренумен өткізіп күннің бәрін,
Тұрады олар
Осылай аза тұтып,
26 үйдің күл болған тұрғындарын.
Бұл арада
Қалдырып шат әнді ұмыт,
Орын тепкен бұлжымас қатаң ғұрып:
Енді мұнда
Ешқашан өмір гүлдеп,
Үйленбейді ешкім де отау құрып.
Қасіреттің қап қара бұлтыменен
Бұл арада мәңгілік түн түнеген.
Тойланбайды
Туған күн, шілдехана,
Жат бұл жерге
Қуаныш, күлкі деген.
Шүкірлік қып от басы, тірлігіне,
Отанының ынтымақ, бірлігіне.
Бұрынғыша әңгіме-дүкен құрып,
Қыдырмайды көршілер бір-біріне.
Бұрын соңды көрген бе
Жер ондайды?
Деревняға орнаған ерен қайғы...
Енді ешқашан
Ешкім де егін салып,
Еңбегінің жемісін көре алдмайды.
Жоқ бұл жерде
Өзгеріс, жаңалықтар,
(Фашизмді ар–ұждан заңы айыптар)
Енді ешкашан
Бұл жерде орнамайды
Адам қолы жасайтын ғажайыптар.
Қалды арманның қанаты отқа күйіп,
Бұдан асқан
Сұмдық та, жоқ та күйік.
Деревняның өртеген кәрі-жасын
Бір ақ күнде
Жендеттер топтап үйіп.
Осылайша өрт- жалын жұтып ішке,
26 үйдің ошағы, түтіні өшкен...
Орнын басып
Қара тас, бронзалар,
Хатынь жатыр
Басынан құты көшкен.ү
Бұл араның
Атпайды таңы күле,
Тірліктің де
Үзілген сазы міне...
Бар тілеуі бейбіт күн емес пе еді,
Құдайым ай, олардың жазығы не?!
Жазығы сол
Болғаны көктем еді,
Өз жерінде өркендеп көктегені.
Жазығы сол
Алдында фашизмнің
Құлдық ұрып,
Сатқын боп кетпегені.
Жазығы сол
Үміті сөнбеп еді,
Жеңеріне әділдік сенген еді.
Жазығы сол
Отаншыл азамат боп,
Жетегіне жат ойдың ермегені...
Зарлы үніне құлақ сап,
Көңіл аудар,
Қарғыс айтып соғысқа өмір аулар,
Әрбір үйдің сорайған мұржасында
Күңіреніп тұрады қоңыраулар!
Қаралы қоңыраулар!
Жаралы қоңыраулар!
Жеңіс
Жеңіс! Жеңіс!
Қалалардың үстімен отқа оранған,
Далалардың үстімен отқа оранған
Ұштың сен
Қанатыңды жалын шарпып.
Жатқанда әлем ішіне қанын тартып.
Тұрды алдыңда қаншама тосқауылдар,
Қанша төкті қаһарын отты ауыздар?!
Төтеп бердің бәріне,
Қайран , жеңіс,
Өзің жайлы қаншама жетті аңыздар?!
Әнін, сәнін қайтарып көк орманның
Қандай ғажап
Шаттық боп оралғаның.
Дүйім елдің шыдаммен ұзақ күткен,
Алақанға қондырдың ақ арманын.
Кешіп өтіп өмірдің өткелін мың,
Жетті бізге айбынды, өктем үнің.
Бейбіт күннің
Бал дәмін татып тұрып,
Қуаныштан көз жасын төкпеді кім?..
Жеңіс! Жеңіс!
Сен келгелі тірліктің жаңарды әні,
Бауырласып әр ұлттың адамдары,
Қан майданда біріккен ұлы достық
Бір мақсатпен бастады қадамдарын.
Сен келгелі көтеріп иықты нық,
Астық үйдік қамбаға биік қылып.
Тосты бізге
Жер-Ана ризығын бар
Алпыс екі тамыры иіп тұрып.
Өз қолымен орнатып пейіш мекен,
Өркен жайған елімде өріс те кең.
Бейнеткеш ел тынымсыз тер төгуде,
Мен де солай ісімді жемісті етем.
Сен келгелі атады жадырап таң,
Нұр-шуағын аямай жамыратқан.
Мың сан ұлтты,
Іргелі елміз, міне,
Күллі әлемге бүгінде қадірі артқан.
Бейбіт күннің есігін ашқалы біз,
Мамыражай, тұп-тұнық аспанымыз.
Болашағын қорғайтын Ұлы Отанның
Келеді өсіп жасампаз жастарымыз.
Тыныштығын орнатқан жер үстінің,
Жеңіс күні аяулы, ең ыстық үн.
Біздің мақсат ертеңге алып бару,
Желбіретіп қолдағы
Жеңіс туын.
Дәрігерлер
Жер тозады
Мүжіліп тау да шөгер,
Жанармайын тауысып
Шам дасөнер.
Қайтер едік,
Біз үшін
Сұм ажалмен
Айқасатын дірігер болмаса егер?!
Жалған өмір
Шынымен жалған екен,
Қажет болмай
Ауырсаң жанға бөтен,
Ештеңе де...
Тек, жаның,
Шыбын жаның
О, дүние-ай өзіңе арман екен!
Қан тамырың
Тоқтаусыз таза аққанда,
Құмартқанға не жетсін ғажап таңға.
Ең абзалы осы ғой,
Өмір сүру...
Кесел тауып басыңа азаптан ба!
Жан қысылса ( о, несін жасырамыз)
Жан ұшырып
Алдыңа бас ұрамыз!
Арашалап қалардай,
Дәрігерден
Бір шарапат күтеміз асыға біз.
Қайыруға
Дерт бетін ерте кері
Дәрі дәрмек,
Иненің зор көмегі.
Қажет бәрі,
Дегенмен сырқат үшін
Басқа дәру, әсілі ең керегі...
Жұмыс қанша!
Асады бастан әлі...
Табылар ма
Ем-домның басқа амалы?!
Ең бастысы сырқатқа-
Жылы қабақ,
Жылы сөз ғой,
Түк емес басқалары!
Жұмсалады ізгі іске
Бар күш, санаң,
Қайта оралып өмірге
Таң құшса адам,
Тіршілігін
Жалғаған жанын салып,
Ақ халатты дәрігер,
Алғыс саған!
Жақсылыққа
Қашаннан жерік еңдер,
Бар адамға
Шипа бер, дәру-ем бер!
Бізге саулық тілеген
Өздерің де
Аман-сау боп жүріңдер,
Дәрігерлер!
Львовта туған ой
Алыстан
Ыстық сәлемін әкеп қазақтың,
Бейтаныс қала,
Қонағың болдым аз-ақ күн.
Күніңмен бірге
Таласып тұрып ертемен,
Ауаңды жұтып,
Көкірегімді тазарттым.
Бейтаныс қала,
Қонағың болдым аз-ақ күн...
Өрт сезімдерден
Тұп-тұнық кәусар жыр өрген,
Жүрегі жалын,
Қазақ қызының бірі ем мен.
Арнайы келіп
Сый құрметіңдң көрмесем,
Мен өзің жайлы,
Тірлігің жайлы білер ме ем,
Украина елі,
Күн сәулесінен нұр емген?!
Парақтап көріп
Сендегі шежіре беттерін,
Сырыңа қандым
Ұшырып көңіл кептерін.
Кейінгі ұрпаққа
Хикая шертіп жатырсың,
Өткеріп бастан
Сан қилы өмір өткелін.
Кеткендейсің бір
Ертегі еліне айналып,
Ескерткіш біткен
Қас қағым сәтте жанданып,
Тіл катады ма-ау...
Қараймын да көз алмаймын,
Шеберлер салған
Тас мүсіндерге таң қалып,
Кеткендейсің бір
Ертегі еліне айналып!
Қиялым шарлап,
Таба алмай қойды-ау еш тағат,
Тоймады көзім
Келбетіңе әсем көп қарап.
Халқыңа сенің
Тәтті өмір тілеп шарқ ұрып,
Көгіңде қалқып
Ұшып жүр кептер көк қанат.
Алыстан
Ыстық сәлемін әкеп қазақтың,
Өзіңде, Львов,
Сый қонақ болдым аз-ақ күн...
Күніңмен бірге
Таласып тұрып ертемен,
Ауаңды жұтып, Көкірегімді тазарттым,
Өзіңде, Львов,
Сый қонақ болдым аз-ақ күн...
Жас түлектерге
Сездіріп алда
Сын сағат жақын қалғанын,
Жас түлектерім,
«Мұндалап шақырды арманың»...
Толқытады да сендерді,
Қуандырады да,
Өмір жолына
Жолдама ап отырғандарың.
Әкетер алып
Күні ертең өмір ағымы,
Жол азабының
Байқалмай жеңіл-ауыры,
Аттанарсыңдар
Жол тартып сан тараптарға
Сағындырар да
Сүйкімді қоңырау үні...
Кеуделеріңді кернейді
Қуаныш керім,
Бойларыңдағы
Бұлқиды бұла күштерің.
Өздерің сынды
Жалынды жас түлектерге,
Білесіңдер ме,
Бұл күнде сұраныс көбін?
Отан-ананың
Үн қосып шақырғанына,
Мерейлі еңбекті
Тартыңдар жақын жаныңа.
Тас бауыры иіп
Қара жер ризығын берер,
«Темір тұлпарын»
Ерттеген батырларына.
Тіршілік-күрес.
Сақтаңдар мұны естеріңде.
Шыңдаларсыңдар
Ширығып күресте мүлде...
Абыройлы еңбек,
Болашақ,
Асқақ арман да,
Барлығы бүгін-
Сендердің үлестеріңде.
Көңілдеріңнің
Бұлт шалмай зеңгір аспанын,
Кеңістіктерге
Жайылып кең құшақтарың,
Арман-асудан асқанда
Биікке самғап,
Қос қанаттарың талмасын,
Қарлығаштарым!
Жылжиды күндер,
Ғасырға ұласар жылдар,
Бұл сәтті, білем,
Қиялдап жиі аңсадыңдар.
Қарлығаштарым,
Ауылдан алыстап кетпей,
Туған жер мұнарасына
Ұя салыңдар!
Толқындар
Өмір дегенің – ұлы айдын,
Жетелеп толқын
Толқынды әр,
Сіміріп нұрын
Күн, Айдың,
Айдынға құяр толқындар.
Енерсің сен де өмірге,
Екпінімен сол ағыстың.
Бір желік түсіп көңілге,
Ішіне түсіп жарыстың.
Қалмайды ешкім бейтарап,
Ағынға түсер бар адам.
Сын сағат барын байқап ап,
Үмітпен алға қараған...
Озу бар,
Кейде қалу бар,
Секілді- бәйге алаңы.
Жұмсалып онсыз қарулар,
Жаныңды қылар жаралы.
Ащы да болса
Бұл – шындық,
Ежелден бізге таныс тым.
Әкетті кейде күншілдік,
Арнасын бұрып ағыстың.
Зұлымдық салып шеңгелін,
Айналса тұнық лайға.
Қайғысы батып өңгенің
Қансырап жаның жылай ма?!
Толқынды көріп таза аққан,
Арылып сосын лайдан.
Арайын шашып ғажап таң,
Жүрегің шаттық құрай ма ән?!
Ұлы айдын-күрес сұрапыл,
Жетпейді оған толқын бар.
Тартылмай жету мұратың,
Лдыңда озбыр жал құмдар...
Үмітпен жүзін бұратын,
Өзіңе дәйім халқың бар.
Айдынға құлаш ұратын
Толқындар,
Алға тартыңдар!
Алматыдан оралдым Ақмешітке
Алматыдан
Оралдым Ақмешітке,
Ақмешітке,
Туған жер талбесікке.
Біреу ұғар мұңымды,
Біреу ұқпас,
Сөз өрбітер
Неғылған жан десіп те...
Алаңдатып
Басқа жер,
Басқа қала,
Ауып жатса
Бәз біреу астанаға,
Мен отырмын
Желпініп өз-өзімнен,
Жеттім-ау деп
Ауылым – баспанама.
Кундер өтті
Дес бермей өрекпіген,
Көре алмадым
Басқадай себепті мен.
Жас ұлғайып,
Көңілің ортайғанда
Кімге болсын
Туған жер керек білем...
Жастық мені
Жыраққа алып қашқан,
Жасын жұтып,
Жыр жаздым жалықпастан.
Алматыда
Ұзақ жыл ғұмыр кештім,
Ақын болып қаламы қалыптасқан
Ащы –тұщы өмірім екшеленген,
Келіп тұрмын
Кезімде кекселенген.
Оралып кеп
Туған жер-қазығыма,
Қажетіне жарармын деп сенем мен.
Санадағы өзгертіп сан ұғымды,
Жаңарттым мен
Дүниетанымымды.
Айналайын,
Ағайын,
Жанашырым,
Сыртта жүріп
Ұқтым ғой қадіріңді...
Туған жерін
Түсірмес есіне кім?
Келбетіңді
Кеудеме көшіремін.
Бейнетіңді көтермей,
Сенен жырақ
Ғұмыр кешсем бейқам боп,
Кешір елім!!!
Жапырақ-жырым
Құны қалмай қара бақыр,
Сұлулықтың сағы сынды.
Саудагер-күн санап жатыр
Жырымды емес табысымды
Жаным ауыр жалықты ойдан,
Жабырқайды жетім- жырым.
Көшкен жұртта қалып қойған
Алтын сақа секілдімін...
Өзегімді өртеп кей күн,
Әлдекімге өштенемін...
Сұлулыққа селт етпейтін,
Саясаттан сескенемін.
Жаңа қоғам қолдаса екен,
Ақындықтың парқын ұғып.
Жапырақ-жырым солмаса екен,
Саясаттың салқыны ұрып.
Мынау заман
Мынау заман
Қай- қай заман?
Сұрағы көп айқай заман...
Пұлы барлар алщаң басып,
Шалап ішкен шайқай заман...
Мынау заман
Неткен заман?
Нарық зары өктем заман.
Тыңдар құлақ болмаған соң,
Сөз қадірі кеткен заман.
Жүйке жонар оқтай заман,
Апшыңды алар оттай заман.
Арам ақша,
Адал ақша...
Аражігі жоқтай заман.
Бар адамға – мақұл заман,
Жоқ адамға – ақырзаман
Біреуге – бал,
Біреуге – у боп
Таңдайына татыр заман.
Мұнар, мұнар, мұнар заман,
Жұрт баюға құмар заман.
Пұл болмаса қадірің жоқ,
Болды осыны ұғар заман.
Бүгінгінің Әйгерімі, Тоғжаны
Керек етпес,
Елең етпес,
Қоғам – мылқау, анық керең.
Ойлаңыздар,
Қайда қыздар,
Қайран, Мұхаң, дәріптеген?
Өзгерген бе,
Кез келгенде
Тоғысыңда ғасырлардың?..
Сәні де арман,
Әні де арман,
Әйгерімдей асыл жардың...
Жар сыйлаған,
Жарқылдаған
Ақылына сай көрігі,
Танылмайды,
Табылмайдбаяғының Әйгерімі!
Тілі балдай,
Толған айдай,
Тоқжан да жоқ толықсыған.
Үйден безіп,
Дала кезіп,
Көбісі жүр болып сыған...
Еркегі – үйде,
Әйел – түзде,
Апыр-ау, бұл неткен заман?
Жұмыссыздық
Жұртты жүн ғып,
Жігерін құм еткен заман.
Дорба асынып,
Жолға шығып,
Әйгерім жүр жанын бағып.
Секектеген,көкектеген,
Тоғжаным жүр жанын бағып.
Сырымды ұғын,
Бүгінгінің
Қыздарына алаңдаймын...
Сағым сынып,
Жаным күйіп,
Бір амалын таба алмаймын...
Сөзі – бұйым,
Өзі – құйын,
Сала құлаш төсеп тілін...
Таза сезім,
Қалған кейін,
Махаббат та есеп бүгін.
Қалталыдан
Жол торыған,
Жолбикелер жосылып жүр.
Адамнан да,
Заманнан да,
Жаным менің шошынып жүр.
Шырқыраймын,
Жыр құраймын,
Жай таба алар жаным қалай?
Пайда деп тым,
Қайда кеттің,
Қазағымның арулары-ай?!
Пойызда туған ой
Пойыз үсті...
Вагонды жағалаған,
Қалт-құлт етіп
Жанарсыз келеді адам.
Келеді адам
Асынған гармоны бар,
Айналасын тас-түнек қамалаған.
Қайтсін,байғұс,
Құса боп жанады іші...
Қара гармон –
Жалғыз-ақ таянышы.
Құтқаратын сал ғана
Тарыққанда,
Күн көріске жарамас қара күші.
Гармонымен ән айтып жағынады,
Жағынбаса, жұрт оны неғылады?
Тиын-тебен жиып ап күнкөріске,
Ел үстінен тамағы табылады.
Қайғы –шері кеудесін кернеп өтіп,
Үн қосады гармонға термелетіп.
Зарлы үніне құлақ сап
Ойланады,
Баратқандар елге,
Не елден кетіп.
Ойға алады
өзінің амандығын,
көрсетпесін жаратқан жамандығын.
Тойымсыздық дегенің күпірлік қой.
«Тоба!» дейді тағдырға олар бүгін.
Өнер өлсе...
Қалам
Қарын тойғызбасын ұғамын,
Ұға тұра,
Жазылады жыр-әнім.
Жасағаннан халқыма құт-береке,
Қаламыма
Қзақ ғұмыр сұрадым!
Заман басқа,
Қоғам өңін өзгерткен,
Бәрі өтпелі екеніне
Көз жеткен.
Ақын-тұлға,
Өлең-өшпес мұра деп,
Өнеге қып
Өрекпіген кез де өткен...
Өнерді де
Тәуелді етіп өзгеге,
Ұқсаттық па
Қолын жайған кезбеге?..
Өнер өлсе,
Болады ғой ел жетім,
Жоқ осыны
Көретұғын көз неге?
Қалам
Қарын тойғызбасын білемін,
Біле тұра
Қалам тартып жүремін.
О, жаратқан,
Өмірімнің өрнегі-
Сәби -өлең өлмесе ,
Тілегім!
Кеше мен бүгін
Тәуелсіздікке арнау
Өткен өмірім-естелік,
Керегін екшеп,ескеріп,
Тірілттім соны қайтадан
Жадыма ғана тек сеніп.
Солқылдап өскен көк шыбық
Тамыры мығым боп шығып,
Сындыра алмаған сол кезгі
Бүйірден қысқан жоқшылық.
Киімнің жамап жыртығын,
Күйіктің жалап тыртығын
Бала да болсақ тырбаңдап,
Таппаушы едік-ау бір тыным.
Масақ та тердік, дән ғой деп,
Сақтаған нәрі бар ғой деп.
Астықты асырып басқаға,
Арпаны жедік нан ғой деп.
Кімдерден ығып бұққанбыз?
Кімдерді үлгі тұтқанбыз?
Опынып жүрміз осы күн,
Ол кезде нені ұққанбыз?
Шыға алмай құрған тордан біз,
Ресейге бодан болғанбыз.
Діл менен дінді тәрк етіп,
Дүбәра болып қалғанбыз.
Ортамызға келіп орнығып,
Орысын бізден зор қылып.
Жұтқысы келді-ау ұлтымды,
Тіліммен қоса сорлы қып...
Қор болып бірақ қалдмадық,
өз жолымызды таңдадық.
Егемен ел боп еңселі,
Ертеңге үміт жалғадық.
Алаштың атын басым ғып,
Азаттық алып тасындық.
Егелік жасап жатырмыз,
Мұрамызға сан ғасырлық.
Басында соның тұрғанын
Елбасымыздай тұлғаның.
Мақтаныш қылып марқайдық,
Жаһанға болған бұл мәлім.
Құлашыңды жайып кеңге аша,
Тәуелсіздігім, сен жаса!
Өзіңдң сақтап қалмасақ,
Басқаның бәрі далбаса!
Туған тілім
Өткен ғасыр,
Өткен өмір
Боп сұрақ,
Өзімізше сыр шертеміз
Топшылап...
Отаршылдық шырмауынан
Шыға алмай,
Тәуелсіздік
Сені күттік көп шыдап.
Ұлтымыздың үлесінен
Құр қалып,
Шұбарландық.
Үстем болып бір халық.
Өз тіліміз
Өзге елге жұтылып,
Сорладық та,
Болдық солай шын ғаріп
Мәңгүрттіктің
Ұйығына батқалы
Бара жатып...
Құдай өзі сақтады!
Дербес ел боп
Есемізді көтердік.
Шуақ құйып
Азаттықтың ақ таңы.
Күллі әлемге
Естіртіп өз үнімді,
Шүкір!
Шүкір!
Тілім қайта тірілді.
Айта аламын
«қазақпын» деп айқайлап,
Ақ ордада
Көк байрағым тігілді.
Ел жұртымның
Ұға алатын мұң-зарын,
Келеді өсіп
Өндірдей ұл қыздарым,
Өз тілінің
Кеңейтер деп өрісін,
Қуанамын,
Жарып шықса бір дарын.
Ғұрпым барда,
Ұлтым барда.
Тілім бар!
Рухым содан
Күш аларын ұғыңдар!
Өрелі ұрпақ,
Өздеріңе аманат,
Туған тілдің
Туын жықпай тұрыңдар!
Туған тілім,
Өшпе!
Мәңгі тірі бол!
Туған жұртым,
Тұлғалы да ірі бол!
Ұлтты түгел
Құшағына сыйғызып,
Дүрілдеген
Іргелі елдің бірі бол!
Қартайсақ екен әдемі
Жастығым өтіп кетсе де,
Егделік келіп жетсе де
Жырыммен жүрмін жасарып,
Жүрегімдегі от сөнбе!
Ішінде болар тұспал мың,
Киесін сөздің ұстармын.
Өлімнің барын білсем де,
Өмірге мынау құштармын.
Шүкір ғып осы тірлікке,
Ұйытып ұлтты бірлікке,
Түтіні түзу ұшса деп
Үңілдім түрген түндікке.
Елімнің жүрер жеп қамын,
Келеді өсіп көп дарын.
Өшпесе екен еш солардың
Ошақта жанған оттары!
Жүрсе де болып бұрын дау,
Мүмкін бе дінге бұрылмау?
Мұсылмандыққа бет бұрып
Ұлтымның тілі тірілді- ау!
Шабыттың шамын жағайын,
Шалқып бір қайта жанайын
Сөндірмей жырдың алауын,
Болашаққа алып барайын.
Ақынның аппақ әлемі,
Жазылған жырлар-жан емі...
Алғысын елдің арқалап,
Қартайсақ екен әдемі!
Шындық осы
«Өлеңнің өтті ішіне түскендерге
Кедейшілік Қасымнан мұра қалған»
Жүрсін Ерман
«Жарлымын» деп
Қой бұлай жыламайын,
Шатты-бұтты арзан сөз құрамайын.
Аласартып өзімді бекер-босқа,
Ақындықтың тағынан құламайын.
«Жарлымын» деп
Қой бұлай жыламайын,
Ешкімнен де ештеңе сқұрамайын
Десең-дағы,
Тапшылық алдыіңды орап,
Жаналқымнан алғалы тұрар дәйім.
Сезіне алмай дүниенің шырын дімін,
Намыс буып шырқырар шыбын жаның.
Өзіңді-өзің қамшылап
Осы бір сәт
Қосыларсың бәйгеге,
Ұғынғаным...
«Өнерлінің жұлдызы жанып жатыр,
Саудаға сап бағасын алып жатыр,»
Десек –дағы,
Өлеңнің өртін ішкен
Жазба ақындар тасада қалып жатыр.
Оқырманын жоғалтып тозған заман,
Жазба ақыннан айтыскер озған заман.
Төрге шығар басыңды
Жерге сүйреп,
Жүйкеңді илеп
Қамырдай созған заман.
Шындық осы...
Ащылау болғанымен,
Сыр алдырмай жүреміз ел қамымен.
Ақындықтың салмағы мың бір батпан,
Басымызға бақ болып қонғанымен.
Алашымның қарсы алып азат таңын,
Аяладым жырымның абат бағын.
Таусылмаған айтары,
Сарқылмаған,
Ақыныңа жар болғай,
Жаратқаным!!!
Мойындау
Балы мен уын үлестіргенде,
Уынан молдау асатқан.
Дүлей тағдырмен
Күрестім күнде,
Қашам деп ажал қапастан.
Қысқарар ма екен,
Жалғанның жолы?
Білмеймін...
Алда не болар?...
Адамның басы-Алланың добы,
Домаланар да, жоғалар.
Домалап,
Мен де ілінермін бе,
Жүзіне жазмыш-орақтың?
Өткінші өмір, білінер кімге,
Көркімді күзге тонаттым...
Осылай ма едің,
Жалған-ай?!
Жалған!
Оралмас күнді жоқтаймын...
Ақындығым да адыра қалған,
Қарақан басым боп қайғым...
Жә, жетер!
Көңілім ,
Күнә жамама!
Жазмыштан қалай озармын?
Басқаға дардай,
Құдайға ғана-
Түйіршігімін тозаңның.
ИӘ, СОЛАЙ !!!
Торығу
Міндеті зор жақынымның,
Жақсылығын бұлдап жатқан.
Мен де бұлдап хақымды мың,
Санассам ба,
Ей, Жаратқан!
Кемдік болмай қолдауымда,
Жазып жүрек жаратқан.
Менің-дағы сол бауырға,
Тиіп еді-ау , шарапатым...
Дүние кезек...
Тарынбайын,
Қадіріме жетпеді деп.
Бұлдаса да қағынбайын,
Бәлкім , маған өткені көп...
Тау дегенім
Төбешік те.
Көл дегенім
Көлшік екен.
Мойнымдағы берешекке,
Амал нешік, көншіп өтем.
Бұлт үйірмей,
Ашыл көңіл,,
Несіне айтам өкпені көп?
Ашу-дұшпан.
Басыл көңіл,
Аласұрма текке жүрек!
Бұрын бұлай сатпайтұғын,
Жасаушы едік сауапты істер,
Сол сауапты сақтайтұғын,
Аллаһ, өзің ғажап күш бер!
Жалған өмір
Өмір,
Өлім,
Арасы бір-ақ қадам...
Ойламайды-ау осыны бірақ та адам...
Жарық дүние қаншама арбаса да,
Жан болар ма жалғанда тұрақтаған?
Өмір,
Өлім,
Арасы бір-ақ адым...
Қу тірлікте
Күлгенің ,жылығының,
Өліп-өшіп
Жоқтан бар құрағаның,
Адыра қап!
Аллаһқа қайта оралар,
Аманатқа алынған мына жаның.
Иә, солай!
Аллаһқа оралармын.
Оралармын,
Жалғаннан жоғалармын..
Өлмес өлең,
Соңымда сен қаларсың,
Сонда саған жанашыр бола алар кім?
Қоламтадай бықсып
Бықсып бір қалапмысың?
Жоқ, жалынға айналып жанармысың?
Қауыштырып
Жұртыммен мәңгілікке,
Болашаққа мені алып барармысың?
Жырлар жаздым
Жасымнан қалам ұштай,
Арман-тауым бара ма тағы алыстай?
Сергелдеңге салдың –ау, қайран өлең,
Өтті өмірім...
Жар сүйіп,
Бала құшпай...
Өмір,
Өлім,
Арасы бір-ақ тамшы,
Өз ойыңмен
Бір сәтке жырақ қалшы!
Басып жүріп жалғанды
Не тындырдың?
Өзіңді- өзің
Осылай сұраққа алшы!
Өмір,
Өлім,
Арасы бір-ақ тамшы...
Ұлыстың ұлы күні
Қарлы боран
Ығысып жер бетінен,
Наурыз келді
Керемет келбетімен.
шүкіршілік!
Жерім кең, елім бүтін
Тыныштық бесігінде тербетілем.
Басталғанда
Жыл басы барыс болып,
Барыстайын кеудеге намыс толып
Ауызбірлігімізді сақтайықшы,
Алауыздық ауылынан алыс қонып.
Бірлік барда
Ірлелі ел болармыз,
Иықтасып өзге елмен
Тең болармыз.
Бірлік кетсе
Бүлініп тірлігіміз,
Бөле жарып
Бөріге жем болармыз...
Есті азамат
Ел қамын ерте ойласын!
Қазағымның қазаны ортаймасын!
Екі мың елуінші жылға апарар
Жолға түсіп,
Бауырым,
Көр, пайдасын!
Толастамай
Той –думан дүрмектері,
Талмай ұшсын
Ақынның жыр кептері!
Құтты болсын,
Наурызың,
Мұсылманым,
Мұхаммед пайғамбарымның үмбеттері!
Жамыратып
Жанымның жапырағын,
Шабытымды
Тағы бір сапырамын.
Ей, жамағат,
Ұлыстың ұлы күні
Наурызкөже ішуге шақырамын!
Ақмаяға оралу
Балалық шақ,
Соңымнан қол бұлғаған,
Мөп-мөлдір мұң,
Сағыныш болдың маған!
Саған барар
Соқпақтың орыны бөлек,
Жатса-дағы алдымда
Жол мыңдаған...
Сағындырып,
Көзден жас жиі ағызған,
Ғұмырымыз
Құралған күй-аңыздан.
Қырық жыл бұрын
Қатайып қанатымыз,
Осы арадан...
Ұшқанбыз ұямыздан.
Ыстық еді-ау,
Осы ара...
Осы мектеп...
Еркеледік,
Наз айттық,
Сосын ептеп...
Балалығым өткен жер,
Туған ауыл,
Айтармысың
«алдыңнан тосып ек» деп?
Айрықша ыстық,
Ақмая
Атың қандай?
Аппақ таңын
Көңілдің атырғандай!
Алабұртып,
Ғажап бір сезім кештім,
Ең алғашқы
Махаббат шақырғандай...
Қанат қағып
Қиялдың талмас құсы,
Бастау алып ауылдан
Ең бастысы-
Тұңғыш сезім,
Балауса арманның да,
Осы арада бастаған
Алғашқысы!!!
Туды осында
Туындым тырнақалды,
Туған жұртым
Тұщынып жырға қанды.
Ақмаяда қалдырған
Ақ бантигім,
«Мен мұндалап»
Жүректі мұғңа малды.
Алғашқының
Қашанда жөні бөлек,
Өткен күндер-
Сағыныш селі, демек.
Өз арнамнан
Асып бір төгілейін,
Еңбегімді ескерсе
Елім елеп...
Жан жылуын жырыммен таратамын,
Маған қымбат ойлы алақаның.
О, Ақмаям!
Оралды қарлығаш боп,
Бір кездегі сарыуыз балапаның.
Сен сөйлесең
О, домбырам!
Сөйлейсің сиқырлы үнмен
Мың тілде сен,
Табасың көңілімнің кілтін де сен...
Қайдағы мұң-шерімді қозғамасаң.
Шық болып кірпігімде іркілмес ең.
О, домбырам!
Сөйлейсің сиқырлы үнмен
Мың тілде сен
Табасың көңілімнің кілтін де сен...
Өзің кеп тағы мені жұбатпасаң,
Арылып мұң-тозаңнан сілкінбес ем.
Сен сөйлесең:
Тау басынан құлайды сарқырама,
Сарқырама тартылып , сарқыла ма?!
Көз алдыма келеді жапырақтар
Ағын сумен жөнелген қалқып аға.
Сен сөйлесең:
Қара нөсер сабалай даланы ұрып,
Ішін тарта өксиді боран ұлып.
Қуаласып найзағай көк төсінде,
Жабы бұлтты турайды дода қылып.
Сен сөйлесең:
Сыңсығаны естіліп қара орманның,
Көк желегі желбііреп таранған мың.
Сандуғааштар сайрайды күміс көмей,
Үлбіретіп қауызын ақ арманның.
Сен сөйлесең:
Самал есіп, жетеді көктем лебі,
Жұпар исі бұрқырап өпкен мені.
Сары майдай ерітіп сұлу көктем,
Маған ғана жылуын төккен бе едің?!
Сен сөйлесең:
Алай-дүлей ұйытқыған күз бораны
Ызғарымен жанымды сызға орады.
Сары күздей
Көңілге сабыр түсіп,
Күйіп-жанған жүрегім
Мұз болады.
Сен сөйлесең:
Естіледі сыңғыры балбұлақтың,
Естіледі сыбдыры талқұрақтың.
Бір өзіңе сыйғызып
Табиғаттың
Бар бояуын...
Бойымды балбыраттың!
Сен сөйлесең:
Салып еске жастықтың бұла күшін,
Өзіне тән қайғысы...
Қуанышын..
Қайта оралып
Жап-жасыл күндеріме,
Сағыныштан уылжып тұрады ішім!
О, домбырам!
Шанағыңа күй болып тұнып тұрып,
Қайғы-мұңды алайын бір ықтырып.
Жүрегімнің дертіне дауа бол да,
Киелі екеніңді жүр ұқтырып!!!
Жеттің апа
Жай тапқызбай
Мазалап жаныңды шын,
Сені тартқан қалаға
Сағынышың...
Жеттің, апа,
Арқалап қоржыныңды,
Ауылдағы сан алуан қалып ісің...
Рахатына айналған
Жыр азабы,
Бір қызыңның
Жеткізбей жүр арманы...
Шөліркеген жанына
Сусын іздеп,
Бір қызыңның
Білімге құмар жаны.
Осылайша
Кеттік біз сенен жырақ,
Махаббатым өзіңе ерен бірақ.
Сағыныш боп
Өріліп бұйра толқын,
Саған қарай
Ағады өлең-бұлақ...
Тым алыстап кеткенім үшін мені,
Жазғырдың ба?
Енесің түсіме кіл...
Жүргеніңмен тағдырға мойынсұнып,
Жалдғыздығың батады-ау,
Түсінемін...
Жүрсің бе, апа,
Жетелеп алдағы үміт,
Өзіңді-өзің жұбатып,
Алдандырып?!
«Қыз-жат жұрттық» деп
Әлде, түңілдің бе,
Көкірегіңді ашытып жалған күдік?!
Басылған жоқ
Өмірге еш құмарым,
Әрбір күннен
Шапағат тосты жаным.
«Ұлым жоқ» деп налыма,
Жаным апа, саяң болар
Қос қызың - қос шынарың.
Анашым
Анашым, қалмай қатардан.
Ғайпқа батып жоғалдың.
Тұңғыш рет ұзақ сапардан
Өзің жоқ уйге оралдым.
Бөлмеңнің аштым есігін,
Өзіңді «бар» деп сендіріп.
Үзіліп кеткен есіл үн
Үмітімді үзді сөндіріп.
Бір Алла салды сынаққа,
Бауырдан кенде емеспін.
Дәл сендей болып бірақ та
Жұбата алмады мені ешкім.
Жанымның жалап жарасын,
Рухыңмен талай кеңестім.
Дәл мендей болып, анашым,
Сағына алмайды сені ешкім.
Өйткені жалғыз, жалқымын,
Өзіңдей жанашырым жоқ.
Жалғанда мынау жартымын,
Көзімдей қарашығым жоқ.
Жүруші ең ойлы күйге еніп,
Сыпайы да сырбаз мінездім.
Сабырды сенен үйреніп,
Өнегеңді алып түзелдім.
Бесігің болар жер енді,
Ұзатып салдық өзіңді.
Ести де алмаспын мен енді
«Келдің бе?» деген сөзіңді.
«Алланың салған ісі» деп,
Оралмасыңды ұғындым.
Енесіз қалған кісінеп,
Мен де бір жетім құлынмын.
Айтармын кімге өкпені,
Өмір дегенің - өтпелі.
Жыл толды бүгін, анашым,
Өмірден өзің өткелі...
Алдамшы екен-ау, бұл жалған,
Ажалы жетсе кім қалған?
Айтылыр талай естелік,
Артындағы ұл-қыздардан.
Есіме әр кез құдайды ап,
Жүрсем де сені мың ойлап.
Түсіме кірдің бір-ақ сәт,
Төбеңде жасыл нұр ойнап.
Баяғы аман-сау күнің,
Басыңда аппақ жаулығың.
Елжіреп тұрып қарадың,
Ысырып бұлтын қайғының.
Оянып кеттім кенеттен,
Өткіздім бәрін електен.
Өзіңдңі нұрға бөлеген,
Пейішті көрдім демек мен.
Ғайыптың аштың есігін,
Жүректе қалды есімің.
Өкпелеп кейде қалушы ең,
Бердің бе маған кешірім?
Қалдырып артқа наласын,
Кім тастар отқа баласын?
Азапқа салмай жанымды,
Ақ сүтіңді кеш , анашым!!!
2011 жыл
Бесік сату
Немереге аталып кәдесімен
Бесік келді нағашы әжесінен.
Шілдехана тойын бір
Тойлайықшы,
Жүретіндей
Шығармай ел есінен...
Үйдің жақсы болуы - ағашынан.
Бесік жақсы болуы - нағашыдан.
Бұл бесікті көрейік
Саудаға сап,
Бағамдай бер сапасын
Бағасынан.
Бөпешімнің бесігі-теңге болар,
Бесік сату құқығы-менде болар.
Өткізейін,
Мақтауын келістіре,
Несібемді көбейтіп елден алар...
Бөпешімнің бесігі-күміс деймін,
Пұл шығарып.
Алғаның дұрыс деймін.
Періштелер «әумин!» деп
Қолдап тұрса,
Уйіңізге кірер құт, ырыс деймін.
Бөпешімнің бесігі-алтын деймін,
Бұны алғанның
Жүзі де жарқын деймін,
Ежелден-ақ,
Ел-жұртым құрмет тұтқан,
Ұлтымыздың
Бұл дәстүр-салтын деймін.
Бөпешімнің бесігі-жақұт деймін,
Бағы жанар
Алғанның сатып деймін.
Кеудесіне құйылып шұғыла-нұр,
Таңы келер алдынан атып деймін.
Бөпешімнің бесігі-лағыл деймін,
Алған жанның
Тілегі қабыл деймін.
Сәби деген - періште,
Періште оймен
Тазарып бір
Күнәдан арыл деймін.
Бөпешімнің бесігі-маржан деймін,
Маржан әсте болмайды арзан деймін.
Ұлтымыздың ғұрпына үлес қосар
Бұл саудаға қатысқан әр жан деймін.
БЕСІК АЛЫҢДАР !!!
Тұсау кесер
Басып тұрып
Адымын байқай ма екен?
Құлап түсіп,
Тұс-тұстан жайпай ма екен?
Ала жіппен кесейін
Тұсауын мен,
Кәне, ақырын жүре ғой!
Тәй-тәй, бөпем!
Сәби жүзің нұрланып
Арайлана,
Алға аттай ғой!
Артыңа қарайлама!
Осынша адам
Тұрғанда тамашалап,
Қанатыңды жазбайсың
Қалай ғана?..
Қуанышын жүрудің
Алғаш ,бөпем,
Сезінерсің...
Қанатың талмас па екен?!
Құлаймын деп қорықпа,
Өзіңе сен!
Қадамыңды байқайын...
Қаз бас, бөпем!
Күн нұрына
Толтырып жанарыңды,
Қара жерге
Тигізбей табаныңды.
Құлдыраңдап
Ертең-ақ жүгіресің,
Құдай оңдап
Алғашқы қадамыңды!
Күн-жүрек
поэма
Халық жазушысы, ақиық абыз ақын
Әбділда Тәжібаевқа арнаймын
Хаттар,
Хаттар,
Таусылмас шежіре бір,
Жүрегіңмен,
Жаныңмен сезіне біл!
Мен үшін бұл
Қазына баға жетпес,
Оттай болып басылар көзіме кіл...
Өмір-өзен,
Әкетті жойқын ағын,
Жыр-ағыста
Тәтті үміт,
Ой қуамын.
Жебеп-жасқап жүретін сонда мені
Осы хаттар- киелі бойтұмарым!
Шаттығым да,
Мұңым да бірге менің
Жиырма жыл осылай бір келемін.
Бұл хаттардан,
Білемін,
Өзгелер де
Таба алар өзіне бір керегін.
Өйткені,
Үлкен мектеп бұл өнегелі,
Оқып шықсаң,
Көсегең көгереді.
Мен ғана емес,
Бәріне жас ұрпақтың
Дәл осындай бір мектеп керек еді.
Ұстазы-Ақын,
Көп оның үйретері.
Өзі бастап
Сені өрге сүйретеді.
Көкірегіңе кіргізіп
Жарық күнді,
Қабырғасын түнектің күйретеді.
Жарық күндей
Таратқан жиі ұшқынын,
Жетті маған осы бір
Тым ыстық үн...
Не үйрендім,
Не түйдім, бұл мектептен
Жеткізуге өзгеге тиістімін!
Құпия әлем...
Ал, оның кілті кімде?
Кілт болмаса,
Ашылмас құлпы мүлде.
Сыр сандықты ашайын,
Хаттар,
Хаттар,
Бүгін қайта сөйлеңдер
Жыр тілінде!
Ғасыр бойы
Тірліктің тынбас әні,
Ғасырлармен
Сан ұрпақ бір жасады.
Бірі-мен де,
Біреуі- дүлдүл ақын,
Екі ұрпақтың өкілі сырласады.
Жас ұрпақ:
- Сау саламат бармысыз,
Ақын аға!
Қанды жаспен
Жазылды хатым, аға!
Басқа түскен ауыр хал,
Қасіретті
Ұға алмас жақының
Жат ұға ма?..
Түсті де ағып,
Бір жұлдыз
Жарып түнді.
Жалғандығын бұл өмір тағы ұқтырды.
Ұзақ жылға созылған жасырын дерт,
Жан әкемді біржола алып тынды.
Ақпан айы...
Күн бұрқақ,
Дала мұз,қар,
Үй ішін де әп-сәтте орады ызғар.
Қала бердік шырылдап
Қос балапан
Қанаты әлі қатпаған сарыуыздар...
Жыласа да көз жасын жасыра тым,
Оңашада «аһ!» ұрып ашынатын,
Анам байғұс,
Қырыққа жетер жетпес
Қалды осылай
Жамылып жесір атын.
Алаңсыз ем...
Ол күндер елес бүгін,
Ертеңім де бұлыңғыр,
Көмескі үнім...
Бауырлары әкемнің әлі де жас,
Арқа сүйер дәл қазір жоқ ешкімім.
«Жетім-жесір жанға енді қарамақ кім?»
Деген ой бір
Жаралап тым,
Арман-құсым
Ұша алмай сынық қанат,
Мұң-теңізге шым батып бара жаттым.
Сосын қайта
Жанардай алдан бағым,
Жанталасып
Тағы да тал қармадым.
Тал қармадым...
Тірлікке табан тіреп,
Бір тілдесу
Сізбенен болды арманым...
Аға ұрпақ
-Хатыңды алдым,
«Ағалап» шырылдаған,
Шырылдаған
Шағынып мұңын маған.
Көңіл айтудуң
Кестесін келтіре алмай,
Бас қатырар мұндайда шынында адам...
Мен де, міне, біле алмай
Не дерімді,
Тоқысын деп көңілге керегіңді,
Өзімнің бір
«Адам» деп аталатын
Саған жолдап отырмын өлеңімді.
Сезіну үшін
Қадірін жаны асылдың,
Жаны асылдың,
Әкеңдей жанашырдың.
Мұндай өлең
Көп керек саған,қалқам,
Емдеп жазар көңілдің наласын мың.
Ақ арманын ертеңге жалғап таңға,
Адамды біз тиіспіз ардақтауға.сенің әкең сыздықтай
Аяулы дос,
Ағаны біз тиіспіз ардақтауға.
Туған жер деп
Жүрек сан ұшқын атты,
Келді-ау талай
Ауылға ұшқым-ақ тым..
Қартайғант жан
Бірақ та, айналайын,
Қос қанатты қайырылған
Құс сияқты...
Көңілі жеткен жерлерге
Өзі бармай,
Қарт тадамның қиналған кезі қандай!
Қомданғанмен
Жаза алмас қанатын кең,
Соны жастар жатады- ау
Сезіне алмай...
Көп нәрсеге
Қалыпсың өрең жетіп,
Жігер-қайрат берейін жеделдетіп
Келеді адам өмірге,
Кетеді адам,
Қайран, өмір,
Барады менен де өтіп...
Түсті де еске
Бұлдырап бала күнім,
Бірге өткерген әкеңмен балалығым,
Мен де егілдім...
Бірақ та , қайран досты,
Арашалап ажалдан алады кім?
Ажал- бейне оқ,
Тиді де сұлатты кеп,
Арашалай алмайсың сұрап –тілеп.
Тоқтата аламас
Оны ешбір құдірет- күш,
Айта алмайсың тағы да
«Кім атты?» деп...
Сондықтан да
Бүгінгі қамыңды ойлап,
Беліңді бу,
Бойға жый сабыр,қайрат!
Тірі адамға-тіршілік.
Қалқам, енді,
Табан тіреп тірлікке
Тамыр бойлат!
Тамыр жайсаң тереңге
Әлденерсің,
Әлденерсің , әрнеге мән берерсің.
Ащысын да өмірдің
Тәттісін де,
Тіршілікке осынау тән көрерсің.
Қажет соның барлығын қабылдауың,
Алма-кезек татарсың
Балын да,
Уын...
Алдыңда әлі өмірің,
Бәрі алдыңда!
Қалқам,
Мұнша тарынып не қылғаның?
Ауырлықтың салмағын
Нар көтерер,
Нар кеуделі азамат жан көтерер.
Қыз да болсаң
Ерге тән қасиет тап,
Құйын-тағдыр
Жасықты шаңға көмер...
Тірлік үшін
О баста жаралғансың,
Тот баспасын
Төзімнің ақ алмасын!
Тағдыр артса салмағын,
Көтер бәрін!
Сондықтан сен-адамсың.
Сен-Адамсың!!!
Жас ұрпақ
- Қайта оралып
Қонды ғой бағым маған!
Қайран, жүрек,
О,қалай жарылмаған?!
Бір ғажайып күй кештім...
Бүгін әкем
Тіріліп кеп,
Дегендей:
- Жаным балам!
Әке рухы:
- Жаным балам!
Әсершілдеу
Балалық шағында адам,
Жаның жасып,
Сынбасын сағың, балам!
Сен жыласаң,
Сүртетін көз жасыңды
Жақсы адамдар
Жаныңда жүреді аман.
Рас, менсіз
Көңілің жарым балам,
Бірақ жан жоқ
Жазмышқа бағынбаған.
Мені іздесең,
Әбділдам
Мен боп жетіп,
Жан тілегің болады қабыл, балам!
Тіршіліктің
Қарсы алып жаңа таңын
Оянбаймын
Мен енді, балапаным.
Мені іздесең,
Әбділдам
Мына мен боп,
Маңдайыңа төсейді алақанын.
Бердім сені,
Қарағым,
Сеніп соған,
Бір адамың сол болар
Сені ұқса адам...
Тірлік- күрес!
Сүрінсең ,
Тік тұруды
Үйретеді қол ұшын беріп саған.
Жүрегі оның
Жарық күн,
Таңға ғашық,
Кешірімсіз
Оты жоқ жанға жасық.
Жігеріңді жасытпай,
Ер соңынан!
Ер соңынан, қарағым,
Қалма адасып
Жас ұрпақ:
...Қуат құйып жаныма
Осы бір үн,
Көңілімнің
Келді ғой хлшы бүгін!
Бұлт ішінен жарқ етіп
Күн шыққандай
Мене көшіп үдере
Жосыды мұң...
Қандай жарық,
Дүние,
Көркем еді!
Шақырғандай
Ғажайып ертегі елі...
Мен өмірге ғашықпын,
Ғашықпын мен!
Тірлік үшін
Қанша адам тер төгеді?!
Талап қуған
Мен-дағы балаусамын,
Оттан,
Судан тайынбас алау шағым.
Батаңызды беріңіз!
Сіз секілді
Ақын болу-
Бұл күнгі бар аңсарым...
Аға ұрпақ:
Әкем менің қандай жан?
Жоқ есімде...
Елестете алмаймын елесін де.
Тек, әйтеуір,
Шаңырағын биік ұстап,
Жүзіп келем тірліктің кемесінде.
Тажал-тағдыр
Жұтам деп күш қылғанда,
От бүркіп ысқырғанда,
Қарсы тұрдым
Жеңілмей...
«Жеңемін» деп
Жүрегімде жалын-өрт,
Ұшқын барда.
Солай,қалқам ,
Сынбадым,
Үгілмедім,
Мынау жарық дүниеден
Түңілмедім.
Келіп жеттім
Кешеден
Осы күнге,
Айтарым көп
Ұрпаққа бүгін менің!
Сол ұрпақтың бірі-сен!
Тыңда, балам!
Құлазыған кезіңде,
Мұң қамаған,
Өзіңді -өзің жеңуің қажеттігін
Есіңе ал да,
Төзімді шыңда, балам!
Аға ұрпақтың
Жалғасы сен деп білем,
Құлағымды
Сен жаққа сергек түрем.
Адам болу
Сен үшін ең бастысы,
Жақсылықтың бесігін тербет кілең!
Ізгілікті
Жан болсаң нұры сіңген,
Қалдырарсың
Артыңда із бір ісіңмен.
Адамдығың өлшенер
Сөзбен емес,
Бар болмысың
Тіршілік-тынысыңмен...
Қолыңа алсаң
Талап қып қаламыңды,
Қуана мен құптармын талабыңды.
Қашан болсын,
Қамқорың болам,
Қалқам,
Қалт жібермей
Бағып әр қадамыңды.
Нәрлендір де
Көгерт жыр-бәйтерегін!
Нәр бере алмай қуартсаң
Қайтер едің?
Өз орныңды тапсаң
Сен мына өмірден,
«Нағыз адам!»
Деп өзі-ақ айтар елің
Сүрлеу сал да,
Тап тыңнан жаңадан жол,
Мен батамды берейін,
Тек,адам бол!
Болашаққа
Жолымды жалғап барар,
Адамзаттың ұрпағы-
Сен аман бол!!!
Түйін
- Көктем де өтер,
Жаз жетіп,
Келеді күз,
Күз демімен
Қариды денені мұз.
Жылыту үшін
Өзіңді,
Өзгелерді,
Жалыныңды кемітпе,-деп едіңіз.
Ұсынады жемісін
Мәуелі күз,
Табылады еңбектен керегіміз.
Осы бастан
Өндіріп іс етпесең
Өкінерсің кейіндеу,-деп едіңіз.
Қалмау үшін
Біз өткен көнеріп із,
Қаулау үшін
Жас өркен өреніміз,
Бұлақ көзін
Аршимын құм ішінен
Шөл қандырса кәусары,- деп едіңіз.
Жанарыңыз,
Қарасам,
От тұнғандай,
Сұсы басып
Дұшпанын жоқ қылғандай.
«Мен іздеген биіктен табылмадың
Жалқаусың-ау, әй, балам!» деп тұрғандай.
Өзімнің де
Тұрқым жоқ жақтырғандай,
Жауым жасып,
Достарым тақ тұрғандай.
Қоламтадай
Бықсыған күйім мынау,
Жалын үрлеп,
От көсеп жаттым жанбай...
Енді, міне,
Жанымды жасқап арым,
Жүзіңізді қарауға жасқанамын.
Ісін істеп кәдімгі жас баланың,
Жер шұқимын...
Таба алмай басқа амалын.
Күн өткердім қаншама?
Байқамадым...
Жыл өткердім қаншама?
Байқамадым...
Өмір жолы бұралаң,
Өткердім мен
Сын өткелін қаншама?
Баймадым...
Құмдар көшті қаншама?
Байқамадым...
Шыңдар шөкті қаншама?
Байқамадым...
«Не тындырдың тірлікте?»-
Деп сұраса,
Болашаққа не жауап қайтарамын?..
«Заман жүгін,
Ел мұңын арқаладым»
Дей алам ба?!..
О, қалай айта аламын?!
Азаматтық парызым
Жанымды үгіп,
Жел өтінде тұрғандай шайқаламын...
Енді менің
Хақым жоқ үндемеуге,
Енді менің
Хақым жоқ гүлдемеуге.
Жанартау боп
Атылмай өздігінен
Қалай сыйып
Отты ағыс жүр кеудемде?!
Енжарлықтың шекпенін шешіп алып,
Бауырымды жазайын көсіле анық.
Қалай жүрем жер басып,
Адам болып,
Қала алмасам
Тағдырдан несібе алып?!
Қатал тағдыр қысқанда мені қатты,
«Басыңа,- деп-орнауы кәміл ақ күн»
Қолтығымнан сүйеген
Сізді көрем
Қол арттырып тұлпарға
«Сенім» атты.
Тауға-тасқа соқтырып
Кәззап көңіл,
Содан кейін
Кешсем мен азап селін.
Оттан,
Судан
Құтқарар бойтұмарым-
Сіз дарытқан осы бір
ҒАЖАП СЕНІМ!!!!
1985 жыл.
«Ақбаянды» аңсау
Мәдина Ералиеваға
І
Армандай болған аппағым менің,
Атыңа жүрді ау мақтанып елің.
Айналып алғаш Сыр сұлуына,
Ақмешітіңнен аттанып едің.
Жарқырап жанған жұлдызым менің,
Сағынды-ау сендей Сыр қызын елің.
Өз өрнегіңмен
Өнер бағында
Ән мұнарасын тұрғызып едің.
Алысқа барар дабысың бар-ды
Алар ең жаулап тағы шыңдарды.
Теледидарда-өшпейтін бейнең,
Үнтаспаларда дауысың қалды.
Жалғанның дәмін тауыстың да сен,
Ана-а-ау жағаға ауыстың ба сен?
Бексұлтан ағаң Байкенжеевтей
Сазгермен сонда қауыштың ба сен?
Ән жаза жүріп аппақ арымен,
Жалғаннан опа таппағанымен,
Көтеріп еді-ау өзін де, сені
Аманат болған Ақбаянымен.
Бастап ең солай ән-ғұмырыңды,
Алладан алып мәңгілік нұрды.
Мәдина-ғұмыр жалғасын табар,
Болса да қысқа тағдырың мұңды...
Бойыңды жаздың туған жеріңде,
Құм кешіп, қызық қуған жеріңде.
«Тұлпарың» тулап жазым қылғаны-ай,
Тәуекелге бел буған кезіңде...
Аңдығанда ажал қақпан құрғалы,
Сезімің қалай сақтандырмады?
Сағынып жүрміз, жер –бесігіңе
Сыр- ана сені аттандырғалы...
ІІ
Айналған сона-а-у
Сағым жылдарға,
Ақбаяныңды сағындыңдар ма?
Күрең күзімен қоштасқан сәтте
Қия алмай
Мұңға малындыңдар ма?
Алатын баурап кәрі-жасыңды-ай,
Ұласар мәңгі
Әні ғасырға-ай!
Туар ма қайтып ән-падишасы
Елімнің ерке Мәдинасындай?!
Сырымнан ұшқан
Аққуым қайда?
Саз сырнайлатқан
Гәкку-үн қайда?
Жапырақ жайып
Өнер бағында,
Үлбіреп тұрған
Ақ гүлім қайда?
Тағы да қайтып
Күрең күз келді,
Ақбаянды аңсап жүрерміз енді.
Күрең күзбенен
Тағы бір ғұмыр,
Үзілмесін деп тілерміз енді!
Менің Қабдоловым
академик, жазушы З.Қабдоловқа
Қызыл тілдің мәйегін тамызатын,
Жадымызда өшпестей жазылатын.
Сіз оқыған дәрістер
Сол жылдры
Біздер үшін
Таусылмас қазына-тын...
Өтсе-дағы қанша жыл,
Қаншама күн,
«Менің Әуезовым!» деп
Жар салатын.
Сіз едіңіз
Тірілтіп сол бейнені,
Есіне алар
Әр күні,
Әр сағатын...
Сөз орамын
Лақтырып дестелеген,
Сіз едіңіз
Көркем ой кестелеген.
Сізге қарап
Шәкірттер бой түзедік,
Қайыңдайын
Қаймықпай ештеңеден.
Көк шыбықтай
Ұмсынып Күн – иеге,
Ғашық болдық
Жап-жарық дүниеге.
Сіз сіңірген мейірім
Осы емес пе,
Ізгілікке іңкәрміз жиі неге?
Жас дарынның оятып батылдығын,
Жүрегіңіздің сездіріп жақындығын.
Сіз едіңіз
Оқитын төгіп-төгіп,
Өзіңізге ұнайтын ақын жырын...
Бірде – Қадыр,
Бірде боп Қуан ақын,
Жыр төксеңіз
Жанымыз құп алатын.
Беріп сосын бір мезет
Бізге кезек,
Сіз едіңіз
Ортаға шығаратын.
Алабұртып көңілдің күйіне тым,
Сұлулыққа
Біз едік сүйінетін.
Шәкіртіңіз қаншама,
Қараңызшы,
Алдыңызда құрақтай иілетін?!
Алаулатып
Аллаһтан алған нұрын,
Жалаулатып жүрегін
Жанған ғұмыр...
Сіз – бұлақ та,
Біз – құрақ,
Сарқылмаңыз,
Қазағымның, һәм менің Қабдоловым!
2001 жыл
Алаштың Фаризасы
Ақын рухына
Аллаһ берген
Өзі алды аманатын...
Кезек жетсе,
Кім аман қала алатын?
Фаризасын іздейді ел әлі талай,
«Поэзия патшайымы» саналатын.
Есіне алып, елімнің кәрі-жасы,
Өзіңізден басталар аңыз басы...
Алшы түскен асығы әуел бастан,
Сіз едіңіз-алаштың Фаризасы!
Ақ Жайықтай буырқана тасып тұрып.
Жырыңызға ел-жұртты ғашық қылып,
Сіз едіңіз өктемдеу сөз айтатын,
Мықтыларды мысыңыз басып тұрып.
Сіз едіңіз сіңлілерін еркелеткен,
Өрге сүйреп өмірін көркем еткен.
Поэзия айдынында сол ақындар,
Өзіңізді ес көріп, желкен еткен.
Сол желкеннің жүзуші ек ығыменен,
Қалдық па біз сүйеусіз шыныменен?
Жо-жоқ апа!
Сіз салған сара жол бар,
Жоғалтпайды өзінің құнын өлең.
Сізге берген бұл- тағдыр сыбағасы,
Ортамызда болдыңыз жыр-арнасы.
Мұраңызды сақтайтын ұрпақ барда,
Көнермейді өлеңнің мұнарасы...
Сіз-тірісіз.
Жыр-анасы!!!
2014 жыл
Риза бол, баба!
Т.Ізтілеуовке
Тас жетім бала...
Ал, оған пана
Алдашбай ахун ашқан медресе.
Тас жетім бала...
Болғаны-дара,
Оқ бюойы озып төске өрлесе...
Алған білімін көкейге тоқып,
Ахундай тапса
Жанашыр жанды,
«Мир арабта»
Һәм «Көкілташта» оқып,
Бұхара жаққа жолы ашылған-ды...
Білім – мұхиттың түбіне сүңгіп,
Шығыстың сүзді інжу , маржанын.
Ілімнің түбін індете үңгіп,
Байлығын алып
Нұр жуған жанын!
Сол Тұрмағамбет
Ірі ақын еді,
Даңқы алыс кеткен ауылдан асып.
Тұлғасы
Биік тұратын еді,
Өнер қуғанды бауырға басып.
Шәкірттің бірі – Темірбек Жүрген
Қолқалап сона-а-у
Алматы барды.
Ұсыныс қонып көңілге бірден,
Үлкен бір істі қолына алды.
Фирдоуси-сынды шығыс бұлбұлын,
Сайратты солай ана тілімде.
Тындырыпты ақын
Ұлы істің бірін,
Тыңдағам мен де бала күнімде...
Ұйытты жанды
«Шахнама» атты,
Шығыстың үздік жауһар мұрасы.
Қолынан түспей жастана жатты
Ұйықтағанда жұрт сөздің расы.
Діні мен тілін түгендеп жұртым,
Түзеді бүгін құбылаға бетті.
«Шахнама» десе
Шынында бұл күн
Ламыз еске
Тұрмағамбетті.
Жас ұрпақ өсті,
Қоғам да жаңа,
Дәулетімізге сай
Сәулетіміз бар.
Ояттық
Рухты,
Риза бол, баба,
Әруақ сыйлар әулетіңіз бар!
2005 жыл
Ағаларым
Өтеген мен Аманкелдіге
Болып едің екеуің – қос қанатым,
Сендер барда
Көңілім хош болатын.
Көтердіңдер жоғары қарындасты,
Жыр-бәйгеге жаратып қосқан атын.
Өздеріңе сүйеніп қанат қақтым,
Қайран, менің қос ағам,
Жаны аппақ тым...
Сендер барда
Айрықша арқаланып,
Абыройлы ақын болуға жарап бақтым.
Сендер барда – ерекше еркеледім,
Сендер барда – көңілім көркем еді.
Өздеріңнен айырылып қапияда
Өкініштен өзегім өртенеді...
Ажал жетсе, жан беру қиын ба,
Алла-ай!
Қос қанатым
Бір демде қиылғаны-ай!
Орындарың бос қалды опырайып,
Қанатым жоқ,
Ұшуым қиындады-ай!
Бәйтерегім едіңдер,
Сая бағым...
Бөлінбейтін ешқашан араларың.
Бақиға да кеттіңдер бірге көшіп,
Бауырларым,қамкөңіл ағаларым.
Салғанына тағдырдың бағынамын,
Тура жеткен ажалға неғыламын?
Ет-бауырым езіліп бұл күндері
Сағынамын сендерді, сағынамын!
1996 жыл
Қазақ осы
Көрнекті ақын Қадыр Мырза-Әлиге
Қазақ осы
Өзіңіз суреттеген,
Өнер сүйгіш жүрегін кірлетпеген.
Көңілі дархан дариядай
Халқым мынау
Хан көтеріп ақынын құрметтеген.
Сыр елінің мүмкін бе сағынбауы,
Сырласуға кеп отыр қалың қауым.
«Иірім» мен «Жазмышқа»
Қалам тартып,
Көтердіңіз жүктің сіз ауырлауын...
Жан болмас-ау
Мінсіз боп жаратылған,
Мінсіз-Аллаһ!
Сол ғана дара тұрған...
Періште емес ,
Пендеміз,
Шындығы осы,
Құтыла алмай жазмыштан баратырған...
Жалғандығын дүниенің жиі ұқтырған,
Құдірет бар...
Боламыз сүйіп құрбан.
Тұлға тұттық
Ұлтымның ұл-қыздарын,
Пенделіктен бір сүйем биік тұрған.
Хантәңірінің сияқты мұзбалағы,
Шыңға қарап
Жас ұрпақ шыңдалады.
Аласармай тұрсыншы
Биігінде
Тұғыры мықты
Ұлтымның тұлғалары!
2003 жыл
Жыр шынарлары
Күләш пен Қайырбекке
Махаббатын сақтаған бойында нән,
Жойқын сезім
Әлі күн жойылмаған.
Өзі де ақын болғасын Қайырбегі
Мықтылығын Күләштің мойындаған.
Мойындаған
Күләштің ірілігін,
Әбділда Тәжібаев та күні бұрын.
Айдынына қондырып жыр-аққуын,
Аялайды қарсы алып Сыры бүгін.
Жаны таза,бейкүнә баладайын,
Көңілі дархан кең байтақ даладайын.
Қос ақыны қазақтың маңдайалды,
Бөле жарып екеуін қарамайын.
Сұлу таңды қарсы алып шапақ атқан,
Қос жүректен жыр-бұлақ қатар аққан.
Елін, жұртын сүйді олар от сезіммен,
Жаралғандай мәңгілік махаббаттан.
Жырға қосып жұртының мұң-арманын,
Қуанышын,
Қайғысын,
Ұғар бәрін...
Қашан болсын
Тұрсыншы тұғырлы боп,
Шыңға біткен осынау шынарларым!
2005 жыл
Біз екеуміз
Жадыра Дәрібаеваға
Қолға қалам алғанбыз,
Жыр отына жанғанбыз.
Ақ арманға қол артып,
Алматыға барғанбыз.
Қанаттаса ұшқанбыз,
Биік шыңды құшқанбыз.
Сен де, мен де, Жадыра,
Сұлу жырға құштармыз.
Кеңейгенде өрісің,
Мен қуандым сен үшін.
Биіктесе мәртебем,
Сен қуандың мен үшін.
Жаның- адал,сөзің- шын,
Мөлдір, таза сезімсің.
Тағдыр салса салмағын,
Сыр алдырмас төзімсің.
Ұлттың өткір тілісің,
Ойларыңмен ірісің.
Қарсы жүзер ағысқа
Сой ақынның бірісің.
Жыр-ғұмырды жетелер
Жолың жатыр өте кең.
Күркірейді кеудеңде
Найзағайлы от-өлең..
Жыр-отаудың түндігін
Түріп ашар күн бүгін.
Тұғырыңа оралдың
Сырдан ұшқан тұйғыным.
Ақындықтың бағынан,
Ақындықтың тағынан
Сені көрер ел барда,
Жарқырай бер, Жадырам!
2008 жыл.
Ортамызға орал
Тұрсынай Оразбаеваға
Арманың құшақ жайғанда,
Қиялыңмен асып Айдан да...
Ақ бантик таққан балауса
Күндерің қалды-ау Сайрамда!
Шымқалаң болып баспалдақ,
Жырларың ұшты аспандап.
Саясына алса Алматы,
Мәпелеп жатыр Мәскеу жақ...
Орындалып бір арманың,
Елменен елді жалғадың.
Еңбегің жанып, жан құрбым,
Елеусіз болып қалмадың.
Басыңа түсті ерек сын,
Тамыры терең терексің.
Ресейде өмір сүрсең де,
Өз еліңе сен керексің!
Сағынып тосар елің бар,
Еркелеп келер жөнің бар.
Басатын әлі белің бар,
Шығатын әлі төрің бар.
Абыройың асқақ, дүрсің-ай!
Алаштың жұрты жүр сұрай...
Сағындыра бермей өзіңді,
Ортамызға орал, Тұрсынай!
2012 жыл
Еңлікгүлі Алмагүл
Алмагүл Божановаға
Өзгеріске толағай жол ашатын,
Орнағанда тәуелсіз жаңаша күн.
«Нұр Отанға» қосылып нық сеніммен,
Елбасының ұстанған саясатын.
Ат үстінде жүрсе де шаршамаған,
Хабары бар сауатты әр саладан.
Шаруасын жаңғақша шағып тастап,
Шығарады алдынан қаншама адам.
Тәуелсіздік жолында жастанған мұз,
Мұзды ерітер от көрдік жастардан біз.
Осы қыз ғой егемен ел болғанда,
Екі ауданды қосып ап басқарған қыз.
Тыным таппай күні-түн жұмысында,
Жұртты ұйытып ұстаған уысында.
Сүрінбеген,жүрегі бүлінбеген,
Үгілмеген түскенде ірі сынға.
Әйелге тән ибалық-реңінде,
Имандылық ұйыған жүрегінде.
Алуан түрлі қасиет бар бір өзінде,
Қайраткер бар осындай Сыр елінде.
Ел жүгінің қашанда салмағы мың,
Үлкен үміт жүктейді алдағы күн.
Көп сенімі көтерер көке дәйім,
Сырда туған қазақтың Алмагүлін!
2006 жыл
Жаңашыл әкім
Қызылорда қаласы әкімі
Нұрлыбек Мәшбекұлына
Жұртыңа бұрып бүйрегің,
Үміттің шоғын үрледің.
Кенжелеп қалған бар істі
Екпіндеп өрге сүйредің.
Өжеттігіңе жетер кім?!
Өткізбей текке бекер күн.
Шиелінің ашып шырайын,
Шоқтығын биік көтердің.
Дем берер елге өте көп,
Кеудеңде жанған от ерек.
Астанаға дейін жеткіздің,
Нартай әндерін жетелеп.
Жігерлі жас ең арынды,
жұртыңа болдың жағымды.
Отызыңда орда бұзатын,
Алашқа атың танылды,
Суырылып шығып ортаңнан,
Өзгеше болды қолтаңбаң...
Жаңашыл әкім сен едің,
Атаойлап тыңнан жол слған.
Әкімсің енді қаланың,
Қайырлы болсын қадамың!
Ескеріп заман талабын,
Еліңді көркейт, қарағым!
2013 жыл
Талайлы тағдыр
марқұм Қашақбай Пірімовке
Жадау тірлік, дәмкес жан, дәрменсіз ұл...
Қу шешектен, аты өшкір, қалған сыз бұл,
Шөмекейдің жұртынан түтін түтеп,
Бір отбасы отырды қорғансыз кіл.
Жалғыз ұлдың ғұмыры-қыл ұшында,
Тағдыры тұр-құдайдың уысында.
Оразбике анасы зар илейді,
Кәлимасы сәт сайын-тіл ұшында.
Құлағына сол дауыс жеткен болар,
Құдай оңдап,шапағат еткен болар.
Бала тұрды ұзамай аяғынан,
Бір қатерден аман-сау өткен болар.
Заман озды...
Орнады жаңа дәуір,
Соғып өтіп тыншыды-ау қара дауыл,
Алғашқы боп сол сәтте сауат ашып,
Араласа бастаған қоғамға бұл.
Жұртты осылай аузына қарататын,
Басшы болып,
Ел көрді шарапатын.
Қазалыдан жалғыз жан иеленген
Еліміздің ең үлкен марапатын.
Жүруші еді-ау,
Ізгі ісі жағып көпке,
Дәріптемес адамды еш халық текке.
Аз ғұмырда өшпестей із қалдырған,
Рухы оның биік тұр анық көкте!
Жаңбырлы күні
Тамшылары сағалап сай – жыраны,
Шелектеп тұр далада жаңбыр әлі...
Жүрші, құрбым,
Келейік қырға шығып,
Көп ұзамай табиғат жаңғырады.
Таста бәрін жамылғы-бүркенішті...
Жөн-жосықсыз кейде біз үркеміз тым.
Біле білсең,
Жаңбырға шомылу да
Бір ғанибет емес пе?
Жүр, келіскін!
Желіктіріп,
Көңілді жетелеп тұр
Бір тылсым күш...
Асайық төтелеп қыр!
Алматының өткінші жаңбыры бұл
Қас қағымда өтеді төпелеп бір!
Күн шұғыласы шашылар кез келеді,
Дала сосын ғаламат өзгереді,
Жаңбырдан соң
Құлпырған табиғаттың
Сұлулығын ғажайып
Көз көреді.
Кең даланың
Ой-қыры, жазығына
Жайылады тіршілік сазы мына...
Күн кірпігі қытықтап
Оятады,
Жасырынғын гүлдерді қауызына.
Сыртта жаңбыр әзірше ән салып тұр,
Ырғағына елтиді тамсанып қыр.
Кәусар ауа, көк иісі бұрқыраған,
Қалар жаның рахат,
Жай тауып бір!
Керегі не өзіңнен сыр жасырып,
Көңілім бұл күн жабырқау,
Жүр басылып....
Менің дауам-таза ауа,
Кең дала ғой,
Жүрші, құрбым,
Келейік қырға шығып!
Жаз өтті
Шық болып аунап,
Қайыңның жапырағында,
Көк болып қаулап,,
Туған жер атырабында.
Жаз өтті тулап,
Бұлқынған бал-бұлақтарда.
Жаз өтті шулап,
Сыңсыған тал-құрақтарда.
Қиялыма елтіп,
Көктемді аңсағанымда,
Жаз өтті желпіп,
Керімсал таң самалында.
Ақ таңдар булап,
Алтын нұр жалатқанында,
Жаз өтті зулап,
Құстардың қанаттарында.
Сары белден құлап,
Сары ала күз келді де,
Жаз кетті жылап,
Тырналар тізбегінде.
Жапырақпен сырласу
-Тұрушы едің
Шаттана жырлап бұрын,
Неге бүгін
Шықпайды тым қатты үнің?
Сездің бе әлде,
Аз күндік ғұмырыңа
Секундттың да дәл қазір қымбаттығын?
Келіп тұрсың қалтырап,
Жыларманға,
Көрсеттің бе, әлсіздік сыналғанда?..
Өршелене тентек жел жармасады,
Айтшы,
Жалғыз жапырақ,
Кінәң бар ма?!
-Есірік жел үдетіп өз екпінін,
Келіп еді қанжарын кезеп бүгін.
Қарсыластым
Үзілмей сағағымнан,
Қалды ұнамай
Оған бұл өжеттігім.
Таусылмап ед өмірге құштар әнім,
Тұрғандаймын жүзінде ұстараның...
Ғұмырымды тағы да бірер сәтке
Ұзартсам деп күні-түн күш саламын.
Осыншалық, япыр-ай, берік пе едім,
Үзілмедім мен ғана...
Серіктерім
Жел үргенде
Тоз-тоз боп кеткен бәрі,
Көп-ақ едім болмаса,
Көрікті едім.
-Өмір қымбат, білемін, ұғынғанға,
Өмір-күрес...
Сенде әсте тыным бар ма?!
Неге, бірақ сарғайдың солғын тартып,
Айтшы,
Жалғыз жапырақ,
Мұңың бар ма?!
-Бір кездері
Базарлы,
Думанды едім,
Тірлік әнін әлі де
Жырлар ма едім?!.
Жалғыздықтан барамын солып-семіп,
Соңғы әнімді құлақ сап тыңда менің!
Жарқын жаздың
Жап-жасыл ұшқыны едім,
Сауық-сайран басымнан ұшты керім.
өмір үшін,
алайда, күресермін,
біткенінше ақырғы күш –жігерім.
Тонап, міне,
Қарақшы күз де келді,
Қажет бірақ күдерді үзбегенің...
Мен бірібір
Жаңғырып ораламын,
Келер жылғы көктемнен
Ізде мені!
Күз
Жат жұртқа ұзап кеткен соң
Сыңсып қыз-көктем,
Жаз-аруды да ұзатып салып
Күз жеткен.
Құстармен бірге
Ілесіп әсем күй кеткен,
Күз- жеңешесі
Жасауын жаздың жиды еппен...
Үйіріп бұлтты
Жанарын күннің жасқады,
Сары алашаны
далаға төсеп тастады.
Сонан соң
Сары көйлегін киіп көлбеңдеп,
Бау-бақшаларды
Аралап кетті серуендеп.
Сары түске бояп
Қайыңның жасыл шашбауын,
Қарашы, тегі,
Ерте-кеш тыным таппауын!
Дегендей
Жасыл түсін даланың жоямын,
Өшіріп жатыр
Аязбен сорып бояуын.
Сезіліп-ақ тұр
Еңбекшілдігі боса да,
Жапырақтарға
Қалыпты толып босаға.
Демімен үрлеп
Сыпырып жаздың іздерін,
Шаршауды білмей
Күйбеңдеп жатыр күз-келін...
Құстар әні
Жауратты қоңыр бақтарды
Батыстан соққан күз лебі.
Жылы жақтарға асығып
Аттанды құстар тізбегі.
Қанаттарымен шимайлап,
Түп-тұнық кәусар ауаны,
Қоштасу әнін көк дәптер-
Аспанға жазып барады.
Ұзақты күнге шарқ ұрып,
Қанаты әннің талғанда,
Абайсыз бұлтқа ілігіп,
Тамшыға айналып қалған ба?..
Көгілдір күмбез аспанның
Жанарында тұр іркіліп,
Сорғалай алмай биіктен
Шарасыз іштей құр тынып...
Жыласа бұлттар, түсер еді
Жаңбырмен бірге сырғанап,
Үйреніп сол сәт жүйрік жел,
әуенін оның тыңдап ап.
Жеткізер еді құс әнін,
Сағынып жатқан көлдерге,
Көктемін аңсап, құлазып,
Сарғайып жатқан белдерге.
Құй жаңбыр! Құйшы төпелеп!
Жыршы құстардың құйтымдай,
Сағыныш сазын жеткізіп,
Себелеп көктен бір тынбай...
Тың-тыңдап мен де әуенін
Үйреніп оның салайын.
Сонан соң әннің сөздерін
Өзім-ақ тауып алайын...
Көлсай
Аршын төсті құз-таулар аясында,
Жасыл желек, ну орман саясында.
Күнге ұмсынып
Алақан жаясың ба,
Күміс нұрға жүзіңді шаясың ба?!
Сұлу бейнең айналып жарасымға,
Сыр тұнғандай
Тұнжыр көзқарасыңда...
Тарқатылып мың өрім бұрымдарың,
Табиғатқа наз артып барасың ба?!
Толқыныңның
Мөп-мөлдір сыршыл үні,
Суарғандай
Кеудемнің жыр шыбығын.
Айна жүзің тосады көз алдыма,
Жайып тастап су асты тіршілігін.
Ақ шабағың бұлғаңдай
Ойқастап мың,
Көңіліме қандай сыр, ой тастады?..
Абайсызда шашылған жұлдыздар ма,
Тұнып қалған түбіңде
Қойтастарың?!
Текшелене орнаған қасыңа нық,
Кербез таулар
Көркіңе ғашық анық!
Еміренеді
Төніп кеп айдыныңа,
Аспа бұлтқа білегін асып алып.
Шыршалардың
Салтанат құруын-ай!
Сұлулықтың көңілді бұруын-ай!
Тау да жасыл, жер жасыл,
Көл де жасыл,
Жер-дүниенің жасанып тұруын-ай!
Бар жиһазын
Табиғат жиып көптен,
Бір өзіңе аямай үйіп-төкен...
Шіркін, Көлсай,
Құдіретті сыр-сымбатың
Сезім болып
Кеудеме сыйып кеткен!
Желтоқсан айында
Бұл даланың
Шыңылтыр қары қайда?
Аязымен денеңді қарымай ма?!
Жылымық күн
Бейжай бір күй кешуде,
Қыстың демі
Ызғарсыз
Әрі майда...
Қалың тұман жиілей жауып көкті,
Төңіректі көрсетпей қауіпті етті.
Қар жауар деп жүргенде әні-міні,
Желтоқсанның ортасы ауып кетті.
Қар жамылып дала,
Шың, құз, бақ бәрі,
Өзен-көлге
Қалыңдап мұз қатпады.
Сезіне алмай
Қыстың қыс екендігін,
Дүниенің бұзылды ырғақтары...
Ағаш біткен үрпиіп қарасады,
«Қайда кеткен
Қыстың бұл тамаша әні?»
Көрдіңіз бе,
Қайсібір құбылыс та
Өз кезінде болғаны жарасады.
Ұшқындырып көк пен жер арасы кіл,
Жаусын ақ қар!
Бір нәзік тарасын үн!
Үлбіретіп ақ торғын,
Бар асылын,
Табар сонда
Қыс та өз жарасымын.
Шағылысып жататын жарық айға,
Алматының
Ақ күміс қары қайда?
Табиғат та сараңдық етіп кейде
Қыс қарға жарымайды, ә!
Мамыр айында
Көктем кеп жасыл
Жібектен шапан жапқанда,
Алма ағаш гүлдеп
Шашына бантик таққанда,
Ақ қайың
Аппақ куә боп махаббаттарға,
Қоңырқай кеште
Сыр тұнып қалар бақтарға.
Айлы түнде де
Үзілмей әсем бақтағы үн,
Ғашықтар жүрер
Қарсы алып
Мамыр ақ таңын.
Ал, таң сыз бере
Оянып қайта тіршілік,
Шуағын құяр әлемге
Алтын күн шығып.
Ақ қайың-ару
Бой түзеп өріп бұрымын,
Аралар ұшар
Гүлдердің жинап шырынын.
Сал самал есіп,
Балбұлақ күлер сыңқылдап,
Сыр шертіп баяу
Сыбдырлап кетер сылқым бақ.
Ойнақы бір күй
Кеудені керней аққанда,
Шайқалмай, сірә,
Бұйығып көңіл жатқан ба?
Қызғалдақ-сынды
Гүл-аруларға ұмсынып,
Бозбалалар жүр
Бал сезімдерге тұншығып...
Сырнайлы шақта
Сыр тыңдап жасыл белдерден,
Шақырып шабыт,
Тілдесіп айдын көлдермен.
Көңілім тасып,
Естіліп асқақ өр үнім,
Кетті-ай бір дейсің
Айналып жырға өмірім...
Көмейге келіп
Булыққан шабыт нөсерлеп,
Көңілдің көгін
Тазартып кетер ме екен деп,
Ой аулап сонда
Қиялға батып қым-қуыт,
Қиын да , ұзақ
Сапарға шықтым
жыр қуып...
Көгілдір жыр
Көгілдір көктем!
Шуағыңды аямай төгіп келіп,
Тіршілікті ояттың желік беріп.
Сазды әніңмен билетіп балбұлақты,
Гүл боп тұндың далама көріктеніп.
Самалыңмен
Қытықтап балқұрақты,
Қызғалдақтың
Нарт жүзін албыраттың.
Көгілдір дүние
Батқанда көк сағымға,
Нұрын құйды
Көгімнен балбырап күн.
Нәзік гүлдің үзіліп кірпігінен,
Ақ қайыңның
Сырғанап бүршігінен,
Көгердің сен,
Тіршілік нәрін алып,
Жер-ана жүрегінің дүрсілінен.
Ізгілігім-мейірбан көздеріңнен,
Әсемдігім-көгіілдір кездеріңнен.
Дархандығым – тым жомарт пейіліңнен,
Бәрін сенен алғанмын...
Бөлме өзіңнен!
Жер-ждүние көгілдір кезде мүлдем,
Жүрегіме от алармын
Мен де өзіңнен.
Шабытыма көгілдір қанат бітіп,
Көгілдір жыр өремін сөздерімнен.
Көктем келеді
Сезілгенмен ақпанның салқыны әлі,
Нұрлы шуақ,
Көктем боп бар құмары,
Қар астынан қылтиғын
Жауқазын гүл,
Күн нұрына сәбидей талпынады.
Нәзік гүлім!
Өжет те қайсар гүлім!
«Көктем келе жатыр» деп
Жар сал бүгін!
Ақ қар еріп барады жылап ағып,
Ағаштар да көзіне тамшы алды кіл...
Дауыстарға не түрлі толтыруда,
Туған жердің
Тау-тасын,
Жал құмын да...
Көктем аунап келеді,
Көктем аунап,
Бұлақтардың сыңғырлы толқынында.
Нәзік сәуле дірілдеп кірпігінде,
Жанарына үйірді күлкі Күн де.
Көктем бүрлеп келеді
Көктем бүрлеп,
Жарып шыққан қайыңның бүртігінде.
Қараңызшы!
Тұп-тұнық таң атуда,
Кең далама
Шұғыласын таратуда.
Көктем көшіп келеді
Көктем көшіп,
Қайта оралған құстардың қанатында.
Құмдағы жазулар
Құм бораны соққанда
Құйындаған,
Кезі бар ма
Қиыршық суырмаған?
Басқа орынға
Оп-оңай аударады,
Үрлеп қалса болғаны,
Бұйым ба оған?!
Сусыма құм,
Тағдырың қиын маған...
Ғұмырыңа
Өмірден сыйың ба алған,
Таңдайыңа
Тамшы су бұйырмаған.
Жаңбыр сұрап
Кеудесі сырылдаған,
Шөлейтті құм,
Тағдырың қиын маған...
Етек-жеңі далиып жиылмаған,
Күні бойы өртеніп, суынбаған.
Жонын тосып
Аптапқа, аңызаққа,
Күннің нұрын,
Шуағын жиі ұрлаған,
Бұйрат құмдар,
Тағдырың қиын маған...
Жан-жануар, жәндігің қыбырлаған,
Айқұш-ұйқыш із салып шиырлаған.
Күндіз-түні жазады
Құм-кітабын,
Тірлігінің баяндап сырын маған...
Су жыры
Өмірге деген
Сірә да, аз ба құштарым?!
Тіршілікті ұдай
Тербетті сазды ағыстарым.
Көне Мұхиттың
Бір ғана тамшысымын мен,
Тыншымайтын еш,
Мәңгілік қозғалыстағы.
Буға айналдырып,
Аспанға көшіреді де Күн,
Тартылыс күші
Тартады төсіне Жердің,
Көрініс беріп әр түрде
Осылайша мен
Арқауы болып
Тірліктің есіле бердім.
Мен бармын
Барлығында тірі клеткалардың,
Судан асқан
Сенімді тірек табар кім?!
Сусыз жерде өмір жоқ,
Бұл-ақиқат анық,
Құрылық біткен тұл болып,
Жүдеп қалар Күн...
Ағамын тынбай,
Үздіксіз,
Қан тамырлардай,
Өмір желісін ұзартып
Тартамын талмай.
Келемін сақтап бұлжытпай
Қозғалыс заңын,
Тіршілік маған
Кінәсін артады қандай?!
Ақша қар
Ақ ұлпа жауды мамырлап
Жер-көктің бәрі
Аппақ боп ерек.
Көрпесі жердің қалыңдап,
Жамылды шәлі
Ақ қайың, терек.
Жанарда қалған қонақтап,
Ақ үміттердің
Тамшысындай боп,
Таусылар емес толастап,
Ақша қар
Бақыт жаршысындай боп.
Шабыттың бұлтын шақырып,
Арнамнан асар
Кезім бұл менің.
Сапырып жатыр,
Сапырып,
Қыс күні
Тұнық сезімнің көлін..
Осындай сәтте тіпті енді
Келді де
Менің бала боп кеткім,
Сілкілеп қайың біткенді,
Қысқы бақ ішін
Аралап кеттім!
Сырдың әні
Түбі қызған
Күн-қазан суынғанда,
Жер тегешке
Сүт-сәуле құйылғанда,
Ай нұрына шомылып
Жөнелейік,
Кең жайлауға
Көрінген жуыр маңда.
Өзің барда
Мен қалай жасқанамын,
Құла түзге
Ал, кәне, баста, жаным!
Күй тыңдалық
Сағыныш шөлін басып,
Домбыраңды ала жүр, тастамағын.
Сар далада
Тартшы куй төгілдіріп,
Төгілдіріп,
Жанымды егілдіріп.
Кірбің бұлты арылып,
Көңілімнің
Аспанынан қарасын өмір күліп.
Көмейімнен ағытып
Жыр бұлағын,
Көкірегіме
Сазды әуен тұндырамын.
Сағыныштың
Жаңбырын сіркіретіп,
Сырдың әнін сызылтшы!
Сырдың әнін!
Мейірім
Қаһарлы қыс
Бишігін уйіреді,
Қар боратып
Ақ ұлпа үйіледі...
Ауыр қардың
Жаншылып салмағынан,
Ағаштардың бұтағы иіледі.
Көтере алмай
Майысып қанаттары,
Ағаш біткен бүгіліп,
Таң атқалы..
Жәрдем сұрап тұрғандай,
Жабырқаулы
Өткен-кеткен жандарға қарап бәрі...
Қалайша енді,
Қол созбай қала аласың?
Әдемі ағаш
Әр берген қалаға шын...
Қорғау үшін
Осынау сұлулықты,
Қандай да бір ерлікке бара аласың.
Адамдарша жүрегі қан жылаған,
Ағашта да сезім бар қалғымаған.
Шырылдайды,
Жұлынын үзердей боп,
Өршелене соққанда қарлы боран.
Сақтандырып
Онсыз да аз ғұмырын,
Қорғануға,
Қарашы,
Қам қылуын?!
Иығына
Сүйеп қап иығымды,
Құлатпайын...
Берейін жан жылуын.
Табиғаттан алғандай
Жаңа сабақ,
Ынтымағы,
Бірлігі жараса қап,
Адамдар жүр көшеде,
Қалың қардан
Ағаштарды алуға
Арашалап.
Мейлі, солай
Бұтағын сілкілесін,
Қолдан келер көмегін іркімесін.
Жеңілденген ағаштар
Бойын тіктеп,
Бір-біріне
Қайырлы күн тілесін!
Аппақ әлем.
Ағарар пейілің де...
Пәк табиғат
Әртүрлі бейім үнге.
Сақтар еді-ау,
Осынау сұлулықты,
Тұнып тұрса дүние мейірімге...
«Таутүрген» әсерлері
Ауасы – бал,
Тұп-тұнық аспаны бар,
Суы-зәмзәм,
«Әулие бастауы» бар,
Шоқыланған таулары,
Асқары бар,
Жүрегі от
Жалынды жастары бар.
Таң алдында
Құбылып жалқын нұрмен,
Құлпырады бояулар
Сан түрлі өңмен.
Аңыз қылып
Көрген ел айтып жүрген,
Таудай әсер алдым мен
«Таутүргеннен»!
Келеді ,әне,
Күн-ару жайнап күліп,
Құз-таулардың
Етегін жайлап түріп...
Пәк табиғат
Сөйлейді мың бояулы,
Сиқырлы үнге
Не түрлі аймақ тұнып.
Тау бөктері
Қалың шөп бетегелі,
Жұпар иісі
Елітер өте мені...
«Қайырлы таң!
Армысың ,тіршілік!»- деп
Әтір гүлдер
Кірпігін көтереді.
Жасыл қанат қарағай,
Аршалары,
Көздеріне
Көк жасыл тамшы алады.
Жаңа оянған гүлдердің
Шашын өріп,
Жүгіреді
Керімсал таң самалы...
Табиғат құдіретін
Жиі ұқтырған,
Сұлулыққа еліте
Ұйып тұр маң...
Бұл не деген керемет!
Қараңызшы,
Алақандай
Ауылға сыйып тұрған?!
Әсемдікке
Тым биік талғамдарың,
Осы арада
Еңбектен жанған бағың.
Тұрғындары ғажайып «Тау-түргеннің»,
Сендердің де
Бар ма екен армандарың?!
Жастарың бар,
Қария-қарттарың бар,
Нұр шуағын көңілдің
Ақтарыңдар!
Ертегілер еліндей
Жәннат жерден
Ғұмырлық бақ табыңдар!
Бақ табыңдар!
«Әулие бұлақ»
Сәлем жолдап самала таң атынан,
Жан-жағына ғажайып таратып ән,
Тұнығыңа құлайды
Нәзік сәуле,
Сырғып түсіп
Алтын күн қанатынан...
Өзің жайлы
Өзгеден білері көп,
Құз-таулар да
Саған бас иеді кеп.
Көпті көрген
Шежіре халқым сені
Атады екен неліктен
«Киелі» деп?
Әлде олардың
Тым ұшқыр қиялынан
Айналдың ба
«Әулие бұлағына»?
Сырыңа тек
Өзіңмен бір жасаған
Мәңгі жасыл шыршалар куә мына...
Жергілікті халық
Бас иеді шын,
Қасиетің бар қандай,
Киелі су?
Күллі дерттің
Уытын қайтара алар
Шипалы бір дәруге иемісің?..
Жаза аласың
Жүректің дертін қандай?
Лаулатасың
Жүректің өртін қандай?
Сан сауалдар
Санамда өре тұрып,
Құштарлыққа бой ұрдым
Еркім қалмай...
«Мың сұраққа
Бір жауап берермісің?»-
Деп тұрғанда
Қызыққа кенелдім шын...
Қиялыма
Ғайыптан қанат бітіп,
Құдіретіңнің
Таныттың ерен күшін.
Жанарыма көшіріп толқыныңды,
Жасыра алмай қарадым толқуымды.
Бір ғажайып әлемге жетеледің,
Сылқ-сылқ күліп,
Бұлағым,
Шолпыл үнді...
Өтпеуі үшін мақсатсыз бекер күнім,
Үмітімнің жалауын көтер бүгін!
Шабытымның бастауын
Сенен алдым,
Рас болды-ау,
«Киелі» екендігің...
Есіме алып жүрейін
Жиі дәйім,
Бастауыңа
Жыр болып құйылайын.
Батаңды бер,
Әулием!
Аттанарда
Суыңды ішіп,
Саған мен сыйынайын!
ІІ БӨЛІМ
Апта айларға,
Айлар жылға жалғасып
Жаз жылысты,
Сары күзбен алмасып.
Бұрынғыдай
Баса алмаспын мен енді
Сенің жарқын жолдарыңды
Жап-жасыл...
Басады оны
Мене өзге басқа қыз.
Қалдырады
Жаңа толқын жастар із.
Алуан түрлі болғанымен нақышы,
Басталады мазмұны ұқсас басқа аңыз...
Табиғат дауысы
І
Мен –Табиғатпын!
Мен – Ақиқатпын!
Өлең болып өріліп күніге мен,
Сыр шертемін,
Табиғат тіліменен.
Жадыңда ма,
Адамзат,
Тұңғыш рет
Естілгені тарихтың үні менен?
Жаралғанда ең алғаш
Адам болып,
Менде тудың
Тұңғыш балаң болып.
Тұңғыш рет
Сені орап жөргегіме
Әлдиледім
Қамқорың,
Анаң болып.
Көрдің әр кез
Ерекше күтім менен,
Керегіңнің бәрін де бүтіндегем.
Дәм татқызып мәуелі жемісімнен,
Сусын бердім
Балбұлақ сүтімнен мен.
Адамзат боп
Сен бекер жаралмадың,
Өз мақсатың
Мұратың,
Бар арманың.
Сондықтан да мен сені
Тіршіліктің
Тоқсан тарау жолына даярладым.
Бұл өмірдің тым ауыр сын-өткелі,
Сапарына ақ бата тілеп келдің...
Сонда саған
Жолыңа жолсерік қып
Суымайтын,
Қаны ыстық жүрек бердім.
Балқығанда дүние уылжып тым,
Менен өзің
Шапағат,
Жылу күттің.
Сондла саған
Көз бердім,
Көріп тұрып
Құдіретін ұқсын деп сұлулықтың.
Тіршілікті лебімен
Қыздырып күн,
Тұтандырды
Шырағын ізгі үміттің.
Сонда сенің
От бердім жанарыңа,
Нұрын құйып жүрсін деп ізгіліктің.
Сен әзірсің,
Мендегі ақталды үміт,
Қарсы алғанда
Алдыңнан ақ таң күліп,
Тұңғыш рет
Кестім де тұсауыңды,
Ұзақ жолға жібердім аттандырып.
«Не болар,- деп,- бірақ та күнкөрісің?»
Көңілімде бір түйткіл жүргені шын...
Жүзгеніңде
Тіршілік айдынында,
Берер ме екен
Сапарың бір жемісін?..
Күдігімді тарқата тауып шешім,
Қара жердің игеріп алып төсін,
Ризығыңды таптың сен,
Тұңғыш рет
Менен бастап
Еңбектің әліппесін.
Игілікке жаратып байлығымды,
Ұлы ісіңмен
Асырдың айбынымды.
Тазалықтың,
Пәктіктің,
Үлгісі еттің
Лайламай тұп-тұнық айдынымды.
Мен арқылы
Достасып ер еңбекпен,
Өр еңсеңді
Кезің жоқ дөмендеткен.
Үмір артам,
Қашан да сенем саған,
Биік, асқақ қалпыңда көрем деп мен!
ІІ
Мен – Табиғатпын!
Мен – Ақиқатпын!
Өлең болып өріліп күніге мен,
Сыр шертемін табиғат тіліменен.
Жадыңда ма,
Адамзат,
Тұңғыш рет
Естілгені тарихтың үні менен?
Бөлінбейтін
Мен сенің бөлшегіңмін,
Ақиқаттың,
Шындықтың өлшемімін.
Бірге шектім
Зардабын сұм соғыстың
Жау бұзғанда іргесін ел шебінің.
Жан шошырлық
Өзгертіп сұрқын ғалам,
Күрсініп жер,
Азалы үн тынбаған...
Бәрі есімде,
Бәрі де көз алдымда,
Ұмытуың сенің де
Мүмкін бе, Адам?
Қан майданнан алапат
Түршігіп жан,
Үн шығармай өксіген
Тұншығып ән...
Оққа төсеп кеудесін
Отаны үшін
Қанша боздақ қиылды қыршынынан?!
Ормандарым ажырап ажарынан,
Қызғалдақтар жұлынды сағағынан.
Қоштасқандай
Соңғы рет меніменен,
Жатты жерде
Ыңырсып жаралы жан...
Көктем еді-ау,
Ол әлі көктем еді...
Қасық қанын ел үшін төккен еді.
Тіршілігін тоқтатты,
Әттеген-ай!
Жапырақ жайып қайтадан көктемеді...
Тәңірісі едім
Мен-дағы сұлулықтың,
Блдым талай
Құрбаны зұлымдықтың.
Орман,
Бағым қақалып көк түтінге,
Мен де осылай
Қасірет уын жұттым!
Ей, Адамзат,
Менімен тел өстің сен,
Сенің орының
Мен үшін ерек білсең.
Мен өзіңе қаншалық керек болсам,
Маған-дағы соншалық керексің сен!
Ей, Адамзат,
Өзіңсің айтар жырым,
Мына сенің қолыңда
Бақ тағдырым.
Сенің тіршілігіңе байланысты
Мендік жүрек дүрсілі,
Қантамырым.
Толса-дағы қойнымның бәрі гүлге,
Келе алмай жүр
Көркімнің сәні мүлде.
Оралмаған көктемдер
Көктей солып,
Сыздатады
Жанымды әлі күнге...
Бұдан былай
Жат ойды жолатпаңдар!
Тұнық таңды тілгілеп
Оқ атпаңдар!
Аялаңдар,
Сақтаңдар,
О,адамдар,
Сұлулықты мендегі жоғалтпаңдар!!!
Жастықпен сырласу
І
Ажарланып
Алатаудай алып тау,
Көзді арбайды
Көк бояуы қанық бау.
Келді көктем,
Оралған жоқ жастығым,
Балғын бейнем
Тек суретте қалыпты-ау...
Белгісіндей
Өткен әр күн,
Әр айдың,
Бұл суретке
Сағынышпен қараймын.
Алау жастық
Ақ орамал бұлғайды
Арасынан
Көктемгі аппақ арайдың.
Жадымдасың
Шырын шағым шырайлым!
Шырын сәтке
Куә болған мына ай, күн!
Маған қайтып
Соқпасыңды білсем де,
Тілектес боп,
Саған оң жол сұраймын!
Апта айларға,
Айлар жылға жалғасып,
Жаз жылысты
Сары күзбен алмасып.
Бұрынғыдай
Баса алмаспын мен енді,
Сенің жарқын
Жолдарыңды жап-жасыл...
Басады оны
Менен өзге басқа қыз,
Қалдырады
Жаңа толқын жастар із.
Алуан түрлі
Болғанымен нақышы,
Мазмұны ұқсас
Басталады басқа аңыз...
Мейлі, солай,
Шыбық өссін тал болып,
Жапырақ – жаны
Кірлемесіг шаң қонып...
Ақ арманын
Жауратпаса болғаны,
Көктемеде
Жаңбыр соңы қар болып...
Құлпырып гүл
Қауыздарын жарғанда,
Қыздар әсем
Көрік беріп бар маңға.
Жолықса екен
Сүйгеніне адаспай,
Махаббаттан
Жолы болып жалғанда!
Жастар барда
Еліміздің тың күші,
Тың күшімен
Басады алға күрт ісі.
Сондықтан да
Қайғысы аз боп олардың,
Менікінен
Молдау болсын күлкісі!
Жолдарына
Шашып жырдан шашуды,
Жастар үшін
Сыр-сандығым ашулы.
Арманымен
Амандасып алдағы,
Солар алсын
мен алмаған асуды.
Ойлайтұғын
Осы бастан ел қамын,
Ортасынан
Шығады әлі мол дарын.
Мен қалаймын
Жас қауымның қазіргі
Бізден де асқан
Бақытты ұрпақ болғанын!
ІІ
Өрле, жастық!
Өрле сен самғау шыңға,
Саған күнә
От болып жанбау сында.
Уылжыған күн нұры
Келбетіңде,
Ғашықтардың тілегі
Бал даусыңда.
Жайна, жастық!
Жайна сен шырайланып,
Бақыт құсы
Төбеңде шыр айналып,
Қанатымен жебесін!
Сен құлпырсаң
Құрып кеткір,
Қайғы-мұң былай қалып,
Шырын дүние
Шаттық ән құрайды анық.
Жаса, жастық!
Қарайын сүйіне мен...
Болашаққа жол тартсын
Жиі кемең!
Арман-желкен,
Сапарда жолсерігің
Шабыт буып,
Толғағы жиілеген,
Бұрқасынды,
Дауылды,құйын -өлең.
Қыран құстай
Саңқылдап үнің сенің,
Сөйле,жастық,
Сөйлейтін күнің сенің!
Сен бар ғой деп
Жасытпай күш-жігерін,
Қайрат жиған бойына
Бүгілсе елің...
Жаның алау,
Алдыңда жауапты сын,
Жанартаудай
Сілкінген ғажап күшің!
Самғау үшін заңғарға,
Күміс қанат
Қазақстан ұшырған азат құсы,
Сен болашақ алдында жауаптысың!
Ел намысын қорға сен,
Ер намысын,
Шартараптан естілсін өр дауысың!
Қайна ,жастық,
Дүбірлет ,
Күллі ғалам
Жасыра алмай қарасын таңданысын!
Сен –
Жерімнің
Жасарған орманысың,
Сен –
Елімнің
Қуатты қорғанысың.
Жаса мәңгі,
Жастық шақ,
Адамзаттың
Шұғыла шашқан
Болашақ таңдары үшін!!!
Қыздарға тілек
Әзіл-шыны аралас
Мезгіл жетпей
Гүл қауызын жара ма,
Уақыт-қатал,
Аяйды деп қарама!
Гүл-көктемді
Алыстатып біздерден
Жылдар өтер
Шекара сап араға.
Алдан ылғи бақ жанып,
Таң күле ме,
Бұл өмірді
Білу керек сүре де...
Қыздар,қыздар,
Көктем ұзап барады,
Тұрмыс құру
Ойларыңа кіре ме?
Біреуінің
Жүріс-тұрыс, күлкісі,
Біреуінің
Ұнамайды түр-түсі,
Мінеп-шенеп
«Күн бермейміз» әйтеуір,
Ұнамай-ақ қойды бізге
Бір кісі...
Өзімізді
Хор қызына санаймыз,
Жігіттерге
Жоғарыдан қараймыз.
Олардың да
Артықтығы бар шығар,
Оарды да
Сүйген болар талай қыз.
Қателікті мойындасақ
Бар ма айып,
Бақыт құсын
Текке үркітіп алмайық.
«Көк етікті»
Таңдап жүріп,
Бір күні
«Көн етікке»
Зәру болып қалмайық.
Сірә да ешкім
Пенделіктен асқан ба,
Бір тосқауыл болады
Көп тасқанға.
Жерге де бір
Түсіп көрсек қайтеді,
Өмір бойы
Ұша бермей аспанға?
Шалмай тұрып
Үміт-таудың басын қар,
Қыздар,қыздар,
Пенделіктен қашыңдар.
Аспанда емес,
Бәлкім жерді мекендеп,
Жүрген болар
Біз іздеген «асылдар...»
Қыздар
Топ гүл едік,
Бес үйдің бойжеткені.
Наз артып құрбыларға,
Жүретін сылаң қағып.
Дамыл таппай
Жүйіткитін ой-кептері,
Үміткер жігіттердің
Көзінен сыр аңғарып.
Өткір едік...
Айтыссақ, тіліміз-оқ,
Дөп тиер көздегенге
Кәнігі мергендей бір,
Көпшіл едік...
Қонақсыз күніміз жоқ,
Мәз болып қуанатын
Әкеміз келгендей бір.
От-жыр едік...
Әні едік бозбаланың
Арудың жанарынан
Шуақ ап, тойым еткен.
Шоқ гүлі едік...
Бозамық боз даланың,
Болатын несібесі
Жігіттің қолы жеткен.
Сылқым басып,
Қыздардың керімі боп,
Жүргенмен шалқып бүгін
Көңілмен алып-ұшпа.
Кетеміз-ау,
Бес үйдің келіні боп,
Бірге өткен бұла күндер
Айналып сағынышқа...
1970 жыл
Гүл қыздар
Жалындаған жас қыздар,
Жастығына мас қыздар.
Сендер жүрген жерлерден
Мұң ығысып, қашты ызғар.
Сұлусыңдар, дүрсіңдер,
Үлбірген гүлсіңдер.
Жайлауында жастықтың
Сайран құрып жүрсіңдер.
Күнге жайып қанатын,
Өрт қызыл боп жанатын.
Қызғалдақтай қыз-ғұмыр
Аз күн сайран салатын.
Жүректерің жалын ғой,
Өртенетін шағың ғой.
Өмір жайлы жиірек
Мазаласын жаныңды ой.
Аспан әсем-Күнімен,
Құс әуезді үнімен...
Көктем ашар ажарын,
Алуан түрлі гүлімен.
Дүние сұлу-таңымен,
Қыс әдемі-қарымен.
Өмір қызық адамға
Перзентімен,жарымен.
Жалқы жүріп өтпенңдер!
Көбейіңдер, көктеңдер!
Жастық шақтан кеткенмен,
Гүл-көктемнен кетпеңдер!
Хатқа жауап
Виктория Томузға
Түсінем мен
Көңіліңді құсалы,
Құлазисың
Жетпей жардың құшағы...
Қос қанатын сермемесе аққу да,
Бір қанатпен көкке қалай ұшады?
Кеудеңе кеп орнағандай
Қара түн...
Жұлдыз қайда
Жанарыңда жанатын?
Ұшар едің,
Ұшар ең-ау сен дағы
Табылғанда тағы да бір қанатың.
Жалқы жүрсің...
Сен емессің кінәлі,
Жағдайыңды ел бүгінде ұғады.
Дәл өзіңдей небір сұлу бойжеткен
Бақытымен қауыша алмай жүр әлі...
...Заман ғой бұл
Тепе-теңдік бұзылған,
Сан жағынан
Асып түстік біз ұлдан.
Қыздар қалай
Жұп құрады түп-түгел
Бойларыңда
Бұлқынғанмен қызу қан?..
Махаббаттан,
Рас ,болмай жолдары,
Талай қыздар
Ұяңдықтан сорлады...
Сүйгендері
Қылықтылау,
Батылдау,
Басқа аруға бақыт болып орнады.
Сүймегенге табына алмай жүрегі
Бір бақыттан күдер үзбей үнемі,
Байқамайды-ау
Жастықтың да өткенін,
Бұрынғыдан солғын тартып реңі...
Саған ұқсас
Тағдырым бар менің де,
Бір арқанмен
Байланғанбыз тегінде...
Бір бақытқа
Шөлдеп жүрміз екеуміз,
Сен молдова,
Мен қазақтың жерінде.
Мен де, құрбым,
Дәл өзіңдей пақырмын,
Содан болар, мұңды әуенге жақынмын.
Бар айырмам –
Қиялымды қанат қып,
Арманыммен жұптасқан бір ақынмын...
Мен де сендей
Жалқы тұрған шынармын,
Шырын емес,
Көкірегіме тұнар мұң...
Шабыт буып отырғанда
Бәлкім, мен,
Сенен гөрі
Бақыттылау шығармын...
Бөліп беріп
Сол аздаған бақытты,
Жүрегіңе төгейін жыр-жақұтты,
Ажарыңды,
Базарыңды қайтарып,
Көктемге әкеп арқандайын уақытты.
Суық күзге
Көңіл қалай келіспек?
Қайта оралған
Көктеміңе көріс кеп...
Тағдырыңды жеңе алмасаң,
Атыңды
Неге қойған
Виктория- Жеңіс днп?
Тағдыр-дауыл
Жігерімізді жасқаса,
Жолын іздеп күресудің басқаша.
Біз достықтан
Қорған жасап алайық,
Жалғыздықты өткізбейтін ешқашан
Үміт барда
Көрген емес күш кем боп,
Жүрейікші
Тағдырдан да үстем бопІ
Жарқырап тұр
Көңіліміздің көгінде,
Жұлдыз арман
Төмен ағып түскен жоқ.
Жүрейікші,
Тағдырдан да үстем боп!
Жүрегім нені іздейді
Күй кешіп бастан жағымсыз,
Көңілім-күйрек, жаным сыз
Тартады алдымнан
Сый қандай,
Тағдырым маған?
Мәлімсіз...
Қылығы тәтті, бал нағыз,
Көктемім көшіп,
Алда күз...
Жұтуда жасыл жылдарды,
Уақыт атты жалмауыз.
Аранын ашқан мыстанға,
Қарсыласатын күш бар ма?!
Шырқырар жаның...
Бал дәурен
Көзіңнен бұлбұл ұшқанда.
Күндерім қайда думаанды,
Жанарым неге буланды?
Көңілім неден қабарып,
Жүрегім неден уланды?
Үдере қашар қайғы-мұң,
Керегіп жүр ме айбын-үн?!
Іздей ме жүрек үздігіп,
Жұп болып қонар айдынын?!
Жарығын құйып нұрлы күн,
Жүрсе де қоршап құрбы мың,
Іздей ме жүрек егіліп,
Сәбидің тәтті былдырын?
Жазылмай жұбы
Жарасып,
Біреулер жүрсе
Бағы асып,
Сыңарын таппай әлі күн
Жүргендер қанша адасып?!
Жалқылық болса қонысың,
Жаныңа жалау жоғы шын.
Қарайды саған мүсіркеп,
Адамның бейне қорысың.
Өзгеден ерек дара, шың,
Талантсың ба сен, данасың,
Азаматпысың жаны асыл,
Оныңа кімдер қарасын?..
Қымбаттап
Бір күн
Бір күннен,
Бағасын уақыт біілдірген.
Бойымды билеп қорқыныш,
Қалтырап құзда тұрмын мен.
Түбіне тартып құрдымның,
Барады матап
Шынжыр-мұң.
Не деген дәмі ащы еді,
Жалғыздық деген құрғырдың!
Жұп емеспін,
Сыңармын,
Жалқы тұрған шынармын,
Пешенеме берілген,
Егізімдей тұмар-мұң.
Толық емес ,
Жартымын...
Шаттығымның арты-мұң.
Махаббаттан баз кештім,
Мысқа айналып алтыным.
Түбін тесіп төзімнің,
Тірлігімнен безіндім.
Жегілем деп
Не таптым,
Жетегіне сезімнің?
Өкінгеннен пайда жоқ,
Кері қайтар айла жоқ.
Атой салған қанымда
Қайда қалдың, қайран от?..
Жалғыздықпен арбастым,
Жалаң аяқ қар бастым!
Жырдан іздеп жұбаныш
Қаламыма жармастым...
Жұбанбады жан,бірақ,
Қара таппай абдырап.
Шақша басым шошайып
Енді қайда қаңғымақ?
Тынши алмай көңілім,
Күндерімнің көбі-мұң.
Өзегімді өртейді
Өксіп өткен өмірім...
Жағасында жар-құздың
Бойды үрейге алғыздым.
Өзің құтқар,
Хақ ием!
Жары-
Құдай
Жалғыздың...
Курстастар, қайдасың?
Курстастар!
Бұл күнде қайдасыңдар?
Қай ауылда,
Қай мекен-жайдасыңдар?
Уақыт-ұры жасырып жүздеріңді,
Алып кетті-ау, асырып айласын бар...
Студенттік
Думаны мол шақтарым,
Қайда қалдың?..
Жүрмін мен аңсап бәрін!
Жіпке қайта тізер ме ем жиып алып,
Шартарапқа шашылған моншақтарым?!
Студенттік
Алғашқы күзім күткен.
Шырын жеміс үздірген жүзімдіктен.
«Шелектегі» келтіріп кештің сәнін,
Қайда, сол бір сыбызғы үн үзілдірткен?
Уыздай ғып ұсынып жырымды ұдай,
Тыңдатушы ем...
Болар ма бұрынғыдай?..
Шырынымен үйіріп бізді өзіне,
Жүздестірген
«Шелектің» жүзімдігі-ай!
Өтер-ау деп
Бес жылым
Бес күнгідей,
Мазалаған жоқ еді ешкімді үрей.
Енді, міне, еске алып сол кезеңді,
Сезім селін мен бүгін кештім дүлей!
Отыз бес жыл!
Қанша қыс, көктем өтті...
Өз өмірін
Уақыт өктем етті.
Тұс-тұсыма жүремін құлақ түріп,
Сендер жайлы білсем деп көп деректі...
Шешен сөзге Хақ ием шебер еткен,
Өздерің ең,
Сәулелі ой себелеткен!
Қалып еңдер көбісің астанада,
Ғылым іздеп,
Һәм өнер керек еткен...
Ілім қусаң,
Қашан да жүзің жарық.
Ізгіліктің шырағын білім жағып,
Бұл күндері, білемін,
Біразыңның
Жүргендігін
Ғылымның түбін қазып...
Істеріңе үлгілі сүйінемін,
Үміт артар
Сендерге дүйім елім.
Ел-жұртымның мерейін үстем қылып,
Қуанышым болыңдар жиі менің!
Студенттік әлемім
Ертегі еткен...
Сағыныш боп
Кеудемді өртеп өткен...
Сендер еңдер,
Ортаңда жыр оқытып,
«Ақын қыз» деп
Мені әр кез еркелеткен.
Соның бәрі айналып естелікке,
Отыз бес жыл өткенін ескеріп пе?
Әкім болған бір кезде,
Хакім болған,
Дұғай сәлем, Тоққожа ЕСТЕНОВКЕ!
Емес едік курстас оған бөтен,
Бұл күндері мәрт, жомарт, адам да кем.
Өз курсын жиып ап басын қосқан,
Құл-Мұхаммед Мұхтардай болар ма екен?!
Курстастар!
Бұл күнде қайдасыңдар.
Қай ауылда,
Қай мекен-жайдасыңдар?
Өмірімнің өшпестей өрнегі боп,
Көңілімнің төрінде жайғасыңдар!
КУРСТАСТАР, ҚАЙДАСЫҢДАР?..
Қайта қауышу
Ерекше ғой осы күн өзге күннен,
Елжірей кеп көрістік өздеріңмен.
Студенттік шақтардың шарайнасы
Айналайын, шуақты көздеріңнен!
Мама қаздай
Мынау кім-ей мамырлаған?
Маңдайының қатпары қалыңдаған.
Бұл сенбісің бәтшағар?...
Кеше ғана
Жас едік қой жүрегі жалындаған...
Түгелміз бе?
Түп-түгел қайдан болсын...
Бұрынғыдай қалайша сайран болсын?!
Өмірде жоқ Серікбай, Қайныштайлар,
Болатжан мен Мұхтардай, қайран досым!
Түгелміз бе?
Түп-түгел қайдан болсын...
Бұрынғыдай қалайша сайран болсын?!
Өмірде жоқ Нұрлан мен Амангелді,
Амандостай, Мәкеңдей, қайран досым!
Бірақ, шүкір!
Көбіміз тірі екенбіз.
Қара нардай
Қайыспас ірі екенбіз.
Мына өмірден өз орнын ойып алған,
Абыройы асқақ жандардың бірі екенбіз.
Бірақ, шүкір!
Көбіміз бар екенбіз.
Бар екенбіз...
Әлі де нар екенбіз.
Қырық жыл бұрын ұшырған түлегі едік,
Шаңырағына ҚазМУ-дің тәу етерміз.
Ассалаумағалейкум, қара шаңырақ!!!
Сеніміңнен айырылма
Бұл өмірде
Армансыз кім бар екен?
Жанарыңда
Сенің де мұң бар екен...
Өз тағдырым секілді
Жаным сыздап,
Жүрегімді ауырттым мұңға бөтен.
Деп едің ғой
Махаббат,
Бақ табамын,
Өкінішті-ау
Әлі күн таппағаның...
Жаныңды ұғар
Жақсы адам жолықса деп,
Жабырқаулы жүзіңе көп қарадым.
Алдыңда әлі
Өмірдің сынақтары, ұқ,
Сынақтан өт күш-жігер,
Қуат тауып.
Өмір деген-мұз айдын.
Тайып кетсең,
Тік тұрарсың қайтадан
Құлап барып...
Сан сауал бар
Санаңда ойланар көп,
Бақыт құсы...
Ол да бір айналар кеп.
Жылатпайын,
Қайтадан тұрақтайын,
Мені іздеген
Ғазиз жан қайда бар деп.
Сыйлай алар
Дос-жаран, туысты шын,
Азаматсың
Қайнаған құрыш күшің.
Жақсы адамдар
Бар кезде жер бетінде,
Сен бақытты болуға тиістісің!
Бақ тілейін
Сүттей ақ көңіліммен,
Күйретпесін сәтсіздік сені мүлдем.
Құрмет тұтар өзіңді
Халық барда,
Сеніміңнен айырылма,
Иә, сеніміңнен!
Нәзік ән
Қан тамырдай тұла бойға таралған,
Ән-күйден ел сусындаған, нәр алған.
Үмітіңді жалғайтын ақ таңдарға,
Өнер күшін бағаламас жан бар ма,
Сезінгенге:
Ән-құдірет!
Ән- арман!
Домбыраңды күйге келтір, жарығым,
Домбырасыз
Жетімсірер жарым үн...
Бар жүрекке
Дауа болып тара да,
Бар жүректі
Шуақ болып арала,
Көңіліңнің түсіріп бір жарығын.
Есіме сап
Махаббаттың пәк түнін,
Дегендей ме:
«Қайда сол бір шат күнің?»
Сан үмітке жанарымды талдыра,
Өксіп барып
Талықсиды домбыра...
Қоңыр үні төгеді кеп тәтті мұң.
Ештеңені пайымдатпай
Дұрыс түк,
Жанарыма
Ауната ма күміс шық?!
Жаза ма, әлде,
Кеудемдегі жараны,
Әлдеқайда мені әкетіп барады,
Сиқырлы саз
Жүрегіме тым ыстық!..
Келесі сәт
Күн кірпігін ашқандай,
Кеудемдегі
Түн түріліп қашқандай,
Өзгеше әуен
Мұң-желегін ысырып,
Нәзік әнді жүрегіммен түсініп,
Отырмын мен
Уайым жоқ ешқандай!
Киелі өнер
Болғаннан соң тағдырың,
Солдырмадың
Сезім гүлін,
Жан гүлін.
Ойлайтыны
Жора-жолдас,
Ел қамы,
Қандай жақсы өзіңдей жан болғаны
Жүрегімен қабылдайтын барлығын!
Азаматсың
Ел сенімін көтерер,
Жақсылығың
Жақсылықпен өтелер,
Ән аңсаған,
Күй аңсаған жандарға
(Ән мен күйсіз бұл тірлікте мән бар ма?)
Шөл қандырыр жаңбыр- ән боп жете гөр!
Дүние шалқып
Шат-шадыман жатсын кіл,
Жақсы үмітпен ұясына батсын Күн.
Енді саған, ал, өзіңді, жарығым,
Жеткізсін деп
Жүрек үнін, жан үнін,
Киелі ән мен домбыраңды тапсырдым!
Досыма
Ханым Әбдіхалықоваға
Ей, досым!
Жағасын жатқан тепкілеп
Толқыны тоймай ойынға,
Балалық шағың бал шырын
Өтті ғой Сырдың бойында.
Құшағын ашар туған жер,
Жыл құстарымен қайта орал,
Кетсең де ұшып шалғайға,
Жүрсін ол дәйім ойыңда!
Қызғалдақ жауған бөктерге,
Серуен құрып шыққайсың.
Аңқыған жусан иісін
Кеудеңді керіп жұтқайсың.
Жармасса келіп жағаңа
Қылығы тәтті бұла жел,
Өзіңе деген жарасты
Назы деп қана ұққайсың!
Туған жер-жәннат мекенің,
Малынып алтын арайға,
Жібек самалы еркелеп
Шашыңды желпіп тарай ма?
Күйдіріп ыстық жанары,
Бетіңнен сүйсе апатап күн,
Өзіңе деген далаңның
Сағынышы де, жарай ма?
Адалдықты қорғау
Менің бала досымның
Жанарында тамшы жас дірілдеді,,
Жабырқатты тосын жайт бүгін мені.
Бәрін болжап білгендей күнілгері,
Сырттан кесіп тон пішіп әлдекімге
Мына жұрттың осынша бүлінгені...
Ал, жазықсыз бейбақтың жапа шегіп,
Зұлымдық шеңгеліне ілінгелі
Шындығы жоқ жалғаннан түңілгені...
Осыны ойлап сансырап түні бойы
Кірпігім ілінбеді.
Аңқылдаған ақкөңіл бала жастан
Бірге жүріп, бірге өсіп араласқан,
Мен досымның жас көрдім жанарынан
Шарасыз боп кеудесін нала басқан.
Адалдығың көк тиын,
Кейде осылай
Қаскүнемдік күш алса аран ашқан,
Сұмдық бар ма сірә да одан асқан?!
Қалай-қалай адамдар түрленеді,
Қандай ауыр жан-дүниең күйрегені?!
Тікенек-тіл, сүңгі-сөз инедей боп
Жүрегіңді аяусыз түйрегені,
Өр басыңды есікке сүйрегені...
Қарап тұрсаң , дүние құбылмалы,
Өң бе, түс пе, білмейсің мұның бәрі.
Кеше ғана сау адам бүгін келіп
(Қараң қалып жайдары бұрынғы әні)
Өзді -өзінен қырсыққа ұрынғаны...
Қаспақ жеген құтылып осылайша,
Қаскүнемнің тасада бұғынғаны,
Соның бәрі салмағын салып маған
Санамды сығымдады.
Жаны таза қазір де, бұрыннан да,
Жүгіретін жаны ашып жығылғанға,
Бала күнгі досымның жәбірленіп
Жанарына ащы жас тығылғанда,
Шындық іздеп шарқ ұрдым, шырақ етіп
«Адалдық» деп аталған ұғымды алға.
Мейлі бұлты қаптасын жүз күдіктің,
Жүрегінде дәні бар ізгіліктің
Жақсы адамнан
Күтпеймін жамандық мен,
Жетегіне ілесіп ізгі үміттің,
Кеудесінде жүретін жүздіріп Күн.
Сырын қайдан адамның ұға аласың,
Сыртында емес,
Ішінде жүр аласы.
Сыпсыңдаған сұғанақ арамзаның
Тағдыр өзі-ақ береді сыбағасын,
Ал, жақсы адам
Жазықсыз жыламасын.
Жақсы адам жыламасын!!!
Жан досым
Біз екеуміз
Тізіліп өскен шынармыз,
Шуаққа сонша құмармыз.
Тамырымызды кең жайып,
Дауылға қарсы тұрармыз,
Құласақ , бірге құлармыз.
Жан досым!
Өзіңсіз жерде-сыңармын,
Кеудемді басар мұнар мұң.
Сыңсыған үнін кім тыңдар
Жалқы өскен жалғыз шынардың,
Мұңлы ойын қазір ұғар кім?!
Өзіңсіз
Жапанда жалғыз қалғанда,
Мұңымды шағар жан бар ма?!
Қуансам, бірге қуанып,
(Арайын шашқан бар маңға)
Құлшынар шуақ таңдарға?!
Өзіңсіз
Тарылып демім, тынысым,
Көшкендей бағым, ырысым.
Шыңғырса, үні шықпайтын
Жалғыздың күні құрысын,
Жан досың болу-дұрысы...
Жан досым!
Өзіңмен шалқар- көңілім,
Өзіңмен жарқын-өмірім.
Тарқамасын деп осы бір
Достықтың әсем өрімі,
Естілер дәйім өр үнім...
Кешір!
Әкел қолды!
Іздегенім – татулық,
Бір жолға қи өкпеңді.
Болды! Болды!
Керек емес қатулық,
Ұмытайық өткенді...
Болған істі
Айтар болсақ жасырмай,
Кінәлі де емес ем...
Мініңді айтсам,
Басыңнан сөз асырмай
Ыршып түстің неге сен?
Ақ жанымды
Түсінбесең, қарағым,
Жалғыздық боп үлесің,
Сезбедің бе,
Аласарып қаларын
«Достық» атты ұлы есім?..
Бүгіп қалу
Көңілдегі барымды
Маған тіптен жат қылық.
Теріс ұқпай
Адал түсін жанымды,
Ойымда тек-жақсылық.
Ұмыт бәрін!
Доссыз өмір
Өмір ме,
Бір жолға қи өкпеңді.
Күліп тағы
Қайта орнатшы көңілге
Жаймашуақ көктемді!
Нені ойладың?
Досым-ау,
Нені ойға алдың?
Мұңды бір күйді толғадың.
Жүректі шым-шым ауыртып
Қой десем қояр болмадың,
Досым-ау,
Нені ойға алдың?
Шеріңді қозғап бұрынғы,
Сағындың ба екен бір үнді?
Ақтарып жатсың сен неге
Пернеге тұнған сырыңды?
Мұңымды менің сезін деп,
Мендегі күйге егіл деп.
Ақтарылатын кезің кеп,
Домбыраң кетті безілдеп...
Қойды ма кетпей есіңнен,
Үмітің қайран, кесілген.
Баянсыз өткен махаббат,
Бұйырмай кеткен несібең,
Қойды ма кетпей есіңнен?..
Еске алып бүгін қайдағы
Қым-қиғаш өткен жайларды,
Несіне мұнша жабықтың,
Көздерің-соның айғағы.
Қой, досым,
Бұлай егілме,
Жаз орнат жарқын көңілге!
Басыңнан тайған
Бақ құсың
Айналып соғар, тегінде...
Қой, досым,
Бұлай егілме!
Ауруханадан хат
Терезенің алдында шуақтанған,
Ей, ақ кептер,
Достықты қуаттаған,
Неге маған
Жат тартты кей жақыным,
Жеткіз соның дерегін сұрап маған!
Жіберейін хат байлап қанатыңа,
Сәлем жеткіз,
Жабырқау жан атынан...
Ораларсың тезірек,
Күтемін мен
Төзімімнің сарқылып, тағаты бар...
Дұғай сәлем дегейсің Назгүліме,
Шөліркедім жаз дидар, назды үніне,
Алданумен жүр ме екен
Онсыз-дағы
Күйбеңі мол тірліктің аз күніне...
Өкпелі ме, япырым-ай, әлденеге,
Іздемейді құрбысын Сәуле неге?
Көңілімнің шуағын түсірем деп,
Жүрдім бе екен бекерге әурелене...
Дос-жаранның өзгесі келді бәрі,
Тіршіліктің кеудеме ендіре әнін,
Жанарыма қондырды
Күн мен Айды,
Жүрегінің жылуын, берді нәрін...
«Жібермеймін, құрсаулап, еркіңе» деп,
Жүрегімнің жатқанда дерті меңдеп,
Қанатымен су септі
Олар маған
Бұрынғыдай қалпыма келтірем деп.
Келмедіңдер
Тек сендер,
Әтеген-ай,
Айтылмайды сондықтан өкпе қалай?..
Сәл нәрседен жүдейтін көңілдерің
Сәл нәрседен суысып кетпегі оңай.
Өздеріңсіз кеш түсіп,
Таң атпады,
Айналайын
Достарым,
Қанаттарым,
Қайтарыңдар дертімнің бетін кері,
Қолтығымнан демеуге жарап бәрің!
Өздеріңсіз кеш түсіп,
Таң атпады,
Нұр, шұғыласын бойыма таратпады.
Санап өткен әр күнді, әр аптаны,
Терезеден отырмын қарап тағы...
Қайдасыңдар,
Достарым,
Қанаттарым?
Ескі досқа
Жастықтың бірге өткізген
Қызғын күнін,
Мен ем ғой
Қасыңдағы қыздың бірі...
Қашаннан сыр алысқан достар едік,
Қалайша көңіл жібін үздің бүгін?
Жан едің
Мінезіңнен көктем ескен,
Күніміз болмап еді өкпелескен.
Шалқайып кетіпсің ау
Кеуде керіп,
Кезің де бастық боп
Шен- шекпен өскен.
Апыр-ай,
Өзгергенсің мұнша қалай?
Аспанын көңіліңнің
Тұмшаламай,
Аңқылдап жүруші едің
Ашық-жарқын,
Өзіңді
Өзгелерден шың санамай.
Бұл күнде
Пайда болып көздегенің,
Әзәзіл жасатыпты-ау өз дегенін.
Есептің құрбаны боп
Қайран, достық,
Еш құны қалмағанын сезбеп едім.
Көрсетіп мінезіңнің қиғаштығын,
Іс еттің тіпті ақылға симас бүгін.
Адамдық қаситіңнен
Не қалар-ау,
Сатулы болғаннан соң
Сыйластығың...
Жас құсы
Үмітімнің ұшпай қалып,
Алтыным
Аяқ-асты мысқа айналып,
Отырмын
«Достық» атты аяулы ұғым,
Быт-шыт боп бір-ақ сәтте...
Іштей налып...
Жана алмай
Арманымның шамшырағы,
Жүрегім қансырады...
Қансырады...
Бас кеспек болғанымен
Тіл кеспек жоқ,
Сөз-сүңгім
Саған енді шаншылады.
Табаны жер тіремес тасқанда адам,
Кеудеңді неғылайын аспандаған?
Менің де жетіп жатыр
Өз биігім,
Жырыммен ел алдында
Асқан бағам.
Жандай бір
Төбесімен көк тіреген,
Тірестің «ақын» деген тектіменен.
Сен жаққа сұранып тұр
«Дөкей досым»
Тілімнің ұшындағы өткір өлең
Кім көрген
Бақ-дәулеттің тұрақтысын?..
Талайды мықтымсынған
Құлатты шың...
Дейді ғой
«Семіздікті қой көтерер»
Сен-дағы
Тым семірген сияқтысың.
«Сақина тілеп алып сау басыңа»
Ескі дос,
Бара жатсың қайда асыға?
Күпініп жүргеніңмен
Күні ертең-ақ,
Кім кепіл бастан бағың таймасына?
«Дүние- қолдың кірі»
Жуылатын,
Мансаптың
Пісе бермей буына тым,
Сабаңа дер кезіңде түссең деймін
Естіртпей сатқындықтың суық атын.
Ойыма сені
Осы күні жиі аламын...
О, қалай жаманатқа қия аламын?
Ойланбай
«Достық» атты көгершінге,
Оқ атқан сен үшін
Мен ұяламын!
Үйлену тойында
Басылмай тұрып
Өмірге ыстық құмары,
Арыны күшті
Жастықтың бітпес жыр-әні...
Баршаға мәлім
Махаббат атты кеңістік,
Жаңа отау құрған
Жас жұбайлардың тұрағы.
Қақ жарып төсін
Көгілдір күмбез аспанның,
Ақ кептер ұшты
Жаршысы болып ақ таңның.
Жаңа өмір бастап
Тағы бір отау тігілді,
Буыны бекіп
Солқылдап өскен жас талдың.
Жанарларына
Ізгілік нұры жиылған,
Сыйынар болса
Тек, махаббатқа сыйынған,
Ақ тілекпенен табысты бүгін
Қос жүрек,
Қос өзен –сынды
Бір айдынға кеп құйылған.
Бүгінгі күнді
Жырлаудан қалай шаршармын?!
Келеді менің
Әлемге бүгін жар салғым!
Шешіліп бүгін
Сөйлесін шешен қызыл тіл,
Жас жұбайларға
Тілегін айтып баршаңның!
Куәгер сөзі
Мен куәлікке жүремін!
Жаңа отаудың
Босағасы берік болады деп,
Шаңырағына
Бақ құсы келіп қонады деп.
Бір-бірлеріне
Тағдырын аманат қылып,
Адал жар
Айнымас серік болады деп.
Мен куәлікке жүремін!
Өздеріне артқан
Сенімді ақтайды деп,
Ар-ұждандарын
Алтынға сатпайды деп.
Үлкенге ізет,
Кішіге қамқорлық жасап,
Халқымның
Асыл дәстүрін сақтайды деп.
Мен куәлікке жүремін!
Ынтымақ құрып,
Жарасым табады деп,
Бақ жұлдыздары
Жарқырап жанады деп.
Махаббаттары
Мәңгілік болып қалады деп,
Болашаққа да
Жұп жазбай барады деп.
Кел, махаббат!
Жанарымды арбамай
Сағым болып,
Сорым емес,
Жанатын бағым болып,
Жүрегімді өрте де
Жалын болып,
Кел, махаббат,
Арайлы таңым болып!
Мен өзіңмен
Сырласып күн кешемін,
Мен өзің боп
Өмірмен тілдесемін.
Сен болмасаң
Жүрегім тасқа айналып
Мейірімнің де не екенін
Білмес едім,
Ешкімді де
Елжірей сүймес едім...
От сезімге
Қашан да жүрегім бай,
Сүйсем егер
Қалтқысыз сүйем құлай.
Шын сүюдің
Азабын,
Ләззатын
Сен арқылы сезіндім,
Киелім-ай!
Жанарымды
Тек саған бұрам дәйім,
Өзге ешкімнен
Шапағат сұрамайын.
Жарылқа өзің,
Жарылқай алсаң егер,
Ей, махаббат,
Жәудір көз құралайым!
Дұшпаныңа қуаныш-
Құлағаның,
Шалып жығар
Тауып ап бір амалын.
Сүрінсең де,
Жығылмай
Тік тұрып кет!
Мерейімді үстем қып
Қуанайын.
Сенің үшін,
Тұп-тынық арым үшін,
Жігерімді
Төзімге жаныдым шын...
Қиын сәтте
Дем берер жебеушім боп
Кел, махаббат,
Мәңгілік сағынышым!
О дүниеден хат
Нұр тұнған, сыр тұнған,
Бір сырдаң, бір бұлғаң.
Апыр-ау, болсамшы
Жолыңа мен құрбан!
«Наз». Оралбек Сарбасов
Сен – тірісің!
Бұл күнде мен – өлікпін...
Кетпедім бе
Жадыңнан көнеріп тым?
Бар ғұмырды жолыңа құрбан қылып,
Өле-өлгенше мен сені неге күттім?
Күттім сені
Көз салып көкжиекке,
Келмесең де,
Артпаушы ем мен жиі өкпе...
Ойып тұрып
Атыңды жаздың неге,
Онсыз-дағы дімкәсі көп жүрекке?
Сатқындықты сезінген
Мен емес пе ем?
Сүйіп тұрып безінген
Сен емес пе ең?
Жылдар салып араға
Ұмыта алмай,
Құтыла алмай жүрмісің
Көп елестен...
Шының ба бұл,
Апыр-ау наз қылғаның?
Жазмышты емес,
Өзіңді жазғырғаның...
Бірге өзіммен,
Көміліп көрге кеткен
Күйігімді
Несіне қаздың жаным?!
Ән жазыпсың
Сен маған назыңды айтып,
Назыңды айтып,
Жан-жараң жазылмай түк...
Мәңгі ұйқыға кетсем де
Сезінермін,
Жер-бесікті тербетпес сазың қайтіп?..
Айдай сұлу жасымнан
Айман едім,
Арманыма кең құлаш жайған едім.
Наз айтуға хақылы
-Мен едім ғой,
Сен сарғайтқан жастығым қайда менің?..
Тап болып ең сорыма қайдан маған?
Қаттылыққа сендегі қайран қалам!
Құласам да,
Сен маған жете алмадың,
Құлын даусың шырқырап «Аймандаған!..»
Айырық жолға
Біз солай тақап бардық,
Өзімізге жағымсыз атақты алдық...
Мені құртқан-
Қызға тән жіңішке жол,
Сені құртқан-
Кеудемсоқ тәкаппарлық.
Үзбесем де өзіңнен күдерімді,
Құп алмады-ау,
Құдайым, тілегімді.
Бұрылмастан
Сен солай кете бардың,
Басқа аруға ұсынып жүрегіңді.
Ғашықтарға көп болар тосқауылдар,
Ортамызға түсті кеп дос-бауырлар.
Бұзып-жарып
Өткелден өте алмадың,
Келер күнді
Қайтейін, тосқанымды әр...
Сезіміміз қамалды торға барып,
Өзімізді құлаттық орға нағып?
Бірімізді-біріміз сүйіп тұрып,
Махаббатты неге біз қорғамадық?
Сен-Естай да,
Мен – Қорлан бола алмадым,
Хош болып тұр!
Хош, енді , жан арманым!
Жалқы келіп дүниеге
Жалқы кеттім,
Махаббатым өзімде-саған, жаным...
Аманат
(лирикалық баллада)
...Оның аты Қуантқан еді, небәрі 19 жасында көлік апатынан мерт болды. Ол кезде мен Геленджик қаласында іссапарда жүргем. Кезестідім... Маған бейкүнә махаббатын арнаған осы бір қызға тірлігінде көп қуаныш сыйлай алдым ба? Білмеймін... Білмеймін...
(Сейтқалидың жан сыры)
Тоқтау бар ма
Жандарға сағынысқан,
Сүйген жүрек
Емес тек жаңылысқан.
Геленджиктен хат алып
Арал жаққа
Әсем лайнер
Қанаты талып ұшқан.
Жаралғандай
Жанартау жарылыстан,
Хат емес-ау,
Секілді жалын ұшқан!
Жер-дүние
Сарғайып кеткен –сынды
Сендегі сағыныштан!
Сағыныштан...
...Сап-сары күз...
Сарғайған атырап бар,
Сұп-суық жел
Ызғарын қақыратқан.
Жоқтау айтып
Жылай ма әлдекімге,
Жатыр неге
Жас тамып жапырақтан?..
Табиғат та
Өкініш-наланы ішкен,
Тек, өзіне,
Өзіне аян іштен
Қаралы бір хабарды
Жасырғандай,
Қарайды саған аса аянышпен!
Кешікті-ау-деп
Хатың бұл, әттеген-ай!
Сәл ертерек,
Ертерек жетпегені-ай!
Күте-күте
Аяулың кетті қыршын,
Балдәуренін басынан өткере алмай.
Кетті үзіліп...
Ол енді оралмайды,
Оралмайды
Саған жар бола алмайды.
Бірақ соған сенбейсің,
Сене алмайсың,
Әлі күнге көңілің алаңдайды.
...Еске салып
Сол күзгі күнді үрейлі,
Ащы бір мұң
Өзекті тілгілейді.
Аяулыңның киюге үлгермеген
Желегіндей,
Ақша бұлт үлбірейді.
Саған оның тілегі аппақ еді,
Шын бақытын өзіңнен таппақ еді.
О,жалған –ай!
Мезгілсіз солған гүлін,
Жатыр енді
Табиғат,
Жоқтап елі...
Осынау бір азалы үн
Алыс жолдан
Тосып алып...
Кеудеңді жанышты арман,
Көз алдыңа оралып бүгінгідей,
Сонау ысытық күндерің
Алыс қалған...
...Жаз енді онда,
Балғын жүз албырай тым,
Саған ұзақ қадалып жаудырайтын.
Жан-дүниеңді
Тербетіп сонда бір күй,
Жан-жүрегің
Ғажайып ән құрайтын.
Жаза бассаң қауіпке ұшырардай,
Сезіміңнің іштегі күшін аңдай
Сүю деген
Осы ма,
Осы емес пе,
Жүретінсің соны сен түсіне алмай...
Сол қалпыңда
Кеттің сен жолға шығып,
Осы сапар
Сен үшін болған сын, ұқ!
Геленджиктен
Жылы леп әкелер деп
Сүйкімді қыз
Күткен әр таңды асығып.
Мүмкін бе енді
Ол жаққа алып –ұшпау?!
Сүйгендерге
Керек тек жаңылыспау!
Көп нәрсенің қадірін
Ұқтырғандай,
Алыс сапар...
Тым ұзақ жолығыспау...
Сезіміңнің тұнығын шайқалмаған,
Сырларыңды жүзбе-жүз айта алмаған,
Жеткізер деп
Хат жаздың сағынышпен,
Сол бір қызға
Жолыңа жаутаңдаған.
Неге ертерек
Ашылып сыр айтпадың?
Неге ертерек
Асығып қуантпадың?
Сені сүйген
Бейкүнә періштеге
Мұның қалай
Осынша мұң артқаның?
Неге, бұлай,
Кешіктің әттеген-ай!
Сәл ертерек,
Ертерек жетпегені-ай!
Махаббатын қалдырды
Аманат қып,
Ұшып кеткен періштең
Көкке қарай...
Көктем келсе,
Гүлдерін жамыла қыр,
Қызғалдақтай қызды еске ал!
Сағына бір...
Көктем барда-
Махаббат мәңгі өлмейді!
Көктем барда-
Толассыз ағын-өмір!
Сенің әнің
Оралмай жүрген жазым ең,
Таба алмай жүрген сазым ең.
Жолықтың маған ғайыптан,
Бұлбұлым жарқын наз үнмен.
Өзіндік сиқыр,сыры көп,
Дауысың неткен құдірет!
Жезтаңдай сендей әншіден,
Айналмаймын ба мың рет.
Сазымен тербеп тәтті әннің,
Жүрегіме өшпес от салдың.
Әніңе ғашық болам деп
Өзіңе ғашық боп қалдым.
Мендегі жылу, шуақты ап,
Кеттің сен ұшып бірақ та...
Көңілімнің гүлзар бағында,
Қалмадың неге тұрақтап?!
Арманым қайда кетті ізгі?
Іздеумен жүрмін әлі күн...
Аңсаумен жүрсін деп бізді
Қоспаған шығар тәңірім.
Кеудемді тербеп мың-сан жыр,
Сырлы саз аңсап тұрсам бір...
Ынтызар қылып әніңе,
Табынтып қойған бұл тағдыр.
Сырымды қалай естіртем?!
Сағынышымсың тек, білсең.
Қуанышым боп келіп ең,
Тәтті мұң сыйлап кеттің сен...
Сағындым
Жүрекке әкеп
Сағыныш дертін жамайтын,
Өтті ғой, міне,
Күрсініспенен талай күн...
Отты ұшқын шашқан
Жанарың қайда?
Сағындым...
Шуаққа бөлеп,
Күлімдеп дәйім қарайтын...
Келді ғой көктем
Құлпыртып гүлзар бағымды,
Алма ағаштары
Ақ бантик гүлін тағынды.
Көктемдей жайсаң
Мінезің қайда?
Сағындым...
Таң самалындай
Қытықтап өтер жанымды.
Жалқындап жанып
Ұшқындап тұрған алау ем,
Лапылдап жанбай
Қалайша өшіп қалам мен?!
Тәтті әнің қайда?
Көңілім қалды құлазып,
Естілмей көптен
Құлаққа таныс сол әуен...
Елестен өзге
Сенен еш белгі қалмапты,
Әніңді аңсап
Ұзақ тін кездім бау-бақты.
Көп араладым,
Өзіңді іздеп дамылсыз,
Бірақ та , әттең,
Сезімім мені алдапты...
Қыз монологы
Бақытты едік бір кезде...
Орындалып жүректің ізгі арманы,
Махаббаттың
Кездік біз гүлзар бағын.
Жастық шақтың
Қыздырып думанды әнін,
Жүруші едік
Елемей ызғар барын,
Ақпанның да ерітіп мұз-қарларын.
Бірақ, бірақ кенеттен...
Қара бауыр бұлт шөгіп аспанымда,
Дауыл тұрып бір ерен жас жанымда,
Көңілімді бұрғызбай өзің жаққа
Алып кетті,
Қайтейін,басқа ағымға.
Бал татыған шырын сәт,
Жұмақ күндер
Ғайып болып жоғалып қас-қағымда.
Аптап соғып көгіңнен
Жапырағын жаныңның қуарттым да,
Гүлзар бағын көңіліңнің суалттым да,
Кешіре алмай мен кеттім...
Үстіңе әкеп
Қызғаныштың нән тауын құлаттым да.
Екеуміз де ашуға құрбан болдық,
Сен мені,
Ал мен сені жылаттым да...
Тарлық еттім, қайтейін!
Күй боп тұнып домбыра шанағында,
Өзімді-өзім
Батырдым нала-мұңға.
Өкініштің орынын толтыра алмай
Қайран , дүние,
өртеніп барамын ба?»
Тұтандырған о баста өзім едім,
Сол алауға енді өзім жанамын да...
Қарсы алайықшы ,
Алғашқы жауған ақ қарды
Екеуміз бүгін бірлесіп.
Арлайықшы,
Армансыз кезіп бақтарды
Ақ қайыңдармен тілдесіп.
Таңырқамашы,
Ақ қар боп жаусам көгіңнен,
Жүректің төгіп мұң-зарын.
Жабырқамашы,
Бірге ала келсем өзіммен,
Қақаған қыстың ызбарын...
Кінәламашы,
Дауыл боп көкті шаң қылсам,
Елемей шың мен құздарын.
Қоштасқан күннен,
Естелік етіп қалдырсам
Алғашқы қардың ызғарын...
Кінәламашы,
Шайқалмай көлі шабыттың,
Айтылмай кетсе мың сан жыр.
Қаспағын сыйлап
Қаймағын бірақ бақыттың
Бұйыртпай кетті бұл тағдыр...
Айтшы, өзің?!
Өн-бойыңнан бара ма-ау төзім кетіп,
Қос ішекті өксіттің безілдетіп...
Тұнып қалған
Сыр бардай жүрегіңде,
Қазір соған отырмын көзім жетіп.
Бал сезімің уланып,
Жастанып мұң,
Адал сырын ашыпсың жас жаныңның.
Неге мұнша мұңайып,
Күрсінесің,
Сағындырып көңіліңді жасқады кім?
Жас жүрегің аһ ұрып жалын атты,
Жан-сырыңа ауырды жаным қатты!
Көз алдымда
Бейнең тұр кірбің шалған,
Құлағымда күй сазы,
Әнің қапты...
Айтшы өзің!
Өтінем!
Сұрағаным!
Кімге арналып айтылды
Бұл арманың?..
Түкпіріне қаншама үңілсем де,
Құпиясын жанымның ұға алмадым...
Жанарың сенің
Жанарың сенің...
Шіркін-ай, осы жанарың!
Көргенде
Көктің жұлдызы ма деп қаламын.
Келеді саған
Жаудырап қайта қарағым,
Келеді сені
Жаныма жақын балағым.
Қап-қара қасың
Бояуға малып алғандай,
Кіршіксіз мынау
Тістерің бейне маржандай.
Жалтылдап тұрған
Көзіңнен от жанғандай,
Жарқ етіп бір сәт
Алыстай бердің армандай...
Қоп-қою ұзын
Кірпігің қандай төгілген,
Тінтсем де қанша
Мін таба алмадым өзіңнен.
Жанары таза,
Тұп-тынық мына көгімнен
Айналдым,жаным,
Жаудырап тұрған көзіңнен!
Көздерің сенің...
Шіркін-ай, осы көздерің!
Жаутаңдай бердім,
Бірақ сен оны сезбедің...
Амалым қанша,
Бақытысың сен өзгенің,
Қол ұстасып,
Ғаламды бірге кезбедің...
Жолың ашық
Жолың ашық,
Мен саған кетпе демеймін.
Келме қайтіп,
Мен саған өкпелемеймін.
Сыйласым ең,
Көңілді жығып көрмеген,
Қимасым ең,
Жанымды алғаш тербеген.
Өрт болып кеп,
Өртеп ең тұла бойымды.
Дерт болып кеп,
Шырмап ең ақыл-ойымды...
Күліп бүгін,
Қоштасып тұрмын,
Тағдыр да...
Биіктігім,
Иілмей кетсем алдында.
Жолың ашық,
Мен саған кетпе демеймін.
Келме қайтып,
Мен саған өкпелемеймін.
Өткен оралмайды
Сырың неткен тым ащы еді, жігітім!
Күз жетпей-ақ,
Үзілді ме үмітің?
Өткен күндер
Қайта айналып келер ме,
Сағым қуып
Сарылғанмен күні-түн?..
Орындалмай ізгі арманың,
Тілегің,
Сүйген қызың
Қыршын кетті, білемін...
Сағынышын арқалатып зіл батпан,
Қара жерге жасырды да гүл өңін...
Өн-бойыңды өрт тілімен жалаған,
Өкінішің өртейді,
Рас, ағажан!
Қандай ауыр
Сол бір күнді еске алу,
Жүрекке әкеп айықпас дерт жамаған?!
Егілгенмен сүйгеніңді ап есіңе,
Тірілмейді ол...
Ілес өмір көшіне!
Өткен күнге қайта-қайта оралып,
Ескі жара білтелейсің несіне?..
Көктеміңді ұластырма қысқа сен!
Бұл өмірден
Мұң шарабын жұтпа сен!
Қыс соңында
Жайма –шуақ жаз бар ғой,
Қыс мәңгілік болады деп ұқпа сен!
Ауыр ойды
Серпіп кейін тасташы,
Енді қайтіп
Мұң есігін ашпашы!
Енді қайтіп
Домбыраның ішегін
Бұрынғыдай күрсініспен қақпашы!
Тағдыр- қатал,
Кейде жұмсақ,
Шуақты
Құбылмалы ауа райы сияқты...
Саған да бір
Шапағаты бар шығар,
Махаббаты күн көзіндей қуатты.
Жүрегіңде мұң қалыпты-ау арылмас...
Бұған қалай
Көңіл, шіркін, тарынбас?!
Өзіңменен
Бір қуанып,
Бір күлер,
Болайыншы, сырыңа ортақ,қарындас!
ҚАСЫМДА ЖОҚСЫҢ
Түн жанарынан
Шашырағандай кіл оттар,
Жауады көктен
Ұшқындап,
Тынбай
Үдеп қар.
Дүниеге аппақ
Сұлулық тұнған сәтте осы,
Жалғыз-ақ менде тілек бар!
Өзіңсіз,
Жылжып өтуде
Айлар, апталар...
Біз жүрген жерлер
Ақ қарға оранған шақта бар,
Тілеймін, жаным,
Сағыныш сазын ақтарар,
деп сенен хат-хабар!
Іңкәр әнім ең
Жадымда мәңгі жатталар,
Сен жайлы жеткей
Қуаныш алып ақ таң әр!
Бір сендік жүрек
Өзгеге бақыт боп қонып,
Өзгеден қалай бақ табар?..
Талдырып үміт...
Көздерім мынау төрт болып,
Жолыңды тосам,
Ішіме алау өрт толып.
Сапырылуда
Сезімнің көлі,
Жүрекке
Сағыныш атты дерт қонып.
Қыс түні қандай!
Ай нұрын көктен себелеп,
Ұшады ауада
Ақ қанат,
Ақ қар – көбелек...
Бөлісуге, әттең,
Осы бір сәтті керемет,
Қасымда жоқсың, не керек!
АҢСАҒАН МЕНІҢ ӘНІМСІҢ
Бұрап тұрып
Домбыраның құлағын,
Сырлы саз боп
Көкірегіме құладың.
Өмір бойғы
Сағынышым едің сен,
Жүрегімнің
Дертін тапты-ау бұл әнің...
Бәрі-бәрі жадымда тұр жатталып,
Шертсең егер қос ішекті баптанып.
Әуел бастан
Әнге ғашық жүрегім,
Қалушы еді-ау,
Өртенуге шақ қалып...
Қос дауыспен әнге салсақ баяулап,
Ұйып қана тыңдайтын-ды бар аймақ
Екеумізді
Сол күндерге оралтқан
Осы бір шақ
Біздер үшін аяулы-ақ!
Бірақ, бірақ...
Өрт ұшқынын тастама!
Жанарыңмен жанарымды жасқама!
Тек аңсаған
Әнім болып қал енді,
Тағдыр бізді қоспап еді баста да...
ҚҰРБЫҒА СЫР
Сендің білем...
Менен сыр жасырмадың,
Керек еді сырласу расында бір...
Өртеніпті отыңа бір бозбала,
Жанарыңда байқамай жасын барын.
Жалыныңды жүрерсің Өшіре алмай,
Тартына гөр,
Тұрғанда есің аумай!
Көбелектей
Әр гүлге ұшып-қонған,
Ол жігіттің
Ұнаттың несін,
Алла-ай?..
Айтпай-ақ қой!
Ол жайлы көп білемін...
Сұрамашы ештеңе тек – тілегім!
Шуда жіптей шатысқан
Тағдырымды
Қалай саған тарқатып жеткіземін?!
Жүрегіме талшық қып өмір нәрін,
Сүйіп айтар
Сол болып дәйім әнім,
Жүр едім ғой...
Жалт берді алдамшы үміт,
Тағдырыма кекті боп не қыламын?!
Сазды әуені үзіліп асыл әннің,
Жанарымда кезім көп жасырған мұң.
Сортаң тартқан
Ақ нөсер – көз жасыма
Күйіп кеткен
Сарғайып жасыл маңым...
Білмейсің сен,
Құрбым-ау,
Мен туралы,
Арбасу көп кеудемде жойқын әлі...
Махаббат та
Осылай шайыла ма,
Айтшы,
Мынау өмірде толқымалы?!
Ащы-тұщы кездерін сезіндіріп,
Таңды атырып үмітпен,
Көз ілдіріп,
Қуаныш пен қайғысы
Тайталаса,
Түлкі болып арбайды, ә, өмір...
Қызық!
КЕЗДЕСКЕНДЕ
Жанарымнан
Ғажайып сыр ұқтырып,
Өрт сезімге
Өртене күйіп тұрып,
Кездескенде
Айта алмай бір жылы сөз,
Сені өзімнен бездірем,
Сүйіп тұрып...
Махаббатқа басымды иіп, көніп
Сағыныштан
Жүрсем де күйік көріп,
Кездескенде
Мен саған қырсығамын,
Қысыр сөздің барлығын үйіп-төгіп.
Көтере алмай сен оны
Шамданасың,
Аңқаусың-ау
Ештеңе аңдамасым!
Сезбеймісің,
Көңілім астан-кестең,
Сыздатасың несіне жан-жарасын?!
Әлде өзіңді құрбан қып,
Жылап ішің,
Жүрегіңді намысқа жығамысың?
Мен қырсықсам
Құдай-ау,
Онда не тұр,
Еркелігім ол менің,
Ұғамысың?!
Уатылып жартасы,
Төзімдерім,
Быт-шыт бұл күн...
Сырт бүтін,
Көзімде мұң...
Кесел тауып
Ант атқыр мінезімнен,
Жеп жүргенім жегідей
Өзімді-өзім...
Түсініспей өтуде, есіл өмір,
Сырласатын
күн қайда шешіле бір?!
Намысқа ұрып қайтесің,
Айналайын,
Мықты болсаң
Сен бәрін кешіре біл!
КҮТТІМ СЕНІ
Ақ түтек, дүлей ақпанда,
Даланы ақ қар жапқанда,
Ақ қармен бірге келер деп
Ақ қайың шәлі тартқанда,
Күттім сені...
Сәуірдің таңы атқанда,
Үмітімді жалғап ақ таңға.
Көктеммен бірге келер деп
Тіршілік көктеп жатқанда,
Күттім сені...
Көкжиекке Күн батқанда,
Түн – ару есік қаққанда,
Бөлісер деп жан-сырымды
Серуен құрып бақтарда,
Күттім сені...
Найзағай ойнап аспанда,
Көк өзен тулап тасқанда,
Қыз – көктем келіп, далаға
Уыстап гүлдер шашқанда,
Күттім сені...
Арналып ізгі өлеңім,
Күткенім жалғыз сен едің.
Кешіккеніңмен, бәрібір,
Оралатыныңа сенемін!
СЕН БОЛМАСАҢ
Қиын-ақ қой
Күн кешу – сенім болмай,
Сәл нәрседен жүдейтін көңіл қандай!
Ақылдым-ау,
Мен неге шытынадым,
Ала алмаған өзіңде кегім бардай?!
Отырмысың
Сен-дағы түсіне алмай,
Кетті неге бұзылып түсің, Алла-ай?!
Мен де, міне,
Бұртиып, үндемеймін,
Қасақана өзіңмен ісім болмай...
Қазір саған мүмкін-ау,
Ұнамауым...
Сабыр!.. Сабыр!..
Тек қана шыда, жаным!
Тас-талқан боп
Мен бұлай ашулансам,
Басу айтар ма екен деп
Сынағаным...
Бәрін-бәрін сездіріп қабағыңмен,
Қандай жақсы,
Жанашыр бола білген!
Сырттай саған бұртиып отырсам да,
Құшақтап,
Сүйгеніңді қаладым мен.
Мінезімнен, жарығым,
Шошымағын,
Қажет етсең –
Нұр боп та шашыламын.
Сүт пісірім уақыт – мендегі ашу,
Бұрқ-сарқ етіп лезде басыламын.
Екшеленер өзіңмен ерекше күн,
Саған деген мендегі ерек сенім.
Сондықтан да,
Шырт етпе мінезіме
Кешірімді болғаның керек сенің.
Бекерге енді қос жүрек төкпегей мұң,
Түсініспей өтпесін текке кей күн...
Сен болмасаң –
Мен кімге ашуланып,
Сен болмасаң –
Мен кімге өкпелеймін?!
Екеу болмай,
Мен жалғыз көркеймеймін,
Алауына жанымның өртен мейлің.
Сен болмасаң –
Мен кімге мұңым шағып,
Сен болмасаң –
Мен кімге еркелеймін?!
Саябырлап қалған ба-ау өр көңіл де,
Жүрегімнің бұл күнде еркі өзіңде.
Бір ашудың
Құрбаны болып кетпей,
Бағалайық бақытты дер кезінде!
ТАБЫНДЫРМАДЫҢ...
Жүрегімді өртеп
Жалын қыла алмай қойдың ғой,
Еркімді өзіңе
Бағындыра алмай қойдың ғой.
Әлде, мен сенің
Жаныңды ұға алмадым ба,
Әйтеуір, мені
Табындыра алмай қойдың ғой.
Табына алмадым...
Не істесем екен, жарығым?
Шарасыз күйде
Таусылып бітті сабырым.
Сезімсіз жүрек –
Еш жылуы жоқ қара тас,
Сәулесіз Күн де
Түсіре алмас өз жарығын.
Сүйесің, ол рас,
Кінәң да жоғын білемін,
Әйтсе де мені
Жазғыра көрме – тілегім!
Қалайша ғана
Бақытты ете алам мен сені,
Өзгені ойлап,
Сыздаумен жүрсе жүрегім?!
Шаттығы кемдеу
Жастығымды ұрлап өтер күн,
Сенімен мен де
Бақытты болар ма екенмін?!
Қаншама, тегі
Жаныңа жақын тартсаң да,
Алыстап барам,
Бәрібір саған бөтенмін...
Сезімсіз, сірә,
Көңілдің хошы келер ме,
«Қара тас жылу бөледі» десе
Сенер ме ең?!
Мен кінәлі емеспін,
Жүрегім мынау кінәлі,
Қызуым жетпей
Жауратсам сені егер мен.
Жылу жоқ жерде –
Өмірдің мәні болар ма?!
Қоштасқан жөн-ау,
Кешікпей тұрып одан да.
Бірімен-бірі
Қосыла алмайтын ешқашан,
Күтіп тұр бізді
Екі айырылған жол алда...
ҚАНДАЙ ЖАНСЫҢ?
Көңілім мынау
Ұйытқыған құйын, тегі,
Бір тыныштық жаныма бұйырса еді...
Ойлай-ойлай шаршадым
Миым қатып,
Қандай жансың?
Түсіну қиын сені...
Ақ-қараны айырар кез келді ме,
Сене алмаймын
Мен неге сөздеріңе?!
Шын бейнеңді көрсем деп,
Үңілемін
Жан-дүниеңнің айнасы – көздеріңе...
Ұстатпайды көздерің,
Тұман маған...
Сағымбысың алыстан құр арбаған?!
Сенім болмай
Күн кешу қиындығын,
Тірлігінде, сірә да, ұғар ма адам?!
Шын сезімді,
Рас, мен армандадым,
Қаламайды бұл жүрек алданғанын.
Содан болар,
Қараймын үркіп кейде,
Сөздеріңнің көрініп жалған бәрі...
Жаудыраған бейкүнә жанарыма
Қарай алсаң,
Түп-түзу қара мына!
Көңілді іреп
Қызғаныш, сайтан алғыр,
Арамызға жік салып барады ма?..
Бастан кешпей бұл жайды
Ұға алар кім?
Біздер үшін
Туғандай сыналар күн...
Сендегі бұл
Алапат құйын сезім,
Өткінші бір ақ жаңбыр шығар, бәлкім...
Ақылы құрғыр
Басым боп кетеді де,
Ере алмаймын сезімнің жетегіне.
Үміттер мен күдіктер тайталасқан
Өмір, шіркін, осылай өтеді ме?!
Бұрын-соңды күй кешіп кезікпеген,
Бір шешімнің керегін сезіп келем.
Не істерімді білмеймін,
Құдайым-ай,
Кетсем бе әлде
Біржола безіп сенен?!
* * *
Алыс кетсем
Жақындап жуықтайсың,
Жақын келсем
Алыстап жуытпайсың.
Алабұртқан ып-ыстық көңілімді
Неге ғана біржола суытпайсың?!
Бірімізге-біріміз шынайы ұнай
Жүруші едік екеуіміз,
Куә мына Ай...
Тұнық сезім әп-сәтте лайланып,
Неге араға жік түсті,
Құдайым-ай!
Жалғандықты сеземін – сөзіңдегі,
Салқындықты сеземін – өзіңдегі.
Бірақ мынау –
Жаныңның шар айнасы
Неге ғана арбайды көзің мені?..
Ұшқын ата қарадың неге бұлай,
Сүйе алмайсың бірақ та неге құлай?..
Басым қатып осы бір сұрақтардан,
Жүрек сыздап,
Мұңлы күй төгеді ұдай..
Сейілмей-ақ қойды бұлт көңілдегі,
Ұнатқаның шын ба еді сенің мені?..
«Сүйемін» деп айтқаннан,
О, кім білсін,
«Сүймеймін» деп айтқаның
Жеңіл ме еді?..
НЕСІНЕ КЕЛДІҢ?
От едім бір кез...
Сөндірдің,
Менде қалмады жалын,
Салқындығыңнан жаурады жаным.
Аялаушы едім пәк сезімді мен,
Бірақ та, әйтеуір, жанбады бағым.
Сөндірдің,
Менде қалмады жалын.
Сезбедің бе сен?
Жанымның мынау сыздап жатқанын,
Жанарымның сан мұңға батқанын.
Сенің тым суық көзқарасыңнан,
Кеудеме сүңгі – мұздар қатқанын,
Тағдырым сыйлап ызғарлы ақпанын...
Несіне келдің?
Тоң болып жатқан сіресіп көптен,
Көңілімнің мұзын ерітем деп пе ең?
Нұр сәуле болып құйылып көктен,
Жаныма жарқын орнатып көктем,
Көңілімнің мұзын ерітем деп пе ең?
Жолыққан сәтте
Ызғарлы ашу төкпегеніммен,
Қасыңнан безіп кетпегеніммен,
Қиналам іштей...
Өзіңді ессіз
Ұната тұра жек көргенімнен.
Естимісің?
Өзіңді жек көремін мен!
МАХАББАТЫМ МЕНІҢ
Түсінесің бе?
Сені өзіме
Тым жақын баладым да...
Сіңіп кеттім
Шуақ боп жанарыңа.
Жүрегімді, әйтеуір, алдың жаулап
Кездесерміз, бәлкім, біз
Тағдыр айдап...
Білесің бе,
Ондай күн туады әлі,
Көңіл бұлтын
Ақ нөсер жуады әлі.
– Бұл жаныңа, әрине,
Тым батады-ақ
Жоқ, алайда, өмірде шын махаббат!
Осыншалық көкірегің қарс айырылып,
Қайтесің сол...
Өзіңді сарсаң қылып?! –
Дейді маған
Кей жандар ақыл беріп,
Ақ жарылсам,
Жаныма жақын көріп.
Бірақ, бар ол өмірде!
Тыңда!.. Тыңда!..
Жүрегімде ол менің!
Мұнда!.. Мұнда!..
Ол, міне,
Көз жасымда
Кермек татқан,
Ол, міне,
Жанарымда
Мұңға батқан...
Ол, әне – сыршыл бақта,
Ғашықтардың
Жүрегінің дүрсілін тыңдап жатқан.
Кәусар бұлақ,
Гүлзар бақ,
Балғын көктем,
Ғашық қылып
Есімді алған көптен.
Сұлу өлкем
Мәңгілік жасаратын,
Бәрі соның
Іңкәрім, махаббатым!
Сауыт болар
Қорғаным – олар менің,
Жоқ болса олар,
Мен де жоқ болар едім!
БАҚЫТ ДЕГЕН
Керек-ақ қой үміттің өшпегені,
Кейде бақыт адамға кеш келеді.
Қайта оралдың,
Кешіккен көктемім боп,
О, тілемен,
Енді өзге ештеңені!
Жанарыңа сүңгіген кезде батып,
Қуаныштан тізермін көзге жақұт.
Бақыт деген,
Жаным-ау,
Мына сен ғой,
Қайтем тілеп
Тағдырдан өзге бақыт?!
Жасыл мамық,
Торғынын үлбіреткен,
Тұнды келіп
Жанарға нұрлы көктем.
Бақыт деген,
Жаным-ау,
Мына мен ғой
Сезім болып кеудеңде дір-дір еткен!
Нұр құяды көңілге тұнық аспан,
Ғашықтардың,
Алла-ай,
Әр күні дастан...
Бақыт деген
Ол – мына екеуіміз ғой
Бір-біріне риясыз сырын ашқан!
ӨМІРДЕ ЖАҚСЫЛЫҚ КӨП!
Бұл өмірде жақсылық көп!
Көктеменің күніндей шат күліп кеп,
Жанарына ұялап тәтті үміт тек,
Гүл сыйлайды
Жас жігіт бойжеткенге,
Лүпіл қаққан жүрегі аптығып кеп.
Өмірде жақсылық көп!
Жақсылық көп!
Сызылдырып
Сұлу қыз ән салады,
Есі кетіп
Бозбала тамсанады.
Ғашық көзбен қарайды,
Ғашық көзбен,
Жолыққандай алдынан аңсағаны,
Тек сонымен жанады-ау,
Жанса бағы...
Әнге айналып
Бар маңы,
Төңірегі,
Сырлы сазға
Бара ма-ау көңілі еріп?!
Қарайды да ол әншіге еміреніп,
Күбірлейді тек іштей тебіреніп:
– Жалын атып қараған жанарың-ай!
Жалынымен
Жанды өртеп барады ма-ай?!
Күміс көмей үніңнен, айналайын,
Ән құдіретін жеткізген, қарағым-ай!
Бұл өмірде жақсылық көп!
Көктеменің күніндей шат күліп кеп,
Жанарына ұялап тәтті үміт тек,
Ән сыйлайды жас ару сүйгеніне,
«Екеуміз ұғысар бір сәтті күт!» – деп...
Өмірде жақсылық көп!
Жақсылық көп!
СЕЗІМ ГҮЛІ
Көк аспан тұруы үшін
Жер қандай керек болса,
Бұлттардың ығуы үшін
Жел қандай керек болса,
Мәңгі қар жатуы үшін
Шың қандай керек болса,
Ақ таңдар атуы үшін
Күн қандай керек болса,
Маған да керектігін
Сөнбейтін махаббаттың бір!
Ұғуың керек, күнім,
Төгетін шапағат-нұрын...
Көктейді ол мәңгілікке
Өміршең жүрегімде бұл.
Суғарам нәрлі үмітпен
Мағыналы сүремін де өмір...
Шұғылалы сезімдердің
Бөленіп шапағатына,
Толғанған кезімде кіл,
Тарылма, махаббатыма!
Ол барда жыр жазуға
Артады құштарлығым мың.
Қауіп қой қызғану да,
Керек-ақ ұстамдылығың.
Өрілсе жырым керім
Сезімнің абат бағымен,
Жебейді пірім менің
Көгілдір қанаттарымен!
АППАҚ ГҮЛДЕР
Далада қыс.
Аязды қатқақ күн де..
Ай нұрына шомылып
Аппақ түнде,
Аппақ қардың үстімен
Сен келесің,
Құшағыңды толтырып
Аппақ гүлге.
Сезімімнен ып-ыстық жыр өріле,
Аппақ арман ұялап жүрегіме,
Аппақ гүлге
Қолымды созып едім,
Жетердей боп аңсаған тілегіме...
Бірақ алда екен ғой
Бәрі азаптың,
Қаталдықпен аяусыз жазалап тым,
Құшағыңда ақ гүлдер...
Мені елемей
Әлдеқайда асығып бара жаттың!
Ауырмаған жүрегім, тегі, бұлай...
Аяп маған қарайды егіліп Ай.
Ақ гүлге еріп кеткендей
Бар бақытым...
Қайран, менің
Жер болған, көңілім-ай!
Менен көшіп
Барады ол қайда ғана,
Басқа аруға тұрақтап
Байлана ма?
Ақ бақытым
Ақ гүлмен бірге кеткен
Әлде, өзіме
Нәсіп боп айнала ма...
Гүлдерім-ай...
Бейкүнә ақ гүлдерім!
Адаспай жол
Қашан да таптың керім.
Енді неге бұрылып бағытыңнан,
Жүрегімді жылатып жаттың менің?
Өн бойымды барады
Күн де қарып,
Көңілім – мұз...
Тұрмын мен мүлдем налып!
Үлбіреген
Ақ гүлдер қолыңдағы
Бұйырады дәл қазір кімге барып?
Далада қыс.
Аязды қатқақ күн де...
Ай нұрына шомылып
Аппақ түнде,
Аппақ қардың үстімен
Кеттің ұза-а-п...
Құшағыңды толтырып
Аппақ гүлге!
ҚҰТТЫҚТАМАДЫҢ
Бақ ішін кездім,
Ауыр ойлармен сенделе...
Мұңымды шақтым,
Бұлаққа, самал желге де...
Жылына бір рет
Қуанышым боп оралар,
Туған күніммен
Құттықтамадың сен неге?
Кезімде мынау
Жанымды шаттық кернеген,
Тілеулесім боп
Алдымен жетер сен деп ем.
О, сезесің бе?
Өзіңнен басқа дәл қазір
Дос-жарандарым
Қалмады тіпті келмеген!
Сезіліп бүгін
Достарға керек екенім,
Көңіл күйім де
Ерекше керемет еді.
Құттықтамадың...
Ұмытқаның ба, шынымен,
Бүгінгі күннің
Мен үшін ерек екенін?!
Жүрегім сыздап,
Запыран ойдан у ішем,
Дертіме ешбір
Табылмай қойды дұрыс ем...
Шаттығымды менің
Жартылай еткің келмесе,
Өзгеден бұрын
Сен құттықтауға тиіс ең...
– Жүрсің ғой алыс,
Жөні де жоқ-ау өкпенің,
– Десем де,
Іштей қарсыласады өктем үн.
Ып-ыстық лебіз,
Ақ тілеу алып ұшатын
Телеграмма боп
Сен маған неге жетпедің?..
Жұлдызды шақты
Ұмытқаның ба оп-оңай?
Жанарымызда жанушы еді ғой,
От, арай. ...
Жүрегі құрғыр,
Елеңдеп әлі жол жаққа
Боздайды жетім ботадай...
ШАҚЫР МЕНІ!
Сүйем десең
Сүй осынау қалпымда-ақ,
Деме маған
«Өзіңді-өзің салқындат!»
Теңіз – сезім
Толқын атса кеудемде,
Қалай ғана берем
Оны там-тұмдап?
Неге керек
Жылуы жоқ салқын Ай?
Неге керек
Сүю және балқымай?
Жүрегімді берсем
Берем бүтіндей,
Кешір,
Бірақ бере алмаймын жартылай!
Барым осы...
Жасандылық жоқ менде,
Құшағыңда өртенемін от демге.
Барым осы...
Сезіміммен көл-көсір
Сүйем сені!
Әрі іңкәрмін көктемге...
Жер-дүние
Жасыл нұрға бөккенде,
Шақыр мені
Көкорайлы көктемге.
Шақыр мені!
Жер түбіне барамын...
Бірге өзіңмен
Өтем барлық өткелден!
СЕНІ КҮТТІМ
Бұл өмірден
Не іздеп,
Нені күттім,
Кетпедім бе
Уайымға беріліп тым?
Білетінім –
Жаралы жырларыммен
Барлық жол торабынан сені күттім...
Бұл өмірден
Не іздеп,
Нені күттім,
Кетпедім бе арнамнан төгіліп тым?
Білетінім –
Жалынды жырларыммен
Барлық жол торабынан сені күттім...
Талай-талай
Сезім боп төгіліппін,
Талай-талай
Шаңға да көміліппін.
Мұңы басым,
Шаттығы аз шағым болса,
Жетегіне еремін тек үміттің...
Күндерімде есеп жоқ
Сені күткен,
Келем күтіп сеніммен,
Әлі үмітпен...
Сені өзіме,
Бәрібір,
алам тартып,
Сезім атты
ең күшті магнитпен!
ЖАҢА ЖЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ОЙЛАР
Жан-дүниең бір күн сау,
Бір күн жүдеп...
Сағыныштан сыздай ма,
Шіркін, жүрек?!
Жаңа жылды
Жұп болып қарсы ала алмай,
Неге біздер бөліндік?
Былтыр бір ек...
Әкелетін көл-көсір далама құт,
Жаңа жылдан
Күтеді ел жаңа бақыт.
Мені есіңе аларсың!
Басқа қызбен
Қарсы алуға сен оны бара жатып...
Әсем сазды елітіп күйге демде,
Сол қызбенен
Дөңгелеп билегенде,
Мені есіңнен шығарып
Қалай ғана
Елжірейсің көңілің сүймегенге?
Білем, менсіз
Жабырқау мүлде кешің,
Еске алып
Сан мазасыз күйге енесің.
Өзіңді-өзің аямай
Менен безіп,
Қалай енді өзгеге үйленесің?
Махаббаттың
Сезінбей нарқын анық,
Кетіп едің...
Өзіңде бар кінә, ұқ!
Жүр ме екенсің
Сен әлде өкінбей-ақ,
Сезіміңнің кәусарын сарқып алып?..
Той-думанға
Құштар ғой жалпы халық,
Шат көңілдер
Тасқанда шалқып ағып.
Сезінерсің шынымен
Менсіз жерде
Қалатынын өмірің жартыланып...
Жанарыма бейкүнә бұлақ тұнып,
Қырық жамау жанымды құрап тұрып,
Бұл кеш мен де
Жандырып жүрегімді
Жаңа жылдан тілермін жылап тұрып:
– Сау басына орнатып қарадай түн,
Өзіне-өзі сеніммен қарамайтын,
Тірлік – күрес.
Тағдырға қарсы тұрып,
Өз бақытын қорғауға жарамайтын,
Жүрегінде өлтіріп ақ арманды,
Ғұмыр кешкен
Дәрменсіз адамдарды
Махаббат киесі ұрсын!!!
Шын сүюдің азабын сезінбейтін,
Ешкімді ойлап жүрегі езілмейтін,
Өзгелердің тағдыры неге керек,
Қиналмасам болғаны өзім дейтін,
Қанатынан қайырып ақ арманды,
Пәк сезімді қорлаған адамдарды
Махаббат киесі ұрсын!!!
Жоғары ұстап
Ар туын құлатпайтын,
Пәк сезімді
Ешқашан жылатпайтын,
Атқанда алдан ақ таңдар,
Болашаққа
Сүйгенімен қосылып бір аттайтын,
Аялаған көктетіп ақ арманды,
Өзіне-өзі сенімді адамдарды
Қолдасын ақ махаббат!!!
Үлбіретіп сезімнің гүл-желегін,
Шабытымның көрігін үрлеп едім.
Бірақ одан не таптым?
Жүз өлеңнен
Жүрегіңе жетпеді бір де өлеңім...
Сезімімді селдетіп төккенде мен,
(Өлең бе ол мақсатқа жеткермеген?)
Қос жүректің арасын жалғастырар
Таптырмайтын бірден-бір өткел деп ем.
... Үміттенген екенмін бекерге мен.
Үлкен сенім,
Ауыр жүк көтергенмен,
Бақытыма жеткізер
Баспалдақ боп
Бір жырымның қарымы өтелмеген...
Тағдырым деп
Жүргенмен сеніп, тегі,
(Көңіл хошы өзіңсіз келіп пе еді?)
Бір жырым да
Еселеп шаттығымды,
Бір жырым да
Қайғымды кемітпеді...
(Сезім оты
Мол еді бұл жанымда,
Кінәлі өзім...
Жоқ, әлде жырларым ба?
Жауап таппай
Дал болып өз-өзімнен
Мұңға баттым,
Сән-сауық құрмадым да..
Тағдырыма демеймін кектенемін,
Қадіріме бұл күнде жеткен елім.
Бірақ саған
Барар жол таппаған соң,
Өлеңіме өлердей өкпеледім.
Мен осылай өлеңге өкпелі едім,
Сонда... жырсыз...
Қалай күн өткеремін?
Еркімнен тыс оралдым
Қайта бүгін,
Оралмасқа бел буып кеткен едім.
ГИТАРАҒА ТІЛЕК
Бұлбұл құсым жырақтап,
Кетті менен, гитара...
Қалса өзімде тұрақтап,
Деп тілеп ем, гитара..
Мұң-шерімді қозғадың,
Сезінгендей, гитара...
Сырлы толқын саздарың,
Төзім бермей, гитара...
Жә, жетеді!
Жанды өртеп
Күңіренбе, гитара!
Ойнақы, әсем әндер төк,
Дүйім елге, гитара!
Жез сымдарың сыңғырап
Ән құраса, гитара!
Ағытылар жыр-бұлақ,
Мәңгі жаса, гитара!
Түсінбеген мүлде ешкім,
Тағдыр едім, гитара!
Сазды үніңмен үндессін,
Жан-жүрегім, гитара!
От сезім боп лапылдап,
Табыс-тағы, гитара!
Арманыма жақындат,
Алыстағы, гитара!
Махаббатты мендегі
Шын ұқтыр да, гитара!
Сүйгеніме сен мені
Ұмыттырма, гитара!
МЕН СЕНІҢ БАҚЫТЫҢМЫН
Бірге өзіңмен
Қарсы алып ерте күнді,
Бүгінді емес,
Ойлайтын ертеңіңді.
Керек саған
Адал да, сенімді жар,
Сол адамың мен болам
Ең сенімді.
Мен болармын
Сен үшін ең сұлу қыз,
Табиғаттан
Алармыз еншіні біз.
Гауһар жұлдыз,
Алтын Ай,
Сиқырлы әлем,
Тек қана екеуіміздің меншігіміз.
Ертегі - әлем күтеді
Сені...
Мені...
Бір ғажайып
Сәуле-нұр төгіледі.
Екеуімізге
Бақыттан басы айналған,
Айналаның бәрі әсем көрінеді.
Таңғажайып сезіммен төгіле мен,
Қауышамын ертегі еліменен...
Бұл өмірдің
Сезермін тәттілігін,
Сеніменен...
Тек қана сеніменен!
Таңғажайып сезіммен төгіле мен
Қауыштырам ертегі еліменен...
Бұл өмірдің сезерсің
Тәттілігін,
Меніменен...
Тек қана меніменен!
БЕЛГІСІЗ ЖОЛ
Ой тоқтатып қарамай айналаға
Барамыз ба, лағып айдалаға?
Біз таңдаған мына жол
Екеуімізді
Алып кетіп барады қайда ғана?..
Ғажап тірлік
Кімдерге ұнамасын?
Сол тірлікте сан рет сыналасың.
Екеуіміз де білмейміз,
Алдымыздан
Тағдыр қандай тосып тұр сыбағасын?..
Құлаймыз ба біріміз шалыс басып,
Өтеміз бе мәңгіге қол ұстасып?
Бәрі жұмбақ...
Қинайды белгісіздік,
Ұстатпайды, ақ арман алып қашып.
Қысқа ғұмыр келмейді айналымға,
Тегершігі уақыттың айналуда.
Белгісіздік батырып тереңіне,
Мұрша бермей келеді ойлануға.
Қорытпайды ештеңе құйын-басым,
Бір шешімге келу де қиын ба шын?
Сенің осы сезімің қандай сезім,
Түк түсінсем,
Құдайым,
Бұйырмасын?!
СЕН ЖӘНЕ ӨЛЕҢ
– Көз алдында жүрген
Мынау елдің мың,
Сен ақынсың, – дедің бірде,
Мен кіммін?
Өзің – жерде,
Мен – аспанда секілді,
Көңіліңді сол бір ойға сендірдің.
Мұның қалай
Өзіңді-өзің кемітіп?
Құр намыстан
Аласың сен не ұтып?
Жебеп-жасқап
Көтермесе жоғары,
Ақындығым
Төмендетпес сені түк.
Рас, ақын өзгелерден даралау,
Керек оған “жай адам” деп қарамау...
Ел еркесі болдым...
Бірақ, ұқ, күнім,
Саған деген жүрегімде мол алау!
Адамдарды
Айырмайды, әсілі,
Атақ, мансап,
Дәрежесі, кәсібі...
Кімнің болсын
Өзіне бір бұйырған,
Тағдырынан
Болады ғой нәсібі.
Түсінгенге
Өлең – өнер,
Өлең – бақ,
Өлеңімде биік шыңдар
Төмен қап...
Келем, күнім,
Қанаттанып қиялмен,
Еншіме мен
Осынау бір өнерді ап...
Алаңдатып
Күллі әлемнің тағдыры,
Адамдардың қуанышы...
Бар мұңы...
Бір өзіме қабылдап ап барлығын,
Жүрегімнің орындаймын жарлығын.
Нені біліп,
Не ойладың басында?
Ештеңе де ұқпадың ба расында?
Өзім – сендік,
Ал, өлеңім – елдікі,
Күнім,
Мені ел көзінен жасырма!
СҮЙЕСІҢ
Өзіңше жасап тіршілік,
Жүрсің ғой маған қырсығып.
Бәрібір мен деп соғады
Жүрегіңдегі дүрсіл, ұқ!
Құдіретті өнер, асқақ ән,
Біз үшін қымбат басқадан.
Қуанышы бір, мұңы бір,
Біздерге ортақ дос-жаран.
Мен болған жерге келесің,
Қаламасаң да, көресің.
Кетпегеніме жадыңнан
Амалсыз өзің сенесің.
Өткенге қайтып орала,
Сезімге кеудең толады, ә...
Сағынышыңды сыздатқан,
Мойындамасқа бола ма?!
Жақұт нұр болып шашылып,
Мен жаққа қарай асығып.
Көзіңнен ұшқан ұшқынды
Қоясың қайда жасырып?
Тағдырдан алған үлесің,
Сағыныш қана – білесің...
Үйленсең үйлен басқаға,
Бәрібір, мені сүйесің!
СЕН ОТЫЗҒА ТОЛҒАНДА
Ерекше сый көрерсің елден бүгін,
Отырарсың орын ап төрден, күнім!
Бүгінгі күн
Сен үшін өзгешелеу...
Мерейлі той,
Дүниеге келген күнің!
Тұр, амандас!
Жатсынбай отызбенен...
Байсалды да,
Тым ойлы отыз деген.
Уақыт шіркін,
Көңілге дес бере ме?
Күндер қайда,
Махаббат, от іздеген?..
Күндер қайда,
Жамылып жасыл бақты,
Бал бақыттан
Айналған басың қатты?
Жүйрік жылдың
Жасырып қанатына,
Уақыт сенен
Тағы бір жас ұрлапты...
Күндер қайда,
Жұлдызға жуықтаған?
Күндер қайда,
Сезімді суытпаған?
Желік көңіл
Түсті де сабасына,
Отыз келіп
Жиырмаңды құлыптаған.
Отыз деген
Күрделі, қиын екен,
Болар енді
Тірліктің күйі бөтен.
Бұрынғыдан ой басқа,
Арман басқа...
Бұл да болса
Тағдырдың сыйы, көкем!
Сабырменен барлайсың жан-жағыңды,
Ақыл-оймен болжайсың алдағыңды.
Арзан күлкі,
Даңғаза шудан қашып,
Талпынасың саналы таңға нұрлы.
Нарттай болып батқанда
Шұғыла күн,
Қара шашын жаяды
Құбыла түн...
Осылайша
Күн мен түн жиі алмасып,
Жыл өтеді...
Шамаң жоқ бұрылатын.
Жетті, міне, отызға толған күнің,
Отырарсың орын ап төрден бүгін.
Тәтті жырмен жетейін бөлісуге
Сенің қуанышыңды елден бұрын!
Мен осылай
Өзіңе асығамын!
(Болмасам да бұл күнде асыл әнің)
Сезім – гүл боп ғажайып ашыламын,
Сағыныш боп кеудеңе басыламын!
Сан естелік
Санаңда тіріледі,
Менің бағам күн санап білінеді.
Орын тепсін кеудеңнен
Мың қыз келіп,
Алмастыра алмайды бірі мені!
Қанатымен
Музаның жебейін мен,
Ере алмасаң соңымнан,
Не дейін мен?
Қара үздіріп
Сағымға сіңіп кетсем,
Іздермісің
Мені өксіп өгей үнмен?
Ол кездері,
Кім білсін, не боларын?
Бәлкім, солай із-түзсіз жоғаламын!
Жүрегімнің суытпай мол алауын,
Бәлкім, саған қайыра ораламын...
Бүгін – мейрам!
Сен жақта күлкі керім,
Дос-жарандар қаумалай дүркірер күн.
Сол қуаныш үстінде ақ ниетпен
Менің саған білдірер шын тілегім:
"Желік қуған жел күндер өтті деймін,
Ой көзімен қарар күн жетті деймін.
Қайда жүрсең,
Қолдасын махаббатым,
Отызыңда орда бұз", – деп тілеймін.
ТУҒАН КҮНІҢМЕН!
БҰРЫНҒЫДАЙ БОЛМАЙДЫ
Көкірегіңе
Күн болып кіремін де,
Өмір бойы лапылдап жанам деп ем.
Кешір мені!
Жерледім жүрегімде
Сезімімді бейкүнә саған деген.
Сорыма ма,
Білмеймін,
Бағыма ма?..
Жол бөлінді...
Өзіңмен бір жүр едім.
Тағы да енді
Біреуді сағына ма,
Тағы да енді
Біреуге табына ма,
От боп тұрып
Суынған бұл жүрегім?!
Біз алыстап барамыз,
Міне, мүлде,
Сен – күнбатыс,
Мен – бейне шығыстаймын,
Бұрынғыдай
болмасын білемін де,
Бұрынғыдай
болуға тырыспаймын.
Қыдырмаймын өзіңмен бақта жүріп,
Бұрынғыдай
Алдамшы үмітке еріп.
Әңгіме де айтпаймын ақтарылып,
Бұрынғыдай
Алдыңа күліп келіп.
Сен келер деп
Елеңдеп көңілім де,
Бұрынғыдай
Болмайды алаң бүгін.
Бір өзгеріс бар
Менің өмірімде,
Мен жат тартып барамын саған,
Күнім!
Тағдырыңнан қаншама сұрағанмен,
Өткен өтті...
Ешқашан оралмайды!
Сынған шыны
Қайтадан құрағанмен,
Бұрынғыдай
Бәрібір бола алмайды!
БІЗ ӘЛІ КЕЗДЕСЕМІЗ
Өрілер ме сезімсіз жырым менің,
Жырым менің –
Бейкүнә сырым менің!
Жүрегімнің жылуын үйіп-төгіп,
Аяласам жырыммен,
Жылыр ма едің?!
Жаны нәзік жан ең ғой бұрын керім...
Түсінбедің...
Жанымды күйікті еттің,
Шаттығымды,
Күлкімді тыйып кеттің...
Мені сүйген жүректі
Қан жылатып,
Қалай ғана
Біржола қиып кеттің?!
Дастарқанын
Бақыттың жиып кеттің?!
Дәл өзіңдей
Сенбеп ем ешкімге де,
Жалын атып
Жана алмай өштің неге?
Тұрақтамай
Көңілімнің гүлзарында,
Қара бұлт боп
Кеудемнен көштің неге?!
Қызғалдағың емес пе ем,
Кеш гүлдеген?!
Көңілді іреп
Қызғаныш,
Тұнған күдік,
Махаббатты кетсең де
Құрбан қылып.
Қосылмайды тау мен тау,
Ал екеуміз
Айлар жүріп көріспей,
Жылдар жүріп,
Кездесерміз түбінде.
Бұл – заңдылық!
Сағынышың кеудеңді тіліп тұрып,
Сезіміңнің тамшысын тұнық қылып,
Қимастықпен қарарсың сонда маған
Орны толмас өкініш,
Мұң ұқтырып,
Сөйлей алмай ішіңнен тынып тұрып...
Түсірерсің есіңе бәрін-бәрін,
Естеліктен
Мүмкін бе арылмағың?!
Менсіз жерде
Көңіліңнің тарынғанын,
Менсіз жерде
Болғанын жаның жарым,
Жырларымды,
Өзімді сағынғаның...
Ұмытуға осының бәрі-бәрін
Қалай ғана барады арың, жаным?!
ШЫҒЫС САЗЫ
Ей, мехрибаным,
Өзіңді сүйіп ұнаттым!
Ұнаттым сені,
Қарама маған сынап тым!
Сусаған сәтте
Шөліңді басар бұлақпын,
Адассаң жолда
Алдыңнан жанар шырақпын.
Ей, мехрибаным,
Өзіңді сүйіп ұнаттым!
Сыйладың бірақ
Қуаныш емес,
Таза мұң...
Әлі де қанша
Тартқызар маған азабың?..
“Аһ!” ұрып жатыр
Жүрегім мынау байғұсым,
Жаздырып маған
Ғашықтықтың тек ғазалын..
Ей, мехрибаным!
Сәуірдің сыйлап ақ таңын,
Кеудемнің неге
Көк мұзын қақыратпадың?
Шуаққа,
Шәрбат сезімге шөлдеп сендегі,
Жая алмай жүрмін
Жанымның жапырақтарын...
* * *
Дұрыс айтасың!
«Күрделі адаммын» мен деген...
Махаббат аңсап,
Сұлу музаға шөлдеген.
Қарсы алып қанша
Тағдырдың соққан дауылын,
Кездерім болды
Сөне де жаздап сөнбеген...
Дұрыс айтасың!
«Күрделі адаммын» мен деген...
Жаралы жанын
Жырымен жазып емдеген.
Мақсатым биік,
Жетемін бе, әлде жетпеймін?
Сүрініп талай
Өле де жаздап, өлмегем...
Дұрыс айтасың!
«Күрделі адаммын» мен деген...
Өтірік сүйіп,
Өтірік күліп көрмеген.
Өзімді сүйген
Жүректен де іздеп тазалық,
Өлердей болып
Таза сезімге шөлдегем...
Жасандылыққа еш көнбеген,
Осындай жанмын мен деген!
* * *
Жә, жетті енді!..
Жыламаймын,
Күлмеймін...
Жұлдызы жоқ
Қап-қараңғы түндеймін.
Сынып түскен
Көңілімнің әйнегін,
Қалай ғана құрастырам?
Білмеймін...
Үсік ұрды
Үлпілдеген бағымды,
Қасіретінен
Жүрегім қақ жарылды.
Сәуір болып шақырып ем,
Ермедің,
Сенен солай
Тауым менің шағылды.
Бір-ақ сәтте
Жиып алдым есімді,
Өшті де үнім,
Тәтті тілім кесілді.
Ағып түскен
Жұлдыз-арманым үшін
Қайдан алам,
Кімнен алам өшімді?
Көтеріп ем
Көкке дейін төбемді,
Аспан-кеудем
Жерге бүгін теңелді...
Менің нәзік жүрегімді
Жаншыған,
Жек көремін!
Жек көремін сені енді!
Қайта жөндеп
Жарға соққан кемемді,
Жұп қылармын
Мәңгі өзіме өлеңді...
Менің мөлдір сезімімді
Таптаған,
Жек көремін!
Жек көремін сені енді!
Өкінішім тіліп өткір тілімен
Өзегімді өртеді өлең түнімен.
Өшімді алдым
Ақ қағаздан өлердей,
Өлең өріп жазылармын түбі мен...
* * *
Кеудемнен аққан
Алысып сезім селімен,
Жеңе алмай сорлап,
Толқынға қайта көмілем.
Өтірік бәрі!
Өзімді бекер алдаппын,
Жек көре алмадым
Ұмыта алмадым сені мен!
«Жек көремін» деп,
Сендіре алмадым өзімді,
Сөндіре алмадым,
Күлге айналдырып сезімді!
Көрмесем бір сәт
Сағынышымнан сарғайып,
Жүрегім сонша езілді...
Шаршады миым...
Тәлкегін көріп тағдырдың,
Шығар жол іздеп,
Ой-орманында қаңғырдым.
Шырқырап тұрып
Қолымды саған созғанда,
Шығарып алмай,
Шыңырауда неге қалдырдың?
ТІЛЕК
Не сиқырмен
Өзіңді сүйікті еттің,
Таутүрген?
Сені тіпті келмейді
Қиып кеткім,
Таутүрген!
Тауларыңмен көлбеген,
Бау-бағыңмен тербеген,
Сезім болып
Кеудеме сыйып кеттің,
Таутүрген!
Сан бояуға малынған
Осынау бар қалпыңмен,
Сен екенсің
Құдірет, аңсар мекен,
Таутүрген?!
Саған ғашық жүрекпен
Бір ұлыңа тағы ұнап,
Келін болып
Өзіңде қалсам ба екен,
Таутүрген?..
СОҢҒЫ СӨЗ
"Актер" болып екеуіміз,
Қойдық талай қойылым....
Қашанғы ойнар екенбіз,
“Мысық-тышқан” ойынын?
Дәл осы ойын біздерге,
Ұнап қалған сияқты.
Көңіл жоқты іздер ме,
Көзден жасым жиі ақты.
Қой... Болайын ақылды...
Қалмады ғой тіпті есім.
Бұл ойынның ақырғы,
Қойдым бүгін нүктесін.
Мені саған өткізбей,
Сезім күзге тоналған.
Мақсатыма жеткізбей,
Ішімде өлді көп арман...
Жетпесімді сезіндім,
Жүрегіңе – тас-қамал.
Кейін қарай шегіндім,
Қалмаған соң басқа амал...
Сөздеріңнің жалғанын
Ұқтым.
Бұған не шара?
Хақтан көріп қалғанын
Қоштасар жер – осы ара...
Туған жерге оралып,
Болам саған тек елес.
Кетсем солай жоғалып,
Кінәлі оған мен емес!
ІІІ БӨЛІМ
ЭССЕ-ЕСТЕЛІКТЕР
Естеліктер –
Өткен күн елестері,
Өмірімнің
Бөлшегі емес пе еді?..
Сан естелік
Көлбеңдер
Көз алдымнан,
"Мен мұндалап"
Қалған әр белестегі.
КҮН –ЖҮРЕГІҢІЗ СӨНБЕЙДІ
абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың
рухымен тілдесу
Бармын мен!
Барып қайттым, орнымдамын,
Кәдімгі Әбділдалық формамдамын.
Көнбедім ажал келіп күштегенге,
Бермедім Әзірейілге ештемемді, –
деп қанша рет алқымыңыздан алған ажалмен арпалысып бақсаңыз да болмады ғой, Әбекем! Сол Әзірейіл, шіркін, қапысын тауып бәрібір сізді ортамыздан жұлып әкетті. Өзіңіз өсірген ну орман құлазып, жетімсіреп қалды. Әйтеуір, дәтке қуат – тамырын тереңге жіберген жырларыңыз! Сіздің жасыңызға жеткен де, жетпеген де бар деп шүкіршілік қылсақ та, көңілдің түкпірінде «әттең-ай» деген бір өкініш қалды. Ол – 90 жасқа толар мерейтойыңызға үш ай қалғанда дүниеден озуыңыз. Бар болғаны үш-ақ ай! Болмаса, мерейтойыңыздың қақ ортасында отырмас па едіңіз қасқайып? «Жалғыз ағаш – орман емес» деп бар дауысыңызбен айқайлап айтып, жазып қана қоймай, іс жүзінде де айналаңызды жас шыбық- тармен қоршап, солардың ортасында алтын діңгекті алып еменге айналып тұрдыңыз. М.Мақатаев, Т.Молдағалиев, Т.Айбергенов, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, Ж.Қыдыров т.б. белгілі ақындармен қоса, кейінгі толқын жас буын біздер сізге қарап бой түзедік, өсіп-өндік, көгеріп жетілдік. Сіз өзіңіздің ұзақ ғұмырыңыз- да жапырағыңызды кең жайып, өніміңізді мол беріп, ұлтымыздың мақтанышы болар қалың орманға айналдыңыз. Сөйтіп, алып ғасыр- дың алып ақыны болдыңыз, Әбекем! Сізді бүкіл ел-жұртыңыз мәңгілік сапарға аттандырып тұрып, қаламгерлердің атынан сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин балаңыз: “Әбеке, сіз бізге жыр жазу мен өлең өртіне қалай шомылуды ғана үйреткен жоқсыз. Сіз бізге ой мен парасат кемесін қалай игеруді, мына күнгейі мен көлеңкесі алмасып жатқан өмір айдынында қалай жүзуді де үйретіп кеттіңіз. Сіз өзіңізге дейінгі көзін көрген алыптар мен сөзін естіген арыстар 243-дың үлгі-өнегесін кешеден бүгінге келістіріп жалғаған ұлағатты ұстаз бола білдіңіз. Бақұл бол, күрделі дәуірдің іргелі сөзін жаңылмай айтқан ұлы заманның ұлы жыршысы, алып ғасырдың алып ақыны!” деп орынды айтты. Сондай-ақ, кезінде ақ батаңызды беріп, өзіңіз жолын ашқан Күләш қызыңыз да: «Көз аясына өзі көрген замандарды, сөз аясына күллі жаратылысты сыйғызып, теңеуін тауып – телегей-теңіз буырқанған ұлы ақын туған халқының жүрегінде мәңгі қалады. Қош бол, әке!», – деп қоштасты өзіңізбен. Құм ішінен аршып алып көзін ашқан жыр-бұлақтарыңыз сол күні жылап ақты, Әбекем! Иә, сіз тоқсанға жақындағанша нұрдай мөлдір, жауһардай асыл, жалынды да жігерлі жырлар жазып, күллі адамзаттың тілеуін ті- леп, абыздың сөзін айта білдіңіз. Өз елімізде, көрші мемлекеттерде болып жатқан қоғамдық құбылыстар мен саяси айтыс-тартыстар да сіздің назарыңыздан тыс қалған жоқ. Солженицын сияқты Ресейлік "көсемсымақтар" аузына келгенді сандырақтап, біздің солтүстіктегі бес облысымыздың басына бұлт үйіре бастағанда, зиялылар арасы- нан алғашқылардың бірі болып пікірін ашық білдіріп жан айқайын халыққа естірткен де сіз едіңіз, Әбекем!
Алдыңа қара!
Алысқа қара, қазағым,
Болдың ғой тартып
Ең ауырларын жазаның.
Сен «елмін» десең,
Басынған «көршің» күледі,
Қазақтың мазақ екенін әбден біледі.
Өзі ғана емес,
Жасырмай,
Бауырым, айтайын,
Иті де оның
Кемсініп саған үреді.
Сөз астарын түсінер адамға бұдан артық не деуге болады? Елім, жерім деп еңіреген өзіңіздей ердің, қазақтың біртуар ұлдарының ғана аузынан шығар ащы шындық – осы! ... Әбекем, қазір ойлап қарасам, менің саналы ғұмырымның ширек ғасырдан астамы сіздің көз алдыңызда, жанұяңызбен аралас- құраласта өтіпті. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Сіз маған рухани ұстаз 244 болып қана қоймай, өкіл әке болдыңыз. Сондықтан бүгін сіз жайлы тебірене отырып естелік жазу менің пешенеме бұйыруы табиғи заңдылық деп түсінемін. Сол бір 1967 жылдың ақпан айында өзіңізге Шиеліден ұшып жеткен қарлығаш хат есіңізде болар. Онда әкесінен айырылған қаршадай қыздың мұң-зары, жетімек жүректің өксігі бар еді. Сол қаршадай қыз мен болатынмын да, көз жасымды құрғатып, әкелік қол созған жебеушім Сіз болатынсыз. Содан бастап хат арқылы жалғанған біздің арамыз үзілген жоқ. Сол хаттардан аздап үзінді келтірейінші. Жарық дүниеге адамның құштарлығын арттыратын сол ұлағатты сөздеріңіз басқаларға да үлгі- өнеге болсын! «Шырағым, Қатира! Үш хатыңды да алдым. Әкеңнің қайтыс болғанына мен де қайғырдым. Сол марқұм Сыздықпен тірісінде кездесе алмай жүрдік емес пе? Қаншама елге баруға ниеттенсем де, сәті түспей-ақ қойды. Уақыт солай, шырағым, қартайған адамның көңілі ауыл деп алып-ұшқанымен, қомданған қанаты алысқа құлашын жаза алмай жатады, оны өзіңдей жастар сезіне бермейді. Жауабымды кешіктіргенге біраз өкпе айтыпсың.
Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі?
Тек елестей бұлдырайды,
Әлдекімнің көлеңкесі... –
деп мен әкемді толық есте сақтай алмағандықтан жазғанмын. Бірақ ешкімге де кінә тақпай, сынап-мінемей, өз бетіммен өстім. Саған да, шырағым, солай болуды ұсынамын! Қатира, мен көбірек жаздым білем, сөзге түсінердей екенсің, әдейі жазып отырмын, шыныға-ширай берсін, мені де тани берсін деп жазып отырмын. Өкпе-наз айтыла береді, о да жарастық! Мен көтеремін, сөйте тұра кезінде ақылшың болуға да міндеттімін. Барлығыңа сабыр тілеймін! Ағаң Әбділда. 12 март, 1967 жыл». «Қарағым, Қатира! Сенің толқып жазған, әсіресе әкеңе байланысты егіліп жазған мұңды да сырлы хаттарыңнан қатты әсер алушы едім. Сондағы келтірген өлеңдеріңде ашықтық, айқындық басым еді. Сезім шындығы жетіліп жататын. Ал, 245 мына өлеңдерің ұнаған жоқ. Логикалық жағынан тіпті келіспей, үйлеспей жатыр. Шамасы терең ойланып, көңіл-күйің жақсы дыбыс, әсем бояулардан оянбай, түршіккеннен есінемей жазылған өлеңдер болуы керек. Шын өлең құдіреттен, адамның еркімен алысқан сезімдік селден туады. Әдейілеп «жазайыншы» деп өзіңді-өзің зорлаудан өлең шықпайды, шырағым. Осыны жадыңа мықтап сақта! Ағаң Әбділда. 15 май, 1967 жыл». «Қарағым, Қатира! Сенің бауыры елжіреп, жас жүрегі дүрсілдеп, мейірім тілеп, жақын тілеп тұрған тағы бір хатыңды алдым. Өмірге құштарлығы көп, сөйте тұра мұңды шертетұғын жастығың маған ұнайды. Бірақ сол қасиеттерді де дұрыс ұстап, тұтына білу керек. Көп шайқап, төгіп алмай, ұзаққа жеткізу керек, шырағым. Адамды әлдендіретін, әріге апаратын, жастай тоңазытып қалдырмайтын, ең алдымен, өз жылуы емес пе? Сол жылуыңды сақта дегенім ғой саған. Үй- іші аман. Бәріңе де сәлем! Ағаң Әбділда. 20 март, 1968 жыл». Иә, мен тағдырыма ризамын! Сіздей ұлағатты ұстаз әрі мейірбан әке тапқан маңдайымның бағы бар екен, Әбекем. Бұған да "шүкір" дейін. Сіздің аялы алақаныңыздың ыстық табын сезінген жалғыз мен емес, басқа да қанша ақын-жазушылар бар.
Аға болып ақыл қосқан ақылға,
Тұмағаңды тағы көрдім жақында.
«Жетіммін» деп айтады ма, апыр-ай,
Әбділдадай әкесі бар ақын да?! –
деп лирик әрі сатирик ақынымыз Жарасқан Әбдірашев әзілдеп айтса да, әділін айтты. Сол сүйікті Тұмашыңыз сізге бала болса, мен қызыңыз болдым. Сіздің жанұяңызға қатысты той- томалақтарға жиі қатысушы едік. Өзіңізден оншақты жыл бұрын дүниеден озған Сара жеңгемнің қонақ күту үрдісі өзгеше еді ғой, шіркін! Тірлігінде ол кісінің дастарханынан талай дәм таттық. Дастархан басында бәйбішеңіздің қант диабетімен ауыратынын тілге тиек етіп «сендер алдағы тәттіге қол соза беріңдер, менің тәттім қасымда отыр ғой, Сараны бір жалап қойып шайымды ұрттай беремін» деп күлдіріп отырушы едіңіз бізді. Сосын үлкен қызыңыз Ася күйсандықта ойнап, сіз болсаңыз құдай қосқан қосағыңызбен қосылып, халық әні «Сырымбетке» басар едіңіз. Ол бір ғажап сәттер еді-ау! «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, сөз орайы келгенде айта кетейінші, атақты адамдардың артынан сөз еріп жүретіні бар ғой. Ел ішінде «балалары Әбекеңді қарттар үйіне өткізіп жіберіпті» деген әңгімелер тарап жүр соңғы кезде. Бұл негізінде, сіздің тау ішінде орналасқан «Ардагерлер» шипажайында бірнеше ай демалып жатуыңызға байланысты туындаған жаңсақ пікір болар деп топшылаймын. Сонда жатқаныңызда журналистер сізбен сұхбат құрып, теледидардан көрсетіп еді ғой. Үй маңдайшасындағы «Ардагерлер» деген жазуға қарап, кейбіреулер өзінше «тон пішкен» сыңайлы. Оның қарттар үйі емес, лауазымды зейнеткерлер барып демалатын шипажай екенін қайдан білсін, сол шіркіндер! Ал, сіздің жалғыз ұл мен келінге алғыстан басқа айтарыңыз жоқ. «Рүстем менің көзім, аяқ-қолым» деуші едіңіз әзіл-шыны аралас. Сол Рүстеміңіз сізді баратын жерге өзі апарып, тіпті жоғары қабаттарға арқалап жеткізетін. Ал, газет-журналдарды оқып беру де соның еншісінде. Өзіміздің Сыр топырағынан шыққан келініңіз Гүлжаһан да сізге барынша адал болды. Тарих зерттеушісі, үлкен ғалым Ибрагим Шамшатов пен Меңкүл апамыздай үлгілі отбасынан шыққан қыздың жаман келін болуы мүмкін бе, сірә? Ағылшын, француз, орыс, қазақ тілдерінде таза сөйлейтін осы бір жұдырықтай келініңіз сіз ауырғанда қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап, жаныңызға араша іздегенін өз басым талай көрдім. Сіз «ауасы таза» деп қала сыртындағы саяжайыңызда тұрғанда, алтын асықтай қос немереңіз Зұлқар мен Зарапты қасына алып, жұма сайын сізге баратын. Рүстем сізбен шахмат ойнайды, ал Гүлжаһан ас-су әзірлейді. Екі-үш күн өзіңізбен бірге тұрып, сосын қалаға қайтушы еді олар. Мұнда қалуды балалардың оқуы мен келініңіздің қызмет жағдайы көтермейтін. Оған сіз үлкен түсіністікпен қарадыңыз ғой. Кейін денсаулығыңыз нашарлағанда бәрібір қалаға ауысып, бала-шағаңыздың көз алдында болдыңыз, Әбекем. Олар өздерінің перзенттік парызын адал атқара білді деп ойлаймын мен. Әбеке, мен сіздің мерейтойыңыздың барлығына қатыстым. Әсіресе, жетпіс жылдық тойыңыз жиі есіме түседі. Себебі, осы тойда өзбек ағайындардың атынан сөз алған бір жазушы (аты-жөнін ұмыттым) «Сіз ақындардың патшасы боласыз» деп басыңызға шығыс үлгісінде тігілген, шекесіне қадаған қауырсыны бар тәж 247 кигізіп, қолыңызға аса таяқ ұстатқан болатын. Бірақ әлгі өзбек әкамыз аса таяқты бермес бұрын бұрандалы басын бұрап ашып, оны шарап ішетін ыдысқа айналдырды да таяқтың ішкі қуысына толтырылған коньяктан шүпілдете құйып, сізге беріп еді... Сіз сөзге келмей, тартып салдыңыз. Ой, сондағы зал толы жұрттың қыран-топан күлкіге батқаны-ай! Содан араға тура он жыл салып, сізді хан көтеру өзіңіздің туған жеріңізде жалғасын тапты. Сексен жылдық мерейтойыңызда қараөзектік нағашы жұртыңыз сізді ақ арғымақтың үстінен ақ текеметке аунатып түсіріп ап, сонау Сыр – анаңыздың өзіне дейін көтеріп апарып еді-ау! Бұл өте әсерлі көрініс болды. Осы сәтте халық жазушысы Сафуан Шәймерденов ақсақал көзіне жас алып: «Апыр-ай, мынадай ел ықыласына бөленген ақында, соның куәсі болған бізде де арман бар ма?» деп еді ризашылықпен. Ал сіздің сексен бес жылдығыңыз Жалағаш ауданында Бұхарбай батырдың аруағына арнап ас беру рәсіміне сәйкес келді. Осы сапарда Алматыдан біраз ақын-жазушылар сізбен бірге келгенді. Олардың ішінде белгілі кісілерден М.Қаратаев, Ә.Жұмабаев, Ә.Жәмішев, М.Байділдаев, Ж.Дәрібаева тағы басқалар бар. Қазір ойлап отырсам, бұл сіздің Сыр-анаңызбен соңғы рет жүздесіп, қоштасуыңыз екен-ау! Сол жолы Қызылордаға жеткенше жас жігіттей қайта түлеп, қасыңыздағылармен жол бойы әзіл-қалжың жарастырып келіп едіңіз. Жол-жөнекей халқыңыз дәм-тұзымен, ән-жырымен қарсы алып, шығарып салып отырды. Бұл сіздің туған жеріңізде соңғы рет бой жазуыңыз боп шықты ғой. Қайтып Сыр бойына оралу сізге бұйырмапты. Бірақ «тұлпар ізін тай басар» дегендей, ұлыңыз Рүстем мен келініңіз Гүлжаһан сізге арнап еліңіз берген асқа қатысып, рухыңызды тірілтуде.
Ақ туымның астында
Мен өлмеймін!
Бармын, бармын,
Күн сөнгенше сөнбеймін! – деп өзіңіз жырлағандай, сіздің
алаулаған күн жүрегіңіз ешқашан сөнбейді. Сіз мәңгі тірісіз, Әбекем!
Қалмау үшін біз жүрген көнеріп із,
Қаулау үшін жас өркен өреніміз.
Бұлақ көзін аршимын құм ішінен,
Шөл қандырса кәусары деп едіңіз.
Содан бері қаншама бұлақ ақты,
Суғаруға нәр беріп жыр-алапты.
Күнмен бірге жасайды,
Жасай бермек,
Өзіңіздей ұлы ұстаз ұлағатты!!!
“Сыр бойы” газеті,
30-қазан, 1999 жыл.
АРМАНДА КЕТТІ-АУ, АҚБАЯН!
(марқұм Мәдина Ералиевамен соңғы сұхбат)
– Біз араласып-құраласқалы да жиырма жылдан астам уақыт өтіпті-ау, Мәдинажан...
– Иә, күні бүгінгідей есімде! Екеуімізді алғаш таныстырып, табыстырған «Алтыбақан» телеойын-сауық отауы еді ғой. Сен сол кездің өзінде тұңғыш жыр жинағың шыққан кәдімгідей ақын едің...
– Ал сен болсаң институт табалдырығын енді аттаған өндірдей жас едің, Мәдина! Сол «Алтыбақан» үстінде сенің орын- дауыңда жерлесіміз Бексұлтан Байкенжеевтің әні «Ақбаян- ның» тұсауы кесілді. Сол ән сенің бағыңды ашты ғой...
– «Ақбаян» менің бағымды ашты ма, жоқ әлде мен «Ақбаян- ның» бағын аштым ба, оны халық өзі білер. Бірақ, бір нәрсе ақиқат, менің әншілік жолым Сыр топырағынан бастау алғандығы... Мен ғана емес, «Тамашаның» тарландары Құдайберген Сұлтанбаев пен Лидия Каденова да осы «Алтыбақаннан» қанаттанып шықты емес пе?
– Неге екенін қайдам, сен жарқ етіп бір көріндің де, кейін әніңе құмартып, өзіңді ұнатып қалған халқыңнан алыстап кеттің...
– Ия, оның рас. Мемлекеттік қыздар институтын бітіргесін, Ғылым Академиясының өнертану бөліміне қызметке кірдім ғой. Сосын әншілікті тоқтатып, ғылымға бет бұруға тура келді. Бірақ сахнадан кетсем де, өнерден алшақтаған жоқпын деп ойлаймын. Ал ғылым жолы – инемен құдық қазғандай қиын жол. Сондықтан қай жолға түсерімді білмей біраз уақыт екіұдай сезімді бастан кештім. Ақыры ән құдіреті жеңіп, мені сахнаға қайтарды ғой.
– Сонда қалай, әрі ғалым, әрі әнші болу соншалық қиын ба?
– Әрине, бұл өте қиын шаруа. Оңай болса, өзің білетін «Досмұқасан» ансамблін құрған жігіттер қазір қайда? Ансамбльден шығып, Мұраттан басқалары ғылым жолына кетті. Өйткені, әртістердің бүкіл ғұмыры үйде емес, түзде өтеді ғой. Сондықтан ғылым мен өнерді қатар алып жүру ақылға сыймайтын нәрсе.
– Шынымды айтсам, мен ойлап едім, сенің әншілік жолыңды тұсап қойған жолдасың ба деп... Сен сол кезде Болат Атабаевқа тұрмысқа шығып едің. Осы жалғыз ұлыңның әкесі туралы мен білгенмен, көпшілік онша біле бермейді...
– Ол да өзім сияқты өнер адамы ғой. Ұлымның әкесі Болат Атабаев – белгілі театр режиссеры. «Кебенек киген арулар», «Естайдың Қорланы» тағы басқа сахналық қойылымдар Болатқа үлкен табыс әкелді. Ол ең алдымен неміс тілі мамандығын алған. Сосын Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер институтын бітіріп, Қарағандыдағы жалғыз неміс театрына қызметке кетті. Ол жақтан пәтер алғанға дейін мен Алматыда қалғанмын. Осы бір екі жақта өмір сүрген қиын күндер арамызға біраз салқындық түсірді. Ақыры бөлініп тындық қой. Ұлының атын Арсен деп қойған да өзі еді.
– Ғылым Академиясының жатақханасында тұрғанда, қа- сыңда сіңлің бар еді...
– Сағираны айтасың ба?.. Ол өз қолымда тәрбиеленіп, көркемсурет училищесін бітірді ғой. Қазір тұрмыста, бала-шағасы бар.
– Сол сіңлің балаңды көп жетеледі...
– Ия, көп жетеледі. Өзің білесің, ұлыма қарауға онша уақытым болған жоқ. Көбінесе, концерттік сапарда жүрдім. Сол кезде көп уайымдаушы едім «менің баламды бағам деп жалғыз қалса, обалына қаламын-ау» деп... Құдайға шүкір, отбасылы болды.
– Сол кішкентай Арсенің енді Қазақ университетінің студенті болыпты. Баласын шетелге оқытуды мақтан тұтатындар көп, сенің де сондай мүмкіндігің болды ғой...
– Мен өз басым, мұндай үрдіске үзілді-кесілді қарсымын! Біріншіден, ол жақтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы басқа. Балам жатбауыр болып кетуі мүмкін. Екіншіден, біздің өзімізде мықты білім алып шығуға болады. Оның үстіне, ұлым грантпен оқуға түсті. Қаражат тапшылығынан емес, ұлыма қатаң талап қойғандықтан. Ақшаға сенбей, өз біліміне сеніп оқысын дедім.
– Арсен өзің сияқты автокөлік айдай ма, саған таласатын шығар?..
– Мендегі «Джип» қой... оның өз «Максимасы» бар. Түсі аппақ, менікіндей емес. Өзім де соған қызығамын, кейде.
– Арсен он үшке толғанда өзің сыйлаған, кейін ұрлатып алған «Мерседес» автокөлігін саған атақты Мұстафа Өзтүрік берген деген сөз бар ел ішінде...
– Бос сөз! Жалпы өнер адамдарының соңынан қашан болсын өтірік-шын аралас аңыз әңгімелер көп ереді ғой. Біздің оған етіміз үйренген. Мұстафа Өзтүрік менімен жақсы сыйласты, өнеріме тәнті болды. Бірақ ешқашан ірі сыйлық жасаған емес. Ондай мәрттігін көрген жоқпын.
– Туған жерің, елің сағынды ғой дауысынды, қашан әнінді тыңдаймыз? Өзіңмен дидарласқанға не жетсін!
– Мен де сағындым ел-жұртты... Құдай қаласа, күзге қарай жолдасымды ертіп барып, сонда жатқан марқұм анамның рухына арнап ас берсем деген ойым бар. Елге бармағалы да үш жылдан асыпты-ау. Сәлем айт, мені іздеген жұртыма! Осы жолы жаңа әндермен сусындатамын оларды. Кеше ғана студияға барып 5-6 жаңа ән жаздырдым үнтаспаға. Белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Алматы-Дели», «Айналдым, елім», «Қасымдасың сен» әндері, сосын Қадырәлі Намазов деген аты халыққа беймәлім жастың әні бар, ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған...
– Айтпақшы, Мұқағали ақынның шығармасын бұрын да сахнаға шығардың ғой сен?
– Иә, «Есіңе мені алғайсың?» деген... осы әнді қатты ұнаттым. Сөзі мен әуені үйлесім тапқан ғажап дүние! Кейінірек білдім, әнді жазған өз жерлесім Елена Әбдіхалықова екенін... Қатты қуандым, осындай дарынды қыздарымыз барына...
– Дарынды ұлдарымыз да баршылық, соңғы кезде Рама- зан Тайманов деген композиторымыз жүлденің көбісін қанжығасына байлап жүр.
– Менің дауысыма сай келетін ұнамды әндерін әкелсе, онымен де бірлесіп жұмыс істеуге даярмын. Жерлестердің абыройы маған да қымбат.
– Ал, енді репертуарыңа жаңа әндер қосылғанын айттың, жаңа кәстөм бар ма? Баяғыда ұлттық киімдер өзіңе қатты жарасушы еді, халық әндеріне де құлақ құрышымыз қанатын. Соңғы кезде осы екеуінен де айырылып қалғандаймыз ба, қалай өзі?..
– Ұлттық киімдер маған қонымды екенін өзім де білем. Бірақ менің соңымнан жарассын, жараспасын, ұлттық киім киетіндер көбейді ғой. Сосын көптің біріне айналмай, дер кезінде тоқтап, басқа бір киім үлгісін табу қажет болды. Өзімнің фантазиям арқылы жаңа шығыс үлгісіндегі кәстөм тіктім, үлбіреген желегі, қос қанаты бар. Мен көбінесе сахналық киім үлгілерін өзім пішіп, өзім тігемін.
– Ертеректе үйіңе барғанда, еркектерге жалынбай шегені де өзің қағып жатқаныңды көріп едім...
– Иә, ондай өнерім де бар, еркектерге жалына бермеймін. Айтпақшы, тағы бір сұрағыңа жауап бере кетейін, халық әндеріне қатысты... Шынын айту керек, мені кезінде өнер көгіне жарқыратып шығарған осы халық әндері. Ұмыт бола бастаған халық әндерін, мысалы «Айқаракөз» сияқты... ел ішінен іздеп тауып алдым да, теңізден маржан сүзгендей жарқыратып шығардым. Бұл әндерді, өкінішке қарай, бүгінгі жастар қажет етпейді ғой. Ал, нарық заңы сұранысқа қарай жұмыс істеуді талап етеді. Эстрадалық әуендерге көп көңіл бөлетінім де содан. Халқым менің қазақы бейнемді, ескі әндерімді сағынып жатса, несі бар, оған қайта оралуға болады. Тек басқаша қырынан... оны әлі ойластырармын.
– Атақты адамдарда «жұлдыз» ауруы болады, өзің қалайсың, басың айналмай ма?
– Жоқ. Мен өзімді бұрынғы қарапайым қалпымда қалдым деп ойлаймын.
– Саясатқа араласу ойыңда бар ма? Мысалға Құдайбер ген Сұлтанбаев, Роза Рымбаева, Әсия Беркеновалар сияқты... Роза «Отан» партиясынан депутаттыққа ұсынылды ғой, өзің білесің.
– Саясат менің қолым емес, ондай ойдан аулақпын.
– Күндестік, қызғаныш деген нәрселер саған таныс па?
– Өнерде күндестік жоқ, бәсекелестік бар. Білемін, көп адамдар мені Мақпалмен салыстыратынын... Бірақ бұл дұрыс емес. Біріншіден, Мақпал менен әлдеқайда жас, менің өкшелес сіңлім. Мен одан көп бұрын танылғанмын. Екіншіден, екеуміздің дауысымыз да, орындау мәнеріміз де, тіпті сахнадағы қимыл- әрекетіміз де ұқсамайды, яғни бір-бірімізді қайталамайтын дара тұлғамыз. Сондықтан бұл арада қызғаныштың еш қисыны жоқ.
– Біраз «сахна жұлдыздарымыз» той-томалақтарға қаты- сып, өнерін пұлдайды дегенді естіп те, көріп те жүрміз, сен ше, Мәдина?
– Жоқ, бармаймын. Жеке адамдардың той-думанына қатысып, өз өнерін пұлдау материалдық мұқтаждықтан туындайтын нәрсе.
– Әлгінде ғана сенің «Джип» автокөлігіңмен қаланың біраз жерін шарлап қайттық. Сен мені, көлік ішінде қалдырып, өзің бір емшіге кіріп шықтың, жайша ма?
– Қайдан?.. Соңғы кезде балам екеуімізді ауру-сырқау айнал- дырып кетті ғой. Сырт көздің сұғы жаман деуші еді... Өзімді қойшы, ұлымның денсаулығына қатты алаңдаймын! Арыстанбаб әулиеге қатарынан үш рет зиярат етіп қайттым.
– Емші әйел не дейді?
– Баланың үстін қаптаған көз жара, оны емдеу үшін автол майы мен махорка тауып әкел дейді. Содан ғой, әлгінде екеуіміз май құятын стансаларды жағалап, көк базарды аралап жүргеніміз.
– Сол кезде сені көп адамдар жазбай танып жатты. Осындай танымал болудан шаршайтын сәттерің бола ма?
– Болғанда қандай! Қатты шаршаймын, тіпті жай адамдар түгілі, туған-туыс, жора-жолдастан да басымды алып қашам. "Депрессия" деуші ме еді... сол қазір менің басымда бар. Қалай түсінсең, олай түсін, Қатира, мен өзімді алтын торға қамалған құстай сезінемін кейде. Сондай сәтте машинаға отырып алып тауға, табиғат аясына кетемін. Тау ішін күңірентіп ән саламын айқайлап. Аласұрған көңілім өз арнасына қайта түскендей болады. Сосын бойымдағы артық энергияны сыртқа шығарып тастап, жеңілдеп қайтамын үйге...
– Сен рульді жалғыз қолмен игеріп, екінші қолыңмен ұялы телефон арқылы сөйлесіп отырғанда, қорқып отырдым, бір жерде аударыламыз ба деп... Сол құрғырды жағаластырмай үйге барғасын да сөйлесуге болатын еді ғой. Қайда асығасың?
– Сен қызықсың, Қатира! Онда өмірі ісің біте ме? Мен кезек күттірмей бірнеше шаруаны қосақтап қатар атқаратын адаммын. Бұл уақыт үнемдеуге жақсы, аз уақытта көп іс тындырасың. Көріп отырсың, қазірдің өзінде сенімен әңгімелесіп жүріп үй шаруасымен де айналысып жатырмын. Сенің бетіңе қарап отыра берсем, мынау жұмыстарым жайына қалмай ма?
– Өзгелер сияқты үй күтушісін ұстамайсың ба?
– Бұрынғысын босатып, жаңасын қабылдап жатырмын. Бүгін келуге тиіс, неге екенін қайдам, кешігіп жатыр ғой.
– Онда, мен саған қолбайлау жасамайын, онсыз да біраз уақытыңды маған арнадың. Енді, ел ішінде кездескенше аман болайық, Мәдинажан!
– Саған да рахмет, Сыр сәлемін жеткізгеніңе! Алла туған еліммен тезірек қауышуға жазсын!
“Сыр бойы» газеті
9-қаңтар, 2001 жыл
МЕЙІРМАН МЕН ТОҚСЫН ТУРАЛЫ СЫР
Өзім Сыр бойына оралғанша, Қазақстан теле-радиокомпаниясының үлкен ұжымында табаны күректей 25 жыл қызмет істеппін. Осы жылдар ішінде Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Шәміл Әбілтаев, Мейірман Нүрекеев, Тоқсын Құлыбеков сияқты небір өнер майталмандарымен қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс істегенімді үлкен мақтаныш сезіммен айта аламын. Ал, енді аталғандардың ішінен Мейірман мен Тоқсынның орны мен үшін ерекше еді. Өйткені өзім сияқты Шиелінің топырағынан шыққан Мейірманды аға тұтсам, қызметке өзіммен тұстас келген Тоқсынды құрбы-дос тұттым. Студент кезінде-ақ отау құрып үлгерген Тоқсын қызметке ерте араласты. Алғашқы жұмысын Қазақ радиосының дикторлығынан бастаған ол режиссура саласына кейінірек ауысқан болатын. Анда-санда радиотеатр мен телетеатрға қатысып, азын-аулақ рөл атқарғаны болмаса, нағыз актер ретінде онша таныла қоймаған кезі. Содан болар күнделікті өмірде өзінің әзіл-оспағымен есімізден тандырып, күлкіге қарқ қылатын Тоқсынды кейін «өнер жұлдызына айналады-ау» деп тіпті ойламаппыз. Қарапайымдылықтың нағыз үлгісі осы болар, сірә. Болмаса бойындағы аз ғана талантын дардай ғып көрсетуге тырысатын арзан қол өнер иелері аз ба арамызда? Тоқсынның ауылы ондай даңғойлықтан алыс болатын. Ол барынша кішіпейіл, жүрегі нәзік жан еді. Байқап қарасақ, қайсыбір оқу орнының болсын, асқан дарынды шәкірттерін топтап ұшыратын «жұлдызды жылдары» болады екен. Консерваторияның сондай «жұлдызды жылдарының» бірі осы Тоқсын бітірген 1974 жыл десем, артық айтқандық емес. Қазақстанның тұңғыш маман режиссеры Асекең (Асқар Тоқпанов) пен профессор Рабиға Қаныбаева тәрбиелеген осы жылғы түлектер Қ.Сұлтанбаев, У.Сұлтанғазин, Л.Каденова, Т.Құлыбековтер кейін- нен «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы халыққа кеңінен танылып, «эстрада жұлдыздарына» айналғанын білеміз. ...Олар дипломдық спектакль қойғанда радионың бір топ қызметкерлері, арамызда Тоқсынның жары Қарлығаш бар, жанкүйер боп барғанымыз есімде. Содан қасымда отырған Қарлығаш әрі қарап, бері қарап, сахнадан өз күйеуін таба алмай- ақ қойғаны. «Ау, Тоқаң қайда?» деп біз де айран-асыр қалып отырмыз. Ақыры шыдамы таусылған Қарлығаш үзіліс сәтін пайдаланып, күйеуін іздеуге шығады. «Тоқсынды көрмедің бе?» - деп сұрайды ол қарсы алдынан жолыққан сақал-шашы қудай шал бейнесіндегі актердан. Ол үндемей қолын алдына қарай сілтейді. Қарлығаш одан әрі қарай өтіп, келесі адамнан сұраса, «өз күйеуіңді өзің танымай не қара басты сені?» деп қарқылдап күледі. Сөйтсе, әлгі бірінші боп алдынан шыққан шал Тоқсынның өзі боп шығады ғой. Осыны естіген біз ал кеп күлейік. Өз әйелімен де осылай ойнай беретін Тоқсын еді ғой ол! Бірде бірге жұмыс істейтіндермен, арамызда Тоқсын да бар, бір үлкен тойға барғанымыз есте қалыпты. Дастархан басына отыра бергеніміз сол еді, қасындағы әдемі келіншекке «Қозы Көрпешің қайда, Баянжан?», – деп тұрған Тоқсын іле-шала: «ойбай, мынау келе жатыр екен ғой, бірақ оның Қозыдан гөрі Қодарға көбірек ұқсай ма қалай өзі?» демесі бар ма? «Әй, саған дауа жоқ шығар, ых...ых...», – деп күледі Баянның күйеуі. Айналамыздың бәрі қыран-топан күлкі... Тағы бірде Тоқсынның Тараз қаласында тұратын курстасы Айгүл айды аспанға шығарып, үшемді бір-ақ туды. Ұжымдағы қушыкеш жігіттер де қарап тұрсын ба, Тоқаңа микрофон ұсынып «курстасың- ның дүниеге оптом үш сәби әкелуінде не сыр бар?» деп қылжақтайды ғой баяғы. Сонда сабазың аспай-саспай миығынан күліп «Е, онда тұрған не бар? Кезінде ұстазым Асекең (Асқар Тоқпанов) Айгүлге айтушы еді «сен қыздан не мықты әртіс шығады, не қат- қан қатын шығады» деп... Сол айтқандай Айгүлден «мынауский» қатын шықты да...» дейтін көрінеді бас бармағын шошайтып. «Тоқсын айтыпты» деген осындай қыршаңқы, қағытпа сөздер көп естілуші еді арамыздан. Бүгінде сол, қайран, Тоқаңның өзі жоқ, сөзі қалды соңында. Сондай-ақ, Тоқсынның «Көңілашары» мен жас дарындарды қолдайтын қоры қалды. Көзі тірісінде ой- ластырып, жүзеге асыруға үлгере алмай кеткен Тоқаңның осындай қыруар шаруасын бұл күнде жастай қосылған жан-жары Қарлығаш Оңалова өз қолына алған. Сондай-ақ, соңғы кезде «Тоқсын және К» турфирмасын ашып, өзінің іскерлігін танытуда. Қарлығаш пен Тоқсын қос қызын барынша аялап өсірді, үлкен қызы Шынарды жылы ұяға ұзатып, немере сүйіп те үлгерді. Сол немересі Айдана- ның орындауында «Қошақаным» әнін жуырда ғана «Тоқсынның көңілашарынан» естіп тамашаладық. Қайран Тоқаң, осыны өз көзі- мен көргенде ғой, шалқып-тасып отырар еді-ау ортамызда. Тағы бір айтайын дегенім, Тоқсынның жазушылыққа бой ұрып жаңа қырынан танылуы жайлы. Жалпы, осы өмірдің өзінде анекдотқа ұқсас шым-шытырық оқиғалар жиі кездеседі ғой. Өзі араласқан адамдардың аузынан сондай хикаяттарды ести қалса, бірден сахналық қойылымға лайықтап, өңдеп жазуда Тоқаң еш жазушыдан кем түспейтін еді-ау. Оның өз қаламынан туған талай туындылар «Тамаша» ойын-сауық отауында орындалып, көрермен көңілінен шыққаны да ақиқат. Мысалға, Тоқсынның моншаға тү- семін деп тағдыр тәлкегіне ұшырап, көшеде тыр жалаңаш қалатын кейіпкерін алайық. Бұл өзінің Р.Ханалиев деген досының басынан өткен хикая болатын. Соны асқан шеберлікпен сахнада сомдаған Тоқаңа қалай раза болмассың?! Шіркін, сахнаның сәні, той-ду- манның көркі еді ғой, есіл ер! «Бұл арқалы актер, оны қолдайтын пірі бар» деп үлкен жазушымыз Шерағаң айтқандай, қысқа ғұмы- рының ішінде дара тұлғаға айналған, «Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі» дәрежесіне жеткен аяулы досты әрдайым сағынышпен еске алатынымыз сөзсіз. Келесі сөз Мейірман ағамыз туралы. Алғаш көргенімде, ол телевидениеде режиссер боп істейтін. Сүйген жары Айман жеңгемізбен осы жерде танысып, отау құрған-ды. Айман Ақшалова ол кезде – танымал диктор. Тыныс Өтебаев екеуі кешкі жаңалықтарды жүргізді. Бірақ, неге екені белгісіз, кейінірек Қазақ радиосына қызметке ауысты. Жұмысымыз бір-бірімізбен байланысты болғандықтан осы Айман жеңешеммен көбірек араластым. Мені өзіне жақын тартып, кей күндері үйіне алып кететін. Мейірман аға алдымыздан қалбалақтап қарсы алады. Өте қонақжай, ақкөңіл адам еді, жарықтық! Бірақ мен онымен Тоқсынмен араласқандай араласып, еркін ұстай алмадым өзімді. Жасы үлкен адам болғасын әдеп сақтап, алдында сызылып отырушы едім. Неге екенін қайдам, кездескен сайын ол маған «бұл жақта не бар қимайтын, ауылға қайт, қарындасым!» деп айта беретін. Менің сыңар аққудай жалғыз жүргенім ұнамай ма, «өмірлік серік тапқаның жөн» дегенді қоса айтуды да ұмытпайтын. Бұл ағамыз туралы тамтұмдап білетінім, алғашқы жары Асылайдан екі ұлы болған. Екеуі ажырасқанда олар кемпір-шалдың бауырында. Ал, Айманнан бір ұлы бар. Өзі осы жеңгемізді жүрген жерлерінде еш қысылмай мақтай беретін. Сөйте тұра «үй-ішіме, бала-шағаға қажет-ау» деп ойламай, қолына түскен табысын сыртқа төгіп-шашып келетін өнері де бар екен. Естуімше, «Тамашаның тарландары» деп қалталы азаматтар Құдайберген екеуін той- томалаққа жиі шақыратын көрінеді. Қайтарда, әрине, құрқол қайтармайды, қалталарына бума-бума ақша салады. Бірақ осы ғайыптан топ етіп түскен байлықты Құдайберген ағамыз шашау шығармай әйелі Дәкеннің қолына әкеп салса, Мейірман ағамыз үйіне жеткенше жол-жөнекей таратып, көрінгенге үлестіріп келетінге ұқсайды. Айман осыны айтып, маған мұңын шаққанда, Мәкеңді мақтарымды не даттарымды білмей, қара терге түсуші едім мен. Тіпті бір көрген адамын үйіне ертіп әкеп, үстіндегі киімін кигізіп, оған қоса жалғыз бәтеңкесін сыйлап жіберіпті. «Мұның не?» деп шырылдаған әйеліне: «үндеме, құдай өзі жеткізеді, мына жігіттің бәтеңкесін біреулер ұрлап кетіп, жалаң аяқ қалды байғұс, обал ғой енді?», – дейді. Ал, енді осыдан кейін ағамызды «Атымтай жомарттың өзі» демей көр! Мейірман аға мен істейтін мекемеде көп болған жоқ, ұзамай М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына ауысып кетті. Содан соң мен оны бұрынғыдан сирек көретін болдым. Үйіне бара қалсам, ол театрда болады. Сондықтан Мәкең туралы көсіліп сөйлеу де қиын... Өмірдегі Мейірманнан гөрі сахнадағы, кинодағы Мейірманды көбірек көрген екенмін қазір ойлап отырсам. Сахнадағы Тоқсын мен өмірдегі Тоқсынның айырмашылығы шамалы болса, сахнадағы Мейірманның өмірдегі Мейірманға ұқсастығы аздау болды. Мен оны барынша салмақты, сабырлы қалпында көріп жүрдім, сайқымазаққа ұқсамайтын. Бірақ сахнада образға енгенде, мен оны танымай қалатынмын. Бұл да кәсіби шеберліктің бір қыры ғой. Қалай болғанда да, осы мен сөз қылған қос арыстың өнердегі орны бөлек, «Тамаша», «Күлкі керуені», «Көпен келе жатыр», «Көңіл ашар», «Бауыржан-шоу» ойын-сауық отауларын тамашалағанда, Тоқаң мен Мейірман ағаның орны айрықша ойсырап тұрады. Олардың орнын толтыру да мүмкін емес. Өйткені, Тоқсын мен Мейірман екінші рет тумайды. Иә, өзекті өртейтін өкініш! Біз қос арысты әлі талай еске алып сағынатын боламыз!
“Ақмешіт ақшамы” газеті
16 ақпан, 2001 жыл
АСЫЛ ЖАНДЫ АЛМАГҮЛ
Тыным бермей қамшылап жанға мүлдем,
Қай істе де оқ бойы алда жүрген.
Сенім артып, ел-жұрты үміт үзбес,
Сұлу Сырдың өр қызы Алмагүлден.
Жолбарыстың қайраты – жүрегінде,
Әйелге тән ибалық – реңінде.
Алуан түрлі қасиет бір өзінде,
Қайраткер бар осындай Сыр елінде!
Өзім жазған осынау жыр шумақтарының бас кейіпкері, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы А.Божановамен танысуымыздың өзі қызық бір хикая. Ол кезде мен “Қазақстан” телерадиокорпорациясында қызмет істейтінмін. 1985 жылдың наурыз айында Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова үшеуміз арнайы шығармашылық сапармен Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына бардық. Біздің шаруамыз сол кезеңдегі идеологиялық хатшыларсыз бітпеуші еді ғой. Тереңөзек ауданының идеологиялық хатшысы өзіміз құралпылас, қасы-көзі қиылған, қараторы қыз Алмагүл Божанова екен. Мінезі ашық, сөзге шешен, ұстамды да инабатты жан. Әдетте, жолсапар кезінде есте қаларлық жайттар жиі ұшырасады емес пе? Біз де дарияның арғы бетінде орналасқан Шаған ауылына барарда бір қызыққа тап болдық. – Шағанға ертерек жетіп, бір жиынға қатысуым керек еді, елжұрт текке тосып қалмасын, мен мынау мұздың үстімен төтелеп тартсам деймін, – хатшы қыз көз алдымызда көк мұзбен құрса- нып жатқан дарияға қарай иек қақты, – кәне, қайсыңыз бар маған жолсерік болатын? Әрине, біз ыршып түстік. Анау көбесі сөгіле бастаған мұзыңыз аяқ астынан опырылып түсіп, ойранымыз шықпасына кім кепіл? “Сақтықта қорлық жоқ” деген, көпірмен өтейік. Сіз де басыңызды қатерге тікпеңіз” дестік.
– Жоқ, болмайды!
Кесімді сөзін айтқан хатшы қыз бәріміздің көз алдымызда жа- нын жалдап, “темір тұлпарын” көк тайғақ мұзға салып кете барды... Ал біз басқа бір көлік тауып, көрші аудандағы көпірге қарай тартып кеттік. Жүріп келеміз, жүріп келеміз... көпірі құрғыр жеткізер емес. Аздан соң көктемгі жаңбыр сіркіреп, жол дымқылдана бастады. Биязы мінезді Күләш ақын жол-жөнекей “жолбарыс жүректі” хат- шы қыз көк тайғақ мұзбен кетті, “қоян жүректі” жігіттер жолы дымқыл сызбен кетті, – деп даусын соза мақамдап, ері Қайыр- бекпен қалжыңға көшті. Күлекеңнің әдемі әзілін іліп әкетіп “қай- дасың, көпір, қайдасың, көреміз қашан пайдасын?” – деймін мен де әндете сөйлеп. Сөйтіп әзіл-қалжыңмен жол қысқарып жеттік-ау, әйтеуір, Шағанға...
Хатшы қыз өз жұмысын бітіріп, ел-жұртымен бірге бізді тосып отыр екен.
– Апыр-ай, амансыз ба? – дейміз жамырай сөйлеп. – Осында жеткенше сіздің тілеуіңізді тілеп келдік бәріміз де.
– Бұл біз үшін үйреншікті жайт қой, – дейді ол әдемі жымиып қойып. – Осылай уақыт үнемдемесек шаруа бітуші ме еді?
Сол күні Шаған ауылында керемет бір жыр кеші дүрілдеп өтті.
Осы Алмагүл кейіннен аудандық атқару комитетінің төрайымы, сосын аудан әкімі болып қызмет атқарған кездерде де біз оған сырттай тілеулес боп жүрдік. Ал, кейіннен Алматыдағы зиялы қауымның бір шоғыры жаңа астанаға ауысып, кейбіреулері елге қарай көш түзеген кезде мен де Сыр өңіріне оралғанмын. Енді, әкім қызбен бұрынғыдан гөрі жақынырақ танысып-білісудің сәті түскендей еді. Шен-шекпені өссе де, кейбір шенеуніктей кеудесін шіремеген сол баяғы кішіпейіл, қарапайым қалпында екен. Мен осыған сүйсіндім. 1999 жылдың күзінде Сырдың төл перзенті, қазақтың абыз ақы- ны Әбекеңнің (Ә.Тәжібаев) тоқсан жылдығы мен дүниеден озға- нына жыл толуына орай ұйымдастырылған ас беру рәсімі бір күннің ішінде қос ауданда қатар өткен болатын. Соған қатысуға арнайы келген қаламгерлердің Тұмағаң (Т.Молдағалиев) бастаған бір тобы Шиелі ауданында қалса, Тұрсекең (Т.Кәкішев) бастаған келесі топ Сырдария ауданына жол тартты. Қандай бір іс-шараның болмасын нәтижесі басшысының қабілет-қарымына байланысты екендігі дәл осы жолы анық байқалған еді. Сырдария ауданының әкімі А.Божанованың ұйымдастыруымен болған іс-шаралар өзінің ауқымы жағы- нан да, мазмұны жағынан да аса жоғары деңгейде өткендігін ақын рухын асқақтатқан сол тойдан оралғандар тамсана айтып, тауыса алмап еді-ау көпке дейін... Әрине, бұдан “әкім қыздың барлық уақыты той-дүрмекпен өтіпті-ау” деген ұғым тумаса керек. Бұның бәрі сол кездегі А.Божанова атқарған іс-шаралардың бір парасы ғана десек, Тереңөзек, Сырдария аудандарының әкімі боп істеген жылдары егін жинап, астық бастыру науқанында басқалардан оқ бойы озып, жүлденің алдын бермей жүрді. Облыс көлемінде “ең үздік аудан” атанып, сол тұстағы облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мырзаның қолы- нан “темір тұлпардың” кілтін қолға ұстағанын да көзіміз көрді. Ең ғажабы, әкімдер жыл сайын ауысып жатқан сол аласапыран заманда бір орында тапжылмай отырудың өзі оңай емес-ті. Өзінің жанкешті еңбекқорлығының, қайтпас қажыр-қайратының арқасында біраз жыл аудан тізгінін ұстаған А.Божанова кейінгі жылдары бұл орыннан қозғалып, облыстық мәслихаттың хатшысы болып келген болатын. Әрине, облыс көлемінде атқарылып жатқан іс-шараларды үйлестіріп, түрлі шешімдерді бекітіп отыру аса жауапты әрі мәртебелі қызмет. Бұған облыстық халықтар достығы Ассамблеясы тө- рағасының орынбасарлығын қоса атқаратындығын ескерсек, оның жауапкершілігіне кіретін іс-шаралар ауқымы өте кең екендігін көреміз. Облыстық мәслихат хатшысы ретінде барлық депутаттарды ұйымшылдықпен жұмылдыра отырып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты дер кезінде маңызды бағдарламалар да- йындап, тиісті шешімдер қабылдауға және сол шешімдерді жүзе- ге асыруға ұйытқы болды. Сондай-ақ жеке қабылдауында болған кісілердің тағдырына араласып, оларға қатысты мәселелердің оң шешімін табуына ықпал жасап отырғандығын ерекше атағанымыз абзал. Әсіресе тұрмысы төмен отбасыларға көмек беруді ұйым- дастыруға барынша көңіл бөліп, назарынан тыс қалдырған емес. Қолында мүмкіндігі бар беделді азаматтарды да осы игі істерге тартып, қайырымдылық акцияларын өткізуге жиі атсалысып келеді. А.Божанова өзінен басқа әріптестерінің де істері алға басуына мүд- делі болып, олардың жұмыстарын үйлестіруде шын мәнінде, көш- басшы бола білді. Сондықтан да болар, Сыр бойының жұрты қандай бір мәселенің болмасын түйінін шешіп, істің көзін таба білетін парасатты да ба- йыпты қызды сыртынан айрықша аялап, “асыл жанды Алмагүл” деп атайды. Ендеше, жар құлағы жастыққа тимей, өзі қамын жеп жүрген сол ел-жұрттың атынан айтарымыз: алдағы уақытта да абы- ройыңыз артып, Алланың нұры жаусын сізге, асыл жанды Алмагүл!
«Егемен Қазақстан» газеті
2003 жыл, қыркүйек
СҰЛУ СЫРДЫҢ КЕЛІНІ
Тағдырдың жазуымен ұлтымыздың тұғырлы қос ақыны – Қ.Асанов, К.Ахметова және өзім бір жылда қазақтың Ұлттық университетіне қабылданып, «махаббат қызық мол жылдарды» қатар өткіздік. Бір жатақханада тұрғанымыз болмаса, олар журналистика, мен филология факультетінде оқимыз. Содан болар, алғашқыда бір- бірімізді онша тани бермейтінбіз. Әлі күнге дейін есімде қалғаны, Күләшті ең алдымен университетте шығатын қабырға газеті арқылы білдім. «Шағала» атты қабырға газетінде шыққан әдемі бір өлеңі көп ұзамай ауыздан-ауызға таралып, тез жатталып кетті.
Ұмытам деген кісім ең,
Несіне ендің түсіме?
Сұрайсың мені айқайлап,
Қап-қара орман ішінен..,–
деп өзіміз шығарғандай жарыса айтып жүрдік. Оның жаңа өлеңдеріне шөлдедік, таптық, тағы да жаттадық. «Жаттадық» дегенім өтірік, бір тыңдағаннан, не оқығаннан көңілімізге бірден орнай қалатын. Бұл өміршең өлеңнің құдіреті! Мектеп қабырғасынан енді ғана шыққан өзім сияқты «сары ауыз балапандар» үшін сол кездің өзінде-ақ республикалық басылымдардан көрініп, тіпті өлеңдері жас ақындардың жыр жинағына еніп үлгерген Күләш көзімізге кәдімгідей үлкен ақын болып көрінетін. Бірақ біз қателеспеген екенбіз, өзіміздің Асекеңнің (А.Тоқмағамбетов) алғысөзімен аймақтық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған балауса жырлары С.Мұқановтың жастар шығармашылығы жайлы жасаған мақаласында айрықша аталып, оны айтасыз, сон-ау Жамбылда жүріп-ақ, Алматыда өткен жас ақын-жазушылардың кеңесіне қатысуға келгенде ақиық Мұқағали ақынның назарына ілігіп, «сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер, Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер» деген ғажайып өлеңінің лирикалық кейіпкеріне айналған Күләшіміз, шын мәнінде, бізден көш ілгері екен. Ал енді жатақхананың бір бұрышында Күләшпен жиі кездесіп, сырласып тұратын Қайрекеңді ол кезде біз сырттай танып- білдік. Өзі өте мәдениетті, сыпайы еді. Күлекең гүлдей үлбіреп, Қайрекең қасында сызылып тұрушы еді. Сонда олар маған бір- біріне ішкі сезімдерін тек қана жыр тілімен ұқтырып тұрғандай әсер қалдыратын. Сол бір қос жүректі жалғайтын нәзік сезім бірте-бірте алапат күш алып, соңы ұзамай үйленумен аяқталды. Қайрекеңнің жерлес аға, Күлекеңнің жеңгем екендігін сонда ғана білдім.
Сезімтал болдым, сірә, тым,
Ертерек естіп Сыр атын,
Еліне Қызылорданың
Бүйрегім бұрып тұратын!
Іңкәр ем өлмес өлеңге,
Іңкәрлік оты сөнер ме?
Керемет тағдыр өрімі,
Келін боп түстім сол елге, –
деп бір ғана рудың емес, бір қауым елдің, сұлу Сырдың келіні екендігін өміршең өлеңмен әдемі кестелеген Күләш ақын сол айтқанында тұрып, жақсы жар, елінің ибалы келіні бола білді. Осы өңірде болып жатқан әрбір өзгеріске көңілі алаңдап:
Найзалы қанша қырғын ғасыр өткен,
Сонда да қасиетін басым еткен!
Сыр елі, сынық қабақ дидарыңды
Қалармын қалай аршып қасіреттен? –
деп көкірегі қарс айрыла жырлаған ол өзі келін боп түскен топырақты кие тұтып, оның қуанышы мен қайғысынан тыс қала алмайды. Бұл – үлкен парасаттылық. Себебі, қай кезде де біздің салт-дәстүріміз бойынша «Қыз барған жерге тастай батып, судай сіңіп кетуге» тиісті. Осы тұрғыдан алғанда, Күләштің төркін жұрты Тараз болғанымен, нағыз өз жұрты – осы Сыр елі ғой. Сондықтан торқалы мерейтойы тойланған жылы ат басын тіреп, Сырға келуі де – заңды құбылыс. Бір ғажабы, оның тағдыр қосқан қосағы Қ.Асанов та – ақын. «Лениншіл жаста», «Қазақ әдебиетінде» ұзақ жылдар қызмет істеген ол мықты жырлар жазып жүрсе де, сол жазғандарын жарыққа шығаруға онша құлықты болмады. Ақындығынан гөрі журналистік кәсібіне көбірек мән берген сыңайлы. «Менің алғашқы сыншым – Күләш, ал оның сыншысы – менмін. Көңілімізге қарамай ашық айтамыз, содан қорытынды жасап жазғанымызды қайта қараймыз. Бірақ, шынын айту керек, Күләш ел-жұрты ерте мойындаған ақын ғой, сондықтан оны менің де мойындамасқа амалым жоқ» деп ағынан ақтарылады Қайрекең өзінің бір республикалық басылымдарға берген сұхбатында.
Махаббатын сақтаған бойында нән
Жойқын сезім әлі күн жойылмаған.
Өзі де ақын болғасын Қайырбегі
Мықтылығын Күләштің мойындаған –
деп оған жыр арнауым да осы себепті. Ал, енді қос ақынның «бір қазанға басы сыйып» тұрақты жұп құруы – сирек кездесетін құбылыс. Өзі – пері, өзі – сері ақынды жар ету оңай емес. Күләш айтқандай, «қып-қызыл отты жалаңаш қолмен ұстап көтеріп жүру» екендігі де рас. Тағы бір айтарым, осы соңғы уақытта отанымызда орнап жатқан атышулы демократиямыз бұлардың отбасында бұрыннан бар. Ол – сөз бостандығы! Екеуі де бір-бірінің сөз еркіндігіне, қиял әлеміне шектеу қойған емес. «Лирикалық кейіпкерлеріне» үлкен түсіністікпен қарай білді, «қызғаныш деген сайтаннан» сақтана білді. Осы орайда, Мұқағали Мақатаевтың «Ақынды ақын түсінбесе – сол қайғы, ақынды ақын қолдамаса болмайды» деген ұлағатты жыр жолдары еріксіз ойға оралады. Жасыратыны жоқ, студенттік өмірдің алғашқы жылдарында Күлекеңе еліктеуім ерекше еді. Өйткені ол мен ойлаған тақырыпты менен бұрын тауып, айтсам деген сөзімді менен бұрын айтып қоятын да, амалсыз маған соны қайталауға тура келетін. Әрине, өлең өрнегіне өзімше өзгеріс енгізіп, басқашалау етіп... Осындай еліктеушілік сол кездегі жас ақындардың қай-қайсысына болсын тән еді. Кейін келе бұл «дерттен» арылып, өз қолтаңбамызды таптық қой. Жалпы, Күләштің ақындығы туралы талай «дуалы ауыздар» жылы лебізін айтып жазды. А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ә.Кекілбаев, Қ.Мырза-Әлі сияқты алдыңғы ағалардан асырып мен не айта аламын? Сонау жетпісінші жылдардың басында-ақ баспасөз бетінде «Күләш Ахметова – ақын» деп бүкіл қазақ жұртына жар салған Әбекеңе, (Ә.Тәжібаев) арада отыз жылдай уақыт салып Күлекең туралы өзінің «Мың бір мұңын» жазған Қадыр Мырза- Әлі ағамызға менің қосып, аларым жоқ. Бәрі – шындық. Бұл аз десеңіз, Әбіш ағамыздың мына сөзіне құлақ түріңіз: «Қыз шіркін, қылығымен, жыр шіркін, жылуымен баурауға тиіс. Күләш – жыр сонысымен қымбат. Күләш ақын сонысымен қадірлі. Пейіш төріндегі гүлдей құлпыра бер, періште көңіл перизат өлең!» Бұған менің қосып айтарым, біраз ақындарымызда бар «атаққұмарлық» ауруымен ауырмай, саяси ойындарға араласпай, періште көңілін таза ұстап келе жатқан Күлекеңді сол атақ- даңқ өзі іздеп келіп табады. Ол өз биігіне жарқырап шығып, шоқ жұлдыздардың арасынан өз орнын әлдеқашан тапқан ақын. Сондықтан, оның ақындығынан гөрі, біреулер біліп, біреулер білмейтін азаматтық адами қасиеттері жайлы сыр қозғау маған ләзім. Ең алдымен, Күләш адамға істеген жақсылығын ешқашан бұлдамайтын, «мен сөйттім» деп кейбіреулер сияқты жұртқа дабырайтып көрсетіп, мақтанбайтын жан. Ұмытпасам, сексенінші жылдың басы болуы керек, республикалық жастар газетінде журналист Н.Үркімбаеваның оқырманды еріксіз толқытқан үлкен мақаласы жарық көрді. Онда Мәскеуде оқып жатқан өрімдей жастың көлік апатынан мүгедек боп қалғаны, ауруханаға түскен жігітті соңынан Лена есімді тува қызының іздеп келіп, оған өз тағдырын қосқаны жайлы өте әсерлі жазған-ды. Сол екі аяқтан айырылып, арбаға таңылған өрімдей жас – бұл күндері Қазақстанға танымал ақын, өз жерлесіміз Нұртас Исабаев болатын. Осы Нұртасты Жаңақорғаннан Алматыға көшіріп алып, әдеби ортаға қосуға Күләш үлкен күш салды. Астанадан үй алу дегеніңіз қай кезде де күрделі болғандығы көпке аян. «Нар тәуекелге» басқан Күләш сол кездегі Қазақстан Жастар Орталығы Комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахмановқа барады. Өзінің абырой-беделін салып жүріп, тағдыр тәлкегіне түскен қамкөңіл ақынға Алматының ортасынан ойып тұрып үй әпергізеді. «Жақсыдан – шарапат» деген осы да! Бірақ мұны жұрттың көбісі білмейді. Менің өзім бұл жайлы арада біраз жыл өткен соң, ақын Жадыра Дәрібаеваның (Нұртастың туған әпкесі) аузынан естіп, Күлекеңнің соншалықты ұстамдылығына, азаматтық ісіне тәнті болдым. Кейінірек, оның осындай бір шарапаты маған да тиді. 1988 жылдың жазында мен де көлік апатынан жарақат алып, біраз сергелдеңге түскенім бар. Сол кездері Жазушылар Одағында бір мәжілісте «қанатымен су сепкен қарлығаштай» шырылдап, Күләш менің хал-жайымнан хабар берсе керек. Сөйтіп маған Жазушылар Одағы тарапынан бір жылға дейін стипендия беру үшін арнайы шешім қабылдатқызды. Бірақ «мен сөйттім» деп маған айтқан емес. Мен мұны сол мәжіліске қатысқан басқа кісілерден есітіп, білдім. Тағы бір жай ойға оралып отырғаны. Өзбекәлі Жәнібеков Орталық Комитеттің идеология хатшысы болып тұрғанда, Күләш осы кісінің қабылдауында болған. Оңтайлы сәтті пайдаланып, одан өзі сияқты қолына қалам ұстаған қыз-келіншектердің басын қосып, олардың да мұң-мұқтаждарын тыңдауын өтінеді. Осыны ескер- ген Өзбекәлі ағамыз көп ұзамай Алматыда жүрген жазушы-ақын қыздарды шақырады. Олармен әңгіме-сұхбат құрып, біразына кө- мектескені маған мәлім. Бірақ осыған Күләштің тікелей ұйытқы болғанын көбісі білген де жоқ. Мұхаммед пайғамбарымыз жазған хадистердің бірінде: «Адамға жасаған жақсылығыңды жария қылмай, өзің ғана біліп жаса әрі оныңды ешкімге міндетсінбе, сонда ғана мол сауап аласың» деген ұлағатты сөздер бар. Бірақ көбіміздің пендешіліктен аса алмай, іс- теген ісімізді дабырайтып айтып жүретініміз жасырын емес қой. Ал, Күлекең болса, осы пенделіктен әрдайым жоғары тұрыпты. Адамдардың арасында «қызғаныштың қара мысығы» жүгіріп, олардың өзара сыйластығын бұзып жататыны жасырын емес. Әсіресе, әйелдердің өсек-аяңға үйір болып келетіні рас. Осы жаман қасиет Күләштің бойына дарымаған. Ширек ғасырдай уақыт арала- сып жүріп, оның біреуді жамандап, сыртынан ғайбат сөз айтқанын бірде-бір естімеппін. Тіпті мен түгілі, жан-жары Қайрекеңнің өзі осыны айтып таңғалады.
Өсек айтып, жел сөзбен желіккендер,
Маған маза беріңдер, ерікпеңдер!
Мен – бұлақпын,
Бұлақтың айналаға
Зиянын тигізгенін көріп пе еңдер? –
деп оның өлеңмен айтқан сыры – имандай шыны.
Осыдан көп жыл жыл бұрын ҚазМу-де студенттермен ғажап бір кездесу кеші өтіп, оған Алматыдағы біраз ақындар қатыстық. Содан бауырымызды жазып, әжептәуір көсілсек керек. Кеш аяқталған соң да осы бір шабытты шақтың әсерінен айыға алмай, бір-бірімізбен қоштасқымыз келмей, аялдамада тұрып қаппыз. Соны аңғарған сезімтал Күләш әдемі әзілмен өз ұсынысын білдірді.
– Ауыздығымен алысқан арғымақтай арындап тұр екенсіңдер. Осы жыр мүшәйрасын біздің үйде жалғастырайық!
Сонымен, ұзын-саны онға жуық адам түн ортасында шұбырып, Күлекеңе ере жөнелейік. Оның жанұясындағылар да мұндай мезгілсіз қонаққа әбден еті үйренсе керек, ұйқыларынан тұрып, жылы қарсы алып жатыр. Ал, қызы Жазира болса бірден анасының соңынан асүйге жөнеліп, қолғабыс тигізе бастаған. Бас-аяғы 10- 15 минөт ішінде осыншама көп адамға арнап көл-көсір дастархан жайылғанын көргенде, отырғандардың есі шықты... Үй шаруасына соншалықты ептілігіне, көз ілеспес шапшаңдығына тәнті болған қаламдастары Күләштің ақын ғана емес, ғажайып әйел екендігін де сол жолы мойындап қайтқан еді... Қос ақынның шаңырағында өткен сол бір түн біздер үшін сұлу Музамен тілдесіп, дастархан басында таң атқанша жыр оқыған ұмытылмас ғажап түн болды. Сондағы ортамызда отырған дүлдүл ақындар – Жұматай мен Кеңшіліктен қапияда көз жазып қаларымызды ол кезде кім білген? Көзіміз тірісінде бір-біріміздің қадірімізге жетпей, кейін «аһ» ұрып жататын кезіміз аз ба біздің? Күләш осы қос арысты көзі тірісінде-ақ жоғары бағалап, қатты сыйлайтын-ды. Өзін ғана ірі санамай, өзгелерді де мойындай білу – үлкен кісіліктің белгісі. Көрнекті ақын К.Ахметованың соңғы жылдары жазған «Құт», «Бақ», «Махаббат» атты үш бірдей кітабы өз оқырмандарына жол тартты. Әбіш ағамыз айтқан осы бір перизат өлеңнің соншалық- ты кемелдігі мен тереңдігін сезіну бақытына ие боламын десеңіз, Күләштің өзі жазғандай:
Жаратқанның кемелдігі – кітапта,
Таланттардың тереңдігі – кітапта!
Ақиқаттың құбыласы –кітапта,
Махабаттың шұғыласы – кітапта!
Оқы! Оқы! Оқы!
Біз де айтарымызды осы жыр шумағымен түйіндеп, «алдағы кезде де қарлығаш жырларың адамдардың жүрегіне ұя сала берсін, Күләш ақын!» демекпіз.
“Сыр бойы” газеті
7-қараша, 2006 жыл
ӨЗГЕ ЕМЕС, ӨЗІМ АЙТАМ...
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп өршіл рухты, орақ ауыз, от тілді Қасым Аманжолов айтқандай, өз жайымнан азын аулақ хабар беріп, ел-жұртыммен сырласқым келгелі біраз уақыт өтті. Бірақ бізді әп-сәтте нарық теңізіне лақтырып аунатқан тіршілік толқындары шыркөбелек айналдырып, мойын бұрғызбай-ақ қойған- ды. Соның сәті енді түскен сыңайлы... Арғымақ-шабыттың жалына жармасып, буырқанып, шамырқанып отырып, талай таңдарды ұйқысыз атырған, жанға берер азабы да, рахаты да мол ақындық-ғұмыр... Отыз жылға жуық әсем де ару қала Алматыда өткен қызығы мен шыжығы көп, қиындығы да жетерлік, бірақ ешқашан мойымайтын, алғы күндерден тек жақсылық күтетін арман жылдар... Киелі өнер ошақтары, үлкен әдеби, мәдени ортада менің өмірімнің арнасын үнемі оңға бұрып, адастырмай дұрыс жол көрсетіп отырған аялы алақанды асыл жандар... Сосын өмір сүруге деген шексіз құштарлық пен үлкен күрестің арқасында өмірге өліп барып қайта оралған менің жеңісті де жемісті жылдарым... Міне, алдағы әңгіменің негізгі желісі осылардан құралады. Сонымен, әлқиссадан бастасам...
Әкем туралы бір үзік сыр
Мен Қызылорда облысы, Шиелі аумағында орналасқан Ақмая ауылында 1951 жылы 22 сәуірде дүние есігін ашыппын. Отбасында бар болғаны бес-ақ адам болдық: әпкем Әсия, мен өзім, сіңілім Ғалия, сосын біздің ата-анамыз. Әкем осы үш қызының ішінде мені өзіне ерекше жақын тартты, еркелетті, қасынан қалдырмай көп жерлерге апарып жүрді. Сол кездің өзінде-ақ ішкі сезім түйсіктері арқылы өзінің бойындағы өнер киесі түптің-түбінде маған кеп қонатынын сезген болуы ке- рек. Өйткені, әкем Сыздық Жәленұлы өнерден құралақан емес еді. Жас кезінде-ақ топ жарып айтысқа түсіп, ән салып, ауыл жаста- рын соңынан ертіп, сал-серілік дәурен кешіпті. Сол құдай дарытқан өнерінің арқасында өз ортасына сыйлы болғандығы сондай, той-то- 268 малақтардан шаршап кеп ұйықтап жатқанында жанындағы адамдар ауызына қалампыр гүлдерін толтырып салып қояды екен, «дауысы ашылсын, қарлықпасын» деп. «Бұл немене, құрдастарым қалжың- дап қойдың құмалағын салған-ау деп түкірсем, қалампыр гүлі екен» деп өткен өмірін рахаттана еске алып отыратын, жарықтық. Жасында сал-серілік құрып жүріп, жасы 37-ден асқанда барып анам Сопбекқызы Ұлбалаға жолығады. Сол кезде жасы 19-ға тол- ған сұлу бойжеткен оның жүрегіне өшпес от жағып, небір ғашықтық жырлар туғызыпты. Бірақ өзі сымбатты, әрі жас қыз біраз үлкендігі бар жігітті кәрісініп, жазған хаттарын жауапсыз қалдыра берсе ке- рек. Сол хаттарының ішінен анамның есінде қалғаны:
Хат ұстатып жіберіп ем балаға,
Барғандай боп қайтып келді далаға.
Бүгін – онда, ертең – мұнда боларсың,
Қу ағашқа құс айналып қона ма?
деген бір шумағы ғана. Содан, не керек, әкем сүйген қызын атпен алып қашыпты. ...Бақиға озғанына қырық жылдан асқан сол қара шалын анамыз осы күнге дейін үлкен құрметпен еске алып отырады. Өйткені жиырма жылдай бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен ерлі-зайыпты екеуі сүттей ұйып, сыйласып өмір сүрді. Қыздарына да дауыс көтерген емес, біз мейлінше еркін өстік. Әкемнің бойындағы көп өнердің біреуі ғана маған дарыды. Ол – ақындық кие. Әнді өте жақсы көрдім, бірақ соны айтатын дауыс менде мүлдем жоқтың қасы еді. Керісінше, сіңілім Ғалияның тәп- тәуір дауысы болды. Әкеміз жезделері мен құрдастарына шығарған әзіл-сықақ өлеңдерін бір әннің мақамына салып, соған үйретіп жататын.
Тымбауыл жездем шошқа қорып,
Қонып қапты далада.
Есен, Шәден төбелесіп,
Өліп қап сол арада,
Соңдарынан арба жегіп,
Әбу кетті және да... –
деп үш жастағы сіңілім осы аты аталған кісілер үйге қыдырып келгенде, өзінің әп-әдемі дауысымен шырылдап ән айтушы еді. Ол кездегі кісілердің әзіл-қалжыңдары осындай еді ғой, шіркін!
Мұңсыз балалық шақ
1959 жылы көктемде біз Ақмая ауылынан қоныс аударып, сонау дарияның арғы бетінде құм баурайында орналасқан алақандай бір ауылға көштік. Қайдан шыққан атау екендігін қайдам, қызыл жыңғылы мен қара шеңгелінен басқа түгі жоқ сол ауыл «Қызылқайың» деп аталады екен. Мен кішкентай болсам да ағаштарды ажыратып танып білуші едім. «Қайыңы несі, ол қайда?» деп кәдімгідей ойланып қалатынмын. Өйткені, дария жағасындағы қалың тоғайдың өзінде жабайы жеміс беретін жиде мен тұт ағаштарынан басқасын мен көрмедім-ау... Арагідік тораңғыл кездесетін, қайыңы жоқ. Сол «Қызылқайыңның» тұрғындары ала жаздай бала-шағасымен жабылып қауын-қарбыз өсіріп, тары мен бидай егеді екен. Оны күздей жиып алып, қыстай демалады. Бір-бірінің үйіне қыдыратын ауыл адамдары... Біз де солай еттік... Қап-қап қылып келер күзге дейін жеткілікті астық жинап алдық. Сосын мен ауылдан екі-үш шақырым қашық, дария жағасында орналасқан мектепке бірінші сыныпқа оқуға бардым. Әке-шешем жұрт сияқты тынығып үйде отырды. Әкем бес уақыт намазын оқып болғасын, қалған бос уақытын пеш түбінде отырып кітап оқумен өткізетін. Оқығанда да, құдай берген әдемі, әуезді үнімен ерекше бір мақамға салып дауыстап оқиды. «Батырлар жыры», «Рүстем – Дастан» сияқты қисса-дастандарды мен осылай ең алғаш әкемнің аузынан естіп өстім. Оның үстіне, қырғауыл атуға шыққанда мені өзімен бірге атқа отырғызып ала кетіп, жол бойы небір аңыз-ертегілерге құлағымның құрышын қандыратын. Менің әдебиетке деген құштарлығым, шамасы, сол сәттерден бастап оянды-ау деймін. Өйткені, 5 сыныпқа көшкеннен кейін бірыңғай кітапқа бас қойып, ауыл кітапханасының босағасын тоздыра бастадым. Бас-аяғы бір-екі жылдың ішінде сол кітапхана сөрелерінде сіресіп тұрған кітаптардың барлығын тауысып оқып шықтым- ау деймін. Оған қоса өз жерлесіміз Қалмақан Әбдіқадыровтың аударуындағы «Мың бір түннің» төрт томын бірдей бітіріп тастағам. Сол кітаптың ішіндегі махаббат ғазалдарын әдемілеп көшіріп алып, «оны кімге берсем екен?» деп ойлана бастадым. Таптым! Әнеукүні су әкелуге барғанымда құдықтан қауғамен су тартуға жәрдемдескен сүйкімді сары бала бар еді ғой, міне, соған ғашық болуым керек. Сонымен, «Мың бір түннен» әсерленіп, сол баланы ойлай бастағам. Бірақ бұл ғашықтығым ұзаққа созылмады. Ол менімен рулас, жақын ағайынның баласы екен. Қатты ұялғаным-ай! Мұның бәрі кітап оқудан туындаған балалық қиял, арман еді. Сонымен, «Қызылқайыңда» құм кешіп, көбелек қуған, қызғалдақ терген, дария суына шомылып, балықтармен жарысып жүзген мұңсыз балалық шақтарымның алты жылы алты күнгідей болмай өте шықты. Өз өмірімде айшықты іздерін қалдырған мұңсыз да қамсыз күндерімді сол кішкене ауылға қалдырып, бұрынғы келген жағымызға, "Ақмаяға" қайта оралдық. Жетінші сыныпты сонда жалғастырып оқыдым. ...Жаңа мектеп, жаңа мұғалім, жаңа достар... Алайда соның бәрі менің бұрынғы ұстаздарым мен жолдастарымның орынын алмастыра алмады. Менің ой-қиялымдағы соншалық ғажайып ертегі – әлемім әп-сәтте жоғалып, тұңғыш рет кеудемді бір мөлдір мұң басты, сағыныш ұялады, «Қызылқайыңға» деген...
Сағындым құмның баурайын,
Қызғалдақтар жайнаған.
Қалықтап мөлдір аспанда
Қарлығаштар сайраған.
Көмейіме лықсып келген осы бір ойлар қағаз бетіне еш қиындықсыз төгіліп түскенде, өзіме-өзім таңқалдым... «қалай өлең шығардым?» деп... Ең алғашқы тырнақалды дүнием осылай үлкен сағыныштан туған еді. Алаңсыз да мұңсыз балалық шағымның аяқталуға жақындап келе жатқанын жүрегі құрғыр сезді-ау деймін. Ақындық киемен бірге қасіретті күндерім де қабаттаса келді ғой. Әкем айықпас дертке шалдықты. Жүрген жерін базар қып қыздырып жүретін қайран әкем көз алдымда ауыр науқастан мүжіліп, шөгіп бара жатты. Оған үрейленіп қараған сайын жаным ышқынады.
Алдағы күнім не болар,
Әке, сізден айрылсақ?
Жігерім менің құм болар,
Қанатымыздан қайырылсақ.
Тағдырдан түсті ауырлық,
Біз неге сонша тарындық?
Бетіңіз бері қарар деп,
Үміт үзбей сарылдық, –
деп көкірегім қарс айырылып, жырлар жаза бастадым. Сол жазғандарымды өзіне де оқып беріп жүрдім. Ол болса үнсіз, басын төмен салбыратып отырып тыңдайтын да: «қарағым-ай, қанаттыға қақтырмай өсіремін, өзім кезінде оқи алмаған оқудың түбіне жеткіземін деуші едім, қайтейін?» деп көзіне жас алып қамығатын... «Өзім оқи алмадым» деп өкініш білдіретін де жайы бар. Әкем қазақтың абыз ақыны Ә.Тәжібаевпен бір рудан тараған аталас ағайын екен. Әрі екеуі түйдей құрдас, 1909 жылы дүниеге келген. Жас кезінде сол Әбекеңе еріп барып ол да оқуға түсіпті. Бірақ, сорына қарай, мұсылмандықты қатты ұстанатын діндар Жәлен атамыз соңынан қуып барып алып қайтыпты «шоқынды боп кетесің» деп. Әбекең (Ә.Тәжібаев) солай оқуын жалғастырып, дүрдей жазушыға айналған да, менің әкем оқуын үзіп, ауылға қамалып қалған. «Әкем обалыма қалмағанда, мен де Әбділдадай зиялы қауымның қатарына қосылатын едім ғой» деп өкінішпен еске алып отыратын, жарықтық. Әкем ауырғаннан бастап сона-а-у Алматыдағы Ә.Тәжібаевқа хат жазуға кірістім мұң шағып... Одан жауап келе ме, жоқ па, онда шаруам болмайды. Жаза берем, жаза берем... Өлеңдерімді жіберем. Жазғандарымды Әбекеңе ғана емес, қабатында аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға да боратып жатамын. Өзіміздің аудандық «Өскен өңір» газеті бірден басып шығарса, Алматыда шығатын газет-жур- налдар ілуде біреуін әрең басады. Соның өзі жеткілікті. Мәз боп қалам. «Ақмая» ауылында осындай «жазғыштар» үшеуміз: менен бір сынып жоғары оқитын Сәрсенбек Бекмұратов, екі сынып төмен оқитын Серік Байхонов, сосын мен өзім. Үшеуміз тату-тәтті шығармашылық одақ құрып, қабырға газетін шығарып жатамыз. Өзіміз кіп-кішкентай болсақ та, ауыл ішінде абыройымыз дардай.! Осылайша бір жағынан жұрттың ықыласына мерейім тасып, екінші жағынан, әкемнің ауыр кеселінен жігерім жасып жүргенде, Алматыдан, Әбділда Тәжібаевтан хаттарыма жауап келді. Соңғы хатымда Тұрсынхан Әбдрахманова апаның кісілік туралы бір өлеңінен үзінді келтірген едім, сол шымбайына батыңқырап кеткен сияқты. «Қарағым, Қатира, адамның адамшылығы Тұрсынханның өлеңімен емес, оның іс-әрекетімен, кісілік келбетімен өлшенеді. Осы 272 жағын мықтап ойлан! Сөз мәнісін түсінетін өрелі жас екенсің, мені де тани берсін, біле берсін деп, өзімнің «Адам» деген өлеңімді көшіріп жіберіп отырмын» деп ақжарма жүрегін жайып салған сол хаттан кейін екі ұрпақтың өкілі біздердің сырласуымыз ұзаққа созылған еді. Осылайша Әбекең әкесіз жетім қалған маған өкіл әке әрі рухани тірегім болды. Университетке оқуға түсуге барғанымда да сол кісінің үйінде жатып емтихан тапсырдым. Алдыңғыларын сәтті тапсырып, ең соңғы шет тілдері пәнінен емтиханға дайындалып жүргем. Сол кезде жайсыздау бір түс көргенім есімде қапты. Аспанда ұшақпен ұшып жүр екенмін деймін, бірақ ішінде емес, сыртында... Ұшақтың құйрығынан қос қолдап ұстап ұшып барам... «Қолдарым ажырап кетсе, жерге құлап күл-талқаным шығады-ау» деп төменге үрейлене қарап қоям. Сөйтіп қорқыныштан ұйқым шайдай ашылғаны... Сол күні-ақ шет тілі емтиханынан мұрттай ұшып түстім. Онда да өз кінәмнан емес, мен оқыған мектепте шет тілін үйрететін мұғалім жоқтығынан... Басым салбырап, ұнжырғам түсіп қоштасуға келдім. – Әбеке, мен елге қайтқалы отырмын. – Кім сені қайтарайын деп отырған? Менің "Әбділда" екендігім рас болса, сені оқуға іліндірмей қоймаймын. Сүрт көзіңнің жасын! Көтер басыңды! Ақын дауысы сенімді де нық шықты. Сенер-сенбесімді білмей көзім бақырайып отырмын. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген мәтелдің мән-мағынасын сол күннің ертесіне-ақ ұғынып, болмайтын нәрсе жоқтығына көзім жетті. Өңім түгіл түсіме кірмеген қабырғалы зәулім мекемелердің есігін ашып, Әбекеңмен бірге менің алғашқы саяхатым басталды. Саяхат дейтінім, ауылдан келген мен үшін осының бәрі қызық еді. Ең алдымен ақын ағаның ақ волгасымен құйғытып отырып, Қазақ Ұлттық университетінің алдына барып тоқтадық. Мені соңынан ілестірген Әбекең деканның алдына кірді. – Мынау қыз жай қыз емес, өлең жазуға талабы бар жас та- лант. Енді мұны оқуға іліндіру үшін не істеуге болады, соны бірге ақылдасқалы келдім... – Әбеке, оның бір-ақ жолы бар. Жазушылар одағы арқылы тікелей Білім министрінің өзіне шығасыз! 273 Енді біз бұрын өзім көрмеген Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына жол тарттық. Сол кездегі Жазушылар одағының басшысы – Әди Шәріпов. Оның «Партизан қызы» деген кітабын оқығанмын, сырттай жақсы білем. Дөңгелек жүзді, етжеңді келген толық кісі екен. Жүзі өте жылы, мейірім, шуақ шашып тұрады. Әбекеңмен екеуі құшақтасып амандасты. Сосын қасында домалап жүрген маған көзі түсіп: – Бұл қыз кім? – деді сұраулы пішінмен. – Бұл ауылдан келген жас талант. Таланттарға қолдау көрсету біздің парызымыз! Көп ұзамай, менің мәселем оң шешімін тауып, Білім министрлігі- не арнайы хат жазылып жатты. Жазушылар одағы атынан... Осы хат қолға тиісімен алып-ұшып сол кездегі Білім министрі Біләлов жолдастың қабылдау бөлмесіне жеттік. Кезек күтіп отырған адамдар өте көп екен. Оған қарайтын Әбекең бе? Мені хатшы қыздың қасына қонжитып отырғызып қойып, өзі министрдің бөлмесіне кіріп кетті. Араларында қандай әңгіме болғанын білмеймін... Ең бастысы «артық бір орын бөлініп, шет тілінсіз-ақ оқуға қабылдансын» деп министрдің қолымен жазылған бұйрықты алып шықты. Енді ойлап отырсам, сол емтиханнан құларда көрген түсім тура келіпті-ау. Ұшақтың құйрығынан ұстап, ішінде емес, сыртында ұшып бара жатқаным... Бұл біздің ірі жеңісіміз еді. Сол жеңісті жалаулатып, көп ұзамай Әбекеңнің өзі қызмет істейтін Ұлттық Ғылым Аадемиясына қарай жол тартып бара жаттық. Мен осы күні бірінші рет ғалым аға-апаларым Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынбек Кәкішев, Мардан Бәйділдаев, Оразкүл Нұрмағамбетовалармен таныстым. Кейін Ә.Тәжібаевтың қара шаңырағында талай жолығысып, осы кісілермен дәмдес, дастархандас болған күндерді әлі күнге дейін сағынышпен есіме алып отырамын.
Менің университетім
«Махаббат, қызық мол жылдар» деген әдемі атауға ие болған студенттік жылдар адам ғұмырындағы ең бір аяулы, сәулелі, ғажайып шақтар ғой. Қиялымен аспандағы айды алатын, тек биіктерге ұмтылып, ұшар шыңға көз тігетін тәуекелшіл, арманшыл кездер... Мен оқитын филология факультетінің бірінші курсына филология ғылымдарының кандидаты, сол кезде жасы жиырма жетіге енді ғана толған жас ғалым Рымғали Нұрғалиев куратор болды. Өзі де жас болғасын бізбен дос-жарандарша ашық-жарқын әңгімелесіп, қай кезде де ортамызда жүргені... «Жиырма беске келгенше қырық қызбен қыдырмаған жігітің жігіт емес» деп әдемі әзіл айтып, біздің курстың жігіттерін бір желпіндіріп қоятын. Студенттік жылдары талай ұстаздардан лекция тыңдадық қой. Сол кісілердің әрқайсысы өзінше бір мектеп еді, бір-бірінен да- раланып, жеке-жеке тұлға болып тұратын. Олардың қайсыбірін айтайын? Алайда, солардың ішінен маған айрықша ұнайтындары өзіміздің кураторымыз Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Мәлік Ғабдуллин... сосын шәкірттерінің жүрегін әп-сәтте жаулап алатын өзгеше бір сиқыры бар Зейнолла Қабдолов сынды ғалым ұстаздар болды. «Қарағым, былай келісейік, егер бұдан былай лекцияға сен кешігіп келсең, мен сені жағыңнан тартып жіберейін. Ал, мен кешіксем, ұс- тазым демей-ақ сен мені шапалақпен тартып жібер, жарай ма?» деп мипаздап сөйлеп, кешігіп келген студентін өзінше ұялтып жататын майдангер, батыр-ұстаз Мәлік Ғабдуллин... «Біз де студент болғанбыз, сіздер де – студентсіздер. Бірақ сіздерден біздің артықшылығымыз – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен дәріс алғандығымыз» деп айтудан еш жалықпай, әрдайым жүзінен ерекше мейірім-шуақ төгіліп тұратын аса ажарлы да, бөлек бітімді Зейнолла Қабдолов... Ол кісі бізге «Әдебиет теориясынан» дәріс берді, лекция оқыды. Көркем сөздің көсемі «қызыл сөздің мәйегін» ағызушы еді ғой. Тіпті қыза-қыза келе біраз ақындардың жырларын төгіп-төгіп жі- беріп, тыңдаушысының ой-санасын өзіне арқандап қоятын-ды. Кейбір көңілі түскен сәттері өзінің лекциясын былай ысырып тастап: «біз бүгін Қатираның жаңа жырларын тыңдайтын бола- мыз» деп кәдімгідей қолпаштап мені ортаға шығаратыны да бар. Сосын өзі бастап, өзгелер қоштап, мен оқыған жырларды жіліктеу- ге кірісетін. Осының өзі маған өзім көріп-сезбеген кемшіліктерді түзетуге және өлеңдеріме басқаша қырынан қайта қарауға жәр- демдескенін несіне жасырайын... Ұстаз көрегендігінің өзі осында жатқан жоқ па? Шәкірттің өсу деңгейін қадағалап, дер мезгілде кем-кетігін толтыру, сылап-сипап мақтай отырып, ертеңгі күндерге ұмтылдыру... Тағы бір ұстазым өзін «Сүйінбайдың ұрпағымын» деп мақтанып жүретін Сұлтанғали Садырбаев университет қабырғасында құрылған «М.Әуезов атындағы шығармашылық бірлестікті» басқаратын. Осы «бірлестіктің» атағы кезінде бүкіл Алматыны дүрілдетіп тұрды. Сол кездегі атынан ат үркетін мықты, «мүйізі қарағайдай» ақын- жазушылармен осы бірлестік аясында жиі кездесулер өтуші еді... Осындай кездесулер үстінде небір айтыс-тартыстардың куәсі боп, қызыққа қарқ болатынбыз. Әсершіл кезіміз ғой, бізге, студенттерге көргеніміздің бәрі қызық. Университетте жоғары курста оқып жүріп бір-бір белді басылымдарға қызметке тұрып алған Сағат Әшімбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Бекділда Алдамжаров, Жарасқан Әбдірашев сияқты тағы да басқа «ауызын айға білеп жүрген жас перілеріміз» бар. Солар жарыса мінберге көтеріліп, бәріміздің көз алдымызда әлгі «мықты көкелеріміздің» шығармаларының бүкіл қыртыс-қатпарын ақтарып-төңкеріп қарап, быт-шытын шығарып жататын... Сондай үлкен тартыс тудырған шығармалардан Сайын Мұратбековтың «Көкорайы» мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары»... Сосын Сәбит Баймолдин деген ақынның өлеңдері есімде қапты. Сынды біреу көтерсе, біреулер көтере алмайды ғой. Келген қо- нақтардың ішінен жастардың «тоқпағына» шыдамай тұра қашқанда- ры да болған күлкі боп... Сосын біздің «жас перілеріміздің» өздері ара-тұра бір-бірлерімен қырқысып, атысып-шабысып жататын... Бірде осы «бірлестіктің» кезекті бір басқосуында ұрынар жер іздеп жүретін тентек мінезді Бекділда Алдамжаров Оралхан Бокеевтің басылым бетін көрген туындыларын түкке тұрғысыз қып сынап тастады. Зал ішін тартып, сілтідей тынған «енді не болар екен?» деп... Алтайдың кербұғысындай кеудесін керіп асқақтап жү- ретін Оралхан шыдамай сөз сұрап мінберге ұмтылғаны сол еді, Сұлтанғали ағайымыз ескерту жасап үлгерді:
– Оралхан, қатар құрбысыңдар ғой, тым қаттыға кетпеңдер! Бекділда саған да, айтарым осы.
– Ағай, абыржымаңыз, мен бар болғаны бір-ақ ауыз сөз айтам... ұлы Мұхаң айтқан екен «қапқан иттен өш аламын деп мен де қайыра қапсам, ауызымнан не қасиет қалады?» деп... менің де айтарым сол. Бітті!
Үлкен бір іс тындырғандай қалың қара шашын жоғары сілкіп тастап өз орнына оралған Оралхан осылай тектілігін сақтап қалды. Өзінің мықтылығын дәлелдеп босқа арам тер болған жоқ. Сөйлейтін жерде сөйлеп, тоқтайтын жерде өзін тоқтата білетін бекзаттық қасиет осы емес пе? Бұл жолы мен оны сырттай ғана көріп білсем, көп ұзамай жүзбе- жүз кездесіп, жақынырақ танысудың сәті түскені... Оның да өз қызығы бар. Бірде балауса өлеңдерімді апаруға ниет етіп, бұрын өзім барып көрмеген «Лениншіл жас» газеті редакциясының есігін имене аштым. Ішке кірсем, бөлмеде Сағат Әшімбаев пен Оралхан Бөкеев отыр. Менің апарған дүниеме алдымен қол созған Сағат көзәйнегінің астынан шұқшиып қарап шығып, әсіресе «Қыз монологі» деген өлеңіме ерекше сүйсінді: «Міне, өлең деп осыны айт!» Оралхан оның иық тұсынан мойынын көкқұтанша созып тұрып қарады да «Чепуха!» деп бір-ақ кесті. Ол кезде бөлім меңгерушісі болған оның сөзі – заң. Айтты, бітті! Сонымен менің әлгі өлеңім сызылып, қалғандары басылып газетке шықты. Дегенмен, Сағат та «оңай шағылмайтын жаңғақ» екен... Бастығы еңбек демалысына кеткен сәтті пайдалана қойып, сол бір өзі ұнатқан менің өлеңімді бәрібір газет бетіне жариялатып жібергенін осы күндері үлкен құр- метпен еске алып жүремін. Талғам деген – қиын нәрсе. Біреуге ұнаған нәрсенің басқаға ұнамауы адамдар арасында жиі ұшыраса- тын құбылыс қой. Бұған таң қалуға да болмас. Соңғы курста оқып жүргенімде өзімнің қолдаушы піріме айналған Әбділда Тәжібаев «Лениншіл жас» арқылы маған сәт сапар ті- леп, үлкен әдебиетке жолымды ашып берген-ді. Өйткені сол кезде таралымы өте кең ауқымдағы бұл газеттің ел ішіндегі беделі зор болатын. Университеттің де студенттер даярлауда жұлдызды сәттері болады. Нұрлан Оразалин, Алдан Смаилов, Смағұл Елубаев, Бақ- қожа Мұқаев, Жарасқан Әбдірашев, Әшірбек Көпішев, Сайлаубек Жұмабеков, Сағат Әшімбаев, Әділбек Тауасаров сияқты тағы да басқа дүрдей қаламгерлерді, сондай-ақ, Алма Қыраубаева, Фаузия Оразбаева, Зинол-Ғабден Бисенғалиев, Серік Негимов, Шәкір Ыбраев, Болатжан Әбілқасымов, Бахтияр Сманов, Гүлдархан Өзекбаева-Смағұлова, Үміт Уақбаева, Бекен Ыбрайымов, Құлбек Ергөбек сияқты тағы да басқа белгілі ғалымдарды ұлтымыздың жоғын жоқтаушы, барын дамытып алға апарушы қып халқына сыйлаған алтын тұғырлы менің университетім, ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті!!!
Тәлімі мол мәдени орта
Алдымызда бітіріп кеткен аға-апалар сияқты оқудың соңына қарай біз де жүгіріп жүріп, жұмыс іздей бастағанбыз. Ару қала – Алматыда қалып қызмет жасау кімнің де болсын көкейін тескен арман еді ғой. Содан жұмыс та табылып, маған бұ- йырғаны Қазақ радиосы болып шықты. ... Ұшар басынан қысы-жазы қар арылмайтын сұлу да сұсты, асқақ та айбарлы Алатау баурайында толықсып, шырайланып тұрған Алматы шаһары... Осында ұлтымыздың іргелі де, ұлағатты мәдени-өнер ошақтары шоғырланған. Соның бірі – Қазақстан теле-радиокорпорациясы болатын. Мен осыған орналасып, өзімнің радиожурналистік қызметімді атқара бастадым. Қазақ радиосы мен теледидары бір-бірінен оқшауланып тұратын өзіндік өрнегі мен жұмыс тәсілі бар бөлек-бөлек мекеме болғанмен, бастары бір басқару орталығына бірігіп, өмір сүріп жатты. Сол кездің өзінде-ақ Қазақ радиосынан көп кейін іске қосылған телевидение алдымызға ойқастап шығып, мың бір түспен құбыла ойнақшып, жұрттың ықыласын өзіне аударып үлгерген-ді. Ал, оған қарағанда тарихы әріден бастау алып, дәуірдің небір аласапыран дауылы мен құйынына төтеп келе жатқан шежіре- кеуделі қазақ радиосы сабырлы қалпын ұстап маңғаз тұратын. Тіпті тележурналистердің өзінде радиодағы әріптестеріне менсінбей қарайтын астамшыл пиғыл, тәкаппар мінез болды. Содан да болар, бастапқыда бізде істеп, кейінірек телевидениеге ауысып жататындар көп еді. Бірақ мен қозғалмадым. Ширек ғасырға жуық ғұмырымды осы арада, қазақ радиосында өткіздім. Радиожурналистика менің жазуымды ширатып, ысылдырып, қолтаңбамды қалыптастырды. Қазақ радиосы несімен құнды? Әрине, қоржынында сақтаған асыл қазынасы – «алтын қорымен» құнды екендігі даусыз. Мұнда ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап қазақ әдебиеті мен мәдениетін өрге сүйреген небір марқасқалардың тірі дауысы сақталған. Мен де сондай «тұлғаға» айналған немесе соған жетуге жуықтап қалған ұлтымыздың біртуар өнерлі перзенттерін іздеп тауып, үнтаспаға түсіруге біраз тер төктім. Осындай кісілермен таныс-біліс, дәм- тұздас, тіпті қызметтес те болғандығым үшін мен ең алдымен, Қазақ радиосына қарыздармын, сосын... әрине, өзім өскен әдеби ортаға... Екі аруананы тел емген ботадай, Қазақстан телерадиокорпора- циясы мен Қазақстан Жазушылар одағының ортасында ойнақтап жүрген от жүректі бойжеткен едім ол кезде... Солай жүріп біртіндеп өстім, есейдім, тәжірибе жинақтадым. Қазақ радиосы журналистік шеберлігімді шыңдап қана қоймай, еңбегіме жалақы төлеп, материалдық тапшылықтан құтқарып отырса, Жазушылар одағы аясындағы әдеби орта мені өз иіріміне тартып, рухани аштықтан құтқарды, шығармашылығымды ұштады дер едім. Иә, дәл солай! 1988 жылдың күзінде "Республикалық кітапқұмарлар қоғамы" мені Алматы облысына қарасты Кеген ауданына оқырмандармен кездесіп қайту үшін іссапарға жіберген еді. Осы Кеген сапарынан қайтар жолда, Есік қаласынан өте бере күтпеген жерден көлік апатына түстім. Ес-түссіз жатқан мені жолсеріктеріммен бірге сол маңайдағы Түрген ауруханасына жеткізіліппін. Сол жерде екі дүние ортасында жатып өмір сүру үшін күрескен бір сұмдық ауыр күндер басталды. Тіпті еске алудың өзі сондай қорқынышты! Адам өмірінің қаншалықты қып-қысқа, қас-қағым сәт екендігін мен бүкіл жан-дүниеммен сонда тұңғыш рет сезіндім. Бұл менің үшінші мүшел жас 37-ге келген кезім еді. «Әр мүшелде бір қатер бар» деп айтып отыратын үлкен кісілердің сөзінің жаны бар-ау, сірә... Ауруханада қанша күн болғаным есімде жоқ. Әйтеуір, мейірбикенің «сізге Алматыдан іздеп кеп тұр» деген сөзіне елеңдей есік жаққа көз салып едім, "кітапқұмарлар қоғамының" директоры Сайра Әбішева мен өзіміздің Күләш Ахметова кіріп келе жатыр екен. Күләш сезімнің адамы ғой: «ойпыр-ай, не күйге ұшырағансың?» деп шыр ете қалды. Соны естігенде бірінші рет айнаға қарағанмын. Өзімді-өзім танымай қалдым. Бет-ауызым ісіктен көлкіп көгеріп кеткен, домбыға ісінген көзімнің орнында болар-болмас сығырайған бір тесік қалғанға ұқсайды.
– Күләш-ау, сен қайдан естіп жүрсің? – деймін сыбырлай сөйлеп таңырқағанымды жасыра алмай.
– Түн жарымда үйге Әбекең (Ә.Тәжібаев) телефон шалған «Қатираны көріп, мүмкін болса Алматыға ауыстырып әкел» деп. Мен сосын қаладағы клиникалардың бірімен алдын-ала келісіп келдім, – дейді ол мені қуандыра сөйлеп, – сені өздері арнайы көлікпен келіп алып кетеді бүгін, ертеңдері... Барып орналасқасын маған бір хабарын берерсің!
Мен оған үлкен ризашылық сезіммен қарап басымды изедім. «Адамның күні адаммен» деп қандай жақсы айтылған! Шынында да, осындай шырылдап кеп жәрдем қолын созар жора-жолдастар болғанға не жетсін! Алматы клиникасының біріндегі травматология бөлімінде ұзақ уақыт емделуге тура келді. Одан шыққасын маған Жазушылар Одағы тарапынан да жәрдем берілген болатын. Одақтың жанынан құрылған "әдеби қор" есебінен жарты жыл қала сыртында орналасқан жазушылардың шығармашылық үйінде тынығуға жағдай жасады. Сол жылы бірі сонау Ақтаудан, енді бірі Сыр бойынан қызметке ауысып кеп жатқан Темірхан Медетбек пен Әуезхан Қодар және мен осы шығармашылық үйінің тұрақты тұрғынына айналғанбыз. Әуезханды ол кезде танымаушы едім, маған бір келгенінде «өзіміздің қызылордалық жігіт» деп Жадыра таныстырып кеткен. Содан бері жылы амандасамыз. Қос балдаққа сүйеніп жүрсе де, шаршауды білмейтін тынымсыз жан екен. Әрі көпшіл... бөлмесінен кісі арылмайды. Көбірек келетін қонағы – Жұматай Жақыпбаев. Қазақтың ең мықты жас ақындарынан «өзінің қағанатын» құрып алған Жұматай ақын сол «нояндарының» ортасында еркін, шалқып жүретін. Оның «нояндарының» қатарында Қайрат Әлімбек, Мейірхан Ақдәулет, Гүлнар Салықбаева, Светқали Нұржан тағы басқалармен бірге осы Әуезхан да болды. Сондықтан ұстазы келген күні оның бөлмесінен көңілді дауыстар шығып, өздері мәре-сәре боп жататын. Кей кездері Жұматайға еріп күйші Секен Тұрысбеков келеді. Ол келген күні шығармашылық үйінің ауласына жиналып, Секеннің өнерін тамашалайтынбыз. Осындай сәттерде маған көзі түскен Жұматай: «Қатира, сен осы байқауымша, көпшілік ортадан қашқақтап, оңаша жүруді ұнатасың, бұл дұрыс емес, ортаға қосыл» деп ақыл айта бастайтын. Өзі де сол тұста қатарластарынан саяқтап 280 жүрген қайран ақын, жалғызсырап жүрген жан-дүниесінің ойсыраған орынын «жас нояндармен» ғана толтырып қоймай, басқалардың да аужайын қадағалап, байқап жүреді екен-ау... ...Бірде ақшам түскенде, шығармашылық үйінің маңайында таза ауамен тыныстап, серуен құрып жүрдім. Кенет жол жиегіндегі өзара қырқысып, кәдімгі «ақтар» мен «қызылдар» сияқты соғыс ашып жатқан құмырсқаларға көзім түсті. Кейбіреулері бірін-бірі құшақтай жұлқысып, ауыздарымен тістесіп жатыр. Енді біреулері биіктеу жерге өрмелеп шығып алады да төменгі тұста жорғалап жүрген «дұшпанын» көздеп тұрып, тура соның үстіне құлап түседі. Оның биіктен түскен салмағына шыдамай, астында қалған құмырсқа қыбырсыз қалады. Талып түседі ме, жоқ өліп қала ма, ол жағын мен білмеймін. «Ойпырмай, бұлар да жауға соққы берудің түрлі айла-тәсілдерін меңгерген екен-ау» деймін іштей таңырқап. Көп ұзамай сол маңда құмырсқалардың өлігі тау болып үйіліп жатты. Осы кезде өзім сияқты таза ауада қыдырыстап жүрген бірнеше жазушылар қасыма таяп келді. Оларға өзім куә болған әлгі көріністерді әңгіме қылып едім, Әкім Тарази ағамыз: «бұл жақсылықтың нышаны емес... ауыз бірлігі ең күшті тіршілік иелері осы жәндіктер еді ғой, соншалық өштесердей не болған бұларға?..» деп ойлана бас шайқаған. Әкім ағамыз қауіп еткендей бар екен... Бірер күннен соң- ақ Армениядағы Спитак қаласының қалай жермен-жексен болғандығын теледидардан көзіміз көрді. Құмырсқалардың өзара қырқысып ажал құшқанындай, Таулы-Қарабах үшін қырқысып бастары бір қазанға сыймаған армян, әзірбайжан халқына бұл да бір көктен келген зауал екендігі даусыз. Бірақ одан ешкім сабақ алған жоқ. Соңы еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдардың өзгеруіне әкеп соқты. Осы өзіміз игілігін көріп жүрген жазушылардың шығармашылық үйі де көп ұзамай жекенің қолына өтіп, көзден бұлбұл ұшарын ол кезде кім білген?.. Жазушылар одағының басшылығына Нұрлан Оразалин келгенде ғана дау-дамайы ұзаққа созылған сол ғимаратымыз сот арқылы өзімізге әрең оралды емес пе? ...Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде түстік ішіп отырып, немесе «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» сияқты редакцияларға жаңа жырлар апарып отырып бас қосқан өзара пікір алысулар... түрлі деңгейдегі әдеби іс-шаралар мен шығармашылық іссапарлар... Міне, осылардың бәрі менің өмірімде айшықты сілемдер салды, қаламдас, әрі сырлас та мұңдас достар таптым. Алдыңғы толқын ағалар мен апалардың біздермен байланысы нығайды. Өйткені, сол жетпісінші жылдары Фариза, Ақұштап, Марфуға, Мағираш, Қанипа сияқты елге танымал апаларының соңын ала «поэзия айдынына» бір топ жас қыздар қосылған болатын. Күләш Ахметова, Зайда Елғондиева, Ханбибі Есенқараева, Тұрсынай Оразбаева, Жадыра Дәрібаева тағы басқалар... Өзім де осы толқынның өкілі болдым. Көп күттірмей-ақ, олар жыр жинақтарын шығарып, өз қолтаңбаларын таныта бастады. Күләштің шуақты сезімдерге толы ойлы да салмақты жырлары, Жадыраның заман тынысымен тыныстайтын шынайы да асқақ рухты өршіл өлеңдері, Ханбибінің сыршыл да ойнақы, кейде өктемдеу естілетін жұмыр жырлары, Зайданың жүрегіңді суырып алардай құйын үйірген жындылау әрі мұңдылау жырлары... Менің «жыр-тағдырмен» қауышқан бұл құрбыларым өз жерінің, туған халқының тағдырымен де тағдырлас болмайынша, оның тарихын, тілі мен өнерін қанына сіңіріп өспейінше сол халықтың ақыны болу мүмкін еместігін терең ұғынды. Жалпы ақындардың ой-санасына әрдайым қозғау сап отыратын бір қозғаушы күштер бар... Ол – ізгілік пен зұлымдықтың, қуаныш пен қайғының, үміт пен күдіктің, ақ пен қараның, бар мен жоқтың ортасында болып жататын психологиялық сезімдер қайшылығы... Барды қанағат тұту, жоққа салауат айту ұждандық өлшем тұрғысынан қанша жөн болғанмен, соны ұға тұра саналы түрде ағысқа қарсы жүзу ақындарға тән қасиет... Өжет те өктем мінезді Фариза Оңғарсынова апамыз бұл туралы әдемі айтқан. Содан бір үзінді: «Ақын қолына қалам ұстап жазуға отырған сәтте оның жазғалы отырғанын өзінен басқа ешкім жаза алмайтындай, өзінен өзге құдірет күш жоқтай сезімде болатыны анық. Осы күш пен жігер оның поэзиядағы тұлғасын айқындайды, тірлігінің болмысын бағдарлайды». Демек, жанын сол психологиялық қайшылықтарға толы өзінің ішкі әлемінің сұраныстары тынымсыз мазалап, соған жауап іздеумен өтетін күрес екен ақындық ғұмыр, жыр-тағдыр... Жетпісінші жылдардың бас кезінде үлкен әдебиетке келген біздің толқынның ішінен алғаш оқ бойы суырылып шығып көзге түскені – Күләш еді. Оның тұңғыш жинағы шығысымен-ақ, көзі қарақты жұрт Фариза ақынның соңынан тағы бір жарық жұлдыздың «поэзия көгіне» көтеріліп келе жатқанын байқап үлгерген-ді. Қаламдас, қатарлас құрбылары, біздер, бұған күйінген жоқпыз, сүйіндік. Қызғанған жоқпыз, қызыға, тамашалай қарадық. Біздің буынның бір ерекшелігі де осында болатын. Қызғаныш пен күншілдіктің ауылынан алыс едік, кіршіксіз таза мөлдір бұлақ едік біздер. Содан да болар, кейіннен жылдар өте келе елу жылдық мерейтойыма шашқан Күләштің жыр-шашуынан осы қыздарымыздың жиынтық бейнесін толық көруге болар еді.
Біз үшін өлең еді арман жалғыз,
Тізуші ек мәрмәр сөзді маржаннан біз.
Сен едің екі көзі тостағандай,
Жарқырап маңдайында шам жанған қыз.
Түсінем тез қуансаң, тез егілсең,
Түсінем тұңғиықтан сезе білсең.
Жамандық бар дегенге сенбейтұғын
Пәктіктің, зияттықтың өзі едің сен.
Иә, маған арналғанмен де, Күләштың бұл өлеңі «поэзия айдынына» қатар кеп қонған «жыр қарлығаштарының» жиынтық бейнесін беріп тұрғандығы сөзсіз. Бір ортаға ұйысқан ұйымшылдығымыз сондай, бір-бірімізді көргенде тай-құлындай шұрқырасып табысып жатушы едік. Өнер – бәйге. Жарысқа түскен ең жараулы тұлпарлардың өзі қатар шапқанда, мәре сызығын бір мезетте кесіп өте алмайды ғой. Оза шауып бәйге алмағандарын «мәстекке» санаудың ешбір қисыны жоқ. Өйткені олар да өз кезегін күтіп көрмеде тыпыршып тұрған жүйріктер. Осы тұрғыдан алғанда мен өзімнен ілгерілі-кейінді шыққан апа-сіңлілерімнің, сондай-ақ, өзіммен қапталдаса шыққан құрбыларымның шығармашылығына аса зор құрметпен қараймын. Сыр бойынан ұшқан жерлес құрбым Жадыраның жырлары қандай, шіркін! Қандай да бір мақтауға тұрарлық емес пе?
Еңкейтпеші еңселіні ептіге,
Іргемізді ібіліс жайлап кетті ме?
Пұлы бардың таңқияды танауы,
Миығынан күліп тұр ол тектіге.
Қасиетін қастерлеген жақсының,
Татсадағы дәмін әбден ащының.
Ұрпағы едік сол кәусарлы халықтың,
Бүгін неге кеудемізде тапшы нұр? –
деп қоғамның ащы шындығын шырқырата «көзге шұқып» көрсеткен шынайы да өршіл рухтағы мұндай өлеңдер оның соңғы шыққан «Қасиеттілік шырағы» кітабында жетіп артылады. Жадыраны өз қатарынан оқшауландырып тұратын қасиеттері, алдымен «әлем әдебиетінен» көп сусындаған білімдарлығы... Сосын орыс мектебін бітірсе де өзге тілде шүлдірлемей, өз ұлтының шұрайлы тілінде жыр жазатындығы деп айтар едім. Нағыз ұлтжанды азаматтығы осы емес пе? Білімді орыс тілінде алып, жырларын қазақ тілінде жазу екі адамның бірінің қолынан келе берер іс емес. Бірақ біз Жадыраның осы қасиетін әлі де өз деңгейінде қадірлей алмай жүрміз-ау!
Мені өмірде жетеледі басқа ағын,
Жырладым көп сәттерді тек қас-қағым.
Тақырыбым тарлау болып шықса да,
Естігенді езіп жырға қоспадым... – деп ақтарыла
шынын айтқан, әу бастан-ақ жасандылыққа ұрынбаған Ханбибі Есенқарақызын «тегеурінді мықты ақын емес» деп кім айта алар? Менің білуімше, осы ауызға алып отырған қос ақынымыз да «көр-жерді» теріп жазып, «шөп те өлең, шөңге де өлең» демейтін талғамы биік ақындар.
Жан ұшырып шақырдыңдар, ақ қайың,
Жастық отын жүрегімде сақтайын.
Менің созған қолдарымды қабыл ал,
Мен де нәзік қолдарыңды қақпайын.
Бауырыңа бастың мені сен жылап,
Жанарыма жас алмадым мен бірақ.
Туды жырым шырын сөлің сиқты,
Табиғи да, әрі таза мөлдір-ақ.
Бұл да Ханбибінің «Жангүлім» жинағынан санамда жатталып қалған жыр шумақтары. Күні бүгінге дейін жадымда жаңғырып тұр. Қандай сұлу үйлесім! Сыршыл ақын мен мұңлы қайыңның табиғи жарасымдылығы жанға жылылық ұялатқандай... Біздің буынның алдыңғы сапында болған Күләшіміз, құдайға шүкір, абырой-атақтан құралақан емес. Бірақ өзге ақын қызда- рымызды біраздан бері үкіметіміз бен Жазушылар одағы «шөміш- тен қысып» жүр еді. Көзден бұлбұл ұшқан сол «жұлдызды сәттер» қайта оралып, «ақ түйенің қарны жарылған» күн де болды. Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан берілетін халықаралық «Алаш» сыйлығы «поэзияның ақ шағаласына» айналған Ақұштап ақын мен прозашы Мағираның қатарында біздің буыннан Зайда мен Тұрсынайға, Ханбибі мен Жадыраға да бұйырды. Жұрт боп қуана қол соқтық. Бұл, шын мәнінде, олардың ғана емес, ақын қыздарын еркелетіп жоғары ұстаған өз ұлтымыздың тұғырлы жеңісі еді!!!
Сыр бойына оралу
Тәуелсіздік алған соң біздің еліміз де көп жылдар бойы бір шаңырақтың астында тұрып сосын ыдыраған өзге мемлекеттер тәрізді қоғам дамуының жаңа үлгісіне көше бастады. Бұрын ұстаған ұстаным мен құндылықтар адыра қалып, өмір сүру үлгісі мен тірлік кешу нышандары түбегейлі өзгеріске ұшыраған өте ауыр кезең еді ғой ол... Нарық салмағына шыдай алмай, ел-жұрт боп кәдімгідей есеңгіреп қалдық. «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» болған сол тоқсаныншы жылдардың басында-ақ мен Сыр бойына қоныс аударғанмын. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы ғой. Болмаса, отыз жылға жуық ғұмырымды өткізген сұлу Алматыны, ондағы аралас-құралас, қызметтес болған жора-жолдастарды, ең бастысы – әдеби ортаны қиып кету оңайға түскен жоқ. Өнер адамдарының шығармашылықтан өзге «жеке тағдыры» болатынын да естен шығармау ләзім. Сол тағдырдың сүйреуімен ел ішінен бір-ақ шықтым. Бұл жақта қысылсам қол ұшын берер, қолтығымнан сүйер ет-жақындарым болды. Ең алдымен мені бауырына тартқан да – солар. Бірақ та маған алғашқыда жергілікті ортаға сіңісіп кету өте-мөте қиынға соқты. Жаным құлазып, көңілім ойсырай бастаған осы тұста мені өзі іздеп тауып, жергілікті ортадағы өнерлі де текті кісілермен танысып-білісуіме септігін тигізген бір аяулы жан болды. Ол сол кезде Сырдария ауданын басқарып отырған облысымыздағы, тіпті республика көлеміндегі жалғыз әкім қыз Алмагүл Божанова еді. Қатардағы қарапайым қазақ әйелінен кешкен бейнеті де, істеген тірлігі де, арман тілегі де алабөтен Алмагүл... Орыс әдебиеті мамандығын алып шықса да, қазақ әдебиетінен де «қара жаяу еместігін» көрсетіп, жолығысқан сайын шығармашылық жайлы пікір жарыстырып, өзімді он орап алатын осы құрбым жан-дүнием құлазып жалғызсыраған сәттерімде жаныма жалау болып, үнемі қасымнан табыла білді. Гүлбаршын Сисекеева басқаратын Ә.Тәжібаев атындағы облыс- тық орталық кітапхана қызметкерлері де мені жиі-жиі оқырмандар ортасына тартып, шығармашылық жағынан қарайып қалмауыма, руханият қайнарынан сусындап отыруыма жәрдемдескенін бүгінде аса ризашылықпен еске алып жүремін. ...Жаңа дәуір қазақ халқын нарық теңізіне лақтырып тастағанда, жүзу білмейтіндерінің көбісі құрдымға кетіп, білетіндері өз әлінше малтығып, шыққаны белгілі. Сол тұста қазақ қыздарының ішінен алғашқылардың бірі болып мен де нарықтың гүжірейген жалына жармасып, кәсіпкерлікке бой ұра бастағам. Бұл ел ішіне шағын және орта кәсіптің енді дендеп кіре бастаған кезі, жаңа ғасырдың басы болатын. Сөйтіп шығармашылығымды уақытша кейін ысырып қоюға тура келген. Бірақ сол шабыт шіркіннің кейде шақырусыз-ақ келіп қалатын сәттері бар ғой, осындай шақта ғана қолыма қалам ұстадым.
Жаным ауыр жалықты ойдан,
Жабырқайды жетім-жырым.
Көшкен жұртта қалып қойған,
Алтын сақа секілдімін... –
деп осы кездері жазылған өлең көп жайдан хабар берсе керек. Осылайша үлкен әдеби ортаны сағынып, көңілім жабығып, құлазып жүрген шақта үйімдегі телефон шыр етті... – Әлеу! Қызылорда ма екен? Маған Қатира Жәленова керек! Өктемдеу шыққан таныс бір үн құлағымның түбінен естіліп, жү- регімді белгісіз сезім шым еткізгендей күй кештім.
– Иә, тыңдап тұрмын.
– Мен Фариза Оңғарсынова... Аманбысың, айналайын! Күтпеген қуаныштан талып түсе жаздадым...
– Фариза апа, мен сізді сағынып жүрмін.
– Сағынсаң, осында кел! Астана қаласының онжылдығына орай әр тараптан шақырып, ақын қыздардың басын қосқалы отырмын. «Шетте жүр ғой» деп сені еске алғаным бүгін...
Әй, әулие апам-ай!.. Мынау жалғанда жалғызсырап жүргенімді қалай сезіп-білген десеңізші?! Осындай асыл апаларымның өз ал- дымда аман жүргендігі үшін құдайға мың бір шүкіршілік жасадым. Түсіп бара жатқан ұнжырғам қайта көтеріліп, еңсемді тіктедім, көңілім судай тасыды... Өзімнің «алтын сақадай көште ұмыт қал- мағандығымды» сезінудің өзі қандай бақыт десеңізші! Бұл мен Қызылордада өмір сүріп жүргелі өзімді іздеген алдыңғы толқын апаларымның алғашқысы болатын. Осылайша ойламаған жерден 2008 жылдың наурызында жаңа астанаға жолым түсті. Шынында да, бұл қала адам танығысыз өз- геріп, сыртқы кескін-келбеті де, сәулет-сәні мен бояу-өрнегі де өзге қалаларға еш ұқсамайтын таңғажайып қалаға айналып үлгерген екен. Мен оған тамсана қарап қызығумен болдым, қанша қарасам да көзім тоймады. Қысқа уақыт ішінде сол қаланың қыз-қыз қайнаған тіршілігіне судай сіңіп, мидай араласып бара жаттым... Наурыздың 27-сі күні Астана қаласының ортасында орналасқан Президенттік мәдени орталықтың ішінде өткен «Фариза және сіңлілері» атты жыр кешін өзі жүргізіп отырған Фариза апамыз еліміздің әр түкпірінен жиылған сіңлілерін қошеметтей сахна төріне оздырып, шабыттың шалқарына шығарды. Шәмшия Жұбатова, Оңайгүл Тұржанова, Маржан Ершу, Танакөз Толқын сияқты тағы да басқа елге танымал қыздар шабыттана жыр оқып, кештің шырайын кіргізген осы бір әсерлі сәттер ешқашан ұмытылмақ емес! Осы бір кешке және оның ертесіне «Конгрес холл» залында өткен Фариза ақынның өзінің жыр кешіне де жұрт көп жиналды, ине шаншар жер қалған жоқ. «Апыр-ай, кеше ғана нарықтың «қара құйыны» соққанда, тағынан түсіп қалған «поэзия патшалығы» қайта күш ала бастапты-ау... Бұл неткен бақыт!» деп ойладым мен іштей толқып отырып. Осындай бір сәулелі үмітпен елге, өзімнің Қызылордама қайттым.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру