TELEGEI

Home

Сафуан Шаймерденовтің әңгімелері

Сафуан Шәймерденов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сафуан Шаймерденовтің әңгімелері

Сафуан Шаймерденов әдебиет әлеміне енгеннен бастап-ақ адам табиғатын зерттеуге, тануға, сан қилы міне-құлықты, қасиетті өз шығармаларында көрсетуге талпынды. Туындыларында кейіпкерлердің адамдық болмыс-бітіміне ден қойып, адамгершілік парасат мәселесін шынайы көрсете білген.

СӘБИ ЖАУАБЫ

Жуырда ғана үш жасар балам Саянды алып Алматыға барып қайтқан едім. Поезбен барып, поезбен қайтқанбыз. Жол жүріп елігіп алған балам: «Папа, енді Москваға барайық», ─ деп қоймайтын болды.

─ Жарайды, барсақ барайық.
─ Қашан барамыз, папа?
─ Келер жазда.
─ Папа, немен барамыз Москваға?

─ Әрине, поезбен барамыз, балам. ─ Жо-жоқ, папа, Москваға машинамен барамыз, ─ деп Саян үзілді-кесілді жауап берді. Бұл жауаптың мәнісін аңдасам, балам поезд тек Алматыға ғана барады деп ойлайды екен.

БАЛА ҰНАТҚАН – БАЛМҰЗДАҚ

Сөйтіп, біз келесі жазда Саянды алып Москваға бардық. Кәдімгі Алматыға жүріп тұратын поезбен бардық. Астананың тамаша жерлерін араладық, Кремльді көрдік. Ленин мавзолейіне кірдік. Содан кейін балама:

─ Енді Третьяков галереясына барамыз, ─ дедім мен.
─ Папа галереяда не бар?
─ Галереяда көп картиналар бар. Соны көреміз.
─ Кинодағы картинадай ма, папа?

─ Иә, кинодағы картиналардай, балам.
─ У, картина көреміз! Картина көреміз! ─ деп Саян қуанып қалды.

Біз галереяны ұзақ жүріп араладық. Саян ана суретке де, мына суретке де қолын шошайтып: «Анау неге жатыр, папа? Мынау неге түрегеп тұр», ─ деген сияқты сұрақтар қояды. Білгісі келеді. Ал біз болсақ, түсіндіруге тырысамыз. Ақыры галереядан кеш шықтық. Шығар бетте вестибюльдегі кішкене кафеге кіріп тамақ іштік. Саянға балмұздақ алып бердік. Үлкендермен бірге ұзақ уақыт тік жүріп шаршаған бала сергіп көңілденіп қалды.

Қайтар жолда мен одан:
─ Ал, балам, қалай галерея ұнады ма? ─ деп сұрадым.
─ Ұнады.
─ Несі ұнады саған сонда?

Саян маған тура қарады да:
─ Мороженое, ─ деп жауап берді.

АЛ, ЕНДІ КІМСІҢ?

Бір демалыс күні үйімізге жолдастар келді. Есік алдында бір топ кішкене балалар ойнап жүр еді, қонақ әйелдің бірі соларға қарап:

─ Әлгі Саяның қайда? Мыналардың ішінде бар ма өзі? ─ деп сұрады.
─ Бар. Қайсысы қоңырлау, мұрындылау болса, сол Саян, ─ деп күлдім мен.

Қонақ балалардың қасына барды. Үңіле қарап біраз тұрды. Содан кейін бір ойыншық машинаны арқасынан ұстап, құмға ерсілі-қарсылы ырғытып, аузымен дүрілдетіп жүресінен отырған баланы барып ұстады. «Осы ғой» дегендей маған қарады. Мен қонақ әйелдің айнымай басқанына қуанып күліп жібердім.

─ Бәсе, әкесінен аумай қалыпты. Ал, кәне, атың кім сенің?
─ Саян, ─ деп бала аузымен дүрілдетіп, машинасын қозғай берді.
Қонақ күле сөйледі:
─ Өзің қара екенсің, зәуде қазақсың ғой деймін, а?

Бала басын шайқады.
─ Әлде орыспысың?
Бала тағы да басын шайқады.
─ Жо... о... қ.

─ Ал енді кімсің?
─ Мен Саянмын, ─ деп жауап берді де, балам машинасын «дүрілдете» берді.

ҚЫСЫЛЫП ҚАЛДЫМ

Жадырап жаз келді. Саян екеуміз серуендеп көшеде жүрміз. Сылдырап арық ағып жатыр. Кенет сол арықпен төмен қарай қылтыңдап бір доп кетіп барады екен. ─ Саянжан, ананы қара, әке бір доп қалқып барады. Бар, ала ғой, ─ дедім мен ойланбастан. Саян доптың алдын орап жүгіріп барды да, тосып алды. Содан кейін маған қайтып келді де: ─ Папа, біреудің добын алуға бола ма? ─ деп таңдана сұрады. Қателік жасап алғанымды сонда ғана білдім де: ─ Әрине болмайды. Осы арадағы бір баланікі шығар. Ағып кетпесін, алып былай таста дегенім ғой, ─ деп қысыла жауап бердім.

МАМАМ ҚАШАН КЕЛЕДІ?

Саянның шешесі облыстық ауыл шаруашылық бөлімінде істейтін еді. Бір күні темір жол бойындағы бір ауданға командировкаға барып қайтатын болды. Саян екеуміз мамасын поезға шығарып салдық. Балам ес білгелі анасынан, аз күнге болса да, алғашқы рет ажырасқалы тұрғаны еді бұл. Өзіне жұмбақ «алыс» бір жаққа кетерін сезіп, аймалай береді. Бір заманда паровоздың құлақты тұндырған ащы айқайы шықты. Поезд қозғала бастады. Тамбурда тұрған мамамыз бізге қолын былғап алыстап барады. Мен Саянға қарадым. Ерекше бір сәбилік мұңлы қалыпта тұнжырап қалыпты. Айқай-шуы да, жылау - еркелігі де жоқ. Өз «тағдырына» сондай бір нәзік қарсылық көрсетіп үнсіз тұр. Кішкене қара көзінен мөлтеңдеп жас көрінеді. Бір кезде менің көзіме көзі түсіп кетті де, құшақтай алды. Балалық қайтысын жасырғысы келді ме, әлде қайтты, әйтеуір жүзін әкеп менің пальтомның етегіне басты. Мен оны көтеріп алдым. Бұл кезде ағаш тасасына түсіп көзден ғайып болған паровоздың тағы да өктем даусы естілді.

─ Папа, мамам қашан келеді? ─ деп сұрады Саян.
─ Келеді, жаным. Тез келеді.
Екеуміз де көңілсіз басып кейін оралдық.

Бұрын біріміз балалар бақшасынан, біріміз қызметтен асығып, сатынып келер, көзімізге ыстық, өз үйіміз енді иесіз қалғандай. Салқын да жат, көңілсіз көрінеді. Жанна да сабақтан қайтпапты. Саян тағы да: ─ Папа, мамам қашан келеді? ─ деп сұрады. Осы сұрақты ол көзі ұйқыға кеткенше сан рет қайталап қоя берді. Мен де түнімен ұйықтай алмадым. «Саян шіркін, мамасын сағынып жыламаса жарар еді», ─ деп мазасызданамын. Арада екі-үш күн өтті. Саян жыламады. Күн озған сайын «мамам қашан келедіні» де азайта бастады. Мен оны ертемен балалар бақшасына апарып саламын. Кешке қызмет аяғында барып алып қайтамын. Сәл мұңайып қалады да, қуанып қарсы шығады. Мойнымнан келіп құшақтап балапан қолымен қатты қысып қояды. Содан кейін күндіз не істегенін былдырлап айта бастайды. Шешесін іздеп жыламаған да, сатынбаған да түр білдіреді. «Жылап тынышты кетіре ме?» ─ деген күдігім енді ыдырап, көңілім орнығайын деді. Араға тағы да үш-төрт күн түсті. Балам тіпті: «Мамам қашан келеді?» ─ деген сұрақты қоймайтын да, мені мазаламайтын да болды. «Осы күшік дүниеде анасы барын ұмытып та кеткен болар», ─ деп күліп те қоямын. Сонда да: «Мамаңды ұмыттың ба», ─ деген сұрақ қойып, ала көңіл етуді жөн де көрмеймін. Күндер өте берді. Мен бір күні Саянды балалар бақшасынан алып, үйге қайттым. Ымырт үйіріліп барады. Ала көлеңке, бос көшеде екеумізден басқа ешкім де жоқ. Жапалақтап қар жауады. Екі беткейде жарыса өскен бәйтеректер мелшиіп қимылсыз қалған. Сол бәйтеректердің қырауытқан бұтақтарына қарасаң, арғы ала көлеңке сұрқай аспанның ғажайып бір қитұрқы айқыш өрнектері сияқты болып көрінеді. Саян өзіне мағынасы жұмбақ осы құбылыстардың бәрін де білгісі келеді. «Қар неге жауады?», «Ағаш неге өседі?», «Қараңғы неге түседі?» деген сұрақтар қойып, жауабын талап етеді. Өзі сондай көңілді келеді. «Япырмау, осы шіркін шынымен-ақ шешесін ұмытып кеткені ме?» ─ деп ойлаймын. «Ұмытса ұмытып та кетеді. Төрт-бес жасында жетім қалған баланың ата-анасын білмейтіні де содан емес пе. Ай, күнәсіз сәбилік шақ-ай, дүниеде сен дегенде бауыр етін кесіп беретін,әр күн сайын жүзіңе қарап, қабағың кірбің тартса да «ауырып қалды ма?», жә «ашығып қалды ма?» не болмаса, «тоңып қалды ма?» ─ деп құлағындағы даусы құраққа шығып, шыбын жаны үстінде болатын ең жақын, ең асыл адамның болғанын да ұмытып қаласың - ау. Қандай өкінішті!» Осындай ойлармен жүдеңкіреп келе жатыр едім, кенет вокзал жақтан паровоз даусы шықты.

Ұлпа қарды есіп, томпалаңдап басып бара жатқан Саян кенет тұра қалды.
─ Папа, паровоз кімді шақырады?

─ Паровоз кімді шақырушы еді. Ешкімді де шақырмайды. Олай-бұлай жүргенде көлденең адамдарға: «Жол беріңдер! Әйтпесе басып кетемін» деп ескерткені, ─ дедім мен.

Балам мұңайып қалды.
─ Жоқ, папа, паровоз мені шақырады. Онда менің мамам бар, ─ деді Саян.
Соны айтты да, кенет маған сұрана қарады:
─ Папа, мамам қашан келеді?

ЕКІЛІК

Жанна сүйтіп мектепке барды. Ата-анасының қуанышына сабақты да тәуір оқып кетті. Дәптерлерін де таза ұстап, маржандай тізілтіп жақсы жазатын болды. Жалғыз-ақ алғашқы кезде екінің таңбасын дұрыстап сала алмай жүрді. Құйрығы дөңгеленіп, латынша «S» әрпіне ұқсайды да тұрады ылғи. Мен бір күні балама оның осы кемшілігін бетіне бастым. «Екінің таңбасын жаза алмайсың, саған не болды, Жанна?» ─ деп қынжылдым. ─ Бекер ренжисің, папа? Екілік дегеннің өзі осындай жаман болмай ма? ─ деп жауап берді ол.

БЕСТІК БАҒА

Бүгін біздің үйде үлкен қуаныш бар. Жанна екінші класқа көшті. Жыл бойында төрт рет ауырып, оқуға бара алмай қалған еді. Соған қарамастан барлық сабақтан бестік баға алып шықты. Біз үй іші болып осы бір кішкене қуанышымызды тойладық. Жаннаны аздап көтермелеп, мақтап та қойдық. ─ Тек төрт рет ауырып қалғаның болмаса, барлық пәнді беске тапсырдың. Жарайсың, Жаннажан, ─ дедім мен.

Әке-шешесінің айырықша мейіріміне қуанып отырған Жанна:
─ Енді бір рет қалғанымда, одан да бес алатын едім, ─ деп жауап берді.
Бала түсінігі қандай қызық десеңізші!

БАЛА ТІЛІ

Бізге көрші үйде Амангелді деген бес жасар бала бар еді. Майданда қайтыс болған әкесі Қаридан аумаған ала көз, кесек, қара бала болатын. Амангелді екеуміз бір күні қала сыртындағы көлге бардық. Бой жаздық. Суға түстік. Алыста, айдынның ортасында топ үйректер жүр. Мен тереңге қарай біраз жүзіп барып едім, жағада тайыз суда, ойнап жүрген бала маған айқай салды.

─ Аға, маған анау үйректі ұстап берші? ─ Үйрек қазір ұстатпайды. Ертең мылтық әкелеміз де атамыз, ─ дедім мен оған.

Үйге қайтып келе жатқанымызда бала сол үйрек жайын әңгімелей берді.
─ Аға, мылтықпен атып алған соң үйректі маған бересің бе?
─ Иә, саған берем.
─ Мен сосын үйге алып барам ба?

─ Иә, үйге алып барасың.
─ Мен сосын Күләш апама ас деймін бе?
─ Иә, ас дейсің.
─ Мен сосын жеймін бе?

Шыдай алмадым. Баланың бал-бұл тілін қызықтап күліп жібердім.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙