Мазмұнға өту
Home

Сәкен Жүнісов 4-том

Сәкен Жүнісов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сәкен Жүнісов 4-том

Авторы: Сәкен Жүнісов

ISBN 978–601–264–120–2 (4-т.) ISBN 978–601–264–115–8 © Жүнісов С., 2013 © «Таймас» баспа үйі, 2013 Барлық құқықтары қорғалған Басылымның мүліктік құқықтары «Таймас» баспа үйіне тиесілі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi Ақпарат және мұрағат комитеті “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Жүнісов С. Ж88 Шығармалары. – Алматы: «Таймас» баспа үйi, 2013. Т. 4: Повестер. – 320 бет. ISBN 978– 601–264–120–2 Жазушы Сәкен Жүнісовтың шығармалар жина ғының 4-томына «Заманай мен Аманай» және «Ақ қасқырлар қамаған қызыл керуен» атты повестері енгізілді. УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Ж 88

ЗАМАНАЙ МЕН АМАНАЙ Бұл сұмдықты қараша тау бөктеріндегі қарасы жиырма шақты үйлі шағын ауыл келесі күні білді. Құлағы бар адам тегіс естіді. Бірақ бұған селт еткен ешкім жоқ. Терезелері жермен-жексен сығырая шөгіп, қабырғалары мүжілген соқпа тамда тұратын, өздері де сол жер үйлердей әбден тозып, төменшік тартып басылған жүдеу жандар мылқау адамдарша үнсіз меңірейіп тыңдайды да қояды. Аядай ауылда үйді-үйге кіріп, көзінің сорасы ағып жүрген жалғыз Әлима. Оған ақыл айтып, ой қосқан тірі пенде жоқ. Не іздеу салып, Әлимамен бірге ілесіп, жан-жақты шолып, тым құрмаса көңілін аулаған, мүсіркеген біреу болсашы. Ауыл да тым-тырыс меңіреу, ауыл адамдары да мәңгі. Бұл ауыл біреудің қайғысына күйзелудің не екенін де ұмытқан тәрізді. Әлимаға сұмдық көрінген жай ауыл адамдарына сұмдық та, оғаш та көрінбейтін сияқты. Әлима – осы ауылдағы жесір әйел. Күйеуінен тірідей айрылғанына биыл бақандай он жыл. Ол кезде Аманайы бесіктегі үш айлық бала еді. Қазір он жасар сол ұлы мен енесі Балзия кемпір – үшеуі ауыр тұрмысты бастарынан өткеріп, тапшылық тауқыметін татып, өлмешінің күнімен қалт-құлт тіршілік етіп жатыр. Бұдан үш күн бұрын Әлима алыс бір жамағайынының үйінде түннің бір уағына дейін болып, кеш оралған. Қолында бетін майлық орамалмен қымтап жапқан меске. Мескеде ешкі етінен жасалған салма. Соңғы ұзақ жылдар бойы осы қараша ауылда бір-ақ үйде нәресте пайда болып, бір-ақ үйде бес-алты әйелдің басын қосқан шілдехана өтті. Сол шілдеханадан ала қайтқан сарқыт. Көптен ауыздарына жас еттен пісірген ыстық ас тимеген Аманайы мен енесіне әкеле жатқан өзінше табысы. Бірақ Аманайы болмаса, Балзия кемпір астан қалғалы қашан. Жетпіс үшке келген Балзия «биыл осы мүшел жастан қалар ма екенмін, қауіпті жас» деп жүретін. Айтқанындай, анамынаға қайыспайтын, асыл сүйекті мықты кемпір, өз-өзіне сөзі тиіп не тілі өткендей, ұшып жығылды. Алғашқыда тұмау боп тиген ауру

бірден алып ұрды да, арты сүзекке айналып, төсек тартып жатып алды. Бір айдай төсек тартқан сырқат кейінгі бір жұмада астан да қалған. Ішетіні ыстық шай ғана. Аузының дәмін алып соратыны – биыл алыстағы бір жамағайындары жіберген құрттан үнемдеген аз ғана малта. Бас көтеретін еркегі жоқ үйде соңғы кезде жермай да таусылған. Үнемдеп жағатындары білтелі май шам. Әлима қысы-жазы тиегі салынбай ашық тұратын ауыз үйдің тапал есігін иығымен итеріп кірді де, мескені еденге қойып, біраз сипалап жүріп, үнемі пеш кенересінде тұратын жыпылық май шамды босаға жақтағы арса-арсасы шыққан кебеженің үстінен тапты. Сықсиманы қолына алып, бұл уақытта шырт ұйқыда жататын ұлын аяп тұрды да, майы тез қататын ешкінің салмасы суып кетер деп, төргі үйге кірді. Кірді де, әуелі, «қара көлеңкеде көзім үйренбей тұр ма?» дегендей, екі төсекке бірдей ұзақ қарады. Екі төсекте де ешкім көрінбеген соң, қолын көлегейледі. Онда да ештеме көрінбеді. Әлима енді шамды шынылары жамау-жамау, атам заманда бояған көк сыры қара қошқыл ысқа айналған төрт көз терезенің алдына апарып қойды да, өз көзіне өзі сенбегендей, екі төсекті де қолымен сипалады. Екі төсектің үсті де мұздай. Әлиманың да жүрегі бір сәт мұздай боп кетті де, өзінің төсағашына келіп аз отырған соң барып жүрегі орнына түскендей болды. Аманай жасынан әжесінің қойнына жатып үйренген. Осы соңғы бір айдың ішінде ғана, кемпір сырқаттанып қалған соң, амалсыз өз шешесі Әлиманың қойнына ауысқан. Осы бір ай ішінде Әлима да аналық мейірім, аналық сезімнің не екенін тұңғыш рет ұққандай. Ұлын құшақтап, маңдайынан иіскеп, бұйығып ұйықтағалы күнненкүнге бауыр басып бара жатқан. Енді енесі ауруынан айыққан күнде қасындағы Аманайынан қалай айырылатынын ойлағанда, кәдімгідей күйзеліп қалатын. Осыны тағы да ойлап отырып, төсегіне қисайды. «Қой, өзі де мінезі тік әрі кіді енемді ренжітпейін, енді көп болса, бірер жұма қасында болар, кәріп жанды жасытпайын» деп, тысқа әжесін шығарып кеткен Аманайын, санаулы күндері қалған Балзия кемпірдің ғаріптігін ойлап жатып, қалай ұйықтап кеткенін білмеді. Ежелден ұйқысы қатты Әлимаға бұл түн мазасыз түн болды. Күзге салым салқын тартқан едені сыз, қабырғалары ызғар жер үйде тоңазыған келіншек астындағы қалың, ауыр көрпені ұйқылыояу үстіне тартқылап, бір шалғайымен ғана бүркеніп, алғашқыда жылы бұйығып тәтті бір ұйқы құшағына кіргендей еді, әлден уақытта жүрегі өз-өзінен өрекпіп, жиі-жиі дүрсілдеп, тынысы тарыла берді.

Жартылай жамылған көрпесін серпіп тастап, әлсін-әлсін аунақшып, қырынан ұзақ жата алмай дөңбекшиді. Неше бір түсініксіз, бірбіріне байланыссыз шым-шытырық түстер көріп жатып, ақыры бастығырылады. Әлдебір ғаламат албастыға ұқсаған бірдеме екі иығынан басып тырп еткізбейді. Бірдеме дейін десе аузы ашылмайды, тек еріндері ғана жыбырлайтын сияқты. Тынысы бітіп, енді өлдім-ау, өлдім-ау деп тұншығып жатқанда шошып оянып, көзін ашып алды. Айдың жарығынан ба, әлде таң атқан ба, үй іші бозамық тартып, алакөлеңкеленіп қалыпты. Тұла бойы жеңілденіп, аяқ-қолы икемге келіп қимылдаған Әлима енді түсінде емес, өңінде шошыды. Енесінің төсегіне көзі түскенде, қалай ішін тартып, орнынан ұшып тұрғанын байқамады. Тысқа шықты деген кемпір мен бала әлі жоқ. «Бұларға бір бәле болған екен, бәсе, жүрегі құрғыр алып-ұшып бірдемені сезгендей еді» деп үрейленген Әлима тысқа ата жөнелді. Үйдің маңын төңіректеп, күл, көң төгілген әр қалтарыс, бұлтарысты, шұқанақ, ұра атаулыны тегіс аралап, терең орлардың түбіне үңіліп, тінте қарап дағдарған Әлима уақыт өткен сайын үрейленіп, тырс еткенге құлағын тігіп, ауыл сыртындағы жыра сайлар мен сидиған әр түп шидің түбіне дейін түк қалдырмай сүзіп шықты. Кемпір де, бала да үшті-күйлі жоқ. Күн шығып, ел орнынан тұрғанша бір барған жеріне екі-үш қайтара барып, аядай ауылдың маңын шыр айнала жүгіріп, алқынған бейбақ, енді тоқал тамдардың терезесін, есігін ұрғылап, жұртты оята бастаған. Ұйқыдан маужырап, көзін аша алмай есінеген қатын-қалаштың бәрінің жауабы біреу-ақ: «Біздің үйден не алады ол. Келген жоқ... Е-е, өлмелі кемпір қайда кетуші еді, жүрген шығар бой жасап...» «Жүрген шығар бой жасап...». «Сонда қайда жүрмек?» Аманай ғана болса бір сәрі. Төсек тартып хал үстінде жатқан кемпірді жын көтеріп әкетпесе, кім әкетпек? Анда-санда ғана немересі мен келінінің сүйемелдеуімен тысқа шығып, қарға адым жерге қырық бөгеліп, қырық жөтеліп жететін кәріп қайда кетіп, қайда ұзамақ... «Тұра тұр, тұра тұр... айтқандай, алдыңкүні, қазан астына тамызыққа қурай шауып әкелген жолы, қараңғы шошалада жалғыз күйбеңдеп жүрген кемпірдің үстінен шыққаны қайда? Алжиын дегені ме: кемпір өзөзінен қуыстанып, әлдебірдеңелерді камзолының өңіріне тыққыштап, сасқалақтап қалғаны қайда? Сол күні кемпірдің өңі де бұрынғысынан тәуір, сөзі де пысықтау сияқты емес пе еді. Шынымен өлер алдында бой жасағаны ма, әлде? Қайтадан сауығайын дегені ме? Ал сауықсын, сонда қайда бармақ?»

  • * Бұдан үш күн бұрын Балзия кемпірдің, шынында да, беті бері қарағандай еді. Тысқа өз бетімен шығып, күнұзын шошалада әлденелерді іздеп, қырық жылғы емен сандығын қайта-қайта ашқыштап, әлдебір заттарды түйіншектеп, қоржынға салып, алыс сапарға шығатындай өз-өзінен әбігерленіп, ширақ қимылдайды. Әлима даладан отын әкеліп, қазандық маңында күйбеңдеп не басқа шаруа қамына кіріскенде ғана сәл аялдап, келінінің тысқа қашан шығарын аңдығандай, төсек үстінде үнсіз томсырайып отырып қалады. Кешке қарай Әлима шілдеханаға баратынын айтқанда, кейінгі кезде келін сөзінің бәрін қисық көріп, қабақ шытып, ытырынып, жақтырмайтын Балзияның аяқ астынан жылы-жылы сөйлеп, бәйек бола қалуы да күдікті еді: – Бар, бар. Үйде отыра бермей, анда-санда неге ауыл үйді қыдырмайсың? Менің қасымда отырғанда жанымды алып қалармын деймісің. Бара ғой, қатар құрбыңмен бір мезгіл ойнап-күліп, өлең айтып, көңіліңді көтерсеңші, шырағым-ау! Әлиманың үйден шығуы мұң екен, Балзия да күні бойы қамдаған дүниелерін апыл-ғұпыл жиыстырып, немересін алас-күлес киіндіре бастаған. Тарамыс қолдары жыпың қағып, Аманайды өзі шұлғауландырып, былтыр Томар-Омарға тіктірген сары етігін кигізіп жатқанда барып: – Әже, қайда барамыз? – деді, мына бейуақытта жанталасқан әже әбігеріне таң қалған бала. Бірдемені білгісі келсе қашан жауап қатқанша сұрауын қоймайтын немересінің мінезіне қанық әже, маңында ешкім болмаса да, жанжағына жалтақтап, Аманайдың құлағына таянып, естілер-естілмес сыбырлады. – Дымың ішіңде болсын! Сәукелеге барамыз. «Сәукелеге?!» Аманай қуанғаннан алақайға басып, айқайлап жібере жаздап, әжесі ескерткен соң, әрең шыдап қалды: «Дымың ішіңде болсын!» Бұл сөздің мағынасын Аманай жақсы біледі. «Айтылған сөз ішіңде болсын, тісіңнің арасынан шығарма! Сыр сақта» деген сөз екенін түсінгелі қашан. Бірақ неге «дымың ішіңде болсын» деді? Сәукелеге баратынымызды жасырудың не қажеті бар? Онда тұрған не құпия? Мейлі, кейін сұрармын, қазір әжем аузыңа берік бол дегенде, сен енді азаматсың, жігітсің деп маған үлкен сенім артқаны

шығар, ендеше, тап осы арада оның себебін сұрап, қыңқылдаудың орны жоқ... Әлде сұрасам ба екен! Қой, онда әжем Сәукелеге апармай қояр!..» Аманай ес білгелі Сәукелені де біледі. Бірақ, білгенде алыстан көзбен көріп, ол жайында құлақпен естігені болмаса, қасына барған емес. – Сәукеле – биік шың. Жұрт оны шың демейді, Сәукеле тауы деп кеткен. Сәукеле десе дегендей – қысы-жазы аппақ боп, маңындағы кішігірім таулардың арасында да ерекше көрінетін үп-үшкір шың, расында да қалыңдықтың сәукелесінен аумайды. Тіпті тұла бойына қадаған асыл тастарына дейін шын сәукеледен айнымайды. Қайсыбір кезде күнге шағылысып, алыстан көз ұялтатынын қайтерсің. Жазда мөлдір аспанда жүзген ақша бұлттар да сұлу шыңды айналшықтап, мамырлап жатып алады. Кейде дәл төбесіне қонақтағанда-ақ шыңға үлбірете қадаған шоқ үкі ме дерсің. Күзді күндері жиі түсетін ақ тұман да осы шыңға үйірсек. Ертеден қара кешке оның белуарынан құшақтап, көпсіте түтілген ақ түбіт құсап, тапжылмай тұнып қалады. Сәукеле болса, тұман арасынан шошақ төбесі озық көрініп, бүкіл төңірекке сылана қараудан танбайды. Жоқ, ол сылана қарамайды екен. Суық түспен состиып, үнемі қалғымайтын сұсты сақшыдай, жан-жағынан көзін алмайды екен. Қалың нөсерлі күндері, қарала-торала бұлттың арасында екі-үш күн көрінбей кетсе, күн ашылған таңертеңгілікте жаңа жауған ақ шатырдай жарқырап шыға келеді. Ондай кездерде, өзіне аяқ бітіп жылжығандай, бұрынғыдан да жақындап, тап ауыл шетінде тұрғандай болады. Осындай тұрқын көргенде Аманай Сәукелеге қарай жалаң аяқтанып алып жүгіргісі келеді. Әудем жерде ап-анық боп тұрған ақ тауға оп-оңай жететін сияқтанады. Бала тауды көріп тұрса, тау да ылғи мұны көріп тұратын тәрізді. Иә, Сәукеленің көзі бар. Көзі ғана емес, мұрны, аузы да бар. Оны әжесі айтқан. Бұдан екі-үш жыл бұрын шығар-ау, әжесі екеуі қора алдындағы көгалда қамыс бойра тоқып отырып, Сәукелені әңгіме қылған... Жаздың бір желсіз шуақты күні еді, алыста шуақты күнге шағылысып меруерттей құлпырған, жарқ-жұрқ сәуле шашқан сиқырлы тауға қызыққан Аманай оны жақыннан бір көргісі келіп, әжесіне қолқа салған. – Жо-оқ, балам, оны жақыннан көре алмайсың. Ол сен түгіл, се-

нен ересек адамдардың өзін маңына жуытпайды. Оның қасына ердің ері ғана бара алады. Ер жет әуелі. Сонсоң өзің де көрерсің, – деп әже сөз аяғын түсініксіздеу бұлдыратып, жұмбақтай салған. Бірақ әңгіме онымен тамамдалмады. Әжесінен жалғыз көзді дәулер, жеті басты аждаһалар, сиқырлы мыстандар, алып батырлар, қанатты тұлпарлар жайлы қорқынышты, үрейлі ертегілерді, о дүниедегі, бұ дүниедегі, қызық хикаяларды ылғи естіп өскен бала ұшығы шыққан Сәукеле әңгімесін айтқызбай тынбады. Бар адам кәрлі сұсынан именетін кемпірден Аманай ықпайтын. Неге екенін кім білсін, әйтеуір немересі бірдеме сұраса, не жылап мазаласа, ешкімге оңайлықпен жібімейтін қаһарлы, қажырлы әже мұның алдында кәдімгі кінәлі адамдай жасқаншақтап, асты-үстіне түсіп, бәйек болады. Тегі, немересіне деген жаны бөлек-ау! – Жәрайды, жәрайды, жалғызым, айтайын, айтайын, – деп, жанашыр әжеге еркелігі ме, жетім көңілдің кіділігі ме, әйтеуір тез өкпелеп, тез кемсеңдеп кетіп бара жатқан немересін қайта шақырып алған. Бетін қағып, меселін қайтармауға тырысатын әже Сәукеле әңгімесін сол арада айтқан еді. Сәукеле жайында ауыздан-ауызға, елден-елге тараған ұзақ әңгіме бар. Әңгіме емес-ау, жұрт аузындағы аңыз десе де болады. Әркім әр түрлі етіп боямалап, кей тұсын бұрмалап, ұмытылған жерін, кісі аттарын жанынан қосып, әйтеуір ұзын-ырғасын бұзбай таратқан бұл аңыздың ел арасында айтылмағанына не заман. Содан ба, әйтеуір, Балзия кемпір де бұл аңызды өзінше айтады. Атам заманнан бері қалыптасқан ертегілердің үлгісімен сыдыртып, қалпы мен мәнері бөлек аңызды кей жерінде қазақыландырып жіберетіні де бар. Бұл жолы да, сол әдетімен, Сәукеле жайлы аңызды асықпай отырып жыр етіп еді... «Ерте-ерте ертеде осы өңірде ғаламат өнерімен атақтары бүкіл елге жайылған екі ұста өмір сүріпті. Ағаш пен ағашты бір-біріне кендірдей матап, арқандай күрмеп, түймедей түйетін, білектей темірді сағыздай созатын, ағаштың да, темірдің де асқан шеберлері, қайрақ тасты қамырдай илейтін мүсінші, шыныдан меруерт, қайыршақтан ақық жасайтын зергер өнерпаздар екен. Біреуінің аты Сәннәт та, екіншісінің аты Зеннәт екен. Екеуінің де өнерлері бір-біріне парапар, екеуінің де мінездері ұқсас болыпты. Өнері мен өнері, атағы мен атағы тең түсер пенде бұл фәни жалғанда, ежелден, біріне-бірі қас, реті келсе, бірінің аяғынан бірі шалатын күншіл, орайы келсе, қапысын тауып бірін-бірі

жардан итеріп, терең құзға құлататын дұшпан болары хақ. Бұлар ондай қаскөйлік пен зұлымдықтан, залымдық пен зымияндықтан аулақ, біреуінің өнеріне екіншісі қуанатын, ерекше жаратылған жандар екен. Араларынан қыл өтпейтін достықтары сонша, бірінсіз бірі ас ішпейтін, бірінсіз бірі іс қылмайтын. Екеуінің діні де бір, тіпті екі ұстаны бір ұста соққандай түрі де бір. Бар айырмашылығы – Сәннәт дүңген де, Зеннәт ұйғыр екен. Сәннәттің жеті қызы, Зеннәттің жеті ұлы болыпты. Осыншама өнерді аямаған жасаған ием, екеуін де қолы қысқа кедей етіп, ғұмыр бойы тарықтырып қойыпты. Бірақ екеуі де жазмыштан озмыш жоқ деп, қыңқ етіп қыңбапты. Сауда жасап байымай, бұйырып соғар бұйымдарын өзі сияқты кедей-кепшікке бере беріпті. Сәннәт қыздарын сатып бұлдамапты да, Зеннәт ұлдарын арқа тұтып, мейманасы таспапты. Екеуі де ұлы мен қызы ер жеткен сайын қосақтап қосып, келесілері жетілгенде тағы да осы жолмен құдалық жаңғырта беріпті. Бір ғажабы – Сәнәттің қыздарына ісмерлік жазбапты да, Зеннәттің ұлдарына зергерлік, ұсталық қонбапты. Сол заманда осы өңірдің қылышынан қан тамған қаһарлы жасамыш хан Ми-Лау билеп-төстеп тұрған екен. Халық оны Ми1 деп кеткен. Күндердің күнінде сол хан екі зергердің қараша ауылына кең сарай салдырып, басы жерге жетердей иілген бүкір ұлы Жәәйді күтуші малайларымен, күңдерімен бірге әкеліп, ұсталық оқуға береді. Сәннәт пен Зеннәтқа бұйрық етіп, бар жұмысты тастап, осы ұлымды өздеріңнен асқан зергер етіп шығарасыңдар, сонда ғана тіршілік етесіңдер, үйрете алмасаңдар, құлықсыз болсаңдар, екеуіңнің де бастарың алынып, қазыққа ілінеді деп шарт қояды. Сәннәт та, Зеннәт та зергерлік өнер қонар бала табылса үйретуден жалықпайтын жандар еді. Әкімнің ұлына өздері-ақ шын пейілмен ұстаздық етіп, үйрете береді, баули береді. Бала да алғыр екен, нені түсіндірсе, қолма-қол қайталап, қандай қиын жұмысты қағып алып, келе-келе ұстаздарынан да аса бастайды. Күндердің күнінде Сәннәт пен Зеннәт тағы да перзентті болады. Бұл жолы Сәннәт ұлды болады да, Зеннәт жетінші ұлдан соң сегізінші қыз көрді. Он алты жыл баладан тоқтап, қартайғанда көрген екі ананың соңғы кенжелерін ел болып мадақтап, әс көтеріп, шамашарқынша жұрт барын төгіп, той жасады. Жеті жерде жеті отау тігіп, _______________ 1Ми – жылан (әбжылан).

үйлі-баранды болған жеті ұлы мен жеті қызы да жеті күн, жеті түн ән айтып, би билеп, масайрады. Сол той үстінде Сәннәт пен Зеннәт тағы да құда болып, екі нәрестені бесігінде атастырды. Тұңғыш рет азан шақырып, қыздың атын Гүлсәнә, ұлдың атын Ғиззат қойған. Тел қозыдай қатар өскен Гүлсәнә мен Ғиззаттың қарын шаштары түсіп, былқылдаған еңбегі сәл қатая бере, қара барқыттай толқынды, жібектей жұмсақ, құндыздай үлбіреген шаш шыға аяқтарынан қаз тұрып, тәй-тәй басыпты. Екі сәби бір жасқа толар-толмастанақ көргеннің көзі тоймайтын адамзаттың сұлуы атанып, айдында таранған аққудың кос көгілдіріндей қос перзенттің аттары бар өңірге мағлұм болыпты. Бір ғаламаты – екі сәбидің де туғаннан аппақ нысанасы бар екен. Гүлсәнәнің нысанасы дәл тамағының астында да, Ғиззаттың нысанасы білегінде екен. Үш жасқа келгенде-ақ нысана жалтырап, күннен-күнге жүз құбылып, меруертке айналады. Жұрт Ғиззаттың нысанасын он саусағынан өнер тамған шеберлік белгісі, Гүлсәнәнің нысанасын тамағынан күн көрінетін сұлулықтың белгісі деп дұрыс топшылап, дәл жорыпты. Дүйім жұрттың аузына аңыз боп тараған екі перзенттің ғажайып сұлулығын естіген Ми бір күні бүкіл нөкерлерін ертіп, көрмекке келеді. Күн асқан сайын құлпырып, тау гүліндей жұпар иісімен көргенде мас қылар қос сәбидің аналары кейінгі кезде көзсұқтан қорқып, перзенттерін жасырып ұстайды екен. Ми-Лаудың қаһарынан именіп, амалсыз көрсетеді. Хан нөкерлерімен таң-тамаша қайран қалып, адамзаттың бойына бітер мұндай сұлулыққа естері шығып, кең сарайда бірнеше күн қатарынан той тойлап, шарап ішумен болыпты. Шарапқа да, сұлулыққа да масайған Ми бір күні сол төңіректегі өзіне бағынышты елдің тайлы-таяғына дейін жиып алып, жүздеген тұқ2 шарап ішкізіп, жүз түрлі тағам жегізіп, желігіп отырып сөз бастапты: – Ал, жұртым, қара халық, сендерді шақырғаным – менің қуанышыма сендер де ортақ болсын, бірге тойлап, бірге қызықтап, масаттансын дедім. Жалғыз ұлым Жәәйға, кедейдің қызы болса да өзім лайықтап, Гүлсәнәні атастырдым. Бүгіннен бастап екеуі бір сарайда тәрбиеленіп, бірге өмір сүреді. Гүлсәнәнің жасы балиғатқа жеткенде екеуін қосып, бүкіл ғалам таң қаларлық той жасаймыз. Сәннәт пен Зеннәт зар илеп, ханның аяғына жығылады: «Аса мәртебелі әміршіміз, біздей пақырларыңды аяй көріңіз! Еке_______________ 2Тұқ – бөшке.

уін де туғаннан атастырып қойып едік. Біздің ең соңғы қызығымызды өзімізге қия көріңіз!» Хан иілмейді: – Не айтып, не тантып тұрсыңдар. Дүниеге перзент келген соң ол сендердің биліктеріңнен біржола кетеді. Ол сендердің адамдарың емес. Бұл төңіректегінің бәрі – менің құлым. Мен нені қалаймын, сол орындалады. Ал сенің ұлың Ғиззат бүгіннен бастап Жәәй мен Гүлсәнәнің күтуші малайы болады!» Басы жерге тиердей бүгілген мүсініне өңі де сай ұсқынсыз Жәәй әкесінің бұл ұйғарымына алғашқыда қарсы тұрғанымен, қаһарлы әміршінің қайтпас бетінен именіп, екі сәбиге жасар зұлымдығынан қорқып, амалсыз илігіпті. Бірақ хан қаһарына бетпе-бет келмегенмен, зерделі, ақылды Жәәй әке әміріне қарсылығын жасырын жасай береді. Он жасар Ғиззатты малай емес, өзіне іні санатында ұстап, бір кезде Сәннәт пен Зеннәт баулыған өнерге енді оны баулып, ұстаздық ете бастайды. Ғиззат та, бір кездегі Жәәй сияқты, үйреткен өнерді лезде қағып алып, ұстазын таң қалдырады. Күннен-күнге талабы өрге сүйреп, ұстазынан да өнері аса бастайды... Күндердің бір күнінде Жәәй ойламаған жерде бақытсыздыққа тап болып, қаза тауыпты. Соңғы бір жыл бойы Жәәй қасына Ғиззатты ертіп, төбесіне бұлтпен таласқан биік тау ішіндегі заңғар жартасқа барып жүреді екен. Неше күн, неше түн сол жартасқа түнеп, екеуденекеу тас қашап, ішер сусын, жейтін ас біткенде барып, әбден бұралып елге оралады екен. Не істеп жүргендерін ешкімге айтпайды. Ешкім олардың соңынан баспалап барып байқауға бата алмайды. Сол қаралы күні ғана алыстан дауыс қылып, зар жылаған Ғиззаттың алдынан ел болып шығыпты. Сөйтсе, бала қайыңның сыпыртқы жапырағына мылжа-мылжасы шыққан Жәәйді шалқасынан салып, бетін жауып, белі қайысқан Ғиззат зорға сүйреп келе жатыр екен. Жартастың кұлама бетінде тас қашап аңдаусыз отырған Жәәй, оқыстан жер сілкініп, биіктен ұшып өліпті. Баласының қазасын естіген Ми жауға шабардай қаһарына мініп, мың-мың қолмен жер солқылдата жетеді. Бірақ қапелімде кімнен өшін аларын білмей, ұлы құлаған жартасқа барса, бұрын-соңды адам баласы көрмеген ғаламатқа қарап, бүкіл әскер ауыздарын ашып, тамсана беріпті. Сүйтсе, Жәәй осы жартасқа келгенде Ғиззатқа ішкі сырын айтқан екен:

– Біреуге зорлап қосқан жар жар болмайды. Гүлсәнә – сенің теңің, сенің бақытың. Бақытыңнан айырылма. Айырылсаң, сенің тіршілігіңде қызық та, мағына да жоқ. Маған өнер үйреткен екі ұстазымды жылатып, Гүлсәнәға үйленбеймін. Бар ұсталығымды салып, тауды қашап, сендерге арнап, мәңгі өлмейтін ескерткіш жасаймын. Қаһарлы әкенің де көзін жеткіземін. Осы біткен соң, бұл арадан мүлдем қарамды батырып, жасырын ел ақтаймын. Үйренген өнерімді ел-жұртыма шашамын. Әттең, таудағы жұмысын да аяғына дейін бітіре алмай, арманда кетіпті. Алып жартасты екі жыл қашап, періштедей екі сәбидің мүсінін жасаған екен. Біреуі – Гүлсәнә да, екіншісі – Ғиззат. О, ғаламат, көрген жанның тегіс таңғалып, қыршын кеткен ұстаның өнеріне бас иіп жыламағаны жоқ. Шебер мүсінші екі перзенттің пет-пішінінен айнытпай шығарған. Бір-біріне күлімдей қарап, әлденені уілдеп айтқысы келіп, бал-бұл жанған жүздерінен адамзат перзентінің кіршіксіз аппақ көңілі, дүрсілдей соққан тап-таза сәби жүректерінің тіршілікке ынтық, өмірге құштар лүпілі естіліп тұрғандай. Сол екеуінің сәби күлкісін тыйып, жүрегін жаралауға, бала біткеннің, болашақ бақыт атаулының қан тамырына у жіберіп шағуға ұмтылып, айыр тілі жалаңдап жорғалаған шұбар ала жасыл әбжылан жартастың етек жағынан жоғары өрмелеп барады. Жыланның тура желке тұсынан әлдекімнің тамыр-тамыры білеудей алып қолы бас салып ұстап, буындырғалы тұр. О, ғажап, жартастың астында тұрып караса, жыланның құйрығы адамның басына ұқсайды. Үңіле түсіп зер салған кісі әлгі адам басының тура Мидың басы екенін айырар еді. Қалқиған құлағы, жырта қарыс ауыздай түгелдей қашалып бітпегенмен, жылтыңдап қараған мейірімсіз көзі тура хандікі екенін бүкіл ғаскер, бүкіл жиналған жұрт жазбай танып, іштерін тартыпты. Миге жалт қараған барша жұрт жылан көргендей шошына, жиіркене, тітіркене қалыпты. Мұны аңғарған ханның түсі өзгеріп, сирек, сойдақ тістері ақсиып, жылан көзі қанталап, ғаскерлеріне әмір етеді. Бүкіл елден мың қашау, мың балға жинатып, мың ғаскерге ұстатып, мың арқанмен, белдерінен байлап, жартастың үстіне салбырата түсіріп, Жәәй жасаған қос сәбидің мүсіндерін бұздырады. Алып жартастың бетіне үймелеп қонған мың атбас шегірткедей құжынаған ғаскер күні-түні шақылдатып, шыңдап ғаламат шебер қолдан шыққан ғажайып мүсіннің бетін шұрқ-шұрқ тесіп, айғыздай береді. Талай адам арқаны үзіліп, аяғы тайып, басы айналып, жартас-

тан ұшып өліп, тау етегі үйілген аткөпір мәйітке айналады. Ми сонда да қоймайды. Қашата береді, бүлдірте береді. Бүкіл дала, бар өңір қашау дыбысының шаң-шұң етіп, әміршінің құлағы шыңылдап, тас керең бітіп, әбден есеңгірегенде барып ғаскерлерін тоқтатады. Содан былай бетінде қорасаннан қалған дағы бар бұжыр адамдай кейіпсіз, жаралы жартасты жергілікті жұрт Жүректас атап кетіпті. Ұсқынсыз тастың жүрекке ұқсайтын ештемесі болмаса да, адам баласы қасына барса-ақ, екі сәбидің қосыла соққан жүрек дыбысындай, әлгі жер бүкіл алапатымен дүңк-дүңк етіп, баяу соғып тұрады екен. Бұл ғаламаттың сырын хан таба алмапты. Жартастың айналасына терең ұра қаздырғанмен, жүрек-тасты орнынан қозғап, жүрек соғысын тоқтатуға ханның әмірі жетпепті. Ми мұнымен қойса бір сәрі. Оның жауыздығы мен шексіз қаталдығы, адам баласына, сұлулыққа жасар мейірімсіздігі, жазықсыз сорлыларға деген сорақы сұмдығы әлі алда екен. Өзінің ұстазы Жәәйден өнері оза бастаған он жасар шәкірт Ғиззатты дүйім жұрттың алдына шақырып: «Сен малайлықта жүру орнына Жәәй - дің қасында бүркеніп алып, ұсталық, зергерлік өнерін ұрлаған ұрысың, оған кінәлі – сенің он саусағың, бірінші ұрлығың үшін сенің бір қолың кетеді...», – деп жаңғырыққа салып, айбалтамен жендеттеріне нысаналы оң қолын шаптыртады. Содан бері осы өңірде Миден қалған бұйрық келе-келе дәстүрге айналып, ақыры, титімдей зат ұрлаған адам болса, әуелі бір қолынан, қайтып жасаса, екінші қолынан айырылатын қатал, мейірімсіз заң орнапты. Қайырымсыз тас жүрек ханның зұлымдығынан Гүлсәнә да құтылмапты: «Сен енді жүрегің қалаған, жаның сүйген ғашығыңа ғұмырыңда қосыла алмайсың, сенен ұрпақ та болмайды, ана деген атпен мәңгі қоштасасың, сен енді әркімнің қолындағы ойыншықтай, кім көрінгеннің ермек етер, ләззәт тұтар уақытша қызығына айналып, қолдан-қолға көшіп жүресің. Сенің атың бүгіннен бастап Тәтәй болады», – деп Гүлсәнәні кең сарайға қаматып, малайларға бақтырады. Адам баласы, тірі пенде бұрын-соңды естімеген бұл сұмдықты ол былай ойлап тапқан екен: тобылғыдай бұралып, тал шыбықтай майысқан бүлдіршіндей қыздың мықынын, аяқ-қолын жұмсақ, жұқа дәкемен орап, тастай ғып матап, қабат-қабат шандып тастайды екен. Жаңа ғана бұлаланып толыса бастаған өрімдей

қыздың тұла бойы қалыпқа түсіп тартылып, келе-келе қиылған белі, жіп-жіңішке саусақтары, қолдары мен ағаш кебіс кигізген аяқтары нәзік қалпында солып, өспей қалады. Анда-санда байлауын ауыстырып отырар қыздың жасы он алты-он жетілерге келген шақта әлгі дәке-қалыптарды мүлдемалып тастамақ. Қыз бала жел үрлесе жығылатындай үлбіреген торғын қалпында қалмақ. Осы өңірде Ми ойлап тапқан сорақы, сұмдық келе-келе дәстүрге айналып, қолында билігі бар талай әміршілер мен әкімдер қолдарына бірнеше тәтәй ұстап, сол арқылы орасан байлыққа кенелетін болыпты. Тіпті, келе-келе байлыққа құныққандар тәтәйді қыз-бала тәй-тәй басқан шағынан дайындайтын болыпты. Сондықтан да шығар кейбіреулер Тәтәйді Тәйтәй атап кетіпті... Әжесінің шындыққа бергісіз әрі қызық, әрі аянышты аңыз ертегісін үнсіз тыңдап отырған Аманай тап осы тұста шыдай алмай, балалық құштарлықпен, түсінбей қалған жерлерін ежіктеп сұраған. – Әже, Гүлсәнәнің атын неге Тәтәй қояды. Неге ол кішкентай қыз болады, ол өспей ме? Оны неге қолдан-қолға көшіп жүреді дейсің. Сонда ол адам емес, қуыршақ па? Тәтәй жайын былай да түсініксіздеу етіп айтқан Балзия немересіне одан сайын бұлдырлау жауап беріп, орағытып кеткен: – Тәтәй деп, енді, ханның әшейін бір қоя салған аты ғой. Оның өспей қалатын себебін айттым емес пе. Баласы өлген соң, әдейі қысастық жасаған екен деп Мидің де олардан алған өші ғой. Өзің дұрыс айтып отырсың – қалыпқа салған тәтәй қуыршақ қана болып қалады. Оны жұрт ойнау үшін ғана алады. Тірі қуыршақты әркімге уақытша берген хан, әрине, тегін бермейді. Оны қазір айтамын. – Иә, сосын не болады, әже? Айта бер. Енді түсіндім, – деп «қуыршақ», «ойыншық» дегенді білетін Аманай үзілген ертегінің жалғасын ынтыға күткен. – Арада жыл өтеді. Тәтәй-Гүлсәнә дәл бабына келді-ау дегенде хан Ми жаршыларына әмір етіп, шартарапқа жар салдырады. «Жанды қуыршақ Тәтәй-Гүлсәнә дер шағына жетті. Енді қолға алып мейірі қанғанша ойнауға болады. Бірінші алатын адамның қолында Тәтәй отыз күн тұрақтауға тиіс. Осылайша ол қолдан-қолға отыз күннен ауыса бермек. Ол үшін шарт біреу: кімде-кім алтынмен апталып, күміспен күптеп, асыл тастармен жауып, меруертпен тізген бас киімді жаздың бір шуақты күні Тәтәй қуыршаққа тарту етуге тиіс. Бұл Тәтәй-Гүлсәнәнің тілеуі. Таңдауын да сол шешеді. Кімде-кімнің

бас киімі Тәтәйға ұнаса, қуыршақты алып ойнайтын бірінші иесі сол болады. Қалған кезекті бас киімдерге қарай Мидің өзі шешеді. Ми қай бас киімді Тәтәйға кигізеді, – келесі иесі сол болмақ. Бір ай киілген бас киім хан соқтырған «Тәтәй сарайында» қалып отырмақ. Бас киімдер жарысы, Тәтәй қуыршақты иемденушілер жарысы келесі жылдың жазында өтеді. Бір жыл дайындалуға пұрсат». Шартарапқа жайылған бұл хабар жеті таудың ар жағындағы жеті өзеннің төңірегін мекендеген қалың елге де жетеді. Бұл кезде Мидің қаһарынан қорқып, жер басып, күн көре алмаған Ғиззат жеті таудан асып, сол елге қашып барып, паналап жүрген. Таласқа түсер ТәтәйГүлсәнә жайын бұл да естиді. Естиді де, қатты күйзеледі, іші өртеніп аласұрады. Не істерін білмей қамығып жүріп, сол өлкедегі жасы жүзге келген аты шулы кемеңгер ақсақал Садыр қартты іздеп барып, мұңын шағады. Зергер ұста баланың қайғымен өткен бар өмірін егжей-тегжейлі сұрап білген кемеңгер Садыр ұзақ ойланып отырып, оған көрегендікпен ақыл айтқан екен: «Өзіңмен бір күнде туып, қатар өскен Гүлсәнәң мұндай қиын-қыстауда жатқанда тағдыр талқысына түсіп, көрінгеннің қолжаулығы болып, еріккеннің тәлкегіне айналғалы тұрғанда, оны құтқару үшін басыңды ажалға тігемін деуің ерлік қана емес, азаматтық. Бірақ, ай, балам-ай, өте қиын әрекетке бастағалы тұрсың. Бас сауғалап, өмір бойы тірі өлік болып жүргенше, адал өліммен өлгеніңді артық санайды екенсің. Бетіңнен жарылқасын. Бар. Гүлсәнәнің бас киімді қалауы, шуақты ашық күнді қалауы тегін емес. Мұнда ғажайып сыр бар. Ол жұмбақты өзің шеш. Ойлан. Қолыңнан келсе, жеңіп ал, реті келсе, ғашығыңды алып қаш. Жеті өзенді жайлаған осынау жалпақ елге жетсең, екеуіңе де бұл жер пана. Осы жолы саған таза жүрегің басшы да, өнерің жебеушің болар. Ойлан. Бар өнеріңді сал, аянба. Шын өнер қиыннан алып шығар. Бердім шын тілеу, ақ батамды!» Ақылды қарияның батасынан қуат алып, қырандай қанаттанған Ғиззат күні-түні ұйқы-күлкісіз жүріп, әкеден көрген, ұстаздан үйренген бойындағы бар өнерін салып, дайындалады. Келесі жылы, жаздың бір шуақты күні, Мидің жаршыларынан құлақтанған дәмелілер жан-жақтан ағылып, тау бөктеріндегі ат шаптырым кең алаңға жиналыпты. Көктемдегі қара қарғаларша, өлімтікке жиналар құзғындарша қаптаған өңкей әумесер байлар мен саудагерлер, төрелер мен әкімдер алқа-қотан отырғанда жер қайысыпты. Тап

ортада, биік сәкіде, қабығы аршылған тұттай жанды қуыршақ. Тәтәй. Тал шыбықтай бұралған мүсініне көз тоймайтын, сұлулығынан көз ұялатын Гүлсәнәнің жығылып қалмас үшін ұстаған күміс таяғы мен аяғында алтыннан зер жүргізген хайы3 ғана бар. Жазылған жозыдай шағын жайдақ төбеде, алтын тақта отырған хан күн арқан бойы көтерілгенде қолындағы балдағын көтеріп, белгі беріпті. Белгі күткен дәмелілер қоржынға тығып, сандыққа салып үлбіретіп әкелген, неше бір шебердің қолынан шыққан бас киімдерін кезекпен келіп, ГүлсәнәТәтәйдің алдына салыпты. Алтынмен аптап, күміспен күптеп, інжу, маржаннан зерленген, бірінен бірі өткен ғажайып тақиялар мен топыларды, бөріктер мен төбетейлерді көргенде қызыққа жиналған жұрт таң-тамаша қайран қалысыпты. Осы өлкені жайлаған ойраттар мен торғыттар, бояттар мен дербеттер, өлеттер мен зақшын, қошыттар өз милләтінің киімін тарту еткенде, Мидің де көзі жайнап, осынша байлыққа кенелгенін ойлағанда есі шығып, ыржалаңдап күле беріпті. Бірақ осыншама баға жетпес қымбат дүниелердің бірі ұнамайды Гүлсәнәға. Тәтәй қыз қолына алған бұйымдарды жаратпай, басын шайқап, сәкінің қасына лақтыра береді, лақтыра береді. Тәтәй қуыршақпен ойнауға дәмелілердің әкелген бас киімдері үйіле-үйіле биік төбеге айналады. Жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алған асыл тасты бұйымдарға қуанған Мидің сойдиған жайын тістері ырсиып, тілі күрмеле беріпті. Күн дәл тас төбеге келіп, сый тартар адам таусылған кезде, жан баласы бұрын-соңды көрмеген бір салт атты сақыр-сұқыр етіп жетеді. Көзіне киіз көзілдірік киген таңғажайып жігіттің астындағы аты да таңғажайып: құлындай ғана ергежейлі, тұрқы ұзын, жалқұйрығы, құлағы жоқ керемет мақұлық. Шоқытқан бойы ешкімге сәлем де берместен, рұқсат та сұрамастан тура сәкінің қасына тоқтап, қанжығасындағы қоржыннан ораулы затты ала бергенде-ақ түсі келмей өңі бозарып, шуаққа да жылынбай қалтыраған Тәтәйдің бетіне қан ойнап, қызғалдақтай құлпырып, сәби күлкімен Миге қарап белгі беріпті. Мұнысы осы адамның сыйын ұнаттым, бірінші қалауым осы дегені екен. Ойда жоқта тап болған жат адамды хан ұнатпай, езуін жиып, күлкісін тиып, «әуелі киіп көр, бәріміз көрейік» деп, тағынан атып тұрып, алыстан зіркілдейді. Жат жолаушы орауын ашып, бас киімді Гүлсәнәға кигізе бергенде Ми де, қарақұртша қаптаған қалың _______________ 3Xай – шәрке.

жұрт та «аһ» деп, көздерін басып отырып қалыпты. Жолаушының қолындағы бас киімнің асыл тастары күнге шағылысып, айдай әлем жарқ еткенде бәрінің көзі қарығып, көпке дейін аша алмапты. Орауын жаза берген жолаушының бір жақ шолақ қолын аңдып қалған кәрі Ми: «Ұстаңдар. Мынау ұры малай, ұры Ғиззат», – деп жан даусы шығып байбалам салып айғайлап, сорақы үнмен бақырыпты. Бұл кезде сәукелені басына кигізген Гүлсәнәні артына мінгестіріп, «белімнен мықтап ұста, көзіңді жұмып отыр!» деп топтың ортасынан Ғиззат сытылып шыға беріпті. Астына мінгені – өзі жасаған бұрандалы ағаш ат. Гүлсәнәнің басына кигізгені – жеті өзен жұртының үлгісімен тігілген қалыңдық сәукелесі. Бір жыл бойы таулар мен өзен, көлдерді ұйқы-күлкі көрмей тынымсыз аралап, бай өлкенің асыл тастарынан өзі қашап, өзі мәнерлеп жасаған бұйымдары, жүргізген зерлері саф алтын, шын меруерттен де артық, өткір күнге шағылысып, жалтжұлт жарқылдап, сәуле шашып, от бүркіп барады. Қап ұрылып отырып қалғандар Ғиззат пен Гүлсәнә алысқа ұзап кеткен соң ғана көздерін ашып, естерін жиып, алас-күлес жүгірісіп, аттарына қонады. Ми де күміс күймесіне кіріп, ең жүйрік деген қырық малайына төрт жағынан кезекпен-кезек көтертіп, алыста жарқырап кетіп бара жатқан екі жастың соңынан қуып береді. Бұлар тура тауға қарай қашыпты. Соңдарынан андыздай шапқан мыңдаған дәмелі жандар кешке дейін бұларды өкшелей отырып, тек алыстан ғана көз жазбай қуа беріпті. Жақындай қалса-ақ күнге шағылыса жарқылдаған сәукелеге қарай алмай, ат тізгінін тартып, амалсыз тежейді екен. Күн қайтып, кеш түсе бергенде барып Ғиззат пен Гүлсәнә тауға жетеді. Сәукеленің де енді күн бата көз ұялтқан сәулесі азайып, алыстағы жұлдыздардай ғана жарқырап бара жатады. Сонда ғана қуғыншылар қиқу салып аттарына қамшы басады. Тау етегіне жеткенде ағаш аттың да бұрауы таусылып, Ғиззат пен Гүлсәнә жерге түсіп, сыңсыған ну қарағайлы тауға жаяу жүгіреді. Уф еткен желге майысар балапан аяқ нәзік Гүлсәнә сүрініп құлай береді. Қолындағы таяғы түсіп, аяғындағы хай ұшып кетеді. Артынан жау қуған Ғиззат Гүлсәнәні көтеріп алады. Тау жүрген сайын биіктей береді, жүрген сайын қия тастар қиындай береді. Аттарын төменде қалдырған қуғыншылар да жанжағынан қаумалап, бұларға қарай жақындай түседі. Әбден шаршап, әлі құрып титықтап, әлсін-әлсін бір құлап, бір

тұрып биікке ұмтылған Ғиззат ақтық күшін салып, қуғыншылардан ұзап, ең биік төбеге шығып дамылдапты. Күнұзын ағаш атпен жан ұшырып қашып, кешқұрым биік тауға жаяу-жалпылай шыққанша жүрегі өрекпіп, буын-буыны босап, қайғыдан, ызадан налып отырып, талып ұйықтап кеткен Ғиззатты Гүлсәнә оятуға аяйды. Бәрібір оятқанмен не шара – тақия төбе таудың жан-жағынан андыздап, тінте сүзіп келе жатқан илеуіне жеткен құмырсқадай қаптаған жұрттан енді құтылу жоқ. Амалы құрыған дәрменсіз Гүлсәнә басындағы сәукелесін шешіп алып, Ғиззатқа естіртпей, зар илепті: «О, тәңірім не күніңді тез шығара көр, не аспаныңды аша гөр, біздей бейбақтарыңды ана қанды қол қарақшылардан құтқара гөр! Тым құрмаса тау асып та кете алмадық. Жеті таудың ар жағындағы жеті елге де жете алмадық» деп жалынып, жалбарыныпты. Бұл оразаның тұсы екен дейді. Қуғыншылардың алды, міне, міне жетті-ау, енді Ғиззатты өлтіріп, Гүлсәнәні тірідей мазақ етіп, қорлайды-ау деген сәтте аспан қақ айрылыпты. Бұл түн кәдір түні екен. Оразаның алдында, соңында бір келер кәдір түнінде аспан қақпасы ашылады екен. Оны әркім көре бермейді. Оны көрген адам тәңірінен не тілесе, сол тілеуі қабыл болады дейді. Тек шарты сол – екі тілеу емес, бір-ақ тілек айту керек. Және аспан қақпасы жабылғанша үлгеру керек. Айдай әлем күндізгідей жап-жарық болып, көк жүзі нұр сәулеге бөленгенде Ғиззат та «аһ» деп көзін ашқан екен, Гүлсәнә да тәңіріне сыңар тілеуін айтып үлгеріпті. «О, жасаған ием, осы төңіректің бәрін мұзға айналдыра гөр!» Аспан қақпасы қайта жабылғанда ақ сәукеле әп-сәтте аспанмен тілдескен аппақ мұзды шыңға айналыпты да, Ғиззат пен Гүлсәнә құшақтасқан қалпында шыңның ішінде қала беріпті. Сәукеленің ақ жібек жаулығы тау ішіндегі терең көлді жауып, шың бөктері мәңгі мұзартқа, қуғыншылар мұз қабыршығына айналып кетіпті. Төбесіндегі бергек желекке қадалған қарқара үкі ақша бұлтқа айналыпты. Төбесінде ылғи шыр айналып жүзіп жүретін бір шөкім ақ бұлт сол қарқара екен де, шыңның бетіндегі күнге шағылысып тұратын жұлдыздар төбелдірігі мен маңдайшасына қадалған, салпыншақ бет жақтауына тізген асыл тастар екен. Рас па, өтірік пе, кім білсін: «Құдайдың құдіретін көргің келсе, тауға шық» деген сөз осыдан қалыпты деседі...» Тұңғыш рет естіген мына аңыз-ертегіге кәдімгідей сеніп, бүкіл

оқиғаға шын иланған Аманай көпке дейін, неше күндер мен түндер бойы Сәукелені есінен шығара алмаған. Әжесінен қайта-қайта сұрайтыны – бұрынғыдан да енді ғажайып жұмбаққа айналған Сәукеле жайы: – Сонда Сәукеле түгел мұзға айналып кеткен бе? – Иә, түгел мұзды шыңға айналған. – Сонда, Ғиззат пен Гүлсәнә да мұзға айналып кеткен бе? – Иә, мұзға айналған. – Сонда, олар енді тірілмей ме? – Тірілер еді, бірақ оларды шыңның астынан шығару қиын ғой. – Шыңды қопаруға болмай ма? – Жоқ, болмайды. Тек кәдір түнінде, аспан ашылған кезде ғана қайтадан тілек айтып құтқаруға болады. – Ендеше біз неге барып құтқармаймыз, әже, барайықшы. Кәдір түнін күтейікші. – Е, Аманым, ол жерге жету қиынның қиыны: кәдір түнін күтем деген адам әңгекке4 түсіп кетеді, не боранда ұшып, аязда үсіп өледі. – Онда жаз болмай ма, жылы жаз? – Жоқ, онда мәңгі қыс, мәңгі мұз. Гүлсәнә солай тілеген. Осы беттен барар адам баласына өзінің де көңілі мұздаған Тәтәй қыз, сәукелеге мәңгі ызғар шаштырып қойған. – Тәтәйлер мен қатал заң ешқайда жетпесін. Бар зұлымдық осы маңда қалсын, бұл араға жан аяғын баспасын, жамандықтан тәлім алмасын, мұз құрсанған Сәукеле екі жаққа шекара болсын деп тілесе керек. Ал Сәукеленің арғы бетіне ассаң, шіркі-ін, күн де жадыраңқы, жер де жайдары... Сәукеленің арғы бетін айта бастаса-ақ әжесінің қызыл жиекті қартайған көзінің түкпіріне жылт етіп бір түйір жас келе қалады. Мұны алғашқыда Аманай аңғармайтын. Кейін бір тағы да сұрап, тағы да ежіктегенде, көңілі босаған әженің үнінде тұншығып жатқан жасырын сиқырлы сырдың барын жай ғана жүрегі сезіп, байқағандай еді. Әжесінің мұңды жүзіне аянышпен қараған бала бәрібір жетесіне жетіп түсінген жоқ. Ол жөнінен әжесі де тіс жарып ештеме айтқан емес. Енді, міне, әжесінің айтқаны рас болса (бұған дейін ол өтірік айтып көрген емес), сол Сәукеле тауына қарай, екеуден-екеу ұзай берді. Өлмелі кемпір, қаршадай қағылез бала. ___________________________ 4Әңгек – мұзарттың жарығы.

Бұлар тауға қарай беттегенде шағын ауыл үйлерінің терезелерінен жаңа жаға бастаған шам жарықтары әлсіз сығырайып, ел орынға отырған. Іңір қараңғылығында бейсауыт шыққан жолаушыларды ешкім аңғарған жоқ. Тек ауыл сыртынан тышқаншылап қайтқан жалғыз-саяқ ит қана, өзіне таныс кемпір мен баланың соңынан ұзақ қарап тұрды да, мүлдем бөтен жаққа салғырт шәуілдеп, үйіне қарай сөлең-сөлең жорта берді. Онысы «осы бейуақта қайда барасыңдар?.. Е, мейілдерің!» деп, өзінше әрі мүсіркеп, әрі мысқылдағаны сияқты. Әже мен немере ескі сүрлеумен әудем жер ұзап шыққан соң, арттарынан қызыл ай туды. Ол да: «Бейуақта қайда сапар шектіңдер, о-о, бейбақтар, қараңғыда адаспайсыңдар ма, жарайды, жол көрсетейін» дегендей, көкжиектен қылт етіп шығысымен көк мақпал аспанға өрмелеп, биіктей берді. Биіктеген сайын самалдай жайнаған жұлдыздардың оты өлеусіреп, қызыл ай ағарып, жарықтана түседі. Төңірек енді анық көріне бастады. Сүрлеу, бір заманда керуен жолы деп аталатын, ат тұяғынан от ша шарлық қайрақтай қасқа жол болса керек. Ол кезде бұл арамен кім жүрмеген: қаздай тізілген түйелер кернеуі де, қыз алып, қыз беріскен құдалар нөпірі де, қыстаудан жайлауға, жайлаудан күземге ағылған табын-табын жылқы тұяғы мен отар-отар қой-ешкінің аша тұяғы да, қашқан да, пысқан да, ұры да, қары да осы жолды басқан шығарау. Заман өтіп, жер тозған сайын, сауық кетіп, ел азған сайын қасқа жол да тарыла-тарыла келіп, кең қара жолға, қара жол тілім-тілім жарылып, ескіре келе үш аяқты арба жолына, одан келе-келе өрістен қайтар азбыншы малдың жалғыз аяқ жолына айналса керек. Қазір, жүргіншілер қатынамайтын, қалған көне жол екенін білдіретін белгілер – сүрлеудің екі қапталына бойлай өскен ащы жусан мен сабағы сидиған бойшаң қурайлар ғана. Қолына сабаудай қысқа таяқ ұстап, бір иығына теңдеп асқан қос қоржынды кемпір алда. Дәл кемпірге ұқсап кішілеу екі қоржын асқан бала соңында. Екеуі де үнсіз. Екеуі де ширақ. Бұлар ұзақ жүрді. Он төртінде дөп-дөңгелек болып мінсіз толған ай иыққа көтерілгенше жүрді. Ай биіктеген сайын сүттей жарықтанып, иен дала кеңіп барады. Алыста сұлап жатқан алып тау жоталары да қарауытып, белдеуленіп, жазық жерден еңсесі биік көрінеді. Сол жоталардың ар жағында, үшкір басы ай жарығына шағылысып, Сәукеле де жарқырайды. Бұлар ұзақ жүрді. Алыстағы Сәукелеге қарағыштап қойып, әжесінің

соңынан үнсіз ерген Аманай анда-санда тоқтап, артына бұрылады. Мұнысы – «қанша жер жүрдік?» – деп, өзінше, аяңмен алған жолды мөлшерлегені. Қараған сайын елден ұзағанын ауыл оттарының өлеусіреп сөне бастағанынан аңғарады да, артына қайырылмастан еңкеңдеген әжесінің соңынан томпаңдай басып, қуып жетеді. Туғалы тұңғыш рет аулынан ұзап шыққан Аманайға айналасында түнгі табиғат әрі қызық, әрі жат. Әлгі әзірде ауыл маңында жусаған өзіне таныс екі-үш жылқының пысқырғаны, бағанағы кеткен итке қосылып шәуілдеген бір-екі иттің үні жүрген сайын талып естіліп, тұншыға тынған. Ауыл енді бұлармен мәңгіге қоштасқандай, қарақұра тартқан үйлеріне дейін көзден ғайып болып, жым-жырт күйге түсіпті. Ай астында үнсіз мүлгіген иесіз жапанда екі-ақ тіршіліктің дыбысы естіледі. Шаңсыз шөптесін сүрлеумен аяңдаған әже мен немеренің аяқ сыбдыры, арагідік жол жиегіндегі бетегеден пыр етіп ұшқан бір топ бөдене қанатының суылы. Түн тыныштығын бұзып үрке көтерілген бөденелер лезде жер бауырлай суылдап, лезде қара жерге сүңгіп кеткендей болады. Тек әр тұстан «бытпылдық, бытпылдық, қайда барсам бытпылдық» деп, бір-біріне түнгі ұйқы алдында хабар берген дыбыстарынан ғана олардың тірі екендігі сезіледі. Әлден уақытта таңдайы тақылдаған бөденелер үні де сиреп барып, мүлдем семді. Тегі, олар да таң алдында жағы талып ұйқыға кететін шығар. Анда-санда тұс-тұстан сирек естіліп тұратын бытпылдық үні де түнгі даланың сәні, түнгі даланың тіршілігі екен-ау. Тым-тырыс тыншыған төңірек, енді заматта жағы қарысқандай үңірейіп, суық тартып, өлі далаға айнала берді. Аманай жаңа аңғарды – өң мен түстің арасындай көгілдір тартқан дала енді буалдырланып, күлгіндене бастаған екен. Тас төбедегі аппақ ай сынық сүйем төмен құлап, бозара қалыпты. Сәукеле мұнартып, көмескіленіп барады. Аманайдың бетіне суық леп тиді; қара қошқылданған тау аңғарынан ескен таңғы самал; күзгі, ызғарлы салқын самал. Неге екені белгісіз, шыққалы бірінші рет Аманайдың тұла бойы өз-өзінен тітіркеніп, мұздап қоя берді. Ауылдан ұзағалы әжесінен бірде алыстап қалып, бірде қуып жетіп келе жатқан бала енді әлденеден қорыққандай, бір елі қалмай өкшелеп, кейде тіпті артынан әлдебір суық қол бас салып ұстап алатындай, әжесінің алдына ойқастай шығып, жалтақтай берді.

Әже әлі де ләм деп тіл қатқан жоқ. Үнсіз жүріп келеді. Әлден уақытта барып, алдан бір жат үн естілгенде ғана немересін тоқтатып алып, тың тыңдады: – Тұра тұр... Естимісің, менің құлағым ба шыңылдап келе жатқан, әлдебір дауыс..? Әжесінің даусы Аманайға қорқынышты естілді. Ол әжесімен қосыла үрейленіп, үнсіз тың тыңдады. Алдан шыққан дауыс одан да үрейлі еді. Сыңсығанға да, жылағанға да ұқсас талып естілген аянышты әрі қорқынышты үн – адам үні екен. Белгісіз адам біраз уақытқа дейін бір қалыпты ыңырсып, арагідік өксігендей үні үзіліпүзіліп кетеді де қайта сыңсиды. Енді бірде ыңылдағандай болады. Дауыс алдыңғы жақтан шыққан екен. Тіпті алыс жерден емес, жақын жерден. Әлгі адам даусына енді үзік-үзік, бірақ бір мезгілде шиқ-шиқ еткен дыбыс қосылды. Әлсіз шиқыл – арба доңғалағының шиқылы. Көп ұзамай ай астында бауырына көлеңкесі түскен арбалы жолаушының қарасы да көзге ілікті. Ылдида келе жатқан жолаушы тап алдарындағы белестен көтеріле берген еді. Балзия жалма-жан немересінің жеңді білегінен ұстап, жолдың екінші қапталына қарай дедектете жөнелді. Бұл ара – қалың ақ ши. Аманай түк түсінген жоқ. Әйтеуір әжесінің жан ұшыра сүйрелегенінен бұл қорқыныштың тегін емес екенін сезіп, ештеме сұрауға мұршасы келмей, үнсіз ере берді. Дара-дара өскен бірнеше түп шиден өтіп, қалың, ұзын шидің тасасына жасырынған соң барып, екеуі де жолға қайта қарады. Бұлар жолаушыға көрінбеуге тиіс. Ал жолаушы болса, сидам шидің ара-арасынан анық көрінеді. Түнгі жолаушы ыңырсып, өзінше ән айтып келе жатыр екен. Бірақ әнінде ырғақ та, белгілі әуен де жоқ, зарлы, мұңды уіл ғана бар. Есек жеккен, баланың ойыншығындай шағын арба анадай жерден қатарласа өте бергенде барып, Аманай жолаушыны жазбай таныды: ауылдағы кәдімгі молақ Томар-Омар. Жеккен есегі де, кішкентай темір доңғалақты арбасы да соныкі. Бұдан басқа есек арба бұл төңіректе ешкімде жоқ. Молақ шал ішінде шалқасынан түсіп зарлап жатыр. Өзі көрінбесе де, даусынан ажырату қиын емес. Елден бүгін кешке ғана шықса да, Аманай ауылдасын сағынып қалғаны ма, әлде мына иесіз ай далада таныс адамды ес көргені ме, айғайлап, жүгіргісі келді. Бірақ жүгіре алмады. – Әже, мынау өзіміздің... – деп ұмтыла бергенде Балзия оның иығынан тартып қалған. Жай тартпады, жұлқи тартты. Әлсіз

кемпірдің қолы онша батпаса да, бұл тартыста бір гәп барын түсінген бала амалсыз бөгелді де, енді сыбырлай сөйледі: – Әже-ау, өзіміздің Томар-Омар ғой! – Болса қайтейін деп ең! Балзияның үні де зілді шықты. «Сәукелеге баратынымызды ешкімге айтпа, дымың ішіңде болсын» деген әже ескертуі есіне түсіп, өзін уәдесінде тұрмайтын кінәлі адамдай санап, Аманай жым болды. Әйтсе де баланың аты бала емес пе, Томар-Омар әбден ұзап, қайғылы үні де, арбасының шиқылы да естілмей, көзден тасаланғанда барып, сүрлеуге шыққан әже соңынан ілесе бере, қайтадан сөйлеп келеді: – Әже, сен алдында бөтен біреу деп қалдың ба? Ол Томар-Омар атам екенін даусынан-ақ таныдым. Өзі қайдан келе жатыр? Өзі тағы мас қой... Мас болса-ақ өзі өлең айтады, жылайды. Әлгі жынды Қанипа ұрады деп қорқады ғой, иә, әже? Былтыр Қанипа кеудесіне отырып алып ұрған. Сосын жылаған. Неге үйтеді, әже? Өзі ұрып, өзі жылайды... Аманай өз даусын өзіне ес көріп, сөйлеген сайын самбырлап даланы басына көтере бастаған еді, Балзия қалт тоқтады да, немересінің бетіне қарады. – Сен енді айдалада бұлай айғайлама да, адам көрсең, кім болса, о болсын, көзіне түспеуге тырыс. Әйтпесе, біреу-міреу көріп қалса, бізді Сәукелеге жібермей қояды. Ал әлгі Томар-Омар жайын ке йін айтамын. Оны сен сұрамасаң да айтамын. Сен білесің әлі... Бәрін білуің керек... Сөзінің аяғын екі ұшты бітірген әже соңынан Аманай тағы да ере берді. Бұл жолы олар сүрлеумен онша ұзақ жүрген жоқ. Балзия әлденені бағдарлағандай, әлденені есіне түсіре алмағандай жол жиегіне, тау жаққа ұзақ аңырып қарап тұрды да: – Осы тұс болар, – деп, өзімен-өзі ақылдасып, кеңескендей баяу күбірледі де, енді суық самал үрлеген тау бөктерін бетке алып, жолсызбен жүріп кетті. Аманай шыққалы бірінші рет ойға қалып, әжесінің мына қылығына таңырқап келеді. «Сәукелеге баратынымызды ешкімге айтпа» дегенде, Томар-Омардан жасыруы қалай? Жаңа жолда тоқтатып алып сөйлесу орнына, одан жасырғаны несі? Басқадан сыр сақтаса да, молақ атама үйтпеуші еді ғой. Үйткені өздерінің шағын ауылында көп сөйлесіп, бас шұлғысып әңгіме шертіп, көп ақылдасатын адамы да жалғыз сол емес пе?»

Томар-Омар – екі аяғы бірдей тізесінен жоғары кесілген мүгедек шал. Ел арасында оны «молақ шал», «Томар-Омар» дейтіндері де содан. Өзі – етікші. Ауылдағы бала-шағаның, кәрі-құртаңның ескіқұсқысын жамап-жасқайтын жалғыз етікші – осы. Өзінде бала жоқ. Алдына салған малы да еш уақытта болмапты. Қанипа атты жалғыз жынды кемпірі, кесілген томардай домаланған бойына лайық, жаңағы есегі мен есек арбасы ғана бар байғұс адам. Кемпірі ертеректе, келіншек кезінде, жынданыпты дейді. Андасанда ғана жұртпен сөйлесерлік кіресілі-шығасылы есі бар. Әйтпесе, жыл бойы ешкіммен араласпайды да, ел ақтап жүрмейді де, әйтеуір үйінен шықпайды. Екі мүсәпір бірін-бірі бағатын болса керек. Қар аласапыран еріп, көктем туа бергенде Қанипаның ұстамалы ауруы қайталап, ес-түсін білмей жынданатыны бар. Жаңа ай туған кезде де есіріп жүреді. Ондайда өз киімін өзі дар-дар айырып жыртып, ауыл көшесінде тыр жалаңаш жылап отырып алады. Түсініксіз бір өлеңді қайта-қайта айтып, қайта-қайта жылайды. Не сықылықтап күле береді: Әңгек-ау, әңгек, Меруертімді қайтып берші, Берші деймін Меруертімді, Өзім тағайын, Өзім бағайын, Құлап қалды ғой, Жылап қалды ғой, Берші деймін Меруертімді, Өзім тағайын, Өзім бағайын... Әй, Сәукеле, Сәукеле, Сенің қалтаңда Меруертім жатыр, Қайтып берші, Берші деймін Меруертімді. Осы бір мағынасыз өлең сөздерін, кейде кешке дейін жүз қайталап, жүз жылап, жүз күлетін шығар. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұл өлеңді Қанипа – Қанипа болғалы, елу жыл бойы айтып келеді. Мән, мағына беріп, түсініп айтпайды, әйтеуір жаттап алған, жынданған кезде ғана есіне түсетін көрінеді. Бұдан басқа білетін өлеңі де, әні де жоқ. Бұл өлеңді тіпті әрлі-берлі уақытта бүкіл ауыл бала-шағасына дейін жатқа біледі десе де болады. Бірақ ешкім айтпайды. Тек әркімнің көкірегінде сақталған. Биыл көктемде Қанипаның тап осылай жынданғаны бар. Мұн-

дайға еті өліп алған ауыл адамдарынан ешкім де оның қасына келіп мүсіркеген жоқ, қолынан жетелеп үйіне де апарған жоқ. Тегі, жылап-жылап өз-өзінен шаршап қояр дейтін шығар. Аманай, қасында өзімен тетелес үш-төрт бала бар, киімін жыртып отырған Қанипаға жақындауға бата алмай, қорқып, үрейлене қарап тұрған. Молақ шал қара санының астына таққан төрт дөңгелекті арбасын екі қолымен жер тіреп жылжытып, қол қамшының өріміндей ғана жіңішке бұрымын тарқатып, селдір шашын жайып жіберген Қанипаға келіп, қолынан тартып, үйіне сүйрелеген. Қанипа оның бетіне танымаған адамдай ұзақ бажырая қарап, тартыншақтап отырған да, бір мезетте бас салып шалын жерге алып ұрған. Дөңгелек арбашығымен қоса аударылып, домалап жатқан молақ күйеуінің кеудесіне мініп алып, түйміштеп, әлгі «әніне» басқан. Бір кезде ағыл-тегіл жылап, жер тырмалап, көзі шатынап, сықылықтап кеп ішегі түйілгенше күлген. Қанипаның неден ауруға шалдығып, жынданғанын қариялар білсе де, жастар білмейді. Жастар дегенде, қайбір жастар бар. Балаларға оны ешкім айтып та көрген жоқ, балалар ешкімнен ауру жайын сұрап та көрген емес. Басына түскен осы екі қайғыдан – екі мүгедектік зардабынан Томар-Омар ара-тұра ішетінін жұрт біледі. Бірақ ешкім ештеңе демейді. Және де қайдан ішетінін де сұрамайды. Әйтеуір екі ай, үш айда бір, домалаңдап жүріп есегін жегіп алады да, арбаға жантая мініп, бір жаққа кетеді. Қайда баратынын да, кімнен ішіп келетінін де ешкім білмейді. Жұрттың айтуынша, ішетіні – бұл ауылда жоқ жынды су. Сол жынды суды ішкен күннің ертеңінде ме, әйтеуір көп ұзатпай молақ шал Аманайдың әжесіне келеді. Қайдан алатынын кім білсін, Балзияға көп қазиттер әкеледі. Бұл ауылда хат танитын кемпір – жалғыз Балзия. Қашан есек арбасын жегіп, қашан әлгі сапарына қайта аттанғанша Томар-Омар анда-санда келіп, жаңағы қазиттерде жазылғандарды Балзияға неше қайтара оқытып, өзі аузы ашылып тыңдап отырады. Аманайдың әжесі де бұл қазиттер қашан тозғанша басына жастанып жатып оқиды десе болғандай. «Енді әжесіне не болды? Өзінің сырласы Томар-Омардан неге жасырынады? Әлде Сәукелеге баруды сырласына да айтпау керек пе екен? Онда Сәукеле киелі болғаны ма?» Сәукелені ойлағанда, Аманайдың есіне жаңағы өлең қайта түсті: ...Әй, Сәукеле, Сәукеле, Сенің қалтаңда Меруертім жатыр!

Қайтып берші, Берші деймін Меруертімді! Ә, ендеше, бар сыр Сәукеледе екен. Аманай қашан Сәукелеге жеткенше тағаты таусыла ойлады. Қашан жетіп, өзіне жұмбақ болған құпия сыр ашылғанша аңсады. Ол сыр кәдір түнгі аспан қақпасының ашылуымен байланысты екеніне күмән келтірген жоқ. Бұлар күндіз ұйықтап, түнде жүріп, үшінші тәулікте Сәукелеге қол созым жерге тоқтаған. Қоржындағы тағамдарын, ыдыстарын шығарып, бір қалтарыста сылдырап аққан бұлақ қасында екі күннен бері үйреніп алған әдетпен шай қайнатып ішіп отырғанда: – Әже, Сәукелеге жеттік емес пе? Енді таң алдында аспан ашыла ма? Біз көре алмай қалмаймыз ба? – деп, Аманай ақыры үшінші тәулікте шыдамай, әжесінен сұрады. – Жоқ, Аманай, аспан ораза күнінің соңына қарай ашылады. Біз оған дейін Сәукеледен де өтеміз, – деді әжесі. – Одан өткен адамның ғана тілегі қабыл болады. – Сонда... Сәукеленің ар жағында не бар өзі? – Бұрын әжесі Сәукеленің ар жағын қанша тамсана есіне алғанмен, Аманай онда не барын, неге жақсы екенін сұрамайтын. – О-о, ар жағында зәулім, көгілдір тау бар. – Тау ғана ма? Оның ар жағында? – Тағы да тау. – Оның ар жағында? – Тағы да тау. – Сонда, неше тау өзі, бітпей ме, бола бере ме? – Жеті тау бар, Аманай! Жеті тау! – Ал жеті таудың ар жағында не бар? – Оның ар жағында жеті өзен бар. Жеті өзен. Жеті су. – Оның ар жағында не бар? – Ар жағында емес, сол жеті өзеннің бойына қоныс тепкен жеті рулы ел бар... Жәрәйді, Аманай, оны да көрерсің. Кәзір демалайық. Түнде Сәукеледен өтеміз... А-ай, Сәукеле... Сәукеледен өтсек екен... ар жағы оңай... демал! «Ар жағы оңай. Тағы да ар жағы?» Аманай әжесінің бұл жолғы жұмбақтай салған сөзінен де ештеме ұқпады. «Жәрәйді, Сәукелеге жетейінші» деп Аманай тағы да өзін-өзі іштей жұбатты. Сәукелеге барған соң бар қызықты көріп, бәрін түсінетіндей, бар жұмбақтың

сыры ашылатындай боп елестеді. Әзірше бұлдыр елес. «Тек шыдау керек. Әжені мазаламай, шыдау керек». Қоржынның шетін жастана қисайған Балзияның ойы болса, бұл кезде Сәукеледен де алыс – сон-ау жеті таудың ар жағындағы Жеті өзен жұртын шарлап, бұдан табаны жалпақ елу жыл бұрын өткен, елу жыл бұрын шеккен қызық өмірінің, тұрмыс тауқыметінің төңірегінде шарқ ұрып жатыр еді... * Бұдан елу жыл бұрын – мың да тоғыз жүз отызыншы жылдың жаз айы – мамырдың орта шені болатын. Жетісу өңірі жер жәннәті десе дегендей – жеті су алқабының түгел гүлденіп, түрленіп, масатыдай құлпырып, үлде мен бүлдеге оранған ұзатылатын қалыңдықтай, жастығымен, сұлулығымен малынып тұрған кезі. Түгін тартсаң майы шығатын даланың балауса шөбі белуардан келіп, майысып, сол далада жарыса аққан өзендер арнасына сыймай, кемеріне дейін шүпілдеп, тоғайда бұлбұлдар сайрап, көкектер шақырып, көлдерде құстар шулап, бүкіл жан-жануарлар масайрап, көгілдір аспанда ақша бұлттар мамырлап, мейірлене төгілген күн шуағына қара жер бусанып, бүкіл табиғаттың маужырап тұрған мамыра-жай әрі шат-шадыман шағы еді. Бұл кезде таудың реңі де ерекше, ауасы да бөлек. Таңда тұрып, тау ішін кезген екі аңшы күн еңкейе елге оралып, жап-жасыл жалпақ аңғарға шыққан да, күн ұзын басын жерге бір салмай ашығып әрі үрдіс жүрістен болдырған жарау аттарын қалың отқа тұсап жіберіп, өздері ұзақ ойнақ салған. Көптен бері бірінбірі көрмей, өлердей сағынған қыз бен жігіт күн ұзын ат соғып қажығандарын ұмытып, жаңа аяқтанған құлыншақтарша асыр салып жүгіріп, гүлден-гүлге қонып, қанаттары дірілдеп, дамылсыз ұшқан көктем көбелектерінше қуаласып ойнап, мәз болысып, аймаласып, иісі мұрын жарар мың түрлі тау шөбі аралас өскен қалыңға жасырынып, ыстық лептері беттерін шарпып, жастықтың тойымсыз қызығына батқан. Содан соң барып, бұлар маңайдағы шоқ ағаштардан қу бұтақтар жинап, өздерімен алып шыққан мосыны құрып, бір бақыр бұлақ суын әкелген. Күні бойы жүріп, жырынды аңшылардың атып алғаны – бір кекілік, екі шіл. Жаңа ғана бұғақ пайда болып, сәл толыса бастаған жиырма екі, жиырма үш жастағы қыз аппақ сүйріктей саусақтары майыса құстың жүнін жұлып отырып:

– Ертеден қара кешке жүріп атқанымыз үш-ақ құс. Көкемнен ұят-ау. Үйге апарамыз ба, осы арада түгел жеп қоямыз ба? – деп, үлкен сілеусін көзі күлімдеп, жігітіне қарады. – Әрине. Далада жеген тамақтың дәмі бөлек. Үйге несін апарамыз. Бұл уақыт құс аулайтын мерзім емес қой. Әлі құстар арық. Әншейін таза ауада сайрандап, сергіп қайтқанымыздың өзі олжа емес пе!? – Ә-әй, қайдам, сенің бүгінгі жүрісіңе қарағанда, саған құс та, ауа да керек емес, сенің мақсатың басқа болды-ау, тәрізі, – деп, биік қабақты қыздың бір жақ қасы керіліп, жігітінің жүзіне сынай қарады. Әлі көйлегін кимеген, белуарына дейін жалаңаш, сүйекті, ірі жігіт сіңірлі бұлшық еттері бұлтыңдап, қу бұтақтарды тізесіне ұрып, быртбырт сындырып, отқа тастап отырған. – Оған дау бар ма, көптен көрмеген қалыңдығыңмен жұпар иісі аңқыған тау ішінде кездескеннен артық не болушы еді. Одан кейін таза ауада жеген құс еті де көмей суырмай ма? – деді жігіт қалжыңдап. – Жарайды, жалтарма, жалтармай-ақ қой. Мен, әшейін, қасыңа көз ғып ерткен адамыңмын. Аң аулау да, әйтеуір, сылтау. Сендердің қыбыр еткендерің маған бес саусақтай белгілі. Жаңа ғана жүні жұлынған шілдің ішін жарып, тазалап, бақырдағы суға жуа бастаған жігіт басын көтеріп алып, қалыңдығына сұстана қарады. Қою қасты қалың қабағы түйіліп, дөңестеу келген мұрынды жігіттің танауы қусырылыңқырап, қара торы өңі одан сайын күреңітіп кетті. Әлдекімге кеткен өшін жазықсыз құстан алғандай, үшкірленген, жіңішке істік ағашты қасында жатқан, басы кесілген екінші шілдің кеңірдегіне бырс еткізіп көмейлете тығып, жалындаған отқа апарды. Қос жұдырықтай домаланған шілді істікпен айналдырып, шала жұлынған мойын жүнін үйтіп, біразға дейін үнсіз отырды да, бетін шарпыған оттың ыстығына кіржиіп, жымиып күлген болды. – Сонымен не айтпақшысың? – Не айтайын... Айтпағым сол – басқадан жасырынсаң да, менімен несіне жасырынбақ ойнайсың, – Ол не жасырынбақ? – Тау ішін соншама неге тінттің? Қойнау-қойнауды, шатқалшатқалды түгел сүзіп шықтың. – Оу, енді екеуміз, баяғыда, бұдан жас күнімізде көкеме еріп, аң аулап, бармаған жер, баспаған тауымыз қалмаушы еді ғой. Оның енді несі жұмбақ болып қалды.

– Аң ауласаң, бағана алдымыздан тау ешкілері қашты, ұйықтап жатқан құдырдың үстінен шықтық, неге атпадың? Маған неге атқызбадың? – Аядым. Бұл жаққа ауып келген некен-саяқ құдырды қалай атарсың. – Аясаң, аңға неге шығасың? Одан да биік тау жақта мылтық даусымен жылқышы, қойшыларды шошытқым келмеді десейші. – Иә, сонымен не айтпақсың? – Жігіттің көзі жалт етіп, қызға қарады. – Айтпағым сол, – сен мына жұдырықтай көкбақа кекілік үшін шыққан жоқсың. Менімен де аң аулауға шыққан жоқсың. Жылқышыларды, таудағы малдарды аулауға шықтың. Оларды сырттай бақылауға шықтың. – Иә, өзің-ақ біліпсің ғой, енді менен несін сұрайсың? – Сұрайтыным сол – сен менен жасырма. Екеуміз болашақта бірге өмір сүреді екенбіз, ендеше бір-бірімізге сенуге тиіспіз. Екеуміздің арамызда құпия болмасқа тиіс. Ал сен олай емессің. Менің қорқатыным да сол. Ендігі ойланатыным да сол. – Біздің жұмысты білесің ғой. Құпия сақтамай болмайды... Солай. – Иә, солай, – екеуміз екі таптың адамымыз! Осы ғой айтпағың?! Қыз бен жігіт бір-біріне тіксіне, сезіктене қарады. Бұлар Атымтай мен Балзия еді. Атымтай – мемлекеттік саяси басқарма қызметкері. Табы – езілген тап: кедей. Балзия – былтыр күзде акушерлік техникумды тамамдап келген. Содан бері қызметсіз, үйде отыр. Табы – езуші тап: бай. Атымтай аудан орталығынан демалыс күні Балзияға келген. «Өткен кәмпескеде осы араның байлары қыруар малдарын жасырып қалған, жан аяғы баспайтын тау арасында жасырын ұстап отыр», – деп ауылдағы жансыздар хабар салған. Және де бұл ауыл – ақтар мен қызылдардың алма-кезек ауысып, өкіметті қолдарына алып, талай қан төгіс қырғын салғандарын басынан өткерген ауыл. Екі жақтан қалған қару-жарақтарды жинап алып, ұра-жыраларға, тау үңгірлеріне жасырып отырған адамдар бар деген қауесет те естілген. Егер байларды жинап алып, тергеу жүргізсе, әрине, олардың ешқайсысы тыққан малдарын, қару-жарақтарын айтып, ағынан жарылмасы анық. Сондықтан оларды қысып, алдын ала дабырлап, үркітіп алмау керек.

Жасырын малдың қай жерде қанша екенін барлап біліп, үстерінен бір-ақ басу керек. Осы мақсатпен келген Атымтай ешкім сезіктенбес үшін, жұрт білетін болашақ қалыңдығын алып, бұрынғы әдетімен аңға шыққан. Ауыл-үйдің қарапайым қыздарындай емес, оқығаны да, тоқығаны да көп, замана ағымынан сауаты мол, тап тартысының әлі де астыртын жүріп жатқанынан, неше бір құйтырқыларынан да хабардар, жаратылысында сұңғыла Балзия бұл араның тау мен тасын, ұңғыл-шұңғылын бала кезінен жатқа білетін. Атымтайдың салқын тау ішінде көктем кетер-кетпесте аңға шығуынан секем алып, шатқалдарда, терең сайларда ұшырасқан бірлі-жарым жылқы табынына жақындамай, алыстан айналып шолғыншылағанынан-ақ оның ниетін жазбай таныған. Атымтай мен Балзия әлгі сөз салғастырудан соң, «әңгіме осымен тамам» дегендей, көпке дейін тіл қатысқан жоқ. Бақырға салған құс еті қашан қайнап, піскенше бір-бірінен көңілі қалып, сөзге келіп, түс шайысқан адамдарша тоң-теріс отырған екеуі ауылдан әдейі алып шыққан бақыр ішіндегі ораулы тостағандарға қанжығада байланған торсықта шайқалып әбден өлген, балдай түнемелді құйып отырып тілге келген. – Осы сенің мінезің-ай, жоқ нәрсеге кілт ете қаласың. Кідісің, – деді Атымтай. – Сенің де мінезің оңып тұрған шығар. Жығылып жатып, сүрінгенге күлесің-ау. Жарайды, қанмен кірген мінезді екеуміз де енді түзей алмаспыз. Мінезсіз адам болмайды. Қайтер дейсің. Бірдеме етіп үйлесерміз. Бәрінен де жаманы – күдік қой. – Ол не қылған күдік? – Екеуміздің арамыздағы күдікті айтам. Мен кіді емеспін. Дұрыс таба алмадың. Мен – шамшылмын. Сен осы төңіректегі бұрынғы бай адамдарға күдіктенген сайын, менің көкеме де, маған да күдіктене қарайтын сияқтанасың. Сені ол үшін кінәламаймын да, бірақ қорқатыным – осы бір күдік ертең екеуміз қосылып, жеке отау тіккенде де өмір бойы қыр соңымнан қалмайтын жауым, бетімдегі шіркеуім болар-ау. Сен менен ойыңдағыны бүгіп, әлденені жасырғаныңды сезсем-ақ, шамдана кететінім содан. Сен де мені байдың қызысың деп көзіме түртіп, күстәналап тұрғандай шамыма тиесің. Тегі, екеуміз үйлесе алмайтын шығармыз. Атымтай салалы саусақтарына қондырып, сындырып жіберердей анда-санда сығымдай шайқаған тостағанымен қымызды сыздықтата

ішіп, төмен қараған қалпы Балзияның сөзін бөлмей, ұстаз алдындағы шәкірттей мұқият тыңдаған. Тек Балзияның соңғы сөзіне шыдай алмай, басын оқыс көтеріп, тіксіне қарады: – Болдың ба? – Болдың не, болмадың не? Мен ащы айтсам да шындықты айтып отырмын. Қалай түсінесің – ол өз еркің. – Мен сені ұзақ тыңдадым, енді сен мені тыңда. – Айта бер. Кеуде жүні қап-қара сабалақ, сояудай-сояудай білек жүні саусағының ұшына дейін теңбілденіп шыққан батыр тұлғалы Атымтай кешкі салқынға тоңазыған денесін тітіркене бір сілікті де, қабағын түйе отырып көйлегін киді. – Екеуміз үйлесе алмайтын шығармыз деген не сөз? Неге үйлесе алмаймыз? – деп алдымен сұрақ қоя сөйлеген Атымтай өз сұрағына өзі жауап берді. – Әрине, үйлесе алмаймыз. Сенің көңіліңде өмір бойы «байдың қызымын, байдың қызымын» деген ой жүрсе, әрине, сен өмір бойы күдікті адам боласың. «Әке үшін бала күймейді» деген сөзді талай естідің. Сен қазір байдың қызы емес, жаңа заманның, кеңес өкіметінің қызысың. Және оқыған, көзі ашық қызысың. Саған акушерлік оқуды кім оқытты? Кеңес өкіметі оқытты. Егер сол кеңес өкіметі сені байдың қызы десе, оқытпақ түгілі, техникумның қарасын көрсетпес еді! Маңына жуытпас еді. Тағы да оқимын дейсің бе, оқуымды әрі қарай жалғастырам дейсің бе, оқы. Ал сен болсаң, қалаған біліміңді берген, оқытқан өкіметке не қызмет көрсеттің? Жарты жыл болды үйде омалып отырсың? – Мен енді... – Сөзімді бөлме дедім ғой. Сенің не айтқың келіп отырғанын білемін. Өзіңмен бірге бітірген ана басқа қыздар қандай. Олар қадарихалдерінше жаңа заманға еңбегін сіңіріп, жаңа заманның күйін күйттеп жүр. Сен дұрыс аңғарыпсың – бүгін мен байлардың тығып ұстап отырған малдарын байқауға шықтым. Өзің көрдің – анау қойнау-қойнауда, шатқалда жатқан жылқылар кімдікі? Сонау қар жамылған биік тауларға жете алған жоқпыз. Ол жақта қанша мал бар? Оны бағып жүрген кімдер? Тағы да баяғы малайлар, жалшылар. Олар – қараңғы адамдар. Біз олардың басын қосып, біріктіріп, колхоз құрмақпыз. Байлар бұған кедергі болып отыр. Өзің білесің – анау көрші аудандағы «Энергия», «Новый путь» орыс колхоздары жиырмасыншы жылдары құрылған лениндік алғашқы коммуналар.

Содан бері он жыл өтті. Біз солардан неге үлгі алмаймыз. Неге басымызды қоспаймыз. Тағы да кедейлерге іріткі салушылар – байлар. Біз, аз да болса, оқыған адамдармыз. Неге сол қараңғы адамдарға ақыл-кеңес бере алмаймыз. Оның орнына, міне, сен жылға жақын қол қусырып үйде отырсың. – Отырмағанда қайтейін?! Кім маған жағдай жасап, дәрі-дәрмек беріпті. – Әзір мұнда қиын. Аудан орталығында істе. Қазақ әйелдерінің алғашқыларының бірі сенсің. Мүмкін, алғашқы ғалым да сен боларсың. – Пу деген! – Несі бар. Жаңа заманның тізгіні біздің қолда. Протазановтың ылғи айтатыны осы. Шынында да... – Мен барар едім-ау, көкемді... қалай жалғыз қалдырып кетем. – Ертең екеуміз үй болғанда да, осы ауылдан шықпайсың ба? – Е, оның жөні бөлек. Мүмкін, онда көкем де бізбен еріп сонда барар. А-ай, бірақ көкем ел-жұртын тастап, зиратта жатқан апамды, туыстарын қалдырып, ешқайда кете қоймас. Ата-мекенін қиып... – Жетісу өлкесінің бәрі ата-мекен. Одан да басқаны айт... – Атымтай әлденені айта беріп, жұтып қойды. – Одан да көкемнің алдынан өтіп, тезірек үй болудың қамын ойлайық. Қашанғы «жалғыз, жалғыз» деп, көкеңнің қасында отыра бермексің. Бізге ермесе, төсек жаңғыртып, қайтадан... Мүмкін, сенен де қысылып, айтудың ретін таба алмай жүрген шығар. Қартайып отырған жоқ. – Оның рас. Мен де көзге шыққан сүйелдей боп, кедергі жасап жүрген болуым керек. – Міне, ақыл. Тездетіп алдынан өтейік. – Тездетпеуге, енді болмайды да. Көкем өзі білгенше, біздің естірткеніміз жөн шығар. – Әй, өзі де сезеді-ау деймін. Білетін сияқты. – Мен ол сезу мен ол білуді айтып отырғам жоқ, – деп, жасынан үйреніскен Атымтайдан жоқ жерде қымсынып, бетін бұрып әкетті. Батып бара жатқан күннің шапағы ма, бұрын өйтпейтін Балзияның беті алаулап, қып-қызыл болып кетті. – Мен... жүктімін, Атымтай!.. – Қ-қашан, қалай?! – Атымтай не айтарын білмей кекештеніп, күмілжіп, ол да ұят нәрсе жасағандай, өңі қызыл күреңдене қалды. – Қалайы несі? – деп, Балзия да Атымтайдың балаша қуанып, балаша ұялып, не айтып, не қойғанын білмей сасқалақтағанына күліп жіберді.

– Былай енді... қалай дегенде, қашан дегенім ғой. Оны қайдан білдің дегенім ғой! – Еһ, мен акушерлік оқуды тектен-тек оқыппын ба? Оның үстіне он бестегі жас қыз емес, жиырма үштегі кәрі қыз емеспін бе? – деп, енді Балзия ашық саңқылдап, ашық күлді. Тіпті айы, күніне дейін айтып берейін: мың да тоғыз жүз отызыншы жылдың қазақша қараша айының жиырма үшінде дүниеге айғайлап келер, қалың қабағының астынан отты көзі жайнап туар, өзің сияқты ұлдың шілдеханасына дайындала бер. «Ұлдың шілдеханасына» деп айтарын айтып қалса да, Балзия қатты қысылды. Ұл болмай, қыз туса, өтірікші боп шығатындай, өз сөзінен өзі ұялды. Атымтайдың оны ойлауға да мұршасы келмеді. Әйел адам, оның үстіне акушер мамандығы бар Балзияның болашақ перзенттің кім болатынын білетініне тіпті күмәнданған да жоқ. Жас адам, бойдақ жігіт, өзінің әке болуға жаратылғанын, ұрпақ жаюға тиіс екенін, бала сүйерлік қабілеті бар екенін біле тұра, «балалы болдың» деген сөзді алғаш рет естіген жолы не қуанарын, не ұяларын білмей, іштей толқып, жүрегі қобалжып кетсе керек. Ет жақынына, досына барып, сүйінші сұрағанша, қашан айтқанша, асықса керек. Бұл хабарды, тұңғыш қуанышын тау ішінде естіген Атымтай, бір әкеден жалғыз жігіт, болашақ қалыңдығын, сүйген жарын ебедейсіз бас салып құшақтай сүйді де, боранды күні құтырар ит пен баладай, сонадай жердегі қатар-қатар жақпарлана қаланған тепкішекті тастарға қарай сомадай боп есі шыға жүгіріп, өз-өзінен икемсіз домалап, тоңқалаң асып, тұра сала қайта жүгіріп, тастардың үстіне сатылай шыға беріп, екі қолын көкке жайып, бар даусымен айғай салды: – Аһа-ей, Ай-ей! Таулар, таулар! Шыңдар, құздар! Сүйінші, сүйінші! Сүйіншімді беріңде-е-ер! Мен енді жалғыз емеспін, менің де ұлым болады. Жаңа дүниеге жаңа ұрпақ келеді. Жаңа ұрпа-а-ақ! Ұрпа-а-ақ! Еңісте, бұлақ басында отап жүрген қос ат бастарын көтеріп, құлақтарын қайшылады! Танаулары желбіреп, оқыранды. Әп-сәтте сабырлы мінез өзгеріп, ұшқалақ балаша жеңілтектеніп, тас үстінде түлекше қалбалақтап, ұшып-қонған Атымтайдың мына қылығын қызықтаған Балзия көзі күлімдеп, жаңа бусанып, жаңа толықси бастаған айналасындағы сұлу табиғатқа жаңа толықсыған аналық мейіріммен жылы ұшырай, сүйсіне қарады.

Күн батып, қалғи бастаған тау іші селк етіп, «естідік, естідік» дегендей, Атымтайдың аузынан шыққан сөзді қағып алып, сонау алыстағы күн сәулесінің соңғы шоғы алаулаған шыңдарға дейін қақпақылдап әкетіп жатты, әкетіп жатты: – Жаңа-жаң-а-а-а, ұр-па-па-ақ, ақ-а-ақ-ақ! Аһа-ааһ-а... Қарлы шыңдардың басына қарай жылжып, өрмелеген батар күннің соңғы шапағы лезде таулардың үстінде қалықтаған ақша бұлттардың бауырын бір сәт қанға бояды да, көк аспанға сіңіп, заматта жоқ болды. Тау ішіне іңір қараңғылығы түсіп, тым-тырыс ымырт орнады. Жаңа ғана жаңғырыққан Атымтайдың үнін қараңғы түн біржола жұтып қойғандай, айнала жым-жырт тына қалды. Тау іші салқын тартып, алыстағы алып шыңдар, құла құздар, жақында көзге түсер шоқылар мен жоталар, беткейде состиған кәрі шыршалар мен сай-саланы қуалай өскен тоғайлар түгел тұтасып, төңіректі түгелдей түн басып, үңірейіп, лезде қара түнек түнере берді. Бағана жадырап жайқалған табиғат көркі бірден көзден ғайып болып, бәрбәрін бір-ақ көрпемен жаба салған секілді. Әлден уақытта мәңгі қар бүркеген таулардың басынан етекке қарай ызғарлы жел есе бастады. Атымтай мен Балзия екеуінің арасы да осылай тез суып, екеуінің болашақ тағдырларын да лезде түн басып, қара түнек орнайтынын тап сол күні ешқайсысы білмеп еді. «Келесі демалыста жолдастарыммен, орталықтағы бірер бас көтерер ақсақалдарды ертіп келіп, әкейдің алдынан өтеміз» деген Атымтай уағдалы күндері ат ізін сала алмады. Екі-үш рет жолаушылар арқылы хат жолдаған Атымтай жұмыс бабының қиындығын айтып, бірде алыстағы аудандарға тығыз шаруамен кетіп бара жатқанын, енді бірде астанаға бір айлық курсқа аяқ астынан шақырғанын жазыпты. Осылайша, арада екі-үш ай уақыт қас пен көздің арасында зымырап өте шықты. Бір күні үш ұйықтаса түске кірмейтін оқиға Балзияның төбесінен түскен жай оғындай болды. Тамыз айының ортасынан ауған кезі еді. Соңғы күндері Сәлімгерей жиі-жиі жоқ болып кетіп, үйде қонбайтынды шығарды. Әкесінің бұл «өнерін», шешесі өлгелі екі жылға ауғанын есепке алған Балзия «төсек жаңғыртқысы келіп, маңайдағы ауылдардан лайықты адам іздеп жүрген шығар» деп жорыған. Сүйтсе, бұл жоғалудың мәні мүлдем бөлек болып шықты. Балзияның ойламаған жерінен шықты...

Бұрын міне бермейтін Тасбурылмен желе жортып жеткен Сәлімгерей, атын әдеттегідей сырттағы мама ағашқа байламай, қораға енгізіп, әлдекімнен жасырынғандай, жымын білдірмей үйге кіріп, сықырлауық есікті де еппен ашып, қызы отырған төргі бөлмеге өткен. Әкесінің тап осы мезгілде келетінін сезгендей, әлгінде сыртқа қойған самауырды алып келуге ұмтылған Балзияны Сәлімгерей тоқтатып алды. Тоқтатып алды да, әй-шәй жоқ, суық хабарды бір-ақ дүңк еткізді: – Ал, балам, жиналып-терінуге уақыт тығыз, бәрі де қыл кеңірдекке тіреліп тұр... Бүгін кетеміз. Біржола. Осы үйден бар керек-жарағыңды түгел ал. Басы артық ауыр дүниелерге қызықпа. Масылдықтан басқа пайдасы жоқ. Бүгін іңірде, көз байлана жолға шығамыз. Аңға киетін киімдеріңді кигенің жөн. Жол ұзақ. – Қайда барамыз, көке? Қайдағы ұзақ жол? Қайдағы аң?!. Сәлімгерей жауап бермес бұрын терезе алдына барып, алыста мұнартқан тау жоталарына қарап ауыр күрсінді. – Иә, көптен аңға шыққан жоқпыз, балам. Аң аулап қызық қуатын уақыт келмеске кетті ғой. О, заман-ай, енді өзіміз аң болып, тау-тасты сағалап қашатын шығармыз. Дайындал жолға, балам. Әзірше білетінім – тау асамыз, ауамыз, ар жағын көре жатармыз. Қайда барып байыз табатынымызды өзім де білмеймін. Құдайдың салғанын көрерміз... – Құдайдың салғанын көрсең, көке, үйде отырып-ақ көрмейсің бе? Мына сөз Сәлімгерейдің күтпеген сөзі еді. Басқадан күтсе де, қызынан күтпеген сөзді естігенде төбесінен жай түскендей болды. – Не дедің, қызым?.. Сен... сен, – деп қызына сұқ қолын тапаншадай кезеніп, сәл мәңгіріп тұрды да, аяғы шатқаяқтап барып, жүкаяққа сылқ етіп отыра кетті. Енді туған қызының жүзіне қарауға дәті шыдамағандай мойны салбырап, ескектей қолының салалы саусақтарымен қос шекесін қысып, мыжғылай берді, мыжғылай берді. Жаңа ғана анық, ашық сөйлеген адамның көмейіне енді оқыстан киіз кептелгендей жұтына алмай, деміге сөйледі. – Сен, естіп... біліп жүр екенсің ғой, қызым. Сұм... сұмдық-ай, жаңа жұрт айтқанда сенбеп ем, сенен күтпеп ем... тап сенен... о, заман-ай! Ендігі тартқызарың осы ма еді?! – Көке, не айтып отырсың? Осыншама күйзелетіндей не күн туды басыңа? Мен нені естіппін, нені біліппін, нені жасырып, бүгіп

жүріппін. Ендігі күдігің мен бе едім, – деп титтейінен еркін сөйлейтін ерке қыз, төменшік тартып ұнжырғасы түскен әкеге бастырмалата жөнелді. Әке басын көтермеген соң, тағы да сөйледі. Айтқызбай қоймайтындай сөйледі. – Жұртың кім? Кім ол жоқ өсекті айтып жүрген. Көке, мен енді бала емеспін, жасымнан өзің еркелеткендей еркешора да емеспін. Қыз баламын... Иә, қызбын. Енді сенен жасырар менің де өз сырым, өз құпиям бар. Бірақ саған тиесілі, сенің жаныңа жара салар сыр болса, оны саған айтпай, жасырып қалған күнім жоқ. Ел не дейді, айтшы, көке! Жұртың кім? Қай жұртың қалды қасыңда. Қайсысына сенесің?! Сәлімгерей басын көтеріп, қызына тіктеп қарамаса да, тұңғыш рет сүйікті баласына күдіктене сауал қойды. Бұрын не сұраса да ашық, анық сөйлеп, төтесінен бірақ айтатын әке бұл жолы орағытып отыр: – Сен ана Атымтаймен қатар өскен дос, құрбы ғана емес, уәде қосқан, болашақта бір ошақта бірге отырар... тұтасың емес пе? – Басқа сөзді қимай, «тұтасың» дегенді әдейі айтқаны көрініп-ақ тұр. – Иә, көке. Сенің сезіп жүргеніңді біз де білгеміз. Жазмыштан озмыш бар ма? Тек өзіңнің алдыңнан өтудің ретін таба алмай жүр едік. – Өтпегендерің де дұрыс болған. – Неге, көке? – Асығыстық – сайтан ісі дейді ғой... Бірақ ол асықпайтын, бәрін там-тұмдап іс қылатын сайтан екен. Көзім жетті. – Неге, көке? Неге көзің жетті? Жұмбақтамай айтшы, айтар болсаң. Өзіңді әбден қайрап жіберген ғой біреулер. Сөзге де, өсекке де ермейтін, қайран көке, қажыйын дегенің бе? Сені қажытар осында терезесі тең кім бар?! – Қажып қана қойсам бір сәрі ғой, мұқалдым ғой, мұқалдым. Мені мұқаған заман... О, заман-ай, заманның зауалынан да жаман тиген, тәніме де, жаныма да батқан сол заманның бел баласы, менің төл баламдай болған Атымтай емес пе? – Атымта-ай?! Әке қайталап жауап берудің орнына қызын жаңа көргендей кірпік қақпастан тесіле қарап, үнсіз мәңгіріп, біраз отырды да, тағы да жерге қарап сейледі: – Атымтай саған келіп-кетіп жүргенде ештеме айтпады ма? – Не айтуы керек? – Не айтуы дейсің бе? Ә-ә... Айтайын десе сөз көп... Саған айт-

пауы да мүмкін... Жо-оқ, мүмкін емес. Тап бұл жөнінен айтпауы мүмкін емес... Сәлімгерей айтарын да, айтпасын да білмей, әлденеге оқтала бере, өзін-өзі тежей қойды. Көмейіне тірелген сөзді зорлана жұтқандай тағы да екі иіні түсіп, ұзақ жұтынып, отырып қалды. Әлденеден қапы ұрылып өкінгендей, басын анда-санда шайқап, өз-өзінен ызалы тістенеді. Бұл әңгіменің тегін әңгіме емес екенін түсінген Балзия енді «әкем өзі айтпаса, сұрап мазаламайын, есіне әлденелерді қайта салып жасытпайын» деген ойға келді. Әйтсе де «не сөз болды осыншама қынжыларлық» деген сауал көңіліне ұялап, білгісі келген құштарлықтан іштей аласұрды. Қас қағым уақытта көз алдынан да, ойынан да талай елестер өтіп жатты. Атымтаймен кездескен сәттерде сөз арасында айтылған сырлар мен заман туралы, келешек өмір жайлы өздерінше үй-іші болып шүйіркелескен ұсақ-түйек сөздерге дейін есіне түсіріп әлек: «Қай сөзде, қай жерде әке туралы мүлт жіберді екен? Оны осынша ренжітерлік, осынша шеттетерлік не ауыр сөздер, қысастық жасарлық нендей бір жасырын ойлар аузынан аңдаусызда шығып кетті ме екен? Жоқ. Жоқ, ондай жазғырынды сөздер, оғаш мінез болған емес, болуы мүмкін де емес. Екеуін де бір-бірінен айырмай алақанға салып аялап өсірген мұндай аяулы әкеге безбүйрек, залым бала ғана зұлымдық жасар. Ал бұлардың қолынан ондай сұрқиялық келмейді, жо-жоқ, аты аулақ!» Бұдан әрі әке шыдай алмады. Өзі айтты. Айтпасына болмайтын да еді. Уақыт аз, кешкі ымыртта бой тасалап кету керек. Тез кету керек. – Балзия, саған айтпаса айтпаған да шығар, сенің қолыңнан не келеді. Алдын ала шошытып алмайын, менің құлағыма шалындырмайын деген шығар... Мені тап ретінде соттап, қалған аз ғана малмүлікті тағы да кәмпескелеп, өзімді жер аудармақ. – Соттап... жер аудармақ?.. – Мынау шынында да Балзияның ойында жоқ сұмдық. Дәл төбесінен мұздай су құйып жібергендей тітіркеніп кетті. – Оны кім айтты? Шын ба, көке? Сәлімгерей қинала отырып шынын айтты. Қызымен ақылдасқандай ұзақ сөйледі. – Балам, шынында байыбына бармай, өзіңе қатты өкпелеп ем. «Ұлдай көрген Балзиям, жұрттың он ұлына айырбастамайтын балам әкесіне төнген зауалды ести тұра, жасырып қалғаны несі?» деген жа-

ман ойдан ішім әлем-тапырық болып, ащы запырандай бір қыжыл ішімді күйдіріп, тесіп бара жатқандай еді. Енді сенің естімегеніңе, зымиян баланың саған айтпаған залымдығына көзім жетті. Қақпанын құрып қойып, шаппасын түсіргенше дымы ішінде екен ғой ол баланың. «Көке, жалғыз оның ұйғарымы емес шығар, тіпті бұл жағдайды білмеуі де мүмкін емес пе?» дегісі келіп оқталғанмен, «тағы да Атымтайды қорғаштап отырсың ба?» деп ренжітіп алармын деген оймен, өзі де кіді, жұқарып отырған әкеге басқа сауал қойды. – Көке, мұны қайдан естідің? – Қайдан естідің дерің бар ма. Жаманат жатушы ма еді. Жер хабар берді, жер айтпаса жел айтады деуші еді бұрынғылар. Бұл күнде бәріміздің де құлағымыз түрік емес пе? Көрші болыстардың байларын қозыша көгендеп қойып, шетінен кәмпескелеген жоқ па. Тігерге таяқ, мінерге тұяқ қалмағандары көп. Ол зауалдың бізге де жететіні хақ. Оны білгеміз. Біле тұра күтіндік те. – Күтінгені қалай? – Ертең тақыр жерге отырғанда құм жеп, тас шайнаймыз ба? Біраз малды тау арасына жасырғанбыз. Бір түстік өмірің болса, екі кештік мал жина дейтін. Енді қарап отырып өлеміз бе? – Сонда қанша мал? – Оны неге сұрадың, балам? – Сәлімгерейдің үлкен қоңыр көзі жалт етіп қызына тіке қадалды. Балзия мырс етті. – Көке, менен жасырмай-ақ та қой, күмәнданбай-ақ та қой. – Жоқ, әншейін... әйтсе де... О, заман-ай! – деп, бір жері ақ бурыл, бір жері тұтас көмірдей келісті сақалын сипалап, аз бөгеліп, сәл күмілжіп тұнжырап қалған Сәлімгерей қайтадан басын көтеріп алды. Енді қызымен айтысқа түскен адамдай әрі өкпелі, әрі дәлелді сөздермен сөйлей бастады. – Қарасы үш мың жылқы тыққанымыз... Не, көп пе? Үш ағайынға қарасты он мың жылқыдан үш мыңы көп пе? Ақ адал малымыз. Атадан балаға... – Қалғаны қайда? – Қалғаны қос-қосымен табында жүр. Мұрты да қисайған жоқ. Кәмпескеге даярлап отырмыз. Хүкімет содан үлес берсе – берер, бермесе бізде не қауқар бар?!. – Мұны Сәлімгерей кекесін әрі ызалы айтты. – Е, онда несіне әбігерленіп жатырсыңдар. Тіпті жылқыларыңды итке-құсқа тигізбей, кәмпескеге өздерің даярлап, шашау шығармай

дайын отыр екенсіңдер ғой. Өздерің қол қусырып, әлгі қалай деуші еді, иә, ләпбай деп, мойынсұнсаңдар, енді несіне осыншама бөрігесіңдер! – деп, Балзия сөзінің аяғын ойынға айналдырып, күліп еді, Сәлімгерей қосылмай, қабағын шытынды: – Малымызды бергеніміз ләпбай болмайын деп тұр, қызым. Хүкіметке біздің жанымыз да керек екен. Малымызды сыпырыпсиырып алады екен де, өзімізді итжеккенге ме, әйтеуір бір жаққа жер аударып, сол арада шірітіп өлтіреді екен. Ақыры, өлгенде де туған жердің топырағы өзімізге бұйырмаған соң, қайтерсің. Анада бір ақылдасқанымда Атымтай: «Малдарыңызды алуымыз мүмкін, оған қарсылық жасай алмайсыздар. Және де бар малды алдын ала құртып, бірдемеге жаратып, көзін жоям демеңіздер, бәрі есепте. Ақылсыздық жасамаңыздар. Өз еріктеріңізбен берсеңдер, сіздерге ешкім тимейді», – деп еді. Сөйтсем, бізді алдап жүр екен ғой. Балзия талайдан бері әкесіне айта алмай жүрген бір сұмдықты осы бір ұрымтал тұста айтып қалуды орайлы көрді. – Көке, малын берді екен деп, байларды кеңес өкіметі кешірер дейсің бе. Кеңес өкіметінің өкілі Атымтай да сені кешіре қояр ма екен? Білмеймін... – Иә, иә, кешірмейді, қазіргі балалар кешірмейді, – деп, Сәлімгерей басы салбырап, өзінің өткендегі қылмысын мойындағандай, қызының алдында ұятты жүзін бүркегендей төмен қарап отырып қалды. Балзияның жүрегі мұздап қоя берді. Дүниеде кім ата-анасын жек көреді? Кім ата-анасын қаралайды? Әкеге, анаға айтылған қарғыс, оларға таңылған жаманат болса, ел арасындағы өсек шығар, көре алмайтын біреудің жаласы шығар деп бала байғұс қашанда кінә атаулыны, кір атаулыны жуытпайтыны бар емес пе? Жамандықты жақсылыққа жорып, жақсылығы болса мәртебесі өспеуші ме еді. Балзия да сондай перзенттердің бірі емес пе? Ал әке өзі жасаған қылмысын өзі мойындап отырса, оны қалай ақтарсың, оны қалай жақтарсың? – Көке, мен сені бұлай деп ойламап ем. Жер бетінде бір адам адал болса, сендей-ақ болар деп ойлаушы едім. Соған өзімше мақтанушы едім. Сүйтсем, менікі әншейін әкеге деген сәби сенім екен ғой. Тым құрмаса, сәл ертерек айтып, өзің арылсаң етті. Біліп, сезіп жүріп, Атымтаймен мені несіне арандаттың онда... – Соңғы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін аңғармай қалды. Бағанадан бері екі иіні түскен Сәлімгерей басын оқыс көтеріп

алып, түк түсінбейтін мәңгі адамдай, қызының сөзін соңына дейін үнсіз тыңдап отырған. Енді, әлі нұры таймаған, ағынан қарасы көп нұрлы, үлкен көзінің шарасы кеңи түсіп, иықты, қапсағай денесін тіктеп, қызына тіксіне қарады. – Сен... балам-ау, не айтып кеттің? Түсінсем бұйырмасын. – Көке, тап осы арада үндемей қалудың ретін таба алмадым. Өзің мойындаған – Атымтай кешірмейтін кінәңді айтып отырмын. Кінәң жай ғана кінәрат болса бір сәрі, күнәға айналған кінәні қалай айтпайын... – Күнә-ә?!. Балам-ау, өлтірсең де айтып өлтірші, күнәң не? Мен кімнің алдында күнәһар екенмін. Құдайдың да, адамның да алдында арым таза. Қиямет-қайымға барсам да өз арымның тазалығына өзім кәміл сенем! Сен де сен, Балзия. Кешірмейді дегенде мен мына аумалы-төкпелі заманның қасіретін айтып ем... Сенің... күнәң не?! Балзия үн-түнсіз тұрды да өзі жататын бөлмеге кірді. Сәлімгерей қызының соңынан қарап, істің артын күтіп отыр. Балзия қайтадан шықты. Қолында бүктеулі қағаз. – Көке, кешір, айтуға аузым бармайды. Мына қағаздан өзің оқышы. Жақында Атымтай жолай келіп, қонып кетіп еді. Сен көрші ауылда едің. Гимнастеркасы кірлеген екен, жуып берейін деп қалтасындағы дүниелерін алғанда, осы қағаз бірге шықты. Көзім түсіп кеткен соң... бекер оқыған екенмін деп кейін өкіндім. Бірақ болар іс болды. Қайтарып беруге дәтім шыдамады. Содан бері ол әлі келген жоқ. Арап қарпімен жазылған қағазды алғанда, өзіне шыққан үкім қағазын ұстағандай, Сәлімгерейдің қолы дірілдеп қоя берді. Бұл – белгісіз біреудің Атымтайға жолдаған хаты еді. Кейінгі жылдардағы төтешемен жазылғанмен, ара-арасында жәдитше, тіпті бірен-саран хадымше араласқан сауатсыздау хатты, өзінің де сауаты кемдеу Сәлімгерей қайта-қайта іштей ежелеп, зорға оқып шықты. Оқып шықты да, сұп-сұр, ұзақ үнсіз отырып қалды. Хаттың ұзын-ырғасы мынандай еді: «Қарағым Атымтай. Осы хатты жазбасыма болмады. Жаным ашығасын жазып отырмын. Сен кішкентай бала едің, білмейсің. Әкең Сәлімгерей байдың жалшылығында жүрді. Отымен кіріп, күлімен шықты. Жалшылықта басыбайлы малай боп жүргені аздай, қара жүрек бай сенің әкеңді аңға апарып атып өлтірді. Сенің сұлу шешеңді тоқалдыққа алып, қызыққа белшесінен батты. Жәрәйді, қатындыкі

ұрғашылық дейік. Сенікі не? Білдей жігіт емеспісің. Намыс қайда? Ұялмай-қызармай сен енді Сәлімгерейдің қызын әйелдікке алмақсың. Өзің кәмөнессің. Байдың қызын, әкеңді өлтірген Сәлімгерейдің қызын алғанды біз көтерерміз, кеңес хүкіметі қалай қарайды мұныңа. Сәлімгерейден өш ал, алма, ол жігіттігіңе, ерлігіңе, намысыңа байланысты. Ал қызына үйленгеніңді хүкімет көтермейді. Ондай жігіттікті таста. Есің барда еліңді тап. Туысың боп ескертемін». Әкесі хатты ежелеп оқып шыққанша, Балзия жүгіріп жүріп шай жасады. Сыртта оты сөніп, шоқтың қызуымен қайнап тұрған самауырды алып кірді. Әке мен бала жер столдың басында тұңғыш рет түнеріп, екі шынаяқтан шай ішкенше бір-біріне ләм демеді. Сыртында көп патшаның таңбалап салған дөңгелек мөрдей суреттері бар жарқыраған жез самауырдың ғана ызыңдай салған әні естіледі. Әлден уақытта барып терісі жұқа әжімсіз маңдайы тез жіпсіген Сәлімгерей стол шетінде жатқан сулық орамалмен жеңіл сүртініп, шыны аяғын тағы да самауырға қарай итеріп қойды да, малдас құрып отырған қалпы тізесіне тесіле қарап, ұзақ сөзге кірісті. – Қызым, тыңдап ал, сөзімді бөлме, мүмкін, бұдан соң көпке дейін көріспеспіз... Мүмкін, мүлдем көріспеспіз. Оны бір құдайдың өзі біледі. Мен мына сұмның хатына орай бар шындығымды айтып кетейін. Атымтайға кейін өзің айтарсың. Мейлі сенер, мейлі сенбес. Мен оны сендірейін, алдынан өтейін, ақталайын деп отырғам жоқ. Сенің көзіңді жеткізейін, құдай алдында да, адам алдында да әкеңнің арының тазалығын біліп өтсін деп отырмын. – Шайың суып қалмасын, көке, ішіп отырып сөйлесеңші, – деп Балзия әке сөзін қалт жібермей тыңдауға ықыласты екенін сездірді. – Атымтайдың әкесі Сейітбаттал аса сымбатты, екі иығына екі кісі мінгендей, денелі, тіпті алып адам десе болғандай еді. Досқа адал еді. Шет жағасын естіген де шығарсың, біздің ауылға кірме. Кейін айтты – осы Атымтайдың шешесі Баянкүлді біреуге ұзатып қойған жерінен алып қашып, сонау Түркістаннан осы жерге ат басын тірепті. Жалғызілікті жігіт екен, біз паналаттық. Ол кезде де үш ағайынды біздің жылқыларымыз қос-қосқа бөлінгенімен, бірге бағылатын. Мына қос сенікі, мына қос менікі деп ала қойды бөле қырқу жоқ. Соғым да ортақ, мініс ат та ортақ. Сейітбаттал жылқышылық жалға кірді. Жәй жылқышылық емес, аз үйреніскеннен кейін бас қостың басшысы болды. Өзі әнші әрі аңшы, қажырлы, уытты жігіт менің

жылқышым, жалшым ғана емес, адалы сол, келе бірге жүрер, сауықсайранды бірге өткізер досым боп кетті... Біз көбінесе аңға бірге шығатынбыз. Екеуден-екеу тау ішінде апталап жүретін ек... Сейітбаттал Түркістаннан келген жылдың келесі қысы аяқтала көктемге қарай сенің шешеңнің де, Атымтайдың шешесінің де, уағдаласқандай, аяқтарына салмақ түсті. Сенің шешең шүрегейдің етіне, Атымтайдың шешесі аю етіне жерік болды. Екеуі де жерік астарын түсінде көріпті. Сол жылы көктем кеш шыққан. Кеш шықса да, әлі ызғары тарқамаған қалың жынысты тау ішінен қысқы ұйқыдан жаңа оянған аю мен жылы жақтан түгелдей келе қоймаған құсты, оның ішінде сусылдай ұшар жылмақай шүрегейді қолға түсіру аңшының аңшысына оңай соқпайтын сын еді. Біз Сейітбаттал екеуміз аңшылық өмірімізде тұңғыш рет екі жаққа екі бөлініп кеттік. Ол тауға, мен қырға. Көктем шуағына жаңа бусанып, шарасынан шығып жатқан талай айдын көлдер мен арнасынан асып, өзектерді басып кеткен өзен жайылымдарын, ең арты, шалшықтар мең томарларға дейін атпен де, жаяу да, таңның атуы, күннің батуы тынымсыз кезіп жүріп, не керек, бір шүрегейді зорға атып алдым. Жүні жаңа түлеп, бауырын таяуда ғана суға малып, жаңа ғана мекиенімен қосылып ұя салып, пыси бастаған, алыс жолдан арып жеткен қаңбақтай кежек5 шүрегейді қанжығама мойнынан байлап, төртінші күн дегенде ауылға келдім. Сейітбаттал да менің алдымда бір бие сауым уақыт бұрын оралған екен. Ол да ұзақ ұйқыдан арып, қоңыр жүні әлі кірікпей сабалақтанып, қыстан азып шыққан кішірек аюды қапысын тауып атып алып, еті иістеніп кетпесін деп, келе жәукемдеп сойып, жайратып тастапты. Залалсыз, дала тағысы мен әлі жұмыртқа салып үлгермеген жабайы құсты мезгілсіз атуды обал санайтын қазақ ауылына бұл қылығымыз әрі таңсық, әрі оғаш көрінді ме, әйтеуір ауыл балаларының бәрі Сейітбаттал үйінің төңірегінде. Ел ақсақалдары да аңды көруге жиналған екен. Мен әкелген жалғыз шүрегейді де көріп, күлкіге қарық болып жатыр. Бірақ үлкендердің ешқайсысы «бұларың не, уақытылы атпай, жазықсыз аң мен құстың обалына қалғандарың не?!» деп күстәналап ұрысқан да, сөккен де жоқ. Аңның не құстың етіне жерік болу – атам қазақта ежелден келе жатқан әдет. Тіпті Арыстанның бүйрегіне, жолбарыстың жүрегіне, жыланның тіліне жерік әйелдер де болыпты деседі. Олардың да күйеулері әйелдерінің тілектерін _______________ 5 Кежек – үйректің еркегі.

орындап, жүректі айнытып, ішті тырнап лоқсытқан толғақтың уытын қайтарады екен. Жерік нәпсісін басады екен. Бізді де сол аңыз ертегілердің батырларына баласа керек... Бірақ Баянкүлдің тілегін орындаған Сейітбаттал мұнымен тыншымады. Мазасыздана берді. Есінен кетпей мазасын алып жүрген жаңағы аю жайы екен. Оны бір күні жеке жерде маған өзі айтты. – Сәлімгерей, тісіңнен шығара көрме, әсіресе Баянкүл естімесін. Жүкті болар әйел қашан нәресте көргенше уайым-қайғы жемегені дұрыс қой. Ой қажытпасын. Кейін өмірге келер баланың да естімегені абзал. Мен бір ағаттық жасадым. Атып алғаным – бауырында қонжықтары бар ұрғашы кірекей екен. Мен болсам, болашақ перзент үшін кірекейді атып алдым. Бір сәби үшін екінші сәбиді анасыз жетім еттім. Менің балам анасының емшегін еміп өседі, қонжықтар сүтсіз, нәрсіз қалды. Әттеген-ай, қапы ұрылдым. О, жасаған, бұрын мұндай жаратылысты кім көрген, кірекейдің тәні тура әйел затының тәніндей болады екен-ау. Терісін жалаңаштап тастағанда, кеудесіндегі қос анарынан қан аралас сүт бұлақтай ағып жатты. Дала жыртқышының ішінде жолбарыс пен қасқырдан соңғы кекшілі аю деуші еді. А-ай, киелі айуан ғой, киелі... Құдай мұнымды кешірсе жарады ғой, бізді қойшы, тек болашақ баламнан, ұрпақтан аулақ! – деп қатты налыды. Қызым, мұны ұзақ айтып отырғаным, тыңда, тағы да аю жәйлі, сол бір ұрғашы аю – кірекейдің қарғысы – құдайдың туралап жіберген зауалы. Бәрі аюмен басталып еді, ақыры аюмен тынды. Сәлімгерей суып қалған шәйін бір-екі ұрттады да, Балзия қолын ұмсынған соң жылы шыны аяқты оған ұсынып, тұнжыраған қалпы әңгімесін әрі жалғады: – Арада үш-төрт жыл етті... Иә, айтқандай, шүрегейге жеріген Қалима сені тапты да, аю етіне жеріген Баянкүл осы Атымтайды тапты. Екеуіңнің араларың жеті-ақ күн. Оны өздерің де білесіңдер. Сенен кейін Қалима тоқтады да, Баянкүл Атымтайдан соң бір нәресте көтеріп еді, онысы шала туып өліп қалды... Иә, арада үш-төрт жыл өтті дедім ғой. Сендердің тілдерің былдырлап жаңа шыққан тәтті кездерің. Аңнан, малдан, не ауыл арасындағы ойын-тойлардан қол босаса-ақ, Сейітбаттал екеуміздің ермегіміз де, қызығымыз да сендер. Бар ықыласымыз тек сендердің үстеріңде. Құтаймаған жеті құрсақтан кейін аяғын қаз басып, тәй-тәй жүрген баланы бірінші көруім бе, ол кезде әлі тірі әкей алдында да, туған-туысқандар алдында да қысылып не ұялмаушы едім, бар тілегім сенің тірі жүріп,

есейіп өсуің болып, сенің алдыңда құрақ ұшатынмын. Ал Сейітбаттал менен де балажан еді... Бірақ, не керек, ұлының қызығын көруді жазбаған екен... Сәлімгерей бұрынғыдан да түнере түсіп, шәйін түбіне дейін ішті де, шынысы жұқа сарала кәрлен шыны-аяғын шақырлата төңкерді. Ендігі ауыр әңгімені, – Сейітбатталды атып өлтіргенін қалай айтарын білмей қиналып отыр ма, ұзақ уақыт басын көтермеді. Балзияға керегі де әңгіменің осы тұсы. Шыны аяқтарды самауырдың ыстық суымен шайып жуа отырып, көзінің астымен әкесіне қарағыштай берді де: – Әке, егер айтуға ауыр болса, айтпай-ақ қой, мен сенің адалдығыңа сенем ғой, – деп әкесін шын аяп кетті. – Жо-оқ, қызым. Жолдастың өлімін еске алу, әрине, ауыр. Бәрі де бүгінде ұмытылды ғой. Бірақ әлгі бір хат жазған адам ертеде ұмтылған есекті тірілтіп, қайта қоздатқан екен, саған түгелдей айтуым керек. Атымтаймен арамызда енді сөз болмайтын шығар, – деп Сәлімгерей бетін сипап, ас қайырды да, тағы да әңгімесін жалғады. – Қазіргідей емес, сол кезде таулардың қайсысында болмасын аң көп еді. Теріскей мен күнгей Алатауда да, Жоңғар Алатауында да, Іле бойында, тіпті барлық жерде аңның бар түрі сыңсып өретін... Біздің жылқылар тау ішінде, кіші Басқан жақта еді. Сол жылғы аюлар бұрынғыдан да батыл; адамнан онша үрікпей, көзге жиі түсіп жүрді. Тіпті қалың малды төңіректеп, маң-маң басып жайбарақат ойқастап, көп ит жиналып, жан-жағынан қоршап шабаланғанда ғана қаймығып, тоғай ішіне кіріп бой тасалайтын. Бірақ ешкімге зияны жоқ еді... Бір күні аюдың ойнап жүрген екі қонжығын иттер талап жатқан жерінен малшылар ұстап алып, елге әкеліпті. Бар пәле содан басталды. Қонжығынан айрылған аю ашынып, иісін біле ме, әйтеуір сол жердегі бейсауыт жайылған ұсақ, ірі малға да, саяқ жүрген жылқыға да шаба бастайды. Арашаға түскен иттерден де именбей, бір жұманың ішінде екі-үш төбетті де жайратып кетеді. Ол – ол ма, бір күні жылқышылардың қатар тігілген қостарына келіп, иелері жоқта ойран салыпты. Қос ішіндегі ішер ас, қазан-ошақ, ыдыс-аяқты бір-біріне соғып, төгіп-шашып, қиратып, көрпе-жастық, төсеніштерді айырып-айырып, қостарды сындырып, жығып, быт-шыт қылыпты. Тіпті ол аздай, бұлақтан су әкеле жатқан бақыршы баланы анадайдан көзі шалып қалып, тұра қуады. Бақыршы жан дәрменде биік шыршаның бұтақтарымен сатылай биіктеп, жоғары шығып кетеді. Сонда да қоймай, аю ағаштың

ұшар басындағы балаға айбат шегіп, ағашты ырғап, теңсеп, өзі де ырғалып, ыңыранып тұрып, шыршаның басына өрмелемекші болады. Әйтеуір, құдайдың дес берісі, көп ит ерткен бір жылқышы келіп, бақыршының жаны қалыпты. Содан жылқышылармен ақылдасып, иттерден жарадар болған екі қонжықты алған жеріне қоя бергіздік. Қонжықтарын тауып алды ма, кім білсін, біраз күнге дейін аюдың келуі сап болып еді, артынан биіктегі шатқалда жатқан бір үйір жылқыға тосыннан, баспалап келіп шауып, екі биені жарып кетіпті. Малға ауызданып үйренген аю одан соң да тоқтамады, өшіккен үстіне өшіге түсті. Мал ашуы – жан ашуы, енді біз де аюға ызаланып, біз де одан өш алмақшы болдық. Біздің өштігіміз – бұл маңнан жыртқышты мүлдем қуып тастау не біржола көзін жою. Сейітбаттал екеуміз шатқалдағы жылқыға барып, бір түні тау ішіндегі аюдың жүрер жолын аңдыдық. Екеуміз екі жерге бекінгенбіз. Ай қорқалаған кез болатын. Көзге түртсең көргісіз тау іші жым-жырт. Алыстан Сейітбатталдың анда-санда булыға жөтелгені естіледі. Сол кезде ол суық тиіп, сәл сырқаттанып жүр еді. Жайбарақат келер аюды шошытып алармыз деп ит те ертпегенбіз. Біздікі, әншейін, көзсіз батырлық. Жастықтың есірігі мен аңшылықтың да қызуы болар. Түн ортасы ауа тоңа бастадым да, мылтығымды қарағайға сүйеп, екі қолымды жеңіме қусырып, бұйығып отырғанмын. Ұйқыға шыдамды-ақ едім, сол түні, не қара басып қалғып кеткенімді қайдам, ұзақ ұйықтаппын. Бір мезетте дүр ете қалған ғаламат дауыстан шошып ояндым. Таң бозарып атқан екен. Жер сілкінді ме деп ем, қасымнан тастар домалап барады. Ағаштың тасасында болмасам, тап үстімнен басып, жаншып өтетіндей-ақ. Көзімді уқалап, орнымнан атып тұрғанда барып байқадым – домалап бара жатқан тастар емес, әлденеден шошынып, үріккен бір үйір тау шошқасы екен. Сейітбаттал жақтан тұншыға бырс еткен мылтық үні шықты. Мен де мылтығымды ала, солай қарай ұштым. Тура мен жатқан жерден жүз сажындай жерде, киіз үйдің орнындай алаңқайда тұрған сұмдықты көргенде, өз көзіме өзім сенбей, кірпік қақпай жақындай бердім. О, ғаламат, тікесінен тік тұрған дәу аю Сейітбатталды құшақтап, бауырына қысып алыпты. Бір қаққанда атандай өгіздеріңді мұрттай ұшыратын аюдың кейде адам баласын осылай қысып өлтіретінін бұрын естісем де, тұңғыш көруім. Жалма-жан тура аюдың басын ала бере, мылтықпен басып салдым. Екеуі де жұбын жазбай ылдиға қарай құлады.

Не керек, бәрі кеш. Екеуі де мен атпай тұрып-ақ жан тапсырған екен. Көзімнен жас парлап отырып екеуін зорға айырдым. Қалай кезіккендерін кім білсін. Сейітбатталдың мылтығын он қадамдай жерден кейін таптым. Үстінен албастыдай төніп тіке көтерілген аюға Сейітбаттал ұзын алмас селебесін жұмсап үлгерген екен. Тура қолтықтың астынан жетесіне дейін сұғылған селебе жүрекке жеткенде, жан тәсілімде аю да қысып үлгерген екен. Сейітбатталдың қақпақтай жауырынын күйретіп, қабырғаларын сөге кірген сояудай қанды тырнақтарды бір бие сауым уақытта әрең ажыратып, жападан-жалғыз отырып, көзімнің жасын тия алмай, жас баладай ұзақ еңіредім... – Мұны бұрын неге айтпадың, көке? Атымтай алдын ала естігенде ана хаттағы сөзге де иланбас еді, енді... кім білсін. – Иә, айту керек еді... уақытында, ертеде өткен қайғылы уақиғаны айтып, баланың жүрегіне жара салмайын дедім. Және де, ол айтылса, сол тұста аяқ астынан тұтанып сөнген оттың қоламтасы тағы да бықси ма деген қауіп те бар еді... Сейітбатталдың қырқын беріп, қаза арты ұмытыла бастаған кезде, бір жиында отырып, менің бір құрдасым «Сәлімгерейдің аузының салымы бар екен. Енді, ана Сейітбатталдың сұлу келіншегі сонау Түркістанға, қашып кеткен еліне барар деймісің. Ендігі лайығы Сәлімгерей ғой. Ант ұрған, қырық жетіңді байлап-матап берер малы жоқ «тақыр кедей» еді, аяқ астынан қалыңсыз әйелге жарыды-ау!» – деп қалжыңдаса керек. Оныкі шынында да қалжың. Осы сөз көп ұзамай өсекке айналды. Қай дұшпанның шығарғанын кім білсін, «Сәлімгерей Сейітбаттал байғұсты аңға апарып, атып өлтіріпті. Жетім жігіттің артынан іздеп келер де кімі бар?! Сәлімгерей көрікті келіншегіне қызыққан ғой» деген өсек гу ете қалды. Кімнің аузына қақпақ боларсың. Қай улы ауыздан, қандай жауыздан шыққанын іздеген де жоқпын. Әйтеуір құдай алдында ақ адал екенімді білем. Бірер жылдан соң, өсек аяғы сүйірқұймышақтанып барып басылды... Осылай, балам, бір кезде... күндердің күнінде Атымтайға өзің айтарсың. Иланса иланар, иланбаса, енді, қайтеміз. Ана дімкес шешесінен сұраса, бәрін айтар еді. Бірақ «сен Сәлімгерейдің әйелі болдың ба?» деп қалай сұрайды. Шеше не деп ақталады?.. О, заман-ай!.. – Сонда мына хатты кім жазды деп ойлайсың, көке? Баяғыда ұмытылған дүниені кім көңірсітіп отыр? Кімге қажеті болды екен? – Сол, қажеті болған соң жазып отыр да. Аяқтан бір шалудың

амалы да. Жай шалу емес, омақастыра құлату ғой. Соған қарағанда, кім жазғанын білемін. Мейлі, енді маған не істер дейсің. Әттең, өзі былай да шатасып жүрген сорлы бала Атымтайды біржолата қалың тұманға түсіріп адастырады-ау. Сонысы ғана батады... – Кім, көке, кім деп ойлайсыз? – Қайтесің, балам, жұртпен жауласқаннан пайда жоқ. Бұл заманда тыныш жүріп, әліптің артын баққан жөн, – деп Сәлімгерей орнынан көтеріле берді. – Енді жол қамына кірісейік. – Көке, мен білуім керек. Маған өте қажет. Мені де жазыпты ғой. Байдың қызына үйленесің деп күстаналап отырғанда мен неге білмеуім керек. Мүмкін, бір оңтайы келгенде, мен де қарымтасын қайтарармын. Сен кексізсің, әке... – Иә, қызым, мен тектімін. Тектіде кек болмайды. – Содан да талай есең кетіп жүр. Мен үйте алмаймын. Бұл за - ман – кекшілдердің заманы! Сәлімгерей терезеден тау жаққа қарап тұрған. Алыстағы тау шыңдары алаулап, қызара бастапты. Көп ұзамай күн батады. Қараңғы түнді жамылып, із-түссіз кету ғана қалды. Жасырын тиеліп жатқан жүктер бар. Жылқы тауда. Тек көшті тау ішіне жеткізу керек. Сәлімгерей бауы да алтын, өзі де алтын қалта сағатын алып, қақпағын ашты – уағдалы уақыт тақап қалыпты. – Көке, айтшы?.. – Бұл ауылда хат танитын сауатты адам онша көп емес. Оның ішінде арыз-шағым жазатындар некен-саяқ. Кім деп ойлайсың? – Пірімбай, Есеттер емес пе?.. – Өзің де біледі екенсің ғой. Несін сұрайсың. Олар талайдың басын жалмаған жоқ па?! Әлі де жалма-а-ар! Пірімбай – осы ауылдағы піркәшік. Жас жағынан Сәлімгерейден аз ғана үлкендігі бар. Ескіше оқыған адам. Әкесі аты шулы бір баймен Мекеге еріп барып, қажы атанған. Келе дүние салған. Пірімбай жасырақ кезінде елде бала оқытып, молдалық қылып, жұмалықпен күн көріп жүрген де, көп ұзамай ол «кәсіпті» тастап, Семей жағының бір татарымен сыбайласып, мәлішшілік кәсіпке ауысқан. Татар саудагері бұған ауыл арасына аса қажетті ұсақ-түйек дүниелерді – айна, тарақ, иіс сабын, бояу, тебен инеге дейін сандық-сандық әкеп тастайды да, бұл қысқа дейін жұртқа тері-терсек, қыл-қыбыр, жүнжұрқаларға айырбастап, тау-тау етіп үйіп жинайтын. Татар досы жаз да бір, күзде бір келіп, маялап жинаған бұйымдарды кіремен тар-

тып, алыстағы зауыты бар кенттерге апарып, іс қылады екен. Осылайша төңкеріске дейін қатарынан он-жиырма жыл ерінбей кәсіп еткен Пірімбай, алдында мыңғырған малы болмаса да, ішіп-жем, киім киіс, үй жасауы жағынан алдына жан салмайтын ірі саудагермен терезесі тең шалқыған бай атанған. Мұның дүние жинасы да басқа қараңғы қазақтардан бір жосын: ел аралап жүріп жинаған алтыннан құйған, асыл тастармен соққан бұйымдарының өзі екі сандық десетін. «Орыстардан іргемізді бөліп, жеке мұсылман елі боламыз» деп даурыққан алашордашыларға әр түтіннен қаржы жинап, елдің алтын, күміс бұйымдарын жанына басып қалыпты деген де қауесет бар. Әйтеуір жаңа кеңес өкіметіне ниеті жаман екені айдан анық еді. Бұрын ашық сөйлеп, елді басқа жолға бастап сарнаса, кейін жымысқы жүріп, астыртын әрекетке көшкен. Ал Есет – Пірімбайдың жалғыз ұлы. Балзиямен түйдей құрдас десе де болады. Бес-алты айлық қана үлкендігі бар. Балалық шақтары да бірге өткен. Сәлімгерей Балзия мен Атымтайды Андреевка селосындағы Жарков дейтін бір диірменші тамырының үйіне қойып, орыс школына оқытқанда, Пірімбай да Есетін Пахвалов дейтін саудагер досының үйіне жатқызып оқытқан. Бұлардың жолы кейін ғана ажырасып еді. Атымтай Семейде Казкоммунада оқыған да, Балзия сол Семейдегі фелдьшер-акушерлік оқуға түскен. Есет болса, бұлардан бұрынырақ Томск қаласында тау-кен оқуын тамамдап, әкімшілік орындарда қызмет етіп, аурулығына орай, ауыл қымызымен емделуге ел арасына келген. Әкесіне қосылып, титтейінен Алаштың жанашыры болыпты, қазір бас сауғалап, жасырынып жүр деген де сыбыс естілген. Бірақ момын ел ол өсекті жалған қауесет санап, әрі қарай өрбітіп, біреудің жалғызын қудаламайтын мұсылманшыл рәсіммен тек жүрген Есетте ешкімнің шаруасы болмайтын. Мүмкін, шынында да құрыққа сырық шығар. Енді, міне, ел бұларға тимесе де, бұлар тасада тұрып елге тас ататын қимылға көшкен екен. – Бұл сұмдар қазір «Сасқан үйрек артымен жүзедінің» кебін киіп, кеңес хүкіметінің ығына түсіп, енді қалай жағынарын білмей жампаңдап жүр. Өздерінің қанды іздерін жасырмақ ниетімен жаңа хүкіметке жанашыр адам боп көрінбек үшін, өздерінің бастарын арашалау үшін жұртты лайлап, басқаларды жау етіп ұстап бермекші. Осындағы кінәлі де кінәсіз жандарды шетінен тізіп, бәрін аластату ойлары. Мың асқанға бір тосқан – көп жортқан жылан да аяғын көрсетеді, олардың да іштегі аласы сыртына шыға бастапты. Олар да көп ұзамай хүкіметтің қарамағына ілінбек. Көп ұзамайды...

– Оны қайдан білесің, көке. Ешкім ұстап бермесе, ондай жымысқылар елеусіз жүре береді. – Жо-оқ, енді көп ұзамас. Олар да қақпанға түседі. Біз де қарап жатқан жоқпыз. Біздің де жансыздарымыз бар. Біздің қолымызда да тізім бар. – Көке, сонда әлгі хатты жазып, елден ерек саған неге шұқшияды? – Ә, оның да себебі бар... – Сәлімгерей күрт тосылып, аяқ астында әлденені ойланып, үнсіз отырып қалды. «Айтайын ба, айт пайын ба» деген сыңай бар. Шынында да солай екен: – Жарайды айтайын. Мұның екі себебі бар, қызым... Біреуін айтып кетейін. Сендерге керегі сол болар. Иә, сен қалып бара жатырсың, Атымтай екеуің сақ болғайсыңдар. Ұлы кәнпеске біткен кез еді, сен үйде жоқсың. Қасында екі-үш адамы бар, саған құда түсуге келген. Есетіне. Мен үйден куып шыққам. Ол айтпайтынды айтты. Мені жерлеп, мұқатып: «Баяғы шылқыған байлығым бар деп шалқаямысың. Алдыңда малың жоқ, ендігі шіренгенің кімге керек. Ертең көзіңе көк шыбын үймелегенде өзің келіп, қызыңды өз қолыңмен өткізбесең, шолақ мұрнымды кесіп берейін», – деп, тағы да аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып бара жатқан жерінен бас салып жағадан алып, арқасынан таспа тілейін деп оқталсам да, үлкенге қол көтеріп көрмеген басым: «Өлсем сенен өлімтігім артық, жыланның үш кессе де кесірткедей әлі бар, құдай күнімді салмасын, сасық саудагер, жаман мәлішші», – деп, не керек, мен де айтпағанды айтып, жер-жебіріне жетіп, қуып салғам. Бүгін соның бәрін ұмытқандай, біздің жасырын жиынға келіпті. Қайдан естігенін кім білсін, бізбен бірге тау аспақ ойлары бар көрінеді. Олардың өздері де тықыр таянғанын сезіп жүр екен. «Сендей иісі мүңкіген сасықпен бірге қоңсылас отыруға жиренем, өлсем өлімтігім саған қосылмаса екен», – деп үйден айдап шықтым. – Бекер үйткенсіз, көке. – Неге? – Кек жоқ дедім ғой, көке, сенде. Ашу бар да, айла жоқ. Солай кек ала ма екен?! – Сондай жаманмен кектесіп жүрем бе, бұл дүниеде ғаділет бар болса, ондайларды табар. Қашанғы өсек тасытып, сырттан шағым жаздырып, талтаңдатып қояр дейсің. Бір зауалы болар. – Бекер үйткенсің, бекер, көке! – Жарайды, енді, өтер іс өтті. Түсінемін. Айла жасамадың дейсің

ғой. Шыным сол – айлаға жоқпын. Сондықтан да, міне, бас сауғалап қашып барамын. Байқаймын, Атымтаймен қалатын түрің бар ғой... – Енді, көке... – Жо-оқ, мен сені жазғырмаймын. Ермейтініңді... ім-м, қалатыныңды білгенмін. Соның дұрыс та шығар. Мен де қайбір жетіскеннен елімді, туған жерімді тастап кетіп барады дейсің. – Көке-ау, қашан да сабыр керек, қандай қысылтаяң шақта аптықпай, әліптің артын бақ дейтінің қайда? – Балзияш-ау, ол әліп пен бұл әліптің арасы жер мен көктей. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда сену қиын. Ақ пен қараңды айырып жататын уақыт па. Итжеккенге айдайды да жібереді. – Ақталарсың, көке, ақтармыз. Ел бар емес пе. Туғалы кісіге залалың жоқ. Әлгілердей елдің бір-екі азғындарының сөзі іске аса бермес... – Қашан ақталам дегенше шашым ағарып, көз көрмеген жерде өзімнен төмен адамдардың алдында төменшік тартып, қолына су құйып, отынын жарып, күлін шығарып жүрер жайым жоқ. Ендігі қалған өмірімде адамның мазағынан өлгенше, қашып жүріп, айдалада құдайдың азабынан өлгенім артық!.. О заман-ай! Мүмкін, заман түзелер, сонда елге қайта оралармын. Ал, қазір, балам, мені аясаң, жолымды бөгеме! Енді әкеңе тап бұл арада өкпелеме де, өтінбе де! Өздерің аман болыңдар. Менің жалғыз басым қайда да сыяды. Мына түсініксіз аласапыран сабасына түскенше елімнің шырқын бұзбай, көшін ұстап отырайын. Менің де сыналатын күнім туған шығар. Балзия үндемеді. Әке сөзін түгел тыңдап, есті әкенің мұнысы да дұрыс шығар деп іштей құптады. – Ал, Балзияш, күн еңкейіп барады. Ана терезенің алдында, батар күннің арайында шашымды алып, мұртымды басып берші, енді қашан көріскенше... Еркекшора етіп өсірген Балзия жастайынан әкесінін шашын алып, мұртын басуға әбден үйреніп, төселген. Самауырдан қалған ыстық суға суық су араластырып, қанжылым сумен әкесінің қайратты шашын сабындап жуып, әбден жібітті де, қылпыған ұстарамен сыпыра бастады... Алпысқа тақаған Сәлімгерейдің шашында әлі қылау жоқ. Ал мұртына, сақалына ақ түскен. Және де бір ғажабы – ақ қана емес, кей тұсы қызыл қоңыр да, кей тұсы қап-қара. Тығыз өскен осы-

нау сақал-мұрт әкесінің әр жігітке лайық сұсты, келісті реңін одан сайын әрлендіріп тұрар еді. Әркімде бола бермейтін осы бір ерекше әке бітіміне Балзия іштей мақтанышпен қарайтын. Ұстарамен басқанда да аса ұқыптылықпен, дөңгелете алып, әр қылтанағына дейін бар ыждаһатымен мұқият қырнап сылайтын. Көптен бері әке сақал-мұртын өзі басып, Балзияны көп мазаламағандықтан ба, қызы алғашқыда ұзақ қарап тұрып қалған: – Көке-ау, мұртыңыздың оң жақ шалғысының ағы көбейіп бара ма қалай, ал сақалыңыздың жезі көбейген сияқты. Тіпті әдеміленіп бара жатыр, – деп, бір басын шегеге ілген қайыс белбеуге ұстараны жанып-жанып алып, енді ала бастағанда сыртқы есіктен біреу кірді. Ентіге басып кірген – ағайындардың бірі екен. Көзі алақтап, еңкеңдей жеткен жігіт тізесін бүгер-бүкпес Сәлімгерейдің құлағына сыбырлады. Онысы – үрейлі хабарды біреу естіп қояр деп сезіктенгені емес, үлкеннің алдында дабдырлап бөрікпей, сыпайысынғаны. – Есет үйінде жоқ, бағанағы жиыннан соң орталыққа қарай салт, ұрланып кеткенін көргендер бар. Тез... Ағатайларымда дегбір жоқ. – Көш дайын ба? – деді Сәлімгерей салқын ғана. – Бәрі дайын. Көзге түскен ешкім жоқ, – деп жігіт Сәлімгерейдің сұрағына алдын ала асығыс жауап берді... Қас қарая үйден аттанған Сәлімгерей ұзақ бір сапарға, не аңға шығып бара жатқандай жай ғана күлімсіреп, қызымен жайбарақат қоштасты. – Әлі-ақ көп ұзамай келемін. Елді жайғастырып көңілін аулаймын. Заман түзелсе, қайтар жолда барардан гөрі тезірек асығам ғой, қам жеме! – деп қызының маңдайынан иіскеп, табалдырықтан аттай бере қайта бұрылды. – Айтқандай, бағана есімде отырып еді, ұмытып кете жаздаппын-ау, мынау сенде қалсыншы! – деп, неге ырымдағанын кім білсін, алтын сағатын қалтасынан ала берді. – Көке, өзіңе керек болады, өзің ұста. – Балам-ау, айдалада қаңғып жүрген маған сағаттың керегі не, маған ай да, жұлдыз да, күн де, – бәрі сағат емес пе, мә, үйде тұрсын, мүмкін... Атымтай тағар, – деп, даусы бәсеңсіп қалды. – Жоқ, көке, дүрбі мен мылтық, сағат пен шақша сәнім демеуші ме едің. Қайда жүрсең де сәніңнен айрылма! – деп Балзия сағатты өз қалтасына қайта салып берді. – Көке, жолың болсын! Күтеміз!.. – О, заман-ай!..

  • * Балзияның көзі жаңа ілініп бара жатыр еді, көршілес үйлердің қора астынан маңқылдаған иттер үнімен ілесе үй сыртында дүрсілдеген ат тұяғының дыбысы келді құлағына. «Апыр-ай, көкемдер ме екен қайта оралған? Бірдемесін ұмытқан-ау» деп терезеге ұмтылған Балзияның тысқа көзі түскенде жүрегі әлденеден секем алып, мұздап қоя берді. Түнгі қаракөлеңкеде анық көрінбесе де, салт аттылардың нобайынан аңғарды: жүрістері суыт, жобалары бөлек жандар. Қарасы жиырма шақты адам. Аттан түспей ошарылып тұр. Дауыстары терезе сыртынан күңгірлеп қана естіледі. Өзді-өзі ақылдасып, келіскендері ме, бір кезде екі-үш салт аттылардың басқасы, ауыл ішін дүрсілдетіп, жанжаққа шапқылап кетті. Елдің бар иті шабаланып, дамылсыз үріп, ауылды басына көтерді. Ауыл-үйдің есігінің қашанда тиегі ілінбейтін ежелгі әдеті. Үйге жапсарлас салған қораның ішімен келе жатқан біреудің аяқ дыбысы естіледі. Балзия жылы төсегіне қайта келіп қисайғанша, есіктен енгезердей Атымтай да еңсеріле кірді. Балзия қанша сездірмеймін дегенмен, Атымтайдың мезгілсіз, суыт келісінен шошынып, басын оқыс көтеріп алды: – Бүгім-ай! – Мен ғой, Балзия, – деп, үн қатқан Атымтай ордаңдай басып төрге өтті де, сығырайтып қойған ондық шамның білтесін шығарды. Үні баяу естілсе де, жүзінде ашу бары мұрын желбезегінің делдиіп, танаулауынан-ақ көрініп тұр. – Қалдарың қалай? – Жа-ақсы. – Үш айдан бері көріспей, сағынған екеуінің арасындағы амандық сұрау түрі осы. Бөлме ішін ұрлана шолған Атымтай жаңа өзі кірген ашық есіктен көрінген Сәлімгерей жататын бөлменің жарма есігіне бұрыла қарады: – Әкең үйде ме? Балзияның қасы дір етіп керіліп, тұла бойы тітіркеніп кетті. Бұрын «көке» дейтін адамды енді «әкең» деп бадырайта айтқаны мұның жынына тиді: – Қайдан білейін, мен бағып отыр дейсің бе? – Ым-м... Жар-райды – Атымтай қақ түсті көнетоз фуражкесін шешіп, қол орамалмен маңдайын сүртті де, құтысы қаңылтыр ондық шамды алып ауыз үйге шықты. Қимылы ширақ. Балзия іш көйлегімен соңынан ерді. Атымтай Сәлімгерейдің есігін нұқи ашып, ішке кірді де, ұзақ қарап тұрып қалды.

– Не іздеп жүрсің? Көкем ауыл-үйде жүрген шығар, қайтейін деп едің? – Мылтығы да, дүрбісі де жоқ, ауыл-үйде аң аулап жүр ме? – деп, мылтық пен дүрбі ілулі тұратын кілемді нұсқаған ашулы Атымтай шамды пеш кенересіне қоя салып, тысқа беттеді. – Енді менің де сенімсіз, бөтен адам болғаным ғой... Жар-райды! – Атымтай, тұра тұр, отыршы мына араға! – Айта бер, түрегеп тұрып-ақ тыңдаймын ғой. – Жоқ, отыр. – Ал, отырайық, тез айт, не айтайын деп едің? – Атымтай жүк аяққа бір жамбастай, қисайып отыра кетті де, тықыршып белбеуін, кабурасын жөндеп, сипалақтай берді. – Қайда барасың түн ішінде? – Осы ма сұрайын дегенің? – Атымтай орнынан тұрды. – Біздің жұмысты білесің ғой. Бізге күн, түн жоқ. Атымтай есікке ұмтылды. Балзия, әлденеден қаймыққандай, не біреу ұрлығының үстінен түскен қылмыскердей жасқаншақтап, Атымтайдың білегінен екі қолымен қаусыра ұстай алды. Көзі жасаурап: – Бармаңдаршы. Менің бір тілегімді орындашы, – деді жалынышты үні жарықшақтанып. Бұрын-соңды мұндай қиылып, өтінбейтін қайсар, өткір Балзияның осыншама жапа шеккен, жәбір көрген адамдай аяқ астынан мүсәпір халге ұшыраған мына қалпын алғаш көрген Атымтай өзінің тұңғыш перзентінің анасы екені де есіне түсіп, аянышпен қарап, абыржып қалды. – Балжан, саған не болған, мұның не? – Сол, бармаңдаршы... бармаңдаршы!.. – Оу, сен әлден бүйтесің. Кейін менің жұмысыма мүттем араласып. Қой, ол болмайды, ұят тағы... Мұның не? – Сол, бармаңдаршы... бармаңдаршы... Жібермеймін... – Мәссаған!.. Атымтай Балзияның көзіне қарай түскен қалың қолаң шашынан құлақ түбіне қарай әшейін ғана сипады да, кеудесін кере белдігін түзетіп, бетінен қайтпайтын адамның сыңайымен қабағын сәл шытына есікке беттеді. «Сөз осымен тамам, ендігі артық сөздің қажеті жоқ және бұдан былай менің шаруама араласуыңның алды-арты осы болсын» деген қимыл.

Атымтай ауыз бөлменің бұрышындағы ескі абдыра үстіне қойған фуражкесін алып, есікті аша бере сілейіп тұрып қалды. Балзияның ащы даусы оқыстан атылған мылтықтың даусындай шаңқ еткен: – Тоқта – аһ! Атымтай иығымен ғана жалт бұрылды. Бір қолы тұтқада, бір аяғы жартылай ашылған есіктің табалдырығында. Ашынғанда ғана шығатын Балзияның ашулы даусынан секем алған Атымтай есіктің ар жағынан қараңдаған біреуге: – Жолға дайын тұрыңдар, мен қазір! – деп, қатқыл үнмен қысқа бұйрық берді де, есік тұтқасын қайта тартып, енді бар денесімен тұтас бұрылды: – Тағы да не айтпақсың? Бұрын күлімсірей қарағанда жадыраған жүзінен мейірбан жылы леп есетін Балзияның көзі қазір шарасынан шығып, лезде мөлтілдеп келе қалған жастан ба, әлде булыққан ашудан ба, шам жарығында тура сілеусіннің айбарлы көзіндей жалтылдап, тұла бойы қалтырап, дір-дір етеді. – Апырай, өңің өзгеріп кетті ғой, не болды соншама? Балзия сол кірпік қақпаған қалпында, суық, мейірімсіз жүзбен тесіле қарап, кесімді сөзін қысқа айтты: – Егер осы жолға барады екенсің, қайтып бұл үйдің есігін ашпа! Балзия жалт бұрылып, төр үйге еніп кетті. Көңіліне бір үрей, бір күдік оралған Атымтай соңынан жүгірді. Сыралғы досының екі айтпайтын бір бет қаталдығын білетін жігіт шын сасайын деді: – Балзия, Балзия, бұл не сөз... Осындай да сөз бола ма екен, – деп қуып жеткен Атымтай қалыңдығының иығынан құшақтай алып, бетін өзіне бұрып еді, Балзия кеудесінен итеріп, сытылып шықты. – Әрірек тұрып сөйлеші, егер айтар сөзің болса. Жаңа кездескен ғашықтар емеспіз ғой, құшақтасып тұрып сөйлесетін. Қолың жеткен маған, «енді қалай қорласам да ырқымда» дейтін шығарсың?! Жо-жоқ!.. – Кім кімді қорлап тұр, Балзия?! – Кім кімді? Не айтып тұрсың сен? Сені кім қорлапты? – Егер қасындағы жары, ерінің жұмысына бөгет жасап, ретсіз араласа берсе, оған ынжық еркек көне берсе, ол – әйелдің қорлығы деп есептеймін. Түсіндің бе? – Сенің жұмысыңа араласайын деген менде ниет жоқ. Мен бұл дүниеде көрмеген қорлықты көрейін деп тұрған, мазаққа ұшырайын деп тұрған байғұс, жетім әкемді арашалаймын. Екі дүниеде көрген

жалғыз қызығы, жалғыз қызы мені саған қалдырып, тентіреп кеткен сол әкеде сенің не алашағың бар? Саған не қысастық жасап еді? – Балзия, Балзия... Сенің орның бір бөлек, оның орны бір бөлек. – Тым құрмаса соңғы рет тиіспесең, қудаламасаң не етеді. Ізіне түсіп, өкшелеп қуатындай не өштігің бар онда. Екеумізді егіз қозыдай қатар өсіріп, қатар жеткізгеннен басқа не жазығы бар? Өз бетімен, өз жолымен кеткен адамның өз бетімен өлер ақ өліміне араласпасаң етті. Сенде оның енді еш шаруасы жоқ, сенің не шаруаң бар онда? Атымтай орнына қайта отырды. Ашулы көзін Балзиядан алмай ұзақ тесіле қарап, ызалы демігіп, мырс етті: – Сенің не шаруаң бар? Сол да сөз болып па?! Бұл – кеңес өкіметінің шаруасы. Кеңес өкіметінің шаруасы – менің шаруам. Оны сен білесің. Біле тұра неге қияс сұрақ қойып, адамды қияли қыласың. – Кеңес өкіметінің алдында менің әкем не жазыпты?! Төңкеріске қарсы шықты ма?! Банды болып, не мына көршілес елдердегідей басмашы болып, тау кезіп, бүлік салып жүр ме екен?! – Онда неге өз елінен өзі безіп, тау асып қашады?! – Енді, жазықсыздан-жазықсыз жер аударамыз десе, өз қара басын қорғауға қақысы бар шығар. Қайбір жетіскенінен елден безуші еді адам. – Балзия, жазықсыз адам еш уақытта қорықпайды. Егер жазықсыз жала жабылар болса, тілі бар адам шынын айтып ақталады. Ал ақталудан қорыққан адам – шындықтан қашқан адам. Сенің әкең қашқын ғана емес, елді бүлдіріп, соңынан ерткен жау! Балзияның төбесінен жай түскендей болып, көзі бақырайып кетті: – Жа-ау! – Сеніңше, жау адам тек қолына мылтық алып, атысып-шабысқан адам. Жо-жоқ, кеңес өкіметіне жаулықтың әр түрлі әдісі бар. Сенің әкең жалғыз кетіп бара жатқан жоқ. Бүкіл елді, жазықсыз жұртты да ертіп кетті. Әлі көкірегінде сәулесі жоқ, мал баққаннан басқа ештеменің парқына жетпейтін жалшы-жақыбайларын да адастырып алып кетті. Тауда жасырып ұстаған қаншама малды өздерімен бірге өткізбек. Ол – елдің малы. Елдің маңдай тері. Мұның аты – бүлік, мұның аты – жаулық. Атымтай орнынан тұрды. – Олай болса, жаудың қызына не ғып үйленбексің? Жау қызымен қалай отау тігіп, үй болмақсың? – Балзия, бұл жөнінен келісіп ек қой. Әке үшін бала күймейді.

Сенің – көзің ашық оқыған адамсың. Екеулеп жүріп, қисық жолда қателескен әкелерді жөнге салып, ұғындырар адамбыз. Жана өмірдің болашағын түсіндірер, соған жастарды ертер адамбыз. Біз жаңа көштің адамдарымыз... Болды, енді мені бөгеме. – Жарайды, онда бара ғой. Екеуміздің арамыздағы сөз де, бәрі де бітті осымен!.. – Олай қорқытпа мені. Егер мені түсінбесең, әдейі қырсықсаң, ол да жөн шығар. Оны тіршілік көрсетер. Атымтай үйден жұлқына шықты. Көңілдегі ойды мынадай тығылтаяңда салмақтап айта алмай, сөзін ашуға жеңдіріп, булығып шықты. – Қап, бекер айттым-ау әлгі сөзді. Көңіліне ауыр алып кетті-ау, – деп өкінген Балзия Атымтайдың соңынан ұмтыла бере қайта бегелді: «енді, бәрібір, оны алған бетінен қайтару мүмкін емес». Атқа қонған қарулы адамдар дүрсілдете шауып, тау жаққа кете барды. Балзияның іші әлем-тапырық болып, жападан-жалғыз бөлмеде аласұрып біраз жүрді де, төсегіне қайта қисайды. Атымтайдың бір бет, қаталдығын ақтап алар ойлар мен оның әке жолына жарық алып түскен орынсыз пысықтығын, жаңа заманға деген көзсіз адалдығын жазғырар ойлар бір-бірімен шым-шытырық араласып, ұзақ дөңбекшіп жатыр. Бәрін-бәрін ұмытып, ештеме ойламауға тырысып бақса да, әшейінде адам басына келмейтін неше бір жан түршіктірер ойлар қайта орала берді. Ойлар... ойлар... Адамды қажытатын, көңілін жасытатын ойлар. Әлден уақытта білтесі күйіп, төмендеген ондық шам ықылық ата бастады. Жермайы таусылған шамның күйе-күйе сәукелесіне андасанда пух-пух етіп жалындап қайта өлеусіреген отты әрі ес көріп, әрі оған аянышпен қараған Балзия оны өшірмеді. Біраздан соң ондық шам жиі ықылық атып тұрды да, ақтық демі біткен адамдай, соңғы рет «уһх!» деп оқыс күрсініп, біржола өшті. Бөлме іші бірден қараңғыланып, сұп-суық үңірейе қалып еді, көз үйрене келе бозамық тарта бастады. Терезелер ағараңдайды. Ақтаңдақ таң белгісі екен бозарған. Таң ағарған сайын бөлме іші буылдырлана берді. Шам сәукелесінен жіптіктей созылып үйге тараған жермай иісі аралас ащы түтіннен бе, ой азабынан ба, әйтеуір түпсіз бір тереңге құлап бара жатқандай басы айналып, жүрегі лоблыған Балзия әбден талмау ұйқыға кете бергенде иттер ұлыды. Әуелі өз қорасының астындағы еттіктен шыққан тазылар үніне жақын қоралардың бірінен

тағы бір иттің үні қосылды. Тағы бірі. Сай-сүйегіңді сырқыратқандай тазылардың ішін тарта ұлығанын Балзияның тұңғыш естуі. Еттікке қамап кеткен иттерін аяса да, иттің ұлығанын жамандыққа жоритын қазақ әдетімен: «Басыңа көрінсін, өз басыңа көрінсін, өз басыңды жұт, адамнан аулақ!» деп, іштей қарғап, күбірлеп жатты да, көрпемен басын тұмшалап алды. Бәрібір көрпе астынан тұншыға естілген иттер үні бұрынғыдан бетер зарлы, мұңды. Балзия шыдай алмады. Көрпесін ызалы серпіп тастап, қораға шықты. Саңлаусыз қараңғы қораның орта тұсындағы қақ ашаны сипалап өтіп, еттіктің аузына келді. Еттіктің есігінде құлып жоқ. Екі шығыршықты айқастыра қайыспен байлап кетіпті. Балзияның аяқ дыбысын естіген сақ иттер ұлығанын қойып, жалынышты қыңсылап, есікті тырмалайды. Есік ашылуы мұң екен, қамаудағы қос тазы сыртқы есікке қарай лап қойды. Балзия ауыр қақпа-есікті қайырып ашқанша тағат таппай, аласұрып, тырнақтарын батырмай ғана иесіне асылады. Өткінші жауыннан соңғы таңғы ауа тап-таза. Үп еткен жел жоқ. Жауын бұлты бар салмағымен тұтас жылжып, алыстағы тау үстін сірестіре басып алыпты. Қарлы тау шыңдары көрінбейді. Қазанның түп күйесіндей қара аспан анда-санда жарқ ете қалады. Екі тазы қора астынан таласа шығып, тау жақты бетке алып, бәсекелесе жарысқандай зымырап барады. Ақылды иісшіл иттер иелерінің кеткен бағытын иісінен сезді-ау. Іш көйлегімен ғана шыққан Балзия ауыл шетінде жападан-жалғыз ағараңдап, тау жаққа ұзақ қарап тұрды. Қашан бойы тоңазығанша тұрды. Жым-жырт ауыл қотанында бір-ақ терезеден от жылтырайды. Ол Есет үйінің терезесі. Сол от қашан өшкенше тұрды Балзия. Тістеніп, кектеніп тұрды. Қара бұлт жамылған сұрықсыз тау жоталарының үсті анда-санда шақпақ шаққандай жарқ-жұрқ етеді. Алыстан еміс-еміс шырт-шырт естілген үн найзағай үніне де, жарыса атылған мылтық даусына да ұқсайды. * Келесі күні талмау түсте ауыл үстін үрген ит, шұрқыраған жылқы, азынаған мал, шулаған, жылаған адам үні басты. Түні бойы неше түрлі ой қажытып, күн шыға көзі ілінген Балзия шырт ұйқыда жатқан. Әлденеден шошып оянғандай елеңдеп, орны-

нан атып тұрған ол терезеге ұмтылды. Түнде кеткен көш түгелдей ауылға қайта оралыпты. Бытырап жатқан көшесіз үйлердің алдында ошарылған шал-кемпірлер, қаңтарылған аттар, сонау ауыл шетіндегі сыртын ақпен сылап, етегіне қызыл жоса жүргізген ауылнайдың шатырсыз, бәкене үйінің маңы құжынаған адам. «Ә, бәрін қайтадан елге алып келген екен ғой. Ұят-ай, көкем не күйде екен? Ел алдында да, өкімет алдында да масқара болды-ау. Енді Атымтайдың бетіне қалай қарайды? Атымтай не деп қарайды оның бетіне? Әйтеуір бел байлаған соң, аз уақыт болса да амалдап, жат жерге өте тұрғаны да жақсы еді. Енді не абұйыр қалды? Мүмкін, бар ағайын болып тыққан малдарын өз еріктерімен әкеп бергенде, оларға үкімет те кешіріммен қарайтын ба еді? Енді кешірер деймісің? Бәрінен де көкем мен Атымтайдың – қайын ата мен күйеу бала арасының бұлай бұзылуыақ жарамады. Өмір бойы бір-біріне жібімеуі анық. О, заман-ай! Балзия үй ішінде алас ұрып ұзақ толқыды. Басына шым-шытырық ойлар келіп, тіпті киінуді де ұмытып, біресе төсағаш үстінде мәңгіріп отырады, біресе терезеге келіп, сыртқа ұзақ телміреді. «Көкемді осы бетте қашқын ретінде қол-аяғын байлап алып кетер ме екен?! Әлде ертедегі әдетпен жаяу айдар ма екен?! Намысшыл әке бұл қорлыққа қалай төзер. Мүмкін, Атымтай көкем мен ағайындардың малдарын түгел алып, өздерін қалдырар... А-ай, Атымтай қатал ғой. Аузынан әмәнда «тап жауы, бай-манап, құлақтарға еш аяушылық жүрмейді. Олар – кеңес өкіметінің, кедейлердің қас жауы» деген сөз түспеуші еді. Енді бұрынғыдан бетер шамырқанып, мүлдем айбатына мінген шығар... Көкеммен қоштаспай да қалар ма екенмін. Қой, үйге өзі әкелетін шығар. Әйтеуір соңынан мылтық кезендіріп, айдап әкелмесе жарар еді. Ел алдында ол да, мен де қара жердей болар ма екенбіз?» «Мына келе жатқандар кімдер болды екен? Осында келе жатыр». Кіші бесіннің кезінде пар ат жеккен қорапты трашпан осылай қарай беттеді. Ішінде көкем не Атымтай бар ма екен деп терезеден үңіле қараған Балзияның көзіне атқосшыдан басқа бір қыз түсті. Бұл ауылдың адамына ұқсамайды. Трашпан есік алдына тоқтағанда барып таныды: арбадан түсіп жатқан – Гүлбарша. Иә, Торатаева Гүлбарша Аманбекқызы. Семейдің акушерлік училищесінде оқитын тоқсан қыздың көпшілігі, жаңа рәсіммен, осылайша аты-жөнімен толық аталатын. Гүлбарша екеуі училищені былтыр бірге тамамдаған. Екеуі де оқу озаты атанып, үздік бітірген. Балзия содан кейін, кәмпеске тұсында, табы бөлек байдың қызы атанып, шыққан тегі бетіне шір-

кеу болып, оның үстіне аяғы ауырлығы қосылып, үйде тобан аяқ боп отырып қалған. Гүлбарша болса, аудан орталығында акушерлік қызметте. Әрі кеңес үкіметінің күнделікті қоғамдық қызметіне белсене араласып жүрген қазақ қыздарынан бұл өлкеде алғаш шыққан жас комсомолдардың бірі. Ауыл арасында «байтал шауып бәйге алмас» деген сөзді желеу ететін қайсыбір іші тар керітартпалар оны «шолақ белсенді» деп сырттай кекететін. Балзия болса, мына аласапыранда әке алдынан өте алмай, Атымтай екеуі қалай қосылудың амалын таба алмай, тең құрбысынан, қатарынан қалғанына күйініп, іштей өзін кем тұтатын. «Гүлбарша бұл жақта қайдан жүр? Көктен түскендей, тап мына бір сорақы жайдың тұсында келуін қарашы. Тығылып қалсам ба екем?» Балзия жалма-жан көйлек-көншегін киіп, асығыс таранғанша Гүлбарша да ішке кірді. Көптен көріспеген достар алғашқыда, жатырқап тосырқаған адамдарша, үнсіз тұрып қалды да, бір мезетте бір-біріне ұмтылып, бас салып құшақтасты. Құшағынан айырмай, ұзақ қысқан Гүлбаршаның қос иығы діріл қаққандай болды. Ажырасқанда байқады: мұңды, ойлы көзінен жас сорғалап тұр. Алғашқыда момын, жуас қыздың көзінен шыққан жасты сағыныштан болар деп, Балзияның да жүйкесі босап, көзіне жас алып еді. Жоқ, Гүлбаршаның бұл арадағы жылауы бөлек екен. Қысқа ғана амандық, саулық сұрасқаннан кейін: – Балзия, берік бол, көкең ауыр жараланып қалыпты. Әдейі келдім. Жүр. Атымтай келе алмайды. Білесің ғой жағдайды, – деп ұзақ түсініксіз желеумен жұбату айтқан Гүлбаршаның соңғы сөздерін Балзия естімеді. Құлағы шуылдап, жүрегі өрекпіп, мең-зең қалыппен құрбысының жүзіне мағынасыз қарай берді. Бұл кезде Атымтай қашқындардан жауап алып жатқан. «Шекарадан өтіп, бас сауғалап қашуды бастаған кім? Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізіп, ұлы төңкеріс әперген азаттыққа күмән тудырып, елді үркітіп-қорқытып жүрген кім? Ондай адамдар осы ауылда ғана ма, әлде басқа жерден келген үгітшілер бар ма? Қанша мал тауда тығулы жатыр? Иелері кімдер? Әлі де қай жерлерде жасырын мал бар? Кімде тығулы алтын, күміс бұйымдар, қаншама қару-жарақ бар?» – деген сұрақтардың төңірегінде қашқындарды жеке-жеке шақырып, біраз қысқанмен, бұл арада мардымды жауап ала алмаған Атымтайлар қаусаған шал-кемпірлерді босатып, жастар жағын үйіріп, көпке дейін жібермеді. Осыларды ұйымдастыруға, жетелеуге қабілеті бар-

ау деген бес-алты жігітті қамауға алып, сыртынан күзет қойды. Кешке өздерімен бірге аудан орталығына айдап әкетпек. Жаралы әкені үйіне жібермейтініне көзі жеткен соң, Балзия арұятты белге түйіп, ауылнайдың кеңсесіне өзі келді. Гүлбаршаның трашпанында отырған Сәлімгерейдің қызын жол бойындағы жер үйлердің есігінен қараған ауыл адамдары: «Бәріне де сен кінәлісің, Атымтайларды соңымыздан салып, елге қайтарып әкелгізген де сенсің, бетпақ!» – деп, жылан көргендей жиырылып, алыстан қарғапсілеп тұр. Бірақ ешкім дыбыс шығарып, ештемені естіртіп айтпайды, қорқады, алыстан ғана көздерімен атады. Балзияны ауылнайдың төргі үйіндегі кеңсеге кіргізбей, бірден қора ішіндегі шошалаға әкелді. Салқын, қара көлеңке шошаланың табалдырығын аттар-аттамастан Балзияның жүрегі мұздап қоя берді. Шошала төбесіндегі суаттың аузындай ғана тесіктен түскен көмескі сәуле астында ұзыннан-ұзын сұлап адам жатыр. Көзін сәл тоқтата қараған Балзия арыстай етіп шалқасынан салып қойған өз әкесі екенін танып, ұясынан ұшып түскен балапандай, тізерлей құлап, «Көке, көкелей» мойнынан құшақтады. Жараланды деген әкеде дыбыс жоқ. Жарасын ауырсынып ыңырсымайды да, жалғыз, сүйікті қызының алдында жасып не еміреніп тіл де қатпайды. Сәлімгерейдің басын алақанымен көтеріп, жүзіне тіктей қараған қызы баяғыда суып қалған мәйіттің кеудесіне қайтадан құлап, дыбыс шығармай өксік атып, ұзақ жылады. Соңынан жасқаншақтана басып кірген бір-екі адамның көңіл айтқанын да естімеді. Үнсіз қыстығып, жылай берді. Көңіл айтушылар да міндеттерінен оңай құтылып, енді әкесінің қасында біраз жылап, мауқын бассын дегендей, қолтығынан тартып, құшақтап, басу да айтпай, жылыстап шығып кеткен... Балзия ауылнайдың төргі бөлмесіне келгенде, бетін әр жеріне алақандай-алақандай көк сия тамған қызыл матамен жапқан қиралаңдаған ескі төртаяқтың айналасында отырған шекарашылар киімін киген екі орыс жігіт фуражкаларын нығырлай баса, үнсіз сыртқа беттеді. Біреуінің қолы таңулы, мойнына асып алыпты. Төрдегі Атымтай да бір түрлі ыңғайсызданып, орнынан бір тұрып, бір отырды. Бағана жылап отырған Балзияның ту сыртынан келіп, болар-болмас күбірлеп көңіл айтып, қазақшылық рәсімін жасаса да, қазір қалыңдығына тіктей қарауға бата алмағандай қибыжықтап: – Балзия, отыр орындыққа, – деді. Еденін қи аралас балшықпен майдалап сылаған үйдің тап ортасына келіп, сұлық тұрып қалған

Балзия үн қатпады. Тұтқиылдан жеткен ауыр қазадан есі шығып, мәңгіріп, есеңгіреп қалғаны да белгісіз, не ызамен кектеніп, жарылғалы тұрғаны да беймәлім, әйтеуір қабағының астымен суық қараған. Атымтайдың көзі қалыңдығының ашулы әрі қайғылы жүзіне түспесе де, жасырынбай шалқақ ұстаған ішіне түсті. Жанжағына ұрлана көз тастаған Атымтай тағы да қыбыжықтап, жөткірініп, өзін кінәлі адамдай санап, ыңғайсыздана берді. Балзия ның іші әжептәуір білініп қалыпты. Осы бір ыңғайсыздықты бұрышта отырған, жағына пышақ жанығандай арық, сары мосқал кісінің жіңішке үні бөліп кетті. Орнынан тұра берген милиционер беліндегі тапаншасын жөндеп: – Ал, шырағым, әкеңнің өлгенін жасырғанда, көмгенде қайда қоясың депті ғой. Сол айтпақшы, ендігі жағдай былай: біз мұндайда өлген адамның сүйегін аудан орталығына жеткізіп, сол арада қағаздауға тиіспіз... Иә... – Заң солай, – деп қостады Атымтай. – Иә, бір-р-ақ, сенің жағдайыңды, былайша айтқанда, енді, жақындығыңды, білетіндігімізді ескеріп, әкеңіздің сүйегін осында қалдырмақпыз. Екі-үш күн сүйрелеп жүру де адамшылыққа жатпайтын шығар. Сол себепті... Иә-ә... біз бәріміз куә ретінде қалай болғанын, енді... иә, қалай өлгенін растап, актіледік. Сол актіге өзің қол қоюың керек, шырағым. – Заң солай! – деді тағы да Атымтай күмілжіп. – Ал, енді мәйітті алмаймын десең, оған еріктісің, онда... – Қане, акті қайда? – деді Балзия салқын ғана. Мосқал сары жалғыз өзінің мойнында жүктелген ауыр істі оп-оңай тындырғандай қуанып, ширақ қимылдап, Гүлбаршынның алдында жатқан көп қағаздардың бірін алып ұсынды: – Міне, мұнда бәрі анық жазылған, оқып ал, шырағым, – и-иә! Әуелі оқып ал. Балзия қағазға көз жүгіртпестен, соңғы жағына қол қойып жатқанда, Гүлбарша екінші қағазды ұсынды: – Мына қағазға да қол қоя сал, Балзия. – Бұл не қағаз тағы да? – Балзия шошына, тіксіне қарады. Гүлбарша жауап бермес бұрын мыжырайған терезе алдындағы сары селдеулі абдыра үстінде жатқан үлкен түйіншекті әкеліп ашты: – Мына заттарын алғаның үшін қол қоюың керек. Бағанадан бері қанын ішіне тартып, сұрланып, ештеме болмағандай

тістене тұрып сөйлеген Балзия, түйіншекті ашқанда шыдай алмай, иегі дірілдеп, кемсең қағып, екі көзінің аясы мөлтілдеп жасқа толды. Түйіншекті ашқанда әкесінің дүрбісі, алтын сағаты, шақшасы, ұстарасы, тағы басқа ол-пұл ұсақ-түйек заттары көзіне оттай басылған еді. Кеше ғана көрген тірі әкесінің аяулы заттарына ұзақ қарауға дәті шыдамай: – Бұлардың бәрін көкем көзі тірісінде күйеу баласына мұраға қалдырған. Атымтай, енді соның бәрі... соның бәрі сенікі, – деп, теріс айналып, есіктен шыға берді. Балзияны үйіне қайтадан жеткізіп салған тағы да Гүлбарша. Трашпанның талдан тоқылған қорабына қатар отырған екі құрбы орта жолға дейін бір-біріне тіл қатыспады. Мынадай ауыр қазада Гүлбарша не деп жұбатарын білмей, үнсіз томсырайған. Әйтсе де Атымтаймен ақылдасқан Гүлбарша үйге жақындай бергенде сөз бастады. Сөйлеген сайын шешіліп, ширығып алды, ұзақ сөйледі. – Балзияш, өлгенмен бірге өлмек жоқ. Уақыт солай. Қазаның артының қайырлы болуы енді өзімізге байланысты. Әкейдің жетісін, қырқын берген соң, бұл арада саған қалудың еш реті жоқ. Аудан орталығына кел. Атымтай екеуің үй болып, бірге тұратын уақыттарың жетті. Енді өз қамдарыңды жасаңдар. Болашақ семья қамын ойлаңдар. Аяғың ауыр екенін бағана бірден сездім. Атымтай да шет жағасын сездірген еді. Болашақ перзенттің де жағдайын ойлау керек. Балзия, мен әкейді қойысуда бола алмаймын. Кешір. Сенің қасыңда екі-үш күн қала тұрғаным да жөн еді. Бірақ ертеңдер жолға қамдануым керек... Балзия, мені астанаға оқуға шақырып жатыр. Оқимын. Амандық болса, сенің де баладан кейін әрі қарай оқуыңды жалғастыруыңа әбден мүмкіншілік бар. Сен бәрімізден зерек едің ғой... Айтқандай, мен комсомол қатарынан партия қатарына өттім. Сен де өтуің керек. Сенің осы жолы мына адасқан ел адамдарына еріп кетпегенің – сенің кеңес өкіметіне деген адал көңіліңнің айғағы. Сен байдың қызы дегеннен қорқушы едің ғой. Енді қарашы, өзіңақ басыңды жақсы арашалап алдың. Біз де куәміз... Осы маңдағы ауылдарда екеумізден басқа оқыған қыз жоқ екен. Бізге көп, көп мүмкіндік бар. Жаңа өмірге, жаңа қызметке құлшына кірісуіміз керек. Сен маған көбірек ақыл айтатын едің ғой. Міне, енді, қарашы, сенің үйде біраз отырып, қарайып қалғаныңды пайдаланып, мен ақылшы боп алдым. Оқу бір басқа да, қызмет істеу бір басқа екен, Балзияш. Біздің сауатты болғанымыз қандай жақсы. Біз не деген

бақыттымыз. Тек сол бақытты дұрыс ұстай білейік. Анада астанада болған үлкен мәжілісте «Сендер, көзі ашық оқыған қыздар, жаңа заманның алғашқы қарлығаштарысыңдар. Жастарды соңдарыңа ілестіре біліңдер. Ұйтқы болыңдар. Әрі бүкіл ғаламға сендердің аттарың мәлім болады. Сендердің алдарыңа енді ешкім кесе-көлденең тұра алмайды. Тек, білімдеріңді молықтыра беріңдер, елге деген махаббаттарыңа қылау түспесін. Еліңді, жеріңді, халқыңды сүйе біліңдер!» деген ұран тасталды. Шынында да, қарашы, біз, Балзия, не деген бақытты қыздармыз. Біздің шешелеріміз ғой, біз көргеннің, біз білгеннің бірін де көре алмай, бірін біле алмай, көрбала боп өтті. Арба үйдің қасына келіп тоқтады. Бұрын оқып жүрген кезде Балзияға батып онша сөйлей алмайтын Гүлбаршаның жол бойы айтылған ақылгөйсіген сөздеріне қосылып та, қарсыласып та алатын тұстар болды-ау. Бірақ Балзия үн-түнсіз тыңдап, шыдап бақты. Арбадан түсер алдында ғана Гүлбаршаға қарап, өтінішпен қиыла сөйледі. Амалсыздан өзін зорға тежеп, амалсыздан жуаси сөйледі: – Гүлбарша, айтқаныңның бәрін түсініп келемін. Бәрі дұрыс. Ендігі жерде Атымтай екеуіміз бірге қосылып, бірге өмір сүрмегенде, қайда барамыз. Тек қана мына жағдай – көкемнің қазасы өте ауыр қаза, ұмытылмайтын қаза болып тұр. Әзір Атымтайға еріп, ештеме ойламайтын түйсіксіз жандай масайрап, ауданға желегімді желбіретіп бара қоям деп айта алмаймын. Ел не дейді? Аз уақыт із басылып, бәрі ұмыт болсын. Атымтай хабарласып тұрар. Ал, әзір сенен, жан құрбым деп сұрар үлкен өтінішім бар. Соны Атымтайға жеткіз. Көкемнің жетісін бергенше, қырқын өткізгенше Атымтай мұнда көрінбей-ақ қойсын. Елдің де мазасын алмай тұрсын. Былай да мен ел алдында жүзі қара қарабетпін. Бүгін көкемді жерлегенде де болмағаны дұрыс. Осыны айта бар. Атымтаймен тап мына қазаның үстінде сөйлесе алар жайым жоқ. Шыдай алмаймын. Артық сөз айтып қоярмын деп қорқамын. Ал осыны жеткіз. Мойныңа парыз. Көріскенше, сау бол! Гүлбарша екеуі көздеріне жас алып, құшақтасып қоштасты. Сол күні ауыл қотанына жиналған бір табын жылқыны, қайсыбір мүлікті тізімге алып, қаттап, сауатсыз байлардың бармақтарын бастырып, қолға түскен қару-жарақтарды алып, қашуға себепкер болған бес жігітті арбаға отырғызып, Атымтайлар жүріп кетті. Сол күнгі намаздыгер кезінде Сәлімгерей де ауыл сыртындағы бейітке жерленген.

  • * Жаназа соңында, әдетте, шалдар марқұмды жақсы сөздермен біраз еске алып, ескілік жайлы, құран-сүрелер жайлы ұзақ кеп тартып, шариғат айтысып, ақиреттен сөйлеп, әңгіме-дүкен құрып отырар еді. Бұл жолы оның бірі болған жоқ. Сәлімгерей қалай апаш-құпаш жерленсе, жаназаға жиналғандар да солай орындарынан аласкүлес тұрып, тарай бастаған. Мұсылман қауымына лайық дәстүрлі рәсімдерді былай қойғанда, сүйекке түскендер, көр қазғандар, құран оқығандар өздеріне тиесі жырым-жыртыстардан да дәмеленбеді. Бәрі де бір-бірімен алдын ала келісіп қойғандай, белгісіз бір ызғар ескен мына салқын үйден тезірек кетуге асығып, үнсіз жылыстай берген. Осы бір іштен тынған үнсіздік пен әркімнің ішіне түйген құпия сырының тыныштығын бұзған, ойламаған жерде, оқыстан үн қатқан Балзия еді. Басына қара жамылып, іштей қайғырып таусыла қамықса да, көзінен жас шығармай, тұнжырап, тұншығып отырған Балзия басын көтеріп алып: – Нағашы, Ақсарының тәтесі, Көккөз ата, сіздер қала тұрыңыздар, – деді. Өздерінің аттары аталған үш ақсақал сіз деп айтылса да, кенеттен бұйрықты айтылған сөзге не жауап қатарларын білмей, сәл дағдарып, бір-біріне жалтақтап қарай берген. Есікке таман жақындаған басқа кәрі-құртаң да, табалдырықтан аттай алмай, тағы не боп қалды дегендей елеңдеп, бүгежектеп бөгеліп еді. – Сіздер бара беріңіздер! – деді Балзия. Бұл жолғы үні қатқыл, қаралы жүзі салқын Балзияның ерге бергісіз бірбет, тік мінезіне қанық қаралы жандар бас шұлғысып шыға берді де, үш қария тізелерін қайта бүкті. Жасыған мүләйім өңдерінде амалсыздық, шарасыздық бар. Кәрлі Атымтайдың сұрқия қалыңдығынан сескену бар. «Шынтуайтқа келгенде, кеше бұлардың соңынан түскен болашақ күйеуіне тосқауыл болу орнына оның атағы мен қызметі үшін туған әкесін өлімге қиып жіберген бетбақтан не үміт, не қайыр? Әкеге тартпаған безбүйрек, қайырымсыз қыздан зұлымдық қана күтіп, қол қусырып ләббай дегеннен басқа не шара. Титтейінен әкесі орыс оқуын оқытып, мылтық атқызып, құс салдырып үйреткен жаңа заманның елде-күнде жоқ жаңа қызынан не мұсылмандық рәсім күтесің. Сәлімгерейдің түбіне де сол жаңашылдығы мен балажандығы жетпеді ме? Әйтпесе, о заман да бұ заман – намаз оқуға қоспайтын

«Нашар бала – аял балаға» кәпір оқуын оқытар ма? Қыз, қатын әкім болып, ел басқарып, не ұшпақ әпермек? Сорлы әкенің ескілік жолын аттап, салтты бұзып қапы соққан тұсы да, содан жапа шегіп, ақыры өз басын жұтқан жері де осы шығар». Бұлардың ішкі ойын, қисық пиғылын көздерінен-ақ танып: – Ал, шалдар, неге осыншама ұнжырғаларың түсіп, бастарың салбырап кетті? Көтеріп отырыңдар бастарыңды! – деп Балзия сөзді шаптығып бастады. Қарттар «мынау қалай-қалай сөйлейді» дегендей, бастарын оқыс көтеріп елеңдеген, үріккен тау текелердей кекжие-кекжие қалса да, қан-сөл жоқ беті долырып, көзі шатынап, өңменіне өтердей тіке қадалған Балзияның суық сұсынан именіп, қайтадан төмен қарасты. – Білем, түсінем. Қазір сендердің мені атарға оқтарың жоқ. Іштеріңнен не ойлап, мені неше саққа жүгіртіп, қалай қарғап-сілеп отырғандарыңды да айтпай-ақ білемін. – Қой, жиенжан! Біздің сенде не шаруамыз бар. Біз келсек, Сәлімгерей марқұмның өліміне қан жұтып, қара жамылып, шәһит болған бейкүнә жанды қайтпас сапарға соңғы рет аттандырып салуға келдік. Біздің сенде шаруамыз жоқ, қой, тұрайық! – деп Балзияның туған нағашысы міңгірлеп, орнынан тұра бергенде, – Иә, қарағым, біздің сенде шаруамыз жоқ. – Иә, десейші, шаруамыз жоқ, – десіп, қасындағылар да қосарлана құптап, кәрі буындары сытырлап, орындарынан изеңдей көтеріліп, тұра бастаған. – Отырыңдар! – Өткен жолы Атымтайға айғайлағандай, Балзия осы арада да шаңқ етіп зекіргенде, шалдар қыбыжықтап, құйрықтарының қалай жер иіскегенін байқамай қалды. Балзия енді өзі басын төмен иіп, сәл тұнжырап, үнсіз отырды да көмейіне тірелген ашулы, зәрлі сөздердің бәрін зорға жұтқандай, бірекі жұтынып алып, салмақпен сөйлей бастады. – Менің көкем бәріңе де, бар елге, осы өлкеге қадірлі азамат еді. Қан жұтып, қара жамылғандарыңа сенемін. Бірақ, жандарың қанша ашығанмен, шынтуайтқа келгенде, төтелеп келген Алланың ажалы емес, адамнан болған ажалға араша түсіп, алып қала алмадыңдар. Жәрәйді, өткен іс өтті. Оны енді жер жыла, көр жыла – қайыру жоқ. Көкемді қанша жоқтағанмен қайтып келмейді... Ендеше, құр босқа жоқтап, көздің жасын бұлап отырмақсыңдар ма, әлдебір әрекет, қам жасайсыңдар ма?.. Ендігі ойларың не? Шалдар бір-біріне қарасты. Тосыннан қойылған сауалға не жауап айтарларын білмей тосылып, ойда жоқта тығырыққа тіреліп

дағдарған сыңай бар өңдерінде. «Бұл не сөз, бізді сынайын деп отыр ма?» дегендей, бір-біріне иек қағысып та қалды. Балзия шыдай алмай кетті. – Сендерге өзі не болған? Әрқайсың бір-бір елді билеп келген, көпті көрген сұңғыла ма десем, мойындарыңа су кеткен ынжық, жасық неме екенсіңдер ғой! – Шырағым-ау, бізге не жорық, мына сұмдықтан зәреміз ұшып, есіміз ауып, мәңгіріп қалған жоқпыз ба? – деп, сөзге Ақсарының тәтесі ширақ кірісті. – Мұндай сұмдықты кім көрген. Арыстай азаматың қанға боялып, елің, малың талапайға түсіп тоналып жатса, бізден не ес, не ақыл сұрайсың? – Сонда қол қусырып отырмақсыңдар ма? – Отырмағанда не қауқар, не амал жасармыз? Бір ағаттық өтті. «Артынып-тартынып көшкенде қайда барып паналаймыз, құдайдың салғанын көріп отырайық. Мүмкін, бізге ешкім тимес, елден аққұла несіне беземіз» дегенде, басқалары көнді ме? Ал содан не пайда таптық? – Не пайда табушы едік? Біздікі бас сауғалау емес пе. Сіз де айтасыз-ау қайдағыны. Ағаттық, ағаттық! Ол не ағаттық? Біздің жер ауып, қаңғып, құрттап-биттеп, мазақ өліммен өлгеніміз жақсы ма, әлде қоныс аударып, қарамызды бұл жерден біржола батырғанымыз жақсы ма? Жұт болар жылы төрт аяқты хайуандар мен қыбырлаған жәндіктерге дейін жұртын, мекенін тастап қашпай ма. Астынан су шығып жатқанда, тышқан құрлы болмағанымыз ба? – деп, шабына біреу түрткендей, орнынан көтеріліп-көтеріліп қойып, нағашы аталған қаба сақалды, аясы кең ала көзді Жаппар бай елеурей сөйледі. – Сіз, Ақсарының тәтесі, жұртты олай адастырмаңыз. Өзі де соқыртеке ойнағандай қос қолын көкке жайып, ауа қармап қалған азаматтарыңызды олай мойытып, олай қажытпаңыз. Атымтай бүгін алып кетсе де айтам, оның түрмесінде шірігенше, бір күнде болса даламның таза ауасын жұтып өлмеймін бе? Ақсарының тәтесі деп отырған ана жолғы кәмпескеге алдымен іліккен, жер аударатындардың да тізіміне елден ала-бөтен бірінші жазылған осы өңірдегі ең ірі байдың бірі Ережеп еді. Жаппармен бес атадан қосылатын, жасы да, жолы да үлкен Ережеп шамына тие айтқан інісінің мына сөзіне жауап қатпады. Қайта айта түссе екен дегендей айызы қанып, құптағаны ма, ендігі билікті де, тізгінді де өзіңе бердім, өзің шешсеңші деп шарасыздан кішірейгені ме, басын

қайта-қайта изеп, мойынсұнып отыр. Жасқа да, кәріге де ата, «болыс ата» аталып кеткен, сөзі де, отырысы да маңғаз, денесі ірі, көзі атына лайық, төңкерістен бұрын жиырма жылдай үзбей болыс болған. Жабағы да шыбындаған жылқыдай басын шұлғып-шұлғып қалды. – Жарайды. Сыңайларыңды байқадым, – деді Балзия. Өңі бұрынғыдан да сұрлана түскен. – Ендігі сөз мынау – тау асамыз. Елді енді өзім бастаймын. Үш бай тағы да бір-біріне қарасты. Балзия ұнатпай, тыжырына қалды. – Немене, сенбей отырсыңдар ма? Бір шоқып, екі қараған қарғаларша, не болды жалтақ-жұлтақ ететін... Одан да сөз тыңдаңдар. Бүгін кешке дейін ерем деген адамдардың көшін жасырын дайындаңдар. Ымырт үйіріле көш кіші Басқанға жету керек. Балашаға, кемпір-шал көшпен кетеді. Әр үйден бір жол бастайтын адам табылар. Әр үйден бір-бір жас жігіт, бес қаруын сайлап, қалатын болсын. Біз ертең сәскеде көш соңынан шығамыз. Елді бөріктірмеңдер. Қашан аттанғанша ауыздарына сақ болсын. Түсіндіңдер ме? – Түсінікті-ау, шырағым, – деді Жабағы көзін жерден алмай. Бірақ әлі де түсіне алмай отырғаны қибыжықтаған түрінен-ақ көрініп тұр. – Жұрт кешегі жолдан мүлдем қажып, әбден жүректері шайылығып қорқып қалған. Мылтық даусын естіген бала-шағада, кәрі-құртаңда ес жоқ. Бірер күн ес жиып алғанымыз жөн шығар... – Жоқ. Бүгіннен қалсақ, кеш болады. Көкемнің жетісін бергенше Атымтайлар да мазаламайды. Біз осы тұста кетуіміз керек. – Мына сөзіңнің жаны бар, – деп Ережеп елеңдеп, басын көтерді. – Әлгі Есетті қайтеміз. Ол ауыл ішінде үңірейіп отыр. Тағы да жеткізбей ме?.. – Есетпен өзім сөйлесем. Ол бізбен бірге тау асады... Ендігісін елді аттандырған соң кеңесеміз. Аяқ астынан болған мына ұйғарымға байлар іштей қуанысып, әрі сенер-сенбесін білмей үнсіз шықты. Шешінген судан тайынбас десіп, үйден ұзай бере өзді-өзі келісіп, көш қамына жасырын кірісіп те кетті. Бұлар шығысымен Балзия Есетті шақыртып алған... Есет көп бөгелген жоқ. Хабар тиісімен тез жетті. Сәлімгерейдің өліміне, аяқ астынан ел тірлігі бүлінген мына аласапыран оқиғаға өзінің күнәлі екенінен Балзия хабардар деп сезіктене ме, әйтеуір өз-өзінен бетінен басып, үйінен шықпай жатып алған. Келе әңгімені сылтаудан бастады:

– Балзия, қазаның артының қайырын берсін! Кешеден бері науқастанып жатыр едім, сонда да сүйретіліп кіріп шығайын деп отырғанда... – Жарайды, ниетіңе рахмет. Қайырлы болғанда, енді маған жасаған қай рақымның қажеті бар дейсің! – деп төрге малдас оқына отырып, қисық табан етігінің басынан көзін алмай, төмен тұқыраңдап, жасқаншақтаған Есетке сынай қараған Балзия орнынан тұрып, оюлы жармалы есікті жапты. Қаралы адамдай емес, үні де, қимылы да ширақ. – Мен сені кінәлауға шақырғам жоқ, ақылдасуға шақырып отырмын. Есет басын көтеріп алып, кірпігі ұзын үлкен ала көзін сығырайта қарады. Таңырқап та, сезіктеніп те отыр. – Есет, сенімен ұзақ сөйлесіп, ұзақ бәтуаласатын уақыт жоқ. Қысқасы сол – біз қол ұстасып тау асуымыз керек... Тұра тұр, әуелі мен айтып болайын. Тосыннан төбесінен жай түскендей болған Есет өзінің не айтатынын білмесе де, әйтеуір бірдеме деуге оқтала беріп тосылып қалды. – Талай жылдан бері әкең арқылы сөз салып жүргеніңді білемін. Жасырмаймын, сені сырттай менсінбеуші едім. Әлі де жүрегім онша елжіреп тұрған жоқ. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ – ендігі қолайлысы сенсің. Ар жақта да өмір бар. Ол жақта лайығы сенсің. Атымтайдан да алар кегім осымен орындалмақ. Егер осыған көнсең, бүгін түнде ел көшеді, сен де әке-шешеңді жолға қамда. Есет сенерін де, сенбесін де білмей, мәңгіріп үнсіз қалды. – Ойлан, ойлан. Ойлануға пұрсат. Кейін қапы ұрылып жүрме. Көнсең, мені қаласаң – бізбен бірге кетесің. Көнбесең, қал! Ал мен бұл жерде отырып, енді Атымтайға да, саған да жар бола алмаймын. Қалауың білсін... «Егер ауылда қалсаң, сенің де ендігі күнің белгілі: көп ұзамай Атымтайдың шеңгеліне сен де түсесің. Енді сені де талтаңдатып қоймайды» деп, өз білетінін айтып, ескертейін деді де, көмейіне тірелген сөзді Балзия жұта қойды. «Иә, мені де Атымтай ұстап, өткендегі істерім үшін жазғырып, қамауға алмақ. Оны да сезіп жүрмін» деп, Есет те айтуға оқтала бере жалт бұрылды: – Апырмай, Балзияш-ай, маған қиын шарт қойып отырсың. Мен сен үшін жердің түбіне дейін кетуге әзірмін. Егер жолымыз, кешегілердей, сәтсіз болса, маған деген Атымтайдан еш аяушылық жоқ. Су түбіне біржола кеткенім ғой.

– Қорқар болсаң, зорлық жоқ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер қолға түсіп қалсақ, не тартсақ та, бірге тартамыз. Бас сауғалар адамың мен емес. Мен – әке үшін ашынған, кектенген жанмын. Тайынарым жоқ. Ал, саған, тағы да айтам, қалауың білсін. – Сонда, қашан... қалай жүрмекпіз? – Ол менің шаруам. Үйдегі үлкендерді әзірле. Көшпен бірге кетеді. Сен менімен бірге жүресің. – Балзияш,.. алтыным, мен сенімен... – Жарайды, ондай сөздеріңді кейін айтарсың. Қазір үздігуге уақыт жоқ. – Көндім. Кеттім бірге. – Ендеше бар үйіңе, әзірлен! – Кеттім, Балзия! – Мылтық, оқ-дәрің бар шығар? – Бар, бар... Әрине, бар. ...Сол түні, көшіп-қонуға әбден жаттыққан көшпенді жұрт аяқ астынан тағы да артынып-тартынып, Жылысайды бойлап, жасырын жер ауды. Шатқалы мен саласы көп сырлы Алатаудың жым-жымына иіріп тастаған үйір-үйір жылқыларын алдарына салып айдап кетті. Арада екі күн өткен соң, Сәлімгерейдің жетісін беретін таңда, ауылда қалған жігіттер де бес қаруын асынып, Жылысайдың аузына барып бекінген. Бұлардың бәрі осынау тау етегін бөктерлей, жапсарлас қонған бес-алты ауылдың жігіттері. Бәрі де бір-бірімен қоныстас, іргелес көршілер ғана емес, аталас, жақын-жұрағаттар. Көшпен кеткен жеті байдың жетпістен астам тұқымы. Өңкей әлекедей жаланған жастар. Бұлардың ішіндегі атасы бөлек бөтені – осы ауылдың тұрғыны Есет пен алыстағы ауылдан келген Сәлмен мен Әлмен ғана. Ораз, Қаназ атты ағайынды қос жылқышыны өз адамдарымыз деп есептейді. Сәлмен мен Әлмен – осы өлкедегі аты шулы ұрылар. Кезінде Ережеп байдың жалдамалы барымташылары еді. Төңкерістен соң барымта азайып, тұрымтай тұсына дегендей, әркім өз жайын күйттеп кеткен аумалы-төкпелі уақытта да бұлар ата кәсібін тастамаған. Ана ауылда да, мына ауылда да, көбінесе күзге салым, бір қысырақ үйірімен жоқ. Бұл Қисықмойын мен Соқырмергеннің ісі ғой деген әңгіме шаң беріп қалар еді де, әп-сәтте басылар еді, өйткені олар алған малды қайтарып көйт-көйттеудің қажеті болмайтын, құрдымға сіңгендей із-түссіз кететініне ел кәнігі.

Сәлменнің ел ішіндегі лақап аты Қисықмойын да, Әлмендікі – Соқырмерген. Мұны олардың көздерінше айтпағанмен, сырттай осылай атайтындарынан Сәлмен мен Әлмен де құлаққағыс. Сәлмен бала кезінде заңғар жарлы, жылтыр тасты шыңырау құздың биік жықпылына салған ұядан бүркіттің қарақанат балапанын алып, жерге жетер-жетпестен аяғы тайып, ұшып, мойыны қайырылып қалған. Мойын омыртқасы зақымданған Сәлмен сынықшының бір жыл мәпелеп, сылауымен адам қатарына қосылып, ақыры мойын омыртқасы шорланып, қисық мойын болып біткен. Содан бері ел әлгі ұялы құзды да, Сәлменді де Қисықмойын атап кетіпті. Ал Әлменнің жөні бір бөлек. Туа солай ма, әлде ол да бала кезінде төтеннен келген аурудан зардап шекті ме екен, әйтеуір оң жақ көзінде аттың ноғаласындай бір түйір ақ бар. Қарашығының тап үстінде болғандықтан, айран көзденіп тұрады. Мылтық атқанда қысатын оң көзден, әрине, ешқандай кемшілік көрмесе керек. Әлменнің мергендігінде қисап жоқ. Оның соқыр мерген аталатыны осыдан. Былай қарағанда кекесін ат сияқты. Бірақ қазекең ат қойғыш-ау, соқыр мерген деген – мергендіктің шегі емес пе? Бұларды түн ішінде әдейі ат шаптыртып алдырған Ережеп. – Қарағым, Сәлмен, сені түнделетіп неге шақырып отырғанымды ішің сезетін шығар. Тағы да тығырыққа тірелдік. Талай қиын шаруаны өзіңе жүктеп, талай сыналар тұста өзіңнің қолқабысыңды қажет еткен ағаң едім. Бүгін де сенің көмегің керек боп түр. Жалғыз сенің ғана емес, мына інішегің Әлмен екеуіңнің. Екеуіңдей іс тындырар, қысылғанда қысылшаңнан алып шығар бұл төңіректе, құдайға аян, ешкім жоқ. Қалағандарыңды алыңдар. Не тілейсіңдер – соны айтыңдар, – деп, еш уақытта ақысыз-пұлсыз қолы қимылдамайтын тік мінез, тоң мойын Сәлменді әуелі жібітіп алмақ болып, алыстан орағытты. – Ас алып отырыңдар. Мен өз бұйымтайымды айта отырайын. Бұйымтайым емес-ау, сендерге салар ағаларыңның соңғы салмағы. Бұдан соң көрісеміз бе, көріспейміз бе?.. Ережептің үні дірілдеп, жыламсырағандай аянышты естілді. Қолы қалтырап, зерен сырлы аяқты «ниет еттім» деп, төгіп алардай Сәлмен мен Әлменге ұмсынды да, бетінде сұр қазының томырылған қарамықтары жүзген қысырдың балдай қымызын шашалып қалардай құныға сіміріп-сіміріп алып, мұртын жалады. – Біз бүгін түнде тағы да тау аспақпыз. Бұл – соңғы әрекетіміз шығар. Осы жолы жолымыз оңғарылмаса, меселіміз қайтып, біржо-

ла тауымыз шағылатын шығар. Онда тірі өлгеніміз. Үрім-бұтақтың құрығаны. Нойыс Сәлмен бұдан әрі шыдамады. Бір аяқ қымызды басына көтере салды да, қисық мойнын қапсағай иығымен тұтас бұрып, оқыс дүңк ете қалды. – Әй, шал, сендер тау аспақ түгілі, тескен тау өтіп кетсеңдер де маған бәрібір. Бірің өліп, бірің қал. Сонда, бізге айтарың не өзі? Тоқ етерін айтпайсың ба, ащы шекше созбай, ішіңді ұрайын! «Ішіңді ұрайын» Сәлмен сөзінің мәтелі болса да, тап Ережептерге айтылмаушы еді. «Бұл да бір заманға лайық, етектегінің төске өрлегені-ау. Амалсыз мықшиған тұста одан сайын басынып, төбеге шыққаны-ау» деп іштей күйінген Ережеп түкті беті бір жыбыр етіп, естімеген сыңаймен, ауыр сөзді елемей, ұрының ыңғайына жығыла берді. – Иә, қарағым Сәлмен, сөз, жөн сөз. Тым ұзартып кеттім-ау, рас, рас, сасқан үйрек артымен жүзедінің кері ғой. Айтатыным сол – Сәлмен, Әлмен шырақтарым, қос арысым, осы жолы да сендер босқан елді қос арыстай жетектеп, арғы бетке алып шығыңдар. Қай арада шекарашылар барын, жоғын білетін, көз жұмбай-ақ білетін әккі саятшыларсыңдар. – Ережеп «ұрыларсыңдар» деп қала жаздап, келсін-келмесін «ұрымтал» сөзімен жалтарып кетті. – Жарайды, саятшымыз да, ұрымыз да, оны бүкіл ел, бар қазақ біледі, – деп ашуланғаны ма, ойланғаны ма, Сәлмен қолына алған екінші аяқтағы қымызды жөремелдете ішті де, түнеріп отырып қалды. Әлден уақытта барып басын көтерді. Бұл жолы қисық мойнын бұрмады. – Жәр-рәйді, бұл – өте ауыр шаруа. Бұған күш те, айла да керек. Біз шекарадан әрі өткізіп саламыз. Ар жағын өздерің білесіңдер. – Иә, иә, сол ғой бізге керегі. Ал, сендерге не керек? Сұраңдар. – Бізге дүние-мүлік қажет емес. Екі жиренді бересің. Ережептің беті жыбыр етті. Екі жирен – бүкіл Жетісу өңіріне, солтүстігінде Семей, Кереку еліне, оңтүстігінде Алатау басынан Қаратауға дейін жайлаған иісі қазаққа әйгілі сәйгүліктер. Қусаң – жететін, қашсаң құтылатын ерекше жаратылған жануарлар. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешейін деп тұрғанда бұл аттардың құнына баға жетпейтінін түсінетін Ережептің қазір біреу мойнына мұз салып жібергендей қалтырап, ерні кемсең кақты. – Алыңдар, алыңдар. Екі жирен болмаса да, оған татитын талай жүйріктер бар. Таңдағанын алыңдар.

– Бізге керегі – екі жирен. – Шырақтарым-ау, оны сендерден аяйды дейсіңдер ме, осы жолы аман-есен ар жаққа өтсек, екі жирен емес, он жирен құрмалдық. Әттең, екі жиренді кәмпескеде көп малға қосып алып кеткен жоқ па! – Онда, шал, әңгіме осымен тамам! Орнынан келіскендей қосарлана көтерілген Сәлмен мен Әлменнің етегіне жармасқандай қолын көкке көтеріп, Ережеп шыбын-шіркей болды. – Тұра тұрыңдар, ау, тұра тұрыңдар! – Ал, тұрдық, енді не айтпақсың? – Сәлмен қарағым, алыңдар, егер екі жирен осы төңіректе болса, сендерден аяғанымды ит жесін! – Екі жирен қазір Шайтанқорымның ар жағындағы Қосбүйрек шатқалдағы жылқылардың ішінде жүр. Қолыңнан бермесең, жолыңнан алатын кездер келіп еді, әттең, – деп Қисықмойын көзін сығырайта қарап жеркенген адамдай тыжырына қалды. – Онда-а, қателік менен. Алыңдар, құба-құп, – деп Ережеп екі қолын төсіне басты. – Қателік менен... – Ендеше, осы түннен қалмай көшті Жылысайға бұрасыңдар. – Жылысай-ға-а?! – Иә, Жылысайға. Әр үйден қару ұстауға жарайтын бір-бір жігіттен қалады. Ендігі сөз Балзиямен болады. Ал дайындалыңдар. Осыны айтып Сәлмендер қайтадан тізе бүкпестен, жаңағы өре түрегелген қалпында, шыға жөнелген... Жылысай Балзияның да, басқалардың да ойына келмеген, тіпті ешқандай реті жоқ жолы еді. Өйткені Жылысайға кірген адам тас қамауда қалғандай, қашан оның аяғына шыққанша ешқайда бұрыла алмайды. Екі жағында тік жарлауыт, қия-қия тастар көмкерген, табанында жылап аққан бұлақ, өзі де атына лайық желсіз, тым-тырыс мүлгіген, ұядай жылы, түбі астаудай тегіс сайдың кемпір-шалы, бала-шағасы бар көшке қолайлылығына ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ мынадай жасырын, асығыс керуенге үлкен қауіптілігі сол – Жылысай жыланша ирелеңдеген биік арналы кең жылға. Онымен қашан бағдарлы жерге жеткенше иірімге түскен қайықша мың бұралып, жүз айналып зықың шығады. Соңынан қуғыншы қуса, ешқайда бұрыла алмай, қолға түскеннен басқа түк амалың жоқ. Босқындардың бұған түспеуге де амалдары қалмады. Тізгінді қисық мойын Сәлменге берген соң, онымен таласып, дәлел айтуға қайда?!

Үлкен көш түн ішінде осы сайды бойлап кете барған... Олармен бірге жүрмекші болған мылтық асынып, сойыл сүйреткен жігіттерді алып қалған да Сәлмен. Таң қараңғысында аузынан жылы леп шығып үңірейген Жылысайдың босағасына жеткен жігіттерді күн шыға бір араға үйіріп, біраз жөн-жоба, мән айтты: – Жігіттер, мына Жылысаймен кеткен көш арғы күні түс ауа Тас тамға жетеді. Ол араға жетсе, ешбір қуғыншының да, басқаның да оларды қайтаруға қақы жоқ. Біз осы араға бекініп, соңымыздан келер қуғыншыларды бір күн бөгеуіміз керек. Қайткенде де Жылысайдың қақпасын бермеуіміз керек. Қауіпті кезде арамыздан үрей шақырар біреу шықса, оған аяушылық жоқ. Атып тастаймын. Билік менің ғана қолымда, – деп Қисықмойын інісіне қарады. Аузына су ұрттағандай, шыққалы соңдарынан үнсіз ерген сұсты Соқырмерген де ақ көзі күн сәулесіне ақшаң етіп шағылысып, басын изеді. Осы кезде сай аузындағы үстін жасыл мүк басқан шұбар ала қорым-қорым дәу тастардың ығына төрт-бестен топтап, қалмақша қаңтарған аттардың қасында жалғыз шідерлеулі жалқұйрығы төгілген Құлақасқа айғыр кісінеп қоя берді. Басын кекжитіп, тықыршып, ұзақ шұрқырап кісінеді. Жылысайдың іші, тау бөктері түгел шұрқырап, күңіреніп кетті. Құлағын қайшылап, үйірін іздеген Құлақасқа, өз үніне жауап болмаған соң, бір-екі оқыранып, басын жерге салған. Танауы делдиіп, әлденені Құлақасқадай іздеп, көзі алақтап, аласұрған Қисықмойын айғыр үні тынғанда ғана шаңқ етті. – Ай, боқмұрын, сен кімнің баласысың? Жігіт ағасы боп қалған Айдарбек қара мұрты жыбырлап, «боқмұрын» дегенге намыстанып, шегір көзі шатынап шыға келді. Ауыл арасында жеушендіге дес бермейтін, тентек, ерке өскен, ешкімнен беті қайтып көрмеген жігіт намыстан жарылып кете жаздады. – Менің кімнің баласы екенімде не әкеңнің... – деп орнынан атып тұрып еді, мұның өркөкіректігіне, менмендігіне қанық басқалары бір шатақ шығып кетпесе игі еді деп зәрелері ұшып, Айдарбек үшін жамыраса жауап берді: – Ережеп ағаның баласы. – Болыс ағаның баласы Айдарбек қой. – Менің інім, не айтпақшысың? – деп екінші тұстан Ережептің ортаншы ұлы Сардарбек орнынан көтерілді. Даусы бәсең шықса да, ашу мен ыза бет әлпетінен көрініп тұр. Жалпақ, күміс кісесіне бас бармағын сұғып, шікірейе қалыпты.

– Сенен жөн сұраған кім бар? Отыр әрмен шіренбей, қара мұның бауырмалын, – деп Қисықмойын бұған да зекіп тастады. Көзі жалт етіп сұрлана қалған Балзияға қараған байдың ұлдары өздерінің ағат кеткенін түсінгендей, қыбыжықтап, қаймығып, орындарына қайта отырды. – Бұлардың намысшылына не берерсің. Әй, ішіңді... егер намысшыл болсаң, еліңді-жұртыңды тастап, қағынан жеріген құлындай неге қашып барасың? Өй, санасыз немелер. Киген киімдерін қарашы, әй, сендерге не сән-салтанат керек. Анау айғырды неге міндің? Тойға бара жатыр ма ең? Қай атаң, қай қазақ қашып-пысқанда, барымтаға барғанда арқыратып айғыр мініпті. Үйірсек малда жазық жоқ! Үйірін іздейді. Алатауды басына көтеріп зар илеп кісінейді. Сен қай жерде кетіп бара жатқаныңнан белгі бергің келетін шығар. Онда «мен мұндалап» айғырмен қоса арқырап, кісіне, ішіңді... Балзияның есіне Тасбурыл түсті. Бұл ел ішінде аңызға айналған жасамыс айғыр еді. Жазда таудағы жайлауға көшкенде өз үйірімен жұмалап жоқ болып кететін айғыр оты мол шүйгінді сай-саланы өз бетімен еркін аралап, ғайыптан пайда болатын. Арда емген құлынтайларына дейін итке-құсқа тигізбей, қысы-жазы өзі бағып, өзі қайырып, иесіне анда-санда көрініп жүретін жабайы бурыл айғырды Сәлімгерей бір түнде піштіріп тастаған. Содан бері бас үйретіп, ат қып мінген бурылмен талай күндер бойы тау ішіне кетіп, қажып, шаршап келетін әкесі, тегі көш жолын барлап, ар жаққа өтуге дайындалып жүреді екен-ау. Үйірін іздемей, мініске төселіп, жуасыған бурыл бұдан былай ұзақ, үрдіс жүріске, қия жартасқа арқарша өрмелейтін сенімді көлікке айналған. Бірақ ел бұрынғы әдетімен Бурыл айғыр, Тасбурыл дейтін. Қазір де мына жырынды ұры Құлақасқаның кісінеуіне кіжінуі де содан екен-ау! – Әй, жігіттер, соңыра қай асумен ассақ та, қуғыншыларға жар салатын осы айғыр болады. Қане, тарттырып тастаңдар. Іштеріңде қолы емсек кім бар? Ұрының қисынды сөзіне шарасыз мойынсұнған Айдарбек пен Сардарбек төрт-бес жігітпен Құлақасқаның шідерін ағытып, төрт аяғынан байлап, жыға бастады. Алда тұрған ұзақ, ауыр шеру қанды бұт Құлақасқаға қиын тиерін түсінсе де, мал иелері амалсыз көнген еді... Сәлменнің жорамалы тура келді. Тап сәске түсте етекте жатқан иесіз ауылға сары желдіріп төрт салт атты кірді. Балзия да, Сәлмен де дүрбі салып көріп отыр: Атымтайлар-ау

жобасы. Сәлімгерейдің үйіне түскен олар көп аялдамады. Көк үйге кіріп, шошалаға қамап кеткен қос тазыны ертіп лезде шыққан адам (Атымтай болар) қайтадан атқа қонып, текіректете желіп, ауыл-үйді аралап кетті. Балзия да, Сәлмен де алты-жеті шақырым жердегі шашылған құмалақтай арасы алшақ-алшақ салынған жер үйлердің маңында жанды қуыршақтай қыбырлаған аттар мен адамдарды дүрбімен көріп отыр. Иесіз қаңыраған қоралардың ішінен кешеден бері байлаулы «ойыншық» аш иттер арсалаңдап шығып жатыр. Шыға үріп, ауыл арасында шапқылап, әрнені тіміскілеп, алақтаған «есалаң» иттер әлден уақытта әр жерде топтасып, өзді-өзі таласып, шаң-шұң болысып, ақыры бөрідей шулап, ауылды бастарына көтерді. Естері шығып, әупілдеп, шаңқылдаған, ұлыған ауыл-үй арасының өнерсіз сабалақтарының үндері желсіз мүлгіген тымық ауаға тіке көтеріліп, тып-тыныш мүлгіген тау бауырында бұғып жатқан иелеріне анық естіліп тұр. Еш үйден тірі жан таба алмай, иесіз құлазыған жұртта дағдарған төрт атты әлден уақытта ауыл шетіне шыға берді. Бағыттары – Кіші Басқан. Бұларға ерген екі тазы ғана. – Қап, ана тазылар бүлдірмесе игі еді! – деді Сәлмен дүрбімен көзін алмай. – Мә, мынаумен анық көрінеді. – Сыры кетіп, темірі қажала бастаған ескі дүрбісін екі тастың жықпылында бұғып отырған Балзияға ұсынды. Ит-құстың қасиетін білетін жырында аңшының айтқаны келді: Кіші Басқанға қарай салт аттыларға ере беріп, шегіншектеп, жер тіміскілеп бүгежектеген қос тазы енді бір кезде бастарын кекірейтіп ауаны иіскелеп біраз тұрды да, Жылысайға туралай салды. Көштен қалғандарын сезгендей, тез қуып жетуге асығып, зымырап келеді. Алымсыздау дүрбімен шалғайдағы ауыл ішін анық көре алмай отырған Балзияның көзі шырадай жанып, қатар атқан садақтың қос жебесіндей қатар ұшқан қос тазыны көргенде қалай ішін тарта күрсініп қалғанын өзі де аңғармады. Тізгін тежеп, бір араға ұйлығып ақылдасқан төртеу де аттарын күрт бұрып, тазылардың соңынан арагідік шоқырақтата салып, желе жортып келеді. – Жігіттер, – деді Сәлмен, – сақ отырыңдар. Бірақ бері қарай шығып, көрінуші болмаңдар. Төрт атты келе жатыр. Оларға тосқауыл болу қиын емес. Әлмен, орындарыңа барыңдар.

Етектегі ауылмен екі ортада ағынды өзендерді жалғастырар ені тар, табаны терең көк өзек жатыр. Көктемде өткел бермей шүпілдеп толатын көк өзек күзге қарай мүлдем тартылып, құрғап қалатын. Осы өзекке дейін құйындай ұшып жеткен қос тазы лезде қылт етіп қайта шыққан. Өзектен бергі қарқындары баяулай берді. Тау ылдиынан көтерілген сайын қоян жонданған еңселі бөктер күрт биіктеп, жоғары өрлеу тазыларға оңай соқпады. Әйтсе де кеш бағытын ізінен сезген иісшіл иттер қашан ел соңына жеткенше асығып, жортақтап келеді. Көптен жынын құстырып, аңға салмаған тоқ тазылар тілдері салақтап, қос бүйірін соғып ырсылдап зорға жетті. Жылысайдың аузында әр тастың, әр ағаштың бауырында жасырынған жігіттерге арсалаңдай жүгіріп, иесін іздеп жүр. Тас тасасындағы Балзияны тауып алып, құйрықтарын бұлғап, мұңдарын шаққандай қыңсылап келіп аяғына оралып еді, қабағы түйіліп қараған иесі: – Кет, кет! – деп зекіп ұрысқан соң, қайда барарларын білмей қипалақтап, көздері жаси қалған есті иттер алыста байлаулы тұрған Тасбурылды көріп, солай қарай жортақтай жөнелді. Көп ұзамай төрт салт атты да өзектің бергі қырына көтеріле берді. Балзия да, Сәлмен де дүрбімен анық көріп отыр – қаққан қазықтай ат үстінде тік отырған, төртеуінің ішіндегі ең биігі Атымтай. Ештемеден бейхабар, әшейін саяхатқа шыққан адамдардай, әңгіме-дүкен құрған қамсыз жандардай қатар түзеп, аяңмен келеді. Бұлар оқ жетер тұсқа келгенде Сәлмен мергендерге белгі берді. Жылысайдың екі қапталынан қатарымен гүрс-гүрс еткен мылтық үні тымық ауаны тіліп өтіп, сонау ойдағы ауылдарға жетті. Мылтық оғының жаңғырығына ауыл иттері абалап, қосыла шабаланып жатыр. Салт аттылар бір араға үйіріліп, аз уақыт ақылдасқандай бөгелді де, аздан соң Атымтай мен біреуі тағы да бері жүрді. Әскери киінген жігіт таяқша ма, қол қамшы ма, әйтеуір бірдемені шошайтып көтеріп келеді. Басына ақ шүберек байлаған. Бұл жолы, Сәлмен белгі бермей-ақ, Әлменнің өзі сол ақ шүберекті қарауылға алып мылтық атты. Оқ шүберекке тиді ме, тимеді ме, әйтеуір, әскери адам шүберегін төмен түсіріп, Атымтай екеуі біраз сөйлесіп тұрды да кері бұрылды. Бәрі ылдиға қарай қайта шегінді. Көкөзекке түскен Атымтайлар қайтып көрінбей қойды. Өліспейберіспейтін мына ашынған топтан қаймықты ма, күштерінің тең еместігін мөлшерлеп, соңдарынан келер қарулы әскерлерін күтіп жатыр

ма? Әлде Көкөзек бойымен шекарашыларға шапқыншы жіберіп, соның оралуын күткендері ме? Қашқыншылардың бағытын аңдап қалу үшін жасырын дүрбі салып, аңдып жатулары да мүмкін. Әйтеуір тым-тырыс. Бір анығы сол – Көкөзектен шығып, жасырын келіп тура үстінен түсер мүмкіндік жоқ. Оң жақ, сол жақ бүйірі ашық, алды ылди, артында тау. Бұларды қоршап аларлық еш қисын жоқ. Сәлменнің күдігі біреу-ақ. Ол – Атымтайлар Көкөзектің ішімен келесі тау бөктеріндегі заставаға жетулері мүмкін. Ол ара қалың ел. Сол арадан топ жинап, бұлардың алдын орап кетулері кәдік. Бірақ жолды аңшының аңшысы ғана біледі. Ол жолмен ат сабылтуға көнбіс адамдардың табылуы да неғайбыл. Сәлмен ойындағы бұл күдігін ешкімге айтқан жоқ. Не де болса, күннің батуын күтті. Жазға бергісіз маужыраған ашық тымық күн кешке қарай желдете бастаған. Қарауыл төбе жақтан шудалана жөңкілген ала бұлт лезде қоюлана, көк жүзін торлап келеді. Ымырт үйіріле аспан мен жер тұтасып кетті. – Ал, жігіттер, атқа қоныңдар! Сәлменнің бұйрығын күтіп отырған жігіттер аттарына жүгірісті. Көз байлана, жіпке тізген моншақтай, бірінің соңынан бірі тізілген босқын топ тау өрлеп жолға шыққан. Бірден қияға тікелей көтерілген аттар, тасқа өрмелеген тасбақалар сияқты. Құлынынан тауда аяқтанған жануарлар қашаудай тұяқтарын жерге қадап, биікке өлермендене, өршелене ұмтылады. Ер-тоқымның алдыңғы қасына төстерін тіреп, етбеттей жатқан салт аттылардың тілауыздары байланған. Жылысайдың бойымен, оңай жолмен жүруге шарасыз, мына қиямет-қайымның жолымен кетуге мәжбүр жандар. «Енді қайда барамыз лағып? Осыншама қиналарлықтай, артымыздан қуғыншы жоқ, не болды?» деген көңіліндегі дүдәмалдарын да айтуға шарасыз жандар ең алдындағы – жол бастаған Қисықмойынның соңынан үнсіз жылжып келеді. Барған сайын тау қиясы ауырлап, сыңсыған қарағай мен қайың аралас өскен қалың өткел бермей, биіктеген сайын аттар титықтай бастады. Қайсыбір тоқ аттар тез алқынып, бір сәт демалуға пұрсат берші дегендей, төрт тағандап тұрып қалады. Бірі бөгелсе артындағының бәрі тоқтайтынын білетін иесі ондайда атын бүйірлеп, шу-шулеп, кейде қол қамшымен амалсыз шықпыртып та алады. Тастай қараңғы тау іші биіктеген сайын ызғар шашып, көтерілген сайын суық тартып келеді.

Түннің бір уағында бұлар екі таудың ортасындағы кең алаңға шықты. Алдарында биік асу – қорым-қорым шұбар ала тасты Азулы шыңы қарауытады. Жаздың ең ыстық айында болмаса, басындағы қары түгел ерімей, ылғи қарала-торала түспен алыстан мұнартып көрінетін сұсты шыңның түрі де бір жосын. Азулы десе – дегендей. Абайлап қараған адам тістері ақсиған бұйра жалды арыстанға да, ақпанда аузынан көбік шашып, айбат шегіп шабынған жынды бураға да ұқсатар еді. Осы шыңның бауырын қиялай өтетін шұбыртпалы жалғыз аяқ жол бар. Бұл жолды жергілікті жұрт Қылкөпір дейді. Қылкөпір десе дегендей – қия тасты жарқабақты жанамалай, бірде биікке өрлеп, бірде төмен құлдилап ирелеңдей жосылған, бірде түйе өркештеніп, кейде бүкіштеніп ит әуреге салар құныс соқпақтың екі ат қатар сыймас тарлығы өз алдына, екінші жағы күндіз төмен қараған адамның жүрегі лоблып, басы айналар тіп-тік терең күз. Жақпар тасты жалаңаш құздың тап етегінде аласұрып, буырқанып аққан ені тар өзен. Өзен аты – Қас. Жұрт мұны көбінесе өзен демейді, жазықысы көгілдер тартқан мұздай суына, адам не малдың аяғы ілінсе, жұлып әкететін мейірімсіздігіне қарай Қастың суы, Қанды су дейді. Қылкөпірден аяғы тайып, құздан құлар тірі жан болса, мәйіті осы Қастың қанды суына соңғы рет жуылмақ. Бұл жолды қай заманда, қай ғасырда кім салғанын ешкім де білмейді, мүмкін, шебер табиғат өзі осылай қашаған шығар, әйтеуір, тап қыл көпірге кіреберіс тұстағы мәрмәрдәй жылтыр жақпар тастың бетіндегі жазуды адам баласы түсіргені анық: «Тәуекел түбі – жел қайық, Мінерсің де, өтерсің. Қайғының түбі – тұңғиық, Түсерсің де кетерсің». Бұл шумақ осы соқпаққа арнайы жазылды ма, әлде өмір сүру де осындай бұралаң, қысталаң жол дегені ме, не дегенмен осы бір өлеңде жолаушыны жігерлендірерлік әрі сақтандырарлық бір ғаламат күш бар. Бір ғажабы – осы жолдың қай жағынан келсе де, екі жақ қақпасына жазылған осы өлеңді айғайлап айтпайтын пенде жоқ. Қылкөпірге кіре дауыстап әндететін адамның аузы екінші басына жеткенше әннен құрғамайды. Құз жартаста жаңғырығар бұл ән естілсе-ақ, екінші басындағы салт атты адам, бірінші ән бастаған жолаушыға қарсы келіп қалмас үшін, қашан ол өткенше күтіп тұрмақ. Сұсты құздан жүрексініп қорыққан адамға ән салу қанша ерсі көрінсе

де, бәрібір ән айтып өтпек пенде. Мейлі, жаратылысында әнші болсын, болмасын, әйтеуір өзінің шыбын жаны үшін Қылкөпірден ән айтып өтпек тірі жан. Сұйық бұлттың ішінде, дымқыл, сыз далада әркім әр жерде біраз қаужаңдап, тамақтанып алған соң, Сәлмен бәрін бір араға шақырды: – Жігіттер, жүретін уақыт болды. Жолға дайындалыңдар. Ана бір қарауытқан қорымның ар жағында бұлақ бар. Аттарыңды сонда суарып, айыл-тұрманды тартып алыңдар. Жол ауыр. Аттарын шідерлеп, алаңдағы қалың тау шүйгініне шалдырып, өздері жеке бөлініп, бір отау қойтастың арасында шүйіркелескен он шақты бозбаланың ортасынан біреуі: – Сәке, енді, тап қазір соңымыздан қуып келе жатқан ешкім жоқ, таң сәріде жүрсек те болмай ма, – деп еді, екіншісі де соны құптады. – Аттар да болдырды, өзіміз де қажыдық, сәл тынығып, мызғып алсақ дегендей... Тегі жас жігіттер ақылдасқан болуы керек, басқалары да мұны қостай жөнелді. – Иә, жол да ауыр көрінеді. – Қылкөпірден жарықта өткеніміз де жөн. Кім біледі, атқа сенім жоқ... – Қылдай жерден тайып кетіп мерт болғанша, осы арада жарық түскенше жатқанымыз дұрыс. Ұйықтайық, ұйықтамайық, әйтеуір жарықта жүреміз! – деп, алғашқы сөйлеген жігіт бұл жолы бұрынғыдан да нығарлап, бәрінің ойы осы екенін сездірді. – Солай емес пе, жігіттер! – Солай. – Солай. – Дұрыс. – Дұрыс. Балзияның қасында отырған басқа мосқалдау кісілер де осы ұйғарымды жөн көріп: – Иә, сүйтсе де болады. – Шынында да, Қылкөпір дегеннің өзі, атына лайық, тамұқтың сират көпіріндей деуші еді, – десіп, қостай бастап еді, дымқыл суық таста отырған Сәлменнің даусы тазқараның даусындай шаңқ етті. – Әй, бала! Сен өзің кімсің, маған ақыл үйрететін?! Түнде өтуге қорқады екенсің, қал осы арада, су жүрек. Жұртты үркітіп, ала тайдай бүлдірмей отыр. Қар-ра-а мұны. Мен әкемнің асына не басына

бара жатыр ма екенмін... Сендерше, жүруім керек шығар, ырғалыпжырғалып!.. Бәрі жым болды. Сәлмен енді шың жаққа бетін бұрды: – Көрмейсіңдер ме, әне. Шыңның тасасынан қара бұлт шығып келеді. Ол нөсер, жауын бұлты. Тау нөсерінің арты қарға айналуы да ықтимал. Отырғандар қара түнде қара бұлтты онша айырмаса да: – Иә, күн бұлттанып тұр-ау.... – Құрымдай екен өзі, – десіп, Сәлменді құптап жатыр. – Мәгәркім, нөсер жауды ма, осы жақта қалдым дей бер. Қашан шұбырта жол дегдігенше өту жоқ. Мәгәркім, қар жауып, жол соқталанса, атпен өтпек түгіл, жаяу-жалпылап та өте алмайсың. Бұл – бір деп қой! Сендер екінші қауіпті нәрсені түсінбей отырсыңдар. Ол жауын мен қардан да сұмдық қауіп! – деп Сәлмен енді бұрынғыдан да үрейлендіре сөйледі. Отырғандар үрпиісе қалды. – Мен сендерге айтпап едім. Бағанағылардың өзекті өрлеп, тым-тырыс жоғалғандарында гәп бар. Олар кеткен жақтағы ауыл жанынан осы шыңның арғы бетін айналып келетін төте жол бар. Атымтай аңшы емес пе. Ол жолды білуі мүмкін. Егер ана ауыл қасындағы шекарашыларды ертіп, Қылкөпірден шығар қақпада сайланып күтіп жатса, имандарыңды айта бер. Бұл – екі деп қой. Ал, үшіншіден, ең абзалы – мына үш шақырым – Қылкөпірдің азабына шыдап, тезірек өтіп алсақ, ар жағында қол созым жерде шекара бітеді. Сендерге ешкімнің тиюге қақысы жоқ. Ар жағынан қалай өтесіңдер – ол менің шаруам емес. Бұдан әрі сөздің қажеті болмады. Бәрі де атқа қонды... Бұл арадан Қылкөпір онша алыс та емес екен. Бірақ алыс болмаса да, жол өте ауыр еді. Шыңға қарай көтерілген сайын шатқалдар жиі ұшырап, қия белге қиыстап салып, талай бұралаңмен тырмыса өрмелеген тау аттары тез титықтап қалды. Бәрінен де қарсы беттен жауа бастаған суық жаңбыр жүргіншілерді одан бетер қажытып, уайымға салды. Сәлменнің қаупі рас екен. Жүрген сайын аспандағы бұлт түйіліп, алға жылжыған сайын дымқыл жауын иісі күшейе түседі... Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде жетті-ау белгілі межеге. Жол бастаған Сәлмен ат тізгінін тартып, ыққа қарап, артындағыларды тоқтатты да: – Жеттік, жігіттер. Мына алдымызда – Қылкөпір. Енді былай болады. Балзия, сен менің астымдағы Тасбурылға ауысып мін.

Астыңдағы атың қанша сенімді дегенмен, Тасбурылдай емес: сосын, жігіттер, бір-біріңнен екі сажыдай алшақ отырыңдар. Кім біледі, оқыс шегініп, не тұяғы мүлт кеткен ат өзімен бірге кейінгісін ала кетуі кәдік. Аяқтарыңды үзеңгіден шығарып, ат тізгінін бос қоя беріңдер. Атты тебініп, не қамшы салмаңдар. Тақыммен ғана жүргізіп отырсаңдар жетеді. Ат құздан таяр болса, жарға қарай қарғуға дайын отырыңдар! Біреу-міреу құздан құласа, оны құтқарам деп төмен қарап, әлек болмай-ақ қой. Аялдаушы болма, алға тарта бер. Бұл арада таудан ұшып өлген адамның сүйегін әмәнда Қастың суы жуады. Бетіңді сипап, көзіңе жас алма, жүрегіңді тоқтатып жүре бер. Буының босап, белің қайысты дегенше, төмен қарай өзім де ұштым дей бер. Ер үстінде екі жамбасыңа кезекпе-кезек ауысып, жүріп келе жатқан атты жаңылдырма. Тік отыр. Таулы жерде, тау аттарының құлағында ойнап өскен жігіттер мұндай жолда не істеу керек екенін білсе де, Сәлменнің айтқандарын тұңғыш естігендей мұқият тыңдады. Бір-екі аңшы, жылқышы жігіттер болмаса, Қылкөпірді көбі көрмеген. Балзия ғана, әкесі мен Атымтай – үшеуі ертеректе аңда жүріп, бір рет өткені бар. Сәлмен жігіттерді кезекке салып, ең соңына өзінің інісі Әлменді қойды. Балзия сенімді Тасбурылмен жол бастайтын болды. Тұңғыш рет Қылкөпірден ән салмай, «бисмиллә иррахим!» деп, іштей ғана имандарын айтқан қашқындар, жеті қараңғы түнде қара жауынның астында жалғыз аяқ шұбыртпаға түскен еді... Дәл бұлардың жетуін күтіп, қас қылғандай жауа бастаған күзгі тау жаңбыры ат тұяғы соқпаққа тиер-тиместен төпеп кетті. Және де қолайсызы сол – жаңбыр жар жақтан емес, құз жақ ашық беттен жолаушылардың қарсы алдынан қиғаштай соғып тұр. Әйтеуір, бір жақсысы, әшейінде Азулының белуарынан түйенің шудасынша белдеулеп, сақиналанып жататын бұлт қазір шыңнан биік. Егер қара жауын қара бұлтпен араласа жауса, қанша әккі деген тау аттарының өзі аяғының астын байқамас па еді, қайтер еді? Бүкіл жолаушылардың керуенін бастаған Тасбурыл айғыр кезіндегі өз үйірін талай қауіп пен қатерден аман алып шыққан ақылды, естілігі қазір де есіне түскендей, өзі не үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінгендей, қос құлағын тігіп, көзін жерден алмай ілбіп келеді. Елеңдемейді де, анда-санда ауыр аяғын бір басқанын мың басқанға балап есептеп келе жатқан сияқты. Жылқы баласының көзінен гөрі,

тұяғы көргіш деген ып-ырас. Аясы кең көзі алды мен артындағыны түгел көруге жаратылса, шақпақ тұяғы аяқ астындағыны түгел көруге жаратылған дейтін бапкер-сыншылар сөзін білетін Балзия алғашқыда шұбыртпа жол табанына еңкейе қарап, жүрексініп еді, енді тізгінді бос қоя беріп, атты еркіне жіберіп, тар соқпақтың қиямет-хикіметін есінен шығаруға тырысты... Енді Балзияның ойына оралған бір-ақ нәрсе – ауыл шетіндегі ескі зираттың орта тұсындағы жас қабір – сары топырағы томпиған әке қабірі. Сәлімгерейдің сүйегін үлкендердің ұйғаруымен төрт құлақты зираттың іргесіне жерлеген. Шикі кірпіштен өріп, кісі бойындай етіп көтерген соқпа там – Сәлімгерейдің жұбайы Мәрзияның бейіті. Ішіне салт атты адам кірсе көрінбейтіндей қалың алабота басқан. Төрт құлақтың біреуі жел өтіне мүжіліп, құлапты. Сәлімгерейді қойып, ерлер құран оқып қайтқан соң, Балзия әдейі барып көрген. Шешесі мен әкесінің бейітін бірге қосып, қайта басын көтеруді ойлаған. Енді ол ойын іске асыру – қайда?! Әке моласы жылдар өткен сайын жермен-жексен басылып, мүлдем ескерусіз қалады-ау. Қайран, әке! Тым құрмаса, басыңа күмбездетіп зират та соқтыра алмадым-ау. Әлпештеген жалғыз қызыңнан не шапағат, не қайыр көрдің. Ең болмаса, басыңа құлпытас орнатып, аты-жөніңді де ел қатарлы жаздыра алмай кетіп барамын. Тіпті сенің өліміңе де мен кінәлімін. Кешіре гөр, көке! Тірі болсам, әйтеуір... Балзияның ойы шорт үзілді. Тізгіні бос бурыл айғыр сылбыр басып, асуы көп алыс жолды түсіне ме, жиі пысқырып, қия жолдың тап биік мүйісіне жақындай бергенде жар тұмсығынан біреу шыға келді. Алдынан қараң еткен аттылыдан шошып кеткен Балзия: – Бүгім-ай?! – деген үрейлі үннің аузынан қалай шыққанын өзі де аңдамай қалды. Тұншыға дірілдегең өз даусынан өзі үркіп, ат тізгінін қалай тартып қалғанын да байқамады. Тап алдынан бейуақта қақшаң еткен бөтен атты жатырқағаны ма, жол азабын сездіріп шағынғаны ма, бурыл айғыр танауы пырылдап, оқыранып, ауыздықты қаршқарш шайнап, тықыршып зорға тоқтаған. Бұған әрі тыпырлап, не көлденеңдеп асаулық, қызбалық жасауға болмайтынын есті жылқы жақсы біледі. Оқыстан тұяғы тайып кетсе, не күйге ұшырарын тауда өскен әккі жануар адамша түсінеді. Қарсы алдынан шыққан жолаушы тіл қатқан жоқ. Енді бәрібір, не шегініп, не қағылып жол беру мүмкін емес. Арқасында шошайған мылтығы бар адам аттар тұмсық тірескенде барып тізгінін тежеді.

Астындағы ат та, Тасбурылмен қосыла оқыранды. Соңынан ілескен екі-үш аттылының да қарасы көрінеді. Одан кейінгілерінің қанша екенін кім білсін, келесі бұрылыста болар. Балзияның соңынан шылбыр жетер жерде үздік-создық шұбырған салт аттылардың да алды тіреліп, төбеге ұрғандай оқыс тоқтаған. Бұлар да жар тасасынан шыға келген адамдардың қарасын көздері шалып қалғанда, тұла бойлары дір етіп, тізгіннен бос қолдарын қаруларына апара берген. – Балзия, мен ғой, – деген таныс үнді естігенде, жақын кеп тоқтаған түнгі жолаушының бар тұлғасын – Атымтай екенін тіпті астындағы қарагерге дейін жазбай таныса да, қыз жүрегі тағы да солқ еткендей болды. Не қорқыныштан, не қимастықтан, не тұтанған кектен екені белгісіз – екі беті дуылдап кетті. Тап қазір не істерін білмей амалсыздан дағдарып, ат үстінде мелшиген Балзияның тамағына тас тығылғандай бір сәт үні де шықпай қалды. Екі жақтан да тау қиялай көтеріліп, бірінің соңынан бірі құйрық тістесе тоқтаған салт аттылардың үрейлі сыбыстары ғана, сусымалы малта тастардай сусылдап, ең соңғы жолаушыға дейін жүгіріп өтті. – Не боп қалды? – Неге тоқтадыңдар? Бағана, кештен бері, тауды бірде қиялай, бірде қапталдай өтіп, жадағай бөктерлі жерлерде желе жортып, алға тынымсыз жылжыған тау аттары мен қылдырықтай жол үстінде бөгелгендерін сәл аялдау деп түсінсе керек, жылқы малының әдетімен тұра сала кезек пе-кезек сарғытты. Бұдан әрі құлақтарын қайшылап, елеңдеп, қайсыбірі оқыранып, енді жүреміз бе дегендей, алдыңғы жаққа елегзи қарап тықыршыған. Иелерінен белгі болмаған соң ғана жайбарақат қалыпқа түсті. Иелерінде ондай жайбарақаттық жоқ, ең соңғысы алдындағысынан, ол өз алдындағысынан сұрап, мардымды жауап ала алмаған соң, көпке дейін бір-бірімен де тіл қатыспай, үнсіз тұнжырап тың тыңдады. Әзірше білетіндері – алда үлкен қауіп бар. Мылтық, сойылдарын оңтайлай ұстап, сақ отыру керек. Бірақ қару-жарақты демеу ету де тап бұл арада әншейін далбаса. Түнектей түнерген жар үстінде тұрғанда не көмегі тиюші еді. Атымтайдың ту сыртынан тоқтаған адам кейінгілеріне орысша - лап әмір беруі мұң екен, әскери тәртіпті түсінетін адамдар бір сәтте тына қалды. Жолаушылардың үсті-басын малмандай қылған қара жауын да бұл кезде сап болған. Сұп-суық тау ішінің құлағы түрік, әлдебір үрейлі жайды күткен-

дей, тым-тырыс. Анда-санда аттардың оқыранып не пысқырғаны болмаса, екі жақтағы адамдар да не хабар, не бұйрық айтыларын күтіп, демдерін ішінен алады. Балзия алдындағы адам нұсқасын анық көрерліктей көзі үйренгенше үндемей шыдап бақты. Көзі үйренгесін де, Атымтай қайтадан сөйлегенше жағының жігін ашқан жоқ. Ойланғанындай болды – ол тағы да тіл қатты. Тағы да, жаттап алғандай, жаңағы сөзін қайталады: – Балзия, мен ғой! – Сен болсаң, қайтейін! – Балзияның үні енді батылдау шықты. – Ақылға келсейші, Балзия! – Кім ақылға келуі керек, сен бе, мен бе? Екеуі де қанша баяу сөйлегенмен артындағы үш-төрт аттылыға сөздері естіліп тұр. Соңғы жақтағылар тағы да шыдамсызданып, алға мойындарын созады: – Не деп жатыр? – Кімдер екен өзі, қанша адам? – Енді не істемекпіз? Балзия мен Атымтайдың сөзін естіген Сәлмен артындағыға баяу ғана, бірақ зілмен үн қатты: – Бөрікпеңдер! Шыдаңдар, мұндар! Сәлімнің бұйрығын артындағы адам бұлжытпай қайталады: – Бөрікпеңдер! Шыдаңдар, мұндар! Осы сөз айна-қатесіз қайталанып, ауыздан-ауызға қақпақылданып, ең соңғы жетпіс жетінші жігіт Әлменге де лезде жетті: – Бөрікпеңдер! Шыдаңдар, мұндар! Осыдан соң тағы да жұрттың үні өшті. Енді сөйлескен екеу ғана. – Ойлан, Балзия, райыңнан қайт. Әлі де кеш емес. – Мен ойланғанмын. Көкемнің сақалы қанға боялып жатқан күні ойланғанмын. – Ол енді рас, – деп Атымтай күмілжіп қалды... – Жазатайым болды. Көздеп атқан ешкім жоқ. Енді... атыс кезінде адам шығыны... – Сондағы шығынға шығарғандарың менің жазықсыз әкем екен ғой... – Балзия, түсінші... Неге жазықсыз дейсің?! – Ә – ә, сол-лай ма! Әлі де жазғырады екенсің ғой. Әлі де түсінбеген екенсің. Кет былай жолымнан! – деп шаңқ еткен Балзия атын оқыс тебініп қалды.

Қос өкпесінен шоңқайма етіктің темірдей өкшесі солқ еткізе тигенде, бағанадан бері бұйығып мүлгіген Тасбурыл оқыс селк етіп, алға ұмтылған. Аңдаусызда кимелеп, жанамалай қаққан әлде айғырдың апай төсінен амалсыз ығысқан қарагер шоқ басқандай шошынып, жарқабаққа қарай жан ұшыра ырғыды. Қалың жалды мақпал мойындары үйкеле айқасып, танаулары пырылдаған үрейлі аттар бұдан әрі тырп етпеді. Тізгіндерін жинай қойған иелері де тым-тырыс. Терең құзға қарай шатқаяқтай ығысқан қаракердің бір жақ тұяғы тайып барып, жол жиегіндегі домалақ тасқа темір таға шақыр етіп тигенде, құзға қарай итініп тұрған қол диірменнің көлеміндей қайрақ тас от шашып, төмен қарай қопарыла құлаған. Түпсіз зымыранға зымырай ұшқан тасты қараңғыда көрмесе де, қия тастарда тау ешкілерінің лағындай секіріп өскен тау тұрғындары Балзия мен Атымтай іштей сезінді. Ашумен ұмтылған Балзия өз ағаттығынан шошыса, аңдаусызда мүлт кете жаздаған Атымтай өз аңғалдығынан шошыды. Тас төбелері шымырлап қоя берген екеуінің де жүректері бір сәт соқпай қалған сияқтанды. Шыңырауға кеткен қара тас жансыз тас емес, кеуделерінен үзіліп түскен, тап қазір бір-біріне жібімейтін мейірімсіз тас жүректері секілді. Бұл екеуінің артындағы құйрық тістескен аттылар да мына оқыс қимылдан үрейленіп қалған. Енді олардың да жүректері тітіркеніп, демдері шықпай үнсіз отыр. Ауыр тас бар салмағымен төмен құлдырап, жардың бауырын қиялай өскен тырбық, бұқпа бұталардың ұштарын сытырлата сындырып, ұшып барады. Әлден уақытта ғана, аласұрып, бұраңдай аққан асау өзенге гүмп етіп, су табанындағы ірі пілтастардың ара-арасымен төмен қарай салдыр-гүлдір аға жөнелді. Қияда құлақ түрген салт аттыларға мұның үні шелектегі суға тастаған малта тастай ғана шолп етіп, талып жетті. Осы бір үрейлі сәт қас қағымда өте шыққанмен, Балзия мен Атымтайға таяу қашқындар мен қуғыншылардың көз алдында жарқ еткен үрей оты көпке дейін өшпей тұрып алды. Қиядан құлаған қара тасты қараңғыда көрмесе де, әркім әр түрлі елестетіп отыр. Біреуіне ол тас адамның үзіліп түскен басындай, екіншісіне жардан ұшқан дәрменсіз ат болып елестеді. Бәрі де іштей ойлап, іштей жобалап, тілдері байланғандай ұзақ үнсіз қалған. Осы бір үнсіздікте Атымтайдың басынан неше бір ойлар аласапыран етіп жатты. Бәрі – мына қашқындарды қайтсе кері қайтару

амалдары: жаяу түсіп, жарға сүйеніп атысу; мылтықты көкке атып, арттан келер тың күшті айтып қорқыту; ашу шақырмай-ақ, адамша сөйлесіп, сөзбен жеңу; амалын тауып алдап көндіру. Осыншама шымшытырық ойлардың қайсысының ұшынан ұстарын білмей тұрды да, Атымтай енді айлаға басты: жуас сөйлеп, Балзияның райынан қайтару, адасқандарды жөнге салу. Балзия икемге келсе, басқалары қайда кетер дейсің... – Жарайды, Балзия, сен кеттің дейік, сонда қайда бармақсың! – Дүние кең, басымның ауған жағына барамын. – Өз жерінен жеріген адамға дүниенің кеңдігінен не пайда?! – Өз жерінен? Менде өз жерім бар ма? Менде жер жоқ. Сендерде ғана бар. – Балзия, осындай тар жерде қисық сөзді қайтесің. Кіндік кескен туған жерің – ата-мекенің, елің-жерің емей немене? – Ондай, Атымтай, сен де ондай намысқа тиетін, зығырыңды қайнатар сөзді айтып қайтесің. Несіне сынайсың, несіне қажисың. Кетем деген, әттең, үш ұйықтасам ойымда болып па! – Иә, дұрыс айтасың. Екеуміздің арманымыз қайда. Өмір бойы қол ұстасып өтерміз, жаңа заманның жаңа төл басы болармыз дейтін қиялымыз қайда? – Ол арман, ол қиял бір күнде дауыл соғып, желге ұшты. Енді жо-оқ, Атымтай! Ол әншейін қызыл сөздер... – Уәдеге берік болайық дейтініміз қайда? – Уәде, уәде! Сонда мен уәдемде тұрып, сенің әйелің болуым керек. Кеше ғана әкесін қанға бояған адамның қойнында махаббаттың бал шарабын ішіп жату керек Балзия. Қандай тамаша! «Мың бір түннің» кәнизактары да ондай рахатқа бөленбеген шығар. Жүсіп пен Зылиха да ондай ғашықтың дертіне ұшырамаған шығар. – Жарайды, Балзия! Айтқаныңның бәрі дұрыс дейік. Мен жазықты екенмін. Бірақ ел жазықты емес қой! «Ерден безсең де, елден безбе» демеуші ме еді аталарымыз. Балзия мырс етті. Зығырлана, тістене күлді: – Сен қай елді айтып тұрсың? – Артыңда қалып бара жатқан еліңді айтам. – Артымда елім емес, әкемді өлтірген жауларым қалып барады. Елім қасымда. Мына менімен еріп келе жатқан жұрт – менің елім. – А-а-ай, Балзия, бұл ел ме, үркердей ғана аз ауыл, бүгін адасқан ауыл, ертең азған, тозған ауыл болады. Өзің өкінесің. – Өкінем бе, өкінбеймін бе, ол менің шаруам.

– Сенің ғана шаруаң болса бір сәрі, бүкіл елің өкінеді, бүкіл бір ауыл ертең шашылған тарыдай әр тауықтың тұмсығында кеткенде, тоз-тоз боп құрығанда бар қарғысты сен көтермекпісің? – Атымтай, сен менің мінезімді білесің ғой, сенің ендігі үгітің маған жүрмейді. Қорқытқаныңнан ықпаймын. Біз енді кетуіміз керек, жолымызды бөгеме! Егер осы Қылкөпірдің үстінде айқасар болсаң, біз дайын. Атысуға да, шабысуға да дайынбыз. Бізде аянар да, қарманар да ештеме қалған жоқ. Солай емес пе?! – деп Балзия енді шын ашу шақырып, бұлардың сөзін үнсіз тыңдап, сақ отырған Сәлменге бұрылды. Бағанадан бері ұзақ, бос сөзге зорға шыдаған азулы ұры ендігі билік өзіне тигенде даусын көтере сөйлеп, әлде қорқытқаны, әлде шынтуайтқа келгенде аянары жоқ өлермендігі ме, алдына өңгерген мылтығын алдағыларға естірте сырт-сырт еткізіп оқтап: – Иә, босатыңдар, ашыңдар алдымызды, әйтпесе, атысамыз! Әй, сарбаздар, оқтаңдар мылтықтарыңды, сайлаңдар сойылдарыңды! – деп, соңындағыларға айғай салды. Сәлменнің артындағы даусы шіңкілдеген салт атты адам мерген сөзін бұлжытпай кейінгілерге бұйрықпен қайталады: – Оқтаңдар мылтықтарыңды, сайлаңдар сойылдарыңды! Әлде үрейден, әлде ашынғаннан ба, әлде сес көрсеткендері ме, тығырыққа тіреліп, түнгі ұзақ қимылсыз тұрыстан болар, тоңазыған адамдардың даусы иесіз тау ішін жаңғырықтырып жіберді. – Оқтаңдар мылтықтарыңды, сайлаңдар сойылдарыңды! – деп ұрандаған дауыстар әр тұстан қайталанып, соңғы Әлменге дейін лезде жетті. Шатқалдар мен шыңдар, қойнаулар мен құздар жаңғырығып, «оқтаңдар мылтықтарыңды, сайлаңдар сойылдарыңды!» деген суық сөзді асыға қақпақылдап, сай-сайдың, жыра-жыралардың, жылғажылғалардың бойымен лезде таратып, Іле, Жоңғар Алатауларының алыстағы сілемдеріне қарай ала қашып, Аруел, Кетпен, Қайшы, Шірге, Тура су тауларына күмбір-күмбір жеткізіп жатты. Талайдан бері түн баласында мұндай жарыса шыққан өктем, екпінді дауысты естімеген тау тағылары да елең етіп, беймаза күйге түсті. Суық шыңдарға таяу өскен биік бәйтерек бастарында қалғыған бүркіттер, қанаттанған түлектеріне дейін елең етіп, бастарын оқыс көтеріп, қайрақ тұмсықтарын тақылдатса, әр тұста, тас қияда сақалы желбіреп жатқан сақшы тау текелер де мұрындары пысылдап, жау келіп қалғандай бақылдап, орындарынан атып-атып тұрды. Аршалы жер-

лерде шауқарлар, құздарда ұларлар шулап кетті. Жаңа ғана алып ұйқыда маужырап, арагідік иінінен басқан бұлт пен қою тұманнан қалжырағандай мүлгіп, қалғып тұрған тау іші енді дүр сілкінгендей. Тау ішінде үрей бар, тау қойнауларында қорқыныш бар. Астарынан жер сілкініп, қозғалып кеткендей әр тастың, әр ағаштың тұла бойында қалтыраған діріл бар. Осы бір діріл, осы бір үрей, қанша сестеніп, қанша батылданып бақса да, бір-бірімен тұмсық тірескен екі жақтың тұла бойындағы діріл мен үрей еді. Айтарын айтса да, Балзияның да құйқа тамыры шымырлап қоя берді. Атымтай да заматта аласұрып өрекпіген жүрегін баса алмады. Бәрі де үзеңгіден шығарып демалдырған аяқтарын қайта үзеңгіге салып, ғұмыры адам баласы естімеген, өздері де әлі қалай боларын білмейтін құз басындағы қырғын айқасқа дайындалып, тізелері аз-кем қалтырап кетті. Қазір атой салып, мына қараңғыда бір-біріне бетпе-бет ұмтылса, не боларын кім білсін. Шегінуге не бұрылуға келмейтін мына қылдырықтай жолда, әйтеуір, тірі қалмайтындарын іштері сезеді. Алдымен аттары ұшады құз басынан. Ат үстінен амалдап секіріп, жарға жармасқандар да аман қалар деймісің. Алға ұмтылған аттардың тұяғында жаншылып немесе жан ұшырып жобамен сілтеген сойыл, шоқпар астында қалбаң ойнап, тасадан атылар мылтық оғынан-ақ кім тірі қалушы еді? Мұны екі жақ та жақсы біледі. Жекпе-жек атысып-шабысып, ұмар-жұмар алысып-жұлысып алға ұмтылған тірі жан қанша күш көрсеткенмен, тап мынадай арада соңына дейін сүрінбей жетуі неғайбыл. Сойыл не оқ тиіп жардан құлап бара жатқан тірі пенде соңғы ақтық күшін салып, тал қармағандай жанталасып, алдындағы жуан тұңғиыққа бірге ала кетуі хақ. Осылайша бір-бірімен қоянқолтық құшақтаса жабысып, бәрі де төменде тулап аққан Қастың суына шолп етіп шомылып, тасқа соғылып, мылжа-мылжа сүйектері ағынды Ілеге құяр жерден бір-ақ шығары мәлім. Мұны бәрі түсінеді. Бәрі де қорқады. Бірақ кері қайтар жол жоқ. Мұны Атымтай да жақсы біледі. Атымтай да жүрексінеді, бірақ бұларға да шегінер жол жоқ. Сонда не істемек керек? Тап алдында, жөнге көшпей шаңқылдап, бет бақтырмай Балзия тұр. Асау тайдай еркін өскен тентек ерке қыз, ойына келгенін істемей тынбайтын қыңыр, есірік қыз. Намысшыл бір бет, адуын қыз. Атымтайда да намыс бар, Атымтайда да жүрек бар. Бірақ тап осы арада, бәрінен де ақыл керек. Ақылсыз

қимылдадың – күш те, жігер де, жүрек те түк емес. Бәрің науыт боласың. Бәрің қиядан құлап, тып-типыл боласың. Ал қызбалық жасамай, ақылға салса, не істемек? Екі жақ та аттарын тастап, келе жатқан бағыттарына қарай, жарға сүйене жылжып, бір-біріне жол берулері керек. Сонда қашқындарға көпе-көрінеу жол ашып, өздері елге құр қол салпақтап, ұят қана емес, қылмыс арқалап оралу керек. Түнгі салқында Атымтайдың маңдайынан шып-шып тер шықты. Ауа жетпей тынысы тарылып, жүрегі тулаған намысты жігіт жауапты қызметкер. – Балзия, мен жібергенмен сендерді, менің соңымда тұрған әскерлер жібермейді. Мен жалғыз шеше алмаймын. Ақылдасайын. Олар қалай ұйғарады. Солай болады, – деді. «Әскерлер» дегені Атымтайдың соңғы амалы еді. Әйтпесе, қайдағы әскерлер? Бар-жоғы жолдағы елден зорға құраған он-ақ адам, шекара күзетіндегі екі әскер, мемлекеттік саяси басқармасының үш қызметкері. Айналасы – он бес адам. Атымтай да, оның соңында ат құйрығын тістестірген Протазанов та өздерінің қателіктерін түсініп, қап ұрылып тұр. Кеше түсте мұқият қаруланған, сайдың тасындай өңкей атжалмандай шұлғыған қарулы, мерген жігіттерге бетпе-бет төтеп бере алмайтындарын сезіп, үнтүнсіз жасырын тау асып кеткен. Ойлары – мына қылтадан бұрын өтіп, қашқындардың тап алдынан шығып, өте ыңғайлы Қарақорым тастарының арасына ертерек бекініп, оларды бері қарай аттатпай қою еді. Бір-екі күн бөгесе, арнайы шақырылған шекара әскерлері жетіп, қашқындардың тап желке тұсынан шығып, оларды екі жақтан қыспаққа алып, тоқтатар еді. Ол ойлары іске аспады. Есептері қабыспады. Қашқындардың тап осы араға жетерін білгенде, өздерінің үлгермейтіндерін тура есептегенде, мына Қылкөпірдің шығар аузында, ұрымтал жерде бекінгендері жөн еді. Бірақ не керек, бәрі кеш. Үлкен қателік өтті. Бәрінен де бүкіл ерлердің ортасында жалғыз әйел жынысты Балзияны айтсайшы. Атымтайдың қол-аяғын матап, миын шағып қинайтын да – осы Балзия. Тап жауларына деген қаталдығымен есімі елге жайылып, осы төңіректегі ауылдар мен бұрынғы қазақ-орыс станицаларының тұр ғындарына дейін Атымтай десе сілтідей тынып, бет қаратпайтын қаһарынан ғана емес, сырттай атынан-ақ үркіп, ығып жүретін өрттей жанған, қайратты қайсар жігіт қазір амалсыз жуасып, қажып тұр. Кеше ғана әкесін өлтіріп, бүгін қызын өлтіру – аяусыздық жолы

емес пе? Оның үстіне – Балзия қалыңдығы. Бүгін ашумен кетіп бара жатса, ертең қайта оралмасына кім кепіл? Бәрінен де іштегі нәрестені айтсайшы. Ертең дүниеге іңгәлап келер бейкүнә сәбидің не жазығы бар. Қаңғып келген оқтан ұшып өлсе анасы, не бір тұтқиылдан апатқа ұшыраса, туысы көзіне жас алып, жат адам мүсіркеп қана қояр еді. Ажалға ара тұра алмасын білген пенде қайғы жұтып егілгеннен басқа не шара, не айла жасасын? Ал көре тұра өлтіру, көре тұра өз баласын өзі тұншықтырып өлтіру – бұл жауыздық жолы емес пе? Қазір бетпе-бет келген екі жақтың да алдында тұрған – Атымтай мен Балзия. Не Балзия – Атымтайды, не Атымтай Балзияны жардан құлатып, алға жылжу керек. Қашан құздан өзі ұшқанша арттағыларға жол салып, алға ұмтыла беру, тек ұмтыла беру. Осы фәни жалғанда бұдан асқан қылкөпір, а-ай болмас. Бұл да ер басына тұтқиылдан төнген зауал шығар... Атқа бір жамбастай отырып артына бұрылған Атымтай бағанадан бері алдағылардың сөзін тым-тырыс тыңдап, амалсыздан дағдарған Протазановқа: – Николай Васильевич... – деді баяу ғана. Бұдан әрі көмейіне тірелген сөзді айта алмай бөгеле берді. Оның көмейіндегі «енді не істейміз?» деген сұрақты Протазанов айтпай-ақ түсініп отыр. Бұрын жұмыс бабында талай тұйыққа тірелгенде көп қиналмай-ақ кесімді сөзін кесіп айта білетін, талай шиенің түйінін шешіп кететін алғыр басшының тап қазір нағыз тығырыққа тығылғанын, бұдан шығар жол таба алмай, амалы құрып шын қысылғанын сезіп отыр. Протазановтың да бұған қосар ақылы да, айла-амалы да жоқ. Әсіресе ең соңындағы атта отырған, тәжірибелі шекарашының қараңғыда шимайлай, баттита жазған тілдей қағазы қолдан-қолға көшіп, әуелі Протазановқа, содан соң Атымтайға жеткен еді. «Здесь нейтральная зона» деп жазылған ескертуі мұның да қолын байлап тастады. Ендігі сенгені екі жақ өзара келісімге келер, бетпе-бет айқастан сескеніп, қаймығар деп еді. Қашқындардың бет қаратпас сұсынан түңілейін деді. Әсіресе ең алда тұрған, алдымен оққа ұшып, құздан алдымен ұшуға тиіс Балзияның Атымтайға үлкен тосқауыл екенін, батыл жігіттің қолын байлап тұрғанын Протазанов та жақсы түсінеді. Ол екеуінің арасындағы титімдей бала күндерінен бауыр басқан айырылмас достық соңы махаббатқа айналып, көп ұзамай үйлену тойларының болатынын да естіген. Кейде өзімен құрдасындай қалжыңдасып, кейде әкесіндей ақылдасып, көп кеңестер сұрайтын

Атымтай осы арада көпті көрген адамнан тағы да аталық көмек күтіп, үлкен салмақ артып тұрғаны айтпаса да белгілі. Төңкеріс жолында талай-талай өткелдерден өткен, дүние жүзіндегі ең ірі сорақы аталатын патша түрмелерінің адам төзгісіз сыз едендерін жастанып, қорлық, зомбылықтың неше бір түрін басынан кешкен, азамат соғысының басынан аяғына дейін қару асынып, ат үстінде қалғып, түн ұйқысын төрт бөлген, тап жаулары мен ірілі-ұсақты бандылармен шайқаста әсте мойымаған табанды коммунист, тәжірибелі қарт Протазанов осыншама ғұмырында тап осындай тұйыққа тірелмеген шығар-ау! Тап осындай өткелге кездеспеген шығар-ау! Таң бозара бастады. Күзгі тау ішінің таңы да қырдағыдан бөлек. Қай беттен таң қылаң беріп, түнерген түн қабағын қай жағынан ашары да белгісіз. Күннің қай тұстан шығарын аңғару қиын. Әйтеуір, бозамық тартқан тау қойнаулары бірте-бірте қылаңдап, үңірейген қараңғылық күлгіндене берді. Әр жерден бұлдырап биік сұсты шыңдардың төбесі шошайып көріне бастады. Етек жағы түбі көрінбейтін тұңғиық қарасу сияқты. Терең құзды сайлар мен шатқалдардың нұсқасы көзге шалынар емес. Желсіз тымықта ұйып қалған қалың соқыр тұман сұр ешкінің қопсыта тастаған түбітіндей. Аспан да сұр, тау да сұр. Айнала қоршаған алып тас қамаудан дымқыл иіс қана білінеді. Тұман иісі, сыз иісі, шірік ағаш иісі. Жол жиегіндегі жарлауыт жалаңаш тастар бусанып, бүкіл тау іші тымауратып тұр. Тау тіршілігінің алғашқы белгісіндей, терең құздың табанындағы жан-жағын самырсын, ырғай көмкерген жер тамырындай өзен маңында шиқылдаған торғайлардың үні естіле бастады. Таң хабаршысындай, ұйқыларынан ояна сала бір-біріне әлсіз ғана дыбыс берген торғай үндерінде жазғы салтанат жоқ, күзгі салқыннан дірдек қаққан әлжуаз байғұстар өзді-өзі мұңын шаққандай жалынышты, жалбырынышты күңкілдесіп, таудан төмен жылы жаққа, күнгей бетке түсудің қамына жаппай кіріскен тәрізді. Басқа тіршілік атаулыдан хабар жоқ. Бір сарынмен құлай аққан өзен сарылы ғана қияда қалғыған салт аттылардың құлағына талып естіледі. Ұйқысыз, тынымсыз ағып жатқан салқын, ағынды тау өзені. Таң аппақ боп атқанда тау торғайларындай дүр етіп, жолаушылар да шулап қоя берді. Түні бойы дымқыл, салқын тауда тоңазып, бойларын суық алған, ұйқыдан, ойдан қажыған ызалы әрі үрейлі жұрт дүр сілкініп, тез сергіді. Бір-бірін түрткілеп оятқандай не алдағыларға сес көрсеткендей даурыға сөйлеп, даңғазаға басты. – Енді не тұрыс?!

– Жетті енді тұрысымыз. – Бүйтіп ұйқыдан қажып, аштан-аш тірідей жаурап өлгенше, жағаласып жүріп таудан ұшып өлейік, атаңның... – Иә десейші, тірі жанға бір өлім. – Бұзамыз қамалды, жетеміз бала-шағамызға, – десіп, өз сөздерінен өздері қуат алғандай, сөйлеген сайын жігерленіп, сөйлеген сайын еліре түседі. Түні бойы бұлт бүркеніп бұйығып, тып-тыныш қалғыған тау да енді шырт ұйқысынан шошып оянған қарт алыптай дүр сілкініп, бажылдаған жұртпен жарыса айғайлап, қарлыға жаңғырығып кетті. «Не тұрыс, не тұрыс?!» «Бір өлім, бір өлім,.. өлім, өлім!» деп, әр қойнау, әр шатқал, әр шың, сай-сала алып үнді қақпақылша қағып алысқа таратып, көршілес бөтен тауларға бөліп-бөліп жеткізіп жатыр. Ердің қасынан қос қолдап тірей ұстап, ұйқысыз қалың ойда отырған Балзия басын оқыс көтеріп алды: – Ал, Атымтай, енді не тұрыс. Тосуымыз жеткен шығар. – Иә, жеткен сияқты, – деді амалы құрыған Атымтай да. – Қане, қалай өткілерің келеді. Қандай шарт қоясыңдар? – Шартымыз сол – екі жақтың аттары да кейін шегіне алмайды. Сендер аттарыңды жардан құлатыңдар, біз өтеміз. – Жоқ, ол болмайды! – Атымтай түксие қарады. – Біздің де шартымыз бар. Екі жақ та жаяулап алма-кезек жар жағалап, ат бауырлап амалдап өтеміз. – Осылай дейтіндерің бастаңдар... Әуелі біздің адам, – деді де Балзия артындағы Сәлменге бұрылды. – Сәлмен аға, естіп тұрсыз ғой, топшылауымыз тура келді. Кейінгілерге бұйрық етіңіз. Әлмен соңына дейін қала тұрсын. Түнде келіскен шешім – Сәлменге аян. Артына еңсеріле бұрылды да, жаттап алғандай сыдырта жөнелді: – Жол ашылды. Екі жақтан да кезекпе-кезек жаяулап өтіп, орын алмасамыз. Қашан бер жақтағылар өтіп болғанша Әлмен тапжылмасын. Аттан түсіп, шылбырын ұстап, оқтаулы мылтығымен қарауылшы болады. Өтіп бара жатқандардың не өтіп алған біреуміреудің оғаш қимылын, арам пиғылын сезсе, табан аузында атып тастасын. Бәрің де бері шыға бере аттарыңның ер-тоқымын алып, жүгенін сыпырып, құздан төмен лақтырыңдар! Сәлменнің бұйрығын аждаһадай ирелеңдеген Қылкөпірдің әр қалтарысында тұрғандар келесі қалтарыстағыларға жеткізіп, қақ-

пақылдап әкетті. Түні бойы неше түрлі қорқынышты, үрейлі ойлар мазалап, «Соңымыздан қуғыншы жетіп, алды-артымыздан бірдей оқ жаудырып, қыспаққа алса, күніміз не болады? Бәрінен де өкініш тісі – ата-анамызға, ел-жұртымызға қосыла алмай, қапасқа қамалған дала тағыларындай, бар қауқары азуын ақситқаннан басқа дәрмен жасай алмай, бір таудың жапсарында қырылып, елеусіз қалмақпыз ба? Сонда әкеден айырылған бала-шаға мен өлмеші шал-кемпірлердің күні не болмақ?! Мына кең дүниенің қызығын енді-енді көреміз бе деп, жаңа ғана қанатымызды еркін жазып, туған жердің аспанында еркін қалықтаймыз ба деген шағымызда бөтен жердің көгіне де жете алмай, тым құрмаса адам баласының ұлылы-кішісіне құдай тағаланың ортақ игілігі – маңдайына жазған жар сүйе алмай, о дүниеге бейкүнә аттанбақпыз ба?» десіп, әркім әр түрлі ой шырмауында қамыққан қашқындар «жол ашылды!» дегенде әлгінде көз алдында тарс жабылып, тастай бітелген өмір қақпасы қайта ашылып, тіршілік саңылауы қайта жылтырап, ессіз қуанғандай еді. Әттең, әркім өз сүйікті атын өлімге қиып, мүлдем қоштасарын ойлағанда, пендешілікпен қайтадан қамығып, қайтадан күйзелген. Екі жақтың адамдары да осы бір қимастықпен кешеуілдеп, аттарының жүгенін сыпыруға қолдары бармай, бөгеліп, бүгежектей беріп еді, Сәлменнің ақырған даусы естіліп, соңында тұрған ашулы Әлменнің мылтығы шошаң етті... Тау аспаны қайсыбір адам мінезіндей құбылмалы. Қазір ап-ашық, жадыраңқы көгілдір аспан әп-сәтте бұлт шақырып, алай-түлей айни қалады. Қазір ғана нөсерлеткен қара құрым бұлт енді бір қарасаң тым-тырақай ыдырап, көк күмбез жалаңаштана қалады. Әлгі әзірде ғана қайтып таң атпайтындай түнерген түн қылаңдана беруі мұң екен, аяқ астынан салқын тау самалы тұрып, қарала-торала көшпелі бұлт жырым-жырым жыртылып, тау іші лезде жап-жарық болып кетті. Етекте бөккен соқыр тұман да сейіліп, қойнау-қойнаудың терең сайлардың бойымен тез жылжып, биік қарағайлар мен қалың шыршалардың арасына түтелене сіңіп, лезде жоғалып жатыр. Аузы үңірейген терең үңгірлер де сай, жыралармен бәсекелескендей, шудашуда тұманды жылы лебімен тартып, дамылсыз жұтып жатыр. Екі жақтың адамдары бірінен соң бірі алма-кезек өте бастады. Екі жақтан да анда-санда жар жағалаған адам аяғының дыбысы естіледі. Тар жолдың кей тұсында мылтық не шоқпарларын сүйрете ұстап, атты жанамалай, зорға сиып, қыстырылып-қымтырылып өтсе, енді

бір кеңдеу жерде жарқабақтың ішке ойыла құлаған қуыстау тұсында еркін өтіп, қашқан да, қуған да, әйтеуір амалдап, екі жаққа аман-есен шығып жатқан. Қашан арттағылар азайып, өз кезегін күткен алдыңғы топқа бұл әрекеттің ұзақ көрінгені сонша, тіпті мұның аяғы бітпейтіндей, өтетін адам таусылмайтындай шыдамсызданып, зорға отыр. Ер-тоқымсыз, жүгенсіз бос қалған қайсыбір аттар да тықыршып, қай жерден саңылау тауып, мына азаптан құтылып, тау бөктеріне еркін азат жайылғанша асық. Екі жақтан бес-бестен адам өткен соң, жол бұрынғыдан да тарылып, қиындай түсті. Жолды тарылтқан – түнде шелектеп құйған қара жауынды нөсерден кейінгі жүргіншілердің аяқ ізі. Жар бауырындағы су сіңген қызғылт-сары топырақ жар жағалаған шарасыз жолаушылардың етіктеріне жабысып, илене бастады; иленген сайын қою саз балшық жылбысқы тартып сұйылып, тайтұяқтанып, нағыз тайғанаққа айнала берді. Атымтай өткендерді үнсіз санап отыр. Қашқындардан он, өз жағынан он адам өтті. Жауыннан езілген жарды иықтарымен де, жонымен де сүйкеп, сазға малтыққан, тұла бойы батпақ, жүрістері баяу, қимылдары енжар адамдардың мына ұсқындары қандай жадау? Үйлерінің астынан су шыққандай үдере көшіп, қайсыбірі неге осыншама азап тартып, босып бара жатқанын да білмейді-ау. Алдарынан жерұйық күтіп тұрғандай, жаңа бір тыныш рахат тіршілік дайын тұрғандай, сағымдай бұлдыраған үлкен бір үмітпен ауып бара жатқан, көзі көрмесе де, құлағы естігенге сенгіш қараңғы жандар-ай. Түні бойы ат белінде ұйқысыз қажыған, үреймен жосыған босқындардың кірпік ілмеген қызарған көздерінде қазір ашу мен ашыну белгісі бар. Жастайынан қатар өскен кейбір құрбылар бүгінде өздерінің қас дұшпанына айналған ызбарлы Атымтайға әрі жасқана, әрі жазғыра қарап, үнсіз тістеніп, өтіп жатыр. Ашулы ащы сөз айтуға батылдары жетпейді. Жүздерінде «бәрібір бөгей алмадың, тоқтата алмадың, әлің де, айлаң да жетпеді» деген мұқату да бар. Он бірінші адамның кезегі келгенде арттан шу шықты. Самбырлаған боқтық аралас бірнеше адамның ашулы дауыстары көтеріле бере пышақ кескендей тым-тырыс тына қалды. Артыншаақ төменде аққан Қас өзеніне ауыр бірдеме күмп еткендей болды. Орта тұстағының бәрі елең етіп, құлақ түргенмен, таудан тас құлады ма, адам ба – ол арасын айыра алмады. Әлден уақытта барып тағы да жанжалдасқан адамдардың үндері естіліп, жар жағалаған екі адамның нұсқасы көрінді. Алдына ер-тоқым өңгерген қалың күпілі

қорбаңдаған жігіт қайта-қайта ат бауырына тайып жығылып, аяғын зорға алып келеді. Жер-жебіріне жете балағаттап, желкелегендей итеріп, өкшелеген жігіт соңында. Бұлар жақындап өзімен қатарласа бергенде Сәлмен ақырып, тоқтатып алды. – Не болды сендерге, не жетпей келеді?!

– Сәлмен аға, мына жексұрынның кесірінен құла қасқадан айырылдым, құздан ұшып кетті, қайран құла қасқа! – деп Айдарбек сөзінің соңында, көзіне жас оралып, қара мұрты дірілдеп кетті. – Жарайды, бастан құлақ садақа! Бәрібір итжемеде қалатын аттың несін уайымдайсың?! Ал, сен, Жамантай, мынауың не? – Ер-тоқым. – Көріп тұрмын ер-тоқым екенін. Таста салақтатпай. – Жоқ, тастамаймын. Өзім алып өтем, өзім көтерем. – Жамантайдың көзі Сәлменге қарай шатынай қалды. – Бұл жаманның дүниеқоңызына не берерсің?! Сәлмен аға, атып таста, әкесіне өзім берем жауабын. – Балзия Жамантайға жеркене қарап, жирене сөйледі. Жамантайдың жүзі әп-сәтте әлем-тапырық өзгеріп, беті бүлкілдеп, кемсең қақты: – Ағатай-ай, жеті атадан бері келе жатқан қасиетті ер-тоқым, малымыздың құты еді, алып өтейінші, алып өтейінші! – деп, жаңа қылт етіп шыққан күнге шағылысқан күміс ерді біреу тартып алатындай бауырына басып, жалбарынып, Балзия мен Сәлменге алма-кезек жаутаң-жаутаң етеді. – Жеті атаңның қай дүниесін түгелдей арқалап өтпексің, қалған жоқ па көбі... Таста кәне, лақтыр. Бір, екі... – деп, Сәлмен үңірейген қос ауызды тамағына тірегенде, қаныпезер мергеннің атып жіберетіндей зәрлі сұсынан қорыққан Жамантай, қадірлі ер-тоқымын амалсыздан төмен қарай лақтырды. Лақтырды да, өзенге түскен ертоқымның тасқа тиіп, оқпаны, қасы быт-шыт қақыраған үнін естімейін дегендей, қос құлағын басып, ызадан ба, дәрменсіздіктен бе, қимастықтан ба, қыстыға жылап жіберді... Алғашқыда тау шыңдарының арасынан жарқ етіп, шақырая шыққан күн, қайтадан ала шұбар бұлттың астына кіріп, бозара қалған. Тау да бозаң, адамдардың жүзі де боп-боз. Үстінен жауын сорғалап, желке тұсына түйген қара шашын бойлай аққан су мойнынан ішке құйылып, таңның ызғарлы суығынан тұла бойы қалтыраған Балзияның қазіргі

түрі, қанша сездірмейін дегенмен, сырт көзге аянышты-ақ. Неше күн ат үстінде жүріп, аң қуып, қызықпен өткізген күндер мен түндерде бір қажымай, жақпар-жақпар тастарға өрмелеп, жықпыл-жықпыл жыралармен жаяу өрлегенде әкесі мен Атымтайдан қалыспайтын ер мінезді Балзияның екі көзі ұясына терең батып, шүңірейіп, терісі жұқа кең маңдайына түскен қылдай әжім талшықтары бір түнде сүйегіне жеткендей тілімдене қалыпты. Қанша дегенмен әйел заты емес пе?! Басқа ауыртпалықты былай қойғанда, түн қатып, тау өрлеп, үрдіс жүру жүкті адамға, тумысында алғаш рет аяғы ауырлаған жас келіншекке оңай ма? Осы жүрістің, осы қиындықтың бар зардабын іштегі нәресте тартпаса игі еді?!. Осы ойдың тұсында қастарынан өте берген орыс жігітінің қу жапырақтай ащы зілдей ауыр сөзі Атымтайға одан сайын аяныш туғызды. Бұл баяғы диірменші Ефим Жарковтың ұлы, Атымтай, Балзиялармен құлын-тайдай тебісіп өскен, бір мектепте оқыған құрбылары – «тікенек Саша» еді. Бұлардың бірін-бірі көріс пе ген деріне талай аумалы-төкпелі жылдар өткен екен-ау. Енді, міне, безбеннің екі басындай екі елдің ортасындағы жол айырығы – Қылкөпірде кездесіп тұрғандары мынау. Қазір шекарадағы шағын заставада қызмет ететін, үстінде әскери киім, беті қарғаның жұмыртқасындай шұп-шұбар, шашы өрттей қызыл Александр Жарков Балзияға тұздай көзімен әрі жақтырмай, әрі кінәлай қарап, сәл бөгелді: – Эх, Балзия, Балзия! Қайда қашып бара жатырсың? Ұят емес пе?! Қасқырдың бөлтірігі орманға қарап ұлиды. Сен қасқырдың бөлтірігі екенсің. Әттең, бұрын білсем еді. Бар, бар. Ол жаққа барған соң да жағың сембей зарлап, ұлырсың. Жо-оқ, қыңсылайсың. Бірақ сенің қыңсылағаныңды ешкім естімейді. Қыңсылап, қыңсылап, өлесің... қаншық! – Әдейі бөліп, тістене айтқан сөз қанша удай ащы болса да, Балзия ләм деп сөз қайырмады. Алыста мұнартқан шыңдардың басына үнсіз меңірейіп, көзі жаси қалды: «қаншық» деген сорақы сөзді бірінші естуі. – Жетті, Жарков! Тезірек өт! – деп, Атымтай қысқа әмір етіп еді, шекарашы жігіт: «Бұл не?! Елін тастап, жауығып бара жатқан адамды қорғаштау ма?!» дегендей, Атымтайға оқты көзін бір қадады да, бірдеме деуге оқтала түсіп, батылы жетпегендей, жағы бір бүлк етіп, алға оза берді. Егер ел ішінде араларының түзу кезінде біреу Балзияға осылай тіл тигізсе Атымтай оның қолында өлер еді...

Екі жақтың адамдары да алма-кезек өтіп жатыр. Сүрініп-қабынып өтіп жатыр. Атымтай жаңағы Жарковтың аяусыз айтқан ащы сөзінен, өзінің Балзиясына тіл тигізе айтқан ауыр сөзінен белі қайысқандай екі иіні салбырап, терең ойда үнсіз отырып қалған. «Кеше ғана әкесі оққа ұшқан қаралы жанға көңіл айту орнына, кеше ғана аяулы әкесін жерлеген көңілі жадау, жүрегі жамау адамды одан сайын жерлеп кетті. Тым кіжінбей сөйлесе де болатын еді ғой, бала кезде бірге өскен құрбы емес пе еді?!. Жоқ, қазір бұлар тату құрбылар емес, тап жауы. Жарков осы тұрғыдан қараса керек». Атымтай Жарковты жазғыра да алмай, әлгі сөзін құптай да алмай тұрғанда, жар жағалаған тағы бір қашқынды көзі шалып, бойын тіктей қойды. Дем арасында ұйқысы шайдай ашылғандай, көзі шарасынан шығып, қолын кабураға апара берді. Енді Жарковтан бетер зығырданы қайнап, тұла бойы ашудан қалтырап кетті. Қалың күпісінің бір өңірімен бетін көлегейлеп, жарға жабысып, бұқпантайлап өте берген адамға Атымтай ақырып қалды: – Тоқта, сұмырай! Шаңқ еткен ащы дауыстан елең етіп, бастарын оқыс көтерген аттар да құлақтарын қайшылап, қайсыбірі қысқа ғана оқыранып, енді бірі ішін тартты. Күпімен бетін қаншама бүркеп, қанша жасырынып жылыстағанмен, теріс қаратып қойған адамды желкесінен-ақ айыратын Атымтай мына қашқынды жазбай таныған. Бұл – Есет еді. Кеше үдере көшкен иесіз ауылдың үстінен шыққанда бұлардың ең алдымен іздегендері де Есет болатын. Бір түнде ауған ауылдың ашулы, ашынған адамдары Есеттің ел жағдайын жеткізіп жүретін жансыз екенін сезіп қалып, өлтіріп кетті ме деп күдіктенген. Бірақ оның үйіне жеткенде, Атымтай бірден секем алып, жүрегі мұздап қоя берген. Кіші тоқалымен тұратын Пірімбайдың ағаш үйі қысқы еттігіне дейін жылан жалағандай. Ауыз үйдегі қазандық ішінен ата шығып, бұрышқа тығылып, әлденеге шағынғандай бүрісіп, қорқып, үрейлі мияулаған ала мысықтан бөтен тірі мақұлық жоқ. «Егер елдің аяқ астында тік көтеріле қашқанын Есеттер хабарлап қояды десе, бұларды аз күнде өлмес деп, аяқ-қолдарын матап, ашаға таңып, байлап кетер еді. Не еріксіз зорлап, өздерімен бірге ала кетулері де мүмкін. Онда бұлардың дүниесін көшірудің не орны бар? Ол қисынсыз. Құйрығында шаласы бар, әккі, жырынды Есет кеңес өкіметінің әділ сотына түсерін

сезіп, байлармен бірге қашқан екен». Осылай топшылаған Атымтай бұл ойын ешкімге айтқан жоқ еді. Кейін ашылар деген. Неше жылдан бері Сәлімгерейді қорқытып та, жалынып та бауырына тартып, Балзияны ұлына қосқысы келетін Пірімбайдың әрекетін білетін Атымтайдың, Есет сияқты оқыған жігіттің қайтсе де Балзияны ауына түсірмей қоймайтын айлалы, сұм қылығын білетін Атымтайдың жүрегі біреу ине сұғып алғандай шым етіп, қызғаныштан жарылып кетердей болған. «Атымтайдан біржола іргесін бөліп, оралмас жолға түскен Балзияның әрі бай, әрі білімді, көрікті жігітпен ендігі өмірін мәңгі қосуы мүмкін-ау?» Атымтай бұл ойын да қасындағыларға айтқан жоқ. Тек бар қателескені – егер Есеттер жер ауса, елдің кәріқұртаңдарымен бірге айдаған мал, көшкен жұртпен бірге алға озып, көзге түспеудің әрекетін жасар деп жобалаған еді. Тап мына жігіттермен бірге қолына қару алып, тосқауылда қалар деп ойлаған жоқты. Кеше ғана бұларға қызмет етіп, ел арасындағы кеңес өкіметіне сенімсіз деген қаражүрек жаулардың қайсыбір әрекеттерін, кәмпеске уақытында ауыл ішінде, тау арасында жасырып қалған байлардың басы артық малдарын, шекарадан өтпекші болып, дайындалып жүрген іргелес ауылдардың жуандарын шетінен тізімге тіркеп, талай-талай мәліметтерді жеткізіп тұратын жансыз Есеттің енді бой тасалап қашып бара жатқаны Атымтайдың жанына қатты тиді. Алтатарын қалай суырып алғанын да ашу үстінде байқамай қалды. Есет бірақ бұған ыққан жоқ. Алда тұрған Атымтайлар екенін білген ол тап осы араға жеткенше неше түрлі айла-амалды алдын ала ойлап келе жатқан. Бетіндегі бүркеуін сәл саңылаулап, Балзиядан жасырын, Атымтайға көзін қысты. Мұнысы – мен әлі де сендерге қызмет істемекпін, қашқындардың арасында әдейі кетіп барамын деген белгі еді. Осы белгіден соң күпіден басын шығарып, беті бүлк етпестен, Атымтайға ежірейе қарады. Қарады да, мырс етіп күлді. – Ренжіме, Атымтай! Екеуміздің жолымыз айырылысатын күн туды. Енді көпке дейін көріспейтін шығармыз, хош бол! – деп екі ұшты сөйлеп, алға оза берген. Мұнысы – «қашқындар сезбесін, әдейі айтып тұрмын» деген қулығы еді. Бірақ бұл қулығы іске аспады. Бұған мұндай жасырын бұйрық берілмегенін білетін Атымтай берілген күнде босқындардың қайда барып қоныстанарын, олардың кімдер екенін хабарлаудың енді түкке керегі жоқ екенін, мына залымның істеп тұрған бұл соңғы айласы екенін сезген Атымтай сол жақ үзеңгіден босатқан аяғын жарға тірей қойды:

– Жоқ, сен кері қайт. Сенің талай жылғы еңбектерің үшін есеп айырысуымыз керек! – Мен есеп айырысып болғам. Ендігі жерде өз есебім өзіме жетеді, – деп Есет Атымтайдың ұзын сирағын кеудесімен кимелей, алға ұмтылды. Бұл екеуінің сөздерінің аңдысын аңдып, үнсіз бақылаған Балзия: – Атымтай, жібер Есетті. Саған жүз кісі өтті не, бір кісі өтті не?! – деді жайбарақат. – Бұл сұмырай маған өте қаж-ет! Мұндай сатқындар жүз кісіден де қауіпті. Балзия, сенің мұнда жұмысың болмасын. Бұл – біздің адам! – Жо-оқ, Атымтай, ол сендерге адам болудан кеткелі қашан, ол енді, біздің адам. Менің адамым. Ендігі есеп – біздің арамызда болады, – деді Балзия, Атымтайдың «есеп айырамыз» деген сөзіне жауап бергендей. Есет «менің адамым» деген сөзді естігенде көзі жарқ етіп Балзияға қараған. Сырты күліп тұрса да, мұның аяғы не боп кетер екен деп, іші қалтырап үрейленген Есеттің енді арқасы жазылып қоя берді: – Атымтай, ендігі әрекетіңнен түк шықпайды. Қайтесің текке әуре боп. Егер біздің адамдардың біреуінен шашау шығады екен, аянып қалар ешкім жоқ. Бәріміздің келіскен уағдамыз осылай! Солай емес пе?! – деп, енді еркінси сөйлеген Есет Балзияға қарады. – Иә, солай! – Балзия қостап, басын изеді. Танауы қусырыла қалған Атымтай амалсыздан аяғын жардан алды. – Әтт-ең! – Атымтай жағы бүлкілдеп, шықырлата тістенді. – Бар, сұмырай! Жоғалт көзіңді, сілімтік! Бұл сөздерді желкесімен ғана тыңдаған Есет енді қайырып жауап қатпады. Ушықтырып алармын деп қауіптеніп, тайғанақтай басқан қалпы аттардың тасасына түсіп, мүйіске бұрыла берді. Соңынан жеркене қараған Атымтай осы сәтте қызғану орнына Балзияға да жеркене қарағандай, қаны қата қалған еді. «Менің адамым» деген Балзияның аяр сөзі құлағында шыңылдап, бір күн болмай сатып кеткен қалыңдығына не дерін білмеді. «Табы бөлек деген осы екен-ау!» деген ызалы оймен өзін-өзі іштей жұбатып, Балзиядан шын күдер үзейін деді. Енді мүлдем айырылысатынына түк өкінбейтіндей, лезде көңіліне бір салқын, жат сезім ұялады. Тұла бойы тоңазып, тітіркеніп кеткен Атымтай аспанға қарап еді, күн шыға ашылған көк жүзін тағы да бұлт торлап, тұмшалап келеді екен. Тау іші тағы да қабағын түйіп,

сұрқай тартып, қарсы беткейдегі қалың өскен қарт шыршалар біркелкі ауыр теңселіп, жапырақтарын ұшырған кәрі емендер мен етектегі сидам қайыңдар жел өтінде суылдай бастады. Лезде аспан сұрланып тағы да ұсақ жауын тамшылары бетіне тиген Атымтайдың да көңілі тау ішіндей бейжай тартып, мына аумалы-төкпелі дүние, айнымай өзгергіш жаратылыста түк қызық қалмағандай, бәрі де алдамшы сияқтанып, адамдар да сатқын, сайқал көрініп, көңілі жадап күйзеле берді. Ат бауырлап, жанамалап, жасқаншақтай өтіп бара жатқандарға енді мағынасыз қарап отыра берді. Оларды аяудың да, сөгудің де енді орны жоқтай көрініп, ашуы да, ызасы да тарқағандай болды. Екі көзін ғана жылтыратып, аузымұрнын тұмшалап таңып алған адамға да енді пәлендей таңырқамады. «Несіне жасырынады, несіне бүркенеді, мейлі, кетсе кете берсін. Кімге керек? Бәрі де тезірек өтсе екен. Бәрі де тезірек бітсе екен!..» Иә, бәрі де өтті, бәрі де бітті. Қашқындар жағынан Балзияны санамағанда жетпіс жеті адам, қуғыншылар жағынан Атымтайды санамағанда он бес адам жар жағадан екі жаққа алмасып өтті. Бір-бірімен құйрық тістескен, иесіз мүлгіген аттар ғана, бір-бірімен маңдай түйістірген Балзия мен Атымтай ғана қалды. Ендігі соңғы кезек екеуінікі. Алғашқы және соңғы рет мәңгіге қоштасу кезегі. Жастайынан бірге өсіп, бауыр басқан, ешкімнің зорлықзомбылығынсыз, ара ағайынның ырым-жырымынсыз: құда түсіп отау тігер әдет-ғұрыпсыз бірін-бірі шын сүйіп, бірінсіз-бірі жүре алмайтын халге жеткен екі жастың соңғы айырылысар тұсы. Ұлы өзгеріспен келген жаңа заманның жаңа адамдарының жаңа тұрмыс құрмақшы болған тәтті қиял, болашақ армандарымен мәңгі қоштасар сәті. Екеуі де, бірін-бірі күткендей, ат үстінде ұзақ, үнсіз отырып қалды. Әлден уақытта барып, екеуі де келіскендей, аттан бір мезетте түсті. Аттардың қабақтағы тұрыстарына қарап, Балзия теріс жағынан, Атымтай аттанар жағынан – оң жағынан түсті. Бас үйреніп, арқасына ер-тоқым салынғалы тұңғыш рет сол жағынан түскен адамға таңырқағаны ма, мына құлама құздың тілдей ернеуінде қалдырып, шынымен кетпексің бе деп иесіне шағынғаны ма – бурыл айғыр мойнын бұрып, ойлы, мұңды көзін Балзияға төңкере қарап, оқыранды. Балзия да мұңды көзін жасыра алмай, есті, ақылды жануардың жалынан, кекілінен, жібек барқыттай үлбіреген танауынан дірілдеген саусақтарымен сипап, тамыры білеуленген ет-

сіз жағына маңдайын тіреп, өзі де не істерін білмегендей сипалақтап қалып еді, ойына кешелі-бүгінгі тартқан азабы, қайғылы сәттері, ел алдындағы уәдесі түскендей оқыс басын көтеріп алды да, ердің айылтұрманын ағыта бастады. Шап айылы босап, қарны сәл кеңігендей күрсіне дем алған бурылға да енді қайтып қараған жоқ, құйысқаны мен өмілдірігіне дейін тез ағытып, бар әбзелі түгел, терлігі жып-жылы күміс ерді зорға көтеріп, жас баланы әлдилегендей құшақтап, жар жағасына іліндіре қойды да, бір жері ауырып қалмасын дегендей ақырын ғана сұқ қолымен түртіп, құзға итеріп жіберді. Бойын тіктеген Балзия енді апыл-ғұпыл шешіне бастады. Сыртындағы шекпенінен бастап, киімдерінің түймелерін тез жұлмалап ағытып, ең ішкі жібек көйлегіне дейін үстінен сыпырып алып, жуас Тасбурылдың шоқтығынан асыра іліп жатыр. Атының шылбырын жүгеннің ауыздық тұсынан қапсыра ұстап, Балзияның қимылын үнсіз бақылаған Атымтайдың жүрегі мұздап қоя берді. «Аяқ астында мына байғұстың жынданғаны ма? Әлде ендігі тірліктен күдер үзіп, жардан қарғып, бұ дүниемен біржола қоштасайын дегені ме? Онда тыр жалаңаш шешінудің не қажеті болғаны?» – Балзия, не істеп жатырсың, мұның не? Атымтайдың үрейлі әрі ашулы даусынан сескеніп, есін жиып алғандай, Балзия артына жалт қарады. Ұйқылы көзінің оты қайта жарқ еткендей болды. Балиғатқа толар-толмаста-ақ, кеудесі көрінеркөрінбесте тартып, таңып тастайтын ауыл қыздарындай емес, Балзия екі емшекті бос қоя берген екен. Мүмкін, ат үстінде кеудесін қысады деді ме екен? Өзі жалт бұрылғанда қос анары да шошынғандай дір ете қалды. Атымтай оң жақ емшек үстіндегі оймақтай қалға дейін анық көрді. Екеуі бір-біріне бауыр басып, ерлі-зайыпты адамдардың қалпына келген бір ерке, тәтті таңдардың бірінде Балзияның өзі көрсеткен-ді. Атымтай мұндайда не істерін білмей, алғашында дағдарып қалып, артынан барып дөп-дөңгелек қалды ұялшақтана сүйген. Бұдан соң күндер өткен сайын еті үйреніп алған жігіт бір түні, өз иелігіндегі меншікті дүниесіндей, тып-тығыз қос анарды кезек-кезек уыстай қысып, «әлі кішкентай ғой» деген. «Е, е, бұдан үлкенді қайдан көріп ең?!» – деп Балзия зілсіз күлгенде, Атымтай сөз таба алмай қысылып, күмілжіп, «Е-е, енді... бала емізіп отырған әйелдердің талайын көрдік қой», – деп жол тапқан. Екі ұшы жаңа піскен дала жидегіндей қып-қызыл қос анардың аумағы кеңіп, бұрынғыдан гөрі дөңгеленіп, қомақтана бастапты. Бұл ана болудың алғашқы белгісі

еді. Осының бәрін қас қағымда байқаған Атымтай тілі байланғандай үнсіз тұрып қалған. – Атымтай, қорықпай-ақ қой, бері кел, – деді, әлі де жылы ұшырамай, қайта өңі сұрлана түскен Балзия. Атымтай жасқаншақтана басып Балзияның алдына келді де, лезде танауын қусырып, ашуға мінді: – Жетті енді, Балзия, басынуың! Әбден қорлап, мазақтап болдың ғой. Кетеді екенсің, енді миды ашытпай кет. Киіміңді ки де, бар енді қашқындарыңның соңынан, – деп алға қарай ұмтыла беріп еді, Балзия білегінен ұстап тоқтатты: – Жо-оқ, қателесесің, Атымтай, сенің енді маған керегің жоқ! – Қанша ащы шағып алса да, үнінде бір жүрексіну, қимастықтан дірілдеп шыққан жарықшақ бар еді. – Білем, ендігі саған керегі – ана алашорданың алаяқ күшігі ғой! Бар, бар! – Бері қарашы, Атымтай! – Балзияның кезерген ерні дір-дір етеді. Көйлегін шешкенде қобырап қалған шашының әр талынан жауын сорғалап тұр. Бетіне түскен ноқта да шұбарланып, кей тұсы тұтаса бастаған екен. Жұп-жұмыр иығы білегіне дейін суықтан тоңазып, құсеттеніп кеткен. Әр бүртігіне жиналған бүрікпе жауынның тамшылары қияққа түскен шық суындай мөлдіреп, өз салмағын өзі көтере алмағандай жарылып, кеудесіндегі тар жықпылмен кіндігіне қарай ағып жатыр. «Сенің енді маған керегің жоқ, бірақ мына... мына сәбиге керексің, ертең әкем қайда деп сұрағанда не дермін». Балзия балағын шоңқайма етігіне қоныштанып алған қара шибарқыт шалбарының белдігін ағытты. Сонда ғана Атымтай аңғарды; жартысын ышқырына келтіріп, ішін таңған жалпақ матаның төрт елідей тұсы кіндігін жауып тұр. Балзия көлемі үш-төрт құлаштай таза, қоңыр шүберекті бірнеше рет айналдыра саумалай жинап, белінен босатып алды. Атымтайға солай көрінді ме, әлде бунап тастаған жерде бұйығып жатқан байғұс бала кең тыныс алды ма, әйтеуір, Балзияның қарны кәдімгідей тырсиып, қаздың бөтегесіндей томпиып шыға келді. Алғашқыда қабағын шытынып, бүйірін баса қалған Балзия енді бір сәт неше күннен бері бірінші рет езуін тартып, жымиған сияқтанды. – Бүйірімді тебуін қарашы. Сотқар болар ма! Шыда-шыда? – деп ішіндегі алты айлық нәрестемен «сөйлескен» ол енді шүберектің шетін Атымтайға ұстатты. – Өз қолыңмен соңғы рет байла! Басқа

кімге байлатамын! Қане, тастай ғып орап, қатты байла... Аяма... Одан бала тұншықпайды... Тісі-тісіне тимей тоңып, өңі бозарып, қысты күні сыртта бүріскен арық тауықша жаураған Балзия қайтадан мұздай киініп алды. – Әкем кейінгі кезде «О, заман-ай!» деп жиі күрсінуші еді. Соны есіңе сақта, – деді Атымтайдың мұңды көзіне қадала қарап. – Егер ұл туса, атын Заманай қоямын. Ал қыз туса, білмеймін. Заманның аласапыран тұсында жат елде туар балаңды бір іздерсің. Мен енді сені іздемеймін. Суықтан ба, әлде іштей қыстыққаны ма, иегі дірілдеген Балзия жалт бұрылып, аттардың тасасымен тайғанақтай басып кете барды. Тасбурылдың бауырында етпеттей түсіп, аяқтарына бастарын қойып, қарама-қарсы бұйығып жатқан қос тазы орындарынан салғырт тұрып, Атымтай мен Тасбурылға алма-кезек қарағыштап, бір-екі қыңсылдады да, ақыры иесінің соңынан ілесті. Жылысайды бойлай күні-түні тынымсыз қашқан екі-үш ауыл Тастамға үшінші тәулікте таң сәріде жеткен де, табын-табын жылқы мен отар-отар қойды алға қарай жіберіп, мал иелері осы арада ас ішіп, демалып, Балзияларды күткен. Азулыдан төмен құлдырап, сай-сала, жыра-жыралардың арасымен, тауды бөктерлей өткен жаяу босқындар дәл тал түсте аман-есен бұларға қосылды. Алғашқыда, астарында аттары жоқ, жаяу-жалпылап шұбырған түстері қашқан босқындарды анадайдан көріп үрейлері ұшқан қарттар жағы, кейін, болған істің мән-жайын естіген соң, қайта жадырап: – Е-е, өздерің аман болсаңдар жарады... – Бастан құлақ садаға! Қалған малымыз өзімізге бұйырса да құдая тәуба! – Сендер келмей қалғанда күніміз не болмақ, – десіп, шекарадан аман өтіп табысқандарына қуанысып, өзді-өзін жұбатқан. Ер-азаматтар қашан қосылғанша түстері келмей, іштей қайғырып, томаға-тұйық жүрген ағайынды байлардың қабақтары да, қолдары да ашылып, бір ту биені жайратып, сойып тастады. Қауіпті сергелдеңнен сенделіп, ашыққан жігіттерге азық болсын, өз малдарың өзіңе әмәнда осылай бұйырсын дегендері ме, алғашқы асудан асқандарына алғашқы құрмалдық шалғандары ма, малды рәсіммен сойды. Елде бала оқытатын қарт молла мұқият дәрет алып, жайнамаз үстінде ұзақ намаз оқып, содан соң барып төрт аяғын буып құлатқан ту биенің

басын құбылаға қаратты, қылтылдаған ұстараны тамағына тақаған жылқышының қасында отырып, бата қылып, бетін сипаған. – Жігіттер, шырақтарым, қашан ас піскенше недәуір тынығып алыңдар. Күн көзіне жатқыларың келмесе, ана Тастамның іші кең, сыйғандарыңша... – деп, Ережеп бай бәйек болып, жігіттерге қамқорлық жасап еді, ешкім орнынан тұрып, не сөз қосып, ештеме демеді. Ағынды өзеннің қасындағы кең алаңқай көгалда шашыла жатқан ірілі-ұсақты түйетастар мен қойтастарға қонақтаған қара құстарша шоқиып-шоқиып отырған қалпы міз бақпады. Қарға адым жерге жаяу жүрмейтін, үнемі ат үстінен түспейтін қазақтардың мынадай сұрқылтайды тұңғыш көруі шығар. Көбінің аяқтарын етік қажап, өкшелері алынып қалыпты. Таң ішіндегі кішігірім өзендерден етіктерімен су кешіп өткен қашқындардың байпақ-шұлғаулары да шылқылдаған су. Қазір бәрі де аяқтарын шешіп, күн көзіне жылына бастаған қойтастарға шұлғауларын жайып, осы араға әкеп сапырған тегене-тегене қымызды үнсіз сіміріп жатыр. Бәрі де бірбіріне қабақтарының астымен қарап, әлдене сұмдықты күтіп отырған сияқты. Күткен сұмдықтары көп ұзамай басталды да. Балзия түбірінен шіріп құлаған жуан теректің күн мен желден қуарып кеткен қабықсыз жалаңаш діңінде отырған. Қасында – ақберен қосауызы сүйеулі. Бір жігітті жіберіп, үлкен, қадірлі ақсақал дегендердің көш ішінде қалғандарын шақыртып алды. Бағанағыдай емес, тосыннан шақыртқанға, «тағы да не боп қалды?» дегендей, үрейленген өңкей ақ сақалды, бурыл сақалды, қара сақалды шалдар тез жиналып, жасқаншақтана бүгежектеп, тастардың ара-арасындағы көлеңкеде әлі сарғая қоймаған көгалға жайғасты. Бұл арада аяқ-табаққа не сөзге араласқан ұрғашы заты жоқ. Қымыз сапырып, қымыз құйған адамдар да жылқышы жігіттер. Әйел затынан – жалғыз Балзия! Бар еркек атаулыға әлі де әмірін жүргізіп отырған жалғыз сол. Әлі де Балзия ашулы. – Ал елдің ақсақал, қарасақалдары, – деп, шақырылғандар әр жерге ыңғайласып, тізелерін бүгер-бүкпестен Балзияның даусы бұлтсыз аспанда жалғыз қалқыған күйкентайдың үніндей шаңқ етті, – міне, біз екі жұрттың қақ ортасында, ел шетіндеміз. «Елден, жұрттан безіп бір жола кетіп барамыз. Артымызда кіндік кескен жер қалып барады. Ол бәріңе мәлім. Менің айтарым: соңымызда ел қалса да, сөз қалмасын. Ішімізде де айтылмай бүккен өкініш сөздері кетпесін.

Осы арада тасаттықпен ғана емес, өзіміз де ойымызды бүкпесіз айтып, арылайық. Мүмкін, осы көшке ілескеніне өкініп келе жатқандар да бар шығар? – Иіндері салбырап, тым-тырыс отырғандар бастарын көтерісіп, өз араларынан бөтен адам іздегендей болды. Көбінің көзі, еріксіз, ағайынды жалшы жылқышылар – Ораз бен Қаназға түсті. – Мүмкін, ішімізде ертең іргеден ши шығарып, ұйытқыдан іріткі жасайтындар бар шығар. Қане, қазір айтып, арылайық. Кейін кеш болады. Сөз соңында жұрттың көзі Балзиямен қатарласа, еркінси отырған Есет пен ақсақалдар ортасында малдас құрған Пірімбайға түсті. Бірақ Балзияның болашақ күйеуі мен атасына көз тоқтатып, жақтырмай ұзақ, тесіле қарауға ешқайсысының батылы жетпеді. Мұны сезсе де, сезбегендей, Балзия жұрттың аңысын аңдып, біраз отырды да, ешкім суырылып шықпаған соң, шыдамы таусылып, тағы да шаңқ етті: – Қане, ешкімнің айтары жоқ па? Тағы да жақтарың байланып қалған ба?! – Енді, сөйлегенде не дейік. Жолымыз оңғарылсын, әйтеуір! Одан басқа не тілеу бар? – деп, Жантас бай қозғалақтап қалды. – Ендеше, мен айтайын. Ақсарының тәтесі, сен не ғып жуасып, үндемей отырсың? Қайтсем жаным қалады деп отырмысың? Неге сөйлемейсің? – деп, сілеусін көзінің құйрығына дейін қызарған Балзия Ережеп байға кекесінмен қадала қарады. – Мен, енді, мен... не айтуым керек?.. – Не айтуым керек? Оны менен несіне сұрайсың? Мына Сәлмен мен Әлменді ар жаққа бірге ала кетейін деп пе едің? Әйтпесе уәдең қайда?! – Е, уәде ме? Уәде... әрине, уәде ғой, – деп, Қисықмойын ұрыға берген уәдесі жаңа есіне түскендей, Ережеп күмілжіп барып, сөзін қайта ширатты. – Оны неге ұмытайын, кішкене... жата-жастана дегендей... – Жатып-жастанатындай Сәлмен ел қыдырып, қонақтап жүрген жоқ. Қане, қос жирен қайда? Тез, алдыр осында. – Сәлменмен өзім жеке келісем бе деп ем. Әй, Сәлмен, мүмкін, саған екі аттан гөрі малдануға бес-алты құлынды бие дұрыс шығар-ау? – деп, Ережеп баяғы гөй-гөйіне салып келе жатыр еді, Қисықмойын Сәлмен, аяғын біреу басып кеткен маң төбеттей, орнынан жұлқына атып тұрды: – А-а, тағы да мазақ қылайын дедің бе. Жар-райды, – деп мылтығын алып, Әлменге қарап гүр етті: – Кеттік!

– Қос жирен, шынын айтқанда, әкемнің билігінде емес, онда ешкімнің аласы жоқ, ол Сардарбек екеуміздің еншіміз, – деп, Айдарбек те мылтығын қолына алып, орнынан атып тұрып, тәштие қалған. Тап үстерінен оқыс гүрс еткен мылтық үнінен жүректері солқ етіп, шошып кеткен жұрттың құлағы бітіп, тым-тырыс отырып қалды. Тауды бөктерлей жаңғыртқан мылтық даусы ашық аспан астында көпке дейін зыңылдап тұрды. Бұрқ еткен ащы түтінмен шыққан дәрі иісі де біраз уақыт таза ауада мүңкіп тұрды. Қасында сүйеулі қосауыз мылтығын ала салып аспанға атқан Балзия еді. Әкесінің байлығына күпсінгеннен басқа, бойында іліп алар бір өнері жоқ, надан, өркөкірек, тыштықай Айдарбекті бұрыннан суқаны сүймейтін ол, жоқ жерден шатақ іздеген бай баласын, өзінің жақыны болса да, тап осы арада жайратып салғысы келген. Тура кезене берген қолының қалай мылтығын жоғары көтеріп қалғанына өзі де қайран, ызалы Балзия көпке дейін өз еркін өзі билей алмай, өңі қуарып, тұла бойы қалш-қалш етіп, безгек тигендей дірілдеп, қалтырай берді. Құр тұшталаңдап, көрінгенге соқтығып, жоқ жерде дау туғызып, шу шығарып отыратыны болмаса, шынтуайтқа келгенде тасада қалатын қорқақ Айдарбек бұл жолы да зәресі ұшып, өңі құпқу бозарып, қалай тізесі бүгіле бергенін байқамай қалды. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп сес көрсетіп, «соңыңнан аңдып отырып, қапысын тауып, бір түнде бар малыңды алып кетем» деп, іштей ант еткен Сәлмен де, енді, сабасына түсіп, жуасып, орнына қайта отырды. Үн-түнсіз аңырған жұрттың ішінен алғаш сөйлеген Жаппар бай: – Оу, айтса, айтқандай. Әке берген уәдеге қашан бала араласып еді. Жігіттің екі сөйлегені – өлгені демеуші ме еді. Қане, Қаназ, Ораз, – деп, әдейі сөз тыңдауға келген ағайынды қос жылқышыны қатар атап, қатар жұмсады, – не ғып отырсыңдар, жылқыға барып қос жиренді әкеліңдер. Сәлмен мен Әлменнің не жазығы бар. Көшті бөгемейік. Қане... Әсте иелеріне екі айтқызбай үйренген Ораз бен Қаназ орындарынан ширақ тұрып, қос тізесіне қарап тұқыраңдаған Ережепке көз қиықтарын салып, одан да еш қарсылық сезілмеген соң, жұмсаған жаққа үнсіз кете барды. Қастарында жатқан қос тазы да соңдарынан ілесе кетті. Кешеден бері о дүниенің қылкөпірінен өткендей, әбден титықтап, қашан басымыз жастыққа тиер екен деп армандаған жастар үстерінен ауыр жүк түскендей, бар бәле енді осымен бітсе екен деп, еңселерін

көтеріп, қайсыбірі буындарына түскен қымыздан маужырап, есіней бастап еді, Балзияның айтар сұмдығы әлі алда екен. Жаңағы ашуы әлі тарқамаған ол, тамағын қайта-қайта кенеп, тағы да сөйледі: – Сендер, ақсақалдар, жолымыз оңғарылсын деген тілекпен жол айырығында құрмалдыққа мал шалып отырсыңдар. Ал мен жолымыз тазарсын, ішімізде қара ниет жымысқы болмасын деп тасаттыққа адам шалғалы отырмын. – Ет пен терілерінің арасынан тебен ине жүгіріп өткендей, жұрттың тұла бойы шымыр етіп, бастары қақшаңдап, елеңдеп, бір-біріне мағынасыз қарай берді. Бірақ тасаттыққа шалынар бейбақты ешкім білмеді. Әлгі қисық Айдарбек пе десіп, біразы оған жалт қарасқанмен, оның қисынын таба алмай, көздерімен басқа адамды іздей бастады. Жайбарақат отырған Омар ғана. Жаз бойы желге, күнге мейлінше қақталған шөген түстес бетінен көзі ғана ашық жылтыраған орта бойлы, төртбақ, мығым жігіт – Ережептің күйеу баласы. Жолда, қылкөпірден аман өтіп, жаяу босқан бір қаға берісте Омарды қасына оңаша шақырып алып, «анадан көз жазып қалма» деп, Есетті сыртынан көрсеткен. Әр нәрсені емеуріннен-ақ танитын, жөн-жосықты білетін ақылды жігіт содан былай, жол бойы, отырса да, тұрса да жоқ нені сылтауратып, қашып кетер күдікті Есеттің қасынан бір елі қалмаған. Есет, әрине, одан бейхабар еді. Жолда бөлініп жеке кетіп, өзінше жол тауып, бөтен елге өзінше тау асып бару – үш ұйықтаса түсіне кірмеген шаруа. Тіпті олай ойлаған күнде, ғұмыры аң аулап, не жылқы бағып, тау ішін аралап, тас басып көрмеген ақтабан нәзік жігіт өз бетімен жол тауып та кете алмас еді. Ал ар жаққа өтіп алған соң, Балзиямен бірге тұрудың реті келер, келмес – ол жағы әлі болашақтың дүниесі, мына ағайынды босқын елмен бірге тұрар, тұрмас, басқа алыстағы елдердің біріне кетер – ол іште тұнған құпия сыр. – Ол кім дейсіңдер ғой. Ол... ол – бүкіл елді, бәріңді сатып, арандатып, ұстап берген, менің көкемнің өліміне себепкер – сұмырай Есет! Балзия ту сыртында жалпақ қаңылшақ тас үстінде жайбарақат қисайған Есетке бұрылып қараған да жоқ, жеркене сөйледі. Жұрт сенерін де, сенбесін де білмей, болашақ «күйеуді» жаңа көргендей, басынан аяғына дейін қарай берді. Жаңа ғана көңілі жай, жағасы жайлау Есет, тап алдынан жолбарыс шыға келгендей, түсі әп-сәтте бұзылып, әлем-тапырық күйге түсті. Не күлерін, не жыларын білмей, не тұра қашудың ретін таба алмай, орнынан бір тұрып, бір отырды. – Мұны байсырап әкелді дейтін шығарсыңдар, жо-оқ, көкемнің

кегін алу үшін әкелдім. Егер бұлай етпегенде, бұл сұмырай тағы да бізді ұстап берер еді. Енді... бердім өздеріңнің әділ соттарыңа. Не жаза кесесіңдер, осы арада атып кетеміз бе, ағаштың басына асып, іліп кетеміз бе, әйтеуір әділ жазамен өлтіріңдер. Мұндайларға жер басып жүру артық! Балзия Омарға ыммен белгі беруі мұң екен, Есеттің екі жағында отырған екі жігіт, оның үстіне қонжия түсіп, екі қолынан тастай ұстап, дедектетіп отырып ақсақалдардың алдына, көптің ортасына апарып, иығынан басып шоңқитып, тізесін бүктірді. Ол аздай, ашулы Айдарбек келіп, жіңішке қыл шылбырмен екі қолын артына қайырып, тастай ғып, байлап тастады. Мына ойда жоқта болған жағдайға таң-тамаша қалған адамдар тез естерін жиып алды. Талай рет тыңшылық жасап, жұрттың малына да, жанына да жасырын баспалап келер бөрідей үнсіз тиген Есетке қанша тістерін басқанмен, Балзияның оған тиетініне сеніп, амалсыздан, өз қолдарын кесе алмай мысы құрып келген жұрттың аяқ астынан өзгерген қыз қылығына айыздары қанып отыр. «Апырай, оңайлықпен алдырмайтын, көргені де, оқығаны да көп әккі әрі алаяқ Есетті қалай оп-оңай алдап торға түсірді?! «Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк болады» дейтін сөз ып-ырас десіп, алдарында үнсіз сүмірейген адамға не жаза қолданарын ойланған адамдардың арасынан араша сұраған Пірімбайдың шіңкілдеген даусы естілді: – Шырағым-ау, мынауың – елде-күнде жоқ не жаза?! Қол ұстасып тау асайық деп, осынша алдап әкелетіндей... Бұл не қысастық?! Есетке тимесең, тимей-ақ қой, шырағым, бірақ мына қорлығың не? Оу, жұртым, ауылдан ұзамай жатып бұларың не, ел емессіңдер ме?.. – деп, бұдан әрі ел ақсақалдарына салмақ сала қақсай бастап еді, Балзия тыйып тастады. Баласы құсап жүгініп отырып әуелі жуас бастап, күрт өрекпіген Пірімбайға мойын бұрып, «кісі екен-ау» деп те қараған жоқ. – Сардарбек, бері кел, – деп, екі жиренге жібергелі түсі келмей, анда-санда тісін шақырлатқан бұзақыны өзіне шақырып алды да, қысқа бұйрық етті. – Есеттен кейінгі кезек – ана заржақ шалдікі. Оның кінәсі баласынан да көп. Оның екі қолы да қан! Оны қазір сүйрелеп отырып көшке апарыңдар да, сары ала сандығын таптырып алып, осында қайта әкеліңдер! Сосын сөйлесеміз. Барыңдар. Сардарбек екі жігітті қасына қосып алып, пркәшік шалдың «қайдағы сандық, қайдағы алтын, менде ештеме...» деп, екі қолын

ербеңдеткен қауқарсыз қарсылығына қарамай, бір-ақ мытып, Жылы - сайдың жүрер жолдағы бұрылысына қарай балаша дедектете жөнелді. Мәсісінің сыртынан су жаңа кебіс киген қаңылшақ Пірімбайдың жүргісі келмей тырмысқан арық аяғының басы күнге жылт-жылт шағылысып, әр жерден бір тиіп кетіп барады. Қанша күнәһар болса да, ақ сақалды адамның жағасынан алу – адамгершілік рәсімге жат, қала берді қазақ қауымында көрер көзге ғана емес, естір құлаққа ұят қылық. Пірімбайды қанша жек көрсе де, шалдар жағы орындарынан қозғалақтай, жөткірініп, қибыжықтағанмен, «мұның дұрыс емес қой» деп, Балзияға ақыл салып, үлкендік жасайтын ешкім болмады. «Шаш ал десең, бас алатын мына лыпып тұрған ашынған жастардан сөз естіп, не, бетін аулақ қылсын, таяқ жеп қалармыз, бұл да құбылған заманның бір құбылысы, зауалы шығар, артын бағайық, шыдайық, өнер алды...» десіп, көрсе де көрмегендей, айтқан сөзге көзсіз, ойсыз ере беруге дағдылана бастаған еді. Еркектер алып шыға алмаған қысталаңнан батырларша көш бастап, аман алып шыққан айласы мен ақылы ерге бергісіз Балзияға бір ауыз қарсы сөз айтудың өзі бұдан былай құдай алдында күнәһар болумен барабар еді... Бәрі де енді қайтадан беттерін Есетке бұрды. Жуа-жуа тозған шүберектей өңі бозарып, әп-сәтте ат соққандай мәңгірген Есет, ештеменің жөн-жосығын ұқпай, қапылыста жау қолына түскен мылқау адамша, жан-жағына көзі алақтап дәрменсіз қарай береді. Тілі байланғандай ештеме демейді. Тек қана ағы көп ала көздерінің қарашығы ғана дамылсыз жүгіріп, маңындағы екі аяқты пенделерден пана іздегендей, көмек сұрағандай жалбарына қарайды. Кеше ғана бірде жалт ете аларып, бірде сықырлана күлімдейтін уытты әрі сұлу көз қас қағымда-ақ мүләйімсіп жаси қалған. Екі күннен бері Балзияның маңынан шықпай, төңіректеп, көлденең көзден қызғанғандай, басқаларға ұнатпай, қиғаштай қарап, өзінің төл қалыңдығындай меншіктей бастаған Есетті қашқын жігіттер жол бойы атарға оғы болмай, амалсыз шыдап келген. Егер араларынан біреу-міреу өжеттік жасап тап берсе, бәрі бас салып жабылып, аяқ астында талап тастардай болып көрінген еді. Енді, жүні жығылған бұралқыдай, екі иіні салбырап, ашық күнде тап қасына найзағай түскендей есі шығып мәңгірген мүсәпірді қазір, жоқ жерде, іштей аяйтын да сияқты. Есетпен қосыла бастары салбырай қалған қайтымы шапшаң, кексіз, жасық қашқындарға мұрнын шүйіре, зығырлана қараған Балзия:

– Неменеге үндерің шықпай қалды, – деп, әлдекімді табан аузында атып тастардай, сүйеулі мылтығын қолына алып, орнынан жұлқына тұрды. – Егер мен Есетке тисем ғой, іштеріңе қатқан қан өмір бойы жібімей, тіріде кешпес едіңдер. Сол жауларыңды орталарыңа көкпардай әкеп тастағанда, не ғып адамсып, мардымси қалдыңдар. Іштеріңдегі жауыздарың мен ғана ма едім?! Балзияның мына ашынған сөзінен қысылған жастар жағы бір-бірі - не қарасып, ым қағысып, үлкендерден аса алмай қанша әдеп сақтағанмен, ақсақалдардың тымырайып, неден тосылып отырғанда рына түсінбей, іштей ыза болған бір-екеуі ақыры орындарынан қозғалақтай тұрып сөйлеген болды. Бірінші тұрған – Қылкөпірде ер-тоқымын өңгерген әлгі Жамантай еді. – Шынында да неге үндемей отырсыңдар?! Шынында да, кеше ғана, «мына Есетте ар жоқ екен, не ғып бізбен бірге келе жатыр, сазайын тартқызу керек» деп, күңкілдескеніміз қайда? – деп, ол маңындағы жігіттерге қарады. – Осының кесірінен, шынында да, талай дүние-мүлкімізден, малымыздан айрылдық. Қаншасы тауда қалды. Қанша жігіт айдалып кетті. Егер осы Есет болмағанда, аман-есен Қылкөпірге де соқпай... шынында да... Енді несіне аяймыз. Есетке не жаза қолданса да обал жоқ! – деп сөзін бітірді. Сөз сыңайына қарағанда, Есетті қазір осы арада атып кетсе де, асып кетсе де шімірігер түрі жоқ. Бірақ не жаза қолдану керек екенін айтпады. «Шынында» аузы бармады. Бұдан соң орындарынан созалаң тұрып Жамантайға қосыла, тістерін қайрап сөйлеген екі жігіт те не жаза қолдану керек екенін айта алмады. «Не жаза қолданса да рауа», «жазалау керек» десіп, сөз соңында күмілжіп барып, орындарына қайта жайғасқан. Есеттің жазасын кесіп, тағдырын шешкен Ережеп еді. Бай орнынан тұрған жоқ. Бағанадан бері жастар жағы міңгірлеп сөйлеп жатқанда, қолындағы зерен аяққа үңіліп, тұқыраңдап, қолындағы бір тал шөптің сабағын қармақша сүңгітіп, қою қымызға түсіп, малтыққан шіркейді іліктіре алмай әуре болып отырған. Жаңа ғана шөп сабағына жандәрменде өзі жармасып, тым-тырыс жабыса қалған үсті-басы малмандай ақ ала шіркейді қымыздан алып, шөпшөбімен қасына лақтырып жіберді де, тегенеге жуық үлкен зеренді басына бір-ақ көтеріп, мұртын жалады. Мұртын жалады да, сырлы аяқты шөптесінге тастап, Ақсарының тәтесі жайбарақат қана асықпай сөз бастады. Жұрттың бәрі түгел бұрылып, қадірлі ақсақалға қарап, құлақ түрді:

– Қарағым, Балзия, – деді. Сәл ойланып, күлімсірегендей болды. Адуын қыздың айбатынан жасқанғандай, тіке қадалмай, көзін жерге салып отырып сөйледі. – Бағана орталарыңда бірге келген Есетті көргенде қой қораға түскен қасқырды көргендей болып едім. Енді қазіргі түрін көргенде, жаңа ғана мына сырлы аяқтағы қымызға түскен титімдей шіркейді шөптің басымен алып тастадым, мына Есет байғұс сол шіркейдей ғана болып қалды. – Отырғандар түгел Есетке қарады. Расында да дәрменсіз Есеттің түрі қымыз ішінен алып тастаған шіркейдей, үлкейтіп айтқанда терең көл түбінен алып шыққан, жаңа ғана суға кеткен шала-жансар адам сияқты еді. Жігіттер екі-үш күннен бері алғаш рет жаппай мырс-мырс күліп жіберді. – Мен Есетті көргенде сенің болашақ күйеуің болатынына ренжігем жоқ, оның болашақта бәріміздің үстімізден қарар әміршіміз, бізді әлі де оңдырмай, жер қаптыратын қаражүрек осы болатынынан қорқып ем. Жарайсың, Балзияш, Есетті оңдырмай мұзға отырғыздың. Ел ортасына ердей етіп әкеп, енді жердей қылдың. Бұдан асқан мазақ та, қорлық та болмас. Ал енді осы арада сазайын тартқызып, өлтіріп кетем деушілерге өз басым қарсымын... – Неге? – Неге? – десіп қалды жұрт. – Неге десеңдер, елден, жерден ауып бара жатып, қолымызды қандап кеткеніміз кешірілмейтін күнә. Бүкіл ұрпағымызға таңба. Маған салсаңдар, Есетті осы жерден елге қайтарайық, соңымыздан ермейтін болсын. Егер артымыздан келер болса, ар жақтан кейін көрер болсақ, онда... өз обалы өзіне! Ал кері қайтқан Есет соттала ма, айдала ма – сол жақта тартсын сазайын! Қайтсе де, артта қалған ел, Атымтайлар, тұяқ қалпақтардың бұған тегіс жеркене қарайтыны анық. Бәрінен де сорақысы сол – өмір бойы бұған жұрт сенбей, дүдәмал қарайды. Бұл жалғанда адамзат алдында сенімсіз болудан асқан жаза да, азап та жоқ. Маған салсаңдар, осы – менің үкімім! Жұрт қапелімде не айтарын білмей, жым-жырт ойнағандай аз уақыт үнсіз отырды да, араларынан біреу жаңа ойланып болғандай: – Дұрыс. Дұрыс үкім! – деп еді, бәрі де гу етіп қолдай жөнелді. – Дұрыс! – Сол дұрыс! – Бұдан асқан үкім жоқ! – Ақыл, ақыл. Енді бәрі де жалт етіп Есетке қарады. Омар мен Айдарбекке

«босатыңдар, кетсін!» деген белгі беріп, Балзия қолын сілтеді. Екі көзі жыпылықтап, екі жағындағы сұсты жігіттерге, өзіне қадалған жүз шақты қайырымсыз көздерге алма-кезек жалтақтай қарап, жаңа ғана өлім аузында тұрған ол, енді аман құтылғанына іштей тәубе етіп, сонда да сенер-сенбесін білмей, шегіншектеп, сытылып шыға берді. Егер бетін әрі бұрып, жүгіре жөнелсе, біреу желкесінен атып жіберетіндей, әлі де жалтақтап, Балзияның қолындағы мылтыққа қайтақайта қарағыштап, шегініп барады. Жаңа екі жігіт екі иығынан бас салып жұлмалағанда, ақ зонт көйлегінің етегі ышқырынан шығып кеткен. Енді, топ адамның ең шетінен аса бере, көйлегін ышқырланайын дегендей, екі қолының артқа қайырыла байланғаны жаңа есіне түскендей, мүләйімси қарап тұрып қалды. Иегімен қайырылған қолын мезгеп: – Қолымды, қолымды шешіңдерші, – деп алғаш тілге де келді. – Өлмейсің, Жылысаймен үш күн жүрсең, жетесің, – деп, Айдарбек зекіп еді, анау кете қоймаған соң, ашулы жігіт жерде жатқан біреудің қамшысын ала ұмтылды. – Көр көрешегіңді, біреуге қиянат еткен қандай болады екен, бәлем! Есет қамшыдан басын ала қашып, анадай жерге барғанда қайта бұрылып, алыстан айбат шегіп тұрып қалды. Сөйлеп тұр. Қыр астындағы, оған жақын жерде аққан тау өзенінің шуы естіртпейді. Қорқытып, сес көрсетіп тұрғаны, балағаттап, кектеніп тұрғаны беймәлім. Туған елінен, жар төсегінен безіп кетіп бара жатқаны тағы да есіне түсіп, зығыры қайнаған Балзия мылтығын кезене бере Есеттің үстінен ала гүрс еткізді. Жалт беріп, жан ұшырған Есет жығыла-мығыла ойға карай домалай, зым-зия болды. – Ау, қолын шешіп жібермедіңдер ме, обал болды-ау! – деген Ережептің сөзін ешкім естіген жоқ, бұл кезде екі жігіттің артында салпақтап, бірде озып салғыласып келе жатқан Пірімбайлар жаққа жұрт жаппай бұрылды. Ұлының тағдырынан бейхабар піркәшік, Сардарбек көтерген сандықшаға анда-санда ұмтылып қойып, бағана зорлықпен дедектеп кетсе, енді ешкім зорламай-ақ, екі жігітпен қатарласа жағаласып өзі дедектеп келеді. Әлді Сардарбек қолында ойнатқан сары белдеулі әдемі сандықшаны Балзияның аяғының астына әкеп тастай салды да, алға кимелеген шалды арқасымен жауып жібермеді. Шал сонда да қоймай ұмтылып еді, Сардарбек жерге тізе бүге беріп, ши барқыт шапанының жеңінен жұлқи тартып, оны өзінің қасына жалп еткізіп отырғызды. Сырт

қарағанда қазір Пірімбай қадірлі қонақтарға жайған дастарқаннан әлденені әпер деп, не өзі елден бұрын қол салғысы келіп қыңқылдап ұмтылған әдепсіз бала сияқты да. Сардарбек тентек баласын жұрт көзінше ұрсып, зекімей үнсіз ғана нұқып көндірген ызбарлы әке секілді. Мұның бәрі жұрттың көз алдында қас қағымда өтті. Пірімбай да өзінің әрекетінен ештеме шықпайтынын біліп, әп-сәтте жуаси қалды. Жұрттың көзі қазір бұл екеуінде емес, сары ала сандықта. Пірімбайды Балзияның мұнда неге алдырғаны әлгі Есеттен кейін белгілі болса да, сары ала сандықшаны неге алдырғаны жұмбақ. Шаршаған жұрт бұған қаншама ынтықса да, адам баласына тән құмарлықпен алдынан шығып үймелемей, еріншектеніп, орындарынан қозғалмады. Тек мойындар ғана әр жерден қылқияды. Балзияның даусы тағы да саңқылдады: – Баласына өлім жазасын кеспегенде, әкесіне де басқа жазаның реті жоқ. Мұны да қазір ана жас тоқалымен арбасына отырғызып кері қайтарамыз. Бірақ мына сандығымен қайтаруға болмайды. Бұл сандықта жұрттың байлығы, осы отырған бәріңнің дүниең жатыр. Қазір әрқайсыңның үлесіңді қайтарып беремін, – деп, Балзия Сардарбекке қарады: – Кілті қайда сандықтың? – Кілті қайда? – деп Сардарбек Пірімбайға қарады. – Жоқ дедім ғой, жоқ, – деп, Пірімбай, бұдан бұрын да біреу сұрағандай шаңқылдап, бет бақтырмады. – Кілт не керек, ашу керек болса, мен қазір ашып берейін, – деп, қынынан суырған кездігін жарқылдатып Айдарбек келді. – Қазір... Айдарбек жердегі сандықтың қасына тізерлей отырып, жұқа қаңылтыр қаптап жымдастырған берік қақпағына кездігін сұғып жіберіп, күшпен қайыра бастағанда, өзінің қабырғасын сөгіп, омыртқасын күйретіп жатқандай жан даусы шыққан Пірімбай, қолын өңіріне сұғып жіберіп, тістері ырсиған сом кілтті лақтырды. Өзі апарып берейін деп еді, Сардарбек етегінен басып жібермеді. – Ал, ал, ашыңдар. Оның ішіндегіге соншама құмартатындай, не бар дедіңдер. Бәрі өз дүнием. Өмір бойы жинаған дүнием!.. – деп, ендігі қарсылықтан дым өнбейтінін түсінген Пірімбай сөзін жұмсарта сөйлеуге тырысып, қапаға басып жатыр. – Біреудің ақ адал дүниесіне бұлай құмартқанды кім көрген? Ал көріңдер, жеңсіктерің басылсын! Көріңдер! Пірімбайдың соңғы «көріңдері» жыламсырап, жасық шықса да, жұрттың біразына анық естілді. «Ал көрсек, көрейік» дегендей, әр

жерде әр тастың үстінде қылқиғандар мойындарын одан сайын соза түсті. Сары сандықты «дзың» еткізіп ашқан Омар еді. Сандықтың іші толған алтын бұйымдар екен. Сом алтыннан соққан, бағалы, құнды тастардан көз салған, тұтас құйма алтыннан өрнектеп соққан, бұрап соққан неше түрлі жүзік, сақина, білезіктер көздің жауын алғандай. Сәскеден ауған күн шуда бұлттың астынан жарқ етіп шыға келгенде, сандық іші де жарқ-жұрқ етті. Алтынның өткір сары сәулелері асыл тастардан шашыраған сәулелермен шағылысып, жасыл, сары, көк, көгілдір, қызыл, ал қызыл, күрең қызыл, неше түрлі түсті, сиқырлы бояулармен жүз құбылды. Пірімбай да осыншама байлығын бұрынсоңды жайып қойып, күн сәулесіне шағылыстырып көрмеген шығарау. Сары сандықтың бұлай құбылғанын алғаш рет көріп, таңғалып, көзі атысып, үнсіз сілейді де қалды. Сандықтың ішінде қатар-қатар бірнеше кенеп дорбалар жатқан. Балзия біреуінің бауын шешіп, ішіне төге салып еді – патша уақытындағы қызыл империалдар гу ете қалды. Енді бірінен жарқ-жұрқ етіп сыңғырлаған асыл тасты салпыншақ алқалар, моншақтар, шашбауға тізген қымбат сөлкебайлар төгілді, енді бір салмақты дорбаның ішінен дүңк етіп үш тайтұяқ алтын түсті – нағыз саф алтын. Балзия сақиналардың біреуін көтеріп еді, оған ілесіп жиырма шақты сақина, енді бір жүзік соңынан жиырма шақты жүзік шұбырып шыға келді. Сүйтсе, сақина, жүзіктерді бір шынжырдың бойына маржандай тізе беріпті. Балзия екі тізбені екі қолымен шұбалта көтерді де:

– Мына байлық Пірімбайдың атасынан қалған байлық емес, жұрттың байлығы. Сендердің дүниелерің, – деп, жаңағы сөзін тағы да қайталады да, ең алдымен үлкеннен бастайын дегендей, Ережептің алдына барды: – Ақсарының тәтесі, мә ал, не мына сандықтағы таңдағаныңды ал... Жұрт тым-тырыс. Бәрінің көзі Балзияда. Ережеп Балзияның қолына шошына, үрке қарады. Оның көзіне алтын сақиналар – қымбат бұйымдар емес, желкесінен қысып, салбыратқан қол қамшының өріміндей ирелеңдеген, улы сарбас жыландар сияқты елестеп кетті. Қазір саусағын жақындатса-ақ сумаңдаған айыр тілін сұғып алатындай, уыстай алса, қолын күйдіретін түйір-түйір шоқтай, Ережеп ақсақал алақанын теріс жайды: – Атама-атама, шырағым, атам қазақ «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген, осы бүлінгеніміз де жетер, – деп, орнынан ырғатыла тұрып, өзенге қарай беттеді.

Қолын созып, тұрып қалған Балзия: – «Атам қазақ?» Атам қазақ бүлінгеннен бүлдіргі алмаса, сол адал дығынан азап тартқан, қай күні бар жетіскен, – деп, Ережептің алмағанына ренжігені де, ренжімегені де белгісіз, әрі қарай жүре берді. Отырған жігіттердің әрқайсысына тізбені ұсынып: – Алыңдар, үлестеріңді алыңдар, – деп, баяу жылжып, аралап барады. Соңында сандық көтерген Омар. Оның соңында – Пірімбайдың жеңді білегінен тастай ғып ұстап алған Сардарбек, Ережептен именсе де, намыс көрсе де, әйтеуір, асыл бұйымға қол соз бай, үнсіз бас шайқаған жігіттерге: – Е, қайтсін, біреудің дүниесіне көз алабұртып... Ой, айналайын, дұрыс, дұрыс... Жөн, жөн... – деп көрінгенге жалтақтап, өтірік жымыңдаған дәрменсіз шал. Жанталасып, бір толқынды бір толқын қуып, кейде аласұрып дөңбекшіп, кейде мөңкіп аққан ағынды өзеннің тарлау тұсына келіп, Ережеп үнсіз тұрып қалды. Бұл араның шуылы құлақ тұндырғандай еді. Ережеп дүниеде не боп жатқанынан бейхабар адамдай, тек өз ойымен әлек: «Ана жылдары, төңкерістен кейін, қазақтың оқығандары екі топқа бөлініп, солардың ішінен алаштың азаматтары деген шығып, енді жеке ел боламыз, басымыз бірігіп, жікке де, тапқа да бөлінбей, өзімізше іргелі отау тігеміз, ол үшін көп қаражат, көп бұйым керек» деп, ауыл арасына жіберген өкілдері арқылы түрлі салық, түрлі алым жинаған. Сонда төңкерістен қорқып отырған байларға алаш азаматтарының ниеттері ұнап, әркім барын берген еді. Сол өкілдердің бірі – осы Пірімбай еді-ау. Бұл ақшасы жоқтардан, көбінесе, алтын, күміс бұйым дар жинағаны қайда? «Бірнеше ауылдан жиған-тергенін жаңа өкіметке тапсырды, тізімдеп, қаттап өткізіпті» деп жүретін. Оны қай қазақтың баласы тексерді дейсің. Сөйтсе, заманның аласапыран кезін пайдаланып, «елді жарылқаймын» деп күпсінген, жаны ашыған Пірімбай секілді алашыңның азаматтары әшейін қараңғы елді қан қақсатқан екен-ау. Ережеп те сол кезде, жұртты ертіп, өзі үлгі болу үшін, сонау жеті атасынан бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан тайтұяқ алтынын осы Пірімбайға бергені қайда? Сүйтсе, бұл кәззап ел байлығын жанына басып қалған екен ғой. Жаңағылардың ішінде мұның да алтыны бар шығар-ау. «Қап, тым құрмаса, өз дүниемді өзім қайтып алмаған екенмін» деп, өзеннің төмен құлдырап, бұрала аққан тұсына қарап еді, жаңағы отырғандардың бәрі өзен шетіне төніп келіп қалыпты. Бәрі үрпиісіп, дөңкиген-дөңкиген тастардың үстіне шығып қарап тұр. Не

қызықтап тұрғандары, не Ережеп құсап, өз үлестерін алмай кергіп, күпіршілік жасағандарына өкініп тұрғандары белгісіз. Жаңа, Ережеп ақсақалдарына еріп, «бүлінгеннен бүлдірігі алмаймыз» деп, қолдары күйіп қалатындай тыжырынғаң жұртқа ыза болған Балзия өзен шетіне жете беріп қолындағы тізбелерді толқынға атқан. Сардарбектің сығымынан босаған арық Пірімбай одан сайын бір уыс болып, бүрісіп, Балзияның аяғына жығылған. Теке сақалы шошаңдап, көзінен сорасы ағып кемсеңдеп, жалбарынған мүсәпірдің не деп жатқанын жұртқа тау өзенінің шуылы естіртпейді. Омардың қолындағы шағын да болса салмақты сандықты алып, өзеннің құлама жиегіндегі тершіген бұжыр тасқа шығып, теңселе тұрып, Пірімбайды соңғы тергеуге алған Балзияның сөзін де ешкім ести алмады. Қақпағы жабық сары ала сандықты ұзақ көтеруге қары талғандай, бір кезде суға лақтырды. Салмақты сандықпен бірге қалбаң ойнап өзі де өзенге ұшып кете жаздаған Балзияға ма, айдалада буырқанған суға кеткен қаншама рәсуа байлыққа ма, жиектегі қарасы жүз шақты адам түгел алға ұмтылып, «аһ» деп қалды. Кей тұсында көбік шашып, кей тұсында су бүркіп аласұрып гүрілдеген өзен толқыны сандықшаны қағып алып, буырқанған бұйра толқындар аударып, төңкеріп, көз ілестірмей дөңгелете жөнелді. Жан даусы шыға бақырып, аузы қисайып, төмен қарай сандықшадай домалап, Пірімбай зыр жүгіріп барады. Енді мүсәпір шалды ешкім ұстаған да жоқ, бөгеген де жоқ. Ешкім оған қосылып жүгірген де жоқ. Мейлі, байғұс шал, қалған өмірінің үміті, талай жылғы жиған байлығымен соңғы рет қоштасып қалсын дегендей, міз бақпады. Шалдың бақытына не өліміне көрінгендей, көз көрім жерден бір кезде сандық шошаң етіп шығып, сусиырдың жонындай діңкиген дәу қоңыр тастың үстіне әдейі қойғандай тұрып алды. Сандық тұрған жер жүз құбылды. Тасқа ұрып жатқан толқынның бүркпе тамшылары күн көзіне маржандай шағылысып, кемпірқосақ иіліп, ойнап тұр еді. Қалбалақтап жеткен сорлы шал алды-артына қарамай өзенге көзсіз қойып кетті. Тап бұлай болар деп ойламаған жұрт іштерін тартып, тына қалған. «Тоқта, кейін қайт» деген ақылдың да енді Пірімбайға әсері жоқ. Көзі тұнып, су жұтқан пенде оны ести алмас та еді... Бүйірінен, иығынан ұрған толқыннан суға құлап, малтығып, қиралаңдап, бір жығылып, бір тұрған Пірімбай қоңыр тасқа жетіп те қалды. Әне, саусақтары тарбиып, қолын созып, тастан ұстады. Жұрттың демі тау сылып, тым-тырыс қарап тұр. Пірімбай кемпірқосақты қарманып, сандыққа қолды сала берді... Әттең, бір-ақ

елідей жетпей қалды-ау, артынан ұрған қалың толқын бәрін шайып кетті. Сандық жылт етті, Пірімбай толқынмен бірге мөңкіп барып, екі аяғы серең етіп, тастың астына қарай бүктетіле күмп берді. Қайтып, сандық та, Пірімбай да көрінген жоқ. Өзен бойына телміре қараған жұрт әлден уақытта барып, үнсіз ғана беттерін сипады... Бірінші асудан аман өтіп, көңілдері бір жайлы болған көш кешке қарай жылы сайдан шығып, кең тау бөктеріне қанат жайып, тыныс алған. Бірақ бұл түні төтеден келер қауіп-қатер болмаса да, ешкім дұрыстап ұйықтай алмады. Біреулерінің көз алдынан Қылкөпір: онда иелерін тағатсыз күткен қыруар мал, енді бірінің көз алдынан жан-жағына жалтақтап қашып бара жатқан, қолы артына байлаулы Есет, қос мәсілі аяғы шошаң етіп, сандық соңынан суға кеткен Пірімбай кетпей қойса, Ережеп байдың есінен қос жиренді ор текедей ойнақтатып, қыр асып бара жатқан қос ұры шықпай қойды. Ал Сәлмен мен Әлменнің көз алдында бұрын-соңды көрмеген сұмдық тұрып алды. Олар қос жиренге тақымдары тиісімен тауда қалған, Қылкөпірдегі жылқыларға қарай асыққан. Бірақ жете алмады. Қарсы беттегі биік шоқыда, тырбық теректердің баурында, нөсер астында ұзақ тұрды. Күн бата тауда жел тұрып, Азулыны қара құрым бұлт басқан. Бұлар көріп келеді – бір кезде аспан асты шатыр-шұтыр етіп, Қылкөпірдің үстінде, биік құзда нажағай жарқылдап, әлдебір көк аттың жалына жай түскендей болған. Сол-ақ екен құз астын күмбірлеген, шұрқыраған, шыңғырған жылқы даусы басып кетті. Естері шыққан жылқы баласы алға ұмтылып, бірін-бірі баса көктеп аласапыран болса керек. Нажағай жарқ-жұрқ еткенде, төрт аяғы сереңдеп құздан ұшып жатқан аттарды Сәлмен мен Әлмен көріп тұрды. Әлден уақытта барып, найзағай енді бір жарқ еткенде жалаңаш құздың бауырында ештеме көрінбеді. Тек суылдаған нөсер төпелеп ұзақ жауды... Тау бөктерінде өзінің ағайын-жұрағатының, бірге өскен құрбықұрдасының, бір рулы елінің ішінде жатса да, бұл түні Балзия бір түрлі өз-өзінен құлазып, көңілі жадап, алғаш рет әлденені өгейсіп, тұңғыш рет жалғызсырай берген... * Əлиманың Аманай мен Балзияға іздеу салғанына бір жұмадай уақыт өткен. Алыстағы ауылдардан, Шәңиядан6 қатынаған жолау_______________ 6 Шәңия – болыстық орталық.

шылардан, келімді-кетімді алыс жұрағаттардан сұрап, маңайдағы елді мекенге жаяулап барып аяғынан сарсылғанмен еш хабар ала алмаған. Не кемпірді, не баланы көрдік, білдік деген тірі пенде табыл мады. Ене де, бала да зым-зия. Ақыры ойлап-ойлап, күні-түні басын қатырып жүріп Балзия мен Аманайдың қайда кеткенін топшылап өзі тапты. Тапқанына қуанған жоқ, жүрегі шымырлап қоя берді. Шынымен жобасы дұрыс болса, ұлынан мәнгі айрыларына көзі жеткен еді. Әлима жан ұшырып Томар-Омарға келді. Қашанда ескі-құсқыны жамап-жасқап, не қалған-құтқан былғары ұлтаннан құрап-сұрап етік тігіп отырар мүгедек шалды үйінен басты. Ешқайда қаңғып кете қоймапты. Балзияға келіп, ылғи өткен-кеткенді бас шұлғыса әңгімелеп, ара-тұра өзі әкелген қазиттерін оқытып, ұзақ отыратын молақ шалдан басқа тірі пенденің өзінің қайғысына қабырғасы қайыспайтынын Әлима жақсы біледі. – Ата, Ақ апам мен Аманайдың қайда кеткенін таптым, – жаңа есіме түсті, ата, таптым, – деді төсенішке отырар-отырмаста көзіне жас алып, сыбырлай сөйлеген Әлима. – Иә, қайда екен, қайда жүр? – Томар-Омардың көзі бақшаң етіп, қолындағы саймандарын тастай салды. Ол да үрейлі хабарды әлдекімнен жасырғандай не ұрлықтың үстінен түскендей, молақ денесімен домалаңдап, екі қолымен секектей жылжып Әлиманың қасына таянды. – Тірі ме өздері, тірі болса жарар еді, әйтеуір. Кім айтты, кімнен естідің? – Ешкімнен естігем жоқ, өзім білдім. – Өзім білдім? Өзің білгенің қалай? Естімесең, көрмесең... Шырағым, түсініктірек етіп айтшы, қалай білдің? – Білгенде... – Әлима көз жасын сүртті де, сөзін қызық баста ды. – Ата, мен күйеуге тиейін деп жатырмын, естімедіңіз бе? – Жоқ, шырағым, естісем құлағым керең болсын. Ал тие ғой. Онда тұрған не бар? Басың азат... – Кімге дейсіз ғой? – Иә, кімге, қарағым? Бұл маңда?.. – Бақтиға. – Бақт-и-ға-а? Әлгі-і пәйжүсірге ме?7 – Иә, иә, ата. Жазу солай. _______________ 7 Пәйжүсір – учаскелік милиционер.

– Иә, иә, жазмыштан озмыш жоқ деген. Ал ол жігіттің қызметі ауысыпты, алысқа, ішке кететін болыпты деп жүруші еді ғой. Шырағым-ау, сен де сонда еліңді тастап, алысқа, жат жерге кетпексің бе? Бұл арадағы «жат жерге» дегенді бұрынғы ұзатылатын қалыңдыққа айтылатын «жат жұртқа» дейтін сөздей емес, екеуі де қаз қалпында түсінді. – Жазу солай, ата! – Әлима алғашқы сөзін қайталады. – Қайтейін, қашанға Заманайды күтіп отыра берем. Ол қайда? Оны да ешкім айтпайды. Аманай болса, ес кіріп ер жетіп келеді. Көштен қалған жұрттай, бар қызықтан қалыс қалған осы ескі ауыл қотанын - да отыра берем бе? – Түсінем ғой, шырағым, жағдайыңды түсінем, бірақ алысқа, танымайтын жаққа кететініңді айтқаным ғой! – деп, ұзақ-сонарға түсіп, қара басының қайғысын айтып, мұңын шаққан келіншекті алғашқы сөзге тартты Томар-Омар. – Алысқа, танымайтын елге дейсіз. Бар кінәм осы болды ғой, ата. Ақ апам да менің күйеуге шыққаныма қарсылық білдірмегенмен, алысқа, танымайтын жат жұртқа барарыма кесе-көлденең тұрмады ма. «Бала жаман емес, баруыңа қарсылығым жоқ. Заманайды күтудей-ақ күттің. Күдер үзетіндей шаққа жеттің. Басың жас. Теңіңді тауып қосылғаның жөн. Бірақ мен өзім тірі отырғанда Аманайды береді деп ойлама. Мен өлген соң алып кетерсің, – деп бірден қарсы шықты. «Ақ апа-ау, не айтып отырсыз. Ол менің ұлым емес пе. Мен жалғызымды тастап қайда барамын», – деп едім. «Ол сенің ғана ұлың емес, Заманайдың да ұлы. Заманай – менің ұлым. Заманайды елінен, ата мекенінен алып кетіп адастырғаным да жетер. Енді Заманайдың ұлын адастырар жайым жоқ», – деп айпара мінезіне басты. Мен алғашында ақ апамды жай ғана ақылға келтіріп түсіндірмек болдым. – Ақ апа, тыңдашы, баратын жеріміз қаншама қашық дегенмен, бүкіл жер жиһандағы ең бір ғажап, көрікті кент екен. Аты Шинсин деді ме, «төбе басындағы кент» деп аталады екен. Ну орманға малынған, көшелерінен мың-мың бұлақ ағып жатқан, көшелерінен сұлу кенттің іргесінде мың-мың желкенді қайықтар жүзетін Яншы өзені бар, он екі айың онда жаз боп маужыраған, осы дүниенің жұмағы. Тауларынан сарқырама өзендер құлап ағатын, ауасын бір жұтсаң, он жылғы ауруыңа шипа болар құтты мекен екен деп,

Бахтидың айтуы бойынша, мен де барар жерді тілім жеткенше сипаттадым. Аманайдың оқу оқитынын, өзіміздің ендігі қалған өмірде жайбарақат, тыныш өмір сүретінімізді, тоқ тұратынымызды айтып қызықтырдым. «Жоқ, неше жерден айтсаң да Аманайды бермеймін. Барар жұмағыңды өзің-ақ көр, өзің-ақ жарылқан. Аманайдың жұмағы басқа жерде. Оның жұмағы – ата-мекені. Оны Заманайым көре алмады. Оған кінәлі – мен. Сол өкініштің орны Аманаймен ғана өтелер. Ешқайда бармайды. Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғаны артық» деп қасарысқан енеме тілім де тиіп кетті білем. «Өкініштің орны Аманаймен ғана өтелер» дегенін түсінсемші. Мені де жоқ жерде ашу қысқаны: «Ақ апа, қалай десең олай де, сен қалсаң қала бер. Аманайымды саған тастап кетер жайым жоқ. Ата мекен, ата мекен деп қоймайсың? Ол қалай? Ол менде де, сенде де жоқ. Қай жерде жақсы тұрмыс – сол жер құтты мекен. Сөзді осымен доғарайық. Жоққа әуре болып, жыланша жиырылғаныңнан пайда жоқ» деп сөз аяғын қаттырақ айтып ем, «Ә, жарайды, мен жылан екенмін, олай болса, жыланның бір кескені сендей кесірткелердің талайына тұрады, көрерміз, көрер міз», – деп барып ол да тоқтаған. Өзі дімкәс адамды бекер ренжіттім-ау, енді қанша жасар дейсің, өлгенше неге күте тұрмадым деп, сол арада қатты қынжылдым. Тым құрмаса, Бахти келгенше, алдай тұрсамшы. Ертең ол мені алып кетпекші, соның келетін күні ғана есіме әлгі сөздер түсіп, сонда барып олардың қайда кеткеніне көзім жетті. Бұрынырақ ойласамшы. – Сонда олар қайда кетті деп ойлайсың? – Ата-ау, әлі де түсінбей отырсыз ба? Ар жаққа, баяғыда елді бөріктіріп өзі ертіп әкеткен еліне де. Бірақ қаусаған кемпір қалай жетеді? Екі ортада қаршадай бала қосақ арасында, – деп, көңіліндегі жамандыққа аузы бармай, Әлима тағы да көзіне жас алды. Молық шал да күрсінді. – Иә, мен де тау асқандарын біліп ем. – Оны бұрын неге айтпадыңыз? – Әлима жасты көзін шалға қадады. – Е-е, Балзияның кеткені маған да оңай тиді деймісің, шырағым. Содан бері бұрынғыдан да жалғызсырап, бір жақ қабырғам түгел сөгілгендей болып отырғам жоқ па. Енді кіммен кеңесіп, кіммен шерімді тарқатармын. Кім маған бұдан былай қазиттерді оқып берер. Ол да болса, жүдеген көңілге медеу еді-ау. Енді бүкіл дүниеден хабарсыз, меңіреу боп қалдым ғой. – Томар-Омар қаттап қойған

жаңа газет, журналдарға қарап, балаша кемсеңдеді: – Мені де тастап кетті-ау. Денім сау болса, сол екеуін өзім-ақ алып өтпес пе едім. Сендер қалай өтерсіңдер, бір жерде майып болып жатырсыңдар ма, әлде. Сор маңдай пақырларым-ай!.. Жолдарың оңғарылсын деп, шын тілеулеріңді тілеп, қайда кеткендеріңді ішім сезсе де, ешкімге тіс жармай отырып ем. Обалдарыңа қалдым ба? Аман жетсеңдер жарар еді! – Ата-ау, не айтып отырсыз. Майып болғаны қалай. Олар таудан өте алмай ма? Айтыңызшы, тірі деп ойлайсыз ба оларды. Өте ала ма? Соңынан қусақ жете аламыз ба? Жүретін жолын білесіз бе? Айтыңызшы. Ата, айтыңызшы. Бұл ауылда сол жолды білетін сізден басқа ешкім жоқ. Айтыңызшы. Соңынан іздеп шығайықшы. Маған, тым құрмаса, жөн сілтеңізші, ата! – деп Әлима жылап қоя берді... – Шырағым-ай, олардың соңынан қуып қайтесің. Одан да олардың тілеуін тіле. Аман-есен жетсін де елге. А-ай, бірақ жете алар ма. Балзияның атжалмандай шұлғыған жас кезі болса бір сәрі. Тау-тастың ұңғыл-шұңғылына дейін білетін, аңшылық құрған қыз кезінде екі елдің арасында көзін жұмып-ақ өте берер еді. Ал қазір... Қартайған шағында... білмеймін. Әсіресе Сәукеледен өту, мұзарттан өту... Сәукеле, мұзарт-а-ай! Қиын ғой! Мұзартты айтқанда Әлиманың жүрегі мұздап қоя берді. Бұрын Сәукеле тауын күнде көріп жүрсе де, оның қандай тау екенін, тіпті ол туралы аңыз бар екенін ескермейтін. Адам баласының «басқа түссе, баспақшы» дейтіні осы екен-ау. Енді міне: «Аманайы сол Сәукеледен, Сәукеле қасындағы мұзарттан өту керек, одан өте алар ма» дегенді білгісі келіп, шалдан қайта-қайта сұрағыштай берді. – Сонда, ата, сіз қайдағы суық Сәукелені айта бересіз, одан басқа жол жоқ па! Мүмкін... – Жоқ, шырағым, басқа жол жоқ! – Бұл жолы молақ шал орнынан қарғып тұрардай қопаң етіп, әлденеге ашуланғандай түсін суытып қысқа, кесіп айтты. – Басқа жол болмаған соң, сол қиямет жолмен өткен ана Қанипа екеуміздің ғұмырымыз да қиямет-қайыммен өтіп келе жатқан жоқ па? А-а-ай, Сәукеле, Сәукеле-е-е!.. Сәукеленің атын құлағы шалып қалған сайын, үйге бір кіріп, бір шығып, өзінше шаруа қамымен жүрген Қанипа елең етіп, күйеуіне жалт қарайтын. Шалы, «аа-ай, Сәукеле, Сәукеле-е-е!» деп қабағын шытып, басын шайқағанда, Қанипа да басын шайқап, бұлардың қасына келді. Көзінде жылуы жоқ ауысқан әйел беталды күліп:

– Сен Сәукеле дедің, иә. Мен де Сәукеле дедім, иә. Мен Сәукелені білем. Мені Сәукеле де біледі. Иә, шал! Мен айтайын ба? – Әй, Сәукеле, Сәукеле, Сенің қалтаңда Меруертім жатыр... – деп жайбарақат бастап келе жатыр еді. – Жарайды, жарайды. Сен білесің. Сен бәрін білесің. Айтпай-ақ қой, – деп Томар-Омар оның сөзін бөліп жіберді. – Мен білемін, иә. Айтпаймын, иә. Ештеме айтпаймын, иә? Сен айтпа десең, айтпаймын. Қой деші, қоямын. Қойма деші қоймаймын. Әй, Сәукеле, Сәукеле, Берші деймін меруертімді, Өзім тағайын, Өзім бағайын. Жынды әйелдің бетіндегі күлкі табы лезде өшіп, көзі шатынап, сұрланып сала беріп еді. – Қой дедім ғой мен саған. Мені тыңдаймын дейтінің қайда?! Бар енді. Есек жайылып жүрген шығар. Тауып әкелші. Екеуміз тауға барамыз, – деп, біресе зекіп, біресе балаша алдады молақ шал. – Тауға барамыз ба, тауға? Жарайды, мен сені тыңдаймын, есекті тауып әкелемін, арбаға жегемін, алақай, алақай! – деп, балаша алданып, балаша қуанған Қанипа үйден шығып кетті. – Апыр-ай, сол аты өшкір мұзартты қайдан есіне салдым. Жауыншашынды күз жақындап келеді, тағы да ұстамасы қайталап қалмаса игі еді, – деп шал таңдайын қағып, басын қынжыла шайқады. Әлима бұрынғыдан бетер үрейлене түсті. Сәукеле жайын бұрынғыдан бетер білгісі келіп, қанша корыққанмен ынтыға түсті: – Ата, айтыңызшы. Неге жасырасыз? Менің білуім керек. Аманайым кеткен жақты білуім керек. Неге зарықтырасыз, айтыңызшы? – Жарайды, шырағым, қоймадың ғой. Айтайын. Бұл бір ұмыт болған, ескі қайғы, ескі жара еді. Тағы да бетін тырнайтын болдық қой, – деп, не кейігені, не мазасын алған жас келіншекке ашуланғаны белгісіз біраз түнеріп отырды да, шал әңгімесін әріден бастады... – Иә, содан, Тастамнан бері шыққан соң, таудың адам аяғы баспаған жерлерімен жүріп отырып, ақыры, көш осы Сәукеле тауына жетті. Онша қиындық көрген жоқпыз. Бір ауыл түгел, сетінемей, жұбымызды жазбай жеттік. Иә, айтқандай, сетінемей дегенде, жақын-жұрағаттардың тұтастығын, амандығын айтып отырғаным ғой. Әйтпесе, атасы басқа бір-екі азамат кейін қайтып, малымыздан

аздап шашау шыққан. Тастамнан өткен түннің ертеңінде арамызда Ораз, Қаназ деген ағайынды екі жігіт жоқ боп шықты. Олардың атасы ғана басқа емес, табы да басқа еді. Көккөз атаның жалшылары болатын. Қалай ұрланып қыбын тауып кетті дерің бар ма, тау да өскен әккі жылқышылар емес пе, бір қос жылқыны жымын білдірмей өздерімен қоса айдап кетіпті. Алысқа, жат жерге біржола кетіп бара жатқанымызды сезді ме, жершіл, иісшіл екі тазы да өздері білетін жылқышылармен елге қайтып кетсе керек, олар да ертеңіне болмай шықты. Санын соғып қала берген Көккөз ата: «Ее, қанша асырасаң да, бөрінің бөлтірігі бөрілігін жасамай қоймайды. Олар да әлгі аш қасқырдай жаланған таяқ қалпақтардың тұқымы емес пе? Ол тұқымыңды ұрайындарды өзім қуып жетіп, көк желкелерін қимасам, атым өшсін! Не оларға серт, не маған серт!» – деп, мал ашуы – жан ашуы, мінілмеген тың атты ерттетіп, қасына екі-үш қарулы жігітті сайлап, Көккөз ата өзі аттанайын деп жатқанда, тісін қайрап, зіркілдеген ашулы шалды алған бетінен қайтарған тағы да Балзия. «Жәрайды, жетті, Көккөз ата, желегіңді желпілдетіп қайда бармақшысың. Оларды қуып жетем деп ойлаймысың. Әлде әлгі тұяқ қалпақтарыңның қақпанына өзің барып түскің келді ме? Қай малыңның шашауы шықпай, қай малың талапайға түспей жатыр. Қайта, Ораз бен Қаназдың айдаған малы адал мал – ақ адал еңбегі. Олар сонау үрім-бұтақ, зәузәтінен бері сендердің малдарыңды бағып келе жатқан жоқ па еді. Қайсысын жарытып, малын дұрыстап төлеп едіңдер. Талай жылғы малайлықтарының өтемін бір-ақ сыпырып, сиырып әкеткен ғой. Сауап, сауап! – деп, сөз аяғын, кімге екені беймәлім, кекесінмен, ызамен зығырлана бітіріп, доғарған. – Одан да енді қалған малдарыңа ие болсаңдар да жетер!» Иә, қалған малдан да көп шашау шығып, әр жерде шашылды ғой. Құт бір кетпесін, бір кетсе құтыңмен бірге бағың да тайып, берекең де қашады екен. Елін-жұртын талақ еткенді, өз ошағынан жеріген пендені құдайдың кәрі соғып, жердің киесі атады екен әманда. Иә, содан біз Сәукеле тауына, соңғы асу, биік мұзды асуға иектеп жеттік, көшті түсіріп, мәңгі қар сірескен жотада бір күн, бір түн түнеп жатырмыз. Қалың мұзартты Сәукеле тауын барлап келген жігіттердің беттері үсіп, қолдары домбығып, зорығып оралған. Сәукеле тауының қаһарына мініп, ысқырып тұрған шағы екен. Сол кез – тау бетінен Сайхан желінің бет қаратпай соғып тұрған кезі еді. Сайхан желі емес, нағыз сойқан желі. Талайды басынан өткерген

көне көз ақсақалдар мен неше бір ғаламат боран-шашыныңа төтеп беріп, неше бір қиын асулардан асып өскен жырынды жылқышылар көп ақылдасып, көп кеңесіп, ақыры бір шешімге тоқтаған. Сойқан желі бір соқса, тынбастан айлап соғады екен. Оның басылуын күтіп жатсаң елден де, малдан да береке кетіп, азып-тозбақ. Оның үстіне, артымыздан әлдекімдер қуып келетіндей, әлі де үрейден айықпай үдере көшіп келе жатқан көшті тоқтатуға болмайды. «Не де болса, құдайдың салғанын көрдік, тәуекел» деп, белді бекем буған ел ертемен өтпекке келістік. Сол күні ақша қар үстінде екі үйір жылқы сойылып, ақ жота қан сасыды. Мұзарттың үсті тілім-тілім, арса-арса жарық екен. Атаңа нәлет мұз жарықтарының аты да өзіне сай бір жосын – «әңгек» делінеді. Тап көш ететін ыңғайлы мұз жотасында кесе-көлденең көрдей үңірейген алып айдаһардың аузындай ырсиған өткел бермес кең әңгек бар екен. Тәжірибелі қарттар түп жағы тар, аузы арандай сол мұз жарығын сойған малдармен бітейді екен. Кейін мұз ішінде қатып, еті бүлінбейтін жылқыларды біртіндеп суырып алып, соғым етіп жеуге де болады дейді. Не керек, сол күні алға кеткен өңкей әлекедей жаланған қарулы жігіттер адамды ұшырып жіберердей ышқына соққан боранды дауылда әңгекті бітеп, ең қауіпті мұз жолды түгелдей киізбен жауып, көшке даярладық. Қаншама туырлық, төсеніш киіздер мұзартқа жайылды. Дауылға желпілдеп түрілген етектерін бекітіп, әлхал деп, көш Сәукелеге беттеген... Иә, шырағым, айтып-айтпай не керек, сол мұзарт, сол көш есіме түссе, осы күнге дейін құйқа тамырым шымырлайды. Сол күн сойқан желдің өтіндегі сойқанды күн болмады ма. Бет қаратпай қақаған ондай боранды бұрын-соңды көрген емен. Бар жылы деген киімдерін киініп, шымқанып, біріне-бірі жабысып, бірінен-бірі қалмай иттіркесе көшкен ел, – бала-шаға, қатын-қалаш улап-шулап, алға баспай табандап шегіншектеп кісінеген жылқы, маңыраған қой, бақырған түйелер – Сәукеле шыңын қым-қуыт үрейлі шуға бөктірді. Ақ сапалақ боран ішінде көздерін, ақ шелдей ақ тозаң басқан адамдар киіз үстіне дәл келтіре алмай, бұйдасынан айырылған екі-үш түйенің май табаны, бетіне бір шөкім қар жұқпайтын жылтыр мұздан тайып, жүкмүгімен төмен қарай мұзды құзға тұмақтай ұшқан. Талай қойлар, асау жылқылар тап аяқ асықтарша жылт етіп кетті көзден ғайып болып. Түйе қомындағы жадыдан түсіріп алған құйтымдай балаларға дейін құндақтағы сәбилерін көтерген шешелерінің, әкелерінің етектерінен ұстап, ақ сапалақтың ішінде, бақырып, жылап өтіп жатыр. Ұзыннан-

ұзақ шұбатылған киіз жолдың бойына тартқан керме арқаннан ұстап, зәре-құттары қалмай жылжыған адамдарды кімнің қай тұста кетіп бара жатқанын ажыратып болмайды. Қатындардың аузында карғыс, еркектердің аузында боқтық: – Атаңа нәлет, қайдан ғана тап болдық мына күйге? – Астымыздан су шыққандай қиямет-қайымға кім бастады? – О-о, басыңнан азап кетпесін, азап! – Құдайдың күні де қырсықты-ау, лағынет жауғыр! – Бала-шағаңның игілігін көрме? – десіп, кімді балағаттап, кімді қарғағанын өздері де білмейді, әйтеуір суылдаған, алай-түлей, ызғарлы боранның ішінде қақалып, шашалып, желге қарсы қарай алмай, демдері бітіп тұншығып, арқаларын беріп ықтап, бірін-бірі айғайлап шақырып, балаларының аттарын қайта-қайта қайталап, бүрісіп, құрысып жылжыған ызалы көш түс ауа мұзарттан зорға өтіп, намаздыгерде етекке шаршап-шалдығып түскен. Беті-қолы пәре-пәре жыртылған, үсік шалып домбыққан жандар, малынан, дүниесінен айрылған адамдар естерін жия бірін-бірі іздеп, қым-қиғаш қиқуға салып, сабылып жүр. Сол күнгі ең бақытсыз, сормаңдай адам Қанипа екеуміз екенбіз. Мен Қанипаға, Қанипа маған сеніп жүріп, әке-шешемнің қолындағы тұңғышымыз да, соңғы қуанышымыз да Меруерт атты қызымыздан айырылыппыз. Көш ішінде жоқ. Ешкімнің қолында жоқ. Қанипа жасынан мәпелеумен ерке өскен, Ережеп байдың соңғы үшінші тоқалынан туған сүт кенжесі еді. Жаратылысында тікбақай, адуынды, бір бет келіншек, қазақ рәсімімен ата-ененің алдынан кесе-көлденең өтпей, қанша әдеп сақтағанмен, шынтуайтқа келгенде бар сыпайылықты ұмытып, ойранды салды деймісің. Дүниеде ана атаулының бәрі де бала жанды шығар-ау, а-ай, тап Қанипадай, балаға ет-бауыры езіліп, жүрегі үзіліп түсердей күйзелген жас келіншекті ғұмырымда көрген емен. Өз әке-шешесіне де, ата-енесіне де, маған да қиғылықты салып, «тауып бер де, тауып бер Меруертімді» деп, екі аяғымызды бір етікке тықты. Жылы қойнауға түскен көшті қайтадан аяз қарып, қайтадан ызғар ескендей, бүкіл ауылдың құты қашты. Балзия да Қанипаны қостап, он шақты жігіттің басын қосып: «Барыңдар қайтадан Сәукелеге, қараңдар мұзарттың төңірегін. Бір арада, бір қуыста адасып қалған шығар. Не ғып айрылып қалдыңдар, не қара басты сендерді? Тым құрмаса сүйегін тауып әкеліңдер!» – деп, мұзартқа қайта қуды.

Тағы да қосаққа аттар алып, үстеріне қабаттап киіз артып, шыңырау құдыққа жетер құлаш-құлаш көп қыл арқан, үш-төрт сүймен, шапашот, тағы басқа саймандар тиеп, жейтін тамақ, сусын алып, Сәукелеге қайта тарттық. Қанипа ешкімнің айтқанына құлақ аспай, ешкімге бой бермей, бізбен ерген... – Е-ей, шырағым-ай, айтып-айтпай не керек. Сол бір күнді есіме алсам, тап қазір құйқа тамырым шымырлайды. Баяғыда айырылған екі аяғымның табандары солқылдайтын сияқты. Бұл бір ұмыт болған жай еді. Осыны қайдан бастадық. Несіне еске аламын, – деп ТомарОмар үнсіз түнеріп, қамығып отырып қалып еді. – Ата, айтыңызшы, бір бастаған соң несіне тоқталасыз. Айтыңызшы, – деп Әлима тағы да қиылды. – Шырағым Әлима, мен сол күнгі сұмдықты айтайын деп отыр ем. Ол біздің басымызға келген зауал ғой. Өзімен кетсін. Сенің Аманайыңнан аулақ. Балзиялар, мүмкін, кім біледі, Сәукеледен аман-есен өткен шығар. Сен әйтеуір өз басыңа жорымашы. Мен сенің күдеріңді мүлдем үздірейін деп айтып отырғам жоқ. – Ата-ау, бәрін түсінем, бәрін білем. Айтыңызшы. Тек жасырмай, еш бүкпесіз, бірін қалдырмай айтыңызшы. – Иә, содан, – деп, Томар-Омар үрейлі әңгімесін қайта жалға - ды. – Сәукелеге келсек, аспаннан құйылған қар азайған ба, боран аздап толастапты да, жел бұрынғыдан да күшейе түскен сияқты. Ысқырып, гуілдеп, суылдап соғып тұр. Мұзарт үстіндегі аяз, қимылсыз сәл тұрып қалсаң, бет қариды. Бетімізді жиі уқалап, киіз төсеп отырып, әлгі он шақты жігіт, Қанипа бар, мұзарт үстін ұзақ тінттік. Екі таудың ортасындағы қойнауды түгел бітеп тастаған мұзарттың алғашқыда қай жағынан түскенімізді таба алмай, ұзақ тентіредік. Аспандағы бұлт пердесінен көмескі көрінген ай сәулесінің жарығы да әлсіз... А, құдай, бір кезде Қанипаның құлағы шалды. Тым-тырыс тына қалып, бәріміз де құлағымызды желден қалқалап, тың тыңдадық. Шырағым-ай, жүрегім үзіліп түсе ме деп ем. Әлдебір терең қуыстан қылғына жылаған баланың қарлыққан әлсіз даусы естіледі. Күн ұзақ даусы бір сембей тынымсыз еңіреп, көмек сұрап жалбарынған, жылай-жылай шаршаған төрт жасар қызым Меруертімнің даусы... Мұны естіген Қанипада ес қалмады. Ағыл-тегіл жылаған әйелімнің бетінен сорғалап қатқан мұзды сыпырып тұрып, айғайды салып, өмірімде бір боқтап ұрсып, зорға тыйдым даусын...

Мұзарттың бала даусы шыққан беті тілім-тілім әңгек екен. Ұзыннан-ұзын шұбатылып, ирелеңдеп жатыр. Біз ең шеткісіне, өзімізге жақындауына тақап келдік. Әрі баруға болмайды. Еңістеу мұзартта жылп етіп, әңгекке бәріміздің де түсіп кетуімізде шәк жоқ. Иә, содан не керек, жалпақ туырлықты төсеп тастап, алқа-қотан отырып, тың-тыңдап, шыңырау түбінен естілген үннің жобасы осы тұста болар-ау деп шамалап, сол жерге бірнеше қашау қағып, әрқайсысының басына құлаш-құлаш қыл арқандарды тас қып байладық. Ұзын екі арқанды беліме шандып, бір арқаннан жай ұстап, мұзартпен сырғып барып, әңгекке түстім-ау. Іш жағы үңірейген қапқараңғы көрдей әңгекке бойлап, сыртта арқанды саумалап жіберіп тұрғандарға белгі жасап, төмендеген кезде, қай жағымнан екені белгісіз, қызымның даусы жақыннан естілгендей болды. Тыстағы әлемет суықтан, зуылдаған желден кетіп, мұз жарығына түскен заматта әңгек іші ұядай жып-жылы көрінді. Егер арқан жетсе қуысқуысын аралап, жылжи беруге әбден болатын сияқты. Бірақ әңгекке тереңдеген сайын әлгі дауыс өшіп, үстіңнен албастыдай тылсым дүние басып, бас айнала бастады. Арқан жетер жерге дейін барған шығармын, қайда-а-а, әңгектің түбіне жету мүмкін емес. Мен ұзақ үнсіз отырып, тың тыңдадым. Жым-жырт ойнағандай. Түк естілмейді. Не сырттағы сойқан жел, не жігіттердің даусы. Мен айқайлап көріп ем, бүкіл мұз жарығының іші жаңғырып, қоса айқайлады. Бі - рақ сырттағыларға менің даусым алыстан талып естіліпті. Мен арқанмен белгі беріп, әлден уақытта сыртқа шықтым. Шыға берер тұста сәл аялдап едім, бағанағы Меруерттің даусы, жаным-ай, тағы естіледі. Иә, содан не керек, біз сол түні сол маңдағы үш әңгекті тексеріп шықтық. Мен де әңгекке етім өліп, тереңге салған қармақша жылп етіп кетем де, жан-жағымды қарманып, тар қуыстардан, сыймаған жерден бұрылып, икемделіп, мұз астын өзімше сүзіп шығамын. Түсе бергенде естілер дауыс тереңдей бере жоқ болады. Не ғаламат? Ақыры таң ата төртінші әңгекке түстім. Бұл жолы әрі тереңдеуге, әрі жағалай қозғалып жүруге ұзынырақ болсын деп, бірнеше арқанды күрмеп, жалғағанбыз. Белге байлаған екі арқанның да ұзындығы жобамен жүз құлаштан келер. Бірақ ол да әңгектің түбіне қайдан жетсін. Кейін, білетіндерден сұрасақ, бұл араның мұзының калыңдығы – жүзден екі жүзге дейін жетеді екен. Сосын мұз жарығы үнемі тіп-тік болмайды. Біраз тереңдеген соң, жықпыл-жықпылға бөлініп,

кей тұсы көлденеңдей бұрылып, қайтадан тік құлап, неше бір иір-иір қуысқа айналады. Сол қуыстар ғой мені адастырған. Бұл жолы қызымның даусы анық естілді. Мен тереңдей бердім. Тереңдеген сайын анық естіледі. Әлден уақытта қызым жылауын қойды. Мен қай жағымнан шыққанын анық білмей, мұз ішін шарқ ұрдым. Кәдімгі үй төбесіне сатымен шығатындай, әңгек ішіндегі кейбір тепкішек жерлеріне аяғымды салып, оңға да, солға да бұрылып жүре аламын. Қайсы бір тереңдікте адам симайтын тұстары да болады. Ондайда кең жерлерін іздеймін. Қараңғы мұз жарығына үйренгенім сонша, арқанды ұзынырақ жібер деген белгі беріп, екі-үш жұлқып қалып едім, арқан босады. Соным қате болған екен. Әлден уақытта өзім де аңғардым, жылп еткенімді ғана білемін, әңгектің көлденеңдей бұрылған бір терең, тар қылтасына түсіп, кептелдім де қалдым. Не олай, не бұлай қозғалуға шарасызбын. Жан-жағымды қарманайын десем, қолымды көтере алмаймын. Тап-тар қуыс екі иығымды қысып жібермейді. Біразға дейін үнсіз тың тыңдап жатып ем, құлаққа ұрған танадай ештеме естімей, басым зеңіп, шыр көбелек айнала бастады. Зәрем ұшып, мұз астында енді мен де мәңгі қалатындай, жан дәрменде «тартыңдар» деген белгі бердім. Ол белгі белімдегі оң жақ қолтығымды орай шығатын арқанмен берілетін. Сырттағылар да лезде тарта бастады. Жоқ, орнымнан былқ ететін түрім жоқ. Мен де қысылып, жұлқынған боламын. Жылжитын түрім жоқ. Қайта мұз құрсауы одан сайын екі өкпемді қыса түсетін сияқты. Сөйтсем, сырттағылар бар күштерін салып, жабыла тартса керек, бел омыртқам күтірлеп, үзіліп кетердей, тынысым бітті. Қолымды созып арқанға жармасып өзіме қарай тартсам, олар одан сайын күштейді. Үрейден бе, белімді қайыстырған күштен бе, алдымен маңдайым, одан соң тұла бойым терлеп қоя берді. Жүрек соғысының жиілегені сонша – дүңк-дүңк соққан дыбысы өзіме естіледі. Тартпаңдар деп белгі беруге, сіресе керілген арқанды жұлқып-жұлқып қалуға шамам келер емес. Әйтеуір, жан дәрменде бір қолыммен омыртқамды күйреткен белімдегі қол арқанның біреуінің күрмеуін шешіп жібердім. Соның артынша-ақ олар да зорлап тартуын қойды. Қойғанда аз уақытқа қойған жоқ. Ұзаққа дейін, шамасы төрт-бес сағатқа дейін сырттан еш белгі болмады. Кейін айтады, сопаң етіп қолдарына бос арқан іліккенде, қыл арқан үзіліп кетті ме деп қорыққан олар, арқанның күрмеуін өзім шешіп жібергенімді білген соң, мүлдем зәрелері ұшыпты. Меруертті алып шыға ма деген күйеуінен де біржола айрылған Қанипа осы тұста алғаш рет жан даусы шығып, әңгекке ұмтылып, өзім түсем деп

есі шығып, жігіттер жабыла ұстаған соң барып, жұлқына-жұлқына әлі құрыған байғұс сол арада талып қалады. Мен даусыммен белгі беріп айқайлағаным, Меруерттің де жылаған үні қайта шығып, Қанипа мүлдем есеңгіреп жығылыпты. Сол құлағанда әке мен бала үні жоғалмай тұрып, жігіттер оны төменге, елге алып келіпті. Арқан басында екі-ақ жігіт қалады. Түні бойы беттерін аяз қарып, тұла бойлары мұз боп қатқан пақырлар елден жаңа, тың күш әкелуге келісіп кетсе керек. Мен болсам тар қуыста үйелеген көтерем малдай кептеліп жатырмын. Менің айғайымды естіді ме, жылай-жылай жағы семген Меруертім қайтадан жылады. Ой, аллай, тап қасымнан, он жақ іргемнен шығады үні. Дауысы мүлдем қарлыққан. Үзіп-үзіп, өксіп-өксіп ыңырсып жылайды. «Меруерт, айналайын, Меруерт! Жылама, мен ағатайыңмын, ағатайыңмын. Қазір алып шығам өзім» деп көңілін аулап сөйлеймін, кәдімгідей менің даусыма құлақ қойып, біраз үнсіз жатады да, қайтадан ыңырсиды. Екі дүниеде бұдан өткен құдайдың зауалы болмас, көрдей қараңғыда, тап іргеңде сәбиің жылап жатқанда, денің сау боп тұра, еш көмегіңді тигізе алмағаннан асқан қорлық та, мүсәпірлік те болмас. Менің тұла бойым лезде тоңазып, тер қата бастады. Қызымның даусы әбден әлсіреп-әлсіреп барып бір кезде мүлдем семді. Бұл алыста әңгектің аузы бозарып көрінген кез – күндізгі уақыт болса керек. Иә, шырағым, айтып-айтпай не керек, әйтеуір, мені екі күннен соң мұзға бауырлап қатқан боз балықтай сүйрелеп шығарып алды ғой. Қанша дегенмен жан тәтті, жігіттердің ешқайсысының әңгекке түсуге жүректері дауаламайды. Ақыры құр әшейін тартқылағанмен түк өндіре алмай, келесі күні бір немере ағайым батылдық жасапты. Менің әлсіреген даусыммен жобалап, сол маңның мұзын қысылыпқымтырлып ауыр, ұзын сүйменмен еркін оя алмай, әйтеуір, айтыстарынша, бір күн, бір түн шапашотпен жаңқалап отырып әупірімдеп алса керек. Мұз жарығында дыбыссыз жатқан Меруертті олар таба алмайды. Сөйтіп алғашқы және соңғы көрген қызығымыз Меруерт сол арада мәңгі қалған. Сормаңдай Қанипа бір жылдай шырт ұйқыда жатып: «Сәукеле, Сәукеле», «Әңгек, әңгек, әне, Меруерт жылап жатыр!» – деп, төсектен тұра ұмтылып, тысқа шыға тауға жүгіретін болды. Шошымалы аурудың арты шалыққа айналды. Ақыры есі ауысып, осы күйге түсті ғой. Ай жаңғырған сайын ауруы да жаңғырып, аузы көпіріп, ауыл үйді кезіп, тентіреп кетеді. Айтатыны ылғи:

Әңгек-ау, әңгек, Меруертімді кайтып берші, берші деймін Меруертімді. Өзім тағайын, Өзім бағайын, Құлап қалды ғой, Жылап қалды ғой, Берші деймін Меруертімді. Өзім тағайын, Өзім бағайын. Әй, Сәукеле, Сәукеле, Сенің қалтаңда Меруертім жатыр, Қайтып берші, Берші деймін Меруертімді. Мұны қалай шығарғанын білмеймін. Өзі де не айтып, не қойғанын білмейді. Меруерті – қай Меруерт, Сәукелесі – қай Сәукеле? Әйтеуір, сол екеуін жүз қайтара айта береді осы күнге дейін. Әйтпесе, Сәукеле тауын, ондағы қызын ұмытқалы қашан байғұстың. Жаңа тауға барамыз дегенге қуанып кеткені де жай әшейін түсініксіз бірдеме. Тауда не барын, тауға неге баратынын өзі де білмейді. Және қазір айтып, қазір ұмытады. Тегі тау деген сөз бір кезде есінде қалып қойған ғой. Таудың атын құлағы шалып қалса-ақ, сол баяғы әдетпен жүрегі бүлк ететін болса керек. Қайғылы әңгіменің ұзын-ырғасын аяқтаған Томар-Омар көпке дейін басы салбырап, үнсіз отырып қалды... Жан-жағын сипалақтап шашылған құрал-саймандарын жиыстырған болды. Әңгектен шыққаннан кейінгі өзінің жай-күйінен ештеме қозғамады. Әңгектен екі аяғының үсіп шыққанын, белтамырдан дей ме, жұлыннан дей ме, суық тиіп, бөкседен төмен қозғала алмай, жарты жылдай сал болып жатқанын, соның зардабынан екі аяқ бірдей семіп, тамырларынан қан жүрмей, жансыз дене ақыры шіріп жоғары өрлей берген соң, ел адамдары ақылдасып, қорытып, алыстағы бір дәрігерге апарып, ақыры, екі аяғын қара саннан жоғары кестіріп барып тынғанын айтқан жоқ. Молақ болып қалған Омарды ауылдағы басқа екі Омардан ажырату үшін томардай домаланған мүгедекті жұрттың бертін Томар-Омар деп кеткенін естіген Әлима да ол қасіретін қазбалап сұрамады. Оған бәрінен де керегі ұлы мен ененің жайы еді ғой. – Сол таудан өтудің соншалықты қиын екенін біле тұра, қалайша ол баланы ажалға бастап әкетті? – Бағанағы сөзді Әлима қайта тірілт ті. – Мүмкін, ел арасында жасырынып жүрген шығар. Жүрегім әлі де

түйткілдене береді. Қанша қырсық болса да, тап осы жолы, есі дұрыс адам қартайған шағында бұлай алжымаса керек еді... Айтыңызшы, ата, қалай ойлайсыз? Әлима өңін айналдырып, тағы да бағанағы сұрағын қойды. Томар-Омар да Әлиманың көңілін біржолата суытып, күдерін үздірмей маза бермейтінін түсініп, енді не де болса көзін анық жеткізуге бекінді. – Менің олай деуіме екі түрлі себеп бар. Біз баяғыда елімізден қашып келген жолы, жаңа айттым ғой, көп шығынға ұшырап, сүйеніш етер малымыздан береке қалмады. Бұл араны билеушілер де, жер салығы, ана-мына салық деп, қалған малдың тамтығын қоймады. Ұрланды да, жырланды да. Не керек, бәрі болды ғой. Кейбіреулер тағы да малының күйін күйттеп, тау арасына сіңіп, паналады. Осы күнге дейін тау ішінде көшіп-қонып, өмір бойы қашумен күнелтіп жүрген, мал соңында өздері де мал сияқты тіршілікке көшкен төртбес үй бар деседі. Өспейді де, кемімейді де деп естиміз. Ал қалған ағайындардың біразы маңайдағы кішігірім кенттерге, тағы басқа жерлерге кәсіп іздеп, ауған. Олардың бұл күнде қалған, өскен ұрпақтары бізді танымауы да мүмкін, таныса да керексінбейтіні анық. Кейінгі жылдары, әке-шешеміз дүние салған соң, біздің басымызға қалқайтып жеке үй тұрғызып берген де, өзі де бізге пана болып, осы арадан ешқайда қоныс аударып, ажырамаған. Ата-анамыз өлген соң, бізді де кім керек қылсын. Қайда барып, кімнің қолтығына кірмекпіз. Содан соң таудың бөктеріне Сәукеледе қалған Меруертіміздің қасында қала бердік. Заманайын бағып, бізге қарасып, әкесіне тиісті малды бірге бөлісіп, талай жыл қамқорлық еткен Балзия да алдындағы бұрынғы абыройынан да, беделінен айрылғаны аздай, кейін сіңірі шыққан тақыр кедейге айналып шыға келген. Оны да қойшы, мінезінің қыңырлығы, жөпшеңдіге көнбейтін қайсарлығы өз алдына, екі ғаріп бізді де тастап кетуге қимай, жесір қалпында қартая берді, жүдеушілік көріп кеми берді. Бәрінен де Заманайы мына заманға орай мектеп жүзін көріп, білім ала алмай, ешкімге қажеті жоқ ұмытылған осы қара ауыл қараңғы қалпында сауатсыз қалды. Балзия бәрінен де соған күйзелетін. Кейін Аманай өскен сайын, «енді бұл да Заманайдың жолын құшады-ау, бәріне де мен кінәлімін, бүкіл ел-жұрттың тауқыметіне мен жазықтымын» деп жеке жерде маған ғана айтып, маған ғана мұңын шағатын. «Шіркін-ай, ар жаққа, ел жаққа өтер біреу болса, Аманайымды қолынан ұстатып, туған жеріне

табыстап жіберер едім» деп армандап, ішіндегі жасырын сырын айтып қалғаны да бар еді. Осы маңдағы бір ауылға тығылғанмен, сенің бәрібір тауып алатыныңды ол біледі. Оның жөні тек ар жаққа өту ғана, өлер шағында аруақтар алдында, туған топырағы үстінде, тым құрмаса, немересі арқылы ақталу ғана. Менің білетінім осы, шырағым. Енді оларды іздемей-ақ қой. Олар ендігі мұзарттан аман-есен асты, немесе, жаман айтпай жақсы жоқ, Сәукеледен өте алмай, атаңа нәлет әңгектің мұз қонақтары болып мәңгі қалды... Тиер күйеуіңе тие бер, барар жеріңе бара бер, шырағым... Кемпір мен бала Сәукеледен төртінші тәулікте аман-есен өткен... Қазір мұзарттай суық болмаса да, ауасы ызғарлы, шөбі дымқыл тау етегіндегі биік шыршалардың бауырында дамылдаған Балзия басы жерге тиісімен қалың ұйқыға кеткен де, Аманайдың ұйқысы шайдай ашылған. Артта қалған Сәукелеге, аспанда жиі ағып жатқан жұлдыздарға қарап, шым-шытырық ойда жатыр. Сәукеле жанындағы мұзарттан қалай өткендері Аманайға өң мен түстей! Шынында да түнгі ай жарығында мұз құрсанған Сәукеле тұтастай көгілдір тартып, бүкіл мұзды төңірек мұнартып, әжесі айтатын ертегідегі самұрық құс қана мекендейтін тылсым дүниедей, тымтырыс қалғып-мүлгіп тұрған. Әжесі желсіз, тымық түнге, борансыз, сойқансыз түнге қуанса, Аманай аспан қақпасы ашылса екен деп, үстерінен салқын қараған ақшыл, кетік айға жиі-жиі қарағыштап, аспан қақ жарылса, аппақ қақпаны көру үшін қап-қараңғы түн болмағанына өкінген. Алыстан көрінгенде тау ақ сәукеле сияқты, төбесі үп-үшкір болушы еді. Тап іргесіне келіп, қасынан жанамалай өткенде, мүлдем басқаша әсер етті Аманайға. Буалдыр тартқан көгілдір тау іші, бір-біріне қалай болса солай иық арта тірескен, биік-биік мұз қабыршақтары түгел тұтасып, жалпайып сұлық жатқан әншейін бір суық дүние сияқтанған. Кей-кейде мұз жарларды жіңішке кенересін жағалап, үңірейген ұзын әңгектерден амалдап өткенде де, жалтыр мұздардан тайғанақтамау үшін әдейі қоржынға салып әкелген киіз ұйықтарды етігінің сыртынан кигенде де, кей тұста жіңішке қыл арқанды белдеріне байлап, аяқтарын санай басқанда да, алып перденің тозған, үзілген іркіс-іркіс шашақтарындай төмен салбырай төнген мұз сүңгілердің астынан мысықша басып, қыбырмен жылжығанда да Аманай ештемеден жүрексініп, қорық - қан жоқ. Бұған бәрі де жасырынбақ ойнағандай көрінген. Бәрі де өң мен түстей тез өте шықты. Енді ойласа, әжесі қорықса

қорыққандай-ақ бар екен-ау. Бетті қарыған қызыл шұнақ аяз, не атан түйені ұшырып әкетер дауылды жел болса қайтер еді. Жылтыр мұздан аяқ тайып кетіп, үңірейген мұз жарығына, қараңғы әңгекке жылп ете қалса, қайтер еді. Булыға жөтеліп, не дабырлай сөйлесе қалса, әжесі айтқандай тау бірге жөтеліп, бірге жаңғырығар еді де, кей жерлерде шыңның күнқағарындай алға итінген шотмаңдай қарлар мен үңгірлер аузында алып азулардай ырсиған зілдей мұз сүңгілер қопарыла үзіліп түсер еді. Сонда не болмақ? Қазір артта қалған Сәукеле тағы да зорайып, тап желкеден төніп, сұсты қарап тұр. Құмырсқадай ғана екі адамды аман өткізіп жібергеніне риза екені де, өкінішпен қап ұрылып тұрғаны да беймағлұм. Бұл екі адамның атам заманда мұздап қалған Гүлсәнә мен Ғиззаттың тілеуін тілеп, шығарып алуға келгендерін Сәукеле біле ме екен?! Қайдан білсін? Мүмкін, оларды шығарғысы да келмейтін болар. Бар төңірекке алыстан қарап, аспанмен тілдескен тәкаппар биік шыңның қайтадан құйтақандай сәукелеге айналғысы да келмейтін шығар. Не де болса, аспан қақпасы ашылса екен, мұз таудың быт-шыты шығар еді. Әжесі айтқан зұлымдардың кесірінен арманда кеткен екі жас жарық дүниеге қайтадан оралар еді. Шіркін-ай! – деп неше түрлі ойға шомып, қиялдап, аспан қақпасы ашылғанда ұйықтап қалмас үшін өзін-өзі алдарқатып жатқан Аманайдың көзі аспанда ағып өткен жұлдызға түсті. Зу еткен ұсақ жұлдыздың жіңішке ізі қаракөк аспанға сіңіп болғанша «менің жұлдызым жоғары» деп бетін сипап үлгерген бала, іле осы сөзін тағы да қайталады. Алыстан тағы бір жұлдыз көк жиекке қарай ағып түсті. Өзінің жаттанды сөзін айтып болысымен «тағы да бір адам дүниеден өтті» деп ойлады Аманай. Таң жақындаған сайын аспанды осып түсер жұлдыздар көбейе берді. «Демек, жарық дүниемен қоштасып, о дүниеге аттанған адамдар саны да көбейіп барады. Адам баласының таң алдында көбірек өлетіні несі екен?» Аманай мұны Томар-Омардан естіген. Ертегі құмар бала молақ шалдың жер үйінің төбесінде түні бойы көп-көп ертегілер тыңдаған бір жолы аспанда ағып өткен жұлдызға қараған Томар-Омардың «менің жұлдызым жоғары» деп біреуге бата қылғандай бетін сипағаны бар. Аманай мәнісін сұрағанда ол: «Аспанда бір жұлдыз аққан сайын дүниеден бір адам өтеді» деп түсіндірген. Ал «Менің жұлдызым жоғары» дегеніңіз не?» деп сұрағанда, «Әйтеуір бұрынғылар осылай дейтін. Тегі, мен сенен әлі де биікпін, тіршілікті сақтап қаламын» дегені шығар. Егер жұлдыз ізі жоғалмай тұрып

айтып үлгерсең, өлім алдындағы адамды құтқарып қаласың, үлгере алмасаң, марқұмға о дүниеде шапағатың тиеді. Әйтеуір босқа кетпейді, бетіңді сипай сал деп түсіндірген. Сол түні таң алдында жұлдыздар тіпті көп ақты. Бірінен соң бірі жарқ-жұрқ етіп, аспан төрінен секіріп түсе берді. Олардың қайда түсіп жатқанын кім білсін. Томар-Омар да сол күні жиі күрсінумен болған. Аманай: – Ата, біз ұйықтап жатқанда... адамдар қалай көп өледі, ылғи осылай ма? – дегенде, Томар-Омар: – Мен өзім де қайранмын, тап бұлай жиі ақпайтын сияқты еді... Ана-а бір жылдары, керман соғысы болып жатыр дегенді еміс-еміс еститінбіз. Сол жылы қараңғы түндері аспанның батыс жақ беті қызыл күреңденіп, қанданып тұратын да, түн ортасы ауа жұлдыздар бір-бірімен бәсекелесе жарысқандай дамыл-дамыл аға беретін, аға беретін. Көк жүзі шым-шытырық жол-жолақтарға толып кететін. Тегінде, тағы бір жерлерде қан төгіс соғыс болып, адамдар бірін-бірі өлтіріп, қырып жатыр-ау, – деп күрсінген. Бұрын қан төгіс соғыс дегенді Аманай ертегі қиссалардан ғана еститін де, осы заманда да адамдардың бірін-бірі қырып соғысатынын білмейтін. Радиосы, телевизоры жоқ қараңғы ауылдан ұзап көрмеген, басқа жерлердің көзі ашық балаларындай ойыншық мылтықтармен атысып, «Соғыс ойынын» да ойнап көрмеген көрбала қайдан естісін. Сол жылы қашан көзі ұйқыға кеткенше Томар-Омардан соғыс жайын, дені сау, есті, үлкен адамдардың неге бірін-бірі аяусыз өлтіретінін сұрағыштап қоймаған. Томар-Омар атасы оған алыстан орағытып, ертегілерден мысалдар келтіріп, ақыры: – Е-е, Аманай шырағым, не дерің бар ма? Адам баласы көзі тірісінде тойған ба? Бірінің дүниесін бірі қақшып алып, бірінің жемін бірі жұлып жеп, бірінің жерін бірі тартып алып, жылы орнынан қуып жатқан түсініксіз бір көр заман ғой! Әмірқан деген үлкен, күшті ел Битнам деген бір кіші, момын елге нажағайын ойнатып, қырып жатыр екен деп қазиттен оқитынбыз. Қанға жеріген, дүниеге құныққан сондай біреулер шығар соғыс салып жатқан, – деп ұғындырып, одан әрі тереңірек түсіндіруге өзінің де өресі жетпей, соңғы бір аққан жұлдызға бетін сипай беріп, сөзін доғарған... Тау іші түгел күндізгідей көрініп, таң аппақ боп атқанда бозарған ірі жұлдыздар болмаса, ұсақ жұлдыздар мүлдем жоғалып кетті. Көп ұзамай күн де шығатын шығар.

Кәдір түнін күзетіп, жолда қанша шаршаса да, көз шырымын алмай шыдаған Аманай күн шығар алдында ұйықтап кеткен. Мұның көз жұмғанын күткендей, дүние асты-үстіне келгендей ғаламат бір үн тосыннан тау ішін жаңғырықтырып, күңірентіп жіберді. Жер сілкініп, тау құлап, астан-кестен болғандай гүр еткенде Аманай да, Балзия да шошып оянды. Әжесі «бісміллә, бісміллә» деп оянғанда, немересі күні-түні жаттаған «Сәукелені аша гөр! Сәукелені аша гөр! Сәукелені аша гөр!» деген сөзін үш қайтара айту орнына, бір рет айтуға да мұршасы келмей, кекештеніп, тілі байланып қалды. Аспанның қақ айырылғанын көргенде зәресі ұшты: тап-таза мөлдір аспанның қақпасы екі жерден тілініп түскен. Қан қызыл бұйра толқын шымырлап, сонау көк жиекке кемпірқосақша шұбатылып, лезде жетіп қалыпты. О, ғажап, Аманай жаңа аңғарды: қатар жосылған қып-қызыл қос жолды өрмекшідей шұбалтып бара жатқан алып қара құс. «Ертегінің самұрық құсы осы шығар-ау?!» Аманай ес жиып, ойланғанша, күндей күркіреп, жасындай ысқырған қара құс та зу етіп көзден ғайып болды. Немересі енді ғана тілге келіп, кәдір түнгі тілегін айта бастағанда, аспанға үнсіз тесіле қарап жатқан Балзия баяу ғана басын шайқады: – Жо-оқ, Аманай! Бұл көк қақпасы емес ашылған... Әлгі зулап ұшқан алып қара құсты көрдің бе? Ол – айырплан. Анау шұбатылған екі айырық ақ жол соның жолы. Бұл – көкте ұшатын соғыс айырпланы! Оны ұшыратын адам... Иә-ә, адамнан күшті ештеме жоқ... «Соғыс» дегенді естігенде Аманайдың бойы тітіркеніп кетті. Соғыс туралы айтқан Томар-Омардың үрейлі сөздері, бүгінгі өлген адамдардан белгі беріп ағып жатқан көп жұлдыздар есіне түскен еді. Аспандағы қызыл бұйра жолдарды алып қара құстың тырнағынан саулаған қан деп түсінді. Реактивті әскери самолет ізінің бауырын бояған таудың арғы бетінен шыққан күннің қызыл шапағы екенін аңғармады. Күн тау деңгейіне көтерілген кезде қанды жол ақ түтінге айналып, түтеленіп сейіле бастағанда да самолет жолының құпиясын білмеді. Оның бар ұққаны – бұл әлемдегі адам баласының бәрі бірдей емес. Тауықтың балапанын алып кететін жыртқыш құстардай, ауылдағы әлсіз иттерді өлтіріп кететін қасқырлардай, бір-біріне қас, жау адамдар да, әлсізге қиянат ететін күштілер де болады екен. Он бесінші тәулік бұлар үшін ең қиын тәулік болды. Жол азабын

күн өткен сайын көбірек тартып әбден қажып, титықтаған екі бейбақтың бұл күнгі жүрістері мүлдем мандымады. Кеше әр жерде бір қадау-қадау состиған сын тасты жалаңаш тау ішімен аяқтарын зорға алып, алға амалсыз ілбіген бұлар бірқалыпты сіркіреген ақ жауынның астында қалған. Жауыннан паналар не ағашы, не қуыс қалтарысы жоқ, сайсыз, бұтасыз жадағай аңғарда төбелерінен бүріккен сылбыр жауын қас қарайғанша бір тынбады. Ай қорғалағалы бұрынғыдай түнгі жүрістен күндізгі жүріске ауысып, кейін сақтықты да ұмыта бастаған Балзия сәтті, сәтсіз күннің есебінен де жаңылған. Әйтеуір, бұлар шыққанда толық айдың күннен-күнге кетиіп, кеміп, ақыры қылдырықтай боп біткенінен өздерінің он төрт, он бес тәулік шамасында жол шеккендерін жобалайды. Енді, міне, үздіксіз жауған бүрікпе жауынның нобайынан лақ сүмбіленің теке сүмбілеге ауғанын аңғарып, қоңыр күздің енді қыраулы салқын күндерге ауысарын сезгендей, буын-буындарының сыздап, сырқырағанынан қорқады. Немересін аман-есен ертіп еліне жеткізер екі аяғының саулығын тілеген қарт адамға мына жауынның салмағы да оңай жүк емес. Малмандай су болған ескі, жылы күпі екі иығынан албастыдай басып, буыны бос әлсіз тізесін талдырып, жерге шөктіре береді. Қос өкпесі жел өтіндегі сабағы жарық сыбызғыдай сырылдап, жиі алқынып, деміккен кемпір бір арада бүгежектеп, жиі отырып қалады. Жауын астында ұзақ мүлгіп, мәңгірген әжесін қолтығынан демеп көтерген Аманай не де болса алға жылжи беру керек екенін соңғы күндері түсінген сияқты. Жеті таудан, жеті асудан аспай тыным көрмесіне әбден көзі жеткен. Кейін, Сәукеленің тасасында қалған ауылына қайтудан мүлдем күдерін үзген бала алға ұмтылар әже мақсатына көндігіп, әбден мойындаған тәрізді. Бұлар келесі күні кешқұрым өліп-талып Тастамға әзер жетті. Әжесінің «шіркін Тастамға жетсек-ау, Тастамда демалып бір жатсақ-ау, ар жағында – Қылкөпір. Оны да көреміз! Шіркін-ай, алдымен Тастам»... деп бүгіндей аузынан тастамай аңсаған Тастамы. Алғашқыда сонадайдан көрінген Тастамды Аманай көпке дейін байқамаған. – Әне, Тастам, әне. Жеттік-ау, әйтеуір жеттік. Әне, Тастам... Көрдің бе? Сонау көз ұшында көрінген – Тастам, Тастам, – деп әжесі әлсіз сыбырлап, қуанғаннан қайта-қайта ежіктеп қоймаған соң, Аманай да, көрмесе де көргендей иланып, басын изеген. Әжесіне көз ұшында бұлдыраған Тастам өте жақын екен. Бірақ

ылдидағы бұларға биіктегі үйме-жүйме қорымға көтерілу оңай соққан жоқ. Көз алдында ғана тұрған Тастамға түс ауа өрлеген бұлар жиіжиі демалып, ентіктерін басып, кешқұрым зорға жеткен. Тастам – үңірейген аузы бар үңгір. Таудың күнгей бетіндегі қорым-қорым тастардың арасынан үңгір аузы бұрын көрмеген тосын көзге оңайлықпен түсе бермейтін ұры-қарының қолдан ойған жасырын есігі сияқты. Тастарды жарып шыққан ұзынды-қысқалы қарағайлар да кең ауызды бүркемелеп, көрсетпеуге шыққан көсе адамның сақал-мұртына ұқсайды. Бұл ара желкем екен. Кешегі ақ жауын жоқ. Күздің суық, сұр бұлттарын жел айдап, әлдебір алыс жаққа әкетіп жатыр. Аспан асты аласапыран. Тынымсыз жосылған бұлттар таусылар емес, шетсіз-шексіз аспанның қай жағынан шудалана шығып, қайда көшіп жатқаны да белгісіз. Әлде шыр көбелек айналып жүр ме? Әйтеуір қат-қабат жөңкілген қарала-торала бұлтта өзгеріс жоқ. Қайнаған қозғалыс қана. Үңгір аузындағы бір-біріне иек арта бұйыққан сусиырлардай қорым тастардың ығына желден паналап отырған әже, сәл демалып алған соң, Аманайға даусы қарлыға сыбырлады: – Ана-ау жақтағы көгілдір белдеуді көремісің? Соның етегіндегі сары жолаққа көзің жете ме? Қарашы, қарап ал. Аманай әжесі сілтеген жаққа салғырт қана қарай салды. «Қай көгілдір белдеуді айтады, қайдағы сары жолақ?» Жол бойы тау ішінің бәрі көгілдір белес, сары жолақты жыралар, сайлар, алыстан көрінер құздар. Аманай ештеңе көре алмады. Онша ыждағатпен қарамады да. Мына тұрған жерлері шынында да бар төңірек алақанға салғандай көрінетін биік таудың бір шоқтықты тұсы. Бірақ, тап қазір, мына бұлтты кеште алыстағыны көру қайда. Сонда да Балзия төңіректі бұрын өзі білетін жобамен түгел ойша шолып, дауысы қырылдай сөйлеп отыр: – Анау көгілдір белес... Мұнартып тұрған Азулы тауы. Үлкен... биік шың. Соның ортан белінде ирелеңдеген белдіктей қоңыр жолақ жалғыз аяқ жол. Оны Қылкөпір дейді. Анықтап қарап ал. Осы жерден онша алыс емес. Мен олай-бұлай боп кетсем, сен жалғыз өзің... көріп ал. Аманайдың тұла бойы мұздап кетті. «Олай-бұлай боп», «жалғыз өзің» дегенді тура мәнінде ұқпаса да, әйтеуір суық сөз екенін сыңайынан аңғарып, әжесіне үрейлене қарады.

– Ендігісін Тастамға кірген соң айтам. Жүр енді үңгірге, демалайық, – деп, қайта-қайта изеңдеп, орнынан зорға тұрған Балзия үңгірдің аузын аттады. Тастам – адам айтқысыз үлкен үңгір. Көз мөлшерімен екі-үш сегіз қанатты киіз үйдің аумағындай әрі кең, әрі еңселі зәулім үңгір. Тастан қалап төбесін қашап жасаған күмбезді тас сарай дерлік. Сырттан, салқыннан кірген адамға іші жып-жылы ұядай. Алыстан, тас үңгірдің екінші жағынан көмескі сәуле көрінеді. Тегі тақта-тақта тастардың қиюласпаған кең саңылауы болса керек. Содан ба, үңгір іші алакөлеңке. Тастам дегені тас үй дегені ме, тас мола дегені ме, әйтеуір, белгісіз бір жолаушылардың не аңшылардың қойған аты болар, ұрықарының қоюы да ықтимал. Оны Аманай ойлаған да, сұраған да жоқ, оны Балзия да түсіндірген жоқ. Көз үйрене келе байқағандары – тас үйдің тап ортасында қаңылшақ, домалақ тастарды араластыра қалаған жерошақ бар екен. Астында күл, маңында шашылған сүйексаяқ, ұзынды-қысқалы ағаш бұтақтары ыбырсып жатыр. Бұл үңгір, әжесі айтатын ертегідегі тау, орман ішінде жүретін жалғыз көзді диюлардың мекен-жайы секілді болып көрінді Аманайға. Мына шашылған сүйек-саяқтар солардың жеген адамдарының, малдарының қаңқаларына ұқсайды. Бір ғана ұқсамайтыны – олар кетерінде үңгір аузын бітеп кететін. Мүмкін, есік алдындағы қорым тастар ауызқақпа шығар. Мүмкін, диюлар кетерінде жабуды ұмытқан болар... Олар сапардан оралғанда әуелі мұрындарын тартып, үңгір ішін иіскелейтін. «Жат біреулер кіріп кеткен жоқ па?» деп, тексерген түрлері. Егер тығылып жатар кісі болса, «адамзаттың иісі шығады ғой» деп, аласұрып іздер еді. Бұл жолы, сол диюлардай, сырттан ене бергенде әже мен немеренің мұрнына бір шірік иіс келген. Тас үңгірдің бұрышында тапталған, қуарған, кей тұсы дымданған шірік шөп бар екен. Бұл – жатын жай. Шылқылдаған сырт киімдерін үңгір ішіндегі шөккен түйедей өркешті тасқа жайған әже мен немере осы араға қисайған. Бастары жерге тиісімен ұйқыға кетерміз-ау деген екеуі де көпке дейін ұйықтай алмады. Әйтеуір рахат бір тіршілікке кезіккендерін екеуі де сезініп, аштықтарын да ұмытқан тәрізді. Осы арадан енді ешқайда шықпай, неше бір күндер мен түндер тырп етпей, демалып жатуға бақылдасқандай тым-тырыс. Тек Балзияның кәрі кеудесінің ғана бірқалыпты сырылы екеуіне де анық естіледі. Жауын астында мұздаған денесінің енді қалтырап, дірілінен гөрі

кеудесінің сырылынан қорыққан Балзия немересіне көңіліндегі қаупін айтуға қайта-қайта оқталып, бірақ неден бастарын білмейді. Көмейіне әлдене кептетілгендей, даусы да шықпай, біраз қиналды. Шалқасынан жатқан Аманайдың көзі дәл төбесіндегі күмбез тастың жықпылдарында жіпке тізіп іліп қойған шабақ балықтардай немесе еменнің қуарған жапырақтарындай салбыраған бірдемелерге түсті. Бұл немене екен деп ұзақ қарап жатып, көзі жұмыла беріп еді, әлгілердің біреуі жыбыр еткендей болды, жер үрледі ме дейін десе, үңгір іші тып-тымық. Көзін ашыңқырап тесіле қарады. Тағы бірі қозғалды. Аманай сонда барып жобалады. Ауылда талай көрген түсітүрі тышқанға ұқсас, айырмасы – қанаты бар, кәдімгі түнде ұшатын жарқанаттар. Осы үңгір ішіндегі тірі мақұлық осылар. Адамдар жайлайтын елді мекендерде ғана жүретін шығар деп ойлайтын Аманайды мына елсіз-күнсіз жерде, үңгір ішінде тасқа жабысқан қисапсыз жарқанаттардың тіршілігі таңғалдырды. Бұлар немен қоректенеді? Қыста қалай тұрады? Бұлар да ұйықтай ма екен, әлде?.. Жарқанаттар енді орындарынан қозғалақтап, мазасыздана бастады. Тегі күн кешкіре бергенде бәрі де жорыққа дайындалып, қас қарая бірі қалмай сыртқа ұшып шығатын шығар. Сонда тастай қараңғыда бұлар не ұстап жейді екен? Аманайдың тұла бойы тітіркеніп кетті. Бір жарқанат жабысып тұрған жерінен қалбаң ойнап, төмен қарай құлады да, сып етіп қайта көтерілді. Үңгір ішінде үй қарлығашындай сыпылдап ұшып жүр. Көзін жұма қалған Аманай жарқанат бетіме түсер деп қорыққан жоқ, «Егер жарқанат үйге кіріп қанын тамызып кетсе, сол үйден бір адам өледі» деген үлкендердің сөзі түсті есіне. Енді бір кезде қатар-қатар тізілген соқыр жарқанаттар жаппай қимылдап, тықыршып, бірінен соң бірі ұша бастады... – Аманай... балам, ояу жатырсың ба? – деді Балзия. Ұшып жүрген жарқанаттарды ойлап жатқан Аманай, жауап беру орнына, әлденеден шошынғандай: – Ә-ә, әһ?! – деп қайта-қайта қайталап, өз-өзінен кекештеніп қалды. Балзия әр сөзін үзіп-үзіп сөйлеп жатыр: – Сен енді мені тыңдап ал. Зейін қойып тыңда... Мен бұдан әрі жүре алмайтын шығармын... Өзім сезем... Енді жеткен жерім осы шығар... Әттең, қайтейін. Жеткізе алмадым-ау сені. Бекер-ақ болған екен... бекер!..

Балзия осыдан соң көпке дейін үндемеді... Кеудесінің сырылы да тынғандай. Оның орнына анда-санда ықылық ататын сияқты. Аманайға әжесінің ықылығы жылап жатқандай сезіліп, басын көтеріп, қараңғыда әжесінің бетіне үңілді. – Әже, неге жылайсың? – Осыны айтқанда Аманайдың өзінің де жылағысы кеп кетті. Тағы да бірдеме дейін деп еді, үніне булығып, айта алмады. Далада жел тынған-ау. Алыстан ағысы қатты тау өзенінің бірқалыпты сарылы келеді құлаққа. Үңгір іші тастай қараңғы. – Аманай, балам, ояу жатырсың ба? Балзия тағы да бағанағы сөзін айна-қатесіз қайталады. – Иә, әже. Ұйқым келмейді... Қарным ашты. Аманай соңғы сөзді қалай айтып қалғанын өзі де аңғармады. Кішкентайынан, қайсыбір сұраншақ балаларша, қыңқылдап әдеттенбеген, жаратылысынан төзімді әрі намысты бала осы жолда да бір рет қарны тойып ас ішпесе де, әжесінен тамақ сұраған емес. – Білем, Аманай, біліп жатырмын, қарның ашатындай болды, иә... Ертеңге дейін шыда. Таңертең бұлақтан су алып, шай қоярмыз. Бір амалы табылар... Ұйықтап қалсаң, қарныңның ашқаны білінбейді. Тіпті болмаса, қоржындағы малтаның біреуін аузыңа салып, сорып жат. Бірақ шөлдейсің ғой, – деп, баланың аштығы жанына батқан Балзияның, басқа не айтып жұбатарын білмей, іші удай ашыды. Бұлардың елден алып шыққан азықтары кеше біткен. Қанша үнемдеп, қысып ұстағанмен, қоржын түбінде қалған бір уыс малтадан басқа тіске басар түгел таусылған. Бір мезгіл ауыздарына салып сорып, шаймен алдарқатқан малта да азайып, енді талғажау етер құрттың өзін соңғы талшық санап, үнемдей бастаған. Екеуі тағы да біразға дейін үнсіз жатты. Күндізгі ұзақ жүрістен талып, өлердей шаршаса да, жаланған аштық ішті бүріп, бұрап, көзге тірелген ұйқы ашылып кетті. Аманай қанша шыдап бағайын десе де, болмады. Орнынан тұрып, қараңғыда сипалап іздеп, бас жақтарында жатқан қоржынды ашты. Талай жылғы сүр иісі сіңген ескі, ала қоржын ішінен екі малта алып, орнына қайта жайғасты да, біреуін аузына салып, екіншісін әжесінің қолына апарды: – Мә, әже, сенің де қарның ашты ғой. – Жоқ, мен жемеймін. Шөл келтіреді, денемде қызу бар, өзің же, балам.

Үңгірге кіргенде тұла бойы құрыстап, тоңып, басы зеңіп, қатты ауырлап қалған Балзияның денесі түнге қарай ысып, күйіп, барған сайын қызуы күшейе берді. Өзінің әбден зорығып, титықтаған әлсіздігін сезіп, енді ауырса қайтып тұра алмасына көзі жеткен әже, тілі сөзге келіп тұрғанда, немересіне соңғы аманатын айтуға бекінді. – Аманай, жалғызым! – деді Балзия даусы жарықшақтанып. – О не, әже? – Солпылдатып малта сорғанын қоя қойып, Аманай әже сөзіне құлақ түрді. – Бұдан әрі жүруге енді менде шама жоқ... Әл бітті. Осы үңгірде қалатын шығармын... Егер олай-бұлай боп кетсем, мені қойшы, дәмім таусылған адаммын, осы жерден біреу-міреу тауып алар... – Неге, әже? Неге қаласың? – Тұла бойы әлдебір қорқыныштан тітіркеніп кеткен Аманайдың аузына басқа сөз түспеді. – Жаман айтпай, жақсы жоқ, балам, тыңдап ал. Мұқият тыңда. Сөзімді бөлме. Менің сөзімді түгел тыңда. Ұғып ал. – Балзия бұл жолы әр сөзін шегелеп, ұғымды етіп жеткізе айтуға тырысып бақты. – Біз соңғы асуға келіп тірелдік. Бұл асудың арғы жағында, өзіңе талай айтқан – Жетісу жері, жалпақ ел бар. Ол – сенің атамекенің. Алтын бесігің. Оған жетсең, жамандық көрмессің, бағың да, көзің де ашылар. Ендігі тіршілігің сол жерге байланысты. Ол жерде Атымтай атаңның, бүкіл ел-бабаңның зираты, белгісі жатыр. Оған жететін бұдан әрі екі жол бар. Бірі – кең арналы Жылысай. Ол – бұралаңы көп, ұзақ жол. Одан жол таба алмай, көп адасуың мүмкін. Адаспаған күнде де, үш-төрт күндік жолға аштан-аш шыдай алмассың. Қолайлысы – екінші төте жол. Ол – бағана өзіңе көрсеткен биік шыңның бауырындағы Қылкөпір дейтін жалғыз аяқ қия соқпақ. Осы арадан күндіз қарасаң, көрінеді. Соны бетке алып жүре бер. Қия жолдан ассаң, ар жағы ылғи еңіс... Ол жақ бөктерде малшылар да, аңшылар да кездесіп қалуы ықтимал. Олардан енді қорықпа. Кездесе қалсаң, жайыңды айт. Еліме келе жатырмын де. Әкем аты Заманай, атам аты Атымтай дерсің. Қайда барсаң да осы атаңның аты арқылы сенің кім екеніңді ел түсінеді... Енді бір-ақ күн жүрсең, жетіп те қаларсың. Ит-құстан сақ бол... Қия жолдан өткенде байқа. Терең құзға қарама. Не көрсең де енді еліңмен бірге көр. Ертең ержеткенде бәрін ұғасың. Әзірше... жолың болсын... Енді дорбаңдағы малтаны екі қалтаңа бөліп салып ал. Тоқтаған, бөгелген жерде аузыңның дәмін аласың, ол да қорек...

Аманай әже сөзін түгел ұқпаса да, алыстан мұнартқан сағымдай, әлдебір жұмбақ тіршілікті сезетін сияқты. Бірақ жалғыз кету, әжені тастап кету дегенді мүлдем түсінбейді. Олай болар деп тіпті осы жарты ай бойғы жол үстінде әсте ойлап та көрген емес. Ойласа да, түсінбес еді. – Әже, мен сенсіз ешқайда бармаймын, – деді әлден уақытта Аманай даусы бұзылып, жыларманға келіп. – Мен енді жүре алмаймын дедім ғой. Мені аясаң, алдағы елге тез жет. Қайтып келіп мені алып кетерсің. Әйтпесе, екеуміз де осы үңгірде мәңгі қаламыз... Түсін мұны, Аманай. Сен енді Атымтай ұрпағынан жалғыз азаматсың. Қорықпа. Жол жүруді үйрендің ғой... – Сонда... сонда... – Аманай көз жасын зорға тежеп, тығылып сөйледі. – Әлима қайда? Ол... ол келе ме? – Аузына басқа сөз түспегені ме, әлде сағынғаны ма, Аманай туған анасын бірінші рет есіне алды. – «Келеді өзі іздеп, әйтпесе, кейін ержеткен соң өзің тауып аласың. Ел біледі... Ол – бір шіріген жұмыртқа. Алысқа, басқа жаққа кетеді ол. Табарсың іздесең. Ел біледі... Ел айтады саған... – Балзия Аманайды не деп жұбатарын білмей, көңілін де жылытпайын деп, бала уайымына мән бермегенсіді. Бұдан әрі екеуі де ұзақ үнсіз жатты. Аманай ішін бұраған аштығын да ұмытқан тәрізді. Басына келген неше бір шым-шытырық ойдың жетегінде көп уақытқа дейін ұйқылы-ояу мең-зең болып, Әлима туралы айтқан әже сөзіне мүлдем түсінбеді. «Неге ол шіріген жұмыртқа?», «Неге ол бірге жүрмеді?» «Қайдағы алысқа кетпекші?» «Ел нені біледі?» «Әжем бұл жөнінде бұрын неге ештеңе айтпаған?» «Әжем Әлиманы неге тастап, неге жасырынып кетті?» «Басында маған неге айтпады?» Өзіне жұмбақ болған осындай түсініксіз сұрақтардың шырмауында жатып, түннің бір уағында, аузындағы екінші малта тау сылар-таусылмаста Аманай ұйықтап кеткен. Таң ата қызуы мүлдем көтеріліп, тұла бойы табанына дейін күйіп-жанып, жанын қайда қоярға жер таппаған Балзия дөңбекшіп, аласұрды. Енді бір кез қылғынып бара жатқан соң, көйлегінің түймелерін ағытайын деп еді, ұйыған икемсіз саусақтарының әлі келмей, жанталасып, жағасына салды қолын. Әйтеуір, жан тәсілімде жұлқылап-жұлмалап жатып, көйлек түймелерін үзіп, сәл тыныс алғандай болды. Бірақ соның артынша-ақ алаулаған от ішіне түскендей өртеніп, аһылап-уһілеген қуатсыз үнінің соңы сандыраққа ауысқан.

Түсініксіз әлденелерді ұзақ сөйлеп, белгісіз адамдардың аттарын атап шақырып, ара-тұра жол азабы есіне түскендей «Сәукеле... көк мұз... келіп қалды, құладық... бәрі бітті» деген сияқты бір-біріне байланыссыз сөздерді айтып, ұзақ сандырақтап жатады да, енді бірде ұйқыға кеткендей тамағы қырылдайды. Ондай кезде анда-санда ернін сылпылдатып: «Сусын бар ма, шөлдедім, сусын бар ма, шөлдедім» деп анық сөйлеп, жалбарынғандай бір мақаммен сарнайды. Тегі, қайда жатқанын да ұмытқан-ау. Үлкен кісідей қор ете қалып, екінші жамбасына аунап түсер Аманай қайтадан ауыр пысылға басып, ештемені сезер емес. Сандырақтап жатқан әже сырқатынан да бейхабар, сусын сұраған жалынышты үнін де естімейді. Азапты күндердің өшін ұйқыдан алғандай, келесі сәскеге дейін басын көтерген жоқ... Аштықтан әлсіреген адам бір ұйықтаса басы зеңіп, өз-өзінен маужырап, тұла бойы ауырлап, мең-зең жата бермек. Сол хәлде ұзақ ұйықтаған Аманай келесі күні сәскеде көзін ашқан. Ояна бере көргені – дәл төбесіндегі қуысқа жиналған жарқанаттар тырнақтарымен тасқа жабысып, бастары салбырап тұр. Тура кешегі қалпы. Түнде тысқа шығып қоректеніп, енді ұйқыға кеткен түрлері болар-ау. Аманайдың оянғанын сезгендей, Балзия түндегі даусына салып тағы да сарнап қоя берді: – Сусын бар ма, шөлдедім, сусын бар ма, шөлдедім! – Бұл жолы көп сарнаған жоқ. «Естіген шығарсың, осым да жетер» дегендей екі рет қайталаған соң ернін сылп-сылп еткізіп, тамсанып барып тыншыған. Осылайша ұйқылы ояу мәңгіріп, түсініксіз бір тыныштық құшағында үнсіз жатқан өң мен түстің арасында тап қасына сомадай болып Атымтай келді. Баяғы, соңғы айрылысар кездегі жігіт Атымтай. Үстіндегі киімі де, өңі де сол қалпы. Балзия оны басқаша елестете алмайтын. Бұрын да түсіне талай енген Атымтай осы қалпынан бір айныған емес. Сонау отызыншы жылдардан кейін қайтып көрмегендігі ме, әлде екі ел арасында есебін тауып, қатынаған адамдардан оның қырғын соғыста қаза тауып, қыршын кеткенінен шала-шарпы құлаққағыс болғандікі ме, әйтеуір, егде тартқан мосқал Атымтай түсіне әсте кірген емес. Қазір де сол қалпында келіп тұр. Айырмасы – бұрын қашан көрсе де ләм деп тіл қатпай, не өкпелегенін, не ренжігенін сездіргені белгісіз, көзбен ғана сөйлесіп, ұнатпай қараған қалпы ғайып болатын. Ояна келе «е-е, өлгені рас екен ғой,

бір ауыз тіл қатпады ғой. Түсі келмей, суық қарайтыны, бәріне де мені кінәлап, мені жазғырғаны ғой» деп жоритын. Бұл жолғы келісі бұрынғы түсінде көретін келісінен мүлдем бөлек. Кәдімгі өңіндегідей. Алқа-салқасы шығып, кеудесі сырылдап, кенезесі кеуіп жатқан тірі өлік кемпірді аяғандай біраз үнсіз қарап тұрды да, сөйлеп қоя берді. Үні де баяғы жас күндегісіндей. Даусында мүсіркеу де, жанын зәбірлеп ұрсу да бар: – Е-е, бейшара, жатырсың ба. Итжемеде өлетін болдың ғой, сорлы! – Иә, өлетін шығармын. Кеудедегі сырыл көмейге тақалып қалды. Өлер алдында бақылдаса келді ме десем, тағы да жазғыра келдің бе? – Жазғыра да келдім, соңғы рет арыздаса да келдім. – Ендігі арыздасқаннан не пайда. Одан не келіп, не кетеді? – Одан келер-кетер болмаса, онда сені соңғы сапарыңда тергей келдім... – Сен... өзің, адамбысың, әлде адам бейнесінде келіп тұрған әзірейілмісің? Әлде тергеуге алар Әңкір, Мүңкірдің бірімісің? Мен осы өлімін бе, тірімін бе? – Әзір тірісің. Мен әзірейіл де, Әңкір, Мүңкір де емеспін. Заманайдың әкесі – Атымтаймын. – Заманайдың туғанын естіген екенсің ғой. – Ұл туғаныңды, оның атын, өзің айтқандай, Заманай қойғаныңды, кейін, түрмеден шыққан соң, ел арасынан шала-шарпы естігем. – Түрмеден деймісің? Ә, ие, баяғыда, біз екінші бетке өткен жолы, сені соттап, қамауға алыпты деп естігеміз. Есетті атып тастамағаныма осы күнге дейін өкінем. Бәрін мөлдіретіп айтып берген сол екен ғой... – Ол өз қара басын ақтау үшін, «мен жасырын тыңшы болып кетіп ем, қайтадан қашып келіп отырмын... Тап жауларын, Балзияны, әдейі тауда айла жасап, өткізіп жіберген Атымтай. Енді мұны дер кезінде ұстамасаңдар, ертең-ақ бұл қапысын тауып қалыңдығының соңынан қашып кетеді» деп, бар кінәні маған артып, өзі бас сауғалап, аман-есен қалғысы келген. – Иә, біз де тап осылай естіп ек. – Бірақ оның қаралаған-қараламағанында емес еді мәселе. Ол жолы кінәлі өзім едім ғой. Сен айлаңды асырып, мені тотитып кеткен жоқсың ба. Маған жүрген сот әділ сот еді. Мен тиісті жазамды алдым. Оған өз елімнің еш адамын кінәлай алмаймын. Бәріне кінәлі өзім, саған деген көзсіз махаббатым... Саған соншама сенермін бе?

Сен болсаң, өмір бойы біреудің қайғысына қайыспай, қара басыңның қамымен, өз дегеніңмен жүруге бейімделген жан екенсің. Біреудің бақытсыздығынан бақыт іздейтін мейірімсіз адам екенсің. Сол жолы да басқаны күйзелтіп, алысқа бақыт қуып кетіп едің ғой. Тапқан шығарсың? – Жоқ, мен бақыт іздеп кеткем жоқ. Елімнің бас амандығын, саулығын сақтауға кеттім. Мезгілсіз қаза тапқан әке арманын орындауға кеттім. Ал сен елде қалған, елінен қашпаған адам, не бақыт таптың? Сен өзіңді бақыттымын деп санайсың ба? – Әрине, бақыттымын деп санаймын. – Е! Ей, Атымтай, сендер өліп жатып, бақыттымын деуге әбден жаттығып, төселгенсіңдер. Біз кетісімен-ақ сенің күнің күн болды ма? Өмір бойы көргенің – жоқшылық, түрме, соғыс. Тым құрмаса, үй болып, отау тігуге мұршаң келмеді-ау. – Оның рас, отау тігуге мұршам да келмеді, көңілім де соқпады. Бір жыл отырған соң, мені босатып жіберген. Жай босатпады, ақтап босатты. Бірақ мен өзім қалаған бұрынғы жұмысыма қайтып орала алмадым. Бір қателескен адамға қайтып ол орынға оралатын жол жоқ. – Иә, оны да естіп жаттық. Колхоз құрам деп, қалған еліңді ашықтырып, өзің де мойның ырғайдай, битің торғайдай болып жүргеніңді естігенде саған жаным ашып, қатты аяп едім. – Бекер аяғансың. Мені мүсіркейтіндей тап бұл жолы қателік жасап, аяғымды шалыс басқан жерім жоқ. Егер сол кезде халықты бір араға ұйыстырмасақ, колхоз жауларымен алысып жүріп, қараңғы елдің көзін ашпасақ, жұрттың болашаққа деген сенімін де ақтамаған болар едік. – Ақтағандарың сол ма, елді ашаршылыққа ұшыраттыңдар. – Әрине, бәрі де қиын болды. Сендер сияқты байлар мал біткенді жан-жаққа таратып, тап жауларының қалдықтары талантаражға салып, қаскүнемдікпен елді тақырға отырғызса, оның үстіне «аша тұяқ қалмасын» деген асыра сілтеушілік сияқты қателіктерге ұшырасақ, мойнымыз ырғайдай болмағанда қайтеді. Соның бәрін біз сол ырғайдай мойынмен көтердік те. Арада бірер жыл өтпей еңбегіміз жанды. Жұмыс қайта жанданды. Халық тұрмысы қайта жақсарып, тарыққан ел қайта қоңданып, қайта көтерілді. Біз жау атаулыны, қиындық атаулыны аш-жалаңаш жүріп, бар ауыртпалықпен жағаласып жүріп жеңдік...

– Бірақ кейін өзің жау атанып ұсталғаныңды қайда қоясың? Оны да естіп жаттық. Адалмыз деген талай азаматтарыңның арам болып шыққанына алыста жатып, біз таңғалдық. – Иә, ол да ел арасында жасырын жүрген, бар жаулығын ішіне бүгіп жүрген Есет сияқты зымияндардың ісі еді ғой. Ол бір тағы да қателікке ұшыраған зауалды жыл еді. Ал менің жеке басымның қасіретіне, ұсталуыма себеп болған Есет. Оның тіліне тиек, арызына арқау болған – менің бетіме өшпейтін шіркеу сен едің ғой. – Сенен айырылып, біржола кеткен адамда не шаруаң бар? Қасірет шегіп, қайғыға душар болсаң-ақ, мені жазғыра бастайтының не?! – Менен айырылғанда, сен жалғыз кетсең бір сәрі. Сен менің ұлымды – Заманайды бірге ала кетпедің бе. Дүниеге Заманай келгенін естігелі, менің жүрегімнің бір бөлшегі Сәукеле тауының ар жағында соғып тұратын сияқтанатын. Содан бері «сол бетке асып, ұлымды бір көрсем-ау, амалын тауып бері алып өтсем-ау» деп те армандайтынмын. Соның сәті кейінгі бір жылы түскендей болды. Мен сол жаққа баратын делегацияның тобына, тізіміне іліктім. Жоғары орында отырған бір жолдастарымның соңынан қалмай жүріп, солардың көмегімен іліктім. Бірақ тап аттанар сәтте мен жолға шығу орнына тергеушінің алдынан бір-ақ шықтым. Маған жала жабылды: «Менің ұзақ жылдар бойы үйленбей бойдақ жүруімнің себебі – тау асырып жіберген әйелім, тап жауының қызы Балзия және ұлым Заманай бар екен. Мен енді есебін тауып, сол жаққа өтпекші екенмін де, сол жақта елімді сатып, қалып қоймақшы екенмін. Бір отырыста «мен ұрпақсыз емеспін, ұлым бар, ол есейген соң бәрібір мені табады, елін табады не мен табамын оны» деппін. Мұны менің мойныма мөлдіретіп салып берген әлгі Есет еді. «Мен ақ, адал ниетімді айтсам да, ақтала алмадым. Сол бір жыл – арыз айтушы, қарамайшелек жалақор, зұлымдардың арам ойы іске асқан, төбеден мықшита ұрар ұрымтал тұсты аңдушылардың сәтті жылы еді. – Иә, жала жабылып кетті дегенді біз де естігенбіз. Бірақ сенің соғысқа қалай кеткеніңнен бейхабар едім. Бертін, тіпті жақында, ел жақтың газетін алып отырып, сенің қаза тапқаныңды содан оқығам. Ертеде сен ашқан колхозды ауылда Отан үшін соғыста қаза тапқандарға зәулім ескерткіш орнатқан екен. Мәрмәр тастың бетіне жазылған адамдардың тізімін беріпті. Ішінде бір семьядан сенің де атың жүр. Басқа біз білетін үйлердің әрқайсысынан үштен, төрттен

адам өлген екен. Бар ауылдың бүкіл жастары түгел қырылыпты-ау. Ұрпақ жая алмай, қыршын кеткендердің ішінде сен де барсың. Онда несіне бақыттымын дейсің. Өмір бойы алыс-жұлыспен өткен өміріңе мақтанамысың, әлде сол қиын тұрмыстың тауқыметін қалған өміріңде тартпай, мезгілсіз көз жұмғаныңды бақыттылық санаймысың? – Өлімге мойынсұнған қарттар болмаса, мезгілсіз қазаны кім тілеуші еді. Мен адал өлгенімді ғана бақыттылық деп санаймын. Кешегі соғыс алапатын мен алыстағы орманда ағаш дайындап жүріп естідім. Біздей адамдарды ешқайда босатпайтын. Мен көп сұранып, көп жазып жүріп, сәті түсіп майданға, алғы шепке аттандым. Ел басына күн туған қасіретті шақта елмен бірге болудың, ел үшін жаныңды пида етудің, өзіңді жазықсыз жазалағанда адал тірлігіңмен, ақ жүрегіңмен ақталудың қаншалықты қасиетті нәрсе екенін түсінемісің?! – Өлімге сұранып, қаза тауып ақталуды түсінбеймін. Қаза табар жұртыңды тірі алып қалуды түсінетін едім. – Ә-ә, сен әлі де ұқпаған екенсің. Өзім де солай ойлап ем. Бүкіл ел-жұртымыз жаумен жағаласып, қан кешіп, ауылдағы қатын-қалаш, жас балалар мен таяғына сүйенген қарттарға дейін майдандағыларға, өздері аш-жалаңаш жүріп, тамақ, киім, оқ-дәрі дайындап, аласұрып жатқанда, сендер, Балзия, Сәукеленің арғы бетінде ат жарыстырып, көкпар тартып, той тойлап, сары қымызды сапырып ішіп масайрап жаттыңдар. Біздер үшін белдерің қайысты ма! Жо-оқ, қайда-ан қайыссын, өздеріңнің аман қалғандарыңа, бастарыңның саулығына мәз болдыңдар. Ел-жұртымның саулығын қорғадым дегенің сол саулық шығар. Сен өзіңмен еріп кеткен адамдарыңды сол алапат соғыстан аман алып қалғанмен, солардың ұрпағының жанын жаралап жатқаныңды білдің бе?! – Түсінбедім. – Дұрыс айтасың. Сен қайдан түсінесің. Елін, жерін тастап, бас сауғалап кеткен адам Отан деген сөзді ұмытады. Ол үшін қаза табу деген, Отансыз адамға, әрине, қисынсыз, тіпті күлкілі. Ал мен сол Отан үшін өлгенімді бақытты санадым. Сен оны, әрине, түсінбейсің. Сезбейсің! Алдынан ажал оғы борап тұрғанда, аузынан ажал отын шашып, неше бір үрейлі үнмен, сықырлаған, дүрілдеген темір құрсаулы аждаһалар төніп келгенде, оған қарсы шабуылдауға кімнің жүрегі дауалайды. Кімнің дәті шыдайды? Біз сол ажалға талай рет қарсы ұмтылдық. Бізді – әр ұлттың ұлдарын жігерлендіріп, намыс отын тұтандыратын бәрімізге ортақ бір-ақ сөз еді. Ол – Отан.

«Отан үшін алға!» деген сөз естілсе-ақ, біз алға атой салып, жауға тойтарыс беретінбіз. Ешкім бізді қорқытып, ешкім бізді мылтықтың дүмімен желкелеп жұмсамайтын. Отан деген сөз әр солдаттың көз алдына үйіндегі ата-анасын, бала-шағасын, жерін, елін елестететін. Мен соңғы рет жауға қарсы тайсалмай ұмтылғанда «Отан үшін!» деп ұмтылдым. Не үшін ұмтылғаныма сеніп ұмтылдым. Көз жұмар алдында, қиналып жатып та, не үшін өлетінімді түсініп кеттім. Әрине, саған түсініксіз. Сен ертіп кеткен қашқындардың болашақ ұрпағына ол мүлдем түсініксіз. Ол ұрпақ кейін елі үшін, жері үшін қаза тапқандардың ұрпағымен бетпе-бет кездесер, сонда олардың бетіне қалай тура қарамақ. – Сен енді ұрпақты айыптамақпысың?! – Жо-оқ. Ұрпақта жазық жоқ. Бірақ Отаны жоқ ұрпаққа сенімсіздікпен дүдәмал қарайтын ұрпақта не жазық бар? Бір ауылдың, бір ауылдың ұрпағының жүрегіне дақ түсіріп, жаралаған сен, Балзия. Қия тастағы Қылкөпірде тұрып айтқаным осы емес пе еді. Енді сен өлім мен өмірдің қылкөпірінде тұрсың. Әбден қаусап, қазулы көрдің шетінде тұрғанда, несіне елге оралдың. Өлер шағыңда бар айыбыңнан арылып, ақталғың келді ме? Қане, не демексің? – Айыбымнан арылып ақталу дегенді мен соңғы күнге дейін ойлағам жоқ. Жалғыз ғана мына сенің ұрпағың – Аманайды атамекеніне жеткізіп, өз жерінде, өз тілінде сөйлеп, өз елінің азаматы болудың не екенін ұғып өссін деген ниетпен жолға ұрланып, қашып шықтым. – Бір кезде дүйім елді бастап, көсемдегі аттай алдына түсіп кеткен Балзия, енді қаршадай баланы әрең ұрлап әкетсең, таусыншақтай әбден жұқарып, жетесіне дейін жіңішкерген пышақтай мұқалып біткен екенсің, ел алдындағы баяғы беделіңнен жұрдай болған екенсің. – И-е, менде қазір не бедел, не дәрмен қалды дейсің. Ар жаққа өткен алғашқы жылдары өзіме ерген елді жұмсам – жұдырығымда, ашсам алақанымда ұстап ем. Келе-келе, құбылмалы заманға қарай адамдар да құбылып, өз бетімен жайылып, өз бетімен қаумет ететін болды. Елу жылда – ел жаңа – жаңа туған балалар, жаңа келген жас буын жасөспірімдер кейінгі кезде бізді көзге де ілмейді. Жаңа ағым, жаңа тасқындарға қарай, балапан – басына, тұрымтай тұсына дегендей, өз тіршілік қамын қуған олар жан-жаққа бытырап, қайсыбірі туғандарынан да безіп, жел айдаған қаңбақтай тым-тырақай босқан жоқ па! Елде қалған өлмелі шал-кемпірден

басқалары бірі – ойға, бірі қырға тартып, әр жерден пана іздеп кеткен. – Тұрақты жері, тиянақты мекені жоқ адамның күні қашан да солай, тек қара басының қамын ойлайтын құлқынның құлы. Ал енді, Заманай қайда? Заманай! Ол да сені, үйін тастап, қаңғып кетті ме? Әлде қаза тапты ма? Не болды? Заманай қайда? Айт қане! Оның қайда екенін сен ғана білесің. Өлі-тірісін сен ғана білесің! – Ол рас, мен ғана білем. – Айт ендеше, айт! Неге бөгелдің... Менің ұлым қайда, жатырыңда жасырып әкеткен ұлым Заманай қайда? Айт! Балзия осы тергеудің тұсында да әлденелерді айтып сандырақтап кетті де, ұзақ уақыт дөңбекшіп, тер қысып, ауыр ыңқылдап жатты. Тергеуге алған Атымтай салалы саусақтарымен қылғындырғандай, енді бір кезде қырылдап, тұншығып бара жатқан әлжуаз кемпірдің қысылғаннан маңдайынан шып-шып тер шықты. Тұла бойы болмашы жіпсіп, сәл тыныстаған Балзияның қасына тағы да Атымтай келді. Жүрелеп отырған қалпы: – Қане, сәл демалдың ба? Енді айт, Заманай қайда? Айтып кет, бәрібір өлесің. Айтып кет! – деп жан алқымға алды. – Сенің Заманайды сұрайтыныңды бағана, келген бетте-ақ білгенмін. Бұрын да талай оқталып, үндемей кететінсің. Мен де үн-түнсіз қалатынмын. Заманай жайында осы күнге дейін ешкімге ештеме айтып көрген емен. Әлимаға да тіс жарғам жоқ. Кейін ол біреулерден тиіп-қашып бірдеме естіп, бірақ көпке дейін күдерін үзбей жүруші еді... Аманай да ештеме білмейді. Ес білген соң айтармын деуші едім. Енді осы арада айтып кетпесем, бұл бейшара бала да өмір бойы туған әкесінің қайда қалғанынан бейхабар өтеді ғой. Енді айтайын, сен де тыңда, Аманай. Өткен өмірді көз алдынан өткізіп, талай тіршілік иірімдерін ойлап, өзінше «сөйлеп» жатқан Балзия бұл кезде немересінің қасында жоқ екенін де аңғармаған. – Сол жыл, әлі есімде, шалдардың айтуы бойынша, доңыз жылы болатын. Ер-азаматтың басына күн туып тұрған аумалы-төкпелі заманның естен кетпес бір қолайсыз кезі еді. «Әскери коммуна» деген тәртіп орнап, жұмысқа жарамды ерлер мен әйелдердің өз билігінен өзі айрылған тұсы болатын. Ол кезде Аманай дүниеге келген. Заманайдың есіміне ұқсатып, аманшылық кезде туған немеремнің атын, басымызға қашанда амандық болсын деген ырыммен, Аманай

деп өзім қойғамын. Дәрменсіз пенде қашанда ырымшыл емес пе. Ол жылы жазға салым Заманайды қатын-қалашы, кәрі-құртаңы бар – бір топ адаммен Білікті деген тауға жұмысқа алып кеткен. Арада екі-үш ай өткен соң, хабар-ошарсыз кеткен баламның халін білейінші деп, бір ағайыннан тіленшіленіп ат алып мініп, жолай сұрай-сұрай, жұмыс істеп жатқан жерлерін де таптым. Жалынып жүріп, баламмен кездесуге рұқсат алдым. Білікті тауының кең қойнауына орналасқан жұмыскерлердің тұрмысын адам ауызбен айтып жеткізу қиын... Мұнда ұрғашы заты жоқ, тек еркектер ғана жұмыс істейді. Ол не заң екенін кім білген – әйтеуір әйелдер мен еркектерді бір-біріне араластырмайды екен. Мұндағы әйелдерді Текес деген жерге, Текестегі еркектерді осында жинаған. Ас пісіретіндер де еркектер. Мен келген бойда Заманайды таба алмай, кешке дейін шарқ ұрдым. Сөйтсем ол таң сәріде бұл арадан жиырма бес шақырым тау ішіне ағаш дайындайтын жерге жаяу кетеді екен. Оны маған аспазшы бір сібе8 жігіт айтты. Шала-шарпы қазақшасымен әр сөзін ежелеп, жиі кекештене түсіндіріп тұрып, «әне, әне көрінді, көрінді, балаң сонда болар» деп, жоғалған затын тауып алғандай қуанып, қолын шошайтып, тау жақты көрсетті. Күн батуға таянған кез. Алаулаған күннің қызыл шапағы түскен тау бауырынан ұзыннан-ұзын шұбатылған сұйық қызғылтым тозаң көрінді. «Бұл не ғаламат?» деп түсінер-түсінбес, әйтеуір, алдарынан шығайын деп, көптен сағынған ұлыма қарай асығып, аттың сауырына қамшы бастым. О, ғажап, шынында да адам баласы көрмеген, естімеген не бір ғаламаттар бар екен-ау! Шамасы үш жүз, төрт жүзге жуық адам екі-екіден иін тіресіп, адам аяғы салған жолмен жортып келеді. Қызғылтым тозаң солардың аяғынан көтерілген борпылдақ шаң екен. Қалай үйренгендерін, кім үйреткенін қайдам, әйтеуір, бәрі де бір мақам, бір әуенмен баяу сарнап келеді. Құлақ түріп тыңдап ем, бәрінің қосылып айтатыны бір-ақ сөз – мағынасыз сөз «әй-и-ә! Әй-й-е!» Бәрінің қос иінінде әпкеш. Әпкештің екі басына теңдеп ілген екі бума ағаш. Кейін білдім, әр адам жиырма бес шақырым жерге күніге бір қатынағанда бір пұт ағаш кесіп әкелуге тиіс екен. Бұл ағаш тар – шойын қорытатын жер пештің тамызығы. Бәрі тегіс бір ырғақпен қозғалып, бір ырғақпен теңселе әндетіп, бүлк-бүлк жортқан адамдар қасымнан өтіп жатыр, өтіп жатыр. Жол езуінде тұрған маған бірі көз салып қарамайды: «Әй-и-е? Әй-й-е» деп, ырғала басып, _______________ 8Сібе – ұлт.

шұбатылған адамдар керуенінен ұлым Заманайды іздеп мен тұрмын. Тарам-тарам тер сорғалаған беттеріне шаң қонып, айғыз-айғыз баттасқан ұсқынсыз пақырлардың бірінен-бірін айырып болмайды, бір қалыптан шыққандай. Өңкей тапал адамдардың ішінен кездесер бірен-саран сұңғақ бойлыларына тесіле қарасам да, ұлымды ажырата алмадым. Ол саған тартқан ұзын бойлы еді. «Заманай, Заманайлап» бір-екі рет шақырып та көрдім. Ырғақты «әй-й-е? әй-й-е» естіртпеді ме, әлде естісе де тоқтап, аялдауға болмай ма, ұзыннан-ұзын шұбырған адамдар легінен бір тірі пенде мойын бұрып қараған да жоқ, сытылып шыққан да жоқ, тауды бөктерлеп бүлкілдеп, жайбарақат жылжыған алып айдаһарша ирелеңдеп, қойнаудың табанына түсе берді. Бақсам: «әй-й-е, әй-й-е» – жол азабын ұмыту үшін өздерін алдарқататын әшейін бір мағынасыз әуен екен, ауыр жұмысты жеңілдететін өзінше бір ән ырғағы екен. «Әй-й-е»-ден басқа ол сорлыларда не қалды. Ағаш тасушылар жуынып-шайынып, шағын лапас – қопыңдағы асханадан кезекпен тұрып ауқаттанып шыққан соң ғана, мен ұлымды тауып алдым. Бойының биіктігі де, бет әлпеті де сенен айнымайтын Заманайдың түсі де сен сияқты суық еді. Бірақ маған сол күнге дейін көзін бір алартып қараған емес. Осы жолы тұңғыш рет маған кейістікпен жаратпай қарады да: – Неге келдің? Менің мына ұсқынымды көруге келдің бе? Әлде мені өлді деп келдің бе?! Жо-жоқ, мен әлі біраз азап шекпей өлмеймін, қорықпа! – деп, әлдекімге кектенгендей, тісін шықырлатты. Басқа ештеме айтпады. Мен мініп келген атты суарып, тау бөктеріне шідерлеп жіберді де, мені жатар жеріне алып жүрді. Мұндағы жұмыскерлер қатар-қатар соққан ұп-ұзын там үйге орналасқан екен. Біз келсек, мұнда жүз шақты адам демалып жатыр. Астарына қамыс бойра төсеген адамдар қаз-қатар сұлап, алды ұйықтап та кетіпті. Заманай шет жақта қисайған бір танысымен орын алмастырып, мені іргесіне алып жатты. Әлима мен Аманайдың амандығын осы араға келген соң ғана сұрады. – Әлима қалай, Аманай ширап келе ме? Кімге тартыпты? – деп, одан әрі ештемені ежіктемей қысқа ғана сұрады да, менің жаңа жаңалығымды толық тыңдамастан: – Мұнда несіне келдің? Біздің жағдайды білмегеніңнің өзі жақсы емес пе еді. Әлимаға көргеніңді айтпай-ақ қой. Ертең қоштаса алмаспын, сәлем айт! – деп, жаратылысында сараң сөйлейтін ұлым орнынан тұрып, есік жақтағы ағаш жәшік үстінде тұрған зығыр майымен жанатын білте шамды өшірді.

Ешкім «неге өшіресің» деген жоқ. Тегі, Заманайдан басқаларының бәрі бастары жастықшаға тиісімен-ақ ұйықтап кетсе керек. Күнұзынғы ауыр, шаң бораған алыс жол азабынан талып, шаршаған жандар неше түрлі жан түршігерлік қорылмен жер үйді бастарына көтерді. Бұл түні ұлыммен дұрыстап сөйлесе де алмадым, ұйықтасын деп аяп, мазаламадым...» Бұдан әрі Балзия ештеме айтпады, тағы да аласұрып, қиналып, ауаны қарманып сандырақтай берді. Есіне әлдене қорқынышты жайлар түскендей, даусы да үрейлі естіледі: «Қызайлар, қайдасыңдар! Әне, ағаулыттар келе жатыр. Ұрса ма, ұрсады, ә? Ханға бармашы, барма деймін Ханға. Көр, көр, тірідей көр...» деп басы-аяғы жоқ бірдемелерді көз алдына елестетіп, сандырақтап жатты да, «Діңқұла, діңқұла!» деп айғай салып, бақырып, жан даусы шықты. Бірақ, мұның жан ұшырып бақырғанын ешкім естіген жоқ. Кемпірдің көмейінен шыққан бажылдаған дауысты сезінген жарғанаттар ғана жұмсақ тықыр түктері жыбырлап, жайлы орындарынан қозғалақтап, сулы тұмсықтарын тыржитты. Балзия тер қысып, ұзақ сандырақтады. Көз алдына келген қызылды-жасылды оттар бірде алыстап, бірде жақындап, кейде шыр көбелек айналып, бір-бірімен қым-қуыт араласып, көзінің түбін суырып, миын шағады. Ұзақ талмаусырап, ессіз қалған сәттерінде, «енді шынымен-ақ өлген шығармын» дегендей, өлімге мойынсұнған Балзия қайтадан тіріліп, ұйыған жансыз денесіне қайтадан ыстық қан жүгіріп өткендей болды. Тіршіліктің ең бір тәтті сәті – тыныш ұйықтау екен ғой. Тұла бойы сәл жіпсіп, маужырап, талмау ұйқыға кетіп бара жатыр еді, тағы да көз алдына сомадай Атымтай келді. Бұл жолы екеу. Бір-бірінен айнымайды. Жастары да шамалас. Бар айырмасы киген киімдері бөлек. Сөйтсе, біреуі Заманай екен. – Неге үндемей қалдың. Бастағасын түгел айт, – деп Атымтай зеки сөйлеп еді. – Иә, айта ғой. Әкем естісін. Мен бара тұрайын, сосын өзім келіп алып кетермін, – деп Заманай теріс айналып, көзден ғайып болды. Кейде түсінде көргеніңнің бәрі қайта қайталанып, үзік-үзік оқиғалардың қайта жалғасып, тап өңіндегідей көрінетіні бар. Балзия бұдан он шақты жыл бұрын болған қайғылы уақиғаны қайта есіне түсіріп, қасында отырған Атымтайға тағы да баяндай берді: «Мен баламның айтқанын тыңдамай, Біліктіден келесі күні де кетпедім. Ойым – қашан ішіп-жемім таусылғанша қасында бола тұру.

Тау арасында тіршілік еткен, бір ағайындар жіберген сәлем-сауқатты ала келгем. Заманай: «Керегі жоқ, еңбегіңді төлемесе де, тамақ жағы жеткілікті», – деп алмады. Оны кеткенше өзім қорек еттім. Апырай, жүрегі құрғыр сезген-ау, әйтеуір сол арадан кеткім келмей-ақ қойғаны. Арада үш күн өткен соң Заманай жер астының жұмысына ауысқан. Ол жерді хаң9 дейді. Күніне елу шақырым жерге жүк артып жүруге ілуде біреу болмаса, көпшілігі шыдамайды екен. Жалаң аяқтанып жүгірген адамдардың башпайының көбесіне дейін сөгіліп, май табандары күп болып домбығып, көнге айналып кетеді. Күндіз жүрген адамдар ет қызумен ештеме сезбесе де, кешке жатқанда қайсыбірінің сүйегі қан қақсап, таң атқанша домалап шығады. Осындай сормаңдайларды қашан жазылғанша тас үгетін, есекке ыңыршақ салып, су таситын жұмыстарға немесе хаңға ауыстырады. Бір күні Заманай жер тамда жатып, қараңғыда ұзақ сөйледі. Соңғы бақұлдасуы екен. Заманай мені апа да, тәте де демейтін, өз атыммен атайтын. – Балзия, енді мұнда келмей-ақ қой. Қайтесің. Менің мына сорлы күйімді көріп қорланғаннан басқа не табасың? Маған да сенің келгеніңнен не пайда? Маған ешкімнің мүсіркегенінің керегі жоқ. Мен өмірден мүлдем түңіліп, бәрінен де күдер үзген адаммын. Бұрын саған бір түрлі аянышпен қараушы едім. «Сормаңдай анам» деп аяушы едім. Кейін, ойлана келе, өзіңді де, мені де мүсәпір халге душар еткен – сен екеніңе, жаратылысыңда қыңыр, қисық мінезіңнен тапқан, өзімшіл өркөкіректігіңнен тапқан орны толмайтын қателігің екеніне көзім жетті. Содан бері, ренжіме, Балзия, менде анаға деген мейірім жоқ. Сен мені өз мекенімнен, ел-жұртымнан, туған әкемнен алып кетіп, маған таныс емес жат адамдар, бірін-бірі білмейтін, түсінбейтін қамқорсыз, өздері де кіріптар дәрменсіз жандар қыбырлап, мағынасыз тіршілік еткен қамау торға әдейі әкеп тастағандай көрінесің. Мен де торда жатып, жан-жағына жиырыла қарайтын жылан сияқтымын. Енді мені аяма да, мүсіркеме де, бар сұрайтыным сол болсын, ана келініңе – Әлимаға ұғындыр, Аманайды аман сақтасын. Тірі жүріп, ержеткен күндердің күнінде мен көрмеген әкемді сол көрер. Сол менің соңғы сәлемімді жеткізер... Таң сәріде жұмысқа кетемін. Сен ұйықтай бер. Атыңды әкеп қоярмын. Елге жүре бер. Енді сені мұндағылар жатқызбайды да. Лұқсат жоқ, бітті! _______________ 9Xаң – шахта.

Заманай сөзінің ұзын-ырғасы осы. «Байғұс бала сені бір көрсемау деп армандайтын еді. Жиі айтпайтын. Анда-санда сен туралы жай ғана сұрайтын. «Түрі қандай, бойы қандай, мен ұқсаймын ба?» дегеннен аспайтын оның сұрақтары. Әке көрмеген, әке тәрбиесін алмаған баланың анаға қатал, сыртқа бұйығы, іштен тынып өсетін тұйықтығын өз Заманайымнан байқадым, соның мінезінен көрдім. Сол күні менің де жүрегім, бірдеме сезгендей, өз-өзінен өрекпіп, хаң жаққа қарағыштап, елегізи бергенім. Кешқұрым жұмыстың аяқталатын мезгілі тақаған шақ еді, тау қойнауы адам үнімен жаңғырып кетті. Әр жерде қыбыр-қыбыр жұмыс істеп жүрген жүздеген адам айғай-сүреңмен хаңға қарай жүгірісті. Әр жерде белгі беруге ілінген темірлер даңғырлай, шаң-шұң шыңылдап кетті. Әр тілде сөйлеген неше бір ұлттың, ағаулыттардың, қашқарлардың, сібелердің, қызайлардың аузында бір-ақ сөз: «дінхала», дінхала» деп даланы басына көтеріп, шұбырып барады. Бір сұмдықты ішім сезіп, хаңға мен де жеттім. Зұхаңнан тырмысып шыққан бет-аузы күйекүйе адамдар топырлап, домалап жатыр. Енді біреулері борсықтың ініндей тар ауызда кептетіліп, соңғыларына жол бермейді. Шамалары жоқ, әлдері құрыған сорлылар. Көмекке жеткендер оларды сүйрелеп, зұхаңнан әрі апарып тастап жатыр. Улаған-шулаған адамдардың үні бір кезде пышақ кес кендей тыйылды. Сөйтсе, іште қалғандар енді шыға алмайтын болыпты. Жер тамда жағатын шам секілді зығыр майы құйылған құты-шамдармен зұхаңа құйрықтарымен сырғанай түскен адамдар әрі тереңдеп бара алмай, көздерінен жас парлап, қайтадан атып-атып шыққан. Әрі қарай баруға болмайды, жалп етіп шам сөне береді. Мен мұны түсінбеп едім, кейін естідім «дінхұла» дегені – жер астынан шығатын улы ауа екен. Көмекке келген дәрменсіз жандар былқ-сылқ еткен уланған адамдарды сүйрелеп, жетектегеннен басқа, жер астында қалғандарға жәрдем ете алмай, хаңның маңынан тарап кетті. Жалғыз мен ғана түні бойы көрер таңды көзіммен атырып, зұхаңның алдында, ін аузында бетін тырнап, байбалам салған жетім суырша, ағыл-тегіл жылап, ұлымды күтіп мелшидім де отырдым. Ұлым шықпады. Екі күн күттім, Заманайымның үні де естілмеді. Үшінші күні хаңның басшылары келіп мені қуып жіберді. Бұл арада дінхұла енді басылмайды деп, сол күні зұхаңның аузын оқ дәрімен жарып, аспанға атқан таудай топырақ үйіндісімен жаба салды. Жер астында, тереңде, екі жүз жұмыскер, екеуміздің ұлымыз Заманай да бірге көміліп, мәңгі қала берді...»

Жан-жағын әлсіз қолдарымен қарманып, сипалақтай оянған Балзияның тұла бойы мұп-мұздай боп кетті. Қасында немересі жоқ. Күн мен түнді айыра алмай, мәңгіріп, ұйқылы-ояу сандырақтап, аласұрып шыққан кемпір Аманайдың «су әкелуге барам» дегенін құлағы шалғандай еді. Бірақ қашан айтып, қашан кеткенін білмейді. Әйтеуір кеткелі бір қыдыру уақыт өткенін тұспалдады. Одан бері күн батып, түн орнап, қайтадан келесі күннің үңгір ішін жарықтандырғанын ауру жүрек сезеді, бірақ немересінің келген, келмегенін білмейді. «Аманай, қайда жүрсің?» деп, даусы қарлыға сұрағаны сол еді, бағанағы Атымтайдың үні тағы да үңгір ішін жаңғырықтырып жіберді. Бұл жолғы үні мүлдем бөлек. Қорғасын құйғандай зілдей басын жан дәрменде көтеріп алып, үңгірдің екінші басына кілбие қараған Балзияның жүрегі су ете қалды: Кешкі ала көлеңкеде көзіне аю түсті... Аманай кеше, «сусын бар ма, шөлдедім, сусын бар ма, шөлдедім» деп екі қайтара сұраған әжесінің аянышты үнінен соң, тобатайын алып, су әкелуге тысқа шыққан. Үңгірде, жылы жерде бұйығып жатып, көп ұйықтағанын сонда білді. Күн түстен ауып барады. Дала жап-жарық, кешегі бүрікпе жауын ашылып, аспанда тұтасқан күл түсті сіреспе бұлт жым-жылас жоғалыпты да, оның орнын әр жерде қалқыған ақ бауыр шуда бұлттар басыпты. Көкпеңбек аспан да биіктеп, тынысы кеңіген сияқты. Ала бұлттың арасынан құйылған шуағы үңгірдің аузындағы тастарды жылыта бастағанмен, таза ауада салқын леп, бойды тоңазытар ызғар бар. ЬІсқаяқ көк жүзінде баяу көшкен ағала бұлттар қар бұлттары болса керек. Қай жерде бұлақ не өзен барын бақылап, төңірекке қараған Аманайдың көзі алдымен, кешегі әжесі көрсеткен, Азулы шыңына түсті. Кеше өлердей шаршап, қажып әрі аштықтан бұратылып тұрған бала әже сөзіне онша құлақ аспап еді. Және бұлтты, жауынды кеште ол тау көрінбес те еді. Енді, өзі күнде көретін Сәукеледей, Азулы шыңы да көзіне жылы ұшырап, мен мұндалап шақырып тұрған сияқты. Белдеулеп, ирелеңдеп жол да анық көрінеді. Жарлауыттау келген құздың бас жағы да айқын. Тек төменгі құлама жағы кішілеу таулардың сілемінен көрінбейді. Аманай осылардың бәрін қас қағымда байқады. Сол қас қағымда көңіліне бір қуаныш та ұялағандай еді. Ол – кеше ғана әжесінің үрейлі сөздерінен қорқып, тіршіліктен бір түрлі күдер үзгендей қамыққан

көңілді қайтадан жадыратқан үміт оты. Ол үміт сонау алыста, ашық күнде анық көрінген Азулы тауы мен Қылкөпір. Қылкөпір. Әжесі «Қылкөпірге жетсек-ау, Қылкөпірге, ар жағы оңай. Қол созым жерде қалың ел, Қылкөпірден өтіп алсақ, бар ауыртпалықтан, бар жол азабынан құтылып, еңістен төмен қарай жүгірер едік-ау. Шіркін-ай, Азулыға жетсек, Азулыға!» – деп, жолда, ұйықтар алдында, андасанда есіне алып қоятын. Енді, міне, армандай болған сол Азулыға жетіп-ақ қалған екенау. Шеті де, шегі де жоқ, елсіз-күнсіз тау ішінің азабы таусылып, жеті таудың ар жағындағы Жетісу еліне шынымен келгеніміз бе деген ой Аманайға өң мен түстей болып тұр. Тек енді тездетіп жүру керек. Тез жету керек. Адамдарға жету керек. Шіркін, адамдармен сөйлесіп, олармен бірге жүру – не деген бақыт. Аманай адамдарды сағыну дегеннің не екенін, адамсыз адамның өмір сүруінің қаншама қасірет екенін іштей түсінген сияқты. Алыс, ауыр жол әже алдында ерке, тентек немереге көп нәрсені ұғындырған сияқты. Ержетіп, азамат болып шыңдалудың басы осындай қиындықтан, азаптан басталатын шығар-ау. Аманай мұның бәрін ойлаған жоқ, жүрегі ғана әр нәрсені шым-шымдай сезетін тәрізді. Аманайдың ендігі ойы – тездетіп су әкелу. Жол бойы әжесінен көргендей от жағып, шай қою. Басы ауырып, шөлдеп әрі аштан бұралып жатқан әжесіне ыстық шай ішкізсе, мүмкін, тез сауығып, жолға шығар. Кеше үңгірге қарай бұрылғанда сай ішінде жылап аққан бұлақты көрген. Тіпті әжесі екеуі бұлақтың жіңішкелеу тұсынан аттап өткендері де есінде. Ол – бағанағы, әжесі айтқан Жылысайдың бұлағы. Аманай Тастамнан төмен домалаңдай жүгіріп, алдындағы бір дөңестен асып түсіп еді, тура жобалаған екен: кең арналы Жылысай, оның төменгі табанында жылт-жылт етіп ағып жатқан бұлақ. Аманай тастай бұлақтан су алуға ыңғайлы жерді қарап тұрғанда көзіне келесі беттегі ұсақ шыбықтар, оның арасында қызарған бірдемелер түсті. Тобатайын бұлақ жиегіне қоя салып, судан жеңіл қарғып өтіп, соған келді. «Итмұрын ба?» деп, ішін аршып жеуге қуанған бала өз көзіне өзі сенбей тұр. Баданадай-баданадай таңқурай. Бұл айдың ортасында ағып кететін таңқурайды әжесінен естіген Аманай әуелі бір-екеуін үзіп алып, аузына салып еді, тура өзі. Қалайша осы күнге дейін ақпай, тіпті езілмей тірі тұрған таңқурайдың бұл арадағы құпиясын ойлаудың Аманайға енді қажеті болған жоқ. Өзінің бармағындай-бармағындай

тау таңқурайын апыл-ғұпыл үзіп алып аузына сала берді. Сайдың тау бөктеріне ұласар тұсына қарай биіктеп өрлеген сайын таңқурайдың сабағы ұзарып, жемісі көбейе түсті. Астынан еңкейіп қарап еді, «мені үзіп ал, мені үзіп ал» дегендей, күрең қызыл жеміс тіпті көздің жауын алады. Аманай енді бір-бірлеп үзіп жегенге қанағаттанбай, уыстап жеуге көшті. Алға қызыға жылжи отырып, лезде уысына толған жемісті аузына құныға тығып, біраз қарбытыңқырап алған соң, қалың таңқурайдың тұнып тұрған бір тұсына келгенде екі қалтасына бірдей сала бастады. Шөліркеп, таңдайы кеуіп жатқан әжесіне апармақ. Шайға қосып беріп, әжесін қуантпақ. Әттең, не керек, бұл жолы ол көп тере алмады. Сабағы өзінің бойынан асатын биік, қалың таңқурайдың арасында әлдене сыбдыр еткендей болған. Аманай мойнын созып жан-жағына елегзи қарап еді, ту сыртында арқасын беріп күжірейген жүндес, жанды құбыжыққа көзі түсті. Қоңыр жүндестің аю екенін жобалап, жүрегі тоқтап қалғандай зәресі ұшып, көмейінен үні де шықпай, әйтеуір қалың таңқурайдың арасымен тұра қашқанын ғана біледі. Бағыт жоқ, бағдар жоқ, әшейін қаша берді. Не бір иін тірескен қалың ағаштың қалтарыс-бұлтарысынан өтіп, артына қарауға мұршасы жоқ, зытып келеді. Тау ішінің аяққа оралған қалың шөптеріне, ағаштардың жер бетіне шығып жатқан тамырларына қайта-қайта сүрініп, талай тоңқалаң асып, тұра сала қайта жүгіреді. Талшыбықтарға оралған шырмауық па, тікенді боргөз бе, әйтеуір, беті-қолын жыртып, дала-даласын шығарды. Ондай жерлерді айналып өту қайда, артынан қорбаңдап аю қуып келе жатқандай, міне, міне бас салатындай, жан ұшырған Аманай жүрегі алып-ұшып, өкпесі күйіп, буын-буыны жүруге жарамай ұйып, әбден шаршап-шалдыққанда барып, қалың тоғайдың ішіне ұшып жығылған. Өзі күнде келіп жеп кететін таңқурайды сабағымен сындырып, бірде аузын ашып, сиырша тілімен орап, жұлып қорбаңдаған хайуанның Аманайда шаруасы да болған жоқ. Тап қасынан жүрегі ұшып, тұра қашқан баланы көрмеген де шығар. Бұл әулетті үлкен аю емес. Әлі есейе қоймаған ірі қонжық еді. Биыл жазда көп ит ерткен аңшылар бұларды қоршап алғанда, екі аяқты адам мен өзіне сәл ұқсас итті тумасынан бірінші көрген қонжық жан дәрменде таудың ішіне, биігіне қарай өрмелей қалың шыршаның арасына қашып тығылып, бас сауғалаған. Сол жолы өзінің енесі кірекей мен ұялас қонжығынан мәңгіге айрылып, жетім қалған.

Аманай қашқан күннің ертеңінде қаңғып келе жатып жетім қонжық Тастамға кірді. Қірген бойда тырнағына іліккен тасқа жаю - лы су күпі болатын. Жалғыз-жарым қаңғырып, жалғызсырап жүрсе де, бала аюдың аты бала аю, қонжықтың балалығы ұстап, күпіні дар-дар айырған. Онысы өзінше ойыны. Артқы аяғымен тік тұрып ыңыранып, ақырып, ара-тұра бақырып, күпінің жабағысын өткір тырнақтарымен жұлма-жұлмасын шығарып, түгін қалдырмай түтелеп жатқанда Балзия оянып, көзін ашқан еді. Неше түрлі балағат, қарғыс сөздерімен тап-тап беріп ұмтылған, селеу-селеу селдір ақ шашы көзіне бұлдырай түсіп, шаңқылдаған ұсқынсыз адам бейнесін қара көлеңкеде көзі көмескі көрген қонжық қарсы алдындағының қай мақұлық екенін анық ажырата алған жоқ. Әйтеуір жазда өзін қамалап, тілерсегінен бір-бір тістеп, шаңқ-шаңқ үріп тақымдаған иттерден зәрезәп қонжық үңгір түбінен үңірейген сұрықсыз кемпірді де сол иттердің жақын ағайынына балап, сескеніп, «өй, кетейін, кетейін, менің сенде шаруам жоқ» дегендей ыңыранып, шегіншектеп, күн сәулесі сыңайлай түскен бозамық саңылауға қарай жылжыды. Үңгірдің екінші жағындағы тастың жарығына қыстырыла өтіп, тырмыса өрмелеген аю баласы сыртқа шығып кетісімен, өзінің қалай қуып салғанын да түсінбеген Балзия төрт тағандай еңбектеп, біресе мешел балаша құйрығымен жылжып Тастамның аузына зорға жеткен. Тысқа шығысымен тасқа сүйеніп, тәлтіректеп тұрып, қырылдаған бар даусымен айғай салған: «Аман-ай-ай! Аман-а-а-ай!» Бұдан әрі айғайлауға да, алға аттап адымдауға да шамасы жоқ әлсіз Балзия тізесі дір-дір етіп, екі иіні қалтырап тұрып, енді тасқа да сүйене алмай сырғып барып, бүктетіле құлаған. Одан арғысын білмейді. Бетіне тиген жердің сызын да, тастардың қуыс-қуысынан үрлей, көйлегінің етек-жеңінен гулеген салқын желді де сезбеді. Аюдан ұзақты күн қашқан Аманай қалың тоғайдың ішінде қашан қас қарайғанша жатты. Алаңқайға шықса, бұдан көз жазып қалған аю қайтадан қуып ұстап алатындай көрінеді. Қалың жыныстың ішінде жатса да көпке дейін жан-жағына алақтап, қай жағымнан келіп қалар екен деп елегізіп, алаңдаумен болған. Желге теңселіп шулаған ағаштардың басында бір ұшып, бір қонып қарқылдаған қарғалар бұған бастарын изеп, «дұр-р-ыс, дұр-ры-с, қар-р-ағым, дұр-р-ыс» деп, мұның көрінбегенін мақұлдағандай, күн батып, көз байланғанша жақтары бір сембеген. Қарғалардың өзін ес көріп, басқа мақұлықтан гөрі жақын тартып, солардың үніне құлақ түрген Аманай олар

қарқылдауын қойып, бұтақтарға қонақтап жым-жырт болғанда ғана Тастамдағы әжесін іздеп ағаш арасынан шықты. Бірақ Аманай үңгірді таба алмады. Түн жарымға дейін айналаны шарқ ұрып, көрінген қарайғаннан, сыбдырдан үркіп, ақыры бір топ қарт еменнің ықтасына демалып отырып әжесінен айрылған жалғыздығынан, қап-қараңғы үңірейген суық тау ішінен қорқып, дыбысын шығармай ғана ұзақ жылады. Түнгі суықтан тоңып, екі тізесін бауырына қысып, бүк түсіп, бұйығып жатып, таң алдында ғана жылау аяғы өксікке ауысып, ұйықтап кеткен. Келесі күні де күн ашық болды. Көпке дейін жүзін көрсетпей, жылуын түсірмей көлегейлейтін биік шыңдардың, еңселі тау жоталарының ығынан сәскеге қарай шыққан күннің өткір жарығы көзіне түсіп, шуағы маңдайын жылыта бастағанда оянған Аманай атып тұрып, тағы да Тастамды іздеді. Бұл жолы көп жүріп қиналған жоқ. Үңгірдің қай жағында қалғанын, оған барар бағытты оңай тапты. Төбесінде ағашы жоқ, шөбі де тықыр ит жон қырқаға шыға келгенде, жарық күннің аты жарық күн-ау, айнала состиған таулар, төңкерген тегенедей теңкиген-теңкиген төбелер, алыста құлап аққан ені тар көгілдір өзендер, орманды-ормансыз жерлер тура алақанға салғандай ап-анық көрінді. Артына бұрылып қарап еді, кешегі әжесі айтқан Азулы шыңы тап желкесінде тұр. Тіпті қол созым жерде тұрғандай. Қылкөпірге дейін ап-айқын. «Ар жағында ғой, әже айтқан еңіске түсіп алып тарта берсең, ауыл тиіп тұр. Қалың елде қалың жұрт. Шіркін-ай, адамдардың арасында отырып алып, ұзақ жолдың қызығы мен азабын айтып, неше түрлі тамақты ішіп, тойып, елден ат мініп, Тастамда қалған әжені алып кетсе. Кешеден бері мұны жоғалтып жатқан әже көктен түскендей немересін көргенде, қандай қуанар еді. Кеше, «мен енді жүре алмаймын, халім бітті, сен Қылкөпірден өтіп елге жет» деп жатқан әже де, басқа жұрт та, міне, азамат, жападанжалғыз жол тауып жеткен мұндай баладан айналып кетпейсің бе, не деген жолшыл әрі жүрек жұтқан бала деп, таң-тамаша қалар еді-ау!» Бұл – оның ойы еді. Аманай аюдан қашып жүріп, Тастамнан мүлдем ұзап кеткен екен. Алабас Азулы шыңынан көзін алып, оған қарама-қарсы жаққа қарап еді, алдында айыра алмаған үңгірлі тастың сонау жырақта мұнартқан жобасын енді аңғарды. Қалай алыста қалған? Аманай әжесі жатқан үңгірді бетке алып, бөктерлі еңісті жерлермен жан-жағына алақтай қарап, жүріп келеді. Кешегі аюдан қорқып

зәрезәп боп қалған үрейлі балада бүгін тағы да солай қарай беттеуге мүлдем зәре жоқ. Аштықтан бұралып, мазасыз ұйқыдан, ғаламат қорқыныштап құты қашып, талай күнгі шөлден, тайша ойнақтаған бала болса да, қажып, қайтадан кері жаққа амалсыз жылжыған Аманайдың жүрісі де өнбейді. Еңістен түскенде еріксіз сүріне-қабына жүгіріп, тез өкпесі өшсе, бетке, қырға көтерілгенде аяғы талып әрі тез ентіге береді. Өкшесіне дейін сөгілген бір етігінің ұлтаны да салпсалп етіп, берекесін қашырды. Осылай келе жатқанда Аманай үлкен бір олжаға кезікті. «Өлмегенге өлі балық» дейді үлкендер. Тап соның өзі. Аумағы кішігірім ауыл қотанындай қойнауға түскен Аманай таудың күнгейі мен теріскейіне бірдей қалың шыққан қарағай аралас аппақ қайыңдардың ортасындағы алаңқайда қаптаған құзғынды көрді. Ара-арасында секектеп, бір қонып, бір ұшқан алақанат сауысқандар да шықылықтайды. Алыстан келе жатқан адамды бәрінен бұрын көрдім дегендей, таңдайы тақылдаған бір сауысқан Аманайдың тура алдына дейін ұшып келіп, қайта қайтты. Әдетте, мұншама топ құзғын өлексе немесе сойған малдың төгіп тастаған жынына жиналушы еді. Кейде өрісте жүрген не тақырда жусаған жылқылардың маңында төңіректеп, әр жерге тастаған қиын шұқып, түрткілеп, құрт теретін. Мүмкін, кешегі аю ұйықтап жатқан шығар. Аманай анадайдан көз тастап, бақылап еді, ондай қорқынышты ештеме көрінбеген соң қастарына таянды. Құзғындардың тап ортасында жалғыз жыртқыш құс әлденені жұлып жеп отыр. Бұл – қарағайлы орманды жердің қарақшысы тұйғын еді. Астына басып отырған жемі – қоңыр ор қоян. Өткір тұмсығымен қоянның кеудесін паршалап, етін қанын сорғалата жұлған мешкей құстың қасына жиналған құзғындар буы бұрқыраған жемнен дәмеленіп, төңіректеп жүр. Қайсыбірі бас салып, жұлқылауға бата алмай, жақындап келіп, тұйғын қанталаған ашулы көзімен жалт етіп бір қарағанда секең етіп, қайта шегінеді. Кішігірім жыртқыш құстар екі-үшеуі кездесіп қалмаса, жалғыз өзі қашанда мұндай ірі жемін тауысып жей алмайды. Ә дегенде жыртқыш құстардың әдеті: әуелі қоянның бас қауашағын тесіп жіберіп, миын шағып жейді. Содан соң барып кеуде сүйегін тұмсығымен жарып, жүрегін, ішкі бүйрек, бауырларын суырып жеп тояттайды. Ал кейбір мешкейлері қалған жұмсақ еттерінен де жұлып жеп, әбден сылқия тойып, жақын жердегі тасқа не ағаш бұтағына зорға қонып, қанды тұмсығын кеуде жүніне сүртіп,

тазаланып, таранып, өлімтікке бас салып жабылған әлсіз құстардың қызығына ұзақ қарап отырып, тоқтықтан көзі кілбиіп, маужырайды. Өлімтіктің қалдығынан дәмеленіп, құзғындардың ұзақ күтетіндері де содан. Бұл жолы тұйғынның да, құзғындардың да дегені болмады. Дәмелі құстарды үркіте ұшырған Аманай тұйғынның қасына жүгіріп жеткен. Аш өзегіне түсіп, көзі қарауыта бастаған бала қазір қоян етін қолмақол паршалап, шикідей жеп қоятындай ұмтылды. Әлі бөтекесі шыға қоймаған тұйғын тосыннан келген балаға басын кекжите айбат шегіп, қайрақ тұмсығын тақылдатты. Жыртқыш көзі алақ-жұлақ етеді. Бала қолымен қарманып қорқытса да, қанатын жайып, аузын ашып ысылдаған тұйғынның оңайлықпен жемін тастап кетер түрі жоқ. Ол да аш болса керек. Өліспей беріспейтін сыңайы бар. Аманай аяғын да жұмсады. Бірақ тілерсегінен не санынан бас салып бүре түсетіндей, әйеншектеніп, аяғын жеткізе тебе алмайды. Жан-жаққа бытырай ұшып, қайта қонған құзғындардың көздері шарасынан шығып, айнала қаумалап, жақындап келеді. Бір жемтікке таласып, тамақ үшін, құлқын үшін айқасқан адам мен құстың қызығына таңырқағандай, бас тарын қисайта қарап, бір-біріне көздері бақшиып мақұлдай құптасып қысқа ғана барқ етеді. Аманай төңірегінен тас па, әйтеуір құсты ұруға ыңғайлы бірдеме іздеп еді, қалың шөптесіннен ештеңе көзіне ілікпеді. Жақын арадағы тоғайдан ағаш сындырып әкелгісі келіп бір оқталды да, мұның шегінгенін жеңілген деп түсінген тұйғын қоянның қолқасын суырып алып, әлдебір қызыл етті қомағайлана қылғытқанын көргенде, тағы да аштық өзегін өртеп, жұтынып, отыра қалып екі етігін де шешіп алды. Екі қолына екі етігін киген Аманай енді жыртқыш құсқа деген бар ашуын, ызасын бойына жинап, көзін тарс жұмып, тұйғынға ұмтылды. Қанатымен сабалағанына, тұмсығымен шоқығанына қарамай, тұйғынды басқа-көзге төпелеп, тұмсықтан ұрып, әупірімдеп жүріп, қояннан қуып салды. Кішкентай адам құсты жеңді. Аманайды баласынған тұйғын анадай жерге қонып, тағы да айқасамын дегендей, алыстан айбат шегіп көзімен ішіп-жеп барады... Тау ішінің жыра-сайларын көктей етіп, Тастамға жеткенде есі шыға қуанған Аманай үңгір аузында қимылсыз сұлық жаткан әжесін көргенде зәресі ұшты. Шашы дудырап, етпеттей құлаған Балзияның денесінде жан жоқ сияқты. Қолындағы олжасын тастай беріп, иығынан ұстап әжесін зорға аударған Аманай қалай ішін тартып

қалғанын аңдамады: әжім-әжім маңдайдың оң жақ самай тусында ұйыған бір түйір қан. «Жарқанат қанын шашқан екен ғой» деп, Аманай жалма-жан жеңімен сүрткенде байқады. Қанның орнында екі елідей сызат бар. Жарқанат емес екен, тас жырып кетсе керек. Қансөлсіз суалған екі ұрты ішке кіріп, шүңірейген көзінің асты көгерген Балзия қыбыр етпейді. Тіршіліктен нышан жоқ. Кеше «жеткен жерім осы шығар, әлім бітті» деп қырылдап жатқан әжені өлді деп санаған Аманай жылап қоя берді. Иығынан жұлқылап: – Әже, әжетай, өлмеші, өлмеші!.. Жеттік қой біз, жеттік. Жақын қалды енді, өлмеші, әже, өлмеші, – деп зар жылаған баланың көзі бір кезде әжесінің көзіне түсті. Әжесінің көзі сәл сығырайып ашылғандай болды. – Әже, әжетай, тірі екенсің ғой. Ашшы көзіңді. Әже, көзіңді ашшы. Мен келдім... Аманаймын. Саған қоян әкелдім. Қоян етін жейсің бе? Міне, міне, қарашы. Әже, қарашы... Аманай қос құлағынан көтеріп коянды көрсетті. Бірақ әжесі қайтып көзін ашпады. Тек бір-екі рет ауыр ыңырсып, дыбыс білдіргендей болды. Аманай әжесінің тірі екеніне қуанды. Күн түстен ауып бара жатқан кез еді. Таңертең шығыстан үрлеген жел де бұл кезде батысқа ауған. Тастамның биік шоқыда болғанынан ба, айнала жалаңаш тас болғаннан ба, әйтеуір, бұл арада жел күшті екен. Ызғарлы өткір жел аңқылдап соғып тұр. Балзияның айта беретін Ебінің желі осы шығар деп жобалаған Аманай жел өтінде жеңіл көйлекшең жатқан әжесін үңгірге қарай сүйреледі. Денесінде іліп алар ет жоқ қу сүйек, құр сүлдер адам да жансыз жатқанда зілдей болады екен-ау? Талай күндер мен түндердегі үрдіс жүрістен әбден шаршап, қажығандікі ме, Аманай әжесін көпке дейін орнынан қозғай алмады. Қоңыр ала гүлі бар ескі көйлегінің иығынан, өңірінен тартса да әлі жетпей, үңгірге қалай кіргізудің әдісін таба алмай қиналған бала өзінің осынша дәрменсіздігіне ыза болып, булығып, көзінен жас та шығып кетті. Ақыры, бір әдісін тапты-ау, әйтеуір. Әжесінің екі қолының білезік тұсынан мықтап ұстап, сүйрете тартты. Артына шегіне тартқанда, қайта-қайта шоңқиып отырып қала берген соң, теріс бұрылып, жеңіл қол арбаның екі жетегінен тартқандай, екі қолдың ортасына түсіп алып сүйреледі. Бір адым алға сүйреп, екі аяғы шатқаяқтап, сүріне береді. Сәл демалып, қайта сүйрелейді. Әжесінің арқасына батқан ұсақ тастарды да ойлауға мұршасы жоқ Аманай, әйтеуір, өлдім-талдым дегенде әжесін үңгірдегі шөп төсекке жеткізіп қисайтты да, үстін қамзолымен қымтап жапты. Кептіріп қойған

күпінің дала-даласы шыққанын да көпке дейін аңғарған жоқ, жол бойы әжесі үйреткен әдіспен, ортадағы жер ошаққа ұсақтап бұтақ сындырып, тамыздық салып, от тұтатуға кірісті. Балзия күннің қай мезгіл екенін де білмейді, қайда жатқанын да түсінбейді. Көзін сәл сығырайтып саңлаулап ашып еді, қып-қызыл жалын ішінде жатыр екен. Денесі жеңілдеп, сырқыраған буынбуыны қозғауға келіп, саусақтарының ұшы да қимылдап, бүкіл тұла бойына жан кіре бастағанын сезді. Көзін кеңірек ашып, жанжағына қарайын деп еді, басынан құйқа тамырынан шуалшаң жыбырлап, ирелеңдей сорғалаған жылы су көзіне құйылып аштырмады. Көзінің удай ашығанына қарағанда көзіне құйылған ащы тер болса керек. Қолын көтеріп өз денесін өзі сипалап көріп еді, сулы бұлауға түскендей шылқылдап терлеп жатыр екен. Құлағына әлдененің шытырлағаны келеді. Тегі, жанып жатқан от болуы керек. «Бәтірау, мен қайда жатырмын, тірімін бе, өлімін бе? Елге жеттім бе? Біреу таудан тауып алып, жеткізген ғой. Егер осыдан қайта тіріліп кетсем, елге не бетімді айтамын. Неге келдім деймін. Аманайды алып шықтым десем сенер ме? Жо-жоқ, бұдан да өлгенім жақсы еді ғой!» – деп іштей ойлап, күйзелген Балзия: «Кім бар бұл маңда, кім бар?» – деп үн қатты. Тағы да таңдайына жабысқан тілі сөйлеуге келмеді ме, қырылдаған әлсіз үні естілмеді ме, ешкім жауап бермеді. Бар күшін жинап, көзін сүртіп, басын көтере берген Балзия сылқ етіп қайта құлады. Бас сүйегін біреу балтамен қақ айырғандай зың етіп, маңдай сүйегін балғамен ұрғандай болды. Көзін аша бере көргені жалыны аспанға шапшыған бет шарпыған ыстық от еді. Сәлден соң тағы да ес кіргенде: «Е-е, мен өлген екенмін, менің жатқан жерім тозақ. Мені тамұқтың отына салуға әкелген екен. Әлгі шытырлап, лаулап жанған сол от. Бұрынғылардың о дүниедегі тамұқ отын айтатыны рас екен-ау. Қазір мені Қылкөпірден өткізеді. Сират көпірінің бір жағы түпсіз су, екінші жағы от деуші еді. Қай жағына құлар екенмін. Су жағына құласам жарар еді. Тым құрмаса соңғы рет шөлімді бір қандырар ем. Кешеден бері мені тергеген ғой. Бүкіл өмірімдегі жамандық атау лыны, күнә атаулыны тізіп, дозаққа әкелген-ау. Иә, менің күнәм көп. Әсіресе өз перзентіне жасаған қиянаттан ауыр күнә жоқ деу ші еді. Әкесінен баласын айырған, тірідей жетім қалдырған әйелдің күнәсі әдейі түсік тастаған әйелдің күнәсінен кем болмайды дейтін. Заманайға тартқызған азабым аздай, оның баласы Аманайға не істемедім? Елін, жерін көрсетем деп, туған анасынан айырып, ал-

дап алып шығып, оны да өз қолыммен иесіз тауда ит жемеде өлтірдім. Менің кесірімнен, менің зердесіз, ақылсыздығымнан бір ұрпақ құрып кетті. Жо-жоқ, жай құрыған жоқ, Атымтай да, Заманай да, Аманай да көмусіз қалды. Моласыз қалды. Белгі жоқ. Жалғыз ғана Атымтайдың ұрпағы ма? Басқалардың ұрпағы ше? Туған жерінен, төл топырағынан ғана айырғам жоқ, талайларды өз қағынан жеріген құландай, өз ата-анасынан аластап, өз бесігінен, өлең төсегінен бездірдім. Жаңа ғана көзін ашып, өмірден нағыз үлесін алатын талай жас жел айдаған қаңбақтай, басы ауған жаққа қаңғып кетпеді ме. Осының бәріне мен жазықтымын. Күнәһар пендені қалай жазаласаң да еркің, жасаған ием! Адам салған қылкөпірге жете алмай, құдай салған қылкөпірге тірелген екем. Ал, енді өткіз көпіріңнен, а құдай, естимісің. Көп қинамай, өткіз тезірек. Елу жыл бойы аяусыз қажағаның аз ба еді, сыртқа білдіртпей, тәкаппарланып, көпекөрінеу мойымасам да, іштей зарлап өтпедім бе ұзақ жыл. Аз ба еді тартқызғаның. Біржола ал енді мені ажал құшағына. Мен сенің бар екеніңе сенбеуші едім, бар екенсің ғой. Бәрін көріп тұрады екенсің ғой. Ал енді жанымды тезірек!» Басы зеңіп, ерні қыбырлап жатқан Балзияның құлағына біреу сыбырлағандай болды. Жол бойы біресе желге тиіп, біресе жауын суы құйылып, шалалау еститін өзі дімкәс кәрі құлақ кешеден бері мүлдем бітеліп қалған сияқты. Еміс-еміс өлеусіреп шыққан әлсіз дыбыстың адам даусы екенін сезген Балзия көзін аша беріп, тағы да жүрегі суылдап, тарс жұма қойды: қасында беті-аузы қызыл ала оттай алаулаған біреу отыр. – Кімсің сен, әзірейілсің бе, жанымды ала келген? Қорқытпай-ақ алсаңшы тез. Несіне созасың? Әжесінің сөзіне құлақ түріп тыңдаған Аманай ештеме түсінбеді. Тағы да сандырақтап жатыр деп ойлады. – Әже, менмін. Аманаймын, – деп құлақ тұсынан қайта ай ғайлап, әжесінің желкесінің астына қолын сұғып жіберіп, басын көтерген немересі күрішкемен шай берді. Таңдайы кеуіп, шөліркеп, кеберсіген ер - нін зорға ашып, тамсанған Балзия аузына ыстық шай тамғанда жұтына бастады. «Аманаймын» дегенді естігенде о дүниеге кеткен немересі өз қолымен соңғы сусынын беріп жатыр екен деп топшылаған қария тәтті кірпіш шайды өзеурей жұтып, сылқ-сылқ сыңғыта берді. Көзіне тағы да тер құйылып, мәңгіріп жатып, тағы да ұйықтап кетті. Таң атқанша көз шырымын алмаған Аманай жерошақтағы отты

өшірмей, сырттан теріп әкелген ескі, қу бұтақтарды үстемелей салып, үзбей жағып отыр. От кейде шытырлап жанып, ұзын жалыны бетті шарпып алаулап, биікке көтерілсе, кейде бықси жанып көк ала түтін көз ашытады. Тоқтаусыз жанған от қызуынан тастар ысып, үңгірдің іші қыз-қыз қайнап тұр. Күн шығып, үңгір аузынан дала жарығы ішке түскенде ғана Аманай от жағуын қойған. Онда да қояйын деп қойған жоқ, тобатайдың ернеуінен ыстық сорпа ішіп, қоянның бір сирағы мен жон етінен жеп, аш қарынға ел қонып, маужырап отырып қалғып кетті. Ақыры сол от басында қисайып, екі алақанын жағына жастанып жатып, аузынан сілекейі шұбырып, тәтті, қалың ұйқыға енген... Сәскеде оянған Балзия көзін ашып, басын көтерді. Ұядай жылы, ала көлеңке үңгірдің түбінде отырып, қай уақыт екенін тесіктен түскен сәуледен тұспалдаса да, қып-қызыл шоғы жайнаған жерошақ түбінде жатқан адамды көпке дейін ажырата алмады. Түні бойы ағыл-тегіл саулаған терден бойы жеңілейген Балзия орнынан тұрайын деп еңсесін көтеріп еді, көзі қарауытып, басы зеңіп, әлсіз қалтырап, бүгіле берді. Ақыры, үстіне жамылған жеңіл шапанын зорға киіп, от басына қарай еңбектеді. Үңгірде өлім халінде жатқан мұны тауып алып, сусын беріп, қатарға қосқан жолаушыны көргенше асық. Ұйықтап жатқан адамды оятып алмайын деп, әрі өз денесін өзі зорға сүйретіп, бір жылжып, бір тоқтап, сыбдырсыз жеткен Балзияның жүрегі қуаныштан жарылып кетердей болды. Әуелі өз көзіне өзі сенбей, Аманайдың жүзіне ұзақ, тойымсыз тесіле қараған ол әлден уақытта шыдай алмай, ұйқыдағы немересін аймалап құшақтады. Көзінен атып кеткен қуаныш жасын да сүртуге мұршасы келмей, «құлынымдап», құрақ ұшып, не істерін білмеді. Қалың ұйқыдан оянып, лезде сергіген Аманайда да ес жоқ. Талай айлар бойы ажырасып, жаңа қосылған боталы інгендей, екеуі де мәз-мейрам. Бұрын немересін қанша жақсы көрсе де, үлкенге де, балаға да салқын, суық қарайтын, жаратылысында айпара Балзия Аманайға еш уақытта да тап осы жолғыдай емешегі үзіліп көрген жоқ шығар-ау. – Құлыным сол, құлыным! Жалғызым. Заманайымның көзі. Атымтайдың бар жаһанда қалған жалғыз тұқымы, аман екенсің ғой, Аманайым. Қайдан келдің, көктен түстің бе? – деп, қарлыққан даусы онша шықпай, сыбырлап ұзақ толғанды. – Сенейін бе, сенбейін бе? Сен осы шын Аманайымбысың?! Аманбысың? Мен ғой, мен әлгі аюды жазғырып, соған ұмтылдым-ау өлерменденіп. Әттең,

қолымның әлі келсе, қуып жетіп буындырып өлтірердей едім. Ең болмағанда өзім өлетін едім аюдың тырнағында. Екі күнгі ауру да бір, сенің құсаң да бір болмады ма, құлыным. Жо-жоқ, енді мен өлмеймін. Жеткіземін сені елге. Енді алыс емес ел, алыс емес... Әжесі сөз бермей, ұзақ еміреніп зорға тоқтағанда барып Аманай да сөйлей жөнелді. – Әже, сен де көрдің бе аюды? Мен де көрдім, әже. Сонда адасып кеттім. Сені таба алмай көп-көп жыладым... Бұдан соң Балзия мен Аманай шай қойып отырып, көптен көріспеген көрші-қолаңдардай ұзақ әңгіме шертті. Аманай аюды қалай көргенін, қалай адасқанын, әжесін көруден күдер үзіп, ағаш арасында жатып қорыққанын, қоянның жүрегін жұлып жеп отырған тұйғынмен айқасын, әжесін қалай үйге сүйретіп жеткізгенін, әжесінің қатты ауырып жатып, ұйқылы-ояу түсініксіз бірдемелерді айтып шыққанын... бәрін-бәрін түк қалдырмай айтып отыр. Әжесінен ажырасқан бір түн бір жылдай көрініп, әжесіне бәрін айтып жеткізгенше асық. Әжесі болса, осы бір аз күнгі жол азабын кешіп, ер басына түсер қиыншылықтың тауқыметін тартып, сол сыннан өзінше өтіп, шынығып, ширығып, кәдімгі үлкен адамша сөйлеуге, ойлауға тырысқан немересінің көрер көзге өзгерген мінезіне қызықтап та, қуанып та қарап отыр. Балзия қоянның балқалақ басындай ғана жауырынын сылқылдаған азу тістерімен біраз қажағанмен, жетістіріп жей алмады. Тұзының да артық, кемі жоқ, дәмді піскен жас етке қанша қызыққанмен, тәбеті де онша шаппады. «Тегі, тамақтан біржолата қалған шығармын немесе ауырғандікі болар» деп, өзін-өзі жұбатқан қария шайды шоқ аралас ыстық қоламтаға қайта-қайта қойып, сораптап іше берді. – Әже, сенің бәкіңмен сойдым. Әуелі ішін жарып, шек-қарнын ақтарып, өтін тауып алдым. – Өтін деймісің? Оны қайдан білесің? – Иә, әже, былтыр әлгі Томар-Омар атам бір жақтан қой әкелді ғой. – Иә? – Сол атам қойды сойғанда қасында отырғанмын. Ол маған бәрін үйретті. Сен жігітсің, жігіт мал соя білу керек. Сен, қазір көріп ал, бәрін мұқият қара, ұғып ал деген. Сосын әлгі өтті көрсетті де, бауыр етін біраз жерімен қоса, айналдыра кесіп алып лақтырды. Бұл – жарылса еттің бәрін бүлдіреді. Мына сандағы арам тамырды алмаса, ет арам болады деді... Мен, әже, атжүйрікті де білемін.

– Әй, құлыным сол, бәрін біліп, миыңа тоқып жүреді екенсің ғой. – Әже, қоянның терісін алу қиын екен. Жыртыла береді. Іреп союға жұдырығымның әлі келмейді, әже. Және әлгі жаман құс көп жерін паршалап тастапты. – Осыған да шүкірлік. Әйтеуір, шамаңның келгенінше бұлай жәукемдегенің де жетіп жатыр. Шіркін-ай, өмір, не істетпейсің, – деп Балзия, әлдене есіне түсіп кеткендей, терең күрсінді. – Рас, әже, мен қашан ет піскенше әрең шыдадым. – Сосын, әже, етті тобатайға екі бөліп салдым. Екі рет пісірдім. Саған сорпасы көп болсын деп. – Өй, құлыным сол! – Сосын ана дорбадағы тұзды қанша саларымды білмей, көп отыр - дым. Кейін дәмін байқасам, ащы да емес, тұщы да емес. – Иә, өзің керемет аспазшы екенсің. Бұлай пісіру, бұлай тобатайға пісіру, талай жыл ас пісіріп үйренген адамның да қолынан келмейді. Бәтір-ау, әлгі тұзды әшейін сала салып ем, оның да бір кәдеге асқанын қарашы!.. – Сосын, әже, ет піскен соң, бір түрлі, еттің буына мұрным жыбырлап, шыдай алмадым. Шегім де қайта-қайта шұрқырай береді. Сосын, сен оянғанша күтуге бір түрлі шыдай алмай кішкене... еттен жеп қойдым. – Өй, құлыным сол, маған несіне қарадың. Маған сорпасы да жетеді. Өзің же, бәрін өзің же... Бірақ ертеңге де қалдыр. – Сосын, әже, өзің айтушы едің ғой, ауырғанда таңқураймен шай ішсе адам терлейді деп. Мен қалтамның түбінде қалған таңқурайды түгел сенің шайыңа салдым. – Бәсе, бәсе, мен ауырып жатсам да аңғардым, – тіпті дәмі тілімді үйіріп барады. Алғашқыда елге жеткен екем, құмшекер салып біреу шай беріп отыр екен деп ойлағам. Сөйтсе-ем... – Әже, мен тағы да көп-көп таңқурай теріп әкелейін деп шықсам да, кешегі аюдан қорқып бара алмадым... Сосын, әже, су алуға ол жерге барудың да керегі жоқ екен. Мен өзіміздің осы Тастамның сыртынан ағып жатқан бұлақ тауып алдым. Құлағыма бірдеме сылдыр-сылдыр етеді... – Өй, құлыным сол, азамат болды деген осы, құлыным. Бәрін аңғарып, бәрінің байыбына жете бастапсың... Бұл күні бұлар үңгір ішінде тапжылмай жатты. Жылы үңгірде ыстық шай ішіп, қайта-қайта терлеп, әбден бұралып, сілікпесі шыққан Балзия мына күйде жолға жарамайтынына көзі жеткен еді.

Бойындағы тер түгел шығып, қызуы тарқаған екінші таңда біреркүн жатып демалудың қаншалықты керек екенін түсінгенмен, енді мұнда қалуға болмайтындарын да түсініп, амалсыз жолға шыққан. «Қоянның бойын көр де, қалжасынан түңіл» демекші, қанша үнемдегенмен болмады, қоян еті де таусылды. Аш өзегін өртеген баланың екі-үш рет жұлып жегенінен қалмады. Аштық зардабы қайта басталды... «Шіркін-ай, кеңшілік уақыт болса ғой, біраз күн тапжылмай жатсам, құр атқа мінгендей айығып кетер ме едім. Ендігі қалған жолды қиналмай-ақ шауып өтер едім...» «А-ай, кәріліктің аты кәрілік қой. Жас уақытым болса, осынша жерге сыр алдырар ма едім. Бір демде-ақ жететін жер... Қайран кәрілік» деп, өзінің қарттығына, әлсіздігіне қынжылып, жолда бір-екі рет кейіген Балзия бұдан соң сөзден қалды. Кішігірім өрге шығарда да, еңіске түсерде де, бұрынғыдай емес, жиі-жиі демалып, кеудесі сырылдап, демігіп, ұзақ отырып қалады. Бірдеме деуге мұрша жоқ. Көзі кілбиіп, Аманаймен ыммен ғана сөйлеседі. Көз алдында тұрған Азулы шыңында қарай таң ата шыққан бұлар қыбыр-қыбыр жүріспен, өлдім-талдым дегенде, әйтеуір, түс ауа зорға жеткен. Қылкөпірге кіреберіс қақпаға дейін өлермендене ұмтылып, біреу алдынан күтіп тұрғандай, өз-өзінен ширығып, алға құлшына басқан Балзия бетін көгала қына жапқан үйдей-үйдей шұбар тастардың арасындағы ықтасынға келіп бір-ақ құлаған. Шәйнек түбінде қалған суық шайды шүмегінен қылқылдата жұтып, таңдайын жібітіп алған соң биіктегі жақпар тасқа жазылған өзіне таныс өлеңді іздеді. Қылкөпірдің екі жағына да бірдей жазылған «Тәуекел түбі желқайық...» деген өлеңнен қуат алып, біраздан соң тағы да жылжымақ. Қайран «Қылкөпір!» Әр жағы енді оңай. Балзия қанша қадала қарап, іздесе де өлеңді таба алмады. Қара маймен баттастыра жазылған сөз осы күнге дейін тұрушы ма еді. Тынымсыз үрлеген жел өтінде, елу жыл ішінде, тас та мүжіледі, қара майға не жорық. Баяғыда-ақ өшіп кеткен шығар. Балзия Аманайды жұмсап, осы төңіректе бұлақ болса, су алдырып, елге жетер алдында соңғы рет шай қойып ішуді ойласа да, аштықтан бұралып, түсі келмей, бозарып жатқан немересін аяды. «Күн батпай тұрып Қылкөпірден өтіп алса, ар жағында бұлақтан аяқ алып жүргісіз. Одан да сол араға жетіп алып, шай ішіп, тіпті бір түн түнеп, ертеңіне жата-жастана ауылға барса да болады. Әй, бірақ

ар жағында тиіп тұрған ауылға домаласа да адам баласы шыдар ма. Мүмкін, мен қала тұрып, Аманайды жіберермін. Мені ел адамдары келіп алып кетер. Қойшы, мені қойшы, Аманайым жетсе, болды». – Ана қара, әже, ана қара! – Өлердей шаршап, ұнжырғасы түсіп, көңілсіз жатқан Аманай орнынан ұшып кете жаздады. Қолын шошайтып көрсеткен жаққа Балзия басын әрең көтеріп, мойын бұрып қарап еді, ұзынды-қысқалы состиған шыңдардың етек жағындағы қия жартастың басында қақшиып тұрған арқарға түсті көзі. – Шіркін-ай, ана арқарды бір бүркіт аспаннан зуылдап келіп құлатса, мен бұрын барып алар едім... Оның еті ғой, әже, неше күнге жетер еді? Балзия күлерін де, жыларын да білмеді. Тілі зорға келді икемге. – Оның... оның еті ме? Бір үйлі жанға, жо-оқ, отыз-қырық адамға... отыз-қырық деймін-ау, – Балзия қайта ойланып есебін шығарды. – Жүз адамға жетеді. Ана жылы әдейі өлшегенде... бір құлжаның еті он пұт тартқан. – Не деген көп ет. Мен жалғыз өзім бір санын жеп қояр едім. – О-оны, тобатайға салып қалай пісіресің? Сыймайды ғой. – Балзия шыдай алмай, зорға езу тартып күлген болды. – Е-е, сыймаса, әуелі құйқалақ жасаймын. Әже, сен құйқалақ жеп көрдің бе? – Жасымда жегемін. Дәмсіз құр әшейін, аузы-басың күйе-күйе болады. – Ту-һ, әже-ай, қазір құйқалақ жасасам, аузы-басым күйе болмақ түгіл... әже, әй, әже... етті шикілей жейтіндер де бар екен... – Оны саған кім айтты? – Томар-Омар атам айтты. – Адам баласы ерте заманда етті шикідей жепті. Қазір ондайларды білмеймін. – Мен қазір шикідей де жер едім. – Қой, қайдағыны айтпай. Амандық болса, мына Қылкөпірден жарықта өтіп алсақ, түнделетіп елге де жетерміз. Тамақтың да неше түрлісін жерсің. Әзір, шыда! Біразға дейін үнсіз жатқан Аманай әлі бір орнынан тапжылмай тұрған сақ арқарға қарап: – Әже, әже, арқарды бүркіттен басқа кім құлата алады? – деді. – Бүркіттің құлатқанын естігем жоқ. Әйтеуір, қозықұмай дейтін құс құлатады деп естігем. Сосын аңшылар мылтықпен атып алады немесе...

– Жо-оқ, тағы қандай аң құлата алады? – Тау ішіндегі ең алыстан көретін қырағылары құстан – бүркіт пен ұлар да, төрт аяқтыдан – тау суыр мен тау ешкі. Арқар да сондай, – деп, Балзия қиынның қиынын армандаған немересінің аштығын ұмыттырайын дегендей, әңгімені алыстан бастады. Арқардан дәмелі баланың күдерін біржола үздірейін деді. – Қырағы арқар маңына ештемені жолатпайды. Жолатпайды дегенде, енді ештемені жақындаттырмайды дегенім ғой. Оған жақындайтын қарлы шыңдарда қарбарыс қана. Ол да қырағы, иісшіл аң. Қар үстінде жатқанда оны көп аң аңғармай да қалады. Тұтқиылдан атылғанда жауын не жемін көз ілестірмей қағады. – Шіркін-ай, мен қазір барыс боп кетсем... Балзияның көзіне аяныштан жас үйірілді. – Әже, әй, әже. Мына Қылкөпірден өткен соң ауыл жақын ғой, ә? – Иә, тиіп тұр. – Ауылға барған соң, шіркін-ай, тамаққа тойып алып, үш күн, үш түн, жоқ, он күн, он түн ұйықтар едім. – Әрине, ұйықтайсың. Демаламыз. – Сосын тағы да тамақ ішеміз, сосын тағы да демаламыз. – Неге, демалып ұйқымызды қандырып алған соң ел аралаймыз. Жұмыс көп. Сені оқуға беруім керек. – Әже, жүрейікші, елге тез жетейікші. – Иә, Аманай, кеш боп кетсе, Қылкөпірден өту қиын. Жүрейік... Жаңа аяқтанған бұзаудай, аяғы шатқаяқтап, тәлтіректеп, зорға тұрған Балзия көзі қарауытып, маңдайын ұстап аз тұрды да, сүйретіле басып Қылкөпірге түсті... Бұдан елу жыл бұрын өткен жалғыз аяқ соқпаққа Балзия сағынышпен де, өкінішпен де қарап келеді. Маңайдағы заңғар шыңдар, түпсіз құлама құз, етекте мұнартқан қалың тоғай, құз етегінде шулап аққан тау өзені – бәрі сол елу жыл бұрынғы қалпы. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, өзгерген екі-ақ нәрсе. Жол мен Балзия. Бұрын адамдардың жиі қатынағанынан ба, жолдың қара топырағы шығып жатушы еді. Қазір мүлдем адам аяғы не ат тұяғы тимегендей, сүрлеу үстін шөп басып кетіпті. Биылғы шөп емес, тамыры бекіген ескі өлі шөп. Ара-арасында жардың бетін тұтас жапқан құлмақ па, тікенді шырмауық па, аяққа оратылып жүргізбейді. Алғашқыда түйетайлы боп басталатын жолға әрең көтеріліп, аяғын зорға басып, тәлтіректей жылжыған Балзия да баяғыдағы әлекедей жаланған,

ішінде алғашқы нәрестесі бар жас келіншек емес, немересін соңына ертіп, еліне, жеріне қайта оралған, еңкіш тартып, қажыған, тозған мүсәпір кемпір. Әжесі көтере алмайтын болған соң, ішінде шәйнек, тобатайы бар қоржынды асынған Аманай жол биіктеген сайын жарға қарай жабысып, құздан төмен құлап кететіндей жүрексініп келеді. Бұлар шұбыртпа жолға жиі тоқтап, демалып, орта көзіне ұзақ жүріп жеткенде Балзия кенеттен ішін тартып тұрып қалды. Артындағы немересі «не болды?» деп әжесінен сұрағанша ол тізесі бүгіліп, тәлтіректеп, жарға қарай бұрыла берген... Иә, дәрменсіз кемпір ішін оқыс тартқаннан басқа қапелімде ештеңе демеді. Жарға арқасын сүйеп, сылқ етіп отыра кетті. – О не, әже, о не? – деген немересіне де көпке дейін жауап бермей, көзін жұмған қалпы мәңгірген, қатты соққыдан есеңгіреген адамдай тілсіз қалды. Жарға сүйене отырғанда мойнына саулап құйылған топырақты да елеген жоқ. Батуға жақындаған күн сәулесі соңғы шуағымен аймалағандай, тура бұлардың бетіне түсіп тұр еді. Аманай әжесінің жұмулы көзінен сорғалаған жасты көрді. Соншама не болып қалды деп, әлі де ештемені түсінбеген бала қайта-қайта ежіктеп сұраған соң: – Жол осымен бітті. Үзілді... Бәрі де бітті, – деді әжесі жұмған көзін де ашпастан. – Менің де бар жеткен жерім – осы. Енді менде дәрмен жоқ, дәрмен... – Даусы да үзіліп-үзіліп, қырылдап шықты. Әрі қарай сөзін жалғастыра алмай, ықылық атып жылағандай тықтық жөтеліп, әрі шөл қысқан Балзия, тілі аузына сыймай булығып, демігіп қалды. «Жол осымен бітті. Үзілді» деген сөзден секем алған Аманай, «осы, әжем не деп отыр» деп әжесін айналып өтіп, алға бір-екі адым аттағанда барып түсінді. Алдындағы сұмдық жайды көргенде бұл да, әлдекім төбесінен оқыс ұрғандай, мелшиіп тұрып қалды. Бұлардың тоқтаған жері шұбыртпа жолдың тура күрт бұрылар тұсы, жар мүйісі екен. Тар соқпақтың осы тұсы опырыла құлапты. Шамасы жиырма-отыз қадам жер тіп-тік жар. Жол жоқ. Ар жағында тағы да ирелеңдеген соқпақтың сілемі көрінеді. Екі ортасы үңірейген шыңырау құз. Жар жағасы жып-жылмағай. Төменде, сонау терең құздың табанында ыдысынан асып төгілетін судай қайнап, шымырлап ағып жатқан өзен. Қасынан қарасаң өткел бермей аласұрып, буырқанған көк сулы тау өзенінің гүрілдеген, сарылдаған айбынды

үні құз басындағы адамның құлағына бірқалыпты жайбарақат сарынмен талып естіледі. Төмен қараған Аманайдың басы айналып, көзі қарауытып кетті. Буын-буыны босап, тәлтіректеп, құздан құлай жаздаған ол, біреу етегінен тартқандай, зорға бұрылып, әжесінің қасына әрең жетті. – Әже, әже, енді не істедік? – деп, кемсеңдеп, әжесін қалай құшақтап, қасына қалай отыра кеткенін де өзі білмеді... «Иә, басқа жол жоқ па? – Бар – екі жол бар. Бірі – бағанағы жолмен кері қайтып, Жылысайға түсу. Ирелеңдеген сай ішімен тың адам үш-төрт күнде жетер еді. Ал шаршаған, қажыған жандар бұл жолмен кемі төрт-бес күн митыңдауы мүмкін. Төрт-бес күн де ештеме емес-ау, кешегі қоян еті аздап талғажау болды демесе, үш-төрт күннен бері аш өзекке түсе бастаған кемпір мен бала енді ұзақ жолға шыдар ма? Екінші жол – баяғыда Атымтайлар өткен төте жол. Қиындығы көп, қауіпті жол. Шың бауырын жанамалап, қалың қарлы жотамен өтетін жер. Бұл жолмен бір түнде өтіп, елге жетуге болады. Тек өте білу керек. Аманай балалығымен, жастығымен өтер-ау бірдеме етіп, ал соңғы күндері әбден арса-арсасы шығып, болдырып, қарттықтың да, тамақтың да зардабынан бұрлығып, өлуге тақаған, жіліншік майы баяғыда-ақ таусылған қара кемік кемпір өте алар ма?» Осыны ойлағанда Балзияның ең соңғы үміті мына отырған жолдай үзіліп, қас қағымда мәңгіріп қалды. Бір кезде не қуанғаны, не қорыққаны белгісіз, Аманайдың жан даусы шықты: – Әже, ана қарашы, әже, айырплан, айырплан. Әжесінің иығынан әлсіз жұлмалап, қолын шошайтып көгілдір аспанды көрсетті. Бұл жолғы самолет ана жолы тәңір түні көрінген самолеттердей емес еді. Артында шұбатылған ақ жолы бірдей болғанмен, түс, тұлғасы да, биікке самғап ұшуы да бөлек. Аппақ жоталары күнге шағылысқан алып көгершіндей, тұмсығын аспан күмбезіне қадап, түпсіз ғарыштың тұла бойын шымырлатқандай баяу жылжып, көк жүзіне баяу сүңгіп барады. Ақ шаңқан самолетке шаршаған, қызарған, кіртиген көзімен кілбие қараған Балзия бір сәт жымиған сияқтанды да, лезде түсі өзгеріп, кейіген пішінге түсті. Әлдекіммен сөйлескендей аузы жыбырлады: – Гүлбарша, Гүлбарша, амансың ба? Тағы да ұзақ сапарға аттандың ба? Жолың болсын, бар, бар! Шаруаң оңғарылсын. Аман ора луыңа тілектеспін. Аман-сау қайт! Сен үлкен адамсың. Сені

бәрі біледі. Бүкіл ғалам біледі. Мен де білемін. Сен мені білмейсің. Екеуміздің арамыз жер мен көктей. Иә, иә, қазір сен аспандағы адамсың. Сені бәрі көреді. Сен бүкіл ғаламның тағдырын ойлайтын, бар адамзат перзентінің тағдырына ара түсер үлкен аналардың бірісің. Мен... мен жалғыз баланы да ажалдан арашалап қалуға дәрменсіз мүсәпірмін. Ешкімге керегім жоқ. Мыжырайған жаман кемпірмін. Иә, иә, Гүлбарша, қазір екеуміздің арамыз жер мен көктей... Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр етіп, әлдекіммен сөйлесіп, күңкілдескен әжеге бір, әжесі көзін алмай қараған айырпланға бір жалтақ-жалтақ қарағыштаған Аманай «Әжем тағы да сандырақтап отыр, тағы да тер қысып сырқаттанып қалған екен» деп зәре-құты қалмады. Мына биіктегі салқын таудың қылдырықтай жолында өлеусіреп, қалтырап отырған әжені қалай ғана төмен сүйреп түсірерсің? Әжесі айтқандай, бұл арада жиі алмасып тұратын нөсерлі жауын, қарлы жауын жауып кетсе не болмақ. Белі үзілген шұбыртпа жолдың қырында, аштан аш, суыққа тоңып, мәңгі қалмақ па?» Аманай бұрын ел ішінде өлген адамдар жайында естігенде, адам баласы, Томар-Омар атасы айтқандай, қалай туса, солай өледі, оның белгілі бір сызығы болады, соған жеткенде құлап, жар жастанады деп қана түсінетін. Сөйтсе, адам баласы өз сызығынан бұрын, аурудан не төтеден келген бір қиыншылықтан, су, тау апатынан, аштықтан да мезгілсіз өледі екен. Оны осы жолы байқаған сияқты. Дәл түсінбесе де іштей сезеді. Кешегі әжесінің ауру алапатымен алысып, өлейін деп жатқан жерінен шай ішіп, өзі айтқандай, жан шақырғанынан-ақ, адам баласының өліммен күресуіне болатынын да түсінген сияқты. «Ал мына жерде әже түсініксіз бірдемелерді неге қайта-қайта қайталап, сандырақтай бастады? Әлде мына жолдың үзілген жері – әженің соңғы сызығы ма?» Балзия тап бұл жолы сандырақтаған жоқ. Бұдан бір-екі жыл бұрын Томар-Омар екеуі оқыған газеттегі сөздер есіне түскен. Газет бетінде үлкен сурет бар. Ана аспанда ұшқан ақ кемедей алып лайнер онда жерде тұр. Оның қасында қолына гүл шоғын ұстаған мосқал әйел мен оны қоршаған бір топ адамдар бар. Алғаш қарағанда мосқал әйелді Балзия, әрине, таныған жоқ. Сурет астындағы жазуды оқығанда тұла бойы шымырлап қоя берген. Өз көзіне өзі сенбегендей қайта-қайта іштей қайталап, әбден көзі жеткен соң барып Томар-Омарға дауыстап оқып берген: «Торытаева Гүлбарша Аманбекқызын бір топ жолдастары мен балалары алыс сапарға шығарып салып тұр». Шал мен

Балзия газетті бірінің қолынан бірі алып, кезекпе-кезек қайта-қайта қарайды. Бұдан елу жыл бұрын қыз кезінде көрген Гүлбаршаның газеттегі суретін көру – өзін тірідей көруден де қызық сияқты. Енді Гүлбарша Торытаеваға арналған мақаланы оқығанда, екеуі де мүлдем естері шыға қайран қалысқан. Мақалада әуелі Гүлбаршаның қысқаша өмір тарихы жазылыпты да, одан соң оның қоғамдық қызметтері баяндалған екен. Ұзақ, көркем жазылған мақаланың ұзын-ырғасы мынау: Бұл күнде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, жұбайымен елу жыл бақытты өмір кешкен, ардақты ана Гүлбарша Аманбек - қызы – халық қалаулысы, кезінде талай аналардың дәрігері болған, атақты гинеколог, қазірде медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондентмүшесі. Бір кезде белгілі академик Соколовскийдің ұстаздығымен «Дерменнің дәрілік қасиеті» деген еңбек жазып, ғылыми атақ алған Торытаева енді өзі неше жыл бойы талай аспиранттарға жетекшілік етуші ардақты ұстаз. Сонымен бірге ол – үлкен қоғам қайраткері. Дүниежүзілік балаларды қорғау комитетінің кезекті мәжілісіне Хиросима қаласына жүргелі тұрған беті. Мақала оқылып біткенше аузы ашылып, еміне тыңдаған Томар-Омар таңдайын жиі қағып, басын шайқаумен болған. Газеттегі мақаланың жалпы нобайын түсінгенмен, көп сөздерін ұқпай, Балзиядан сол арада ежіктеп сұраған. – Сонда, бәтір-ау, бұл тіпті үлкен адам болды ғой. Доктыр деген не? Мүше көріспен дегенің де керемет шығар-ау?! – деп, мақаладағы өзі түсінбеген терминдердің бәрін білгісі келіп ынтыққан. Бұдан елу жыл бұрын Гүлбаршамен бірге техникумда орысшақазақша үздік оқыған Балзия молақ шал қойған сұрақтарға намысқа тырмысып, бір сыдырғы дұрыс жауап беріп, түсіндіргенмен, түгелдей талдап беруге өресі жетпей, өзінен-өзі қорланған. Ерте кезде, оқып жүрген кездерінде, доктор, профессор деген сөздерді естігенмен, ондай атақты адамдарды тірідей көрген емес-ті. Ондай атаққа бір кезде өзіміз де ие боламыз деп дәмеленбек түгілі, олай ойлаудың өзіне, не айтуға ұялатын. Баяғыда, терең білімі болмаса да, болашаққа сенімі зор, зерделі Атымтайдың: «...Мүмкін, алғашқы ғалым да сен боларсың. Несі бар. Жаңа заманның тізгіні біздің қолда» дегеніне іштей күліп едіау. Сол жылы, тау асқан жолы, соңғы бір түнде қыруар малмен елге қайта оралған Ораз, Қаназ атты екі жылқышының өмірі ту-

ралы да газет бетінен «Жылқышы ұрпағы» деген мақаланы оқып, бір кездегі байдың жалшылары, қалыңға берер малы жоқ, ағайынды екі кедей жігіттің кеңес үкіметінің тұсында атақты жылқышылар атанып, тұрмысы шалқып, одан өрбіген үрім-бұтағы түгелдей ауыл шаруашылығының белгілі мамандары, ел құрметіне бөленген қадірлі ұрпақ екенін білгенде де аса селт ете қойған жоқ еді. Өзімен бірге оқып, бірге өскен Гүлбаршаның мынадай дәрежеге жеткенін оқығанда, Атымтай айтқан, жаңа заманның құдіретіне шын иланып, әбден көзі жеткендей болған-ды. Газеттегі орысша киінген, жасы шау тартса да, шашын ортасынан бұрынғысынша бөліп тараған, жалаң бас, бойы әлі де онша шөкпеген, сұңғақ, бетінің де әрі кете қоймаған, жүзі жылы, тұрысына, келбетіне қарағанда көңілі көтеріңкі Гүлбаршаға ұзақ тесіле қарап, мақала сөздеріне де ауық-ауық көз жүгіртіп, қайталап оқыған Балзияның көңіліндегі әрі қуаныш, әрі қызғаныш нышанын жүзінен аңғарған Томар-Омар тура ойынан шыққан: – Балзия, сен ғой, ендігі еліңнің бір сүйікті қыздарының, былайша айтқанда, қадірлі қарты болып отырар ең-ау! Былай да көңілі босап отырған Балзия молақ шалдың кекесінсіз шын айтылған кексіз сөзіне не дерін білмей, мырс етіп күлген. Оның осы сәттегі бар ішкі толғанысын, орны толмас өкінішін, өткіншідей өте шыққан елу жылдық соңғы ғұмырының қасіретін айналасын қу талдың бұтақтарындай қисық-қисық терең әжім көмкерген сілеусін көзінің жаси қалғанынан-ақ аңғарған еді Томар-Омар. «Мені қойшы, біздің кейінгі талай жастардың обалына қалғанымызды қайтерсің. Талай саңлақтар шығатын еді ғой!» – дегісі келген Балзия сөзін жұтып қойған. Сол бір кезде Балзия әлгі газетті жүз рет қарап, жүз рет оқыған шығар. Тіпті мақала сөздерін жолма-жол жаттап алған. Газеттің беті сарғайғанша тоймай оқып, қызыға, қызғана оқып, кейін абдыраға салып қойып еді. Содан бері Гүлбарша да, Атымтай секілді, түсінен шықпайды. Және ылғи әлгі ақ самолеттің ішінде қол бұлғап кетіп бара жатады. Сөйлесейін десе, ол әлденені айтып, алыстан бас шайқайды. Аспандағы оның даусы бұған жеткенмен, мұның даусы оған жетпейтің сияқты. Ол естілмейді дейтін сияқты. Расында, қайдан естілсін жердегі адамның даусы аспандағы адамға! Міне, қазір де Аманай көрсеткен аспанда самғаған күмістей са-

молетке ұзақ қараған Балзияға оның ішінде Гүлбарша кетіп бара жатқандай болды. Онымен ұзақ сөйлескені де сондықтан еді: – Гүлбарша, Гүлбарша, сен менің үнімді естімейсің-ау, қайдан естисің? Екеуміздің арамыз қазір жер мен көктей. Аман бол, Гүлбарша. Бұл екеуміздің соңғы қоштасуымыз болар...» Іңір қараңғылығында тау іші мүлдем суытып кетті. Құз басындағы жақпар тастардан кәдімгідей ызғар есіп, ысқаяқ тарта берді. Ауа райы лезде құбылды. Әлдеқайдан жөңкілген қар аралас жаңбыр бұлты қалың қара барқыт шымылдықтай төмен салбырап, Қылкөпірдің үстімен көшіп жатыр. Бұлт аралас дымқыл тұман иісі келеді мұрынға. Балзия орнынан көтерілейін деп еді, буын-буыны салдырап тұра алмады. Әбден титығына жетіп, құлаған жері осы шығар. Егер қия жол тап осы арада үзілмесе, әлі де біраз жерге ілбуге жарар еді-ау. Енді қарыс қадам аттау мүмкін емес. Әлі құрып, бүкіл денесі делсал ұйып, басы зырқ-зырқ етіп, шыр айналып, әлдебір қараңғы тұңғиыққа шым-шымдап батып бара жатқан сияқты. Бұған дейін өлім халіндегі өзінің ұзақ, ауыр жолға қалай шыдап, қалай сүйретіліп жеткен себебін Балзия жақсы біледі. Әйел затының өлер шағында екі сәтте ажалды тоқтата тұруға шамасы жетеді екен. Толғағы ауыр болып, неше күн, неше түн қиналып, тырнақтарының көбесіне дейін көгеріп, көзі тұнып түк көрмей, өлім халінде жатқан ана байғұс, бар ақтық күшін салып, қашан нәрестенің үні естілгенше тамағына тірелген өлімге төтеп берсе керек. Шыр етіп перзент даусы шыққанда бар қуатынан, соңғы талшығынан айырылып, соған дейін ала алмаған ажалға да енді мойынсұнып, үзіліп кетеді екен. Екінші сәт қарт адам ажал аузында жатқанда, алыстан жетер баласы не ет жақын қадірлі туысы хабар салғанда, ол қашан келгенше бар күшін, ақтық демін сарқып, аз күнге шыдайды екен. Күткен адамы қашан келген сәтте оның да ендігі жерде ажалға қарсы тұрар әл-қуаты мүлдем бітіп, мәңгі көз жұмады екен. Екі сәтті де қазақ «күту» дейді. Соңғы бой жасау да осыған ұқсас ақтық тірлік. Аманайын елге жеткіземін, қайтсем де шыдаймын деген жансебіл Балзияның соңғы дәрмені Қылкөпірдің үзілген жерін көргенде бітіп еді. Осыған дейін қан жүгірген алпыс екі тамыры осы жерде быт-шыт үзіліп кеткендей, басы зеңіп, көзі қарауытып, екі құлағы тарс бітеліп, шыңылдап қоя берген. Өлімнің жеткенін анық сезген. Енді, өзінің топшылауынша, бір-екі сағаттық ғұмырында Аманайды аман сақтау. Оның жолы біреу-ақ: Азулы шыңын айналып өтер қарлы жондағы ауыр да болса, төте жолды ұқтырып кету.

Өлім алдындағы шөл қысқан Балзия, таңдайы кеберсіп, тілі байлана бастағанын аңғарып, немересіне соңғы ақылын айтқан болды. «Менің саған енді масылдықтан басқа пайдам жоқ. Мені тастап, әлгі жолмен қайта орал. Шыңды бетке алып күн батысқа қарай тау өрлеп жүре берсең, елді табасың. Енді кет бұл арадан. Әйтпесе, екеуміз де осы жол айрығында қаламыз. Сен тірі жет. Бар, бар, құлыным. Аман бол! Қайтейін...» Бұдан кейін де әжесі көп сөздер айтты. Аманай зейін қойып тыңдағанмен, тағы да сандырақтап жатыр деп ойлады. Әжесі қашан тілі байланғанша сыбырлап сөйлей берді. Мүлдем түсініксіз бірдемелерді айтып жатыр. Ара-тұра көп қайталайтыны: «Шың... сусымалы малта тас... қарлы жон... мұзарт...» Бұл сөздер, көп айтқандықтан ба, Аманайдың жадында қалды. Бірақ мұның бәрін сырқат әженің сандырағы деп ұққан. Аманай әже бауырында суықтан қалшылдап, дірілдеп жатып, ақыры бір уыс болып бүрісіп, бұйығып ұйықтап кетті. Суықтан дірдектеп, ұшып кетердей жаурап, селкілдеген Балзияның әлден уақытта тынысы тарылып, маңдайынан суық тер шыға бастаған. Үстіндегі шапанын, камзолын әрең шешіп. Аманайдың үстіне әлсіз қолымен жапқан ол, немересінен зорға жылысып, жол бойымен еңбектеп, сидиған арық қолдары жер тірей алмай, қайта-қайта етпеттей құлап, мұрнымен жер иіскеп, ақыры, ит жанды адам жер бауырлай жылжып, сүйретіле-сүйретіле, жар жағасына, жолдың үзілген тұсына жеткен. Жардың құлама жеріне ілігіп, басын төмен салбыратып ұзақ жатты. Осы жатысы – дімкәстігінен, қарттығынан қанаты қайрылып, жел өтінде сирек жүні жұлмалана үрпиіп, басын көтере алмай көзі жасаурап, жартастың жықпылынан зорға шығып, жан дәрменде жар шетіне жетіп, төменде тулаған теңіз шуылына – теңіз әніне соңғы рет құлақ түріп, соңғы рет өзі бұрын үстінде тербелетін теңіз жалына құлайын деп жатқан үсті-басы кір шағалаға ұқсайды. Өстіп жатып, кімге айтып, кімге шағынғаны беймәлім, іштей күбірлеп, ұзақ сөйлеп, ұзақ арыздасты: «Кешір, кешіре гөр! Соңғы жолға Аманайымды жеткізе алмадым. Менің қылкөпірім де, соңғы сызығым да осы шығар. Мені осалдық жасады деме. Бүйтпесем болмайды. Мені қарайлап, Аманайымның кетер түрі жоқ. Аш бала енді бірер күн аялдаса шыдай алмайды. Аштықтан бұрлығып өледі. Бұдан әрі менің қарға адым сүйретілер мұршам жоқ. Менің көзім жоғалса, күдер үзіп, Аманайым да бұл арадан тезірек кетер. Елді табар. Кешір, кешіре гөр! Қастың суы, қанды су мені құшағыңа ала гөр! Сүйегімді жеткізе гөр. Итқұсқа жем қылмай, жеткізе гөр. Барым осы, кешір!» Тілі байланған

Балзияның үзік-үзік соққан жүрегімен сөйлеген ақтық сөзін ешкім естіген жоқ, өзі де естіген жоқ. Төменде, соқыр тұманның астында шулаған Қастың суы да естіген жоқ. Сыбырласаң күңгірлей жөнелетін, айқайласаң жаңғырығыңды ала қашатын түнгі саққұлақ тау да ештеме естімеді. Жел өтінде шулаған қалың тоғайлар да өзімен өзі болып, ештеме естімеді. Алыс, жақындағы ел де ештеме естімеді. Аманайдың да құлағы ештемені шалмады. Түн ортасында сіркіреп жауған жауын арты қиыршық қарға айналған. Оның арты қыламықтаған жеңіл, майда қарға ауысты. Тау ішінде биік құзда жауа еритін, ғұмыры аз, бір күндік қар. Бетін шапанмен тұмшалап алған Аманай таң ата тық-тық жөтеліп жатып, өзөзінен оянып кетті. Жыртық етігінен аяғы мұздағандікі ме, бір аунаса қия жарқабақтан шыңырауға құлайтын құз шетінде жатқаны есіне түсіп кетті ме, шошып оянды. Ояна сала әжесін іздеді, жан-жағын қарманып, жан ұшырып іздеді. – Әже! Әже! Қайдасың? Қайдасың? Айнала дүние аппақ. Қыламықтап жауған қар жол үстін, жақпар тастарды ақ ұлпамен опалап тастапты. Аманай әжесін таба алмады. Жан-жағына жалтақтап, елегізіп тұрып, жолдың үзілер жеріндегі қарайғанға көзі түсті. Орнынан атып тұрып құз жиегіне жетіп еді, қар әлі қалың баса қоймаған адам орнындай жер қара қошқыл тартып жатыр екен. Бұл – кәрі қанатын жазып қалықтауға дәрменсіз дімкәс шағаладай, етпеттей сүйретіліп, жер бауырлай жылжып, жаңа ғана Қыстың қанды суына құздан қалбаң ойнап құлаған Балзияның орны еді. – Әже, әжетай, әже-е, қайдасың? Қайдасың, әже, әже-ай! – деп кемсеңдеген баланың қарлыға шыққан аянышты зарлы үні мен үзікүзік өксігін тұманды тау іші тұншыға қайталап, сай-сала сыбырлап, алысқа әкетіп жатты. * Арада екі-үш күн өткен соң Аманайды таң қараңғысында шекарашылар тауып алды. Тау етегіндегі батпақты жылғада, ақ тұманның ішінде сызда жатқан адамның иісін сезіп, қарғыбауынан тартқан иесін сүйрете-мүйрете жеткен овчарка әшейінде шекара бұзушыны көрсе, келе бас салып ала түсетін үйреншікті әдетіне баспай, әлжуаз баланы аяғандай, қасында тұрып жер тырмалап, қыңсылай берген. Бет-аузы салтақ-сұлтақ, өрім-өрім киімінде батпақтан сау-тамтық

жоқ, ұсқынсыз баланы көтеріп, жылы жерге әкеліп, аузын ашып сусын жұтқызып, қашан, қайдан келгенін, аты-жөнін сұрағанмен, өлім халіндегі баланың жиі булығып, әлсіз жөтелгеннен басқа, жауап беруге шамасы келмеген. Шекарашылар оны қолма-қол ауруханаға тапсырған. Екі өкпесінен де суық тиген, аштықтан беті күлтілдеп, басы ісе бастаған Аманайды застава ауруханасында дәрігерлер төрт ай бойы бар пейілдерін салып, ыждағатпен емдеп, ақыры қатарға қосқан еді. Қазір үсті-басы мұнтаздай, топ-толық, әп-әдемі Аманай қара көлеңкеде іңірде, екі кереуетті еңселі белмеде жападан-жалғыз терезеден тысқа қарап тұр. Әйнектерінде бір сызат, бармақтың басындай бір шаң жоқ мөлдір, биік терезеден ақ басты Жоңғар Алатауының бір жақ мүйісі мен сонау етекте, көз ұшындағы қарлы, кең ойпатта бірбіріне іргелес жатқан ауыл, селолардың самаладай жайнаған оттары көрінеді. – Оу, Аманай, не ғып қараңғыда шам жақпай тұрсың? – деп, шекарашылар киімін киген жігіт сырттан самбырлап сөйлей кірді де, сырт еткізіп жарықты қосты. Бұл – күзде Аманайды тауып алған үш шекарашының бірі. Содан бері ауруханада жатқан Аманайға қолы босаса-ақ барып, көп-көп әңгіме айтып, кейін ол сауыққанда тысқа шығарып, қыдыртып, туған ағасындай боп кеткен, мінезі ашық, ақ жарқын Сайлау деген сержант. Үстіндегі жасыл пагонды ақ тонын шешіп тастап, босағадағы дағарадай қоңыр шифоньердің қос есігін сықырлата ашты. – Қалалардың түндегі оттарын қызықтап тұрмысың? Ертең бәрін көресің. Қане, жолға жиналамыз. Әскери тәртіп бойынша жиырма минутта жиналуымыз керек. Жарты сағаттан соң машина келеді. Мынау – менің чемоданым, мынау – сенің чемоданың. Қане, қайсымыз бұрын жиналады екенбіз. Бір, екі, үш! Терезе алдындағы Аманай былқ етпеді. Әшейінде қарсы алдынан жүгіре шығатын бала, бұл жолы мойнын да бұрған жоқ. «Мұнысы несі, әлде менің әскери тәртіпті айтып қалжыңдағаныма өкпелеп тұр ма?» – деп, Аманайдың ту сыртынан баяу басып жақындап, оның жүзіне қараған Сайлау не дерін білмей, сасып қалды. Ұзын кірпіктерінен мөлтілдеп жас тамған бала да өзінің осалдығынан қысылғандай, ерні дірілдеп, кемсеңдеп: – Анау менің айым ба?! – деді. Түк түсінбей, шыңылтыр аязды көгілдір аспанда тікесінен жаңа туған қылдырықтай күміс айға қараған Сайлау да мән-мағынасыз:

– Иә, сенің айың, сенің айың! – дегеннен басқа ештеме айта алмады. «Неге сенің айың? – деп сұраудың да реті бар еді, бірақ көзіне жас толған көңілі жарым баланың ыңғайына көшіп, айтқанына көнгеннен абзалы жоқ екенін ұққан Сайлау бұл арада артық сөзді қоздырмауды жөн көрді. Үш айдай қасында болып, туысындай бауыр басып кеткен Сайлау Аманайдың бала мінезіне қанық. Бір әңгіменің басы басталсаақ, қашанда бар ықылысымен тыңдайтын бала, әр нәрсені қашан түбегейлі түсінгенше ежіктеп сұрап, анығына жеткенше қоймайды. Әр нәрсені білуге құмар. Әлі мектеп жүзін көрмеген бала не сұраса да, Сайлау бәрін айтып, түсіндіруге жалықпайды. Кейде қайсыбір сұрақтардан жалтарып, тұспалдай салатыны да бар. Алғашқы кезде әжесін көп сұрайтын Аманайға: – Әжең табылады, іздеп жатырмыз, табамыз, – деп көңілін аулайтын. Кейін күдерін үзе бастаған бала: – Әжем жардан құлады ғой. Тасқа тиіп өлді ғой, – деп, өз-өзінен қамығып, мұңайғанда: – Жоқ, тасқа тиіп өлмейді, өзен суының ағыны оны қағып алып кетеді, – деп жұбатқан. – Қайда алып кетеді? – Енді... төмен қарай, тау етегіне қарай әкетеді де... – Тоқтамай ма, аға бере ме? – Иә, аға береді. Бір өзеннен екінші өзенге, ең үлкен өзен Ілеге дейін тоқтаусыз аға береді. – Сосын қайда барады? – Сосын... сосын, енді ол... ол Балқашқа кұяды. – Балқаш деген не? – О-о, Балқаш деген үлкен көл. Бір шеті мен екінші шетіне дейін көз жеткісіз кең дария. Оны теңіз десе де болады. – Әжем одан қайтып шықпай ма? – Қайтып шықпайды... Жо-жоқ, қалай десем екен. Қайтып шықпайды дегенде, ол енді үлкен ғой. Сол дарияның бетінде қалқып, жүзе береді, жүзе береді. Адамдар қашан тауып алғанша жүзе береді... Бұл жолы Аманайдың жаңа туған айды «менің айым ба?» дегені - не түсіне алмай қалды. Бірінші естуі. Анада, тау ішінде түнделетіп, ай жарығымен жүретін өлара тұсында Аманай әжесінен сұраған: – Әже, ай қазір қайда кетті? Артымызда қалып қойды ма? Енді болмай ма?

– Неге болмайды, болады. Елге жеткен соң тағы басқа ай, жаңа ай туады. – Басқа ай? Бөтен ай? – Жо-оқ, бөтен емес. Ол сенің айың. Елге жетсең, сенің айың туады, құлыным, айың туады оңыңнан, – деп, әжесі сөз соңын жұмбақтай салған. Аманайдың есіне түскен сол әжесі айтқан жаңа айы еді. «Не айтып тұр?» – деп іштей ғана күбірлеп, кейін бұрылған Сайлау көңілі жарым баланы әлденеден ренжітіп алғанына өкініп, енді немен жуып-шаярын білмей әлек. Елге жүрер алдында қалай көңілдендірудің шарасын іздеп, Аманайдың жазғы, қысқы киімдерін, оған шекарашылар сыйлаған футбол добы, шаңғы, ойыншық мылтық сияқты заттарды мұқият орап, жинап жүріп, аузы сөзден құрғамады. Бір-біріне байланысы болсын, болмасын, әйтеуір тоқтаусыз сөйлей берді. – Аманай, мені майордың өзі босатты. Сен қашан үйренісіп кеткенше, сенің қасыңда он күндей болатын болдым. Ар жағында біздің ауыл да алыс емес. Мүмкін, бір-екі күнге барып та келерміз. Оған да рұқсат алдым... Айтпақшы... сенің атаңның ауылы да сол арадан қашық емес. Жеңіл машинамен сырғытып, бәрін аралаймыз. Атымтай атаңды айтамын. Ол кісілерге қойылған ескерткішті көрсе-ең, қандай тамаша-а! Сен баратын мектеп-интернат сол ауданға қарайды... Көп ұзамай өзің айтқан Қылкөпірдің құлаған жері жөнделіп, қайтадан жол салынбақшы. Атаң мен Әлима тәтең де сол жолмен келетін болар... Сен екеуміз, енді, бауырмыз ғой. Айтпақшы... Бағанадан тоқтаусыз сөйлеген Сайлау басын көтеріп, Аманайдың қасына келіп, оның жүзіне көзі түскенде тағы да аңырып тұрып қалды. Аманай тұңғыш рет Сайлаудың сөзіне құлақ салып тыңдаған жоқ еді. Бұл кезде оның есіне алыстан көрінген ақ басты Алатаудың сынығындай болып, Балқаш көлінің үстінде қалқып жүзіп жүрген ақ шашты әжесі түсті ме, әлде Сәукеленің ар жағында қалған Әлима тәтесі мен Томар-Омар атасы түсті ме, не болмаса сонау самаладай жайнаған құпия оттардың ішінде басталар жаңа, жұмбақ тіршілігіне жүрексіне ме, әйтеуір жаңа туған қылдырықтай нәзік айына қарап үнсіз жылап тұрды...

АҚ ҚАСҚЫРЛАР ҚАМАҒАН ҚЫЗЫЛ КЕРУЕН1 1921 жылғы көктем. Аспанынан қарала-торала бұлт арылмайтын желді, мазасыз Москва көктемі. Қазан вокзалы. Бір кездерде көз тартарлық көп ою, ойымшының бояуынан сыры өше бастаған тоғыз жолдың торабындағы шуы мол көне вокзал. Қоқыр-соқыр перронда қолдарында шартиған түйіншек, қампиған чемодан көтерген, қолтықтарыңа жалтыраған самауыр, грамофоны үңірейген патефон қысқан, неше түрлі сапар бұйымдарын ұстаған, киімдері де, ұсқындары да әр түрлі, өңдері жүдеу, құжынаған аш-арық жұрт. Солардың ортасында бірінің үстіне бірін сатылай мінгестірген биік жәшіктердің төбесіне шығып алған киімі жұпыны, түрі жадау, мосқал солдат пен тағы бір топтың ортасында сүліктей арғымақтар жеккен фоэтонның үстіндегі сұлу киінген чиновник-эсер ерекше көрінеді. Екеуі де халық алдында үгіт таратып, сөйлеп тұр. Жақтарында тыным жоқ. Кейде қолдарын сермеп, бір-бірімен жарысқандай, құшырлана өрекпіп, есіріп сөйлеген «шешендердің» жүзі кезекпекезек, жақыннан да алыстан да алмаса көрінеді. Сөздері бірде естіліп, бірде естілмейді. Бірақ сөз нобайлары жұртқа белгілі. Осы арада күн сайын даурыға айтылып жатқан жаттанды сөздер, қызу айтыстар. Солдат: – Жас совет үкіметіне жан-жақтан қауіп төндірген жау жеңілді. Антанта айтағындағы Колчак, Юденич, Деникин, Врангель ойнатқан соғыс найзағайынан аспанымыз тазарды. Енді көгімізді басқа қара түнек ауыр бұлт басып келеді... Эсер (жар салғандай, қуанышты айғайлап): – Советтік Россия енді бұл бұлттан айыға алмайды. Бұған қару да, үгіт-насихат та жүрмейді. Бұл – тілсіз жау. Большевиктерге жеткен апат. Аштық апаты. Москва, Петроградтағы жұмысшылар, Поволжье бойындағы шаруалар бір үзім нансыз қалды. Ауруханаларда сүзек, іш ауруымен жатқандар сыймайды, көшеде қайыршылар! Еліміздің астықты аудандарында продотрядтар аштық жайлаған жерлерге азық-түлік дайындауда. _______________ 1Деректі уақиғаларға сүйеніп жазылған драмалық повесть.

Елден жинаған азбыншы астық поездармен Сібір, Қазақстаннан2 келеді. Қап арқалаған бүкіл Россияның ол жұмырына жұқ болар ма?.. Алыстан жолаушылар поезы былқ-сылқ ырғалып, бос вагондары салдырлап келе жатыр. Тұрбасынан қарала түтін будақтаған паровоз сигналы сөйлеп тұрғандардың шаңқылдаған дауыстарын басып кетті. Түтіннен шыға алмай қарманып жанталасқандай далақтаған екі адамның сұлбасы ғана көрінеді, дауыстары естілмейді. Оларды ыждаһатпен тыңдап, кейде қосыла айғайлап даурығып, қарсыласқандар мен құптағандардың қалың нөпірі енді поезд жаққа жалт бұрылып, тоқтар-тоқтамаста вагон есіктеріне қарай лап қойды. Бірін-бірі итеріп, сығылысып, қайсыбірі сыналай қымтырылып, алға ұмтылып кимелеп вагонға тезірек, бұрынырақ кіруге тырмысып, таласа-тармасып өлерменденген көпшіліктің айғайлаған, бақырған, бірін-бірі ұрсып балағаттаған дауыстары. Перрон үсті азан-қазан, у-шу. Жұрттың дені поезға кіріп, сан-сапалақ саябырсығанда әбден болдырып, шаршаса да фоэтоннан түспеген эсердің соңғы қарлыққан, қылғынған жіңішке даусы естіліп тұрды: – Орталық қалалардан, Поволжье, Башкириядан аштар Сібірге, Солтүстік Қазақстан жеріне лек-легімен көшіп, ауып жатыр. Көбі жол бойында аштан өліп, қырылып жатыр. Сарт-сұрт өтіп, қалың орманды қақ жарып, қара айғырын андасанда арқыратып зымыраған поезд составы... Вагон іші. Улаған-шулаған жолаушылар сөрелерде иық тіресе сығылысып, ығы-жығы болып отырған көк түтін вагон ішіне қара көлеңке кеш түсе бастаған. Әр жерде топ-топ тамақ ішіп, қаужаңдасқан адамдардың ішінде таза солдат киімін киген, жасы жиырма екі, жиырма үштегі, орта бойлы, денесі шымыр, қара торы қазақ вещ-мешогын тізесіне қойып, тамақ жеп отыр. Бұл – Жақай Тойшиев. Оның алдында, төңірегінде отырғандар – өздері де, киімдері де бір жосын, ұсқынсыз жандар. Бәрі де сөренің ортасындағы еңгезердей, бетінің тыртығы бар, сығырая, тесіле қараған көзі адамның өңменінен өтердей суық, өңі сұсты адамның қасы мен қабағына қарайтын сияқты. Бұл – жұпыны киінген, бұрынғы ақтың ___________________________ 2Ескі документтерде кездесетін қырғыз-қайсақ жері дегенді ауызекі сөзде «Қазақстан» деп алуға да болатындығы заңдастырылған.

офицері Ежов. Ежовтан басқасы кружкамен арақ ішіп отыр, біреулері түрегеп тұр. Тойшиев тамағын жеп болып, қапшығының аузын жаба бастағанда барып аңғарды: маңайындағылардың бәрі, өздері бірдеңені малжаңдай отырып, көздерін орталарында ақ қарғадай боп көрінген жалғыз солдат Жақайдан айырмай, ішіп-жеп барады. Жақай сәл аңырып қалып еді, осы сәтті аңдығандай әлдебір ұры қол қапқа түсіп, консервіні алды. Көз қиығымен көріп қалған Жақай білезігінен бас салып, «ұят емес пе мұның» дегендей оның бетіне қарап еді, анау «несіне таңырқайсың, несіне таңырқайсың, соншама аспаннан түсіп пе едің» дегендей ыржиып күлді. Үстіңгі сөреде көзін алмай бақылап жатқан алты-жеті жасар кішкентай арық қыз қолын созып қыңқылдайды: – Мама, консерві, мама! Жақай әлгі ұры қолды мытып жіберіп, консервіні жұлып алды да, биік сөреде қысқа шашы дудырап жатқан қызға күлімсірей ұсынып, «ала ғой» деген жылы ишарат білдірді. Қыздың қуанышты әрі таңырқаған сәби үні сыңғыр етті: – Рақмет, дяденька! Жақай орнынан тұра бергенде ұсқынсыздың біреуі оның артында жатқан қоржынын жып еткізіп алып, көлденең сөренің бұрышында жылап, бүрісіп отырған баланың қолына ұстата салғанда, иығынан итеріп, «кет, екінші вагонға қаш» деп сыбырлай зекіген. Қоржынды құшақтап алған бала алғашқыдай көзі бақшаң етіп, дым түсінбей, «қамқоршының» суық, ұры көзінен үркіп, тұра қашты. Адамдардың ара-арасымен сыналай кимелеп, зытып барады. Қайтадан отыра берген Жакқай орнын сипалай беріп, көзі шарасынан шыға, әлдебір асылын жоғалтқан адамдай, жан-жағына жалтақтап, анадайдан көзіне бала түскенде, «тоқта!» деп айғайлай ұмтылып еді, жаңағы қоржын ұрлап берген жігіт қолын сөре жақтауына тірей қойды. Қыл мойнынан килігіп қалған Жақай жігіттің қолынан бас салғанда, тыртық бет, орнынан да қозғалмай, бұйыққан қалпы, зекіді: – Жібер!.. Жақай вагон үстіне шықты. Гуілдеген өткір желге шалқыған паровоз тұрбасының будақ-будақ қара қожалақ қою түтіні үстіне лап қойып, көміп жібергенде шайқатылып барып тұрып қалды. Шұбатылған шуда түтін арасынан ирелеңдей теңселген ұзын составтың ең соңғы вагонына қарай көзімен барлап тұр. Вагондардың

үсті сыңсыған адам – дем шығатын тұрбаларды айнала қоршап, бірбіріне иін тіресе, ұйлыға бұйығып, қысылып-қымтырылып жатыр. Келесі вагонның жиегіне зорға іліккен бала поезд астына құлап кете жаздап, тырмысып барып үстіне шықты да, тағы да алға қарай жүгіре жөнелді. Жолаушылардың қайсыбірінің бетін бүркеген шапанының өңірінен ғана сығалағаннан басқа, қайсыбірінің созылған аяғын бауырына жинап алғаннан басқа, жүгірген балада шаруалары жоқ. Жел өтінде бүрісіп, бір-бірінің қойнына, екі бұтының арасына тығылып, бұйығып жатыр. Поезд зымырап келеді. Солдат бір вагоннан екінші вагонға еркін қарғып өтті. Батқан күннің соңғы қызыл күлгін жарығында поезд бар тұлғасымен түгел көрініп, алыста зымырап барады. Үстінде жүгіріп, бірін-бірі қуған екеу алыстан бұлдырайды: Жақай мен бала. Поезд зымырап келеді. Ең соңғы вагонға жеткен бала, әлдекімнің аяғына сүрініп, етпетінен құлады. Қолындағы қоржын ұшып кетіп, вагонның дәл жиегіне барып түсті. Міне-міне енді жерге түскелі тұр. Жақай анадайдан айғай салды: – Қоржын, қоржын! Сумка!.. Бала орнынан тұра сала қоржынға жетті. Қоржынды алып, алдына қарағанда, ала көлеңкеде поезд астынан жыланша шүбатылып, ирелеңдей шығып жатқан қос теміржолды көргенде басы айналып, теңселіп кетті. Өзін зорға ұстап қалған бала артына, жел өтіне қарсы бұрылғанда – жақындап қалған шинелді Жақайды көріп, жылап жіберді. Бауырына қысқан қоржынды лақтырайын деп бір қолына ауыстырғанда, Жақай балаға жетпей, шыбын-шіркей айғайлап, тұрып қалды. Жақайдың қазіргі түрі баладан да аянышты, сөзі баладан да жалынышты еді: – Мен саған тимеймін, лақтырма қоржынды. Онда тамақ жоқ. Мен саған нан беремін, консерві беремін. Лақтырма қоржынды!.. Бала да шыбын-шіркей болып, көзі жасаурап тұр: – Дяденька, ұрмашы мені, ұрмашы! – Жоқ, ұрмаймын, тимеймін! Мен саған консерві, нан берем! Алға, Жақайдан да әрі, алысырақ қарап, көзі шарасынан шыға үрейленген бала жан даусымен айғайлап: – Дяденька, жат, жат, – деп өзі жата кетті. Артына қараған Жақай етпеттей құлады. Қара түнек.

Паровоз үні тұншыға күңгірлейді. Туннель іші. Поезд зымырап келеді. Туннельден шыққан поезд жүйткіп келеді. Жақай орнынан тұрып, қоржынды бауырына басып, көзі жыпылықтап қорыққан балаға жақындай береді, жақындай береді... Шағын вокзал. Вокзал маңдайшасында орыс, араб әріптерімен жазылған жазулар: «Сиб. жел. д. Станция Петропавловск». Вагондардан түсіп жатқан адамдар, қарсы алғандар, жолаушылар құж-құж қайнайды. Солардың арасынан жәшікшелер көтеріп, мықшыңдаған Ежовтың адамдарын НКВД формасындағы қазақ, орыс милиционерлері тексеріп тұр. Орыс милиционері жәшік ішінен алған нәрсенің орауын ашып, аударып-төңкеріп, қолымен салмақтап қарайды. Столға қоятын дөңгелек сағат. Ежов қағаз ұсынып: – Губторгсоюзға әкелген товар, – деп, сыпайы мінезбен түсіндірді. Беті күлгенмен, көзі күлмейді. «Сендер не түсінуші едіңдер» деген сыңай. Милиционер сағаттағы жазуды шала-пұла ежелеп әрі таңырқап, әрі сезіктеніп, нақты түсінбей басын шайқады. – Немісше ме, ағылшынша ма? – деп, қиқаң еткізіп иығын көтерді. – Түсініксіз... Тексеру керек. – Дұрыс түсініп тұрсыз. Шетелдік бұйым: товар алмасу... – Ежов ызалы жымиды. Екінші жақтан гимнастеркасының жағасында полковник ромбигі бар, орта жастағы, қабағы түксиген, түсі суық, айбарлы Кудрявцев келіп, өзіне әскери тағзыммен честь берген милиция қызметкерлеріне: – Жіберіңдер! Менің соңымнан еріңдер! – деп, ширақ басып алға оза берді. Екі милиционер жолаушы сауда қызметкерлеріне «жүре беріңдер» деген белгі жасап – қолдарын сілтеп, Кудрявцевтің соңынан жүгіре ілесіп, кете барды. Вокзалдың екінші жағында жасырын тұрған бірнеше жайдақ арбалар, бір фоэтон. Фоэтон қасындағы жұпыны киінген ескілеу қара пальтолы, мыжырайған шляпалы адам Ежовтың алдынан шығып, қол алысты: – Келуіңізбен, штабс капитан мырза! Ежов жақтырмай қабағын түйді: – Жолдас Ежов. Белгісіз адам: – Ғафу етіңіз, жолдас... Ежов. Қасында қоржын ұрлаған бала Миша Телегин. Жақай көксалпақ көше бойында кездескен біреулерден әлденені сұрап, басын изеп кетіп барады.

Ауыр жәшіктерді тиеген арбалар мен фоэтонды көзімен шыға - рып салып, Ежов жалғыз өзі кері бұрылды. Жақай мен Миша екі этажды ағаш үйдің алдына келіп, есік үстінде жазылған көп жарнамалардан өздеріне керегін іздеп оқып тұр. Екеуінің де көзі: «Управление Петрококшестроя» деген жарнамаға түсті. Бұлар екінші этажға сықырлаған тақтай басқышпен көтеріліп келеді. Алыстан әлдекімнің жиналыста сөйлеген даусы көтерілген сайын саңқылдап, күшейе түсті. Этаждағы құрылыс басқармасының коридоры. Сыры өшкен тақтайлы еденінде отырып темекі тартып, алыстан сөз тыңдаған, есікке үймелеген адамнан көз сүрінеді. Кең бөлме. Сығылысып отырған құрылысшылар. Әр ұлттың өкілдері. Стол басында Томчук сөйлеп тұр: – Шетелдік газеттерде жас социализм құрылысының жаулары даурығып күнде шулайды: «Россияны қазір екі президент билеп тұр деп жар салуда: «бірі – Ленин, екіншісі – Аштық!». Коридорда Жақай. Жақайдың құлағында Томчуктың саңқылдаған үні. Жұрттың арасымен сыналай кіріп, сығалай қараған Жақай өз көзіне өзі сенбегендей таңырқап, басындағы фуражкесін шешіп алып, екі езуіне жетер-жетпес сұйықтау мұрты бар, қара галстук таққан, қасы қиылған, шүңірек көздеу, жасы отыздарға тақаған Томчукқа қарап тұр. Әлдене айғайлап ұмтылғысы келеді. Бірақ жан-жағынан қысқан адамдар ішке жібермейді. Жақайдың күлімдей, қуана қараған көзі Томчукта. Томчуктың сөзі естілмейді. Томчуктың аузы ғана жыбырлайды. Жақай ойда. Жақайдың ойы шартарапқа кетіп, көзіне әуелі көгілдір аспан, аспаннан жауған ақша қар, қарға бөккен орман, қаз-қатар екпе ағаштардың ортасындағы қарлы аллея түседі. Горки. Январь. Желсіз тымық қыста қар жапалақтап жауып тұр. Айнала тым-тырыс. Алыстан екі этажды биік үй көрінеді. Дача. Алдында шинельді солдат-курсант жүр: Жақай. Солдатқа қарай екі адам келе жатыр: Томчук, Жуков. Есік алдында тұрып күткен Жақай анадайдан бұларға честь берді. Томчук: – Біз Владимир Ильичтің шақыруымен. Жақай: – Пропускаларыңыз? Келгендер пропускаларын ұсынды... ...Ұлпа қар басқан, тап-таза, түзу аллея. Екі жағы қарағай, қайың аралас қалың тоғай. Үсті-басына, қас, сақал-мұртына дейін ұлпа қар

қонған Ленин қолын қалтасына салған, биік ағаштардың ұшар басына жиі қарап келе жатыр... Бір қарағайдың бұтағынан гу етіп қар саулайды. Құйрық жүні үлпілдеген, бауыры құла, арқасы жирен тиін екен қарғып жүрген. Тал-тал мұрты жыбырлаған тиін, әлдене дәметкендей, мөлдіреген көзін Лениннен алмай қарап отыр. Ленин де сәл басын қисайтып, мейірбан жүзбен қарап тұр. (Бұл кезде 1921 жылы 1–22 январьда В. И. Ленин демалыста болатын.) Қасына жүгіріп Жақай келді. Алыстан сөйлескен бір-екі сөзден соң Ленин ширақ басып, сырттан келгендерге жақындай берді. Жақай үш-төрт адым кейіндеп қалды... – Саламатсыз ба, Владимир Ильич! – деп, Жуков пен Томчук жарыса амандасты. Жуков қол алысып: – Владимир Ильич, мен Ақмола губерниясының делегациясы атынан келдім. Ленин Жуковқа: – Сіздің аты-жөніңізбен сырттай қанықпын. Прокопий Калинович Жуков – Көкшетау уездік атқару комитетінің председателі. – Солай емес пе? Жуков (таңырқап): – Солай, Владимир Ильич! Томчук: – Мен, Томчук Иван Антонович, өзіңіздің шақыртуыңызбен... Петрокок құрылыс мекемесі. Ойда тұрған Жақай ығы-жығы адамдардың арасынан тағы да сығалап қарап, көзі Томчукке тірелді. – Иә, сол! Иван... Иван... Антонович. Иван Антонович! – деп қуана қайталады. Иван Антонович Томчук сөйлеп тұр: – Жолдастар, Петрокок құрылысына жергілікті адамдардан басқа еліміздің түкпір-түкпірінен жұмысшылар, инженерлер, мамандар келіп жатыр. Сіздер де сондай адамдардың бір тобысыздар. Біз сіздерді қуана қарсы алып отырмыз. Аянбай еңбек етсеңіздер, революция жеңісін қорғаумен бірге, өздеріңізді де, алыста қалған семьяларыңызды да қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бірақ алдын ала естеріңізге салудың артықшылығы болмас: Петрокок құрылысы – бүгінгі таңда еліміздегі аса маңызды құрылыс. Петропавл – Көкшетау темір жолын салу, ең алдымен, Владимир Ильич Лениннің инициативасы.

Горкидегі екі тәжілі дачаның екінші қабатындағы кең зал. Іште Ленин, Томчук, Жуков. Ленин өзінің қарсы алдында отырған Жуковқа бар ыждаһатымен құлақ сала отырып, мойнын сәл соза түсіп, сұрақ қойды: – Россияның аштыққа ұшыраған облыстарына Сибирь аудандары мен Солтүстік Қазақстанның қанша азық-түлік беруге мүмкіндігі бар? Соны айтыңызшы. Жуков сәл ойланып алып, бір жұтынып: – Біз алдын ала есептедік. Дәл айту қиын. Жобамен 20–25 миллион пұттан астық, миллионға жуық ірі қара және ұсақ мал, – деп жауап берді. Ленин басын көтеріп алып, ойлы күлімсіреп, іле Томчукке бұрылып, қалың жұрттың алдында мінбеде тұрып сөйлегендей, саңқылдаған ашық даусымен кідіріссіз сөйлей жөнелді: – Өте жақсы, өте жақсы! Иван Антонович, міне, естіп отырсыз, Сібір аудандары мен Солтүстік Қазақстаннан ғана соншама азықтүлік дайындалса, бұл, сөз жоқ, үлкен жеңіс: қолға тиген әр пұт дән аштық апатынан адамдарды ғана құтқарып қалмайды, сонымен бірге күйзелген губерниялярдың шаруашылығы мен тарыққан жеңіл, ауыр өнеркәсіп жүйесін де сақтап қалады. Ал осыншама азық-түлікті сіздер қандай жолмен, қандай көлікпен жеткізбекшісіздер? – деп, тағы да Жуковқа сәл басын қисайта қарады. – Дала жолдарымен, көбінесе жолсыз жерлермен, Владимир Ильич. Көліктің ең қолайлы түрі – түйе керуенімен, ара-арасында тарантас, бричка, таратайка, ходак, екі аяқты арбалармен... – Бүкіл Азия мен Европа мәдениеті бір кезде, осы керуен жолдармен жүріп, алмасып тұрған. Сіздің жерлесіңіз Жанкелдиннің интернационалдық отряды үш мың шақырым жолды түйе керуенімен өтіп, революцияға зор көмегін тигізді. Әрине, сол даладағы есілген құм үстімен түйелерден басқа көлік жүк артып өте алмаған да болар еді. Ал қазіргі жағдайларда керуеннің жүрісі шабандау емес пе, жолдас Жуков? – Солайы солай ғой, Владимир Ильич. Бірақ басқа амал жоқ. Өзім де айтуға оқталып, көмейіме тіреліп отыр еді, – деп, Жуков әлденеден қысылғандай күмілжіп, бөгеле беріп еді, Ленин оны ашық сөзге шақырып, жөпелете сөйледі: – Сіз қысылмаңыз, көңіліңізде дүдәмал, күдікті ой болса, бүкпесіз ашып айтыңыз. Бояма, жылтырақ сөздер, құрғақ уәде, жалған ақ-

пар – міне, іске кедергі келтіретін зиянды, қауіпті дүниелер. Барымыз бен жоғымызды жасырмай, басынан ашып алсақ, кейін батыл сөйлесуімізге жеңіл болады. Құлағым сізде, Прокопий Калинович! – Жол өте алыс, Владимир Ильич. Ұлан-байтақ қазақ даласындағы Ақмола губерниясының шеткі облыстары Петропавлдан мың шақырымдай қашықтықта. Бұл екі орта көлікке де, адамға да жайсыз. Оның үстіне тап жаулары да – бай, кулактар, ақ гвардияшылар қалдығы, шамасы келсе, талап жеуге әзір. Және мал да, астық та негізінен байлар мен кулактардың қолында. Подразверсткадан ең кертартпа элементтер – осы кулактар мен байлар болды. – Әрине, олар еш уақытта құшағын ашып қарсы алмайды. Олардан ала білу керек, ала білу... Иә, айта беріңіз... – Содан соң, азық-түлік өнімдерін жинап алу қиындығы өз алдына да, бұл өнімдерді төгіп-шашпай, шығындарға ұшыратпай, Қазақстаннан тасып әкетудің қиындығы өз алдына бір бөлек мәселе... – Міне, міне, сондықтан да Петрокок теміржолын салу – қазіргі кезде уақыт күттірмейтін тығыз шаруалардың бірі. Өйткені бұл жол бүгінгі күні де, болашақта да аса маңызды азық-түлік торабы болмақ. Иә, а-аса маңызды әрі екпінді азық-түлік торабы. – Владимир Ильичтің өзі де екпіндете сөйледі. – Тағы да қайталап айтамын – сіздердің алдарыңызда кулактармен аяусыз күрес тұр, аяусыз! Бұл күресте Петроград, Иваново-Вознесенский жұмысшылары үлкен жәрдем етпек. Сіздерге ең табанды, шыныққан жұмысшылардан бірнеше отряд жібермекшіміз. Жуков отырған орнынан ұшып кетердей қопаңдап, қуанып, көзі жайнап қоя берді: – Бұл тамаша көмек, Владимир Ильич! – Бірақ сіздер сырттан келетін көмекке сеніп, жайбарақат отырып қалмаңыздар. Бұл іске жер жағдайына, ел жағдайына қанық адамдардың көбірек тартып, тәрбиелеңіздер. Негізгі көмек, болашақтағы күш – жергілікті адамдардың инициативасына, социализм құрылысына деген қалың бұқараның ниетіне байланысты болмақ. Томчук кабинеті. Түн. Іште Томчук, Жуков, Жақай, милиция начальнигі Угар Жәнібеков, Миша Телегин. Столда ондық шам. Миша ұзын скамейкада қалғып отыр. Жуков қабырғаға ілулі шағын картаның алдында. Қолында қысқа таяқша: – Жолдас Жақай Тойшиев, сіз Петрокок құрылысына дер кезін-

де келіп отырсыз. Сізге біз Петрокок құрылысының бас инженері Томчук, округтік милицияның начальнигі Жәнібеков, уездік атқару комитетінің және округтік предналог комитетінің уақытша комиссары ретінде, мен, Ақмола ревкомы атынан революция солдаты сізге қауіпті тапсырма, сондықтан да жауапты тапсырма жүктегелі отырмыз. Жақай орнынан атып тұрып: – Құп болады, мен дайын! – деп әскери рәсіммен сымдай тартыла қалып еді. – Отыра беріңіз, – деп ұйқылы-ояу маужыраған балаға Жуков дүдәмалдана көз тастады. Отырғандардың да Жуковпен бірге сезіктенгенін түсініп, Жақай Мишаға қарап: – Сенімді бала... Жұмысшының баласы... – деп қысқа ғана түсіндірген соң барып, Прокопий Калинович сөзін жалғады: – Бізге Петрокок темір жолын тез салу қандай үлкен міндет болса, осы жолға азық-түлікті тез жеткізіп, орталыққа, жұмысшы қалаларға еш кедергісіз жөнелтіп тұру да бірдей міндет. – Түсінемін, Прокопий Калинович, – деді Жақай. Жуков енді қартаны таяқшасымен көрсетіп сөйледі: – Ақмола губерниясының бірсыпыра болыстарында Петроградтан келген жұмысшы-коммунистердің көмегімен азық-түлік жөнелту ойдағыдай жүріп жатыр деуге болады. Ал Есіл бойындағы мына болыстарда, кейін түгел жазып аласыз, үлкен қиындық, қиындық қана емес, қауіп бар: екі рет азық-түлік отряды жіберілді. Екеуі де жоқ. Олар барған он төрт болыстан бір түйір азық-түлік түспей отыр. Жуков сөйлей бастағанда-ақ мінезі ұрда-жық Угар Жәнібеков отырған орнында қозғалақтай, шыдамсызданып, бірде тұрып, бірде отырып, бірде бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп кеткен. Жуковтың «он төрт болыстан бір түйір азық-түлік түспей отыр» деген сөзді қабағын түйіп қана, баяу айтқанына шыдамай, столды ұрып айғай салды. (Миша селк етіп, көзін ашып алды.) – Ұшты-күйлі жоқ. Із-түзсіз. Салық жинаған қағаздары, документтері келген. Ал керуен жоқ. Олар қан-ншама азық-түлікті қайда апарып жасыра алады? Қайда апарып жасыра алады? Қайда өткізбек?! Жоқ, мүмкін емес. Олардың ішінде өткерілген, ысылған, тексерілген сенімді коммунистер бар, мүмкін емес! Табамыз! Таппай қоймаймыз! Жәнібеков күйіп-пісіп, бөлменің бұрышына қарай кеткенде:

– Сол жерге сізді азық-түлік инспекторы етіп жібермекшіміз, – деп Жуков тағы да салмақпен сөзін жалғады. Әскери тәртіпке әбден жаттығып қалған Жақай тағы да атып тұрып: – Құп болады! Басқа агенттерден кім бар? – деп қысқа ғана сұрақ қойды. Жуков Томчукке иегін көтеріп, «ендігісін сіз айтыңыз, сіз түсіндіріңіз» деген ишарат білдіріп еді, құрылыс бастығы да Прокопий Калиновичтің салқынқанды баяу үнімен, баппен, асықпай түсіндіре бастады: – Біз орталықтан үш жүзге жуық автомашина күтіп отырмыз. Солар келгенше теміржол құрылысында дистанция начальнигі болып істей тұрасыз. Сол арадан, яғни 7 участоктегі қазақтардан продотрядқа адамдар таңдайсыз. Қазақтардан! Жәнібеков тағы да төтеден долдана кірісіп кетті: – Үйткені ол жақтың дені қазақтар. Станица казактары да казақшаға судай. Қазақ байлары мен станица кулактарының ым-жымы бір. Олар – революция жаулары. Өңкей баскесерлер! Жуков сөз аяғын қысқа тамамдады: – Иә, кейін арнайы инструкция аласыз... Шамамен 10–15 шақырымға созылған темір жол құрылысы. Петропавлдан Көкшетауға қарай шұбатылған, жаңа тоқылып жатқан алашадай түп-түзу жолдың өн бойы шашылған дүние, әртүрлі заттар, құрылыс материалдары. Әуелі шпал төселген плацдармдар, содан соң беті тегістелген дайындалған құм, балшық аралас жал-жал үйінділер, одан әрі топырақ үйілген үзік-үзік төбешіктер, қазылған ұралар, жол құрылысының екі жағында, әр жерде, қостар, шатырлар, кей тұста жұмысшыларға ас дайындайтын асхана-вагондар, көшпелі жатақхана-вагондар. Жайылған кірлер, айқыш-ұйқыш шашылған шпалдар, тақта-тақта үйілген шпалдар, ат-арбалар... Қайнаған еңбек: жол бойы жұмыс істеп, қарбаласып жатқан жүздеген адамдар. Әр жерде будақтаған түтін көгілдір аспанға жайылып, батып бара жатқан қызыл күннің бетін перделейді. Құрылыс жолының ең алдыңғы шебі. Бұл арадағы айырмашылық шатырлар орнына әр жерде отау тіккен киіз үйлер. Бұл арада да еңбек ырғағы: шақ-шақ еткен темірлер, гүрс-гүрс соғылған қайла, лом дыбыстары. Жер қазып, балшық лақтырған адамдардың үні. Сыңар доңғалақты қол арбамен үйілген балшық үстіне тақтай бойымен бір шығып, бір түскен жұмысшылар.

Осы ырғақтың ішінде ерекше дыбыс естіледі: бағанаға ілінген сынық рельсті шыңылдата ұрған балға дыбысы. Бұл – жұмыстың аяқталғанын білдіретін немесе мезгілді тамаққа шақырған хабаршы белгі... Күн батып барады. Күн алауында иықтарына күрек, қайла, шоттарын салған жұмысшылар, ат-арбасын, түйе, өгіз көліктерін жетектеген адамдар көрінеді. Жұпыны киіз үй. Үй сыртында доғарылған ат, арба, бір-екі қой байлаулы. Бұл арада да шашылған шпалдар, отын, зембілдер. Киіз үйдің алдындағы жерошақ маңында ас пісіріп күйбеңдеген 19–20-лардағы қазақ қызы – Әмина. Дабырласып жұмысшылар ке леді: Ноян, Жасаған. Киіз үйдің іргесінде басын бүркеніп алып бір уыс боп бүрісіп, Шәлтік қорылдап ұйықтап жатқан. 40–45 шамасындағы балуан денелі еңгезердей Ноян оны жағасынан тік көтеріп алды: – О, ұятсыз неме! Тағы да қара басқан екен, тағы да! Ұйқылы-ояу Шәлтік қылғына шырылдап: – Жібер, жібер, – деп бұлқынып, Ноян жағасын босатқанда, сылқ етіп құлады. – Құрдас екенмін деп, басынба олай! Ауыруға да болмай ма? – Шәлтік міңгірлей жүріп, күпісімен басын тұмшалай бүркеніп, қайтадан қисайды. Ноян ызалана күліп: – Көрдік, көрдік, ауруың асқынған екен, сілекейің шұбырып қорылдап тұрып жатырсың, – деп, қолына күрек, балға ұстап, шпалдың сынығынан жасалған жылтыр төс темірдің алдына жайғасты. – Мен өзі солай ауырамын! – деп, Шәлтік басына бүркенген күпісінің астынан міңгірлейді: – Жаңа ғана бір тамаша түс көріп жатыр едім. Оны да көпсінді-ау. Тіпті жібі түзу түс көруден қалдық қой... – Шорту-морту! Саған дауа жоқ екен, – деп Ноян қолын бір-ақ сілтеп, күрегін шақылдата ұрып, шыңдай бастады. Жасы алпыстардан асқан қауға сақалды қарт Жасаған үй сыртындағы көгалға жазған жайнамазда тұрып: – Әй, Шәлтік, ұятың жоқ-ау, ұятың, сайраған тіл... – деп, құбылаға қараған қалпы намазға кірісті. – Хұл-хуа алла, хұл-ху алла!.. Үйден табақ алып шыққан Әмина да Шәлтікке тыжырына қарап: – Бүкіл ел боп жабылып, күні-түні тынымсыз жұмыс істеп жатқанда, ұйықтауға келіп пе едіңіз? – деп жерошаққа қарай өтіп

бара жатып, күңк етіп еді, Шәлтік бұдан ары шыдай алмай, орнынан атып тұрды. Тұмшалап орап алған күпіден басын қылтитып, тура ін аузындағы суырша, шаңқылдап қоя берді: – Сендер келсеңдер, соқа бастарың. Ал мен ат-арбаммен келдім. Мына шойын жолдың құрылысы, көрерсіңдер, енді екі-үш жылсыз бітпейді, әлі күнге дейін Қызылжардың түбінде көртышқан құсап жерді бұрқыратып қаза береміз, қаза береміз... Екі жағына бірдей «алла акпар, алла акпар» деп жайнамаз үстінде сәлем еткен Жасаған намазын ұмытып, сөйлеп қоя берді: – И-ә, тыныштықпен қаза берсең, ұлы той ғой. Қалшақтың қалдықтары бай-құлақтармен қосылып, тағы да ордалы жыландарша жиналып, соғыс ашуға әзірленіп жатыр дейді. Негізгі көздейтіндері осы құрылыс, біз көрінеміз... Ноян ұнатпай, қабағын шытынып, шыңдап отырған күрегін жерге ашулана лақтырып жіберді: – Оны кім айтып жүр? Қайдағыны қайдан шығарасыңдар осы?! Жасаған намазын «аяқтап», бетін сипап: – Ана орыс жұмысшылары айтады, – деп, жайбарақат қана жайнамазын жинап жатыр. – Мен ойдан шығарды деймісің, бәтір-ау?! Шәлтік басын күпіден қылтита шығарып алып, тағы да суыр құсап шаңқылдай, өзеурей жөнелді: – Олар біледі, біледі. Бәсе, бүгінгідей жүрегім өрекпіп, ұйқым қашып еді, Әмина, әй, Әмина, шырағым, атты сыртқа тұсап жіберіп пе едің? Осы ашық-жарықта елге жеткенім жөн шығар. Шынында осы құрылыс менің қолым емес! Қазандық маңында күйбеңдеген Әмина қолындағы ожауын білемдеп: – Ұялмайсыз, ә! Еркек басыңызбен бас сауғалағыңыз келеді, ә? – деп, Шәлтікті күстаналап, ожауын қазандағы бүлкілдеген сорпаға сүңгітті. – Әй, сен қыздан-ақ көретін болдым ғой! Онда тұрған не ұят бар! Саған ұят, әрине. Жақайдан ұят! – деп, Шәлтік те жас қызды бір шағып алып, күпісін бүркеніп, қайтадан қисая кетті. Әмина аға жұмысшыларға қарап, ұялып, ыңғайсызданып қалды. – Ой, шорту-морту! – Ноян күрегін жерге зығырлана қадады, – Әминаш, ас дайын ба, ас? Қане, таңнан тұрамыз, ертерек жату керек. Киіз үйдің төрінде жастыққа қисайып, домбыра шертіп жатқан Жасаған сыртқа айғай салды:

– Оу, айтқандай, әлгі Жақай інішекті шақырып па едіңдер? Басын қайта көтерген Шәлтік көптен шеше алмай жүрген жұмбақтың шешуін тапқандай қуанып, киіз үй сыртында өз-өзінен сөйлеп отыр: – Ә-ә, таптым-таптым! Бұл Жақай бала неге әне бір қоржынын салақтатып тастамайды десем... Таптым, таптым. Оның ішінде... Бәсе, бәсе... оқ-дәрі, мылтық бар, мылтық. Ол осындай бір сұрқылтайдың боларын күн ілгері біліп жүр екен ғой! Орнынан тұрып, киіз үйге беттеген Ноян: – Күнде сол қоржынды ауыздарыңа бір алмасаңдар, көңілдерің көншімейді-ау! Көйлек-көншегі шығар ішіндегі, одан басқа не болушы еді? – деп киіз үйге кірді. Сөзінің сыңайына қарағанда өзі де қоржын ішіндегіні білгісі келетін сияқты. – Иә деген, онда жуғызбай ма? – деп орнынан жалма-жан тұрған Шәлтік, тамақтан қалып қоятындай, қолын асығыс жуып, қазаннан түсіріп жатқан буы бұрқыраған тамаққа жалтақ-жұлтақ қарағыштап, жұтынып қояды. Киіз үй іші. Сырттан, қасында Миша бар, Жақай кіріп, иығындағы қоржынын керегенің басына ілді. Сырттан құман ұстап кірген Әминаға: – Рақмет, жаңа жуынғанмын, – деп, басын изеді. – Жақайжан, осы ана қоржыныңның ішінде мылтық бар ма, асыл тас бар ма? – деп Шәлтік желкесін қасыды. – Одан да қымбат нәрсе бар, – деп, Жақай жымың етіп Ноянның қасына отырды. Миша да Жасағанның қасына малдас құрып, домбыраны алып, дыңғырлатып тарта бастаған. Ноян (Шәлтікке): – Шорту-морту... (Жақайға) Жақай інішек, ана қоржынның ішіндегіге мына Шәлтіктің құмартқанына бірнеше күн болды. Жерік десе де сыяды. Сырттан ас алып кіріп, кебеженің үстіне қойып, жер столға дастарқан жая бастаған Әмина: – Шәлтік күні бойы күрсініп, пысылдап, қорылдап, ұйықтай алмай шығады! – Сықылықтап күледі. – Әй, қарағым, қыз басыңмен тілің мен жағыңа сүйенбеші. Сенен басқалары да жетеді. Әйтеуір бәріңнің тілдеріңе жеңіл мен бармын. Осы бәрің де Жақай жоқта қоржындағыны білгілерің келіп емінесіңдер де, Жақайдың алдында монтанси қаласыңдар, – деп Шәлтік те бас салып еді, басқалары үндемей қалды. Содан соң барып Шәлтік Жақайға қарап, жалынғандай, даусы бәсеңсіп жыламсырай үздігіп, шын қиылып сұрай бастады.

– Інішегім, не бар ішінде, айтшы, айта қойшы! – Айтшы, жерігі басылсын! – деді Ноян өзі де білгісі келіп. – Қане, не бар дейсіздер? – деп Жақай отырғандарға қарады. Киіз үй ішіндегілер тегіс елеңдеп, «енді білетін болдық» дегендей, мойындарын соза қалысты. Шынында, бәрінің де білгісі келеді екен. Бәрінің көзі қоржында. Тап осы кезде дүңкілдете басып, сырттан милиция формасындағы адам кіріп келді: – Жахай Тойшиев?! Жақай орнынан атып тұрып: – Мен! – деп, белбеуін жөндеп, әскери тәртіппен сымдай тартылды. Жүзі салқын милиционер қағаз ұсынды: – Сізге. Ревкомнан! Қала шетіндегі темір жол. Тұйық жол. Бір эшалон. Беті ашық жүк вагондарының үстінде сыңсыған ескі тракторлар, неше түрлі көне машиналар: неппрлер, уайттар, сельдендер, горфордтар, фиаттар, ренолар, паккардтар. Жүкші жұмыскерлер машиналарды біртіндеп вагондардан түсіріп жатыр. Эшалон қасында жол қызметкерлері, милиционерлер, әскери адамдар, ішінде Томчук. Жуков бастаған бір топ адамдар келді. Олар – Жақай, Ноян, Шәлтік, Миша, Әмина, үш орыс жұмысшысы. Екі жақ амандасып жатыр. Үстіне былғары куртка киген бір адам Жуковтың қолын алып: – Прокопий Калиныч, міне – Доннан, Северо-Кавказ автобазаларынан келген трактор, машиналардың алғашқы партиясы. Көріп тұрсыз, көпшілігі соғыс даласынан өткен трофейлік машиналар. Енді бұлар азық-түлік фронтына қызмет етпек. 170 машинаның жетпісі біздің Көкшетау уезіне бөлінген. Жарамдыларын бүгіннен бастап пайдалануыңызға болады. Бірінші кезек – сіздікі, – деп Жуковқа бір, машиналарға бір алма-кезек қарады. – Мұқият қарап алыңыздар. Дала жолының шаңын бұрқыратып зымыраған бір фиат, төрт жүк машинасы. Беті ашық фиаттың ішінде, иығында қашанда қоржыны бар Жақай, сарала бес қаруын асынған Нұрисләм, Шәлтік, Миша. Рульде тыртық бет Ежов. Миша машинаны қызықтап, қалай жүргізетінін бақылап, құмартып келеді. Артта отырған Жақай Ежовтан көзін алмай, қайда көргенін есіне түсіре алмай әлек. Жуков өзінің шағын кабинетінде Жақайға қарап:

– Сіздің ең үлкен серігіңіз, ең тәжірибелі деген шофер, бұрынғы моряк Ежов... – деп, бөгеле беріп еді, поездағы киімдерін қара шұғадан тігілген теңізші костюміне ауыстырған, қазір адам танығысыз өзгерген Ежов мәдениетті адамдардың әдетімен өзін таныстырып: – Вениамин Петрович, – деп, жымиып келіп Жақайдың қолын алды. Ежовтың бетінің тыртығына бірден көзі түскен Жақай қалай селк етіп, секем алғанын байқамай қалды. Жуков оны аңғармай, іле милиция қызметкері Нұрисләмді таныстырды: – Мына кісі Нұрисләм Керимов, талай бандалардың ініне су құйған, тәжірибелі милиционер. Петропавлдағы бірінші снайпер. Тұла бойына мұздай қару асынған Нұрисләм Жуковтың сөзін еш бүкпесіз, қалжыңсыз, шын мағынасында түсініп, сәл мақтан сүйгіш мінезімен өзін таныстырған: – Қазақша айтқанда, құралайды көзге атқан мерген! Беті ашық фиат. Шофердің қасына шұбатылған кең қара жолға маңғаздана қарап отырған Шәлтік артына бұрылып Жақайға: – Анау алдымыздағы екі айрық жолдың бірі Айдаболға бұрылады да, біреуі Ақанбұрлыққа қарай тіке кетеді, – деп, машина ішінде қолын шошайтып көрсетті. Әне-міне дегенше фиат жолдың айрығына келіп те қалды. Жақай: – Вениамин, машинаңды тоқтатшы, – деп шоферге еңкейді. Фиат тоқтады. Жақай машинадан түсіп, төс қалтасынан қағаз алды да: – Нұрисләм, мына қағазды Айдабол спирт заводының басшыларына көрсетіп, екі фляга спирт алыңдар да, бізді қуып жетіңдер. Шәке, сіз де түсіңіз. Орын босасын. Жолды білетін шығарсың? – Нұрисләм басын изеді. – Бізді қуып жетерсің. Біз жүре берейік. Адасып қалма. Әлде біз тоса тұрайық па? – Жоқ, жүре беріңдер. Біз қазір-ақ қуып жетеміз. Шәлтік түсіп жатып: – Ә, бұл жердің қара жолы біреу-ақ. Ар жағын өзім бастаймын ғой, – деп маңғаздана сөйлеп, төбе-төбелі жонға айнала көз тастады. Оңға күрт бұрылған фиаттың соңынан қара топырақ бұрқ етіп көтеріліп, тымық ауада жеңіл қалықтап тұр. Кейін жетіп тоқтаған бірінші жүк машинасының қорабына Жақай мен Шәлтік, Миша асыла берген. Кабинадан шығып, орын берген жас солдатқа Жақай «отыра бер» деп қолын сілтеді.

Анда-санда лық еткізіп лақтырған машина қорабы. Жұқалап төселген шөптің үстіне брезент жайған қорапта Ноян, Шәлтік, Саша, Әмина. Екі милиционер жол бойына – алға қарап, қорап бұрышында отыр. Машина орнынан қозғалып жүріп кетті. Қоржынын басына жастанып, брезентке қисая берген Жақайға Шәлтік: – Жақайжан, қоржыныңның ішіндегі темірлерің басыңа батады ғой, мә, мынаны жастан, – деп күпісін шеше бастады. – Әй, осы қоржынға ынтығып біттің-ау, байғұс! – деп Ноян, өзі де құмартып, қоржынға қарады. Жақай бұлардың бала мінезіне қызықтап, әлі де ынтыға түссін дегендей үнсіз жымың етті. Әмина да шыдай алмай Жақайдың қасына сырғып: – Жақай аға, енді айтыңызшы, шынында не бар? – деп басқаларынан өзін батылдырақ та, жақынырақ та санап күлімсіреді: «енді жасырудың қажеті жоқ» деген де сыңай бар. Жақай орнынан атып тұрып: – Ал, не бар дейсіңдер? – деп киіз үйдегі сұрағын қайта қойды. Миша да етпеттей жатып, шынтағына иегін қойып, қоржынға қарайды. Кузов жақтауынан ұстап, алға қараған милиционерлер ғана бұған мән бермейді. Бәрінен бұрын білгісі келіп әрі бәрінен бұрын тапқысы келіп өзеурей кеткен Шәлтік асыға жауап береді: – Мен білсем, мылтық не бомба. – Алтын не күміс, – деп Әмина да күлді. Ноян тап басып сәуегейленбейін дегендей алыстан орағыта сөйледі: – Ау, ондай қымбат дүниелерді кім береді? Және де Жақай алтын жинап жүр дейсің бе?! – Алтыннан да қымбат мұның ішіндегі, – деді Жақай. Басқалары бұрынғыдан бетер ынтыға түсті. – Апырай не болды екен?.. Қазы, қарта? – деп Шәлтік қисынсыз дүниелерді айтып, мұрнының астынан міңгірлегендей, Ноян да жобалап соға салды: – Балғаның, шоттың, күректің басы... – Атаңның басы! – деп Шәлтік, өзі тауып жетістіргендей, Ноянды мысқылдап, ал кеп күл. Жақай: – Таппадыңдар. Шәлтік: – Таптым, таптым... Ноян: – Ал, тапқыш. Ертегінің тапқышы... Шәлтік: – Мұның ішінде... дәу де болса, түк те жоқ. Вот солай!.. – Ыза болып, бір жамбастап құлай кетті.

Оның бұл мінезіне бұрыннан қанық болса да, бәрі ду күлді. Шәлтік қана жыламсырап: – Қарағым, айтшы, ойпырмай!.. – деп үһілеп отырды да басын оқыс көтеріп алып: – Ал айтпасаң, мен машинадан түсіп қалам, сонда сендерге жолды кім көрсетеді... Матай байдың ымы-жымын кім айтады? Менен басқа ол сұмның айласы түгілі, түрі-түсін білетіндерің жоқ, – деп лезде құбыла қалды. – Жарайды, көрсетейін, – деп күлімсіреп, енді бұдан әрі созғысы келмей, Жақай қоржынды аша бастады. Бәрі қуанысып, ынтығып, Жақайдың төңірегіне үймелеп, ала қоржынға мойындарын созады. Жақай қоржынды ашып, шашақты қызыл кәріс шәліге ораған телефонды шығарды. Нояннан басқалары таңырқап: – Бұл не? – Не нәрсе, мынау? – Ой, алла-ай! – деседі. Ноян ғана білетініне масаттанып, әрі «осы ма еді, тәйірі, жасырып жүргенің» дегендей, көңілі көншімей, жай ғана: – Е-е, бұл әлгі сөйлесетін, немене еді, Ақмолада көргенмін, солай емес пе? – деп басын көтеріп, шегіншектей барып отырды. – Иә, Ноян аға тапты. Телефон дейді мұны, – деп құптады Жақай. Ноян маңғазданып: – Мұнымен ту-ту Мәскеумен сөйлесуге болады. – Иә деген, әйтеуір оқымаған қараңғы деп, бізді алдай берсеңдерші, – деп, Шәлтік өкпелеген балаша бұртиып, қалтасынан шақшасын алды. – Өй, шорту-морту! Сенің біреуге сенетін күнің болар ма екен. Жұрттың бәрін өзіңдей көресің-ау! – Сонда, ағасы, сіз мұны қайдан алып жүрсіз? – деп Әлима екі құрдастың дауын басты. Жақай осы сұрақты күткендей, лезде өзгеріп, маңындағыларға масаттана қарады: – Бұл... Бұл – Лениннің телефоны! – Ле-нин-нің? – деп бәрі қосыла таңырқағанда, Ноян да: – Лениннің? – деп, орнынан ұмтыла тұрып, қайтадан жақындады. Алдында менсінбеген телефонды енді қолымен сипап, ұстап көргісі келгендей құмарту бар қимылында. Алақанына насыбай қаққан Шәлтік: – Е-ей, қарағым-ай!

Өтіріктің де бір шегі болушы еді. Саған, Жақай шырағым, Ленин телефонын берді ме? Әуелі сен өзің Ленинді көрдің бе? – деп, өз сұрағына өзі мәз болып, шиқ етіп күліп жіберді де, ешкім қостамаған соң, күрт томсырая қалды. Миша Шәлтіктің кекесінді әрі сенімсіз сөзін шала түсініп, орнынан атып тұрып, тізерлеп, мақтанышпен сөйледі: – Дядя Жақай – ұлы көсемнің кеңсесін, пәтерін күзеткен сақшы. – Е, күзетте тұрғанның бәрі Ленинді көре бере ме екен! – деп Шәлтік әлі де қиястанып еді: – Әй, сен де бір... Пәтерін күзеткен адам көрмеуші ме еді, көзін байлап қояды деймісің? – деп Ноян қарсы шабуылдады. Жақай Шәлтік сөзіне шамданып, Миша құсап тізерлеп отырды да, сәл ойланғандай қабағын шытынып, қызық бір уақиғаны баяндай бастады: – Бір күні Лениннің дачасына Гляссер дейтін секретарі машинамен екі-үш үлкен бума кітаптар әкелді. Мен іште күзетте едім. Кітаптарды көтерісуге көмектесіп, Владимир Ильичтің кабинетіне кірдім. Енді кетейін деп тұрғанда... Горкидегі Лениннің кабинеті. Ленин сырттан әкелген қалың, жұқа мұқабалы кітаптарды аударыстырып, ішінен ең керегін іздеп жатыр. Жақай кері бұрылып кету орнына, бұрыштан көзін алмай тесіле қарап қапты. Бір кітапты парақтап отырып, мұны байқап қалған Ленин Жақай мен телефонға алма-кезек қарап: – А-а, кеше жаңа телефонды қойғанда мына ескі аппаратты ұмытып кеткен ғой, – деп телефонды өзі еденнен жылдам көтеріп, Жақайға ұсынды. – Ана жаққа апара салсаңыз қайтеді. Ленин орнына қайтадан отырып, кітапты парақтай бастады да, әлі кете қоймаған Жақайға басын қисайта, таңырқай қарады. Жақай жүрексініп, даусы әлсіреп, күмілжіп, зорға сөйледі: – Владимир Ильич, мен... мен... – деп қолындағы телефонға қарап, айта алмай, ыңғайсызданып бөгеле берді. – Айтыңыз, иә, құлағым сізде, бөгелмеңіз... – Мен, мен... бір жыл оқудан қол үзіп, Петрокок құрылысына бармақшымын, сізден сұрайтыным... – Жақай тағы да ыңғайсызданып, қолындағы телефонға қарағыштай береді. Владимир Ильич те Жақайдың тұла бойына көз жүгірте қарап:

– Дұрыс, Жақай Тойшиев жолдас, – деп қолма-қол бір парақ қағаз алып жаза бастады. Жазып отырып сөйлейді: – Мына қағазды Кремль комендантына бересіз. Сізге бір пардан жаңа киім-кешек. Қалыңдығыңызға Москвадан арнайы сыйлық. Қалыңдығыңыз бар емес пе, Тойшиев жолдас? Анада айтып едіңіз ғой... – Бар, бар, Владимир Ильич. Ленин орнынан тұрып, Жақайға қағаз ұсынды. Жақай қағазды бір қолымен алып: – Рақмет, Владимир Ильич! – деп тағы да күмілжіді. – Менің сұрайын дегенім... сұрайын дегенім... – тағы да жүрексініп тұр. Владимир Ильич Жақайға таңырқай қарайды. Жақай: – Владимир Ильич, осы телефоныңызды көзіңіздей көріп жүрейін, маған беріңізші. Ленин сәл тосылып, тез түсініп, күлімсіреп, жөппелете сөйлеп, рұқсат етті: – Ала қойыңыз, алыңыз, жолдас Тойшиев! – Рақмет, Владимир Ильич! Ленин Жақайдың иығына қолын салып: – Қазір елімізде азық-түлік мәселесі – бірінші мәселе. Петрокок темір жолын тез арада бітіру керек. Сол бітісімен қайтадан келіп, оқуыңызды тамамдаңыз. Есіңізде болсын, қалыңдығыңызды ала келіңіз! Уәде! – деп қолын алды. Жақай ессіз қуанып: – Рақмет, Владимир Ильич! Уәде! Тапсырмаңызды бұлжытпай орындап, қайта ораламын! Өмір бойы сіздің сақшыңыз боламын! Машина кузовы. Жақай телефонды қайтадан қоржынға сала бастады. Басқалары әлгі әңгімеден кейін естерін жия алмай отырған секілді. Бәрі де әлденені қиялдап, үнсіз қалған. Іштерінде Шәлтік қана шыдай алмай, әдеттенген дағдысымен желкесін қасып, көзін сығырайта қарап жатты да: – Сонда... қалай өзі, Жақайжан, сені біз осында үйлендіреміз деп жүрсек. – Қуақылана Әминаға қарады. Әмина қызарақтап, ыңғайсызданып қалды. – Әйелің бар екен ғой? – деді. Әдейі бүлдіршіндей Әминаның жүрегіне дақ салғысы келгендей дөрекі сұрақ қойған Шәлтікке ыза болған Ноян оны ала көзімен атып, ұрсып тастады: – Әй, ноқай, саған «әйелім бар» деді ме, «қалыңдығым» деген жоқ па, шорту-морту! Бүйректен сирақ шығарып, жоққа күмәнданып, сезіктенесің де отырасың-ау, шорту-морту!

– Өй, шорту болсаң өзің шорту. Қалыңдық деген ертеңгі әйел емес пе, оның несін мәймөңкелейсің? Жақай өзі уәде беріпті ғой, әйелімді... иә, қалындығымды әкелемін деп, одан да қашан аласың ол қалыңдығыңды, қашан Мәскеуге апарасың? Соны сұрамайсың ба Жақайдан. Өз-өзінен көзіне мөлтілдеп жас келе қалған Әмина ыңғайсызданып, онысын сездірмеуге тырысып: – Иә, Жақай аға, қалыңдығыңыз қайда?.. – деп Жақайдан көзін тайдырып әкетіп, қоржынға қарады. Үні дірілдеп шықты. – Е-е, қайда ол... әттең, енді уәдемді орындай алмайтын болдым, – деп сөзін бөліп-бөліп, күрсініп, Жақай шыр көбелек айналып қалып жатқан төбелерге қарады. Қарады да өз-өзінен толқып сөйлеп кетті. Одан бері қанша жылдар өтпеді. 1916 жылы бізді қара жұмысқа алды. Мен тап кететін күні Күләндамен кездестім. Бізді, мұрындарынан тізген тайыншалардай, қатар-қатар тұрғызып, арнасына сыймай шүпілдеп, баяу ағып жатқан Сырдарияның жағасында өгіз арбаларға отырғызайын деп жатқан. Алыстан Күләнданы көрдім. Бізге жақындай алмай қорқып тұр екен. Ешкімнен рұқсат сұрамастан жүгіре жөнелдім. Ешкімнен ұялмастан, қаймықпастан қалыңдығымды құшақтай алып, тұңғыш рет бетінен сүйіп, аймалап ұзақ тұрдым. Бізді елдің көзінен жасырған жалғыз жыңғыл еді. Көктемде гүл жарған жұпар иісті жыңғылдай, Күләндамның қолаң шашынан соңғы рет иіскеп, тұла бойым үнсіз еңіреп тұрып қоштастым. Ол маған, ішіне тамақ салып, көзімдей көріп жүрерсің деп, түйе жүнінен маған арнап өзі тоқыған осы қоржынды әкеп тұр екен. Содан бері алтыншы жыл. Күләндамның көзіндей көрген осы қоржын ғана қалды қасымда. Күләндам жоқ. Жақында естідім: Есіл бойындағы бір байдың інісіне зорлап ұзатыпты. Қайда, қай жерде, Есіл өзені өте ұзын. Оның қай тұсында? Мүмкін, тап қасымда, жақын жерде шығар. Мүмкін, мүлдем алысқа, өмірі бір-бірімізбен кездеспейтін жат жұртқа кетті ме... Иә, енді кездесу қайда-а!.. Машина кузовіндегі милиционерлердің үрейлі үні Жақай әңгімесін бұзып кетті. – Ана қараңдар, ана қараңдар! Бұл не сұмдық? – Милиционерлер кабурына қол сала бастады. Кузовтегілер өре түрегеліп, машина кабинасының төбесіне ұмтылып, алға қарайды. Алдағы сұмдық. Әр жерде шашылып жатқан кірешілер көлігі: теңкиіп-теңкиіп өліп

жатқан түйелер, екі аяқ арбаның қасында төрт-бес өгіз бен төңкерулі арбаларға жегілген қалпында жер қапқан арық аттардың өлімтіктері. Қаптаған құзғын. Жақайлар күйреген шағын керуенді аралап келеді. Құзғындар алысқа ұзамай, өздерін үркіткен мына бейсауат жолаушылардың кетуін аңдып, аспанда шыр айналып жүр. Түйелердің маңдайынан қан сорғалаған, ашық қалған мойылдай жылтыраған қап-қара көздерінде мөлтілдеп тұнып қалған жас, еттеріне жабысқан терілері тілім-тілім жара, аузын ашып өлген өгіздердің көздері алайып кеткен. Тілін тістей құлаған аттар. Көпшілігінің көздеріне, жарылған қарындарына үймелеп құжынаған көк шыбындар. Аударылған, сынған арбалардың қасында, айнала төңірегінде шашылған бидай, тары, тағы басқа іске алғысыз азық-түлік. Жақайлар кішкентай дөңестің екінші жақ етегінде тұр. Әмина ішін тартып, Миша бақырып жібергенде, Жақай артына жалт қарап: – Сендерге не жоқ, кетіңдер бұл арадан, машинаға барыңдар! – деп зекіді. Дөңестің бауырында қалай болса солай шашыла құлаған адамдар: он шақты орыс, қазақ кірешілері, азық-түлік салығының агенттері. Біреуінің көзінен аққан қан ұйып қалған. Біреуінің маңдайында қанға бөккен қып-қызыл бесжұлдыз – қылыштың ұшымен тілгілеген жауыздық белгісі. Қан жоса адамдардың арасында қатар құлап жатқан тыр жалаңаш екі адамның қарны жарылған: біреуінің ішінде үйілген бидай, біреуінің ішіне тары толтырылған. Быж-быж еткен көк шыбын. – Алла, Алла! – деп бетін басып алдымен Шәлтік отыра кетті. Жақай Шәлтіктің еркекке жат қылығын ұнатпай, алая бір қарады да: – Нұрисләм, ана киімшең жатқандарының қалталарында документтері болса, алыңдар! – деп шоферлерге иек қақты: – Күрек әкеліңдер, қас қараймай тұрып жерлейік. Аспанда шыр айналған құзғындар. Өлімтіктен кете алмай құжқұж қайнап жүр. Жақай қазылған көрдің қасында ойда отыр. Қолында күрек. Маңдайы тершіген. Күн батып барады. Жақай өзімен-өзі күбірлеп сөйлеседі: «Бұлар басқа кірешілер. Сонда Пахомовтар отряды, Жайлауовтар қайда болды екен? Олар да осылай бір жерде қырылып жатыр ма?»

Жақайдың көз алдына Жуков елестеді. Көрдің екінші жақ басындағы Жуков Жақайдың сұрағына жауап бергендей сөйлеп тұр: – Тағы да қайталаймын. Пахомов отряды ұшты-күйлі жоқ. Міне, неше ай болды, еш жерде ізі жоқ. Жақай Тойшиев, есіңізде болсын: таяуда Ревтрибуналдың көшпелі сессиялы Черкасск округінде болған 59 продналог жұмысын қараған. Жалған документ, пара, қызмет бабын заңнан тыс пайдалану, асыра сілтеушілік сияқты қылмыстары үшін үш қызметкерді ату жазасына кесіпті. Бірақ сіздерді де, Пахомов, Жайлауов отрядын да ондай қателіктерге ұрынады деп ойламаймын. Әйтсе де, естеріңізден бір минут шығармаңыздар, сақтық керек, тактика қажет, дүниеге қызығып, алданбаңыздар, арандатуға да түсіп қалмаңыздар. Тоғайлы, таулы жер. Күн көтерілген кез. Жел жоқ, тымық. Казак станицасының шеті. Қалақтары айналмай қалқайып тұрған биік жел диірмен. Осындай жел диірмендер станица сыртында әр тұста қалқаяды. Жел диірменге қарай жан-жақтан ағылған, маңайдағы қазақ ауылдарынан, жерошақтарынан түтін будақтаған киіз үйлерден шыққан трашпанкалар, қазақы арбалар, салт аттылар, жаяулар. Станица казактарының үлгісімен сұрып бөренелерден қиып салынған биік дарбазалы зәулім үй. Сарайы, қоспа үйлері – бәрбәрі – байлықтың көзі, қара орманы. Сыртта пар ат жеккен пәуеске. Маңында әлденені күтіп, үнсіз тұрған адамдар. Аула іші. Аула ішіндегі тақтай сәкіде екі адам сөйлесіп отыр. Бірі – қазақша сәнді киінген Матай бай да, екіншісі үй иесі – ақ зонттан тігілген омырауы ашық, қисық жаға3 көйлегінің сыртынан казак-орыс шапанын желбегей жамылған Христолюбов. Бұйралау дудыраған шашына, көзінің жанарына қарағанда ұйқыдан жаңа оянғаны көрініп тұр. Сөйлеген сайын қою қауға сақалы дірілдеп, омырауынан бұрқырап көрінген кеуде жүнін өші бардай ызалана қасып қояды. Көзінен зымияндық пен көлгірлік бірдей байқалар Матаймен тістене, зығырлана сөйлер Христолюбовтың жас шамалары 45–50-лерде. Анадай жерде биік, ескі шезлонгта тізесін түбіт шәлімен бүркенген түсі зәрлі, бет-аузын түгел бурыл түк, ақ сақал басқан, шүңірек көзінің жанары тереңнен жылтыраған сұсты шал мүлгіп отыр. Ол _______________ 3 Қисық жаға – косоворотка.

Христолюбовтың әкесі – үлкен Христолюбов. Үстіндегі киімдері түгелдей дерлік патша офицерінің киімі. Тәкаппар шал екеуіне мойын бұрып, не басын көтеріп қарамайды... Алыста мүлгіп отырып, менсінбеген адамның сыңайымен мұрнының астынан ғана міңгірлеп бірер сұрақ қойды: – Қанша адам екенін білемісің? – деді сөзге араласып. Матай сұрақтың өзіне қойылғанын түсініп: – Итім білсін. Әйтеуір Көкөзектің бойында машиналары жатыр дейді ғой, – деп тәкаппар шалға бұл да көңілсіз ғана жауап берді. – Машина!? Қарулары бар ма екен? – деп, мұның менмендігін үнінен аңғарса да, үлкен Христолюбов бұйыққан қалпы басын көтермеді. – Бұлар қарусыз жүруші ме еді. Және осы жолы беттері тым жаман дейді. Тегі бірдеменің исін сезген болулары керек. Қос анары дірілдеген, екі беті алмадай жас келіншек сәкі алдындағы столға сүт құйған кринка, бір сүйретпе самогон, тағамдар салған подносты әкеп қойды да, бұратыла басып қайтадан кетті. – Сонда қанша қылыш, қанша мылтық? Ақыл қосу орнына, бұларды сынағандай өлмелі шалдың қайтақайта міңгірлеп, сұрақ қойып тақымдағаны Матайға ұнамай, ызалы жауап берді: – Итім білсін. Әйтеуір пулеметтері бар деседі. Осы жолы бәрімізді де қыратын шығар. Кринкеден күрешкеге сүтті құя беріп, тыжырынып, шашып жіберді де, самогон құйып тартып алған кулак Христолюбов тістеніп: – Осы сенің итіңнен басқа, астыртын жөн-жоба білетін бір дені сау адамың бар ма? – деп ащы қиярды күрт-күрт шайнады. Матай да тістеніп, көзі шатынап, Христолюбовқа төне түсті: – Дені сау-у!.. Дені саулардың бәрі ит боп кеткен жоқ па бұл күнде, оны менен несін сұрайсың?! Христолюбов тағы да самогон құйып: – Ендеше, солармен бірге үріп, бірге ұлиық! – деді қабағының астынан көзінің оты ұшқындап. – Ұлып жүрген әлгі сенің Беловтарың, «Бұйрабас, бұйрабас!» деп, тұлыпқа мөңіреген сиырдай, аты бар, заты жоқ біреудің сыртынан малданып жүрміз. – Бұйрабасты мен көрді деймісің?! Се-енің Беловың! Ол қашан менің Беловым болып еді... Мейлі, әйтеуір кімдікі болса да, енді

бәрібір – ол жақында өлген. – Христолюбов орнынан тұрып, ызалы керілді. – Ө-өлген!? – Матай да орнынан атып тұрып, кулак досының иығынан жұлқып, қайтадан ежіктеп сұрады. – Қашан? Кім өлтірді? – Кім өлтіруші еді?! Большевиктер өлтірген. Оның орнында әйелі жүр, – деп Христолюбов Матайға қулана қарады: – Саған бәрібір емес пе. Немене, түсінбей қалдың ба, қатыны, жас әйелі, сұлу әйел... – Әйелі?.. Е-е, бәсе, қатын бастаған соң... сенімді адамға жарыған екенбіз. – Әйелдің азуы қақпан секілді, тістеген жерінен өлмей айрылмайды. – Білем, білем ол сұржыланды. Тістеуден басқа ол немді біледі. Бұлардың сөзін қақпа сыртынан айғайлап даурыға жеткен Боташ пен Кирилл бөліп кетті. Екеуінің көздері де алақ-жұлақ етеді – не қорыққанын, не қуанғанын ажырату қиын. Әйтеуір дәл Бобчинский мен Добчинскийше жарыса, таласа сөйлей кірді. Боташ: – Ой-ой-бо-ой! Мына келген адамдар тегін адамдар емес екен. Кирилл: – Тура Москвадан келген. – Керала, тұра тұршы, мен айтайын. – Лениннің өзінен келген. – Тура қасынан келген. – Охранада тұрған, бірге обед ішкен. – Ленин арқасынан қаққан. Өзі де терісіне сыймай отырған Христолюбов орнынан баяу тұрып: – Ей, Кирилл! – деп оқты көзін қадап, жақындай түсті. Матай да мына кедейлердің баса-көктеп келгендеріне зығырланып: – Әй, сұмырай Боташ! – деп орнынан зіркілдей тұрды. Христолюбов (Кириллға): – Не деп мыжып тұрсың!? Матай (Боташқа): – Не оттап тұрсың?! Орыс, қазақ кедейі беттерінен ала түскен бай-құлақтан қаймығып қоя ма десе, бұлардың шамдарына одан сайын тиіп, тағы да жарыса сөйледі... – Сендерге тез келсін деп жатыр! – деп Кирилл ескертіп еді. – Келмесе, мылтықпен айдап әкелеміз деп жатыр, – деп Боташ тұздықтай түсті. Мына жамандардың әлдекімдерді арқа тұтып басынғанына намыстанған Христолюбов Кириллдің жағасынан ала түсіп, жаны шықпайтындай ғана қылғындырып:

– Кирилл, егер тісіңнен шығарсаң, Бұйрабастың кешірмейтінін білесің ғой! – деп қорқытқанда. – Жарайды, Христос атымен! – деп шоқынып, Кирилл уәде берді. – Барыңдар, біз қазір... Қалай тез кірсе, солай тез шығып бара жатқандарға айғайлаған Матай: – Боташ, егер аналардың алдында бердеңені мүңкітер болсаң, сасық текедей бақ еткеніңді білмей қаласың! – деп саусағымен сес көрсетті. Мұздай киініп, аулаға шыққан Христолюбовты аспан төрінде ноқаттай боп қалықтап жүрген құстан көзін алмай тастай қатқан әкесі, отырған қалпынан міз бақпай, сәл қырылдаған даусымен өзіне шақырды: – Бері кел! Христолюбов қабағын шытынып, «тағы да не айтпақсың» дегендей, жаратпай нығарлай басып алдына келді: – О, не, батя? Шал түнере түсіп, баласының жүзіне де қарамай ұзақ сөйледі: – Бұл жолы өткендегі әдістерің жүрмейді. Бұйрабастарыңа да сене бермеңдер, оларды да қанша талтаңдатып қояр дейсің. Олар оны жақсы біледі. Кететін олар, қалатын сендер. Айла керек, ақылды айла. Мына қазақтарда жақсы бір мақал бар: «Көп жорытқан жылан да аяғын көрсетеді!» Христолюбов (жақтырмай) – Жарайды, батя, біздің енді жылан болуымыз ғана қалған екен, – деп, баласы шалдың сөзін жақтырмай сөйлеп келе жатыр еді, әкесі тағы да киіп кетті: – Шамданба, шамданба. Бұрынғы казактар дракон едік, дракон басынан айрылды, құйрықтары ғана қалды. Сендерге де кінә жоқ. Білем, білем, большевиктер бел алып кетті. Сондықтан да әлсіз бастарыңды көрсетпеңдер, бетпе-бет келгенде енді көне салыңдар, бір рет көнсеңдер, кейін қайырылып келіп, құйрықтарыңмен он рет талдыра ұруға болады. Әттең, шіркін... – Шал Христолюбов өзінің қазіргі дәрменсіздігіне налығандай сөзді күрт доғарып, басын көтере алмайтын қарт тасбақаша мойнын ішіне тартып, қамығып отырып қалды. – Жарайды, батя, біз де бала емеспіз ғой!.. Станица сырты. Жел диірмен.

Әр жерде жетегі көтерілген радуан мажар, лекшеңкелер, қос аяқ қазақы арбалар. Аштықтан күрес, азық-түлік салығы жайлы жазылған орысша, қазақша (төтеше жазумен) ұрандар: «Все силы на продфронт!», «Каждый пуд полученного зерна поможет сохранить крестьянское хозяйство голодных губерний», «Орталық Ресей, Орал, Еділ бойындағы бауырларымызға қол ұшын берейік!», «Астық үшін күрес – социализм үшін күрес!», «Бар күшіміз – азық-түлік майданы үшін!» Жерде көгалда отырған киімі жүдеу жандар – кедей, батырактар. Қазақ, казак-орыстар аралас. Олардың сыртында ат үстінде қатар түзеп, өздерінше сән-салтанатпен тәкаппар тұрғандар – кулактар, байлар, солардың туысқандары. Тап төрде, дөңнің биіктеу тұсында, бетін қызыл матамен жапқан столдың қасында Жақай сөйлеп тұр. Стол шетінде қоржын. Стол үстінде қағаздар. Столдың екінші басында Нұрисләм алтатарын алдына алып, орамалмен қайта-қайта сүрткілеп, көпшілікке қабағының астымен анда-санда салқын қарап қойып, сес көрсетіп отыр. – Осы төңіректегі ауылдар мен станицалардағы бай-кулактар, орта шаруалар әлі күнге дейін еліміздің халін түсінбепті, продналог орындалмаған, ертеңге дейін біздің қызыл керуенге астықтай, малдай алым-салықтарын төлеуі керек. Біздің әр сағатымыз қымбат. Қысқасы, біз ертең жүреміз. Нұрисләм орнынан атып тұрып, қазақша, татарша араластыра сөйлеп, айғай салды; – Қысқасы, кімде-кім продналогтың взносынан бас тартса, Губисполкомның постановлениесі бойынша Ревтрибуналдың суды білән жауапқа тартыла! Жұрт бір-біріне үрейлене қарасады. Ат үстінде шіреніп отырған Матай мұны байқап қалды да, жұрттың бойын үйрету үшін Нұрисләмның даусына салып, кекесін алыстан айғай салды: – Әй, млитсия бала!.. Нұрисләм көзі шатынап, намыстанып, дүрсе қоя берді: – Сіз байқап сөйлегез, во-первых, мин бала тугел, икәншәдән, исемем бар: Нурисләм! Матай одан сайын кекете күліп: – Ә, қарағым, онда атың жақсы екен. Исләм болсаң мұсылмандығың да бар шығар, – деп келе жатқанда, Нұрисләм тағы да шамданып қалды:

– Сіз алай большевик адамды справоцировать итмәгез, мусулман, христиан – безләр признавать қылми! Нұрисләмның шыдамсыздығына, әпербақандығына қынжылған Жақай алыстан Матай байға иегін көтерді: – Не айтқыңыз келіп тұр. Көп созбай айтсаңызшы... Матай қол қамшысын көтеріп, ат үстінде шірене түсті. – Менің бір түсінбейтінім – біз жұмысшыларға астық береміз, ал олар бізге несін береді? Отырған жұрттың көпшілігі «бұл – біздің де сұрағымыз» дегендей мойындарын соза қарады. – Сізде, басқа орыс кулактарында шөп машина, іс машина бар. Солай ғой? – деп Жақай баппен қарсы сұрақ қойды. – Көп ұзамай трактор, автомобиль аласыздар. Оны кім береді?! Нұрисләм да төтене қосыла кетті: – Мануфактура, аны кем шығара! Бір қазақ шаруасы орнынан тұрған. Жыртық тымағының шаңын бұрқылдата қағып-кағып алып, бір жақ жыртық құлағын ішіне жымырып, қайта киді. – Ініспектр шырағым! Жөн сөз айтып тұрсың. Бірақ сөзіңнің жөні байларға келгенмен, бізге келмейді. Әлгі айтқан шөп машинаң мен іс машинаңды алатын бізде қуат қайда?! Тағы бір орыс шаруасы үздігіп: – Оу, оны алғанмен, қай шөбіңді, қай ісіңді тындырайын деп едің? – деп төтеден килікті. – Одан да соны айтпайсың ба? Алғашқы шаруа сөзін мақұлдап: – Иә, одан да біз секілді жеке шаруаға, кедей-көпшікке не беретіні бар екен? Одан да соны айтсаңшы! – Тауып айттым ба дегендей, маңайындағыларға масаттана қарап, орнына отырды. – Дұрыс айтасыз, ақсақал. Сауалыңыз орынды. Мен сізге Қызылжарға жақында келген Бүкіл Ресей ақсақалы Калинин жолдастың сөзімен жауап берейін, – деді Жақай. – Тыңдаңыздар... Станция Петропавловск – Холодильник. Маңдай алдында «Октябрьская революция» деген жазуы бар жолаушылар поезы. Вагондар сыртында плакаттар, ұрандар. Бір плакатта: Жер шарын отпен алаулатып тұрған жұмысшы суреті. Сурет астында: «Да здравствует по жар мировой революции!» деген жазу бар. «Борьба за хлеб – борьба за социализм!» т.б. ұрандар. Вагоннан түскен Калинин қаптаған жұртты қақ жарып, қайсыбірінің қолын алып, жылдам жүріп келеді. Үстінде қысқа тон, құлақшын.

Зал. Қалалық Советтің үйі. Аузы-мұрнынан шыға толған адам. М.И. Ка линин сөйлеп тұр. Үстінде қақ түсті жиі түймелі френч. – Шаруаның байлығы неде? Шаруаның байлығы сонда, – егер оның жаңа соқасы, жаңа арбасы болса, оның терезесінің артығымен шынылары болса. Артығымен дейтінім, ертең терезесін бұршақ ұрып, не бір басқа себептермен сындырып алса, не амал жасамақ? Егер шаруа адамының ыдыс-аяғы, шатырына жабатын қаңылтыры, тіпті күрек, арасына дейін артығымен болып тұрса, сонда ғана ол қамсыз. Ендеше, тұрмысым бай болсын десе, Совет өкіметіне қолыңдағы артық астығын шаруа ақысыз-пұлсыз берсін, арбаның қара майын, смоланы қайнататын жұмысшыны тойындырмай, жұмысшы мен шаруаның қоян-қолтық ісін қолдамай тұрып, шаруа қуатты тұрмыс құрамын деген ойдан аулақ болсын! Бұл мәселе – мемлекеттік мәселе! Бұл істі қолдау – Сібір халқына, далалы жердегі қазақ өлкесіне, бар шаруаға жүктелген негізгі мәселе. Станица сырты. Жақай: – Енді түсінікті ғой қазақ, орыс шаруалары? Отырғандар бір-біріне қарасып, не дерін білмей үнсіз қалды. Жүздеріне қарағанда Жақай сөзін құптаған сыңайлары білінеді. Осыны жақтырмаған Матай, жұртты қайтадан өзіне бұра, қыңыр сөзбен қисық жолға жетелей сөйледі: – Ал, барымызды бүгін соларға беріп, өзіміз ертең аш қалсақ, кім жәрдем береді, жұмысшы темірін жегізе ме? Екінші тұста салт атты жас кулактардың ортасында қаздиған Христолюбов: – Жаңағы айтқан қара майын темірге жағып берсе, жеуге болады, ха-ха-ха! – деп Матайды қостай сөйлеп, қарқылдап күлді. Жұрттың бәрі ду етіп күліп, қосыла дүрлікті. Матай да жымыңдап, насаттанып, одан сайын тұздықтай түсті: – Мүмкін, әлгі шынысынан сыртқа телміріп қарап отырсақ, тамақтың да керегі жоқ шығар, хе-хе-хе! Тағы да ду күлкі. Жел диірменнің қалағында отырған ала қарға да басын шұлғып, бай құлақтармен қосыла қарқ-қарқ етті. Матай одан сайын масаттана күліп, қамшысымен қарғаны нұсқады: – Қарға екеш қарғаға да ерсі болды-ау. Хе, хе, ха-ха. Жақай түсін суытып, күлкінің соңын күтті: – Сіз олай бұрмаламаңыз. Ресейде, Еділ бойында жұмысшылар

ғана емес, шаруалар да бар. Оларда да егін бар. Бұрын жұтқа ұшырағанда, патша үкіметі тұсында, ешкім бір-біріне қайырым етпейтін. Ал қазір Кеңес өкіметінің жұмысшы-шаруасы бір туысқан, бір-біріне қарасу – ұлы ұранымыз! Матай жанындағыларға қарап айғай салды: – Иә, иә, тілде сүйек жоқ, тап қазағымның баласы ертең аштан қырылып жатса, ешкім де жалт қарамайды. Оған мен кепіл! Мына мен кепіл! Жақай да қолын көтеріп, жігерленіп, айғай салды: – Сіз олай іріткі жасамаңыз! Ленин тірі тұрғанда, қазақ аш болмайды! Кедей, орта шаруалар жағы бір-біріне қарасып, бас изесіп қалды: Ленин аты оларға ең қасиетті ат екенін жүздерінен байқалады. – Маған бір ауыз сөз... – Орнынан Нестер деген казак-орыс тұрды да, ағаш аяғын орай басып, ортаға шықты. Үстінде желбегей киген көнетоз ескі шинель, басында мыжырайып тозған картуз. Өңі жүдеу, түсі өткір. Көзінде ұшқын бар. Жұрт тына қалды. Бай, кулактар мен кедейлердің жүзінде «бұл не айтар екен, бұл не айтса да біліп айтады» дегендей сенім де, қорқыныш та бар. Нестер Жақай мен Нұрисләмға қарап, маңындағыларға қолын созды: – Мына отырған қазақтар мен казактар мені түгел біледі. – 14 жылғы соғыста мына аяқты окопта қалдырып, ағаш байлап қайттым. – Ағаш аяғын көтеріп, тықылдатып ұрды. – Келген соң көкке қарап жатқан жоқпын, ол кезде Германиямен соғысқан аш солдаттарға осы сендер сияқты ел-елді ақтап жүріп астық жинастым. Мына тұрған Христолюбов, ана кулактар онда аянған жоқ. Барын берді. – Кулактар жағы қостарын да, қостамасын да білмей, тұяқ-қалпақтарының астынан түнере үнсіз қарасады. – Сөйтсек, текке жанталасып, текке жұртты қинап, елді де бірге күйзелтіп жүрген екенбіз. Кейін білдік – Германиямен бітімсіз соғыс – жазықсыз жандарды қыру екен. Ал одан кейін Азамат соғысы. Тағы да сол қырғын. Дүние жүзілік пе, азамат соғысы ма, бәрібір соғыстың аты – соғыс. Және кім мен кім? Орыстар бірін-бірі қырып-қырып болды. Жұрт жарыса, жамыраса, даурығып дүрліге қостады: – Сөз-ақ! – Өте дұрыс! – Өй, айналайын Нестер! – Шіркін, қып-қызыл соғысты көрген көзі ашық қой!

Жұрттың мақұлдағанын инспекторлардың да мойындағаны деп ұққан Нестер жан-жағына қарап алып, тағы жалғады сезін: – Ендеше, егін екпей, шаруа бақпай, бір-бірімен бітімге келмей, басқа-көзге төпелеп соғыса берген ел аштыққа тап болмағанда алтынға тап болмақ па? Ол үшін біз, мына біздер күйзелуіміз керек пе? Біресе разверстка, біресе продналог... Нестердің сөзін бірі арқаланып, бірі пайдаланып, өкілдерді бір бұрышқа тыққандай есіріп, еліріп, бел ала бастаған кулак пен байлардың қылығына Нұрисләм шыдай алмай атып тұрып, Нестердің сөзін аяқтатпай алдына жетіп барып, алтатарын суырып алды: – Тоқтат бос сөзді! Нестер де айғайды салып, көзі есалаң адамның көзіндей алақжұлақ етіп, төс тақастырып тұрып, қалшылдап кетті: – Сен, милиционер. Қорқытпа мені! Мен кулак та, бай да емеспін. Мен... мен, – өңірін жырта-мырта жұлып, ашып жіберді. – Мына кеудені ашып тастап, дойчтардан Ұлы Россияны қорғаған Нестермін! Үңірейген мылтық аузында тұрып кірпік қақпаған Нестермін! Әкіреңдеме маған! Әкіреңдеме! Дауыстар: – Иә, әкіреңдеме! – Бейбіт елге тиіспе! – Мылтықпен қорқытпаңдар! Бағанадан бері жел диірменнің қалағына қонып алып, анда-санда «қарқ-қарқ» етіп, бұларды мазақтағандай, тағы да қарқылдаған қарғаға көз қиығын тастай беріп, Нұрисләм алтатарымен атып қалды. Жұрттың бәрі жалт қарағанша қарға да қалбаң ойнап жерге түс ті. Жұрт тым-тырыс. Жастар жағы ғана бір-біріне көздерімен қарасып, Нұрисләмнің мергендігіне үнсіз таңғалысты. Мергендік өнерімен сес көрсетіп, кері бұрылған Нұрисләм орнына келіп, сәл сабасына түскенмен, әлі де зіркілдеп, жұртқа қарады: – Совет өкіметі разверстка деді ме, – разверстка, продналог деді ме, – продналог. Неге, не үшін? Оны түсіндіріп жатуға уақыт жоқ. Бер деді ме – бересің. Бермейді екенсің – контрсың! Жұрт тағы да гуілдесіп қоя берді: – Е-е, сол-ай екен ғой... – Түсіндірудің қажеті жоқ екен... – Жарай-ды, жар-райды.

– Түсінбей-ақ та қояйық! Бермей-ақ қояйық. Жақай қолын көтеріп, шулағандарды баса алмай әлек: – Жолдастар, жолдастар, тынышталыңыздар. (Нұрисләмға бұрылып, естілер-естілмес) Нұрисләм, сәл сабыр етші (енді жұртқа): – Жолдастар, Нестердің сөзінің жаны бар. – Бәсе! – деп, осы сөздің айтыларын күткендей, Нестер масаттанып, тік ағаш аяғын зорға бүгіп, орнына зорға жайғасты. – Жолдастар, бай-кулактар, Нестердің продналог жайын түсіндір деп талап етуі дұрыс. Бұл жөнінен губерниялық газетте күн құрғатпай айтылып жатыр. Жақайдың бәсеңсіп қалған мына сөзіне іштей «жеңілудің, шегінудің басы» деп түсініп, ыза болған Нұрисләм шыдай алмай кетті: – Бұларға мәймөңкелеудің не қажеті бар, жолдас Жақай! Мәймөңкелеген сайын кұтыра түседі бұлар. Одан да... Жақай (Нұрисләмға қарамай, алдында жатқан бүктеулі газетті көтеріп): – Мен сіздерге түсінікті болу үшін Ақмола губерниялық «Мир труда» газетінің 216 номерінде шыққан «Балалар өліп жатыр» деген мақаласын оқып берейін, – деп жұртқа қарады. Дауыстар: – Астапыралла, не дейді?! – Балалар-ар?! – Ө-л-і-п жатыр дейді?! Матай қолын сілтеп: – А-ай, қазит не жазбайды, – деп мән бергісі келмей, басқаны да бездірудің ниетін жасап еді, қашанда жаңа хабарға, тіпті өсек-аяңға дейін білгісі кеп ынтығып, құлақтарын түріп отыратын жұрт қазит сөзін тыңдағылары келді. Жақай мақаланы оқыды. Жұрт тым-тырыс. Жақайдың даусы сырттай саңқылдап естіледі де, мақала сөзін аузы ашыла тыңдаған, көзіне жас оралып тыңдаған, дүдәмалданып, сенімсіз тыңдаған біреулердің неше түрлі кейіптері көрер көзге қызық-ақ. – Еділ бойындағы ми қайнатар ыстық аптап бар егін, бар шөпті, өсімдік атаулыны қылтанағына дейін күйдіріп жіберді, енді бүлдіршін балалар мен балдырған нәрестелер қырдағы қынадай қырылып барады. Қаңбақтай балалардың терілері еттеріне жабысып, бастары ісіп-кеуіп, аштық зардабынан адам кейпінен айрылған. Беттері күлтілдеген дәрменсіз аштардың жанарсыз көздерімен жалбарына

қарағандары қандай аянышты. Осындай жан түршігерлік сұмдықты, балалардың аянышты кейпін көз алдына келтіре білген адам мұндай апатқа қарсы шықпаса, жер басып жүрмеген болар еді. Үйткені олар қылтиып шыққан қурай емес, біздің жеткіншектеріміз, біздің орнымызды басатын болашақ ұрпағымыз емес пе. Біз солар үшін, тамаша келешек үшін күреспедік пе. Егер аузын арандай ашқан аштықтан біз соларды құтқарып қала алмай, дәрменсіздік көрсетсек, біздің құнымыз қаншама болғандығы. Еділ өзені. Қара дауыл. Арнасы кең, суы мол, терең Еділ көктем айында буырқанып тасып жатыр. Қасында жетелеген төрт жасар ұлы бар башқұрт әйелі жанынан өтіп бара жатқандарға көсеудей арық қолын созып, қу сүйек алақандарын жаяды. Тынымсыз зар қақсап, қарлыққан даусымен бір сөзді қайта-қайта айтып жалынады, жалбарынады: – Икмак ек, аксе ек, атай ульган... Бақытсыз сәби дүниеде не болып жатқанын қайдан білсін, әлсіз қолдарымен анасының өңірінен тартқылап, қыңқылдап, тамақ сұрайды: – Ашат, ашат! Не істерін білмей, ешкімнен көмек ала алмай, қорланған дәрменсіз ана ақыры баласының жалбарынышты үніне шыдай алмай, баласын көтеріп, құшақтаған бойы Еділ өзеніне жүгіре жөнеледі. Ұлын бауырына тұншықтыра қысып, ақтық күшімен өзенге бір-ақ қарғиды. Дауылда буырқанып жатқан қанды су ананы да, баланы да тұңғиыққа ала жөнелді. Станица сырты. Жақай енді газеттегі мақала сөзінің «Революция жауларымен айқаста жеңіске жеткен революция елі...» деген жерін оқиды да, әр жағын өзі жатқа айтып, отырғандарды аралап жүріп сөйлейді: «Аштан өліп бара жатқан өз кішкентайларын, болашақ ұрпағын қалайша құтқарып қала алмайды? Жоқ, құтқара алады». Жақай енді басын көтеріп, жұртқа айнала қарап: – Міне, жолдастар! Сіздерден жұмысшы бауырларың ғана көмек сұрап отырған жоқ, нәрестелер, балалар нәзік қолдарын созып, сәби алақандарын жайып отыр... Отырғандардың бәрі тым-тырыс сілтідей тынған. Христолюбов сөйлегенде бәрі жалт қарады: – Газетке мақала

жазған кім екен? – Христолюбов маңайындағыларға көзін қысып, қуақылана әрі кекете қарады. Жақай оның кекесініне мән бермей, салмақты жауап берді: – Надежда Крупская. Жұрт күбірлесіп, бір-бірінен сұрап жатыр: – Ол кім? – Надежда кім? – Әйел болды ғой? Нестер айғайлап, өзінің білетінін бәріне жариялай, жан-жағына мақтана қарайды: – Надежда Крупская – жолдас Лениннің зайыбы! Жұрт гу ете қалды: – Ле-е-ниннің? Жұрттың бәрі «рас па» дегендей, Нестерге қарап, үнсіз отыр. Үнсіздікті бұзған Кирилл. Ол орнынан тұрып, ортаға шықты: – Инспектор жолдас, мен, өзі, шынын айтсам, кедейден гөрі орта шаруаға жатамын. Атым – Кирилл, әкем аты Дмитрий. Өзіме тиесілі салықты бүгін десең – бүгін, ертең десең ертең төлеймін. Аздаған астығым бар. Тек қапшықтарың болсын, менде басы артық қапшық жоқ. Орнынан тұрып, Кириллден қалғысы келмеген Боташ: – Мен де барымды берер едім... Әттең... – Иығын қиқаң еткізеді. – Жомарттың қолын жоқтық байлайды... Орыс батрағы: – Мен де... бірақ немді берем... Үсті-басы жұпыны бір қазақ: – Біз, айналайын, тақыр кедейміз, байларға жалданып жүрген жалшымыз, – деп жөнін айта бастап еді, Жақай «бәрі түсінікті, айтпай-ақ қойыңыз» дегендей қолын көтеріп, стол үстінде жатқан продналог тізіміне қарап, сәл ойланып тұрды да, тізімді қолына алып, Боташтың қасына келді. «Мұның аяғы не болар екен» дегендей, жұрт үнсіз қарап отыр. Әсіресе бай-кулактар жағы бір-біріне көз тастап тықырши бастады. Жақай: – Сіздің атыңыз кім? – Боташ!.. – Әкеңіздің аты? – Сәлмен. Жақай тізімге көз жүгіртіп: – Боташ Сәлменұлы... – Сәлменұлы... сіз өткен жолы алым-салық төледіңіз ғой... Боташ байлар жағына қарағыштап, жасқаншақтанып барып жауап берді:

– Иә, төлегенмін. Жақай (тізімнен тауып алып): – Ә, міне, төлепсіз. Боташ (күмілжіп): – Бердік қой. Матай бай бұрылып, Христолюбовқа қарады. Екеуінің көздері бір-біріне түйісіп, «мынау бүлдірмесе игі еді» дегендей, енді екеуі де үнсіз зілмен Боташқа қарады. Жақай (Боташқа төніп): – «Бердік қой» емес. Бердім деңіз. Боташ (тағы да күмілжіп, төмен қарап): – Бердім, бердім, шырағым. Матай шыдай алмай айғай салды: – Бұл не тергеу?! Енді бергенге де жазықты ма? Біз де барымызды бергенбіз. Қағаз бар емес пе қолыңда, қара! Жақай (Матайға бұрылып): – Сізден сұрап тұрғам жоқ! Нұрисләм (орнынан атып тұрып Матайға): – Саған деген сөз жоқ, қыстырылма! А то, қазір... Жақай Нестердің алдына келді. Бетіне тура қарап: – Сіз Нестермін дейсіз бе? – Иә, Нестер Степанович! – Сіз де кедейсіз ғой? – Бір сиыр, бір әйелімнен басқа, құдай ақы, ештемем жоқ. – Сіз де продналог төледіңіз ғой? – Төледім... – Нестер де күмілжіп, төмен қарады. – Менің көзіме тура қараңыз! Тура! Нестер Жақайға басын көтеріп қарап, көзін тайдырып әкетті. «Мен Нестермін, Нестермін!» – деп кеудеңізді қаққанда сондайсыз. Төледім деп өтірік айтасыз. Тақыр кедей несін төлейді? – деп Жақай кедей сөздерінде бір кәкір барын сезіп, шамдарына тие сөйлеп еді, Нестер орнынан қисалаңдай тұрып, Жақайға отты көзін қада - ды: – Мен үшін кулак Павлов төлеген. Сендерге продналог болса, бәрібір емес пе. Мен немді төлеуім керек. Жалғыз сиырды бере алмаймын: балаларға сүтке керек. Ал суалған жалғыз қатынымды сойып бер десең, жүр, өзімен ақылдасайық... Байлар мен кулактар жағы мәз болып, тағы да дүрліге күлді. Араларынан біреуі айғай салып: – Әй, Нестер, ақылдасып қайтесің, қатыныңды сой да бер. Сенің Надяңнан, құдай біледі, бір жарым пұт май түседі, – деп әжуалап еді, екінші біреуі қағып әкетті.

– Иә, қатыныңды сойып бер, инспекторлерге семіз ет болса болғаны! Кедейлер жағы күлген жоқ. Жақай да оларға бұрылып қарамады. Бір шаруа ғана сайқымазақ сөздерге жөн сөз айтты: – Кедей-медей, шаруа – орта шаруа біз білмейміз деп бәрімізге де салық салмады ма? Шаруаның сөзі шамына тигендей не ой салып түрткендей, Нестер ызалана айғай салды: – Лениннің қасынан келгенің рас болса, кедейлерді корғамайсың ба, бізді жан алқымға алғанша. Губкомға да, Сибиркомға да, тіпті Мәскеуге дейін бүкіл кедейлер атынан, шаруасы кем адамдар атынан шағым жаздық. Бір хабар жоқ. Кеңес өкіметі бізді жарылқай ма десек, тағы да басымызға нажағай. Жақай ойланып тұрып қалды. Матай, Христолюбов, басқа кулактар да күлкілерін тыйған. Енді не дер екен дегендей, жұрттың көзі Жақайда. Жақай сәл ойланып тұрды да, жұртқа қарап баяу ғана үн қатты: – Жолдастар!.. Мен кеше... Ленинмен сөйлестім... Жақайдың сөзі жұртқа бұлтсыз аспанда күркіреген күндей әсер етті. Бәрінің көзі Жақайда. Жақай тағы да ойда... Кремль. Лениннің кабинетінің алдында сақшы Жақай. Ұзын коридорда ерсілі-қарсылы біреу жүр. Аса қобалжулы. Сақшының қасына жақындай алмайды. Алыстан ғана кабинеттің есігіне жалтақжалтақ қарай береді. Бұл – Артюхов. Қолында папка. Кабинеттен Ленин шығады. Жақайға күлімсірей қарап, басын сәл иіп, кете бергенде, Артюхов та жетеді: – Саламатсыз ба, Владимир Ильич. Ленин басын сәл қисайтып, Артюховқа көзін сығырайта жақтырмай қарады. Артюхов (ыңғайсызданып): – Мен сіздің қабылдауыңызды сұранған ем... Мен... Мен Артюхов... Ленин Артюховтың сезін аяқтатпай: – Иә, білемін, таныстырмайақ қойыңыз. Азық-түлік Халық Комиссариатының қызметкері Артюхов Яков Степанович екеніңізді сіз бюрократтығыңызбен сырттай таныстырғансыз, – деп қабағын шытынып еді, бұл уақытта папкасын ашып, қағаз алып үлгерген Артюхов күмілжіп: – Шаруалардың хаттары... маған түскен еді... – деп Владимир Ильичке қолы дірілдей ұсынды. Ленин қағаздарды алған жоқ:

– Ол хаттармен де таныспын: егіндерін бұршақ ұрып кетуіне байланысты өздерін азық-түлік салығынан босатуды сұраған шаруалардың өтініш хаттары емес пе? – деп көз қиығын тастады. – Дәл өзі, Владимир Ильич! – Бұл хаттар сіздің тартпаңызда қанша уақыт жауапсыз жатты? – «Жауапсыз» деген сөзді ерекше нығарлай айтты. – Екі айдай уақыт, Владимир... – Дәлірек айтқанда?! – Ленин Артюховтың көзіне тура қадала қарады. – Екі ай он жеті күн! – деді Артюхов тілі күрмеліп. – Енді несіне келіп тұрсыз? – Ақылдасуға, кешірім сұрауға... – Ақылдасқыңыз келсе, бұдан екі ай бұрын келуіңіз керек еді. Кешірім сұрауға кеш қалдыңыз. Сіздің ісіңізді, Москва төтенше комиссиясы коллегиясының қаулысына орай, кеше мен хат арқылы Москва революциялық трибуналына жолдадым. Ендігі кешірімді трибуналдан сұрарсыз, – деп орнынан жылжи беріп еді, Артюхов ұмтыла түсіп, жалынышты үнмен: – Тым қатал емес пе, Владимир Ильич! Өзіңіз-ақ шешіп, өзіңізақ ұрыссаңыз болмайтын ба еді?! – деп жалбарына қарады. Сәл ойланып қалған Владимир Ильич бұл жолы мойнын бұрмай сөйледі: – Мен жұмыс бабында қателескен адамдарды ғана жөнге салып, тәртіпке шақыра аламын. Ал қылмыс жасаған адамның үкімін шығаратын арнаулы мекеме бар. – «Енді түсінікті шығар» дегендей, Ленин тағы да жылжи бергенше болған жоқ. – Владимир Ильич, қылмыс емес, мүмкін, салақтық болар, – деп Артюхов көсем сөзіне түзету енгізе сөйлеп еді, Ленин жалт қарап күйініп кетті: – Салақтық деймісіз? Салақтықты өз қара басыңызға ғана жасасаңыз, оны ешкім айыптап, үкім шығара алмайды, ал қалың бұқараға жасасаңыз, ол еш уақытта да кешірілмейді. Оның аты – қылмыс! Артюхов күмілжіп: – Мен енді... кеше жауап жазып жібердім, – деп аяғымен еденді сипалап, төмен қарады. – Өте кеш. Ол жауабыңыздың енді түкке қажеті жоқ. Екі жарым ай ішінде бұршақтан қалған азбыншы егінін шаруалар орып та алды. Ал азық-түлік салығын жинаушылар жоғарғы жақтан арнайы бұйрық келмеген соң, салық мөлшерін өз беттерінше кеміте алмай,

олардың қолындағы бар азығын түгел сыпырып алуға мәжбүр болды. Сонда қалай? – Ол жерлерді продинспекторлар әлі түгел аралай қоймаған шығар? Ленин Артюховтың мына сөзіне қатты шамданып, түйдектете сөйлеп кетті. – Өндіріс орталықтары, ірі қалалар аштық зардабын тартып жатқанда, сіз сияқты менмендер ғана жайбарақат отырмаса, жас совет үкіметіне жан ашитын адамдарда тыным жоқ. Бір ғана Қазақстанда Петроград, Москва, Тула, Иваново-Вознесенск жұмысшыларынан құралған жүздеген азық-түлік отрядтарының кеткенін өзіңіз жақсы білесіз, Қостанай уездік партия ұйымынан 600 коммунист мобилизацияланды. Олар, сіз сияқты, азық-түлік Халық Комиссариаты фондысынан күнде паек алып, еңбекшілер хаттарына жауап бермей, креслода шіреніп, менменсіп, дандайсып отырған бюрократтар емес, түн ұйқысын төрт бөліп, мезгілімен асын да іше алмай, астық үшін, яғни социализм үшін күресіп жүргендер. Біз орталықта қалың бұқараның қамын ойлауға, соған жәрдемдесуге, халық пен партия арасын алшақтатуға емес, қайта тұтастығын сақтауға отырған адамдармыз. Қалың бұқара сеніп өтініш етеді екен, сендірерлік іспен жауап беруге міндеттіміз. Бізге, орталық аппараттарға, жоғарғы қызмет орындарына патшалық құрып, кеудесін көтеретін бюрократтар, тәкаппарлық көрсететін аристократтар, сілейіп қалған әулиелер керек емес, керісінше, халық мүддесін ойлайтын соған орай іс тындыратын қарапайым коммунистер қажет. Станица сыртында. Сәл ойланып, Ленин мен Артюхов арасындағы оқиғаны бір сәт көз алдынан өткізіп алған Жақай енді жұрт алдындағы сөзін қайта жалғайды: – Жолдастар! Мен кеше кресткомнан кедей, батрактардың, орта шаруаның аты-жөнін, тізімін алған соң, орталықпен, Ленинмен сөйлестім... Жұрт таңырқап, бірі «қалай сөйлесті?» деп, енді біреулері «иә, не деген екен» деп таң қалып, ынтығып, біразы үрейленіп отыр. Әлі де қобалжып, жүрегі дауаламай жүрексінген Жақай, тағы да үнсіз кідіріс жасап тұрды да, тоқ етерін бір-ақ айтты: – Владимир Ильич Ленин: «Кедей, батрактардан ешқандай алым-салық алма» деді.

Жалшы, кедей шаруалар гу етіп, қуанысып, қазақ, орыс тілінде даланы басына көтерді. Улаған-шулаған қуанышты дауыстар: «Бәсе-бәсе!» «Рақмет жаусын Ленин!», «Көсегең көгерсін Ленин!», «Жарлы-жақыбайлардың қамқоршысы Ленин жасасын!», «Жасасын революция!» «Ұлы көсем жасасын!» «Ура! Ура-а-а!» Жақай мен Нұрисләм көңілдене қарап тұр. Нұрисләм екі қолын көтеріп, жұртты тоқтатады. Өзінің тауып айтқан сөзіне, жұртты алдағанына тастай риза болып, көңілі көтерілген Жақай тағы да бір сөзді қосып жіберді: – Бірақ «кедей-батрактар алым-салық жинауға, оны темір жолға жеткізуге көмектессін» деді Владимир Ильич! Жұрт тағы да шу ете қалды: – Көмектесеміз! – Жинасамыз! – Ленин үшін жан пида! Ендігі билікті Нұрисләм алып, қолын көтерді: – Заң сулай! Ал кулактар мен байлар?! Матай шақпа тілін сұғып алды: – Мен құлақ та, сирақ та емеспін. Егін де салмаймын. Нұрисләм Матайдың қиқар, қисық сөзін түсінбей, шын сөйледі: – Астық болмаса, малдай бересің. А ну, кулак Христолюбов? Христолюбов: – Менде беретін ештеңе жоқ... Матай: – Менде де... Оу, патша өкіметі де: «дай, дай!» Кеңес өкіметі де: «дай-дай!» Қашанғы асырай береміз?.. Екеуі де аттарының басын бұра бастап еді, Жақай енді бел алып, айғай салды: – Тоқтаңдар!.. Соңғы бір ауыз сөз... (Боташқа) Ботеке, Матай байдың, оның туысқандарының малы бар ғой?! Боташтың көзі бақшаң етіп, тосыннан қойылған сұрақтан сасып қалды: – Б-б-болмағанда, оны қай құ-құдай алады. – Байқамай айтып қойғанына үрейленіп, аузын жауып, Матайға жасқаншақтана қарады. Жақай енді Кириллға жалт бұрылды: – Кирилл атай, кулак Христолюбовтың, оның төңірегіндегі адамдардың астығы бар ғой?! Кирилл да «ә» дегенше көзі жыпылықтап, бас киімін бір шешіп, бір киді. – Б-бар. Бірақ, – шоқынады, – қайда екенін айта алмаймын.

Мына кедей-көпшіктің инспекторларды арқаланып, еркінсуіне ыза болған Матай көзі жайнап, жұртқа қарап, бүктеулі қамшысын көтерді. – Уа, жұртым, бағанадан бүгіп отырған бір сырдың бетін ашайын сендерге. – Атын тебініп столдын қасына келді. – О заманда бұ заман, бір ауылда жұт болды екен деп, екінші елден алым жинап, күзегенді кім көрген. Әрі кеткенде әр адам қайыр сұрап, өзінше күн кешетін. Ендеше, бұл алым-салық – қайта-қайта біздің қанымызды там-тұмдап жұтып, ақыры сілемізді қатырып, өлтірудің шарасы. Екіден – мына, мына сияқты салықшылардың баю жолы. Байлар, кулактар жапа-тармағай гуілдесе жөнелді: – Иә, баю жолы. – Алдау! Екінші жақтан сүліктей жарау атын қарғытып, столдың қасына жеткен Христолюбов та дүрсе қоя берді: – Дұрыс айтады Матай. Халқым менің, ойланыңдаршы өздерің, екі жыл болды бүкіл елден май, жүн, ет, бидай, тары – бәрін өкіртіп алып жатыр, алып жатыр. Қаншама мың-мың керуен Сібір жолымен кетіп жатыр, кетіп жатыр. Москвада отырғандардың қалтасына құйылып жатыр, құйылып жатыр. Жо-жо-о-оқ, ол сол күйінде қалталарына сыймайды. Ол шетелге сатылып, орталықтағы большевик мырзалардың сандығына алтын, меруерт боп сыңғырлап түсіп жатыр, түсіп жатыр! Байлар, кулактар тағы да гуілдесіп кетті: – Бәсе, бәсе! – Осыншама неге жандары аши қалды десек! – Тапқан екен оп-оңай баюдың жолын. – Атамнан әрмән... Жақай мен Нұрисләм «тоқтаңдар» деп белгі бергенмен, олар тоқтамаған соң, Нұрисләм көкке мылтық атты. Продналог агенттері де стол маңына винтовкаларымен топталып, сес көрсетті. Бай-кулактар зорға тоқтады. Жақай әлденеге дайындалғандай, белбеуін түзеп, фуражкасын қайта жөндеп, бастыра, нығыздап киді де, саңқ етті: – Болдыңдар ма, бай мен кулак? – Болды ма, болмады ма, сендерге шындық бәрібір ұнамайды... – Христолюбов мұрнының астынан батылсыздау міңгірледі. – Ал, жарайды, сендерге шындық керек болса, – деп Жақай

жұртқа тесіле қарап алды да, ендеше, менің сендерге соңғы сөзім мынау, – деп ала қоржыннан телефон алып, асықпай-саспай, баппен ғана столға қойды. Бұрын көрмеген затқа жұрт ашық бомба көргендей үрейлене қарады. – Мені осында, азық-түлік салығын жинауға Лениннің өзі жіберді, жолдастар, шаруалар, бай-кулактар! Жұрт таңырқасып, сенерін де, сенбесін де білмей, бір-бірінен «рас па» деп сұрағандай қарасып, тағы да күбірлесіп кетті: – Лениннің өзі?! – Лениннің өзі жіберді дейді-ай, – деп жұрт басылып, сыбырласқанда. – Мен жаңа айтпадым ба! – деп жадыраған, масаттанған Кириллдің жүзі көрінеді топ ішінен. Онымен жарыса сөйлеген Боташ та мәз: – Ленин! Естідіңдер ғой. Біз өтірік айтатындай көрдіңдер! Жақай телефонды көтеріп, жұртқа көрсетіп, қайта орнына қойды: – Мынау – телефон. Лениннің телефоны. Өзі берген телефон. Қазір құлағын бұраймын да, тура орталықпен сөйлесемін... Жұрт тым-тырыс тына қалған. Кейбіреулердің көзінде үрей, енді біреулері: «Ленинмен сөйлесіп, бай-кулактардың сазайын берсе екен!» – деп іштей айызы қанып отыр. Көпшілігі телефонға қарап: «Қалай сөйлеседі мұнымен» дегендей таң қалып, назарлары біржола ауған. Бірнеше адам Жақайға қарап мойындарын созып, таңырқап отыр. Бәрінің құлағына енді Жақайдың саңқылдаған үні келді. Ашық дауыс, батыл сөз: – Мұндағы орта шаруаның алым-салыққа қарсы емес екенін, тек бай-кулактардың табандап жатып алып, неше түрлі жала, пәле сөздермен халықты арандатып, Кеңес өкіметінің саясатына тікелей қарсы шығып отырған контр пиғылдарын, сол арқылы ел арасында қорқау қасқырларша әлі тіміскілеп жүрген кешегі Колчактың сілімтіктеріне, ақ бандаларға жәрдемдесіп жатқандарын, Матай бай, сені де, Христолюбов, сені де айтамын. Бұл арадағы қазақтарды, қазақ байлары мен орта шаруаларын, тіпті кедейлерді қисық жолға түсіріп отырған Матай – сен, казак-орыстарды сен – Христолюбов! Қазір Лениннің өзінен рұқсат аламын, тығулы астықтарың мен мал-мүліктеріңді түгел, түк қалдырмай, тік көтере экспроприациялап, өздеріңді айдап алып кетемін! Нұрисләм алтатарын көтеріп, бес қаруы жарқ-жұрқ етіп, орнынан атып тұрды:

– Тура қамауға аламыз! Жүзі бір қуарып, бір қызарып толқыған Жақай телефон құлағын бұрай бастады. Жұрт орындарынан мойнын соза гу етіп, өре түрегелді: – Құлағын бұрап жатыр. – Тыныш, отырыңдар. – Иә, тыныш, тыныш, бәріміз де тыңдайық, – деген сөздер бір мезгілде естіледі. Матай шыдай алмай атын тебініп, амалсыздан, жан тәсілімде жалбарынып, Жақайға жалынды: – Шырағым, өкіл шырағым, Жақай айналайын, титтей ғана мұрсат берші!.. Христолюбов екінші жақтан қылқылдап, Матаймен жарыса: – Ну, енді, инспектор жолдас, аздап келісейікші... – деп шыбыншіркей болды. Өре тұрған жұрт тағы да жаппай сылқ етіп отыра кетті. Матай байдың ауылы. Көк шалғынға тігілген ақ шаңқан киіз үйлер. Ауыл сыртында азық-түлік салығының агенттері. Маңыраған екі-үш отар қойды қолдан уақытша құрған екі жағы керегелермен, шимен тұтылған, кіретін, шығатын аузы бар өзінше уақытша аран сияқты тар ағаш қоршаудан өткізіп, ел адамдары мен азық-түлік отрядының өкілдері санақ жүргізіп, қағаздап жатыр. Сырттан бақылап тұрғандар – Жақай, Матай, Нұрисләм, тағы басқа ел жуандары. Матай байдың тұқымдары. Әр үйдің іргесіндегі қотанда жүрген бала-шаға, қарттар сырттан торуылдап, алыстан қарағыштап, жақындауға жасқаншақтанатын сияқты. Матай қанша зығырмен тұрса да, барынша сездірмеуге тырысып, өтірік күледі. Бірақ әр сөзінде ілгешек, кекесін, дәрменсіздік белгісі. – Жақай шырағым, биыл шөп шүйгінді. Қойлардың аузы көкке тиер-тиместен-ақ қоңайып шыға келіп еді, ана Мәскеудегі жұмысшыларыңның аузының салымы бар екен. Енді олар бізді жарылқайтын шығар?! – деп өз сұрағына өзі жауап беріп, кеңк етіп күлді: – Е, жарылқамағанда, неше жерден түйсіксіз болса да... Жақай кекесін сөзге мән бермей: – Бұл қойларыңызда әлгі ағайындарыңыздың да салық үлесі бар шығар? – деп әңгімені шаруаға бұрды. – Е, әрине, әрине. Осыншама қыруар малды жалғыз өзім беретін

мен, немене, қырық жетіні матап беріп, мәтүшкеге құда түсіп жатыр деймісің... Иә, айтқандай, ағайындардың малына жеке-жеке қағаз беретін шығарсыздар. Ертең тағы бір жоқ жерден қолайсыз әңгіме туып жатпасын. Осы күні... – Документ жағынан қам жемеңіз. Ол жағы бұрын да түзу көрінеді ғой. Мал жетпесе де, орталыққа қағаз жететін көрінеді. – Жақай Матайдың жүзіне әрі кекесінмен, әрі сынай қарады. Тұтқиылдан бас салған инспектор сөзінен сасқалақтап қалған Матай лезде бойын жинап алып, әңгіменің бетін басқа жаққа бұрып, ол да қалжыңмен жауап берді: – Әйтеуір біздің ісіміздің бәрі қисық-қыңыр көрініп тұрады-ау. Түзу дегенің қисық дегенің ғой... Одан да үлкен адамды шатастырмай, «қисық» деп турасын айтпайсың ба?.. – Оны да айтармыз, асықпаңыз, – деп екі ұшты сөйлеген Жақай енді қайтадан шаруа қамына көшті. – Ал енді жылқыларыңыз қашан келеді? Осы сұрақты күтіп тұрғандай, бір шаруа сонау алыстағы бір қырдан асып түсе бастаған қыруар малдың тұяғынан көтерілген шаңға таңырқай қарап: – Әне, әне, Матекеңнің жылқылары да көрінді. Пой-пой, Матекеңнің қолы ашық-ау! Ленин атамыздың сұрағанын екі қылмай жатыр-ау! Қайтсын, қайтсын! – деп, салықшылар мен байға жағымпазданғаны ма, бұлардың ісін қолдаған түрі ме, әйтеуір балаша қуанып, айғай салды. Алыстағы жылқыларға күн салып қараған Матай байдың көзі ежірейіп, мұрны қусырылып барады: – Мына иттердің есі дұрыс па! Арасында «а-а-ай!» деп қойып, шырқата салған ән – «Екі жирен». Өңкей теңбіл көк сәйгүліктер. Құйрық-жалы төгіліп, бір-бірімен жарыса, ойнақтай секірген бір қос жылқы ауылға жақындап қалды. Екі жағынан қусыра қуып, лекіте желген екі жылқышының бірі – Боташ та, екіншісі – аттың үстіне құйып қойғандай мығым отырған қасы керілген, жүзі жарқын, 19–20-лардағы дене бітімі қағылез, жас жылқышы Есенжан. Қарында құрық, ашық, кең дауыспен әндетіп келеді: «Көшкенде жылқы айдаймын,

а е-ей, аламенен, Аулыңа барушы едім,

а-ай, даламенен...» Жел диірмен. Жел диірмен қалақтары жел қозғамай, біреу зорлағандай баяу ғана сықырлап айналып тұр. Диірмен іші. Ала көлеңке. Жалғыз жетілік шамның көмескі жарығында зорға көрінер жер астына түсетін сатылы жолмен келе жатқан бір топ адам құлыптаулы темір есікке тірелді. Бұлар – Христолюбов, Нұрисләм, Ноян, Кирилл және басқа азық-түлік агенттері. Бет-аузы, алжапқышы аппақ ұн диірменші шал сылдырлаған көп кілттің біреуімен құлыпты ашты. Жер астынан жасалған кішірек сарайдың ішінде теңкиіптеңкиіп жатқан жеті-сегіз қап көрінеді. Арасынан шыға келген екі егеуқұйрық көздері жылтырап қарап тұрды да, зыта жөнелді. Көмескі шам жарығында қалың қасының астынан көзі, әлгі егеуқұйрықтың көзінше жылтырап, Нұрисләмға қулана әрі жақтырмай қараған Христолюбов: – Міне, алыңдар. Бәрін алыңдар. Күзгі егінге дейін бірдеме етіп күн көрерміз, – деп жер астына түскелі бірінші рет үн қатты... – Осында біраз егеуқұйрық бар, соларды да бірге ала кетсеңдер дұрыс болар еді. Егеуқұйрықтар... Қаптарды қолымен ұстап, санаған Нұрисләм жалт бұрылып: – Бары осы ма? – деп көңілі толмай әрі сезіктеніп, кулактың жүзіне тесіле қарады. – Жоқты енді жерден қазамыз ба? Әрине, бары осы, – деп Христолюбов көзі ежірейіп, алақанын жайды. – Жо-оқ, сен менімен ойнағың келген екен. – Нұрисләм тістеніп, алтатарын суырып алып, Христолюбовтың кеудесіне тақады. – Табасың, тапқызамын! Қайда негізгі қоймаң? Қане, баста! Үшке дейін ғана санаймын. Бізде уақыт жоқ сенімен тығылмақ ойнайтын. Бір... екі... Өмірі мұндай қорлықты көрмеген Христолюбов жағы бүлкілдеп, тістеніп, зорға шыдап тұр. Атып жіберсе де бас имеуге бекінген сыңай. Кирилл шырылдап ортаға түсті: – Милиция жолдас, қазір, қазір. Матвей Степанович астығының қайда жатқанын, қанша барын, есебін білмейді. Жүріңіздер, жүріңіздер! – Кириллдің әжуасын Нұрисләмнан басқа ешкім түсінбеді.

Кирилл мен Нұрисләмнің көзі қара көлеңкеде бір-бірімен түйісіп қалды. Екеуі де бірін-бірі үнсіз ұқты. Кирилл мен Миша машина қасында жасырын сөйлесіп тұр. Ежов машина жөндеп жүр. – Сен бала да машина жүргізе білемісің? – Дядя Вениамин үйретті, жүргізе аламын. – Сен қазақша да сөйлей аласың ба? – Аз-маз? – деді Миша қазақшалап. Кирилл енді қазақша сөйлеседі. Ежов жақтырмай анда-санда қарап қояды. – Миша, сен ана бастықтарыңа барып жасырын айт. Жел диірменнің ішіне мені ала барсын. Көп астық сонда. Түсіндің бе? – Түсіндім, басқа не айтады? Айта барыңыз, – деп Миша қиналыңқырап сөйледі. Ана біздің байды, орыс байды қорқытсын, Мен ар жағын өзім білемін. Астық жел диірменде, жердің астында. – Түсіндім. Бәрін айтады мен. Кирилл енді орысша сөйлеп: – Молодец, Миша. Қазақша үйреніп қалыпсың. Білгеннің артықшылығы жоқ, – деп Мишаны арқасынан қағып, кетіп қалды. Ежов оның артынан ұзақ жақтырмай қарап тұрып: – Әлгі не мылжыңдайды? – деп Мишаға бұрылды. – Өзім де көп сөзін түсінбедім, өтірік бәрін түсінген болдым. «Қашан кетесіңдер?» – дегенін ғана түсіндім, «білмеймін» дедім. Жел диірменнің іші. Кирилл диірменшінің қолындағы жетілікті алып, Нұрисләмнің қолынан демеп, бұрыла женелді. Нұрисләмдар Кириллдің соңынан еріп келеді. Жер асты лабиринт секілді. Кирилл өз-өзінен сөйлеп келеді: «Эх, Матвей Степанович, кейінгі кезде мүлдем сараң боп барасың. Жоқ жерде өліп қала жаздадың-ау. Сенің өлгенің кімге керек. Бұлар атады да, кетеді. Жиырма-отыз қап ұн үшін өлесің де қаласың. Сенің бағаң мың қой, мың қап. Білемісің. «Эх, Матвей Степанович!» Артта келе жатқан Христолюбов «Кирилл, Кирилл!» деп айғайлайды. Кирилл тыңдамайды. – Кирилл, солға, солға Кирилл! – деген Христолюбовтың ызалы даусы шығады. Кирилл (мұрнының астынан): – Матвей Степанович, сен біл-

мейсің, оң жақта, оң жақта. – Кирилл да мұрнының астынан міңгірлейді. Бәрі де тағы бір темір есікке тірелді. Кирилл диірменшіге қарай: – Кілтіңді әкел, – деп қолын созды. Диірменші бір топ кілтті сылдырлатып ұстата салды: – Мұның ішінде жоқ. Нанбасаңдар, тексеріп көріңдер. Христолюбов жолындағыларын киіп-жарып, алға кимелеп келді де: – Мұның кілті әкейде. Мұнда атамыз жерленген. Тимеңдер. Кіруге болмайды. Қасиетті жерге попсыз кіруге рұқсат жоқ, – деп есікті арқасымен жауып, қолын жайып қорғаштап, көзі шам жарығында от шаша жалтылдап, тұра қалды. Қолтығының астынан үлкен қара құлып көрінеді. – Ә, сен зиратты да жер астынан жасайтын болған екенсің. Сағаң жердің үсті жетпейді екен, – деп ұмтылған ашулы Нұрисләм қызба мінезіне салып, үлкен қара құлыпты екі-үш рет атып-атып қалды. Тап қолтығының астынан өткен оқтан зәресі ұшқан Христолюбов амалсыз қағыла берген. Ноян алға шығып: – Ендігісін мен көрейін, – деп қисайып, мыжырайып қалған құлыпты күректей қолымен бұрап, ырғап-ырғап тұрып, шығыршықмығыршығымен бірге қопарып жұлып алды. Есік шалқасынан ашылды. Бір қолында жетілік, бір қолында алтатар, жан-жағына қарап келе жатқан Нұрисләм: – Атаңды қандай жақсы жерге жерлегенсің, тамағы тоқ екен... – деп, диірменнің астына түскелі көрге түскендей, өңдері кел мей түксиіп, түнерген маңындағыларды бір күлдірді. – Оу, өзің мылтық атудан басқаны білмейді десем, сөйлей де біледі екенсің ғой, – деп Ноян Нұрисләмнің тапқыр қалжыңына шын таңырқап күліп еді. – Е-е, бай-кулактарды мылтықпен ғана емес, сөзбен де сұлата білу керек, – деп Нұрисләм жұртты одан сайын таңғалдырды. – Әйтпесе бұлар құтырып кетеді... Нұрисләм алға жүріп келеді. Қойманың екі жағына алма-кезек түскен көмескі жарық алға жылжи береді, жылжи береді. Тар коридордың екі жағы қатар-қатар дестелене қаланған қаптар, қаптар. Аппақ ұн қаптары. Тай-тай қанарлар.

Кең жайлау. Матай байдың жайлауы. Теңбіл көк сәйгүліктерді қотанға үйіріп, жылқышы Есенжан аттан қарғып түсіп, Жақайларға қарай алшаң басып, келе сәлем берді: «Асаллаумағалайкум!» Есенжанның сәлемін аяқтатпай, Матай жылыдай қолға алып, балағаттап жатыр: – Сенің сәлемің еді керегі, иттің күшігі! – Мәке, әкеме тіл тигізбеңіз. Тірісінде көтергенмін! – деп Есенжан салқын ғана ескертіп еді, Матай бөтен адамдардың көзінше ештеңе дей алмай, өзімсінген болды: – Әкең өлгенше, сен өлсең етті, көрсоқыр. Сенде көз бар ма, жоқ па?! Өңкей сәйгүлікті недеп әкеп тұрсың? – Оу, өзіңіз емес пе едіңіз алдыкүні: «Көкмойынның тұқымынан 300 ат дайында» деген, – деп Есенжан сөздің ақиқатына кетіп еді, Матай тағы да басқа жаққа бұрды: – Жейтін мал керек қазір, жейтін мал. Мынадай жүйріктер емес, мына інспектрге жейтін қарабайыр мал керек. – Мәке, жейтін-мейтін дегенді естігем жоқ. Қайдағыны айтып басымды қатырмаңыз. Менің білетінім, өтірік пе, шын ба, Колшактың әскеріне 300 ат керек депсіз... Матай жылы қолтығына мұз тығып жібергендей ыршып, шошып кетті. Көзі алақ-жұлақ етіп Жақайға бір, Есенжанға бір қарап сасқалақтап: – Қайдағы Қолшақ, қайдағы атам заманда өлген Қолшақты айтасың... 300 ат дегенде оны... оны (күмілжіп) бәйгеге қосайын дегенмін. Не айтып тұрсың өзің... Өй, Қолшағың не? Кет, адам болмайтын неме. Есің ауысқаннан саумысың, мен бәйгеге, бәйгеге демедім бе, – деп шұбырта бастап еді, – Қай бәйгеге, Күләнданың тойына ма? – деп Есенжан одан сайын бүлдірді. – Тоқал тойына?! Жақай елең етіп, екеуіне бірдей қарады. Матай оның қарағанын әншейін Кеңес өкіметі адамының тоқал-моқал дегенді жақтырмайтын пиғылымен қарағаны деп қана түсінді де, жылқышы жігітке тағы да зекіп тастады: – Жетті, оттама! Алыстан салт аттылар көрінді. Ауылға қарай лекіткен Нұрисләмдар. Жылқышы Есенжан мен Жақай жылқылардың қасында. Кісіне-

ген, оқыранған жылқылар бұлардың сөзін алыстағыларға естіртпейді. Есенжан әлденені қынжыла, өтіне айтып тұр. Қолын сермеп, қабағын түйіп, ара-арасында көзі алара Матайлар жаққа оқты көзімен қарап қояды. Жақайдың көз аясы кеңейіп, үрейленгендей ашыла береді, өңі ашудан түнере түседі. Ол да әлденеге асыққандай, әлденені тездеткісі келгендей әбігерленіп, Матайлар жаққа Есенжанша ашына әрі ұрлана қарай береді. Есенжанның Жақайға не айтқанын ешкім ұқпады да, тойшыламады да. Бұл сөзден соң сақшыда дегбір жоқ, әлденеден қатты тықыршитын сияқты. Қасында біраз агенттері бар Нұрисләм анадайдан Жақайға есеп беріп сөйлеп келеді. – Бәрі де орындалды. Енді жүрудің қамына кірісейік! Екінші жақтан бұларды қарсы алған Матай да өзінше жарқылдап: – Иә, бізде де орындалды, барымызды бердік, енді... – деп әлденені айтайын деп оқтала бергенде, аяғын нығарлай басып, үшінші жақтан қосылған Жақай Матайға оқты көзін қадап, сөзін киіп кетті: – Жоқ, ақсақал, сізбен әлі түгел есеп айырған жоқпыз! Жақай сөзін қалжың деп түсінген Матай күліп: – Тағы не есеп? Тағы не берешек едік? Енді қатынымызды бермесек, – деп өзінше қалжыңмен жауап беріп еді. – Қатыныңызды алмасақ та, тоқалыңызды алатын шығар - мыз! – деп, Жақай сөз реті келгенде шыдай алмай Матайдың төбесінен балғамен ұрғандай, бірден қойып қалды. Матай бай әлі де ештеңеден секем алып, ештеңені түсінбеді. Бұл сөздің қалжың екенін, шын екенін түсіну, расында да, тап бұл арада қиын еді. Желе шоқытқан салт аттылар – Жақай, Матай, Нұрисләм. Матай Нұрисләмға қарай еңкейіп, өзімсінген болып сөйлеп келді. Жақай тыңдағысы келмегендей алға озып, асыға түседі: жүзінде ашу да, әлденеден алабұртқан мазасыздық та бар. – Мен өздеріңе жүрер кезде ғана айтармын деп едім. Енді тыңдаңдар. Ол – менің жесірім. Осыдан бір жарым жыл бұрын көп қалың мал беріп, ту-ту Сыр жағынан жайлауға келген бір байдың күңіне інім үйленген. Інім жасынан аурулы-сырқаулы, мүгедектеу еді. Былтыр ұзақ төсек тартып жатып, сол ескі ауруының зардабынан өлді. Жақында жылын береміз. Енді қазақ рәсімінде «аға өлсе – іні, іні өлсе аға мұра» дейді. Сол рәсімді түсінбейді. «Еліме кетем,

кетем еліме» деп лаңды салып жүр. Өзін бір қорқытып көріңдерші. Бәрібір мен жесірімді еліне жіберіп отыра алмаймын. Жонынан таспа тіліп, мұсылман рәсімімен-ақ көндірем ғой. Әйел адам қайда барады дейсің. Тулайды-тулайды да қояды. Олардың ежелгі әдеті емес пе. Әйтсе де сендер хүкімет адамысыңдар. Бірдеңе деңдер. Ар жағын өзім білем ғой. Өздеріңе ат, шапан дайын. Хүкіметке берген мал өз алдына, екеуіңнің орның бөлек. Сендердің сыбағаларыңды дайындап қойғамын. Кетерде... Нұрисләм ат үстінде қоқаң-қоқаң етіп, сөзі де қоңқ-қоңқ етіп: – Бі-бі-б-з, ж-ж-жал-пы, әй-әй-ел мә-се-ле-сін шеш-ше - шейін деп келген жоқпыз, – деп Матайдың сөз сыңайын жаңа ұғып, жақтырмай, атын зорға тоқтатып алды да, алға озған Жақайға айғай салды. – Жақай, бері кел. Сен, бай, біздің басымызды олай қатырма. Бізге продналог и все! Және сен бізге бірден ерем-серем дегенді қой. Давай, Жақай, мына бай бізді спровоцировать етпекші. Вот, лиса бай. Біз бармаймыз. Біз әйел мәселесін шешпейміз. Ол үшін әділ сот бар. Біз ештеңе білмейміз... Жақай қайта бұрылып келген. Нұрисләмнің соңғы сөзін ғана құлағы шалуы мұң екен, көзі шарасынан шыға ақырды: – Біз кез келген әділетсіздікке араласуға міндеттіміз. Жүр тез! Отряд басшысы – мен! Бұйырамын! Нұрисләм Жақайдың мына сөзінен, аяқ астынан өзгере қалған қатал мінезінен түк ұқпай, екі иығын көтеріп, айдалада ат үстінде біраз тұрды да, көп ұзап кеткен екеуінің соңынан шаба жөнелді. Білетін біреу әдейі алып келмесе, кез келген адам таба алмайтындай, жақпар-жақпар тастар ішіндегі жалғыз қараша үй. Айнала тылсым дүние. Киіз үй сыртында күзет. Түр-әлпеті адам шошырлық алпамсадай жігіт қынындағы қанжарын шығарып, ежірейіп тұр. Аюша ыңыранады. Мылқау. Аттарын алысқа байлап, жаяу келген Жақайларды бастаған Матай қолымен бірдеңелерді түсіндіріп еді, анау қанжарын қайта қынына тығып, аюша күжірейіп, әрмен кетті. Түндігі жабылған киіз үй іші ала көлеңке. Ортадағы жерошақ орнында шашы бетіне түскен әйел екі қолынан байлаулы, жоғары созылып тұр. Жіңішке қыл арқанның екінші ұшы шаңыраққа байланған. Жақай Матайға қарады: – Шешіңіз арқанды. – Қазір, қазір. – Матай аяқ астынан әбігерленіп, әйелдің қолын қашан шешкенше дамылсыз сөйлеп жүр. – Өй, нақұрыс мылқау

неме, ешқайда шығарма, қашамын деп адасып кетеді дегенімді түсінбей, байлап тастағанын қарашы. Мал болар ма, мал, өй, өңкей мал! Түу, білегін қиып кете жаздапты-ау. Әй, шырағым-ай, өзіңде де бар-ау. Қай қатын мұсылмандық рәсімге қарсы тұрып жеңіп еді. Мен де «жесірін қуып жіберіпті» деген жұрттың қаңқу сөзінен қашып... әйтпесе, сендей бір қаңғырған күң табылмайды деймісің. Қолы шешілген соң, әбден қажып, аяғы талып әлсіреген әйел сылқ етіп тізерлеп отыра кетті де, бетіне қобырай түскен қалың шашын да жинамастан, қыл арқан батқан білегін уқалай бастады. Іштей толқыған Жақай әйелдің қолтығынан демеп тұрғызуға оқтала беріп, бойын тартып алды. Көңілі бұзылып, жүрегі алыпұшып қобалжып тұрғанын қанша сездірмейін десе де, үні өз-өзінен бұзылып, дірілдеп, жарықшақтанып шықты: – Көтеріңіз... басыңызды... Келіншек селк етіп, бірақ басын көтермей, ойланғандай отыра берді. Жақай әлгі сөзін айны-қатесіз тағы да қайталады: – Көтеріңіз басыңызды. – Бұл жолы даусы еркін, анық шықты. Келіншектің үндемегеніне іштей қуанған Матай, оны аяған болып, қулыққа басты. – Құлағының мүкісі бар, ауру-сырқаулы байғұс қой, жесірім болған соң... әшейін інімнің төсегін қаңыратпайын деп... Матайдың өтірік көлгірсігені Жақайдың жынына тиді. – Көтеріңіз деймін басыңызды. – Бұл жолы ызалана, зекіңкірей сөйледі. – Атыңыз кім? Неге айтпайсыз? Көлденең іске араласқысы келмей, келе тезірек кетуге асығып тыпыршыған Нұрисләм енді шыдай алмай, әдеттегі айғайына басты: – Азаматша, неге үндемейсің? Тілің жоқ па?! Бұл жолы келіншек шашын бір жақ қолымен айырып, бір жақ көзі шарасынан шыға таңырқай, Жақайға қарады. Мына сылбыр қимылға шыдамсызданған Нұрисләм киіз үйдің қаусырмалы есігін теуіп жіберіп ашқанда, даладан жарық құйылды ішке. Келіншектің жалғыз көзі қараған сайын жасқа толып, енді екі қолымен де шашын айырып, екі көзі де ашылып, үйдегілерге үрке қарап, Жақайдың мойнына асқан қоржынына көзі түскенде жан даусы шығып, екі қолын алға созып, тізерлей ұмтылды. – Жа-қа-айй! Матай мен Нұрисләм аң-таң. Екі қолын жая ұмтылған Жақай дың тізесін құшақтай аймалап, «тірі екенсің ғой!» деп өксіп-өксіп жылаған

келіншектің иегінен көтерген Жақай да баяу төмендеп-төмендеп, тізерлей түсіп, әйел жүзіне есі шыға қарап, бас салды. Көкірегінен қуаныштың ащы даусы қалай атылып шыққанын өзі де аңғармай қалған шығар-ау: – Күлән-дә-ә! Күләндашым! Матай да, Нұрисләм да түк түсінбей, сілейіп тұр. Күләнда өксік аралас сөйлеп, мұңын шаға жылағанда ғана Матайдың беті қабарып, бүлкілдеп, жұдырығы жұмыла берді. – Жақай сені өлді деп, Жұманияз бай Матайдың інісіне зорлап қосқан. Бір тайға сатты. Енді тастай көрмеші, Жақай! Тастай көрмеші! Жалынамын! Сенің Күләндаң едім ғой! Тастамашы. Әйел байғұста не кінә бар. Жазғырмашы! Мені тірідей өлтірмеші! Тірі екенсің ғой, Жақайым! Жаным! – Күләнім менің, енді өмір бойы тастамаймын, өмір бойы бірге боламыз! – деп, Жақайдың көңілі босап, қуаныштан көзіне жас оралып, Күләндамен жарыса сөйлеп жатыр... Киіз үй сыртында. Нұрисләм алыста тұрған атына жеткен, айылын тартып жатыр. Киіз үйден шығып, бірін-бірі ағалы-қарындастай жетелеп, аттарға қарай беттеген Жақай мен Күләнданы ыммен көрсетіп, Матай мылқауды жұмсады. Есті мал қауіпті жағдайды алыстан көріп, түсінді ме, әлде басқа бірдемеден шошынып, иелеріне шағынғаны ма, әйтеуір, аттардың көзі аларып, үрейленіп, оқыранып қоя берді. Басын көтеріп, киіз үй жаққа қараған Нұрисләм да, көзі шарасынан шығып: «Әй!» – деп қалды. Осыларды көріп секем алғаны ма, әлде оқыстан келіп қалар қауіпті жайды желкесімен сезетін сезімтал, әккілігінен бе, әйтеуір, Жақай жалт бұрылып, желке тұсынан қанжармен төніп келе қалған Мылқау жігіттің қолын қағып жіберіп, көз ілеспейтін жылдамдықпен мұрттай ұшырды. Орнынан мойны қисая, қинала тұра келіп, аузын арандай ашып, аюдай ақырып, аузын көбік шашқан бурадай бақырып, өзінше жынын шақырып киіз үй қасында жатқан дөңбекті қаңбақ құрлы көрмей көтере берген мылқауға мысықша атылған Жақай кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін әлдебір үйреншікті әдіспен, дөңбектің екінші басынан ұстап, бірге айналып, қайыра әкеліп соққанда мылқаудың маңдайы оңбай ұрылып, анадай жерге ұшып барып, ессіз құлады. Күн еңкейген кез. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Шырылдаған бозторғайлар. Әр жерде шоқ-шоқ қайың өскен адырлы, бұйратты

дала. Әр адырдың астында, әр бұйраттың үстінде мыңғырған мал. Табын-табын қара мал, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой. Үсті киізбен, алашамен жабылған мая-мая үйілген қаптар: бидай, сұлы, тары, ірімшік, құрт салған қаптар. Бір-біріне тақала тұрған арбалар, трашпандар, таратайкалар, екі аяқ қазақы арбалар. Шөккен түйелер, доғарылған аттар. Екі жүк машина, бір факт. Қыбырлаған адамдар. Мұның бәрі азық-түлік салығынан жиналған адам айтқысыз мол дүние. Биік дөңнің басында Жақай сөйлеп тұр. Үнінде толқу бар. Қасында Нұрисләм, Нестер, Шәлтік, екі орыс әскері. Дөңнің етегіне қарай иін тірескен елу шақты адам: киімдері жүдеу қазақтар, орыстар, казакорыстар – жартысынан көбі жастар. – Жолдастар, кедей-батрактар, шаруалар. Сендердің өз қалауларыңмен кіре тартуға келгендеріңе жұмысшы-пролетариат атынан рақмет!.. Керуен жолы оңай жол емес. Оған бақыл болыңыздар. Алыс жолда шаршау-шалдығу да, бәрі де болады. Әсіресе торуылдаған бандылардың кездесуі де ықтимал. Сақ болайық. Сіздердің басшыларыңыз – керуен басы Нестер Степанович! – Бәріңіз де осы кісіге бағынасыздар. Мал айдаушылардың басшысы – Ноян мен Шәлтік. Атбасар уезінің ревкомы шығарған мынадай қаулы бар. – Жақай төс қалтасынан төрт бүктелген қағазды ашып оқиды. – «Выдать киргизом-возчикам по 12 фунтов муки на человека на проезд от Атбасара до Петропавловск и по две плитки чая, по одной коробке спичек на 10 человек». – Жақай қағаздан басын көтерді. – Бұл қаулы біздің керуенге де жүреді. Қазір сол паектеріңізді аласыздар да, азық-түлікті артып, демалып, таң ата жолға шығасыздар! Көл жағасында. Нұрисләм мылтығын тазалап әлек. Миша көлде шомылып жүр. Жақай көл шетінде кір жуған Күләнда мен Әминаға алыстан қарап, ойда отыр. – Странно, осылардың тез көніп, қаншама азық-түліктің жанжақтан жинала қалуы біртүрлі оңай болған секілді! – Мылтығын тазалап отырып сөйлеген Нұрисләмнің дүдәмалы Жақайды одан сайын ойға қалдырды. Оның дегбірсізденгенін сезгендей, алыстан көзі жарқ етіп анда-санда Күләнда, ара-тұра Әмина қарап қояды. Миша суға рақаттана сүңгиді. Жақай судан шығарған Күләнданың кіріне көмектесіп, бұраса бас тады. Күләнда қалың киімді бұрай беріп, Жақайға:

– Жақай, осы жерден тезірек кетейікші, – деп сыбырлады. – Ертең керуен жүреді. Біз тағы да азық-түлік жинауға басқа болыстарға кетеміз... Не, қорықтың ба? – Жақай-Жақай, – Күләнда жан-жағына қарап, үрейлі үнмен бұрынғыдан да ақырын сыбырлады: – Бұлардың бандалары бар. Анада келіп кеткен. Екі-үш рет келді. – Кімдер ол? – Жақай кірді өзіне тартып алып, Күләнданың үрейлі көзіне төне қарады. Нұрисләм да құлағы шалып, алыстан тың тыңдады. – Ақтар. Басшысы Бұйрабас деген. Елдің бәрі біледі. Бірақ айтуға қорқады. Кешегі көп жылқыны сендерге емес, соларға алдырған. «Бұйрабасқа, Бұйрабасқа » дегенін талай естідім... – Бұйрабасты көрдің бе, қазақ па өзі?! – Білмеймін, көрген жоқпын... Басқаларын көрдім. Бір рет мен оларға шай құйып та бердім. Түстері суық, қорқынышты адамдар. Өздері қашан келсе де мас. Әлде әдейі солай көріне ме. Және ылғи түнделетіп жүреді. Ал Бұйрабастарын көрген емеспін. – Иә, бұлардың тез кетулерінің артында бір пландары болу ке - рек, – деп күбірледі Нұрисләм. Жақай басын оқыс көтеріп алды: – Сен бірдеңе дедің бе, Нұрисләм... Иә, иә, мен де таң қаламын. Үлкен бір сыр бар. Бұлардың Бұйрабастары қайда? Неге көрінбейді? Неге тым-тырыс? Сырттан Нестер сөйлеп келеді: – Нөсер алдында күннің тып-тымық болатын әдеті. Жақай да, Нұрисләм да сырттан келе жатқан Шәлтік пен Нестерге қарады. Енді Шәлтік те маңғаздана, бұлдана сөйлеп, көл жиегіне келіп малдас құрып, жайғасып жатыр: – Айтпадым ба, менің пайдам әлі талай жерде тиеді деп. Мен жердің астындағыны тіміскілеп білем. Бұлардың бандасы бар екен. Бастығы Бұйрабас деген қазақ екен. (Нестерге қарап). Ну, Нестер, давай говаритский, ты знайтский, мнөге знайтский, давай! Нестер Шәлтікке қолын бір сілтеп, Жақайдың қасына келіп отырып жатып: – Қайдағы көп білген. Бұйрабас дегенді бәріміз де естігенбіз. Бәрі қорқады одан. Бірақ ол қайда, кім ол? Оны ешкім білмейді, – деп әуелі жалтара сөйлеп алып, қайтадан жөнге көшті. – Оларды көрген бір-ақ адам бар. Олардың сырын білетін де сол. – Ол кім? Осында ма?

– Қайда ол? – десіп Жақай мен Нұрисләм аптыға түсіп еді. – Менің бір алыс ағайыным. Оны менен басқа ешкім білмейді, – деді Нестер жайбарақат қана. – Дядя Нестер, мені сол адаммен жолықтыра аласыз ба? – Нестер «қайдағыны есіне салып, бекер айттым-ау» деген өкінішпен үнсіз төмен қарады. Мұны сезген Жақай салмақ сала сөйледі. – Жолықтырыңыз. Адамдардың тіршілігі үшін! Бұл – өте қажет. – Ол ештеме айтпауы да мүмкін. Маған да жарытып айтпаған, – деп Нестер ойланып қалды. – Ай, айтпайды-ау. – Сонда да, – деп Жақай Нестерге өтінішпен қарады. – Дядя Нестер түсініп тұрсыз ғой. Жас совет өкіметі үшін қажет. Жаулардың ұясын ашуымыз керек. – Жарайды, біреуің ғана. – Мен, – деді Жақай. – Иә, Жақай баруы керек, – деп құптады Нұрисләм да. – Тек түнде, көз байланған соң... – Нестер сыбырлап сөйлеп, екі инспектордың жүзіне сынай қарады. Түн. Казак-орыстардың бөренелі сарайы. Шыр-шыр еткен шілделік үні. Алыста қотанда үрген бірен-саран иттер даусы. Нестер мен Жақай нарға салған төсек үстіндегі адамның қасында. Жіңішке қара түтіні созылған білте шам. Жаралы адам ыңқылдап, ыңырсып, зорға сөйлейді. – Мен өз басымнан қорықпаймын, бәрібір өлетін адаммын. Менің тірі екенімді білсе... сендерге айтқанымды білсе, бала-шағамды қырып тастаудан тайынбайды... Жарайды, Нестер нағашыма сенем...» Біреудің сыртта жүрген дыбысы. Нестер шамды үрлеп, өшіре салды. Тым-тырыс. Тек үздіксіз шырылдаған шілделік үні. Қараңғыда жабық есіктің саңылауынан әлдекімнің баяу үні естілді: – Нестер Степанович, часовой жолдас! Христолюбов пен Матай бір жаққа түнделетіп жүріп кетті. Сақ болыңдар! Құпия адам қайтадан сыбдырын білдірмей мысықша басып кете бергенде, Нестер: – Бұ кім өзі? – деп есікке ұмтылып еді, қараңғыда мұны көріп тұрғандай, әлгі адамның қысқа, зілді даусы шықты: – Тоқта!.. Мені қайтесіңдер. Ескерте келдім, қапы ұрылмаңдар! Қараңғыда Жақай Нестерге сыбырлап: – Қап, айрылып қалдық-ау. Қайда кетті екен. Қашан бұл арадан өзіміз кеткенше оларға аңду қою керек еді, – деп өкінді.

Жаралы адам тағы да жарасын ауырсынғандай баяу ыңырсып қана Жақайға жауап берді: – Тағы да бұрынғы зұлымдықтарын қайталауға кеткен ғой! – Нені!? – деп Жақай мен Нестер қосыла сұрады. – Олар сендерді... қаншама азық-түлікті бос жіберуші ме еді. Бәріңді де қырады. Олардың айласы да, күші де мол. Кешқұрым. Қалың тоғай іші. Банда ставкасы. Тоғай арасындағы кең алаңда шашырата тігілген боз шатырлар. Шатыр маңында ақтың солдаттары, бірлі-жарым офицерлер жүр. Бөренеден қиып салған жалғыз үлкен үй. Үй жанында бір пәуеске, үш жадағай арба. Он шақты солдат арбалардан теңкиген қаптарды түсіріп, арқалап әкетіп жатыр. Жобасына қарағанда – ұн, ет, тағы басқа тағамдар. Пәуеске қасында офицер формасындағы сұлу, нәзік жігіт – көзілдірікті ақ гвардияшы Корняк, Матай, Христолюбов. Бет-аузын түгел сақал басқан, еңгезердей, сұсты казак Иахнов аюша қорбаңдап, Кириллді ара-тұра желкесінен жеңіл нұқып, әкетіп барады. Атқа шабатын жокейлерше сыптығырдай боп киінген, сұлу мүсінді, жасы 30–35-тердегі, көрікті, бірақ өңі суық, көзінің оты жарқылдаған Белова ағаш үйден шығар-шықпаста баспалдақта тұрып: – А-а, кайсах Матай бай! – деп, солдаттар шылбырынан жетектеп әкетіп жатқан семіз, тершіген ноқталы аттарға қарап самбырлайды: – Полковник Беловқа берген уәде қайда? Бес жүз аттың орнына 30-ақ ат әкелдім депсің. Мұныңды біз кешірер ме екенбіз? Жүнінің жығылған жағына қарай сипамай, қарсы сипап, қорқыта, үркіте сөйлегенді табиғатында көтере алмайтын шамшыл, менмен Матай өз уәдесінде тұра алмаған кінәсін іштей мойындаса да, шалбар киіп тыртиған мына жас қатынның білдей еркекті сақалды басына қарамай қорлап, басына сөйлегенін жақтырмай, зығыры қайнап, мелшиіп тұрып қалды. Ақталғысы да, жалбарынғысы да келмей, тістеніп қитыға қалғанын сезген сыралғы Христолюбов араға түсті: – Матай өмірі уәдесінен тайып көрген адам емес. Айтқанын өлсе де орындайды. Сендерге деп алдырған 500 сәйгүліктің үстінен түсіп, қарулы большевиктер бәрін сыпырып алды. Матай да сіресіп бағып еді, әлгі орталықтан келген сақшы қазақ бәрін де қорқытып алған жоқ па...

Жақайды айта бастағанда-ақ, зығыры қайнаған Матай да тілге келді: – Менің жауым ешкім емес, өзімнің қазағым. Қазақ қазақты ұстап бермесе, іші кебеді. Әйтпесе алыстағы ауылда жатқан Матайды Мәскеудегілер қайдан біледі. Қоңыраулатып жататын өзіміздің сорлы қазақ, – деп, жалпы қазақ атаулыны кінәлап, ұзақ сонармен шұбырта бастап еді, баспалдақтан ойнақтай басып, билеп түскен Белова Матайдың аузын қақты... – Иә, ол не деп қорқытты? Немен күш көрсетті? Соншама кім еді ол? – Кім болса ол болсын, әйтеуір қасында мылтықты адамдары бар, Мәскеуде тірегі бар олар, әрине, шетімізден тізіп... – деп қара аспанды төндіре бастаған Матайды Христолюбов қостап: – Қазір налог төлемесеңдер, өздеріңді түрмеге қамап, бар астықтарыңды, мал-мүліктеріңді экспроприациялап, түгел сыпырып аламыз деп, тура орталыққа, Ленинге телефон соқты, – деп болған істің тоқ етерін айтып еді, Белованың көзі шарасынан шықты: – Теле-ефо-он?! – деп қайталап сұрап, таңырқап, Корнякқа қарап еді, ол да түк түсінбей екі иінін көтеріп, қабағын шытынды. – Қайдағы телефон? – Белова даусы шаңқылдап, түк түсінбегеніне, мыналардың түсіндіре алмағанына ыза болып, екі қолының саусақтарын тарбитып, Христолюбов пен Матайға тап-тап береді. – Қайдағы телефон? Қайдағы басняны айтып тұрсыңдар. Неғылған өтірікші қу мүйізсіңдер. Қайдағы телефон? – Қайдағы телефон болушы еді, кәдімгі Москвамен сөйлесетін телефон, – деп енді Христолюбов та мына ақтардың сенбегеніне ызаланып айғай салды. – Немене, біз соншама кімбіз өтірік айтатын. Белова ашудан демін зорға алып, зорға шыдап, даусын бәсеңдете, бірақ кекесінмен тісінің арасынан сыздықтата, ысылдап сөйледі: – Жарайды, сендер өтірік айтпайсыңдар, айтып та көрген жоқсыңдар, періштесіңдер! Ал, періштелер, сонда, телефонмен қайда отырып сөйлесті?! Соны ғана айтыңдаршы. Христолюбов «е-е, одан да осылай жөнге көшпейсің бе» дегендей, алақанын жайып: – Біздің станцияның сыртында отырып сөйлесті, – деп міз бақпай екеуінің бетіне бажырая қарады. Анау екеуі де бір-біріне ұзақ қарап тұрды да, мыналардың «телефонын» түсініп, тарс етіп жарылды.

Корняк көзілдірігін шешіп алып, көзін қол орамалымен қайтақайта сүртіп: – Ох, большевиктердің ойлап таппайтыны жоқ. Ха-ха-ха! Айдалада телефон, ха-ха! – деп қоймастан-қоймастан қарқылдап күлді. Оған қосыла ұзақ күлген Белова да күлкісін зорға тыйып, ызалы айқай салды. – Әрине, мынандай надандар мен жабайы түземдіктер тұрғанда, большевиктерге күресу қиын емес. Эх, сор маңдай Россия! Кімдерге қор болдың?! Мыналардың күлкілерінің сыңайын түсініп, сонда да өздерінің шын білмейтіндіктеріне көзі жетпей, әлі де дүдәмалданған Матай: – Сонда олар телефонмен сөйлесе алмай ма? – деп батылсыздау сұрап еді, Белова ызадан булығып, дөкір мұжықтарша қолын шығарып, түкірді: – Мынаны сөйлеседі! Хи-хи! Көзінен жас ақанша күлген Корняк, әлдебір жеркенер құбыжық көргендей, күлкісін оқыс тыйды: – Екатерина Васильевна, сізге жараспайды. Мұныңыз не?! Екатерина... Белова өзін-өзі кекеткендей шаңқылдап: – Екатерина Васильевна жоқ, Катька – бан-н-дит! – деп енді бір бөтен, өрескел күлкіге басты. Сарт-сұрт, сарт-сұрт еткен дыбыс. Ыңқ-ыңқ еткен үн. Беліне дейін жалаңаштап, етпетінен сәкіге салып қойған Кириллді ақтың екі солдаты қол қамшымен көсілте ұрып тұр. Аппақ арқасында қанталаған жолақтар. Қастарына келген Белова мен Корнякты көз қиығымен көрген Кирилл жалынышпен безек қағып жатыр: – Бауырларым-ау, не жазығым бар? Тым құрмаса... айтып... жазаласаңдаршы... Корняк көзілдірігінің үстімен солдатқа зеки қарады: – Болады ғой енді! – Мұнысы әмір беруші Беловаға да айтылған зілді, ызалы сөз екенін түсінген Екатерина Васильевна қолын сілтеді: – Жарай-й-ды, әзірше, жетеді! Кирилл зорға басын көтеріп, дүрені ауырсынса да, енді ештеңе шағынбай, киімдерін үнсіз ғана киейін деп жатыр еді. Белова адам емес, маймыл көргендей, әлсіреген дәрменсіз Кириллға тыжырына қарап жекіді: – Киме кебініңді, әлі ерте, пигмей! Тағы да жон етіңе Петрокок жолын салдырамын! Кирилл көзі жыпылықтап, жасқаншақтанып:

– Жо-жоқ, мен киінейін деп жатқаным жоқ, самасат іздеп жатырмын қалтамнан, – деп шалбарының қалтасын таба алмай, сипалақтай берді. – Неге дүре жегеніңді білемісің, сұмырай? Кирилл иығын қиқаң еткізіп: – Құдай білмесе, мен түк білмедім, – деп тағы да көзі жыпылықтады. – Онда қамшы аз боп қалған ғой, – деп Белова мырс етіп күлді. – Құдай үшін, құдай үшін жетеді, таяқ көтеретін менде не қауқар бар?! – деп тоқпақтай Кирилл балаша кемсең қақты. – Сен середняксың ба? – Белова көзін сығырайта қарап сұрақ қойды. – Құдай білмесе, мен өзімнің кім екенімді, оң-солымды білмеуші едім, середняк деген ат қойыпты. – Ендеше, дүрені сол үшін жедің. – Сол үшін? – Әлде қорқыныштан, әлде ызадан Кириллдің темекі орап отырған қолы дірілдейді. – Онда сол атты, құдай үшін, өздерің алыңдаршы, маған түкке керегі жоқ. – Өтірік айтасың, середняк болу саған ұнайды. Тиімді. Екі жаққа бірдей, әрі-сәрі қалғың келеді. Нағыз қауіпті жау – середняк – сенсің. Совет өкіметіне жағынып, кулактардың жасырын астығын айтып, өзің де беріп, жағымпазданасың. Бізге келіп тағы... Түлкісің сен, түлкісің. Сенің түлкі теріңді сыпырып алып, біраз илеу керек. Кирилл темекісін тұтатып тұрып Беловаға қулана әрі жасқана қарады: – Бәрібір, менен қасқыр терісі шықпайды. – Ох, сұмырай, оны да біледі. Тілінің удайын! Махнов, мына середняк темекісін тартып болған соң, тағы да он порциямен «тамақтандырыңдар!» – Бауырым, бауырым! – Кириллдің темекісі аузынан түсіп кетті. Көзі жасқа толып, жалбарына, аяғына жығылды. – Аясаңдаршы, құдай үшін, аясаңдаршы! Мен енді таяқ көтере алмаймын, өліп кетемін, аясаңдаршы! Балаларым бар ғой, балаларым!.. Банда ставкасы. Ағаш үйдің іші. Түн. Кең зал. Қабырғада ондық шам. Добалдап жасай салған мықты ағаш столдың қасында отырғандар – Белова, Корняк, Матай, Христолюбов, тағы басқа банда адамдары. Стол үсті сықаған тағам. Ара-арасында екі литрлік шөлмектерде

ішімдік-самогон. Бандалар біраз тастап алған сияқты: гу-гу әңгіме, өрекпіп, есірген дөрекі сөздер. Ыстық тағам, оны-мұны көтеріп, ыдыс-аяқты ауыстырып, Махнов кіріп-шығып жүр. Белова бір стакан самогонды түбіне дейін, өші бардай, қағып алды да, маңындағыларды өзіне қаратқысы келгендей, стақанын тарс еткізіп түбімен бір ұрды. «Бағанадан ішуіміз жеткен шығар, енді негізгі шаруамызға көшейік» дегендей, стақанды қайтадан ұстап, төңкерді де, әрі сырып қойды. Содан соң барып, салмақпен әрі бұйрықты үнмен сөзге кірісті. – Ендігі мәселе мынадай. – Бағанадан бері ішу, жеуден қолы босамаған бай мен кулак «біраз тыңайып алдық қой, енді мына атаман қатын не айтар екен» дегендей, Белованың жүзіне тесіле, сынай қарасты. Осыны сезген Белова да түсін лезде суытып, әр сөзін нақпа-нақ қадап, бұйрықпен сөйледі. – Христолюбов, бізге жаңадан тың-күш қосылмақшы, кемі бес жүз адамға, осы маңдағы помещиктермен бірігіп, бір айлық азық-түлік дайындайсыңдар. Әзірше бір айлық. Және тез арада. Сен, Матай бай, бес жүз ат дайындайсың! Тоқта-а, тұра тұр! Біз алдымен мына келе жатқан Петрокок жолын талқандаймыз. Жартылай салынып болмаған осы бір Петрокок жолына соншама шұқшиған мына ақтардың берекесіз қимылы Христолюбовқа бұрыннан ұнамайтын. – Бұдан басқа жолдар бар емес пе? Россияға азық-түлік таситын басқа жолдар құрып қалып па? Немене осы Петрокок, Петрокок? – деп мұрнын шүйіріп еді. – Омскі, Челябинскі жолы таяуда тағы да үзіледі. Бізге тапсырылған жол – Петрокок жолы, – деп Белова қысқа жауап берді. Христолюбовтың сұрағына риза болған Матай да қатын атаманның жауабына көңілі толмай: – Маған шойын жол емес, керуенді құртуым керек, керуен басын... Жақа-а-ай! – деп өз қайғысын айтып тістеніп еді. – Эх, қайсақтар, – деп байдың сөзіне ызалы Белова шыдамай, орнынан тұрып кетті. – Мұрындарыңның астындағыдан басқаны көрмейсіңдер-ау, дала тағылары, мустанги! Сендерден тұқым қалмасау, тұқым! Белованың сөз сыңайы ұнамаған Матай да ызалы мырс етіп, теріс қарап қазақша күбірледі:

– Соған қиналып тұрған шығарсың жаман қатты. Матай сөзін анық түсінбесе де, оның әлдебір жағымсыз сөз айтқанын түрінен аңғарған Белова да «Вот, надан!» деп ызадан күйініп, іштей күбірлеп, байдың алдына тұп-тура келді де, столға екі қолын тіреп, оның көзіне көзін қадап төне қалды: – Эй, Матай бай! Сен мына қайсақ даласына, саған қарай шыққан Петрокок не, білемісің? Матай Белованың түріне сынай қарап, сәл үнсіз отырды да, ұстаз алдындағы шәкірттей асықпай, тәптіштеп жауап берді. – Азық-түлікті Сібір жолына жеткізу үшін жедел салынып жатқан шойын жол! Тағы не сұрайсың, қатын бастық?! Белова шамданған жоқ, басын баяу көтерді де: – Мұны біледі екенсің. Бірақ бұл – темір жол емес, ұзын шектей шұбатылған Сібір жолынан бері бөлек шыққан соқыршек, – деп орнына келіп қайта отырды. Еш күлкісіз, кекесінсіз айтылған созге таңырқағандай: – Соқырше-ек?! – деп Христолюбов қайта сұрап еді, орнынан «браво, браво» деп атып тұрған Корняк, бокалын көтеріп: – Мынауың образно, Екатерина, то есть, Катька атаман. Сол үшін! – деп спиртін шамырқанбастан тартып жіберді. Корняктың қолпашына онша мән бермеген Белова, ол орнына қайтадан отырған соң барып: – Ал, сол соқыршек өсе келе, ұзара келе не болады? – деп басқаларына айнала қарап, тағы да сұрақ қойды. – Жарылады, ха-ха! – деп сұрақты ерсі көрген Христолюбов ойланбастан жауап беріп, қарқылдап тұрып күліп еді, басқалары да қосыла күлді. Белова ғана күлмеді. Алдында жатқан бір уыс жуаның біреуін алып, ақ бас сарымсақ жағын жыланға ұқсатып, ирелеңдете ойнатып: – Жо-жоқ, ол жыланға айналады, – деп шаңқ етіп, бәрінің күлкісін тыйды. Отырғандар, сырттан кірген Махновқа дейін жуаға тесіле қарап, шын жылан көргендей тітіркеніп кетті. Жуаның басы, шынында да, кішігірім жыланнан аумайды. – Жылан ұзара береді, ұзара береді. Петропавлдан Ақмолаға дейін, одан әрі қайсақтардың құмды, тікенді даласында шұбатылып кете береді, кете береді. Ішке кіріп алған жылан не істейді? Бұл жолы Матай ойланбастан жауап берді: – Жегеніңді бойыңа жұқтырмайды. – Ақыры жылан үлкейе келе, ұзара келе драконға айналып, ішіңе сыймай, өзіңді жұтады, өзіңді.

Корняк бокалын көтеріп, тағы да ұшып тұрды: – Образно! Өте образно! Христолюбов өзіне-өзі: – «Батька дұрыс айтады: Бір кезде біз дракон едік, енді бұлар дракон. Өмір қалай алма-кезек өзгереді». Аузын арандай ашып, бокалдағы спиртті шелекке құйғандай төңкере салды. Белова да төңкерулі стаканды қайта аударып, ішіне самогон құйды: – Міне, Матай бай, бұл – сенің далаңа кірген, жеріңнің астыүстін түгел жалмайтын бүгінгі жылан, ертеңгі дракон. Ол өспей тұрғанда басын қырқу керек. Сен болсаң, өзіңнің пайдаң үшін, сенің жеріңді қорғау үшін мінетін 500 ат тауып беруге қиналасың. Қинал, қинал! Ертең қиналуға да мұршаң келмейді. Ол ертең драконның аузына түседі. Түсіндің бе, Матай бай?! Егер түсінсең, санаң болса, ол драконның қазір, әлсіз кесірткедей кішкентай кезінде басын қырқу керек! – Белова самогонды бір қолымен көтеріп ішіп салды да, екінші қолында ойнатқан жуаның басын аузына қомағайлана тығып, кірш еткізіп қиып түсіп, ызалана шайнады. – Иә, өлара тұсында құрту керек. Белованың «Мертвый сезон» дегенін түсіне алмай қалған Корняк: – Өлара? – деді көзі жыпылықтап. Бұл сөздің мазмұнын басқалары да түсіне қойған жоқ еді. Белова да оған онша таң қалмады. Түсініксіз сөзді өзі ұғындырды: – Мен ескі ай мен жаңа ай ортасындағы қараңғы тұсты, яғни советтердің өларасын айтып тұрмын. Қазір большевиктердің сыртқы, ішкі соғыстан зорға айығып, титықтап, сенделіп, соқыртеке ойнағандай жан-жағын сипалап, қолына не ілігеді деп қарманып жүрген қараңғы тұсы – өлара кезі. Осал кезі. Дүние жүзілік әдебиет пен тарихтан мол хабары бар полковник Белов білімінің біраз әсері тиген Катяның осынша дәу теңеу айтқанына тап осы жолы, шын қайран қалған Корняк: – Образно! Образно! – деп басын шайқап, сәл мүдірді де, Матайға қарады. – Мынадай сөзден кейін, егер қолымда бар болса, бір жүз ат емес, екі рет бес жүз аттан берер едім. – 500 ат, 500 ат. Одан да әуелі мына агенттердің басын қалай қырқамыз? Одан да соны айтпайсыңдар ма? Немене, қайта-қайта қылқылдап: бес жүз ат, бес жүз ат?! Қалай айтса да, мына дала «тағысына» түсіндіре алмағанына, не түсінсе де түсінбеген болып отырған дала «мыстанына» жігері құм

Белова сүйріктей саусақтары қайқиған нәзік алақанымен столды шылп еткізіп ұрып қалды: – Бес жүз ат – бес жүз қарулы адам. Бес жүз қарулы адаммен біз темір жолды ғана емес; бар жұмысшыны большевиктермен қосып тып-типыл етеміз! Шағын, тапал екі таудың арасы. Тау арасын жарып өткен қара жол. Арба жүретін кең дала жолы. Таудың көлеңке жақ беті қарағай, қайың аралас сыңсыған қалың ағаш. Таудың биік бір тұсында, қойтастардың арасында пулеметпен бекінген Жақай. Қасында Нұрисләм, горнизон солдаты. Бұл арадан тау ішіндегі жол алақанға салғандай анық, айқын көрінеді. Жасырын жатып атысуға өте қолайлы жер. Оның үстіне бекіністің тап алды жарқабақтау. Қарсы жақтан келер салт аттылыға да, жаяу адамға да тез көтерілу қиын. Осындай қолайлы жерді тауып алғанына көңілі көншіп, жасырынған бекінісіне қайта-қайта мұқият қарап, пулеметін даярлап, құрып жатқан Жақайға көпке дейін таңырқай қарап, оның қимылын үнсіз бақылаған Нұрисләм бір кезде бас салып күстаналай жөнелді: – Сенің тірі пендеге айтпай, ешкіммен ақылдаспай, өз бетіңше тон пішіп жасырып келгеніңді енді түсіндім... – деп алдын ала сақтанып, ертеңгі күні куәге тартсақ та керек болар, солдат та түсінсін дегендей, орыс тілінде сөйледі. – Түсінсең сол, жазықсыз коммунистердің қаны мен жаны үшін, – деп Жақай жайбарақат қана жауап беріп, ашудан терісіне сыймай булыға сөйлеген Нұрисләмнің жүзіне де қарамай, пулеметін шұқылап, дұрыстап құрумен болды. – Оларды осы арада жайратамыз! – Мұнымызды кейін қолдар ма екен. Біздің міндетіміз оқ шығармай-ақ орындалды. Енді тамаша жұмысты, енді ойыңа келген бір қияли іспен бүлдірейін деп тұрсың. – Орындалған жұмыс, орындалған. Не орындалыпты? – деп Жақай орнынан атып тұрды. – Жоқ, әлі түгелдей орындалған жоқ. Біздің ендігі міндетіміз – керуенді шығынсыз жеткізу. Азық-түлік түгелдей Петропавлға жеткенде, әне, сонда ғана жұмыстың түгел орындалғаны. – Мен қарсымын! Жақай Нұрисләмға: – Не айтып тұрсың, жау соңымыздан қуып жетсін деп тұрсың ба? – деп көзіне тесіле қарап еді. – Үш адам не істей аламыз?.. – деп Нұрисләм көзін тайдырып әкетті.

– Үш адам көп нәрсе істейміз. Жауға тосыннан шабуыл жасап, тойтарыс береміз. Ал өліп кетсек, басқалардан ардақтымыз ба? – Ал өлмесек? Аман оралсақ. Сонда өз бетімізбен әрекет еткен біздің басымыздан, шашымыздан сипайтын шығар?! – Мен жауап берем. Бұл арада мен – бастық, – деп Жақай екеуіне алма-кезек қарады. – Менің бұйрығымды орындайсыңдар! Анау жаққа, – қолымен көрсетіп, – ағаш арасына екі жерге жасырынып, анда-санда мылтық атып, жау назарын бұрып тұрасыңдар. «Қайдағы жау?» – деп тұрған шығарсыңдар. Көресіңдер: жау болады. Бірақ канша – ол арасы беймағлұм. Мен орамалмен белгі бергенде, атуды тоқтатып, төмендегі машинаға тез жетесіңдер. Маған қарайламаңдар. Мен де соңдарыңнан жетемін. Түсінікті ме? Ал қорықсаң, Нұрисләм, машина ішіне бұғып отыр... Бірақ сені ешкім қорқақ деп көрген жоқ еді... – Оны өмір көрсетер. Жүр! – деп Нұрисләм солдатты ертіп, белгілеген жерге амалсыз кете барды... Ставка. Іштегілер қызу. Белова бокалын көтеріп: – Жарайды, даурықпай тоқтаңдар! Сендердің тілектеріңді түсіндім. Түгел ұқтым. Оңай тілек емес. Жағдай күннен-күнге қиындап бара жатқаны өздеріңе мәлім. Қаншама адам шығын болды. Сырттан қосылған көмек аз. Сонда да, жарайды, соңғы рет, сендердің мал-мүліктеріңді қайтарып берейін! – Міне, бағанадан осыны айтпайсың ба? Біздің сұрап отырғанымыз да осы емес пе. Жандарын о дүниеге аттандырып, дүниемізді қайтарып берсеңдер, енді қайтып олардың бұл жаққа аяқтарын қия баспайтындары анық. Матай да бокал көтеріп, мастықтан тілі күрмеле сөйлеп, орнынан тәлтіректей тұрып, Белованың қасына келді: – Маған... Жақай мен Күләнда малдан да қымбат, тірілей керек, тірілей... Мына... мынаның дүниесін түгел қайтарып бер. Ал маған дүние емес, Жақай керек, Жақай, – деп тағы да бұрынғы әніне басып, тағы да бұрынғысынша сарнады. – Бәрі де болады. Тек сендер бүгін кері қайтасыңдар. Матай, сен 500 атты алып келесің. Христолюбов, сен 500 адамға азық-түлік дайындайсың. Сол үшін! Бәрі көтере беріп, қасында тұрған Матайға қарап Белова: – Сен, Матай бай, әлі де риза емессің ғой, неге ішпейсің, әлде қарсымысың? – деп орнынан тұрды. – Жоқ, мен қарсы емеспін. Мен... сенбеймін. Күләнда үшін 500 ат беремін. Ал Жақайдың жеке басына бір тайтұяқ алтын тігемін.

Белова да, Корняк та қазақша айтылған «тайтұяқ» деген сөзге түсінбей қалды. – «Тайтұяқ» – ол не нәрсе? – деп, Белова әйтеуір алдымен қысыла айтқан соң, жаман сөз емес шығар деп, шын білгісі келіп сұрады. – «Тайтұяқ» деген саф алтын, – деді Христолюбов. – Сонда ол қанша? Христолюбов келапандай жұдырығын көрсетті. – Ол алтынның көлемі екі жасар жылқының тұяғындай болады, – дегенде, Корняктың көзі шарасынан шығып, Белова ішін тартып, сенер-сенбесін білмеді. – Рас па... Шын ба, ондай алтын қазақтарға қайдан келген? – деп, Белова көзі жайнап Христолюбовқа қарап еді, анау одан сайын әсірелей түсті. – Қазақтардың әр үйінде бар ондай самородок. Ата-бабаларынан қалған. Мен өз көзіммен талай рет көргенмін. Алтынға адам тойған ба? Белова ыдысын столға қоя салып, Матайға қолын созды: – Жақайды бүкіл керуенімен аяғыңа тірідей әкеп бергіземін. Уәде ме? – Уәде! – деп Матай қолын алды. Бәрі сол үшін орындарынан тұрып ішті. Таң қараңғылығы. Тоғай іші. Қалың ағаш арасында жалғыз аяқ жолмен бір-бірлеп өтіп жатқан салт атты бандылар. Қарасы жүзге тарта қару-жарақты баскесерлер өтіп жатыр, өтіп жатыр. Жүрістері суық та суыт. Таудағы бекініс. Күн талмау түс. Бекіністегі Жақай тау ішіндегі жолға қарап жатыр. Ойында кешегі жаралы адамның сөзі. Жаралы казак-орыстың даусы келді Жақайдың құлағына. Жақай тағы да естіп жатқан сияқты. Казак айтқан оқиға сол адамның сөзі арқылы сақшының көз алдынан өтіп жатыр, өтіп жатыр. «Қызылжарға қарай жүретін үлкен керуен жолындағы бұл шағын қос төбені қазақтар «Екі емшек» тауы деп атайды. Бұл екі таудың ортасымен өтер жолаушылар таяу ауылдан шықсын мейлі, асығыс болсын мейлі, әйтеуір осы төбе басынан ағар кәусар бұлақтан қанып су ішпей, көліктерін доғарып суарып, ат шалдырмай өтпек емес. Көпшілігі бұл араға қона жетіп, өздері де, көліктері де аунап-қунап, бір күн жайланып аттанатын. Бұл тіпті әдетке айналған десе де болады. Біз де, түйесі бар, аты бар елу бес көлікті керуенмен, айдаған та-

бын-табын мал, отар-отар қойлар бар, осы тау ішіне кіріп, тай-тай жүктерді көліктердің белінен түсіріп, аттарды қаңтара бастағанбыз. Бір кезде, қалай жасырынғандарын аңдамаппыз, таудың қалың ағаш жақ бетінен сау-сау етіп қарулы адамдар түсіп жатыр, түсіп жатыр. Штыкты мылтықтарын, нагандарын кезенген, қылыштарын жалаңдатқан адамдардың түстері қандай суық. Ештеме түсінбей, есім шығып, «бұларың не, бұларың не?» деп жүгіре беріппін. Алымсалық жинаушыларға әдейі жалданып, сатқын атқосшы болғандай қуыстанып, екі жақтың адамына да жалтақтап қарай беремін. «Мен кінәлі емеспін, жазығым жоқ, ештеме білмеймін» дегім келеді. Қабақтарынан қан жауған ақтың офицерлері менің сөзімді, менің жалынышты үнімді қайдан тыңдасын. Біреуі қағып жіберіп еді, ұшып түстім. Продналог агенттері Туладан, Иваново-Вознесенскіден келген он төрт орыс жұмысшысы мен Петропавлдан үш коммунист, екі қазақ, бір татар еді. Олар да тұтқиылдан қоршап алған жауларға түк қарсылық жасай алмай, естері шығып, аңырып тұра берді. Ақтар қолма-қол бәрін тұтқындап, қолдарын арттарына қайырып байлап, қаз-қатар қойды да, алдарына бір Белов деген кәрі полковник шығып: – Ай-ай-ай, большевиктер, бұларың ұят емес пе?! Мұндағы жетім-жесірлердің балаларының аузынан жырып, тамақтарын тартып алыпсыңдар. Ондай зорлыққа қандай қақыларың бар. Иә, сендер зорлықшыл адамсыңдар ғой. Іштеріңде коммунистер де бар шығар? – деп еді, бір қарт жұмысшы: – Бәріміз де большевик, бәріміз де коммуниспіз! – деді бетіне тіке қарап. Белов сәл жымиып басын изеді: – Бәсе, бәсе, өзім де біліп ем. Тым құрмаса коммунист екендеріңді жасырсаңдаршы. Сол да мақтан ба екен?! Ай, бізге бәрібір, әйтеуір бәрің де тонағыш, ел талағышсыңдар! – деп қолын сілтеді де, қасында тұрған Христолюбов пен Матайға қарады. – Ал, енді не тұрыс? Бұл арада көп тұруға болмайды. Жол үсті. Мал-мүліктерді иелеріне таратып беріңдер. Сосын... Міне, алыңдар большевиктік аш күзендерді. Не істесеңдер де еріктерің, тек тағы да ескертемін, ешқандай із қалмасын. Жаңағы жұмысшы жұлқынып алға шығып, бірдеме айтайын деп еді, бір бандит жағасынан алып, лақтырып жіберді. Жығылып жатып: – Бір ауыз сөз, тақсыр полковник, бір ауыз сөз! – деп қарт жұмысшы басын көтерді.

– Жарайды, не айтайын деп едің? – деп иығы құнысып кете бастаған полковник қайта бұрылды. – Тимеңдер, айтсын. Өлер алдында соңғы сөзін айтуға болады. Осы күнге дейін көз алдымда – екі таудың ортасынан ескен самалдың өтінде қалың бурыл шашы мен төгілген бурыл сақалы желбіреп, әжім көмкерген үлкен ойлы көздері біртүрлі жасқа толғандай мөлтілдеп, қарт жұмысшы өзінің бір ағайынымен ақылдасқандай, баяу ғана сөз бастады: – Полковник мырза! Екеуміз де орыспыз. Екеуміз де қарт адамбыз. Екеуміздің де балаларымыз, немерелеріміз бар. Екеуміз де көп ұзамай өлеміз. Болашақ балалардікі. Бүкіл орталық Ресейде қаншама бала аштан өліп жатыр. Сенің балаларың, менің балаларым, орыс балалары. Ал сен болсаң... – деп енді қыза бастағанда полковник оның сөзін бөліп жіберді: – Жарайды, түсінікті. Мен өз басыңды арашалайсың ба десем... Біз жұмысшы мен коммунистен ақыл сұрамаймыз. Зәру емеспіз, болды, – деді де, полковник алғашқыдай тағы да қолын сілтеді... Ақтың бір офицері, оның да аты-жөнін кейін естідім, ұмытпасам Корняк болуы керек, продотрядтың папкаға салған қағазын әкеп берді де: – Ваше превосходительство, мынау азық-түлік салығын төлеген адамдардың тізімі жазылған, қолдары қойылған, сауатсыздардың бармақтары басылған документ. Копия! – деп әскери тәртіппен баяндап, тағзым етті. Полковник қалың бүктеп, белінен буған документті қолына алып, мұның құны қанша екен дегендей, салмақтап тұрды да, Корнякқа қайтып берді. – Мұны Ақмола ревкомына жасырын жеткізуді сізге міндеттеймін! – деді де, адьютанты болар, ұзын мойын биік қара атты шылбырынан жетектеп әкелген солдаттың қолынан алды да, үзеңгіге аяғын сала берді. Сонда ғана түсіндім: бай мен кулактар азық-түлік бергенде салық жинаушы өкілдерге онша қарсылық білдірмеп еді. Сөйтсе, ол бергендерінің бәрін мына жол тонағыштар тегіс қайтарып береді екен де, тек олардың «бердік» деп қол қойған қағаздары орталық губернияға жетеді екен-ау. Тегі ол жақта да бұлардың сыбайластары болуы керек. Сенім жоқ. Бізді көп аялдатқан жоқ. Қолдары артына байлаулы большевиктерді төрт арбаға тиеп, жолға шықтық. Елден шыққан атқосшы

болған соң менен жасырған жоқ. Қайда баратынымыз маған белгілі: Қолтық көліне барамыз. Бірақ неге барамыз, қашан көлге жеткенше ол арасы маған беймағлұм. Менің осы төңіректегі бүкіл көлдерді, оған барар жолдарды бес саусақтай білетін балықшы екенімнен хабардар Христолюбов елге кері қайтарар мал мен азық-түлікпен қалдырмай, мені көшір етіп, өзімен бірге алды. Маңайымызда бандалардың он шақты салт атты қарулы солдаттары бар, жолда кездескен деревнялар мен ауылдарға соқпай, жасырын, суыт жүріп, түн ішінде көлге жеттік. Терең Қолтық көлі сол түні буырқанып, қатты толқып жатқан. Бандиттер жағадағы байлаулы жалғыз балықшы қайығын тауып алды. Сонда ғана жүрегім сезді – мұның бәрі алдын ала ойластырылып, алдын ала дайындалған зұлымдық екен – бандалар түбіне тас салып, аузын буған қаптарды қайыққа дүрс-дүрс еткізіп салып жатыр. Істері асығыс. Арбадан итеріп, желкелеп түсірген жұмысшыбольшевиктердің төртеуін үлкен, кең қайыққа мылтықтың дүмімен ұрып отырғызды. Қайық ішінде әрқайсысының аяқтарын байлап тастады. Қайықтың екі басында екі бандит. Өмірімде мұндай жауыздықты көрмеп едім, алдымызда болар сұмдықты көз алдыма елестетіп, қайықты есе алмай, қолым қалтырап, жүрегім мұздап отырып қалыппын. Қайықтың екінші басындағы бандит мылтығын кезенген соң, жан тәтті, амалсыздан қайықты есе жөнелдім. Жазықсыз жандарды өлімге тез жеткізуге асыққандай болмайыншы деп, олардың өмірін аздап ұзартатындай сәл баяуласам, артымда отырған солдат мылтықтың дүмімен желкемнен түйгіштейді. Айдағанына көніп, қайықты ескеннен басқа менде не дәрмен бар... Осылайша төрт рет қайықты көлдің ортасына апарып, төрт рет жазықсыз жандарды тереңге батырдық. ...Есіңде ме, нағашы, біздің станицада ертеде Михайло Кожух деген бір әскерден қайтқан, еңгезердей жынды есаул болып еді ғой. Сол анда-санда соғыс есіне түскенде, қылышын үйінен алып шығып, соғыс ойынын ойнайтын балаларша, көшедегі қурайларды кешке дейін шапқылайтын еді-ау. Оған да айызы қанбай, көшедегі қаңғыбас иттерді ұстап алып, ескі шыңырау құдыққа апарып, қылғындырып, ішіне тастайтын. Содан ләззат алатын. Бүкіл станица жұрты одан жиреніп, жек көруші еді-ау. Бірақ қой деп айтуға бәрі де қаймығатын. Мыналар одан да қаныпезер екен. Қалай көздері қиып, адам баласын тыпырлатып суға тастайды десеңші. Ал мен ше? Қалай ғана дәтім шыдап қарап отырдым десеңші. Мүмкін, сендер мені де

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙