TELEGEI

Home

Бақ құсы

Нұрғали Ораз

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бақ құсы

Нұрғали Ораз шығармалары әр алуан тақырыбымен, жоғары талғамымен ерекшеленеді. Әңгімелерінде артық дүние жоқ. Себебі, шынайылыққа құрылған шығармада өмір құбылыстары суреттелген. Ақ көңіл қасиет, парасаттылық – әңгімелерінің басты өзегі.

әңгіме Бірінен соң бірі зымырап, іркес-тіркес өте шыққан сол бір-екі күн шынында да, өзге күндерден бөлек, есте қалардай ерекше еді. Одан кейінгі мынау суы тартылған дариядай ақырын жылжып ағып жатқан жылдардың ол үшін бәлендей жаңалығы бола қойған жоқ...

* * * Түс ауа үстел үстінде шашылып жатқан қағаздарын жинап, ендігі қалғанын үйге апарып қарамақ оймен сөмкесіне салып, орнынан тұра бергені сол еді, телефон шылдыр ете түсті.

– Иә.

– Сәләматсыз ба, маған Мұхит ағай керек еді, – деді күміс қоңыраудай сыңғырлаған бір әйел дауысы.

– Мен тыңдап тұрмын.

Ол іздеген адамына бірден түсе қоярмын деп ойламаған болуы керек, сәл мүдіріп барып:

– Сәламатсыз ба... – деп қайталады тағы да, – І-і... кешіріңіз, мен сіздің бір... жерлес қарындасыңыз едім.

– А-а?

– Қойтастанмын.

– Өзінен бе? – деді ол қапелімде сөз таба алмай.

– Өзінен.

– Кімнің қызысың?

– Қайролланың.

Танымайтын кісісі болуы керек, есіне түсіре алмады.

– Танымайтын шығарсыз... Теміржолдың арғы бетінде тұрамыз, – деді қыз оның ойланып қалғанын сезіп.

– Иә, ауылдан қашан келдің?

Трубкадан сыңғыр еткен күміс күлкі естілді.

– Баяғыда-а келгем.

– А-а...

– Аға!

– Әу!

– Мен сізді қонаққа шақырайын деп едім.

– Апыр-ай ә, әуелгі... ағасы қарындасын шақырмаушы ма еді.

– Ой, ағай, қалай шақырасыз?! – деді қыз назданып. – Сіз мені танымайсыз ғой. Ал мен сізді білемін.

– І-і...

– Ертең кешкі сағат жетіде, “Бақыт құсы” мейрамханасының алдында күтемін сізді.

– Жа-жарайды...

– Ертеңге дейін, аға!

“Бұл бір қызық шақыру болды-ау, – деді ол трубканы орнына қайта қойып жатып. – Мейрамханаға... “Бақыт құсы” деген... Ол әлгі... қаланың тау жақ бетіндегі аса қымбат мейрамхана ғой. Бай қарындас болды-ау, сірә... Қойтастанмын дейді... О-о, мен ауылға бармағалы қай заман... Қызық... Не үшін шақырды екен? Қазір біреуді біреу жайдан-жай қонаққа шақырмайтын кез емес пе“. Қалай дегенмен де оның көңілінде бір қызығушылық оянып, әлгі бейтаныс бойжеткенді (бәлкім, келіншек болар, кім білсін) тезірек көруге асыққандай болды.

* * * Ертеңіне ол қызметінен әдейі кештеу шықты. Әдетте бесін ауған соң-ақ Жазушылар үйінде жым-жырт тыныштық орнайтын-ды. Бұрынырақта араның ұясындай гуілдеп, біреу кіріп, біреу шығып, сапырылысып жататын “Қаламгер” кафесі біраз жыл болды, жабылып қалған. Акустикасы анау-мынау театрдыкінен артық болмаса, кем емес мынау зәулім ғимаратта ақын-жазушылардың ақжарқын күлкісі мен көңілді дауыстары естілмегелі қаш-шан... Ол төменгі қабатқа түсіп келе жатқанда мрамор баспалдақтардан шыққан аяқ дыбысы бос кеңістікте тақ-тұқ етіп жаңғырығып тұрды. Біртүрлі қорқынышты. Ұлттық рухымыздың мекеніндей болған мынау қасиетті қара шаңырақтағы тіршілік оты сөніп бара жатқан сияқты... Қалада нағыз қарбалас шақ басталған еді. Қаншама адам жұмыстан шығып аялдамада көлік күтіп тұр, қаншама адам ерсілі-қарсылы тоқтаусыз ағылған көліктерге тиеліп алып кетіп барады. Таңертеңгілік жадырап күліп шыққан жаздың жаймашуақ күні қазір мынау қидай сапырылысқан қауырт тірліктен көңілі қалғандай енжар тартып, батысқа қарай жантая бастапты. Ол тау жақтағы “Бақыт құсы” мейрамханасын бетке алып, асықпай аяңдай жөнелді. Алатаудың бөктеріндегі ару қала соңғы жылдары қатты өзгерді. Тап бір кәмелетке толғалы бері косметиканы көбірек қолданатын бойжеткен секілді. Көше бойы қаз-қатар тізілген үлкенді-кішілі дүкендер, кафелер, мейрамханалар, мейманханалар, ойынханалар – бәрі де жекеменшік иелерінікі. Бұрынырақта осы кең көшенің бойында бірді-екілі мемлекеттік дүкендер мен жыл он екі ай немен айналысып жататындары белгісіз жұмбақ мекемелер ғана болушы еді. Ал мыналар – ұзақ жылға созылған шайқастан кейін жеңіліске ұшырап, жантәсілім еткен социалистік жүйенің үйлеріне баса көктеп кіріп алған жеңімпаз капитализмнің сарбаздары сияқты. Әйткенмен осы жеңіске де, жеңіліске де жазушы Мұхит Мұқановтың зәредей де қатысы жоқ. Ол кешегі болып өткен, бәлкім, бүгін де болып жатқан шайқасты таңғажайып бір сиқырлы экраннан ғана көріп жүргендей. Өйткені өзінің көз алдында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап өсіп шығып жатқан жекеменшік фирма, дүкен, мейрамхана, дүңгіршіктердің ішінде оның мынау менікі еді дейтіндей иемденетіндей итарқасы да жоқ. Бір қызығы, қазақ жеріне “мерседеспен” шіреніп келе қалған тәкәппар капитализмге бұл өзі барып қол ұсынып, сәлем бермеді, ал ол да мұны адам екенсің-ау деп көзіне де ілмеді. Сөйтіп, олардың арасына тіршілік соты өз үкімін шығарды: саған кім керек болмаса, сен де оған керек емессің!.. Оның есіне сонау артта қалған бозбала шақтағы арманшыл күндердің бірінде алғашқы жазған әңгімесін қолтығына қысып, қасиетті Меккедей көрінген Жазушылар одағының табалдырығын имене аттағаны түсті еді. Сонда оны көп күттірмей оқып шыққан тарпаң мінезді, тәкәппар сыншы әлденеге таң қалғандай қасын керіп, өзімен-өзі сырласқандай болып отырып: “Қарағым, сенің атың Мұхит болғанымен, жазған дүниең тау бөктерінен бүлк-бүлк қайнап шығып жататын мөлдір бұлаққа ұқсайды екен, – деген-ді жылы шырай білдіріп, – қандай таза әуен... таза стиль!..” Содан кейін-ақ, оның көз алдына алыстағы асқар биік таудың етегінен бүлкілдеп шығып жататын кәусар бұлақ жиі елестейтін болған? Өзін сол таза бұлақ секілді сезінетін. Өйткені стиль дегеніміз – адам, расында да, адам... Енді міне, арада көп жыл өтіп, қасиетті қара шаңырақтағы қаһарлы сыншының орны босап, оған өзі әдеби кеңесші болып келгенде уақыт та, заман да өзгеріп кетті. Бүгінде сол тау бөктеріндегі кәусар бұлақтың ешкімге керегі болмай қалды. Бәлкім, мына қоғамның тазалық туралы ұғымы өзгерген болар... Міне, осындай көңілсіз ойлардың жетегінде келе жатып “Бақыт құсы” мейрамханасына да жетіпті. Әне, анау саябақтың ішіндегі қызыл-сары кірпіштен өрілген тік шатырлы әсем ғимарат – сол. Мейрамхана. Қолындағы сағатына қарап еді, жетіге әлі он минуттай уақыт бар екен. Ол саябақтың алдындағы ақ сұр тастардан қаланған дөңгелек шеңбердің ішінде өскен алқызыл гүлдерге қарай, осы маңда біраз қыдырыстап жүре тұрғанды жөн көрді. “Қандай жан болды екен? – деп ойлады саябақтың қақпасына қайта-қайта жалтақтап қарап. – “Бақыт құсы” мейрамханасына әдетте қонаққа шақыратындар – ауқатты кісілер. Оларда бәрі есептеулі; достық та, тамыр-таныстық та, көңіл көтеріп демалу да, тіпті махаббат та. Өйткені ақша қашанда бірінші орында. Бәрін шешетін сол. Ақша есепті сүйеді. Есепсіз шашатын кісіні ерте ме, кеш пе, бәрібір тастап кетеді...” Қақпа алдындағы машина тоқтайтын алаңқайға шие түсті шетелдік бір әдемі машина келіп тоқтады. Бала кезінен техникаға икемі де, әуестігі де жоқ ол кейінгі жылдары қалада тым көбейіп кеткен әртүрлі көліктердің бір-екеуінің ғана болмаса, көбісінің маркасын ажырата алмайтын-ды. Қызық. Мына машина оның көзіне біртүрлі жылыұшырап көрінді. Одан түскен алқызыл жібек көйлекті, сұңғақ бойлы сұлу бойжеткен бұған қарап қолын бұлғап, ескі танысын кезіктіргендей жымиып күлді. Содан соң көзіндегі қара көзілдірігін алып:

– Кешігіп қала жаздадым-ау, – деді басын оң жақ иығына сәл қисайта еркелей үн қатып.

Иә, бұл сол – күміс қоңыраудай сыңғырлаған таныс дауыс.

– Жо-жоқ, – деді ол бейтаныс бойжеткенді түсінде емес, өңінде көріп тұрғанына таң қалып. – Сіз... Сізсіз ғой?

– Иә, мен – Менмін, – деп күлді қыз ізетпен басын сәл төмен иіп. – Түу, кешігіп қаламын ба деп қатты асықтым. Сіз мені күтпей кетіп қалатындай көріндіңіз.

– О-о, – деді енді Мұхит та жымиып. – Сіздей сұлу бойжеткенді күтпеу күнә ғой!

– Сіз... – деді қыз оған көзінің қиығымен сынай қарап, – менің сұлу екенімді қайдан білдіңіз?

– Сездім.

Қыз таңданып қалғандай болды. Олар саябақтың ішіндегі аллеямен иық түйістіре қатар аяңдап келіп, мейрамхананың жазғы залына кірді. Мұхит дастархан мәзірін қолына алған жоқ.

– Бүгін мен сіздің құзырыңыздамын, – деді мейрамханаға шақырған өзі емес екенін сыпайылап қана аңғартып өтіп.

Қыз езу тартып, дастархан мәзіріне көз жүгіртті де, тамақтың әр түрінен тездетіп заказ беріп, ішімдік жағына келгенде:

– Не ішеміз? – деп сұраулы жүзбен Мұхитқа қарады.

– Сізбен бірге у ішуге де дайынмын.

– О-о, ол сіздерде бар ма еді? – деп қыз садақша иіліп тұрған жап-жас даяшы жігітке қарады. Ол жымыңдап күліп басын шайқады.

– Онда виски ішейік!

– Сіз мені жаман үйрететін болдыңыз, – деді Мұхит.

Даяшы кеткен соң:

– Қойтастағы мектепте оқып па едіңіз? – деп сұрады қыздан.

– Иә.

– Содан соң?..

– Мәскеуде.

– Мамандығыңыз?

– Ой, мамандықты ұмыттық қой! Ауыл шаруашылығы академиясын бітіргенмін. Агрономмын...

– Қызық екен. Мен сіздің егістік алқапты аралап жүрген сәтіңізді ешқашан да көз алдыма елестете алмас едім.

– Мен де, – деп күліп жіберді қыз.

Даяшы үстелге шәрбаттай мөлдіреген қызыл виски мен көкөніс салатын әкелді де, өзен жиегіне қатқан мұздай жылтыраған хрусталь рюмкаларға аздап шарап құйып қойды.

– Алғашқы тосты не үшін аламыз, аға?

– Білмеймін. Жаңа айттым ғой, бүгін мен сіздің құзырыңыздамын.

– Енді осы принципіңізден айнымайсыз ба?

– Иә.

– Бүгін мен не айтсам да орындайсыз ба?

Мұхит көзін жұмып, басын изеді.

– Онда алғашқы тост сізге беріледі.

– Бір қызық айтайын ба?

– Айтыңыз.

– Мен сіздің есіміңізді осы күнге дейін білмейді екенмін.

Қыз басын орындықтың арқалығына шалқайтып, күміс қоңыраудай сыңғырлап тағы да күлді.

– Осы күнге дейін деңізші!

– Иә... мен сізді осы күнге дейін танымай келгеніме өкініп отырмын.

– Айта беріңіз. Есімім – Айгүл, – деді қыз күлкісін әлі де баса алмай.

– Айгүл, – деп қайталады Мұхит, – танысқанымыз үшін алайықшы.

– Тамаша тост!

Қыз өзінің машина жүргізіп келгенін ұмытқандай қолындағы шарапты ойланбай-ақ ішіп қойды.

– Сіз... сіз ештеңе ұмытқан жоқсыз ба? – деді Мұхит оған көзінің астымен сынай қарап. – Менің бір режиссер досым әуелгі тостан кейін ылғи да: “ойбуй, мен машина айдап келген екенмін ғой, енді қайттім?!” деп өкініп отырушы еді.

Айгүл басын шайқады.

– Ал мен ұмытқаным жоқ.

– Ендігі тосты мен айтайыншы, аға?

– О не дегеніңіз!..

– Мен бұл тосты, – деді Айгүл өте маңызды нәрсе айтпақ болғандай ойланып қалып. – Біздің сонау алыста жатқан Қойтас деген кішкентай ауылымыздан шыққан үлкен жазушы үшін алайық дегім келеді!

Мақтау сөзге демде семіре қоймайтын Мұхит Мұқанов қолындағы рюмкасы сынып қалардай тартына соғыстырды. Әйтсе де ”кішкентай ауылдың үлкен жазушысы” деген жып-жылы теңеуді іштей ұнатып қалды.

– Барлық... кішкентай ауылдың аты – кішкентай ауыл, – деп ойлады ол. Оны үлкен ауылдар үнемі менсінбеумен келеді. Айталық Әуезов “Қаралы сұлуды” ағылшынша жазсыншы!... О-о, онда Еуропаның есі бар біраз жазушысы өз шығармаларына қайта үңілген болар еді. Айтматов исключение... Ол – үлкен ауылдың тілін ерте үйренген кішкентай ауылдың дарынды баласы. Бірақ кейде үлкен ауылға тым бауыр басып кеткендей көрінеді. Біз осы... қайтсек үлкен ауыл бола аламыз?..”

– Ойға шомып кеттіңіз ғой?..

– Жай...

– Аға, сіз бүгінгі қазақ әдебиеті мен өнері туралы айтыңызшы, – деді Айгүл иегін аппақ алақанына артып, өсиетшіл ұстаздың алдына келіп жүгінген шәкірт баладай бар зейінін сала қарап.

Жазушы әлдебір жайсыздау нәрсе есіне түсіп қысылғандай одан жанарын алып қашып, терезенің ар жағындағы жасыл газонға тызылдап су бүркіп тұрған жіңішке құбырлар жанарын қадады. Көз алдына Жазушылар үйінің бүгінгі жым-жырт қаракөлеңке фойесі елестеді. Қандай қорқынышты... Алакөлеңке ұйып қалған өлі тыныштық...

– Қазір қазақ әдебиетінің өліара шағы ғой, – деді ол өзімен өзі сөйлескендей күбірлеп. – Сірә, онда көп ұзамай жаңа ай туатын шығар.

– Сонда... сіз ештеңе жазып жүрген жоқсыз ба?

– Қалай десем екен, ептеп-септеп бірнәрсе түрткен боламын. Бірақ өліараның түнінде жолға шыққан жолаушыдай түртінектеп, жүрісім тіпті өнбейді. Басқа бір қызықты әңгіме айтайықшы, Айгүл...

Мұхитқа ескі досындай мейірленіп қараған Айгүл қазіргі әдебиетіміздің ахуалы туралы әңгіме созыла түссе, оның жүрегіндегі жараның аузын ашып алуы мүмкін екенін сезіп, өзі де басқа арнаға қарай бұруға асыққан секілді. Ол баяғы балалық шағын есіне алып, сонау бір жылы ерте көктемде құрбы қыздарымен бірге ауыл сыртындағы жарқабаққа бәйшешек теруге барғандарын, сонда Шеңгелді жақтан мотоциклмен шаңдатып келе жатқан біреудің соңдарына түсіп, ұстап алмақ болып қуғанын, содан өкпелері өшкенше қашып, ауыл шетіне әрең іліккендерін айтып күлді.

– Ең қызығы, сол бір жұмбақ адам кейде түсіме еніп, әлі күнге дейін ұйқымнан шошып оянатын әдетім бар, – деді. – Бала кездегі әсерің жан дүниеңе өшпестей із тастап кетеді екен. Содан бері жүрегімнің түбінде бір қорқыныш ұйып қалған секілді болады да тұрады. Бейтаныс кісілермен танысуға, жаңа достар табуға тәуекелім жете бермейді. Көз алдыма сол баяғы жарқабақтың үстінде күнге қарап алақанын жайып, күлімсіреп тұрған сәбилер сияқты үлбіреген нәзік бәйшешектерді елестетуге қанша тырыссам да, кенеттен әлгі мотоциклге мінген жұмбақ адам шығып келе жатады бір жақтан... Қорыққанымнан тілім байланып қала жаздайды. Сұлулық пен үрей көңіліңді алма кезек жаулап алып, екеуі де ұзақ салтанат құра алмай, мәңгілік арпалысқа түсіп жатады...

Мұхит оған қадала қарады: “ұшы-қиырына көз жетпейтін шөлейт даланың қиян түкпіріндегі кішкентай ауылда туып-өскен ару қыз, сен бәлкім, мынау техника табаны таптаған жер бетінде енді бәйшешек өспейтін болар деп қорқатын шығарсың?..”

– Бала күнімде мен сіздің газет-журналдарда жарияланған суреттеріңізді қиып алып, альбомымның арасына сақтап жүруші едім, – деді Айгүл. – Бір күні оларды өзімнен екі жас үлкен әпкем көріп қалып: “Бұның не?” деп сұрады таңданып. Байқаусызда ұрлығымның үстінен тұскендей қатты қысылдым. “Ол... ол біздің ауылда туған, жерлес жазушы ғой”, дедім. Сонда әпкем сіздің бір суретіңізді қолына алып, ойлана қарап тұрды да: “Ақын-жазушылар деген махаббатқа тұрақсыз болады екен” деді. Оның неге солай дегенін әлі күнге дейін түсінбеймін. Сол... рас па, аға?

Мұхит білмеймін дегендей иығын қозғады.

– Өзгелердің де соншалықты тұрақты болып жатқанын көргенім жоқ, – деді селқос қана қарсылық білдіріп. – Тек ақын-жазушылардың махаббаты туралы көп жазылатыны болмаса...

– Рас айтасыз, – деді Айгүл келісіп. Сонсоң терең иіріміне қарай тартып бара жатқан ой тұңғиығынан серпіліп шыққандай басын шайқап күліп: – Аға, бір қызық айтайын ба? – деді.

– Иә.

– Менің шарап ішкім келіп отыр!..

* * * Түн ортасына таяу олар мейрамханадан керемет көңілді, шат-шадыман күйде шықты. Ай сүттей жарық еді. Қалың ағаштардың қалқасынан бері ұзап, машиналар тұрған алаңқайға келгенде айнала-төңірек аппақ нұрға шомылып жатқандай арайланып кеткен-ді.

– Ой! – деді Айгүл аспанға шалқая қарап. – Қандай әде-мі... Айға қараңызшы!

Шынында да, ғажап екен! Биік таудың үстіндегі дөп-дөңгелек алып жұмыртқа... жо-жоқ, өзгеше бір аппақ әлем айрықша жарқырап, беймезгіл түн қатып жүрген пенделерді өзіне қарай шақырып, қызықтырып тұрған секілді.

– Жапонияда, – деді Мұхит сүттей жарық айға таңдана қарап қалған Айгүлдің иығынан құшақтап, – жаз мезгілінде Обасутэяма тауына барып, айдың сұлу көрінісін тамашалайтын дәстүр бар екен.

– Солай ма! – деді Айгүл қуанып. – Алатаудың бөктерінен де өте Ай сұлу көрінетін болар! Жаңағы... Жапониядағы таудың аты қалай дедіңіз?!

– Обасутэяма.

– Алатау одан әлдеқайда биік шығар! Қадіріне жете алмай жүрміз-ау, аға... Біз осы неге Алатаудың бөктеріне барып, айды тамашаламаймыз, а?

– Кеттік пе, аға?!

– Қайда?!

– Айды тамашалауға! – деді Айгүл кенет оны таңғажайып бір саяхатқа шақырып. – Ұмытқан екенсіз. Сіз бүгін менің құзырымда емес пе едіңіз?!

– Иә-иә! – деді ол басын қайта-қайта шұлғып. – Дәл солай!

Айгүл машинаның есігін ашты.

– Қорықпаңыз, мен рульге отырсам болды, сауығып кетемін.

Қызыл жебедей жүйрік машина кең көшемен жүйтки жөнелді. Ол бүгінгі отырыстан ерекше ләззат алғандай рахаттана көзін жұмды.

– Сізге не болды, аға?

– Жай... рульде отырмағаныма ұялып келем. Әйел жүргізген машинада еркек өзін біртүрлі ыңғайсыз сезінеді екен.

– ХХІ ғасыр – матриархат дәуірінің басы! Енді тізгін де, қамшы да біздің қолымызға тиеді.

– Иә, – деді Мұхит көзін ашпаған күйі езу тартып. – Ел басқару оңай емес, еркек байқұстар бүгінде әбден сілесі қатып, шаршады-ау деймін.

– О-о, сіз оңай жеңілдіңіз!

– Жо-жоқ, бұл жеңіліс – мыңдаған жылдар бойы ішімізден кемірген жасырын соғыстың нәтижесі.

Қараңғы түнді жап-жарық етіп тұрған қызылды-жасылды қала оттарын артқа тастап, түпсіз терең құрдым тәрізді үңірейген тау шатқалын қуалай жоғары өрлеген машина жүрісін шапшаңдатпаса бәсеңдеткен жоқ. Ол қыздың шеберлігіне іштей таңырқап келеді. Бір жағынан, қайда бара жатқандарын, қай жерге жетіп тоқтайтындарын біле алмай, масаң күйде манаурап, бұйығып отыр. Тап қазір екеуі алқаракөк аспаннан төне қарап тұрған ару айға да көрпесін ашпай, тас бүркеніп алған тау бөктерінде емес, қара бояуы қатықтай ұйып қалған беймәлім бір тылсым дүниеде ұшып келе жатқандай...

– Ұйықтап қалған жоқсыз ба, аға?!

– Жоқ...

Таудағы жын-шайтандардың мекеніндей қызылды-жасылды шамдарын жыпылықтатып бір өшіріп, бір жандырып, бақыртып-шақыртып, құлаққа жағымсыз даңғаза музыка ойнатып жатқан түнгі кафелердің алдынан өтіп, ары қарай біраз жүрген соң, машина қайырылатын алаңқайға жетіп тоқтады. Олар сыртқа шығып, бір уақ төңірекке құлақ тігіп, тың тыңдағандай болып үнсіз тұрды. Сай жақтан сарқырап аққан өзеннің сарыны естіледі. Қарауытқан құз-шатқалдардың іні қорқынышты әрі бой тоңазытарлықтай салқын еді. Демін ішіне тартып, сілтідей тына қалған түнгі дүниенің қойнауында беймәлім бір құбыжық жасырынып жатқандай. Ал анау аспандағы ай соны көріп, түсін суытып, қыбыр етпей қадала қарап тұрған секілді.

– Аға, жаурадым, – деді Айгүл жұп-жұқа көйлекпен дірілдеп.

Ол қыздың иығына пиджагін жауып, өзіне қарай тарты.

– Өзіңіз тоңатын болдыңыз ғой, – деді Айгүл оның кеудесіне басын сүйеп.

Жүрегінің тұсынан шыққан ып-ыстық леп тұла бойын ысытып жібергендей болды. Ол иіліп қыздың самайына бетін басты.

– Ай қандай екен? – деді сыбырлап.

– Аянышты... – деп күбірледі Айгүл. – Ол – жалғыз ғой. Мына дүние қорқынышты. Мен жалғыздықтан қорқам. Өйткені мен де ай сияқты жалғызбын.

– Неге?

– Білмеймін...

– Сендей сұлу қыздың жалғыз болуы мүмкін емес.

– Бәрі де уақытша, аға, – деді ол күрсініп. – Қандай керемет досың болса да, ол сенің жан дүниеңді дәл өзіңдей түсіне алмайды. Аға, дачаға барайықшы...

– Біздің дачаға...

– Бүгін мен сенің...

– Тс-с, – деді Айгүл саусағымен оның ернін басып, – енді айтпаңыз... Ол қыздың саусағының ұшынан сүйді. Кенет Айгүл оның мойнынан тас қып құшақтай алып:

– Ағатай, сіз қандай жақсысыз... – деді. Сонан соң екі алақанымен Мұхиттың бетінен қысып ұстай алып, бетінен, маңдайынан шөпілдетіп сүйе бастады.

* * * Машина жарығы екі қабатты зәулім саяжайдың фасадын сүзе тоқтағанда барып, ол тәтті ұйқыдан оянғандай есінеп көзін ашты. Айгүл “бардачектан” алған пульті басып еді, гараждың қақпасы өздігінен жоғары қарай баяу көтеріле бастады. “Қарай гөр, – деп ойлады ол ұйқылы-ояу рахат күй кешіп отырып, – ғарышқа корабль ұшырған кеңес өкіметі жетпіс жылда қол жеткізе алмаған тұрмыстық техника жетістіктеріне жекеменшік иелері қалайша тез ие бола қойған!..” Олар шам сәулесіне шағылысып мұздай жалтырап жатқан мрамор баспалдақтармен жоғары көтеріліп, қонақ қабылдайтын кең бөлмеге кірді. Екеуі жұмсақ креслоларға қатар жайғасып отырған кезде ғана Мұхит өзінің ептеп шаршағанын сезді.

– Айтатыны жоқ, керемет саяжай екен!– деді ол аса биік талғаммен, қымбат жиїаздармен жасауланған бөлменің ішін шолып өтіп.

– Иә, маңайымыздың бәрі қалың бау. Ауа таза. Алатаудың бөктері ғой, – деді Айгүл. – Қыста да бұл жер ғажап болып тұрады. Сыртта сақылдаған сары аяз. Көз қарықтырып жатқан ақша қар. Жиегіне мұз қатып, буы бұрқырап ағып жатқан тау өзені. Ал үйдің іші жып-жылы. Аға, сізге осындай тамаша табиғатқа терезеден қарап-ап отырып, шығармашылықпен айналысқан ұнай ма?!

– Әрине.

– О-о, онда мен таң атқан соң сіздің қолыңызға осы саяжайдың кілтін ұстатамын. Қалаған уақытыңызда келіп, демалып, содан соң өзіңізбен өзіңіз оңаша ой кешіп, жұмыс істеп отырасыз. Ал егер... Менің қызметім қажет бола қалса, онда ұялы телефоныма звондай саласыз. Сол мезетте жетіп келіп тұрауға уәде беремін.

Мұхит ертегі тыңдағандай қызығып, жымия күліп отырды да:

– Сонда бұл саяжайды мен уақытша жалдап тұратын боламын ғой. Ал сіз – менің қожайыным боласыз. Солай ма?

– Сіз қожайын болып, мен сіздің қызметшіңіз болайын! Өйткені сіз – өнер иесісіз. Ал өнерге қызмет еткеннен артық қуаныш бар ма?! Рас айтам, аға! Менің қолымнан көп нәрсе келеді...

– Қызық екен, – деді ол не айтарын білмей абдырап. – Кенеттен, бір-ақ күнде базардан қайтқан әжем сияқты артынып-тартынып келе қалған бұл қандай қуаныш, қандай бақыт?!

– Аға... сонда сіз шеше алмай отырған жұмбақ не?

– Айталық, мынау саяжай деп қана аталатын зәулім үй. Кілті менің қолымда болғанымен, іші толған құпия. Мұнда мен өзімді қалай сезінуім керек? Алтын кілт тауып алған ағаш қуыршақ секілді алақайлап қуана берейін бе?

– Қызықсыз. Бұл дүниедегі жұмбақтың бәрін шеше беру міндет пе екен?! Адам баласының өзіне жақсы болса, әйтеуір бақытты болса, болды емес пе?..

– Өзі іздеп ұшып келген бақыт құсынан: “Сен қайдан ұшып келдің, не үшін келдің?” деп сұрай ма екен адам?..

– Білгісі келетін шығар. Бәрі жұмбақ болып қала берсе, пе?де байқұс басына қонған құстың қандай құс екенін қайдан білмек?

Айгүл бір сәт үнсіз отырып қалды да:

– Білгіңіз келсе, айтайын, – деді көңілі қаламайтын бір әңгімені бастағысы келгендей тәмпіш танауы қусырылып, – бұл үй – біздің қоғамымыздағы беделді бір саяси тұлғаның маған қалдырған мұрасы. Машинаны сыйлаған да, банктегі жалақысы жоғары жұмысқа орналастырған да сол...

– Ол қазір қайда?

– Алыста. Енді мұнда келмейді.

– Неге?

– Оның қызметі өзгерді. Алыс шетелдегі елшілік қызметке ауысты. Сөйтіп, екеуміз қоштасатын күні ол маған: “Бұдан былай біз енді жиі кездесе алмайтын шығармыз, бір-бірімізді сағынбай-ақ қойғанымыз жөн болар”, деді...

– Сен оны сүйесің бе?

– Жоқ!

– Біз онымен Мәскеуде бірге студент болдық, – деді Айгүл қазір шет жұртта қызмет атқарып жүрген биік лауазымды көңілдесін есіне алып. – Ол халықаралық қарым-қатынастар институтында оқыды. Алғаш танысқан күннен бастап-ақ ол менің қыр соңымнан қалмады. Қайда барсам да ыржиып күліп, қарсы алдымнан шыға келетін. Жатақханадағы қыздар оны келемеждеп “Маймақ аю” деуші еді. Өйткені қамыт аяқ, рабайсыздау толық жігіт болатын. Бірақ ол намыстану дегенді білмейтін. Есікті ашсақ, босағаға сүйеніп, терезені ашсақ, жақтауға сүйеніп, екі езуі екі құлағына жетіп, мәз боп күліп тұратын. Бірте-бірте біздің жатақханада Маймаққа күні түспеген қыз қалмады. Үлкен театрға билет керек пе, қонақ үйден туысыңа орын керек пе, профессордан жақсы баға алып, стипендияға ілінгің келе ме, деканның рұқсатымен елге барып қайтқың келе ме – Маймаққа бар. Оның қолынан бәрі келеді. Ол тілін таппайтын адам жоқ. Әне, нағыз дарынды дипломат сол!.. Бірте-бірте “әне, сенің Маймақ аюың келе жатыр!”, “Маймағыңа айтшы...”, “Маймақ біледі ғой...” дегенге де құлағым үйрене бастады. Маған тіпті, басқа жігіттер сөз айтуды қойды. Сөйтіп, мен өз еркімнен тыс құдіретті Маймақтың жекеменшігіне айналдым. Сіз мені тыңдап отырсыз ба?

– Иә.

– Екеуміз елге қайтатын жылы үйленетін болдық. Қаланың орталығынан, ақсүйектер тұратын үйден пәтер жалдап алып, ерлі-зайыптылардай бірге өмір сүріп жаттық. Тойды осында келген соң, барлық достарымыз бен туған-туыстарымызды жинап, “Бақыт құсы” мейрамханасында дүрілдетіп өткізетін болдық. Мен Мәскеуде өзімді патша ағзамның әйелінен кем сезінгенім жоқ. Керек нәрсенің бәрін Маймақ табады. Қашан, қалай, қайтіп танысып үлгеретінін білмейсің, ел жақтан үлкен лауазымды бәленшекең келе жатыр екен, бүгін түгеншекеңді шығарып салуым керек еді, ана кісінің тапсырмасы, мына кісінің бұйымтайы деп, әйтеуір, тыным таппай, зыр қағып жүгіреді де жүреді. Бірақ одан шаршаған Маймақты көрмейсің, қайта көзі күлімдеп, алақанын ысқылап, қутың қағып, жаны рахатқа батады. Біз оқуды бітіріп, осы қалаға қайтып оралдық. Ертеңіне елге қарай жүретін пойызға шығарып салып тұрып, ол маған біраз күннен соң бәленшекең-түгеншекеңдер бастаған бір топ адаммен құда түсуге келетіндерін айтты. Бірақ... бірақ біз қанша күтсек те, ол құдалар келмеді. Маймақтың өзі де бір ауыз хабар айтуға жарамай, сол күйі ұшты-күйлі жоғалды. Мен... мен осының бәрін сізге не үшін айтып отырмын?..

– Білмеймін.

– Мен де білмеймін. Қызық... Сіздің алдыңызда айыбымды мойындап, ақталып тұрған қылмыскер сияқтымын.

Айгүл үнсіз қалды. Сәлден соң өзімен-өзі сөйлескендей:

– Бірақ әйтеуір, бір күні ақталуым керек еді ғой, солай ма? – деді сыбырлап.

– Иә.

– Біз содан кейін бес жыл өткен соң кездестік. Мен оның бір үлкен лауазымды кісінің қызына үйленгенін, министрлікте қызмет істейтінін естігенмін. Ол да мені ұмытпапты... (Әлде оны, әлде өзін мұқатқаны белгісіз, Айгүл мырс етіп күлді). Тіпті тұрмысқа шықпай отырып қалғанымды да біледі екен. Содан соң ол мені осы саяжайға қонаққа шақырды. Екеуміз оңаша отырғанда аяғымды құшып кешірім сұрап, ендігі қалған өмірінде қолынан келген бар жақсылығын жасап өтетінін айтты. Сөйтіп мен тағы да оның жекеменшігіне айналдым. Міне, солай...

Мұхит көзіне ұйқы тығылып, шаршап отырған жандай маңдайын уқалап, аз-кем ойланып отырды да:

– Мені неге іздедің, Айгүл? – деді.

Күтпеген сауалдан шошығандай Айгүл селк ете қалды. Сіз соны әлі түсінбегенсіз бе дегендей, Мұхитқа таңдана қарады.

– Неге дейсіз бе?.. Сізді көргім келді. Сізбен танысып, оңаша отырып сырласқым келді. Бала күнгі тәтті қиялым қайта оянып, маза бермеді, аға... Мүмкін, сіз айтқандай, менің де мынау алтын сарайдың кілтін қолына ұстаған ағаш қуыршақ болып қалғым келмеген шығар.

Айгүл орнынан тұрып, Мұхит отырған креслоның жақтауына келіп отырды да, оның мойнынан құшақтап:

– Аға, сіз менің бала күнгі арманымсыз ғой, – деді құлағына сыбырлап. Мұхит оны өзіне қарай тартып, ернінен қадала ұзақ сүйді.

– Аға, ағатай... – деп ентіге сыбырлады қыз. – Мен сізді сүйемін...

Айгүл өзін-өзі ұмытқандай оның көйлегінің түймелерін ағытып, төсінен иіскеп, ернінің ұшымен жыбырлатып сүйе бастады.

– Әдепсіз болма... – Мұхиттың қытығы келді.

– Ой, аға, мен бүгін мас болдым, – деді Айгүл басын көтеріп. Содан соң шынымен-ақ аяғын теңселе басып, бір-екі аттап барды да диванға отыра кетті.

– Шаршадың ба? – деді Мұхит оның қасына келіп.

– Иә, көптен бері бүгін қатты шаршадым.

– Жата ғой...

Айгүл диванның жақтауына басын қойып, аяғын созып жатты. Мұхит оның жанына отырып, маңдайынан сипады.

– Ой, аға, алақаныңыз қандай жұмсақ, – деді Айгүл рахаттана көзін жұмып.

* * * Үлбіреген ақ торғын перденің ар жағынан арайлап атқан ақ таңның жарығы түсті. Ол орнынан тұрып, терезенің алдына келді. Қаланың қай шетінде тұрғанын білмек боп сыртқа үңіліп еді, саяжайдың бұл жақ беті тауға қарайды екен. Бірінен-бірі биік, бірінен-бірі әдемі, хан сарайындай зәулім саяжайлар сонау қойнауға дейін сап түзеп созыла беріпті. Олардың қызыл-қоңыр кіреміт шатырлары жасыл торғындай құлпырған тау аясында айрықша сұлу көрінеді екен. Ол диванда жатып алаңсыз ұйықтап қалған Айгүлді оятып алмайын деп, аяғының ұшымен басып келіп оң жақтағы бөлменің есігін ашты да, қарсы беттегі терезеден сыртқа қарады. Сонау төмендегі көк мұнарға шомылып жатқан қаланың сұлбасын байқады. Түнде алды-артын байқамай келіп тап болған мынау бейтаныс әлемнің құшағынан сытылып шыққысы келгендей жүрегі бұлқынып, таныс дүниеге, өз ұясына қарай ұмтылғандай болды... Қайта бұрыла бергенде қабырғадағы портретке көзі түсіп, қалт тоқтай қалды. Оу, мынау әлгі... теледидардан жиі көрінетін таныс тұлға ғой. Таяуда ғана батыстағы бір елге елші болып кеткен. Болашағы зор, әлі талай биіктен асатын жас саясаткер. Тек өз жасына лайықсыз толысып кеткені, елуден асып, алпысқа таяп қалғандай қасқа маңдайы жарқырап, тым ересек көрінетіні болмаса... Демек, мынау саяжайдың иесі, әлгі Мәскеуде оқыған Маймақ осы жігіт болды ғой! Суретші оны барынша ақылды, барынша мәдениетті, барынша зиялы жан етіп бейнелеуге барлық күш-жігерін салыпты. Бірақ анау пәлегінен үзіліп түскен кемпір қауындай жап-жалтыр бас пен бұқа болатын бұзаудың мойнындай салбыраған бұғақ ол идеяға бағынбай еріксіз тоқыратып тастаған. Ал көзі... апыр-ай, қанша сұстанып қарағысы келгенімен, иесіне сатқындық жасап, ұрлана жымиып қалыпты. “Иә, білемін ғой сізді де... жазушысыз... Жазушылар одағында істейсіз... Өзім жоқта үйге кеп қалған екенсіз ғой! Еһе-еһе, еһе, өмірде не болмайды?! Бәрі де болады. Белгілі ғой, белгілі...” деп елпілдеп, түлкідей қуланып тұрған сияқты. Ол диванда түк сезбей ұйықтап жатқан Айгүлдің жанына жақындады. Қалыңдау ерні сәл ашылып, тәмпіш танауы қусырыла ақырын ғана тыныстап жатыр екен. Оның да көзінің қиығына жыбырлаған ұсақ әжімдер ұя салыпты... Неге екені, тағы да артына бұрылып, портрет ілулі тұрған бөлме жаққа қарады... Кенет Айгүлді анау портреттегі кісінің жымысқы көзқарасынан қалқалағандай иіліп келіп, ернінің ұшымен ғана маңдайынан сүйді... Содан кейін пиджагін қолына алып, жан-жағына сақтана қарап сыртқа беттеді. Еңсесін езіп, иінін басқан биік шатырлы, тас қорғанды хан сарайындай бай саяжайларды артқа тастап, қалаға қарай баратын үлкен трассаға түскенде ғана ол өзін бостандыққа шыққандай еркін сезініп, кеудесін кере тыныс алды. Соңына бұрылып бір рет көз тастап еді, түнде беймезгіл келген жат кісінің ерте қайтқанын тәуір көргендей іші-сырты сән-салтанатқа оранған бай үйлер түсін суытып, бұдан сырт айналғандай көрінді.

Оның көз алдына түндегі тау үстінде қалқыған дөп-дөңгелек ай елестеді.
Аппақ...
Сұп-суық...
Әрі тым-тым алыста...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙