TELEGEI

Home

Ақындар айтысы

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ақындар айтысы

Мәшһүр Жүсіп Көпеев ел тарихын көп білетін шежіреші ретінде танымал. Шығармаларында әлеуметтік, адамгершілік мәселесін ашып көрсеткен. Адам бойындағы теріс қылықтарды сынаған, адамның мінез-құлқындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра бейнелеген. Достық, ақыл-ой, ақыл туралы жазған ғибратты сөзде...

ҚЫСҚА ҚАҚТЫҒЫС ҮЛГІЛЕРІ

ЖОЛАУШЫ МЕН БОЙЖЕТКЕН ҚАҒЫТПАСЫ

Бір жолаушы бір жақтан келе жатса, бір үйде екі бойжеткен қыз отыр екен. Бұл жолаушы базар шығып келе жатқандығын айтып, сусын сұрағанда, қыздар:

- Ағатай, базарлық бере гөр!- дегенде, жолаушы жігіт айтыпты:

Бұхара базарына барып келем,
Малым өтпей, құр шаршап, налып келем.
«Осы үйде екі бала бар»- дегенге
Екі бүйрек, бір сирақ алып келем.

Онда қыздар кідіріп қалмай, жауап қайырды дейді:
Кіріп келдің бас салып, долағай бас,
Жолаушының құны сол - бір аяқ ас.
Екі бүйрек басылсын өз көзіңе,

Ол сирақты шешеңнің е... бас!

МӘШҺҮР - ЖҮСІПТІҢ БІР ҚОЖАМЕН СӨЗ ҚАҒЫСУЫ

Мәшһүр - Жүсіп.
Айтамын: «Айт!»- дегеннен әуелі Айдан,
Бір Құдай орын бергей бейіш жайдан!
Соны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам,

Жаратты пайғамбардың нұрын қайдан?
Қожа.

- Ырсай Алла, жан Алла пида болған,

Пайғамбар - қазынасы нұрға толған.
Ғабдолла Бұтырашқа нұрын төгіп,
Нұрынан бір Құдайдың пайда болған.
Мәшһүр - Жүсіп.

- Он түйме өңірімде қатар-қатар,

Шешкенше сол түймені таңдар атар.
Үлкендікке талассаң, жол болады,
Дария мына жатқан қашан қатар?
Қожа.

- Олла, ағылым демесе, ғасы болар,

Желді менен тоқсанда дария қатар.
Қарағай садақ қырық кез оқ барымда,
Сендей ақын жоқ па еді өзі атар?
Мәшһүр - Жүсіп.

- Екі сексен бір тоқсан жұмбағым бар,

Жүйрік болсаң, соны тап, құла[ғың] сал?
Қожа.
Қарағай садақ, қырық кез оқ бар белімде,
Мендей ақын бар ма еді өз еліңде?

Екі сексен, бір тоқсан жұмбағыңыз,
Есептесең, екі жүз елуің де.
Мәшһүр - Жүсіп.
Сүйгенге бейіш іші сарай болар,

Екі он бес күн, төрт жұма - бір ай болар.
Кей байлар жүзден бірін зекет бермес,
Оның жайын сұраймын, қалай болар?
Қожа.

Әр не қылсаң, Аллаға аян болар,
Қылған ісің алдыңнан даяр болар.
Жиған малың зекетсіз ақын олжа,
Ақырында жылан мен шаян болар.

Мәшһүр - Жүсіп.
Қожеке-ау, ояу қалай, ұйқы қалай,
Болғанда жаугершілік жылқы қалай?
Ақыретке барғанда, тақсыр қожам,

Жалғандағы ойын мен күлкі қалай?!
Қожа.
Жанның қамын ойламас ақымақ, есер,
Үйде отырып, арымен өлшеп-пішер.

Бұ дүниеде көп ойнап, көп күлгендер
Жылай, еңірей тозақта күні кешер.

ТӨЛЕГЕН МЕН ИМАНТАЙ ТӘЖІКЕЛЕСУІ

Төлеген қожаға Қаржастың Имантай деген ақыны айтыпты:
Ассалаумағалейкум, Құтпан қожам,
Шалдарды шытырынжы ойнап, ұтқан қожам,
Төрт биенің сүтіне наз қыласың,

Төрт ауылды құрыта шыққан, қожам!
Онда қожа айтыпты:
Тамам Талас ішінде сен жарлы едің,
Сонда-дағы пейілің кең жарлы едің.

Кеше Шектібайдың аласы құрығанда,
Сол жұтта да ішінде мен бар ма едім?

Бұл сөздің мәнісі: қожа келіп қыстаған жылы бір ауылдан бір шал өз ажалынан қаурап қалған екен. Солардың ысқатын қожа алады ғой. Бұл Имантайдың аталары: Шектібай байдың бұрын бір жұтта жылқысы жұтап таусылып қалған екен.

КӨТЕШ ПЕН КҮМПЕЙЕ САЙЫСЫ

Көтеш ақынның бала күнінде Қаратауға ел қопарыла ауып барып: «Арғын ауды» деген бір заман болған. Сонда Қаратауда не көп, шеңгел көп. Ат құйрығы шеңгелмен жұлынып, мінген аттары шолақ болып қалған. Ол заманда Ұлы жүзде Күмпейе (Күмхейе) деген қыз ақын атақ шығарып тұрған күні екен. Ұлы жүзде бір той болып, Арғындарды тойына шақырып, бір-бір шолақтарын мінісіп барғанда:

- Арғындар, той бастаңдар, өлең айтыңдар! - дегенде, Арғындардан «Әу!»- деп, өлең айтушы табылмады дейді. Сонда Көтеш бала екен, бұрын өлең айтып көрген жоқ екен. Жұрт дағдарған соң, Ұлы жүз келемеж қылған соң:

- Тым болмаса, «Әу!»- деп үрерлік иттеріңді ертіп-ақ келмеген екенсің!- дегенде, сонда Көтеш ақынның аузынан алғашқы шыққан өлеңі дейді:

- Қаратаудың басынан көш келеді,

Қара көзден мөймілдеп жас келеді.

- Тағы айт!- дегенде, айтқаны:

- Қаратаудың басынан көш келеді,

Бір кедейге бір кедей өш келеді.
Шуылдама, бозбала, дуылдама,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді.

- Тағы айт, тағы айт!- дейді.

- Қаратаудың басынан көш келеді,

Алыс көшсе, ит пенен ешкі өледі.
Жақсы қыздың үйіне күйеу болсаң,
Табақ-табақ алдыңа төс келеді.

- Тағы айт, тағы айт!- дейді.

- Қаратаудың басынан көш келеді,

Тым-ақ тәуір көремін көшкен елді.
Жаман қыздың үйіне күйеу болсаң,
Төсің түгіл, төсегің кеш келеді.
Күмпейе ақын қыз шыдай алмай, өлеңді қоя берді дейді ақындығын білдіргелі:

- Жеңгелікке жүреді екі қатын,

Сақтап жүрмін Алланың аманатын!
Арғындардың жігіті алдап отыр,
Шолтаң-шолтаң еткізіп шолақ атын.
Құдай рахмет қылсын, сонда Көтеш айтты дейді:

- Жеңгелікке жүреді екі зайып,

Өлең сөзді айтамын жұртқа жайып.
Ат шолағын, құдаша, қылсаң айып,
Аса (аша) шолақ нәрсенің бәрі де айып! –

дегенде, Күмпейе қалта қарап тұрып қалды да, Көтеш жеңіп кетті деген атақ болып, ел бастап, ақын атанған жері осы.

КӨТЕШ ПЕН КҮНЕКЕЙ ҚАҒЫТПАСЫ

Қуандықта: Алтай - Қарпық Итаяқ байдың қызы Күнекей ақын мен Көтеш ақын айтысқан.

Күнекей өлеңі:

- Ұранымды сұрасаң, Алтай - Қарпық,

Келген аттың бәйгеден бауыр еті артық.
Шашым менен шашбауым, жамбы - көтім,
Екі емшегім жігіттен әлі де артық.
Көтеш айтыпты:

- Киімде жаға менен жең бар деймін,

Айтысып меніменен нең бар деймін.
Шашың мен шашбауыңа сақал-мұртым,
О тесікке бір тығын тең бар деймін,
Емшегіңе екі иінім тура келсе,

Осыменен үйіңе (ойыңа) жөн бар деймін.

КӨТЕШТІҢ БІР ҚЫЗБЕН АЙТЫСЫ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Көтеш ақын Қаратауда сол қыстап жатқан қысыңда Қыпшақта той болып, Арғындарды тойға шақырыпты. Сонда Қыпшақта ақындықпен: «Арсыз қыз» атанған бір қыз бар екен. Жастан сонымен айтысуға жан шықпаған соң, шал да болса, тұсына Арғын болып Көтеш ақынды отырғызыпты: «Алжыған шал мен арсыз қыздың аяқтасқанын байқайық!»- деп. Сонда «алжыған шал» не дейді:

- Жігіттік, әлеуметтер, өтті бізден,

Қыз кетпес қартайғанмен көңілімізден.
«Алаштың ала жібін» аттамаймыз,
Бер, Құдай, өзіміздің пейілімізден!
Қыз айтады:

- Мінгенім дәйім менің боз інген-ді,

Аузыма сөйлейтұғын сөзім келді.
Қызарған екі көзі маймылдай шал,
Тұсыма қайдан менің кезің келді?
Шал сөзі:

- Бұл жерге келмес едім, көп ап келді,

Тұсына ақын қыздың дөп ап келді.
«Кәрі бұқа тайыншаны қуады - деп,

- Қызығын бір көрейік!»- деп ап келді.

Қыз айтады:

- Арғынның сендей шалы тот жейтұғын,

Арқасын сендей шалдың бит жейтұғын.
Қысың өтіп, шал баба, жазың шықса,
Аузың сасып, тісіңді кұрт жейтұғын.
Шал сөзі:

- Жүгірген ойдан қырға тарғыл тазы,

Жігітті мұңайтады малдың азы.
Аузы ашықтың бәрін де құрт жей берсе,
Құрт кетпес сіздікінен қысы-жазы.
Қыз айтады:

- Шал баба, жарымаған жалшы маған,

Соры бар маңдайыңның тамшылаған.
Өлеңді бізден бұрын көп айтыпсыз,
Шал баба, тапқаныңды салшы маған!
Шал айтады:

- Жөргекте қызды Құдай ұрған, ботам,

Бөксесін біз дегенде, бұрған, ботам.
Біздерде жоқ екен деп ғапіл қалма,
Түбінде қоржынымның тұрған, ботам!
Онда қыз былай дейді:

- Арғынның сендей шалы тот жейтұғын,

Арқасын сендей шалдың бит жейтұғын.
Қаншығы біздің елдің ұры келер,
Түбінен қоржыныңның ит жейтұғын.
Шал сөзі:

- Жөргекте қызды Құдай ұрған, ботам,

Бөксесін біз дегенде, бұрған, ботам!
Түбінен қоржынымның ит жемейді,
Қасында дөкей жігіт тұрған, ботам!
Алжыған шал жеңеді ғой, ақырын мылжыңдай беріп не қылайын?

КӨТЕШТІҢ БІР ҚЫЗБЕН АЙТЫСЫ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Шал.
Деген соң: «Қызыл өгіз, қызыл өгіз»,
Бұл елдің қатыны арық, қызы семіз.
Ақ төсіңе ақ төсім бір тиген соң,

Бұл жерден кім кетеді жиырмасыз?
Қыз.
Жаураймын қыстыгүні тон болмаса,
Жаушы күн көре ме ел болмаса?!

Біздерге бесеу-алтау бұйым емес,
Жеті мен сегіз, тоғыз, он болмаса.
Байлаймын көк аламды көк мойылға,
Кез болдым, шақырған соң, бір тойыңа.

Шал баба, көңіл беріп, қойныма алсам,
Жарар ең кідірместен неше ойынға?
Шал.
Байлаймын көк аламды көк мойылға,

Кез болдым, шақырған соң, бір тойыңа.
Бикешім, көңіл беріп, қойныңа алсаң,
Жараймын кідірместен бес ойынға.

ОРЫНБАЙ МЕН КЕЛІН ҚАҒЫСУЫ

Қарауыл: Орынбай ақынның бір жаңа түскен келінге айтқан өлеңі. Келіншек өзінен жасы, жолы кіші, баласындай адам болу керек. Оңаша үйде бір кездесіп қалғанда, айтыпты. Орынбай.

Ақ емес, не қара емес, торы келін,
Адамның өзі теңді зоры келін.
Адамға ұят, абырой мұнан болмақ,
Арасын екі аяқтың қоры, келін!

Онда келін айтады:
Ақ емес, қара да емес, мен бір торы,
Адамның өзім теңді болдым зоры.
Мен сақтап осы жерге аман келдім.

Ендігісін, қайынаға, өзің қоры!дегенде: «Қасымда басқа біреу болғанда, тірі масқара болып едім, айтуымыз оңаша болып, жаным қалды!» - депті Орынбай.

ТӘТТІҚЫЗ БЕН ӨСКЕ ҚАҚТЫҒЫСЫ

Қыпшақ - Өске ақын бір ауылға келіп түскен екен. Сол ауылда ақын Тәттіқыз кездеседі. Сонда Өскеге Тәттіқыз айтқан екен:

Менің атым - Тәттіқыз,
Өңге қыздың аты - қыз.
Кер[д]еңдеп келіп,
Сырты қожырайған шал екенсің,

Ұйқыңды бұзбай жатыңыз!
Сонда Өскенің айтқаны:
Сенің атың - Тәттіқыз,
Айтқан сөзің дұрыс-ақ,

Өзге қыздың аты қыз.
Үнемі жігіт-жігіт дей бермей,
Шалдікін де біраз татыңыз!

МҰСТАФА МЕН ЖҰМАБАЙ ҚАҒЫСУЫ

Мұстафаның Қойсары: Жұмабай ақыннан сұраған сөздері.
Мұстафа сөзі:
Дін күткен мұсылманға болар сауап,
Күшің жетсе, мекерге қылшы тауап.

Жұмеке, жасың үлкен, аға едіңіз,
Сұраймын аз ғана сөз, берсең жауап.
Жұмабай сөзі.
Қайыр, ықсан нашарға берген сауап,

Байға парыз Меккені қылмақ тауап.
Қайтармақ сөзге жауап, қиын жұмыс,
Берейін шамам келсе, сізге жауап.
Мұстафа.

Бес намаз күнінде бес оқылады,
Ораза жылда бір ай тұтылады.
Құранда неше аят бар, неше тыныс,
Неше аят мансұм сәжде оқылады?

Жұмабай.
Алты жүз мың және де
Алпыс алты мың Құранда аят.
Жүз төрт сүре, он төрт сәжделі аят.

Білетін тыныс жарып (шәріп) мағыналарын
Ғалымдар білер оны бүн заһаят.
Мұстафа.
Бес парыз - дін исламның болған бесеу,

Тозақ жеті болыпты, бейіш нешеу?
Тірегі дін исламның Құран - ғатым,
Жұмеке, сол Құранның әрпі (харпы) нешеу?
Жұмабай.

Нәпсі тыйсақ, күнәдан арыламыз,
Күнә қылсақ, тәубеден жаңыламыз.
Ақша емес шотқа қағып есептейтін,
Есептеп Құран әрпін не қыламыз?

Мұстафа.
Зор күнә: ұрлық, ойнас, өтірік, өсек,
Кісі ақысы, бұлардан, ауыр жесек.
(Бұлардан ауыр күнә арам жесек)

Тақ-жұпсыз, есеп-сансыз нәрсе бар ма,
Есеп білмес, Жұмеке, болдың есек.

ҚАЛЫПТЫ АЙТЫС ҮЛГІЛЕРІ

АҚБАЛА МЕН БОЗДАҚ АЙТЫСЫ

Бір Боздақ деген жігіт Ақбала деген қызбенен қосылды. Ғашық болып қосылған соң, екеуінің қосылғанын әкесі біліп:

- Осыған қызымды бермеймін!- деп, айрылып көшті. Алысқа кеткен соң, Боздақтың әкесі жігітті бұрынғы айттырған қайнына жіберді. Қайнынан қайтып, ойнас қызының жеріне келді. Келсе, ойнас қызы өліп қапты. Бейітінің басына жатып өлең айтты.

Жігіт.
Әуеде ызылдайды жасыл сона,
Қалыпты жайлауыңда жалғыз мола.
Жайлауың мен кеткенде тап-таза еді[1],

Бөлмесін, Ақбала қыз, Аллатағала!
Саламын қоржыныма тарымды ақтап,
Атымды қамшылаймын екі жақтап.
Жасырған алтын-күміс тұл тақияң,

Қалыпты айдалада бейіт сақтап.
Онда моладағы қыз айтады:
Жайлауы еліміздің құм еді ғой,
Базарға қой айдаса, пұл еді ғой.

Басыма келмей жатып өлең айтқан,
Қайғырған қайсы байдың ұлы еді ғой!
Боздақ айтты.
Арқаның ақ қайыңынан ерімді тоздап келдім,

«Бұ мола кім болды?»- деп, қозғап келдім.
«Бір бата кім де болса, қылайын»- деп,
Жалғызы мен Бөртенің Боздақ келдім.
Қыз.

Жалғанның сұмдығынан ақ баламын [2],
Немді айтып, өліп қалдым, мақтанамын.
Жалғызы сен Бөртенің Боздақ болсаң,
Жалғызы мен Қырғидың Ақбаламын.

Жігіт.
Ақбала қыз екенің танып тұрмын,
Лапылдап тал отындай жанып тұрмын.
«Тартысқан тар төсекте тату едік,

Ойыма тұра ма?!»- деп алып тұрмын.
Қыз.
Айтамын айт дегеннен, қызыл тілім,
Үй қылдым қазғаннан соң жердің түбін.

Қызыл тіл кейде келер, кейде келмес,
Бейіттен мына тұрған шықпайды үнім[3]
Жігіт.
Қайтті екен [4], Ақбала қыз, сенің мұрның,

Мен едім тірілікте тату құрбың.
Үйіңе апарайын мен сені енді,
Басыңды, әлің келсе, көтер бүгін!
Қыз.

Мұрнымның құм құйылды тесігіне,
Алланың мен жолықтым кесіріне.
Ал, тұрайын десем де, тұра алмаймын,
Қойыпты Аллам бөлеп бесігіне.

Жігіт.
Қайтті екен, Ақбала қыз, қолаң шашың,
Көрінген жабысыңкы қиғаш қасың.
Ақбала, әлің келсе, көтер басың,

Тіріде, еске түсті, берген асың.
Қыз.
Орнынан жидіген-ді[5] қолаң шашым,
Қалпында тұрсын ба [6], қиғаш қасым?!

Басымды әлім келіп көтере алман,
Тең көрген ханышамен қайран басым!
Жігіт.
Қайтті екен, Ақбала қыз, ақ етіңіз,

Ағармас баяғыдай тағы етіңіз.
Болғанда астың көрден, үстің - тастан,
Жатты екен қайтіп шыдап жақ етіңіз?!
Қыз.

Айтамын айт дегеннен ақ етіміз,
Ағармас баяғыдай тағы етіміз.
Болғанда астым көрден, үстім - тастан,
Шіриді жатып жерде жақ етіміз [7].

Жігіт.
Қайтті екен, Ақбала қыз, екі көзің,
Аян-ды бір құдайға айтқан сөзің.
Ақбала, әлің келсе, көтер басың,

Басылсын менің көңілім көріп жүзің [8].
Қыз.
Орнынан олқы [9] түсті екі көзім,
Аян-ды бір құдайға айтқан сөзім.

Басымды әлім келіп көтере алман,
Бейіттен мына тұрған шықпай өзім [10].
Жігіт.
Қайтті екен, Ақбала қыз, екі көзің [11],

Аян-ды бір құдайға айтқан сөзің.
Қара жер бауыры суық алған екен,
Қызықты ойнап күлер айдай кезің [12].
Қыз.

Боздеке, қайтіп жатсын екі көзім?!
Осындай мұңлы кәріп болған кезім [13].
Басымды алып келіп көтере алман,
Кісісі ақыреттің болдым өзім.

Жігіт.
Жағыңда саусаған-ды отыз тісің,
Аян-ды бір Аллаға қылған ісің.
«Ішінде туар айдың келемін!»- деп,

Үйінде зар жылайды алған кісің.
Қыз.
Жағымда саусаған-ды отыз тісім,
Аян-ды бір Аллаға қылған ісім.

Қайтейін, зар жыласа алған кісім,
Құдайдың мен қайтейін салған ісін?!
Жігіт.
Қайтті екен, Ақбала қыз, іш-бауырың,

Тіріде осылай ма еді айтқан қаулың?!
Бекітіп төңірегің тас қылыпты,
Жүр екен қайтіп шыдап сенің ауылың?!
Қыз.

Ішімде елжіреген іш-бауырым,
Тіріде бола бермес айтқан қаулым!
Бекітіп төңірегім тас қылса да,
Жүрген-ді қойдай шулап менің ауылым.

Жігіт.
Қайтті екен, Ақбала қыз, екі қолың,
Мен едім тірілікте тату құрбың.
Көріңнен қолым салып ала алмадым,

Құдайдың кім бұзады салған жолын?!
Қыз.
Саусағына ілінген екі қолым,
Сен едің тірілікте тату құрбым.

Көрімнен қолың салып бір тартпадың,
Немене ойбай, Боздақ, сенің оның?
Жігіт.
Арқада аттан түйе қымбат екен,

Құдайға төрт періште тіл хат екен.
Арасын [14] екі дүние көрдің қабат,
Ақбала, бұ жалғанда не тәтті екен?
Қыз.

Арқада аттан түйе қымбат екен,
Аллаға төрт періште тіл қат екен.
Арасын екі дүние көрдім қабат.
Кід Құдай әкем қосқан жар тәтті екен.

Жігіт.
Біздер кетіп барамыз үйге қайтып,
Дәтің қайтіп шыдайды жалғыз жатып?!
Мені сен, әлің келсе, жебегейсің,

Басыңа бата қылдым өлең айтып.
Қыз.
Келдің, жігіт, ай, Боздақ, кеттің тастап,
Шыдайды дәтің қайтіп жалғыз тастап?!

Біздерді жалғыз тастап желе берсең,
Тартарсың жол азабын, атың ақсап.
Жігіт.
Олай деген алғысың ба, қарғысың ба,

Айтысқан тірідегі байғұсыңа.
Бізді сен, әлің келсе, жебегейсің,
Жөнелдім өлең айтып дәл тұсыңа.
Қыз.

Ойнаушы ем, ортекемді киік қылып,
Шаншушы ем, қарқарамды биік қылып.
Алдымда - апа, артымда сіңлім жоқ-ты,
Көргенге не қылады күйік қылып?!

Жігіт.
Ойнаушы ең ортекеңді киік қылып,
Шанышқаның қарқараңды биік қылып.
Пайдасы қияметте тиер болса [15],

Қайтеді қарқараңды қоймағанда күйік қылып?!
Жыласаң, көз жасыңды иер болса,
Қожаға иман қайда күйер болса.
Басыңа қарқараңды қойғызайын,

Пайдасы қияметте тиер болса.
Қыз.
Ортасын Орайбектің оймай кетті,
Басыма қос қарқарам қоймай кетті.

Әке-шешем бұйырып қоям дейді,
Жиылып елі-жұртым болмай кетті.
Жігіт.
Ортасын Орайбектің ойдырайын,

Басыңа қос қарқараң қойдырайын.
Пайдасы қияметте тиер болса,
Қарқараңды өз басыңа қойдырайын!
Қыз.

Сәлемді шешекеме деп айтқайсың,
Құлағы жоқ әкеме көп айтқайсың.
Ішінде туар айдың келсе жарым,
«Болды мажаңа керек?»- деп айтқайсың.

ШОРТАНБАЙ МЕН ОРЫНБАЙДЫҢ АЙТЫСЫ

Керей: Тұрлыбек[тің] советник болып, жеті дуан аралағанда қасында Қарауыл: Бертағының баласы Орынбай ақын бар екен. Тұрлыбек Қарқаралыға барғанда, Орынбай бірге барып, Қаракесек: Майқы, Бошан деген елден коп олжа алып қайтқан екен. Арада бір жыл өткен соң, Қарқаралыға аға сұлтан күні, Құсбек төре Орынбайды қонақ болсын деп шақыртыпты, Шортанбай қожамен айтыстыру үшін. Екеуі кездескен жерде Шортанбай айтқаны:

Жаратқан бәрімізді бір құдайым,
Падиша пендесінің білер жайын.
Атыңа - анық, жүзіңе қанық едім,
Жол болсын, жүрсің қайдан, Орынбайым?

Орынбай.
Диуана қожа атасы барған Мекке [1],
Мейрамға атың шыққан жалғыз жеке.
«Жолың болсын»,- дегенің жақсы лепес,

Құдай берсе, мол берсін, ай, қожаке!
Шортанбай.
Өлеңге бір кісідей туысың бар,
Тіл мен жаққа бақ берген, ырысың бар.

Барымташы кісідей: «Мол болсын»,- деп,
Әлде қандай кісіде жұмысың бар?
Орынбай.
Былтыр бізді шақыртты Құсбек батыр,

Хан шақырса, не тұрсын ақын бақыр?!
Ақ сұңқардың дидарын көрейін деп,
Орынбай сол жарлықпен келе жатыр.
Шортанбай.

Айтасың мақтаныш қып батыр, ханды,
Ар көресің құр келіп, шатылғанды[2].
Ел бітімін бітірер би емессің,
Құсбек сені не қылсын шақырғанды?!

Орынбай.
Қожеке, ханға тағы сөйлеймісің,
Ханыңды шақырды деп сүймеймісің?!
Ішің тар, бұ қайдағы жарықтық-ау,

Ханның өзі шақыртса, қой деймісің?
Шортанбай.
Еліме мен насихат кеп айтамын,
Беті-жүзің бар демей, тік айтамын.

Елімнен былтыр алып кетіп едің,
«Ұялмай биыл неге келдің?»- деп айтамын.
Орынбай.
Тереңнен алатұғын алымым бар,

Жақсыдан алып жүрген қалыбым бар.
Төреңе әлің келсе, бердірмей бақ,
Күндесең алғанымды, ішіңді жар!
Шортанбай.

Орынбай Тұрлыбек пен келген екен,
Жан қалмай, төре; қара берген екен.
Елімді өзім жоқта қойдай жуып (жиып),
Бұ мұндар сонан дәндеп жүрген екен.

Орынбай.
Қожеке, соны сөз деп айтармысың,
Қуанып, бердірмесең, қайтармысың?
Мейрамның, қарлығаштай, малын қорғап,

Қызғанған дүние малын шайтанбысың [3]?!
Шортанбай.
Білдің бе сөйткенменен берерімді,
Бағана-ақ білім едім не деріңді [4].

Менен басқа жан жоқ деп мақтанасың,
Асырмасаң, түк бермен, өнеріңді!
Орынбай.
Шығыпты Орта жүзге атың, қожа,

Айтасың ғалымдық жоқ батыл, қожа!
Сендей сарттың талайын уқалатушы ем,
Осы жолы бердірмесең, боласың ғой қатын, қожа[5]?
Шортанбай.

Орынбай Тұрлыбек пен келдің, кеттің,
Алдыңа түсер жан жоқ, гулеп өттің!
Жалынсаң, қожеке деп қояр едім,
Түк бердірмен, түбірлеп [7] түпке жеттің!

Орынбай.
Қожеке, сөйлер сөзден жаңылғаның [8],
Құсбектен тәуір болды табылғаның.
Бұ жерде қожа билер Қаратау[9] жоқ,

Арғынды сенен сұрап не қылғаным?
Шортанбай.
Қарауыл өрши берді, шыңдамасам,
Айтпаймын, жұртым, саған, тыңдамасаң!

Тіленші елге келген сен емеспін,
Көрейін халқымнан-ақ, бұлдамасаң!
Орынбай.
Қожасың - Қарақалпақ затың басқа,

Шығыпсың жақпай жалғыз қарындасқа.
Баласын бір Арғынның екі айыр деп,
Үйретті қандай ақымақ [10] сен қу басқа?!
Шортанбай.

Болса да баяғыдай заманым жоқ,
Бозбала, бәрің бірдей жаманың жоқ.
Пір болған жеті атаңа қожаң едім,
Көрмесең бір заржақтай (жаржақтай), амалым жоқ.

Орынбай.
Нәсілің төрт жардан бұл, дегдар қожам,
Алдымнан қисық жүрмей, жөн бар, қожам!
Пір болсаң, дәріс оқытып [11], дін үйретпей,

Қазақтың өлеңінде нең бар, қожам?!
Шортанбай.
Өлеңін мынау ақын бағады екен,
Сөйлесе, сөз мәнісін табады екен.

Алдынан осындайда бір шықпасам,
Жанына, қоя берсем, жағады екен!
Орынбай.
Айтасың - жүйріктікпен, шешен қожам,

Күнәңды, тәубе қылсаң, кешер, қожам!
Алдыма шығарыңды қайдан білдің,
Айтасың соны білмей, есер қожам!
Шортанбай.

Беріп пе жалғыз саған тіл мен жақты,
Деймісің сөзден кедей біз бейбақты?!
Қожаңды жұрт пір қылған есер дейсің,
Ау, балам, тапсырамын аруаққа.

Орынбай.
Деп едім тілім тиер мен бағана,
Жаратқан қожаны есер құдай тағала.
Ишан [12] өлең айтқанын қашан көрдің,

Өлеңіңді айт, пірліктен [13] кет садаға!
Шортанбай.
Хан, қара шақырған соң, келе қалдым,
Ақынды іздеп келген көре қалдым.

Қожаны пірлігінен айырып алған,
Молдаға дәріс оқытқан қайдан қалдым?!
Орынбай.
Қожеке, көп шайтанмен салыспаңыз,

Қараға, төре тұрып, таныспаңыз.
Айтамын жаным ашып ақсүйекке,
Жасыққа болатынды [14] алыспаңыз!
Шортанбай.

Өтерін бұ дүниенің ойламасам,
Алдында хан, қараның сайрамасам,
Орынбай - елге келген бұл бір мейман,
Кетермін жолдан тайып сыйламасам [15]!

Екеуінікі де жарастықты, сыпайы болды.

ЖАНАҚ ПЕН ТҮБЕК АЙТЫСЫ

Қайым өлең: Жанақ пен Түбек айтысқаны. Жанақ - Қаракесек, Қамбар деген руынан шыққан. Сабырбай: Түбек - Найман, Байқара деген руынан шыққан. Бір ауылдан он алты ақын шыққан - Дулат: Жылтыр. Найманның ортасында бір төренің асында - Қамбар: Жанақ, өзі кәрі шал, өзі жалғыз атты жолаушы.

Әуелі Жанақ айтады:
Мен үйімнен шығып ем Ертіс өрлеп,
Үш жүздің ортасында өлең кернеп [1].
Хан ием шақыртқанға келіп қалдым,

Екі неме қоймайды көлденеңдеп.
Түбек.
Шығып ең сен үйіңнен Ертіс өрлеп,
Үш жүздің үш ауылына кедеймін[2] деп.

Жанақ-ау, жамбы түгіл, боқ та алмайсың,
Өлең айтып не етесің, бекер терлеп?!
Жанақ.
Біздерді шау дегенде, өлең бассын,

Өлең айтсам, аруағың сенің қашсын!
Сенімен он сегіз күн тарпысармын,
Он тоғыз күн дегенде, шыдамассың!
Түбек.

Кәрі құл, мен шыдармын, сен шыдамассың,
Шыдамаған жігітті қара бассын [3].
Ұстай алмай қаларсың етегімнен,
Жамбыңды алдыңдағы ала қашсам!

Жанақ.
Құдай-ау, қайдан қалдым сөз ұғарға,
Ноғай кедей болмайды бөзі барда.
Мен неге олжа алудан құр қалайын,

Атамның мына отырған көзі барда!
Түбек.
Мынау орыс салыпты қырға бекет,
Еліңіз бермейді екен қайыр, зекет.

Жас төлін сүтін емген біз алғанбыз,
Тұғырдан түсіп қалған атаңды әкет!
Жанақ.
Ауылы Оспан ханның Бөрікағашта,

Атым - Жанақ атанған алты Алашқа.
Оспан хан шақырған соң [4], келіп едім,
Қой, бала, менімен сен тайталаспа!
Түбек.

Ауылы Оспан ханның Бөрікағашта,
Кедейлігің белгілі [5] алты Алашқа.
Оспан ханның ақыны қалай екен,
Тай күнінде атпенен тайталасса [6]!

Жанақ.
Ауылың Сасық судан көшкен екен,
Ырысың, балам Найман, өскен екен.
Төре, қараң жиылып кеңес қылып,

Жанақты бір жеңейік дескен екен.
Түбек.
Ауылым Сасық судан көшіп жүрген,
Ырысым жылдан-жылға өсіп жүрген.

Қамбардың кедей шалы келе қалса,
Бозбала, түк бермейік десіп жүрген [7].
Жанақ.
Ау, балам, сенің өзің қай Наймансың?

Қонақасы беруге бай Наймансың.
Арғынның айналасы алты айлық жол [8],
Кемдігіңді, балам Найман, ойлағайсың!
Түбек.

А, Жәке, біздің Найман бай Найман ба?
Қонақасы беруге сай Найман ба?!
Жаман, жаман дейсің де, еш қоймайсың,
Жаман болып, жасқанып, тайғандай ма [9]?

Жанақ
А, балам, Арғын қайда, Найман қайда?
Арғындығым көрсетейін осындайда!
Талқан боп Тарбағатай кетер еді,

Арғын беттеп жайласа жазғы майда [10].
Түбек.
А, Жәке, Арғын қайда, Найман қайда?
Арғын болсаң, Қарқаралы дуан қайда?

Бас қылып Жамантай мен Құсбегіңді,
Жақсыңды тізіп қамап жалғыз сайға[11].
Жанақ.
Деген соң, атым Жанақ, атым Жанақ,

Шалбарым бес теріден, сексен балақ.
Ашуыма коп тиме, балам Найман,
Ашулансам, кетермін иттей талап!
Түбек.

Қу кедей тентіреген Қамбар: Жанақ,
Қылғындырып қыдыртқан мешкей тамақ [12].
Ініңді сартқа саттың кедейліктен [13],
Құлағымды кессең де, айтқаным-ақ!

Жанақ.
Қақ жарып көп жақсыңа өлең айттым [14],
Қобызым қолымдағы қоймай тарттым.
Мақтанба көрмегендей, балам Найман,

Жүз жылқы ұрладың да, жүз қой тарттың!
Түбек.
Қақ жарып көп жақсыма өлең айттың,
Қу жарғақ қобызыңды қоймай тарттың.

Өзге байлық айтса, айтсын, сен айтпашы,
Бай болсаң, неге ініңді сартқа саттың?!

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: Жанақ өзі - жеті ағайынды Тимеш балалары. Жетеуі -бәйбішеден, тоқал шешесінен екі бала: Бітімбай, Тынымбай. Тынымбайды Ташкенттік сартқа сатқаны рас. Оның ұрпағы: Қыбырай, Дүрменде, Ақпан, Тоқпан.

Жанақ.
Мен ағаң Арғын болғанда, балам - Найман,
«Кедей Жанақ»- десең де арланбаймын (арланбайман)[15].
Ашуыма көп тиме, Найман бала,

Аузыңды қобызыммен қан қылғаймын (қылғайман)!
Түбек.
Арғын болсаң, қайтейін Наймандаймын,
Куәм бар, қай сертіңнен тайғандаймын?!

Ұрының өзіне лайық сойылы бар,
Домбыраммен қақ басқа қойғандаймын [16]!
Жанақ.
Сен - пышақ: жетесі жоқ, мен - алтын қын [17],

А, балам, жеңе алмасаң, саған бір сын.
Өзім кедей болсам да, аймағым бар,
Алдажұман жылқысы - жиырма үш мың [18].
Түбек.

Найманда: Бура менен қалған қатын [19],
Тоқсан санды айдаған Қамбар жатыр.
Жүз сандық Бексұлтанда жамбы жатыр,
Алпыс атан түйеге әрең артар.

Жанақ.
Біздерді қыдыр дарып, өлең басты,
Өлең айтсақ, аруақ сенен қашты.
Кесер бас, жүрер аяқ малды айтсайшы,

Ұрыдай не қыласың жатқан тасты?
Түбек.
Күмістен жамбы деген тасым еді [20],
Әр тасым бес жүз сомнан асыл еді.

Елімнен келмей жатып жамбы сұрап,
Ол тас емей, атаңның басы ма еді?!
Жанақ.
Жанаққа ас бермейді бастан басқа,

Көзімнен түк шықпайды жастан басқа.
Берген малын мен қашан тастап кеттім,
Еліңнен берері жоқ тастан басқа.
Түбек.

Абыл хан, Әбен жатыр Ертісті өрлеп,
Сабыл хан, Сәбен жатыр: «Келсең, кел!»- деп.
Тоқта, Күшік - Қамбарда тоқсан мың бар,
Тоқсан атпен жияды кезі терлеп.

Жанақ.
Құрысбай, Сапақ, Бапақ [21] Азнабай-ды,
Оны азсынсаң, қос атқа ал Өтебайды [22].
Қойгелді Ордабай мен бәсеке боп,

Бас-басына тоқсан сан қой айдайды [23].
Түбек.
Біз келдік өңшең төре асқа саулап,
Ішінде Иса, Әлі бар омыраулап.

Қу далада қу таңдап қақсағанша [24],
Садат ханымға айтсайшы, көңілін аулап!
Жанақ айтады:
Адырайып не дейсің Адырбай сарт,

Найманшамның баласы, тізгінің тарт!
Қалай айтсам, мен - Арғын: ерік өзімде,
Қалмағыңның қатынына өзің-ақ айт!
Түбек.

Еліңде төрең бар ма іске жарар [25]?
Сұрасаң, біздің төре ханға барар!
Бұл сөзді не деп айттың, кедей Жанақ?
Төрелер ашуланса, басыңды алар!

Жанақ.
Қайтейін, ашуланса, ашулансын!
Ашуланса, қаямды кесіп алсын.
Зауы шайтан басымды кесе алмаса,

Өзі кедей Жанақтың несін алсын?!

Түбек жылдам жауап таба алмағанда, оның орнына, бір жақын Сарыбай деген кісі айтыпты:

- «А, Түбек!»- деп, отырып ем, сөйлемейін,

Жанақтың толтыра алар кім көмейін [26]?!
Ұшқынды-ай ұшып шыққан бір-ақ қақпай,
Кедейді неге қойдың әлге дейін?
Онда Түбек айтты:

Сапекең, даусың қалай безектеген,
Күң де күнін көреді тезек терген [27].
Кедейді іштен шалып, қайқайтайық,
Екеуміз екі жақтап кезекпенен!

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Осы өлеңнің бастан-аяқ бәрінің құны осы айтылған бір ауыз өлеңге жетпейді. Бір жұмбақ бар: білгенге - ұмытпастай өлең-жыр, білмегенге - дір-дір жуан тілмен [бір]».

Жанақ.
Ауылым он қазылық Ойтүндікте,
Тоқсан бие сойдырып, жүз үй тікті.
Қос ақын бұлғақтай бер, ел сенікі,

Жұрттан жалғыз жүрген соң [28], көңілім күпті.
Екеуің екі жақтап буындырып [29],
Сөйткенмен алсаң жақсы сүріндіріп.
Келген жерден сусыным бір қанбады,

Қаракесек ет бердің тығылдырып.
Түбек.
Кедейге өлең бітіп, жыр бітпеген,
Атасынан бері қарай жол күтпеген.

Тоғыз саба құйсам да, тоймас кедей,
Өмірінде борбайына шыр бітпеген!
Байлыққа кім тұрғанда, Досан тұрған,
Қасында Байжан, Сымақ қоса тұрған.

Қорадан он төрт мың қой бірден өрген,
Аламан шеннен асқан Асан тұрған.
Шапса қылыш өтпейтін Мұсам тұрған,
Маған неге сөйлейді осы антұрған!

Жанақ.
Түбек маған қылады омырауын,
Найман итке тағады қоңырауын.
Көрмегендей мақтанба, балам Найман,

Үзігіңнің ұрайын төрттен-ақ бауын.
Түбек.
Мен өлеңді айтармын жағым тынбай,
Сірә, мені жеңбессің, Жанақ сұмырай!

Сені де қалашылар мақтамайды,
Үйіңнің тесігі бар тоқсан мыңдай.
Жанақ.
Үйімнің сырты жаман, іші тәуір,

Сен Түбектей емеспін қара бауыр.
Үйімде тығып қойған жүз жамбым бар,
Мал-жан қылсам болмай ма қанша ауыл?!
Ол сөзге Түбек жауап таппады.

Найманның отырған ақсақалдары:

- Арғын ағамыз ғой, бөтеніміз емес. Біздің Найманды ат төбеліндей төре билейді, бұра тара Уақ билейді. Арғын Арғындығын қылып, төре-қараның жалғызына билетпей, Мұсаның дөкей ірі болып тұрғаны рас. «Аталы сөзге арсыз таласады»- деген. Қой, біздің балалар жүзі басқаны жеңсеңдер де болады!- депті.

ЖАНАҚ ПЕН САҚАУ АЙТЫСЫ

Қуандық, Сүйіндік бірыңғай, Қаракесек: қалың Бошан, Майқы, Танаш бірыңғай - екі елдің басы қосылған жиында Қуандық, Сүйіндік төресі Құдайменде - Есім: Тәуке баласы, Қаракесек төресі - хан Жамантай - Бөкей: Дайыр баласы. Екі төре билік айтты:

- Екі жақтан екі ақынды жекпе-жекке шығарып айтыстырайық. Қаракесек, ақының жеңсе, біз: Қуандық, Сүйіндік атқа - тай, тайға қой алайық. Егер де ақының жеңіліп қалса, біздің қойымызға - тай, тайымызға ат төлеу беруге мойында!

- Жарайды, болса, болсын! - деп, Қаракесек Қамбар: Жанақты ап келді.

Қуандық, Сүйіндік Сақауды алдырды. Жанақ жасы үлкен бұрын сөйледі:
Екі ағам бар алдымда; Майқы, Бошан,
Өзім Қамбар болғалы әлдеқашан.
Қарлығаштың қанаты ыс болмай ма,

Есіл менен Нұранды қаптай қонсам.
Сақау.
Асқар белмін, шалқар көлмін,
Түйенің жауырындай жалпақ елмін.

Ашуыма көп тиме, қара күңім,
Бүркіт алған түлкідей, басып жермін!
Сонда төрелер бұл екеуінің өлеңін билердің билігіне салды:

- Қайсысынікі артық, сонда қандай артықтығы бар? - деп, сынға бергенде, екі жақтың билері ынтымақпен талассыз, тартыссыз кесім қылды: «Жанақтың өлеңінен Сақаудың өлеңінің тайлы бие, боталы түйе артықтығы бар!»- деп.

Құдай рахмет қылсын Алшынбай би де айтқан:

- Тоғжан өлеңінен Сақау өлеңінің тайлы бие, боталы түйелік артығы бар!» - деп.

САҚАУ МЕН ТОҒЖАН АЙТЫСЫ

Орта жүзден шыққан Шоң, Торайғыр заманындағы Сақау ақынның Тоғжан қызбен айтысқаны. Сақау өзі қара қасқа кедей, екі ат тақымынан кеткен жоқ, үш ат маңдайына біткен жоқ. Баянаулада жатақ жатып, саржан сатып, ауқат кешіреді екен. Ол күнде бір саржан жиырма тиын екен. Жаз болса, кереге жонып, үй ағашы қылады екен. Анда-санда аңсары ауғанда, ұрлық та қылады екен. Тоғжан - Қаракесек қызы, әкесі - Самай, үштің біріне қосылған, байдың қызы. Екеуі бұрын бір айтысып, Торайғыр биге жүгінген екен. Торайғыр биге қыз пара беріп, қыз парасы белгілі ғой, Торайғыр: «Тоғжан жеңді!»- деп, сонан арманда кетіп: «Ай, бір айтыссам-ау!» - деп жүріп: «Тоғжанды жаз шыға ұзатады»- деп естіп: «Бір елге қатын болып түскен соң, жеңген, жеңілгенімнің не сәндігі бар, өз елінде оң жақта қыз күнінде айтысып қалайын!»- деп, бір атын мініп, бір атын қос атқа алып, ұзататұғын тойына баруға шықса, сегіз күн той қылып, жеті күні өтіп, бір-ақ күні қалған екен де: «Балаға батасын беріп, аттандырғанының ішінде болсын!»- деп, Алшынбай биді шақыртқан екен. Сақау Алшынбайға оқтай ұшырап қалып:

- Жол болсын!- дегенде,

- Жылқы алдырып, соны қуып келемін,- депті.

- Жүр, бүгін біздің жанымызда бірге бол, Тоғжан баламен айтыстырайық!- деп, Алшынбай шап ете түсіпті.

- Қарақұрттай быжынаған қалың Қаракесектің ортасында жалғыз жүріп айтысып, таяқ жеп қалайын ба?!- депті.

Алшынбай би:

- Қой, үйдеме, кісісіз жерде кісіні ит талайды, кісі отырған жерде кісіні кісі талай ма екен? Жүр, мен қанаттыға қақтырман, тұмсықтыға шоқытпан! - деп, міндеттеніп, ала жүріпті.

Іңір қараңғылығы, апақ-сапақта Сақау үйге кірісімен, өлеңді қоя беріпті. Қыз әрі танысқан, әрі жар-жар айтысқан, шаршап жантайып жатыр екен.

Сақау.
Қыз Тоғжан, жақсы болсаң, қарындасым,
Жаман болса, азабың арылмасын!
Қос атпен Қызылтаудан Сақау келді,

Ақмарту айтысалық, көтер басың!
Тоғжан қыз шошып қалды, шымылдықты серпіп тастады:
Үйімде жатыр едім, тойған қойдай,
Сұм жалған қызығына көзім тоймай.

Жуынып жаңа бетім отырғанда,
Қу Сақау, жез көмекей, не дейді, ойбай?!
Сақау.
Сен - кепсер, мен жез едім, қинасалық,

Екеуміз бір құдайға жыласалық.
«Сақауды кәрі,- Тоғжан - жеңдім!»- депсің,
Іздеп Сақау кез келді, сынасалық.
Тоғжан.

Тарттың ба маған қарай томағаңды,
Сен қайда сыйлаушы едің өз ағаңды?!
Келгенің әдейі іздеп мен болсам, кедей құлым,
Берейін асықпай тұр, сыбағаңды!

Сақау.
Көп дәурен көзім көріп, сүргеннен соң,
Үстіме парша мәулім кигеннен соң,
Асығып қашып қайда кетер дейсің,

Қос атпен Қызылтаудан келгеннен соң?!
Тоғжан.
Көп түйіп қабағыңды, жамансың ба?
Кеш қалдың, ерте келмей, шабансың ба?!

Көп айлар көрмегелі, көп күн болды,
Қу Сақау, жез көмекей, амансың ба?!
Сақау.
Ақырған қараңғыда қара қабан,

Сақауға сөйлейтұғын келді заман.
Еліміз қорасаннан көп қырылды,
Құдайға шүкір, әлі жүрмін аман!
Тоғжан.

Ай, Сақау, жақсы болып, жай білмейсің,
Бойыңа ине-жіптей бір ілмейсің!
Жағаңда екі қолым - қияметте,
Қойныма бойдақ болып бір келмейсің!

Сақау.
Биыл қыс біздің жақта жаман болды,
Жылқы - отарда, қолдағы ат шабан болды.
Жақсы болсаң, қойныңа келмес пе едім,

Мұрның кейкі, сипатың жаман болды.
Тоғжан.
Не дейді мына кедей жандай ғана,
Қалмайды қыр соңымнан сонда ғана.

Бірінде екі сөздің кемітеді,
Көрейік, ап кел жарық, сол өзін қандай ғана!
Сақау.
Шықшытты, алқымым тоқ, орайлымын,

Болғанда қарным жуан, шойдалымын (шүйделімін).
Алып кел, алып келсең, жарығыңды,
Өзіңнен және қызыл шырайлымын.
Тоғжан.

Құлпы тон, көп киген соң, оңатұғын,
Адал ұл ата жолын қуатұғын.
Бетіме бар салығың - сол ма, кедей?
Өлеңім шырайымды жуатұғын!

Сақау.
Кәрі күң, кейкі тұмсық, сенен өлдім,
Елімнен саған бола көңіл бөлдім.
Сені мен жеңбесіме немене енді,

Құдайға ақ сарыбас айтып келдім!
Тоғжан.
Ай, тәңірім, айтқан сөзім жалған болмас,
Аузыма өтірікті Аллам салмас.

Шаншардың арам сідік баласы едің,
Құдайға айтқан тоқтың қабыл болмас.
Сақау.
Шоң биден, шешен болдым, бата алған соң,

Қожадан ақ шалмалы хат алған соң.
Құрбыңа қай уақытта теңелесің?
«Кәрі күң - кейкі тұмсық»,- атанған соң!
Тоғжан.

Базардан базар барсаң, елітерсің,
Биені құлыны өлген телітерсің.
Мен Тоғжан, сен Сақаудың заманында,
Бірінде екі сөздің кемітерсің!

Сақау.
Оқиды қожа кітап, пір болған соң,
Тең тартар, терезесі тең болған соң.
Кемітпей қайтушы едім кәрі күңім,

Өзімнен және шолақ кем болған соң.
Тоғжан.
Өлеңге сен де, керім, мен де керім,
Бұ сөзді не деп айттың, кемеңгерім?!

Сен оны ақылсыздан кемітесің,
Қан болып аузы-басың шыққан жерің!
Сақау.
Қырқады байлар қойын күземменен,

Қуарар кек жапырақ қазанменен.
Күлге аунап қай ұрғашы бала тапқан,
Өзімнің о да біткен тіземменен.
Тоғжан.

Қызылтау, Баянаула бел-ақ еді,
Орманшы өз алдына ел-ақ еді.
Нағашың Шаншар болып, шырақ, тудың,
Кеспелік, түрмелік [1] дем шұнақ еді.

Сақау.
Жылқысын әкең Самай айдаушы еді,
Шалғын деп, шаңдақ жерге байлаушы еді.
Қыл, құйысқан, құр айыл, жіптен шеттік,

Ыстық күні ышқырының битін алып,
бырт-бырт шайнаушы еді.
Тоғжан.
Қыдырдың әкем Самай тілін алған,

Шешең Мәуке Ақкөлге егін салған.
Егінін шегіртке мен торғай жайлап,
Кеспелік, түрмелігің жұртта қалған.
Сақау.

Рас, біз Ақкөл барып жайлаушы едік,
Татуға бейіш асын ойлаушы едік.
Бетіме бұ жалғанда жан пар келмей,
Торғаймен әуедегі ойнаушы едік.

Тоғжан.
Сен жүрген бос қарқылдап жетім қарға,
Жейтұғын, жетім қарға, етің бар ма?
Төрт атын туған қайының ұрлап алған,

Құдайға қарар, Сақау, бетің бар ма?!
Сақау.
Жайлауы еліміздің Деген бе екен?
Еліміз Деген жайлап, төмен бе екен?!

«Атта тіл жоқ, ұрыда көз жоқ,»- деген,
«Мен - қайныңның төрт атымын!»- деген бе екен?
Тоғжан.
Жағалай Марамикті [2] бармадың ба,

Салықты Тасшоқыдан салмадың ба?
Ақсынба көрмегендей, кедей құл-ау,
Төрт атын туған қайының тал түсте көре, біле,
ұрлап қана алмадың ба?!

Онда Сақау былай жалтарды:
Жауғанда қара бұлт меңдей болар,
Кескенде жуан қайың жеңдей болар.
Мен ұрлықты қояйын, ойнасты қой,

Ұрлық, ойнас - екеуі бірдей болар.
Тоғжан.
Ай, Сақау, бұ сөзіңе көнгенім жоқ,
Алланың аманатын бергенім жоқ.

Самайдың ақ ордасы қызыл кенше,
Дәнеме әлі күнге көргенім жоқ.

Сақау сасайын деді: «Насыбай атып алайыншы!»- деп, шақшасын алды. Үйдің сыртында Айдабол: Шоңмұрын бидің қызы күндігін мойнына салып, Сақаудың жалғыздығына боз қасқасын айтып, ботадай боздап жылап тұр екен. Сақау бөгеліп қалған соң, есі шығып кетті. Жүгіріп кіріп келіп:

- Ағатай, шақшаңды берші!- деп келіп, құлағына сыбыр ете түсті:

- Осы күнде өзі екіқабат, аузы-мұрнынан шығып отыр. Асан: Ақкісінің Ордабай деген баласымен ойнас!- деп, айтып кетті.

Сақау:

Шақшаны басымен ал, мә!- деп, көтеріліп кетіп, өлеңді үйді басына көтеріп кететұғын кісідей өршеленіп соқты:

Жан бергенге жөн берген құдай талай,
Жаралғаннан құлына өзі пана-ай!
Дәнеме көргем жоқ деп, ақсынасың,
Томпайған ішіңдегі балаң қалай?!

Тоғжан титтей іркілген жоқ, былай соқты:
Саннан асып кетті ме-ай, Сақау, салтанатың,
Мыңнан асып кетті ме азаматың?!
Бетіме оның несін қылдың салық,

Қыз туса, таусылмайтын рабатың,
Ұл туса, атыңды ұстар қолғанатың!
Сақау.
Жан бергенге жөн берген құдай тағала!

Құлына жаратылған өзі пана.
Бәңгіден [3] бітсе, оған той қылар ем,
Бір біткен Ордабайдан арам бала.
Тоғжан.

Не қыласың манақа-санақаны,
Түйенің жарға ойнайды балақаны.
Бөтен жатқа қимасаң, мен сенікі,
Кешке кел де, өзің сал қолалқаны.

Сақау.
Өктем-өктем сөйлейді малды кісі,
Балуандыққа түседі әлді кісі.
Кемдігіңді осыдан білмейсің бе,

Кісі астына жата ма жанды кісі?!
Тоғжан.
Жұлдыз жиі болмайды жыбырламай,
Жігіт мейірі қанбайды сыбырламай.

Бір кісіге бір кісі жан бере ме,
Өз пайдама жатамын қыбырламай [4].
Сақау.
Қойныңа, ау Тоғжан қыз, алғаның ба?

Үстіне ақ төсіңнің салғаның ба?
Сақауды осылай айтсам, мәз болар деп,
Бір жауап бере алмай-ақ қалғаның ба?
Тоғжан.

Ағаштың буланады жапырағы,
Жаманның шашылмайды топырағы.
Болсам да қызыл түлкі, босатпады,
Бошанның көтере гөр аруағы!

Сақау.
Иллаһи, әлхият, дем бере гөр!
Бейіштің ортасынан жол бере гөр!
Көп өлең мұнан бұрын кім айтыпты,

Иә, бабам, Қарақожа, көтере гөр!
Тоғжан.
Болғаны қиямет қайым қашан еді,
Кенже ұлы Келдібектің Асан еді.

Жақсыны бұрынғы өткен ауызға алсақ,
Алаштан асып туған Бошан еді.
Сақау.
Кәрі күң, айта алмайсың сен белдікті,

Тартарсың маңдайыңа боз күндікті.
Бошанды күңнен туған сен салғанда,
Саламын Қуандық пен Сүйіндікті.
Тоғжан.

Атадан артық тудым туысымнан,
Ашулансам, Қарсұн, Керней қояйыншы таған.
Шықпайды уысымнан, болсам да күңнен туған.
Оң туғанмын, тең кеткен Алтай, Қарпық

қонысынан.
Сақау.
Не дейді мына кәрі күң, құдай ұрған?
Аумаған кім бар еді қонысынан?

Ақтауды Ортауменен қабат алып,
Кернейді Алшағырым қойдай қырған.
Тоғжан.
Әкесі әкеміздің - Жанкелді бай,

Салғанда қара өлеңге көңілім жай.
Бестауда қойы сыймай толықсиды,
Бір шеті Дегеленде - Қойкелді бай.
Сақау.

Осы ма бар тапқаның күніменен?
Айтысып пар келмейсің меніменен!
Малы жоқ қойдан басқа қу басыңды,
Алармын Сапағымның төліменен.

Тоғжан.
Арқаға келер кенттің сарт ноғайы,
Қазақтың қарыс (қарыш) артық бақ талайы.
Қарыштап қанша жерге барар еді,

Әуездің ақ жарылқар алты байы.
Сақау.
Кәрі күң, олай десең, көңілім жай,
Беруім оған жауап тым-ақ оңай.

Мантен, Таутан, Малкелдім жатсын былай!
Он екі мың өзінде қара бойдақ,
Атаң Шаншарға болмай ма Азнабай?!
Тоғжан.

Ертістің арғы жағы құба тал-ды,
Келді де қу кедей құл тынышымды алды.
Азнабай Сапағын айтып салды,
Бошанның тамам байы кейін қалды.

Сақау.
Адамзат не демейді көңілі жайда,
Қылыңыз тәубешілік мынадайда.
Демесең Алтынторы Ерейменде,

Жайайын қанатымды Өтебайға!
Тоғжан.
Төрт байды төрт өлеңмен тең қылалық,
Қуалап өткен сөзді не қылалық?!

Жақсыны бұрынғы өткен ауызға алып,
Аз ғана Тіленшіні сөз қылалық!
Сақау.
Торайғыр, Шорман билер ақтың жолын,

Біледі Шоң менен Жанақ кең мен молын.
Ол қайда тірісінде түзу еді,
Мақтайды дәсер қылып өлген құлын.
Тоғжан.

Бітімге Торайғыр мен Шоң келді ғой,
Қойшыбай етке айналып, соң келді ғой!
Жан әке, жатқаныңнан басың көтер,
Жаныма жан қысылар сөз келді ғой!

Сақау.
Ол қашан Шоңнан асып сөйлеуші еді,
Демесең: «Бес Бошанды билеуші еді!»
«Тұрмасын жатқанынан!»- дейді ғой жұрт,

Тентегін телісі мен сүйеуші еді.
Тоғжан.
Құдайым біздің елді көре қалған,
Жол салып ала қойды бөле қалған.

Бар болса, сөзге сынық болмаушы едім,
Байғара шешен туған өле қалған!
Сақау.
Бұл Сақау Байғараны көрген еді,

Сусылдап сөзін айтып жүрген еді.
Келгенде қызыл тілге Үкібайдан,
Шірік-ақ боқ сасыған төмен еді!
Тоғжан.

Табылар сусын қайдан көл болмаса,
Аш-арық күн көре ме ел болмаса?!
Байғара, Тіленшіні алған Құдай
Қоймады-ау Белгібайды тым болмаса!

Сақау.
Белгібай біздің елге барушы еді,
Сөзін айтып алқаға салушы еді.
Орманшы - Кейкіменен дауласқанда,

Оралып балдағына қалушы еді.
Тоғжан.
Бұ сөзім барып жатсын бүйрегіңе,
Түздегің шақ келмейсің - үйдегіме!

Баласы бес Бошанның басын қосса,
Жетпейсің төрттің бірі ширегіме!
Сақау.
Қаракесек қап-қара күңнен туған,

Қазыбегі би болып бетін жуған.
Төртуылдан төрт кісі атқа мінсе,
Сонда сенің басыңа зор күн туған.
Тоғжан.

Торайғыр біздің елде бойдақсиды,
Асқанша Қушоқыдан қунақшиды.
Асқан соң Қушоқыдан көзі алақтап,
Тоқтыдай баспақ болған бұлғақсиды.

Сақау.
«Қызыл тіл - өнер алды»,- үйренген соң,
Несібе ырыс дәулет мол берген соң.
Айтасың, оның несін, кәрі күңім,

Азықсыз пейілің тар жіберген соң!
Тоғжан.
Торайғыр біздің елден жөнелді енді,
Есіл би азықсыздан енді өлді енді.

Тамам биі қостасуға тақалғанда,
Қарасу Шортандының [5] кез келді енді.
Сақау.
Төлебай арғы атасы дем берген соң,

Өзіне Мейрам сопы жол берген соң.
Құтылсын қалай қашып біздің билер,
Алдынан мерзімді су кез келген соң?!
Тоғжан.

- Жіберді азық бермей маған,- деді,

- Өлеміз аштан ойбай тамам!- деді.

Балықты жусап тұрған көре салып:

- Салар ек қармақ болса, бұған!- деді.

Сақау.
Төлебай арғы атасы - елдің басы,
Өзінің Мейрам сопы жан жолдасы.
Жегенді балық алып шамдайсың ба?

Шығарған пайғамбарлар бейіш асы.
Тоғжан.
Торайғыр тәубесінен жаңылмайды,
Қойшыбай қоға шайнап, аңырмайды.

Қасында жолдастарын қағып-соқса,
Бірінен істік (ыстық) ине табылмайды.
Сақау.
Бойында Торыкемнің міні бар ма,

Ойында Қойшыкемнің кірі бар ма?
Инені қайдан алсын біздің билер,
Сол жерде қала бар ма, үйі бар ма?!
Тоғжан.

Торайғыр ту басынан жаңылыпты,
Қойшыбай қоға шайнап аңырыпты.
Қосақтап сауған қойдай тінткен екен,
Бір құлдан істік (ыстық) ине табылыпты [6].

Сақау.
Қырланған жылдан-жылға заман-дағы,
Жақсы да өтіп жатыр, жаман-дағы.
Инені жапан түзде тауып алса,

Жаратқан құдай артық ағам-дағы!
Тоғжан айтты:

- Құдайдың бәріміз де құлы,- дейді,

- Бошанның кегін алды-ау ұлы!- дейді.

Инені жапан түзде тауып алып:

- Саламыз қайтіп иіп мұны?- дейді.

Сақау.
Бір құлы бес тезекті терген шығар,
Инені отқа салып көмген шығар.
Кеңессін оның несін біздің билер,

Инені жасытып ап иген шығар!
Тоғжан.
Торайғыр сонда инесін иіп алды,
Қойшыбай шегірткесін жиып алды.

Қылды да жіптен - баулық, қылдан - тұзақ,
Қармақты: «Ал, балық!»- деп, суға салды.
Сақау.
Нәрсенің көз көрмеген бәрі жалған,

Баласы мұсылманның тілге нанған.
«Мынау менің өзімнің несібем!»- деп,
Төрт қарыс, сегіз елі шортан алған.
Тоғжан.

Қой, Сақау, өтірік айтып, өлмеймісің,
Алланың аманатын бермеймісің?
Ақ шабақ ерні үзіліп суда қалған,
Тіліме менің айтқан сенбеймісің!

Сақау.
Жанға қас, өтірік сөз - көңілге тоқ,
Тозақтан имансыз жан көреді шоқ.
Бір шабақ кетсе, суға кетті-дағы,

Жырылып желбезектен ажалы жоқ.
Тоғжан.
Ақ шабақ ерні үзіліп, суда қалған,
Қойшыбай: «Ұста, ұста!»- деп айғай салған.

Бастыра Торайғыр би ұстаймын деп,
Батпаққа оң аяғын тығып алған.
Сақау.
Кәрі күң, бұл айтқаның жалған шығар,

Біздің би дәрет ала барған шығар.
Ойпаң жерден іш дәрет аламын деп,
Аяғы көк майсадан тайған шығар.
Тоғжан.

Айтады Сақау өлең екіталай,
Жүреді сері бойдақ көшті жанай.
Қиулап Хиуадан өте шықты,
Алшеке-ау, мына сөздің мәнісі қалай?

Сақау.
Адамның бермесіне түңілмеймін,
Ешкімге көзім сүзіп, үңілмеймін!
Жүгінсең, бұ тазыңа өзің жүгін,

Мен емес даулы кісі, жүгінбеймін [7]!

ҰЛБИКЕ МЕН КҮДЕРІ АЙТЫСЫ

Ұлы жүз: Үйсін - Ошақты деген елден шыққан Ұлбике мен қожаның айтысқаны. Әуелі Күдері қожа бастап айтады.

Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинахор бір құдайды еске алмады.
Өлеңнің бес-алты ауыз аркасында,
Тұсыма қыздар келді [1] қос алқалы.

Ұлбике.
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинахор бір құдайды еске алмады.
Тұсына қыздар келсе қос алқалы

Ұстайды қожа қалай ақ шалмалы?!
Қожа.
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинахор бір құдайды еске алмады.

Біреудің ақ некесін арам қылған
Зәндемге қыздар кетер қос алқалы!
Ұлбике.
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,

Зинахор бір құдайды еске алмады.
Қазақтың шынжау (ақсақ)[2] тайын алдап алған,
Зәндемге қожа кетер ақ шалмалы!
Қожа.

Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинахор бір құдайды еске алмады.
О дүние бұ дүниеден жақсы дейді,
Баралық бәріміз де жан қалмалы.

Ұлбике.
Өлең-өлең деуменен өтер еді [3],
Өлең, шіркін [4], көңілді көтереді.
Бұ дүниеден о дүние жақсы болса,

Адамға айтпай қожалар кетер еді.
Қожа.
Екі құзғын ұшқан жер - Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма, айтшы, бізге лайық?!

Кішкентайдан бірге өскен, ай, Ұлбике,
Сенен өлең тілеймін қолым жайып [5]?!
Ұлбике.
Екі құзғын ұшқан жер - Еділ, Жайық,

Алашта ақын бар ма, айтшы, бізге лайық?!
Қожа да өлең тілейді қолын жайып,
Алдағанын қожаның не қылайық?!
Қожа.

Екі құзғын ұшқан жер - Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма, айтшы,бізге лайық?!
Кішкентайдан бірге өскен ай, Ұлбике,
Әрі отырма, бері отыр, жақындайық [6]!

Ұлбике.
Қожа залым болар ма қара тұрып,
Қара залым болар ма пара тұрып.
Арамзасын қожаның жаңа білдім,

Біз байғұсты алдайды: «Бері отыр!»- деп [7].
Қожа.
Орамал төрт бұрышына [8] түйдім анар,
Қылмысы жақпаған құл тозақ барар.

Қожаменен бас қосып, ойнап-күлсең [9],
Тұла бойың шымырлап, мейірің қанар!
Ұлбике.
Төментіннен жіті көшіп, өрге келдік,

Жеті әулие сырласқан жерге келдік.
Келмегірдің еліне қайдан келдік,
Қожасы діннен шыққан елге келдік!
Қожа.

Әжептәуір бала едің денем сүйген,
Қылмысы жақпаған құл тозақ күйген.
Пірлі, мұртты кісі едік, ай, Ұлбике [10],
Көрмес, білмес кісідей тілің тиген!

Ұлбике.
Қожеке-ау, баз өлеңім осындай-ды,
Күһі қап қызыл-жасыл тасындай-ды!
Түбің қожа болғанмен, тағатың аз,

Сабырсыз жан иманға қосылмайды [11].
Қожа.
Менімен жау болмассың, ел боларсың,
Бес-алты ауыз жел сөзбен тең боларсың.

Өршеленіп қоймайсың, ай, Ұлбике,
Мал мен бастың бірінен кем боларсың [12]!
Ұлбике.
Сенімен жау емеспін, елдескенмін,

Бес-алты ауыз жел сөзбен белдескенмін!
«Мал мен бастың бірінен кем болад!» - деп,
Қожам, қай күн құдаймен тілдескенсің [13]?!
Қожа.

Атан түйе жарасар нар дегенге [14],
Айран-асыр қаламын жар (иар) дегенге.
Айтысқалы келіп ем тойларыңа:
«Ошақтыда ақын қыз бар»,- дегенге.

Ұлбике.
Өзің көңіл бермесең, мен не етермін,
Әмір келсе Алладан, демде өтермін [15]!
Асықпай тұр, саспай тұр, тақсыр қожам,

Бар көңіліңді өлеңмен сап етермін!
Қожа.
Ұлбике, сіз дегенмен, біз дегенмен [16],
Не болар өлең , шіркін, кезнегенмен (кішірнегенмен),

Қайтсең, менің көңілімді сап етесің,
Мен де өзіңдей сойқанды іздегенмін!
Ұлбике.
Көргенде ақ жүзімді көркем дейді [17],

Шешем сүйіп өзімді: «Еркем!»- дейді.
Бабаңыздан сұрап па ең, тақсыр қожам,
«Қыздың жолы қожадан үлкен!»- дейді.
Қожа.

Ұлбике-ау, тілің - шешен, жүзің - көркем,
Не дегенің білмедім, жаным, еркем.
Хазірет Ғалы, ақсүйек - менің бабам,
Қыздан гөрі бір табан жолым үлкен.

Ұлбике.
Ішінде сыбызғының күй қалады,
Жарасқан ақша отауға ши қалады.
Үлкендікке талассаң, жол былай-ды:

Біле бұрған төресін би қалады.
Қожа.
Өлеңді білмегендер айып етер [18],
Біле бұрған төренің жайы кетер.

Ақыретке барғанда, қояр шаншып,
Және бір іс артынан дайын етер.
Ұлбике.
Қожеке, шоқша қара сақалыңыз [19],

«Ләббай» - деген ежелден мақалыңыз.
Екеу, үшеу сіздерге көп болмайды,
Сүйіп алған бар ма еді тоқалыңыз?
Қожа.

Ұлбике, шашың алтын, бұрымыңыз,
Тал бойыңа жарасқан тұлымыңыз.
Қожа кісі қарадан қыз алмайды,
Өз теңіңді дәл тауып ұрыныңыз.

Ұлбике.
Қожаке, өлең айтып, кітап аштың,
Тоқталуы бола ма кәрі-жастың?
Бұрын неге ұрынып отырушы ең,

Шап бергенде, тап бермей, қалай қаштың?
Қожа.
Аузың - шекер, лебізің балдан тәтті,
Өлімнен құтыла ма жүйрік атты?

Қолыңда жайып тұрған кітабың жоқ,
Оқымай, қалай білдің шариғатты?
Ұлбике.
Сынақ оқу «әліф» пен «әбжадты»,

Мұрным «әліф» болғанда, қасым «мәт»-ті.
Көкірегім - кітап сөзі, тілім - Құран,
Мен сенен үйренбеймін шариғатты.

1178-папкадағы Мәшһүр-Жүсіп ескертуі: «Күдері қожа әкесі Еркөшек қожаға айтқан екен: «Осы қызды тоқтататұғын бір сөз тауып бер!»- деп. Сонда әкесі: «Жиырма тоғыз әріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйғызып айт, екі әріпті (харибты) қалдыр, соның қалғанын білсе, айтыспай-ақ қоя қой! Оның өкпесіне жазған,»- депті. Сонда қожа өлеңмен айтыпты: «Шын» мен «жымды» қалдырып. Қыздың берген жауабы:

Қожеке, өлең айттың, кітап аштың,
Жау қуды ма, асығып, неге састың?
«Шын» мен «жым»-ды қалдырып, қара басып,
Құранды аяғыңа қалай бастың?!

Қыз қожадан сауал сұрайды:
Жаратқанның бар ма екен көрген нұрын?
Нұрды көрген бейіштен алады орын!
Қожеке-ау, сенен мен бір сөз сұраймын:

«Не жаратқан болады ілкі бұрын?»
Қожа.
«Бар, - дейді, Жаратқанның көрген нұрын»,
Нұрды көрген бейіштен алады орын.

Ұлбике,сен сұрасаң, мен айтайын,
Кәф пен Нонды жаратты ілкі бұрын.
Ұлбике.
Жаратқанның бар ма екен көрген нұрын,

Нұрды көрген бейіштен алады орын.
Қожеке, сен ол сөзді білмей айттың,
Жаратқаны бар дейді онан бұрын!
Қожа.

Әуелде Мұхаммедтің нұрын қылған,
Он сегіз мың ғаламнан бұрын қылған.
Он сегіз мың ғаламның тұтқасы қып [20],
Сегіз бейіш ішінде орын қылған.

Ұлбике.
Әуелде жаратқанда, жан жаратқан,
Дарияның түбінде мың жыл жатқан.
Дарияның түбінен шығарған соң,

Нұрдан алып әуелі не жаратқан?!
Қожа.
Әуелде жаратқанда, жан жаратқан,
Дарияның түбінде мың жыл жатқан.

Дарияның түбінен шығарған соң,
Нұрдан алып Ай менен Күн жаратқан.
Ұлбике.
Айтамын, айт дегеннен, әуел Айдан [21],

Бір құдай орын берген бейіш жайдан.
Соны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам,
Жаратты пайғамбардың нұрын қайдан?
Қожа.

Ризай Алла, жан Алла пида болған,
Пайғамбар қазынасы нұрға толған.
Ғабдолла Бұттарашқа нұрын төгіп,
Нұрынан бір құдайдың пайда болған.

Ұлбике.
Қожалардың ішінде сен бір дүрсің [22],
Қожам, тоқсан түрлендің мені көрсең.
Оны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам,

Хазірет Ғалы атасын тауып берсең!
Қожа.
Әптиектің ішінде бар-ды әліф,
Жетік молда оқиды хатқа салып.

Ғабдолла Бұттарашпен бір туысқан,
Ғалы атасын сұрасаң - Әбутәліп [23].
Ұлбике.
Сабақ басын сұрасаң: «Нон-ды»,-дейді,

- Жаман сөз жақсы адамға мін-ді,- дейді.

- Пайғамбар ат сұрамақ - сүндеті екен,

Әкең атын сұраймын: «кім-ді?»- дейді.
Қожа.
Арқауылдың құба жон жортар бөрі,
Бір жарымның жоғынан көңілім кері.

Мені қайтсең жеңесің, ай, Ұлбике,
Әкем аты - Еркөшек, мен - Күдері.
Ұлбике.
Шайтан қашар бойыңнан, «Алла!»- десең [24]

Зәндем зымырап кетерсің арам жесең!
Мені қайтсең, жеңесің, ай, Қожеке,
Әкем аты - Жанкелді, Жаңыл - шешем [25].
Қожа кішкене тойпалаңдайын деді, қыз сөйледі:

Он түйме өңірімде қатар-қатар,
Соның бәрін шешем деп басың қатар [26].
Сыймаған тіл аузыңа ақын болсаң,
Дария мынау жатқан қашан қатар?

Қожа.
Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар,
Шудасы, шөгіп жатса, шаңға батар.
Қауыста қараша мен қаймақшиды,

Желді тоқсан айында дария қатар.
Онда Ұлбике былай сөйлеп жауап қайырды:
Бұл қайдағы қожа еді есі кеткен,
Есі кеткен емес пе, Ертіс өткен!

Есі кеткен болмасаң, есер қожам,
Желді тоқсан айларың қашан өткен?!
Қожа.
Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар,

Шудасы, шөгіп жатса, шаңға батар.
Сендей мен ай есептеп жүргенім жоқ,
Қай күні суық болса, дария қатар [27].
Ұлбике.

Естімісің, ай, қожам, есермісің,
Айтқан сөзге бөгелмей түсермісің?!
Келген екен Меккеден қыналы құс,
Ақын болсаң, байлауын шешермісің?

Қожа.
Әулиемнің қонғаны - Ебелек-ті,
Көк шыпшықтың (шымшықтың) қорегі көбе[ле]к
Тұмсығы ұзын, аяғы қызыл болса,

Қыналы құс дегенің Легелек-ті.
Қыз сөзі.
Ақын жігіт белбеуін шеше келер,
Қызуланып, той десе, есе келер.

Тіл аузыңа сыймаған ақын болсаң,
Бір жылда үтір, уәжіп неше келер?
Қожа.
Асқабақты қауын деп жеген қазақ,

Мені, сірә, қылмасын әзіл-мазақ.
Он екі айда келеді мың бір үтір,
Мұның несін сұрайсың, надан қазақ?
Ұлбике.

Қожеке-ау, ояу қалай, ұйқы қалай,
Болғанда жаугершілік жылқы қалай?
Ақыретке барғанда, тақсыр қожам,
Жалғандағы ойын мен күлкі қалай?

Қожа.
Жанның қамын ойламас ақымақ, есер,
Үйде отырып ойымен өлшеп, пішер.
Бұ дүниеде көп ойнап, көп күлгендер,

Жылай-еңірей тозақта күні кешер.
Ұлбике.
Қожеке-ау, мысық қалай, тышқан қалай,
Дос қалай, бұ жалғанда дұшпан қалай?

Мал бермей, інге қимай, алып жатып,
Біреудің жас баласын құшқан қалай?
Қожа.
Күнәкарды тозаққа асып қояр,

Жанған отқа бетінен басып қояр.
Құшатұғын қарларын кесіп тастап,
Күлетұғын ернінен тесіп қояр.
Ұлбике.

Қожеке-ау, мен де білдім бұл ісіңді,
Жұмақ пенен пейіштен үлесіңді.
Күлетұғын ерніңнен тесіп қойса,
Енді, қожам, қойып жүр күлісіңді.

Қожа.
Ұлбике: «Әумин!»-де, білдім бұл ісіңді,
Жұмақ пенен бейіштен үлесіңді.
Бабамыз хазірет Ғалы оқ атыпты,

Қоймаймын қыз дұшпанға күлісімді.[28]
Ұлбике.
Қарағай, садақ, қырық кез оқ бар беліңде,
Сендей ақын жоқ па екен өз елімде?!

Екі сексен, бір тоқсан жұмбағым бар,
Жүйрік болсаң, соны тап қапелімде.
Қожа.
Қарағай, садақ, қырық кез оқ бар белімде,

Ақын қайда дәл мендей өз еліңде?
Екі сексен, бір тоқсан жұмбағыңыз,
Есептесем, екі жүз елу күн де.
Ұлбике.

Қарағай, садақ, қырық кез оқ бар белімде,
Сендей ақын болмады-ау өз елімде.
Сегіз ойын, сексен бес жұмбағым бар,
Жүйрік болсаң, тап соны қапелімде?

Қожа.
Ұлбике-ау, кімге айтасың бұл кебіңді,
Қайдан тауып отырсың өз теңіңді.
Сегіз ойын, Ұлбике, тал бойыңда,

Сексен бесі томпайған емшегіңде [29].
Ұлбике.
Қожа пұлын жіберер достарына (дастарына),
Кисе достар, жарасқан, бастарына.

Ат алған, айғыр алған, тақсыр қожам,
Махшар күн[і] тартар ма екен қастарына?!
Қожа.
Қожа пұлын жіберер достарына,

Кисе достар жарасқан бастарына.
Көзіңді тоқсан екі төңкересің,
Сені қалай тартайын қастарыма?!
Ұлбике.

Қожа пұлын жіберер достарына,
Кисе достар, жарасқан бастарына.
Махшар күні мұрттарын тарта алмастай,
Мәкіруә тамған бола ма астарына?

Қожа.
Қожа пұлын жіберер достарына,
Кисе достар жарасқан бастарына.
Достар салған қожаға тіл тигізіп,

Кесір болып жүрмесін бастарыңа [30].

Мәшһүр - Жүсіптің мына ескертуі [ 1178-папкада ғана орын алған, 257(151)бет]: «Екеуі қанша айтысқанымен, жеңіп, жеңісе алмайды. Талай тойда айтысқан, жеңіп, жеңісе алмаған. Бір айтысқанда, қожаның айтатыны бар:»

Келемін Сырдың бойын жайлап қана,
Көп жылқы көк алалы айдап қана.
Байың атын сұрасаң, Бойтан сері,
Үш күн сені ұрыпты байлап қана.

Ұлбике.
Құранда: «Құл ағузы» беріп лаплақ,
Өтірікті айт дейді бір зәнталақ.
Ұрған түгіл, маңыма жуыған жоқ,

Айтты екен өтірікті қандай қазақ?

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Бір қыстыгүні қожа бір жақтан келе жатса, Ұлбике Жәңке серімен малға қорек аршып тұр екен. Қожаны көрісімен: «Мынау бір нәрсе дейді ғой. Онан да өзінен бұрын қылып тұрған жұмысымды мойныма ала сөйлеп қалайын!»- деп, Ұлбике сөйледі (1178-папка, 257 б.) Ұлбике.

Қожеке, көріп пе едің мұндай қарды,
Астында - қар, үстінде мұзы барды.
Замананың мән-жайы бұлайша боп,
Ақын Ұлжан қолына күрек алды.

Сонда Қожа айтты:
Шырағым, көрген жоқ па ең мұндай қарды,
Астында - қар, үстінде мұзы бар-ды?!
Күні келсе, байына кетіп қалар

Алдап-сулап күшін ал мұнда қарды.

Мәшһүр - Жүсіп түсініктемесі: «Күдері қожа Сарыарқаға кетіп, үш жыл жүріп қайтқанда, Ұлбикемен тағы айтысады. Сағынысып, құмарланғандай болып, Ұлы жүздің ұраны: «Бақтияр» болады, кіші жүз ұраны - «Алдиар».

Қожа.
Ұлбике, «Бақтияр» ма тегі затың?
Жайылған алты алашқа «Ұлбике» атың.
Аузыңнан шыққан сөзің - шекер мен бал,

Қадірден қайдан жүрсің, перизатым?
Ұлбике.
Сайраса бауға қонған бұлбұлым-ай,
Барады қапалықпен бұл күнім-ай!

Ағарып атқан таңдай қайдан келдің,
Қыраны қаршығаның, тұйғыным-ай?!
Қожа.
Ұлбике, қыздан шыққан лашынысың?

Бұл жерде сенен сөзді кім асырсын?!
Көтере айт көп ішінде өлеңіңді,
Кірбіңі көкіректің бір ашылсын!
Ұлбике.

Барады іштегі ыстық сыртқа теуіп,
Бассайшы лебізімді суды сеуіп.
Тұлпары арғымақтың, қайдан келдің,
Отыр ем қапа болып, ішім күйіп.

Қожа.
Белгісі кұшақ жайған - сағынғанның,
Өсекке, сөзі жалған, таңылғанның.
Сүйкенер көңілі сүйген сүйгеніне,

Осындай келер сөзі қадірданның.
Ұлбике.
Аралар тоғай барған балтаны алып,
Не кетпес, балта тисе, жарқаланып?

Анау жыл мен көргенде, жас бала едің,
Келдің бе аман-есен Арқа барып?
Қожа.
Қайтады қалашылар құман алып,

Ташкентке қатынайды жылда барып.
Ұлбике, еш ойымнан қалған жоқсың,
Сенімен жарым көңілім мұнда қалып.
Ұлбике.

Мақтайсың Ұлбикенің жүзін көріп,
Сарғайдым жүрген жолың ұзын болып.
Тақсыр-ай, Ұлбикені ұмыттың ғой,
Арқаның ақ мамықтай қызын көріп.

Қожа.
Не қылып сені көрсем, іздемейін (ізлемейін),
Онда да қыз жоқ екен өзіңдейін.
Табылар беті тегіс сарт-сауаннан,

Балқытар сөзі қайда сөзіңдейін?!
Ұлбике.
Арқаға, тез келмедің, барсаңыз да,
Көңіліңе, сағынбадың, алсаңыз да.

Сылқымдық Сарыарқада үш жыл құрдың,
Қожеке, қолың жетті қанша қызға?
Қожа.
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдім,

Сыртыма шығара алмай, тынып жүрдім.
Әзіліме жазбасам, аман жүрдім,
Қатты сынса, бірінің белін ұрдым.
Ұлбике.

Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдің,
Сыртыңа шығара алмай, тынып жүрдің.
«Қалып айтпас халық айтқанды»- деген сөз бар,
Басыңды неге өсекке іліндірдің?

Қожа.
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдім,
Сыртыма шығара алмай, тынып жүрдім.
Қалмасам ұйқысырап құр (құры) жүрдім,

Қаттысын сабырымның біліндірдім.
Ұлбике.
Әулиеси бермеші, тақсырым-ай,
Тұлпар басы тоқтамас тасқа ұрынбай.

Әдетің (ғадетің) алаңдаған қайда қалды,
Қой жеген Әлімтаудың қасқырындай?
Қожа.
Ұлбике, сен сенбейсің, тақсырыңа-ай,

Жалған сөзді отырсың жапсырып-ай!
Ауылың ұстап апты бұ Жангелді,
Әңгімең сенің де жүр асқынып-ай!
Ұлбике.

Қожеке-ау, жеңе алмайсың ондай жолдан,
Қожалық, жалған сөйлеп, берме қолдан.
Жаны шықсын Жангелдің, мақтаныпты,
Жерім жоқ: «Келсін!»- деген, бәрі жалған.

Қожа.
Ұлбике, ұрдырарсың, сақтанып жүр,
Жангелдің қаршығадай баптанып жүр.
«Көкөзекте қойнына бір бардым!»- деп,

Көбіне бозбаланың мақтанып жүр.
Ұлбике.
Қожеке, сенің атың Күдері еді-ай,
Көңілің өсек сөзге көп ереді-ай!

Ұлбикені алмайды кім аузына,
«Жақсыға - сөз, жаманға шөп ереді-ай!»
Қожа.
Белгісі жүйрік аттың желбезекте,

Айтысар, Арқа кеттім, бір кезекте.
«Төсіңе көйлегіңді көтердім!»- деп,
Жангел жүр: «Бардым мен,- деп,- Көкөзекте!»
Ұлбике.

Қыз халқына мақтанып жігіт өтер,
Жайсыз жігіт әр жерде сейіл етер.
Жігіт халқы ит мінез болады екен,
Ит екен ішпес астан үміт етер [31]!

Қожа.
Ұлбике, жалтаңдайсың жалған жарға,
Не дейсің ақыретте алған жарға?
Жете алмай жүрген қолы бізді айтпасаң,

Жангелді қолы жеткен арман бар ма?!
Ұлбике.
Қожеке-ау, жолым тура алған жарға,
Жерім жоқ жалтаңдаған жалған жарға.

Өтірік сөз көп айтып, көтеріп лас (лап),
Қожа халқы есектей қалжаңдар ма?
Қожа.
Ұлбике, жалтаңдайсың жалған жарға,

Не дейсің ақыретте алған жарға?
Ауылың ұстап апты бұ Жангелді,
Тағы мұнан танғандай жанжал бар ма?
Ұлбике.

Ауылдан жүруші еді қымыз ішіп,
Тәйірі алды Көкөзекте қолға түсіп.
Қайтып қымыз ішпестей болып өзі,
Кедейің ырысына кеткен тышып.

Қожа.
Қыз шақырмай, бозбала, барады ма,
Ұстаған соң көңіліне қарады ма?
Жазым жерде Жангелді ұстап апты,

Ауылың қайтті, Жангелді сабады ма?
Ұлбике.
Атпен қуды, жаяуға жеткізген жоқ,
Ат мінген соң, Көкөзектен өткізген жоқ.

Қапаш-құпаш қылмаса бозбалалар,
Қариялар маңдайына шерткізген жоқ.
Қожа.
Жангелге қызыл тілден кеткен дарып,

Қазақтай жүрмесе де малға жарып.
Болды ма бұрынғыдай өлеңдерің,
Тағы да айналақтап қайта барып?
Ұлбике.

Жангелді екіншіде қара басты-ай,
Шаңыма кейін қалды-ау араласпай!
Ақынсынып ыржыңдап келсе-дағы,
Әр жерден бір жығылды өре баспай.

Қожа.
Қара інгенің қарайды ботасына,
Қожаңның таң қаларсың жотасына.
Абайлап бас, Ұлбике, аяғыңды,

Қожаңның жығыларсың сотасына.
Ұлбике.
Кей жігіт сөйлер сөзге шешен келер,
Ұялмай штан бауын шеше келер.

Біздерге ол сотаның керегі жоқ,
Апарып, керек болса, шешеңе бер!
Қожа.
Жігіттің шын Меккесі ата-ана дүр,

Жел сөзден жеңілмеген - мәртебе дүр.
Ұлбике, аяп бізден қазына қылсаң,
Сен де онда алып бар да, атаңа бер!

1178- папкадағы айтыс соңындағы Мәшһүр-Жүсіп түсіндірмесі: «Бірін-бірі жеңіп, жеңісе алмай, тағы екеуі осымен тарқады. Өлеңін бізге жеткізе алмады, қара сөзбен бір кәрі құлақты сөйледі. Күдері қожа осы Арқадан қайтқан сапарында су таба алмай шөлдеп өлерлік болғанында, Ұлбике түсіне кіріп, аян беріп, су тауып берген жері болған екен. Қожа төмен етекті әйелсің деп кеміте берген де, Бетпақтың даласында көзіңе көрінгендей-ақ болып едім. Ұмытпастай-ақ қылық еді. Сонда Қожаның есіне түсіп: «Рас, рас!»- деп, мойнына алған екен.» 1177-папкадағы айтыс мәтіні аяғында берілген Мәшһүр - Жүсіп түсіндірмесі: «Құдай рахмат қылсын екеуіне де! Сөздері бірінен-бірі асып жығылады. «Сота» деген диуананың таяғы: іші қуыс болады, өзі ұзын болады. Күміс теңге, қара пұл,- садақаларды ішіне тастай береді. Бір қыстыгүні қожа бір жақтан келе жатса, Ұлбике жеңгесі мен екеуі қар күреп, малға қорек ашып жатыр екен. Қожаны көре сала: «Мына пәле бірдеме дейді ғой, өзінен бұрын сөйлеп қалайын!»- деп, Ұлбике айтты:

Қожеке-ау, көріп пе едің мұндай қарды?
Астында қар, үстінде мұзы бар-ды.
Замананың мән-жайы мұндай болып,
Ақын Ұлжан қолына күрек алды.

Онда қожа былай соқты:
Шырағым, көрген жоқ па ең мұндай қарды,
Астында - қар, үстінде мұзы барды?
Күні келсе, байына кетіп қалар,

Алдап-сулап күшін ал мұндай қарды.

ҰЛБИКЕ МЕН ЖАНГЕЛ АЙТЫСЫ

Жангел - Қарақалпақтан шыққан ақын, қарақасқа кедей, ел көшкенде мінер аты жоқ. Әкесі - Дуа өзі де жаяу-жалпы жүреді екен. Бір күн[і] Жангелдің ауылы көшіп келе жатса, Көкөзек деген жерден Ұлбикенің де ауылы көшіп, түйеге жүк қомдап артып жатыр екен. Жангел жаяу көшінен бұрылып: «Ұлбикемен айтысып кетейін!»- деп, жүк артып жатқанда, өлеңді қоя берді. Көш[пеген] ел де, көшіп жатқан ел де екеуінің қасына иіріліп тұра қалды.

Сайқамыс, сай-сайқамыс сайда болар,
Көп жылқы көк алалы байда болар.
Жүк артқан ауыл көшіп, қыз бен қатын,
Кешуі Көкөзектің қайда болар?!

Ұлбике.
Жангел кедей келеді қардай борап,
Жаяу келер әкесі алдын орап.
Жылқың өтпей бара ма, жазған кедей,

Кешуін Көкөзектің менен сұрап?
Жангел.
Пышаққа қын табылса, сап табылар,
Әкем көшке мінгендей ат табылар.

Шыпжалақтай бермеші, құрғыр, Ұлжан,
Сендей байтал айғырға көп шабылар.
Ұлбике.
А, Жангел, күйгеніңнен байтал дедің,

Жақсы болсаң, «байтал»- деп, айтар ма едің?
Әкең көшке мінгендей ат табылса,
Жайлауға жаяу барып қайтар ма едің?
Жангел.

Ay, Ұлжан, күйгеніңнен, «кедей» дейсің,
Жақсы ма: «кедей» деген, неге өйдейсің?
«Кедей, кедей» дейсің де, еш қоймасың,
«Тар жер, тайғақ кешуде» көбеймейсің!

Ұлбике.
Кедейді «кедей» демей, «бай» дей ме екен?
Үйінен бай кедейдің май жей ме екен?
Кедейлікке шамданып, шамырқанып,

Бәрі де кедейлердің сендей ме екен?
Жангел.
А, Ұлжан, кедейлігім жасырдым ба,
Мен саған: «Кедеймін!»- деп, бас ұрдым ба?

Кісіге қарап тұрған" соқтығасың,
Үстіңе бұқа болып асылдым ба?
Ұлбике.
Кедейлігің неге айтпайсың, жасырмасаң,

Алдыма неге келдің, бас ұрмасаң?
Қыз түгіл, сен шіркінге қатын қайда,
Сиырға бұқа болып артылмасаң?!

Қыз жеңіп кетті де, Жангел жеңіліп қалып жүре берді. Тағы жұрт жұтап қалған жыл[ы] жаз жайлауға көшіп бара жатып, Ұлбикенің ауылының көшіне қарақалпақ Жангелдің елінің көші айқасқанда, қыз жеңгесіне:

- Түйенің басын бұра, анау келе жатқан Жангелге жанастыра жүр! Екі бұзаулы сиырына арба салып, жаяу айдап келе жатыр. «Биыл жұттан нең өлді, нең қалды?»- дейін. Дәу де болса, арба салған сиыр да өзінікі емес қой.

Ұлбике.
Қорқыт пен су аяғы теңіз қалды,
Байлардың арығы өлді, семіз қалды.
Биыл қыс талай жанды ұлытты ғой,

Жангелжан, неңіз өлді, неңіз қалды?

Жангелдің екі төбеті бар екен: бірінің аты - Басар, бірінің аты - Байтөбет екен. Жангел:

Өлді де Байтөбетім, Басар қалды,
Байлар көшіп құтылды, нашар қалды.
Бар еді төрт сиырым, түгел өлді,
Жалғыз-ақ қызыл ала қашар қалды.

Жангелді Ұлбике бастырмалатып жеңе береді екен. Ұлбикенің өзін «жүн жеп, жабағы тышқан» бір байдың баласы көп мал беріп қатындыққа алған екен. Байының аты - Бойтан сері екен, тойға барып, қожамен өлең айтысқанын қызғанып жүреді екен.

- Тойға барушы болма, өлең айтушы болма! Егер ендігәрі тойға барып, өлең айтыссаң, көзіңді жоғалтамын, қарашығыңды батырамын!- деп сөйлепті. Жаман шірік иті үйде жоқ болған қарсаңда бір той болып, ауыл-аймағы, қайны, қайнағалары еркіне қоя ма: «Сені біз ұрдырмаймыз, сабатпаймыз!»- деп, тойға алып барып, өлең айтқызып, той тарқаған соң, келіншек қатын аяқсыз асығып үйіне қайтып, сылаң етіп үйіне кіріп келсе, иесіз үйге байы бұрын келіп: «Сені ме?!»- деп, кіжініп отырған үстіне оқтай ұшырап, қойдың бір қатқан санымен қақ басқа періп қалғанда, мұрттай ұшып, қатын тілге келмей, басы екі айрылып, өліпті де қалыпты. Жұрт жиылып қалды, төркіні де аралас-құралас екен. Құн даулапты. Сонда Ботан серінің елі төркініне таңдау беріпті:

- Пайғамбар шариғатына түсесің бе, бидің билігіне жүгінесің бе?- деп.

- Пайғамбар шариғатына салдық!- деген соң, Күдері қожаның шариғатына беріпті.

Күдері қожаның берген төресі:

- Өлер Ұлбике өлді: аяр да ас жоқ, тояр да ас жоқ. Енді мұны сойып, өкпесін алып көріңдер,- депті,- Өкпесінде жазу жоқ болса, әйел адамның тойға барып өлең айтуы дұрыс емес. Өзіне сот, бұған құн бұйырмайды. Егер де өкпесінде жазу болса, онда ғұзыр айтпаса, ішін жарып кетеді. Үш кісінің құнын берсін: сүйек құны, қара құн, өнер құны.

Ұлбикені сойып, өкпесін алып көрсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен. Өкпесіне жазып қойғанның дәл өзі екен. Көрген жұрт ботадай боздап, қойдай маңырап, сиырша өкіріп, жыласты дейді. Көзінен көрген жұрт күйгендіктен, Ұлбикені өлтірген байы Бойтан серіні бас жетімі үшін құнына беріпті. Сүйек құны үшін елу жылқы, алты «жақсы» беріпті. Өнер құны үшін және елу жылқы, алты «жақсы» беріпті. Қара құны үшін «Тоқал құн» деп, тоғыз жақсы беріпті.

Күдері қожа айтыпты:

- Бұл әулие еді: екеуміз бір айтысқанда, мен:

- «Бір айда етеккірің үш келетұғын әйелсің ғой!»- дегенде,

- Бетпақтың шөлінде жаныңды алып қалған мен едім. Сонда да танымағаның!- деп еді.

Бетпақ шөлінде адасып жүріп, тілім аузыма сыймай, өлер шаққа жеткенде, Ұлбике болып, бір аяқ сусын бергенде, көзім шырадай жанып, өмірімде шөлдеместей болып едім!- депті. «Жақсы» дегеннің басы - «жетім», онан соң қалы кілем, қара нар, мылтық,- сондаймен «тоғыз» болады екен. Құдай рахмат қылсын Ұлбикеге, Күдері қожаға, Жангел ақынға! Үшеуі де - әулие. Осы күнде кейінгі жұрт үшеуіне де мал түнетіп, ауру, сырқау түнейді. Баяғыда бала күнде Ташкент барғанда, үйреніп жаттап қайтқан сөз еді. 1915-жылында 22-ноябрьде қағаз жүзіне нұсқа болып, қоян жылы Мәшһүрдің өзі 57 жаста еді.

ШӨЖЕ МЕН БАЛҒА АЙТЫСЫ

Мәшһүр - Жүсіптің бірінші түсіндірмесі: «Ақын Қаржаубай баласы, түбі, тегі - Қырғыз, Арғын ішіндегі Қуандық ортасында Қараөткелдің күнбатысында Қаракесектің бір асында Қаракесектің атақты ақыны болған Балта ақынмен айтысқаны. Бұл Шөже ақын әуелі Алшынбай биге өлең айта барады. Сол аста Тобықты: Құнанбай да бар екен, Қарқаралы дуанына аға сұлтан, дуанбасы күні.

Сонда Шөженің өлең бастағаны (1178-папка, 267(156 б.)»
Мәшһүр - Жүсіптің екінші түсіндірмесі:

«Ақын Шөже өзі соқыр, түбі, тегі - Қырғыз, Қуандық ішінде өсіп-өнген. Быжынаған құрттай қалың Қаракесектің бір ұлы жиын айтысында Қаракесек ақыны Балта ақынмен айтысқаны. Бұл асқа соқыр Шөжені Тәттімбет ертіп келген екен: «Алшынбай мен Жолшараға өлең айт: дәнеме бермесе, тіліңді тартпай, жамандап, орнынан тұрғысыз қыл. Сабаса, өліп қалмассың! Өлең айтқанда, алатұғыныңды мен жалғыз өзім беріп қайырайын. Балта ақынды шақыртып алдырар, сені сонымен айтыстырар. Оның айып, қиюын саған ұғындырайын. Ол өзі Шақабай - Жарылғаптың Жарылғабынан шыққан. Өзі ұрлық қылып, Өтебай, Наушабайдың малын ұрлағандықтан, қашып жүріп күнелткен. Құсбек пен Жамантай дуанбасылыққа таласып, екі дуан болғанда, екі төре тілмаштардың қойнына қыз салған. Және Алшынбайдың өзі: «Құсбекті дуанбасы сайлаймын!»- деп, параға төрт ат алып, сайламай, өтірік айтып кеткен жері болған!»- деп, бұл аста Тобықты: Құнанбай да бар екен. Қарқаралыға аға сұлтан, дуанбасы күні екен.» (1177-папка, 125-бет) Шөже.

Жылқышының қарайған қосы болды,
Иманды құл Алланың досы болды.
Ел қыдырған кешегі есер шақта,
Ат шаптырған Шаншардың асы болды.

Сол асқа Тәттімбетпен бірге келдім,
Таңертең Алшынбайға сәлем бердім.

- «Қаз дауысты Қазыбек ұрпағы»,- деп,

- Алдыңа өлең айта келдім!- дедім.

Ақ серкесі Бошанның - Алшынбайым,
Екі шекті қу тақтай қамшылаймын.
Өңшең доңыз есіктен кіргізбейді,
Соқыр байғұс далада қалшылдаймын.

- Мынау қалай айуан дүр?!- деп айтты,

- Белдеу ұстап, жағалай жүр?!- деп айтты.

- Есік алған бозбала,- қақпа бетін,

Сәлем бер де, соқырым, кір!- деп айтты.

- Белдеу ұстап жағалай жүрдім,- деймін,

- Сенің төре екенің білдім,- деймін.

- Ел - тары да, мен - тауық несіп терген,

Сәлем бере алдыңа келдім!- деймін.
Елу жылқым бар еді «Қоян» алды,
Қырық сиырым мәліктен өліп қалды.
Майқы, Бошан көл дария теңіздей ел,

Қаздай қалқып, бұл Шөже келіп қалды.
Екі балам шешектен өліп қалып,
Шамшырағым сөнген соң, тұрған жанып.
Дүние жүзін көрмеген мұңды соқыр

Әрең жеттім алдыңа өліп-талып.
Бозбалаға жарасқан ал қарагер,
Екі жақсы бас қосса, жиылған жер.
«Уәде - Құдай аты»,- деген сөз бар,

Алшеке, көп қақсатпай, атымды бер!
Сонда Жолшара:

- Соқырға берген қайыр тимейді бұған, беру жарамайды! –депті.

Шөже сөзі жалғасы:
Өзің қазы - Жолшара, әкең - Анай,
Қазылықпен параны жедің талай.
«Өлең айтқан - күнә»- деп, кемітесің,

Ат пен түйе парадан алған қалай?
Өзің қазы - Жолшара, әкең - Анай,
Қазылықпен параны жедің талай.
Сегіз жұмақ алдында, жеті тамұқ,

Қайсысына кірерің екіталай.
Аят, хадис дейтұғын шар кітапта,
Мұндай сөзді айтады әр кітапта.
«Соқыр келсе, садақа бермесін»,- деп,

Айтқан екен, кәнеки, қай кітапта?
Көзімді алды құдайым көрмесін деп,
Жын-шайтанның соңынан ермесін деп.
Кәріп пенен қасерге қайыр-зекет

Қай кітапта айтып тұр бермесін деп?!
Тәттімбетке айтып ем, бір ат берді,
Жал-құйрығы бүп-бүтін құр ат берді.
«Бұл соқырға бергенім жарай ма?»- деп,

Қожасы мен молдадан сұрап берді.
Алшекемнен туған ұл мырза Жүсіп,
Шөже келді алдыңа құстай ұшып.
Асаубайдың баласы Әбен болыс,

Қара шұға шекпенін берді шешіп.
Шөгіп жатқан Алшекем нар сықылды,
Жүсіп жанның ақылы бар сықылды.
Тоқсанбайдың баласы өңшең шобыр,

Жаңбыр жауып құлаған жар сықылды.
Қанша қақсаса, дәнеме өнбейтұғындығын білген соң, бұлай соқты:
Осы үйде бас қосыпты таз бен соқыр,
Кітапты сопы алдияр молдаң оқыр.

Алшеке, сіздер - дария, біз бір - қарға,
Дарияның қарға келіп шетін шоқыр.
Түрегеліп Алшынбай төрге барды,
Жез бауыр дақ қамшыны қолына алды:

- Мына соқыр айуан не дейді? - деп,

Қамшыменен қақ басқа салып қалды.

- Япырмау, бұл немене тарсылдаған,

Қаншық емес, төбет қой арсылдаған.
Тепкілей бер, сабай бер, өлтірмессің,
Ашуыңды баса гөр қалшылдаған!
Тудырайын басыңа заман ақыр,

Елде ақының бар болса, бермен шақыр.
Жерошаққа жығылып, басың күйген,
Құдайдан көр бұл істі, төбел тақыр.
Әптиектің ішінде бар-ды «Иасин»,

Қанын ұртта, соқырдың жарсаң басын.
Жуан аяқ құрт үшін басың күйген,
Құдайдан көр бүл істі, ала басым!
Ақ серкесі Бошанның - Алшынбай Таз,

Жаз шілдеде (шілгерде) ұшады ит ала қаз.
Екі сөздің бірінде «соқыр» дейсің,
Кепиетің бар болса, басынды жаз.

Алшынбай тарсылдатып, тулақ сабағандай сабай беріпті де, Шөже жүндей сабап бұрқылдатып өлеңді соға береді. Мұны естіген сол астағы қасқа жайсаң сол үйге жиылып: «Балта ақынды алдырып айтыстыралық. Балтадан жеңілсе, өзіне адам қылмағанды қылып, екі қолын артына байлап, еліне жаяу айдап қуалық! Егер жеңсе, «би екен, қазы екен» демей, Алшынбайға, Жолшараға да ат-тон айып салалық!»- деп, Балтаны алдырыпты. Қарқаралыға аға сұлтан дуанбасы күні екен, Құнанбай да келіпті. Осы орайда Мәшһүр -Жүсіп туындыларының алтыншы томын әзірлеушілер түсініктемесі: Бұл мәтін берілер алдында 1177-папкасы маңдайшасына жазылған Тәттімбеттің асқа келерде Шөжеге қандай ақыл бергені 1178-папкада мәтін маңдайшасында емес, тап осы тұста бірен-саран сөз өзгешеліктерімен берілген екен. Біз әр папкадағы мәтіннің алуан адамдардан түрліше жазып алынуы нәтижесі болуы мүмкіндігін ескеріп, әрі 1178-папка құрылымына ақау түсірмес үшін, сол жазылған қалпында осы тұста арнайы келтіргенді жөн көрдік: «Бұл асқа Шөжені Тәттімбет ертіп келген екен: «Осы жолы Алшынбай мен Жолшараны орнынан тұрғысыз қыл! Екеуі түгіл, күллі Қаракесектен алатұғыныңды жалғыз өзім берейін. Және: «Балта ақынмен айтыс!»- десе, оның айып-қиубын саған ұғындырайын. Ол өзі Шақабай - Жарылғаптың Жарылғабынан шыққан ақын. Шақабай, Жарылғап шетінен қып-қызыл ұры. Балтаның өзі де ұрлық қылып, Өтебай, Наушабайдың малын ұрлағандықтан, қашып жүріп күнелткен. Және Құсбек пен Жамантай екіұдай болғанда, екі төренің ылаңынан тілмаштардың қойнына қыз салған жері болған. Және Алшынбайдың өзі: «Құсбекті дуанбасы сайлаймын!»- деп, параға төрт ат алып, сайламай кеткен, өтірікші болған жері бар». Түбі, тегі бұратана Қырғыз, өзі біреуге жетектетіп жүрген соқыр, оның өлеңін қостап, «Әу!»- дер жан жоқ. Қалың Бошанның ортасында мұны жеңбеймін деген Балтаның қаперінде жоқ, есіктен кіріп келе өлеңді қоя берді:

Шөже ақын, сен де шешен, мен де шешен,
Салғанда қара өлеңге болдық көсем.
Екеуміз екі жұрттың жүйрігі едік,
Жүрдің бе, ақын Шөже, аман-есен?!

Шөже.
Қуандық төрт баласы құтпан бай-ды,
Ортасында бұл Шөже бұлғаңдайды.
Түрің қандай екенің көре алмаймын,

Жүрдің бе, ақын Балта, өзің жайлы?
Балта.
Сарт егінін салады - мол болсын,- деп,
Төре жұртын жияды - қол болсын,- деп.

Амандасып отырған ақын Балта
Сұрайды інісінен: «Жол болсын!»- деп.
Шөже.
Жақсының жүрген жері - той, мереке,

Майқы, Бошан бас қосқан бір береке.
Әдейілеп ешкімде аласым жоқ,
Құдай берсе, мол болсын, Балта-ағаке!
Балта.

Інісі бар кісінің тынысы бар,
Тіл мен жаққа бақ берген ырысың бар.
Барымташы кісідей: «Мол болсын!»- деп,
Әлде қандай кісіде жұмысың бар?

Шөже.
Туған соң, өлерімді білім едім,
Жасымнан атқа мініп желіп едім.
Мүсәпір, іштен туған, көзім соқыр,

Тергелі несібемді келіп едім.
Балта.
Шөжеке, бұл айтқанға ермеймін мен,
Қолымды құлаш ұрып сермеймін мен.

Бошанның бес баласы дария көл,
Өзім өлмей, адамға бермеймін мен!
Шөже.
Балта аға, жоққа қинап қысамаңыз,

Өлеңмен алды-артымды тұсамаңыз.
Мейрамның, қарлығаштай, малын қорғап,
Қызғышқа көл қорыған ұқсамаңыз!
Балта.

Бұ соқыр теңін таппай ойнайды екен,
Алдымда Балта бар деп ойлай ма екен?
Қуандық, Сүйіндікті бірдей жеуіп,
Қу соқыр көні кепкен тоймай ма екен?!

Шөже.
Ұры Балта, білдірдің ұры атыңды,
Ұрлықпенен кетірдің ұятыңды!
Көл қорыған қызғышты көп көргенмін,

Топшыңнан сындырамын қанатынды!
Балта.
Жылқымды айдап саламын қалың қаудан,
Ойнап-күліп жүремін денім саудан.

Мұрдар құл, аяғыңды абайлап бас,
Шақырған кім бар сені Алатаудан?
Шөже.
Қой, Балта, мен құл болсам, сен де құлсың,

Мейрамның жетегіне келген күңсің!
Ошақ басы, көгеннің қасында боп,
Әлдекімнен белгісіз туған ұлсың!
Балта.

Қазанда қайнап тұрған құрт бола ма?
Белағаш елің жайлап сырт қона ма?
Тұрған елің белгісі - жүрген жерің,
Қуандық, Сүйіндіктей азған, тозған жұрт бола ма?

Шөже.
Ел қайда Қуандық, Сүйіндіктей дәулет біткен,
«Шөкем!» - деп, төре, қара еркелеткен.
Жамантай Құсбекпенен жауласқанда,

Қызынды қатарға ұстап орыс еткен.
Балта.
Сен соқыр, біздің елге келіп пе едің,
Аралап мұнан бұрын жүріп пе едің?

Айтасың өтірік сөз, жаның шыққыр,
Қызымды орыс неткенін көріп пе едің?!
Шөже.
Байлар ішік киеді манат тыстап,

Кей ақын сөз сөйлейді қолына ұстап.
Жамантай Құсбекпенен ұстасқанда,
Қызыңды орыс қылған қатарға ұстап.

Балта не дерін білмей қалбалақтап, сасып қалғанда, Шөже ентелей басып өлеңді қоя берді:

Ұры шіркін, қорықпайсың бір құдайдан,
Жан өтпес пара жеуге мына отырған Алшынбайдан.
Тұқымың ұрлықпенен күнелткенсің,
Қашып жүріп күнелттің Өтебай, Наушабайдан.

Балта.
Кезбе соқыр деген соң, кезбе (кенбе) соқыр,
Осы сөзің өзіңе жөн бе, соқыр?
Терде отырған хан, қара,- бәрін мінеп,

Ел түзетіп жүруші сен бе, соқыр?
Шөже.
Ұры шіркін, қорықпайсың бір құдайдан,
Салымым бар бұрыннан-ақ осындайдан.

«Соқыр, соқыр»,- дейсің де, еш қоймайсың,
«Соқыр»- десең, құтылсайшы мына отырған Құнанбайдан!
Балта.
Батырлар жауға шабар найзаменен,

Жаманның ісі болмас пайдаменен.
Тілінен төре, қарам шықпасын деп,
Қойып ем Құнан жанды айламенен.
Шөже.

Басында бәйтеректің балалы құр,
Ұры құл, мына сөзге мойныңды бұр!
Табынған аз ғана елге жаман Бошан,
Қорықсаң сен, Құнанбайдың көтіне кір!

Ей, Балта, жылың - қой, биыл шықтың елу төртке,
Соңыңнан мұнан былай өсек ертпе!
Құсбекті дуанбасы сайлаймын деп,
Төрт ат алған, бере ме мына тазың ақыретте?!

- Өлеңдерің құрысын, өлеңді қойыңдар! Соқырдың тілін кесе алмайсыңдар, өзін өлтіре алмайсыңдар! Бұл көрінгенді ластайды да отырады!- деп, отырған әлеумет өлеңді қойдырыпты.

Бұл жолы Балта жеңіледі, Шөже жеңеді. Ас тарқағаннан кейін жандаралдың адъютанты арызға барған. Сонда айтқан өлеңі:

Алшекемнің кісісі құта жазды,
Асық ойнап балалар ұта жазды.
Қорқау қасқыр сықылды Алшынбайың
Өлең айтқан Шөжені жұта жазды.

Жылқымды айдап саламын Кеңаралға,
Оқ шырқатсам, жетер ме тау маралға?
Арызымды соларға айтайын деп,-
Жетпіс бардым адъютант жандаралға.

«Тәуекел!»- деп, алдыңнан тұрдым жылап,
«Не қылад?»- деп, тазың тұр мені сынап.
Пәуескеден сол жаңа түскен екен,
Қоя бердім мен өлең орысшылап.

Қырғызшылап бір айттым сайрап,
Шүршітшілеп кетіппін оттай жайнап,
Орысшалап енді өлең айтқанымша,
Кешіктірмей екеуін келіпті айдап.

- Неге мені сабадың, екі доңыз,

Боқты бермей кетерсің екі «тоғыз»?!
Менің кегім соныменен біте тұрсын,
Екеуінен әперші екі «семіз»!

- Неге мұны сабадың, екі доңыз,

Керегі жоқ пошел-чик тоғыз-моғыз!
Өлең айтқан Шөжені мұндай сабап,
Бұйрық қылды: «Кеншеге салындыңыз!»
Сабағаны соқырға пайда дарау,

Тазға қырсық күн туды һайда дарау.
Қамшыменен басымды қақ айырды,
Басшы сұлтан государ біле-дар-ау!
Оныңа не әперді қолыменен,

Кең қалтаның баяғы молыменен.
Соқырменен еш адам ойнар емес,
Үйге қайттық, «Құдай!»- деп, соныменен.

Құдай рахмат қылсын Тәттімбетке! Бұл Тәттімбет өзі Шаншардың Нұрбике деген қатынынан өрбіген, Бертістің Бектемір деген баласынан. Битін-шитін - Мөшеке өзі - бет біткеннің сұлуы, қызыл тілге келгенде, төрт аяғы бірдей жорға. Жолшара: Шаншардың Айбике деген қатынынан. «Екі қатынның баласы екі ру ел» демеді ме? Әдейі осы асқа Шөжені алып барғаны: сол екеуінің ажарын мұқату үшін. Жалған дүниеде өлеңшінің өлеңі.не ілінген жұрт аузында қалмақ. «Шөже мен Балтаның айтысқаны»- деп, о да, бұ да қақсайды да жүреді. Өзге сөз өледі, өлеңді сөз өлмейді.

ШӨЖЕ МЕН КЕМПІРБАЙ АЙТЫСЫ

Кемпірбай.
Ар жағы айыр кезең үлкен борлы,
Бабамның аруағы маған қонды.
Шілденің он бесінде сауын айтып,

Жаныстың Сәтбайының асы болды.
Тәуекел дариясынан бетім жудым,
Әзелде мұнан қорықсам, неге тудым?!
Сол асқа жұрт жиналған барайын деп,

Жаратып, жалғыз көктің тілін будым.
Талайды салып едім омырауға,
Құдая, бергеніңе сансыз тәубе!
Сыртында қаралы үйдің жетектетіп,

Жолықтым бара жатқан Шөже жауға!
Бес намаз, он екі иман - жанға пайда,
Қалайын бір сөйлесіп осындайда: -
«Біреуге - мал, біреуге - жан қайғы»,- деп.

Барасың, соқыр азбан, жаяу қайда?
Шөже.
Жүзіндей ұстараның ауған дүние,
Қақсадың мені көріп мұнша неге?

Ай мен Күн, жер мен көкті көргенім жоқ,
Кемпірбай, ақылың болса, маған тиме!
Баласы Жаныс мырза - Сәтбай марқұм,
Барамын құран оқи қаралы үйге.

Кемпірбай.
Асыма шақырмаған келдің жетіп,
Алатау бөксесінен көктей өтіп.
«Арқада қожа, молда жоқ қой!»- деп пе ең?

Қу соқыр, кім шақырды жетектетіп?!
Шөже.
Салмағы бір көзімнің бір көзімде,
Алланың не қылса да ерік өзінде.

Бар болса кереметің, көзімді жаз,
Ұрайын, жаза алмасаң, дәл сөзіңді!
Кемпірбай.
Ішінде Бошан, Шаншар дегдары едім,

Ішінде ауған қырғыз сен жарлы едің.
Көзіңді көрінгенге төле дейсің,
Жерінде көзің шыққан мен бар ма едім?!
Шөже.

Мен дін ислам, қазақтың жедім қамын,
Сөйлейін мойныма алып неше тайын?!
Балта, Орынбай, Шортанбай түк қылған жоқ,
Сен аламын деймісің менің жаным?!

Мұқтасар, сөзім майда, тақтасындай,
Бұхардың, омырауым, қақпасындай.
Ескі аруақ орнаған жер құр қалмайды,
Қырғыздың алтынымын ат басындай.

Балта, Орынбай, Шортанбай түк қылған жоқ,
Сен қыларсың атаңның қақ басыңды-ай!
Кемпірбай.
Бұл елге ақын болған Шөже қайдан?

Қалыпты Шөже дәндеп Орынбай, Шортанбайдан.
Жарлы байып, жас өскен заман болды,
Жүрмесін жаның шығып Кемпірбайдан?!
Жолықпай шын ақынға жүр екенсің,

Берейін сыбағанды, соқыр хайуан!.
Шөже.
Кемпірбай, көңіліңді тындырармын!
Озса құдай, қалса аруақ, ұрдырармын!

Оралдан түлеп ұшқан мен - ақиық,
Топшыңды қанатыммен сындырармын!
Кемпірбай.
Қой, соқыр, сеніменен сөйлеспен,

Көргем жоқ сендей арсыз жаннан кешкен.
Болғанда сен ақиық, мен - бидайық,
Бір жағын қанатыңның қимай, түспен!
Шөже.

Қап-қара Қаракесек күңнен туған,
Би болып Қазыбегің белін буған.
Ежелден аға сыйлап көрмеген ит,
Сөйлейді қалай-қалай мына антұрған?!

Кемпірбай.
Ай, Шөже, жалған сөзің мін емес пе?!
Бойыңа күпір мақтан сын емес пе?!
Әкең Қаржау Жайықтың құлы емес пе,

Шешең Шама төренің күңі емес пе?!
Жаралған екеуінен, жазған соқыр,
Дегенің сенің «күндіз» - түн емес пе?!
Шөже.

Кемпірбай, менің сөзім шын емес пе?!
Құлақ сал, мен сөйлейін бұл кеңеске!
Әкем Қаржау Жайықтың ұлы емес пе?
Шешем Шама төренің қызы емес пе?!

Жаралған екеуінен шын ақсүйек
Жиені Қазыбектің мен емес пе?!
Сен бірдей кісі ме едің меніменен,
Мен қашан теңдес едім сеніменен?

Аузыма ә дегенде кірмеймісің,
Бір тартқан тамағымның лебіменен?!
Қой, байғұс, салындыға ораларсың,
Бір аққан тақымымның теріменен.

Қазандай бұрқ-сарқ етіп мен қайнасам,
Сорпаның сен кетерсің сөліменен.
Өзеннің шығанағының шалшық суы (сұмыры)
Мұхиттың тең бола ма көліменен?!

Осы сөз өлең түгіл мақалда бар,
Қой бірге жайыла ма бөріменен?
Бөгембайдан туғанның бәрі жынды,
Болған ба шешең ойнас періменен?!

Кемпірбай.
Жамандар сөзің бар ма мұнан да арман?
Тиеді сөзің суық жауған қардан.
Түбің - қырғыз, тұрағың - Алатауда,

Қу соқыр, туған жерің онан да арман.
Кеше Кенесары қырғызды үркіткенде,
Әкең Қаржау Қаройда аштан қалған.
Қаңғырып Қараөткелге шешең барған,

Пақырлық неше түрлі күйге салған.
Шежиров деген орысқа шошқа бағып,
Мұжықтың сухарынан қорек алған.
Мен білмейтін кісідей, монтанысып,

Сөйлейсің енді мақтан, соқыр хайуан!
Шөже.
Ант атқан, тәңірі атқан, кері кеткен,
Мойнына көк шолақтың ері кеткен.

«Ақ табан шұбырынды - Алқа көлде»
Қырық кісің тамақ іздеп, жаяу кеткен.
Ішінде Кеңтүбектің қайың шауып,
Мен бе едім сол иттерді тентіреткен?!

Қатынын орта жолда нанға сатып,
Кедейлік сенен маған қашан жеткен?!
Кемпірбай.
Барады өтіп кетіп жаз бенен күз,

Құлаққа, айтқанменен, енбейді сөз.
Затыңда бір тазалық болмап еді,
Жаралған қызыл еттен (иттен), соқыр қырғыз!
Қырғыздан келіп, қазақты сайқалдайсың,

Аузыңа келген сөзді қайтармайсың.
Беруге саған қайыр дұрыс емес,
Махшарда алғаныңды қайтармайсың!
Мысықтай көзің жұмып жеп-жеп алып,

Барғанда тәңірі алдына айта алмайсың!
Кісісін ел бұзғалы келіп жүрген,
Азғырған Қарынбайды шайтандайсың.
Шөже.

Бір құдай көзімді алды көрмесін деп,
Тіліне жалғаншының ермесін деп.
Екі көзім бірдей жоқ, мен бір кәріп,
Кім айтар: «Маған қайыр бермесін!»- деп.

Кемпірбай, білмеймісің өтерімді,
Артыңнан, шапсам, қуып жетерімді!
Қаракемпір: Наманай аз ғана ауыл,
Япырмау, осы қайдан көтерілді?!

Әкең тауып шешпестей жұмбақ айтып,
Қол бойы түсірейін көтеніңді!
Жұмбақ:
Кемпірбай, көкте не бар, жерде не бар?

Жаратқан неше жұпты Қадір жаббар?!
Қай күні ғарасатта майдан болса,
Қай күні өлім қошқар бұғазланар?!
Асылы - тар зиараттың мұнан шығып,

Бір жағын кім, бір жағын кім тұтып тұрар:
«Ей, лағнет күнәңды мойныңа ал!»- деп,
Шайтанға қай адамзат бөгеу болар?!
«Күнәсын пенделердің жарылқа!»- деп,

Пендеге қай адамзат жәрдем қылар?!
«Шапағаттан мені тәрік қылмаңыз!»- деп,
Кім ерсе, оттан тонын киіп тұрар?!
Қолына қанды тон мен кесені алып,

Кімнен кім махшар күні құнын даулар!
Алланың әмірімен пәрмен болып,
Кіммен кім қиямет күн некахланар?
Олардың тойларының қызығына

Кіммен кім бел ұстасып күрес салар.
Артылып бақ дәреже, аруақ қонып,
Кім жығып махшар күні, мірсап алар?!
Бұл сөзге асыл болсаң, зейін жетер,

Ойланып, біле алмасаң, есің кетер!
Бірін қате шығарсаң, кәпір болдың,
Білмесең егер түгел, шешпе бекер!
Кемпірбай.

Болғанда жерде - Мәді, көкте - Ғайса,
Жаралған алты күнде екі дүние.
Жұптылықты шығарған: Таблит, Жаблит,
Мүнзілде көріп едім осылайша.

Жеті қат жер астында көк өгіз бар,
Дүние бұзылғанша өлмей тұрар.
Қай күні ғарасатта майдан болса,
Сол түні өлім қошқар бұғазланар!

Асылы тар сираттың мұнан шығып,
Құрайыш деген жыланның басын алар.

- Ей, лағнет, күнәңды мойныңа ал!- деп,

Шайтанға имам Ағзам бөгеу болар!

- Күнәсын пенделердің жарылқа!- деп,

Пендеге Нұр Мұхаммед жәрдем қылар!

- Шапағаттан мені тәрік қылмаңыз!- деп,

Абужаһил оттан тонын киіп тұрар.
Қолына қанды тон мен кесені алып,
Фатима-Хасен, Хұсаин құнын сұрар!
Алланың әмірімен пәрмен болып,

Ан хазіреті Мариямға некахланар.
Олардың тойларының қызығына
Қаһарман Ғалыменен күрес салар!
Артылып бақ, дәреже, аруақ қонып,

Арыстан бір сүрінтіп, мансап алар.
Егесі (екісі) кайта тағы тіленсе де,
Оларға ерік бермес періштелер!
Әкең Қаржау - Жайықтың басы бар ма,

Қу соқыр, құмарланып мұнша нең бар?!
Шөже.
Не дарақ түр бұтағы... бес,
Оғы - он төрт, қылышы - алты, қыны - үш.

Бір затында екі сөз бар,
Хисабы - алты мың алты жүз алпыс алты (аяты)
Жетпіс үш баста - бір көз,
Қарасы - дәл қырық, ағы оның - бес,

Ақылы - дана, Кемпірбай ақын болсаң, мұны шеш!
Кемпірбай.
Әуелі парыз болды дін исламға,
«Бұтағы бес» деген - бес намаз – мұсылманға

«Оғы он төрт» дегенің – Бамдат - бесін,
Мойынын оқимын деп ұсынғанға!
Көңіліме адастырмай Алла жазған,
Екі сөз - ғылым: ғарышта екі айрылған.

«Алты мың алты жүз алпыс алты» - дегенің –
Отыз пара оқитын құран болған.
Жетпіс үш баста бір көз бар болса,
Сираттың періштесі хисаб алған.

Қыны үш дегенің - үтір, уәжіб,
Ан хазірет алып келген миғраждан.
«Ағы - бес»,- дегенің - исламның бес парызы,
Айрылып қырық парыздан шыққан жолдан.

Әуелі пәлесіне сабыр қылмақ,
Екінші қазасына риза болмақ.
Алланың өзі де бір, сөзі де бір,
Ізгілік, жауыздықты Алла қылмақ!

Шөже.
Бұл сөзім Орта жүзді ағаласын,
Мұны сен ақын болсаң, таба аласың.
От туры, минал бәйіні, илал ләйлі,

Тауып бер осы сөздің мағынасын!
Кемпірбай шеше алмады, шеше алмаса да, былай деп айтты:
Сен, соқыр, мына сөзден пақыр болдың,
Айрылып халал малдан тақыр болдың!

Өлеңге құдай сөзін қосамын деп,
Қатының - талақ, өзің Һәм кәпір болдың!
Шөже.
Кемпірбай, жай жүр десем, жай жүрмейсің,

Түзу ғана ит болып, неге үрмейсің?
Ақын деп сені, тіпті, ойламаймын,
Алланың төрт сөзінен түк білмейсің!
От туры - Тор тауына Мұса барған,

Алладан төрт-ақ ауыз жауап алған.
«Жалғанда Жамалымды көрсетпе!» - деп,
Бір құдай Мұсаны аяп, тасқа салған.
Мұсаның өзі еріп қорғасындай,

Тағаны еріп қалған жерде сондай.
Осындай жақсы сөзден түк білмейсің,
Алдымнан түр, кет арман, былшылдамай!
Тұрмысың Арғын болып көптейін деп,

Мен тұрмын аһылы надан, сөкпейін деп.
Сен итпен бағасы жоқ айтысқанша,-
Жөнелді: «Қаралы үйден ет жейін!»- деп.
Шөже осыны айтып, жөнеле берді. Сонда Кемпірбай артынан қалып, айтқаны:

Тоқтадым аз ғана көптен келіп,
Тұр едім өзім-дағы сезіктеніп.
Соқырға жан жеңбеген соқтығам деп,
Жығылдым төрт аяғым көктен келіп!

Жазамды сөйтіп соқыр берген жері,
Сөзінің ретіне келген жері.
Арқама жуан елі сөзі батып,
Соқырдың мені осылай жеңген жері!

Кемпірбай мұны тауып шеше алмады,
Шөжеден асқар таудай аса алмады.
Қалжырап қалта қарап тұрып қалған,
Сөз тауып енді аузын аша алмады.

Шөже де ақын екен, елден асқан,
Қыдырдың қыдырғанда, ізін басқан.
Кемпірбай ақынмын деп жүрсе-дағы,
Екпінін ақын Шөже солай басқан.

ШӨЖЕ МЕН ҚАЛДЫБАЙ АЙТЫСЫ

Қаракесек: Шаншар ортасында Қойсүймес баласы Баймұрын мырзаға Қуандық ақыны болып жүрген соқыр Шөже өлең айтқанда, Қаракесек ақыны Қалдыбай қожа Баймұрынды айырып аламын деп айтысқаны.

Қалдыбай.
Ай, Шөже, шындаймысың, ойнаймысың,
Берсе де тамам Мейрам тоймаймысың?!
Отырған қасындағы қожасы едім,

Бір кісі сыбағама қоймаймысың?!
Шөже.
Көшкен ел шалғын жерге қонбай ма екен?
Қазақтай қожа пейілі оңбай ма екен?!

Мол дәулет құдай берген таусыла ма,
Екеуміз бөліп алсақ болмай ма екен?!
Қалдыбай.
Соқыр, сенен басқада тіл бар ма екен?!

Сөйлер сөзге соқырлар ділмар ма екен?!
Бір соқыр, бір ақсақпен үлесіп ап,
Ақы иесі құр қалмақ жол бар ма екен?!
Шөже.

Қожада да қожа бар, дегдар қожам,
Алдында сайрап тұрған жол бар, қожам!
Қожа болсаң, пір болып, дін үйретпей,
Қазақтың өлеңінде нең бар, қожам?!

Қалдыбай.
Қырғызда да қырғыз бар: дегдар қырғыз,
Сенің түбің белгілі, мұндар қырғыз!
Сүйегім қожа-дағы, етім қазақ,

Қазағымның ішінде нең бар, қырғыз?
Шөже.
Мен құдайдан тілеймін денге саулық,
Жалған сөйлеп жаныңа қылма жаулық!

Қожа, қожа дегенге - қоқиланба,
Қожа түбі - сарт екен - өгіз таулық.
Қалдыбай.
Бүркіт алған шығады заңғар тауға,

Ойнап-күлген жақсы екен нәпсі жауға.
«Жер-жерін, жеген-суын табар»,- деген,
Соқыр қырғыз, кетсейші Алатауға!
Шөже.

Қожаның өзіме қой жалғыз өзін,
Шөженің кім кемітпес екі көзін!
Қожа болсаң, шатылма көрге, жерге,
Бұл жұртқа ұқтырсайшы құдай сөзін!

Қалдыбай.
Жамандық ойлай-ойлай көзің шықты,
Көзің соқыр болса да, кеудең мықты.
Құдай сөзін айт десең, мен айтайын,

Дария боп зәмзәм суы қайдан шықты?
Шөже.
Қожа құлап құлар-ау Көкшесінен,
Мен шошимын сөзіңнің текшесінен.

Ажар (һажар) ана толғатып қиналғанда,
Зәмзәм шыққан тебінген өкшесінен.
Қалдыбай.
Су шыққан жоқ Ажардың өкшесінен,

Сен шошырсың сөзімнің текшесінен.
Ажар ана су іздеп жүгіргенде,
Зәмзәм шыққан Смағұл өкшесінен.
Шөже.

Қожеке, қожамысың, қарамысың,
Таласып болмас іске баламысың?
Әзиз қожаң: Хан қожаң, ақын қожаң,
Талассаң, Хан қожаңа барамысың?

Қалдыбай.
Соқыр Шөже, мінгенің теңбіл шұбар,
Меніменен талассаң, терің шығар!
Барсаң, бара қоялық Хан қожаға,

О да.өзімдей оқыған қожа шығар!
Шөже.
Сенен [басқа] оқуды ұққан жоқ па?
Сенен басқа дүниеде соққан жоқ па?!

Мариям ана Исаға толғатқанда,
Табанынан ағар су шыққан жоқ па?!
Қалдыбай.
Сен соқырсың, мүгедек мен бір ақсақ,

Сенен гөрі сәулем мол менде жақсы-ақ!
Шариғаттың сөзінен білерің жоқ,
Құр далада ойбайлап жүрсің қақсап!
Екеуі жеңіп, жеңісе алмай,таласпен тарқайды (15 ауыз өлең).

МӨҢКЕ МЕН ОПАН АЙТЫСЫ

Мәшһүр - Жүсіптің 1170-папкасындағы осы айтыстың маңдайшасындағы түсіндірмесі: «Найманға жігіт ұрлыққа барды, қолға түсті. Той болды, Опан деген қыз, Мөңке деген жігіт екеуі өлең.айтысты. Тұтқын жігіт, аяғына кісен салған, кісеніменен тойға келген. Әуелі қыз бастады» (1170-папка, 66-бет). Мәшһүр - Жүсіптің кейін қағазға түсірген 1177-папкасындағы осы айтыс маңдайшасындағы екінші кеңейтілген түсініктемесі: «Қуандықта өр Алтай дейді: Аралбай - Бекшеден жортуылшы аттанып, жорыққа барып, Бағаналы, Балталы - Найманнан жылқы алды. Найман көтеріле аттанып, қуып жетіп, ұрыс, төбелес болып, жылқысын айырып алды. Найманнан бір сырбаз өлді. Алтайдан бір жігіт тұтқын болып, қолға түсіп қалды. Найманда бір зор той болып, тұтқында қалған жігіт аяғында кісен, тойға келді де, Найманда бір Опан деген ақын қыз бар екен. Бұл қолға түскен жігіт те ақын екен. Екеуін айтыстырды. Сонда өлеңді қыз бастады.» (1177-папка, 109 бет).

Опан.
Қарқарамның ұшы бар айда-сайда,
Қолаң қара шашымның түбі майда[1].
Тып-тыныш жатқан еліме ойран салған,

Айтысамын, ағалар, жаяу қайда?
Мөңке.
Қарқараңның ол ұшы сайда [2] болар,
Іздегенге асылық пайда болар.

Сонша жерден мен келдім жаяу іздеп,
Айтысамын, қыз Опан қайда болар?
Опан.
Жер мен көкке теңселіп, желсең, жігіт,

Желе жортып, теңселіп жүрсең жігіт.
Егіншінің атындай кісенің бар,
Руыңды сұраймын: не елсің, жігіт?
Мөңке.

Мен - Арғын да, сен Найман [3],
Бағаналы, Байлықпенен жылқымыз көк алалы.
Аманжолдың ауыр қол [4] жиып келіп,
Ат көтіне салмаймын ба сен баланы?!

Опан.
Бармақ қайда базарға, келмек қайда,
Өте шауып елімді алмақ қайда?!
Біздің елде жалаң бұт, жаяу жүріп,

Ат көтіне Опанды салмақ қайда?!
Мөңке.
Өлең айтып, Опаным, жөнделерсің [5],
Әмір келсе Алладан демде өлерсің!

«Аманжолдың ауыр қол»- жиып келсем,
Алақандай, сен Найман, жерге енерсің!

Мәшһүр-Жүсіптің бірінші ескертпесі: «Аманжолы - Ақжол. Мұның шын аты - Жанарыс: Жау жолында көзге түсіп, ауызға ілініп, «Болатқожа» атанған, «Акжол» атанған, «Аманжол» атанған.» (1170-папка, 68-бет). Мәшһүр-Жүсіптің екінші ескертпесі: «Аманжол: Қарыке-Алтай. Оның заманында Алтай азаматы: «Аманжолдың ауыр қолы»-атанған.» (1177-папка, 109(68) бет).

Опан.
Жөн сөйлесіп, білдірме жөндігіңді,
Кісендеулі жүргенің кемдігің-ді [6].
Біздің елде жалаң бұт, жаяу жүріп,

Неге айтасың, ау сорлы, белдігіңді?!
Мөңке.
Өлең айтсам, тамағым кеней айтам,
Сөз мәнісін білмесем, неге-ай айтам?!

Бәйбішенің баласын басын қоссам [7],
Белдік айтпай, ай, балам, нені-ай айтам?
Опан.
Сөйлер едің, жаяуым, шерің болса,

Сөз тастайтын аузыңа пірің болса [8]!
Қара өлеңнен екеуміз жеңіспеспіз [9],
Енді еліңді айта гөр, ерің болса!
Мөңке.

Бір өлеңім бар еді кенде-кенде,
Кім иманын күтеді осы күнде?
Орыс, қазақ - айдынынан түгел қорыққан [10],
Елімде тақсыр төрем - Құдайменде.

Ескерту: осы 69-беттегі 14 жолдық мәтін соңында Мәшһүр - Жүсіптің мына түсініктемесі орын алған: «Қоңырқұлжа төренің әкесі - Қуандық, Сүйіндік төресі болған.»

Опан.
Сөйлер едің, жаяуым, күйің болса,
Кірер, шығар кең сарай үйің болса!
Қара өлеңнен екеуміз қажыспаспыз,

Енді еліңде, айта гөр, биің болса!
Мөңке.
Қыз Опан, ойда қала, қырда қала,
Жалғыз жүрген жаяуға Құдай пана.

Он үшінде сөз бастап, би атанған –
Біздің елде бар еді Шорман бала.
Опан.
Өлең айтып, жаяуым, қақсаймысың,

Тері тонмен көшімді жақтаймысың?
Тентегін телісі [11] мен тыймайтұғын,
Ебелек сол жасыңды мақтаймысың?
Мөңке.

Шоң биім сөйлер сөзден өтіп еді,
Шорманым жастай сөзге жетік еді.
Жарықтық ерлікпенен қолға аттанып,
Бошанға - Майқыменен кетіп еді.

1170-тегі Мәшһүр - Жүсіп түсіндірмесі: «Қыз жеңіліп, жауап таппай, тұра қалды, жігіт айтты.» 1177-папкадағы Мәшһүр - Жүсіп түсініктемесі: «Қыз бұл кісілерге салыстырарлық төре таба алмады, тойпаңдайын деді. Сонда жігіт сөйлеп қоя берді.»

Мөңке.
Сатқаны саудагердің бояқ-тағы,
Жүгірткен сұм жаяуды тамақ-тағы[12].
Бір тостаған осындайда саумал берсең,

Сорлыға біздей кәріп [13] сауап-тағы.
Опан.
Бұ [14] жаяу өлең айтып, аттай желді,
Байғұстың көп жаңғалақ көңілін бөлді.

Сусаған өлең айтып, сорлы жаяу,
Ішінде сырлы шелек саумал келді.
Мөңке.
Әуелде өзі жалғыз [15]Құдай болса,

Айтқан сөзім құдайсыз күнә-ай болса,
Өлеңіңді қоя тұр, ойбай, Опан,
Саумалыңды ішейін олай болса!
Опан.

Қатты жұтып іш саумал, қандырайын,
Ақылыңды жаңылтып, тандырайын.
Өлең айтып, сусаған, сорлы жаяу,
Мен көзіңді шырадай жандырайын [16]!

Мөңке.
Қатты жұтып саумалды қанғым келді,
Қақ қасыңа, Опан қыз, барғым келді.
Елдегі тентек ойым ауып тұр ғой,

Ақ төсіңе бір мініп алғым келді [17].
Опан.
Бір қамшым бар қолымда сегіз өрме,
Тиіп кетсе көзіңе, менен көрме!

Екі аяқты кісіге мінемін деп,
Қыл құйрықты жылқыдан дәңгі [дәнеңе] көрме!
Мөңке.
Күз жаратып мінгенім Қаракөкше,

Аяғыма кигенім шоңқайма [18] өкше.
Е дегенде, мә деген, жарықтығым,
Көтере гөр қолтықтан, атам Бекше!

Мәшһүр - Жүсіп ескертпесі: «Жігіт Алтай екендігі: «Атам Бекше»- деген сөзінен танылып тұр.» (1170-папка, 73 б.)

Опан.
Күні кеше [ 19] жоқ жұлдыз қайдан шыққан,
Қысыр емген нық құр ат байдан шыққан.
А дегенде атаңды аузыңа алып,

Бекше атаңның сүйегі қайдан шыққан?
Мөңке.
Илла-Аллаға мойынын бұрған-дағы,
Талай нөкер жолында тұрған-дағы.

Атамыз жауда жүріп, жолда өліпті,
Жарықтық арыстан боп [20] туған-дағы!
Опан.
Мен өзім атты да емен, түйелімін,

Қара өлеңге салғанда жүйелімін [21].
Мені қайтіп жеңесің, сорлы жаяу,
Аты шулы Бекшенің жиенімін?!
Мөңке.

Әуелде өзі қазы (хазір) Құдай болса,
Айтқан сөзім Құдайсыз күнә-ай болса!
Сіздер жиен болғанда, біз - нағашы,
Ат-тонымды алып бер, олай болса!

Опан.
Балқын кел, салқын көл мен қызыл қурай,
Жас басыңнан көп жортып, болдың сұмырай.
Атың менен берейін тоныңды алып,

Сүйек қуып, келген болсаң, тамыршыдай [22]!
Мөңке.
Көп жорықшы жорыққа жүр деген соң,
«Көп жортушы тілеуі - бір»,- деген соң,

Қыз Опан, ұрыда көз жоқ, малда тіл жоқ,
Байғұс-ау, жылқыңды алдым, білмеген соң.
Опан.
Жаяуым, өлең айтып, қақса сана,

Көшімді тері тонмен жақта сана.
Көтіңнен: «Сандыбайлап!» қуып жеттім,
Ұры құл, білмей алсаң, таста сана!

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Қыздың елі - Найман, ұраны - Сандыбай болғандықтан, сыбанып отыр. «Бағаналы: Барлыбай // Жау шайқаған Сандыбай.» Бұл Сандыбай - Ерден, Жүзіннің әкесі.» (1170-папка, 74-бет)

Мөңке.
Найзамды жауға шаныштым, сермейін деп,
Тіріде жау қорлығын көрмейін деп...
Жылқыңды шаршы түсте тиіп алдым,

Опанға жалғыз тал қыл [23] бермейін деп.
Опан.
Еліміз Есіл барып өтпек пе екен,
Айтқан сертке ұры құл жетпек пе екен?

Аузын ұрып, аяғын сындырған мал
Ұры алдына сол түсіп кетпек пе екен?!
Мөңке.
Өлең айтып, Опаным, толған жоқсың,

Баяғыңдай әріптес болған жоқсың!
Олай десең, Аллаға күпір болдың,
Ұрысайдың басына қонған жоқсың!

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Бұрын Ұрысайдың басында отырғанда, жылқысын бір алып кеткен жері бар екен.» (1170-папка, 75 б.)

Опан.
Желіп жортқан жайсаңың мен дегенің,
Өз сөзіңді тағы өзің жөн дегенің [24].
Жылқымды шаршы түсте тиіп алып,

Көсемсіп, көрген жерге дәндегенің!
Мөңке.
О сөзім олай айтқан жөн емес пе,
Желіп жортқан жайсаңың мен емес пе?

Жылқыңды тыныштықпенен оттатпайтын [25],
«Аңғал Арғын» атанған мен емес пе?!
Опан.
Біздің елдің жайлауы - Қарататыр,

Біздің өлең есепсіз толып жатыр.
Өлеңіңді айта бер, арсыз сорлы,
Сойып салған сақтаулы соғым жатыр[26].
Мөңке.

Басын тартып Күреңнің, жорғалаттым,
Күндіз қойдай Найманды қорғалаттым.
Әлі өлсем де, Аллаға, арманым жоқ,
Қара қанын ағаңның сорғалаттым!

Мәшһүр - Жүсіптің бірінші ескертуі: «Сол жерде қызды жеңді, қыз жылап отырып қалды. Ертең ел көшті. Түйе үстіне мінгізді, елінде тағы да бір ақын қыз бар екен. Сол қыз: «Көш-жөнекей айтысамын!» - деп келді. Бұ жігіттің қасында бір арбалы атқа мінген бала бар екен. Со баладан сұрады жігіт:

- Бұ қыздың не міні бар?- деп.

Бала айтты:

- Бұ қыз өңді,- дейді,- Өзі өлеңші,- дейді,- Бірақ кешегі жұртта бала тапты,- дейді.

Қыз келді, жігітке өлең айтты.» (1170-папка, 77- бет) Мәшһүр - Жүсіптің екінші ескертуі: «Жылқы айырамын деп барып, соғыста өлген қыздың ағасы екен. Қыз жылап отырып қалды. Ертең тұра ел көшті, жігітті Опанның қолына берді: «Ағаңның өшін ал, не қылсаң, ерік өзінде!»- деп. Жүк артқан түйенің үстіне шоқайтып отырғызды. Елінде тағы бір ақын қыз бар екен. «Опан жеңіліп қалды»- дегенді естіп: «Айтысамын!»- деп, көш-жөнекей сол қыз келді. Бір бала түйеге маңайласып келіп: «Осы қыз өзі сұлу, өзі ақын, бірақ осы көшкен жұртта бір бала тауып, өзі өлтіріп тастаған!»- деп, жүре берді. Қыз қаннен-қаперсіз келе өлеңді қоя берді.» (Мәшһүр - Жүсіп, 1177-папка, 117(72)6.).

Екінші қыз.
Ұры құл, аяғыңда қара қақпан,
Бұ қақпаннан ұры құл пайда тапқан.
Түйе үстіне байғұсты шоқайтыпты,

Опанжан бұ жетімді қайдан тапқан?
Сонда жігіт елеуреп желігіп кетті:
Ұры құл аяғында қара қақпан,
Қақпанмен қарғып барып саған шапқан.

Пайдамды жұрт алдында өзіме бер,
Кешегі балаң қайда менен тапқан[27]?!

Қыз оны естіп, қаша жөнелді, жұрт бала тапқанын сонда біліп қалды. Ұят-ай, ұят-ай!

ТҮБЕК ПЕН ЖАМШЫБАЙ АЙТЫСЫ

Бұл айтысқа байланысты Мәшһүр - Жүсіптің бірінші түсіндірмесі: «Найман: Бояубай байдың ауылында Күліктен шыққан Жамшыбай ақын мен Найманнан шыққан атақты кәрі Түбек ақынның айтысқаны. Жамшыбай өлең айтып, ән шырқап отырған үстіне кіріп келе өлеңді қоя берді.» (1178-папка, 239(141)-бет). Мәшһүр - Жүсіптің осы айтысқа қатысты екінші түсініктемесі: «Мұса - дуанбасы, Секербай - қазы, Баянаула - дуан. Айғыркөмген, Аршалы да Баянаула дуанына қараған. Найман: Бояубай ауылында Күліктен шыққан ақын Жамшыбай мен Найман: Түбек ақынның айтысқаны. Жамшыбай өлең айып отырған үстіне Түбек кіріп келіп, өлеңді қоя берді.»

Түбек.
Өлеңді айтушы едім жылпылдатып,
Сөйлеуші ем талай топта былпылдатып.
Баласы Сүйіндіктің неме керек,

Шіркінді мұнша бұлдап сұңқылдатып?!
Жамшыбай.
Кей адам айтса-дағы сөзге нанбас,
Мен сөйлесем, қандай жан құлақ салмас?!

Арғын аға болғанда, Найман - іні,
Арғыннан жүйрік шыққан мен ақ алмас.
Түбек.
Өлеңнің текшелеулі қаласымын,

Ақынның өзім теңді данасымын.
Байғарадан он алты ақын шыққан,
Ақтайлақ:Қарабайдың баласымын.
Жамшыбай.

Сұрасаң, менің бабам - ақын Көтеш,
Біткен жоқ Жамшыбайдай ешкімге өңеш.
Атам Көтеш болғанда, ағам - Сақау,
Алдыма жанды қара түскен емес.

Мәшһүр - Жүсіп ескертпесі: «Жамшыбайды көрмеген, өз құлағынан даусын естімеген: «Мақтанды» дейді ғой. Оның даусындай мұңды, күйлі, сырнайдай сыбызғының үніндей даусы басқа ақындарда жоқ еді. Өзі эдемі, қызыл шырайлы, үні, даусы тағы да әдемі:

Болғаным мен Жамшыбай биыл емес,
Жігітке, өлең шіркін, қиын емес.
Астынан алты қырдың ән шырқасам,
Өңешім отарбадан кейін емес.»(1177-папка, 120(75) б.)

Түбек.
Асылдың кім біледі, сатса пұлын,
Шіриді-ау өлгеннен соң қызыл тілім!
Көтешті қасқыр жеген несіне айттың,

Тантиды Арғын мақтап өлген құлын.
Жамшыбай.
Сен Найман жаулық қылып тонап алдың,
Тұманға ашылмастай сөйтіп қалдың.

Найманның сендей шалы текке өледі,
Бір өзіне үш ердің құнын алдым.

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Жүзден жасы асқан күнінде жаз жайлауда Ереймен тауы, Қарағайлы шоқы аралығында Шерубай қопасынан түйе жиып жүргенінде, жау тонап, жалаңаш тастап кеткендіктен, қасқыр жеп тастаған екен. Өзі семіз екен, жалғыз-ақ санын бүтін тауып алыпты. Майы жерге сіңіп, жатқан жерінің топырағын қап-қара қылған деседі. Жау тонап жатқанда, айтқан екен:

Ау, балам, танымаймын, не ел боларсың,
Не дәулет, не перзентке кем боларсың!
Көтешті жүзден асқан тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың!- деген екен.

Сол өлеңді ұрылар еліне айта барып, Семей мен Кереку аралығындағы Найман екен. Осы өлеңнен білініп шығып, қазақтың орысқа бағынған күні, қыс ішінде Айдабол, Күлік болып аттанып, Шоң би бас болып, он кісіге бір үйден жиырма кигіз үй тігіп күтіп: «Өнер құны», «сүйек құны», «қара құн» деп, үш ердің құнын алған екен бір өзіне. «Өнер құны» үшін елу жылқы, алты «жақсы» беріпті. «Сүйек құны» үшін елу жылқы, алты «жақсы» беріпті. «Қара құн» үшін «тоқал құн» деп, тоғыз «жақсы» беріпті. «Жақсы» дегеннің басы - жетім, қалы кілем, қара нар, мылтық,- сондаймен «тоғыз» болады. «Бұл күн үшке бөлінгендіктен, кем кесілгені»- деседі. Бұлай болмағанда, қара құнның өзі - жүз жылқы, он екі «жақсы» болады екен.» (1177-папка, 121(76)6.)

Түбек.
Ашулансам, алармын айлығыңды,
Шындасам, қойға алмаймын тайлығыңды.
Көтің сонда ашылар, Арғын бала,

Менімен салыстырсаң байлығыңды.
Жамшыбай.
Ертең қожа тұрады азанменен,
Пенде барар тозаққа жазаменен.

Байлығыңды, ел Найман, көріп тұрмын,
Қайнатасың шайынды қазанменен.
Түбек.
Мен барып, сіздің елге келгенім жоқ,

Жамандық көрсем-дағы, өлгенім жоқ.
Үйіне Қуанбайдың барыл едім,
Самаурын аймағында көргенім жоқ.

Мәшһүр - Жүсіп ескертпесі: «Түбек сөзі де рас: Қуанбайлардың уақытысында самаурынды исі қазақ білмейді.» (1177-папка, 122(77) б.).

Жамшыбай.
А,Түбек, олай десең, болдың мешеу,
Болуға жарамайсың ұзын көсеу.
Қуанның айналасы - алпыс ауыл,

Самаурын біреуінде төртеу-бесеу.

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Жамшыбай да бейпіл жіберді:» (1177-папка, 122(77)6.).

Түбек.
Жамшыбай, меніменен таласарсың,
Өз теңіңмен сөйлессең, жарасарсың.
Үйіне, Әлі төрем кіріп барсаң,

Жол таппай, самауырдан, адасарсың!
Жамшыбай.
Ар жағы ұлы Ертістің - қара, терең,
Өлеңнің, білгенімше, бәрін терем.

Найманнан бір жақсы ыдыс таба алмадың,
Түбі - Естек, неме керек, кірме төрең?!
Түбек.
Жамшыбай, еліңде ойын, күлкі бар ма,

Еліңнің аса жиған мүлкі бар ма?
Кетіпті Бояубайым саннан асып,
Еліңде бұл сықылды жылқы бар ма?
Жамшыбай.

Өлеңім, аққан судай толқыған сең,
А, Түбек, ақын болсаң, өлеңмен жең!
Қара мал, жылқы малды таппай ма екен,
Қойы бар бай Қуанның он екі мың.

Түбек.
Сыйынар дін мұсылман бір Құдайға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Құдай берген көп малдың есебі жоқ,

Жетерлік бар ма байың Наурызбайға?!
Жамшыбай.
Сөйлеткен мені мұндай жаббар Құдай,
Мен шыққан Сүйіндіктен бір сұр таңдай.

Көкдомбақ, Үштаған мен Қарбасқанда,
Толықсып, сыймай жатыр Атығай бай.
Түбек.
Үкі таққан жарасар Қаракөкке,

Түбек атым жайылған талай көпке.
Құдай берген коп малда есеп сан жоқ,
Еліңде жетер кім бар Найзабекке?
Жамшыбай.

Сөйлеткен жастай мені бар Құдайым,
Мен неге байлық айтсаң, тоқталайын?!
Мантен, Тотан байым бар Айдаболда,
Тағы бар Малкелдіде: Ақпан байым.

Түбек.
Темірден аяғыма салған таға,
Артылған көп ақыннан біздің баға.
Құдай берген көп малдың есебі жоқ,

Алаштан жалғыз асқан Серғазы аға.
Жамшыбай.
Жылқысы Темірболат Қаракөктен,
Найманға мен сөйлеймін өктем-өктем.

Он құлынды биеден айдатады,
Байыңды айт, кәне, асарлық Әкімбектен?
Түбек.
Ойға алар дін мұсылман бір Құдайды,

Өлеңге Түбек қардай бұрқырайды.
Жүз алпыс түйе өзінен боталайды,
Айтамын, ашулансам, Іңкәрбайды.
Жамшыбай.

Жайлауға ыстық түспей, ел келмейді,
Дауысым, өлең айтпай, жөнделмейді.
Қабылдың көп жылқысы суға түссе,
Басқа малға бір тесік жол бермейді.

Түбек.
Жамшыбай, меніменен ісің бар ма,
Менімен тарпысарлық күшің бар ма?
Елімде Көшелектей шежірем бар,

Соған лайық табарлық кісің бар ма?!
Жамшыбай.
Сыйынар дін мұсылман жалғыз Хаққа,
Құдайдың, кім таласар, берген баққа?!

Күнтайдың немересі Есқара би,
Япырмай, сол кәріңнен кейін-ақ па?!
Түбек.
Сөйлеткен мені мұндай Жаббар Құдай,

Тіліңді тарта сөйле, ай, Жамшыбай!
Өзінен ат-шапанды алып тұрсың,
Осы отырған алдында атым қалай?
Жамшыбай.

Тіліме өнер (һөнер) берген бар Құдайым,
Несіне, тай алдым деп, қорғалайын?
Атымды, сырттан сатып, жібермей ме?
Қуанның ортаншысы - Молдабайым?!

Түбек.
Елінде байың жоқ па берерлік тай,
Сөйлейсің Найманға кеп сен қу таңдай.
Үш мың өгіз сомасын қол ұстаған,

Бұл күнде болды көпес бай Темірбай.
Жамшыбай.
Әр пенде жалбарынар жалғыз Хаққа,
Құдайдың кім таласар, берген баққа?!

Байлықта көпес болып кім жетеді,
Алты алаш атын білген Қазанғапқа?!
Түбек.
Мінгенім дайым менің Қаракер-ді,

Желігіп, кәрі Түбек екілейді.
Найманның өрде жатқан байын айтсам,
Жұрт асқан көк етікті Тілеуберді.
Жамшыбай.

Қарап тұрсам, бұл Түбек, сөзден сасар,
Өнері Жамшыбайдың судай тасар.
Бәріміз бір Арғынның баласымыз,
Байым бар Қарауылда: Шабар, Шаншар.

Түбек.
Сыйынар дін - мұсылман бір Құдайға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Найманның ар жағынан байлық айтсам,

Жетеді қандай байың Қазытайға?!
Жамшыбай.
Мінгенім дайым менің Қаракөгім,
Білерсің, таныр болсаң, сөздің тегін.

Алдажұман байым бар - Алтай: Қарпық,
Тағы бар Мұратымда: Игілігім.
Түбек.
Сыйынар дін - мұсылман бір Құдайға,

Кіреді иманды құл кең сарайға.
Бір шеті Алатауда шаруасының
Елінде кімің жетер Момынбайға?!
Жамшыбай.

Ел Найман, тіпті Арғыннан асқаның жоқ,
Байлығың неме керек, бас қамың жоқ.
Татырлық Момынбайға Сайдалым бар,
Аймағын Аққошқардың басқаның жоқ.

Түбек.
Сыйынар дін-мұсылман жалғыз Хаққа,
Құдайдың, кім таласар, берген баққа?!
Саршығанақ - Найманда сөз сөйлейтін,

Келейін Бәтішұлы Жүсіп жаққа.
Жамшыбай.
Базардан алып келген жасыл маңдай,
Талай жан қолын артып асылғандай,

Мақтама қу қанжыға жүйрігіңді,
Законшік азар болса, Қайыпжандай!
Түбек.
Өлеңді айтушы едім егілдіріп,

Сөйлейін бастан-аяқ төгілдіріп.
Өрдегі Найманыма кетсем көшіп,
Бір жағын қабырғаңның сөгілдіріп.
Жамшыбай.

Әуеде ұшып жүрген сары шымшық (шыпшық),
Келеді шырайлы өлең жаңа түсіп.
Шорманның, жазсам қағаз, Мұсасына,
Тапжылтпас алқымыңнан бір-ақ қысып.

Айтыс соңындағы Мәшһүр - Жүсіптің бірінші түсіндірмесі: «Түбек жеңілді, Жамшыбай жеңді!»- деп жұрт дуласып тарқасты. Жамшыбай әнші еді, оның даусындай дауысты қазақ құлағы естіген жоқ десе, өтірікші болмайды. Өңеші де зор және сырнайдай сылдырлаушы еді. Бұл Жамшыбай ақын Күлік: Айбас - Даниярдың Даниярынан шыққан Қуантай, Шағырлардың ағасы.» (1178-папка, 242(141)6.) Айтыс аяқталымындағы Мәшһүр -Жүсіптің екінші түсіндірмесі: «Сорпаға сөз бар ма?!»- деп, Сүгір (Сукер) айтқандай, Мұсаға сөз бола ма? «Түбек жеңілді, Жамшыбай жеңді!»- деп, тарқасты. Бұл Жамшыбай ақын - Күлік: Айбас - Даниярдың Даниярынан - Қуантай, Шағырлардың ағайыны. «Күлік»- деген елдің «Әу!»- деп үруге жарайтұғын бір күшігінің жоқтығынан есіл ердің өлеңі, әні аяқсыз қалды.» (1177 папка, 124 б.)

ҰМСЫН МЕН ЗАМАН ҚОЖА АЙТЫСЫ

Мәшһүр - Жүсіптің алғашқы түсініктемесі: «Ұлы жүз: Үйсіннен шыққан ақын Ұмсын қыз бен Заман қожаның айтысқаны. Қыз айтыпты:

- Бұл қожамен айтысқанда, үш түрлі сауал сұраймын. Екеуіне жауап (жуап) берер, біреуіне келгенде, тоқталар. Егер оған тоқтаса, шын қожа болғаны, онда пірлікке жарайды. Егер шешендікке салып, оған да жауап беремін деп далбасаласа, өтірік қожа болғаны. «Әділ биде ата жоқ, тура биде туған жоқ; туғанына бұрған биде иман жоқ!»-деген.

Көп жиылған әлеуметтің ішінде қыз айтысады деген ойында жоқ қожа өлең соқты.» (1178-папка, 243(143)6.). Мәшһүр - Жүсіптің екінші түсіндірмесі: «Ұлы жүз: Үйсіннен шыққан ақын Ұмсын қыз бен Заман қожаның айтысқаны. Қыз айтыпты:

- Бұл қожадан үш түрлі сөз сұраймын. Екеуіне жауап берер де, біреуіне келгенде, қайрандар, тоқталар. Тоқтаса, шын қожа болғаны, онда ол пірлік жарайды. Шешендік салып, тіл мен жағына сүйенсе, шын қожа болмағаны.

Көп жиылған әлеуметтің ішінде қыз айтысады деген ойында жоқ, қожа өлеңді гуілдетіп отыр.» (1177-папка, 82(47) бет).

Заман.
Ай, Алла, аманатың бізге міндет,
Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет.
Күнәдан (күнәһдан) пәк қылғайсың, иа, Құдірет,

Ажалға сабыр бергей екі жендет!
Ай, Алла, аманатың бізге міндет,
Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет.
Күнәның зардабынан қорыққаннан,

Кетіпті кей дәруіштер (дәруішлар) Меккені іздеп (излап).
Жомарт ер ақыретте иман табар,
Сираттың көпірінен бәріңді айдар.
Күнәдан (кінәдан) бұ дүниеде пәк болсаңыз,

Ішінен сегіз бейіш (биһіш) орын сайлар.
Жомарт ер ақыретте иман табар,
Сираттың көпірінен бәріңді айдар.
Күнәдан бұ дүние пак болмасаң,

Ішінде жеті тозақ сорың қайнар.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген – сауап - дейді,- жеті пірге!»
Ақыретке барғанда, сұрау жоқ-ты,

Ішіне сегіз бейіш кіргендерге.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген – сауап - дейді,- жеті пірге!»
«Ассалаумағалейкум!»- дегенмен тең,

Парызға дуа (дұға) қылып жүрген ерге!
Ассалаумағалейкум - парыз сәлем,
Ғаршы, Күрсі жаратты (иаратты), Лаух ал-қалам.
«Үлде (Хала) киіп, хор қызын құшар,- дейді,-

- Ішіне сегіз бейіш кірген адам!»

Ассалаумағалейкум - парыз сәлем,
Ғаршы, Күрсі жаратты Лаух ал-қалам.
«Жеті тозақ ішінде жатар,- дейді,-
Иманынан айрылып қалған адам!»

Қыз шыдап отыра алмады, өлеңді қоя берді:
Ассалаумағалейкум, бердік, сәлем,
Біз сөйлейік, рұқсат (ұлықсат) берсе қожам.
«Білмегенді сұра!»- депті Алла тағалам,

Қай сауаптан бейішті көреді адам?!»
Заман.
Дін мұсылман пендеге жаза қылмас,
Ораза мен намазын қаза қылмас.

Малдан - зекет, қолынан қайыр берген,
Сол себеплі бейіштен құры қалмас.
Ұмсын.
Ассалаумағалейкум, бердік, сәлем (салам),

Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.
«Білмегенді сұра!»- депті Алла тағалам,
Қай қылмыстан тозаққа барады адам?!
Заман.

Қиямет қайым, болғанда, ақыр заман,
Ақыретте жаныңа күнә жаман.
Өтірікші, зинақор, ұры болса,
Сол себептен тозақты көреді адам.

Ұмсын.
Кім көнбейді Алланың салғанына,
Бейшараның тозақта қалғаны ма?!
Күнә менен зинадан мұқым болып,

Тамам қожа бейішке барғаны ма?
Заман.
Мұсылманшылық көп пайда жандарыңа,
Жан қиналар күнәның салдарына.

Қожа, қара демеңіз, бәрі бірдей,
Жолықпаса Алланың оңдарына!
Ұмсын.
Қол берейік пірлердің төрт жарына,

Жолықтырғай Алланың оңдарына!
Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсем,
Қандай пайда болады жандарыма?
Заман.

Нияз берсең, берерсің өз қамыңа,
Өлгеннен соң жатарсың жер тарына.
Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсең,
Қожекең басшы болар алдарыңа.

1177-папкадағы Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Бұл жерде бір еді, жорта қоя берді: бір жамбастап (жанбастап) соғу үшін.»

Ұмсын. Ажал келсе аңсызда, не айла болар,
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Жұмла жанның тұрағы қайда болар?

Заман.
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Жұмла жанның тұрағын иман сұрар,

Иншалла, бейіш бар сонда тұрар.
Ұмсын.
Ажал келсе, аңсыздан не айла болар,
Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын тапсырған соң,
Періштенің сұрауы қайда болар?
Заман.
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,

Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Сираттың көпірінен сауал қылып,
Періштенің сұрауы сонда болар [1].
Ұмсын.

Ажал келсе, аңсыздан не айла болар,
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Қыз, жігіттің күнәсы (күнәһы) қайда болар?

Заман.
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Күнәң үшін қожаңа ысқат берсең,

Жаныңа бір шыбындай пайда болар. 1177-дегі Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Бұл жерде бір тосатын еді, жорта қоя берді: «Әбден сөйлетіп алып жамбасқа бір-ақ алайын!»- деп»

Ұмсын.
Ажал келсе, аңсыздан не айла болар,
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,

Естір құлақ, сөйлер сөз қайда болар?
Заман.
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?

Еститұғын құлағың, сірә да, өлмес,
Сөйлейтұғын қызыл тіл аруақ болар.
Ұмсын.
Ажал келсе, аңсыздан не айла болар,

Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Көздің нұры көгісің мен қайда болар?
Заман.

Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Әлхамды ат қылып, мініп жүрер,
Топырақты тон қылып, киіп тұрар.

Ұмсын.
Алланың мың бір аты «Аллажар» ма?
Қожеке-ау, сізден бізге дәрмен бар ма?
Адамды өлгеннен соң, бес бөліпті,

Оның, сірә, қосылар жері бар ма?
Заман.
Қожа - Құдай пендесі, о да не дер,
Мұхаммедтен басқада жоқ-ты өнер.

Қиямет қайым болғанша қосылмақ жоқ,
Заманақыр болғанда, сөз күн сұрар.
Жамиғы жан сол шақта түгелденер!
Ұмсын.

Қожеке-ау, сіз ақсүйек, біз қарамыз,
Бәріміз тәңірі алдына бір барамыз.
Тәңірі алдында табамыз сізден сауап,
Дәнемені білмеген бейшарамыз.

Заман.
Ұмсын-ау, мұнша неге қысағаның,
Көп дейді сұрағаныңнан сұрамағың.
Шыныңменен: «Пірім!»- деп, нияз берсең,

Сауабымен тәңірге тапсырамын.
Ұмсын.
Бір мағына сұрайыншы, Заман-еке,
Қиялы бұзған қалай-ды халал неке?!

Мүритін (мұртын) бастап Құдайға пірі апарса,
Енді неге іздейді мүрид (мұрт) Мекке?
Заман.
Қожаң айтар кітаптан, көрген сөзін,

Күнәң қалмас, Меккенің көрсең жүзін.
Ғалым қиған некені арам қылсаң,
Қаса доңыз болғаның, бір мегежін.
Қожа қайраңдап қалды, не айтарын білмегеннен, қалбалақтап айтқаны [2].

Ұмсын.
Қожекем - қара құлып, алтын сандық,
Тақсыр пірдің жауабына қайран қалдық.
Сөз сұрасам, теңейді мегежінге,

Қай жерінде қалды екен мұсылмандық?
Заман.
Әркім-ақ бұ дүниеден өтер, Ұмсын,
Өткен жанның жұмысы бітер, Ұмсын!

Ісіне шариғаттың талас қылсаң,
Күнәһың (күнәйың) асып таудан кетер, Ұмсын!
Ұмсын.
Қожеке-ау, адал көп пе, арам көп пе?!

Жеті қат жер, жеті қат аспан көкте.
Көрер көз, сөйлеген сөз - бәрі күнә,
Қожеке-ау, өлең айту сізлерге еп пе?
Заман.

Шыныңмен Құдайдан қылсаң қауіп,
Тілеулі құл жүреді иман тауып.
Шын дініңе берік болсаң, Ұмсын ақын,
Өлеңнің күнәсы жоқ: істер сауық.

Ұмсын.
Қожекем кітабымен болжайды екен,
Екі жендет кітапты сұрай ма екен?
Көз бен тілден, күнәдан пак болса адам,

Қожеке-ау, енді күнә қандайда екен?
Заман.
Ұмсын-ау, сөз күнәсы - өтіріктен,
Нәпсінің бір күнәсы - мәкүріптен.

Залалы жоқ адамды ғайбат қылма,
Аллаға тіл тигізбе, үміт (мида) етсең!
Ұмсын.
Қара кісі қожаны: «Иа, пір!»- дейді,

«Аллаға тіл тигізген кәпір!»- дейді.
«Пендесінің күнәсы сол-ақ па екен,
Білмеген қанша күнә жатыр?»- дейді.
Заман.

Иар солы Жаббардың ісі таса,
«Сауаптан обал көп!»- деп ойламаса,
Қол берген пірді салма көңіліңізден,
Күнә сол - ата-анасын сыйламаса!

Ұмсын.
Қожеке-ау, пірлігіңмен қолдармысың,
Пірді ұмытқан Құдайға болар дұшпан.
Тәңірі алдына барғанда, тақсыр қожам,

Біз сол жерде көреміз қандай қысаң?!
Заман.
Ұмсын-ау, айтқан сөзге нанбаймысың,
Сен данышпан ақылды өз жынысыңнан.

Тәңірі алдында бар дейді талай қыспақ,
Әркім тартар өзінің қылмысынан.
Ұмсын.
Қожеке-ау, көрген сөз бе салдамаңнан?

Пендесі құтылмайды бір қазадан.
Қара кісі тартады қылмысынан,
Қожа қалай болады ысхат алған?
Заман.

Ұмсын-ау, мен ысхатты алушы емен,
Ысхат алған қожаның ақылы кем.
Ысхат алған қожаның рауаяты бар,
Өтейді намазының сауабымен.

Ұмсын.
Қожеке, олай деме, бір Алла де,
Кім сыйынбас Алланың құдіретіне?!
«Ысхадқор»- деп, шақырса екі жендет,

Сонда берер қожаның жауабы не?
Заман.
Иар сол Жаббардың ісі көп-ті,
Екі жендет: «Ысхадхор қайда?»- депті.

Сонда берер қожаның жауабы жоқ.
Күнә болар, айтпаймын өтірікті.
Ұмсын.
Қожалардың қойнында сөз бар екен,

Өлгеннен соң кеңдік жоқ, жер тар екен.
«Ысхадқор» деп шақырса, үндемесе,
Қожамда да бір сұрау мол бар екен!

Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Емін-еркін қоя беріп, желкеден басып, қылтасын қиған жері.»

Заман.
Иары сол Жаббардың ісі бір дүр,
Өзің құрбы әйелде сен бір - дүлдүл.
Айтқан сөзің кем емес шариғаттан,

Құдайдың ұсындырған жері бар дүр.
Ұмсын.
Шариғат қапия ма, жария ма,
Қожеке, біз - шұқанақ, сіз - дария.

Сұрамаған бір сөзім қалған екен:
«Өлмес жан, өтпес дүние жаралған ба?»
Заман.
Сірә жоқ Мұхаммедтей арызы (ғарызы) жеткен,

Ыдырыс, Ғайса пайғамбар тірі кеткен.
Ұмсын-ау: «Өлмеймін!»- деп, қапы (ғапіл) қалма,
Мынау жалған дүниеден бәрі де өткен.
Ұмсын.

Иманды адам өлгенде, қалай демес,
Көкіректе дәрмен жоқ, денеде - күш.
«Мән раббик!»- деп, келгенде екі жендет,
Сонда пенде тіріліп, не дейді-міс?

Заман.
Тірілікте көңіл қой бір әдетке,
Иманды адам барады қаны бетке.
«Мән раббик!»- деп, келгенде екі жендет,

Жауап берер таянған Құдіретке!
Ұмсын.
Иа, Бисмилла, сақтай гөр «Мән раббиктен»!
Тақсырға қол бермедік әйелдіктен.

Сұралмаған бір сөзім қалған екен,
Елден бұрын сауапқа нені біткен?
Заман.
Иа, Бисмилла, сақтай гөр «Мән раббиктен»,

Бір бисмилла мың жылда әзер біткен.
«Сауаптың бисмиллада байлауы»- деп,
Имам Ағзам осылай айтып кеткен.
Ұмсын.

Қожеке-ау, айттың тауып, сәлемет бол,
Сізден біздің сұралмай қалды бір жол.
Заманеке, сізді біз пір тұтайық,
Таңда махшар күнінде хабардар бол!

Заман.
Ұмсын-ау, екі дүние сәлемет бол,
Жабулы бойыменен қалсын ол жол.
Бізді сыйлап, қожа деп, пір тұтсаңыз,

Таңда махшарда имам Ағзам қауымында бол!
Ұмсын.
Дәуіт темір соғады, мылтық ата,
Бір Алладан басқада көп-ті қате (хата).

Заман-еке, сізді біз пір тұтайық,
Ықыласыңмен қол жайып, берсең бата!
Заман.
Мүсәпірдің көңілінде бар дүр сана,

Жаратқан Жаббар Құдай, өзі пана,
Ұмсын-ау, түрегеліп, қолыңды жай,
Өмір мен иман берсін, иа, Раббана!

Бұл қай замандағы сөз: ауыздан ауызға алынумен бұл заманға келгені. Қазақтың бұрынғы күні не естіп, не қойғанын жат білуші еді. Сондықтан бұл заманға келді. 1915-інші жылында, қоян жылы декабрь жұлдызында Айдабол: Тайкелтір табынан өрбіп, өнген Байбатыр абыз баласы Шалқарбай қажы жат біледі екен. Сол кісінің аузынан өз құлағыммен естіп, жазып алдым. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Күдері мен Ұлбикені, Ұмсын қыз бен Заман қожаны, Көтеш ақын мен Күнікей қызды, Сақау мен Тоғжан - осы төртеуін түгел сөйлеп берушіні көктен түскен төрт кітапты түгел білген жандай көру керек. Бәрі де әулие өткен, аузына қыдыр түкірген, Құдая шүкір, алхамдулла шүкір!

МӘШҺҮР - ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ

ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ

Жаратқан жан біткенді, бір Құдай-ды,
Жаратты жарық үшін күн мен айды.
Бұрынғы ноғай-қазақ заманында
Сөйлеймін Қарабай мен Сарыбайды.

Жарасқан нар түйеге биік өркеш,
Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш.
Екеуін сәтті күні құдай қосқан,
Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш.

Сөз қылдым Қарабай мен Сарыбайды,
Ноғайлыны екеуі асырайды.
Қолында сүйетұғын баласы жоқ,
Перзент үшін екі бай зар жылайды.

Екі бай сәтсіз атқа мінбейді екен,
Жұмыссыз ел аралап жүрмейді екен.
Дәулеті екеуінің мол болған соң,
Қасына бір-бірінің келмейді екен.

Екі бай бейсенбі күн аңға шықты,
Жұртына аттанды деп өкім шықты.
Туғалы бірін-бірі көрмеген бай,
Жүргенде құлан аулап жолығысыпты.

Жүргенде құлан аулап жолығысыпты,
Бір-бірін ақылменен болжасыпты.
Сәлем беріп бір-біріне тұрғанында,
Алдынан буаз марал аң қашыпты.

- Кекілін алшаң кердің сылатпан-ды,

Баласын марал атып жылатпан-ды.
Үйдегі үй кісіміз күмәнды еді,
Сарыбай, сен атпасаң, мен атпан-ды!
Сарыбай Қарабайға сөз айтқан-ды:

- Баласын марал атып жылатпан-ды.

Біздің де үй кісіміз күмәнды еді,
Қареке, сен атпасаң, мен атпан-ды!

- Екеуміз жол-жобадан адаспалық,

Далада марал үшін таласпалық.
Сарыбай, сен ат сана, мылтығың бар,
Берсең де бір мүшесін санаспалық.
Екі бай аңға шыққан әр күн екен,

Жарастықты әзілге келген екен.
Екеуі де: « Ұл тапса, бәйбішелер,
Құшақтасқан дос болсын!»- деген екен.
Екі бай әзіл сөзге кірген екен,

Бірін-бірі құмар боп көрген екен.
«Біреуі ұл, біреуі қызды тапса,
Құдай қосса біз қостық!»- дескен екен.
Қарабай құдай жазса деген екен,

Аузына жақсы лепес кірген екен:

- Үйде қатын ұл тапсын, құй қыз тапсын,

Қалың малмен берейін!- деген екен.
Екі бай әңгімеге кірген екен,
Бір-бірінің сөзіне көнген екен.
Екеуі айдалада құда болып,

Жүз жылқы, қырық қара нар берген екен.
Қарабай кең пейілге кірген екен,
Сөйлескенін көп қызық көрген екен.
«Мінеки, бергенімнің алды осы»,- деп,

Қарғыбау Айбас құлды берген екен.
Сол кезде қара жаңбыр күн жауыпты,
Қарабай қалжың сөзбен жол тауыпты.
Қатыны Қарабайдың Мамабике,

Байы түзде жүргенде ұл тауыпты.
Екі бай аңға шығып жүрген екен,
Бір адам: «Шүйінші!»- деп келген екен.
«Қатыным ұл тапты!»- деп қуанғаннан,

Жүз жылқы сүйіншіге берген екен.
Жүргенде құлан аулап күн жауыпты,
Сарыбай қалжың сөзбен жол тауыпты.
Қатыны Сарыбайдың ол Қаракөз,

Жүргенде байы түзде қыз тауыпты.
Екі бай аңға шығып жүрген екен,
Бір адам сүйіншіге келген екен.
«Қатыным қыз тапты!»- деп қайғы қылып,

Тайлы бие сүйіншіге берген екен.
Қарабай қалың малын берген екен,
Далада естіп қуаныш көрген екен.
Қызығы көрген-білген сол-ақ болып,

Қарабай үйге жетпей, өлген екен.
Қолында бәйбішенің алтын жүзік,
Жас бала жетім қалды-ау, көзін сүзіп.
Қуанышын жалғызымның көрейін деп,

Жығылды жеткен жерде мойны үзіліп.
Той қылып екі қатын көп мал сойды,
Бұл тойға жұрт жиылып асқа тойды.
Бабай түкті шашты әзиз ақтап келіп,

Қозыке мен Баянның атын қойды.
Екі бай бір маралды тосып кетті,
Алдынан буаз марал шошып кетті.
Ер Қозыке құрсақта, Баян іште,

Іште жатқан екеуін қосып кетті.
Борайды оңды-теріс көп жауған қар,
Сол күнде Сарыбайдың бейілі тар.
Сарыбай мен Қарабай құда болған шақта,

Құл екен еншілестеу Әлжаппар.

Сарыбай: «Қызымды жесір қатын, жетім балаға қор қылғанша!- деп бұзылып,- Аягөзге қарай аусақ қайтеді?»- деп, Әлжаппарға ақылдасады. Сонда қатыны айтқаны:

- Біледі Әлжаппар малдың жайын,

Жалғызға жазған шығар бар құдайым.
Баланы жастай қалған зар жылатып,
Барасың қайда қашып, қу бас байым?!.

- Қой қатын, көп сөйлеме, көңілім қалар,

Көңіліме, мұнда тұрсам, қайғы толар.
Қаракөз, көп сөйлемей, жық үйіңді
Алдында ноғайлының көп жұрты бар.
Сол заманда Аягөзде Ноғайлы деген халық бар екен. Сонда Қаракөз айтады:

- Көшкенмен мұндай жерге қона алмассың,

Мұндағыдай дәулетті бола алмассың.
Жетім ұл, жесір қатын қан қақсатып,
Кеткенмен, барсаң қайда, оңалмассың!
Қаракөз Сарыбайдан түңіледі,

Қайғымен ас-су ішпей бүгіледі.

- Қой, қатын, көп сөйлемей, жық үйіңді!-

Деп байы қатынына жүгіреді.
Сарыбай әуелден-ақ жарым есті,
Қыз беріп, әуел неге «құдай» десті.
«Қызымды жетім ұлға бермеймін»,- деп,

Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті.
Мамабике қайғымен тарылады,
Құдасына: - Көшпе!- деп жалынады.
Өлеңтінің бойынан көшкен күні,

Сарыбайдың сабасы жарылады.
Сарыбайдың сабасы қорлы болған,
Қырық қара нар арықтап жолда қалған.
Сарыбайдың сабасы жарылған жер,

Ақкөл мен Жайылма сонан қалған.
Баян сұлу шырайлы боп өсіпті,
Қозыкеден айрылып күй кешіпті.
Құдай қосқан құдасын тастай қашқан,

Сарыбайдай көрмессің жарыместі.
Көшкен соң Әлжаппар қуанады,
Қолына қуанғаннан ту алады.
Айшылықты алты басқан қара бедеу,

Мініп алып Әлжаппар құл жер қарады.
Әлжаппар қара бедеу атқа мінді,
Айлық жерге бір күнде барып келді.
Сарыбай Әлжаппардан сөз сұрайды:

- Біз қонғандай от-суың бар ма?- деді.

- Сареке, сондай жақсы ойың бар-ды,

Алдында сан жетпеген қойың бар-ды.
Бұл арада отырма үйінді жық,
Алдыңда Аягөздің бойы барды.

- Мал қонғандай алдында көл бар ма екен,

Ел қонғандай кең дала, жер бар ма екен?
Отын-суын көрдің бе Аягөздің,
Бізге басшы болғандай ел бар ма екен?

- Бірталай Аягөздің саласы бар,

Ноғайдың тастан соққан қаласы бар.
Бағатұғын ноғайдың көп малы жоқ,
Таусылмас әр саланың даласы бар.
Бастады Әлжаппар құл көрген жерге,

Арасы Аягөздің айлық жерде.
Түн қатып, күндіз жатып, көшіп-қонып,
Сарыбай көшіп келді Аягөзге.
Сарыбай Аягөзге көшіп келді,

Ноғайдың сиыр баққан құлы көрді.

- Дәулеті бар бір шалқар бай келді,- деп,

Мырзаға Сұлтанғазы хабар берді.
Қаракөз аппақ шаңқан үйін тікті,
Баян жас жарастырып жиды жүкті.
Ноғайдың Сұлтанғазы бір мырзасы,

Шақыртты Сарыбайды ерулікке.

- Ерулікке келсін!- деп, кісі салды,

Баянды келген кісі көріп қалды.

- Туған айдай балқыған бір қыз бар! - деп,

Жұртына ноғайлының айтып барды.
Баянның сұлулығын ноғай білді,
«Қыз келсе, көреміз»,- деп қарап тұрды.
«Тойға келсе, Баянды көреміз»,- деп,

Төрт жүз жігіт алдынан қоршап тұрды.
Әлжаппар құл, Сарыбай атқа мінді,
Айбас сорлы мал бағып үйде тұрды.

- Біз де барып ноғайды көрелік,- деп,

Баян сұлу, Қаракөз бірге жүрді.
Сарыбай үй-ішімен тойға келді,
Ноғайлар бай келді деп сыйлап тұрды.
Сыйы екен ноғайлардың сонан қалған,

Алдына самауырын шайды қойды.
Сонда шайды көріп тамсанып, Сарыбайдың бәйбішесі айтқан:

- Ауылға ноғай келсе, барушы едік,

Қазине малға сатып алушы едік.
Шай қылып жапырақты кім ішіпті,
Қантыңды көз ауруға салушы едік.
Бәйбіше Аягөзді жерсінбейді,

Молдығын Аягөздің көрсін дейді.
Үйренген қырда жүріп ол бәйбіше,
Қант, шайды алдындағы менсінбейді.

- Қой қатын, көп сөйлеме, көңілім қалар,

Ноғайлар мұны естісе, ашуланар.
Көңіл қылса, еріне қыз берелік,
Ноғайдың толып жатқан мырзасы бар.
Қаракөз бұны естіп талып түсті,

Қайғы мен нала булап, күйіп-пісті.

- Малы жоқ ноғайлының беретұғын,

Қылайын неге дәрі өңшең мысты?!
Баян жас құйған шайды алып ішті,
Қаракөз ұмытпайды өткен істі.
Жалғызы Шақшақ байдың Қодар мырза,

Баянға төрде отырған көзі түсті.
Төрде отырған Баянға көзі түсті,
Шымылдықтан көре алмай, күйіп-пісті.
Баянға ауызба-ауыз бір тілдесу,

Қодарға жұмыс болды көкейкесті.
Баян көркі таудағы мұнар болды,
Қодар көзі түсумен құмар болды.
Баянға бір тілдесіп қалайын деп,

Қайтқанда Қодар мырза қасына ерді.
Қодар мырза отыр тыста, Баян үйде,
Оң жақта құрулы тұр алтын күйме.
Күймеге үйден шығып қыз барғанда,

Соңынан қалмай ерді Қодар бірге.
Сонда Қодар айтады Баян сұлуға:

- Ақ төсін әулиенің кең алармын,

Мұндағы ноғайлармен тең болармын.
Менсініп сөйлеспейсің, сұлу Баян,
Берсем де әке-шешем сені алармын!
Сонда Баян былай деп жауап береді:

- Қолымда жетелеген нарым бар-ды,

Тимеймін ноғайлыға, арым бар-ды.
Қодеке, мазамды алмай жайыңа жүр,
Алтын айдар, шоқ белбеу жарым бар-ды!
Сонда Қодар айтқан:

- Баян жас, сен білмейсің ноғайымды,

Көрген соң ақ жүзіңді көңілім толды.
Сөйлейсің қалай-қалай пейілі қара.
Байыңның менен артық аты кім-ді?
Сонда Баян сұлу айтқан:

- Сұрасаң, менің жарым - Қозы Көрпеш,

Қызы едім мен Сарыбай - Баян еркеш.
Бабай түкті шашты әзиз хабар берген,
Тілеу тілеп жүремін ертеңді-кеш.
Баянның сұлулығын ноғай білді,

Көрген соң аламыз деп көңіл қылды.
Сарыбайға мал бағып жағу үшін,
Тоқсан мырза бас қосып жалға жүрді.
Тоқсан мырза кеңесіп жалға жүрді,

Бір қыз үшін пенде боп қызмет қылды.
Сарыбайға жағымды боламыз деп,
Қодар бас боп, тоқсан құл малға келді.
Айбастың бір құдайға ісі жақ-ты,

Қодар құл ала айғырмен жылқы бақты.
Сарыбайға жағынып бағу үшін,
Түйеші, биеші боп желі қақты.
Баянның асты жасы жаңа он бестен,

Тұрса, ойдан кетпестей, жатса - түстен.
Қарағаштай азып-тозған ноғайлы елі
Айрылды бір қыз үшін ақыл-естен.
Айбас құл ерте тұрып бетін жуды,

Қодар құл ала айғырмен жылқы қуды.
Құдайдың құдіретімен буаз болып,
Қанатты қара бедеу құлын туды.
Тоқсан құл бір Баянға таласады,

Сыртынан аламыз деп жанасады.
Құлынның: «Бақа айғыр» деп атын қойды,
Бедеуден үш күннен соң бойы асады.
Айбас құл Баянменен болды жуық,

Жиренді Сарыбайдан көңілі суып.

- Жарыңа құдай қосқан барамын!- деп,

Жаратты Бақа айғырдың тілін буып.
Баян менен Қозыке - Құдай қосқан,
Ортадан Айбас келіп жақындасқан.

- Жарыңа құдай қосқан барамын! - деп,

Баянға Айбас келіп ақылдасқан.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Азыққа бір кұнан қой сойып алды.

- Құдай қосқан жарыңа барамын!- деп,

Баянның домбырасын қолына алды.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Баянмен ақылдасып, мейірі қанды.

- Тағы да сәлемдеме бер! - деген соң,

Баянның бет моншағын оны да алды.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Айбастың айтқанына Баян нанды.

- Басыңнан сәлемдеме белгі бер,- деп,

Баянның қарқарасын қолына алды.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Көп кідірмей жүруге ыңғайланды.

- Сәлемдеме бұйымы көп болсын,- деп,

Алтын сандық, ақ жамшы - оны да алды.
Сәлемдеме - бес бұйым қолына алды,
Бұйымдарын бір жерге жиып салды.
Жылқыдағы Бақа айғырды іздеп барып,

Түні бойы таба алмай көп сандалды.
Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүрді,
Біреуі Тоқсан құлдың оны көрді.

- Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүр,- деп,

Көрген құл Қодар құлға айта келді.

- Қодеке, сізден дұшпан асқалы жүр,

Ізіңді қара дауыл басқалы жүр.
Не ғып шыдап жатырсың, ау, Қодеке,
Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр.
Сонда Қодар айтқан:

- Қалаға пұл апарып сататұғын,

Айбасым маған сырын айтатұғын.
Айбас құл мені тастап, қайда кетсін,
Жылқының ортасында жататұғын.
Сонда құл айтқан:

- Қодеке, қыздан мейіз алмаймысың?

Баянға, ғашық болған, бармаймысың?
Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр,
Тіліме, көріп келсем, нанбаймысың?
Қодар қостан ақырып тұра келді,

Қатты даусы Айбасқа естіледі.
Айбас қайтып жылқыдан жетіп келді,

- Даусың неге шықты, айтшы, Қодар?- дейді.

Сонда Қодар айтқан:

- Айбас құл, жүрмек болсаң, мен не етейін,

Бір салып қамшыменен еңіретейін.
Мені тастап, тазшаға жүрмек болсаң,
Қолымнан амандасып жөнелтейін.
Сонда Айбас айтады:

- Қолымнан өзім жазып хат берейін,

Кісіні сізден басқа жат көрейін.
Қодеке, құлға сенбей, жайыңа жат,
Болғанда ертең сәске ат берейін.
Қодар сеніп бұл сөзге жатып қалды,

Айбас қайтып жылқыға жаяу барды.
Қызыл іңір болғаннан жылқы аралап,
Таң атқанда айғырын тауып алды.
Сәлемдеме бес бұйым қолына алды,

Бақа айғырды баса ерттеп мініп алды.
Аягөздің бойынан шыққан күні,
Итішпестің бойында ұйықтап қалды.
Ертең сәске болғанда жылқы келді,

Жылқы баққан тоқсан құл елге келді.

- Түндегі мал күзеткен Айбасың жоқ,

Енді қайдан табамыз, Қодар?- деді.
Сонда Қодар айтты:

- Сендерге Айбас сырын айтқан шығар,

Ауылға таң атқан соң қайтқан шығар.
Күзетте таң атқанша жүрген байғұс,
Бір шұңқырда қорғалап жатқан шығар.

- Тоқсан кісі жер жүзін іздеп жүрдік,

Тобылғылы шұбардан ізін көрдік.
Өзен, су, томар, көлден түк қоймадық,
Таба алмай, келіп сізге хабар бердік.
Қодар бұл сөзді естіп тұра келді,

Жылқыдан ала айғырын ұстап мінді.

- Не де болса тілдесіп қалайын!- деп,

Сегіз құл он алты атпен іздеп жүрді.
Қодар мен Әлжаппар құл төрт ат мініп,
Қасына қос атпенен алтау еріп.
Итішпестің бойында жатқанында,

Сегіз құл он алты атпен жетті келіп.
Сонда Қодар сөйледі:

- Айбас құл, жүрмек болып көрдің бе түс,

Көрерсің алғыс айтсаң көп рәйіс.
Күймеде Баян сұлу жылап жатыр,
Барасың қайда қашып, Айбас байғұс?
Сонда Айбас айтты:

- Қодеке, бұл сөзіңе шын нанам мен,

Аузыма мейіз берсең саламын мен.
Жыласын маған неге сұлу Баян,
Жарына құдай қосқан барамын мен.
Сонда Қодар айтты:

- Айбас құл, жылдам үйге қайтшы,- дейді,

Сөзіңді майда қылып айтшы,- дейді.

- Айбастың айтқан сөзін есіттің бе,

Әлжаппар оғың кезеп тартшы!- дейді.
Айбас құл ұшып жерден түрегелді,
Кеудесін жалаңаштап тоса берді.
Әлжаппар атқан оғы көкке шығып,

Қодардың атқан оғы жерге кірді.

Сонда екеуінің оғы бірдей далаға кеткенін көздері көрген соң: - Бұған да бір кезек берейік,- деп,- енді сен атшы!- деді.

Бірі айтты: - Аттың басын қарат,- деді,

- Қашпақ, қумақ - бұрынғы санат,- деді.

- Баянмен ақылдасып көңілің өскен,

Айбас құл, жолың ақ қой, сен ат!- деді.
Айбас құл оқ атуға ыңғайланды,
Біреуін қырық кез оқтың қолына алды.
Он алты сегіз құлдың атын атып,

Бойында Итішпестің жаяу қалды.
Айдалада сегіз жан жаяу қалды,
Айбас байғұс құтылып демін алды.
Далада сегіз құлдың алтауы өліп,

Қодар мен Әлжаппар құл елге барды.
Айбасқа ерлік, мақтау жарасыпты,
Тоқсан құл бір Баянға таласыпты.
Туғалы жол жүрмеген бейшара Айбас,

Жолынан жүретұғын адасыпты.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Қыз үшін кәріп (ғарып) жанын отқа салды.
Итішпестің бойынан шыққан күні,

Екі қалың ағашқа душар болды.
Айбас аттан түсті де, жата қалды,
Бақа айғырын суытып, демін алды.
Баянның домбырасы ұмыт қалып,

Домбыралы - Моншақты содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Қыз үшін кәріп жанын отқа салды.
Баянның алтын сандығы түсіп қалып,

Алтын сандық, Ақшатау содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Қыз үшін кәріп жанын отқа салды.
Тоқырауын Бақа айғыр тоқтаған жер,

Тоқырауын - Жамшылы содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Қыз үшін кәріп жанын отқа салды.
Баянның қарқарасы түсіп қалып,

Қарқаралы - Қазылық содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Көп ағашты бір тауда демін алды.
Баянның туған жерін танып біліп,

Баянауылы деген тау содан қалды.
Айбас құл адасқанын жаңа білді,
Бойына Есіл-Нұра қайтып келді.
Есіл-Нұра бойына жеткен кезде,

Бақа айғырдың белі ісіп жауыр болды.
Ай қараңғы, күн бұлт, тұманданды,
Қозыке Баян жасқа құмарланды.
Үш күн жатып айғырын жазып алып,

Жауырбұғы деген тау сонан қалды.
Айбас құл онан шығып тағы жүрді,
Танымаған көп жерді көзі көрді.
Шу, Таластың бойына келген екен,

Көп қой жайған қойшыға душар болды.
Айбас байғұс қойшыға тура жүрді,

- Қай ауылдың қойы?- деп сұрау қылды.

- Шын танымай тұрмысың, Айбасеке,

Баққаным Қарабайдың қойы,- деді.
Екеуі ата-тегін теріседі,
Малтасын торсықтағы бөле ішеді.
Қойды баққан Қонғабай кенже інісі,

Танысып, зар жыласып көріседі.
Айбас құл Бақа айғырға мініп келді,
Үйге таман аяңдап желіп келді.
Бақа айғырды белдеуге байлай салып,

Үйіне Қарабайдың кіріп келді.
Қайғымен Мамабике тарылады,
Айбас құл түздегі асқа жарымады.
Қартайған қайғыменен Мамабике,

Өзі берген Айбасты танымады.

- Орнымнан, отыра алман, тұрсам дағы,

Танымаймын, сол кеше көрсем-дағы!
Шырағым, қай баласың, жөніңді айтшы,
Қалмаған жұрт танырлық мұршам-дағы.

- Үйіңе мұнан бұрын келіп пе едім,

Күніңде түгел тұрған көріп пе едің?!
Екі бай аңда жүріп құда болып,
Айбас құл қарғыбауға беріп пе едің?

- Күн қайда көрісетін күліп-ойнап,

Шырағым, жылқыда жүр бие байлап.
Жолаушы боп жүре бер, танып қояр,
Жүр еді тазшаменен асық ойнап.

- Қарағым, сенен менің тілегім болсын: Келдім деме, мен көрдім демейін: жолаушы болған бойыңмен жүріп кете бер: егер сені танып, бір хабар алса, мені ұлытып тастаған бойымен тастап кетер де қалар, онан соң менің бұл күнім өзіме көр болып, қараң суалып қаламын ғой, енді менің обалыма қалма!- деген соң, Айбас аттанып жүре берді. Сонда іште қалған Қозыны бір көріп кетуге құмар болып: «Өзім бір көріп кетейінші!»,- деп, жанасалап, жанамалап асық ойнап жатқан балаларға келеді.

Айбас құл Бақа айғырға мінді дейді,
Құмарланып көруге келді дейді.
Тазшаменен жүр екен асық ойнап,
Айбас байғұс көргелі келді дейді.

Қозыке ойнар алтын сақа салып,
Тазшаның бар асығын ұтып алып.
Көрген жерден таныды Айбас құлды,
Асық ойнап жүргенде қарап қалып.

Ойнап жүрген тазшамен керіседі,
Ұтып алып кенейді, бөліседі.
Ойнап жүрген асығын тастай беріп,
Түрегеліп Айбаспен көріседі.

- Жақсының жүрген жері той-мереке,

Бұл елге қашан келдің жалғыз жеке?
Жарымнан құдай қосқан не білесің?
Шын сөйле, бұлтармастан, Айбас-еке?!
Айбас бұған келгенін білдірмейді,

Сәлем беріп көрісіп үндемеді.
«Білдірсем, жұртқа өсекші болармын!»- деп,
Үндемей атқа мініп жөнеледі.
Қозыке, айтпаған соң, қапа болды,

Көңіліне ызаланып құса толды.
Үш түйе сексеуілден көмір жағып,
Ұсталарды жидырып алып келді.
Ұсталар соғып темір, садақ қылды,

Ер Қозыке садақ атып талап қылды.
Өрмек құрып отырған бір кемпірдің
Үйін атып, көшіріп мазақ қылды.
Кемпір сөзін балаға тік айтады,

Ойнап жүрген баланы мұңайтады.

- Өрмек құрған кемпірді әжуа қылмай,

Жарыңды іздеп алсайшы!- деп айтады.
Ақылы жоқ бұл кемпір нені айтады,
Бар сөзін өзі білмей, кім айтады?!

- Үйіңді өзім орнына қондырайын,

Айтқан сөзің түгел айт!- деп айтады.

- Бір тудың Қарабай мен Сарыбайдан,

Сендерді тілеп қосты бір құдайдан.
Оған неге бармайсың, байғұс балам,
Құдай қосқан жарың бар сұлу Баян.
Қозыке бұл сөзді естіп түңіледі,

Қайғымен ас-су ішпей бүгіледі.
Ойнап жүрген садағын тастай беріп,
Шешесінен сұрауға жібереді.
Қозыке жылап үйге қайтты дейді,

Кемпір әбден ұқтырып айтты дейді.
«Қай мезгілде Баянды көремін?!» - деп,
Үш күн, үш түн дым сызбай жатты дейді.
Үш күн, үш түн арада өтті дейді,

Қарны ашар мезгілі жетті дейді.

- Қарным ашып барады, жан шешеке,

Қазаныңды ассаңшы!- депті дейді.
Үш күн, үш түн арада өтті дейді,
Шешесіне бір қайғы бітті дейді.

- Қазанымды асайын, шырағым-ай,

Жантақ теріп келе ғой,- депті дейді.
Ер Қозыке жантаққа кетті дейді,
Жантақ алып үйіне жетті дейді.
Жантақ теріп келеді жалғыз бала:

- Шешеке, бидай қуыр,- депті дейді.

Шешесі жалғызының тілін алды,
Қазанына бір аяқ бидай салды.
Жалғыз бала қасында қарап отыр,
Бидай пісер мезгілі болып қалды.

Бидай пісер мезгілі жетті дейді,
Күйіңкіреп түп жағы кетті дейді.

- Бидай салып берейін тойғаныңдай,

Аяқ ұста, шырағым,- депті дейді.

- Шешеке, сенен басқаны танымаймын,

Аса қарным ашпаса, налымаймын.
Шешеке, маған берсең, қолыңмен бер,
Аяқ пен шөмішіңе жарымаймын.
Шешесі жалғызының тілін алды,

Қазандағы бидайға қолын салды.
Бидайды уыстаған бойыменен,
Шешесінің қолын ұстап тұра қалды.
Шешесі жалғыз ұлын күтті дейді,

Ыстық бидай қызуы өтті дейді.

- Адамың атастырған бар ма, жоқ па,

Шешеке, соныңды айтшы?- депті дейді.
Ыстық бидай қолынан өтті дейді,

- Бұл қу шұнақ не пәле айтты?- дейді.

- Ата-анаңның атастырған адамы жоқ,

Антұрғанға кім айтқан?- депті дейді.

- Кім көрінген кемітіп мені айтады,

Өрмек құрған кемпірлер нені айтады?!
Кімге озбырлық қылсам, сол тура басып,
«Еріншек ез құл!»- десіп, мені айтады.
Ыстық бидай қолынан өтті дейді,

- Жұрт өсегі түбіме жетті!- дейді.

- Қолым күйіп барады, босатшы енді,

Қалыңдығың бар еді!- депті дейді.
Өкініп ұмытпайды өткен істі,
Айрылып сүйгенінен қайғы құшты.
Бидайды қолындағы босатқанда,

Терісі алақанның бірге түсті.

- Аларсың хордың қызын, барсаң, балам,

Ұйықтасам, түсімде жоқ мұндай заман.
Көз алдымда сен мені тастап кетсең,
Айрылдым жалғызымнан, не дүр шарам?!

- Есен болсам, келермін айда, анам,

Алдыңа қойып кетем малды, анам!
Атам қосқан Баянға бару үшін,
Мен ортаға салам жанды, анам!

- Сұм шешең сен кеткесін, қор болады,

Жалғызынан айрылған сор болады.
Шешеңді зар жылатып тастап кетсең,
Сұмырай шешең біреуге күң болады.

- Шешеке, мен тіріде болмассың қор,

«Жалғыз балам бар,- дерсің,- қайныңда жүр».
Барған кісі қайынынан қайтпай ма екен,
Жалғызың бір күн келер, қара да тұр.

- Жалғызым, мен білмеймін келеріңді,

Білемін барғаннан соң өлеріңді.
Тәңірден тілеп алған жалғызым-ай,
Үзейін арыздасып күдерімді.
Ұша алмас балапан құс бөрі алдында,

Жүзің ыстық көрінсін көп алдында.
Сен кеткен соң тоқсан құл, күң қылады,
Қор қылмастан көміп кет, көз алдыңда.
Қозыке айтты:

- Ақсақалдар бата оқыр туған айға,

Иманды құл кіреді кең сарайға.
Мен түгіл әкем де өліп, өлгенің жоқ,
Жыларсың өзің үшін бір құдайға.
Қозыкенің жүген алып жылқыға барған жері:

Қыстауы Қозыкенің Шатқара-ды,
Сан жетпеген жылқыдан ат қарады.
Жүгенін сылдыратып тұрғанында,
Арда күрең қотыр тай жалт қарады.

Ай қараңғы, күн бұлт, тұман болды,
Қозыке Баян жасқа құмар болды.
Арда күрең тай екен жалт қараған,
Қозыке жүген салса, құнан болды.

Баян сұлу, Қозыке өлең болды,
Құдай берген жақсыға өнер болды.
Құдайдан сол уақытта пәрмен болып,
Ер тоқымын салғанда, дөнен болды.

Көңілі Қозыкенің бітті дейді,
Көп заман сонан бері өтті дейді.
Арда күрең бестіге мініп алып,
Қозыке үйге аяңдап кетті дейді.

Сонда Қозының жүрерін біліп, шешесінің айтқаны:
Шешесіне бір қайғы бітті дейді:

- Қайғыменен өмірім өтті!- дейді.

- Сан жетпеген жылқың бар, шырағым-ай,

Оны кімге тапсырдың?- депті дейді.
Парақор би жұрт бұзып төре берер,
Елді бұзған жаманды құдай ұрар.

- Мен кеткен соң бір құдай сақтамай ма,

Жылқы баққан Жидебай бағып жүрер.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,

- Қайғыменен өмірім өтті!- дейді.

- Қора толған қойың бар, шырағым-ай,

Оны кімге тапсырдың?- депті дейді.
Қозыке көңілі көшіп кетті дейді,
Шешесінің түбіне жетті дейді.

- Қора толған қой болса, маған десе,

Аш бөріге жолықсын!- депті дейді.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,

- Біткен дәулет түбіме жетті,- дейді.

- Сыймай жатқан желіге түйең бар-ды,

Оны кімге тапсырдың?!- депті дейді.
Жүрмек болып шын көңілі кетті дейді,

- Малға айналып өмірім өтті,- дейді.

- Желіге сыймай жатса түйең, шешем,

Алакүлік оттасын,- депті дейді.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,

- Қайғыменен өмірім өтті,- дейді.

- Жасыңнан ақ сүт берген, қарағым-ай,

Мені кімге тапсырдың?!- депті дейді.
Азған ел қысым көрсе ұлық жақтар,
Байы өлсе, қара салып қатыны жоқтар.

- Мен түгіл әкем де өліп, өлгенің жоқ,

Қайғырма мен кетті деп, құдай сақтар.
Шешесі кетпесін деп құдайға ат айтады,
Хат білмеген ұғып ап жат айтады.
Жалғызының кетерін білгеннен соң,

Белін бекем буып ап қатайтады.

- Ауылын Сарыбайдың көргенің жоқ,

Жалғызым, кетеріңді білгенім жоқ.
Шырағым, өзің үшін қайғырамын,
Болмаса әкең де өліп, өлгенім жоқ.

- Бастаушым бар, жан тілін алма деген,

Садағыңды беліңнен салма деген.
Сәрсенбі күн жұмысыңды бітір-дағы,
Бейсенбі күн жолыңнан қалма деген.

- Жаста кеткен Баянның беті аппақ,

Бұрынғыдай заман жоқ, бұзылған шақ.
Барма десем болмадың, қуарған қу,
Қодар атты құлынан жерсің таяқ.
Қодар деген немене, құл ма, сірә,

Жатқанымнан тұрмайын өлсем сонда.
Бір сөз айтсаң, «өлесің» дей бересің,
Шешем, неге қыласың жаман жора?!

- Тәңірден тілеп алған жалғыз бала,

Сені маған көпсінген құдай тағала.
Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады,
Арыздасып қалайын бір-ақ жола!

- Құдай басшы, күрең ат жолдасым-ды,

Баянға қылдым құрбан бұл басымды.
Жан барында іздейін сүйген жарды,
Бір өлген соң, білемін, тұрмасымды.
Шешеке, мен еркек пе, ұрғашы ма,

Мен Баяннан басқаны алман, сірә.
«Әкем қосқан Баянға бармасын!»- деп,
Сөйлеп сөзім өтпейді-ау құрдасыма!
Қыстауы Қозыкенің таулы дейді,

Қалыңнан ат жүре алмас қауды дейді.

- Айрылып жалғызымнан қаламын!- деп,

Шешесі көкке емшегін сауды дейді.
Шешеке үйде отырып күйді дейді,
Қозыке ұшып жерден тұрды дейді.

- Сен кеткен соң мен мұны қайтемін?!- деп,

Мүкәммалын далаға үйді дейді.
Жайлауы Қозыкенің бетегелі,
Керме иық, тыран ойлы бөтегелі.

- Сен кеткен соң, мен мұны қайтемін?!- деп

Шашыпты дүниелігін өртегелі.
Қозыке жүрмек болып атқа мінді,
Шешесі жүрмесін деп, жылай берді.
Қозыке атқа мініп тұрған жерде,

Шешесі жылап тұрып жауап берді.

- Аттан-дағы жүре бер көрінбей-ақ,

Ашуымды келтірме, жерсің таяқ.
«Барма!»- десем, болмадың, жалғыз бала,
Барғаныңнан еш келме, сөзім сол-ақ.

- Қарғыс емес, алғыс қой қарғағаның,

Қорқамын ба Қодардан бармағаным.
Шешеке, бүгін жаман түс көрдің бе,
Көзімше жора қылып қарғағаның.

- Баянға сен барасың намыс қылып,

Не жақсылық көресің онда жүріп?!

- Емшек берген әрі жат,- дерсің, балам,

Әл-ауқатым кім білер мұнда келіп?!

- Менен жақсы болды ма кеткен Баян,

Алдыңда жылап отыр тапқан анаң.
Киім болса, кие кет үйден, балам,
Сен кеткен соң не болар кәріп анаң?!
Қозыке амандасып атқа мінді,

Шешесі жылап үйде қала берді.
Ақ сүт берген анасын қиып тастап,
Қозыке Баянды іздеп жолға жүрді.
Қозыке Баянды іздеп кетті дейді,

Бұл жалған кімге опа етті дейді.
Ауылдан алты қонып шыққаннан соң,
Айбас қуып артынан жетті дейді.

Айбас Қозыкенің жатпасын біліп: «Осы бір іздеп шығады ғой!»- ел арасында жай жолаушы болып жүрген екен.

Ақынға құдай берген тіл мен жақты,
Білген сөзді қалдырсақ, бізге ұят-ты!
Айбас сорлы артынан жеткен жерде
Баянның айтқан сәлем сөзін айтты.

Қозыке шаш ал десең, бас алады,
Оң сөзге түспей жаман қас қалады.
Баянның айтқан сөзін естіген соң,
Елжіреумен көзіне жас алады.

Қозыке жазған хатты оқып білді,
Көңіліне құпиялап сақтап сырды.
Сарыбайға жаранып жағамыз деп,
Айтыпты дұшпан болған тоқсан құлды.

«Шырағым, сені мендей көрсін,- депті,

- Айбасты анық тіл деп білсін,- депті.

- Әкем мені Қодарға бергелі жүр,

Тірі болса кешікпей келсін!»,- депті.
Баянның әр сөзіне мейірі қанды,
Өртеніп, іші-бауыры от боп жанды.
Сәлемдеме бергені көп-ақ еді,

Қонған-түскен жерлерде ұмыт қалды.
Айбасты құдай десіп іні қылды,
Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді.
Керде күрең, Бақа айғыр мінген аты,

Аягөздің бойына жетіп келді.
Жақсы-жаман кісіні көз көреді,
Тыңдасаң, Қозыкеден сөз келеді.
Аягөздің бойына жеткен күні,

Көп қой жайған қойшыға кез келеді.
Екі жігіт қойшыға жетіп келді,

- Қай ауылдың қойы?- деп, сұрап білді.

- Сен кеткелі көп заман болып еді,

Қай жақтан келіп тұрсың, Айбас? - деді.

- Баянның бұзылмаған ойы, - деді,

- Тал шыбықтай бұралған бойы,- дейді.

- Шын танымай тұрмысың, қашқын Айбас,

Баққаным Сарыбайдың қойы,- дейді.
Айбас пен Қозыке амал қылды,
Күн жайлатып тазшаны адастырды.
Баян жас осы жерге бір келер деп,

Алай-дүлей ұйтқытып боран қылды.
Тазша адасып далада өліп қалды,
Оның киімін Қозыке киіп алды.
Күннің боран болғанын көрген соң-ақ,

Сарыбай Баян жасқа жетіп барды.

- Баян жас, бал қаймақты алшы,- дейді,

- Сөз айтам, құлағыңды салшы,- дейді.

- Мал кетер күн аңызы жаман болды,

Қарағым, қой алдынан баршы!- дейді.

- Атаке, сіз - биік тау, біз бір - шынар,

Ғашық жар, бір көрсем деп, көңілім құмар.
Атеке, өзіңізбен бір жүрмесем,
Ноғайдың бозбаласы мазақ қылар.
Баян жас қойға таман қадам басты,

Қойды көріп, көзінен төкті жасты.
Баян қойға жеткенде күн ашылып,
Әкесімен бірігіп қой айдасты.
Жұрт білмеген Сарыбайдың қойы көп-ті,

Баян Сұлу Қозыкеге іңкәр бопты.
Баян Сұлу қой айдап жүргенінде,
Көлденеңдеп жүрмейді қотыр тоқты:

- Апеке, не бересің енді?- дейді,

- Күрең атты жездемді көрдім,- дейді.

- Айбасекем Бақа айғырмен қасында жүр,

Сүйінші бер, жездекем келді,- дейді.
Сұлу қыз текеметке түр салады,
Баян сенбей көңіліне кір салады.

- Ойбай, күйген жанымды күйдірме!- деп,

Құйрыққа қамшыменен бір салады.
Қоңыр тоқты шыдамай керіледі,
Баянменен сөйлесуге ерінеді.
Қыздың соққан қамшысы киелі боп,

Қой құйрығы жырмаш боп бөлінеді.
Тоқты жерден бір жұлып шөпті алады,
Баян сұлу құдіретке таң қалады.

- Мені неге жазықсыз соқтың, Баян,

Ақ жүзіңе дақ түссін!- деп салады.
Тіліне қоңыр тоқты Баян нанды,
Желкесінен бір тал жүнін жұлып алды.
Қамшыменен арқасын бір сипады,

Қазаққа сонан мирас болып қалды.
Сарыбай қызыменен қойға келді,
Баян сұлу бір шетте жалғыз жүрді.
Сарыбай қой қайтара кеткен екен,

Қозыке тазша болып қызға келді.

- Баян жас, бал қаймаққа жаримысың,

Қыдыр боп жолаушыға даримысың?!
Әкеңнің атастырған жары кім-ді,
Тазша боп душарласса, танимысың?!

- Сұрасаң, менің жарым - Қозы Көрпеш,

Қызы едім мен Сарыбай - Баян еркеш.
Келер атты күн бар ма, ойбай тәңірі,
Мен құдайдан тілеймін ертеңді-кеш.

- Қойыңа мұнан бұрын келіп пе едің,

Жарым бар ғой деп анық біліп пе едің?
Жарыңның қай жерінде белгісі бар,
Бесікте қалған күнде көріп пе едің?

- Сағындым құдай қосқан, алған жарды,

Әкемнің жаста айырған пейілі тар-ды.
Бабай түкті шашты Әзиз хабар берген,
Алтын айдар астында меңі бар-ды.
Жеткізді бір тілекке Құдіретім,

Қозыке Баян жастың көрді бетін.
Баянға күйеулігін білдіргелі,
Көрсетті, ашып басын, айдар шетін.
Баян жас өз күйеуін біліп алды,

Тіл қатып бір-екі ауыз мейірі қанды.
Қозыке қылып тағат тұра алмады,
Баянның оң бетінен сүйіп алды.
Қар кетіп қара жерге қақ тұрыпты,

Сүйген құлға дәулет пен бақ тұрыпты.
Сағынып Қозыкенің сүйгенінен,
Бетіне Баян жастың дақ тұрыпты.
Баян жас өз күйеуін білді анық,

Түнде алтын күймеде жүрді дарып.
Баян жас өз күйеуін таныған соң,
Алтын табақ қояды мейіз салып.
Баян жас опа жақпас ақ бетіне,

Қозыке ерді тазша боп қой көтіне.
«Үйге кірсем жұрт біліп қояды!»- деп,
Алтын күйме құрдырды қой шетіне.
Қозыке қойды бағып үш жыл жүрді,

Білдірмей Баянменен ойнап күлді.
Үш жылдан соң күймеде жатқан жерде
Сарыбайдың тезек терген күңі көрді.
Қара күңнің көргенін Баян білді,

Ұйқылы-ояу сескеніп тұра келді.
Барып әке-шешеме айтады деп,
Сезіктеніп Баян жас күңді өлтірді.
Бір күн келіп Баян жас: - Тұршы,- деді,

- Үйге таман, шырағым, жүрші,- деді.-

- Әке-шешем қуансын, «күйеуім» деп,

Ақ шымылдық кәдесін қылшы! - деді.
Қозыке Баянменен үйге кірді,
Екеуі ойнап-күліп бірге жүрді.
Алтын айдар белгісін ашып еді,

Қараңғы үй шам жаққандай жарық болды.
Ақ жүзі екеуінің бірдей болды,
Шымылдықтың ішінде ойнап-күлді.
Бетіне жарық сәуле түскендіктен,

Ұйықтап жатқан шешесі оны көрді.

- Шырағым, қашан келдің, шыныңды айтшы,

Кешіктірмей, ұзатып алып қайтшы.
Қойды бағып, қор болып жүргеніңше,
Көңілің жақсы жүргендей жылқы бақшы.
Қозыке ертең атқа мінді дейді,

Айбас құл тазша болып ерді дейді.
Ауыл жақтан екеуі келе жатса,
Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді.
Ауыл жақтан екеуі келді дейді,

Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді.

- Ауыл жақтан келіпсің, екі тазша,

Баян не сәлемдеме берді?- дейді.

- Ала құлаш ала айғыр мінген атым,

Айтсам аузым сүйінер қыздың атын.
Ауыл жақтан келіп тұрған екі тазша,
Қандай сәлем жіберіпті біздің қатын.
Сонда бұлар айтады:

- Баян жас, ай, Қодеке, - десіп отыр,

Талдай бойы Баянның өсіп отыр.
Қодар деген сен болсаң, «сәлем,- деді,

- Тірі болса, тез келсін»,- десіп отыр.

- Баян жас, ай, Қодеке,- десіп отыр,

Баян шашын ширатып есіп отыр.
«Өзімнің құдай қосқан жарым келді,
Шұнақ құл көтін қыссын!»,- десіп отыр.
Қодар құл ашуланып түрегелді,

Жылқыдағы ала айғырын ұстап мінді.
Баянға ауызба-ауыз тілдесуге,
Жылқыдан сегіз кісі елге келді.
Ғашықтар болған машұқ құдай сүйіп,

Қодар жүр екі ортада іші күйіп.
Сегіз кісі жылқыдан келе жатса,
Алдынан Сарыбай жүр түйе жиып.
Сонда Қодар айтады:

- Сарыбай, пейілің жаман, болдың сараң,

Бақсам да көп жылқыңды, күнім қараң.
Қосылып тазшаменен кәміл тапты,
Күймеде Баян деген бақты қараң.
Сонда Сарыбай сөйлейді:

- Алтын күйме ішінде Баян жаным,

Шашбауының шашағы қырық бір талым.
Сен тұрғанда, ешкімге бере қалман,
Үндемей жылқыңды бақ, Қодар жаным!
Қодар түзден қуанып қайтып кетті,

Қозыкенің жайланып көңілі кетті.
Жылқыда ала қыстай бірге жүріп,
Жазғытұрым болғанда елге кепті.
Мойнына кер төбелдің тұмар тақ деп,

Шақырды Айбас құлды: - Отты жақ!- деп.
Ауылға бие байлап, Қодар мырза,
Шақырады Қозыкені: - Желі қақ!- деп.
Қодарға күштілігін білгізеді,

Айбасты ақылменен жүргізеді.
Қодардың қол ағашын керек қылмай,
Қолымен жерге қазып кіргізеді.
Сонда Қодар айтады:

- Ақ түзін әулиенің кең айтады,

Ақылы жоқ Қодар құл нені айтады:

- Мынау тазша күшті ме екен, Әлжаппар-ау,

Аударыспақ ойналық, - деп айтады.
Қозыке бұл сөзді естіп түрегелді,
Қысыр емген тел торы тайға мінді.
Торы тайға Қозыке мініп алып:

- Толағай бас Қодарым, келші!- деді.

Өктем-өктем сөйлейді малды кісі,
Балуанға тұрады әлді кісі.
Сонша жерден қыз іздеп келгеннен соң,
Құлдан қайдан жасқанар жанды кісі.

Баянжан тоқсан құлға көз салмайды,
Қозыкеден басқаны ойға алмайды.
Ала атпенен Қодар құл тартып еді,
Қозыке тай үстінен қозғалмайды.

Қозыке бір құдайға сыйынады,
Тоқсан құл тамашаға жиылады.
Қодар құлды ала аттан тартып алып,
Ұршықтай айналдырып иіреді.

Қодар күліп ойын деп ыржақтайды,
Басқа тартқан үкідей былғақтайды.

- Қодеке, бар болғаның осы ма?- деп,

Аш белінен қысып ап бармақтайды.
Сонда Қодар ашуланып, жыламсырап, долданып сөйлейді:

- Антұрған мынау тазша түпке жетті,

Мені аударып алған соң, көңілі бітті.
Кісі өңгеріп ойнаған ойының құрысын,
Қоя бер, ердің қасы ішіме өтті.
Саудаға Үргеніштей қала бар ма,

Сөзінде Қозыкенің шала бар ма?
Қодар құлды босатып қоя берді,
Сол жерде қысып қойса, шара бар ма?!
Баян алтын күймеде отыр еді,

Аударысын бұлардың көзі көрді.
«Шырағым құлдан өлер емес екен»,-
Деп жағасын ұстаумен тәубе қылды.
Көп жылқы жүрді түзде бетіменен,

Ер Қозыке жүреді еркіменен.
Қодардың жүрегіне бір тиген соң,
Қашып жүрді жылқының шетіменен.
Сарыбай жұрт асқан бай салтанатты,

Құдай оған көп қылды қолғанатты.
Орманбет би ноғайдың бір тап елі:

- Ат шаптырған ас бар! - деп, сауын айтты.

Баян мен Қозыкені құдай қосты,
Екеуі тар күймеде көңіл қосты.

- Жұрт барған ас жиынға барайын,- деп,

Қозыке Баянменен ақылдасты.

- Шырағым, сен жылқыңнан қалма,- деді,

- Садағыңды беліңнен алма,- деді.

- Көп біріксе, бір ауыз жоқ болады,

Жұрттан жалғыз жүрсің ғой, барма!- деді.
Қозыке Баян жастың тілін алды,
Сан жетпеген жылқыда жалғыз қалды.
Үйде Баян, жылқыда - ер Қозыке,

Өзге жаннан түк қалмай асқа барды.
Не болар жұртсыз жалғыз көрген күнім,
Сайраған көңіл ашып қызыл тілім.
Жылқыда Баянменен тілдес екен,

Баласы тор биенің торы құлын.
Қақ басқа құрықпенен құлынды ұрды,
Енесіне емізбей, түңілдірді.
Қозыке жылқы ішінде күн жайлатып,

Шыңғыртып ноқтаменен буындырды.
Баян даусын естіп, есік ашты,
Құлынды көріп, желіге қадам басты.
Желіге жеткен шақта күн ашылып,

Қозыкемен сүйісіп құшақтасты.
Екеуі құшақтасып бірге жүрді,
Күймеге ойнап-күліп бірге кірді.
Құшақтасып күймеге кірген шақта,

Ауылдан екі қатын көріп қалды.
Екеуі төрт күн, төрт түн ойнап күлді,
Жиыннан жұрттан озып Қодар келді:

- Үйдегі жылқы баққан тазшаға,- деп,

- Әкелдік көтен, мойын, бауыр,- деді.

Байларға жақсы-жаман көп келеді,
Танымаған кісіні жек көреді.

- Қу тазша жылқы баққан бір тойсын,- деп,

- Ап келдім шек-қарын мен өкпе,- деді.

Жылқыда Айбас байғұс жалғыз жүрді,
Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды.
Елден таппай ауылға келген жерде,
Екі қатын: «Көрдік!»- деп хабар берді.

Қодар құл тазшаны іздеп, ел қыдырды,
Елден таппай күймеге жетіп келді.
Терезеден екеуін көріп қалып:

- Тазша не ғып жатыр?!- деп еңіреді.

Қодар жылап күймені үш айналды,
Қозыкеден кіруге бата алмады.

- Бақты қараң тазшамен бір жатыр,- деп,

Қодар жылап Сарыбайға жетіп барды.

- Сарыбай, пиғылың жаман кәпір,- дейді,

- Күймеде қызың болды қатын,- дейді.

- Не ғып шыдап отырсың, [ай], Сареке,

Бақты қараң тазшамен жатыр,- деді.
Сонда Сарыбай айтты:

- Тіліңе жалған айтқан ере алман,

Мезгілсіз алдауыңа көне қалман.
Жылқы бағып жүре бер, Қодар балам,
Сен тұрғанда ешкімге бере қалман.
Сонда Қаракөз айтты:

- Сарыбай, білемісің тоқсан құлды,

Қыз үшін бәрі бірдей жалға жүрді.
Құлға тартып сөйлеме бұрынғыдай,
Құдай қосқан Қозыке жалғыз ұл-ды!
Даладан мерген кісі мылтық атсын,

Қалаға пұлды кісі пұлын сатсын.
Мал бермеген Қодарды не қыласың,
Құдай қосқан өз жары, жатса, жатсын!
Сарыбай бұл сөзді естіп ашуланды,

Қодар мен екеуі бір боп алды.
Қодар менен Сарыбай ақылдасып,
Көп ноғайды шақырып жиып алды.
Қаракөз Сарыбайға жалынады,

Өкпесі Сарыбайдың қабынады.

- Өлтіріп, обалына қалмай жастың,

«Тап,- десең,- бар еліңді!» не қылады?
Сарыбай қайыспайды пейілі азған,
Өлтіріп саламыз деп құдық қазған.
Айтқан тілін байына алдыра алмай,

Жылады: - Сақтай гөр!- деп, қатын жазған.
Қаракөз жан-жағына көзін салды,
Толыпты ноғайлыға үйдің алды.
Тамам ноғай жиылып ақылдасып,

Алтын күйме жан-жағын қоршап алды.
Күйменің жүрер жолын бөгетеді,
Тал түсте ноғай қамап жүдетеді.
Күймеде ер Қозыке қысылған соң,

Күрең аттың бір тал қылын түтетеді.
Айбас байғұс жылқыны бағып жүрді,
Сарыбайға жаранып жағып жүрді.
Бақа айғыр күрең ат пен бір тұр екен,

Айбас құл: - Неге тұр?- деп, келіп көрді.
Күрең ат долданып тұр түсі қашып,
Қоштасып Бақа айғырмен амандасып.
«Қозыкеге бір қысым болды ма?»- деп,

Айбас байғұс бек қорқып қалды сасып.
Күрең ат көп жылқыдан желіп келді,
Қозыке қысылғанын біліп келді,
Жолда тұрған ноғайды баса көктеп,

Алтын күйме үстіне төніп келді.
Баянға алтын жүзік беріп кетті,
Екеуі аз күн ойнап күліп кетті.
Қамап тұрған көп ноғай бата алмады,

Тал түсте мініп атқа жүріп кетті.

Қозыке жапа-жалғыз елсізге қаңғырып шығып кетті де: «Жаны қысылған соң, бұл еліне қашты ғой!»- деп, майдандағылар қалды. Бірнеше күннен соң, Баян сұлу асыранды торғайын жіберді дейді: «Бұл маңайда болса, бір хабар алып кел!»- деп:

Баян жас жалғыз жатып күңіренеді,
Қодардың қылған ісін мін көреді.

- Бір хабар, тірі болса, алып кел!- деп,

Торғайын асыранды жібереді.
Торғайы Қозыкеге ұшып барды,
Қайда барып жатқанын хабарлады.
Елге жете бергенде, бір торғайды

Біткен қырғи қудалап ортаға алды.
Жақсының жүрген жері күнде сауық,
Қайырсыз бай қалады жерді қауып.
Баянның мақпал тонын ұрлап киіп,

Жеңгесі отыр екен сиыр сауып.
Тамам қырғи торғайды қуалайды,
Жеткені қанатымен уалайды.
Баянның мақпал тонын бүркенген соң,

«Мынау әпкем екен!»- деп, қорғалайды.
Жеңгесі қастық қылып сиыр сауды,
Басқаның бір Айбастан бәрі жау-ды.
Баянның мақпал тонын бүркенгенін,

Білдірмей жеңіменен ұстай алды.
Торғайы кешіккен соң, Баян жеңгесінен келіп сұрайды:
Торғай келер мезгілін Баян білді,
Кешігіп, келмеген соң, қайғы қылды.

- Торғайымнан бір хабар білдің бе?- деп,

Баян жас жеңгесінен сұрай келді.

- Жүгіріп шықсам, ақ үйден көйлегім кір,

Алтын айдар шекемде сегіз тал өр.
Жеңеше-ау, қолыңдағы торғайым бер,
Өлгенше алғаныңнан айырылмай жүр.
Сонда жеңгесі айтады:

- Тілейсің торғайыңды берер біліп,

Қашайын деп жүрмісің көзің күліп.
Ардақтаған бикешім қашып кетсең,
Сыртыңнан өсектейді қазақ күліп.
Баян сұлу айтады:

- Біздерге күлсе, күлсін күлген адам,

Біздерге неге күлсін білген адам?
Біз құрбылы қыз бала үйленіпті,
Жүйрік аттай зымырап өткен заман.
Сонда жеңгесі айтады:

- Үйдесең, торғайыңды бермен бикеш,

Екі ортада шөл дейді адам жүрмес.
Қашып жүре бер өзің күйеуіңмен,
Байыңның жүрген жерін адам білмес.
Баян.

Жұрт әуелі таппай ма жатқан жерін,
Торғайымды бермесең, қалар көңілім.
Торғайымды берместей өкпелетіп,
Не көңіліңді қалдырдым, жеңгем, сенің?!

Жеңгесі айтады:

- Тілейсің, торғайыңды, берер біліп,

Айрылдың алғаныңнан не ғып жүріп?
Шіркінді ұрғаным жоқ, соққаным жоқ,
Алып ем төбесінің жүнін жұлып.
Сонда Баян айтады:

- Торғайымды өлтірсең, кінә қылдың,

Кінәңды біле тұра неге қылдың?!
Жазығы жоқ өлтіріп торғайымды,
Жеңеше, айналайын мен не қылдым?!
Сонда жеңгесі айтады:

- Жарқыным, мен еш нәрсе қылғаным жоқ,

Жүнін жұлдым торғайды, ұрғаным жоқ.
Несін менен көресің торғайыңды,
Өліп қалды Алладан қазасы боп.
Сонда Баян айтады:

- Тілеймін торғайымды берер біліп,

Жеңешемнің отырған көзі күліп.
Жеңеше, қолыңдағы торғайым бер,
Үстімдегі қара тоным алып киіп.
Жеңгесі айтады:

- Қашып барып үйленген қандай адам,

Қашты деген, бикешжан, аты жаман.
Мен сырымды айтайын, бикеш, саған,
Мен берсем де, бермейді Қодар ағаң.
Сонда Баян айтады:

- Жалпайып жалынбаймын Қодарыңа,

Мен не қылдым жылқышы соларыңа?
Жеңешем, қолыңдағы торғайым бер,
Қол алыс Қодарыңның өлеріне.
Жеңгесі айтады:

- Тірі жүрер деп пе едің Қодар өлмей,

Торғайың өліп қалды-ау, тілге келмей.
Торғайыңды өлтірген мен емес қой,
Тынышымды алмай, аулақ жүр, менен көрмей.
Баян айтады:

- Кімге айтайын, торғайымды сенен көрмей,

Қалайша өлді торғайым тілге келмей.
Торғайымды бермесең, өкпелетіп,
Тірі жүрер деймісің, біздер өлмей.
Сонда жеңгесі айтады:

- Бикешжан, сен жасыңнан неге өлесің,

Жастай өлсең, жалғаннан не көресің?
Ардақтаған бикешім, өліп кетсең,
Азды-көпті күнәні көтересің.
Мінгені Қозыкенің көк төбел-ді,

Астық еккен Түркістан тоқ деп еді.
Өңге жүнін жұлғанда, үндемеді,
Төбе жүнін жұлғанда «Шоқ!»- деп өлді.
Қойшылар ертең өрер қойыменен,

Баян сұлу көрінер бойыменен.
Тамам ноғай таба алмай дағдарғанда,
Әлжаппар құл тауыпты ойыменен.

- Аягөздің бауыры шоқ терек-ті,

Айналасы малға жай көп терек-ті.
Қысырақ қарап жүргенде көріп едім,
Айтқаны, ойлап тұрсам, сол терек-ті.
Армансыз бір төсекте жата алмады,

Баянмен бір ауыз тіл қата алмады.
Сарыбай тоғыз кісі барып еді,
Иіліп сәлем берген соң бата алмады.
Мінгені Қозыкенің күрең ат-ты,

Шоқ теректің түбінде байлап жатты.
Байғұстың көзі ілініп кеткен кезде,
Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты.
Күрең ат азу тісін ойған ба деп,

Баян жас көзінің жасын тыйған ба деп,
Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты,
Мұны тірі керек қып қойған ба деп.
Қодар құл атып оқпен өшін алды,

Қылғандай сүйтіп қастық несін алды.
Олжам деп Баян жасқа берейін деп,
Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды.
Бәрекелді Қодардың тентегіне,

Асау күрең жүрмейді жетегіне.

- Ал, байыңның басы!- деп тастай берді,

Баян тосып алыпты етегіне.
Баянның жұрт қарайды жабдығына,
Қозыкеден жас қалған қамдығына.

- Ал, байыңның басы!- деп тастаған соң,

Баян жылап салады сандығына.
Сонда Баян: «Қозыкені кім өлтірді?»- деп, әкесінен сұрағаны:
Баян жылап күймеден түрегелді,
Сарыбайдың қасына күйіп келді.

- Ата, сенен сұрайын бір сауалды,

Қозыке атты күйеуің кімнен өлді?
Сонда Сарыбай айтты:
Сарыбай қызын көріп түрегелді,
Баянға оң жағынан орын берді.

- Тірі болсаң, бір күйеу табылмай ма,

Күйеуің Қодар атты құлдан өлді.
Ала арқармен бірігіп жусайын да,
Көздің жасын қолыммен тосайын да.
Оған күйме, жылама, бас көңіліңді,

Қозыкеден артыққа қосайын да.
Сонда Баян сұлу күйіп кетті дейді:

- Етегімді жел ашып жүрген емен,

Қозыкеден басқаға күлген емен.
Әке, неке қи-дағы, енді өзің ал,
Елден бура салғандай інген емен.
Өз еркіммен жаман сөз айта қалман,

Еріксіз шыққан сөзімнен қайта қалман.
Әке, неке қи-дағы, енді өзің ал,
Елден айғыр салғандай байтал емен.
«Баян сұлу» атандым тамам жұртқа,

Әке, қылған ісіңді сен де ұмытпа!
Шешем қара бетіңе қарай алмас,
Неке қиып өзің ал тоқалдыққа.
Сұлу Баян қолына айна алады,

Қозыкеден айрылып қиналады.
Өзімменен қосылып зарласын деп,
Ботасы өлген боз інген қолға алады.
Баян жібек белбеуін белден шешті,

Қозыкеден айрылып күйге түсті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды,
Ертең тұра Сарыбай ауылы көшті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды,

Оны көріп Қодар құл қуанады.
Көш жөнеліп кеткенін көріп тұрып,
Жұртта қалған Баянға Қодар келді.
Сонда Қодар айтады:

- Жылқыны көп жалшылар суарады,

Сені көріп жүрегім қуанады.
Алған байың өлді ғой, сұлу Баян,
Енді сені мен алмай кім алады?
Баян айтады:

Баян басын көтеріп түрегелді,
Жылап тұрып Қодарға жауап берді:

- Саған жұпты болайын, Қодареке,

Қозыкені бір көрсет маған!- дейді.
Қодар айтады:

- Баян жас, тимеймісің маған,- дейді,

Тимесең, болар ақырзаман,- дейді.

- Осы жерде маған тисең, тура сөйле,

Тазшаңды көрсетейін саған,- дейді.
Баян сұлу қуанып түрегелді,
Қодарменен екеуі бірге жүрді.

- Ойдым-ойдым жер келді сұлу Баян,

Кел екеуміз ойналық, Баян,- деді.
Баян Сұлу Қодарға жауап берді,
Қозыкені көруге алып жүрді.

- Далада ойнағаның не болады,

Су басына баралық, Қодар,- деді.
Хақтың жолын күткен жан болар дұрыс,
Баян жастың кигені алтын кебіс.

- Су басына баралық, сонда болсын,

Оған шейін сабыр қыл, ит те жемес.
Сонда бұлар бір құдықтың басына келіп:

- Шөлдеп қаным құрып барады, әуелі маған бір жұтым су бер, сонан соң көңіліңе алғаның бола берсін,- деп, Қодарды құдыққа түсіреді. Сонда Қодар қуанып айтады:

- Айт дегеннен айтамын айда, Баян,

Мұндай ақыл біздерге қайда, Баян.
Алдында жарық болған айнаң, Баян,
Қасыңа мендей жолдас қайда, Баян?
Айт дегеннен айтамын айда, Баян,

Мұндай ақыл біздерге қайда, Баян,
Тазаланып жатайын қойыныңа,
Білегіме шашыңды байла, Баян.
Баян алдап, Қодарды суға салды,

Қодар сорлы су ішіп, мейірі қанды.
Қодар құдық ішінде, Баян - қырда,

- Суға тоңдым, тарт енді, Баян,- деді.

Баян естіп бұл сөзді тұра келді,
Бида пышақ қолына Баян алды.
Қодар суда жалаңаш, Баян қырда,
Қодарды пышақпенен салып қалды.

- Баян жас, мені есіңе алмадың ба,

Әуелі суға түс деп алдадың ба?
Екі бірдей байыңнан тең айрылып,
Енді қараң суалып қалғаның ба?
Мұндай қастық қылғандай не еттім, Баян,

Мені неге сергелдең еттің, Баян?!
Екі бірдей байыңнан тең айырылып,
Көзің ашық жалғаннан өттің, Баян!
Мұндай қастық қылғандай не еттім, Баян,

Әке-шешем жылатып кеттім, Баян.
Тілеуші едім мен сені жақын қыл деп,
Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян.
Айда Баян, ай Баян, не еттім, Баян,

Айтпай жүріп түбіме жеттің, Баян.
О дүниеде артыңнан еш қалмаспын,
Ақ тікен боп араңа біттім, Баян.
Көңілі тынып Баян жас қуанады,

Тіліне ұрғашының кім нанады?
Баян жас шашын кесіп жібергенде,
Құл құдықтың түбіне жоғалады.
Баян Қодарды жайратып тастап, Қозыкенің басына зарлағаны:

- Ботасы өлген боз інген алып келдім,

Мен Баян тал отындай жанып келдім.
Қодар құлды құдыққа құлаттым да,
Аза тұтып басыңа налып келдім.
Қозыкем, жатырмысың жер бауырлап,

Қобы жонды қайың оқ соны ауырлап.
Тұрар болсаң, тұр сана, Қозыкежан,
Баян жас, алған жарың келді зарлап.

- Қозыкем, жатырмысың жер бауырлап,

Қарға жүнді қамыс оқ соны ауырлап.
Тұрар болсаң, тұр сана, Қозыкежан,
Құдай қосқан қосағың келді зарлап.
Қозыке іздеп еді қылып талап,

Жеткізді Баян жасқа құдай қалап.
Не өлісін, не тірісін білейін деп,
Отырды іші қимай біраз қарап.
Баян жас зарлап, қақсап отыр еді,

Құдайдан түсіп рақым, пәрмен болды.
Баянның көзі ілініп кеткен екен,
Түсінде қырық шілтен аян берді.
Баян жас көзі ілініп бір түс көрді,

Түсінде қырық шілтен аян берді:

- Басты сал өз орнына, сөйтіп, сұра,

Тілейсің неше күндік өмір?- деді.
Баян жас зарлап жылап тұра келді,
Тілеген шын тілегін Алла берді.

- Ұзақ өмір тілеп мен не қылайын,

Үш күн, үш түн ойнасам болар,- деді.
Баян жастың тілеуін құдай берді,
Қырық шілтен: «Аумин!»- деп, шулай берді.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып,

Сілкініп Ер Қозыке түрегелді.
Ер Қозыке сілкініп түрегелді,
Отырғанын Баянның көзі көрді.
Шын ғашықтың жандары өзінде емес,

Үш күн, үш түн бас қосып дәурен сүрді.
Қозыке жыр болғалы бір талай жыл,
Туысында жақсыға бір қызыл гүл.
Шығардық өлең қылып бұл қиссаны,

Баянның сұлулығын есітіп біл!
Ибраһим - Мекке тұрғызды құдай үйін,
Жақсының жүрген жері күнде жиын.
Қозыке мен Баянды өлең қылып,

Біз де мұны жаңарттық, міне, биыл.
Ақ кірпіштен басына салған үйін,
Өмірін қысқа тілеп, болдық қиын.
Үш күн, үш түн екеуі ойнап күліп,

Ажалына шығады қызыл құйын.
Қияметтің қыл - көпірі тар-ды дейді,
Бір жағы - от, бір жағы жар-ды дейді.
Қозыке мен Баян жас өлген шақта,

Қырық бір молда Меккеге барды дейді.
Бас қосып қырық бір молда Мекке жүрді,
Қырық періште қасында жолдас болды.
Меккеден үйге қайтып келе жатып,

Бір екеу түзде жатыр, көзі көрді.
Қырық бір молда жан кешті Мекке жүрді,
Қырық періште кісі боп қасына ерді.
«Бұл не қылған адам?»- деп, тамаша етіп,

Жатқанның қасына бұлар келді.
Екеуі жатыр екен мойындасып,
Құшақтап бірін-бірі қойындасып.
Өлді десе, ажары бір тайған жоқ,

Тірі десе, жаны жоқ нұры тасып.
Қалтасында ғашықтық хатын көрді,
Хатқа жазған өлеңмен атын көрді.

- Жаралған жеті ғашықтың бірі екен!- деп,

Қарасып тамаша ғып біраз тұрды.
Балқыған жер мен көкке нұры сыймай,
Сол үшін болып жатыр мұнша шимай.
Басынан қырық бір молда кете алмады,

Кетуге солай тастап іші қимай.

- Біз үйден шығып па едік мұны қастап,

Үстіне кез қылғандай құдай бастап.
Кел, осыған бір сауап іс қылайық,
Мен тұрмын жадағай кетпей тастап.
Түрі жоқ бұл қалпында анық өлген,

Шын өлсе, айрылмай ма ажар, түрден?!
Шалажансар талумен жатқан жан ғой,
Бір қатты жел соғумен құйын жүрген.
Жанымыздың жайы үшін Мекке бардық,

Деп шығып ек: «Құдайға біз құрбандық».
Құйын құрлы болмаса жүрісіміз,
Бұл жүрістен біз қандай еңбек алдық?!
Шын ниетпен жүріп ек, басты қосып,

Алдымыздан кез болды бұлар тосып.
Кел, осыған бір қайран іс қылайық,
Өліп қалған кісі деп кетпей шошып.
Бірі айтты: - Бұл сөз жөнге келмес,- деді,

- Құр сөзден дәнеме өнбес,- деді.

- Әркімнің өз тілеуі өзінде ғой,

Құдай бізге алғанын бермес!- деді.
Ақ сақалды бір молда түрегелді,
Өзгесі оның сөзін қабыл көрді.

- Жаны кеткен дүниеге жан кіргізу,

Құдайға жұмыс емес ауыр!- деді.
Сол молда ашып жаны айтты жылап:

- Құдайдан шын тілесек, тегіс шулап,

Жаны кеткен денеге жан кіргізсек,
Мұнан абзал болар ма артық сауап?!
Ақ сақалды сол молда былай деді,
Өзгесі бұл айтқанын мақұл деді.

Қозыке мен Баянның жанын тілеп,
Қырық бір молда қол жайып түрегелді.
Қырық бір молда құдайдан тілеп тұрды,
Қырық періште Аллаға ғарыз қылды.

Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды:

- Періште, не жұмысқа келдің?- деді.

- Қырық бір молда бас қосып Мекке жүрдік,

Өзіңнің жарлығыңмен соған ердік.
Меккеден қайтып келе жатыр едік,
Жаралған жеті ғашықтың бірін көрдік.
Жомарттық рақымың мол саған сендік,

Беруші сен болған соң үміт қылдық.
Шулап тұр қырық бір молда жастары ағып,
Біз соны біліп - көре айта келдік.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды:

- Тілеуің, қырық бір молда, қабыл болды.

Мың жанды бір қапасқа салатұғын,
Бостандық екі жанды алсын,- деді.
Біздермен қырық молда жолдас болды,
Меккеге тауап қылып бірге келді.

Қозыке мен Баянның хатын көріп,
Қырық бір молда біздерден тілек қылды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды,
Қырық бір молда тілеуін қабыл қылды.

Мың жанды бір қапасқа салған екен:

- Екі жанды шығарып алсын!- деді.

Періштелер қапастың аузын ашты,
Жаннан жанды бөле алмай жаман састы.
«Бірдікі - мыңға» деген осы емес пе,
Қапастан мың жан бірдей тұра қашты.

Қозыке мен Баянның жаны кірді
Екеуі жерден ұшып түрегелді.
Қозыке мен Баянның себебінен,
Мың кісі көрде жатқан тірілді енді.

Қозыке мен Баянның жаны кірді,
Жаны кірген соң екеуі түрегелді.
Қырық бір молда басында отыр екен,
Қозыке молдаларға сәлем берді.

Екеуі жатқан жерден ұшып тұрды,
Жалаңаш айдай балқып нұрға толды.
Ғашық-машық екенін жұрт білсін деп,
Жұмақтан құдай берді халла тонды.

Екеуі тонды киіп, шүкір қылды,
Ақ жүзі бұрынғыдан артық болды.
Молдалардың қасиеті құдайынан:
«Отыз бір жыл ойна» деп өмір берді.

Қозыке мен Баянның көңілі толды,
Еңбектері орынға жаңа тұрды.
Қырық бір молда қол жайып бата беріп,
Бұлармен амандасып жүре берді.

Бозбала, мұндай сөзді білмей жалған,
Жалған сөз созғанымен, қайда барған?!
Бұл сөздер әуел ақыр шындығынан,
Мінеки, жұрт алдында сөз боп қалған.

Екеуі сол арада жалғыз қалды,
Төңіректе дәнеңе жоқ жансыз қалды.
Айдалада қалғанын біліп сонда,
Құдіреттің шеберлігін ойына алды.

Көңілі Қозыкенің біткен екен,
Түбіне Қодар андып жеткен екен.
Сарыбай күйеу, қыздан айрылған соң,
Өлеңті - Шідерті кеткен екен.

Сонда күйеуі мен қызы тірілгені Қаракөздің түсіне кіріп: «Шеше, біз жаяу қалдық, бізді алдыр»,- дейді.

Қаракөз бір күн ұйықтап жатыр еді,
Түсінде күйеу, қызы сәлем берді.
Тірілгені көңіліне ғаян болып,
Күн шықпай кемпір жылап түрегелді.

Кемпір жылап күн шықпай тұра келді,
Үш күншілік жылқыға жаяу барды.
Пәрменменен тіл бітті екеуіне,
Келе жатқан кемпірге қарсы жүрді.

Арда күрең, Бақа айғыр қарсы жүрді,
Алдына кеп кемпірдің шұлғып тұрды:

- Туғалы мал ішіне келген жоқсың,

Шешеке, неге зарлап келдің?- депті.

- Бір күн жатып төсектен тұрдым,- дейді,

- Қозыке мен Баянды көрдім,- дейді.

- Өзімнің іздеп барар шамам жоқтан,

Сендерге соны айтқалы келдім,- дейді.

- Өзімнің іздеп барар шырағым жоқ,

Тірі болса, көрсем деп көңіліме тоқ.
Екі бірдей шырағым көрсем-ау деп,
Сарғайып зарығамын ынтызар боп.

- Айталық тура жауап сізге дейді,

- Балалардан күдерді үзбе,- дейді.

- Тірі болса, екеуміз ап келеміз,

Алтын жабдық әзірле бізге,- дейді.
Байғұс кемпір қуанып қайтып келді,
Алтын жабдық, ер тоқым даяр қылды.
Қозыке мен Баянның киімдерін,

Түгендеп қанжығаға байлап берді.
Түс болғанда ауылға жылқы келді,
Бақа айғыр, Арда күрең бірге келді.

- Қозыке мен Баянға барамыз,- деп,

Екі айғыр аунап-қунап сілкінеді.
Айбас байғұс жылқыда түзде қалды,
Құл мен күң биелерін байлап сауды.
Намазшам мезгілінде бие ағытып,

Екі айғыр көп жылқыдан бөлек қалды.
Арда күрең, Бақа айғыр жүрмек болды,
Қас қарайып күн бата түрегелді.
Алтын жабдық ер-тоқым ерттеген соң,

Аягөзге жол тартып жүре берді.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды,
Періште жер тамырын тартып тұрды.
Арада тіпті титтей бөгелместей,

Екеуі жарысумен жетіп келді.
Арда күрең, Бақа айғыр келіп жетті,
Мұны көріп бұлардың көңілі бітті.
Үйден киім келген соң екеуіне,

Халла тоны ұжмақтың ұшып кетті.
Екеуі киімдерін киді дейді,
Күрең атқа Қозыке мінді дейді.
Бақа айғырды Баянға ерттеп беріп,

Сарыарқа, қайдасың деп жүрді дейді.
Не кедергі жерлерде торығыпты,
Ат шаршап талай жан зорығыпты.
Өлеңтінің бойына жеткен жерде,

Көп қой жайған қойшыға жолығыпты.
Қойшыға жөнін айтпай жүре берді,
Есіткен жан демей ме, не ғып келді.
«Енді күйеу кәдесін қылалық»,- деп,

Қозыкені далаға түсірді енді.
Қозыке күйеу болып түзде қалды,
Баян Сұлу жарқылдап үйге барды.

- Қызың келіп тұр,- деген дауысынан,

Қаракөз қуанғаннан талып қалды.
Құдайдың құп тамаша құдіретін көр,
Жұрт үйіріліп таң қалып қарасып тұр.
«Өлмегенге - қара жер»- деген осы,

Сарыбай жылаған боп еңкілдеп жүр.
Жұрт білді Қозы Көрпеш - Баян атын,
Қолында жүзігі бар қызыл алтын.
Аман-есен келген соң қуаныш қып,

Алдынан шатыр тікті қырық бір қатын.
Күйеу, қызы жоқтан бар боп келді,
Төрт күн, төрт түн жұрт жиып тойын қылды.
Торғайға қастық қылған жау жеңгесі,

Ұзатқанша жасырынып үйде отырды.
Ғашық қылған бұларды Құдай сүйіп,
Бірнеше жыл бейнетпен жүрді күйіп.
Ақ неке пайғамбардың адалдығы,

Екеуін жаңа қосты неке қиып.
Ақ шатыр айдалада жалғыз тұрды,
Ал шымылдық пердесін үйге құрды.
Бәрі де бұрынғының босқа жүріс,

Қызығын ерлі-байлы жаңа көрді.
Айбас құл хабар таппай елге келді,
Шатырды анадайдан көзі көрді.
Шатырдың есігінен қарай салып,

Өңім бе, түсім бе деп жылай берді.
Қозыкең ұшып орнынан түрегелді,
Көрісіп құшақтасып, көңіл тынды.
Баян бір күн күймеде ұйықтап жатса,

Түсіне Мамабике кемпір кірді.
Сол күні ай қараңғы түн болыпты,
Ғашықтар жалған емес, шын болыпты.
Айрылып жалғызынан қалғаннан соң,

Шешесі тезек теріп, күң болыпты.
Тоқсан құлдың бастығы Жидебай-ды,
Құлдың қылған ісіне кім шыдайды?!
Енесі Баян жастың түсіне еніп:

- Құлға күң болдым!- деп зар жылайды.

- Қарағым, мені есіңе салма, - дейді,

- Дұшпанның өсегіне нанба, - дейді.

- Құдайдан тілеп алған екі көзім,

Мен байғұсқа көрер күн бар ма?!- дейді.
Баян жылап күймеден түрегелді,
Қозыкенің қасына жетіп келді.

- Шырағым, қайдан туып, қайдан түстің,

Біз көргендей ел жұртың бар ма?- дейді.
Сонда Қозыке айтады:

- Бойыңнан шайтан қашар Алла десең,

Жаһаннамға кетерсің харам жесең.
Екеуімізге қуанып әкем өлген,
Зар жылап қалып еді жалғыз шешем.
Қайғысын ұзын жолдың сарт көреді,

Танымаған кісіні жат көреді.
«Енді бізді ел-жұртқа ұзатсын»,- деп,
Баян жас әкесіне хат береді.
Сарыбай жері алыс деп қайғырады,

Қаракөз ұзатуға ой қылады.
Шідертіде Бақа айғыр шідер үзген,
Өлеңтіде өлең айтып, той қылады.
Ғаділ болса, бұзылмас ханның тағы,

Ақынның топта сөйлер тіл мен жағы.
Өлеңтінің Ақжар деген бір жері бар,
Сарыбайдың той қылған жерошағы.
Қырық күн ұдай той қылып, тамаша етті,

Қырық қара нар арттырып, қыз жөнелтті.
Шырағым жұрттан жалғыз бармасын деп,
Қырық құл, қырық күң нөкер қып қасына ертті.
Қырық құл, қырық күң нөкерді қасына ертті,

Малды үйірлеп айдатып көш жөнелтті.
Өлеңтінің бойынан шыққан күні,
Айбас пенен Қозыке озып кетті.
Баян жас ауыр жүкпен кейін қалды,

Айбас пен Қозыке озып барды.
«Қарабай елі Жұпардың қорығында»,-
Деп естіп солай қарай бұлар салды.
Базардан бақша-бақша бөз келеді,

Бір пәле бейнеттіге кез келеді.
Екеуі арып-шаршап, аңсап-сусап,
Қойшыға көп қой жайған кез келеді.
Екі жігіт қойшыға жетіп барды,

- Бұ қай елдің қойы?- деп сұрап қанды.

- Кімдікі деп айтайын мен сендерге,

Иесіз бағып жүрміз арам малды.
Қозыке айтады:

- Қалай-қалай сөйлейсің, қойшы жаным,

Мұңды шерің құдайға болсын мәлім.
Біздер үйден шыққалы көп жыл болды,
Иесіз бағып едің кімнің малын?
Қойшы айтады:

- Жаратқан сыйынамыз бір құдайға,

Жылаймыз әуедегі күн мен айға.
Қозыке қыршын жаста жоқ боп кеткен,
Қалған дәулет қор болды Жидебайға.
Қойшыдан елдің жөнін сұрап білді,

Үйіне қонақ болып тура келді:

- Жолаушы, алыс жолдың, кісіміз,- деп,

- Кім бар-ау, тысқа шығып сөйлес,- деді.

Сонда Жидебай кемпірге ақырады дейді: - Тұр жылдам шығып, қонаққа сөйлес! – деп.

- Шұнақ күң, қолыңды отқа тықшы,- деді,

- Ұятты кісі болса, бұқшы,- деді.

- Үй артына келіп тұр екі қонақ,

Кім екенін біл кел, шықшы!- дейді.
Қозыке амал қылды ғақыл ойлап,
Жеткізді шешесіне құдай айдап.
Үйден шыққан шешесін тани салып,

Үйге кіре бастады атын байлап.
Байларға күнде қонақ көп келеді,
Жөнсіз қонақ келгенін жек көреді.

- Қарны ашқан екі қонақ бір тойсын,- деп,

Екеуіне үш табақ ет береді.
Айбас құл елін танып күлімдейді,
Қозыке келген жерден білінбейді.

- Жүдеген мұңды кемпір, бір тойшы,- деп,

Үш табақ еттің бәрін соған берді.
Жидебай айтады:

- Қонақ, саған не болды қара басып,

Жалы асты мен бердім қазанға асып.
Жалғызынан айрылған мұндар күңге,
Неге тамақ бересің жаның ашып?

- Екеуміз мылтық атқан мерген едік,

Үйіңе қонақ бола келген едік.
Мұңлыға неге жаның ашымайсың,
Жалғызын қайныңдағы көріп едік.

- Үш табақпен бердім етті салып,

Жақсы қонақ екен деп жолың танып.
Қодар атып сүйегі қурап қалған,
Не қыласың шіркінді ауызға алып.
Сонда бұлар айтады:

- Құл болсаң, жылқы бағып жатар едің,

Би болсаң, жұртқа кеңес айтар едің.
Жағаңды ұстап тәубе қыл, Жидебайым,
Жалғызы келіп қалса қайтер едің?!
Жидебай айтады:

- Әділ болсаң, жұртыңның қамын жерсің,

Қонақ сыйлап жөнелтсем, мырза дерсің.
Қодар атып, сүйегі қурап қалған,
Өлген кісі тіріліп қайдан келсін?!
Сонда бұлар айтады:

- Қарап тұрсаң адамға адам ұқсар,

Ит жегенін аузынан қайта құсар.
Өлген кісі тіріліп келмегенмен,
Жарай ма, айтшы, шын болғанын тұзға тышар.
Жидебай.

Өткен сөзді қозғама қайта бастап,
Жүрген-тұрған жеріңді тұрмай ластап.
Біріне болсын обалы жалғызыңа,
Ақ сүт берген анасын кеткен тастап.

Сонда бұлар айтады:

- Дәм айдаса, бармайды қайда кісі?

Өз жанына қыла ма пайда кісі?!
Бір күнгі тойғандықтың мастығынан,
Демесін, қой, не болса хақтың ісі.
Жидебай айтады:

- Ден қоялық, қонағым, саған не ғып,

Өкпелерсің нанбасам, көңілің қалып.
Құр бос сөзден дәнеме өнбейтұғын,
Тыныштық қыл тамағыңа тойып алып.
Айтпай кетсем, барады көп сөз қалып,

Білген-сезген ешкім жоқ әлі танып.
Қонақ жолы қиын деп күтіп сыйлап,
Төр алдына жатқызды төсек салып.
Кемпір отты саулатып жағып отыр,

Жасы саулап көзінен ағып отыр.
Адам шыдар іс емес естігенге,
Қалай шыдап осылар не ғып отыр?

- Тоқсан құлдың Жидебай басы,- дейді,

- Бір тыйылар көзімнің жасы,- дейді.

- Сендей шешем үйімде қалып еді,

Кел, арқамды, шешеке, қасы,- дейді.
Төр алдына жығылды әрең жетіп,
Әл-дәрмені таусылған түгел бітіп.
Арқадағы түймедей меңін көріп,

Бір «аһ» ұрып жығылды есі кетіп.
Бұлар тұрып кемпірге бір су шашты,
Кемпір жиып сонда есін, көзін ашты.
Алтын айдар белгісін көріп қалып,

Тұра сала бас салып құшақтасты.
Өлді деген жалғызын тірі көріп,
Жаңа өлгені тіріліп, өшкені өніп.
Кемпір зары дүниені кезіп кетті,

Қардай болып бұзылған,тау-тас еріп.
Айғайымен жылады жұрттың бәрі,
Түн ішінде түп-түгел жас пен кәрі.
Шаңқылдаған бүркіттей тау жаңғырып,

Жұрт ұйқысын қашырды кемпір зары.
Айбас сорлы сыбырлап тілін безеп,
Қозыке отыр құр жылап бойын тежеп.
Шаршау да жоқ кемпірде, қою да жоқ,

Екеуіне көрісіп кезек-кезек.
Ашқан қарын болды ғой жап-жаңа тоқ,
«Қызған кезде,- мақал бар,- темірді соқ».
Бәрі жатыр жан біткен жабырласып,

Бар білгенім: жалғыз-ақ Жидебай жоқ.
Осы арада енді бір алайық дем,
Мұңлы сөзі мұңлының дертіне ем.
Көрінбеген бойымен кете барсын,

Жидебайды керек қып іздеген кім?!
Қозыке ел-жұртын бір түңілдірді,
Құдай мұнан шеберлік сыр білдірді.
Бір желі қып байлатып боз биені,

Соныменен шешесін шомылдырды.
Бізге күмән әр нәрсе Аллаға аян,
Зекеті жоқ мал болар жылан-шаян.
Құл-күңімен келіпті ырғап-жырғап,

Көп кешікпей, кешікпей сұлу Баян.
Кейінгіге қалдырған айтып жатқа,
Соның үшін жазылды мұны хатқа.
Мұндай сөзді дүниеге өрнек қылған,

О да жетсін деңіздер бір мұратқа.
Жан туар ма жаралып бұлар сынды,
Қозыке мен Баянның көңілі тынды.

- Бізді қойсын, құдайға құл болсын! - деп,

Құл мен күңнің бәрін де азат қылды.
Үлкен шүлен той берді жұртын жиып,
Үлестіріп жалғанды көзі қиып.
Күң мен құлды жұрт қылды өз алдына,

Бір-бірін адалдасын неке қиып.
Үйір-үйір қысырақ көп маталды,
Үлестіріп қалғанын бұл бата алды.
Бір кедей жоқ, теп-тегіс бай боп бәрі,

Қарабай, Сарыбайдың елі атанды.
Дүниені кім тегістеп түгел етті,
Жалғанды керек қылмай солайша өтті.
Бәрі өтіп жан біткеннің нәубет жетіп,

Санаулы отыз бір жыл о да бітті.
Бабай түкті шашты Әзиз түске кірді:
«Талақ қылып таста,- деп,- сен бұл жерді,
Аягөздің бойына барасың!»- деп,

Қозыке мен Баянға аян берді.
Әулиелер түсіне кірді дейді,
Жер тамырын періште түйді дейді.
Жан ертпестен қасына сонда екеуі,

Аягөзге бет алып жүрді дейді.
Қонған, түскен жерлері болып бұлақ,
Жаныменен жарқылдап қос шамшырақ.
Жер арасы оларға болып жақын,

Бұл күндерде болғанмен бізге жырақ.
Бірнеше күн арада түндер өтіп,
Бары-жоғы жалғанның естен кетіп.
Тағы Баян зарланып жалғыз қалды,

Жерге жетіп бұйрықты Қозыке өтіп.
Баян жылап зарланып отырады,
Жердің жүзі мал менен жанға толды.
Іздегені су болып сусап шаңқап,

Жер қайысқан бір қалың керуен келді.
Баян көріп керуенді шат болады,
Жақсыға арзан, жаманға жат болады.
О шеті мен дүниенің бұ шетіне,

Көбінесе жүретұғын сарт болады.
Аударыла көп керуен аттан түсті,
Көрмей ешкім кете алмас жазулы істі.
Баян көркі дойбының тасы болды,

Бұлар тағы ұтқызды ақыл есті.
Керуен енді бұл суға қонар болды,
Таусылмайтын бір өзен сонар болды.
Өліп жатқан сабазымен ісі де жоқ,

Баян жасты көрумен құмар болды.
Несіне ғарыплайды бәрі басты,
Мұндай сұлу ұрғашы табылмас-ты.
Сарт болған соң саудасыз бола ма, айтшы?

Алу жағын ыңғайлап саудаласты.
Баян айтты: - Жамағат, құлағың сал,
Жабдығына өліктің жаратып мал.
Тастан тамды орнатып бұзылмастай,

Қайсың алсаң, ал мені, сонан соң ал!
«Пәлі, сөз!»- деп, бәрі де шуылдасты,
Әбдіренің аямай аузын ашты.
Үлде менен бүлдеге орап шырмап,

Қадірледі құрмет алып асыл тасты.
Әрбір сарттың отыз-қырық жолдасы бар,
Іш ағасы ішінде қор басы бар.
Шаңырақтай сәлдесін орап алған,

Жаназа оңдап оқитын молдасы бар.
Өлікті таза жуып көмді жайлап,
Қуанып бәрінде ес жоқ: «Иә, құдайлап».
Баянның көңілін риза (ырза) қылу үшін,

Керуендер үй тұрғызды тастан сайлап.
Біреудің - іс, біреудің достасы бар,
Әркімнің бір замандас тұстасы бар.
Дүниенің ұқсатуын әбден білген,

Не түрлі жалақтаған ұстасы бар.
Жабылып жан қалмастан біткен адам,
Бәрінің көңілінде бар: «Қайтсем алам?!»
Қиямет қайымға шейін бұзылмастай,

Болсын деп шын ықыласпен қылды тамам.
Қуанып Баян отыр көңілі толып,
Көңіліне қылған жұмыс әбден қонып,
Бітіріп: «Болдық!»- десіп, келді дейді,

Бәрі де аламыз деп іңкәр болып.
Сонда Баян сұлу айтады:

- Халайық, ризамын келгеніңе,

Бір белгі тұрғыздыңыз өлгеніме.
Үлессем, бәріңізге мүшем жетпес,
Тиемін хақылың артық жеңгеніңе.
Айтарлыққа бұл сөз жарасады,

Бір-біріне қиыспай қарасады.
Біреуге біреу көңілін неге берсін,
«Мен алам, мен алам!»,- деп, таласады.
Бірін-бірі енді жек көріседі,

Өзді-өзімен араз боп керіседі.
«Мен тұрғанда сен қалай аласың?»- деп,
Жұдырықтап ауызға періседі.
Мұнда қалды бас салып жұдырықтасу,

Оңай емес біреуден біреу асу.
Ғақыл естен тап-таза айрылған соң,
Төбелеспей, басылмас мұндай ашу.
Тамам керуен шулығып жиылады,

Қылыштасып желкелері қиылады.
Бірін-бірі аяспай ұрып жығып,
Төбелесіп, өзді-өзі қырылады.
Керуен біткен өзді-өзі таяқтасып,

Бірін-бірі жатыпты аяқтасып.
Үш-ақ кісі қалыпты сонша жаннан,
Олжа көріп өз басын алып қашып.
Жақсы адам әр нәрсені өнер қылған,

Сонан бері қанша өтті ай мен жылдан.
Үш кісі үш ру елге қашып барып,
Сол екен Қозыкені өлең қылған.
Қозыке мен Баянның болған шағы,

Бәйшешектей қуарып солған шағы.
Қозыке өлген жерінде Баян да өлген,
Әркімнің сондай болсын алған жары.
Дүниеден бұл күйімен бұлар кетіп,

Міне, тұр әңгімесі бізге жетіп.
Қарабай, Сарыбайдың ауыр елі,
Ертістен арман қарай кетіпті өтіп.
Қонысы Сарыарқадан келген ауып,

Қазақты жүрген кезде қалмақ шауып.
Жеті қабат мұжықтың ар жағында,
Аласың іздегенің сонан тауып.
Әңгіме жұрт аузында алып қашып,

Жазу жоқ бұл қазақта тасқа басқан.
Ақын Шөже айтқаннан естіп едім,
Күнімде тоғыз жасқа аяқ басқан.
Жыл өтті сонан бері қырықтан асып,

Елуге біз де тұрмыз аяқ басып.
Қатесін білген жандар түзетіңдер,
Бар болса қалған жері мидан қашып.

ТҮСІНІКТЕМЕ

Ескерту: квадрат жақшаға алынған сөздер түпнұсқада не өшіп, не түсіп қалғанын біздің қалпына келтіруімізді, жақша ішіндегілері сөздің екінші түрде жазылуын көрсетеді.

І Ертегілер 1. Шыншыл мен суайт.

Бұл туынды бұдан бұрын сөз болған Алматыдағы ҚР ҰҒА Орталық Ғылыми кітапханасы қолжазба қорындағы Мәшһүр-Жүсіп туындылары жинақталған 1176-папканың 26-33-беттеріндегі мәтін бойынша әзірленді. Шығарма маңдайшасында мына бір түсінік орын алған: «Баһрамкүл (Иһрамкүл) патша ғам алтыншы ықылым жолын - келген мүсәпірдің екінші күн батарда ұйқы келтіру үшін сөйлеген хикаясы.» 2. һамза, Лумза әңгімесі. Бұл мәтін Мәшһүр - Жүсіптің жоғарыда аталған қолжазба қорындағы 1176-папкадагы өз жазбасы бойынша әзірленіп, ақынның Мәдина деген қарындасынан туған жиен інісі Жолмұрат Жүсіпұлының (1894-1977) әулеттік мұрағатта сақталған 3-папкасы, 296-297-беттеріндегі көшірмесімен салыстыру жүргізілді. 3. Заманына қарай - амалы. Бұл туынды алдында айтылған қолжазба қорындағы 1176-папкадағы ақынның өз жазбасы, 189-191-беттері бойынша ұсынылды. 4. Ақылдың пайдасы. Бұл да Жолмұрат көшірмесі (әулеттік Мұрағат, 2- папка, 318-319-беттер) бойынша әзірленді. 5. Екі патшаның білместігі. Бұл шығарма да Жолмұрат көшірмесі бойынша беріліп отыр. Бұл ертегі фабуласының бүкіл шығыс, араб әдебиетіне ортақ туынды «Мың бір түн» сюжетіне ұқсас болуы тікелей одан көшіру емес, қайта сол аңыздың ел арасында түрлі нұсқада таралу мүмкіндігін, әрі Мәшһүр - Жүсіптің бәрін қамтып жинау ерекшелігін танытады деп санаймыз. 6. Бес тиын бақыр және мысық.

Жолмұрат көшірмесі, 2-папка, 313-314-беттерден алынды. 7. Патша қызы және тазша.

Бұл да Жолмұрат көшірмесі, 2-папка, 314-беті бойынша дайындалды. 8. Қонақтың ақылы.

Жолмұрат жазбасы, 2-папка, 62-64 беттерінен алынды. 9. Ер Төстік Халық арасына түрлі қалыпта таралған бұл ертегінің Мәшһүр - Жүсіп жинаған нұсқасының Жолмұрат көшірмесі, 1-папка, 346-354-беттері бойынша берілгенін, соңы әзірге табылмай отырғанын ескертеміз. 10. Желкілдек. Бұл ертегі Мәшһүр - Жүсіптің өз жазбасы, жоғарыда аталған қолжазба қоры, 1170-папка, 173-218-беттері бойынша әзірленіп, 1870 жылғы В.В.Радлов кітабы (Ел қазынасы - ескі сөз // Алматы, Ғылым, 1994, 96-113 б.) мәтіні мен және 1992 жылғы ақын таңдамалысындағы (М.Ж.Көпеев. Таңд., 2- том, Алматы, Ғылым, 1992, 148-167 б.) басылыммен салыстырыла отырып әзірленді. Енді әр нұсқадағы аз-кем айырмашылықтарға назар аудартамыз: 1. В.В.Радловта «Өзтемір» делінсе, таңдамалыда (1992 ж.) ол «Әзтемір» деп берілген екен, біз түпнұсқадағы жазылу ерекшелігін ескеріп, Өзтемір атауын сақтағанды жөн көрдік. 2. Таңдамалыда (1992 ж.) «Жоқ болғанда көп болды» деп берілсе, біз түпнұсқаға сүйеніп: «Жоқ болғанда, боқ болдық» деп өзгерттік. В.В.Радловта да солай берілген. 3. Таңдамалыда: «Әкесі оның батасын берді» делінсе, түпнұсқада және В.В.Радловта «оның» сөзі орнын «оң» иеленген екен. Біз соны қалпына келтірдік. 4. В.В. Радловта: «Дүлдүлің оң аяғымен жер тепсе» делініп, әрі қарай: «Сол аяғымен жер тепсе» жалғастырылса, Мәшһүр Жүсіпте (1170-папка, 176 6.) және соған сүйенген таңдамалыда екі ретте де «жер тепсе» орнын «жер тарпыса» иеленген. 5. Таңдамалыда: «Келе жатса, бір елдің үстінен шықты» делінсе, Мәшһүр Жүсіп жазбасында және В.В.Радловта «елдің» сөзін «белдің» ығыстырған екен. Біз де сол өзгерісті жөн деп таптық. 6. Таңдамалыда сол кезеңдегі әміршілдік жүйесі қыспағы ескеріліп (кітап дайындаған уақыт 1991 жылғы тәуелсіздікке дейінгі кез болғаны белгілі): «Жаудың ең артында Телегей алып бар екен»- делінсе, бұ жолы ақын қолжазбасындағы және В.В.Радловтағы өзгешелік ескеріліп: «ең артында» сөздері орнына: «ең көтінде кәпір басы» деп берілді. 7. «Жаудың алар хайласын табайық!»- жолы В.В. Радловта жоқ, тек Мәшһүр Жүсіпте орын алған. 8. Таңдамалыда: «Атсақ оны алмаймыз, // Шапсақ оны шаппаймыз» делінсе, В.В.Радловта: «Атсақ оны ала алмаймыз, // Шапсақ, оны шаба алмаймыз» түрінде сәл өзгеріп орын тепсе, Мәшһүр Жүсіпте былай деп ап-анық жазылған: «Атсақ, оны ата алмаймыз,// Шапсақ, оны шаба алмаймыз.» 9. В.В.Радловта: «Шапсақ қылыш өтпейді. Кәпір басы Телегей күнді боран соқтырды, аяз қылдырды. Бала тоңды, тоңған соң атасының айтқан сөзі бар екен» деп берілсе, Мәшһүр Жүсіпте айырмашылық бар. Мәселен, «Шапсақ қылыш өтпейді»- дегеннен кейін: «ал, оған амал не?»- қосылуымен бірге «бала тонды» дегеннен соң, «жаурады» сөзі үстеліп, мұндағы соңғы: «сөзі бар екен» дегені «сөзі есіне түсті» деп өзгертілген. 10. В.В.Радловта: «қамшысын бастырып» делінсе, Мәшһүр Жүсіпте сәл өзгеше: «қамшыны баса салып.» 11. В.В.Радловта: «Бір апасы басын алды» түрінде берілсе, Мәшһүр Жүсіпте «басын» сөзінен кейін «алдына» қосылған. 12. Таңдамалыда: «Төрт түйемен, төрт сабамен барған екен» делінсе, бұ жолы түпнұсқа, яғни 1170-папка және В.В. Радлов бойынша «түйемен» орнын «биемен», «барған» дегенді «барады» ығыстырды. 13. В.В.Радловта: «Қодар өтірік той қылды» делініп, бұрын аталмаған кісі аты орынсыз кірістірілсе, бұ жолы Мәшһүр Жүсіпте «Қодар» орнына «қулар» сөзі ап-анық жазылғаны ескерілді. 14. В.В.Радловта: «Өзі қатынымен Құдайдан бір бала сұрады. Кетеді, етегін беліне қыстырды. Келе жатқан күнінде Сарыбай арықтады, қатын арқалады - түрінде берілсе, Мәшһүр Жүсіпте тағы да кеңейту, өзгерту бар: «Өзі қатынымен екеуі: «Құдайдан бір бала сұралық!»- деп, екі етегін беліне түріп алып:

- А, Құдай, өзің қай жақтасың, қайда болсаң да, міне, біз сенен бала сұрап қаңғырдық!-деп, жапан түзге бет алды. Қаңғырып жүріп кетті. Жүре-жүре Сарыбай арықтады. Қатыны арқалады. (Мәшһүр Жүсіп. 1170-папка, 184-бет).

15. В.В.Радловта: «Түрегел, байым,- деді,- аспаннан табақ түсті» қалпында орын алса, Мәшһүр Жүсіпте алғашқы екі сөзден кейін «Тілекті берді құдайым» қосылған. 16. Алғашқыда (В.В. Радловта): «Қатын бәрін жеді. Сонан соң қайтты үйіне, қатыны буаз болды» түрінде келтірілсе, кейінгіде (Мәшһүр Жүсіпте) бұл тағы да әжептәуір кеңейген:

Қатын бәрін жеп қойды,
Екеуі мас болды.
Бірін-бірі құшақтап жығылды,
Жас күнгі қуат-күштері кірді.

Сонан соң есін жиып,
Көздерінің жасын тыйып,
Бойлары бір-біріне еміреніп, иіп,
Бірін-бірі құшақтап сүйіп,

Ойнап-күйіп үйлеріне қайтты.
Қатын буаз болды (Мәшһүр -1170-папка, 185-бет).

17. Бастапқыда: «Сол күнде Өзтемір жылқыға келді, қарағайдың ішіне еніп келді. Топай құл айтты» қалпында тым қысқа алынса, соңғыда тағы да сөздер т.е. үстелуі орын алған: «Сол күнде Өзтемір жылқыға келді: «Қарағайдың ішінде паналап, көлеңкелейін»-деп, атын бір ағашқа байлап, жатып қалды. Топай құл айтты.» 18. Кейінгідегі: «Бармағымның арасына салып, сені жоқ қылайын ба?» сөзі бұрынғыда мүлде жоқ. Осы арқылы сөз айтушының екінші адамды бармақ арасына қысқандай сонша алып екендігі ашылған. 19. Әуелгіде: «Біздікінде не бар?» деді» түрінде тым қысқа қайрылса, екіншіде тағы да қаһарман мінезін аша түсерлік толығу бар: «Біздікіне не бергенің, не өткізгенің бар еді?-дейді.» 20. Бұрынғыда тағы да: «Соның атын қойған жоқ екен, соның атын қойғалы келдім»-делініп, тым қысқа да, ресми берілсе, кейінгіде: «Оның аты қойылған жоқ екен. Әдейі ат қойып, айдар тағайын деп келдім.» деп өрілген. 21. Соңғыдағы: «Баламды айтпай біліп, // Сұрамай таныған // Қойсын атын, - деп, // Ойымдағы жаңа табылды!- деп қуанды» сөздері алғашқыда мүлде болмағандықтан да, Сарыбай мінезі ашылуына бұрынғыда біраз кедергі туғаны анық. 22. Бастапқыда: «Өзтемір: «Алмаймын, берсең, - деді,- маған баланды бер, балаң керек маған»- деді.- Менің әкемді, шешемді, інімді, екі қарындасымды бәрін жауға алдырдым, өзім үйде жоқ болдым да, боқ болдым - деді.» Екіншіде бұл мүлде басқаша берілген: «Өзтемір:

- Алмаймын ат пен тонды! // Екінің біріне, егіздің сыңарына// Беріп жүрсің ғой. // Сені жын мырза емес, // Шын мырза деп естіп келдім. // Маған бергіш болсаң, балаңды бер, // Балаңды қалап, сұрағалы, // Сенің мырзалығыңды // Сынағалы келдім!- дейді.»

23. Алғашқыда: «Қатыны айтты: «Ақылың жоқ екен, шақыр, бері келсін»- деді. Сарыбай тұмағын қолына алды, тұмағын былғап шақырды»- делінсе, соңғыда бұл тағы да өрістетілген: «Қатыны айтты:

- Бұрынғылардың: «Дүние боқтан сасыққа, тастан қаттыға бітеді»- дегені осы екен-ау, ақылың жоқ екен, байғұс байым! Мырза Құдайдың мырзалық қылып берген нәрсесіне кісі сараңдық қылмас болар. Бізді Құдай «қу бас» деген аттан құтқарды. Бізге сонысы да қанағат. Шақыр бері, келсін!- дейді.

Сарыбай тымағын қолына алды, тымағын былғап шақырды.» (Мәшһүр Жүсіп, 1170-папка, 190 б.) 24. Кейіндегі: «Жылқының сыйып жатқан даласы бес шақырым болыпты»- дегеніндегі алдыңғы төрт сөз әуелгіде (В.В.Радловта) орын алмаумен бірге, одан әрі екіншіде өрілген: «Топай құл баланы ертіп жүріпті»- дегендегі: «Баланы ертіп» сөздерінің бірінші нұсқада болмауы да соңғы жинаушының (Мәшһүр Жүсіптің) ел аузынан естігенін қысқартпай жеткізу әдетінің тағы бір көрінісі болар деп есептедік. 25. Бұрынғыда тағы да: «Желкілдек шалма тастады, // Күреңше тайды тоқтатты. // Жүгенді алып жүгендейді, // Тай енді құнан болады»- деп тым қысқа тұжырылса, екінші үлгіде (Мәшһүр Жүсіпте) мәтіннің неғұрлым кең қамтылғаны көзге ұрады: «Сонан соң бала шалманы Топай құлдан:

- Бері ап кел, бермен!- деп, жұлып алып, тайдың мойнына тастап жіберіп, тартып қалғанда, тай жылп беріп, не ғып келіп қалғанын білмей қалыпты.

Топай құл жүгендеймін деп ұмтылған екен, тай тулағанда, құлдың қайың, қарағай болып жүрген сақалын дал-дал қылып, құлдың басын ит мүжіген қу бастай қылыпты. Сонан соң жеті жасар Желкілдек өзі жүгендеймін деп ұмтылған екен, тай бүлк етпепті. Бөгелекке басын изегендей, басын изеп: «Қылша мойным мұнша» деп тұра беріпті. Жүген салса, құнан болыпты.» (Ескерту: Екі шығарманы салыстырсақ, жекелеген өзгерістер біз көрсеткеннен әлдеқайда коп. Біз бірақ басты-басты айырмашылықтарға тоқталумен шектелгенді жөн көрдік. -Н.Ж.)

Еділ-Жайық ертегісі.

Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (5-папка, 3-6 беттері) бойынша беріліп отыр. Бұл мәтін тап осы аталыммен ең алғаш «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1984 жылғы, 12-саны, 14- бетінде жарияланды. Туындыны ақын жазбасынан әзірлеп ұсынушы - Қ.Мәшһүр Жүсіп.

Сарыбас мерген.

Бұл да әулеттік мұрағаттағы ақын жазбасы (5-папка, 20-23-беттер) бойынша ұсынылып отыр. Осы мәтін ең алғаш «Зерде» журналының 1992 жылғы санында (№6,27-28 б.) жарияланды. Материалды әзірлеген - сол кездегі ҚазМУ студенті - Нартай Жүсіпов.

Ұйқының әлегі (Сарыбастың екінші бір әңгімесі).

Бұл да әулеттіктегі ақынның өз жазбасынан ( 5-папка, 24- бет) алынды. Бұл мәтіннің де алдында аталған «Зерде» журналында, аталған автор ұсынуымен жарық көргенін еске саламыз.

ІІ. Аңыз-әңгімелер
Нұх пайғамбар мен бір кемпір.

Бұл мәтін жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы, 1176-папка, 212(309) бетіндегі және әулеттік мұрағаттағы ақын жазбасы (11-папка, 91 -97 б.) мәтіндері салыстырыла отырып әзірленді. Бұл мәтін ең алғаш «Қазақстан мектебі» (№ 4-5,1994 ж., 79-бет) журналында жарияланды. Әзірлеген - Қазақтың Әл-Фараби атындағы мемлекеттік ұлттық университетінің сол кездегі студенті – Нартай Жүсіпов.

Сүлеймен мен құмырсқа.

Бұл туынды әулеттік мұрағаттағы ақынның өз жазбасы бойынша дайындалды (2-папка, 215-222 б.) да, кейін табылған ақынның ертеректе жазылған тағы бір қолжазбасымен салыстыру жүргізілді. Бұл мәтіннің де бұрын жарық көргенін еске саламыз: «Азия» газеті, №3, шілде, 1992, 5-6 бет, мәтін ұсынушы – Нартай Жүсіпов.

Құдайды қолдан жасаушылар әлегі.

Бұл да жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы 1176- папка ішіндегі өз жазбасы (305(399)-310(404) беттер) бойынша ұсынылды.

Асан қайғы және Ежен хан.

Бұл туынды да әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (2- папка, 10-12 беттер) бойынша әзірленді. Мәтін ең алғаш «Ақиқат» журналында (№7, 79-84 б.) жарық көрді. Ұсынушы - Нартай Жүсіпов. Әулеттік мұрағатта тап осы мәтіннің көшірмелері, атап айтқанда, Жолмұрат Жүсіпұлы (2- папка, 47-56 б.) және кезінде ақын атқосшысы болып, оның мұрасын көп жинаған Иманғали Маненов (3- папка, 206 б.) жазбалары бар екенін еске саламыз.

Асан қайғы және пері қызы.

Бұл да алдында ескертілген Мәшһүр Жүсіп жазбасынан (2-папка, 12-14 бет) алынды. Асан қайғыны тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуді сол саладағы мамандар еншісіне қалдыра отырып, осы орайда жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің (1176-папка, 319(413) б.) мына жазғанына назар аудартқымыз келеді: «Бұл Мекіре балықтан әуел туғанда, Шайхы Бурих әулие туған. Атасы - адамзат. Онан соң - Асан қайғы. Бір қызын алып, онан жалғыз жетім Жаналы туған. Бір еркегін Ескендір [Александр] Зұлқарнайын ұстатып алып, ол да адамзаттан қатын алып, балалы-шағалы болған». (Біздіңше, «Асан қайғы» аңызында айтылғандай, пері қызынан туған бала т.с.с. сөз болып отырған тәрізді. – Н.Ж.)

Асан қайғының жер туралы айтқандары (бірінші нұсқа).

Бұл да әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы (2-папка, 15-21 беттері) бойынша дайындалды.

Асан қайғының жер туралы айтқандары (екінші нұсқа).

Бұл мәтіннің біраз ретте ұқсас жерлері, қайталауы аз болмаса да, өзіндік ерекшелігі де баршылық екені, әрі ел арасында осылай түрліше тарауы ықтималдығы ескеріліп, бір мәтіннің екінші бір түрі ретінде ұсынылды. Туынды Мәшһүр Жүсіптің екінші бір жазбасы бойынша (әулеттік мұрағат, 1-папка, 33-37 б.) дайындалды.

Асан қайғы мұңы.

Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы 1177-папка, 62-бетіндегі Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы бойынша дайындалды.

Жиренше шешен (бірінші нұсқа).

Әулеттік мұрағаттағы Мәшьүр Жүсіптің өз жазбасы (2-папка, 22-37 беттер) бойынша ұсынылды. Сонымен бірге бұл мәтіннің әулеттік мұрағатта: ертерек жазылған ақынның өз жазбасы (11-папка, 298-307 беттер) және Жолмұрат (2-папка, 32-44 б.), Иманғали (3-папка, 304-305 б.) көшірмелері сақтаулы. Бұл мәтін ең алғаш республикалық «Ақиқат» журналында (№10, 1992 ж., 88-91 б.) жарық көрді. Жарияланымды әзірлеген - Нартай Жүсіпов.

Жиренше шешен (екінші нұсқа).

Бұл мәтін Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен ертеректе, яғни XІX ғасырдың соңғы ширегінде түсірген (Мәшһүр-Жүсіп-11-папка, 298-307 б.) жазбасынан алынды. Бастапқыда ортақ түркі тілінде жазуға ойысқандық әсерімен және қазақ әріптері санынан араб әріптері саны кемдігінен де, қазақ әріптері, дыбыстары ерекшеліктері аз ескерілсе, кейініректе қазақшаға икемделу дами түскені байқалады. Тек жазу үрдісі ғана емес, сөз қолданыс, мәтіндік өзгешеліктер мол екенін ескеріп, бұл екі мәтінді де, яғни Жиреншеге қатысты бірінші, екінші нұсқаны да сол қағазға түскен түрліше қалпында ұсынғанды жөн көрдік. Сонда белгілі бір фольклорлық үлгінің ел арасында сақталу, тарау ерекшелігімен бірге, қағазға түсірілу, жиналу тарихы да анықтала түсетініне көзіміз жетті. Сондай-ақ екінші мәтіннің бас жағы мен аяқ жағы бізге толық жетпегенін ескертеміз. Ұста тұспалы және Жиренше. Бұл да Мәшһүр Жүсіптің ертеректегі жазғаны (11 - папка, 307-310 беттері) бойынша ұсынылды.

Жақсыдан жаман тумайтыны.

Бұл туынды кезінде Мәшһүр Жүсіп шығармаларын жинаумен айналысқан Әшім Қарақызұлы (1893-1989) жазбасы (әулеттік мұрағат, Әшім, 243-244- беттер) бойынша ұсынылды.

Шаш туралы әңгіме.

Бұл мәтін Мәшһүр Жүсіп туындыларын жинаумен шұғылданған Омар Иманбаев жазбасы бойынша әзірленді. Жиренше мен Қызылым. Бұл шығарма ақын шығармаларын жинауға белсене ат салысып жүрген Төлепберген Алдабергенұлы (1932 ж. туған) жазбасы (1-папка, 62-бет) бойынша әзірленді. Төлепберген ақсақал оны кезінде Мәшһүр Жүсіп атқосшысы болған Иманғали Маненовтен (1903-1993) көшірген. Жиреншенің енді бір түйіндері. Бұл да Мәшһүр Жүсіп атшысы Иманғалидан алынған Төлепберген көшірмесі бойынша берілді. Кемпір мен қарға. Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1176-папка, 224(319) бет) бойынша дайындалды. Тұлпардың дүбірі. Бұл да сол қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы (1178- папка, 125-129 б.) бойынша әзірленіп, әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат көшірмесімен (2-папка, 304-306 б.) салыстыру жүргізілді. Жиенәлі батыр тұлпары. Әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат Жүсіпұлы көшірмесі (2- папка, 309-310-беттер) бойынша берілді.

ІІІ Күлдіргі сөздер Қыз таңдау. Бұл мәтіннің үш үлгісі сақталған: оның екеуі Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы да, үшіншісі Жолмұрат көшірмесі. Мәшһүр Жүсіп жазбасының біреуі неғұрлым толық болса (әулеттік мұрағат, Мәшһүр Жүсіп, 3-папка, 90-бет), екіншісі біраз қысқартылып берілген (Мәшһүр Жүсіп, жоғарыда аталған қолжазба қоры, 1176-папка,213-бет). Жолмұрат көшірмесі әулеттіктегі толығынан алынған. 1. Мәшһүр Жүсіп жазбасының әулеттік нұсқасында орын алған: «Томырлықты тұнжырды алғанда, не оңамын?»- деген жігіт сөздері ақынның екінші бір жазбасында, 1176-да мүлде жоқ. 2. Бастапқы нұсқада (бұдан былай әулеттіктегіні осы іспетті аталыммен атай береміз,-Н.Ж.): «Қыз көрерге екі жолдас ертіп, ел қыдырып жүргенде, елсіз далада үш жолаушы кез болыпты»- делінсе, екіншіде (әрі қарай да 1176-ны «екінші»т.с.с. аталыммен беріп отырамыз.-Н.Ж.): «Қыз көре екі жолдас ертіп, жолаушы болып бара жатса, өздеріндей үш жолаушы кез болыпты.» 3. Алдыңғы екі мәтін бірінші үлгі бойынша берілсе, бұл жолы екіншінің кең де, ұғымдырақ екені ескерілді. Әулеттікте: «Тама боламыз!»- десіпті. Жүрген жүрісін сұраса:

- Мына баланың ұзатқан апасы бар еді. Сол апасына амандыққа барып келеді,-десіпті.» Ал, 1176-папкада бұл сәл өзгеше, әрі нақтылық, дәлдік басым:

«- Тама деген елміз!- десіпті.

- Қайдан келесіздер?- десе,

- Мына баланың ұзатқан апасы бар еді. Соған барып келеді,- десіпті.» Осы орайда бұл жолы мәтінді екінші, 1176-папка, бойынша ала тұра бұрынғыдағы «амандыққа»- деген сөзді өз орнында сақтауды жөн көргенімізді ескертеміз.

4. Екіншіде, 1176-да: «Бұл баланың өзін қай елге беріп еді,- депті» түрінде қысқартылса, әулеттікте бұл біршама кеңейтілген: «Бұл баланың өзін қай елге көзін өткізуге ыңғайлап қойған бала еді?- десіпті.» Біз әрине, неғұрлым толығына табан тіредік. 5. Бұрынғыда: «Ондайдан аман, таңба салынбаған, дақ түспеген бала - десіпті.»-түрінде келсе, соңғыда өзгеше: «Басы бос, әлі атастырылған жоқ,- деген соң.» Біздіңше, Мәшһүр Жүсіптің өзі осы мәтіндер басына сан қайталап: «Күлдіргі сөз» деп жазғанына, жалпы шығарма сарынына, жанрлық сипатына иек артсақ, алғашқыдағы сөздер ұтымдылығы анық. 6. Әуелгіде: «Соны алып бер» түрінде қысқа айтылса,екіншіде (1176-да) сәл кеңейген: «Соны аламын, мал беріп, алып бер.» Бұл жолы біз кейінгіге сүйендік. 7. Алғашқыда: «Қалай қылсаң, еркіңіз» болса, аяққыда «қалай қылсаң» орнын «әр не қылсаң» иеленген екен, біз соған иек арттық. 8. Бастапқыда: «Әкем мені малға сатты,// Аптықпай-ақ кергіңіз депті» түрінде отау тігілсе, екіншіде «сатты» дегенді «берді», «аптықпай-ақ» орнын «асықпай-ақ» сөздері алмастырған екен. Біз өлеңнің шыққан уақытына, шығарманың жанрлық сипатына, қыз мінезіне қарап, бұрынғыдағыға ат басын тіредік.

Жігіттер сыбағасы (бірінші нұсқа).

Бұл да әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіп (3-папка, 91-бет) жазбасы бойынша әзірленіп, ақынның екінші бір жазбасымен( 1176-папка, 214(221) (311) б.) салыстыра саралау жүргізілді.

Жігіттер сыбағасы (екінші нұсқа).

Бұл жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы (1176-папка, 214(221)(311)6) бойынша әзірленді.

Түзеле алмау әңгімесі.

Бұл мәтіннің Мәшһүр Жүсіп қолымен жазылған 2 нұсқасы сақталған. Оның бірі - әулеттік мұрағатта (3-папка, 92-бет) болса, екіншісі - сол қолжазба қорында (1176- папка, 214(221)(311) б.). Осы екі нұсқа салыстырыла отырып ұсынылды.

Барпық өнері (бірінші нұсқа).

Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (3-папка, 92-94 б.) бойынша әзірленіп, әулеттіктегі Жолмұрат (2-папка, 13-16 б.) көшірмесімен салыстыру жүргізілді.

Барпық өнері (екінші нұсқа).

Мәшһүр Жүсіптің жоғарыда аталған қолжазба қорындағы өз жазбасы (1176-папка, 215(222)(312)-217(224)(314)б.) бойынша ұсынылды. Жоғарыда айтылғандай, Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен жазған екі нұсқада біраз айырмашылық, түрлішелік орын алуы себебі осының алдында да ескерткеніміздей, әрі ақынның екі үлгіні әр кезде қағазға түсіргені, әрі ел аузында түрлі сипатта таралуы айнасы деп ұғынған жөн. Сонда фольклордың басты ерекшелігі - ел арасында әр топта сөйленгенде, әр кезеңде түрлі өзгеріске ұшырап отыратынына біз қатар келтірген екі нұсқа да дерек көзі бола алады деп санаймыз.

Екі жігіттің өнер салыстырғаны.

Мәшһүр Жүсіп атамыз біраз ретте тақырыпты нақты көрсетпей, тек «Күлдіргі сөздер» деп атап, не тіпті аталымсыз сөз бастай берсе, осы мәтін маңдайына өз қолымен: «Екі жігіттің өнер салыстырғаны» деп анық көрсеткен. Осы орайда Мәшһүр Жүсіптің сырт көзге анайы, тұрпайы көрінерлік күлкілі істерді електен өткізбей, сол қалпында беруі де фольклортану ғылымы талабына толық сай келетінін қайталап еске салғымыз келеді.

Тіней әңгімесі.

Бұл да Мәшһүр Жүсіптің әулеттік мұрағатта сақталған өз жазбасы (3-папка, 103-104 б.) бойынша енгізілді.

Екі құрдас әңгімесі.

Бұл да әулеттіктегі Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан (3-папка, 104-106 б.) алынды.

Бір епті жігіттің өнері.

Бұл мәтіннің Мәшһүр Жүсіп қолымен жазылған екі нұсқасы сақталған. Оның бірі -әулеттік мұрағатта (3-папка, 106-107 б.), екіншісі - жоғарыда сөз болған қолжазба қорында (1176,- папка, 223(228)(318)(110)- бет) орын алған. Сол екі мәтінді салыстыра отырып, осы туындыны дайындадық. Шығарма тақырыбын да ақынның өз жазбасы бойынша келтірдік. Осы орайда қайын атасының өлімін есіттіруді күлкіге айналдырған жігіт сөздері де, соған мойын сұнған әйел әрекеті де ізгілікке, ата жолына, дін қағидасына орайласпайтын ерсі, анайы, теріс екенін ескеру үстінде мәтінді бұл кітапқа ұсыну себебіміз, алдында айтылғандай, фольклор үлгілерінің таралу, сақталу ерекшелігін ескеруден туып отыр. Мәшһүр Жүсіп атамыз тек ізгілікке үндеген үлгілерді ғана емес, оған кереғар, оғаш, тұрпайы әрекеттерді әспеттеген нұсқаларды да қалдырмай, өзгертпей жинап, сол замандағы адамдардың бар тобының наным-сенімін толық сақтауы - бәрі ерте замандағы қазақ тарихын, психологиясын, фольклор сипатын кең тануға кызмет етеді деп санаймыз.

Бір кедейдің сараңдығы.

Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан (1176-папка, 196(203)6.) алынды.

Сараңның барып тұрған сараңы.

Бұл мәтіннің де ақын қолымен жазылған екі үлгісі (1176-папка, 196 б. және 1-папка, 87 б.) салыстырыла берілді.

ІV Шешендік өрнектер
Үлгілі сөздер.

Әулеттік мұрағатта сақталған Мәшһүр Жүсіп жазбасы (1-папка, 104 бет) бойынша енгізілді.

Абылай хан сауалы.

Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1-папка, 37-38 б.) бойынша әзірленді. Осы орайда: «Қамқа тонын бас қылып жауып, толық тоғыз сый берді дейді»-дегеннен кейінгі ақынның өз жазбасы жазылған соңғы бет сақталмауына байланысты ол әулеттіктегі Жолмұрат көшірмелері (2-папка, 132-133 б. және 3-папка, 169-170 б.) бойынша толықтырылды. Жолмұраттың бастапқы көшірмесі соңында мынадай ескерту орын алған: «Көшірілді. 8.02.1937 ж. Өз қолынан жазған нұсқасынан - Мәшһүрдің анық көшірілді. Көшіруші - Жолмұрат Жүсіпұлы.» Осы орайда екінші папкадағы Жолмұрат көшірмесі: «Хасен қажы айтып еді»- дегенмен тамамдалса, одан кейінгісі Жолмұраттың үшінші папкасы мәтіні бойынша толықтырылғанын да ескерткіміз келеді.

Қазыбек би
Қазыбектің алғаш көзге түсуі.

Бұл мәтін Мәшһүр Жүсіп мұрасын жинаушылардың бірі - Әшім Қарақызұлы(1893-1989) жазбасы бойынша әзірленді. Қазақ билері сөздерін т.с.с. ұзақ жылдар қарастырған зерттеушілер жинағандары, жазғандары топтастырылған кітапта (Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері. Алматы, Жалын, 1993, 88 б.) Қазыбек Келдібекұлының туған, өлген жылы: 1667-1764 болып көрсетілген екен. Өмірбаяндық деректерді анықтау, нақтылауды тарихшы ғалымдар ізденісі үлесіне қалдыра отырып, сол кітапта біз ұсынып отырған мәтіннің кеңейтілген басқа бір нұсқасы берілгеніне (93-102 б.) көңіл бөлеміз. Біріншіден, мәтіндердің түрлішелігі - ел арасында ауызша таралып, қилы-қилы нұсқалар тармақталуы мүмкіндігін көрсетеді. Екіншіден, бұл мәтіннің қай архивтен, кімнен алынғаны біз айтып отырған кітапта көрсетілмегендіктен де, екі мәтінді ғылыми салыстыру, сараптау жұмысын жүргізудің қиын болғанына назар аудартқымыз келеді. Қалай болғанда да, біз ұсынып отырған нұсқа өзіндік табиғилығымен ерекшеленеді.

Қазыбектің екінші билігі.

Бұл да Әшім Қарақызұлы көшірмесі бойынша әзірленіп, Мәшһүр Жүсіп мұрасын жинаушылардың бірі - Омар Иманбайұлы жазбасымен салыстыру жүргізілді.

Қазыбектің үшінші билігі.

Бұл да әулеттік мұрағатта сақталғам: Әшім Қарақызұлы мен Омар Иманбаев көшірмелерін салыстыра отырып дайындалды.

Қазыбектің төртінші билігі.

Бұл да әулеттік мұрағаттағы Әшім Қарақызұлы мен Омар Иманбаев көшірмелерін салыстыра отырып енгізілді.

Қазыбектің бесінші төрелігі.

Бұл да Әшім Қарақызұлы мен Омар Иманбаев көшірмелерін салыстыра отырып ұсынылды.

Қазыбектің «Тәңірі алдына барғанда» сөзінің әсері.

Бұл әңгіме де әулеттік мұрағатта сақталған Әшім Қарақызұлы мен Омар Иманбаев жазбаларын салыстыра отырып әзірленді. Осы орайда қайталап еске саламыз: фольклор үлгілеріндегі түрлі пікірлер Мәшһүр Жүсіп көзқарасына үнемі сай келмеуі де мүмкін. Әйтсе де атамыз ел аузынан естігенін қағазға бұлжытпай түсірсе, біз де оны өзгерту т.с.с. жұмыстары фольклордың туу, тарау заңдылығын бұзу, яғни ғылымға қиянат деп санап, бізге жеткен үлгіні осы жолы да сол қалпында беріп отырмыз.

Қазыбектің 3 сұраққа жауабы.

Бұл да әулеттік мұрағаттағы Әшім Қарақызұлы (287-288 б.) көшірмесі бойынша алынды.

Қазыбектің қартайған шағындағы сөзі.

Бұл мәтін әулеттіктегі Жолмұрат Жүсіпұлы (3-папка, 78-бет) жазбасы бойынша дайындалып, Омар Иманбаев көшірмесімен салыстыру жүргізілді. Мәселен, Жолмұраттағы бастапқы жол: «Үлкен тау төбе болар тас кеткен соң» түрінде болса, Омарда «үлкен» орнын «асқар» сөзі иеленген екен, біз кейінгіні неғұрлым дұрысы деп санадық. Мәшһүр Жүсіптің сөз саптау үлгісі «үлкен тау» дегеннен де «асқар тау» дегенге орайлас деп санадық. Сондай-ақ мына соңғы шумақ Жолмұратта ұшыраспай, тек Омарда орын алуы да көңіл бөлерлік:

Күндердің күнінде төрт түлік малдан –
Егістік салатын қоныс артық.
Қадіріңді білмей күндейтін ағайыннан –
Әділдігі бар орыс артық.

Омар атамыз бұл мәтінді Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, бұрынғы Жаңа жол ауылының тұрғыны Омарбек Әбдірахманұлынан (29.07.1967) жазып алғанын ескерткен. Біздіңше, сөз саптау қисыны соңғы шумақтың Мәшһүр Жүсіпке тән еместігін байқатып тұр. Осы шумақ жартылай тыйым салынып, кітаптары басылмай жүрген Мәшһүр Жүсіпті сол кездегі әміршілдік жүйе талабына бейімдеу мақсатында кейінгілердің қосқан жамауы болуы да ықтимал.

Қазыбектің қастандықтан аман қалғаны.

Әулеттік мұрағаттағы Омар Иманбаев (1-папка, 179-180 6.) жазбасы бойынша ұсынылды.

Қазыбектің соңғы бір тілегі Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1178-папка, 85-бет) бойынша әзірленді.

Байдалы шешен
Байдалының күйеуін менсінбегенге төрелігі

Бұл мәтін Мәшһүр Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы өз жазбасы (2-папка, 341-342 б.) бойынша кіргізілді.

Байдалы және Айғаным (бірінші, екінші нұсқа).

Бұл мәтіннің Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен жазған 2 нұсқасы сақталған. Мәтіндерде аздаған түрлішелік орын алуына қарап, ел арасында қилы өзгеріске ұшырау дәлелі ретінде екі нұсқаны да ұсынғанды жөн көрдік. Оның бірінші нұсқасы жоғарыда аталған ақын жазбасы (1177-папка, 147 б.) бойынша берілсе, екіншісі әулеттік мұрағаттағы мәтін (2-папка, 343-347 б.) бойынша ұсынылды. Бірінші нұсқа бұрын ақын таңдамалысының 2-томында (Алматы, Ғылым, 1992 ж., 52-53 б. Әзірлеген - С. Дәуітов) жарияланған. Осы орайда: «Өлі аруақты тіргіздің» деп басталып, «Астыма оны мінгіздің» деп тамамдалатын үзіктің ақынның сол 1177- папкасының енді бір тұсында (24-бет) жеке орын алғанын, тек соңғы тармақтағы: «Астыма оны» орнына біз сүйенген негізгі үлгіде (1177, 147 б.) «керторыға» сөзі тұрғанын ескертеміз. Бұл Байдалыға қатысты әңгімелер ең алғаш «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы 8-санында (194-195 б.) басылды. Әзірлеуші -Н.Қ.Жүсіпов.

Едіге би
Едігенің алғашқы билігі.

Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1177- папка,204-206 б.) бойынша әзірленді. Әулеттік мұрағатта бұл билік кезіндегі Едігенің жас мөлшерін айқындайтын және біз сүйенген үлгімен үндес келетін, ақынның өз қолымен жазылған мынадай дерек сақталған: «Едіге он төрт жасар бала күнде Едігеге Үйсін Төле тоғыз «тоғыз» беріп қайтарған екен: «Менен соң үш жүздің баласына үлгі айтасың!»- деп. Сол тоғыз «тоғызды» елге алып келіп таратқанда, бас тоғызын Бабырға берген екен: «Үндемесе де,- Бабыр еңбегі»- атаған себебі сонда екен.» (Мәшһүр Жүсіп, 2-папка, 360-бет).

Едігенің Тоғаспен құда болуы (бірінші нұсқа) Бұл мәтін ертеректе жазылып, әулеттік мұрағатта сақталған ақынның екі бірдей өз жазбасына сүйеніп әзірленді. Оның негізгісі - 2 папка, 291-302 б. болса, екіншісі – ІІ папка, 122-124 және 108-112 беттері. 2- папканы негізгі деу себебіміз, ол дұрыс орында сақталғандықтан да, әріптері анық көрінеді, ал ІІ папка кейін қолға тиіп, (ол алдыңғы томдарда ескертілді) кезінде бөлме ауасы ылғалдылығын бастан кешіргендіктен т.с.с., бет шетінің жырымдалуы, әріптері өшуі т.с.с. орын алған.

Едігенің Тоғаспен құда болуы (екінші нұсқа).

Жоғарыда ескертілгендей, бір туындының түрліше қағазға түскен 2 нұсқасы болуы оның ел арасында алуан сипатта орын алуы ықтималдығын, яғни фольклор үлгілерінің көбінесе ауызша тарағандықтан да, коп нұсқалы болуы мүмкіндігін ескеріп, сол бояу ерекшеліктерін сақтау үшін екеуін де қалдырмай, қатар ұсынып отырмыз. Алғашқыға қарағанда, бұ жолғыда көндік, нақтылық басым болуы да назар аудартады.

Едігенің көрген түсі (бірінші нұсқа).

Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (2-папка, 362-363 б.) бойынша дайындалды.

Едігенің көрген түсі (екінші нұсқа).
Бұл да әулеттіктегі ақын жазбасына (2-папка, 359-360 б.) сүйеніп енгізілді.
Едігенің көрген түсі (үшінші нұсқа).

Бұл мәтін жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан (1177-папка, 210-211 б.) алынды.

Едігенің соңғы билігі Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1177-папка, 212-214 б.) бойынша енгізілді.

Мөңке.

Әулеттік мұрағаттағы ақынның ертеректе қағазға түсірген өз жазбасы (ІІ папка, 89-90 б.) алынды.

Бөлтірік би.

Алдында аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1645- папка, 117-118 6.) бойынша ұсынылды.

Тайкелтір би.

Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы (2-папка, 336-341 б.) негізге алынды. Бұл мәтін «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы 8- санында (193-194 6.) жарияланды. Әзірлеуші - Н.Қ.Жүсіпов.

Жәуке шешен.

Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (2-папка, 268¬274 б.) бойынша алынып және Мәшһүр Жүсіп мұрасын ең көп жинап бізге жеткізген, оның Мәдина деген қарындасынан туған жиен інісі Жолмұрат Жүсіпұлы (2- папка, 161-164 6.) көшірмесімен салыстыру жүргізілді.

Тәйтеке және Кетебай сәлемі.

Бұл мәтін әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіп қолжазбасы (2- папка, 326-327 6. бойынша енгізілді.

Тәйтекенің болжамы.

Мәшһүр Жүсіптің жиені Жолмұрат Жүсіпұлы мен ұлы Мұхаммедфазыл Жүсіпұлы тәрізді ақын мұрасын ең көп жинаған кезінде ақынға атшы болып қызмет еткен Иманғали Маненовтің әулеттік мұрағаттағы (1- папка, 242- бет) жазбасынан алынды.

Ақтайлақ сыны.

Мәшһүр Жүсіп мұрасын ұзақ жылдар бойы ерінбей жинаушының бірі - Төлепберген Алдабергеновтің әулеттік мұрағаттағы жазбасы бойынша (6-папка, 172-176 б.) енгізілді.

Досбол әңгімелері
Досболдың нақыл сөздері.

Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1178-папка, 3176.) және әулеттіктегі Жолмұрат көшірмесі (2-папка, 295 б.) негізге алынды.

Досболдың тапқырлығы.
Бұ да сол 1178-папкадағы, 318(177) беттен алынды.
Досболдың енді бір сөзі.
Бұл да сол қордағы (1178-папка, 318 б.) ақынның өз жазбасынан енгізілді.

Досболдың қартайғандағы сөзі.

Бұл да сол қордағы жазба (1178- папка, 319(179 б.) бойынша ұсынылды. Сонымен бірге тап осы мәтіннің әулеттік мұрағатта: Жолмұрат (3- папка, 140-бет және 239-бет), Фазыл (2-папка, 231 б.), Иманғали (3-папка, 155-156 б.) және Омар Иманбаев (1-папка, 12 б.) көшірмелері қоса сақталғанын ескертеміз.

Досболдың көңілін сұрағандарға айтқаны.

Бұл мәтіннің Мәшһүр Жүсіп қолымен жазылған екі нұсқасы сақталған. Оның кейінірек және толығырақ қағазға түскені алдында сан айтылған қолжазба қорындағы ақын жазбасы (1178- папка, 317-бет) негізге алынып, әулеттіктегі ертерек қағазға түскен (5-папка, 71 б.) біраз қысқалау алғашқы нұсқамен салыстыру жүргізілді.

Өтетілеу.

Алдында ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1645-папка, 70 бет) бойынша кіргізілді.

Үкібай.
Бұл да сол қордағы ақын жазбасынан (1645- папка, 71-бет) алынды.
Басқа да бұрынғы шешендік үлгілері.
Бұл жолы да сол қордағы ақын жазбасына (1645-папка, 71-73 б.) иек арттық.

Қараменде.

Бұл да сол қордағы Мәшһүр Жүсіп (1645-папка, 75 б.) жазбасы бойынша берілді.

Кешкенбай.
Бұл да сол қордағы ақын (1177-папка, 148 б.) жазбасынан алынды.
Қондыбай.

Бұл да сол қордағы Мәшһүр Жүсіптің (1178-папка, 176 б.) жазбасы бойынша енгізілді.

Торайғыр би
Торайғырдың шешендік өнері.

Бұл мәтін әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (2- папка, 364-376 б.) бойынша берілді.

Торайғырдың құн беруі (бірінші нұсқа).

Бұл әңгіме, яғни осы мәтіннің орта тұсындағы: «Жаздың күнінде ел жайлауда отырған мезгілде Торайғыр, Шоңның жылқысына түнде жау тиді дейді.»- деп басталатын тұсы Мәшһүр Жүсіптің 2-папкасы, 376-381 бетінде жазылуымен бірге ақынның ертеректе жазылған (әулеттік мұрағат, ІІ папка, 293- б.) нұсқасында орын алғанын, сондай-ақ Жолмұрат (2-папка, 103-107 б.) көшірмесінде де бар екенін еске саламыз. Мәшһүр Жүсіптің ІІ папкасы бойынша қосылған аздаған өзгерістерді көрсетуді жөн көрдік: 1. Мәшһүр Жүсіптің екінші папкасындағы «сүйеулі» сөзі орнына он біріншіде «шаншулы» орналасқан екен, біз соңғыны шығарма рухына неғұрлым сай, ұтымды деп санадық. 2. Екіншіде (Мәшһүр Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы екінші папкасы дегеніміз - Н.Ж.) «Ал жау тиді!»- деп қана берілсе, алғашқыда, он біріншіде (яғни әулеттіктегі ІІ папкада) бұл сөздердің соңынан «жылқыға» сөзі қосылған. 3. «Ат екпінімен» сөзі екіншіде жоқ, тек он бірінші бойынша кіргізілді. 4. «Өкіре құлады, барғаным жоқ, қалды сол жерде.»- деген Торайғыр сөзі де екіншіде жоқ, тек он біріншіде орын алған. 5. «Уа, ұрған екенсің»- деген Шоң сөзі де екіншіде болмай, тек он бірінші бойынша кіргізілді. 6. «...ел қорқа-қорқа барды»- сөздері де тек он біріншіде ұшырасты. Бұл мәтін ең алғаш республикалық «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы 8-санында (188-191 б.) жарияланды. Әзірлеуші - Н.Қ.Жүсіпов, ҚазМУ-дің студенті.

Торайғыр тапқырлығы.

Бұл да Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы, 2-папкасы (381-384 б.) бойынша кіргізілді.

Торайғырдың тағы бір сөзі.
Мәшһүр Жүсіптің екінші бір жазбасы (4-папка, 109 б.) бойынша енгізілді.
Торайғырдың құн беруі (екінші нұсқа).

Бұл әңгіме Төлепберген Алдабергенов көшірмесінен алынды. Төлепберген осы мәтінді кезінде Мәшһүр Жүсіпке атшы болып қызмет көрсетіп, ақынның көп мұрасын сақтап, кейінгіге жеткізген Иманғали Маненов жазбасынан алғанын ескерткен.

Торайғырды тоқтату.

Бұл мәтін де Төлепберген жазбасы бойынша ұсынылды, онда: «Қарақызұлы Әшімнен естіген әңгіме» ескертуі орын алған.

Шоң би
Шоң нақылдары.

Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1176-папка, 21-бет) негізге алынды.

Тіл мен көз.
Иманғали Маненов (3-папка, 105-106 б.) бойынша ұсынылды.
Сарман мен Шоң би.
Әулеттік мұрағаттағы ақынның өз жазбасынан (2-папка, 363 б.) алынды.

Шоң бидің бір әйелден жеңілуі.
Әулеттіктегі Жолмұрат көшірмесі (3-папка, 138 б.) бойынша кіргізілді.
Шоң би мен Тіленші.
Әулеттіктегі Иманғали көшірмесі (3- папка, 118-120 б.) бойынша берілді.

Шоң бидің Қуандық еліндегі асқа баруы (бірінші нұсқа).

Бұл мәтіннің біз білетін үш нұсқасы сақталған. Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен жазылған бұл үш нұсқаның екеуі неғұрлым толық та, үшіншісі - қысқа. Ең толығы жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы, 1177-папка, (153 -162 б.) болса, екінші бір 1176- папкадағы (141-154 б.) жазба, негізінен, 1177-дегіні қайталағандықтан, одан алынып қосылған жекелеген қосымша сөз, сөйлемдерді арнайы түсініктеме арқылы көрсетіп отыруды жөн деп таптық. Ал, әулеттік мұрағатта сақталған үшінші нұсқа қысқа болса да, өзіндік ерекшелігі молырақ болғандықтан, оны «екінші нұсқа» айдарымен жеке енгізгенді жөн деп ұйғардық. Енді 1177- папкадағыны негізге ала отырып, 1176- папка бойынша енгізілген жалғыз үстемені арнайы көрсетеміз: 1. Тап осы орында 1177-де жоқ, тек 1176-да бар мына өзгешелік қоса кіргізілді: «Басына шығып, асқа тіккен үйлерді тамаша қылып тұрды. Көптігі - бір шеті мен бір шетіне көз жеткісіз екен. Сол жерде тұрып» (1176-папка, 141-бет). Осы орайда осы мәтіннің бұдан бұрын ақын таңдамалысында (М.Ж.Көпеев. 2-том, Алматы, Ғылым, 1992 ж., 84-91 б.) енгенін еске саламыз.

Шоң бидің Қуандық еліндегі асқа баруы (екінші нұсқа).

Бұл мәтін алғашқының орта тұсынан басталатын екінші бір қысқа нұсқа ретінде алынды. Жеке берілу себебі - мұнда алғашқыда жоқ біраз өзгешеліктер орын алған. Сонымен бірге әулеттік мұрағаттағы Шоң биге қатысты Мәшһүр Жүсіптің мына бір деректері де көңіл бөлерлік:

«Қуандықта сәукеле жасатқан салдың аты - «Өтебай жынды»- атанған сал екен. Сүйіндіктен жеті жүз жылқы ығып, Ертіс түсіп, бес жүзін беріп, екі жүзі қалып тұрғанда, Шоң бидің Қатынтөремен ерегісіп, айтқан есебі айтқан күніне қар кетіп, суын сүт қылып алып қайтқан. Жананның Қараласын алып, ақын Сақауды алысып, Қаржастан: Байкелді, Жаманқара, Балданды алысып, Жанақты алып, Қуандықтың асына барған - Шоң би (Мәшһүр Жүсіп, 4-папка, 110- бет)»

Боздақ би туралы бір дерек.

Алдында ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1178-папка, 331 (185) б.) бойынша дайындалды.

Шорман би
Шорманның жас кезі.
Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіп жазбасынан (2-папка, 289-291 б.) алынды.
Қаржас пен Қанжығалы дауы (бірінші нұсқа).

Әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіп жазбасына (2-папка, 285-289 б.) сүйеніп берілді. 1. Осы 285-беттің оң қапталына көлденеңдеп жазылған ескертпе бар:«Сонда ең алдымен оққа ұшқан Қылтышар - Сыманбай батыр. Өзі өлгенде іште қалған баласы - Көзқажы атанды.» Бұл мәтін бұған дейін «Жұлдыз»журналының 1992 жылғы 8-санында (195-197 б.) басылды, ұсынушы - Н.Қ.Жүсіпов.

Қаржас пен Қанжығалы дауы (екінші қысқа нұсқа).

Бұл да сол 2-папкадағы басқа беттегі жеке үзінді ретінде жазылған (2-папка, 316 6.) нұсқадан алынды. Шорманға бір бәйбішенің сын айтуы. Бұл да әулеттіктегі Мәшһүр жазбасы негізінде (2-папка, 320-323 6.) ұсынылды. Итемген. Тарихта белгілі Едіге бидің немересі, Шоң бидің баласы Итемгеннің өз шешендігі де назар аудартады. Бұл үлгі әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (2-папка, 304-311 б.) бойынша әзірленді. Сонымен бірге әулеттік мұрағатта тап осы мәтіннің Жолмұрат көшірмесі (2- папка, 157-161 6.) де бар екенін еске саламыз. Бұл мәтін ең алғаш «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы 8-санында (191-192 б.) Н.Қ.Жүсіпов ұсынуымен жарық көрді.

V Түрлі әңгімелер
Мірсейіт пен Тіптазаны әңгімелері.

Бұл мәтін әулеттік мұрағаттағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (2- папка, 112-114 б.) негізінде дайындалды. Шығармадағы жеке сөздерге түсініктер: 1. Күбүрә - араб сөзі: «үлкен болу»- мағынасында қолданылған. 2. Тәкәббүр - араб сөзі: «мансапқорлық»- ұғымын береді. 3. Кәйф - араб сөзі: «сүйсіну, рақат, көңіл көтеру т.с.с.»- ұғымдары жинақталған. 4. Иәд - араб сөзі: «қол» мағынасында. 5. Сітт - араб сөзі: алты санын көрсетеді. 6. Нәша - араб сөзі: «пайда болу» мағынасын береді. 7. Шарх - араб сөзі: «түсінік, түсіндірме» мағынасында жұмсалған.

Қаһарлы Жанақ.
Бұ да әулеттіктегі Мәшһүр Жүсіп (2-папка, 347-351 б.) жазбасынан алынды.
Төйте тәуіп.

Бұл әңгіменің бастапқы бөлімі Мәшһүр Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы: 3-папка, 95-беті бойынша берілсе, «Бұл Қозғаннан шыққан Төйте тәуіп: Қызылтауда Жосалы деген жерде қоныс қыстауы»- деп басталатын екінші бөлімі сол әулеттіктегі ақынның екінші бір жазбасы, 5- папка, 73-беті бойынша кіргізілді.

Дуаның пайдасы.

Бұл мәтін әулеттік мұрағаттағы ақынның өз жазбасынан (8-папка, 33-36 6.) алынды. Бұған дейін республикалық «Зерде» журналының 1995 жылғы 1-санында (28 б.) басылды. Әзірлеуші - Н.Қ.Жүсіпов.

Бір кедейдің тапқырлығы.

Бұған да әулеттіктегі Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (2- папка, 323-325 б.) негіз болды.

Мыңжанның шешендігі.
Бұл да әулеттіктегі ақынның өз жазбасымен (1-папка, 39 б.) берілді.
Әділ би әңгімесі.

Бұл мәтін Жолмұрат Жүсіпұлының әулеттік мұрағаттағы жазбасы (2-папка, 1, 2-бет) бойынша ұсынылып отыр.

Боран батыр.

Шығармада сөз болған Боран батыр жөнінде тарихи дерек ұшыраспағандықтан, әрі шығарма оқиғасында да нақтылықтан гөрі қиял, шарттылық басым түскендіктен, біз бұл әңгімені тарихқа арналған кейінгі томдарға қалдырмай, тарихтық сипатынан да фольклорлық сипаты басым екенін ескеріп, осы кітапқа енгіздік. Бұл мәтін де Жолмұрат жазбасынан (1-папка, 311-312 б.) алынды. Бұл әңгіме бұдан бұрын республикалық «Жалын» журналының 1999 жылғы 5-6 санында (209-218 6.) Н.Қ.Жүсіпов түсіндірмелерімен жарық көрді.

Тентектер әңгімесі
Есен тентек.
Мәшһүр Жүсіп жазбасы (1176-папка, 62 б.) бойынша ұсынылды.
Үшқұрт (бірінші нұсқа).

Бұ да Мәшһүр Жүсіптен (1176-папка, 324 (417) б.) алынды.
Үшқұрт (екінші нұсқа).

Бұған да Мәшһүр Жүсіптің әулеттік мұрағаттағы (1-папка, 88 б.) жазбасы негіз болды.

Есен тентек және басқалар.
Бұл да Мәшһүр Жүсіп жазбасы (1178-папка, 106-110 6.) бойынша берілді.
Есеннің тентектік салыстырғаны.

Бұл да Мәшһүр Жүсіптен (1178- папка, 111(70) 6. және 1178- папка, 51 б.) алынды.

Құлболды ішіндегі әулиелер.
Бұл мәтін Жолмұрат Жүсіпұлы (2-папка, 351-бет) жазбасы бойынша енгізілді.
Қоңыр әулие.
Бұл да Жолмұрат көшірмесінен (2-папка, 345-346 б.) алынды.

Есте болатын ескі сөздер.
Бұл да Жолмұратқа (3-папка, 301,302 б.) сүйеніп ұсынылды.
Нұрман сөзі.
Бұған да Жолмұрат жазбасы (2-папка, 297 б.) негіз болды.

VІ Ақындар айтысы
Қысқа қақтығыс үлгілері.
Жолаушы мен бойжеткен қағытпасы.

Бұл мәтін жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы, 1176-папкасы, 230(325) беті бойынша әзірленді.

Мәшһүр Жүсіптің бір қожамен сөз қағысуы.

Бұл да сол қордағы Мәшһүр Жүсіп жазбасынан (1176-папка, 388(458)-389(459) б.) алынды.

Төлеген мен Имантай тәжікелесуі.
Бұған да сол қордағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы (1176-папка, 140 б.) негіз болды.
Көтеш пен Күмпейе сайысы.

Бұл да сол қордағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы (1178-папка, 212(125)- 213(126) б.) бойынша берілді.

Көтеш пен Күнекей қағытпасы.

Бұл да сол қордағы ақын жазбасынан (Мәшһүр Жүсіп, 1177-папка, 130 б.) алынды.

Көтештің бір қызбен айтысы (бірінші нұсқа).

Бұл да сол қордағы Мәшһүр Жүсіп (1178-папка, 226(132)- 227(134) 6.) жазбасы бойынша ұсынылды.

Көтештің бір қызбен айтысы (екінші нұсқа).

Бұл өлең әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат көшірмесінен алынды. Назар аударарлық жәйіт: «Мінгенім дәйім менің боз інген-ді»- деп басталған тармақтан кейінгілері осының алдында ғана берілген «Көтештің бір қызбен айтысы» мәтінін біраз ретте қайталайды. Сондықтан мұны сол мәтіннің екінші нұсқасы деп есептедік.

Орынбай мен келіні қағысуы.

Бұл мәтін әулеттік мұрағаттағы Жолмұраттың қарындашпен жазылған көшірмесі бойынша енгізілді.

Тәттіқыз бен Өске қақтығысы.

Бұл мәтін әулеттік мұрағаттағы Жолмұрат көшірмесіне (1-папка, 341-бет) сүйеніп, ұсынылды.

Мұстафа мен Жұмабай қағысуы.

Бұл орайда алдымен Мәшһүр Жүсіп мұрасын көп жинаған Жолмұрат Жүсіпұлының Мұстафа мен Жұмабай қағысуын берумен қатар, сол Мұстафаның өмір дерегіне т.с.с. кеңірек көңіл бөлгенін ескеріп, сол деректерді толық беруді жөн көрдік: «Мұстафаның өмірбаяны, ата-тегі, шыққан руы туралы түсіндірме. Мұстафаның руы, шыққан тегі: Орта жүз ішінде Арғын, [Арғын] ішінде Мейрам, Мейрам ішінде: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Болатқожа - бұлардың ішінде Сүйіндіктен. Сүйіндік ішінде Айдабол, Күлік, Тұлпар болғанда, Айдаболдан бес қозының - Жанқозысы. Жанқозыдан - Төлебай, Төлебайдан: Жолан, Еламан, Едіге, Ырыс, тоқалдан - Ескелді, Малкелді. Жоланнан -Тойбазар, онан - Бүркітбай, Бүркітбайдан: Мұстафа, Омар. Омар - ағасы, екі әйел туысқаны бар. Біреуі – апасы - белгілі Ақбет. Қарындасының аты - Жүнжобас (Жүнжумас). Мұстафаның туып-өскен жері - Сарыарқа; Баянаула тауы. Туған жылы -көрген, замандасы болған адамдардың айтуы бойынша 1850 жылдардың шамасы, қайтыс болған жылы - 1880 жылдың шамасы. Мұстафаның дене құрылысы - орта бойлы, аққұба, ат жақты, келбетті, қияпатты адам болған. Мұстафаның әкесі - Бүркітбай орташа дәулетті адам болған. Мұстафа жасынан өткір, зерек, зейін пікірлі, ақыл ойлы болып туады. Он-он бес жасынан-ақ өлең жазып, өлең айтып, домбыра тартып, ән салатын болған. Ақбет деген апасы мен екеуі қосылып, домбырамен ән салғанда, заманында керген, естіген адамдардың аузынан суын ағызып, таңырқатқан. Әуелі жас кезінде арабша дін оқуынан біраз оқып, оны былай тастап, ісін білетін беріп болған соң, Баянаула қаласынан қазақ-орыстан үйіне жалдап, орысша молда ұстап, онан орысша әріп жазуын, тілін үйренгеннен кейін, Павлодардан оқып, онан кейін Омбы қаласында оқып, Кадетский корпусты бітірген. Ол уақытта да қазақ елінің қараңғы күні, болыс десе, сайлау десе, екі жақ партия болып, болыстыққа таласып, болыстықты үлкен зор дәреже көріп, барлық бір болыс елдің адамшылық тағдыры болыс болған адамның қолында, аузында болатын болғандықтан, малы, абыройы, беделі жететін қу пысықтар болыс болуға таласып, өзі болмайтын болса, өзінің бір көңілі сүйген адамдарын болыс қоюға жанын, малын, арын, иманын - түгел сол сайланатын адамның жолына, сайлануына салып, партияға таласып, ел бүлініп, қақ жарылып, екі жақ партия болып, туысқан, аға-інілі адамдар бірімен-бірі көргісіз болып, әке-ұлынан, шеше қызынан айрылып, дау-жанжал, ұрыс-төбелес, кісі өліп, аяғы атылу, айдалу, нақақтан пәле жауып, пәленің неше түрлі тоқсан түрі туады. Бұл сияқты партийный ашу, араздық, партияның кесірі бірнеше жылға созылады. Данышпан ақын Абай айтқандай: «Болыс болдым, мінеки, // Бар малымды шығындап»- дегендей, жеңіп болыс болып алған соң, партияда қарсы болған, қалған жағы партиясы басқа болғандарға болыс-екең бар әкімшілікті қолданады. Барлық сайлауда партияда ұсталған расход, шыққан шығын, берілген пара, шашылған-төгілгеннің бәрін өндіріп алады. Ол уақыттарда бір болыстың қарамағына алым тартпайтын аз иет үйлерден басқа, жазылмайтын, жарамсыз үйлерден басқа, алым тартуға жарайтын 1500-2000 үйлер болады. Болыс болып алған соң, бар әкімшілікті қолданады, барлық пәлені жабады. Сондықтан сайланарда барлық күшті салады. Осы айтылғандай, сайлау жұмыстары Мұстафаға да кездесіп, бірсыпыра жағдайларын, талқыларын көрген болады. Волосной, управитель сайлауы жақындаған кезінде әрбір елге уездной (оязной) начальник шығып, болыстық әрбір болыстарды уездной начальник сайлап шығарады. Сайлау начальник алдында болады. Мұстафаның өз әкесі Бүркітбай мен Хұсайын Боштай баласы екеуі елді қақ бөліп, партия жасап, болыстыққа таласып, осы сайлауда Мұстафа уездной начальникке переводшы болып, Мұстафаның да көмегі тиіп, әкесі Бүркітбай болыс болып шығады. Әкесі болыс болды, істеген іс орынға келді. Өзі би, өзі болыс, өзі төре. Өзі орысша, қазақша екі жұрттың тілін біліп, ауызы, бақыты әрі болса, бір уезге, бері болса, бір дуанға жеткен соң, көңілі өсіп, тасып, сайлаудың тақау арты ғана, қымыз ішіп қызып отырып, болыстықтың қуаныш мерекесінің үстінде езінің қайнағасы Тасқара деген балуанмен тіленіп күресемін деп болмайды.

Тасқара:

- Қой, күреспейік,- деп үш рет қайырады, болмапты.

- Бүгін әкем Бүркітбай болса да, қурайша лақтырам!- деп тіленіп, болмаған соң, Тасқара амалсыз күреседі. Күрескенде, кім жығыламын деп күреседі, жығамын деп күреседі. «Алысқанда, атанды жық; аясаң, қоя бер!»- деген бар емес пе? Шарт-шұрт айқаса, ұстаса кеткенде., Тасқара шалып алып көтеріп тастап жібергенде, Мұстафа сылқ ете түседі. Көп кешікпей, жан береді. Көргендер: «Жұлыны үзіліп кетіпті!»- деген. Артынан бір жылға жетпей, әкесі Бүркітбай өледі.

Аңдып жүрген Хұсайын Боштаев сайлауды бекітпей, кайта қуып, Бүркітбайдың төрт биін паназор қылып түсіртіп, келер жылына жеткізбей, күл-талқан, ойран-ботқасын шығарып, Хұсайын болыс болып шығады. Мұстафа мен Бүркітбай өлген соң, қалған мал дәулеті судай ағып, ағасы Омар болыстық былай тұрсын, ауылнай да болмады. Омар ақырында апиынқор, ішкіш болып, ажалы апиыннан өлді. Мұстафадан өзіне тартқан бала қалмады. «Дүниенің алды - анау, арты - мынау!». «Дүние бірде бетін көрсетеді, бірде көтін көрсетеді.», «Су аяғы - құрдым бар сонымен.» Мұстафаның төртінші атасы - Төлебай. Онан - Жолан, Еламан, Едіге. Ырыс тоқалдан: Малкелді, Елкелді. Осы бесеуінің Жолан үлкені болса да, бас пен малдан ана төрт.туысынан аз, кем болған. Бүркітбай мен Мұстафаның уақытындағы аз дәурен Мұстафаның жігіттік жігер, талабының арқасы еді. Мұстафаның тірі күнінде өз тұсындағы жақсы көретін қыздарына арнап жазған өлеңдері, шығармалары... әндері көп еді Өзінің Жолан деген табынан туған Ысқақбай Итаяқ баласы ақын еді. Біздің жас бала күнімізде ауылға ел аралап жүріп келіп қонып жатып, өлең айтушы еді. Өзі үлкен ақын. Дүние жүзінде білмейтін өлеңі жоқ еді. Бұрынғы: Шөже, Кемпірбай, Жапар, Жәмішбай (Жамшыбай), Балта, Орынбай, Сақау, Тоғжан, Қойсары, Жұмабай, Көтеш, Күдері - осылардың бәрінің айтқан айтыстарын айтып, өз жанынан бірнеше түрлі өлеңдерін көп айтып жүретін еді. Өзі қорасаннан көзі кеткен қара бұжыр кейіпсіз кісі еді. Біз онда өлең тыңдап, өлең ұқпақ түгіл, сөзге көңіл қоймақ түгіл, Ысқақбайды сыртынан боқтап келемеждеп, мазақ қылып жүреміз. Қайран Ысқақбай енді тіріліп келер ме еді?! «Мұстафаның ақын Шөжемен айтысқаны» деп, «Қойсары Жұмабай ақынмен айтысқаны»-деп, бірнеше өлеңдер айтатын еді. Мұстафаның Шаһимансұр әулиенің нақақтан өлуі туралы жазған: «Аралы хақта мен нақақ»- деп жазған бір поэмасы болған. Ысқақбай осылардың бәрін айтатын еді. Жасы он-он бес жасар бала күнімізде естіген сөздер еді. Бәрі ұмыт болған. Мұстафаның «Аналхақ» деген шығармасын Ақбет деген апасы алған. Арқарбай деген жездесі мен екеуі домбыраға қосып, ән салып, екеуі кезек-кезек айтып, күзді күнгі сентябрь айындағы бір таңға таң атқанша айтып тауыса алмаған екен. Мұстафаның Ақбет деген апасын алған жездесі Арқарбайдың түбі – тегі - Қарқаралы тауының күн шығысында «Қу» деген тауды мекен қылып, туып-өскен жері - Қаракесек ағайындар болады. Арқарбай бес ағайынды: Қасқарау байдан - Қоңқабай, Аманбай, Мылтықбай, Қуандық, Арқарбай. Бір әйел туысқандары болған. Бәрінен үлкен апасы, аты - Күмседе еді. Арқарбайдан: Әнуар жалғыз туып, Ақбеттен - Арқарбайдан жаман туа ма, нағашысы Мұстафа. Әнуар да жұлынып, қалпына туып он бес жасында Қоянды жәрмеңкесі - ұлы жиында орыс-қазақтың түгел бас қосатын жәрмеңке уездной начальник алдында мақтап өлең айтқан. Начальник таңданып, арқаға қағып, үйіне бара-ақ ауырып өлген. Екі бала қалды. Мұстафаның ақын Шөжеден сұраған сөзі: Барша жанға Құдайым жан береді, Жаны кетсе тәнінен, кім жүреді? Қабірден қойған қауым қайтқаннан соң, Мүңкір-нәңкүрмен бірге еріп кім келеді? - дегенде, Шөже жауап бере алмай қала берген.» Сөз соңында айтарымыз: бүл мәтіндердің ішіндегі тікелей айтыс үлгісі әулеттік мұрағат, Жолмұрат Жүсіпұлы, 3-папка 214-бетінен алынса, Мұстафаның өмір дерегі т.с.с. туралы жазған Жолмұрат ойлары сол папкадағы соған дейінгі 207-214- беттер аралығында берілген.

Қалыпты айтыс үлгілері
Ақбала мен Боздақ айтысы.

Бұл айтыс бұдан бұрын сан рет ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1170-папка, 103-109 б.) бойынша дайындалды. Бұл үлгі 1992 жылғы ақын таңдамалысының екінші кітабында (Алматы, Ғылым, 1992 ж., 127-131 б. жарияланды. Осы орайда бұл айтыстың ең алдымен 1870 жылғы В.В.Радлов кітабында (қара: «Ел қазынасы - ескі сөз», Алматы, Ғылым, 1994,573-577 б.) жарияланғанын еске сала отырып, ел арасына таралу өзгешелігінен т.с.с. туған біраз айырмашылықтарды көрсетеміз: 1. В.В. Радловта осы айтыстың үшінші тармағы: «Тілеуің мен кеткенде, тап-таза еді»- деп берілсе, Мәшһүр Жүсіпте тармақ басындағы «тілеуің» орнын «жайлауың» иеленген. 2. Бастапқыда (В.В.Радловта): «Айтамын айт дегенде, Ақбаламын»- деп шумақ басталып, аяққы сөздің төртінші тармақ соңындағы «Ақбаламын» сөзін қайталауы орын алса, кейінгіде (Мәшһүр Жүсіпте) бірінші тармақ мүлде өзгеше келтірілген: «Жалғанның сұмдығынан ақ баламын». Соның нәтижесінде қыз атының бір шумақ ішінде екі рет қайталануы да жойылған. 3. Алғашқыда шумақ соңы: «Бейіттен мына тұрған шықпай денем»- деп беріліп, бірінші тармақ соңындағы «тілім», екінші аяғындағы «түбін» сөздерімен онша ұйқаспау орын алса, соңғыда аяққы «денем» сөзі «үнім» дегенмен алмастырылып, ұғым дәлдігі және ұйқас сапасы жақсарған. 4. Әуелгіде: «Қайда екен, Ақбала қыз, сенің мұрның»- дегендегі «қайда екен» сөздері одан кейінгі сауалдардың бәрінің маңдайында қайталанып келіп отырса, екіншіде ол сөздер орнын «қайтті екен» иеленген. Зерделесек, көрде жатқан өліктің дене мүшелерін «қайда екен?»- деп іздегеннен гөрі соның шіру, бүлінуіне алаң болған жанашыр айтуына «қайда екен» дегеннен де «қайтті екен?»- сауалы неғұрлым дөп келетінін ажырату қиын емес. 5. Бұрынғыда: «Орнында жи дегенде қолаң шашым»- деп берілсе, соңғыда «жи дегенде» сөздерін «жидігенде» ығыстырып, ұғым, сурет нақтылығы арта түскені көрініп тұр. 6. Әуелгіде: «Көрінген жабылыңқы қиғаш қасым» делінсе, екіншіде басқаша: «Қалпында тұрсың ба, қиғаш қасым?!» 7. Біріншіде Боздақтың: «Жатты екен қайтіп шыдап жақ етіңіз?» сауалына жауап ретінде: «Шіріді жақ етіміз түтіп сан етіміз»- беріліп, сауалда жоқ «сан етіміз» қоса еніп кетсе, соңғыда ол кірме ығыстырылған: «Шіриді жатып жерде жақ етіміз.» 8. Бастапқыда: «Үйіңе апарайын мен сені бүгін»- делінсе, кейінгіде оның орнын: «Басылсын менің көңілім көріп жүзің»- иемденген. 9. Бұрынғыда: «Орнынан ағып түсті екі көзім»- делінсе, екіншіде: «Орнынан олқы соқты екі көзім»- орын тепкен. 10. Әуелгіде төртінші тармақ: «Бейіттен мына тұрған шықпайды үнім»- деп берілсе, аяққыда соңғы «үнім» сөзін «өзім» алмастырып, өз алдындағы бірінші, екінші соңындағы: «көзім», «сөзім»- сөздерімен құп үйлесу, ұйқасуға әкелген. 11. Біріншіде: «Қайда екен Ақбала қыз екі безің» деп келтірілсе, кейінгіде: «Қайтті екен, Ақбала қыз, екі көзің»- деп берілген. 12. Бастапқыда: «Ақбала, әлің келсе, көтер басың // Үйіңе апарайын күні бүгін делініп, бұрын айтылғанды жай қайталау ғана отау тіксе, Мәшһүр Жүсіпте белгілі бір ұғымды дамытып, нақтылай түсу алға шыққан: «Қара жер бауыры суық алған екен, // Қызықты ойнап-күлер айдай кезің.» 13. Әдепкіде: «Аян-ды бір құдайға айтқан сөзім»- орын тепсе, екіншіде мүлде өзгеше: «Осындай мұңды кәріп болған кезім.» 14. Бастапқыда: «Райысын екі дүние көрдің қабат»- делінсе, соңғыда: райысын» орнын «арасын» иеленген. 15. Бұрынғыда: «Артыңда апаң, алдыңда сіңлің жоқта»- деп келтірілсе, екіншіде: «Пайдасы қияметте тиер болса»- түрінде берілген. Шортанбай мен Орынбайдың айтысы. Бұл айтыстың Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен жазылған екі нұсқасы сақталған. Оның екеуі де алдында аталған қолжазба қорында сақтаулы. Салыстыра қарағанда, 1170-папка (78-85 б.) мәтінінен 1177-папкадағысы (117-120 б.) неғұрлым толық, дәл берілуімен ерекшеленеді. Біздіңше, 1170-тегі алдымен жазылған да, 1177-дегісі кейіннен жинақталып қағазға түскен. Енді Мәшһүр Жүсіп жазбаларын бұрын (1870 ж.) жарық көрген В.В.Радлов нұсқасымен салыстыру жүргіземіз: 1. Бастапқыда (В.В.Радловта): «Диуана қожа атасы барар ма екен?»- деп берілсе, кейінгіде (Мәшһүр Жүсіпте) аяққы: «барар ма екен» орнын «барған Мекке» иеленген. 2. Әуелгіде: «Әр көрерсің құр келіп қатылғанды»- делінсе, екіншіде: «Ар көресің күр келіп шатылғанды»- түрінде орын теуіп, белгілі бір ұғымның нақтылана түсуі жүзеге асқан. 3. Бұрынғыда төртінші жол: «Қызғанған - тәңір малын шайтан болсын»,- қалпында орналасып, өзінен бұрынғы тармақтар соңындағы: «айтармысың», «қайтармысың» сөздерімен ұйқасу сапасын нашарлатуға бастаса, соңғыда «тәңір» сөзі орнын «дүние» сөзі иемденумен бірге аяққы сөз: «шайтанбысың» - деп ірге теуіп, ұйқас заңдылығы қалпына келтірілген. 4. Әдепкіде: «Бағана біліп едім келеріңді»- деп алынса, кейінгіде біраз басқаша: «Бағана-ақ біліп едім не деріңді.» жолдар аяғындағы: «Берікағашта», «алты алашқа» сөздерімен мүлде үйлеспей тұрса, соңғыда: «Тай күнінде атпенен тайталасса»- деп алынып, ұйқас заңдылығына толық жауап беруімен ерекшеленіп тұр. 7. Бастапқыда: «Қамбардың кедей шалы кедей қалса, // Бозбалалар дым бермеңіз десіп жүрген» жолдарында бір тармақ ішінде «кедей» сөзі екі рет қайталанса, екіншіде «кедей» сөзі «келе»- деп ауыстырылумен бірге келер жолдағы «дым» сөзі орнына «түк» сөзі орын алуымен де ерекшеленеді. 8. Әуелгіде: «Арғынның айналасы алты айлық»- делінсе, кейінгіде ең соңынан «жол» сөзі қосылған. 9. Біріншідегі: «Жаман бала еркіңе қойған бар ма?»- тармағы орнына соңғыда (1177-папка, 104 б.): «Жаман болып, жасқанып, тайғандай ма?» жайғасқан. 10. Әдепкіде шумақ соңы: «Төрт ұлы бәйбішенің қосылмайды»- түрінде келіп, әрі өз алдындағы ұйқас құраушы тармақ аяғындағы сөздермен: «Найман қайда?», «осындайда»-сөздерімен ұйқаспау, әрі ұғым бұлдырлығы орын алса, екіншіде: «Арғын беттеп жайласа жазғы майда»- делініп, әрі ұйқас сапасы жақсарған, әрі ұғым дәлдігі орнаған. 11 .Бұрынғыда: «Бас қылып жаман тайын ұстап алып, // Жақсыңды тізіп салған жалғыз сайға»- делініп, жаман тайды ұстауда не мән бары түсініксіздік тудырса, кейінгіде: «Бас қылып Жамантай мен Қүсбегіңді // Жақсыңды тізіп қамап жалғыз сайға»- деп өзгеріп, ұғым нақтылығы, әсерлілігі артқан. 12. Бастапқыда: «Деген соң сенің атың Жанақ, // Қылғындырып қойыпты мешкей тамақ» делінсе, соңғыда: «Қу кедей тентіреген Қамбар: Жанақ, // Қылғындырып қыдыртқан мешкей тамақ»- түрінде келіп, қиындық, жағдай сипаты айқындала түскен. 13. Әуелгідегі: «Ініңді қойдай ұстап сатып едің»- дегенде, оның кімдерге не себепті сатылғаны білінбесе, екіншіде ол нақты берілген: «Ініңді сартқа саттың кедейліктен.» 14. «Қақ жарып көп жақсыңа өлең айттым»- деп басталатын сегіз тармақтық мәтіннің, яғни 17, 18- шумақтардың В.В.Радлов кітабында болмай, тек Мәшһүр Жүсіп жазбаларында ұшырасуы және мұндай алғашқыдағы түсіп қалудың орнын толтыру кейін де біраз орын алуы - бәрі Мәшһүр Жүсіптің ара-тұра В.В.Радлов нұсқасына иек сүйеу мүмкіндігімен қатар, өз бетінше көп жинап, дамытып отырғанын нақты дәлелдей алады. 15. Біріншіде: «Ұранымды сұрасаң, Арғын, Найман, // Кедей Жанақ десе де ар қылмаймын»- деп өрілсе, кейінгіде тағы да белгілі бір ұғымның дамытылып берілуі байқалады: «Мен ағаң Арғын болғанда, балам - Найман, ІІ «Кедей Жанақ»- десең де арланбаймын.» 16. Әдепкідегі: «Қолдағы домбырамен ұрғандаймын» дегендегі ойға алған әрекет сипаты тағы да соңғыда нақтылана түсуімен назар аудартады: «Домбыраммен қақ басқа қойғандаймын!» 17. Бұрынғыда: «Оспанның асынғаны алтыннан қын» делініп, бір жақты ғана марапаттау жүзеге асса, екіншіде тағы да белгілі бір ұғымды қарама-қарсы қойып, өрбіту көңіл бөлгізеді: «Сен - пышақ: жетесі жоқ, мен - алтын қын.» 18. Бастапқыда: «Алтай, Қарпық байым бар, Алдажұман, // Тап өзінің жылқысы жиырма үш мың»- делініп, тек бір жақты бөліп дәріптеумен шектелу орын алса, кейінгіде тағы да қарама-қарсы қою арқылы әсерлілік артуы жүзеге асқан: «Өзім кедей болсам да, аймағым бар, // Алдажұман жылқысы - жиырма үш мың.» 19. Әуелгіде: «Найманда бұрымынан талған қатын»- қалпында ірге тепкен тармақ екіншіде өзгерген: «Найманда: Бураменен қалған қатын.» 20. Алдында ғана атап өткеніміздей: «Күмістен жамбы деген тасым еді»- деп басталатын 24,25,26- шумақтардың, яғни 12 жолдық мәтіннің В.В.Радловта ұшыраспай, тек Мәшһүр Жүсіпте орын алуы тағы да бір мәтіннің таралу, жиналу өзгешеліктері мол болатынын дәлелдей түсетіні анық. 21. Алғашқыда: «Елімде бір байы бар Азнабай-ды»- деп берілсе, Мәшһүр Жүсіпте кісі аттары көбейген: «Құрысбай, Сапақ, Бапақ, Азнабай-ды.» 22. Біріншіде: «Тап бір күнде қырық арба қазына алды»- қалпында көрінсе, екіншіде тағы өзгеше: «Оны азсынсаң, қос атқа ал Өтебайды» (1177-папка, 107-бет). 23. Әдепкіде: «Тоқсан сан осы күнде қой айдайды»- деп алынса, соңғыда: «Бас-басына тоқсан сан қой айдайды.» 24. Бұрынғыда: «Қу далада қутыңдап айтқаныңша»- түрінде берілсе, кейінгіде: «Қу далада қу таңдап, қақсағанша»- қалпында алынған. 25. Жоғарыда айтылғандай: «Еліңде төрең бар ма іске жарар»- жолын маңдай еткен 8 тармақтық мәтіннің, яғни 30, 31- шумақтардың В.В.Радловта жоқ болып, тек Мәшһүр Жүсіпте орын алуы тағы да ел арасындағы ауыз әдебиеті үлгілерінің таралу, жиналу ерекшеліктерін танытады деп санаймыз. 26. Бұрынғыда: «Кедейді өзіме қойып елденейін»- деп алынса, соңғыда тағы да белгілі бір ұғымды нақтылай түсу бар: «Жанақтың толтыра алар кім көмейін?!» 27. Бастапқыда: «Қызыл тілім сөйлей бер безектеген, // Күнде күнін көреді тезек терген»- деп оқығанда, түсінік бұлдырлығы орын алса, екіншіде: «Сапеке, даусың қалай безектеген, // Күң де күнін көреді тезек терген»- делініп, ол көмескілік жойылған. 28. Алғашқыда: «Қайғылы көкірегім, көңілім күпті» делінсе, кейінгіде: «Жұрттан жалғыз жүрген соң, көңілім күпті»- делініп, көңіл-күй деңгейіне не әсер еткеніне жарық түсірілген. 29. «Екеуің екі жақтан буындырып»- жолынан бастау алған 35-39 шумақтар, яғни 20 жолдық мәтін В.В.Радловта мүлде жоқ. Оның есесіне онда Мәшһүр Жүсіпте жоқ 12 тармақтық басқа мәтін орын алған. Бұл да ауыз әдебиеті үлгілерінің таралу, жиналу ерекшелігін, яғни көп нұсқалылығын танытады деуге негіз толық.

Жанақ пен Сақау айтысы.

Осының алдында ғана Жанақ пен Түбек айтысы берілгенін ескеріп, сол Жанақтың екінші бір ақынмен, яғни Сақаумен айтысын ізінше ілестіре бергенді жөн көрдік. Бүл да алдында ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1178-папка, 227-228 б.) бойынша әзірленді.

Сақау мен Тоғжан айтысы.

Бұл да жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы (1178-папка, 89-100 б.) бойынша әзірленді. 1. 93-беттің соңғы тармағындағы: «Кеспелік, Түрмелік» сөздеріне сол беттің сол жақ қапталына көлденеңдеп жазылған Мәшһүр Жүсіп түсіндіруі орын алған: «Кеспелік, Түрмелік, Елік - Мәукенің үш баласы, оңбаған азғын туған нашар тұқым болғандар.» Одан әрі мына бір ескерту қоса берілген: «Сақау, Шаншар деген елдің жиені екен, шешесі оң жақтан көтеріп келіп тапқан дейді.» 2.94- беттің оң қапталында осы «Марамик» сөзіне байланысты мынадай түсінік жазылған: «Абыралы, Марамик-таудың аттары. Тасшоқы Марамикке маңайлас, Жалғызшоқы -ұрлығын мойнына салды. 3. Осы тұста Мәшһүр Жүсіптің баға беруі орын алған: «Өлең болса, айтыс болса, осы екеуіндей болсын!» 4. Бұл арада Мәшһүр Жүсіп ескертуі ізінше берілген: «Төртуыл билері: Торайғыр, Қойшыбай Қаракесекке бітімге барып, Қаракесек бітім бермей, бұлар салы суға кетіп, салбырап қайтып, аштан өле жаздаған жері болған екен, Тоғжан соны айтты.» Сонымен бірге сол 98-беттің оң қапталында мына түсінік қоса жазылған: «Қушоқы-Ақмола, Қарқаралы, Баянаула - үшеуінің қиранты астасқан жер.» 5. Осы сөзге байланысты 98-беттің он қапталында көлденеңдеп мына түсінік жайғасқан: «Шортандының қарасуы «Қоңырадыр» деген жерде - Есілдің басы болады. 6. Осы ине табылуына байланысты өз түсіндірмесін Мәшһүр Жүсіп атамыз 96(60) беттің сол қапталына көлденеңдеп жазған: «Мұса Секербайдың Секербайы дәл осы жерге келгенде: «Аузынан айналайын, ай, аузына қайдан түсті?»- деген екен. Сонда Торайғыр бидің атқосшысы - Ыстықмұрт: Ерсарыдан ине табылған екен. Бұлардың қасында осы екеуі де болған емес: бірінен-бірі жеңілмес үшін дауласып отырған.» 7. «Мен емес даулы кісі, жүгінбеймін!»- деген Сақау сөзінен кейін оған отырғандардың қалай қарағанын, айтысқа қандай баға берілгенін Мәшһүр Жүсіп былай деп жазып қалдырған: «Үй толып отырған бозбала жанған өрттей дауылдап, Сақауға лап қойды: «Алшекеме тілі тиді, тапырлап тастаймыз!»- деп. Алшынбай би ақырды:

- Отыр былай, жалғызың бүлк етпе! Бір қызыл түлкі қорымнан қорымға қашып тығылып, бір қара бүркіт: «Қайда барсаң да, қоймаймын!»- деп, қуып барады. Кісісіз жерде кісіні ит талайды. Кісілі жерде кісіні кісі талай ма екен? Жеңілмейтұғын бала еді, сендердің мына ашу шақырғандарың жеңілгенге тәндік (тандық) болды. Осы үйде отырғаннан бірің қалмай, мына Сақауға ат бастатқан «тоғыз» айып төлеңдер! Қазір менің алдымда жиып беріңдер! Біздің баланың өлеңінен Сақаудың өлеңінің тайлы бие, боталы түйелік артықтығы бар. Қалай десең, біздің бала Алтай, Қарпық қонысынан кетіп қалған!- деді.

Жұтап кетті ме, болмаса жылқының қонысы емес. Оның үстіне: «Қызыл қарын, жас бала жан сақтай алмайтын жер»,- деп кетті ме, белгісі жоқ. Есенкелді - Алшағырдың Қарсұн, Кернейді қырып, Ақтау, Өртауды қолмен тартып алғанын айтты ғой. Өтірік десең, ана жатқан Ескенбайды көттеріңе тығып жасыра аласың ба? - депті.

Ұлбике мен Күдері айтысы.

Бұл айтыстың Мәшһүр Жүсіптің қолымен жазылған үш нұсқасы алдында аталған қолжазба қорында сақталған. Оның алғашқы жазылғаны - 1170-папка (56-66 б.) нұсқасы болса, одан көп кейін қағазға түсірілгені - 1178-папкадағысы (250-261 б.) және 1177-папкадағысы (69-79 б.). Осы орайда бұл айтыстың ең алғаш жариялануы В.В.Радловтың 1870 жылғы кітабынан (Қара: «Ел қазынасы - ескі сөз». // Алматы, Ғылым, 1994 ж.,569-573 б.) басталса, кейін де біраз кітаптарға (Қараңыз: Айтыс, І том, Алматы, Жазушы, 1988, 76-81 б.) енді. Сонымен бірге бұл айтыс Мәшһүр Жүсіп таңдамалысына (2-том, Алматы, Ғылым, 1992, 119-122 б. құраст. С.Дәуітов) да кіргені белгілі. Осы орайда Мәшһүр Жүсіптің басқа жинаған үлгілері тәрізді, ең толық қамтылғаны - осы біз ұсынып отырған қалып деуге негіз толық. Оны біз мәтінге берілген түсініктемелер бөлімінде нақты көрсетеміз. Алдымен Ұлбике мен Күдері жайында берілген 1178- папкадағы ескертуді келтіреміз: «Қожа диуанадан шыққан, әкесінің аты - Еркөшек, өз аты - Күдері. Әкесінен Имам Мұхаммедханафия барғанша ақын баласы Құлыт қожа - о да ақын. Құлыт баласы Құлжан қожа, бұ да ақын. Сексен жасқа келген шағында көзіміз көрді. Мұның баласы Ғайса қожа, Мұса қожа, Баймен қожа. Бұл күнгі тұқымына шейін ақындық тұқымынан үзілмей келген.» Одан әрі 1178 бен 1177-папкадағы пікірлер біркелкілігі байқалады: Ұлбике Ұлы жүз: Үйсін Ошақты - Жалайырдың Ошақтысынан шыққан, әкесі Жанкелді де ақын, шешесі Жаңыл да ақын болған. Ұлбикенің әкесі Жанкелді ақынның қартайғанда айтқан екі ауыз өлеңі:

Елек қойып болмайды ел аузына,
Өлеңім, бірте-бірте кел аузыма.
Өтіпті бізден бұрын көп керуен,
Біз де келіп отырмыз жол аузына.

Қартайған шағында бір немере-шөбелері қолына су құйып тұрса, қолының еті қашқандықтан, құйған су қолына тұрмай, саусақтарының арасынан аға берген соң, су құйған балалар жырқ-жырқ күле бергенде, айтқаны:

Халқы түзу тұрмаса, хан бола ма,
Бейнет жекпес жалғанда жан бола ма?
Қысқа күнде қырықты алған қыран едік,
Еті кетсе, тұлпарда сән бола ма?!

Талай ақын айтқан шығар, бұл екеуіндей құмарланып айтқаны болмаса керек.» (1178-папка, 250-бет және 1177-папка, 69(34)- бет). Сонымен бірге 1177-папка мәтіні маңдайшасындағы ақынның мына бір ескертпесіне көңіл бөлеміз: «Бұрынғылар домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан: «Қайым білесің бе?»- деуші еді. «Қайым»- деп екі ақынның айтысқан өлеңін айтады екен. Сонда қайым өлеңінің ілкі басы - Күдері қожа мен Ұлбике қыз айтысқан. Бұл екеуінен бұрын өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғының мақал-тақпақ - анан сұратын (суретін) жырлап сөйлейтін болған. Жырлап сөйлеушінің тұңғышы - Ноғайлыдан шыққан Мөңке би Орманбет хан заманында қойшы бала. Қазақтан жырлап сөйлеушінің басы - Бұқар жырау. Олардың заманында өлең тіпті жоқ. Өлеңмен сөйлеушінің басы - Күдері қожа, Ұлбике, Заман Қожа, Ұмсын қыз, Қарақалпақ - Жангел (Жаңыл) ақын, Көтеш ақын. Мұның заманында Ұлы жүзде Күмпейе қыз деген болған. Сонан кейін ақындар әр таптан шыға берді. «Ер Тарғынды» жырлап сөйлеген Кіші жүзден шықты. Марабай ақын - Кенесары, Наурызбайды жырлап сөйлеген -Орта жүзден шықты. Нысанбай жырау - осы екеуінен шешен жыршы болмаған деп білемін. Күдері қожа албырт бозбала күнінде: «Ұлбикемен айтысамын!»- дегенде, Күдерінің әкесі -Еркөшек қожа, о да ақын екен, жырлап сөйлейді екен:

- Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұхараға барып, үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен айтысуға жарамайсың!- деген екен. (Әрі қарай 1177-дегі ой қайталануы орын алған - Н.Ж.).

1177-папканың 72 (37) бетінің сол жақ шекесіндегі Мәшһүр - Жүсіп ескертуі көңіл.бөлгізеді: «Осылар бір жерде айтысқан емес, әр жерде айтысқан сөздер. Мұнан басқа да көп шығар. Бізге келіп жеткен жалғыз - жарым тамтыры.» Осы орайда бұл туындының ең алғаш 1870 жылғы В.В.Радлов кітабында шыққанын, оның жалпы көлемі 51 шумақ, 204 тармақты құрайтынын еске ала отырып, Мәшһүр - Жүсіп нұсқасы одан әрі анағүрлым екі еседей кең 101 шумақ, 404 жол екенін діттеген жөн. Атап айтқанда, алғашқы бөлімі: «Қай күні суық болғанда, дария катар»- делінген, В.В.Радлов бойынша 51 шумақпен, ал Мәшһүр - Жүсіп бойынша 45 шумақпен тамамдалатынын ескерткен жөн. Осы айтылған межеге дейін бірен-саран шумақтар бастапқыда бар да, кейінгіде орын алмаса, оның есесін шығарманың кейінгі көлемді бөлімінің тек екіншіде орын алуы тағы да әрі белгілі бір ауыз әдебиеті үлгілерінің ел арасына түрліше таралуын, әрі Мәшһүр - Жүсіптің өзіндік ізденісін, әр кезде әр жерде жинау, қағазға түсіруді т.с.с. ұзақ уақыт жалғастырғанын дәлелдей түседі. Енді шығарманың бастапқы бөліміндегі В.В.Радлов пен Мәшһүр - Жүсіп нұсқасы арасындағы айырмашылықтарға және ақынның ара-тұра берген оз түсініктеріне мәтіндегі соз реті, орны бойынша тоқталып өтеміз. 1. Бастапқыда (В.В.Радловта): «Тұсыма қыздар толды қос алқалы»- дегендегі «толды» сөзі Мәшһүр - Жүсіптің ертеректе қағазға түсірілген 1170- папкасында (56-бет) ғана қайталанса, ал кейінірек жиналып жазылған 1177, 1178- папканың екеуінде де ол сөз орнына «келді» енгізілген. 2. Бұрынғыда: «Қазақтың ақсақ тайын алдап алған»- түрінде алынса, соңғыда 1170-папкада тап солай болса да, 1177, 1178-де «ақсақ» сөзінің орнын «шынжау» иеленген. 3. Әуелгіде: «Өлең, өлең дегенге етерелі» делініп, біртүрлі ұғынықсыздық пайда болса, екіншідегі үш нұсқада да: «Өлең - өлең деуменен өтер еді»- түрінде берілген. 4. Біріншіде: «Өлең айтып көңілді көтереді»- бой көтерсе, соңғыда: «айтып» сөзін «шіркін» ығыстырған. 5. Әдепкіде: «Қожам, өлең сұраймын қолым жайып» сөздері қыз атынан берілсе, кейінгіде «қожам» сөзі «сенен» деп, алмастырылып қожа атынан айтылуымен ерекшеленеді. 6. Бастапқыда: «Кішкентай да қосылған, тақсыр қожа, // Ары отырма, бері отыр жақындайық»- деп қыз атынан айтылса, екіншіде ол ұсыныс керісінше қожа атынан беріледі. Біздіңше, «Әрі отырма, бері отыр»- сөзін қыздан гөрі ер адам иемденуі шындыққа жақын. 7. Бұрынғыда соңғы жол: «Біз байғұсты алдайды бара тұр деп»- қалпында орын теуіп, өз алдындағы екінші тармақ соңындағы: «бара тұрып»- дегендегі «бара» сезін орынсыз қайталау тудырса, соңғыда: «бара тұра деп» орнын «бері отыр деп»- иемденген. 8. Әуелгіде: «Төрт орамал шетіне түйдім анар»- деп берілсе, «шетіне» сөзі кейінгідегі 1170- папкада орын алғанымен, 1177, 1178-дің екеуінде де ол сөз: «бұрышына» деп өзгертілген. 9. Біріншіде: «Қожаңменен Ұлбике ойнап күлсең»- деп өрістесе, екіншіде «Ұлбике» орнын «бас қосып» иемденген. 10. Әдепкіде: «Бала едің өзің тәуір, Ұлбике ақын, // Көрмес, білмес кісідей тілің тиді»-делініп, алғашқы жол қызды мақтауға арналса, соңғыда жігітті аша түсуге бағындырылған: «Пірлі, мұртты кісі едік, ай, Ұлбике.» 11. Бастапқыда: «Дәретсіз жан иманға қосылмайды»- делінсе, осындағы «дәретсіз» орнына кейінгінің 1170- папкасында: «тағатсыз», 1178-де «шыдамсыз», «1177-де «сабырсыз» берілген екен. Біз «тағат» сөзінің соның алдындағы тармақта да орын алуын ескеріп, қайталау тудырмас үшін «сабырсыз» сөзіне ат басын тіредік. 12. Бұрынғыдағы төртінші тармақ: «Не малдан, не бастан кем өсерсің»- делініп, өз алдындағы ұйқас құраушы жолдар аяғындағы: «елдесерсің», «теңдесерсің» сөздерімен ұйқасу, үйлеуін тудырып тұрса, екіншіде ұйқас құраушы сөздер өзгеріп кеткен. Мәселен аяққы жол: «Мал мен бастың бірінен кем боларсың»- деп алынып, онысы өз алдындағы аяққы сөздер: «ел боларсың», «тең боларсың»- дегендермен үндесуімен ерекшеленеді. Біздіңше, бүл екі нұсқаның бірін артық, бірін кем санамай, әрқайсысын өз орнында фольклордағы көп нұсқалық дәлелі ретінде қабылдаған жөн. 13. Әуелгіде: «Тәңірмен қашан, қожам, сөйлескенсің»- делінсе, соңғыда аяққы сөз «тілдескенің»- деп өзгертілген. 14. Біріншіде қожа атынан айтылған бір шумақ:

Сенімен жау болмағам, елдескенмін,
Бір-екі ауыз сөзбенен теңдескенмін.
Бір табан сенен гөрі жолым үлкен,
Бабама Әзірет Әлі сөйлескенмін,-

қалпында сап түзесе, бұл кейінгідегі 1170-папкада тап осылай қайталанса да, 1177, 1178-папканың екеуінде де қожа сөзі мүлде басқаша шаңырақ көтеруімен ерекшеленеді:

Атан түйе жарасар нар дегенге,
Айран-асыр қаламын жар дегенге.
Айтысқалы келіп ем тойларыңа:
«Ошақтыда ақын қыз бар»- дегенге.

15. Бастапқыда(В.В.Радловта): «Ажал жетсе, бір сақа дендетейін»,- деп берілсе, екіншіде (Мәшһүр - Жүсіпте) мүлде өзгеше: «Әмір келсе, Алладан демде өтермін!» 16. «Ұлбике, сіз дегенмен, біз дегенмен»- тармағымен басталатын 10 шумақ, яғни 40 жол, (Мәшһүр - Жүсіп реті бойынша: 19-28-шумак аралығы) В.В.Радловта мүлде жоқ болса, кейінгіде ғана орын алғанын еске саламыз. 17. «Көргенде ақ жүзіңді көркем дейді»- деп басталатын 4 шумақ алдында ғана көрсетілгендей, В.В.Радловта жоқ болумен қатар, Мәшһүр - Жүсіптің ертерек жазылған 1170-папкасында жоқ, ал 1177, 1178-папкаларда бар. 18. «Өлеңді білмегендер айып етер»- деген тармақпен басталған беттің (1177-папка, 72-бет) сол жағының жоғарғы қапталында Мәшһүр - Жүсіптің мына бір ескертуі көлденеңдеп жазылған: «Осылар - бір жерде айтысқан емес, әр жерде айтысқан сөздер. Мұнан басқа да коп шығар. Бізге келіп жеткені - жалғыз-жарым тамтыры.» 19. «Қожеке, шоқша қара сақалыңыз»- деп басталатын Мәшһүр - Жүсіптегі 24-шумақ В.В.Радловта орын алмауымен бірге, Мәшһүр - Жүсіптің де 1170, 1178-папкаларында жоқ, тек 1177-папка (72(37)6.) бойынша кіргізілді. 20. В.В.Радловта: «Батыраш, Әбділдаға нұрын төгіп»- делінсе, және ол Мәшһүр -Жүсіптің 1170-папкасында дәл солай қайталанса, 1177-де оның орнына: «Он сегіз мың ғаламның тұтқасы ғып»- жолы қоныс тепкен. 21. «Айтамын, айт дегенде, әуел айдан» басталатын 8 тармақ, Мәшһүр - Жүсіптегі рет бойынша есептегенде, 35-35- шумақтар В.В.Радловта мүлде ұшыраспағанын еске саламыз. 22. Бұрынғыдағы: «Айтамын айт дегенің, қожам, дүрсің»- тармағы соңғыда біраз өзгерген: « Қожалардың ішінде сен бір дүрсің.» 23. Әуелгіде: «Атасының аттары - Батырашты, // Анасының аттары - Абу Тәліп»-делініп, тарихта белгілі қаһармандар аттарын қате қолдану, шатастыру орын алса, екіншіде бұл түзетілген: «Ғабдолла, Батырашпен бір туысқан, // Ғалы атасын сұрасаң, Әбутәліп.» 24. Бастапқыда: «Ішінде осыншамның атам - есен»- делінсе, кейінгіде: «Шайтан қашар бойыңнан, «Алла»- десең»- қалпында отау тігілген. 25. Ұлбикенің әке-шешесімен таныстыруына орай берілген Мәшһүр - Жүсіп түсіндірмесі сол 1177 папкадағы 73(38)- беттің сол жақ қапталында орын алған: «Қожаның әкесі ақын болса, мұның әкесі де, шешесі де ақын, бір жасы ағалығы болды.» 26. Әдепкіде: «Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар, // Шудасы шөгіп жатса, шаңға батар. // Сыймаған тілі аузыңа ақын болсаң»- түрінде алынса, соңғыдағы бастапқы екі тармақ мүлде басқаша: «Он түйме өңірімде қатар-қатар, // Соның бәрін шешем деп, басың қатар.» 27. «Қай күн суық болғанда дария қатар»- тармағымен аяқталған Мәшһүр - Жүсіптегі рет бойынша 46-шумақ, В.В.Радлов бойынша 51- шумақтан кейінгісі, жоғарыда атап өткеніміздей В.В.Радловта жоқ та, кейінгі бөлімі, бұған дейінгіден анағүрлым ұзақ бөлігі тек Мәшһүр - Жүсіпте орын алған. Сонымен бірге дария қатуына орай айтқан қожа жауабындағы қателікті Мәшһүр - Жүсіп сол 1177-папка, 73-бетінде арнайы ескерткен: «Қожа бұл жерде мейлінше адасты, оның сұрауы судың қатуы емес, басқа нәрсе еді.» 28. «Қоймаймын қыз дұшпанға күлісімді»- тармағынан кейін Мәшһүр - Жүсіп 1177жэне 1178-папкасындадамынабір түсініктемесін енгізген: «Хазірет Ғалы кәрімалла ұжыһа - бір жасанып тойға бара жатқан қыздардың басынан асыра оқ атқан екен: «Еркекті бұзатұғын, жолдан шығаратұғын - осылар!»- деп. Ол өзіне тоқтау салып, сабыр қылғаны болса керек.» 29. Осы сөздерге байланысты Мәшһүр - Жүсіп мына бір түсінікті арнайы жазған: «Көз күлісіп ойнайды, құлақ сыбырласып ойнайды, мұрын иіскесіп ойнайды. Тіл сөйлесіп ойнайды, қол қысысып ойнайды, аяқ айқыш - ұйқыш салысып ойнайды. Қарынға қарын жабысып, шапанның екі өңіріндей қабысып ойнайды. Ауыздан ауыз сүйісіп, жөні келсе, ұят жері с...іп ойнайды. «Сегіз ойын»- солар екен де, бәрі де бір бас; екі емшектің сүйкімділігі бәрінен де аса қымбат.»- дегені екен. (Негіз: 1177- папка, 75(40)6.) және 1178-папка, 256(149)6.) 30. «Достар салған қожаға тіл тигізіп, // Кесір болып жүрмесін бастарыңа»- деген тармақтардың ізінше 1177-папкадағы 76-бетте Мәшһүр - Жүсіптің мына түсіндірмесі орналасқан: «Қожаға ашуы тиіп кеткендігі сондай: қарғады ғой, Ұлбике қыршын жасында өледі.» 31. Ұлбикенің: «Ит екен ішпес астан үміт етер»- сөзіне байланысты Мәшһүр - Жүсіп түсіндірмесі: «Ұлбике - ау, тағы аузыңнан айналайын! «Жігіт халқы ит мінезді болады: ит ішпес астан дәметеді!»- дегені шын соз, хақ сөзі.» Қай сөзі жаман: сонда да осы сөзіне жаным риза болды. Бұл иттік басымыздан көп кешкен көкейкесті сөзі.» (1177-папка, 78(43) беттің оң қапталында жазылған).

Ұлбике мен Жангел айтысы.

Бұл айтыс алдында сан ескертілген Алматыдағы Ұлттық Ғылым Академиясы қолжазба қорындағы Мәшһүр - Жүсіптің өз жазбалары (1178-папка, 262( 152)- 264( 153)6.) және 1177-папка, 79-86 б.) бойынша әзірленді.

Шөже мен Балта айтысы.

Бұл айтыстың Мәшһүр - Жүсіптің өз қолымен жазылған екі нұсқасы алдындағы айтылған қолжазба қорында сақталған. Оның бірі - 1177- папкадағы (125-129 б.) болса, екіншісі -1178-папкадағы (267(156)-271 б.) мәтін. Екі мәтін басындағы Мәшһүр - Жүсіптің түсінік беруін және 1177-папка ішіндегі түсінікті - бәрін бұ жолы орналасу ретіне қарай мәтінмен бірге бергенді жөн деп таптық. Осы орайда Балта жеңілгеннен кейінгі Шөженің жоғарғы ұлықтарға шағымдануы 1177-де жоқта, тек 1178-де орын алғанын ескертеміз. Сонымен бірге әулеттік мұрағатта бұл айтыстың көшірмелері сақталған: Жолмұрат Жүсіпұлы (3-папка, 240-241 б. және 332-334 6., сонымен бірге 335-339 6.), Фазыл Жүсіпұлы (2-папка, 229-230 б.), Иманғали Маненов (3-папка, 167-169 6.)

Шөже мен Кемпірбай айтысы.

Бұл мәтін әулеттік мұрағаттағы: Фазыл (1-папка, 185-190 б.) және Жолмұрат (1-папка, 140-146 б.) көшірмелерін салыстыра отырып әзірленді. Фазыл мен Жолмұрат мәтіндерінде түрлішелік болған жағдайда әрі сөз қисынына қарап, әрі Жолмұраттың өзі бұ жолы жазба үлгіден емес, бір адамның жатқа айтуынан қағазға түсіргенін ескеріп, көбінесе алғашқы үлгіге иек арту жүзеге асқанын ескертеміз. Жолмұрат осы мәтіннің аяғында былай деп ескерткен: «Түбі, тегі - Нияз, Хасенұлы жатқа біледі екен, сонан көшіріп алынды.» Сонымен бірге әулеттік мұрағатта осы мәтіннің: Иманғали Маненов (3-папка, 81 б. және 242¬248 б.), Иманмәдіұлы Ғафу (253 б.), Иманбаев Омар (1-папка, 59-64 б.) көшірмелері сақтаулы екенін еске саламыз.

Шөже мен Қалдыбай айтысы.

Бұл айтыс жоғарыда ескертілген қолжазба қорындағы Мәшһүр - Жүсіп жазбасы (1177-папка, 101-102 б.) бойынша ұсынылды.Сонымен бірге әулеттік мұрағатта осы айтыстың Жолмұрат Жүсіпұлы көшірмесі (3-парка, 340-341 б.) сақталғанын еске аламыз.

Мөңке мен Опан айтысы.

Бұл айтыстың жоғарыда аталған қолжазба қорында Мәшһүр - Жүсіп қолымен жазылған екі нұсқасы сақталған. Оның біріншісі ертерек қағазға түскені-1170-папкадағысы (66-78 б.) да, кейінгісі - 1177-папкадағысы (109-117 б.) Сонымен бірге бұл айтыстың ең алдымен 1870 жылғы В.В.Радлов кітабында жарық көргенін ескеріп, әрі белгілі бір ауыз әдебиеті үлгілерінің ел арасына түрліше тарауын анықтай түсу үшін, әрі Мәшһүр - Жүсіптің тынбай ел аралауы нәтижесінде түрлі өзгерістерді біраз қамтығанын дәлелдеу үшін бұл екі үлгіні салыстыра сараптау қажет деп таптық. Бұрынғы нұсқада (В.В.Радловта): «Қолаң қара шашымның түбіл сайда» (Қара: «Ел қазынасы - ескі сөз». Құрастырғандар: Б. Уақатов, С.А.Қасқабасов, Қ.С.Матыжанов. Алматы, Fылым, 1994 ж., 577-580 б.)- делініп, соңғы екі сөз ұғынықсыздығы орын алса, кейінгіде (Мәшһүр - Жүсіпте) олардың орнын «түбі майда» иеленіп, ұғым нақтылана түскен. Бастапқыдағы «Қарқараңның ол үші шайда болар»- тармағындағы «шайда» сөзі тағы да ұғынықсыздыққа бастаса, соңғыда ол сөзді «сайда» ығыстырып, ұғым дәлдігі қайтарылған. Әуелгіде: «Руымды сұрасаң - Бағаналы»- түрінде келсе, екіншіде соңғы сөзден басқалары өзгерген: «Мен Арғын да, сен Найман.» Біріншіде: «Аманжолдың Наурқұл жиып келіп»- дегендегі «науырқұл» - түсініксіздік арқаласа, кейінгіде ол сөзді «ауыр қол» алмастырған. Әдепкіде: «Өлеңді айтып, Опаным, жөн өлерсің»- күйінде орын алса, соңғыда аяққы сөз: « жөнделерсің»- деп қоныс тепкен. Алғашқыда екінші жол: «Неге айтасың, ау, сорлы, белдігіңді»- делініп, аяққы сөз өзінен бір жол кейін тұрған төртінші тармақ соңындағы «белдігіңді» сөзін қайталауға ұрындырса, екіншіде мүлде өзгеше: «Кісендеулі жүргенің кемдігіңді.» Бұрынғыда: «Бәйбішенің баласы басын естім»- қалпында тұрса, кейінгіде аяққы сөз: «қоссам» түрінде өзгерген. Бастапқыда: «Сөйлер едің, жаяуым, күйің болса, // Шекең тола басыңда миың болса»-түрінде шаңырақ көтерілсе, соңғыда бұл екі тармақ біраз өзгеріске ұшыраған: «Сөйлер едің, жаяуым, шерің болса, // Сөз тастайтын аузыңа пірің болса!» Әуелгіде: «Қара өлеңнен екеуміз қажыспаспыз» - делінсе, кейінгіде аяққы сөз «жеңіспеспіз» болып алынған. Біріншіде: «Ойда орыс, қырда қазақ айдыннан тұрған»- түрінде өрістесе, соңғыда: «Орыс, қазақ - айдынынан түгел қорыққан»- қалпында қоныс тепкен. Әдепкіде: «Тентегін тебізі мен тыймайтұғын» - түрінде алынса, екіншіде «тебізі» дегенді «телісі» ығыстырған. Алғашқыда: «Жүгірткен сұм жаяуды таяқтағы»- делінсе, кейінгіде «таяқ» орнын «тамақ» иеленген. Бұрынғыда: «Сорлыға біздей қала сауап тағы»- тармағы орын алса, соңғыда «қала» сөзін «кәріп» алмастырған. Бастапқыда бір тармақ: «Біз жаяу» сөздерімен басталса, екіншіде «біз» орнына «бұ» енгізілген. Әуелгіде тармақтың алғашқы сөздері: «Әуелде көкте қазы»- түрінде қоныс тепсе, кейінгіде: «Әуелде өзі жалғыз» - қалпында берілген.

Біріншіде:
Қатты жұтып саумалды қандыңыз ба?
Қайбана боп ақылдан тандыңыз ба?
Өлең айтып сусаған, сорлы жаяу,

Қаныңды ішіп саумал алдыңыз ба?делініп, сауал қою түрінде өрістесе, соңғыда сауал емес, іске асыруға езі кіріскен қалыпта берілген:

Қатты жұтып, іш саумал, қандырайын,
Ақылыңды жаңылтып, тандырайын.
Өлең айтып, сусаған, сорлы жаяу,
Мен көзіңді шырадай жандырайын!

Әдепкіде:
Қатты жұтып саумал қанғым келді,
Тағы бірге Опанмен жүргім келді.
Елдегі есер қылық еске түсіп,

Опанның ақ төсіне мінгім келді – делініп, бірінші тармақ пен екінші, төртіншінің ұйқаспауына әкелсе, кейінгіде ұйқас та, ұғым да нақтылана түскен тәрізді:

Қатты жұтып, саумалды қанғым келді,
Қақ қасыңа, Опан қыз, барғым келді.
Елдегі тентек ойым ауып тұр ғой,
Ақ төсіңе бір мініп алғым келді.

Алғашқыда: «Аяғыма кигенім кебіс өкше»- қалпында келтірілсе, екіншіде «кебіс» дегенді «шоңқайма» ауыстырған. Бастапқыда: «Қыпра болып»- деп тармақ басталса, соңғыда оны « күні кеше»- сөздері алмастырған. Біріншіде: «Жарықтық анасынан туғандағы» жолы берілсе, кейінгіде «анасынан» орнын «арыстан боп» иеленген. Әдепкіде: «Қара өлеңге келгенде жөнелемін»- деген екінші тармақтың соңғы сөзі өз алдындағы ұйқас құраушы: «түйелімін» және шумақ аяқталымындағы: «жиенімін» сөздерімен онша ұйқаспай, үйлеспей тұрса, екіншіде «жөнелемін» орнын «жүйелімін» игергенде, ұйқас толымдығы қалпына келтірілді.

Алғашқы мына бір шумақ:
Балқын көл, салқын көл мен қызыл қурай,
Жас басыңнан көп жортып кез ортадай.
Атың менен берейін тоныңды алып,

Тамыршыдай келдің бе мені сұрай –
қалпында отау тіксе, соңғыда айырмашылық баршылық:
Балқын көл, салқын көл мен қызыл қурай,
Жас басыңнан көп жортып, болдың сұмырай.

Атың менен берейін тоныңды алып,
Сүйек қуып, келген болған, тамыршыдай.

Әуелгіде: «Опанға , жалғызым - ау, бермейін деп»- қалпында ірге тепсе, кейінгіде «жалғызым - ау»- дегенді «жалғыз тал қыл» сөздері алмастырған. Бұрынғыдағы: «Олай айтқан сөзің жөн дегенің, // Желіп жүрген жайсаңың мен дегенің»-жолдары екіншіде біраз өзгерген қалыпта берілген: «Желіп жортқан жайсаңың мен дегенің, // Өз сөзіңді тағы өзің жөн дегенің.» Бір шумақтың екінші, үшінші тармақтары бастапқыда: «Желіп жүрген жайсаңың мен емес пе? // Жылқыңды шаршы түсте оттатпайтын»- деп алынса, соңғыда сәл басқаша: «Желіп жортқан жайсаңың мен емес пе? // Жылқыңды тыныштықпенен оттатпайтын.» Енді бір шумақтың 2,3,4,- жолдары біріншіде: «Біздің өлең ол айтса қайда жатыр? // Өлеңді айта Бер Мөнек ақын, // Жарасынан Жекем жаман жатыр.»- түрінде өрістесе, кейінгіде ол тағы да көп өзгерген: «Біздің өлең есепсіз толып жатыр. // Өлеңіңді айта бер, арсыз сорлы, // Сойып салған сақтаулы соғым жатыр.»

Бұл айтыстағы соңғы шумақ та екі нұсқада түрліше келтірілген. Біріншіде:
Аяғы ұры құлдың қара қақпан,
Ұры құл бұ қақпаннан пайда тапқан.
Еліме ермек болсаң мен барармын,

Сенен құдай сақтасын бала тапқан.
Ал, екіншіде тағы да біраз өзгеше болуымен ерекшеленеді:
Ұры құл аяғында қара қақпан,
Қақпанмен қарғып барып саған шапқан.

Пайдамды жұрт алдында өзіме бер,
Кешегі балаң қайда менен тапқан!
Түбек пен Жамшыбай айтысы.

Жоғарыда сан мәрте ескертілген Қазақтың Ұлттық Ғылым академиясы кітапханасы қолжазба қорында сақталған Мәшһүр - Жүсіптің ертерек жазылған 1178-папкасындағы (239(141)-242 б.) және кейін қағазға түскен 1177-папкасындағы (120-124 б.) жазбалары салыстырыла отырып әзірленді.

Ұмсын мен Заман қожа айтысы.

Жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр - Жүсіптің өз қолымен жазылған екі нұсқасын өзара салыстыра отырып (1178-папка, 243(143)-249( 146)6.) және 1177-папка (82-89 б.) әзірленді. 1. 1177-папкадағы 83(48) беттің сол жақ қапталына көлденеңдеп мына ескерту жазылған: «Құран кітап - араб, парсының тілі. Өзім бөтен жұрттың тіліне өмір бойы түсіне алмадым. Ғылым, білімді қазақ тілінен алдым. Осы Заман қожаның сөзіне қатықтай қатып, сүттей ұйыдым. «Періштенің сұрауы керде болады.»- деген жоқ, «Сират көпірі»- деді. Аузына Құдай салған. Біздіңше, Мәшһүр - Жүсіптің «түсіне алмадым» дегенін сөзбе-сөз ұғынбай (себебі ол атамыз аталған тілдерді жақсы білген), қанша білдім деген адамның басқа тілдегіні түсіндіруде қиналуы мүмкіндігін осы орайда ескерткені деп түсінген жең болар еді. 2. 1177- папкадағы 84(49)- беттің оң жағында көлденеңдеп жазылған Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Қожадан - қыз ақын. Қожа талай жерде қалбалақтап сасып қалды. Қыз қожалығын сыйлады ма, болмаса өзінен дәмелі ме, ажарына қарай берді.»

Мәшһүр - Жүсіптің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастаны.

Бұл дастан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» кітабы (Астана, Фолиант, 2002 ж.) бойынша әзірленді. Ол кітапты құрастырып алғы сөзін жазғандар: М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ежелден ел арасында көп нұсқалы болып таралғаны белгілі. Бүл жырлардың басым көпшілігінде қыз Баянның әкесі - Қарабай да, Қозы әкесі -Сарыбай болып алынса, бүл екі есімнің Мәшһүр - Жүсіп нұсқасында орыны ауысуы да сол көп нұсқалық, алуан түрлілік нәтижесі деп есептеген жөн. Жырдың тақырыптық, жанрлық өзгешеліктерін зерттеуді мамандардың болашақ іздену өрісіне қалдыра отырып, бүл тұста Мәшһүр - Жүсіп нұсқасының өз бояуымен жетуін ескеру керектігіне назар аудартқымыз келеді. Біздіңше, жырдағы сөз, тармақ қайталаулары фольклор стилін, сарынын аңғартса, соның бәрін Алла құдіреті идеясына бағындырып отыру Мәшһүр -Жүсіптің өзіндік ақындық стиліне жақындататынын ескеру қажет.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙