TELEGEI

Home

Баянғали Әлімжанов шығармалары. 6-том

Баянғали Әлімжанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Баянғали Әлімжанов шығармалары. 6-том

Бұл кітапқа енген айтыстардың басым көпшілігі магнитофонға жазылған күйінде қағазға өзгеріссіз түсіріліп, жарияланып отыр. Суырыпсалма өнердің табиғатын дәл сақтауға тырысып, өлеңдерге редакторлық түзетулер жасамадық. Таспаға толық түспей немесе үзіліп, өшіп қалған, анық айтылмаған түсініксіз тұстар мен бірен-саран сөздерден басқасын толық жеткізуді көздедік. Магнитофондағы нұсқасына қол жетпеген

Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ VІ том
Алаш пен Манас

Айтыс

Көкшетау 2016

ӘОЖ 821.512.122-1

КБЖ 84 (5Қаз)-5

Ә 55

Әлімжанов Б.

Ә 55

Шығармалары: Көп томдық. Б. Әлімжанов. – Көкшетау:
Келешек-2030, 2016.

ІSBN 978-601-302-125-6

Т. 6. Алаш пен Манас: Айтыс. – 2016. – 324 б.

ІSBN 978-601-317-066-4

Бұл кітапқа енген айтыстардың басым көпшілігі магнитофонға жазылған күйінде қағазға өзгеріссіз түсіріліп, жарияланып отыр. Суырыпсалма өнердің табиғатын дәл сақтауға тырысып, өлеңдерге редакторлық түзетулер жасамадық. Таспаға толық түспей немесе үзіліп, өшіп қалған, анық айтылмаған түсініксіз тұстар мен бірен-саран сөздерден басқасын толық жеткізуді көздедік. Магнитофондағы нұсқасына қол жетпеген айтыстар мерзімді баспасөз бен түрлі жинақтардан алынды.

ӘОЖ 821.512.122-1

КБЖ 84 (5Қаз)-5

ІSBN 978-601-317-066-4 (Т. 6)

ІSBN 978-601-302-125-6 (жалпы)
© Әлімжанов Б., 2016.

Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс (Талдықорған, 1991 ж. 18-19 қаңтар)

Баянғали мен Серік Құсанбаев
(Павлодар қ.)
Баянғали:
Ия, Алла, тақылдатып таңдайымды,

Аша гөр жарқыратып маңдайымды.
Бере гөр адамзатқа бейбітшілік,
Тоқтатып көтерілген қан дауылды!..

Ақ жүзін талай жаспен жуған елім,
Жұбаныш тапқан өлең-жырдан елім.
Елдігін, ерлігі мен енді есіне ап,
Босаған белін қайта буған елім.

Ойланып албастыдан құтылуды,
Алланың жолына бет бұрған елім.
Қадамың хақ жолында құтты болсын,
Ассалаумағаләйкүм, туған елім!

Тойында Қабанбайдың ұлың, енді,
Жырла деп атам Біржан жырын берді.
Көкшенің тау-даласы дүр сілкініп,
Сексен көл тереңінен тебіренді.

Оқжетпес, Жұмбақтастар қолын бұлғап,
Қарағай, қызыл қайың бүрін берді.
Бурасы Абылайдың буырқанып,
Үңгірі Кенесары күңіренді.

Еске алып аруақты аталарды,
Қазағым, елдік сәнің бүгін келді!
Біз бұны бірақ кештеу ұғыппыз ғой,
Өзіміз өзімізге қылыппыз ғой.

Ұмытып батыр өткен аталарды,
Ұялмай адамбыз деп жүріппіз ғой!

Парыз көп өтелмеген әлі бізде,
Қарызбыз елге жас пен кәріміз де.
Басқаның князьдарын хан көтеріп,
Адасып келіппіз ғой бәріміз де!

Сенгені адастырды сүйікті елді,
Тұндырып жүрегіне күйік-шерді.
Ел үшін қанын төккен батырлардан,
Сорғандар елдің қанын биік болды!

Жақсылық көп қой дәстүр-салтымызда,
Кім еңбек етсе туған халқымызға,
Соларды қадір тұтып, хан көтеріп,
Оралдық енді адамдық қалпымызға.

Қазақтың еске аламыз заңғарларын,
Осы ғой арнар әнім, жалғар әнім.
Тілеймін ендігі жас ұрпақтардың
Батырдың жолын алға жалғағанын!

Ер жігіт қызмет қып ұлы еліне,
Арнасын адамзатқа тілегін де.
Қолынан қабанбайлық келмегенмен,
Қабанбайы болсын де жүрегінде!

... Серікжан, сүйсінемін порымыңа,
Бар қазақ қолын соққан қарымыңа.
Інімнің бірі едің ғой жөні бөлек,
Арнайы жүрегімде орының да.

Ағаңнан құр бекерге шошыма көп,
Ал енді ақтарылып жосыла кет.

Мен саған ә дегеннен бас салсам ғой,
Жұрт айтар ағалығы осы ма деп.
Сондықтан батыр жайлы жырларыңды
Ағытып сөзіме сен қосыла кет!

Серік:
Армысыңдар, ағайын,
Бармысыңдар, ағайын.
Бісміллә деп сөз бастап,

Қолыма домбыра алайын.
Қолыма домбыра алған соң,
Күмбірлетіп қағайын,
Мұндай тойды көргем жоқ,

Көрсем де тойдың талайын.
Айшық жырмен ашылып,
Қалсын бүгін арайың.
Арқасы қызар жыр десе,

Қиқулаған көп қазақ
Байқап отсам маңайым.
Бүйірі қызған жүйріктей,
Ауыздықпен алысып,

Өршеленіп шабайын,
Көңіліңді табайын,
Ат арытып алыстан
Келген соң мына тойына

Бір кәдеңе жарайын!

Қабыл ал, халқым, қабыл ал,
Жырымды бүгін тойыңа.
Шашу болып шашылған,
Ұлың едім мен де бір,

Аруақтарға бас ұрған.
Қабанбай сынды бабамды
Естуші едім марқұм бір,
Әкемнен сонау бала бір жасымнан.

Ерлігіне сүйінгем,
Дұшпанның құтын қашырған,

Қасарысқан дұшпанды
Алты бір қырдан асырған,
Айналайын бабалар,
Аруағыңнан айналдым.

Қысылғанда табылып,
Жүргейсің менің қасымнан.
Қиқулаған бабамның
Үні келіп жатақандай,

Құлағыма ғасырдан,
Қазағыма бір сәлем,
Ұрпақ болып таралған
Қабанбай сынды асылдан!

Келгендегі мақсатым –
Аққу-қазы шулаған
Көлді көрсем деп едім.
Қазағым-ау, неше жыл

Жүрегіңе орнаған
Шерді көрсем деп едім.
Қабанбай атын ойнатқан
Жерді көрсем деп едім.

Атасы басқа қалмақты
Қойдай қырған Қабанбай
Белді көрсем деп едім.
Қабанбай сынды асылды

Дүниеге әкелген
Елді көрсем деп едім.
Еңіреген еліме
Бас боп жүрген бұл күнде,

Той жасаған, халайық,
Ерді көрсем деп едім!

Баянғали ағамыз,
Сөзіме мынау сеніңіз.
Жүйрігісің ғой шауып бір,
Алынып жүрген теріңіз.

Көкше деп бөліп қайтемін,

Бір-ақ тұтам болмайды
Жалпақ жатқан жеріміз.
Айта отыр аман ба,
Кешегі жүрген Шоқандар,

Біржан мен кеше Ақандар,
Аман ба Көкше еліңіз!

Баянғали:
Ал, інім, айттың маған ойыңды анық,
Айтайын мен де мұны ойыма алып.
Көкшенің елі-жұрты аман-есен,

Жатыр ол ұлы тойға дайындалып!

Құдаш жүр жастарыңа бас болам деп,
Біз оны қақпаймыз ғой жас бала деп.
Дүрілдеп той өтеді Көкшетауда,
Жақында дала менен астана кеп!

Барайық сөздің міне түйініне,
Салады інім мені иірімге.
Еншалла, Көкшетаудың қазақтары
Оралып келе жатыр үйіріне!

Мінеки, елім мұны ұғынуда,
Шартылдап шапалағы ұрылуда.
Еншалла, Көкшетаудың қазақтары
Атаның ақ жолына бұрылуда!

Дұрыс қой ел жағдайын жырлағаның,
Осымен анық елге ұнағаның.
Десек те қалай ғана, інішегім,
Көкен менен Құдашты сұрамадың?

Демегін ағаң текке кір іздейді,
Болмаса ұстасатын жын іздейді.
Ақындар бірін-бірі іздемесе,
Серікжан, айтшы қане, кім іздейді?

Көкен шал талай жерді дулатқан-ды,
Өлеңін тасып, төгіп, тулатқан-ды.
Қабанбай жырын жырлап жастайынан,
Халқына әрбір жерде тыңдатқан-ды.

Осы жолы сырқаттанып келмей қалды,
Сәлем айтып қолын да бұлғап қалды.
Жете алмай мен алыста қалдым ғой деп,
Қарт адам кемсеңдеп бір жылап та алды!

Ал, Серік, мен айтайын көзіңізге,
Іздейік сабақтастық сөзімізде.
Сен дағы айта отыр, не жаңалық
Боп жатыр Керекуде өзіңізде?!

Айтайын сөзімді ашып әу басында,
Мен сені салам демен жамбасыма.
Айта кет мына тойда ағайынға
Жарбиып Жармақ тұр ма жар басында?!

Серік:
Тырнамайын, ағасы,
Жүректегі жараңды.
Ініңмін ғой қашанда

Көтерер сенің бағаңды.
Түсінетін санаңды,
Аға боп сенім артсаңыз,
Болайын іні табанды.

Әрине біліп сөйлеймін,
Ел алдында шамамды.
Отырған жоқпын, халайық,
Әніме бүгін сала алмай,

Болмаса өткен ғасырға
Жырменен бүгін бара алмай,
Құдайберліні айтасың,
Далам үшін қан кешкен

Тұрғанда мынау Қабанбай!

Осылай деп ініңіз
Айтатын сөзін толғады.
Талай тойда бұл інің
Ел намысын қорғады.

Сөзімді сірә айтпаспын,
Мынау елге шашылып,
Жатқан сірә жолдағы.
Сыйынып шықтым аламанға,

Әрқашанда дауылпаз
Иса бабам қолдады.
Бар айтарым елімнен
Қабанбайдың тойына

Кереку ыстық сәлемін
Жүректен халқым жолдады!

Айтылған сөзің текті боп,
Жатса елің тояды.
Мен емеспін, ағасы,
Бұлтақтап қашар өзіңнен

Қырдың сірә қояны.
Дей көрме мынау інішек
Сөзін келіп көркемдеп,
Әзілменен бояды.

Дей көрме мынау ініңіз
Айтатын сырын отырған
Халқынан сірә аяды.
Ермакты айттың әлгінде,

Құритын ол жауыздың
Күні де, аға, таяды!

Әлі де жырым сірә бір,
Жатқан шығар толыспай.
Сондықтан да шабайын
Қатарыңнан қалыспай.

Жүйріктің бағы жана ма,
Жүйрікпен бүгін жарыспай.
Інінің мейірі қана ма
Ағамен сөзбен қағыспай.

Халық ақыны бесеу еді,
Төртеуі де келмеді.
Жалғыз ғана келіпті
Жырын арнап ардақты

Ағам мынау Қонысбай!
Белгілі, аға, халқыма,
Көкше деген тұрағың.
Несіне, аға, ақиқат

Сөзді бұрыс бұрамын.
Ағам болсаң аңқылдақ,
Құшақты жайып тұрамын.
Айтылған егер ақылың

Болса оны ұғамын,
Бағым жанса аламан
Топты жарып шығамын,
Арналсын мынау халқыма

Деп жүрген ұлың мен едім
Көкейдегі жыр-әнім,
Ал енді інің дайын бұл
Болса егер қоя бер

Көкейде толған сұрағың!

Баянғали:
Барады бұл айтыста тамақ күйіп,
Серікжан талап биік, санат биік,
Көсілер Серікжанға не болған деп

Ел-жұртың қарап отыр қабақ түйіп!..

Ақындар қол соққанда шешілмей ме,
Айқайлап ел алдында есілмей ме?!
Серіктің әлі тері шыққан жоқ қой
Тер шықса шапанын да шешінбей ме?

Қабанбай қарсы тұрған қалмағыңа,
Айналған қазағымның заңғарына.
Бірақ та қазақ әлі жеткен жоқ қой
Қабанбай, Абылайдың арманына,

Қабанбай, Бөгенбайлар тұрған кезде
Ескерткіш қойдық біздер Жармағыңа!

Мен саған сөз сөйледім ағамын деп,
Отырсың ақыл ұғар баламын деп,
Байқаңдар, жерді жарып алмаңыздар
Жармақты жүрген кезде жарамын деп!

Сыйлаймын мен өзіңдей іні барын,
Және де бұл сөзімнің ұғыларын,
Е, мейлі, тұра берсін елестетіп
«Достықтың» осындай да түрі барын!

Десек те қазақ бұған көнбейді де,
Бұйырса әлі қазақ өрлейді де,
Жармақтың ескерткіші тұрған кезде
Достықтың ешқайсына сенбейді де!

Өлеңім қызып, өрлеп барады де,
Алдыңда терлеп отқан аға міне,
Сәлем айт еліңдегі басшыларға
Ұятқа олар ертең қалады де,

Бүгінде ала алмаса өзі білсін
Жармақты уақыт өзі алады де!

Мен саған ақыл айтып дүрсінбеймін,
Сонда да ел қадірін білсін деймін,
Жоғалып даламыздан ол Жармақтар
Орнында Қабанбайлар тұрсын деймін!

Деуші едің Баян аға, ағалаймын,
Мен қалай інім сені жаралаймын.
Қанатың қатып, бекіп ұшқан інім,
Десе де қатқыл сөзге бара алмаймын,

Ақынға сұрақ беріп құлатуды
Мен өзім жігіттік деп санамаймын!

Байқаймын бұл сөзімнің ұнағанын,
Ұнаса тоқтамастан зырлағанмын,
Мен сенен жасым үлкен ағаңмын ғой
Сондықтан дұрыс сенің сұрағаның!

Ел-жұртым қолын соқса өлеңіме,
Бола ма ақындарға бөгелуге.
Өлеңге қаның қызып, қол соқпасаң,
Қазақпын деп мақтанып керегі не?

Алдыңда қызық айтыс салдым ба деп,
Отырмын біраз жерге бардым ба деп.
Е, бәсе, соғатұғын алақаннан,
Сеніп ем, кешегі өткен Брежневтен

Азырақ бізге дағы қалды ма деп!

Айтайын әр сөзімді дірілдетіп,
Отырсың бапсыз болып, інім, нетіп.
Серіктің арқасы бір көтерілсін,
Уа, халқым, қол соғыңдар дүрілдетіп!

Серік:
Ініге, аға, ескерткен
Дұрыс шығар ойың да.
Айтылмай жырым барады,

Тулап менің бойымда.
Сойылған шығар бұл тойға,
Жылқың, сиыр, қойың да.
Қабанбай бабам тойында,

Айтысып біздер отырмыз,
Сарапқа салып көрсеңші.
Мынау, аға, шыныңды айтшы,
Айтыс па, әлде ойын ба?

Баян аға, бұл інің,
Байқап тұрсам өзіңе
Жыр жағынан тең емес,
Бірақ та қосар ойлары

Ешкімнен де кем емес.
Бірақ мынау тойда бұл
Керек, аға, айтшы сен.

Қандай бізге ерегес,
Ерегестің білесің
Аяғы болар төбелес.
Осында білем ақындар

Дей алмаймын көп емес.
Ермакты айта бересің,
Ермактың сол ескерткішін
Түсінсең, аға, кезінде

Салған сірә, мен емес!

Айтылды, аға, ініңе,
Ел алдында арызың.
Ақынсың ғой тілі өткір,
Тілі, сірә, әрі ұзын.

Кетпесін бүгін елімнің
Алдында менің парызым.
Ермактың анау мүсінін
Түсінсең, аға, болашақта

Жоғалту менің парызым!

Білемін, аға, сөз десе,
Шумақтап сөйлер тосын ең.
Демеймін бірақ өзіңнің
Дауылыңнан шошып ем.

Айтатын кезі келгенде
Ағаға ақыл қосып ем.
Демеймін бірақ сөз алсам,
Сөз таба алмай сасып ем.

Болмаса сірә сөзіңнен,
Сұраққа сірә қашып ем.
Кезінде Ақан серілер
Батыраштың сірә да

Санаспаған басымен,
Санаспаған жасымен,
Сөзіңді арна халқыңа
Ініңіз енді тоқталсын

Рахмет деп осымен!

Баянғали:
Ағалар ақыл айтса ақындарға,
Ақындар ағаларын мақұлдар да.
Төбелес керегі жок дейсің ғой сен,

Ағалар төбелес деп отырғанда!

Ал, інім, сен бастадың ерегесті,
Ел-жұртым бұл сөзіңе елеңдесті.
Алдымда асқар таудай ағам деп ап,
Сен қайдан тау алдың тең еместі!

Жүрсекең мына жақтан шиыр деген,
Бұл өзі ақындарға қиын деген.
Шиыр десең шиырып мен айтайын,
Болмайды былтырғыдай биылғы өлең.

Әлгінде көтеріліп кетіп еді,
Басылып қалды қайта құйынды өлең!

Десек те, Серік інім, ер болғайсың,
Ішінде ерлерінің бел болғайсың.
Жармаққа ескерткішті қоймасаң да,
Оны алып тастайтұғын сен болғайсың!

Ағаға құлақ салсын ақын дейді,
Тіл алып сөйлегені мақұл дейді.
Тек қана жалғыз Қабанбай атам емес.
Баласы үш жүздің де батыр дейді!

Ағаның айту қиын көзіне мін,
Өйткені күн сайын мен кезігемін.
Жюрилер баға беріп жатқан кезде,
Сотталып жатқандай боп сезінемін!

Біз сөздің шыға алмадық ұшпағына,
Жюридің түсіп қалдық қыспағына.
Уақыттың тарлығы да жаздырмайды,
Ішіңнен қайнап өлең қысқанында!

Әрине, інім, сенімен егеспеймін,
Десек те әзілдесіп теңес деймін.
Сен жаңа төбелесті текке айтпадың,
Өзіңді каратист деп мен естимін!

Серікжан інім келіп оңды болды,
Бұл өзі талай жерде жолды болды.
Бұл тегін төбелесті айтқан жоқ қой,
Бүгінде інілерге ағаларын

Қорқыту каратемен моды болды!

Қара тер маңдайымнан сорғалады,
Айтыстан ертең үлкен жол қалады.
Дүние онсыз дағы қырылысып,
Жатқанда біз қосылсақ не болады?!

Ақындар сүйенбейді жұдырыққа,
Мейірім – өмірге өзек, мұны ұмытпа.
Ақылға емес, жұдырыққа сүйенгесін,
Зобалаң туып тұр ғой ұлы жұртта!

Өн бойым өлең айтсам дүрілдейді,
Еліме ет жүрегім елжірейді.
Қатыгездік тайраңдап тас жолдарда,
Мейірім кірпіктерде дірілдейді!

Сөзіңді айтар тағы Баян айың,
Несіне осы тойда аянайын.
Ал, Серік, айтшы қане не себепті
Адамдар бірін-бірі аямайды?!

Өлеңді ағаң тағы асырады,
Шабыты ұстағанда тасынады.
Ал, ботам, қане айтшы осы жерде,
Бір халық бір халықты күші жетсе,

Неліктен әлі күнге басынады?!

Серік:
Аяқта деген сөзімді
Сөз айтайын Жүрсінге.
Ағамыз мынау інінің

Шабытын қазір білсін де.
Құлағына айтылған
Айшықты сөзін ілсін де.
Еркелеп інің кетсе егер,

Ағасы, сірә күрсінбе.
Блатпен екі минут алайын,
Аман-есен, ағасы
Алматыда жүрсің бе?!

Баянғали мен Шорабек Айдаров
(Жамбыл обл.)

Баянғали:
Ассалаумағалейкум, ақ таңды елге,
Бір ұлы іс орайын тапқан елге.
Сараны іздеп келіп Біржан атам,

Айтыста жұлдыз болып аққан жерге.
Бас ием топырағын қымтанып ап,
Аруақты Шоқан атам жатқан жерге!

Ал енді алдымызда тағы да сын,
Шорабек айтыстарда қағынасың.
Қарашы, әне, Әселхан келе жатыр,
Тағы да қашасың ба, нағыласың?

Тимеймін, құрдас, сенің намысыңа.
Болады әзіл сөзбен алысуға.
Мынаған Әселханды тренер қып,
Жіберсе жүйріктердің жарысына.

Шорабек жүгіргенді көрер еді,
Сол жерде маңдай терін төгер еді.
Әселхан төреші боп «марш» десе,
Шорабек рекорд жасап берер еді.

Атағын шетел дағы білер еді,
Суретін майкілерге ілер еді.
Қашудан рекорд жасап бұл Шорабек,
Гиннестің Кітабына кірер еді.

Қош келдің, қарсы алдыма, Шорабегім,
Мен жүрген ескі жолдың сорабы едің.
Кешегі ел қыдырған есер шақта.
Көтерген шашбауымды Шорам едің.

Тот басқан киімжыртқыш шегелердей,
Теңеудің қисық-қисық қорабы едің.

Шықпайды өлең шіркін бөгелуден,
Демеңдер бұларға енді не көрінген.
Айтыста бүгін өзім жолықтым ғой,
Шөкеңдей жүгірудің шеберімен.

Ал енді сөзіңді айтқын анық қылып,
Күлкіге ел-жұртыңды қарық қылып.
Суырғын бермен қарай теңеуіңді,
Түзейін мен сөзіммен қағып тұрып.

Шорабек:
Беу, Байеке!
Сен мені отырсың ғой салып отқа,
Болдым ғой қазандағы тары ботқа.

Әйгілі Әселханнан қашпайтындай,
Немене, Шорабектің жаны жоқ па?

Мен саған шыға аламын қайымдарға,
Шорабек осал өлең дайындар ма?

Жүгіртіп мына мені не қыласың,
Қуа алмай жүрген менің майым бар ма?
Ал енді сөз тыңдаңыз Шорабектен,
Өмірдің өзін ғана өлең еткем.

Айтысып Алматыда арулармен,
Нәсілхан, Жадыраны орап өткем.

Көзіңіздің алдында кеше ғана,
Кездестім Тоқтағұлдай кереметпен.
Баянғали құрдасым мына отыр,
Әзілін Шорабектің керек еткен.

Мықты ақынмын деп бірақ мақтана алман,
Айтыста Әселханнан сораң еткем.

Сонда да бұл айтысты қоймай өтем,
Ақындық қасиетті жоймай өтем.
Тасқа тағы тие ме тайқы маңдай,
Аузы күйген осылай ойлайды екен.

Ал енді Баянменен шығып тұрмын.
Жығылған күреске түк тоймайды екен.

Ақиқатты тот басар ақын ашпай,
Шын ақын шындықты айтар ақыл аспай,
Өтсін бұл айтысымыз шиеленісіп,
Қазіргі ұлтаралық қатынастай!

Айтысқа мен түсетін бір із жоқтай,
Сенен қорқам сілтердей қылыш топқа-ай.
Жүректен қалмаймын ба жараланып,
Инфаркт болып жатқан Рыжковтай.

Келемін айтыс үшін әлі ізденіп,
Мен үшін көрген де жоқ маңыз кеміп.
Айтыстан өз еркіммен кетсем бе екен,
Министр Шеварднадзе тәрізденіп.

Мен сені отырғам жоқ ірегелі,
Алқымға пышағымды тірегелі.

Жоғалсам мен қайтадан табыламын,
Секілді Литваның премьері.
Әзіл ойлап мен әлі алаңдаймын,
Бойымнан қалайша күш таба алмаймын.

Бел буып тағы саған шығып тұрмын,
Әруағы қолдай гөр деп Қабанбайдың.
Бауыржанның мен дағы бір баласы ем,
Майшелпек енді саған бола алмаймын.

Елінен аямаған батыр күшін,
Мұндайда көтереді ақын мысын.
Бәукеңе батыр атақ алып беріп,
Қуанып, қайран жұртым, жатырмысың!

Қабанбай – қазағымның қара көзі,
Атанған хан батыры, Дарабозы.
Еңістегі езілген елін-жұртын,
Сүйреген өрге қарай паровозы.

Байеке, жүрегің не сезе білді,
Осымен берем саған кезегіңді.
Өзіңе кезегімді беріп қойып,
Қалмасам болды теріп тезегіңді.

Баянғали:
Байқаймын біздің айтыс асқындады,
Өлеңім өн бойымнан тасқындады.
Еншалла, Қабанбайлар қолдамайды,

Шорабек, сен сияқты қашқындарды.

Ойыңа бұл сөзімді алғайсың сен,
Тағы да теңеп-теңеп жалғайсың сен.
Сахнада бір бақырып қашқаныңша,
Сол жерде өліп неге қалмайсың сен?

Аталы сөзге тоқтап және қалсаң,
Әселді тік көтеріп неге алмайсың сен?!

Бала едің көкейіңнен өлең өрген,
Мен келдім Көкшетаудай өрелі елден.
Өлетін жерді біліп, қашқан да жөн,
Ол дағы ақыл жеткен өнер деген.

Шорабек, қызық екен мақтаныңыз,
Ұят қой оны да айтып жатқанымыз.
Қашудан қазақ талай зар болған ғой,
Белгілі одан нелер тапқанымыз.

Айтыстағы тағы айтар ойың қандай,
Отырғын бұл айтысты уайымдамай.
Майшелпек бұл айтыста болман дейсің,
Өзіңнің іліп алар майың бардай.

Ой, шіркін, өне-бойым дірілдейді,
Өлеңім атамыздың үніндей-ді.
Арықпын деп отырсың бұл халыққа,
Қашқындар ешқашан да семірмейді.

Айналдым, Шорабегім, ақмаңдайлым,
Мен саған бормен күйе жаққандаймын.
Өзіңмен айтысқанда сахнада,
Бақыртып ешкі сойып жатқандаймын.

Демегін бұл сөзімді кекесін ғой,
Сен дағы тіліп-тіліп өтесің ғой.
Кетпейсің Рыжков пенен басқа құсап,
Кетсең сен нокаутқа кетесің ғой.

Шорабек:
Өзіңді жүнше сабап түтейін бе,
Қайғы боп маңдайыңа бітейін бе?
Немене, Әселханнан тұра қашпай,

Шымылдық жабылғанды күтейін бе?!

Арының бар, Байеке, арындаған.
Сөзіңнен жансың және сен жаңылмаған,

Жағал үйрек секілді жағадағы,
Даусыңнан айналайын барылдаған.

Шығысқа салып жатыр Батыс пышақ,
Хусейн мен Буш кеше атысты сақ.
Айдаровты ап жатсың атакаға,
Бас салған Ирактарды АҚШ құсап.

Ирактар емес пе еді дара қия,
Мұсылман шамшырағын жағар ұя,
Бүлініп бұл дүние барады, ия?
Жаһанды дүр сілкінткен Арабия,

Болмаса жарар еді авария!

Айтысып меніменен әуресің бе,
Жарасар дәл осылай деу бір кімге?!
Бұл жерде нокдаунмен алып жатсам.
Немене Ирактардан әулиемін бе?

Баянғали:
Ақынның мен жолықтым майлысына,
Бірдеңе болған білем шайбысына.
Шорабек, дәл әлгіндей сөздерменен,

Күлмегін адамзаттың қайғысына.

Біз өзі әзілдесіп күлейік те,
Десек те күлер жерді білейік те.
Әжуа, әзіл қылмай соғыс жайын.
Әлемге бейбітшілік тілейік те.

Ал енді тағы менің ағылғаным,
Қарашы сөз арнасы табылғанын.
Аузыңа алып өттің Әселханмен
Айтыста шымылдықтың жабылғанын.

Ол рас, сол айтыста дүрілдеткен,
Жайылып алты алашқа үнім жеткен.

Сен құсап тұра қашпай Әселханан,
Мен оны сол айтыста дірілдеткем.
Бұл сөзің енді бәле сатып алған,
Айтыста содан бері атым қалған.

Әселхан содан жаман болған жоқ қой,
Артынан «Халық ақыны» атын алған.
Шорабек, тағы қамшы басамыз ба,
Алдында қалың жұрттың тасамыз ба?

Ал енді бокстасып көреміз бе,
Болмаса тағы біздер қашамыз ба?

Сөзіңе нұсқау сілтер ақылды адам,
Тереңдеп қазып айтар ақын адам.
Қашқынға жолығам деп қашқын жайын.
Көп айтып кетіппін ғой осы жерде

Ұят қой аруақты батырлардан!

Дедің ғой даусымызды барылдаған,
Барылдаған, е, мейлі, дарылдаған.
Әйтеуір бақырғаннан тәуір деймін,
Және де айтар сөзден жаңылмаған.

Сөзіңді ойыма орап неге алмаймын,
Айтатын сөзді тағы мен жалғаймын.
Ұрпағы Біржан салдың болсам дағы,
Мен бірақ Біржан салдай бола алмаймын!

Өлеңді тағы да мен селдетейін,
Көңілін тыңдағанның желдетейін.
Алланың бергеніне шүкіршілік,
Одан да асамын деп мен нетейін?

Шорабек ойлы ма екен, есті ме екен.
Бірталай мәселені шешті ме екен?
Айта отыр еліңдегі бастықтарың,
Ел жайлы үлкен ойға көшті ме екен?

Шорабек:
Шорабек өз-өзіне келе алады,
Ол дағы өйткені бір ел адамы.
Басқыншының қандайын, бауырым-ау,

Күшті қару-күлкі ғана жеңе алады!
Ұқсайсың біржолата көсілгенге,
Бұл жерде тілің сенің шешілгенге.
Сол сахна білмеймін жабылды ғой,

Сен өзің шапаныңды шешінгенде.
Бес баланың анасы және ақынды,
Әскеңнен қаштың деп те кесірленбе.

Тауықтың түсін неге түстемеймін,
Бұның өзі зорлықшыл күш пе деймін.
Иракқа атып жатқан ракетаның,
Біреуі химзаводқа түссе деймін.

Бұл күнде зиян қандай, шығын қандай,
Болдық қой соның бәрін ұғынғандай.
Әлгі сен сұраған бастықтарда,
Күші жоқ Мәскеу жаққа сыбырлардай.

Көкшулан көк түтіннің арқасында,
Бұл күні өкпе, бауыр сырылдардай.

Бір күні баудай түсіп жүрмейміз бе,
Дихлофос сеуіп қырған шыбындардай,
Қазағым, мен білмеймін құның қалды-ай,
Химзавод десе, менің жыным бардай.

Осыны ойласайық халық болып,
Қырылмай тұрған кезде түгің қалмай?

Баянғали:
Білуші ем сенде талай-талай ақыл барын,
Бірақ та мұны қалай мақұлдармын.
Шорабек, масқара ғой туған елге,

Біреуін ракетаның шақырғаның!

Ол мейлі түтіндесін, жалындасын,
Жабылар бір амалы табылғасын.
Мың жерден түтін жұтып жатсақ тағы,
Жерімде ешбір бомба жарылмасын!

Әр уақта ел-жұртыма күтім болсын,
Жұтқаны мейлі кейде түтін болсын.
Тілеймін ел-жұртыма бейбітшілік,
Әртеуір елім тыныш, бүтін болсын!

Екеуміз сөз арнасын табамыз ғой,
Қарасайшы, көп жастарға ағамыз ғой.
Бомбаны жарылсын деп тілемегін,
Ақылмен, күшпен заводты жабамыз ғой.

«Осымен айтыстарың бітті», – дейді,
Сендерден ел үмітін күтті дейді.
Ал енді Баянғали өздеріңе
Тойларың болсын дәйім құтты дейді.

Ел-жұртым тыныш болып, аман болып,
Болсыншы денсаулығың мықты дейді!

Шорабек:
Болса да айтатұғын ойым дайын,
Мен бірақ арсыздыққа бой ұрмайын.
Баянғали, ырзамын мен өзіңе,

Өзіңнен жеңілдім деп мойындайын!

Абылай ханның 280 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Көкшетау, 1991 ж.)

Баянғали мен Ерік Асқаров
(Алматы қ.)

Баянғали:
Бісміллә, сөз бастайын а құдайлап,
Жақсының арғы-бергі бәрін ойлап.
Ассалаумағалейкум, туған елім,

Атойлап шыққан бүгін Абылайлап!

«Арқада жер жетпейді Бурабайға,
Бөленген бұйра сыпсың қарағайға.
Бұлт құшқан мәңгі меңзең Көкшетауға,
Бөлектау: «Ой, бауырым!» дер анадайда.

Оқжетпес найза қия – қыранға ұя,
Қарасаң жанның шері тарамай ма?
Солардың ортасында Бурабай көл,
Мөп-мөлдір дөп-дөңгелек ұқсайды айға.

Бурабай – Арқа аралы – жер еркесі,
Ертеде қоныс болған Абылайға.

Қиын күні туған алаш баласына,
Шұбырып жапанның сар даласында.
Кез болған жаудан үркіп «Ақтабанға»,
Дұшпанның қалғандай боп табасына.

Арқаға аяқ салып түскен барып,
Екі оттың – орыс, қытай арасына,
Күндерде сонау – қара, тапсырған ел,
Тағдырын Абылайдай данасына.

Сол күнде ел қорғаған Абылайдың
Қылсаң да аз қанша тәуәп моласына».

Күн шығып Көкшетаудың аспанына,
Ту алып шықты бүгін жастарым да.
Әлгінде мен бастадым бұл айтысты,
Сүйеніп Мағжан ата дастанына.

Нышаны жақсылықтың білінгендей,
Құлагер ойға-қырға жүгіргендей.
Қазақтың қайғысы боп қатып қалған,
Бурасы Абылайдың тірілгендей!

Қиындық, құрсау күндер болмағандай,
Үзілген ел үміті жалғанғандай.
Көкшетау аталарды есіне алса,
Көшкен бақ қайта келіп орнағандай.

Еске алып бұрынғы өткен бабаларды,
Ту алды Көкшетаудың балалары.
Жарайсың, па шіркінім, жастарым, деп,
Қол соғып отыр қолдап ағалары.

Бастады бір жұмысты Құдайберлі,
Жұмысы ел-жұртына ұнайды енді,
Жарқ етіп «Темірқазық» жанды дағы,
Көкшетау аспанына шырай берді.

Құдашым алты алашқа сауын айтып,
Бұл тойға өңшең ығай-сығай келді.

Өлеңім менің де енді жорғалады,
Жастарың қыран құстай сорғалады.
Жұмысы жастарының мұндай болса,
Үлкендері қозғалса не болады?

Бір тойды Көкшетауым бергенінде,
Айналсын игі дәстүр өрнегіне.
Қайтеміз келмей қалған ақындары
Шүкірлік дейік біздер келгеніне.

Оларды жан салмаушы ек мақтағанда,
Санаушы ек өрен жүйрік ақтабанға.
Кім білед, мақтағанды көтере алмай,
Олардың көңіліне жақпаған ба?

Басында атасының шаба ма екен,
Асында Абылайдың шаппағанда!

Па, шікірін, Көкшетауым зерек екен,
Қолпаштап, қолдау бізді керек екен.
Талай жер мына бізге қол соғып ед,
Туған ел, ықыласың бөлек екен!

Жалғайын сөзді тағы жалғаған соң,
Айтайын мен дұрыстап толғаған соң.
Кім білед, Абылайға шенді ақындар,
Ойлаймын, бәлкім әлде келмей қалды,

Абылайдың документі болмаған соң.

Отырмын өлеңді енді өргендей боп,
Бір өзім топқа төтеп бергендей боп.
Айтыстың ақтаңгері Ерік келсе,
Көңілі Көкшетаудың толып отыр,

Түрік пен монғол түгел келгендей боп.

Жүрсең де кең даланың қай тұсында,
Санаушы ем өлең сөздің Майқысына.
Ей, ботам, оза шауып талай жүлде
Алдың ғой ұлы аламан айтысында.

Айтады сөзін енді мықтап інім,
Талайды айтыстарда жыққан інім.
Ішінде айтыстардың ең алғашқы,
Шет елге экспортқа шыққан інім.

Айтыста талайларды жеңген інім,
Өлеңді қамшыдай ғып өрген інім.
Шет елге экспортқа шығып кетіп,
Көкшеге импорт болып келген інім.

Мен бүгін не десең де көнем, інім,
Кіші боп соңымнан тек ере ме, інім?
Ал, енді жолда елге сәлеміңді,
Осымен кезегіңді берем, інім.

Ерік:
Шалқысын, шарықтасын, Ерік, бұл күн,
Көкшетау, қасиетіңді сен ұқтырдың.
Ассалаумағалейкум, баршаңызға,

Ата-жұрт, алдыңа алғаш келіп тұрмын.

Алдыңда біраз қанат қағайын деп,
Көңілін ағайынның табайын деп,
Мен келдім шаппас үшін ата басқа,
Асында Абылайдың шабайын деп.

Армысың, бабам кіндік кескен жері,
Ұрпағы Абыл, Баян өскен жері.
Жылында мың сегіз жүз елу жеті,
Біздің үй Сырымбеттен көшкен еді.

Өткені ел қазақтың ақынға аян,
Баяндап оны жырмен жатыр Баян.
Сұрасаң ағайындар жетінші атам
Алашқа аты шыққан Батыр Баян.

Табылмай тал бойынан тарыдай мін.
Болып ед алашына алып айбын.
Атамды Шоқан жазып кетпеп пе еді,
Аяулы батыры деп Абылайдың.

Той жасап ұрпақтары ерледі ғой,
Мына той көптен елдің көргені ғой.
Отырмыз Абылайдың асын бастап,
Алланың бұл да болса бергені ғой.

Азаттық аңсауменен Алашына,
Өтіп ед ем таба алмай жарасына.
Сәбеттік он бес патша сықсаң дағы,
Толмайды-ау Абылайдың сабасына!

Қазаққа қыдыр дарып қонсын деймін,
Елдігін бүкіл әлем көрсін деймін.
Айтыста патшаларға көп тиісемін,
Абылайдай болмаған соң менсінбеймін.

Ал, енді сізге сәлем, Баян аға,
Бар жайы інісіне аян аға,
Алқаңды аңсап келдім, ағатайым,
Елімнің жайлауындай аялаған.

Сен едің бір туысым мұнда менің,
Алдында елдің шалқып жырлап едің.
Атыңды атауға да сескенемін,
Атамның атын алған бір бала едің.

Алдында ел-жұртыңның ағындадың,
Мағжан дастанынан жаңылмадың.
Үзінді «Ер Баяннан» айтып тұрып,
Баянды бір атамай не қылғаның?

Келгем жоқ оны айтып мен егескелі,
Тырысып, жолдан аттап кері өткелі.
Асырған Абылайдың алапасын
Ол дастан Баян жайлы емес пе еді?

Тегіннен-тегін емес өкпем менің,
Өкпемен назар атып көк пен жерім.
Және де батып отыр Мағжанның
Інісін таныстырмай кеткендерің.

Осыны сіздерге айтып Ерігіңіз,
Тағы да сөз бастайды өр ініңіз.
Ғаділше Жұмабаев Мағжанұлы,
Қанекей, мына жұртқа көрініңіз.

Нәр де бар, әр де бар-ау өлеңінде,
Алды-артты ойламадың төгеріңде.
Ініңді «импортный товар» дейсің,
Ер болса, еленбейді дегенің бе?

Шетелге барасың деп өзің едің,
Сол кезде-ақ не боларын сезіп едің.
Айтарын айтып алып бес жыл бұрын,
«Қап» деген ағама енді кезігемін.

Жіберсең талай жерге барамын ғой,
Қазақтың көңілін қайда табамын ғой.
Кетсем де мұхит асып Канадаңа,
Қазақ боп жан-тәніммен қаламын ғой.

Ел көрдім Ерігім деп елжіреген,
Алдында ағындатып келдім өлең.
Қарсы алды төбесіне хан көтеріп,
Стамбул-пайғамбар ту желбіреген.

Одан соң мен өзім-ау Өлги бардым.
Жібермес ағайынға көнбей бардым.
Барғанда танып-келдім ағайынды,
Аңғарып алыстағы ел дидарын.

Демеймін шетелдегі ел кедей екен,
Демеймін бұл қазаққа өгей екен.
Сені де қарсы алады бара қалсаң,
Негізі Уақ пенен Керей екен.

Ал, енді лықсып отыр өнеріңіз,
Белгілі, бір кетсеңіз, жөнеріңіз.
Ағатай, мен берейін өзіңізге,
Қанекей, шу, жануар, деп жөнеліңіз.

Баянғали:
Өзіңе қалың елім қызығуда,
Бастың ғой ә дегенде сызылуға.
Атамдай атын мұның айтпаймын деп,

Айналдың содан кейін бұзылуға.

Төгілген бұл інімнің өлеңін ғой,
Мен өзім қымбат мүлік көремін ғой.
Баян мен Махаңдарды айтпай кетсем,
Ол-жағын өзі айтсыншы дегенім ғой.

Атылсын өлең сөздің сырбараңы,
Айтылмай бізден қандай сыр қалады?
Барлығын теріп бүгін айтып кетсем,
Әй, інім, енді саған не қалады?!

Бұл ағаң ішіне өлең жинамайды,
Сабалап тағы да өзін қинамайды.
Импортный белгің егер болмай қалса,
Білесің, қазақ өзін сыйламайды.

Бір қызық екеумізден ән күтілген,
Күтпейді мұндай өлең әр кісіден.
Қазағым өзін-өзі сыйлай қоймас,
Сыйлайды шетелдік тек маркісімен!

Ерікжан, елі-жұртын сүйген де бар,
Еңіреп елі үшін күйген де бар.
Оншалық жақпаған соң шетелдерге,
Сен түгіл, Абылайға тиген де бар.

Бұл сөзді ұққан да бар, ойлаған бар,
Атаны шын ниетпен сыйлаған бар.
Десек те, беу, қазағым, бұра тартып,
Абылай аруағымен ойнамаңдар!

Кезекті енді ініме беремін ғой,
Табад деп қиыннан жол сенемін ғой.
Шетелге шығып жүрсең, құтты болсын,
Қазақтың елшісіндей көремін ғой.

Ей, ботам, жете бергін арманыңа,
Санаймын сені ақынның заңғарына.
Шетелде жүрген қалың Керей, Уақты,
Көшіріп алып келе салмадың ба?

Өзіңе мен кезекті ұсындым ғой,
Демеймін алдыңда мен қысылдым ғой.
Советтік патша жайлы сөз айтқанда
Үрейін талайлардың ұшырдың ғой.

Ағалар ел басқарған нар дейік те,
Елді ойлаған адамға құдай-аруақ жар дейік те.
Анау-мынау кемдігін неғыламыз,
Ішінде жақсылары бар дейік те!

Көкшетау қанат жайған еліміз бар,
Ішінде елді ойлаған еріміз бар.
Төкең де әлгінде айтып кеткен жоқ па,
Құдаштай жастарыма пана болған,

Серікжан Қасымовтай мэріміз бар.

Көкшетау қанат жайған еліміз бар,
Серікжан Қасымовтай мэріміз бар.
Бұл неге мақтап отыр деп жүрмеңдер,
Демеймін қалтаңызда мөріңіз бар.

Қызмет қып жүргеннен соң ұлы еліңе,
Жастарым жетсінші деп тілегіне.
Айтамын мен алғысты мөріңе емес,
Оу, Сәке, ел деп соққан жүрегіңе.

Бір сөзім бір сөзіме ұласуда,
Ағаңның сенесің ғой құлашына.
Жастарға қамқор болған Серікжандай,
Ағаны мен санаймын шын асылға.

Мөрі де, ерлігі де, мэрлігі де,
Жарасып үйлесіпті бір басына!

Өлеңді аннан-мыннан құрамаймын,
Мен өзі бөтен сөзді жырламаймын.
Көкшетау қаласында тұрмаймын ғой,
Сондықтан мэрден пәтер сұрамаймын.

Өлеңді енді жылдам құрсам болды,
Сөзімді түзу жаққа барсам болды.
Оу, Сәке, мақтауымның ақысына,
Жастарға қамқор болып тұрсаң болды.

Көкшетау жастары өсіп-өнсінші деп,
Құлаштап алақанды ұрсаң болды.

Ерік:
Жақсы ғой жөнді жерден іліккенің,
Отырсың жағдайымды біліп менің.
Сен айтсын дедім дейсің қалған жағын,

Аузыма сен сөз сап беріп жүріп пе едің?

Қалайша қорлап кетті мынау ағам,
Мен қалай бұл қорлыққа шыдай алам?
Колбин мен Горбачевті боқтағанда,
Ешкімнен қарызға сөз сұрамағам.

Ел-жұрттың көңілі бір толсын деймін,
Ақынның тілегі ақ болсын деймін.
Ағамыз бұл інісін көп тұқыртпай,
Тәубаға енді біраз келсін деймін.

Советтің патшаларын тауысқанмын,
Олармен сахнада алысқанмын,
Барлығы «импортный» болсыншы деп,
Боқтауға Бушты қазір ауысқанмын.

Мастанып көп самолет ұшырғанға,
Байқаймын, Буш көкеңіз ұшынған ба.
Дәрмен жоқ біздің қолдан келетұғын,
Ей, Алла, өзің жар бол мұсылманға!

(Бұл айтыстың аяғы магнитофонға жазылмай қалған).

Мұхит Мерәліұлының 150 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Орал, 1991 ж. 6 маусым)

Баянғали мен Шолпан Қыдырниязова
(Орал обл.)
Баянғали:
Бисмиллә, сөз бастайын, а, құдайлап,

Жақсының арғы-бергі бәрін ойлап.
Құттықтап, сәлем берем Кіші жүзге,
Мен келдім Орта жүзден «Абылайлап»!

Басымыз бір қазанда піссін дедім,
Көп тілек бір арнаға түссін дедім.
Орта жүз Кіші жүзбен қанаттаса,
Үрейі дұшпандардың ұшсын дедім.

Көңілім кіші атама хош еді ғой,
Күткенім менің дағы осы еді ғой.
Қиқулап бауырларым көтерсе егер.
Тоқтамай Баян енді еседі ғой.

Айқайлап, қиқуыңмен желіктірдің,
Әлемге кісілікті сен ұқтырдың.
Еліне Мұхит атам сәлем беріп,
Елінен Ақан, Біржан келіп тұрмын.

Ел десе елжіреген ет жүрегім,
Қосылсын бір арнаға дос тілегі.
Қазақтың асқақ әні күмбез болса,
Мұхит пен Біржан соның қос тірегі.

Екеуі екі жақтан шырқағанда,
Дауысы бар әлемге естіледі.
Шолпан қыз, Шолпан апай, Шолпан жеңгей,
Құдайым мынау істің сәтін бергей.

Түсінем жағдайыңды, келе алмадың,
Қалдың ғой кеше тойдың басын көрмей.

Ал енді қызметіңнен аянбайын,
Алдыңда жорғадайын аяңдайын.
Мен саған кеше көрген қызығымның
Барлығын жұрт алдында баяндайын.

Қазақтың ән-өлеңі байлығы да,
Ән барда қалмаймыз ғой қайғы-мұңға.
Мен көрдім ұл мен қызды кеше осында,
Мұхиттың еркін жүзген айдынында.

Болмады кеше тойдың бір кемдігі,
Ән салып ұрпақтары жүргендігі.
Сезіндім жан-тәніммен Мұхит әні
Тұтастай осы өңірге сіңгендігін.

Ұрпағы Мұхит жолын жалғайды ғой,
Әні де қыран болып самғайды ғой.
Үш жүздің бар баласы басын қосып.
Әлі де Мұхит әнін толғайды ғой.

Басқа әнге мынау елде сала алмайды,
Мұхиттай ыстық ешкім бола алмайды.
Қазақтың әні аспанда тұрған кезде,
Елдігі қазағымның жоғалмайды.

Мұхиттың әні аспанда тұрған кезде,
Ақ Жайық басқанікі бола алмайды!
Есіме алып өттім аталарды,
Қол соғып, хоштап жатыр боталары.

Және де бір қызығы, беу, Шолпан-ай,
Мен көрдім кеше живой атаманды.

Бұл тойын қазағымның Жайықтағы,
Құттықтауға Баевты лайықтады.
Атаман деген қандай болады деп,
Баевты Баянғали байыптады.

Адамның сөз ұғатын қатары бар,
Адамның сәлем алмас «нахалы» бар.
Қанішер атаманға ұқсамайды,
Поп сияқты дөңгелек сақалы бар.

Баевты үгіт сөзін желдірсін де,
Талайдың миларына ендірсін де.
Бір кезде өзі бастап шығып еді,
Өз өртін өзі енді сөндірсін де.

Тәп-тәуір бастадым ба жырдың басын,
Мұхиттың беріп жатыр бүгін асын.
Әлгінде Мұхтар қате айтып өтті,
Жалғанан ешбір халық құрымасын.

Орысты біз секілді адам көріп,
Жүрейік, қалмайық біз надан болып.
Мұхтаржан орыс жайын айтқан кезде,
Екі орыс қалып еді жаман болып.

Өршітпей араздықты, ойлаңыздар,
Кетеді әлдеқайда заман болып.

Аударсаң түсінеді толғауыма,
Сәттілік берсін деймін жолдарына.
Орыстың мұжығында өштігім жоқ.
Атаман болмасаңдар болғаны да.

Өлеңді тоқтамастан ақтардым ғой,
Қол соғып мына мені жақтадың ғой.
Мен кеше көргенім мен білгенімді,
Баяндап Шолпан қызға жатқаным ғой.

Ағайын, құлақ салсаңыз,
Соққысы бар атпалдай.
Алдыңа келген Баяның
Сөз өнерін тапқандай.

Қасыма келді, мінекей,
Мақтаулы Шолпан ақмаңдай.
Мұхит атам тойының,
Бар салмағын, ауырын,

Шолпан қызға артқандай.
Соның бәрін қайыспай,
Көтеріп алып, Шолпанжан,
Болашаққа тартқандай,

Байқап тұрмын осы үшін,
Орал менен Қаратөбе,
Бүгін мынау Гималайдан да асқандай!

Шолпан:
Шабытын бұл Баянның байқайым да,
Ойымды, асыл халқым, айтайын ба?
Берілген он бес минут өтіп кетті.

Айтпай-ақ әлде елге қайтайын ба?

Жан едім жырдың дәмін тата қалған.
Шығады осындайда шатақ алдан.
Алдында айдай болып мен тұрғанда,
Айтысып отырмысың атаманмен?

Ән-жырды сыңғырлатқан шолпы үнім,
Болмаған өмірінде олқы міні.
Үш жүзден ән асырған сал Мұхиттың,
Кейінгі өнердегі толқынымын.

Қастерлеу өнерліні – салтым ізгі,
Өтті ғой дарындылар алтын ізді.
Мүрдесі Саралжында жатқанменен,
Сал Мұхит – ортақ ұлы халқымыздың.

Есіңе ап айта алмаған жортаңызға,
Асылды асыл деуге қорқамыз ба?
Көргенде мына тойды, ұлы бабам
Секілді отырғандай ортамызда.

Армысыз, өнер сүйген асылдарым,
Көріспей, сағынышым басылмады.
Қалықтап Мұхит әні көгімізде,
Осы ғой шаттығымның шашылғаны.

Ұлысың, сұлу Көкше, пір елінің,
Мен болсам, Жайығымның жүрегімін.
Сенің осал болуың мүмкін емес,
Бар тұрып Көкендейін тірегің бір.

Қыздары Ақ Жайықтың өр келеді,
Әйтсе де естілерге төр береді.
Тойымның қадірменді қонағысың,
Тілеймін бақ-жұлдызың өрлегенін.

Көңілім өсіп отыр мақтағанға.
Не жетсін ел сенімін ақтағанға.
Шолпанын өзге емес, өзі үшін,
Осылай ағаңыз бір сақтаған да,

Гүл өссе келтіреді дала сынын,
Жасыл бақ келтіреді қала сынын.
Аруы Ақ Жайықтың залда отыр,
Баянжан, мен солардың анасымын.

Өткізбек болып тойды жасасып ем,
Алдыңда қыздай күліп жасарып ем.
Жүрегің жарылмасын, байғұс бала,
Жайықтың қыздарының нашары мен.

Тұрғанда өн-бойыңда шалқып жігер,
Жебесін жыр садақтың тартып жібер.

Өзің біл, апа десең, жеңге десең,
Кәнекей, бас әзілге, шалқып жібер.

Баянғали:
Шолпанжан, бұл түріңмен қырасың ғой,
Сен менің жағдайымды ұғасың ғой.
Жайықтың Шолпан қызы болғаннан соң,

Финалға айтпасаң да шығасың ғой.

Сырыңды, Шолпан, енді аңдадым көп,
Сөз бердің енді маған толғағын деп.
Ықпаған атаманнан ер жүрегім,
Жарылса сұлулардан арманым жоқ.

Қыздары Ақ Жайықтың, айға асыңдар.
Әрқашан ел жағдайын ойласыңдар.
Гүл берген алдыңғы күн кездесуде,
Арулары Ақ Жайықтың, қайдасыңдар?

Қыздары Ақ Жайықтың, ақ болыңдар,
Әрдайым жақсыларға тап болыңдар.
Жылмаңдап, сені алдауға келетұғын,
Саудагер, андай-мұндайдан сақ болыңдар.

Жайықтың сөз айт дедің қыздарына,
Қыз десе, менің енді қызғаным да.
Есіме қазақ қыздар түседі ылғи,
Көз салсам желтоқсанның ызғарына.

Оларды отпен, сумен атқылады,
Әскерлер күрек алып шапқылады.
Сонда да қазақ қызын жеңе алмаған,
Саққұлақ әлдекімнің ақ құлағы.

Көңілің жырымменен толсын деймін.
Осындай думан ылғи болсын деймін.

Декабрист ұлдарым мен қыздарыма,
Қазағым бір ескерткіш қойсын деймін.
Шолпанжан, маған бүгін ағыл дейсің,
Қасымнан жақсы жырмен табыл дейсің.

Сонан соң біразырақ әзіл айтып,
Осы жерде көрер көзге қағын дейсің.
Ұқпаймын, қай шаруаны айтып тұрсың,
Шолпанжан, өзің айтшы, нағыл дейсің?

Шолпан:
Жастық шақ еске түсті-ау сағындырып,
Аңсатып, артта қалған сағым қылық.
Осыдан он жыл бұрын кездескенде,

Мен сені жіберер ем қағындырып.

Қыздарға сұлу дейсің, ақ бол дейсің,
Анадан, мыналардан сақ бол дейсің,
Жылмаңның бірі мына сен емес пе ең,
Сен сонда кімге маған тап бол дейсің?

Әркімнің сенетіні ән емес пе?
Бұл әзіл айтысқанда сән емес пе?
Баянжан, байқап сөйле, кәмпит беріп,
Сен алдап кететұғын бала емеспін.

Сайрадың желтоқсанның қосып әнін,
Есіме түссе мен де тосыламын.
Сол жастар оқуынан шығып кеткен,
Көшесінде астананың жосылады.

Мерейің асқан сайын асса деймін,
Шабытың шалқып әркез тасса деймін.
Ескерткіш орнататын бастау болса,
Отырған жастар үлес қосса деймін.

Кірмелер әрнені айтып ызыңдайды,
Жел сөзге асыл халқым қызынбайды.

Қаймағы бұзылмаған Қазақстан,
Ешқашан достығымыз бұзылмайды.

Қалықтап жыр көгінен ұштым дерсің,
Тап болып теңіне бір күштің дерсің.
Өзіме қолың бүгін жетпегенмен,
Самалын Ақбақайдың құштым дерсің.

Әрдайым жақсыменен достасамыз,
Асылды аршымаса тот басады.
Көбірек сөйлеп кетсем, кешір, халқым,
Осылай Баянменен қоштасамын.

Баянғали мен Лена Әбдіхалықова
(Қызылорда қ.)

Баянғали:
Разы бол, ағайындар, барыңыз да,
Бүгінгі той жасаған шағыңызда.
Ағалар күмән қылып жатыр екен,

Бүгінгі мына біздің бабымызға.

Әкеліп салды мені Лена қызға,
Лена жақсы қыз ғой даламызда.
Бірақ та менің үлкен қызымдай ғой,
Әке мен баласы енді боламыз да.

Ұқсайды Лена біздің баламызға,
Орыны және бөлек даламызда.
Қарағым, қызымдайсың шынымды айтсам,
Болмақшы қандай айтыс арамызда?

Әрқашан сәтті болсын кемел үнің,
Сенемін шырқарына өнеріңнің.
Әрі қарай не қыламыз айтшы, қалқам,
Өзіңе бердім сөздің төрелігін.

Лена:
Балаңа, Баян аға ұқсатасың,
Шақырам шабыттансам күш атасын.
Бәйгеде тұлпар озып, шабар деймін,

Талғайық біле білсең күш атасын.

Тектілік жатыр білем сөзіңізде,
Жалын бар елге арналған көзіңізде.
Нөпірлеп асау жырды төктің, аға,
Сарай ақын болған шығар кезінде өзіңіздей.

Аруаққа қарызымызды өтеп бағам,
Ағажан, әр сыныңа төтеп бағам.
Аруақты, арқалы елдің баласымын,
Қолдасын Ақ Жайықтан Мұхит бабам.

Ойлама Лена қызды көбелек деп,
Жауын жырын халқына себелеткен.
Секеңдеп бір орында отырмайсыз,
Жылқыдай шілдедегі бөгелектеп.

Баянғали:
Айтып ем қалқатайым түсінер деп,
Түсініп, сыйлап мені, кішірер деп.
Жылқыға теңеп едің ана жақта,

Мені енді отырмысың кісінер деп.

Баланың бірі едің ғой түсің ізгі,
Қуанттың жырыңменен Кіші жүзді.
Әкеңдей адамменен айтыспай-ақ,
Басқаға көрсетсеңші күшіңізді.

Біз өзі дарқан қазақ ел боламыз,
Ішінде елді ойлаған ер боламыз.
Айтыссақ қызымыздай баламенен,
Ағайын, айтыңдаршы, кім боламыз?

Жырыммен талайыңды бөледім бе?
Айтыста басқаларға көнемін бе?
Әкесі қызыменен айтысса егер,
Кісілік даламыздан кетер деймін.

Осы сөз жақын білем жастарыма,
Көтерді жаңа мені аспанына.
Жастарым, өсіп-өрлеп, өне берсін,
Аға боп мен жүрейін қастарыңда.

Сөзімді, бауырларым, құп алыңдар,
Көрермен, бәрің маған ұнадыңдар.
Баянның шын шабысын көргің келсе,
Өзімнің қатарымды шығарыңдар.

Лена:
Сел болып ағын судай ағыласың,
Құдайың кез келтірсе нағыласың.
Өнерде артық-кем жоқ тұлпарларда,

Шығып ем шын тұлпар деп танығасын.

Халқыма шығармаспын ауыр үнді,
Жаманға сипатпаспын сауырымды.
Бұл ағам әкеңмін деп қайта-қайта
Халқым-ау, жаздырмайды бауырымды.

Болатын небір тұлпар ел көшінде,
Демеспін иық тақам теңдесім де.
Болар ел бірін-бірі батыр деген,
Жақсылар би болады он бесінде.

Мен болдым мұрагері жыр тағының,
Өлеңшіл өз елінің ұлтанымын.
Нартай мен Нұртуғанның ізіне ерген,
Сыр бойы жыр-дүниенің сұлтанымын.

Ақынның ахуалын түсін, елім,
Сөз таңдап айтысуға түсіп едім.
Ағамыз «әкеңмін» деп өзі айтқан соң,
Амал жоқ, алдында енді кішіремін!

Баянғали:
Сіз бен біз түсініскен бір кісіміз,
Оралар әлі талай жыр құсымыз.
Барлығын студенттің қызым деймін,

Студент болғаннан соң тұңғышымыз.

Ойымды осы айтқан барлаймын ғой,
Тілекті ел-жұртыма арнаймын ғой.
Қызымдай студенттің бұл бәйгесін,
Сірә да, халқым бүгін алмаймын ғой.

Шарықтап шабыттанған өлеңім ғой,
Жолымды, қызым, саған беремін ғой.
Оралда ұлан-асыр тойлар болса,
Ұрандап Көкшетаудан келемін ғой.

Бұл екі айтыс «Ақындар айтысы»
(Чапаев селосы, 1991 ж.) кітабынан алынды.

Қанжығалы Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс. (Ақмола обл. Ерейментау, 1991 ж. 27-28 шілде)

Баянғали мен Қонысбай Әбілов
(Торғай обл.)

Қонысбай:
Тарих бар ғой қазақтың әр тасында,
Еркелеп жүрміз елдің елдің ортасында.
Алты алаштың баласы бас қосыппыз,

Бөгенбай бабамыздың арқасында.

Өнерімнің қарамай жастығына,
Бүгін тағы шығардың басты қырға.
Бөгенбайды тудырған асыл халқым,
Алдыңда идім келіп басты мына.

Келдім бүгін намысты жаныдым да,
Өзгертпеген көлемін, қалыбын да.
Уа, халқым-ау, өзіңді ырза қылған,
Жездесін Абашжанның таныдың ба?

Бір айтысым деймін мен бір ғасырым,
Қай кезде де іздеймін жыр асылын.
Мен кешегі Абаштың жездесімін,
Алдымдағы Баянның құрдасымын.

Жорғадай боп айтысқа желген құрдас,
Талай қызық-тойларды көрген құрдас,
Көкшетауда ардақтың аман ба екен,
Ауылынан Ақан, Біржан келген құрдас!

Сан бәйгеге қиналмай барған құрдас,
Өнерімен сан топты жарған құрдас.
Зайсандағы кешегі ұлы айтыста,
Ақбоз атты бәйгеге алған құрдас!

Шабыттанып мұндайда түлеймін ғой,
Жыр дегенде ерекше гүлдеймін ғой.
Дәл бүгінгі айтыста атқа мініп,
Табысты қайтуыңды тілеймін ғой.

Жылы қабақ ашсыншы райыңды,
Домбырамның құлағын бұрайын-ды.
Талай-талай өзіңе мақтау айттым,
Кіргізерсің сен дағы шырайымды.

Баянғали:
Ассалаумағалейкүм, заңғар елім!
Жүрегі толған үміт арман елім,
Өзінің байлығы мен сұлулығы,

Өзінің қалың соры болған елім.
Өзгені шығарып ап өз төріне,
Мекен ғып босағаны алған елім.

Басынан сан қиындық өтсе дағы,
Әйтеуір өлмей тірі қалған елім.
Намысын жігеріне жанимын деп,
Бөгенбай бабаны еске алған елім!

Халқымның қошеметі білетінім,
Қол соқсаң мен дуылдап жүретінмін.
Басына хан көтеріп сыйлап жатыр,
Ұл-қызы Ерейменнің білетұғын.

Ел-жұртым күтіп отыр жырды асыға,
Айтылар қыза келе сыр да ашыла.
Ақысын күтіп отыр Қонысбайым,
Мақтауды үйіп тастап құрдасына.

Есіңе әрбір жайды алармысың,
Адамды ақы, пұлсыз мақтамасаң,
Сен сірә, Қонысбайым болармысың.
Ақыным жақсы шықты толғағаның,

Есімде қыран болып самғағаның,
Беу, Қоныс, мен сүйсінем өнеріңе,
Жақсы ғой ата-салтын жалғағаның.
Әттеңі – Абаш үшін болсаң дағы,

Қинап тұр маған жезде болмағаның.

Бәйгені талай топта алған құрдас,
Қаусатып қалың топты жарған құрдас.
Атанып «қазағымның Қонысбайы»,
Атағы шетелге де барған құрдас.

Ал енді Ерейменде осы айтыста,
«Абаштың жездесі» атын алған құрдас.

Отыс жеті жасында,
Қазандай бөркі басында,
Қара нанды бөліскен,
Тай, құлындай тебіскен,

Құрдасым келді-ау қасыма.
Қалмайды-ау менің бүгін де,
Бұған да сөзім арналмай.
От ауызды, орақ тіл,

Қалдырмас сөзді жалғамай.
Айтысып кеше Абашпен,
Әрең деп жаны қалғандай.
Жағдайы бар Қоныстың,

Абашта кеткен есесін,
Бүгін менен алғандай.

Отыр ғой Қоныс еркін желемін деп,
Мен де отырмын құрметтесе көнемін деп.
Ықылас білдіреді Қоныс маған,
Ақбозды өз қолынан беремін деп.

Жыным бар топ алдында қозатұғын,
Жүйріктің бірісің сен озатұғын.

Ақ бозды өз қолыңнан берем десең,
Қонысбай не бар енді созатұғын?

Қонысбай:
Мен сені ел алдында мақтадым ғой,
Сонда да, Баян, саған жақпадым ғой.
Құрдасың аспандатып көтергенде,

Сен маған бір жылы сөз таппадың ғой.

Айтысты айқыш-ұйқыш атыс қылдың,
Бұл жерге халықты сен қатыстырдың.
Бәйгені мен Абашқа берем деп ем,
Несіне оны мұнда шатыстырдың?

Бойыңнан ешқандай мін таппадым ғой,
Сенімін халқымның да ақтадым ғой.
Өзіңді көтергенде құрдас қой деп,
Сен маған мақтау сөзді таппадың ғой.

Риза болып қалсыншы өздеріңе.
Халық берер бағаны сөздеріңе.
Әкенің тағын тартып алар ұлдай,
Қан толып кетіпті ғой көздеріңе!

Өнермен сүйсінтіп мен келемін ғой,
Бәйгені керек десең беремін ғой,
Бір жылда туған өзің төл едің ғой.
Мұндайда аспандатып шырқар едім,

Борандай бұрқыратып бұрқар едім,
Сен болсаң Абылайдың немересі,
Мен Шақшақ Жәнібектің ұрпағы едім.

Өнермен ел алдында ойқастадың,
Сөзіме мағыналы ой тастадың.
Құрдас деп көтермелеп отырғанда,
Бәйгеңді бер дегенің қай сасқаның?

Баянғали:
Бұл жерде керегі не дау, егестің,
Байқаймын сен, Қонысбай, бала емессің.
Қан толып көзіме мен шығатындай,

Сен маған сырттан келген жау емессің!

Несіне саған сонша өңештейін,
Беу, құрдас, мен сенімен егіспеймін.
Ақбозы Бөгенбайдың Абашыңа,
Беретін меншік малың емес деймін.

Бұл сөзден отырсың-ау ұтылуға,
Мен тағы дайын тұрмын құтыруға.
Ақбозын бере салып Бөгенбайдың,
Балдыздың жығылмақсың ықыбына.

Мен сені жеке-дара ерек деймін,
Қонысбай сөз табуға зерек деймін.
«Қазақтың Қонысбайы» деп мақтадым,
Одан артық саған не керек деймін!

Бұл сөзің, батыр, маған жала деймін,
Жаладан туады ғой нала деймін.
Айтыспай табысайық біз екеуміз,
Жөнімен сөз түсінер баба бидің.

Біздерді отыр халық жарастырып,
Әр сөздің астарларын санастырып.
Бәйге үшін осы тойда, беу, Қонысбай,
Қайтеміз аруақтарды таластырып.

Бұл сөзді мына жұртың босаң деген,
Осындай болады ғой осал деген.
Тойында біз отырмыз Бөгенбайдың,
Үш жүздің бар баласын қосам деген...

Сондықтан әрбір сөзді саралайық,
Демеймін босқа жанды жаралайық.
Жиылған алты алаштың бар баласын,
Несіне біз екеуміз алалайық?!

Бәйге үшін беу, Қонысбай, осы тойдан,
Көрместей бет жыртысып тарамайық.

Айтатын жөн-жобаны біліп жүрсің,
Қайтесің аттың жайын айта беріп,
Сан тойда талай тұлпар мініп жүрсің.
Біз едік Көкшетаудың балапаны,

Осылай сілтей берсек таң атады.
Біз елден мінер атты сұрамайық,
Жетеді ықылас пен алақаны.

Қонысбай, артық болар мақтанымыз,
Көп еді сізді біздің мақтарымыз.
Баласы алты алаштың бәйге үшін,
Қиын ғой таласып бұл жатқанымыз.

Қонысбай:
Алда да кездесетін тойым көп қой,
Айдайтын малым менен қойым көп қой,
Нарықты сондықтан да менсінбедік,

Айтатын құрдас саған ойым көп қой.

Ақынға жеңіл сөйлеу жараспайды,
Құрдасқа құрдас неге санаспайды?
Бөгенбай болғанменен үлкен батыр,
Ешқашан Абылаймен таласпайды.

Жел сөзге Қонысбайды қимағайсың.
Аталы сөздерді сен сыйлағайсың.
Абылай туы астында жиналған ел,
Сен дағы қалың жұртты жинағайсың.

Ащы тер көзге келіп құйып жатыр,
Сөзіме халық мына ұйып жатыр.
Ал, анау Оралымда казактарың
Жанына қарулыны жиып жатыр.

Бірігу қазағыма арман деймін,
Кезінде өкініп те қалған деймін.
Үш жүздің балалары жиналып ап,
Таңбасын Ұлытауға саған деймін.

Демеймін әр сөзіңе таңғаламын,
Астықпен толтырғанмен қамбаларын,
Тойына Абылайдың барғаннан соң,
Көкшеде қалдырайық таңбаларын.

Елімнің кәдесіне жарар едім,
Бетке ұстар ақыны боп қалар едім.
Келіссең егер өзің, Баянғали,
Көкшеде мен таңбамды салар едім.

Баянғали:
Құрдастың құп аламын сөйлегенін,
Табылмас күнде мұндай той дегенің.
Өткенде Орал жаққа барғанымда,

Қылықты атаманға қой дегемін.

Оларға қылықты бұл тыйсын дегем.
Ел-жұртын жақсылыққа жисын дегем.
Кешірім сұрап мынау даламыздан,
Киелі топырағын сүйсін дегем.

Несіне жауап таппай қиналамыз,
Әй, құрдас, тілегіңді құп аламыз.
Құтырар болса егер қазақ-орыс,
Үш жүзден бір кісідей жиналамыз.

Көп тілек бір арнаға түссін деймін,
Басымыз бір қазанда піссін деймін.

Алты алаш басын қосып атқа мінсе,
Үрейі атаманның ұшсын деймін.

Өсиет елім-жұртым жастарына,
Барады деп ойлаймын бастарына:
Тілегін құп аламыз Көкшетаудың,
Таңбамды салам деген тастарына.

Мен сенің қосыламын тілегіңе,
Қосылар миым дағы, білегім де.
Қазақтың бар баласы таста емес,
Бірлік пен татулықтың шын белгісі,

Шынайы қалсын деймін жүрегіңде!

Қонысбай:
Айтамын мұның бәрін ашынғасын,
Тамаққа тойып алып тасынбасын.
Жуас деп қай кезде де қазағымды,

Баянғали, біздерді басынбасын.

Сөзіңді үлкен көмек санар едім,
Тілегіңді ел алдында алар едім.
Исатай болып шықсаң Көкшетаудан,
Мен саған Махамбетке жарар едім.

Қызығын халық біздің көрер деймін.
Ешқашан өлмесінші өнер деймін.
Біз батыр бола білсек бұл халыққа,
Бәрі де соңымыздан ерер деймін.

Бұл айтыс «Сарыарқа» журналынан
(№ 2, 1994 ж.) алынды.

Қожабай ақынның 150 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Жезқазған облысы, Жезді ауданы, 1991 ж., тамыз)

Баянғали мен Айтақын Бұлғақов
(Талдықорған қ.)

Баянғали:
Тамыры үзілмеген ғасырлардан,
Нәр алған кешегі өткен асылдардан.
Патшаның боданына түссе дағы

Ішінен патшаға да бас ұрмаған.
Сағынып, зары өткен соң күні бүгін,
Құмары тойға деген басылмаған.
Ассалаумағалейкум, туған елім,

Алматы, Москваңды асыраған!

Ағайын, құлақ салсаңыз,
Не деген дархан халықсың!
Шүкіршілік деп айтам,
Бір кезде өзі айтқандай.

Өлеңнің нұрын шалқытқан,
Баспалы қара көріктей
Қара тасты жырымен
Қорғасындай балқытқан,

Қожабайдай ақынды
Есіңе бүгін алыпсың.
Есіңе бүгін алғанда,
Қадір тұтып, құрметтеп,

Көше беріп атына,

Байқап тұрсам керемет
Суретін міне апарып,
Тауға да бүгін салыпсың.
Шүкіршілік деп айтам

Өзіңді-өзің таныпсың.
Өзіңді-өзің танысаң,
Не деген ұлы халықсың!
Танымасаң өзіңді,

Кішкентайсың, арықсың.
Халқымды жырлап мен отсам,
Мына жағымнан, Айтақын,
Жүгіріп жетіп келіп қалыпсың!

Айтақын, бермен құлақ сал,
Сен керемет ақынсың.
Өзің маған жақынсың,
Елді ойлаған батырсың.

«Қозы-Көрпеш – Баянның»
Киносында мінеки,
Бақсы боп түсіп жатырсың!

Көңілін тауып халықтың,
Айтатын сөзің анық тым.
Отырған кезде мінеки,
Барлығы да бүгінде,

Айтақынды танып тұр.
Әртіс болып халқыңа,
Өнеріңді тағы танытқын!

Отыр ғой елім маған түйресін деп,
Айтақын досына бір сый берсін деп.
Білесің беу, Айтақын әлі күнге
Қазақтың өсіп жатқан киносы жоқ!

Көңілі неге мұның бөлінген деп,
Жүрмеңдер мынау неден елірген деп.
Қазақтың рухы менен батырлығы
Өзінің киносында көрінген жоқ!

Мұны да мынау елім біледі ғой,
Көкейге, көкірекке түйеді ғой.
Кинода көрсең ылғи біздің қазақ
Қосалқы халық болып жүреді ғой.

Бұл сөзді мына жұртым елей ме екен,
Айтқызған жүрек пе екен, көмей ме екен.
Қазақты көрген басқа жұрт, ұлыстар,
Кинодан көріп бізді сыртымыздан,

Мыналар сорлы екен ғой демей ме екен!

Байқап көрсең, Айтақын,
Кинолардың бәрінде
Жүреді қазақ шерлі боп.
Оны көріп басқа жұрт

Мынау байтақ қазақты
Қалмай ма екен сорлы деп?

Е-е, айналайын Айтақын,
Ойлап тұрмын өзіңді.
Жұмыс қылған екенсің,
Бір іс қылған екенсің.

Киноға түсіп, беу, досым,
Дұрыс қылған екенсің.
Сөзімнің енді мәнісін,
Ұғар ма, шіркін, екенсің.

А, қазағымның киносын,
Көркейтіп алға бастырып,
Я болмаса біржола
Құртып тынар ма екенсің?!

Айтақын:
Асыл сөзді қор қылмай қорғасынға,
Кезі келді түсетін жорға сынға.
Жыр-көкпарды көрейік тақымдасып,

Бабалардың аруағы қолдасын да,

Көңіліңді мен сенің қалдырмайын,
Қас қылмаған қасқыр да жолдасына!

Жүйрік жүрдек Сүйінбай,
Сөз сөйлейін сұйылмай.
Ауызыма сөз түспеген
Аруақтарға сиынбай!

Ағарып таңым атқандай,
Қимай күнім батқандай.
Өшкені жанып қазақтың,
Сауға сұрап жатқандай!

Жер астында жатқанмен,
Алтын тегі көнермес.
Көнесін айтпай қазақтың
Жаңасы тегін еленбес.

Өзі өлгенмен ақынның
Жаппай сұлу сөзі өлмес!

Несі ақын ақынның жараспаған,
Несі жүйрік көкпарда таласпаған.
Айналайын Байекем, манасшылап
Кете бергін қырғызға Манас бабаң.

Не табасың егестен,
Жөн болады кеңескен.
Жырлағанмен Манасты
Тамырың қазақ емес пе?!

Өзді-өзіңнен шуладың,
Керең бе сенің құлағың?
Кино менен өнерді
Ағалардан сұрағын!

Баянғали:
Айтайын қалықтатып ән қанатын,
Ақынның әр сөзінде мән болатын.
Апырмай, әдет пе екен қазағыма

Жақсысын қырғыз жаққа аударатын?!

Ал енді бүлкілдесін көмейіміз,
Өлеңмен өсе берсін мерейіміз.
Беу, Айташ, қырғыздарға қатысым жоқ,
Тап-таза Көкшетаудың Керейіміз!

Мына жұрт Айтақынды танып жатыр,
Ол Айташ міне менің жанымда тұр.
Әлгінде қыз-келіншек, бала-шаға,
Айташтан автограф алып жатыр.

Жөні енді Айтақынның бөлек дейді,
Бұл бізге бәріңізден керек дейді.
Еліктеп Айтақынға біздің балдар
Еденді үйімізде тебед дейді!

Айтақын бәріңізден мықты дейді,
Талайды айтыстарда ұтты дейді.
Еліктеп Айтақынға еден теуіп,
Балалар полдың бәрін құртты дейді!

Беу, Айтақын, құлақ сал,
Өлең сөзде жорғадай,
Желіп қалған екенсің.
Міне бүгін айтыста

Ағаңа қарап тағы да
Төніп қалған екенсің.
Бар қазақтың далада
Сахнасының барлығын

Теуіп-теуіп қиратып,
Тыныш жатқан Жездіге
Келіп қалған екенсің!

Білеміз ғой, Айтақын,
Талай тойда дүрілдеп,
Бас бәйгені алғансың,
Қалың топты жарғансың.

Жарып алып өткенсің,
Талай-талай сахнаны
Солқылдатып тепкенсің.
Ал енді келіп киноға,

Түсемін деп, шырағым
Мұртың да жоқ, шаш та жоқ,
Не болып өзің кеткенсің?!

Көңілім менің қабыл алар ма екен,
Бір думан тағы бізде болар ма екен.
Жүз елу жыл өткен соң Айтақынды
Ұрпағы Қожабайдай есіне алар ма екен?

Есіне Айтақынды ала қалса,
Бұның бар ғой тауға апарып басын емес,
Шіркін-ай, екі аяғын салар ма екен?!

Айтақын:
Талайларды тепкімен жасқап едім,
Өзің биік, Байеке, асқақ едің.
Қызықсын деп Көкшенің бар қыздары,

Мұртымды да қырып-ау тастап едім!

Отырсың ба қызғана,
Сыртың күйсе мұз жала.
Тебе берем еденді-ай,
Ішің күйсе тұз жала!

Байлығы бар бұл елдің тұнып тұрған,
Табиғаты талайды қызықтырған.
Бұл күндері Байекем – Жезқазғаным
Атала ма деп қорқам киікқырған!

Су таусылды көлдегі,
Шөп таусылды жердегі.
Жаныңа тегі батпай ма
Табиғаттың өлгені!

Болмасын деп тілеймін заманақыр,
Қарғыс айтып кетеді қара да тұр.
Жер киесі біздерді қарғамай ма,
Ит мүжіген сүйектей далаң жатыр.

Ойдағы үлкен көл ғайып,
Таппай айтсаң сөз ғайып.
Әзіліңді қоя тұр,
Елдің қамын ойлайық!

Баянғали:
Ойлаймыз, ағайындар, даланы біз,
Дала мен бәріміз де жаралымыз.
Қуарып бара жатыр бай дүниең,

Тартылды Балқашың мен Аралымыз.
Даланы тазалаймын десең, халқым
Алдымен тазалайық сананы біз.
Дүние жылдан жылға құрып барад,

Біздің де таусылғандай амалымыз.

Бәріміз де өлеңмен елді айтамыз,
Қуарған, құрып жатқан жерді айтамыз.
Даланы жойып алсақ күні ертең,
Болашақ ұрпақтарға немді айтамыз?

Ар жақтан лықып-тасып аққасын кеп,
Отырмыз ел сенімін ақтасын деп.
Біз енді жар салайық бар халыққа,
Табиғат анамызды сақтасын деп!

Ақынның ұнайды ғой толғанысы,
Айқын боп қалды білем ой барысы.

Десек те әзілден біз қашпайықшы,
Бұл айтыс қазағымның алданышы!

Жиылды мына халық тамашаға,
Екеуміз ұқсамайық аласаға.
Айтақын, лекцияңды не қылады,
Отырған кемпір-шал мен бала-шаға,

Отырсақ мақал оқып біз екеуміз,
Айтысқа, беу, Айтақын, жараса ма?!

Ал, ағайын, құлақ салсаңыз,
Өн бойымнан мінеки,
Ағыл-тегіл жосты өлең.
Е-е, кино жайын мен айтсам,

Дархан жатқан қазақтың
Өнеріне, Айтақын,
Үлесіңді қос дегем.

Оған қарсы сөз айтып,
Мынау тұрған Айтақын
Мұрнын шұқып қарайды.
Шұқығанда түр қандай,

Өтірігі ішінде тіл қандай.
Мұртымды алып тастадым
Деп мақтанып отыр ғой,
Көкшетаудың қыздары

Барлық мұртын осының
Жалғыз талдап жұлғандай!

Ойлап тұрмын осы жерде
Отырған мына халықтың
Жырға көңілі толар деп.
Талай қызық бар-ау деп,

Е-е, қыз бен жігіт айтысса,
Бірсәрі ғой, ағайын.
Еркек пенен еркектің
Әзілі қалай болар деп?

Байқап тұрмын бекерге
Шалдырмаған екенсің.
Мұртыңды сен тегіннен
Алдырмаған екенсің.

Бір жағын Көкше жұлғанда,
Екінші жағын, шырағым,
Жезқазғанның қыздарына
Қалдырмаған екенсің?

Айтақын:
Сөзден ақын тегінде кездеседі,
Бұра тартқан жүйрікті терлетеді.
Лекция деп тілімді шұбарлама,

Баяндама десең-ау нең кетеді!

Енді халық ұғынды,
Жасырмассың сырыңды.
Бұзып жүрген тілімді
Сен сияқты білімді!

Сүйеніп-ау тұрғам жоқ тіл-жағыма,
Шығарайын мен енді бір жағына.
Жарасқаны-ай өзіме серілігім,
Қырындасам Жездінің қыздарына.

Батқан күнім бата бер,
Арайлы таңым ата бер.
Ішің күйсе, Байеке,
Бөлмеңізде жата бер!

Баянғали:
Айтақын тоқтамайтын ерім екен,
Өлеңі қалай-қалай төгілді екен.
Егерде тіл кінәсі менде болса,

Жарасы әй, шырағым, жеңіл екен!

Болмайды енді ақынның қысылғаны,
Дұрыс қой топ алдында қызынғаны.
Шырағым, бізге енді тәуелді емес,
Тілімнің қаймағы енді бұзылғаны.

Кінәлі оған дағы заманымыз,
Таусылып тұрған жоқ па амалымыз.
Аяққа ана тілін таптап тұрып,
Сыйлаймын деп айтамыз ананы біз.

Ана тіл шұбарланып жатқан кезде
Айтақын, бәріміз де жаралымыз.
Тіліміз жоқ боп кетсе бұл өмірден,
Белгісіз біздің ел боп қаларымыз!

Ана тіл өмірімнің мәні емес пе,
Қазақтың ары емес пе, бары емес пе?!
Сөйлеуі өз тілінде әр халықтың
Алланың өзі жазған заңы емес пе?!

Тең болса қазақ егер өңгелермен
Дүние, сен басқаша дөңгелер ме ең.
Жалынып еркіндікті сұрамайық,
Алланың заңын бұзған пенделерден!

Байекең жырды осылай қайырады,
Айтатын сөзі тағы табылады.
Осы жерде кімге қарау керектігін
Жездінің сұлулары айырады!

Сөзімді мақұлдады халқым деймін,
Көтеру ақыныңды салтың деймін.
Жезді деп сен өлеңді олай айттың,
Жездінің қыздары енді алтын деймін.

Мен тағы бөгелмейін, толғанайын,
Несіне көп бөгеліп ойланайын.
Өзіме жымың қағып, көзін қысқан
Жездінің қыздарынан айналайын!

Өлеңім міне менің сорғалады,
Демеңдер Айтақынды қорғалады.
Мына отқан қалың қыздар саған шықса,
Бейшара осы жерде нең қалады?!

Бұл айтыс аяғына таяр дедім,
Байқаймын талай сырды жаяр ма едім?
Ағайын, осы малшы қауымына,
Мынаны бастық қылып қояр ма едім?

Тілімді ала бергін жасы болсаң,
Еліңнің өрге шығар тасы болсаң.
Айтақын, не істер едің шыныңды айтшы,
Егерде малшы жұрттың басы болсаң!

Айтақын:
Ұтсам-ау деп әйтеуір амалдарсың,
Тепкі жеп-ау айтардай жамандарсың.
Сылтау іздеп сыныққа неғыласың,

Қоя қойсақ қайтеді-ай, жалаңбасым.

Тауып айтқан өлең ғой,
Қыза шапқан дөнен ғой.
Өзі кәрі бұқаның
Тұмсығы жас деген ғой!

Отырсың-ау ырғала,
Баянғали, бір бала.
Қырындама жаспын деп,
Жолықтырған қыздарға!

Мен осында болғанда жасқанарың,
Өлеңменен жаурыныңнан таспа алар ем,
Көрмек үшін, ертеңге үміт үшін
Малшыларды бірдей-ау басқарар ем!

Жадыраған қабақпен
Үйрендім-ау қарап мен.

Мынау сені асыраймын
Ол жердегі тамақпен!

Баянғали:
Ал енді тағы менен ағылды өлең,
Айтатын ағайынға табылды өлең.
Байқаймын алжыған-ау бұл Айтақын,

Жігітті отыз жетіде кәрі деген!

Бұл сөзді қалай-қалай ақтарғандық,
Білмеймін, әлде бәлкім ақталғандық.
Бұл жайлы беу, ағайын, көп айтпайын,
Әйтпесе болып жүрер мақтанғандық!

Соңымнан іні болып ер дегенмін,
Айтатын сөзіме сен сен дегенмін,
Ақысы малшылардың кетіп жатыр,
Егерде бастық болсаң малшыларға

Қайтарып соның бәрін бер дегенмін!

Сөзімді менің айтқан ұғармысың,
Айтылған уағыдаңда тұрармысың.
Басқарсаң малшыларды әлде бәлкім
Тепкілеп бәрін оның қырармысың!

Сөзімді менің Айташ, ұғармысың,
Қасымда іні болып тұрармысың.
Қайтарып малшылардың бар еңбегін,
Қырандай асқақ болып тұрармысың!

Сөзіме елім менің сенер ме екен,
Ықылас-құрметіне бөлер ме екен?
Ақысын еңбек еткен малшылардың
Үкімет талай жылдар жеп келіп ед,

Қайтарып соның бәрін берер ме екен.
Тойларың тойға ұласып, туған елім,
Бақ-дәулет қайта айналып келер ме екен!

Исатай Таймановтың 200,Әбубәкір Кердерінің 130, майдангер ақын Әкімәлі Қаржауовтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыс (Ақтөбе, 1991 ж. 11-14 шілде)

Баянғали мен Ербол Қанбатыров
(Жамбыл обл.)

Баянғали:
Бисмиллә, аталардың аруағына
Дұға ғып келіп тұрмын алдарыңа,
Орта жүз қолын бұлғап сәлем айтты,

Айбынды Кіші атамның балдарына!

Көп жәйтті мына бізге қозға деген,
Әдептен бірақ-тағы озба деген,
Бүгінгі депутаттар секілденіп,
Байеке, сәлеміңді созба деген!

Ағайын, сөзді бастайын,
Ізіне салып терменің,
Шүкіршілік қылам алдыңа,
Мінеки бүгін келгенім.

Айналайын Ақтөбе,
Екі жыл өтті арада
Бұрын да келіп көргемін...
Мінеки, бүгін қарасаң,

Тайманның ұлы Исатай,
Әкімәлі Қаржауов,

Әбубәкір Кердері,
Жарасып тұр бәріне,
Бір тойды ортақ бергенің...
Атаңды қадір тұтып бүгінде,

Есіңе алып жатқаның,
Шүкіршілік қылайық,
Алланың бұл да бергені!

Жалғайын тағы да ары сөзімізді,
Айтқызған оны дағы сезім ізгі,
Бізді кеп сырттан біреу танымайды,
Өзіміз танымасақ өзімізді!...

Байқап тұрсам, ағайын,
Мынау Ербол батырда
Тұлға қандай, бой қандай,
Жаңа менімен бірге осында

Сахнаға шыға келгенде,
Болған жоқ па мінеки,
Сахнаны батыр ойғандай,
Шорабектің шәкірті.

Шорабектей құрдасты
Сойып қаптап қойғандай,
Қазір мына сөйлесе
Бойына лайық ой қандай?

Е-ей, байқап тұрмын, Ерболжан,
Тіс ішінде тіл қандай,
Тұлға қандай, түр қандай,
Бір бәлені ішінен

Сайлап маған тұрғандай!!!

Ербол:
Армысың, Ақтөбедей алтын өлкем,
Халқыңды көремін мен халқыммен тең.
Тойлаған дүбір тойың құтты болсын,

Дәуірлеп шықсын тағы атың ертең!

Жырлаған ой-қырың мен түз-далаңды,
Әперген өмірдегі өз балаңды.
Былтыр бір келіп саған бауыр басқан,
Ақтөбем, таныдың ба өз балаңды!

Мен бүгін шабытты бір күшімдемін,
Әйтсе де жарамайды-ау ісінгенім.
Елгезек шықты алдыңа ерке балаң,
Еңсемді елім менің түсірмеген!

Ел-жұртым аман ба деп хал сұраған,
Кеніңді маржан ойдан аршып алам.
Сағындым әз исіңді, әжелерім,
Кең, ыссы құшағыңды жайшы маған!

Жарасқан әзілменен ойындарың,
Ағалар таба алған ойын дағы-ай,
Жымиған жеңгелерім, қайдасыңдар,
Келді іздеп аппақ жігіт қайыңдарың!

Сізбенен мен бармайын бос егеске,
Көңілім осы айтыспен қош емес пе,
Кәйтейін, Баян аға, құдай, құдай,
Бар-жоғы түріміздің осы емес пе?!

Жек көрер кім халыққа ұнағанды,
Ал енді ағыта бер бұлақ әнді.
Берсеңші ініңізге сүр боп қатқан,
Сақтаған сары мейіз сыбағаңды!

Бұл менің сізге біраз ой салғаным,
Ал енді сөйле ойлап ой салмағын.
Орыстың ортасынан жарып шыққан,
От тілді Төлеевтей тайсалмағын!

Баянғали:
Біз енді бұйырғанын көреміз ғой,
Ініге адаспайт деп сенеміз ғой.
Сақтаған сыбағаның сүрі жоқ ед,

Сұрасаң свежиін береміз ғой!
Әніне Жандарбектің салғаның-ай,
Ризамын оны есіңе алғаныңа-ай.
Құдайым Жандарбекке иман берсін,

Береке, өмір берсін қалғанына-ай!

Бірталай жайды маған ойға алдырдың,
Шырағым, шыныменен ойландырдың.
Жанына жағам ба деп келе салып,
Отырған жеңгелерді айналдырдың.

Айналайын Ерболжан,
Сөз астарын таптың кеп,
Жеңгелерді мақтадың,
Осы жерде жаққың кеп.

Сонан кейін мақтандың,
Алтын тісті ақпын деп.
Бұл баланың сөзіне
Жеңгелері көнгендей.

Түрі дағы бар енді,
Қараңғыда жолықса,
Мынау батыр жігітке
Жеңгелердің жүрегі

Қорыққанынан жарылып сонда өлгендей!
Әжелерін мақтады,
Әжелер де осы жерде
Сөзіме менің сенгендей.

Қараңғыда жолықса,
Қалтадағы ең соңғы
Талонын да мынаған
Қорыққанынан бергендей!

Айналайын, Ерболжан,
Байқап тұрмын бұл жерде,
Айтар сөзден танбайсың.
Тоқтамастан заулайсың,

Балуан тұлғаң мына тұр.
Кейбір сәтте қарасам,
Қаһарланып тұратын
Қарақшылардың бастығы

Құрбашыдан аумайсың!

Ойыма түседі осы жерде
Талай-талай жол жатыр,
Ойлап тұрмын, білесің
Ар жағында әр сөздің

Талай-талай ой жатыр.
Естіп тұрмын мен жаңа
Арғы атаң Қанбатыр,
Қанбатырдың тұқымынан

Тараған екен сан батыр.
Мінеки, саған бүгінде,
Ел қолын соғып отыр ғой,
Әрдайым саған жол бол деп.

Ер болсын деп өзіңді
Атаған екен Ербол деп.
Ал енді тағы айтыстың
Кеңісін дейін кереге,

Айналайын Ерболжан,
Түйіп қане, айтып көр,
Осы заманда білесің
Ер болу деген немене!

Ербол:
Ал енді саралайын көп талғамын,
Мен де бір домбыра алып оқталғаным.
Қол сілтеп сөйлегенді көрген кезде,

Мен сені Горбачев-ау деп қалғанмын!

Сөз таппай қалдым-ау дейм қапелімде,
Білемін бұл жалғанның өтерін де.
Әйтеуір сілтеген-ай қолыңа еріп,
Жарар ед кетпесем-ау жетегінде!

Ризамын сендей ақын жолықтырсам,
Қайтесің ел алдында толқып тұрсам.
Ер-азамат Ербол деген мен болмайым ба,
Көтерер ел жүгін қара нар болып тұрсам!

Ойламан мына жұртым пақыр екен,
Тойланып дүбір тойы жатыр екен.
Елемей қымбатшылықты той жасаған
Ел-жұрты Ақтөбенің батыр екен!

Ағажан, қалай өзің тоқсыңдар ма?
Қауышар қайта-қайта бос күн бар ма?
Жер-жерде барлық нәрсе қымбатталып,
Қиналып қалып жүрген жоқсыңдар ма?!

Баянғали:
Ағайын, туыс, қарасам,
Мына отырған бауырым
Сөзді қалай толғайды, ә?

Ағасының сөзімен
Үйлесе кетіп жалғайды, ә?
Горбачевті қайтесің,
Қолын сермеп сөйлеген.

Мына отырған ағаңды
Кәдімгі қазақ халқының
Биі десең болмай ма?!

Айналайын халқымнан,
Қабыл алып сөзімді,
Ықыласына бөлеген
Халқым қандай көреген!

Ақтөбенің ел-жұрты
Шынында да батыр ғой.

Мына қымбатшылық заманда
Әр күніне айтыстың
Бес теңгеден төлеген!

Әлгі сөзді, шырағым
Осы жерде көп ойлайм,
Қымбатшылық дегенің
Бізде де бар, шырағым.

Десек тағы мен өзім,
Дүкенге көп бармаймын.
Ол жақтағы шаруаны
Жеңгең біледі деп ойлайм!

Айтысты бір тамаша қызықты еттім,
Сөзімді, Ербол інім, ұғып та өттің,
Ал енді ерлік жайлы сөз сұрап ем,
Сен оны ақша жаққа бұрып кеттің!

Айтатын мынау айтыста
Талай да талай сөз болды.
Ағасы мен інісі
Ұзын дағы қысқалы

Бір-біріне кез болды.
Айналайын шырағым,
Ерсініп жүрген талайлар
Мына да жалған заманда

Байқап жүрсем ез болды.
Елге қызмет қылам деп,
Өтірік алдап ел-жұртты,
Айтқанының бәрісі

Ағыл-тегіл сөз болды!!!

Өлеңді тағы да ойдан шығарамын,
Ниетін ел-жұртымның құп аламын.
Қолпаштап, қолын соқса ағайындар,
Тоқтамай мен өлеңге ту аламын.

Ел-жұртын ерлігімен бастай қоймас
Қолына билік тисе дүбәрәнің!

Шын билік нағыз ерге тисін деймін,
Ерлері туған елін сүйсін деймін.
Қазақты алаламай, жікке бөлмей,
Барлығын ту астына жисын деймін!

Мінеки, мен соларды ерсің деймін,
Елі де соған сеніп, ерсін деймін.
Ал інім сөзді енді әрі жалғап,
Ағасын тағы сынап көрсін деймін!

Ербол:
Салмаймын сахнада байбалам ән,
Өзіңе де қол жеткізу қайда маған!
Бар ұлы қазағымның сендей болса,

Ел-жұртын ән-жырымен аймалаған!

Қазақтар қолдарына алып байрақ,
Еділдің жіберді ғой суын лайлап.
Орыстар орағытып Оралымды
Кетті ғой талай қазақ қаны қайнап.

Кез келді ақ найзаны қолға алып,
Атой сап атқа мінер Абылайлап!

Атаман арамызды аралады,
Ауыртты жүректегі жараларды.
Алынбас қамал, қорған болмаймыз ба,
Біріксе алты алаштың балалары!

Болғандай қазір бір-ай заманақыр,
Кішірейме, қазағым-ай, болма пақыр.
Алашта қыр ашықта ұлан шақыр,
Деп айтып кеткен жоқ па ед Әбубәкір!

Мұң деген қабақтарға жолады ма,
Жүрегі саз нәрсеге толады да.
Ойыңды ортаға-ау салшы, аға,
Ақыры атаманның болады ма?!

Баянғали:
Жалғайын тағы да алға өлеңімді,
Аларсың теріп ертең керегіңді.
Мұхиттың тойында мен көріп қайтқам,

Жаңағы айтқан атаман дегеніңді.

Ақынның оларға айтар жыры көп пе ед,
Мен айттым жөнге түсер түрі жоқ деп.
Атамның қаны сіңген жер-суымда
Ешкімнің әкесінің құны жоқ деп!

Оларға теріс сөзін тисын дедім,
Жеріме ынтымақпен сыйсын дедім.
Кешірім сұрап мынау қазағымнан,
Даламның топырағын сүйсін дедім!

Пиғылын шошаңдаған қойсын дедім,
Көрмедім бірақ оған ой сіңгенін.
Тып-тыныш ынтымақпен өмір сүрсін,
Ұйымын қазақтардың жойсын дедім!

Қол соғып құптап отыр халық деймін,
Қайттық қой біраз сөзге барып деймін.
Ал енді атқа мініп өзің шықсаң,
Дәл сенен қорқатыны анық деймін!

Сөзіме мына отырған ел қосылса,
Оларға Орта жүзден мен қосылсам,
Үрейі қазақтардың ұшад шығар,
Арқалы Ұлы жүзден сен қосылсаң!

Ел-жұртым бұл сөзіме сенед деймін,
Алғысын қол соғумен беред деймін,
Қазақтар анда-мында құтырғанмен,
Әділет түп-түбінде жеңед деймін!

Дұрыс қой сөзді іріге бұрғандығың,
Сүйемін елім қолын ұрғандығын.

Десек те ойлаған жөн атаманның,
Артында талай күштің тұрғандығын!..

Екеуміз жалғадық қой қатар әнді,
Төреші қарсылас қып атағанды.
Ал, бала, неғыламыз қоямыз ба,
Егерде жеңіп болсақ атаманды!

Ербол:
Сахнада сен болмасаң, жанбас па едім,
Қырандай қиядағы талмас па едім.
Қолымнан келсе мен де қазақтарды

Алатаумен бастыра салмас па едім!

Көргенің көп қой сенің азабың да,
Бұл өмір оны сірә жаза алды ма?
Ал енді сөз соңында тілегім сол –
Алланың нұры жаусын қазағыма!

Атаның айтып тұрмын өсиетін,
Бұл дәстүр осы емес пе бас иетін.
Алдында үлкен тұрып, кіші өтпейді,
Қазақтың қадірлеймін қасиетін.

Бұл халқым отыр ма екен ес жия алмай,
Жігіт ек екеуміз де естиярдай.
Доғарсақ доғарайық, созылды-ау дейм,
Бұл айтыс Мәскеудегі сессиядай!

Баянғали:
Менің де осы тілек сұрайтыным,
Білмеймін кімге қалай ұнайтынын,
Бастырсаң Алатаумен дұшпаныңды,

Шырағым, ойлағайсың ең алдымен
Алатау – өз тауыңның құлайтынын!

Бұл сөзді енді қалай ұғынар кім?
Әдейі айтып тұрмын бұның бәрін.
Егесті, қан төгісті іздемейік,
Ойлағын, соғыс болса ең алдымен

Тағы да қаракөздің қырыларын!

Бір түйін осы арада мұны дейік,
Жүрмесін ағайындар бүгін кейіп.
Біз жеңсек дұшпандарды ақыл-оймен,
Әрдайым әділетке жүгінейік!

Жөн десең осы айтысты бітіремін...
Бауырлар, түзу ұшсын түтіндерің.
Өсе бер отбасыңыз аман болып,
Қабырғаң сөгілмесін бүтін елім!!!

Ербол:
Көңілім осындайдан тасып еді,
Ойында талай жырлар жазып еді.
От тілді ауызыңнан айналайын,

Сен екенсің қазіргінің Қазыбегі!

Ал, енді күтіп тұр ғой ентелей топ,
Жүргем жоқ бұл айтыстан жерігендей боп,
Түскен соң сахнадан жүрер болдым,
Меккеде пірге сәлем бергендей боп!

«Невада-Семей» қозғалысы аясында өткен «Халық денсаулығы» атты халықаралықкөркем-публицистикалық акция (Павлодар, 1991 ж. 5-8 қыркүйек)

Баянғали мен Әселхан Қалыбекова
(Оңтүстік Қазақстан обл.)
Баянғали:
Дәм жазып Керекуге тағы келдім,

Исаның тойында әнге салып едім.
Қазағы Керекудің аз болғанмен,
Жүрегі үлкендігін танып едім.
Жат болып өз еліңде, босағада,

Қайтейін, бұйығып та қалып едің.
Ажалдың үстінде енді отырардай,
Білмеймін, бұл тағдырға нағып едің?
Сонда да елдігіңді есіңе алып,

Ақ туын азаттықтың алып едің.
Болғанмен залда сирек, далада мол,
Ассалаумағалейкум, қалың елім!

Жеңгенде жер астында жарылысты,
Қарыны ақ түйенің жарылыпты.
Олжастай арыстанның соңына ерген,
Қозғалыс мүшесінің бәрі мықты.

Тілеймін жер үстінде жеңгендігін,
Парасат, ақыл-ойдың тағылықты!

Парасат тағылықты жеңу керек,
Адамзат өз жемісін көру керек.
Әділет жеңу үшін бар адамдар,
Алдымен бір Аллаға сену керек!

Алдыңа келіп қалған соң,
Бөгеліп енді тұрмайын.
Мынау да үлкен тойыңа,
Қырғыздар келіп жатқан соң,

Рұқсат болса қазақтан,
Мен қырғызша жырлайын!

Мына отырған Әселхан.
Қайран апам тұлғасы.
Қарап тұрсам асқардай,
Бойындағы өнері,

Ол асқардан асқандай.
Тұлғасына қарасам,
Анау-мынау жігіттер
Айтысқанда Әселмен,

Реті бар ғой қашқандай.
Тебіреніп сөйлесе,
Көңілінде өлеңнің
Теңізі тулап тасқандай,

Жеті жыл бұрын Әселмен
Ойлап тұрмын, ағайын,
Айтысқам қалай жасқанбай!

Айтайын ағайынға аздап аңыз,
Екеуміз қол ұстасып самғағанбыз.
Тойында Кенекеңнің айтысқанда,
Екеуміз төбелесе жаздағанбыз!

Оу, Әселхан, бермен қарашы,
Сол айтыста қырдық қой...
Жарқылдасып тұрдық қой,
Өзің тұрдың таудай боп,

Мынау келген баланы,
Бойымменен бассам да,
Бірдеме ғып алам деп,
Мен де шықтым мына жақтан.

Таудай болған Әселді,
Бірдеңе ғып жарам деп,
Халық тұрды апырай,
Осы айтыстан бүгінгі

Екеуінің қайсысы
Өлмей тірі қалар деп!

Сол айтыста қырдық қой,
Бірақ тағы ойласам,
Балалық та болар бір кезде,
Бірталайлау уақытша

Дүрдиісіп екеуміз,
Араз да болып жүрдік қой!
Зайсанда сосын жолығып,
Түсінісіп, табысып,

Құшақтасып, бауыр боп,
Кісіліктің қадірін
Қайран, апа, білдік қой!..

Әселхан:
Баянжан, біреуі-ақсың ысылғанның,
Ол кезде нағыз өзі ең құтырғанның.
Жайнатып шоқтай сенің жанарыңды,

Мен сонда томағыңды сыпырғанмын.
Тосса да кейбіреулер беттелігін,
Болса да затым әйел ысырғанмын.
Зайсаннан сәл бұрын-ақ достасып мен,

Апалық ақ қолымды ұсынғанмын!

Ерлерді кезі заман тудыратын,
Ел үшін қынай белін будыратын.
Айтпаса осындайда түкпір сөзді,
Солқылдақ кімге керек судыр ақын.

Енді әрмен ел болғасын қалды ғой деп,
Қайтардық жердің атын, судың атын.
Өткенің өз тілімнің садағасы
Ұяттан білмегендер булығатын.

Қол жайып, дін мұсылман қазақ болдық,
Құрыды дін – апиын деп шулығатын.
Тілімді ұқ, жүрегімді ұқ, кім болсаң да,
Жайым жоқ жаятұғын қудың асын.

Қырық жыл салмақ болған полигонды
Жаптырып, кезге жеттік қудыратын.
Келеді егемендік деген батыр,
Киіп ап Қабанбайдың дулығасын.

Біз соның артындағы сарбазымыз,
Қазақтың арманы үшін ту қылатын!

Өзіңе қарағанмен біз үмітпен,
Кезінде көрген жоқсың сызылып сен.
Ол кезде суырып сап өлең айту,
Бірдей ед су тартқанмен шығырықпен.

Алматы – Көкшетаудың арасында
Атыңнан жігіт едің қыз үріккен.
Басыңмен ойлайтындай кезге кепсің,
Ол кезде ойлаушы едің жұдырықпен!

Тілі жоқ күш қарулар жарылуда.
Полигон Қызылқұмда, Сарықұмда.
Исатай, Махамбеттей батыр болған,
Полигон Еділ, Жайық, Нарыныңда.

Полигон Сарыөзек пен Семейімде,
Сау жер жоқ, бәрін тізіп берейін бе?
Көк жалын күндіз-түні күркірейді,
Бұрқылдап Байқоңырдың көмейінде.

Қандыағаш, Қарабұғаз, Сарыарқа,
Жасырын бәрі нүкте, бәрі карта.
Жер емес, қарақшылар қидалаған,
Үптелген қазынасы жарық қалта.

Маңғыстау аспанында самолеттер
Бомба атып, жаттығады жалыққанша.
Құлаған бейберекет ракеталар
Байқамай отқа күйді халық қанша.

Білмеймін, істер ме еді әскерилер
Бар ғой деп жер иесі қауіптенсе.
Жер де ауру, аспан да ауру, көк те ауру,
Жарықшақ жайдан құлар жауып қарша.

Аспанға жалтақтайды ұл-қыздарың,
Үрпиіп қырғи көрген тауықтарша.
Алашым, айқасқа шық, беліңді бу,
Жер-ана жарасынан сауыққанша!

Баянғали:
Әсеке, айта берсең, арман көп қой,
Жаңағы айтқаныңда жалған жоқ қой.
Даламның асты менен үстінде де,

Сау-тамтық жері ешбір қалған жоқ қой!

Көңілің бұл сөзіме толар деймін,
Ініңіз талай сөзге барар деймін.
Қаруға құмар болған генералдар
Ойлайтын жұдырықпен солар деймін!

Елімнің үмітін біз ақтағанбыз.
Ағалар қой дегенде тоқтағанбыз.
Дүние жындануға көшкен кезде,
Біз өзі жұдырықтан тоқтағанбыз.

Жұдырық дегеніңнен безіп, апа,
Ақылға жүгінуді жақтағанбыз!

Әр кезде жақсылықпен жарысайық.
Ақыл-ой, парасатпен алысайық.
Еліңе сәлем айтқын, қайран апай,
Даламда тыныштық боп, амандық боп,

Тойында қазақтың біз табысайық!!!

Баянғали мен Абаш Кәкенов
(Шығыс Қазақстан обл.)

Баянғали:
Теперіш көрсе дағы бөтендерден,
Сүюмен туған елді өтем деген.
Армысың, менің қайсар бауырларым,

Баянтау, Ертіс бойын мекендеген!

Қол соғып өлеңіме қосылыңыз,
Дегендей ал, Байеке, жосылыңыз.
Көсіліп, шабыттанып жырлау үшін,
Ағайын, керек еді осыныңыз!

Бар еді бізде талай ой, тілек деп,
Бүгінде бір ағамыз өтінед кеп.
Ақырындау жырласаңшы, әй, Байеке,
Алдында микрофонның секіред деп.

Ақынын түсінбеген ел емес қой,
Еліме жырламайтын мен емес қой.
Ақындар шабыттанып қозғалғанда,
Ядролық бомбаңыздан кем емес қой!

Алысып қайсар елім бомбыменен,
Жақсылық хабар алдық жеңді деген.
Мен өзім ақ ниетті балаңмын ғой,
Қайда да ақжарқын бір елді көрем!

Әскер мен саясатта айлалы көп,
Халқымның тағдырымен ойнады кеп.
Алдады-ау бәрімізді бір кездерде,
Бұл бомба зиян емес, пайдалы деп.

Халқымды осылай да алдайды екен,
Ар-ұят күштілерде болмайды екен.

Бұл бомба зиян болмай, пайда болса,
Астында Кремльдің жармай ма екен!

Не дейміз, ағайындар, бетсіздікке?
Билікті бермеу керек епсіздікке.
Бомбалар жарылса егер, білесіздер,
Жер-ана кетер сіңіп шексіздікке!

Ағайын бұл сөзімді саралайды,
Өлшеп бір санасымен бағалайды.
Бұл бомба адамзаттың тажалы ғой,
Ұлтың мен шекараңа қарамайды!

Қиқулап енді өлеңім жүрсін деймін,
Қадірін туған елім білсін деймін.
Баласы адамзаттың бір адамдай,
Тажалға тұтас қарсы тұрсын деймін!

Ал енді кеп қалыпсың, Абашым-ай,
Өлеңі болған елге жарасымды-ай.
Мінеки, қарсылас боп келіп қалдық,
Жүруші ек, ұзын-қысқа жарасып-ай!

Ақында болмасаң да ең ақылды,
Айтысты сыйлайды жұрт сен арқылы.
Өн бойы толған өлең ақ жүрегім,
Шығыстың самородный сары алтыны!

Ал, тағы да сөзден салайын,
Абашым, не деп ойлайсың?
Байеке, бүгін шыққанда,
Қырғызша ырдап жібер деп,

Қайта-қайта қоймайсың.
Бір қарасам алдыңнан,
Жұп-жуас қана қойдайсың.

Өлең сөзді төккенде,
Тулаған асау тайдайсың.

Және дағы білемін,
Жүрегіне қыздардың
Жағатұғын майдайсың.
Андай-мындай білмеймін,

Басқалар қалай ойлайды?
Ал меніңше, Абашжан,
Жүрегіме жақынсың.
Қарсы алдымнан сен бар ғой,

Жаңа туған айдайсың.
Сөз кезегін берейін,
Ал енді қане, көрейін,
Абашжан, қалай сайрайсың?!

Абаш:
Жерінен Керекудің жыр кетпесін,
Әрқашан құтты болсын құрметтері.
Амандаспай ешқашан сөз бастаман,

Амансыз ба, пайғамбардың үмбеттері!

Майраның асқақ әнге салған жері,
Мұсаның жаяу болып қалған жері.
Кейбіреудің көз тіккен арман жері,
Кереку, аманбысың, жыр дүлділі,

Исаның кіндік қаны тамған жері!

Дүбірлеп өр Алтайым, өскен елім,
Қошеметін көрерменнің қош көремін.
Керекуге дұғай-дұғай сәлем айтты,
Көк түтінге оранған Өскеменім!

Қалай сөз көмейімнен тасымайды,
Ақындар айтар сөзді жасырмайды.
Марқакөл қыз көзіндей сұлу көл ғой,
Сағынып жатыр бүгін Жасыбайды!

Өлеңге оңайлықпен құрап, аға,
Тоғыссын өлеңіміз бір арнаға.

Ел алдында өзіңе сәлем бердім,
Аманбысың, батыр Баян, қыран аға!
Қырансың кететұғын бәрін байқап,
Ақындар сахнаға шықтық қайта.

Жер сілкініп кеткендей бәрін төктің,
Шыныдағы шайыңды өзің шайқап!

Жете бер, ағатайым, арманыңа,
Кім болжайды болашақ алдағыға.
Қырғыздың шыға салып Манасын басып кеттің,
Ыбырай мен Біржан, Естай әндері қалмады ма?!

Қадірін інілердің біледі екен,
Ағаның аңқылдаған жүрегі екен.
Қазақта алдыңғы арба қалай жүрсе,
Соңғы арба ізіменен жүреді екен.

Кетемін сөздеріңе еріп деймін,
Қонақ болдық Керекуге келіп деймін.
Өзің де қырғызшалап бастадың ғой,
Қырғызша мен көрейін, еліктеймін!

Кез келіпсің алдыма-ау,
Ағатайым, Байекем,
Көңіліңе қарасам,
Кешегіден жай екен.

Киіміңе қарасам,
Қызыл, жасыл, қара, көк,
Бір өзіңе сай екен.
Келбетіңе қарасам,

Шығыстан шыққан шырайы,
Жаңа туған ай екен.
Тұлпар болып тұрсаңыз,
Қасыңдағы бұл Абаш

Шапқылаған тай екен!
Жан серігім – домбыра,
Сен де ақырын аяңда.
Қырғызша сөйлеп отырса,

Мен сөйлемей қалам ба?

Тағаланған тұлпармын,
Мұз үстінен таям ба?!
Бағым ба, әлде сорым ба,
Кез келіп тұрмын жұлқынған

Тентек шулы Баянға!

Тарихтан оқысам,
Баян деген батырсың.
Бейбітшілік заманда
Баян деген ақынсың.

Сахнаға қазақ боп,
Шығып едің, ағеке.
Бірте-бірте қырғыз боп,
Кетіп бара жатырсың!

Айтар сөзді, аға, тез,
Сен де биіктен шаласың.
Небір сөзді қиыннан,
Қиыстырып табасың.

Қасыңдағы тайыңмын,
Тобықтан қалай шаласың?
Осылайша зарлайды
Домалаған Абашың.

Қазақтың әуені құрығандай,
Қырғыздың жырладың Манасын!
Бұл қырғыздың әнінен
Қандай бақыт табасың?!

Көп елдің көрініп тұр қызғаны да,
Хақым жоқ қырғыздарды қызғануға.
Қырғызша айтып жағайын деп жатырмысың
Қыр мұрынды қырғыздың қыздарына?!

Ал енді, бұл ініңе қояр мінің,
Кемшілігі бар болса, жояр бүгін.
Жауға шапқан атақты батыр Баян,
Мен болайын соңыңа ерген Ноян інің!

Көрдің сен тартыстардың талайын-ай,
Атышулы айналайын ағайым-ай.
Шырқатып салшы бүгін өзің дағы,
Баурайында Баянтаудың Баяным-ай!

Қосылдым бұл шеруге ізгі ұлменен,
Құпиялар толып жатыр біз білмеген.
Ағаларға мың алғыс деп айтамыз,
Полигон айдаһарды тізгіндеген!

Ажалмен полигон да болды қайтыс,
Сол үшін талай болды талай тартыс.
Партия мен полигон жабылғалы,
Болып тұрған бұл бірінші әділеттік біздің айтыс!

Демеймін ағам енді бүлінеді,
Адамшылық осындайда білінеді.
Еркелеймін өзіңе, аға, келіп,
Не істейсің тыпырлаған ініңді енді?

Баянғали:
Абашжан, жұрт алдында дүр еттің де,
Қалықтап шыға келдің жыр бетіне.
Мың алғыс осы отырған көрерменге,

Қол соққан ініміздің құрметіне!

Шүкірлік, тәуір болар биылғы әнім,
Дұрыс қой ойдан-қырдан жиылғаның.
Әніне сала алмаймын дәл өзіңдей,
Біржанның аруағына сиынамын!

Мен өзім айтыс жайын көп ойлаймын,
Тізгінді босатпаймын деп ойлаймын.
Бауырлас қырғыз жырын айтып жатсам,
Қазаққа бөтен болмас деп ойлаймын!

Соңыма ертем енді тайымызды,
Байқадым, Абаш інім, жайыңызды.
Жаңасын алып келер жөнің бар ед,
Сөз қылмай төккен мынау шайымызды!

Абашым, ел сыйлаған ақын едің,
Қыздардың жүрегіне жақын едің.
Қырғыздың бір шалығы тиіпті ғой,
Балдырлап мана осында қонақ келген

Қос қызын айналдырып жатыр едің!

Ағайын-туыс, құлақ сал,
Қазақша да қырғызша.
Біздер айтқан жыр қандай,
Мына отырған ағайын,

Байқайсың ба өлеңмен
Сөйлеп кеткен кезінде
Абашымда тіл қандай?!
Қырғыздардың қызына,

Жақындасып қалып ед.
Мынаны құдай ұрғандай,
Талай сырды ұққандай,
Отыр ғой міне алдыңда.

Көңілінде дық қалмай,
Қырғыздардың қызына
Жуысып-ақ кетіп ед,
Қырғыздың жыры жұққандай!

Байқап тұрмын, ағайын,
Алдыма келіп бұл інім,
Артқы доңғалақ болам деп,
Талай сөзді аузымен

Орақ болып орғандай.
Мына отырған ағасын
Әрі-бері сүйрелеп,
Мазақ қылып тұрғандай.

Қаһарына бұл ағаң
Міне қалса осы жерде,

Бостан-босқа таяқ жеп,
Қаласың ғой сормаңдай!
Абашым, өлеңіңмен ақтың ба екен,
Қыздардың көңіліне жақтың ба екен?

Сөйлескен сұлу қыздар қырғыздағы,
Солардың тілін енді таптың ба екен?

Отыр ғой ағайындар құп алып та,
Діттеген жерінен біз шығалық та.
Қырғыздың қыздарына ойың кетсе,
Ағаңды жіберерсің құдалыққа!

Абаш:
Уақыт бер, ағажаным, толғануға,
Серігім – жан домбырам сай қолымда.
Ұқпаса тілімді қырғыз ұқпасыншы,

Қазағымның ұққаны болғаны да!

Және де алмас қылыш жарқылдаған,
Мінезіңнен айналдым аңқылдаған.
Ағамыздың шайы да бітіп қалды,
Қарындас қайда жүр жауырыны жалтылдаған!

Ағамыз оңай жауап бере салды,
Көкшенің атышулы, жер асылы.
Ұрпағым жырлайды деп ойлады ма,
Найзаға шаншылғанда Кенесары!..

Жасымнан жыр, өнерге араластым,
Ойлағам жоқ қамын тек қара бастың.
Баян аға, ініңді сыйлай отыр.
Жүрегіне Ноян деген бұл ініңнің,

Садағыңнын жебесін қадамассың!

Дұрыс қой домбыраны қолына алса,
Тіліңнен жыр шумағы бүгін тамса.
Ал, аға, кезегіңді ала қойшы,
Шөлдеген сусыныңыз енді қанса!

Баянғали:
Абашжан, топ алдында ырғаласың,
Кей-кейде артық кетер бір баласың.
Қос-қостан шайын ішсем қарындастың,

Ертістің суын несін қызғанасың!..

Абашжан, мен өзіңді сыйлағанмын,
Ішіме саған өлең жинамадым.
Өзіңдей інілердің артық сөзін,
Ұстап ап жеңуге мен қимағанмын.

Десек те есіңе алдың Кенекеңді,
Анық қой Кенекеңнің ер екені.
Айрылып Кенесары, Наурызбайдан,
Кетіп ед, беу, қазағым, берекең де!

Өлеңді сен айтасың тақылдатып,
Отырған ағайынға мақұлдатып.
Қырғызбен жауластырмақ боп отсың ба?
Мен жүрсем қос халықты жақындатып!

Ел саған қолын соқты жарайсың деп,
Өзіңді үлкен ақын санайсың кеп.
Мен отырмын қырғыздың қыздарына
Сен енді қай бетіңмен қарайсың деп!

Өлеңім айта берсем толығады,
Қол соқса ағайындар молығады.
Біліп қой, Абаш інім, бұл жалғанда,
Кек қуған кекке ғана жолығады!

Ақынның жетеді елге толғау үні,
Болмайды айтатұғын жалған мұңы,
Ақталып Кенесары атамыз да,
Жатыр ғой ақындардың самғап үні!

Өлеңді біз теріске бұрмайық деп,
Бөгеліп топ алдында тұрмайық деп,
Мен саған, Абаш інім, тағы айтамын,
Ешқашан ескі кекті қумайық деп.

Біз келдік Керекуге осы айтысқа,
Адамшылық, достықты жырлайық деп.

Қазақтың жаңғыртамын атырабын,
Шалқытып ата-баба ақын әнін.
Партия-мартияңды мен білмеймін,
Халқымды хақ жолына шақырамын!!!

Абаш:
Білерсің ойларымды жыр астардан,
Жетпей қалды шайың, аға, ырас маған.
Ертістің суын көп іше бер сен,

Өскеменнен қоқсық төгіп ыластанған!

Ақын ба айтар сөзін құрамаған,
Қазақпыз қазағым деп ұрандаған.
Ашуланып қалдың ба ел алдында,
Қабағын түйіп отыр қыран ағам.

Қатайып келе жатыр топшылары,
Биіктен сорғаласа от шығады.
Тырнағына ілініп кетер ме екен,
Алтайдың мен сияқты көк шуланы!

Өзіңнің соңыңа ерген бір ініңмін,
Бұрқыратып өтемін жыр құйынын.
Қыранды жағалайтыи әдетім ед,
Өйткені Тарбағатай тұйғынымын!

Дұрыс қой мойныңызды бұрғаның да,
Артыңда шумақ-шумақ жыр қалуда.
«Қырғыз қызын ал» деп, аға, үгіттеме,
Неғылам қазақтың қаракөзі тұрғанында!

Баянғали:
Абашжан, мен сөзіңе қосылмаймын,
Айтпайды деп ойлап ем осы жайын.
Қазақтың дастарханы арам емес,

Сондықтан мына шайдан шошымаймын!

Бұл өзі дәм болады шай болғанмен,
Көңілге жағатұғын жай болғанмен.
Пейілі қазағымның тап-таза ғой,
Сулары Ертісімнің лай болғанмен.

Ақылы інілердің кем болады,
Кей-кейде токтайтұғын жер болады.
Ішіміз осы шайдан ауырса егер,
Халқымның ықыласы ем болады!

Бір ойды аңдап отыр елім енді,
Бұл сөзден інім қалай шегінеді?
Қырғызбен егес жайын айтқан кезде,
Абашжан, тоқтайтұғын жерің еді!

Өлеңді ағыл-тегіл ағытқайсың,
Қырандай көк жүзінде қалықтайсың.
Кей-кейде жеңіл сөзді өлең қылып,
Айтудан қалай, ботам, жалықпайсың?!

Разымын мына жұртты күлдіргенге,
Бұл ағаң інісіне ілдірген бе?
Ол рас, қабағымыз түйіледі,
Інілер кейде сөзді бүлдіргенде!

Республика күніне арналған айтыс
(Алматы, 1991 ж. 5-6 қазан)

Баянғали мен Әнуар Омаров
(Жезқазған қ.)

Баянғали:
Өлеңді жас балалар ұшырғандай,
Сый-құрмет ел-жұртына ұсынғандай.
Дүбірін жас тұлпарлар естігенде,

Өкпесі кәрі тарлан қысылғандай.
Сонда да басымды иіп сәлем бердім,
Алдыңда бой ұсынған мұсылмандай!

Мұрнымды Шорабектің сөз қылуын
Көрдіңдер және өлеңді тез құруын.
Мұрнымды жырлап-жырлап Шорабегім,
Құшақтап кете барды өз мұрынын!

Шорабек тұрып кетсе кішірейіп,
Көңілден арам ойды өшірейік.
Сахнада өлең құрау оңай емес,
Жағдайын ақындардың түсінейік.

Арманын танық етіп ақындардың,
Болса егер қатасын біз кешірейік.
Қонысбай, Шорабектің құрметіне
Қол соғып мерейлерін өсірейік!

Көкейден анық еді ұшқан әні,
Демеңдер мынау нені тұспалдады?
Бауырлар, ақындарды аялайық,
Онсыз да аз емес қой дұшпандары!

Арналсын туған елге жырым енді,
Қол соқсаң қызыл тілім жүгіреді.
Өткенде бір полковник, ГКЧП
Келгенде көрер ем деп кіжінеді!

Болар ем ақындарға қатаң дейді,
Шетінен тізіп қойып атам дейді.
Атпасам, ақындарды қамап қойып,
Үйімде сонда тыныш жатам дейді!

Бұл сөзді, ағайындар, мақұлдадың,
Мен несін бостан-босқа тақылдадым?
Қатаңдық жолын ұстап жүрген жандар
Бір кезде құртқан қазақ ақындарын.

Ел болып қайран қазақ сақтап қалсын,
Ақындай бетке ұстаған батырларын!

Бұл сөзді ойымызға алу керек,
От болып бәрімізге жану керек.
Бюрократ, партократ бәрі құрып,
Бар халық демократ болу керек!

Басталды өстіп менің жырым, бала,
Белгілі маған сенің сырың, бала.
Айтыстық Керекуде біз екеуміз,
Осыдан бірер апта бұрын ғана.

Ішінде студенттің сұлу бала,
Қырандай қалықтады жырың бала.
Ол кезде сыйлап едің сен ағаңды,
Ал енді неғыласың бүгін, бала?!

Әнуар:
Кезім жоқ өзімді ерек бағалаған,
Елімен өсіп алға барады адам.
Жібек жал, күлте құйрық жыр күтсеңіз,

Көңілді дөрекі боп жараламан.

Мен де бір саяхатшы жас баламын,
Өмірдің ну орманын аралаған.
Алдыңа ізетпенен сәлем беріп,
Тағы да келіп қалды қара балаң!

Мұндайда кұшағымды айқара алам,
Сөзімді қарсыласқа сай таба алам.
Шыққанда ел алдына толғаныспен,
Ақтарып барлық сырын айтады адам.

Көзіңе әр нәрсе де түскіш болад,
Жай уақта қарап жүріп байқамаған.
Байеке, аға болып келе алсаңыз,
Іні боп құшағымды айқара ашам.

Жолыңа түсіп алсаң сүрінбейтін,
Сен де бір жорғасың ғой тайпалаған!

Сөзің бар атыстырған, шабыстырған,
Кішінің қабырғасын қабыстырған.
Біздерді бақ па әлде сор ма екен,
Тағы да астанада табыстырған.

Бәрібір ұтылам ба, ұтамын ба,
Ағамның кетемін бе тұтамында?
Екеуміз жырдан ағын өзен болып,
Шомылып жүреміз бе құшағында.

Қасқайып бәйтерек боп сіз тұрсаңыз,
Сайрап мен отырамын бұтағыңда!

Сөздерің жарағандай дәрілікке,
Бірақ та ұнамайды әріліктен.
Түсінбей қалып кейін жатырмын мен,
Тағы не атыс, шабыс бәрің үріккен.

Қырықта қылшылдаған дер кезіңде,
Ертерек мойындапсың кәрілікке.
Бұл інің сахнада саспайды, аға,
Түйдектеп жырын төгіп тастайды, аға.

Жырыңды төге бергін сауылдатып,
Өзіңмен айтысудан қашпайм, аға,
Қырықта бәрің бірдей шал боп жатсаң,
Біздерді ертең кімдер бастайды, аға?!

Ақынсың сұсы басым, мысы басым,
Қағыссаң жеңетұғын күші басым.
Мұндайда байқап егер жырламасам,
Сөзіңнен өзің оқтай ұшынасың.

Әсия кетіп еді космосқа,
Ал мені енді қайда ұшырасың?!

Баянғали:
Қанеки, от боп лаулап жансаң дағы,
Көрейін сен жағамнан алсаң дағы.
Майыспай көтерейін бәйтерек боп,

Бір өзің тек асылмай бұтағыма,
Барлығың келіп ұя салсаң дағы!

Сен айттың айналайын нұсқа әзілді,
Қалжыңмен қажадың кеп ұстазыңды.
Мен айтсам кәрімін деп, айтып едім,
Шырағым, айтыстағы стажымды!

Бұл сөзге ағайындар күлер деймін,
Бұл бала мені талай ілер деймін.
Шырағым, кәріміз бе, жаспыз ба енді,
Ол жағын келіншектер білер деймін!

Бұл сөзім қалай болды, ұғып тұрмын,
Ініммен әзілдеуді біліп тұрмын.
Шынында стажымыз үлкендеу ед,
Айтысқа жетпіс бесінші рет шығып тұрмын!

Мен саған достық ниет ұсынайын,
Несіне топ алдында қысылайын.
Шырағым, қыран болсаң, дархан болсаң,
Артынан Әсияның ұшырайын!

Бұл дағы сөз айтуға себеп шығар,
Сөзімді ұғар бала зерек шығар.
Ғарышқа барып енді ән салуға
Өзіңдей студент те керек шығар!

Түзетіп мен айтайын векторымды,
Ал, халқым, тыңдаңыздар лекторыңды.
Артыңнан стипендия сап тұратын
Ұшырам деканың мен ректорыңды.

Мен өзім қолың соқсаң есілемін,
Шырқаймын, шабыттанып, шешілемін.
Көңліме жақса егер, інім, сені,
Түп-түгел курсыңмен космосқа көшіремін!

Өлеңім өн бойымнан сауласын де,
Ел отыр алақанға аунасын деп.
Ұшырам жастарымды сол ғарышты
Жастары қазағымның жауласын деп.

Бұл сөзім көкейіңе жеткен еді,
Алдыңда Баян өлең төккен еді.
Ғарышқа топ-тобыңмен ұшу керек,
Ызасы сол ғарыштың өткен еді.

Ғарышқа аман-есен қону керек,
Қырандай қияларды шолу керек.
Сан жылдар зарықтырған сол космос,
Ал енді қазақтыкі болу керек!

Сонан соң бізге қазақ өсу керек,
Мақтанып содан кейін бөсу керек.
Алланың ақ жолынан бетті бұрмай,
Әр істі әділетпен шешу керек.

Ғарышқа түгел қазақ ұшып барып,
Бастарын адамзаттың қосу керек!

Ағаңның ой, екпін бар сөздерінде,
Сенің де от бар екен көздеріңде.
Дәм жазса, айналайын, сол ғарышқа
Менсіз де ұшарсыңдар өздерің де.

Әнуар:
Жастарды деуші еді ғой өмір гүлі,
Ағаның үстімізден төгілді үні.
Ініге оңды көзін қадап отыр,

Мысымен дегендейін жеңіл міні.
Стажды, ей, ағалар, айтып жатсың,
Стажда бар ма нелер жеңілдігі?

Бұл ағам шабытпенен ағылды ғой,
Бірақ та ұрынбасқа қағылды ғой.
Демеймін қатты бұл да жаңғақ еді,
Бұл жерде жас баладан шағылды ғой.

Байқоңыр ауылымда қалып еді
Жанымнан тағы бірі табылды ғой.

Ағылып жауап берген кездеріңде,
Ініңнің от-жалынын сезбедің бе?
Ұшырса өзім ұшып барар едім,
Ұшқанын қалаймын ғой өзгенің де.

Қазаққа жер бетінде күн бермеді,
Содан соң айды, аға, көздедің бе?

Өзіңнен қиын болар ұтылмағым,
Осы ғой жауап беріп сытылмағым.
Аға боп демеп сен де көресің ғой,
Ініңнің қаламасаң тұтылғанын.

Айға мен ұшып барып жатсам дағы,
Ректор мен декандардан құтылмадым.

Сөзіңмен ініңізді жігерлепсің,
Айтысқа бұл да басын тігер депсің.
Айтысқа содан қашып келіп тұрсам,
Артымнан айға да, аға, жібермексің!

Баянғали:
Бұл інім біраз сөзбен түйреді ғой,
Қиялын ойға-қырға сүйреді ғой.
Байқоңыр өзімізде болғанменен,

Билігі өз қолыңа тимеді ғой!

Мен сені інімсің деп мақтадым ғой,
Осы жерде сөз арнасын тапқаным ғой.
Сонан соң сол ғарыштың билігін ап,
Өзімше кесіп-пішіп жатқаным ғой.

Ректорға стипендия тасытсам да,
Студент ініме мен жақпадым ғой.

Сөзім жұртқа барады ұнап деймін,
Барады біздің айтыс ұзап деймін.
Ректор мен деканыңыз өздеріңе
Шырағым, ғарышкерлер, қызметші боп

Ауылдан қазы-қарта тасып тұрад деймін.

Баласың, әлі алдыңда арманың көп,
Байқаймын, өлең сөзге талғамың көп.
Стажды сөзің үшін айтып жатырм,
Әйтпесе беделімді салғаным жоқ.

Танып тұрмын, өлеңіңмен еркелісің,
Айтарсың тағы тауып ендігісін.
Жастарым ғарыш жаққа ұша берсін,
Мен өзім жөндеймін ғой жердегісін.

Әнуар:
Сөзіңнің шайқалдым ғой дауылына,
Бармын ғой қорғасындай ауырыңа.
Балықтай еркін жүзіп отыр едім,

Ағаның мықты екен ғой ауы мына.
Артымнан қазы-қарта таситұғын,
Деканым айналды ғой бауырыма.

Күн сайын келіп, кетіп тұратұғын,
Ай деген туысқанның ауылы ма?
Корабль – заманымның нар кемесі,
Ағамның құп болды ғой өр кеңесі.

Белгілі күнде киіп шешетұғын,
Бәленің аяқтағы шәрке емесі.
Ғарышты тіліп өтсе Тоқтар ағам,
Қазақтың бірге ұшты ғой мәртебесі.

Көресің осындайда жастан бақыт,
Өзіме-өзім деймін жақсам бақыт.
Сол ағам Байқоңырдан ұшып шығып,
Бастағы бағымызды аспандатып.

Қай жігіт елім десе сабылмайды,
Қызбасаң, өлең шіркін ағылмайды.
Қызынып шабыт келіп түрған кезде,
Аузымыз өлеңнен бір жабылмайды.

Бұл ағам жайымызды ойлап біздің,
Төгеді гәуһар жырын лағылдай-ды.
Күн сайын қазы-қарта жіберем деп,
Ауызы уәдеден жабылмайды.

Айға оны жібересің қайдан алып,
Бұл күнде жеріңде де табылмайды?!

Баянғали:
Ағытып топ алдында тәуір әнін,
Өлеңнің келтірді ғой бауыр дәмін.
Шүкірлік, қазы-қарта табылады,

Қазағым аман болса ауылдарың!

Айтпасаң осы жағын нетер едік,
Екеуміз осы жерден кетер едік.
Мен ойлайм, қазы-қарта ғарышқа ұшсаң,
Өзіңе де, деканыңа да жетеді деп.

Қазақтың мен мақтайын ауылдарын,
Белгілі ауылды енді сағынғаның.
Ауылдың құрметіне қол соғыңдар,
Бәріңнің ауылда ғой тамырларың!

Ауылым – қол жетпейтін арман ауыл,
Қазақты сақтап тұрған заңғар ауыл.
Бір кезде саясаттың салқынынан
Тапталып аяқасты қалған ауыл.

Сонда да есін жиып, бас көтеріп,
Ерлігін енді есіне алған ауыл.
Барлығын ауызынан жырып беріп,
Сіздерге, астанаға салған ауыл!

Қиындық, көп бейнетті көрген ауыл,
Қайыспай соның бәрін жеңген ауыл.
Қазақты асыраса ештеңе емес,
Өсірген астығы мен ет пен майын

Алысқа, Мәскеуге де берген ауыл!

Қалаға бәрін жырып берген ауыл,
Әмірге не десе де көнген ауыл.
Тіреліп тығырыққа осы күні
Жартылай өшіп, сөніп, өлген ауыл.

Сонда да қаладағы ұлдарына,
Әлі де сенім артып келген ауыл!

Бәріңді сүйеді ауыл «құлыным» деп,
Аман-сау, үзілмесін жұлының деп.
Сонда да ауылдарға қоқаңдайтын
Білесіз, әлі біздің ұлығың көп.

Басқасын айтпағанда, кей ауылдың,
Әлі де монша менен құлыбы жоқ,
Ауылға қамқорлықты жасамаған
Адамның құдай сүйер қылығы жоқ!

Сырымды менің айтқан ұғыныңдар,
Айтатын сөзді талай құлының бар.

Ғарышқа қол созған да дұрыс шығар,
Десек те қазағымды сақтау үшін
Алдымен ауыл жаққа бұрылыңдар!
Мәпелеп бәрімізді өсірдіңдер,

Қылықты анау-мынау кешіріңдер.
Еңсесін қазағымның тіктесеңдер,
Мерейін енді ауылдың өсіріңдер!

Ақындар шындық сөзді жасырмайды,
Шындықпен патшаға да бас ұрмайды.
Ауылды көркейтсеңдер, өсірсеңдер,
Ол ауыл жалғыз мынау қалаң емес,

Сонау бір ғарышты да асырайды!

Әнуар:
Өлең бе осындайда құйылмаған,
Мен емес көңіліңнен сый ұрлаған.
Айтысты көреміз деп тамашалап,

Осынша залға толып жиылмаған.
Ауылда өскен бала қалада жүр,
Талайы келіп жүред биыл маған.
Біздерге қазы-қарта қайдан келсін,

Жетпіс жыл жасағанда бұйырмаған!

Сенімді ел алдында ақтайсыңдар,
Осылай көсіліп бір шаппайсыңдар.
Ауылды тастап кеткен жетім қозы,
Жастарым, енді қайтіп таппайсыңдар.

Бір күнде қабырғасы бос қалған соң,
Ауылды бүгін енді мақтайсыңдар.

Мен өзім өлеңнен жіп ескен бала,
Төбесін талайлардың тескен бала.
Ауылды мақтағаның ұнап барад,
Шығармас сол еді ғой естен ғана.

Ақ боз ат сахнада мінбегенмен,
Шыбықтан тұлпар мініп өскен бала.

Жылуы болсын сөздің шоққа лайық,
Талайды айтуға әлі оқталайық.

Үлкеннің сөзі жерде қалмаушы еді,
Ал енді тоқта десе тоқталайық.
Әлі де талай келіп алдарыңа,
Жырымды төгемін ғой топқа лайық!

Баянғали:
Ағайын, тоқта десең тоқталайын,
Демеймін жағасынан ап қалайын.
Мерейі ініміздің өсе берсін,

Ал енді ғарыш жаққа інім ұшып,
Мен өзім ауылыма аттанайын!

«Кенші еңбегін мадақтайық!» атты республикалық айтыс
(Жезқазған кеніші, 1992 ж. 1-2 ақпан)

Баянғали мен Әселхан Қалыбекова
(Оңтүстік Қазақстан обл.)

Баянғали:
Дәм жазып алдарыңа қайта келдім,
Тойыңа құтты болсын айта келдім.
Бір жұтым Көкшетаудың таза ауасын

Сендерге алып келдім, байтақ елім!

Туған ел өз байлығын еншілер ме?
Шүкірлік, қарамаймыз көршілерге.
Адамды ізгілікке шақырған ғой,
Жіберген Раббым Алла, елшілер де.

Тілеймін Раббым Алла жар болсын деп,
Көз емес, терін сауған кеншілерге!

Куәсі болып жүрміз нарлығыңның,
Сүйемін беттеріңнен барлығыңның.
«Баянжан жұқаларды қиратад» деп,
Мінеки, дәу апама салды бүгін!

Е-ей, ағайын, сөзден бастайын,
Мына келген дәу апам,
Қарсы алдынан қарасам,
Алатаудай көрінед,

Қаратаудай көрінед,
Ағыл-тегіл жырласа,
Ауызынан өңшең бір

Лағыл, маржан төгілед,
Сілкініп қойып жырласа,
Жанартаудай көрінед,
Менен басқа ақындар

Мына отырған апамнан
Қорқатұғын көрінед!..

Мына келген апамның
Оң жағында ақ алтын,
Сол жағында қара алтын,
Тоқетерін айтқанда,

Осы таудай апамның
Өне бойы бәрі алтын!

Е-ей, тағы да сөз бастайын,
Кеншілерді мақтайын.
Мен айтайын, апатай,
Сенің өзің санап ал.

Біздің шығыс кеніште
Жиырма шақты Женя бар,
Отыз шақты Оля бар,
Қырық шақты Коля бар,

Елу шақты Евгений,
Алпыс шақты Аня бар,
Арасында Алма бар!
Жетпіс шақты Женя мен

Сексен сегіз Сергей мен
Тоқсан тоғыз Толя бар!
Осыларды басқарып,
Жұмыс қылып жүргізген

Ағыбаев Әмзе деген
Бір кішкентай қара бар!..

Талай, талай заңғар бар,
Әбдіхалық, Иса мен
Тобылжан мен Шамған бар.
Талай забойды жарғандар,

Сіздей, сіздей кендерді

Саусақпен шертіп алғандар.
Алтын менен мысыңды,
Тоннасымен түк қоймай,
Москваға айдап салғандар!

Ойлап тұрсам, ағайын,
Көкейде талай арман бар.
Осы жерде байқасам,
Аналар бар, ағалар,

Еңбек сауып қартайған,
Талай, талай жандар бар,
Бас иемін сендерге.
Денсаулық пен жастығы

Жер астында қалғандар!!!

Әселхан:
Ризамын өздеріңді көргеніме,
Ешқашан өкінбеймін келгеніме.
Тағы да басымды иіп сәлем берем,

Жездіге, Жезқазғанға, Жәйреміңе!

Баянжан, жырың жақсы еркіндеген,
Қыздарды табынтасың көркіңменен.
Шетелдің рингтегі боксерындай,
Түріңнен айналайын селкілдеген!

Кетпейді соғыс лаңы құлағымнан...
Қорғасын заводында Шымкенттің,
Әрбір он оқтың тоғызы шығарылған.
Майданның көрген білер анық атын,

Екі үйдің бірі қара жамылатын.

Жауына Жезқазғанның рудасы
Бомба боп, снаряд боп жарылатын.
Майданға қару керек жалындаған...
Балмұқан Аймаханов деген кенші,

Жоспарын қырық есе орындаған.

Асты сыз, іші суық тігіп шатыр,
Қалмаған жарамдылар іске татыр.
Бір өзі қырық жанға тең келсе де,
Елеусіз, ескерусіз бүгін жатыр!

Тепкіні, теперішті көрген елміз,
Жанды да Отан үшін пида қылып,
Ертеңгі болашаққа сенген елміз.
Сол сезім, сол сенімнің арқасында,

Фашисті бас көтертпей жеңген елміз.

Іргесі осы Одақтың ыдырады,
Түсінбей жүргендер көп бұны да әлі.
Бөлінсе бөрі жейтін бөлтір асын,
Жамандық қалай-қалай құбылады?

Өткенді енді бүгін саралаймыз,
Беруге бар, алуға шалағаймыз.
Қаперден көршілері тонап кеткен
Жалаңбұт сызда отырған баладаймыз...

Бастанбай болмайды енді іріленбей,
Дүние шайқақтайды бүлінердей.
Жеңіс жоқ бауырларға жалғаспасақ,
Бірі – етек, бірі – жаға, бірі – жеңдей!

Қазына қалған мынау саяңда тұр,
Бұл өмір жеткізбейді аяңға құр.
Тарихты сендей білер бір адам жоқ,
Ар жағын жалға, інім, Баян батыр!

Баянғали:
Әсеке, айналайын, желпініңіз,
Анық қой мына жұртқа кеңдігіңіз.
Мен сіздің сөзіңізге қосыламын,

Оралсын туған елге ерлігіміз.
Тең болса қазақ жұрттың бәріменен,
Асқақтай бермек сонда елдігіміз!

Бұл сөзбен болмас сіздің таласыңыз,
Жазайық туған елдің жарасын біз.
Фашисті жеңіп қайтқан Тақан шалдың
Біз дағы құйындатқан баласымыз.

Барайын енді сөздің төтесіне,
Жетеді-ау тыңдағанның жетесіне.
Жарасы сұм соғыстың жазылған жоқ,
Әкемнің снаряд бар шекесінде!..

Апатай, үйдедіңіз, бүйдедіңіз,
Боксер деп бұл ініңді түйредіңіз.
Сіз дағы құр қалмаңыз, Юныңыздан,
Біраз күн таэквондо үйреніңіз!

Бұл сөзім тыңдаушыға ұнағандай,
Секір деп мына менен сұрағандай.
Бұл жерде мен секірсем дәнеңе емес,
Егер де дәу апамыз қозғалса ғой,

Жезқазған опырылып құлағандай!!!

Бұл сөзді тыңдағандар дұрыс дейді,
Айтасың, Баянжаным, ірі іс дейді.
Өйткені кен байлығын талап алған,
Асты енді туған жердің қуыс дейді!

Азамат өтер дәйім елін сүйіп,
Әсемдеп, туып-өскен жерін сүйіп.
Тағдырын Жезқазғанның абайлаңдар,
Қалмасын Қарсақбайдың кебін киіп!!!

Шетелдер біздерден де алтын алған,
Байлықтың түгін қоймай сарқып алған.
Пайдаға батып алып қаңғып кеткен,
Тек қана туып-өскен халқы қалған!

Қона ма көкейіңе сөздеріміз?
Жанғандай шырадай боп көздеріңіз.

Ағайын, байлығыңа ие болып,
Билеңдер өз жеріңді өздеріңіз!!!

Әселхан:
Шығыста Руслан Юн' жүріпті,
Ісі оның бәрі бірдей тыңғылықты.
Халқының қажетіне жарайтұғын,

Кезінде шаруашылық құрдырыпты.

Қазіргі Урумовың2 жүргізе алмай,
Жаптырып сол шаруаны тындырыпты.
Еті мен сүтінен де айрылған соң,
Кеншілер кешіре ме бұл қылықты?!

Емес қой малың семіз, қора мықты,
Ел қамы көңіліне оның оралыпты.
Біреуің айтпадыңдар, шығыстықтар,
Кешегі Вовченко мен Омаровты.

Ел үшін қызмет етем, ел кезем деп,
Шығыпты жолы құрғыр көлбелеңдеп.
Үйінен ширығып кеткен жандар,
Үйіне қайтыпты ғой көлденеңдеп.

Өзің мынау кемітіп алған есебіңді,
Айтпаған мен айтайын кеселіңді,
Батырды сен айтпасаң мен жоқтаймын,
Ұмытсаң кім болғаның кешегіңді!

-------------------------------
Юн – Оңтүстік кенішінің басшысы
Урумов – Шығыс кенішінің басшысы.

Баянғали:
Құйылған өлең енді ойлы болсын,
Ағайын, асық жілік майлы болсын.
Дүниеден Вовченкө енді өтіп кетсе,

Марқұмның жатқан жері жайлы болсын.

Ол дағы осы жерде жүрген екен,
Жұмыстың жайын жақсы білген екен.
Кеншілер жақсы айтады ол кісіні,
Еңбегі Вовченконың сіңген екен!

Бұл сөзді тағы да алға жалға деймін,
Апама қыран құстай самға деймін.
Өлгеннің артынан енді өлмек жоқ қой,
Тірілер тәуір ісін жалғар деймін!

Апатай, қандай сөзге барасың, ә?!
Ініңе шындап кінә тағасың ба?
Отырсың таудай болып араласып,
Корей мен осетиннің арасына!

Мен бүгін танымадым мұныңызды,
Айтарсыз беу, апатай, шыныңызды,
Отырып таудай апа қайта-қайта,
Қоймастан мақтайсыз ғой Юныңызды!

Ақындар ел үмітін ақтау керек,
Көңілін тыңдағанның таппау бөлек!
Қайтеміз Урумов пен Юнды мақтап,
Отырған еңбекші елді мақтау керек!

Сөзіне ақындардың сену керек,
Тек қана жақсылыққа еру керек.
Еңбегі сіңген елдің бәріне де
Бір-бірден алтын жұлдыз беру керек!

Қазағым туған елін сүйіп тұрсын,
Ел үшін оттай лаулап күйіп тұрсын.
Еңбегі туған елге риясыз боп,
Медаль мен ордендерден биік тұрсын!

Мақтадың беу, апатай, істеріңді,
Танытып жатырмын деп күштеріңді.
Ал енді айтып көрші, қайран апа,
Алдыгүні бір шахтаға түскеніңді!

Көкейге талай сырды түйдің бе екен?
Ойыңа отты өлеңді жидың ба екен?
Шахтаға түсеріңде, қайран апам,
Үстіне кенші киімін киді ме екен?

Кен қазып, жүдеп жүрген бауырлардың,
Киімі саған, апа, сыйды ма екен?!!

Әселхан:
Несіне тайынамыз суға келіп,
Анадан алып болып туған едік.
Абырой болды мына Жезқазғанға,

Кәстөмі Темірланның3 тура келіп!

Баянжан, көп қылықтан қапы қалдық,
Жаза алмай жарамызды жатып алдық.
Естектің құла атындай дипломды,
Көбіміз оқымастан сатып алдық.

Ержетіп білім іздеп талпынғанның
Алдына көлденеңдеп жатып алдық.
Ақшасы, сүйеуі жоқ ол бейшара
Оқымақ түгілі кетті басы қаңғып.

Ақындар тіл жеткенше айтады ғой,
Халқына ой тудыра ашынарлық!

Білімсіз оқығандар қаңғырып жүр,
Қаржысын үкіметтің сапырып жүр.
Ғылымды сиыр қылып сауып ішіп,
Тұмсығын балқаймаққа батырып жүр.

Елімді қиындықтан шығарам деп,
Ақылды ойламастан қапылып жүр.
Ақыры өзімізден маман таппай,
Корей мен Сингапурден шақырып жүр!

Мақтанба деген Абай ғылым таппай,
Жүргенді жіберейік беттен қақпай.
Тізгінін өнер-білім кім ұстайды,
Кен қазып, қойды бағып кетсек жаппай?

Жастарым, ғылымды ырғын меңгеріңдер
Еңбектен халқың үшін текке жатпай!

Бұл қазақ қайығы бар, ескексіздей,
Іздейік уақытты текке өткізбей.
Иығымыз басқалармен теңелмейді,
Ғылымның тұтқасына қол жеткізбей!..

------------------------------------
Темірлан Урумов – Жезқазғанның барлық кеніштерінің басшысы.

Баянғали:
Апам кеп, Жезқазғаның сасқан екен,
Киімін Урумовтың тапқан екен.
Әселхан апамызға шақ келсін деп,

Қазағым оны жақсы баққан екен!

Өлеңі апамыздың теңіз болсын,
Жақсылық әрқашанда егіз болсын,
Қазағым бастықтарды баға бермей,
Қарапайым кеншілер де семіз болсын!!!

Әселхан:
... Жаныңа жақындаймын ұққан сайын,
Әйелдер, тоғысыңдар тәуба қылып.
Шахтадан азаматың шыққан сайын!..

Бойыңа бар байлықты еншілегін,
Айтайын бірер ауыз ел тілегін,
Кигенде өз киімін өздеріне,
Жани түс жігеріңді, кеншілерім.

Тағы да есендікпен кездесейік,
Қайырмай қызыл мыстың мершімерін!

Өлеңнің сорғалатып көк дауылын,
Кеншінің ырза қылдық көп қауымын.
Ер едің сен дағы бір асып туған,
Көкшеге аман-есен жет, бауырым!!!

Қосжан Мүсіреповтың 60 жылдығы мен Нұралы Нысанбайұлының 135 жылдығына арналған республикалық айтыс (Оңтүстік Қазақстан обл. Бөген ауданы, Темірлан, 1992 ж. 7-10 мамыр)

Баянғали мен Шорабек Айдаров
(Жамбыл обл.)

Баянғали:
Жалғансын бүгін тағы тойдағы өлең,
Айтылсын ағыл-тегіл ойдағы өлең.
Ағылып біз сөйлейік Жеңіс күні,

Ақ шашты жолыққанда майдангермен.
Ағайын, дұғаларың тие берсін,
Кешегі аруақтарға майданда өлген.
Осындай жоқшылықта ақындарды,

Мінеки, той тойлатып қойған Бөген.
Еске алып Қосжан менен Нұралыны,
Қанатын еркін керіп жайған Бөген.
Бас иіп, сәлем бердім, армысыңдар,

Киелі, қасиетті, қайран Бөген!

Сәлемді өздеріңе арнай келдім,
Десеңдер бұл айтысқа қалай келдің?
Тып-тыныш ауылымда жатқанымда,
Бөгенге келем деген ой бар ма едің?

Звондап таңғы алтыда Бегәлиев,
Тұра сап, қанатымды қомдай бердім.
Мініп ап “Кеңащының” көк жорғасын,
Көкшетау қайдасың деп заулай бердім,

Үлгеріп, әупірімдеп самолетке,

Шымкентім, қайдасың деп самғай бердім,
Отырар, Ордабасы, Қаратауға,
Сәлемін Көкшетаудың жолдай келдім.
Солтүстік Оңтүстік пен екі қанат,

Ортасын жүрегіммен жалғай келдім!

Біреулер Шорабекті негр деді,
Тәніңе қадалатын шөгір деді.
Біреулер түтін сіңген тұрба деді,
Біреулер түтіндеткен көмір деді.

Біреулер Шорабекті қарға деді,
Қасына отырып ап зарла деді.
Қысқасы, анау деді, мынау деді,
Құбыжық бұдан өткен бар ма деді.

Бұл сөзге ағайынның күлері бар,
Байқаймын, күлген нені білері бар.
Келбеті андай-мұндай болғанымен,
Аққудай мұның аппақ жүрегі бар.

Біз қалай айтар сөзде ағылмаймыз,
Қасынан досымыздың табылмаймыз.
Сыртынан ақындардың тон пішкенше,
Жүрегін неге, жұртым, танымаймыз?

Айтайын тағы мен жалғап,
Шорабек досым, сөзім шын,
Сені даттап жүргендер,
Шыбын жаннан безінсін.

Мен айтамын шынымды,
Бүгінгі мынау айтыста,
Аққуым да өзіңсің,
Гәккуім де өзіңсің!

Теңеудің бұл Шорабек шахтасындай,
Сом алтын әр теңеуі ат басындай.

Бозарып отырғаны ауылдағы
Мектептің бор қажаған тақтасындай.
Отыр ғой қарауытып алдымызда,
Май сіңген шырағданның мақтасындай.

Бұл сөзім Шорабекке шабыт берсін,
Жүрегі шырағдандай жанып берсін.
Алла деп толғап жібер Шорабегім,
Халыққа ақын жүрек жарық берсін!

Шорабек:
Беу, Байеке!
Жер қазған тұяғымен тұлпарым-ай,
Көк сызған қияғымен сұңқарым-ай.

Қара, қызыл киініп шығыпсың ғой,
Оралған венокпенен тюльпаным-ай.

Айтыста айтарыңды айта алмасаң,
Жүгінген жұдырыққа бунтарым-ай.
Менің де әзілімді сен көтермей,
Атылып кетпес пе екен вулканың-ай?!

Біреулер қара деген, негр деген,
Бәрібір, қалай айтса да жеңілмегем.
Бір күні отқа тығып жібермеңдер,
Шөкеңді шатастырып көмірменен.

Боласың әлде несін жаңғыртқандай,
Айтылған әлгі сөзің аңғырт қандай?
Қара боп бұл жұрттың несін алдым,
Кремді аяқ майлармен құртқандай?

Байеке, шыныменен керейсің бе?
Сен дағы түзу сөзге кедейсің бе?
Шорабегің қасыңда отыр міне,
Сен оны қара екен деп өгейсінбе.

Құрдасым, қалмашы сен арманда шын,
Жұмсалсын Қанышадан қалған күшің.
Сен дағы қап-қара едің, боп-боз бопсың,
Немене, сары ауру боп қалғанбысың?

Бұл сөздің аты енді не дейсің бе,
Сен дағы айтар сөзге кедейсің бе?
Сары ауру боп қалғаның рас болса,
Базардан бит сатып ап жемейсің бе?

Баянғали:
Шөкеңді аппағым деп мақтадым-ай,
Сонда да көңіліне жақпадым-ай.
Шөкеңе аққуым деп сөз сөйлесем,

Бұл өзі қара жаққа тартқанын-ай.

Сен маған теңеу іздеп шаршадың-ай,
Менімен айтысуды аңсадың-ай,
Ал, Шора, егер де мен тюльпан болсам,
Қып-қызыл боп отырған раушаным-ай.

Өлеңге нағыз ақын ағып кеткен,
Айтатын сөз арнасын тауып кеткен.
Қорықпа отқа түсіп кетемін деп,
Ақындар елі үшін жанып кеткен!

Апырмай, Шорабекке жақпадым-ай,
Бұл маған бір ауруды таққанын-ай.
Иншалла, денсаулығым жаман емес,
Сары ауру, мары аурудан сақта құдай!

Шорабек, өлең болды е дегенің,
Тағы да маған айтар көп өлеңің.
Жарасад сендей жомарт жігіттерге,
Досыңа бит сатып ап же дегенің.

Отырмыз бірге өткізіп кешті міне,
Бірталай жырың сенің естілуде.
«Базардан бит сатып ап же» деп тұрсың,
Бөгенде бит көп ед деп естідің бе?

Шорабек:
Беу, Байеке!
Жалғанда ақын бар ма сіз секілді,
Жемісін шашып-төккен күз секілді.

Сызылып қалыпсың ғой, құрдасым-ау,
Кәдімгі айттырылған қыз секілді.

Ал, енді, абыройың артқан шығар,
Жаныңа айтқан сөзім жаққан шығар.
Сызылғанның қашаннан сыры мәлім,
Ішіңде бір ит өліп жатқан шығар?

Жақсы ақын едіңіз ғой жаныңыз бай,
Келесің салт-сананы әлі бұзбай.
Екеуміз мүңдас-сырлас боп отырмыз,
Күйеуге өтпей қалған кәрі қыздай.

Сені отқан жоқпын кесектеп,
Отырмын мерейі өсед деп.
Әбіш досың тауып жазған-ды,
Жырды айналдырма өсекке.

Адам түгіл итің де,
Тұрады екен есепте.
Сатылады битің де,
Жоқ болып кетті десек те.

Баянғали:
Сөзіңді мына халық ұқпағандай,
Жайы бар ұқпаса да құптағандай.
Қасыма келген бүгін Шорабегім,

Айналып ит пен биттен шықпағандай.

Аққу ғып ұшырып ем аспанымда,
Арқау боп кетіп едің дастаныма.
Енді кеп кәрі қыз боп шыға кепсің,
Шорабек, қашқаның ба, сасқаның ба?

Қол қойып осы жерде сызылуға,
Келіп ем Шорабекке қызығуға.
Баяғы жындылықты еске салды,
Тура кеп тұр маған енді бұзылуға.

Өлең сөз көкейімнен өрлегендей,
Шорабек бақырумен тербегендей.
Бақырған сайын бұған жұрт күледі,
Бөгенім бақырғанды көрмегендей.

Қымбатсың жоқ боп кеткен сәнді заттай,
Шоколад қосып сатқан балмұздақтай.
Маңырап жүргендігің қашан көрсем,
Қап қойған көш соңында жалғыз лақтай.

Шорабек:
Беу, Байеке!
Арқалы ақын болып алда тұрсың,
Тізесін Шөкең саған сәл батырсын.

Бақырдың деп күлерлік жәйің жоқ қой,
Айқайға сүрең қосып сен де отырсың.

Баянғали:
Дауысқа жоқ қой біздің таласымыз,
Жағдаймен беу, Шорабек, санасыңыз.
Айқайға топ алдында басып жатсақ,

Қиқушыл біз қазақтың баласымыз.

Байқаймын жатыр сенің мәнің болмай,
Отырсың бөгежектеп бабың болмай.
Ал, енді, кірісейін мен дұрыстап,
Қайтпаймын осы жерден жаныңды алмай.

Ей, егесетін сөз келсе,
Өзім жылдам қызғанмын.
Кеңесетін сөз келсе,
Кеңпейіл боп тұрғанмын.

Баяғы жынды кезімде,
Мына секілді мұрынның
Мың шақтысын бұзғанмын.
Сендейлердің сегізін

Желкесінен сығымдап,
Сол қалтама салғанмын.
Оншақтысын умаждап,
Оң қалтама салғанмын.

Тәубеме кеп қазір де,
Мұсылман боп қалғанмын.

Ағайын бұл сөзіме сенсін деймін,
Шындық деп маған бата берсін деймін.
Бүгінгі дүниенің бар жындысы,
Мен құсап тәубесіне келсін деймін.

Түстік қой біздер бүгін түзу жолға,
Ол жолда екеумізді, құдай оңда.
Бір кезде аты шыққан жынды едік қой,
Бүгінде сен де молда, мен де молда.

Шорабек сөз тыңдайды бүгіп басын,
Дәл мұның молдалығы құрып қалсын.
Жүргені қашан көрсең шылым сасып,
Көзіме елестетіп бұрқыраған

Кәдімгі қазақ, орыс трубкасын.

Шорабек:
Беу, Байеке!
Ол рас жетеді ғой маған күшің,
Сен талай өзгерткесің адам түсін.

Жанымды ап қайтамын деп отырсың,
Сен бе едің, әзірейілім, жаналғышым?

Өлеңде өркен жайған мәуетегім,
Түртіп қалсаң болды мен сау етемін.
Өзімді жындымын деп ойлаушы едім,
Қасыңда мына сенің сау екенмін.

Байекең орынында ұшып-қонды,
Байқаймын бұл айтыста пысық болды.
Талай-талай қыр мұрынды бұзыпсың ғой,
Ал, мұрының неден айтшы, пұшық болды?

Баянғали:
Шүкірлік, мұрынымыз сәнді мұрын,
Жарасад бетімізге дәмді мұрын.
Ал енді, салыстырып біз қарасақ,

Дәл саған қарағанда мәнді мұрын.

Шынымен Шорабекті ұрайын ба?
Қасында қаһарланып тұрайын ба?
Мұрнымды пұшықсың деп кемсітеді,
Мұрынын дәл өзімдей қылайын ба?

Болады, айналайын, өлеңімде ой,
Жатады өлеңімнің тереңінде ой.
Мен сенің жаныңды алам деп отырсам,
Ол енді өлтіремін деген емес.

Шуағын ап қайтамын дегенім ғой.

Ақынның біле білсең бәрі мұңды,
Мұңды да және дағы бәрі жынды.
Екеуміз жас жындымыз салыстырсақ,
Төрелік айтатұғын Бекен ағам –

Ішінде ақындардың кәрі жынды!

Ал енді алдарыңда толғадым ой,
Шөкеңнің сөзін тура жалғадым ғой.
Менен гөрі бұл егер саулау болса,
Менің бұдан жыным басым болғаны ғой!

Айқайлап, ал Байеке, көтер жынды,
Дедік қой тойдың басы Бекен жынды.
Айтысқа удай қымбат билет сатқан,
Мына отқан Нармахандай көкем жынды!

Қатені түзеп енді кетем бүгін,
Халайық, тыңдасаңдар жетеді үнім.
Мен кеше Нарекеңді мақтағанда,
Білмеппін осы айтысқа сатқан билет

Бағасы удай қымбат екендігін!

Сол үшін Нармаханды атайық па?
Ағашқа салақтатып асайық па?
Жамандап бұның енді көзін жойып,
Ерлік қып дариядай тасайық па?

Сонан соң бір елу жыл өткеннен соң,
Еңіреп ескерткішін ашайық па?

Ағайын, бұл сөзіме күлейік те,
Осылай ойнап-күліп жүрейік те.
Мен айтам, қателері болғанменен,
Азамат Нармахандай ақындардың,

Қадірін тірісінде білейік деп!

Нареке, сені қолдар елің болсын,
Сүрінсең сүйенетін белің болсын.
Беу, елім, тойларыңды өткізетін,
Осындай Нармахандай ерің болсын.

Алалық ағайынға еш кірмесін,
Тап-таза бір-біріне көңіл болсын.
Отырған ата-ананың құрметіне,
Нар-аға, ертеңгі айтыс тегін болсын!

Шорабек:
Беу, Байеке!
Ойпырмай сенің сөзің нөпір қандай,

Жұлынып отырсың ғой қотыр жандай.
Несіне орыныңнан атып тұрдың,
Байқаусыз кірпі үстіне отырғандай.

Мен неге айтар ойды көмескі етем,
Көзіме бір сұмдықты елестетем.
Байекең жұрттың бәрін жынды деді,
Мынау үй жындыхана емес пе екен?

Сөздерің айтар жерге жетеді екен,
Кейбіреудің өңменінен өтеді екен.
Жындыны жынды десең мақтанады,
Бөркі де қазандай боп кетеді екен.

Отырсың бұл айтысты жандырғандай,
Тек қана жындылықпен сән құрғандай.
Несіне мұрыныма жабысасың,
Мұрныңды пұшық қылып мен жұлғандай.

Қысыр сөз күлмек үшін ырықталсын,
Байекеңнің тасы бір жүріп қалсын.
Мен саған мұрынымнан ұстатпаймын,
Мұрының мұрын болмай құрып қалсын.

Кеңінен бұл Байекең толғайды екен,
Бүйте берсе, Шорабек сорлайды екен.
Қазір-ақ ұрып жығам деп отыр ғой,
Шынжырлап ұстамаса болмайды екен.

Шорабек, осындағы сөзің құрсын,
Бір сәтке Байекеңді безіндірсін.
Сен кеше жюрилерді мақтап едің,
Бүгінгі даттап тұрған сөзің құрсын.

Өзіңе қояйыншы сұрақ беріп,
Мына жақ құтылсыншы бір ат беріп.
Жюрилерді соншама мақтай бердің,
Мақтаумен қара басып «блат» беріп.

Ешкімді санамаймын алақолға,
Мен сені салайыншы жаңа жолға.
Жындыдан, халайық-ау, бәрі шығар,
Жолама дәл мынандай парақорға.

Баянғали:
Жолама дедің дағы парақорға,
Шореке, қалдың білем қалың сорға.
Мен айтам, беу, халайық, ешқашан да,

Жуыма дәл мынандай жалақорға.

Айтамын әрбір сөздің жөнін біліп,
Тыңдай бер, беу, Шорабек, көзің күліп.
Жюриден сірә да атты сұрамаймын,
Қайтамын Көкшетауға сені мініп.

Ақындар қасиетті сақтау керек,
Жігіттер жақсы болса мақтау керек.
Халықтың көңілінен шықпай жатса,
Жюриді осы жерде даттамақ түгіл,

Тұрғызып қойып, бәрін соттау керек.

Ағылып әр жағымнан жырым келді,
Салайын Шорабекке тілімді енді.
Осының бұл айтыста бар айтқаны,
Ағайын, құйрық пенен мұрын болды.

Көргем жоқ сен сияқты жалмауызды,
Жалмауыз және дағы қанды ауызды.
Қопаңдап қозғалып ем топ алдында,
Бұл келіп құйрығыма салды ауызды!

Айтатын сөзді айтпадым бұдан жаман,
Осы жерден, Шорабегім, тұрғын аман,
Бұл сарай жындыхана болса болар.
Жынданып жатқан кезде мына заман.

Ағайын, бұл сөзіме қосыла кет,
Отырсың ағып тағы жосылар деп.
Шорабек айтып өтті алдарыңда
Бөгеннің бар жындысы осында деп.

Бөгенді өсіп-өнген ауыл деймін,
Бәрін де бөтен емес бауыр деймін.
Бұл жерді жындыхана деп отырсың,
Ал енді, мен айтамын осы залға,

Келгендер Бөгендегі тәуір деймін.

Айтшы деп тағы маған қиылды көп,
Ар жақтан өлеңім де құйылды кеп.
Мен ойлаймын, әй Шорабек, осы залға,
Бөгеннің бар қаймағы жиылды деп.

Шорабек:
Беу, Байеке!
Ақынның толастамақ қашан әні,
Көреді кемшілікті тасадағы.

Жюриді шетінен атып тастап,
Отырсың ба репрессия жасағалы.

Сен өзің Ежов сынды “ер” екенсің,
Бұл жұрттың алып болдың берекесін.
Сөзіңе, аужайыңа қарап тұрсам,
Бүгінгі Бериямыз сен екенсің.

Ақындар тоқтамайды аққан кезде,
Тілімен жыр шырынын татқан кезде.
Азаматтарды атам деп сен отырсың,
Өлгенін тірілте алмай жатқан кезде.

Сөзіңмен төпей бердің мына мені,
Басындағы әзілің ұнап еді.
Шошиын дедім сенен, құрдасым-ау,
Сен бе едің Сталиннің мұрагері?

Піскен күбі секілді күрпілдейсің,
Айтарыңды айтасың, іркілмейсің.
Селкілдеп сексендегі шалдай болып,
Бурадай құтырынған зіркілдейсің.

Демеймін ойларың жоқ сенің бөтен,
Секілді боп отырсың менің көкем.
Екіленіп, ей-ейлеп айқайлайсың,
Құтырған ит құлағын жедің бе екен?

Баянғали:
Өлеңі Шорабектің еркіндеген,
Ақынның бірі ғой бұл еңкілдеген.
Тайлақтай жұрт алдында бақырғанша,

Дұрыс қой бура болып селкілдеген.

Шындаса Баян сені талқан қылад,
Отырсың өлең созден талқан құрап.
Сталин, Берияңыз мен болғанда,
Агентім сен екенсің салпаң құлақ.

Ол бір кез түрлі қиын заман болған,
Сталин, Бериялар арам болған.
Бірақ та қазағыма олардан да,
Ішінен шыққан өңкей сен сияқты

Салпаң құлақ, мұрындар жаман болған!

Айтайын терең сөзді тартып шыннан,
Сөйлейсің жұлқып-жұлқып оннан-мұннан.
Өзіңдей іштен шыққан салпаң құлақ,
Қазақтың арыстарын құртып тынған.

Мен өзім тәуір сөзге бардым деймін,
Батасын үлкендердің алдым деймін.
Арада түсінбестік болып қап ед,
Жараның бетін тіліп жардым деймін.

Шорабек, өкпелеме, бермен қара,
Жүйріксің шауып жүрген жеке-дара.
Ынтымақ, тәуір сөзді біз жырладық,
Әзіл ғой бәрі дағы екеуара.

Өлеңді өлшеп, ойлап пішкендейсің,
Өзіңше бәрін өлшеп кескендейсің.
Шырағым, түрі жаман бақырасың,
Қолына КГБ-ның түскендейсің.

Шорабек:
Ей, құрдасым!
Өрен жүйрік танылмас өрге шаппай,
Жүрейік сен де сатпай, мен де сатпай.

Бір сөйлесең әйтеуір тоқтамайсың,
Кәдімгі Президент Горбачевтай.

Бұл сөзді алдым деймін бастап бекер,
Ақылды ақын өзін асқақ етер.
Мылжыңды доғарайық біздер енді,
Халқымыз Горбачевтай ғып тастап кетер.

Баянғали:
Айт десең, тағы, ағайын, шайқаламын,
Айтатын сөзді тура айта аламын.
Өткенде Қонысбайға айтқаныңды,

Ұялмай маған әкеп қайталадың.

Айтпайық осы жерде бөтенді ой,
Бұл сөзің елге тарап кетеді ғой.
Қайтесің Горбачевқа теңеп бізді,
Қазақтың өз мылжыңы жетеді ғой.

Ал, енді, доғар десе, доғарайық,
Әрі қарай соза берсек, болар айып.
Осы жерде ит пен битті өлең қылған,
Қос мылжың құшақтасып жоғалайық.

Тама Есет батырдың 325 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Ақтөбе, 1992 ж. 27-29 шілде)

Баянғали мен Серік Құсанбаев
(Павлодар қ.)

Баянғали:
Қазағым, еркін жүзсе ақ кемеміз,
Құдайдың өзі берген шақ көреміз.
Тойында бабалардың жыр толғауды

Ақындар Алла берген бақ көреміз.
Көкшетау, Бурабай мен Кеңащыдан
Сіздерге аппақ сәлем ап келеміз.
Ассалаумағалейкум, амансыз ба,

Айтыстың астанасы Ақтөбеміз!

Мүлт кетсе кешірерсіз балаңызды,
Көріп тұрм бүгін ғана жобаңызды.
Отырмын шырамытып осы жерден
Бағана өзімізді қабылдаған

Әкімнің орынбасары Ізбасқан ағамызды!

Ізағаң ол әкімге зам екен ғой,
Шалекең мына отырған сам екен ғой,
Келіпті осы айтысқа бізді сыйлап,
Қазақты сыйлайтұғын жан екен ғой.

Қасында күліп отқан әдемі бір
Аяулы жеңгеміз де пар екен ғой.
Қазақтың тіл мен салтын сыйлайтұғын,
Шүкіршілік, әкімдер де бар екен ғой!

Шалеке, елге жетсін еркініңіз,
Сіз дағы елмен бірге серпіліңіз.
Ақтөбе айтыстың астанасы болу үшін,
Стадионды көрерменге толтырыңыз.

Өзінің тіл мен дінін сыйламайтын
Нигилист бастықтарды бұрап-бұрап,
Тезірек тәубасына келтіріңіз!

Азамат алдыменен елді ойлайды,
Қазаққа құдай берген жерді ойлайды.
Төле би, Қазыбек би ауданы бар,
Әйтеке аталмаса жөн болмайды.

Әйтеке, Есеттерге аудан берсең,
Шалеке, сенен асқан ер болмайды!

Қозады осындайда делебеміз,
Өлеңде суырылып селебеміз.
Ініммен екінші рет салып тұрған,
Апырмай, соқырын-ай жеребенің!

Қайтеміз, жеребеге амалым жоқ,
Сөйлеймін бұл ініме ағамын деп.
Қыздарша тиемін деп бұл да айтпайды,
Әрине, мен де айтпаймын аламын деп!

Жүргенмен кейде-кейде әр ісі боп,
Сыйлаймын қазақтың бір арысы деп.
Сипақтап әрлі-берлі ойнайтындай,
Басында Қанышадай шәлісі жоқ!

Шырағым, уақытпенен санасармыз,
Өлеңмен өткір-өткір таласармыз.
Аға-іні арасында ойын жоқ ед,
Біз қалай әзілдесіп жарасармыз?!

Өлеңмен жырлайсың ғой ел мұрасын,
Демеймін, шаршадым деп болдырасың.

Айтысқа солақаймен алып шықтым,
Солақай Айдолланың домбырасын!
---------------------------------
Айдолла Жәкешев – ақтөбелік айтыс ақыны, жырау.

Серік:
Мұндайда аттай тулап тұрмайды әнім,
Көрсетпей мынау жұртқа жыр майданын.
Алдыңа ақындарың тағы келді,

Ағайын, желкілдетіп жыр байрағын!

Сазды әнін Сарыарқамның шерте келдім,
Ертістің толқынындай еркелермін.
Көрсін деп жаз жайлауын кіші атамның,
Нұрландай шәкіртімді ерте келдім!

Кеш қалған жоқпыз біздер дабылдан да,
Осылай жыр сел болып ағылғанда.
Қыз жайлы ағам менің көп айтады,
Байқалады жеңгемізді сағынғанға!

Тап болдық, не шара бар жеребийге,
Мұндайда түсер көңіл нелер күйге.
Бастайық не болса да бұл айтысты,
Теңеп біз халқымызды Төле биге!

Ағасы, қадіріңді ел білген жоқ па?
Құлаққа дегеніңді ілген жоқ па?
Қыздарды көп айттыңыз сөз басында,
Жеңгеміз түсіңізге кірген жоқ па?

Аялы алақанын сағынып, аға,
Көңіліңіз күйзеліп жүрген жоқ па?

Сыйлаймын азамат деп өзіңізді,
Сыйлаймын алтын тас деп сөзіңізді.

Кеудеңде жалын ойнап, қыз-қырқынға,
Сап, аға, жүрмісің әлде көзіңізді!?

Баянғали:
Ініммен әзілдесіп көрейін деп,
Сөзіне көңілімді бөлейін кеп.
Ол рас, жеңешеңді мен сағындым,

Әрең жүрм Ақтөбеде өлейін деп!

Осында болса жеңгең шақырмас па ем,
Өлеңнің теңізін мен сапырмас па ем?
Жарасып топ алдында жеңешеңмен,
Шалбай ағам секілді отырмас па ем?!

Әзілді ағайын жұрт көңілге алды,
Әзіл сөз, біле білсең, өмір нәрі.
Сылтау ғып мені, ботам, сөйлеп өттің
Өзің де сағындың-ау келінжанды!

Серік:
Мөлдіреп тұнған, аға, сырың бар ғой,
Ағылған кеудеңізде жырың да ән ғой.
Мен емес, айтысқа егер Қаныша шықса,

Осы жерде жеп қоятын түрің бар ғой!

Келгендей шалықтап бір шабыт бүгін,
Тыңдасын ақындардың халық та үнін.
Бір жолға сездірмей-ақ кетпедің бе,
Білдірмес деген бөрі арықтығын!

Жететін арман биік, алыс айың,
Деп едім сөз әзілмен қағысайын.
Келінің, жеңгем дағы бұлай тұрсын,
Мағыналы бір сөзге мен ауысайын!

Мынау жұрт шабысымды байқады деп,
Ақындар жыр бесігін шайқады деп.

Тік тұрмасын төбе шашың, ақын аға,
Тағы да Президентті айтады деп!

Білемін, өлең десе арқалысың,
Өзіңнің бұл өнерде бар табысың.
Өнер деп аталатын ұлы таудың
Шыңында маңғазданған арқарысың.

Ал енді өлең қылып айтшы елге,
Өмірдің жалғандық және ақиқат арпалысын!

Баянғали:
Бұл інім өлеңменен алыса ма-ай,
Ағамен әрлі-берлі жарыса ма-ай.
Он жерден Серік мықты болсаң дағы,

Сен маған бола алмайсың Қанышадай!

Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Мынау Серік жаңа айтқан,
Аппақ еді Қанышам,
Айтыстарда өзіме

Шап-шақ еді Қанышам.
Қанышаны көргенде,
Ұмытушы едім бәрісін.
Ақындарға Серікжан

Топ алдында бәрі сын.
Ағадыр мен Айыртаудың бойында,
Ағыбайдың тойында,
Мен айтысып жүргенде,

Орынбордан бір орыс кеп,
Сап кетіпті шәлісін!

Ақындар ойды қозғап айтар қандай,
Осы жерден талай нышан байқалғандай,
Ақ шәлі Қанышамыз алған кезде,
Болдық қой Орынборды қайтарғандай!

Өлеңді елім ойға алады ғой,
Ұзап та уақыт шіркін барады ғой.
Шырағым, түйіп айтсақ, шын ақиқат,
Тек қана бір Аллада болады ғой!

Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Айтыстарда мен өзім
Талайлармен алысқам,
Талайлармен шабысқам,

Былай шыға берген соң
Құшақтасып табысқам!
Е-е, ойлап тұрсаң, ағайын,
Бір кезде бар ғой партия,

Құртамын деп білесің,
Алламен де, аруақпен,
Ұялмастан алысқан!

Міне, ойлап отырсам,
Осының бәрін Серікжан,
Ойлап-ойлап, толған дейд.
О-о, сол партияңның күресін

Барып тұрған жалған дейд!
Бұл сөзге жұртым сенген ғой,
Көңілін маған бөлген ғой.
Партия қанша ұрандап,

Дінді құртам десе де,
Үйде отырып-ақ мұсылман діні,
Сол кәпірдің партиясын жеңген ғой!!!

Ай, Серікжан, бер қара,
Мынау біздің айтысты
Айналдырма ұранға,
Айналдырғын жыр-әнге,

Біле білсең, шырағым,
Менің көзім жеткені
Бар ақиқат Алланың
Бізге түсірген кітабы

Кәләм Шариф Құранда!!!

Е-ей, тағы да сөзді жалғайын,
Інім келіп қасыма.
Өлең сөзбен жортад тек,
Тағы бәле бастайд деп,

Президенттен қашпайд деп,
Отыр, міне, ел алдында,
Мынау ағасын қорқад деп.
Мен айтамын, шырағым,

Қанша сайрап жатсаң да,
Сенің тілің жетпейд деп,
Президентті мың жерден
Мынау сен келіп сынап жатсаң да,

Оның түгі кетпейд деп!

Айналайын, Серікжан,
Қарап тұрмын мінеки,
Ойыны мұның сойылдай,
Мойынына қарасам,

Бөренеден қойған мойындай.
Е-е, Серікжанның бүгінде,
Жиырма тоғызда жасы бар,
Қабырғаны сүзсе де

Құлататын шойындай,
Мұның мықты басы бар.
Кішкентайларды менсінбейд,
Дөкейлерден қасы бар,

Тұлғасына қарасам,
Барып тұрған балуандай,
Алысқанда талайды,
Бүктеп-бүктеп салғандай.

Мен болмасам бұл жерде,
Басқа кісі келгенде
Жағасынан алғандай!..

Серік:
Демейін отыр сөзді ел түсінбей,
Самал жыр ел көңілін желпісін де, ей.

Ақ шәлі Орынбордан сыйға берген,
Болашақ ақжолтайдың белгісіндей!

Армансыз адамзаттан түңіл деген,
Кеудесіне шамаң келсе үңіл деген.
Үлкендерді сынайды деп жатырсың,
Жығылсаң үлкен нардан жығыл деген!

Ағамыз жырдан шашу шашқан кезде,
Көңілдің бет пердесін ашқан кезде,
Дағдарып шыныменен қалдым жаңа,
Қырғыздың Манасына басқан кезде!

Әлі де Баян ағам салар әнін,
Біз білсек тарландардың бағаларын,
Әлгінде әкімді айттың Шалбай деген,
Мен бұдан бір зеректік шамаладым.

Ел билеген ары таза азаматтар,
Дұшпанға жыртылмасын жағаларың!

Бәрін де басқа салса көреміз де,
Тағдырдың дегеніне көнеміз де.
Шыңғырып ақиқатты өлең қылып,
Ағайын, алдарыңда өреміз де.

Ел қамын ойлайтұғын азаматты
Өлгенше көтереміз төбемізге!

Тау суы секілденіп тасайын ба,
Өлеңнен мен несіне сасайын да.
Егер де Баян ағам рұқсат берсе,
Манасқа мен де бүгін басайын ба?!

Мен үшін теңеу жетпес бағаң қандай,
Топтарда көсіле шабар шамаң қандай?
Орысты, қазағыңды былай қойып,
Қырғызша жыр жырлайтын ағам қандай!

Белгілі көңіліңде от әлі бары,
Белгілі кеудеңнен жыр табылары.
Қырғызға бара қалсаң қайтар жолды,
Бөгейді-ау сол қырғыздың арулары!

Соңыңа інің болып ерсем деп ем,
Бағаңды ел алдында берсем деп ем.
Егер де шыныменен рұхсат берсең,
Манасқа мен салып көрсем деп ем!

Қызыл тіл бәріңде бар сүйреңдеген,
Жөн шығар жақсылықтан жиренбеген.
Ағайын, сегіз қырлы, бір сырлы ұлға,
Жарасар бәрін дағы үйрен деген!

Баянғали:
Өлең сөз осындайда өрлесін де,
Ұлдарың алдында елдің сермесін де.
Еліктеп маған мына інілерім,

Қырғыз боп бәрі кетіп жүрмесін де!

Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Ағыл-тегіл өлеңмен
Қуантайық біз елді.
Байқап тұрсың, ағайын,

Серікжанның өлеңі
Жаңа-жаңа түзелді.
Білмеймін, жаңа бастықты,
Бастаған кезде Серікжан,

Халі қандай өңгенің,
Күйеуімді сынай ма деп,
Зәресі бір, шіркін, ұшқан шығар,
Шалбай ағам үйіндегі жеңгемнің!

Е-е, жарайсың, Серігім,
Ел үмітін ақтадың.

Елге жақын жүретін
Әкімді бүгін мақтадың.
Айналайын Серікжан,
Қырғыз жырын салам деп,

Ағаңды біраз мақтадың,
Не себепті, ал, енді,
Қырғызша ботом, шаппадың!?
Білесің ғой, Серікжан,

Елге жүрген алаңмын.
Қадір тұтқан ағаңмын,
Қазақ-қырғыз арасын
Жалғап жүрген балаңмын.

Е-е, ағайын-туыс, білесіз,
Қазақ-қырғыз бір туған,
Жауын дағы бір қуған,
Арыстан Манас батырың,

Қазақ-қырғыз ұлдарын
Қытайлардан қорғаған.
Каратисі – қанжарқол
Бәрін алып келсе де,

Қазақ-қырғыз ерлері
Оларға сірә болмаған!

Айналайын Серікжан,
Мен сөзімді саған көп айтам.
Ел алдында бек айтам,
Естуші едім бір кезде

Каратені біле деп,
Сол жайынан сөз қозғап,
Берші қане, деп айтам!

Серік:
О-оу, ағайын Серікке
Шап деп мынау шулайды.
Елдің сөзін естісем,

Кеудемде менің, ағайын,
Асау жырлар тулайды.

Асау жырлар туласа,
Ішімдегі сырларым
Айтылмай менің тұрмайды.
Шаттанып бүгін кетейік,

Айта бергеннен не пайда
Іштегі жатқан құр қайғы!

Ал, ағасы, біз жаққа,
Түріңіз енді құлақты.
Мен сізге келіп қоймайын,
Төтеншелеп сұрақты.

Өзіңе арнап кеудемнен
Тас бұлақтай жыр ақты.
Манасыңды естіген
Мынау халық ұнатты.

Мен де мынау суарып,
Көрейін енді өзіңнен
Манас деген суатты.

Каратемен бұл інің
Айналысты дедіңіз,
Оны айтып несіне,
Уайым-қайғы жедіңіз?

Сіз де боксер деп еді,
Не болса да енді, ағасы,
Карате мен боксерды
Сыртқа шығып көріңіз!

Ой, әрқашан да, ағасы,
Білемін сенің жолыңды.
Сөз айтасың қазаққа
Тереңнен толғап толымды.

Білетін жасқа жеткенсің,
Оңың менен солыңды.
Өлсем, аға, мен қайтіп,
Көтерем саған қолымды?!

Оу, мынау елім шуласа,
Сенімін мен де ақтаймын.
Сөз таппай сірә жатпаймын,
Есет бабам тойында

Несіне бүгін Құлагер
Секілденіп шаппаймын?
Қайсыбіреу секілді,
Аузыма келген сөзімді

Айтып мұнда шатпаймын.
Ақиқат келсе алдыма,
Жалғандық келсе алдыма,
Ақиқатты жақтаймын,

Әділін көрсем ерлердің
Ел алдында, ағайын,
Сөзім жеткенше мақтаймын!

Ей, ағасы, сөзіңді
Қалың Алаш қолдайды.
Демеймін бірақ сөзіңе
Көңілім менің толмайды.

Сөз айта алмай мен жатсам,
Сірә да білем сол қайғы.
Бәлкім Манасқа сала алмай,
Інің сенің сорлайды.

Алайдағы кеудеден
Келген жырын өзіңе
Сый қылып бүгін жолдайды.

Менің айтқан сөзімді
Сен дағы ойға ілесің.
Сүрініп кетсем, ағасы,
Қолтығымнан сүйерсің.

Сен дағы елдің қадірін
Мендей-ақ, аға, білерсің.
Құлағыма ыстық боп
Естіледі, ағасы,

Кенесары деген бір есім!

Біз айтамыз болашақ
Өмірді мынау арман деп,
Біз айтамыз дүниені
Қас-қағым сәтте жалған деп.

Талай-талай ерлерің
Орта жолда қалған деп,
Мен естимін қырғыздар
Кенесары бабамның

Басын бір кезде алған деп!

Баянғали:
Байқаймын, бұл інімнің әзілі көп,
Отыр ғой ойдың және қазығы боп.
Кенекем қырғыздардан қаза тапса,

Манастың оған ешбір жазығы жоқ!

Наурызбай, Кенесары есімінен
Тұңғиық сыр ұқпаған несін білген.
Қос қыран қырғыз барып қаза тапса,
Ол дағы ақ патшаның кесірінен!

Кенекем алты алашты жиып тұр ғой,
Алты Алаш Кенекеме ұйып тұр ғой.
Ақиқат, азаттықтай асқақ арман
Атына Кенекемнің сиып тұр ғой.

Жатса да бас, денесі екі жақта,
Даласын тұтастай ол сүйіп тұр ғой.
Кенекем эрмитажда жатқан басын,
Тек қана бір Аллаға иіп тұр ғой!

Өлеңді мен еліме арнап жүрмін,
Достықты жырлап ылғи сарнап жүрмін.
Бір кезгі Шоқан атам жолын қуып,
Қазақ пен қырғыздарды жалғап жүрмін!

Е-ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Еліктеп маған Серігім,

Қырғызша сөзді айтқанда,
Ағайын қалай санаспайд?
Бірақ тағы осы жерде,
Манастың жырын, Серікжан,

Айтып жатқаның, шынын айтсам,
Мына саған жараспайд!
А, Серікжан мұнда келіп ап,
Талай сырды толғайд кеп,

Бірақ тағы мен айтам,
Қырғызшаға салғанда,
Дәл өзімдей болбойт деп!
Айтады сөзді келед те,

Каратені білем деп,
Мына жаққа шығып сөйлесіп,
Көрейік деп басынад.
Басынғанды көргенде,

Менің де қаным тасынад.
Сөйлейсің, інім, тасынып,
Кетемін мен де ашынып.
Е-е, құдай, аруақ жар болса,

Карате түгілі, шырағым,
Дзюдо мен дзю дзюцу,
Таэквондо, айкидо,
Хапкидо мен силатты

Қоса үйреніп келсең де,
Қаларсың босқа шашылып!

Е-е, ағайын жұртым, құлақ сал,
Егескенді ұнатам,
Ерегісті сұратам.
Мен мақтанып айтпайын,

Бірақ тағы оң қолмен
Аллаға сиынып бір қойсам,
Серік, мына сен түгілі,
Бұқаны да құлатам!

Ей, Серікжан, бері қара,
Ағайын-туыс мына жақта,
Уақыт бітіп қалды деп,
Шығарып жатыр есепті.

Әзілді де біз айттық,
Айттық және кесекті,
Е-е, Кенекең мен Манасты
Айтамыз деп екеуміз,

Ұмытып бүгін кетпейік,
Той иесі аруақты,
Әулие батыр Есетті!

Ер Есет жүрегіме от қойыпты,
Әрдайым тарыққанға бақ қойыпты,
Кезінде, ақ патшаның заманында,
Қазақтар Ақжайықты ап қойыпты.

Он күнде орысыңды алып кет деп,
Ер Есет ақ патшаға шарт қойыпты.
Патша да тілін ала қоймаған соң,
Ұрандап дұшпанына ат қойыпты!

Қазақты сол сапарда барғанында,
Сырыпты Ақжайықтың ар жағына.
Босатып ата жаудан ата жұртын,
Жетіпті Есет батыр арманына.

Ел үшін жанын қиған Есет батыр,
Ағайын, бас иейік аруағына!

Серік:
Қар еріп, көктем келмей жаз болмайды,
Деген бар тегін адам таз болмайды.
Шаттанып жатса егер мынау халқым,

Несіне көкейіңе наз қонбайды?
Қазақтың әніменен айта берем,
Көкқұтан мойнын созып қаз болмайды!

Ақынмын жалынды жыр жолдайтұғын,
Намысын ел-жұртының қолдайтұғын.
Жайым жоқ Манасыңа саламын деп,
Ағасы, орта жолда сорлайтұғын.

Қазақша жырымды айтам мынау жұртқа,
Қазағым бар құдайға шүкір, қолдайтұғын!

Ақтөбе, сен мен үшін киелі елсің,
Киелі елге сөзім жүйеленсін.
Астана болдың бізге ендігіден,
Айтқанымыз өздеріңе сүйенерсің.

Есет деп айтып жатқан ақ тілектер
Бабамның аруағына тие берсін!

Дүние, қызығыңа тоя алам ба,
Бұл өнер, өлсем сені қоя алам ба?
Айтыс бар Ақтөбеде дегенді естіп,
Қалсам мен шырт ұйқымнан оянам да.

Көңілім әлденеден қобалжиды,
Қоштасар сәт сіздермен таяғанда!

Ойым жоқ Ақтөбеге алабөтен,
Жүйріктер қызған сайын шабады екен.
Сиынып Иса баба аруағына,
Серік те түйдектеп ән салады екен.

Тереңнен тауып айтқан жыры болса,
Көңілін тыңдаушының табады екен.
Мен ертең Сарыарқадай сар далама
Ақтөбе, сәлеміңді ала кетем!

Баянғали:
Жаңағың қиыс кеткен сөзің шығар,
Айтқызған оны теріс сезім шығар.
Алмайын көңіліме, Серік інім,

Көкқұтан дегеніңіз өзің шығар!

Болмайды жөн сөзбенен таласуың,
Іздейік біз айтыстың жарасымын.
Қырғызға мені итерме, Серік інім,
Мен дағы бұл қазақтың баласымын.

Қай жерде, қандай күйде жүрсем дағы,
Намысын жырта берем Алашымның!

Балаларың әнге бүгін салады екен,
Ағайын, көкейіңде қалар ма екен?
Осынау Ақтөбенің ілтипатын
Көгілдір Көкшетауға ала кетем!

Серік:
Бұл ағам өлең-жырдың селі емес пе,
Таусылмас аталы сөз кені емес пе?
Алайда бізді мынау қолдайтұғын

Аруақты Ақтөбенің елі емес пе?
Әлгінде әзілменен мен өзіңді
Шақырдым карате деп төбелеске.
Алайда ініңмін ғой ізетті ұғар,

Бармаспын сіздей жанмен ерегіске.
Көкқұтан деген сөзді көңіліңе алма,
Ол, аға, біле білсең мен емес пе?!

Сара Тастанбекқызының 115 жылдығына арналғанреспубликалық айтыс
(Талдықорған обл., Қапал ауд., Ешкіөлмес. Баянжүрек,
маусым, 1993 ж.)

Баянғали мен Әселхан Қалыбекова
(Оңтүстік Қазақстан обл.)

Баянғали:
Мақтаныш қылған заңды алашымыз,
Қазақтың мадақтаймыз Сарасын біз.
Осылай аруақтарды есіңе алып,

Беу, халқым, әр уақытта жарасыңыз.
Ізімен атам Біржан келіп қалған,
Бұл елдің біз де күйеу баласымыз.
Өнермен осылайша жалғап жүрміз,

Көкшетау – Жетісудың арасын біз.
Ассалаумағалейкүм, амансыз ба,
Отырған аталар мен анашымыз!

Бармысың сыйлап тойға шақырғандар,
Жетісу Көкшетаумен жақын болар.
Және де амансыз ба өңшең дөкей,
Астында көк шатырдың отырғандар!

Құрметтеп Сарадайын зор сұлуын,
Арнаймыз Сара апаға ән сұлуын.
Бұл тойы Сара апамның тойы емес пе,
Қазақта ақын туған бар сұлудың?

Мінеки, сахнаға алып шықтым,
Жетектеп қазағымның нар сұлуын!

Еске алып қазақ бүгін Сара қызды,
Бұл әнге тау да қызды, дала қызды.
Сарасы бүгінгінің өзім деп бір,
Келіпті Оңтүстіктің қара қызы!

Ей, ағайын, құлақ салсаңыз,
Мына тойға Әселхан
Ту алыстан жеткендей.
Қаратаудай апамның

Үсті-басы жап-жасыл,
Құлпырып отыр көктемдей.
Бар байлығын оңтүстік
Осы апама төккендей.

Үстіне бұның киім боп,
Осы күні дүкеннен
Барқыт құрып кеткендей!

Сара апамның тойы деп,
Апам мында ұшқандай,
Айтатын сөзін ұққандай.
Меніменен айтыста

Барлық сөзін нықтардай.
Жағдайы бар апамның
Жеті жігіт жабылса,
Жалғыз қолмен сыққандай,

Жеті кесе жүң-жүңді,
Жеті секунд ішінде
Қылқ еткізіп жұтқандай.
Өлеңіне қарасам,

Ақындығы Әселдің
Сара апамнан жұққандай.
Көлеміне қарасам,
Жеті Сара шыққандай!

Әсеке, табылармыз жолдан бүгін,
Әрдайым жақсы болсын алдағы күн.

Еркелеп мендей інің ойнауына,

Апырмай, Әсел апа, қандай жақсы
Өзіңнің нар түйедей болғандығың!

Өзіңді нар түйедей жетеледім,
Таудай ғып мен төбеме көтеремін.
Ойнақтап алдыңызда әрлі-берлі,
Апалап келіп отыр еркелегім.

Шошақай бір кішкентай қатын болсаң,
Беу, апа, айтшы мен де нетер едім?
Шошаңдап, ойға-қырға шапқылап бір,
Сатылып бір қытайға кетер ме едің?!

Апамның қандай жақсы нар болғаны,
Өмірде бір тіреудей бар болғаны.
Өзі ана, өзі ақын, өзі үлкен,
Бәйбіше жездемізге лайықты жар болғаны!

Өзіңді тойға халық шақырып жүр,
Біреулер ойланбастан шатылып жүр.
Ал, апа, кейбір қазақ қыз-жігіті
Шетелдің байлығына сатылып жүр.

Соларды ойлағанда намыс қайнап,
Аталар, аналармен аһ ұрып жүр.
Сілкініп, жырла қане, Қаратаудай,
Төбеңнен жанартаудай кетсінші атылып жыр!

Әселхан:
Ақындар айтар сөзге батыл дағы,
Бастадың әуел сөзді шатырдағы.
Шілдеде күнге қарап шөгетұғын,

Түйедей төзімді ғой ақындары!

Іске асып ана арманы, ата арманы,
Межелі жерге жетті сапар дағы.
Еңсесін мынау халық бір көтерді,
Қыздары ақын Сара атанғалы.

Жаяулап тойда басын қосып тұрған
Армысың, қандастарым Қапалдағы!
Екі-үш күн бұл ауылға мен келгелі,
Көргенім бар ойымды көркемдеді.

Көгорай мынау жасыл уақытта,
Ақынның қандай жақсы ел көрмегі.

Ақ-қара бұл өмірде айқасулы,
Күтеді бізден әлі шайқасуды.
Жарқырап сары алтындай өнерорда,
Сара апам дүниеге қайта туды.

Мұндайда көңіл шіркін босамас па,
Жиылып бардық кеше Қосағашқа,
Сараның Саралығы осы емес пе,
Белгілі ортақ қыз ғой осы Алашқа.

Жетіп тұр өз халқыма айбарлы әнім,
Ол мына бағыты елдің айналғаным.
Көрдік біз Тәуіп ата деген үйді,
Киелі құралы мен саймандарын.

Дәстүрдің ол да бүгін озығындай,
Ысқышын көрмек болдым созып ыңдай.
Бәйгеден келіп тұр ғой бүгін көңіл,
Жалаңаш әулиенің қобызындай!

Арманы не отын жаққан мұрагердің,
Табады орнын іздеп сұрап едім.
Ақсуда болдық сосын Баянғали,
Белгілі Ілиястай құлагердің.

Аулынан пенделіктің асқақ қонып,
Кеткендей періштелер тастақ толып.
Ақсуға қайта қонды ақын апам,
Аққудай ұшып келген аппақ болып!

Сатылған қыз дегенің ол да шындық,
Көбейді бұл заманда нелер сұмдық.

«Қарамаса қатын кетед» дейді халық,
Иесіз құны оның тиын пұлдық.
Әйелге ие болар азаматты
Наша мен көк бөтелке қойды қылғып.

Еңсесін ер-азамат көтермесе,
Болса да қай заманда әйел мұңдық!

Бәрін де осылардың көрдім бірге,
Бөлмеймін, Баянжан-ау, сенен ірге.
Жауапты сұрағыңа айттым білем,
Берейін тағы сөзді сіздей ерге!

Баянғали:
Бұл айтыс бір арнаға қосқан әнді,
Апамның көп болып тұр дастан-әні.
Әрине, азаматтың жүгі ауыр ғой,

Ол елдің қан бәйгеге қосқан нары.
Десек те халықтығы қазағымның
Беу, апай, арулардан басталады!

Аяқтан шешілсінші шідер енді,
Баяның алдарыңда жігерленді.
Сараның кей сіңлісі бүгіндері
Қолына Біржан салдай жігіт түссе

Бір жылда Жиенқұл ғып жібереді!

Халыққа сөз айтайын жарасатын,
Ақынбыз елмен әркез санасатын.
Құдайдан мен тілеймін ашсыншы деп,
Қазақтың қыздарының парасатын!

Шақырған құрмет қылып тойға бізді,
Ағалар қалдырып тұр ойға бізді.
Түйедей біз төзімді болсақ тағы

Шатырдың астындағы бастықтарға,
Беу, апай, ұстатпайық бұйдамызды!

Ақындар бөтен сөзді жырлай ма екен,
Ағайын бұған қолын ұрмай ма екен.
Тіккенде өздеріне көк шатырды,
Ұрпағы Біржан салдың келеді деп,

Маған да алтын шатыр құрмай ма екен!

Ақыннан толғай-толғай өлең шығар,
Айту да ашып-ашып керек шығар.
Кім білед, ағалардың ойы да үлкен,
Ойлаған мәні дағы терең шығар.

Күні ертең ауылдағы қыздарына
Жетісу күніне мен әбден күйіп,
Қап-қара болып барсын деген шығар!

Ағайын, менің айтар сөзімді аңғар,
Апамсың алдымдағы өзің заңғар.
Десек те мынау бастық ағаларға,
Айтатын менің біраз базынам бар.

Тыңдаған өлеңімді ағайын көп,
Бірталай мәнді сөзге барайын көп.
Естідім, осы ауданның бір әкімі
Осында «Қазақ тілі» кеңсесін де

Жақында жатыр дейді жабайын деп!

Шынымен «Қазақ тілін» жаппақ па екен?
Бұл сөзге ырасымен тоқтап па екен?
Сарадай ақын қыздың қара тілін,
Апырмай, бір жарлықпен шаппақ па екен?!

Ақындар шындық сөзді салар көпке,
Сөзімді тыңда, апа, тағат ет те.
Жаппа деп «Қазақ тілі» кеңсесін сен,
Айтып кетші ақылыңды Қалабекке!

Әселхан:
Әкімі бұл Қапалдың жаңа кепті,
Өзімен дау-жанжалды ала кепті.
Осында «Қазақ тілі» ұжымының

Кигізін томпылдата қаға кепті!
Әлі де ойлана алмай жатқан шығар,
Халайық, кешірейік Қалабекті!

Алатау, мынау халқың саяңда тұр,
Сенің де маған жайың аян, батыр.
Парасат, ақылдылық қызға беріп,
Тасада қалмақсың ба, Баян батыр?!

Дәу ғой деп мені талай сынадыңдар,
Сендерге менің дағы күмәнім бар.
Бойыңа ішкен асты жұқтырмайтын,
Бәріңнің іштеріңде жыланың бар.

Майысып қалыпты ғой жіліншігің,
Сытырлап сүйегің мен шеміршегің.
Жағдайың болмай жүр ме, күйеу бала,
Шөміштен қысып үйде келіншегің?

Баянғали:
Екеулеп сынап алдық Қалабекті,
Қалабек енді жақсы бола кетті.
Осылай ұрсып-ұрсып әкімдерге,

Беу, апа, жөн-жобаға сала кетші.
Егер де жөн-жобаға түспей жатса,
Қалабек – ол шымкенттік інің екен,
Қыстырып қолтығыңа ала кетші!

Ойлаймыз, әлі талай жыр өнер деп,
Ойламаймын, мен сізді бөгелер деп.
Екеулеп екі жақтан қысқаннан соң,
Ойлаймын Қалабегім түзелер деп!

Бірталай асқақ әнге салып келдің,
Беу, апа, мені қазір арық дедің.
Арықтың күш-қайраты қандай екен,
Сынасаң білегімнен алып көргін.

Сахнаға жаңа шыға алмай жатқаныңда,
Көтеріп бір қолыммен алып келдім!

Апатай, алда біздің үмітіміз,
Сіз бізге көңіліңді жібітіңіз.
Бойына артық майды жинамайтын,
Көкшенің спортсмен жігітіміз!

Спортшы болдым аттай желейін деп,
Әрқашан елге қызмет берейін деп.
Өзіңдей апаларға біреу тисе,
Секіріп тұмсығынан тебейін деп!

Ақындар бірін-бірі мақтайды екен,
Үмітін туған елдің ақтайды екен.
Мына жердің сахнасын байқап тұрсам,
Балуандардың кілеміне ұқсайды екен!

Барсыңыз талайлармен тіресуге,
Әсеке, өз күшіңді білесің бе?
Чемпион болар еді салса апамды,
Жапонның сумо деген күресіне!

Жақсылық қазағыма келіп жатыр,
Қазақ қызы шетелге барып жатыр.
Естісең қазағымның қыздары да,
Дүниежүзінің спорттан чемпионы болып жатыр!

Жақсы ғой шымыр болған толғаннан да,
Толықтық бөгет болад самғауларда.
Спортсмен болған жақсы деп білемін,
Қайдағы спиртсмен болғаннан да!

Әселхан:
Жыр-ойы әріптестің жаңа жетті,
Қандай жан бұл Баянды дана депті.
Інің деп шымкенттік ілестіріп,

Қуалап жібермек қой Қалабекті.
Жерлеске, руға бөлген халық па екен,
Мұндайда мен намысқа жанып кетем.
Серіктей сұрап облыс әкімінен

Қазір-ақ Қалабекті алып кетем!

Ермейтін жаста ешкім ілескен бе,
Балдардан тайынбаушы ем тірескенде.
Жапонды сен айта бер, Баянжаным,
Қазақша мен жеңемін күрессем де!

Сауданы бірер күнгі мұрат көріп,
Жолында тоқтар емес қалса да өліп.
Өнерге, білімге деген ықыласты,
Сауданың сар тозаңы кетті көміп.

Моншақтай мөлдіреген қыздарыңды,
Көзіңше саудалайды пұлын беріп.
Есектің артын жуып мал таппаққа,
Оқудан жас балалар шықты жеріп.

Байқамай табанынан сыз өтсе де,
Жанкешті сарынменен жүреді еріп.
Ақтаңдақ аштықтардан, зұлматтардан,
Жетіп ек осы күнге нәсіп теріп.

Бұл қазақ не болады нарыққа кеп,
Қалғанын құрбандыққа қойсақ беріп?!

Баянғали:
Өлеңді біз бастадық Қалабектен,
Өзіңді мен ойлаймын дана деп мен.
Қозғап ем бір жағдайды ел жайынан,

Рушыл деп апам бәле сала кеткен.
Жетектеп осы жерде алып кетер,
Қалабек, саған жетім бала деп пе ең?

Қалабек елі-жұртын үмітті етсін,
Байқаймын елге сыйлы жігіт бопсың.
Қызмет қып Жетісуға жан-тәнімен,
Осы елге Қалабегің сіңіп кетсін!

Мен емес бұл әзілге көнетұғын,
Жігітпін ел алдында желетұғын.
Жанымды жайып салғам бар адамға,
Мен емес ру мен жүзге бөлетұғын.

Қазақтың қай жігітін көрсем дағы,
Бауыр деп аңқылдап мен сенетінмін!

Сөйлестік Жетісудың ұлығымен,
Көр деймін бұл айтыстың қызығын мен.
Күресіп мені, апатай, жеңе алмайсың,
Жеңесің тек аналық қылығыңмен!

Халықты қысып жатыр нарық келіп,
Жатырмыз қиындығын танып-көріп.
Бұл дағы өтер, кетер басымыздан,
Қалайық аман-есен халық болып!

Қазағым өз байлығын түгендесін,
Қомағай көмейлерді жүгендесін.
Самолет, поезбенен сыртқа тасып,
Бүгінде елім сенген кей ағайын

Жетісуды түгел сатып жібермесін!

Екеуміз айтысамыз қол ұстасып,
Бір кезде кетті елімді орыс басып.
Мәз болып, той-тойлап біз жүрген шақта,
Барады қытай менен кәріс басып!

Біз өзі достық жырды ту қылайық,
Ағайын, той қылайық, ой қылайық.
Жүрсе егер әкімдердің әлі жетпей,
Еліңді басып кеткен қытайларды

Мына отқан апамызға қудырайық!

Қабан жыраудың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Талдықорған обл., Көксу ауд., Шаған тау, Текше,
маусым, 1993 ж.)

Баянғали мен Айтақын Бұлғақов
(Талдықорған қ.)

Баянғали:
Туған ел, өздеріңсің сүйеріміз,
Әрқашан басты сізге иеміз біз.
Біздерде фонограмма деген болмайд,

Байқаусыз ұшып кетсе тиегіміз!

Бисмиллә, сөз сөйлейін түптен тартып,
Ағайын тыңдай берсін бойы балқып.
Үш баба – үш тамырың Жетісуым,
Ескелді, Қабылиса, батыр Балпық.

Көп сәлем Көкшетаудан Жетісуға
Той жасап бабасына жатқан шалқып!

Жатырмыз Қабан жырау тойын бастап,
Ақындар туған елін мойындаспақ.
Тарихтың елесіндей Қабылиса,
Жүреді Ұлы жүздің жырын бастап.

Жалғанда қазақ жыры тірі болса,
Тұрады Қабан жырау тұлғасы асқақ.
Рахмет, Жетісудың ұл-қызына,
Қабан жырау атамызға ауыл берген

Қойбышты* біржолата пішіп тастап!

Е-ей, ағайын, туыс құлақ сал,
Бөлек еді күй неткен!
Айналайын Жетісу,
Қабан жырау бабаға

Ас беріп бізді сыйлы еткен,
Шақырып алып ақынды,
Тойында міне сөйлеткен.
Қылышбаев ағамыз

Екі үйіріп қылышын,
Ән салмаған бастықтың
Апарып бәрін бүгінде
Ән салуға үйреткен.

Батыржандай ағаның
Стадионына жинап ап,
Құрметіне Қабанның
Көксудың көп сұлуын

Сылқылдатып билеткен.
Көп рахмет, ағалар,
Өгіздей болып елдерін,
Өрге қарай сүйреткен!

Өлеңді біз қозғармыз терең ойдан,
Айтеке, болар қызық бүгін майдан.
Рахмет Қылышбаев ағамызға,
Басыма шатыр құрып бере қойған!

Ақын деп бізді міне сыйлап отыр,
Ел-жұртты ойдан-қырдан жинап отыр.
Құрыпты жюриге де бір шатырды
Ол шатырға Әбен ағам сыйғанымен,

Байқаймын Раушан тәтем сыймай отыр!

Демессің мені, жұртым, ойы бұзық,
Айтамын жақсы сөзді үзік-үзік.
Туған ел күн астында отырғанда,
Шатырда отырғанның несі қызық!

Бұл сөзге ағайындар жатыр күліп,
Айтайын әрбір сөздің мәнін біліп.

Мақтай берсек Наурыздай ағамызды,
Береді бар халыққа шатыр құрып!

Түзелсін ағайынға сәлем енді,
Бұл халық менен бүгін дәмеленді.
Тағы да мынау бізге тиісе ме деп,
Ұшады кей әкімнің зәрелері!

Жақсыға жақсы әркез жолығады,
Ақиқат айтылар жер елдің алды.
Байеке, саған менің өкпем жоқ деп,
Қалабек келіп жаңа қолымды алды.

Қапалдың қазақ тілі қоғамы енді,
Кеңсе мен қаражатқа молығады!

Біз өзі жақсыларды анықтаймыз,
Жаман сөз, сірә ешкімге танытпаймыз.
Әкімдер елге жайлы болып жатса,
Мақтаудан біз оларды жалықпаймыз!

Алмайын өлеңімді ұзаттырып,
Отырсың, ағайындар, құлақ түріп.
Болса егер қиындығы әкіміңнің,
Аларсың маған ептеп сынаттырып.

Айтақын, айналайын, ірі едің ғой,
Елім деп еңіреген ұл едің ғой.
Қазақтың бар сахнасын теуіп шыққан,
Тентектің жетісулық бірі едің ғой.

Ал енді өзің сөйле келесіде,
Бөтен сөз айтпас деп маған сенесің бе?
Қасқайып қарсы алдыңда мен тұрайын,
Өзің біл, ұрасың ба, тебесің бе?!

Айтақын:
Жетісу – жер жаннаты, шырайым тек,
Жүргем жоқ еден теуіп ұнайын деп.
Талай ақын айтып кеткен аяғымды,

Сен тұрмысың бір нәрсе қылайын деп!

Тілім қылыш, қара тасты қақ айырар,
Бергісіз сом алтынға қалайы бар.
Ассалаумағалейкум, барша ағайын,
Жиналған он екі ата жалайырлар!

Қабылиса, Бақтыбайдың бағы жанған,
Артықтау қара өлеңнің тағын алған.
Теңіздей толқитұғын Темірғали,
Арнасынан өлеңнің сағым алған.

Асылақын, Әбікенді білесіңдер,
Шабысынан ақпа жорға жаңылмаған.
Солардың тұяғы едім мен де шіркін,
Кеудемде өрт өлең бар жалындаған!

Айтақын жолыңды енді қияды енді,
Демейсің бәрін осы той жия келді.
Әбен сиса шатырға, Раушан сыяд,
Көңіл сиса бәрі де сыяды енді.

Байеке, Қапал барып әкімді айттың,
Алғабасқа келдің де әкімді айттың.
«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп,
Сылтау қылып кей кезде қатынды айттың.

Ақыннан сені көрдім қызба келді
Текедей теріс келіп бақылдайтын!

Баянғали:
Мен ақын туған елін мадақтаған,
Көлденең, қисық сөзді жаратпаған.
Айтақын денсаулықтан қорқып отырм,

Шыға сап екі көзі алақтаған!

Шыға сап екі көзің алақтаған,
Байқаймын айыр тілің жалақтаған.
Отырсың қоқиланып, күш көрсетіп,
Ан жақта атқа мінген мілитсәң тұр,

Қолында ала таяқ салақтаған!

Бұл сөзді туған елім жаратқан-ды,
Жырыммен менің әркез таң атқан-ды.
Шырағым, құтыруың тіпті жаман,
Тұрмысың мілитсәңә сабатқалы!

Мен өзім жүрген жерде елді айтамын,
Жақсылық, ел басқарған ерді айтамын.
Бастамай әкімдерден әңгімені,
Шырағым, Айтақын-ау, немді айтамын?

Шырағым, сен де өлеңнен от алғайсың,
Еліңде батыр ақын аталғайсың.
Мен келіп әкіміңе сөз айтпасам,
Майысқан тап сен өзің бата алмайсың!

Өлеңнің, шүкіршілік, өрісімін,
Тартылған домбырада желісімін.
Еліңде маған шырақ қоқиланба,
Даланың Аллаға сиынған бөрісімін!

Дауысым монғол жеткен, қытай жеткен,
Арманы шын ақынның ұпай деп пе ең?!
Сөндіріп микрофонды жатыр әне,
Немене мен көрмеген құқай деп пе ең?!

Айтысты бір ғаламат бастадым-ай,
Ойымды талай-талай тастадым-ай.
Шүкірлік, күйеу бала деп мені енді,
Қолдайды Жетісу үлкен, жастары да-ай.

Бір белгі әкімдерден болды ма екен,
Аттылы мілитсәнің қашқанын-ай!

Жинады Жетісуым бар асылын,
Шипасы біз болайық жарасының.
Тілеймін ағайынға амандықты
Жетісу ұл-қызының жарасымын!

Мен сенің таптағам жоқ құрағыңды,
Айтамын тағы еркелетіп шырағымды.
Айтақын, екіленген түрің жаман,
Ал, қане, қыла қойшы қыларыңды!

Дәл саған Баянғали көне қоймас,
Айтеке, айтқаныңыз бола қоймас.
Қосылып мілитсәңмен жабылсаң да,
Отырған Жетісуым – қайын жұртым,

Дәл мені жәбірлеуге бере қоймас!

Айтақын:
Айтыссам, менің көзім алақтаған,
Сөзімді айтпас бұрын сабақтаған.
Өзіңдей бөрілерді қағысқанда,

Білесің, Баянғали, тамақтағам!

Әкім көп елім деп-ау емінетін,
Менен гөрі Баянғали, сен білесің.
Бір әкім бар жатыпішер, арамтамақ,
Күн көріп ел үстінен семіретін!

Байеке, жөн сөзіңмен желік тегін,
Сынауға әкімдерді келіп пе едің?
Ел басқарған ерлерім Кемелдер ғой,
Ерлерімді олай болса, кемітпегін!

Байеке, Жетісуға тойлап келдің,
Жарасып әзілің-ау бойлап келдің.
Біржанды байлап қойып жылатқан-ау,
Жетісуды сондай деп ойлап па едің?!

Дұшпан болсаң, сені бүгін алалайын,
Жаман болсаң, бетке айтып табалайын.
Қонақсың, қорықпай отыр, Біржан салым.
Сені бүгін өліп кетсек сабамаймыз!

Баянның бізге жапқан жаласы бар,
Білемін, күйеу бала, аласы бар.
Еліңді басқаратын ерлерің жоқ,
Сыпырып сырттан маман аласыңдар!

Мен бүгін Көкшетау деп ойланамын,
Дәм тартып Абылайдай тойға бардым.
Сынау үшін біздерді, Баянғали,
Өздеріңнен әкіміңді сайлап алғын!

-------------------------------
Кемел Құсайынов, қаламгер, Талдықорған облыстық «Қазақ тілі»
қоғамының төрағасы.

Баянғали:
Өлеңі Айтақынның ұзақ шыққан,
Байқаймын кейбіреуге ұнап шыққан.
Мен сендей тамағыма жармасқанды,

Білесің, желкесінен бір-ақ сыққам!

Болмайды Көкшетауды мазақ қылған,
Көкшетау көп биікке талап қылған.
Білесің, менің атам Біржан сал кеп,
Апаңды бір тұтқыннан азат қылған!

Аруағын тебірентпе өлгендердің,
Жетісу – киелі жер келген жерім.
Атамның сүйегіне тиісесің,
Осы ма ер қадірін білгендерің!

Есті болсаң, сөзімді қабылдарсың,
Ессіз болсаң, тағы да дарылдарсың.
Сараны азат қылып аспандатқан,
Біржанға, бар Жетісу, қарыздарсың!

Ағайын мені тағы қолдасын да,
Мен қастық қылмаспын-ау жолдасыма.
Ол рас, әркімдер кеп, бастық боп жүр,
Абылай, Кенесары ордасына!

Бұл жерде мен қалмаспын ұтылып-ақ,
Сөйлейді Айтақыным құтырып-ақ.
Отырып Көкшетауды мазақтайды,
Кешегі Тұрсыновтан құтылып ап!

Бұл жерде түрлі-түрлі дауыс қылдың,
Келді ме әкімдерді салыстырғың?
Оралдан Көкшетауға әкім әкеп,
Әрине, қойғанын мен намыс қылдым!

Шындықты жауып біреу ұрлағандай,
Ақиқат бұл қазақта қалмағандай.
Әкеліп бізге Оралдан әкім қойды,
Атығай, Қарауыл мен Керейімнен

Бір бала әкім болар тумағандай!

Құрметтеп Есқалиев ағаны біз,
Жүрсек те шын айтамыз араны біз.
Көкшеге сырттан әкеп әкім қойса,
Әрине, оған біздер наразымыз!

Бұл дағы Көкшетауды басынғаны,
Ақындар шындық сөзін жасырмады.
Өз тумаң Серік келіп, әкім болса,
Бағыңның Жетісуым ашылғаны!

Айтақын, өлеңіңді жүйелегін,
Сен қалай Көкшетауға күле бердің?
Қайтесің Көкшетаудың жоғын жоқтап,
Өзіңнің әкімдеріңді біле бергін!

Сөйлейік жұрт алдында жалынданып,
Ағайын, ұғарсыңдар халімді анық.

Ақындар ақиқатты айтқан кезде,
Алады семсер сөзді жанып-жанып.
Жетісу – Көкшетаудың достығына
Қол қойған Тұрсынов пен Кәрібжанов.

Аяғы екеуі де ұшып кетіп,
Артында отыр зарлап Әлімжанов!

Қойыпты Айтақынды батыл етіп,
Мен жүрмін құрметтеген ақын етіп.
Ал енді еңбегіңмен, ақылыңмен,
Көкшетау – Жетісуды жақын етіп.

Жүред деп сізден үлкен үмітім бар,
Әкімі Жетісудың Ақымбеков!

Ағайын бұл сырымды ұғар деймін,
Біздерден талай өрен шығар деймін.
Абылай – Кенесары ордасына
Көкшетау қазағы кеп би болатын,

Бір жақсы күн де бізге туар деймін!

Айтақын:
Жырымды жұмыртқадай шайқап келгем,
Сыңайыңды бұл тойға байқап келгем.
Ол рас, Сара ақынға Біржан салым,

Теңдікпен алысарлықтай айбат берген.
Қазақтың бір әдемі мақалы бар,
«Жаман тегі бергенін айтад» деген!

Байеке, қыраныңды ұшырып ал,
Асығыңды алшыдан түсіріп ал.
Мен өзім құтылдым ғой Тұрсыновтан,
Ал енді Есқалиевтан құтылып ал!

Білемін, жібермейсің қарымтасын,
Айтыста талай жерде бағың басым.
Өз елімнің, өз жерімнің азаматы –
Құдайым Ақымбековтен жарылқасын!

Азамат, өр ақынның біреуісің,
Халықтың саған деген тілеуі шын.
Қалай айтсаң да жарасады, Баянғали,
Өйткені Жетісудың күйеуісің!

Көргем жоқ мен де бірақ есе беріп,
Көрдік қой талай жерде төте келіп.
Елімнің тентегі еді Көкшетауда,
Баянғалидың еркелігін көтерелік!

Баянғали:
Айтақын, биіктерге өрлегейсің,
Өлеңмен туған елді тербегейсің.
Ұрынып Біржан салға қайта-қайта,

Шет болып аруақтарға кетпегейсің.
Тып-тыныш жатқан біздің Көкшетауға,
Отырып бүлік сала көрмегейсің.
Мақтасаң Серік дейтін ағаңды да,

Шырағым, тым жағына бермегейсің!

Үлгіге әр уақытта қараған жөн,
Татулық, ынтымақпен тараған жөн.
Халықтың ақиқатын айтып біраз,
Сөз келсе, бастықтарды сынаған жөн.

Бұл сөзді ойға ағалар алғаның жөн,
Разы боп бізге бүгін қалғаның жөн.
Қор ашты Қабылиса бабамызға
Ақшаңды ақ жәшікке салғаның жөн!

Талай сөз осы жерде туып жатыр,
Ағайын таң-тамаша болып жатыр.
Қорына Қабан жырау жәшік қойса,
Ақша сап, әлі ешкім келмей жатыр!

Ақиқат, шындық сөзден қашпаған жөн,
Айтақын, топ алдында таспаған жөн.

Қорына Қабекеңнің ақша жинау
Жұмысын бастықтардан бастаған жөн!

Өлеңім айта берсем, қабындайды,
Оттай лаулап алдыңда жалындайды.
Малшы, қойшы ақшасын қайтіп салад,
Байғұстар жалақыға жарымайды!

Бұл сөзді туған елім құп алмай ма,
Айтшы, елім, саған сөзім ұнамай ма?
Салпақтап мал соңында жүрген малшы
Бес-он сом алғанында жыламай ма?!

Депутат, бастықтарың елім деген,
Осыдан туған елден ұялмай ма?
Ауылдың айлықтарын көтеруге
Тезірек жарлықтарын шығармай ма?!

Ауылды жылатсақ біз, жөн болмайды,
Ауылсыз сірә, қазақ ел болмайды.
Ауылдың айлықтарын көбейтсеңіз,
Отырған Наурыз аға, Серік аға,

Жалғанда сенен асқан ер болмайды!

Шүкірлік, көргеніме елдің алдын,
Айтайын ақтарып мен елге бәрін.
Тойына Сара апамның келіп едім,
Жетісуда бір жұма жатып алдым!

Алысқа ауылыма жете алмадым,
Тілекті аяқасты ете алмадым.
Сағынып жүрсем дағы ауылымды,
Аруақтан бірақ аттап кете алмадым.

Тілекті танып тұрмын ақтығынан,
Айналдым туған елдің шаттығынан.
Атаға әкеп алғаш жарна салған,
Айналдым жаңағыдай ақ құлыннан!

Кете алмай мен жатырмын Көкшетауға,
Тікелей самолеттің жоқтығынан!

Достық бар Көкше – Жетісу арасында,
Ағалар, бұл сөзіме нанасың ба?
Тікелей бір рейсті ашып бізге,
Батасын туған елдің аласың ба?

Ал сонда Көкшетаудың Біржан салы
Келер ед күнде Жетісудың Сарасына!

Ағалар, сонда ғана ер боларсың,
Еліңіз сүйсінетін ұл боларсың.
Айтақын, қисық сөзді доғарып біз,
Жалғайық татулықпен ел арасын!

Айтақын:
Байеке, жырға қостың салықты енді,
Бүйідей тиіп бізге нарық келді.
«Көш жүре түзеледі» деген бар ғой,

Бір жақсылық – теңдігіңді алып келді.

Айламыз алты қырға ассын мұнда,
Еңсеңді дұшпандарға басындырма.
Айырплан жолын ашып қояйық-ау,
Әкім аға, құлағыңа алтын сырға!

Байекең ақбөкендей желіп жүрсін,
Жетісу деп арқа сүйеп келіп жүрсін.
Айырплан жолы енді ашылғанда
Күнде-күнде Байекең келіп жүрсін.

Шабытың асау аттай тулап еді,
Жырларың бар халыққа ұнап еді.
Сара ақынның айтысында топты жарып,
Байекең Құлагердей шыға келді!

Ал енді сөз асылын жібер тегі,
Шашу шашып отырған мынау елді!

Жетісудың жырға бөлеп атырабын,
Өнеріме мен сені батырамын.
Бір жыл жат, екі жыл жат, Баянғали,
Салқам Жәңгір тойына да шақырамын!

Баянғали:
Осымен тәмамда да сөздеріңді,
Жюрилер жой деп жатыр көздеріңді.
Балалар бабасына ақша салса,

Біздерге соған орай сөз келулі.
Айтекең сыпайылап көшкеннен соң,
Құп алдым мен де мұндай өзгеруді.

Рахмет ақша әкелген балаларға,
Құрмет қып жатқан өткен бабаларға.
Басында қырып жібере жаздап еді,
Ақылы кірді мұның жаңа-жаңа.

Бас иіп, разы болып аттанамын,
Мойнында еркелеткен ағаларға.
Және де разылықты мен айтамын,
Отырған аталар мен аналарға!

Айтақын:
Төреші төрде отырған төрелерім,
Биік болды бүгін тегі өрелерің...
Аузына ақындардың қақпақ болып,

Қарғысына қап жүрмеңдер көрерменнің!

Атырып тіл қадірі ұл-қызыңды,
Шашу ет нұр жаңбырдай жырыңызды.
Асқақтасам, Баянғали, айып етпе,
Мен саған ұстатқам жоқ тізгінімді.

Ал енді рұқсат болса қоштасайық,
Көкшетау – Жетісуым, достасайық.
Айтыста арғы-бергі айтылады,
Көңіліңе келіп тегі болмас айып!

Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығынаарналған республикалық айтыс
(Петропавл қ., 1993 ж., магнитофоннан)

Баянғали – Нұрлыбек Қалауов
(Ақтөбе қ.)

Нұрлыбек:
Бүгін күн салтанатын асырған күн,
Жыр шашу ақындардан шашылған күн.
Мағжанның тойы құтты болсын деймін,

Ассалаумағалейкум, асыл халқым!

Шуақты аспаныңда күнің күлсін,
Қалықтап нұрлы көкте жырым жүрсін.
Мағжандар арамызға қайта оралса,
Құдайым ұзағынан сүйіндірсін!

Жырымен таңырқатып байтақ елді,
Мағжан сол өз толғауын айта келді.
Араға жүз жыл салып Мағжан атам,
Ортаға мәңгілікке қайта келді.

Ақынның жыры болар сайран бағы,
Және де осы болар жайған малы.
Мағжанға теңеу тіпті таба алмаймын,
Себебі поэзия пайғамбары!

Төгілтіп жыр толғауды сүйеді де ел,
Қызыл тіл ақ шабыттың тиегі дер.
Бұл жерде Мағжан туған, Ғабит туған,
Қашаннан топырағы киелі жер!

Ақынмын, мәңгілікке сапардамын,
Алдымда – ұлы мақсат, татар дәмім.
Мағжанның тойын мұндан естіген соң,
Үйімде тыныш ұйықтап жата алмадым!

Жиналған осы тойға ағайын көп,
Жиналды тәтті ләззат алайын деп.
Арайлы Ақтөбеден мен де жеттім,
Бұл тойдың кәдесіне жарайын деп!

Тыңдаса көкейдегі күйді міне,
Өлеңім көңілімнің жүйрігі ме?
Құдайым бере қалса, мол береді,
Тап болдым Көкшетаудың жүйрігіне.

Армысың, жырдан өрім өрген құрдас,
Өнерде абыройды терген құрдас.
Тойына мен Ақанның барғанымда,
Айтыспай жолын маған берген құрдас!

Армысың жырдан алқа таққан құрдас,
Бәйге алып талай жерде шапқан құрдас.
Айналған сол күнімді күнбағыстай,
Аузымнан шыққан сөзді баққан құрдас!

Ауылға барғанымда сыйладың да,
Зыр шауып қызмет қып жүрмедің бе?
Ұйықтадым үш күн деп сен айтып едің,
Бойыңды аман-есен жинадың ба?!

Баянғали:
Алла деп бүлкілдетіп көмей жағын,
Аңсаған ел қазақтың мерей бағын.
Мұсылман, түрік сөзін сөйлеп өткен,

Тәрк етіп Москваның тәж бен тағын.
Мағжанның өлеңдері мәңгі тірі,
Емес ол алыстағы бұлдыр сағым.

Мағжанның өлеңдерін азық қылсаң,
Беу, халқым, жарқын болсын болашағың.
Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Нағашым – Атығай мен Қарауылым,

Өзімнің бауырларым – Керей – Уағым!

Бабалар дәстүрімен жатқан жалғас,
Жиналды Мағжан тойға алты Алаш.
Аулына батыр Баян сәлем айтты,
Ордасы Абылайдың Көкшетауым.

Оқжетпес, Бурабай мен Қызылағаш!

Ал, құрдас, жіберейік ойды алысқа,
Түстік қой тәуекел деп жыр жарысқа.
Дөп-дөңгелек, сап-сары боп отырған,
Менен гөрі сен ұқсайсың күнбағысқа!

Алдында ағайынның ағайын ба,
Азуды саған бүгін салайын ба?
Сен маған күнбағыс деп сөйлеп отсың,
Мен сені шемішке ғып шағайын ба?!

Нұрлыбек құрдасым ед жырымды ұққан,
Сыйласып, сіз-біз десіп сырымды ұққан.
Ақылды ақын болған Ақтөбеде,
Талайды ойлы өлеңмен ұрып жыққан.

Үлкенсіп сөйлейд маған, тырбалаңдап,
Жалғанға менен жеті ай бұрын шыққан!

Е-ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Құрдасым келді қатарға-ай,
Бір қарасам түріне,
Менің үлкен атамдай.

Көзәйнегі жарқылдап,
Отыр міне алдыңда
Байтұрсынов Ахаңдай!
Нервісіне көп тисем,

Шығарып алып атардай!

Е-ей, айтыстарда Нұрлыбек,
Талай-талай мықтының
Аузындағы қақпағы,
Маған дағы байқаймын,

Талай сөзін сақтады.
Ойылдың ұлы ойшылы,
Ақтөбенің аппағы!

Сөзімді міне елеп тұр,
Орыны мұның бөлек тұр.
Сұрасаңдар жұмысын,
Мектепте дөкей деректір,

Қызметі халқына
Нұрлыбектің ұнап жүр.
Ал, біздің қазақтың балалары
Октябрят, пионер,

Деген өлеңдерді жаттай алмай,
Күнде-күнде жылап жүр.
Соларға соны ұқтырып,
Төбесін тесіп мына деректір

Құлақтарын бұрап жүр!

Ей, Нұрлыбек, бер қара,
Балдарға сен бұдан былай
Өзгенің қойып өлеңін
Октябрят, пионер,

Бәрін былай таста да
Мағжанның сөзін үйреткін.
Сонда ғана мен сені
Өзімнің шіркін досым деп,

Мына жап-жалпақ бетіңнен сүймекпін!

Нұрлыбек:
Әркімнің жақын болар өз құнаны,
Құрдасым дауысын да созғылады.
Қашаннан белгілі ақын ел-жұртына

Дабысын екпіндетіп оздырады!

Дариядан кесіп өтер қайық емес,
Қашанда жөнді сөзім айып емес.
Ұқсаттың мені Ахмет Байтұрсыновқа
Рахмет, оныңа ризамын, айып емес.

Өлеңді мен ешкімнен сұрамаймын,
Жыр төксем, қалай елге ұнамаймын?
Қасымда болғандай бір сөйлейсің ғой,
Баланың құлағын мен бұрамаймын!

Жырлаумен қайран өмір өтеді де,
Ақындар мақсатына жетеді де.
Жығылсам, жықсам дағы ризамын
Жабысам, құрдас, сенің етегіңе!

Сөз берсе ел алдында ағындаймын,
Қалайша жырды төгіп сабылмаймын?
Мені сен шемішке деп байқап айтшы,
Мен саған оңайлықпен шағылмаймын!

Көкейден ағытайын дастан әнін,
Жырлайын Мағжан атам асқаралым.
Қашанда қызмет пен өнерді мен
Тең ұстап бір мектепті басқарамын!

Той десе жырды арнап шаптырғанбыз,
Көкейдің күйін мұңды ап тұрғанбыз.
Мектепте пионер мен октябрят жоқ,
Бәрін де әлдеқашан лақтырғанбыз!

Ақынбыз, сөз мәнісін ұғынғанбыз.
Несіне айтпай сөзді тығылғанбыз.
Баяғы жоспарларды лақтырып біз,
Халықтық педагогикаға бұрылғанбыз!

Айтыста таңдайы бір тақылдаған,
Жөн сөзін елі қостап мақұлдаған,

Мағжан да жырлаған сол батыр Баян,
Өзіме жақын құрдас ақын Баян!

Әзілге мен де жақын кісі едім,
Ұсақты жамандардың ісі дедім.
Физикпін мамандығым – білесің ғой,
Кернеуге үш жүз сексен түсіремін!

Ойымнан шумақтарым ағындайды,
Бұл айтыс маңдайдағы бағыңдай-ды.
Білемін каратэнің маманысың,
Ток күші каратэге бағынбайды!

Баянғали:
Күшіңді құрдас бүгін таныт көпке,
Десек те айдалаға ағып кетпе.
Күшін сен кернеуіңнің көрсетем деп,

Бұл жерде өзің босқа жанып кетпе!

Құрдасым, шындықты айтып тұрған жоқсың,
Халыққа әлі бетті бұрған жоқсың.
Пионер, октябрят жайлы өлеңді
Оқулық беттерінен жұлған жоқсың!

Көңілді не нәрсеге бөліп жүрсің,
Баяғы партияға сеніп жүрсің.
Мағжанның өлеңдерін оқытудың
Орнына басқа өлеңді беріп жүрсің!

Мен сөзді сірә, теріс бұрмағанмын,
Шүкірлік, шындықпенен ұнағанмын.
Жармассаң жалға жармас, әй, құрдасым,
Жөн болар етегімнен алмағаның!

Таптым деп мен ойлаймын батырды шын,
Ұғатын сөз қатесін ақылдысың.
Ер болсаң кеңірдектен алмаймысың,

Етектен ұстайтұғын қатынбысың?!
Е-ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Мына отырған Нұрлыбек,
Талай-талай жерлерде

Сөз сөйлесе ер болған,
Өлеңі биік өр болған.
Мағжан атам тойына
Қызылжарға келем деп,

Он күн бұрын шығып Ойылдан,
Қызылжарға келгенде,
Қатын таппай қор болған!

Ей, Нұрлыбек, бер қара,
Жырыңды сенің жалғағам.
Бұл да батыр жігіт қой,
Атасы бұның – Шернияз,

Өнерін соның жалғаған.
Аталы сөзді халыққа
Талай да талай арнаған.
Түнгі сағат төртте бұл

Жігіттерді жиып ап,
Қыз таба алмай жүрмін деп,
Мұңын айтып зарлаған!

Ей, құрдас, жеткізейін арманыңа,
Разы бол сен де менің талғамыма.
Орыстың айдай сұлу қыздары көп,
Солардың бірін тауып алмадың ба?!

Сенемін оған да өлең арнарыңа,
Осылай орыс-қазақ арасына,
Жөн еді көпір болып жалғану да!

Нұрлыбек:
Құрдасым-ау, әзіл сөзге дес берсейші,
Жайымды екеуміздің ескерсейші.
Қоймадың октябрят, пионерді,

Инспектор болып келіп тексерсейші!

Қашанда жөнді сөзге бағынамын,
Көкейден туындатып лағыл әнін.
Жарайды үйімдегі өз қосағым,
Құрдас-ау, басқаларды неғыламын?!

Жасымнан өлеңімді өрген едім,
Маржан бір сөз асылын терген едім.
Қыз іздеп келгенім жоқ Қызылжарға,
Мағжанның аруағына келген едім!

Есті адам шайтандықты аластайды,
Жөнді сөз төресіне таласпайды.
Екеуміз келіп қалдық қырық жасқа,
Біздерге жеңіл болу жараспайды.

Ақынның айтар сөзі кесек дейді,
Келген бір қызыл тілді төсеп дейді.
Біздерден бозбалалық өтіп кетті,
Біздерді жігіт ағасы деп есептейді.

Отырмыз әзіл жолын сызып та алып,
Тыңдаған жұртым сөзге қызықты анық.
Жырлайық елағасы айтар сөзді
Жеңіл біз арзан сөзге қызықпайық.

Әзілмен мен де сөзді ілуші едім,
Шын сөзді айтар жерді білуші едім,
Жасымыз құрдас болды, жолың үлкен,
Орныңды әдебиеттен білуші едім!

Баянғали:
Сөзіңе орайласып жалғанамын,
Шүкірлік, бар ғой елге арнар әнім.
Қыз жайын сөз қылмасаң бұдан былай,

Қонақүйде түн ішінде зарламағын!

Құрдасым, миымды сен ашытпағын,
Келеді осы сөзден басып қалғым.
Қырықта қылшылдаған біз жігітпіз,
Сондықтан қартаюға асықпағын!

Жігіт пе қырық жаста от көрмеген,
Айтыста ешкімге де дес бермеген.
Білсеңіз, Мағжан атам қырықында,
Сірә да сұлуларды жек көрмеген!

Береді туған елім тыныс маған,
Табылар айта берсем ірі іс маған.
Махаңдар серілік қып келген кезде,
Зылиха тәтем оған ұрыспаған!

Осылай біздерменен салыса бер,
Ағайынмен жақсылықпен табыса бер.
Қыздарға шамаң келмей жүрсе, құрдас,
Үйдегі құрдасыма жабыса бер!

Мен сірә, сөзді теріс бұрмағанмын,
Кіндіктен төмен қарай ұрмағанмын.
Мағжанның атын білмей сен жүргенде,
Мен елге ер Баянды жырлағанмын!

Ұстазым Нұрғалиев Рымғали,
Мағжанды оқы деді, Баянғали.
Шынында Махаңдарсыз қазағымның
Өнері секілді екен тоналған үй.

Шүкірлік, көкейіңе қонып жатыр.
Күңіреніп өткен күннен оралған күй.
Мағжанның армандарын ұғар ма екен,
Атеист, орысшылдау боп алған ми!?

Ей, Нұрлыбек, бер қара,
Инспектор бол дейсің.
Мына сенің мектепті
Тексеретін түгі жоқ,

Жалтаратын ақынның
Жасқаншақтау жыры көп.
Менің тілегім сол ғана –
Пионер, октябрят,

Өлеңдерін былай қойып,
Қазағымның баллары
Өссін қазақ ұлы боп!

Шақырды жұртым бізді толғасын деп,
Атаға талай өлең арнасын деп.
Тілегім менің де айтар сол Нұрлыбек,
Жас баллар ата жолын жалғасын деп.

Мен келдім туған елдің бұл тойына,
Елімнің сөзі айтылмай қалмасын деп!

Ақын ба ел алдында ағылмаған,
Мұндай той күнде бізге табылмаған.
Жарайды, екеуміз де жақсы-ақпыз ғой,
Бос сөзбен жұрт алдында қағынбаған.

Менің атам – Біржан сал, Ақан сері,
Жалтақтап бастықтарға жағынбаған.
Ақ туын ақиқаттың биік ұстап,
Алладан басқа ешкімге бағынбаған!!!

Береке, бақыт тілеп қоныстарға,
Бәйгені ала бердім жарыстарда.
Тағы да бір рахмет біз айтайық,
Мағжанды мойындаған орыстарға!

Тізгінді тура жолға тартқанына,
Разымыз ізгі тілек тапқанына.
Мағжанға басын иіп, той жасаған,
Зер гут, маладес дейік Гартманыңа!

Орны жоқ басқа жұртпен таласудың,
Тілейік сан ұлттардың жарасымын.
Разымын Қызылжардың қазағына.
Бұл тойға шашып жатқан бар асылын!

Қайтеді енді бізге шауып кетсек,
Осы жерде сөз түйінін тауып кетсек.
Разы боп Қызылжардың қазағына,
Ықылас, пейілдерін көкейге біз

Құйып ап, ауылдарға алып кетсек!!!

Нұрлыбек:
Көңілді шалқар шабыт кернейді екен,
Құрдасым тым ұзаққа сермейді екен.
Тапшылау уақыт шіркін болып қалды,

Кезекті құрдасына бермейді екен!

Несіне айтпай сөзді тосыламын,
Сөз тисе, арғымақтай жосыламын.
Мен айтар мәнді сөзді өзің айттың,
Ендеше тілегіңе қосыламын!

Өнердің ең үлкені сөз десейік,
Қашанда маржан ойдан із кесейік.
Уақыт болып қалды, амалым жоқ,
Аман-сау тағы тойда кездесейік!

Қашанда өнерпаздың бата кілті,
Айтыс қой ақындардың ата мүлкі.
Қош-сау боп тұрыңыздар көріскенше
Мағжанның қалың елі, ата жұрты!

«Манас» эпосының мың жылдығына арналған «Ақтаңдай-93» атты Қырғызстан –Қазақстан ақындарының айтысы (Бішкек, 1993 ж.)

Баянғали мен Орозбек Құтманалиев,
Қырғызстанның Халық артисі

Орозбек:
Рахмат, Баянғалиым,
Кезекті бердің қарыға.
Ата-жұрттың салтымен,

Айтайын салам барыңа.
Жырға құмар ел келді,
Бүгін ісін тастап жабыла.
Қазақ-қырғыздың айтысы

Әркімнің келе бермейді бағына.
Рахмат заманның осындай шағына,
Тұс келтіріп жырлатқан
Мына қырғыздың филармония тамына.

Қаншадан бері жырламай,
Қалыппын елді сағына,
Е-е, айналайын Баянғалиым,
Сені де келтіргенге ұқсайды,

Ел-жұртың күлік қылып бабыңа.
Даяр келгенге ұқсайсың,
Шабатын тұс-тұс жағыңа.
Ата-баладай жандармыз,

Қарайық сөздің ағына.
Енді бір сөйлеп көрші, садаға,
Мен де бір зейін салып көрейін,
Сенің де айтар жағыңа!

Баянғали:
Алла деп, сөз сөйлейін, ал, қырғыздар,
Азаттық құтты болсын, жол қырғыздар.
Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,

Манастың тұқымдары – шоң қырғыздар!
Келеді тағы басып айта кеткім,
Бұтағы қазақ-қырғыз бәйтеректің.
Армысың, қыз-қырқыны қырғыз елдің,

Қыздары Қаныкей мен Айшөректің!
Біз келдік азаттыққа жеткен елге,
Басынан талай бейнет өткен елге.
Орыстың ақ патшасы қазақ-қырғыз,

Ел-жұртын қамамап па ед өткелдерге?
Кеп тұрмын тебіреніп Көкшетаудан,
Күңіреніп Кенекемдер өткен жерге.
Манасты жазып алып Шоқан атам,

Достықтың күйін мәңгі шерткен жерге.
Саяқбай, Сағымбай мен Чоюкелер
Көмейден інжу-маржан төккен жерге.
Тоқтағұл, Тоғолоқ молда аталарым

Өлеңнің дәнін терең сепкен жерге.
Достығың берік болсын, қазақ-қырғыз,
Құдайым иман берсін өткендерге!
Е-ей, бауырлар, бер қара,

Алдыңа келіп тұрған соң,
Рұқсат болса сіздерден,
Мен де қырғызша ырдайын,
Айналайын ағайын,

Ат тізгінін әр жерде
Тартып жүрген баламын.
Арқасында Алланың
Шалқып жүрген баламын.

Кең қазақтың даласында
Ер Манастың өлеңін
Айтып жүрген баламын!
Ей, байтақ әлем бұл күнде

Қырғыз десе Манас дейд,

Манас десе қырғыз дейд,
Дәл Манастай қырғыздың
Қасиетін ешкім де
Бұл жалғанда білгізбейд!!!

Алдыңда міне отырмын,
Ақ сақалын жайқаған,
Алысқы-жуықты байқаған.
Мына келген атама

Мен секілді ботақан
Қандай сөзді айта алад?!
Қарсы келген ағамыз
Маған үлкен атайдай.

Байқап тұрсам түрі де
Манастағы Бақайдай!
Менің құрметті Оразбек,
Байекем келді бұ жақтан.

Өзі де міне шоң болып,
Қырғызда жүріп өскен ғой.
Білесіздер бір кезде,
«Ақ кеменің» киносына

Актер болып түскен ғой...
... Киноға да түскенсің,
Бөшкелеп арақ ішкенсің.
Қатынның бәрін сойғансың,

Бұғының бәрін жойғансың.
Тәубеге кеп бүгінде,
Дөңгелек сақал қойғансың!...
(Аяғы магнитофонға жазылмай қалған).

Баянғали мен Абдылда Нұрғалиев

Баянғали:
Аман ба Алла деген ел баласы,
Қырғыздың қазақ үшін мол бағасы.
Тойына қырғыздардың сәлем айтты,

Тағдырлас қазағымның кең даласы!
Барайын енді сөздің қысқасына,
Айтайын тәуір сөзді тұстасыма.
Қазақ пен қырғыздарым бір кездерде

Патшаның жем болған ғой пушкасына.
Азаттық алған кезде, шүкіршілік,
Мұсылман қанаттасып достасуда!
Айтайық әрбір сөзді ойлап барып,

Ақынды бостан-босқа сайратпалық.
Қазақ пен қырғыздарды құртқан бір кез,
Ақ патша бір-біріне айдап салып.
Біз енді мықты халық болайық деп,

Мұсылман, түрікке ортақ байрақты алып,
Достасып қазақ-қырғыз мәңгі-бақи,
Тұрайық арыстандай айбаттанып!
Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,

Айлыңа келдім қонақ боп,
Құтты болсын тойың деп.
Жолықтым міне, қасыма
Кеп отырған Абдылда

Жақын туған інімдей.
Қарап отсам түріне,
Айкөл Манас батырдың
Соңына еріп жау шапқан

Қырық шораның біріндей.
Үніне мұның қарасам,
Саяқбайдың үніндей.
Тіліне мұның қарасам,

Тоқтағұлдың тіліндей!

Айналайын Абдылда,
Бермен қарап, құлақ сал,
Меніменен айтыста
Бауыр болар ұлмысың?

Жақсы-жақсы сөйлесіп,
Тәуір болар ұлмысың?
Қарсы алдымнан қарсы соғып,
Дауыл болар ұлмысың?

Көтеруге сен маған
Ауыр болар ұлмысың!
Екі күн бойы тыңдадым,
Манастан сөзді сөйледің.

Қайта-қайта айтқанда,
Қазақтардың Көкшесі
Үңірейген Жолайдан
Қашқан екен дей бердің!

Ей, Абдылда, бер қара,
Айналайын ағайын,
Құлағыңды маған сал,
Ұлы Манас батырдың

Жыры да үлкен дастан ғой.
«Амурдың башын жайлаған,
Шақардай күчі қайнаған,
Алты батман буудай жеп,

Дат жыттанған чоң Жолой.
Жеті жылы жөө жүріп,
Жетік найза майлаған.
Жетимиш ерді жайлаған,

Қан жыттанған чоң Жолой,
Чоң қазандай башы бар.
Қырық елүүнің ішінде,
Қызталақтың жашы бар.

Екі иініне қарасаң,
Екі киши қонғондай.
Екі бетін қарасаң,
Екі даңғыт тойғондой,

Құлақтың көркі қалқандай.

Қолына түшсе Алатоо,
Боло тұрған талқандай».
Үңірейген Жолойдон
Білесің ғой, айналдым,

Жалғыз Көкше қашқан жоқ,
Қырғыз, өзбек баарысы
Бірі қалмай сасқан ғой,
Бірі қалмай қашқан ғой!

Сонда Жолай дәуіңді
«Бекіп қалған Бейжіннің
Бетін ашқан ер Қошой.
Байланып қалған базардың

Бағын ашқан ер Қошой.
Тұрып қалған Тұрпанның
Тұсын ашқан ер Қошой».
Қошой бабай қарымыз

Кеудесінен басқан ғой!!!
Айналайын Абдылда,
Бермен қарап, сөз сөйле,
Туыс, бауыр деп келдік.

Көңілде біздің білесің
Бөтен ой да жоқ бүгін.
Сөз сөйлесең бірақ та,
Қазағыма тигізбе.

Тигізіп алып қазаққа,
Отына мынау халықты,
Абайламай күйгізбе!
Айналайын Абдылда,

Өзіңдей жігіт тасарда,
Жолықпасын нашарға.
Қырғыздың бәрі мықты да,
Қазақтың бәрі нашар ма?!

Кеп тұрмыз міне аулыңа,
Мынадай шіркін заманда.
Тілеймін мен бәріңе
Ағайынға аман да.

Қайта-қайта айтасың,
Көкше қашып кеткен деп,

Соншалықты қашатын
Біздің қазақ жаман ба?!
Ей, мындай кепті тастайық,
Ойын кептен бастайық.

Айналайын Абдылда,
Дария судай таспайық.
Тәуір сөзден көп сөйле,
Ағайынға туыстық

Арнап жырыңды бек сөйле!!!

Абдылда:
Дос келсе толқып мақтанам,
Алтыным, өйткені оған айта алам.
Бұл тарихтың қалған нәрсесін

Көкше қашқан жоқ деп мен қайтіп
Тарихтың бәрін жасырам?
Рас, ашық болсын аспаның,
Айтылған осы дастаның.

Әр уақытта қолдасын
Атаң Көкше аруағың,
Аруағын айтып жатамын.
Асып тұрсын салмағың,

Көрдің бүгін маған ұқсас
Ақындардың ішінде
Қырғыздың шыққан нашарын.
Нашар екем, бүгін бір

Саған ұқсасып кішкене.
Ұғылып кетсін ғазалым.
Жаттаған осы екенсің
Анша-мұнша кішкене

Хан Манас пенен Көкшенің
Қадірлеп осы атағын.
Атағын біраз жаттасаң,
Алтыным, ар жағын айтып жатамын.

Қайран Алмамбет көшіп келгенде,
Айла жоқ сол бір кездерде.

Атаң осы Көкшеге
Айналып сәлем бергенде,
Жақтырмай қойып, амал не,
Айлына Талас сүргенде.

Алмамбет елден кеткенде,
Сыйғызбапты ан жағың.
Анша-мұнша оқыпсың сен,
Оқымай осы қалыпсың,

Алмамбеттің сыймаған
Анша-мұнша ар жағын!
Алтыным, осы Алмамбет сыймас еліңе
Мен осы қайтіп сыямын!

Е-е, толықындап осы жергенің,
Жеріме келген кезегің.
Алтыным, бөлек деп айтпайм өзіңді,
Бұл дағы сенің мекенің.

Мінеки, қымбатты Мұхтар ағаның
Артынан келген кезегің.
Алатау елдің кеніші екен,
Әр уақта қырғыз-қазақтың

Аңсағанын берсе екен.
Алтыным Мұхтар ағамыз
Біздің қырғыз бенен қазаққа
Қызмет қылушы елші екен.

Осы ағамыз бүгін келгенін,
Құттықтап айтып бергенім.
Анша-мұнша ағаңның
Атағын айтып кетейін.

Қайран Жолонды көргендей
Менің де бұлқынып кетті жүрегім.
Осы Жолонменен дос болған,
Әр уақытта қош болған,

Айтулы Мұхтар ағаңды
Бүгін мен бір туғандай сеземін.
Өзіңнің де жаныма
Еркелеп келген кезегің.

Жаңадан бері қарата
Ұғылып жатты қырғызға.

Анша-мұнша кеп айтып,
Отырған елге мезелің.
Ары қарай жалғай бер, алтыным,
Ал, енді бердім кезегің!

Баянғали:
Е-ей, Абдылда, бер қара,
Айналайын бауырым,
Жаңа өзің ырдаған

Жолон ағам ақынды
Алматыда көргенмін,
Көңілім оған бөлгенмін,
Құшағымды жайғанмын.

Сен айтқанда Жолонды,
Мен де қатты ойландым.
Мен Жолондай ағамды
Өте қатты сыйлағам.

Қайтыш болды деп естіп,
Өлімге оны қимағам.
Жоқ қой бүгін біздерде
Айналайын, екі айырым.

Жолон ағаң өтсе өмірден,
Құдайым берсін қайырын!
Ей, тағы да кептен сөз қылдың,
Бермен қара, Абдылда,

Ер Алмамбет батырдың
Қытайдан қашып барғанда,
Қазақтарға барғанда,
Ер Көкшемен дос болған,

Көңілдері хош болған.
Араға сөзді жүгіртіп,
Сонан кейін біреулер
Қара арақты қытайдың

Құйып-құйып Көкшені,
Удай қылып мас қылған.
Мас болған соң ер Көкше
Алмамбетпен шатасып,

Анан кейін аралары бұзылып,
Манасқа көшкен Алмамбет!

Міне, осылай, білесің
Қазақ пенен қырғызым
Дұшпанына ілдірген.
Алмамбет пен Көкшенің

Айырылмас достығын
Қу арақ сөйтіп бүлдірген.
Айтатын сөздің барлығын
Отырмын міне санап мен.

Ағайынның жүзіне
Жарқын-жарқын қарап мен.
Қазақ пенен қырғызды
Жеңе алмаған дұшпаны

Ешқашан қару-жарақпен.
Түбімізге жетпесін
Жүң-жүң, виски, арақпен!!!
Бүгін міне, қарасаң,

Қазақ пенен қырғыздың
Арасында тамаша
Ұлы да тойы боп жатыр.
Абдылда інім мұнда кеп,

Ағатай мені деп жатыр.
Мұхтар ағам атақты
Қырғызстан еліне
Елші де болып кеп жатыр!

Анық қой біздер парыз өтеріміз,
Сіз дағы құрмет қылып көтеріңіз.
Қазақ пен қырғыз елдің достығы үшін
Алатау – Көкшетауға сапар қылып,

Жатырмыз Асқар ағам екеуіміз!
Бір тойы қырғыз елдің болып жатыр,
Көңілін ағайындар бөліп жатыр.
Айтысып мен отырмын Абдылдамен,

Ақаев Көкшетауда жүріп жатыр!
Достығын туған елдің жыр етем мен,
Тілегін мұсылманның бір етем мен.

Ақаев, Каримовпен ақылдасып,
Жатыр ғой ел жағдайын Нұрекеңмен!

Олар да іс орайын тапқан шығар,
Ойларға талай-талай батқан шығар.
Ақаев Көкшетауда астықты ойлап,
Қазаққа жиендік қып жатқан шығар!

Ай, інім, сіз бен біздер келісеміз,
Осылай құрметтесіп желісеміз.
Қазағым мол егінін жиып алса,
Бауырлас қырғыздармен бөлісеміз!

Осылай гүлдендіріп өңірді де,
Шаттықпен өткізейік өмірді де.
Бауырым, қолда барды бөліскесін,
Біз дұрыс бөлісейік көңілді де!!!

Әрдайым аман-есен боп тұрайық,
Той болса кезек-кезек шапқылайық.
Тойларың тойға ұласып қырғыз елі,
Қазақ-қырғыз кезек-кезек кеп тұрайық!

Абдылда:
Сөздердің гүлін тердің бе,
Алтыным, досым, ұғып тұр.
Қимылдаттың ерніңді,

Ілгері атам Көкше ішкен деп,
Анда біраз кеткен деп,
Алмамбеттің ар жағын
Айтып біраз өзің де,

Бұ жерге ішіп алып келдің бе?
Алтыным, кейбір жерде айқайлап,
Кейбір жерде кішкене
Өзіңше жатып бышқырдың.

Рас, мына қырғыз-қазақ ел туған,
Ілгеріден бірі бір туған.
Баяғы Байділда байкем айтқандай:
«Қырғыздар айтад қанча деп,

Қазақтар сөйлейд қанша деп,

Ч-ы менен ш-ысы болмаса,
Айырма жоқ онша көп!».
Сондықтан да келіп жүр,
Жаңағы айтқан жақсы кеп,

Келіп-кетіп тұрайық,
Келіскенде әрдайым.
Кеп сұрасып кішкене,
Бірімізге біріміз

Қуат болып тұрайық.
Жақсы болса жаңбырдай,
Төккен жырың ұғайық.
Жақсы болса бұ жерде

Жайнаған осы өзіңнің
Жақсылық жағың бүгін бір,
Көңілімізді бұрайық.
Келгеніңізге рахмет,

Ертеден бері қарата
Қайтіп қашып кеткенін
Бөлгеніңізге рахмат.
Анша-мынша ар жағын

Көмгеніңізге рахмат.
Жырың болса бұ жерде,
Жырлап көргін еліңе.
Домбыраңды кеп тартып,

Жырғап келгін еліңе.
Бір кез өзің қарасам,
Қазақтың кең даласы.
Бір қуатын қарасам,

Уқмуш беле бер жақта.
Қайран Көкше жанымда.
Көркемдеуші айлыңда
Хан жамбылдың баласы.

Бір қуатын қарасам,
Өзгеше екен, өзгеше,
Басқалардан айталық,
Жарқыратып халқыңа,

Жақсы сөзді бүгін бір.
Отырған-тұрған елдерің,

Ойлағаны байқады.
Жақсы болсын кішкене,
Анша-мұнша акенің
Кісіні қармай бермесін шайтаны.

Өйткені өзіңіз де білесіз
Дос болып осы жүргенім,
Достықты осы білгенің.
Ертеден бері қарата

Жақсы болды бұ жерде
Достықты айтып келгенің.
Берекесін елімнің,
Бақ-талайы төгілген

Бақытты қырғыз елімнің
Сондықтан да мен дағы
Қазақ-қырғыз халқын
Еш бөлгім жоқ жанымда.

Өйткені қазақ-қырғыз әрдайым
Маңдайымда бағымсың.
Жанып тұрған шамымсың.
Жүріп тұрған бәрің де

Жүректегі қанымсың.
Қолдан келсе бәрің де
Бүгін бір Абдылдаң аруақтарға табынсын.
Аққұланы байлаған

Айналам қырғыз-қазақтар маған
Аққұланы байлаған
Өзіңше тұрған мамынсың.
Сондықтан да бүгін бір

Аруақтарға жалынсын.
Ежелден бері қарата
Келген емес бұ жерге
Ақындары қазақтың.

Бүгін бір айтысып жүріп бұ жерде
Жақсылықпенен тарасын.
Сондықтан да кішкене
Біріңді бірің әрдайым

Бағалағаныңа рахмат.

Жарқыртып бүгін бір
Жырлағаныңа рахмат.
Менімен қоса бұ жерде
Жырғағаныңа рахмат.

Жанатан бері кеп ұғып
Қанша-мұнша ақыннан
Абдылда нашарың екен деп ұғып,
Келгеніңізге рахмат.

Дағы айтып бер осы еліме,
Ермек болып жеріме,
Ағайын-туған халқыңа,
Жақсы-жақсы сөздерің,

Әр уақ орнап қалсын көңіліне!

Баянғали:
Ей, ағайын-туыс, бер қара,
Әбділда інім мінеки,
Айтатын сөзін мықтайды.

Жылдам-жылдам ырдаса,
Ерні ерніне жұқпайды.
Жылдам-жылдам ырдап бір,
Кеткен кезде Абдылда

Мына қазақ мен түгілі,
Қырғыздың өзі ұқпайды!
Айналайын Әбділда,
Теріс жолға түскем жоқ,

Бұл айтышқа келгенде,
Бір грамм да ішкем жоқ!
Бір кездерде білесің,
Ішінде жүргем майданның,

Ішінде жүргем сайранның.
Мына сенің сөзіңе,
Айналайын ойландым.
Бір уақытта мен дағы,

Орыстың анау арағын
Сылқылдатып ішкенмін.

Ішіп алып, білесің,
Тайраңдаған жігіттің
Талайларын сойғанмын,
Көзін жылдам жойғанмын.

Бұл заманда мінеки,
Айналайын бауырым,
Қу арақты қойғанмын!
Жолына түскем Алланың,

Шүкіршілік бүгінде,
Мұсылман болып тәубаға,
Келіп мен де қалғанмын.
Бұл сөзіме отырған

Барлық қырғыз сенсін де.
Қоймай жүрген арақты
Қазақ-қырғыз балдары
Барлығы да мен құсап

Тәубасына келсін де!
Айналайын Әбділда,
Сөзіңді сенің жалғаймын,
Ерегісіп жатпаймын.

Өзіңді мен де бүгінде
Шоң ақын деп санаймын,
Көңіліңе қараймын,
Менің де даусым қалсыншы

Құлағында талайдың.
Шоң рахмат айтамын
Болып жатқан «Ақтаңдай»
Бұл Ақтаңдай біздерге

Қызық болып жатқандай.
Айналайын ағайын,
Көп рахмат айтамын.
Осы айтысты ұйыштырып,

Бәрімізді шақырған
Ұйымдастырған батырға
Бейсен менен Мәдуар,
Тоқтасартов Ахунға!

Жыр жырлаймын бұл жерде
Ағайындар тоқталмай,

Өлеңімді ан жақта
Жазып жатыр байқаймын
Азаматы қырғыздың
Оператор Тоқтабай!

Көп рахмет айтамын
Осындағы қарыға,
Құрмет қылып біздерді
Жыр тыңдап отқан осында

Отырған қырғыз барыңа!
Айналып, толғанайық, қағылайық,
Қазақ пен қырғыз бір-бірін сағынайық.
Осындай қазақ-қырғыз тойы көп боп,

Бәріміз аман-есен табылайық!
Басыңда берекелі заман болсын,
Бұл айтыс жақсылықпен тәмам болсын.
Қырғызда Әбділдадай інім болсын,

Қазақта Баянғали ағаң болсын!
Манастың ұлы киносы шыққан кезде,
Сүйсініп бүкіл әлем қарар болсын.
Осымен аман боп тұр, ағайындар,

Басыңда берекелі заман болсын!!!

Абдылда:
Ішед деп айттың ініңді,
Ішкізіп күнде жүргенсіп,
Іш тарлығың білінді.

Жұтад деп айттың ініңді,
Жұтқызып күнде жүргенсіп,
Жұқалығың білінді.
Жаңадан бір кішкене,

Жаңадан бері кеп айттың
Кісіні бер жақтан бастап сойыпсың.
Әйтеуір ішіп жүріп, алтыным,
Хулиган болып қалыпсың!

Андан гөрі жақсы айттың,
Етек аяқ жағын басқа айттың.
Жақтырып әрдайым бірге жүрелік,

Қырғыз-қазақ достықта
Қуанып ойнап-күлелік.
Берекесіне еліңнің
Бет болысып жүрелік.

Жолыққанда әрдайым
Бір туған болып жүрелік.
Қуанышына екі елдің
Жүректен жүріп күлелік.

Бақытты болсын бұл заман,
Жаңағы айтқан арманың
Азды-көпті кішкене
Жақсылық жағын қармадым.

Өйткені айтып жаттың кішкене
Жылдамырақ жырлайд деп
Абдылданың жамағын.
Алтыным, ілгеріден бері қарата

Өйткені қолдан келсе әрдайым
Қырғыздар жылдамырақ жырлаған.
Ай-хайы мен хой-хойы жоқ жырғаған.
Сондықтан да айтарым

Азды-көпті кішкене
Сенің де қармап жатты жаңадан
Анша-мынша шайтаның.
Әйтеуір толқындап жүріп бүгінше

Қырғыздың қуанышын біраз байқадың!

Баянғали:
Ей, Әбділда, бер қара,
Тағы да қоймай сайрадың,
Қолымды менің байладың.

Ағаңның сөзін қате ұғып,
Тісіңді неге қайрадың?
Арақ ішкен деп жаңа
Мен өзімді айтып ем,

Сен мені айтты деп неге ойладың?
Неге олай сөзді қате ұғып,
Қате неге ойлайсың?

Ондай қате сөздерді
Бұдан былай қойғайсың.
Сен әрине ішпейсің,
Ішер болсаң байқаймын,

Бөшкелеп ішсең де тоймайсың!
Сондықтан да Әбділда,
Дұрыс сөзімді дұрыс ұқ.
Бауырым деп ойлағын.

Аман болып қашанда,
Қырғыз-қазақ тойында
Осындай басқосулар болғанда
Ағыл-тегіл сайрағын!

Абдылда:
Ойлаған сөзің андан шоқ,
Ақынның тілі мындан шоқ.
Өйткені бір бөшкеге тоймайд деп,

Алтыным, сенің де сын таға тұрған жерің жоқ!
Мінеки, көпшілік елің ұғысты,
Жаңадан бері тұрысты,
Қайраған жоқпын тісімді,

Азды-көпті кішкене,
Жазушылық өнерің бар екен,
Сен қыла бергін ісіңді.
Мінеки, бір топ ел білед,

Өйткені бір топ естірді
Аңдыған бір топ жоры екен,
Сені ақын деп мұнда жіберген
Ағайын елдің соры екен.

Алтыным, андан гөрі төгіп кет,
Қолыңнан келсе бұ жерде
Көпшіліктің алдында
Ақынсың ба, басқасың ба,

Өзіңді бүгін бөліп кет.
Жаңадан бергі сөзіңді
Мен ұғып жаттым бұ жерде
Анша-мынша кішкене

Көрсетіп кеттің өзіңді.
Әйтеуір, айналайын алтыным,
Көп енді көтере берме төсіңді!

Баянғали:
Сайтанның шылауына ермегейсің,
Өзіңді мықтымын деп сенбегейсің.
Сен дағы әртіс едің осы айылда,

Ырыңмен ел-жұртыңды тербегейсің.
Мен сені тең қатарым деп келіп ем,
Кеудеңді сен де көтере бермегейсің!
Саған да ақын деп ел сенсін дегем,

Ақындық қуатыңды көрсін дегем.
Інімнің қандай түрі болдың, бауырым,
Ағаңды қазақ келген менсінбеген!
Өзіңе Баянғали аға ма екен,

Ағаны балағынан ала ма екен?
Аңқылдап қырғыз бауыр деп келгенде,
Осындай қисық сөз де бола ма екен?
Алыстан туысқаның кеп қалғанда,

Оны да мұқатуға бола ма екен?!
Сілтесем мен ұзаққа шаба аламын,
Келмейді бірақ сені табалағым.
Өздері ана отырған қалың қырғыз,

Ақынға бере жатар бағаларын.
Қыза-қыза осылай сілтегенде,
Байқайды шын ақынның шамаларын.
Теңсініп, бауыр болып тәуір сөйле,

Әйтпесе қолдамайды бабаларың!
Ойлаймын, қырғыз-қазақ ел тұрсын деп,
Осындай думан ойы боп тұрсын деп.
Бір-бірін мұқатпасын, кемітпесін,

Әрқашан қазақ, қырғыз тең тұрсын деп!
Кеудеңде өлең жырдан дауылың көп,
Өзіңді мен ойлаймын тәуір ұл деп.
Азырақ біз тістесіп сөз сөйлестік,

Кел енді құшақтайын бауырым деп!!!

Баянғали мен Әшірәлі Айталиев,
Қырғызстанның Халық артисі

Әшірәлі:
Егемен алып еліміз,
Қарашы, гүлдеп тұрад жеріміз.
Бастағыдай сөз құл болмай,

Жақсы ғой біздің деміміз,
Қазір жарқырап тұрған кезіміз,
Жалпы қырғыз көбіміз.
Еркіндігі тұрмай ма

Өңдерінен көрініп,
Қырғыздың талай данышпан балдары
Қарашы, басқаша шықты көрініп...
Құдайым өзі бұйырса,

Бағымыз аса берер береке қатар төгіліп.
Қырғыздың елі де еркін ел,
Ұқұғы қазір қолында.
Жарқырап та ойлап басқаны,

Өз елі үшін сонунда.
Қиналсақ та туғандар,
Ойнап-күліп жүрелік
Ордалы қырғыз тобында!

Ілгеріден қырғыз құтпан ел,
Бұның атағын дүние де ұққан ел.
Басынан бері балдары
Қарашы, бәрінен алға шыққан ел.

Баяғы қағандар тұрған кез,
Басқарып, анда бір қарсыласқанын жыққан ел.
Қара қытай, манжуды
Қақпасына тыққан ел!

Мың жылдығы өтед Манастың,
Жерінде кенен Таластың.
Осы шоң тойы өтеді бабамның.

Елінің ашып тұрғандай бүгін
Манасшы ақын деген дерегің сенің қабағын.
Сонда сені жас бала
Шақырттырып аламын.

Көкшетаудан келіпсің
Көркемін елдің көріпсің.
Баста Алматыда жүруші ең,
Айналайын Баяным,

Баян жақсы бала деп,
Ұғылған маған хабарың.
Денсаулығы жақсы ма,
Ол жерде Көкен сынды ағаның.

Осы Шәкееев еді қатарым,
Кішкене сағынғансып жатамын,
Әзір енді бақылдай бергін Баянжан,
Бірақ, болмасын маған шатағың!

Баянғали:
Сыйынып бір жаратқан Алламызға,
Бауырлар, тағы келдім алдарыңа.
Тойларың құтты болсын, сәлем бердім,

Ата-ана, ақ сақалды шалдарыңа.
Және де сәлем бердім балкондағы
Қырғыздың жап-жас солдат балларына!
Ей, бауырлар, бер қара,

Әшекең жаңа кеп айтты,
Манастан біраз бек айтты.
Айналайын қырғыздың
Жас жауынгер балдары,

Атаңның жолын жалғаңдар.
Қара қытай, манжудан,
Манас атаң қорғаған.
Қазақ-қырғыз даласын

Сендер де жақсы қорғаңдар!
Аман болғын әрқашан
Әскердегі туғандар,
Маған қолын ұрғандар,

Қазақ-қырғыз баласы
Тұтастай шеп құрып бір
Шекараны қорғаңдар,
Бөлек те болып тұрмаңдар.

Қайда жүрсең де аман бол,
Деп тілеймін туғандар!
Құлағыма жағады
Әшеке айтқан өлеңің.

Мен дағы саған иіліп,
Құттықтау сәлем беремін.
Мың жылдығын Манастың
Тойлап жатсаң, Әшеке,

Шақырсаңыз Көкшеден,
Аттай шауып келемін!
Беу, Әшеке, айналдым,
Өлеңге елді қосасың.

Манас батыр өлеңі
Қырғыздың мына халқымен
Мың жыл емес, мәңгілік
Миллион жылдап жасасын!

Әшекең жырын маған арнап жатыр,
Дәстүрін бабалардың жалғап жатыр.
Сұраған Көкен ақын аман-есен,
Қырғызға көп-көп сәлем жолдап жатыр!

О дағы іс орайын тапқан шығар,
Желкілдеп кәрі боздай шапқан шығар.
Ақаев Көкшетауға барған кезде
Құттықтау өлең-жырын айтқан шығар!

Беу, Әшеке, бер қара,
Көрдіңіз ғой талайды,
Елестетіп отырсың
Көзіме менің бүгінде

Манас жырында айтылған
Ардақты Қошой бабайды.
Өзіңіздей үйімде
Менің де бар ғой қарт әкем.

Мына отырған Әшекең
Әкем десем де жарайды.

Әшекеңе мен бүгін
Жаман сөз сөйлеп қойсам егер де
Қырғыздың ақсақалына
Сен барып жаман сөз неге айттың деп,

Жетпістегі әкеміз
Барғасын мені сабайды!

Әшірәлі:
О-о, жүгірсең тағы алысқа,
Жарайсың, Баян, намысқа.
Алдағы қызыл тілдерің

Қарашы жақсы сөзді табысты.
Біржан-Сара шыққан еліңнен
Көкшетау деген көліңнен.
Ақан сері дегендер

Жүйріктей болып елірген.
Сен дағы олардың тұқымысың,
Сулықты шайнап кемірген,
Азаматтың да бірісің.

Ақ қалпақ елде жүрісің,
Жарасып тұрад қалпыңа.
Осы жарқырап ойнап-күлісің,
Орындалад та Баянжан

Ойдағы мақсат үмітің.
Халқыңа жақсын өлеңің.
Көп жыл болды көрмедім,
Көкшетаудың өренін

Басқасын емес өзіңді,
Бір туғандай көремін.
Қанеки, өнердің ордасынан келдің сен,
Мынакей, ақ қалпақ қырғыз ел келді,

Орғыштап ойнап жөнөгүн!
Мына бұл қырғыз деген еліңіз,
Қарашы, бірге ғой біздің кебіміз.
Бірдей екен тіліміз,

Бірдей екен түріміз.

Енді бір бақылдап қырғыз халқына
Жетсінші қазақтан үніңіз.
Еш уақытта да тарқамайд,
Бір бауырлық біздің күйіміз

Енді кетеншіктемей, Баянжан
Жылдам алға жүріңіз!

Баянғали:
Тілекті жас балалар қостамай ма?
Ұмтылып, қолын созад дастан айға.
Өлеңді баста дейсің, беу, Әшеке,

Әдетте ақсақалдар бастамай ма?!
Біз сізбен осылайша ой кешеміз,
Келеміз талай-талай той десеңіз.
Әшеке, жөн болар ед ең алдымен,

Алдында мына отырған мұртты ақсақал
Азырақ қызу ғой дейм, қой десеңіз!
Тілекті туған елге арна деңіз,
Бұл жерде ұятқа сіз қалма деңіз.

Ақсақал, мына отырған халайықтың
Мазасын қайта-қайта алма деңіз!
Жақсы іні ағасымен таласа ма?
Келдік қой қырғыз тойы тамашаға.

Халықты мазалаған мына жерде,
Ана отқан ақсақалға жараса ма?!
Сол кісіні қолға сіз алмайсыз ба?
Сөзімді, беу, Әшеке, жалғайсыз ба?

Осы елдің ең айтулы шалы едіңіз,
Тәртіпке ана шалды салмайсыз ба?!

Әшірәлі:
Баянжан, қапа да болмағын,
Осы жағын қарашы,
Көбінше ұйып ойладың,

Айып етпе ақ қалпақ
Азырақ жұтып қойғанын.

Ол болмасын саған құр қайғы,
Бір құмалақ дегендер
Бір қарынды былғайды.
Байекемді көрем деп,

Шіркін жақсы бала еді деп,
Бұ кісі ішіп келген тұрбай бы!
Кемпірінен бөлініп,
Қашып келген тұрбай бы.

Қазақ пенен қырғыздың
Айтыстарын ұғам деп,
Шашып келген тұрбай бы?
Баяғы шіркін боза сынды қарашы,

Ашып келген тұрбай бы?
Келін, қызды жиіркентіп,
Ортасында отырад
Кішкене сасып келген тұрбай бы?

Қыран құс ұшып талпынар,
Оның қиындығы артылар.
Ішпей қалған кезекте
Кішкене ішкенді көрсе жан шығар.

Көп қапа болма, Баяным,
Мұндайлар Алматыда да бар шығар!

Баянғали:
Ағайын, туыс, құлақ сал,
Қыза да қыза келгенде,
Әшекең сөзге ағылад.

Жасырмаймын, Әшеке,
Мұндай-мұндай шалдар да
Біздің қазақта да табылад.
Ау, ақсақалдар, бер қара,

Мына жас баллардан ұят қой,
Пайғамбардың жасынан
Асып кеткен шақтарың
Қу арақты доғарып,

Тәуба қылсаңдар нағылад?!

Ақындар сірә, бұл жерде
Бөтен сөзден толғай ма?
Мынадай шалды көрген соң,
Отырған ана жас балдар,

Бұдан үлгі алмай ма?
Қу араққа салынса,
Қазақ пенен қырғыздың
Тұқымы құрып қалмай ма?!

Қазақ, қырғыз шалдарын
Шүкіршілік, мақтадым.
Айналайын ағайын,
Қай қылықтан жақпадым?

Ақсақал атам үйінен
Әбден тойып келгенде,
Мен мына жерде ұмтылып,
Бір жұтым суды таппадым!

Айтылмайды әрине,
Бауырларға тойда сын.
Десек тағы қазақтан
Ақын жігіт келгенде,

Оң қолменен сызылып,
Әдемі шайын құйып беретін
Арулары қырғыздың
Бармысың, мұнда қайдасың?!

Әшірәлі:
Мұны біраз саулаттық,
Мастығын қазір жоғалттық.
Шынында әр елдің ішед шалдары.

Шал болса, осынша елдің ардағы,
Хан Бақай сынды балқайып,
Талайды басса салмағы.
Шалдарың ішіп алғанда,

Арақ сатып жүрмей ме
Көшеде жап-жас балдары!
Бұл емес пе, Байеке,
Атадан үлгі алғаны!

Енді ар жағын тақыр қоялы,
Көтере бергін үніңді,
Көркемдік пенен жоғары.
Қырғыз бенен де қазақтан

Қарашы, құр емеспіз атақтан.
Басынан ата-бабамыз
Бізді бір туған қылып жасатқан
Жақыптың хан Манасы.

Көкше дегенді білесің,
Айдарханның баласы.
Қатар жүрген осылар
Біріне-бірі болмай наразы.

Қарашы, біріктіріпті біздерді,
Айтыс қылып осындай,
Кім де болса жасасын.
Ынтымақтастығы болғасын

А, шіркін, ырыс қой бұ дағы!
Мына қырғыздың осы сахнасы,
Тап осы жерден қырғыздар
Таамай сөзін бастаушы.

Бір бауырлықтың байқасам,
Осындай екен ғой мақсаты.
Осы күнде, Баянжан
Аузыңды қоя беріп қақсашы.

Осы Көкшетауға барғанда,
Барып түсе қалғанда,
Қырғыздан сәлем айта бар.
О жердегі қалғанға,

Өзіңе тең-тұс қарашы,
Бірге ойнап-күлген балдарға!
Болмаса қалып қойғын, Байеке,
Екі күннен кейін басталад,

Біздің егеменді майрамға!

Баянғали:
Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Әшекеңдей ағаның
Тілін бүгін аламын.

Екі күннен соң майрамың
Басталып жатса, Әшеке,
Сол майрамға қаламын.
Еске алып өттің құрметтеп,

Манас пен Көкше бабаны.
Қырғыз бенен қазақтар
Қол ұстасып бір кезде
Қалмақ пенен қытайдан

Қорғаған ғой даланы.
Әр уақытта құрметтеп,
Аталы сөз сөйлеген
Өтем сіздей ағаны!

Айтысып жатырмыз ғой білек түріп,
Керек қой екеумізге жүректілік.
Атамның келгендігі жақсы болды,
Мен қойдым Әшекеңмен күрестіріп.

Сағынып жүрсең, аға, Көкшетауды
Мен сізді әкетейін ілестіріп!
Әшеке, сізден несін қысылайын,
Өзіңе достық қолым ұсынайын.

Жер шарын түгел, аға, араладың,
Мен сізді енді космосқа ұшырайын!
Ал, аға, түсінерсің тұспалыма,
Сенемін сізде әлі де күш барына.

Айтайын, Тоқтар аға, Әшекеңді,
Космосқа ілестіріп ала кет деп,
Космосқа келер жолы ұшқанында!
Ей, Әшеке, бер қара,

Космосқа ұшып шарласаң,
Сонан кейін космоста
Отырып алып әлемге,
Қазақ-қырғыз өлеңін

Ағыл да тегіл толғасаң.

Біздерге сәлем арнасаң.
Космосқа ұшсаң, Әшеке,
Құтты да болсын сапарың.
Бірі едің ғой қырғызда,

Үлкен де шоң атаның.
Космосқа өзің ұшсаңыз,
Атыңнан қалмай ілесіп,
Баратын шығар, ағатай,

Үйдегі жеңгем татарың!

Әшірәлі:
Айтып тұрсың да, Баянжан,
Әртүрлі сөздің керегін.
Әшірәлі ағаңды

Космосқа барад демегін.
Ол түгіл, үйдің шықсам үстінен,
Жерді де әрең көремін.
Ал егер жаңағы корабльге жатқызсаң,

Осы жерден ұйықтасам,
Қайра ұйықтаған бойда келемін!
Енді қағылайын, балапан,
Жақсы болды ғой тамашаң.

Әрқайсы жерге барғанда,
Салмақты болсын таразың.
Саған ұқсаған балдарды
Әр уақытта жаратам.

Білесің жазушылықтың өнерің,
Жалпыға мәлім болды оқшойт,
Жаңбырлатып төгерің.
Талайлы жастан із қалды,

Далайды жастың да із қалды.
Сендегідей Әшкеңде,
Қарығанда күш бар бы,
Енді Көкшетаудың Баяны

Бұ жерде дайын болды да хабары.
Дайын болды да қарашы
Майрамға бүгін қалары,

Қалғанын айтысармыз сол кезде
Енді жайымызға баралы!

Баянғали:
Әшекеңдей ағаға
Ағайын-туыс, құлақ сал,
Сонау алыс космосқа

Ұшуға сірә болмай ма?
Болады ғой, Әшеке,
Корабльге мінгенде
Ұйықтап қалсаң егерде,

Барғаннан соң жеңешем
Оятып өзі-ау алмай ма?
Өзіңіз бастап ұшсаңыз,
Артыңыздан қырғыздың

Ақындары түгелдей
Ғарышқа ұшып бармай ма?
Ғарышқа ұшып барады
Аппақ болған Туғанбай,

Туғанбай көкем байқадың,
Сырты дағы аппақ қой,
Іші дағы аппақ қой,
Мына да жалған дүниеге

Аппақ болып туғандай!
Отырмысыз, ағайын,
Тағы да сөзді төгер деп,
Артыңыздан сонан соң

Барады ғой Оразбек.
Мен де сізге жалғаспын,
Космосқа сіздер ұшқанда,
Мен де қарап қалмаспын.

Келеміз ғой мінеки,
Айтысты біздер орталап,
Артымыздан барады
Қырғыз-қазақ өлеңін

Жазамын деп космосқа
Оператор Тоқтабай

Аппаратын арқалап!
Космосқа қырғыз-қазақ ұшсын деймін,
Тілегі бір арнаға түссін деймін.
Космоста қырғыз-қазақ ұшып жүріп,

Сапырып сар қымызды ішсін деймін.
Қазаны қазақ-қырғыз бірге қайнап,
Бағланның еті онда піссін деймін!
Қырғыздар ата жолын жалғай берсін,

Еліне өлең жырын арнай берсін.
Ғарышқа қырғыз-қазақ бірге ұшып,
Достықтың ұлы жырын толғай берсін!
Бішкекте біздер үш күн жыр жырладық,

Шүкірлік, татулықты бір бұзбадық.
Қырғызда бауырлармен араласып,
Барамыз бірте-бірте қырғызданып!
Қазақ пен қырғыз бүгін азат болып,

Той жасап жатыр міне ғажап болып.
Қырғыздар қара өлеңге қолын соғып,
Келеді бірте-бірте қазақ болып!
Ағылар әрқашанда ойың басым,

Айтатын өлең сөзің сұйылмасын.
Жасасын қырғыз-қазақ мәңгі бірге,
Құдайым енді бізді айырмасын!!!

Есет Көтібарұлының 190 жылдығына арналған аймақтық айтыс
(Ақтөбе, Шалқар, 2 қыркүйек, 1993 ж.)

Баянғали – Нұрлыбек Қалауов
(Ақтөбе қ.)

Баянғали:
Алла деп азат болған Қазақстан,
Талай ер азаттыққа ат салысқан.
Еске алып жатыр батыр бабаларды

Елінің азаттығы үшін арпалысқан.
Көп сәлем айтып қалды кең Шалқарға,
Көкшетау және дағы Қырғызстан.
Жерің де Шалқар неткен кең ед сенің,

Бір жағың Өзбек, Қарақалпақстан.
Ассалаумағалейкүм, Бақтыбайлап
Той жасап шалқып жатқан Шалқарстан!
Әулие, батыр Есет шектідегі

Ел десе, елжіреген ет жүрегі.
Қылышын көлденеңдеп тұра шапқан,
Тартқанда айдаһардың отты лебі.
Есімін енді міне, ашық айтып,

Мақтанар күнің, қазақ, жетті ме енді?!
Ағайын, жарқын болсын ажарларың,
Ойын-той, тарқамасын базарларың.
Тойларың тойға ұласып осылайша,

Бүлкілдеп қайнай берсін қазандарың.
Он екі батыр ерге бір тұрғызған
Бауырлар, құтты болсын мазарларың!
Ақының өлеңді енді босатты ойдан,

Берейін Нұрлыбекпен жасап майдан.

Құрдасым маған кейде үлкенсиді,
Папасы жеті ай бұрын жасап қойған!

Ей, Нұрлыбек, бер қара,
Бүлкілдеп берсін таңдайың,
Жарқылдай берсін маңдайың.
Дөкей деректірсің мектепте,

Белгілі маған жағдайың.
Айтайын сенің алдыңда,
Өлеңнің саған қандайын,
Шалқардың мына шаңына,

Жарқырап келген басында
Қай жаққа кетті Шалбайың?!
Күтіп ем Шалекеңнің ораларын,
Сөзді де бүгін келді жоғары алғым.

Шалекең осы жерден кетіп қалды,
Қысып ап қолтығына генералын!
Алдында Шалекеңнің өрлегенмін,
Әрдайым жақсылыққа сен дегенмін.

Өткен жыл Ақтөбеде айтысқанда,
Бір аудан Әйтекеге бер дегенмін.
Бір аудан Әйтекеге бере қалсаң,
Болмайды сенен асқан ер дегенмін.

Беріпті ол ауданға Әйтекені,
Жұмысын Шалекеңнің оң көремін!
Әзілдеп ол ағама көрмек едім,
Тағы да талай ойды бермек едім.

Отырса осы жерде Комсомолдың
Орнына Жүргеновты бер дер едім!
Құрдасым, бұл сөзімді жеткізерсің,
Ішіне ой да қосып, көп тізерсің.

Баянжан өзіңізді мақтады деп
Майлап-майлап құлағына өткізерсің!
Алдында отырып ап сарнағайсың,
Бірталай өлең оған арнағайсың.

Шалекең ойда жоқта ашуланып,
Құрдасым, сен таяқ жеп қалмағайсың!

Нұрлыбек:
Көкейден өлең деген сиымды алып,
Бір арман ойымда сол түйін жарып.
Алдыңа келіп қалдым жырлайын деп,

Ассалаумағалейкүм, дүйім халық!
Ақынға елі сенім артар еді,
Ел сенсе ақыны да арқалы еді.
Тойларың құтты болсын деп бастайын,

Шалқыған дариядай Шалқар елі!
Кезекті ала қалсам, тұрмайын тек,
Жырыммен жүректерді ұрлайын деп.
Ойылдан ат сабылтып келіп жеттім,

Бұл тойды әдейілеп жырлайын деп.
Қалайша өлең болып құралмайын,
Әрқашан сеніміңе тұрам дайын.
Есеттің аруағын жырға қосып,

Майлыбай, Бақтыбайлап ұрандайын!
Жырымды осы тойға ап келгенмін,
Жырласам маңдайдағы бақ деп келдім.
Әйтеуір бұл аруаққа ниет түзу,

Көңілім ақ жаулықтай ақ деп келдім!
Ұрынған талай басы дауылға мың,
Ойлатқан ақ боз үйден ауыл қамын.
Бармысың аман-есен той тойлатқан,

Қаракөз тілекшілер, бауырларым.
Өлеңім маңдайдағы ырыс еді,
Ақының жырлауға сол кіріседі.
Құрдасым Баянғали маған емес,

Шалбайдай ағамызға тиіседі.
Ойдағы өлең деген жат елес қой,
Жыр таппай қалса, көңіл мәз емес қой.
Шалбай аға осы жерден қашқаны жоқ,

Жұмысы басшылардың аз емес қой!
Жырымды қиялымда көп тіземін,
Жырлаумен талай күнді өткіземін.
Құрдасым, ойың дұрыс, көңілің жақсы,

Айтқан сол сөздеріңді жеткіземін.

Бұл жерде көпті көрген қарттаймын ба,
Өлеңді керуен ғып артпаймын ба.
Сабаса Шалбай ағам шынымды айтам,
Әйтеуір қызыл тілді тартпаймын да.

Жырымды кестелеп бір ояйыншы,
Ағайын, ықыласқа тояйыншы.
Әйтеуір көңіліңді көтеріп сол,
Бұл жерден кірбіңіңді жояйыншы.

Армысың, талай бәйге алған құрдас,
Шырақ боп айтыстарда жанған құрдас.
Бұл жолы қырғыз-қазақ айтысқанда
Жеңіп сол бас бәйгені алған құрдас!

Ақын ба көңілінің елегі жоқ,
Жыр таппай қалса ақын, керегі жоқ.
Ақтөбе Баянғалиды көп біледі,
Жарнама айтып сізге керегі жоқ!

Жырларым елдің досы, арайлы екен,
Тойыңа шалқар шабыт тарайды екен.
Көп жырлап кеттім білем, кезек берем,
Құрдасым сағатына қарайды екен!

Баянғали:
Арнасын айтар сөздің тапты бұл да-ай,
Көргем жоқ, ағайындар, отты мұндай.
Өлеңін созып жатыр Нұрлыбегім,

Әкімнің персональный лекторындай!
Халықты өлеңімен алдап жатыр,
Шамасы келгенінше сарнап жатыр.
Күні ертең жағдай қиын бола ма деп,

Әкімін жанын салып қорғап жатыр!
Бүгін той Ақтөбенің даласында,
Ұлтымның ояну бар санасында.
Түк те етпейд бастықтарға осындайда,

Көбірек жүрсе көптің арасында!
Әкімдер жүрсін әркез халықты ойлай,
Халықтың жағдайына терең бойлай.
Халықпен араласып жүрген жақсы,

Ортасын арқанменен керіп қоймай!
Ағайын сөздің мәнін отыр біліп,
Сөзіме елдің бәрі жатыр күліп.
Беу, халқым, бермен қарай жақындаңдар,

Ақыры Шәкең, генерал мұнда келмейд
Андағы арқандардың бәрін үзіп!
Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Айтайын сөздің жүйесін.

Шүкіршілік қырғызға,
Бардым дағы жақында,
Құрмет көріп қырғыздан,
Бас бәйгеге тігілген

Мініп қайттым түйесін!
Алдында қырғыздардың, ағайын,
Намысын қазағымның ойладым!
Қырғыз бенен қазақтың

Достығын тағы ойладым.
Жеңіп алған түйемді,
Арқалап кетпей ауылға,
Қазағымның елшілігі

Ашылған екен қырғызда,
Елшілікке көрімдік деп,
Босағасына байладым!
Рахмет жөн-жобаны білгеніңе,

Құрдастың әзіліне күлгеніңе.
Ақаев Көкшетауға сапар қылды,
Мен айтысып қырғызда жүргенімде!
Сен болсаң Нұрекеңді қарсы алыпсың,

Алдында алты мәрте ән салыпсың.
Өзіңді Нұрекең де көп ұнатып,
Сөзіңмен талай-талай ой салыпсың.
Алдында Нұрекеңнің сөз құрадың,

Оны да осы жерде сөз қыламын.
Алдында алты мәрте өлең айтып,
Нұреке, Нұрекеңнен не сұрадың?!

Нұрлыбек:
Мен едім ниетіне ерік қойған,
Ойымнан көп өлеңді өріп қойғам.
Халықтан қашу үшін емес анау,

Арқанды шаң болмасын деп керіп қойған!
Жөн сөзің ел алдында мақұл деймін,
Айтарың әрі нұсқа ақыл деймін.
Халыққа әкім емес әрқашанда,

Өзіңдей ақын ғана жақын деймін!
Алдыңда шырқап енді толғаймын да,
Көңілді өлеңдетіп жолдаймын да.
Әкімге заржақ лектор мен емеспін,

Ешқашан лектор тіпті болмаймын да.
Жырлаумен өмір шіркін өтеді ғой,
Ақ шабыт ақындардың жетегі ғой.
Өмірде лектор емес, басқа емес,

Әшейін ақын болсам жетеді ғой!
Жырыммен талай жерде жар салғанмын,
Құттықтап талай тойды қарсы алғанмын.
Ақтөбеге Президент келген кезде,

Алдынан шалқып-толқып ән салғанмын.
Жырыммен биіктерге өрмеледім,
Шабытпен айтыстарда тербел, елім.
Халықты нарық қысқан бұл заманда,

Халықтың жағдайына көңіл бөл деп едім,
Шабытпен осы тойда от өрейік,
Халықты мұраттарға жетелейік.
Есет пен Дәрібайдың мавзолейін

Өлеңмен биіктерге көтерейік!

Баянғали:
Құрдасым осылайша терлей берсін,
Әр сөзін ақылменен зерлей берсін.
Кешегі Есет пенен Дәрібайдың

Атағы әрқашанда өрлей берсін!
Шақырдың осы тойға ақындарды,
Ақындар алдарыңда тақылдады.

Есет пен Дәрібайды мақтау үшін
Алдымен мақтау керек Көтібарды!
Ақындар бөтен сөзді бастап па еді,
Қарсылас тура келсе, жасқап па еді?

Білесің, мұғалімім, бір кездерде
Қазақтың зиялы бір оқығаны
Атынан Көтібардың қашпап па еді?!
Ойлаймын, талай сырым ашылар деп,

Ақындар топ алдында тасынар деп.
Мұқаңның өзі дағы қысым көріп,
Жазған ғой Көтібарды Басыбар деп!
Ақынның айтқанынан ой аңдаңдар,

Бауырлар, жамандыққа қия алмаңдар.
Айқайлап, мақтан етіп айтыңыздар,
Атынан Көтібардың ұялмаңдар!
Көтібар дұшпанына ат ойнатқан,

Ел үшін қайтпаған ғой жанған оттан.
Көтібар батырлардан біз қашпаймыз,
Сақтасын тайғақтардан, көті жоқтан!
Бүгінгі қиын мынау замандағы,

Қазағым түрлі-түрлі амал дағы.
Елбасы, барлығы да батыр болып,
Таймасын ешқашанда табандары!
Нұрлыбек, айналайын өлең өрдің,

Мен сенің өлеңіңді терең көрдім,
Есті қазақ шаңды сумен басушы еді,
Арқанмен шаң басқанды сенен көрдім!
Ағайын өлеңімнен сыр аңдайды,

Ұнатпай, шүкір, өлеңімді тұра алмайды,
Шаңдарды сумен басад, Нұрлыбегім,
Арқанмен тек халықты бұғаулайды!
Шалқарым, Ақтөбемен мекендерің,

Ақтөбе, сірә саған бөтен бе едім?
Үзіңдер ана арқанды бытырлатып,
Шын болса Кіші жүздің баллары екендерің!
Өлеңнің мен барайын тереңіне,

Халқымды арқау еткем өлеңіме.

Алдында Нұрсұлтанның сөйлегенде,
Ауылда қазақтардың айлығы аз,
Айлықты көбейтіп бер демедің бе?!
Халықты жеткізе бер арманына,

Санайды халық сені заңғарына.
Тілегі, үміті де бір өзіңде,
Десең ед Нұрекеңдей тарланыма.
Жалпылап, сырғақтап сен сөзден қашпай,

Халыққа айлық сұрап алмадың ба?!
Өлеңім екпіндейді борайды кеп,
Құрдасты әрлі-берлі орайды кеп.
Айтқандай, Шалқарға мен аттанарда,

Талайлар бұл Шалқарға барма деді,
Жігіттері пойызда тонайды деп!
Төбеңді шалқарлықтар ояд деді,
Көзіңді ертең сенің жояд деді.

Қырғыздан алған түйеңмен бара қалсаң,
Түйеңмен қосып сені сояд деді!

Нұрлыбек:
... Елбасы ақша берем дегеннен соң,
Қол жайып ақшаны мен сұрамадым.
Өлең де ол көңілімнің ұраны ғой,

Таусылмас асыл кенім, жыр-әнім ғой.
Елбасы өтірікті айтпайт шығар,
Сондықтан сөзінде де тұрады ғой!

Баянғали:
Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Мына дөкей деректір,
Өзі ұстаз, мұғалім.

Сөзіне бұның сенейік,
Дегеніне көнейік.
Шалқардың шіркін балдары,
Есет батыр жолын қуып...

Азамат болып өссін деп,
Аумин деп бата берейік!

Беу, Нұрлыбек, бер қара,
Сенің үлкен есің бар,
Арыстандай сесің бар,
Қоятұғын балдарға,

Әрқашан да бесің бар.
Арқанда өшің бар деме,
Шындығында деп айтам,
Ол арқанда өшім бар!

Ол арқанды білесің,
Халқымыздың сан ғасыр
Бұғаулап бір аяқ-қолын,
Байлаған да сол арқан.

Көсіліп бір шабуға
Жібермеген сол арқан.
Айтып тұрмыз өлеңді,
Сөзден маржан тізген соң.

Шүкіршілік деп айтам,
Міне, қарап қойшы алдыңа.
Рахмет айтам халқыма,
Сол арқанды үзген соң!

Отыр ғой ұғып міне, халық бәрін,
Алдыңда, шүкіршілік, қалықтадым.
Өзім үшін мен ештеме сұрамаймын,
Бірақ та бастықтардан халқым үшін

Қажетін сұраудан мен жалықпадым!
Өлеңнің айтатұғын көркемі көп,
Халықтың жарқырайтын ертеңі көп.
Алты рет келіп тұрмын Ақтөбеге,

Ақтөбе, сенің маған бөтенің жоқ!
Шүкірлік алдарыңда шапқаныма,
Жазсын де құдай әркез бақтарыңа.
Бар ед деп Ақтөбеде бауырларым,

Болады алты Алашқа мақтануға!

Нұрлыбек:
Құрдасым бұл айтысқа шабытпенен қызып шыққан,
Көңілден көп әзілі қызық шыққан.

Қазақтың өз перзенті желтоқсанда,
Бұғау мен сол арқанды бұзып шыққан!
Белгілі мұндай жерде ән шығары,
Ойымды Баян құрдас қамшылады.

Желтоқсан құрбандары теңеп айтсам,
Қазақта еркіндіктің шам-шырағы!
Жақсылар дәл өзіңдей жолықпайды,
Нар халқым ешқашан да торықпайды.

Көтерген мың құқайды қазақ халқы
Талай бір қиындықтан қорықпайды!
Алдыңда жырым төгіп қосыламын,
Кезекті берсең неге-ау тосыламын?

Өзің сол беріп жатқан батаңызға
Құрдасым ақ көңілмен қосыламын.
Бұл қазақ еркінмін деп жар салады,
Басқа ел қызығып сол тамсанады.

Біз жаққа алпыс рет келсең дағы,
Ақтөбем құшақ жайып қарсы алады.

Баянғали:
Еске алдың желтоқсанның құрбандарын,
Көкейден терең-терең сырды аңғардым.
Батыр деп оларға ескерткіш қою керек,

Осылай ел алдында жыр арнадым!
Батырлар елі үшін барды ажалға,
Қылышпен қарсы тұрды бар дажалға.
Рахмет, ақтөбелік бауырларым,

Ескерткіш қойыпсыздар Бекетпенен
Қарағұл, Қайдауыл мен Ерназарға.
Бәріне үлкен белгі бірге соғып,
Бастарын сыйғызыпсың бір қазанға!

Есіңе ата-бабаң түсе берсін,
Мерейі туған елдің өсе берсін.
Күшің де ынтымақ пен бірлігіңде
Бастарың бір қазанда пісе берсін!

Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Жезқазған обл. Жаңарқа ауданы. 1994 ж. 1 қазан.)

Баянғали мен Аманжол Әлтаев
(Қарағанды обл.)

Баянғали:
Бисмиллә, мұсылманның сөз бастауы,
Қазақтың биік болсын аспан, тауы.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет мәңгі-бақи,

Халқының қол жетпейтін асқар тауы.
Соларға қарап бойын түзей берсін,
Қазақта арғы-бергі жақсы атаулы.
Мың сәлем Жаңарқаға жолдап қалды,

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы.

Ағайын-туыс, құлақ сал,
Ат терлетіп алыстан
Көкшетаудан бес жігіт,
Келіп қалдық, мінеки,

Ұлы Сәкен тойына,
Сұлулықтың тойы деп,
Ұлылықтың тойы деп,
Жаңарқаға кеп тұрмыз,

Балуандардың жері деп,
Әншілердің елі деп,
Бұл Жаңарқа қазақтың
Қайыспайтын белі деп,

Жаңарқаңыз тұрғанда,
Сәкендейін асылдың,

Басқа жерде тіпті де,
Туатұғын жөні жоқ!
Ағайын, мені қолдасаң,
Өлең де менен төгілед,

Көңілім жырға бөлінед,
Бірақтағы ұрыспаңдар,
Кей уақытта Сәкенім,
Көкшетаудың төрінде,

Сексен бірдей көлінде,
Туғандай да боп көрінед!

Ағайын, міне бүгін де,
Сөзімізбен санасад,
Сәкендейін асылға,
Барлық қазақ таласад,

Қазақ түгіл Сәкенді,
Ай әлемнің баласы
Хан көтерсе басына,
Бәріне де жарасад!

Ағайын, туыс, құлақ сал,
Сөз сөйлейін елжіреп,
Сәкендейін мінекей,
Мөлдірліктің тойында,

Құдайдың күні шуақты,
Тұрған жоқ па мөлдіреп.

Алысатын бұл тойда
Жолықпады бір құрдас,
Оң жағымнан кеп қапты,
Сол жағымнан кеп қапты,

Аманжолдай бір бала,
Қыздай болып үлбіреп!

Аманжол:
Ініңмін асыл жырды аялаған,
Ағаның қанатына саялаған.

Көкшенің шоқтығынан түлеп ұшқан,
Ассалаумағалейкум, Баян ағам!

Мынау ел шабысыңа үңілгендей,
Жүйріктер құба жонда жүгіргендей.
Жарамас үлкен жолға талайлардың,
Белдері орта жолда бүгілгендей.

Жер-ана жасын ұлдың тойын жасап,
Далама ақ боз үйлер тігілгендей.
Алдымда Баян ағам буырқанса,
Болады тас Бурабай тірілгендей.

Ел жүгі аманат қой ер адамға,
Кездестік, Баян аға, кең алаңда.
Өр Сәкен тірлігінде ғашық болған,
Киелі Көкшетаудай жер аман ба?

Халқымның оң болған соң жорамалы,
Бабамыз қуанышқа оралады,
Желбіреп Оқжетпесте тұр ма, аға,
Тігілген қалмақ қыздың орамалы?

Өзіңдей сәлем жолдап туғанына,
Заңғары Көкшетаудың шулады ма,
Баянжан, тойға бізді ала кет деп,
Толқыны сексен көлдің тулады ма?

Баянғали:
Аманжол, ел риза астарыңа,
Үлгі ғой кейінгі ұрпақ жастарыңа.
Жақсысын Жаңарқаның айтқаныңда,

Бекболат пен Ғалымды қоспадың ба?

Аманжол, әдемілеп жарысайық,
Жақсылық іздерінен табысайық.

Көкше мен Жаңарқаны жырлап болсаң,
Ал енді Сәкенге біз ауысайық.

Ағаң да бүгін қызғандай,
Өлең де бізді буғандай.
Аманжол, енді бері қара,
Жүректен сырлар туғандай.

Бір сауалды қояйын,
Айтып көрші, ал енді,
Сәкен қандай, біз қандай?!

Аманжол:
Байекең сауық-сайран құратындай,
Арнаны ауылына бұратындай.
Сәкендей жалынды ұлға қазақ емес,

Бар әлем таласса да тұратындай.

Жанына жаңа үкімет сеп болмады,
Бабамның заңғар көгін дерт торлады.
Жаныма қатты батад өр Сәкеннің,
Қолынан коммунистің мерт болғаны.

Жыр қылып Октябрьдің таңы атқанын,
Халқының ашқан еді қабақтарын.
Белсенді өліарада билегендер,
Талайдың жолдан қырыққан талаптарын.

Жер мен көк күңіреніп қарғыс айтты,
Көргенде қара көзден қан аққанын.
Сойқанды партияның қылығынан,
Шерленіп, түңілгендей жаратқаным.

Айналып алыптарым аласаға,
Зар шеккен жетім қалып бала-шаға.
Партия қырағы ұлын бауыздағанда,
Алла да түсе алмады-ау арашаға.

Жырым бар дарияның арнасындай,
Батырдың жарқылдаған алмасындай.
Сіз айтқан Ғалым менен Бекболаттар,
Кешегі өр Сәкеннің жалғасындай.

Баянғали:
Аманжол сөз сөйлейді қадап-қадап,
Кешегі партияны жауға санап.
Бір кезде коммунист болған ағалары,

Күледі ұялғаннан төмен қарап.

Сөйлетті жұртым бізді өтілсін деп,
Өнердің додасында жетілсін деп.
Сәкенді көзі қиып атқан жандар,
Қарғаймыз көрінде де өкірсін деп.

Ей, Аманжол, бері қара,
Мен де өзіңдей әр уақта,
Сәкенді айтып мақтанам,
Сәкендерден сірә да,

Асқан ба екен ақтабан,
Сонау қиын заманда,
Білесің ғой, Аманжол,
Батыр болған Сәкендер,

Елі-жұрты түгілі,
Ғашық болған өзіне,
Орыстың қызы Галина,
Тірідей терісін сыпырып,

НКВД жатқанда,
Оны да Сәкен сатпаған!

Ағайын, туыс, құлақ сал,
Сөйлейін енді сатылап.
Демеңіздер тағы да,
Бұлар не деп қатырад.

Ақындарың алдыңда,
Аруақтарын шақырад.

Ойлап тұрсаң бұл күнде
Дала кетті бұзылып,
Заман кетті қағынып,
Әкімдер де сатылад,

Бастықтар да сатылад,
Батырлар да сатылад,
Қатындар да сатылад.
Жақын болып жаныңа

Кіріп алған бұл күнде,
Достарың да сатылад,
Қастарың да сатылад!

Ақындарың алдыңда,
Батырларын мақтасын.
Елін-жұртын сүйетін,
Мықтыларын мақтасын.

О заман да бұл заман,
Ар-ұятын, ағайын,
Сатқандардан сақтасын!

Ағайын, туыс, саспайық,
Несіне біздер тоқтайық.
Аманжол бастап берген соң,
Мұның да сөзін қостайық.

Бөтен емес сендерге,
Мен де жақын балаңмын.
Сондықтан да біз бүгін,
Жаңарқаны мақтайық!

Ағайын, туыс бүгінде,
Шырайын тойдың келтірген,
Талай-талай ұл-қызды
Өнегелеп өндірген,

Жаңарқаның қасиетін
Ай әлемде ел білген.
Өр Сәкенді зерттеген
Тұрсынбек пен Серікке,

Қос жигули мінгізген!

Сәкендер – бұрынғының ой саңлағы,
Соңынан ерген талай жайсаңдары.
Табаны тар жолдардан таймай өткен,
Болса да заманының лайсаңдары.

Бастығы бұл күнгінің дұрыс жүрмес,
Жолына асфальт төсеп қойсаң дағы!

Аманжол:
Тұрғандай төбемізден шуақ күліп,
Тыңдайды сөзімізді бұлақ тұнып.
Ол рас, өр Сәкенді соттағанда,

Галина қоштасыпты жылап тұрып!

Мерт болған талай мықты бабаларым,
Мың жылда бір туатын даналарым.
Қазақты енді сатпас деп ойлаймын,
Бұл күнде ел басқарған ағаларым.

Ұл едім елім үшін алаңдаған,
Сын көзбен қарайтындай маған ғалам.
Бастықтың жақсысы бар, жаманы бар,
Бәрін де дұрыс болмас жамандаған.

Сын айтып отырғам жоқ сізге, аға,
Сыйластық жарасымды бізге, аға.
Жоқ емес жаны ашитын ел баласы,
Сондықтан үмітіңді үзбе, аға.

Көп әлі өткен күнге үңілерім,
Ақиқат тарих сыры жүгінерім.
Байеке, көбейсінші деп тілеймін,
Серік пен Тұрсынбектей ірілерім!

Баянғали:
Өлеңде ой арнасын іздедім көп,
Сыйласып, ағаларды «сіз» дедім көп.
Бастық пен әкімдерді сынасам да,

Мен бірақ үмітімді үзгенім жоқ.

Үмітін туған елдің ақтап жүрем,
Халқымның ой-арманын жақтап жүрем.
Еліне титтей көмек қылған бастық,
Көрінсе, барлығын да мақтап жүрем.

Алдыңда ағыл-тегіл ағыламын,
Көрмесем дидарыңды сағынамын.
Айтысқа Жезқазғанға келген сайын,
Сынаушы ем, бастық болса сарыларың.

Бір қызық ауылыңда боп қалыпты,
Жақсылар басқарады бек халықты.
Шүкірлік, құдай жазып Жезқазғанға,
Әкім боп бір қазағым кеп қалыпты.

Соңынан халқы оның ерсін деймін,
Жүйрігің шалдықпастан желсін деймін.
Қазағым, әкімдерің құтты болсын,
Еңбегін туған елге берсін деймін.

Аманжол, сені жақсы бағаладым,
Өлеңнің жорғасы деп сараладым.
Қазақты енді сатпас деп отырсың,
Бұл күнде ел басқарған ағаларың.

Мәртебе орыс тілге бермек боп жүр,
Орыстан қатын алған ағаларым!

Басынан халқымыздың бақ кетпесін,
Ақынның талай сөзі бос кетпесін.
Ардақты ағалары қазағымның,
Жаман күйеу – қайынсақ боп кетпесін.

Ақынның айтқанына сенген жақсы,
Заманның ақиқатын көрген жақсы.
Қайтадан қазақ тілін құлатқанша,
Бастыққа абыроймен өлген жақсы!

Қалмасын енді маған інім кейіп,
Ілтипат мынау елге білдірейік.

Айтысты соза бермей, айналайын,
Осымен сіз-біз десіп түйіндейік.

Жалғастық Сәкендердің жырымын деп,
Бұлақтай сөздеріңде тұнығы көп.
Аманжол, құшағыма мен қысайын,
Кешегі асылдардың сынығы деп!

Аманжол:
Өр Сәкен, бойымдағы намысымсың,
Өр Сәкен, сыйынарым, арысымсың.
Қатынды қандай ұлттан алса дағы,

Қанына тартпағанның қары сынсын.

Айбын бар ұранды елдің үндерінде,
Шуақ бар жайсаң елдің күндерінде.
Жалынды өр Сәкеннің өлеңдері,
Сайрасын алпыс ұлттың тілдерінде.

Ұлылар жерде қалмас алысты ұғар,
Мықтысын өмір өзі табыстырар.
Сәкенді қазақ қана танып қоймай,
Күн тусын бар әлемге таныстырар!

----------------------------------
Бұл айтыс Аманжол Әлтайдың «Ақ жол» кітабынан алынды.
(Алматы, 1997 ж.)

Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған «Отан үшін отқа түс –күймейсің!» атты республикалық айтыс (Тараз, 2000 ж.)

Баянғали мен Ахметжан Өзбеков
(Жамбыл обл.)

Баянғали:
Салауат, иман кетпей құлағынан,
От алған әулиенің шырағынан.
Мың сәлем сізге бердім, Әулиеата,

Сыңары Бауыржанның Мәлік туған,
Көкшенің даласы мен шыңдарынан!
Өткеннің ісі көп қой оңалмаған,
Бола ма оның бәрін жамандаған.

Орыс бар, қазағың бар, шешенің бар,
Мәскеуді фашистерден қорғап алған.
Қас батыр Бауыржаным сол заманда
Орнынан қозғалмаған табандаған.

Қанымен Москваны қорғап тұрып,
Қазақтың тағдырына алаңдаған.
Ел жайлы шындықты айтқан қаймықпастан,
ЦКаның қаһарынан борандаған.

Сол үшін генералдық шеннен қалып,
Геройды да уағында ала алмаған!
Аруақ қонып Баукеңдей айбатты ерге,
Алысқаны түсетін жайрап жерге.

Командирі полктің болып қалмай,
Айналған бар халықтық қайраткерге!

Ешқашан ұмытылмас ер еңбегі,
Осы ғой Баукеңнің де еленгені.
Қайда да ел-жұртының сөзін сөйлеп,
Ғаламдағы қолбасы – қайраткердің

Бәріне біздің Баукең теңелген-ді.
Уа, мың жаса, қазағым, қайран елім,
Тудырған бар халықтық кемеңгерді!
А-а, е-ей, ағайын-туыс, құлақ сал,

Әулиеата бойында,
Бауыржанның тойында.
Көкшетаудан кеп тұрмын,
Жақсылық бар ойымда.

Ризамын бұл елдің
Кәрі менен жасына.
Бауыржанның тойында
Дүсірлетіп шабайын.

Ахметжаным қасымда,
Айналайын Ахметжан,
Қаршадай ғана ұл едің,
Қағысқаннан қайтпайтын.

Бауыржанның тойында
Алдаспандай жарқылда,
Ақсұңқардай саңқылда.
Сөзің сөйле жүйелеп,

Баукең атқан оқтардай.
Тура тиіп сақылда,
Бөгелместен тақылда.
Оңтүстік пен Солтүстік,

Екі арасын жақындат.
Аталар мен апалар,
Мына отырған қыздарға
Әр сөзіңді мақұлдат.

Айналайын Ахметжан,
Өтірік айтып кететін
Кейбір бастық секілді
Кетпе босқа қақылдап.

Осы айтыстан шыққан соң,
Мына халық өзіңе,

Ат берсінші жақсылап,
Деп Ахметжан тақылдақ!
Осыменен бөгеліп,
Сөзді бұған берейін,

Елдің өсір мерейін.
Ер екенін көрейін,
Сері екенін көрейін,
Шері екенін көрейін,

Пері екенін көрейін,
Ал, Ахметжан, сөйлеп көр,
Бүлкілдетіп көмейін!

Ахметжан:
Сүйеніп батыр Баукең, даңқыңызға,
Ал, жұртым, сәлем бердім жалпыңызға.
Құдайым қауышуды нәсіп қылып,

Тағы да түсіп тұрмын талқыңызға.
Балдарым мен жайлы не дер екен деп,
Қиғаш қарап Баукең тұр алдымызда.
Сүрінсең маған келіп сүйенгін деп,

Қасқайып Алатау тұр артымызда!
Қараға да түсіред ханның күнін,
Жоқ айтқанмен жараспас бардың мінін.
Сөйтсе де ер Баукеңдер қайыспастан,

Қос иықпен көтерген нардың жүгін.
Жол тартып атқа мінген күннен бастап,
Аттамаған ақиқат ардың жібін.
Талай қазақ Москва маңында өлген,

Баукеңдер халық үшін қанын берген.
Отан үшін оттан да аман шығып,
Елмен бірге жеңістің таңын көрген.
Баукеңдердің рухы мәңгі өлмейді,

Даласын қазағымның ән кернейді.
Ал бүгінгі жақсылар қан түгілі,
Біреуге қорасынан мал бермейді!
Көкшетаудың басынан қар еріген,

Маңырап етегінен мал өріген.

Армысың, ат терлетіп келген ағам,
Ардақты Абылайдай хан елінен,
Ақан сері мен Біржандай сал елінен.
Бидайдың Отаны деп аталатын,

Тоқтықтың иісі шыққан нан елінен!
Қасында інісі отса малдас құрып,
Аға ішіне сырларын қалмас бүгіп.
Кезегіңді берейін осыменен,

Әрмен қарай жіберіңіз жалғастырып.

Баянғали:
Қаршадай ақын туған ұл екенсің,
Бірталай жайды бүгін жыр етерсің.
Көкшенің нанын сұрап отырсың-ау,

Байқаймын қарның ашып жүр екенсің!
Көкшетаудың білесің
Қашанда мол егіні.
Бар халыққа жететін

Бір заманда өнімі.
Заман кетті өзгеріп,
Болмай тұр ғой тегіні.
Бейнеттенген халықтың

Күші егінге жетпей тұр.
Еңбектері еш болып,
Алған мынау өнімі
Жанармайын ақтауға

Әрең-әрең жетпей тұр!
Қалқиып ап құлағың,
Егін жайын сұрадың.
Өзің дағы Жамбылда

Не бітіріп, не қылып,
Жүріп жатсың, шырағым?
«Мәдениет жылы» деп,
Президент жарлық берген соң,

Елдің бәрі қуанып,
Қолдарына жыр алып,
Ашып жатыр бүгінде,

Білім, өнер бұлағын.
Осы жайлы қанеки,
Айтып берші бұл жерде,
Не істеп жүрсің, шырағым?!

Ахметжан:
Ағамыз аспаса екен, таспаса екен,
Біреудің ала жібін баспаса екен.
Жігіттің қарны ашса айып емес,

Тек қана қадіріміз қашпаса екен!
Жолыменен ежелгі саңлақтардың,
Ағама келіп отыр қармақ салғым.
Әй, қайдам, қара күшке көнбейсіз-ау,

Әдісін қолданбасам қаңбақ шалдың.
Ақ қардай көрерменнің ниетін көріп,
Ағам отыр халыққа бетін беріп.
Ақ қалпақ, көк шапанмен артындағы

Алатаудың макеті секілденіп!
Қабағыңнан жадырап таң атқандай,
Көздерің шуақ пен нұр таратқандай.
Жалт-жұлт етіп жүзіңіз алаулайды,

Кәдімгі алтын буын жалатқандай.
Арқардың таста отырған құлжасындай,
Тұлғасы елді өзіне қаратқандай.
Мінсіз қылып ағамды бір құдайым,

Көңілденіп отырып жаратқандай!
Қатайған қыран құсап қанаттары,
Қызылсырап жүрсіз-ау таң атқалы.
Көк тұйғындай отырмын қасыңызда,

Жалбырап қанат жүні балақтағы.
Тапқырсыз сылдыр сөзбен тартыспайық,
Толқыны жоқ су құсап табақтағы.
Мейіріммен жан-жаққа қарайсыз-ау,

Көңілді сурет құсап шабақтағы.
Сөз кезегін берейін зуылдаңыз,
Сұр жебе секілді боп садақтағы!

Баянғали:
Байқаймын талай сөзге бара аласың,
Тоқтаусыз таң атқанша шаба аласың.
Бірақ та, айналайын, қаңбақ болсаң,

Онымен айтшы, қайда бара аласың.
Рахмет, Алатауға ұқсатасың,
Тау болсам, түбі маған паналарсың!
Біресе бұл ағаңды жебе дейсің,

Оны да, Ахметжан, елегейсің.
Көркімізді сөз қылып қайта-қайта,
Әр сөзіңді қадап кеп шегелейсің.
Дүниеге қазақ болып жаратылдым,

Қадірін көтерем деп ана тілдің.
Домбыра алып, айтысқа шығып жүрмін,
Ордалы ақындардың ортасында,
Орманды Оқжетпестей дара тұрмын.

Айтыста жас қыздармен айтысқан соң,
Күн сайын мен жасарып баратырмын!
Айналайын Ахметжан,
Саларсың маған күшіңді,

Көрсетерсің ісіңді.
Сен де мені, балақан,
Мақтап-мақтап майдалап,
Қырайын деп тұрсың-ау.

Көрсетпейсің ішіңді,
Өсіп қалған баласың.
Қаймықпағын, қорықпағын,
Аға деп сен сыйла да,

Бірақ тағы көрсеткін
Өсіп қалған тісіңді!
Бауыржан атам кемеңгер,
Ойшыл еді жарықтық.

Ойды айтып ед анық қып,
Талай-талай ойлары
Болды бүкіл халықтық.
Қызметіңді қыл деген,

Елің үшін елжіреп,

Жұртың үшін жұмылып.
Осы сөзін Баукеңнің
Көп дөкейлер бүгінгі
Жүр екен қалай ұғынып?

Жұмылғаны сол ма екен,
Бара жатыр бәрі де
Байлығына халықтың
Ұйымдасып сұғынып,

Жеп жатыр ғой тығылып.
Ауылдағы қазақтың
Тамыры қалды жұлынып.
Тек әйтеуір тыныштық

Болсын дейміз елімде.
Қалмасын халқым қырылып,
Балдар, мұның қалай деп
Төбемізден кінәлап,

Қарап тұр ғой мәңгілік,
Баукең атты ұлылық!

Ахметжан:
Қасымда құшақ жайған сіз босаңыз,
Қалайша жалт бұрылып біз қашамыз?
Қырыққа келген кезде жігіт болып,

Дұрыс қой сыныңызды бұзбасаңыз.
Жасарып шайтан болып кеттіңіз бе,
Ақ сақалды шал болып жүз жасаңыз!
Жақ пен тіл сөз сөйлерде абайлашы,

Ауылын ақиқаттың маңайлашы.
Ақын тілі – халықтың арман-мұңы.
Шындық іздеп ағарған самай шашы.
Қоғам кейпін көзіне келтіретін

Айтыс деген қазақтың шарайнасы.
Сахнадан көретін заманының
Домалап баратқанын қалай тасы!
Қазағымның басына бақ қона ма,

Сондай бір шат-шадыман шақ бола ма?

Абылайдың арманы орындалып,
Баукеңдердің сенімі ақтала ма?
Көкшедегі науқан мен орақ қалай?
Бидайға қамба менен қап тола ма?

Суға сап сенім атты салымызды,
Жоғалтпай әрең жүрміз арымызды.
Қуырып ел апшысын мынау нарық,
Қинайды-ау осы тұрған бәрімізді.

Ауыл жайын сізге айтсам, асыл аға,
Жоғалттық қолымыздағы барымызды.
Жанармай тапшылығы жағадан ап,
Жақсылап жинамадық дәнімізді.

Жер бердік, енді бізге не дейсің деп,
Өкімет кінәлайды бәрімізді.
Өтпесең өз күніңді өзің көр деп,
Жаман әке қуғандай боп кәрі қызды!

Әдемі сөйлегенше әркім құсап,
Әділ сөйлеп көрейік ақын құсап.
Қайран ел қолыменен жер сипап жүр,
Тиыны жерге түскен соқыр құсап.

Завод пенен шикізат кендерінің
Жоқшылық аяқтарын отыр тұсап.
Есесіне көбейді оқу орны,
Суы жоқ өзендегі көпір құсап!

Қайрат құсап қайрайтын қайсар ұлды,
Ағасы, асыл жансыз байтақ үнді.
Толымбек аға уақыт болды, тұр деп жатыр,
Осымен түйіндейін ойларымды.

Ал, аға, тұрамыз ба, сізді қайдам,
Мен өзім айтып болдым айтарымды!

Баянғали:
Ағайын саған қолын ұрып отыр,
Көңілі жерлесім деп бұрып отыр.
Толымбек саған қой деп айтып отса,

Ол сенің жаңылғаныңды біліп отыр!

Бұл бала жаңылғанын байқар ма екен,
Оны да ағалар айтар ма екен.
Сайтан болып кеттің бе дейсің маған,
Жасарып күннен-күнге, атқа шауып,

Жүз жасаған Жамбыл атам сайтан ба екен?!
Бұндайда ақындарда ән болатын,
Әр сөздің астарында мән болатын.
Жамбылдың мен де, ботам, сынығымын,

Ағаңа не болыпты қырық жаста,
Мүжірейіп жасынан ерте шал болатын!
Мен өзім қырық алты жасқа келдім,
Отызда айтысты мен бастап едім.

Әрдайым жырын жырлап келатырмын,
Қазақ пен қырғыз дейтін асқақ елдің.
Сен түгілі, сенен дөкей зорлардың да,
Айтыста бетін талай жасқап едім.

Көшеде бес бұзақы жабылғанда,
Бір өзім жайратып-ақ тастап едім.
Ағаны ағасың деп сыйлап өскем,
Сайтансың деп әдептен аспап едім!

Қарағым, жүрегіңе нұр беремін,
Сені де өзіме ыстық ұл көремін.
Көкшенің нанын қайта-қайта сұрай бердің,
Аман-сау осыдан елге барғаннан соң,

Дәл саған жиырма қаптай ұн беремін!
Қазағым аман-есен ел болсын деп,
Ырысы, нан, астығы мол болсын деп.
Алға қарай әлемде тарта берсін,

Әлемдегі бар елмен тең болсын деп!
Қырандай ұша алмайды самғап қарға,
Ойымды інім бүгін жалғатты алға.
Тосқауыл қою керек бар халық боп,

Халықты тонап жатқан жалдаптарға.
Ерлігі Бауыржанның үлгі болсын,
Бүгінгі генерал мен солдаттарға!
Айналған бар қазақтың дастанына,

Арқа сүйер айналған асқарыңа.

Бауыржанның аруағы жар боп, халқым,
Тұра берсін мәңгілік аспаныңда!

Ахметжан:
Жақсы аға іні сөзін кек көре ме,
Осымен айтысымыз шектеле ме?
Байеке, сайтан емес, періштесіз,

Жаңағы сөздеріме өкпелеме.
Інің едім соңыңнан еріп жүрер,
Өлеңін әрбір жерде төгіп жүрер.
Жаңағы берем деген ұныңызды

Біз жаққа көлік жүрсе, беріп жібер!

Баянғали:
Айтыстың қайтпайтұғын перісі бол,
Азамат бол дәйімде өрісі мол.
Ақ батамды берейін, інім, саған,

Алты Алаштың Ақандай серісі бол!
Басыңнан айналайын бақ кетпесін,
Осындай ұлы думан шақ кетпесін.
Ұн беріп жіберер ем саған, інім,

Жолшыбай проводниктер ап кетпесін.
Сондықтан Көкшетауға өзің келіп,
Қонақ болып арқалап ап кетерсің!

Жұбан Молдағалиевтың 80 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Орал, 5-6 қазан, 2000 ж.)

Баянғали мен Ақмарал Леубаева
(Оңтүстік Қазақстан обл.)

Баянғали:
Ассалаумағалейкум деп,
Көкшетаудан көп сәлем
Иіліп сізге жолдадым.

Ақ Жайық пенен Оралым,
Талай-талай дәуірдің
Қайыспаған көрсе де
Дауылы менен боранын.

Тағысы болған даланың,
Бөрісі болған даланың,
Тоқтысы болмай қораның,
Ақ найзамен қайтарған,

Ақ патшаның аранын.
Ризамыз Оралға
Еске алып, тойын жасаған
Атын Жұбан ағаның!

Тарихында қазақтың,
Мәңгі қалған жыр-ән боп,
Батыр туған қыран көп,
Соның бірі Жұбағаң.

Мен қазақпын дегені
Кеткен елге ұран боп,
Қаһарланып Кремль
Құтырғанда Колбин кеп,

Қазақты жерге тығам деп,
Мен қазақпын дегенді
Айтып шыққан сол кезде
Қазағымда ұлан көп.

Құтты болсын бұл тойың,
Алты Алашқа жар салып,
Ұрандаған Оралым,
Жұбан, Жұбан, Жұбан деп!

Қазақ боп бұл өмірге аттағанбыз,
Қазақ боп бұл өмірден аттанармыз.
Сан ғасыр бүйірден жау қысса дағы,
Қазақтық қасиетті сақтағанбыз.

Басқасын білмесек те, Жұбағаңның,
«Мен қазақпын!» дегенін жаттағанбыз.
Жұбағаңның бұл сөзін ұран қылып,
Сақтаған ұл жүректе, сақтаған қыз.

Сондай қыздың біреуі жанымда отыр,
Айдай сұлу әлемде Ақмарал қыз.
Ақын тойы дегенің осы емес пе,
Күнде-күнде жанымда қаптаған қыз.

Жын қағып, желіккен мына заманда да,
Ата өнер – айтысты бұл сақтаған қыз.
Өнерін туған елге арнап жүрген,
Доллар мен маркілерге сатпаған қыз.

Ілесе алмай бір жігіт шаңына да,
Талайды шаң қаптырған ақтабан қыз.
Айтыстың жұлдызы ғой бұл Ақмарал,
Менен басқа ешбір жан батпаған қыз!

Өнердің айдынында шалқыған қыз,
Тарасын сенен елге жарқын аңыз.
Сұлулық пен нәзіктікті әспеттеген,
Жұбанның жырларындай толқыған қыз.

Аппақ боп Оңтүстіктен ұшып келіп,
Аққу боп Ақ Жайықта қалқыған қыз.
Ағарып атқан таңдай нұрын шашып,
Батқан күндей қызарып балқыған қыз.

Шошынатын енді бізге не қалып тұр,
Балқыған қыздан қалай тартынамыз!..

Ақмарал:
Арыны тұлпар басылмас,
Ұзатпай шаңның арасын.
Алладан болса амандық,

Бұйырған жерге барасың.
Иіліп сәлем берейін,
Қадірлеп Орал қаласын.
Жоқтаған Жайық Жұбанын,

Жазғалы келдік жарасын!

Махамбет пен Исатай,
Қадаған найза жер еді.
Еділ мен Жайық жағалай,
Ел қондырсам деп еді.

Қара маржан жасырып,
Құпия болған тереңі.
Сағымдай болған сар дала,
Теңіздей алтын тең еді.

Орал деген әу бастан
Бақ дарыған ел еді!

Бекеттен бата алған соң,
Бұл елдің бағы өктем ғой.
Сол елдің жампоз Жұбанын,
Жатырмыз жырлап жеткенше ой.

Асырып айта алмайсың,
Әкеткенмен бөктерге ой.
Өзі жайлы ағамыз
Бәрін жазып кеткен ғой!

Мың өліп, мың тіріліп,
Қазаққа белін буған ол,
Руым құл деп қаймықпай,
Қасқайып қана тұрған ол.

Аруағына арналған
Айтысымыз думан бұл,
Төртеуден жалғыз Тайпақтан,
Талқысына туған ол!

Белгісі қалды тарихта-ай,
Бөтен сөзбен былғанбай.
Топырағында Жұбанның,
Тұрады қалай жыр жанбай.

Әуелетіп өлеңін,
Аруағы бұл маңда-ай.
Алатаудан Оралға
Жете алмай тұрғандай!

Жақсылыққа не дерін,
Білмеп ед кеше тіпті қыз.
Көкшенің батыр Баяны,
Бүгін шыққан мықтымыз.

Гүлжайнамен кеше, аға,
Гүл-гүл жайнап шықтыңыз.
Жүздірем деп Жайыққа,
Жас қызды алдап ұттыңыз!

Аққуым деп Маралды,
Мың айдынға саласың.
Балқимын деп, ағасы,
Еріп кетіп қаласың.

Бір қарасам баласың,
Бір қарасам данасың.
Бағытын бұзып кеменің,
Қайда әкетіп барасың!?

Баянғали:
Ақмарал мені сөзбен қағып өтті,
Бұл сөзі жүрегімді жарып өтті.
Гүлжайнаны алдаған жоқ едім мен,

Күйеуі кеп ол қызды алып кетті.

Өмірдің тереңде ғой ағыстары,
Өнерпаздың ықылас-табыстары.
Қазақтың ұл мен қызы ой-қырдағы,
Өнердің арқасында табысқаны.

Ал сені бүгін алып кете қоймас,
Күйеуің Шымкенттегі, алыстағы.

Айналайын Ақмарал,
Бір арнаға сиярмыз.
Қисық-қисық сөз келсе,
Ақылменен тиярмыз.

Балқып кетсек түк етпес,
Есімізді жиярмыз.
Еріп кетсек сөзіңе,
Бір арнаға құярмыз!

Не дейсің бүгін, ағайын,
Көркейіп өскен жастарға?
Сөйлеп кетсе алдыңда,
Әрбір сөзі бұлардың.

Айналады дастанға.
Оралда міне ел-жұрты
Ұрандап тойын жасап бір,
Есіне алып жатқасын,

Жұбағаңның аруағы
Қалықтап тұр аспанда!

Сен мені данасың деп кәрісінбе,
Он бес жас берісі не, әрісі не?
Бірде дана, ал бірде бала деп ап,
Алдайтын жігіттерді әдісің бе?!

Қабағың бейімделді-ау тырысуға,
Отырсың бейімделіп ұрысуға.
Қазақтың тамашасы – бұл айтысты,
Айналдырма долының ұрысына.

Өлеңімді балқып сен тыңдай берші,
Қолыңды малғандай боп жылы суға.

Алмадай қақ бөлініп қалып жүрме,
Тура кеп қырық бестің қылышына!

Ақмарал:
Екі қолын көтеріп,
Жаяды ағам қанатын.
Қайтсін енді Ақмарал

Қыздырып отыр қабатын.
Бозбала, аға, емессің,
Есіңнен танып қалатын.
Отырған жерде ойың бар,

Отын кесіп алатын!

Жалғанатын жайы бар,
Жіптің, аға, үзігі.
Күйеуіміз алыста,
Болып тұр бір қызығы.

Қылышқа тура келіп қап,
Жанып кетер қызуы.
Қаптаған әлгі қыздардың
Қанша болды тізімі?!

Баянғали:
Ағайын, Ақмаралда қызу қандай,
Оны көріп Байекең сызылғандай.
Сен маған айып қылма қызасың деп,

Ақмарал, аппақ мына сені көріп,
Шалдардың да намазы бұзылғандай!

Бір нәрсе айта берсек анықталар,
Оны естісе, жеңешең талып қалар.
Қыздардың тізімін сен сұрамашы,
Оқтаумен жеңгең бастан салып қалар.

Тізімі сол қыздардың көп емес қой,
Бес-алты автобусқа толып қалар!

Ақмарал:
Көрерсің жеңгемізден мықтап қысым,
Ойымды айтқызбай-ақ ұқпақпысың?
Ағатай, жаңбыр жаумай су болдыңыз,

Селімнен құрғақ болып шықпақпысың.
Автобус бес-алтауы болад дейсің,
Мені де сол тобырға тықпақпысың?!

Баянғали:
Басталды, енді міне, бәле басы,
Ақмарал, алдын-ала жыламашы,
Бес-алты автобустың жаңағы айтқан,

Бәрі де мына сенің садағасы!

Шындықты мен айтамын ұлы елімде,
Шіркін-ай, қолым тисе білегіңе.
Сенің орның автобус, басқа да емес,
Сенің орның мәңгілік жүрегімде!

Айналайын ағайын,
Осы келген қызығың,
Ұзағынан тойлансын.
Құдай бастан алмасын,

Ақмаралдай сұлудың
Қасына кеп қалғасын,
Байекең қалай жанбасын?
Селіңізден құрғақ боп,

Шықпайын мен Ақмарал...
Кетпейін мен қасыңнан,
Ақыры елге барғанда,
Жеңешеңнен бір таяқ

Жейтін әбден болғасын!

Ақмарал:
Деп ойлаушы ем бұрын мен,
Сізді ақын, жай ағам,

Белгілі болды айтыста
Бізге тапқан оябаң.
Тереңдеп кетіп барасың,
Осы жерден қой, ағам.

Шай құйған қызды көрді де,
Шайқалып қалды Байағам!

Жаңа ғана деп едің,
Сені ойлап көзді ілмеймін.
Автобусқа мінгенді,
Демеймін, аға, күндеймін.

Тұңғиыққа бітетін
Тереңдегі гүлдеймін,
«Джип» болмаса ағасы,
Автобусқа мінбеймін!

Баянғали:
Ағайын-туыс бола ма,
Ақмаралдың жауабын
Осы арада қайтармай.

Ақ Жайықтың аруы
Жақын келіп қалғанда,
Қоя ма екен шайқамай,
Ару ақын сен едің,

Қайтер еді, Ақмарал,
Соны қойсаң байқамай!

Айналайын Ақмарал,
Кісілігім білгізем.
Түбі сені қоймаймын,
Бәрібір мені сүйгізем.

Сүйер болсаң сен мені,
«Джипке» де мінгізем,
Самолетке де мінгізем,
Қолтықтап ап өзіңді,

Ай-әлемді аралап,
Ойға-қырға жүргізем!

Ақмарал:
Жүрегіңде бір сыр бар,
Сезіп менің білгенім.
Ерініңді дүрдитіп,

Жарасады-ай күлгенің.
Әзірге, аға, жетеді,
«Джипіңе» мінгенім.
Самолетке мінгізіп,

Шай құятын қыз келсе,
Жаңағыдай шайқалып,
Итеріп тастап жүрмегін!

Жеңгемізге туған күн,
Туып отыр маған да.
Қылығыңды қалайша
Жорымайын жаманға?

Бүгін әлден бүйтесің,
Ертең, аға, қайтесің?
Көзімізді бақырайтып,
Шөп салып отсың табанда!

Баянғали:
Айналайын ағайын,
Бұ дағы бір тамаша.
Қызығың ғой өмірде,

Ақмаралдың бар сөзі
Жағып жатыр көңілге.
Ризамын, ағайын,
Мұндай қызды тап қылған,

Орал дейтін киелі,
Қасиетті өңірге,
Қызықпаймын деп еді,
Ақырында әйтеуір,

Көзі түсті мінеки,
Біздің күлген ерінге!

Қолдай берсін біздерді,
Жұбан ағам аруағы.
Жұбағаң да қыздарды
Жырлаудан еш талмады.

Қыран болып самғады,
Ерінге көзің түскесін,
Қызыққасын, Ақмарал,
Алыс болмас ар жағы!

Айналайын Оралым,
Қолдап жатыр Баянын.
Қолдай берсе ел-жұртым,
Қанатымды жаямын.

Жаңағыдай қыздардан
Шошымағын, Ақмарал.
Ондай-ондай қыздарды
Мен өзіңе мінеки,

Қызметші қылып әкеліп,
Шай құйғызып қоямын!

Мықты ақынның бірісің,
Әр сөзіңді шегелер.
Айналайын Ақмарал,
Өсіп сен де өне бер.

Думан болса осылай,
Аттай желіп келе бер.
Шөп салады деп көзіме,
Қорқып отсың қазірден.

Ондай-ондай қылығым
Бар екенін жасырман.
Сол қылыққа, қалқатай,
Сен қазірден көне бер!

Ақмарал:
Шай құйған қызды жиып ед,
Қызғандырған түрі екен.
Қырық беске келсең де,

Жүрегің әлі тірі екен.
Сол жүрекке шыдаған,
Жеңешеміз кім екен?
Алдай салады ағамыз,

Арбап алған түрі екен.
Қызды көрсе сүйетін,
Көп еркектің бірі екен!

Ондай, аға, болмасаң,
Шығармаймын ойымнан.
Белгі болсын Жұбандай,
Ағамыз жасар тойыңнан.

Нәзік жанның бірі едім,
Жараланғыш қайыңнан.
Жанымнан тұрмын күюге,
Хабардар болып жайыңнан.

Шымкентке барған соң
Таяқ жеймін байымнан!

Баянғали:
Болады ер жігітте қайрат, жігер,
Ақмарал, аяғыма салма шідер.
Байымнан таяқ жеймін деп қорықпа,

Байыңды болса маған жібер!

Ақынның айтатұғын ұзын әні,
Ғашық болса қыздарға кім кінәлі?
Сұлу қызға қырық бестегі мен түгілі,
Алпыс бестегі Қадыр ағам да қызығады!

Жоқ шығар оғаштығы қылығымның,
Демеймін мен адамның ұлығымын.
Сұлуларға ғашық боп жыр арнаған,
Ақын Жұбан ағамның сынығымын!

Айналайын Ақмарал,
Екеумізге мінеки,

Қолын соғып Орал тұр,
Қолын соғып Жайық тұр.
Айналайын туған ел,
Ақындарың келгенде,

Тойың тойға ұласып,
Құшағыңды осылай
Айқара ашып жайып тұр.
Айналайын Ақмарал,

Артық-ауыс сөз болса,
Сұрамассың айыппұл.
Өзің жаққан өртіңді
Өзің бүгін сөндір де,

Өзің салған дертіңнен
Өзің мені айықтыр!

Ақмарал:
Алысқа кетіп барады,
Байқаңыз, аға, шамаңыз.
Еркелеткен соң ағамыз,

Жайлауда бүгін жағамыз.
Қадір білер ер болса-ай,
Көңіл кілтін табамыз.
Қадыр аға, қызды айтып,

Асып кетті-ау бағаңыз.
Бас салмаушы ед сіз сияқты,
Сипалаушы еді ағамыз!

Көңіл бұлты көшкен соң,
Ойынның парқы шындай-ды-ай.
Естігеніміз бар еді,
Сөз бір жерде тұрмайды-ай.

Айтып-айтып қоймайды-ай,
Қадыр ағам шындайды-ай.
Інісі сіздей болса, аға,
Ағалар елде шыңдай-ды-ай!

Ағама алғыс айтамын,
Ел көңілін тапқасын,
Бар болса егер біздерге,
Сары майдай сақтасын.

Айналаңда, жан аға,
Сұлу қыздар қаптасын.
Тек қана тіл-көз тиместен,
Құдайдың көзі сақтасын!

Ақмарал келед десе, аға,
Айтыс жаққа асық бол.
Шай құятын қыздардан
Көзімше менің қашық бол.

Кемерге келіп Жұбандай,
Жыр-өлеңде тасып, тол.
Менің айтар қарғысым –
Жүзге келіп, ғашық бол!

Ғалым, ұстаз Тұрсынбек Кәкішев 75 жасқатолғандаауыл мектебінде өткен айтыс (Ақмола обл. Бұланды ауданы. Даниловка селосы. 2002 ж. 12 шілде)

Баянғали мен Балғынбек Имашев
(Астана қ.)

Баянғали:
Армысың Даниловка, Қараталым,
Ішінде Бұландының дара талым .
Ауылдан түлеп ұшқан балалармыз,

Сондықтан шал-кемпірді ұнатамын.
Алаштың ақиығы Тұрсынбектей,
Ортаңа келді бүгін балапаның.
Ас берді атасы мен анасына,

Ағамның бұл қылығын жаратамын.

Халқымыз тыныш болса қуанамын,
Бүгінгі қабыл болсын дұғаларың.
Алыс-жақын ағайын, бәрің келдің,
Қуанып, келгеніңді құп аламын.

Жар болсын бәріңе де, ағайындар,
Тудырған Тұрсынбектей ұлы бала,
Аруағы ұлы ата, ұлы ананың!

Е-ей, ағайын-туыс, құлақ сал,
Тойыңа келдік алыстан.
Тұрсекеңдей ағаның,
Алдында мына бәріміз –

Шәкіртіміз, баламыз.

Бір белгі болса ағадан,
Алды-артына қарамай,
Құйындата шабамыз.
Тұрсынбектей ұлдарың

Шығады әлі ауылдан,
Аман болса отырған
Ата менен анамыз!

Айналайын Тұрсеке,
Ғылымда үлкен ұстазсың,
Үлкендеу еді шалғың да.
Мақтағанды ұнатпай,

Тыржиятын жан едің.
Жетпіс беске келгенде
Жеті-ақ ауыз өлеңмен
Мақтап едім, ағеке,

Оны ұнатпай қалдың ба?!
Мақтау іздеп жүретін
Шалдары көп шалдың да.
Ауысайын ендеше,

Болпиып келген Балғынға!

Айтысында қазақтың
Жұлдыз болып жанғандай.
Тұлғасын көріп баланың,
Қыз-келіншек тамсанып,

Естерінен танғандай.
Көрсең егер баланы,
Көз мейірің қанғандай.
Керейдың қызын алып ед,

Құлақтан кетпей күбірі,
Әрең деп жаны қалғандай.
Тұлғасына қарасаң,
Кешегі Көкен ағаның,

Аузынан түсіп қалғандай!

Балғынбек:
Тұрсекең ас берем деп жар салғаны,
Алыстан тастап келдік бар шаруаны.
Ассалаумағалейкүм, Баян аға.

Сен едің қара өлеңнің майталманы.
Ассалаумағалейкум, ағайындар,
Гүлдеген осы күні қайта арманы.
Қазақтың жақсы мен жайсаңдары,

Керейдің қасқасы мен қайсарлары !

Жағадан қайнағаны алғаным жоқ.
Ағасы, ел алдында толғадың кеп.
Осы күні бәріміз мақтанамыз,
Тұрсекеңнің шәкірті болғаным деп.

Көкеңе ұқсаттыңыз жаңа мені,
Көкендей ақын болсам, арманым жоқ !

Отырмын, қайнағасы, солыңызда,
Ешқашан тұрмаймын ғой жолыңызда.
Жаман күйеу дейсіз ғой көрген сайын,
Әрине, ренжімеймін оныңызға.

Ел алдында не істесең де өзіңіз біл,
Тірідей түсіп тұрмын қолыңызға!

Баянғали:
Барады бұл баланың амалы артып,
Сөйледі және дағы маған тартып.
Күйеу бала келген соң алдыңызға,

Көтеріліп мен дағы кеттім шалқып.
Алыстатқан жақсы мен жайсаңнан да,
Өзімсінген, шырағым, «жаман» артық!

Айтып тұрған, шырағым,
Әлгі қасқаң қай қасқа?
Осы жерге жиналды
Ой-қырдағы көйқасқа.

Ішінде ағаң Тұрсынбек,

Емес қой ол жай қасқа,
Маңғазданған май қасқа.
Ақшасы жоқ болғанмен,
Алаламай Алашты,

Адалдан шәкірт жинаған,
Ақыл-ойға бай қасқа.
Естілікті көксеген,
Ежелгі сырды екшеген,

Екпіні бөлек сой қасқа.
Тұлға болған Алашқа,
Асылдарға сай қасқа.
Тұрсынбектей қазаққа,

Қалтқысыз қызмет қылды екен,
Арғы-бергі қай қасқа?!

Асқар бір таудай басыңыз,
Жиған-терген нұрыңды
Шашу ғып елге шашыңыз.
Қасқаңызды мақтасам,

Айналайын, ағеке,
Бүгін қайта шыққандай,
Төбелесіп мектепте
Жүрген кезде мына бір

Құдаңыз жұлған шашыңыз!

Отыр екен бұл жерде
Медалін таққан құдаңыз.
Құдаңыздың алдында
Біз де тіп-тік тұрамыз.

Мектепте жүрген шағыңда,
Төбелестім деп едің.
Әлің жетпей қалды ма?
Ондай жағын бізге айтсаң,

Құдаңызды екеуміз
Шығарып алып ұрамыз!

Айтысты бір қызық қып бастап едім,
Тұрсынбек бәріңнің де асқар белің.

Мектебі Тұрсекеңнің құтты болып,
Өсірсін қыран қанат жастар легін.
Төбесінен мектептің су ағызбай,
Тезірек жөндегейсің, Асқарбегім!

Ортаңызға келген соң,
Қырандай біз де өлеңмен,
Қанатты бүгін жаямыз.
Тұрсекеңнің мектебін,

Төбесін жылдам, тезірек
Жөндемесең, Асқарбек,
Келер жолы келгенде,
Төбеңізді оямыз!

-----------------------------------------------
Асқарбек Үйсінбаев – Бұланды ауданының сол кездегі әкімі.

Балғынбек:
Сөздері Байағамның аталы екен,
Ел-жұрты мәз-мәйрам боп жатады екен.
Мектепте бұлай айтыс жасап тұрса,

Ағайын мол қызыққа батады екен.
Мектебіне жақсылық жасап жатқан,
Осындағы қасқаның шапағы екен.
Бірақ та құдасын да ұратұғын,

Байағамның мінезі шатақ екен!

Ойымда жоқ асқа барып пайда жию,
Ағайын, не десеңдер, о деңіздер,
Керейдің барлық қызын айлавию !

Қызыққа батып отыр айналамыз,
Мұндайда шын көңілмен жайланамыз.
Осы істің бәріне де ұйтқы болған
Білеміз Күләш деген жайлы анамыз.

Қазақта бәріміз де көріп тұрған,
Ақынның үлкені ғой Байағамыз.

Халықтың ақынының бәрін жеңген
Демейміз бұл ағаны жай ағамыз.
Әселхан, Қонысбайы, Шорабегі,
Солардың бәрін жеңген дөй ағамыз.

Біз бүгінде ешкімнен қорықпаймыз,
Өйткені Байағамыз – қайнағамыз!

Қалатын қалың жұртқа әнім болсын,
Осы айтыс басқаларға тәлім болсын.
Осы мектепте оқыған түлектерің
Өсіп, толып, Тұрсекеңдей ғалым болсын.

Тұрсекеңнің бәріне жолын беріп,
Атағы алты Алашқа мәлім болсын.
Ағайын, бәрін айт та бірін айтам,
Атама берген асы қабыл болсын!

Баянғали:
Дейсің-ау, қайнағамыз, қайнағамыз,
Қайнағамен біз талай ойнағанбыз.
Күйеу бала кеп тұрса кішірейіп,

Біз оны ешқашан да соймағанбыз.
Ол рас, тайраңдаған талайларды
Секіртпей ұстап алып жайлағанбыз.
Бірақ та Тұрсекеңнен сабақ алған

Тентек те болсақ біздер ойлы адамбыз!

Шұбыртпалы Ағыбай батырдың 200 жылдығына арналған республикалық айтыс. (Балқаш. 5-6 қыркүйек, 2002 ж.)

Баянғали мен Тілеген Әділов
(Қарағанды қ.)

Баянғали:
Тудырған не бір жайсаң марғасқаны,
Армысың, бауыр елім Балқаштағы.
Ұранын Ағыбайдың шақырғанда,

Даланың дүр сілкінді тау-тастары.
Көкшетау көп-көп сәлем айтып қалды,
Шырқалған Ағыбайдың алғашқы әні.
Кенесары кеңескен Ағыбай мен

Көкшенің сәлем айтты жартастары.
Жүзіңнен мынау жарқын танып тұрмын
Тот баспапты Ағыбай алдаспаны.
Тойларың тойға ұлассын айналайын,

Қараменде, Сана би жалғастары.

Балқашқа келді көп ақын,
Ағыбайдың тойына.
Жарқырап бізді Балқаштың
Елі-жұрты қарсы алды,

Вокзалында күлімдей.
Оркестр құрып алдымнан,
Өрендер салды әніне.

Балдардың салған сол әні
Манарбек пен Күләштің
Аққуға жеткен үніндей.
Мұңды сазды шертетін

Мағауияның күйіндей.
Өрімталдай сол балдар
Көзіме ыстық көрінді.
Әлихан мен Әлімхан

Аталардың гүліндей.
Сол балдарды басқарып,
Балпаңдап шықты алдымнан
Әкімдерің Қасымхан,

Ағыбайға ілескен
Көп сарбаздың біріндей.
Бауырларым, жарасып,
Әрқашанда жасай бер

Белдеріңіз бүгілмей!

Алматы мен Астана,
Ақындары елге кеп,
Жайылып жатыр кереге.
Астанадан шықпаса,

Бұл өнерің өне ме?
Ақындар келсе бұл жаққа,
Балдарға тисін өнеге.
Айтысы міне қазақтың,

Жайып та жатыр кереге.
Ұл-қыздары Балқаштың,
Біздерді кеше жүздіртті
Мінгізіп алып кемеге.

Мың рахмет айтамын
Ел-жұртына Балқаштың.
Ағыбайдың тойында
Ақындарын қазақтың

Тік көтерген төбеге!

Алашты азаттыққа шақырды кім?
Ақырып аждаhаға атылды кім?

Теңіздей толқығанда төре-қара,
Жол нұсқап айтты оларға ақылды кім?
Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар
Көтерген қазақ рухын, батырлығын.

Кім кәне күңіреніп солар құсап,
Ел үшін жанын қиып жатыр бүгін?

Кенекең кемеңгерің елдің басы,
Ағекең ақжолтайың қолдың басы.
Жасындай жарқылдаса жас Наурызбай,
Тербелген жердің беті, таудың басы.

Бұқарбай, Иман, Жәуке, Бұғыбайлар
Көненің көбе бұзған көк найзасы.
Танабай, Көлебе мен ер Меңдібай,
Секілді іріктелген сайдың тасы.

Толыбай, Дулат, Шыңбай тізе қосқан,
Ерлердің жолбарыстай жан жолдасы.
Жолықса жортуылда жаугерлерге,
Еріксіз аттан түскен дос пен қасы.

Шындықты орыстардың өзі жазған,
Патшасы болса дағы пәле басы.
Рухани қуатына сол ерлердің
Қызығар деп европалық сан қолбасы.

Сол рухың, сол ерлігің бар ма қазір,
Ойланшы, қазағымның кәрі-жасы!

Е-ей, айналайын ағайын,
Ағыбайдың тойында
Тағы да бір ағайын.
Қасыма келген Тілеген

Ақын бала секілді.
Ағыбайға ілескен
Батыр бала секілді.
Мұны да бір қағайын,

Қас-қабағын бағайын.
Айналайын Тілеген,
Тұлғаңыз да бар екен,
Сұлбаңыз да бар екен.

Күмпиіп неге отырсың
Мұнайға бөккен магнаттай?
Үрпиіп неге отырсың
Әскерден қашқан солдаттай?

Айналайын Тілеген,
Әскерге өзің бардың ба?
Отаныңды қорғайтын
Көк темірде көп өнер

Меңгеріп әбден алдың ба?
Жә болмаса жан бағып,
Үйде бұғып қалдың ба?
Айтыла берсе таусылмас,

Ебеп-себеп ертегің
Кімге дәрі, балалар,
Құр секірген селтеңің.
Әскерге балдар бармаса,

Еркіндігіңді кім қорғап,
Байтақ жатқан даланың
Кім қорғайды ертеңін?!

Тілеген:
Көсіліп шабытымның барында шын,
Ал енді көңіл шіркін арындасын.
Бір Алла тіл мен жаққа қуат беріп,

Қарағай қос ішекті бабындасың.
Ассалаумағалейкум, ардақты елім,
Сен менің бағымдасың, арымдасың,
Әруағыңнан айналдық, батыр баба,

Өшпейтін мәңгілікке жадымдасың.
Тойында Ағыбайдай ер бабаның
Жорға тіл жүрісінен жаңылмасын.

Армысыз, Баянғали алтын аға,
Көзімнің сізге салдым қарашығын.
Басың алтын, кеудең күміс ағам едің,
Ешкімнің аттамаған ала жібін.

Өмірде сіздей ағам көп болса екен,
Осылай ардақтайтын Алаш ұлын.
Ал енді шартпа-шұрт айтыс қылам,
Көңілдің ызыңдатпай қара шыбын.

Жетерлік қиялға да арманға өзің,
Қырандай қия шыңнан салған көзін.
Қазақ пен қырғызыма алтын көпір,
Бел буып, бекемделіп барған да өзің.

Қазақта сіздей ақын көп болса екен,
Халқына семсер де өзі, қалқан да өзің.
Қарға, құзғын жүре алмас маңайынан,
Қаршығаның қыраны жалғанда өзің.

Әзілмен анау-мынау жан тұта алмас,
Азуы алты қарыс арлан да өзің.
Шапқанда тұяғына таға тұрмас
Аман-есен келдің бе, тарланбозым.

Тыныштық, тәуелсіздік арманы елдің,
Жыр айтсам, арманым да бар ма менің.
Жырыңның жанарында былшық тұрып,
Ушықтырып мені де алма дедім.

Санаңызда қалса егер қылшық тұрып,
Тұншықтырып тастайды талғамы елдің.
Жырыңды айналдырсаң ұршық қылып,
Кішілікке барармын ыршып тұрып.

Ағыбайды тереңнен жырлаңызшы,
Дариядан жайын ілер қармақ едің.
Көкейінде қалатын сөз айтшы, аға,
Көкірегін көк түтін алған елдің.

Бұл өнер жарқыраған айым еді,
Тербелген айтыстағы қайың еді.
Әскерге бардыңыз ба деп отырсыз,
Бұл әншейін сұрақтың пайымы еді.

Мен барғам жоқ, Байеке, ел қорғауға,
Сіздей болсын ағасы қай ұл енді.
Бірақ та ел шетіне жау келгенде,
Найзамыз ұстайтұғын дайын еді.

Баянғали:
Шырағым, керек сөзді айтсаң болды,
Айтысты өрге қарай тартсаң болды.
Еститін мақтауымды естіп алдым,

Осымен мен үйіме қайтсам болды.

Уағалейкумассалам, Тілегенім,
Бастамай жатып сен де жүдемегін.
Баласың жастан шыққан от қайратты,
Отырған мынау елдің тілегі едің.

Алаштың айтулы бір ақыны бол,
Ғаламға тарай берсін нұрлы өлеңің.

Жырла деп айттың маған Ағыбайды,
Ағыбай аузына алған бір құдайды.
Жауға шапқан әскер оны ұран қылған,
Алдымен айтқаннан соң Абылайды.

Қолында Ағыбайдың шолақ найза,
Ақ сауыт жарқылдаған күн мен айға.
Ағылса арғымақпен а, құдайлап,
Жаулары жапырылып қашқан сайға.

Өзі үшін пайда қумай, халық үшін
Жан пида қылатұғын ерлер қайда?!

Алысып өткен ел үшін,
Қаны мен жанын аямай,
Арман қылған аталар
Азат болған ел қандай?

Айдынды шалқар көл қандай?
Саудаға түскен жер қандай?
Бәрін айт та бірін айт,
Тұлғасы таудай болғанмен,

Әскерге бармай жүрген бұл,
Тілегендей ер қандай?

Бермейтін атын бөтенге
Сардарың қандай бұрынғы?
Самолет сатқан шетелге,
Генерал қандай бүгінгі?

Жүрекке жүрек қосатын,
Білекке білек қосатын,
Сарбазың қандай кешегі?
Бүгінгінің солдаты

Бір-бірін сабап әскерден
Қашып та жатыр деседі.
Алауыз болса шалдарың,
Әлжуаз болса балдарың,

Еркіндігіңді кім қорғап,
Елдігің қалай өседі?

Біз көрдік өндірістің өртті лебін,
Тілеген айтып тұрсың көп тілегін.
Ағыбай, Кенесары, баяғыда,
Алысып елің үшін өтіп едің.

Көкше теңіз күресті көк түтінмен,
Қаланың тазартам деп көкірегін.
Өзін-өзі өртеген өндірісің
Қайтейін, осы боп тұр дертті жерің!

Біз де келіп айтысқа
Талай да міне іс қылдық.
Барлық ақын жиналып,
Ауасын жұтып Балқаштың,

Түні бойы түшкірдік.
Балқаш дейтін киелі
Қасиетті жер екен.
Байтақ жатқан ел екен.

Бір күн жұтып ауасын,
Ауырып жатыр ақындар
Күнде жұтып ауаны.
Жетпіс, тоқсан жасайтын

Бұл Балқаштың ел-жұрты
Шынында да ер екен!

Тілеген:
Берсеңіз енді бізге ер кезегін,
Домбыра қолыма алып ел кеземін.
Баяндай баянды ағам келгеннен соң,

Қасыңда Тілегендей елгезегің.
Жебе жырды тарттым сізге желмен бірге
Жараланып қалмасын желбезегің.

Ақындар жиналған соң санасы бар,
Алла қолдап жүрген соң бабасы жар.
Тілеген қалай бүгін жүдейді екен,
Қасында Баянғали ағасы бар.

Баяғыда шалдар да айтушы еді,
Ағасы бардың деуші еді жағасы бар.
Ал енді Тілегенің көсілсінші,
Қасында Алатаудай панасы бар.

Артыңнан өңшең жастар келе жатыр,
Құласы бар ішінде, аласы бар.
Жастардың тайы озса өкпелеме,
Олардың өлеңге де таласы бар.

Ақынның біреуі едің есі кірген,
Тербеліп сәби жырдың бесігімен.
Көк түтінді айттыңыз, Баян аға,
Тақырып болсыншы осы мүлдем.

Ол жағын халық түгел айтуда ғой,
Дөкейлер сығалатпай есігінен.
Балалар жеті айлық боп туып жатыр,
Ол да сол көк түтіннің кесірінен.

Көнпіс қазақ қайда болса көнеді ғой,
Бәріне қарап жүр ғой кешіріммен.

Оралсақ Ағыбайдай ұлы есімге,
Ақындар әрлі-берлі жыр есуде.
Ұлытауда туған ұл Қойсанадан
Жаралған дұшпанымен тіресуге.

Қазақ үшін қан жұтып қас батырың,
Өмірі өткен еді күресуде.
Ал соның ұрпақтары тойын жасап,
Бабамның қабіріне гүл өсуде.

Текті атаның текті ұлынан айналайық,
Тектісін тастамаған күресінге!

Сарыарқа өрісі кең мал кетпеген,
Төсінен ақыл айтар шал кетпеген.
Азаттық деп алысып ақ патшамен
Қаhарлы хан Кенеге жан жетпеген.

Сарыарқада хас батыр қол жинады,
Қаусаған шал, бала үшін еңбектеген.
Дулығалы батырлар басын қосты,
Кілең жүйрік мінгені жел жетпеген.

Ақжолтай бас батыры хан Кененің
Арқада Ағыбайға ер жетпеген.
Шашырап сан батыры кетсе дағы,
Ағыбайдай қасынан ер кетпеген.

Біздер үшін бабамыз қан жұтып ед,
Тұлпарының сауырынан тер кетпеген.

Атағы ұласқан соң сан ғасырдан,
Ағыбай Ақжолтайға хан бас ұрған.
Хан Кене еркелетіп «ақжолым» деп,
Аруағы басым еді сан батырдан.

Торсықтан ораза ашып біздер үшін,
Тұлпарының үстінде таңды атырған.
Жауының жүрегіне жебе қадап
Қылышының ұшына қан қатырған.

Дұрыс қой тәуір ойды қозғағаның,
Қалайша бүгін сірә қозбағаның.
Сақтығын берсең дағы сауысқанның,
Пиғылын берме құдай тазқараның.

Ал, аға, сізге кезек біз берейік,
Жүйріктей қырат белге көз қададың.

Ал енді айтарыңды айтып қалшы,
Бұзуға келгеннен соң сөз қамалын.
Ағыбайды жырлашы тереңірек,
Қимылын көрсеткендей бозбаланың.

Желмен бірге жырлашы, жырмен бірге,
Жез киігі секілді боз даланың.

Баянғали:
Балаға ұзақ айтса, кешірімді,
Ұзақтан сілтей-сілтей есі кірді.
Бұл күнде барлық қазақ есіне алды,

Хан Кене, ұмытылған есіміңді.
Тақ үшін жаратылған асылзада,
Іздедің ат үстінен несібіңді.
Өзіңдей халық үшін басын беріп,

Қай бастық жатыр екен осы күнгі?

Ақжолтайың Ағыбай –
Хан Кененің құрдасы.
Қалжыңдасқан көсесі,
Сірә да жаудан қайтпаған,

Келсе де қаптап нешесі.
Ағыбайлап ұран сап,
Қайтқан да екен есесі.
Өзің айтқан шырағым,

Абылай туын ұстаған.
Байғозының нәсілі
Қойсана батыр шешесі.

Өткен күн өреліге ой салады,
Тарихтың өнеге емес қай сабағы.
Алты ұры тонамақшы болды дейді,
Анасы Ағыбайдың Қойсананы.

Аяғы ауыр екен Ағыбайға,
Жан бағып, үйде отырар шағы қайда?

Алтауын алты-ақ ұрып құлатыпты,
Сиынып жаратушы бір құдайға.
Сескеніп айбатынан ер ананың,
Кетіпті алтауы да домаланып.

Әйелдің айбаты емес бізді жеңген,
Күші депті іштегі шарананың.
Ағыбай асып туған алты алаштан,
Жаулары жанын күтіп жалтарысқан.

Байғозы, Наймантайдың батыр қызы,
Анасы Қойсананың заты арыстан.
Ағыбай іште жатып қуғын көріп,
Жауымен тумай жатып арпалысқан.

Сиынып аруағына Ағыбайдың
Небір өрен қазақтан кеп табысқан.

Тілеген шырақ, бері қара,
Айтып та өттің ашынып
Дертті туған баланы,
Әрең келген шаланы.

Одан да сұмдық айтайық,
Далада болған шараны.
Елірген бүгін кейбіреу
Ақшасы көп шетелге

Сатып та жатыр баланы.
Дәті барып дөкейлер,
Баланы қалай сатпақшы?

Мөлдіретіп көздерін,
Аз болды ма сатқаны?
Алтыны менен жездерін,
Байтақ жатқан даламыз

Жемі де еді өзгенің.
Баламызды сатқанның,
Даламызды сатқанның,
Ақшасы көп шетелге

Сатар ма еді өздерін!

Елім деген бір ұғым,
Халқым деген бір ұғым.
Желкөкірек шендінің
Жетесіне жетпейді.

Патриоттық сезімі
Жүрегінде болмаса,
Санасына қонбаса,
Босағаң қалай нығайып,

Көсегең қалай көктейді?
Көбік сөздер көсемдер,
Аукционға салсаң да,
Бізден басқа бір елге

Көк тиынға өтпейді!

Байқап та тұрмын, ағайын,
Бұл Тілеген балаңыз,
Айтыс дейтін өнерге
Ұшталған бала секілді.

Айтатын сөздің арнасы,
Нұсқалған бала секілді.
Собалаңдаған бойы бар,
Одан да биік ойы бар.

Мұғалімі тарихтың
Жәбір көріп жұмыстан,
Қысқарған бала секілді.

Ақынымыз қазақтың
Достықты дәйім ән қылған.
Өлеңнен теріп маржанды,
Өлеңнен күмбез салдырған.

Інілерді көргенде
Нұрға толып жүрегім,
Жырларым да аумайды
Менің нөсер жаңбырдан.

Қарағандының дөкейі –
Ералы інім осында.
Орынбасары әкімнің
Қасымхан да мында отыр.

Әкімі екен Балқаштың
Сендерге қандай дауа бар.
Мұғалімді қысқартып
Жұмыссыз мүлде қалдырған?!

Айта түс деп, Байеке,
Менен де халық тілеп тұр.
Мұғалімдер қысқарып,
Жұмыстан әбден жүдеп тұр.

Және де біздер естідік,
Балқаштағы қазақ мектебі
Балдары симай олар да
Үлкендеу үйді тілеп тұр.

Үлкен мектеп ашқан соң,
Қасымхан балуан ағамыз
Азуды көкке шіреп тұр.
Қазақша мектеп жағдайы

Оншалықты болмай тұр.
Соған көмек қылсын деп
Халық міне, тілеп тұр!

Баянғали мен Аманжол Әлтай
(Астана қ.)

Баянғали:
Жер шоқтығы Көкшеден
Көл үлкені Балқаштың
Даласына бір сәлем!

Осы тойға кеп отқан
Ата менен ақ шашты
Анасына бір сәлем!
Облысыңның басшысы

Камалтиндай ағамыз
Алтын тонның осында

Жағасына бір сәлем!
Тоқтар батыр ағадай,
Ағыбайдың бүгінгі
Жалғасына бір сәлем!

Алдыңызда әлгінде,
Мың бұралып ән салған
Баласына бір сәлем!

Өткен бір күнді ойласаң,
Жаралы болды жан неге?
Қаралы болды хал неге?
Зарлы болды ән неге?

Төгілді судай қан неге?
Азаттық деген ұлы арман,
Қол жеткізбес емес қой,
Алданатын әрнеге.

Түйінін бұғау шешем деп,
Шешілмесе, кесем деп,
Азаттық үшін алысып,
Армандап өткен бабалар.

Жасындайын Наурызбай,
Ақжолтайың Ағыбай,
Кемел ойлы хан Кене!

Орындалған секілді
Атадан қалған ұлы арман.
Барлық қазақ бұл күнде
Айналып қана кетпей ме

Ағыбай деген ұраннан.
Қарағанды, Жезқазған,
Кең Балқаштың ұлы елі,
Мың рахмет айтамыз,

Ағыбайдың тойында
Ұран салып, ту алған,
Томдап кітап шығарған.

Аманжол, құтты болсын кітабыңыз,
Айтыста талай-талай бұрқадыңыз,

Ғалым боп атаң жайлы кітап жазып,
Бір жаңа биікке енді шырқадыңыз,
Кітабың құнды болып, айналайын,
Мәңгілік мұра қылсын ұрпағыңыз.

Ойлап бір шіркін қарасаң,
Абылайдың нәсілі
Азаматтың асылы,
Бекмаханов Ермұқан

Кенесары, Наурызбай,
Ер Ағыбай жайында
Келісті кітап жазғанда
Ер парызын атқарып,

Сол үшін кеткен сотталып.
Жығылғанға жұдырық
Жабылып біз де даттадық.
Есенберлин Ілияс,

«Көшпенділерді» көркейтіп,
Келістіріп жазғанда,
Лениндік сыйлық аларда
Мейманасы тасқан Мәскеуге

Вагон-вагон арыз боп,
Бақа-шаяндай қаптадық,
Жабылып сонда даттадық.
Өлтіріп алып екеуін,

Арысым деп жоқтадық.
Естімес жерге кеткен соң,
Рухани ерлік жасаған
Данышпаным деп мақтадық.

Ойланып тұрып қарасаң,
Қайран менің қазағым,
Қайшылығы неткен көп халық!
Сол секілді, ағайын,

Өкініп қалмай күні ертең,
Атасы жайлы қос кітап
Жазып келген бұл тойға,
Аманжолдай балаңды

Қол соғып қане, мақталық!

Аманжол:
Жүруші ең Көкшетаудың асқарында,
Самғадың алты Алаштың аспанында.
Манас пен Қобыландының рухы бар ед,

Баянғали ағамның дастанында.
Ау-ау деп екі мәрте айғайладың,
Байеке, оныңыз не, сасқаның ба?

Ақын деген қазақтың ырысы еді,
Ал батыр қылшылдаған қылышы еді.
Ақын менен батыры бірге болса,
Ұлтымның тарылмаған тынысы еді.

Ау-ау деп екі мәрте айтқаныңша,
Ақжол деп ұрандаған дұрыс еді.

Сапарға ақжолтайлап аттаныппын,
Ақауыз, Көкбестідей баптаныппын.
Жырымды қарашаға арнап айтып,
Халқымның табысына шаттаныппын.

Қынаптан қылыш шығып үлгіргенше
Тоқтамға келтірер сөз ақтарыппын.
Жігіттің пәнидегі салтанатын
Көне ғұн мен сабырлы сақтан ұқтым.

Алла жар, Ағыбайлап сөз бастайын,
Алдында қазақ деген мәрт халықтың.

Үкілі баласы едім елік қырдың,
Өнерді өміріме серік қылдым.
Тұлпарымды тұмарлап Қарағандым,
Торғынды сауытымды берік қылдың.

Бұл күнде Астанада жүрсем дағы,
Еркелеп есігіңе келіп тұрмын!

Арнадым Ағыбайға ғұмырымды,
Өнерде лайламадым тұнығыңды.
Қараөткелдің бойында жүрсем дағы,
Туған жер, қимай жүрмін тұғырыңды.

Артында асылдардың соқпақ қалған,
Жолменен жолбарыстай жортпақ балаң.
Тоқтардай ағамызға сәлем бердім,
Ақжолтай Ағыбайды жоқтатпаған.

Қанаты қыран құстың күнді керген,
Ақыны қарашаның тілді келген.
Айды да әуенімен тербетіп ед,
Сар даламда қозғалған сырлы керуен.

Ақжолтай Ағыбайын сағынған соң,
Қазаққа Тоқтардайын ұлды берген!

Байеке, сөзді бастап сыр ұқтырдың,
Мөп-мөлдір өлеңіңді тұнық қылдың.
Соңыңнан ерген біздей бауырыңды,
Бойдағы жігеріңмен шынықтырдың.

Өзіңдей шабыты зор ағамменен
Араға сегіз жыл сап шығып тұрмын!

Кезім жоқ жігеріңнен сынатындай,
Інің ем сауық-сайран құратындай.
Байеке, көсілетін кезің келді,
Кешегі Ақандардың Құла атындай,

Ышқынып біртүрлі боп кетіпсіз ғой,
Ініңді иегінен ұратындай.

Таймайды тұғырынан аруақты өлең,
Өзіңдей жақсы ағаны саңлақ дер ем.
Бекмаханов, Әуезов бастамасын
Бүгінгі ұрпағы боп жалғап келем.

Қараша тілеу болып қолдағасын,
Батырлар қорғап өткен боз даласын.
Доскей, Иса, Хамиттей ақындарым
Қаймықпай айта білген сөз данасын.

Әуезов, Есенберлин, Бекмаханов
Шындықпен айтып кеткен көзқарасын.

Тарихтан өз бағасын ала алмай жүр
Нысанбайдай жырауым, енді Алашым.

Баянғали:
Мен сенен тұрған жоқпын сасайын деп,
Айтыстан және бүгін қашайын деп.
Ау-ау деп айғайласам, мен ойлаймын,

Ел мұңын естімейтін астаналық
Дөкейлердің құлағын ашайын деп.

Аманжол ата салтын жалғап кеткен,
Бір сөйлесе ұзақтан толғап кеткен.
Сегіз жыл бұрын мұнымен айтысқанда,
Аңқитып бұл ағасын алдап кеткен.

Аманжол бұл айтыстың жартасындай,
Шетелге көрсететін маркасындай.
Көк жұлдыз боп жарқырап жеке-дара,
Тұрады шоқ жұлдыздың ортасында-ай.

Құладай мен көсіліп бір көрейін
Болмасаң Батыраштың балтасындай.

Бұл бала байқап тұрмын оқымысты,
Сөзінен бірақ жұрттың іші пысты.
Түйіп айтса қайтеді бабасындай,
Бұзатын бір-ақ сөзбен бекіністі.

Қош келді Тоқтар батыр ағам мұнда,
Өтеген сан ғасырлық өкінішті.

Ғарышқа да бір өзі
Барып келген Тоқтарым,
Көкке жолды ең алғаш
Салып берген Тоқтарым,

Көк түріктің көп жылғы
Қайтпай келген есесін
Алып берген Тоқтарым,
Қайратты да мейірлі,

Айбатты да зейінді,
Болған-ақ шығар әлемнің
Батырлары осындай.
Бұрынғы мен кейінгі,

Алақаны күректей,
Саусақтары білектей,
Абыроймен келеді,
Туған елін жүдетпей.

Атлас батыр секілді
Көк күмбезін құлатпай,
Ұстап тұрған тіректей!

Аманжол, шошынасың қырасың деп,
Ағаңмен қан майданға шығасың кеп.
Шыға сала неге сонша зәрең кетті,
Ініңді иегінен ұрасың деп?

Тарихтың қызық-қызық доңғалағы,
Ақынды ақын сыйлар жөн болады.
Алдында қалың елдің біз отырмыз,
Тудырған мені менен сен баланы.

Байекең оң қолымен бір-ақ тартса,
Аманжол, байғұсым-ау нең қалады?

Сендей-сендей томпиған
Балаларды бір кезде
Алақанға салғанмын,
Арқасынан қаққанмын,

Жайын тауып баққанмын.
Тайраңдап келіп алдыма,
Кеудесін керсе жуандар,
Иектен де қаққанмын,

Қарыннан да қаққанмын.
Неғыламын алдыңда
Ағайындар, бөсіп мен.
Менің атақ-даңқымды

Қырғыз-қазақ есіткен.
Талай-талай дөкейлер

Кететұғын алдымнан
Қалмайтынмын шошып мен.
Сендей, сендей жуанды
Бір-ақ тартқан кезімде

Жібергенмін тесіп мен.
Нанбасаң сұра, Аманжол,
Мына отырған Жүрсін мен
Анау Көпен, Несіптен!

Көкшеден көп-көп сәлем ала келдім,
Алдыңда әсем әнге сала келдім.
Аралап кең Балқашты емін-еркін,
Дос-бауыр мен өзіме таба бердім.

Балқаштың дархан жұрты жомарт екен,
Бәріңе мен жоғары баға бердім.
Сонан соң «Барыс» дейтін комплекске
Оған да, айналайын, бара келдім,

Жировтың өзі қолға түспеген соң,
Тарсылдатып мешогын соға бердім.

Жар болсын қазағыма бір құдайым,
Алдыңда ағыл-тегіл ағылайын.
Аманжол қытығыма тиіп кетсе
Мен неге құтырынып, қағынайын?

Айтыстың үзілмеген үміті едің,
Мен сені қинап қатты нағылайын.
Балалар бізден соңғы өсе берсін,
Әрдайым жырларыңды сағынайын.

Жиров та бөтен емес, ағайындар,
Оған да жар болсыншы бір құдайым.
О дағы Қазақстан бір баласы,
Тұқымы болғанымен Сарыбайдың,

Әлемде озып-жарып келе жатыр,
Аруағы қолдаған соң Ағыбайдың.

Аманжол:
Көліме алты Алашым ғашық еді,
Байекең жырдан шашу шашып еді.

Қасына ақын іні келген шақта,
Сексен көлдей толқып бір тасып еді.
Шашубайдың әндерін тыңдап өскен
Бұл өңірдің құлағы ашық еді.

Балқаштың келдің міне сарайына,
Інінің сөз айтып ең талайына.
Сары алтындай бағалы ағам едің.
Мен сені теңемеспін қалайыға.

Ортада Тоқтардайын батыр барда,
Батыраш жоламайды маңайыңа!

Басталған Көкшетаудан жол болыңыз,
Інілерге келгенде мол болыңыз.
Қырғыздың дастандарын айтушы едің,
Киелі Манастардай зор болыңыз.

Иектен Аманжолды ұрамын деп,
Сынып кетіп жүрмесін оң қолыңыз.

Осалдық мінезіңді елің көрмес,
Сүрініп, тайғаныңды жерің көрмес.
Көрікті Көкшетаудың өр баласын
Балқаштың асыл халқы тегін көрмес.

Қазақтың қарапайым сөзі бар ғой,
Елуде еңкейгенмен, ебің келмес.

Байеке, ағам едің қырықтағы,
Шортандай жылжисың ғой тұнықтағы.
Айбарлы отыздағы Аманжолдан
Ағаның жөн болады сыр ұққаны.

Ағыбай атам құсап айбарлансам,
Қасқырша қыңсыларсың құрықтағы.

Баянғали:
Ағайын, бұл інімнің жолы болсын,
Жырына әрдайым да көңіл толсын.

Ал қане, бәс тігейік осы жерде,
Бұл жерде жекпе-жекке Аманжолдың

Бір емес маған десе, оны келсін.
Аманжол, мен өзіңді ұнатамын,
Аруақты баласы едің бір атаның.
Мықтымын деп мақтанба, айналайын,

Ұрғанда бұқаны да құлатамын.

Жүрегі ақындардың күпті болса,
Жазылады жан жарасы жұрты болса.
Ал енді ішінде миың болмай тас маңдайың
Көрермін бұқадан да мықты болса.

Аманжол бұл айтысты жолға салды,
Емес қой ағайындар егес алды.
Сен маған Ағыбайлап ұрандама,
Артымда тұрған кезде Кенесары!

Аманжол керегі не дау, егестің,
Байқаймын сен де бүгін сау емессің.
Ағыбайлап қарсы маған шабатындай,
Мен саған сырттан келген жау емеспін.

Жырымды туған елге арнап жүрмін,
Ел мұңын әрқашанда толғап жүрмін.
Мұхтар атам, Шоқан мен Әлкейдейін,
Арасын қырғыз-қазақ жалғап жүрмін.

Қырғыз-қазақ жырын мен жырлаған соң,
Тоқтарға да жырымды арнап жүрмін.

Тоқтардың қасиетті затын көргем,
Оны мен елден ерек батыр көргем.
Тоқтардың айтысында анау жылы,
Ақбозат өз қолынан атын берген.

Мен оны үлкен-үлкен тәртіп көрем,
Содан бері, ағайын, шалқып келем,

Тоқтар ағам мінгізген ақбоз атты
Мен сенің он машинаңнан артық көрем!

(Осы кезде залдан бір бала анасымен бірге келіп,
Баянғалиға гүл береді).

Құрметтеп Баянғали ағасына,
Сәлем айтты елімнің анасы да.
Байекеңді Балқаштың қолдап жатыр,
Еңбектеген кішкентай баласы да.

Байекең шалқып-тасып қызып кетсе,
Түсірер Аманжолды сабасына.
Бірақ та онша қатты тиіспейін,
Сүйкімді жігіт еді-ау ағасына.

Қиратып мен тастасам несі қалады,
Керек қой бұл Алаштың баласына.

Аманжол жымияды, томпияды,
Ауызы маған неге қомпияды?
Елуде еңкейсең де ебің келмейді,
Деп маған назданып бір бұлтияды.

Елуде кәрі болып қалды деме,
Ағаңыз оң қолымен бір-ақ ұрса,
Отыздағы сендейдің он шақтысы тоңқияды.

Аманжол:
Қараша ақынынан жыр тыңдасын,
Ұсындың Аманжолға жырдың басын.
Саңылақ Сарыарқаның төскейінде,

Қараша бізден текті сыр тыңдасын.
Менен гөрі, Байеке, үлкендеусің,
Көрдің ғой қырық деген қырдың басын.
Сөзімді ести алмай Байекеңдер

Жүрсіннен сұрап алып тың-тыңдасын.
Отыздағы інісін көрген кезде,
Шаба алмай кәртаң тарлан сылпылдасын.

Киелі мен өзімнің жерімдемін,
Аяулы қазақ деген елімдемін.
Отыздағы ордалы азаматтың
Байеке, көріп пе едің шегінгенін.

Айбарлы Ағыбаймен шайқасам деп,
Білерсің Баят шалдың жеңілгенін!
Көңілі жақсы ағаның кең болады,
Хас талант бір-бірімен тең болады.

Алатаудай тұлғалы болсаң дағы,
Жігітті көтеретін ел болады.
Тұғырсыз қыран ұшпас аспанында,
Ер жігіттің тұғыры жер болады.

Байеке, қырқыңда қоқаңдамай,
Ініні сыйлай білген жөн болады!

Ежелден қазақ деген іргелі елміз,
Ақжолтайлап шайқасқа кірген ерміз.
Тіземізді батырмай көршілерге,
Көшпелі бейбіт өмір сүрген елміз.

Толғатып толағайдай батыр туып,
Бағасына жете алмай жүрген елміз!

Кіндігін жаңа күннің жасын кесіп,
Басыңнан өтті талай ғасыр көшіп.
Елім деген ерлерді ержеткізген,
Аналарым тербеткен асыл бесік.

Ереулі атқа ер салған Махамбеттің
Алмап па еді өз қазағың басын кесіп?!

Құпия өткен күннің көп дерегі,
Бірліктің құламасын көк терегі.
Бурадай буырқанған батырлары
Өркешіне оқ тиіп шөккен еді.

Даламның қас батыры Иманжүсіп,
Заманының тарлығын шеккен еді.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мәди де қудаланып өткен еді.

Көтеріп кетсе дағы айбатыңды,
Батырлар қыршынынан жайратылды.
Еркек тоқты құрбандық болып кеткен,
Желтоқсан тоңдырмап па еді Қайратыңды.

Күндестік деген бізді дерт торлады,
Кей-кейде қиянатта шек болмады.
Жанымызға батады Әбдісалан,
Қарақшының қолынан мерт болғаны.

Досыма сілтемедім шоқпарымды,
Батырлар таңдандырған көк тәңірді.
Біз бүгін бағаламай жүргендейміз,
Хас батыр ортаңдағы Тоқтарымды.

Сұңқарың қайда, халқым, аспандағы?
Құлжаң қайда қасқайған асқардағы?
Еліміз тәуелсіздік алған шақта,
Батырдың аумасыншы бастан бағы.

Бүгінгі әуе күшін еліміздің
Жөн болады Тоқтардың басқарғаны.

Баянғали:
Ағайын, дәйім жақсы күйің болсын,
Той болып, дәл осындай жиын болсын.
Әумин деп барлығымыз бет сипайық,

Сөзіне Аманжолдың түйін болсын!

Жарысып көрдік біз де мұныменен,
Айтыла жатар әлі бұрынғы өлең.
Ағалары сыйлайды інілерді,
Ағаны да сыйласын іні деген!

Сақтасын біз жұлқысып алысқаннан,
Жазбасын жақсылықпен табысқаннан.
Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар
Жарбаңдап бір-бірімен алыспаған.

Аталар қасиетті қайда кетті,
Күн сайын бізден әрі алыстаған?
Қағынып бара жатыр бүгін заман,
Адам жоқ бұл қазаққа ұрынбаған.

Әбдісалан ағамыз өткен кезде,
Несіп қана жоқтау айтып шырылдаған.
Қазағым, етек-жеңің жинай білші,
Кім тоқтатар иттерді ырылдаған?

Келген соң бұл Балқашқа өлең айтып,
Мен дағы жақсылыққа ырымдағам.
Маған да қолдарыңды соғып қойшы,
Аманжол сияқты, бөтен емес, мен де балаң.

Қайта айналып келгенше ортаңызға,
Болып тұр, қайран елім, есен-аман!

Баянғали мен Оразалы Досбосынов
(Алматы қ.)

Баянғали:
Балқашым, ақындарға жайдың құшақ,
Алдыңда ақындарың құстай ұшад.
Үш мәрте шақырғанда келмей қалдық,

Ол үшін ұрсып бізге салма пышақ.
Қара басып азырақ ұйықтап қаппын,
Баяғы Жекебатыр атам құсап!

Ел бізді қолдайды деп сеніп тұрмыз,
Алдыңда біздер аттай желіп тұрмыз.
Баланы Оразалы қырғи ақын,
Бұны да жаңа ғана көріп тұрмыз.

Мен құсап бұ да ұйықтап қалған екен,
Алдыңа екі маубас келіп тұрмыз!

Кешірер бізді ата-аналарым,
Алдыңда екі ерке балаларың.
Өмір бойы соғыста қалғымаған,
Не деген дархан еді бабаларым!

Айналайын ағайын,
Оразалы келді алдыңа,
Қаршадай ғана ұл еді,
Жүрген мынау халыққа

Дариядай жыр құйып.

Қолтоқпақтай бұл бала,
Тұр ғой мойны қылтиып.
Көзі де тапты кіртиіп,
Қонақасы бергенде,

Құйрық пенен қазыдан
Екі асатып қойып ем,
Соған қапты тыңқиып.
Қайбір қарны бар дейсің,

Бүйірі де шығыпты,
Сол арада бұлтиып.
Көтере алмай тойғанын,
Ағасын келіп оятпай,

Бұған сеніп мен жатсам,
Бұ да қапты тырқиып!

Айналайын ағайын,
Кең Балқашта көп сұлу,
Оттай лаулап жалындар.
Сіздерге арнап айтатын

Таңға жетер әнім бар.
Оразалы секілді
Балалармен шайқасар,
Шал да болса халім бар.

Алыстан келген мейман деп,
Оразалы ақынды
Тік көтеріп алыңдар.

Ұйқысын ашсын дұрыстап,
Алып барып баланы,
Кең Балқаштың суына,
Қыздар, мұны малыңдар!

Оразалы:
Атыңнан айналайын, Арқадағы ел,
Ау, аға, атағыңды айта ала ма ел?
Сөзіме ет жегендей болмасаң да,

Дәл бүгін сорпа ішкендей тамсана бер.
Біраз елдің көңілін көтерейік,
Сыздағанын ұмытсын қаншама бел.
Ұйқыдан ағам кепті жыл құсындай,

Қазақтың ұйқыдағы тұрмысындай.
Жанарың барған сайын суып барад,
Кезелген қосауыздың ұңғысындай!

Ініңе айттың және бергеніңді,
Халыққа айттың және көргеніңді.
Түскі асты асатқан соң жеген едім,
Жаратпас бос сөзді елім езгенімді.

Соншама оны неге айта бердің,
Осыншама болар ма пенде мұңлы.
Әйтпесе мен де бала емеспін ғой,
Жеп туған іштен кеше жөргегімді!

Баянғали:
Сахнаға шықтық міне екі батыр,
Сөзі де мұның қиыс кетіп жатыр.
Қосауыз саған кезеп неғыламын,

Мына саған жалғыз ауыз да жетіп жатыр!

Орекең дау да маған сала кепті,
Айтысты жыры мұның ғажап етті.
Өлеңқұмар, жырқұмар, әнге құмар,
Құдайым бәрімізді қазақ етті.

Ағыбайдай бабаның бұл тойына
Қалықтап батыр Тоқтар аға кепті.
Ақындардың барлығы жырға қосып,
Байқаймын Тоқаңнан да маза кетті.

Айналайын Тоқтар аға, келер жолы,
Ғарышқа ұшқаныңда мына отырған
Оразды оң қалтаңа сала кетші!

Оразалы:
Демегін інім басын имейді ғой,
Байқасам, ағам біраз білмейді ғой.
Жалғыз ауызбен мені атам дейсіз,

Демеймін оны да құлаққа ілмейді ғой.
Бытырамен атпасаң бұл ініңді,
Анау-мынау оғыңыз тимейді ғой!
Және айтам інің бүгін адаспайды,

Аға неге ініге қараспайды?
Ал енді сіз секілді ағаларға
Бытыраны бытыратқан жараспайды!

Арқа деген ел екен әнін құрған,
Бүгінгі ас пен тойды бағындырған.
Қыз берсең Қаракесек атасына,
Қолыңды ыстық суға малындырған.

Қызы кетсе бозбала қуып барып,
Көкшенің кемпір-шалын жалындырған.
Шешені мың кісіні жаңылдырған,
Сұлуы жүректерді сағындырған.

Арда емген асау тайдай осы жұртқа,
Дәл бүгін не десең де, жаным құрбан!

Қарасам, шумағың бар зымыраған,
Әр сөзіңді әдеппен ұғына алам.
Алдына алқа топтың шыққаннан соң,
Ыстық қой күні маған, түні маған.

Көкшені Абылай хан мекендепті,
Оны да ұлы өлке деп ұғына алам.

Әйтеуір қайда жүрсең, аман болғын,
Бұта шайнар бурадай жұмыр ағам!

Баянғали:
Көзіңнен айналайын жаутаңдаған,
Ағамыз іні бетін қайтармаған.
Бурадай боп балпаңдап ағаң жүрсе,

Ботам болып ере бер томпаңдаған!

Көкшетау – Абылайдың хан ордасы,
Мекендеген ол жерді ән жорғасы.
Иесі Көкшетаудың – Кенесары,
Ағыбай атамыздың жан жолдасы.

Арқадан Кенесары ханың ауған,
Азаттық арманымыз құлап қалған.
Қарағайлар бүркеніп қара бұлтты,
Қайыңдар жел жұлқыған жылап қалған.

Арналы өзендерге қосыла алмай,
Бітеліп талай мөлдір бұлақ қалған.
Әйтеуір ауылдардың қуысында,
Әлсіреп, сөнбей-сөнбей шырақ қалған.

Не деген дархан еді біздің қазақ,
Қорлыққа осыншама шыдап қалған!

Кенекең қызыл қанды кешіп көрген,
Атағын халық бар ма есітпеген?
Аруағы болса дағы амал қалмай,
Айрылған алты Алашым есік, төрден.

Әйтеуір ұрпағымыз аман қалды,
Үзілмей ана әлдиі бесіктерден.
Арманы Кенекеңнің орындалып,
Астана Нұрекеңнің заманында

Алатаудан Арқаға көшіп келген!

Айналайын Ореке,
Ағын судай тасасың,

Талай белден асасың.
Бытырамен аттың деп,
Қояндай болып бұғынып,
Тасаға неге қашасың?

Ағаң сені атпайды,
Ағаң сені сатпайды,
Сондықтан да Сарыарқа
Ел-жұртына келгенде

Несіне, жаным, сасасың?
Асқар таудай ағаңның,
Алдына келіп мінеки,
Аяғын неге басасың?

Сыпайылап айтатын
Оразалы секілді
Ақын балдар жасасын!

Оразалы:
Ау, ағасы, ағасы,
Елдің жайын сұрасаң,
Әруағына ас беріп,

Жақсы мен жайсаң бас болып,
Той қылып жатқан елім бар.
Ұлын мынау өсіріп,
Ұл қылып жатқан елім бар.

Арқада жатқан ағайын,
Балқаштай мөлдір көлің бар.
Алқа топтың алдында
Сөйлейтін сіздің жөнің бар.

Ал, біздің жайды сұрасаң,
Біреуден біреу артылмақ.
Қолынан келсе қарғалар,
Қаз болам деп жүр қарқылдап.

«Тойота» мінген мырзаң бар,
Үзеңгісі жарқылдап,
Сұлуды құшқан солар ғой.
Қойнынан жұпар аңқылдап,

Шал-кемпір жүр аулыңда.

Бір ысып, бірде салқындап,
Сылдырлатып қоңырау
Сыртынан өсек қарқылдап,
Нәпақасыз келгенде,

Кемпірі ұрысқан шаңқылдап.
Өзінен кінә болған соң,
Жалынар байғұс жалпылдап!
Біздің де жайды сұрасаң,

Заманға қойған талап бар.
Жаулап алған оқ атпай,
«Наполеон» мен арақтар.
Шығыстан кеп жүр жылтырап,

Китайский қораптар.
Сарапшы заман бір күні
Түгелдей бәрін сараптар!

Қайтеміз жоқты айтып арман қылып,
Қол соғып ел отырса алдан тұрып.
Көкелерге көп міндет артқанменен,
Жүрген шығар өздерін ойландырып.

Өнердің өз отауы, жайлауы бар,
Баппенен бағу керек жайлап жүріп.
Саясат та сумүйіз қотыр ешкі,
Отарды былғап кетер жайлап жүріп.

Сондықтан бұл екеуін араластырмай,
Бөлекше бағу керек малдан қуып.
Бірлікті білімді ел өз Отанын
Ұжымаққа алады айналдырып,

Содан соң берекелі ел болармыз,
Біртіндеп балдан тамып, байдан жұғып!

Баянғали:
Аталар қайда кешегі
Асқар таудай тұлғалы?
Өзен деп жүрміз өсіріп,

Жылап аққан жылғаны.

Кигендері – былғары,
Сүйгендері – сырғалы.
Кеудесін қаққан көп бастық
Халықты қарық қылмады!

Бүгінгінің ұлығы,
Болғанмен ұзын құрығы.
Тыя алмай отыр, білесіз,
Тайраңдаған ұрыны.

Қоршауында қорқаудың
Шырылдайды кісінеп,
Ауылдың аңқау құлыны.
Қай жаққа кетіп барасың,

Кіреуке киген сырттанның
Күртке киген сынығы?!

Аталарым бір кезде Берлинді алған,
Ерліктің үлгі жолы содан қалған.
Сол аталар көркейткен ауылдарым,
Сол Берлиннен аумайды бомбыланған.

Жылпостар құртты ауылды жанармайдың
Тамшысына астық ап тонналаған.
Әйтеуір Елбасының келер жылы –
«Ауыл» жылы дегені медеу болған.

Сол ауылды тұрғызған осы отырған
Айналдым қазағымның кемпір-шалдан!!!

Кенесары ханның 200 жылдығына арналған республикалық айтыс
(Көкшетау, қыркүйек, 2002 ж.)

Баянғали мен Дәулеткерей Кәпұлы
(Астана қ.)

Баянғали:
Тойға келген құрметті,
Елге сәлем береміз.
Жер шоқтығы Көкшетау,

Жерден сәлем береміз.
Ынтымақты көп ұлтты,
Елден сәлем береміз!

Хан ордасы Көкшетау,
Ән ордасы Көкшетау,
Қай қиырдан шетелден,
Келген мейман бәрісі.

Айтатұғын жер ғой деп,
Мақтап барған Көкшетау.
Кемел ойлы хан Кене,
Найзағайдай Наурызбай,

Табыннан шыққан Бұқарбай,
Шапырашты Бұғыбай,
Иман, Жәуке, Төлебай –
Батырлардың барлығын

Бір заманда аңырап,
Жоқтап қалған Көкшетау.
Қамшы батып сауырға,
Кеудесін тосып дауылға,

Жүрегінен қан саулап,
Түренмен төсін тілсе де,
Түп-тамырын қиғызбай,
Дін мен тілін қазақтың

Сақтап қалған Көкшетау.
Қасиетті, киелі,
Ел боп келген Көкшетау.
Кене атамның тойында,

Жақсыларын көрсетіп,
Өрнектеген Көкшетау.
Кенекемнің тойында
Елдің басы Нұрсұлтан,

Тон жағасы Нұрсұлтан,
Қасиетті кісі кеп,
Құрмет көрген Көкшетау!

Кенекең жастайынан тереңдеген,
Елінің ертеңіне елеңдеген.
Бас ұрмай бодандыққа бұзып шыққан,
Далада еркін өскен өрендермен.

«Алған беттен қайтпаймын, халқым үшін
Керемет ерлік жасап өлем» деген.
Батырлық жолдан таймай мерт болғанда,
Алаштың шерлі жүзі төмендеген.

Алашқа азаттықты Алла беріп,
Жырлаймыз біз мақтанып өлеңменен.
Арманы орындалып Кенекеңнің,
Мемлекет болдық міне, кемелденген.

Айналайын ағайын,
Төгілсін бүгін жырымыз.
Жарық та болсын күніміз,
Қасымызда бір жүйрік.

Дәулеткерей ініміз,
Көптен бері білеміз
Бірімізді біріміз.
Елге арналсын, шырағым,

Бүгінгі біздің жырымыз.

Айналайын інім-ау,
Жүйрік аттай шаптың ба?
Ой арнасын бақтың ба?
Отызға келіп бұзатын

Ордаң менен күні ертең
Алатұғын шырағым
Қамалыңды таптың ба?
Жә, болмаса бір өзің,

Қой қораны бұзғанға
Мәз-мәйрам боп жатсың ба?
Айналайын шырағым,
Жастарға еріп бүгінгі

Апиын, наша таттың ба?
Базарларда қағынып,
Жұрт қалтасын қақтың ба?
Жә, болмаса, шырағым,

Ел-жұртыңның бір нұрын
Аспанға сен жақтың ба?

Дәулеткерей:
Бісміллә, оңғарылса тілім хақтан,
Жұртыма жыр ұсынам тың ырғақтан.
Ассалаумағалейкум, арда қазақ,

Бабасының бақытын ырымдатқан.
Көк тәңірге сүйкімді Көкше халқы
Бақытын құдай қорып, қыдыр баққан.
Ұраның ер Абылай емес пе еді,

Құлағың қуаныштан шыңылдатқан.
Жарымай жүргеніңде ынтымаққа,
Абылай тікпеп пе еді туыңды ақтан.
Қапыдағы қазасы хан Кененің

Алаштың ақ жүрегін шымырлатқан.
Нар туған намысты ерің Наурызбайға,
Көкшедей көк сеңгірің тұғыр, мақтан.
Хазіреті Науанның дұғасында

Бостандыққа ұмтылған үнің жатқан.

Нұрсұлтандай еріңнің арқасында,
Тәуелсіз тәубелі атқан бүгінгі ақ таң.
Талқыға салатынды мен салайын,
Қаршыға қанатындай суыл қаққан.

Армысың Абылайдың жайлауында,
Күн дидарлы көрермен, күлім қаққан.

Басыңда бақ тұрғанда бірігесің,
Алтын мен мыстай болып кірігесің.
Қапыда ынтымағыңды ыдыратсаң,
Қанжілік болған аттай жігінесің.

Жолдасы Қыдыр болып қадам бассын,
Елбасы жетелеген ұлы көшің.
Бейбіт күннің бағалап берекесін,
Ақыныңнан алапат жыр үдесін.

Танауыңды көтерсең бірақ та, елім,
Көрмей қап, тасқа келіп сүрінерсің.
Енді еліме керегі бірлік қана,
Алашыма Алланың нұры келсін.

Хан Кененің қайғысы ортақ болса,
Қазақ енді ішінен ірімесін.

Далиып жатқан мынау далама кең,
Иелік еткен қазақ бала ма екен?
Кешегі хан Абылай заманында,
Қабанбай қараша елдің қамалы екен.

Бөгенбайлар бөріше жортып өтіп,
Жауына жолбарысша шабады екен.
Хан Кененің тұсында Ағыбайлар
Тарландай тастан таймас тағалы екен.

Намысы найзағайдай Наурызбайың,
Атасының асылдай бағалы екен.
Сол батырлар жауына аттанғанда,
Әжелер бойтұмарын тағады екен.

Ақсақалдар әлхамдап бата тілеп,
Иығына сауытын жабады екен.
Қолтығынан көтеріп арғымаққа,
Арулар аттандырып салады екен.

Аруақты ердің тойында айтыс болса,
Ақындарға көңілің алабөтен.
Өйткені мұның бәрін заңдылықпен,
Саралаған қазағым саналы екен.

Жауды жеңіп келгенде хас батырды,
Ақын аттан түсіріп алады екен!

Байқасаң, айтыс деген баскиімдей,
Басыңда тұратұғын бақ түйіндей.
Балпаң-балпаң баса бер, Баян аға,
Жаратқан жанарыңда жасты үйірмей.

Ініңе ірілікпен сөз арнасаң,
Ол дағы адал жүрек ақ сыйың ғой.
Мен дағы қолдауымды көрсетемін,
Намысты Наурызбайдың жас күніндей.

Шұрайлы сөз айта алсаң, ел риза,
Құдайдың құранының тәпсіріндей.
Алашты тағы да бір сүйсіндірдің,
Арқадағы ақындардың дәстүріндей.

Өйткені Көкшетаудың қыраны едің,
Қоймайтын қоян түгілі, қасқыр ілмей.

Бұйырса, бәйгеңде озып, жүлдеңді алдым,
Бекітем ынтымақпен іргемді әр күн.
Базаршылап жүрсің бе деп айтасың,
Өмірімді өз бетімше сүрген жанмын.

Апиын, нашаңызда шатағым жоқ,
Ағызам майын мен де тілден балдың.
Домбырамды қолыма ап ел алдында,
Өлеңнен бақыт тауып жүрген жанмын!

Баянғали:
Ініміздің өлеңі
Бірте-бірте жөнделді.
Тілеулес ағаң мен едім,

Емін-еркін өркендеп,
Өссін деген сендерді.

Жасың кіші болсаң да,
Асқар таудай ағаңыз,
Сені өзіне тең көрді.
Жүйрік ақын екенін

Мына отырған ел көрді.
Қоян түгілі, қасқырды
Құтқармайтын ағаңыз
Сендей жақсы бауырға

Салмайды ғой шеңгелді!

Көп тарих ел басынан өткен еді,
Жақсылар өткен істі ескереді.
Ақжолтай Ағыбайын ұмытқан соң,
Қазақтың жолы болмай кеткен еді.

Аруақты бабаларын еске алған соң,
Елімнің орындалды көксегені!

Айналайын қарағым,
Мен де біраз шабайын.
Кенесары, Наурызбай,
Ақжолтайым Ағыбай,

Есіме мен де алайын.
Бодан қылған еліңді,
Басып алған жеріңді,
Ақ патшамен алысып,

Дауылпазын қақтырып,
Дабылдың отын жақтырып,
Алты құлаш ақ найза
Алты қырдан асыра

Ақыра сілтеп лақтырып,
Алашқа болған дұшпанның
Ажалды сәтін таптырып.
Қолдан құйған зеңбірек

Зіркілдете аттырып.
Алауыз болған ағайын,
Барлығын да жат қылып.
Азаттық үшін алысқан

Аламанды шат қылып.

Дауыл мен желді серік қып,
Көшпенді жұртқа тақ құрып.
Тағына халқы тақ тұрып,
Дүрілдеп өткен Кенекең

Алаштың азат дәуренін
Отар боп қалған Отанға
Мәңгі армандай шақ қылып.

Аңсаған бабаларың елдігіңді,
Кейбіреу көре алмайды бірлігіңді.
Ініміз әлгінде айтып кеткендейін,
Бірлікпен жасай берші тірлігіңді.

Азғырғанның тіліне еріп кетсең,
Қазағым, кінәлайсың енді кімді?

Азаттық ата жолы жалғаса ма?
Біреулер балағыңа жармаса ма?
Қан кешіп аталарың армандаған
Елімнің осы күнгі азаттығын

Кім кәне, айырбастайды қолбасаға?

Мұңшылдық апиынын ішкендейміз,
Зарлаудың жарысына түскендейміз.
Кінәлап сынаймыз кеп бәрін даттап,
Бірақ та өзіміз түк істемейміз.

Әлемге танытуға қазақ атын,
Көтеріп еліміздің ғажап атын.
Қазақтың еркіндігін нығайтуға
Сен өзің не бітірдің, азаматым?

Елің жүдеп жатқанда тоқ жүрсің бе?
Тойғаныңа мәз-мейрам боп жүрсің бе?
Қолда барын купон мен қулар құртқан,
Жұмыссызға көз қырын сап жүрсің бе?

Болмаса ұрылармен әмпей болған
Ұлықтардай жұртыңды жеп жүрсің бе?
Халқына пайдасы жоқ шенеуніктей
Қауқиып азаматпын деп жүрсің бе?

Дәулеткерей:
Байқасам, Баянғали жүлделі екен,
Ақ бозын Ағыбайдың мінген екен.
Әрине, барыңды сап айтып жатсаң,

Айтысы хан Кененің күнде ме екен?
Жиырма бесте жалындап сөз айтайын,
Тіркестер келмесінші тілге бөтен.
Ағамыз елдің жайын айтып жатыр,

Есіне бірдемелер кірген екен.
Сен мені Наурызбай деп тани алсаң,
Ақылың дариядай іргелі екен.
Кешегі хан Кенелер елің үшін

Білегіне қалқанын ілген екен.
Тар кезеңде табаны тайқып кетіп,
Алауыздық танытқан кімдер екен?
Хан Кенедей көтеріп мәртебеңді,

Жүректегі шоғыңды үрлеп өтем.
Атамыздан дарыған ақ батадай,
Сені жауға тастамай бірге кетем!

Тілеуі Алашыңның ақ болып тұр,
Көкшетау басыңызға бақ қонып тұр.
Хан Кененің тойында ақ жүрекпен,
Патшаңыз қадам басып тап келіп тұр.

Қымсынбай, Баян аға, қамшы басып,
Ініңді іргеңдегі ақ көбік қыл.
Өлі разы болмай тірі байымайды,
Бабалар жүзімізден шат көріп тұр.

Ханның басын сыйласаң, қалың елім,
Сіздерді құдай сыйлар сәт келіп тұр!

Айтыстың ақ қамбасын ақтарғасын,
Ағасы, тіл сүрініп, жақ талмасын.
Еліңе елеулі сөз айтып жатсаң,
Бақытың басыңдағы батпандасын.

Мен ұстазбын анықтап аяқ басқан,
Шәкіртке тәлім беріп жатқан басым.

Өйткені ұстаздығым ата кәсіп,
Әріден үрдіс болып сақталғасын.
Бәйгеден, Баян аға, көрініңіз,
Бағың мен бабың бірдей бапталғасын.

Көкшеде көкжал ақын өзің едің,
Айтыста алмас тілің сақталғасын.
Әміріңе мен сенің бағынбаспын,
Қадіріме жетпесең қапталдасым.

Баянғали:
Сөз айтамыз халыққа,
Екеуіміз де жылдам боп.
Бұл ағаңыз білесіз,

Сен сияқты ініні
Беттен сірә, ұрған жоқ.
Ақыл айт деп өзіңіз,
Келіп тұрған алдыма.

Қадірің білмей бұл ағаң,
Әй, шырағым, біліп қой,
Әмір беріп тұрған жоқ.

Бәкеңнің еліне айтар жыры бар-ды,
Ашылар талай-талай сыры бар-ды.
Ақбозын Ағыбайдың мініп едім,
Құттықтар дәл осындай іні бар-ды.

Ағайын ақ боз атты мінгеніме,
Қуанып айтып жатыр, тілі балды.
Бір қызды мінгізем деп кеше мен де,
Пәлені сау басыма қылып алдым.

Жеңешең оқтауменен қуалап бір,
Ақыры бәрінен де құры қалдым.
Аяғында қыз да жоқ, келіншек жоқ,
Екі шал, екі кемпір мініп алды!

Жырымды ел-жұртыма шашып жүрем,
Әрдайым ақ жүрекпен ашық жүрем.

Ағыбайдың ақ бозын аямаймын,
Шал-кемпірдің барлығын тасып жүрем.

Айналайын ағайын,
Айтыс дейтін тамаша.
Болмасын де бұл жерде,
Батырлардың егесі.

Болсын дейік бұл айтыс,
Жақсылардың кеңесі.
Айналайын шырағым,
Түр-тұрпатын қарасам,

Кешегі өткен Наурызбай.
Дәулеткерей – елесі.

Наурызбай – жер-жаhанның жолбарысы,
Бөлек екен ел үшін толғанысы.
Оң қолында төрт кісі күші бопты,
Найзаны бөлек екен қолданысы.

Ақырған алты Алаштың арыстаны,
Кененің қысылғанда қолғабысы.

Жарқылдап жиырма бес-ақ жасында өлген,
Есенгелді, Саржан мен Қасым да өлген.
Құтыларға болса да мүмкіндігі,
Ел үшін Кенесары басын берген.

Қай бастық басын беред халық үшін,
Осы күні көп сөйлеп, қасын керген?

Дұшпанмен халық үшін алысқанда,
Бөтен ой болмаған ғой арыстанда.
Әділет, ақиқатқа жүгінер деп,
Хат жазды Кенесары орыстарға:

Жаhанға жетсе дағы күшің, – депті,
Уа, патша, бізді де бір түсін, – депті,
Жер-суды атамыздан қалған бізге,
Тартып ап, жасап тұрсың қысым, – депті.

Халқымды бөтен жұрттың езгісінен
Құтқару менің ұлы ісім, – депті!

Түйінді семсерменен кесейін бе?
Ақиқат, ақылменен шешейін бе?
Қор болып бодандықта өтейін бе?
Алысып азаттыққа жетейін бе?

Өздерің қайтер едің басқа бір жұрт,
Басып ап билік құрса Ресейіңде?!
Кененің кемеңгерлік бұл сұрағы,
Әлі тұр аз ұлттардың көкейінде!

Ағылшын, қытай, орыс, араб болсын,
Мейлі ғой қай құрылық тарап болсын.
Кененің кемеңгерлік осы сөзі
Астамсыған жұрттарға сабақ болсын!

Алпауыттар әрдайым тұрады өрлеп,
Аз халықтың тағдырын қылады ермек.
Мемлекет, теңдігі жоқ елдер барда,
Кенекеңдей күрескерлер шыға бермек.

Халықтың теңдігі үшін, елдігі үшін
Аждаhадай ашылған аранына
Көк найзасын әрдайым тыға бермек!

Айналайын ағайын,
Ақындарың тынбасын,
Кеңінен бүгін толғасын,
Дәулеткерей ініммен

Екеумізді, ағайын,
Көкте құдай жар болып,
Жерде халқым қолдасын.
Айналайын шырағым,

Ұстазбын деп отырсың,
Шәкірттерің жақсы боп,
Кенесары, Наурызбай
Батырлардың кешегі

Жолын алға жалғасын.
Саған дағы тілегім –
Наурызбайдай бола бер,
Наурызбайдай тек қана

Жасың қысқа болмасын!

Дәулеткерей:
Мен сізді құрметтеймін ардағымша,
Талантты таразылап талғауымша.
Бал-бұл жанып барады екі бетің,

Сақталған сабандағы сар қауынша.
Келіншектен таяқты жедім дейсің,
Ол дағы құдірет қой Алла қылса.
Көкеннен соң Көкшеде кәрі ақынсың,

Жиналған құрметіңе ел залға мұнша.
Кеу-кеулеп өзіңе-өзің айқайлайсың,
Бұрынғының серісі, салдарынша.
Аман-есен айқайлап айтыса бер,

Қақиып қатқан қара болғаныңша.

Төбеңде төңкерілген бөркің аспан,
Көкшетау, келбетің мен көркің асқан.
Наурызбайға сен мені теңеп жатсаң,
Хан Кене ағасына серті ұнасқан.

Көкшетау қасиетті мекен екен,
Басынан замананың дерті қашқан.
Сол батырлар аруағы емес пе еді,
Қолынан жауларының еркі қашқан.

Тектіден қалған тұяқ сіздерсіздер,
Қасиетті қазандай кемпір асқан.
Осы батыр бабалар баяғыда
Азаттықтың түндігін желпіп ашқан.

Еріне айтпайды ма ел мінәжат
Қайтейін қайтармалап елді қажап.
Манасшылап кеткенде Баян ағам,
Ешкімге бола қоймас енді мазақ.

Қабырғасын ел үшін қайыстырған,
Ерлерің көрді емес пе қорлық, азап.
Баба көрген қорлықты бала көрмей,
Керемет бостандық күн келді ғажап.

Осыншама опасыз тағдыр кешкен
Сорлы қазақ сол болсын соңғы қазақ.

Басымнан сыпырылса ақ томаға,
Шабытқа Баян ағам шақ бола ма?
Аталардың арманына біздер жеттік,
Құдайым, бұдан асқан бақ бола ма?

Баянғали:
Бұл інім барлық елден ерек шығар,
Ойы да алабөтен, зерек шығар.
Ағасын қауын дейді мына бауыр,

Бауыр десең, бірақ та бөлек шығар.
Сені мен ешнәрсеге теңемейін,
Болашақ өсер бұл да терек шығар.
Кәрі ақынсың дейсің-ау маған өзің,

Сен секілді басбұзар жастарға да
Ақыл айтар тентек шал керек шығар!…

Бұл айтыс ойласаңыз, шын болады,
Ақында басылмайтын жын болады.
Елудегі Байекең кәрі болса,
Алпыстағы Сейіт ағам кім болады?!…

…Ағаңмен інім таласпа,
Түбі бірге түріктің
Ұлы жыры болғасын,
Шоқан барған Манасқа,

Мұқаң барған Манасқа,
Әлкей барған Манасқа,
Жолын жалғап солардың
Мен де барғам Манасқа.

Ынтымақпен жасай бер
Қазақ-қырғыз жарас та!

Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығына арналған аймақтық айтыс.
(Солтүстік Қазақстан обл., Мағжан Жұмабаев ауд.,
Булаев селосы, 2003 ж. 27-28 маусым)

Баянғали мен Айбек Қалиев
(Астана қ.)

Баянғали:
«Жиналған өңшең бөрі Бурабайға,
Алаштын қағбасындай ізгі жайға.
Батырлар бұғаудағы арыстандай,

Абылай тұңғиық бір терең ойда.
Бәрі де ел қорғаны батыр, билер,
Аттанбай тек жатудан таппай пайда.
Жүрелік, жау басынар деген сөзбен

Салады Қанай биді Абылайға.
Би Қанай! Бұл қалай? – деп бастағанда,
Абылай сұрайды одан, – Баян қайда?

Қанайым, ойың удай, тілін шаян,
Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.
Көп жаудың албастысы, ел еркесі,
Баянның батырлығы Алашқа аян.

Баянның аруақты құр атынан
Көп қалмақ болмаушы ма еді қорқақ қоян.
Наркескен, өрттей ескен қайтпас болат,
Баянсыз қанатымды қалай жаям?

Би Қанай, аттанбайды хан Абылай,
Келмесе қандыбалақ батыр Баян!»

Ер Баян жалын болып жанған алмас,
Баянсыз Абылайдың жолы болмас.
Баянсыз Абылайда жол болмаса,
Баянсыз бұл айтыстың сәні болмас!

Бұл дастан қалған Мағжан жарықтықтан.
Небәрі отыз жаста жазып шыққан.
Жарықтық бір-ақ түнде бітіріпті,
Жүрегін елдің мұңы жарып шыққан.

Жеті қат жер астына тықса дағы,
Мағжандар жарық күндей жанып шыққан.
Біз жерді қалай ғана сатпақшымыз,
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан.

Баяндай дастандары болғаннан соң,
Халқымыз айрылмаған халықтықтан.
Ассалаумағалейкүм, бауырларым,
Мағжанның ұлы туын алып шыққан!

Айналайын ағайын,
Аллаға сиынып алдыңда,
Тағы да бір ағайын.
Мағжан атам тойында,

Он жыл бұрын осында,
Өлең айтып келгенмін,
Сый-құрметін көргенмін.
Мағжан тойында бас бәйге –

Қаракерді мінгенмін.
Осы жолы алдыңа
Бәйге алуға келгем жоқ.
Сол тойда айтқан бір сөзді

Жалғағалы келгенмін.
Өлеңімді сіздерге,
Арнағалы келгенмін.
Ұқпаймыз деп Булайды

Бауырларым шулайды,
Менің де қаным тулайды,
Дегенді айтқан кезім бар.

Шүкіршілік мінеки,
Мағжан атын алдыңыз.
Ауданыңыз шүкірлік,
Көкке өрлеп зырлайды.

Екі ауыз сөз айтқанмын,
Мағжаныңның жанында.
Батыр Баян есімі
Жұлдыз болып жанбаса,

Сәндеріңіз болмайды!

Екі ауыз сөз айтқанмын,
Екі метр Гартманға,
Қуанғанмын және де
Қажымұрат ағамыз

Еліңді өрге тартқанда.
Смирнов деген жаңа әкім
Смирно тұрат шығар-ау,
Барлық ақын жиылып,

Аталы сөз айтқанда,
Булаевтың орнына
Баян атын берсін дейм,
Үш жүз жылдық бір тойын

Тойлағалы жатқанда!

Айналайын Айбегім,
Аспандағы күн бе едің,
Түнде шыққан ай ма едің.
Бұрын-соңды жолықпай,

Меніменен жүр,
Айбегім, сен қайда едің?
Асып туған ермісің?
Шырқырайсың ел үшін,

Шындықты айтқан кезіңде.
Мен қорқамын сен үшін,
Танылып қалды халыққа,
Сенің жүйрік желісің.

Басшыларды сынайсың,
Жақсыларды сынайсың,

Оның бәрін әрине,
Айтып жүрсің ел үшін.
Батырмысың, дүрмісің,
Аппақ кител киіп ап,

Погон тағып алғанға,
Шоқанмын деп жүрмісің?!

Айбек:
Ұлт едік қазақ деген көшіп-қонған,
Ер түрік заманында өсіп, толған.
Қилы-қилы замандар өтті бастан,

Самал боп санамызда есіп қалған.
От алып азаттықтың ақ таңынан,
Шырағың қайта жанды өшіп қалған.
Мағжанның тым қызулы отты жыры

Алты Алаштың жұртына несіп болған.
Армысың, аруақ қонған киелі өлке,
Мағжандай марғасқаға бесік болған!

Тойлаған ұлы арыстың мерекесін,
Келтіріп дәл осылай берекесін,
Темір ексең тербеліп өніп шығар,
Құнарлы, қасиетті жер екенсің.

Асанқайғы кезінде таба алмаған,
Кызылжар, жерұйығы сен екенсің.
Тойларыңыз жатыр ғой тойға ұласып,
Ырысы шайқалмаған ел екенсің!

Ұлтына жырыменен жөн тыңдатып,
Сарқыты серілердің, көркі жақұт.
Мағжанның мерейтойы құт әкеліп,
Басына халқымыздің қонсын бақыт.

Ақындар бір қандырсын құмарыңды,
Теңіздей телегей жыр толқындатып,
Қасыма Баянғали ағам келді,
Дүбірі қара жерді солқылдатып!

Армысың, Баян ағам Көкшедегі,
Айбарың інілерге сес береді.
Қапталыңа көп қалған қарсылас боп,
Ізбасар інің едім өкшедегі.

Баян ағам маған не береді екен?
Күйеу деп Балғынбекке төс береді.
Талғамың Оқжетпестей биік еді,
Мені де, деп ойлаймын ескереді.

Тістескеннің тұқымын құртатұғын
Белгілі Баян ағам көкбөрі еді.
Не де болса көрейін арпалысып,
Көкшенің көкжал туған көксерегі!

Соғылып домбыраның шанағына,
Алдыңда ағаң болған қандай жақсы,
Таралсын алты Алашты тарабына,
Шапағын шашыратқан жан-жағына,

Ағамды арқа тұтып еркелейін,
Елітіп ерке жырдің шарабына.
Самалын қырау шалған кәрі бозды,
Жастықтың жетелейін аралына.

Қыздырып, қызындырып терлетейін,
Тұз қыздырып басқандай табанына.
Сөйлермін аузым жеткен жерге шейін,
Тас тығылып қалмаса тамағыма!

Баянғали:
Айналайын қарағым,
Ағаңның тартып балағын.
Тұзды төсеп осы жерде

Қыздырам дейсің табанын.
Тұзды маған қайтесің,
Қызды әкелсейші, қарағым.
Елудегі бұл ағаң

Кәрі болса, шырағым…
Жетпістегі ағалар
Не болады, шырағым?

Айналайын қарағым,
Көкшетаудың көкжалы –
Менімен бопты-ау амалың.
Қайтесің меніменен егесіп,

Ойлағайсың, шырағым,
Одан да бастың аманын.
Иығыңда погоның,
Қойыныңда наганың,

Ерегіссем бұл жерде,
Погоныңды жұламын.
Наганыңды тартып ап,
Мұрыныңа тығамын.

Тарсылдатып ұрғанда,
Тауға апарып тығамын.
Қарсылдатып ұрғанда
Сайға апарып тығамын,

Ақын деген атың бар,
Бауырымсың бірақ-та,
Қайда апарып тығамын?
Батыр Баян бір кезде

Ашуменен Нояннан
Айырылған мұң-зарын
Сенен гөрі, шырағым,
Тереңірек ұғамын,

Бар қазақтың баласын
Бауырым деп тұтамын.
Алдымдағы аға мен,
Қатардағы құрбы мен,

Кейінгі жүрген ініге
Тимейтұғын шығармын!
Айналайын қарағым,
Аға менен ініміз

Бір-біріне қарасар.
Асқар таудай ағаның
Орынына, шырағым
Айтшы, кімдер таласар?

Ініміздің тілегі
Болып жатыр бұл жерде,

Оған да жұрт санасар .
Айналайым шырағым,
Тау болып әркез алдыңда,
Аға тұрса жарасар.

Тілек қосып алдыңда,
Ақ жаулықты ана мен
Әкең тұрса жарасар.
Бұл айтыста сахнада,

Сәні болып таудай боп,
Ортаңызда мен сияқты
Бәкең тұрса жарасар!

Академик Әлкей Марғұланның 100жылдығына арналған республикалық айтыс (Павлодар обл. 2004 ж. 27-28 мамыр)

Баянғали мен Бақыт Құтпанбаев
(Алматы обл.)

Баянғали:
Абылай орда тіккен жерден келдім,
Бұқар жырау сап кеткен жолмен келдім.
Әлекең зерттеп жазған бар еңбегін,

Шоқандай дарын шыққан елден келдім.
Көкшетау, Оқжетпес пен сексен көлден
Құрметпен Баянтауға сәлем бердім!

Айналайын Бақытым,
Жер жәннаты Жетісу,
Жұмақ жерден кеп тұрсың.
Жұмақ жерден келсең де,

Баян тауды көргенде,
Сұлулық қандай болад деп,
Айран асыр боп тұрсың!
Келген жерің, Бақытым,

Батырлар орда тіккен жер,
Ғылымның отын жаққан жер,
Дұшпаныма сірә да,
Бермеймін деп жерімді,

Жасыбай бабам мәңгілік
Көлденең тартып жатқан жер.
Ордалы он сан қалмақтың
Ортасын ойып бір өзі,

Ойранды салып ұрандап,
Олжабай батыр шапқан жер.
Олжабайдың ұрпағы
Әлекең мен Олжастай

Екі бірдей арыстан,
Екі бірдей данышпан,
Әлемге мәлім ұлдарды,
Қатарластырып тапқан жер.

Айналайын Бақытым,
Зерді салып қарасаң,
Қаншама шыққан ғұлама
Академик есебін

Біреуі айтад жиырма бес,
Біреуі айтад елу төрт,
Біреуі айтад жүз елу,
Осылайша мінекей,

Академиктерді санағанда,
Есебіне жете алмай,
Бастары әбден қатқан жер!
Аспан аспан бола ма,

Бір жұлдыздан бір жұлдыз
Жарығырақ жанбаса.
Халық ұлы болады,
Өсіп шығып ұлдары,

Атаның жолын жалғаса.
Баянауылдың қазағы,
Есепшотты білесің,
Академикпен санайды.

Кандидат пен докторды,
Есепке де алмайды
Академик болмаса!

Ғылым да құтты жерге қонады екен,
Ғылымның жұлдызы әркез жанады екен.
Бұл елде ғалымдардың түп-тамыры
Киелі Мәшһүр Жүсіп бабам екен.

Ғылымның академиясы Алматыдан
Баянауылға көшсе де болады екен!

Бұл елді бір құдайым зерек етті!
Әлекеңнің орынын бөлек етті.
Халқына қалтқысыз қызметті
Әлекең өміріне өзек етті.

Ел-жұртын алға бастап жүру үшін,
Қашанда пассионарлық керек оты.
Марғұлан мәртебесі мәңгі биік,
Жиырмасыншы ғасырдың Геродоты!

Біреулер қазса жерді алтын іздеп,
Байытып елді біздер жатырмыз деп.
Әлекең ай сәулелі академик,
Тарихты тасбиыхтай тартып тіздеп,

Аршыған ақиқатты алақанмен,
Қара жер қойнауынан халқын іздеп!

Жалтақтап Москваға жағайын деп,
Аттаған ақиқаттан ағайын көп.
Тарихына өзі туған топырақ шашып,
Көшпенді бабаларды жабайы деп.

Соларды тойтарып бір Әлкей ағам,
Көшпенді бабалардың дәлелдеген
Болғанын мәдениет пен сарайы көп.
Осылай сөзді саған мен тастайын

Ініміз қалай әрі жалғайды деп?!

Айналайын Бақытым,
Бұл айтысқа келгенде,
Суда жүзген балықсың,
Мен айтысқа ең алғаш

Шыққан жылы сен дағы,
Жалаңаяқ жас бала,
Мектепке де барыпсың,
Шүкіршілік мінеки,

Өсіп жетіп бұл күнде
Меніменен айтысқа
Қарсылас боп келуге
Жарап бүгін қалыпсың.

Шәкірттері өскен соң
Өсетіні рас қой
Қазақ дейтін халықтың!

Бақыт:
Айтыстың өнердегі бір мектебі,
Дүдәмал дүмше көңіл білмек нені?
Жасыбай бұлағынан су ішсін деп,

Осында бізді әкелген жыр кептері.
Бір күнде төнкерілген дүние бұл,
Белгісіз ақырына кім жеткені.
Өтеді-ау көз алдыңнан қылаң беріп,

Тарихтың түрлі-түрлі тізбектері.
Кешегі батырлар мен би, шешендер,
Еркіндіктің жолына тың беттеді.
Әрине бостандықтың арқасында

Той-тойлап, шаттанатын күн жеткені.
Халықтың бостандықты бағалауы –
Әлкей Марғұланды құрметтеуі.
Арыстардың аруағын бір аунатсын,

Ақындар осы бүгін дүрмектегі.
Соларға арнап ақсарбас шалып жатқан,
Армысың Мұхаммедтің үмбеттері!

Алатау асқаралы төрден келдім,
Жетісу жеті өзенді көлден келдім.
Райымбек, Құлмамбет, Мұқағали,
Бердібек өсіп-өнген белден келдім.

Баянауыл мені де жатсынбас-ау,
Қаныш, Шәкен, Әлікей, Дихан баба
Мәңгілік тұрақ тапқан жерден келдім.
Бұл ағам айтыс сайын мақтаулы еді,

Қазылып қалатұғын шапқан жері.
Өзін-өзі жаратып таң асырған,
Аманбысың, айтыстың ақтаңгері!

Білмейтін тұлпар едің үздігуді,
Үзетін дүбірді естіп шылбырыңды.
Алыстан аламанға қосылған соң,
Айтысты қыздыралық біз бүгінгі.

Шауып көр тас ыршытып табаныңнан,
Ал енді қоя бердім тізгініңді.

Баянғали:
Бақытжан қыза-қыза ашылғайсың,
Сабындыкөл секілді тасынғайсың.
Жасыбайдан бір жұтым суын ішсең,

Жалғанда бұдан былай жасымайсың!

Айналайын Бақытым,
Жаңадан шыққан талшыбық.
Қасыңа келіп отырмын,
Тұрғаным жоқ бірақ та

Үлкенсіп саған бәлсініп.
Тізгініңді сен дағы,
Еркін жібер, қарағым,
Қарама маған шалсынып.

Біздер аға болғанда,
Сіздер іні болғасын,
Қамшыласып біз кезек,
Жатайықшы айтыста

Қара терге малшынып.
Айналайын қарағым,
Айтатұғын әнім бар,
Айтар елге мәнім бар,

Елуге келіп қалсам да
Сахнада сәнім бар.
Айналайын ағайын,
Жырымды қабыл алыңдар,

Айналайын Бақытжан,
Шалсынбағын сен мені,
Мықты болсаң әуелі,
Мен секілді бір шалды

Айтыста жеңіп алыңдар!
Айтады халық бізге бәрекелді,
Ақындар осы тойға ән әкелді.
Бірімізді біріміз жырлай бермей,

Жырлайық ұлы ғалым Әлекеңді.

Жан емес менменсініп маңғазданған,
Аулақ еді дарақы даңғазадан.
Күніне он бес сағат жұмыс істеп,
Ғылымның қатпары жоқ ол қазбаған.

Қауырсынға тапсырған бабалардың
Сырын іздеп сарғайған қолжазбадан.
Даланың ұлан-ғайыр мәдениетін,
Дәл тапқан ғой Дәндібай-Бегазыдан!

Әлекеңді бар халық жақсылайды,
Ойдан ой бүгін бізге тамшылайды.
Он бес сағат жұмыс түгіл, осы күнгі
Жастарың біле білсең, ағайындар,

Он бес минут кітап та оқымайды.
Солардың бірі едің ғой, айналайын,
Ал қане, не айтар едің осы жайлы?!

Бақыт:
Бұл ағам бұл Бақыттың көршісіндей,
Бір Алла нәсіп еткен тең түсуге-ей.
Ал енді жастарменен әзілдесем,

Көрермен сөзімізді тең түсінгей.
Шал дейін десем сізді, сақалың жоқ,
Бұл сөзімнің астарын көр түсінбей.
Қолыңа домбыра алып келе қапсың,

Жастар мен кәрілердің елшісіндей.

Жас десе, Баян аға, жанам депсің,
Көңілін бұл баланың табам депсің.
Па, шіркін, Жетісудан келген болсаң,
Қосылып Ертіс құсап ағам депсің.

Дәл бүгін ақ баталы шал болған соң,
Қабағын інішектің бағам депсің.
Баянтауда жолықты-ау Баян ағам,
Құдайым қадамымды баянды етсін!

Ал енді мен де жырлайын.
Асылдар дана тұрғысын.
Кейінгіге саларсың,
Ғибрат өлең дүрбісін.

Өсіп-өнген қазағым,
Бір атаның ұлысың.
Айналсоқтап кетпейсің,
Бір болған соң туысың.

Мезгілі бітпей бәйтерек,
Жерге неге жығылсын?
Ардақтылардың жайына
Өлеңім енді сырғысын.

Ахметтей асылым
Көрсетіп жұртқа үлгісін.
Әділдікпен тындырған
Алдына алған жұмысын.

Аймауытов Жүсіпбек
Сөздің құрған дұрысын.
Қазақтан шыққан Шәкәрім
Абайдың алып үлгісін,

Намазынан жаңылмай,
Сақтаған өлең үрдісін.
Шоқайдың ұлы Мұстафа,
Еркіндіктің жолында

Атылған жанның бірісің.
Марғасқа ақын Мағжаным,
Алаштың нұрлы күнісің.
Сейфуллин ұлы Сәкеннің

Анталап жауы тұрса да,
Тарылмапты тынысың.
Әлихан батыр айқасқан
Алты Алаштың пірісің.

Сәтпаев Қаныш ағамыз –
Қайнаған болат құрышым.

Хақанның ұлы Әлікей
Ұлтымның өлмес тілісің.
Оқыған сайын ашылар
Кеңейіп менің тынысым.

Әділдіктен танбаған,
Ерлердің ісін жалғаған
Ірісің, аға, ірісің.
Ұрпағының сөзі мен

Өшпейтін бүгін жырысың.
Осылар еді-ау, ел-жұртым
Оралған қайта жыл құсың.
Аруағы қолдап бәріңді,

Тасысын халқым ырысың.
Өмірге келер сәбилер,
Әлкейдей болып туылсын!

Баянғали:
Айналайын шырағым,
Дедің бізге ірісің.
Шаба-шаба келгенде,

Ашылды-ау сенің тынысың.
Бетіңнен қақсам сені де,
Ағалығым құрысын.
Ұлылардың соңынан

Еретұғын күні ертең
Сен де жақсы інісің.

Қадамы бұл інімнің жаман болмас,
Жолға тастап кетеді жаман жолдас.
Жетісудан кеп отқан бұл інісін
Жасқаса бұл жалғанда Баян да оңбас.

Ақын туған баланың біреуі екен,
Сөздері шығып жатыр бізбен жалғас.

Баянтауға ғашық боп бара жатыр
Ақын бала жалғанда көрген алғаш.
Әлекеңнің аруағы жар боп саған,
Өлең сөзде шарағым, өрлеп, алға ас.

Әлекең ақиқатпен жолдас еді,
Ғылымның онсыз орны толмас еді.
Жарқырап ай маңдайы отырғанда,
Бүгінгі көп өтірік болмас еді!

Ғылымның жаңалықтан жылауы көп,
Әр нәрсені ойынан құрауы көп.
Әлекеңдей асылдар болмаған соң,
Қаптаған өтіріктің сұрауы жоқ!

Байекең бүгін бәрін тізед дейсің,
Сен дағы осы жағын іздеткейсің.
Алматыда жүрген бір ақын ұлсың,
Өтірік қателерді түзеткейсің.

Ел жайын тағы алға толғағайсың,
Ағаңның сөзін ірі жалғағайсың.
Ақын бол, ғалым бол, мейлің інім,
Тек қана өтірікші болмағайсың.

Қазақтың аспаны кең, бәрімізге
Жетеді, қыран болып самғағайсың.

Толғап бір өттің сен жаңа
Ұлылардың біразын.
Соныменен шырағым,
Мынау елге ұнадың.

Мағжанды айттың бір кезек,
Жырлап келем ертеден
Батыр Баян жыр-әнін.
Оған қоса жырладым

Шоқан жазған ең алғаш,
Әлкей ағам таптырған,
Қарғыздың Манас қыранын.

Оған қоса, қарағым,
Қыздарымен орыстың
Қалжыңдасып тұрамын.

Елуге келіп қалсам да,
Кәрілер мен жастардың,
Ортасында елші деп,
Әзілдеп інім жатсаң да,

Сөндіргем жоқ мен әлі
Өлең-жырдың шырағын.
Ағызамын осылай,
Өлең сөздің бұлағын,

Әрі қарай көрейін,
Қоя бергін сен маған
Болып жатса сұрағың.
Елемей кеттің бірақ та,

Оқу жайлы бір қойған
Ағекеңнің сұрағын.
Осы жайлы, қарағым,
Қайта айналып келейін,

Қайта сауал берейін,
Ақындығын көрейін,
Батырлығын көрейін,
Ел алдында толғаса

Ақылдылығын көрейін,
Жастар жайлы ойыңды,
Ғылым менен жастардың
Екі арасы жайында

Толғап жібер бұл жерде
Сөзіңнін түрін көрейін!

Бақыт:
Оу, аға, сөз бастадым аяңдай-ақ,
Мандайыңды сипадың самалдай-ақ.
Желпініп Жетісудан келгенімде,

Отырмын Баян деген ағамды аяп.

Ағасы сөз бастадың арланбай-ақ,
Байқасаң бұл ініңді талғанбай-ақ,
Елуді қайта-қайта айта бердің,
Қырыққа есең кетіп қалғандай-ақ.

Сөзіңе бүгін інің септеседі,
Жыр болмаса Баянға жетпес еді.
Қазіргі жастарыңа күмәнім бар,
Кітапты мың ақтарып, мың толғанса,

Тіліміз шұбарланып кетпес еді.

Кейбіреу көз жүгіртсе сұйық ойға,
Даламның болып кетті гүлі майда,
Кеңестік саясатқа бағынбаған
Әлкей Марғұланның құны қайда?

Өлгенше ұлт рухын өлтірмеген,
Айманов Шәкен аға туы қайда?
Желпініп желіп өткен жырыменен,
Исадай шатты ақынның сыры қайда?

Қараңғы қазақ көгіне күн боп шыққан,
Торайғыров ақынның жыры қайда?
Тоқсан ауыз сөзімді түйіндесем,
Қазақтың қасиетті тілі қайда?!

Баянғали:
Бұл бала ақындықты сездіріп тұр,
Құдайым екеумізді кез қылып тұр.
Неше түрлі сұмдықтың насихаты

Жастарды өз тілінен бездіріп тұр.

Аялап үйірге қос боталарды,
Боталар ана тілден от алады.
Бізді ешкім жеңе алмайды ұмытпасақ,
Бір Алла, пайғамбар мен аталарды!

Жастары қазағымның қарыштасын,
Атаның туын әркез өр ұстасын.
Қырықта есем кеткен жан емеспін,
Алпыста да көрерміз талай қызық.

Байекең алға қарай құлаштасын.

Ал, енді доғарайын осы айтысты,
Қолына гүлін ұстап мына жақта
Келіп тұр Бағиладай кластасым.
Айналайын туған ел, аман болғын.

Құдайым туыңды ешқашан құлатпасын!

Мазмұны

Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс........................................................................... 3 Баянғали мен Серік Құсанбаев (Павлодар қ.) ...................................................... 3 Баянғали мен Шорабек Айдаров (Жамбыл обл.) .............................................. 16 Абылай ханның 280 жылдығына арналған республикалық айтыс 25 Баянғали мен Ерік Асқаров (Алматы қ.) ............................................................ 25 Мұхит Мерәліұлының 150 жылдығына арналған республикалық айтыс ................................................................................................... 35 Баянғали мен Шолпан Қыдырниязова (Орал обл.) ........................................... 35 Баянғали мен Лена Әбдіхалықова (Қызылорда қ.) .......................................... 42 Қанжығалы Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс......................................................................... 46 Баянғали мен Қонысбай Әбілов (Торғай обл.) .................................................. 46 Қожабай ақынның 150 жылдығына арналған республикалық айтыс ................................................................................................... 54 Баянғали мен Айтақын Бұлғақов (Талдықорған қ.) .......................................... 54 Исатай Таймановтың 200, Әбубәкір Кердерінің 130, майдангер ақын Әкімәлі Қаржауовтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыс......................................................................... 66 Баянғали мен Ербол Қанбатыров (Жамбыл обл.).............................................. 66 «Невада-Семей» қозғалысы аясында өткен «Халық денсаулығы» атты халықаралық көркем-публицистикалық акция .................... 77 Баянғали мен Әселхан Қалыбекова (Оңтүстік Қазақстан обл.) ....................... 77 Баянғали мен Абаш Кәкенов (Шығыс Қазақстан обл.) .................................... 82 Республика күніне арналған айтыс .................................................. 93 Баянғали мен Әнуар Омаров (Жезқазған қ.) ...................................................... 93 «Кенші еңбегін мадақтайық!» атты республикалық айтыс ...... 104 Баянғали мен Әселхан Қалыбекова (Оңтүстік Қазақстан обл.) ..................... 104 Қосжан Мүсіреповтың 60 жылдығы мен Нұралы Нысанбайұлының 135 жылдығына арналған республикалық айтыс ............................................................................................................ 113 Баянғали мен Шорабек Айдаров (Жамбыл обл.) ............................................ 113 Тама Есет батырдың 325 жылдығына арналған республикалық айтыс ................................................................................................. 127 Баянғали мен Серік Құсанбаев (Павлодар қ.) .................................................. 127 Сара Тастанбекқызының 115 жылдығына арналған республикалық айтыс ................................................................................................. 144 Баянғали мен Әселхан Қалыбекова (Оңтүстік Қазақстан обл.) ..................... 144

Қабан жыраудың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс ............................................................................................................ 154 Баянғали мен Айтақын Бұлғақов (Талдықорған қ.) ........................................ 154 Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыс ................................................................................................. 167 Баянғали – Нұрлыбек Қалауов (Ақтөбе қ.) ...................................................... 167 «Манас» эпосының мың жылдығына арналған «Ақтаңдай-93» атты Қырғызстан – Қазақстан ақындарының айтысы ............ 178 Баянғали мен Орозбек Құтманалиев, Қырғызстанның Халық артисі ........... 178 Баянғали мен Абдылда Нұрғалиев .................................................................... 181 Баянғали мен Әшірәлі Айталиев, Қырғызстанның Халық артисі.................. 197 Есет Көтібарұлының 190 жылдығына арналған аймақтық айтыс ............................................................................................................ 209 Баянғали – Нұрлыбек Қалауов (Ақтөбе қ.) ...................................................... 209 Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына арналған республикалық айтыс ................................................................................................. 219 Баянғали мен Аманжол Әлтаев (Қарағанды обл.) ........................................... 219 Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» атты республикалық айтыс ................. 228 Баянғали мен Ахметжан Өзбеков (Жамбыл обл.) ........................................... 228 Жұбан Молдағалиевтың 80 жылдығына арналған республикалық айтыс ................................................................................................. 238 Баянғали мен Ақмарал Леубаева (Оңтүстік Қазақстан обл.) ......................... 238 Ғалым, ұстаз Тұрсынбек Кәкішев 75 жасқа толғанда ауыл мектебінде өткен айтыс................................................................. 251 Баянғали мен Балғынбек Имашев (Астана қ.) ................................................. 251 Шұбыртпалы Ағыбай батырдың 200 жылдығына арналған республикалық айтыс....................................................................... 257 Баянғали мен Тілеген Әділов (Қарағанды қ.) .................................................. 257 Баянғали мен Аманжол Әлтай (Астана қ.) ...................................................... 269 Баянғали мен Оразалы Досбосынов (Алматы қ.) ............................................ 282 Кенесары ханның 200 жылдығына арналған республикалық айтыс ............................................................................................................ 290 Баянғали мен Дәулеткерей Кәпұлы (Астана қ.) .............................................. 290 Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығына арналған аймақтық айтыс. ................................................................................................ 303 Баянғали мен Айбек Қалиев (Астана қ.) .......................................................... 303 Академик Әлкей Марғұланның 100 жылдығына арналған республикалық айтыс....................................................................... 310 Баянғали мен Бақыт Құтпанбаев (Алматы обл.) ............................................. 310

Баянғали Әлімжанов

ШЫҒАРМАЛАРЫ

Алаш пен Манас

VІ том
Айтыс

Жауапты редакторы Р.Ж. Әбдірахманова
Редактордың көмекшісі Н.Х. Шакен
Корректоры Г. Шаймергенқызы

Басып шығаруға 20.10.2016 ж. қол қойылды
Пішіні 60×84 1/16. Қағазы офсеттік.
Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 20,3.
Таралымы келісімшарт бойынша.

020000. Көкшетау каласы, Абай к-сі,112.

тел. 8(7162) 40-21-55, e-maіl: techno@keleshek-2030.kz
«Келешекторгснаб» ЖШС баспасында басылып шығарылды

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙