Ақ боз атты арулар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Биғайша Медеуова — «Ақ боз атты арулар». ЖАНСАЯ
/uploads/1f9041db-7621-569a-bb77-fba0f8ca8a00/cover.png
ЖАНСАЯ
( поэма)
«Біздің тарих ұялатын тарих емес».
Елбасы.
1-БӨЛІМ. ТІЛДЕСУ
(Алыста, баяу Сүгір термесінің сазы)
Жансая:
Халқым!
Аманбысың!
Иілейін!
Хор:
Көп жаса!
Көп жаса!
Көп жаса!
Жансая:
Азат,
дербес қалпыңа
сүйінейін!
Хор:
Тәуба!
Тәуба!
Тәуба!
Жансая:
Құрбандықтар
көп болды бұл күн үшін,
Бәрін айтып несіне
күйінейін?
Сүйінейін! Сүйінейін! Сүйінейін!
Хор:
Тәуба!
Тәуба!
Тәуба!
Жансая:
Қара қызың қартайды,
шашы ағарды,
Тазартты күн
шаң басқан шашаларды.
Ұлдарыңның ұстамы
мықты болып,
Өркениетті
Отанын жасап алды!
Хор:
Тәуба!
Тәуба!
Тәуба!
Жансая:
Халқым!
Халқым!
Ер Халқым,
Жоталы да!
Биік мұрат болады
Боталыда!
Дос сүйініп қарайды,
қас күйініп,
Тұлпарлар мен
Сұңқарлар Отанына!
Тудың мені Ұят пен
Арды ойлатып,
Қабағымда, не керек,
қайғы ойнатып?
…Эскимос пен Үндіске
қарағанда,
Отаныңның болуы
қандай Бақыт!
Хор:
Тәуба!
Тәуба!
Тәуба!
Жансая:
Байсалдылық және де
Биік Ұстам!
Алып шықты Ғасырлық
құйылыстан!
Алтын құрсақ Ұлтымнан
айналайын,
Көк туының астына
ұйығысқан!
Мұрагері Тұрандық
Замандардың!
Күркіреген Ғасырдан
нені аңғардың?
Жүз он төрт жыл
соғыстың жоңғарменен,
«Геноцидтің» бәрінен…
аман қалдың!
Хор:
Тәуба!
Тәуба!
Тәуба!
Жансая:
Халқым!
Соғыс ашып Ожданын
кірлетпеген,
Ынтымақпен жерінде
гүл көктеген.
Ұмтылысың ертеңге
қандай Ұлы,
Келбетіңе қараймын
Құрметпенен!
Бүтіндігін жерінің
сұрап тұрған,
Дербестігін мәңгілік
мұрат қылған!
…Бетіне Бүкіләлемдік
Марғаулықтың,
Сен емес пе ең
кеше тас лақтырған?
Желтоқсанда,
Сендерсің, аптап көрген,
Қаһармандық рухты
сақтап келген.
Дүниенің демократиялық
Жаңаруын,
Алматыда қазақтар
бастап берген!
Тәуекелге Ұлдарың
аяқ салды!
Ауыздықтап Отаршыл
Тояттарды!
Ақиқат сол – Нұрлы Ұлың
көшті бастап,
Дербес ел Құру Дәуірі
аяқталды!
Хор:
Тәуба!
Тәуба!
Тәуба!
Баба Үні:
Тәубе етемін осыған.
Байыптанам!
Байыптану – бұл күнде
лайық маған!
…Жансая, бұл сенбісің?
Кремльді…
Тұңғыш рет
Аналардың атынан
айыптаған?
Қарлығашым,
Лайықсың алғысыма!
Азаттықтың ұқсаттым
Таң Құсына!
Сені торға қамаған
билік құлап,
Ұшырады дәуірдің
Қарғысына!
Боталарым!
Қыздарым!
Жасындарым!
Желтоқсанда
жебе боп атылғаным!
Сен сөйлеші,
артқы ұрпақ біліп жүрсін,
Ең бірінші Сөйлеуге
Хақың барын!
Жаралғандай Дүние
таза арынан,
Таусылмапты жерімде
ана қыран.
Сен қазақтың әйелін
көргің келсе,
Ізде дер ем Жансая
жанарынан.
Ерлігіңді білмейсің,
шерлі балам,
Сен сөйлеген сәттер ол –
ел Жылаған.
Сол бір,
сол бір…жаралы жолбарыстай
Ақырып теңдік сұраған жүрегіңнің
Айқайларын естіртші,
енді маған!
2-БӨЛІМ.
ЖҮРЕК АЙҚАЙЛАРЫ
(«Қара бауыр қасқалдақ» сазы)
Жансая:
Бабам!
Елігер жаста емеспін
құр елеске.
Жүдемейтін халықпыз
жүдемеске.
Жүрегімнің айқайы
Қарабауыр
Қасқалдақтың
сазында тұр емес пе?
Бабам, Ерлік пе сол?
Буырқанған Ұлтымның Санасы ғой,
Әлі келем Санамда
таласып Ой.
Желтоқсан Ол – Халқымның
мұңды ашуы,
Желтоқсан ол – Жанымның
жарасы ғой…
Ұмытпапсың жан бабам,
асыл бабам,
Асыл бабам, ешкімді
басынбаған!
Шовинизм шарпыған
Кремльдің,
Дәргейіне басым бар
бас ұрмаған!
Жыл баяны жазылар
күн баяны,
Жиырмасыншы
ғасырдың мұңды аяңы.
Ұстанымы адасқан
«советтерге»
Ұлт мүддесін мен қоймай
кім қояды?
Аш күзендей
кім болам бүгілмесем,
Кетіп отыр тіл жақтан
бүгін де есем.
Ұл мен қызым
шашынан сүйрелгенде,
Арашаға
кім болам
жүгірмесем?
Мен – анамын!
Күйзелдім!
Күңірендім!
Сәби сүйіп,
жар сүйіп,
жібіді ернім!
Қалай шыдап тұрамын
кілең жендет
Шырылдатса қыздарын
Үкілі Елдің?
Құлын даусын қыздардың
құлындатып,
Қалай ана болмақпын
бұғып жатып?
Қоятұын жанымды
жер таппадым,
Маржанымды
жатқандай шырылдатып!
Артын баға алмадым
ептілерше,
Көзімдегі қорқаулар
кекті көрсе!
Қандай әйел шыдайды
баурындағы,
Балдай тәтті бөбегі,
тепкіленсе?
Түкке тұрмайды екен-ау нарқым тіпті,
Жарқылдады пагондар алтын, түкті.
Адамзатқа тән емес
«антимораль»
Қиялына Колбиннің қалқып шықты.
…Алматыда танкілер «сайран» құрды,
«Сайран» құру Әлемді ойландырды!
Горбачев оз Отанын осылайша
«Жұдырық» империясына» айналдырды!
Партиядан «әділдік» дәметемін,
Айтқым келді алаңның қан екенін.
Адамды итке талату, шаштан сүйреу –
Фашистерге лайықты лаң екенін.
Жасырмадым
жанымда нала барын,
«Бассыздық» деп барлығын бағаладым.
Бетімізге Болашақ түкірмей ме,
Қорғамаса аналар балаларын?
Намыстандым. Тірлікті талақ еттім,
Жыртқым келді жағасын қарабеттің!
«Мемлекеттің байлығы – адам» деген,
Партия қағидасын талап еттім.
Баба!
Бәрін айтып қайтейін,
аптап көріп,
Мұздай темір құрсанып, қаптап келіп,
Қайнатты ғой қанымды, ит жетектеп,
«Өз Отаным» өзіме тап-тап беріп!
Баба!
Намысқой ем, адал ем, мөлдір едім.
Ерлігіне ұл-қыздың елжіредім.
Ұлттың осы Ғажайып Күресіне,
Ұлы қолдау жасағым
келді менің!
Сездім. Білдім.
Ескексіз қайықтамын,
Сорақылық жасалды.
Байыптадым.
Өзім басқан жиырма жеті
Үнпарақта,
Тоталитарлық жүйені
айыптадым!
3-БӨЛІМ. ЖАҢҒЫРЫҚТАР.
(«Балапан қаз» сазы. Камерада)
Жансая:
Мен сотталдым.
Қиялды тұсап мүлде,
Соза алмадым қолымды ұшақ-күнге!
Жалғыз орыс жігіті куә болған,
Менің сотым созылды үш-ақ күнге . (күледі)
Ұлы Ақиқат
мен жаққа бұрылмады,
Тоталитаризм қамалы
бұзылмады.
Тар қапасқа айдалдым,
«маматайлап»,
Бес жастағы Маржаным
шырылдады.
Торға түсті қаншама
ұланы елдің,
Қудаланды құланы
құба белдің.
Мен – мұғалім, Жансая Сәбитова
Саяси қылмыскер боп шыға келдім!
Түрме деген түрме ғой, басы – күмән,
Оқшауландым өмірдің жақұтынан.
Төңкеріске айдалдым. Айырылдым
Маржанымды иіскеу бақытынан.
Баба:
Балам!
Қарлы күнгі мұңдарым, уайымдарым,
Парасатым, мерейім, пайымдарым!
Қылмысыңды емес сен, сағың сынбай
Азаттық күресіңді мойындадың!
Жансая:
Баба!
Серік болды ақ, адал ар-қанатым,
Мен емес ем түнде ұшар жарқанатың.
Санамдағы саяси көзқарасты
Жалған айтып, жәйім жоқ жалтаратын.
Баба!
Желтоқсан ол – рухымның мәңгілігі,
Құлағымнан кетпейді барлық үні.
Құлағымнан кетпейді әлі үнге
Маған шыққан Үкімнің жаңғырығы...
Бәрі есімде, достар да, жақындар да,
Бәрі есімде, бостар да, батылдар да!
Ұмытуға оларды хақым бар ма?
Ұмытуға оларды хақым бар ма?
БІРІНШІ ЕЛЕС
Генерал:
Саясат қандай Сайқал –
жылан қабақ?
Жатырмыз кілең сұңқар
ұлан қамап.
Жансая Сәбитова ,
сіз бе, қалқам?
Айбарлы жан екенсің
қыран қабақ!
Масайрап, мынау Колбин
ұттым деуде,
Қалың қабақ қанішер,
міскін кеуде...
Жансая Сәбитова, қарындасым,
Өзіңді қимай тұрмын
тұтқын деуге.
Лайықты жан екенсің
көшті ертуге,
Болмайды бұл тұзақты
кеш серпуге.
Түрме заңы тым қатал,
өлтіреді,
Келіп тұрмын осыны
ескертуге.
Өзіңізді Ұлы іске
дайындаңыз,
Жазады Сот өзі-ақ
Сіз жайында аңыз.
Қинауға ілік таппай
тұрған кезде,
Жол бермей азаптауға,
мойындаңыз.
Қалқам, Сізден сұраймын,
жалынам да!
Алатындай жастардың
жанын анда...
«Қазақ ісі» тоқтайды
«бұзақылар
басшысы» деп Сізді сот
танығанда.
Жан шошырлық
тергеудің үлгілері,
Оның бәрін
мен білмей кім біледі.
Кеңестік атышулы
үш әріптің
Қандай жаза берерін
кім біледі?
Шұғылаға жанымды
бояттыңыз,
Қапы қалмай, жинайық
аяқты біз.
Жанартау жарылысы -
Жансая қыз,
Мендегі ұлттық Намысты
ояттыңыз!
Қызыл пагон астында
ой, наласыз,
Жүр демеңіз.
Мені әлі ойға аласыз.
Айыпкер боп тұрғанмен
сот залында,
Тұңғыш Айыптаушыға
айналасыз!
Қорлықтардың соңында
кек қалады,
Аналардың соңында
тек қалады,.
Ертең сұсты кеңестік жүйеменен
Сіздің жекпе-жегіңіз
басталады.
Мына мундир... Мына шен... (шешеді)
Жоқ! Шыдайын!
Өзімді өзім қалайша
жоқ қылайын?
…Жоқ! Жоқ! Жоқ! Жоқ!
Арымнан жан садаға
Тарихтың қоқысына
лақтырайын!
ЕКІНШІ ЕЛЕС
4-БӨЛІМ. ЖЕКПЕ-ЖЕК.
(Қара бауыр қасқалдақ сазы)
№29316 қылмыстық іс
(Сот залында)
Прокурор үні:
Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылында 1948 жылы туылған Жансая Әлкейқызы Сәбитоваға Қазақ ССР Қылмыстық істер Кодексінің 60 және 65 баптарында қаралған қылмыстық істер бойынша айып тағылады. Жансая Сәбитова, 1986 жылдық 20 желтоқсанында ұсталғанынан бастап Қазақ ССР Қылмыстық істер Кодексінің 65-бабы бойынша «Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы болып табылды».
Сот:
Айыпталушы, Жансая Сәбитова!
Совет мектебінде оқыдыңыз,
Советтер Одағында туылдыңыз...
Жансая:
Балқашта, Бақанаста... туған жерім,
Кіндік кесіп, көбелек қуған жерім.
Жұмысшының қызымын, шешем үйде,
Көп балалы отбасым – думан менің.
Орыс мектебін бітірдім Бақанаста,
КазПиде білім алдым. Жеке бас па?
Шәміл Мехметұлына ерге шықтым,
Астрофизик. Танымал неше алашқа.
Аға ғылыми қызметкер. Партияда.
Мәскеуде білім алды. Нар – қияда.
Әлеуметтік жағдайым – педагогпыз,
Еңбек етіп, шыңдалдық әр қияда.
Сот:
Еріңіз жәйлі мәлімет бізде бар...
Жансая: (жымияды)
Иә,
сол мәлімет күнді де шығарады,
Сол мәлімет тілді де шығарады.
Шәміл бір белгісіз Жұлдызды ашып,
Сәтбаев деп ат қойды, ұнамады.
Сот:
Кімге ұнамады?
Жансая:
Мәлімет берушілерге.
Сот:
Сіз Совет өкіметіне қарсысыз ба?
Жансая:
Жылан десе жараспас тау құсына,
Досың емес, күн туса, жауды сына.
Мен Совет өкіметіне қарсы емеспін,
Мен қарсымын Пленум Қаулысына.
Сот:
Сіз орыс ұлтының өкілі Колбиннің басқаруына қарсы болдыңыз ба?
Жансая:
КОКП-ның шешімі әділетсіз!
Неге біздер «бұзықпыз, әбілетпіз?»
КСРО ресурсы – Қазақстан
Басқаруға неге өзін қабілетсіз?
Бұл бассыздық –
Мәскеудің алғысы ма?
Жария еткен әлемнің жартысына.
Партияның асығыс бұл шешімі,
Сай келмейді тіпті өз жарғысына!
Сот:
Сіз бұрын Кеңес өкіметңне қарсы үнпарақтар тараттыңыз ба?
Жансая:
Жоқ.
Ешбір ұлттық ұйымға мүше емеспін,
Тапсырыс орындайтын кісі емеспін.
Мен – ұстазбын, физика мұғалімі,
Ешқандай да саяси күш емеспін!
Сот:
Совет өкіметіне қарсы жазылған 27 үнпарақты дайындауға не себеп болды?
Жансая:
Ұсынылған Әлемнің назарына,
Ыза болдым ТАСС-тың хабарына!
Ұнатпадым жастарға «бұзақы» деп,
Москвадан берілген бағаны да.
Сот:
Үнпарақтарда қандай мазмұнда талаптар жаздыңыз?
Жансая:
Алматыда басталған жаңа лептің,
Әлемге әділ тарауын алаң еттім.
Мен
«империялық - демократ»
Горбачевтан
Ақиқат хабар беруін
талап еттім!
Алматыдан басталған жаңа лептің.
Қантөгіссіз өтуін алаң еттім.
Мен қылмыскер Колбиннен
халықаралық
Байыланысты үзбеуді талап еттім.
Сот:
Сіз тағылған айыпты мойындайсыз ба?
Жансая:
Қар бетінде қалды қан – қар
гүлдері,
Қар гүлдерін сүйгізді
тағдыр мені.
Қаруы жоқ жастарды
ұрып соғу,
Қарсы әрекет жасауға
мәжбүрледі!
Қар бетінде қара дақ –
мойылдай мүң!
Құрдым жұтқан
Ырғыз бен Ойылдаймын.
Мен отаршыл жүйеге
қарсы шықтым,
Азаттық күресімді
мойындаймын.
Күш көрсету, зорлық жоқ қылығымда,
Бұл бейбіт талап ету – ұғымымда
Мен күштеу құрылымы емеспін ғой,
Қолы жүрген қыздардың бұрымында.
Саясаткер емеспін танымалы,
Ал күресім, әрине, мағыналы.
Горбачевтің «күш жұмсау» жарлығы да,
Атышулы қылмыс болып табылады!
Мен – анамын.
Сондықтан батыл үнім!
Мен – ұстазбын.
Ұлтымның ақылымын!
Отанда орын алған
оқиғаға,
Көзқарас білдіруге
хақылымын!
Адвокат:
Менің қорғауымдағы Жансая Сәбитованың қылмыс үстінде ұсталғаны қылмыстық істер материалында дәлелденбеген. Үндеуқағаздар пайдаланылмаған. Жансая Сәбитованың 17,18 желтоқсан күндеріндегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны туралы дәлел жоқ!
Сот:
Жансая Әлкейқызы Сәбитова Қазақ ССР Қылмыстық Істер Кодексінің 60-65 баптары бойынша айыпты деп табылып, 5 жыл бас бостандығынан айырылсын.
ҮШІНШІ ЕЛЕС
5-БӨЛІМ. ҚАЙРАУ МЕН СҮЮ
(«Әсемқоңыр» сазы)
Шәміл:
Қан-қасапта
күнде сезер
сүлік той ,
Сана – терезелеріңді
түріп қой.
Коммунистік мемлекеттің
иесі –
«Билік ұлтқа бөлінбейді,»
біліп қой.
Тұла бойды
жайлап оның бар уы
Табылмайды
Құтылғанша дәруі.
Ақиқаты –
әр қоғамның өз заңы,
Әр қоғамның
құдіретті қаруы.
Ести-ести есалаңдау әуенді
Дауысыңнан айрыласың әуелгі
Зорлық жасау -
түрлі-түрлі ұлтқа емес,
Түрлі-түрлі
пиғылдарға тәуелді!
Беу, Жансая,
Асыл жарым, есі бар,
Дәуіріңнің түйткілдерін
шешіп ал.
Билік «ұлтсыз».
Билік ұлтқа бөлінсе
Бестужевтің
Бұқтырмада
несі бар?
Иесіз қалып деревнясы,
даласы...
Шылқып тұрған
шеке жоқ-ау, қарашы
Бұрмаланған социализм
қазақтың,
Орыстың да, бола алмады
панасы.
Мына түрме, мына қапас
иісті,
Беу,Жансая,
жұмақ емес,
жый ішті.
Айналсаң да
сен саяси тұтқынға
Шәміл мәңгі
құрметтеуге тиісті.
ТӨРТІНШІ ЕЛЕС
Камералас тұтқын әйел:
Түрме әлемін
түсінбейтін шығарсыз,
Біз ұсынған
асты іше тұрарсыз,
Азапқа да, аштыққа да
шыдарсыз,
Түрмеде де өмір барын
ұғарсыз.
Сіз, Жансая, келмейсіз еш
қолайға,
Ыңғайсызсыз бұл билікке
қалайда,
Асыңызға
шыбын қонды,
көрейік!
Сеспей қатты. Міне, бауырым.
Абайла!
6-БӨЛІМ. СОҢҒЫ СӨЗ.
(«Әсемқоңыр» сазымен)
Жансая:
Жаңғырықтар!
Жаңғырықтар!
Жаңғырықтар!
Жаңғырықтың өзінде
мәңгілік бар!
Мен бүгін Бақыттымын
Туған елім
Келешек Дәуірлерге
сән құрып бар!
Қара болсын,
Хан болсын -
ел тірегі,
Қасиеттемей кейбіреу,
тентіреді.
Туған жердің
Батырын, Ақынын да,
Туған жерге
махаббат өлтіреді.
Күн батады. Ақиқат –
күн шығады!
Бота тірлік
бір құлап, бір тұрады.
Менменсіген
бір кезде Европа
Менің қолымды алуға
ұмтылады!
Жер керуені аялсыз,
әрі асуда,
Бір-бірімен құрлықтар
санасуда.
Ізгілік ұстамымен
Күллі Әлем,
Бірін-бірі қолдауда,
жарасуда!
Басталды Іс! Баянды
бітірейік,
Пенде – құдай емесін
түсінейік!
Жаратқанның
мейірімін сезген
сайын
Үлкен басым
келеді кішірейіп!
Халқым!
Айналайын мәртебе, санатыңнан,
Тамұғыңнан дәм таттым,
жаннатыңнан!
Бұл қазақтың
қыздары
Отанының,
Отын өшірмеу үшін
жаратылған!
Не дейсің сен Кең дүние,
мұңдығыңа,
Айналғанмын ақиқат –
шындығыңа!
...Мен ұстазбын!
Шіркін-ай, бала шуы,
Не жетеді қоңырау
шылдырына!
(ұстаз туралы ән сазы)
ЭПИЛОГ
(«Сарыарқа» сазы)
Азаттық келді қан төкпей!
Жер түлеп жатты.
Жер түлеп жатты, жаңарып
ел түлеп жатты!
...600 домбырашы ойнаған -
“Сарыарқам” менің,
Құлдық сананың
бетінен
пергілеп жатты!
Жаңа өң, жаңа қабақпен
несіп келгендей,
Заманның Алтынкүрегі
есіп бергендей
Карнеги Холл тік тұрды
“Құрманғазыға”
Үлкен Түркістан түп-түгел
көшіп келгендей.
Өткізіп арда басынан –
азаптарды мың,
Тоқтатты ажал, аждаһа –
тозақтарды кім?
Сәбилер туып
Нұрсұлтан, Димаш есімді,
“Қаражорғаға” билейді
қазақтар бүгін!
Шаханов рухсыз әлемді
жүгендегелі,
Өркениет беті ұяттан күреңденеді.
Қаламмен түртіп әлемді оятқан Аға,
Халқыңның жоғы сен барда
түгенделеді.
Түрік елінде
қазақтың мүсіні тұрды.
Күллі әлем
туыстығымды түсініп тұрды,
Үнді мен Қытай, Иран мен
Ауғанстан да
Қазақтың Ұлына
қолдарын ұсынып тұрды.
Бақандасады, енді кім,
таяқтасады?
Алыптар алып ақылмен
тояттасады.
Ядролық егесулердің дәуірі бітті
Планета
ынтымақтасуға
аяқ басады.
Пікірім Батыс, Шығыстан қошталады деп,
Тыңдаңдар Парасатты әлем, Астананы деп,
Біріккен Ұлттар Ұйымын сілкінтті қазақ
Уранның бейбіт қызметі
басталады деп!
Қазақтар Қаражорғаға билеген күн - бұл,
Күмән мен күдік бойымнан сиреген күн - бұл,
Жетімдер үйін көп салған
Кеңес өкіметін
Қимайтын құлдық санамыз
күйреген күн - бұл!
Кесімдеріңді құрметтеп
шешімдеріңді,
Аялап кешірмегенің,
кешіргеніңді,
Тәуелсіздік үшін күрескен барлық бауырым,
Алтын Әріппен жазамын
есімдеріңді.
“Евразия”,
“Шанхай бестігі”,
“Орта Азия”,
Ден қойсаң осы деректі саяхатыма,
Байланып қалды Дүние
Қазақ ұлының,
“Үш сақиналы”
сұңғыла саясатына!
Санасып төрткүл дуние
нарқым тасыды,
Нарқым тасыды, тұңғыш рет ,
халқым тасыды
Абдолла Гул ескерткіш қойған сәттен-ақ
Басталды Азаттығымның
алтын ғасыры!
Қарлы құйын,
Қарлы тауда.
Тас қала.
Тауларым-ау,
Мені
жалғыз тастама!
Туған Жерге
қыз көзімен
қарайтын
Ақын жүрек
берілген жоқ
Басқаға!
ҚАРЛЫ ҚҰЙЫНДАР ӘНІ
Қарлы құйын!
Қарлы құйын!
Қар-құйын!
Ақтүтекке
Алаңдап тұр,
Бар күйім.
Аласапыран.
Аспан жерге
Түскендей,
Қарлы иінде...
Тусам қалай
Қалғиын!
Қарлы боран!
Қарлы боран!
борасын!
Борасынға
Мезгіл
Беттеп
Барасың.
Мені Ерікті
Құлдықпенен
Шаршатқан,
Қар басады
Агвидің ат
Қорасын!
Алай-дүлей!
Ақ борасын!
Таскерең!
Басқан ізім
Түсірмейді
Тасқа мең.
О, мен кенет,
Бозша тұман
Болдым да,
Жартастарды
шылап шықтым
жаспенен!
Қарлы құйын.
Қарлы тауда.
Тас қала!
Тауларым-ау,
Мені жалғыз
Тастама!
Туған жерге
Қыз көзімен
Қарайтын,
Ақын жүрек
Берілген жоқ
Басқаға!
Қарлы Құйын!
Қара жерде
Секпіл
Мың,
Тәнін жапшы
ақ қарменен
Тектімнің.
Көзін ашып,
Күлін шашқан
Дүние
Қабағына
қарар емес
Ешкімнің!
Адамзаттың
Елеңі мен
Алаңы,
Ертеңі үшін
Күрестермен
Бағалы!
...Күрес сынды
Қарлы Құйындар
Әнін,
Қарлы тауда
Туған қыздар
Жазады!
Қарлы түтек,
Қарлы құйын - өзегім!
Өзегіме
Ұқсап тұрмын.
Сеземін.
...Қарлы тауда,
Қарлы құйын
Ішінде,
Қар бетінде
қалған
тұңғыш
Өлеңім!
Қарлы Құйын!
Қарлы Құйын.
Құйындар!
Би билейді,
Оған қандай
Тыйым бар?
Қияндағы
қар адамы
секілді,
құйындарға
ілесіп кетер
күйім бар!
Тоғжан темір пештегі отты көсеп көрді.
Оған ұнады
Аспанымда
Ақша бұлттың жүзуі,
Тәлейіме біткен болды
Жүз уы.
Қайран сол бір
анам жапқан таба нан,
қайран сол бір
темір пештің қызуы.
Мына күндер
Қуатым мен бойды алып,
Ауыр мұңға
Мені байлап қойды анық.
Отқа қарап
Ойланбайтын Заманда
Отқа қарап отырамын
ойланып.
Қарасуық,
қалың шерге толып қыр.
Маған жылу,
жылу керек болып тұр!
...Анам жаққан
темір пешті аңсадым,
Жақшы, отты жақсылыққа жолыққыр!
Аузында жоқ, ғасыр мынау, тобасы,
өз отымның өзіммін ғой қожасы.
Жылуы жоқ жүректерден мұздадым,
Темір пешке отын салшы,
Ағасы!
Өмір сондай болып шықты әзілкеш
Арманыма кеше – ерте, қазір – кеш,
Сұсты қала, сұрғылт үйлер ішінде,
Керек боп тұр, керек боп тұр темір пеш...
Барлығын уайымдаймын:
Біреулер жасқанады.
Мен кімді мойындаймын,
Сол маған дос болады.
Ешкімді жылатпаймын,
Алланың пәк елігі.
Мен кімді ұнатпаймын,
Бар оның қателігі.
Жұлдызды жамылып ап,
Тамылжыр тұмар әнім.
Кімдердің көңілі ақ,
Төріме шығарамын.
Көлгірлеу – қылық бар ма,
Тойлардан қайттым жеріп.
Тұрады тұнықтарға
Әңгіме айтқым келіп.
Сабырлы ғасыр өтті
Сарғайды желөкпе - күн.
Неліктен екі бетті
Болуым керек менің?
Мәңгілік мият – арман,
Жазылған маңдайыма.
Ақиқат ұя салған,
Ақынмын таңдайына.
Өлшем мен нұсқаларың,
Не керек Егестерің?
Ит пенен құсқа жағу
Қызметім емес менің!
* * *
Мұратын жерден
іздеген, қоңсы –
Сырласым, әрі мұңдасым.
Білсең де сырды, білмеген болшы,
Терезе – көңіл сынбасын.
Біреулер жүр ме
бақытты жансып,
Өсектің шоғын маздадып.
Сезсең де соны сезбеген болшы,
Алданып жүрсін аз уақыт.
Оң және Теріс пікірлер қанша,
Ауыртар жанды, әрі, емдеп.
...Келісетінімді, келіспейтінімді,
Келемін үнсіз
дәлелдеп!
Жасаңдар маған кешірім,
Сүйіңдер, көңлім өседі.
Өтірігі жоқ өмірім,
Өлеңге кіріп кетеді.
Ботақандарым, сезімді,
Сендерсің шат қып күлдірген.
Былдыр да былдыр кезіңді,
Көшеден іздеп жүрмін мен...
Ұшасың әлі қай-қайда
Сапарлар тағы басталып.
Ұйықтаймын, қиял шалғайда
Қонжықтарыңды жастанып.
Самғаңдар самолеттермен,
Бомбейден сәлем жолдаңдар.
Құрлықта жанған оттар мен
Мұхиттан өтсін армандар.
Түсіріп салмақ Санаға
Шақырып әр кез шартарап
Ораласыңдар анаңа
Әлемнің жүгін арқалап.
Сендер бар пойыздарға да
Қараймын, әр кез жүдеймін.
Сендер бар самолеттердің
Қонуын аман тілеймін.
... Алматы түнге шым батып,
Шамдары жамырады ма.
Сендермен бірге бір бақыт,
Кіреді шаңырағыма.
* * *
Түсіме түнде
Түйесі кіріп әкемнің,
Адам сияқты
Үңіліп қабақ сызына.
«Мін» - деді маған
Елесі кеткен кешемнің,
Сұңғыла саналы
Өркениеттің қызына!
Түйе, түйелер,
Кірпігімдегі Шерді ая,
Көшпелілердің
Қыдыр дарыған, киесі!
...Әкем сияқты
Иіскеді мені желмая –
Ғаламдық Ұлы
Жібек жолының Иесі!
Түйе, түйелер –
өрнегі өткен Өмірдің.
Парағы сынды
жазылған Ғұмырбаянның.
...Ырымшыл жанмын.
Ылғауы шығар Тәңірдің,
Ұлтымның киесі
Оралған шығар деп ояндым!
АДАМЗАТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ «ҮШ ТЫЙЫМДЫ» ТЕРІСКЕ ШЫҒАРУДЫ ТЕРІСКЕ ШЫҒАРУ
Заманының төнсе де
қатерлері,
Ардың туы адамның
көтергені.
«үш тыйымы» болмаса
бұл Адамзат,
Өркениетке бүгінгі
жетер ме еді?
Бүліншілік, соғыстар
мұнарланған,
Қантөгіске кім сонша
құмар болған?
Соғыс біткен ар менен
ождан қорлау,
Ождан үшін қаншама
ылаң болған?
Қатер басы – тіліңді
тіл демеуден,
Итіңді ит, піліңді
піл демеуден,
Социализмді сынамау
ыдыратты,
өркениет сүрінді
«Үндемеуден».
Заман түрі бұл күнде
мүлде бөлек,
Ақиқаттан өтірік
ірге бөлед.
«Үш тыйымды» айғайлап
айтқан қазақ,
Үйретеді баласын
«үндеме» деп.
Жөнсіздіік пе?
Жөнсіздік жөнделеді.
Кері айналмас тарихтың
дөңгелегі.
...Қабақ бағып үйренген
Кейінгілер,
Жағымпаздық ғылымын
меңгереді.
Ұқсатарды білмеймін
кімге кейпін,
Бұйрық бермей
шарды да үрлемейтін.
Келеді өсіп бір ұрпақ, о, құдірет,
Бетіне түкірсе де, қың демейтін!
«Тілі» майда, тіпті одан «ділі» - майда,
Интеррухтан жүрегің ұлымай ма?
Сигаретті сығымдап қыздар келді,
Қызанақтай өсірген жылыжайда.
Майдай жағып маймылдың
құл қабағы,
Баяғыдай бақ-керуен
ырғалады.
Мықтылығың бұл күнде
кімге керек,
Тасбақа да бәйгеде
жүлде алады.
Ұлт санасы өседі
ойды ой демеп!
Ойлау үшін
аздаған «гөй-гөй»
керек.
Адаспауы үшін де артқы
ұрпақ,
Жоғалтқаны көп Халық
сөйлеу керек!
Отан кезем.
Сан түрлі орда басам.,
Жетеді айлам
әрнені олжаласам.
Бетке айтудан
өмірі жүлде алмадым,
Сүйкімдірек болар ем,
жорғаласам...
Ұмытылып Ұланның
тұмар әні,
Тектілікті іздейді
шынар әні.
...Экрандағы сан түрлы
«хикаялар»
«Үш тыйымды» теріске
Шығарады!
Ең бірінші,
құрықтап «құйындарды»,
Ашты адамдар алғашқы
тыйымдарды.
Ізгілік нанымына
қайшы келген –
АДАМНЫҢ ЕТІН ЖЕУГЕ
ТЫЙЫМ САЛДЫ.
Тізерлеңіз Екінші
Батылдыққа,
Ие болды ҰЛЫ ҰЯТ
Басымдыққа!
ҚАЙРАН АБЫЗ БАБАЛАР
ТУЫСЫМЕН
ТЫЙЫМ САЛДЫ ЖЫНЫСТЫҚ
ЖАҚЫНДЫҚҚА!
Ұлы тыйым, үшінші, -
«Өкпелетпе».
Анықталды Ақиқат
Бетпе-бетте,
«ҚАНҒА-ҚАН!
ЖАНҒА ЖАН!» - ДЕП АРЛЫ БАБАМ
ОЖДАН ҚҰНЫН СҰРАДЫ
ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕ!
Жыр етемін осынау
ардалықты,
Мақтан етем арда ұлы
бар халықты
...Қабанбайдың елу бес
жекпе-жегі,
Елін еңкейтпеуіне
арналыпты!
Міңгір-міңгір, мінезі
майдаланып,
Көлеңкелер күнгейді
пайдаланып.
Құнжың-құнжың
түгендеп ішкі есебін,
Бекзатсиды бәзбіреу
майда қалып.
Айтар да жоқ,
қосар да жас тобырда,
Байлаулы тұр кіндігі
жат тамырға.
Құлықсыздық танытар
құлыншақтар,
Төсектің асты-үстінен
басқа жырға!
Оятады Ақиқат,
Хақ Сананы,
Бір-бірінен адамдар
дос табады.
Таным емес Танымау.
Танымаудан
Адамзаттық Қасірет басталады.
Қағида бар, Ұстаным.
Тұжырым Бар.
Пайымың бар, адами
ұғымың бар.
Ізгіліктің бастауы «үш
тыйымды»
Ізгіліктің шыңы деп
ұғыныңдар.
Үндемеуге шақырма!
Ой кеуделеп,
Құлыншақтар сөйлесін
Ойды, ой демеп.
Адаспауы үшін де
артқы Ұрпақ,
Жоғалтқаны көп Халық
Сөйлеу керек!
Тыншымайды көңілім
күбіріңе,
Сөз анасы, қайрылшы
түбіріңе,
Көкжиегі жастардың қай жерде тұр?
Құлақ салғым келіп тұр
дүбіріне.
ЭТАЛОНЫ ӘЙЕЛДІҢ
Қара жерге
терең тартқан
тамырын,
Ауырмашы,
сары алтындай
Сабырым.
Ауырмашы,
Әдебім мен Тоқтамым,
Ауырмашы,
бірге кешкен Дәуірім.
Аттай тулап
түскен келін
екенмін,
Көрген жоқпын
мен қабағын
бөтеннің,
Аманаты орындалды
бауырдың,
Аманаты орындалды
шешемнің.
Амандығын
шаңырағымның тілеген
Мейірің асты
Жайықтан да, Іледен.
Әдеп академиясы
өзіңсің
Қыздар қандай
ошағыңнан түлеген.
Бабын тауып
баланың да,
жардың да,
Ұлылардың ақ батасын
алдың да!
...Таудай мұңым
майдаланып қалады
Алтын жүрек тұлғаңыздың
алдында.
Жүрегімнің
жарасына ем іздеп,
Алдыңызда ақтарылған
кезім көп.
Шешесі боп
менің барлық баламның,
Келеді ылғи
менің жүгім жеңілдеп.
Арамызға
қоймаған еш шекара,
Зейнехандай
апам да өтті, не шара?
Төрінде – сіз.
Биіктейді күн сайын
Мені ақын деп
қабылдаған Босаға.
Ауырмашы,
айшуақты, ай өңдім,
Өзің жәйлі
алуан-алуан
ой емдім.
Алтын тәтем –
Алтынқазық Жердегі,
Алтын тәтем –
Эталоны Әйелдің!
Сайқал әйелдің
Сағынышындай.
Кім?
Жанкештінің Жалынышындай.
Кім?
Аяулысы жоқ адам шығарсыз?
Аяуға тұрмайтын надан шығарсыз?
Бәрібір!
Бұлақтар тұнар басынан ізгі,
Түсінісуге шақырам Сізді!
Қараудың есебіндей. Кім?
Жезөкше төсегіндей. Кім?
Түртетін түлен шығарсыз?
Ноқта, әлде. Жүген шығарсыз!
Бәрібір!
...Бұлақтар тұнар басынан ізгі,
Түсінісуге шақырам Сізді!
Керауыз. Ойнақтар. Кім?
Қарғылы мойнақтар. Кім?
Жын, әлде, Хан шығарсыз?
Жүрген бір лаң шығарсыз?
Бәрібір!
...Бұлақтар тұнар басынан ізгі,
Түсінісуге шақырам Сізді!
Ақ сүтті ақтамаған. Кім?
Алланы жақтамаған. Кім?
Аш, әлде, тоқ шығарсыз.
Бар, әлде, жоқ шығарсыз.
Бәрібір!
...Бұлақтар тұнар басынан ізгі,
Адам болуға шақырам Сізді!
Енді қайтіп түспейтұғын құрыққа,
Ұлықтасаң осы жасты ұлықта.
Желе жортып жетіп келген
Соңыңнан
Таң боп тұрмын. Қырыққа.
Аққу Әнін айтпақ болып Ғаламға,
Гәкку Назын айтпақ болып Заманға.
Келіпті Ол, қол берейік Оған да.
Аға жасы, аман ба?
ҚҰЛА ЖОРҒА
Бұйра-бұйра бөктерлерде боз қайың,
Бақыт күтіп тауысқандай көз майын.
...Құла жорға, өңім түгіл түсімде,
Сені көрсем,
өліп кете жаздайым!
Тайғанақтап мезгілдердің мұзына,
Алқым ісіп, буындырды кіл ыза.
...Құла жорға, қырға қарай ағызу
Таңсық емес қойшылардың қызына-ә?
Саған қарап қалсын барлық әнші бақ,
Тұяғыңнан түйдек-түйдек шаң шұбат!
Самғау мұрат екеумізге, не керек
Самғау үшін туғандарды қамшылап!
Бөктерлерді басып қалған қырбақ-мұң,
Мұнда не бар, пырағым-ай,
Қырға аққын!
...Кемелерін жағалауға сүйреген,
Құла жорға, күні құрсын бурлактың.
Еңіресем, еңірейін, Ақ моншақ!
Суыр қашып інге кірсін, аттан сап!
...Қандай ыстық сәби сүйген ерніме,
Желбіреген жібек жалды басқан шақ!
Мінбелерін бермейді
мұғалімге, біреулер!
Мұғаліммен барады
бұла күнге біреулер!
Маған осы ұстаздық
жөргегімнен ұнады,
Мұғалімнің қызметі
ізгіліктен тұрады!
Мұғалімнің Әлемі,
Әдемі, рас, Әдемі.
Керек болмай қалады
Ешкімнің де сәлемі.
Кейде жолы болады,
Кейде жолы болмайды,
Себебі, ол қоғамын
топастықтан қорғайды!
Себебі, ол, себебі
Сәбилерге сенеді,
Адамдардан алмайды,
Адамдарға береді!
Өзі емдеп жазады
Отанының жарасын,
Өле жақсы көреді
өзгелердің баласын.
Гладиатор сияқты
Шайқасады әр күні,
Барлық еркетотайдың
жақсы емес «тәртібі!»
Олар нағыз жанкешті,
«камикадзе» ұятты,
Мұғалімсіз жапырақ
жиналмайтын сияқты!
Саясатқа тым жүйрік,
білмесіңді білгізіп,
Сайлау келсе жүреді,
барлық итті үргізіп!
Әлде, ақиқат – бұл сөзім,
әлде – жалған жартылай,
Біздер – мұғалімдерміз,
жарты патша, жарты бай.
Әнұранды шырқайды
мұғалімдер тік тұрып,
Байтақ Қазақстанның
иесі кім ұқтырып!
Тәуелсіздік жалауын
жүрегіне тіккендер,
Жалақының жыл сайын
көбеюін күткендер!
Біздер мұғалімдерміз!
«Сыпырамыз көшені»,
«Ғасыр қоқыстарына»
жібермейміз есені,
Сана төңкерістері
есігіңді қағып тұр.
Ел ұйқыда мұғалім
шырағыңды жағып тұр.
Бейнесі емес ұстаздың
Кесіртке көз мыстандық,
Тазартады Әлемді
Абыройлы Ұстаздық.
Үйретеді Ол сәбиге
«Планетарлық Әдепті»
Планетарлық әдеп те
Болашаққа қажетті!
«...Мұғалімді кім десең,
көріп жүрсің күнде сен».
Оқы дейді, біл дейді
қағып Сізді Арқаға,
Республиканы түгелдей
отырғызып Партаға!
СОР
Сонау алыс Африкада
Экваторлық белдеуде,
Тұмсық батпас ормандарда
Көк нөсерлер селдеуде!
Азиялық аңқам кепті,
Жан-дүнием – шөл, аптап,
Телеграф сымдарына
Суықторғай қонақтап...
Аласұрған жүрегімнің
Түкпірінде толы мұң.
О, сірә, мен мына момын
Жас жігіттің сорымын.
Өзі ерке, өзі ерке, әзілкеш бір Гүлләйлі,
Жыр жазады, жыр жазады, жырлайды...
...Иә. шашқа ақ кірді, Мен
әлі жырмен әуремін,
Сен қайдасың жігіт ерні
тимеген гүлдәуренім.
Шілде ауған. Тамыз ауған.
Болса да күн екінді.
Мені айналып бір адам жүр
Жер серігі секілді.
Оның шашын ағарттың сен
Әй, әзілкеш, Гүлләйлі,
Сотқарлығын бір әлем де,
ақындығың бір қайғы.
Қараирекке ғашық болдым қай күннен,
Есімде жоқ, есімдегі – ай түсі.
Көмесіңдер мені сұлу қайғыммен
Туған жердің Мәжнүндері, Ләйлісі.
Қарағайлар шырқау көкке шаншылған,
Сенде туған қайсар қыздар жебесі, ей!
Есентайға бұлақтары сарқылған
Сағынышымды айта алмаймын неге, осы, ей?
Жер жыртығын бітемедім не пайда?
Естимісің, ей, Қараирек, пірадар!
...Етегімнен тарта-тарта ешқайда
Жіберетін емес мені мыналар.
Назағайлы жаздар түнге сал ирек!
Бұлт ішінде алтын түсті Ай көлі.
Қара меңдей қарағайға, Қараирек,
Маңдайымды сүйей тұрсам қайтеді?
Жартастарға жазып қойғам қолтаңба,
Сотқарлығым сол-ақ болды кешіргін.
Ұқтым бақыт екендігін әр таңда
Екі аяқпен шалғыныңды кешудің.
Жұматай ма Сарноқайда тойы өткен,
Құлағыма келіп жатыр бір сарын.
Тойды қайтем?
Сен оянып кенеттен
Келіп кетші, дедің неге, Гүлсарым?
Маймыл адам, сәлеметсіз бе?
Жанымның сен бір бұрқағы!
Қарадық аң-таң керемет сізге,
Адам Атаның ұрпағы!
Маймыл адам, кешіріңізші,
Білмеймін сізге неге өшпін.
Тегіміз маймыл дейтіндей ізгі,
Мен Маркс те, Энгельс те емеспін!
Ғұламалар-ай, құлдықтан қашқан
Тізгінің неге босаған?
Өркениетті маймылдар емес,
Маймыл еместер жасаған.
Кинг-Конгтар емес далада мына,
Кентавар жайлы бар аңыз.
...Бит сығып, қанын жалағаныңа
Түршігіп бітті санамыз.
...Жанымды жүрмін мазалап тағы.
Бір адам көріп, күшті адам!
Есенқұл көкемнің «Зообақтағы
маймылдарына» ұқсаған.
...Ақынның бәрі Фудзиямада,
Алау көтерген айқайшы.
Маймылдықтардан қашқан адамға
Ескерткіш қояр жан қайсы?
Маймыл емеспін!
Өз тегім – Адам,
Ізгілік менен мол мұра.
Жүріп келемін – бір қолда қалам,
Бір қолда – қайран домбыра!
Джунгли тасы табанын тілген,
Болмашы тегім, жарықтық.
...Маймылдар отыр санасыз, күлген
Баланың бәрін қарық қып.
САҒАБҮЙЕН, СЕНІ ҰЙҚЫДАН ОЯТТЫМ
Көзбен сүйіп
Сағабүйен сауырын,
Сені іздеп
келіп тұрмын, бауырым.
Бұлағыңнан көздеріңді
танырмын,
Мұнарыңнан табармын жан дәруін.
Талдырыңның жапырағын
ырғамай,
Қалай кетем!
Тұяғыңды шыңдамай.
Көгілдір тау,
көктүріктік қаныңның
Көкірегімді шымырлатып
тұрғаны-ай!
Сардарыңа, Сағабүйен, Бұлыңғыр,
Бұлыңғырлау күн өткенін ұғындыр.
(Жанарыма неге ыстық жас үйірілді,
Мұздың мөлдір көздеріне бұғынғыр).
Келе қойған жоқ біздерге
тоят күн,
Байрағымды
Көк аспанға
бояттым!
Сақтарымның жебесінің ұшымен
Сағабүйен, сені ұйқыдан ояттым!
ШЕШЕЛЕРІМ
Мен кеше,
сендер барда
нешеде едім,
Ақ кимешек
киінген шешелерім.
Сендер еңдер
ауылдың киелері,
Көрікті еді сендермен
көшелерім.
Байынқолдан ұзатып қыз-
арманын
Көштеріңнің көрдіңдер
ұзарғанын.
Өңкей батыр әкелер
жар етіпті-ау,
Солқылдаған Хан Тәңірі
шынарларым.
Қызыл кітап етердей аты қандай,
Парасатты парықты заты қандай.
Әр үйдегі еске алсам шешелерді
Ғасырымның тарихы оқылғандай.
Сенің шешең деместен, менің шешем,
Сағыныштың теңізін өзім кешем.
Нағиманның қызы деп іздеуші еді
Сол шешелер көзіне көрінбесем.
Күрсіндірді, олады өтіп жалған
Сүйенетін таяқты кесіп талдан.
Маңдайымнан сүйетін шешелерім
Күмбір-күмбір күмбірге кетіп қалған.
Ащы өмірді өздері татсын дей ме?
Өз шырағын өздері жақсын дей ме?
Бірін-бірі жетелеп кетіп қапты
Шешелердің барлығы Ақкүнгейге.
Теңізшідей жаны бір кемедегі,
Шіркін олар не деген кемел еді.
Түсімде әлі келін ап, қыз ұзатып,
Шешелерім той бастай жөнеледі.
Кеше-кеше аптап пен аңызақты
Көздерінен шілде мен тамыз ақты.
Бір-бір ауыл қалдырып шешелерім
Әкелердің қасына барып апты.
Менің аулым Жамбыл мен Қаратоған.
Шекарасы, баласы-шағасы аман.
Бәймен, Сәлбен, Бәйсейіт, Есенаман
Қоныс еткен батыр, би, Дана Шоған.
Атақтың да даңқтың да бәрі осында,
Асау өзен Байынқол жағасында.
Іздемеймін Жерұйық, Жерұйығым
Бозтөбе мен Тастөбе арасында.
Бұла күнін өткізіп бұрымды анам,
Бозторғайы төбемде шырылдаған.
Ақ кимешек киінген шешелердің
Дастарханы бар еді жиылмаған.
Туып беріп Еліне арыстарды.
Жақын етті аналар алыстады.
Балаң жақсы десе олар той жасады.
Қызың жаман десе олар намыстанды.
Сағыныштың саумалын еселедім
Шешелерсіз бір түрлі...
көшелерім.
...Алдан шығып келіндер сәлем беріп
Шөбересін олардың жетеледім.
Ұяттары Ұлтымның естілері,
Қадіріңді қалай ұл кеш біледі.
Есімдеріңнің өзі Есті елдің
Төлқұжаты сияқты естіледі.
Бір шешемнің есімі Қызбел еді,
Қызбел анам бізді де Сіз дер еді.
Ана уйден шығатын Ибалы апам
Бар баланы түгендеп іздер еді.
Соғыс жұтып бауырын қойған апам
Ауыр-ауыр серпіліп ойдан апам
Жаңылханға тұратын сырын айтып,
Қадірлісі ед ауылдың Тойған апам.
Нұрипа мен Қаныша апам – киелі еді,
Аңыз еді өздері иелі еді.
Тірі болса екеуі құшағына ап
Нақанымның көзі деп сүйер еді.
Бибисара апамның қимастары
Әлі келе қойған жоқ жүз жасқа әлі.
Ажар апам, Бүбіжан, Бүбіқанмен
Жарасушы еді ауылда сыйласқаны.
Ұмытпаймын бір шешем Ақбаланы
Домбырасын есімде баптағаны.
Қожекеңнің күйлерін шерткен қалпы
Жанарымда мәңгілік сақталады.
Анам салып қазанға сыбағасын
Үйрет дейтін мына қыз жыламасын.
Домбыраны үйреткен Ақбала апам
Сағынышқа айналды ұзағасын.
Күлжәмила, Дәрпия, Жібек шешем
Жақсылықтың бәріне тілектес ең.
Сарқыт пенен Күлтайды, Әлишаны
Ақындығым не керек жыр етпесем.
Нағашы апам Өрсәрі шежірелі,
Шежіреден ұрпағы не біледі.
Қыпшақ пенен құрманнын бір дауы үшін,
Бір жасында кепілге беріледі.
Кепіл демей мейірім құйғызыпты.
Ербота атам Ел жұртын жиғызыпты.
Тұңғыш ұлы Сәрсенбі алады деп
Тоғыз жаста сәукеле кигізіпті.
Заманыңа келтірсең нала келтір.
Шарасында көзімнің бар әлем тұр
Сәрсенбіден 15-ұл 1-қыз туған
Өрсәрі анам – қасиетті қара кемпір
Тірі ескерткіш ертегі – замандардан,
Нағашы анам, ер анам арандардан
Бір тайтұяқ “Сәбетке” алтын беріп
Кәмпескеге ілінбей аман қалған.
Нағиман – жалғыз қызы менің анам.
Емеспін анау-мынау тегі жаман.
Әлімхан, Саумал мен Балғауындар
Айнабала, Тынымжан егіз анам.
Ерке едік-ау, ерке едік қыздар деген.
Қарамады бізге ешкім ыңғарменен
Оралмайды балалық жасырынып
Дина ананың құрт-майын ұрлап жеген.
Күлкісіндей көктемнің сыңғырлар кім.
Асылхан да демейді “құрғырлар кім?”
Оралмайды Күлжаш екуміздің
Шифоньердің айнасын сындырған күн.
Келмейді олар, кеткен күн жаңғырмайды
Бізге қайта қанатын талдырмайды
Көк иірімге шомылған көп, көп қызды
Тыржалаңаш Табия қалдырмайды.
Шешелердің алдында “құдайсынбай”
Жыр оқимын бәріне ұнайтындай,
...Бақтылы апам ақырын қасыма кеп
Тоққожаның хал-жайын сұрайтындай.
Жыр оқушы ем Ұлтуған аналарға
Шаңырағын қалдырып Боталарға
Әспет, Қайшан, Үміт пен Рысжан ана
Кетіп қапты барлығы жоталарға.
Бауырым, осы біздің мұң.
Көтерерсіз
Сағынышқа сағыныш еселерсіз,
Ауыл жатыр оянып аңыз сынды
Ақ кимешек киінген шешелерсіз.
Лабасының сары белі,
Байынқолдың сары желі.
Хан Тәңірі аясында
Нарынқолдың қалың елі.
Шұбартал ма, Шәлкөде ме,
Құлағыңа ән келе ме?
Ата-баба күмбездері
Күмбір-күмбір әр төбеде.
Қарағайлар ырғалады,
Сыңғыр-сыңғыр сырғалары.
Шыңға өскен шынарларда
Айтылмаған сыр қалады.
Қарлы шыңдар – ғаламаттар.
Бізге жеткен аманаттар.
Тауларымның иесіндей
Баурайында жанады оттар.
Жауқазыны дүркіреген,
Көк нөсері сіркіреген,
Өле сүйем осы өлкені
Өзендері күркіреген.
Нөсерледім, жаңбырладым.
Сүйіп сұлу таңның бәрін.
Көкірегіме көшті мәңгі
Көшкіндерің, қарғындарың.
Ей, туған жер, нанасың ба?
Қалдың көздің шарасында.
Бір асау қыз жыр жазады
Байынқолдың жағасында
Қарлы құйын арасында
Сағынышы, әні осында
Тамыры да, нәрі осында,
Аяулысы бәрі осында...
ШОҒАНСАЙДАҒЫ ШУАҚТАР
Армысың, сұлу суаттар,
Бойыма енген қуаттар!
Алқынып жеттім, алдымнан
Жүгіріп шықты бұлақтар.
Жапырақ жүзді – жанармын,
Уыстап ішсем қанармын.
Жалбыздарыңды жамылып,
Жағаңда мәңгі қалармын.
Торғауыт сынды қай мекен,
Толықсып тұрмын, жай ма екен?
Тобылғы торы ат мінген,
Тентектеу кезім қайда екен?
Іңірлер жайып қанатын
Жыпырлай жұлдыз жанатын,
Тобылғы торы ат мінген
Қойшының қызы болатын.
ШОҒАНСАЙ
Қарағайларым
ырғалып шыңдарымдағы,
Әлдиі болдым
әп сәтте құндағындағы.
Соқыр тамшылар
тамады алақаныма,
Көздің жасындай
көгілдір мұңдарымдағы.
Қарашы талмай, қарашы,
заңғарларыма,
Аспаннан шырт-шырт түкірген
жалғандарыңа.
Ұшпадан ұлпа құлайды
үлпілдек бұлттар
Үкі сияқты
Хұсни мен Қорландарыма.
«Дертіңе дауа болады
таңғы шық» дейді.
Кешейік.
Кеңір пенденің таң құшып пейілі.
...Гогольдің помещиктеріндей...
қаздия қалып,
Күнгей жағымнан
суырлар әңгүшіктейді.
Сағыныш мені сан жылдар
азаптағандай,
Сағыныштан басқа
мұң болсын қазақта қандай?
Ақ фартук киген әудемде
ақ бауыр борсық
Тоңқаңдап қашып барады
мазақтағандай.
Осы бір сурет сіңеді-ай,
ақтық қаныма,
Шалқалап күлді шалғындар
аптыққаныма.
Тоғжан мен Сәкен
көгалда ойнақ салады
Шайыр иісті
қараймын
шаттықтарына.
Түгендеп бәрін...
ер-тұрман, үзеңгіліктің,
Қаншама жылдар қалада
сілемді құрттым.
Армысың, ата қонысы Шоған атаның,
Армысың, әке қонысы,
тіземді бүктім.
...Көз жауын алды қаншасы
тізіліп гүлдің.
Қараирек қарағайлары-ай,
тізіліп тұрдың!
Талдысай кемпірқосағын
сипағым келіп,
Атабай бұлттары жақтан...
қызығып тұрмын!
2.VIII. 2010
Шіліңгір шілде ұзады.
Сарбалақтанды қурайлар.
Қоштасқан жоқпыз біз әлі,
Инеліктерім, суда ойнар.
Тобылғы басын толтырып,
Тамыздың нұры тамып тұр.
Ой менен қызға молшылық
Шаруақор айым, алып кір.
Беткейде шалғы суылы
Шөмелелердің тізбегі.
Құстардың алуан шуылы,
Жақындап қалды күз лебі.
ШАҢҚЫЛДАЙДЫ ЖАНЫМДА ШАҒАЛА МҰҢ
Қанипа Бұғыбаеваны сағыну
Жаны жайсаң жаз едің, көктем едің,
Аңтарылып қалды сен кеткенде елің...
Жыр көшінде орның тұр үңірейіп,
Ақ гүліндей Ақсудың әпкем менің!
Гүлдер көзін ашқанда баяғыда,
Көзіңді сап көшіңнің аяңына.
«Таудың иісін өлеңге әкелдің» деп,
Тұрушы едің сүйеніп таяғыңа.
Білінбеді билікке өкпелігің,
Еспелігің, жоқтұғын, бөспелігің.
«Жеңгелігім жақындау» дегеніңмен
Биік сенің жырдағы әпкелігің!
Сезінбесем, сезімге сөз берем бе?
Биігіңе қарадық өрлегенде.
Қанипа әпке, сен келдің, Сарадан соң,
Қыз жырына Жетісу шөлдегенде.
Тағып алып кеудеңе жыр тұмарын,
Қалымыңа табындың, біртуарым!
... «Бауыржаным» деп енді кім айтады,
Балауыңа әлі күн қымсынамын...
Жігітке ұқсап жүрісім, тұрысым да,
Қынабында тұрады қылышым да!
Өйткені, өмір мені ылғи өкпелетіп,
Қояды ылғи тұрғызып «бұрышында»!
Құснисыз ба, білмеймін, Қорлансыз ба?
Аққу сезім болмайды армансызда!
Мен қараймын құрметпен қаламымен
Аққу әнін айдынға жазған қызға!
Кімді қалай, білмеймін, бағаладың?
Жабырқады, сен кетіп жағаларым.
Қанипасын іздейді ақын қыздар,
Шаңқылдайды жанымда шағала мұң,
шағала мұң...
МАДАҚ ЖЫРЫ
Өз отбасын келістіріп жырлай алмаған ақын ақын ба?
Т.Молдағалиев
Төрт жүрегім!
Төрт қарағым!
Төрт қарғам!
Махаббатым!
Төрт жастығым –
өрт болған!
Мен шаршамай,
Шалдықпай-ақ келемін,
Төрт жағыма
Тұрса екен деп
Төрт қорған!
Төрт қарағай!
Төрт сәмбі тал!
Төрт шынар!
Жағдайым жоқ олқысынар, тоқсынар...
Аналарға баласынан асатын,
Сұлу бақыт жер бетінде жоқ шығар!
Көкпар-күндер былай тартар, былай да...
Өрнек салып өлең жүзді шырайға!
Күнде ертемен
оянамын ұйқымнан,
Аманаттап өздеріңді құдайға!
О, жаратқан, бір ошаққа бас қылдың,
Шуағын бер жақсы қыздың,
жақсы ұлдың!
...Бір кездегі өз анамдай сендерді,
Ғайып ерен, Қырық шілтенге тапсырдым!
Еркеліктің мініп бір бір тұлпарын,
Әрқайсысың қуып жүрсің бір сағым.
Өлеңдегі өздеріңсің іңкәрім!
Төбемдегі өздеріңсің сұңқарым!
Тулап сезім, толқынындай Каспийдің,
Қуаныштан көмейіме жас құйдым!
Маған бала болғысы кеп екі ару,
Есік қақты екі ұлы басқа үйдің!
Бойжеткен боп, гүлін жинап жер-көктің,
Келін де боп, кеше бесік тербеттім!
Ана болу – басталады екен-ау
Жұпар иісін сағынудан жөргектің...
Дидарыма қарап үнсіз ойланған,
Өздеріңсің – жеңістерім тойланған!
Өлең жазып отыр менің тағдырым,
Төртеуіңнің жүрегіңе байланған!
ӘКЕ ӘЛДИІ
Күндіз, әлде, түнде ме еді,
Тамыз, әлде, шілде ме еді.
Қоңыр-қоңыр қырларды асып
Құлағыма үн келеді.
Көңілдердің күйін біліп,
Айналасын сүйіндіріп,
Әкем ертіп жүруші еді-ау
Ұл сияқты киіндіріп.
Жол бермейтін пайымыңа,
Еркеліктің жәйі мына.
Жарбимадым арқасында,
Отырушы ем мойынына.
Көңіл, ой-хой, көк теңіздей,
Елестер-ай, өткен іздей.
...Кермақынның үйінен де
Ап шығушы ем ет жегізбей.
Ат бол десем, ат болатын,
Тақ бол десем, тақ болатын.
Мақтап мені қоюшы еді
«Қолқанатым, шапқан атым».
Өмір үшін күресі ме,
Отырғызды тізесіне...
Көзіндегі жасты сүрту
Тиді менің үлесіме.
Қарлы таулар тамсанады,
Қазанға апам дәм салады.
Әлди, қызым, әлди-ай деп,
Әкем менің ән салады.
Ерке қызым, ерке қызым,
Той бастайтын серке қызым...
Айналайын баладан деп,
Түсіп қалған шанадан деп.
Мен бой жетіп, тарала кеп,
Өңі-түсім анама кеп.
Құламадым, сүрінбедім,
Әкем жылап қалама деп.
Мен ер жетіп, тарала кеп,
Өңі-түсім Далама кеп.
Туған жерге жиі келдім
Әкем іздеп қала ма деп.
Тамшы ілініп көз ұшына.
Тамды тарс-тырс жең ұшына.
...Тағы келдім, Әке, сенің
Жалбыз иісті қонысыңа.
...Тау тамылжып іргедегі.
Қою-қою түн келеді.
Қоңыр-қоңыр қырдан асып
Құлағыма үн келеді.
Өмір тынып, қайғы илеген.
Сәттер мынау ой билеген.
Қоңыр-қоңыр қозым-ау деп
Сенің үнің әлдилеген,
Сенің үнің әлдилеген.
* * *
Тас бетінен
мені іздеңіз сабылып,
Тас сияқты
мықтымын мен
көнтерлі!
Шаршайсыздар,
өшіре алмай
жабылып,
Миығыма қонақтаған
Вольтерді.
ТАС
Жылатпайды.
Күйзелтпейді тасты мұң.
Қара тастың
тастығында – мықтылық!
Тасты кімге
лақтырсаң да
қастығың.
Тұрады ол
құрметті де ұқтырып.
Тас бетінен
мені іздеңіз сабылып,
Тас сияқты
мықтымын мен
көнтерлі!
Шаршайсыздар,
өшіре алмай
жабылып,
Миығыма қонақтаған
Вольтерді.
Бұл күндері мықты болу мазақ па,
Тас туралы жыр жазу да біртүрлі...
Дұшпандарым түсу үшін
азапқа
Тас бетіне қалдырамын күлкімді.
АТАБАЙДЫҢ АҚ ТАСЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Ақыры дүниенің бар екен деп,
Ізгілік – тіршіліктің нәрі екен деп,
Әкем аңыз айтатын ақ шоқыны
Кәдімгі қатып қалған шал екен деп.
Атабай – аузынан май сорғалаған,
Басына бақ-береке қонған адам.
Есепсіз малы етекте, тау басында
Мыңғырған ешкі-лағы болған адам.
Ай туса, алтын сынды шекедегі
Ай мүйізді серкелер шекеледі.
Ақ жартастың үстіне кезек-кезек
Қарауылға тұрыпты текелері.
Атабай етектемей, төске өрлепті,
Ешкімге тәкаппарсып дес бермепті.
Кедейдің мұңы бар ма, қайғы бар ма,
Жетім лақ та беруді ескермепті.
Тәңірінің тағы екен Хан Тәңірі.
Бір өзі мал Тәңірі, жан Тәңірі.
Хан Тәңірі – болыпты жер кіндігі,
Хан Тәңірі – болыпты қан тамыры.
Арғы бетін қытайлар мекендеген,
Бергі бетін қазақтар мекендеген.
Оңтүстігін қырғыздар жайлау етіп,
Бауырмалдық нағыз бақ екен деген.
Атабай білгір екен бар саладан
Іргесінен думаны тарқамаған.
Бір тауешкі атыпты көңілін қимай,
Қонағына сырттан кеп қолқалаған.
Буаз ешкі көзінде кек қалыпты,
Атабайға айтатын өкпе анық-ты.
Адамша сөйлеп кетіп, бауыздарда
Малдан қайыр көрмегір, - деп қалыпты.
Сол сәтте шал ақ шыңға айналыпты,
Етегіне ақша бұлт байланыпты.
Жайылған қалың ешкі етегінде
Шашылған қойтастарға айналыпты.
Басынан Атабайдың өтіп жалған,
Ақ шоқыға айналып қатып қалған.
Тірі қалған ешкілер тау ешкі боп,
Тас қамау, құз-жартаста жатып қалған.
Хан Тәңірі кіріп алтын сарайына,
Адамзат риза бопты арайына.
Атабай қайда кетті ел білмейді
Ешкілер айналыпты жабайыға.
Атабай қалың малдан қайыр көрмей,
Жаратқан жазалапты пейіл бермей.
...Буазға қазақ мылтық оқтамайды,
Адамға мал тұрмайды мейірленбей.
Қалың ел Байынқолға қонса керек.
Қойнауы төрт түлікке толса керек.
Атабайдың ақ тасы пенделерге
Жаратқанның ылғауы болса керек.
Айналдым, Атамекен, аңызға бай,
Тереңім, мәңгі қалған тайыздамай.
Мейір, қайыр, Ізгілік – мұраттарың
Көнеден бізге жетті қайырламай.
Байынқолдан ұшты, әлде, Даратыдан,
Сұңқарлардың сипайын қанатынан.
Елімнен де айналдым, жерімнен де,
Тек Ізгілік іздеуге жаратылған.
Солай, ұлым, ойға ой қосылады.
Қасиетті Байынқол топырағы.
Атабайдың ақ тасы адамзатты
Тек ізгілік жасауға шақырады.
МАҚПАЛҒА
Жүрегімде мың-мың сан бұлақ күліп,
Дүбіріңді тыңдаймын құлақ түріп.
Тұлпарым-ау, тұлпарым, Тәңіріден
Саулығыңды тілеймін жылап тұрып.
Дүниеге елжіреп кең жүрегің,
Жалауымдай қолымда желбіредің.
Сені мұңайтқандарды түсінбеймін.
Мөлдірей бер, құлыным, мөлдір едің.
Дөңгелейді Дүние кезегінде,
Сен тұрасың жанымда, өзегімде.
Аман болсын ақжүрек Дастаның да,
Аман болсын бүлдіршін бөбегің де!
Келін болып, Тұяқбай әулетіне,
Сәулет қостың Төкеңнің сәулетіне.
Зейнеханға Рахмандай ұл сыйладың,
Риза боп жүр бастағы дәулетіңе.
Алды – бақыт өмірдің, арты – бақыт.
Сұрамаймын жібер деп тау құлатып.
Сұрайтыным – жырыңды ескерусіз,
Босағада қалдырма жаудыратып.
ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЖЫР
Жаңбырлы көктем.
Кешіккен көктем.
Келерсің мол-мол
несіппен, көктем.
Елшатым менен Рахманым
құстың
Қиқуын көктен
есіткен көктем.
Жаңбырлы көктем,
самалды көктем.
Алтынкүректі,
жамалды көктем.
Елшатым менен
Рахманым тыңдар
Күркірек көктем,
наз әнді көктем.
Жаңбырлы көктем,
гөзелдеріңмен,
Келе жатырсың
кезеңдеріңмен.
Келе жатырсың
Бесқонағыңмен,
Арнадан асқан
өзендеріңмен.
Үт айы сынды
үлпілдеп тозаң,
Өлеңімді де
үлпілдеп жазам.
...Наурыз айында
түгел түркінің
Үйінде қайнар
бүлкілдеп қазан.
Ботама бота
қылығын қишы,
Қос құлынымның
тұлымын сүйші,
Сезінсін олар –
көктем дегенің
Жауқазын менен
сүрінің иісі!
Сері күйлерді
шертіп жүрейін,
Қазанымда қазы,
кертіп жүрейін.
...Төркініме барып,
төркінімнен қайтып
Апам сияқты...
ертіп жүрейін.
Құс қанатында
уайым қалады.
Бақыттың бары
мойындалады!
Құда, құдағи
Рахман – құлдықты
Қырқынан шығаруға
дайындалады.
Ақша бұлт қонып
көксеңгірлерге,
Қуаныштарымды айттым
көктеңбіл Жерге.
Құлындарымды көтеріп жүрдім,
Көкектеп көркем көктем кіргенде!
Көктем-ау, көктем,
қиянаттарсыз,
Не болар тірлік ұя-бақтарсыз!
Не болар Сенсіз
Жердегі Өмір,
Тезірек келіп
...Тиянақтарсыз!
СИАМ ЕГІЗДЕРІ
Бір олардың айдыны,
Бір олардың азабы.
Жұбайлар бар қайғыны
Жүрегіне жазады.
Бірге киім таңдайды,
Қол бұлғайды дос – қала.
Айырбастай алмайды
Бірін-бірі басқаға!
Бірге оянып әр таңда,
Бірге көкке самғайды.
Біреуіне біреуі
Өкпелеуге болмайды!
Терезенің алдында,
Телміреді жан қанша.
Күтеді олар бір-бірін
Екі көзі талғанша.
Қызық, тіпті, қос бейне,
Шәй ішеді баптанып.
Бір-бірінің ұйықтайды
Білектерін жастанып.
Бір-біріне аяулы,
Бір-біріне сүйікті.
Бірін-бірі өлгенше
Құрметтеуге тиісті!
...Жұбайлар ма, жұбайлар,
Болса да олар не түрлі,
Бөліне алмайтын
Сиам егіздері секілді!
АЙША БИБІ, САҒАН КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН
Дала сары! Сағыныштан тау сары!
Құйын қашты. Қара жолдың аусары!
Армысың, әз Қара-Ханның іңкәрі,
Армысың, кең Жазирамның жауһары!
Ұлы Тұран аялаған асыл мұң –
Айша Бибі, саған келе жатырмын!
Әнуар Бек Сахабаның шынары,
Ықыласың Қара –Ханға құлады!
Қара басын қалауына тіккен Қыз –
Әппақ, Аққу махабаттың тұмары!
Ардағы деп Ақбоз атты ғасырдың,
Айша бибі, саған келе жатырмын!
Керегедей кер жыланнан айлаңды,
Асыра алмай, жас жүрегің жайланды.
Күнәдан пәк денең жатқан топырақ
Адалдықтың қаһбасына айналды.
Алуан-алуан алаңы бар басымның,
Айша бибі, саған келе жатырмын!
Дүние! Дүние! Дүние деген осы ма?
Қарамайтын көңіліңнің хошына.
18 000 өрнек салды Қара-Хан
Махаббатын дәлелдеп көк тасыңа!
Заманыма қарап тұрған Батыр мұң –
Айша бибі, саған келе жатырмын!
Керім күннің кем-кетігі толықсын,
Бірін-бірі іздегендер жолықсын.
Тіршілікте бірін-бірі сүйгендер
Бірін-бірі жоғалтудан қорықсын!
Ұлы Тұран аялаған асыл мұң,
Жебей көр деп саған келе жатырмын!
БҰРЫШҚА ТҰРУ
«От ұрлауға барамыз –
Сіз де, біз де – көбелек»
Өткен күннің бәрі – аңыз.
Өтіп кетті, не керек.
Өмір – Ғасыр. Өмір – Ай,
Өзені бол, ұғыс та!
Қыңырайма, Қыңырай,
Тұрғызады бұрышқа.
...Ерке едік қой, ерке едік.
Еркеледім өртеніп.
Тұрған күні бұрышқа
Өліп қалды еркелік.
Өліп қалды, Ол,
мейлі!
Іңір мүлгіп
еш құссыз.
Еркелегім келмейді
Енді ешкімге
ес-түссіз.
ҚЫРКҮЙЕК ЫРҒАҚТАРЫ
Бүркеп қызыліңірді,
Бу шыңдарға ілінді.
Салқын нөсер соңынан
Қардың иісі білінді.
Мама қырлар марқайып,
Сары ай туды шалқайып.
Қызыл қарбыз қасында
Қарға отыр талтайып.
Көгалдардан әр тайып,
Көлден ұшты қаз-қайық.
Үйеңкінің балағы
Шыға келді қартайып.
Аспан - аққу дауысты,
Әлемменен қауышты.
Шетендердің жапырағы
Қызыл реңге ауысты.
Алма бақтар күздегі
Жемісін тұр үзгелі.
Тырау-тырау төбемде
Тырналардың тізбегі.
Саршатамыз алыстап,
Шық жамылды таныс бақ.
Алтын жапырақ түседі
Күре жолға қалықтап.
Салқын өзен жағасы,
Сарғыш тартты ағашы...
Құбылмайды алыстан
Кемпірқосақ доғасы.
Етекте жүр сары күз,
Егін жайға салып із.
Шалғын кешсең балаққа
Жабысады кәрі қыз.
Келер жазға құлшынып,
Қайнап жатыр тіршілік.
Аспан күркіремейді
Ақ жауынға тұншығып.
Сылбыр жауын. Сылбыр күз.
Көміледі күндізгі із.
Қою тұман астында
Қоңыраяр құндыз – дүз.
Бұл қыркүйек аяулы,
Ең дүбірлі, ең дүлдүл.
Күннің алтын бояуы
Жерге ауысқан мезгіл бұл.
Атырауда, Арқада,
Сөмкелері арқада.
Балалық шақ түгелдей
Отырды кеп партаға.
Қаңбақ көші далада,
Сарыжайлау – сары ала.
Субұрқақтар шеруі
Аяқталды қалада.
Сайқын желі гулеген,
Тербетеді түнді не.
Сырғалайды іргеден
Сұлу жүзді Сүмбіле.
Жер бетінің ұланын
Оқытатын қыс-жазы.
Мұғалім бе, мұғалім –
Адамзаттың ұстазы.
Рухтың арамшөптерін
Тазалайды, отайды.
Сана төңкерістерін
Мұғалімдер жасайды.
Мұғалім – ар, ақ қардай,
Парасат пен Жарасым.
Сүйеді кім ұстаздай,
Адамзаттың баласын.
Мұғалім бе, мұғалім,
Ол – ұлтыңның суаты.
Мұғалімі мықты елдің
Мықты күш пен қуаты.
Мұғалім әр ошаққа
Білім, байлық сыйлайтын.
Жоғалтқанын қазақтың
Мұғалімдер жинайтын.
Қара шашы ағарып,
Отан үшін ойланған.
Мұғалімнің тағдыры
Тақта алдына байланған.
ҮЛКЕН ТҮРКІСТАН
Орта Азия – даналар елі.
Европа философтарынан
Қаламның ұшын
қағілез санаға қадап,
Өлең жазамын
Даңғайыр Далама қарап,
Қасиеттім-ау, қасиеттім,
қасиеттім менің,
Еңіретті даңқың
ежелгі заманада қап.
Құрсақ та сенде! Нәр берген
емшек те сенде.
Тұрандық рухты
тұмшалап
көрсетпеген не?
Ульянов Ленин ұлтының
қамын ойлаған
Үлкен Түркістанды бес елге
бөлшектегенде.
Шырқырап тұрған
шындықты жасырамыз кеп,
Өткенді өшіруге тым
асығамыз кеп.
Ұлттар көсемі
Фрунзені атқа мінгізді,
Үлкен Түркістаннан айырылсақ,
ашығамыз деп.
Үлкен Түркістан!
Азияның ақшаңқан күні!
«Номадтар өркениетінің»
сақталған тіні.
Үлкен Түркістан күйреді
қанға боянып,
Мұстафа Шоқай...
жат елге аттанған күні.
Әңгіме болмай ақтығы,
қаралығы да,
Меймілдеп толды қазақтың
жанары мұңға.
Автаномия туралды қызыл жұлдызды
Буденновкалар мен
орыс штыгі аралығында.
Бір ғасыр өтті.
Өткенді неғып тербедім?
Атажұрт болған түркіге
көрікті елдемін.
Оңымда өзбек, түркімен,
солымда қырғыз,
Атамекенді бауырларыма
бөліп бергемін.
Айналып ескі империя
отарларына,
Байландық сайқал саясат
қатал заңына.
Сілтеме жасап жатты әлем
өркениетті
Үлкен Түркістанға
қастандық жасалғанына.
Тұсауын шешті қиялым
күдік күрмеудің,
Уақыты келді елді ел,
ділді діл деудің.
Түркістан атын тарихи қолданыстан алу –
Айласы болды
түркіні біріктірмеудің.
Алданып, «жолдас, бауыр» деп
астарлағанға,
Пайда боп орақ балғалы
таптар даламда.
Тағы өлді Үлкен Түркістан
Голощекин мен
Сталин ұлтты жоюды
жоспарлағанда.
Туады қорлық
зорлықты пайымдамаудан,
Ханталапайлық –
текті ұрпақ дайындамаудан.
Айбының аласарады,
Үлкен Түркістан,
Түбі бір түркілігіңді
мойындамаудан.
Ата жұрты ер түркінің
сары ала белі,
Европа мойындағандай
даналар елі,
Бес туың қатар желбіреп
мәртебең асса,
Айбынды даңқың да қайтып оралар еді.
Маймыл адам, сәлеметсіз бе? Жанымның сен бір бұрқағы!
Қарадық аң-таң керемет Сізге,
Адам Атаның ұрпағы!
Маймыл адам, кешіріңізші,
Білмеймін сізге неге өшпін.
Тегіміз маймыл дейтіндей ізгі,
Мен Маркс те, Энгельс те емеспін!
Ғұламалар-ай, құлдықтан қашқан
Тізгінің неге босаған? Өркениетті маймылдар емес,
Маймыл еместер жасаған!
Кинг-конгтар емес далада мына,
Кентавр жәйлі бар аңыз.
...Бит сығып, қаның жалағаныңа
Түршігіп бітті санамыз.
Жанымды жүрмін мазалап тағы,
Бір адам көріп, күшті адам!
Есенқұл көкемнің «Зообақтағы
маймылдарына ұқсаған.
Ақынның бәрі Фудзиямада,
Алау көтерген айқайшы,
Маймылдан қашқан адамға
Ескерткіш қояр жан қайсы?
Маймыл емеспін!
Өз тегім – Адам,
Ізгілік менен мол мұра.
Жүріп келемін – бір қолда қалам,
Бір қолда қайран домбыра!
Джунгли тасы табанын тілген,
Болмашы, тегім, жарықтық.
Маймылдар отыр санасыз, күлген
Баланың бәрін қарық қып.
Опасыз жалған демеймін,
Опасын көрдім назды үні.
Жан-дүниеңдегі кедейлік –
Опасыздықтың мазмұны.
Опалы пенде шығарсыз,
Ошағы, оты – ар, тұмар.
...үндемей қалса кіл арсыз,
Оған да зауал бар шығар.
Жұмаққа бірге кіреміз,
Тамұқта бірге – ғайыппыз.
Күңіренеміз, күлеміз,
Өмір сүруге лайықпыз.
Айнакөл – айдындарыма
Аққулар жазу жазады,
Адамның маймылдарына
Тән емес ақыл азабы.
СІБІР ПОЙЫЗДАРЫ
Сағыныш – жанымның жақұты,
Сапарлар – адамның я соры, я құты...
Сапарға шыққан барлық адамның
Қауышуларда бақыты!
Алматы түндері мақпалдай,
Ағады пойыздар тоқталмай...
Терезе көздері жарқылдап әр үйге
Жақсылық әкеле жатқандай.
Сағыныш саумалын жиі іштім,
Жанарға жақұт-нұр құйыстым.
Мамасын іздейтін құлындарым үшін
Перронда тұруға тиіспін!
Керуен-керуен
кеудемнен өлең көшеді,
Ақ таулар...
алыста елеңдеседі,
Түнгі үште солқылдап жеткен составтар
Менімен гуілдеп
ұзақ сә-лем-де-седі.
Жұлдызды көрсетпей
боз тұман ұйысып,
Күзетші иттердің кетеді тиышы.
...Балконға жүгірем,
О, жеттің бе,
Сібір самырсындарының иісі!
Күтуге жаралдым.
Төзімді тауыстым.
Құбылған вокзалдар –
Қанаты тауыстың.
...О, мен – бетон бетті ғасырдан
аюбалдырған іздеген ақырғы ауышпын!
Көңіл-құмырасына
гүл шыққан!
Сібірлеп келеді шымшық-таң.
Алматы қақапаларын аш, жүрегім,
Рок музыкаларға тұншыққан!
Бауырын көкшіл асфальтқа төсеген,
Таңғы таксилер зулайды көшеден.
Көтер, шлагбаумдарыңды кездесулерге
Сүйікті Өтеген, Өтеген!
Таңғы сәулемен таулар тілімденеді,
Сүйіндім шапаққа
аспан күлімдеп еді.
Самырсын иісті
Сібір пойыздарымен
Менің тәтті ұлым келеді!
Ұлым келеді!
Сағыныш – жанымның жақұты,
Сапарлар – адамның я соры, я құты...
Сапарға шыққан барлық адамның
Қауышуларда бақыты!
О, ЖАНАРЫ – ЖАЛТЫЛДАҒАН ЖАЛҒАННЫҢ
Алакөлдің алашабыр дидары,
Шағаланы ақжал толқын тербеді.
Эх, Алакөл, құшағыма сыймады,
Дүниенің дүрия өңді өрнегі.
Алакөлдің алашабыр айдыны,
Шағалалар қонақтайды толқынға,
Эх, Алакөл, қазағымның айбыны,
Мен кетемін, сен қаласың артымда!
Сен қаласың!
Арманы не қалғанның?
Миллион жыл өмір сүрдің өзгермей.
О, жанары жалтылдаған жалғанның,
Қабанбай да сені сүйді дәл мендей!
ӘКЕ
Әкем – алда.
Тартып отыр делбені,
Кер биенің
Семіз сауыры терледі.
Сақылдаған сары аяз.
«Құйғыт тәте!» -
жалғыз арман мендегі!
Көк шанада көк шөп және қара ішік,
Бағаналар жете алмады жарысып.
Тұлпарлардың мұраты осы – қаракер,
Ауыздықпен алысады жарысып.
Қара ішікте қалғымайды қара қыз.
Қара тұяқ қаршылдатып салады із.
Диірменші Анарқұлдың үйіне,
Жылда осылай шана жолмен барамыз!
Билей басып кіреді кер көшеге.
Сұлу сәтті сағынышым еселе!
Қар лақтырып, қауқылдасып мәз болды,
Көрші ауылдардың кемпірлері әкеме!
Шұнақ аяз шымшылайды шекемді,
Партсъездің кемпірлері шешен-ді.
«Әй, қара қыз, Нағиманның еркесі,
Тастап кеткін бізге мына әкеңді!»
Қылығымды қайтем сәндеп, жасырып,
Қара ішіктен шыға келдім бақырып,
Жан әкемді мыж-тыж өңкей кемпірлер
Ап қалардай қулықтарын асырып.
Жас құлынды жатқандай-ақ пышақтап,
Бақырамын жан әкемді құшақтап.
Сәлден кейін көзін сүртті үлкендер
Менің таудай сезімімнен ұсақтап.
Бала көңіл байланды да желіге,
Жан әкемді қонақтатар төріне.
Сәлден кейін құрдастары шешемнің
«Жаман шалды» қайтып берді өзіме!
Қаршылдатып қар лақтырды қаракер,
Көк шанамен қатар ақты дала, бел.
Құлағыма үні жетті әкемнің:
«Тәңірім, осы қызға пана бола гөр!»
ЕРКЕ ҚЫЗДЫҢ ХАТТАРЫ
Сескендірді біреулер «көкесімен»,
Жасқандырды біреулер әкесімен,
Қара қыпшақ Қобыланды емеспін ғой,
Еркте шықтым еркелік көшесінен.
Қабағымнан бір кірбің тарамайды, ә?
Өмір де ұқсап барады «Қарабайға».
Бұрымынан тартпа деп «бұзықтарды»
Сабап-сабап алатын аға қайда?
Тартқанда алға өмірдің көші небір,
Туған ошақ түседі есіме кіл.
Еркелеуді үндемей үйреткен ең,
Еркелікті, екі аға, кешіре біл.
Ой-бой, болды, көңілің босамасын,
Аттадық қой басқа үйдің босағасын.
...екеуіңді іздедім талай-талай,
Қыз Жібектей шақырған неше ағасын.
Көк дөнені көңілдің желетіндей,
Күн кештіңдер дүрсінбей, төресінбей.
Мен де... отырған түр мынау шұқыланып,
Өлең жазып жүрмесін өлетіндей.
Сағынбасам шын әзіл шығындар ма ем,
Сұрамаймын ешкімнен бүгін жәрдем.
Ауыл жаққа аттанып кеткім кеп тұр
Амандасып «Ғамзатовтық» мұрындармен...
Бола берсін күн жаңа, арман жаңа
Өздеріңсің кіндік қан тамған дала.
...Қиырдағы қыз деген не тәйірі,
Туған үйде қадірлі-ау қалған бала.
...Табалдырық түбіне кідірген – біз,
Тереңіне тереңнің үңілген – біз,
Сәлемменен сағынса екі ағасын
Есігі мен төріне жүгірген қыз.
Балдәурен шақта құбылған бақтар,
Ақ қардай еді-ау тілеудің бәрі.
Төртінші класта хат жазған сотқар
Күлім де күлім біреудің жары.
Еркелік – елес, ерке көңілді.
Ерке бір шаққа бұрғызып алаң.
Бұрымнан тартқан серкелеу ұлды
Студент ағама ұрғызып алам.
Хат жаздыратын дос ұлдың бәрі,
Ақын боларым тым айқын еді.
Өнерпаз болдым – осымның бәрі,
Сотқар бір бала ұнайтын еді.
КӨКПЕК
Топырақтан ұрды аптап,
Сағым жүйткіп, жанып қыр.
Қүреңіткен қызғалдақ
Күйіп кетпей не қып тұр.
Төбелерден томпайған,
Теріп кетті шөпшек мұң.
Таулар анау жантайған,
Жазығында Көкпектің.
Жарып қызыл құздарын,
Шарын – айна шағылған.
Керуендері Құлжаның
Осы жерде ағылған.
Қызық менің сезімім,
Көкпегімде тоқталмай,
Үйсін Күнбилерінің
Көші өтіп жатқандай.
Ұлы жазық, аман ба?
Төгілсе нұр, тусырар.
Туырлықтай көгалда
Теңселеді бір шынар.
Жонын тосқан жасынға,
Қасиетті бұл аңғар.
Бағаналар басында
Қонып отыр қырандар.
Қырғыз, қытай бауырына
Жіберетін жыр жазып,
Менің туған аулыма
Апарады бұл жазық.
Көкпек, көкпек, көңілі ақ,
Өкпелеме іздерге,
Алматыға келіп ап,
Қайтпай қойған біздерге.
Туған жердің жәйі осы,
Бұлдырайды көк Кетпен.
Хантәңірі аясы
Басталады Көкпектен.
КӨРТОҒАЙ
Тұяғымен тұлпарлар
Дүбірлеткен кең төсін.
Сауыт киген сұңқарлар
Жүріп өткен Өлкесің!
Қорғасын – су, жар-жаға,
Сүйсінем де, тіксінем.
Құзғындаған арнаңа
Көз тіге алмас «күшті» ең.
Қызыл күмбез жел үккен –
Айша-Бибім – Сен едің.
Қатар қойған бөріктей
Төңкерілген төбе мың.
Бала күннен таныс тау,
Жартас көзі мойылдай.
Өмір де өтті алыстау
Жетім қыздың тойындай.
Алты қайың бір терек
Жел нұқыған желкесін.
Қызыл қына, сары мүк
Теуіп ашты көрпесін.
Көз ұшында – Кербала,
Құс ұшырмас үстінен
Қарлы таудан сонада
Іліп апты түскілем.
Күлгін түсті Күншығыс,
Бұлт ілінген қабағың,
...Төрт дөңгелек құлшынып,
Қуырды жер табанын.
Шарбы бұлттар шағала – ең,
Жер арқасы талыстай,
Күйіп-жанған даламен
Құйын қашты қалыспай.
Шетен тоғай!
Шерлі кім?
Жыра – сағым,
Тау сағым.
Сипап өткім келді бір,
Сәмбі талдың саусағын.
Кешіп өтем , кеше алсам...
(Көртоғайда тілек бір)
Болат көпір бөкен сан
Су ішінде шіреп тұр!
Ем боларсың қайсына
Жанымдағы жараның,
Жалт-жалт қарап артыма
Ағып кетіп барамын,
Көр-то-ға-ай!
КҮРКІРЕГЕН СОЛ ҒАСЫР, КЕШІР МЕНІ
Туған ауылым
Жамбыл-Қаратоғанға арнаймын
Күркіреген сол ғасыр, кешір мені,
Қасіретке үңілем бетіңдегі.
Қайғыларға үңілем есімдегі,
Себебі, оны анам да кешірмеді,
Себебі, оны әкем де кешірмеді.
Аманаттап арманын кетті бәрі –
Жиырмасыншы ғасырдың жетімдері,
Жиырмасыншы ғасырдың жесірлері!
Қанша жоқтау кернеді даламызды,
Жылау үшін туған жоқ Дала Бізді!
...Екі бірдей ғаламдық Соғыстар мен
Екі бірдей Төңкеріс қан ағызды!
Азапталған, жаншылған, мазақталған,
Біздің Елдің тарихы ғажап, қарғам.
Малы-жанын, жайнағын бәрін беріп,
Сталиннің қолына қарап қалған.
Бірін-бірі қоғамдар жаныштады,
Қолдарына Бақ емес, Тақ ұстады!
...Менің құйттай ауылым шекарада
Москваға тағдырын табыстады.
Маған қалған, сол ауыл саған қалған
Тәбәріктей баяғы замандардан.
Қытай аумай, болмаса, қырғыз аумай,
Дүрбелеңнің бәрінен аман қалған.
Нұрбапаның ауылы ол дұрысында,
Үлесі бар менің де ырысымда.
Нұрбапа – туған жұлдыз Тұрардан соң,
Жарқырап Азиялық Шығысымда!
Жат қызыға қараған туысына,
Тегі тартқан халқының тынысына.
Тұрар құсап ол дағы сыймай қойды,
Жетімі көп ғасырдың уысына.
Күн шығады күлімдеп, күн батады,
Кейде маған тылсымдар тіл қатады.
...Өгіз арба айдаған Әлім атам,
Орап-қымтап жатады Нұрбапаны.
Ей, бауырым, қандасым, өрістес ең,
Келіссең де, өзің біл, келіспесең.
Сол ауылдың шалдары – менің әкем,
Сол ауылдың кемпірі – тегіс шешем!
Демеңіз баба ізі көмескі екен,
Сол іздерді көзіме елестетем.
Самғап ұшқан Сағат та сол ауылдан,
Бабалардың киесі емес пе екен?
Бағы қалған, тақ қалған, несіп қалған,
Өкінтеді осылай өтіп жалған.
...Осылай тез Рысқұлов, Өмірзақов
Саясат сахнасынан кетіп қалған.
Сол ғасырдың сұңғыла жебелері.
Сұмдықтарың не деген терең еді.
...Бір құпияң болмаса Ташкенттен
Өмірзақов аман-сау келер еді!
Күркіреген сол ғасыр, кешірерсің,
Қасіретіңе күн өте, тесілерсің.
Тарихын тасқа жазған елміз ғой, Біз,
Бір күні бәрін тасқа көшірерсің.
...Мерейімді өстіп бір өсірерсің.
Тағың тұғыр болмайды шер қасында,
Ақиқатты айтуға қорқасың ба?
Нұрбапаның ауылы – жалғыз нүкте
Дүниенің саяси картасында.
Көңіл. Көңіл дегенің аптап сынды,
Жоқтайтынын ақыры жоқтап тынды.
...Хан Тәңірге бастайтын менің аулым,
Ой Тәңірге бастайтын соқпақ сынды?
Пенделіктің бәрінен алыс туған,
Менің аулым барыс пен намыс туған!
Бір ұланың ұзаса, көкжиектен
Бір ұланың көрінер алыс қырдан,
Ал, мен саған ризамын, келген Ғасыр,
Ақиқатпен ақыры табыстырған!
РУХ БИІ
Сақ қыздары ұр дабылды, соқ! Соқ!
(жауынгерлер би билейді топ-топ!)
Екі бетті өмір демондары.
Жасырады білектерін тоқ-тоқ...
Екі көзім, екі көзім шоқ боп,
Ал, жүрегім алаулайды от боп!
Биле! Биле көшпелілер рухы,
Мені тастап кете алмайтын жоқ боп!
Сақ қыздары, сұлу жауынгерлер,
Ұр дабылды!Ұр дабылды! Соқ! Соқ!
Асқан асу, кешкен теңіз аптап.
Қара шашым, қара шашым аппақ!
Сақ қыздары, сұлу жауынгерлер,
Дулығамды басыма қой жастап.
Биле! Биле көшпелілер рухы,
Мені ешқашан кете алмайтын тастап!
...Сен билеші! Ай мұңданар ма екен?
Аруларым айбынданар ма екен?
Саиндағы саны жарқыраған,
Сайтан алғыр, қайғым қалар ме екен?!
Сен билеші! Сенім келер ме екен?
тауқіметім жеңілденер ме екен?
Белдескенде алмағайып күндер.
Өлім, әлде... Өмір жеңер ме екен?
Сен билеші! Айхай, ғұмыршынар!
Жүрегіме тағып жүрген тұмар!
Ерлігінен айрылғанда халық,
Маймылға ұқсап... азғындайтын шығар?
Аңыздардан аршып алғын, елес,
Адасқанның бәрін ескер, жебес!
Қыздарының рухы биік елдің.
Жоғалуы мәңгі мүмкін емес!
...Рух бар дейді! Жерімде рух жүрсін!
Иесі бар екенін жұрт білсін!
Сақ қыздары, соқ дабылды ! Соқ! Соқ!
Кең даламның киелері тұрсын!
САҚТА ТӘҢІРІМ БАЙТАҒЫН ИЕЛЕНІП, БАБАСЫНА ТҮКІРГЕН МҰРАГЕРДЕН
(Жаһандану босағасындағы жалқы ойлар)
Шырқай өскен, шыршалар, жағалай тік,
Тамырыңа кетпеші қарамай түк.
өз ұлтынан кемшілік іздейтіндер, бұл сөзімді отырмын саған айтып.
Кеме – мезгіл жылжиды жағалаудан,
өзің қашпа ұлт мінін тазалаудан.
...көрсеттік біз надан қып өзімізді,
Наданбыз деп өзіміз бағалаудан.
Миығынан жымиып бастас талай,
Отыр дейді өз тілің көш бастамай!
...Тілге сұрау сап тұрсақ, заманыма,
Ұлттық сана жетіпті батпақтамай!
Алтау араз, болған жоқ аран іргем,
Дәуіріме ділімнен таза кіргем.
Генодцидтік пышақтан... аман қалған,
Мақтануға болмай ма қазағыңмен?
Тайғақ кешу, қилы күн, тар жолдағы,
Қайда сол бір қазақтың бар боздағы
Көтермей ме рухыңды Азияда,
Отаныңның кең-байтақ бар болғаны!
Ойлы қара Отанға, ойлан істі,
Алты құрлық арпалыс. Майдан үсті.
Мәртебесі қазақтың бұл ғасырда,
Қазақтардың өзіне байланысты!
Тамыр жерде! Өзгеріс мезгілімде!
Сатайын деп отырмын көзді кімге?
Мен жырымның үкісін үлпілдетіп,
Ғасырыма әкелдім өз тілімде!
Жырым – жырау, елім – кең, еркім – биік!
Менің тілім – ең тұнық, ең – тұңғиық!
Менің тілім шығатын тұғырына,
Ақ Баянның келіп тұр бөркін киіп!
Қазақпысың жаныңды елжіретіп,
Айтайыншы, сырымды мөлдіретіп,
Менің жырым келіп тұр ғасырыма,
Ақ көйлектің етегін желбіретіп!
Ғасырлардан ғасырға аяңдаған,
Азаттыққа тіл бізді даярлаған!
Менің тілім – өлмес тіл, екі мың жыл,
Әлемдік әміршілер жоя алмаған!
Жаңғырықты тыңдашы, құлақ түріп,
Кеткен жоқпыз текке тас лақтырып!
Жер бетінен нар ұлдар көтергенде,
Балбалдарым сөйледі жылап тұрып!
Ығыстырып ұмсынған құрықтарды,
Еркіндіктің дәмін ел біліп қалды.
Есіктіден түрегеп Алтын адам,
Есігіне құлдықтың құлып салды!
Ақиқатқа айналып аңыз-мұңдық,
Тамылжып-ақ ашылды тамыз-Түндік!
Сенбесең де, сенсең де ғасырыма,
Қазақ болып кіруім – нағыз шындық!
ІІІ
Аңғал-саңғал деймісіз қазақы есік
Атымтайлық әкелсін таза несіп!
Аңғал-саңғал есіктен ертеңдерге,
Аттап шықсын, бір-бірден қазақ өсіп!
Кешіп жүрсіз дейсіз бе, тірлік нендей,
Қалыбым жоқ Батысқа үздіккендей!
Көкпар тартып, ауылда той жасаймын,
Кобвойлық Америка дүрліккендей!
Қағанаттар, кешегі егесті күн –
О бастан тегін халық еместігім.
Ұрпаққа ұлан –байтақ жер қалдыру –
Қазақтың надандығы емес, күнім!
Өз тұмамнан зәмзәмді неге ішпеймін,
Ер түркіні ұшырған өрістеймін!
Он бесінші ғасырға дейін сізде
Ел болмады дегенге – келіспеймін!
Қағанаты болған соң қоныстары,
Мемлекеті жоқ деудің өзі ұшқары!
Мемлекеті жоқ елге жасала ма,
Темір, Шыңғыс, Құтайба жорықтары?
Қаламымды отырмын ойға малып,
Ел болмады деген сөз қай даналық?
Алтын Орда Дунайдан ат суарды,
Дешті Қыпшақ әскерін пайдаланып!
Шыңғыс жаулап шырмалса азаттығым,
Шыңғыс ханды жаулады азаттығым!
Ұлы билер арқылы хан баласын,
Қараға бас идірген боз аттымын!
Атамекен – мың жылдық қоныс, Тұмар!
Қызықтырған шәркейлі орысты бар,
Келгеніне қасынан орын берсе.
Болмағаны қазақтың соғыс құмар.
Көлеңкені күңгейлер ығыстырып,
Ел іргесін жайласа тұнықтылық,
Көк байрақты көтеріп тұр деп ұққын,
Ұлтымдағы тереңдік, біліктілік!
«Бәйдібектің үш ұлы» жақса оттарды,
Бауыр деген тарихта жақсы ат қалды,
«Алқакөл сұламада» бұл қандастық,
Жойылудан қазақты сақтап қалды!
Басқа айтса, айтады ірітуге,
Ырысыңды қотарып, бір ішуге.
Арыстары үш жүздің кеткен жоқ па,
Аға үшін де жан қиып, іні үшін де!
Мансұқтауға, дәстүрді ертек деуге,
Келіспеймін, әйтеуір, әр шектеуге!
Бұл қандастық Жоңғар, Русь, Қытайға да,
Жол бермеді қазақты бөлшектеуге!
Арнасында өзінің құлап ағу,
Өзендердің өз заңы мұра ма – азу?
Қандастықты жоюға талаптану,
Бірлігіне қазақтың сына қағу.
Биіктетіп халықтық мұнараны
Айтылады сан ғасыр бұл ән әлі,
Құндылыққа қол салма! Рушылдықты
Билікке таласқандар шығарады!
Туыстықты мың жылдық күйреткеннен
Не шығады мейірімді сиреткеннен?
Ұлан байтақ жерге ие болды аз қазақ,
Бір атадан тудың деп үйреткеннен!
Өз қағынан жерініп шыға келген,
Бір теперіш көреді ызалы елден.
Сақта тәңірім,байтағын иеленіп,
Бабасына түкірген мұрагерден!
Шырқай өскен, шыршалар, жағалай тік,
Тамырыңа кетпеші, қарамай түк.
Өз ұлтынан кемшілк іздейтіндер
Бұл сөзімді отырмын саған айтып.
Ұрпағыңды үйір ет суатыңа!
Уақытыңның жүйткіген мін атына!
Жаһандану – адамзат құндылығын
Пайдалану ұлтыңның мұратына!
ЖЕЛТОРАҢҒЫ ЖЕЛЕГІН ЖЕЛ ТЕРБЕДІ
...Желтораңғы желегін жел тербеді,
Қарыз оған қазақтың ертеңдері.
Күллі Отан сол жанды құрметтесе,
Келбетімен Отанды ол көркемдеді.
Кең далаға кім келіп, кім кетпеген,
Мұнарынан сеземін мұңды ептеген.
...Аспанымнан ағады-ай ақша бұлттар,
Қонаевтай жүрегін кірлетпеген.
Ғасырлардың қатерлі өткелдері,
Биіктеді қатерден өткендері.
Ақсақалдар ұлтымды сақтап қалды,
Боқсақалдар ұлтымда боп көрмеді!
Сар даланы сақтаған қилы күнде,
Көрсін барлық бабалар сыйды күнде!
Құдіреті халқымның ханында емес,
Ұлтты ұйытқан қарттардың билігінде!
Сахараның
саздары санама өткен,
Алтын соқпақ
заманға салады еппен.
Ақсақалдар, Даламда таусылмашы,
Бүтіндігін қазақтың талап еткен.
Кекті ойламай, келешек, текті ойладық,
Төніп келген қара бұлт өтті айналып,
Ұлт әкесі Қонаев бір ақ күнде
Ұлттың Парасатына кетті айналып!
Кере қарыс маңдайға сыйды Әкелік!
Бүкіл Отан күтті оны үй көтеріп.
...Үзіп жеген бірде Ол таба нанды,
Алтын тәтем таратты үйге әкеліп.
Үндеседі осылай даралық кей,
Кім күтеді Бақытты ана күтпей?
Балалардың аузына Алтын тәтем
Үзіп салды сол нанды тәбәріктей.
Босағаға біз көрдік бақ тамғанын,
Жаны сұлу тәтемнің шаттанғанын...
Ұлт Келіні ұсынған таба наннан,
Ұлт Әкесі дәм татып аттанғанын!
Босағаға сүйеп бір Бота Басын,
Отаным деп түсінген От Анасын.
Үлкен кісі Еліне лайық болды,
Туыстықпен бекіткен шекарасын!
Құрметтеген ғасырлық ғұрыптарды,
Рухы демеп келеді жігіт-талды.
Әр қазақтың тұңғиық жанарында,
Дінмұхамед дидары тұрып қалды!
...жарасқанда тау әні Дала әнімен,
Қызғалдақтан жайғанда дала кілем.
Желтораңғы жеріне тағзым етіп,
Өлең жаздым Қонаев қаламымен.
Мен – басы да Іленің, Сіз аяғы.
Мұңаяды, ақ таулар мұңаяды.
Біздің жақтың аспаны тұнық еді,
Жұлдыздары неліктен жиі ағады?
Жай таптырмас жасын от өзегіме,
Айналармын айналсам Өзеніме!
Жұлдыз жауды Далама!
Жұлдыздарға
Мейірімсіз аспанның керегі не?
БЕКЕТ
Сипамақ болып бұрымымды сен,
Ұмсындың. Жоқ қой ол менде.
Тас талқан болған ұғымымды әсем,
Орнықтыратұғын жоқ пенде.
Жаппасын деумен аспанды күнә,
Сыпырдық Авгий қорасын.
Аялай қарап астамдығыма
Алыстап менен барасың.
Қылау түсірме бостандығыңа,
Даттағандарға сенбеші.
Ұялған барлық «сотқарлығыма»
Жұбату айта көрмеші.
Сеземін көңілің тасынатұғын,
Балалық шаққа барғанда із.
...Ішек сілеңді қатыратұғын
Шанадан түсіп қалған қыз.
Бокс қолғабы лайық па маған,
Ол саған лайық – серкелік.
...Мендегі сондай ұнайтын саған
Мұрны қанаған еркелік!
Көз жасым қалды өткелектерде,
Көрсетсем оны жыларсың.
Мендегі барлық жекпе-жектерге,
Жымиып қарап тұрарсың,
Аға!
Көлеңкелерге торықпа, жаным,
Күрессең, күнгей жетеді.
Алдыңнан шықса, қорықпа, жаным,
Адамның алакөкегі.
Сәуірдің жылы жаңбыры,
Жылаған жылға жылтырап.
Құлазып көңілім... мәңгіді,
Қылтиған көкті шымшылап.
Көксеңгірлерден құлар мұң,
Құралайсалқын асыққай...
Мен жетім құлын шығармын
Желіде қалған отықпай.
Қағазға сырды жаямын.
Қағазға сырды шертемін.
Бәрі – өз өмірбаяным,
Бәрі де – менің ертегім.
Арманды қудым, жетпедім,
Қол созым жерде тұрса да,
Достарым тіпті көп менің,
Дұшпандарым да біршама.
Мен – жырдан бесік тербеткен,
Суатқа құлап ай түсті.
Көтеріп алдым жөргектен,
Алданған әлем байғұсты.
ДАУЫС
Алакөңіл. Алаңыма
кей ұшқын,
От тастады,
ебі келмей кей істің.
Жер түбінен
жетті дауыс. Дауыстың
Қабағына ұялаған
кейіспін!
Ақсүйек ел. Әлде болдық,
қүс табан,
Пәренжәмен
перизатын
қыспаған!
Бейнесі жоқ, Бекзаттығым,
қайтейін,
Егілсем де емеурінімді ұқпаған.
Иә, Еркіндік!
Еркіндік тым ұнаған.
Іштік суды суаттан да,
тұмадан.
...Жер жаһанда
бізден басқа
халық жоқ,
«Қонағынан»
тізерлеп тіл
сұраған.
Жарты мырза,
жарылқамай жарты бай,
Музейде тұр...
қара саба аңқымай.
Серпілсеңші,
сұңқар қонған жеріне,
Сұсты түрме
салдырмаған, халқым ай.
Жырым менің!
Жылы ұяңда жат,
мұңдық,
Жатқа еліктеп асқындық па?
Асқындық.
Қазақтардың
есебінен
тақ мініп,
Қазақ тілін менсінбеу –
сұм, сатқындық.
Су ішіңіз.
Нан да жеңіз,
сүйіп Сіз,
Күн кешіңіз
Кең даламда
күйіксіз!
Көршім менің,
есіктегі тіліме,
Ендеше, сіз,
төр беруге тиіссіз.
ГЕЙША
Таң шапағы
елінің сол мұңдығы,
Көрінгенге көзін сатқан
шерменде.
Елестеді, елестеді бір күні,
Түнгі Алматы
көшесіне енгенде.
Қала жарқ-жұрқ,
болмағандай ештеңе,
Даңғазаға толы
барлық кештерің.
Қарамайды
«гейшаға» ешкім жек көре,
Сұлулығы,
сымбаты бар көп-көрім.
Машинаға
төрт-бес ару жүгірді,
Кіммен көңіл
көтереді бектерің?
...Олар келіп
терезеге үңілді,
Ұятымның
аймандай ғып беттерін.
Гейша, гейша,
әлі өмірде барсыз ба?
Ертегісіз, әлде, аңыз,
Елессіз?
итерді айналуға арсызға
Сіз сұлулық
өлшеуіші емессіз!
...Гейша, гейша –
көңілімнің алаңы,
Сізді намыс
көрмейді екен өз елің.
Жезөкшелер қаптап кеткен қаланы
Жерден алып, жерге салып келемін.
Орта ғасыр жаулағандай төрімді,
Жұртым, бұған
не төрелік айтасыз?
Қыздар неге арсыздыққа берілді
Біздің қала қала еді ғой гейшасыз?
...Біздің көше.
Біздің үйде сөнбейді от,
Біздің үйде
үйлесім де, жаннат-бақ.
Шартараптан
бәрі аман келгей деп,
Періштелер отыр онда
қонақтап.
Сіздің періштеңіз қайда, Гейша?
ТОҒЖАН МЕН МАҚПАЛҒА
Сен екеуің күлгенде,
Үйімізде мол қызық.
Жүресіңдер бөлмені
Қуанышқа толтырып.
Тағдырыңның жолдары,
Енді қайдан түйіспек?
Ұйықтайсыңдар екеуің,
Бір-біріңді иіскеп.
Ұлым қарап шашыма,
Келді қайдан күз дейді.
Келе салып жұмыстан
Екеуіңді іздейді.
Екі бірдей әпкесі –
Ініге де тәуір бақ.
Ұзатамын дегенге
Жатып қалды бауырлап.
Ұшпақсыңдар әр жаққа,
Естіп қиқу – құс әнін.
...Ойыншықты кеудеме,
Қайта-қайта қысамын.
Зымырайды ілгері,
Ешқашан да келмес күн.
...Қонжықтарын көтеріп,
Ойнамайды енді ешкім.
Екеуінің ісі көп,
Шаруалары маңызды.
Жеңгесі де оларсыз
Құлазитын тәрізді.
Өзегімді жарғаным –
Өнердегі қос ботам.
Зымыраған жылдарды
Немен бөгеп тоқтатам?
Өмірімнің гүлдеген
Қарашасы – қауысы...
Өлең – сендерді іздеген
Жүрегімнің дауысы.
БОЗАШЫ
Теңіз бен түбек!
Ұлы ағыс – құйыстарыңа,
Шағала жаным
шаңқылдап жиі ұшқаны ма?
Сақтардың бағзы мекені,
Батысты таң қып,
Күміс құйдырған үзеңгі,
құйысқанына.
Шағалалар да мәңгі емес,
шулағанымен,
Толқындар өмір сүреді
тулағанымен!
Ойнайды менің қиялым желкілдеп,
желгіш,
Бозашы түйелерінің
шұбалған шудаларымен!
Таспадай түзу жолдармен
ағып барамын,
Маңқыстау мұнараларына
талып жанарым.
Байтақтарымның иесі –
көне күмбездер,
Баяндағандай ма баяғы
жорықтар әнін...
Ұшқан құс жетпес
қиянды әдіптеді ме,
Ұқсайды жартас
Күлтегін әріптеріне.
Тізесі барды бүктірген
баһадүр бабам,
Кіндігін көмген
боз жусан – нәзіктеріме!
... Таушықтың қызы
дәм берді кеселерінен,
Айнымай қалған
анау кім шешелерімнен?
Ақ жаулық көріп,
ана дүниеге кетпегендей-ақ,
Апамды іздедім
Ақкетік көшелерінен.
Бозашы!
Ұлы тыныштық. Киелі. Тұнық.
Жан дүниемді жауладың,
иелік құрып.
Жанарым боталады ма,
жиырма бес ғасыр
Сақталған сақ балбалына
сүйеніп тұрып.
Сенгемін. Сенем.
Сеңдердің бұзыларына,
Алтын киімді тегіме
ел қызығарына!
Миллион тағзым
папирус, теріге емес,
Тарихын тасқа қашаған
ұлыларыма!
Бозашы!
Армандар – ақиқат көзі,
қала сомдадың,
Қарсы алып, шығарып салдың
дала жолдарын.
«Сайынан сайғақ құрлы
сая таппаған»
Бір тарих
Тарас ұланға пана болғаның.
Бұлқыныс бердің,
Бозашы, бұландарыңа,
Ақырып теңдік сұраған қырандарыңа.
... Ескерткіш қояр кез келді,
арыстан жүрек
Апшерон полкін алдырған
ұландарыңа!
Тылсым жылайды.
Тылсым сөйлейді.
Тылсым күледі,
Теңіз гүрілі санамды
сілкіндіреді.
Аққулар баяу қалқиды
айдын бетінде,
Айдын бетінде
түннің де сылқым білегі.
Бозала таңдар –
бозша үміт қуандырады,
Бозашы бояулары үнсіз күрсіндіреді.
...Сүйетінімді сені, өлкем,
түсіне тұрып,
қайттым қияннан.
Түскендей ішіме «бүлік».
...Оянып жүрмін Каспийдің
асау толқыны,
Аққулы жағалауы түсіме кіріп!
ІЛЕ
Арайын шашып, аспанымда
тұр азат күн,
Береке-нәрді сан ұлтқа
бөліп тараттың.
Айбынды Іле, айдынды Іле –
мың жылдық,
Ата тамыры өзіңде жатыр қазақтың!
Атажұрт десем алаулап көзден от өрді,
Бауырыңа бастың орысты, күрдті, шешенді.
Іле-Анасын емген ұлдары қазақтың.
Алатауымнан азаттық туын көтерді!
Ұлы Жүзімнің Ұлы Өзені - өзегім,
Өзегімдегі ұлы тарихты кеземін...
Алтын бесігім, алтын киімді Ханзада,
Аманат етіп қалдырды сені, сеземін!
Сенің алыбың – жеті өзенімнің саласы,
Атамекеннің алау көтерген даласы!
Ажарлана бер, айбарлы азаттығыма!
Тәу етіп жатқан атам –
қазақтың баласы!
Ұмытып кете алмаймыз,
Неліктен? Неге мүлде?
Сезімді неге алдаймыз,
Білмейміз себебін де.
Ай, Ай, Ай, Ай! Құламашы!
Көкте қалған із сияқты.
Жымиып, жыламашы,
Жердегі біз сияқты.
Тізбегі тырналардың
Ақ жаңбыр сіркірейді.
Ай бетін тырнаған күн
Күйініп, күркірейді.
Әдемі қандай аңыз,
Шындыққа сай сияқты.
Сағынып, сарғаямыз,
Күн менен Ай сияқты.
Ешқашан кездеспейміз,
Ешқашан жолықпаймыз.
Өмірді өрнектейміз,
Өлімнен қорықпаймыз.
Жаралы еліктейміз,
Махаббат – мұң сияқты.
Мәңгілік кезікпейміз,
Ай менен Күн сияқты.
МҰҢ
Түсе алмаймын
бір отырған кемеден,
Естімейсіз.
Тас кереңсіз не деген?
Ұлы Шайырды Ортағасырлық Отаны
Омар Хайам –
арақ ішкіш демеген...
Барлық ақын
тартып Шындық – Тегіне,
Өз заманын
ұғып қойғыш қабақтан!
Америка шұқымады көзіне
Хэмингуей шықпады деп кабактан!
Кектенбеші,
муза атқыр, ән атқыр!
Езудегі,
Сен, Вольтерлік күлкіме!
Поэзия
сәл мұңданып қарап тұр,
Айла керген
заман – емшек үрпіне!
Аузына алмай өткен ақын шарапты,
Неге ендеше көреді бар азапты?
Даяр неге әркім жала жабуға
Неге қоғам қолдайды аяр, жәлепті?
...Кімсің десе, селк етемін,
шошынам,
Өлеңімнің кең өлкесін
кеземін.
...Күннің күні жырымды оқып тосыннан,
Кеудесіне басар ма екен
мені елім?
* * *
Менде секілді,
тербейді,
Әлемнің
барлық
айбыны.
Білмеймін.
Білгім де келмейді,
Соңғы аялдамам...
қай күні?
Ақылдылары сорлайтын
Сүймеймін сені елес-күн!
Аңғақ пен тоңғақ ойнайтын,
Біліп қой, сәби емеспін!
Сүрмеймін өмір тобаға мас,
Зулай күндер миятты.
Құйрығын бұлғап
Қожадан ас
Дәметкен иттер сияқты.
1-қыркүйек 2009 жыл
Бұлт торлады аспанды,
Жапырақтан жас тамды.
Өмірімнің тағы бір,
Қоңыр күзі басталды.
Қарашада қара үй тұр,
Қарайлаймын артыма.
Мені күтіп жатқандай
Ауылдағы әр тума.
Мені күтіп жатқандай,
Салқындаған сары бел.
Өкінтетін сияқты
Бітіп қалып кәрілер...
Тағы ауылға барамын,
Көзін көріп ағаның.
Туған жердің суретін,
Өлеңіме саламын.
Қойлы ауыл жоқ онда,
Қызыл қырман жоқ тағы.
Ел жайлауға бармайды,
Сабантойлар тоқтады.
Өзгергенмен жүйелер,
Өзгермеді киелер.
...Салиқалы шағым да
Сары шапаққа сүйенер.
* * *
Күліп жүргін, күнім сен,
шырайланып,
(Үнсіз жылайтындығың)
былай да анық.
...Өтегеннен енді сен ұзамайсың,
Елес – Еркінді іздейсің
шыр айналып!
Жеңіл ауыз, жел – жандар
үйреткен бе,
Сыйлас көп те, қыздан дос
сирек менде.
Көз жасымды
сен сүрттің, Гүлсары-арман,
Мені жығып шылбырын сүйреткенде.
Боздаттың да
сен жылап боз далаңды,
Қалқам-ай,
менің мұңым жолда қалды.
Есентайға
қайтатын есендесіп,
Қамсыз күндер
қайрылмай сонда қалды.
Айтары бар адамға
көрікті жан,
Ағыстарын жаныңнан сезіп тұрам.
Терең ақыл қыздарға берген тәңірі,
Сынайды екен оларға беріп шыдам.
Жаратылған жоқ ешкім көк темірден,
Қымтай алдың сезімді шоқ кемірген.
Сен табынған бір жүрек, саған сеніп,
Саған еркелеп жүріп өтті өмірден.
Бір ошақтың парасат – ақылысың,
Бауыр бастым өзіңе басы бүтін.
Иірімі көп Іледе ақиқатты,
Сен айтасың бір айтсаң ақын үшін.
Қарындасым-ай, қарлығашым-ай
Аман жүр, бауырласым-ай!
Бекет, халің қалай?
Аһ ұрғызды қанша арман орындалмай.
Ұл мен қызың шүпірлеп, жүрегіңнен,
Тете маған бара ма орын қалмай.
Тарпаң-тарпаң күндерді тағаласып,
Елуден де жасымыз барады асып.
Қалып қалды қай жерде сәби күнім,
Артыңнан бір қалмайтын жағаласып.
...Сені көрдім түсімде. Тоғай, алаң.
Ұрсушы ең ғой «ерме» деп талай маған.
Еріп аппын томпаңдап. Сені көрдім,
Адасар деп артына қарайлаған.
Жаралғандай дүние жұмақ, нұрдан,
Шың басынан шұғыла құлап тұрған.
Шың басына өрмелеп шығып апсың,
Мен екенмін етекте жылап тұрған.
Жарық аспан. Жарық нұр. Жарық әлем.
Шың басында өзіңе жолығар ем.
...Баяғыдай бүктүсіп тас түбінде,
Ұйқтай қаппын, түсімде, тағы да мен.
ЕШКІМДІ ДЕ ЖЫЛАТПАУ – АҚЫНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ
Біздің дәуір жаралы,
Бәсеке, дау қуысқан.
Мейірім кетіп барады,
Сусып шығып уыстан.
Ұжданымда таңба жоқ,
Өліараға таялдым.
Соңындамын тұнжырап,
Ұлы өгізаяңмын!
Ізгілікті құлатпау,
Ұлы істің Ұлысы.
Адамзатты жылатпау –
Ақындардың жұмысы!
Қарлы құйын мұздатып,
Жыламашы бауырым.
Жүрегімді сыздатып,
Келе жатыр Дәуірім.
АЙТУҒАН РУХЫНА
(Жарасқанша жоқтау жыры)
...Тәуелсіздік жібек жалын тараған,
Сонау жылдар өшер емес санадан.
Алматыдан ұшып шықтық үш ақын,
Ақтөбеде айтыс болып аламан.
Ат шаптырып қыры менен ойына,
Айтыс келді Сағыз, Ойыл бойына.
Алматыдан ұшып шықтық үш ақын,
Құдайберген Жұбановтың тойына!
Бір аптаға созылды той шат үнді,
Мәртебесін тіліміздің асырды.
...Желтоқсандық жастар жатқан
түрмеге
Жыр оқуға ақындарды шақырды.
Сол бір түрме намыстарға от берді,
Ешбір ақын іздеген жоқ өткелді.
Дүр сілкінген інілерін Айтуған
Сұңқарларым, сұңқарларым деп келді.
Қайттық үйге. Көңілдерде көш қилы,
Ақын жанын заманы кеш естиді!
...Самолеттен түскен ақын асфальтті
Майлы қолтық, кең етегім деп сүйді!
Алматысын сүйген еді Айтуған,
Жыр шекпенін киген еді Айтуған.
Қорқатын ед сол уақытта көп ақын,
Алматыда орыс көп деп айтудан.
Ақын еді ол! Жайлау еді жағасы!
Алматының еді нағыз баласы!
Әлмеректі жігіт еді танытқан
Талайлардан артық еді бағасы.
Айхай өлім, шерлі өлім, текті өлім,
Ақындардан аулағырақ кетпедің.
Ақшидегі ақмаңдайлы Айтуған,
Жоқтау жырын жазамын ба деп пе едім?
Іле деген інілердің мекені,
Інілерін ілікке алса не етеді?
Ұзынағаш төбесіне көтерген
Есенқұлдың бағы бізден бес елі!
Сап, сап-көңілім, сап, сап–көңілім –
нар шынар,
Шынарлардан тамшылайды тамшылар.
...Тұсауымды кесіп жатыр Даниял,
Айтуған да ...
осы залда бар шығар.
Айхай өлім, шерлі өлім, текті өлім,
Ақындардан аулағырақ кетпедің.
Ақшидегі ақмаңдайлы Айтуған,
Жоқтау жырын жазамын ба
деп пе едім?
МЕНІҢ ГАЛАКТИКАМ
Айналады Жер Күнді,
сүйінішті,
Отқа өртеліп, Бруно,
күйік ішті!
Жерді айналу бақыты
Гагаринге
Бұйырды да, жоқ болды Ол!
Күйінішті!
Жерді басып табаным,
өрік, талды,
Көкке қарап жанарым
неғып талды?
...Ай бетіне Армстронг
басқанда аяқ
Көктүрікті қиялым
Жеңісті алды!
Болды. Жаздым.
Жазам жыр шың бетіне!
Жұлдыз жауды аспаннан
құрметіме!
Себебі Айдан Армстронг
азан естіп,
Кетті айналып Алланың
үмбетіне!
Бетінде дақ. Ай мұңды, айналаны,
Мекен етіп, мәңгілік ойланады.
Мен қойшының қызымын. Галактикам
Өз Темірқазығын айналады.
Күн аман ба, Күннен нәр алайыншы,
Жер аман ба, Жерден нәр алайыншы.
Темірқазық – көзіммен кіндік қаным
Тамған Ұлы Далама қарайыншы
Өйткені ол – менің Галактикам.
МЕЙРАМКҮЛГЕ
Ақ самалдай жүрегің шөлдегенге,
Неге бір жыр жазбайын Сен дегенде.
Қиналамын қиналсаң, бір туғандай,
Қуанамын мәртебең өрлегенде.
Сіңілім-ау, келінім, қанаттасым,
Босағаңнан аттаса, бақ аттасын.
Сен күлуге тиіссің қиналсаң да,
Ақкөңіл қып Тәңірің жарылқасын!
Жарқылдарға толып қос қарашығың,
Қазақ десе бар-ау бір жанатының!
Өз анаңдай сүйесің ана тілін,
Өз ағаңдай табасың аға тілін!
Адал жарсың, анасы балалардың,
Кісілікті сендегі бағалармын!
Ұжымыңды жетелеп жақсы істерге,
Сарқытындай боп жүрсің бабалардың.
Аямадың білімді сүйікті Елден,
Басшы болдың көрінген биіктерден.
Сендей қыздар қазақта көп болса ғой,
Жоғалғанын халқының жиып-терген.
Абыройлы бір қызсың Отаныңда,
Жардың жайын ойлайсың, ботаның да...
Бақберген екеуіңе борыштымын,
Қоямын қадірлімнің қатарында!
Екеумізге жат мүлде бақас қылық,
Жиырма бесті қуа бер қос ат мініп!
Әзіліміз ұқсастау болған соң ба,
Ақын біткен жүреді шатастырып.
Санаң биік, биік ой-өрісің де,
Сәлем беріп жүресің көп ішінде.
Сенің тізе бүккенің – бас июің,
Муза деген, жарасым келісімге!
«БОЗТОРҒАЙЫ» КЕНЕННІҢ ҚАЛЫҚТАЙДЫ
Кенен ата келмеске кеткенменен,
Аспанымда бір ән жүр Төрткен деген.
Төрінде тұр қазақтың бір домбыра,
Жетпіс дария кешіп кеп өткелменен.
Ай дейсіз бе, өзің біл, күн дейсіз бе?
Көре алмай білмеймін, күндейсіз бе?
Аспанында қазақтың әнші құс жүр,
Бозторғай жүр, сіз оны білмейсіз бе?
Асауына әуеннің құрық салған,
Бастау алып баяғы тұнықтардан.
Төрткен тәтем Кененнің бозторғайы,
Аспанында қазақтың тұрып қалған.
Аспандаған көгімде барқыт үнді-ай,
Шөлі қанбай келеді халқы тыңдай.
Төрткен тәтем келді ме 70 жасқа,
Асылдардың ең соңғы сарқытындай.
Оянған жұрт, жоқ-барды парықтайды,
Аспанымда дауысың қалықтайды.
Бозторғайы Кененнің екеніңді,
Күні ертең болашақ анықтайды.
Ірісінбе, халқым-ау, ірісінбе,
Алтының жүр жарқырап құм ішінде!
Кененнің Бозторғайы шырылдайды,
Аспан асты, жер үсті – Нұр ішінде.
ҚАТЕЛЕСУГЕ БОЛМАЙДЫ
Сөзі мен мақамын жазған Биғайша Медеу
Шағала, жаным шағала,
Көктемдер қайда көкала?
Кемелер қайтып барады
Қалдырып бізді жағада.
Қайырмасы:
Абайла, жаным, абайла,
Адамның көңілі-шарайна.
Басыңа қонған бақытты
Жоғалтып алма қалайда.
Толғайды, жаным, толғайды,
Сүрініп кетсең сол қайғы.
Қатері көптеу тірлікте,
Қателесуге болмайды.
Ағады толқын,ағады,
Соғады ойнап жағаны.
Дөңгелек көзді Дүние
Дөңгелеп қайда барады?
Қайырмасы:
Өтеді заман өтеді
Күркіреп көктем кешегі.
Бақыттың биік шыңына
Адаспайтындар жетеді.
ЕЛШАТ
Алып қашып қаламды
Жаздырмайды өлеңді.
Сездіреді қылықпен
Мені ойла дегенді.
Маған ғана сал дейді
Назарыңды құлыншақ.
...үзілмейді күлкісі
Желбірейді тұлымшақ.
Жүгіртеді барлығын
Кіп-кішкентай тәңірі
Тәңірінің әп-сәтте
Орындалар әмірі.
Өмір деген өткелде
Балалы үй-мәңгі жас.
Босағама көктемде
Ұя салды қарлығаш.
Ершат пенен Гүлшат деп
Әзілдедік біз оны.
Балапанын ұшырып,
Олар көкте жүзеді.
Елшат қолын бұлғайды,
Шақырады кетпе деп.
Ұясына қонбаса,
Отырады өкпелеп.
Қарлығаштың ұясы,
Босағамда ілінген
Жаратқанның нышаны-
Құт кіргені білінген.
Миллион халқы бар қала
Миллион ождан бар шығар.
Біз Әулеті-Төленің
Ұя бұзбас салты бар.
Қуанышқа үй толы
Оңымыз бен солымыз.
Құдағиға,құдаға
Хабарлаймыз оны біз!
ҚЫРКҮЙЕК ЫРҒАҚТАРЫ
1 қыркүйек. 1970 жыл
...анам құлын шақырды,
Құрау, құрау, құраулап.
Аспан мұңға батырды
Тырау, тырау, тыраулап,
Таңғы нәсіп тәңірден,
Қызғылт жоны қылаулап.
Ала жаздай семірген
Түлкі тышқан жүр аулап.
Ауыл маңы.
Айнала
Шөмелелер тізбегі.
Қайда кеткен,
Айдала,
Бытбылдықтар біздегі?
Тайпалады жорғалар
Менің қарлы тауымда.
Шөп тиеген арбалар
Шұбырады ауылға.
Сары күзі ауылдың,
Өзіңде бар киелік.
Бала күнім тұр сенде,
Сары шапаққа сүйеніп!
Суда ызғырық білінді
Соңғы аққу таранар.
Желідегі құлынды,
Ағытады ағалар.
Ақкөл, Қақпақ қалады
Керуен – керуен ой кешіп.
Қара жолмен барады,
Отар-отар қой көшіп.
Тоспа-тоспа көшем мен
Күздің беті айшұбар...
Торы ат мінген әкемнен
Жол сұрайды қойшылар.
Соңғы әппақ көбелек,
Қурай басын қозғады.
Кетіп қалды дегелек,
Ұя салған жаздағы
Бозбалалар болатын
Бозала таң ішінде.
Жетелеген боз атын
Қыз көремін түсімде...
ҚОНШЫ АЛАҚАНЫМА
сазды
Әкелерің – дәуір ардағы
Аналарың – дәуір арманы.
Сәлем, сәлем қазақтың құйттай
Дінмұхаммед, Бауыржандары
Қайырмасы:
Бала, бала – бағым екенсің
Балдырғандай шағым екенсің
Алаулаған таңым екенсің
Кеудемдегі жаным екенсің
Бала, бала, балапаным – ау,
Қоншы менің алақаныма – ау.
Бала, бала – ар, намысым – ау,
Жүректегі толғанысым – ау.
Мұңайғанда күлкі сыйлаған,
Аман журші, алданышым – ау.
Қайырмасы:
Байлығым мен базарым – балам
Сұлулығым, ажарым – балам
Жер мен көктің арасындағы
Періштедей таза арым балам
ХАН ТӘҢІРІ
сазды
Хан тәңірі - сағындырған,
Ақ бастауға шомылдырған.
Ақ бесігім әлдилеген
Ақ босағам табындырған.
Қайырмасы:
Хан Тәңірі қасиетім!
Тәңірімсің бас иетін!
Қастерлеген тұмарындай
Бабалардың өсиетін.
Хан Тәңірім – төрім сенсің!
Атамекен – жерім сенсің!
Аспантаулар аясында
Әсемқоңыр елім сенсің!
Хан Тәңірі – дала оттары
Алаулаған жан оттары
Сипап ұшқан шаңырағын
Қарлығаштың қанаттары
Қайырмасы
Хан Тәңірі – мөлдір әлем,
Таусылмайтын әңгімем ең.
Қыр үстінде қызық күн жүр,
Ақ көйлегі желбіреген.
РАЙЫМБЕК
сазды
Көкойнақ ат мінген,
Көк сағымға сіңген.
Жоңғарлардың туын
Жорықтарға тілген.
Қайырмасы:
Абылайдың Ері
Қол бастаған шері
Райымбек деп атын
Ұрандаған елі.
Райымбек, Райымбек, Райымбек!
Батыр ұлы қазақтың.
Азаттықта тілеп,
Найза ұстаған білек
Жер үстінде мәңгі
Соғып тұрған жүрек.
Қайырмасы:
Ғасырлардан тылсым.
Аңыз болған ұлсың.
Туған жердің мәңгі
Киесі боп тұрсың.
Райымбек, Райымбек, Райымбек!
Батыр ұлы қазақтың.
Аялайды бүгін,
Сені Атамекен
Отан деген сенің
Алақаның екен.
Қайрмасы:
Абылайдың Ері
Қол бастаған шері
Райымбек деп атын
Ұрандаған елі.
Райымбек, Райымбек, Райымбек!
Батыр ұлы қазақтың
МҰҢАЙЫП ОЯНБА, АЛМАТЫ
Сазды
Құлынды және Боталы,
Өмірдің таңы атады.
Сәлеметсің бе Алматы
Әсемдіктердің Отаны.
Қайырмасы:
Мұңайып оянба Алматы.
Сүйемін саяңды, Алматы.
Алатау төсінде, Алматы-
мең сияқты,
Қазақтың алақаны-
сен сияқты!
Мәңгілік Астанам - Алматы!
Мәңгілік жас қалам - Алматы!
Қазақтың жүрегі – Алматы,
кең сияқты,
жердегі жанған жұлдыз-
сен сияқты!
Ақындар жазып Ерке өлең,
Батырлар туған өлкем ең,
Азаттық Туын Аспанға
Көтеріп тұрған – Мәртебем!
Қайырмасы
РОКСАНАКИ ӘМІРШІСІ ЗАРИНА
(хикая)
Хикаялар қалдырып
қари сана,
Ұйытады ұрпақты
ар, ибаға.
...Мидия ханзадасы
ғашық бопты,
Сақтың сұлу патшасы
Заринаға.
Зарина - өткір, өжет
жан үлгісі,
Еркіндік пен Елдіктің
Тамыршысы!
Екі мың бес жүз жыл
аңыз болған
Әйгілі Роксанаки
әміршісі!
Жары – Мәрмәр қолбасшы,
арқалы да,
Ат суарып Сақстан
шалқарына.
Дамылдапты қисапсыз
әскерімен
Жорықтан соң,
Отырар алқабына.
Тыныстауды аз күнге
тәңір берді,
Ұрыс өнеріне әскер
әзірленді.
Серуен құрып, саяттап
қайтамын деп
Жасағына Зарина
әмір берді.
Жібек шатыр желбіреп
шашағымен,
Жарқылдады Зарина
жас әнімен.
Кең далада серуен құру үшін
Кетті аттанып
арулар жасағымен.
Қыз жасағы – қорғайды
дала, сайын.
Дәстүрі ол сақтардың
қарапайым.
Он үш жастан
Отан деп атқа мінген.
Қыз жасағы –
«сен тұр да, мен атайын».
Батыр еді қыздар да
таққа отырған,
Сескенді әлем Тұмардай
хас батырдан.
Ел басына күн туса
қыз жасағы
Ақ найза алып, атойлап
атқа отырған!
Аманаттап патшалық,
тамам елді.
Қыз жасағы даңғайыр
далаға енді.
Мәрмәр қаннен-каперсіз
Заринаға,
Олжа тілеп
артында қала берді.
Аң менен құс ілініп
садағына,
Риза болды Зарина
амалына
Үйір-үйір құланды
қыз жасағы
Құлатыпты Үстірттің
аранына.
Бас тартқандай
әмірші аптығынан,
Кенет, кенет жел сипап
шоқтығынан
Заринаның тұсынан
оқтай заулап,
Құла дүзге жырыла
қашты құлан.
Алдарынан жалт берді
неге несіп?
Қыз жасағы жаудырды
жебені есіп.
Оқтай аққан құландар
көсемімен,
Зарина да бірге ақты
ерегесіп.
Құлан өрлей шапқанда
құба белді,
Ақбоз атты Зарина
қуа берді.
Дөңге шыға келгенде
қарсы алдынан,
Мидиялық тосқауыл
шыға келді.
Қапылыста түстім-ау,
түстім жауға,
Жау жағынан сұраман
ешбір сауға!
Жасанған қол лап қойды,
жасағы жоқ,
Әміршіні тірідей
тұтқындауға.
Боз сәйгүлік жер тарпып,
қызып тіпті,
Тосқауылды Зарина
сүзіп шықты.
Жалғыз жанға жабылу –
дәстүрде жоқ,
Жау қоршауын Батыр қыз
бұзып шықты.
«Амалын тап, асып түс –
дала заңы»
Батырлықты жау дағы
бағалады.
Бұзып –жарып қоршауды
шыққан кезде,
Қара санға сұр жебе
қадалады.
Сақтар мінер даңқына
сай күлікті,
Құтылды-ау деп жау жағы
қайғырыпты.
Стриангей намыстанып,
батырды емес,
Көздеді оқтай аққан
сәйгүлікті.
Омақасты жануар,
«құрықталды!»
Осы сәтте тіршілік
тынып қалды.
Шаппақ болған «жау» басын
алмас қылыш
Көтерілген қалпында
тұрып қалды!
Сүрінбеген жерінің
әр тасына,
Маңдай тиіп тағдардың
жартасына,
Тұра берді жамбастай
Зарина қыз
Қолаңшашы төгіліп,
арқасына!
«Осы қыз ғой ұйқымды
мың ұрлаған,
Не жағдайда кезіктің
мұңым маған?»
Жерге шаншып, қылышын
аһ ұрады,
Стриангей жүрегі
шымырлаған.
Қателігін ханзада
түзетеді,
Тұла бойы қайырым,
ізет еді.
Заринаны аялап,
сауықтырып,
Махаббатын Стриангей
күзетеді.
Патшайым да ұмытып,
тән жарасын,
Қалды ұнатып Мидия
ханзадасын.
Уәделесті саятта
жүздесуге,
Қосылудың айласы
болмағасын.
Екі патша, екі елдің
бұла сәні,
Бірін-бірі сүйеді,
ұнатады.
Бірін-бірі құрметтеу
сезімдері,
Құрметтеуге екі елді
ұласады.
Шейіттер жоқ
еш ана аңырамай,
Қантөгістен қалалар
қаңырамай.
Қос патшаның киелі
сезімінен
Өмір сүрді екі ел де
мамыражай!
Екі ғашық екі елдің
өкілі еді,
Салтанатты, айбарлы
несібелі.
Қырғи қабақ екі елдің
қабағынан
Қара бұлтты екеуі
өшіреді.
Жылы қабақ Мәрмәрға
ұнамады,
Олжа соғыс құдайдан
сұрағаны.
Қолбасының беделі
соғыстар мен,
Даңқты жеңістерінен
құралады.
Оның көңілі олжасыз
орталанды,
Айбарланып даңқына
арқаланды.
Заринаны көруге бір
келгенде
Стриангейді қолымен
қоршап алды.
Қан төгетін ниетті
қабыл көрмей,
Соқтырмады Стриангей
дабыл, керней.
Беріледі, Мәрмәрға
қарсылықсыз
Шайқасуға әскерге
әмір бермей.
Алқымға ашу тығылды,
түйдектелді,
Мұндай сезім тарихта
сирек болды.
Мидия соғыспады
Заринаның
Ықыласы осылай
құрметтелді.
Мәрмәр таптап махаббат –
мұнараны,
Дабыл қағып, жеңіске
қуанады.
Қарсылықсыз берілген
ханзаданың,
Басын алуға үкім
шығарады.
Шалғалы тұр, дүние,
тау басын ақ,
Көрген жоқсың ұрыста,
дауда сынап.
Көтермеген адамды
елге қылыш,
Босат дейді Зарина
сауға сұрап.
Қайғырады Зарина
мұңданады,
Басып қалды мұнар мен
мұң даланы.
Қан сұраған, ұр да жық,
ожар күйеу,
Елін қатерге тікті
тыңдамады.
Қаһарланды Зарина,
Хан атым бар!
Ханды қандай есуас
шала тыңдар?
Өлтірілсе ханзада
Сақстанға,
Қантөгіс бар, басатын
қара түн бар!
Тоқтат Мәрмәр үкімді,
таландыны,
Жазалаймын мен сендей
өр, әңгіні.
Сен күйеуім болсаң да,
артық маған
Артық маған елімнің
Амандығы!
Шекарада патшасын
тосатын бар,
Мидия ханзадасын
босатыңдар!
Әскеріне құрметпен
жеткізіңдер,
Мен бостандық беремін!
Дос атым бар!
Мәрмәр тұра ұмтылды
ханзадаға,
Қынабынан суырып,
қанжар ала.
Қыз жасағы. Шарпа-шұрт!
Қансырады.
Ожарлықтан мерт болды ол,
даңғазада!
Қатерлерден сейіліп,
өмір тұрақ,
Қызғалдақтар қаптады
өмір сұрап.
Өз еліне аттанды
Стриангей
Зарина патшайымның
қолын сұрап.
Бір жылдан соң Зарина –
ақыл нәрі,
Жер қайысқан әскермен
қасындағы.
Ханзадаға шешімін
айту үшін,
Мидия шекарасына
жақындады.
Хикаяттар айтады
қари, сана,
Ұйытатын халықты
ар, ибаға.
Салтанатты қолымен
Стриангей,
Бетпе-бет кеп тоқтады
Заринаға.
Бір тыныштық орнады.
Бекзада мұң.
бақылады арудың
әр қадамын.
Патша тәжін кигенде...
жан жүрегі
Мұздап сала береді
ханзаданың.
- Армысың, сүйіктім,
Стриангей!
Бір мін жоқ бекзадасың,
сүйегіңде.
Сағынамын, сарғаям,
сүйемін де.
Мына жарық дүниеде
қалауым сен,
Басқа адамға орын жоқ
жүрегім де!
Біз үйленсек, боламын
ханым саған,
Бағынады жаным да,
тәнім саған.
Сенің жарың болғанда
менің елім,
Бағынышты болады,
жаным саған.
Отырғызды мені елім
тақытына,
Інжуіне балады,
жақұтына,
Азаттығын елімнің,
еркіндігін
Айырбастай алмаймын
бақытыма.
Айналасың ханзада
ән-жырыма,
өзің бе деп қараймын
таң нұрына.
Мен налысам налимын
таққа ие,
Аға, іні бермеген
тағдырыма!
Қош, сүйіктім!
Аққудай қатар жүздік.
О дүниеде жан-тәнім
болар сіздік.
Махаббаттан да күшті
бір нәрсе бар,
Оның аты -
Азаттық, Тәуелсіздік!
Бұл сөзді естіп, көздерден
бұрқылдап шер,
Күрсінді жер, қайысқан
күрсінді әскер.
Екі әскер бұрылды
екі жақа,
Махаббатқа бас иіп
сілкінді Естер!
- Ақ дидарың көзіме
қонып қалсын,
Сені сүйдім! Аспан, жер
шөгіп, талсын.
Біздің махаббатымыз
еліміздің,
Татулығы белгісі
болып қалсын!
Хош, Зарина, бақытым!
Қайыр қош, Сақ!
Жүрегіме барасың
уайым тастап.
Бақытсызбыз екеуміз,
қос бақытты,
Ел бағына жібердік
айырбастап.
Хош, Зарина, ес-түссіз
сүйдім сені,
Қатты едім қалайша
идің мені?
Сақ елінің сағының
сынбауы үшін,
Құрбандыққа ақыры
қидың мені!
Тәкаппарым!
Тәңірім тастай үнсіз.
Қалай өмір сүрмекпін
ақ қайыңсыз!
...Ақ дидарын жас жуған
Стриангей,
Мидияға бет алды
патшайымсыз.
Ақ боз атты арулар –
ар, ибамыз,
Әр қазаққа мақтаныш.
Әр үйге аңыз.
Халқы үшін,
халқының
бақыты үшін,
Бақытынан бас тартты
Зарина қыз!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру