TELEGEI

Home

Куба әсерлері

Бауыржан Момышұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Куба әсерлері

Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...

(очерктер)

І БӨЛІМ

ВЬЭНДОС А КУБА ТЭРРИТОРИО ЛИБРЭ ДЕ АМЕРИКА «АМЕРИКАНЫҢ БОСТАНДЫҚ ӨЛКЕСІ КУБАҒА ҚОШ КЕЛІПСІЗДЕР!» 1963 жылғы ноябрьдің бесі күні ертеңгі сағат он бірден қырық бес минут өткенде біздің самолет Гавана аэродромына қонды. Менің орным самолеттің алдыңғы жағында еді. Сондықтан сыртқа соңғы шығушылардың бірі болдым. Жалтыраған жаздың ап-ашық күні, аспан айналып жерге түскендей. Температура отыз градус жылылық. Кәдімгі біздің ауылдағы ыстық шілде. Менің костюмімнің ішінен киген түйе жүн жемпір, сыртқы киімім макинтош. Басымда сусар бөрік. Самолеттен түсетін сатыға шыға салысымен, менің тосын киімім жердегілердің көздерін тартты білем, бәрі бір-бірлерін түрткілеп «мынасы солтүстік полюстен келе жатқан біреу болуы керек» дегендей, маған назарларын аударды. Аэродромның маңдайшасына испанша, ағылшынша, французша, орысша қонақжайлық құттықтау сөз жазылыпты: «Американың бостандық өлкесі Кубаға қош келіпсіздер!» деген жазуды оқып, сатының екі баспалдағынан төмендей бергенде оң қолымды жоғары сермеп:

— Сәлем саған, қаһарман Куба! — деп дауыстадым қазақша. Әйтеуір мынау сәлемдесіп келе жатқан шығар деулері керек, жердегілер ду қол шапалақтасты.

Үлкен сатының түсе беріс іргесінде бұйра шашты жалаң бас, орта бойлы, үстерінде қызыл ала сеңсең, сабалақ жеңді бешпенттері бар қара торы келген үш жігіт гитарларына қосылып, қоңыр дауыспен ән салып тұр. Мен жерге жақындай бергенде, әншілер үнін өзгертіп, жымия күлімсіреп, теңселе билеп, гитарларын жоғары көтеріп:

— Салют компаньеро! Салют компаньеро! Вьэндос а Куба, тэрриторио либрэ де Америка! — деп әндетіп, өлеңдерін қайтадан гитарларына қосылып айта берді.

Мен де жылы шырай беріп бас изеп, қол сілтеп, олармен амандастым. Аэродром толған халықтың барлығы да өте жеңіл киінген, жалаң бас. Жалғыз қалың киімді, басында бөркі бар мен.

— Қап, мана самолеттің ішінде шешініп, жеңіл киініп алмаған екенсіз. Мына жер жанып тұр ғой! — деді ойрат жазушысы Лазарь Кокишев.

— Оқасы жоқ, ата-бабам жазғы шілдеде қабат-қабат тон киген қазақ емеспін бе, — дегенімде, Лазарь күліп:

— Үстіңіздегі киіміңіз бе, әлде өзіңіз бе, әйтеуір барлықтарының көздері сізде. Басқаларымыз мүлдем елеусіз қалып қойдық, — деді.

«КОМПАНЬЕРО КОРОНЕЛ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ»

Аэровокзалға ендік. Далада бітіп бара жатқан тынысымыз вокзалға кіре сала кеңи бастады. Ауасы салқын, бір жақтан самал жел соғып тұрғандай. Осы жерде жарты сағаттай кідіруге тура келеді, жолдастар. Біздің документтерімізді тексеріп болған соң ғана қалаға аттануға рұқсат етіледі, — деп бізді басқарып барған Мария Ивановна Туркина документтерімізді жинап алып, барьердің аржағында отырған әскери адамдардың ортасына кетті.

Біз Лазарь екеуіміз темекі тартып, залдың ішінде әрі-бері жүрміз. Кім болса сонымен қандары араласып, сүйек жаңарта берген шым-шытырық халық көрінеді ғой, — деді Лазарь. Қараңызшы түрлеріне, ана біреулері шойындай қап-қара, мына біреулері қара торылау, ана біреулері аққұба келген. Бәрінің көздері алақандай, бұйра шаш...

— Жаңылмасам, мен бір кітаптан оқып едім. Бұларда түріне қарап ұлт айырмасы жоқ. Бұлар өздерін кубалықпыз деп қана айтады. Сол кітапта жаңылмасам, солай жазғаны есімде: «Біздің ұлтымыз төрт ататегінен құрылады: испандықтар мен африкалықтар, үнділер мен қытайлар». Сонысы рас екен ғой, бір адамның тұрпатында солардың әрқайсысының жұрнақтары бар, — дедім мен.

— Оныңыз рас. Мүлдем ғажайып гибриттер ғой мыналардың барлықтары. Қараңызшы, тіптен араласып кеткен. Өздері бір-бірлеріне өте мейірімді көрінеді. Манадан бері осынша топтың ішінде біреу даусын қатты шығарып көрген жоқ. Жайбарақат, ізетпен, бір-біріне жылы лебізбен қарап, өз шаруаларын өз беттерімен істеп жүрген халық. Мына негрлерінің көңілдері көтеріңкі, тайтаңдап еркелей ме өздері, — деп Лазарь тағы да сүйсіне күлді.

— Е, несі бар. Негрмін деп жүрген олар жоқ. Дәрежесі тең кубалық. Өз Отанында көкірегін көтеріп, қадамын кере басып жүргені дұрыс.

— Бұл революцияның бір үлкен әсерлі табысы екен... Біздің адамдарды терезеден атап шақырып, документтерін ұсына бастады. Лазарь екеуіміз жақындап барып кезек күтіп тұрмыз.

Терезенің ар жағында үш офицердің қасында Мария Ивановна тұр. Екі офицер бірінен кейін бірі тіркеп, үшіншісі үлкен печать басып, атап-атап шақырып, Мария Ивановна оның айтқан «Компаньеро Садорноф!» дегенін түзеп, орысшалап: «Товарищ Задорнов!» — деп дауыстап тұр...

— Компаньеро коронел Бауыржан Момышұлы! — деп дауыстады аға офицер.

— Сіз анкетада полковникпін деп жазып па едіңіз? — деп сұрады Лазарь.

— Жоқ. Тек жазушымын деп қана жазған болатынмын...

— Момышұлы жолдас! — деп дауыстап, Мария Ивановна сөзімізді бөлді. Мен терезенің алдына бардым.

Аға офицер маған жымия күліп қарап, испанша бірнеше сөз айта бастағанда, қасындағы екі офицер де әдеп сақтап, ізет көрсетіп, орындарынан тұрды.

— Офицер жолдас былай дейді: бұлар сізді куба жерінде көргеніне өте қуанышты. Бұлар сіздің жайды бұрын оқып әбден білген, сіздің жауынгерлік істеріңізге де қанық,— деді Мария Ивановна.

— Жолдастарға айтыңыз, мен де бұл кісілерді көргеніме қуаныштымын, көңіл бөлгендеріне көп рақмет.

Мария Ивановна испаншалап менің сөзімді айтып болғаннан кейін, аға офицер тағы да түсін жылытып, қолымен документтерді беріп, оң қолын ұсынды. Қолын алып тұрып:

— Ай эм глед ту си ю (мен сіздерді көргеніме қуаныштымын) — дедім мен ағылшынша.

— Жолдас Момышұлы, сіз ағылшынша да біледі екенсіз ғой? — деді маған біздің комиссар.

— Бар білетінім осы ғана, — дедім мен оған.

«ОНСО БЕНТИ ДОС»

«Нотел Гавана Либрэ» дейтін мейманханасына тоқтадық. Ол жиырма бес этажды, мыңдаған бөлмелі, астында кең гаражы, бірнеше үлкен магазиндері, рестораны, кафесі бар, қорасында бау-бақшасы, көлемі он екі сотықтай, жағасын турбин ақ кафельмен қашап көмкерген бассейні бар зәулім үй екен. Маған он бірінші этаждан жеке бөлме берді. Жиырма адам сиятын лифтімен көтерілдік, заттарымды көтеріп келген мейманхананың қызметкері бөлменің есігін ашып, чемодандарды кіре берістегі дуалдың ішіндегі үлкен шифоньерге орналастырып, маған сөз айта бастады:

— Ми испаньели но! — Мен испан тілін білмеймін, — дедім де:

— Ду ю спик инглиш? — Сіз ағылшынша білесіз бе? — деп сұрадым одан.

— Но, но,— жоқ, жоқ! — деп басын шайқады ол.

«Енді қайттік?» дегендей екеуіміз де біраз дағдарысып тұрдық. Алдымыздағы үлкен айнадан өзіміздің түрлерімізді көріп, екеуіміз де күліп жібердік... Мен қалтамнан Лениннің значегін алып, оның омырауына тақтым. Ол айнаға қарап кеудесін сипап:

— Ленин, Ленин! Ю советик? (Сіз советтік кісімісіз?) — деп сұрады.

— Ай эм коронел советик Бауыржан Момышұлы. «Ай эм нор» Моску еста а ниестрас еспалдас». Мен совет полковнигі Бауыржан Момышұлымын, «Москва үшін шайқас» деген кітаптың авторымын, — дегенімде, ол таңданып:

— О? — деп сенер-сенбесін білмегендей, маған тесіле қарап біраз тұрып, бір нәрсені жаңадан ғана ойына түсіргендей, жұлып алғандай: «О, коронел!.. Генерал Панфилоу?

— Си, си! — Я, я! — дегенімде ол екі саусағымен аузын жапты да, сұқ қолымен шекесін түртіп бұрандалады.

«Мынау мені әбден келістірді-ау. Аузыңды жап. Бір сөзіңді менен басқа ешкім де естуші болмасын. Өзіңнің миың орнында ма дегені ғой мұның...» деп қинала бергенімде, ол жалма-жан бір нәрсе деп дыбырлап, менің макинтошым мен бөркімді щеткамен тазалап вешалкаға ілді. Мен портфелімді ашып тұр едім, ол:

— Пыс, пыс, — деп менің жеңімнен тартты.

«Қап, мынау енді мені пыс, пыстап мысық етті-ау» деп қапаланып, оған мен:

— Ват хиз неим? — Атың кім? — деп ағылшынша сұрадым. Ол оған түсініп, саусағымен көкірегіне түртіп:

— Ай эм, Сан Ранчо Боерос, — деді-дағы, «бұның бәрін бұл байғұс қайдан есінде қалдырсын» деген оймен — Ранчо, Ранчо! — деп қысқа ғана қайталады. «Е, тек, Ранчо десеңіз де болады» деп тұр ғой деп ойладым.

Біз алдында тұрған үлкен айна туалеттің есігі екен. Ранчо оны ашып мені ымдап шақырды. Үлкен ақ жібек шымылдықты ашты-дағы, ваннаға қалай суды толтырып, душты қалай ағытуды көрсетіп, қасындағы дуал ішіндегі құтыдан сабын, үлкен сүлгіні алып ілді. Екі унитаз қатар тұр екен. Біреуі кәдімгі өзіміз пайдаланып жүрген сияқты, екіншісі болса сопақтау келген, түбінің ортасында үлкендігі қалта сағаттай майда тесікті шүмегі бар. Ранчо екі бұрандасын ағытып жаңағы шүмектен бойы бір қарыс фонтандаған су шығарды да, жаңағы құтыдан бір үлкен сүлгіні алып оның тұсына іліп қойды, оның тұсындағы текшеге үлкендігі сіріңке сауытындай сабын іліп қойды. «Біздің ауылдағы намазқой шәугіммен дәрет алып жүрген шал кемпірлерге мынау бір таптырмайтын нәрсе екен-ау» деп ойлап мырс күліп жібердім. Ранчо да күлді. Үлкендігі тамақ столындай қара мрамордың ортасында ойып салған екі кранды умывальникті көрсетіп, оның тұсындағы үлкен айнаға қарап, сақал-мұртын сипалап:

— Бритьцо, бритьцо, — деді орысшалап. Текшесіне сабын қойып, оның тұсына бір сүлгі тағы ілді. Екінші бөлмеге ертіп барып диван, кресло, орындық, үлкен жазба столдарды сүртіп, реттеп, лампаларды қалай жағуды көрсетіп, радиоприемниктің дыбысын шығарып, әр түймелерін кезек-кезек басып:

— Гавана, Лондон, Вашингтон, Пекин, Моску! — деді де, қай жерді қалай ұстауын көрсетті. Жатақ бөлменің есігін ашып, кроватты көрсетіп болып кең балконға ертіп шықты. Тоқымалы кресло, орындықтар мен раскладушкаға ымдап көрсетіп, «осында да дем алуыңызға болады» дегенді түсіндірді. Мен қаланың көріністерін қарап тұр едім, Ранчо тағы да «пыс-пыстап» менің жеңімнен тартып, бөлмеге қайта алып кіріп бір штепсельді басып, қалқанын жоғары көтеріп тұрды. Жоғарыдан салқын ауа лебі келе бастады. Оның айтқанынан «Мынау конденсатор болады. Салқын ауа керек болса, осылай істеңіз, бірақ та кетерде шығарып кетіңіз» дегенді түсіндім. Ранчо кетерде көкірегіндегі Лениннің значогын көрсетіп, екі саусағымен аузын жауып, сұқ қолымен шекесін бұрандалап:

— Коронел, муча грасияс — полковник, өте рақмет! — деп жымия күліп шығып кетті.

«Бүйтіп айтқан рақметің құрысын» деп мен қала бердім. «Тіл білмегеннің қорлығын келе салысымен көре бастадым, ал, енді бұдан былайғы халым қандай болар екен?» — деп біраз тұнжырап отырып, төменге түстім.

Мария Ивановна жолыға кеткені:

— Қалай орналастыңыз?

— Дұрыс. Бірақ халым өте мүшкіл, Мария Ивановна!

— Неліктен?

Мен Мария Ивановнаға Ранчоның қылықтарын айтып бердім.
Ол кісі шек-сілесі қатып күлді.

— Соншама неге күлесіз?

— Пірім-ау, күлмегенде қайтейін. Екі саусағымен аузын жапқаны ол өте жақсы екен деген ишарат. Сұқ қолымен шекесін бұрандалағаны — ол, өте ақылды екен дегеннің белгісі. «Пыс-пыс» дегені бізше «тыңдаңыз» дегеннің орнында. Ал, сіз болсаңыз, ол байғұсқа өте ренжіп қалыпсыз ғой! — деп Мария Ивановна қайтадан күлді де, — интеллигенциясы, әрине өйтпейді! — деп ескертті.

— Сіз менімен өне бойы қол ұстасып жүре алмайсыз. Маған бір екі-үш керекті сөзді үйретіп қойыңызшы.

— Жарайды, қандай сөздерді?

— Мысалы, он бірінші этаж дегенді лифтерге қалай түсіндірем?

— Онсо! — десеңіз болды.

— Доброе утро, добрый вечер, добрый день дегендері...

— Бойнес диас, бойнес ночись, бойнес триас!..

— Кілт ше?

— Яве.

— 1122?

— Онсо бенти дос, — деп сұрарсыз кілтіңізді.

— Онсо бенти дос, — деп мен қайталадым.

Аспанда жиырма бір сағат болғанмын. Ол менің жасымда үлкен, ауыр жол азабы... Шаршап, шалдығып Гаванаға жеттім. Төсекпен жылай құшақтаса көрістім...

«СИНЬОРДІҢ ТАМАҚҚА ЗАУҚЫ БОЛМАДЫ...»

Тамақтануға бардық. Ресторанға кіріп барғандағы алдымен көзге түскені — онда қызмет істеп жүрген бір әйел көрінбеді, барлығы еркектер. Біздің столға бірі африкалық, бірі испан, бірі қытай тәрізді үш жас жігіт қызмет көрсетіп жүрді. «Тәрізді» деген сөзді әдейі пайдаланып отырмын. Кубалықтардың ішінде тап-таза негр, әйтпесе, испан, тап-таза үнді, әйтпесе, қытайдан айнымаған келбеттері сирек кездеседі. Қытай тәрізді дегенім — онда басқа келбет жағынан қытайлықтарға ұқсастығы басымдау болған соң айтамын. Алдымызда ішіне мұз салынған бір стакан су. Шөлдеп барған бетіммен оның жартысын іштім. Бір стакан апельсиннің суы, дәмін татқанымда, оның ішінен мұз көрінді. Кішкене ыдыста аршылып туралған мандарин. Оны шай қасықпен басқалар жеп жатқанын көріп мен де кірістім.

— Орыстар түскі тамағын тұзды дәммен бастаса бұлар барлық тамақтарын мұзды сумен, сокпен, тәтті десерттік блюдамен бастайды, — деді маған қарсы отырған Мария Ивановна.

— Арақ орнына су, селедканың орнына апельсин, мандарин, банан бергендері дұрыс екен. Түскі тамақты тәбет үшін деп бір жүздіктен бастап, аздап тойып алғаннан кейін ғана бар болса жеміс жеп, жоқ болса тұрып жүре беретін біз мынаған қалай үйренер екенбіз? — деп онымен қатар отырған Кокишев күлді.

— Бұлар тамақ үстінде еш уақытта арақ, шарап ішпейді.

— Нанды да өте аз жейді. Қаттама нан ретінде ғана жемесе, барлық тамақтарын нансыз жейді.

— Килограмдап нан жеп үйренген жазған басым, енді қайттым, — деп Лазарь тағы да күлді.

Официанттар подносын алып келіп, алдарымызға бір-бір бокал сары сулар қойды. Мен қолыма алып, аузыма жақындатқанда, спирттің иісі шықты. Дәмін татып:

— Мынасы не? — деп Мария Ивановадан сұрадым.

— Қайнаған судың ішіне жиырма-отыз грамдай бакарди құйып, мұз салады. Аты есімде жоқ...

— Бұлардың бакардиі бізде сатылғанда, біз оны стакандап ішуші едік, ал бұлар тамшылап, су араластырып ішеді екен ғой. Ал Лазарь, не де болса кеттік! — деп мен бокалымды Кокишевпен соғыстырып, қолымдағымды ішіп қойдым.

Официант әрқайсымыздың алдымызға үлкен қалпақ тарелкаға толған тамақ алып келіп қойды. Қос жұдырықтай ет төңкерілген, шай кеседей күмбездеп қойған. Майға піскен көк бұршақ. Сарғыш томатқа піскен ас бұршақ. Туралған пияз-сарымсақ. Ірі кесілген картоп. Ірі туралған теңіз капустасы.

— Бұлар түскі тамағын емес, кешкі тамағын ыстық сорпадан бастайды. Күннің сағы сынып, кешкі салқында ғана ыстық тамаққа отырады, — деді Мария Ивановна.

Етін кесіп жеп отырмын. Еті қаракесек, құрғақ, бірақ та тарелканың түбінде шылқылдаған май. Еттің дәміне түсіне алмай «қойдың емес, сиырдың еті емес, шошқаныкі дейін десем — өте қатты. Жылқының етіне де ұқсамайды» — деп ішімнен ойлап та отырмын, жеп те отырмын.

Оны байқаған Мария Ивановна:

— Жеп отырғаныңыз Порго дейтін балықтың еті, — деді маған.

— Е, бәсе, түсінбей отыр едім. Әлгі орыстардың «Ни рыба, ни мясо» дегені осыдан шыққан екен ғой, — деді Лазарь.

Үйде де, түзде де мен тамақты аз ішем. Тамақ таңдамаймын, бергенін жей беремін. Оған себеп: жастайымнан көп жылдар әскер қатарында, соғыс жылдарында бар нәрсеге қанағат тұтып жүре беруге үйренуден болу керек. Алдымдағы тамақтың жартысынан көбі желінбей қалды. Официант неше түрлі гарнирлерге толған тарелканың үстіне жарты тауықтың етін алып келіп алдыма қойды.

— Менің жейтін жерім жоқ.

— Алдыңызда тұра берсін. Құстың еті жеңіл ғой.

Бір аяғын өзімді-өзім зорлап жедім.

Официант кішкентай ыдыспен мұнайдай қап-қара кофе алып келді. Ұрттасам, удай ащы екен. Алдымдағы судан іштім.

— Бұлардың кофесі өте қою, ащы келеді. Сол себепті кішкене кесемен береді. Тамақтың соңынан бұлар ұдайы кофе ішеді.

— Мына тамақтары өте мол ғой, Мария Ивановна. Кешеден бері жолдан ашығып келгенмен де тауыса алмай отырмын, — деді Лазарь.

— Тамақты бұлар жақсы жейді. Ет, күріш, лобия, балық, жеміс, овощ, картоп, жемісті тамырлар. Тамақтары майлы келеді. Статистика бойынша Кубада жан басына сары май жиырма екі килограмнан желінеді дейді...

Қытай тәрізді официант келіп, испаншалап Мария Ивановнаның сөзін бөлді. Екеуі де мен туралы сөйлегендерін сезіп отырмын.

— Ол былай дейді: синьор тамақты өте аз жеді. Бәлкім, бұл кісіге біздің асымыз ұнамады ма екен. Онда заказ берсін. Біз керек еткен тамағын әзірлейміз деп тұр бұл, — деді Мария Ивановна.

— Рақмет! Бұлардың тамақтары маған өте ұнады. Дәмді екен, бірақ та мен тамақты аз жейтін адаммын. Бұл кісілердің өздері де маған өте ұнады. Өздері жақсылап табақ тарта біледі екен... — деп ризалығымды білдірдім.

Мария Ивановна сөздерімді аударып болған соң, официант сенер-сенбесін білмегендей, біраз үн қатпай тұрды да:

— Синьордің тамаққа зауқы болмады, — деді де, наразы түрмен бұрылып кетті.

ТАНЫСУ

— Жолдастар! Мына кісі ИИТ (Институт иностранных туристов) қызметкері Ольга Лоренсе. Осында болатын уақытымызда бұл кісі біздің жетекшіміз (гид) болып, барлық жерде бізбен бірге жүреді. Синьорита Ольга аздап орысша да біледі. Айтқанның бәріне түсінеді, бірақ, емін-еркін жауап қайтара білмейді.

— Онда қайттік! — деді біреу.

— Бұларда аудармашы жағынан өте қиын. Орыс тілін білетіндер өте сирек кездеседі... Ал, енді Ольганың өзімен танысалық! — деп Мария Ивановна сөз берді.

Ольга Лоренсе ұзын бойлы, көмірдей қап-қара бұйра шашты, мұңды, алақандай бота көзді, қыр мұрынды, сопақ бетті, қаз мойын, биік кеуде, құмырсқа бел, кең бөкселі, бура санды, балтырлы, құйма сүйір табанды, күрең қара бикеш испаншылап сөйледі. Мария Ивановна оның айтқанын бізге жеткізіп тұрды. Күрең қара бикештің жалпы сөздерін қойғанда, айтқанынан есте қалғандары мыналар: Ольга тоғыз ұлдың ішіндегі жалғыз қыз екен. Барлық семья мүшелері революцияға қатысушылардың қатарында болыпты. Ольганың өзі болса революция кезінде Фидельдің штабы мен партизандар арасында байланысшы болып істепті. Университеттің дипломат факультетінің екінші курсында оқиды екен. Өзімен таныстырып болған соң, бізге Куба аралы туралы аздаған мағлұмат берді: Куба аралының ұзындығы бір мың екі жүз, көлденеңі кей жерінде қырық, кей жерінде жүз алпыс километр. Пинос аралының ұзындығы алпыс, көлденеңі елу километр. Куба аралы жас аралдардың біреуі: ғалымдардың есебі бойынша, аралдың жасы екі-ақ миллион жыл. География жағынан Кубаның айналасы социалистік елдер емес. Мысалы: Куба жерінің шектері Гаитидан жетпіс жеті км., Ямайкадан жүз қырық км., Американың флорида тұмсығынан жүз сексен км., Мексиканың шығыс жағасынан екі жүз он километр. Кубада қыс болмайды. Қысқы тоқсанның айларындағы орта температура он сегіз градус жылылық, жазы — шілде — отыз сегіз. Халық саны Кубада 1907 жылы екі миллион болса, 1959 жылғы есеп бойынша жеті миллионнан асқан.

Куба алты провинцияға бөлінеді:
Пинардельрио халқы — 448.500
Гавана халқы —1.540.000
Матансас халқы — 400.000

Лас-Вильяс халқы— 1.000.000
Камагуэ халқы — 620.000
Ориенте халқы — 1.800.000

Аралдың теңіз жағаларының көбі саяз, көбі жартас-құз. Ондай жағаларға кемелер келіп тоқтай алмайды. Теңіздің тереңдегі келген арал жағаларында бірнеше жайлы гаваньдар бар: солтүстік жақта батыстан шығысқа қарай Унда, Гавана, Матансас, Карденас, Нуэвитас, Нипе, оңтүстікте болса — Гуантанамо, Сантьяго, Сьенфуюгос. Аралдың бет-бедері әртүрлі: биік-биік таулар, биіктігі 500, 700, 1300, 1500, 2000 метрге дейін жететін әрқилы жон-жоталар. Жалпақ дала, шалшық ой. Жері тау-тасты, ойлы-қырлы келеді. Аралдағы өсімдіктер — тропикалық өсімдіктер: пальма, кокос, мимоза, акация, майда бұталар, кейбір жерде қарағайлар да кездеседі. Бұлардың барлықтары жыл бойы көгеріп тұрады. Тауларда, әсіресе, Сьерра-Маэстро тауына көп бағалы ағаштар өседі. Аттарын орыс тілінде атасақ: Эбеновое, красное, пальмы, цейба, цедрела, бумелии, каучуконосы — сияқты. Дақыл жағынан Кубада қант тростнигі алдыңғы орында, одан кейін темекі. Какао, кендір, ананас цитрусы. Жүгері, күріш, помидор, ат бұршақ, картоп, жер жаңғағы, т.б. азықтық өсімдіктер. Мал шаруашылығы болса, өте мақтанарлық емес. Ірі қара төрт миллионнан сәл-ақ асады, жылқы саны жарты миллионға жетпейді, шошқалар бір миллионнан асады, қойлардың ояқ-бұяғы жүз елу — жүз жетпіс мыңнан аспайды. Өнеркәсіп жағын айтсақ, негізінде қант заводтары мен темекі фабрикалары. Өндірістің басқа түрлері де бар, бірақ олар қазірінше онша ұлғаймаған. Кубада кен байлығы мол: темір, жез, никель, марганец, хром, мұнай сияқты байлықтар жер астында мол болғанымен, оларды өндіру жағы қолға жөнді алынған емес. Аралда теміржолдың ұзындығы бес мың километрден артық, Автоэстрада тас жолдардың ұзындығы төрт мыңдай километр. Кубада үш жүз мыңдай автомашиналар бар. Тарихқа көз жіберсек, Куба аралын 1492 жылы Христофор Колумб ашыпты. 1511 жылы испан отаршылдары келіп жаулап басып алады. Жергілікті үндіс халқының көбін соғыста қырып тастап, тірі қалғандарын құлдық пен күңдікке айналдырып, испан отаршылдары африкадан негр — қарақұлдарды топ-тобымен алып келіп орналастырып, плантациялар мен рудниктерде жұмыс істетеді. 1756-1763 жылдары ағылшындардың басқыншы табанының астында болып, Париж келісімі бойынша Куба Испанияға қайта беріледі. Испанияның үстемшілігіне қарсы он сегізінші, он тоғызыншы ғасырларда көп көтерілістер болған. Ол көтерілістерге көбінесе негрлер қатысыпты. 1868 жылда бастаған күрес 1881 жылға дейін созылады. Испания құлдарға бостандық, Кубаға «еркін» өлкелік права беруге мәжбүрленді. АҚШ, Ағылшын, Неміс, Испан, Француз капиталдары Куба байлығын сіңіру жағынан, куба халқын қанау жағынан өз үлестеріне иеленіп, бөлісіп, таласып жүрген замандар да өткен. Қант тростнигі — АҚШ-тың толық қарамағында болды. Париж келісімі бойынша 1898 жылы Кубаға формальдық «Еріктілік» берілді, бірақ та соның соңынан 1899-1902 жылдары Куба Америка Құрама Штаттарының аккупациясында болды. 1903 жылы АҚШ Кубаға теңдіксіз шартқа қол қойдырып, барлық экономикасына өз ықпалын нығайта бастап бірнеше (мысалы Гуантанамо) теңіз базаларын арендаға беруге Кубаны мұқтаж етті. АҚШ Кубаның өнеркәсіп орындарын әдейі өсірместен, оны өзінің аграрлық қоржынына айналдырды. 1906 жылы Кубада АҚШ-тың үстемдігіне қарсы көтерілістер болды. АҚШ Кубаға қарулы күштерін жіберіп, көтерілісті жойып, 1906-1909 жылдары аккупация режимінде ұстады. 1917 жылдың көтерілісін сылтау етіп АҚШ Кубаны тағы да 1917-1922 жылдары аккупациялық режимде ұстады. 1929-33 жылдардағы экономикалық кризис сол кезде барлық тізгіні АҚШ-тың қолындағы Кубаға өте ауыр тиді. Ол кезде үш жарым миллион халқы бар Кубада 500 000 адам жұмыссыз қалды. 1925 жылдан бастап мұнда коммунистер партиясы құрылған болатын. Сол партия кейіннен халықтық-социалистік партиясы болып аталды. Партияның басқаруы бойынша Кубада халықтың бостандық жолындағы күрестері қарулы көтеріліске дейін барды. Бірақ Америка империалистеріне сүйенген буржуазия үкіметтерінің бірнеше түрлері бірінің орнын бірі басып, бостандық қимылдарын әр уақытта жаншып, басып отырды... Америка империализмінің қолшоқпары Батиста бірінші рет 1940-1944 жылдар үкімет басында болып, кейіннен 1952 жылы ол үкімет басына қайтадан келіп, Кубаға қатал үстемдік орнатты. Батистаның ішкі, сыртқы саясатының екеуі бірдей Американ монополияларының толық ықпалында еді...

— Кубада бұрынғы жағдайдың шет-жағасы осылай еді, — деді синьорита Ольга Лоренсе сөзінің аяғында. — Кейінгі жағдаймен жүре танысарсыздар. Былайынша да сіздердің уақыттарыңызды көп алдым. Әсіресе аудармашы арқылы сөйлеуге екі есе уақыт кетеді. Сіздер шаршаған шығарсыздар... — деп, қай күні қай жерге барып, не көретініміз баяндалған қыдырыс программасын жариялады.

— Біз қыдырғалы, саяхатқа келгеніміз рас, — деді профессор Александр Исбах. — Бірақ мына программа көбімізді қанағаттандырмайды. Мысалы, біз күніне екі-үш рет бассейндер мен пляждарға шомылғалы келгеніміз жоқ. Курорттарды көруге, әрине, болады, бірақ, онда үш-төрт күн демалып жату да бізге ыңғайлы емес. Біз ел көргелі, жер көргелі, жұмысшылар мен диқандардың, интеллигенцияның, жазушылардың, оқытушылардың, т.б. жұртшылықтың өкілдерімен жолыққымыз келеді.

— Программаны мен жазғаным жоқ, — деді Исбахтың сөзін бөліп Ольга. — Өздеріңіздің өкілдеріңіздің бізге тапсырғаны осы. Мен еш нәрсе өзгерте алмаймын. Оған ерікті емеспін...

— Уақыт болып қалды, жолдастар! — деп Ольганың сөзін Мария Ивановна бөлді. — Жүріңіздер, автобус күтіп қалды. Программа бойынша бүгін қаланың бір шетін аралап шығуымыз керек, — деп ай-шайға қарамастан тұра жөнелді. Наразылық сөздермен біз де уылдап-шуылдап Ольга мен Марияның соңынан ердік...

Еңгезердей, шойындай қап-қара жігіт шофер екен. Ол тар көшеде елу-алпыс километр жылдамдықпен автобусты айдап келеді. Ольга Лоренсе испаншылап қай жерде келе жатқанымызды, оң-сол жақта қандай, кімнің үйлері бар екенін, ескерткіштер кімге қойылғанын айтып келеді. Мария Ивановна оны аударып үлгергенше аталғандар соңымызда қалып кетіп барады. Мойнымызды бұра-бұра мүлдем шаршадық... Мен бұрылып, машинаның артқы терезесіне қарап отырдым... Біраздан кейін:

— Жолдас полковник, Ольга сізді неге теріс қарап отыр деп сұрайды, — деді Мария Ивановна.

— Сіздің айтқандарыңызды көру үшін теріс қарап отырмын, — дегенімде, отырғандар ду күліп жіберісті...

Қысқасы, екі сағатта қаланың бір шетін желдіртіп «аралап» шықтық.

— Тез жуынып төменге түсіңіздер. Кешкі тамақ болып қалды...

Ал, үлгеріңіздер тамақтарыңызға. Офицерлер үйіндегі құрметті жиналыс басталмай жетуіміз керек...

— Тез жүріңіз. Біз кешігіп қалатын болдық... — деген сияқты асықтыру, қысқасы, екі аяғымызды бір етікке тыға бастады. Бәріміз де біресе томпаңдап, біресе кібіртіктеп желе-жортып жүрміз.

Жан-жағы ашық үлкен жазғы зал лық толған адам.

Барып, соңғы бос орындарына отыра кеттім. Президиум. Мінбеде біреу қағазға сүзеген бұқаға ұқсап көзілдірігімен қарап бір нәрсені оқып тұр. Алдындағы микрофон істемеуі керек, әйтеуір, даусы бізге жетпейді... Жиырма бір сағат көктегі жол, қапырық Гавана, күні бойғы жүгіру мен отыру біраз қажытқан білем, қалғып кеттім. Өзімді-өзім қанша зорлағанмен, ұйқым ашылар емес. Отырған орындықтан құлап қалып жүрмейін деп, далаға шықсам, жаңағы еңгезердей қара шофер тұр. Онымен ымдасып сөйлестім. Ол да түсіне кетіп, мені ертіп, шетте тұрған автобустың есігін ашып ендірді. Бір орындыққа отыра салысымен ұйықтап кетіппін. Мен автобуста ұйықтап жатқанда, ұзын баяндама бітіп, екі бөлімді концерт болыпты.

— Бәрімізден де сіз олжалы болдыңыз. Біз қалғып-мүлгіп отырып зордан тыңдадық, — деді кейіннен Лазарь Кокишев.

— Октябрьдің 46 жылдығына арналған құрметті жиналысты біздің елші жөндеп ұйымдастырмады. Микрофоны істемеді, Испан тілінен аударма жасалған жоқ. Буфет ұйымдастырылмапты, қаңсып шөлден өліп қала жаздадық, — деп ренжіді Исбах.

— Ертең біздің елшілік қонақтар қабылдайды екен. Оған бізден кімдерді шақырар екен? Одан хабарыңыз бар ма? — деп сұрады Лазарь Исбахтан.

— Білмедім. Не қылыпты, бәрімізді шақырса да да несі кетеді. Осындағы жиырма шақты совет адамдарын шақырмаушы ма еді.

— Ал, жақсы жатып, жайлы тұрыңыздар! — деп бөлмеме кеттім.

АЛҒАШҚЫ АВТОГРАФ

Тұрып жуынғаннан кейін, темекі тартайын десем, сауыт бос екен. Төменге түссем, Ранчо жолыға кетті. Кеудесінен Лениннің значогын алмапты. Ол мені көре салысымен, оң қолын көкірегіне алып барып:

— О, коронел, бойнес диас! Добрый оторо, доброй оторо! — деп амандасып, тағы да жылдамдатып сөйлеп тұр.

«Қалай, жақсы жатып, жайлы тұрдыңыз ба» дегені шығар деп ойладым да, оған:

— Доб-рое утро! Доб-рое утро! — деп оны түзеттім.

Ол мұныма түсініп.

Доб-рое утро! — деп қайталады да, вестибюльдегі қызметтеc жолдастарына сөйлей бастады. Байқауымша, Ранчо жолдастарына «Кешегі мен бұйымдарын алып барып орналастырған совет полковнигі, жазушы осы болады...» деп таныстырып тұрған сияқты. Олар да жылы шырай беріп, амандасып маған бір нәрселер айтып, сұрақтар бере бастады. Біреулері екі саусағын еріндеріне алып барып, біреулері сұқ қолымен бұраңдатып қояды. Ранчоның аузы жабылар емес. «Өзің туралы сөйлеп тұрған топтың арасында тұрып, не олардың айтқанына түсінбей, не сұрақтарына жауап бере алмау қандай қорлық!..» деп ойладым мен. «Әйтеуір жамандап тұрған жоқ қой» деп олардың жылы пейілдеріне қарап өзімді-өзім жұбатамын. Олар бір-бірінің сөздерін бөліп дуылдасып тұрғанда, мен қалтамнан ұзындығы сынық сүйем мүштүгімді алып, Алматының сигаретін тықтым. Оны көре сала біреуі жалма-жан оттығын жағып, маған ұсынды. Сигарет тұтанғанда, оның иісіне олар танауларын төсей қалды. Мен:

— Советтік, Алматы сигареті, — дедім де құтыны ашып, оларға сигарет ұсындым. Олар тұтатып тартып, сигареттің дермене дәміне таңдана тамсанып, «мынауыңыз кісінің үнін тазалайтын нәрсе ғой» дегендей, тамақтарын көрсетіп, танауларынан түтін бұрқыратып, мәз-мәйрам болып тұр. Ранчо «жақсы екен» деудің орнына, екі саусағын аузына алып барды. Мен қалтамның сыртын қағып:

— Ми матч ноу! — дедім оған. «Менің сіріңкем жоқ» дегеніме түсінген Ранчо тұра кеп жүгірді, магазиннен жұқа картон құтылы сіріңке алып келіп берді.

Тұрғандардың біреуі маған қолындағы кітабын ұсынды. Алып, ашып қарасам, бірінші бетінен маған арыстан басты, шүңірек мұңды көзді Лев Николаевич Толстой қарап тұр.

— Аруағыңнан айналайын, жарықтығым, осында да кездестік пе! — деп мен портретті сипадым. Екінші бетіндегі ішкі мұқабадан ірі латын әрпімен жазылғандарды оқып, бұл кітаптың «Севастополь әңгімелері» екенін түсіндім. Тұрғандармен амандасқан әйелдің даусы шықты. Жалт қарасам Ольга Лоренсе екен. Амандастық. — Мейманхананың жай жұмысшысының Толстойды оқығанын көруім мен үшін қызықты. Асылы, осы кітапқа менің автограф жазып беруімді бұл кісі қалайтын шығар, — дедім.

— Я, Толстой көптен-ақ Кубадағы өте сүйікті жазушылардың бірі.

— Бұл өте жақсы екен, синьорита. Менің не айтқанымды жеткізсеңіз екен.

Ольга Лоренсе менің сөздерімді аударғанда, кітап иесі басын изеп сөйледі.

— Ол сіздің осы кітапқа автограф жазып беруіңізді қатты өтініп тұр. Балаларым бар, олар мектепте оқиды дейді. Балалары орыс кітаптарын сүйіп оқиды екен. Олар да кітаптар арқылы сізді білетін көрінеді.

— Онда, бұл кісі өз атын өз қолымен жазсын. Мен қол қойып берейін, — дедім мен.

Кітаптың таза бетіне ол кісі автоқаламмен аты-жөнін жазды. Маған ұсынды.

— Бұл кісінің есімі Хосе Антонино Масадо, — деп оқыды Ольга Лоренсе.

«Ескерме ретінде» деген сөзді солға қарай арапшалап жазып, қол қойып, жақшаның ішіне латынша «Коронел Бауыржан Момышұлы» деп жазып, числосын қойып оның астына латынша «Гавана Либрэ, де Куба»-ны жазып, Хосеге кітабын ұсындым. Оның қуанышы қойнына сыймай, қолымды алып, оны жіберместен сөйлеп тұр.

— Бұл кісі сізге аса үлкен алғыс айтады. Балаларым үшін бұл өзі аса бағалы тарту болды дейді.

— Бұл тегі сіздің Кубадағы бірінші берген автографыңыз болар?

— Иә, солай!

— Бұл, тіпті, жақсы дейді ол. Балаларым Толстойдың кітабына жазылған Момышұлының бірінші автографын алғанын өз жолдастарына мақтанышпен айтатын болады дейді.

— Бұл сөздерге мен де қуаныштымын, — деп мен оның қолын алып ағылшынша «Ай эм глед си ю» дедім. Ол қуанып ағылшынша — «Ай лайк ю вери матчи, коронел» — Сіз маған өте ұнайсыз, полковник, деп жауап қатты.

Кубалықтар — Америка империализмінен шайлыққан халық. Олар ағылшын тілін білсе де әдейі сөйлемейді. Жаңағы жігіт менімен ағылшынша сөйлескен бірінші кубалық.

РИО КРИСТАЛ БАССЕЙНІ

Кубаның айналасындағы теңіздерде акулалар аз көрінбейді. Сол теңіз жыртқышынан қауіптеніп, суға кез келген жерде түсе бермейді екен. Пляждары саяз жағада, әйтпесе, әдейі суы ішінен тоқылған, асты дамбалармен қоршалған жағаларда ғана. Күннің ыстықтығына байланысты болу керек, үлкен үйлердің, мәдени орталықтардың қораларында үлкен, жақсы істелген бассейндер бар... Революциядан бұрын үлкен мейманханалар, парктер, клубтар байлардың жеке меншігінде екен. Қаланың шетінде, теңіз, не, әйтпесе, өзен бойындағы жақсы пальма тоғайларының арасында байлар үлкен жеке меншік үйлер салып тұрақтаған, олардың қораларында да үлкен бассейндер бар. Революция олардың барлығын мемлекет қарауына алып, халықтың пайдалануына айналдырған. Мейманхана коммуналдық кеңселер қарамағына, парктер, пляждар қала басқару үкіметінің қарамағына, байлардың үйлері болса, еңбекшілердің клубтарына, балалар бақшасына, ауруханаға айналдырылған. Мемлекет қарауына алған бірде-бір үйді кеңсеге, не тұрақты пәтер ретінде пайдалануға Фидель Кастро рұқсат етпепті. Тіпті, мебельдер мен жабдықтарын шығаруға да рұқсат етпеген. Барлығының мұрты бұзылмастан орны-орындарында тұрады екен. Үкімет қарамағына түскен үй-жайдың, мейманхананың, емхананың, балалар бақшасының бұрынғы қызметкерлері, егерде контрреволюцияға қатысқан болса, бұрынғы жалақысымен бұрынғы қызметтерінде түгелімен қалдырылыпты. «Бұрынғы алып жүргеніңді алып, бұрынғы тұрғын жайыңда тұрып, адал еңбегіңді істей бер» деген принцип барлық жерде қолданулы көрінеді. Революциядан кейін Кубадан кетемін дегендерге ешқандай кедергі болмапты. Ольга Лоренсенің айтуы бойынша, екі жүз мыңдай адамдар АҚШ-қа, Латын Америкасы елдеріне эмигрант болып кетіпті. Олардың көбі байлар мен мамандар. Мемлекет қарауына алынған да солардың үй-жайлары. Ал, контрреволюцияға да, революцияға да қарым қарым-қатынастары болмаған көптеген байлардың кәсіпорындары да, көпшілік пайдаланатын орындары болмаса, үй-жайларына, қора-шарбақтарына, бау-бақшаларына дейін ешкімге қол сұқтырмай, бәрі де жеке меншіктерінде қалған. Алпыс, жетпіс гектарға дейін жерлері де қазірше өз қарамағында.

— Аграрлық реформа жөніндегі заң әлі толық талқыланып жарыққа шыққан жоқ, — деді менің сұрағыма бір кубалық.

РИО КРИСТАЛ деген сөз кристалдық өзен, мөлдір өзен деген сөз екен. Оның бойында үлкен парк, спорт алаңы, кафе, ресторан, балалар қалашығы, көлеңкелі беседкалар, жеңіл-желпі магазиндер, ортасында шешінетін, демалатын, көлеңкелеп отыратын күркелермен қоршалған үлкен бассейн бар. Бассейннің кең алаңы. Дуалдары жер бетінен төмен, түбіне дейін ақ кафельмен жабылған. Судың тазалығы сондай — түбіндегі майда құмдардың қиыршығына дейін шырпының басындай іріленіп көрінеді. Бұрын Рио кристал бассейні байлар мен аристократтардың демалыс өткізетін жері екен. Бассейн түбі тереңдік жағынан үшке бөлінеді екен: кіре берісте су белуардан асады — малти білмейтін ересектер үшін ортасының тереңдігі 7-8 метрдей. Кейінгінің қарсысында суға секіретін биіктігі 10-15 метрлік сатылары бар. Екі рет суда жүзіп келіп, күншуақта аз жүріп, жер астына апаратын сатымен төмен түстім. Жер астындағы подвалдың су жағындағы дуалы қалың шыныдан екен. Биіктікте секіріп, суға сүңгіп, малтып жүрген адамдарды су ішінен көріп, олардың қол-аяқтарын сермеп, малтып жүргендерінің қызығына қарап тұрдым. Көріп тұрмын: жоғарыдан бір әйел секіріп, суға жеткенше екі-үш рет шыр көбелек айналып, суға жақындай бергенде, екі қолын алға созып, қаршығадай құлдилап суға шолп етіп түсті. Түскен жері көбіктеніп, су астында балықтай құлдилап, төмендеп барып, атыла жоғары бетіне шалқая шығып, аударылып қайта сүңгіді. «Апырмай! Мынау балық па, жоқ адам ба?» — деп оған қарап таңданып тұрмын. Ол су бетіне қалқып шықты да, жай асықпастан мен тұрған жаққа малтып келеді. Мен өзіммен-өзім мәз-мәйрам болып күліп қалыппын. Ол Ольга Лоренсе екен. Мен сыртқа шығып, Лазарь Кокишевті ертіп келдім. Ол терезе дуалдан қарап тұрып, су ішіндегі сүңгіп, жүзіп жүргендерді суретке түсіріп алды. Менің:

— Жарық аздық етпей ме? — дегеніме ол:

— Бұдан артық жарықтың не керегі бар дейсіз. Ашық күннің сәулесі мына мөлдір суда шыны арқылы бөгетсіз түсіп тұр ғой, — деді ол фотоаппаратын тағы да біреуге ыңғайлай беріп.

Рио кристалды бұл кезде «мәдени орталық» деп те атайды екен. Судан шығып, тамақтанып болған соң, сол мәдени орталықтың басқа бұрыштарын араладық.

СИГАРЕТА ФАБРИКАСЫ

Қанттан кейінгі Кубаның екінші байлығы — темекі. Куба темекісі жер жүзіндегі мақтаулы темекілердің бірі. Кубаның экспорт балансында темекі айрықша орын алады. Кубада ірі темекі фабрикасы бар екен. Солардың Гаванадағы біреуіне бардық. Ұзын бойлы, тықыр қара елтірідей бұйра шашты, жазық кең маңдай, қошқар мұрын, үлкен мөлдір қара көзді, сопақ бет, отыздағы жылтыр қара жігіт бізді қарсы алды.

— Компаньеро Хосус Греспо, осы фабриканың директоры, — деп таныстырды оны бізбен синьорита Ольга Лоренсе.

Амандасып, сәлемдесу ізеттерінен кейін:

— Бұл кісілердің уақыттарына қарай есептесе отырып келіселік. Фабрикада көп цехтар бар. Олардың бәрін аралауға көп уақыт керек болар. Қайда баруларын өздері шешсін деп тұр, — деп директордың сөзін жеткізді Мария Ивановна.

— Бір цехын көрсек те жетеді ғой, — дестік көбіміз.

— Олай болса мен тапсырайын бір қызметкерге: менің өзім сендермен ілесіп жүруге уақытым тар еді, деп кешірім сұрап тұр, — деді Мария Ивановна. Біз ризалық білдірдік.

Цех алдындағылардың барлықтары да «Қош келіпсіздер» деген пейілмен күлімсіреп бізді қарсы алды. Фабрикада жұмыс істеушілердің көбі әйелдер екен. Үстерінде көк, кең, жеңіл жұмыс киімдері. Беттері тап-таза, өздері тап-тұйнақтай. Бұрымдары жалбырап тұрған біреулері көзге түспейді. Әрқайсысы бізге көздерінің қырымен бір қарап қойып қана өз станоктарының алдында жұмыстарын істеп тұр. Жұмыстары конвейерлі, механика жолына түскен. Бір станок кідіре қалса, басқалары да кідіреді. Сондықтан ешкімнің өз орнынан кетіп, әйтпесе, жалтақтауына болмайды. Бізді екі топқа бөліп, екі еркек жетекші болып жүрді. Әр станоктың алдындағы жұмыскердің жанында үлкен темір қақпақты ағаш сауыты. Оған келесі станокқа бармайтын керексіз қалдықтар түсіп жатады. Басқы станок темекіні қағазға орап, аш ішектей шұбалта шығарып, екінші станокке береді екен. Ол оралған темекіні кесіп шығарып, автомат ретінде үшінші станокке көлденеңдете саусылдатып тұр. Ол жұтып жатыр, аржағындағы тесіктен басылған сигареталар сусылдап басқа станоктың аузына ретімен кетіп жатыр. Одан құтыланған сигарета пачкалары алақаннан кеңдеу лентаның үстіне түсіп, қосақтала бірінің артынан бірі жылжып барады... Цехтың залы биік, ұзын. Сол залда алты қатар станоктар тізіліп тұр. Әрқайсысылары әртүрлі, әр сортты сигарета шығарып жатыр. Станоктардың қасына келсең, жұмысшы әйел күлімсіреп ізет көрсетіп, өз жұмысынан қол үзбей тұра береді. Бір әдемі қыздың кеудесіне мен жалтыраған қызыл эмальді Лениннің значогын өз қолыммен тақтым.

— Муче грасияс, падре! — Үлкен рақмет, ата! — деді қыз бота көзін жаутаңдатып, жымия күліп.

— Әкесі бұрнағы жылғы соғыста қайтыс болған екен. Жақсы істедіңіз, — деп маған Ольга Лоренсе сыбырлап, одан қызға испаншалап мен туралы айтып тұр. Қыз қолын жұмысынан үзбестен бізге көзінің қырымен қарап, жауап қатты.

Еe зовут Аннело. Она очень тронута вашим вниманием. Ее отец тоже носил такие усы как у вас. Ее отец знал вас по книгам. Еe маленькая сестренка очень будет рада, что она на работе видела советских людей. Этот значок они будут хранить как память... Цехтан шығып екінші этажға көтерілдік. Онда бір қанаты буфет, бір қанаты асхана екен. Буфет залындағы үлкен столға бізді директор шақырды. Орналастық. Әрқайсымыздың алдымызда бес-алты сигареттер, екі түрлі печеньенің арасына салған жұқалықтары қағаздан сәл-ақ қалың колбаса мен сыр (бутерброд), бір шыны кока-кола.

— Алыңыздар! Сусынданып, темекі тартып отырып сөйлеселік. Мүмкін, сұрақтарыңыз бар болар, — деді директор. (Мария Ивановна екі жақтың да сөзін аударып қолма-қол жеткізіп отырды.) Аударма істеліп тұрғанда директор бутербродты жеп, кока-коланы бутылканың аузынан ішіп отырды. «Мыналар стакан күтіп дағдарып отыр. Көрсетейін деп отырғаны ғой» деп ойладым да мен де бөтелкенің аузынан іше бастадым. Директор фабриканың бұрын капиталистікі болғанын, кейін үкімет қарамағына өткенін, өндіріс жайы, өнімділік жағы қалай екенін қысқаша баяндап берді.

— Фабрикада темекінің исі шықпайды, ауасы таза. Оған қандай шаралармен жеттіңіздер? — деп сұрадым.

— Полковник өзінің жас кезінде батальонын жорықта темекіге елітіп алғаннан әбден шайлыққан кісі сияқты, — деп директор күле жауап қайтарды. Отырғандар да күлісті. — Егерде біздің фабрикадан темекінің исі шықса, бізге профсоюз күн көрсете ме, профсоюз бізді әлдеқашан түтіп жеп қояр еді, — дегенінде, отырғандар тағы да күлісті. — Темекіні мұнда біз кептіріп, тазартып, қағазға орауға дайын болғанда ғана алып келеміз. Жұмыс аяғында фабриканың цехтарында бір килограмм да темекі қалмайды. Шаңсорғышпен тазартып, есік-терезелерді түнге ашып қоямыз. Жұмыс басталғанда, ауаны салқындатып, тазартқыш машиналар да істей бастайды.

Таза, салқын ауасыз істеу жұмысшылардың денсаулықтарына өте зиянды болар еді. Әсіресе, бұл жағын профсоюз қадағалап жүреді...

— Жұмысшылардың жалақысы қанша? — деп сұрады біреу.

— Әртүрлі. Қызметіне қарай. 500-ден 1000-ға дейін.

— Сіз өзіңіз қанша аласыз?

— Мен 250 аламын.

— Қалайша?

— Мен революциядан бұрын кеңседе майда қызметте болып едім, сондағы айлық жалақым сақталып, осы фабрикаға келдім. Қаржы табуға қызығу бізде алдыңғы мақсат емес. Менен басқалар да бұрынғы жалақыларымен әжептәуір жауапты қызмет істеп жүр. Бұрын жеткен жалақы бүгін де жетіп жатыр. Үкімет жалақы мәселесін қайта қарамақ, сонда өзгермесе, әзірше осылай, — деді директор.

Мен табақ үстінен алып, ортан қолдай жуан темекінің жапырақтарынан қабаттап орап істелген гавана сигарасының біреуін тұтаттым.

— Қалай, полковникке ұнай ма екен? — деп сұрады директор.

— Ұнайды, — деп жауап қаттым.

— АҚШ пен біздің көптен бері сауда жағынан да қарым-қатынасымыз жоқ. Бірақ та Кеннеди контрабанда арқылы алдырып, ылғи осы біздің сигаретімізді тартады екен, — деді директор жымия күліп.

ПЛАСА СИВИКА

Гавананың орталығындағы дөңестеу жерде Пласа Сивика атты үлкен кең алаң бар. Дөңнің ортасындағы қырында Хосе Мартидің монументі. Монументтің төменгі тастан қалаған үлкен тұғыры — үкімет трибунасы. Алаңды Гавананың ең үлкен, кең көшесі Па Сео қақ жарып өтеді. Барлық ірі демонстрациялар, үлкен митингілер Пласа Сивикада өткізіледі. Пласа Сивика алаңы Москваның Қызыл алаңы сияқты Гавананың тарихи жері. Хосе Марта (1853—1895) Кубадағы он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы саяси, қоғам, мәдениет пен әдебиеттің ең көрнекті қайраткері болған. Ол кісі талантты публицист, лирик ақын, прогресшіл саяси көсем болып, Кубаның саяси тәуелсіздігі жолына көп еңбек сіңірген қайраткер. 1895 жылы испан отаршылдарына қарсы соғыста қайтыс болған. Куба халқы Хосе Мартиді ұлтының бостандығы үшін күрескен ардагер батыр деп еске алады. Ол кісінің айтқан нақыл сөздері, қаһарман ұрандары, өлеңдері өшпес өсиет ретінде халық аузында. Кубаның ақшалары сол кісінің портретімен шығады. Халық ол кісіге «Кубаның Апостолы» деп әулиелермен теңеп ат қойған. Абай айтпақшы:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап», —

дегендей Хосе Марти халқын күреске шақырып, жанын арына құрбан еткендердің бірі еді. Ол тәуелсіздікті көксеген Куба халқына нәр беріп, намысын тұтатқан жарық жұлдыздарының бірі болды. Ер қадірін ел білер, ел қадірін ер білер, — дегендей Хосе Мартиді Куба халқы ұстаз санайды, әулие тұтынады. Ерлік елеусіз қалмасын деген сөз бекер айтылған емес. Өйткені, атамыз Абай:

«Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», —

дегендей ол кісі Кубаның болашақ ұрпақтарына нақыл сөз, терең пікірлер тастап кетті. Кубаның әр өлкесінде, әр жолдың түйіскен жеріндегі маңдайшасында үлкен мрамор тақтайшада Хосе Мартидің нақыл сөздері ұран ретінде жазылып тұрғанын өз көзіммен көрдім, Көрген көзде жазық жоқ. Испан тілін білмейтін сорлы басым — бәрін де оқи алмадым, бәріне түсіне де алмадым... Гаванадағы Хосе Мартидің монументі түйеден үлкен кесек-кесек мрамордан қаланған, тұтас бір сарайдан аумақты болмаса, кем емес. Обелискінің биіктігі — 142 метр. Оның басына лифтімен шығып қарағанда, күллі Гавана габам астындағыдай болып көрінеді. Оның астында — биік-биік бірнеше кең залдар, қызмет орны, бөлмелер, складтар, онда - музей бар, музейде атам заманнан бергі әскери қару-жарақ, аспап-сайман, сауыт-қалқан, тіпті, өткен жылғы Куба зенитчиктерінің атып түсірген АҚШ-тың барлаушы самолетінің қираған сүйегіне дейін бар, ел аузында «Кубаның атасы — Отанымыздың отағасы» деп аталатын Карло Мануэл де Сэспэдтен бастап, Хосе Марти, оның орнын басқан генерал Антонино Масес Гомес сияқты ерте заманнан бері қарай Кубаның бостандығы үшін күрескен қайраткерлері мен бұл замандағы революция қайраткерлері Камило Сьенфего, Хосуэ мен Франк Пайстардың, Фидель Кастроның портреттері қатарланып ілулі.

— Мына көсемдердің ішіндегі тірісі — Фидель ғана, — деді маған Ольга Лоренсе портреттерді көрсетіп тұрып.

Музейден шыға берісте гранит күмбезден қаланған төбе тұғырдың үстінде ақ мрамордан жасалған Хосе Мартидің терең ой үстіндегі мүсіні тұр. Ол өте үлкен, оны қаншама үлкен мрамор табылғанымен, бітеудей жасау мүмкін емес. Сондықтан оны үлкен сандықтай мрамормен қалапты... Кейін мен алыстан да Хосе Мартидің мүсініне бірнеше рет қарадым. Музейдің қара көк дуалдарының жанында Хосе Марти айқын, басым көрініп тұрды. Хосе Марти монументінің етегіндегі үкімет трибунасына да кейіннен бірнеше рет бардым. Үстіне шығып тұрдым да. Әрине, қасымдағылардан сұрадым, олар менің сұрақтарыма жауап берді де. Гавананың ыңғайлы алаңы көз алдымда, естігендерім құлағымда. Таң сәрі. Гавана көшелері тізіле жылжып бара жатқан автобустарға толы. Оларды қуып жетіп, зырылдап, жеңіл машиналар өтіп барады. Тротуарлармен тойға баратындай киінген әйел-еркектердің жүрістері асығыс. Көшенің әр бұрыштарында көк сұр киімді әскер мен халық милициясының жасақтары. Бір тұйықта олардың бір тобы тұр. Көше ортасында тұрған біреуі қолындағы қызыл жалауды сол қолымен жоғары көтеріп, оң қолындағы ақ жалаумен біресе оңға, біресе солға сілтеп тұр. «Енді алға жүруге болмайды, оңды-солды көшелермен жүруге рұқсат» сигналдармен, қатар келе жатқан машиналар постовойға жетпестен, қақ айрылғандай, екі жаққа бұрылып өтіп барады... Пласа Сивиканың шеңбер жағаларында сол қолдарының жеңдеріне қызыл шүберек таққан әскери адамдар мен милиционерлер. Алаңның орталығында ешкім жоқ... Алаңға жақын көшелерде лық толған адам. Радио саңқылдап тұр. Көңілді музыка, көңілді әндер, екпінді марштармен кезектесіп, біресе еркек, біресе әйел дикторларының дауыстарымен ұрандар тасталып тұр... Кідірген топтардың үйірмелесіп өлең айтып тұрғандарын да, ортасын кеңітіп қоршалап тұрып, жұлқына секеңдеп, билеп жүргендерді де кездестіруге болады... Кейбіреулері қолтықтасып әрі-бері жүр, кейбіреулері жай шүйіркелесіп тұр. Күн найза бойы көтерілді. Әскери адамдар мен милиционерлер көше алаңынан шетке шығып тұра бастады. Бөгеліп тұрған халық ағытылған өзендей, алаңға қарай толқындана жөнелді. Радио саңқылдап тұр. Хосе Марти монументінің баспалдақтарымен бір топ адамдар төмендеп келеді. Алаң теңселе қимылдай бастады. Трибунаға алдымен Фидель шықты. Оның соңында басқа үкімет мүшелері. Алаң қол шапалақтап, айқайлап, шуылдап, жерді аспанға көтерді. Баяғыдан бері саңқылдап тұрған радионың даусы мына шуда масаның ызылдағанындай ғана болып естіледі... Фидель жалаң бас, үстінде жағасы ашық, көксұр көйлегі — қатардағы жауынгер киімі. Ол микрофон алдында тұр. «Болды ғой, енді қойсаңдаршы» деген белгі беріп, алаңға қарай ол қол сілтейді. Алаң болса, одан сайын өршіп қол шапалақтай, айқайлайды, шуылдап ұрандар тастайды. Тәртіпшілер орындарында. Алаң жым-жырт. Фидель басына беретін киген. Барлықтарының көздері Па Сео көшесінің алаңға шыға берісінде... Оркестр күмпілдете марш ойнай бастады. Алдында қызыл, көк, жасыл жалауларды жоғары желпілдете көтерген ұшы-қиыры жоқ әскер топ-тобымен, сап-сабымен жарақтарын ұстап, бедірейе қарап, жіпке тізгендей қатарларын айнытпастан аяқтарын нық-нық, дәл-дәл сермеп, екпіндете басып келеді. Алаң олардың бірінші тобын ду қол шапалақтаумен шуылдай қарсы алды. Фидель және трибунадағылар қалт тұрып, қолдарын шекелеріне көтеріп тұр. Лек-легімен әскерлер өтіп жатыр. Машинаға тіркелген үлкен зеңбіректер төрт-төрттен қатар құрып көріне бастағанда алаң тағы да қол шапалақтай бастады... Артиллерия трибуна алдынан қатар-қатар зымырап өтіп жатыр... Па Сеодан шыға берісте, үш қатарланып келе жатқан танктерді көргенде, алаң қол шапалақтап дуылдасты. Фидель әскер саптары мен ұшы-қиыры жоқ халыққа лық толған алаңға қарап қуана сабырлы күліп тұр... Танктер өтті. Тым-тырыс. Көптің көзі Па Сеоның шыға берісінде. Әлі еш нәрсе ол жақтан көрінбейді. Фидель «асығатын еш нәрсе жоқ» деген кісідей қасындағылармен жайбарақат әңгімелесіп тұр. Қос қатарланған үлкен машиналардың соңына тіркелген ұзын белуарлы, дөңкиген үлкен арбаға сүйір тұмсықтарын аспанға көтере артылған, жуандығы екі-үш құшақ, ұзындығы есік пен төрдей, құйрығында үш қанаты бар, жұмыр, сырты ақ күмістей жалтыраған ракеталар алаңға жақындай бергенде, сенер-сенбесін білмегендей, дағдарыспен біраз уақыт еш жерден үн шыға қоймады. Фидель әңгімесін доғарып, алға қарады. Ракеталардың алдыңғы колоннасы трибунаға жақындай бергенде, алаң ду қол шапалақтап, азан-қазан болып уылдап-шуылдап, кейбіреулері жер тепкілеп билеп, кейбіреулері бірін-бірі құшақтап сүйіп, қуанышқа билік беріп кетті. Фидель оң қолын сәлме-сәл ғана жоғары көтеріп, алға қарап тұр. Ракеталар өтіп барады, алаңдағы у-шу басылар емес... Ракеталардың соңғы колоннасы трибуна алдынан өте бергенде, ысқырып, шуылдап, төмендете ұшып самолеттер өте бастады. Күтпегеннен сәл жасқанып барып, алаңдағы шу бұрынғыдан да ұлғайып кетті.

— Апырмай, советтер Кеннедимен келісіп барлық жарақтарын алып кетті. Хрущев Фидельге «енді шырағым, өз күніңді өзің көре берерсің», — деп айтыпты деген сөз тарап кетіп еді, ол бекерге шықты-ау! — деді бір қарт кісі.

— Құдайға шүкір. Көрдік қой кімдікі рас, кімдікі өтірік екенін, — деді оған екінші қарт.

— Бәсе! Сыйынарымыз да, сүйенеріміз де бар екен. Кубаны советтер еш уақытта жалғыз тастамайды, — дей бергенінде, бірінші қарттың сөзін бөліп алаң «Фидель-Хрущев! Мы с вами!» деп қол ұстасып теңселе қозғалды.

Еңбекшілер топтары трибунаның алдынан өте бастады. Фидель екі қолын артына ұстап, микрофонға жақындап сөзін бастады. Екі сағат бойы Фидельдің даусы демонстрациямен өтіп бара жатқандарға да, алаңда кезектерін күтіп тұрғандарға да, үйлерінде отырғандарға да, Кубаның қалаларына да, селоларына да радио арқылы естіліп тұрды. Сұңғақ бойлы, қыр мұрынды аққұба сұлу келіншек трибунаға жақындап келді.

— Фидель, маған қарап сөйлегін, мен сені суретке түсіргелі келдім. — деп фотоаппаратымен Фидельді нысанаға алды.

Фидель қарқ-қарқ күліп: — Синьорита, мен сіздің құлыңызбын. Ерік өзіңізде, — дегенде, алаңдағылар оның кішіпейілділігіне риза болып, ду қол шапалақтады. (Синьорита — бикеш, бойжеткен деген сөз) Менің байқауымша, орыстар бір-біріне ренжісе «Вы» деп сөйлейді. Қазақтар бір-бірімен ренжіссе «Сен» дейді. Ал Кубада болса «бір көрген біліс, екі көрген таныс» дегендей, жақын көретін, сыйлайтын кісілерін дәрежесі қандай үлкен болса да «Сен» деп сөйлейді екен.

САУАТСЫЗДЫҚ ЕНДІ ЖОҚ

Қараңғылық, сауатсыздық — құлдықтың шынжыр арқаны. Революциядан бұрын Куба балаларының тең жартысына көбі мектеп есігін ашып көрмейді екен. Сондықтан халқының жарым-жартысы сауатсыз болған. Революция 1961 жылдан бастап сауатсыздықты жойып, Кубаны жаппай сауатты елге айналдыруды қолға ала бастаған. «Сэр култос пара сэ либрэс» — «Быть культурным надо быть свободным» — Мәдениет — бостандықтың серігі — «Образование начинается в колыбели и кончается в гробу» — «Бесігіңнен табытыңа дейін білім алу соңында өмір өткіз»... «Басқалардың біз үшін істемегенін басқалар үшін өзіміз істеуге тиіспіз» дегендер сияқты Хосе Мартидің сөздері мен Фидель Кастроның «Куба территорио либрэ де аналфабетиомо» — «Куба сауатсыздықтан құтылған территория болуы керек. Егер, керек болады екен, біз әрбір сауатсыз адамға бір мұғалім тіркеуге бармыз» — деген сөздері халық аузында, плакаттарға жазулы. Кубаның барлық қалаларындағы бұрынғы казармалар бұл кезде мектептер мен ағарту орындарына айналған. Гавананың шетінде, РИО Алмандарес өзенінің жағасында бір дивизия сыйымды үлкен әскери қалашық казармалар болған. Әскерді машықтандыру үшін құрылған кең-кең алаңдар. Бас штабтың үлкен кеңсе үйі. Офицерлер мен вельможалардың жеке меншік сарай үйлері. Диктатор генерал Батистаның өз сарай-үйі, үкіметінің кеңсе үйі — резиденциясы. Осылардың барлықтары бір көлемді аудан құрып, қалың әскер тобының қорғауында болған екен. Біз сол әскери қалашыққа бардық. Бұрынғы бас штабтың орнында Кубаның халық ағарту министрлігі. Бұрынғы казармалар — мектеп. Батистаның үйі — оқу кеңселері. Офицерлер мен вельможалардың үйлері мен қора бақшалары — балалар бақшасы, оқушылар клубтары, емхана, аурухана, интернаттар, жатақханалар. Бұрынғы әскер машықтанатын алаңдарда бұл кезде спорттың түрлі-түрлі салаларының орындары. Бір үлкен алаңға қаз-қатар жас ағаштар егіліпті — ол мәдениет және демалыс паркі болмақ. Сөйтіп, бұрынғы әскер қалашығы 1959 жылдан бастап мектеп қаласына, оқу орталығына айналдырылыпты. Халық ағарту министрлігінің бір қызметкері бізді қарсы алды, өзі жас жігіт екен:

— Директор синьорина Доминико Дель Амо сіздерді қабылдамақ. Жүріңіздер, — дегеннен басқа сөз айтпастан, алдымызға түсіп жүре берді.

Бұрынғы сақшылар тұратын әскери қалашықтың кіре беріс қақпасының алдында орта жастағы төрт әйел тұр екен. Төртеуі де ұзын бойлы әйелдер. Біреуі ашаңдау келген, көзі сәл қисықтау, қалың шашын маңдайынан қақ жара бөліп тарап, шүйдесіне шоқпардың басындай етіп бұрымын түйген қытай тәрізді, екіншісі отты көз, құс қанатты қара қас, оймақ ауыз... үшіншісі болса орақ мұрын, сопақ бет, қаз мойынды, балуан кеуделі, қарағайдай тіп-тік, жылтыр қара, ұзыны бір сүйем сүйір саусақ... «Апырмай, адам баласында саусақтары осынша әдемі, осынша ұзын әйел болады екен-ау» деп ішімнен таң қалып тұрмын... Төртіншісі сеңсең елтірідей сабалақ ұзын бұйра шаш, аласа маңдай, бадырақ көз, бұлшық бет, кішкене құлақ, жалпақ мұрын, кең танау, үлкен ауыз, ерінді, етжеңді әйел. «Мынауысы Африканың нағыз кіндігінен шыққан біреу болды ғой» деп ойладым. Қалған үшеуі оны ізетпен күтіп, әдеп сақтап, апа тұтып қадірлеп тұр. Директор синьорина Доминико Дель Амо. Она маэстро многих поколении кубинской интеллигенции, — деп Мария Ивановна министрдің адамының сөздерін аударды. Олар «мұғалім», «ұстаз» дегенді «маэстро» дейді екен. Директор күліп бізге басын изеді.

— Біздің бас директорымыз компаньеро Габриэль Леон Висад бүгін бұл жерде жоқ еді. Ол кісінің орнына мен сіздерді қарсы алып отырмын. Мына қасымдағылар да директорлар, — деп қасындағы үшеуін кезек таныстырды бізбен... — Бізде көп салалы оқу комбинаттары.

Осы жердегі оқушыларымыздың жалпы саны он мыңнан асады. Әр саланың өз директоры бар. Мен болсам оқу, методика жағының бас директорымын, — деп бастады сөзін Доминико Дель Амо. — Мен әр елдің де журналистерімен кездескен адаммын. Журналистер сұрақ бергіш келеді. Совет журналистері де солай болар, — деп күлді. Күлкісі өте жақсы екен, түрін жылыта өзгертіп жіберді. «Мынау өзі бір байсалды, ақылды бәйбіше ғой...» деп қалдым ішімнен. Ол сөйлеп тұр. Сөйлеген сайын маған ұнап тұр. Жарықтық, шын педагогтар ұнамды да, тартымды да келеді ғой, магнитше тартып барады...

— Біздің арамызда журналистер жоқ. Жазушылар, инженерлер, агрономдар, жай үй қожасы әйелдер... — деді профессор А.Исбах.

— Онда өте дұрыс екен. Сіз профессор болсаңыз, біздің әріптесіміз екенсіз, — деді ол А.Исбахқа ізет көрсетіп. — Ал, мына кісілердің де әріптестері сіздердің араларыңызда бар екен, — деп бірінші синьоринаға қарады. — Ол кісі педагог-агроном. Осы жердегі өсімдіктер мен дақылдардың барлығын өсіріп-өндіруді басқаратын бас директорымыз осы кісі болады. Бұл кісінің еңбектері басқа педагогтардың еңбектерінен гөрі бұрын көзге түседі, — деп оған әзілдей қарап қойып, екінші синьоринаға қарады. — Ал, мына кісі болатын болса, педагог-инженер. Бұл кісі техника оқу жағының бас директоры болады...

Ал, енді мына кісіге келсек, — деді үшінші синьоринаға қарап, — бұл кісі ішіміздегі ең мықтымыз. Киімді қалай кию, кірді қалай жуу, төсек-орынды қалай жинау, үйді қалай сыпыру, жыртықты қалай жамау, тамақты қалай пісіру, қонақты қалай күту, тағы басқа адамға күнделікті керекті нәрселерді оқыту жағын басқаратын бас директорымыз... Біз түзде ғана емес, үйін тап-тұйнақтай ұстай білетін, барлық үй шаруасына шорқақтығы жоқ, келешек үй-семья тұтқасы боларлық азаматтар шығаруымыз керек мектебімізден... Біздің мектебіміз — комплексті мектеп...

— Кешіріңіз! Мен тағы бір кісімен сіздерді таныстырмаппын, — деп профессор А.Исбах директордың сөзін бөлді де, маған қарап, — біздің ортамызда өзі полковник, өзі жазушы Бауыржан Момышұлы да бар. Бұл кісі де әскери жағынан педагог адам, — деді.

Директорлар маған қарады. Мен басымды иіп амандастым.

— О, легендарный полковник Баурджан Момич-Ули?! Для нас это весьма приятный сюрприз. Мы никогда не думали увидеть его здесь.

— Коронел Момич-улы! — деп төрт директор қол шапалақтады.

— Директор жолдастардың осыншама ізет білдіргеніне мен барынша ризамын. Мен советтің қатардағы туристерінің бірі ғана едім. Сондықтан, маған тым құрмет керек емес, — дедім мен. Мария Ивановна менің сөздерімді аударып берді оларға.

Біз балаларымызды болашақтың жауынгері етіп тәрбиелейміз. Біздің ұрпағымыз: «Патрио о Муэржс, вэн-сермос!» — Отан немесе өлім, біз жеңеміз! Бізде әскери сабақ, дене тәрбиесінен сабақ беретін директор бар десті олар.

— Да, әскери тәрбие проблемасы дегеніміз — адамды бесіктен бастап, найзаласу атакасына дейін тәрбиелеу проблемасы, — дедім мен.

— Я, я, біздің жағдайымыз өзгеше, біздің аралымыз империалистік елдер қоршауында. Мұны біз түсінеміз.

Директордың түсіндіруі бойынша олардың мектептерінде система мынандай екен: Оқу үшін ешкім ақша төлемейді. Барлық оқу құралдары мен қалам, қағаздар да ақшасыз беріледі. Оқушылар азаннан кешке дейін мектепте. Үш рет тамақтанады. Үйі алыстар, қаланың шетіндегі балалар интернатта. Киім жағынан формасының барлығы бірдей. ...Қора сыпыру, үй тазарту, тамақ істеу, табақ тарту, егін егу, оны суарып отау, түрлі жөндеу жұмыстары тағы басқа сол сияқты күнделікті керекті істер оларда мұғалімнің басқаруымен сабақ ретінде жүргізіледі екен. Физкультура мен спорт барлық жерде міндетті сабақ ретінде жүргізіледі екен. Балалар бес жастан бастап сегіз жасқа дейін балалар бақшасында тәрбиеленіп, мектепке түсуге дайындалады екен. Барлығы үшін міндетті оқу алтыншы класқа дейін. Одан кейін политехнизация принципімен мамандыққа ыңғайланған тағы да алты класс. Университетке түсемін деушілерге бір жылдық дайындық курстары бар. Жоғары дәрежелі мектептерде алты-жеті жыл оқу...

— Әрине, бұл система бастама ғана. Бұл системаны бастағанымызға төрт-ақ жыл болды. Оның алдыңғы тобын аяқтауға алда бес-алты жыл бар, — деді ойланып тұрып Доминико Дель Амо... — Ересектеніп қалған жастар үшін Гаванада қысқа мезгілді техникумдар ашылды. Алты ай, бір жылдық курстар да бар.

Гаванадағы университет — ескі университеттердің бірі. Ол 1721 жылы ашылған. Университет революциядан кейін ұлғайды. Жылдан-жылға ұлғая бермек. Біз оның болашақ студенттерін мол дайындамақпыз... Гаванада ұлы орыс педагогі Макаренконың атында педагогикалық институт бар. Биыл күзде ол институт үш жүзден аса мұғалімдер шығарады. Гаванада Куба селоларынан бір жылдық ағарту курсінде он мыңнан аса диқандардың қыздары оқып жатыр. Олар да жақында оқуларын бітіріп, селоларына қайтып, халық ағарту жұмысына кіріседі. Мәдени ағарту шамшырағын революция қолына алды... Әрине, мұның барлығы тек бастама ғана. Асулар алда жатыр, — деп директор сөзін доғарды да, — ал енді мектебімізді көріңіздер... — деп ашық дарбазаға қарай жол көрсетіп, «қош келіпсіздер» ишаратын білдірді. Оқушылардың барлықтары сабақта екен. Кіре берісте оқушылардың кең асханасына кездестік. Асхана есігінің екі жағында екі мүсін тұр. Біреуі Лениндікі, біреуі Хосе Мартидікі. Екеуінің де астында айқастырылып қойған Куба мен СССР-дің мемлекеттік жалаулары ілулі...

Олардың жан-жақтарында шынымен жабылған үш тумбочка.

— Мынау оқушылардың ертеңгі тамақтары, — деп шынының астындағы бір стакан томат согы, кішкене жұқа бутерброд, бір жұмыртқадан істелген омлет, кішкене тарелкедегі сүтке пісірілген күріш ботқа, бір кесе сүтті кофені көрсетті. Ал, мыналар болса, балалардың бүгінгі түскі тамақтары: мынау апельсин суы, мынау банан, мынау балық, күріш, жүгері, бұршақ, капуста гарнирлерімен. Мынау үйректің еті, фасоль, картоп, корнеплод гарнирлерімен. Мынау қантты қара кофе. Мыналар болса, балалардың кешкі жейтін тамақтары: көріп тұрсыздар, бұршақ пен лобиядан езілген сорпа, томат согы, сиыр еті, балық, бір шыны кока-кола. Айтпақшы, біздің кока-коламыз АҚШ-тың кока-коласынан артық. Өте жақсы сусындық ішім. Балалар осы көрмеге қарап әр күні не жеп, не ішетіндерін тұра салысымен өздері көреді. «Көздерімен көрсін» деп мұны Фидельдің өзі істеткен. Балалар тамағының түрін бір жетіге министрдің өзі қарап шығып бекітеді, ал Фидель болса, мені он күнде бір рет шақырып алып, балаларға қандай тамақ сіңімді екенін, ақыры олардың кір-қоңдарының қалай жуылатынына дейін сұрап, есеп алады...

Сыртқа шыға берісте жиырма-отыз оқушы бау-бақшаның арасында жұмыс істеп жүр екен. Соларға жақындағанда:

— Бұлар агрономия сабағын оқып жүр, — деді директор. — Мына кісі синьорита Лоусе, өзі агроном мұғалима, — деп бізге шойындай қап-қара, жалпақ мұрын, танауы желбіреген аласа бойлы бикешті таныстырды да, — «жейтін нәрселерді қалай есіріп, оған қанша маңдай тер шығып, бел ауыратын еңбек керек екенін балалар жастайынан білсін» деген Фидельдің айтқан сөзін біз осылай орындаймыз... Әр класта меншіктеле арналған он екі сотых, жиырма бес сотық, елу сотықтай жерлер бар.

Оларды біз диқаншылық алаңдары деп атаймыз. Әрқайсысынан жылында бір-екі, екі-үш рет дақылдар жинаймыз... Тамақ жағының елу-алпыс процентін өзіміз өсіреміз... Тағы бір үлкен үйдің алдында толған машиналар, станоктар, бірнеше телеграфтық қарағайлар... сынған мебельдер... Олардың айналасында жұмыс істеп жүрген жаңа өспірім балалар.

— Бұл біздің технологиялық бөлмеміз, — деді инженер-директор. — Мына кісі болса, өзі инженер-мұғалім — деп бізге сұңғақ бойлы, аққұба келген әйелді таныстырды.

— Бұл жерде жоғары кластардағы қыздар ғана оқиды. Жетісіне программа бойынша төрт сағат бөлінеді, — деді аққұба келіншек. — Фидель айтпақшы, болашақ үй қожалары электрді, водопроводты, мебельді, ыдыс-аяқтарды, машиналардың майда-шүйде ремонттарын істейтін болсын деген ниет... Әрине, біз кең техникалық білім бере алмаймыз, — деп ол сөзін аяқтады.

— Мына үй бұрын офицерлер клубы болған. Қазір бұл үйде мәдени үйірмелер. Мысалы: музыка, сурет салу, фото, қолмен іс тігу... сияқты салалардан талаптары бар қыздар сабақ өтеді, — деді бас директор. Біз уақытымыз тар болып, ол үлкен үйдің ішіне енбедік.

— Уақыт бітті, жолдастар! Жүріңіздер! — деді Мария Ивановна.

— Ойпырмай, өз тізгінің өзіңде болмағаны жатқан қорлық екен ғой. Зіркілдеп бір шыбықпен қудаланып жүрміз ғой, — деді маған қазақшалап Лазарь.

— Іләж қанша. Бұл жердің де шет жағасын ғана көрдік, — дедім мен оған.

ОЛЬГИТА

Бүгін де көп жерлерді аралап шаршап қайттық. Біздің елші ешқайсымызды қабылдауға шақырған жоқ. Мен қатты ұйқыдан есікті біреу қаққанда ояндым. Есікті ашсам — Воронеждің ақыны Гормейчев Владимир Григорьевич екен.

— Мені сізге жіберіп еді, — деді ол. — Біздің адамдар Октябрьдің 46 жылдығын 11103 бөлмеде қарсы алмақ.

— Жарайды, мен қазір барамын. Жуынып-шайынып тез барамын.

Барсам, он шақты кісі отыр екен. Әйелдерден Мария Ивановна, инженер Серафима Ивановна, Ольга Лоренсе. Стол үстінде ішімдіктер. Мен алып барған шампан шарабын столға қойып, қолымдағы үш шоколад плитканы үш әйелге тапсырдым. Олар өте қуанып, үшеуі бірдей «вот настоящий внимательный мужчина» деумен кейбір жас жігіттерді ұялтты.

— Біздердің үйден шыққанымызға онша көп уақыт болған жоқ, — деп бастады сөзін карел Анти Тимонэн. — Бірақ та аз уақыт ішінде көп жерлерді араладық, көпті көрдік. Бүгін мен осындағы істеп жүрген біздің бір маманмен сөйлестім. Келгеніне бір жыл болыпты. Семьясымен тұрады екен. Ешқандай мұқтаждығы жоқ көрінеді. «Отанымыз алыстан анықтау көрінеді екен» деді ол бір сөзінде... Сол ардақты Отанымыз үшін! — деп ол бірінші тостыны көтерді.

Біраз дуылдасып Отанды, елді, жолдастарды, семьяны еске түсіріп отырыстық. Ольга Лоренсе қазқоңыр даусымен испанша негрлердің бірнеше өлеңдерін айтып, ән салып берді. Ольга Лоренсенің әндерін естіп ойыма түсті. Кубалықтар, байқауымша, көңілді, сауықшыл, ән салғыш, би билегіш халық! Радио азаннан түн ортасы ауғанша лирикалық музыкалар мен әндерді беріп тұрады. Көшеде, кафелерде, ресторандарда радиоға қосылып өзіне ұнаған әнді ақырын дауыспен айтып жүргендерінің талайларын көрген болатынмын... Кубинцы неунывающиеся люди. Балконға шығып, темекі тартып, Гаванаға қарап тұр едім, Ольга Лоренсе келді.

— Мұнда неғып тұрсыз? Ондағылар билеп жүр, — деді ол маған.

— Мен білмеуші едім. Мына мыңдаған шамшырақты түнгі Гаванаға қарап тұрмын.

— Мен де осы жерде темекі тартып алайын, — деді ол.

Мен оған темекі ұсынып, шырпы шақтым. Осы жоғары он бірінші этаждың балконынан көріп тұрмын: Гавананың көшелері мен үй-қораларында тізіліп тұрған машиналар. Мына табан астындағы кварталдан мен жүзден асасын санадым.

— Бізде гараж деген өте сирек кездеседі. Бұл машиналардың барлықтары жеке меншіктердің машиналары.

Оның иесі қай үйде тұрса, машина сол үйдің қорасында, әйтпесе көшесінде тұрады. Әр машинаның орны белгілі! Біреудің орнына біреу қоймайды. Әр шаршы метр есепте. Көрдіңіз бе, анау машиналардың көлденең тұрғандарын?

— Я, көріп тұрмын.

— Ұзыннан қоюға жер тар болғандықтан, олар көлденең қойылған. Революциядан бұрын бай американдықтар Кубаға өз машиналарымен келіп, бір-екі ай дем алып, саяхаттап жүріп, қайтарында машиналарын арзанға сатып кетеді екен. Бұлардың көбі солардан қалған машиналар. К сожалению недавном прошлом Куба была продовольственным и курортным придатком американских богачей. Она была страною лакеев и проституток, — деп күрсінді Ольга Лоренсе. Жай портта жүк түсіретін жұмысшылар, кейбір мейманханада істеуші уборщицалар өз машиналарымен қызметтеріне келіп қайтып жүреді...

— Бензинге тапшылық жоқ па?

— Қазірінше тапшылық сезілмейді. Сол жағынан бізді қиыншылықтарға душар етпек ниетімен АҚШ блокада істегені былай тұрсын, біздің мұнай тазартушы орындарымызды бомбалауға әрекеттер де істеп көрген. Мұнай жоқ болса, біздің халіміз өте мүшкілдене бастар еді. Мына машиналардың барлықтары тоқтап, электр жетпей, ауаны салқындататын тазартқыш машиналар істемей, өндіріс орындары болса тоқтап қалып, көп қиыншылыққа душар болар едік. Бізді бұл жағынан да социалистік лагерь, алдымен Совет Одағы құтқарып отыр. Совет Одағы біздің өз жеріміздегі мұнай кендерін өндірістендіруге жәрдемдесіп жатыр. Сұйық отынның проблемасын шешуге ол көп жеңілдік туғызбақ.

— Ал, осынша көп машиналардың жөнделу жағы қалай?

— Ол жағы күннен-күнге қиындап барады. Машиналардың көпшілігі американдық маркалар. Запас бөлшек жоқ. АҚШ-тың өзінде де майда ремонт болмаса, тозған машиналарды ерітуге жібереді, ал, бізде күрделі жөндеу өте аз. Совет Одағынан, басқа социалистік елдерден алынған машиналардың жайлары жөндеу жағынан, әрине, бөлекше.

Ольга Лоренсе шетелдерден келген туристерге гид жетекші болғандықтан, ол әр саладан берілген сұрақтарға қысқаша жауап беруге тырысатыны жолыққаннан бері сезіліп-ақ тұр.

— Рақмет сізге, синьорита.

— Мені бұдан былай Ольгита деңіз.

— Жарайды, қарағым! — дедім оған мен оларша Ольгита деген біздің Оленька, Ольгажан дегенмен тең екеніне түсініп.

11103 бөлмеге қайта келсек, біздің адамдар көңілді отырыста екен... Қысқаша айтқанда мен Ольгитамен кейіннен көпшілік арасында да, оңашада да бірнеше рет әңгімелестім.

Қазақша айтқанда әдепті, жақсы, тәрбиелі қыз екен.

— Сізді менің әкем де, шешем де, аға-інілерім де, мен де бұрыннан кітап арқылы білуші едік... Бүгін таңда жолығып отырмыз... Ең алғаш суық түріңізге қарап, мен өте шошынып едім, кейіннен байқасам — қорқатын, сескенетін еш нәрсе жоқ екен, — деп қарқылдап күлді де.

— Жоқ! Мені дұрыс түсініңіз: достар сескенетін еш нәрсе таба алмадым дегенім ғой.

— Шырағым! Мен мақтауға да, жамандауға да үйренген шалмын. Мақтанға паңданбаймын. Жамандағанға жүдемеймін. Көңілдегіңізді айта беріңіз, қалқам, Жалтақтама!..

— Әсіресе, шешем маған сенбейді...

— Оған өзің жазықтысың! Бір жолы шешеңді алдаған боларсың. Одан кейін ол кісі қалай сенсін?

— Иә, сондай бір қателік менен өтіп еді... Айтып берейін бе сізге?

— Айтпағын. Балалы-шағалы болғанда, олар сені де алдайды. Сен олардың «алдауларына» түсінбегенсисің. Өйтпесе болмайды да.

— Жоқ, мен сізбен келісе алмаймын. Мен ақ некелі, адал жар болғым келеді. Мен жарыма ешқандай арамдық жасай алмаспын. Балаларым мені, жұбайымды пайғамбар тұтпаса, мен оларды жөргектерінде құртқан болар едім...

— Қызбағын, қызым, қызбағын... «Қыздың бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?» — дейді қазақ. Өмір көрсетер! Кейіннен ажырасам деп, ешкім күйеуге шықпайды, ешкім үйленбейді! Барлық былықшылық кейіннен шығады... Оған төтеннен шыққан төрелер көп болады.

— Олардың не істері бар екі жанның арасында?

— Олардың іштері пысады, олар зерігеді, оларға ермек керек.

— Түсіндім, коронел, түсіндім... Менің кәрі қыз болмағаным да содан екен ғой. Түсіндім, коронел, түсіндім!

Тағы бір әңгімеде Ольгитаға мен мынадай сұрақ бердім:

— Фидельді мен көргенім жоқ. Мен сол кісі туралы сенің пікіріңді білгім келеді...

— Сіз ол кісі туралы оқыған боларсыз?

— Оқыдым! Оқығаным рас! Сенбесең, айтып берейін бе?

— Мен сізге сенем. Айтпай-ақ қойыңыз... Ол кісі туралы бірнеше өзіне-өзі қарсы пікірлер аз емес... Мен болсам жай кубинкамын ғой...

— Сол себепті сенен сұрап отырмын. Сенің ойың жай халықтың ойы шығар деп сұрап отырмын.

— Сіз біздің елде ең аты белгілі совет азаматының бірісіз! Сізді көбіміз ұстазымыз деп санаймыз. Әсіресе, әскери адамдар... Фидельге сіздің қандай күмәніңіз бар?

— Менің ешқандай күмәнім жоқ! Мен полковникпін, суреткермін. Мен оның келбеті мен мінез-құлқын елестетсем деймін...

— Солай ма еді?

— Сен маған дұрыс түсінгін.

— Сіз туралы кітапты бірінші оқыған Фидель еді.

Соны бізге ұсынған да сол кісі еді... Ол сізді жақсы көреді...

— Мен де Фидельді жақсы көремін, менің халқым да оны жақсы көреді... Мен шпион емеспін.

— Жоқ! Жоқ! Құдай сақтасын! Ол не дегеніңіз?

— Сен Құдайға сенесің бе?

— Неге сенбейін? Сөз сену-сенбеуде емес — әйтеуір, революция ісіне берілген коммунист болса болыпты. Кубалықтардың басым діні католиктер.

— Ол жағынан хабарым бар.

— Куба Ватиканмен дипломатиялық қатынасы бар бірден-бір ел. Кубада шіркеу мемлекеттен ажыратылмаған. Бірақ мынадай бір көңілсіз жай болды. Қызыл Пляжға десант түсірілгеннен кейін, Кариб дағдарысының тұсында көптеген діни қызметкерлер сол күндерде контрреволюция жағында бас көтерді. Мұның бәрі документті түрде айғақталған. Дінге сенетін адамдар оларға сырт қарап кетті.

— Фидель оларды жазалаттырған жоқ, бір мыңдай діни қызметкерді Ватиканның қарауына аударып жіберді де қойды.

— Ал, ешқандай дипломатиялық жанжал болмады ма?

— АҚШ айқай көтермек болыпты. Бірақ Ватикан үн-түнсіз қалыпты, — деп Ольгита күлді.

— Бұл айтқаның Фидельге бір өте жақсы мінездеме болды. Ол ұстараның қылауын тапқан дипломат екен.

— Я, я! Солай!

— Бұл бір, ұстамдылық ғажайып нәрсе екен.

— Барлық Латын-америкаларындағы католиктер1 бұл жағынан Фидельді кінәламайды. Ақиқаттың аты — ақиқат.

— Ватикан оңбай жығылған екен!

— Қайдам? — деді күрсініп Ольгита. Папаның ішіне кім кіріп шығыпты?.. — сөзіміз тағы да бөлінді.

ІІ БӨЛІМ

ТИМУР ГАЙДАР

Мен біздің топтың ішінде кешкі сағат алтыда Кубаның жазушылары мен артистерінің одағында отыр едім. Қонақтар түгел, қарсы алушы үй қожалары жоқ... Жағдайсыз халде отырмыз. Әдейі келгеннен кейін кетіп қалуға да болмайды... Одақтың президенті мен генеральный секретары әне келеді, міне келедіге бір сағаттан асып барады. Біз қора алдындағы кіре берістегі орындықтарда отырмыз. Кеңсенің майда қызметкерлері сасқалақтап, подноспен бізге сусын, кока-кола, томатный соктар алып жүр. Біз күтіп отырмыз... Күткенде уақыт шабан жүретіні әркімге мәлім. Күтіп отырғанымыз — Кубаның атақты қарт ақыны, халықаралық лениндік сыйлығының лауреаты Николас Гильен. Ол әлі келер емес. Біз күтіп отырмыз... Темекі тартып отырып ойыма түсті: Николас Гильенді мен бірінші рет 1952 жылы, бұдан он бір — он екі жыл бұрын Москвада колонный зал дома союзовта көргенмін. Ол кезде ол Отанынан қашып қаңғып жүрген болатын. Ол бір жақта эмиграцияда жүріп, шақыру бойынша біздің жазушылар одағының екінші съезіне қадірлі қонақ ретінде қатысты. Өзі аласа бойлы, арық, киімі жұпыны, шашына ақ кіре бастаған, желпілдеген кең танаулы, салпақ ерін, кім болса соған жалпаңдап қалған, қутыңдаған бір негр болатын. Ол сол кезде... Александр Фадеев, Николай Тихонов, Михаил Шолохов, Илья Эренбургтардың соңдарынан қалмай жүруші еді. Олар болса бір жағынан қадірлеп, бір жағынан есіркеп жүргендері бәрімізге көрініп-ақ тұрушы еді. Съездің аяғында прибалтиканың бір сауатсыз жазушыларының бірі кезекті председатель болып отырды... Күндізгі жиналысты аяқтап, алдындағы қағазына қарап, ол орысша былай деді: На энтом товрещи тневной сасиданья нашего съесда сакриуается. Вечерней сасиданья посвешаеетьса врученье международной премия мира кубанскому писатель Николас Гильенсу... Кешкі жиналысқа делегаттардың барлықтары келді. Мен де келдім... Съездің президиумының орнына академик Скобельцин басқарған комиссия отырды... Құрметті жиналыс басталды. Бірнеше тілдерде халықаралық сыйлық, комиссияның қаулысы оқылды. Еңгезердей шашы аппақ, нығыз сары кескінді академик Скобельцин жарқанаттай шелпиген қара қатпа негрдің омырауына значогын тағып, дипломын ұстатып, құттықтап қолын алды. Ду қол шапалақтау!.. Пабло Неруда, Николай Тихонов, Луи Арагон, Илья Эренбург, Жорж Амадулар Николас Гильенді құттықтап, сөз сөйледі. Ду қол шапалақтаулар... Москва пионерлерінің бір үлкен тобы сырнай-кернейлетіп, залды жарып келіп, Гильенге құшақ-құшақ, шоқ-шоқ гүлдер тапсырып, оның мойнына пионер галстугын тақты... Сол күнгі кеште оның құрметіне үлкен банкет істелді. Онда шетелден келген қонақтардың барлығы болды. Ертеңіне барлық совет газеттері оның портретін басып, мақалалары мен шығармаларынан үзінділер шығарды. Оның таңдамалы шығармалары орыс тіліне аударыла бастады. Шетелдердің газеттері де, Гильеннің Советтер Одағында көрген құрметтері туралы бір жеті шуылдасты. Куба ол кезде диктатор генерал Батистаның табан астында езуде еді: официалдық газеттер Советтерді де, Гильенді де жамандап жазды, ал Фидель басқарған сол кездегі қимыл-қозғалыс жұртшылығы Советтер Одағына сансыз рақмет айтып, Гильен атын аспанға көтерді. Кешікпей-ақ Н.Гильен сыйлықтың жүз мың алтын сомын, Советтер Одағында аударылған шығармаларының қалам ұштарын алтын соммен алып, өлім мен өмір арпалысқан, тап күресі қайнап жатқан Отаны Кубаға аттанған жоқ, өзінің баспанасын іздеп, қаңғырып, қашып жүрген Европа мен Латын Америкасының өлкелеріне тағы да тентірей жөнелді. Кубаға ол жиын-терін болып, «той тарқағанда» келді. Гильеннің Куба әдебиетінің ақсақалдарының бірі екені рас. Оны ел коммунист дейді. Ол да рас шығар. Гильеннің творчествосы Куба әдебиетінің шеңберінде прогрестік саладан ірі орын алатыны да рас. Бірақ, Куба шеңберінде ғана. Ол Пабло Неруда емес, ол Владимир Маяковкий емес, ол Жорж Амаду емес, ол Абай емес, Сергей Есенин емес. Ол тек куба шеңбершесіндегі Николас Гильен ғана. Біз соны күтіп бір жарым сағат есік алдында отырмыз. Осыларды ойыма түсіріп, темекінің түтінін қоюлап жұтып отырғанымда қалқан құлақ, дудар шаш, бақырайған көз, жалпақ мұрын қазақ белгілерінен танып біреу:

— Полковник Бауыржан Момышұлы? — деді маған. Мен орнымнан тұрдым. Алдымда аласа бойлы, шашы қасқалана үрпиген, сұйықтана бастаған, жасыл көзді жігіт күлімдеп тұр.

— «Правда» газетінің осындағы тілшісі Гайдар, — деп ол өзін таныстырды.

— «Тимур и его команда?» —дедім мен таңданып.

— Тап солай, полковник! — деп ол күлді.

— Сенің әкең он сегіз жасында полк командирі болып еді азамат соғысы кезінде... Біздің советтік дәуірдің әскері, бала-балдырғандарының жазушысы болып еді... Аркадий Гайдардың «Тимур и его командасын» білемін, бірақ, сенімен, Тимур Аркадьевич, жолығам деген ой түсіме де кірмеуші еді... Мэ фуэ ми аградаблэ виситарлэс — мен сенімен жолыққаныма өте қуанамын, — дегенімде Тимур таңдана қарап.

— О, Бауыржан аға, испанша да біледі екенсіз ғой! — деді.

— Барлық білетінім сол бір-екі ауыз ғана сөздер. Ал, аманшылық па?

— Рақмет. Аманбыз.

— Мұнда жалғызбысың?

— Жоқ, әйелім де, балам да осында.

— Оның дұрыс екен, шырағым.

— Мен сізді әдейі іздеп келіп едім. Зордан таптым...

— Қалайша?

— Келгеніңізді естігенбіз. Гавана Либрэге тоқтағаныңызды да білеміз, бірақ бірнеше күннен бері ұстатпай-ақ қойдыңыз.

— Қалқам-ау, мен байғұста ерік жоқ қой. Мария Ивановна мен Ольга Лоренсе қайда қуса, сонда жүрміз ғой...

— Туристердің халі солай болады. Тығыз программа. Сықпалы уақыт.

— Осы жерге айдап келгеніне бір жарым сағаттан асты. Гости пришли раньше хозяев. Вот и сидим...

— Кешіріңіз. Мен телефон соғып келейін, — деп жүріп бара жатып, — мен біреулерге сізді таптым деп хабарлауым керек. Олар да күтіп отыр менің телефон соғуымды, — деді ол. Мен тағы да темекі тұтаттым. Ол кетті, мен отырмын. Біздің адамдар тықыршып, жақындап келе жатқан машиналардың шырақтарына қарап жүр. — Машиналар, болса, өз беттерімен зымырап, тоқтамастан өтіп жатыр...

— Байқадым. Мыналардың қызметкерлері де не істерін білместен сасқалақтап жүр, — деді маған Тимур қайтып келе салысымен. Өте қысылып жүр байғұстар.

— Келген шаруаңды айта отыр, Тимур.

— Ориенте, Камутэйдегі қайғылы опаттардан хабарларыңыз бар болар?..

— Азын-аулақ хабардармын...

— Гаванада үкімет мүшелерінен бір-ақ адам бар. Ол команданте Хосе Кауссе...

— Команданте деген қай мықтының кімі екенін түсіндірші...

— Команданте деген түсінік атам заманнан келе жатқан испан сөзі. Ол орысша «предводитель», «полководец» деген сөздердің мағынасында, әйтпесе, «высший офицер», «генералитет» деген сөздермен де теңеуге болады...

— Хосе Кауссең кім?

— Ол кісі соғыс кезінде майдан командашысы болған, қазір болса саяси департаменттің бастығы... Сізді қабылдау сол кісіге тапсырылған екен... Одан басқа үкімет бастықтары Гаванада жоқ. Олар опатқа ұшыраған халық арасында, күйіп-пісіп ұйымдастырып жүр... Телефонмен мен Хосе Кауссені таба алмадым.

— Оған тыныштық қайдан болсын. О да шапқылап жүрген болар.

— Иә, солай болу керек... Хосе Кауссенің тапсырмасы бойынша, осындағы «Нотиас де һой («кубалықтар «Ой» деп оқиды), содан кейін «Революцион» (бұл партия газеті) қызметкерлері сізбен жолығысып, интервью алып басулары керек. «Оймен» сөйлестім, «Революционмен» байланыса алмадым...

— Бүгінше біреуі де жетер...

— Гильен келді! Гильен келді. Жүріңіздер! — деген Мария Ивановнаның даусы естіліп, сөзімізді бөлді. Мен орнымнан тұрып, Тимур екеуіміз топ соңынан ердік. Тоғытуға айдаған қойдай болып келеміз. Кіре берістегі үлкен вестюбельдің төрінде қасында бір ұзын бойлы испан жігіті бар Гильен тұр екен. Балпиып семірген. Кеудесі көтеріңкі. Жылы мейірім беріп, «Қош келіпсіздер»-дің орнына, бізді менсінбегендей жоғарыдан төмен қарап тұр.

Алдымызда Мария Ивановна барып біз туралы испаншалап айтты. Гильен басын иместен:

— Мынау біздің генеральный секретарымыз болады. «Ал, өздерің, әрине, мені білесіңдер ғой» дегендей бізге қарап, маған қандай сауалдары бар екен? — деп сұрады.

— Біз сізді көргелі, Кубаның творчестволық кісілерімен жолыққалы келіп едік, — деп профессор А.Исбах алға шығып сөзін бастады. — Бұл жерде кімдер бар екенімен мен сізді рұқсат болса таныстырайын. Советтер Одағының әрбір бұрышынан, әр халықтан уәкілдер бар арамызда.

— Айтыңыз. — деп Гильен әмір еткендей басын изеді.

— Мен, әдебиетші, профессор Александр Исбахпын.

— Өте, қуаныштымын — деп оған Гильен қолының ұшын берді.

— Мына кісі Карело-Фин жазушыларының бастығы Анти Тимонен.

— Дұрыс екен, — деп Гильен басын изеді. Тимонен қасына жүгіріп барып, біраз сөз айтып Гильенге сыйлық тапсырды. Сыйлықты Гильен өз қолымен алған жоқ, Генсек алып, столдың үстіне қойды.

— Мына кісі орыстың жазушысы.

— Мына кісі Бурят-Монголия — о да үлкен сыйлық тапсырды.

— Мына кісі космонавт Андриан Николаев шыққан Чуваш халқының халық ақыны Педро Хузангай. Ол Гильенге тәжім істеп қолын алып, қызара-бөртіп, айқайлап, Гильенге арнаған өлеңін чувашша оқыды. Кезектесіп Гильеннің алдына барып жатыр.

— Момыш-Улы! — деп мені шақырды Исбах соңынан. Мен барып алыстау тұрдым.

— Герой Великой Отечественной Войны, прославленный панфиловец, командир дивизии, писатель, верный сын казахского народа, легендарный полковник Советской Армии Баурджан Момыш-Улы.

— Это, для него слишком много! — деді Гильен Мария Ивановнаның переводынан кейін генсекке қарап испаншалап. Мария Ивановна оның кейінгі сөздерін перевод істеместен қып-қызыл болып кетті.

— Старик очень разжирел! — дедім орысшалап.

— Простите. Эти ваши слова я не переведу. — деп Мария Ивановна сасқалақтады.

— Можете не перевести. По его глазам вижу, что он меня понял, — деп бұрыла бергенімде, генсек Гильенге сыбырлады. «Е, генсек орысша білетін қу болып шықты ғой» деп ойлап мен жүре бердім. Гильеннің бет-аузы жыбырлап кетті.

Когда кончилось все присмекательства со стороны наших Гильен взял себя в руки, начал давать на отдельних листочках нашим свои автографии, потом сказал, что-то по испанский. Тут принесли по рюмочки БОКАРДИ. Я не взял предложенную мне рюмку, стоял заложив руки на спину.

— За здоровье, наших советских друзей! — деп Гильен бокалын көтерді.

— Ал, жоғарыда біздің библиотекамыз бар. Жүріңіздер. Соны көріңіздер — деді Гильен.

— Біз сізбен суретке түссек деп едік, — деді Исбах. Барлықтары Гильеннің айналасына жиналып жатыр. Мен шетте тысқары қашық тұрмын.

— Товарищ полковник! — деп шақырған соң мен шеттегі әйелдің қасына келіп тұрдым.

— Полковник, мына кісімен қатар тұрыңыз, — деп Гильеннің қасында тұрған Исбах мені шақырды.

— Я предпочитаю стоять рядом с советским инженером. Я этому старику не бедный родственник! — дедім мен. Генсек Гильенге сыбырлады.

— Злой полковник! — деді испаншылап Гильен. Мария Ивановна оның сөзін аударған жоқ.

Фотоаппараттар жарқ-жұрқ етті. Гильенмен қоштаспастан Гайдарға:

— Мен үйге қайтамын, Тимур. — дедім. Генсек тағы да сыбырлады Гильенге. Ол маған алакөзімен бір қарап қойды.

— «Ой» газетінен екі адам келіп тұр. Интервьюыңызды қайда бересіз?

— Үйге барамын деп айттым ғой, Тимур. Сонда.

— Жолдас Момышұлы, біз бір сағаттан кейін «Травикианида» боламыз. Соған кешікпестен келіп бізге қосылыңыз, — деді Мария Ивановна.

— Жоқ. Мен оған бара алмаспын, Мария Ивановна, — деп мен бұрылып кеттім.

Машина алдында Тимур мені газет қызметкерлерімен таныстырды... Тимур машинаны өзі айдайды екен. Машина қозғалысымен, корреспонденттер сұрақ бере бастады.

— Сізге біздің жерден не ұнады? — деп сұрайды бұлар, — деп аударма істеді машина айдап келе жатқан Гайдар.

— Гавана мен гаваналықтар маған өте ұнайды.

— Ал, сізге мұнда ұнамаған бір нәрсе болды ма? — деп сұрайды бұлар...

— Мен Гильенге, ал ол маған ұнамады.

— Олардың білгісі келетін тағы бір...

— Бұларға айта көріңіз, мен тілшілердің сұрақтарына машина үстінде жауап беруді жақтырмаймын. Мен қазір Гавананың түнгі көрінісіне қарап келемін.

Олар Бауыржан Момышұлының мінезін білетінбіз дейді... Олар қашан сіздің әңгімелесуге ықыласты болатын шағыңызды шыдап күтеміз десіп келеді, — деп Гайдар күлді.

— Мен ұзақ күттірмеймін...

ИНТЕРВЬЮ

Есікті тарс-тарс қақты. Мен оянып, орнымнан тұрып барып есікті аштым.

— Доброе утро, коронел! — деді Ранчо.

— Бойнес диас, Ранчо, — дедім мен ұйқымды аша алмай.

— Коронел! — деп ол мені жұлқылай бастады да, орысшылап — посмотреть... Газет... Журнал... — деп білген екі-үш ауыз орысшасы біткеннен кейін испаншаға кетті; «энтервиста кон уно де лос хомбрес де Панфилоу», — деп қолымен түртіп-түртіп тұрып, «Ой» газетінің атымен қатар басылған мақаланың бас жазбаларын оқыды. Қарасам, газет атының сол жағынан жоғарылау, менің «Сәлем, саған, қаһарман Куба!..» деп қол көтеріп тұрған бөрікті суретім, оның оң жағында мақала сөздері ірі әріптермен басылған...

Ранчо он бес-жиырма парақ газетті парақтай ашып, оның жетінші бетін көрсетіп: «Бауыржан Момышулы герое де ла кареттара де Волколамск» деген үлкен мақаланың басқы сөздерін оқып беріп, сол беттегі менің кеше кешке корреспонденттермен сөйлесіп отырған үш суретімді көрсетті. Мақала газеттің жарты бетінен көбіректеу болып басылған екен... Ранчо екінші қалың газетті алып парақтап: «Ел мундоның» екінші бетіндегі менің суреттерімді көрсетіп, сөздерін испанша оқи бастады. Оған түсініп тұрған мен жоқпын... Ранчо «Вердо Оливо» журналының 12-13-ші беттерін ашып, ондағы төрт суретті көрсетіп, ай-шайға қарамастан мені тағы да жұлқылап оқи бастады: «Ел геролко комбатиенте Коронел Баурджан Момышулы» «Батыр жауынгер полковник Баурджан Момышулы» деген сөзді менің бір портретімнің астынан оқыды... «Комо комбатиенте ветерано дел иоркито советико салюдо а лос комбатиентетос де ла Куба Революционория. Лес десео эхтиос ен ла препарасион комбатива у политика» — «Как воин ветеран Советской армии приветствую воинов революционный кубы. Желаю успехов в боевой и политической подготовки» — деп кешегі интервьюде өз қолыммен жазған автографты суретінің астындағыны оқып берді.

- «Сен өзің мынаған түсінесің бе?» дегендей мақтана таңданып, үлкен әріппен басылған басқы сөзді түртіп — «Биенвендио героико комбатианте!» — «Добро пожаловать, героический воин!» — «Қош кепсіз, батыр жауынгер!» деген сөздерді оқып берді. Одан кейін мақаланың басқа сөздерін асығып-аптығып оқи бастады: «Даңқы жер жарған, біздің халық аузында аты шулы бір қадірлі кісі үкімет пен қарулы күштер министрлігінің шақыруымен біздің елге құрметті қонақ ретінде келіп түсті...»

— Айналайын Ранчо, бәрібір мен түсініп жатқаным жоқ сенің оқығаныңды, — деген лебіз беріп, оған ымдап білдірдім. Ол түсініп, газеттер мен журналдарды столдың үстіне қойып, екі саусағымен аузын жауып, сұқ саусағымен шекесін бұрандалап:

— Коронел, саутрак, савтрак, — деп шығып кетті.

— Завтракать! — деп оны мен қуа түзедім. Сөйтіп, сол таңнан бастап «Ел мақтаған жігітті — жұрт жақтағанның» найза ұшына іліндім де кеттім...

Сол күннен бастап Кубаның газеттері мен журналдары, радио мен телевизиялары «Біздің елде, біздің жерде даңқты совет полковнигі Бауыржан Момышұлы қарулы күштеріміздің құрметті қонағы ретінде елімізді аралап жүр», — деген хабарлар тарай бастады.

ГАЙДАРДЫҢ ХАТЫ

Бұрын байқап жүретінмін. Лифтіде газет, журналдар толып тұратын. Лифтер «газет, журнал алыңыздар! Онда мынадай жаңалықтар бар...» деп көтерілгендерге, төмен түскендерге қақсап тұратын... Бүгін болса лифтідегі газет, журнал текшелері бос.

- Бойнес, диас, коронел! — деп мені қарсы алды қарт лифтерші.

— Доброе утро, компаньеро! — деп міндім. Қарт лифтерші толып тұрған жиырма шақты адамға менің кім екенімді, бүгінгі газет, журналдағы мақалаларды айтып тұрғанын сезіп келемін...

Төменге келгенде ел ағытылып шыға бастады.

— Пыс-пыс! — деп қарт лифтерші менің жеңімнен тартты. Мен тоқтадым. «Кешіріңіз, полковник! Мен сізді біраз кідірттім... Ғапу етіңіз...» деп сасқалақтап ымдап құтыдан бүгінгі газеттер мен журналдардың бір-бір данасын алып «осыларға қолыңызды қойып беріңізші» деп маған түсіндірді. Мен бәріне шалдың атын жазып «Ескерме ретіндемді» арапша жазып, латынша қол қойдым.

- Муча грасияс, коронел! — деп шал риза болып қалды.

Ресторанға мен кешігіп келіппін.

- О, герой дня явился! Приветствуем Вас гвардии полковник! Не забывайте нас, пожалуйста, — деп мені кекете орынборлық сақтану комитетінің агенті «Инженер» Дурнов қарсы алды.

— Доброе утро, товарищи! Извините я проспал, — дедім мен.

— Мақтанудың орнына сіз не сөйлеп отырсыз, Николай Михайлович?.. Жасыңыз келіп қалған адамсыз, — деп ашуланды Горькийден келген инженер Серафима Ивановна.

— Симочка. Мен мақтанып отырмын ғой.

— Аузыңызды жабыңыз! Сіздің қандай инженер екеніңізге біз Москвадан шыға салысымен-ақ түсінгенбіз, — деді қып-қызыл болған Серафима Ивановна.

— Сима-ханум! Вы напрасно волнуетесь. Николай Михайлович — мой давнишний друг. Он просто шутит со мной. Мне это очень приятно. — Мен орныма отырдым. Шыға берісте Ранчо күтіп тұр екен. Қолында бір топ газеттер мен журналдар.

— Коронел! Автограф, автограф, — деді ол вестюбельдегі қызметкерлерді көрсетіп. Мыналар сізден автограф сұрап тұр. Бұлар маған тапсырды..» деген ымдарына түсініп, мен оның қолынан газет пен журналдарды алдым. Әрқайсысына латынша жазып қойған екен. «Е, Ранчо, өз аттарыңды өз қолдарыңмен жазыңдар, полковник испанша білмейді. Мен қолын қойдырып берейін» деген екен ғой деп түсініп, барлықтарына жазып, қол қойып бердім.

— Коронел! Муча грасияс! — деп Ранчо жүгіріп барып газет-журналдарды тарата бастады.

...Көп жерлерді қыдырып, шаршап-шалдығып ымырт жабылғанда қайттық.

— Коронел! Компаньеро Гайдар! —деп Ранчо маған конверт тапсырды.

— Грасияс! — деп айтқаннан басқаға шамам келместен лифтіге мініп жоғары көтерілдім.

Гавана «Либре» деген штампты бір жапырақ қағазға Тимур «1122. Тов. Момышулы», — деп жазған. «Все более или менее улажено. Завтра, в воскресенье, вы поедете в Вародеро. В понедельник утром отделитесь от остальной группы, которая поедет дальше, вы вернетесь и Гавану чтоб встретиться с начальником политического департаментатов. Кауссе. Он ожидает вас в 10.00, 11 ноября в министерстве вооруженных сил, 2 этаж, перевоз от Вардери до Гавани организует ИНИТ (директор ИНИТа в курсе дела). Я буду в министерстве к 10.00 тоже. Если, что неясно звоните 2-31-08 (просите по испански — Дос венти уно серо и очо). Приветом Т. Гайдар» деп асығып жазыпты. Төменге түсіп, кешкі тамақтан кейін Тимурдың хатын бастығымыз Мария Ивановнаға көрсеттім. Ол кісі таңданып:

— Біз шетелде жүрген адамдармыз. Біздің әр қадамдарымыз есепте. Кеше біздің елші жолдас Алексеев айтып жіберіпті: «Полковник приехал на Кубу как частный турист, пусть уезжает в частном порядке!» депті. Мен сіз жағынан өзіме ешқандай жауапкершілікті ала алмаймын.

— Сізге мен түсінемін, Мария Ивановна. Бірақ мен Куба Үкіметінің айтқанын жерге тастай алмаймын, Мария Ивановна... Елшінің аты — елші екені рас, бірақ мен де жіптен тоқылған кісі емеспін...

— Ойбай-ау, ертең азанғы сегізде біз аттанамыз. Он үші күні кешке қайтып келіп, он төрті күні азанда самолетпен қайтамыз. Уақыт өте тар ғой, — деп ол менің сөзімді бөлді.

— Шақырған жерге баруым керек...

— Үш күн аш жүресіз бе?

— Аштыққа үйренген кісімін ғой.

— Мен сізге ақша да бере алмаймын, тамақтандыр деп те айта алмаймын. Қалай істерімді білмей тұрмын...

Мейлі, бүгін-ертең бізбен бірге болып тамақтанарсыз...

Олар сізге машина жібереді. Ол жер бұдан 350 километр қашық. Келіп сөйлесіп, бізді қуып жету үшін тағы да 500 километр... Біз сізді күтіп отырмастан, әрі кетеміз ғой... Рақмет сізге, Мария Ивановна. Мен сіздермен бірге бармаймын. Осында қаламын.

— Тамаққа, мейманханаға төлейтін ақшаларыңыз жоқ қой...

— Басымдағы сусар бөркімді сатсам да осында қаламын.

— Сіздің бөркіңізді сатып алуға құштарлар көп, — деп күлді Мария Ивановна. — Бірақ елшінің рұқсаты жоқ қой..

— Елші маған не айтамын десе, айта берсін. Бірақ ол совет адамына деген Куба үкіметінің достық сезімінің меселін қайтара алмайды, — деп мен Мария Ивановнаға қаттырақ айттым.

— Онда өзіңіз біліңіз. Бірақ та мен елшіге телефон соғамын. Ол — менің міндетім.

— Я, солай етіңіз. Рұқсат болса да, болмаса да мен осында қаламын, Мария Ивановна. Соны елшіге айтуды ұмытпаңыз.

Осы сөзді естіп тұрған Лазарь сұп-сұрланып ашуланып, терісіне сыймай тұрып:

— Наш посол осел, — деп темекіні сора тартып, бұрылып кетті.

— Қарағым, қапаланба?! Шетелде орынсыз сөз айтпағын, — дедім мен оған.

— Кешіріңіз, ағасы, — деді ол маған.

КОМАНДАНТЕ ХОСЕ КАУССЕ

Бөлмеме келіп, Тимурға телефон соғайын деп трубканы көтердім. Коммутатордан жіңішке, сыбызғының үніндей әйел даусы естілді. «Мынаның өзі даусына қарағанда бір кербез қыз болу керек» деп ойладым да:

— Синьорита. Е советик коронел! —дедім.

— Бойнес ночись, коронел! — Добрый вечер, полковник?.. — Тағы бір нәрселерді айтып, орысшалап. — Ви коронел живет онсо бенти дос (он бір — жиырма екі) деп сұрады.

— Си, си, синьорита! — Иә, иә, бикеш!

Ол тағы да жылдамдатып испаншылап сөйледі.

- Синьорита, е ноу испаньело! — Мен испанша білмеймін!

- Ду ю спик инглиш? - Сіз ағылшынша білесіз бе?

— Ноу, синьорита! — Жоқ, білмеймін, бикеш!

— Шпрахинзи дойтич? — Сіз немісше білесіз бе?

— Ноу, синьорита.

— Токда... Как-ой ну-мер ви нушно? — деп ежелеп сұрады (Сізге қандай нөмір керек деп айтқаны).

— Дос тренти уно серо и очо (2-31-08).

Біраз дырылдатып қоңыраулатуын естіп тұрмын. Жауап жоқ.

— Компаньеро коронел — (товарищ полковник). Дос тренти уно серо и очо аккупанто, (2-31-08-бен біреулер сөйлесіп тұр, — деді телефонистка).

— Грасияс, синьорита! — деп трубканы іліп қойдым.

«Е, аккупанто дегені — занято дегені екен ғой» деп ойладым.

Телефон сыңғыр ете қалды. Мен трубканы алдым. — Полковник жолдас! Сізбен Мария Ивановна сөйлеседі...

— Бойнес ночись, Мария Ивановна...

— Сіз мүлде кубалық боп кеттіңіз, — деді ол күліп. — Мен елшіге телефон соқтым, ол қарсы емес. Мен ресторан директорында ИНИТ-тың өкілімен бірге болдым. Сізді ИНИТ-тың есебінен ауқаттандырады... Әттең, сіздің бізбен бірге болмағаныңыз-ай... Оредера — дүниежүзілік маңызы бар курорт...

— Рақмет сізге, Мария Ивановна...

Таңертең сағат тоғыз жарымда Тимур Гайдар келді.

Мексика жайылмасының жағасындағы бір үлкен көк үйдің алдына келгенде Тимур машинасын тоқтатты. Екі офицер қолдарын шекелеріне ұстап бізді қарсы алды.

— Бұлар сізді күтіп тұр екен ғой, — деді Гайдар машинасының мен шығатын есігін ашып. Мен офицерлермен амандастым.

Бір офицер Гайдардың машинасына мініп, оны айдап кетті.

— Бұнысы несі?

— Бұлар қонақтарын аттан түсіріп, осылай «байлауға» алып кетеді. Ол көрсеткен ізеттерінің бірі, — деп түсіндірді Гайдар.

— Онысы дұрыс екен...

— Ал, сіз бастап жүріңіз, полковник.

Кіре берістегі тұрған төрт әскери күзетші мен жақындағанда қолдарындағы автоматтарын серт ұстап сіресіп қатып қалды. Есіктен ене бергенімізде сол қолына қызыл шүберек байлаған кезекші офицер бір нәрсе деп, аяқ жағында «Оу!» деп айқайлап команда беріп, өзі қолын шекесіне алып, ізет көрсетіп сіресіп тұра қалды. Коридордағылардың барлықтары «Смирно!» командасымен тұр. Мен оң қолымды көтеріп, алға тартып бара жатып: Бұлары несі? — деп Гайдардан сұрадым.

— Сізді құрметпен қарсы алып тұрғандары ғой, — деді ол.

Бізге ілескен офицер мені қуып озып, лифтаның есігін ашты.

Үлкен кабинетте жиырма шақты әскери адамдар отыр екен. Төрде бұйра шаш, бұйра сақал, жанарлы көз, томпиған, күрең қара мулат2 отыр. Мен есіктен басымды сұға салысымен, отырғандардың барлықтары орындарынан қарғып тұрды. Мен оң қолымды көтердім.

— Команданте Хосе Кауссе осы кісі болады, — деді маған Тимур бұйра шаш, бұйра сақалды көрсетіп, содан кейін испаншалап оларға мені таныстырды. Мен Кауссемен қол алысып амандасып, басқаларына оң қолымды көтеріп ізет көрсетіп, отырдым. Олар да отырды.

— Команданте Кауссе сізден кешірім сұрайды. Хабарсыз болғандықтан сізді аэродромда ешкім қарсы алмады. Ол полковниктің көңіліне келіп қалған жоқ па екен дейді, — деп Гайдар Кауссенің бірінші сөзін жеткізді.

— Мен кубалық достарыммен кездескеніме қуанамын. Командантеге ізетпен шақырғаны үшін рақмет айтамын. Мен мұнда өздігіммен келген адаммын. Бізді аэродромда халық қарсы алды. Қарсы алуы сонша әсерлі болды. Мен өз басым сонша разымын, ешбір өкпем жоқ.

— Сіздің бұл сөздеріңізді естігеніне команданте қуанып отыр. Сонда да ол лайықты түрде қарсы алуды ұйымдастыра алмадық деп өкініш білдіреді.

— Командантеге айтыңыз, бұл үшін, қайткенмен, бұларда кінә, тіпті де жоқ.

— Ол полковник тым кішіпейіл, жуас екен дейді.

— Жуастан жуан шығады. Артынан опық жемесе болды, команданте мені ерте бастан мақтамасын!

Осы сөздерімді Гайдар аударғанда, отырғандар ду күлісті.

— Ол былай дейді: сіздің бұларды білуіңізден гөрі, сізді бұлар кітап бойынша көбірек біледі екен. Сондықтан бізге бұл кісімен сөйлесу оңайырақ та десіп отыр.

— Менің халімнің мүшкілдеу екенін өзім де түсінемін, — дегенімді жеткізгенде отырғандар тағы да ду күлісті.

— Команданте былай дейді: халі сізден жақсы кісі жоқ, сіз СССР-дің Кубадағы ең белгілі азаматысыз, сіз көптеген елдерге аты кеткен, Совет Армиясының ең белгілі полковнигісіз. Қонақ қана емес, ұстазсыз. Олар сізді ұстазымыз деп санайды... Қонақ емес, қожа ретінде санасын өзін дейді...

— Менің алғысымды білдіріңіз! Мен Совет Одағындағы коммунистік тәрбиенің жемісімін, мен — СССР азаматымын. Маған деген кұрметтің бәрі алдымен менің халқыма, біздің офицерлік корпусқа деген құрмет екенін мен жақсы білемін. Мен өзімді үй қожасындай-ақ санайын, бірақ конақ екенімді де ешқашан естен шығара қоймаспын...

Отырғандар тағы күлісті.

Команданте Кауссе отырғандарды маған таныстырды. Бас штаб пен саяси департаменттің ірі қызметкерлері екен. Бір топ әйел әскер формасында кіріп келді. Отырғандар орындарынан тұрды. Кауссе де, мен де тұрдым. — Бұл кісілер болса, халық ағарту министрлігінің жауапты қызметкерлері. Осында қызмет жағдайымен келіп қалған екен. Сіздің келгеніңізді естіп келіп отыр, — деді Кауссе.

— Синьеорлар мен синьориталардың ықыластарына рақмет, — дедім мен. — Бұлардың қызметтері де өте игілікті қызмет екен.

— Мен полковникті Куба жерінде құттықтағаныма қуаныштымын дейді мына кісі, — деп Тимур, ұзын бойлы, аққұба маңдайынан қақ жарған қалың шашын жұдырықтай етіп шүйкесіне ораған келіншектің сөзін жеткізді. — Бұл кісі сізді революцияшыл ұрпақты патриоттық сезімге үйреткеніңіз үшін құрмет тұтады.

— Тимур! Тіптен қатты кетіп қалып жүрмелік, — дедім мен.

— Қатты кеткен еш нәрсе жоқ қой, Өздері айтып отыр. Айта берсін. Оның несіне шамданасыз, — деді ол маған. Одан кейін ол аналарға қарап испанша:

— Полковник сіздерге ілтипат көрсеткендеріңіз үшін үлкен алғыс айтады. Ол әрі әке, әрі ата. Ол — бұрынғы мұғалім... Сіздерді жақсы түсінеді, өзі де бір кезде өз елінде сауатсыздықты жою ісіне араласқан адам, — деп соғып тұр.

Бойы ұзын, еңгезердей, жасы қырық пен елудің арасындағы, ұқыпты басқан мұртына ақ кірген кісі кіріп келді.

— Сыртқы қарым-қатынастар бөлімінің бастығы. Ол біздің әңгімемізді протоколға түсіру үшін келді, — деп қалжыңдап, Кауссе таныстырды.

— Ол былай дейді: қарулы күштер министрі, коментанте Раул Кастро бұл кісіге Ориентодан телефон соғып, сізге мынадай өтінішін жеткізуді тапсырған — өзінің туристік саяхаты біткен соң, сізді Кубада біраз уақытқа қалмас па екен дейді. Рауль Кастро осыны қатты өтінген.

Мына кісі сол өтінішті жеткізу үшін келген.

— Тимур! Қандай жауап айтамын, ақыл қосшы, — дедім мен.

— Мақұл деңіз. Рақмет айтыңыз. Бұлар не ұсынса да, мақұл дей беріңіз. Кейіннен өзара ақылдасып шеше жатармыз, — деп маған, аналарға сыр білдірместен испаншалап:

— Полковник болса, әдейі келген кісі. Министр қайда жұмсаса, сонда баруға дайынмын дейді. Әйтеуір мен бас тартпаймын дейді. Министрдің ұсынысын полковник қабылдауда, — деп айтып отыр Тимурым.

— Ей, шырағым!..

— Дұрыс, ақсақал... Солай деп мені мақұлдап қойыңыз, — деді Тимур.

— Си, си! —Иә, иә! — деп мен испаншалап басымды изедім.

— Енді сіз өздігінен келген турист емес, Куба үкіметі мен бас штабтың құрметті қонағына айналасыз. Біздің адамдар арқылы мұны қалай ретке келтіру жағын маған тапсырыңыз, — деп Гайдар күлімсіреп қарады.

— Өзің біл, қарағым. Бұлардың сырын мен қайдан білейін.

- Рұқсат болса, полковникке сұрақтарымыз бар еді, — деді Кауссе.

— Сұрақтарын берсін, — дедім мен.

Сұрақтарының көбіне мен әзілді араластырып жауап бердім.
Отырғандар ду күлісіп отырды...

— Бізде болуға уәде бердіңіз ғой. Мен ақылдасып сіздің Кубада болуыңыздың программасын жасап Рауль Кастромен келісейін. Сізге хабарлармыз, — деді машинаға шығарып тұрған Кауссе.

— Мен сіздердің қарамағыңыздамын, — деп қоштастым Кауссемен.

ЕЛШІЛЕР АРАСЫНДА

Телефон сыңғыр етті. Мен трубканы көтердім.

— Жолдас Момышұлы ма? — деп сұрады орысшалап.

— Иә, менмін.

— Мен Монғолияның төтенше толық праволы өкілі Багаа дейтін кісі боламын. Сіздің «Ой» газетіндегі интервьюіңізден осында екеніңізді білдік. Өте мазмұнды интервью екен... Қалай, саламатсыз ба?

— Рақмет. Өзіңіз қалайсыз?

— Шүкір. Жаман емес... Осында біздің мәдениет делегациясы келген еді... Солардың құрметіне бүгін чехтардың мәдени үйлерінде қабылдау жасамақшы едік. Соған сіз де келсеңіз жақсы болар еді...

— Рақмет. Барармын.

— Сіз таба алмассыз? Мен өзім машина жіберермін.

- Кешкі сағат жеті мен сегіздің арасында үйіңізде болыңыз.

— Рақмет. Үйде боламын.

Чехословакия мәдениет үйі оншама қашық та емес екен. Машинадан шығып, баспалдақпен көтеріліп, үлкен дарбазадан енгенімде, айқасқан күрек тісті, жылмағай жылтыр шашты, орта бойлы монғол жігіті қарсы алды.

— Жолдас Багаа ма?

— Мен ол кісінің орынбасары едім... Багаа осыдан түсе берісте — төменде қонақтарды қабылдап тұр, — деді ол орысшалап.

Төменге түсіп барсам, үлкен залдың кіре берісінде орта бойлы, арықтау, маңдайы кере қарыс, қара костюмінде депутат значогі бар, ақсары монғол жігіті тұр екен.

— Жолдас полковник! — деді ол менімен амандасып — Келгеніңіз өте жақсы болды. Кәне, жүріңіз. Мен сізді елшілерге таныстырайын, — деп мені қолтықтай жөнелді. Чехословакия, Болгария, Румыния, Индия елшілері жұбайларымен топтанып тұр екен.

— Коронел Бауыржан Момышұлы, — деп тағы да испанша бірнеше сөздер айтып мені олармен таныстырды.

— Сіз Прага арқылы келген боларсыз? — деп орысшалап сұрады менен Чехословакияның елшісі.

— Иә, мен сіздің елде бір жетідей болдым.

— Қай жерлерде болдыңыз?

— Праганың өзінде, Карловы Варыда, Мариан Лазада, Пильзенде, Лидицеде.

— Сізді қалай қарсы алды?

— Онда менің таныстарым, достарым, әскери академия жағынан шәкірттерім де бар. Солармен жолығыстым...

- Сіз Кубада ең белгілі адамдардың бірі екенсіз. Бунин интервьюіңізді оқымаған кісі Гаванада аз көрінеді.

Әсіресе, халқыңыздың мақал-мәтелдері мен фольклорды өте орынды пайдаланған екенсіз. «Де Куба Бауыржан Момышулы» — «Бауыржан Момышулы Кубада» деп бұлардың көбі тап нағашысы келгендей қуанып жүр. Оған біз де мақтанып қалдық, — деді Болгарияның елшісі.

— Полковникті біздің елде де біледі. Монғолияның елшісі бұл кісіні шақырып, бізге таныстырғаны дұрыс болды... — деді ағылшыншалап Индия елшісі. Оның сөзін Болгария елшісі маған түсіндіріп берді. Мен рақмет айттым.

Елдің барлығы түрегеліп, топ-топтанып әңгімелесіп тұр. Радио жай дауыспен монғол музыкасын беріп тұр. Поднос толған ішімдіктер мен сусын, жейтін тәттілер мен пирожки, бутерброд сияқты жеңіл тамақтарды көтеріп бірнеше қара костюмді жігіттер тұрған қонақтарға ұсынып жүр. Біздің топқа келгенде «мыналар қайтер екен» деген оймен, мен Чехословакия елшісінің сұрақтарына жауап беріп тұрдым.

— Полковник, бакардидің бір бокалын алыңыз. Менің сізбен соғыстырып ішкім келіп тұр, — деді Болгария елшісі.

— Мен де келіп қалдым. Алыңыздар, — деді күліп Багаа, бір бокалды алдымен маған ұсынып, кейіннен өзі алып.

Бәріміз соғыстырып іштік.

— Багаа қулық істеп, осындай жеңіл-желпі нәрселермен құтылмақ, — деді болгар елшісі қалжыңдап.

— Бұл кісі біздің Монголияда болып, күніне бірнеше қойдың басын жеп үйренген болатын, — деді Багаа да күліп. Сонсоң ол басқа топқа кетті.

Елшілер қызметкерлері бөлек-бөлек топтанып әңгімелесіп, аспай-саспай бокалдарын қолдарына ұстап тұр. Маған біздің елшіліктің екі-үш қызметкері келіп хал-жай сұрасып тұр.

— Біздің елші жолдас Алексеев ана топта тұр, — деді бірінші секретарь.

— Полковник ол кісімен таныс емес болар, — деді екіншісі. Олардың сөздерін естімеген болып, мен Болгар елшісімен сөйлесіп тұра бердім. Басқа бір топтан бөлініп, еңсесі төмендеу үлкен қалың көзілдірікті кісі келді. — Бұл кісі Кубаның БҰҰ-дағы бұрынғы өкілі деп таныстырды онымен мені болгар елшісі. «Қашаннан бері Гаванадасыз, Сізге ұнаған болар, бұл жерде ыстықтап жүрген жоқсыз ба?» дегендей сұрақтарына жауап алып ол өз тобына кетті.

Біз басқа залға қарай бет алғанда Кубаның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы бұрынғы өкілі әйелін ертіп келіп, менімен таныстырды да, жүріп бара жатып, Болгар елшісіне испаншалап сөз айтты. Әйелі басын изеп жымия күлді.

— Он говорит, что вы и Кубинский герой, — деп елші оның айтқандарын переводтады.

— Байқаған шығарсыз, — деді ол. — Бұлар өте ынтымақты халық келеді. Өздерінің ресурстары да аз емес, бірақ та оны әлі меңгере алмай жатыр. Моральдың, саяси жағын былай қойғанда, экономика жағынан социалистік лагерьден, оның ішінде, әсіресе, Совет Одағынан бұлар мол жәрдем алып жатыр. Портқа барып әдейі көріңізші, күніне бестеген, ондаған океандық ірі пароходтар келіп-кетіп жатады... Латин Америкасы елдеріндегі күннен-күнге өршіп келе жатқан бостандық тілеуші халықтар қимылдары бір жағынан, екінші жағынан — ең мықтысы социалистік лагерьдің көмектесуге әрқашан да дайындығы АҚШ-тың діңкесін құртып, қол-аяғын бірдей тұсап отыр, әйтпегенде АҚШ Кубаға интервенция істеп, басып алудан тайынар емес еді.

Біз бұларға, әсіресе, өндіріс машиналары, оптика сияқтылар береміз... — деді Чехословакия елшісі.

— Біздің негізгі беретіндеріміз мұнай мен мұнай өндірістеріне байланысты машиналар... — деді Румыния елшісі.

— Бұлардың барлық жерлерден алып жатқан қымбат жабдықтарға қаржысы қайдан жетеді? — деп сұрадым.

— Біз бұларға өте қымбат бағамен сатпаймыз, халықаралық орта бағамен сатамыз. Бұлар қарыздана қоймас. Шетелдермен қант, темекі, кофе байлықтарымен-ақ бұлар көп сауда — қарым-қатынасты үлгеріп, өздерін қамтамасыз етуге жарайды, — деді Болгар елшісі.

— Онда дұрыс екен.

Кино басталды. ГДР-дан барған операторлардың түсірген документалдық фильмі екен. Кино біткеннен кейін, тарап бара жатқан елмен Багаа ішкі есіктің алдында, орынбасары сыртқы есіктің алдында қоштасып тұрды.

— Сіз азырақ кідіріңкіреңіз. Сізді біздің машина апарып тастайды, — деді Багаа мен жақындай бергенде.

ВИКТОР ИВАНОВИЧ

Есік қағылды. Ашсам, үш адам тұр екен.

— Жоғарылатыңыздар, — деп оларды үйге шақырдым.

Ұзын бойлы, толықша келген, қалың шашты, көк көзді, істік мұрын, күнге қақтана күйген сарғылттау жирен бетті, үстінде жеңіл жұқа ақ көйлек, ақ шалбары, аяғында ашық кенеп туфлиі бар кісі:

— Танысайық, алдымен, — деді маған қарсы тұрып. — Мен осындағы әскери өкіл генерал Семенов Виктор Иванович боламын, — деп қолын ұсынды... Мына кісі испан коммунисі Хосе Миное, — деп аласа бойлы, қара торы жігітпен. Таныстырды. — Бұл кісі мұнда тілмаштық қызметін атқарады, — деді. Хосемен қол алыстық. Ал, мына кісі болса, Кауссенің орынбасары капитан Рио, — деп орта бойлы, арық, қара мұртты мықынында пистолеті бар әскери киімді қара жігітті нұсқады.

— Бұл кісімен таныспын, — деп оған бас изедім. — Ал, отырыңыздар, — деп орындықтарды ұсындым.

Генерал алдымен менімен «ат-көлік аман ба?»-дан бастап, хал-жайымды сұрап болды, маған қысқаша жағдай жағынан мәлімдемелер айтып:

— Келген шаруасын капитан Рио өзі айтып берсін, — деп маған орысшалап айтып, Риоға испаншалады. Рио икемделе отыра беріп, сөзін бастады.

— Сіздің бүгін бас штабта болғаныңыз туралы министрге хабарладық, — деді, Хосе капитанның сөздерін аударып беріп отырды.

— Команданте Рауль полковникке ілтипатқа ризашылық білдіріп, біздің елде біраз уакытқа қонақ болып қалғаны үшін рақмет айтады. Амал жоқ, министр жақын күндерде Гаванаға келе алатын емес. Ол сіздің мұндағы жүріс-тұрысыңызды жан-жақты қамтамасыз етуді бізге тапсырды. Команданте Раульдің нұсқауларын басшылыққа ала отырып, біз өзіңізбен ақылдасып, сіздің біздің елімізде болатын кезіңіздің программасын келісіп алсақ деп едік...

- Момышұлы жолдас, сапарды ұзарту дегеннің өзі біраз ресми нәрселерді реттеуді керек ететінін сіз жақсы білесіз. Бірақ бұл жайдың өзі сіз үшін оңайға түседі, өйткені, бұлардың өзі сізді ізетпен шақырып отыр да, біз өз тарапымыздан қарсылық жасамай отырмыз, — деп Семенов Рионың сөзін бөлді.

- Министр Кубада сіздің жиырма күнге қалғаныңызды қалайды...

- Мен он күнге қалайын, соған да көп рақмет, — дедім.

- Капитан Рио сізді мұнда кітап оқитын жұрттың бәрі біледі, барлық провинцияларымызда болсаңыз, әскери бөлімдерді араласаңыз деген пікірін айтты.

- Полковник айтты ғой, келіскен жөн болар, - деді Семенов.

- Он күнде жиырма күннің ісін істеуге болады, — дедім мен.

Ақыры он күн дегенге келістік.

- Ертең түске дейін программаны жасап, сізбен келісеміз, сонсоң министрге баяндаймыз деп отыр мына кісі, — деді Семенов. — Ал, сізбен тағы да жолығысармыз.

Біз жағынан мәселелердің барлығын өзіміз шешерміз, - деп Семенов менімен қоштасты. Үшеулерін мен лифтыға дейін шығарып салдым.

КАПИТАН САНЧЕС АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ САЯСИ УЧИЛИЩЕДЕ Күндізгі сағат екі жарымда Виктор Иванович пен Хосе келді. Амандасып отыра беріп:

— Барлық мәселелер шешілді. Жиырма бірі күні самолет болады екен, сонымен Отанға қайтарсыз. Сіздің осында болуыңызға байланысты қаражатты Куба үкіметінің өзі мойнына алды. Бүгіннен бастап сіз жай туристен үкіметтің құрметті қонағына айналдыңыз. Сіздің қарамағыңызға бір машина, тілмаш, фотограф, сақтану жағынан бір офицер, алыс сапарларға болатын болса, самолет беріледі, — деді Виктор Иванович.

— Программа ше?

— Бұлардың ойынша, сізді көбінесе әскери академия мен училищелерге, бөлімдерге, дивизияларға барса дейді. Гавана, Матансас, Камугэй, Ориенте өлкелері мен Пинос аралында болса дейді. Уақыт былай бөлінбек:

Гаванада — үш күн,
Матансаста — бір күн,
Камугэйде — бір күн,
Ориентеде — екі күн,

Пиноста — екі күн.

Раульдің тапсырмасы бойынша бас штабта бір күн. Барлығы өзіңіз айтқан, он күн. Осыларға принципінде мақұл десеңіз, мен қазір Кауссеге хабарлаймын.

— Менің ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ мен қай күні, қай жерде, қанша уақыт, кімдермен жолығатынымды білуім керек. Әр аудиторияға өзіне тиімді әңгімелер керек қой, Виктор Иванович, — дедім мен.

- Келесі күні қайда баратыныңызды біліп отырасыз.

Meн бұлардың жазбалы программаларын көргенім жоқ. Оны ммнистрдің өзі бекітеді. Кауссенің ауызекі айтқандары осы. Бір сағаттан кейін осы қаланың шетіндегі әскери саяси училищеде сізбен жолығыс ұйғарылып қойылыпты. Қарсылығыңыз болмаса, Хосе екеуіміз сонда сізбен еріп барсақ деп едік.

- Жарайды, жүріңіздер, бірге баралық. Генерал команданте Кауссемен телефонмен испанша сөйлесті. Маған бірнеше сұрақтарды беріп, оған телефонмен испанша жауап қайтарып отыр.

- Кауссе сіз өзіңіз күніне қанша сағат істеп, қай уақтарда дем алуға үйреніп едіңіз, — деп сұрайды.

- Гавана мен Алматының айырмасы он бір сағат. Мен бұлар жатқанда тұрып, бұлар тұрғанда жатуға дағдыланғанмын, — дегенімде Виктор Иванович пен Хосе күлді. Гавананың уақыты бойынша жоспарлансын. Мен он күн осылардың қарамағындамын. Мені керекті жерлеріне жұмсай берсін. Билік өздерінде. Мое пребывание, мой режим недолжно корректировать их распорядок дня. Я пион на максимальную нагрузку.

- Демалыс жағы ше? — деді Хосе.

- Үйге қайтқанда бәрін бір-ақ жинап демалармын.

Виктор Иванович тағы да күліп, әлі қолынан түспеген телефонмен испаншалап Кауссеге менің сөздерімді айтып, күле сөйлесіп отыр... Төменге түсіп, сыртқа шықсақ, сүйір, ұзын, жалтыраған 4128-41 номерлі машинаның алдында төрт әскери адам күтіп тұр екен.

— Советтік коронел компаньеро Бауыржан Момышулы — Совет полковнигі жолдас Бауыржан Момышулы, — деп Виктор Иванович мені оларға таныстырды.

Олар селт тұрысып, бас киімдеріне қолдарын апарып ізет көрсетті. Мен қол беріп амандастым. Капитан Рио келген машинадан шығып, қасындағы әскери адамдарымен бізге келіп амандасты да, Семеновқа испаншылап бір нәрселерді айтты.

— Капитан Рио мынау машинаның сізге бекітілгенін айтты. Бұл машина қай уақытта керек етсеңіз де, сіздің ғұзырыңызда. Мынау сіздің шоферіңіз Орландо Вега Гарсия, — деп науша келген жас қара жігітті көрсетті. — Ал, мына кісі қауіпсіздік комитетінің лейтенанты Педро Диас Охэда сізге ілесіп жүреді, — деп аласа бойлы, қысық көз, сопақ бетті, аққұба жігітті таныстырды, — ал, мынау «Вердо Оливо» журналынан, лейтенант, фотограф Серхио Каналес Селпа, — деп күлімсіреген көк көзді, аласа бойлы, сары домалақ жігітті таныстырды... Капитан былай дейді: бүгін мен ертеңге сіздің аудармашыңыз Хосе жолдас болады, ал, ертеңнен бастап сапарыңыз аяқталғанша сіздің қасыңызда болатын аудармашы синьорита Пените Пухадас...

Орландо рульге отырғанда, Педро барып машинаның алдыңғы есігін ашты.

— Полковник, алға сіз отырыңыз, — деді Виктор Иванович. Мен орналасқаннан кейін, Педро кейінгі есікті ашып, Семенов пен Хосе орналасқан соң өзі мінді машинаға.

Кубада осы уақытқа дейін регулярлық армия жоқ. Бұлардың армиясы еріктілер армиясы. Одан кейін қарулы күштің бір саласы болса, халық милициясы — ол да еріктілер. Кейінгілер ішкі тәртіп сақтау үшін дружиналар ретінде құрылған. Олар өз кеңселерінен жалақы алып, жетісінде бір рет кезекті дежурлықпен милициялық міндеттерін атқарады. Міндетті әскери қызметке жасы жеткендерді шақыру жағынан бұлар заң жобасын дайындап жатыр. Жақында ол жалпы халықтың талқылауы үшін жарияланбақ. Әскери атақтары болса, үш дәрежелі сержанттар, үш дәрежелі лейтенанттар, капитан, төрт дәрежелі майорлар. Бұлардың капитандары полковникпен тең, майорлары — генералдармен тең. Дивизиялық майор, корпустық майор, армиялық майор, бас майор деп бөлінеді. Оларды ескі испан дәстүрімен «Команданте» - «Предводитель» - «Қолбасшы» деп атайды. Әр провинцияда әскери округтер бар. Жаңа регулярлық армия құруға даярлық ретінде бұлар кейінгі жылдары әртүрлі әскери училищелер ашып, онда командирлерді қайта оқытып жатыр. Армияда саяси партия аппараттары әлі жоқ. Жаңа заң қабылданғаннан кейін, армияның құрылымы біраз өзгермек, жаңармақ. Қазіргі бара жатқанымызды бұлар «революциялық нұсқаушылар мектебі» дейді. Онда бұрыннан командирлік тәжірибелері бар адамдар оқиды. Бұл жайды жол-жөнекей Семенов айтып келеді. Үлкен ашық темір дарбазаның алдындағы қос күзетші солдат жарақтарын серт ұстап, біздің машиналарды қарсы алды. Көшенің екі жағасында аралары үш метрден тізіліп қатар тұрған жауынгерлер. Олардың алдында үш-төрт метр алда командирлері тұр. Біз жақындай бергенде алдыңғы топтың командирі бір нәрселерді айтып «хау!» деп барынша дауыстап команданың кейінгі сөзін айтып, бізге қарай бұрылып, қолын шекесіне алып қалт тұра қалды. Қатардағы жауынгерлер жарақтарын серт ұстап, жүздерін бізге бұрып сіресіп тұра қалды. Мен оң қолымды көтеріп, сәлемдесу белгісін білдіріп отыра бердім. Әрине, ашық машина болса, түрегеп тұруға да болар еді. Әр топқа жақындағанда «Ха» командасы естіліп, сарт-сұрт жауынгерлердің «на караулға» алған қимылдары естіліп те көрініп те тұр. Көшеден машина солға бұрылды. Онда да екі қатарласып тұрған жауынгерлер жаңағындай қарсы алды... Машина тоқтады. Біз шықтық. Соңымыздағы капитан Рио машинасындағылар да шықты.

— Бұның барлығы сіздің құрметіңізге істеліп жатқан қарсы алулары. Сіз бастап алға жүріңіз! — деді Семенов.

Алдымыздағы училище штабының бір жағында бір рота құрмет қарауыл, бір жағында — оркестр. Жақындай бергенде оркестр күпілдете «қарсы алу маршын» ойнады. Біз келіп тоқтадық. Оркестр алдымен Совет Одағының гимнін орындап, кейіннен Куба республикасының гимнін ойнады. Мектеп директоры екеуіміз құрмет қарауылының алдына бардық. Оның бастығы орта бойлы офицер аяғын дік-дік басып келіп, менің алдыма үш-төрт қадам жерде қарсы тұра қалып:

— Компаньеро коронел Баюртян Момич-ули... — деп бастап маған рапорт берді.

— Здравствуйте, друзья, кубинские воины! — деп мен құрмет қарауылмен амандастым.

- Бой-нес! — Тра-ди-ас! Компаньер коронел! Добрый день, товарищ полковник! — деп сап бір дауыспен жауап берді. Кубалықтарда сәләматсыздар ма дейтін сөз жоқ. Олар таңертең жолықсаң «Қайырлы таң», күндіз жолықсаң «Күн жарық», кешке жолықсаң «кеш жарық» деп амандасады.

Штаб үйінің алдындағы биік баспалдаққа шықтық. Оркестр орнын ауыстырып бізге қарсы көшенің арғы жағына орналасты. Оркестр марш ойнай бастады. Командирлер басқарған курсант топтары рота-ротасымен бірінен соң бірі біздің жанымыздан салтанатты маршпен өтті. Мен оң қолымды көтеріп, оларға құттықтау белгісін білдіріп тұрдым... Мен өзіме көрсетілген құрметке алғыс айттым, сонымен қатар осынша құрмет маған артық болатынын да аңғарта сөйледім. Подобные почести у нас оказывают только председателям Верховного Совета, Совета Министров и маршалам Советского Союза.

- Хосе, переведите только первую часть слова полковника. — деп менің сөзімді Семенов бөліп, маған куле қарап. — Не будем корректировать и мероприятия.

— Бұлар сізге осындай құрметті лайық көрген шығар, — деді.

— Полковник кішіпейіл екен. Осындағылардың барлықтары сізді кітап арқылы біледі. Сізді ұстаз санайды дейді капитан Рио, — деп Хосе Рионың сөзін жеткізді.

— Мен бұл құрметті қарулы күштеріміздің жауынгерлік достығына құрмет деп білемін, мұның өзі өте әсерлі де, мағыналы дидарласу.

— Менің сөздерімді Семенов өзі аударып, мақұлдағандай басын изеді де, маған қарап: они довольны, как видите, — деді.

Директордың үлкен кабинетінде кока-кола ішіп, сусындап отырмыз.

— Бізбен көршілес мектептің мұғалімдері мен мұғалималары сізбен жолыққылары келіп еді. Соларды шақырсақ қайтеді, — деді директор.

— Шақырыңыз.

— Енсін, — деді бір офицерге директор.

Бір топ еркек-әйел кіріп келді.

— Мына кісі мектеп директоры болады, — деді училищенің директоры, алдымен кіре салып, бас киімін алып, кідіріңкіреп тұрып, басқалардың жолын бөгеп қалған егде тартқан кісіні көрсетіп.

— Жоғарылатыңыздар, — деп мен орнымнан тұрдым. Менен басқа отырғандар да орындарынан тұрды. Түре келе қарсы алғандық бөгеліп тұрғандарды судай ағытты.

Жүздері шайдай ашылып, шеттерінен қол алыса амандасты да, отырысты.

— Халық ағарту қызметкерлеріміз, Гаванаға келгеніңізді газеттен оқып, радиодан естіп жатырмыз. Біздің мектептің мұғалімдерінің кейбіреулері сізді қалада сыртыңыздан көріп айтып келіп еді. Осында болатыныңызды біліп, мектебіміздің мұғалімдер коллективі сізбен дидарласып амандасқалы келдік, — деді қарт директор.

— Үлкен рақмет! Келгендеріңізге рақмет!

Кубаның барлық халқындай, мұғалімдер тобы да аққұба, қара, күрең қызыл, сарылары аралас әртүрлі. Бірінші. рет көргендіктен олар түстерін жылыта, көздерін тайдыра, таңданғанын білдіргілері келмей, қысыла-қымтырыла «осы ма еді?» деген көзбен қарап отыр.

— Түрлері мен сымбаттарына қарағанда, көктемдегі жайнаған гүлдер сияқты жас синьориталар мен синьориналардың мұғалімдік мамандығына бел байлағандары өте қуанышты екен, — дегенімде отырған қыз-келіншектердің түрлері қуана қызарып құбылды. Оларға бұрыла қарап, қарт директор:

— Иә, бұлар жас мұғалималар, — деді.

- Көктем гүлі деп сол себепті айтып отырмын.

— Ертерек оқи жоғары мағлұмат алғандары аз.

— Жоғары мағлұматты мұғалімдермен барлық мектепті қамтамасыз ету тез уақытта бола қоймайды, ақсақал.

— Иә, солай, — деп күрсінді ол, — сауатсыздықты жоя бастағанымызға екі-үш-ақ жыл болды, — деді директор.

Мен оларға қысқаша біздің мектептер жөнінде, мұғалімдер жөнінде, Алматының өзінде ғана үш ірі педагогикалық институт барлығын олардың сұрақтары бойынша айтып бердім. Олар, әсіресе, әйелдер институты, шетел тілдерінің институты туралы, сырттан оқу жағынан бірнеше сұрақтар қойып, жауаптарымды ықыластана тыңдады.

Бір офицер келіп, училищенің жиналып, клубта орналасқанын баяндады.

— Бұл кісілер тек қана балаларға емес, біздің училищеде жалпы білім жағынан сабақ береді. Бұлардың да клубтағы кездесуге қатынасып, сізді тыңдағылары келеді, — деді училище директоры мен орнымнан тұра бергенде.

— Менің ешқандай құпия сөздерім жоқ. Барсын, уақыттары болса, — дедім мен оған. Жастықтың аты жастық, әлгі сөзді ести салысымен, мұғалималар қуана топырлай, асыға сыртқа қарай жөнелді.

Оркестр клубтың кіре берісінде тұр екен. Біз сыртқа шығып клубқа қарай бет алғанда-ақ, ол қарсы алу маршын ойнай бастады. Кіре беріске жақындағанда оркестр ойынын тоқтатты. Кубалықтар сапта тұрғандарға біреуді қарсы алып, шығарып салу жөнінде команда бергенде, аты-жөнін айтып болып барып, команда береді екен.

— Қадірлі қонағымызды құрметпен қарсы алу үшін, ізет көрсетіп орнынан тұруға (кейінгі сөзі — «Оу!») — деген команда клубқа ене бергенде естілді. Алты жүз-жеті жүз әскери адам орындарынан ұшып тұрып, алдарынан көз алмай сіресіп қалды.

Эстрададағы президиум орнына шықтым. Залдағылар ду қол шапалақтап қарсы алды.

— Болды енді. Отырыңыздар! — деген ишаратпен қолымды көтергенде, зал шапалақтауы бұрынғыдан да ұлғая түсті... Сәл саябырси бергенде қолымды көтеріп едім, қол шапалақтау тағы да өрши бастап, овацияға айналды...

— Ойпыр-ау, мыналардың алақандарынан не қалмақ? — дегені ме, қасымдағы Виктор Иванович:

— Бұл бастамасы ғана. Әлі кейіннен көрерсіз, — деп маған сыбырлады.

— Шырақтарым-ау! Болды ғой енді... Қойсаңдаршы деген қол белгіме зал аплодировать етіп біраз тұрды да, біздің арамыздан біреу:

— Совет Одағы жасасын! — деп испанша ұран тастады.

— Вива! — деп айқайлайды барлық зал.

— Совет-Куба достығы жасасын!

— Вива!

— ... Хрущев, Фидель жасасын!

— Хрущев-Фидель, Мы с вами! Хрущев-Фидель, мы с вами! — деп екі рет қайталады зал.

— Родина или смерть. Мы победим! — дегенде залдағылар қатар-қатарынан ұстасқан қолдарын жоғары көтеріп, теңселу ырғағымен, қосақталған жұдырықтарын жұлқына жоғары көтеріп, дауыстарын қатаңдатып айтты. Көп теңселген көптің дауыстары мен ұранының алғашқы сөздері күңірене, кейінгі сөзі қатаңдала шығып, жүздеген қол ұстасқандардың қос жұдырықтары жауға арнаған шоқпардай сілтеніп тұрғанын көргенде «Ант деген осындай-ақ болар», — деп қалай ойламассың.

Орта бойлы, дембелше келген, шашына ақ кірген, толық бет капитан — училищенің оқу бөлімінің меңгерушісі (оларша директор) мінбеге шығып, жұлқынып сөйлеп тұр. Оның айтқандарын Хосе маған жанымда ақырын дауыспен аударып беріп отыр. Менің көзім біресе шешенде, біресе аудиторияда, құлағым Хосенің аузында. Бүгінгідей кездесуді ешқайсымыз түсімізде де көреміз деп ойламаған болармыз... Арамызда өзінің жауынгерлік, қаһармандық істерімен, шын патриоттық жалынды жүрегімен, көп елге аты аңыз боп кеткен батыр жауынгер — советтік зор жауынгері отыр. (Ду қол шапалақтау). Бұл кісінің істерін біліп, айтқандарын ұғып, өзін ұстазымыз ретінде сыртынан санасақ та, бұл кісімен осылай отырып, дидарласамыз деген ой бізде болмап еді. Бұл кісі әрқайсымыздың ойларымызда мифтік геройлар сияқты еді (ду қол шапалақтау). Бұл кісіні біз бұрын да терең ойдың адамы, бейқам психологияның адамы, орынды сөз бен нақ қимылдың адамы, өзі ақынжанды батыр, өзі тапқыр шешен, өзі жазушы, өзі философ деп ойлаушы едік. Олай шамалауға біздің бұрын да дәлелдеріміз болатын, қазір де дәлелдеріміз бар: өздеріңіз оқыған бұл кісінің өз кітабынан үзінділер болсын, ақыры кешегі газеттер мен журналдарға шыққан бұл кісінің интервьюлері. Кейінгі аумақтары кішілеу болғанмен, ойы терең мақалалары оқи бастағаннан біз сөз, сөйлем құрылыстарынан, үн жағынан, ой тереңдігінен тікеден тік компаньеро Бауыржан Момышұлын тани кеттік. Бұл кісінің кубаға келгеніне біз өте қуандық. Қош кепсіз, батыр жауынгер! Куба — Американың бостандық өлкесі, сізді шын жүректен құттықтайды! — деп тағы да шешен сөйлей берді, аудитория жиі қол соғуда. Мен Хоседен құлағымды алып, Семеновқа бұрылдым. Ол жымия күліп:

— Ол өз ойын айтып, ақ ниетін білдіріп тұр ғой, — деді.

Хосе менің құлағыма:

— Момышұлы өз Отанында атақ жағынан кемтарлық көріп жүрген кісі емес екенін біз білеміз, — деп тұр анау деді. Біз бұл кісінің бізге сіңірген еңбектерін өзімізше бағалап, өзімізше айтпақпыз, — дегенде сол жағымда отырған Семенов мені санымнан түртіп қойды.Біз Бауыржан Момышұлын жалғыз деп санамаймыз, Бауыржандар Совет Одағында аз болса, күшті жау жеңілмеген болар еді. Бұл жағын Момышұлының өзі де шығармаларында шындықпен, жауынгер достарының, әсіресе, ұстазы генерал Панфиловтың ерліктерін өз жеке бас ерліктерінен жоғары қойып көтермелеп жазады. Бұл — бір үлкен қасиет. Бауыржан жауынгерлерінің, өз жеке бас тәжірибелерін көпке таратып отыр, көпті білімдендіріп отыр. Бұл да — ерліктің бір саласы.

— Бауыржан Момышұлы — Совет қоғамының тәрбие бақшасының жемісі. Совет халқының ұлы... Ол біздің ортамызда отыр... Бізбен туысқандық ретінде, ағалық ретінде әңгімелесуге келіп отыр.

Шешен кейінгі сөзін қол шапалақтаумен аяқтады.

Мен мінбеге шықтым. Хосе менімен еріп келіп, қасымда тұр. Екеуіміздің алдымызда екі микрофон. Алақандарын сартылдата қарсы алған зал көпке дейін қол соғуларын тоқтатпады. Мен біраз күттім де, сөзімді бастағанда, қол соғу саябырсып барып тоқтай қалды. Жазып алған сөздерім жоқ. Жинап жүрген ойларым бар еді. Олардың көбі интервьюлерде айтылып, баспа бетінде жарыққа шығып кетті. Оларды қайталауға болмайды. Бір құлағым құттықтаушы шешенде болғанымен, екі көзім аудиторияда болып, «бұларға не айтсам екен» деп жинақталып отырған болатынмын. Көп алдында аудармашы арқылы сөйлеудің бірнеше қиындықтары болады екен: бір ойдың саласын аяғына дейін толығынан айта алмайсың — сөйлемдерді бөлшектеп айтуды керек етеді, әйтпесе аудармашы бәрін бірдей ұғып, жадына ұстай алмайды, бір бөлшегін ол аударып тұрғанда — екінші жалғас бөлшегі қағазға жазылмастан импровизация ретінде сөйленген сөз аудиториямен көзқарас жағынан байланысты көп қажет етеді, солардың реакциясына қарап, мазмұнын, сарынын, желісін өзгерте сөйлеп, аудиториямен арпалысып, оны сығымдап алып қолдан шығармауды, өн бойы «арбап» тұруды талап етеді. Айтатын сөз болса — тыңдайтын құлақтар табылады, тыңдайтын құлақ болса — айтылатын сөз де табылады. Аудитория сынағыш келеді. Трибуна рентген сияқты — шешен аузын ашса, ішіндегісін көрсеткіш келеді. Елдің екі көзі мен құлақтары шешенде. Әр қимыл, әр үніңді сынап отырады. Жаққанына жадырай сүйсініп мақұлдап, жақтырмағанына жалтақтап, келіспегендігін білдіріп, әйтпесе, тыңдамастан көршісімен сөйлесіп отырады. Аудиторияға бір арнаға салып алып, қолдан шығармай сөйлеп тұру оңай емес-ақ. Әсіресе, аудармашы арқылы сөйлегенде. Айтқан сөзіңді қағып алып, басқа тілге суырыпсалма ретінде жалма-жан аударып тұру да оңай емес. ...Аудиторияны сыйлап, қадірлей сөйлеу керек. «Әрине, өздеріңіз білесіздер...», «Өздеріңізге мәлім...», «Бұл мәселе туралы бұрын өткендер былай деген екен...», «Ол әрқайсыларымыздың бастарымыздан өткен тәжірибе сабақтары мынадай...», «Сіздерде қайдам, бізде былай болып еді...», «Сіздерді білмейді деп айтып тұрғаным жоқ, пікір алысу ретінде орталарыңызға салып отырмын...», «Бұл өзі ойланатын нәрсе екен, меніңше, бұған сіздер қалай қарар едіңіздер?.. Бұл жағынан бәріміздің ойымыз бір жерден шығар деген үміттемін...» деген сияқты сөздерді қолдану аудиторияны өзімен тең ұстап тұрып сөйлегісі келетін шешенге керекті нәрсенің бірі. Аудитория көп сөзді жақтырмайды. Онымен қысқа, тұжырымды сөйлесу керек. Оны жалпы жаттама сөздермен шаршатпай, жалпы мәселемен зеріктірмей, өзінің қоршауындағы, өзіне керекті, ол қызығарлық мәселелердің белді-белділерін жалпы түсінікті сөзбен айту керек. Оратор не должен быть бесстрастным болтуном. (Как и писатель бесстрастным художником) он должен быть сострадальцем, соучастником, единомышленником... Во всяком случае сочуствующим интересом, стремлениям данной аудитории, исходя из их профессиональной особенности и интересов. Аудитория бывают разные. Пренебрежение особенностями всегда приведет к нежелательным результатам. Аудиторияның шаршамауы да керек. Арнаулы кездесуде қысқа сөйлеу де қиын, бірақ, көп сөйлеуге де болмайды. Бұл кездесуде арналған уақытты лажсыз екіге бөлуге тура келді. Жартысын маған, жартысын тілмашқа. Сол себепті мен жарияланған, оқушылардың өздері білетін нәрселерді қайталаудан аудиторияға ескерте, бас тарттым. Мен орысша сөйлеп тұрмын. «Мына кісі былдырлап, кей кезде қолын сермеп, даусын қаттырақ шығарып, не деп тұр екен?» дегендей, аудитория ықыласпен өзіне таныс емес тілдің дыбыстарын, үндерін тыңдап, интонацияға байланысты қимылдарын көріп таңданып отыр. (Простое людское любопытство перед иноязычным оратором. Хосе аудара бастағанда «Ал, жаңа не деді екен» деп құлақтарын тоса қалады. Сөз басында сәлемдесіп, құшақ жая қарсы алғандарына рақмет айтып, Кубаға келген сапарымның мән-жайларын, Кубаға біздің халқымыздың достық лебіз-ниеттерін айттым. Сөзімнің бұл саласы бірнеше рет қол шапалақтаумен бөлініп, үзіліп отырды. Кубалықтар ұзақ қол соғады деп жоғарыда айттым ғой. Бір ұзақ қол шапалақта мен Семеновқа қарап — Если они и в дальнейшем так будут аплодировать то время уйдет больше на аплодисменты, чем на беседы, — дедім. Хосе байқамаған жерден Семеновқа айтқан сөзімді аударып тұр. Бір жақсы жері, аудитория қыран күлкіге батып, оған қол шапалақтады.

— Ал, енді ағайын ретінде келісіп алайық: бұдан былай қол шапалақтауды азайтыңқырайық, — дегенімде тағы да күлісті.

Одан кейін мен өмірбаянымды қысқаша айтып беріп, творчествомның негізгі салаларына тоқталдым, олардың қай мақсат, қандай тілектермен жазылғандарын, қайдан тамырланғандарын айтып бердім. Әңгіменің бұл саласында сирек қол соғылды. Содан кейінгі сөз әскери тәрбиелер, әскери тәртіп, командирлер мен саяси жетекшілердің міндеттері, тағы басқа тақырыптардан болды... Сұрақтар берілді. Оларға жауаптар қайтарылды...

Мен сөзімді бітіргенде, ұзақ қол шапалақтау болды.

Ел орындарынан тұрды. Оркестр Совет Одағының, Куба республикасының гимнін орындады... Түрегеп тұрғандар тағы да қол ұстасып, теңселіп тұрып «Интернационалды» басынан аяғына дейін түгел айтты. Сол жолғы сөзімнің хаттама беттеріне түскен текстін төменде келтіріп отырмын. Ымырт жабылардың алдында клубтың қарсысындағы үйдің үлкен залына ендік. Залдың үш жағына ұзын-ұзын столдар жасалып қойыпты. Оқытушылар, офицерлер, мектеп мұғалімдері келіп орналаса бастады. Училище директоры бізді ең шеткі босағаға жасалған столға отырғызды. Менімен қатар отырған Семенов маған күліп былай деді:

- Бұлардың әдет-ғұрпы бойынша, ең қадірлі қонақтарын босаға жаққа, есік алдына отырғызады. Бірінші кезде мен де оларына таңданған болатынмын. Ол жағдай климатқа байланысты: есік алдынан таза ауа кіріп, самал соғып тұрады; тамақты алдымен тартуға да ыңғайлы; қонақтың сыртқа шыққысы келсе төрден, төмен қысыла-қымтырыла жүріп, отырғандарды мазалап, аяқ-асты істемейді. Көріп отырсыз, бұлар стол жағасында бір адам да қонаққа теріс қарап отырмайтын етіп стол құрып, орындықтарды бір жағынан қояды. Қонақ елдің көз алдында. Қонақ тамақ алғанда ғана басқалары кіріседі... — Бұлардың бәрін жақсы айттыңыз. Мен қайдан білейін, бірінші келген кісі...

— Қонақ астан қолын тартып, кофені ішіп болғанда ғана, ас үстіндегі отырыс сонымен бітті болып саналады. Келгеннен бері байқаған боларсыз — бұлардың әр тамақтанулары кофемен басталады.

Шақырылғандар орналасып болды. Барлықтары алпыс-жетпіс адамдай. Әйел мұғалімдер біздің қарсымыздағы столға жеке орналасты... Бұрын бұл кісі туралы жазылғандарды, бұл кісінің өзінің жазғандарын оқушы едік, — деп бастады директор сөзін. — Бүгін болса өзімен дидарласып, өз аузынан, өз үнімен айтылған сөздерін естідік. Полковник бізбен аға ретінде ашық, емін-еркін сөйлесіп пікірлесті. Бұрын біз бұл кісіден сырттан сабақ алсақ, бүгін өз аузынан сабақтар алдық... Полковниктің алыс жерден әдейі бізге келіп, шын пейілімен бізбен кездесіп отырғаны да Совет халқының бостандық, тәуелсіздік жолындағы күрестегі Куба халқына үлкен достығының зор белгілерінің бірі деп есептейміз. Қош кепсіз, абзал аға! — Жұрт орындарынан тұрып қол шапалақтады. — Алдарыңыздағы бокалдарыңызды құрметті қонағымыздың денсаулығына алып қоюларыңызды өтінемін! — деп директор сөзін аяқтап, бокалын менімен соғыстырды... Төртінші болып мен сөйледім... Менен кейін тағы да екі тост көтерілді. Кейінгі сөйлеген жолдас сөзінің аяғында:

— ...Сіз осында келгеннен бері менің екі көзім сізде болды. Асығыстық, жағдайсыздық болса да мен сіздің суретіңізді салдым.

Орнынан тұрып менің алдыма келіп, қағазға қаламмен салған сурет-портретті ұсынды. Отырғандар қол соқты. Мен қабылдап, рақмет айттым суретшіге... Желінген астардың ыдыстары жиналып, алдымызға кофе келді.

— Кел демек бар, кет демек жоқ демекші, осымен аттансақ дұрыс болмас па еді, — дегеніме, Хосе орысшалап:

— Өздері айтады ғой, — деді.

Екі офицер директордың алдына нәрселер әкеліп қойды.

— Біздің училищеде болғаныңызға ескерме ретінде сізге азын-аулақ тапсыратын нәрселеріміз бар еді, қабылдауыңызды өтінеміз, — деп директор менің алдыма екі үлкен қорап қойып, екі үлкен портреттің сыртындағы жазуларын оқып тапсырды. Ду қол шапалақтау. Жарқ-жұрқ еткен фотографтардың лампочкалары.

Барлықтары сыртқа шығып, машиналарымызға дейін шығарып салысты, жылы лебізбен қоштастық.

Менімен бірге болғандар мені Гавана Либрэдегі номеріме дейін әкеліп салды. Кешегі Хосе Кауссенің берген төрт том қалың кітаптарына, бүгінгі сыйлықтарға қарап:

— Әр кездесуде осындай сыйлықтар тапсырыла берсе, мен олардың барлығын қалайынша көтеріп қайтар екенмін? — дедім Семеновқа лифтіге дейін шығарып салғалы бара жатып.

АКАДЕМИЯДАҒЫ ӘҢГІМЕ-ДҮКЕН

«Арыстан айға шауып мерт болса да, баласы арыстандық етпей қоймас» деген халық мәтелі бар. Кубаның тарихында Карлос Мануэль де Сэспед, Хосе Марти, генерал Гомес сынды күресті бастауын бастап, аяқтамай дүние салған азаматтар бар. Алайда олар мәңгілік дәстүрлер, мұралар тастап кеткен... Кейінгі кезде Фидель мен оның серіктерінің де алғашқы қадамдары сәтті болған емес. Олар құлаған да, сүрінген де, тұтқында да болған. Біразы алғы ниетке қолдарын созарын созып, алғашқы талпыныста мұрттай ұшып, бостандық жолында қаза болып та кеткен... Кубаның жағдайы — айрықша жағдай. Фидель Кастро соны жақсы аңғарып, батыл басқарып келеді. Куба революциясы жеңгеннен кейін де ондағы ішкі және сыртқы жағдайлар өте шиеленісу үстінде. Сондықтан да әзір әскери жағдай үстем, өкімет билігі бір адамның Фидель Кастроның қолында. Ол елді радио мен телевидение арқылы басқарады, өте жауапты, өте қауіпті деген жерлерге өзі барып, халықпен бетпе-бет тілдеседі. Заты, өз халқын жақсы біледі, өз елінің ішкі және сыртқы жағдайларында жақсы бағыт ұстап отырады. Ол шебер саясат қолданып, ескі өмір мен жаңа өмірдің Тынық мұхитының сұрапыл толқынында басқару кемесін орамды, сақ, шебер жүргізіп келеді. Ол, тіпті толқынды маңдаймен соғып болса да, өз елінің пайдасына қарай бұрып отырады. Ол халық бұқарасының революцияшыл жігеріне сүйенеді, ел ішіндегі дағдарыстың да шебер қолмен шешуін таба біледі, тіпті қала мен селоның буржуасын да (оларды революцияның досы деп атай отырып) өзінің ыңғайлас маневрімен зиянсыздап отырады. Мұнысы біздің бір кезде кулактарды жою үстінде орта шаруаны бейтарап қалдырған саясатымызға ұқсайды. Өзінің осындай саясатының арқасында ол ел ішіндегі өз үкіметіне қарсы оппозицияның бетін қайтарып тастап келеді. Сол бір топтардың бірсыпыра өкілдері азаматтық істерде де, сол сияқты қарулы күштерде де жоғары командалық орындарда істейді. Революция дамуының бүгінгі сатысында біздің ұғымымыздағы таптық социализмнен басқаша, Кубалық национализм үстемдік етіп отыр. Бола қаларлық контрреволюцияның қандайын да онда қазір Кубалық ұлттық күштің революцияшыл рухымен жүгендеушілік басым, бұл ұлтшыл қайраткерлер империализм мен отаршылдықты барынша жек көреді және социализмге қарай неғұрлым жедел бой ұрып отыр. Антиамерикандық қозғалыс өте күшті. Елде үш жүз мың адам қару асынған, олар бұйрықты алған бойда-ақ «Отан немесе өлім! Біз жеңеміз!» деген ұранмен ұрысқа лап қоюға әзір. Арандатушылықты толық құрту іске аспас арман екенін Фидель жақсы түсінген. Сондықтан қырағылық және үнемі жауынгерлік әзірлік бүгін таңда алдыңғы жоспарда, сонда да қазір ел ішінің ахуалы негізінде біршама өз сабасында. Елдегі техникалық интеллигенция қазіргі тәртіпті қолдай қоймайды, сол сияқты бұрынғы малайлар, капиталистерге қызмет еткендер мен жезөкшелер небәрі жүз алпыс мыңдай адам өткенді армандайды, шетелдік бай туристердің ауыз жалатқан дәмін ұмытпайды, көңіл көтеретін түнгі клубтарды көксейді. Елдегі жұмыссыздар саны жүз мыңнан екі жүз мыңға дейін жетіп отырады екен, қазір жұмыссыздар саны анағұрлым азайып келеді. Кубалықтар — қызу қанды, әсершіл, ұлттық сезімі күшті халық. Бұл өзі көтеріңкі көңілдің адамдары, ән салып, билеуді жақсы көреді, жұрттың бәрі бірдей жұмыс істеуге зауықты да емес, тоқ, тойып ішіп-жеуді жақсы көреді. Күріш, ірі бұршақ, овощь, жеміс, ет, сүт, балық жеткілікті жұмсалынады. Жылына жан басына әрісі 22 килограмға дейін май жұмсалынады. Елде машина көп — 300 000-дай. Бірақ оларды жөндеуден өткізу жағы қиын, себебі көбі американ маркасындағы машиналар, 15000 трактор және басқадай техника негізінде совет елінен. Техникалық интеллигенцияның 200000 адамы елден эмиграциямен кетіп қалған, қалғандарының мамандығы, өнері бойынша анықталған есеп әлі жоқ. Ел техникалық интеллигенцияға зәру. Саудагерлікке қарсы күрес мақсатымен көпшілік қолды товар мен азыққа карточка жүйесі енгізілген. Бұл азық-түлік түрлері халыққа теңбе-тең бөлінеді. Ал, сыртқы жағдайдың қиындығы мыналарда: капиталистік қоршау, АҚШ тарапынан бас алмастан болып жататын қоқан-лоққы, АҚШ пен оның одақтастарының экономикалық блокадасы, социалистік лагерь елдерінің алыстығы, Қытай тарапынан соңғы уақытта болып отырған үнемі дерлік іліп-шалу. Латын Америкасы елдеріндегі революциялық-азаттық қозғалысы Кубаға арналған имперализм соққысын бұрып әкетіп келді және солай ете де бермек.

— Ең алдымен, Совет Одағының, бүкіл социалистік елдер лагерінің туысқандық ынтымағы мен көмегі Кубаның халықаралық әлемдегі басты таянышы болып отыр, — деген сияқты пікірлерді маған капитан Рио теңіз әскерлерінің штабында түскі демалыс кезінде менің сұрақтарыма жауап ретінде айтып берді.

- Сізге жақсы дем алдырудың орнына, уақытыңызды әңгімемен алдым, — деді ол сағатына қарап, — ал енді академияға баруға уақыт таялып қалды, —деп орнынан тұрды.

Академияда жоғарғы дәрежелі қызметте болғандар оқиды екен. Олардың көпшілігі бұрын дивизия, корпус командирлері, армия штаб бастықтары, армия командашылары, бас штабтың жауапты қызметкерлері болғандар екен.

Көшеде академия бастығы мен революция нұсқаушысы екеуі қарсы алды. Лекция залында жиналып отыр екен. Отырғандар орнынан тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Академия бастығы:

— Бізге совет полковнигі келіп отыр. Программа бойынша сіздермен кездесу үшін келіп отыр. Ал, енді қонақтың өзін тыңдалық, — деп маған сөз берді. Отырғандар орнынан тұрып қол соқты. «Ә, мына ескі режимнің ұлтшыл генералы мені менсінбейді ғой», — деп ішімнен ойладым да мен мінбеге шықтым.

— Мен өзім де жоғарғы дәрежелі офицермін. Қатардағы солдаттан бастап, гвардиялық дивизияның командирлігіне дейін қызмет атқарғанмын. Советтер одағындағы бас штабтың жоғарғы академиясын бітіріп, бір әскери академияда ұдайы бес жыл ұрыстың оперативті өнерінен сабақ бергенмін. Айтпақшы бізде әскери академия деген түсінік басқаша. АҚШ-та әскери училищелерді академия деп атайды. Оларда «кіші тактика», «үлкен тактика» деп әскери ғылымды екі-ақ салаға бөледі. Бізде олай емес. Бізде тактика, оперативтік өнер, стратегия болып үш үлкен салаларға бөлінеді. Бізде әскери училищеде үш-төрт жыл толық курс өтіп, біздіңше әскери орта мағлұмат алып, бірінші офицер атағына ие болады. Онда біз отделение, взвод, рота, батальонға дейін толық білім беріп, полкпен таныстырамыз, — дегенімде отырғандар таңдана қарады. Төрт-бес жыл тәжірибеде болып, орынды қызметтер атқарып, ысылып болғандардың ішінен болашағы барларын таңдап әскери академияға алып, оларды үш жыл оқытып, жоғарғы әскери білім береміз. Онда батальон, полк, дивизия, корпустарды олар толық өтеді (Аудиторияда таңдана сыбырласу жүріп жатқанын көріп тұрмын). Ал, армия майдан жөнінде қысқа программалармен өтеді. Бас штабтың жоғарғы академиясына тек академиялық білімі бар, кемінде төрт жыл комдив дәрежесінен кем емес, практикалық тәжірибесі бар, әскери атағы полковниктен төмен емес, болашағы барларды алып, екі жыл оқытып, оларға дивизия, корпус (жоғарғы тактика, армия, майдан, майдандар тобы, оперативтік өнер) толығынан өткізіліп, стратегиядан да толық жалпы білім береміз. Біздегі әскери білім беру системасы осылай. Мен сіздерге лекция оқығалы келгенім жоқ, жай танысу ретінде ғана сөзімді осылай бастап тұрмын.

— Біз сіздің бұл академиядағы сөзіңіз лекциялық сипатта болғанын тәуір көреміз. Бұл лекцияңызда сіз әскери ғылым мен оперативтік өнердің кейбір негізгі теориялық мәселелерін аша кетсеңіз дұрыс болар еді, — деді бас штаб бастығының орынбасары. Отырғандар оның сөзін қостады.

— Оған бастықтарыңыз қалай қарайды екен? Жай кездесудің тәртібінен шығып кетіп жүрмелік. Сіздердің күн тәртіптеріңіз, уақыттарыңыз есептеулі ғой.

— Бір жарым — екі сағаттай уақыт бар, — деді академия бастығы.

— Мен бір сағат сөйлермін. Кейіннен сұрақтарың болса жауап берермін.

— Иә, солай болсын, — десті.

— Әскери ғылым мен әскери өнерді жасағанда, соғыс туралы және армия туралы маркстік-лениндік ілімді басшылыққа аламыз, соғыстар тарихын зерттеп, соғыстар мен ұрыстардың тәжірибелерін екшейміз, — деп сөзімді жалғастырып негізгі әскери ғылым мен әскери өнердің саласына жалпы қысқаша тоқтадым... Бірнеше теориялық сұрақтарына жауап бердім. Олардың біреуін-ақ келтірейін.

— Біздің заманда соғыс пен бейбітшілік проблемасы — негізгі проблема. Осыған сәйкес, осы жаңа этапқа байланысты әскери қарулы күштердің дамуында қандай сипатты жағдайлар бар екенін айтып берсеңіз, — деді бір команданте.

— Сұрағыңыз — өте салмақты сұрақ. Оған дұрыс жауап беру үшін біраз дайындықты керек етеді. Бірақ та мен қайтып сіздерге оралып соқпаспын, сондықтан шала-шарпы болса да өз ойымдағымды айтайын, әрине, ол менің жанымнан шығарғаным емес, ол — менің мектебім. Қарулы күштердің дамуы әр заманның, дәуірдің айрықшалықтарына байланысты. Оның негізгі тамырлары экономика мен техника, ғылым салаларының өркендеп-өсулеріне байланысты.

Біздің заманда экономика, ғылым, техника жақтарынан ата-бабаларымыздың түсіне де кірмеген революциялық өзгерістер, жаңалықтар болды, болып та жатыр, болмақ та. Біздің замандастарымыз ұрпақтан ұрпақ сайын сана-сезім, білім, мәдени көзқарас жақтарынан өсу үстінде. Демек, адамдық материал да дамып, өсіп өзгеруде. Жаңа техника жаңа қару-жарақтарды, жаңа экономиканы берсе, саяси, мәдени тәрбие жаңа адамдар типтерінен жаңа жауынгерлер беріп отыр, береді де. Барлығы бірімен-бірі байланысты, бірінен-бірі шыққан терең тамырлас екенін сіздер жақсы білесіздер. Өсіп-өніп, даму жағынан барлық жерде бірдей емес, ол жағынан да дүниежүзінің бір өлкесі қырлау көтеріңкі, кей жерлері ойлау, ойпаңдау екені де сіздерге мәлім. Демек, біздің заманда қарулы күштердің дамуына үш айрықша жағдай ықпал етеді деп айтуға болады. Олар мыналар: сапа жағынан жаңа материалдық, техникалық база болуы. Бұл әр дәуір, әр кезеңдегі қарулы күштерге де түбірлі ықпал етерлік айрықша маңдайалды жағдай. Материалдық, ғылымдық-техникалық өсу аспаннан түспейді. Оларды адам өз қолымен, өз даналығымен істейді. Сол себепті ол адамның қалыптасуымен, өндірістік күштердің өркендеуімен құрамдас тамырлас. Осы өзгерістер қарулы күштерге де көп әсер етеді. Күш әкесін танымайды дегендейін, біздің заманда мықтылық керек. Барлық табыстарымыздың бал-қаймағын алдымен, қарулы күштерімізді нығайтуға арнаймыз. Сондықтан табыстың ең сарасы соған жұмсалып жүр десек қателесе қоймаспыз. «Соғыс — саясаттың жалғасы, саясат — соғыстың жалғасы» деген нақыл сөз бар. Біздің заманда солай. Оған біз мәжбүрміз.

- Коронел, ғапу етіңіз, сіз Клаузевицтің белгілі тұжырымын қайталап айтып тұрсыз ба? — деді академия бастығы.

— Команданте! Клаузевиц немістің жалдама генералы еді. Сонымен қатар, ол білімді жазушы да болды. Бұл тұжырым оныкі емес, ол бірақ осы тұжырымды үш түрлі түпкі нұсқадан шала-шарпы аударып, өзі иемденіп кеткен. «Соғыс — күш жұмсау жолымен жүргізілетін, саясаттың жалғасы» деп қайталап жазған Клаузевиц, ал, бұл тұжырымды ең алғаш айтқан адам біздің ғасыр санауымызға дейін өмір сүрген арабтың қолбасшыларының бірі.

— Ғапу етіңіз, мұны мен білмеген едім.

— Клаузевицті біз де зерттедік және зерттейміз де. Оған тиістісінше орын береміз, оның талантын бағалаймыз. Бірақ біз оны, өзінің сөзін ала отырып, өз заманының кертартпа әскери теоретигі деп санаймыз.

— Клаузевицтен Ленин мен Сталиннің өздері де еңбектерінде цитата алатын еді ғой.

— Я, олар цитатаға алғанда, тек осынау тұжырымын ғана алатын, Клаузевицтің басқа қағидаларын олар алған емес. Ленин: «...немістің бір әскери жазушысы дұрыс жазған» деп келеді де, арғы жағында оның әлгі тұжырымын келтіреді. Ленин осы шындықты ең кертартпа буржуазияның өкілдері мойындап отырғанын айтпақшы болған еді. Міне, команданте, бұл цитатаның оған керек болған себебі осындай. Біз әскери істі талдаған кезде Клаузевицтің қағидаларын емес, Фридрих Энгельстің пікірлерін көбірек басшылыққа аламыз.

Сізге, команданте, Ф. Энгельстің біздің бүгінгі тақырыбымызға байланысы бар мынау бір қағидасы белгілі ме? Ол былай деген: «Армиялардың бүкіл ұйымдық табиғаты мен жауынгерлік тәсілі, сонымен бірге, жеңілістері де, материалдық, яғни экономикалық жағдайларға байланысты, адамдық материал мен қару-жараққа байланысты...» Сіздің сұраққа жауап беру үстінде мен Ф.Энгельс тұжырымдаған осындай түбірлі қағидаларға сүйеніп тұрмын. Өз ойымды әрі қарай айтуға рұқсат етіңіз.

— Айтыңыз, коронел! Сіздің пікірлеріңіз бізге өте пайдалы.

— Бір кезде бізде өзімізде нағыз әскери профессорлар Марксшіл, Лениншіл мамандар өсіп үйренгенге дейін екі әскери мамандардың ғылыми тұжырымдарын жоғары бағалап отырдық. Тегінде, бүгінгіні дәлді және байыпты үйреніп білу үшін, ілгеріні дұрыс болжау үшін ескіге де көз тастау керек. Кешегі мен ертеңгі тарихтың екі жағалауы, бүгінгі екеуінің арасындағы өткел...

— Ғапу етіңіздер, мен негізгі тақырыптан ауытқып барады екенмін...

Демек, екінші айырмашылық — жаңа адам, жаңа жауынгер, оның жаңа прогрестік саяси сана-сезімі, оның мәдениеті, оның политехникалық білімі, профессионалдық тәжірибесі. Ол бұл замандағы техниканы ерттеп, жүгендеп мінген кісі. Үшінші айырмашылық — Коммунистік және жұмысшы партиялардың, соларға туыс басқа да прогресшіл партиялардың социализмнің дүниежүзілік системасы тұсындағы рөлінің арта беруі, бейбітшілік жолындағы, бейбіт, қатар өмір сүру жолындағы күрестің белең алуы, Африкада, Азияда, Латын Америкасы елдерінде халық азаттық қозғалысының бой бермес толқыны. Осылардың барлығының ықпалдары қарулы күштерді әр жерде, әр өлкеде, әp уақыттарда өзіне жарастықты (мүмкіншілігіне қарай) дамытуға сәйкестеп әсер етеді... Бұл мәселелердің әрқайсысына арнап бірнеше сағат лекциялар оқуға болады. Менің дайындығым жоқ деп ескерттім ғой мана, қысқаша сіздердің сұрақтарыңызға менің жауабым осындай...

— Дұрыс коронел! Қанағаттандық.

Бір генерал аудиториядан қолын көтеріп орнынан тұрды.

— Сіз сауал бермекшісіз бе, команданте? — деп сұрады одан академия бастығы.

— Полковникті құттықтайын деп едім, команданте.

- Сөйлеңіз, команданте.

— Біз сізді бұрын сыртыңыздан білуші едік. Бүгін көріп, кездесіп дидарласып, өз аузыңыздан нақыл сөздер естіп отырмыз. Аз уақытта сіз бізге көп сабақ бердіңіз. Сіз ең озат советтің әскери мектебінің, советтің әскери профессорларының (оларда барлық жоғары мектеп оқытушылары профессор деп аталады), сіздің тәжірибеңіз, сіздің эрудицияңыз — біз үшін үлкен мектеп. Бізге келгеніңіз, қызықты да, терең де, бүкпесіз де орынды да әжуалы әңгіме айтып бергеніңіз үшін сізге көп рақмет, коронел.

Тағы да екі-үш генерал құттықтап сөз сөйледі.
Академия бастығы қонаққа шақырды... Жылы сөздер айтты.

— Сіз сыйлықты қабылдамайды екен деп естіп едік. Сөйтсе де, мына кітапты менің қолымнан ескерме ретінде алыңыз, — деп Фидель Кастроның Совет Одағында болған жайы баяндалған бір томды ескерткіш жазуымен маған тапсырды. Мен қабылдадым. Жүрер алдында ол маған:

— Ескерткіш үшін суретке түссек қайтер еді? — деп сұрады. Екеуіміз суретке түстік. Олар мені құрметпен шығарып салды. Бас штаб бастығының орынбасары коменданте келіп маған:

— Коронел! Сіз бүгін ірі-ірі мәселелерді көтердіңіз. Рақмет! — деп қоштасты.

МАТАНСАС

Матансас — Гаванамен көрші провинция. Орталығы — Матансас қаласы. Ол қалада Кубаның ең бұрыннан ашылған әскери академиясы бар. Оны олар «Бірінші академия» деп атайды. Онда бұрынғы орта дәрежелі командирлер білімдерін көтереді.

Гавана Либрэнің алдында машина күтіп тұрғанымызда, Кокишев кездесе кетті.

— Ей, сен әлі кеткен жоқ па едің?

— Аэродромнан жаңа ғана қайтып келдім. Бұл жерде ыстық болғанмен, Канадада қатты боран соғып тұр екен. Канаданың аэродромы біздің самолетті қабылдамайды деп қайтарып жіберді.

— Ал, енді не істемексің?

— Қайда барарымды білместен, екі қолым алдыма сыймай тұрғаным, — деді ол қазақшалап.

— Онда менімен бірге жүрсең қайтеді?

- Ой, жақсы болды ғой. Мен жоғары барып фотоаппаратымды алып шығайын, — деп ол жүгіріп кетті.

Теңіздің жағасындағы асфальт жолмен келеміз. Лазарьдың екі көзі көркем табиғатта.

— Қандай көк шалғын, қандай әдемі, майы сыртына шыққан жер, — деді ол тағы да қазақшалап.

— Мыналар да түсініп отырсын, орысшалап сөйле. Хосе қайсымыздың аузымыздан не шықса да, аударып отыр ғой.

— Ойбай, жақсы айттыңыз-ау. Бұның, шынында да, әдепсіздеу болған екен, — деп ол орысшалап Хосеге: — Біздің Алматы да көк өсімдікке бай. Біздің жер де жақсы. Ал, біздің табиғат та тым тамаша екен. Көз алмай келе жатырмын, — деді. Хосе оның сөздерін отырғандарға аударды.

— Коронел маған Алматының көріністері бар сырлы альбомын сыйлап еді. (Отыз екі карточка). Өте сұлу көріністер. Кімге көрсетсем де, барлықтары таңғалады, — деді Орландо.

— Иә, Алматы бау-бақшаның ішінде, Алатаудың бауырындағы сұлу қала. Ең жазғы шілденің ортасында терезеден тау басындағы қар мен мұз көрініп тұрады, — деді Лазарь.

— Жазғы шілдеде қар-мұз дейсіз бе? — деп Охэдо сенер-сенбесін білмей таңдана сұрады. Лазарь оған түсіндірді.

— Өмірінде қар көрмегендердің, шынында, сенбеулері жөн-ау, — деп ол күлді Охэдоға қарап, — мен Сибирьдің адамымын, елге барғанда осында қыс болмайтынын айтып ешкімді сендіре алмаймын ба деген қауіптемін, — деп Лазарь тағы да күлді.

— Коронел! Кубадағы ең үлкен, ең биік көпірге жақындап келеміз. Мүмкін біраз қыдырып көргіңіз келер, — деді Охэдо.

— Жарайды. Тоқталық.

Құздың үстінен салынған үлкен көпір. Лазарь суретке түсіре бастады. Құз жағасын біраз аралап кафеге ендік. Кафе ішінде бес-алты адам стойкада сусындап отыр екен. Охэдо бәрімізге бір рюмкадан ром бакарди, бір шыныдан кока-кола алдырды.

— Мүмкін бір нәрсе жегілеріңіз келер? — деп сұрады.

— Тек сусындасақ болғаны.

Асықпастан әңгімелесіп отырмыз. Кубалықтар бірі кіріп, бірі шығып жүр.

— Ал, енді аттанайық. Бізден қанша? — деп мен сұрадым.

— Сіздерден еш нәрсе тиіс емес.

— Неліктен?

— Сіздер үшін төленді.

— Қалайша, кім төледі?

— Жаңағы бір жігіт.

— Ол қайда?

— Неге төледің деп ұрсып жүрмесін деп қашып кетті.

— Мә, саған керек болса! — деп Лазарь күлді.

— Ізет көрсеткісі келген шығар, коронел, — деп Охэдо жымиды.

— Ал, ол жігіт бекер істепті, бірақ та оған біздің атымыздан рақмет айтыңыз, мынаны тапсырыңыз, — деп мен кафешіге сувенир тапсырдым. Отырғандар бізді машинаға дейін шығарып салды.

Әскери қалашықтың дарбазасының алдында бізді бес-алты офицер қарсы алды. Сұңғақ, ұзын бойлы; ат жақ бет капитан:

- Бірінші академияның бастығы капитан Агустин Родригэс Муньос, — деп өзін таныстырды. — Біз сіздің келгеніңізге өте қуаныштымыз. Қош келіпсіз, коронел! — деп честь берді. Мен бәрімен қол алыса амандастым.

Лазарьды таныстырдым. Қалашыққа кіре салысымен Лазарь зәулім зеңбіректерді көріп қызығып кетті білем, фотоаппаратымен сығалай бастады.

- Әй, жігітім-ау, бұл әскери қалашық екені есіңде жоқ па? Суретке түсіруге рұқсат па екен? — дегенімде, Лазарь қатты ұялып қалды. Оны сезген академия бастығы оған қарап:

- Сізге рұқсат. Ұнаған жердің барлығын түсіріп ала беріңіз, - деді.

Штабтағы бастықтың кабинетіне келдік. Бір топ оқушылармен Родриго таныстырды... Біраз әңгімелесіп отырған соң Родригэс былай деді:

- Коронел! Біздің ұсынысымыз мынадай. Қазір бір үйге барып, алдымен сіздің денсаулығыңызға тост көтереміз, одан соң сізді академияның жайларымен таныстырмақпыз. Одан кейін үлкен аудиторияда кездесу, одан соң түскі тамақ. Бұған қалай қарайсыз?

- Жарайды. Сіздерге ыңғайлы болса, бізге де ыңғайлы.

Тамақтанып отырып, штаб офицерлерімен, оқытушылармен әңгімелестік... Кубалықтар жолыққан жерде Плайя-Хиронды еске алып отырады. Олардың революциясының бес жылдық тарихындағы Плайя-Хирондағы десант шеттен істелген бірінші интервенция. Десантты жетпіс екі сағатта жойғандығына олар зор мақтанады. «Плайя-Хирондағы ұрысқа қатынасушылардың біреуі» — деп таныстырады, не солай деп танысады. Жаудың келгенінен оны күткен жаман. Жау келді, кубалықтар жеңді. Ол Кубаның қарулы күш майданында сыннан өтіп, бір көтеріп тастаған маңызды оқиға екені даусыз. Әрине, сырттан қарағанда, үстірт қарағанда ұшы-қиыры жоқ теңіздей, ешқандай сүйемелсіз (артиллерия, флот, авиация сияқты күштерсіз) жер жағасына жабысқан 1200 адам десант — көп мықты күш емес, оны жарамды бір эскадрильямен, әйтпесе, крейсермен жағаға түсе бергенде су түбіне батырып жіберуге болар еді. Әйтпесе, кемеден түсе бергенде жарамды бір пулемет ротасымен жағаға жеткізбеуге болар еді. Әрине, айтуға оңай, ал істеу қиын... Жау сырын, келетін уақытын, санын бұрын хабарлап келмейді. Ол күтпеген жерден соғады... Жерге табаны тиіп, қойынға кіріп алып қолтықтасқан жаумен арпалысу оңай емес. Оны әскер тілінде плацдарм дейді. Плацдарм соқыр ішектей түртиіп тұрады да алады. Сонымен көмек келсе сыздап, кернеп ұлғаяды, өршіп үріліп, айналасын өрттей тамызғылап, жалындай жөнеледі. Өршіген өртті өшіру оңай емес... Плайя-Хирон аралдың арғы жағасындағы Кочинос жайылмасында. Плайя-Хирон деген орысша аударғанда Красный пляж деген мағынада. Арамыз біз бен Гаванадан қашықтау, оған бару үшін кемінде үш сағаттай уақыт керек, қайтуға үш-төрт сағат, онда бір-екі сағат. Қысқасы, оған бару үшін бір күнді толығынан арнау керек, — деді Родригэс Лазарьдың сұрағына. Бұл кісі де офицер. Екеуіміз де картаны оқи білеміз. Карта арқылы ғана таныссақ та жетер, — дедім мен, — Кочинос жайылмасы аралдың құрғағына қолтықтай кіреді. Жағасының көлемді жерлері өсімдік басқан шалшық келеді екен. Әсіресе, сол жақтағы Пенинсул де Сапата жарты аралының ұзындығы екі жүзден аса, көлденеңі жүзге таман километр, миы шығып жатқан тартпа шалшық көрінеді.

- Бұл жерді, бұл араны неліктен таңдады екен? — деп сұрадым мен картаға қарап тұрып.

- Оның негізгі үш себебі бар: бірінші, көріп тұрсыз, бұл арада теңіз жағаға жеткенше терең, кемелер құмдаққа отырып қалмайды, тіке жағаға сүйкене тоқтауына мүмкіншілік бар. Екінші, жер жағдайына — шалшыққа сеніп, бұл араға онша қырағы көңіл бөлінбейтін. Аспаннан қарағанда мынау қалың өсімдік жақсы маскировка да, үшінші Гавана мен Лас Власть провинцияларында олар ішкі контрреволюциядан сүйемелдеу күткен... Сөйтіп, олардың алдыңғы мақсаты десант пен ішкі контрреволюция күштері бірігіп, Кубада азамат соғысын жандырып, кейіннен интервенция күшейтіп, Куба басына ескі заманды қайта орнату еді...

- Олар өздерінің Вашингтондағы қожаларынан дәмеленді, Куба контрреволюционерлерінен сол банданы әзірлеген де қожалары ғой. Бандаларды қару-жарақ асындырып, киіндіріп, ішіндіріп, мұнда жіберген де Вашингтондағы қожалары еді. Шын мәнінде олар Американ малайлары еді, — деді академияның революциялық нұсқаушысы Опиварас...

— Қожаларынан қолдау алуын алса да, олардың көтеріліс болады деген есек дәмесінен түк шықпады. Кубаның бірде-бір мүйісінде оларға «мен мұндамын» деген бір жан болған жоқ. Халық түгел оларға қарсы тұрады.

Олар талқандалды. Бұл өзі таптық мәні үлкен, біздің социализм жолында кездескен бір шайқас еді.

— Біздің академия да Плайя-Хиронға толығымен қатысты... Біздің алты оқушыға соның алдында семья жағдайларына байланысты бір айлық демалыс беріліп еді.

Олардың кейбіреулері шетелге барып қайтулары керек еді. Олар Плайя-Хиронның хабарын естісімен қалталарындағы билеттерін қайтадан өткізіп, аэродромная майдан шебіне өздері кешікпей-ақ жетіп келіп, соғысқа қатысты...

— Иә, нағыз патриотизм, деп осыны айтады, — деп Опиварастың сөзін бөлді Лазарь.

— Олардың кейбіреулері ұрыста ерлікпен қайтыс болды... Оларға біз алаңымызда ескерткіш қойдық, оны аралағанда көрерсіздер, — деді Родригэс.

Бұдан кейін біз академияның жайғасқан жерлерін араладық. Үлкен аудиторияда мыңнан аса адам отыр екен. Бізді олар орындарынан тұрып қол соға қарсы алды. Родригэс сөйлеп, жиналысты ашты. Ол қысқаша сөйлеген жоқ, ұзын да сөйлеген жоқ. Оның айтқан сөздерін Лазарь аудармашы арқылы тыңдап, бас көтермей жазып отырды. Мен онымен қабаттаспастан тек шет жағасын ғана тыңдап отырдым. Кейіннен Лазарьдың айтуына қарағанда, Родригэс өте жақсы, мазмұнды, нақыл сөйлегенге ұқсайды.

- Өзі бір мәдениетті, ақылды, эрудициясы кең кісі ме деп қалдым, — деді ол маған сыбырлап.

Мен сөйледім. Төменде Кубаның әскери академиясы тыңдаушыларының, әскери басшыларының, офицерлері мен солдаттарының алдында сөйлеген сөздерімнің жиынтық, протоколдық текстін келтіріп өтейін.

- Құрметпен қарсы алғандарыңызға рақмет. Сіздерге деп күн ілгері әзірлеген сөзім жоқ. Аудиториямен тіл табыса келе, табанда сөз тауып, суырыпсалма сөйлеуіме тура келіп тұр. Мен испан тілін білмеймін. Мұныма қатты өкінемін. Сіздермен бір тілде табысып кетпегенім өкінішті ғой. Сіздер менің сөзімді үш төркіннен еститін боласыздар. Мен қазақ тілінде ойлаймын да, онымды өзім қолма-қол орыс тілінде айтып беремін, ал аудармашы оны орысшадан испан тіліне аударып тұрады.

Жаңағыдай үш төркіннен келіп жеткенде, әрине, ой дегенің ала шарпыланады, шала жетеді. Оны анық аңғару жоғарыдағы үш тілді де еркін білген адамдардың ғана қолынан келеді. Сіздер байқап та үлгерген боларсыздар, мен аудармадан кейін пауза жасаймын. Ары қарай айтайын дегенімді ұмытып та қаламын. Еркін ағып келе жатқан ойда антракт — үзіліс болады, өйткені, айтылып кеткенді аударып үлгерсін деп аялдаймын. Сіздер, сірә, аңғарған боларсыздар: өзінің сындарлы логикасына жеткенге дейін көптеген сөйлемдердің тізбегінен өтетін түйінді ойды аудармашының бір дүркін аудара қоюы оңай да емес. Сондықтан жарты сөзді айтып тоқтап қалу да жиі болады. Осы жағдайды ескеріп, менің сөзімнің, мүмкін, ойлы-қырлы ала-құла шығуына сіздерден ғафу өтінемін. Сіздердің көсемдеріңіз Фидель Кастро — аса әйгілі революционер және біздің ғасырымыздың қаһарманы да. Біздің Н.С.Хрущев — асқан зор саяси және мемлекеттік қайраткер, бейбітшілік жолының ұлы күрескері. Осы адамның басқаруымен Совет үкіметі лениндік сыртқы саясатты мызғымай, бұлжытпай жүзеге асырып келеді, ол бейбітшілікпен қатар өмір сүру саясатын жүргізіп отыр; ол жаппай және толық қарусыздану саясатын жүргізіп отыр; ол атом және сутегі бомбаларын сынауға тыйым салуды дәлелді түрде жүргізіп келеді; ол халықаралық дағдарыстың аса түйінді кезеңін шешуге араласып, өзінің бедел салмағымен жаңа соғыстың өртін өшіріп тастап отыр; ол прогресс пен бостандық жолына түскен елдердің қай-қайсысына да қалтқысыз көмек көрсетіп келеді. Осы істерімен біздің советтік үкіметіміз гуманизмнің асқан ұлы қадамдарын жасап отыр. Менің халқым сіздердің талап-тағдырларыңызға, игі істеріңізге сүйсініп отыр; сіздерді сүйеді, сіздерге сенеді, көздеріңіз көріп, қолдарыңыз жетіп отырған табыстан гөрі де зор табыстарға жетулеріңізге тілектестік білдіреді. Сіздердің қол шапалақтауларыңыз жиі-жиі овацияға айналып отырғанын көруім де қызықты. Егер ылғи осылай ете берсеңіздер, уақыттың өзін біздің әңгімелесуімізден гөрі де қол шапалақтау ұтып кетеді деп қорқамын. Достық риямен мынаған келісіп алалық. Біздің әңгімемізге бөлінген уақытты неғұрлым пайдалы өткізейік. Мен азаттық аралында, Фидель Кастроның Отанында болуды арман еткен едім. Менің Куба халқының ер тұлғасын, оның революцияшыл қайрат-жігерін көргім келіп еді. Куба кімді болса да өз бауырына тартып тұрады. Сөйтіп, мен басында мәңгілік қар жатқан асқарларды аттап, шексіз қиыр далаларды, көгілдір мұхиттарды асып, аспанмен ұштым. Алматы мен Гавана арасы күнге тете тартқан жолмен есептегенде он бір сағаттық мерзімді алады. Біз ұйқыдан тұрып, еңбек ете бастағанда, сіздер ұйқыға жатасыздар, ал, біз ұйқыға жатқанда, сіздер еңбек пен күреске аттанасыздар. Мен осында 6 ноябрьден бері жүрмін. Бұл күндердің ішінде өзімнің жолдастарыммен — советтік саяхатшылармен бірге Гавананың бірнеше қызғылықты орындарында болдым. Гавана да, гаваналықтар да бізге жақсы әсер қалдырды, кейін опық жеу, өкіну сезімі болмайды деп сенемін. 10 ноябрьде Революциялық Қарулы Күштер Министрі команданте Рауль Кастро Рустың және Бас штабтың сыйлы ізеті бойынша мен өз тобымнан бөлініп, осы елде қонақ ретінде қалып қойдым. Бұл елде менің 20 күндей болуымды өтінген еді, мен 10 күндей уақыт қалуға келісім бердім.

— Менің мамандығым әскери қызмет. Біздің Конституциямызда Отанды қарумен қорғау СССР-дың әрбір азаматының қасиетті борышы деп жазылған.

Жастан-ақ мен өзімді әскери қызметке арнадым.

Менің ұлтым қазақ, мен Совет Одағының азаматымын. Менің ата-бабам мал өсіруді кәсіп еткен. Мен бақташының баласымын. Жасым елудің ішінде. Соның жиырма бес жылын армия қатарындағы қызметке бердім, Совет Одағының кең байтақ өңірінде әр жерде әскери қызметте болдым, қатардағы солдат өмірінен бастап, гвардиялық дивизияның командирі қызметіне дейін бастан өткердім.

Мен бастан-аяқ Ұлы Отан соғысына қатынастым.

Совет халқының фашистік Германияға қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысы — біздің совет халқы өмірбаянының аса бір жарқын тарауы. Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі ауыртпалығын совет халықтары қолымен, белімен көтерді. Біз Ұлы Октябрь Социалистік революциясының ұлы жеңістерін қорғап қалдық. Сұрапыл кезеңде, ауыр ұрыстарда, аумалы-төкпелі шақтарда біз айлалы дұшпанды алып ұрдық. Мұның халықаралық әлемдегі, адамзат тарихы әлеміндегі жемісі де өзгеше болды. Соғыстан кейін мен Бас штабтың Жоғары Әскери академиясын бітіріп, бес жыл бойы біздің әскери академиялардың бірінде әскери-педагогикалық жұмыспен айналыстым, онда нақтылы ұрыс өнерінің курсын оқыттым. 1956 жылы денсаулық жағдайыма байланысты армия қатарынан запасқа шығуыма тура келді. Армияда қызмет ету оңай емес, онымен ажырасу да оңай емес. Мен кабинет полковнигі емес едім, мен алдыңғы шептің, бетпе-бет ұрыстың офицері едім.

Сондықтан, шынымды айтсам, өзімнің саптан кетуім қабырғама қатты батты. Жаңадан бір мамандық алуым үшін оқуым, үйренуім керек екен, ал студенттік жас дегенің өтіп кетті. Ұзақ жылғы әскери еңбегімді айтсаңыз, мен запастағы полковник ретінде қайғысыз-қамсыз жата беруіме болар еді, бірақ запастағы азамат ретінде тып-тыныш жата беруіме арым төзбеді. Мен қайткенде де қоғамға пайдамды тигізсем, Совет Одағына ақырғы демім біткенше еңбек етсем деп арман еттім. Сол себепті де мен әскерден босанғаннан кейін, запаста жүріп, біраз уақыт өзімді қайда қоярымды білмедім, қоғамдық еңбектен жаңа орын таппадым. Менің мұндай халге түсуім бекерден-бекер екен. Байқап тұрсам, мен армия қатарындағы ұзақ жылдарғы қызметімде көп ұлтты совет халқының алуан түрлі ұрпақтарымен, көптеген буындармен істес болған екенмін, солармен бірге әскери өмірдің қиын-қыстау кезеңін де, қанды жорықтар мен сұрапыл ұрыстардың тар жол тайғақ кешуін де бастан өткеріппін. Мен сонда өзіме сеніп тапсырылған әскерлерге командир болып қана қойғаным жоқ, солардың өздерінен көп-көп нәрсе үйренген де екенмін, сол сияқты қызмет жөнінен өзіме теңдестерден де, өзімнен үлкендерден де үйренгенім көп екен.

Сөйтіп, мен азаматтық зор мектептен өтіппін.

Соның бәрін ойға тоқып, өзімнің қолдан келер мүмкіндігімді таразылай келе, мен әдебиет ісімен шұғылдануды дұрыс көрдім. Басты мұрат мынау: жаңа өспірім жастарға советтік патриотизм жайында, оларға әкелері мен шешелерінің, ағалары мен апаларының ерлік істері жайында шындық әңгіме шертуім керек еді, өйткені, біздің елімізде өткен соғыстан қағаберіс қалған бірде-бір семья жоқ. Сол бір зор майданның қатынасушысы, куәсі болғандардың әңгімесін оқыған жастар аға буындардың патриоттық рухы жайында, теңдесі жоқ ерлігі, табандылығы мен қаһармандығы туралы нағыз шындықты білуге, сөйтіп, олардың лайықты ізбасары болуға, игі дәстүрлі ілгерілетуге тиіс еді. Аға буынның ерлік істерінің үлгісін алға ілгерілете беру, жастарды советтік патриотизм рухында тәрбиелеп, ерлікке үйрету мақсатын жазушылық ісімде алға қойдым. Жеке адамның тәжірибесі жақсы-ақ, бірақ ол өте тар шеңберлі тәжірибе. Сондықтан жеке адамның тәжірибесі дегеніміз кең көлемді, жинақты тұлға жасау үшін бірден-бір негіз бола бере алмайды. Ұрыстарға қатынасқан адамдардың естеліктері бастан өткен шайқастар кезеңін бірсыпыра ретте көз алдымызға елестете алады... Менің шығармаларым тұтастай және толығымен менің өз басымның естеліктеріне, өте-мөте ерекше делінген эпизодтар естеліктерінің жиынтығынан іріктеп, екшеп алған неғұрлым елеулі көріністерге негізделген, оларда ойдан шығарылған оқиғалар да, ойдан жасалған адамдар да жоқ. Менің айналысып жүрген тақырыптарымды жобалап айтқанда, былайша түйіндеуге болар еді: СССР азаматы тұлғасындағы қазақтың қалыптасу процесі. Бұл тақырыптың өзі 1911-1941 жылдар аралығын қамтиды. Осы тақырыпты игеру үстінде менің «Біздің семья» деген кітабым және бірнеше әңгімелерім жарық көрді. Алда игеретін іс әлі көп. Менің шұғылданып жүрген екінші тақырыбым — жауынгердің қалыптасуы және жауынгерлік характердің қалыптасуы. Бұл тақырыпты игеру үстінде де сонау соғыс кезінің өзінде әскери жазбалар, әңгімелер мен өлеңдер сияқты менің материалдарым негізінде, совет жазушысы Александр Бекпен бірлескен жұмыстың, өзара әңгімелесудің негізінде туған «Панфиловшылар алдыңғы шепте» және «Волокалам тас жолы» деген кітаптар жарияланды. А.Бек үлкен еңбек етті. Осы кітаптардың тақырыптық жалғасы ретінде соғыстан соңғы кезде менің «Жауынгер тұлғасы», «Бір түннің тарихы» деген әскери әңгімелерімнің жинағы, жекеленген әңгімелер, өлеңдер мен көптеген мақалалар пайда болды. Соңғы жылдарда «Москва үшін шайқас» кітабым жарияланды. Бес жыл ішінде бұл кітап Совет Одағында төрт жүз мың дана тиражбен бес рет баспадан шықты. Бұл кітаптардағы хикая 1941 жылдың 6 декабрімен бітеді, ал соғыс 1945 жылдың майында аяқталды ғой. Демек, алда тұрған жұмыс әлі де көп. Өткен жылы генерал И.В.Панфиловтың туғанына 70 жыл толды. Біздің республикамызда бұл күн кеңінен аталып өтті, И.В.Панфиловты халық қаһарманы ретінде жұртшылық құрметпен еске түсірді. Менің «Генерал Панфилов» (оның өмірбаяны) деген кітабым жүз он мың дана тиражбен шықты. Барлық кітаптарымда да авторлық эпиграф ретінде жазатыным мына сөздер: «Бұл жазбаларымда мен тек жақсы тәжірибемді ғана ортаға салмақ емеспін, өзімнің басымнан кешкен қателерімді де әңгіме етпекпін» деймін... Өз қателерің жайында жаңа толқын жастарға баяндау керек болады, сонда олар оны қайталамайды. Бұл кітаптарды мен Кубаға ала келдім. Егер, олар сіздердің тілдеріңізге аударылғандай болса, онда менің тәжірибемді де, қатемді де сіздердің орталарыңызға да салғаным болар еді. Өлім деген сөзсіз нәрсе, бұлтару жоқ! Ол біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Өлімнен қорқуға болмайды. Еңбекке қабілеттіліктен айрылудан қорқу керек. Өмірден қайткенде көп қарпып алу дегеніміз — тоғышарлық, ал қоғамға қайткенде көп беру — бұл күрескердің ісі. Өмірдің қуанышы да көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда. Менің білгенім де, көргенім де о дүниеде ешкімге керек емес. Оны оған ала кетудің де керегі жоқ, одан да осы дүниеде қалдырып кеткенің оңды. Бәлкім, біреу-міреуге кәдеге жарар. «Жылтыр моншақ жерде қалмас». Сондықтан да мен көбірек еңбектенуге үнемі асығамын. Егер менің кітаптарымның сіздерге берер жемісі бар екен, онда еңбегімнің өтелгені деп білемін. Менен осында генерал И.В.Панфиловтың өмірі мен қызметі жайында айтуымды сұрап отыр. Панфилов пен панфиловшылар жөнінде көп кітап жазылды. Сол кітаптардың авторларының бірі болғаныммен, маған жазылған нәрсенің бәрін қайтадан дәлме-дәл ойға келтіруім оңай да бола бермес. Панфилов — халықтан шыққан адам. Ол қарапайым орыс ұлы еді. Өткен заман режимі кезінде ол өзінің балалық және жастық шағында бейнет-азапты да, қорлық қасіретті де басынан кешірген. Ол дүниежүзілік бірінші соғысқа қатынасқан. Ол патша армиясының фельдфебелі болған. Бірінші жиһангер соғысында ол окоптарда жүргізілген революциялық жұмысқа да белсене атсалысқан. Империалистік соғыс азамат соғысына ұласқан шақта ол жұмысшы шаруа Қызыл Армиясының қатарына өз еркімен кіріп, шетелдік интервенцияға, ішкі контрреволюцияға қарсы ұрыстарға қатысты. Азамат соғысының барлық дерлік майдандарында болды. Азамат соғысы жылдарында ол взводқа, сонсоң ротаға командир болды, яғни алдыңғы шептің, бетпе-бет ұрыстың офицері болды. Ол азамат соғысы ерлерінің бірі еді, жауынгерлік "Қызыл Ту" орденімен екі рет наградталған. Армияда істеген 27 жылдық қызметі ішінде (оның он жылдайы ұрыстарда өткен) ол қатардағы жауынгерден генералға дейін өсті. Өзінің жауынгерлік еңбегі үлкен, әскери атағы жоғары бола тұра, ол кішіпейіл, ақжарқын, талап қойғыш та, қамқор да жан еді, нағыз орыстық, интернационалдық мінездің адамы болатын. Ол өз басы іштей қатаң тәртіпті, өзіне талап қойғыш адам еді. Аса зор іштей әдептің, нақтылы істің қасиеті бойына ұялаған командир болды. Өзіне-өзі сынмен қарап ой екшеу екінің бірінің қолынан келмейді. Тәжірибесіздіктен, не болмаса білмегендіктен жіберіп алса да, әйтеуір, өзінің қателерінен сабақ алу да әркімнің қолынан келе бермейді. Үлкен бастықтың қатаң сөккенінен гөрі де адамды өзінің ары сөгуі күшті екенін түсіну де әркімде бірдей болмайды. Командирлік тәжірибесі де, білімі де үлкен бола тұра, Панфилов солардың бәрін творчестволықпен, ортақ істің пайдасына қарай, орнымен ғана қолданатын. Ол жайында мына бір мысалдың да аңғартатыны бар. Москва түбіндегі ұрыстардың бірінен соң мен жай-күйді генералға баяндап өттім. Өзімнің соншама сәтті болмаған бір шешімімді уставтың кейбір тармақтарына сүйеніп ақтап шыққан едім. Асылы, уставтың бұл тармақтарын мен жанымды сала жақтасам керек. Әдепкісіндей салмақты Панфилов мені әбден тыңдап болды да, ойға кетті, сонсоң күлімсірей түсіп, жұмсақ үнмен былай деді:

— Жоқ, бауырым, әліппе де, тармақта, устав та өз алдына, ал соғыс дегеніміз — соғыс, — деп дауысын көтере түсті де, мынаны айтты: — Соғыстың, ұрыстың нақты жағдайы бізді өзі үйретеді, ащы азаптың өз айтары бар бізге... Бірінші Петр дұрыс айтқан: «Соқырдың қабырғаны сипалағаны сияқты, уставқа жабысып қалма, өйткені, онда тәртіп жөні тізілген, ал, мезет пен мезгіл, болар оқиға жазылмаған» деген. — Сонан соң пауза жасап, жымия қарады да: — Бірінші Петр осылай деп жазыпты да, ойланыпты, артынша мына сөздерді қосыпты: «Кімде-кім уставты орындамаса, қамшылап орындаттыру керек». Мен қамшымен орындаттыру дегенін қоспағанда, Бірінші Петрмен толық келісемін...

— Бірінші Петр жақсы айтқан, жолдас генерал, — деп мен Панфиловтың сөзін бөлдім.

— Жақсы айтуын жақсы айтқан, дау жоқ. Бірақ ол сізді қамшымен осқылар еді, ал маған Совет өкіметі өйтуіме рұқсат етпейді. Уставты біледі екенсіз, сізге оны қолданба демеймін, бірақ оның тармақтарын орнымен қолданған жөн, нақты жағдай не айтады, оймен, орнымен болғаны жөн. Уставты жаттанды қолдануға, әрпіне жабысып қалуға мен тыйым саламын.

Мен үшін бұл әңгіме ауыр болғанымен, мұндағы дәлелдердің әділдігі мен нанымдылығы маған өте үлкен ғибрат бергенін айтуым артық болмас.

— Рас, уставта нақты мезгіл де, оқиға да жоқ, — деп Панфилов сөзін жалғады, — устав — қысқа мерзімді сипаты бар бұйрық емес. Бірақ бұйрық бергенде де ақылмен, творчестволық оймен топшылап берген мақұл.

Ұрыстың мән-мәнісінің келте тұжырымды, бөлімдерге қойылатын нақтылы жауынгерлік міндет қана емес, оны жауынгерлердің орындауының тәсілі де көрсетілсін, — міне, бұйрық дегеніміздің мәнісі. Бұйрық халық, Отан атынан беріледі, берілген соң бағынышты адамның — орындаушының бас тағдырына айналады. Бұл дегеніміз өте-мөте салмақты нәрсе...

— Мен сізді ұқтым, жолдас генерал.

— Тек мені бастық айтты деп ұға көрме. Бізде не айтса да үлкендікі дұрыс дейтіндік бар ғой. Халықтың білмейтіні жоқ. Жай адам кейде бастықтан да көп біліп, ары ойлайды, бірақ ол көбінесе жиынтық қорытынды жасай алмайды, немесе ойындағысын айтудан именеді. Міне мен, былай айтқанда, бүкіл өмірімде командир болып келемін, бірақ әрқашан айтарым: әскерлер командир үшін емес, командир әскерлер үшін. Командирлік өнердің басты бір міндеті — көптің көңілін ашар кілтті табу.

Командир көпке неғұрлым жақын болса, оның жұмысы соғұрлым оңдалып, оңайлана түседі. Суворов басшыға бағынуды, әмірді сөзсіз орындауды талап ете отырып, әміріңді шектен асырып алмай басшылық ет, қымсынып емес түсініп бағынсын деп үйретті. Біздерді, өзінің қолы астындағы адамдарды генерал Панфилов осылай үйреткен болатын. Сұрақ: Сізден Ұлы Отан соғысы жылдарында, әсіресе Москва түбіндегі ұрыстарда саяси қызметкердің рөлі қандай болғаны жайында естігіміз келеді. Жауап: Мұндай сұрақтар аздап басқадай сарында маған бұрын да қойылған болатын. Менен: «Сіздерде қайсысы жоғары, комиссар ма немесе командир ме?» — деп сұрады. Логика қуғанда былай боп шығады — көп сенім кімде, командирде ме, комиссарда ма? Соның қайсысы Совет үкіметіне көбірек берілген? Біздің партиямыз бен Совет үкіметі соның екеуіне де бірдей сеніп отырады. Оның екеуі де Отанына бірдей берілген. Өзімнің өмірлік тәжірибеме, өзімнің өмірбаяныма сүйеніп мысалдар келтіргім келеді. Армия қатарында мен 1932 жылданмын, ал партияға кіруім 1942 жыл. Демек, мен көп жылдар бойы партияда жоқ командирлердің бірі екенмін. Әлбетте, сонда мен амалсыздан пайдаланылған ескі маман емес едім. Мен жас қызыл әскер болдым. Ұзақ уақыт партияға түспегенде, мен өзімді бұл ұлы партияның қатарына кіруге жеткілікті дайынмын деп санамадым. Партияда жоқ кезімде де мен взводқа, батареяға командир болдым, штаб бастығының бірінші көмекшісі қызметін істедім, батальон мен полктың командирі де болдым. Партияда жоқ командир болған кездерімде мен өзіме сенбей немесе күмәнмен қараудың ешқандай элементін ешкім тарапынан сезінген емеспін. Политруктер мен комиссарлар менің ең жақсы жауынгер достарым еді... Олардан сақтана қоярлық менің ешқандай негізім жоқ еді. Офицер мен офицер, жауынгер мен жауынгер арасында болатын тамаша жолдастық қарым-қатынаста жүріп бәріміз де Отанға қызмет еттік. Бұл жөнінде мен шығармаларымда бүкпесіз, шындықпен жаздым, саяси қызметкерлерге лайықты бағамды да бердім, олардың игі жанды, ержүрек адамдар екенін де айттым. Дордия, Бозжанов, Толстунов, Ғабдуллин — политруктер болатын. Солардың Москва түбіндегі ұрыстарда көрсеткен ерлік ісі, қаһармандығы жайында «Панфиловшылар алдыңғы шепте», «Волоколам тас жолы», «Бір түннің тарихы», «За нами Москва» аты кітаптарда баяндалды. Ерлік іс болмаған болса, ол жайында жазу да болмайды. Ұрыс үстіндегі ерлік дегеніміз өмір мен өлімнің шеңбектескен жерінде көзге түседі, олардың ерлігі туралы жазылған мынау кітаптардағы сөздер жазушының қиялынан туған емес, олардың тұлғасы суреткердің ойынан өрнектелген нәрсе емес, бұлар өмірде документті болған, шын фактілер. Біз жүгінер ақиқат бар, сол істерді көзбен көрген адамдар бар, жазылып қалған архив бар. Әскерлердің әзірлігінде болсын, әсіресе ұрыс үстінде болсын, саяси-моральдық фактордың шешуші маңызы бар. Жауынгердің саяси санасы, өзінің әскери борышына адалдығы, міндетін білуі және жағдайды екшеп бағалай алуы, жауынгердің өз алдына қойылған міндетті орындау жолында өзінің бар күш-жігерін ақырғы шегіне дейін жұмсауға, тіпті, ұрыс жағдайы керек етіп қалғандай болса, өзін құрбандыққа шалуға дейін баруға қабілеттілігі — міне, ұрыстағы шешуші фактор да осы. Соғысатын — адам, ал техника дегеніміз — оның қолындағы күрес құралы. Өзінің қолындағы техниканы, дастарқан үстінде қасықты жұмсағанындай жақсы итеріп, жұмсай алатын, саналы, намыскер, инициативалы, белсенді жауынгер — міне, нағыз жауынгер тұлға да сол. Әскердің жауынгерлік әзірлігі мен ұрыстағы әрекетінің берік іргесін болаттай қалап отырған күш те біздегі саяси жұмыстың бүкіл жүйесі еді. Партияда жоқ командир болған кезімде мен партиялық-саяси аппарат арқылы әскери бұқараға берік сүйеніп отырдым. Соғыстың орта шенінен бастап бізде бірыңғай басшылық енгізілді. Дивизияға командир болғанымда, мен билік тұтастығы өз қолындағы командир, яғни дивизиядағы номері бірінші коммунист едім. Егер мен бұрын партиялық-саяси жұмысты таяныш етіп келсем, енді осы жұмыстың бәрін өзім басқаруға тиіс болдым. Рас, бұрын да мен саяси жұмысқа селқос командир болғаным жоқ-ты, бірақ, бастапқыда осындай жаңа міндет маған қиындық келтіргенін мойындауым керек. Өмірдің өзі тәжірибенің аздығын көрсетті. Сонда менің жолдастарым, бұрынғы комиссарлар маған өз тәжірибелерін айтып, билік тұтастығы бар бастық ретінде аз уақытта тізгінді алып кетуіме көмектесті. Командир ретінде менің түйіндегенім мынадай: Саяси жұмысты ұйымдастыру жауынгерлік әзірлікті ұйымдастырудан әлдеқайда күрделі. Ұрыста саяси жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі командир шешімінің белгілі бір буынын жасап алудың жай-күйінен бір кем емес; Ұрыста командир шешімін саяси жағынан қамтамасыз ету дегеніміз ұрысты материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету дегеннен бірде кем соқпайды. Қазіргі заманғы ұрыстың ағысы жедел, тұтқиылы көп, күнілгері байқалмаған оқиғалары да болып тұрады. Қазіргі ұрыста жағдай жиі-жиі табан асты өзгеріп отырады. Өзгерген жағдай командирді өзінің бастапқы шешіміне жаңа түзетулер жасауға, соны маневр қолдануына, ал кейде тіпті бастан-аяқ жаңа шешім қабылдауына мәжбүр етеді. Мұндай күрделі жағдайда, әрине, кімге болса да, іс оңайға соқпайды. Ал, саяси қызметкерлерге одан гөрі де қиынырақ тиетін еді. Олар ұрыстардың аса бір қиын абыр-сабыры үстінде ұрыстағы жауынгерлер арасында түсінік жүргізе отырып, командирдің тосын шешімдерін саяси жағынан қамтамасыз етуге тиіс болды. Біз саяси қызметкерлерді ұрыстың аса қауіпті участоктеріне жиі жіберіп жүрдік және олар ұрыстардың не қысылтаяң шақтарында алдыңғы шепте жиі болатын. Саяси қызметкерлердің өз басының үлгісімен жауынгерлерді соңынан ілестіре жөнелген мысалдары аз емес. Саяси қызметкерлердің шабуылды немесе қарсы шабуылды өзі бастаған мысалы да аз емес, саптан шыққан командирдің орнын басып, барлық жауапкершілікті өзіне алған күндері де аз емес. Партиялық-саяси аппарат бұқара мен командирді берік байланыстыратын дәнекер. Егер басқа сөзбен айтсақ, саяси бөлім — әскерлердің рухани штабы. Біздің саяси қызметкеріміз — бүкіл әскерлер құрамының бастығы да. Бұлай болуға олардың праволары да бар, өйткені олар — тәжірибелі офицерлер де. Москваның шалғай шептеріндегі ұрыстарда полк комиссары Петр Васильевич Логвиненконың талай рет өте шиеленіскен жағдайда полк командирінің орнын басуға тура келді. Бірде полк командирі Елиннің орнын басқан Логвиненко өзінің тіке бастауымен полкті жау қоршауынан алып шықты. Тағы бір мысал менің «Москва үшін шайқас» деген кітабымда жазылған. «Мен жараланып қалғаннан кейін полкке нақтылы команда берудің негізгі ауыртпалығы біздің комиссарымыз Петр Васильевич Логвиненконың мойнына түскенін айтуым керек. Осынау қызу жанды, батыл адам керекті кезінде өзін аяу дегенді де білмейтін. Ол қашанда алдыңғы шепте жүретін, оның қырғын ішінде дін аман қала беруі де тамаша еді».

— Мен, полктың партияда жоқ командирі, 1941 жылдың 6 декабрінде өзіміздің комиссар туралы осы жолдарды жазыппын.

Тек тиянақты білім және үлкен нақтылы тәжірибе ғана, тек сол ғана ұрыста біріңнің орныңды біріңнің ауыстыруыңа право береді. Қайталап айтамын: біздің саяси қызметкерлеріміз білім салмағы теңбе-тең, тәжірибелі офицерлер еді. Бізде бұрынғы саяси қызметкерлердің полк, дивизия, корпус командирі болып жүрген мысалы аз емес. Бұрынғы командирлердің партиялық-саяси жұмысты ойдағыдай атқарып кеткен мысалы да аз емес. *** Жақында революциялық Қарулы Күштер Министрі Команданте Раул Кастро жалпыға бірдей әскери міндет туралы заңның жобасын жария етті, қазір оны сіздердің халқыңыз талқылау үстінде. Міндетті әскери қызмет енгізу сіздің елге қарсы бола қалған баса-көктеудің қандайы болса да тойтарып және талқандап тастап отыру жолындағы әзірліктеріңізді көтеретінін біздің қай-қайсымыз болса да жақсы түсінеміз. Егер сіздер қазіргі заманғы толық бірінші дәрежелі армия құрған болсаңыздар — бұл бейбітшілікті қорғаушылардың позициясын нығайта түсуге те көмектескендік болады. Қарулы күштер дегеніміз — Отанның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауды, революцияның жеңістерін сақтап қалуды, мемлекеттік мүдделерді сақтауды және халықтың жемісті бейбіт еңбегін қамтамасыз етуді көздейді, сол үшін жасақталады. Әскери қызмет дегеніміз — елдің әрбір дені сау азаматы үшін қасиетті және құрметті борыш. Әртүрлі сылтаумен әскери қызметтен жалтару — азамат өмірінің өте бір қолайсыз сиқы, ондай нәрсе қынжыларлық және айыптауға әбден тұратын көрініс. Егер біреу-міреу әскери қызметтен жалтарады екен, ол, демек, жалған патриот, ол намысшыл адам емес. Жас азаматқа әскерде қызмет істеу — тұтас бір мектеп. Армия — ойды да, денені де шынықтыратын мектеп. Армия — өз құрбысының қалың қауымымен байланысу деген сөз. Армия — іштей жып-жинақылыққа, сырттай тып-тинақылыққа үйрететін, аса қиын-қыстау жағдайда да адамды өзін лайықты ұстауға тәрбиелейтін мектеп. Дені сау, әскери қызметке жарамды әрбір азамат табандылықтың, берік тәртіптіліктің бұл мектебінен өтуге құмартуы керек. Әке мен шешенің әлпештеуімен өскен ақ саусақ кейбір жастардың әскери қызметтен үйіне ер азамат болып, ой-санасы да, денесі де әбден шынығып, өзіне тапсырылған іске жауапкершілік түйсікпен қарайтын күйге жетіп, азамат ретіндегі өз басының да қасиетін қастерлей алатын болып қайтқан мысалдары бізде аз емес. Армиядан қолына кәмелеттік аттестат ұстап, бейбіт еңбек саласында істеуге жарайтын белгілі бір мамандық алып үйіне қайтқан жігіттердің мысалы бізде аз емес. Мәселен, менің інім Майсжан денсаулық жағдайы келмей, оқуды 8 класта тастап кеткен болатын... Армияда үш жыл қызмет істеп, ол үйге кәмелеттік аттестат пен ағаш шеберінің мамандығын алып оралды. Қазір ол колхозда ағаш шебері болып жақсы жұмыс істеп жүр. Армиядағы жауынгерлік қабілеттің және әрқашанда ұрысқа сақадай сай болудың басты негізі қатаң әскери тәртіп болып табылады, ал қатаң әскери тәртіп дегеннің өзі саяси биік саналылыққа, патриоттық сезімге, әр жауынгердің өзінің әскери борышын терең түсінуіне негізделеді. Заңда, уставтарда, бастықтардың бұйрықтарында белгіленген тәртіптер мен ережелерді әрбір жауынгер қашан да дәлме-дәл сақтауға міндетті. Әрбір жауынгер тәртіпті болуға, өзінің қолындағы қаруының тетігін әбден игеріп, сақтай білуге, өзінің білімін үнемі көтеруге, өзінің әскери коллективін құрмет тұтуға, барлық істе өзінің жолдастарына көмектесуге, өзінің жолдастарын лайықсыз қадамдардан сақтандыруға және өзінің командиріне сөзсіз бағынуға міндетті. Осының бәріне практика жүзінде бірден қол жетпейді, оп-оңай нәрселер емес; саналы әскери тәртіптің нығаюына командир әр алуан шараларды жүргізе отырып, өзінің күнделікті ыждаһатты ісімен, уставтардың қағидаларына, үлкендердің тәжірибесіне, саяси аппаратқа, әскери бұқараға сүйене отырып бірте-бірте дәйектілікпен жетеді. Әскери тәртіпті нығайтудың негізгі әдісі — сендіру. Бірақ өмір тәжірибесі мен практика басқадай, қосалқы әдісті де теріске шығармайды. Ол әдіс — көндіру. Бұл тәртіпсіздер үшін қолданылады. Өйткені, армияға әртүрлі ортадан әр алуан адам келеді. Әкесі ұлын сөккенде жаман болсын дегендіктен емес, оның теріс мінездеріне күйіп кеткендіктен сөгеді, баласының бұдан былай да теріс жолмен кетуін әке қаламайды, сол себепті ол сөгеді, ұрысады, тіпті, жазалайды да. Командир көндіру әдісін тәртіпсізді тәрбиелеудің ең шеткергі шарасы ретінде ғана қолданады. Командирдің басында сенім де, өмір де бар, ол — өз бағыныштыларының ағасы. Ол қарауындағы адамдар құрамын өз басының адамгершілік қарым-қатынасымен, араласып жүріп, жан-жақты зерттеп білуге, өзінің жұмысында бағыныштылардың да пайдалы пікірлері мен ұсыныстарын ескеріп отыруға міндетті. Өзіне қаншама үлкен сенім артылғанымен, бұл әсте де барлығы да тек оның ғана айтқанымен болсын деген сөз емес, оның аттап кете беруіне болмайтын нормалар мен сезім шектері де болады. Командир өзінің бағыныштыларын ашумен емес, ақылмен тәрбиелеп үйретуі тиіс. Ол қара қылды қақ жарған әділ болуға, біреуді шектен тыс мақтауға да немесе біреуді жазықсыз жазғыруға да бармауы керек. Ол талап қоюшылық пен қаталдық деген екі ұғымның айырмасын әбден анықтап, терең түсініп алуы қажет. Өз қызметінде ол осы екі ұғымның айырма шегін ешқашан өшіріп алмасын, өйткені, талап қою дегеніміз — заң, қаталдық дегеніміз — заңсыздық. Қаталдық басқадай да заңсыздықтар сияқты, адамды қорлайды, езеді, ызасын қоздырады. Саяси саналылықтың, жауынгерлік дәстүр мен озат тәжірибенің, тәртіпсіздікке төзбеушілік көзқарастың негізінде жауынгер намыскер адам болып тәрбиеленіп, үйренуі керек. Намыскер емес адам ерлік жасауға қабілетсіз. Суворов: «Бас имей бағын!» деген болатын. Еш уақытта да жауынгердің адамдық қасиетін төмендетіп алып жүрме. Өзіңе де, бағыныштыларыңа да жоғары талап қою, сендіру мен көндіру шараларын шебер ұштастырып, дұрыс қолдану — командирдің борышы мен міндеті. Себепсіз еш нәрсе де болмайды. Қандай теріс мінезден болса да адамды ақылға сыйымды талдау арқылы алдын ала сақтандыруға болады, бағыныштының ұнамсыз қылықтарын тудыратын себептерді дер кезінде ашып, жойып отыру қажет. Әрбір әскери коллективте тәртіпсіздікке төзбейтін көзқарас орнауы керек. Тәртіпке шақыратын ықпалдан бірден-бір теріс қылық тыс қалмасын, өйткені бірдің тәртіпсіздігі шарпуын көпке тигізуі, тіпті, жазығы жоқ, адал жауынгерлерді де ала кетуі мүмкін. Мұның өте-мөте ұрыс кезінде келтірер залалы үлкен болады. Сондықтан тәртіптен тыс әрбір көріністің қылтия бастағанында-ақ тамыры қиылуы керек. *** Кадрлар туралы бірнеше сөз. Жақсы әзірлігі бар, мамандығы жоғары кадрлар қай істе болса да шешуші фактор екені белгілі. Ешкім де жоғары маман және тәжірибелі күйінде тумайды. Бағбанның жеміс ағашын өсіргені сияқты, кадрлар да үлкен еңбекпен өсіріледі. Білім, тәжірибе деген — жылдар жемісі. Кадрларды олардың іскерлік және жеке басының қасиеттерін есептей отырып, келешектегі өсу жолын да ойластырып, дұрыс орналастыру үшін бастық тарапынан барынша әділ болуды талап етеді.

Сонымен қатар ауыстыруға болмайтын адамдар жоқ.

Кімде-кім асқақтай бастаса, ондайларға тойтарыс беріліп, тез кезінде тиісті орындарына қойылуы керек. Табысқа беріліп басы айнала бастағандарды, азды-көпті кішіпейілдігін жоя бастағандарды дер кезінде айықтырып отыру керек. Барлық ісі жақсы жолға қойылған, өзара байланысы күшті әскери бөлімдер табысқа бұрын жетеді. Офицерлердің шеберлігі төмен болуы штаб қызметінде де, партиялық-саяси аппарат жұмысында да басқаның бәрінен бұрын залалды әсерін тигізеді. Қандай да жақсы ойдың жүзеге асуы дәлді, ақылға сыйымды, жан-жақты ұйымшыл іспен, жолға жақсы қойылған өзара байланыспен ғана қамтамасыз етіледі. Әскердің универсалды түрлері жоқ. Ұрыста әскерлер түрлерінің өзара байланысы дегеніміз — әскердің бір түрінің олқысын әскердің екінші түрінің қолында бар артықшылығымен толтыру деген сөз. Сол сияқты толып болған универсалды офицер де жоқ. Сондықтан іс жүзіне келгенде әртүрлі мамандықтағы офицерлердің біртұтас басшылықтың қоластында өзді-өзара байланысы және бір-бірін ауыстырып, толықтырып отыруы қажет. Шексіз нәрсе құшағыңа сыймайтыны сияқты, ең жоғары маман деген командир де барлығын бірдей ауыстыра алмайды, сол себепті оған штатта орынбасарлар, көмекшілер беріледі. Солардың қызметін билік тұтастығы бар бастық пайдалана алуы керек. Өзара байланыс принципін біз бірден жолға қойып кете алмадық. Біздің көп қиындықтардан өтуімізге тура келді, алдымен біз бұл проблеманы өзіміздің офицерлер корпусында шештік. Біздің ащы тәжірибеміз бір-бірімізді ұрыста да, еңбекте де ауыстырып отыруға үйретті. Осыған жетудің жолында біздің көп еңбектенуімізге тура келді. Өз практикамнан өкінішті бір мысал келтірейін. 1945 жылдың басында, 9-гвардиялық дивизияның командирі болып тұрғанымда, мен бір офицерді өз міндеттерін орындай алмағаны үшін армияның штабына қайтардым. Сол офицер үш күннен кейін дивизияға қайтып келіп, маған армия командашысы, генерал-полковник Иван Михайлович Чистяковтың пакетін табыс етті. Генерал-полковник маған тегіс емес, ірі-ірі әріптермен жазылған записка жіберіпті, мазмұн нобайы мынадай еді: «Біздің бәріміз де өз міндетімізді ащы-тұщысы аралас, өйтіп-бүйтіп орындап жүрміз. Егер Н. жолдас жұмысты істегісі келмейді екен немесе жұмыста іждаһаты аз екен, онда талап қойып, жақсы жұмыс істеуге көндіре біліңіз. Егер оның қолынан келмейді екен, көмектесіңіз. Егер ол білмесе, не жұмыстың ретін келтірмесе, онда үйретіңіз. Әбден үйретіп болған соң, ол өз міндеттерін өте жақсы орындап кететін болған кезде, тек сонда ғана оны менің қарамағыма қайтаруыңызға болады...» Командашының осыншалық тапқыр, әділ хат-нұсқауын мен командир Н. жолдас жөнінде ғана емес, басқа да өзімнің бағыныштыларым жөнінде басшылыққа алып орындауға кірістім, сол бір записканы өз өмірімнің қағидасы ретінде әлі де есте сақтаймын. *** Сұрақтар да көп берілді. Негізінде әскери тәрбие жағынан, әскери педагогика тарапынан, әскери теориялық мәселелерден мысалдар келтірейін:

— Соғыстың барысына және нәтижесіне өлшеуіш болатын заңдар қандай?

— Бұл — өте салмақты сұрақ, ол әскери ілімнің ғана емес, тарихи материализмнің, экономикалық ғылымның, тарих, заң ғылымдарының және басқа да ғылымдардың тақырыбы.

Әскери ілім пәні дегеніміз — бұл әскери өнердің теориясын, әскери білімдердің системасы, тұтас алғанда соғысу проблемасы, әрекеттер мен ұрыстар проблемалары, қарулы күштерді ұйымдастырудың, жауынгерлік дайындық пен әскери тәрбиенің мәселелері. Соғыс ісінің өзі тұтастай да, толығынан да қоғамдық өмірдің дамуына байланысты. Ең алдымен, қарулы күрес саясатқа тәуелді. Саясат пен қарулы күрес арасындағы берік байланыс — ең бірінші фактор. Арнаулы әскери проблемалардың барлығының шешімі соғыстың саяси мақсаттарына бағындырылуы тиіс. Мемлекеттің соғыстық қуаты да, соғыстың барысы мен нәтижесінің өлшеуіші де өндіргіш күштердің даму дәрежесіне және экономикалық даму дәрежесіне, экономикалық құрылыстың сипатына қарай байланысты. Мемлекеттің соғыстық қуатының өлшемі қазіргі кезеңде материалдық өндірістен ғана емес, жаратылыстану және техникалық ғылымдардың жай-күйі мен дамуына да байланысты. Біздің заманымызда материалдық өндірістің дамуынан ғылым оза шауып отыр. Техника әскери өнерде барған сайын үлкен маңызға ие болып келеді. Мемлекеттің әскери қуаты, соғыстың барысы мен нәтижесіне өлшеуіш болатын фактор тұтастай алғанда халық пен армияның саяси-моральдық дәрежесіне де байланысты.

— Ерлік деген не? Ол кездейсоқ нәрсе ме?

— Бұл сұраққа жауап бергенімде, бұрынғы бір айтқанымды қайталауыма тура келіп тұр. Ерлік — табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі. Халықта туа батыр болмайсың, жүре батыр боласың деген нақыл бар. Ерлік деген әртүрлі жағдайда пайда болады. Ұрыс үстінде жаралану немесе өлу жауынгер үшін кездейсоқ нәрсе емес, сол сияқты ұрыс даласында болып қала беретін ерлік оқиғалардың көпшілігі де кездейсоқ емес, ол — қиындық атаулыны жеңуге ынтық, жанын шүберекке түйе әзірленген дайындықтың жемісі. Кейде мүлде күтпеген жағдай болып қалады, сол бойда жауынгер де өзіне төнген қауіп-қатер салмағын мойнымен көтере тұра, табанда жаңа шешім алады. Идеялық шыңдалған, моральдық-адамгершілік сапасы жоғары жауынгердің ішкі дүниесінде азаматтық борыш алдындағы жауапкершілік, беріспеске бел байлаған жауынгерлік құмарлық түрінде ішкі адамгершілік қасиеттері оянады. Міне, осы ішкі таяныштар ғана ерлік күшін нығайтады, қандай қиыншылық кезең болса да, жауынгердің ұрыс даласында лайықты қадамдар жасауын қамтамасыз етеді, өлім мен өмір егескен шақта ар-намысты сақтап қалады. Ерлік дегеніміз үлкен де, мақсаттар жолында жасалған ерекше қадам, ол осындай қоғамдық маңызды қадам болғандықтан, мұндай қадам қоғам тарапынан өзіне құрмет те табады.

Бандиттер де адам таңқалатын айлалы батыл қадамдар жасайды, өте бір сын сағаттардан да құтылып кете алады. Бұл да ерлік пе? Жоқ, бұл ерлік емес, олай болмайтын себебі: сырт алғанда, дене күшін барынша жұмылдыру күші жағынан ерлік дегенге ұқсастығы болғанымен, ішкі қозғаушы күшіне келсек, ол моральға қарсы, қоғамға жат, адамгершіліктен аулақ. Қайталаймын, жөні түзу жауынгердің бүкіл саналы өмірі ұрыс жағдайының талабына қарай ерлік жасауына, жаумен соңғы демі біткенше шайқасуға әзірлік болып өтеді. Сондықтан ерлік дегеніміз — кездейсоқ қадам емес, ұзақ тәрбиенің жемісі. Асылы, сұрақтың авторы басқа бір мәселені айырып алмағанға ұқсайды. Ерлікті белгілі бір қадамның дұрыстық не терістігіне қарай өлшеу керектігі туралы мәселені айтамын. Тек өз ісінің мақсаты мен міндетін ұғынғанда ғана адамның ерлікке ұмтылған қадамында мән бар. Егер адам тапсырманы орындай тұра, оның қауіптілігін білмесе, өзінің қандай тәуекелге бара жатқанын ұғынбаған, оның не екенін сезінбеген болса, қалай болады? Тіпті, тапсырма ойдағыдай орындалды делік. Оның осындай жолдағы қадамын ерлік деп айту дұрыс па? Моральдық жағынан жоқ, дұрыс емес! Бұл арада көптеген басқа сұрақтарды келтірмей-ақ қояйын, көптің ішінен мысалға осы екеуі де жетер деп ойлаймын. Академиядағы өткен жиыннан кейін, түскі тамақ болды, кубалық достармен дастарқан үстінде де әңгіме-дүкен жалғана берді.

ГРАНМА

Мексика жайылмасы Гавана шығанағына ені бір километрден аса Ентрада каналымен қосылады. Шығанақтың ұзындығы сегіз-тоғыз километр, ені екі-үш километр, оның түбі терең, оның тек батыс жағасында ғана ірі мұхит кемелері жағаға сүйене тоқтап, жүктерін жерге түсіретін оннан аса кең алаңды, механикаландырылған тоқтама — причалдары бар. Шығанақтың шығыс жағасында жылдан-жылға өсіп келе жатқан жаңа қала бар. Оны «Жаңа Гавана», «Шығыс Гавана» деп атайды екен. Мексика жайылмасының Ентрадағы кіре берісінің астынан ұзындығы 1750 метр, биіктігі мен кеңдігі үлкен көшедей, қос туннель салынған... Төбесі күмбезделген, іші күндізгідей жарық. Орландо сексен-тоқсан километр жылдамдықпен «Каделлак» атты жеңіл машинаны айдап келеді, ал кейбір машиналар бірде оңнан, бірде солдан бізді қуып жетіп, зымырап өтіп барады. Жүріс бір беткей, бір тарапқа ғана бағыт ұсталынған. Қарсы жүріс қатардағы туннельде, біз онымен қайтарда жүрмекпіз... Мұхит кемелеріне тереңдік істейтін теңіздің астындағы Жаңа Гавана мен Гавананың төтеннен байланыс жолы — туннельмен келе жатып: «Бұл жерді адам баласының данышпан ойы нендей өзгеріске салмады!» —деп ішімнен таңдандым. Жер астынан қылт етіп шыға салысымен-ақ, алдымыздан кең көшелі, көше араларында көлемді-көлемді бақшалары бар, көше мен тротуар арасында машиналар қоятын орындары бар, төрт-бес қабат үйлерінің іргетасы мен қораларының дуалдары кереге көз қашаланған үлкен қала көрінді.

— Бұл қаланың үйлерін салғанда Фидельдің нұсқауымен бір үйге бір үй кедергі болып, теңізден соққан желге бөгеліс болмасын деген есеппен салдырылған. Бұл қаланың ауасы Гаванадан таза, бұл жерде қапырық болмайды. Көріп келесіз ғой, үйлері Гаванадағы сияқты қаз-қатар емес, аралары ашық-ашық, шахматтық ретпен тұрғызылғанын, — деді Семенов.

— Бұл қаланың орнындағы бұрынғы қала картоннан, қаңылтырдан, ағаштың қабықтарынан, жаңқадан — әйтеуір қолға түскен қоқым-соқым материалдан тұрғызылған екен, ал жарлы-жақыбайлардың жұлма-жұлма бас күркелері болатын, — деді Хосе. — Тұрғындарының көбі жұмыссыздар болатын. Кез келген қара жұмыстарға жегіліп, бұйырғанын ішіп-жеп, үстіне ілінгенін киіп әйтеуір күндерін көріп жүрген пенделер еді, — деді лейтенант Поэдро Диас Охэдо. — Бұл жер Гавананың тіршіліктен жұрдай болған пролетарларының көздеріне шыбын үймелеп жатқан ордасы еді...

— Өз көздерімен көрмеген адамдарды сендіру, әрине, өте қиын, — деді машинаның рулін оңға, солға ептілікпен ұстап отырған Орландо. — Мен өзім осы жерде туып-өскендердің біреуімін. Мұндағы жарлы жандардың сарқыт жеп, жуынды ішкендерін көргенбіз. Жамаулы, жасқаулы, тек абырой жаппаға пайдаланған киімдерін де көргенбіз. Әсіресе аш-жалаңаш, шұбырып жүрген жас балаларды көргенде қабырғаң қайысатын...

— Әжетхана да жоқ. Су өте тапшы. Қаңсып жатқан шөл өңір еді.

— Адамдары болса, жақтары қалақтай, үрпиген, көздері шүңірейген, қабырғалары тырбиған, бұттары шидей, тропикалық безгектен қалт-құлт етіп, дірілдеп, қалшылдап жүрген аруақтар сияқты еді.

— Бұл жер шыбын-шіркейдің құжынаған ордасы болатын... Жайылманың (заливтың) батыс жағасында ыңырсып жатқан байлық пен мансаптың, сауықшылық пен жеңіл-желпі салдық болса, шығыс жағасында қайғы лебін түйіле жұтқан тарлық, тұншыға ыңырсыған мұңды үн...

- Міне, жолдастар, бұл қаланың өткендегі тағдыры осындай, — деді де, сонсоң қазіргі қала көрінісін түсіндіре бастады.

— Оң жақта, анау қыр басындағы үлкен үй бес жүз орындық аурухана...

— Сол жақта, анау үлкен сары үй арқан есетін фабрика...

— Алдымыздағы зәулім үй мұнай тазартатын кәсіпорынның бір бөлімшесі...

— Анау болса, жаңа темекі фабрикасы...

Мен жолдастарымның сөздерін аударма арқылы ұққанымша, машина 110-120 километр жылдамдықпен зымырап, бәрінен де өте шығып келеді. Оларға сұрақ беру түгілі, айтқандарын қарауға да үлгере алмай келемін...

— Міне, алдымызда Касабланка, — деді Орландо машинаны магистральдің оң қолтығындағы жолға бұра бергенде.

Көз алдымызда аласа үйлерді тізелерімен басқандай, көк теңізде қаптап тұрған ірі, орта, майдалары аралас кемелердің тұрақ-қотаны... Қарап үлгергенше болмай, сол «қотанға» еніп те кеттік. Машина ирек жолды өрнектеп зымырап барып тоқтай қалды. Алдымыздан бір топ теңіз офицерлері шықты. Теңіз кеме офицерлерінің де, матростарының да киім формалары жақсы келеді екен. Тап-тұйнақтай, сыпайы, қонымды, таза киінген. Амандасып болған соң, жаға шетімен топтана тұрған корабльдердің тұстарынан өтіп барамыз. Корабль экипаждары сап тартып тұра қалып, ізет көрсетеді... Сегіз матрос, бір офицер кішкене кеменің палубасында сап түзеп тұр. Біз жақындағанда, офицер палубадан жағаға секіріп түсіп, ізет білдіріп, әскерше қарсы алды.

— Нарберто Голладо Алреу «Гранма» кемесінің капитаны болады, ал мына палубада тұрғандары кеменің командасы, — деп таныстырды Хосе.

— Қош келіпсіз. Біз сізді күтіп тұр едік, — деді маған Голладо, сонсоң басқаларға қарап: — Алдымен мен полковникті командамен таныстырып, кемені аралатайын, одан соңғы әңгімелеріміз сіздермен де бірге болар, — дегенінде, ілесіп келгендер оның сөзін мақұлдап, тұрған орындарында қала берді.

Біз кеменің палубасына шықтық. Мен командадағылардың әрқайсысымен қол беріп амандастым.

— «Гранма» ағылшынша үлкен әже деген сөз, — деп бастады сөзін капитан, — толығынан жөнделіп, сырланып, қайтадан жаңартылып, бұрынғы өз қалпына келтірілгеннен кейін бұл кеме осында реликвия ретінде сақтаулы тұр. Командасының жартысы да қарт теңізшілер. Мен өзім болсам, осының алғашқы матростарының тірі қалғандарының біреуімін...

«Гранма» бір мексикалықтың жеке меншігіндегі кішкене кеме болатын. Мексикада жүрген кубалық төңкерісшіл эмигранттар өзара қаржы жинап, жетпегеніне несиеленіп, сатып алынған болатын. Кемені сатып алғаннан кейін біз жылға жақын дайындық жұмыстарында болдық. Тау мен тастың арасында жүріп, әскери машықтанумен, партизандық әдістерін үйренумен болдық... Әскери жағынан жетекшіміз генерал Бойо еді... 1956 жылдың ноябрінің 30 күні Сантьягода Кубада көтеріліс болуы керек еді. Соның қарсаңында Кубаға жетіп, сол көтеріліске бірге қатысу үшін біз Мексикадан 25-ші ноябрьде құбылып тұрған бұрқасынды кеште ашық теңізге шықтық... Қырық-елу адамдық «Гранмаға» сексен екі адам міндік... Команданың даярлығы соншама айтарлықтай емес еді. Қару-жарақты есеп қылғанда кішкентай ғана кеменің жүгі екі-үш есе ауырлап кетті. Жолда қарама-қарсы келе жатқан пароходтарға кез болмау үшін төте жүзбей, орағыта жүздік, оның үстіне сол кезде ұзақ жол соғып, теңіз өркештене толқынданып, асаудай тулап жатты. Тулаған теңіз долдана «Гранманы» толқынның бір өркешінен екінші өркешіне лақтырады... Бір-бірімізді белуардан қапсыра құшақтап, иін тіресе толқын соққысына зордан шыдап келеміз... Жеті күн, сегіз сағат, жиырма үш минут асау теңізде, қауіпті жағдайларды бастан өткізіп, екінші декабрьде Кубаның жағасына жүз-жүз елу метрдей қалғанда «Гранма» су түбіне отырды. Фидельдің бұйрығы бойынша, қару-жарағымызды арқалай, барлықтарымыз кемеден секіріп суға түстік, су таяз, ұзын бойлылардың кеңірдегінен ғана асады, судың асты құм емес, тартпа балшық... Жеті күн, жеті түн бойы асау теңіз қалжыратқан жандар жағаға зордан өліп-талып жеттік-ау дегенде, алыстан күзетші катер көрінді, ол бізді байқап қалды... Жиырма алты самолет келіп, қара құстай айнала ұшып, бізді бомбалау, атқылау астына алды... Кейіннен не болғанын Ориентеге барғанымызда айтып беретін кісілер табылар, ал енді «Гранманың» іші-сыртын аралап көріңіз, — деп сөзін аяқтады капитан. «Гранма» — үш каюталы кішкене кеме. Бірінші каютада кішкене стол ғана тұр. Сол кездегі Фидель Кастроның пайдаланған топографиялық картасы шыны астында дуалда ілулі тұр. Картаның кейбір жерлері жұлмаланып жыртылған, кейбір жерлеріне су тиіп сарғайған, кейбір жерлеріндегі қалам сиясы су тиген соң айғызданып жайылып кеткен. Планшет оралып салынған бұрыштары түтіле қажалып шұрқ-шұрқ тесілген.

— Мұны бұрынғы қалпына келтіре алмадық, — деді капитан маған, картаға үңіле қарап тұрғанымда.

— Осы бойынша сақталғаны дұрыс болған екен. Бұл карта осы түрімен көзге ыстық. Бұл — реликвияның нағыз өзі. Бұл болашақ ұрпақтар үшін тарихи тәбәрік нәрсе, — дедім мен оған. Капитан екі өкшесін сарт соғыстырып, қалт тұра қалып, оң қолын шекесіне ұстап, күлімсіреді.

— Сол кездегі фотодокументтер жоқ па?

— Бірнеше фотоаппараттар бар болатын, бірақ жау қолына түссе, суреттер куә болмасын деген оймен, сәтсіздік басталғанда оларды да, барлық документтерімізді де суға тастағанбыз...

— Иә, конспирация тұсында олай етпеске болмас та еді, — деді Виктор Иванович. — Қауіптің аты қауіп, құпияның аты құпия.

Екінші каютада екі диван, сондағы қару-жарақтардан бірнеше автоматтар мен карабиндер. Алдыңғы каютада кемені жүргізетін басқару приборлары, компос сияқты сол кездегі аспап-саймандар. Сыртқа шығып моряктармен біраз әңгімелестік.

— Ұлы Октябрьден бұрын Россияда көп қозғалыстар, бірнеше революциялар болған, бірақ та олар сәтсіздікпен аяқталған. Көтерілістерге, революцияларға ірі-ірі теңіз әскери кемелері де қатысқан. Сол кемелердің ішінде крейсер «Аврораның» орны бөлекше. «Аврораның» зеңбіректерінің залпымен жеңісті Октябрь революциясы басталған болатын. «Аврора» — крейсерлер ішіндегі біз үшін тәбәрік реликвия... «Гранма» крейсер емес, бұл кішкене ғана кемешік. Бұл кеме асау теңізбен арпалысып, үстіндегі революция батырларын жағаға жеткізді. Екі отау үйдің орнындай ғана кемемен жеті жарым тәулік құтырып жатқан асау теңізден жаңқаға мінгендей болып, Отанында жаңа дәуір бастау үшін сексен екі азамат революционерлердің өтіп келуі ғажайып таң қаларлық, теңеуі жоқ ерлік... «Гранма» сіздердің революцияның «Аврорасы» деп теңеуге болады. «Гранманы» реликвия ретінде сақтағандарыңыз өте дұрыс екен, — деп мен сөзімді аяқтадым.

— Сізбенен суретке түссек дейді мына тұрғандар, — деді капитан.

— Жарайды.

Бес-алты фотограф топтанған моряктарды кезек-кезектерімен «Гранманың» алдында бізді орталарына алып, суретке түсіріп жатты.

— Бізге келген құрметті қонақтар жазатын «Құрметті қонақтар кітабы» бар еді. Соған бір-екі ауыз сөз жазсаңыз, — деді капитан. Бұрылып кемеге қайта ендім. Үлкен кітапқа мен қазақшалап жазып қол қойдым. Сыртқа шықсақ, бір топ матростар мен офицерлер автограф сұрап тұр екен.

— Өздері аттарын жазсын, мен қол қойып берейін. Бұл жерде емес, шыға берісте тұрған машина алдында, — дедім мен. Хосе аударып жеткізді, «бұл кісі аттарыңызды өзі испаншалап жаза алмайды. Кеме ішіне қайтадан оралу ыңғайсыздау болар, басқа да кезек күтіп тұрғандар бар болар...» деп түсіндіру керек... Барлықтары соңымыздан машинаға еріп келді. Қырық-елудей автограф берген соң жылы қоштасып, Касабланкадан аттандық.

МОРРО МЕН ПУНТА ҚАМАЛДАРЫНДА

(КАСТИЛЛО ДЕЛ МОРРО.

КАСТИЛЛО ДЕЛА ПУНТА)

Энтарада каналына кіре берісте теңіздің екі жағалары да тіп-тіке құз-жартастар. Ол жағаларға кемелер келіп тоқтаулары мүмкін емес. Әсіресе, үлкен дауыл кезінде толқын жағаға жақындаған кемелерді лақтырып жартасқа соғып оны опатқа ұшырата қиратуы мүмкін. Жай ашық күндері де кемелер Энтарада каналы арқылы өтіп, Гавана шығанағына тоқтайды. Каналға кіре берістің екі жағасында қорғаныс қамалдары. Олар 1762 жылдан бастап құрыла бастаған екен. Бұдан екі жүз жыл бұрын испандықтар ЛА КАБАНИ ауданына қалың гранит дуалды қамалдар салып, тереңдігі үй бойындай, кеңдігі үлкен көшедей етіп ор қазып, өткел ретінде көтермелі көпірлер салып, мықты қамалға айналдырған екен. Ол кезде самолеттер жоқ, ал судан да, жерден де ол қамалдарды баса-көктеп алу өте қиын. Бұл кезде де ол аудан мықты жаға бекінісі болып саналады. Сол ауданда бірнеше арнаулы әскерлер тобы, бірнеше әскери училищелер, академиялар, арсеналдар жайласқан. Касабланкадан шығып біз соған келдік. Зәулім орта ғасырдың кең қақпасының алдында бізді бірнеше офицерлер мен генералдар қарсы алды.

Мына кісі жаға қорғанысының командашысы...
Мына кісі әуе қорғанысының командашысы...
Мына кісі қамалдың бас коменданты...
Мына кісі жаға мен қамал артиллериясының командашысы...

Мына кісі осындағы арсеналдың бастығы...

Мына кісі мемлекеттік қауіпсіздік әскерлерінің және бандитизммен күресу жөніндегі әскерлердің бас командашысы.. .

Мына кісі артиллерия училищесінің бастығы...
Мына кісі ӘҚК училищесінің бастығы...

Мына кісі инженер училищесінің бастығы... — деп шетінен таныстыра бастады. Барлықтарының аттарын есте қалдыру мүмкін емес, ал сұрап жазып алу болса, ол әскери жағынан әдепсіздік болар еді. Бұрын мен әскерлермен залда, штабта ғана жолықтым. Әр әскердің өзінің құпия-жасырын сырлары бар. Кімнің қай жерде тұратындары, не істеп жатқандары, кімнің қандай қызметте екені, кімнің қандай әскери атағы барлығы, әскер саны, оның қару-жарақтарының қандай екені, т.б. нәрселерді әскери құпия деп санайды. Оларды білу үшін барлау жұмсайды, агенттер, шпиондар жібереді. Мен барлаушы да емеспін, агент те емеспін, шпион да емеспін. Мен әскери адаммын. Неше айтқанмен шетелдік офицермін. Мен ресми тұлға емеспін. Мен үшін ешкім ресми түрде кепілдік берген емес. Жазушы ретінде көп нәрсеге қызығып қарап, көп нәрсенің астар сырларын білгім келсе де — полковник болғандықтан мен әдеп сақтап, сұрақтар беріп қазбалауға ешқандай джентльмендік правом жоқ. Мен әдеп сақтауым керек. Мен орда ортасында тұрып таңданып, алақтап қарай беруім керек. Мен сұрақ беруім керек. Мен көрген білгендерімнің барлықтарын бірдей жазбауым да керек. Оқушым, сен де әдеп сақта. Азын-аулақ хабарды қанағат еткін. Маған қамалдық ауданның барлығын аралатты, ондағы не бардың бәрін көрсетті. Бір зенитный дивизион «машық тревогамен» мені қарсы алды. Жаға артиллериясының бір дивизионының позициясына жақындай бергенде, «теңізден қаптап келе жатқан дұспан кемелерін» дабыл атыспен қарсы алды; бір батальон кемеден түсіп, жағаға шыққан дұспанның теңіз жаяу әскеріне қарсы шабуыл жасап, оларды теңізге тойтарып тастады; бір батальон аспаннан түскен әуе десанттардың жерде бастарын біріктірместен қудалап қырып-жойып ұстап жүр... Қысқасы, «егер олар солай ете қойса — біз де осылай етеміз» деген соғыс машықтарын көрсетті...

— Әрине, бұндай операцияға біздің самолеттер мен (авиация) соғыс кемелері (военно-морской флот), танктер (бронетанковые силы) ақыры жергілікті халық дружиналары да қатыспай тұра алмас еді... — деді қасымыздағы бас штаб бастығының орынбасары. Команданте X.

— Ол түсінікті ғой. Ол жағын мен манадан бермен ішімнен болжап келемін, команданте.

— Әрине, бола қойса деген оймен істеліп жатқан әрекеттеріміз ғой, коронел.

— Дәрі (порох) дымқылданса, от алмайды. Ат суытылмаса, шаба алмайды. Жүріп-тұрмаған машинаны тот басады. Аласұрып жүгіріп жүрмеген жауынгерді ұйқы басады. Ұйқылы көз қырағы болмайды. Сау болу үшін сақтан. Сақтықта қорлық жоқ. Жауласқың келмесе — тойтарысқа даяр бол... Тұяғын күтпеген, тұлпар емес, қанатын күтпеген сұңқар емес. Өзін аяған дұспанға дос... деген сөздер манадан бермен есіме түсіп келеді, команданте.

— Өте дұрыс, коронел. Өте аталы сөздер айттыңыз.

— Бұл сөздерді мен айтқаным жоқ, команданте, менің халқым айтқан.

— Я, халық жарықтық данышпан ғой, коронел.

— Машықтануға қатынасқандардың алдында сөз сөйлеп, көрсеткен әскери өнерлеріне рақмет айтып өттім:

— Менің байқауымша, машықтану барлық жауынгерге бірдей оңай соқпайтын сияқты. Суворов айтқандай: «Машықтану қиын болса, соғысу оңайлау түседі». Генералиссимустың бұл сөзінің шындығына біздің бірнеше ұрпағымыздың өз тәжірибесінде көзі жетті. «Ол қандай болған күнде де жауыңды құр жек көрумен тынба, одан да оның күші неде, әлсіздігі неде екенін біліп ал» дегей... Әскери өнер әсте де барлық жауынгерге бірдей бірден қона кетпейді. Сіздер революцияшыл, жігерлі, патриоттық рухы күшті халықсыздар, әскери өнерді де жетілдіріп өрге бастадыңыздар, —деп сөзімді аяқтадым. Тұрғандар қуана дауыстап, көп уақыт қол соқты.

*** Училищелерде жылы лебізді кездесулер, өзара достық әңгімелер болды. Жас артиллеристермен әңгімелестім. Жас солдат кезімнен артиллерия тілін білетіндігімнен, бұлармен ұғыса кеттім. Әрине, олардың артилерия мамандығын үлгерулері қазірінше оншама жоғары дәрежеде деп айтуға болмайды. Артиллерияның қызықты, жұмбақ есептерін қалжыңдай отырып, айтып бердім. Олар ертегі тыңдаған баладай қуанысып:

— Түсініп отырмыз! —десті.

— Ал, түсінсеңіздер, артиллериядағы «Не вижу, не стреляю!» деген заң содан шыққан, — деп әңгімені аяқтадым.

Куба армиясында әлі тегежеленіп, текшеленген уставтар жоқ. Әскер бөлімдерінің, құрамаларының да ұйымдастырылу бір салалы деп айтуға қазірінше болмайды. Тактика мәселелері ірі планда әлі де қалыптаспаған. Сондықтан ба, олар сұрақ берердің алдында не сұрайтындарын көп сөздермен түсіндіріп болып, соңынан сұрақ сөйлемін құрады. Сұрақтарының көбі өз тәжірибелеріне байланысты келеді. «Осылай болып еді!» дегенді айтып болғаннан кейін «қалай болуы керек еді?», осы жағынан сіздің тәжірибеңізден қандай мысалдар? деумен аяқталады. Олардың барлықтарын келтіре беруге болмас, сөйтсе де кейбіреулерін келтірейін.

— Мен ұрыс кезінде командир болғанымда, менен дұшпан да, өздеріміздің адамдар да қорқатын еді. Мен жақсы атқыштардың бірі едім. Қауіпті жерлерге өзім бастап барушы едім. Қарамағымдағы бір адам тілімді алмай көрген емес. Менің мінезім тұйықтау кісімін. Көп сөзді жек көретін адаммын. Менің шартым — айтылды ма, болды. Жан-тәнді салып бұйрықты орындау керек. Оған мен жақсы түсінемін. Онсыз болмайтындығы мәлім ғой... Жақсы командир болу үшін тағы да қандай қасиеттер керек? Ол жағынан сіздің қандай тәжірибеңіз бар?

— Сіздің басыңыздағылардың көбі, шынында, командирге керекті қасиеттер екені рас, бірақ, оларға бірнеше корректуралар керек болар. Әрине, әр корректура әр жағдайға байланысты. Дұспанның сізден қорыққаны дұрыс, ал өз адамдарыңыз сыйлауы керек, аздап имену де керек. Қарамағындағыларды қорқытып, жасқандырып алудың пайдасы аздау. Көп ойлап, аз сөйлеу де жақсы әдет, ал тұйық болудың орынсыз жерлері де болуы мүмкін. Командир көжеге өкпелеген жаман баладай болып жүрмеу керек. Командир сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Олай болу оңай да бола қоймас, бірақ оған тырысу керек. Табиғат берген қасиеттер мен тәжірибелерді орынды пайдаланып отыру керек болар.

Басқалармен санаса білу керек. Командир мейлінше әділ болуы керек. Қара қылды қақ жарған әділеттікке әркім де құл. Командирдің міндеттері заңдарда, уставтарда көрсетілген. Оның праволары да сонда айтылған. Устав, заң шеңберін орталату либералдық істеу деген сөз, оның шеңберінен асып кету де не ақымақтық, не қаталдық. Ешнәрсе нормадан не кем, не артық болмауы керек, — деп сөз арасында әзіл сөздерді араластырып жауап бердім. Бір бұрынғы командир, қазіргі курсант көп сөйлеп өз басынан өткендерін айтып болған соң: — Қандай жағдайда болсын командир дұрыс тоқтамға келіп, ұтымды шешім алып, бұйрық беру үшін не нәрсе керек? — деп сұрағын аяқтады.

— Үлкен командир еш уақытта мұндай сұрақ бермес еді! — деген бірінші сөзімді Хосе аударғанда, отырғандар да күліп жіберісті. Түрегеп тұрған жас офицер қызарып кетті.

— Сіз жас офицерсіз, сіз үшін барлығы алда, сіз өсесіз қызмет жағдайында. Сізге қазірінше мұндай сұрақтарды беруге болады... — Отырғандар тағы да күлісті.

Мен тағы да: — Иә, офицер де жүре-жүре ысылады, көре-көре түсінеді, есіте-есіте ұғады, істей-істей буындары қатаяды. Сен, қарағым, менің жаңағы сөздерімді көңіліңе алып қалған жоқсың ба? — дедім.

— Жоқ! Неге көңіліме алайын.

— Олай болса, сұрағыңа жауап берейін. Отырып тыңда, шырағым. Командирдің қасына оны үнемі қолдай беретін аруақ еріп жүрмейді. Оның ойына аспаннан сап етіп ақыл түспейді. Барлық оның істерін сәттілікке ұшырата беретін тұмаршаны ол мойынына тағып жүрмейді. Әрі-беріден кейін устав ережелері де, оны қаншама жатқа білгенмен, қолдай бермейді. Ол туралы Петр Первый (ол кісінің кім екенін айтуға тура келді) былай деген: «Не держаться уставо яко слепой стены, ибо там порядки писаны, а времени и случаев нет!» (Петр Первыйдың әр сөзінің астар мағыналарын түсіндіруге тура келді). Командир — творчествоның адамы. Әр жағдай командирді әртүрлі ойлатады, әртүрлі толқытады, әр арнадан, әр саладан оны іздендіреді... Бір жағдайдағы келісімді нәрсе екінші сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін. «Уставта былай делінген екен, мен не істеймін» деп устав әріптерін талисман ретінде ұстаушыларды біз шаблонист дейміз. Шаблон болмау керек. Уставты оқи білу өз алдына, оған түсіне, астарына түсіне білу өз алдына.

Только здравая, всесторонне правильная оценка конкретной обстановки с учетом реальных возможностей, разумная продуманная инициатива — подскажет командиру правильное решение только для данной конкретной обстановки, а не вообще на все случаи жизни и боев. Менің сөздерімді Хосе аударып аяқтағаннан кейін, жаңағы жас офицер орнынан ұшып тұрып:

— Коронел, муча грасияс!.. — деп сөзін бастады.

— Мен түсіндім, менің сұрақ бергенім басқаларға да зиян болмаған шығар, — деп сөзін аяқтағанда отырғандар ду күлісті.

— Менің алғашқы сөзіме өкпелеп қалған жоқсыз ба?

— Жоқ. Егер кімде-кім бізді осылай өкпелетсе, — дей бергенінде отырғандар тағы да күлді.

— Сіз полковник болғаныңызда мұндай сұрақ бермессіз деп ойлаймын, — деді генерал Семенов.

— Жоға, маған онда осындай сұрақтар қойылса, бүгін өзіме қайтарылған жауап сияқты жауап берер едім, — деді офицер.

— Сен әлі полковник те, генерал да боласың, менің қымбатты ұлым! — дегенімде аудитория ду қол шапалақтап, орындарынан түре келді.

ОРИЕНТЕ

— Ориентені Кубада «Шығыс өлке» — Восточная провинция» деп атайды. Революцияның «Маңдайшасы», «Бесігі» деп те атайды. Ориентеде халық саны Кубаның басқа провинцияларына қарағанда көп. Онда халық жиі орналасқан. Өлкеде он екі теңіз порты бар. Жеті өзен ағады. Темір жол мен тас жолдардан өлкенің барлық бұрыштары қамтамасыз етіліп байланысқан. Дақылдарының ең көлемдісі қант құрағы, темекі, кофе, кокос жаңғағы, банан, тағы басқа жемістер өседі. Өндіріс жағынан алдағы қант шығару, одан кейін ром мен темекі, кокос майы, сабын, керамика, вермишель, басқа тәттілер, ағаш тілетін және үй жиһаздарын жасайтын фабрикалар. Тау кендерінен әзірінше марганец пен темір пайдаланылып жатыр. Бұрын олар да АҚШ-қа экспорттанушы еді. Қанат-арқан істелетін фабриканың үлкені де осында.

Аэродром да бізді жиырма-отыз адам қарсы алды. Көбі әскери адамдар. Бұйра сақалды, орта бойлы, арық тарамыс жігіт алдымен келіп, амандасып:

— Шығыс әскери округі бас штабының бастығы генерал-майор Луис Деметрио Чевако-Гомес, — деп өзін таныстырды. Сонан соң қарсы алушыларды шетінен таныстырды.

Үш-төрт машинамен штабқа бардық. Штаб қызметкерлері бізді күтіп тұр екен... Мен сөз сөйледім.

— Коронел! Біздің программамыз бар еді, — деді Чевако.

— Тыңдап отырмын, генерал.

— Алдымен сізді, осында Микоян, Гагарин, Терешковалар тоқтаған сарайға орналастырып, сонда сізді тамақтандырып отырып сөйлесейік, коронел.

— Жарайды, генерал.

*** Сантьяго де Куба деген испанша «Кубадағы орнықты жеріміз (мекеніміз)» деген мағынада екен, Латын Америкасында Сантьяго «орнықты жеріміз» деген қалалар аз көрінбейді. Сол себепті «де Куба» — Кубадағы деген сөз әдейі қойылған. Мен әлі қаланы көргенім жоқ. Теңіз жағасындағы бау-бақшаны аралап келеміз. Соңымнан бес-алты машина еріп келе жатыр. Өзім оң мен солға қарап отырмын. Көзім су қақ жарған екі тауға түсті. Тау басында үлкен мұнарланып екі қамал тұр.

— Мынау қамал тарихи қамал ма?

— Оны испандар тұрғызған. Олардың дуалдары 4-5 құлаш келеді. Қыштары түйедей-түйедей тастан құрылған. Көріп отырсыз, теңіз арнасын бұзып-жарып мына жақта жайына жатыр. Мұны теңіз тілінде жайылма (залив) деп атайды. Бұл жайылма — терең жайылма. Бұған мұхитты жарып жүзген сүйір балтырлы ең ауыр кемелер тоқтайды. Айтпақшы, ауыр кемелер кез келген жерге тоқтай алмайды. — Саяз жерге қайырлап, құмға шөгіп қалады. Мына жайылма — терең жайылма...

— Мұхит долданып толқығанда, кемелер пана іздейді. Долданған мұхит кемелермен мысық тышқанмен ойнағандай ойнайды. Тау-тасты жарып өткен су осы жайылмада сабырлы... Мұхит толқынынан әлсіреген кемелер осы жайылмадан пана сұрайды, тыныш табады. Мұнда олардың жарға сүйеніп, жерге тіреліп тұратын 35 причалдары бар, — деді арт жақта отырған Чевако.

— Иә, көріп келемін, генерал, — дедім мен оған. — Мен дала қазағымын, сіз теңіз адамысыз. Екеуіміз бір-бірімізге түсініп келе жатырмыз, генерал. Мен сіздердің жер жағдайларыңызға, су жағдайларыңызға, адамдарыңыздың мінез-құлқына, жан жүйесі мен тән жүйесіне түсіну үшін еліңізді, жұртыңызды, өлкелеріңізді аралап жүргеннің біреуімін. Маған бадырайған құрметтің де, түйе белді сыйлықтың да керегі жоқ. Маған керегі туысқандық, достық қана.

Сантьягода Кубаның қарулы күштерінің техникалық академиясы бар екен. Соған бардық. Оның директорының орынбасары кәрі кісі екен. Орысша жақсы біледі. Генерал Батистаның кезінде Сантьяго де Кубада бес мың әскер тұрады екен. Олардың тұрақты казармаларын «Крепость Мокада» деп атайды екен. 26 июньде Фидель басқарған партизандар саны аз болса да ержүректілікпен сол казармаларға шабуыл жасап, шат-шәлекейін шығарыпты. Батистаның бес мың әскерлері қаһармандардың лебіне шыдай алмастан боса қашыпты. Куба революциясының ұйтқысы содан басталады екен. Сондықтан Кубаның қарулы күштерінің туында 26 деген цифр жазылады. Әскери қалашық Мокада бұрын бес мың әскер сыйдырса, бұл күнде он бір мың оқушылар сыйдырады екен. Генерал Чевако мені солай қарай бастады. Бұрын хабарлап қоюы керек, біздің машина тоқтағанда алдымыздан шуылдап бірнеше мың оқушы балалар, мұғалімдер шықты... Бұрынғы казарма — қазіргі ағарту ордасына кірдік. Мен қақпадан кіре салысымен, жеті-сегіз жасар қыз бала жүгіріп келіп, менің қолымды ұстады.

— Балам, айналайын, — деп мен оны қолыма көтеріп құшақтадым, маңдайынан сүйдім. Көріп тұрған мыңдаған адамдар қол шапалақтап «Вива! Вива!» деп айқайлады.

- Қасымдағы қыз бала менен ажырар емес, сол қолымды мықтап ұстап алған. Мен баланы итере алмадым. Ол менімен еріп жүрді. Оның көкірегіне мен Лениннің күміс значогын тақтым. Балалар қызғаншақ келеді. Дуылдап, шуылдап басқа балалар да мені қоршады. Шынымды айтсам, мен қатты абыржыдым. Барлық балаларға мейірім көрсетуге мүмкіншілігім жоқ. Сасқанымнан «қарақтарым, шырақтарым» деп күлімсірей бердім.

Бұрынғы әскери қала — бүгінгі ағарту ордасын аралап жүрміз. Генерал Чевако маған түсінікті әңгімелер айтып келе жатыр. ***

Бір үлкен залға кіріп келдік. Онда көптеген әйелдер отыр екен.

— Коронел, мына кісілер осы ағарту ордасының директрисалары болады. Бұларға бір-екі ауыз сөз айтыңыз, — деді Чевако. Мен сасып қалдым. Бір жақсы жері кейде сасқалақтап сөйлеген сөз ойланып сөйлеген сөзден жақсы шығады.

— Қарақтарым, қарындастарым, қыздарым! Менің жасым елу беске шықты. Мүмкін біреуіңе аға, біреуіңе әке болармын. Сендер өте реңді, өте сұлу екенсіңдер. Өздерің көріп тұрсыңдар, мен де сұмырай шал емеспін, — дегенімде директрисалар орындарынан ұшып тұрып, қол шапалақтап «Вива» деп айғайлады испанша.

«Сіз сұлу шалсыз, коронел», — деді.

— Жас кезімде бұдан да сұлу едім, — деп мен күлдім.

— Қазірде де сұлусыз, коронел, — деді генерал Чевако, оның сөзін қостағандай директрисалар қол шапалақтады.

Мен сөйледім.

— Қарақтарым! Қарындастарым, қыздарым! Әке-шеше баласын жаман болсын деп ұрыспайды. Ұрысса, жаны ашып ұрысады. Жақсы болсын деп ұрысады. Мен де әкемін, мен де педагогпын. Сіздерге әкесі мен анасы мәпелеп өсірген балаларының болашағын, тағдырын тапсырып отыр. Қазақша айтқанда «сүйегі менікі, еті сенікі» деп тапсырып отыр. Білім бер, тәрбиеле! Баламды адам ет! —деп тапсырып отыр. Өмірімізде бұдан артық, бұдан ауыр, бұдан қымбат тапсырмаларды кім көтереді! Сіздер педагогсыздар, мен де педагогпын. Сіздердің мамандығыңыз — адам баласының өміріндегі үлкен қасиетті мамандық. Сіздер болашақтың ұстазысыздар, ұрпаққа, келешекке тәрбие, білім, нәр беретін кісісіздер... Мен сіздерге жолығып тұрмын, оған өте қуаныштымын. Табысты болыңыздар, синьориналар мен синьориталар, — деп сөзімді аяқтағанда, бәрі орындарынан ұшып тұрып қол шапалақтады.

Кубадағы менің байқағаным, олар әйел жынысын өте құрметтеп сыйлайды екен. Әйелдерге бір күреңқарас көзбен қарамайды, қатты сөз айтпайды екен. *** Біздің машина ГАЗ-69. Алда мен отырмын, артқы орындықта шығыс әскери округінің командашысы, тілмаш синьорита Пэпита, лейтенант Охэдо... соңымыздан екі машина еріп келе жатыр. Олардың кім екенін мен сұрағаным жоқ... Жол кедір-бұдыр екен. Бұдан бір ай бұрын бұл жерде «флора» құйыны өткен екен. Көп жерді апатқа ұшыратқан екен. Құйын, — дейді газеттердің хабары бойынша, — бір секундта (кірпік қаққанша) тоқсан екі километрмен жынданыпты...

Машина зымырап келе жатыр. Қол көтеріп машинаны бір офицер тоқтатты.

— Дивизия командирі сіздерді күтіп тұр, — деді ол испаншалап. Біз оның соңынан ердік. Мен бір дивизияның құрметті командирі болып сайландым. Жауынгерлердің алдында сөз сөйледім.

Бейітке бардық. Оның дарбазаларының алдында бізді күтіп бірнеше офицерлер мен солдаттар тұр екен. Біз машинамен шыққанда, олар қару-жарағын ұстап қалт тұра қалды. Оркестр Бетховеннің қаралы маршын ойнады. Мен оң қолымды көтеріп, сап тартып тұрған солдаттардың алдынан өттім. Хосе Мартидің күмбезі бейіттің тіке кіре берісінде екен. Кең көше, оның екі жағында адам бойынан асарлық он алты мрамордан құрылған үлкен тақтайлар. Тақтай беттерінде алтын жазумен ойылған Хосе Мартидің нақыл сөздері, өлеңдері... Төмен қарай мұңайып бара жатырмын... Хосе Мартидің күмбезі үлкен тастан құрылған күмбез екен. Оның ортасында марқұмның қабірі. Мен төрге шығып, марқұмның басында тұрдым. Оркестр тағы да Бетховеннің қаралы маршын ойнады. Солдаттар менің атымнан марқұмның басына жаңағы қаралы гүл шоғын қойды... Барлығы аруақты сыйлап, сіресіп тұра қалды.

— Жатқан жеріңіз торқа болсын, Кубаның пайғамбар тұтатын қаһарман ұлы, — дедім мен. Оны испаншалап аударғанда, бастығы генерал боп бәрі де қару-жарақтарын серт ұстап, қалт тұрды. Бәрі мені күтіп тұр.

Мен Хосе Мартидің аруағын сыйлап 2-3 минут үн қатпай мүлгіп тұрмын.

ІІІ БӨЛІМ

МАҒЫНАЛЫ ӨТКЕН САҒАТТАР

Сағат тоғызда күтпеген жерден Гавана Либреге капитан Рио келді. Ол сәл қымсыныңқырап сөйледі:

— Уәдеміз бойынша, сізді үкімет қабылдауы сағат онға белгіленіп еді, — деп бастады ол сөзін отыра беріп.

— Иә, солай екені маған мәлім.

— Жолығысты сағат он екіге ауыстыруға тура келді...

— Оған менің ешқандай қарсылығым жоқ. Себебін қазбалағаным жоқ.

— Онда, коронел, үйіңізде томсырайып отырғаннан гөрі, қаланы аралап, біраз серуендеп қайтыңыз, — деді қуанған капитан.

— Жарайды, — деп мен орнымнан тұрдым. Сыртқа шықсақ, «каделлактың» алдында менімен еріп жүрген кісілер тұр екен.

— Мен сіздің машинаңызбен келіп едім, коронел, мені жол-жөнекей генштабқа тастай кетерсіз, — деді капитан.

— Мен темекімді, мүштігімді номерде ұмытып кетіппін. Мына тұрған жер ғой, алдымен сізді апарып тастап, осында қайтып оралсын.

— Жарайды, — деп капитан машинаға міне бергенде, мен лейтенант Охэдо мен синьорита Пэпитеге:

— Сіздер де бара беріңіздер. Мен жоғарыдан оралып түсіп, сіздерді осы жерде күтіп тұрармын, — дедім.

Олар кеткен соң, оралып вестибюльге кіре берісте, ескі досым Ранчо жолыға кетті. Оны бөлмеге жұмсадым да, өзім кафеге сусындауға бардым. Ранчо әкеп берген сигаретімді бір сүйем ақ мүштүкке тығып, тұтатып, тамсана сора, сыртқа шығып бара жатқанымда ту сыртымнан орыс сөздері естілді. Орыс үнін елден шыққалы есітпегендіктен сағынып қалған екенмін, құлағыма сондай жылы естіліп, жалт бұрылып қарасам, жақсы киінген бір жігіт, екі сымбатты әйел келеді екен. Олардың түрлері де көзіме ыстық көрінгені бар ма, менімен қатарласа беріп, әйелдің біреуі:

— Сіз анықтап білсеңіз етті, Иван Сергеевич. Біз Оредерге қашан барады екенбіз, — деп сұрады өзі арғымақтай сұңғақ пішінді орта жастағы сары әйел.

— Біздің гид әлі өзі де білмейді оны, Ольга Михайловна, — деді жігіт.

— «Е, бұлар біздің совет туристері болып шықты ғой» деп ойладым да, сыртқа олармен қатарласа беріп:

— Мынау арада орыс сөзін есту қандай қызық, — дегенімде, олар маған шошына қарап, естімегенсіп, аяқтарын жылдамдата басты. «Қап, мыналар қуанышымды су сепкендей өшірді-ау... мені бір эмигрант, әйтпесе шпион деп үрікті ме екен?» деп қапаланып бара жатқанымда, Орландо менің дәл алдыма «каделлакты» кілт тоқтатты. Лейтенант Охэдо машинадан секіріп түсіп, есігін ашты. Машинаға міне беріп, бұрылып қарасам, жаңағылар «бұл өзі кім болды?» дегендей таңдана қарап тур екен... Олардың қасынан өте бере, жаңағы сымбатты әйелге қолымды сермей, күлімсірей қарап:

— Сұлуым Ольга Михайловна! Мен советтің полковнигі, осында сіздермен қабырғалас тұрамын. Қазір ауқаттанған соң қайтып келемін, — дедім. Ольга Михайловна таңдана ұялып, орамалын біздің соңымыздан бұлғап, жымия күліп қала берді.

*** Зоопаркі шағындау болғанымен, ұқыпты құрылған екен. Аралап жүрміз. Бір шетінде жеті бөлмелі үлкен торда жеті арыстан жұбайларымен тұрады екен. Төртінші тордағы жұптың ұрғашысы етбетінен түсіп, ыңырсып жатыр. Біз барғанда, ол басын көтерді. Оның үстіңгі ернінің сол жағы жаралы екен. Мұңлы арыстан бізге көңіл бөлместен, қапастың ішінде әрі-бері жүр.

— Екеуі сондай тату жұбайлар еді, — деді директор. — Жақында біздің бір жаңа жұмысшымыз қорыққандығынан мына ұрғашысының тұмсығын балтамен шауып алыпты. Ветврач жарығын тігіп еді. Бұл содан бері аш, ал еркегі соған ренжулі. Бұлардың басында семья қайғысы бар, — деп аяқтады ол сөзін.

Ұрғашысы тағы басын жерге салып, ыңырсыды. Арыстан маң-маң басып келді де, тұншыға күңіреніп, серігін бір айналып еңкейіп, оның жарасын жалады. Серігі қалғып кеткендей, көзін жауып жата берді. Арыстан маң-маң басып, ішіне қайғы сыймағандай теңселе, қапастың түп жағына қарай кетті.

— Жүрмейсіз бе? —деді синьорита маған.

— Тұра тұрайық аздап.

Арыстан оралып қайтып келді де, серігін иіскелеп, бүйірін оның бүйіріне тигізіп жатты да, құйрығын бұлғаңдатты. Құйрығының шашағы серігінің жаралы басын шыбыннан қорғағандай болып көрінді маған. «О, табиғат!» дедім мен ішімнен. *** Куба — қиыр шеті жоқ мұхит ортасындағы шағын арал. Теңізде балықтың неше атасы бар. Гаванада ұлттық аквариум бар. Ол дүниежүзіндегі ең бай, ең үлкен аквариумдардың бірі боп есептеледі. Оған барғанда өзіңіз су астына түсіп, онда ұзақ саяхат жасап, теңіз түбіндегі өмірді өз көзіңізбен көріп қайтқандай боласыз. Аквариумның дуалдары ылғи шыныдан жасалған. Биіктігі екі адам бойынан асады. Іші мөлдір су, теңіз астындағы өсімдіктер, жартастар, топ-тобымен, түйір-түйірімен, түлік-түлігімен, өз «қоныстарында», өз «жайлауларын» жайлап жүріп жатқан алуан түрлі балықтар. Олардың барлық түрін түгелдеп, аттарын есте қалдыру мүмкін емес, ол үшін мамандық (ихтиолог) керек, теңіз суретшісі болу керек... Бір бұрылыста тоқтағанымда, су түбіндегі жартастардың арасынан бір төңкерілген қазандай дәудің қимылдағанына көзім түсті. Дәу тас қомпаң-қомпаң етті де, жайлап жоғары көтеріле бастады. Мен таңданып қарап тұрып қалдым. Тастың астынан мойны жуан білектей, қос жұдырықтан үлкен бас көрінді. Ол мойнын бұрып жан-жағына қарады да, қолтығынан түйенің табанындай аяқ-қолдарын асықпай, тарбаңдата сермеп, жүзіп жүре берді. Бұл көріп тұрғаным — теңіз тасбақасы екен.

— Бұл тасбақадан бір пұтқа дейін жақсы ет түседі, — деді қасымдағы лейтенант Охэдо.

Тасбақа балықтар арасында жайбарақат серуендеуде еді, ұзындығы жарты құлаш, көк, жасыл масатыдай құлпырған бір балық жүзіп келе жатып, тасбақаның үстінен жанаса өте беріп, жабысты да қалды. Тасбақа болса, оны елеместен серуенін құрып жүр. 10-15 минуттан кейін анау тасбақаның үстіне бір аунап түсті-дағы жалқанат, құйрықтарын бұлғақтатып, оқтай атылып, судан шоршып шығып, қайтадан су түбіне құйыла сүңгіп, одан барып зымырай жоғары көтеріліп, тасбақаны қуып жетіп, оны келемеждегендей, көз алдында шыр айналып, тағы да құйыла сүңгіді. «Су түбінде әзіл-қалжың, еркелеу болады екен-ау» деп мен қарқ-қарқ күлдім... Сол арада крокодилдердің жайылмасы бар екен. Соған бардық. Жайылымның суы таза емес, көгілдір, құрбақаның көбігіндей. Жайылымның шеті құмдақ. Сол құмдаққа крокодилдер судан шығып, күншуақтап, жондарын күнге қыздырып жатады екен. Түрлері кесіртке сияқты өте суық, тістерін ақситып, көздерін жұмып бірнешеуі жүр. Бәріне қарап тұрмыз. Үлкендігі жаушымшықтай, көк қанат, ала құйрық бір торғай жатқан крокодилдың тұмсығына қонды. «Қап, құритын болды-ау мына сорлы» деп тұрғанымда, екінші торғай ұшып келіп о да бір крокодилдың тұмсығына қонып шұқылай бастады. Мына байғұсқа өлім керек екен ғой, қатты ұйықтап жатқан крокодилдың танауын жыбырлатып несі бар! — деп ойландым. Менің көзімнің соларда екенін байқаған синьорита Пэпита күліп:

— Қауіптенбеңіз, коронел, — деді. Мен оған бұрылдым.

— Қауіптенбеңіз, коронел, — деп ол қайталап былай деді. — Бұл торғай крокодилдердің досы болады...

— Қалайша, синьорита?!

— Крокодилдер тамақтанғаннан кейін ғана судан күншуаққа шығып жатады. Көрдіңіз бе, ауыздарын ырсита ашып жатқанын. Торғай тұмсығына қонады да, крокодилдың тістерінің арасындағы етті шұқып жеп, оның тісін тазартады...

— Солай ма еді?

— Солай, коронел. Крокодилдің тіс тазартқышы жоқ қой, — деп күлді шоферім Орландо.

Аквариум қорасынан шыға беріске жақындағанда, будка алдында сусындап тұр едік, қасымыздан түрлерінде ренжіс белгілері бар екі жас жігіт өтті. «Е, мына екі жаңа өспірім жігіт бір-біріне ренжісіп барады екен ғой» — деген оймен кока-коламды асықпастан ішіп бақылап тұрдым... Олардың алдынан сары қарын болған бір шойындай қап-қара, бес биенің сабасындай, үйрек кеуделі, аяғын балпаң басқан бір негритянка шыға келді. Жаңағы екі жігіт сол әйелге ізет көрсетіп, сөз қатты. Әйел екеуіне состия қарап, тоқтады да, «Ал, айтатындарыңды айтыңдар» дегендей қатал бейнемен қарады оларға. Енді не болар екен деп менің екі көзім соларда. Екі жігіт оның алдында кінәлі түрде сүмірейіп тұр. «Алдымен сен айт!» дегендей аққұба испан тәрізді жігітке әйел қолын нұсқады. Ол төмен қарап үлкеннің алдында қымсына сөйлеп тұр... Шойындай қап-қара негр тәрізді жігіт басын көтере екпіндей сөйлей бастағанда, әйел оған ала көзімен бір қарап зекіріп тастады. Ол да мүсәпірсіп, төмен қарап сөйлеп тұр. «Е, мыналар «апатай, сіздің алдыңызға жүгініп тұрмыз, үлкен кісісіз ғой, бізді тыңдап, әділ билігіңізді айтыңызшы деп тұрған болар» деп ойладым. Екеуін тыңдап болғаннан кейін, әйел тағы да қатал бейнеде тұрып, оларға билігін айтты. Байқауымша, екеуін де оңдырған жоқ, бірақ испан тәрізді жігітке қатал сөйлегендей көрінді. Оның кінәсі молдау болуы керек. «Бұдан былай бүйтуші болмаңдар!» дегендей белгімен өзі бұрылып кетті. Соттың өкімінен кейін шыққандай екі жігіттің еңселері төмендеп, сыртқа қарай тартты. Олардың соңынан мен де ердім. Ең алғашта екеуі де бір-біріне қырын қарап кетіп бара жатты. Испан тәрізді жігіт тіс жарды: «Апамыз әділ билігін айтты ғой, кешір, құрбым, мені» дегені ыңғайынан сезіліп тұр. Негр тәрізді жігіт оған жалт қарады да, күліп, оның иығынан бір қақты. Испан тәрізді жігіт оның белінен құшақтады. Ал негр оны мойнынан құшақтады. Екеуі құшақтасып кете берді. Мен машинама бұрылдым.

Сағат он екіге он бес минут қалды. Орландоға мен:

— Қатты айдамаңыз, жайлап жүріңіз, — дедім. Ол екпінін саябырсытты. Асықпай келе жатқан Орландо темекі тұтатты.

— Мынадай әдемі мүштүкті сен қайдан алдың, — деп сұрады одан синьорита.

Орландо маңғазданып әдейі түтінін бұрқырата шығарып:

— Бұл мүштүкті әлі менің немерем мақтаныш ететін болады, — деді де мүштүкті аузынан шығарып, синьоритаға көрсетіп, — бұл өзі Балтық теңізінің түбінен алынған нағыз янтарь, — деп мақтанды.

— Қайдан алдың? Кім берді?

Ол есітпегенсіп:

Осы машинамен мен Гагаринді, Терешкованы алып жүрдім, ал Хрущев келсе, онда да оны да осы машинамен алып жүремін, — деді. Никита Сергеевич сен тасыған жолаушылардың ішіндегі ең көңілдісі болады, — дедім мен. Қасымдағылар күлді.

— Мен солай болуын арман етемін, — деді Орланда.

Содан кейін темекісін тағы да бір-екі сорып, синьоритаға қарап:

— Бұл мүштүкпен коронел Бауыржан Момышұлының өзі темекі тартқан, — деді.

— А, мұны оған сіз берген екенсіз той? — деп қуана сұрады менен синьорита.

— Я, мен беріп едім.

— Қайырлы болсын, Орландо, — деп синьорита шофердің арқасынан қақты.

РАУЛЬ КАСТРО РУС

«Каделак» қарулы күштер министрлігінің алдына келіп тоқтай қалды. Мен сағатыма қарадым. Бес минуты кем он екі болыпты. Капитан Рио үш офицермен күтіп тұр екен. Машинадан шығып олармен амандастым. Тұрған әскери адамдар бізге әскери әдеппен ізет көрсетті. Министрліктің үйіне енгенімізде, онда тұрғандар да қалт тұрып ізет көрсетті. Лифтімен жоғары көтерілдік. Бір үлкен есіктен дауыс естілді.

— Министр сізді күтіп отыр, — деді Рио. Мен оның сөзін естімегенсіп, темекімді тұтатып тұра бердім. Жаңағы есік ашылып, орта бойлы, дөңгелек жүзді, жұқа майда мұртты, ешқандай әскери белгісі жоқ, 33—34 жастағы жігіт шығып, маған күлімсірей қарап, испаншалап сөйлеп, қолын ұсынды. Тілмаш синьорита оның сөзін:

— Министр сізбен сәлемдесіп, ішке кіруіңізді сұрады, - деп аударды.

Министр көрсеткен есікке, ол маған жол берген соң, алдымен ендім. Үлкен кабинет залдың ортасында, ап-аласа столдың жан-жағында жиырма шақты орындық. Министр жоғарыға шығып, маған қарсы алдағы орындықты нұсқады да, өзі отырды. Мен пиджагімді шешіп, орындықтың иығына іліп, галстугімді ағытып, оның үстіне іліп, көйлегімнің түймесін ағытып, асықпастан, ұсынған орындыққа министрмен қарама-қарсы отырдым. Менің қылықтарым министрге жақпады білем, ол біраз үн қатпай отырып:

— Куба жерінде қалай тұрып жатырсыз, полковник? — деп сұрады.

— Мен Куба жерінде өз үйімдегідей тұрып жатырмын, бірақ қонақ екенімді ешқашан да ұмытпаймын, — дедім мен.

— Жақсы айтылған сөз.

— Мен ілтипат көрсеткені үшін министрге рақмет айтамын. Мен осы елдегі сапарымды жан-жақты және қамқорлықпен ұйымдастырғаны үшін үкімет пен бас штабқа да алғысымды білдіремін.

— Соның бәрі Фидельдің өз нұсқауы бойынша істелді.

— Фидельдің ықыласына сонша ризамын. Үлкен рақмет!

— Коронелді біз әскери адам деп білеміз, оның жазушы екенінен де там-тұмдап хабардармыз. Менің онымен сөйлесуім оның менімен сөйлесуінен гөрі әлдеқайда оңай.

— Ашық сөзіңізге алғысым әзір. Сөз жоқ, артықшылық министр жағында. Бірақ мен министр ол артықшылығын асыра пайдаланбас деп үміттенемін.

— Мен сіздің интервьюіңізді оқыдым. Біздің елімізде болуыңыз жөнінде жеткілікті хабарым бар.

— Мен де солай деп ойлаған едім. Мен пайдамды тигізуге тырыстым. Онымның қаншалықты қауқары болғанын білмеймін.

— Бауыржан Момышұлы екеніңіз көрініп-ақ тұр, — деп Рауль қарқ-қарқ күлді, — уақыт сырт тұлғаңызға із салғанымен, ішкі тұлғаңыз еш өзгермепті... Сол 25 жыл бұрынғыдай өр мінез қалпыңыз.

— Бұл әлде сізге жақпай ма?

— Мен де сіздің жасқа жеткенімде, сіз сияқты, сол бұрынғы қалпымды сақтасам, жақсы болар еді.

— Мен егдемін, бірақ, әзір кәрі емеспін.

— Сіз тағы да, коронел, — деп министр күлді.

— Мен өлімнен қорықпаймын, команданте, мен жұмысқа деген қабілетті жоғалтудан қорқамын. Демек, жұмысқа жарап тұрғанымда мен өзімді кәрілердің тізіміне қоса алмаймын.

— Коронел! Сіздің халықтың адамдары қызығарлықтай көп жасайды ғой.

— Иә, менің атам 92 жыл, әкем 87 жыл өмір жасады.

— Ал, сіз Жамбыл сияқты 100 жыл жасайсыз... Сөзіңіз дұрыс, коронел, адам қоғамға пайдасын әбден тигізіп болғанға дейін өмір сүруі керек. Сіздің тезистеріңіз жөнінде маған хабарлаған еді. Бізге, әсіресе, сіздің достық туралы айтқан пікіріңіз ұнады.

— Команданте, ол менің сөзім емес, менің халқымның сөзі.

— Иә, аудитория алдында да сіз ол сөздерді халық даналығынан алып тұрғаныңызды ескертіпсіз, мен ол туралы да хабардармын. Ойпырым-ай! Халық қойнауында қаншама сарқылмас даналық бар, ал біз күнделікті мәселенің қызығында жүріп, әрқашан да проблемалық ірі мәселелерді қаға беріс қалдырамыз.

— Амал қанша, сіз дұрыс айтасыз, команданте! Сіздің революцияға бес жыл, ал біздің революцияның жасы елуге кетіп барады... Сонда да біз де күнделікті жайдың қызығында кете береміз.

— Өйтпейінше болмайды да, коронел! Бізді ішкі және тысқы жағдайдағы белгілі бір мәселелер шектей береді. Біздің заманымыздағы дүние пиғылсыз болып отыр емес пе?

— Мен сізбен келіспеймін, команданте! Дүние пиғылды-ақ! Пиғылсыздық — жеке адамдардың қыңырлығынан, оларды шешелері солай қатеден тапқан...

— Иә, Хауа ананың өзі де күнәкар ғой, — деп Рауль күрсініп күлді.

— Өзіміздің барлық күнәларымыз үшін Хауа ананы алға тарта бермейік, команданте. Ол — қасиетті. Ол бізді өмірге әкелді.

— Әрине, бізде, әйтеуір, біреу-міреуге кінәні аудара салып, өзіміздің сүттен ақ бола қалатынымыз бар ғой, — деп Рауль тағы да күлді.

— Сіз священниксіз бе?

— Біз ағамыз екеуіміз иезуиттік колледжде тәрбиеленіп едік.

— Балықшы балықшыны алыстан көреді, деген. Менің әкем — ауыл молдасы. Менің өзім де бастауыш білімді дін мектебінде алдым...

— Мен оны білмейтін едім. Демек, сіз қырық қырлы атеист екенсіз той?

— Жоқ! Мен сенушімін, дін мұсылманмын, дін коммунистпін.

— Мен де дін католик, дін коммунист! — деп Рауль қарқ-қарқ күлді. Бәрі де енді түсінікті деп біраз ойланып отырды да, — іскер әңгімеге көшуіміз керек шытар, — деді.

— Мы вольные птицы пора, брат, пора!

— Откуда это?

— Это одна из первых строк стихотворения А.С.Пушкина.

— А дальше как?

— Не помню.

— Жаль, очень жаль коронел. Ведь мы Пушкина очень мало знаем. Прочтите мне, что либо из произведения Пушкина, которые вы помните коронел! Умоляю Вас коронел.

Мен Чайковскийдің музыкасымен әндетіп:

— Это называется, вернее сам Александр Сергеевич назвал «Зимний вечер» деп айттым.

Буря много небо кроет, вихри снежние крутя
То как зверь она завоет, то заплачет как дитя.
.........................................................................
.........................................................................

деп бастан-аяқ әндетіп бердім.

— Это восхитительно! Вива, Пушкин! — деп Рауль жие баладай қуанып, қол шапалақтады. — Восхитительно! Значит и Пушкину жилось на этом свете не легко?

— Молодой брат мой! Скажи пожалуйста — кому легко живется на свете?.. Вся наша жизнь есть борьба, борьба...

— Да, Маркс так сказал, коронел! — потом Рауль спохватился и сказал.

— Мен министрлік портфельді бетке ұстап, теріс кетіп отырмын, біздің осы әңгімелерімізді үкімет қабылдауына шақырылған жұрттың бәрі де тыңдауы керек еді.

— Маған министрдің өзара сыншылдығы ұнайды, қызужан екен, осы сөзімді жеткізе көріңіз, — дедім мен тілмашқа, — ол опық жемесін, менің де запасым әлі сарқылған жоқ.

— Сізге рақмет, коронел! Біз сізбен оңашада біраз сайысып көрдік. Сіз рұқсат етсеңіз, енді жұрт алдында сайысайық.

— Солай болсын! Мен ешқашан да құпия соғысып көрген емеспін. Жұрт алдына шықсақ, шығайық.

— Сіз сайысқа шеберсіз, мені аяйтын боларсыз?

— Жоқ! «Күш әкесін танымайды».

— Біліп отырмын, коронел! Онда біздің программа мынадай еді, — деп ресми сөзді бастады, — коронел, мұны мен жұрт алдында айтайын, — деп тағы тоқталды.

Біз отырған жерге жиырма шақты әскер формасындағы еңгезердей кісілер кіріп келді. Барлығы ізет көрсетіп, амандаса бастады. Қалжыңқой Рауль Кастро олардың әрқайсысын әзілдеп таныстырып тұр:

— Көріп отырсыз, бұлардың бәрі де жас жігіттер.

— Менімен салыстырғанда бұлар, сөзсіз, жас, — дедім мен оның сөзін бөліп, — бірақ бұлар, былайынша тым жас та емес.

— Жоқ, жоқ, ең үлкені 35—36 жастан аспаған, — деді Рауль.

— Сталин РКП(б) Орталық Комитетінің бас секретары болып отыз бір жасында сайланды.

— Оны біз білмеген едік ?!

— Тухачевскийді Ленин дивизия командирі етіп жиырма екі жасында тағайындады.

— О! —десті барлығы,

— Аркадий Гайдар он сегіз жасында полк командирі болды...

— О,о!!

— Лермонтов отызға жетпей қаза тапты. Пушкин небәрі отыз жетіге келгенінде оққа ұшты... Мен өзім отыз бір-отыз екі жасымда полктің, дивизияның командирі болдым... Ендеше, жаспыз деп мақтанбаңыздар, жеңілдік те сұрамаңыздар. Жас болу қайда, сіздер — мемлекеттік және әскери қайраткерлерсіздер.

— Ғапу етіңіз, коронел, менің айтайын дегенім ол жағы емес...

— Жасқа ешқандай жеңілдік жоқ!.. — деп мен Раульдің сөзін бөлдім.

— Міне, сіздер енді коронел Бауыржан Момышұлымен таныстыңыздар, — деп Рауль жолдастарына күле қарады. Олар да ду күлісті.

— Танысуымыз таптырмайтындай тамаша болды, бүкпесіз әңгімемен өтіп отыр, қабылдау ресми тәртіппен өте ме деп біз қорқып едік, — деді орталық соғыс округінің командашысы, команданте, ақын, философ, композитор Альмейдо. Тұрғандар оны мақұлдап күлісті.

Раульдің ұсынысымен барлығымыз отырдық. Бір әскери киінген жігіт кішкене зеңбіректі сүйреп алып келіп, Раульдің алдына қойды. Екінші жігіт әрқайсымыздың алдымызға рюмкалар қойды. Бас штаб бастығы команданте бас зеңбіректің соясын (стволын) ашып, рюмкаларға коньяк құйды. Өз рюмкасын ұстап Рауль орнынан тұрды. Басқалары да тұрды. «Отырыңыздар!» деген белгіні Рауль сол қолымен білдірді. Барлықтары отырды.

— Құрметті (ұстазымыз) коронел! — деп бастады сөзін Рауль. — Біз бұрын сізді Александр Бектің кітабы және өз кітаптарыңыз бойынша білуші едік. Ал енді сізді, өзіңізді көріп, өз ауызыңыздан сөзіңізді естіп отырмыз. Сіздің көп бейнет кешкен тәжірибеңіз біздер үшін, жас жауынгерлер үшін (сіз, әрине, біздің жастығымызды мойындамай, солай деп айтып қалғаныңыз үшін бізді сөксеңіз де) айнымас қағида болды және бола да береді. Біз сізбен өз жерімізде, Американың еркін мүйісінде кездескенімізге қуаныштымыз. Сіз әскери адам, жазушы, ғалым ретінде біздің ортақ ісімізге көп пайдаңызды тигізе аласыз. Сіздің біздің елге келуіңіз біз үшін ерекше көрініс болып табылады. Сіз өз халықтарыңыздың патриоттық және достық әдебиетінің әлемінде істеп жатқан игілікті еңбегіңізбен қолыңыздың бос еместігіне қарамай, біздің елге келуге мүмкіндік таптыңыз... Елімізде болған аз ғана уақыттың ішінде сіз үлкен саяси жұмыс жүргізіп, бізге өз тәжірибеңізді айтып бердіңіз, өзіңіздің жіберген қателеріңіз болса, оны да алға салдыңыз. Мұның бәрі біз үшін өте бағалы, коронел! Біздің республикамыздың ішкі және сыртқы жағдайы қазіргі уақытта өте күрделі болып отыр, сіз, әрине, көре білетін адам, әскери және қоғамдық қайраткер болғандықтан, мұны өзіңіз де аңғармай өткен жоқсыз. Біз жалпыға бірдей міндетті әскери тәртіп туралы заңның жобасын бүкіл халықтың талқылауына беріп отырмыз. Мен Москвада Фидельдің тапсырмасы бойынша болғанымда, біздің елші арқылы сіз жөнінде анықтама алып та көрген едім. Кейіннен біздің елші хабар етті: сізді аман-есен, Алматыда тұрады, кітап жазады дегенді айтты. Содан кейін тиісті каналдар арқылы сіздің бізге келуіңізді өтінген едік. Сіз ондай шақыру алдыңыз ба?

— Алмасам, мұнда келемін бе, команданте.

— Ендеше сіздің өз тарапыңыздан келгеніңіз не?

— Мен өз сапарыммен ешкімді қыстағым келмеді.

— Бұл тым биязылық екен, — деді Альмейдо.

— Менің айтайын дегенім, сіз өзіңіздің келетініңізді күнілгері білдірмегеннен кейін, біз тиісті түрде, лайықты қарсы алуды ұйымдастыра алмадық. Бұл үшін мен сізден ғапу өтінемін.

— Сіздердің қарсы алуларыңыз менің күткендегімнен де асып кетті, команданте.

— Менің байқағанымдай, сіз, коронел, турашыл, адал адамсыз. Сіз —дипломат емессіз. Мен сізге әбден сенемін.

— Дипломаттармен сөйлесу дегенің — зерігу деген сөз, — деді Альмейдо. Отырғандар күлісті.

— Сіз риза болсаңыз, коронел, — біз ризамыз. Бұл қабылдаудың өзі де біздің премьер-министрдің арнайы нұсқауы бойынша өткізіліп отыр. Өзіңіз көріп отырғандай, мұнда министрлер және біздің қарулы күштердің әскер түрлерінің бас командашылары отыр. Фидельдің өзі шұғыл жұмыспен тездетіп Ориентеге кетті. Маған сіздің алдыңыздан ғапу өтінуді сұрап еді.

— Мемлекеттік жұмыс бәрінен де күшті. Мен, әрине, Фидельмен жүздесе алмағаныма өте өкінемін. Мен осынау бір ержүрек адамның жүзін көру үшін Кубаға тағы да келуге тырысып көрермін. (Қол шапалақтау).

— Сіздей қайсар жауынгердің қайсарлықты құрметтейтінін есту біз үшін қызық, — деді бас штаб бастығы.

— Коронел! Менің сізге уәде еткенімдей, сіз бен біздің кездесуіміздің программасын айтуыма рұқсат етіңіз, — деді Рауль.

— Құлағым сізде, команданте.

— Сіз дипломат емессіз, коронел. Альмейдо командантенің айтқанындай, бұл жақсы да. Біз өзіміздің жастық жылдарымызда ысқаяқ дипломаттармен кездесіп те жүрміз. Өзіміздің аңқаулығымыздан біз кейде жалғандықты шындық деп ұғып, тәжірибелі дипломаттармен кездескенде аузымыз күйіп те жүр. Сіз, коронел, өзіңіз байқағандай, біздің ешқайсымыз да дипломатиялық мектептен өткеніміз жоқ, сондықтан біз өкініші үлкен қателерді де жиі жіберіп алып жүрміз...

— Сіздер туралы мен олай деп ойламаймын. Сіздер дипломатсыздар, нағыз дипломатсыздар. Әрине, дипломаттық әңгіменің формасы мен нормасы туралы сөз басқа, — деп Раульдің сөзін бөлдім.

— Мен сізді түсініп отырмын, коронел. Сіз біздің елге ресми өкіл, төтенше немесе толық праволы өкіл емес, иә болмаса қат-қабат қақпағы бар әскери атташе ретінде келіп отырмағаныңызды айтасыз ғой.

— Сізге алғыс айтамын, команданте. Сіздерге мен өздеріңіздің әскери бауырларыңыз ретінде келдім!

— Сіз мені өлтіріп кеттіңіз, коронел!

— Мен өзімнің жауларымды ғана өлтіретін едім (күлкі, қол шапалақтау).

— Коронел маэстро! Артық айтылғандарға ғапу етіңіз!

— Менің құлағым сізде, министр!

— Бізде сізге деген бірнеше сұрақ бар еді. Өз аузыңыздан өмірбаяныңызды тыңдасақ, сіздің творчествоңызды және творчестволық жоспарыңыздың жайынан хабардар болсақ, сіздің Александр Бекпен ара-қатынасыңызды білсек, Қазақстан туралы сізден естісек, кейбір таза әскери мәселелер турасында да сізден кеңес сұрасақ деген ойда едік.

— Мұның бәрі өте көп қой, команданте. Осындай мәселелер туралы сіздердің сұрайтындарыңызды мен білмеген едім, сондықтан әзірлігім де жоқ.

— Сіз барлық жерде суырып салып сөйлеген екенсіз, осында да солай етуіңізді сұраймыз, — деді Альмейдо.

— Ресми, ысқаяқ сөзден гөрі, еркін әңгіме-дүкеннің өзі артық, — деді бас штаб бастығы.

— Жарайды, мен жауға ешқашан берілген жоқ едім, достарыма берілдім, міне, — деп мен қолымды көтердім. Қыран күлкі, қол шапалақтау.

— Коньяк суып қалды ғой, — деді күліп Рауль.

— Сіздің сөзіңіздің аяғын күтіп отырмыз ғой, — деді оған Альмейдо.

— Аузымды ашсам, жаба алмайтын әдетім бар... енді қысқартайын. Құрметті ұстазымыз коронелдің денсаулығына, бұл кісі бұдан былай да ойымызға ой қоса беруіне, бұл кісінің семьясының бақытты болуына, бұл кісінің балалары жақсы ата мұрагерлері болуына осы тосты ішейік, — дегенде барлығы орнынан рюмкаларын көтеріп тұрды. Мен олардың сұрақтарына қалжың-шыңын араластырып жауап бердім, мәселе проблемалық мәселелер, әскери мамандық мәселелер, құпия сырлар жайына келгенде, оларды ашық жазуға менің правом жоқ. Ашық сөздердің кейбіреулерін ғана жазбақпын. Олар мыналар:

— Сізді біз құрыш болаттай жас жігіт деп ойлаушы едік, —деді бір сөздің кезегінде Рауль.

— Иә, мен жасқа түрімді бергендердің біреуімін. Министр менің ажымымды айтатын болар.

— Сіздерде жасқа түрін бермейтіндер де аз емес пе?

— Біздің заманда бейқам кісі ғана түрін жасқа бермейді. Күрес, бейнет, ой күйігі, ашу-ыза адамдардың бетіне қашан да із түсіреді. Соғыс жорығы — саяхат емес, ұрыс даласы — курорт емес.

— Сіздің тамаша қалың қасыңыз, өткір көзқарасыңыз, сымбатты да ширақ тұлғаңыз, сергек қадамыңыз бен сенімді үніңіз бар, коронел.

— Өзімді-өзім жақсы білгендіктен, сізге сендім, команданте, — деп Раульдің сөзін бөлгенімде отырғандар ду күлісті.

— Мен министрлермен де, командашылармен де кездестім, омырауында ордені жоқ, жуан қарны жоқ министрді бірінші рет кездестіріп отырмын, — деп сөзімді аяқтағанда отырғандар тағы да күлісті.

— Коронел, мен әзірге қарын қампита алғаным жоқ, орденге еңбегім жетпейді.

— Менің жасыма келгеніңізде, сіздің қарныңыз да үлкен, орденіңіз де көп бола ма деп қорқамын.

— Сіз суреткер болғандықтан, өз қиялыңызда менің қасқа бас, қарынды болған кезімді, орденді, медальді болған кезімді елестетіп отырсыз ғой, — деп Рауль қарқ-қарқ күлді.

— Менің дұрыс айтқанымды өмір әлі дәлелдейді. Кезінде оған өз көзіңіз де жетеді, команданте.

— Сіздің ата-бабаларыңыз өте қатыгез адамдар болған ғой, коронел!

— Fафу етіңіз, мен сізді ұқпай қалдым, — деп таңданғанымда Рауль орнынан ұшып тұрып, кітапханасынан бір жұқалау кітапты алып келіп, орысша «На!» деп маған ұсынды. Алып, ішкі бетін ашып қарап отырсам, ол испан тіліне аударылған Лев Николаевичтің «Казаки» деген шығармасы екен...

Мен көзімнен жас шыққанша күлдім. Отырғандар «мына кісі соншама неге күлді» деп таңдана қарап отыр. Мен осындай күлкі үстінде казак-орыстар мен қазақтардың арасындағы айырманы айттым. Сонсоң оларға Қазақстан туралы қысқа ғана айтып бердім.

— Бізде дүниежүзінің картасы бар, картадан бізге көрсете отырып айтсаңыз, жақсы болады, — деп Рауль өз тұсындағы қабырғадағы ақ шымылдықты ашты. Оның астында үлкен сырлы карта ілулі тұр екен. Бәріміз картаның алдына бардық.

— Міне, көріп тұрсыздар: Волгадан Қытайға шейін, Кушкадан Сибирьге дейінгі кең байтақ жер Қазақстан деп аталады. Астанасы — Алматы, оның алдында Алматының көріністері бар, отыз екі бояулы, сырлы суретті альбомды Раульге тапсырған болатынмын, олар оны қарап та шығып үлгерген еді. Алматы мен Гавана аралығын күн төте жолмен он бір сағатта өтеді, — дегенімде барлығы таңданып:

— 0,о, — десті.

Кейіннен мен Қазақстанның байлықтарын, мәдениетін, әдебиетін айтып:

— Бізде дүниеге әйгілі болған адамдар бар, мәселен Абай, Шоқан, Жамбыл, Мұқтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Күләш Бәйсейітова, Роза Бағланова, — деп біраз саңлақтарды айтып, олармен сырттан таныстырдым да, сөзімді аяқтап орныма келіп отырдым.

Олардың маған қойған сауалдарына қысқаша жауап бастағанда бір, аяқтағанда бір қолыма ұстап отырған жұқа, алтын шынжыр баулы сағатыма қарап қойып, сөйлеп отырған болатынмын. Кейінгі бір сұрақтарына жауап бастағанымда, Рауль қолын созып, маған испанша тіл қатты.

— Министр сіздің сағатыңызды көргісі келеді, — деді аудармашы. Мен оған сағатымды бердім. Ол сағатты столының үстіне қойды-дағы, алдындағы мен сыйлаған «Москва үшін шайқасты», «Генерал Панфиловты» аудара ұстап, парақтап отырып:

— Бұл — тым үлкен еңбек. Біз бұларды толығынан испан тіліне аудартқымыз келеді. Бұлар өте пайдалы құрал болар еді бізге, — деді. Отырғандар оны мақұлдасты.

— Біздің ең бір осал нәрсеміз — орыс тілінен аудармашы кадр жетпейді, әсіресе көркем әдебиетті, өнер жайындағы кітаптарды аударып бере алатын кісі жоқтың қасы, — деп сөзін бастап Альмейдо бірнеше мысалдар келтіріп, отырғандарды күлдірді.

— Сіз испан тілін білмегендіктен, мен бұл кісінің айтқандарынан астарлы жайларын аударма ете алмаймын, — деді тілмаш, — оларды түсіндіру маған өте қиын соғып тұр...

— Жарайды, қиналмаңыз. Оларға мынаны жеткізіңіз. Дұрыс аударма жасау — үлкен өнер. Тілдің нәзік сырларын білмей аудару мазмұнды жүдетеді, шығарманың екпінін, ішкі тынысын тарылтады. Біздің тәжірибемізден де бұған көп мысал бар, — дедім мен.

— Сізді орысшаға кім аударады?

— Мен орысша және қазақша жазамын.

— О, бұл өте жақсы екен.

— Коронел, әдебиетке сіз қалай келдіңіз?

— Мен әдебиетке соғыстың буксирінде отырып келдім.

— Жақсы айтылды, — деп сөзімді бөліп күлді Альмейдо, — бірақ, әрине табиғи икемсіз, осы өнерге бейімділігіңіз болмаса, жұрт таныған жазушы бола алмас едіңіз ғой, коронел.

— Қайткенмен мен қаражаяу емес едім, команданте, — дегенімде бәрі де ду күлісті.

— Әйткенмен, мен коронелдің кітаптарын испаншаға аударту жөніндегі пікіріме қалай қарайтынын білгім келеді, — деді Рауль.

— «Біздің семьяны» испан тіліне аударып керегі жоқ.

Ол жеке азамат әңгімесі, ал әскери тақырыптағыларды аударып, жұртқа түсінікті тілде таратса болар еді. Сонда бұл тез де, жедел де бітер еді. Ал, аудармашы кадрлар мәселесі сіздерде жолға қойылған кезде, онда, әрине, аудармаға да шынайы кірісер едіңіздер.

— Рас сөз. Біздің газеттер мен журналдарда осы күні қажетті деген материалдардың ұзын ырғасын жиі жариялап жүрміз.

— Коронел, сіз мұнда әртүрлі аудиториялар алдында сөйледіңіз. Олардың мазмұнын маған айтты. Сіз өз сөздеріңіздің бір данасын бізге қалдырмас па едіңіз. Біз оны кішкене кітапша етіп шығарар едік. Онда біздер үшін пайдалы кеңестер бар, — деді Рауль Альмейдоның сөзін бөліп.

— Менің жазылған сөзім жоқ, болған да емес. Егер олар сіздерге керек болса, мен айтқандарымды еске түсіріп, жазып шығайын да, сонсоң берейін сіздерге, команданте.

— Егер, бұл сізге қиындық келтірмесе, коронел.

— Мен сөздеріңізді жақсы аудармашы арқылы испан тіліне жеткізуге уәде беремін, — деді бас штаб бастығы Серхио Дэль Вас.

— Келістік, — дедім мен.

Әскери мәселелерден көп сауалдар, көп әңгімелер болды. Оған отырғандардың көбі қызыға қатынасты. Олардың көпшілігін жазуға да, айтуға да болмайды. Кейбіреулерінің ғана шет жағасын айтуға болады. Олар мыналар: Кубада регулярлы армия жоқ, жалпыға бірдей әскери тәртіпті енгізу заңының жобасы жақында ғана жасалып, халық талқысына берілді. Сол сияқты, революцияның бастапқы кезіндегі екпінмен олар да қазір нұсқау, устав, ереже, армияның ұйымдық құрылымы дегендердің бәрін бірдей ескере бермейді. Ескі режимнің әскери атағы еске алына бермейді, жаңа әскери атақтар әлі белгіленген жоқ. Оларда қазір сержанттардың үш категориясы, лейтенанттар мен капитандардың үш категориясы, майорлардың (майор оларда әскери жоғары шен — дивизия майоры, корпус майоры, армия майоры, бас майор. Олар әдетте «Команданте» — «Қолбасшы» деп атайды) төрт категориясы бар. Сұрақтарға жауап бере келіп, мен бір сөзімде:

— Кубада бұрын үлкен соғысқа арналған армия болмаған, армия мұнда көбіне ішкі тәртіпті сақтау үшін ғана құрылған, — дегенімде Рауль мені жалғап:

— Халықты жуасыту үшін, — деп түзетті.

— Бұл үшін қазіргі заманның соғыстық техникасының да қажеті жоқ еді. Қазіргі заманның кең өрісті соғысына арналған тактикалық міндеттерді талдау да керек емес еді.

— Сіздің революция ставить более глубокие цели, она ставить цели создать регулярную армию для ведения большой и длительной войны...

— Бұл қоршау ұзаққа барады, сол себепті әр алуан арандатушылық қимылдардың тоқтауы да—бола қоймайтын арман! — деді Альмейда.

- Естіген әңгімелеріме қарағанда, сіздердің батисташылармен соғыстарыңыз — таза партизандық сипаттағы соғыс. Жаппай майдан болған жоқ. Ұрыс қимылы жеке аудандарда және жекелеген бағыттарда өтті.

— Барлық соғыс қимылдары, шашыранды топтардың әрекеттері біртұтас басшылықпен өтті, ал аса маңызды салалар мен бағыттарда өте көп күштер жинақталып, шоғырланды, — деп Рауль менің сөзімді бөлді.

— Сөз жоқ, сіздерде бірыңғай революциялық басшылық болды, ол барлық қарулы күштердің де қимылдарын ұйымдастырып, бірыңғайлап, бәріне жүйелі басшылық етіп отырды.

— Ең бастысы, бұл басшылықтың халық бұқарасы арасындағы беделі үлкен еді. Біздің қатарымызға халық қойнауынан сарқылмас тасқын қосылып отырды. Қай жерде де, қашан да біз халыққа сүйендік, — деді Альмейдо.

— Сіздерде жақсы революцияшыл және жауынгерлік дәстүр бар. Соны жаңа негізде ұлғайта беру керек.

— Сонда нелерді айтпақ едіңіз, коронел?

— Айтайын дегенім — өздеріңіз ұмтылып отырған нәрселер. Мәселен, жаңа заң негізінде жүргізілгелі отырған сіздің қарулы күштеріңіздің реформасын айтамын.

— Біз қандай ұйымдық құрылымды алуымыз жөнінде сіздің пікіріңізді білсек деп едік.

— Ең басты да маңызды факторлардың бірі жер жағдайына байланысты. Менің өз басымның топшылауынша, сіздерде жекелеген батальондар құрылып, бригада болып жинақталса деймін. Дивизия болып жинақталатын полктер құру сіздер үшін өте оралымсыз да ауыр да.

— Неге?

— Жекелеген бағыттардың сыйымдылығы дивизия мен корпустар үшін тарлық етеді. Мен, әрине, қазіргі заманғы ұрыс техникасы, қару-жарағы мен транспорты бар дивизиялар мен корпустарды еске алып айтамын. Сіздерде тар, шағын салаларда дербес әрекет жасай алатын жеңіл, жедел, маневрге оралымды бөлімдер мен құрамалар керек сияқты. Мен сіздер сұрақ қойғаннан кейін ғана осылай деп тұрмын.

— Жақсы айтасыз коронел! Сіздің кеңестеріңіз — бізге бағалы кеңестер. Әлі заң бекітілген жоқ. Оның әрбір статьясы жөнінде бізде қазір полемика жүріп жатыр.

— Ең басты назар бізде табанды қорғанысқа аударылғаны жөн.

— Сіздер үшін жағалаудағы қорғаныстың, десанттың әскерлерге қарсы қорғаныстың (теңізден де, аспаннан да болатын десанттарға қарсы) бірінші дәрежелі маңызы бар. Қорғаныс табанды, қатал және маневрге оралымды келуі керек. Шегіну деген сөз сіздердің лексикаларыңыздан мүлде шығуға тиіс.

— Коронел, Сіздің өзіңіз де шегінудің батыры едіңіз ғой, — деді Рауль.

— Команданте, біз бір тәулікте орта есеппен бір жарым-екі километр шегіндік. Мұның өзі жердің әрбір сантиметрі үшін тістей қатып соғыстық деген сөз. Клочков: «Россия — ұлан-байтақ, шегінер жер жоқ!» деген еді. Сіздің аралдың ұзыны мен көлденеңі өздеріңізге белгілі ғой. Шегінгенде қайда тиянақ жасайсыздар, — дегенімде барлықтары күлісті.

Арада біраз әңгімелер өтті.

— Кубалықтар өз тарихында азаттық сүюдің рухын көрсетті, өз Отанының жауларына деген кек пен ыза ашуын көрсетті.

— Я, ол рас, Сіздер шаттыққа жеттіңіздер де.

— Көтерілісші армия халық бұқарасының қойнауынан туған.

— Жаңа, революцияшыл армияның қайсысы болса да халық бұқарасының қойнауынан туып, халықтың перзенті болып кетеді. Біздің армиямыз ең әуелі Қызыл гвардия болып аталды. Сонан соң ол жұмысшы шаруа Қызыл Армиясы болып аталды, қазір Совет Армиясы болып аталады.

— Біздің жауынгерлер жауларын жек көреді.

- Ол жақсы, бірақ Суворов бұл ғана жеткіліксіз деген, «дұшпанды ол қандай болса да жек көрумен ғана тынба, оның күші неде, әлсіздігі неде екенін біліп ал» деген.

— Біздің жауынгерлер — өте ержүрек адамдар.

— Ұлы мақсат алдына қойғандықтан үлкен де, ұсақ та соғыстарға сайма-сай келетін регулярлы армия құруды мақсат етіп отыр. Мұның өзі біздің басты мақсаттарымыздан революциямыздың ерекшелігінен, біздің географиялық ерекшелігімізден туындап отыр, — деп Рауль орнынан тұрып, картаға барып, көрсете жөнелді. Міне, біздің бас жауымыз АҚШ-тың Флоридасы — 180 километр, Мексика — 210, Ямайка — 140, Гаити — 77 километр. Біз имперализмнің соғыс базаларының қоршауындамыз.

— Революцияны ұлы халық жасаса — бұл бір басқа әңгіме де, революцияны аз ғана халық жасаса, ол бір басқа әңгіме.

— Аз ғана халықтың революция жасауын сіз оңайырақ болады деп айтпақсыз ба?

— Жоқ! Мен олай дегенім жоқ! Сіздің революцияның өз өзгешелігі бар. Сіздер революцияны имперализмнің азуы ішінде отырып бір күннен бір күн, бір адымнан бір адым ілгерілей отырып жасадыңыздар.

— Фидель: «біз революцияны бастап бердік, оны аяқтап шығатындар біздің балаларымыз, немере-шөберелеріміз болады», — деген болатын. Қиындық әлі алда. Американ имперализмі арандату әрекетін тоқтатады екен, интервенция жасау ниетінен қайтады екен деген әңгіме — бұл әшейін құрғақ дәме.

— Ұлы халық атаулының үш тобы бар: ағартушылары, отаршылдары, халық бұқарасы. Біздің бас жауымыз - американ имперализмі. Ол өздерінің қолшоқпарларының қолымен Латын Америкасы елдерінде нендей сойқандық істемей отыр.

Отырғандар әскери психология, әскери педагогика, машықтану жаңа тәрбиелеу жағынан сұрақтар берді. Оларға берген жауаптарымның негізгі тезистері менің бұрынғы жарияланған кітаптарымнан оқушыларға белгілі болғандықтан, қайталауды жөн көрмей отырмын. Бір маған тіке қойған сұрағына берген жауабымды ғана келтірейін:

— Мен қорқақ емеспін, бірақ әрқашан қорықтым, — дегенімде отырғандар күліп Раульмен Альмейда бұл сөзді жазып алды. Ұят — өлімнен күшті, жаным — арымның садағасы — дегеннің аудармасын да жазып алысты. Өліммен ұрыс үстінде талай кездестім. Масқара болу қорқынышты, онымен мен кездеспедім және кездескім де келмейді.

- Сіздің командирлік практикаңызда, қарамағыңыздағылар арасында опасыздық көрсеткендер болды ма?

— Өте сирек. Панфилов дивизиясын халықтар достығының дивизиясы деп атаса да болатын еді. Онда отыз алты ұлттың перзенттері бар болатын. Жекелеген жетілмеген, піспеген элементтер жетілген, піскен дені сау, ұйымшыл коллективте ұшырасып та қалатын.

— Сіз еліңізге қайтқаннан кейін Куба туралы кітап жазасыз ба?

Жоқ! Мен кітап жазбаймын. Менің ол үшін бұл ел жайында жан-жақты материалым жоқ, оның өткен оқиғасын, қазіргісін, келешегін жан-жақты білмеймін, «Жап-жақсы білмеймін» дегенді қайталап айтамын. Оны осында туған, өскен, өмірінің көп бөлігін осы елде өткізген адам ғана біледі. Үлкен жиынтықты талдау үстірт әсерден емес, терең де, асықпай араласа отырып та беріспеуден туады.

— Менің өз жол жазбаларымды «Куба әсерлері» деген атпен жариялау ойымда бар. Сонда мен көрген-білгенімді ғана айтамын. Мне может казаться нечто существенное то, что в действительности бурном развития вашей борьбы и труда на самом деле второстепенным, малозначащим. Я не ругаюсь за правильность своего воспитания. Как светлой, так и теневой стороны вашей большой жизни.

— Жол жазбаны не үшін жазасыз?

— Мен бар болғаны өз халқыма өзімнің қайда болып, не көргенімді, кімдермен кездескенімді айтып беремін... Сіздер де біздің елімізде аз уақыт бола қалсаңыздар, ол туралы отандастарыңызға айтып бересіздер ғой.

— Біз сізге біздің елімізде ұзағырақ уақытқа қалса екен деп ұсыныс жасап едік... Неге асығасыз?

— Сіздерге рақмет. Сіздер маған соншама көңіл бөліп, қамқорлық жасадыңыздар. Мен сіздердің меймандостық көңілдеріңізді зеріктірмеуге тиіспін. Маған тіл білмеуімнің өзі де өте қиын болды. Қаптаған адамның назары ауып отырғанда, олардың достық сүйіспеншілік көңілін көріп-біліп отырсам да, олармен тілдесіп кете алмағаныма өкінемін. Мен сіздердің газеттеріңізді де оқи алмадым...

— Мен сізді түсініп отырмын. Менің өзім де сіздің елде болғанымда, осындай сіздің күйіңіздей күйде болғаным бар.

— Тілмаш арқылы сөйлескеніңде, белгілі бір ретте айқасқан көңіл ажыраса қалғандай болады екен.

— Біздің балаларымыз тіл жағынан да табысып кетерлік болып, жан-жақты адам болып өсетіндігіне үмітім зор.

— Иә, біз олардың өзара еркін араласуына мүмкіндік ашып береміз, ол мүмкіндікті біз университетте, институтта жасаймыз. Біздің университетте, А.Макаренко атындағы институтта, сіздердің жоғары оқу орындарыңызда орыс тілін үйрететін оқытушы кадрларымыз оқып жатыр, таяу арада біз мектептерімізде міндетті түрде орыс тілін оқыту тәртібін енгіземіз...

— Бұл жақсы екен, команданте!..

Көрші есіктен бір офицер кіріп келіп:

— Команданте, қарсы алу столында ас дайын, — деді Раульге.

— Коронел, қол жуасыз ба? — деп Рауль орнынан тұрды, басқалары да орындарынан тұрды. Үлкен залда тамақтанып отырмыз. Бұрынғы әңгімелердің жалғасын сөйлесіп те отырмыз. Тамақ ортасында шашы ағарған бір команданте келіп, бас изеп сәлемдесті.

— Бұл біздің қарулы күштеріміздің тылының бастығы, команданте Орлоки, — деп таныстырды да Рауль, оны төрге шақырып, ол орналасқан соң маған: — көріп отырсыз, бәріміз де жаспыз. Бұл кісі де жас, бірақ бала кезінде қызамық шығып, содан бері шашы ағарғаны болмаса, — деді ол, — бірақ сол бір балалық сырқатты бұдан алпыс жыл бұрын бастан кешірген, — деп оның бокалына сыра құйды. Қарт қарқ-қарқ күлді де:

— Өте шөлдеп келіп едім, — деп сыраны ішті. — Қызмет жағдайымен сіздің әңгімелеріңіздің басы-қасында бола алмадым, коронел, — деп ол кешірім сұрады. Команданте Альмейдо жай қоңыр дауыспен ән салды. Барлығы тыңдап отырды.

— Бұл менің кейінгі өлеңім мен әнімнің біреуі еді, коронел, — деді ол. — Испан үнін әдейі естісін деп салып отырмын.

— Рақмет сізге, команданте. Мен испан сөздері мен үндерін естіп жүрмін. Маған ұнайды. Сөздерін білмегенмен, әндерінің өзі өте байсалды, назқоңыр, үнді келеді екен.

— Қазақ сөзі мен қазақ үнін естігіміз келеді, коронел.

— Бұл жағы маған қиындау соғатын болды ғой.

— Бәріміз де әнші емеспіз ғой, коронел. Сізден өтінеміз.

— Жарайды, — деп мен «Шалдың үмітін» айтып бердім де, оның сөзін орысшаладым, аудармашы оны испаншалады. Бәріне өте ұнады. Альмейдоға, әсіресе, ұнады.

Кубалықтар тамақ үстінде аз сөйлеп, көп жейді. Олар асықпай тамақтанады. Стол үстіне олар тамақты кезек-кезегімен ғана қояды: алдымен бір стакан қайнаған мұздай су, бір шыны кока-кола, әйтпесе, сыра, жемістен бір кесе салат. Салатты жеп болғанда, оның ыдысын жинап алған соң — бірінші тамақ. Ол таусылғанда, оның ыдысын жинаған соң — екінші тамақ, оның ыдысы жиналған соң — кофе. Алдыңғы тамақтың ыдыстары жиналмастан, одан соңғы тамақ алға қойылмайды. Кезекті тамақ арасында ғана сөйлеп отырысады. Алға тамақ келгенде, сөз тоқталады. Тамақ үстінде Рауль мен Альмейдо ғана сөйлеп отырды. Сұрақтарына мен қысқаша жауап қатып отырдым. Менің оң жағымда Раульдың орынбасары команданте Эфиханию Амехейрос отыр еді. Қызыл шырайлы, орта бойлы, ашық жүзді жігіт.

— Бұл жігіттің көп сыры бар, — деді Рауль маған қарап, — ол Фидельді Совет Одағына ертіп барған. Олар Өзбекстанда болғанда, бұл өзі бір қысымға кездесіпті, — деп өзі ішек-сілесі қатып күлді. Отырғандар да күлісті... Бірінші, бір колхозда бұларды құрметтеп қарсы алып, бау-бақшаларын көрсетіп «мынаны жең!.. Мынаның дәмін татың!..» десе, бұл бұрын көрмеген жемістер мен бақша өнімдерін жей беріпті... Одан кейін қонақасыға шақырыпты. Басқалардан қалуға болмайды, бірақ та манадан бері жегендері ішін кернеп барады. Елмен бірге қонақ асы берер үйге кірер алдында, не айтарын білместен (тілмаш Фидельдің ғана қасында ғой) бір өзбекке ымдап қолын көрсетіпті. Ол мұны бір бөлмеге ертіп барып, шылапшын ұстап қолына шәугімнен су құя бастағанда, бұ байғұс испан тілімен керек жерін айтыпты. Оған өзбек түсінбепті. Бұл оған алдымен «мен» дегенді түсіндірмек болып, қолымен көкірегін ұсынып, кейіннен аяқ жағын нұсқайды. Өзбек оған түсініп, мұның қолынан асыға жетектей жөнеліпті... Отырғандар көзінен жас аққанша күлісті.

— Біздің ауылдарда солай екені рас команданте.

— Коронел, бұл әңгіме әлі біткен жоқ!

— Айтыңыз, команданте.

— Сасқалақтап, жүгіріп келсе, жиналғандар әлі дастарханға отырған жоқ екен. Бұл еш нәрсе білмегенсіп Фидельдің қасына келіп тұрыпты... Ендігі қызық — дастархан үстінде. Фидельдің қасына Рашидовтың өзі отырып, бұл Насрединова мен бір министр әйелдің арасына барып отырыпты. Пияламен алдарына шай келеді. «Қайтер екен» деп бұл жан-жағына қарап отырады. Қасындағы әйелдер шайды «ақ қантпен», «сары қантпен» ішіп отыр. Тағы да түрлі-түрлі жемістерді, тәтті нандарды «сіз алың», «біз алың» деп соғып отыр... Бұл кісі жалтақтап қарсы жақтағы Фидельге қараса, ол да соларға ұқсап, олардан қалыспай отыр екен. Бұл да синьориналарға жымия қарап, олардан асыра соғып жіберіпті.. Ха-ха-ха!

— Ей, рас па? Өзің айтшы!

— Рас! Сіз, команданте, менен де жақсы айтып отырсыз.

— Сөйтіп, шай дастарханда тағы да тойып қалыпты...

Одан кейін палау келіпті... Бұл байғұстың ішетін де, жейтін де жері қалмапты. Қасындағы синьориналар «Алың, алың» деп бұның алдындағы тарелкаға толтырып палау салып беріпті... Жемеймін десе ұят — бұл жан-жағына қарауға мұршасы келмейді, елден бұрын жаңағы палауды да соғып алыпты. Синьориналар бұның босаған тарелкасын көріп, тағы да салып беріпті... «О, мен бүгін құдайға не жазып едім» деп бұл байғұс ішінен күрсініп, өзін-өзі қыстап тағы да зордан тауысыпты... Тамақтан кейін тағы да шай келіп, «Алың! Алың!» басталғанда, мынаның көзі қарауытып кетіпті...

— Иә, өзбектер өте меймандос, дастарханды халық келеді.

— Коронел! Сіз осы кісіге ұқсап күпті болып қалмасын деп, біз сізге тамақты әдейі өлшеп-мөлшерлеп беріп отырмыз, — дегенде отырғандар ду күлісті.

— Оны менің өзім де сезіп отырмын.

— Коронел! Айтпақшы, тағы бір қызығы бар.

— Бір емес, екі, команданте.

— Иә, дұрыс. Екеу екен ғой...

— Оларды коронелге айтпай-ақ қойсаңыз қайтер еді, команданте.

— Неге айтпаймын? Өте қызық! Бұларға өзбектер шапан, тақия тартыпты. Бұған тартқан шапанды жаңағы екі синьорина екі қолтығынан көтермелеп кигізіпті. Басына ала тақия кигізіпті. Фидель болса, киерін киіп, кейіннен шешіп қойыпты. Бұл болса, шешінбестен отыра беріпті... Ыстық. Бұдан тер моншақтап аға бастайды... Терін сүртейін десе, екі жағында екі синьорина отыр... олар мұны келемеждегендей: «Алың! Алың!» деп шай ұсыныпты... Бұл шай ішкен сайын терлейді... Ха-ха-ха!

— Бірақ орамалыммен терімді сүрттім.

— Кейінгі қызығы, қонақасыдан кейін барлығы саяхатқа далаға шығады. Бұл байғұстың жеген астары ішін кернеп барады. Тіл білмейтін мақау сорлы кетіп бара жатқан елдің соңынан қалып, бір өзбекке тағы ымдай бастайды... сөйтіп, барлығының соңында қалып кетеді...

Алдағы топты қуып жете алмай келе жатқанда, бұлардың алдында қос өркешті түйе шөгіп жатыр екен. Бұл түйе көрмеген кісі ғой. Қасындағы өзбек ымдап, түйенің екі өркешінің арасын нұсқап көрсетіпті. «Мынаған мін деп тұр ғой» деп түсінген бұл кісі түйеге мініпті. Тып-тыныш жатқан түйе орнынан қарғып тұрғанда, бұл өркешінен асып барып құлапты... Ха-ха-ха!..

— Осының барлығын өзі айтып келді. Міне, көзі отыр ғой... Ха-ха-ха!

— Коронел, кең әңгімелестік, әзілдесіп отырыстық, артық ауыз сөз айтылса, айып етпеңіз... Төрт сағаттай отырмыз. Біздің программа бойынша сізге арналған уақытымыз солай еді... Біздің елде сіздің ел сияқты орден, медальдар сияқты наградалар болмайды. Бізде тек сыйлық қана бар. Олардың кейбіреулерін сіз алдыңыз... Маған біздің революцияшыл үкімет атынан, революцияшыл қарулы күштер атынан, бас штабтың атынан сізге ескерме ретінде сыйлықтар тапсыруға рұқсат етіңіз, коронел.

Сіз темекіні көп тартады екенсіз — міне, сізге алтын мүштүк! Біздің елде сіз өте ыстықтап жүрдіңіз. Қайта оралып келгенде, киіп келсін деп сізге кубалық сорочка тапсыруды барлығымыз ақылдасып отырып ұйғардық... Сізді біздің елдің де батыры деп ұғамыз, ұстаз санаймыз.

Мына Кубаның қарулы күштерінің жауынгерлік туын жоғары көтеріп ұстаңыз...
Осыларды үсті-үстіне тапсырып та жатыр.

— Коменданте, жауынгерлік туды жазыңызшы! — дедім мен орнымнан тұрып. Отырғандар орнынан тұрды.

Рауль туды жайып тұрды. Мен тудың алдына барып, тізерлей отырып, оның етегінен сүйдім.

— Құрметті қонағымыз біздің жауынгерлік туымызды сүйді, бұдан өткен награда бола ма! — деп Альмейдоның көңілі босады.

— Рақмет сізге, коронел! Осы салтанаттың бәрін әскерлер арасында өткізу ойымызға келмегені өкінішті-ақ! Мұның үлкен тәрбиелік мәні болатын еді, — деді Рауль.

— Ту — қасиет! Ту — әскерлердің ар-намысы! Мұндай жоғары сенім үшін, рақмет сіздерге, команданте.

— Біздің еліміздің ең жоғары наградасы Кубаның апостолы Хосе Мартидың мүсіні. Біздің үкіметіміздің осы наградамен сізді наградтау туралы шешімі болды, коронел! Соны сізге тапсырудың өкілдігі маған беріліп еді, — деп Рауль алтынмен жазылған сөздерді испанша оқи бастады: «Советтің үлкен жауынгеріне, яғни шайқас үстіндегі Бауыржан Момышұлына революциялық үкіметтен және революциялық қарулы күштерден. Рауль Кастро Рус», — деп аударды тілмаш:

— Мен қатты тебірендім, менің жас достарым! Не айтуды да білмеймін. Рақмет сіздерге. Революцияны ойдағыдай аяқтап шығуды тілеймін. Сіздердің көңіл-қош ізеттеріңіз, тартуларыңыз менің халқыма лайық. Бұларды иесіне тапсырамын деп уәде беремін. Рақмет сізге.— Вива! Вива! Фидель — Хрущев! Біз Сізбен бірге! — деп тұрғандар үш рет қайталады.

Машинаға мінер алдында Рауль жеңімнен тартып қалып:

— Коронел! Сіз асығып бара жатырсыз, менің сізден соңғы бір өтінішім бар, —деді.

— Пинос аралын американдар «Кубаның Тайваны» етпекші болып еді, біз оған көне алмадық. Сол Пинос аралы әскерлерінің командашысы оларға бармай кетсеңіз, сізге қатты өкпелейді ғой.

— Жарайды. Мен әзір сіздің құзырыңыздамын, команданте.

— Рақмет сізге, коронел! Менің самолетім сіздің көлігіңіз болсын, коронел!

ПИНОС АРАЛЫ

Самолетпен су үстінде 120 миль ұшып, Пинос аралына қондық. Аэродромда Пинос аралы әскерлерінің командашысы команданте Антонино Санчес, аралдың партия комитетінің секретары Куэрбо, бір топ офицерлер мен бір топ пионерлер қарсы алды. Пионерлер шоқ-шоқ гүлдер тапсырды.

— Коронел! Біздің арал кішкене ғана жердің бір жапырағындай-ақ, ұзындығы 50, көлденеңі 40 километр ғана, — деді аэродром үйіне қарай келе жатқанда Куэрбо, — сіздің келетін сағатыңызды радиомен хабарлап қойып едік, анау үйдің алдында самолет қонғаннан бастап репортаж беріп тұр. Сол микрофонмен бір-екі ауыз сөз айтуыңызды сұранамыз.

— Жарайды.

Аэродромның микрофоны алдында бір орта бойлы, қара торы жігіт сөйлеп тұр. Асығып сөйлеп тұр.

— Міне, қонақты қарсы алушылар тобы біз тұрған жерге жақындап қалды. Қонақ қолында шоқ қызыл гүл, ол топ алдында. Қонақ ұзын бойлы, қалың қара шашты, қара мұртты, орта жастағы кісі көрінеді.., Міне, олар мүлдем жақындап қалды, — деген оның сөздерін маған тілмаш аударып келеді.

Санчес микрофонның алдына барып құттықтау сөзін сөйледі.

— Құрметті полковник! Сіздің алыс жерден әдейі Американың бостандық өлкесі Кубаға келіп, шын достық лебізіңізбен елімізді аралап, туысқандық ретінде әңгімелескен сөздеріңізді, көп жолығыстарда айтқандарыңызды біз де баспа жүзінен оқып та, радиодан естіп те жүрдік. Сізді Кубада кітап арқылы үлкен-кіші жақсы біледі. Сіздің ажалмен майдан шебінде бетпе-бет арпалысқан қаһарман істеріңіз, Отанымыздың тәуелсіздікке, бостандық жолында қарулы күрес жолында жүргенімізде үлкен мысал, өнеге болып, бізді әр уақытта да ерлікке шақырып отырды. Сіздің әскери кейіпкерлеріңіз, майдандағы қимылдарыңыз әр уақытта бізге сабақ болып, ақылгөйлік айтып отырды. Қиыншылық жағдайда сіз әр уақытта есімізде, демек, қасымызда да болдыңыз деуге болады. Сіздің тәжірибелеріңізді біз пайдаланып, көп нәрсеге үйрендік.

...Тірі панфиловшыларды өз көзімізбен көрсек деген ой біздің көкейімізде жүруші еді. Енді, міне, жолығысып та отырмыз. Сіз келдіңіз, біз қарсы алдық. Бұл — бір үлкен достық ғанибеттің бірі. Біздің кішкене аралымызды да ұмытпастан, жолыңыздан әдейі бұрылып оралып келіп соғып отырсыз — оныңызға көп рақмет. Бізге соқпай кетер ме екен деген қауіп әрқайсымыздың да ойымызда еді... Қош келіпсіз, — деп ол сөзін аяқтады. Тұрғандар қол шапалақтады.

— Құрметті команданте Пинарис, Куэрбо жолдас, офицер жолдастар, жауынгерлер, сүйікті пионерлер!

Қымбатты кубалық достар — Пинос аралының тұрғындары! Қошеметпен қарсы алғандарыңызға рақмет. Сіздер тараптарыңыздан болып отырған осыншалық қошемет ең алдымен менің халқыма арналады, ал менің халқым сіздерге, сіздердің күрестеріңізге деген достық көңілін аударып, туысқандық сезімін шынайы білдіріп отыр. Егер өткен дүниежүзілік соғыс кезінде жексұрын жау фашизммен майдандардағы қиян-кескі ұрыстарда біздің солдаттар мен офицерлердің ержүрек қаһармандық ісі табандылық пен ерліктің үлгісі болып отырса, біздің көп бейнетті бастан өткерген жауынгерлік тәжірибеміз, тәртіпсіздікке төзбестікпен қарағанымыз, жауынгерлік коллективіміздің бірлігі — командантенің айтқанындай сіздер үшін азды-көпті үлгі болып отырса, пайдасын тигізген болса — бұған біз өте шаттанамыз. Өзгеше жағдайдағы сіздердің күрестеріңіз де батылдықты, табандылықты, шыдамдылықты, бірлікті одан кем керек еткен жоқ. Жөні түзу дүние сіздердің революцияшыл жігеріңізді кереметтей ғажап етеді. Сіздер ауыр күресте жеңіп шықтыңыздар. Сіздердің революцияларыңыздың тарихы — басым күшке қарсы күресе білудің тарихы. Революция жылдарында да, сол сияқты Плая-Хирон ауданындағы авантюраны жоюда да сіздер жеңімпаз болдыңыздар. Сіздер — революцияшыл рухтың, азатшылдықтың, табандылық пен ерліктің жаңа құрлықтағы үлгісісіздер. Ұрыс даласы адам кіретін көр де, адам самғайтын өр де деп айтылған сияқты, сіздің революция үшін ол алдағы ұрыстарға деген самғау еді. Көп нәрсеге қолдарыңыз жетті, алда да көп қиындықтар мен бөгеттерді жеңулеріңізге тура келеді. Сіздердің өзгеше жағдайларыңызда аз ғана уақыт ішінде осыншама нәрсеге қолдарыңыз жетіп отырса, қиындықтар мен қауіптерден қорқуға негіз де қалмайтын сияқты. Қауіп пен қатер қолқаға жармасса да, сіздердің табандылықтарыңыз, революция ісіне, халық ісіне, өз Отандарыңызға берілгендіктеріңіз оның бәрін жеңіп шығады, күрескер үшін жан — ардың садағасы. Фидель Кастро мен оның серіктері бастап отырған Куба халқының революцияшыл рухы мен жауынгерлік тұлғасы біздің замандас достарымызды мақтанышқа бөлей сүйсіндіреді, біздің замандас жауларымызды ызаландырып, күйіндіреді. Сіздерде дос та көп, дұшпан да аз емес. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Біз сияқты сіздердің де ащы тәжірибелеріңіз бар. Жау мен досты ажырата аласыздар. Сіздердің ұрыста да, еңбекте де еңкеймес ерліктеріңіз күшті. Қалай дегенмен де менің сіздерде болған аз уақыт ішінде алған әсерім осындай. Сіздерде ешкім революцияшыл қырағылықты жоғалтпайды, бұл дұрыс, дұрыс болатыны қауіп бұлты торлағанын қойған жоқ. Сіздердің шағын аралдарыңызға қадам баса тұрып, сіздерді құттықтағаныма қуаныштымын. Қошеметпен, достықпен қарсы алғандарыңызға тағы да рақмет! — дедім мен де сөйлеп. Тұрғандар қол шапалақтады. Диктор: — Осымен аэродромнан берілген репортаж аяқталды. Қонақ Пинаристің, Куэрбоның және басқалардың ілесуімен машиналарға бет алды, — деп хабарлады. ***

Алшақ тұрған екі таудың арасынан өтіп барамыз.

— Мына екі тау ақ мрамор... Кейбір өсімдіктен жалаңаш құздарын көріп келесіз. Сол ағарып жатқан кәдімгі ақ мрамор — Куэрбо.

— ИСЛА ДЕ ПИНОС, коронел, ито порусска изначать, как сказати? — деп біраз ойланып Пинарис. — Но, Исла — Остоу. Правильно?

— Остров. Правильно команданте.

— ДЕ по наш, как по вашим?

— По нашему НА. Например мы говорим РОСТОВ НА ДОНУ.

— Вот, вот коронел, а ПИНОС ито СОСНА будеть по русска... Значить по русска ОСТРОУ НА СОСНА, да?

— Правильнее будеть назвать СОСНОВЫЙ ОСТРОВ.

— А гед ушел НА, — дегенде мен күліп жібердім. Аудармашы испаншалап түсіндіріп келеді оларға. Олар оған жауап қатып күледі.

— Команданте, сіз орысша еркін сөйлей алады екенсіз, аудармашыға жалынып керегі не деймін. Полковниктің әзілі өткір екен дейді команданте, сіз енді келгенше орыс тілінде аудармасыз сөйлесерлік боламын дейді, — деп Санчестің сөзін маған аудармашы айтты.

*** Сантаве дейтін аралдың орталық қаласынан өтіп, шығыс жағадағы Пляж Афуэраға бардық. Онда үлкен мейманхана бар екен.

— Бұл өзі бір бай американның курортының мейманханасы екен. Көріп келесіз, мейманханада барлық жағдай бар: бақшасы, көптеген оңаша жайы, кафесі, рестораны. Ол 400—500 кісіге арналған. Оның бос тұратын кезі болмаған. Америка саяхатшылары мұнда жазы-қысы демалуға, суға түсуге, балық аулауға келеді екен, — деді

Куэрбо машинадан түсе бергенде. *** Мейманхана вестибюлінде армия штабының офицерлері, әскери құрамалардың командирлері, жергілікті партия комитетінің қызметкерлері күтіп отыр екен. Біз кіріп барғанда, ізет көрсетіп барлықтары орындарынан тұрды. Санчес оларды шетінен маған таныстыра бастады. Отырысып темекі тарттық.

— Программасы қалай полковниктің? — деп сұрады Санчес.

— Менде ешқандай программа жоқ. Мен сіздің қарамағыңызға келдім.

— Уақытыңыз өте тығыз көрінеді. Рауль ертең кешкі самолетпен қайтар деп еді. Сонда біздің еркімізде бүгін жарты күн, ертең жарты күн. Ойымыздағының бәрін істеп үлгере алар ма екенбіз? — деп ол Куэрбоға қарады.

— Ақылдасып көрелік. Алақандай аралда алыс жол жүруге уақыт кетпейді ғой, — деді ол. -— Кейбіреулерінің бастарын қосып жиналыс құрамыз. Коронел орналасқан жеріне барып шайынғанша келісіп алармыз, — деді де Санчес штаб бастығына мені ертіп баруын бұйырды.

Баудың шетіндегі, теңіздің дәл жағасындағы бір үлкен оңаша жайға алып келіп мені орналастырды. Бір орта бойлы, тығыншақ әскери киінген жігітті «мына кісі сізге қызмет етеді» деп таныстырды. Менің жатақ орным үлкен үш бөлмелі оңаша жайдың күнгей қанатында болды. Қалған қанаттарында менімен еріп барғандар орналасты. *** Санчес пен Куэрбо келді. Қалай орналасқанымды сұрап болған соң Санчес қолындағы қағазына қарап отырып:

— Коронел! Әрі қымталдық, бері қымталдық, әрі қостық, бері қостық, уақыт ерік берер емес... Мынаған қалай қарайсыз? Қазір түскі тамаққа отырармыз. Оған штабтың барлық офицерлері қатысады. Жақында екі полк бар, соларды біріктіреміз бе, жоқ, әлде жеке-жеке кездесеміз бе?

— Орындарынан қозғап әурелеудің керегі шамалы болар. Кездесу болғаны дұрыс.

— Кешке таман офицер клубына әскери құрамалардың, бөлімдердің офицерлерін жинап кездестірсек деп едік. Шамасы жүз елу кісі болар.

— Жарайды, команданте.

— Жарты күнде төрт кездесу көптеу емес пе?

— Жоқ! Неге көп болсын, керекті кездесулер болса.

— Әрқайсысы орта есеппен бір жарым-екі сағаттан (жолды есеп қылғанда) аспаса, үлгіреміз ғой.

— Сізге ауырлық ете ме деп отырғанымыз ғой.

— Ауырлық ете қоймас, — дедім мен Куэрбоға.

— Ертең болса, үш кездесу әскерлерде, бір кездесу ауыл шаруашылық кооперативінде болса дейміз.

— Оған да мақұл. Бірақ ертерек тұрып қимылдалық.

— Келістік, коронел, — деп Санчес қолындағы қағазын штаб бастығына ұсынды.

— Ал, осылай бұлжытпай ұйымдастырылсын, — деді.

*** Мейманхананың үлкен залында тамақтанып жайбарақат әңгімелесіп отырмыз. Куэрбо мен туралы бірнеше жылы сөздер айтып, отырғандарға таныстырып құттықтады. Бір-екі офицер сөйледі. Мен сөйледім. Сұрақтар берілді. Жауаптар қаттым. Барсақ, полк сапта тұр екен. Полк командирі команда беріп командашыға рапорт бергелі келе жатқанында, Санчес одан мойнын бұрып мені нұсқады. Командир рапортын маған берді.

— Құрметті коронел! Сізбен кездесу үшін полк жауынгерлері сап құрып тұр. Қош келіпсіз, полковник.

Мен командирмен қол алысып амандасып, полкпен дауыстап сәлемдестім. Сап алдындағы трибунаға шықтық. Команданте Санчес кездесуді қысқа сөйлеп ашты. Мен сөйледім. Полк командирі рақмет айтып, ризалығын білдіріп, кездесуді жапты. Полк сапта жарақтарын серт ұстап тұрып, бізді құрметпен шығарып салды... Санчес штабқа ертіп келіп, барлық бөлімдерін, асханасына дейін көрсетіп болған соң маған:

— Менің үй ішіме де он бес-жиырма минутыңызды қиыңыз, — деді.

Пәтері штаб қорасында екен. Сұңғақ бойлы, қалың бұйра, көмірдей қара шашты қос білектей бұрымы тірсегіне дейін түскен, кең маңдайлы, құс қанатты қалың қасты, дөңгелек мөлдір бота көзді, сүйір ұзын кірпікті, сопақ бет, қаз мойынды, көтеріңкі кеуделі, құмырсқа бел, жұмыр бөкселі, ұзын кең көйлекті, қара торы әйел жылы шырай беріп бізді қарсы алды.

Оның жылы сәлемдесіп айтқан сөздеріне мен испан тілімен:

— Мэ фуэ аградаблэ виситарлос, — дегенімде ол иіліп сәлем берді. Көрші бөлмеден бұйра шашты үш ұл бала шықты, состиып бізге қарап тұрып қалды. Әкесі мен шешесі сәбилерге түсіндіріп жатыр.

— Бұлар — біздің ұлдарымыз. Үлкені алтыда, кішкенесі екі жаста.

— Балаларыңыз жақсы екен. Ғұмыр тілеймін... Әйел асығып дастархан жая бастады.

— Сізді жақсылап күтуге болар еді, коронел... Біздің шатырдың астында қонып кетсеңіз де болар еді... Бірақ Санчес он-он бес минутқа ғана ертіп келдім деп, мені асықтырып отыр. Шынымды айтсам, сіздің келгеніңізге бір жағынан өте қуанып, бір жағынан өте ұялып та тұрмын... Кейбір еркектер әйелдерін осындайда қатты ұятқа қалдырады екен... Сіздің өзіңіздің, сіздің синьоринаңыздың денсаулығына, — деп әйел қолындағы бокалын көтерді. Барлығымыз орындарымыздан тұрып іштік. Одан кейін кішкене ыдыстармен алдымызға кофе келді. Куба рәсімінде кофе астың отырыстың аяғы деген түсінікте.

— Синьорина! Сіздің шаңырағыңызға келіп, сізбен, мына тұрған сіздің сүйкімді балаларыңызбен танысып, дастарханыңыздан дәмдес болғанымды өзім үшін есте қаларлық деп санаймын. Жылы шыраймен қарсы алып қабылдағаныңызға рақмет, синьорина. Көсегеңіз көгерсін, бақытты болыңыз, балаларыңыз ер жетіп, елінің ардагер азаматтарының қатарына қосылсын, — деп кофені ішіп болған соң мен орнымнан тұрдым.

— Тар-тығыз уақытыңызды бөліп келгеніңізге көп рақмет, коронел!

— Ендігі келісіңізде, үйге бір қондырмай жібермейміз, коронел! Ол есіңізде болсын, — деді Санчес.

*** Далаға шықсақ, қараңғы түсіп қалған екен. Санчес менен рұқсат сұрап, «офицерлер клубында қалай болып жатқанын» алдымен өз көзімен көруге асыға аттанып кетті. Кетерде Куэрбоға «асықпастан алып барғын» десе керек, ол кісі асығар емес, маған сигара ұсынып, әңгімелер айтып тұр... Коронел, осы бір жапырақ аралда 25-30 пляж бар. Пляж біткеннің жағдайы толық. Америка туристеріне болмаса, бұл жайлар бұрын Кубалықтарға бұйырмаған. Мұнда адал балық та, бау-бақша жемісі де, сүт те, қаймақ та, сары май да, жер жемісінің бар түрі де мол. Бұл жердің кәсібі жеміс өсіреді. Соның бәрі арам тамақ байлардың, олардың қошеметшілерінің, жезөкшелердің игілігі болып келген. Еңбек адамына кішкене арал байлығы бұйырмады да, оның жерін өңдеген де ешкім болмаған. Капиталистер барды пайдалануды ғана білген. Ауыл шаруашылығының жұмысшылары қожаларға болымсыз ақы алып жұмыс істеген, балықшылар болса, пляждағы мейманхана айналасында жұмыс істеп, соларға арзан бағамен жас балық жеткізіп тұрушылар болған. Ал, ресторан қожаларының тапсыруынсыз өздеріне балық ауласа, балықшыларға айып таққан. Балықшылар, соның өзінде ресторанға сол күні менюда көрсетілген балық түрін ғана тапсыруға міндетті болған. Сонда балықшының күні қандай қиын десеңізші, коронел.

— Іздеген кезде табылмайды да ғой. Қиын екенін біліп тұрмын. Рас, мәтел де бар: «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дейді.

— Бірақ, үнемі іліне бермейді.

— Солай да болады.

— Солай,солай, коронел!

— Пинос аралы Куба аралынан жүз жиырма миль жерде. Ол Куба архипелагіне кіреді... Оның бұрынғы тағдыры қайғылы... Мен өзім осы аралда туып ер жеттім... Аралдағылардың көпшілігі тұрғын үйге, киім-кешекке, азық-түлікке жарымайтын... Біз басымыздан көп ауыртпалық кешірдік. Мұқтаждық бар жерде ауру-сырқау, қайыршылық көп болады, соның бәрін мен көзіммен көріп, басымнан кешіріп өстім... Революция адамның еркі мен еңбегіне азаттық әперді.

Біз жеке меншіктің өрістеуіне, саудагершілікке шек қойдық. Арал тұрғындарының теңдігі мен азаттығын кеңейттік. Біз байлардың аспа-төкпе жайларын мемлекет қарауына алдық, жаңа үйлер салдық. Бұрын жағадағы балықшылар мен жерсіздер тұрып келген лашықтарды құрттық. Балықшылардың, шаруалардың кооперативтерін ұйыстырдық.

— Ертең сол кооперативтердің бірінде өзіңіз боласыз да.

— Мен ықыласпен танысамын.

— Куба тарихында бұл кішкене аралдың ерекше тарихы бар. Ал, бұрын айдау мен байлаудың, тұтқын лагерлері мен абақтының орны да болған. Бұл арадан ешкім құтылып кете алмаған. Сөйте тұрып, америка туристерінің көңіл көтеретін орны болуын қараңызшы, — деп Куэрбо күрсініп күлді де: — Сізге қалайша дәл түсіндіруіме болар екен? — деп біраз ойланып тоқтап тұрып, әрі қарай сөзін жалғады.

— Америка революциядан соң бұл аралды «Куба Тайваны» етпек болды. Сөйтіп, бұл аралға кубалық «шаңқайшыларды» орналастыра бастады. Бірақ өзінің батыл қимылымен, шебер басшылығымен Фидельдің көреген саясаты аралды халық үшін сақтап қалды. Одан барлық американдарды қуып шықты.

...Қалың орман, қараңғы түн. Машинамен келеміз. Күнгейдің түні біздің түнге қарағанда ауыр, салмақты, қоюлау келеді екен. Айнала қап-қараңғы, жым-жырт. Жұлдыздары қара аспанда шоқтай жап-жарық, барлықтары жарқырап, жымыңдап тұр. Аспанға қарасаң үстінде түбі шұрық-шұрық тесік үлкен қара қазан аударылып тұрғандай...

Алыстан жіпке тізген моншақтай жылтыраған жарықтар көрінді. ***

Машинадан түссек, жарық алаңда топтана кісілер тұр екен.

— Барлығы дайын, жүріңіздер, — деп Санчес бізді қарсы алды. Дуалы ортан белден ғана, қалтаны ашық, үсті шатырлаған үлкен залда дастархан жаюлы, столдар жасаулы екен. Орындыққа жүз жиырма, жүз елу офицер орналасты. Санчес қонақасын ашып, сөйлеп тост көтерді. Негізінде манағы аэродромдағы сөздерін сәл өзгерте қайталап сөйледі.

— Алдымен асықпастан тамақтанып алалық, содан кейін сізге сөз беріледі, сізге сұрақтар беріледі. Бүгін бір сағат, бір жарым сағат кеш жатуға келістік, — деді маған Санчес.

— Жарайды, — болды менің жауабым.

— Ал, тамақтанып болдық. Қадірлі қонағымыздың сөзін тыңдалық. Мұндай кездесу үнемі бола бермейді ғой. Сондықтан жайғасып отырыңыздар. Сұрақтарыңыз болса, оны да ойлана отырыңыздар. Біздің қарамағымызда бір жарым — екі сағаттай уақытыңыз бар көрінеді, — деді Санчес сағатына қарап.

Мен отыз минут сөйледім.

Итоговые рабочие записи выступлений советского полковника запаса, писателя Баурджана Момышулы перед различными кубинскими аудиториями

Благодарю вас за теплую встречу.

У меня подготовленных для вас речей нет. Я в зависимости от контакта с аудиторией буду импровизировать. Я не знаю испанского языка. Об этом очень сожалею. Сожалею, что не имею с вами непосредственного языкого контакта. Вы будете слушать мою речь через три источника. Я думаю на казахском языке, сам себя тут же перевожу на русский язык, а синьорита с лета переводит с последнего на испанский язык. Положение переводчиков весьма незавидное. Они не располагают временем обработать и приводить в норму язык, на который они переводят. Насколько мысли искажаются или находят свое лучшее оформление в изложениях, проходя через эти три фильтра, могут судить только люди, свободно владеющие этими тремя языками. Как вы уже успели заметить, я после перевода делаю паузу. Я забываю, о чем хотел сказать дальше. Свободное течение мысли прерывается «антрактом» — необходимым временем на перевод уже высказанного. Как вы, наверное, заметили, синьорите нелегко залпом переводить мысли, передаваемые многими предложениями до логического конца. Поэтому часто приходится прерываться на полуслове. Исходя из этих обстоятельств, прошу вас простить возможную непоследовательность и сумбурность моего выступления. Кубинская революция в центре внимания всего мира. У вас много друзей. У вас немало врагов. Ваш вождь Фидель Кастро — самый популярный революционер и герой нашего времени. Наш Н. С. Хрущев — самый популярный политический, государственный деятель и борец за мир. Под его руководством Советское правительство неуклонно и последовательно проводит в жизнь ленинскую внешнюю политику:

Оно последовательно проводит политику мирного сосуществования;
Оно ведет борьбу за всеобщее и полное разоружение;

Оно последовательно добивается запрещения испытаний атомных и водородных бомб; Оно, вмешиваясь в решающие моменты международных кризисов, своим авторитетом предотвращает разжигание новой войны; Оно оказывает бескорыстную помощь почти всем странам, вставшим на путь прогресса.

Этим самым Советское правительство совершает величайшие акты гуманизма. Мой народ к вашим благородным устремлениям и делам вашим питает глубокие симпатии, любит вас, верит вам и желает вам наилучших успехов больше чем кто-либо.

Приятно, что ваши аплодисменты часто переходят в овацию.

Если будете действовать и дальше так, то время больше уйдет на аплодисменты, чем на наши беседы. Давайте по-дружески договоримся отведенное время использовать как можно с большей пользой.

Я мечтал побывать на острове Свободы, на родине Фиделя Кастро. Я хотел посмотреть на боевой облик, на революционный дух кубинского народа. Куба имеет притягательную силу. Через вершины высоких гор, которые покрыты вечными ледниками, через просторы бескрайних степей и синеву океана я пролетел около 20000 километров. Расстояние между Алма-Атой и Гаваною по прямой линии солнце проходит за одиннадцать часов. Когда мы встаем, чтобы начать свой новый рабочий день, вы ложитесь спать, а когда мы ложимся спать, вы встаете, чтобы трудиться и бороться. Я с 6 ноября здесь. За эти дни со своими товарищами — советскими туристами — побывал в некоторых достопримечательных районах Гаваны. Гавана и гаванцы на нас произвели хорошее впечатление. Надеюсь, что разочарования не последует. 10 ноября по любезному приглашению Министра революционных вооруженных сил команданте Рауля Кастро Рус и генерального штаба я отделился от нашей группы и остался в качестве гостя. Мне было предложено остаться в вашей стране на 20 дней, но я дал свое согласие остаться на 10 дней. ***

Я профессиональный военный.

В нашей Конституции есть статья: Защита родины с оружием в руках есть священный долг каждого гражданина СССР.

В молодости я решил посвятить себя военной службе.
Я казах по национальности. Я гражданин Советского Союза.

Мои предки занимались скотоводством. Я постушеский сын. Мне пятьдесят три года. Из них двадцать пять лет я провел в рядах армии, проходя службу в различных уголках обширной территории Советского Союза, последовательно занимая должности от рядового солдата до командира гвардейской дивизии.

Я участник Великой Отечественной войны от начала до ее конца. Великая Отечественная война советского народа прошв фашисткой Германии — одна из блистательных глав боевой биографии нашей страны.

Основная тяжесть второй мировой войны выпала на плечи советского народа. Мы, советские люди, понесли большие жертвы. Мы отстояли честь и свободу нашей родины. Мы отстояли великие завоевания Октябрьской социалистической революции. В суровых условиях, в тяжелых боях мы одержали победу над коварным, сильным врагом со всеми вытекающими последствиями на международной арене, на арене истории человечества. После войны я окончил Военную академию Генерального штаба и пять лет занимался военно-педагогической работой в одной из военных академий, ведя курс оперативного искусства.

В 1956 году по состоянию здоровья демобилизовался из рядов армии в запас. Нелегко служить в армии, но еще труднее расстаться с нею. Я не кабинетный полковник, а офицер переднего края, офицер ближнего боя.

Признаюсь, я очень тяжело переживал свой уход из строя.

Для того чтобы переквалифицироваться, надо было учиться, но для меня студенческий возраст оказался далеко позади. По выслуге лет (и по возрасту) я имел право быть полковником запаса, но, несмотря на то, что я обеспеченный человек, я не имел право быть гражданином запаса. Мне хотелось быть общественно-полезным человеком и служить Советскому Союзу до конца своей жизни. Вот почему я некоторое время после демобилизации, будучи уже в запасе, ходил угнетенным, не находя себе новое место в общественном труде. Все мои переживания оказались напрасными. За многолетнюю службу в рядах армии я общался со многими слоями, с разными поколениями многонационального советского народа; переносил вместе с ними все трудности военного быта, тяготы военных походов и суровые испытания боев; я не только командовал вверенными мне войсками, но и учился у них многому и многому, общался и учился у равных по своему служебному положению и у старших товарищей; тем самым, оказывается, я прошел большую гражданскую школу. Осознав все это и взвесив свои возможности, я решил заняться литературной деятельностью. Главная цель — правдиво рассказать подрастающему поколению о советском патриотизме, о ратных, боевых делах их отцов и матерей, старших братьев и сестер, ибо нет в нашей стране ни одной семьи, не задетой прошедшей войной. Молодежь по рассказам участников-очевидцев должна знать всю правду о патриотическом духе, несгибаемой воле, стойкости и мужестве, о беспримерном подвиге старшего поколения, быть их достойным наследником и приумножать благородные традиции. На примерах ратных дел старшего поколения, приумножая благородные традиции, надо воспитывать молодежь и духе советского патриотизма и научить героизму. Личный опыт хорош, но он весьма узок. Поэтому личный опыт не всегда может послужить основанием для больших обобщений. Воспоминания участников боев до некоторой степени могут восстанавливать атмосферу прошедших сражений... Мои произведения целиком и полностью построены на моих личных воспоминаниях, на отборах из груды воспоминаний характерных эпизодов. Там нет вымышленных событий и вымышленных лиц.

Темы, над которыми я работаю, можно приблизительно сформулировать так: Процесс становления казаха как гражданина СССР. Эта тема охватывает период 1911—1941 гг. В освоение этой темы опубликованы книга «Наша семья», ряд рассказов.

Предстоит еще много поработать.

Вторая тема, над которой я работаю, — это процесс становления воина и формирования воинского характера. В освоение этой темы еще в годы войны на основе моих материалов: военных записок, рассказов и стихов, в результате совместной работы с советским писателем Александром Беком были опубликованы «Панфиловцы на первом рубеже» и «Волоколамское шоссе». А.Бек сделал большое дело. После войны, как тематическое продолжение этих книг, мною были опубликованы сборники военных рассказов «Облик воина», «История одной ночи», отдельные рассказы, стихи и много статей. За последние годы опубликована книга «За нами Москва». За пять лет эта книга в Советском Союзе выдержала пять изданий тиражом около четырехсот тысяч экземпляров. Книга «За нами Москва» заканчивается декабрем 1941 года, а война же кончилась в мае 1945 года. Следовательно, впереди еще много работы. В прошлом году исполнилось 70 лет со дня рождения генерала И.В.Панфилова. Эту дату в нашей республике отметили широко, чтя память И. В. Панфилова как народного героя. В начале этого года из печати вышла моя книга «Генерал Панфилов» (его биография) стодесятитысячным тиражом. Авторским эпиграфом для всех моих книг являются слова: «В этих записках я хотел поделиться не только лишь положительным опытом, но рассказать о своих собственных ошибках»... И о своих ошибках надо рассказать подрастающему поколению, чтобы они их не повторяли. Я привез эти книги на Кубу. Если их переведут на ваш язык, и с вами я буду рад поделиться опытом и ошибками. Известно, что смерть неизбежна, воскрешения нет! Смерть придет к одному раньше времени, к другому позже. Но следует бояться не смерти, следует бояться потери работоспособности. Давать обществу как можно больше — это стремление борца. Радость в жизни не в том, что берешь, а в том, что ты даешь другим, несешь свои знания и опыт народу. В моем знании и моем опыте на том свете никто не нуждается. Не следует их уносить туда, лучше оставить их здесь, на этом свете. Поэтому-то я спешу как можно больше работать. Если мои книги принесут какую-либо пользу и для вас, я буду весьма вознагражден за свои труды.

Меня просят рассказать о жизни и деятельности генерала И.В.Панфилова. О Панфилове и панфиловцах написано много книг. Мне как одному из авторов не так-то легко восстановить в своей памяти и что-либо точно воспроизводить из написанного. Панфилов — выходец из народа. Он был простым русским человеком. В годы своего детства и отрочества он пережил немало страданий и унижений при старом режиме. Он участвовал в первой мировой войне. Он был фельд-фебелем царской армии. Он был одним из активных участников революционных работ в окопах первой империалистической войны. Когда война из империалистической переросла в гражданскую войну, он добровольно вступил в ряды молодой Рабоче-Крестьянской Красной Армии и принимал участие в боях против иностранной интервенции и внутренней контрреволюции почти на всех фронтах гражданской войны. В годы гражданской войны Панфилов командовал взводом, затем ротою, был офицером переднего края, самого ближнего боя. Он был одним из героев гражданской войны, кавалер двух орденов боевого Красного Знамени. За 27 лет службы в армии (из них около десяти лет в боях) Панфилов от рядового воина вырос до генерала. Несмотря на свои большие боевые заслуги и высокое воинское звание, он был скромным и общительным, требовательным и заботливым, глубоко русским и интернационалистичным человеком. Он был человеком строгой внутренней самодисциплины и требовательности к себе. Он был командиром с большим внутренним тактом и практическим опытом. Не каждому дано критическое мышление. Не каждый способен извлекать уроки из собственных ошибок — все равно, совершены ли они по неопытности или по незнанию. Не у каждого гражданская совесть строже любого строгого выговора старшего начальника. Имея огромный командирский опыт и знания, Панфилов старался применять их творчески, с пользой для общего дела. Об этом говорит хотя бы такой случай. После одного из боев под Москвой я докладывал генералу. Для оправдания своих не совсем удачных действий сослался на некоторые статьи устава. Видимо, эти положения устава я защищал горячо и страстно. Панфилов, как всегда сдержанный, выслушав меня до конца, задумался, а потом, мягко улыбаясь, сказал:

— Нет, батенька, буква буквою, статья статьею, устав уставом, а война войною, — и, повысив голос, добавил: — Война, конкретная обстановка боя нас учат, наш горький опыт нам подсказывает... Правильно Петр Первый сказал: «Не держаться устава, яко слепой стены, ибо там порядки писаны, а времен, случаев нет», — и, выдержав паузу, хитро улыбнулся: — Говорят, что царь, написав это, задумался и приписал: «Тех, кто не будет выполнять устава, бить батогом». Я вполне согласен с Петром Первым, за исключением битья батогом...

— Хорошо сказал Петр Первый, товарищ генерал, — прервал я Панфилова.

— Хорошо-то хорошо сказано, бесспорно, хорошо. Но он вас батогом поколотил бы, а вот мне Советская власть не разрешает... Я вам не запрещаю уставы применять, коль вы их знаете, но положение устава умеючи, по обстановке, осмысленно и творчески применять надобно. Я запрещаю механическое усвоение и применение буквы устава.

Хотя весь разговор носил для меня характер тяжелого выговора, но справедливость и убедительность этих доводов, как говорится, комментариев не требуют и были для меня весьма поучительными.

— Да, в уставе, действительно, нет ни времени и ни случаев, — продолжал Панфилов. — Устав — это не приказ, имеющий кратковременный характер. Но и к отдаче приказа надо подходить разумно и творчески. Не только краткая формулировка замысла боя и конкретных боевых задач частям, но и способы их выполнения войсками — вот что такое приказ. Приказ отдается именем народа, родины и после отдачи становится личной судьбой подчиненного — исполнителя. Это очень и очень серьезно...

— Я вас понял, товарищ генерал.

— Только прошу вас не понять меня по субординации. Знаете, у нас всегда старший прав бывает... Народ не лыком шит. Простой человек иногда знает и думает больше, чем любой начальник, но он часто обобщить не может или высказать свое мнение побаивается. Вот я командир, можно сказать, всю свою жизнь, но всегда считал и считаю: не войска для командира, а командир для войск. Одна из главных задач командирского искусства — это владеть ключом к сердцу масс. Чем ближе командир к массам, тем лучше и легче ему работается. Суворов, требуя соблюдения субординации и беспрекословного повиновения, учил командовать без превышения власти, подчиняться без унижения.

Так учил нас, своих подчиненных, генерал Панфилов.

Вопрос: Очень важно услышать от вас о роли полит-работников в годы Великой Отечественной войны и, в частности, в боях за Москву. Отвечаю: И раньше мне задавались подобные вопросы, но немного с другим подтекстом. Меня спрашивали: «Кто у вас стоит выше: комиссар или командир?» Логически получается так: кому больше доверия, командиру или комиссару? Кто из них больше предан Советской власти? Наша партия и Советское правительство одинаково доверяли обоим им. Они одинаково преданы родине; могу сослаться на свой жизненный опыт, на свою собственную биографию. Я в рядах армии с 1932 года, а в партию вступил в 1942 году. Следовательно, долгие годы я был одним из беспартийных командиров. Разумеется, тогда я не был старым специалистом, которого можно было бы терпеть постольку-поскольку. Я был молодым красно-армейцем. Долгие годы не вступал в партию не потому, что я был в оппозиции к КПСС, а считал себя недостаточно подготовленным для того, чтобы вступить в ряды этой великой партии. Будучи беспартийным, я командовал взводом, батареей, был первым помощником начальника штаба полка, командовал батальоном и полком. Будучи беспартийным командиром, я никогда не чувствовал какого-либо недоверия или подозрительного отношения к себе. Политруки и комиссары были самыми лучшими моими сослуживцами и боевыми друзьями. У меня никогда не возникало ни малейшего основания остерегаться их. У пас, были вполне здоровые товарищеские отношения как у офицера с офицером, как у воина с воином. Об этом я написал в своих произведениях откровенно и правдиво, отдавая и политработникам должное, высоко ценя и их добропорядочность и мужество. Дордия, Бозжанов, Толстунов, Габдуллин — это полит-руки. Об их боевой деятельности, мужестве и отваге в боях под Москвою написано в книгах «Панфиловцы на первом рубеже», «Волоколамское шоссе», «История одной ночи», «За нами Москва». В бою подвиг совершается на грани жизни и смерти. Их подвиги описаны в этих книгах не по фантазии писателя, их образ не продукт воображения художника, а жизненно-документальные достоверные факты. Есть бог, есть архив, есть живые свидетели. Политический и моральный фактор, особенно в бою, имеет решающее значение. Политическая сознательность воина, верность своему воинскому долгу, уяснение задачи и трезвая оценка обстановки, его способность предельно напрягать все свои силы и способности для выполнения поставленных перед ним задач, вплоть до самопожертвования, если этого потребует обстановка боя, — это самые главные качества воина. Воюет человек, а техника лишь средство борьбы в его руках. Сознательный, гордый, инициативно-активный воин, который владеет техникой, своим оружием, как ложкой за столом, — это настоящая боевая единица. Система политической работы цементировала основы основ боевой подготовки и боевой деятельности войск. Будучи беспартийным командиром, я опирался на массы через партийно-политический аппарат. Со второй половины войны у нас было введено единоначалие. Командуя дивизией, я стал командиром-единоначальником, т.е. коммунистом номер один в дивизии. Если я раньше опирался на комиссара, то теперь я должен был направлять всю партийно-политическую работу. Хотя я и раньше не был пассивным командиром в политработе, признаюсь, мне это сначала было нелегко. Сама жизнь убедила меня в малоопытности. Мои товарищи, бывшие комиссары, поделились со мной опытом и помогли мне за короткое время встать на ноги как единоначальнику.

Как командир, я утверждаю:

Что организация политической работы гораздо сложнее, чем организация боевой учебы; Что организация политической работы в бою не менее сложна, чем выработка какого-либо раздела решения командира; Что политическое обеспечение решения командира в бою не менее сложно, чем материально-техническое обеспечение боя. Современный бой скоротечен, полон неожиданностей, непредвиденных случаев и обстоятельств. В современном бою часто меняется обстановка. Изменившаяся обстановка вынуждает командира корректировать свое первоначальное решение, предпринять новый маневр, а иногда принимать во всем новое решение. В такой сложной обстановке, конечно, всем приходится нелегко, но политработникам приходилось еще труднее. Они должны были политически обеспечивать эти новые решения командира в самой сложной суматохе боев, проводя разъяснительную работу среди войск. Мы посылали политработников на самые опасные участки, и они часто находились на переднем крае в критические моменты боев. Немало примеров, когда политработник своим личным примером увлекал за собой бойцов; немало примеров, когда политработник возглавлял атаку или контратаку; немало примеров, когда политработник, заменив выбывшего из строя командира, принимал всю ответственность на себя. Партийно-политический аппарат — это связующее звено между массою и командиром. Если можно так выразиться, политотделы — это духовный штаб войск. Наш политработник — начальник для всего личного состава. На это он имеет полное основание, больше, чем опытный офицер. В боях на дальних подступах к Москве комиссару полка Петру Васильевичу Логвиненко пришлось в самой сложной обстановке неоднократно заменять командира полка. Однажды, когда командир полка Елин отбился от полка, Логвиненко, приняв командование, организованно и с боями вывел полк из окружения. Другой пример. В своей книге «За нами Москва» я о нем пишу: «Надо признать, что после моего ранения основная тяжесть практического командования полком легла на плечи нашего комиссара Петра Васильевича Логвиненко. Этот горячий, смелый человек умел в нужный момент не жалеть и себя. Он буквально метался по переднему краю и в горниле боев уцелел чудом», — так писал я, беспартийный командир полка, 6 декабря 1941 года. Только и только твердые знания и большой практический опыт дают право на взаимозаменяемость. Повторяю, наши политработники — равнозначные и опытные офицеры. У нас немало примеров, когда бывшие политработники успешно командуют полками, дивизиями и корпусами. У нас немало примеров, когда бывшие командиры с успехом справляются с партийно-политической работой. На днях Министр революционных вооруженных сил команданте Рауль Кастро выступил с проектом закона о всеобщей воинской обязанности, который сейчас обсуждается вашим народом. Каждый из вас понимает, что введение обязательной военной службы повысит готовность отразить и разгромить любое нападение на вашу страну. Если вам удастся создать вполне современную первоклассную армию, это поможет укрепить и позиции защитников мира. Вооруженные силы предназначаются для защиты свободы и независимости своей родины, для отстаивания государственных интересов и обеспечения мирного созидательного труда своего народа. Военная служба для каждого нормального гражданина страны — священный и почетный долг. Уклонение от военной службы под разными предлогами — это весьма неприятный проступок в биографии гражданина, достойный всякого сожаления и осуждения. Если кто-нибудь уклоняется от военной службы, значит он ложный патриот, он не человек чести. Служба в армии для молодого человека — это целая школа. Армия — это школа моральной и физической закалки. Армия — это общение с широким слоем своего поколения. Армия — это школа внутренней собранности, внешней опрятности и достойного поведения человека в самых трудных условиях. Каждый физически пригодный к военной службе гражданин должен стараться пройти эту школу выдержки и самодисциплины. У нас нередки примеры, когда молодые люди — бывшие папенькины и маменькины сынки — со службы возвращаются домой возмужавшими, морально и физически окрепшими, с развитым чувством личной ответственности за порученное дело, с сознанием собственного достоинства. Нередки примеры, когда демобилизованные возвращаются домой, имея в руках аттестат зрелости и приобретя какую-либо квалификацию, пригодную для работы в мирных условиях. Например, мой младший брат Маисджан по причине болезни вынужден был бросить учебу с 8-го класса... Прослужив в армии три года, он вернулся домой с аттестатом зрелости в руках, имея специальность плотника. Он теперь успешно работает в колхозе столяром-плотником. Главной основой боеспособности и постоянной боевой готовности в армии является строгая воинская дисциплина, которая должна основываться на высокой политической сознательности, на патриотическом чувстве, на глубоком понимании своего воинского долга каждым воином. Каждый воин строго и точно должен соблюдать порядки и правила, установленные законом, уставами и приказами начальников. Каждый воин обязан быть дисциплинированным, в совершенстве знать и беречь свое оружие, постоянно совершенствовать свои знания, быть готовым проявлять разумную инициативу, дорожить своим воинским коллективом, помогать товарищам во всем, удерживать от недостойных поступков и беспрекословно повиноваться командиру. Все это на практике удается не сразу и не так-то легко. Укрепления сознательной воинской дисциплины командир добивается последовательным проведением ряда мероприятий, повседневной кропотливой работой, опираясь на положения уставов, на опыт старших, на политаппарат, на воинскую общественность. Основной метод укрепления воинской дисциплины — это убеждение. Но жизненный опыт и практика не исключают и другой подсобный метод, как принуждение в отношении нерадивых. Ведь в армию попадают разные люди из различной среды. Отец журит сына не потому, что он ему желает плохого, а огорчен его неправильными поступками. Отец не хочет, чтобы сын пошел по неправильному пути, поэтому он его даже наказывает. Командир метод принуждения применяет как крайнюю меру воспитания нерадивого. Командир облечен доверием и властью, он старший брат своим подчиненным. Он должен всесторонне изучать личный состав путем личного общения, учитывать в своей работе полезные высказывания и предложения подчиненных. Большое доверие, коим он облечен, не значит, что все должно быть только и только по нему; есть ряд норм и чувство меры, которые он не вправе переступать. Командир должен воспитывать и учить своих подчиненных не гневом, а умом. Он должен быть объективно справедливым, он не должен без меры хвалить или без вины терзать. Он должен четко различать и глубоко понимать разницу между двумя понятиями: требовательность и жестокость. Ни в коем случае не допускать стирания грани между ними в своей деятельности, ибо требовательность — это закон, а жестокость — это беззаконие.

Жестокость как и всякое беззаконие унижает, вызывает озлобленность. На основе политической сознательности, боевых традиций и передового опыта, нетерпимого отношения к недисциплинированности воин должен воспитываться и обучаться гордым человеком. Негордый человек не способен совершать подвиги. Суворов говорил: «Подчиняйся без унижения!» Ни в коем случае нельзя унижать человеческое достоинство воина. Высокая требовательность к себе и подчиненным, умелое сочетание и правильное применение мер убеждения и принуждения — долг и обязанность командира. Без причины ничего не совершается. Всякие проступки должны быть предупреждены путем здравого анализа, своевременного выявления и устранения причин, порождающих нежелательные проступки. В каждом воинском коллективе должно быть нетерпимое отношение к недисциплинированности. Ни один проступок не должен оставаться без дисциплинарного воздействия, ибо недисциплинированность одного может иметь тяжелые последствия для многих ни в чем неповинных, честных воинов. Это особенно чревато последствиями в бою. По-этому проявление всякой недисциплинированности еще в зародыше должно быть выжжено каленным железом. *** Несколько слов о кадрах. Как известно, хорошо подготовленные и высококвалифицированные кадры — самый решающий фактор во всяком деле. Никто не рождается с высокой квалификацией и большим опытом. Знание и опыт приобретаются годами. Правильная расстановка кадров требует строго объективного, делового подхода со стороны старшего начальника. Одновременно следует иметь в виду, что незаменимых людей нет. Надо дать отпор и своевременно поставить на свои места всех тех, кто начал проявлять элементы зазнайства, надо отрезвлять вовремя всех тех, у кого кружится голова от мнимых успехов, кто начал терять чувство скромности. Успех во всяком деле достигается лучше при слаженности и при хорошем взаимодействии. Низкая квалификация офицеров вредно отражается как на штабной службе, так и на работе партийно-политического аппарата. Всякий хороший замысел требует четкого, продуманного, всесторонне обеспеченного организационного начала и слаженного взаимодействия. Универсальных родов войск нет. Сущность взаимодействия родов войск в бою заключается в восполнении недостатка одного рода войск достоинством другого рода войск. Также нет абсолютно универсальных офицеров. Поэтому практически необходимо взаимодействие и взаимозаменяемость офицеров различной квалификации под общим единым командованием. Они должны друг друга восполнять. Как говорится, необъятного не обнимешь. Ни один высококвалифицированный командир не может заменять всех, поэтому ему дается штат заместителей и помощников. Он умело, как единоначальник, должен пользоваться их услугами. Принцип взаимозаменяемости нам дался не сразу. Нам пришлось преодолевать много трудностей, но мы, в основном, решили эту проблему. Наш многострадальный опыт научил нас заменять друг-друга как в бою, так и в труде. Для того чтобы добиться этого, нам пришлось много учиться, много трудиться.

Бір сағаттай сұрақтарына жауап бердім. Санчес алғыс айтып кездесуді жапты. Ерте тұрып сыртқа шықтым. Дала желсіз, теңіз тұнық екен. Су жағасындағы пляжды аралап біраз жүрдім. Жаға қап-қара, майда құм екен. Уыстап ұстап та көрдім.

— Бұл неге қап-қара? — деген сұрағыма қасымдағы капитан Охэдо.

— Бұл жерде теңіз астында қара мрамордан тау бар.

Соны толқын үріп, құмға айналдырып, жағаға шығарған. Бұл жағаның аты да испанша Қарақұм деген мазмұнда, — деді.

— Алдымен Патрис Лумумбаның атындағы полкқа барамыз. Одан соң ауыл шаруашылық кооперативіне, одан кейін тағы бір полкке барамыз, — деді Санчес. Машинамен тарттық. Жол бойы бақша, мыртық, жіңішке, дудар бұтақ қарағай, қамыс шашақ бұтағы аспанға созыла өскен мойнақ кеңірдек пальмалар. Жайлау алаңдары екі-үш гектарды шаршылай сыммен қоршалған.

— Біз малды мына қоршаудың ішіне айдап саламыз. Қашан оты таусылғанша осында жайылып жүреді. Тықырлана бастағанда, оларды көрші қоршаудың ішіне айдап саламыз. Сөйтіп, жайлаудың төріне жеткенше, бұрын жайылған жерлердің шөптері қайтадан өсіп, жетіліп қалады. Қайтадан іргеден бастап жайылады. Ал сіздерде ше? —деп сұрады Куэрбо. Мен айтып бердім.

— Шөп шауып, жем дайындап, қора салып, жыртқыштан күзетіп, мал бағудың өзі қып-қызыл азап қой, — деді Санчес. — Қайтесіз, барлығы жер жағдайымен, ауа райымен байланысты. Әсіресе, малды қыстан аман шығару бізге оңайға түспейтіні рас, — дедім мен. — Әсіресе, көктемде біздің елде — «жуан созылып, жіңішке үзіледі» деген сөз бар. Кейінгі сөздер Куэрбоға өте ұнады. Ол қайталатып айтқызып, жазып алды да:

— Бұл мәтелді керекті жерінде жалғыз мал туралы емес, басқа жағдайда да пайдалануға болады екен, — деп күлді.

Үлкендігі сауысқандай, қызыл-көгі аралас әдемі құс сайрап, ағаштың басында ұшып қонып жүргеніне назарым түсіп:

— Апырмай, мына құстың әдемісін-ай! — деппін.

— Бұл құсты біздер иттің етінен жек көреміз.

— Неліктен, команданте?

— Бұл құстың бізше аты сатқын. Мен таңдана қарадым:

— Тоғайдың, бұтаның ішінде адам көрсе, сол маңда сайрап, айналсоқтап ұшып жүріп алады. Әсіресе бұл жалғыз-жарым тығылып жүрген адамның айғағы. Партизандар мен мергендердің соры.

— Бұл құс туралы халық арасында ертегі бар, -— деді Куэрбо.

— Айтыңызшы.

— Адам бірінші рет осы аралға келгенде, бұталарын паналап барып аралдың патшасын өлтіріпті-міс... Содан бері бүл күс «сен қалай жасырынып жүрсең де, сені аспаннан көріп, әлемге, сақтанғын, жауыз жақындап келеді» деп айғақ болам деп ант берген екен» дейді. Бұл құс адам қолы жетпейтін құзға ғана жұмыртқалайды.

— Тамаша екен! Өзін-өзі қорғау ниеті, ұрпақ шашу ниеті жақсы жануар екен, оған да не істетпейді, — деп мен таңғалдым.

Үлкен трибунаның алдында сапта тұрған полк. Трибунаның оң қанатында СССР-дің жалауы, сол қанатында Куба республикасының жалауы. Трибунаның төрінде Патрис Лумумбаның үлкен портреті, қара мұртты, шоқша сақал Патрис полкқа күлімсірей қарап тұр. Санчес сөз сөйледі. Мен сөйледім. Марқұм Патрис Лумумбаның Африка континентінің көрнекті қайраткері болғанына біраз тоқтап, Москвада оның атында халықаралық университет бар екенін айтып бердім. Бүкіл полк «Интернационалды» басынан аяғына дейін орындады. Бір жас жауынгер келіп: — Мен Лумумба атындағы полкте қызмет істеймін, әскери қызметім аяқталған соң, Лумумба атындағы университетке оқуға барамын, — деді.

— Ниетіңе жеткін, қарағым, — деп оның арқасынан қақтым.

Кооператив шаруашылығын көруге бет алдық. Алаң ортасында асфальттанған кең көше, жиегі гүл өсімдік, оның ар жағында стандартты үйлер. Көшенің екі жағында электр бағаналары. Алшақтау жерде биік екі қабатты үй.

— Бұл тұраққа қайтарда соғармыз. Алдымен фермасына барып қайталық, — деді Куэрбо.

Ағаштан істелген қоралардың ішінде топ-топқа бөлініп қамалған өркешті, желіні екі шелектей көк сиырлар, көбінің сауырлары қан.

— Малдарға прививка істеп жатыр едік, — деді басында қазандай сабан қалпағы бар мұртты жігіт. Менің кім екенімді білген соң, ол жас баладай қуанды. Мал басындағылардың барлықтары біз тұрған жерге жүгіріп келді.

Мен қол беріп барлықтарымен амандастым. Алыстағы жайылымдағы тайыншаларды үйіріп жүрген жігіт шауып келіп, астындағы атын лық тоқтатып, ырғып түсіп, тізгінін ат мойнына тастай салып келіп амандасты.

— Жылқының құлағында ойнайтын жігіт екен, — дедім мен.

Ол күлімсіреп тұрып:

— Товарищ! Спасибо, — деді.

— О, сіз орысша біледі екенсіз ғой...

Ол орысша білмеймін, бірақ білуге құмармын дейді. Осылайша оның сөзін синьорита аударып берді.

Оның жақсы екен. Сен әлі жассың, қолыңнан бәрі де келеді...

— Бұл жігіт — озат малшымыздың бірі. Бұны болашақта колхоздан тәжірибе алу үшін Совет Одағына жібереміз бе деген ойымыз бар, — деді Куэрбо.

— Озат мал өлкесі Совет Одағында біздің Қазақстан болады. Мал бағуды үйренгің келсе, тіке бізге тартқаның дұрыс.

— Көп рақмет, полковник. Бұйыртса барып та қалармын.

— Сиыр мен шошқаларымыздың саны бірдей. Сүт, ет, май жағынан аралымызды толығынан қамтамасыз етеміз, ал артық қалғанын үлкен аралға жібереміз, — деді ферма бастығы.

— Мен өзім ауыл шаруашылығының адамы емеспін, — дедім мен сұрақтарына жауап берердің алдында. — Сондықтан колхоздар шаруашылығын қалай ұстайтынының барлық астарларын біле бермеймін, бірақ шет жағасынан аздаған хабарларым бар... Елу-алпыс мың қой өсіретін колхоздар бізде аз емес...

— Оларды қайда сыйдырып жаяды? — деп таңдана сұрады.

— Сіздерге өтірік, маған шын — біздің кейбір ірі колхоздарымыздың мал жайылымдарының өзі есеп қылғанда жерінің көлемі сіздердің аралдарыңыздың көлемінен аз бола қоймас,— дегенімде олар сенер-сенбесін білмей, «О, о!» десті... Мен оларға білгенімді айтып бердім.

— Бұрынғы кезде осы алақандай аралдың пайдалы жерлерінің барлығы байлардікі еді. Жалғыз сиырымыз бен үш-төрт шошқамыз солардың жеріне түсіп кетсе, штраф төлеумен зордан құтылатынбыз, көбіміз кейіннен байлардың малшысы болып кеттік. Бір жолы осында Фидель келіп аралап жүріп, шалшық жағасындағы біздің күркешелерге де келіп, барлығымызды жинап алып, көп әңгімелесті бізбен. Сол кісінің кеңесі бойынша кооперативке бас қосып, осы араға көшіп келіп жайластық. Үкіметтің жәрдемімен аяқтанып, өз қолымыз өз аузымызға жетті.

Селоға орала соқтық. Көшесін аралап жүрміз. Әр үйдің верандаларында үш-төрт жас бала. Көшесі, тротуарлары тап-таза.

— Бұл үйлердің барлықтарын үкімет қаражатымен салдық. Электр, су желісі, канализация, мына тұрған мәдениет үйі, радио әр үйде бар, ал телевизор осы мәдениет үйінде ғана. Жетісінде бір-екі рет кинолар алып келіп көрсетеді... «Болашақта село тұрмысы қаладан кем болмасын... Бұл соның бастамасы болсын...» деп, Фидельдің нұсқауымен бұл кооперативті үлгі ретінде құрып едік...

Солай болып келеді де. Демек, кооперативті сіздер жеңілдік шартымен құрып жатырсыздар ма? — деп мен Куэрбоның сөзін бөлдім.

— Солай екені рас. Бастамада жеңілдік, жәрдем болмаса, бұлар көпке дейін аяқтана қоймаған болар еді. Орта есеппен алғанда аграриядағы шаруаның табысы кейінгі жылдары төрт еседен артып өсіп келеді. Бұлар азық-түлікті көп жағынан қамтамасыз етіп отыр. Алған жәрдемдерін жылдан-жылға ақтауда. Аз жыл ішінде қала мен деревня арасындағы алшақтықты жою міндетін алға қойдық. Әңгімеге алданып бір үйдің алдына топтанып тұрып қалдық. Ұзын бойлы, денесін сол бүге ұстаған арық жігіт келіп амандасты. Әңгімені бөлмей біраз тұрды да:

— Коронел! Келіп қалған екенсіз. Біздің үйге кіріп дәм татып шығыңыз, — деді.

— Бұл кісі осы кооперативтің овощ жағын басқарады. Есімі Ольварнс, — деп қайтадан таныстырды Куэрбо.

— Уақыт жағы қалай еді, команданте? — деп сұрадым мен Санчестен.

— Он бес-жиырма минуттай уақыт бөлуге мүмкіншілік бар.

— Компаньеро Ольварис, мен самолетке үлгеруім керек, жарайды, барайық.

Үйі тап-таза, кеп-келісті. Веранда, коридор, кухня, ванная, туалет, ас бөлме, балалар бөлмесі, ұйықтайтын бөлмесі... Едені керамикадан. Дуалдары сырлаулы. Үйдің жалпы орны үш жүз шаршы метр. Тап-таза, тап-тұйнақтай. Орта бойлы, шашы үрпиген сары әйел кухняда кофе қайнатып тұр, Үш-төрт жас балалар аяқ астына оралып, әкесінің соңынан қалар емес...

— Мен бұрын шалшық шетінде жапырақтан істелген күркеде тұрушы едім. Шалшыққа не шығады дейсіз. Дақыл піскен кезінде байларға жалданып, көбінесе балық аулап күнелтіп келіп едік... Күріш, жарма, жеміс дегендер түсімізге де кіріп-шықпайтын... Жұмыс іздеп таба алмаушы едік... Қазір шүкір, барлығы жеткілікті... Іс кооперативте көп, адам аз, сондықтан кей күндері уақытпен санаспауға тура келеді... Мен пәтерақы төлемеймін, жарық, газ, суға ғана төлейміз. Ол бізге онша ауыр түспейді... Мұндай үйде тұрамыз деген еш уақытта ойымызда жоқ еді... Табыстарымыз — еңбектерімізге қарай...

— Коронел! Біздің аралдың шын аты ел аузында Қазына аралы, — деді машина бір жоннан ентелеп түсе бергенде Санчес.

— Бау-бақша, түрлі өсімдіктер, ақ, қара мрамор, түрлі-түрлі адал балықтар, төрт түлікті мал, көптеген табиғи пляждар... сондықтан Қазына аралы деп атаған болар.

— Бұл болжаудың, әрине, жаны бар екені рас, коронел. Бірақ та ертегі ме, әлде шын ба, осы уақытқа дейін ел аузында лақап бар: баяғыда испандар бір қысылтаяң жағдайда Кубадағы барлық бағалы асылдарын алып, осы аралға жаңағы баға жетпес көп асыл заттарды бір жерге көміп тығыпты. Жау жақындағанда, қайтадан қазып алуға мұршалары келместен теңізбен зытып отырыпты. Жау қуып кетіп, олардың кемесін апатқа ұшыратып, су түбіне жіберіпті-міс... Асыл заттардың қайда көмілгенін осы уақытқа дейін ешкім білмейді... Содан бері кімде-кім болса, әйтеуір жер шұқыса, «мен қазынаның үстінен шығар ма екемін» деп дәмелі болады да тұрады, — деп Санчес қарқ-қарқ күлді.

— Аралды бірнеше жылдан бермен жүгендеп, өмілдіріктеп, тартпалап, құйысқандап окоптар, траншеялар қазып жатырмыз, бірақ та әлі бір тесік моншақ табылды дегенді мен әлі естігенім жоқ, — деп Куэрбо күлді.

— Игіліктің ерте-кеші жоқ дегендей, ақыры бір күні табылар бабаларыңыздың тығындап тығып кеткендері.

— Иә, біз одан еш уақытта үміт үзбеуіміз керек, — деп Санчес тағы да күлді. Екі таудың бөктерінің табанында бірнеше үлкен үйлер көрінді. Айналасы қорғаулы, қоршаулы — қазылған орлар, пулемет, зеңбірек, танк ұялары. Алдыңғы ор алдында өрмекшінің ұясындай шатылыса тартылған сым қоршау. Проволкадан сыртқары ені 250-300 метрдей, айналасы өсімдіксіз тап-тақыр. Оқшауда жол бойында қарама-қарсы үш қабатты үлкен үй көрінеді.

— Алдымыздағы екі үлкен үй — екі полктың казармалары, — деді Санчес. — Енді жолығыс соның біреуінде болмақ, коронел. Ал, оның ар жағындағы құрсауланған алты үй — түрме. Бұнда алты мыңдай саяси тұтқын бар.

— Біз оларды күшті күзетеміз. Олар — контрреволюционерлер. Импералистер бұларды күшпен босатпақшы да болып, маңдайға ұрды. Бұрын абақтыда біз отырсақ, енді олар отыр.

Оң жақтағы казарманың алдына келіп түстік. Командир алдымыздан шығып, амандасып Санческе:

— Команданте! Коронелді стадионда күтіп отырмыз, — деді.

— Қараңыз, коронел, қараңыз! —деп аудармашы қуана сұқ қолын жоғары сілтеді. Мен үлкен казарманың маңдайшасына қарадым: казарманың арғы босағасы мен бергі босағасына дейін керілген ақ шүберекке латынша жазылған үш шумақ жазуларды көрдім.

— Сіздің сөздеріңізді жазып іліп қойыпты. Бірінші шумағы: «Достық дегеніміз — өзара ақталған сенімнің түйіні», екінші шумағы: «Жаман дос — көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың», үшінші шумағы: «Совет — Куба достығы келе-келе таудан биік, мұхиттан терең, болаттан берік бола алады», ал соңына: «Коронел Бауыржан Момышулы» деп жазған.

— Бұларға айтыңыз, бұл сөздер менен шыққан жоқ, менің халқымнан шыққан.

— Біз бұл сөздерді сізден естідік, коронел. Ең болмаса бізге жеткізген сіз, — деп Куэрбо жұбата күлімсіреді.

Стадионның іші толған әскерлер. Трибунаның екі қанатында ұзын қадаға ілулі СССР мен Кубаның мемлекеттік тулары. Біз қақпадан енгенде, оркестр қарсы алу маршын орындады. Трибунаға шыққанымызда, оркестр Совет Одағының гимнін, одан соң Куба республикасының гимнін орындады. Кездесуді Куэрбо ашты. Ол шешен екен. Ол сөйлеп тұр, қасымдағы тілмаш маған оның сөздерін жеткізіп тұр. Сөздері менің жауынгерлік өмірімді, жазушылық қызметімді, Кубаға келу сапарымды баяндауға арналды. Ол біздің ұстазымыз, одан үйренеріміз көп дегенді баса айтты.

Куэрбо мені жан-жақты таныстыра келіп, өзіме сөз берді.

Соның алдында маған Кубаның халқы туралы, елі мен жері туралы менің қысқа сапар үстінде алған әсерімді айтсаңыз екен деп өтінген сұраулар түскен. Сол сұрауларға жауап бере де кеттім.

— Коронел! Әлі аэродромға самолет келген жоқ. Біздің еркімізде әлі бір сағат уақыт бар, — деді машинаға мінген соң Санчес.

— Бәлкім, абақтыны аралап өтесіз бе? — деп сұрады Куэрбо.

— Мүмкіндігі болса неге араламасқа.

— Айда солай тарт, — деді Санчес шоферге.

Сол күні сәрсенбі еді. Түрменің қақпасының алды толған әйел мен балалар. Қақпа алдындағы түрме қызметкерлері, олардың алып келген құтысының ішіндегі нәрсесін басқа бір картоп құтыға тексеріп салып, оның сыртына кімге берілгендігін жазып тұр. Үш-төрт солдат берілгендерді түрмеге тасып жүр. Түрменің қорасына ендік. Алты корпустың қоралары бөлек екен. Корпус сыртында терезелер жоқ, терезенің барлығы іште. Қора іші көк майса өсімдік. Қорада бірлі-екілі ала киімді кісілер жұмыс істеп жүр екен. Бұнда система көбінесе, бір кісілік камералар. Жұмыс істеуге тәбеттері барларына режим босаңдау. Неше айтқанмен күні бойы таза ауада. Істемеушілерге күніне бір сағаттан үш рет бой жазу беріледі. Газет, радио жағынан қамтамасыз етілген. Айында семьяларымен бір кездесуге рұқсат берілген. Жаңағы есік алдында тұрғандар үлкен аралдан самолетпен келген семьялары. Кездесу алаңы бар, сонда үш-төрт сағат кездесу беріледі, — деді түрме бастығы. Бұрын Фидель, Рауль тағы басқалары отырған камераларды көрдік. Шағын бөлмеде тапшан, кішкене стол, унитаз, беті-қол жуынғыш. Адам бойы жетпес биік терезе. Есігінде тамақ беріп, ыдыс алатын жабылмалы тесік. Қайтып шығып келе жатқанымызда, алдымыздан кездесушілер тобы шықты. Барлығы күліп-ойнап келеді. Ішінде бір ұзын бойлы негритяньканың қамығып жылап келе жатқанын көрдім. Қорадан шыға берісте жұмыстан қайтып келе жатқан бір топ тұтқындар да алдымыздан кез болды. Олар бізге, біз оларға қарадық. Барлығының сақал-мұрттары қырулы. Реңдері жақсы. Үстеріндегі ала киімдері болмаса, оларды ешкім түрмеде жатқан адамдар деп ойламайды. Азған-тозған белгіні біреуінен де көре алмадым.

— Мына жұмысқа шығып жүргендердің ішінде «жаңылыппыз, жазыппыз» деп жүргендер де аз емес, коронел, — деді Куэрбо. Біраз ойланып отырып.

— Бірақ та, әзірше оларға кешірім (амнистия) жасауға жағдай тар, уақыт ерте деп ойлаймыз.

— Алты мыңның ішінде, кемінде жартысы өте опық жеп жүрген адамдар екені рас деп ойлаймыз. Бірақ та кімнің ішіне кім кіріп шығыпты, біздің жағдайда асығуға болмайды. Бір опасыздың кесапаты мыңдағандарға тиіп, өте шайлығып қалғанбыз, — деп күрсінді. Санчес Куэрбоның сөзін бөлді.

— Бұлардың жақындарына, семьяларына үкімет тарапынан ешқандай қысымшылық жоқ, коронел. Балалары өзіміздің балаларымызбен тайталасып, тайраңдап өсіп, оқып жүр.

— Бұл биік адамгершілік екен. Әкелерінің арам ниеті мен босбелбеулігі үшін балалары жауап беруге тиіс емес.

— Біз де солай деп білеміз, коронел.

— Көптеген эмигранттар еліне қайта сұранады. Бірақ біз бүгін таңда олардың оралуына рұқсат ете алмаймыз. Плая Хирон интервенциясы кезінде біз шетелдегі біздің эмигранттардың да әбден тоғысып ала-құла боп кеткенін документтен өз көзімізбен көрдік. Аралға келіп түскен контрреволюционер күштің ішінде 840 адам бұрынғы кубадағы капиталистер мен помещиктердің семьяларына жатады, 140 адам жазалаушылардың офицерлері, қалғандары, яғни 1200 адамның болымсыз бөлегі ғана аума-төкпе жандардан жалданған құрандылар екен.

— Демек, жалданғандар 120 адамның ар жақ-бер жағы екен, — деп мен Куэрбоның сөзін бөлдім.

— Десант әскердің 10 ғана проценті. Бұл да жақсы.

— Азғын-тозғын, аума-төкпе адамдардан жалдама бандит 10%, бұл көп қой, коронел! Ал, олардың ар жағында десанттардың табысқа жетуін күтіп, әзір отырғандары қаншама десеңізші. Олар Вашингтоннан қолдау күтті, ел ішінде көтеріліс болады деп дәмеленді. Қожаларынан қолдау болды да: десант түсер алдында төрт күн бұрын американ авиациясы бандиттық шабуыл жасады, сөйтіп, десанттың түсуін әзірледі. Тұтас алғанда, десантқа қатынасушылардың үлесіне өткенде Куба жерінің 100000 гектары, 80 завод, он мыңдай жақсы үйлер мен сарайлар, 2 банк, 5-7 шахта, газеттер мен журналистер тиесілі екен. Агрессияның таптық мәні осыдан шыққан. Біз — Ватиканмен дипломатиялық қатынасы бар бірден-бір дипломатиялық елміз. Кубадағы негізгі дін — католик діні. Плайя-Хиронда болған авантюраға 1000 қаралы діни қызметкерлер туралай немесе жанама қатынасқаны да тексеруде анықталды.

— Бұл жөнінде Ватиканға хабар етілді. Рим Папасы Фидельден бұл діни адамдарды Кубадан өз қарауына жіберуді өтініпті. Сөйтіп, арнаулы параходпен біз оларды Ватиканға аттандырдық. Олардың елден қуылуы бұқара алдында діннің беделін өте әлсіретіп те кетті — деп Санчес Куэрбоның сөзін бөлді.

— Сіздерге рақмет! Менің бұрын Плайя-Хирон туралы үзінді-үзінді мағлұматым ғана бар еді. Осынау аз ғана әңгімеде сіздер менің бұрынғы әсерлерімді толықтырып бердіңіздер, — дедім мен аэродром алдында машинадан түсерде.

— Сіздердің аралдарыңызда бір-ақ тәулік болдым. Көп нәрселерді көрдім, кездесулердің барлықтары жылы, шырайлы достық кездесулер болды. Кең әңгімелестік.

Көрсеткен меймандостық, ізет, сыйлықтарыңызға көп рақмет. Бұдан да табыс үстіне табысқа жетіп, Отандарыңыздың алдыңғы озат өлкесі болуларыңызға тілектеспін. Қош, сау болыңыздар! — дедім мен самолет алдында.

— Жолыңыз болсын, коронел. Келгеніңізге рақмет! — десіп олар қалды.

МЕНІҢ OTAНДАСТАРЫМ

Гавана аэродромына қона салысымен, Орландо кездесті. Ол бізді қарсы алғалы келген екен.

— Совет елшілігінің екінші секретарь! Царедворцев Владимир Александрович, — деп танысты біз машинадан шыға келген бойда, қасқа бас, орта бойлы, сары жігіт, — Мен сіздің келуіңізді күтіп тұр едім, — деді ол ілесіп келе жатып Гавана Либрени вестюбюлінде.

— Маған жүріңіз, сонда сөйлесерміз.

Номерге енгеннен кейін менімен еріп жүрушілерге:

— Сіздерге рақмет. Мен бүгін жолға дайындалайын. Бұйымдарымды жинауға кірісейін. Сіздер керек болсаңыздар, телефон соғармын. Мен әзір мына кісімен сөйлесуім керек, — деп олардың кетуіне рұқсат бердім.

— Коронел! Сіздің паспортыңыз бен билетіңізді мен осы машинамен барып алып келейін. Қызмет аяғы жақындап келеді ғой, — деді Охэдо.

— Жарайды, солай етіңіз. Қонақ өз атымен келіп, өз атымен кетеді деген сөз бар. Менің қайтарымдағы билетім де төлеулі. Оны да ала келерсіз.

— Жақсы айттыңыз ғой. Маған аэрокассадан билет алғын деп тапсырып еді... Ал, сіздің жиналуыңызға жәрдемдесу керек қой.

— Орландо тамақтанып қайтып келген соң жәрдемдесер.

— Онда жарайды, коронел. Жолыққанша сау болыңыз.

— Сіз әлі тамақтанған жоқсыз ғой?

— Самолеттен жаңа ғана түстім ғой.

— Онда тамақтана отырып әңгімелессек қайтеді. Төменде ресторан бар ғой.

— Уақытыңыз болса, жүріңіз.

Ең алғашта Владимир Александрович жалпы сұрақтар беріп отырды, жай әңгімелер айтып отырды. Ресторандағы елдің екі көзі бізде.

Ресторанның зал бастығы келіп, испан тілінде:

— Полковник — біздің қадірлі қонағымыз болды. Бұл кісіні ертең кетеді деп естідік. Бұл кісі біздің кітапқа бір-екі ауыз сөздер жазып кетсе... одан кейін бұл кісіден автограф аламыз деп, бірнеше қызметкерлеріміз кітаптар алған еді, бірақ та көптен бері оны айтуға бата алмай жүр еді... — дегендерін Царедворцев маған аударып жеткізді.

— Мен сіздерге өте ризамын. Жазып та берейін. Автограф та берейін. Бұл жерде жағдайсыздау болар. Кешке таман менің номеріме алып келіңіз...

— Муча грасиясь, коронел.

— Осындағы совет адамдары әжептәуір қауым. Солар әлдеқашан сізбен кездесуді тілеп жүр еді. Бірақ та сізді кездестіру өте қиын болды, сіздің программаларыңыз да өте тығыз программа болғандықтан, біз әдейі, лажсыздан кідіртіп жүр едік... Отандастарыңызға бірер сағат уақытыңызды бөлсеңіз деген тілекпен келіп едім.

— Менің бүгінгі кешім бос.

— Кешірерсіз, полковник. Біз тап сіздің жолға жиналар кешіңізге килігіп, қолқа салып отырмыз. Оған мен өзім қысылып отырмын.

— Оған сіз кінәлі емессіз ғой, Владимир Александрович, уақыттың тарлығы... Қай уақытта, қанша уақытқа?

— Сағат кешкі жетіден бұрын жинап үлгере алмаспыз.

— Жарайды, мен сағат жетіде сізде болайын.

— Орландо елшілікті біледі, жоқ әлде, машина жіберткізейін бе?

— Орландо алып барар.

— Сөйтсе де менің телефонымды жазып алыңызшы... 3-36-67.

— Ал, қасымда ешкім болмаса, испанша қалай сұрауым керек.

— Трес треинта и сейс свете десеңіз жалғастырады. Лифтімен көтеріліп шықсам, менің есігім алдында үш жас жігіт тұр екен.

— Сіздер маған келдіңіздер ме?

— Иә, сізге келіп едік, — деді біреуі орысшалап. — Біз осындағы жастар газетінен боламыз.

— Кіріңіздер.

Орналасқаннан кейін жаңағы жігіт:

— Біз жастар газетінің редакциясынанбыз. Мен өзім осындағы университеттің студентімін, мына жігіттер редакция қызметкерлері. Мен орыс тілін оқып жүргеніме екі жыл болды. Бұлар мені аудармашы ретінде ертіп келіп еді, — деді.

— Қандай сұрақтары бар екен маған бұлардың?

Редакция қызметкерлері сұрақтарын испаншалап айта бастады. Аудармасы орыс тілінде шала-шарпы, күйреп, сынып, маған әйтеуір жетіп отыр.

— Сізге Куба қалай әсер етті?.. Кімдермен қандай жолығыстар болды? Сіздің ойыңыз қалай?.. Қандай пікірлер алыстыңыз! Кубаның жастары қалай екен?.. Жастарға қоятын тілектеріңіз қандай?.. — деген сияқты сұрақтарды шұбыртып әкетті. Редакцияның қызметкерлері блокноттарын алып, менің аузымды бағып, қаламдарын сумаңдатып отыр.

— Балам! Сен, қарағым! Менің айтқан сөздерімді көңіліңе ауыр алма. Егер бұрынырақ хабарласқандарыңда мен тілмашымды босатпас едім... Ал, баспасөз үшін интервью беру деген сөз оңай болмайды. Оны басқа тілге аудару мәселесі одан да қиын. Тіл жетпегендіктен түсініспестік, бұрмалау болып кетсе — ол үлкен ұят болады. Сен орысшаны әжептәуір біліп қапсың. Бірақ та баспасөзге аударушы болу саған әлі ертерек. Сондықтан сені аударушы етіп, сен арқылы мен интервью бере алмаймын... көңіліңе келмесін, балам, мен орысшаны жақсы білемін, бірақ та әдеби аудармаға осы уақытқа дейін барып көрген емеспін. Сен мені дұрыс түсін, балам.

Өздері күбірлесіп біраз сөйлесіп отырды.

— Әсіресе, мен қорытынды пікірлерімді сен арқылы айта алмаймын.

— Мен де мыналарға солай деп отырмын. Ойыңызға түсінгенмін, оны орны-орнымен нақпа-нақ жеткізуге тілімнің әлі де жетіспей жатқаны, шолақ екені рас қой...

— Айналайын, сен өзің ақылың бар бала екенсің ғой, — деп мен оның арқасынан қақтым. — Лаж қанша, қайтеміз енді, полковниктікі дұрыс, — деді күрсініп редакцияның бір қызметкері.

— Ең болмаса сізбен суретке түсуге рұқсат етіңіз, коронел, — деді екіншісі.

— Құп, мақұл!

Үшеуі кезек-кезек отырып, суретке түсіріп алды.

Елшілікке барсақ, клубында жұрт жиналып отыр екен. Еркектер, әйелдер, балалар тап алыстан нағашыларын күткендей тыпыршып, «әне келеді, міне келедімен» отырғанын мені қарсы алған Царедворцев айтты. Шынында, солай екен. Біз сахнаға шыға келгенде, орындарынан ұшып тұрып, шуылдасып, қол шапалақтай қарсы алды. Аз күн болса да, елді сағынып қалуым керек, менің де қуанышым қойныма сыймай кетті. Маған сөз берілді.

— Құрметті менің Отандастарым, сүйікті балалар мен нәрестелер! Осынау азаттық аралында сіздермен кездесу маған үлкен қуаныш әкеліп отыр. Шақырып дидарласқандарыңызға көп-көп рақмет, бауырлар! Американың бостандық аралында сіздерді сау-сәлемет көргеніме қуанамын. Сіздер туысқан Куба республикасында игі мақсатты қызмет атқарудасыздар. Сіздер — біздің партиямыздың, біздің үкіметіміздің үлкен сеніміндегі адамдарсыздар. Сіздердің бейнеңізден біздің елдің бейнесі көрінуі қажет, сіздердің миссияларыңыз — достықтың, көмектің, революциялық Кубамен саяси-экономикалық, мәдени, техникалық сауда қарым-қатынасын нығайта берудің миссиясы. Бұл миссиядан өткен игілікті ештеңе жоқ. Куба өз тарихында басынан басқыншылардың, отаршылдардың, миссионерлердің, жұмыссыз кеткен капиталистік босбелбеу арамтамақтардың — бай саяхатшылардың миссияларын талай-талай өткерді. Ал, сіздердің миссия — достық, туысқандық, интернационалдық миссия. Біршама теңеп айтқанда, сіздердің миссияларыңыз ағартушылық миссиясы тәріздес. Өйткені, сіздердің көмектеріңізбен Кубада педагогикалық кадрлар, техникалық, ауыл шаруашылық мамандар, жер қойнауының байлығын ашатын барлаушылар, маман жұмысшылар, дәрігерлік қызметкерлер әзірленіп жатыр. Менің бұлай дейтін себебім — кубалық жолдастар менімен болған кездесулерде олардың жас социалистік республикасының жаңа кезеңінде, біздің ел тарихынан барлық салада үлкен көмек алғандарын баса айтты... Мен өзім де көрдім және біздің совет адамдарының осынау арадағы жауапкершілігін, олардың игі жұмыстарын сезінудің өзі де мағыналы. Аз уақытқа осында болғанымда, мен де дәлме-дәл сіздердің үлгілеріңізбен жүрдім. Барлық жерде мені біздің даңқты офицерлік корпустың өкілі ретінде құрметпен қарсы алды.

Кубадан алған қысқаша әсерлерімді айтып беруге рұқсат етіңіздер, — деп сөзімді бастап, Кубада болғандағы алған әсерлерімнің шет-жағасын айтып бердім. Кейіннен көп сұрақтар болды. Оның көбі өзім туралы, творчеством туралы. Оларға мен жауап бердім... Жиналыс, кездесу екі сағаттан артып бара жатқанда Царедворцев:

— Жолдастар! Полковник ертең таң ата Отанымызға қайта ұшпақ. Бұл кісі өте шаршап жүрген кісі. Алда алыс жол. Жолға әлі жиналған жоқ. Шаршаса да, сіздерді қимағандықтан келіп отыр. Бұл кісіге жолға жиналу керек, аз да болса алыс сапар алдында демалу керек... — деп сұрақтарды зорлап тоқтатты.

Көшеде бір әйел қуып жетіп, қалтама бір қағаз салып:

— Қолыңыз босағанда оқырсыз! —деп күліп қолын беріп: — Жолыңыз сәтті болсын, полковник! — деп қоштасты.

Мейманханаға келе салысымен сол қағазды оқыдым. «Өз жерлесімді кездестірудің қуанышын айтып жеткізуге сөзім жетпейді. Маған Қазақстанның өкілін — қыр баласын кездестіру өте қуанышты болды. Сол арада өзім де туған едім, менің жасөспірім шағым, саналы еңбегім сол далада — Атбасар жерінің алыстағы ауылдарында өтті. Жасөспірім кезеңді еске түсірудің өзі — аса қымбатты шақ. Туған даладан шетте, бөтен елде жүріп жерлесіңді кездестіру де тым бағалы. Сіз бүгін қазақ жерін есіме салдыңыз, сол үшін құрметпен, алғыспен осы сөздерді жазамын. Сізге денсаулық тілеймін, үйіңізге сау-сәлемет барып, туған жерге тәжім етіңіз. Дәрігер п/р Братск. А. Л. Миронова».

Записканы оқып болып, біраз ойланып темекі тартып отырдым да:

— Орландо! Жинағын мыналарды, — деп бұйымтайымды көрсетіп, өзім сыртқа шығып кеттім.

ШЫҒАРЫП САЛУ

Гавана Либрани көшемен бір айналып қайтып келсем, Орландо алдыңғы бөлмеде терлеп-тепшіп сыйлықтарды үлкен бір орындық істеп теңдеп байлап жатыр екен. Ол маған ымдаумен сөзін араластырып:

— Коронел! Сіздің осында салынған портретіңіз, Ориентіде сізге берген он бір портрет жоқ. Сіздің галошыңызды да таба алмадым, — деді.

— Олар енді іздегенмен табылмас. Қалғанын жинай бергін — дедім мен оған.

«Астапыр-алла! Кубада ұрлық бар екен-ау! Әсіресе осындағы суретшінің салған портретін бекер алған екен, онда арнаулы жазу бар еді ғой. Өмірінде галош көрмегендер, галошқа әуес болады, ол мейлі, бұлар көсемдерінің портреттерінің үйінде ілулі тұрғанын мақтан етеді, награда есебінде санайды, өздері сатып алмайды. Он бір портрет Кубаның тарихы еді ғой. Оларды мен музейге тапсырамын деген ойда едім ғой. Оларды ұрлағандары да бекер болған екен. Надандықтың кесапатын қарашы...» деп құсаланып ішкі бөлмеге енсем, бөлменің ортасында кең стол жасаулы тұр: түрлі тамақтар, бір бөтелке бокарди, бір бөтелке коньяк, бір бөтелке өзіміздің астаналық арақ, он шақты бөтелке кока-кола мен сыра.

— Орландо, мыналар не?

— Сіз шыға салысымен, төменнен алып келіп жасады ғой. Сіз өзіңіз заказ берген жоқ па едіңіз?

— Жоқ! Мен ешқандай заказ бергенім жоқ!

— Мүмкін, олар шатасқан шығар. Көрші номер заказ берген болар.

— Телефонмен білші. Орландо ресторанға телефон соқты, көп сөйлесті.

— Жоқ, қателескеніміз жоқ. Біздің коронелдің құрметіне істеген столымыз. Коронел қашан бізді қабылдар екен дейді, —дегенді Орландо маған зордан түсіндірді.

«30 минут» — деп мен қағазға жаздым. Орландо телефонды қайтадан соғып, оларға отыз минуттан кейін дегенді айтты. Стол үстіндегі менің қол электрофонарымды алып:

— Мұны қайда салайын? — деп сұрады Орландо.

— Ол, сенікі! — дедім мен.

— Менікі?! — деп таңдана сұрады Орландо.

— Иә, сенің фонарың ол.

— Муче грасиясь, коронел!

— Туысым, сен қазір жөнел. Маған Хосені алып кел! — дедім мен оған. — Хосе, ко мне! — деп ымдап түсіндірдім. Ол тұра жөнелді.

— Не боп қалған, полковник? Орландо жол үстінде маған қайдағы жайсыз нәрсені айтты. Рас па?

— Расы рас. Орландоға айтыңыз, ондай ұсақ-түйек жайсыздық жөнінде ешкімге ештеңе айтпасын. Қағаздарыңыз, документтеріңіз бар ма, орнында ма!

— Менің екі блокнотым орнында, паспортым министрлікте.

— Онда шүкіршілік, — деп күрсініп, Орландаға менің айтқандарымды аударып берді.

— Рақмет. Сіз шыдамды адам екенсіз, коронел, — дейді Орландо.

— Ал, туысым, жұмысты тездет!

— Хосе! Сізді мынау жағдаймен шақырдым, — деп жасаулы столды көрсеттім. — Осы дастарханды өзің басқар. Әуелі біліп ал, олар күтіп отырса керек.

Хосе телефонмен сөйлесіп болып:

— Қазір олар келеді, — деді маған.

— Коронел! Портфельді мен салайын ба, әлде өзіңіз саласыз ба! — деп сұрады менен чемоданды жауып жатып Орландо.

— Барлығын сен саларсың, — деп столдағы қағаздардың барлығын оған тапсырдым. Бес-алты ресторанның қызметкерлері кіріп келді. Зал бастығы орта жастағы қарны қампиған испандық, еңгезердей қытай тәрізді, еңгезердей негр тәрізді, еңгезердей үнді тәрізді... барлықтары таныс официанттар, екеуін бұрын көрген емеспін. Олар асханадан екен.

— Құрметті коронел! Сіз біздің елде қадірлі қонақ болып, біздің мейманханада тұрып, біздің дастарханымыздан дәм таттыңыз. Сіз біздің залға кіріп келіп, қашан кеткеніңізше, бізге келушілердің әр стол басында әңгімесі сіз туралы болды. Біз сізге көңілді қызмет істеуге тырыстық. Ағат кеткен жеріміз болса — кешірім сұраймыз, коронел! Сіз біздің елде әр кездесулеріңізде де қонақасы алдыңызда болды. Бүгін болса, біздің кішкене коллективтің атынан, қарапайым аспаздар, официанттар атынан, сізбен достық ретінде қоштасқымыз келеді, өз қолымыздан, өз атымыздан аттанар алдында дәм таттырғымыз келеді. Жол болсын айтқымыз келеді. Айыпқа бұйырмаңыз, коронел! - деді зал бастығы.

— Рақмет сіздерге. Жоғарылатып отырыңыздар. "Ac иесімен тәтті" деген сөз бар біздің халықта, — деп оларды столға шақырдым.

— Алдымен сізге айтар сөзіміз, коронел, бізді қабылдағаныңызға рақмет. Совет Одағында да біз сияқты аспаздар, біз сияқты официанттар бар болар. Барлығымыз қалай жоғары дәрежелі бола берелік. Біз қатардағы көпшілікке қызмет істеп жүргендердің біреуіміз. Тәтті, сіңімді ас пісіруге тырысамыз. Ол асты қонақтың алдына ізетпен қоюға тырысамыз. Қонақ сүйсініп жесе қуанамыз, сүйсінбесе өзімізге өзіміз қапаланамыз. Біз де қоғамға пайдалы қызметкерлердің біріміз. Ең алғашта біз сізге түсінбедік: біздің тамақты ұнатпады ма деп те ойладық. Кейіннен сіздің табиғатыңыз аз тамаққа қанағат істейтін кісі екендігіңізге көзіміз жетті. Сіз кесапат, ерке кісі емес екенсіз... Соны байқадық. Біреуімізге бір ірі сөз айтқан жоқсыз, коронел. Біреуімізді кеміткен жоқсыз, коронел... Біз бұрын малай болып, қалтасы толық туристердің қабақ-кірпігіне қарап, соларға қайтсем жағамның соңында болғанбыз. Олардың лақтырып тастаған ақшаларын қағып алып та үйренгенбіз... Жасыратыны жоқ, арамызда соны аңсап жүргендер де аз емес...

— Өзі өте ашық кетеді екен мынау.

— Айта берсін. Қазір олардың арасында ар-намысты, адамгершілік қасиетті сақтау туралы үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр, — деп орысша айта келіп, испаншаға көшіп: — Полковник жақсы сөйлеп тұрсыз дейді, айта беріңіз, — деді оған Хосе.

— Біздің тілегіміз: жолыңыз болсын, коронел. Шын ниетімізді қабыл алыңыз. Біз сияқты аспазшылар мен официанттарыңызға сәлем айтыңыз. Жолыңыз болсын! — деп бірінші тостыны зал басы көтерді.

— Үлкен рақмет сіздерге, — дедім мен ішіп болып.

Ал, мен енді сіздерге берген уәдемді орындайын: кітабыңыз қайда? Оған жазамын деп уәде етіп едім ғой.

Автограф та беремін деп уәде етіп едім ғой. Соларды алып келіңіз...

— Міне, олар.

— Хосе, олармен мен жазып болғанша әңгімелесе тұр.

Мынау біздің коллективтің келушілер пікіріне арналған кітабы, — деп маған барқыт мұқабалы қалың кітапты ұсынды. Оның таза бетін ашып, мен арабшалап оңнан солға қарата жаза бастағанымда, олар қарап тұрды. «Кең дастархан үстінде ақ ниет, адал тамақ — тұз-дәмдеріңді іштім. Мейірімдеріңе рақмет. Ізетті екенсіздер! Көп жасаңыздар!» деп жазып, латынша «Коронел Бауыржан Момышұлы» деп қол қойдым. Хосе аударды. Отырғандар қол шапалақтады. Автограф алу үшін отыз кітап алып келген екен. Хосе! Аттарын мен жөнді естіп, жөнді жаза да білмейтін, сіз сұрап, аты-жөнін жазыңыз, мен қол қояйын.

— Дұрыс! - деп Хосе оларға түсіндірді. Олар мақұлдасты. Хосе сұрап аты-жөнін латыншалап жазып отыр. Meн оның қолынан алып «...Ескерткіш ретінде» деп арабша жазып, латынша қол қойып отырмын. Арада ойын-күлкі сөздер автограф алушылардың адрестеріне айтылып жатыр. Әрине, испанша. Олардың кейбіреулерін ғана Хосе маған аударма істейді... Ең кейінгісіне қол қойып мен сөйледім.

— Кубаға аттанарда мен әйеліммен, үлкен ұл баламмен Москвада «Заря» мейманханасында болдым... Біздің қабатта буфет бар еді. Азанғы, кешкі тамақты содан алып жүрдік... Әйелім ауырып қайтып кетті... Баламыз екеуіміз жетімсіреп қалдық.... Буфеттің бастығы бір семіз әйел мен официанттар бізге қамқорлық істеді...

Самолетке билет қалтамда. Баламыз екеуіміз жиналып болған соң жайбарақат әңгімелесіп отыр едік. Біреу есік қақты. «Сізді бір минутқа бола ма?» деп бір официантка мені шақырды. Мен шықтым. Жас әйел мені жабылған буфеттің ішіне ендірді. Буфет бастығы, үш-төрт келіншек официанткалар жаюлы дастархан басында отыр екен... «Полковник! Сіз ертең азанда алыс сапар жүреді екенсіз. Сізге бәріміз жиналып тоқым қағар істеп отырмыз. Сапарыңыз сәтті болсын, полковник! — деді буфет бастығы. Іштік... Әңгімелестік... Бір сағаттай кешігіп келіп, болған жайды балама айтқанда, балам қуанып: «Папа, бұл өте ерекше ілтифат екен... Бұл тәтелер қарапайым жандар ғой... Қандай тамаша болған, папа!» — деп қуанышы қойнына сыймап еді... Бүгін сіздер де маған солай істеп отырсыздар, қымбатты достарым... Мен аман қайтсам, «Заря» мейманханасына тоқтаймын... Соларға сіздердің бүгінгі маған көрсеткен ізеттеріңізді айтып баруға уәде беремін...

— Бұл рас па, әлде сіз жазушы ретінде, қисындырып отырсыз ба? — деді Хосе аударманы тоқтатып.

— Мен алдымен жазушы емеспін, әскери адаммын, ардың адамымын! Өзімнің жалғыз ұлымды айтып, ант етемін. Сен тасырсың, Хосе! Маған сіздердің поварларыңыз бен официанттарыңызды алдап немене болыпты.

— Полковник! Дауыс сарынын азғана төмендетіңіз, әйтпесе бұлар екеуі ұрысып қалды деп ойлар, жұмсақ сөйлей көріңіз.

— Идиоттың әмірін бірінші орындауым, — деп мен күлдім.

— Дұрыс болды. Енді маған сөйлеуге болады, — деп Хосе испанша көп сөйлеп, оларды да күлдірді.

*** Таң бозара аэродромға келдім... Охэдо чемодан, портфель, сыйлық жүктерді алып кетті... Орландо онымен ілесіп кетті. Адъютант, аудармашы үшеуіміз ғана қалдық.

— Бұнда жүріңіз, коронел! — деп адъютант үлкен залға ендірді. Темекі тартып отырмыз... Залдың ортасында стол дайындалып жатыр...

Министрлердің орынбасарлары, бас командашылардың орынбасарлары, Раульдің орынбасары команданте Юмемес сау етіп жетіп келді...

Столда ішімдік болған жоқ. Жеңіл-желпі тамақ. Кофе, кока-кола болды.

— Елімізге келіп, бізді қуантып кеттіңіз. Біздің әскерлеріміз арасында сіз үлкен үлгі болдыңыз. Рауль сізге өзінің алғысын жеткізуді өтінген еді, коронел, — деді команданте Юменсе.

— Сіздерге рақмет. Менің аздан болса да сіздерге пайдам тисе, онда халқымның сенімін ақтағаным.

— Сіздің офицеріңізді біз жеке кітапша етіп шығармақшы. Ол біздің офицерлеріміз үшін пайдалы құрал болады, - деді Рио.

— Әзір асықпаңыздар. Мен Москвадан өз сөздерімнің жиынтық нұсқасын жіберуге Раульге уәде берген едім.

— Иә, біздің де ойлағанымыз солай. Москвадағы біздің әскери өкіліміз команданте Эдиардо Синьоль бұл жөнінде хабарланды. — Тағы басқа сол сияқты әңгімелер айтылды. Асығып, аптығып лейтенант Серхию Каналес Селпа келді. Оның қолындағы үлкен пакетін алып:

— Мынау пакетте сіздің Кубада болғаныңыз жөнінде фотодокументтер. Біз сіздің әрбір қадамыңызды фотоға түсіріп алуға тырыстық. Пленкалар көп-ақ. Бәрін бірдей шығара алмадық, мынау біразы ғана, — деді Рио.

Күтпеген жерден залға бір топ корреспонденттер кіріп келді. Олар бірінің сөзін бірі бөліп, сауалдарын жаудыра бастады. Команданте оларға қарап күліп, маған:

— Олар сізден интервью сұрайды, коронел! — деді.

— Мұнда Латын Америкасы елдерінің де және кубалық та корреспонденттер бар, — деп Хосе олардың сұрақтарын аудара бастады.

— Қанша уақытымыз бар, Хосе?

— Отыз-қырық минуттай!

— Онда уақыт бар екен. Бірақ тыныштансын. Мен бірақ сұрауларына интервью беремін, тыңдасын.

Менің сөзімді Хосе аударып берді. Мен орысшалап сөйлей бастадым. «Мен Кубада айтқан сөздерімді қоштасар алдында қайталаймын» деп сөзімді бастадым... Сіздің халқыңыз туралы, сіздің еліңіз туралы менің сіздерде болған қысқа сапарым кезімдегі алған әсерімді айтайын. Ең алдымен мен Революциялық Қарулы Күштер Министрі, премьер министрдің бірінші орынбасары Команданте Рауль Кастро Руске осында құрметтеп шақырғаны үшін және маған елмен де, әскерлермен де танысуыма мүмкіндік бергені үшін өзімнің аса үлкен алғысымды білдіремін. Сонымен катар, менің осы елдегі сапарымды соншалықты ықыласпен, қамқорлықпен ұйымдастырған бас штабтың бастығы Команданте Серхио Дэл Ваеға, саяси Департамент бастығы Команданте Хосе Каусеге, сыртқы қарым-қатынастар Департаментінің бастығы, капитан Риоға және басқаларға шынайы алғысымды айтамын. Сіздердің маған деген құрмет, ықыластарыңыз, ең алдымен советтің офицерлік корпусына көрсетілген құрмет деп білемін. Менің барлық қызықты маңызы бар ескерткіш мұра орындарында болуыма емін-еркін мүмкіншілік жасалды. Менің интеллигенциямен, жұмысшылармен, шаруалармен, әскери қызметшілермен, мектеп оқушыларымен тамаша кездесулерім болды. Менің әр алуан аудиториялар алдында емін-еркін әңгіме жасап, сөз сөйлеуіме жағдай жасалды. Мен қайда барсам да, әрқашан кубалық дастарханның кең жайылған меймандостығын көрдім.

Кубалықтар ақ жарқын, сезімтал, тәлімді, еңбек сүйгіш зерделі халық. Өзімнің болған жерімнің бәрінде мен қоғамдық тәртіпті бұзудың, мәселен: біреуге біреудің соқтығуының, бұзақылықтың, өрескел мінез, айқайласудың, әйелдерге тиісіп, бейбастық сөз айтудың және сондай қылықтардың ешқандай фактісін көрген емеспін. Әр басқа бағытта, әр алуан жолмен бірнеше мыңдаған километр автомашинамен жол шеккенімде, мен авария деп сіздің бірде-бірін көргенім жоқ.

Табиғат сіздерде сонша тамаша — көрген жанның көзі тоймайды. Жерде кетіп бара жатып та, аспаннан көз жіберіп те, сіздердің егіндік жайған жайылымға, бақтарыңызға, плантацияларыңызға қарадым, ішімнен өз-өзіме «Бұл жердің нағыз иелері бар екені сезіліп тұр!» деп түйдім. Патриоттық рух, жауынгер тұлға, революцияшыл энтузиазм — осының бәрі де жас республиканың қазіргі қадамы үшін толық сай келіп, алдағы уақытта қаулап өркендеудің үлкен мүмкіндігін де көрсетеді. Сіздерде нәсілдік проблеманың жоқ екендігін өз көзіммен көруім өте-мөте келісті нәрсе. Сіздің революцияңыз қысқа уақыттың ішінде, достардың туысқандық ынтымағына, экономикалық және басқадай қолдауына сүйеніп, өзінің күштері мен резервтерін жеге отырып, күні кешегі ескіліктің қайыршылық, ауру-сырқау, надандық сияқты қалдықтарын айта қалғандай ерлікпен жойып келеді. Сіздерде құрылыс күн сайын кеңейіп, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы дамып барады. Сіздерде халықтың денсаулық сақтау ісі де барған сайын кең өріс алып отыр. Сіздерде жасы ересек адамдардың сауатсыздығы мүлде дерлік жойылған, ал балалар шебер ұйымдастырылған мектеп жүйесімен қамтамасыз етілген. Мынадай бір фактінің тарихи маңызы өзгеше: бұрын халықты тыныштандырудың қару-құралы жасақталып келген ескі режимнің әскери казармалары енді мектептерге айналдырылған, олар Кубаның ертеңгі кадрларын шыңдап шығаратын білім дүкені болып отыр. Олардың бәрі мәдениетті адам болып, жақсы мамандар болып шығады да. Сіздердің жастарыңыз соншалықты зерделі жандар, талаптары таудай, бәрін де білуге құмар, қайткенде де жеткілікті білім алып, мәдениетті адам болуға, өз Отанына адал қызмет етуге — күшін де, білімін де еліне беруге талпынып отыр. Сіздерде жастар дегенің тамаша, өзгеше адамдар екен. Мен өжеттілікті және бақыт шұғыласын аңғардым. Оқу, шыңдалу, ерлік қасиет алу үшін күресу жолында жастардың өрісі қандай кең! Мен сұрапыл флораның талқандаушы күші таптап өткен кейбір жерлермен де жүрдім. Халықтарыңыздың топтасқандығын, басшыларыңыздың ұйымдастырғыш қабілеттерін мақтаныш еттім. Халықтың топтасуы—табиғат ылаңының күшінен әлдеқайда қуаттырақ, өздеріңіздің бірліктеріңізбен, ерлік істеріңізбен сіздер қиыншылықты ойдағыдай жеңіп, табиғат сұрапылынан болған ауыр залалдың зардабынан құтылып, сол бір аудандарды бұрынғы қалпына келтіріп жатырсыздар. Бұл таңғажайып тамаша. Көлденең көз көргіш келеді. Сіздерде ел басшылығы — демократиялық басшылық. Фидельдің халық бұқарасы арасындағы және әскерлер арасындағы беделі аса сарапталғандығын өз көзіммен көрдім. Әскерлер ішінде әскери училищелерде болғанымда өте тамаша алған әсерім бар: командирлік құрам мен қатардағы жауынгерлер бірдей киінеді екен. Әскери киімнің түрлері жұпыны да, ыңғайлы, күнделікті киіп жүру үшін де, жауынгерлік жағдай үшін де ып-ыңғайлы екен. Әскерлердің тұрмысы жақсы, тұрғын жатақтары оңды, тамағы тоқ, оқу базалары жеткілікті. Әскери қызметкерлердің үлкендері мен кішілерінің арасында бүкпесіз, еркін қарым-қатынас, әскери тәлім күшті. Мен сіздердің тауларыңыздың үстімен ұштым. Таулар бұйра орманға бөленген. Сірә, бұл таулардың қойнауларында өлшеусіз байлық жатқан болар, кезінде ол байлықты сіздер әлі ала да білерсіздер. Мен өзім де биік таулар арасында өстім. Сіздердің тауларыңыздың бір ғана кемшілігі олардың басында мәңгілік қар жатқан жоқ. Сіздерде синьорлар мен синьориталар — тамаша райхан гүлінен дестеленген нағыз букет. Бұл букетке егер бір сабақ қана қазақ гүлінің шоғын қоссақ, сонда сіздердің араларыңыз дүниенің шар тарабынан әйел көркемдігін іздегендер келіп бас иетін орынға айналар еді. Өзім әйелімді ерте келмегеніме өте өкінемін. Ерді ер таниды, сұңқарды сұңқар таниды демекші, менің әйелім кубалық құрбыларының қадірін, келбетін менен артық түсінер еді! Сіздерде тарихи ескерткіштер монументтер, музейлер мен молалар тиісті қалпынша жақсы сақталады екен, олар жұртшылықтың назары мен күтімінде. Өз өмірін Отанының мерейі үшін құрбан еткен революция жауынгерлерінің есімі сіздерде биік құрметтелінеді. Жауынгер моласының басында мемлекеттік жалаудың желбіреп тұрғанын көруден өткен жүрек терберлік, құрметті нәрсе бар ма! Сантьяго де Кубада мен үйшіктердің ізін көрдім және жақсы стандартты, оңды етіп салынған жаңа үйлері бар, қаланың тап-таза бір мүйісін көрдім, бұл үйлерде қазір енді бұрынғы үйшіктерді мекендегендер тұрады және олар өнеркәсіп орындарында да ойдағыдай еңбек етеді. Сіздің революцияның өз жеңісінің алғашқы күндерінен бастап қалаларда үйшіктерді, деревняларда лашықтарды жоя бастады, олардың орнына барлық қолайлы жағдайы бар жаңа да оңды үйлер салды, бұдан өткен тамаша көрініс, адамгершілік болуы тиіс пе! Ғажап қалудың екінші жағы да бар — көре алмаушылық. Сіздердің істеріңізді, сіздердің күрестеріңізді сіздердің достарыңыз таңғажайып тамашаласа, сіздердің дұшпандарыңыз табыстарыңызды көре алмайды. Сіздердің «Не Отан, не өлім! Біз жеңеміз!» деген ұрандарыңыз сіздердің өмірлеріңіз күреске толы, бүгінгі қиыншылыққа, ертеңгі сенім мен үмітке толы екенін де баяндайды.

Кубаның жалғыз емес екенін сіздер білесіздер!

Совет Одағының көмегімен салынып жатқан кәсіпорындар мен оқу орталықтары да аз емес. Құрылыс алаңдарында кубалық инженерлер мен жұмысшылар біздің советтік мамандармен тізе қосып жұмыс істейді. Совет мамандары техникалық маман кадрлар даярлау ісінде де көмек беріп отыр. Мен сіздердің порттарыңызға келген қызылмен көмкерілген, трубаларда орақ пен балға белгісі бар зор жүк пароходтарын көрдім. Олар жүктерін жағалауға түсіріп жатты. Мен Совет Одағының азаматымын, біздің Совет үкіметі алдағы уақытта да туысқан Куба республикасына шексіз қолдаулар жасау ниетінде отырғанын мақтаныш тұтамын. Достық дегеніміз — өзара ақталған сенімнің жиынтық түйіні. Біздің елде былай делінеді: «Жаман дос — көлеңке: басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың». Совет Одағына деген Куба халқының терең сүйіспеншілігін өз көзіммен көрдім. Мен кубалықтардың өз достарын қалай қуана қарсы алып, қалай қуана шығарып салатынын өз басымнан өткердім, бұл — талассыз нәрсе. Ал, сіздердің дұшпандарыңызды қалай қарсы алып, қалай шығарып салып жүргендеріңізді — солардың өздері айтсын! Өйткені, олар да сіздердің қарсы алып, шығарып салғандарыңызды бастарынан кешірді ғой! Совет-Куба достығы күн асқан сайын кеңейіп те, нығайып та келеді. Бұл достықтың тұлғасы таулардан биік, мұхиттан терең болаттан берік. Сіздің елде көргенімнің бәрін сіздердің күрестеріңіздің, еңбектеріңіздің жақсы бастамасы деп атауыма болады. Сіздерге алда да табыстарға жетулеріңізге тілектеспін, — деп сөзімді аяқтадым. Самолет алдында барлықтарымен қол алысып қоштастым. Олар жылы, достық лебізімен:

— Жолыңыз болсын, полковник! Еліңізге бізден жалынды сәлем! — десіп қала берді.

Аман-есен елге қайтып, үйіріме қосылып, кубалық әсерімді — жолаушының жол дәптері ретінде жазып сіздерге ұсынып отырмын, оқушым.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙