TELEGEI

Home

Бұйырмаған балмұздақ

Мөлдір Дарханбаева

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бұйырмаған балмұздақ

Ақынның бұл кітабына соңғы жылдары жазылған өлеңдері еніп отыр. Автордың жырларынан көңіл түкпірінде жатқан нәзік сезімдерді көріп, іштегі бұлқынған дауысты естуге болады. Лирикалық өлеңдер қыз жанының түрлі сәттерін көз алдыңа әкеліп, сезім суреттерінің үздік үлгілерімен қауыштырады. Кітап өлең сүйер оқырманға арналған.

Мөлдір ДАРХАНБАЕВА

БҰЙЫРМАҒАН

БАЛМҰЗДАҚ

«МЕРЕЙ» баспасы, 2015

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

І бөлім

Сүйеді екем себепсіз сырын таппай,
Сезім мынау не деген шырын, тәтті-ай?!
Қашан енді көктем боп ораларсың?
Жүректі шырылдатпай...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сенің дәптеріңнен...
1-өлең
Тынық түн...
Ұйқы арбаға мінгестің бе, қылықтым?

Тағы да Айдан жолдаймын...
Жадау-өлең, сынық-мұң...
...Кілтін қайда жасырдың?
Жүрегіңе жол ашатын құлыптың.

Ойлай сені шарасына сыймаған
Жанарымнан сыр ұққың...
Жанын түсін,
Ғашықтықтан ғаріп болған «тіліктің».

Сұр сағаттың сыртылы,
Жетті жүдеу қиял-күштің бір түні...
Бейнеңе еріп жұлдыз-бағын кеземін
...Ұйқы тағы үркіді.

Қою түннің қойынына сыймаған
Бәлкім саған менің күйім күлкілі...
Тымық мезгіл, сәтте ессіз
Сағыныштың түр-түрі

Ортаға алып тағы аямай сілкіді...
Түсінерсің мені елігім бір күні...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

2-өлең

Алтын айым,
Мен тағы сенделемін...
Осы ма еді, шынайы шер дегенің?!
Бір-ақ минут шалыншы жанарыма

Жұтаң жанға сол болсын берген емің!..

Гүлденбейді өзіңсіз бұл әлемің
Халімді ұқшы,
Булыққан бұла менің.
Өзің болсаң тас атқан тағдырымның

Тебіне шыдар едім.

Байқадың ба?
Маңым-от, жалын-іргем.
Жоқ қой оған бірақ та, жан үңілген.
Мейлі аңғарма, елеме, салма назар,

Айнымаймын өзіңнен бәрібір мен...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

3-өлең

«Сәлем хат! Бастайын осылай...
(Демеу бер тұнық Түн, қосыл Ай.)
Біліп жүр, ақ жүрек - қаламның
Өзіңе тартады «хошы» ұдай.

Кірпіктер айқаспай түн қатып,
Тосады бір бақыт.
Өлеңді «өзің» деп өрілген
Жүрмін тек Айға-ару тыңдатып...

Жүзіңді бір көрсем күн күлген,
Ұмытам мұңды үрген.
Көңілге бір сәуле түсір де,
Арылтқыз сұр күйкі-кірбіңнен.

Жаныңды қажытпай мұңлы әурем,
Барайық ертеңге бірге, «әулем»!
Төбеден төнетін қырсыққа
Қарамай, кешейік бір дәурен!!!»

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

4-өлең

Жүргеннен соң аруым мойын бұрмай,
Жүрегіме жол бердім шойын мұңға-ай.
Төзімімді тәрк еттім, түсінсеңші
Күйімді ойын қылмай.

Түн-періге айналдым, таң-құлына.
Жайымды бұл бермейді әркім ұға.
Несіне ендің елітіп, жүректі езіп
Қисапсыз тағдырыма.

Енді өзіңсіз өкпесіз өте ме күн?
Жүректі алып мұң баққа жетеледің.
Тынышымды ал, қинай түс, жанымды өрте
Бәрін де көтеремін...

Мейірімсіз күз құшқан қала таңы
Сағыныш лебін бойға таратады.
Жүрегімді тау-тасқа сан соқтырып
Ертеңгі күн именбей тағы атады...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

5-өлең

Мен ақыры жаныңа жол таппадым,
Аттап өтті бақытты кезең менен.
Махаббаттың мәуелі ортақ бағын
Өзіңмен кезем деп ем...

От сезімнің бет қарыр аптабы ұрған,
Сұлық түскен мән берер күйіме кім?
Ақ сезімге жүректен ақтарылған
Несіне иімедің?

Аруым-ау наз-көңіл, елік-қылық,
Сені ойлаумен тұғырым мың сілкінді.
Біле алмадым санаңда серік қылып
Жүрсің кімді?...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

6-өлең

Жаным сыздайды,
Сен неге ойламайсың мына мені?
Бір ғаріптің ішінде жүр әлегі.
Құрығанда салмадың көз қырыңды

Қимадың ғой сөзіңді бір әдемі...

Жаптың жаным иыққа сын шекпенін,
(Түн бойы Айға әйнектен сыр шертемін).
Қиялымнан өзіңді жіберер ем
Бақытты өмір сол жанмен сүрсең керім.

Басқаға бұрыла алмай,
Қазір келіп сен мені ұғынардай.
Күтіп жүрем үмітке үкі тағып,
Тағдырымның дәл сондай күні бардай.

Жаным сыздайды,
Суық ұрып кеткендей тамырымды.
Ертеңгі күн атады-ау тағы мұңлы.
Махаббаттың бір күні моласында

Сипап қалма мезгілсіз қабірімді...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

7-өлең

Мұз-кеудем
Санам-өрт, күз-көңіл,
Үмітте жүз көктеу, мың өлім.
Қайтейін қоспайды бізді өмір,

Мұны анық білемін.

Араны бөліп тұр үш адым,
Үш адым үш күндік сапардай.
Басқаның таңдадың құшағын
Өзімнен от алмай.

Ойран-ой,
Өңім-күл, түс-іргем,
Қиял-ақ біздерге ортақ үй.
Мұң-нота мезгілсіз түсірген

Жылысты жаныма жорта күй.

Сақалын салалап сабырдың,
Күш кеміп, жан азып, ес ада.
Сағындым... Сағындым... Сағындым...
Не шара?

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

8-өлең

Бал-қайғым, тұп-тұнық шыны-мұң
(«Жаным» деу ол саған сұр ұғым...)
Көңілді жас қылған шырайлым
Жүректі мас қылған шырыным...

Беймезгіл жолығар әр бейнең,
Алқынтқан кейде дерт, ал кейде ем.
Бір сенің әлпешің жетпеген
Ақ мұңға оранған әлди ме ем?

Санамды шырмаған – ұйығым,
Бір басын бұрмаған – биігім.
Жанарың жаутаңдап жалт өтер,
Жанымнан естілер жиі үнің...

Жаяу-Ай, сыланған жібек-түн,
Жүрекке жүйесіз жыр ектің.
Жазам хат, әй, бірақ жауап жоқ...
Үмітті арытып жүдеттің.

Жыл өтті. Жүрмеді кемем-кер,
Құр күту қос қолын кері ербер.
Көңілдің парағын бітірді
Соңы жоқ өлеңдер...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

9-өлең...

Күңгірт – күн, тізіліп моншақтай,
Өтуде. Ойларын жүз сүзген.
Үмітте кеудеме жол соқпай,
Адастым. Ізсіз мен...

Бойымнан байқалып ескі мін,
Сабырым отырды сазға тік.
Кетіпсің. Кешкісін естідім
Басқаның ошағын маздатып.

Шын отын жақтың ба басқаның?
Жүргем бе бейнеңе түкке еріп?
Сен жайлы жырланған дастаным,
Барады бүктеліп...

Қайтейін?
Мына өмір қатал-ақ,
Менің бұл шағылсын бір басым.
Жеке өзім сүйгенмен - махаббат

Отауын түсіндім, құрмасын.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Бұйырмаған балмұздақ

Қалай естен бұл күнді шығарамыз?
Бақыт деген осы да сірә, нағыз.
Болды мынау тосын сый түскен көктен
Суыды деп жүргенде шын арамыз.

Ғашықтардың таңдапсың «жалғыз» бағын,
(Елемей тұр қарайған тал, біз барын).
Әзіл-шын ғып алдында айта салған
Маған деген қолыңда балмұздағың.

Түні де бұл, КазГУ-дың бағы да әсем,
Қараңғылық дәл мұнда табы бәсең.
Айлы түнде есімнен шын адасам
Жайғасқанда, жалғызым, жаныма сен.

Дәл қасыңда өлген ой тірілді анық,
Тіл ұшымда тұр сезім тығындалып.
Балмұздағым байқалмай түсіп қалды-ау
Ойда-жоқта кеткенде діріл қағып.

Ашылуға ынтамен жүгінсекте-ей,
Ғашықтықтың бердік-ау жырын шеттей.
Бір-ақ сағат! Кездесу аяқталды
Әңгіменің мен күткен жібін сөкпей...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Қош...

Жазира-жан, нұр-келбет, сылқым-серім,
Ішің-жұмақ, шұғыла сыртың сенің.
Тұғырымнан талпынған тайып кетем
Қоштасудай тым қырсық сілкінсе мұң...

Жібек-мінез, жаз-көңіл, тұлғам-асыл,
Ендігі өзің өрілер жыр ғанасың...
Тағдырды емес, табалап талапты ессіз
Жүректе жас жазықсыз сырғанасын...

Жігітім-ау, кеудесі - дархан жазық,
Сезім-отпен қалдырдық жарты ән жазып.
Ізіңе еріп, ілеспей қалғаны үшін
Кетіп барад(ы) түсінем, арқамда жүк.

Жырым болсын қалдырған орамалым,
Келіп тұрып мен өстіп жоғаламын.
Қош енді, қош... Жұптаспай кеткен жұбым
Жоқ амалым!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

*** Санам – аш, жүрек – мұз, шаттық – аз, Шағымда мазасыз тұл – күнім. Сыйладың сиқырлы сәтті – мәз, Өмірдің өлмеген тірлігін...

Жарты шер, жарым мұң ілесіп,
Жүргенде көңіл – күз, қыс – ішім.
Таптың да жүрекке бір есік,
Жаңғырттың жалыққан күс ісін.

Шабыт-құс шарқ ұрып ұясын
Шарлады. Тосты оны тәтті-мұң.
Әп-сәтте ұсындың сый-асыл
Кешпеген бақытым тап бұрын.

Жаз күйім беймезгіл налиды,
Біле алмай алда өмір ортағын.
Сен деген уақытым – бар игі
Жоғалып кеткеннен қорқамын!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Көрмейін десем, көзім бар...

Жанарым жасқа толы,
Сенделтті әурем, қасқа.
Ұмытып тастап оны
Бастасам дәурен басқа.

Сағыныш жаншылап жүр,
Кеудеме бермей тыным.
Қиыны – қамшылап жыр
Байланды «сен» дей тілім.

Жасардай сүйікті «ерлік»,
Қуандым көзге ұрынсаң.
Бір сені кейіпкер ғып
Арнаған өз жырым сан.

Тұрса да сарқыла құт,
Сезімім тарқамаған.
Мен келем жарты бақыт
Жарты мұң арқалаған.

Күн сайын самала боп,
Сыртыңнан жүрем есіп.
Ал сенде шара да жоқ
Қолпаштар «түрегесіп».

Шын ұқпай әлі мені,
Жүрсің-ау жөнге келмей.
Алдымнан ары-бері
Өтесің «көр» дегендей.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Өртенген көріп сені,
Ұғады күйімді кім?
Сезімнің теріп шерін
Сезіндім қиындығын...

Тағы да ақыл, жүрек арпалысы,
Бұл баста жөнді ой жоқ, талқан іші.
Бергенше өгейсіте өтінемін
Сезімнің сорлы қылған тарқа күші.

Сенделген сені ойлаумен сиық мынау,
Қабаққа жайғасқандай күйік қырау.
Адасқан ақ теңізде ақ жүрекпен
Халімді көрмейсің бе сүйіктім-ау?

Кірер деп өң бойыма әлі-ақ шырай,
Тәңірден жүрмін сол бір тағат сұрай.
Тастаған жүректі ұрлап жапан түзге
Кезіккен қапияда қарақшым-ай.

Демеймін бұл сезіммен кем күрестім,
Келсе де қарсы тұрдым «селді көшкін».
...Ендігі күндерімде күлкі қашқан
Бір өзің келмей ешбір сергімеспін.

Қалмасын десең бағым қысқаланып,
Келесі күніме өзің нұсқа бағыт.
Жүр десең, тау тасыңа қaрамаймын
Қолымнан ұстап алып...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сен тағы да
Есіме түстің бүгін,
Ұмыттырып өмірдің күс тірлігін.
Бәрінен де жалтарып,

Сен сыйлаған
Сал сезімнің тәп-тәтті құштым мұңын...
...Тағы ашты «түс» түндігін...

Мүсіркеген таныс түн,
Ай – әдемі.
Таңып берген жүректің «таяды» емі
Қайта дертке шалдықтым,

Әй, қара түн!
Ұрысшы маған!!!
Содан соң ая мені...
Қажытты ғой жанымды ой әлегі...

Ызғарлы түн,
Мейлі ессін мұңлы лебін,
Содан соң сен,
жанымды тілгіле мың,

Асау арман бағынсын, бағынбасын
Айнымайды өзіңнен бұл жүрегім.
Осы ғой бір білерім!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Тағдырға табынамыз!
Кетсек те бір даңғылдан табыла біз.
Бәрібір өмірге өкпе арытылған
Қалады артымыздан қалың арыз.

...Моншақ мұң біз осылай тағынамыз!..

Көндігеміз,
Өтпейді күндеріміз ендігі егіз.
Қырсыққан қыңыр мінез тағдырды бұл
Қалайша сезімге ессіз сендіреміз?

...Бізге енді бұйырғаны шерлі лебіз...

Бағынамыз,
Тәңірдің тосын сыйын тағы ұғамыз.
Айтылар артымыздан кім біледі?
Соңы жоқ солғын тартқан жарым аңыз.

... Қалдық па мұң шәлісін жамыла біз?..

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Ішіңді жалмаған от,
Әр сөзі тал жара боп,
Отырсың сыр аша алмай.
Егіліп жылай да алмай,

Қинайды шыдасаң да-ай
Боп қалды бұлай, қалай?

Жанардан тамшы танбай,
Бір сөзің жаншып алды-ай.
Сан сұрақ тұр санаңда
Ойларың борандайын.

Көз алдың тұмшаланған
Құлақта жоғалғай үн.

Ғайып боп үміт те, арман
Күйің бұл құрықталған.
Вулкандай атыла алмай,
Қалдың ба шын егіліп?

Көрерсің даты қандай
Өмірді сүре жүріп...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сағынуға болмайды,
Сағынбауға, тіпті де тиым салам.
Беймәлімін білемін күйім саған.
Әулекілеу сезімге әуреленген

Әумесерлеу халім бар,
Дәурені өлген...
Сені ойлауға әйтеуір бейім санам,
Төңкерілер жай таппай миым содан...

Аңсауға да болмайды,
Аңсамауды сонда да шектей алмай.
Әуезді үнді әуеге тек қия алмай,
әуестігім артады, алабөтен

сен деп соғып,
бұл жүрек қала ма екен?
Қалауыңа ренжіп шет қиянда-ай..
Шорт үзілген сезімді септи алмай...

Сен деп соғып бұл жүрек қала ма екен?…

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сүймесем де сүйгендей кейіпке еніп,
Ең сүйкімді сөздерді жиып беріп.
Жүре аламын жымиып жаймен ғана
Алдыңа биік келіп...

Жақсы көрмей, ешқандай еміренбей,
Рөлге кірем сөзіңе «ерігендей».
Алдамсытып әрнені шығам сосын
Жол таппай шегінерге-ей...

Шын иланып сенесің маған анық,
Бірақ жұмбақ ортада бар аралық.
Есің кетіп жүргенде қапияда
Қаласың жараланып...

Бұл қыз мүлдем ұнатпай сүйте берер,
Болмаса да ғаламат сый кенелер.
Өліп-талып, өртеніп сүймесем де
«Сүйіктім» сүйкене бер!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Мен сені сағындым, жүдедім,
Кездесер сағатты тіледім.
Тұтқын боп тулаған жүректің,
Тосыннан тапсаңшы бір емін.

Көңілді шаттықтан гүл көміп,
Жайнатшы жанымды бір келіп.
Қарамай өмірдің сынына,
Барар ем өзіңмен бірге еріп...

Жылысты жүрекке жаңа мұң
Сағыныш торында қаламын.
Міз бақпай күтемін, маған кеп,
Кадалар бір күні жанарың...

Кім ұқсын көңілдің қайғысын,
Береді Күн-қайрат, Ай-күшін.
Тағдырды ұқтырған өзіңнен,
Бұл жүрек қалайша айнысын?!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Қанаты күйген періштем...
Жапырақ жауды, сарылық көміп айнала,
Күз заңға бақ тұр қамығып, көніп байлана.
Кешқұрым тербеп, ескі мұң келбет көрсетті,

Тұрмайсың енді, сағынып келіп жай ғана.

Сап-сары сұлық дала тұр күймен көріскен,
Көңілде жүзді шала түн мұңмен келіскен.
Жоғалтып алған, тоналтып алған беймезгіл
Қайдасың қайда қанаты күйген періштем?

Татып келемін жаңылыстардың азабын,
Кеудемде менің сабылысқан мұң, азалы үн.
Самала желмен, ән ала келген кейіпкер
Сен үшін тарттым сағыныш зардың мазағын.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Таппай емін,
Ғашықтықтың дертімен,
Оттай керім
Көктен күй боп шертілем.

Жаным жылыт!
Жаураған бұл жүректі
Сағындырып,
Жүрген жалын өртім ең...

Мен күтпеген
Сезім нұрға шомылып,
Сен тіктеген
Қалдым сеңге соғылып.

Жылы таңы
Атар-ау деп жалғанның
Жылытады
Жанарымды шоқ үміт...

Арылтқызбай
Кеттің күйкі-кірбіңнен,
Қарып мұзға-ай,
Қоярыңды кім білген?

Әлі мынау
Жүрегімді жаралы
Жарығым-ау,
Жаза алмастан жүрмін мен...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Жүректі-айқыш
Аялаусыз шер көміп,
Жүдеп байғұс
Жылап жатыр сенделіп.

Айып қылсам
Кешір, жаным мені бұл
Айықтырсаң
Болмас па екен сен келіп?..

Үнсіз кеттің...

Үнсіз кеттің өзіңнен жоқ хабар да,
Жел көңілің маған кеп тоқталар ма?
Жүрегіңді қақпанға түсіретін
Жолда Баян білемін көп Қамар да.

Сымтетік те сыр күтіп «дір» етпеді,
Жанарыма сағыныш гүл еккені.
Маған жетем дегенде қағып жолда
Кетті ме екен Жайықтың Жібектері?

«Бара ма?» деп, «сезімің жанса, әріге»,
Қорқып жүрем деп «бір шоқ қалса, әлі де...»
Қорқыныш пен сол толқынысымды
Хатың келген өшірді таң сәріде...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Мен сен, сен мен үшін

Мен сен үшін
Ойларыңды ораған құйыннанмын,
Қасыңдамын бірақ та қиырданмын.
Тәтті мұңдай тосыннан төніп келіп

Қуаныш боп кеудеңе құйылғанмын.

Сен мен үшін
Жұлдызымсың түнім де жымыңдаған,
Кейіпкерсің жүректен жыр ұрлаған.
Сен арқылы қуат ап күн көзінен

Жүдеу жаным дәл өстіп жылынбаған.

Мен сен үшін
Күлімдеген көркіңе өң беремін,
Өмір жолда төрт құба дөңгелегің.
Санаңды кеп сабаған сырқатыңмын

Тек өзімнен ақиқат, емделерің.

Сен мен үшін
Құпиялы қорғаушым, оққағарым,
Қайығымсың ала алмас «сотқар» ағын.
Көңіліме көктем боп орнатылған

Шабытым сен, ақ парақ, от қаламым...

Мен сен үшін
Сүйіктіңмін, ана-әпке, қарындасың,
Бақытыңның қаладым қабырғасын.
Сен мен үшін тәңірдің сыйы болып

Тағдырымда тосыннан табылғасын.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Біреулердің жүрегін өртеп, тіліп,
Бір кездерде өмірін ертек қылып.
Көңіл құсын, ал кейде тұнжыратты
Менменсіген мендегі тентек қылық.

Жұмақ жанын талайдың «езгілеген»,
Үміті ұшқан сұрай бер, кезді менен.
Бал сәтіне басқаның балта шапқан
Мендік жүрек жүгенсіз, озбыр ерен.

Жүрегімде жүрсе де талас ұзақ,
Жұртқа әсілі көп салдым қара сызат.
Маған деген сезімің шалқып тұрса
Жүре бергің, жігітім, жарасыз-ақ...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Төртеудің байланысы

Таң шапағын іліп ап кірпігіңе,
Терезе алдын мекендеп тұр күніге.
Мені ойлаған көңілден Күн түспеген
Шаттық шоши берді ме, күлкі үріге?

Мүлде көнбей уақыттың ырығына,
Мұң бөрісі ішіңнен ұлыды ма?
Жағажайда жай тұрған жүрегіңді
Жауапсыз ғып тастады-ау ұры мына?

Санаңда сөз мен жайлы сап құраған,
Ал бұл сендік ойдағы «пәк бір адам»,
Сәл ертерек сезімге оратылып
Өзге жанның жүрегін ап құлаған.

Тек сол үшін тентіреп не түзде мен,
Жарлы жанға дәл сендей ем іздегем.
Күн жарықта зар болып бейнесіне
Түн жарымда ұйқымды сегіз бөлем.

Жүр үміт тор тоқытып білем бекер,
Аш сезімді түртеді түлен бетер.
Махаббаттың күйдірген сутегісі
Жүрек-жырды бақытпен кім емдетер?

Көз байланған алдымыз тұйық па еді?
Асау аттай армандар иікпеді.
Мен ұнатқан адамның сүйгені бар
Ол сүйгені – өзгенің кейіпкері.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Осыны өмір оқытар қай дәрісті ал,
Кімнің кімге? Білмейміз қайда құштар?!
Сезім жібі көктеген сәтсіз көрпе
Төрт бұрышты адами байланыстар!!

Жүзіңе арай ұшыраспай апталап,
Тоңып жүрмін сағыныштан күн-серім.
Қиял-құсқа арман байлап ақ қанат
Ұшыртпайды көкейдегі күлше-мұң.

Көңіл көзі көп іздейді дәруін,
Шоқ жанарым тұтанбайды жер шұқып.
Аш өмірдің тек сіміртпей бар уын
Тасып салсын қаныма-арыс берші құт.

Күте-күте күс-күс болған желге өңі,
Жанарда тұр жаумай қалған бір жаңбыр.
Қайғы асықты құлатуға мендегі
Сезім құйған қорғасын бар құлжа алдыр...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

*** (Фариза Оңғарсыноваша)

Бұл жырлар төгілмес еді,
Мұң зәрін ішпеген болсам.
Сезімім өрілмес еді
Орыңа түспеген болсам.

Мен өстіп жыламас едім,
Жанымды ұғынған болсаң.
Бұл күндей ұнамас едің
Алдыма жығылған болсаң.

Мен бұлай кішірмес едім,
Жүректі таптаған болсаң.
Сүюді түсінбес едім
Сені анаң таппаған болса...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Жаралы жүрекке

Отырсың ба екен тұншығып?
Күңіренген сол деміңе бүгін.
Жаныңды да асау түн сығып,
Күйзеліспенен егіле, күнім.

Көңіл сыздарын кіл сырып
Тастайтын да жоқ емі де бұның...

Өзің-ақ оймен жасаған
Жоғалды кенет жарасым бәрі.
Жүрегің қайғы қашаған,
«Аққуын атып» аласұрғаны.

Сезімнен таппай аса мән
Сағыңның осы шала сынғаны.

Жасырынып сол күлкің де,
Соқпай жүр бәлкім, құлқың адамға-ай.
Сыймайсың жерге бұл күнде
Ашуың әсте бұрқырағанда-ай.

Бақытқа жету мүмкін бе?
Алдымен өстіп бір құлап алмай...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Білмеймін...

Елірмеген ес кетпей тұңғиық кезім,
Елес боп күндей еңкейдің.
Соқтауылдай сүлбеге сыр құйып сезім
Жағалап жүрек өңкей мұң.

Жеді жанды желігіп күнбе-күн шері
Жүрекке жасап «аң өткел».
Сүйіп жатса сүйкімдім, кімде кім сені,
Жағасын алған әм өрт дер...

Шеттен шықты сені іздеп оймақтай жүрек,
Жолықшы жақұт жамалым.
Кеттім бе екен, жұтаңдап ой бақпай жүдеп?
Күлім де қақпай жанарым...

Күтіп сені көз салам көкжиек қарап,
Бейнеңді іздеп түсі аппақ.
Сүрінсім бір сол елес кеп сүйеп қалад
Алады сосын құшақтап...

Біле алмадым кеттім бе ауысып естен?
Ғажайып сезім соңында.
Махаббатым сағыммен қауышып ескен
Білмеймін бағым ба, сорым ба?

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Тағы да сізге

Сағындым сізді...
Өксігімнен үздігіп,
Көктем едім кеттіңіз ғой күз қылып.
Қыр басында қалып қойдым қапы қап,

Тұмарым боп түзгі үміт.
Сіз… сіз жоқсыз, сондықтан ба өңменнен,
Барады өтіп ызғырық.
Дер кезінде ұқпаппын

Енді тұрмын сізді ұғып.

Келмейсіз бе?
Бақта күтем, мұң-серік.
Көңіл құсым жалғыздықты тұр шегіп.
Өткен уақыт еншісіне жазылған

Барасың-ау, күмілжіген күн сөніп.
...Мен тұрмын, келер деп сізді
мың күдік боп, мың сеніп.
Тосқан мынау тағатсыз

Сенімімді кетті қайта түн сөгіп.

Елесіңіз әне, әне
сол бір тұста тағы тұр.
Жете алмадым әттеген-ай
Жел әкетті қағытып.

Таңдайымда тұрап қалған
өксік жібі ағытыл.
...Түсінбеймін, қаптап неге кеттіңіз?
Сағыныштың қамытын.

Тереземді қақты міне, тағы түн

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Ұзақ болып кеткен бе?
Ататұғын ертеңгінің таңы тым.

Сағындым сізді...
Түсіп кетіп қиыры жоқ тереңге.
Елесіңізге ерем де...
Жасырынасыз

Өзгеден бе, менен бе?
Айқайлаймын атыңызды
Сіздік құлақ керең бе?
Бейнеңізге ұшыраспай бетпе-бет

Қалам тағы...
Қайтем енді, көнем де.
Бойлап алып жүрегімді шағын мұң
Күндер жылжып өте берер ағыла

Сізді ойлаймын тағы да...

Сағындым…

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Көнбесең де, көнсең де

Қадамымды аңдаған,
Жылы жауап тосудан еш танбаған.
Сезіміңе таң қалам.
... Бір түсірген еңсеңді езіп, көнсең де

Көнбесең де бірбеткейлік тән маған.

Сезіміңе сенім беріп, өш қарып,
Мені қанша тос талып.
Сенің орның көнбесең де, көнсең де
Артық емес достан ұқ.

Тек өмірің кетпесінші босқа ағып.

Кім күтіпті мұндайды?
Мендік жүрек «қош» деп қолын бұлғайды.
Бақытыңды көнбесең де, көнсең де
Басқа сұлу жырлайды.

Күнің өтер менсіз жалғап жылға айды.

Қабылда да жырды үзік,
Шын өмірдің шуағында жүр жүзіп.
Көнсең де сол көнбесең де күнім-ау
Тағдыр кетер өз дегенін жүргізіп.

Ережесін көрген екен кім бұзып???

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Мен болып...

Мен болып сені күзетті түнде Aй қарап,
Жүзіңде нұрлы Күн болып жүздім тайғанап.
Іздеген сәтте, сағынғаныңда аяулым
Көрпең боп жаттым аймалап...

Мен болып сенің қолыңды қысты басқалар,
Ізіңде жаттым, ілгері аттап басқан әр.
Күнделік күнім, аңсағаныңда ес кетіп
Жастығың болдым жастанар...

Мен болып саған таң туып, түс кеп, кеш енген,
Мені сен шай ғып сораптап жұттың кесеңнен.
Аптығып айым, ауғанда алқым аңсарың
Көрпешең болып төселгем...

Мен болып самал бетіңді сипап өтер мың,
Мен барда жанға жабысып жатпас көкем, мұң.
Көңілің кетіп, көксегеніңде күйзеліп
Кереуетің боп көтердім...

Мен болып саған қанша көз сырттан сұқтанар,
Мен айтты де үнді бағыштап саған шыққан әр.
Жүректе менен жататұғын бір жалтылдап
Ең болмағанда шық қалар...

Бұл күніңнен де мен болып бір жан құтқарар...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Неге?

Неге маған сыйлайсыз сіз ғана мұң?
Сезбейсіз ғой жүректің сыздағанын.
Адам түгіл ай, жұлдыз, күннен де бұл
Өзіңізді өлердей қызғанамын...

Тек сіз дейді шағын жыр, шағын әнім
Тоқтамайды шабытшыл ағын, арын.
Білсеңіз ғой мендегі ұлы күшті
Білсеңіз ғой мен қалай сағынамын...

Жүрек шығард үздіксіз іздейтінді
Дәл осылай іздепті үзбей кімді?!
Көңілімді күпті ғып, жаныма анық
Қандай адам салыпты сіздей тілгі?

Неге маған сыйлайсыз сіз ақ қайғы?
Махаббатым жүректі сызаттайды.
Сіз бармайтын батылдық, жауапсыздық
Алып-ұшқан көңілді тұзақтайды.

Шыр айналып мен жүрмін жыр алаңын,
Жаныма бұл табылмай бір амалым.
Өзіңіз деп от болған жүректі бұл
Қалдырмаңыз арманда сұранамын...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сүйеді екем...

Өлеңіме өзіңді тиек етем
Басқа жаннан осылай күйе ме екем?
Ордасына ойымның басып кірген
Мен өзіңді мәңгілік сүйеді екем...

Сүйеді екем сұрамай ешкімнен де,
Сүйген жанға жарытып ес кірген бе?
Елең етіп тұрамын анадайдан
Есімің естілгенде...

Сүйеді екем себепсіз сырын таппай,
Сезім мынау не деген шырын, тәтті-ай?!
Қашан енді көктем боп ораларсың?
Жүректі шырылдатпай...

Сүйеді екем жасырып, ақтарылып,
Қабырғасын сананың таптап, үгіп.
Сүйеді екем өзіңді шексіз, шетсіз
Сезімді баптап, ұғып...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сезімнің түсіріп ап еңсесін мен,
Күнәға батырдым ба белшесінен?
Жоқ! Бірақ қасиетінен қыздың аттап
Алдыңда қалай күнім мен шешілем?

Сүйдім де, сағыныштың сілкінісін,
Сезініп тыныштығым үркіді шын.
Барымды бағыштадым, мені бір сәт
Шаттыққа жетелейтін күлкің үшін.

Даусыңды естігенде өрт ап, талып,
Жүрегім қайта соқты тоқтап қалып.
Көзіңе түйіссе егер жанарларым
Бар сырын іштей ғана төкті ақтарып.

Жаныма қайғы кірпі ине сұғып,
Бара ма нұры тайған күйге сіңіп?
Сезімнің ұйығына түскен мені
Қадашы жүрегіңнің түймесі ғып.

Миялы махаббаттың парығын ар
Көңілге мұң шұқыған дәрі қылар.
Сұраусыз саялаған санама бұл
Сүйіспеншіліктің де жарығы бар...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Соңғы рет саған

Толғанбаймын сен жайлы ендігәрі
Жалын сезім, от ұшқын сөнді бәрі.

Жүрек жарлы ақылдан жекеленді
Қиналғаным осынша жетер енді.

Таптаса да көңілді бүгін қайғым,
Мен өзіңе қайтадан бұрылмаймын.

Сұрамаймын сүйдім деп сонша нағып?
Жүрсе-дағы бұл жүрек поршаланып.

Жыр жазбаймын өзіңе бұдан былай,
Бағыштап та жатпаймын дұғамды ұдай.

Енді қайтіп еске де түсірмеймін,
Алдыма кеп тізерле, кішір мейлің.

Сені ойлаудан сенделіп, бас тартамын,
Бәлкім келер безген түн, қашқан таңым.

Сен туралы өзгеге сыр ашпаймын
Қаперімде қалса да құлаш қайғым.

Шегі бар ғой түсінсең шыдамның да,
...Орны қалар әй, бірақ шырамның да...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сені бір көрсем тарылар тынысым менің,
Шомылдырған ақ сезімге ырысым ба едің?
Өзің тұрғанда жүректе салтанат құрып
«Жер жаһандағы жігіттер құрысын» дедім.

Сүйген жанымды жүр жалаң күрсініс емдеп,
Тамырыма да құйылды бір шыны шер кеп.
Естісең жаным жүректі елегізіген
Тынымсыз талмай соғады дүрсілі сен деп.

Білмеппін сенсіз сенделер құнсыз күн барын,
Есімді айырып жанымды үнсіз тырнадың.
Берекемді алған бейнеңе бетпе-бет келсем
Сөз таппай сөйлер іштен-ақ тілсіз тынғаным.

Сезім – атаулы байқаусыз жабысты ұрыңыз,
Жүректі бойлап жетуге жарысты бір із.
Махзаббатымның шектеусіз маздауына еркін
Жетіп-ақ жатыр дәл осы таныстығымыз.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Мен бүгін сенсіз күнім сенделемін,
Қар басқан Алматының көшесінде.
Атымды есіңе алып сен де менің
Жалт өткен жабырқау мұң кешесің бе?

Айқайлап Алатауға ақтарамын,
Сілкінткен саған деген сырымды асау.
Ақиқат ащы мұңға тапталарың
Сені ойлап мендік жүрек шырылдаса-ау.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сіз...
Тағы да көп нүкте...
Қиыры жоқ қиял ғана ендігі.
Тағдырымызға көндік пе?

Қайда қалды махаббаттың ерлігі.
Бірақ, бәрі белгілі.

«Біз», деп қою жазылмапты үтірді,
Төніп келді леп белгі!
Бес күн жалған бетімізге түкірді
Сірә, сезім екеумізге тек келді.

Бәлкім, бақыт жек көрді.

Бұйырмапты ештеңе
Қойды тағдыр қап-қара кеп нүктесін.
Күнді- күнге жалғастырған көш -кеме
Депті «шаттық күтпесін!»

Біздік сезім тұрмады ма түкке, шын?

«Біз?» дедік та сұрақ қойдық үмітпен,
Бір болуға ынтығып.
Бақыт көшке өзге жандар іліккен
Ал біз... көзге қала бердік мұң тұнып.

Жай ұмтылып, ұмтылып...

Екі түрлі алды жақша бүгінде,
Бір тырнақша бұйырмапты шіркін-ай.
Бұл өмірден түңілген
Сезіміміз қалды даусы шырқырай.

Дәл осылай өтесің бе бұл күн-ай?...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Ұмытқам сені...

Ұмытқам сені...
Сары күзде былтырғы.
Жапырақ боп үзілгенсің жүректен
Қуанышы аз, қайғымды алып мың түрлі

....Содан бері жыл өткен.

Жаңбырдайын жасым болып төгілдің,
...Мен қалғанмын жеңілдеп.
Қарауытқан бұлттарын көгімнің
Әкеткен-ді жел үрлеп.

Бар ашуым найзағай боп жарқылдап,
Шыққан-тұғын кеудеден.
Дала біткен бір ғашықтан зар тыңдап
Берген дәру жараға сол кеулеген.

Жерге түсті жапырақтың біріндей,
Қайран сезім сарғайып.
Бұрқыратып-білінбей,
Болып еді-ау жүректегі саң ғайып...

Көңілдегі өзіне алып шерді-сыз,
Сарылыққа жер жауһарым апталған.
Сенің бейнең сенгісіз
Жыл құсындай тым жыраққа аттанған.

Сезім-сырым жанарымнан тамшылап,
Су боп аққан жылғадан.
Өшіп солай сен лаулатқан шам-шырақ
Артта еріксіз жыл қаған.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Енді ешқашан ол туралы жырламан...
Себебі ұмытқам сені...

Күндегі саз... қайталап түн-сыбызғы,
Мұң жамылған сығалап тыңшы бізді.
Қалың оймен бүк түсіп жатырмыз-ау
Қиял бойға сіңердей тылсым ізгі...

Сендік ой мен мендік ой көп кеңесіп,
Дәру іздер сан сағат дертке нешік.
Кірпіктер де қауышпай қатаяды
Бірі-бірімен қалғандай өкпелесіп.

Армандар-ай ініне «аш тығылған»,
Күйім құрсын пері-түн қастығы ұрған.
Көз моншағын көлдейін тұрған сүртіп
Болмадың-ау артық та жастығымнан...

Түн-таспада ескі күй, көмескі мұң,
Менің жаным сол күймен егесті мың.
Айдың солғын өңінде жазылып тұр
Жүрекке ерке мәңгі күш еместігің...

Күндегі саз... қайталап түн-сыбызғы,
Алып болды сәні ұшқан тыншымызды.
Жазмыштың бұл дұрыстап иірімеген
Арамызды байқаусыз ұршығы үзді.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

*** Сезсе де, Жанарым жанарыңа қадалмасын. Кезсе де Тұлғаңды төрткүл жерден табалмасын. Күтеді қу жаным, Күтеді бақыттың туғанын Елесің еліктіріп тағы алдасын.

Білсем де,
Сағынбаудың керектігін,
Жүр сенде
Баяғы ерек күнім, бөлек түнім.

Кеудем бір бос бөлме,
Күтемін қия алмай қош деуге
Жоғалтпай сағынышым өр екпінін.

Тәңір-ай,
Бұл неткен сезім еді өшпейтұғын,
Қарымай
жанымды тапса деймін еспей тыным.

Жо-жоқ болмайды,
Жоғалсаң жүректен сол қайғы
... Сағынам жөнге келмей ес дейтінің.

Үніңді,
Құлақ түрем табам деп мың дауыстан,
Тілінді
Сені іздеп жан-жүрегім мұң қауышқан.

Елесің дес бермей,
Көңілді күйзелген ескермей
Телміртіп сағынышқа қылды-ау дұшпан...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

...дедің бе екен?

«Көңілсіздік. Жаралы жүрек бүгін,
Қаралы күн. Дәл мұны тілепті кім?
Мынау тағдыр шаттыққа шырмап тұрып
Қапияда тастады күреп мұңын.

Жансыз-жүрек жай ғана тірі еттімін.

Байланбаған бойдағы ерік қалып,
Сүйдім ғой мен өзіңді өліп-талып.
Мынау өмір сенімен сұлуланып
Ес жинаушы ем алдыңда еріп барып.

Енді маған қара бұлт төніпті анық.

Бақытым деп жүргенде құшқан мұным,
Бой көрсетті қоштасу-«мыстан», бүгін.
Бал шақтарым сәтсіздеу маған сонда
Танытты ма тағы да іш тарлығын?

Қонбайсың ба қайтадан ұшқан гүлім?

Бұл жалғанда шаттық аз, керім де кем,
Жолдарым-ай адасқан менің бөтен.
Қақ ортада кезіккен жігітті ана
Ұнатуың мен үшін өлімге тең».

Қайран Н-ымай осылай дедің бе екен?...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Өзің жайлы өзгеге жақ ашпаймын,
Бір-бірімен өтсе де жараспай күн.
Сезім торын сілкуге қуат таппай
Құты қашқан халіме қарасты-ай кім?

Біттім күнім, тұтанып тынып іштен,
Қайғым болдың бейуақыт үріп ішкен.
Қалауымның қанатын қиып тастап
Қу басыма тұтқынның күні түскен.

Болмайды енді білемін оңды бәрі,
Ыстық сезім өртейді, тондырады.
Жалын атқан жауапсыз жүрегіме
Қайтем жаным, келмейді көнгім әлі

Ой күзетіп, сен жайлы санам бағып,
Отырамын бейнеңе сан арбалып.
Махаббатың тәтті әрі кермек жасы
Барады әне, жүректе тарамданып...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Күндеріңіз өтсе де мағынасыз,
Көндігесіз, көнесіз, сағынасыз.
Жат адамның жүрегін толтырамын
Кірісіңіз басқа қыз қамына сіз.

Телефонды кінәсіз сан ұрасыз,
Әлі де көп айтасыз шағым ә, сіз.
Ойламаймын дейсіз де күйзелгенде
Байқаусызда әп-сәтте сағынасыз.

Ертең солар қайтеміз гүл шоқтарын,
Арнамаса бұл өмір мың соқпағын.
Қаламайды-ау тағдыр да түсініңіз
Жүректердің мәңгіге бір соққанын.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Жүрекке есімің қашалған,
Сен жайлы ой санама сіңіскен.
Дертімсің дәрусіз қашаннан
Өлеңім өзіңнен сыр ішкен.

Жас ала тыңдасам мұңлы әуен,
Ойлансам отырып тым терең.
Білерсің санама күллі әдем
Тек саған айтар сөз тіркегем.

Басымды бөтен ой бұза алмай,
Таласқа түспейді сезе дәл.
Тұрғанда тамырын күз алмай,
Жаныма жарығым, тез орал.

Қайтейін, жырымды жас алған
Болмай тұр тумыстан тең бағы.
Жүрекке есімің қашалған
Тегіңді өзің жаз кел-дағы!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Телефоным тым үнсіз құлақ түрем,
Санамда жүр шапқылап сұрақ кілең.
Титтей затқа соншама телміртердей
Шын әккі ме ең?

Халіңді айтшы кімдерден сұрап білем?!

Жараспады үн-түнсіз жоғалғаның,
Алдан тосар деуші едім зор арманың.
Білем, білем айырып тоғыстырар
Жол алда мың

Бір күні іздеп маған да қонар бағым.

Телефоным әдейі міз бақпады,
Қайран жүрек барады мұздап тағы.
Көбейеді күтумен көңілде ессіз
Жүз даққа әлі

Сонда да арым сен салған ізді ақтады.

Жалғандықты сезім-ай кеш ұқтырған,
Байғұс басым мұң отын кешіп тынған.
... Жо-жоқ тоқта, телефон қуат бітіп
Өшіп тұрған.

Тарс-тарс...
Жалт қарадым, сенбісің есікті ұрған?!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Мен сені ұмыта алмай...

Мен сені ұмыта алмай,
Жүргенім үшін-дағы жек көремін.
Ойыма ораласың текке менің
Күлкімде күрсініс бар күмілжіген,

Мұңымда шаттану бар... Жетпегені.
Бейнеңе ұшырассам
Қиыла кетпе дедім..
Осым үшін жаратпай сөкпе мені...

Мен сені ұмыта алмай,
Мінгесіп кемеге арман араладым,
Татпаған тәтті шақтың бал аралын.
Көктеген сәтсіз сезім сұр кестеден

Санама сіңіп кетті-ау сары ала мұң.
Байланған қалың-жіпсіз жүрегімді
Деп босқа қаламадың,
Келмейді табалағым...

Мен сені ұмыта алмай,
Жүргенім үшін-дағы аямағың,
Жасырып жасап жүрме жай амалын.
Білерім, көңіліме отау тігіп

Ойыма сарай салып саяладың.
Мен сені енді қалай ұмытамын?
Күн-керім, жұлдыз-жүрек, ай-адамым.
Қалайша, қалай енді?

Өзіңді ойлмауды қоя аламын.

Мен сені ұмыта алмай...
Көрсетші, ұмытудың түрі қандай?

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Өте шықты сары ала күз дегенің,
Өкінішті, сен мені іздемедің.
Ал мен ше?
Жай таппай көңіл-құсым

Соқпақ жолды сен жүрер жүз көремін.

Жанарыма шалынса қара жігіт,
Сәуле тарап санамда жанады үміт.
...Әттең әккі қиялға тағы алдандым
Сағынышым санамда қалады ұлып.

Шырын мұң бе ең беймезгіл тілеп алған?!
Қыр соңыңнан қалмайды тілек-арман.
Сары бақта отырмай енді іздеймін
Ұйпа-тұйпа бораннан, күре қардан.

Өте шықшы жанымнан,
Жылдам басып.
Жүрегімді лақтырып зынданға ашық.
Өте шықшы, шабыттың шоғын көсеп

Бір түйір жырға алмасып...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сүйесіз бе, сүймейсіз бе? Белгісіз.
Күліп алдан шықпайсыз ғой енді сіз.

Жадырап та жолықпайсыз жай ғана,
Жанарыңыз өтпейді енді тайғанап.

Тағы да сіз... келбетіңіз кетпейді
Танытасыз жылы жүзді текке игі.

Махаббаттың теңізінде телегей,
Мен тұрамын, сіз кетесіз елемей.

Өзімсініп мені өзекке тепті үміт
Көңілімді дариядай етті күп.

Ұнатасыз, бұл да сірә мүмкін бе?
... Ойды қайтем, самғап барып іркілген.

Тым жақынбыз, сонда да алыс аралық,
Жүрсіз бекер мені әзілден ада ғып.

Жанарлар да шағылыспас ендігі,
Қайда ғана жоғалдыңыз белді ұрым???

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Түн-тұмар, Ай-алқа, жыр-жұлдыз,
Сен менің түсімсің алдайтын.
Аспалы бақта анау бір жүрміз
Қайтара бармайтын.

Біздерге қиялым бір кеме,
Ал сендік ой-тілек сан сақта.
Қапаста қалдыр да, «жүр» деме
Сағынтып, сабылтып, шаршат та.

Жарығым, қуатым таусылды,
Өзіңді аңсаудан күш кеміп.
Естимін неліктен даусыңды?
Тек қана түс көріп.

Ай-алқа, жыр-жұлдыз, түн-тұмар,
Сені ойлап кеш күлген күй құрсын.
Мына жыр өзіңе, түртіп ал
...Басқаға оқи сал, сый қылсын!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Саған бірінші және соңғы жыр

Жоқ өзіңді өткен соң борай сынау,
Кеткен жоқ ең маған да сен де сіңіп.
Соңында кеп кешірім оңай сұрау
Сұрадым, көр кешіріп.

Ұнаттың ба, білмедім шын мәнісін,
Түн ойланып, жүрдің бе қиялмай күн?
«Сенің атың санамда тұрғаны шын»
Білесің, дей алмаймын.

Әрдеңені, әрқалай алдамсытып,
Жылжып жатты қызықсыз күн ілгері.
Қабағыңды анада қалған шытып,
Жаздың ба бүгіндері?

Мені көріп жүзіңнен күлкі тамып,
Тұрушы еді мұңайттым текке неге?
Сол күндерден жалғыз түп жыр тұтанып
Қалдырдым, өкпелеме!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Жоқ енді...

Жадырау жоқ, мәз-мейрам шаттану да,
Қыс-пойызда бал тамған шақ қалуда.
Найза-аяздан қорғаған сезім гүлдер
Аяусыз тапталуда...

Кешегіні жоқ енді өткенді ұғу,
Телефонға тынымсыз жоқ телміру.
Күңіреніп күз келді, бітті-ау бәрі
Жаз-жайнау, көктем-күлу...

Бар жаралы көңілдер ортаймаған,
Тұсың-тұман, шарпыған өрт-айналаң.
Қоштасудың ақыры қыңыр күйі
Жолықты қорқа-ай маған...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Ақ шаттық сыйлаған ақ патшам
Сұр күнде ұсындың аппақ шам.

Арқаңда меңіреу күй бұздым,
Лезде ақ бақыт кигіздің.

Ақ құба сәуегей сезім кеп,
Таратты тал бойға тез «індет».

Мен саған сыйласам шат көңіл,
Өмірдің өзі де сәтте бұл.

Лағыл-мұң тап келсе сын-ебіл,
Дауасы махаббат біле біл.

Іңкәрлік адалдық ізгі әгі,
Райысқа жеткізер бізді әлі...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Маздаған махаббаттың сиқырлы емі,
Кигізді ойда жоқта теріс кебін.
Балауыз ақ сәбидің кейпіндегі
Кінәлі періштемін.

Жағымсыз жапалақтай күй келгенде,
Сергелдең күлді өмір халді нұсқап.
Құзға кеп сезім-төре итергенде
Арыңды шаң басында қалдым ұстап.

Бүгінде тұтанып жүр үміт әлсін
Мұңаям, аз қуаныш, тек күлмеймін.
Сен мені бір күндері ұмытарсың
Мен сені... ех, білмеймін.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Сезімге хат

Табаламай-ақ өтерсің үкілі Сезім
Біздегі жүрек қайтеміз талпынып тұрса.
Қабылдатқызғың өмірдің үкімін өзің
Жанарымыздың ақ ұшқын жарқылы ұқтырса...

Мөрмен басылған табиғат заңдылықтарын,
Бұйырма айыпқа ап-ашық ілмесек көзге.
Махаббатта асау біздегі жандылық барын
Ескер! Ал бірақ қадірін білмесек төзбе.

Қарасақ болды алауға айналатұғын
Ұғарсың өзің біздің көз жанармай өпкен.
Сыңарын сыңсып, іздеумен Ай қарап ұлып
Қанша жүрек жаяулап, жана алмай өткен.

Бізсіз-ақ мейлі, тосқан түн, қашқан таң өтер,
Ләззат алумен «сезімдей» керім ұғымнан.
Заңдылықты да табиғи тас-талқан етер
Біздер шығармыз, ақ қанат періңе ұрынған.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Көңіліңнің көшесінде босқын-мұң,
Үй алдында бақытыңды тостырдың.
Махаббатың маза таппай «үйленді»
Көршісіне «көшкіннің».

Кебежесін арқалаған ақ сезім,
Жақын көрдің жақыныңнан жат сөзін.
Қарақшы-мұң шағып кеткен шамдарын,
Үмітіңді жақшы өзің.

Терезеңе телміреді қыз-бақыт,
Жүрегіңнің төр бөлмесін мұздатып.
Бір рет құшқан бақытыңды ренжітсең
Бал күндерді құзда күт.

Жан дүниеңнің даңғылында кезген мұң,
Етегіне оратылдың езді ердің.
Махаббатқа құрақ ұшып, асыр сап
Тез кетіп ең, тез келдің.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Шын сезімнің қалды ма серті іркіліп?
Бақыттылар бағына жерлеп мені.
Өз-өзімнен бөліндім еркім құрып
Бір-ақ сілтеп қолыңды сен кеткелі.

Шаттықтың да дос болған ізі суыт,
Бұл күйіме жан жоқ-ау алаңдардай.
Елесіңе еремін жүзі суық
Қолдан келер айлалы амал қалмай.

Тұрар мені сол елес баққа тартып
Жанарымда жатталған жан келердей.
Отырармын жүректі жатқа ақтартып
Сен өзгемен жүргенде бал-кемеңде-ей...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Білмеймін таң арайлы атпақ қашан?
Түстім кеп өз еркіммен батпаққа сан.
Сен маған жалын болып келші жаным
Өмірден шырақ ұстап, от таппасам.

Бойда күш қалған сәтте әл тұралап,
Алдын-тор, ойды алғанда артын-абақ.
Сен келіп шомылдыршы ақ шаттыққа
Кенет те қуанышқа алты қанат.

Сәтті күн қойды есігін жалған ашып,
Қайғы да әлсіз күпті жанға машық.
Жаныма сен тезірек оралмасаң
Кетпейді ісім де өніп, алға басып.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Керегеме бекініп, биік арман
Себелетті сезімнен шуақты нұр.
Ғажаптығын ғаламның жиып алған
Жүрегіңді жүрегің ұнатты біл...

Ақылыма алапат мұң үрлеген
Санадан да сексен қат өтті ұнауың.
Ақ дидарың ақ күнгі күлімдеген
Жиілетер жүректің соққылауын

Есеп берер өзіме шарам жоқтау,
Сезім деген достастым «бақсыменен».
Айтайыншы, болса да саған жаттау
Мен сені... жақсы көрем!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Ақын жанның сүймеген кезі мұңлы,
Жұптыларға қызғана көз үңілді.
Мен жетектеп келемін жамау-жамау
Сұр көшемен адасқан сезімімді.

Келер күнге бос үміт артам қалай?
Болатұғын жырға арқау жан таңдамай?
Өлеңім де сезімсіз семіп барад
Қол ұстасқан жандарға жаутаң қарай.

Шағыл, сұрғылт күндерде қиын-қыстау,
Қате бәлкім бал сезім күйін нұсқау.
Күйбең тірлік, соғыс-сын ортасында
Шабытым да қап қойды қиыр тұста-ау.

Бұлай әлі ғұмырды неше сүрем?
Өлең-бақта сезімсіз несі есірем?
Көлеңкеммен әзірге жүре тұрам
Жалғыз, жарты адамдар көшесімен...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Махаббатта ерекше жасын барын,
Кекіліне өмірдің жасырғанын.
Сен ұқтырдың сүйіктім әп-әдемі
Аппақ таңнан жасалған асыл жаным.

Сарыуайымға су септің бұрын құрған,
Мыңжылдықтан қаланған мұңым құрбан.
Күреп қарын көңілдің жайландырдың
жүрек барын сен болдың ұғындырған.

Біз жеңбейміз білемін бұл өмірді
Қуанышқа бояп ап жүр өңіңді.
Жаным, жаным, кеудемнен жұлып алып
Бақытыңа төсеймін жүрегімді.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Мені ойла

Будақ бұлт төбеңнен телмірсе,
Еркелеп қойныңа жел кірсе.
Ай-аққу бұртиып біраз күн
Кейіпке оралса теңбілше.

Мені ойла...

Аппақ таң ажарлы «сәлем» деп,
Құстар жыр оқыса мәнерлеп.
Көңілдің кірбіңін шайдырып
Түсірсе жүрекке ән өрнек.

Мені ойла...

Арудай ақ тамшы мөлдіреп,
Құштармен сүйгенде жерді кеп.
Тұлпардың дүрсілін айнытпай
Салғанда себепсіз төл жүрек

Мені ойла...

Тағы да қуантса сезім бұл,
Тағы да жұбатса төзім дүр.
Маңырақ ойлардан құтыл да
Мені ойла...

Бірақ та өзің біл!!!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

ІІ бөлім

Ақылыңды алып, өзегінен де өткелдің өтіп,
Өмір жорықта жоғалман.
Өзің атаған есіміңді ақтап, Мөп-мөлдір етіп,
Өлеңге жазсам жоқ арман.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Төмендетпей қарсы алдан жел екпінін,
Аспан құйды төбеден шелек мұңын.
Біреу мендей дәл осы тағдырды да
Өткеруі басынан керектұғын.

Бұл өмірді мен емес сұрап алған,
Жасаған да жоқ едім сірә, қолдан.
Мен болмасам біреуді дәл осылай
Тосып алар еді ғой сынақ алдан.

Мың оралды аяққа жаза етегі,
Білем тағдыр мұны да аз етеді.
Қыр соңымнан сабылған қайғы үйірі
Біреуден де қалмауы қажет еді...

Иығыма салмағын артып әр күн,
Көрсетеді бақыттың жарты қалпын.
Жан жүйкесін жұқартар әркімдікі
Өз қайғысы өзіне тәтті бәлкім...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Күздегі жапырақпен сырласу

«Ғұмыр кештім жайқалып алты-ай ғана-ақ,
Енді бойдан барады әр тайғанап.
Сарылық бұл - кәрілік күзде құшар
Жаңаруға келер жыл, «жантайды» алап.

Қыс та анамды босатты бір сынатып,
Сосын мен де біліндім бүршік атып.
Жарық дәурен жазыпты жарты-ақ ғұмыр
Күз-қылышпен енді өзі тұр сұлатып.

Күз -ақыры заңыңа құлақ асам,
Мен жапырақ болам ба құламасам?!
Өкініш жоқ ендігі топырақпен
Мәңгі бақи бақ құшып құдаласам».

Иә, қалыпты құбылыс үзілгенің,
Бұтақ-шеше ұзатты қызын керім.
Жер-жарыммен өмірлік үйлендірер
Қашан келер, белгісіз күзім менің?!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Заман зиянкесі

Жүрек пен тас білмейміз айырмасын,
Кетті отпен ар мәні шайылғасын.
Қанмен келген қазақи қасиеттің
Көркі көшті көр болып Саинда сұм.

Мөлдір судай таза еді қан бұрында,
Енді өрілді арсыздық паң бұрымға.
Бұрын-соңды бетсіздік боялмаған
Бүгінгідей Сейфуллин даңғылында.

Рахат үшін аямай «күшік» төлем,
Қыздың құны кетіпті түсіп төмен.
Әдепсіздік әлемі белең алып
Іргемізге енуде ісік терең.

Ойланбастан ортада ашып сауна,
Жасалуда тәнге бұл ашық сауда.
Ғасырлардан құйылған қанға адалдық
Қазағымда қазіргі нәсіп сау ма?

Қалдырмады жастардың желік түгін
Сайтан сүлік сорғаны еріктігін.
«Мінемін» деп «есектің еріне» кеп
Құлдыратты қапы да елік құнын.

Қайда барар заманым жеккен түйе?
Қайда барар елемес дертке еңкейе?
Қашан енді ес кіріп, ағарады?
Бүгінгі ұрпақ таңба ғып бөккен күйе...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Ұқ дегені...

Қанша жан бар болмаған діттегені,
Жоспарының көп жолда бітпегені.
Күл-талқан боп мақсаты маналардың
Тағдыры кеп тосын сый тіктегені.

Қанша жанын мұң жеген жұрт келеді,
Жайсыз тиген жалғанның жүктегені.
Қу дүниенің тамыры талайларды
Жуан соғып, оңдырмай жықты емені.

Қанша пенде болдырып, бүктеледі,
Қайсы тұрып, фәниден құт тереді.
Сұм сынақтар сындырып сағын көптің
Бұл өмірдің бой бермей жұтты елегі.

Қаншаманың кездесіп күтпегені,
Қойылды кеп қапыда нүктелері...
Махпуз осы меңіреу мұхитына
Жібергенді ескексіз құп көреді.

Бұл – өмірді өзің-ақ ұқ дегені...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Қайран қазақ футболы...

Талай күнді қазағым, кешіп келдік,
Футболдан да өзінше несіп тердік.
Добы түзу өзге елде ұшқандарға
Нөмірлерді бірінші шешіп бердік.

Қалыптасқан халық ек далада азат,
Билігіміз спортқа бар, ал аз-ақ.
Құраманың жейдесін кигендердің
Бірталайы, білеміз «жаңа қазақ».

Бостандыққа жеткенде ел ентелеп,
Добыңды да өзге ұлтты «төрең» тебед.
Тумалары шет жақтың, жергілікті
дарындарды келеді көлеңкелеп...

Басшылардың болжаған «Құлагері»,
Қарық қылмас ойынға бір әдемі.
УЕФА-ға енгелі, сараласақ
Артық голдың болмадық куәгері.

Жеңіліс дейтін әркез күтті-ай бөрі,
Келімсекке бәрібір, «құптайды оны».
Жанкүйерлер солардың байқап жүр ғой
Аяғына жүргенін «жұқпай» добы.

Біздің футбол бесікте, қырқында әлі,
Жиырма жыл, шешілмей тұр құндағы.
...Еңсемізді сонда да түсірмейік,
Қазақ тірі тұрғанда мүмкін бәрі!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Бір тәңірім,
Содан соң сіздік – демеу...
Мініп алған жоғалды жүз күп, желеу.
Толастаған тым ерте тәтті күнді

Байғұс жүрек екеуміз, түздік дереу.

Құдай нұсқап, сіз айтқан әңгімеден
Жанды еріткен жылулық алды белең.
Көңіліме кіріккен кесапат боп
Күңгірт ойлар, тәуба артта қалды үдеген.

Сөнген үміт санамда сіресіп ап,
Түскенде алға қайғының «кресі» нақ...
Сіз... әйтеуір шықтыңыз жүректі алып
Иман құйып, ұстатып сүре-шырақ...

Сұрқай шерім алдымды бөгеп, тұсап,
Қойған сәтте тосыннан бөлек күш ап.
Сіз...сәтінде тәңірдің бұйрығымен
Жүдеу жанға жайдыңыз көмек-құшақ...

Бірінші Алла, сосын сіз...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

*** Жүректі іліпті қармақ қай? Бөлінді ойым мың тармаққа –ай. Сезімім бағынбай сенделіп Жөнелді жүгенсіз қаңбақтай.

Жазмышқа жанарым жалтақтап,
Жинады қайғыны алты-ақ қат.
Жегенім жап-жасыл сырт көзге
Шүйгінді шөп десем, жантақ, қап.

Бабымды көруші ем болаттай,
Қу жалған сын оғын боратты-ай.
Махаббат менменсіп мені бұл
Тастады жанына жолатпай.

Сандалып жібердім сан ағат
Шеңгелден шыққаным шамалы-ақ.
Тағдырдың табына бет түзеп
Тұлпар деп мінгенім шабан ат!

Жусаған жанымды жігерлеп,
Тар жолда тайғанап жүрем көп.
Шабыттың алғам ба есегін
Пырақ деп пайдасыз жүгендеп.

Жалған бұл жан-жақа жөнетсе
Оған да ойланбай көн өкше.
Тек қана табынтып қоймаса
Өзіне өкініш өлексе!

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Бәріміз бақ алып бармақтай
Тағдырдан тақ алдық таңдап қай?
Құдайым, сақтай көр бір өзің
Соғылар сеңіңнен аңдатпай...

Анаға сыр

Мен жүрмін ғұжынаған жырақта анау,
Қазіргі ой қапыда арып құлап қамау.
Тұрсам тік тыныс алмай тура ұмтылам
Сөзіңнен қанат байлап бір-ақ қадау.

Жан анам, келер-ау деп «ақпанға» әлім,
Шалғайға шалақанат аттанғаным.
Шомылып батаңа игі алып-ұштым
Бастауға тағдырымның ақ тармағын.

Әйнектен қала бердің қолың бұлғап,
Іш түйіп, алмаса деп «жолын былғап».
Тәңірге аманаттың жібін байлап
Дедің-ау «даңғыл тапсын торым, бір нақ».

Жүрсің бе, жолыма еліп әр таң қарап?!
Қажытты-ау жаныңды әлсіз тарпаң тағат.
Бапталып балапандай келе жатыр
Өмірін, уайымдама, қалқаң қалап.

Төбеттер қанатса да тұмсығымды,
Білдірмей басып озам дым сырымды.
Бой жетсем бәйтерек боп, тани алмай
Қаларсың, қара да тұр бүршігіңді..

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Автобуста туған өлең

Алматыдан Шымқалаға аттанған,
Автобуста ой парағын ақтарғам.
Санам сымға тізіп жатыр осылай
Үтірлер мен нүктелерін қап қалған.

Соноооу көктен жұлдыздар да жымыңдап,
Жатыр тосын бір арудан жыр ұрлап.
Түпсіз ойды тонағандай секілді
Мен де түссем көктен жерге біріңді ап.

Қара түнде дала жатыр мелшиген,
Құлазудан танбай, шіркін мен сүйген.
Жыр параққа түсіруге өзіңді
«Мен, мен» деген сөз құдірет өршиді ең...

Қалың қауым ұйқы көшке тізілген,
Көзімізді жоқпыз бірақ, біз ілген.
Автобустан бұрқыраған шаң қалса
Жыр түсуде ал менің бұл ізімнен.

Тұңған дала. Қарбалас жол үстінде,
Сондай сәтке мен де қызу түстім бе?
Ошағына жырдың ойдан от қойып
Бастадық па мүлде бөлек іс түнде..

Жолсерігім қолға шамын ұстаған,
Ал амалсыз қара терге түс қалам.
Мендік шабыт қара түнді қақ жарып
Зуылдаған автобусқа ұқсаған...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

*** Алыс жол. Автобус. Қос орын, Он төрттей алда әлі сағат бар. Әңгіме шоғын кеп көседің Өтірік-шыныңды ал, ақтар.

Байқаймын көзіңде жай ойнап,
Есіңнен еріксіз адастың.
Әрнені сөз етіп «жаяулап»
Сезімді «сығалап», әрі астың.

Жіггіттер жүз рет жүрегін,
Әркімге ұсынар, ол анық.
Салмақты көрінді бұ реңің
Ұяңдық рөлге оранып.

Жә, жарар! Болдың ба жағынып,
Жаста да емессің қырындар.
Тауды да қопарып, жар үгіп
Зор дәріс оқитын түрің бар.

Көздеген мекен-жай бағынды,
Қос тарап әкетті, мың ағын...
Бір күні звондап халімді
Егжейлеп туыстай сұрадың.

Қалайша нөмірім жүр, түге?
Жан-жақа жамырай жегілді ой.
Еее иә иә сымтетігімді де
Өзімдей ақтарған едің ғой...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

«Хал жақсы, рақмет...»
Аңғардым
Билеп тұр бойыңды зор сезім.
«Сәт туар әңгіме жалғар мың,

Қазірше, сау боп тұр!» Сол сөзім!

Үздіксіз смс ағылды,
Ұнатып қалыпсың, ойпырмай.
Сөздерің жүрекке жағымды...
Сонда да сенбейтін ой тұрды-ай.

Демессің «жылдам көн, тез ұғын»,
Жаныңа салам хақ қаяу, дақ.
Жол үстін оянған сезімің
Жүр ме екен жолда әлі жаяулап?

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Жанарымнан мұң арласқан қан тамып,
Жүрегімде жазды күні мұз қатып.
Жырым кетсе базарымнан жалтарып
Жаным мені құзда күт...

Жайлап алса көңілімді күпті өлең,
Жағдайымның келмегені түкке ебі.
Жағаға алып шықпаса егер құт-кемең
Жарығымның біткені...

Жайдақ жырлар жазып кетсем «еркі» өлген,
Жыртық-шабыт, жел-ұйқасқа үйкеліп.
Жалынсам да ұстап ал да желкемнен
Жардан жібер итеріп...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Тағы ауырды жұлдызым маңдайдағы,
Дауасы бар табылар қандай дәрі?
Бұлыңғырлық пердесін аша алмастан
Батты тастай жүк болып жанға-ай бәрі.

Тастасаң ғой түбінен бір бұрғылап,
Қажет екен ауадай құрғыр, бірақ.
Тар етіктей жанымды қажағанын
Айналама келмейді білдіргім-ақ.

Әлсіз ғана тұтанған шырақтарым,
Сығырайып тұра-тұр шыдап, тағы.
Күдерімді үзбестен келемін мен
Тәңірімнен тоқтаусыз сұрап, халін.

Өтіп жүріп торынан әр сүзгінің
Құдайым-ау қалдым ба халсіз бүгін?
Көзге оттай басыла берді неге?
Адамдардың алдында әлсіздігім...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Туған жер

Алыста жүрмін арбалып,
Сағыныш деген шырмауға
Аңсаған тілек жалғанып,
Жүректе жұмыр жыр лаула.

Өзіңнен артық бар ма құт?
Самалаң дертке шын дәру.
Түн-жұмақ, кеш-нұр, таң-бақыт
Күндізім – шат мың ырғалу.

Әр тасың жақұт гауһардай,
Суың да зәмзәм зор маған.
Жетемін ылғи жаутаңдай,
Шықсам да шалғай он қадам.

Ауаң да бойды балқытып,
Шаңы ыстық шекер жол қандай.
Ағашың өскен жалқы түп,
Мен үшін тайга ормандай.

Өзіңдей мекен сыңар-ақ,
Атауың ыстық мың өктем.
Жүреді ылғи сығалап,
Сағыныш сол бір жүректен.

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Қазақ

Небір қилы кешіріп зұлматты мың,
Жанарларды қаншама құрғатты мұң.
Етігімен от кешкен қыңыр дәурен
Өте шықты пойыздай зырлап бүгін..

Қазақ – тарих намысын ұштап өткен,
Ұрпақтардың бүгінін ұстам еткен.
Жауыз жоңғар, келеңсіз Кеңестің де
Бола алмаған білеміз қыспағы өктем.

Заман- дауыл сан саққа жөнетсе де,
Өз несібін «сүйрелеп» ел екшеген.
Қазақ – биік ұстады шаңырағын
Сексен сегіз сұрапыл сел өтсе де.

Қазақ – мамыр, гүлдеген ақпандағы
Сан езгіде сыр бермей тапталмады.
Қазақ – деген қобдиша кілті жұмбақ
Ашылмаған әлі де ақтаңдағы...

_________________________________________________Мөлдір Дарханбаева ______________________________________________________________________________

Әке

Әке,
Әлі де қырсық талабын айтар еркеңмін елік
Таппаған әзір бір серік.
Келе жатырмын жоспарын дұрыс ертеңнің өріп,

Алаңдамай еш жүр сеніп.

Ақылыңды алып, өзегінен де өткелдің өтіп,
Өмір жорықта жоғалман.
Өзің атаған есіміңді ақтап, Мөп-мөлдір етіп,
Өлеңге жазсам жоқ арман.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙