TELEGEI

Home

Әлемдік саясаттану антологиясы 1 том

Әшімбаев Мәулен

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әлемдік саясаттану антологиясы 1 том

Мазмұн: 1-бөлім. Ежелгі Бабылдың (вавилон) саяси көзқарастары 2-бөлім. Ежелгі Қытай ойшылдарының саяси идеялары 3-бөлім. Ежелгі Үндістанның саяси ойы 4-бөлім. Ежелгі грек ойшылдарының Саяси ой-танымдары 5-бөлім. Ежелгі Римнің саяси ілімдері 6-бөлім. Орта ғасырлар, қайта өрлеу және еформалар дәуірінің саяси ойы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ,

АҚПАРАТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ

АҚПАРАТ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ КОМИТЕТІ

Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы

ӘЛЕМДІК

САЯСАТТАНУ

АНТОЛОГИЯСЫ

1-том

Алматы
“Қазақстан”

ББК 66.0

Ә 52

Ә 52

“Әлемдік саясаттану антологиясы”. 10 томдық. “Мә-

дени мұра” бағдарламасы. Алматы:– ЖШС “ Қазақ-

стан” баспа үйі”, 2005 ж. – 504 бет.

ІSBN 9965-10-034-9

ББК 66.0

ІSBN 9965-10-034-9

ІSBN 9965-10-033-0

© ЖШС “Қазақстан” баспа үйі” – Аударма және безендіру

“Әлемдік саясаттану антологиясы” он томдығының түпнұсқа
мәтінін құрастырған Мемлекеттік “Мәдени мұра”
бағдарламасының “Саясаттану” секциясы

Секция құрамы:

1. Әшімбаев Мәулен Сағатханұлы – Секция жетекшісі, саясат

ғылымының кандидаты, 10-томды құрастырушы. 2. Байділданов Лайық Әмірұлы – философия ғылымының докторы, 5-

томды құрастырушы. 3. Белгібаев Серік Талғатұлы – ҚР Президент жанындағы ҚСЗИ-ның

әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, 4, 5-томдарды
құрастырушы.

4. Иватова Ләйла Мырзалықызы – саясат ғылымының докторы, 1, 2,

3, 8-томдарды құрастырушы. 5. Көшкімбаев Санат Қайырсіләмұлы – саясат ғылымының

кандидаты, 7, 9-томдарды құрастырушы. 6. Лаумулин Мұрат Тұрарұлы – саясат ғылымының докторы, 8-

томды құрастырушы. 7. Тастенов Әлішер Жақсыбекұлы – ҚР Президент жанындағы

ҚСЗИ-ның аға ғылыми қызметкері, 10-томды құрастырушы. 8. Шоманов Асқар Жұмабайұлы – философия ғылымының

кандидаты, 6, 9-томдарды құрастырушы.

Түпнұсқа мәтінінің қазақшаға аударылып, редакциялануын басқарған, “Қазақстан” баспа үйі” мойынсерігінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрмахан ОРАЗБЕК.

МАЗМҰНЫ

Кіріспе
1-бөлім.
Ежелгі Бабылдың (вавилон) саяси көзқарастары
2-бөлім.

Ежелгі Қытай ойшылдарының саяси идеялары
3-бөлім.
Ежелгі Үндістанның саяси ойы
4-бөлім.

Ежелгі грек ойшылдарының Саяси
ой-танымдары
5-бөлім.
Ежелгі Римнің саяси ілімдері

6-бөлім.
Орта ғасырлар, қайта өрлеу және еформалар дәуірінің

саяси ойы

10 томдық “Әлемдік саяси ақыл-ой антологиясы” және сол
басылымның 1 томына алғы сөз

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен һәм тікелей тапсырмасымен елімізде Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Осы Бағдарламаны жүзеге асыру аясында әлемдік саяси ақыл-ой классиктерінің жазба еңбектерін зерттеуді белгілі бір жүйеге келтіріп, қазақ тілінде ғылыми айналымға енгізу көзделген болатын. Мұның өзі әрі ұзақ, әрі ауыр еңбекті талап еткені белгілі. Осындай ауқымды жұмысты атқару үшін арнайы зерттеу тобы құрылып, оның құрамына Қазақстанның белгілі саясаттанушылары енгізілді. Сонымен қатар, бұл жұмысқа кеңесші ретінде еліміздің басқа да ғалымдары, саясат ғылымы саласындағы мамандар мен сарапшылар кеңінен тартылды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде әлемдік саяси ақыл-ой тарихының жазба түрдегі негізгі нұсқаларынан алынған үзінділер мен жеке тұжырымдарынан түзілген “Әлемдік саяси ақыл-ой антологиясының” қазақ тіліндегі 10 томы дайын болды. “Әлемдік саяси ақыл-ой антологиясының” мемлекеттік тілдегі алғашқы басылымының жарық көруі біздің қоғамдағы қазақ тілінің рөлі мен мәртебесін көтере түсуде ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның мемлекеттілігін одан әрі нығайта түсуде де зор маңызға ие болады. Әлемдік саяси ақыл-ой мұрасымен мемлекеттік тілде танысу көп жағынан қазақ қоғамындағы саяси мәдениеттің деңгейін көтере түсуге және қазақ тіліндегі саясаттану саласында толыққанды ғылыми аппарат қалыптастыруға да жәрдемдеседі. Бұл арада да қазіргі саяси ғылымның негізіне айналған классикалық жазба нұсқаларды білу сөзсіз шарт болып табылады.

Жалпы алғанда саясат ғылымы бірден қалыптаса қоймағанын ескерген жөн. Оның қалыптасуы алдында әлемнің әртүрлі елдерінде саяси ақыл-ой мен саяси ілімдердің дамуының ұзақ кезеңі жатыр. Саяси және құқықтық ілімдер алғашқы таптық қоғамдар мен мемлекеттердің едәуір ұзақ өмір сүруінің барысында ғана пайда болды. Теориялық-танымдық тұрғыдан алғанда саяси һәм құқықтық ілімдердің (теориялардың) түп тамыры алғашқы мифтік нанымдардың бірте-бірте рационализм арнасына түсуінде жатыр. Кейінірек саяси-құқықтық ақыл-ой бірқатар гуманитарлық ғылымдар аясында біртіндеп дамып, тек XІX–XX ғасырлар тоғысында ғана ол өз алдына дербес ғылыми пәнге айнала бастады. Саяси ілімдерде ең алдымен қоғамның саяси өміріндегі түрлі құбылыстардың табиғатын, мәні мен рөлін ашып көрсететін саясифилософиялық аспектілер қарастырылады. Саяси ақыл-ой тарихы адамзат ақыл-ойының үш жарым мың жылдық дамуын қамтиды. Осынау орасан ұзақ уақыт барысында адамдар өмірінің сыртқы жағдайы, қоғамның саяси ұйымдарының пошымдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, мұның өзі олардың саяси көзқарасына әсер етпей қойған жоқ. Сөйте тұра бірқатар ортақ проблемалар барлық заманалар мен халықтардың ойшылдарын толғандырған, толғандырып та келеді. Ол проблемалардың ең негізгілері: саясаттың өзегі дегеніміз не, оның қандай түрлері болады? Мемлекет деген не, оның ең жақсы пошымы қандай? Билік табиғатын не құрайды, оның төркіні қандай? “Саясат“ пен “мораль” ұғымдарының арақатынасы қандай? Саяси саладағы осы және осы сияқты басқа да сауалдарға, мінеки, қаншама ғасырлар бойы ғұламалар жауап іздеп келеді. Және де мұндай ізденістер жолы тіпті де оңай емес әрікедір-бұдырлы. Саяси ақыл-ойдың дамуы бір ғана интеллектуалдық талап пен әдеби творчествоға байланысты емес. Оған қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай ұштаса келіп әжептәуір ықпал етеді. Тарихи нақты жағдай ғұламалар алдына практикалық міндеттерді көлденең тартып, мәңгілік категорияларға айрықша мән-мағына береді. Саяси ақыл-ойға әсер

ететін факторлар ішінде әсіресе экономикалық һәм қоғамдық құрылыс, байлықты, меншікті бөлу, сондай-ақ саяси мекемелер мен дәстүрлердің маңызы зор. Әрбір дәуірге саяси ойдағы өз тенденциялары тән болып, олар зор қоғамдық пікір алуандығын туғызды. Сонау көне замандардан қазіргі күнге дейін саяси ақыл-ой дамудың талай ғасырлық жолынан өтті. Бастапқыда ол діннің, философияның, адамға дұшпан дүниеге жалпы көзқарастың табиғи бөлігі болды. Бірақ сол көне дүниенің өзінде мемлекет пен құқықты адам өнерінің қоғамдық қажеттілікке бағындырылған туындысы ретінде пайымдау талабы пайда болды. Бұл дәуір бүкіл адамзаттың саяси ойының қалыптасуының бастауына айналды. Және де, бұл процесс бірте-бірте сымбаттанып, әртүрлі идеологиялық өзгерістерге ұшырай отырып, хронологиялық жағынан орта ғасырларға шейін созылды деуге болады. Мемлекет пен саясат туралы ілімдерді талдап жасауға Қайта өрлеу және Реформация дәуірі қуатты серпін берді. Бұл кезеңде ағарту ісі саясиқұқықтық идеологияны теологиядан біртіндеп арылта бастады. Мемлекет пен құқықты рационалистік тұрғыдан түсіну, парасатты заң күшіне сенім бірқатар доктриналарда тарихишылдық бастауларымен, мемлекет пен құқыққа ықпал ететін объективті факторларды іздестірумен ұштастырыла бастады. Адамзат тарихында алғаш рет жаратылыстан берілген құқық доктриналарының идеялары конституциялық қағидаларда нақтыланып, конститутциялық құжаттарда бекітілді. Парасаттың ортағасырлық догматизм тұсауынан арылуы, шынайы адамзаттық проблемаларға ең алдымен ден қойылуы тарихта тұңғыш рет барлық адамдардың құқықтық теңдігі мен олардың бостандығы жайлы мәселені ортаға салған Жаңа дәуірдің көптеген саяси һәм құқықтық ілімдерінде көрініс тапты. Бұл кезеңде бүкіл еуропалық ауқымда тектік негіздегі қоғамнан азаматтық қоғамға өту тенденциясы өсе түскенін, сондай-ақ азаматтық қоғамның негізгі принциптерін білдіретін жаратылыстық құқық теориясының қалыптаса бастағанын атап өтуге

болады. Оның үстіне, осы кезде рационализм идеясының дамуы саяси және құқықтық доктриналарды негіздеудің негізгі әдісіне айналды. Ең жаңа дәуірде әлеуметтік-саяси теорияны жаңарту процесі жүріп, онда неғұрлым дамыған елдерде қоғамдық өмірді демократияландыру зор маңызға ие болды. Саяси-құқықтық доктриналар алуан түрлі бола түсті, олар қоғамдық өмірдегі әлеуметтік және саяси процестердің күрделілене түсуінен, сондай-ақ саяси-құқықтық амалдардың алуан түрлі әдістемелік негіздерінің пайда болуынан туындады. Ең жаңа дәуірде саяси ойшылдар қозғаған негізгі проблематика қоғам, мемлекет, билік проблемаларымен қалайда бір байланысы бар көптеген мәселелерді қамтыды. Соның арқасында Ең жаңа заман кезінде саясат ғылымы неғұрлым серпінді де жүйелі дамып, мұның өзі жаңа саяси пәндердің пайда болуынан көрінді. Сонымен, ауқымы жағынан әлемдік саяси ақыл-ойда материал ұшантеңіз, оны қазақ тілінде де жүйелеп беру талабы әлдеқашан туындаған-ды. Осыған орай оқырман назарына қазақ тілінде ұсынылып отырған алғашқы 10 томдық “Әлемдік саяси ақыл-ой антологиясы” сол міндет үдесінен шығар деп үміттенгіміз келеді. Антологияны құрастыру кезінде Ежелгі дүние, Орта ғасырлар, Қайта өрлеу мен Реформация, Жаңа және Ең Жаңа дәуір ғұламаларының ең негізгі еңбектері мен идеяларын қамтуға ұмтылдық. Осыған байланысты бұл басылым өзінің құрылымы жағынан хронологиялық һәм антологиялық қалыпта түзіліп, дайындалды. Сонымен бірге, әрбір ғұламаның еңбегін іріктегенде оларда саясаттану қырының болуы негізгі өлшемге айналды. Саяси ақыл-ойдың шет елдік нұсқаларымен қатар, Антологияның жеке бір томына XY ғасырдан күні бүгінге дейінгі өзіміздің аса көрнекті ғұламаларымыздың әлеуметтік-саяси идеялары, пайым-пікірлері топтастырылып, жүйеленіп беріліп отыр. Қазақстанның көп ғасырлық саяси тарихын түпнұсқадан қорытып, игеру әсіресе бүгінгідей өз халқының дәстүріне негізделген тәуелсіз Қазақстан мемлекетін одан әрі дамытып, нығайту кезеңі үшін аса қажет.

Антологияға әрқилы ойшылдардың ғылыми еңбектерімен, шығармаларымен қатар жеке бір том етіліп орта ғасырлардан бастап бүгінгі күнге дейінгі адамзат тарихында маңызды роль атқарған аса құнды саяси құжаттар да қоса беріліп отыр. Ол құжаттар –шарттар, келісімдер, декларациялар, пактылар, жарғылар. Олардың дүниежүзілік қоғамдастық үшін де, жекелеген мемлекеттер үшін де маңызы аса зор. Жалпы алғанда адамзат дамуының барша тарихи кезеңдеріндегі ойшылдардың саяси идеялары мен көзқарастарын қазақ тіліндегі жүйеленген бір басылымда ашып көрсетіп, бейнелеудің Қазақстан үшін ғылыми және білім берушілік маңызы зор. Сонымен, “Әлемдік саяси ақыл-ой антологиясын” құрастырушылар әлемдік саяси ақыл-ой мұрасын жүйелеп, ғылыми аударма жасап, қазақ тілінде жарыққа шығару Қазақстан саясаттану ғылымынан білім беру ісіне қосылған байыпты ғылыми үлес болады деп үміттенеді. Ал мұның өзі Қазақстан гуманитарлық ғылымы үшін ғана емес, гүлдену мен өркениетті даму жолына түскен күллі Қазақстан қоғамы үшін де маңызды деп білеміз.

* * * “Әлемдік саяси ақыл-ой антологиясының” бірінші томына ежелгі дүниеден XYІ ғасырдың аяғына дейінгі саяси көзқарастар мен ілімдердің кең ауқымын білдіретін әрқилы ғұламалардың еңбектері топтастырылды. Осынау ғалымдардың еңбектерін іріктеп алудағы негізгі өлшем оларда саясаттану аспектілерінің көрінуі болды. Саясат ғылымы үшін ежелгі дүние ойшылдарының саяси көзқарастарының маңызы ерекше. Ежелгі дүниенің саяси идеялары мен ілімдері мифтік, діни ұғымдарға негізделген: саясаттың өзі жаратушының жазмышы мен билігінің нәтижесі деп қарастырылады, ең жоғары билеушілер құдайдың жер бетіндегі билігін атқарушылар деп саналды, олардың өкілеттігі қасиетті, билігі ұлық һәм мұра етілген, әлеуметтік теңсіздік – жазмыштан және орынды деп жарияланды.

Шығыстың саяси идеялары Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римнен әлдеқайда бұрын, біздің дәуірімізден екі мың жылдан астам бұрын пайда болған. Ертедегі саяси ілімдердің бастаулары Шығыстың мифологиясы мен тым әрідегі саяси ілімдерінде бейнеленді, өйткені осы бір ұлан-байтақ макроаймақта адамзат тарихындағы алғашқы мемлекеттер пайда болып, өркен жайды, сол мемлекеттердің ойдағыдай қызмет етуі үшін белгілі бір саяси ережелер, олардың өмір сүруінің, қоғамды басқаруының нормалары мен принциптері қажет болатын. Ең көне саяси ілімдер Мысырда, Үндістанда, Палестинада, Қытайда және Ежелгі Шығыстың басқа елдерінде пайда болды. Шығыста мемлекет жөніндегі ұғымды дамытуға Үндістан мен Қытай айтарлықтай үлес қосты. Шығыстың ең көне мемлекеттерінде өзіндік бір жүйе қалыптасып, ол орын алып отырған әлеуметтік тәртіпті негіздеді, ең жоғары билік иелерінің шексіз өкіметін дәріптеді, мінез-құлықтың тиісті нормалары мен ережелерін дәріптеп, заңдастырды. Қоғам мен өкіметті ұйымдастыруға қатысты ұғымдар да, яғни саяси ақыл-ойдың алғышқы нышандары да сол жүйенің бір бөлігі болып табылады. Шығыстық шексіз билік кәдуілгі мемлекеттік пошымға айналды. Өкімет туралы патерналистік түсінік, яғни өкімет халық қамқоры деген түсінік кеңінен тарады. Шығыстың саяси ойына ескі ғұрыптар мен салттардың кемеңгерлігіне, оның мінсіздігіне сенім өзек болды. Көне заманғы құқықтық тиым, мәселен, бір мезгілде жалпыға ортақ дүниетанымдық принцип (бүкіл әлем заңдары), діни өсиет, моральдық өлшем болды. Мұндай көзқарас Хаммурапи патшаның заңдарында, Таураттың құқықтық негіздерінде, үндінің діни кітаптарында байқалады. Сөйтіп, жалпы алғанда, Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде саяси және құқықтық ілімдер мифтерден ажырап, қоғамдық сананың дербес саласына айнала алған жоқ. Әлемдік саяси ақыл-ой бастауының бірі ежелгі египеттіктердің саяси көзқарастары деп саналады. Бағзы ежелгі египеттіктердің саясат пен

дүниенің құрылысына көзқарастары негізінен билеп-төстеудің жаратушы ырқында екендігі; құдайлардың құдіретіне сай келуге тиіс жер бетіндегі тәртіп; құдайлар әу баста белгілеп қойған шындық, әділет және адамның әлемдегі орны сияқты мифологиялық түсініктермен білдіріледі. Мұндай ескі түсініктер біздің заманымызға пирамидалардың ішкі қабырғаларындағы, папирус орамдарындағы, саркофагтардағы бүгінге дейін сақталған жазулар, фараондарға арналған әртүрлі гимндер, бағзы заманғы әдеби ескерткіштер – “Птахотеп ғибраты” (б. д. дейінгі XXYІІІ ғасыр). “Шонжар Унаның өмірдерегі” (б. д. дейінгі XXYІ ғасыр), “Коптостағы өкім” (б. д. дейінгі XXY ғасыр), “Гераклеополь патшасының баласына айтқан ғибраттары” (б. д. дейінгі XXІІІ ғасыр), “Аменемхет ғибраты” (б. д. дейінгі XX ғасыр), “Ипусер сөзі” (б. д. дейінгі XVІІІ ғ), “ІІІ Тұтмостың жылнамасы” (б. д. дейінгі XY ғасыр), “Мүрделер кітабы” (б. д. дейінгі ІІ мыңжылдық), “Жоғары дәрежелі мырзаның міндеттері туралы нұсқау” (б. д. дейінгі XY ғасыр), Орта, Жаңа, Кейінгі замандардағы патшалықтар тұсындағы (б. д. дейінгі XXІ-YІ ғасырлар) толып жатқан мифтер, сондай-ақ ежелгі грек тарихшылары Геродот, Плутарх, Сицилия Диодорының (б. д. дейінгі Y-І ғасырлар) еңбектері арқылы жетіп отыр. “Ғибраттардың” және басқа да ежелгі Мысыр ақыл-ой ескерткіштерінің авторлары мемлекеттік өкіметті құдай бергендігін талмай негіздейді, египеттік деспотияны мадақтайды, қоғам ішінде адамдардың теңсіздігі қажеттігін басшылыққа алады, құдай берген тәртіпті орнату жөніндегі зорлық-зомбылықты ақтайды. Қоғамды олар ең биігінде құдайлар мен фараондар орналасқан пирамида үлгісінде қарастырды. Египет ойшылдары билікті асыра пайдаланбау, өз бойыңдағы пайдакүнемдік пиғылдарынан арылу, үлкенді сыйлау, кедей-кепшікті тонамау, әлсіздерді ренжітпеу жөніндегі тілектерін де айтып отырады. “Гераклеопол патшасының баласына айтқан ғибратында” құдайларды, фараондардың құдай берген билігін толып жатқан мадақтаумен қатар, заңға қайшы, әділетсіз ештеңе жасамау, тек сөйткенде ғана о дүниеде

құдайлардың оахымына бөленетінің жайлы ақыл айтады. Билеуші ақиқат жолынан айнымай, әділетке ұмтылатын адам ретінде сипатталады. Ежелгі Египеттегі әлеуметтік құрылыс принциптері мен қоғамды басқару ережелері саяси ақыл-ойдың әрі қарай дами түсуіне ықпал етті. Платонның әйгілі “мінсіз мемлекет” туралы ілімі Египеттегі ұқсас “қоғамның жоғарыдан төмен қарайғы әлеуметтік құрылымына” негізделген. Өкімет пен заңдардың сипаты ежелгі Бабылдың (Вавилонның) саясиқұқықтық ескерткіші “Бабыл патшасы Хаммурапи заңдарында” (б. д. дейінгі XYІІІ ғасыр) айқын көрініс береді. “Хаммурапи заңдары” 282 баптан тұрады, оның 247-і толық сақталған. “Хаммурапи заңдары” – ежелгі Бабылдың азаматтық және қылмыстық құқықтары негізіндегі сот практикасынан алынған нақты оқиғаларды белгілі бір ретке келтірудің үлгісі. “Заңдардың” саяси маңызы мынада: Хаммурапи сан түрлі халықтарды бір мемлекетке біріктіріп, олардың бәріне ортақ заң беруге тырысты, ол заң ұзақ уақыт күшінде болып, неғұрлым кейінгі саясиқұқықтық құжаттарға да ықпал етті. Ежелгі және кейінгі Үндістанның саяси һәм құқықтық ақыл-ойының бастау бұлағы б. д. дейінгі ІІ және І мыңжылдықтардың орта тұсында пайда болған “Ведалар” (Санскрит бойынша “білу”, “жүргізу”, “білім” дегенге келеді). “Ведалар”, “Махабхаратада” “Ману заңдарында” және басқа ежелгі үнді жазбаларында қоғам брахмандар, кшатриялар, вайшиялар, шудралар атты, төрт варнаға (текке) бөлінеді, оларды құдайдың өзі солай жаратқан делінеді. Оларда әубастағы, мұра болып берілетін қоғамдық теңсіздік уағыздалады. Варналар негізінде үнді өркениетінде бірнеше буыннан тұратын касталар жүйесі қалыптасты, олар тек XX ғасырдың 50-ші жылдарында ғана ресми күшін жойды. Сөйте тұра, бүгінгі күннің өзінде аты-жөніне қарап көптеген үнді отбасыларының қай кастаға жататынын анықтауға әбден болады. “Ману заңдары” Үндістанда еретиктік ілімдерді брахманизмнің жеңіп шыққанын айғақтайды. Үнді

саяси ақыл-ойының ерекшелігі сол, онда өкіметтің пайда болуының екі нұсқасы: бірінші – билеушілерге өкіметті құдайдың өзі “беруін”, екіншісі – оларды сайлау немесе билеушілер мен бағыныштылар арасындағы келісім “қатар өмір сүреді”. Екінші нұсқада бірнеше мың жылдардан кейін еуропалық саяси ақыл-ой (Гоббс, Локк) тұтас күйінде талдап жасаған шарт теориясының элементтері бар. Сол замандағы саяси-құқықтық ақыл-ой мен жалпы алғанда идеологияның “дхарма” делінетін өзекті ұғымына дәстүрлі теологиялық брахмандық тәпсірге буддизм өзінің көзқарасын, көп жағынан рационалистік көзқарасын қарсы қояды. Буддистердің тәпсірінде “дхарма” әлемді билейтін табиғи заңдылық және жаратылыстық заң ретінде қарастырылады. Парасатты құлық үшін сол заңды танып-біліп, қолдану қажет. Буддизм идеясы (оның ішінде “дхарма” тұжырымдамасы да) біртебірте мемлекеттік саясат пен заң шығаруға ықпал ете бастады. Үндістанды біріктірген Ашоки билігі (б. д. дейінгі 268-232 жылдар) тұсында буддизм мемлекеттік дін ретінде мойындалып, оның ықпалы Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да бірқатар елдеріне тарады. Көне Үндістанның аса көрнекті саяси шығармасы, саяси өнердің өзіндік бір энциклопедиясы десе де болғандай “Артхашастра, немесе Саясат ғылымы” айрықша ілтипатқа лайық. Кітапта ежелгі үнді қоғамының мемлекеттік, саяси һәм шаруашылық құрылысынан аса құнды мәліметтер бар, ол өз дәуіріндегі елдің саяси және экономикалық өмірінің нағыз энциклопедиясы. “Артхашастраның” ең алғашқы санскрит тіліне мемлекеттік құрылыс, басқару және оның пайдасы жөніндегі ғылым деп аударылуы барынша дәл, сонымен бірге саяси ғылымның ең сәтті де жарқын анықтамасы. Өзінің мазмұны мен мәні жағынан бұл шығарма мемлекетті басқару ісіндегі басшылық құрал ғана емес, Ежелгі Үндістандағы саяси, экономикалық, дипломатиялық, заңгерлік, философиялық және әскери

ақыл-ойдың асыл мұрасы болып табылады. “Артхашастрада” патшалық өкімет тұсындағы саяси басқарудың теориялық-қолданбалық қырлары байқалады. Мың жарым жылдан соң бұл принципті аса көрнекті Флоренция ойшылы Никколо Макиавелли өзінің “Тақсыр” деп аталатын белгілі еңбегінде қарастырып, талдау жасады. Қытайдың саяси ақыл-ойы ежелгі қытайдың көне саяси түсініктерінің, көзқарастарының және ілімдерінің жиынтығынан құралады. Ежелгі қытай саяси ақыл-ойына тән бір белгі, ол діни-мифологиялық әдебиеттен ерте бөлініп, мемлекеттің құрылысын, адамның қоғаммен арақатынасын зерттеп білудің негізгі тақырыбы етіп алды. Ең ескі тараулары б. д. дейінгі XІY-XІ ғасырлардан бастау алатын “Шуцзин” кітабында бейнеленген көне саяси ағымдардың өзінде “тань-мин” идеясы, яғни бүкіл Аспан астын уысында ұстайтын Көк құқығы жайлы өзекті идея өрбітіледі. Көне қытай саяси ақыл-ойының атасы деп әулеттер (династия) алмасуының формуласын жасаған Чжоу-гунды (б. д. дейінгі XІ–X ғасырлар) атайды. Ежелгі қытай саяси ақыл-ойы өзінің шарықтау шегіне б. д. дейінгі І ғасырдың екінші жартысында жетті. Бұл кезде оның мәнмаңызын күні бүгінге дейін жоймаған ең негізгі саяси ілімдері қалыптасты. Олар –конфуцийшылдық, моизм, легизм және даосизм. Әсіресе, Құнфудзының (б. д. дейінгі 551-479 жылдар) саяси мұрасының маңызы зор. Құнфудзының көзқарасы бірнеше ғасыр өткен соң ресми идеология дәрежесіне дейін көтеріліп қана қойған жоқ, күні бүгінге шейін Қытайдың жалпы және саяси мәдениетінің сипатты белгісі, шығыстық, құнфудзылық өркениеттің құрамдас бөлігі болып отыр. Құнфудзының әлеуметтік-саяси һәм этикалық ілімінің негізі “Лунь юй” (“Әңгімелер мен пайымдаулар”) жинағында (Құнфудзы өлген соң шәкірттері құрастырған) айтылғандай, ізгілік – “дэ” принципі. Бұл принцип ел басқару ісіне араласатын барлық адамдарға ортақ. Құнфудзы ілімінің өн бойында халық ең ізгі, ең данышпан деп сыйлаған тақсыр-ағзам өзінің бүкіл бағыныштылары ішінен ең ізгі де данышпанын өзінің мұрагері

етіп таңдап алатын сонау бір алтын ғасырды аңсау бар. Құнфудзы не жазса да, нендей өнеге айтса да әрдайым ежелгі қытай әдет-ғұрпының данышпандығына сүйеніп отырған. Мұның өзі қазіргі қытайлардың Құнфудзы іліміне қалай сүйенетіндігіне ұқсас, олар үшін оның өзі – көненің көзі және дәстүр. Билік тегінің құдайлық және жаратылыстық қырларын мойындай отырып, ұстаз Құн негізгі назарын адамдар өмірін қалай ұйымдастыруға, мемлекетте кемеңгер де әділетті тәртіпті қамтамасыз ету жолдарына аударады. Дәстүрлі көзқарасқа сүйене отырып, Құнфудзы мемлекеттің патриархаттық-патерналистік тұжырымдамасын дамыта түседі. Сол арқылы Шығыстық үлгідегі билеп-төстеудің ақсүйектік тұжырымдамасы негізделеді. Сол сияқты Құнфудзы мектебінен өсіп шыққан, бірақ заңдардың қатаң орындалуын ғана қадағалап қоймай, оларды орындамағандарды жазалау жағында болған Мо-цзыдың (б. д. дейінгі 479-400 жылдар) саяси идеялары да кеңінен таралған. Оның өз атымен “Мо-цзы” деп аталатын пікірлер жинағы (б. д. дейінгі VІ ғасырда құрастырылған. Бұл жинақта мемлекет құрудың шарт теориясының (алғашқы билеушіні ерікті сайлау), қатаң тәртіптің, мемлекеттің бір орталыққа бағынуының, әлеуметтік теңдік идеяларының маңыздылығы атап өтіледі. Мо-цзы аристократизмді айыптап, халық қамын көздейтін реформаларды жақтады. Ол қытай саяси ақыл-ойына сән-салтанаттан ада эгалитаризм идеясын енгізді. Ол қытай саяси ақыл-ойының Құнфудзы ілімімен бәсекелесе алған маңызды ағымы – легизмнің ізашары болды. Легистер мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі Хань Фэй-цзы (б. д. дейінгі 280-233 жылдар). Оның “Хань Фэй-цзы” жинағы мемлекет басқару өнері жайындағы 55 тараудан (бөлім) тұрады. Негізгі идеялары: “Адам өзінің табиғаты жағынан өзімшіл және тек жазалау мен марапаттауды ғана елейді”, “Тиімді басқару заңдардың болуын, өкіметтің беделін және басқару өнерін талап етеді”, “Билеуші өзінің толық бақылауында болатын

күрделі, бірақ жан-жақты ойластырылған бюрократтық жүйенің көмегімен басқарады”, Хан Фэй-цзы билеушінің шексіз билігін орнықтыратын заңдар көмегімен басқаруды ұсынды. Оның арқасында саяси ақыл-ой мен ғылымына “мемлекетті тиімді басқарудың негізгі үш құрамы – заң, өкімет және саяси өнер” деген ереже (тезис) енді. Легизм заманынан бері заңдар және саяси менеджмент ережелерін білу саясаттанушы мен саяси қайраткерлер үшін міндетті деп саналады. Көне қытай саяси ақыл-ойының тағы бір маңызды ағымы даосизм (негізін Лао-цзы қалаған, б. д. дейінгі VІ-ІІ ғасырлардағы “Дао-де цзин” кітабы). Дәстүрлі теологиялық тәпсір бойынша “Дао” “көк құдіретінің” көрінісі деп түсіндірілетін, ал Лао-цзы оны көк тәңірісінен тәуелсіз жаратылыстық даму, жаратылыстық заңдылық деп сипаттайды. “Дао” көктің, табиғаттың, қоғамның заңдарын белгілейді. Ол ең жоғарғы ізгілік пен жаратылыстық әділетті бейнелейді. Белгілі бір мағынада “Дао” қоғамды, мемлекетті, заңдарды жетілдіре түсуден гөрі жай ғана табиғилыққа оралу деп саналады. Ежелгі Қытай саяси ақыл-ойының тағы бір өкілі Сюнь-цзы (б. д. дейінгі 313-238 жылдар, “Сюнь Цзы” “Әскери өнер жайындағы трактат кітаптарының авторы), “легистер” мен “құнфудзышылар” көзқарастарының арасында ерекше бір қайшылық жоқ, оларды ұштастыруға болады деп білді. Ол сондай-ақ саяси құрылыс пен басқару ісінің проблемаларын талдауға көп көңіл бөлген. Оның стратегем деп аталатын саяси өнер – күні бұрынғы стратегиялық есептер мен жоспарларды тұзаққа, дұшпан көзіне түспейтін шым-шытырық саяси қақпанға айналдыра білу жөніндегі пікірлері айрықша ілтипатқа лайық. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдан кейін қытайдың ресми идеологиясында легизмнің де, құнфудзышылдықтың да принциптерін ұштастыра бастады. Ежелгі Қытай саясаттану мәтіндерінің ерекшелігі – оларда білімнің дәл саяси, мемлекеттік-құқықтық элементтері әрдайым анық ажыратыла бермейді. Әлемдік маңызы бар Өркениет пен мәдениеттің

аса ірі орталығы болып табылатын Ежелгі Қытай салыстырмалы түрдегі тұйықтығын, әлеуметтік-экономикалық құрылымдарының, саяси институттарының ажыратылмағандығын, сондай-ақ қоғамдық қатынастардың, отбасы мен тұрмыстың патриархтық сипатын, ерекше менталитетін ғасырлар бойы сақтап келді. Экономикалық мешеулік, жаулауп алушылық соғыстардың және басқа себептердің салдарынан Ежелгі Шығыстың көптеген мемлекеттері тәуелсіздігінен айрылды немесе жойылып кетті. Оларда пайда болған саяси ілімдер әдетте, әрі қарай дамымай қалды. Саяси-құқықтық ой тарихының дәйекті сабақтастығы Үндістан мен Қытайда ғана сақталып қалды. Батыстың саяси ақыл-ойының дамуына Ежелгі Грекия айрықша үлес қосты. Онда құл иелену кеңінен тараған “өндірістің антикалық тәсілі” қалыптасты. Саяси құрылыс шығыстық деспотияға мүлдем қарама-қарсы өрбіді. Саяси ұйымның пошымы полис (қала-мемлекет) болды. Патшалық билік ақсүйектер мен құл иеленуші демократияға орын берді. Грекияның саяси ақыл-ойы мифтен теорияға дейінгі жолдан тез өтті. Гректер жүйелердің қалыптасуына қолайлы болатын жағдайларды, олардың өзгеруінің заңдылықтарын зерттеді. Ежелгі Грек аристократиясының идеологиясы Платон мен Аристотельдің саяси пікірлерінде шарықтау шегіне жетті. Платонның “Мемлекетң және “Заңдарң аталатын еңбектеріндегі идеялар саяси-құқықтық мәселелерге арналған. “Мемлекетң диалогында Платон мемлекеттік басқарудың монархиядан бастап аристократияға дейінгі әртүрлі пошымдарын қарастырды. Платон басқарудың басқа да түрлерін – тимократия мен олигархияны ұсынады. Платон мінсіз мемлекеттік құрылыс аристократия деп біледі. “Саясаткер” диалогында Платон монархия, аристократия және демократия заңға сүйенеді, ал тирания мен олигархия оларда бар заңдар мен ғұрыптарға кереғар басқарылады деп түйеді.

Саяси ақыл-ойды дамытуға ежелгі грек ойшылы һәм Платонның шәкірті Аристотель елеулі үлес қосты. Аристотель Платонның мемлекет туралы ілімінің бірқатар елеулі тұстарын сынға алады. Саяси ақыл-ой тарихында Аристотель әлеуметтік ілімнің дербес саласы ретінде өзі бірыңғай бөліп шығарған саясат ғылымының түп атасы деп есептеледі. Өзінің ең әйгілі “Саясат” деп аталатын еңбегінде ол мемлекет дегеніміз қоғамның дамуының заңды жемісі деп түйеді. Мемлекеттің ең жақсы пошымы деп Аристотель монархияны (бір адамның билеуі), аристократияны (азшылықтың билеуін) және политияны (көпшіліктің билеуін) атайды. Сондай-ақ ол мемлекеттің теріс пошымдары деп демократияны, олигархияны және тиранияны бөліп көрсетеді, өйткені олардың билеушілері жалпыға ортақ мүддені емес, қара басының немесе жекелеген топтардың мүддесін күйттейді. Ежелгі Грекиядан соң батыстық саяси ақыл-ойдың дамуына Ежелгі Рим белгілі бір үлес қосты. Бұл ретте әңгіме ең алдымен б. д. дейінгі Y ғасырдың ортасына қарай түзілген “XІІ таблица заңдары” деп аталған алғашқы Римдік құқық кодификациясы жайында болуы тиіс. Бірнеше ғасырлар бойы бұл заңдар Римде көпшілік және жеке құқықтың негізгі бастауы саналып келді. Заңдар 12 тақтаға жазылып қала алаңында ілулі тұратындықтан да солай аталған. Бұл заңдарды білмейінше азаматтық, әсіресе қазылық міндеттерді өтеу мүмкін емес деп есептелген. “XІІ таблица заңдары” негізінен әдеткі құқықтардың жазба түрі ғана еді. Бұл заң әсіресе плебейлерге (патриций қазылардың қиянатынан қорғану үшін) керек еді. Құқықты бұлай жинақтау олардың патрицийлармен теңелу жолындағы күресінде бір белес болды. Заңдардың өзі бізге жеткен жоқ. Олар тек сол ежелгі авторлардың, әсіресе Цицерон, Ульпиан, Гай секілді және басқа заңгерлердің шығармаларында ұшырайтын үзінділер арқылы ғана белгілі. Әйгілі Рим шешені, заңгер, мемлекет қайраткері және ойшыл Марк Туллий Цицерон Ежелгі Рим ақыл-ойын дамытуға елеулі үлес қосты. Оның

аса мол шығармашылығында мемлекет пен құқық проблемаларына айтарлықтай орын берілген. Осы мәселелер оның “Мемлекет туралы”, “Заңдар туралы” еңбектерінде арнайы сөз болады. Оның басқа да еңбектерінде (мәселен, “Міндеттер туралы” жұмысында), ұшы-қиырсыз саяси және соттағы сөздерінде толып жатқан саяси-құқықтық проблемалардың бірқатары қамтылған. Цицеронның мемлекет пен құқық жайындағы теориялық пікірлерінде ежелгі грек ақыл-ойының, ең алдымен Платон, Аристотель, Полибий және стоиктер ілімдерінің ықпалы байқалып тұрады. Сонымен қатар, “сырттың” бұл ықпалын Цицерон, Рим патриоты әрі санаттағы саясаткер ретінде мемлекеттік-құқықтық практика және саяси-құқықтық ақыл-ой саласындағы римдік дәстүрмен, Рим мемлекеті мен құқығының өзіндік тарихымен, тіпті нақты жағдаймен және өзі өмір сүрген кездегі әлеуметтік һәм саяси болмыстың көкейкесті міндеттерімен ұштастыра, үйлестіре қарастыруға ұмытылып отырды. Тұтастай алғанда өзінен бұрынғы ойшылдар идеяларын творчестволықпен пайдалану Цицеронның саясиқұқықтық ілімінде оның мемлекет пен құқық теориясы саласында бірқатар тума және жаңа қағидаларды дамытуымен ұштасады. Цицеронмен қатар Ежелгі Римнің басқа бір көрнекті ойшылы тарихшы Тит Ливий болды. Ливий қоғамдық-философиялық мазмұндағы диалогтар, шешендік туралы трактаттар жазды, бірақ олардың бәрі ізтүзсіз жоғалып кеткен, ал оның әлемдік даңқы тіпті де толық күйінде сақталмаған, дәстүр бойынша “Қала негізі қаланғаннан бергі Рим тарихы” деп аталатын бір ғана шығармасына негізделген. Түу бастағы түрінде бұл еңбек Рим тарихын оның аңызға айналған бастауынан азамат соғыстарына және империя орнатылғанға дейінгі, яғни автор өмір сүрген кезеңге дейінгі оқиғаларды қамтитын. Ежелгі Рим заманындағы саяси ақыл-ойды дамытуға грек тарихшысы Полибий елеулі үлес қосты. Өзінің “Жалпыға ортақ тарих” атты әйгілі туындысын ол “бүкіл өркениетті дүние 53 жылға жетер-жетпес уақыт

ішінде (б. д. дейінгі 220 жылдан Персей жеңілген б. д. дейінгі 168 жылға дейін) римдіктердің уысына қалай түсіп қалғандығын” түсіндіру үшін жазуға кіріскен. Кейін Полибий өз шығармасының уақыт шеңберін кеңейтіп, Карфаген құлаған б. д. дейінгі 146 жылға дейін жеткізген. Өкінішке қарай, “Жалпыға ортақ тарихтың” түу бастағы 40 кітабының тек бастапқы 5-еуі ғана сақталып, қалғандары бізге азды-көпті мазмұндама қалпында ғана жеткен. Ежелгі дүние мен орта ғасырлар тоғысында христиан діні кеңінен таралды. Алғашқыда бұл дін билікке, Рим империясына қарсы болды. Саяси мекемелерден бірте-бірте құтылған жаңа дін рухани еркіндіктің мүмкіндіктерін жаай бастаған-ды. Алайда христиан дінінің бірте-бірте орныға түсуіне орай ол мемлекетке бейімделе түсті. Рим императорларының тұсында-ақ мойындауға қол жеткізген христиандық ресми дін ретінде орта ғасырлардағы дүниетаным мен саяси құрылыс негізі ретінде берік орнығып, феодализм идеологиясын ақтауға қызмет етті. Еуропада орта ғасырлар христиандық туы астында өрбіді. Қоғамның саяси санасын схоластика мен теология билеп-төстеді. Бұл арада христиандық ғұлама, батыс патристикасының басты өкілі Августин Шадыманның шығармашылығы едәуір рөл атқарды. Августиннің пікірлері теологияның қалыптасып, дамуына орасан ықпал етті. Өзінің “Құдай қаласы туралы” шығармасында ол әлемдік тарихтың христиандық тұжырымдамасын дамытты, бұл тарихты оның өзі жаратқанның жазмышының нәтижесі деп білді. “Жердегі күнәлі қалаға” адамдардың құдайды сүюіне негізделген рухани қауымдастығы – “құдай қаласын” қарсы қойды. Орта ғасырлардағы батыстық саяси ақыл-ойдың дами түскені сондайақ итальян ақыны Данте Алигьери шығармашылығынан да байқалды. Өзінің барынша ыждағатпен негіздеп жазған үш кітаптан тұратын “Монархия” аталатын зерттеуінде Данте мына үш тұжырымның

ақиқаттығын дәлелдеуге тырысады: 1) тек бүкіл әлемдік монархтың қол астында ғана адамзат бейбіт өмір сүріп, өзінің парызын орындай алады; 2) Құдай әлемді билесін деп Рим халқын таңдап алды (демек, монарх Қасиетті Рим империясының императоры болуы тиіс); 3) император мен папа билікті Құдайдың өз қолынан тікелей алады (яғни, алғашқысы соңғысына бағынышты емес); Бұл пікірлер Дантеден бұрын да айтылып жүрген, бірақ ол бұл пікірлерге сенім қызуымен қуат берді. Бұл трактатты шіркеу дереу айыптап, Боккаччоның айтуынша, кітапты өртеп жіберуге үкім шығарды. Тұтастай алғанда орта ғасырлардағы батыстық саяси ойдың ең маңызды проблемасы діни және дүниауи биліктің ара қатынасы болды. Теориялық тұрғыдан олардың дербестігі мен бір-бірінің ісіне араласпуы мойындалды. Алайда, католиктік шіркеу билікті осынау бөлісу биігінде тұрақтай алмады. Орта ғасырлар дәуірінде саяси ойдың дамуына араб тілді Шығыстың ойшылдары маңызды үлес қосты. Бұл арада ең алдымен Орта ғасырлардағы ұлы философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін айтпай кетуге болмайды. Энциклопедиялық білімі бар Әл-Фараби ғылымның барлық салалары ішінде саяси философия мен этиканы бірінші орынға қояды, өйткені солардың арқасында ғана шынайы бақытқа жетуге, сол бақытты баянсыз, жалған бақыттан бөліп алуға болады. Өзінің “Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат” атты әйгілі еңбегінде Әл-Фараби ізгілікті қаланы адасқан, надандық жайлаған қалаға, шын ізгілікті адамды жалған құндылықтарды малданатын, өтірік-өсекке, ғайбатқа, менмендікке бой алдырған адамдарға қарсы қояды. Әл-Фарабидің “Мемлекет қайраткерінің афоризмдері”, “Азаматтық саясатң сияқты еңбектеріндегі бақытқа бастар жол, адамға лайық өмір туралы, адам табиғаты туралы, интеллекттік және этикалық мінсіздік туралы, зипа билеуші жайындағы пікірлері әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Әл-Фарабидің адамзаттың мәңгі құндылықтарын орнықтырудағы

бүкіл шығармашылығының өзегіне тән рух еркіндігі төтенше тағылымды да өзекті. Бақыт дегеніміз – мінсіз игілік. Адам баласы, дейді Әл-Фараби, тірліктің мәні де, мақсаты да осы шығар деп ойлайтын нәрселер көп. Оларға көбіне өзіне жағымды, пайдалы нәрселерді, ақша, даңқ сияқтыларды жатқызады. Бірақ бақыт деген не екенін түсіну, оны өмірлік мақсатқа айналдырып, соған жетуге бұлжымай ұмтылу жанның парасатты бөлігін жетілдіре түспейінше мүмкін емес. Ол тек данышпандардың ғана қолынан келеді. Ал адамдардың көпшілігі қиялындағыны ғана бақытқа балап, соған иланады. Барлық халықтар, барлық адамдар бір ғана бақытқа сенсе де, дін дегеніміз қиялдағы бақыт туралы түсініктің нақ әртүрлі амалы ғана. Орта ғасырлардағы Шығыс саяси ақыл-ойының тағы бір көрнекті өкілі Ибн Рушдтың ізбасары саналатын араб тарихшысы, философ һәм қоғам-қайраткері Ибн Халдун. Ибн Халдун өз шығармаларында қоғамның дамуына және мұсылман Шығысы халықтарының тарихына өз көзқарасын баяндады. Ибн Халдун дербес пән ретінде қоғамдық дамудың теориясын жасауға ұмтылды. Ол ұрпақтардың алмасуы барысында өркениеттің өрлеу және құлдырау циклдарын, адамдардың тұрмыс салтына климат пен географиялық ортаның ықпалын қарастырды, мемлекеттердің пайда болуының, олардың өркендеуі мен құлауының себептері туралы толғанды. Соның арқасында Ибн Халдунды кейде “араб Марксы” деп атайды. XІY–XY ғасырларда Қайта өрлеу мен Реформация заманында өндіргіш күштердің дамуы, ұлттық базарлардың қалыптасуы, ірі жер иелеріне тәуелсіз еңбекке жарамды халықтың көп бұқарасының қалаларда шоғырлануы Батыс Еуропада феодалдық құрылыс негіздерін жеміре түсіп, оны буржуазиялық құрылыспен алмастыру үшін негіз қалай бастады. Бұл құбылыстар ғылым мен мәдениеттің қауырт дамуымен қатар өрбіді, ал оған антикалық өркениет мұрасына жаппай қызығудың оянуы, оның “қайта өрлеуі” қуатты мұрындық болды.

Теология мен діни мұраттардың ғасырларға созылған үстемдігінен
кейін, алдыңғы орынға адам шықты. Бар назарын ортағасырлық қоғам
шырмауынан
құтыла

бастаған
тұлғаның
мұқтажына,

мүддесіне, табиғатына шоғырландырған гуманизм көзқарасы қалыптасты. Гуманизм жер бетіндегі өмір, саяси ұйымдасу мәселелерін бірінші орынға қойып, теологияның үстемдігін шайқалтты, нақты фактілер мен дәйектерге сүйене отырып ол мәселелерді шешуге ұтымдылық тұрғысынан келді. Саяси құбылыстар мен процестерде ой елегінен өткізу шіркеу монополиясы болудан қалды. Рухани жетекшілердің көзқарастары мен олардың саяси рөлі сын нысанына айналды. Үстем шіркеу тек ұтымдылық тұрғысынан ғана сыналып қойған жоқ. Католицизм мен папалыққа еретиктік ілімдердің бай дәстүрлеріне сүйенген евангелиялық сын да күшейе түсті. Реформация қозғалысы папалық пен оның дүниауи биліктен дәмесіне ашық қарсы шықты. Батыс Еуропада протестанттықтың қалыптасуы және шіркеудің бөлінуі феодалдық жүйенің күйреуін жақындата түсті. Қайта өрлеу дәуірінің әйгілі өкілінің бірі итальян оқымыстысы Николо Макиавелли. Оның ең белгілі еңбектері – “Тақсыр” және “Тит Ливийдің алғашқы декадасы жайлы ой”. Макиавелли католикатік схоластика догмасынан үзілді-кесілді арылта отырып, саяси талдаудың жаңа әдістемесін пайдаланды. Ол антик ойшылдарының дәстүрін қалпына келтіру деген сөз еді. Ол үшін саясат дегеніміз білімнің мүлдем дербес саласы, және де ол бұл саланы шындыққа, тарихи фактілерге сүйене отырып зерттеді. Макиавеллидің саяси теорияны дамытудағы еңбегі орасан. Ол схоластиканы ысырып тастап, оны рационализммен, реализммен алмастырды, саяси ғылымның негізін қалады, Италияның феодалдық бөлшектенуіне қарсы шықты, онда абсолюттік монархия пошымындағы біртұтас, орталықтандырылған ел құруды жақтады, саясат пен мемлекет пошымының әлеуметтік күреспен байланысын көрсетті, “мемлекет” және

“республика” ұғымдарының қазіргі мағынасын айналымға енгізді, папа тағы мен дінбасылардың саясатын айыптады, қайшылыққа толы, заң бұзушылықтар мен қайғы-қасіретке де жол ашуы мүмкін “мақсат құралды ақтайды” дейтін мәңгі принципті тұжырымдады. Қайта өрлеу дәуіріндегі әлемдік саяси ойдың дами түсуіне ағылшын мемлекет қайраткері, жазушы Томас Мор елеулі үлес қосты. Оның атағын шығарған қиялдан туған арал атына қойылған “Утопия” аталатын шығармасы еді. Әсіресе, жеке меншік атаулыдан ада, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қоғам өмірі суреттелетін “Утопияның” екінші кітабы кеңінен мәлім болды. Онда Мор ең әуелі Англияны мысалға ала отырып, өз кезіндегі қоғамның әлеуметтік-экономикалық проблемаларын сөз етеді. Жағдайды жақсарту үшін адамдар Утопия тұрғындарына ұқсап, парасат заңына сай өмір сүруі қажет. Екінші кітап Утопиядағы мінсіз қоғамдық құрылысты суреттеуге арналған, оның артықшылықтары алғашқы кітапта сөз болған проблемалар арқылы атап көрсетіліп, бедерлене түседі. Утопия аралындағының бәрі ортақ меншікте, халықтың саны бірқалыпты сақталып отырады, ауылшаруашылық өндірісі басты назарда болады, оған қоғамның барлық мүшелері кезекпен тартылады, ал өнім қоғамдық базарлар мен асханалар арқылы бөлінеді. Әрбір азаматтың қажеті жеткілікті қанағаттандырылатындықтан және тәрбиенің арқасында жұрттың бәрі өзінің тәкаппарлығы мен ашқарақтығын тежеп ұстай алатындықтан Утопияда ақша да, сән-салтанат та жоқ. Аралдықтардың бәрі ауыл шаруашылығына да, қолөнерге де үйретіледі, алты сағаттық жұмыс күні бірқалыпты демалуға, бірігіп білім алуға жеткілікті уақыт қалдырады. Билеушілер қабілетіне қарай іріктеліп алынған оқымысты адамдардан сайланып қойылады. Заңдар аз және олар барынша анық тұжырымдалатындықтан заңгерлердің қажеті жоқ. Басқа мемлекеттермен соғыс тек қана өзін қорғау немесе езгідегілерді құтқару үшін ғана жүргізіледі. Утопияда әртүрлі дінге жол беріледі, бірақ жанның өлмейтіні

мен құдайдың құдіретіне сенбейтіндер қоғамдық мансаптарға сайлана алмайды. Қандай да болмасын ауыр қылмыс жасағандардың жазасы – құлға айналдыру. Сөйтіп, парасатты өмірмен жеткен рахат адам үшін ең асқар игілік деп санап, Утопия тұрғындары табиғат заңдарына сай өмір сүреді. Томас Мор шығармашылығы Қайта Өрлеу дәуіріндегі саяси ойдың тағы бір өкілі – Нидерланд оқымыстысы, жазушы, гуманист, редактор һәм антиктік классиканың тәржімашысы, Жаңа өсиетті грек тілінде тұңғыш рет басып шығарушы, сатирик Роттердамдық Эразмға едәуір ықпал етті. Эразм діни ғұламадан гөрі моралист еді, сондықтан оның замандастарына уағызы догмадан гөрі Христтің сөзінің өзіне негізделді. Рим шіркеуінің қайта түлеуін армандаған ол Лютер бастаған реформаларды жақтырмады. Сөйтіп ол екі жақтан да шабуылға ұшырады: елірме реформаторлар оны керітартпа, сатқын деуге дейін барса, ортодокстар Эразмды: “Лютер жарып шыққан жұмыртқаны басып отырған сол еді” деп кінәлады. Бірақ үй ішінен үй тігуді жақтырмаған және діни бұлғаққа толы заманда өз көзқарасынан айнымаған Эразм Шіркеуде қала берді. Эразм нағыз сегіз қырлы тұлға болатын және оның әрбір қыры еуропалық ақыл-ойға сүбелі ықпал етті. Замандастары оны гуманист, әлеуметтік реформатор, қырғи тілді шешен, Библия мәтіндерін қалпына келтіруші деп таныды. XYІ ғасырдағы батыс еуропалық саяси ғылымның дамуында Реформация қозғалысының бастаушысы, неміс діни қайраткері Мартин Лютер мен француз Реформациясының қайраткері, кальвинизмнің негізін қалаушы Жан Кальвин елеулі рөл атқарды. М. Лютердің қоғамдық-саяси көзқарасы оның “Дүниауи өкімет хақында” атты еңбегінде, ал Ж. Кальвиннің көзқарасы оның “Христиан өмірі туралы” атты шығармасында бейнеленді. Лютер сияқты Кальвин де шіркеудің иерархиялық жолмен құрылуын теріске шығарды. 1541 жылдан Женеваның шын мәніндегі диктаторы болған Кальвин, бұл қаланы Реформация орталықтарының біріне айналдырды. Бір-бірінен тәуелсіз конгрегациялар Женевада

шіркеудің негізгі бірліктері болып шықты. Әрбір конгрегацияны консистория басқарды, оның құрамына пастор, диакон, қауымның барлық мүшелері сайлаған ақсақалдар (пресвитерлер) кірді. Кальвиннің қала жөніндегі заңдары Женеваны “құдай қаласының” үлгісіне, протестантар қамалына айналдыруды көздеді, Кальвиннің жақтаушылары ол заңдарды нақ солай қабылдады. Кальвинист шіркеудің шешімі мемлекеттік заң пошымында қабылданды, сондықтан кальвинизм күшті дүниауи билікке сүйенді. Бірақ, дүниауи билік, кальвинистік доктрина бойынша, шіркеудің айтқанымен жүрсе ғана өмір сүруге құқықты болды. XYІ ғасырдағы батысеуропалық саяси ғылымның дамуына француз саяси ойшылы, құқықтанушы Жан Боденнің көзқарастары айтарлықтай ықпал етті. Өзінің “Мемлекет туралы алты кітап” деген еңбегінде ол тарихи процестің өрбуін, сондай-ақ әртүрлі географиялық және климаттық жағдайларда мемлекеттік институттардың пайда болуы мен қалыптасуын қарастырады. Боден саяси ой тарихында бірінші болып мемлекеттің аса маңызды белгісі ретінде егемендік ұғымына түсінік берді. Оның айтуынша, егемендік, яғни заң шығарып, оны іске асыру құқығы мемлекетке ғана тән. Мемлекет –өз елінің ішінде де, сыртқы державалармен қарым-қатынаста да жоғарғы саяси билік иесі. Егемен билік иесінен жоғары тек құдай мен табиғат заңдары ғана. Заң әділ ме, жоқ па, егемендік оған тәуелді емес, ол оны шығаратын күшке ғана тәуелді. Боден егемендіктің бес айрықша белгісін бөліп көрсетеді. Олардың алғашқысы – барлық бодандар мен мемлекеттік мекемелерге арналған заңдар шығару. Екіншісі – соғыс пен бітім мәселелерін шешу. Үшіншісі – мансап иелерін тағайындау. Төртіншісі – жоғары сот, ең ақырғы сот ретіндегі қызмет. Бесіншісі – кешірім жасау. XYІ ғасырдың екінші жартысындағы батыс еуропалық саяси ақылойдың көрнекті өкілі француз гуманисі, ақын Ла Боэси Этьен. Оның “Ерікті құлдық туралы толғау” аталатын белгілі саяси трактаты

абсолютизмге қарсы бағытталған. Ла Боэси тирания езгісіндегі халық пен елдің мүшкіл халін сипаттайды, тирания адамдар табиғатына еркіндігі мен теңдігіне жат. Ла Боэсидің айтуынша, тирания әртүрлі амалдан (шарт, күш, мұрагерлік) туындайды және халықтың құлдыққа дағдылануына сүйенеді. Құлдықтың бұл түрі ерікті болады, өйткені дағдымен адасқан халық тиранды асырайды, оның мазағы мен масқарасына көне береді. Шын мәнінде абсолюттік монархияның әкімшілік-әскери аппаратының қаз тұруын бейнелей отырып, Ла Боэси енді “ерікті құлдық” туралы емес, “бодандардың біреулерін екіншілері арқылы жаныштау” туралы ой толғайды. Мемлекет, деп санайды Ла Боэси, тирандар бірлестігі, олардың жоғарғысы төменгілеріне сүйенеді, сөйте тұра сәті соққанда соларды тонайды. Сөйтіп, Ла Боэси тиранияның өзегін, оның “сыры мен негізін”, тиранмен және бір-бірімен жемтіктес тиран малайларының ұйымдасқан иерархиясынан көреді, олардың әрқайсысы “олжадан сауға алып қалуға, үлкен тиран қасында кішкентай тиран болып жүре беруге” барын салады. Адамдардың жаратылыстық теңдігі мен бостандығы тұрғысынан тирандықты қатты айыптау, абсолюттік монархияның бірқатар нақты мерездеріне сын трактаттың ұзақ ғұмырына септесті. Жалпы алғанда көне заманнан Қайта Өрлеу мен Реформация дәуіріне дейінгі әлемдік саяси ақыл-ойдың дамуы қоғамтану ғылымының кейінгі дәуірде одан әрі эволюциялық өрлеуіне мейлінше мол негіз қалады. Осы орайда оқырман назарына ұсынылып отырған “Әлемдік саяси ақыл-ой антологиясының” бірінші томы сонау көне заманнан XYІ ғасырдың соңына дейінгі саяси ақыл-ой өкілдерінің ең маңызды еңбектерінен алынған үзінділерден тұратынын және ол адамзат тарихындағы осынау орасан кезеңде туындаған аса маңызды саяси теориялармен таныстыруды мақсат тұтатынын еске сала кетпекпіз. Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының “Саясаттану” секциясы.

І бөлім

Ежелгі Бабылдың (Вавилония) саяси көзқарастары

ЕЖЕЛГІ БАБЫЛ ҚҰЖАТТАРЫ

Бабыл (Вавилония – "Құдайдың қақпасы") – Ежелгі Шығыстың Евфрат пен Тигр өзендерінің орта және төменгі ағысы бойында жайғасқан құл иеленуші мемлекет. Өз атауын екі рет біздің дәуірімізге дейінгі XVІІІ және VІІ ғасырларда шарықтау биігіне көтерілген мемлекеттің аса ірі саяси және мәдени орталығы болған Бабыл (Вавилон) қаласынан алған. Нақтылай түссек Бабыл елі Қосөзеннің тек орта тұсын, солтүстігі төменгі Заб (Тигрдің саласы) сағасына, оңтүстігі Ниппур қаласына дейінгі жерді, яғни Аккад елін алып жатты, ежелгі жазбаларда бұл ел Оңтүстік Месопатамияға орналасқан Шумер елімен бақталас етіп көрсетіледі. Бабыл шығысында эламиттер мен басқа да тайпалар мекендеген таулы аймақтар, батысында біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ–ІІ ғасырларда аморит тайпалары көшіп-қонып жүрген байтақ шөл даламен шектесетін. Біздің дәуірімізге дейінгі ІV ғасырдан бастап Оңтүстік Месопатамияда шумерлер өмір сүрді, олардың тілі Алдыңғы Азия халықтары тілінің ең көне тобына жатады. Ал Қосөзеннің орта тұсын семит тобына жатқызылатын аккад тілінде сөйлейтін тайпалар мекендеген. Осы бөлімде "Бабыл хроникасынан үзінді", "Кир цилиндрі", "І Дарийдің Бехистун жазбасы", "Империяның шектері", "І Дарий Парсы державасы жайында", "І Дарий өзі жайында" және "Ксеркс өзінің таққа отыруы жайында" атты құжаттар қамтылған, оларда сол тұстағы қоғамның мемлекеттік-саяси құрылысы проблемалары бейнеленген.

3. БАБЫЛ ХРОНИКАСЫНАН ҮЗІНДІ

Бабылдағы аса маңызды тарихи оқиғалардың аккад тілінде
құрастырылған хроникасы

[Алтыншы жылы]1 Иштумегу [өз әскерін] жинап, Аншан+ патшасы Курашқа+ қарсы [оның елдерін] жауламаққа аттанды. Бірақ Иштумегудің әскері оның өзіне наразы болып, оны тұтқындады. Әскер оны Кураштың қолына берді. Кураш Агамтануға2, астанаға3 аттанды. Агамтанудан олжа ретінде алған күміс, алтын, басқа да дүние-мүлікті ол Аншан еліне жеткізді. Тоғызыншы жылдың4 ... нисану айында Персу5 елінің патшасы Кураш әскерін жинап, Арбеладан* төмен Тагрден өтті. Ол аяру айында [Лидия] еліне аттанып, оның патшасын өлтірді, дүние-мүлкін алды, сөйтіп онда өз гарнизонын тағайындады. Содан кейін патша мен оның гарнизоны сонда қалды... [Он жетінші жылы] 6 ... айында Марада*, Зибаба қалаларының құдайлары және Киш, Нинлиль [қалаларының] құдайлары, Хурсагкаламның [құдайлары] Бабылға кірді.7 Улулу айының соңына дейін Аккад елінің... құдайлары Бабылға кірді. Барсиппа, Кута және Сиппар құдайлары [Бабылға] келмеді.8 Ташриту айында Тигр бойындағы Описте Кураш аккад әскерімен шрйқасқанда аккад адамдары қашты. Ол жұртты қырып-жойып олжасын алып кетті. 14-күні9 Сиппар ұрыссыз қолға түсірілді. Набонид қашып кетті. 16-күні10 Гутиум11 елінің уәлиі Угбару және Кураш армиясы Бабылға ұрыссыз кірді. Содан кейін Набонид шегінгенде, ол Бабылда қолға түсті. Айдың аяғына дейін қалқанды гутилар12 Эсагил қақпасын қорғап тұрды. Эсагилде және [басқа] храмдарда [салт] бұзылған жоқ, [және] [салт үшін] белгіленген мерзімдер сақталды. Арахсамну13 айының 3-күні Кураш Бабылға енді. Оның жолына [жасыл бұтақтар] төсеп тасталды. Қалада тыныштық орнады. Кураш бүкіл

Бабыл жұртына аман-есендік тіледі14. Оның уәлиі Губару Бабыл елінің аймақ басшыларын тағайындады. Кезінде Набонидтің бұйрығымен Бабылға әкелінген Аккад елінің бұттары, Аддару айынан бастап өздерінің орнына қайтарылды. Арахсамну15 айының 11-күніне қараған түнде Угбару қайтыс болды сол айда [арахсамну...] патшаның әйелі16 қайтыс болды. Арахсамну айының 27-нен нисанну айының 3-не дейін акадта аза тұтылды, [және] барша жұрт жалаңбас жүрді. Нисанну айының 4-күні Кураштың ұлы Камбиз храмға келді... абыз [оған] Набу+ бұттың асасын бердә, [бірақ] ол жүре бергенде Набу бұтын қошеметтеп жүруіне рұқсат бермеді, [тек олар оның] найзасы мен сауытын [алған соң]... патшаның ұлы қошеметке ілесті. Набу [мерекелік шеруден] Эсагил храмына оралған соң, [Камбиз] Бел бұт17 пен Белдің ұлына18 құрбандық шалды.

4. КИР ЦИЛИНДРІ

Бабыл жұртын парсылар б. д. дейінгі 539 жылы жаулап алғаннан
кейін бабылдық абыздар саз цилиндрге түзіп қалдырған мәтін. Аккад
тілінде.

Кураш+ – дүниенің төрт бұрышының патшасы, ұлы патша, құдіретті патша, Шуммер+ мен Аккад+... патшасы. Набонид құдайлардың ежелгі бұттарын құртты... Ол күнделікті [құдайларға] аталатын құрбандыққа жаулықпен тыйым салды. Ол құдайлар патшасы1 Мардукты құрметтеуді мүлдем ұмыттырды. Ол өз қаласына2 ылғи да жамандық жасады... Ол билікті қан қақсатып жүргізді (?). Құдайлар өз баспанасынан айрылды... Жұрттың зарын ести-ести берген соң құдайлардың жасағаны3 ашуға мінді... Ол әділ билеушіні іздеп, оған жол көрсету үшін4 барлық елдерді шолып шықты. Ол бүкіл дүниенің иесі болсын деп Аншан* патшасы Курашты атады. Ол оның5 аяғына Гутиум* елін және барша умман-манданы6 жығып берді. Ол7 құдай бағындыруға аян берген қарабастыларға8 әділ қарады.

Ұлы жасаған, өз халқының қорғаны Мардук Кураштың игі істеріне көңілі толғандықтан оған өз қаласы Бабылға қарсы аттануға бұйрық берді... Мардук дос ретінде оның қасында болды, оның өз қаласы Бабылға оған ешқандай жаманшылық жасамай ұрыссыз кіруіне рұқсат етті. Ол өзін сыйламаған Набонидті оның қолына тапсырды. Бабылдың және бүкіл Шумер мен Аккад елінің тұрғындары, кінәздері мен уәлилері оның алдында басын иіп, аяғын сүйді, оның патшалыққа ие болғанына қуаныштан жүздері бал-бұл жанды. Олар өздерін өлім құшағынан өмірге қайтарған оны әлем иесі деп қуана қарсы алып,.. есімін төбесіне көтерді. Мен – Кураш, Ғалам патшасымын, ұлы патшамын, құдіретті патшамын, Бабыл патшасымын, Шумер мен Аккад патшасымын, ұлы патша Аншан патшасы Камбиздің9 ұлымын, ұлы патша аншан патшасы Чишништің* ұрпағы, ұлы патша, аншан патшасы Кирдің* немересімін, туа бітті патшалар әулетіненмін, ол әулеттің билік жүргізгенін [құдайлар] Бел мен Набу жақсы көреді, олар өздерінің жүрегі тыншу үшін соның патша болғанын қалайды. Мен Бабылға дос көңілмен келіп, сарайда билік орнын белгілегенімде... ұлы жасаған, Мардук Бабылдың кеңпейіл тұрғындарын [мені жақсы көруге] жетеледі. Сондықтан мен оған күн сайын бар ықыласыммен тәу етіп отырдым. Менің қисапсыз әскерім Бабылға бейбіт кіріп, [Шумер] мен Аккад [тұрғындарын] қорқытуға [жан баласына] жол бермедім. Ман Бабылда және оның барлық қасиетті қалаларында бейбітшілік орнаттым... Мен оларға артылған езгіні жойдым. Мен олардың қираған үйлеріне тыныштық әкеліп, көз жасын құрғаттым. Ұлы жасаған Мардук менің ісіме риза болып, маған, Курашқа, оны қастерлейтін патшаға, менің ұлым Камбизға, менің барша әскеріме батасын берді... Жоғары теңізден Төменгі теңізге12 дейінгі ғаламның барлық патшалары, яғни патша сарайларында тұратындар және т ... батыс елдерінің шатырларда тұратын13 бүкіл патшалары Бабылдағы маған өздерінің қисапсыз тартуларын әкеліп аяғымды сүйді.

Ашшур* мен Сузаға*, Агадеге*, Эшнуннуға*, Замбаға*, Ме-Турнуға*, Дерге*, гутилер еліне дейінгі Тигрдің арғы бетіндегі осынау қасиетті қалаларға, ұзақ уақыт бойы қирап жатқан ғибадатханаларға [бұрын] сонда тұрған құдайларды өз орындарына қайтардым. Ұлы жасаған Мардуктың әмірімен Құдайлар иесі ашуға мінгізіп Набонид Бабылға әкелген Шумер мен Аккадтың барлық құдайларын мұртын бұзбастан мен олардың [бұрынғы] ғибадатханаларына, өздері бой үйреткен мекендеріне қайтардым...

10. І ДАРИЙДІҢ БЕХИСТУН ЖАЗУЫ

Ахемен әулетінен шыққан патшалардың мәні жағынан ең маңыздысы әрі жалпы эпиграфикалық ескерткіштердің ең ірілерінің бірі. Ол ежелгі Мидия территориясында, Керманшах пен Хамадан арасында, Қосөзенді Иранмен жалғастыратын көне жолдың бойындағы Бехистун яки Бисутун жартасына қашап жазылған. Үш тілде: Көнепарсы, элам және аккад (бабыл) тілдерінде орындалған.

1-4 бағандар Мен – Дарий, ұлы падишахпын, шахиншахпын, Парсиядағы падишахпын, көптеген елдердің падишахымын, Виштаспаның ұлымын, Аршамның немересімін, Ахемен әулетіненмін. Дарий падишах айтады: Менің әкем – Виштаспа, Виштаспаның әкесі – Аршам, Аршамның әкесі – Ариарамна , Ариарамнаның әкесі – Чишпиш, Чишпиштің әкесі – Ахемен. Сондықтан біз Ахеменидтер деп аталамыз. Біз бағзыдан құрметтеліп келеміз, бағзыдан біздің әулет патшалық құрып келеді. Маған дейін осы әулеттен сегіз [адам] падишах болды. Мен тоғызыншысымын. Тоғызымыз да бірімізден соң біріміз падишах болдық. Ахурамазданың әмірімен мен падишахпын. Ахурамазда маған патшалық берді.

Мына елдер қолыма тиді, Ахурамазданың құдіретімен мен соларға шахиншах болдым: Персия, Элам, Бабыл, Ассирия, Арабия, Египет [теңіз жағалауындағы елдер], Лидия, Иония, Мидия, армения, Кампадокия, Парфия, Дрангиана, Арейя, Хорезм, Бактрия, Согдиана, Гандара, Сака, Саттагидия, Арахозия, Мака – барлығы 23 ел. Бұл елдер маған тиді. Ахурамазданың құдіретімен [олар] маған бағынып, алым беріп тұрды. Олар менің барлық бұйрықтарымды күн демей, түн демей орындап отырды. Бұл елдерде жақсы болған [әрбір] адамның көңілін таптым, қырын қараған [әрбір] адамды қатаң жазаладым. Ахурамазданың құдіретімен бұл елдер менің заңыма бағынды. Менің [барлық] бұйрығымды орындап отырды. Ахурамазда маған бұл патшалықты берді. Ахурамазда осы, патшалықты иеленуіме көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен осы патшалықты мен билеймін. Дарий падишах айтады: "Мен патша болған соң мыналарды істедім: Біздің әулеттен Кирдің ұлы Камбиз мұнда патша болған. Камбиздің бір ата, бір анадан туған Бардия есімді бауыры болған. Камбиз Бардияны өлтірді. Камбиз оны өлтіргенде мұны халқы білмеген. Осы арада Камбиз Египетке аттанды. Камбиз Египетке аттанғанда халық ашуға мініп, Персияда да, Мидияда да, басқа елдерде де ұлы дүрбелең орын алды. Мұнан соң Гаумата* есімді сиқыршы пайда болды. Ол Аракадриш атты тау етегіндегі Пишияувадта көтеріліс жасады. Ол көтеріліске вияхна айының [522 жылдың наурызы] 14-күнінде шықты. Ол халықты "Мен – Кирдің ұлы, Камбиздің бауыры Бардиямын" деп алдады. Сонда бүкіл халық көтеріліп, Камбизден безініп, оның жағына шығып кетті. Персияда да, мидияда да, басқа елдерде де солай болды. Ол патшалықты тартып алды. Бұл, ол патшалықты тартып алған күн, гарманада айының [522 жылдың сәуірі] 9-күні болатын. Көп ұзамай Камбиз өз ажалынан өлді. Гаумата сиқыршы Камбиздан тартып алған патшалық бағзыдан біздің әулеттің еншісі еді. Гаумата сиқыршы Камбиздан Парсияны да, басқа елдерді де тартып алып, өзіне қаратты, патша болды. Гаумата-

сиқыршыдан патшалықты қайта тартып алатын бірде бір адам – иә парсы, иә мидиялық, иә біздің әулеттен ешкім табылмады. Бардия еместігін ешкім білмеуі үшін бұрыннан Бардияны білетіндерді қырып жәбереді деп халық одан қатты қорықты. Мен келгенше сиқыршы Гауматаға қарсы бірдеңе айтуға ешкім батпады. Мұнан соң Ахурамаздаға жалбарындым. Ахурамазда маған жәрдемдесті. Багаядиш айының [522 жылдың қыркүйегі] 10-күні мен азғана адаммен Гаумата-сиқыршы мен оның аса көрнекті қолдаушыларын Мидияның Нисайя дейтін жеріндегі Сикаяуватиш қамалында өз қолыммен өлтірдім. Мен патшалықты одан тартып алдым. Ахурамазданың құдіретімен патша болдым. Ахурамазда патшалықты маған берді. Біздің әулеттен тартып алынған патшалықты мен қайтардым, бұрынғы қалпына келтірдім. Гаумата-сиқыршы қиратқан ғибадатханаларды қалпына келтірдім. Мен халыққа [оның] Гауматасиқыршы тартып алған игілігін: малын, үй қызметшілерін, бұрынғы иеліктерін қайтардым. Мен елді, Парсияны да, Мидияны да, басқа елдерді де бұрынғы ұқалпына келтірдім. Тартып алынғанның бәрін қайтардым. Мен мұны Ахурамазданың құдіретімен істей алдым. Мен Гауматасиқыршы біздің үйді [тақытты] тартып алмас үшін тақытты бұрынғы орнында қалпына келтіруге қол жеткердім. Мен патша болған соң осыны істедім". Дарий падишах айтады: "Мен Гаумата-сиқыршыны өлтіргеннен кейін Упадарманың ұлы Ассина есімді бір кісі Эламда көтеріліс жасады. Ол халыққа: "Мен – Элам падишахымын" деп жаиялады. Сонда эламдықтар бас көтеріп, осы Ассинаға қосылып кетті; ол Эламның падишахы болды. Тағы бір, бабылдық Анири ұлы Надинтабайра (Надинту-бел) есімді кісі Бабыл елінде көтеріліске шықты. Ол халықты былай алдаған: "Мен – Набонидтің* ұлы Навуходоносормын". Сонда бүкіл бабыл халқы осы Надинтабайра жағына шықты. Бабыл елі дүрлігіп, ол Бабыл еліндегі билікті тартып алды.

Сонда мен Эламға [адамдарды] аттандырдым. Әлгі Ассина, аяқ-қолы байланып алдыма әкелінді. Мен оны өлтірдім. Осыдан кейін мен Бабыл еліне өзін Навуходоносормын деп жүрген Надинтабайрға қарсы аттандым. Надинтабайр әскері Тигр [өзені] бойында тұрды. Олар сонда тұрды, өзенді кешіп өтуге (?) болмайтын еді. Мен әскерімді үріп қойған теріге, кейбірін түйе мен атқа отырғыздым. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен біз Тигрді жалдап өттік. Сол жерде мен Надинтабайра әскерінің быт-шытын шығардым. Бұл, біз шайқас щығарған күн ассиядия айының [522 жылдың желтоқсаны] 24-күні еді. Осыдан кейін мен Бабылға беттедім. Бабылға жетпей, Евфрат бойында Зазане деп аталатын қала бар – өзін Навуходоносор деп атайтын әлгі Надинтабайра менімен шайқасуға әскерімен сол жерге келіп жетті. Сонда біз шайқасқа кірістік. Ахурамазда маған көмектесті. ахурамазданың құдіретімен мен Надинтабайра әскерінің быт-шытын шығардым. Жауды суға қуып тықтық. Олар суға кетті. Бұл біз шайқасқан күн анамака айының [522 жылдың желтоқсаны] 2-күні еді. Надинтабайра ғана салтаттылармен қашып шығып, Бабылға тығылды. Монда мен Бабылға беттедім. Ахурамазданың құдіретімен мен Бабылды алып, Надинтабайраны тұтқындадым. Содан кейін мен сол Надинтабайраны Бабылда өлтірдім. Мен Бабылда жүргенімде мына елдер менен бөлініп кетті: Парсия, Элам, Мидия, ассирия, Египет, Парфия, Маргиана*, Саттагидия*, Сака*. Парсиядағы Куганак қаласынан, Чичихриштің ұлы Мартия есімді бір кісі Эламда көтеріліске шықты. Ол халыққа: "Мен – Элам падишасы Иманишпін" депті. Мен сол тұста Эламға жақын едім. Эламдықтар менен қорқып өздеріне бас болған Мартияны ұстап алып өлтірді. Мидиялық Фравартиш2 есімді бір кісі Мидияда көтеріліс жасады. Ол халыққа: Мен – Увахштра әулетінен шыққан Хшатритамын" деп

жариялады. Сонда сарайда [орналасқан] мидиялық әскер менен бөлініп, Фравартиш жағына шықты. Ол мидия падишахы болды. Менің қол астымдағы парсылық және мидиялық әскер шамалы ғана болатын. Мен әскер аттандырдым. Өзіме бағынышты парсы Видарнаны оларға бастық еттім, оларға былай дедім: "Аттаныңдар да маған бағынғысы келмейтін мидиялық әскерді талқандаңдар". Мұнан соң видарна әскерін бастап кетті. Ол Мидияға жетіп Маруш дейтін қаланың іргесінде мидиялықтармен шайқасқа кірісті... Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікші әскерді тасталқан қылды. Бұл шайқас болған күн анамака айының [521 жылдың қаңтары] 27-күні еді. Осыдан кейін әскерім мен Мидияға жеткенше Мидиядағы Кампада дейтін жерде күтіп жатты. Менің бағыныштым Дадаршиш есімді армянды Арменияға жұмсап, оған былай дедім: "Аттан да, мені мойындамайтын бүлікшіл әскерді талқанда". Осыдан кейін Дадаршиш аттанып кетті. Ол Арменияға жеткенде бүлікшілер жиналып, [онымен] шайқасу үшін Дадаршишқа қарсы жүрді. армениядағы Зуза мекенінде олар соғыс бастады. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікші әскерді талқан қылды. Бұл шайқас болған күн туравахара айының [521 жылдың мамыры] 8-күні еді. Бүлікшілер екінші рет жиналып, [онымен] соғысу үшін Дадаршишқа қарсы аттанды. Олар Армениядағы Тигра дейтін қамалдың іргесінде ұрысқа кірісті. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікшілерді тас-талқан етті. Бұл шайқас болған күн туравахара айының [521 жылдың мамыры] 18-күні еді. Бүлікшілер үшінші рет бас қосып [онымен] шайқасу үшін Дадаршишқа қарсы аттанды. Армениядағы Виама қамалының іргесінде олар ұрыс салды. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікшілерді тас-талқан етті. Бұл шайқас болған

күн тайгарчиш айының [521 жылдың маусымы] 9-күні еді. Мұнан соң Дадаршиш мені Арменияда күтіп жатты. Менің бағыныштым Ваумиса есімді парсыны Арменияға жұмсадым да, оған: "Бар-дағы мені мойындағысы келмейтін бүлікшіл әскерді талқанда" дедім. Содан кейін Ваумиса аттанып кетті. Ол арменияға жеткенде бүлікшілер [онымен] шайқасу үшін ваумисаға қарсы аттанды. Ассириядағы Изара деген жерде олар ұрыс салды. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікшілерді тасталқан етті. Бұл шайқас болған күн анамака айының [522 жылдың желтоқсаны] 15-күні еді. Бүлікшілер екінші рет жиналып, [онымен] шайқасу үшін Ваумисаға қарсы аттанды. Армениядағы Аутиара дейтін жерде ұрыс ашты. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікшілерді тас-талқан етті. Бұл туравахара айының [521 жылдың маусымы] аяғы еді. Сұанан соң Ваумиса мені, мен Мидияға жеткенше күтіп жатты. Осыдан кейін мен Бабылдан Мидияға беттедім. Мен Мидияға жеткенде Мидиядағы Кундуруш дейтін қалаға өзін Мидияның падишахымын деп атаған Фравартиш менімен шайқасу үшін әскерімен келді. Біз ұрысқа кірістік. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен Фравартиштың әскерін тас-талқан еттім. Бұл біз шайқасқан күн адуканиш айының [521 жылдың күзі] 25-күні еді. Фравартиш аз ғана салт аттылармен қашып Мидиядағы Рага* дейтін жерге беттеді. Мен оның артынан әскер жібердім. Фравартиш қолға түсіп, алдыма әкелінді. Мен оның мұрнын, құлағын, тілін кестіріп, көзін ойдырдым. Ол бұғауланып менің қақпамның алдында ұсталды [және] оны бүкіл халық көрді. Содан кейін Экбатанда мен оны қазыққа отырғызып, оның аса көрнекті жақтаушылары болған адамдарды Экбатан қамалында ағашқа шегелеп (?) қойдым.

Сагартиялық Чиссатахма есімді бір кісі маған қарсы көтерілді. Ол жұртқа: "Мен – Сагартия падишахымын. Увахштра әулетіненмін" деп жар салады. Мен парсылық және мидиялық әскерімді жұмсап, оған мидиялық бағыныштым Тахмаспаданы бастық қойдым және оларға айттым: "Барыңдар да, мені мойындамайтын бүлікші әскерді талқандаңдар". Тахмаспада әскерімен аттанып Чиссатахмамен ұрысқа кірісті. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікші әскерді талқандап, Чиссатахманы тұтқындады да, алдыма келтірді. Мен рның мұрнын, құлағын кесіп, көзін ойдым. Оны менің қақпамның алдында бұғаулап ұстап, бүкіл халық оны көзімен көрді. Мұнан соң Арбелде* мен оны қазыққа отырғыздым. Мен Мидияда осыларды істедім". Дарий падишах айтады: "Парфия мен Гиркания* менен бөлініп, Фравартишқа қосылып кетті. Менің әкем Виштаспа Парфияда еді. Халық одан безініп, бұлғақ шығарды. Сонда Виштаспа өзіне адал [болған] әскерімен Вшипаузатиш қаласының іргесінде парфиялықтарға қарсы ұрыс бастады. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен Виштаспа бүлікші әскерлерді тас-талқан етті. Бұл шайқас болған күн вияхна айының [521 жылдың ақпаны] 22-күні еді. Мұнан соң Виштаспаға Рагадан парсы әскерін жібердім.Бұл әскер Виштаспаға жеткен бойда Виштаспа оларды [қарамағына] алып Парфияның Патиграбан қаласының іргесінде бүлікшілермен ұрыс бастады. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен Виштаспа бүлікші әскерді тас-талқан қылды. Бұл шайқас болған күн гармапада айының [521 жылдың сәуірі] 1-күні еді. Менің Парфияда істегенім міне осылар". Дарий падишах айтады: "Маргиана дейтін ел менен бөлініп кетті. Маргианалық Фрада есімді бір кісіні олар билеуші етіп жариялады. Мен өз бағыныштым, Бактриядағы* сатрап парсы Дадаршишке кісі жұмсап, оған былай дедім: "Бар да, мені мойындамаған әскерді талқанда". Дадаршиш

әскерімен аттанды да, магианалықтарға қарсы ұрыс салды. Ахурамазда маған көмектесті. Ахурамазданың құдіретімен менің әскерім бүлікші әскерді тас-талқан етті. Бұл шайқас болған күн ассиядия айының [521 жылдың желтоқсаны] 23-күні еді. Осыдан соң бұл ел маған қарады. Менің Бактрияда істегенім міне осындай" .

14. ИМПЕРИЯ ШЕКТЕРІ

Алтын тақтайшадағы Дарий жазуы (Хамаданнан). Қазір Теһран
музейінде сақтаулы.

Дарий, ұлы падишах, шахиншах, ел падишахы, Виштаспаның ұлы, Ахеменид. Дарий падишах айтады: "Мен ие блып отырған патшалық мынау: Согдиананың* арғы бетіндегі Сақтар* елінен Эфиопияға* дейін, Үндістаннан* – Лидияға* дейін, маған құдайлардың ең ұлысы Ахурамазда сыйлаған [патшалық]. Ахурамазда мені және менің үйімді жебей берсін".

15. І ДАРИЙ ПАРСЫ ДЕРЖАВАСЫ ТУРАЛЫ

Персепольға таяу Накши-Рустамнан табылған жартастағы жазу.

...Мен – Дарий, ұлы падишахпын, шахиншахпын, көптайпалы елдердің падишахымын, Виштапсаның ұлымын, Ахеменидпін, парсымын, парсының ұлымын, арий әулетінен жаратылған арийлікпін. Дарий падишах айтады: "Менің Парсиядан тыс басып алған елдерім мынау, мен оларға билігімді жүргіземін, олар маға алым төлейді, аузымнан шыққанын олар орындайды, олар менің заңымды ұстанады: Мидия, Элам, Парфия, Арейя, Бактрия, Согдиана, Хорезм, Дрангиана, Арахозия,

Саттагидия, Гандара, Үндістан, Хаумаварга сақтары, Тиграхауда сақтары, Вавилон, Ассирия, Арабия, Египет, Армения, Каппадокия, Лидия, Ионийлықтар, Теңіздің арғы бетіндегі сақтар, фракиялықтар, Дулығалы понийлықтар, Ливия, Эфиопия, Магия, Кария". Дарий падишах айтады: "Ахурамазда бұл жердің бүліншілік халін көргенде, оны менің қолыма беріп, патша етті. Мен – падишахпын. Ахурамазданың құдіретімен мен оны [жерді] қалпына келтірдім. Мен оларға [бағынышты халықтарға] не бұйырсам да, олар менің айтқанымды бұлжытпй орындайды. Егер сен Дарий ие болған елдердің санын білгің келсе, тақты сүйеп тұрған [бодандардың] бейнесін қара. Сонда сен білесің және сонда саған парсы жауынгерінің найзасы алысқа жеткені мәлім болады. Сонда саған парсы сарбазы Парсиядан алыс жерлерде жауын түйрегені мәлім болады". Дарий падишах айтады: " Мен істегенімнің бәрін де Ахурамазданың құдіретімен істедім. Ахурамазда менің істі аяқтаумыа көмектесті. Мені, менің үйіммен осынау елді Ахурамазда [барша] бәлекеттен қорғай жүрсін. Мен Ахурамаздадан осыны сұраймын, мұны маған Ахурамазда берсін. О, адам! Ахурамазданың бұйрығы саған теріс болып көрінбесін, дұрыс жолдан тайма, асау болма".

16. І ДАРИЙ ӨЗІ ТУРАЛЫ

Накши-Рустам жартасындағы Nrb жазуы.

Көзге көрінетін барлық тамашаны жасаған, адам баласына барша игілікті жаратқан, Дарий патшаға сана мен құдірет сыйлаған Ұлы құдай Ахурамазда. Дарий падишах айтады: "Ахурамазданың құдіретімен менің мінезім – шыншыл жанның досымын, әділетсізге дұшпанмын. Мен күштіге бола әлсіздің жапа шеккенін де қаламаймын. Менің қалауым – әділдік.

Өтірікшіге жаным қас. Мен ашушаң емеспін. Ашуыма мінгенде мұны әсте ұмытпай, өзімді қатаң билеймін. Маған көмектескенге тиісінше қарасамын. Маған жамандық жасағанды сол жамандыққа сәйкес жазалаймын. Мен адамның жамандық жасағанын қаламаймын, бірақ жамандық жасағанның жазасыз қалғанын да қаламаймын. Адам адамды [ғайбаттаса] ол сыннан өтпейінше (?) түзелеріне сенбеймін. Өз ісін атқарған немесе шамасы келгенше тындырған адамға мен ризамын, оған қарасып, разы болып жүремін. Мен қолбасшы ретінде тамаша қолбасшымын... Менің қолым мен аяғымда қажымас қуат бар, салтатты ретінде мен тамаша салтаттымын. Жақ тартатын мерген ретінде мен тамаша мергенмін. Найзагер ретінде мен жаяу қатарда да, ат үстінде де тамаша найзагермін. Бұлар – маған Ахурамазда сыйлаған қасиеттер, мен оларды пайдалана білдім. Ахурамазданың құдіретімен өзім тындырған істерді мен Ахурамазда дарытқан осы қасиеттердің арқасында тындырдым. О, боданым, менің қандай екенімді қабілетімнің қандай екенін, артықшылығым қандай екенін біліп қой. Құлағыңмен естігенің [осылар] саған өтірік болып көрінбесін..."

17. КСЕРКС ӨЗІНІҢ ПАДИШАХТЫҒЫ ХАҚЫНДА

Персопольдағы сарайлардың бірінің іргетасын қалағанда көмілген
әктастағы жазу.

Ксеркс падишах айтады: "Менің әкем – Дарий. Дарийдің әкесі Виштаспа есімді кісі. Виштаспаның әкесі Аршама* есімді кісі. Ахурамазда өзінің қалауымен менің әкем Дарийді осы жердің падишахы еткенде Виштаспа да, Аршама да тірі болатын. Падишах болғаннан кейін Дарий талай кереметтерді тындырды". Ксеркс падишах айтады: "Дарийдің басқа да ұлдары болды, [бірақ] Ахурамазданың қалауымен менің әкем Дарий өзінен соң мені ең ұлық етті.

Менің әкем Дарий тақтан түскенде, Ахурамазданың құдіретімен әкемнің тағына мен падишах бодым. Мен падишах болғаннан соң көп кереметтерді жасадым. Менің әкем қолымен тұрғызғанның бәрін қорғап, басқа ғимараттар қостым. Мен де тындырғанның бәрін, менің әкем тындырғанның бәрін, соның бәрін біз Ахурамазданың құдіретімен тындырдық". Ксеркс падишах айтады: "Ахурамазда мені де, менің патшалығымды да жебей жүрсін. Менің істегенімді де, менің әкемнің істегенін де, осыларды да Ахурамазда жебей жүрсін".

1 Набонидтің патша болуының 6-жылы, яғни б.д.дейінгі 550 жыл. 2 Агамтану – Экбатаны+. 3 Сөзбе сөз: “патшалық қаласы”. 4 Б.д. дейінгі 547 жыл. 5 Яғни Парсия. 2-құжатпен салыстырыңыз, онда ІІ Кир Аншан патшасы деп аталады. 6 Б. д. дейінгі 539 ж. 7 Парсы әскері басып алуы мүмкін Бабыл қалаларындағы құдайлардың бұттары Набонидтің өкімімен Бабыл қаласына әкелінген болатын. 8 Аса берік қамал қорғандары бар аймақтардағы қалаларда бұттар орнында қала берді. 9 Б. д. дейінгі 539 жылдың 10-қазаны. 10 12-қазан. 11 Бабыл елі мен Парсия арасындағы соғыстан бұрын Гутиум аймағы Бабылға қараған, бірақ соғыс басталған бойда бұл провинцияның уәлиі Угбару (тағы бір жерлерде Губару деп жазылады) Кирдің жағына шығып кетті. 12 Угбару жауынгерлері. 13 Б. д. дейінгі 539 жылдың 29-қазаны. 14 Парсы патшасы Кир ІІ Бабылды қарсылықсыз алып, қалаға, елге, тұрғындарға ешқандай нұқсан келтірген жоқ, қайта соңғы Бабыл патшасы Набонидтің адам төзгісіз езгісінен азат етті делінеді құжаттарда. Алайда ежелгі грек тарихшылары Геродот ("Тарих", 1, 188-191) пен Ксенофонт ("Киропедия", VІІ, 5), сондай-ақ библиялық пайғамбар Исайя (Исайя кітабы, XLVІ тарау) бұл оқиғаларға мүлдем басқа сипаттама береді, олар Бабыл ұрыстардан кейін алынып, сонан соң қала қиратылды дейді. Набонид өзінің сына жазбаларында өзі билеген тұста бабылдықтар амандық-есендікте болып, ел экономикасы әбден шарықтады дейді. 15 7-қараша. 16 ІІ Кирдің зайыбы. 17 Сөзбе сөз: "Жасаған", Мардук құдайдың эпитеті. 18 Набу, Мардуктың ұлы.

“Хрестоматия по истории древнего Востока: Москва, 1980”
басылымынан қазақшалаған Сәрсенбек АЛТЫНБАЕВ.

2-бөлім

Ежелгі Қытай ойшылдарының саяси идеялары

Лао-цзы

ЭТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАР

Лао-цзы (б.д. дейінгі VІ ғасырдың екінші жартысы – V ғасырдың бірінші жартысы) – даосизм философия мектебінің негізін қалаушы. Лаоцзының дүниеге көзқарасы қарама-қайшы. Ол, бір жағынан, адамды қоршаған табиғатты бірден-бір болмыс ретінде таныса, екінші жағынан – сезім органдары қабылдамайтын дао – мәңгі, өзгермейтін, пошымсыз, танылмайтын бастау бар дегенге сүйенген. Бұл бастауды ол барлық заттар мен табиғат құбылыстарының шынайы негізі ретінде қарастырған, бірақ сонымен бірге ол оны болмыстың жоқтығына ұқсастырған. Даоның адамға қатысты басты талаптарының бірі – “әрекетсіздік” (увей – болмысқа енжар қарау) немесе “табиғилықтан таймау”, ол адамдардың жеке және қоғамдық қызметіне айтарлықтай фатализм элементтерін енгізеді. Бұл олардың танымдық қызмет өрісіне де таралады. Лао-цзының ойлары “Даодэцзин” кітабында баяндалған, ал оны, Ежелгі Қытай философиялық ойын зерттеушілердің пікіріне қарағанда, философтың ізбасарлары құрастырып, б. д. дейінгі ІV-ІІІ ғғ. пайда болған (бұл кітап “Лао-цзы” деп те аталады). Онда баяндалған пікірлер Қытайда бұдан кейінгі материалистік те, идеалистік те философиялық ойдың дамуына зор әсер етті.

Данышпандар қадірсіз болса, халық арасында дау-жанжал болмайды. Құнды заттар бағаланбаса, халық арасында ұры болмайды. Бір көргеннен көздің жауын алып, көңілдің құртын қоздыратын заттар көрсетілмесе, халықтың жүрегі толқымайды. Сондықтан шын кемеңгер [ел] басқарғанда, қара халықтың жүрегін бос, қарнын тоқ ұстайды. Мұндай басқару олардың ерік-жігерін дәрменсіздендіреді де, сүйегін қатайтады. Ол басқару әрдайым адамдарда білім мен құштарлық болмауына, ал білімі барлардың қарекет жасай алмауына ұмтылады. Қарекетсіздік әрдайым тыныштық сыйлайды (3-тарау). Мемлекеттер шағын, ал халқы аз болғаны дұрыс. Тіпті зеңбірек көп болғанның өзінде, оны пайдаланбау керек. Жұрт өмірінің соңына дейін [өз қоныстарынан] алыс кетпейтіндей ету керек. Тіпті қайықтар мен арбалар болған күннің өзінде, оларды пайдаланбау керек. Тіпті қару-жарақ болса да, онымен қорқытпау керек, оны көрсетіп жүрмеу керек. Жұрт түйін түйіп, оларды хат орнына пайдаланған уақытына қайтып оралатындай ету керек. Тамақты тәтті, киімді ыңғайлы, жылы, баспананы тыныш, өмірін қуанышты ету керек. Сонда көрші мемлекеттер бір-біріне алыстан қарап, иттің үргені мен әтештің шақырғанын естиді, адамдар әбден қартайып, өле-өлгенше бір-бірін мазаламайтын болады (80-тарау). Ең жақсы билеуші – халық оның бұл өмірде бар екенін ғана білетін билеуші. Ал халық біліп, мақтан тұтатын билеушілер одан нашарырақ. Халық қорқатын билеушілер одан да жаман, ал ең жаманы халық елең қылмайтын билеушілер (17-тарау). Әскер өткен жерлерде шеңгел мен тікенек өседі. Зор соғыстардан кейін ашаршылық жылдары басталады (30-тарау). Тек [билеуші] жай кезде [көрші елдер жөнінде] көнбіс болғанды қалайды да, соғыста ғана күш қолданады. Әскер – бақытсыздық құралы, сондықтан текті [билеуші] оны қолдануға асықпайды, оны тек жағдай әбден ушыққанда ғана қолданады (31-тарау).

Түстің көп болмағы көздің соры, дыбыстың көп болмағы құлақтың соры... Құнды заттар адамды қылмыс жасауға итермелейді. Сондықтан шын кемеңгер әдемі заттарға емес, тоқ болуға ұмтылады. Ол біріншісінен бас тартып, соңғысымен шектеледі (12-тарау). Кемеңгерде жэнь жоқ, ол халықтың қалыпты тұрмысын бұзбайды (5тарау). Асқан жақсылық су сияқты. Су жанды атаулының бәріне пайдалы, ештеңеге зиянын тигізбейді (8-тарау). Ұлы даодан баз кешкенде, жэнь мен әділдік келді. Кемеңгер келді де, қисапсыз көлгірлік пайда болды. Алтау ала болса, перзенттік ілтипат пен аталық махаббат пайда болады. Мемлекетте тәртіпсіздік қоздаса, шын берілген малайлар пайда болады (18-тарау). Аспанхақ елінде дао бар кезде, жылқы тезегімен жер құнары артады; Аспанхақ елінде дао жоқ кезде әскер аты егістікте жайылады. Құштарлығыңның шегін білмегеннен асқан жаман жоқ, байлыққа ұмтылғаннан асқан қауіп жоқ (46-тарау). Ел әділдікпен басқарылады, соғыс айлакерлікпен жүргізіледі. Аспанхақты басқаруға алу жолы – Әрекетсіздік (57-тарау). Үкімет тыныш болса, адамдар қитұрқыны білмейді. Өкімет белсенді болса, адамдардан бақ қашады (58-тарау). Жұртты баспанадан қыспаңдар, оның тұрмыс-тіршілігіне менсінбей қарамаңдар. Қара халықты кім жек көрмесе, олар да оны жек көрмейді. Сондықтан да шын кемеңгер өзін біле тұра, менмендікке бой алдырмайды. Ол өзін жақсы көреді, сөйте тұра өзін мақтамайды (72-тарау). Қара халықтың аш-арық болатыны алым-салықтың көптігінен... Адам өзінің өмірге тым құштарлығынан да өліп кете алады (75-тарау). Тәңрілік дао садақ тартқандай. Оның жоғары жағы иілсе, төменгі жағы көтеріледі. Дао артығын жиып алады да, соны мұқтаждарға таратып береді. Тәңрілік дао байлардан тартып алып, соны кедейлерге береді. Ал

адамдық дао, керісінше, кедейлерден тартып алып, оны байларға береді (77-тарау). Асқақ дэсі бар адам жақсы іс жасауға талпынбайды, содан да ол жақсылықшыл; дэсі төмен адам жақсы іс жасау [ниетін] қоймайды, содан да ол жақсылықшыл емес; асқақ дэсі бар адам қарекетсіз және қарекет жасамайды; дэсі төмен адам белсенді және оның қаракеті көз қылу; асқақ жэньге ие адам қарекет арқылы қарекетсіздік жасайды; ең әділ адам белсенді, бірақ қарекеті көз қылу; лиі асқақ адам қолдау табу үмітімен қарекет жасайды. Егер ол қолдау таппаса, жазалауға кіріседі. Міне сондықтан дэ тек дао жоғалғаннан кейін, жэнь – дэ жоғалғаннан кейін, әділдік жэнь жоғалғаннан кейін, ал ли әділдік жоғалғаннан кейін ғана пайда болады. Ли – сенім мен адалдықтың жоқтығын білдіретін нышан. Бұлғақтың басы – лиде (38-тарау).

Құңфудзы

РӘСІМ ЖӘНЕ “ЕСІМДЕРДІ ТҮЗЕУ” НЕГІЗІНДЕ ЕЛДІ

БАСҚАРУ ТУРАЛЫ

Құңфудзы (б. д. дейінгі 551–479) – Ежелгі Қытайдың көрнекті ойшылы, саяси қайраткері және педагогы, алғашқы қытай философиялық мектебінің негізін қалаушы. Тегі байбатша, бірақ жұталып қалған отбасыдан шыққан. Лу патшалығы билеушісінің кеңесшісі болған, бірақ бұл қызметінен еркімен кетіп, өз мектебін ашқан. Құңфудзының көзқарастары өздерінің үстемдіктері мен артықшылықтарын нығайтуға тырысқан текті байбатшалардың көңіл-күйін білдірді. Құңфудзы көне кітаптарды ретке келтірумен айналысты, ол “Жыр кітабын” (“Шидзин”), “Тарихи кітабын” (“Шудзин”) редакциялады, “Өзгеріс кітабына” (“Идзин”) тәпсір дайындады. Ол Лу патшалығының “жылнамасын” (“Чүндзүу”) жазды. Құңфудзының өзінің көзқарастары

негізінен “Кеңес пен толғам” (“Лүңиүйй”) кітабында баяндалған. Ол кітапты Құңфудзының ізбасарлары оның өзінің және жақын оқушыларының айтқан сөздері мен ғақлияларынан құрастырған. Ескіге барынша бас ие отырып, ежелгі әдет-ғұрыптар мен тәртіпті қалпына келтіруге ұмтылған Құңфудзы “есімдерді түзеу” (чжэнмин) принципін тұжырымдады, яғни жұталған, қайыршыланған текті байбатшаларға бұрынғы сән-салтанаты мен байлығын қайтару жолымен оларды бұрынғы есімдері мен лауазымдарына сәйкестендіру принципін тұжырымдады. Қоғам ішінде қатаң субординация орнатып, байбатшалар арасындағы өзара қырқысты жою үшін ол сондай-ақ жэнь және ли принциптерін, “ата-ананы құрметтеу” (сяо), “ағаны құрметтеу” (ди), “билеушің мен қожайыныңа адал болу” (чжун) және т.б. бірқатар этикалық ережелерді ұсынды. Б. д. дейінгі ІІ ғасырда император У-ди тұсында Құңфудзы принциптері ережеге айналдырылып, ресми идеология деп жарияланды. Құңфудзының өзі құдай тектес деп танылды.

Құңфудзы айтыпты: “Есімдерді түзеу қажет. Дегдар кісі өзі түсінбейтін нәрсеге мұқият болады. Егер есімдер қате болса, пікірлер келелі болмайды. Егер де пікірлер келелі болмаса, істер тындырылмайды, ал егер тындырылмаса, ли ережелері толық көлемінде сақталмайды да, [рәсімдік] музыка толық орындалмайды. Ал егер ли ережелері сақталмай, [музыка] орындалмаса, жаза дұрыс қолданылмайды; ал жаза дұрыс қолданылмағанда, адамдар өздерін қалай ұстау керектігін білмейді” (“Лүңиүй”, “Зылу” тарауы). Ұстаз айтыпты: “Әмірші [әрдайым] әмірші, қызметші – қызметші, әке – әке, бала – бала [болуы керек]” (сонда, “Иән Иуән ” тарауы). Ұстаз айтыпты: “Қара халықты тиісті жолмен жүруге көндіруге болады, бірақ олар неге бұлай жүру керектігін білмеуі керек” (сонда, “Тайбо” тарауы).

Құңфудзы айтыпты: “Егер адамдарға заң ережелерімен тәлім берсе, егер оларды жаза мен өлім арқылы шектеп, тежеп отырса, олар қылмыс жасамайды, бірақ жаман қылықтан жүрегін тазалай алмайды. Ал егер адамдарға адамгершілік талаптарының көмегімен тәлім беріп, лиға сәйкес құлық ережесін ексе, адамдар жаман істерінен ұялып қана қоймай, ақ жолға риясыз оралады ” (сонда, “Вэйчжэн” тарауы). Иән Иуән елді қалай билеу керектігі туралы сұрады. Ұстаздың жауабы: “Сиә әулетінің күнтізбесін тұтын, Ин әулетінің күймесіне мін, Жоу әулетінің бөркін ки, Жің мен У-ван замандарының әуенін айт” (сонда, “Вэй Линь-гун” тарауы). Лу патшалығының әміршісі Ай-гун Құңфудзыдан сұрапты: “Қара халықты қайтсе бағынышты ұстау мүмкін?”. Құңфудзының жауабы: “Адалды асқақтатып, арамды билігіне берсең, жұртың бодан болады. Арамды асқақтатып, адалды табанына салсаң, жұртың жаман болады” (сонда, “Вэй-чжэн” тарауы). [Шәкірт] Зыгүң Құңфудзыдан мемлекеттік істерді қалай жүргізу керектігін сұрады. Құңфудзы айтыпты: “Азық-түлік көп болуы керек, қаружарақ жеткілікті болу керек және де қара халық өзінің әміршісіне сенуі керек”. Сонда Зыгүң: “Егер мемлекетте қиыншылық туса, елде тәртіп орнату үшін ең бірінші нені қиюға болады?” деп сұрады. Құңфудзы: “Әскери жарақтан бас тартуға болады” деп жауап берді. Одан кейін Зыгүң: “Егер тағы бірін қию қажет болса, тағы да неден бас тартуға болады?” деп сұрады. Құңфудзы ойланып алып айтыпты: “Азық-түліктен бас тартуға болады. Бағзы заманнан адамдарды ажал жалмап келеді, бірақ халық өз әміршісі мен оның жақындарына сенбесе, онда мемлекет орнықты бола алмайды” (сонда, “Иән Иуән” тарауы). Иүу мұғалім айтыпты: – Әкені тыңдайтын, үлкенді сыйлайтын кісінің әміршіні мезі қылуы – шетін жағдай. Әміршіні мезі қылудан тартынған кісінің бүлікке бейім тұруы әсте мүмкін емес. Дегдар адам әр істің түп негізін ойлайды; түп

негізі тиянақталса, Ақ Жол да тартылады, әкеге құрмет, ағаға ықылас та болады – адамдық мәні осы емес пе.

І, 5 Ұстаз айтыпты: – Бір мың әскери арба жасақтай алатын ұлысты билеу үшін: іс-әрекет ыждағатты, әмір-жарлық – әділ болсын, адамға – жанашырлық, қазынабайлыққа үнемшілдік болсын, һәм жұртын маусымына орай, мәнді іске жұмылдырсын.

І, 6 Ұстаз айтыпты: – Жеткіншек үйде ата-анаға қайырлы, түзде үлкендерге жұғымды болсын, іс-әрекетіне байсалды, сөйлер сөзінде – шыншыл болсын, жалпы жұртқа мейірбан, кісілігі зорға жақын болсын; осының бәрін атқара алса ғана өнер-білімге ұмтылсын.

І, 11 Ұстаз айтыпты: – Перзент әкесінің тірісінде оның мақсат-мұратын таныса, өлгенінде оның іс-әрекетін байыптаса, марқұмның жолынан үш жыл бойы айнымаса, атасын сыйлаған ұл деп бағалануға тиіс.

І, 12 Иүу мұғалім айтыпты: – Рәсім шарттарының ішіндегі ең мәндісі – үйлесім. Үйлесім ежелгі патшалар жолына салтанат береді, ал бұл жол ұлық істе де, кішік істе де айнымас үлгі. Бірақ үйлесім үнемі оңтайға келмейді, егер Рәсім аясында жарастық таппаса, оның өмірлік әсері де бекерге саяды.

ІІ тарау

“Әмірші”

ІІ, 1

Ұстаз айтыпты:

– Кісілікті тұтқан әмірші – Темірқазық жұлдызы сияқты – табаны

таймайды, ал қалған жұлдыздар байланады да, айналады да жүреді.

ІІ, 2

Ұстаз айтыпты:

– “Жыр кітабындағы” үш жүз өлең: “Теріс емес пиғыл” – деген

жалғыз-ақ жолға сыйып тұр.

ІІ, 3 Ұстаз айтыпты: – Заңмен басқарсаң, жазамен жасқасаң, халық тітіреп тұрады, бірақ ұятын ұмытады. Кісілік жөнімен басқарсаң, Рәсім орайымен жасқасаң, һәм арын сақтайды, құлдық ұрады.

ІІ, 4 Ұстаз айтыпты: Он бесімде оқуға пейіл еттім, отызымда кәмелетке жеттім, қырықта күмән-тұманнан арылдым, елуде Аспанның әмірін таныдым, алпыста құлағым ашылды, жетпісте жүрегімнің қалауын таптым, бар ісім байыпқа түсті.

ІІ, 5

Үлкен әулеттен шыққан Абзал (Мің Идзі) Перзенттік ізет-құрметтің
өлшемі туралы сұрады. Ұстаздың жауабы:

– Рәсімді бұзбау.

Кейініректе, Фән Жи жәмшік болып келе жатқанда Ұстаз айтыпты: – Мің Идзі менен перзенттік ізет-құрметтің өлшемі туралы сұраған еді, мен – “Рәсімді бұзбау” – дедім. – Мұның мәнісі не? – деп сұрады Фән Жи. Ұстаздың жауабы: – Ата-анаңа тірісінде – Рәсім жөнімен құрмет ет; өлгенде – Рәсімге сай жерле; олардың аруағына Рәсім бойынша ас беріп отыр.

ІІ, 6

Үлкен әулеттен шыққан Жаугер (Мің Убо) ізет-құрметтің белгісі
туралы сұрады. Ұстаздың жауабы:

– Егер баласы ата-анам ауырып-сырқап қалмағай деп қам жесе.

ІІ, 7 Зыйүу перзенттік парыздың мәнісін сұрады. Ұстаздың жауабы: – Қазір перзенттің ата-анаға қарызы асырап, бағумен шектеліп жүр. Малды да күтеді. Риясыз қадыр-құрмет болмаса, содан айырмасы қанша?

ІІ, 8 Зысә перзенттік ізет-құрметтің айғағы туралы сұрады. Ұстаздың жауабы: – Үнемі жайдары жүру қиын нәрсе. Әлдебір шаруа шықса, баласы атқарсын. Ас пен шарап келсе, атасының алдына тартсын. Ізет-құрмет айғағы осы емес пе!

ІІ, 23 Зыжаң он атадан соң не боларын байыптау мүмкін бе деп сұрады. Ұстаздың жауабы: – Ин әулеті Сә әулетінің дәстүр-салтына жүгінді, несін алды, не қосты – байыптауға болады; Жоу әулеті Ин әулетінің дәстүр-салтына сүйенді,

несін алды не қосты – байыптауға болады; Жоу әулетінен соңғылар
қайтетінін жүз ата өтсе де байыптауға болады.

ІІІ тарау

ІІІ, 3

Ұстаз айтыпты:

– Адам бола тұра адамдыққа шет болса, ол Рәсімді қалай тұтпақ?

Адам бола тұра адамдыққа жат болса, ол Әнді қалай ұқпақ?

ІІІ, 19

Бекем бек:

– Патша бодан жұртын қалай басқаруы керек, ал бодан жұрты

патшаға қалай қызмет жасауы керек? – деп сұрады.
Ұстаздың жауабы:

– Патша Рәсім жөнімен басқарсын, бодан жұрты адал қызмет

атқарсын.

ІV тарау

“Кісілік бар жерде...”

ІV, 1

Ұстаз айтыпты:

– Кісілік бар жерде – келісті көрік бар. Ақылды адамның сұлуды

сүймеске, ырқымен жүрмеске әдді қайда!

ІV, 2

Ұстаз айтыпты:

– Кісілігі кем адам кедейлікте – шыдамсыз, көпке бармайды, байлықта тағатсыз, ырыс қонбайды; кісілігі мол, жұпыны адамның өмірі – игі, ақылды адамның өмірі – нұрлы.

ІV, 3 Ұстаз айтыпты: – Кісілігі мол пенде ғана адамды сүйе біледі һәм одан жирене біледі.

ІV, 4

Ұстаз айтыпты:

– Кісілікке ұмтылған – кеселді мінінен арылады.

ІV, 6 Ұстаз айтыпты: – Ізгілікке сүйінер және де арамдыққа күйінер кісіні әзірге ұшыратқан жоқпын. Ізгілікке сүйінген – кемел; арамдыққа күйінген ізгі һәм қаталдықтан аулақ. Ұзақ күнге ізгіліктен аумайтын кісі бар ма? Бұған әдді жеткен жанды көрмедім. Мүмкін, бар да шығар, бірақ маған ұшыраспады.

ІV, 7

Ұстаз айтыпты:

– Әркімнің оғаштығы – жан құмарына қатысты. Кісінің қателігіне

қара – кісілігін танисың.

ІV, 13 Ұстаз айтыпты: – Рәсіми ымыра бойынша ел басқара алсаң, қиындықтың не бөгеті бар? Ымыра низамы бойынша ел басқара алмасаң, Рәсімнің өзінің не керегі бар?

ІV, 18 Ұстаз айтыпты: – Ата-анаңа қызмет қыл, ілтипатпен ақыл қос; айтқаныңды алмаса, әдебіңнен жазба, құрметіңнен танба; мазаңды кетірсе, күңкілдеме, кейіме.

V тарау

V, 8 Мің Убо сұрапты: – Зылудың кісілігі қандай? Ұстаздың жауабы: – Білмедім. Убо қайыра сұрады. Сонда Ұстаз айтыпты: – Иүуді бір мың әскери арба жабдықтай алатын елге жасақ жинауға жіберуге болады. Кісілігі қандай екенін білмеймін. – Ал Зүудің кісілігі қандай? Ұстаз айтыпты: – Зүуді бір мың түтіннен құралған ауылға немесе бір жүз әскери арба жабдықтай алатын уәлаятқа әкім етіп жіберуге болады. Кісілігін білмеймін. – Ал Чидің кісілігі қандай? – Чиді шетелдік мейман қабылдау кезінде сәнмен кигізіп, белін буғызып, тақ қасында тұрғызуға болады. Кісілігін білмеймін.

V, 15

Зыгүң сұрапты:

– Құңның өлгеннен соң Білімдар Құң атануы қалай.

Ұстаз айтыпты:

– Зерек туды, ыждағатты болды, һәм мансабы төмендермен кеңес

құруды ар көрмеді, сондықтан да Білімдар атанды.

V, 16 Ұстаз Зычанға баға берді: – Оның бойында мәрт азаматқа тән төрт қасиет бар: жалпы жұрт алдында ізеттен айнымайды, мансабы зорға құрметпен қызмет етеді, қара бұқараға жанашырлығы мол, қарауындағы халыққа әділ.

V, 26

Иән Иуән мен Зылу Ұстаздың алдында тұр еді.
Ұстаз сұрапты:

– Кәне, қандай армандарың бар, айтыңдар?

Зылу айтты:

– Сәнді күймем болса, мамық киімім болса, қызығын жан досыммен

бірге көрсем, сынса – ренжімесем, тозса – кейімесем.
Иән Иуән айтты:

– Барыма мастанбасам, еңбегіме елірмесем.

Зылу сұрапты:

– Енді Ұстаздың арманын білсек.

Ұстаз айтыпты:

– Қарттарға пана болсам, жастарға жаға болсам, достарға пейіл

бұрсам.

VІ тарау

VІ, 6 Ұстаз айтыпты: – Базбіреулердің кісілігі бір күннен өтсе, бір айға жетпес, Хуійдің қасиеті тоқсаннан-тоқсан озғанда сарқылып бітпес.

VІ, 22

Ұстаз айтыпты:

– Парасатты судан қуаныш табар, кісілікті таудан қуаныш табар,

парасатты – іс-қимылға сүйсінер, кісілікті – тыныштыққа түйсінер,
парасатты – шат көңілді, кісілікті – ұзақ өмірлі.

VІ, 29 Зыгүң сұрапты: – Халыққа қайыр жасайтын, жұрттың бәріне көмектесуге әзір кісі туралы не айтар едіңіз? Ондай адамды ізгі деуге бола ма? Ұстаз айтыпты: – Тек ізгі ғана емес! Даналықтың шыңына шыққан кісілер осындай еді. Иау мен Шүн жан-тәнімен сүйтті! Адамсүйгіштік дегеніміз не? Ізгі адам өзіне сүйеніш іздеп, басқаға таяныш болады; өзі игілікке жету үшін басқаның табысына ұйтқы болады. Барлық істі өзін өзгемен шендестіре отырып атқару – ізгілік мәйегі осы.

VІІ тарау

VІІ, 20 Ұстаз айтыпты: – Туа біткен білім жоқ, ескілікке емсеген соң, қажырлы құмарлықпен ұмтылып жеттім.

VІІ, 27

– Ұстаз балықты қармақпен ұстайтын, ау құрмаушы еді; құсқа доғал

оқпен шығатын, қонақтап отырғанда атпаушы еді.

VІІ, 35 Ұстаз қатты сырқаттанып қалғанда Зылу дұға түсіруге рұқсат сұрады. Ұстаздың сауалы: – Солай жасаушы ма еді?

Зылудың жауабы:

– Жасайды. Дұғанамада айтылған ғой: “Сен үшін Көк рухына, Жер

рухына Дұға түсірем ”, – деп.
Ұстаз мақұл көрмеді:

– Мен баяғыдан бері дұға оқып жүрмін.

VІІІ тарау

VІІІ, 9

Ұстаз айтыпты:
Халықты зорлықпен бодан ұстау мүмкін, зорлықпен білімге нұсқау
мүмкін емес.

VІІІ, 13 Ұстаз айтыпты: – Шындыққа құмар, оқуға ынтызар бол, мұратыңнан айныма, ұлағатқа ұмтыл, бүлінген елге барма; бүлікті елде тұрма. Аспан астында оң жол тартылса – андағайла, жабылса – бұқпантайла; елің асып-тасып отырғанда кедей әрі кемшін болғаның – ұят, елің арып-ашып отырғанда бай-бағлан болғаның – ұят.

VІІІ, 20 Шүн небәрі бес ұлығы арқылы Аспанхақты бейбіт қылды. Жаугер патша айтыпты: – Менің ел басқаруға қабілеті жетер он ұлығым бар. Осыған орай Ұстаз айтыпты: – Шынында да дарынды кісі табу қандай қиын. Бұл ретте Иау мен Шүн мейлінше жолды болды. Ал Жаугер патшаның он ұлығының бірі – әйел еді, сондықтан, шын мәнісінде, ұлық саны тоғыз. Білімдар патша

Аспанхақтың үштен екі бөлігін биледі, сонымен қатар Ин әулетінің боданы болып қала берді. Ең зор қасиетке ие – Жоу әулеті деуге болар.

ІX тарау

ІХ, 17

Ұстаз су жағасында тұрып айтыпты:

– Өтпелі өмір – аққан өзен тәрізді, күндіз-түні демей тынымсыз

жылжып барады.

ІХ, 26

Ұстаз айтыпты:

– Қалың қолды көсемсіз қалдыруға болар, қарашы жұртты кәсіпсіз

қалдыруға болмайды.

ІХ, 28 Ұстаз айтыпты: – Қарағай мен құрманың қайсысы төзімді екені суық соққанда білінер.

XІ тарау

ХІ, 11 Иән Иуән өлгенде шәкірттер оны салтанатпен жерлемек болды. Ұстаз айтыпы: – Олай жасап қажеті жоқ. Бірақ олар жерлеуді салтанатпен өткерді. Ұстаз айтыпты: – Хуій мені әкесіндей көруші еді, ал мен оны баламдай көре алмадым. Бұл менің кінәм емес, сендердің кінәларың, ұлдар!.

ХІ, 26

Зылу, Зің Си, Жән Иүу, Гүңси Хуа Ұстаздың қасында отырған шақта Ұстаз айтыпты: – Жасымның үлкендігін ұмытпаңдар. Сендер үнемі “Бізді бағаламай жүр” деп күңкілдейсіңдер. Егер әлдекім бар қасиеттеріңді бағалай қалса, қайтер едіңдер? Әуелгі, асығыс жауапты Зылу айтты: – Егер мен бір мың әскери арба жасақтай алатын иелікке әкім болсам, мейлі, ол күшті патшалардың аралық қыспағында тұрсын, мейлі, жау шапқынынан күйзеліп, аштықтан торығып отырсын, айналасы үш жылда жұртым түгел батыр болып, саналы болып шығар еді! Ұстаз жымиып күлді де, Жән Зүуден сұрады: – Ал, Зүу, сен не айтасың? – Егер мен аумағы алпыс та жетпіс, тым құрыса, елу де алпыс ли тұратын иелікке әкім болсам, айналасы үш жылда жұртым түгел дәулетке жетер еді; ал рәсімді бекітіп, Ән-күйді таратуды, оны дегдар азаматқа тапсырар едім. Ұстаз Гүңси Хуадан сұрады: – Ал, Чи, сен не айтасың? – Қолымнан келеді дей алмаймын, үйренер едім, үйренсем, бабалар ғибадатханасындағы толық рәсімдер кезінде қызмет жасау үшін салтанатқа жауапкер кіші хажиб болар едім. Ұстаз Зің Сиден сұрады: – Ал, Диә, сен не айтасың? Сырлы әуен тоқталды, ішектің соңғы толқыны басылыр-басылмаста сазын былай қойып, Зің Си айтты: – Менің мұратым бұлардан басқа. – Онда тұрған не бар! – деді Ұстаз. – Әркім өз мұратын айтады. – Жазғытұрым көктемдік тоқылып бітісімен, қасымда төрт-бес өскін, бес-алты жеткін болса, И өзеніне шомылсам. Жаңбыр пұтханасының алдында желге самалдап, өлең-жырмен үйге қайтсам.

Ұстаз терең күрсініп: – Мен Диәмен бірге болғым келеді! – деді. Қалған үшеуі шығып кеткен соң, іркіліп қалған Зің Си Ұстаздан сұрапты: – Қалай, әлгілердің сөзі сізге ұнады ма? – Әрқайсысы өз мұратын ғана айтты, – деді Ұстаз. – Иүудің сөзіне неге мысқылмен жымидыңыз? – Мемлекетті Рәсім жөнімен басқарады, оның сөзі тым кердең шықты, сондықтан да күлдім, – деді Ұстаз. – Ал, Зүудің ел басқарғысы келді емес пе? – Аумағы алпыс та жетпіс, тым құрса елу де алпыс ли жердің мемлекет бола алмағанын көрдің бе? – деді Ұстаз. – Ал, Чидің басқарғысы келмеп пе? – Бабалар ғибадатханасы, патшаларды қабылдау – әміршілер ісі болмағанда кімдікі? Егер Чи кіші қызметкер болса, үлкендікке жарайтын кісің қандай?

ХІІ тарау

“Иән Иуән...”

ХІІ, 1 Иән Иуән кісіліктің мәнісі не деп сұрады. Ұстаздың жауабы: – Кісіліктің мәнісі – нәпсіңді тыю, Рәсімді сүю. Нәпсіңді біржола жеңсең, бас байлап көнсең – Аспан астындағы әлеумет сенің кісілігіңе ден қояды. Кісілікке жету – көлденең жұртқа емес, тек өзіңе ғана байланысты. – Бажайлап ұғындырсаңыз, – деп өтінді Иән Иуән. Ұстаз айтты: – Рәсімге қайшы іске қарап тұрма, Рәсімге қайшы сөзге бас шұлғыма, Рәсімге қайшы лепес айтпа, Рәсімге қайшы былыққа батпа.

– Зиыным асып тұрмаса да, осы бір кеңесті орындауға тырысармын-

ақ, – деді Иән Иуән.

ХІІ, 5 Сыма Ниу: – Осы жұрттың бәрінің ағасы бар, інісі бар, мен ғана жалғызбын. Сонда Зысә айтқан екен: – Менің естуімше былай. Өмір мен өлім Көктің жарлығында, нәсіл мен байлық – Көктің ықыласында. Алып ер құдыретке құрметінен таймаса, кісіге кішіпейілдігінен айнымаса, төрт теңіздің шегіндегі адам атаулы – соның бауыры емес пе! Ендеше туғаным жоқ деп жабығудың орайы бар ма?

ХІІ, 7

Зыгүң мемлекет басқарудың қандай алғышарттары барын сұрады.
Ұстаз айтыпты:

– Азық-түлік мол болса, қару-жарақ жеткілікті болса және халықтың

сенімі болса.

– Мәжбүрлік туса, осы айтылған үшеудің қайсысын қатардан

қалдыруға болар? – деп сұрады Зыгүң.

– Қару-жарақты қатардан қалдырыңыз.

– Ендігі кезекте қалған екеуінің қайсысын санаттан шығарамыз?

– Азық-түлікті. Ақыр түбі пендесін ажал алмай қоймайды, ал жұртың

сенімнен айрылса, ешбір ісің оңбайды.

ХІІ, 11 Ұлық бек ел билеудің шарты не деп сұрағанда Ұстаздың айтқан сөзі: – Әмірші – әмірші болса, қызметші – қызметші болса, әке – әке болса, бала – бала болса. Ұлық бек айтыпты:

– Тамаша! Ол рас – әмірші – әмірші болмаса, қызметші – қызметші болмаса, әке – әке болмаса, бала – бала болмаса, алдымда тұрған астың өзі маған бұйырар ма еді?

XІІІ тарау

ХІІІ, 3 Зылу айтыпты: – Уій патшасы Сізге ұлыстағы билікті берсе неден бастар едіңіз? Ұстаз айтыпты: – Есімдерді түзер едім. – Сол ма, – дейді Зылу кіржиіп. – Ақылға қонбай тұр. Түзетіп қажеті қанша? Ұстаздың жауабы: – Қандай дүмше едің Иүу! Дегдар адам естігенін ұқпаса, үндемей құтылар еді. Есім орайсыз болса, оның мәнісіне бойлау да орынсыз; мәнісі орынсыз болса, істің шешімі де орашолақ; істер орашолақ болса Рәсім көктемейді, Ән-күй көркеймейді; Рәсім көктемесе Ән-күй көркеймесе, низам нысанаға дарымайды, низам нысанаға дарымаса, халық абдырайды, азып-тозады. Сондықтан, дегдар азамат айтқан сөздің мән-мағынасын аңдауға болады. Дегдар азамат албаты сөзден аулақ тұрады.

ХІІІ, 9

Уій сапарында Ұстаздың күймесінде Жән Иүу көшір болып еді.
Ұстаз таң қалыпты:

– Кісі қандай көп?

Жән Иүу сұраған екен:

– Кісі көп болғанда оларды не істеу керек?

– Байыту керек, – депті Ұстаз.

Жән Иүу тағы да сұрапты:

– Ал, байытқан соң не істеу керек?

– Оқыту керек, – депті Ұстаз.

ХІІІ, 18

Шә бек Құңфудзыға айтыпты:

– Біздің ауылда бір турашыл кісі болды. Әкесі қой ұрлаған екен,

үстінен түсіріпті.
Құңфудзының жауабы:

– Біздің ауылдағы турашыл кісілер сіздікінен бөлегірек. Балалары

әкесінің артын артық ашпайды, әкесі баласының абыройын шашпайды.
Турашылдық деген – осы.

ХІІІ, 20 Зыгүң сұрапты: – Білікті кісі қандай болуы керек? Ұстаздың жауабы: – Мінезі биязы, жат өлкеге жаушы етіп жібергенде патша жарлығын абыроймен атқарар қабілеті бар адам білікті атана алады. – Оған тете кісінің сыпатын сұрауға бола ма? – Әулетте ата-ананы сыйлаған, ауылда ақсақалды сыйлаған. – Бұған тете кісінің жайын сұрауға бола ма? – Бәкене болса да сөзі тура, ісі табанды кісі; оның өрісі тар, мінезі қиқар, бірақ “тетеге-тете” саналуға лайық. – Ал бүгінгі билік басында отырғандар қандай? – Пәлі... Олар – күйкі жандар. Ешбір санатқа қосылмайды.

ХІV тарау

Сиән сұрады...

ХІV, 1 Сиән “масқара” деген сөздің мәнісін сұрады. Ұстаздың жауабы: – Ұлыс түзік жолда тұрғанда ұлық болып, жалақы алып, ұлағатты іс жасамаса – масқара; ұлыс бұзық жолда тұрғанда ұлық болып, жалақы алып, жөндем іс жасамаса – масқара. – Мансапқор, менмен, ызақор, ашкөз мінездерден арылу ізгілік санала ма? Ұстаздың жауабы: – Мұндай міннен арылса, табанды адам болар еді. Ал ізгі адам ба – ол жағын білмеймін.

ХІV, 41

Ұстаз айтыпты:

– Елінің рәсімін сүйген әмірші жұртын да еркін билемек.

XV тарау

ХV, 35

Ұстаз айтыпты:

– Ізгілік адам үшін от пен судан керегірек. От пен судан өлген

кісілерді көрдім, ізгіліктен үзілген ешкімді көрмедім.

ХV, 39

Ұстаз айтыпты:

– Жамиғатты бөле-жармай жаппай оқыту керек!

XV тарау

ХVІ, 1

Кенже патша Жуәниуй ұлысын шабуға аттанбақ болғанда, Жән Иүу мен Зылу Құңфудзыға жолықты, айтты: – Кенже Жуәниуйге қарсы жорық бастамақ. Құңфудзының жауабы: – Бұған кәнілі осы сен емес пе, Зүу? Баба-патша бағзыда Жуәниуйді Дүңмің тауындағы құрбан-ғибадатқа жауапкер етіп кетіп еді, оның үстіне, бұл иелік біздің ұлыстың шегінде тұр, біздің тәуапханамызды қорғап отыр. Оған қарсы жорық ашудың не қажеті бар? Жән Иүу айтты: – Біздің патшамыз соғысты қалап отыр, ал біз екеуміз қарашы болсақ та, бұған қарсымыз. Құңфудзының жауабы: – Зүу, Жоу Жіннің бір сөзі бар: “Аянбай атқарсаң ғана қызметке тұр, аяншақ болсаң, жөніңе жүр!” – деген. Соқырға жетекшінің не керегі бар, соқтыққанда сүйемесе, жығылғанда жебемесе. Сен жаңсақ айтып тұрсың. Жолбарыс тордан шықса, кәркиден жолдан шықса, кім кінәлі? Қобдида тұрған қымбат әшекей қираса, тұмар тасбақа талқан болса, кім кінәлі? – Жуәниудің қамалы берік һәм Биден алыс емес, – деді Жән Иүу. – Егер қазір қамтып қалмаса, келешекте Кенженің ұлдары мен ұрпағына көлденең кесел келтіруі мүмкін. Құңфудзы мақұлдамады: – Зүу, дегдар адам өзінің тура пиғылын білдірмей, тұспалмен ақталмақ лепесті ұнатпайды. Менің естуімше, ел билеген, немесе аталы әулетті меңгерген адам байлық жетпейді деп қорықпайды, – байлық баршаға бірдей болмады деп торығады; халқым аз деп қамықпайды, оның тұрмыс-ахуалы төмен деп жанығады. Теңдікте кемдік жоқ; көңілде жарастық болса кісіде жамандық болмайды; Ырыс бар жерде керіс жоқ. Бар кілтипан сонда. Алыс аймақтың жұрты асаулық танытса, ілім-білімге жетелеп, мінез-құлқын жетілдіру керек; бауырға тартсаң, бар мінінен тазарады. Иүу мен Зүу екеуің, сен екеуің патшаның уәзірі болып жүрсіңдер, ал алыс аймақ жұрты оның әмірін тәрк еткен, қайта қайрылар

мейір-шапағат көрмеген; ел іші бүлік пен былық, ал патша берекеге
келтіру орнына бөріктіре түспек. Мен Кенже Сүн әулетіне қатер
Жуәниуден емес, иелігінен қабындап шыға ма деп қорқам.

ХVІ, 2 Құңфудзы айтыпты: – Аспан астында Ақ Жол болса, Рәсім, Ән-күй, жазалау жорықтары Аспан Ұғлынан бастау алады. Аспан астында Ақ Жол болмаса, Рәсім, Әнкүй, жазалау жорықтары бектерден бастау алады. Бектерден бастау алған биліктің, он атадан асқаны некен-саяқ, ұлықтардан бастау алған биліктің бес атадан асқаны некен-саяқ, ұлыс тағдыры көлденең нөкердің қолына түссе, үш атадан асқаны некен-саяқ. Аспан астында Ақ Жол болса, ұлықтар ұлан-асыр билік алмайды. Аспан астында Ақ Жол болса, бұқара жұрт былжырақ сөзге бармайды.

ХVІ, 8 Құңфудзы айтыпты: – Дегдар адам үш нәрседен қаймығады: Көктің құдыретінен, ұлылардың болмысынан, даналардың сөзінен. Бәкене кісі Көктің құдыретін түйсінбеген – кердең, ұлықтың болмысын түсінбеген – дөкір, даналардың сөзін ұқпаған – тасыр, сондықтан ештеңеден қорықпайды.

ХVІ, 9 Құңфудзы айтыпты: – Адамның асылы – туа біледі; оған тетесі – оқып, танып жүре біледі, одан соңғысы – мәжбүрліктен үйренеді. Ал қажетінің өзін оқымаған, тоқымаған – адамның азғаны, талайсыз тексізі. XVІІ тарау

ХVІІ, 7

Би Си Ұстазды қызметке шақырыпты, Ұстаз баруға бейіл болады. Зылу айтыпты: – Ұстаз мен бұрын естіп едім Сізден: “Дегдар адам жамандық жолындағы жаһилдың жанына бармас” деп. Би Си Жуңмоуға бекініп алды да, бүлік бастады. Енді Сіз оған қалай ғана бармақсыз. Ұстаздың жауабы: – Рас, солай дедім. Тағы бір сөз бар емес пе: Өткірде алмас – қайрау бермейді; Тағы бір сөз бар емес пе: Тазада пәк – кір жұқпайды. Мен асқабаққа ұқсаймын ба? Желіге байланған, жемей-ақ шайланған.

ХVІІ, 9 Ұстаз айтыпты: – Балақандар! Неге “Жырдан” тағлым алмайсыңдар? “Жыр” жанға қуат береді; жақынмен сыйласуға, алыспен айқасуға үйретеді; жуырдағы ата-анаға құрмет етуге, жырақтағы патшаға қызмет етуге үйретеді; құстың, аңның атын, шөптің, ағаштың атын көптеп танытады.

XVІІІ тарау

ХVІІІ, 6

Чаң Зүй мен Зе Ни жер жыртып жүреді. Бұлардың қасына тақағанда
Құңфудзы Зылуды жұмсайды.
Чаң Зүй сұрапты:

– Күймеде делбе ұстап отырған анауың кім?

– Ол – Құң Зүу, – дейді Зылу.

– Әлгі Лудан шыққан Құң Зүу ме?

– Иә, сол.

– Өткелдің қайда екенін оның өзі де біледі.

Зылу енді Зе Ниден сұрады.

– Сенің өзің кімсің? – дейді Зе Ни.

– Мен – Жуң Иүумін. – Лудан шыққан Құң Зүудің шәкірті ме? – Иә. – Бүкіл Аспанхақ буырқанған топан; кіммен тізе қосып, дүниені түземексіңдер? Әлдекімнен баз кешкен кісінің соңынан ергенше, әлемнен баз кешкен кісінің соңынан ерген жөн емес пе? Солай деді де, жер жыртуға қайта кірісті. Зылу қайтып келіп, Құңфудзыға бәрін жеткізді. Қатты торыққан Ұстаз айтыпты: – Осы тобырмен табыспағанда кіммен қауышам? Адам аң мен құстың ортасында тұра алмайды! Аспанхақта Ақ жол сақталып тұрса, сендерге сүйене жүріп, әлденені өзгертем деп сандалмаға түспес едім ғой.

XX тарау

ХХ, 2 Зыжаң Құңфудзыдан сұрады: – Ел билігіне араласудың қандай шарттары бар? Ұстаздың жауабы: – Егер бес қасиетті қадыр тұтып, төрт кінаратты ада қылса, ел билігіне араласуға болады. – Ол қандай “бес қасиет”? – деп сұрады Зыжаң. Ұстаздың жауабы: – Дегдар азамат шапағат жасайды, шығынға ұшырамайды; жұмысқа жегіп отырып, жұрттың ызасын туғызбайды; қалауы бар қорқаулығы жоқ, асқақ болса да, астам емес, айбарлы болса да, әщады емес. – Шапағат жасайды, шығынға ұшырамайды деген сөздің мәнісі не? – деп сұрады Зыжаң. Ұстаздың жауабы: – Бұқараны игі іске ыңғайлап, ырысқа жеткізсең, шапағат жасаған осы емес пе? Жүйесін тауып жұмысқа жексең, жұрт несіне ренжісін. Қалауың –

кісілік, мұратың мәрттік болса, қорқаулық қайдан келмек? Дегдар азамат бар міндетін: істің көбі мен азы, үлкен мен кішісі демей, кінәратсыз атқарады – асқақ болса да астам емес деген – осы. Дегдар азаматтың бөрігі жарасты, қамзолы келісті, жанары байсалды, бітісі еңселі, қараған кісі айбынып тұрады, – айбарлы болса да әщады емес деген – осы. – Ал төрт кінәраттың мәнісі не?, – деп сұрады Зыжаң. Ұстаздың жауабы: – Басбілгі тәрбие бермеген жұртының басын кеспек – қаталдық; алдын ала айтылмаған істің бітуін талап ету – зорлық; тежелген жарлықтың тезінен орындалуын күту – зиянкестік; тиесілі сияпатқа қытымырлық жасау – сараңдық.

ХХ, 3

Құңфудзы айтыпты:
Аспанның әмірін діттемесең, дегдар азамат бола алмайсың. Рәсімді
игермесең, игілікке жетпейсің.
Адамның сөзін танымасаң, өзін де танымайсың.

1. “Лүңиүйді” құрастырушылар екінші пікірді Құңфудзының оқушысына бергенін атап өту керек. Құңфудзының мектебінде Ұстаз негізін салған дәстүр болған, – кейбір, аса маңызды идеяларды баяндап беруді ол ең қабілетті оқушыларына тапсыратын болған. Өзінің жүрекжарды ойларын оқушыларына айтуға рұқсат ете отырып, Құңфудзы ол ойларын оқушылардың бойына сіңіргенін, енді келер ұрпаққа дұрыс жеткізілетінін көрсеткісі келген. Иүу (Ю-цзы) немесе Ю Жо Лу патшалығынан шыққан, Ұстазынан 33 жас кіші [Ян Боцзюнь, 1984, 2-б.]. “Лүңиүйде” аттары аталған екі шәкірттің есіміне ғана құрметті цзы – “мұғалім” сөзі қосылған, соның бірі осы Ю Жо. Бұның өзі ақылы мен зеректігі үшін Құңфудзы оларды жоғары бағалағандығын көрсетеді.

2. Бұл пікірде Құңфудзының ілімінде негізгі рөл атқаратын сяо, ди, луань, дао, жэнь терминдері алғаш рет қолданылған. Сяо термині “әке мен анаға риясыз, адал қызмет етуді білдіреді”. Ди (ти) термині Құңфудзының кезінде адамдар арасында қолданылатын моральдық норманы білдірген, әрі “ағаға ықылас” деп түсінілген. Луань термині Құңфудзы ілімінде маңызды рөл атқарады. Ұстаз өз шәкірттеріне тек орнықты қоғамда ғана қалыпты өмір сүріп, жұмыс істеуге болады және әміршілердің тікелей борышы қоғамда да, мемлекетте де осы орнықтылықтың сақталуын күйттеу дегенді үнемі сіңіріп отырған.

3. Б. д. дейінгі VІІ–ІІІ ғғ. мемлекеттің қуаты әскери арбаның санымен анықталған. Әдетте арбаға төрт ат жегілетін, және ұрыста оны басқару оңай болмайтын. Арбаны жүргізу “алты өнердің” біріне саналғаны тегін емес. Қазіргі қытай тәпсіршілерінің арасында мың арбасы бар мемлекеттің көлемі туралы бірұдай пікір жоқ.

4. Үлкен әулет – Лу ұлысында Тірек патшадан тараған, Үлкен, Орта, Кенже аталатын “үш әулет” билік құрған.

5. Абзал (Мің Идзі) – патшалар мен бектердің марқұм болғаннан кейін атыққан мәртебелі ныспыларының бірі. Мің Идзі Абзал атыққан.

6. Құңфудзының шәкірттерінің бірі Фән Сиуй.

7. Мің Убо – Мің Идзінің баласы, Жаугер қайтыс болғаннан кейінгі мәртебелі есімі.

8. Зыйүу (Иән-Иән) Құңфудзының ең қабілетті оқушыларының бірі Иән Иәннің лақап аты. Ол У патшалығынан шыққан, ежелгі әдебиетті терең білуімен ерекшеленетін.

9. Ин әулеті б. д. дейінгі ХVІІ–ХІ ғ.ғ. Қытайды билеген. Ин әулетінің алдында Сә әулеті болған, ол б. д. дейінгі ХХІІ–ХVІІ ғ.ғ. билеген. Жоу әулеті Ин әулетінің орнына келді, б. д. дейінгі ХІ–ІІІ ғ.ғ. билеген.

10. Бекем бек (Диңгүң) – Лу ұлысында б. д. Дейінгі 509–495 жылдары билік құрған.

11. Иүу, Зүу, Чи – Құңфудзының шәкірттері.

12. Білімдар Құң (Кун Уынзы) – Уій ұлысының ұлығы.

13. Иау – әпсана бойынша Ежелгі Қытайдың ең алғашқы патшаларының бірі, үлгілі әмірші. Шүн – әпсана бойынша, Иаудан соң билік құрған үлгілі патша.

14. Ұлық бек (Чиңгүң) Чи ұлысында б. д. Дейінгі 547–490 жылдарда билік құрған.

15. Кенже әулеттің ата иелігі.

16. Би Си – Жин ұлысындағы ұлықтардың бірінің ғұзырында, Жүңмоу деген жердің әкімі болған.

17. Чаң Зүй, Зе Ни – дәруіштер. Бұл ғақлиядағы “өткелдің” ауыспалы мағынасы басым: өмір өткелі, замана өткелі.

Мо-Цзы

“ДАНАЛЫҚТЫ ҚАДІРЛЕУ” ЖӘНЕ “БІРЛІКТІ ҚАДІРЛЕУ”

ТУРАЛЫ

(Мо Ди, шамамен б. д. дейінгі 480–400) – Ежелгі Қытай ойшылы әрі ғалымы. Өзінің мектебін ашып, оның қызметі Ежелгі Қытайдың еркін қолөнершілері мен шаруаларының олардың текті ақсүйектерге қарсы күресіндегі саяси көңіл-күйін бейнелеген. Оның этикалық-саяси идеялары он принципке шоғырланған: “даналықты қадірлеу”, “бірлікті қадірлеу”, “жалпыға ортақ махаббат және ортақ олжа”, “шабуылға қарсылық”, “музыкаға қарсылық”, “ұқыптылық үшін”, “жерлеу кезіндегі ұқыптылық үшін”, “тағдырға қарсылық”, “аспан еркі”, “аруаққа табыну”. “Жалпыға ортақ махаббат және ортақ олжа” принципіне басты орын берілетін, бұл онда фатализмді мойындамаумен ұштасады. Сонымен бірге ол сол кездегі дәстүрлі аспан мен аруаққа табынудан да бас тартпаған. Мо-цзы мемлекеттің тууы туралы бірқатар терең тұспалдар жасаған, қоғам өміріндегі еңбектің рөлін жоғары бағалаған, басқыншылық соғыстарға қарсы болған, Құңфудзының үстемдік етуші байбатшалардың бұлжымас әрі мәңгі артықшылығына сенімін сынаған. Билік табиғатының ұтымдылық тұжырымдамасын ұстана отырып, ол оның әлдене қоғамдық шарт пошымындағы “жаратылыстық тегі” туралы идеяны жалпылама түрде алғаш айтқан ойшылдардың бірі болды. Мемлекеттік биліктің пайда болуын ол адамдардың әлеуметтік былықты (мұның өзі адамдарды жабайы хайуандарға ұқсатып жібереді) еңсеруге және қоғамдық басқарудың біртұтас жүйесін құруға ұмтылысы деп түсіндіреді. Ол жағдайда адамдар өздеріне билеуші етіп Аспанхақта ең данышпан әрі шарапатты адамды таңдап алып, оны “Аспан ұлы” атайды. Оның көзқарастарын, әуелгі және кейінгі мошылдарды зерделеудің басты көзі – “Мо-цзы” кітабы. Ол кітап – мектеп жұмыс істеген екі ғасырлық уақыттың ішіндегі (тұтас түрінде б. д. дейінгі ІІІ–ІІ ғ.ғ. ғана қалыптасты) мошылдардың ұжымдық шығармашылығының жемісі.

Мемлекеттік биліктің пайда болуы туралы

Ұстаз Мо-цзы айтыпты: “Ежелгі шын кемеңгер вандар елді басқара отырып, жақсылық деңгейін белгіледі әрі даналықты қадірледі, және де адам диқан болса да, ісмер яки саудагер болса да, егер ол қабілетті болса, оны көтермелеп отырған... Сондықтан төрелер үнемі байбатша, ал халық

үнемі төмен болмаған... Жалпы әділдікке сай көтермелеген, пайдакүнемдік пен бейәділеттен қашқан” (“Даналықты қадірлеу” тарауы, І б.). Бүгін таңда Аспанхақта қызметте жүрген әрі текті игі жақсылар – вандар мен гундар өз елдерін бай қылғысы келсе, өз елдерінің халқының санын көбейткісі келсе, елдегі басқару мен жазалауды реттегісі келсе, тағын нығайтқысы келсе, [байбатшалар мен қара халықтың] бірлігін қадірлеуі керек (“Бірлікті қадірлеу”, ІІ б.) Ертеде, адамдар жаңа пайда болғанда жазалау деген болмаған және де сонымен бірге әрқайсының әділдік жөніндегі өз түсінігі болған. Әділдік туралы біреулерінде – бір, екеуінде – екі, онында – он пікір болған. Адам саны көбейген сайын әділдік туралы пікірлер де көбейе берді. Әркім өз ойын дұрыс деп санап, басқалардың пікірін теріске шығарған, сондықтан адамдар бір-бірімен қатты араз болды. Отбасында әкелер, балалар мен бауырлар бір-біріне өшпенділікпен, жиіркенішпен қарады, және де бірге тату тұра алмағандықтан, бір-бірінен алшақтап кетті. Аспанхақтың адамдары отты, суды, уды пайдаланып, бірбіріне зиян келтірді. Сол себепті қуаттылар әлсіздерге көмектеспеді, дәулеті шалқығандар онысымен бөліспей, далаға шашты, ақылдылар тәжірибесі жоқ адамдарды үйретпей, қайта олардан өз білімін жасырды. Аспанхақтағы былық жабайы хайуандар арасындағыдай болды. Бұл былықтың себебі басқарудың және ақсақалдықтың жоқтығынан екендігін түсінген адамдар Аспанхақтың ең шарапатты да данышпан адамын таңдап алып, оны аспан ұлы етті... Тек аспан ұлы ғана Аспанхақта әділдіктің біртұтас үлгісін жасай алды, сондықтан Аспанхақта тәртіп орнады (“Бірлікті қадірлеу” тарауы, І б).

Қарақшылық соғыстарға қарсы

Ұстаз Мо-цзы айтыпты: “Егер сен әділдік туралы ой толғай отырып, бір адамды өлтіру әділдік емес, ал көптеген бейкүнә адамдарды өлтіру

әділдік деп есептейтін болсаң, бұны әділдік тегін білу, не туралы сөз болып отырғанын білу деп атауға болмайды” (“Гун Шу” тарауы). Басқыншылық жасайтын патшалықтар қисапсыз қара халықтың қанының құнымен, жоғарыдағыларды да, төмендегілерді де шарпитын қасіреттің құнымен бос жерлерді қолға түсіреді, сонда оған мекендейтін адамдары да жоқ. Сөйтіп бұл патшалық [өзіне] онсыз да жетпей жатқанынан айрылады және онсыз да артылып жатқанды иеленеді (“Шапқыншылыққа қарсы” тарауы, ІІ б). Қыруар әскер жорыққа шығып, содан оралмай жатады. Мыңдаған отбасылар таянышынан айрылады, әйелдер жесірге, балалар жетімге айналады... Адамдардың бар байлығы сарп етіледі... Қызметте жүргендер мемлекеттік іспен айналыспайды, диқандар егін екпейді, әйелдер мата тоқымайды, мемлекет қызметшілерінен айрылады, қара халық өз істерімен айналыспайды (“Шапқыншылыққа қарсы” тарауы, ІІІ б).

Мэн-Цзы

“ӘМІРШІНІҢ ЖОЛЫ” ЖӘНЕ “ЖАНАШЫРЛЫҚПЕН

БАСҚАРУ” ТУРАЛЫ

Мэн-цзы (б. д. дейінгі 372–289 шамасында) – көрнекті конфуцийшілфилософ. Өзінің ұстазының идеалистік ойларын, әсіресе оның “жанашырлықпен басқару” туралы идеяларын дамытқан. Билеуші жіктердің азғындауын, олардың халыққа қатыгездігі мен зорлықзомбылығын сынай отырып, Мэн-цзы бұл идеяларды әлеуметтік антагонизмді жұмсартудың құралы деп білді. Ол Құңфудзының “адам табиғатының ұқсастығы” туралы қағидаларын және адамның “қайырымды табиғаты” туралы ілімін жақтаған. Мэн-цзы инсаният нормалары көктен түскен және олар мәңгі деп есептеген. Дүниедегінің бәрі адамның санасында бейнеленген, сондықтан өзін-өзі тану мен инсанияттық өзін-өзі жетілдіру дегенің – дүниені тану, көкті тану. Мэн-цзы мен оның шәкірттері жасаған жазбалардың негізінде “Мэнцзы” кітабы пайда болды.

Мэн-цзы айтыпты: “Елдегі ең құндысы – халық, содан кейін ғана өкімет, ал ең құнсызы – әмірші. Сондықтан, қара халықтың көңіліне жақсаң ғана аспан ұлы болуға және бүкіл Аспанхақты басқаруға болады; аспан ұлының көңіліне жақсаң ғана әмірші бола аласың. Егер әмірші өкіметке зиян келтірсе, ол өзінің тағынан айрылады да, оның орнына басқа адам отырғызылады (“Цзинсин” тарауы). [Бір ғана адам] бір мезгілде Аспанхақты басқара, жер жыртып, тұқым себе ала ма? Өз шаруасын басқаратын ұлы адамдар, төрелер болуы және бишара адамдар істейтін қара жұмысты тындыратын қара халық болуы тиіс. Егер бір адамнан өзіңе керектің бәрін, яғни түрлі ісмерлер жасайтын нәрсенің бәрін өзің жасап ал деп талап етілсе, бұның ақыры адамдардың жатпай-тұрмай Аспанхақты кезе беруіне апарып соқтырар еді. Сондықтан айтамын: біреулер миымен жұмыс істесе, біреулер жұмысында өздерінің қара күшін пайдаланады. Өздерінің ақыл қуатын іске қосқандар басқа адамдарды басқарады, ал жұмыста өздерінің қара күшін

пайдаланатындарды басқа адамдар басқарады. Бағыныштылар басыңқыларды асырайды; басыңқылар бағыныштыларынан қаражат алады. Бұл Аспанхақтағы жалпыға ортақ принцип (“Тэн Вэнь-гун” тарауы). Тек қызметтегілерге ғана, олардың белгілі бір жұмысы болмаса да, орнықты инсанияттық принциптер бола алады. Ал қара халықта, олардың белгілі бір жұмысы болмаса, орнықты инсанияттық принциптер болмайды... Сондықтан ақылды әмірші қара халыққа оларда ата-аналарын қапысыз асырауға да, әйелі мен балаларын асырауға да қаражат болу үшін, егін жақсы шыққан жылы әрдайым тоқ жүру, ал егін шықпаған жылы [аш өлімге] душар болмас үшін, оларға әр түрлі жұмыс тауып береді. Егер содан кейін ол қара халықты дұрыс жолмен жақсылыққа беттеуге жетектесе, адамдар ол көрсеткен жолмен жүрері аян (“Лян Хуэйван” тарауы). Мэн-цзы айтыпты: Құрметті ван! Неліктен тек қана пайда туралы айтуымыз керек. Мен тек қана жанашырлық пен парыз туралы айтамын. Егер ван өз мемлекетінің пайдасы туралы ғана сөйлер болса, төрелер өз үйіне қалай олжа түсіру туралы ойлай бастайды; қалған барлық адамдар мен қара халық та өзіне қалай пайда келтірудің қамын ғана ойлайтын болады. Мұндай жағдайда жоғарыдағылар мен төмендегілердің арасында пайда үшін тартыс басталады, ал мемлекетке қауіп төнеді... Парыз екінші дәрежелі бірдеңеге айналып, бірінші орында – пайда көру тұратын болса, барлық төрелер мен қара халық, бір-бірінен бәрін тартып алып болғанша, тыным таппайды. Жанашыр балалар өз әке-шешелерін далаға тастамайды. Сондай-ақ парызына адал адам, өзінің қожайыны мен әміршісін екінші орынға қоймайды (сонда). Әміршіге не ұнаса, сол міндетті түрде қара халыққа да ұнайды. Әміршілер желге, ал қара халық шөпке ұқсайды. Жел қай жаққа үрлесе, шөп сол жаққа қисаяды (“Тэн Вэньгун” тарауы). Мен Қытайдың әсерінен варварлар өзгерді дегенді естідім, бірақ варварлар Қытайды өзгертті дегенді естімеппін (сонда).

Чжуан-Цзы

ДАО МЕН ДЭ ЖӘНЕ ТАБИҒИЛЫҚ ТУРАЛЫ ІЛІМ

Чжуан-цзы (б. д. дейінгі 369–286 шамасында) – даосизмнің көрнекті өкілі. “Даодэцзин” шығармасынан біз көрген Лао-цзының ықшам нақылдары мен афоризмдері Чжуан-цзының терең толғаныстарында, диалогтары мен тәмсілдерінде дамытылған. Оларға поэтикалық фантазия мен тіл көркемдігі тән. Бұл қасиеті Чжуан-цзыны Ежелгі Қытайдың философ-ақыны атті. Оның аты “Чжуан-цзы” кітабымен байланысты. Ол кітаптың бізге 33 тарауы жетті. “Даодэцзинмен” қатар бұл кітап – даосизмнің негізгі философиялық ескерткіші. Біз “Даодэцзинде” ұшыратқан категорияларды ең алдымен дао мен дэ категорияларын пайдалана отырып, Чжуан-цзы олардың идеологиялық түсініктемесін күшейтті. Оның таным туралы ілімінде релятивизм, сондай-ақ мистицизм элементтері көп кездеседі.

Әлемнің аужайын аңғара алмайсың, оның өзгерістерінде шек жоқ. Бұл шексіз өзгерістерде адам өле ме әлде өмір сүре ме? Өмір мен өлім, аспан мен жер шынында да тұтасып кеткен бе? Әлде тек тән өліп, жан жападанжалғыз қаңғыра бере ме? Амал нешік, бұл туралы анық ештеңе айта алмайсың. Жан жападан-жалғыз қаңғырып жүреді дедік, бірақ қайда жүреді? Қыбырлағанның бәрі көз алдымызда, бірақ бір нәрсені бүкпей айта аламыз: адам өлгеннен кейін оның [жанының] орны болатын ештеңе жоқ. Сонда не істеу керек? Чжуан-цзы бұл туралы күні-түні ойланды (“Аспанхақты басқару туралы” тарауы). Бұл дэ – алқаусыз ақиқат (“Императорлар мен әміршілердің міндеті” тарауы). Дэ дегеніңіз – соның арқасында заттар болатын нәрсе (“Аспан мен жер” тарауы). Бір-бірін санқилы пошымда алмастырып тұратын заттардың бәрінің тегі біреу ғана. Олардың басы мен соңы дөңгелек секілді айналып тұрады да, қайсының қай жерде екенін анықтай алмайсың. Жаратылыстық өзгеру дегеніңіз тап осы (“Тәмсілдер” тарауы).

Қыбырлағаның бәрі тозаңнан өрбіген (“Дара қуаныш туралы” тарауы). Қыбырлағанның бәрі жай отындай жарқ етіп көрініп, қас-қағым сәтте сан жетпес өзгерістерге ұшырайды. Адам да сондай өзгерістердің нәтижесі. Табиғат берген жылдар ішінде адам, қыбырлағанның бәрі секілді, талай өзгерістерге ұшырайды, бірақ бұл өзгерістердің жылдам болатындығы соншалық, оларға қарсы тұрар мүмкіндік жоқ. Өкініштің дөйі осы емес пе? Үздіксіз өзгерістер қандай бір беймәлім ахуалға апарып соқтырады, соңы қайда деген ой өкіндірмей қоя ма? (“Заттар мен ілімдердің біртектілігі” тарауы). Даоға талпыныс пен шынайылық тән. Ол мүлгіп қана тұрады және пошымсыз. Дао туралы толғануға болады, бірақ оны сыйпай алмайсың. Даоны түсінуге болады, бірақ оны көре алмайсың. Дао – өзінің тамыры, өзінің негізі. Ол аспан мен жерден бұрын болған, және мәңгі болады. Дао рухты алға тартады және қожайынды жігерлендіреді, аспан мен жерді тудырады (“Ұлы баба және ұстаз” тарауы).

Этикалық және саяси идеялар

Жаза – биліктің тәні, рәсім – оның қанаты, білім – оның тұғыры, жақсылық – жұртты тарту құралы (“Ұлы баба және ұстаз” тарауы). Аспанхақта екі ұлы өсиет бар: оның бірі – тағдыр, екіншісі – әділет (“Адамдар әлемінде” тарауы). Кім инсаниятта тым тақуа болса, сол зат мәнісіне қаяу түсіреді, тақуалығын Аспанхақта сырнайлатып, дабылдатып өзінің асқақтата мадақталуы үшін істейді. Жалғандық деген осы емес пе? (“Бяньму” тарауы). Аспанхақта дао бар кезде, кемеңгерлердің үні шықпайтын. Аспанхақ даоның ақ жолынан бас тартқанда, кемеңгерлер килігіп кетті де, жұрт солардың ақылгөйсуіне құлақ қоя бастады. Ал қазір барша жұрт тек жазаға ұшырап қалмауға тырысады.

Іздегенің пайда болса, шынайылық жылыстап жөнеледі (“Тэнь-цзыфан” тарауы). Заттар мен құндылықтардан пайда іздеме (“Аспан мен жер” тарауы). Адамды шын сүйсең туысқа бұрма (“Аспан қозғалысы” тарауы). Кемеңгерге табынба, дарыннан кәде күтпе (“Аспан мен жер” тарауы). Баршаға ортақ сүйіспеншілік шектеулі емес пе? Қара басының қамына немкеттілік соған құштарлықтың бүркеуі (“Аспан даосы” тарауы). Ғұрыпты ескерсек, тектілер мен тексіздер туралы ұғымды орта тудырады, тіпті де туа біткен қасиет емес (“Цюшуй” тарауы). Мысалға жүздеген жылдар ішінде бойлап өскен ағашты алайық. Күндердің күнінде оны балталай бастайды, бұл дегеніңіз оның табиғи сыпатын бұзады. Ара, балға және сүргінің көмегімен одан құрбандық тостағандарын жасайды. Кәдеге жарамаған бұтақтарға қарағанда, құрбандық тостағанына айналған ағаштың табиғатына бұл неғұрлым сай деп ойлайсың ба? Шындап келгенде, ағаштың құрбандық тостағандарына айналуы оның табиғатына жат, өйткені ол өзінің табиғи сыпатынан айрылды. Адамдар да сондай (“Аспан мен жер” тарауы). Аспан үшін пәкене адам, адамдар арасында текті. Аспан үшін текті адам, адамдар арасында пәкене (“Ұлы баба және ұстаз” тарауы). Адамның шат-шадыман өмір сүруіне бөгет болу, оны тоқу мен киіну, жер өңдеу мен тамақтану мүмкіндігінен айыру, оны жақсылық пен әділдік дейтіндермен әлеміштеу – кемеңгерлердің қылмысы тап осы (“Мати” тарауы”). Егер арқан мен ілгектің, циркуль мен өлшеуіштің көмегімен барлық заттарды түзесе, бұл олардың табиғи қалпына зиян келтіреді; егер заттарды арқанмен буып байласа, немесе сырлап тастаса, олар қатты болып шығады, бұл да олардың өз сыпатын бүлдіру. Адамдар арасында да осыған ұқсас бірдеңелер болады. Егер жанашырлық пен әділетті қалқан еткен кемеңгерлердің адамдарға құлық пен рәсімдік ән-күйді орындау

ережелерін үйретуге мүмкіндік берсек, адамдардың туа бітті табиғаты күлталқан болмай ма? (“Бяньму” тарауы). Белбеудің ілгегін ұрлаған адамды дарға асады, ал патшалықты жымқырған адам әмірші болады (“Цецуй” тарауы). Қазіргі кезде түрлі себептермен өлім жазасына кесілген адамдардың мәйіттері үйіліп жатады, ал кісенделгендер жол бойында бір-бірін итермелейді. Қайда қарасаң да – барлық жерде түрлі жазаға кесілгендерді көресің. Ал құңфудзышылар мен Мо Дидің ізбасарлары мойнынан бұғауланған бейшаралар тобырының арасынан ақырын, аяғының ұшымен өтіп жүр. О! Бұл неткен ұятсыздық әрі аярлық (“Оңаша болу” тарауы). Кемеңгерлер құрымай, дөй қарақшылардың қарасы батпайды (“Цюйце” тарауы). Аспан дегенім адам екені, адам дегенім аспан екені құпия ма? (“Ұлы баба және ұстаз” тарауы). Аспан мен адам тең (сонда). Адам табиғатын қайта жасай, тағдырды өзгерте алмайсың (“Аспан қозғалысы” тарауы).

Сюнь-Цзы

“ӘДІЛЕТ ПЕН ТЫНЫШТЫҚ – БАСҚАРУ ӨЛШЕМІ”

Сюнь-цзы (б. д. дейінгі 313–238 ж.ж. шамасы) – қытай философы, Құңфудзының ізбасары. Аты – Куан, лақап аты – Цин. Чжао патшалығында туған, дәулетті отбасынан шыққан, жоғары білім алған. 264 ж. ол Ци патшалығына көшеді, онда атақты “Цзися” академиясында өз көзқарастарын баяндайды. Көп ұзамай “бірінші төре” (ле дафу) және патшалық ғалымдарының басшысы атағына ие болады. Шамамен он жылдан кейін Чу патшалығындағы Ланьлин уезінің бастығы болып тағайындалады. 238 жылы қызметті тастап, шәкірттерімен бірге, кейіннен оның атымен “Сюнь-цзы” деп аталған ғылыми еңбекті жазуға кіріседі. Оның трактаттарында (рисалаларында) ең басты назар саяси мәселелерге: мемлекеттік құрылыс, құқық, соғыс және бейбітшілік, адамдарды басқару, қоғамдағы теңдік пен теңсіздік, заңдарды жасау және қолдану, дәстүрді сақтау және мемлекеттік тәртіп проблемаларына аударылған. Бұл еңбектің негізгі идеялары Қытайда философиялық және қоғамдық-саяси ойдың одан әрі дамуына әсер етті.

Тоғызыншы тарау
Ванның басқаруы

Сұрап жатады: [мемлекетті] қалай басқару керек? Айтайын: кемеңгер және қабілетті адамдарды [мансапқа] олардың жағдайына қарамастан көтеру қажет; жалқау және қабілетсіз адамдарды [мансаптан] дереу айыру қажет; басты-басты жауыздарды, олардың түзелуін күтпестен-ақ, өлтіріп жіберу қажет; кәдімгі, орташа адамдарды, оларға [жазалау] шараларын қашан қолдануға боларын күтпестен, тәрбиелеу қажет. [...] Зұлым сөз айтатындардың, жаман қылық жасайтындардың, жаман іске бейімдердің, қаңғыбастардың және толқу туғызатындардың баршасына жұмыс беріп, содан соң тәрбиелеу, [түзелуге] мұрсат беру, марапаттау арқылы көтермелеу керек және оларды қылмыстық жаза мен айыппұл туралы заңдардың көмегімен алдын ала сақтандыру керек. Алаңдамай шаруасын тындыра [беретін] адамды бауырыңа тарт; іске жоқты маңайыңа жолатпа. [...]

[Мемлекет] ісін басқарудағы ұлы парыз мынада: ізгі ниетпен келгендерді Рәсім жорасымен қарсы ал; жаман пиғылмен келгендерді қылмыстық жаза туралы заңдармен қарсы ал. Адамдар [тұрпатының] бұл екі түрін осылай ажыратқанда, дарындылар мен дарынсыздарды қатар қойма, шындық пен өтірікті шатастырып алма. Дарындылар мен дарынсыздар қатар қойылмаса, аса көрнекті де дарынды тұлғалардың өсер жолы ашылады; шындық пен өтірік шатастырылмаса, мемлекетте тәртіп [орнайды]. [...] Егер [мемлекетті] басқаруда тек қоқан-лоққыға, қорқытуға, қаталдыққа бой ұрып, боданыңды мейіріммен басқаруға ұмтылмасаң, төмендегілерді үрей билейді, [әміршісімен] жақындасуға жасқанады, сырын бүгіп, оған [елдегі шын ахуалды] ашық айта алмайды. Бұл жағдайда [мемлекеттегі] ұлы істер кері кетіп, ұсақтары – жайына қалады. Егер [халқыңа] тек шыдаммен, кешіріммен қарасаң, оны өз соңыңнан тек мейіріммен ертем десең, оның [жаман қылықтарын] тиып отырмасаң, онда бүкіл елді кесепат сөз жайлап, құлаққа түрпідей тиер ғайбат сөздің желі еседі. Сөйтіп көптеген шиеленіскен мәселелер туындап, [елді басқаруға] тек зиянын тигізеді. Осыдан-ақ көрініп тұр: заң бар, бірақ талқы жоқ тұста, заң нақты көздемеген шаруа шатқаяқтайды: мансап [беріліп], бірақ [ол тиген] адамның терең білімі болмаса, оның мойнына тікелей жүктелмеген шаруа көзге ілінбейді. Сондықтан, заң да, оның талқысы да болса, мансап иесінің [білімі] кемел болса, [жұрт] өз пиғылын жасырмайды, игі істер ұмыт қалмайды, барша шаруада ағаттық жіберілмейді, бұның бәрі тек мінсіз адамның ғана қолынан келеді. Сол себепті әділет пен тыныштық – басқарудың өлшемі, ал бәрінің ортасы мен татулық – оның ережесі. Заңмен көзделген іс заңға сәйкес жүргізілсін; заңмен [тікелей] көзделмеген іс бұрынғыларға ұқсастыққа қарай жүргізілсін – [мемлекетті] кемел басқару дегеніміз осы.

Егер де өзімшіл және бұрмашыл болсаң, дұрыс әдістерді қолданбасаң, басқару да бұрмашыл болады. Сондықтан да басқару [әдістері] тамаша болса да, елде бұлғақ жайлайды; бірақ ежелден бүгінге дейін кіршіксіз [әмірші] кезінде бұлғақ болды деген естілген емес. Аңыз айтады: “Зипа адамдардың арқасында тәртіп орнайды, бұлғақты қуыс кеуде адамдар қоздатады”. Егер бәрі де тең бөлінсе, баршаға жетпейді; билік тең болса, бірлік жоқ; барша тең болса, ешкімге [жұмыс істете] алмайсың. Аспан мен жер [сияқты], жоғарыдағылар мен төменгілердің де айырмашылығы бар. [...] [...] Халық [әміршінің] бұйрығынан қорқатын болса, оған мейірімді болудан артық ештеңе жоқ. [Қызметке] кемеңгер де тамаша [адамдарды] алсаң, адал да қадірлі адамдарды көтерсең, ата-анамен ағаны құрметтеуді уағыздасаң, жетімдер мен жесірлерді демесең, кедей мен қайыршыларға көмектессең – міне сонда халық [әміршінің] бұйрығын қалт [еткізбейді]. Ал халық [әміршінің] бұйрығын қалт еткізбесе, әмірші де [мемлекетті] алаңдамай басқара алады. Аңыз айтады: “Әміршіні – қайықпен, ал халықты сумен [салыстыруға болады]: су қайықты жылжытады, бірақ аударып тастауы да мүмкін”. Бұл арада [жоғарыда] айтылғанның тап өзі тұр. Сондықтан әмірші тыныштықты көздесе, [оған қол жеткізу үшін] әділетті бұйрықтар шығарып, халқын сүюден артық ештеңе жоқ; егер әмірші даңққа құштар болса, [оған қол жеткізу үшін] Рәсімді құрметтеп, ғалымдарды қадірлеуден артық ештеңе жоқ; егер [әмірші] өзінің халыққа сіңірген еңбегін орнықтырғысы келсе, кемеңгерлерді сыйлап, қабілетті адамдарды іске тартудан артық ештеңе жоқ. Монарх басшылығының басты буындарын осылар [құрайды]. Егер [осы] үш буын дұрыс [пайдаланылса], қалған барлық іс те дұрыс жүреді; ал бұл үш буын дұрыс [пайдаланылмаса], қалған барлық іс ішінара дұрыс жүріп жатса да, бұл ешқандай пайда бермейді. [...] [...] Мен шамадан тыс салықтармен [мемлекетті] жарға тіресем, [елімнің байлығын] тартып алатын жау пайдаланады да, өз жағдайын одан

сайын күшейтеді. Демек, [халықтан] шамадан тыс салық – талау туғызатын, жауды байытатын, мемлекетті де, өзімді де құрдымға жіберетін жол, – сондықтан да кемеңгер әмірші бұл жолмен жүрмейді. [...] [Мен] тек күшке сенсем, қайткенде де, жау өз қабырғасын қорғасын, немесе маған бірінші болып қарсы шықсын, [басқа] халықты тек күшпен жеңуге тырысамын; бұл жағдайда [басқа] патшалықтың халқына келтірілген зиян қисапсыз болады [...] [бұл] патшалық халқының маған деген өшпенділігі де зор болады; ал ол халықтың маған деген өшпенділігі зор болғандықтан, ол әрдайым маған қарсы соғысқа шығуға қамданады. Мен басқа халықты күшпен жеңуге тырысқанда, ол өз қабырғасын қорғасын не маған бірінші болып қарсы шықсын, оған қарамастан менің жұртыма келетін нұқсан да қисапсыз болады. Егер менің жұртыма келген нұқсан қисапсыз болса, халқымның да маған өшпенділігі зор болады; [...] оның мен үшін соғысуға құлқы болмайды. Басқа [патшалықтың] халқы үнемі маған соғыс ашуға қамданса, ал менің халқым мен үшін соғысқа шыққысы келмесе – мықты мемлекеттің дәрменсіз мемлекетке айналуының себебі осы. Жер кеңіп, бірақ халық [мені] тастап кетіп жатса, шаруа көп болып, даңқты іс аз болса, [патшалықтың] аумағы кеңіп, ал оны қорғайтын халық азая берсе – кең [патшалықтың] шағын иелікке айналуының себебі осы. [...] [...] Адамдар тыныштықта өмір сүрсе де, бір-бірімен қатынаспай өмір сүре алмайды; ал олар бірлесіп өмір сүріп, бірақ [міндеттерді] бөліп атқармаса, бәсекелестік туындайды. Бәсекелестік туындаса, ол тәртіпсіздікке жетелейді; тәртіпсіздік туындаса, ол [адамдардың] [өз үйлерін] тастап кетуіне апарып соқтырады; [адамдар] [өз үйлерін тастап кете бастаса], бұл [мемлекеттің] әлсіреуіне апарып соқтырады; [мемлекеттің] әлсіреуінен адамдардың затқұмарлығы асқынады. Бұл жағдайда, тіпті баспанасы бола тұра, [адамдар] тыныш ұйықтай алмайды. [Осыдан-ақ көрінеді], адам бір сәтке де Рәсім мен борыш сезімін ұмытпауға тиіс.

[Рәсім мен борыш сезімін сақтауының] арқасында адам ата-анасын қадірлей білсе, бұл перзенттік құрмет деген сөз; [Рәсім мен борыш сезімін сақтауының] арқасында адам ағасын қадірлей білсе, – бұл інінің ағаға ізеті деген сөз; [Рәсім мен борыш сезімін сақтауының] арқасында адам жоғарыдағыларды қадірлей білсе, – бұл тіл алу деген сөз; [Рәсім мен борыш сезімін сақтауының] арқасында адам өзінен төмендерді тыңдата алса, – бұл әмірші болу деген сөз. “Әмірші болу” дегеніміз – [адамдарды] бірлесіп өмір сүруге [көндіре] білу. [...]

Оныншы тарау
Мемлекетті байыту

[...] Егер қарекетіңде [тек] қара басыңның қамын күйттесең және оның нәтижесі жаман болмаса, егер пиғылыңа тізгін беріп, оны еш тежемесең, ол халықтың көңіліне қаяу салады да, наразы халық бас бермей кетеді. Міне сонда тіпті кемеңгерлер де мемлекет тізгінін босатып алады, кемеңгерлер мемлекетті басқара алмаса, сіңірген еңбек те, құрметті міндет те көзден бұл-бұл ұшады; [...] адамдар бір-бірінен ажыратылмайды. Егер адамдар бір-бірінен ажыратылмаса, әмірші мен бодандар жағдайының арасында айырма болмайды. Егер өзінің бодандарын басқаратын әмірші болмаса, онда жоғарыдағылар төмендегілерді басқармайды, сөйтіп адамдардың өз пиғылын тізгіндемеуінің салдарынан Аспанхақта қасірет бел алады. [...] Елді байытудың жолы [барды] үнемдеп жұмсап, халыққа молшылық жасауда; мұның үстіне [зат] артығын сақтай да білу керек. [Зат] үнемдеу Рәсім жөнімен анықталуы керек, молшылық [мемлекетті] дұрыс басқару арқылы [жасалуға] тиіс. Егер халық молшылыққа кенелсе, онда артық [заттар] да көп болады. Халыққа молшылық жасай алсаң, ол бай болады; халық бай болса, егістік те құнарлы, оны өңдеу де жеңіл. Егер егістік құнарлы болып, жақсы өңделсе, зат өндіру жүз есе өседі. Егер

жоғарыдағылар салықты заңды сақтай отырып жинаса, ал төмендегілер, Рәсім жөнімен, [заттарды] үнемдеп жұмсаса, онда артығы тау-тау болып үйіліп, молая береді, оларды сақтайтын орын жетпейтін болады, тіпті мезгіл-мезгіл жойып отыруға да тура келер. [...] [...] Қарапайым адамдардың еңбегі тек жақсы әмірші басқарғанда ғана жемісті болады; қарапайым адамдардың бірлескен өмірі тек жақсы әмірші басқарғанда тыныш болады; қарапайым адамдардың мүлкі тек жақсы әмірші басқарғанда молығады; қарапайым адамдардың қабілеті тек жақсы әмірші басқарғанда орынды қолданыс табады; қарапайым адамдардың өмірі тек жақсы әмірші басқарғанда ұзақ болады. [...]

Әлеуметтік-саяси көзқарас

Адам... бойға сіңіре алады, сондай-ақ онда борыш сезімі бар, сондықтан Аспанхақтың ең басты байлығы – адам. Күш жағынан ол бұқадан кем, жарысқанда атқа жете алмайды, сөйтсе де ол бұқаны да, атты да пайдаланады. Неліктен бұлай? Жауап берейін: адамдар бірлесе алады, ал бұқалар мен аттар бірлесе алмайды. Неліктен адамдар бірлесе алады? Жауап берейін: өйткені олардың арасында айырмашылық бар. Адамдар бұл айырмашылықты ненің арқасында сақтай алады? Жауап берейін: әділеттің арқасында (“Әмірші тәртібі туралы” тарауы). Шындап келгенде адамдар бірікпей, өз өмірін сақтай алмайды. Бірақ олар біріккен кезде, айырмашылықтарды сақтамаса, олардың еншісі – талас, өзара ұрыс-керіс (сонда). Талас-тартыс пен ұрыс-керіс тәртіпсіздікке жетектейді, тәртіпсіздік кедейлікке душар етеді (сонда). Аспан қара халықты әмірші үшін жаратпайды, ол әміршіні қара халық үшін таққа отырғызады (“Очерктер” тарауы). Әмірші мен бодандардың, әке мен баланың, аға мен інінің, ері мен зайыбының арасындағы қатынастарда бастау дегеніміз соңы, соңы

дегеніміз бастау, және де бұл қарым-қатынастарды аспан мен жерді басқаратын заңдар басқарады. Бұл қатынастар ықылым замандардан келеді. Негіздің негізі дегеніміз осы. Сондықтан да жерлеу жоралары, құрбандық шалу, сарай рәсімдері мен өсиет ережелері қашанда бірдей. Сондай-ақ қашанда байбатшалық пен кедейлік, өлім жазасына кесу мен өмір сыйлау, сый беру мен мүліксіз қалдыру да бірдей. Сондай-ақ қашанда әмірші – әмірші болып, бодан – бодан болып, әке – әке болып, бала – бала болып, аға – аға болып, іні – іні болып қала береді. Сондай-ақ [қашанда] диқан – диқан болып, білімді адам – білімді болып, ісмер – ісмер болып, саудагер – саудагер болып қала береді (“Әмірші тәртібі туралы” тарауы). Қызметкерден бастап жоғарыдағыларға дейінгі сауатты адамдарды ли ережелерінің және әдет-ғұрыптық ән-күйдің көмегімен рухани тазартып отыру қажет, қара халық заңдар мен ережелердің көмегімен бағынышты етілуге тиіс (“Елді қалай бай етуге болады” тарауы). Әділеттен таймай, жоғарыдағылар мен төмендегілер арасындағы айырмашылық сақталса, адамдар тыныш та тату өмір сүреді. Тыныштық пен татулық бірлікке, ал бірлік – күштің еселене түсуіне жетелейді. Күшін еселей отырып, адамдар құдіретті бола түседі. Олар құдіретке қол жеткізгенде, заттарды ауыздықтау мүмкін болады (“Әмірші тәртібі туралы” тарауы).

Хань Фэй-Цзы

МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРУ ТУРАЛЫ

Хань Фэй-цзы (б. д. дейінгі 280–233 шамасында) – Ежелгі Қытайдың көрнекті философы және саяси ойшылы, Сюнь-цзының шәкірті. Дао ұғымын ол заттар табиғатының қозғалу және өзгеруінің жалпыға ортақ заңының табиғи жолы ретінде материалистік тұрғыдан түсіндірген. Жекелеген заттардың өзгеруіне қатысты даоның нақтылануы ли – “парасат-заң” ұғымы (Рәсім ережелері – лимен шатастырмау керек!). Хань Фэй-цзы гносеология және логика мәселелеріне де зор көңіл бөлді. Бірақ оның көзқарастарындағы ең бастысы – оның әлеуметтік-саяси ілімі. Бұл ілімнің басты ұғымы – заң ұғымы (фа) және оның мемлекетті басқару мен қоғамдық өмірдегі рөлі. Хань Фэй-цзы мемлекетті көне ғұрып пен әдет негізінде кісілікті (жэнь) тәрбиелеу арқылы басқаруға шақырған Құңфудзы мен оның ізбасарларының идеяларын қабылдамаған. Сюньцзыдың адам табиғатының жаманшылық бастауы туралы ілімін жақтай отырып, Хань Фэй-цзы жамандық қанға сіңген қасиет және оны жақсылап әзірленген заңдардың күшімен ғана жоюға болады деп есептеген. Ол заңдар бұлжымай сақталып, оларды мықты орталықтандырылған билік қолдап отыруы керек. Әміршіге ұсыныстарында Хань Фэй-цзы мемлекеттік мақсатқа жету үшін барлық құралдар жарай береді деген тезисті уағыздаған. Хань Фэй-цзының бұл көзқарастары меншік иелерінің (әсіресе жер иелерінің) мемлекеттік билікті нығайтуға ұмтылысын бейнелейді. Хань Фэй-цзының заңшылдар (фа-цзя) мектебі дейтіннің негізін жасаған көзқарастары император Цинь Ши-хуанның қызметіне зор ықпал етіп, ол б. д. дейінгі 221 жылы бір-бірімен соғысып жүрген патшалықтарды біріктіріп, Қытайда біртұтас деспоттық империя құра алды. Ойшылдың көзқарастары 55 тараудан тұратын “Хань Фэй-цзы” трактатында баяндалған. Төменде содан үзінділер келтіріледі.

Әмірші үшін ең бастысы заң болмаған күнде де, басқару өнері. Заң – кітаптарда жазылған, үкімет палаталарында сақталған және халыққа жарияланатын нәрсе. Басқару өнері жүректің түкпірінде жасырылған және пікірлері қарама-қарсы төрелер арасында сенімсіздік тудырып, олардың бәрін байқатпай басқару үшін пайдаланылады. Заң баршаға анық әрі түсінікті болуы керек, ал басқару өнерін мүлдем байқатпау керек (“Наньсань” тарауы). Көнені боямалап көрсетудің қажеті жоқ (“Уду” тарауы).

Сондықтан ежелгі әміршілерге, Иау мен Шүннің заңдарының бұлжымастығына сілтеме жасап, дәлел келтіріп жату ақымақтық демесек те, анық алдау (“Сяньсюэ” тарауы). Елдің берекесі – егіншілікте (“Уду” тарауы). Халық әл-ауқатын өз еңбегімен айыратындай ету керек (“Мофань” тарауы). Еңбек пен үнемшілдік – молшылықтың көзі (“Сяньсюэ” тарауы). Тәртібі үстем патшалықтың әміршісі қылмысты шебер ауыздықтай біледі... Бірақ титімдей жамандықты жоюдың құралы қандай? [Айтайын]: жұртты бір-бірінің көңіл-күйін аңдуға көндіру керек. Ал оларды бір-бірінің көңіл-күйін аңдуға қалай көндіруге болады? Ауыл тұрғындарын бір-бірі туралы ғайбат жеткізуге міндеттеу керек (“Чжифэнь” тарауы). Жалпының құрметі мен қаталдық, сый мен жаза болмаса, тіпті ежелгі дана билеушілер Иау мен Шүннің өздері де билей алмас еді (“Цзяньцзе шичэнь” тарауы). Адамдарда өмір мен күш бар. Олар оны әлдебір мақсатпен жұмсайды. Бірақ адамдардың қалайтыны немесе қаламайтыны әміршінің қолында. Халық пайдасы мен жолақыны жақсы көреді, жазалау мен өлім жазасын жек көреді. Әмірші адамдардың күш-қуатын басқару үшін адамдар қалайтынды да, қаламайтынды да пайдаланады (“Чжифэнь” тарауы). Есте жоқ ескі заманда адамдар аз, құстар мен аңдар көп болған; адамдар құстарды, аңдарды, жыландарды еңсере алмаған. Сонда бір кемеңгер шығып, адамдар жабайы аңдардан қорғану үшін, тақтай-таяқты біріктіріп, ұяға ұқсатып үй жасады. Халық оған разы болды да, оны Аспанхақтың әміршісі етті (“Уду” тарауы).

Қытай ойшылдарының еңбектерін қазақшалаған
Баян Қасенова, Құңфудзы еңбегі Мұхтар Мағауиннің
аудармасы бойынша берілді.

3-бөлім

Ежелгі Үндістанның саяси ойы

МАНАВАДХАРМАШАСТРА – МАНУ ЗАҢДАРЫ

“Ману заңдары” үндітанушы мамандар ең жиі қолданатын ежелгі үнді әдебиетінің ескерткіші және тарихи дереккөз. Бұл жинақ көне замандарда және орта ғасырларада үнділіктер арасында аса беделді болатын. Ескерткіштің өзінде де көрініс табатын дәстүр бойынша, оның құрастырылуы аңыз бойынша адамдардың түп тегі болып саналатын Мануға телінеді. Біздің дәуірімізге дейінгі VІ–V ғасырларда Үндістанда, Ганга алқабында ірі құлиеленуші мемлекеттер пайда болды. Жаңа мемлекеттер аумақтық тұрғыдан алғанда тайпалық шеңберден шығып қана қойған жоқ: ру-тайпалық институттар жаңа жағдайларға бейімделе бастады, идеологияда және т.б. салаларда өзгерістер жүзеге асты. Әдеткі құқық пен ауызекі дәстүрлер мемлекеттің мұқтажын ендігі жерде қанағаттандыра алмады. “Қасиетті аянға” (Ведаға) негізделген, жазбаша құқықтық нормаларды белгілейтін жинақтар – дхармасутралар пайда болды. Дхармасутраларды мемлекеттік басқару органдары емес, діни мектептер құрастырды; олар қолданыстағы заңдар жинағы емес, әдеткі құқықтық нормаларды қолдану жөніндегі өсиеттер мен кеңестер жинағы болды. Баяндау жүйесі, стиль – қарадүрсін еді; дхармасутралар баяндаудан гөрі, оқырманға онсыз да белгілі болуға тиіс негізгі қағидаларды еске салатын. Дхармасутралардан неғұрлым жүйелендірілген, оқып-үйренуге және жақсы жаттауға лайықталып, өлеңмен жазылған құқықтық трактаттар – дхармашастралар өсіп шықты. Ману бізге жеткен күйінде біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда – біздің заманымыздың ІІ ғасырында қалыптасып, ғылымда орнықты. “Ману заңдары” дхармасутралардан гөрі композициясы жағынан неғұрлым тұтастығымен әсер етеді, алайда мұнда да толып жатқан қайталаулар мен өзін-өзі ақтамайтын шегіністер бар; қарамақайшылықтар өте көп, кейде тіпті қарама-қайшы пікірлер тіркесіп жүреді. “Ману заңдары” орта ғасырларда бірнеше мәрте көшіріліп, тәпсірленді, мұның өзі Үндістанда бұл көне жинаққа үлкен маңыз берілгендігін көрсетеді. Бізге Медхатитханың (ІX ғ.), Говиндараджаның (XІІ–XІІІ ғ.ғ.), Нараянаның (XІV ғ.), Куллюкабхаттаның (XV ғ.), Рагхавананданың (XVІІ–XVІІІ ғ.ғ.), Нандана мен Рамачандраның (XVІІІ ғ.) тәпсірлері жеткен; тегінде неғұрлым кейінірек жазылған, авторы белгісіз кашмирлік тәпсір де бар.

97. (Жауынгерлер) олжасының тәуірін патшаға сауға етсін: Ведада солай делінген; тұтас күйіндегі олжаны патша барлық жауынгерлерге бөліп беруге тиіс. 98. (Сонымен), жауынгерердің бұл боямаланбаған мәңгілік дхармасы жарияланды: бұл дхармадан шайқаста жауын жайпайтын кшатрий тайсақтамасын. 99. Алынбағанды алуға құмартсын, қолда барды мүлтіксіз сақтасын, сақталғанды еселесін, еселенгенді сауғаға лайықтыларға сыйласын (patra). 100. Адамның тіршілігінде қолданылатын төрт бөліктен тұратын осынау ережені білу және оны қаз-қалпында бұлжытпай орындау керек. 101. Ол өзінде жоқты тартып (danda) (алуға) ұмтылсын, алғанын ыждаһатпен қорғасын, сақталғанды – еселеп көбейтсін, көбейтілгенді – (сауғаға) лайықтыларға берсін.1 102. Соғысқа әрқашан дайын болу2 керек, әрқашан жаудың күшқуатыңды арттырып отыру, құпияңды жасыру, жаудың әлсіз тұсын біліп отыру керек. 103. Бүкіл дүние соғысқа әрқашан дайыннан қорқады, сондықтан да бүкіл тірі атаулыны нақ күшпен бағындыру керек. 104. Ісіңе өтірік қоспа ешқашан, амалың алдау болмасын; сыр алдырма ешқашан, жау айласын есіңе тұт әрқашан. 105. Осал тұсыңды жау білмесін, жаудың осал тұсын сен біл; тасбақа мүшесін қалай жасырады, ол да өзінің осал жерін (солай) қорғасын, 106. құтан секілді екі қарап бір шоқысын, қоян секілді зытып берсін, қасқыр секілді (олжаға) бас салсын және арыстан секілді күшін көрсетсін. 107. Осылайша, басып алуға ұмтылған дұшпаның қандай болса да, барлығын (төрт) амалмен – келіссөзбен және басқалармен3 бағындыр. 108. Егер олар алғашқы үш құралға бой бермес, біртіндеп, күшқуатпен бағындыр.

1 VІІ, 89-дан кейін іле-шала соны сөзбе-сөз дерлік қайталайтын бұл өлеңді енгізу не үшін қажет болғаны түсініксіз. 2 Соғысқа әрқашан дайын болу... (udyatadanda) – сөзбе-сөз "шоқпарың қолыңнан түспесін". 3 ...басқалармен – жік салумен, сый-сияпатпен және күшпен.

109. Төрт құралдың ішінен – келіссөз бен басқалары – ғалымдар елдің гүлденуі үшін қашанда келіссөз бен күшті ұсынады. 110. (Жер) шұқылағандар қураған шөпті құртып, (сонысымен) өнім дән алады, патша да сол секілді елін қорғасын, жауын өлтірсін. 111. Өзінің елін ақылсыздығымен азапқа түсірген патша туысқандарымен бірге дереу елі мен өмірінен айырылады. 112. Тән азабынан адам өмірі қиылады, ел азабынан патша өмірі қиылады. 113. Ел басқарғанда мына ережелер орындалсын; өйткені дұрыс басқарылатын елі бар патша молшылықты мәпелейд. 114. Елдің бағынуын (samgraha) екі (ауыл), үш, бес, сондай-ақ жүз ауылдың арасына (жауынгерлердің) жасағын (gulma) орналастыру арқылы қамтамасыз ету керек. 115. (Әрбір) мекен үшін ауылнай (adhіpatі), он мекенге мекенбасы (patі), жиырма және жүз мекенге датқа (іca), сондай-ақ мың мекенге пансат тағайындау керек. 116. Мекеннің ауылнайының өзі (gramіka) мекенде жасалған қылмыс туралы он мекенні мекенбасына (іca), тиісінше мекенбасы – жиырманың датқасына хабарласын, 117. жиырманың датқасы мұның бәрін жүздің датқасына, ал жүз мекеннің датқасы – тікелей мыңның пансатына (patі) хабарлайды. 118. Мекендердің тұрғындары патшаға күн сайын беріп тұруға тиіс тамақ, сусын, отын және басқаларын мекеннің ауылнайы жинасын. 119. Онның мекенбасы бір куланы4, жиырманың датқасы бес куланы, жүз мекеннің датқасы (adhyaksa) мекенді, мыңның пансаты – қаланы пайдалансын (bhunjіta). 120. Олардың мекендердегі қаракетін, сондай-ақ жеке істерін патшаның адал да қажымас ерекше уәзірі (sacіva) қадағаласын.

4 Кула – бұл арада техникалық термин, көптеген түсініктемешілердің айтуынша, 12 өгіз жырта алатын жер телімі. Бәлкім, әңгіме мекеннің (gramaіkadeca) бір бөлігі жайында болар. Кейбіреулер мұны бір диқанның (ekakrsіvalabhaga) телімі деп есептейді.

121. Әрбір қалаға барлық істердің қамын жейтін, құзыры жоғары, түрі сұсты, жұлдыздар арасындағы планета5 секілді бір адам тағайындалсын. 122. Ол әрдайым (қызметшілердің) барлығын өзі тексерсін, ауылдық жерлерде (rastra) олардың қылығын жансыздары (cara) арқылы тиісінше тексеріп отырсын. 123. Патшаның (халықты) күзету үшін тағайындалатын қызметшілері көбіне-көп бөтенің меншігін тартып алуға құмар кісәпірлер болып келеді ғой; бұл халықты солардан қорғау қажет. 124. Патша дауласушылардан қаскөйлікпен ақша (artha) бопсалайтын (қызметкерлердің) мүлкін жиып алып, (өздерін) қуып жіберсін. 125. Патша қызметіндегі әйелдер және жалпы қызметшілер (presya) үшін, жағдайы мен жұмысына сәйкес күнделікті күнкөріс (vrttі) мөлшерін белгілеу керек. 126. Жалақы (vetana) ретінде төмен дәрежелілер үшін бір пана6 және жоғары дәрежелілер7 үшін алты пана, сондай-ақ алты айда бір көйлек және ай сайын дрона8 астық берілуі тиіс. 127. Сатып алу мен сату (кезіндегі бағасына), жолдың ұзақтығына, тамақтың, дәмдеменің (сақталуына) және мүліктің күзетілуіне қарап, патша саудагерлерді (vanіj) салық (kara) төлеуге мәжбүрлеуі тиіс. 128. Ойластыра келе, патша елден салық жинаудан өзі де, жұмысты атқарушы да әрқашан жемісін көре алатындай етіп белгілеу керек. 129. Сүлік, бұзау немесе баларасы тамақты қалай аз-аздап жұтса, патша да солай, елден жыл сайынғы салықты (kara) аз-аздан алуы керек. 130. Патша мал мен алтынның елуден бір бөлігін, сондай-ақ астықтың (dhanya) сегізден, алтыдан немесе тіпті он екіден бір бөлігін ала алады. 131. Ол сондай-ақ ағаштың, еттің, балдың, сары майдың, хош иістердің, дәрілік шөртердің, шәрбаттардың, гүлдің, тамыр мен жемістің,

5 Планета – бұл арада Марс, Күн немесе Ай деген мағынада. 6 Пана (pana) – ақша өлшемі. 7 Жоғары дәрежелілер үшін алты пана – абсолют сандарды тап сол қалпында қабылдауға болмайтын сияқты. Көптеген түсініктемешілер жоғары қызметші төмендегісінен алты есе көп алуға тиіс деп есептейді. Орташа қызметшілер, тиісінше, екіден бес панаға дейін жалақы алған. 8 Дрона (drona) – салмақ өлшемі; 512 палға, яғни шамамен 20 кг. немесе 200 палға, яғни 7,8 кг. тең.

132. жапырақтың, ашкөктің шөптің, тері мен тоқылған бұйымдардың, сазбалшық, тас ыдыстардың алтыдан бір бөлігін ала алады. 133. Патша, өліп бара жатса да, Веданың білгірінен салық алмасын; оның елінде өмір сүретін Веда білгірі аштан өлмеуге тиіс. 134. Қандай да бір патшаның елінде Веда білгірі аштан өлсе, соның елі сол аштықтан тез қырылып қалады. 135. Құлқының Ведаға сәйкес келетініне көз жеткізген соң, ол үшін дхарма бойынша тиесілі күнкөрістік жағдай жасау керек және барлық жағдайларда туған ұлын қорғаштайтын әке секілді қорғау керек. 136. Күн сайын патшаның қорғауындағы ол қандай да бір дхарманы жасамасын, сол арқылы өмір ұзарып, байлық көбейеді, сондай-ақ патшаның елі өсе түседі. 137. Патша жыл сайын елде (өзіндік) кәсіппен (vyavahara) өмір сүретін қара халықты (prthakjana) салық (kara) деп аталатын нәрсені төлеуге мәжбүрлесін. 138. Патша өзінің еңбегімен өмір сүретін барлық кәсіп (karukanchіlpіnah) ісмерлері мен шудраларды ай сайын бір (күн) жұмыс атқаруға мәжбүрлей алады. 139. Тым ашқарақтықпен өзі мен өзгелердің тамырына балта шабуға болмайды, өйткені тамырға балта шабатын адам өзін де, басқаны да құртады. 140. Істі қарағанда патша қатал да қайырымды болуы керек, өйткені қатал да қайырымды патша қатты құрметтеледі. 141. Адамдардың ісін қараудан қажығанда, бұл іске төрелердің дхарманы білетін – ғалым, тәрбиелі, текті санатындағы ең бастысын9 тағайындасын. 142. Өзінің барлық ісін осылай жайғастырған ол бодандарын қажымай-талмай, жанашырлықпен қорғасын.

9 Демек, патша жоғарғы қазы болған; тек бұл жұмысты тікелей өзінің атқаруы мүмкін болмағанда ғана, ол айрықша төре тағайындаған.

143. Өзінің (көмек сұрап) шырқыраған бодандарын жаулары10 елден әкетіп бара жатқанын қызметшілерімен бірге көре тұрып, (оларды қорғауға шара қолданбаған) патша – тірі емес, өлік. 144. Кшатрияның ең жоғары дхармасы – бодандарын қорғау, өйткені айтылған жемістерді11 жеп жүрген патша (сонысымен) дхарманы орындау (dharmene yuіyate) жөнінде өзіне міндеттеме қабылдайды. 145. Түннің соңғы бөлігінде оянып, жуынып-шайыну (салтын) орындап, ойын жинақтап, от басында құрбандық шалып, брахмандарға тәу етіп, жиналыстың (sabha) көркем залына енсін. 146. Сол жерде тұрып, барлық бодандарының көңілін тауып, (оларды) жөнелтсін, ал барлық бодандарын жөнелткен соң, данышпандарымен (mantraіn) кеңес алады. 147. Кеңескенде көзге түспес үшін төбе басына шығып кетіп немесе сарайдың бір бөлмесіне жасырынып яки орманның оңаша жеріне жиналып кеңесу керек. 148. Жоспарын басқа адамдар, (тіпті) бәрі жиналып, білмейтін патша ғана бүкіл жерге, тіпті тұлдырсыз жерге де, ие болады (bhunkte). 149. Кеңесу кезінде ақылы кемістерді, мылқауларды, соқырларды, саңырауларды, жануарларды12, тым кәрі адамдарды, әйелдерді, млеччхтарды, науқастар мен кемтарларды шығарып жіберу керек. 150. (Мұндай) жек көрінішті (адамдар), сондай-ақ жануарлар, әсіресе әйелдер құпияны жария етіп қояды; сондықтан мұндай жағдайда сақ болған жөн. 151. Талтүсте немесе түн ортасында, шаршағаны қайтып, тынығып алған соң, солармен бірге немесе жалғыз дхарма, ләззат (kama) және байлық (artha) туралы, 152. бір-біріне қайшы соларды қолға түсіру, қыздарын күйеуге мен ұлдарын қорғау туралы,,

10 Жаулар (dasyu) – бәлкім, әңгіме қарақшылар (taskaradіbhіh) туралы болар. 11 ...жемістер – ол бодандарынан жинайтын салық жөнінде. 12 ...жануарлар – адам сөзінің дыбыстарын қайталай алатын тотықұс, қараторғай және басқа құстар.

153. елшілерді жөнелту, (басталған) істі аяқтау туралы, сарай харамы (тұрғындарының) құлқы, жансыздардың (pranіdhі) қызметі туралы толғансын. 154. Қаракеттің барлық сегіз түрі13 мен (жансыздардың) бес разряды14 туралы, адалдық пен арамдық туралы, сондай-ақ төңіректің (шекаралас патшалардың) пиғылы туралы, 155. ортадағы15 (патшаның) пиғылы туралы, жаулап алуға (vіjіgіsu) құштар (патшаның) харекеті туралы, бейтараптың (udasіna), әсіресе мұқият жауының (catru) құлқы туралы мұқият (ойлану керек). 156. Олар жиып келгенде негізгілері – төңіректің тамыры; тағы да сегізі16 бар, ал барлығы олар он екі деп саналады. 157. Басқа да бес (элемент)17 бар, атап айтқанда: төре, ел, қамал, қазына және әскер; олар (он екі патшаның, яғни төңіректің барлық элементінің) әрқайсысымен байланыста аталып, бәрін қосқанда – жетпіс екі болады. 158. Көршіні және жаудың жақтасын жау, жаудың көршісін дос, осы екеуінен басқа (кез-келгенді) бейтарап деп санау керек. 159. Олардың бәрін келіссөзбен, басқа да жеке яки қоса (қолданылған) құралдармен, ержүректік және саясатпен (naya) өз ырқында бағындыру керек. 160. Әрқашан саясаттың алты пошымын пысықтап алу керек; бұлар – одақ, соғыс, дорық, аңысын аңду, (әскерді) бөлу және көмек18 іздестіру.

13 Қарекеттің сегіз түрі – түсініктемешілер әртүрлі түсіндіреді; олардың біреуі үш нұсқа ұсынады. Соның екеуі мынадай: кіріс, шығыс, жаман қызмешіні жұмыстан босату, қызметшінің жаман қылығының жолын кесу, оларға дұрыс қылықты үйрету, даулы мәселелерді шешу, жазалау, кінәдан арылдыратын ант алу; немесе: диқаншылық, сауда, көпірлер мен бөгендер салу, қамалдар салу немесе жөндеу, піл аулау, кеніштер ашу, бос жатқан аудандарға қоныстану, орман ағаштарын кесу. 14 ...(жансыздардың) бес разряды – мұғалім, диуана, диқан, көпес және дәруіш секілді жүріп әрекет ететіндер. 15 ...ортадағы (madhyama) – осы патшаның және оның жауының аумағымен шекаралас иелігі бар. 16 ...басқа сегізі – VІІ, 155-те аталғандардың әрқайсысының жауы да, досы да бар. 17 Басқа да бес (элементтер) – патшадан бөлек; он екі мемлекеттің әрқайсысында патшаларын қосқанда алты элемент бар. 18 Бұл техникалық терминдер; олар кейінірек түсіндіріледі.

161. Жағдайды сараптап алып (патша) аңысын аңдуды немесе жорықты, одақтасуды немесе соғысты, (әскер) бөлуді немесе көмек іздестіруді пайдалансын. 162. Бірақ патша одақ пен соғыстың, аңысын аңдудың, жорық пен көмек алудың екі түрі (бар екенін) білуі керек. 163. Бұл орайда болашаққа арнап жасалған одақтың (sarhdhі) екі түрі: одақтастармен бірге және керісінше, – (одақтастар бөлек-бөлек қимылдайды) (болатынын) білу керек. 164. Соғыс (vіgraha) екі түрлі: өзіңнің мақсатыңа жету үшін қолайсыз немесе қолайлы уақытта, сондай-ақ одақтасыңа жәбір көрсетілгені үшін өзің бастайтын соғыс (болады) деп саналады. 165. Жорық (yana) екі түрлі болады: бірі – шетін жағдайлардың тұтқиылдан туындауы кезінде және екіншісі одақтастармен бірге. 166. Аңысын аңду (asana) екі түрлі болады: тағдырдың еркімен немесе бұрынғы істерінің19 салдарынан өзі біртіндеп әлсірегенде және одақтасының тілегіне орай. 167. Мақсатқа жету үшін әскер мен патшаның (svamіn) бөлек-бөлек тұруын саясаттың алты элементінің сапасын білетіндер (әскердің) екі бөлікке (dvaіdha) бөлінуі деп атайды. 168. Көмек екі түрлі болады:20 жаулары ығыстырғандардың табысқа жетуі мақсатында және қайырымдылар арасында (күшті патшаның қамқорлығындағы ел ретінде) танымал болу үшін. 169. Егер ол өзінің болашақтағы, (бірақ әлі) пісіп-жетілмеген табысын анық көріп, ал қазіргі шығыны шағын болса, бітім жасауға ұмтылуы керек. 170. Бірақ ол соғысты бодандарының баршасы әбден разы, өзін әбден күшейген деп санағанда ғана кірісуі керек. 171. Егер ол өз әскерін жігерленген жәні күшті, ал жаудың (әскері) бұған керісінше (жағдайда) деп есептесе, дұшпанына аттануы керек.

19 ...бұрынғы істерінің... – бұдан бұрын өмір сүрген кезінде немесе ақымақтығының нәтижесінде жасаған. 20 Көмек екі түрлі болады – бұл саясаттың алтыншы пошымы.

172. Егер ол тасымал құралдары мен әскер (тұрғысынан) әлсіреген болса, онда дұшпанын ыждаһатпен, біртіндеп қаһарынан қайтаруы керек. 173. Патша дұшпанын барлық тұрғыдан өзінен күшті деп санаса, әскерін бөліп21 мақсатына қол жеткізсін. 174. Бірақ ол жау әскерінен жеңілетіндей болса, қайырымды әрі қуатты патшаның қамқорлығына жүгінуі керек. 175. (Өзінің опасыз) бодандары мен жау әскерін бағынышты етіп ұстаған патшаны ол әрқашан бар ынтасымен гуру сияқты қастерлесін. 176. Егер ол (мұндай) қамқорлықтан зиян шегетін болса, ырғалыпжырғалмай соғыс бастасын. 177. Шебер саясаткер (nіtіjna) патша одақтастары, бейтарап (патшалар) және дұшпандары өзінен күшті болмауына бар амалмен қол жеткізсін. 178. Барлық шаралардың болашағы мен қазіргісін, барлық өткендегілердің игілігі мен жамандығын ой елегінен мұқият өткізу керек. 179. (Өз әрекеттерінің) болашақтағы пайдасы мен зиянын білетін, қазіргі ісінде тез шешім қабылдай алатын, өткендегі істерінің нәтижесін білетін патша жауларынан жеңілмейді. 180. Бәрін де өзін одақтастары, бейтарап (патшалар) және жаулары жеңе алмайтындай ету керек; саясаттың мәні осында. 181. Егер патша жау елге қарсы жорық жасағысы келсе, жаудың қаласына22 біртіндеп, тәртіпке сәйкес жақындасын. 182. Жорыққа әскердің (жағдайына байланысты) сәтті маргаширша айында немесе пхальгуна мен чайтра23 айларында аттану керек. * * * 36. Бірақ егер патша жерге көмілген қандай да бір көне қазына тауып алса, онда ол жартысын екі рет туылғандарға24 беріп, жартысын қазына қоймасына өткізе алады.

21 Әскерін бөліп – патшаға әскерді тастап, шағын отрядпен қамалға жасырынуға кеңес беріледі. 22 Жаудың қаласы – мұнда және бұдан әрі қарсыластың астанасы деп түсініледі. 23 ...чайтра – жем мол, жол құрғақ, ыстық қайтқан уақыт. Маргаширша – қараша-желтоқсан, пхальгуна – ақпан-наурыз, чайтра – наурыз-көкек (ІІІ, 127-тарауына ескертуді қараңыз).

39. Патша жерден (табылған) көне көмбелер мен кендердің жартысын алады, өйткені ол (елді) қорғайды және ол жердің иесі (adhіpftі). 40. Ұрылар жымқырған мүлікті патша барлық варналарға қайтарып беруі керек; оны өзі қымқырған патша ұрының кінәсін (өзіне) аударады. 41. Дхарманы білетін адам касталар (jatі), аймақтар (janapada) дхармасын, шрендер25 мен әулеттер (kula) дхармасын көзден өткізіп, солардың өздеріне лайық (svadharma) дхарманы белгілесін. 42. Өзіне тән жұмысты атқаратын, өзіне тән жұмыстан айрылмайтын адамдар, тіпті алыста жүрсе де, халыққа жағады. 43. Патшаның өзі де, оның қызметшісі де (басқаларды) дау бастауға итеремелемесін және басқалар көтерген талап-арызды (artha) ешқашан қысқартпасын. 56. (Кім) "Сөйле" дегенде сөйлемесе, (бұрын) айтқандарын қуаттамаса және бұрынғысын да кейінгісін де білмесе, онда ол (өзі таласқан) мүлікен айрылады. 57. "Менің куәларым бар" дей тұра, "Көрсет" дегенде көрсетпесе, сот осы себеп бойынша оны (талап қою құқығынан) айрылды деп жариялайды. 58. Егер талапкер үндемесе26, оған заңға сәйкес дүре соғылуға және айып салынуға тиіс; егер (жауапкер) бір жарым ай ішінде ақтала алмаса, ол істе ұтылады27. 59. Кімде-кім қандай да бір талапты өтірік жоққа шығарса немесе біреу (өтірік) растаса, дхармаға кереғар істеген олардың екеуін де патша екі есе (талаптағы сомамен салыстырғанда) айыппұл төлеттіруге тиіс. 60. Талапкер (dhanaіsіn) ертіп келген (жауапкер) сұралған кезде (талаптың әділдігін) мойындамаса, кемінде үш куәмен патша тағайындаған брахманың көзінше әшкереленуге тиіс.

24 ...екі рет туылғандарға – әрине, брахмандарды айтып отыр. 25 шрендер (сrenі) – ісмерлердің, көпестердің және тағы басқалардың бірлестігі. 26 ...талапкер үндемесе – егер талапкер талап бойынша сөйлеуден бас тартса. 27 Істе ұтылады (dharman pratі parrjіtah) – сөзбе-сөз: "Ол дхарма жөнінен жеңілді".

61. (Енді) мен сот талқысы кезінде несие берушілер (dhanіn) ертіп келуге тиісті куәлар туралы, сондай-ақ олардың шындықты қалай айтуы керектігі туралы әңгімелеймін. 62. Шетін жағдайларда болмаса, кім көрінген емес, талапкердің шақыруымен келген балалары бар үй иелері, байырғы тұрғындар (maula), кшатриялар, вайшьялар мен шудралар айғақ беруге лайық. 63. Сот істеріне барлық варналардың ішінен сенімге лайықты, бүкіл дхарманы білетін, сараңдыққа жат куәлар қатыстырылуға тиіс, бірақ бұған кереғар пиғылдардан аулақ болған жөн. 64. Талап-арыз бойынша мүдделілер де, туысқандары да, қылмысқа қатысушылар да, жаулары да, (бұрын) әшкереленгендер28 де, сырқатқа шалдыққандар да, ұятқа қалғандар29 да (куәлікке) жіберілмеуге тиіс. 65. Паша да, ісмер30 де, актер (kucіlava) де, Веданың білгірі де, Веданы оқып-үйреніп жүрген де, дүниауи байланыстардан бас тартқан да, 66. құл31 да, адамдар айыптайтын да, дасью32 да, рұқсат етілмеген істермен айналысатын да, қария да, бала да, қор туғандар33 да, қайсыбір сезім органынан айрылған да, 67. нәубетке ұшыраған да, мас та, жынды да, аштық пен шөлден жапа шеккен де, шаршап қажыған да, махаббат азабын тартқан да, ызақор да, ұры (taskara) да куәгерлікке жіберілмеуге тиіс. 68. Куәгерлікті әйелге қатысты болса – әйел, екі рет туылғандарға – өзі сияқты екі рет туылғандар, шудраларға – адал шудралар, қор туылғандарға – қор туылғандар жасасын. 69. Алайда оқиға ішкі бөлмеде, орманда, сондай-ақ өмірге қатерлі жағдайда34 болса, көзі көрген адам, мейлі ол кім болса да, дауға қатысты куәгерлік жасай алады.

28 Әшкереленгендер (drstadoca) – жалған айғақ бергені үшін бұрын әшкереленгендер. 29 Ұятқа қалғандар (dusіta) – ауыр күнә жасағандар. 30 Ісмер (karuka) – тұтынушыларына тәуелді болғандықитан, оған әділ болу қиын. 31 Құл (adhyadhіna) – сөзбе-сөз "толық тәуелді", барлық түсініктемешілер "тумысынан құл" (garbhadrsa) деп түсіндіріледі. 32 Дасью – (dasyu) – бұл жерде: жалдамалы жұмысшы. 33 Қор туған (antya) – чандала және басқалар.

70. (Дұрыс куәгерлік жасайтын адам) болмаса, бала, қария, шәкірт немесе тіпті туысы да, құл (dasa) немесе қызметші (bhrtaka) де айғақ бере алады.

* * * 124. Жаратқаннан пайда болған Ману жазалаудың он объектісін атады, алайда брахман есен-сау кете алады. 125. (Бұл объектілер): бала тудыратын мүше, жатыр, тіл, екі қол және бесінші – екі аяқ, (сондай-ақ) көз, мұрын, екі құлақ, мүлік және дене. 126. Қылмыстың себебін, сондай-ақ орны мен уақытын анық білгеннен кейін (кінәлінің) жағдайы мен қылмыстың (мәнісін) екшеп, жазалануға тиістілерге жаза қолдану керек. 127. Әділетсіз жаза абыройды және адамдар арасындағы беделді құртады, ал о дүниеде аспаннан айырады, сондықтан да әрқашан мұндайдан қашық болу керек. 128. Жазаланбауға тиістіні жазалаған, ал жазалануға тиістіні жазаламаған патша абыройдан мүлдем айрылып, тозаққа барады. 129. Алдымен ескерту жасау, содан кейін – сөгіс, үшінші (болып) айыппұл (және тек) осыдан кейін жоғары – тән жазасы берілуі керек. 130. Бірақ ол әлгілерді тән жазасымен де тізгіндей алмаса, оларға барлық әлгі төрт (жаза түрін) бірге қолдану керек. * * * 334. Патша (қылмыстың қайталануынан) сақтандыру үшін ұрының адамдарға қарсы әрекет ететін дене мүшесін кесіп алсын. 335. Әке де, мұғалім (acarya) де, дос та, ана да, әйел де, ұл да, аурохита да жаза тартпай қалуға тиіс емес; кім өзінің дхармасын орындамайды (оның) есімі патша үшін түкке тұрмайды.

34 Мұндай жағдайда істің жайы куә таңдауда өте кінәмшіл болуға мүмкіндік бермейді.

336. Егер қайсыбір қарапайым (prakrta) адам бір каршапан айыппұл төлеуге тиіс болса, онда (тап сондай қылмысы үшін) патша мың каршапан айыппұл төлеуге тиіс; бекітілген ереже35 осындай. 337. Бірақ шудрдың кінәсі ұрлық жасаса сегіз есе көп36, вайшьянікі – он алты есе, кшатриянікі – отыз екі есе, 338. брахмандікі – алпыс төрт есе немесе толығымен жүз есе, немесе алпыс төрттен екі есе көп болуға тиіс, мұның бәрі жақсылық пен жамандықтың мәнін бұлардың әрқайсысының ұғынуына қарай. 339. Тамырлар мен ағаш жемістерін жағу үшін ағашты, сиыр жемі үшін шөп (жинауды) Ману ұрлық емес деп жариялады. 340. Құрбандық шалуды атқарғаны үшін немесе оқытқаны үшін (адамның) қолынан мүлік алуға тырысатын, өзіне берілмеген (мүлікті) иеленіп кеткен брахман ұры қандай болса, сондай. 341. Күнкөріс көзінен айрылған екі рет туылған жолаушы бөгде алқаптың (іksu) екі талын немесе екі (жеуге жарамды) тамырды алса, – айыппұл төлемеуге тиіс. 342. Байлаулы тұрмаған (басқаларға тиесілі малды) байлап қойған, байлаулы тұрғанды босатып алған құлды (dasa), ат немесе арбаны алып кеткен адам ұрлық жасағаны үшін кінәлі болып шығады. 343. Осы ережеге сәйкес ұрыларды ауыздықтаған патша бұл өмірде даңққа бөленеді, ал өлгеннен кейін шексіз рахатқа кенеледі. 344. Индраның қасынан орын алуға және өшпес даңққа құштар патша зорлық жасаған адамды37 (жазалау үшін) бір сәтті де қалт жібермесін. 345. Зорлық жасаған адам ұрысқақ, ұры немесе таяқпен ұрғаннан бетер жексұрын жауыз саналуға тиіс. 346. Бірақ зорлық жасаған адамды кешірген патша тезірек құриды және (халыққа) жеккөрінішті болады.

35 Яғни патшаның теріс қылық жасағандағы кінәсі оның биік жағдайына және жауапкершілігіне сәйкес мың есе үлкен. Түсініктемешілер бұл мәтінді тура мағынасында түсінеді және патша айыппұлды суға тастауға немесе брахмандарға беруге тиіс деп ойлайды. 36 ...сегіз есе көп – алдында айтылған қарапайым адамның кінәсімен салыстырғанда. 37 Зорлық жасаған адам – тонаушыны айтып отырған сияқты.

"АРТХАШАСТРА немесе САЯСАТ ҒЫЛЫМЫ"

(Мемлекеттік құрылыс туралы ғылым) – Ежелгі Үндістанның саясиэкономикалық трактаты. Көне үнді қоғамының мемлекеттік, саяси және шаруашылық құрылысынан аса бағалы мәліметтерге бай. "Артхашастра", үнді дәстүріне сәйкес, кемеңгер брахман Каутильяға (Чанакья есімімен де белгілі) телінеді, алайда қазіргі тарих ғылымының деректері бойынша ол ұзақ уақыт, біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырлар мен біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырлары бойында елдің өзіне дейінгі ежелгі ойшылдары жасағанның бәрін жинақтай және сыни тұрғыдан қабылдай келе қалыптасқан. Өзінің мазмұны мен маңызы жөнінен бұл туынды тек мемлекетті басқару жөніндегі нұсқаулық қана емес, Ежелгі Үндістандағы саяси, экономикалық, дипломатиялық, құқықтық, философиялық және әскери ойдың аса көрнекті ескерткіші болып табылады; бұл – сол дәуірдегі өмірдің нағыз энциклопедиясы. Қазіргі ғылымға "Артхашастра" мәтіні 1905 жылы, көрнекті үнді ғалымы Р. Шамашастри бұл әдеби ескерткіштің жекелеген фрагменттерінің аудармаларын ағылшын тілінде жариялай бастағанда, алғаш рет белгілі бола бастады. Қазіргі уақытта трактат (мәтіні мен аудармасы) бірнеше рет басылып шықты және Шығыс пен Батыс елдерінде толып жатқан сыни әдебиет тудырды.

Алтыншы бөлім

МЕМЛЕКЕТ НЕГІЗДЕРІ ТУРАЛЫ

96-бөлімше. Мемлекет негіздерінің мінсіздігі туралы

1-тарау

Мемлекеттің негізгі элементтері: патша, министр, ауылдық жер, қамалды қалалар, қазына, әскер және одақтастар. Бұл орайда зипа патшаға мыналар тән: оның тегі асыл, бақ қонған, ақыл мен мінезге бай, қариялар мен көргені көптердің кеңесіне құлақ қоятын, әділ, шыншыл, уәдесінен айнымайтын, жомарт, барынша жігерлі, бір-ақ кесетін, қол астындағыларды тырп еткізбейтін, айтқанынан

қайтпайтын, ішмерездерді маңайына жолатпайтын, ақыл-кеңестен қашпайтын адам болуға тиіс. Ол маңайына жұртты үйіріп алатын қасиеттер, міне осылар. Ол білмекке құмар, оқуға, түйсінуге , есте сақтауға, танып-білуге, танып-білгені бойынша ой қорытуға, жарамсызды жуытпауға және ақиқатқа жетуге қабілетті болуға тиіс. Ол батыл, табанды, жылдам және епті болуға тиіс. Бұл – оның қызметін сипаттайтын қасиеттің өзегі. Ол ділмар, тапқыр, зерделі, зерек және күшті, ой-пікірі заңғар, жөнге көнгіш, ұсынақ, (жаулары) қыспаққа алғанда әскери күш қолданатын, жақсылық пен жамандық үшін тиесілісін жасырмай қайтаратын, ар-ұяттан аттамайтын, зұлматқа қарсы яки бодандарын қорғау үшін шара қолдана алатын, көреген, адамдарды дер кезінде және қолайлы жерінде дұрыс пайдалана білуге басты назар аудара алатын, бейбітшілікті, соғысты, жеңілдік беруді, қатаң шараларды, шарттарға адалдықты немесе жаудың осал тұсын пайдалануды таңдау кезінде шеберлік танытатын, өзін тежей алатын, көңілді, күліп отыратын, тура, оң қабақпен қарайтын, ашудан, сараңдықтан, тәкәппарлықтан, ұмытшақтықтан, қызбалықтан және өсекке бейімділіктен ада болуы тиіс. Ол жылы-жылы сөйлеуге, әңгіме кезінде күлімсіреп, сонымен бірге өзін лайықты ұстап, тәжірибелі адамдардың өсиеттеріне сәйкес қимылдауы керек. Патшаның тұлға ретіндегі жағымды қасиеттері осындай. [...] Мінсіз қазына мынадай болады. Оны яки (патшаның) ата-бабалары, яки оның өзі заңды түрде тапқан болуы тиіс, негізінен алтын мен күмістен, құндылықтардың жаңа түсімі болмайтын ұзақ зұлмат кезеңі тұсында (демеу болуға) жарайтын, әртүрлі әрі ірі асыл тастар мен монеталардан құралуы тиіс. Мінсіз әскер. Ол патшаға әкесі мен бабаларынан қалған, тұрақты, бұйрықты екі етпейтін болуға, ондағы жауынгерлер де, олардың әйелдері мен балалары да разы болуға тиіс, ол жорықтарда төзімді, беті қайтпайтын,

ауыртпалыққа шыдамды, ұрыстарда сыналған, тәжірибелі және қарудың барлық түрін меңгерген, ол баршылықта да, қиыншылықта да (патшамен) байланысты болғандықтан оған адал болуға, негізінен кшатриялардан құралуға тиіс. Мінсіз одақтастар. Олар патшаға әкесі мен атасынан қалған, тұрақты болуға, патшаның уысында болуға, адал, күшті және көмекке тез келетін болуға тиіс. Жаудың неғұрлым қолайлы түрлері мынадай. Олар патша тегінен шықпаған, пайдакүнем, қораш кеңесшілер алқаған, өзін жек көретін бодандарды басқаратын, тірлігі алғат, жаңғалақ, жігерсіз, тағдырға мойынұсынғыш, барлық ісінде дәйексіз, жақтастары жоқ, дәрменсіз және басқалардың көңілін үнемі қалдыратын болуға тиіс. Сондықтан жақсы қасиеттерден жұрдай, негізі шірік патша дүниенің төрт бұрышын билеп тұрса да бодандарының қолынан өледі немесе жауларының билігін екі етпейтін болады. Бірақ кімде-кім жері шамалы ғана болғанымен, (қажетті) жеке қасиеттерге, мемлекеттің кіршіксіз негіздеріне ие болса және басқарудың әдістерін білсе, бүкіл жерге әмірін жүргізеді және зиян шекпейді. [...]

97-бөлімше. Бейбітшілік пен еңбек туралы

2-тарау

Бейбітшілік пен еңбек молшылықтың негізі болып табылады. Еңбек деп біз бастаған ісін тындырғанға дейін тыным таппауды айтамыз. Бейнеттің зейнетін көруге саятын молшылық ләззатын біз бейбітшілік (немесе бейбіт молшылық) дейміз. Бейбітшілік пен еңбектің негізі саясаттың алты әдісі. Сол әдістерді (қолдану) нәтижелері – құлдырау, тоқырау және даму.

Бұл орайда адамның қолынан келетіні – дұрыс не бұрыс саясат. Табыс немесе сәтсіздік – құдайдың қолында. Өйткені құдайдың және адамның қарекеті дүниені шыр айналдырады. Не нәрсе көзге көрінбей істелсе, ол – құдайдың ісі. егер бұл қарекет кезінде күткен нәтижеге қол жетсе, онда бұл табыс. Керісінше болса – сәтсіздік. Көзге көрсетіп жасалған нәрсе – адамның қарекеті. Егер бұл орайда молшылыққа қол жетсе, бұл – дұрыс саясат. егер сорлатып кетсе – бұрыс саясат. Осынау (адам қарекеттері) танық. Құдайдың қарекеті – ғайып. Жеке қасиеттерге, байлыққа және мемлекеттің мінсіз негіздеріне ие патша – дұрыс саясаттың негізі және жеңуге негізі бар патша деп аталады. Оның айналасында, оның жерімен іргелес мекендеп қоршау түзетін фактор болады, ол – жаулар. Сол секілді біз басқа жерлермен бөлінген фактор (немесе негіз) барын да білеміз, ол – одақтастар. Жаулық белгілері білініп тұратын көрші патша – дұшпан. Егер ол пәлеге ұшыраса, оған қарсы соғыс ашу тиімді. Егер оның тірегі болмаса немесе оның қорғаныс құралдары әлсіз болса, онда оны құртып жіберуге болады. Керісінше болса, оны тықсыра түсу немесе әлсірету керек. Дұшпанның әрқилы түрі осындай. [...] Жері (жеңбек ниеттегі патшаның иелігімен) тікелей шекаралас (патша) негізгі жау. Егер ол рулас болса, онда оны табиғи жау дейміз. араздық туған немесе агрессиялық әрекеттер жасайтын жақ – жүре келе табылған жау. Жері басқа жермен бөлініп тұратын (патша) негізгі одақтас. Егер ол өз жұртынан не нағашы жұртынан болса, онда ол табиғи одақтас делінеді. Егер ол (жеңбек ниеттегі патшаға) одан ақа немесе күнкөрісіне қажет нәрсе алып жүргендіктен (немесе ол оған ақшв алғаны мен өмірі үшін қарыздар) қосылатын болса, онда ол жүре келе табылған одақтас делінеді.

(ІШКІ) САЯСАТТЫҢ АЛТЫ ӘДІСІ ТУРАЛЫ

98 және 99-бөлімшелер. Саясаттың алты әдісінің қысқаша мазмұны.
Құлдырау, тоқырау және даму ахуалын анықтау

1-тарау

(Сыртқы) саясаттың факторлар шеңбері – оның алты әдісін қолдану негізі. Ұстаздар айтады; бұл алты әдістің өзегі: бейбітшілік, соғыс, аңысын аңдау, шабуыл, қорғаныс іздеу және көлгір саясат. Ватавьядхи, шындап келгенде екі әдіс қана бар: бейбітшілік және соғыс, барлық алты әдіс те осыған келіп саяды, дейді. Каутилья болса, не десек те, әр түрлі жағдайларға сәйкес алты әдіс бар деп есептейді. Бұл жерде бейбітшілік деп (екі жақты да) байланыстыратын шарт жасасу, соғыс деп – зиян келтіру, аңысын аңдау деп – қалыс болу, шабуыл деп – (басып кіру) шараларын жасау, одақ деп – басқалардың көмегіне жүгіну және көлгір саясат деп – біресе соғысты, біресе бейбітшілікті (жағдайына қарай) қолдану саналады. (Саясаттың) алты әдісі осы. Егер біреу (басқадан) әлсіздеу болса, ол әлгімен бітім жасасуға тиіс. Басымы (басқаға) соғыс аша алады. “Не мені басқа, не мен оны жеңе алмаймыз” деп санайтындар аңысын аңдауға тиіс. Артықшылығы мен басымдығы бар патша шабуылдауға тиіс. Күші шамалылар (басқалармен) одақ іздеуге тиіс. Егер іс одақтастың жәрдемімен шешілетін болса, көлгір саясат ұстануы керек. Әдістердің анықтамасы – осы. Егер (патша) қайсыбір әдісті қолданғысы келіп, соны ұстанса өз иелігінде бекіністер, суландыру жүйелерін, сауда жолдарын, салуға, бос жатқан жерлерді қоныстандыруға және ағаштың қымбат тұқымдарын, сондай-ақ піл өсіруге қолайлы орманды көбейтуге болатынын, осынысымен жауының осындай істерді істеуіне нұқсан келтіре алатынын байқаса, сөйтіп осы әдісті шынында да қолданса, онда табысқа жетеді.

Өзінің табысқа жылдамырақ жететінін, оның көбірек болатынын және (болашақта) табыс келтіретін негіз барын, сондай-ақ жауында осыған керісінше жағдай болатынын білсе, (патша) жауының табысына немқұрайды қарауға тиіс. Егер (екі жақтың да) табысы бір мезгілде болып және бірдей нәтиже берсе, онда бейбітшілікте болғаны ләзім. Егер (белгілі бір патша) қайсыбір әдісті ұстанғанда өз қарекетінде тек (жағымсыз нәтижелерге) ұшырап, жауына нұқсан келтіре алмасын көрсе және осының негізінде ол әдіске жүгінбейтін болса, онда мұндай әдісті құлдырауға апаратын әдіс деп есептеу керек. Егер патша өз құлдырауы ұзаққа созылып, ал жауының құлдырауы тез бітетінін немесе уақытша құлдырау түптің-түбінде гүлденуге жеткізетінін, ал дұшпанында бұл жағдай керісінше болатынын байқаса, онда ол өзінің құлдырауына уақытша немқұрайды қарауға тиіс. Егер құлдырау екі жақта бір мезгілде болып, нәтижелері де бірдей болса, бейбітшілікте болған дұрыс. Қолданылған әдіс гүлденуге де жеткізбейтін, құлдырауға да соқтырмайтын болса, ол тоқырау ахуалына жетектейді. Егер патша тоқырау ахуалында өзінің шамалы уақыт қана боларын немесе бұл түбінде гүлденуге жеткізетінін, ал жауының жағдайы керісінше болатынын білсе, оның тоқырау (уақытша) ахуалына немкетті қарауы керек. [...]

100-бөлімше. (Неғұрлым күштіден) көмек іздеу туралы

2-тарау

Бір-бірімен достық қарым-қатынастағы (патшалардың) бірін таңдағанда (одақ іздеуші) солардың өзімен дос-жарына әрі өзіне бүйрегі бұратынына жүгіну керек. Бұл – одақтасудың (немесе көмек іздеудің) дұрыс тәсілі.

101 және 102-бөлімшелер. (Патшаның) тең, күштірек және әлсіздеу
(жауға) саясат әдістерін қолдануы. Әлсіздеумен бітім жасау

3-тарау

Жеңіске жеткісі келетін патша саясаттың алты әдісін өзінің күшіне сәйкес қолдануға тиіс. Өзімен күші шамалас немесе күші артығырақ елмен ол бейбітшілікте болуға тиіс. Ол әлсізіректермен соғыса алады. Өйткені күштірек жақ соғыс бастаса, әлгі ел пілмен айқасқан жаяу әскер сықылды болады. Егер ол өзімен тең жаумен соғысса, бір-біріне соқса сынып қалатын күйдірілмеген екі құмыра сияқты болады, бұл екі жақты да тек шығынға ұшыратады. Тек әлсізбен соғысқан ғана, қыш ыдысты сындырған тас секілді, табысқа жетеді. Егер күштірек жақ бейбітшілікті қаламаса, күшке мойынсұнғандай сыңай таныту керек немесе өзің күшейгенше айлакерлікке көшу керек. Егер теңдес бейбітшілікті қаламай, (бұл патшаға) қандай нұқсан келтірсе, сондай дәрежеде оған нұқсан келтіру керек. Өйткені от (металдарды) балқытады, бірақ балқымаған темір басқа темірмен біріге алмайды. Егер неғұрлым әлсіз барлық жағынан өзінің бағыныштылығын көрсетсе, онымен бітім жасау керек. Өйткені тауқымет тарттырғаны үшін кек қайтару ниетінен күш (немесе орман өртімен теңдес соғыс жалыны) пайда болып, (неғұрлым әлсіздерді де) жеңіске жеткізуі мүмкін. Сонымен бірге ондай (патша) өзі секілді мемлекеттер тарапынан қолдау табуы мүмкін. [...]

108–110-бөлімшелер. Кімге – (өзінің ахуалы жағынан) шабуылдауға
ыңғайлы объект болып табылатын жаққа ма немесе негізгі жауға ма –
шабуыл жасау керектігі туралы толғамдар. Нәтижесінде бодандар

мұқтажыдққа ұшырап, ашқарақтыққа барып, (өзінің әміршісіне)
дұшпан болып шығатын себептер. Одақтастарды (таңдау) туралы
толғамдар

5-тарау

Егер (жеңгісі келетін патшаның) екі көршісі бірдей қиыншылық құрсауында қалса, қайсысына қарсы аттану керек – негізгі жауға ма, әлде шабуыл жасауға ыңғайлысына ма деген (сұрақ туа қалғанда), негізгі жауға аттанған жөн. Егер онда табысқа қол жетсе, одан кейін шабуылдауға ыңғайлысына қарсы аттану керек. Негізгі жау жеңіп жатса, (басқасы) әлгі шабуыл жасауға ыңғайлысы, реті келіп жатса көмек беруі де мүмкін ғой, бірақ егер шабуыл жасауға ыңғайлысы жеңіп жатса, негізгі жау ешқашан олай етпес еді. [...] (...) Қиыншылықтары шамалы ғана болса да, негізгі жауға аттану керек, өйткені шабуылға ұшырағанның болмашы қиыншылықтарының өзі ауырға айналады. Рас, әрине, (шабуыл жасауға ыңғайлысының) елеулі қиыншылықтары одан әрмен ауырлай түсер еді, бірақ, бір жағынан, шабуылға ұшырамаған және қиыншылықтары болмашы (негізгі) жау өзінің қиыншылықтарын жеңіл еңсеріп, шабуыл жасауға ыңғайлыға көмекке келеді. Ол сонда (жеңгісі келетінге) ту сыртынан шабуыл жасайды. [...] Тағы мынадай сұрақ туындайды: неғұрлым күштірек, бірақ әділетсіз (патшаға) қарсы аттанған жөн бе, әлде әлсіз, бірақ елін әділ басқаратын патшаға қарсы аттанған дұрыс па? Неғұрлым күштірек, бірақ әділетсіз басқаратынға қарсы аттанған жөн. Егер күштірек, бірақ әділ басқармайтын билеуші шабуылға ұшырайтын болса, онда оның бодандары оған көмектеспейді, олар оны елден қуып шығуы немесе оның жауы жағына өтіп кетуі мүмкін. Егер шабуылға неғұрлым әлсіздеу, бірақ әділ

басқаратын билеуші ұшыраса, онда оның бодандары оған көмектеседі немесе ол қашуға мәжбүр болса, оған қол ұшын беретін болады. [...] Титықтаған бодандар ашқарақ болады және (өзінің патшасына) жауығып алады. Және жауығып алған соң, олар жау жағына шығып кетеді немесе өзінің патшасын өлтіріп тынады. Сондықтан бодандар титықтауын, ашқарақтығы мен жаулығын тудыратын себептерге жол беруге болмайды. Туындауы мүмкін себептерді шұғыл жойып отыру керек. [...] Одақтастарды соғыс жүргізуге немесе бітім жасауға итермелеген себептерді дұрыстап салмақтап алғаннан кейін ғана басқалармен бірге жорыққа аттану керек. (Одақтастарда) күш болса және адал болса ғана аттану керек. [...] Енді мынадай сұрақ туындайды: бірлескен жорыққа кіммен бірге бару керек – неғұрлым күштірек жалғызбен бе, әлде екі теңдеспен бе? Екі теңдеспен шыққан жақсы. Әйтпесе (жеңіске жеткісі келетін) патша неғұрлым күштінің үнемі ықпалында болады. Өзімен теңдестерден ол артықшылық пен пайда таба алады. Екеудің арасына араздық ұрығын себу оп-оңай, егер бірі дұшпан болып шықса, онда қалған екеуі оны ауыздықтай да, оған араздықтың зардабын тарттыра да алады. Тағы бір сұрақ туындайды: кіммен одақтас болған жақсы – өзіңмен теңдес жалғызбен бе, әлде неғұрлым әлсіз екеумен бе? Неғұрлым әлсіз екеумен одақтасқан жақсы. Өйткені олар тек екеуара ғана атқарылатын нәрсені атқара береді, сонымен бірге олар жеңгісі келетін, өздерінен күштірек патшаға бағынатын болады. [...]

Бөлім материалдарын қазақшалаған Қайролла Аманов.

4-бөлім. Ежелгі грек ойшылдарының саясй ой-танымдары

Демокрит (б. д. дейінгі 460–370 жылдар) – ежелгі грек философы әрі ғалымы, атомизмнің алғашқы өкілдерінің бірі. Демокриттің өмірі туралы сақталып қалған үзік-үзік мәліметтерден оның әртүрлі елдерге (соның ішінде Мысырға, Бабыл еліне, Иранға, Үндістанға, Эфиопияға) саяхаттары, оның танымының энциклопедиялық сипаты белгілі. Ол сол кездегі барлық ғылымдармен – философиямен, математикамен, медицинамен, филологиямен және тағы басқа ғылымдармен айналысқан. Оның толып жатқан шығармаларынан (Лаэрттік Диоген шамамен 70-ін санап шыққан) бізге тек 300-дей үзіктері (фрагменттері) жеткен. Беделді антика деректерінде философтың өзінің поэтикасы жағынан Платонның стиліне жақын қарапайымдығы, жеңілдігі мен сұлулығы мадақталады. Демокриттің тарихи орны ежелгі грек натурфилософиясының индивидуализм (даралық), дара болмыс ұғымдарын талдап, орнықтыруға бет бұруымен байланысты. Бұл атом туралы бөлінбейтін, әлдене дара бастау ретіндегі бастапқы қағидадан көрінеді, атом пайда болмайтын және жоғалып кетпейтін, ыдырамайтын, қандай да болсын сыртқы ықпалдан ықпайтын, абсолютті ештеңе, абсолютті бейболым ретінде бос кеңістікке қарсы тұрған шынайы болмыс деп танылады. Этиканы тұңғыш рет ғылымға айналдырған Демокрит. Ол адамның ең ғажап рахаты, барлық сезімдік және кездейсоқ нәрселерден арылу, рухтың мамыра айқындығы деп біледі. Идеялардың пайда болуын, ғылымдар, өнер мен кәсіпшіліктер саласындағы тарихи прогресті ол адамдардың мұқтажымен, қажетімен түсіндіреді. Демокриттің саяси ойы оның билік пен мемлекет, демократия мен бостандық туралы, қоғамдағы әділ сот және басқалар туралы терең толғамдарынан аңғарылады. Оның антика дүниесінің рухани дамуына айтарлықтай ықпал еткен негізгі идеялары біздің заманымызда да қызықтыра алады.

ҮЗІКТЕР (ФРАГМЕНТТЕР)

625. “Бостандық құлдықтан қаншалық жақсы болса, демократия тұсындағы кедейшілік патшалар тұсындағы [азаматтардың] алаңсыз өмірі дейтіннен соншалық артық”. 626. “Мемлекеттің мүддесін барлығынан да жоғары қоюға және оның жақсы басқарылуын күйттеуге тиіс; [бұған жәрдемдесемін деп] әділетке қарсы күш қолданбау және өз пайдасы үшін ортақ игілікке қарсы зорлық

жасамау керек. Өйткені жақсы басқарылатын қала – ұлы тірек; барлығы да сонда және ол аман болса, барлығы да дін аман, ал ол қаусап қалса, [сонымен бірге] барлығы да құриды”. 627. Өйткені, Демокрит айтқандай, “ортақ балықта сүйек болмайды”. 628. “Заң адамдардың өмірін жақсы жайғастырғысы келеді. Ал мұны ол өздеріне жақсы болуын адамдардың өздері қаласа ғана істей алады. Өйткені заң өзіне бағынғандарға (ғана) игі ықпал ете алады”. 629. [Адамға] дұшпан хайуандар мен сұмырайларға қарсы заңдар қалай жазылса, менің ойымша, адамдармен де солай істелуі керек. Ескі заңдар бойынша кез-келген мемлекеттік құрылыс тұсында заң тыйым салмайтын болса, [ел] жауы өлтірілуі [керек-ті]. Тек кейбір жергілікті киелер, шарттар мен анттар ғана мұны істеуге тыйым салады. 630. “Көрінген қарақшы мен пиратты сұраусыз өлтіру әркімге рұқсат етілуі керек; [ол] өз бетімен немесе біреудің айтақтауымен яки соттың шешімімен жасалса да [бұл өлтіру сұраусыз кетуге тиіс]”. 631. “Егер бір адам басқа біреуге зиянын тигізбесе, заңдар әркімнің өз қалауынша өмір сүруіне бөгет болмас еді. [Адамдардың арасында] ұрыскерістің басталуына қызғаныш себепші.” 632. Жетесіз [азаматтар] өздеріне тапсырылатын құрметті мансаптарға неғұрлым лайықсыз болса, соғұрлым масайрап, ақымақтық пен арсыздыққа бой алдырады”. 633. “Егер бақуат адамдар жарлы-жақыбайға қарызға ақша беруге, оларға көмектесіп, жақсылық жасауға бел байласа, бұл осы қоғамда азаматтардың [өзара] жанашырлығы, бірлігі, бауырмалдығы, бір-біріне қорған болуы, пікірлестігі және барлығын санап шығу мүмкін емес басқа да [көптеген] игіліктер бар деген сөз". 634. “Азамат соғысы жауласқан екі жақ үшін де қасірет. Өйткені ол жеңгендер үшін де, жеңілгендер үшін де бірдей апат”. 635. “Бір жағадан бас шығарғанда ғана, мысалы, мемлекеттің сәтті соғыстары сияқты ұлы істер атқарылады, басқаша болса бұл мүмкін емес”.

636. “Жақсы [азаматтардың] жеке өз ісін тастай салып, басқаның ісіне кіріспеуі керек, өйткені бұл олардың өз істері үшін жаман. [Екінші жағынан], егер кімде-кім қоғамдық істерді елемесе, тіпті ол ештеңе ұрламаса да, [жалпы] ешқандай әділетсіздік жасамаса да жаманатқа қалады. Өйткені [қоғамдық істерге] бейілді, әділетсіздік жасамайтын адам да жаманатқа қалып жатады, тіпті қандай да бір жағымсыз жайларға тап болады. Өйткені қате жасау – аяқ астынан, бірақ адамдардың кешіруіне ие болу қиын”. 637. “Зиянын тигізетіннің бәрін қайткен күнде де, (тіпті) әділдіктен аттап өтсең де, өлтіру керек. Және мұны істеген адам мұны істемеген адамға қарағанда кез-келген мемлекеттік құрылыс тұсында да жан тыныштығын, құқығын, ерлігі мен мүлкін тезірек сақтайды”. 638. “Адамдар [басшы кісілердің] сәтті істерінен гөрі олар жасаған қателіктерді көбірек есте сақтайды. Және мұндай [қатынас] дұрыс та. Шын мәнінде, сақтауға сеніп берілген ақшаны қайтарған адамды мақтаған жөнсіз, қайтармаған адамның бетіне басып, жазалау орынды десек, басшы болған кісі де тап сондай. Өйткені ол істі жаман жүргізу үшін емес, жақсы жүргізу үшін сайланған”. 639. “Басқарудың қазіргі пошымы тұсында билеушілердің, тіпті олар тым жақсы болса да, әділетсіздікке ұшырамауына кедергі болар ешқандай амал жоқ. Өйткені билеушінің өзінен басқаға [өзге біреудің алдында жауапты болуы] бағынуы оғаш, және де [басқа біреулерден үстем болған адамның] өзінің (бір жылдан соң) сол басқалардың қоластына түсіп қалуы оғаш. Сондықтан былай етілу керек: ешқандай әділетсіздік жасамаған [билеуші], тіпті ол әділеттік жасағандарды қатты қудалаған күнде де, [кейіннен] олардың қоластына түсіп қалмасын, бірақ қандай да бір заң немесе басқа [амал] әділетсіздік жасаған (билеушіні) қорғайтын болсын". [...] 640. “Табиғаттың [өзі] бойынша да басқару ең жақсының еншісі”. [...]

641. Мемлекеттік қайраткер өзін қадірлейтін адамдардың өзіне сүйіспеншілігі мен жақсы көзқарасына негізделген шынайы құрметі мен ілтипатына менсінбей қарамайды және (қоғамның өзі туралы) пікірін елеусіз қалдырмайды, сөйте тұра “жақындарына ұнаудан” қашып жүреді, Демокрит осыны талап еткен. 643. Достарға да, басқа жақын адамдарға да, ал кейде отандар мен мемлекеттерге де көптеген қайғы-қасірет көзсіз ашудан, (Ахиллдың) жұрттың бәріне белгілі қаһары ахеялықтарды қисапсыз апатқа ұшыратқаны секілді ерте заманда ғана емес, асырып айтқанымыз емес, күн сайын (төніп тұрады); (тіпті, Демокрит айтқандай, “қаншама ойлап табу мүмкін болса, соншама көп қайғы-қасірет” болып жатады және сол қайғықасіреттің бәрі де шектен тыс ашу-ызадан туындайды). 644. “Әдептілік заңға, өкіметке және ақылы асқанға бағынуды талап етеді”

Г. К. Баммельдің редакциясымен және түсініктемелерімен жарық көрген “Демокрит в его фрагментах и свидетельствах древности” (М., 1935. 236–240-беттер) атты еңбектен алынған. Қазақшалаған К. Әлпейісова.

Платон

(б. д. дейінгі 437–347 ж.ж.) ежелгі грек философы және әлеуметтік ойшылы, саясат ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Бай аристократтар әулетінен. Платонның саяси көзқарастары Афина қоғамының белең алған дағдарысы, құлдырауы мен азып-тозуы жағдайында қалыптасты. Классикалық полистің (қала-мемлекеттің) гүлденуі мен жойылуы, қарқынды әлеуметтік жіктелуі, қоғам мен мемлекеттің дамуы барысында билік тұрпаты өзгерді: аристократия олигархияға айналып бара жатты. Демократия саяси теңдікті көздейді, ал іс жүзінде аристократиялық және олигархиялық жайсаңдар билептөстеді. Платон “идеал” яғни “мінсіз” мемлекеттің үлгісін әзірледі, бұл орайда оған оның идеялар туралы, жан, инсаният (адамгершілік) және әділет туралы ілімі негіз етіп алынды. Платон бойынша, мемлекет жасағанның – идея иесі, ғарышты жаратушы Құдайдың құдіретімен пайда болады. Ол үш нәрседен – ақылдан, жаннан және тәннен құралады. Тән – өледі, ал парасатты, сұрапыл және опасыз бөліктерден құралатын жан – бақи, мәңгі. Платонның мінсіз мемлекеті өзінің философтарымен – дана, сақшыларымен – ержүрек, қол еңбегі адамдарының бағыныштылығымен – байсал. Байсалдылық, ержүректік және бағыныштылық секілді қасиеттердің ұштасуы әділетті мемлекеттік құрылысты сипаттайды. Осылайша, ойшылдың инсаният (этика) туралы және мемлекет (саясат) туралы ілімдері өзара етене байланысқан. Мемлекет дегеніміз – “біздің әрқайсымыз өзімізге өзіміз жеткіліксіз болып, көпке мұқтаж болғанымыхда өсіп шығатын ортақ мекен. Платонның саяси көзқарастарының серпіні "Мемлекет”, “Саясаткер”, “Заңдар” деген еңбектерінен аңғарылады. Платонның философиялық және әлеуметтік-саяси идеялары жалпы адамзаттық мәнге ие болып, ол ежелгі кезең шеңберінен көп ұзап шығып біздің заманда да сақталып отыр.

МЕМЛЕКЕТ

ТӨРТІНШІ КІТАП

Осы жерде Адимант килікті. – Егер, сен бұл адамдарды оншалық бақытты етпейді екенсің деп жатса, сен қалай қорғанбақсың, Сократ, – деді ол, – және бұған олардың өздері кінәлі екен: әсілі, шынын айтсақ, мемлекет солардың қолында ғой,

бірақ олар мемлекет беретін игіліктердің ешқайсысын пайдаланбайды екен, ал басқалар болса, егістік жерлер алады, үлкен, тамаша үйлер салады, оларды тиісінше жиһаздайды, құдайларға өздерінің ерекше құрбандықтарын шалады, жат жұрттықтарды құшақ жая қарсы алады, сен жаңа ғана айтқан – алтын мен күміске, жалпы бақытты өмір сүру үшін қажет нәрсенің бәріне ие болады. Тегінде, сенің сақшыларың мемлекетте тек қана күзет қызметін атқару үшін, жай ғана жалдамалы қосалқы отрядтар ретінде орналасатын секілді. – Иә, – дедім мен, – және мұның үстіне олар, басқалар секілді емес, азық-түлік үшін ғана қызмет етеді, одан өзге ештеңе алмайды, өз бетінше жат жерлерге бара алмайды, бақытты дейтіндер секілді гетераларға сыйсияпат жасай алмайды, өз бетінше өзге де шығындар жасай алмайды. Сен маған таққан айыбыңда осының бәрін және тағы сол секілді көп нәрсені ескермедің. – Несі бар, соның бәрін айыпқа қоса саламыз, – деді Адимант. – Демек, сен біз қалай қорғанбақпыз деп отырсың ғой? – Иә.

Мінсіз мемлекет үлгісі (утопия)

– Егер жолымыздан жаңылмасақ, айтар сөзді табармыз. Біз, былай дейміз: егер біздің сақшыларымыз нақ осындай жолмен неғұрлым бақытты болса, онда таң қаларлық ештеңе жоқ; айтпақшы, біз бұл мемлекетті оның халқының бір бөлігін қайдағы бір ерекше бақытқа бөлеуді көздеп құрмақшы емеспіз, керісінше, мемлекетті тұтасымен солай еткіміз келеді. Біз тап осындай мемлекетте әділет таппақпыз, ал әділетсіздік, керісінше, ең жаман мемлекеттік құрылыста, сондықтан осы байқауымыздың негізінде бізді ұзақ уақыттан бері толғандырып жүрген мәселені шешеміз деп есептедік. Қазір біз қиялымызда өзіміз ойлағандай бақытты, бірақ оның жеке бір бөлігінде емес, онда қадау-қадау адамдар ғана бақытты болатын

емес, барлығы тұтас алғанда бақытты болатын мемлекетті мүсіндеудеміз; ал мұнан кейін біз оған қарама-қарсы мемлекетті қарастырамыз. Бұл өзі былай болып шығады: біз сурет салып жатырмыз делік, көлденең біреу келеді де, тірі жанның ең сұлу бөліктерін көрсету үшін ең сұлу бояуларды пайдаланбағанымыз, мысалы, ең сұлу нәрсе көз ғой, біз оны қырмызы түспен емес қара түспен салыппыз, сол үшін апшымызды қуыра бастайды. Тегінде, осындай жазғырудан былай қорғанған орынды болар: “Әпенді-ау, біз көзді, ол тіпті көзге мүлдем ұқсамай қалатындай етіп соншалық сұлулап салуға тиіспіз деп ойлама; тәннің басқа бөліктері жөнінде де солай, –біз әрбір бөлікті тиісінше салғанда, тұтас сурет сұлу болып шыға ма – сен соны қара. Қазір де солай – бізді сақшылардың мансабына, оларды кім болса, сол болсын, тек сақшы етпейтін бақытты қосуға итермелеме. Біз егіншілерді де үлде мен бүлдеге орап, алтынға малындырып, жерді өздерің ләззат алу үшін ғана өңдеңдер, ал көзешілер ошақ алдына шалжиып жатып алып, мелдектегенше ішіп, жырғасын, көзе құралын өзіне таман жылжытып қойып, кәсібімен өзінің қалауынша ғана шұғылдансын дей алар едік. Мемлекет соншалық гүлденуі үшін біз басқадардың бәрін де осылай бақытты ете аламыз. Жоқ, үгітің аулақ, егер сені тыңдасақ, онда егінші де егінші, көзеші де көзеші болмайды, жалпы, мемлекетті құрайтын адамдардың ешқайсысы өз әлпетін сақтай алмайды. Айтпақшы, кей жағдайда бұл соншалық маңызды да емес. Егер етікшілер іске жарамай, бұзылып кетсе, бірақ өздерінің шын бейнесін өңге етіп көрсеткісі келмесе, бұдан мемлекет құрып кете қоймас. Ал бірақ, заңдар мен мемлекеттің күзетінде тұрған адамдар тек сондай болып көрініп, іс жүзінде басқа болса, сен олардың мемлекетті ту-талақай ететінін, сөйтіп тек солар ғана жақсы жайғасып, мейманасы таситынын көресің”. Егер біз сақшыларды шын сақшылар ете алсақ, олар мемлекетке ешқандай жамандық жасамайды. Ал әлдебір егіншілер туралы олар

мемлекеттің мүшелері сияқты емес, бүкілхалықтық той-думанның төрт құбыласы түгел әуейі қатысушылары сияқты көйітетіндер мемлекетті емес, басқа бірдеңені айтатын болар. Мынаны шешіп алуымыз керек: біз сақшыларды олардың өздерінің ең жоғары әл-ауқатты болуы үшін қоямыз ба, әлде біздің тұтас алғанда мемлекет пен оның гүлдене беруін күйттеуіміз керек пе. Сақшылар мен олардың көмекшілерін осыған жәрдемдесуге көндіріп, олардың да, басқалардың да өз ісінің үздік шеберлері болуы керектігін бойына сіңіруіміз керек. Демек, мемлекетіміздің өсуі мен абаттануы барысында барлық жіктерге олардың табиғи қабілеттеріне сәйкес ортақ гүлденуге өз үлестерін қосу мүмкіндігін беру керек. – Меніңше, сен жақсы айтып отырсың. – Бірақ саған осыған өте ұқсас нәрсе жөн сөз болып көрінер ме еді? – Нақты не нәрсе? – Байқалық, барлық басқа шеберлерді азғырып, содан да олар бұзылып кетіп жүргені... – Сен нені меңзеп отырсың? – Баршылық пен жоқшылық. – Ол қалай? Былай: байып кеткен көзеші, сеніңше шеберлігін ұштай түскісі келе ме? – Қайдан! – Қайта ол барған сайын жалқау, салдыр-салақ бола түседі ғой? – Тіпті кері кетеді. – Яғни ол ең нашар көзеші болып шығады ғой? – Солай, әрине. – Ал жоқшылықтан ол сайман немесе өзінің кәсібі үшін керек басқа бір затты сатып ала алмаса, оның бұйымдары нашарлай түсетін және ол өзінің ұлдары мен басқа шәкірттерін осы іске нашарырақ баулитын болады ғой.

– Иә, дәл солай.

– Ендеше, анадан да, мынадан да – жоқшылықтан да, баршылықтан да

– бұйымдар да, шеберлердің өздері де нашарлай түседі ғой.

– Айдан анық.

СЕГІЗІНШІ КІТАП

– Солай-ақ болсын. Біз екеуміз, Главкон, үлгілі ұйыстырған мемлекетте әйелдер, балалар да ортақ болуға тиіс, олардың бүкіл тәрбиесі де ортақ болады; әскери және бейбіт істер де тап солай ортақ болады, ал осының бәрінің патшасы философия мен әскери істе бәрінен озғандар болады дегенге келісіп едік қой. – Иә, біз бұған "жә" дескенбіз. – Және билеушілер тағайындалған бойда өздерінің әскерлерін алып, біз бұрынырақ тілге тиек еткен баспаналарға орналастырады; ешкімнің ешқандай меншігі болмайды, бәрі де бәріне ортақ болады деп уағдаласқанбыз. Баспанадан басқа, есіңде болса, біз оларда қандай мүлік болатынын сөз еткенбіз. – Есімде, қазіргі жұрттың бәріндей емес, ешкім ештеңе алмауы керек деп ұйғарғанбыз. Әскери істе жүрген біздің сақшылар күзеткені үшін басқа азаматтардан бір жылға жететін азық-түлік түрінде сый алады, ал олардың міндеті бүкіл мемлекет қамы болады дегенбіз. – Дұрыс айтасың. Мұны осымен қайырдық екен, енді бұрынғы жолымыздан жаңылмау үшін, біз басқа сүрлеуге түсіп кеткенше нені сөз еткенімізді есімізге түсірейік. – Еске түсіру қиын емес. Сен мемлекеттің құрылысы туралы пікіріңді шамамен дәл қазіргідей сөздермен аяқтаған болатынсың, нақтылай түссек, сен біз қарастырған мемлекет пен соған сәйкес келетін адамды жақсы деп санайсың, ал сен одан да тамаша мемлекетті және тиісінше сондай

адамды38 нұсқай алар едің. Мұндай мемлекеттік құрылыс дұрыс болса, дедің сен, басқаларының бәрі де сырқау.

Сырқау мемлекеттік құрылыстың төрт түрі

Ұмытпасам, сен сырқау мемлекеттік құрылыстың төрт түрі бар және олардың сырқаулығына анық көз жеткізу үшін, оларды талдап-түстеп алу керек-ау дегенсің; тап сол тиісті адамдарға да қатысты дегенсің: олардың да бәрін қарастырған абзал. Өзара мақұлдасып алған соң, біз ең жақсы және ең жаман адамды алып, ең жақсы адам – ең бақытты адам, ал ең жаман адам – ең бейшара адам деген рас па, әлде мүлде басқаша ма, соны көрер едік. Мен мемлекеттік құрылыстың қандай төрт түрін айтып тұрғаның туралы сұрақ қойған кезімде бізді Полемарх пен Адимант бөліп жіберді де, біз осы мәселеге таяғанша сен солармен әңгімелестің. – Сен ештеңені ұмытпапсың. – Ендеше, сен палуан39 сияқты тап сондағы күйіңді тап та, менің нақ сол сұрағыма сонда қалай жауап бермек болғаныңдай жауап бер. – Тек соған шамам келсе. – Ал менің шынымен де тағатым таусылып, сенің мемлекеттік құрылыстың қандай төрт түрі туралы айтпағыңды білгім келеді. – Естисің, бұл қиын емес. Мен тап танымал түрлері туралы айтпақпын. Көпшілік криттік-лакедемондық құрылысты құптайды. Екінші орында одан азырақ мақұлданатын олигархия тұр: бұл жаманшылығы толып жатқан мемлекеттік құрылыс. Одан көп бөлек демократия содан туындайды. Атышулы тирания бұлардың бәрінен де бөлек – бұл мемлекеттің төртінші және өте қатты сырқаты. Бәлкім, сенде мемлекеттік құрылыстың қандай да бір түрде айқын көретін өзгеше идеясы бар шығар? Өйткені мұрагерлік билік пен ақшаға сатып алынатын патшалық билік,

38 Бәлкім, бұл жерде Платон “Федонада” және “Мемлекеттің” Х кітабында шабыттана бейнелеген сезім әлемінен тыс кіршіксіз өмір меңзелген болуы керек. 39 Схолиаст мұны палуандардың кәсіби сөзі, күресте екі жақ та тең түссе, белдесуді қайталау керек деп есептейді.

сондай-ақ осыларға ұқсас мемлекеттік құрылыстар аталған құрылыстардың ішінде әлдебір аралық жағдайда тұр ғой және варварларда эллиндерден кем ұшыраспайды? – Иә, бұл туралы талай ғажайыптар айтылады. – Сонымен, сен мемлекеттік құрылыстың қанша түрі болса, әртүрлі адамдарда қалай да сонша рухани қалып түрі болатынын білдің. Әлде сен мемлекеттік құрылыстар мемлекеттерде байқалатын, салмағы басым болған соң, басқасының бәрін өзіне тартатын құлықтардан емес, еменнен бе, жартастан ба – әйтеуір бір ғайыптан балалайды деп ойлайсың ба? Мүлде олай емес, тек сол құлықтан ғана.

Енді мінездің бес қалыбының мемлекеттік құрылыстың бес
түріне сәйкес келуі туралы

– Демек, мемлекет түрлері бесеу екен, ендеше әртүрлі адамдарда әртүрлі бес жан құрылысы болуы керек. – Сонымен? – Жақсылардың басқаруына – аристократиялық басқаруға сәйкес келетін адамды біз електен өткіздік және оны жақсы да әділетті адам деп дұрыс таныдық. – Иә, біз оны електен өткізіп алдық. – Енді біздің жамандарды да, басқаша айтсақ, лакедемон құрылысына сай келетін өзара күндес, атаққұмар адамдарды, содан кейін – олигархиялық, демократиялық және тираниялық құрылыс адамдарын сипаттауымыз, бұл ең бейәділет құрылысты ең әділетті құрылысқа қарсы қойып көрсетуіміз үшін керек, сол арқылы бақыт немесе бейбақыт адам көзқарасы тұрғысынан таза әділет таза әділетсіздікке қалай қарайды деген мәселені саралауды аяқтауымыз қажет. – Әрине, тап солай істеу керек.

– Біз жеке адамдар құлқын емес, неғұрлым айқын аңғарылатындықтан мемлекеттік құлықтарды қарастырудан бастаған едік қой, сондықтан бұл жолы да алдымен атаққұмарлыққа (дөп келетін басқа сөз тіліме оралмай тұр, біз оны “тимократия” яки “тимархия” десек те бәрібір) негізделген мемлекеттік құрылысты алып, содан кейін соған сәйкес адамды қарастырайық; одан кейін – олигархия мен олигархиялық адамды; содан әрі демократияға көз тастап, демократиялық адамды қарастырамыз; ақыр аяғында тираниялықпен басқарылатын мемлекетке ауамыз да, тағы да тираниялық жан қалыбына назар аудара отырып, онда не істеліп жатқанын байқаймыз. Осылайша біз өзіміз белгілеген мәселелерде айтарлықтай мәліметі бар судьялар болуға тырысамыз. – Бұлай қарастыру дәйекті де толымды болар еді.

Тимократия

– Ендеше, аристократиялық басқару қандай амалмен тимократиялық басқаруға айналатынын көрсетуге талпынып көрейік. Бәлкім бұл мүлде оңай шығар және мемлекеттегі өзгерістердің түп тамыры ондағы билікке ие бөліктің ішінде туындайтын дау-жанжалдарда жатқан шығар? Егер онда татулық үстем болса, билікке ие топ мүлдем шағын болса да, құрылыс мызғымай қала береді. – Иә, нақ солай. – Біздің мемлекетімізді нақ не нәрсе шайқалта алады, Главкон, және онда жарандар мен билеушілер өзара не туралы керілдесуі мүмкін? Әлде біз екеуміз, Гомер сияқты, Музалардан, олардың бізге “дау-жанжал алғаш рет қалай кіргенін” айтып беруін жалбарынып өтінгенімізді қалайсың ба? Және де олар бізге асқақ леппен, трагедиялық ауанда және шындап жауап беріп тұрған сияқты, бірақ олардың бұл жауабы бар болғаны әзіл ғана, олар бізді жас баладай мазақтап қана отыр деп елестетіп көрелік. – Сонда олар бізге не дейді?

– Мынадай бірдеңе: “Осылай құрылған мемлекетті шайқалту қиын. Алайда, жаралғанның бәрінің ақыры болатындықтан, тіпті мұндай құрылыс та мәңгілік сақталмай, мүжіліп бітеді. Мұның өзі былай деген сөз: егіннің бітік болуы немесе болмауы жерден өніп шығатындарда ғана емес, сонда тірлік ететіндерде – жан мен тәнде де бола береді, дүниенің шырқ айналуы әрқашан белгілі бір циклды толық тәмамдайтыны сықылды: ғұмыры қысқа тіршілік иелерінде бұл цикл қып-қысқа, ғұмыры ұзақтарда – керісінше. Сіздер мемлекет басшысы ретінде тәрбиелеген жандар данышпан болса да, олар-дағы түйсікке негізделген толғам арқылы сіздің тұқым үшін ұрпақ келтірудің ең сәтті шағын және, керісінше, ұрпақ келтірмеу шағын басқа адамдардан артық көрсетіп бере алмайды. Олар мұны ұға алмайды, сондықтан олардың өздері де сәтсіз уақытта бала тапқызады. Құдайдың ықыласы ауған ұрпақ үшін кіршіксіз санмен қамтылатын шырқ айналу болады, ал адамзат ұрпағы үшін мынадай бір сан бар, оны – баршаның біріншісін – үш аралықты және төрт шекті (ұқсау, ұқсамау, өсу және азаю) қамтитын квадрат және куб дәрежелеріне шығару барлығын да өлшенетін және айтылатын етеді. Осы сандардың төрттен үші беске қосақталып үш рет ұлғайтылғаннан кейін үйлесімді екі тіркес береді, олардың біреуі – тең қабырғалы, яғни жүздікке қалдықсыз бөлінген, ал екіншісі – сол ұзындықта, бірақ созылыңқы; басқаша айтқанда, бестіктің анықталатын диаметрлерінің саны жүзге бөлінеді де, әрбір жолы бөлінбейтін сан қалып отырады, ал анықталмайтыннан екіден алынып, олар жүз рет үштің кубына бөлінеді. Тұтастай алғанда бұл геометриялық сан және оның бала туудың жақсы және жаман сапалы болуында шешуші мәні бар. Бұл біздің сақшыларымызға беймәлім болып қала берсе, сөйтіп олар қалыңдықтар мен күйеу жігіттерді дер мезгілінде қоспаса, қабілеті табиғатынан жақсы және таланына бақытты тағдыр жазылған балалар туылмайды. Алдыңғы сақшылар бұл балалардың ішіндегі ең жақсыларын өздерінің мұрагерлері етіп тағайындайды, бірақ бәрібір олар лайықты болмайды да, өздерінің әкелерінің мансабына ие

болысымен, өздерінің сақшы екендіктеріне қарамастан, бізді елемей шыға келеді. Мусикалық (музыкалық) өнерді, одан соң гимнастикалық өнерді олар тиісінше бағаламайды; сондықтан бізде бозбалалардың білімі кемшін болады, әрі олардың ортасынан Гесиод ұрпақтарын сақтап, сынап отыруға онша қабілетті емес билеушілер шығады, өйткені сіздерде де олар сондай ғой, яғни, алтын, күміс, мыс және темір. Темір күміспен, ал мыс алтынмен араласып кетсе, ауытқулар мен жосықсыз қоспалар туындайды, ал мұның өзі, қай жерде туындаса да бірден дұшпандық пен дау-жанжал өрбітеді. Дау-жанжал қай жерде туындамасын, оның “мәңгілік табиғаты сондай” екендігін мойындау керек". – Мойындасақ, Музалар бізге дұрыс жауап беріп отыр. – Олар Музалар болғандықтан, бұл ғажап емес. – Ал осыдан кейін олар не дейді? – Дау-жанжал туындаған екен, бұл әрбір ру өз жағына тартады деген сөз: темір мен мыс рулар пайдакүнемдікке, жер мен үйлер, сондай-ақ алтын мен күміс алуға бет бұрса, кедей емес, керісінше, өзінің табиғатынан бай алтын мен күміс ру жандарын ізгілікке және көне құрылысқа беттеткен. Бір бірімен күресе, бәсекелесе келіп, олар ақыр аяғында бір тоқтамға келген: жер мен үйлерді бөлісіп алып, оларға жеке меншік белгілеуге келіскен, осы кезге дейін өздерінің достары және асыраушысы ретінде қорғап келген адамдарды ауыл жұмыскерлері мен малайлар жасап, құлдарға айналдыруға ұйғарған, ал өздері әскери іспен және күзет қызметімен айналыса бастаған. – Бұл өзгеріс, меніңше, сол кезден басталған сияқты. – Демек, мұндай мемлекеттік құрылыс – аристократия мен олигархияның арасындағы бірдеңе. – Сөз жоқ. – Бұл өту осылай жасалады; сонда мемлекеттік құрылыс қандай болады? Тегінде, бір жағынан ол, аралық кезеңде болғандықтан, өзінің

алдындағы құрылысқа, ішінара – олигархияға еліктейтін болар, дегенмен, онда өзіне тән, ерекше бір жақтар болады ғой. – Иә, болады. – Билеушілерді құрметтеуде, ел қорғаушыларының егіншілікпен, қолөнершілікпен, нәпақа айырудың басқа да түрлерімен айналыспауында, жиналып той өткізуден, тән жаттығуларына, әскери сайыстарға қатысуда – осындай нәсрелердің бәрінде бұл құрылыс өзінің алдындағы құрылысқа еліктейтін болады. – Иә. – Онда кемеңгер адамдарға мемлекеттік мансап беруден қорқады, өйткені онда солардай риясыз, бүкпесіз адамдар жоқ, тек аралас құлық адамдары ғана бар; онда жұрт рухы өжет адамдардың жағына, сондай-ақ қарапайымдау адамдардың – бейбітшіліктен гөрі соғыс үшін жаратылған адамдардың жағына бейімделетін болады; онда әскери қулықтар мен айлашарғылар құрметтеледі, өйткені бұл мемлекет үнемі соғысумен болады. Бұл құрылыстың толып жатқан ерекшеліктері міне, осындай болады. – Иә.

Олигархия

– Бұдан кейінгі мемлекеттік құрылыс, менің ойымша, олигархия болар еді. –Қандай құрылысты сен олигархия деп білесің? – Ол мүліктік цензге негізделетін құрылыс; онда билік басында байлар тұрады, кедейлер басқаруға қатыспайды. – Түсінемін. – Әуелі тимократияның қалайша олигархияға айналатындығына тоқталу керек пе? – Иә, әрине. – Бұл өтудің қалай жасалатыны соқырға таяқ ұстатқандай ғой?

– Қалай? – Жеке адамдардың қоймаларында алтынның жинақталуы тимократияның түбіне жетеді; олар ең алдымен оны неге жұмсауға болатынын іздестіреді де, сол үшін заңдарды оншалық елеп-ескермей, оларды суша сапырады; байлардың өздері де, олардың әйелдері де сөйтеді. – Әрине. – Содан соң, кімнің қай ісі оңғарылғанын аңдап, бір-бірімен жарысып, олар бүкіл халықты өздеріне ұқсатады. – Бұл да түсінікті. – Дүниеқоңыздық жолынан жаңылыспай ілгерілеуді олар неғұрлым көп бағалаған сайын, олар ізгілікті соғұрлым аз құрметтейді. Байлық пен ізгіліктің ара қатынасы осындай, оларды таразының екі табағына салсаң, қашан да біреуі басып тұрады емес пе? – Әрине. – Мемлекетте байлық пен байларға бас иілсе, демек, онда ізгілік пен оған ие жандар кем бағаланатын болғаны. – Анық солай. – Ал адамдар қашанда нені бағалы деп санаса, соған құлдық ұрып, бағаланбайтын нәрсені менсінбейді. – Ол солай. – Мұның аяғы мынаған апарып соқтырады: көзге түсіп, құрметке ие болуға ұмтылудың орнына пайдакүнемдік пен дүниеқоңыздыққа әуестік белең алып, байлар мақұлданады – соларға тәнті болады, мемлекеттік мансаптарға соларды тағайындайды, ал кедейлер онда құрметтен жұрдай. – Әрине. – Мүліктік ценз белгілеу заңға және олигархиялық құрылыстың нормасына айналады; бұл құрылыс неғұрлым олигархиялық болса, ценз де жоғарырақ; олигархиялық нышан неғұрлым аз болса, ценз де төменірек. Белгіленген мүліктік цензі жоқтар билікке жолатылмайтыны алдын-ала хабарланады. Мемлекеттік құрылыстың мұндай түрінің таянышы қарулы

күшті қолдану немесе бұрын-ақ қорқытып-үркіту жолымен орнатылған. Осым дұрыс емес пе? – Иә, дұрыс. – Қысқасы, ол солай орнатылады. – Иә. Ал оның бағыты қандай және, біз айтқандай оған тән сырқаулық неде? – Басты сырқау – оған негіз болған норма. Өзің ойлап көрші: егер кемелерде жолбасшыны мүліктік цензге сәйкес тағайындап, ал кедейді, ол кемені басқаруға әлдеқайда қабілеттірек болса да, жолатпаса... – Кемені мұндай басқару түкке де тұрмас еді! – Басқару талап етілетін кез келген істе де тап солай емес пе? – Мен де тап солай деп ойлаймын. – Мемлекетті қоспағанда ма? Немесе мемлекетте де солай ма? – Онда әлдеқайда көбірек, өйткені оны басқару өте қиын, ал бұл істің маңызы орасан зор. – Міне нақ осы олигархияның ең әуелгі ірі кемшілігі болар еді. – Тегінде, солай. – Ал бұдан кейінгісі соншалық маңызды емес пе... – Нақты не нәрсе? – Мынау, мұндай мемлекет әу бастан-ақ біртұтас болмайды, онда былай қарасаң екі: біреуі – кедейлердің, екіншісі – байлардың мемлекеті болатын сияқты. Олар бір жерге ұйысса да, өмір бойы біріне бірі қастық ойлаумен болады. – Зевстің атымен ант етейін, бұл сырқаудың маңызы тіпті де кем емес. – Бірақ мынау да оңып тұрған жоқ, олар, тегінде, ешқандай соғыс та жүргізе алмайды, өйткені, сөзсіз былай болып шығар еді: олигархтар тобырдың қолына қару беріп, олардан жаудан бетер қорқар еді, не тобырды қаруландырудан бас тартып, өздерін тіпті әскери істе де нағыз олигархтар ретінде көрсетер еді. Мұның үстіне олар ақшасын аяғандықтан, соғысқа бола шығындалғысы келмес еді.

– Бұл жақсы емес. – Сонда қалай болғаны? Біз мұндай мемлекеттік құрылыс тұсында бір адамның жерді де өңдейтінін, ақша да табатынын, әскери қызметті де атқаратынын, яғни бірден барлық іспен шұғылданатынын бұдан бұрын да құптамап едік қой. Әлде, сеніңше сол дұрыс па? – Тіпті де дұрыс емес. – Қарашы, тап сондай құрылыс тұсында барлық кінараттың ең сұмдығы белең алмай ма? – Нақты қандайы? – Өзінің барлық мүлкін сатып жіберу мүмкіндігі – ол басқа біреудің меншігіне айналады – ал сатқаннан кейін оның бір де бір жігіне жатпай-ақ, яғни, не іскер болмай, не қолөнерші болмай, не салт атты болмай, не гоплит болмай, бірақ кімдерді кедейлер мен жалаңаяқтар деп атасақ, солар болып, сол мемлекетте тұра береді. – Мұндай құрылыс бейне бір сол үшін құрылғандай! – Олигархиялардың тұсында мұндай жағдайға ештеңе кедергі жасамайды, әйтпесе онда біреулер шектен тыс бай, ал екіншілері мүлде кедей болмас еді. – Дұрыс. – Мынаған да көз жүгірт: бай адам өз қаражатын жұмсаған кезде, бұл осындай мемлекетке, біз жаңа ғана айтқандай мағынада, қандай да бір пайда бере ме? Яки бұл оның билеушілер тобына жататындығының елесі ғана ма, ал шынын айтқанда, ол мемлекетте билеуші де емес, бодан да емес, жай ғана дайынды шашушы емес пе? – Иә, бұл бар болғаны елес қана, ал іс жүзінде ол малын шашушы ғана. – Егер сен қарсы болмасаң, біз бал арасының кәрезінде пайда болған еркек ара – аралар үйірі үшін қандай дерт болса, мынадай арамтамақ та – мемлекет үшін сондай дерт делік. – Әрине, Сократ.

– Және, Адимант, барлық ұшатын еркек араларды құдай бізгексіз жаратқаны, ал жорғалайтындарының біреулеріне бізгек бермеген, есесіне басқа біреулеріне сұмдық бізгек бергені рас қой. Бізгегі жоқтар – ғұмыр бойы – кедейлер, ал бізгек берілгендерден – қылмыскерлер деп аталатындар шығады. – Таза шындық. – Яғни, сен мемлекетте кедейлерді қай жерде көрсең де, сол жерде ұрлық істейтіндер, әмиян кесіп алып кететіндер, ғибадатханаларды былғайтындар және басқа да зұлымдық жасайтындар бой тасалайтыны анық қой. – Бұл анық. – Ендеше не керек? Сен олигархиялық мемлекеттерде кедейлерді көрмей жүрсің бе? – Ол жерде, билеушілерді қоспағанда, барлығы дерлік кедейлер. – Ендеше біздің, онда, басқа жағынан қарағанда, бізгектермен жарақтанған, тек өкіметтің құмбылдығының арқасында тежелетін қылмыскерлер де көп деуге хақымыз бар ғой? – Әрине, біз солай дей аламыз. – Онда біз адамдар теріс тәрбиеден балалаған білімсіздіктің және жаман мемлекеттік құрылыстың кесірінен солай болады деп мойындасақ қайтеді? – Иә, тап солай деп санайық. – Міне, олигархиялық мемлекет дегенің сол және онда қаншама зұлымдық жатыр (бәлкім одан да көп шығар). – Иә, мұның бәрі шамамен солай. – Олигархия деп аталатын құрылысты талдауымыз осымен аяқталсын: ондағы билік мүліктік цензге негізделген.

Демократия

– Демократия, менің ойымша, кедейлер жеңіске жетіп, өздерінің

кейбір қарсыластарын жойып, енді біреулерін аластап, қалғандарын

азаматтық құқықта басқалармен теңестіргенде және мемлекеттік мансаптарды үлестіріп болғанда (мұның өзі демократиялық құрылыста көбінесе жеребе тарту арқылы жүргізіледі) жүзеге асады. – Иә, демократия қарудың күшімен болсын немесе оның қарсыластары үрейленіп бірте-бірте жылыстағаннан болсын, тап солай орнатылады. – Оның тұсында адамдар қалай өмір сүреді? – деп сұрадым мен. – Және бұл мемлекеттік құрылыс қандай? Өйткені, оның демократиялық сипаттарға ие болатын адамға да әсер ететіні анық қой. – Иә, бұл айдан анық, – деп жауап берді Адимант. – Ең алдымен бұлар азат адамдар болады: мемлекетте толық еркіндік пен бүкпесіздік және не қаласаң соны істеу мүмкіндігі туады. – Солай деседі. – Ал бұл рұқсат етілетін жерде, әркім өз өмірін өз қалауынша құрады. – Иә, бұл айдан анық. – Мен ойлаймын, мұндай мемлекеттік құрылыстың тұсында адамдар өте қилы болады. – Әрине. – Былай қарағанда, бұл ең озық мемлекеттік құрылыс сияқты. Алуан түстермен боялған мата сияқты әртүрлі құлықтардан құралған бұл құрылыс бәрінен да тамаша болып көрінуі мүмкін. Бәлкім, алабажақ атаулыға сүйсіне қарайтын балалар мен әйелдер сияқты, көптеген адамдар мұны бәрінен де артық деп ұйғарар. – Әрине. – Оның тұсында, досым, мемлекеттік құрылысты таңдау өте ыңғайлы. – Сен нені айтпақсың? – Қалағаныңды істеу мүмкіндігінің арқасында ол мемлекеттік құрылыстың барлық түрін қамтиды ғой. Тегінде, егер біреудің бойында, екеуміз секілді, мемлекет құру тілегі пайда болса, оның демократия бар жерге аттануы қажет болады, сөйтіп, сол жерде, бейне бір басқарудың

алуан түрін сатып жатқан базарға тап болғандай, өзіне ұнағанын таңдап алу керек, таңдап алғаннан кейін, өз мемлекетін құруы керек. – Сірә, ол жерде үлгілер шаш етектен болғаны ғой. – Демократиялық мемлекетте басқаруға қатысудың, тіпті сен оған қабілетті болсаң да, ешқандай қажеті жоқ; басқалар соғысып жатқанда, соғысу да, бейбітшілікті аңсамасаң, басқалар сияқты бейбітшілік талаптарын сақтаудың да, өзің қаламасаң қажеті жоқ, демек, бағыну да міндетті емес. Және тағы да, егер қандай да бір заң саған басқаруға яки соттауға тыйым салатын болса, сен басқара да, соттай да аласың, тек басыңа сондай сақ ете қалсын. Бір қарағанда мұндай өмір ғажап және еліктіре жөнелетіндей емес пе? – Бәлкім, бірақ тек шамалы уақытқа. – Әрі кетелік. Онда сотталған кейбір адамдар жөніндегі рақымшылдық тамаша емес пе? Әлде сен ондай мемлекеттік құрылыс тұсында өлім жазасына немесе аласталуға кесілген адамдар, тіпті де қозғалмай, қоғамда шапқылап жүргенін көрмедің бе, бейне бір ешкімнің ісі жоқтай, ешкім де байқамайтындай ондай адам, тап бір жарты құдайдай шалқақтап жүр. – Иә, мұндайлар жетіп артылады. – Мұндай кешірімпаздық демократиялық қоғамның тіпті де ұсақтүйегі емес; керісінше, мұнда біз өз мемлекетіміздің негізін қалаған кезде маңызды деп санағанымыздың бәрінен жиіркену байқалады. Егер адамның болмысы керемет болмаса, дедік біз, ол ешқашан ізгілікті бола алмайды; егер сәби шағынан – ойындарда және оқуы кезінде – ол әсемдікпен таныспаса да солай болады. Ал демократиялық құрылыс, осының бәрін менмендікпен тәрк етіп, кімнің қандай істен кейін мемлекеттік қызметке ауысатынын ойлап бас қатырмайды. Адамға құрмет оның тобырға ілтипатына қарап көрсетіледі. – Иә, тым текті кешірімпаздық екен!

– Осы және осыған ұқсас қасиеттер демократияға – тиісті басқаруы жоқ, бірақ әрі рахат, әрі қилы-қилы құрылысқа тән. Оның тұсында теңдер мен теңсіздерді теңестіретін өзіндік бір теңдік бар. – Нені айтып отырғаның бізге жақсы таныс.

Тирания

– Ал, жақсы дос, енді тиранияның қалай пайда болатынын қарастырайық. Оның демократиядан өрбитіні, бұл, тегінде айқын шығар. – Айқын. – Олигархиядан демократия туындайтыны сияқты, демократиядан тирания тап солай пайда болмай ма? – Яғни? – Түпкілікті мақсат ретінде ұсынылған игілік – нәтижесінде олигархия орныққан мақсат – байлық болды ғой, солай ма? – Иә. – Ал байлыққа тойымсыз ұмтылыс және дүниеқоңыздықтан басқаның бәрін елемеу олигархияның түбіне жетті ғой. – Рас. – Ендеше былай, демократия игілік ретінде білетін және ол тойымсыз ұмтылатын нәрсе, тап сол оның түбіне жетеді. – Сеніңше ол не нәрсені игілік деп біледі? – Еркіндік. Демократиялық мемлекетте еркіндіктің тамаша екендігі және тумысынан еркін адамның тек осындай мемлекетте ғана тұра алатындығы туралы әңгімені ұдайы естисің. – Иә, мұндай пікірлер жиі айтылады. – Ендеше былай, мен жаңа ғана айта бастағанымдай, бір нәрсеге мұндай тойымсыз ұмтылыс және басқаларды елемеу сол құрылысты бұзып, тиранияға мұқтаждықты дайындайды. – Бұл қалай?

– Демократиялық құрылыс пен еркіндікке құмарлық жайлаған мемлекеттің басына ақымақ сақилар келе қалса, бұл мемлекет қоспасыз еркіндікке әуейі мас болады, ал өзінің мансапты адамдары жеткілікті кешірімшіл болмай, жұрттың бәріне шексіз еркіндік бермесе, оларды жазалайды әрі оларды жиіркенішті олигархияға бүйрегі бұрды деп айыптайды. – Иә, тап солай болады. – Өкіметтің айтқанын екі етпейтін азаматтарды онда түкке тұрмайтын ерікті құлдар секілді отымен кіргізіп, күлімен шығарады, есесіне бағыныштыларына ұқсас билеушілер мен билеушілеріне ұқсас бағыныштыларды үйде де, түзде де мадақтап, құрмет тұтады. Мұндай мемлекетте еркіндік жұрттың бәріне жұғысты емес пе? – Өйтпегенде қайтеді? – Ол, жақсы дос, жеке үйлерге де енеді, ақыр аяғында тіпті малдың да бойына сіңеді. – Мұны қалай түсінуге болады? – Мысалы, әкесі баласына ұқсауға дағдыланады әрі өзінің ұлдарынан қорқатын болады, ал ұлы – өзін әке сияқты ұстайды; онда ата-ананы құрметтеу, ығу жайына қалады (бәрі де еркіндік желеуімен!), кірмелер байырғы азаматпен, ал азамат – кірмемен теңеседі; шет елдіктер жөнінде де солай болады. – Иә, солай да болады. – Ал мұның үстіне басқа ұсақ-түйектер жамалады; тәртіп осылай болғасын мұғалім оқушылардан қорқып, соларға жағынады, ал оқушылар мұғалімдері мен тәрбиешілерін титімдей де сыйламайды. Жалпы жастар ересектерге еліктеп, ой-пікірде де, істерде де олармен жағаласады, ал үлкендер жастарға қарайлап, соларға еліктеп, сұмырай әрі пәрменшіл болып көрінбес үшін оңды-солды қылжақтап, малтасын езе береді. – Өте дұрыс аңғарғансыз.

– Бірақ мұндай мемлекеттің халқы үшін еркіндіктің ең шыңы: сатып алынған құлдар мен күңдердің еркіндігі өздерін сатып алғандардың еркіндігінен тіпті де кем емес. Айтқандай, біз онда әйелдердің еркектер жөніндегі және еркектердің әйелдер жөніндегі теңдігі мен еркіндігі қандай екендігін айтуды ұмытып кете жаздаппыз ғой. – Эсхилше айтқанда, “енді тіліміздің ұшында тұрғанын сөйлейміз”. – Нақ солай, мен де соны айтамын. Ал онда адамға тәуенді жануарлар басқа жерлермен салыстырғанда қаншалықты еркін деңіз – өз көзімен көрмесе, ешкім сенбес еді. Тұп-тура “Иттер дегеніңіз ие ғой”40 деген мақалдағыдай, жылқылар мен есектердің бұл жерде маңғаз, барынша еркін жүретіндігі сонша, қарсы келе жатқандар жол бермесе, оларды кимелеп тарта береді. Міне осылай қалғандарының бәрі де еркіндікке мас. – Сен тұп-тура қолмен қойғандай айтады екенсің; ауылға барғанда олардың бұл құқайын өзім де көріп жүрмін ғой. – Осының бәрін қорыта келсек, ең бастысы, өзің де байқап отырсың, азаматтардың жаны тіпті ұсақ-түйекке де аса сезімтал болып шығады: мәжбүрлеу атаулы әлдебір нәкес нәрседей олардың ашу-ызасын туғызады. Ал мұның ақыры өзің де білесің, өздерінің үстінен қарайтын ешкімнің де, ештеңенің де болмауы үшін олар тіпті жазылған да, жазылмаған да заңдармен есептеспеумен тынады. – Мен мұны жақсы білемін. – Сонымен, достым меніңше, тирания тап осындай басқарудан, осындай тамаша бозбаладай өжет басқарудан өсіп шығады. – Шынында да ол өжет. Алайда, әрі қарай не болады? – Олигархияда асқынып, оның түбіне жеткен сырқат осында – жүгенсіздік салдарынан одан да көбірек әрі күштірек асқынады да, демократияны құлдыққа түсіреді. Шынында да, шектен шыққан нәрсенің бәрі, мейлі ол ауа райының, өсімдіктердің немесе тәннің ахуалы болсын,

40 Схолиаст бұл мақал “басқарылушылар мен басқарушылардың ұқсастығы” дегенді меңзейтінін айтады.

қарама-қарсы жаққа күрт өзгереді. Бұл мемлекеттік құрылыста да кем байқалмайды. – Әрине. – Өйткені, әсіре еркіндік, тегінде жеке адам үшін де, мемлекет үшін де басқа емес, шектен тыс құлдыққа айналады ғой. – Солай болуы заңды да. – Ендеше былай, тирания қандай да бір басқа құрылыстан емес, демократиядан өрбиді; басқаша айтсақ, шектен тыс еркіндіктен көз көріп, құлақ естімеген қатыгез құлдық туындайды. – Бұл негізсіз емес...

Қоғам мен мемлекет туралы ілім

Қала, деп бастадым мен, менің ойымша, біздің әрқайсымыз өзімізденөзіміз жалғызсырап, көпті аңсасақ дүниеге келеді. Әлде сен қала негізі басқаша қаланады дей аласың ба? – Басқа ешқандайын да, – деп жауап қатты ол. – Демек, сонымен біздің біреуіміз басқаларды қандай да бір қажеттіктен қабылдайтын болсақ; көпке мұқтаж болып, біз қоңсы тұрғысы келген көптеген адамдар мен көмекшілерді бірге тұруға еліктіре алсақ, мұндай бірге тұру бізде қала деген атауға ие болады. Солай емес пе? – Еш күмәнсіз. Дегенмен әркім де басқамен араласқанда, басқаның араласып тұруына жол бергенде немесе осылай араласуды өзі қалағанда өзіме осы жақсы деген ой жетегінде болады ғой (Мемлекет, 369 С). Жұмыскердің қолы бос болса, жұмыс күтіп тұра бермейтін секілді, керісінше жұмыскердің жұмысты аракідік қана атқармауы керек қой. – Сол қажет. – Содан да бір адам бір істі қолға алғанда, басқа жұмыстың бәрін жиып қойып, табиғатқа сәйкес, қолайлы уақытта тындырса, көптеген жеке істер әрі жақсы, әрі оңай атқарылады. – Оған ешқандай күман жоқ. – Бірақ, Адимант, біз айтқан нәрсені даярлау үшін азаматтар төртеуден көп болуы керек, өйткені, егінші, егер өзіне жақсы соқа және егіншіліктің басқа да

құралдары қажет болса, оларды өзі жасамайтын болар; болатын құрылысшы да оларды өзі істемейді; тоқымашы да, тері илеуші де солай (Мемлекет, 370 С). Біз салғаннан басқа біреуін қала деп атауға тұрады деп ойлаған сен бақыттысың, деп тіл қаттым мен. – Неліктен олай емес? деді ол. – Басқаларды, деп жалғастырдым мен, қалалар деп көпше түрде атау керек, өйткені олардың әрқайсысы – көптеген қалалар, ойыншылар41 мағынасында алсақ, қала емес. Ол қаншалық кішкентай болса да, онда әрқашан бір-бірімен қырбай қалалар болады: біреуі – кедейлердің қаласы, екіншісі – байлардікі және екеуінде де – тағы да қалалар болады, оларға бір қала деп шабуылдасаң, әбден қателесесің; көп қала деп біліп шабуылдасаң біреуінің қолындағы: ақша, билік, тіпті адамдар секілдіні басқасына таратсаң – одақтастарың көп, дұшпандарың аз болады (Мемлекет, 422 Е – 423 А). Енді алдымен атаққұмар (оған басқа ат бере алмаймын, мүмкін оны тимократия немесе тимархия42 деуім керек шығар?) басқаруды зерттеп көрейік, одан соң сондай адамды да қарастырамыз; содан кейін олигархияны және олигархиялық адамды аламыз; одан әрі демократияға және демократиялық азаматқа көз саламыз және ақыр соңында, төртінші – тираниялық қалаға ауысып, оны зерделеп алып, назарымызды тираниялық жанға аударамыз. (Мемлекет, 545 В – С). Қандай пошымды сен олигархия деп атайсың? – деп сұрады ол. – Олигархия, деп жауап бердім мен, иеліктерді санаққа алып, бәсін белгілеуге негізделетін басқару, демек онда байлар басқарады, ал кедейлер басқаруға қатыса алмайды. – Түсінемін, деп тіл қатты ол. – Олай болса әуелі тимархиядан олигархияға өту қалай жүретіндігін айтсақ қайтеді? – Иә. – Бұл өту соқырға таяқ ұстатқандай, дедім мен. – Ол қандай сонда? – Әркімде алтын толы қойма, деп жауап бердім мен, бұл басқарудың түбіне

41 текст
42 текст

жетеді, өйткені байлар әуелі өздерінің шығыстарын ойлап табады да, сол үшін өздері де, олардың әйелдері де бағынбайтын заңдарды өзгертеді. – Ықтимал нәрсе, деді ол. – Содан кейін бір-біріне қарап және осылардың барлығына еліктеп қарапайым халық та солай істейтін шығар. – Мүмкін. – Содан да, деп жалғастырдым мен, қарпып қалуға одан әрі құнығып, азаматтар ақшаны неғұрлым көкке көтерсе, жақсылықты соғұрлым аяқ асты етпек. Байлық пен жақсылықтың арақатынасы, егер осы екі затты таразының екі басына салса, онда олар мүлдем тең болмайтыны осыдан емес пе? (Мемлекет, 550 D – Е). Енді тағы да, деп жалғастырдым мен, олигархиктен демократиялық адам қалай өрбитінін айталық. Оның пайда болуы көбінесе, сірә, былай жүретін болар. – Қалай? – Біз әлгінде айтқандай, тәрбиесіз өскен және сараңдық ережелерімен ауызданған бозбала масылдық балының дәмін татады да, өзінің бойында әртүрлі, әр текті және әрқалай көрінетін ләззат сезімін қоздыратын хайуандық әрі жабайы құлыққа бой алдырады, міне сонда, оның бойындағы олигархиялық құлық демократиялық құлыққа айнала бастайды деп біле бер. – Әбден-ақ дұрыс, деді ол. – Қалаға басқа, сырт жақтан көмек, бұрынғыға ұқсас көмек келген кезде оның басқару түрі өзгеретіні сияқты, – бозбалаға сырттан – басқа біреуден шыққан, бірақ оның өзінің тілегімен тектес және ұқсас белгілі бір тілектер көмектессе, ол да солай өзгермей ме? – Еш күдіксіз. – Ал осы көмекке, менің ойымша, оның олигархиялық құлқы жағынан, мысалы, оның әкесі немесе өзге туыстары жағынан басқа көмек қарсы қойылып, ол ақыл айту, сөгу түрінде көрінсе, әрине, оның бойында қарсылық және қарсылыққа қарсы тұру, яғни өзімен өзі күрес пайда болады. Сөйтеді де, демократиялық пиғыл кейде, меніңше, олигархиялық құлықтан шегінеді, сөйтіп кейбір тілектер жайына кетеді, енді біреулері, бозбаланың жанындағы ұят сезімі оянса, аласталады. – Иә, кейде солай болады, деді ол. – Содан кейін, алайда, аласталған тілектің кейбіреулері, әкенің надан тәрбиесіне тектестері, аракідік нәр алып, меніңше, тағы да ұлғайып, әбден бел алады. – Шынында

да әдетте солай болады, деді ол. – Сонда олар бозбаланы бұрынғы ойнаққа еліктіреді де, құпия әлпештеліп, көбейе түседі. – Өйтпегенде ше. – Ақыр аяғында, бозбала жанының қатпарларында ғылым да, мақтанарлық тірлік те, құдайдың сүйген құлдарының пайымында ғана ең жақсы сақшылар мен сақтаушылар болатын шынайы ойлар жоқ екенін сезіп, оны билеп алады. – Иә, әрине, солай да болады, деді ол. – Және осының барлығының орнын, меніңше, сол жерге желігіп жеткен жалған да өркөкірек сөздер мен пікірлер басып алады. – Міндетті түрде, деді ол. – Сондықтан ол қайтадан сол лотофагтарға43 барып, солардың арасында ашықтан ашық өмір сүрмей ме? Ал оның жанының берекелі жағына туысқандарынан көмек келе қалса, бағанағы өркөкірек сөздер, оның бойындағы патша қабырғаның қақпасын тас бекітіп, сол одақтас күшті тіпті жолатпайда да, жасы үлкен жеке адамдар айтқан жолдау сөздерді қабылдамайды, есесіне көптеген пайдасыз тілектерден нәр алып, күресте өздері жеңіп шығады да, ұятты ақымақтық деп атап, оны арсыздықпен итеріп тастап, қуып жібереді, ал байыптылықты әлсіздік деп атап, күйе жағып аластайды, қанағат пен шапағат шығынын да мешеулік пен қарабайырлық деп біліп, ығыстырып жібереді. – Міндетті түрде. – Сөйтіп, өздері тұтқынға алған, ұлы құпияларға бағышталған жанды содан бездіріп, арылтып болған соң сол жанға арсыздықты, менмендікті, зинақорлық пен ұятсыздықты салтанатты түрде, шуласып жүріп, енгізеді, мұның бәрін олар көкке көтеріп, бәрін мадақтап, тамаша атаулармен – арсыздықты білімділік, менмендікті – еркіндік, зинақорлықты – ғаламаттық, ұятсыздықты – ержүректік деп атайды. Қажетті игі тілеулестіктерден нәр алып өскен бозбала, деп сұрадым мен, содан осылай азат болып, қажеті де, пайдасы да жоқ ләззаттардың қақпанына түсіп, өзгеріп шыға келмей ме? – Еш күмәнсіз, деді ол, бұл айдан анық. – Осыдан кейін ол өз өмірінде ақшаны да, еңбегін де, ісін де, меніңше, қажетті ләззатқа емес, қажетсіз ләззатқа рәсуа етеді. Бірақ, егер, бақытына қарай, оның дырдуға салынуы шектен шығып

43 текст

кетпесе, егер ол толассыз дырду тыншығар неғұрлым ересек жасқа жеткен кезде, ол аласталғандар тілектерінің жағына шығады және өзінің бойына кейін сіңген жамандыққа мүлдем беріліп кетпесе, онда оның өмірі нақ белгілі бір деңгейде реттелген ләззат арасында өтетін болады: ол, бейне бір жеребе тастағандай, біресе әбден құмары қанғанша бұрын аласталған ләззатқа бой алдырады, біресе тағы да басқасына бой алдырып, олардың ешқайсысынан бас тартпай, бәрін тең ұстауға тырысады. – Әрине. – Ал, ләззаттың, деп жалғастырдым мен сөзімді, біреулері құптарлық та ізгі, ал екіншілері – жаман тілектерден туындайды, сондықтан біріншілерін жұғыстыру, құрметтеу керек, ал екіншілерінен тазарып, тізгіндеу керек десе, – бұл ақиқат сөзді ол жақтырмай, өз қамалына жолатпас еді, мұндай ақылды естіген кезде, басын шайқап, ләззаттың бәрі тең, демек бірдей құрметтелуі керек дер еді. – Міндетті түрде, деді ол, кімнің көңілі неге ауса, соны істейді. – Ол күн сайын, деп жалғастырдым, өзінің кездейсоқ тілектерін қанағаттандырумен өмір сүрмей ме?. Біресе маскүнемдікке салынады, флейтада ойнап ләззат алады, содан соң тағы да қара суға қанағаттанып, өзін азаптайды; біресе жаттығады, енді бірде жалқаулыққа бой алдырып, ештеңеге алаңдамайды; біресе философиямен айналысқан болады, бірақ көбіне саясатқа бой ұрады да, кенет атып тұрып, не болса соны айтып, соны істейді. Әскери адамдарға қызыға қалса –соларға барады; ал өсімқорға қызыға қарай қалса –солардың ортасына кіріп кетеді. Оның өмірінде тәртіп те, заң да жоқ: оны жағымды, еркін де мамыражай деп атап, соны барынша пайдаланып бағады. – Күмән жоқ, деді ол, сен бір енжар адамның өмірін бейнелеп бердің. – Бір ойым, деп жалғастырдым мен, мұндай адам сан қырлы және көптеген мінез белгілерін бойына сыйдырған; ол сонау бір қала44 сияқты тамаша да ала-құла: оның басқару мен құлықтың талай-талай үлгілерін байқатар өміріне кейбір ерлер мен әйелдер қызыға қарар еді (Мемлекет, 559 D – 561 Е).

44 текст

Достым, дедім мен, менің ойымша, тиранияны тудыратын тамаша да пысық өкімет дегеніміз міне осындай. – Иә, пысық!, деді ол, бірақ содан кейін ше? – Олигархияға жұғып, түбіне жеткен сол бір дерт, деп жауап қаттым, жүгенсіздік салдарынан демократияға күштірек жұғып, оны табанға салады. Шынында да, не нәрсе тым асыра жасалса, сол қарамақарсы жаққа ұлан-ғайыр бетбұрысты туындатады: жыл мезгілдерінде де, өсімдіктерде де, тәндерде де солай болады, басқаруда да, құйттай да кем емес, тап солай. – Мүмкін, деді ол. – Өйткені шамадан тыс еркіндік жеке адамды да, қаланы да табиғи түрде тұп-тура құлдыққа жетектеуге тиіс. – Мүмкін. – Сондықтан, деп жалғадым сөзімді, тиранияның өзге басқарудан емес, нақ демократиядан, яғни, ең шырқау еркіндіктен табиғи өрбуін – өте күшті және аса қатыгез құлдық, деп ойлаймын (Мемлекет, 563 Е – 564 А). Алғашқы күндерде және алғашқы кезде, дедім мен, ол (тиран) күлімсіреп, кездескен адамының барлығын құшақтайтыны, өзін тиран демейтіні, жеке және ортақ тірлікте көп уәде беретіні, қарыздардан босататыны, халыққа және өзіне жақын адамдарға жер үлестіретіні және жұрттың бәріне бірдей мейірбан да момақан болып көрінгісі келетіні рас емес пе? – Қажет, деді ол. – Егер сыртқы дұшпандардың біреулерімен ол татуласса, ал екінші біреулерін тентіретіп жіберсе, сөйтіп бұл жағынан алаңсыз болса, қарапайым халық өзіне көсем қажеттігін сезінуі үшін ол әу баста соғыс шығарғысы келеді деп ойлаймын. – Әрине ғой. – Ақша шығара отырып, халық кедейшілікке көнбей ме? Және де күн сайын тамағын табуды ойлап, сол арқылы оған жамандық ойлауға мұршасыз болмай ма? – Айдан анық. – Ал егер ол кім де кімнің ойы бұзық, сондықтан билептөстегенімді құптай қоймайды деп секем ала бастаса, пәнәйі себеппен дұшпандарының арасындағы сондайлардың көзін жоймай ма? Және осының бәрі үшін тиранға үздіксіз соғыс шығарып отыру қажет болмай ма? – Қажет болады. – Солай ете берген соң, ол барған сайын азаматтардың өшпенділігіне тап бола бермей ме? – Қалай тап болмасын? – Сонда оның көтерілуіне көмектескен және күші бар азаматтар онымен де,

өзара да батыл сөйлеспей ме, және егер ерекше жүректілері табылса, ағымдағы оқиғаларды нашарлатуға ұйғармай ма? – Әбден мүмкін. – Сондықтан да тиран, егер билікті уысында ұстап тұрғысы келсе, қандай да бір пайда күтуге болатын дос та, қас та қалмағанша олардың барлығын білдірмей жоюға тиіс болады (Мемлекет, 566 D – 567 В). Біз ой елегінен өткізген қала шын мәнінде данагөй секілді, өйткені ол ізгі кеңеске құлақ асады. Солай ғой? – Иә. – Бірақ дәл осының – ізгі кеңеске ден қоюдың өзі, белгілі бір дәрежеде білім болуы керек, өйткені жақсы кеңес надандықпен емес, біліммен беріледі ғой. – Анық солай. – Ал қала туралы білім толып жатыр және әрқилы ғой. – Енді қалай. – Ендеше қаланы дана деп, жақсы кеңеске ден қояды деп үй салушылардың білімділігі үшін атамаймыз ба? (Мемлекет, 428 В – С). Табиғатпен үйлесімді жайластырылған тұтас қала саны ең аз жік бойынша, тап өзінің бір бөлігі бойынша, ондағы бастықтардың және үкіметтің істері бойынша дана бола алады. Бұл, тегінде, біреуінің өзін өзге білімдердің даналығы деп айтуға болатын білімге ие болу құқығы бар, табиғатпен жарасқан ең кішкентай ру болуы мүмкін. – Сен өте әділ айтып отырсың, деді ол. – Ендеше, төртеудің бірі міне сол: біз оны қалай тапқанымызды да, оның өзі қандай екендігін де, қалада қай жерде тамыр жаятынын да білмеймін. – Иә, меніңше, дөп басып тапқан секілдіміз. Ержүректік дегенімізді – оның өзі бойынша да, оның қаладағы мекені бойынша да қала неліктен солай аталуы керектігі бойынша да – тап басып тану қиын емес. – Қалайша? – Қала үшін күресіп, шайқасып жатқан бөлігіне емес, дедім мен, басқасына қарап қорқақ немесе ержүрек деп кім айта алар еді? – Ешкім де өзгесіне қарамас еді, деп жауап берді ол. – - Өйткені ондағы басқалар, дедім мен, қорқақ немесе ержүрек бола тұрып, оны анадай не мынадай ете алмас еді. – Әрине, солай. – Ендеше, қала өзінің кейбір бөлігі бойынша ержүрек бола алады, өйткені онда барлық кезде де қауіпті естен шығармайтын күш болады, бұл солар ма және заң шығарушы тәрбиесінен солай деп жариялағандай ма? Әлде сен ержүректік

деп басқаны айтасың ба? – Сенің не айтқаныңды мен онша түсіне алмадым, қайтадан айтшы, деп жауап қатты ол. – Ержүректік – белгілі бір сақтау, деп жалғастырдым мен. – Қандай сақтау? –Қауіптер жөніндегі заң туралы, бұл қауіптер дегеніміз не және олар қандай екендігі туралы тәрбиемен алынған пікірді сақтау. Жалпы мен ержүректікті сақтау дейтін себебім, адам қайғыда да, ләззат алуда да, қалау-тілектерінде де, қорқыныштар тұсында да сол пікірінен бұлжымай, одан ешқашан таймайды. Егер қаласаң, мен оны, меніңше неге ұқсаса, соған ұқсатайын. – Иә, қалаймын. – Сен, деп сабақтадым сөзімді, – бояушылар жүнді қырмызы қызыл түске бояу үшін әуелі толып жатқан түрдің ішінен біреуін – ақ түсін таңдап алатынын, сосын жүн осы түске жақсылап боялу үшін алдын-ала көп еңбек жұмсайтынын, содан кейін ғана дайындалған жүнді бояйтынын білмеймісің. Және осы тәсілмен боялғандардың барлығына бояудың сіңетіні сондай, оны тазартқыш заттармен жуса да, онсыз жуса да, бояуды кетіре алмайды. Ал өйтпесе, дайындап алмай, осы түспен немесе басқа түспен бояса не шығатынын білесің бе? – Білемін, деді ол, бояу солғындап, ала-құла болып шығады. – Ендеше есіңде болсын, деп тіл қаттым мен, жауынгерлерді іріктеп, оларды музыка мен гимнастикаға үйреткенде мүмкіндігінше біз де осыны істейміз. Біз, олар заңдардың – негізгі бояудың, өздерінің сенімі бойынша, ең жақсысын таңдап, табиғат пен таза тамақ алғанда, өздерінің бояуы бәрін де бытыстыратын және мұны әрқилы халастардан45, дақ кетіретін ұнтақтан, басқа да тазалайтын заттардан күштірек әсер алатын нәрселермен, мысалы, ләззатпен, қайғымен, үреймен және тілектермен оңып кетпесін деп ең үрейлі және барлық басқа заттар туралы пікірге бой алдырады демейтініміз сияқты, басқа бір нәрсені көздеп отыр екен деп ойлама. Міне осындай күшті және үрей тудыратын не тудырмайтын заттар туралы дұрыс та заңды пікірден ешқашан таймауды мен ержүректік деп атап, соны ержүректік деп білемін, әлде сен оны басқа бір нәрсе деп білемісің. – Басқа ештеңе деп білмеймін,

45 текст

деді ол, өйткені сен дәл сол нәрсе туралы білімсіз туған дұрыс пікірді – тағылық әрі құлдық пікірді оншалық заңды емес деп санайсың және оны ержүректік емес, басқа бірдеңе деп атайсың. – Әбден әділін айтып отырсың, дедім мен. – Сонымен мұны ержүректік деп білемін. – Иә, солай деп, бері салғанда саяси ержүректік деп біл, дедім мен, соның дұрыс болады. Келесі жолы, егер қажет болса, біз оны бұдан да жақсырақ қарастырамыз; ал қазір біз мұны емес, әділетті қарастырамыз; өйткені ержүректік туралы жеткілікті айтылды деген ойдамын. – Сен жақсы айтып отырсың, деп тіл қатты ол. – Енді, деп сабақтадым мен, қалада көз тоқтатуымыз керек тағы екі нәрсе қалды, олар – байыптылық және осының барлығын тілге тиек еткенде іздегеніміз –әділет. – Иә, әрине. – Байыптылыққа сөз шығындап жатпау үшін әділеттілікті қалай тапсақ екен? – Мен қайдан білейін, дедім, біз байыптылықты қарастырып алмай жатып оның ашылғанын қаламас та едім. Егер менің көңілімді бірлегің келсе, осыны әлгіден алдын қарастырасың.– Көңіліңді бірлегім келетіні күмәнсіз ғой, дедім мен, тек әділетсіздік жасап алмасақ болғаны. – Қарастыршы, деді ол. – Қарастыру керек, дедім мен, сонымен, егер байыптылыққа осы көзқарас тұрғысынан қарайтын болсақ, ол алғашқыларға қарағанда симфония мен гармонияға көбірек ұқсайды. – Қалай? – Бұл бір ғарыш, деп сабақтадым мен: байыптылық, ләззат пен тілектерден тартыну дейді және ол қандай да бір бейнеде тіпті өзінен де биік көрінеді және осы тектес басқаның бәрі соның сүрлеуі деп үстейді. Солай емес пе? – Бәрінен осы дұрыс болар, деп жауап берді ол. – Десе де өзінен биік деген сөз күлкілі емес пе? Өзінен биік өзінен төмен де, ал кім төмен болса, сол өзінен биік те болуы мүмкін ғой, өйткені осы ұғымдардың бәрі бір ғана адам туралы ғой. – Қалайша бір ғана болмасын? – Осы сөзбен, тегінде, адамның өз бойында, оның жанына қатысты жақсы да, жаман да бар деген ой айтылатын болар, егер тумысынан жақсы қасиет жаманнан бой тартатын болса, мұны өзінен биік болу дейді – бұл мақтау мағынасында; ал жақсыны жаман нәр немесе әңгіме тұқыртып, көп жаманмен салыстырғанда жақсының маңызы кеми

түссе, бұл дегеніміз мұндай адамды жақтырмай күстаналау және оны өзінен төмен, ұшқалақ деп атау болып шығады. – Солай атау да керек. – Енді біздің жас қаламызға көз жүгірт, деп жалғастырдым мен, сен одан осының біреуін табасың. Ол, деп әділін айтасың, егер тек жақсылық жамандықтан басым тұрғанын даналық және биіктік деп санар болсақ, ол өзінен биік деп есептеледі. – Иә, байқап тұрмын, деді ол: сен шындықты айтып отырсың. – Сөйте тұра толып жатқан, алуан түрлі тілектерді, ләззаттарды және қайғыны көбіне-көп барлығынан да – әйелдерден де, малайлардан да, еркін деп аталатын, бірақ татымсыз көптеген адамдардан да ұшыратасың. – Әрине. – Ал қарапайым да ұстамды, тек ақыл мен дұрыс ой одағымен басқарылатын қасиеттерді сен табиғатынан ең жақсы және білімі жағынан ең жақсы аз ғана адам бойынан ұшыратасың. – Рас, деді ол. – Сенің қалаңда көпшілік пен татымсыздардың тілектері азшылық пен қарапайымдардың тілектері мен парасатына бағынышты болуы орынды екенін көрген шығарсың? – Көріп тұрмын, деді ол. – Демек, егер қандай да бір қаланы ләззаттан, тілектен және оның өзінен биік қала деп атау керек болса, онда солармен бірге бұл қаланы да солай атау керек. – Еш күмәнсіз, деді ол. – Ал осының барлығы бойынша біз оны байыпты қала демейміз бе? – Дәл солай, деді ол. – Және тағы да: қандай да бір қалада басқарушылар мен бағыныштылар кімнің басқаруы керектігі туралы бірдей ойда болса, бұл жағдайда да тап сол орынды. Әлде саған бұлай емес сияқты ма? – Керісінше, тап солай сияқты, деді ол. – Міне, көрдің бе? Біз дәйекті түрде байыптылықтың біршама гармонияға (жарасымдылыққа) ұқсас екенін анықтадық. – Бұл қандай жарасымдылық? – Байыптылықтың ержүректік пен даналық секілді еместігін: оның екеуі де қаланың белгілі бір бөлігінде болып, біріншісі оны ержүрек, екіншісі – дана етеді; ал байыптылықтың ықпалы ол тұтас бір қалада орнатылып, ақыл айтумен бе, күшпен бе, көптігіңмен бе, ақшамен бе, осы тектес басқа бірдеңемен бе, әйтеуір бұл оның барлық шектерінде біресе естілер-естілмес, біресе өте күшті, біресе орташа, бірақ бір әуенге сәйкес дыбыстармен үн қатады;

сондықтан біз байыптылық дегеніміз, қоғамда да, әрбір адамда да кімнің басшылық жасауы керектігі туралы ортақ пікір табиғаты жағынан жақсы мен жаманның татулығы десек, әбден-ақ жөн айтқан болар едік. (Мемлекет, 428 Е – 432 А). Қаладағы істерде әрбір азамат өзінің табиғаты қаншалық бейім бір затты өндіруі керек. – Иә, айтқанбыз. – Ал өзіңнің оңтайыңа келетінін өндіріп, көрінгенге ұмтылмау әділеттілік екендігін біз басқалардан да естігенбіз, өзіміз де жиі айттық. – Иә, айтқанбыз. – Досым-ау, деп сөзімді сабақтадым мен, әділет дегеніміз қалай да болып жататын нақ осымыз, өзінің тірлігін жасау ғой. Неден осындай қорытынды жасағанымды білесің бе? – Жоқ, айтшы, деді ол. – Меніңше, қаланың біз зерттеген жақсылықтарынан, яғни, байыптылығынан, ержүректігі мен даналығынан қалғаны әлгіндегілердің барлығының адам бойына енуіне күш беретін және кімге енсе, оның бойында бар кезде оның құтқарылуына қызмет ететін нәрсе. Бірақ сол қалғанын, әлгі үшеуі табылған кезде, біз әділет деп атадық (Мемлекет, 428 Е – 432 А). Етікшінің жұмысын атқаруға бел байлаған балташы, немесе балташының жұмысын атқармақ болған етікші аспаптары мен іс сырын өзара алмасса, не біреуі екеуінің де істерін атқаруға тырысып, бәрін де өзгерте бастаса, қалаға қатты зиян келтіреді деп ойлайсың ба? – Онша емес, деді ол. – Бірақ кімде кім тумысынан суретші немесе басқа бір өнеркәсіпші бола тұрып, не байлығына, не көптігіне, не күшіне, не осы тектес өзге бірдеңеге мастанып, бұлай етудің қажеті жоқ болса да соғыс немесе әскери істер шеңберіне – кеңесшінің және тәртіпші ісінің шеңберіне сұғынуды ұйғарса, сөйтіп сол екеуі аспаптары мен іс сырын өзара алмасса, яки тіпті біреуі барлығын да істегісі келсе, сен де келісерсің деп ойлаймын, сол осы алмасу және ісінің көптігі арқылы қалаға зиян келтірер еді. – Дәл солай. – Демек, жақсылықтың үш түрі тұрғанда көп істілік пен істі өзара алмасу қалаға өте зор зиян тигізеді және қастық деп әбден орынды аталады. (Мемлекет, 434 А – С).

Қарауылдар мен қарауыл әйелдер бізде бүкіл тірлігін бірлесе атқаруы керек; сонда біздің сөзіміз, мүмкін және пайдалы нәрселер туралы болғандықтан, діттеген жерінен шығады. – Шынында да, сен көп даудан құтылып кеттің, деді ол. – Бірақ сен одан да зорын, көргенде, әлгіміз ойыншық екен дейсің. – Айтшы кәне, көрейін, деді ол. – Осы және басқа бұрынғы заңдардан кейін келесісі келеді деп ойлаймын, деп жалғастырдым мен. – Қандай? – Сол әйелдердің бәрі сол еркектердің бәріне ортақ болуға тиіс, олардың бірде-бірі бір еркекпен жеке тұрмауы керек бала өзінің әкесін, әкесі – өзінің баласын білмеуі үшін – балалар да ортақ деген. – Бұл соның мүмкін екендігіне және соның пайдалы екендігіне сенбеуден әлдеқайда зор нәрсе, деді ол. – Пайда жағына келетін болсақ, бұл тек мүмкін болса, әйелдердің де балалардың да ортақ болуы асқан игілік екендігіне күман келтірер деп ойламаймын, деп жалғадым мен сөзімді. Мұның мүмкіндігі жөніндегі күмән көбірек болар деп жорамалдаймын. (Мемлекет, 457 С – D).

Платон

МЕМЛЕКЕТ. ЗАҢДАР. САЯСАТКЕР

Алғысөз

Мемлекет философиясы

Объективті идеализм атасының көзқарастар жүйесі діни дүниетанымға бейім. Ол дүниені құдайдың құдіреттімен орнатылған тәртіп, асқар парасат жайып салған “заттардың тамаша түзілімі” деп қабылдайды. Бұл микродеңгейде әлеуметтік, мемлекеттік тұрғыдан ұйымдастырылған дүниеге де, макродеңгейде ғарышқа да қатысты. Алайда, Платонның қоғам мен мемлекетке деген көзқарасын христиандықтың, ойшылдың қазасынан кейін үш жарым ғасырдан соң пайда болатын әлемдік діннің рухани, абсолютті еркін және жеке сипаттағы Құдайына деген сеніміне негізделген спиритуалистік көзқарас деу қиын. Платонның іргелі идеясы – тұтас алғанда осы “түзілімнің” кез-келген сатысында: ғаламда, мемлекеттік өмірде, адамның өзінде болатын тәртіп пен жарасымдылық идеясы. “Мейлі мүлік, тән, жан немесе кез-келген тіршілік иесі болсын – әрбір заттың құндылық қасиеті өзінің барша сұлулығымен кездейсоқ пайда болмайды, ол соның бойындағы жинақылық арқылы, соған жұмсалған өнер арқылы көрінеді... Яғни, бұл әрбір затқа тән, әрбір зат үшін ерекше, әрбір затты жақсы ететін қандай да бір тәртіп”. Грек философтарының көпшілігіне дүниені біртұтас деп синтетикалық қабылдау тән болса Платонда ол сымбатты да артық-кемі жоқ тәртіп ретіндегі универсум туралы ұғымға айналады. Тәртіптің платондық принципі нақ саяси тұрғыдан хатталған қоғамдық болмысқа, мемлекеттілікке – ал антика ойшылы үшін қоғам көбіне-көп мемлекеттің синонимі – барынша тікелей қатысты, ол тәртіп бәріне өзек: “аспан мен жерді, құдайлар мен адамдарды аралас-құраластық, достық, ізгілік, қанағат

және қаяусыз әділет біріктіреді; сол себепті де олар біздің Ғаламды “тәртіпсіздік”, “жүгенсіздік” демей, “ғарыш” деп атайды”. Христиан шіркеуі аталарының ғасырлар өткеннен кейін тұжырымдалған көзқарасынан өзгеше, Платон бойынша мемлекет қоғамды ұйымдастырудың өткінші, уақытша пошымы емес, тату тұруға және бірлескен күш-жігермен инсанияттың (адамгершіліктің), әділеттің және руханилықтың салтанат құруын орнықтыруға қабілетті адамдардың ортақ өміріне бастайтын пошым... Платонның әлемдік жанның бір бөлігі ретінде танитын, сезетін және қалайтын үш құрамдас бөліктен тұратын адамның жиынтық жаны туралы, біртұтас қоғамдық ұйымда таптардың немесе сословиелердің бөлінуі туралы, сондай-ақ жанның жоғарыда айтылған бөліктеріне сәйкес келетін ізгіліктер туралы ой-толғамдарының барысын оқырман оп-оңай аңдап, ізерлей алады. Салған жерден айта кетелік, антик философ өзінен соншалық кейін болашақтағы христианданған орта ғасырлық Еуропада жүздеген жылдар бойы орын алған сословиелік бөлінуді таңғаларлықтай дәлдікпен болжай білген. Одан басқа, әлеуметтік этикада ол жеке адамгершілік мақсаттарды емес, жүзеге асыру үшін мемлекет жинақтап, бағдар беріп отыратын ортақ мақсаттарды артық қойды. Мәселені бұлай қою еркін даралықты ортақ игілік мүдделеріне айтарлықтай бағындыру болатын, бірақ сонымен бірге әрбір индивидуумның жақсылықтарын жіктеп алуға жетелейтін. Мемлекеттік тұтастықтың құрамдас бөлігі – әрбір адамның өзінің табиғи бейіміне және оның әлеуметтік жағдайына сәйкес келетін жақсылықты дамытуы керек. Әділеттен көрініс табатын жақсылықтардың жарасымды бірлігін философтар қамтамасыз етеді. Олар шағын жақсылықтарды биік жақсылықтарға, яғни даналыққа бағындыра алады, мемлекеттік идеялардың, патриоттық мұраттардың және гуманистік құндылықтардың баршасы мен бірлігін қамти алады. Сократтың шәкірті Платон белгіленген мемлекеттік тәртіп пен парасатты бірлесіп өмір сүруді қолдап отырудың әдістері ретінде

мәжбүрлеу мен басып-жаншудан үзілді-кесілді бас тартады. Ол мемлекеттіліктің өмір сүруінің ең асыл мінсіз мақсаттарына оларды қамтамасыз ететін құралдар да сәйкес келуі керектігін жақтайды. Бірақ сонымен бірге Платон ұстазының позициясын да еңсереді, өйткені ол, біреулердің екіншілерден адами және зияткерлік артықшылықтарына негізделген болса да, бағынушылықты көздейді. Сократ адамгершілік тұрғысынан өзін-өзі жетілдірумен, өмірден парасатты да еркін ләззат алумен, білім мен даналық жинаумен шектеледі, ең алдымен “өзіңді өзің таны” деп үйретеді. Осы позицияның жаңғырығы Платонда да кездеседі. Адамдар арасында ынтымақстастық, өзара көмек қатынастарын орнатудағы мемлекеттің басты тетіктері, Платонның ойынша, бағындыру мен үстемдік емес, ағарту мен тәрбиелеу, жазалау емес, көзін жеткізу. Платонның идеяларын, әдебиетте кездесетіндей тоталитаризммен салыстыру оншалық әдептілікке жата қоймайды, өйткені адам қызметінің барлық түрлерін түп-тұқиянымен мемлекет тарапынан шектеп отыру, мәжбүрлеп бақылау және басып-жаншу онда тіптен де жүйе құрайтын факторлар болып табылмайды. Грек данышпаны тілге тиек ететін билік пен субординация – табиғи қажеттілік. Ол адамдардың тумысынан әртүрлі болатындығынан ғана емес, мүмкіндігінше әділ теңдікті қолдан жасауға деген әлеуметтік қажеттіліктен де туындайды. Адамдар жарық дүниеге бір-біріне ұқсамай келеді, бір адам – бір іске, екіншісі – басқасына қабілетті. Сондықтан әркімнің өзі неғұрлым қабілетті іспен шұғылданғаны ыңғайлырақ та жақсырақ. Айналысар істі бөлу де осыдан, адамдардың арасындағы қатынастардың реттелуін көздейтін олардың бір-бірін қажетсінуі де осыдан туындайды. Егер әркім өзінің табиғаты бойынша бәрінен де көбірек бейім ісін уақтылы, басқа ештеңеге алаңдамай істейтін болса, талап етілгеннің бәрі де көбірек, оңай да жақсырақ жасалады. Индивидтердің табиғи әртүрлілігі мен бірдей еместігі Платон үшін айқын факт. Оның кіршіксіз қоғамы теңгермешілік пен қалыптаудың, ұсақ-түйек шектеу мен эгалитаризмнің прокруст тезінен өткен “бірдей” адамдардың

тобыры емес. Оның ойшылдық тарихындағы тұңғыш және аса ірі мінсіз “Мемлекет” жобасын бос қиял, "іш пысқандықтан" туған толғам деп қабылдауға болмайды. Бұл әлеуметтік стратификацияның аса терең ойластырылған, нысаналы жоспары, оның мақсаты байлар мен кедейлердің, күштілер мен әлсіздердің, білімділер мен сауатсыздардың өзімшілдік мүдделерінің қақтығысу ықтималдығын мүлде жою, қоғамдық антогонизм мен әділетсіздік сойқанының алдын алу. Ойшыл өзінің алдына қойған, қолдан келмес дерлік, ұланғайыр міндет – “байлық пен кедейлікті” аластау. Мұның біреуі сән-салтанатқа, жалқаулыққа, жаңалықтарға, екіншісі – жаңалықтардан басқа – жамандық пен азапқа жетелейді. Платонға тарихи болашақты болжай білу кемеңгерлігінің, зергерлік тапқыштық пен жауапкершіліктің, өз болжамдарының бұрмалану қаупін, өз идеяларының түсіндірілуіндегі жайдақтық пен қарадүрсіндікті, олардың саудаға салынатынын, өмірге күштеп ендірілуін ойлап уайымдаған пайғамбар байыптылығының сирек ұштасуы тән. Ол кейбір жұмыстарда қылаң беретін, әлдене мүсіркеушілікке тіпті де негіз бермейді, және “оның талантына мұндай табынушылардан” идеялар әлемінің шырқау биігіне "көтеріледі" де, бірден “орасан зор ара қашықтыққа алыстайды. Платон өзінің негізгі дүниетанымдық алғышартына сүйенеді, оның ойынша екі дүние бар; оның бірі – кіршіксіз дүние, ол ешқашан нақты дүние болмайды, екіншісі – нақты дүние, ол қалыптасып келе жатқан, кіршіксіз болмысқа ие болмаған дүние. Дүниелердің бірі парасатпен, екіншісі сезімдермен танылады. Шын болмысты тану және түсіндіру процесі шексіз. Пенделерде ақиқат білім болмайды, дүниені танып-білу екіталай. Жинақталған мәліметтер қоғамдық қатынастарды түбегейлі және сәтсіздік атаулыдан ада түбірінен қайта құру үшін ғылымға ешқашан жеткілікті болмайды. Мемлекеттік даналық теоретиктері мен әділетсіздікке қарсы стихиялы эмоциялық қарсылық практиктерінің күш-жігерін біріктіру арқылы

әлеуметтік өзгеріс жасаудың табысқа жететіндігін принципінде терістей отырып, Платон дегенмен қоғамның бейбіт, мәдени дамуын жақтайды. Платон ортақ игілік идеясын алға тартқанда идеалист, мінсіз мемлекеттің инсанияттық тұғырларының беріктігін асыра бағалайды, Сократ өсиет еткен этикалық проблематикаға "малтығады". Бұл екеуі де жақсылық жасауды біліммен байланыстырады, барлық жақсылықтардың бірлігін білім біріктіреді дейді. Бірақ одан кейін Платон әлеуметтік болмыс туралы неғұрлым дұрыс та дәл түсінікке негізделген басқа да жақсылықтарды мойындайды. Адамның қоғамдық-саяси, мемлекеттікқұқықтық өрістегі ағат құлқын ол надандық пен адасудың салдары деп қана емес, сабырдың жетіспеуінің, адам өзімшілдігінің, парасатсыз елігушілігін қадағалап отырудың әлсіреуінің нәтижесі деп түсіндіреді. Осыдан келіп маңызды қорытынды туындайды: парасат адамдар қатынасын ретке келтіреді, ал заң, ең жоғары нақты игілік болып табылатын мінез-құлық өлшемін белгілейді. Осылайша, ғылыми білімнен бұрын музыкалық және гимнастикалық білім алынатыны секілді, "әдеттегі жақсылық" “кіршіксіз жақсылықтың” алдында жүреді. Мемлекетте философтарға ең жоғары қызмет беру қажеттігі осыдан шығады, өйткені жақсылық идеяларын нақ солар терең де ақиқат біледі. Платон мемлекетке – әңгіме мінсіз жоба туралы болса да, немесе оны іске асыру туралы болса да – ортақ жақсылықтың салтанат құруына және игіліктердің әділ бөлінуіне кепіл болу міндетін жүктейді. Бұл орайда мемлекетте тұтастың мүддесі топтар мен таптардың мүдделерінен басым тұрады. Мемлекет құрғанда отырып біз “халықтың бір жігін ерекше бақытты етуді көздемейміз, керісінше, біз мемлекетті тұтастай сондай еткіміз келеді”. Философ осы позицияны әлденеше рет тілге тиек етеді, мұны кездейсоқ деуге болмайды. Ол бүкіл теориялық құрылымның тұжырымдамалық негізінің бірін құрайды және оның “реакциялылығы” немесе үшінші, еңбекші халық тағдырына “немқұрайлылығы” туралы айыптауларды одан алып тастайды. Шынында да, “мемлекетіміздің өсуі

мен абаттануы тұсында, – дейді Платон, –барлық сословиелерге олардың табиғи қабілетіне сәйкес жалпы өркендеуде өз үлесі болуына мүмкіндік беру керек”. Немесе басқа бір жерде: “Заң халықтың қандай да бір тобының бақуаттылығын емес, бүкіл мемлекеттің игілігін өз мақсаты етіп қояды” деп ғалым өзінің проблеманы қалай түсінетінін барынша дәл айқындап береді. Осылайша, мемлекетте “еркін адам мен құлға, еркек пен әйелге, қарттар мен балаларға, қолөнершілер мен басшы азаматтарға – әркімге өз үлесін беру” принципі бойынша барлығы үшін әділеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндігі туады. Айтпақшы, топтардың мүліктік жағдайына әлі де қайта оралған жөн. Платонның үш туындысының барлығында тұтас ретінде мемлекет өзінің бөліктерінен басым тұратындығы туралы ой дәйекті де қисынды айтылады. Дұрысын айтқанда, мемлекеттің басты міндеті де күйреткіш әлеуметтік анархияға, былыққа қарсы тұрып, қоғамның тұтастығын бір-бірімен қырқысқан бөліктер мен топтарға ыдыраудан сақтау болып табылады. Мемлекеттегі қоғамдық таптарды ол билік үшін күресетін антагонистер емес, әлеуметтік тұтастың өзара ықпалдас бөліктері ретінде қарастырады. Бірлікті сақтаудың және адам тұқымын жақсартудың ең асқақ мүддесі билеушілер мен бағыныштылардың мұралық касталарының оқшаулығын жоққа шығарады. Оның топтары мен қоғамдық қабаттары икемді және жоғарыға адамдардың жаңа күштері келуі үшін ашық. Бұл ретте “әлеуметтік лифт” жылдамдығы жеке адамдардың қалауымен және экономикалық мүмкіндіктерімен емес, тәжірибесі көп және білікті билеушілердің шешімімен реттеледі. Олар билеуші элитаға үміткерлерді қадағалап, байқап жүреді және “табиғат ең жақсы ата-ананың ұрпағы да ең жақсы болуына кепілдік бермейтіндіктен”, оларды тәрбиелейді, іріктейді. Азаматтардың барлығына қоғамда жоғары саяси жағдайға қол жеткізуде тумысында берілген тең мүмкіндіктер де касталыққа қарсы кепілдік қызметін атқарады. Онда әйелдерді кемсіту де жоқ. Еркектермен қатар олар “әскери қызметте де, мемлекеттік қызметте де хас шебер”. Дей

тұрғанмен Платон төменгі сословие адамдарын философтар табына қабылдауға аса ықыласты да емес, өйткені “олардың тәні кәсіптен және өндірістен майыпталған, олардың жандары да ауыр жұмыстан мұқалып, қажыған; бұдан қашып құтылуға болмайды ғой”. Қалай болған күнде де, “ортақ игілік” тұжырымдамасына табан тірей отырып, Платон қоғамды саяси және өзге де негіздер бойынша жасанды, мәжбүрлі түрде бөлуге қарсы. Бұл-бұл ма, ол мүліктік жіктелуге қарсы, төменгі топтарға үстемдік жасайтын жоғары топтардың артықшылықтарын мұра ретінде беруге қарсы. Ол “байлық” пен “кедейліктің” текетіресінен туындайтын таптар қарсыластығының, билікті бас пайдасына жаратудың қауіптілігін өте жақсы түсінеді. Билік байдың қолына түсе ме, немесе кедейдің қолына түсе ме – ол үшін принципті айырмашылық жоқ. Қандай жағдайда да тұтастың игілігін емес, тар касталық, партиялық мүдделерді көздейтін топтар мемлекетті сөзсіз апатқа душар етеді. Платон мемлекетінің мінсіз жобасын көбіне-көп “коммунистік” деп атайды, бұл тек билеуші таптарға қатысты бөлігінде ғана дұрыс. Бұл жерде философ ортақ іс мүддесіне бағындырылған теңдік пен бауырластық тұсындағы спартандық дерлік өмір салтының қатаң картинасын бейнелейді. Ол “әскери істің байсалды да ержүрек білгірлері” – билеушілер мен сақшылардың қандай да бір меншігі болуын үзілді-кесілді және ымырасыз жоққа шығарады. Тек жалғыз соларға ғана “алтын мен күміс пайдалануға, тіпті оларды қолмен ұстатуға, олармен бір шатыр астында болуға” рұқсат етілмеген. Ал оның материалдық өндірісте еңбек ететін таптарға көзқарасын “социалистік” деуге болады. Шаруашылықпен, кәсіпшілікпен, саудасаттықпен айналысатын байланысты адамдарда экономикалық қатынастардың жеткілікті еркіндігі, отбасы, меншігі, ақшалай қаражаты бар. Платон мүліктік үлкен алшақтықты жақтамайды, бірақ “табиғатқа қайшы” жаппай теңгермешілікті де соншалықты қош көрмейді. Ол

“Заңдар” атты еңбегінде айтулы социал-демократ тәрізді ең ірі және ең шағын дәулеттің арасындағы айырмашылық бес есе болмауын көздейді. Платон мемлекеттік меншікті қош көреді, бірақ егіншілік пен өнеркәсіптік таптар үшін жеке меншік те қажет деп санайды. Кемел шағында ол: “Қазіргі ұрпақ өзінің тәрбиесі мен білімі жағынан жетілмегендіктен, қауымдық егіншілік болмауы да мүмкін” деп жазады. Философ отандастарының бойына “өзекті жандардың иесі, құдайы” – жерді құрметтеу сезімін сіңіруге тырысады. “...Азаматтар туған жеріне балалары анасын күткендегіден артық қамқор болуы керек” деп талап етеді ол. Бүкіл мемлекеттің ортақ меншігі – жерді телімдерге бөліп, жеребе бойынша бөлу керек. Ұсынылып отырған шара, Платонның пікірінше, мемлекетте “өзара қырқысу” мен “дау-дамай” қаупін едәуір кемітіп, жақсылықтар деңгейін арттырады. “Кейбір азаматтардың арасында тұлдырсыз кедейшілік те, өз кезегінде байлық та болмауға тиіс, өйткені кедейлік пен байлық бірін-бірі туғызады”. Байлық пен жақсылықты шендестіре отырып, ол міндетті түрде олардың теңдестірілуін көздейді, ал мұнымен дана да ұсынықты билеуші сословие айналысуға тиіс. Сол топ шынында да әділеттіктің кепілі болуы үшін, Платонның ойынша, онда мүлік атаулы түгілі, жалпы байлыққа қызығушылық та болмауға тиіс. Сән-салтанат пен нәпсілік ләззаттан бас тартатын, меншіктен, отбасыдан, балалардан, тіпті өз баспанасынан баз кешетін билеушілер әлеуметтік пирамиданың ұшар басында қандай да бір материалдық және өзге де игіліктер алу үшін, атаққұмарлығын, әздектігі мен еркелігін қанағаттандыру үшін тұрмайды. Олар мұндайларға мойын бұрмайды және өз бақытын ортақ игілік жолындағы адал еңбектен табады. Олар мемлекетті нығайтады, оны эгоистік мақсатта пайдалануға жол бермейді. Мемлекетке қызмет ету, Платонның ойынша билікті бақылаусыз жүргізу құқығы емес, әлеуметтік әділеттілік үшін міндеттеме мен жауапкершілік.

Өкіметті пайда табу мақсатында пайдалану – дерт және қылмыс, ал өкіметтен нәпақа айыру – пасықтық. ХХ ғасырдың аяғындағы мемлекеттіліктің сұмпайы сырқаттары – ұйымдасқан экономикалық қылмыс, шенеуніктердің қызмет бабын қарақан басының қамына жаппай пайдалану, қиырсыз жемқорлық Платонда жоқ және болуы да мүмкін емес. Мінсіз мемлекеттің беріктігін қамтамасыз ету мақсатына орай қисыннан қылдай да ауытқымай, жемқорлыққа, мансап иелерін паралауға, олардың қызмет өкілеттіктерін құлқыны үшін пайдалануына балта шабатын батыл шешім ұсынады. Шын мәнінде Платон мемлекеттіліктің гуманистік негіздерін талдап жасады деуге болады. Оның мінсіз мемлекеті “адами өлшемдерін” мүлтіксіз сақтайды, өйткені оны нығайту мен жақсартудың басты тетігін философ экономикадан емес, адамның өзінен табады... Платонның адам тұқымын жақсартудың қандай принциптерін енгізетінін, бұл қызметте қандай талаптар қойылатынын, мінсіз мемлекетте онымен кім айналысатынын білу оқырманға қызық. Тек қана грек философының бұл орайда қатаң іріктеуге емес, “адамның бойындағы жақсы табиғи қабілеттерді оятатындай” “дұрыс тәрбиелеп, оқытуға” баса мән беретінін атап өтелік. Ол жасанды жолмен сіңірілген дағдылар мен қасиеттердің емес, тек таза табиғи негіздің мұраға берілуін қостайды. Бұдан мынадай ой қорыту қиын емес: адамның қоғамдағы орнын әлеуметтік тегі де, мүліктік жағдайы да, тектілігі де, байланыстары мен ақшасы да емес, оның білім мен тәрбие арқылы дамытылған туа біткен қабілеттері айқындауға тиіс. “Біз мынаны айқындадық... – деп атап көрсетеді философ, – әрбір жекелеген адам мемлекетте керек нәрсенің біреуімен, және де өзінің табиғатынан не нәрсеге қабілеттірек болса, сонымен айналысуы керек”. Туа бітті "табиғи бейім" онда әлеуметтік стратификацияның тұңғыш элементі қызметін атқарады: "Мемлекеттің өсе түсіп, жайлануы тұсында

барлық сословиелерге ортақ молшылықта олардың табиғи бейіміне сәйкес үлесінің болуына мүмкіндік беру керек". Білім мемлекеттің беріктігін қамтамасыз етеді. Баршаның және әркімнің игілігі неде екендігін, парасат пен табиғатқа не жат екендігін білмеу оны құрып бітуге жетелейді. Платонның мемлекеттік құрылыстың міндетті алғышарттары – ағарту, білім, тәрбие деген тіпті де утопиялық емес ойы осыдан өрбиді. Ғылым дегеніміз жалған білім емес, шынайы білім және оның міндеті – аз адамдардың білімін көпшіліктің арасына тарату, “біздің жанымыздың тамаша бастауын биікке жетектеу”. Ойшыл бұл жерде рухани өсуді айтып отыр, және, егер мемлекеттің “жоғарғы жағында” таңдаулы, шынайы білімдар азшылық отырса, бұл батыл ойдың іске асуына жәрдемдеседі. Сонымен бірге Платонның “ақиқатқа еретін” философтардың басқаруы және олардың мінсіз мемлекет жасау қабілеті жөніндегі үміттің утопия екендігін түсінетіндігі анық. Жобаны жүзеге асыру барысында “қалаудың жоқтығы емес, күштің жетіспеуі кедергі болатындығын” ол түсінеді, ол “философиямен бәрінен де көп шұғылдануға тиіс адамдардың одан аулақтап, оның жападан жалғыз, аяқталмай қалатындығына” және осындай кезде “оған мүлде жарамайтын адамдардың кірісетіндігіне” өкінеді. Платонның ойы бойынша, негізгі шартта айқындықтың болмауы мінсіз мемлекеттілік құру ісін алыс болашаққа шегіндіреді. Бірақ философтарға қойылатын инсаният талаптарының биік өресін төмендетуге болмайды, өйткені басқаша болса интеллектуалдардың күштеп басқаруына, өзіндік бір “ақыл диктатурасына” ұрыну әбден мүмкін. Асу бермес ділгірлік бәрібір “бұл аз ғана философтарды – оларды қазір еш керексіз жандар дегенмен, тіпті де ақымақ емес адамдарды, – өздері қаласын-қаламасын, мемлекет туралы қамқорлықты мойындарына алуға (ал мемлекеттің оларды тыңдауына тура келеді)” мәжбүр етеді. Платон болашақта қазіргі билеушілер мен патшалардың ұлдары не

олардың өздері "қандай да бір құдіретті күштің алғауымен шынайы құштарлықпен шынайы философияға ұмтылады" деген үмітін үзбейді. Бұл орайда қандай да бір білімді монархия орнай ма немесе жан аристократиясы орнай ма – мұны философ нақтыламайды. Ол болашаққа белгілі бір мөлшерде пессимизм және өзіне мін араласқан сын көзімен қарайды, дегенмен теоретиктерге “табиғат бойынша ненің әділ, тамаша, байсалды екенін және тағы басқаларын” және “осылардың адамдар бойында қандай” екенін барынша ескере отырып, “мемлекеттік құрылыс нобайын” ойластыруға кеңес береді. Өз ілімінің дүниетанымдық негізіне сенімі кәміл идеалист Платон мемлекеттік-құқықтық тарихта, қоғамдық қатынастарды, мемлекеттің пайда болуын талдауда әбден реалист. Оқырман грек авторының неғұрлым кейінгі еңбектерінде салқынқанды-практикалық элементтердің күшейгенін, тіпті саяси өмір саласында да объективтілік өрісін кеңейткенін аңғаратыны даусыз. Шынында да, “Мемлекетте” ол төрт жақсылықты – даналықты, ержүректікті, сабырлылық пен әділеттілікті ұсынады. “Заңдарда” ол бұларға денсаулықты, сұлулықты, тән күшін және байлықты қарсы қояды. “Мемлекетте” даналық барлық инсанияттық қадамдардың негіздерін анықтайды, ал “Заңдарда” адамның қадамдарын қанағат шегінде ұстап тұратын сабырлылық бірінші орынға шығарылады. Сословиелерге бөлу, философтар үстемдігі императивтері өзінің өткірлігінен айрылады, есесіне басқа, таза адамшылық тұрғысындағы талаптар, мысалы, некенің бұзылмайтындығы, құлдарға мейірбан болу, соғысты айыптау алдыңғы орынға шығады. Ойшыл мемлекеттің пайда болуын адамдардың қажеті мен қабілетін саралаумен байланыстырады. Осы негізде туындайтын еңбек бөлінісін ол әлеуметтік ыдырау мен таптық күрес тұрғысынан емес, адамдардың ықпалдастығы мен өзара көмегі, олардың кооперациялануы, қоғамның дамуы мен жетілуі тұрғысынан қарайды. Платонның уәжін қайталап жатудың қажеті жоқ. Ол, әрине, неғұрлым кейінгі, саяси сатыға өту туралы

“қатаң ғылыми” түсініктермен сәйкес келмейді, тығыз тарихилық, тек партиялық және т.б. тұрғыдан айтылатын сынға шыдас бермейді. Платонның көзқарасы әлдеқайда кең: мемлекеттің алға басуын, қоғамдық қатынастардың жарасымды дамуын ол материалдық тұрғыдағы табыстардан гөрі, ең алдымен әлеуметтік және рухани мәдениеттің жетістіктерімен байланыстырады. Дүниетанымда философиялық идеялар практикадан бұрын пайда болатыны сияқты, Платонның мемлекеттік теориясында білім практиканың алдында тұрады, бұл кейін кемшілік ретінде бағаланады (Және керісінше, ешқандай тәжірибесіз, көсемдердің басындағы бұлыңғыр идеялардан басталып, қасіретпен аяқталатын әлеуметтік эксперименттер зор игілік деп санайтын болады). Сол сияқты философтың адамдардың парасатты да инсаниятты табиғаты түрлі мүдделердің қақтығысы тұсында азамат соғысындағыдай бірін-бірі жойып жіберуге емес, түптің түбінде ынтымақтастыққа, жақсылықтың нығаюына және әділеттілікке жеткізеді деген жорамалын да “кемшілік” деп санайды. Дегенмен бұдан кейінгі, индивидтердің баршаға пайдалы әлдене ассоциация – “кіршіксіз” мемлекетке бірігуге "жаратылыстық" ұмтылысы туралы, “мемлекеттік құрылысқа бірінші дүмпу берсе болғаны, ол өздігінен, бейне бір дөңгелек сияқты күш ала отырып, ілгері жылжитыны” туралы ой-толғамдарында утопияның анық белгісі де көрінеді. Алайда, “өз қиялында бақытты мемлекетті мүсіндеген” афиналық арманшылдың утопизмі мүлдем жеміссіз емес. Ол байқаған, кейіннен Аристотель дамытқан, адамдардың бірлесіп өмір сүруге әлеуметтік ынтасынан Платон адамның өзінің де, тұтас алғанда қоғамның да мәдениетін жетілдіру мүмкіндіктерін көреді. Оның қоғамдық ұйымға жіті көзқарасы оны творчестволықпен өзгертудің айтарлықтай мүмкіндіктері мен нақты тәсілдерін көрсетумен ұштасады. Ол адамзат мәдениетінің – моральдық және шаруашылық, саяси және құқықтық мәдениетінің әлеуметтік эволюцияға айқындаушы ықпалын толық негізбен атап көрсетеді.

Платонның ойы бойынша, Прометейден басталған экономикалық даму, техникалық прогресс адамдарға жеткіліксіз. Олар әлеуметтік, саяси араласу мәдениетіне, мемлекеттік-құқықтық мүмкіндіктер мен құралдарға ие болуы керек. Олар Зевстің бұйрығымен Гермес бойына енгізген ар-ұят нұсқайтын этика нормаларын сақтауға тиіс. Адамдардың руханилығы мен тәрбиелілігінің сөзсіз өсуі, олардың ұдайы инсанияттық жаңғырып отыруы, Платон бойынша, еңбектің функциялық бөлінісі мен экономикалық қарама-қайшылықтардың теріс салдарларынан “арылтып”, мықты моральдық іргетасты қалайды, мемлекеттілік тек соның негізінде дами алады. Мәдениетсіз келмейтін парасатты, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыратын қоғам мен мемлекеттің даму перспективалары афиналық кемеңгердің позициясын – түптің түбінде соншалық орындалмайтын қиял емес болып шыққан ойларын, ежелгі дәуір ойшылдары айтқан барлық басқа көзқарас-пікірлерден тиімді түрде ерекшелеп тұрады. Өзінің саяси-құқықтық талдауында көреген философ мәдениетті, мемлекеттік өмірдің парасатты негіздерін “әлеуметтік ақыл-ойды ұйымдастыру” деп атайды. Саяси ой тарихындағы мінсіз қоғамның ең толық және қисыны жағынан дәйекті схемаларының бірі соның еншісінде. Ол қоғам құрылысының кейіннен дәстүрлі болған “коммунистік” принциптерін ғана емес, әлеуметтік практикалық философияның евгеника мен этикадан бастап эстетика мен саясатқа дейінгі бағыттарын да талдап жасады. Антик гректің утопиялық жоспары адамдар қоғамдастығының биік инсаният пен адами мұраттары негізінде дамуының творчестволық табиғатын шектен тыс формализм мен догматизмсіз ашып береді. Платон мемлекеттің утопиялық жобасын, бірақ, бұрын да айтып өткеніміздей, экономикалық байланыстар мен қатынастардың маңыздылығын және адамның әлеуметтік, бірлесіп тұру табиғатын ескеретін жобаны береді. Индивидтердің мемлекеттік одаққа бірігуі ежелгі грек ойшылында жаратылыстық ділгірлік күшімен, әркім басқалармен ықпалдастықта өзіне жетіспейтіннің барлығын алу үшін жасалады. Егер

оның шәкірті Аристотель мемлекеттіліктің бастауын отбасылық одақтан көрсе, ұстаз мемлекеттің шығуының органикалық теориясын шын мәнінде негіздейді, ол теория бойынша адамдардың мемлекеттегі ынтымақтастығы неғұрлым жетік, неғұрлым танымал болса, ол соғұрлым күштірек те кемел бола түседі. Осылайша, Платон мемлекеттің мән-мағынасын азаматтардың берік әлеуметтік бірігуінен және бір-біріне ықпалдастығы мен жәрдемін ұйымдастырудан көреді. “Көп адамдар, – деп жазады ол,– бірлесіп өмір сүру және бір-біріне көмек көрсету үшін біртұтас болып жиналады”. Мемлекеттің өмір сүруінің мағынасы азшылықтың көпшілікті саяси тұрғыдан басып-жаншуында, бір таптың басқаларын әлеуметтік қанауында, ойы биіктердің төмендегілерге рухани және интеллектуалдық экспансия жасауында емес. Платонның ойынша, мемлекеттің мақсаты әділетті ортақ өмірді қамтамасыз ету, онда әркім басқаның құқықтарын иеленіп алмай және басқаға өз міндеттерін артпай, басқалардың қамқорлығын сезіне отырып және өзінің мінсіз шеберлігін басқалармен бөлісе отырып, әркім өз ісін істеуге, өзінің қоғамдық организмдегі қызметін атқаруға тиіс. Платонның теориясы утопиялық сипатта, бірақ көп ретте ол өзі туындаған уақыттың тарихи тәжірибесі мен саяси жағдайын бейнелейді. Осындай қорытынды өзін-өзі басқару авторитарлық биліктен басым болатын, кеңейтілген қауым ұғымымен шендестірілетін мемлекеттің мәнін түсінуден-ақ жасалады. Ол халық саны шектеулі, қала қабырғаларының тар кеңістігімен тұйықтал нақты грек полисін еске түсіретін “мінсіз” мемлекеттік одақтың аумақтық және демографиялық сипаттамаларынан туындайды. Ежелгі грек полистерінің саяси және әлеуметтік мәдениеті таптық алауыздықтан гөрі корпоративтік ауызбіршілігімен көбірек ерекшеленетін. Қалалық қауым мүшелері полистің ішкі тәртібі мен сыртқы қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелерін шешуге бірлесіп қатысатын, ал ол қаланың өзі

ыдырап кеткен рулық тұрмыстың: қоғамдық өзін-өзі басқару, әдеттік құқық, дамып келе жатқан саяси ұйымдасу мен оны конституциялық рәсімдеудің арасында өткір қайшылықтардың болмауы секілді аса маңызды сипаттарын сақтап қалған еді. Мемлекеттік-құқықтық өмірдің нақты фактілері, заңдар реформасы, антикалық демократияның “жарыспалы” сипаты да есепке алынғаны анық. Утопиялық мемлекет жобасына ежелгі гректердің діни салттары мен сенімдерінің ортақтығы және олардың биік саяси-құқықтық санасы да ықпалын тигізгені сөзсіз. Бәлкім, Олимптің өзінің, “патриарх” Зевстің айтарлықтай демократиялық билігіндегі және әрқайсысының өз функциясы бар толып жатқан құдайлардың ортақ үйі болған осынау “құдайлар полисі” философты мінсіз мемлекетті жобалауға жетектеген болар. Құдайлардың арасында аз болмайтын сот талқылаулары аспандағы пантеонда да адам жанында да, қауымда да, мемлекетте де әділеттілікке қол жеткізу үшін күресу қажеттігіне сендірді. Ұсынылып отырған еңбектерде оқырман сан рет ұшырасатын әділеттілік идеясын ежелгі грек ойшылы мемлекеттік-саяси тұрғыдан ғана емес, әдеби-көркем, тіпті мистикалық-діни тұрғыдан да бейнелейтіні осыдан-ақ түсінікті. Автор оқырманды, тіпті мемлекеттік өмірдің шындығы көп жағдайда идеалмен сәйкес келмесе де, адамның жаны мен ақыл-ойының арқасында әділеттіліктің болашақта салтанат құратынына күштеп сендіргісі келетіндей. Егер Платон “жай” ғана идеалист, утопист болса, ол жақсылықтың осы, адам үшін де, мемлекет үшін де жалғыз, рух аристократиясы басқаратын образын бейнелеумен шектелер еді. Философ-кемеңгерлер – олардың бірнешеуі басқара ма, біреуі басқара ма бәрібір – тіршіліктің сан қилы жақсылығынан бас тартып, өзін жан-тәнімен ортақ іске, барлық азаматтардың ортақ игілігіне арнайды. Бірақ Платон реалист-зерттеуші де. Ол басқарудың ойға оралатын барлық пошымдарына, олардың мүмкіндіктеріне, әлуетіне, ойдағы және нақты артықшылықтары мен

кемшіліктеріне үңіледі. Оның сүйікті математикасы оған жіктеу негіздерінің бірін – билеуші тұлғалардың санын береді. Бұл орайда атап көрсете кету керек, философ азшылықтың пікірін ескермейтін басқару пошымын дұрыс деп таппайды. Қалай болғанда да ол үшін мемлекет біртұтас саяси бүтін дүние, бөлшектерін татулық пен тәртіпті парасатты түсіну тиісінше біріктіреді. Оқырманды Платонның мемлекеттік басқару пошымдарына, олардың ерекшеліктеріне, олардың циклдық ауысу себептеріне қатысты ой-толғамдарына өз бетінше бойлау рахатынан айырудың ешқандай да қажеті жоқ. Тек қана мынаны атай кетелік, Платон бұл жерде “демократиялық” эллиндік Батыс пен “монархиялық” Шығыс мемлекеттерінің мысалдарын тілге тиек етеді, ол мемлекет пошымдарының ауысып отыруы туралы, олардың “мемлекеттік құрылыстың екі аналық түрлері” – монархия мен демократиядан санқилы түрлерінің тууы туралы ілімнің негізін қалайды. Платон мемлекет пошымдарының ұштасуы туралы ойды тұңғыш рет айтады, бұл ой кейін Аристотельде, Цицеронда Жаңа уақыт дәуірі ойшылдарының еңбектерінде дами түскен. Басқарудың аралас пошымдары туралы Платон идеясы қазіргі күнге дейін өзінің гуманистік қоғамдық-саяси және инсанияттықфилософиялық құндылығынан айрылған жоқ. Ол әбден-ақ мемлекеттікқұқықтық теорияның етене бөлігіне айналды. Платонның мемлекеттік ұйым пошымдарын табанды іздестіруінің мағынасы ешқандай бұлталақсыз мынаған саяды: “ең жақсы” адамдардың басқаруы заңның мызғымастығы мен әлеуметтік әділетті қамтамасыз етуге тиіс. Бұл мағынада да басқару пошымдарының ауысып тұруы туралы Платон теориясы құқықтық мемлекет, яғни құқық тәртібі мен құқықтық үстем болатын мемлекет заң идеясымен ұштасады. Әдебиетте Платон мемлекет дегеннің жалпы түсінігіне енгізген ең жақсы нәрселер заң мен басқару өнерінің үйлесімділігі, инсанияттық принциптерінің мызғымастығы және адам құлқының алдын ала белгіленген нормалардан

ауытқуы ықтималдығын түсіну екендігі атап өтіледі. Және мұнымен келіспеу мүмкін емес. Платонның мінсіз мемлекет жобасы ұсынылғаннан кейін өткен мыңдаған жылдар ішінде ұрпақтар оны да, биік инсаниятты қоғамдық құлық жөніндегі өсиеттерді де әбден-ақ ұмытып кете алар еді. Бірақ олай болған жоқ және мұның сырын Платонның өзінің жасампаздық жұмысының мақсаттары мен бағыттарын (оларсыз адамның да, адамзаттың да дамуы мүмкін емес) дұрыс таңдай білуінен, әлеуметтік және рухани мәдениеттің жетістіктерін жинақтайтын философиялық шығармашылық тақырыбынан іздеуіміз керек. Платонның кемеңгерлігі адамдардың бірлесіп өмір сүруін, ықпалдастығы мен өзара көмегін мемлекет тұрғысынан барынша жақсы ұйымдастыру үшін білімді жинақтап қана қоймайды. Платон адамдар қызметінің қандай түрлері мен өрістері туралы ой толғамасын, ол барлық жерде ортақ игілік ретінде жақсылықтың жамандықты, шындықтың өтірікті, сананың, парасаттың демагогия мен адасушылықты, әділеттіліктің зорлықты жеңуінің мүмкіндігі мен қажеттігін негіздейді.

Саясат философиясы

Платонның филсофиялық-саяси көзқарастарын оқшау ойтолғаулардың жемісі, ал оның өзін саяси өмірден баз кешкен анахорет (абыз) деп санайтын зерттеушілердің пікірін орынды деуге бола қоймас. Платон саяси философ қана емес, саясатпен ежелден айналысқан, өте ертеден келе жатқан ақсүйектер тұқымының өкілі. “Хармида”, “Тамея”, “Хаттар” атты еңбектерінде ол өзінің арғы бабасы, ақын әрі заң шығарушы, аты аңызға айналған саясаткер Солонды еске алады. Платонның бірқатар диалогтарына оның нағашысы – Каллесхр ұлы Критий қатысады. Софист әрі ақын, аса білімдар әрі талантты адам, аристократияны жақтаушы Критий б. д. дейінгі 404-403 жылдары

Афиныдағы “отыз тиран” үкіметін басқарды. Главкон, Архит, Хармид, философтың жиені Спевсипп, оның ағасы – Адимант есімдерін және басқа да достары мен жақын туыстарының аттарын Платонның өзі ғана емес, белгілі бір саяси оқиғалардың белсенді қатысушылары ретінде Лаэртий Диоген мен Плутарх та атап өтеді. Платонның өгей әкесі Периламп – әкесі Аристон қайтыс болғаннан кейін анасы Периктиона екінші қайтара тұрмысқа шыққан – Афина демократиясының алтын ғасырын қамтамасыз еткен стратег әрі басшы Периклдің серігі және жеке кеңесшісі болған. Философты биік мемлекеттік мансап, саяси карьера және, оның өзінің сөзімен айтқанда, “жалпымемлекеттік істерге барынша белсене қатысу” күтіп тұрғаны туралы қорытынды жасау үшін осы айтылғандардың өзі жеткілікті болар. Сократтың ықпалымен (бұл туралы әлі дауласады) Платон отбасы дәстүріне кереғар шығып, белсенді саяси қызметтен бас тартады, бірақ саясатқа ықыластан арылмайды (бұл даусыз). Бұған оның ғылыми ізденістерінің бағыты, оның шығармаларының тақырыбы мен мазмұны, саяси мақсатпен Сицилияға сапарлары куа. Бұл қорытындыны ол жасап, саяси тұрғыдан негіздеген саясат ұғымы, Платонға барып тірелетін сол терминнің өзі қуаттайды. Оның практикалық философиясы мен этикасы іс жүзінде саяси ғылымның бастауларын, оның табалдырығын қалыптастырды. Платонға саясатты “өзгелердің барлығын билеп-төстейтін және бәрін біртұтас дұрыс матастыра отырып, заңдар туралы да, жалпы мемлекеттің барлық істері жөнінде де қам жейтін өнер” деп кеңінен түсіну тән. Платонның саясаты өз бойына адамдарға және адамдар арасындағы қатынастарға мемлекеттік, құқықтық, әлеуметтік-мәдени және инсанияттық-тәрбиелік ықпал етудің бүкіл жинақталған тәжірибесін сіңірген. “Бұл уақыт аралығында (мемлекет пайда болған кезден бастап – Т. Е.) мыңдаған мемлекеттер бірінен соң бірі пайда болған және тиісінше құрып кеткендерінің саны одан кем емес. Мұның үстіне олар барлық жерде

мемлекеттік құрылыстың әрқилы пошымдары арқылы өтіп, біресе кішкентайдан үлкенге айналып, біресе үлкеннен кішкентайға айналып немесе жақсыдан жаманға және жаманнан жақсыға айналып отырған”. Олардың өзгеруінің себебі не? Несі жақсы құрылған, жаманы не? Қандай өзгерістер мемлекетті бақытты етеді? Платон – аты-жөні белгісіз афиналық – өзі сұхбаттастарына осындай ділмарлық сұрақтар қояды. Оның өзі оларды саясат дегеніміз әлеуметтік мәдениеттің, білімнің, практикалық тәжірибенің және әлеуметтік процестерді басқаруда бұларды қолдана білудің көрінісі деген қорытынды жасауға жетелеп әкеледі. Саяси мәдениетті ол жаппай наразылық, қылмыс пен зорлық стихиясының бүлдіргіш күшіне қарсы тұра алар құрал деп қарауға бейіл. Платонда саяси, әлеуметтік мәдениет мемлекет пен заңда, мемлекеттік билікті заң арқылы парасатты ұйымдастыруда материалдық бейнеге ие болады. Ол саяси қызметте басқарудың “заңғар шеберлігі”, қоғамға мемлекеттің және мемлекеттің қоғамға ықпал етуінің диалектикасын бейнелейтін саяси өнер ретінде іске асады. Афиналық кемеңгер әуелі өкіметтің саяси қажеттігін, оның әлеуметтік құндылығын, ол нақты ненің негізінде пайда болып, жүзеге асырылатынын анықтап алу, содан кейін барып саяси өнер дегеніміздің не екендігін анықтаумен шұғылдану қажет деп санайды. “Заңдар” деген еңбегінде философ сұрақты: “Үлкен мемлекеттер мен шағын отбасыларда қандай негізде біреулер билеп, ал басқалар бағынуы керек?” деп төтесінен қояды. Содан кейін осы негіздерді санамалайды: біріншіден, әке мен ананың билігі, екіншіден, және одан әрі ол үлкендерге және кішілерге, тектілер мен тексіздерге, азаттар мен құлдарға, күштілер мен дәрменсіздерге бөлуді пайдаланып, барлық жерде билікті солардың біріншісіне береді, өйткені “бұл барлық тірі жандардың табиғатына сәйкес биліктің қажетті түрі”. Бұл ретте Платон өзінің билікке деген: “Біліксіз адам парасатты жанның басшылық жасауына еріп, оның билігінде болуы” керектігі туралы басты талабын айқындайды. Соңғы жәйт күштінің әлсізден үстемдігі көрінетін

адамзат табиғатын ауыздықтап, “заңның зорлықшыл билігінен” “оған ерікті түрде мойынсұнуға” өтудің маңызды шарты болып табылады. Биліктің негіздерін және оның түрлерін жіктеуді Платон биліктің жетінші түрімен аяқтап, оны ең “бақытты және құдайлар құптайтын түр” деп жариялайды, ол – қандай да бір билік мансабына "жеребе арқылы" ие болу. Өкімет органдарын қалыптастырудың демократиялық және тұлғасыздандырылған тәсілі, оның пікірінше, мансап үшін күресті жойып, толық саяси теңдік жағдайын жасайды. Бұл жағдайда өкіметтің үнемділігі мен тиімділігі күрт артады, өйткені “жеребе шыққан адамның” басқаруынан, ал “шықпаған адамның” ниетінін қайтып бағынуынан басқа ештеңе талап етілмейді. Мұндайда келіспеушілік те болмайды. “Бұл даналық болып көрінгенімен, барып тұрған надандық”. Саяси биліктің табиғаты туралы ой толғағанда Платон сұхбаттасының алдына парадоксты жиі тартады. Мысалы, “билеп-төстеуге тиіс адамдар билікке бәрінен де аз ұмтылған жерде мемлекет бәрінен де жақсы басқарылады және дау-шарлар мүлдем болмайды; билеп-төстеушілердің пиғылы бұған кереғар мемлекетте мүлде басқаша болады” екен. Саяси биліктің мән-мағынасына тереңдей ену, оның әртүрлі, мінсіз де қалаулы, теріс немесе жаман мемлекеттік пошымдарын жіктеп, сипаттау – “идеалист” Платонның жай ғана ойдан балалаған конструкциялары еместігін қайталап жатудың қажеттігі бар ма? Теориялық жағынан тезден өткен осынау қағидалардың негізінде Ұлы Элладаның және шекаралас мемлекеттердің толып жатқан полистерінің саяси режимдерін мұқият, егжей-тегжейлі зерттеулер жатыр. Философиялық талдау тезінен өткен асқан саяси байқампаздық пен әртүрлі елдерде болғанда алынған мол мәліметтен құлақдарлық қана Платонға арада жүздеген, мыңдаған жылдар өткеннен кейін де оқырманды өзінің “саяси” диалогтарымен қызықтыруына мүмкіндік бере алатын еді. Саясаттың әлеуметтік парызы секілді қыры саяси билік табиғаты мәселесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Саясат не үшін

және қандай мақсатпен өмір сүреді? Былай қарағанда өзінің мемлекеттік және құқықтық теориясымен барлық проблемаларды “шешкен”, мемлекеттік құрылыс принциптерін негіздеген, заңдардың дамуының басты бағыттарын белгілеген Платон неге онымен айналысқан? Осынау және осыған ұқсас сұрақтардың барлығына да антика ойшылының өзі жауап береді. Мәселе мынада: “рабайсыз” үзілді-кесілді, ол “ешқашан әрбір адам үшін ең жақсы нәрсе не екенін мүлтіксіз дәл де әділ қамтып, нақ соны міндеттей алмайды”. “Адамдар мен адам істерінің арасында... айырмашылық болатындықтан, сондай-ақ адамға тән нәрсе ешқашан тыныштық таппайтындықтан” саяси басқару қажет, саясат қажет. “Егер заңның шығарылуымен, олар қаншалықты жақсы болса да, мемлекет құрылып болды деп ойласа, онда бұл, егер мемлекеттің басында оған және оның күнделікті өмір салтына қамқор ықпалды адам тұрмаса мүлде дұрыс емес...” Платон заң мен саясаттың өзара байланысының диалектикалық күрделілігін атап көрсетеді. Ортақ игілік пен әділет идеясын білдіретін дана заңдар мемлекеттік саясаттың парасаттылығына кепіл болуға тиіс, ал саясат “реттілігімен ерекшеленіп”, адамдардың “өз істерімен айналысып, басқалардың ісіне араласпай бейбіт өмір сүруіне” мүмкіндік беруге тиіс. Бұл үшін оның “тектестігіне қарай олардың жанының мәңгілік бөлігін тәңірлік дәнекермен, ал содан кейін олардың жанының жануарлық бөлігін адами дәнекермен" ұштастыруы керек" және өктемдікпен, тирандықпен, “күштің көмегімен” билік құрмауы керек. “Саяси басқару дегеніміз, – деп атап көрсетеді Платон, – жайлыжұмсақ қамқоршылық”, ол “мемлекетте баршаға ең әділ үлесін ақылмен, жіптіктей бөліп, кінаратқа жол бермейді, барлық азаматтарды қорғай және мүмкіндігінше оларды жамандардан жақсы етіп шығара біледі”. Мұның үстіне саясат дегеніміз – өнер, барлық уақыттар мен халықтар үшін бірдей абсолют және абстракт өнер емес, тарихи және әлеуметтік мағынада

алғанда әбден-ақ нақты өнер. Платон қандай да болмасын өнерді, әсіресе саяси өнерді “барлық халықтарға қатысты және барлық уақыттарға” “бір мәнде” түсінуге қарсы. Сонымен бірге билеушілердің арами басқаруы мен қателіктеріне қарсы кепілдік “адам табиғатына тән және ең қымбат адами игілік – әділетті білдіре алатын” заң ғана. “Саясат – заң” арақатынасы мемлекетте билік үшін күрес жүріп жатқан саяси тұрақсыздық кезеңдерінде ерекше маңызға ие болады. Бұл жағдайда, Платонның ойы бойынша, “мемлекетті құтқару” дегеніңіз саяси және мемлекеттік қайраткерлердің “заң қызметшілеріне” айналуына саяды. Философтың осыған байланысты мына бір қағидасы жиі-жиі тілге тиек болады: “Мен заңның күші жоқ және әлдекімнің билігіндегі мемлекеттің таяу арада құритынын көріп тұрмын. Ал заң – билеушілердің әміршісі болған, олар заңның құлы болған жерде мен мемлекеттің амандығын және құдайлар мемлекетке бере алатын барлық игіліктерді аңғарамын”. Бірақ бұл жерде де көзқарас нақты-тарихи, ізденгіш және жанды емес болуы керек. Мәселе мемлекетті қорғауға, әсіресе құтқаруға тірелгенде, Платон тек заңдылықпен шектелмейді. “Саясатта” ол батыл саяси акцияларға, өктем әрекеттерге шақырады. “Олар, деп қадап айтады ғалым мемлекеттің игілігі үшін кейбіреулерді өлтіріп, қуып шығып, оны тазартатын болсын” және “бұл білім мен әділет негізінде жасалып, мемлекет жаманнан жақсыға айналғанша” – доғарылмасын. Әділетті шешімді саяси тұрғыдан қалай сауатты, парасатты және заңды қабылдауға болды? Нақты саяси ахуал тұсында не істеу керек? Осындай қиындықтарды күнілгері көре білген антика философ саяси құлықтың ортақ принциптерін талдап әзірлейді. Олардың біріншісі, басқарушылар үшін де, басқарылатындар үшін де міндеттісі деп ол бүтіннің, қоғамдық-мемлекеттік мүдденің бөлшек пен жеке мүддеден басымдығы принципін ұсынады. Платон оны едәуір таратып тұжырымдайды: “Бәрінің де қамын жейтін, бүтіннің, мүмкіндігінше оның

әрбір бөлігінің амандығы мен жақсылығын көздеп бәрін де істеген адам өзіне тиесіліні сезініп, соны тындырады. Бұл бөліктердің әрқайсысына, ең кішкентайына дейін, барлық ахуалдар мен әрекеттердің болар-болмас көріністеріне дейін біліп отыратын билеуші қойылған: мұның барлығы белгілі бір түпкі мақсатты көздейді”. Осы секілді, басыңқылар мен бағыныңқылар арасын бөлмей, саяси құлықтың баршаға міндетті тағы бір ережесі ретінде философ үстемдік пен бағыныштылық принципін парыз қылады. Бұл екі қасиет те қоғам мен мемлекеттегі жағдайына қарамастан әрбір адамның бойында болуға тиіс. “Әрбір адам жұрттың барлығы туралы бөліп жармай, былай ойлауға тиіс: бұрын бағынышты болмаған адам мақтарлық мырза бола алмайды; сондықтан ол жақсы билей алатындығынан гөрі, жақсы бағына алатындығымен мақтануға тиіс” – дейді ойшыл. Және бәрінен бұрын “заңдарға бағына білуге тиіс, бұл дегеніңіз құдайларға бағыну деген сөз; содан кейін – бүкіл ғұмырын адал өткізген үлкендерге бозбала кезінен бағына білу” керек”. Әлбетте, саяси құлық принциптері ең алдымен басқаратындардың ойында кетпеуі тиіс. Неғұрлым жалпылама алғанда бұл талаптар былайша тұжырымдалады: біріншіден, “бұл адамдар біздің ықтиярымызбен басқара ма, жоқ па, мәлім жосықпен басқара ма, жоқ па, бай ма, кедей ме – мұның бәрі маңызды емес, "олар тек басқарудың қандай да бір өнерімен басқарсын", екіншіден, олар "ақиқат білікті" болуға тиіс; үшіншіден, ол кім көрінгеннің намысына тимей, өлтірмей, жамандық жасамай, қайта "әркімнің несібесін әділ де адал бөліп беріп", жақсылықпен, білгірлікпен басқара алатын болсын. Жалпы Платон саясаткерге – “патша тектес қайраткерге” ең биік талаптар қояды, мемлекеттік иерархияда биік қызмет атқаратындарға зер сала қарап, “қазіргі саясаткерлер өз табиғаты, сондай-ақ білімі мен тәрбиесі жағынан билеушілерден гөрі бағыныштыларды көбірек еске түсіреді” деген скептикалық қорытынды жасайды. Платонның түсінігіндегі

саясат жұрттың бәрі, тіпті көпшілігі айналысатын іс емес. Саясат таңдаулы, бұл үшін тумысынан қажетті қасиеттерге ие, тәжірибесі мол, философиялық тұрғыдан білімді, ненің парасатты, инсаниятты екенін, ортақ игілік дегеннің не екендігін түсінетін адамдардың ғана қолынан келеді. Ол мемлекетті басқару ісіндегі әділетке, егер оған әрқилы цехтардың қолөнершілері, көпестер, ірі меншік иелері, бәрінен де білімсіз қарабайыр адамдар, кедей-кепшік араласса, елеулі қауіп төнеді деп біледі. Кез-келген іс арнаулы білімді, тиісінше даярлықты талап етеді. Саяси басқару басқа шаруалар мен кәсіптерден ең ұлы, “патшалық” өнер екендігімен ерекшеленеді. Ол үшін ерекше білім, арнаулы тәрбие мен даярлық қана емес, табиғаттан дарыған бейімділік керек. “Өйткені бұл ең күрделі және қиындықпен қол жеткізілетін білгірліктің бірі”. Платонның Академиясына келген Цицерон: “ақын болып туады, шешен болып қалыптасады” деген пікір айтады. Ұстаз онымен келісе қоймас еді, өйткені саясаткер үшін табиғат берген талант аздық етеді. Саясаткерге айналу, ол “болу” үшін ерекше, табиғи “патшалық” қасиеттерді жан-жақты, терең философиялық біліммен, практикалық саяси тәжірибемен және инсанияттық рухани жетілу арқылы еселеп, дамытып, ұштап отыру қажет. Осы қасиеттердің барлығын бір адамның бойына біріктіру мүмкіндігі, егер “мұндай өнер жалпы бар болып, оны толығымен білу аса сирек кездесетін нәрсе” – деп Платон мойындағандай, бірегей құбылыс. “Көптеген бай адамдар да, не тұтас алғанда бүкіл халық та бұл білімді игере алмайды”. Басқару өнерін бірлесе игеруге болады, тату қимылдайтын билеушілерді де іріктеп, таңдап алуға болады. Бірақ бұл мемлекеттік құрылысқа байланысты, өйткені мемлекеттік құрылыстар ішінде тек іс білетін секілді көрінетін, “өзін саясаткерлерміз деп көрсететін, бұған көпшілікті сендіретін, іс жүзінде мүлде ондай емес” билеушілерді шығармай, шынымен білгір билеушілерді табуға болатын құрылыс дұрыс болады.

Саясаткер – “адам табынының бақташысы” дегеніміз кім? Оқырман онымен философ саясаткер-билеушінің мінсіз үлгісін бейнелейтін осы аттас диалогта танысады. Платон өзінің типологиясын билеушінің мүмкін нұсқаларының біріншісінен, табын соңындағы падашыдан бастайды. Бірақ ол мұндай басқарушы “мал жемдеуден” әріге бар алмайды деген негізбен оны лайықты деп танудан бас тартады. Одан әрі саясаткер дәрігермен ұқсатылады. Емші-билеуші Платонға науқасты емдеу тәсілдерін білетіні үшін қадірлі. Олар қоғамдық ағзадағы барлық зиянды және жұқпалы нәрселерді кесіп алып тастау үшін, “бізгекті" және "бізгексіз" еркек аралар көбейіп, тамағын айыратын “балды кәрездерді” кесіп тастау үшін пайдалы. Кеме құйрығын ұстаушы билеушінің тұрпаты Платон үшін біршама тартымды. “Кеме құйрығын ұстаушы жазылған ережелерге емес, өзі үшін заң болып табылатын өнеріне сәйкес кеме мен теңізшілердің пайдасын көздеп, бірге жүзіп келе жатқан жолдастарының өмірін қалай сақтаса, тап солай білікті билеушілердің қамқорлығымен дұрыс мемлекеттік құрылыс сақталады, өйткені өнердің күші заңдардан жоғары қойылады". Алайда риясыз кеме құйрығын ұстаушы мен шебер емшіге байланысты күман да бар. Түптің түбінде, “аурулардың туыстарынан немесе оның дұшпандарынан ақысына ақша алып”, дәрігер “көбіне оны өлтіре салады”. Сол сияқты кеме құйрығын ұстаушы да саяси қайраткер жол бермейтін істі жасап қояды. Теңізде апатқа ұшырағанда олар адамдарды кемеден лақтырып тастайды, басқа да жосықсыздық жасайды. Тегінде, Платонның назарын ең көп аударатын мемлекеттік қайраткер – тоқымашының тұрпаты. Ұста саясаткер шебер тоқымашы сияқты әдетте өмірде басы піспейтіндей нәрселерді өзара біріктіреді. Бұл байланыс – “толығымен және түгелімен патша тоқымашылықтың ісі” болатын диалектикалық байланыс. Саясаткерді тоқымашыға ұқсатқанды Платон үш түрлі мағынада түсінетін сияқты. Біріншіден, “патшалық өнер ержүрек және есті адамдардың өмірлерін ортақ оймен, достықпен біріктіре отырып, олардың құлқын көктеп өріп ұштастырады, сөйтіп маталардың ең

ғажайыбы мен жұмсағын жасайды”. Екіншіден, билеушінің өзі өзінің мінез-құлқында ержүректілікті, байсалдылықты және мемлекеттік басқару ісі үшін қажетті, бірақ көбіне сыйыса бермейтін басқа да көптеген қасиеттерді “өріп алуы” керек. Үшіншіден, саяси басшылық көптеген билеушілерді талап еткен жағдайда жібек тоқу өнері “оларды теңдей етіп араластыруға көмектеседі, өйткені есті билеушілердің аса жұмсақ, әділ және рақымшыл құлқына қаталдық, өткір де пәрменді өжеттік жетіспейді”. Айтпақшы, билеушінің ең жақсы тұрпатын іздестіру барысында Платонда саяси өнердің өзінің айқындамасы да туындайды: “Егер бүкіл басқаларды билейтін және барлығын да дұрыс біріктіре өріп, заңдар туралы да, мемлекеттің барлық басқа істері туралы да қам жейтін өнердің қабілетін бір сөзбен нобайласақ, онда біз оны әділетті түрде саяси өнер деп атаймыз”. Платонның саяси өнері құрылымдалған, иерархиялы, полифониялы өнер. Жер бетінде белгілі барлық өнерлердің ең асқары ретінде ол оның барлық түрлерін қамтиды. Саяси өнерге жататын білімнің, шеберліктің, дағдының ешқайсысы саяси басқаруда бірінші рөлден дәмете алмайды. Және тек саяси басқаруға “мемлекеттегі аса маңызды істердің басы мен барысы, олар үшін қолайлы және қолайсыз мезгілдер белгілі”. Философ асыра сілтеп те жібереді. Полемикалық қызбалыққа бой алдырған ол шынында да патшазат мемлекеттік басқару өнері “өзі килікпей, қимылдап қалуға тиіс басқа өнерлерді басқарып отыруға тиіс” деп мәлімдейді. Дегенмен де басқалардың ішінде мемлекеттік басқаруға неғұрлым жақын қызмет өрістері мен бағыттары бар. Олар – қазылық, шешендік, әскер өнерлері. Сот өнері дегеніміз “заңдарды сақтайтын патшалық құдірет малайы” – қазылықты жүзеге асыру. Оның маңдайына жазылған жақсылық – қазы төрелікке жүгінетін тараптардың өзара кіналасуын талдау барысында заң шығарушының өкімдерін бұзуға бармайтындығы. Шешендік өнерді Платон аса жоғары бағалайды – “кез-келген бейнені сурет өнеріне және қандай да бір басқа қол еңбегіне қарағанда сөз бен

толғамның көмегімен әлдеқайда жақсы бедерлеуге болады, – тек мұны істей білу керек. Басқалар – мұны істей алмайтындар – қол жұмысын пайдалануы керек”. Айта кетелік, антик гректің бұл пікірі замандар өткен соң қарсылыққа ұшырады. Мәселен, Қайта өрлеу дәуірінде Леонардо да Винчи бейнелеу өнерін, кескіндемені барынша әуелетіп, ал сөз өнерін “соқыр кескіндеме” деп атады. ХІХ ғасырдың соңындағы француз символист ақыны Поль Верлен “музыкадан кейін тұратын іс қана”, басқасының бәрі – таза әдебиетшілдік деп санады. Бірақ Платон өзінің позициясын жариялап қана қоймайды, “қуаттайтын” және “қарсы” уәждерді таразылай отырып, дәлелдеуге де тырысады. Шешеннің өнері саясаткерге көмектееді, өйткені бұл “көпшілікті иландыра алу шеберлігі”. Бірақ ол ұдайы “иландыруды қолдану керек пе, жоқ па, соны көрсететін” ғылымға негізделмеген. Көбіне-көп ділмарлар тобырға ғибрат беру арқылы емес, “қиялға ықпал ету арқылы” әсер етеді. “Қолбасылық және әскери тәжірибенің барлығынан туындайтын” әскери ғылым қаншалық маңызды болғанымен, “соғысу керек пе немесе істі бітіммен аяқтаған жөн бе дегенге кеңес” бере алмайды. Нақты өмірде сондықтан көбіне әртүрлі, тіпті қарама-қарсы білік пен дағдылардың аралас қолданылғаны абзал. Мысалы, жаужүректік намысқой, шамшыл, сондықтан көптеген құдіретті адамдардың қастығын қоздыруы мүмкін. Байсалдылық дегеніңіз “жантыныштық пен қол бостығына тым әуес және көбіне әлсіздік болып шығады”. Сонымен, Платон бойынша, саясатта жаужүректік, істе өжеттік қажет және ол өз кезегінде даналыққа жататын әділеттілік пен сыпайылыққа жол беруі керек. Саясатта соншалық идеалист бола тұра, Платонда салқынқандылық пен реализмнің үлесі де сүбелі, оған жоғарыдағылардан көз жеткізуге болады. Ол саясат саласына проблемалық тұрғыдан келу қадамын жасайды. Ол сауалдардан, айталық, саяси ғылымның барлық қажетті талаптарына сай келетін мінсіз саясаткерлері, билеушілері жоқ

мемлекеттің табысқа жетуінің қандай мүмкіндігі бар немесе қауіпті оқиғалар құйыны шыр айналдырған мемлекетті басқарып отырған саясаткерлер сыртқы қатер мен ішкі апат алдында не істей алады деген сауалдардан қашқақтамайды. Бұл жағдайда билеуші-саясаткер тарих музасы Клионың көмегімен Ұлы Грекияның нақты саяси өміріне жүгінуі керек. Біртұтас эллиндік әлем – мәдени, сауда, әскери және шаруашылық қатынастарымен, достықпен және дұшпандықпен, ортақ қатерлермен және салтанаттармен байланысқан көптеген грекиялық мемлекеттердің саяси амальгамасы (қоспасы). Саясаткерді бәрінен бұрын полистердің бай да қызу саяси өмірі, оның оң да теріс сабақтарын сын көзімен ой елегінен өткізу, басқару пошымдарының қилы-қилы, үнемі көрікті бола бермесе де, жылдам әрі оқыс өзгерістері, жетекші саяси кландардың, стихиялық көтерілістер мен оларды аяусыз басып-жаншудың, мемлекеттік қайраткерлердің тамаша саяси көсемдігі мен олардың ұятты аяқталуының алмасуы қызықтыруға тиіс. Платонды көптеген ежелгі грекиялық полистерде, бірақ, әрине, бәрінен бұрын Афинадағы нақты саяси өмір феномені мықтап қызықтыратын. Жергілікті саяси режимге, оның пікірінше, шексіз демократия мен басы артық бостандық тән болатын. “Мұндай мемлекеттің халқы үшін шектен тыс бостандық сатып алынған құлдар мен күңдер өздерін сатып алушылардан тіпті де аз бостандыққа ие еместігінде”. Мұндай тәртіптер кезінде өкімет үшін күрес пен оны бас пайдасына пайдаланудың салдарлары әсіресе қауіпті. Философ бұл проблемаға үстінүстін оралып отырады: “Шектен тыс бостандық, тегінде, жеке адам үшін де, мемлекет үшін де төтенше құлдықтан басқа ештеңе емес. Ол мына ережеге сілтейді: тәртіп жоқ жерде, қажеттілік үстем болмаған жерде өмір тек “еркін де рахат” болып көрінеді. Олигархия тұсында дамып, оның түбіне жететін дерт “демократияны мүжіп, оны құлға айналдырады”.

Саяси режимнің пошымдарын қарастырғанда, Платон олардың үшеуіне – демократияға, тиранияға және олигархияға неғұрлым көп көңіл бөледі. Демократия дегеніміз – халықтың, яғни, “өз қолымен еңбек ететін, пысықайлықтан аулақ, мүлкі де шамалы адамдардың” билігі. Тап солар “бәрінен көбірек және демократиялық құрылыс кезінде, әсіресе бірге бас қосқан кезінде бәрінен де ықпалдырақ”, бірақ, шыны сол, олардың мұны жиі жасауға, әсіресе, “оларға балдың өздеріне тиесілі үлесі тимей қалғанда” зауқы жоқ. Дегенмен, демократия “кедейлер жеңіске жеткен бойда өздерінің қарсыластарының біреулерін жойып, енді біреулерін қуып жіберіп, қалғандарын азаматтық құқықтарда және мемлекеттік мансаптарға ие болуда теңестірген” жағдайда орнауы мүмкін. Ал “толық демократиялық құрылыс” тұсында билік “көбіне-көп жеребе бойынша”, яғни “теңдер мен теңсіздерді теңестіретін” неғұрлым толық саяси теңдік пошымында іске асырылуы керек. Алайда бұл арада диалектика іске қосылады да оның заңдарына сәйкес шектен тыс нәрсенің бәрі әдетте қарама-қарсы жаққа өзгеріс тудырады. Және бұл табиғат құбылыстарында ғана емес, саяси режимдерде де байқалады. Платонның айтуы бойынша, демократияда әуел бастан жеңіліс ұрықтары болады, өйткені “демократиялық адамдардың бойында” дүмділердің билігі кедейлердің бойында оларды орындарынан тайдырып, өзім бай болсам деген қызғанышты оятатын олигархиялық құрылыстың тажалды мұрасы қалады. Демократия – “жағымды да әр алуан”, бірақ “жөндем басқарылмайтын” құрылыс. Мұның үстіне, басшылық басына тиісінше негізі жоқ саяси серке келуі мүмкін. Демократияны “кімнің қандай жұмыстан мемлекеттік қызметке келетіндігі” еш алаңдатпайды. “Адамның өзі тобырға жақын екендігін көрсетсе болды, оған құрмет дайын”. Бірақ бұдан да қауіптісі, демократия “шектен тыс еркіндіктен”, “жүгенсіздіктен”, “өзіндік бір” әлдеқайда қатаң режимдерге, атап айтқанда тиранияға айналып кетуге бейім.

Платон “тирания, әрине, әлдене өзге құрылыстан емес, нақ демократиядан туындайтынын: басқаша айтқанда, шектен тыс бостандықтан орасан үлкен және аяусыз құлдық туындайтынын” көз жеткізе дәлелдейді. Тиранияның мақсаты – билікті тартып алу, оны ұстап қалу, оны пайдалану. Тирания аса көрнекті саяси тұлғаларды қажет етпейді. Сөйте тұра тирания кедейлерге жүгінеді, ол шектен тыс ысырапшыл. Билеп-төстеушілердің қажеттерін қанағаттандыруға ұмтылып, ол “қанағатшылдықпен шайқаста... жеңіп шығады”, және де ұятаятты жиып қойып, ұялшақтықты ақымақтық деп атап, қаңғыртып жібереді, ал байсалдылықты ержүректіктің жетіспеушілігі деп атап, аямай күйе жағып, лақтырып тастайды. Тиран әу баста “халықтың жоқшысы, өкілі” ретінде пайда болады, деп атап көрсетеді Платон. Билікке қолы жетісімен, халықтың өзіне оққағарлар тағайындауын талап етеді. Айтқанын ешқашан екі етпейтін тобырды қолға үйретіп алған “ол өз тайпаластарының қанын төгуден тартынар дейсіз бе?”. Ол “ержүректерден, кең пейілділерден, парасаттылардан, байлардан” құтыла бастайды және “әдетте болатынындай, әділетсіз айыптармен оларды сотқа тарта бастайды және адамдардың өмірін қиып, өзін былғайды”. Платонның айтуынша, тираниялық саяси режим әлеуметтік құбылыс, өйткені ол түрлі себептерден туындайды, олардың арасынан философ жақтаушыларының көп болуын да, халықтың ермелігін де, психологиялық бейімдігін де санап береді. Тиран дегеніміз “өз бойында, яғни өз жанында ең дәу, ең қаныпезер тиранды әлдилеп жүрген адам” дейді Платон. Билік тиранды қызғаншақ, опасыз, әділетсіз, тасжүрек әрі арсыз етеді. Әрқилы жамандықты қолдап, дем бере отырып, “ол өте бейбақыт болады және өзінің жақындарын да сондай етеді”. Өзінің жауларын зұлымдықпен жойған “ол халық көсемге мұқтаж болсын деп, азаматтарды үнемі қандай да бір соғыстарға тартумен болады”. “Өз мемлекетінің күймесінде ол енді “халықтың өкілі ретінде емес, бет қаратпас тиран” ретінде тұратын

болады. Осы сөздерді ескерсек Платонның тирандық саяси режимді “мемлекеттің ең даусыз ауруы” деп бағалайтыны әбден түсінікті. Жосықсыз мемлекеттік құрылыстың тағы бір түрі – “жамандықтарға бөккен” олигархия. Ол “тек әскери күшке арқа сүйейді” немесе бұрын “үрейлендіру жолымен” орнатылған. Мұнда мүліктік ценз үстем, билік басында байлар тұрады, ал кедейлер басқаруға қатыспайды. “Мемлекетте байлық пен байлар құрметтеледі екен, демек онда жақсылық пен жақсылық жасайтындар кем бағаланатыны анық”. Мұндай саяси режимнің сырқауы Платон үшін айдан анық. Біріншіден, ашқарақтық пен пайдакүнемдікке бейімділік бел алады, жұрт байларға тәнті болады, оларды мемлекеттік мансаптарға тағайындайды, ал кедейлер онда құрметтен жұрдай; екіншіден, қабілетті, бірақ кедей адамдарды байлық мемлекетті басқару ісіне жолатпайды; үшіншіден бұл мемлекет кедейлер мен байларға бөлінген; төртіншіден, мұндай мемлекетті қорғау да қиын, өйткені “тобырдың қолына қару беру” керек болады және т.б. Аумалытөкпелі жағдайда болатындықтан болмашы дүмпуден олигархияның бытшыты шығатыны кездейсоқ емес. Мұндай мемлекет “сырқаттан, боларболмас себептен өзімен-өзі қырқысып кетеді”. Ол тіршілігін тәмамдап, басқа саяси пошымдарға, соның ішінде демократияға айналып кетеді. Мұндай катаклизмдер мен метаморфозалардың себептерін аса мұқият қарастыра келіп Платон күн тәртібіне ең маңызды мәселе ретінде қоғамдық сананы бет перде қылып, саяси ырық пен құлыққа ықпал ету туралы мәселені қояды. Ол мыңдаған жылдардан кейін, ХХ ғасырдың соңында мұның аса өткір әлеуметтік-саяси проблемаға айналатынын болжап білгендей. Әрине, Платон еңбектерінің беттерінен бүгінде құлақ үйренген терминдерді іздеп жатудың реті жоқ – оның өз сөздігі, өз категориялары бар, бірақ мәселенің мәні бұдан өзгермейді. Ойшыл “кеме ретіндегі мемлекетті төңкеріп жіберетін апатты салт” – әлеуметтік өтірік туралы табандап ескертеді, өйткені ол саясат дегеніңізді тек жеке немесе

ұжымды түрде биліктің жанына орнығып алудың құралы деп білетіндердің жыртқыштық пиғылын бүркемелейді. Ол “сужүректеу жандарды да еліктіре алатын көзсіз өжеттердің соңындағы қызықшыл, лақпа адамдардың” ерекше тобы туралы жазады. Оларды Платон “бізгекті еркек араларға” ұқсатады. Олар саяси режимнің барлық түрлері кезінде өмір сүреді, бірақ “демократия тұсында”, деп есептейді философ, олар билікті тартып алу ісінде барынша кең өріске ие болады. Ілуде бір болмаса, олар “билік басына дерлік жетеді: еркек аралардың ең улылары көсіліп сөйлеп, қимылдап қалады, ал қалғандары мінберге жақынырақ жайғасып, ызыңдай береді де, өзге біреудің басқаша сөйлеуіне мұрша бермейді”. Саяси тәжірибесі және орнықты өмірлік бағдары жоқ жас ұрпаққа “Бізгекті еркек аралардың” ықпалы ерекше зиянды. “Бозбаланың өздері қолға түсіріп үлгерген, ұлы құпияларға арналған жанын төңкеріп, босатып алады да, оған асқан салтанатпен, көргенсіздік, жүгенсіздік, азғындық пен ұятсыздық ұрығын себеді, мұның бәрін олар гүлдестемен әспеттеп, жылыжылы атаулармен мадақтайды: көргенсіздікті білімділік, жүгенсіздікті – еркіндік, азғындықты – ғажайып, ұятсыздықты – жаужүректік деп сіңіреді”. Платон дәстүрлі саяси құндылықтардың тонын теріс айналдыратын, буыны қатпаған жас адамдардың жанына саяси негативизм мен құқықтық нигилизмнің улы тұқымдарын себетін демагогтардың бүлдіргіш қызметіне қайта-қайта оралып отырады. Шағып алуға ғана елірген еркек ара “бозбаланың бойынан адамгершілікке тән, ар-ұяттан айрыла қоймаған пікірді немесе тілекті байқайтын болса... оларды аяусыз өлтіріп, ол өзінің байсалдылығынан мүлдем арылып, бойына сіңген есерлікке әбден бой алдырғанға дейін, лақтыра береді”. Риясыз әлеуметтік тәнге жабысып алып күн көретін софистер, жатыпатарлар, саяси жалақорлар “үнемшілдік бастауларымен шын шайқас” жүргізеді. “Қаражат жұмсаудағы ұстамдылық пен реттілік –

ауылға тән надандық және ұят тірлік деп білетін олар (еркек аралар – Т. Е.) толып жатқан пайдасыз әздектікке сүйеніп, оларды өздерінің шегінен аластайды”. Осылайша саясат саяси сайқымазаққа, берекесіз думанға айналады, “демократиялық құрылыс пен еркіндікке құштарлық бел алған мемлекеттің басына ақымақ сақилар келе қалса, бұл мемлекет қоспасыз еркіндікке еліріп алатыны сонша, өзінің мансапты тұлғаларын, егер олар тым кешірімшіл болмай, баршаға толық еркіндік бермесе, жазалайды әрі оларды жиіркенішті олигархияға бүйрегі бұрады деп айыптайды”. Қоғамдық сананы қолжаулыққа айналдыру, саяси софистика мен демагогия, Платон жазғандай “демократияның тұсында” бетімен кетеді. Бірақ басқа саяси режимдердің тұсында олар өздерінің үстемдігін орната алмайды деп санау қате болар еді. Олар “алжастырылған адамға тән өтірік, жанға сіңген надандық” деп әбден айтуға болатын нәрселерді пайдаланады. Сөзбен білдірілген өтірік – адам жанының, ахуалын сөзбен қайталау, ал сөз адамдардың арасындағы қатынастың аса маңызды құралы болғандықтан, сөз атаулыға сенуден қалу адамнан жиіркенуді туындатады. Міне сол мынаған алып келеді: еркіндікті парықсыз пайдалану еркіндік бояуымен билікті өз қалауымен пайдалануға айналады. “Ал олар... дейді Платон бұдан былай өздерінің үстінен ешкім де ештеңе де билік жүргізе жасай алмас үшін, тіпті жазылған немесе жазылмаған заңдармен санасуды қояды”. “Демократия тұсында” “бізгекті еркек аралар” “басқа ештеңе де қолынан келмейтіндіктен” адамдарды атқарып жүрген қызметтерінен күшпен шеттететіп, зор салмаққа ие болады. Олар басқалардан тартып алынған балмен тамақтана алады. Билік басында болғанда оларда “мүлікті адамдардың меншігін тартып алып, оны халыққа таратып беру, рас, өзіне көп бөлігін қалдыру мүмкіндігі” болады. Олигархияда да саяси құбылман-“еркек аралар” жеткілікті. Төменгі жіктер санасына “адамдар кедейлердің именшектігінің арқасында ғана

бай”, “біздің мырзалар – түкке тұрғысыз адамдар” деген ойды сіңіретін нақ солар. Ақыр соңында олардың әрекеттері нақты саяси күшке ие болып, олар “тобырдың қолына қару беріп”, жерді қайта бөлуге және борыштардан құтқаруға уәде береді. Тирания да сайып келгенде – “бізгекті еркек аралар” айласының нәтижесі”. Тартып алынған биліктен айрылып қалмау үшін олар міндетті түрде тиранды көтермелеп, мемлекеттің басына қояды. Бірақ мұны айламен, басқаның қолымен жасайды. Олардың айла-шарғысына қолында ештеңесі жоқ, жалақорлардың алдауына түскен халық та, аңғал дәулетті жіктер де ереді. Бәрі де олардың ойыншығына айналады, өйткені жамандық тудырып “оларды шағып алған сол еркек ара”. Осындай күрделі саяси проблеманы алға тартқан Платон оның шешуін де өзі ұсынады. Ондағы басты шара – мемлекетті онда қилы “еркек аралардың”, әсіресе “бізгегі” бар не болуы мүмкін “еркек аралардың” пайда болуынан алдын ала қорғау. Билеуші – “жақсы дәрігер” және “мемлекеттік заң шығарушы” оларға қарсы “күнілгері тәжірибелі омарташы тірлігінен кем емес шара қолдануы – ең бастысы еркек аралардың өсіп-өнуіне жол бермеуі, олар пайда бола қалса, олармен бірге кәрездерді де кесіп тастауы керек”. Саясаткер-билеушілер үнемі сақ болып, “аурушаң (мемлекеттік – Т. Е.) дененің тепе-теңдігін бұзу үшін” сырттан жасалатын сәл-пәл дүмпудің оның ауырып қалуына жеткілікті екендігін білуі қажет, ал кей кезде оның қалжырауы сыртқы себептерсіз де бола береді... кей кезде іштегі қырқыс сырттан араласпай-ақ туындайды”. Сөйтіп ол мемлекетті төніп тұрған үздіксіз қатерден “кіршіксіз” қорғайтындықтан да мінсіз аталатын мемлекеттік құрылысты көрсетеді. Оның “коммунистік” жобасы толық теңдікке – қол жетпейтін бос қиялға, жеребеге – иесіздікке және кездейсоқтық зомбылығына жол бермейді, есесіне халыққа “әркімге – табиғатына сәйкес өзінікін және әркімнен – әділеттілік бойынша қажеттіні” деген принцип бойынша жеткілікті бостандық береді. Таңдаулылар, бірақ тіпті де қалаулылар емес, кемеңгер-

философтар, “заңдарды қорғаушылар” және шебер тәрбиеші-ұстаздар саясатты адамдардың пайдасына қарай жүргізеді. Сонымен бірге өмірлік және ғылыми тәжірибе оны әр нәрсеге байыпты қарауға мәжбүр етті: мінсіз саясаткер адам кездейсоқтық ырқымен тумайды және ілуде бір ғана сондай болып шығады, ал адамдарды басқару өнері – “аса күрделі және өте қиындықпен қол жететін шеберліктің бірі”. Сондықтан саяси режимнің, мемлекеттік құрылыстың өзі өз тұсында саяси қабілеттер барынша көріне алатындай және оған шынымен қабілеттілер басқару шыңына көтеріліп, ол жерде өзіне лайық орын алатындай болуы керек. Сондықтан да басқарудың, мемлекеттік құрылыстың және саяси режимдердің көптеген пошымдарын ой елегінен өткізіп ол солардың ішінде “шынымен жөн білетін билеушілер табылатын құрылыс дұрыс болады” деп әбден орынды атап көрсетеді. Осылайша, өзінің “Саясаткер” атты еңбегімен – “Заңдарды” оның шәкірттері аяқтаған деп есептейді – Платон мемлекеттік-құқықтық проблематиканы хронологиялық түрде емес, пәндік мәнінде талдап шығуды аяқтайды. Тереңдіктің мазмұнды тұңғиығын ол диалектикалық методологиялық әдіс-тәсілмен, бұрмаланбай алынған фактіні көрсетуді – оның көреген кемеңгерлігімен жарқырай түскен ғылыми болжаммен ұштастырады. Бұл орайда, сырттай қарағандағы қарама-қайшылық шын мәнісінде позицияның жинақталғандығы болып шығады. Шынында да Платон биліктің бақылаусыздығы, саясаткерлер мен билеушілердің іс-әрекеттері үшін жауапкершіліктің болмауы, “тізгін ұстаушылар” заңнан биік және заңнан тыс тұратын жағдай туралы ойға жол бермейді. Ол баршаға былай деп ескертеді: “Заңнан ақылды болудың қажеті жоқ”, мемлекетті басқаруда “жүгенсіздік” болмауы керек, кезкелген билеушінің “билегеніне бір жыл толған кезде” халықтың алдына шығып, оның есеп беруін талап ету керек”. Бірақ сонымен бір мезгілде ол “заңдар –патшалық өнердің бір бөлігі; алайда ең тамашасы күштің заңдарда емес, парасатты патшаның қолында болғаны”, өйткені “заң әркім

үшін ең жақсы нәрсені барынша дәлдікпен және әділеттілікпен қамти және соны оған міндеттей алмайды” деп атап көрсетеді. Осылайша, заңдарды орындау – “азаматтардан ешкім де ешқашан заңдарға қарсы іс істемеуі” нәтижесінде – мемлекетте заңдылық орнатылады. Бірақ құқық тәртібі, Платонның ойынша бұдан кеңірек әрі тереңірек ұғым. Ол құқықтан басталады, билеушінің саяси ырқын, саяси ортаны, басқа да саяси шарттар мен жағдайларды ескереді. Былай қарағанда кереғар позиция “барлық білім атаулының шыңы іспеттес” диалектиканың көмегімен айқындалады. Заң саясаткер мен мінсіз саяси құрылыстың пайда болу шарты. Бірақ құдайдың кемеңгерлігі мен әділетті білдіруге тиіс заңға қаншама адал болғанымен, философ тиімді, бастамашыл саясаттың қажеттігін мойындайды. Ол ең жоғары “патшалық өнерді” игерген адамның ең жақсы басқару мүмкіндіктерін нұсқап көрсетеді. Платон бойынша, саясат жалпы адамзаттық мүдделер мен құндылықтардың ұлттық құндылықтармен, мүдделермен диалектикалық синтезі. Ол саяси құндылықтар шкаласындағы аса маңызды позицияларға этикалық категорияларды шығару қажеттігін алғашқылардың бірі болып негіздеді. Саясаттың гуманистік негіздерін талдап әзірлей отырып, ол игіліктің ортақ идеясы ретінде жақсылықтың жамандықты, жалғандықты, таза ойдың демагогия мен адасушылықты, әділеттіліктің зорлықты жеңіп, салтанат құру мүмкіндіктерін іздестіреді. Платонның көптеген қағидаларының жалпы адамзаттық құндылықтар күшіне ие болғаны, адамдар қашан, қайда өмір сүрсе де, олардың санасына терең тамыр жайғаны осымен түсіндірілсе керек. Бірақ сонымен бір мезгілде оның еңбектерінен ап-айқын отаншылдық сарындар да естіледі; ол варварлар теңізінің ортасында өркениет шамшырағы болып тұрған өзінің туған Афинасының, Ұлы Элладаның өркендеп, гүлденуін тілейді. Ол туған әкесі мен шешесіне қол көтере алатын, отанына де тап солай істей алатын тиран туралы жаны ауыра отырып жазады... ол оған өзінің серіктестерін кіргізіп,

жазасын береді; бір кездегі сүйікті отан-анасы құлдықта ұсталып, соған дағдыланатын болады. Платон достарына мінсіз мемлекеттің мөлшері шағын болуы керектігін дәлелдеп баққанда өзінің “шағын отанын” айтады. Оның азаматтарына “өзінің мемлекетіне қуаныш пен қайғыда сыналған сүйіспеншілік тән, және де олар өздерінің осы ережесінен қандай қиындықтар мен қатерлер болса да шегінбейтіндіктері көрініп тұратын болуы керек. Бұл жерде кім әлсіз болып шықса, одан бас тарту керек, ал осы сынақтан оттан шыққан алтындай таза шыққан адамды билеуші етіп қойып, оған ерекше құрмет көрсету, көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де наградалар беру керек”. Мұндай ұзақ цитата осы жолдарды жазған адамның “сүйікті отанына” махаббаты шынайы да байыпты екенін көрсету үшін келтіріліп отыр. Ақыр соңында, Платонның саясаты оның идеялар теориясы мен жалпы адамзаттық мәдениет туралы ілімін диалектика тұрғыдан ұластырады. Идеялар теориясында “біздің жанымыздың көкке”, түгел танып-білу мүмкін емес құдайлық идеяға мінсіз ұмтылыс – бұл жерде Платонның “мұраты” Гераклиттің “логосын” еске түсіреді – жалпыға ортақ игілікке тарихи тұрғыдан жақындауды да, жер бетінде әділеттіліктің салтанат құруын да білдіреді. Платонның мәдениетке көзқарасында, атап өтілгендей, адамдардың танымдық және табиғатты өзгертетін белсенді қызметі қоғам мен мемлекеттің орынды өзара іс-қимылы мен өзара көмегі жағдайында, барлық мемлекеттік-құқықтық және саяси процестер адамзат қол жеткізген мәдениеттің берік негізінде дамыған кезде өнімді болады деген сенімі айқын көрінеді. Және керісінше, егер Платонның утопизмі мемлекеттік құрылыстың ойдан шығарылған долбары мен қоғамдық қатынастардың ұсақ-түйек регламенттелуінде емес, биік гуманистік мұраттар мен жалпы адамзаттық құндылықтарда дейтін болсақ, онда олар саяси лексиконның таптаурын терминдеріне айналып, нақты саяси өмірмен байланысын жоғалтар еді.

Бұл жағдайда саяси өмір жеке, топтық, партиялық – әртүрлі мағынада – эгоизмнің үстемдігін барған сайын көп көрсетуде. Жоғарыға іліккен жеке мүдделер мемлекеттік болмыстың мәдени, ұлттық және жалпы адамзаттық негіздерін бүлдіріп, құнсыздандырып, саясатта көсемсіп тұр. Осыған байланысты “ең кемеңгер гректің” кеңестері ерекше бағалы, ол мемлекеттің әлеуметтік саясаты байлық пен кедейліктің арасында шетін кереғарлыққа, қоғамның жауласушы таптарға жіктелуіне жол бермесе ғана “патшалық өнер” деген атақтан дәмеленіп, заңдардың “құдайлық кемеңгерлігіне” сәйкес бола алады деп тұп-тура көрсеткен-ді. Платонның өсиеті бойынша, мемлекеттің, құқықтың, саяси өнердің, бүкіл әлеуметтік мәдениеттің басты борышы – рухани енжарлыққа да, бұқараның стихиялы тағылығына да, биліктің мейірімсіздігі мен қатыгездігіне де қарсы тұру.

Профессор Е. И. Темнов

Аристотель

АФИНА ПОЛИТИЯСЫ

(б. д. дейінгі 384–322 ж.ж.) ежелгі грек философы, ойшылы, энциклопедияшысы, логиканың және басқа ғылымдардың негізін қалаушы. Стагирде (Фракия) Македония патшасы ІІІ Аминтаның сарай дәрігерінің отбасында туған. Платонның Академиясына түсіп, әуелі оқып, кейіннен сабақ берген. Академияда ол жиырма жылдай болған. Платон қайтыс болғаннан кейін – көп жылдар бойы Грекияның түрлі жерлерін кезіп шығады. 340-жылдардың аяғында Македония патшасы Филипптің шақыруымен оның ұлы Александрдың, болашақ Александр Македонскийдің тәрбиешісі болады. Қолбасы өзінің ұстазын былай сипаттайды: «Мен Аристотельді өзімнің әкеммен бірдей құрметтеймін, өйткені мен өмірге келгенім үшін әкеме қарыздар болсам, Аристотельге сол өмірдің құнын ұқтырғаны үшін қарыздармын». 50 жасында Аристотель қайтадан Афинаға оралып, онда өзінің философиялық мектебін – Ликейді (Лицей) ашады. Ол өмірінің соңына дейін сонда сабақ береді. Саяси ғылымның пайда болуы Аристотельдің ісімімен байланысты. Оның «Саясаты» құқықты, экономикалық, әлеуметтік және саяси өмір салаларын қамтиды, олар этикамен табиғи байланысты. Платоннан өзгеше, ол мемлекеттің пайда болуына тарихи тұрғыдан келіп, оның дамуындағы әртүрлі кезеңдерді анықтайды. Адам – қоғамдық, саяси тұлға. Ол қашанда бірлесе өмір сүруге ұмтылады. Мұндай бірлесіп өмір сүрудің алғашқы пошымы – отбасы, онда үш түрлі: ерлі-зайыптық, ата-аналық және билеп-төстеушілік қарым-қатынас қалыптасқан. Патриархтық отбасы қатынастарының бұл түрлерін Аристотель тұтасымен отбасы эволюциясы, қажеттіліктер мен айырбастардың өсуі барысында пайда болған мемлекетке де көшіреді. Егер, Платон бойынша мемлекеттік құрылыс пошымы билік басында кімнің тұруымен байланыстырылса, Аристотель олардың әрқайсысын мұқият зерттей келіп, оларды тек дұрыс және надұрыс дегенге ғана сабға болмайды деп атап көрсеткен. Белгілі бір тұста аралас пошымдар да туындауы мүмкін. Мәселен, тирания мен демократияның көптеген түрлері болуы мүмкін. Ол тиісті принциптермен (аристократия принципі – жақсылық, олигархиянікі – байлық, демократиянікі – еркіндік) байланыстыратын мемлекеттік құрылыс пошымдары туралы ілім Аристотельдің саяси көзқарастарында басты орын алады. Мемлекет гүлдену, әділет және азаматтарының жақсы өмірі үшін керек. Аристотель өзінің саяси ілімін «Саясат», «Афина политиясы», «Этика» атты жұмыстарында ашып көрсетеді. Ежелгі дәуірдің де, Орта ғасырлар мен Жаңа заманның да рухани өмірінің дамуында Аристотельдің маңызы орасан зор.

Афиналықтардың мемлекеттік құрылысы

І. КИЛОН БҮЛІГІ46

(1-тарау)

1. ...Оларды, құрбандыққа шалынған мал үстінде ант беріп, текті тұқымнан шыққан <үш жүз судья> соттады, <және де айыптаушысы> Мирон болды. Масқаралық жазасын алғаннан соң, қылмыскерлер моладан шығарып тасталып, ал олардың руы біржола қуып жіберілді. Криттік Эпименид47 осыған байланысты мемлекетті тазарту рәсімін жасады.

ІІ. БАҒЗЫ ЗАМАНҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫС

(2 – 3-тараулар)

2. Осыдан кейін ұзақ жылдар бойы ақсүйектер мен халық арасындағы дау-жанжалдар толастамады. (2) Жалпы мемлекеттік құрылыс олигархиялық болғанын, бірақ ең бастысы, кедейлердің өздері ғана емес, олардың балалары да, әйелдері де құлдықта болғанын ескеру керек. Олар пелаттар және алты үлестіктер48 деп аталатын, өйткені байлардың егістіктерін сондай жал шартымен өңдейтін. Ал жалпы жердің бәрі аз ғана адамдардың қолында болатын. Бұл ретте, егер кедейлер берешегін бере алмаса, олардың өздерін де, балаларын да өмір бойғы кіріптарлыққа салуға болатын. Несиелер де Солон заманына дейін жеке кіріптарлықпен

қамтамасыз етілетін. Солан бірінші болып халықтың простатына49 айналды. Әрине, мемлекеттік өмірдің сол кездегі жағдайында халық үшін ең ауыры, ащысы олардың құлдық жағдайы еді. Жалпы халық барлық басқасына да наразы еді, өйткені ештеңеде де оның еншісі болмайтын. 3. Драконтқа дейінгі ежелгі мемлекеттік құрылыстың тәртібі мынадай еді. Жоғары мансаптарға тектілігіне және байлығына қарай таңдалатын; мансапты адамдар әуелде өле-өлгенше басқарса, кейіннен он жыл басқаратын болды. (2) Мансаптар ішінде ең маңыздылары және уақыт жағынан алғашқылары – патша, полемарх және архонт. Бұлардың ішінен ең біріншісі патшаның мансабы, ол әкеден балаға мирас болып отырған. Екінші болып оған полемарх мансабы қосылды, өйткені кейбір патшалар әскери істе дәрменсіз болып шықты. Осы себеппен, қиын-қыстау күн туғанда Ион50 шақырылады. (3) Ең соңғысы архонт мансабы. Көпшілік ол Медонттың тұсында, ал кейбіреулер Акасттың51 тұсында пайда болған деседі. Дәлел ретінде соңғылары тоғыз архонттың Акасттың заманындағыдай тәртіппен ант беруге серттескеніне сілтеме жасайды, өйткені оның тұсында, солардың пікірінше, Кодридтер архонтқа берілген артықшылықтар үшін патша мансабынан бас тартқан екен52. Шындығында қалай болған күнде де, бұл екі уақиғаның арасындағы уақыт айырмашылығы оншалық көп емес. Ал бұл мансаптың ең жоғары мансаптардың ең соңғысы болып белгіленгеніне тағы бір дәлел – патша мен полемарх әкелерінен мирас боған істерді жүргізе береді, архонт тек

қана жаңадан ашылған істерді басқарады53. Сондықтан да, бұл мансап осыдан біраз бұрын ғана, қосымша міндеттер жүктелген соң, маңызды мәнге ие болды. (4) Ал фесмофеттерге келетін болсақ, олар көп жылдардан кейін, мансапты адамдар бір жылға сайланатын болған кезде ғана сайлана бастады. Олар құқықтық қағидаларды жазып алып, оларды дауласушы тараптар соты үшін сақтап отыруға тиіс болатын. Ең жоғары мансаптардың ішінен жалғыз сол ғана бір жылдан аспайтыны сондықтан. (5) Сонымен, бұл мансаптар енгізілген уақыты жағынан осылайша бірінен кейін бірі тұрады. Отырған жеріне келетін болсақ, тоғыз архонттың бәрі бір жерде болған жоқ, бірақ патша Пританейге таяу Буколий54 деп аталатын жерде (дәлел: қазір де патшаның әйелі сол жерде Диониспен қосылып, некелеседі), архонт – Пританейде, полемарх – Эпиликийде отырды. Бұл жер бұрын Полемархий деп аталған, бірақ Эпилик55 полемарх міндетін атқарып болып, оны қайта салдырып, әрлеген соң, бұл жер Эпиликий деп атала бастады. Фесмофеттер фесмофетийде мәжіліс құратын, бірақ Солонның тұсында барлық архонттар фесмофетийде жиналатын болды. Архонттардың қазіргідей тек алдын ала тергеу жүргізу емес, істерді түпкілікті шешу құқығы болды. Архонттар мансабына байланысты жағдай осындай еді. (6) Ақыр соңында, ареопагиттер кеңесі, ол тек заңдардың мүлтіксіз сақталуына ғана жауапты болғанымен, тәртіп бұзушылардың барлығына, ешқандай шағым қабылдамай, жаза және шара қолданып, мемлекеттегі көптеген маңызды істерге билік жүргізді. Бұл мынамен түсіндіріледі: архонттарды таңдау асыл тектілігі мен байлығы бойынша жүргізілетін, ал ареопагиттер солардың ішінен сайланатын. Міне сондықтан, бұл – күні бүгін де өмір бойы атқарылатын жалғыз мансап.

ІІІ. ДРАКОНТТЫҢ ЗАҢДАРЫ

(4-тарау)

4. Негізінен алғанда бастапқы мемлекеттік құрылыс осындай болды. Бұдан кейін56, біраз уақыт өткеннен соң, архонт Аристехмнің57 тұсында, Драконт өз заңдарын шығарды. Мемлекеттік құрылысқа келетін болсақ, оның мынадай сипаты болды. (2) Азаматтық құқықтар өзіне ауыр қару-жарақ58 сатып ала алатындарға берілді. Тоғыз архонт, сондай-ақ қазынашылар, қарыздан таза дәулеті он миннен59 кем емес адамдардың ішінен, ал қалған, маңызы төменірек мансаптарға – өзіне ауыр қару-жарақ сатып ала алатын адамдар арасынан таңдалған; стратегтер мен гиппархтар мансаптарына қарыздан таза мүлкі жүз миннен60 кем емес және заңды әйелінен туған, жасы оннан асқан заңды балалары бар адамдардың ішінен сайлаған. Олар есеп тапсырудан бұрын олар үшін бұрынғы притандар, стратегтер мен гиппархтар кепілдеме беруге тиіс болатын, бұл ретте олардың өздері осы стратегтер мен гиппархтар қай тапқа жатса, содан төрт кепіл беруші алуға тиіс еді. (3) Кеңес азаматтар ішінен таңдап алынған 401 мүшеден тұруы тиіс болатын. Бұл және басқа да мансаптарға жасы 30-дан асқан адамдар жеребе бойынша сайланатын, және де азаматтардың барлығы атқарып шықпайынша, бір адамның ол мансапта екі рет болуына рұқсат етілмейтін, содан кейін ғана жеребе қайта тасталатын болған. Егер де кеңес мүшелерінің біреуі кеңестің немесе халық жиналысының мәжілісі болғанда оған қатыспаса, ол айыппұл төлеген: пентакосиомедимн – үш, салт атты – екі, зевгит бір драхма төлеген.

58 ß

(4) Ареопаг кеңесі заңдардың сақталуын бақылап, мансап иелерінің заң бойынша басқаруын қадағалап отыратын. Кез келген адам өзіне жәбір көрсетілген жағдайда, өзіне жасалған жәбір арқылы қандай заңның бұзылғанын көрсете отырып, бұл туралы Ареопаг кеңесіне шағым бере алатын. Бірақ несиелер, айтылып өткендей, жеке бастың кіріптар болуымен қамтамасыз етілетін, жер де аз ғана адамдардың61 қолында болатын.

ІV. СОЛОННЫҢ ЗАҢДАРЫ

(5 – 12 тараулар)

5. Осындай мемлекеттік тәртіп болғандықтан және халықтың көпшілігі аз ғана адамның езгісінде жүргендіктен халық әлділерге қарсы көтерілді. (2) Бұлғақ қатты болды және біреулері екіншілеріне қарсы ұзақ уақыт күресті; ақыр аяғында олардың екі жағы да Солонды, ол: Иә, түсінем, жүректегі қасірет ізі тым терең: Ион жерінің жұлдызындай жайнап тұрған мынау ел, Енді, міне, көтермейді еңсесін деген сөздермен басталатын элегия62 жазғаннан кейін простат және архонт етіп сайлап, оған мемлекеттің тізгінін тапсырды.

Элегиясында ол екі партияны да оңдырмайды, сөйте тұра олардың біреуін екіншісінен қорғап, бүкіл дауды талдайды, содан кейін олардың екеуін де дау-жанжалды доғаруға шақырады. (3) Шыққан тегі мен атақтылығы жағынан Солон мемлекеттегі бірінші адамдарға, ал дәулеті мен өмір салты жағынан – орташаларға жатады. Ол туралы барлық деректер осыны айтады, оның өзі де, байларды шектен тыс астамшылықтан сақтандырып, мына өлеңінде соны айғақтайды:

Кеудедегі асау жүрек – тізгіндегін оны сіз:
Дүниенің бар асылын жидыңыз да тойдыңыз.
Көзге ілмес өзгелерді астамдықты тастаңыз
Біздің ыза буырқанып шыға келсе қайтесіз.

Жалпы ол бұл көтеріліске кінәлі етіп ылғи да байларды көрсетеді. Сондықтан да өзінің элегиясының басында «адамдардың дүниеқоңыздығынан да, олардың астамшылдығынан да» қорқатынын айтады – демек, дұшпандық та осыдан туындаған деп біледі. 6. Тізгінді қолға алғаннан кейін Солон несиені жеке бас кіріптарлығымен қамтамасыз етуге тыйым салып, сол сәтке де, болашақ уақытқа да халықты босатты. Содан соң ол заңдар шығарып63, жеке де, мемлекеттік те қарыздарды жойды, оларды «сисахфия»64 деп атайды, өйткені халық мойнынан ауыр жүк түсіргендей болды. Бұл жөнінде кейбіреулер оған жала жапқылары келеді.65 (2) Шын мәнінде, Солон сисахфия жасамақ болып жүргенде бұл туралы кейбір таныстарына айтып береді, және, демократтардың айтуынша, оны достары алдап кетеді; ал Солонды қаралағысы келгендердің сөзіне қарағанда оның өзі де бұған

қатысыпты-мыс. Олар қарызға ақша алып, оған көптеген жер сатып алыпты-мыс, ал көп ұзамай қарыздар жойылған кезде, байып шыға келіптіміс. Кейіннен «байырғы байлар» дегендер, солардың ортасынан шығыптымыс. (3) Алайда демократтардың әңгімесі шындыққа көбірек жанасады. Шын мәнінде, қай жағынан алғанда да қанағатшыл әрі қара-қылды қақ жарған адам, бір тарапты өз жағына шығарып, сол арқылы мемлекеттегі тиран болу мүмкіндігі бар адам, мұның орнына екі тараптың да өшпенділігін туғызып, мемлекеттің игілігі мен амандығын бас пайдасынан артық көрген адам мұндай ұсақ та түкке тұрғысыз66 іске араласып, өзін былғайды деген ақылға сыймайтын сөз. (4) Ал онда мұндай мүмкіндіктің болғанын мемлекеттің қожыраған істері де растайды, өзі де өлеңдерінің көп жерінде айтып өтеді; басқа адамдар да мұны бірауыздан мойындайды; яғни бұл айыптауды жала деп есептеу керек. 7. Солон орнатқан мемлекеттік құрылыс және ол шығарған заңдар мүлдем жаңа болатын; ал Драконттың кісі өлтіруге қатысты заңдарынан басқа заңдары қолданылмайтын болды. Афиналықтар бұл заңдарды кирбтерге67 жазып, «патша портигіне» қойды да, барлығы оларды орындаймыз деп ант ішті. Тастың қасында ант ішкен тоғыз архонт та егер заңдардың біреуін бұзса, алтын статуя арнауға серт берді. Олардың қазір де сондай ант ішетінінің себебі сол. (2) Солон бұл заңдарды жүз жылға бекітіп, мемлекетте мынадай құрылыс жасады. (3) Мүлікті бағалау негізінде ол төрт тапқа, бұрын да болғанындай,68 пентакосиомедимндерге, салтаттыларға, зевгиттерге және феттерге69 бөлуді енгізді. Бұл ретте ол барлық мансаптарды – тоғыз архонттың, қазынашылардың70, полеттердің71, он бірдің72 және

колакреттердің73 мансаптарын пентакосиомедимндерден, салтаттылардан, зевгиттерден шыққан азаматтардың атқаруына берді. Ол мансапты әрбір тапқа мүліктік баға шамасына қарай берді, ал феттер табына жататындарды тек халықтық жиналыстар мен соттарға қатыстыратын болды. (4) Өз жерінен жиынтық түрде 500 өлшем сусыма және сұйық өнім74 алатындар – пентакосиомедимндерге; 300 өлшем алатын немесе, кейбіреулердің айтуынша, атты бағып-күте алатын адамдар салтаттыларға жатқызылатын болды. Дәлел ретінде олар, біріншіден, осы фактіге байланысты бекіген деп осы таптың атауын, ал екіншіден ежелгі арнауларды келтіреді. Мысалы, Акропольде мынадай жолдар жазылған бейне бар: Дифилұлы, Анфемион, осы сыйды құдайларға арнады, Қарапайым жалшыдан салтатты боп шыққан соң. Қасында, салтаттылық цензін осы белгі көрсететініне дәлел екенін анық білдіріп ат тұр. Ал дұрысы, бұл тап та пентакосиомедимндер табы сияқты кіріс өлшемінің санымен анықталған. Зевгиттер табына жалпы мөлшері 200 өлшем өнім алатындар, ал қалғандар – феттер табына жатуға тиіс болатын және осы соңғыларға ешқандай мемлекеттік мансап берілмейтін. Сондықтан қазір де, төрағалық етуші жеребе бойынша қандай да бір мансапқа сайланғысы келген адамнан оның қандай тапқа жататынын сұраса, ешкім де феттерге жатамын демейді. 8. Жоғары мансаптарды Солон филалардың әрқайсысы белгілеп, алдын ала таңдап алынғандардың ішінен жеребе бойынша сайланатын етіп жасады. Тоғыз архонттың алқасына әрбір фила он адам белгілеп, олардың арасына жеребе тасталатын болған. Осының нәтижесінде филалардың әрқайсысы жеребе бойынша он адам сайлап, содан кейін осылардың

ішінен бұршақпен75 дауыс беретін тәртіп қазір де сақталған. Солонның жоғары мансаптарға мүліктік цензі бар адамдардың ішінен жеребе бойынша сайланатын етіп жасағанына қазір де өз күшін сақтап отырған қазынашылар туралы заң дәлел бола алады: ол қазынашыларды пентакосиомедимндер ішінен жеребе бойынша сайлауды бұйырады. (2) Жоғары мансаптарға қатысты Солон шығарған заңдар осындай. (Ерте кезде Ареопаг кеңесі кандидатты шақырып алып кандидатураны өз ортасында талқылап, мансаптардың әрқайсысына лайықты адамды бір жылға тағайындап, одан кейін қоя беретін болған.) (3) Филаларға келетін болсақ, олардың саны бұрынғыдай76 төртеу және төрт филобасилевс77 болған. Әрбір фила үш триттияға78 және әр триттия – 12 навкрарийлерге бөлінген. Навкрарийлардың басында төленетін жарналарды қабылдауға және ағымдағы шығыстарды жүргізуге тиіс «навкрара» деген мансапты адам тұрған. Сондықтан да қазір қолданыстан шығып қалған Солон заңдарының көп жерінде «өндіріп алу навкрараларға тапсырылады» және «шығындар навкрара қаржысынан жасалсын» деген сөздер бар. (4) Бұдан кейін ол әр филадан жүз адамнан алып, Төрт жүздің кеңесін құрды, ал ареопагиттердің кеңесіне заңдардың сақталуын жүктеді; бұрынғыдай ол мемлекеттік тәртіптің сақталуын қадағалайтын, жәде де ол ең маңызды мемлекеттік істердің көпшілігін бақылап қана қоймай, шаралар мен жазалар қолдану билігі болғандықтан, кінәлілерді жауапқа тартуға міндетті болатын және де айыппұлдар, оның қандай себеппен төленіп отырғаны көрсетілмей-ақ, «қалаға»79 енгізілетін болған. Ақыр соңында, Солон олардың төтенше мәлімдемелері80 жөнінде заң шығаруына байланысты, демократияны құлатпаққа астыртын әрекет жасағандарды соттайтын болған.

(5) Мемлекетте жиі-жиі бұлғақ шығатынын, ал азаматтардың кейбіреулері не болып жатса да енжарлықтан елең етпейтіндігін көрген соң Солон оларға қатысты ерекше заң шығарды: «мемлекеттегі бұлғақ кезінде қолына қару алып бір жаққа немесе екінші жаққа шықпаған адам масқараланып, азаматтық құқықтан айрылады». 9. Сонымен, жоғары мансаптарға келсек, істің жайы солай болатын. Тегінде, солондық мемлекеттік құрылыста мынадай үш тармақ неғұрлым демократиялық секілді: бірінші және ең маңыздысы – несиелерді қамтамасыз етуде жеке бас кіріптарлығын жою; одан әрі – ниет қылған кез-келген адамға жәбірленген адамның талапкері болу мүмкіндігін беру; халық бұқарасына ерекше күш берген деп танылатын үшінші тармақ – халық сотына жүгіну. Шынында да, егер халық дауыс беруде үстемдік ететін болса, ол мемлекеттің билеушісіне айналады. (2) Дегенмен, заңдар, мұралар және мұрагерлер81 туралы заң секілді, анық та қарапайым түрде жазылмағандықтан, толып жатқан даулар туындайтын да, барлық қоғамдық та, жеке де істерді соттың шешуіне тура келетін. Кейбіреулер іс тағдыры халықтың қолында болсын деп, Солон заңдарды әдейі түсініксіз етіп жасаған деп ойлайды. Алайда бұл жорамал шындыққа жанаспайды, дұрысында бұл факт оның ең жақсыны қарапайым жеткізе білмегендігімен түсіндіріледі. Шынында да, оның ниеті туралы қазіргі талаптар тұрғысынан тұжырым жасау әділетсіздік, оны жалпы ол енгізген барлық мемлекеттік тәртіп негізінде қарастыру керек. 10. Сонымен, Солонның заңдарындағы, тегінде ол демократиялық сипат берген тармақтар осындай. Бірақ заңдардан бұрын ол қарыздарды жойды, соның бәрінен кейін өлшемдерді, салмақтар мен монеттерді ұлғайтты. (2) Тап соның тұсында өлшемдер фидондікімен82 салыстырғанда

ұлғайтылды, бұрын 70 драхм салмағы бар мина 100-ге83 жеткізілді. Көне замандағыдай құйылған монета екі драхма болатын. Ол салмақты да монетаға сәйкестендірді, сөйтіп 63 мина бір талантқа84 тең болды, ал осынау үш мина сәйкес бөлініп, әрбір статерге85 және басқа салмақ өлшемдеріне қосылды. 11. Солон мемлекетті осы айтылғандағыдай етіп құрған кезде, оған заңдар туралы, олардың бір тармақтарын күстаналап, басқалар туралы сұрастырып, мезі етер сөздер айтыла бастады. Осыған байланысты ол, оларды өзгерткісі де келмей, өз отанында отырып, өзіне жауығушылық туғызғысы да келмей, 10 жылға дейін қайтып оралмайтынын айтып, бір жағынан сауда-саттық істерімен, тағы бір жағынан танып-білуге құмарлықпен, Египетке саяхаттап кетеді. Ол өз басым отырып алып, заңдарды тәпсірлеуге құқығым жоқ деп санады, бірақ әркім жазылғанды орындауға міндетті деп ойлады. (2) Сонымен бірге, ол қарыздарды жойғаннан кейін, байбатшалардың көбі оның қарсыласы болып шыға келді. Ол белгілеген тәртіп күткендегідей үміттерін ақтамағандықтан, екі партия да өздерінің оған көзқарасын өзгертті. Нақтылап айтсақ, халық ол барлығын да қайта бөледі86 деп, ал байбатшалар – ол бұрынғы тәртіпті қайта орнатады немесе оны сәл ғана өзгертеді деп күтті. Бірақ Солон, кезкелген партиямен ауыз жаласып, тиранияға қол жеткізу мүмкіндігі бола тұра, олардың екеуінің де өшпенділігіне ұшырауды, бірақ есесіне отанды құтқарып, оған ең жақсы заңдар беруді артық көрді...

VІ. ПИСИСТРАТТЫҢ БИЛІГІ

(14 – 16 –тараулар)

14. Мегарлықтармен87 соғыс кезінде зор даңққа ие болған Писистрат демократияның ең өлермен жоқшысы болып көрінетін. Ол өзін өзі жарақаттап және мұны өзінің саяси қарсыластарының ісі етіп көрсетіп, халықты өзіне кежеуілдер беруге көндірді. Бұл туралы жазбаша ұсынысты Аристион88 енгізді. Қоластына «шоқпарлылар» делінетін отряд тиген ол солардың көмегімен халыққа қарсы шығып, заң шыққаннан кейінгі отыз төртінші жылы89, архонт Комейдің тұсында Акропольді алды. (2) Писистрат өзіне кежеуілдер сұраған кезде Солон бұған қарсы болып, ол біреулерден ақылымен артық, тағы біреулерден жаужүректігімен артық; Писистраттың тирандыққа ұмтылып отырғанын білмейтіндерден ақылымен артық; ал осыны білсе де, үндемейтіндерден жаужүректігімен артық деген екен. Бірақ сөзбен көндіре алмағандықтан, ол қолына қару алып есіктің алдында тұрып, отанға шамасы келгенінше көмектестім (бұл кезде ол әбден қартайып қалған болатын) және басқалардан да соны күтемін деген90. (3) Сонымен, Солонның сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Писистрат болса, билікті қолына алған соң, қоғамдық істерді тирания рухында емес, азаматтық теңдік рухында басқарды. Бірақ оның билігі әлі нығаймағандықтан Мегакл мен Ликургтің жақтастары өзара сөз байласып, ол билікке бірінші рет келгеннен кейін алтыншы жылы, архонт Гегесияның91 тұсында оны қуып жіберді. (4) Бұдан кейін он екінші жыл дегенде92, керісінше, Мегаклдың өзі, қарсыластары тығырыққа тіреген соң, Писистратпен келіссөз бастады да, ол мұның қызына үйленетін болып уағдаласып, ескіше жолмен және барынша қарапайым тәсілмен оның қайта

оралуын жүзеге асырды. Алдын ала Афина Писистратты қайтармақшы болып жатыр деген сыбыс таратып, ол – Геродоттың93 айтуынша Пеаниялықтардың ішінен, ал басқалардың айтуынша Коллиттен – дестегүл сатушы Фию есімді сұңғақ бойлы, сұлу әйелді іздеп тауып, оны осы құдай әйелге ұқсатып сәндеп, Писистратпен бірге қалаға енгізді. Қасында осы әйел тұрған Писистрат қос дөңгелекті арбамен қалаға кіреді, ал қала тұрғындары оларды бас иіп, шаттана қарсы алады. 15. Писистраттың алғашқы қайта оралуы осындай жағдайда өтті. Ал бұдан кейін, ол қайта оралғаннан кейінгі шамамен жетінші жылы, екінші рет қуылады. Ол билікті ұзақ ұстап тұра алмады, Мегаклдың қызымен бірге тұрғысы келмегендіктен, екі партиядан да қорқып, қашып кетті. (2) Писистрат әуелі Фермей шығанағы94 маңында, Рекел деп аталатын жерде мекен салып, ол жерден Пангей95 маңына көшіп кетті. Сол жерде ақша қорын жасап, жалдамалы солдаттарды жинап алып, ол он бірінші жылы тағы да96 Эретрияға келіп, енді билікті күшпен қайтарып алуға талпынады, бұл кезде оған көптеген адамдар, соның ішінде әсіресе фивалықтар мен наксостық Лигдамид, сондай-ақ сол кезде Эретриядағы мемлекеттік билік қолында болған салтаттылар қолдау көрсетеді. (3) Палленид97 маңындағы шайқаста жеңіске жеткен Писистрат қаланы басып алады да, халықтан қару-жарақты тартып алып, өзінің тираниясын мықтап орнатты. Бұдан кейін ол Наксосты98 алып, оған Лигдамидті билеуші етіп қояды. (4) Писистрат халықтың қару-жарағын былайша тартып алды. Фесейон99 маңында әскердің байқауын өткізіп, ол халық алдында сөз

сөйлеуге талпынады, бірақ ұзақ сөйлемейді100. Қатысып отырғандар ештеңе естілмейтінін айта бастағанда, ол өзін жақсы есіту үшін олардың Акропольдың есігінің алдына келуін өтінді. Ол сөз сөйлеп тұрған кезде, арнайы нұсқау алған адамдар, қаруды жиып алып, жақын жердегі ғимарат – Фесейонға тығып тастады да, Писистратқа таяп келіп, бұл туралы белгі береді. Басқа да істер туралы айтып болып, ол қару-жарақ туралы да – болған іске таңданудың да, алаңдаудың да қажеті жоқтығын, бірақ барлығының да үйлеріне қайтып, өз шаруаларымен айналысқандары жөн екендігін, ал барлық қоғамдық істерді өзі жайғастыратынын айтады. 16. Писистраттың тираниясы әуел баста осылайша орнатылды және қаншама өзгерістерге ұшырады. (2) Ал мемлекеттік істерге Писистрат, айтылып өткендей101, сабырлы, жеке тирандықтан гөрі азаматтық теңдік рухында басшылық жасады. Жалпы алғанда ол адамгершіл, жуас, кінәлілерге кешірімшіл адам болатын; кедейлер егіншілікпен айналысып, талшық нәпақасын табуы үшін оларды ол тіпті ауыл шаруашылық жұмыстарының алдында ақшамен қамтамасыз ететін. (3) Мұны ол екі түрлі мақсатпен: бір жағынан олардың қалада болмауы, бірақ бүкіл елге шашырап күн көруі үшін, екінші жағынан – орташа дәулеті болып, өзінің жеке істерімен шұғылданып, қоғамдық істермен айналысуға көңілінің қалауы да, бос уақыты да болмауы үшін істеді. (4) Ал сонымен бірге, жер өңделген жағдайда оған түсетін кіріс те мол болатын, өйткені Писистрат кірістердің оннан бірін102 алатын. (5) Осы мақсатпен ол «демдер бойынша судьяларды»103 да енгізді, өзі де ел ішін жиі аралап, істердің барысын байқап және дауласушыларды, олар өз жұмыстарын тастап, қалаға кетпеуі үшін, татуластырып отырды. (6) Писистраттың осындай бір сапары кезінде Гиметтегі104, кейіннен

«оброксыз» деп аталып кеткен бір жерді өңдеп жүрген егіншімен қызықты оқиға болды деседі. Бір адамның ылғи тастақ жерді қопарып, тер төгіп жүргенін көрген Писистрат таң қалып, құлына бұл жер телімінен оның қанша кіріс алатынын біліп келуге бұйырады. Ол: «Қанша азап пен қайғы болса, сонша; сол азап пен қайғының да оннан бірін Писистрат алуы керек» деп жауап береді. Айтқан адам оны танымай солай дейді. Ал Писистрат болса оның турашылдығы мен еңбекқорлығына сүйсініп, оны барлық төлемдерден босатады. (7) Жалпы билік жүргізген уақытта ол қарапайым халықты ештеңемен кейітпеуге тырысты, әрдайым бейбітшілікті қамтамасыз етіп, тыныштықты қолдап отырды. Міне, сондықтан да «Писистраттың тираниясы – Кронос тұсындағы өмір» деп жиі айтқан. Кейінірек, Писистраттың ұлдары оның мұрагері болған кезде, басқару әлдеқайда қатайды. (8) Бірақ бүкіл айтқан сөзіміздің ішіндегі ең маңыздысы оның өз мінез-құлқы жағынан демократияшыл және сыпайы адам болғандығы. Жалпы барлық уақиғаларда ол бүкіл істі өзі үшін ешқандай артықшылыққа жол бермей, заң бойынша басқарғысы келді. Мысалы, бірде кісі өлтіру жөніндегі айыппен Ареопагқа шақырылған ол ақталу үшін сотқа өзі келеді, бірақ оны жауапқа тартқан айыптаушы қорқып, істі аяқсыз қалдырады105. (9) Міне сондықтан да ол билік басында ұзақ уақыт болды, ал одан қуылған кезде билікті оп-оңай қайтарып алып отырды. Байбатшалардың да, демократтардың да көпшілігі оны жақтайтын. Ол біреулерімен таныс-біліс болып, араласып тұрып өзіне тартса, екіншілерін олардың жеке ісіне көмектесу арқылы тартты; оның мінез-құлқы екі жақпен де тіл таба білетіндігімен ерекшеленетін. (10) Ал ол кезде афиналықтардың да тирандар туралы заңдары мүлде жұмсақ болатын, солардың ішінде тиранияны орнатуға қатыстысы да бар. Нақты айтсақ олардағы заң мынадай болды: «Афиналықтарда ата-бабаның нұсқауы мен салты мынадай: егер кім де кім тиран болу үшін бас көтерсе немесе тиранияның

орнауына көмектесетін болса, ол да, оның үрім-бұтағы да азаматтық
абыройдан айырылатын болады».

VІІ. ПИСИСТРАТИДТЕРДІҢ БИЛІГІ

(17 – 19-тараулар)

17. Писистрат билік басында отырып қартайып, архонт Филонейдің106 тұсында науқастан қайтыс болды. Ол алғаш тиран болған кезден бастап 33 жыл өмір сүріп, соның ішінде 19 жыл билік басында отырып,107 қалған уақытын қуғыншылықта өткізді. (2) Сондықтан Писистрат Солонның еркесі және Саламин108 үшін мегарлықтармен соғыста қолбасшы болды деген әңгімелер қисынсыз екені анық. Бұл, егер ол екеуінің өмірін, сондайақ әрқайсысының қай архонттың тұсында қайтыс болғанын еске алсақ, олардың екеуінің жасына сәйкес келмейді.109 (3) Писистрат өлгеннен кейін оның ұлдары билікті өз қолында ұстап, істі бұрынғысынша жүргізе берді110. Оның заңды әйелінен екі ұлы – Гиппий мен Гиппарх және аргивиялық әйелден – Иофонт111 пен Фессал деген лақап аты бар Гегесистрат112 болды. Одан басқа Писистрат Аргостағы113 Горгила деген бір аргивиялықтың Тимонассе атты қызына үйленеді, ол бұрын кипселидтер114 тұқымынан шыққан ампракиялық Архиннің әйелі болған. Оның аргивиялықтармен татулығы осыдан

туындаған; Палленид маңындағы шайқаста Гегесистрат ертіп келген мыңдаған жауынгердің оның жағында айқасуы да сондықтан. Біреулердің сөзіне қарағанда, ол аргивиялық қызға бірінші рет қуылған кезде, ал екіншілердің сөзі бойынша – билік басында тұрғанда үйленген. 18. Өздерінің беделіне және жасының үлкендігіне қарай істерді Гиппарх пен Гиппий басқарды; бұл орайда жасы үлкен, табиғатынан мемлекеттік қайраткер қабілеті дарыған және байсалды адам ретінде Гиппий билік басында тұрды. Ал Гиппарх жеңілтек, әйел затына еліккіш және музаларды пір тұтатын адам еді: Анакреонт, Симонид және басқалар сияқты түрлі ақындарды өзіне шақыратын да сол болатын. Фессал болса әлдеқайда жас және адамдармен қарым-қатынасында адуын да өркекірек болатын, олардың басына келген бар қайғы-қасірет те115 соған бола басталды. Ол Гармодийге тәнті болатын, алайда онымен достыққа қол жеткізе алмаған соң, өзінің ашу-ызасын жасыра алмады, бәрін де жақтырмады; ақыр аяғында, Гармодийдің қарындасы Панафинеяда канефора міндетін атқаруға тиіс болғанда, бұған рұқсат бермей, Гармодий туралы оны қорқақ дегендей сөз айтады. Ызаланған Гармодий мен Аристогитонның көптеген адамдарды қатыстырып, өз әрекеттерін жасауына осы себеп болды. Панафинея кезінде олар Акропольде Гиппийді аңдып тұрды – шеруді сол қарсы алып, Гиппарх оны жөнелтуге тиіс болатын. Осы кезде олар іске қатысушылардың бірі Гиппиймен емен-жарқын сөйлесіп тұрғанын көріп, ол өздерін сатып жіберді деп ойлады; сосын, тұтқындалмай тұрғанда қимылдап қалмақ болып, олар төменге түсіп,116 қалғандарын күтпестен, өз істерін бастады. Осылайша олар Леокорий117 маңында шеру тәртібін орнатып жатқан Гиппархты өлтіре алғанымен, олар барлық істі бүлдіріп

алды. (4) Гармодийді сол жерде найзагерлер118 өлтірді, ал Аристогитон кейінірек қаза тапты: ол ұсталып, ұзақ уақыт бойы азапталды. Азаптау барысында ол байбатшаларға жататын және билеушілердің достары болып табылатын көптеген адамдарға жала жапты. Гәп мынада еді: бұл сәтте тирандар осы іс бойынша анық ізге түсе алмады; бірақ Гиппий шеруге қатысушыларға қаруларын тастауды бұйырып, осылайша кімде қанжар бар екенін анықтаған деген әңгіме шын емес, себебі ол кезде мұндай рәсімде қарумен жүруге болмайтын, мұны кейінірек халық орнатқан. (5) Аристогитон болса, демократтардың айтуынша, тиранның достарына олар арсыздық іске барсын, солайша күнәсіз жандарды – оның үстіне өздерінің достарын өлтіріп, өз күштерін әлсіретсін деп әдейі жала жапқан; бірақ кейбіреулер ол ештеңені де ойдан шығарған жоқ, шын мәніндегі сыбайластарын көрсетті деседі. (6) Ақыр соңында қанша тырысса да жантәсілім қыла алмаған Аристогитон тағы да көптеген адамдарды көрсетемін деп уәде беріп, жазаланбайтынының белгісі ретінде Гиппийді өзіне оң қолын беруге көндіреді; содан соң, оның қолын алып, оны ініңді өлтірген адамға қол бердің деп балағаттайды, осынысымен Гиппийді ызаландырғаны сонша, ол өзін-өзі ұстай алмай, семсерін жұлып алып, оны өлтіреді. 19. Бұдан кейін тирания әлдеқайда қатаң бола түсті, өйткені Гиппий інісі үшін кек алып, көптеген адамдарды өлтірді, айдатып жіберді, содан кейін баршаның бойында сенімсіздік пен өшпенділік туғызды. (2) Гиппархтың өлімінен кейін, шамамен төртінші жыл дегенде оның қаладағы жағдайы шатқаяқтап кеткені сонша, ол Мунихияға119 көшу ниетімен оны нығайта бастады. Бірақ ол осы іспен айналысып жүрген кезде оны Лакедемон патшасы Клеомен қуып шықты, өйткені оракулдың тирандықты құлату туралы бұйрықтары лакондықтарға ұдайы келіп жатты. Ал бұған мынадай себеп болатын. (3) Іштерінде бірінші орынды

Алкмеонидтер120 алатын қуғындалғандар өз күшімен қайтып оралуға тырысқанымен, мұны істей алмай үнемі сәтсіздікке ұшырап отырды. Олардың барлық талпыныстары зая кетті. Мәселен, айтпақшы, олар елдің өз ішінде Парнефтегі121 Липсидрий деген мекенді бекініске айналдырып, қала тұрғындарының кейбіреулері сонда жиналған болатын; алайда тирандар оларды сол жерден қуып шықты... Сонымен, барлық істе жолы болмаған олар Дельфада ғибадатхана салу мердігерлігін алды; оларда лакондықтарды122 көмекке шақыру үшін жеткілікті ақша осыдан барып пайда болады. Ал пифия болса, лакедемондықтар оракулдан сұраған кезде, оларға үнемі Афинаны босату керек деп жариялап отырды. Іс былай аяқталды: Писистратидтер спарталықтармен меймандосты123 қарым-қатынаста болғанымен, пифия оларды бұған көндіре алды.

ІX. ГРЕК-ПАРСЫ СОҒЫСТАРЫ ДӘУІРІ

(23 – 25-тараулар)

23. Демократияеың өсуімен бірге бірте-бірте дамып, мемлекет сол кезде мынадай жағдайға жеткен еді. Мидия124 соғыстарынан кейін Ареопаг кеңесі қайтадан күшейіп, басшылық жасауды қандай да бір қаулының күшімен емес, Саламиндегі теңіз шайқасындағы жеңіске соның арқасында қол жеткендіктен мемлекетті басқара бастады. Нақ стратегтер не істеуді білмей абдырып, жаршылар арқылы әркім өз басының қамын жесін деп жариялады; бұл екі арада Ареопаг ақша тауып,

оларды әр адамға сегіз драхмадан бөліп беріп, барлығын да кемелерге отырғызады. (2) Осы себептен де сол кезде оның беделіне бағына бастады және шындығында да сол кезеңде афиналықтардың басқарылуы тамаша жүргізілді. Олар бұл кезеңде әскери істе табысқа жете алды, гректер арасында даңққа бөленді және лакедемондықтар125 қаламаса да, теңізде гегемонияға қол жеткізді. (3) Бұл кезде халықтың простаттары Лисимах ұлы Аристид және Неокл ұлы Фемистокл еді. Соңғысы әскери істердің, алдыңғысы – азаматтық істердің шебері деп есептелетін; оның үстіне, ортақ пікір бойынша, Аристид өз замандастарының арасында әділдігімен де ерекшеленетін. Сондықтан да олардың біреуіне әскербасы ретінде, екіншісіне – кеңесші ретінде жүгінетін. (4) Өзара оншалық тіл табыса бермейтін болса да, қабырға126 тұрғызуды олар бірлесіп басқарды; иондықтардың лакедемондықтармен одақтан шығуына келетін болсақ, лакондықтар Павсаний үшін өшпенділікке ұшырғанын сәтті пайдаланып, оларды бұған итермелеген Аристид еді. (5) Сондықтан да Саламин маңындағы, теңіз шайқасынан кейін үшінші жылы, архонт Тимосфен127 тұсында мемлекеттер үшін бастапқы жарнаның мөлшерін нақ сол белгілеп, иондықтарға жауларымыз да, достарымыз да ортақ деген ант беріп, осының белгісі ретінде теңізге металл кесектерін тастады128. 24. Осыдан кейін мемлекет өз күшін сезіне бастап, мол қаражат жиналғаннан кейін, Аристид гегемонияға қол жеткізуге, ал азаматтарға деревнялардан көшіп, қалада өмір сүруге кеңес берді. Күнкөріс баршада болады, деді ол – біреулерде жорықтарға қатысатын болса, екінішілерінде гарнизондық қызмет атқарса, үшіншілерде қоғамдық міндеттерді атқараса:

міне, сонда олар гегемонияны қолға түсіреді. (2) Афиналықтар бұл кеңеске құлақ түріп, билікті өз қолына алып, өз одақтастарына – хиостықтардан, лесбостықтардан және самостықтардан129 басқаларына тым қатыгез қарай бастады; ал аты аталғандар олардың державасының сақшылары болды да, оларға саяси дербестік және сол кезде олар басқарып отырғандарды билептөстеу құқығы беріледі. (3) Мұның үстіне афиналықтар Аристид айтқан тәсілмен халықтың көпшілігінің де күнкөрісін оңай табу мүмкіндігін қамтамасыз етті. Жарналар мен баждардан130 түскен ақшаға жиырма мыңнан астам ұсталды. Алты мың судья131, бір мың алты жүз атқыш, одан басқа бір мың екі жүз салт атты, бес жүз Кеңес мүшелері, верфьтерде бес жүз сақшы, олардан тыс акропольде елу сақшы, жергілікті өкіметте жеті жүз, шет жұрттардағы өкіметте жеті жүз адам болды. Кейіннен соғыс бастаған кезде132, бұлардан басқа екі мың бес жүз гоплит133, жиырма күзет кемелері, тағы да бұршақпен жеребе тарту арқылы таңдалған екі мыңдай гарнизон солдаттарын тасымалдауға арналған кемелер, одан кейін притандар134, жетімдер135 және абақтылардағы сотталғандарды күзететіндер136 болды. Бұл адамдардың барлығына қаржы қазынадан берілетін. 25. Халықты асырау осылайша қамтамасыз етілді. Мидия соғыстарынан кейін кем дегенде он жеті жыл бойы мемлекет, бірте-бірте құлдырай бастаса да, Ареопаг кеңесінің басқаруында қала берді. Халық күші ұлғая бастаған кезде оның простаты Софонид ұлы Эфиальт болды; ол мемлекет істерінде адал да әділ деген абырой-беделге

ие еді; бұл кеңеске нақ сол тиісе бастады. (2) Ең алдымен ол ареопагиттерді өз міндеттерін атқарған кездегі әрекеттері үшін жауапкершілікке тартып, олардың көпшілігін шеттетуге қол жеткізді. Одан кейін, архонт Канонның тұсында137 ол бұл кеңестен оның мемлекеттік тәртіпті сақтауда қолына жиып берілген қосымша құқықтарының барлығын тартып алып, оның бір бөлігін бес жүздің кеңесіне, бір бөлігін халық138 пен соттарға берді. (3) Ол мұны ареопагиттер қатарына жатса да, мидиялықтармен139 қарым-қатынаста болғаны үшін сотталуға тиіс болған Фемистоклдың140 көмегімен жасады. Фемистокл бұл кеңесті жапқысы келіп, Эфиальтқа кеңес оны тұтқындамақ, деп, ал ареопагиттерге мемлекеттік құрылысты құлатпаққа сөз байласқан бірнеше адамды көрсетемін дей бастады. Ол бұл үшін ерекше таңдап алынған кеңес мүшелерін қаскүнемдер деп көрсетпек болып, Эфиальт тұрған үй тұсына алып келіп, олармен қызу әңгімелесе бастады. (4) Эфиальт мұны көрген бойда қорқып кетіп, хитонмен тұрған қалпында алтарь141 жанына отырды. Болған оқиғаға барша да таң қалды, осыдан кейін Бес жүздің кеңесі жиналған кезде, Эфиальт пен Фемистокл ол жерде ареопагиттерге айып тақты, ал сосын халық жиналысында да дәл солай сөйледі, ареопагиттерден өкімет тартып алынғанға142 дейін солай істеді. Онда...143 бірақ Эфиальт та арада шамалы уақыт өткен соң Танаградан шыққан Аристодиктың қолымен зұлымдықпен өлтіріледі.

Х. ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ДАМУЫ

(26 – 28-тараулар)

26. Ареопагиттер кеңесінен қадағалау құқығы осылайша тартып алынды. Ал содан кейін-ақ мемлекеттік құрылыс демагогиялық мақсатқа бой алдырған адамдардың кінәсінен өзінің қатаң тәртібінен бірте-бірте айрыла бастады. Осы кезеңге тектілердің партиясының өзінің көсемі де болмағаны дөп келді (оларда бірінші орында тым жас144 әрі мемлекеттік істерге кеш араласқан адам Кимон Мильтиад ұлы болатын), мұың үстіне олардың көпшілігі соғыста қаза тапқан еді. Бұл арада мынаны ескеру керек: Ол кездерде жорық армиялары тізім бойынша145 құралып, қолбасылыққа, әскери істе тәжірибесіз болса да, тек әкелерінің даңқының арқасында құрметке бөленіп жүрген адамдардан тағайындалатын; сондықтан да жорыққа қатысушылардың екі мыңға немесе үш мыңға жуығы үнемі қаза табатын146. Осылайша қарапайым халық ішінен де, ауқатты адамдар ішінен де ең жақсы адамдар қатардан шығып жатты. (2) Жалпы алғанда бүкіл басқаруда афиналықтар заңдарды бұрынғыдай қатаң сақтамаса да, дегенмен тоғыз архонтты сайлау тәртібін өзгерткен жоқ; Эфиальттың қазасынан кейін төртінші жыл147 дегенде ғана тоғыз архонттың комиссиясына одан әрі жеребе тарту үшін кандидаттарды алдын ала сайлауға зевгиттерден148 де алу ұйғарылды және олардың ішінен тұңғыш рет Мнесифид архонт болды. Ал соған дейін барлығы да салтаттылар мен пентакосиомедимндерден болатын; зевгиттер, егер заң нұсқауынан ауытқушылық болмаса, әдетте қатардағы149 қызметтерді атқаратын. (3) Бұдан кейін бесінші жыл дегенде, архонт Лисикраттың150

150 453/452 æ.

тұсында, қайтадан «демдер бойынша» деп аталатын отыз судья енгізілді, ал одан кейінгі үшінші жылда, Антидоттың151 тұсында, азаматтардың саны тым көбейіп кетуіне байланысты, Периклдың ұсынысы бойынша, екі азаматтан тумағандардың азаматтық құқығы болуы мүмкін емес деген қаулы қабылданды. 27. Бұдан кейін Перикл демагог ретінде бой көрсетті. Оның атағы жас кезінде, Кимон стратег152 мансабы бойынша есеп берген кезде оны айыптауына байланысты шығады. Сол кезде мемлекеттік құрылыс бұрынғыдан да демократиялық бола түсті. Перикл ареопагиттердің153 кейбір құқықтарын тартып алып, әсіресе мемлекеттің теңіз күшінің дамытылуын үзілді-кесілді талап етті. Соның арқасында қарапайым халық өз қуатын сезініп, енді бүкіл саяси құқықтарды өз қолына шоғырландыруға тырысты. (2) Сосын, Саламин тұсындағы шайқастан кейін 49-шы жылы, архонт Пифадордың154 тұсында пелопоннестіктермен соғыс басталды, оның тұсында қалаға қамалған және әскери қызметте жалақы алып дағдыланған халық бір жағынан саналы түрде, екінші жағынан қажеттілікке орай, мемлекетті өзі басқару үшін неғұрлым өжеттік көрсете бастады. (3) Сондықтан соттардағы жалақыны да, Кимонның байлығына қарама-қарсы демагогиялық тәсіл қолданып, тұңғыш рет Перикл енгізді. Мәселе мынада, таза патшалық дәулеті бар Кимон алғашқы кезде тек қоғамдық литургияларды155 тамаша атқарып, одан кейін өз демоттарының көбіне күнкөріс қаржы бере бастады. Мысалы, лакиадтардан156 шыққан кез-келген адам қаласа оған күн сайын келіп, аз-маз ақша алып тұра алған. Одан басқа оның жерлері қоршалмай қалаған адамның қай-қайсысы да

151 451/450 æ.

жеміс жей алатын. (4) Мұндай дәулеті жоқ Перикл жомарттығы жағынан онымен тайталасу үшін Эиден шыққан Дамонидтің кеңесін пайдаланды (бұл Дамонидті көп істерде Периклдің кеңесшісі деп санайтын, сондықтан да кейіннен оған остракисм қолданылды). Бұл кеңес мынадай еді, Периклдың Кимон сияқты жеке дәулеті жоқ, сондықтан халыққа оның өзінің қаражатын қайтарып отыру керек. Осы пиғылмен Перикл судьяларға157 жалақы енгізді. Осының негізінде кейбіреулер оны инсанияттық азғындауға кінәлі деп санайды, өйткені сайлануға иманды адамдардан гөрі кездейсоқ адамдар көбірек ұмтылады. (5) Осыдан кейін паралау да басталды және бұған Пилос158 түбіндегі жорықта стратег болғаннан кейін Анит бірінші боп үлгі көрсетті. Пилостан айырылып қалғаны үшін сотқа тартылған ол сотты паралап, ақталып шықты. 28. Халықты Перикл басқарып тұрған кезде159 мемлекеттік істер салыстырмалы түрде жақсы жүрді; ал ол қайтыс болған соң іс едәуір қожырап кетті. Сонда халық тұңғыш рет өзіне дәулеттілер арасында беделі жоқ адамды простат етіп алды, ал бұрындары ылғи да тек лайықты адамдар ғана демагог болатын. (2) Ең басында және халықтың алғашқы простаты Солон, екіншісі – Писистрат болды, бұлардың екеуі де текті және байбатшалар ортасынан шыққандар еді; тирания құлатылған кезде Алкмеонидтер тегінен Клисфен шықты. Исагор өзінің жақтастарымен бірге қуып жіберілгеннен кейін қарсылас партиядан оның бәсекелесі жоқ болатын. Бұдан кейін халықтың басында Ксанфипп160, ал байбатшалардың басында – Мильтиад, содан соң Фемистокл мен Аристид тұрды. Бұлардан кейін халықтың басында Эфиальт, ал дәулеттілердің басында Мильтиадтың ұлы Кимон тұрды;

бұдан әрі, Перикл – халықтың басында, Фукидид161 – қарсылас партияның басында (ол Кимонның күйеу баласы болатын) болды. (3) Периклдің қазасынан кейін байбатшалардың басында Никий – кейіннен Сицилияда қаза тапқан адам тұрды; халықтың басында – Клеенеттің ұлы Клеон тұрды, өзінің қызуқандылығымен162 халықты барлығынан да көп бұзған сол, секілді. Ол мінберде тұрып айқайлай, боқтық айта бастаған, халық алдында гиматийді163 буынып алып сөйлей бастаған бірінші адам. Олардан кейін бір партияның басында Гагнонның ұлы Ферамен, ал халықтың басында – екі обол164 үлестіруді бірінші боп енгізіп, таратқан, лира жасаушы фабрикант Клеофант тұрды. Ол біршама уақыт бойы осындай үлестірулер жүргізді, бірақ оның өзін Пеаниядан шыққан Калликрат қызметінен шеттетті; ол осы екі оболға тағы бір обол қосуға бірінші болып уәде берді. Олардың екеуі де кейін өлім жазасына165 кесілді. Әдетте осылай болады, халық әуелде алдауға көніп қалғанымен, кейіннен әлдебір жаман нәрсе істеуге итермелегендерді жек көреді. (4) Клеофанттан кейін ең алдымен өзінің даңғойлығын көрсетіп, тобырдың талғамына жағынғысы келген, тек сол сәттің пайдасын ғана көруді ойлаған адамдар демагог ретінде бірін-бірі алмастырып отырды. (5) Афиныдағы саяси қайраткерлердің ішінде бағзы замандағы қайраткерлерден кейінгі ең жақсылары, сірә, Никий, Фукидид және Ферамен болса керек. Бұл орайда Никий мен Фукидид жөнінде барлығы да олардың тек «тамаша және қайырымды»166 ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік істерде тәжірибелі, мемлекетке тұтастай әкелік тұрғыдан қараған қайраткерлер болғанын мойындайды; ал Фераменге келетін

àқøà.

болсақ, оның тұсында мемлекеттік өмірде болған бұлғақтар салдарынан оған берілетін бағада да кереғарлық бар. Бірақ, іс туралы байыпты ойлайтын адамдар оны мемлекеттік құрылыстың барлық түрлерін құлдыратып жіберді деп айыптауға негіз жоқ, керісінше заңдылық сақталған жағдайда кез-келген мемлекеттік құрылысты бағыттап отырды деп біледі. Мұнысымен ол жақсы азамат ретінде кез келген құрылыста мемлекеттің пайдасына еңбек ете алатындығын, бірақ егер бұл құрылыс заңсыздыққа жол берсе, өзінің оны қолдамайтынын, қайта өзіне өшпенділіктен тайсалмайтынын көрсетті.

ХІ. ТӨРТЖҮЗДІҢ ОЛИГАРХИЯСЫ

(29 – 33-тараулар)

29. Әскери істерде екі жақта да басымдық болмаған кезде, афиналықтар өздерінің демократиялық құрылысын сақтады. Бірақ Сицилияда167 болған бақытсыздықтан кейін патшамен168 одақтасудың арқасында басымдық лакедемондықтар жағына ауғаннан кейін афиналықтар демократияны жойып, Төртжүздің169 басшылығындағы мемлекеттік құрылыс орнатуға мәжбүр болды. Бұл ретте дауыс берудің алдында Мелобий170 сөз сөйлеп, ал жазбаша ұсынысты Анафлистен шыққан Пифодор171 енгізді. Егер мемлекеттік басқаруды аз ғана адамның қолына берсек, патша бұл соғыста афиналықтардың жағына тезірек шығады деген есеппен халық келісті. (2) Пифадордың заң жобасы шамамен мынадай болатын: «Халыққа қолында бар он пробулаға172 қосымша жаңадан жасы қырықтан асқан адамдардың ішінен тағы да жиырмасын таңдап, осы адамдардың барлығына шынында да мемлекет

үшін ең жақсы болатын шараларды ұсынамыз деп ант бергізу және оларды құтқару шаралары туралы заң жобасын жасауға міндеттеу ұсынылады. (3) Бұл орайда қалған азаматтардың ішінен кез-келген ынталы адамға жазбаша ұсыныс енгізу құқығы беріледі, бұл осы адамдардың барлығының ішінен ең жақсысын таңдап алу мүмкіндігі болуы үшін жасалады». Клитофонт өз тарапынан Пифадордың ұсынысымен әбден келісетіндігін мәлімдеді, бірақ сайланған адамдар оның үстіне Клисфен демократия орнатқан кезде шығарған әкелік заңдарды қайта қарасын және оларды да тыңдап алып, ең жақсы деген шешім қабылдасын деген қосымша жазбаша ұсыныс енгізді, – өйткені, деді ол, Клисфеннің мемлекеттік құрылысы демократиялық болған жоқ, Солон құрылысына173 жақынырақ. (4) Сайланғандар ең алдымен притандарға174 мемлекет игілігін көздейтін барлық мәлімдемелерді дауысқа қою міндетін жүктеу туралы ұсыныс енгізді; одан соң ынтасы бар барлық афиналықтардың қойылған мәселелер бойынша кеңес беру мүмкіндігі болуы үшін заңсыздықтарға берілген шағымдардың175, төтенше сипаттағы арыздардың176, жауап беруге келу жөніндегі талаптардың177 күшін уақытша тоқтатты. Бұған мынадай қосымша жасалды: егер кімде кім мұндай ұсыныс үшін шара қолданатын, жауап талап ететін немесе сотқа тартатын болса, онда оның әрекетіне шұғыл шағым жасалады178 және ол қамалып, стратегтерге келтіріледі, ал стратегтер өз кезегінде оны өлім жазасына кесу үшін он бірге жеткізуге міндетті. (5) Бұдан кейін комиссия мемлекеттік құрылыстың мынадай жоспарын белгіледі: қазынаға түскен ақшаны соғыстан басқа ешқандай

мақсатқа пайдалануға тыйым салынады; барлық мансаптылар соғыс жүріп жатқанда өз міндеттерін тегін атқарады, оларға тоғыз архонт пен қызметтегі притандар179 қосылмайды, олардың әрқайсысы күніне үш обол алады. Жалпы саяси басқару жеке басы да, материалдық жағынан да мемлекетке қызмет етуге ең қабілетті афиналықтарға тапсырылады, олардың саны соғыс жүріп жатқан бүкіл кезеңде бес мыңнан кем болмауға тиіс. Оларға сондай-ақ қажет деп тапқан адамдармен шарт жасасу өкілеттігі беріледі. Ал қазіргі сәтте әр филадан жасы 40-тан асқан он адамды сайлау керек, олар құрбандыққа шалынатын ересек180 малдың үстінде ант беріп, бес мың азаматтың тізімін жасайтын болады. 30. Сайланған бұл комиссия міне, осындай заң жобасын жасады. Ол бекітілгеннен кейін бес мың адам мемлекеттік құрылыстың жобасын жасау үшін өзінің ортасынан жүз адамды сайлады. Сайланғандар мынадай жоба жасап, қарауға енгізді. (2) Жасы отыздан асқан адам жыл бойына мүлде тегін Кеңес мүшесі болады. Олардың құрамына стратегтер, тоғыз архонт, гиеромнемон181, таксиархтар, гиппархтар, филархтар, қамал коменданттары182, әйел құдайдың183 және өзге де құдайлардың қасиетті қазынасының он қазынашысы, эллин184 қазынасының және дүниауи мақсаттағы қазынаның жиырма қазынашысы (олар ақшалай сомалардың жұмсалуына жауапты), он-оннан гиеропейлер185 мен қамқоршылар186 енеді. Бұлардың барлығы алдын-ала белгіленген кандидаттардан іріктеп сайланады, және де кандидаттар саны

Кеңестің жұмыс істеп тұрған құрамынан талап етілгеннен көбірек мөлшерде белгіленеді. Ал басқа мансаптардың барлығына жеребе бойынша сайланады, бірақ олар Кеңестің құрамынан болмайды. Кеңес отырыстарына187 тек эллин қазынасының ақша жағын басқаратын қазынашылары ғана қатыспайды. (3) Келесі уақытқа Кеңесті белгіленген жас мөлшеріндегі төртеу188 құрап, олардың әрқайсысы жеребеде шыққан ретпен кезектесіп отырыс жасайды. Сондай-ақ қалған азаматтар189 да әр ауысымға бөлінеді. Бұдан әрі жоғарыда айтылған жүз адам өздерін және қалған барлығын190 мүмкіндігінше тең мөлшерде төрт бөлікке бөліп, жеребе бойынша кезекті белгілейді. Олардың барлығы да жыл бойына Кеңес мүшелерінің міндетін атқарады. (4) Олардың, өз пікірі бойынша, қаржы-қаражат дұрыс сақталып, қажетті мұқтаждықтарға жұмсалуы үшін оны қалай барынша жақсы ұйымдастыру керектігі, сондай-ақ басқа мәселелер жөнінде де мейлінше ойластырылған көзқарасы болады. Қандай да бір мәселені көбірек құраммен талқылау қажет деп тапқан жағдайда әрқайсысының ерекше шақырылғандар ретінде сол жастағылардан191 өзі қалаған адамды шақыру құқығы бар. Кеңес отырысы, егер жиірек өткізу қажет болмаса, әрбір бес күнде бір өткізіледі192. (5) Кеңестің белгілі бір тобын193 тоғыз архонт жеребе бойынша сайлайды, ал дауыс санауды Кеңес құрамынан жеребе бойынша сайланған бес адам жүргізеді және осы бесеудің ішінен жеребе бойынша әрбір күнге194 мәселелерді дауысқа қоятын біреу сайланады. Жеребемен сайланған дәл осы бес адам Кеңестің қабылдауына195 кіргісі келетіндердің ішінен жеребе бойынша біріншіден, дін істері бойынша, екіншіден, герольдтар үшін, үшіншіден, елшіліктер

үшін, төртіншіден, барлық қалған істер бойынша кезек жасайды. Ал әскери істерге келетін болсақ, қажет болған жағдайда стратегтердің оларды кезектен тыс енгізіп, Кеңестің талқылауына қоюына құқықтары бар. (6) Алдын ала хабарланған уақытта Кеңеске келмеген Кеңес мүшесіне, егер қатыспауға Кеңестің рұқсаты болмаса, әрбір өткізіп жіберген күні үшін бір драхма мөлшерінде айыппұл салынады. 31. Олар болашаққа мемлекеттік құрылыстың осындай жоспарын жасады, ал ағымдағы сәтке мынадай: Кеңес әкелер өсиетіне сәйкес әр филадан қырықтан, төрт жүз мүшеден тұрады. Оларды филалардың мүшелері – жасы отыздан асқан адамдар арасынан алдын ала белгіленген кандидаттардан196 сайлайды. Кеңестің бұл мүшелері өкіметтерді тағайындап, олар ант беретін ретті белгілейді. Заңдарға, есептерді қабылдауға және басқаларға қатысты мәселелерде олар қалай жөн деп тапса, солай әрекет етеді. (2) Мемлекеттік тәртіптер туралы заңдарға келетін болсақ, Кеңес мүшелері шығарылған заңдардың барлығын қолданады және оларды өзгертуге немесе өзгелерін шығаруға олардың құқықтары жоқ. Стратегтерге келетін болсақ, сол сәтте олар бес мыңнан сайлануы керек, ал Кеңес өкімет басына келген бойда толық қару-жарақ асынатын азаматтардың байқауын өткізіп, он адамды және оларға хатшыны іріктеп алуы керек. Осы сайланған адамдар197 алдағы жыл бойы өкілеттіктері шектелмей міндеттерін атқарады, ал қажет болған жағдайда істі Кеңеспен бірлесіп талқылайды. (3) Бұдан басқа бір гиппарх және он филарх198 сайланады. Болашақта Кеңес сайлауды жоғарыдағы баянға199 сәйкес жүргізуі керек. Жалпы барлық мансап иелеріне, Кеңес мүшелері мен стратегтерден басқаларына, сол адамдарға да, басқаларына да бір мансапты бір реттен артық атқаруға рұқсат етілмейді. Ал болашақ уақытқа, Төртжүздің бүкіл құрамы төрт кезекке бөлінуі үшін жүздің комиссиясы

олар Кеңесте басқалармен бірге200 мәжіліс жасай алатын мүмкіндік пайда болған кезде оларды бөлумен айналысуы керек. 32. Бес мың сайлаған жүз адамнан тұратын осы комиссия мемлекеттік құрылыстың осындай жоспарын жасады. Содан кейін Аристомах201 бұл заң жобасын дауысқа қойып, халық оны бекітті. Архонт Каллияның202 тұсында болған Кеңес өзінің өкілеттік мерзімі бітпей жатып, фаргелион203 айының 14-і күні таратып жіберілді; төрт жүз болса өз міндеттерін атқаруға 22 фаргелионда кірісті. Ал бұршақпен сайланған204 Кеңестің скирофорионда205 міндетін атқаруға кірісуі керек болатын. (2) Архонт Каллияның тұсында206, тирандар қуып жіберілгеннен кейін шамамен жүз жыл өткенде207 олигархия осылайша орнатылды. Бұл істе жетекші рөлін тек текті тұқымнан шығып қана қоймай, ақыл-парасатымен де беделді болған адамдар – Писандр, Антифонт және Ферамен208 атқарды. (3) Осы мемлекеттік құрылыс енгізілгенде бес мың тек көз қылу үшін сайланған болатын, іс жүзінде мемлекетті Кеңес ғимаратына кіріп алып, шектеусіз өкілеттіктерге ие болған он адаммен бірге Төрт жүз басқарды. Олар лакедемондықтарға елші жіберіп, екі тарап сол уақытта не нәрсеге ие болса, соны сақтап қалу шартымен соғысты тоқтатуды ұсынды. Бірақ олар афиналықтар теңізде билік жүргізуден бас тартса ғана келісетінін қадап айтқан соң, олар райынан қайтты.

202 ßғíè, 412/411 æûë.

33. Төрт жүздің мемлекеттік құрылысы төрт айдай тұрған болуы керек. Олардың арасынан Мнесилох екі ай архонт болды. Бұл Феоломп209 архонттығының жылы делінеді, ол бұл міндетті қалған он ай ішінде атқарды. Осы кезде афиналықтар Эретрия210 маңындағы теңіз шайқасында жеңіліске ұшырады, ал одан кейін Ореяден211 басқа бүкіл Эвбея бөлініп кетті. Афиналықтар бұл қайғыға бұрынғының бәрінен қатты қапаланды: бұл кезде олардың Аттикаға қарағанда Эвбеядан көп кіріс алып отырғанын ескеру керек. Сондықтан олар Төрт жүздің үкіметін құлатып, билікті ауыр жарақтылардан таңдалған бес мыңға берді; бұл ретте олар ешқандай мансапқа жалақы төленбесін деп қаулы етті. (2) Үкіметті құлатуда Аристократ212 пен Ферамен басты рөл атқарды, олар Төрт жүздің басқаруымен іс қалай жүргізілгеніне – нақтылап айтқанда бұл үкіметтің барлық істі өздері шешіп, бес мыңның қарауына ештеңе бермегеніне наразы еді. Бұл кезде афиналықтар шынымен де жақсы басқарылған болуы керек: соғыс үздіксіз жүріп жатты, және мемлекетке басшылық ету ауыр жарақтыларға тиесілі болды.

ХІІІ. ОТЫЗДЫҢ БИЛІГІ

(35 – 37-тараулар)

35. Архонт Пифадордың тұсында213 Отыз214 өкімет басына солай келді. Мемлекет басқаруды өз қолына алған соң, олар мемлекеттік құрылысқа қатысты ешқандай қаулымен санаспады. Олар алдын ала белгіленген мың кандидаттың ішінен Кеңестің бес жүз мүшесін, өзге де

3, 1). 2).

мансап иелерін тағайындады және оның үстіне Пирейдің215 он билеушісін, абақтылардың он бір күзетшісін216 және қызметшілер ретінде үш жүз қамшыгерлерді217 өздеріне көмекшілікке сайлап алып, мемлекетті өз қалауынша билеп-төстеді. (2) Алғашқы кезде олар азаматтар жөнінде сабыр сақтап, әкелер құрылысын қалпына келтіруге ұмтылатын сыңай байқатты. Олар Эфиальт пен Архестраттың218 ареопагиттер жөніндегі заңдарын, ал Солонның заңдарынан дау тудыратын түсініктемелерді Ареопагтан шығарып тастауды бұйырды, сондай-ақ судьялардың даулы мәселелерді түпкілікті шешу құқығын219 жойды. Осынысымен олар мемлекеттік құрылысты қалпына келтіріп, оны әртүрлі даулардан құтқарған сияқты болды. Мысалы әркімнің өз мүлкін өзі қалаған адамға беру құқығы туралы заңды олар даусыз бекітті, ал істі күрделілендіретін – «ол ақыл-есінен айырылмаған, кәріліктен алжымаған және әйелдің ықпалына түспеген»220 болсын деген қосымшаларды сикофанттардың221 тарапынан ілінісу жасалмас үшін алып тастады. Басқа жағдайларда да дәл осылай жасады. (3) Мінеки әу бастан олар осылай қимылдап, сикофонттардан және өз сөздерінде халықтың шын мүддесін орағытып өтіп, оған жақаурайтын адамдарды, алаяқтар мен сұмдарды аластады, және де мемлекет олар мұны биік мүдделерді көздеп жасап отыр деп бұған қуанды. Бірақ, мемлекетте олар өз өкіметін нығайтып алған соң азаматтардың ешқайсысын да аямайтын болды, дәулеті немесе тегі жағынан көзге түскен яки құрметке

бөленгендердің бәрін өлтіре берді. Мұны олар қауіпті элементтерді білдірмей жойып, олардың мүлкін тонап алу үшін істеді. Осылайша қысқа уақыт ішінде олар кемі бір жарым мың адамды опат етті. 36. Осылайша мемлекетте іс барған сайын нашарлай берген соң, ыза болған Ферамен өзінің биліктестерін мынадай бейбастақ әрекеттерді тоқтатуға, басқару ісіне жақсы адамдарды қатыстыруға үгіттей бастады222. Олар алғашында бұған қарсы болды, бірақ кейіннен халық арасында Фераменнің сөздері туралы сыбыс тарап және оған халықтың көпшілігі оң қарай бастаған кезде, олар оны халықтың простаты болып кетеді және бұлардың билігін құлатады деп қорқа бастады. Сондықтан да олар үш мың азаматтың тізімін жасап, оларға мемлекеттік басқаруға қатысу құқығын бергісі келетін сыңай танытты. (2) Бірақ Ферамен бұған да қарсы шықты – біріншіден, олар текті адамдарға орын бергісі келгенде, барлық тектілік тек үш мыңында ғана жинақталғандай, сонша ғана орын беріп отыр деген көзқарас тұрғысынан, содан кейін олардың бір-біріне мүлдем кереғар екі іс істеп отырғанын – өкіметті зорлық-зомбылыққа негіздеп отырғанын, сонымен бірге оны бағыныштылардан әлсіз етіп отырғанын көрсетті. Отыз оның сөзіне мән берген жоқ, ал үш мыңның тізімін жариялауды ұзақ уақыт бойы кейінге ысырып, белгіленгендердің есімдерін өздерінде сақтады, ал егер кей кезде оны жариялау туралы шешімге келсе, оған енгізілгендердің кейбіреулерін сызып тастап, олардың орнына жаңадан біреуді жаза бастады. 37. Қуылып жіберілгендермен бірге Фрасибул Филаны 223 алғанда қыс түсіп қалған болатын. Отыз оларға қарсы өз армиясын шығармақшы болған, бірақ сәтсіздікке ұшырап, кері қайтты. Бұдан кейін олар жалпы

барлық азаматтарды қарусыздандыруға, ал Фераменді былайша өлтіруге224 ұйғарды. Олар Кеңеске екі заң жобасын енгізіп, оларды дауысқа салуды ұсынды. Бұл заң жобаларының біреуі үш мыңның тізіміне жатпайтын кез келген азаматты Отыздың өлтіруіне өкілеттік беретін, ал екіншісі Этионейде225 қабырғаны бұзуға қатысқан, бірінші олигархияны орнатқан Төртжүзге226 қандай да бір істе қарсылық білдірген адамдарды осы мемлекеттік құрылыс кезінде саяси құқықтарынан айыратын. Ферамен бұлардың екеуіне де қатысқан болатын. Сөйтіп, бұл заң жобалары бекітілген жағдайда ол азаматтар құрамынан шығарылып тастап, Отыз оны өлтіруге құқық алатын еді. (2) Фераменді өлтіргеннен кейін олар үш мыңнан басқаның барлығының қару-жарағын тартып алды, жалпы барлық жағынан бұрынғыдан да көп аяусыздық пен сұмдықтарға бейілдік көрсетті. Лакедемонға елшілер жіберіп, олар Фераменді227 айыптап, өздеріне көмек сұрады. Бұл елшілерді тыңдап болып лакедемондықтар гармост228 Каллибий мен жеті жүз қарулы жауынгері бар отряд жіберді. Олар келіп, Акропольде гарнизон болып тұрды.

XІV. ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУІ

(38 – 40-тараулар)

38. Филадан шабуылға шыққан азаматтар Мунихияға229 басып кіріп, Отыздың230 көмекке келген жақтаушыларын шайқаста жеңген соң, қала халқы қатер сейілгеннен кейін оралды да, келесі күні алаңға жиналып,

Отыздың өкіметін құлатты; осы жерде халық азаматтардың ішінен он адамды231 сайлап, оларға соғысты тоқтату үшін шексіз өкілеттік берді. Алайда, өкіметті өз қолына алып, олар өздері сайланған істі жүзеге асыру үшін ешқандай шара қолданбады; керісінше, олар Лакедемонға елшілер жіберіп, өздеріне көмек көрсетуді және ақшалай несие беруді сұрады. (2) Бірақ бұл азаматтық құқықтары бар адамдардың ашу-ызасын қоздырған соң, олар биліктен айрылып қаламыз деп қорқып және жұрттың бәрін үрейленту үшін (шынында да солай болды) азаматтардың ішіндегі тіпті де қара жаяу емес адам – Демаретті ұстап алып, өлтірді. Осыдан кейін олар Каллибий мен сондағы пелопоннестіктердің, одан басқа салтаттылар табына жататын кейбір адамдардың көмегінің арқасында басқаруды өз қолында нық ұстады. Гәп мынада, кейбір салтаттылар Филадан эмигранттардың оралуына басқа азаматтардан да артығырақ кедергі жасауға тырысып бақты. (3) Пирей мен Мунихияны алған азаматтардың жағына бүкіл халық өтіп, осы партия соғыста жеңе бастағанда қалада бірінші сайланған он адам алқасы құлатылып, жаңадан ең абзал жандар деген абырой-беделге ие болған он адам сайланды232. Солардың тұсында және солардың жігерлі жәрдемімен екі жақ арасында бітім жасалып, демократиялық партия қайтып оралды. Олардың арасында басшылық рөлде Пеаниядан шыққан Ринон233 мен Ахердунттан шыққан Фаилл234 болды. Олар Павсаний235 келмей тұрып-ақ Пирейдегілермен келіссөз жүргізе бастады, ал ол келгеннен кейін күш-жігерді біріктіріп, қуғынға ұшырағандардың қайта оралуына қол жеткізді. (4) Өзінің талап етуімен Лакедемоннан келген он236 бітімгермен бірге бейбітшілікті түпкілікті орнатқан және шарт жасастырған лакедемондық Павсаний патша. Ринонның комиссиясы

халыққа жанашырлықпен қарағаны үшін қолдау тапты. Оның мүшелері істі олигархия тұсында қолына алғанымен, олар демократия тұсында есепті жақсы тапсыра алды, және де оларға, қалада қалғандардан да, Пирейден қайтып келгендерден де ешкім ешқандай айып таққан жоқ. Керісінше, осы істе сіңірген еңбегі үшін Ринон тіпті бірден стратег болып сайланды. 39. Татуласу архонт Эвклидтің тұсында237, мынадай шарттармен жасалды: қалада қалған афиналықтардың көшіп кеткісі келетіндерінің барлығына азаматтық құқықтары, толық еркіндігі, жеке тәуелсіздігі сақтала отырып және өз мүлкінен түскен кірісті пайдалану құқығымен Элевсинде238 тұру құқығы беріледі. (2) Ал ғибадатханаға239 келетін болсақ, оған кіруге алаламай рұқсат беріліп, ал оған қамқорлық жасау әкелер өсиеті бойынша Кериктер мен Эвмолпидтерге240 жүктелген. Бұдан әрі Элевсин тұрғындарының қалаға келуіне, қала тұғындарының Элевсинге баруына рұқсат етілмейді; бұл оларға тек мистерия кезінде ғана рұқсат етіледі. Одақтық қазынаға241 кірістен салықты элевсиндіктер басқа афиналықтармен бірдей төлеуге тиіс. Ал көшпек болғандардан кімде-кім Элевсиннен үй алғысы келсе, бұған үй иесінің келісімі болуға тиіс; келісімге қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда әрбір жақ үш бағалаушы тауып, және олар қандай баға белгілесе, сол төленуі керек. Элевсиндіктерге олар кімді кіргізгісі келсе, соларды тұрғызуға рұқсат. (4) Көшіп кетуге тілек білдіргендерді жазу оның өзінің келуімен, олар ант берген242 соң он күннің ішінде жүргізілуге тиіс, ал көшу жиырма күннің ішінде істелуге тиіс; ал жол жүріп кеткендер үшін осы шарттар олар қайтып оралған сәттен бастап қолданылады. (5) Элевсинде тұратын адамның, қайтадан қалада тұратыны жазылмайынша, Афинада ешқандай

мансапқа ие болу құқығы жоқ. Адам өлтіру туралы істер – егер кім де кім адам өлтірген немесе жаралаған болса243, әкелер өсиеті бойынша жүргізілуге тиіс. Өткен іс үшін ешкімнен де өш алуға ешкімнің құқығы жоқ, тек отыздың, онның, он бірдің алқа мүшелерінен және Пирейдің билеушілерінен өш алуға болады, егер есеп берген болса олардан да өш алуға болмайды. Ал есепті Пирейде билік жүргізгендер Пирейдегі соттың алдында, Афинада билік жүргізгендер – мүліктік цензін көрсете алатын адамдардың жиналысында беруге тиіс. Бұдан кейін тілек білдіргендерге қаладан кету құқығы беріледі. Ал соғысқа деп алынған қарыз ақшаны әрбір жақ дербес төлеуге тиіс. 40. Осындай келісім жасалған кезде Отыздың жағында соғысқан адамдарды үрей биледі. Көп адамның көшіп кеткісі келді, бірақ жазылуды, баршаның қашанғы әдеті бойынша, соңғы күнге дейін созып жүрді; сонда олардың көптігін көрген және оларды ұстап қалғысы келген Архин244 кейінгі күндері жазуды тоқтатып тастады, көптеген адамдардың еріксіз қалуына тура келді, сөйтіп әстін-әстін тыншыды. (2) Тегінде, Архин бұл жағдайда да, бұдан кейін Фрасибулдың жобасындағы заңға қайшылыққа шағым түсіргенде де дұрыс жасаған секілді, Фрасибул Пирейден қайтып оралғандардың барлығына (олардың арасында құлдар да болған) азаматтық құқықтар беруді ұсынған-тын; үшіншіден, ол қайтып оралғандардың ішінен біреу өткен үшін өш алуға тырысқан кезде, оны тұтқындауға бұйырып, Кеңеске әкеліп, оны сотсыз жазалауға көндіргенде де дұрыс жасаған секілді245. Ол мынадай уәж келтірді: Кеңес мүшелері қазір демократияны құтқарғысы және берген анттарын сақтағысы келетінін қазір көрсетуге тиіс болады; егер бұл адамды босатып жіберсе, онда бұл басқаларды да ынталандыру болады, ал егер өлтірсе, онда барлығы үшін де үлгі болады. Солай болды да. Ол

өлтірілгеннен кейін енді ешкім ешқашан да өткен үшін өш алу туралы ойлаған жоқ. Керісінше, афиналықтар бастан кешкен бақытсыздықтарын жеке де, қоғамдық та қатынастарда тамаша әрі саяси тұрғыдан алғанда көрегендікпен пайдаланған секілді. (3) Олар өткендегі істері бойынша айыптауларды тиып қана қойған жоқ, лакедемондықтарға Отыздың246 соғыс үшін қарызға алған ақшасын ортақ қаражаттан қайтарып берді, ал шартта247 екі партияның да – қала партиясының және Пирей партиясының – жеке-жеке төлеуі көзделген болатын. Олар мұны өзара татулықтың басы болатын бірінші қадам деп қабылдады. Ал басқа мемлекеттерде жеңіске жеткен жағдайда демократия жалпы шығыстарға өз ақшасын қоспақ түгілі, жерді де бөліске түсіреді248. Олар Элевсинде орныққандармен архонт Ксененеттің249 тұсында шығарып жіберілгеннен кейін үшінші жыл дегенде татуласты.

ХY. САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ШОЛУ

(41-тарау)

41. Бұл кейінірек болды, ал сол сәтте халық мемлекеттің билеушісіне айналып, архонт Пифадордың250 тұсында, күні бүгін де251 бар мемлекеттік құрылысты орнатты. Халық өз күшімен қайтып оралғандықтан, оның мемлекеттік өкіметті өз қолына алуына толық құқығы бар еді. (2) Бұл ретімен есептегенде он бірінші өзгеріс болатын. Ең әуелгі бірінші өзгеріс өзінің серіктерімен бірге Ион252 келіп қоныстанғанда болды. Сонда тұрғындар тұңғыш рет төрт филаға бөлініп, филалардың

қè 21.

патшасы мансабын енгізді253. Содан кейінгі екінші, дұрыс мемлекеттік құрылыс түрінде болған бірінші өзгеріс Фесейдің тұсында жасалған254 өзгеріс еді. Ол жеке-дара билік тұсындағы құрылыстан шамалы ауытқыды. Бұдан кейін Драконттың тұсындағы өзгеріс – тұңғыш рет заңдар жарияланған255 өзгеріс келеді. Үшінші өзгеріс Солонның тұсында, бұлғақтан кейін, демократияны бастап берген өзгеріс еді. Төртінші – Писистраттың тұсындағы тирания. Бесіншісі тирандарды құлатқаннан кейін Клисфеннің тұсындағы өзгеріс, бұл Солондікінен неғұрлым демократиялық өзгеріс болды. Алтыншы өзгеріс Мидия соғыстарынан кейін, басшылық Ареопаг кеңесінің қолында болған кезде жасалды. Одан кейінгі жетінші өзгеріс – Аристид белгілеп, Ареопаг кеңесін құлатқан соң Эфиальт жүзеге асырған өзгеріс болатын. Бұл құрылыс кезінде теңіздегі биліктен айрылмау үшін демагогтардың ықпалымен мемлекеттің жиі-жиі қателіктерге ұрынуына тура келді. Сегізінші өзгеріс Төрт жүздің билігін орнату және бұдан кейін тоғызыншы – демократияны қалпына келтіру. Оныншы – Отыз бен Онның тирандығы. Он біріншісі – Фила мен және Пирейден оралғаннан кейінгі өзгеріс. Қайта оралғаннан бергі осы тәртіп күні бүгінге дейін сақталып отыр және үнемі халық бұқарасының өкіметін дамытып отыруға мүмкіндік береді. Шынында, халық өзін өзі бәрінің де иесі етті және бәрі оның қаулыларымен, оның қолындағы соттармен басқарылады. Кеңестің сот өндірісі халыққа өткенін де ескеру керек. Бұл тұрғыдан да афиналықтар дұрыс істеген секілді, өйткені көпке қарағанда азшылық пайдакүнемдік пен іштару азғыруына елігеді256. (3) Бастапқыда257 халық жиналыстарына қатысқаны үшін ақы енгізілмейтін болған, бірақ халық жиналыстарға жинала қоймайтын болып,

соң притандар258 дауыс беру үшін жеткілікті адамдардың жиналуы үшін түрлі айла-шарғылар жасауға мәжбүр болғаннан кейін, әуелі Агиррий259 бір оболдан төлейтін ақы үшін қаражат тапты, ал одан кейін «Патша»260 деген лақап аты бар Гераклид Клазомендік – екі оболдан; содан кейін қайтадан Агиррий – үш оболдан төлейтін ақы үшін қаражат тапты.

Екінші бөлім

АФИНАЛЫҚТАРДЫҢ

ҚАЗІРГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫСЫ

(42 – 69-тараулар)

І. АЗАМАТТЫҚ ТІЗІМДЕР ЖӘНЕ ЭФЕБТЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУ

(42-тарау)

42. Қазіргі261 мемлекеттік құрылыстың мынадай сипаты бар. Ата-анасының екеуі де азамат262 санатындағы адамдар азаматтық құқықтарды пайдаланады. Олар он сегіз жасқа толғаннан кейін демоттардың263 тізіміне енгізіледі. Оларды жазу жүргізілетін әрбір жолы демоттар ант беріп, дауыс беру арқылы мынаны шешеді: біріншіден, олар заң бойынша тиісті жасқа жетті деп таба ма (теріс шешім болса жастар қайтадан кәмелетке толмағандар қатарына түседі); екіншіден, жеке алғанда

олардың әрқайсысы еркін бе және заңды туылған ба?. Мұнан кейін, егер ол еркін емес деп табылып, қабылданбаса, оның сотқа жүгіну құқығы бар. Демоттар айыптаушылар ретінде өз ортасынан бес адамды таңдайды, бұлар да оны жазылуға құқығы жоқ деп тапса, мемлекет оны құлдыққа сатады; ал егер ол істі ұтып шықса, демоттар оны жазуға міндетті. (2) Осыдан кейін жазылғандарды Кеңес докимасиядан264 өткізеді де, ол адам 18-ге толмаған болса, оны тізімге енгізген демоттарға жаза қолданылады. Эфебтер265 докимасиядан өткізілгеннен кейін, олардың әкелері филалар бойынша жиналып, ант бере отырып, фила мүшелерінен жасы 40тан асқандардың ішінен, өздерінің ойынша, эфебтерге қамқор болу үшін ең жарамды және неғұрлым пайдалы деген үш адамды таңдайды, ал солардан халық қолын көтеріп әр филадан бір адамды софронист266 ретінде және барлық афиналықтардан әлгілердің бәрінің үстінен қарайтын – косметті267 сайлайды. (3) Осы адамдар эфебтерді жинап алып, ең алдымен құдайлардың ғибадатханаларына тәуеп етеді, одан соң Пирейге барып, біреулері –Мунихияда268, тағы біреулері – Актада гарнизондық қызмет атқарады. Одан әрі халық бұлар үшін қол көтеру арқылы екі педотриб269 пен мұғалімдерді сайлайды, олар эфебтерді семсерлесуге, садақ атуға, дротик лақтыруға және катапальттан270 атуға үйретуге тиіс болады. Халық күнкөріс үшін софронистердің әрқайсысына 1 драхма271, ал эфебтердің әрқайсысына 4 обол береді. Әрбір софронист өз филасының эфебтерінің ақшасын алып, барлығы үшін азық-түлікті ортақ

шаруашылыққа алады (олар филалар бойынша бірге тамақтанады) және басқа барлығының қамын жейді. (4) Осылайша олар бірінші жылын өткізеді. Келесі жылы, театрдағы халық жиналысынан кейін эфебтер халыққа саптағы тәсілдерді көрсетіп, мемлекеттен қалқан мен найза алады. Бұдан кейін олар үнемі күзет бекеттерінде кезекшілік атқарып, елдің шекараларын күзетеді. Гарнизондық қызметті олар хламид272 киіп жүріп, екі жыл бойы атқарады және осы уақытқа барлық міндеттерден босатылады273. Қызметтен мойын бұруға себеп болмау үшін, олар сот алдына жауапкер ретінде де, талапкер ретінде де бармайды – тек мұра немесе мұрагер хақында іс қозғалса ғана немесе оның тұқымында әлдекімге абыздық міндет атқаруға тура келгенде ғана сотқа барады. Осы екі жыл өткеннен кейін олар енді басқа азаматтармен бірдей деңгейге көтеріледі.

ІІ. МАНСАП САЙЛАУ ТӘРТІБІ.

БЕС ЖҮЗДІҢ КЕҢЕСІ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ ЖИНАЛЫСЫ

(43 – 46-тараулар)

43. Азаматтарды тізімге енгізу және эфебтердің жағдайы жөніндегі істер, міне, осындай. Афиналықтар, әскери қаржының274 қазынашысынан, ойын-сауық қорының меңгерушісінен және су құбырларының қамқорынан басқа, әдеттегі басқару шеңберіне енетін барлық мансаптарға кандидаттарды жеребе бойынша таңдайды. Бұл мансаптарға қол көтеру арқылы сайлайды және осылайша сайланғандар міндетін Панафинадан Панафинаға275 дейін

атқарады. Бұдан басқа, қол көтеру арқылы барлық әскери мансап иелерін276 сайлайды. (2) Кеңес жеребе бойынша әрбір филадан 50-ден сайланатын бес жүз мүшеден тұрады. Притандар міндетін жеребенің түсуі ретімен әр фила277 кезегімен; бірінші төртеуі – әрқайсысы 36 күннен, одан кейінгі алтауы – әрқайсысы 35 күннен атқарады (афиналықтар жылды айға қарап есептейтіні белгілі)278. (3) Кеңестің құрамында притандар міндетін атқаратындардың фолдағы279 дастарқаны ортақ болады, бұған ақшаны мемлекеттен280 алады. Бұдан соң олар Кеңесті де, халықты да жинайды, Кеңесті – қатыспайтын күндерден281 басқа уақытта күн сайын, ал халықты – әр пританияда төрт рет жинайды. Бұл орайда олар қанша іс бар және Кеңес әр күні нақ нені талқылау керектігі әрі отырыс282 қай жерде өтетіні туралы бағдарлама жасайды. (4) Бұдан басқа олар халық жиналыстарын да тағайындайды283. Олардың бірі – басты жиналыс деп саналады, онда өкімет орындарының сайлануы – халық олардың өкімдерін дұрыс не бұрыс деп білетіні тексерілуге, одан кейін азық-түлікке және елді қорғауға қатысты мәселелер талқылануға тиіс; одан әрі, бұл күні тілек білдіргендердің барлығы төтенше мәлімдемелер284 жасай алады; ақыр аяғында, тәркіленетін мүлік тізбесі және әрбір ашылған мұрагерлік туралы

жұрттың бәрі хабардар болуы үшін мұрагерлікті және мұрагерлерді өз құқықтарында бекіту туралы өтініштер оқылуға тиіс. (5) Алтыншы пританияда285, жоғарыда айтылғаннан басқа, притандар остракисмге қатысты – оны жасау керек пе, жоқ па деген мәселені қол көтеру арқылы дауысқа қояды, бұдан кейін афиналықтардан және метектерден сикофанттарға қарсы, әрқайсысынан үшеуден аспайтын алдын ала жасалған үкімдер туралы286 ұсыныстар; ақыр соңында, әлдекім халыққа қандай да бір уәде беріп, оны орындамаса, сол туралы істер қаралады. (6) Енді бір халық жиналысын өтініштерді қарау үшін тағайындайды; бұл жерде тілек білдірген әрбір адам жалбарыну бұтағын287 қойып, халыққа өзі қалаған жеке немесе қоғамдық істер туралы айта алатын. Қалған екі халық жиналысы барлық басқа істерді шешуге арналады. Заңдар оларда дін мәселесі бойынша үш іс, герольдтар мен елшіліктердің баяндамалары бойынша үш іс, дүниауи сипаттағы мәселелер бойынша үш мәселе талқылауды бұйырады. Кейде алдын ала дауысқа салмай-ақ288 талқылайды. Герольдтар мен елшілер ең алдымен притандарға жүгінеді; хат әкелетін адамдар да тап осылай соларға жүгінеді. 44. Притандардың төрағасы жеребе бойынша сайланған бір адам болады. Ол бір түн және бір күн төраға болады және бұл мансапта бұдан артық болуына да, бір адамның оны екі рет иеленуіне де рұқсат жоқ. Төраға мемлекеттің қазынасы мен құжаттары және мемлекеттік мөр сақталатын ғибадатханалардың289 кілттерін ұстайды. Ол және притандардың ол бұйырған үштен бір бөлігі үнемі фолда болуға міндетті. (2) Притандар Кеңесті немесе халықты жинаған кезде ол жеребе бойынша

289 Á

притандар міндетін атқарып жүргендерді қоспағанда, әр филадан бірбіреуден тоғыз проэдр290 сайлайды және өз кезегінде осылардың арасынан бір төраға291 сайлап, күн тәртібін соған береді. (3) Соңғылар, оны алғаннан кейін тәртіпті қадағалап, талқылауға жататын мәселелерді жариялайды, дауыстарды санайды және жалпы барлық істерге билік жасайды; олардың жиналысты таратып жіберуге де құқығы бар. Бір жыл ішінде бір реттен артық төраға292 бола алмайды, ал әрбір пританияда бір рет проэдр болуға рұқсат. (4) Одан басқа притандар халық жиналысында стратегтердің, гиппархтардың және соғысқа293 қатысты басқа да билік өкілдерінің сайлауын халық қалай шешсе, солай өткізеді. Бұл сайлауды алтыншы пританиядан кейін міндетін атқарып жүрген, – кімнің кезекшілігінде қолайлы нышандар294 болса, сол притандар өткізеді. Бірақ бұл туралы да Кеңестің алдын ала шығарылған қаулысы болуы керек. 45. Бұрынғы кездерде Кеңестің ақшалай жаза295 қолдану, абақтыға қамау және өлімге бұйыру құқықтары болған...296 Міне, ол мемлекеттік жендетке Лисимахты297 жіберді, және осы адам өз жазасын күтіп отырған кезде, Алопекадан шыққан Эвмелид298 бір де бір азаматты соттың үкімінсіз өлтіруге болмайды деп мәлімдеп, оны босатты. Іс сотта қаралған кезде Лисимах ақталып – «шоқпардың астынан»299 босады деген атаққа ие болды, ал халық Кеңестен өлім жазасына кесу, кісен салу және ақшалай жаза қолдану құқығын тартып алды. Ол мынадай заңды орнатты: егер Кеңес біреуді кінәлі деп тапса немесе шара қолданса, онда бұл айыптау

үкімдері мен фесмофеттердің300 жазалары соттың қарауына берілуге тиіс керек және соттар қаулы еткеннің барлығының заңдық күші болуы тиіс. (2) Бұдан әрі Кеңес мансап иелерінің көпшілігін және әсіресе, ақша қаражатын жарататындарды соттайды. Бірақ оның үкімінің түпкілікті күші жоқ және оған сотқа шағымдана алады. Сондай-ақ жеке адамдарға да мансап иелерінің кез-келгені жөнінде, ол заңға қарсы істеп отыр деп айыптап, арыз беру құқығы беріледі. Бірақ бұл мансап иелерінің де, Кеңес оларды кінәлі деп тапқан жағдайда, сотқа жүгіну мүмкіндігі бар. (3) Кеңес бұлардан басқа келесі жылға Кеңес мүшелігіне және тоғыз архонтқа кандидаттарға докимасия301 жасайды. Бұл ретте бұрын оның кандидаттарды түпкілікті мақұлдамау құқығы болған, ал қазір оларға сотқа жүгіну302 құқығы беріледі. (4) Кеңес шешімінің түпкілікті күші болмайтын жағдайлар осылар. Ол халық жиналысына енгізу үшін алдын ала қорытындылар жасайды, және де, егер бұл туралы Кеңестің алдын ала қорытындысы болмаса немесе мұны притандар күн тәртібіне қоймаса, халық ешбір мәселе бойынша да қаулы шығара алмайды. Осыған байланысты, кімде кім қандай да бір заң жобасын осы шарттарды сақтамай өткізетін болса, заңға кереғарлық үшін303 айыпталуға жатады. 46. Бұдан әрі Кеңес жасалған триэраларды304, олардың жарақтандырылуын және доктарды305 бақылайды, халықтың ұйғарымына сәйкес жаңа тирэралар немесе тетрералар306 жасатады, оларға жарақ беріп, доктар салғызады. Ал кеме жасайтын құрылысшыларды халық қол көтеру арқылы таңдайды. Егер Кеңес мұны дайын күйінде жаңа Кеңеске бермесе, ол тиісті награданы ала алмайды, өйткені оны Кеңестің келесі құрамы

алатын болады. Триэра жасау үшін ол өзінің ортасынан триэра жасаушы ретінде он адам сайлайды. (2) Ақыр соңында, Кеңес барлық қоғамдық ғимараттарды да бақылайды, және, егер кім де кімнің тарапынан кемістік табатын болса, кінәлі адам туралы халыққа мәлімдейді және оның кінәлілігі туралы қорытынды жасап, істі сотқа өткізеді.

ІІІ. КЕҢЕС ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК

(47 – 54-тараулар)

47. Бұдан әрі кеңес істің көпшілігін басқа өкімет орындарымен бірлесіп жүргізеді. Ең алдымен, Афинаның он қазынашысы307 бар. Олар Солон заңына (бұл заң әлі күшін сақтаған) сәйкес әрбір филадан бір-біреуден пентакосиомедимндер табынан жеребе тарту арқылы сайланады, бірақ іс жүзінде жеребе түскен әрбір адам, мейлі ол өте кедей болса да, қызметті атқара алады. Олар Кеңестің көз алдында Афинаның мүсінін308, Никаның суретін309, бүкіл жиналған мүлік310 пен қазынаны қабылдап алады. (2) Бұдан әрі, он полет311 бар. Олар әр филадан бір-біреуден жеребе бойынша сайланады. Олар барлық жалдау келісімшарттарын312 жасайды, әскери қазынаның313 қазынашысымен және ойын-сауық қорын314 басқаруға сайланған адамдармен бірге Кеңес отырысында кеніштерді игеруге315 және

алымдар жинауға сауда-саттық жасайды, содан соң Кеңес қол көтеру арқылы кімге белгілесе, кіріс келтіретіндер ретінде сауда-саттықта берілген кеніштерді соған бекітеді – оларды үш жылға, сондай-ақ шартты түрде316 берілгендерді – оларды жалға он жылға317 береді. Бұдан басқа олар Кеңес отырысындағы аукционнан Ареопаг318 соты соттаған қылмыскерлердің және өзгелердің мүліктерін де сатады, ал мұны тоғыз архонт бекітеді. Дәл сол секілді олар бір жылға жинауға берілген319 алымдар жөніндегі мәліметтерді де Кеңеске тапсырады, мұндайда ақталған тақтайшаға320 жинау құқығын алған адамның атын да, ол осы үшін төлеген ақының мөлшерін де жазып қояды. (3) Олар әрбір пританияда кімдердің төлейтінін көрсетіп жеке-жеке он тізім жасайды, жылына үш рет төлейтіндерді бөлек жазады, және де әрбір жарна үшін ерекше тізім жасайды, тоғызыншы пританияда321 төлеуге тиістілерді жеке жазады. Бұдан басқа олар сот арқылы тәркіленіп322, жалға берілген жер телімдері мен үйлердің тізімдерін жариялайды. Гәп мынада: бұларға да сауда-саттықты солар ұйымдастырады. Үйдің құнын бес жыл ішінде, ал жер телімдерінің құнын – он жыл ішінде қайтару керек. Бұл ақшалар тоғызыншы пританияда төленеді. (4) Кеңеске сондай-ақ архонт-патша да қасиетті телімдердің323 жалға берілгені туралы баяндайды және олар ақталған тақтайшаларға жазылады. Олар да он жылға жалға беріледі, ал жарналар тоғызыншы пританияда төленеді; сондықтан да осы пританияда ақша бәрінен көп жиналады.

(5) Сонымен, Кеңеске төлем мерзімдері бойынша бөлінген тізімдер енгізіледі, ал оларды мемлекеттік хатшы324 сақтайды. Әрқашан, ақша төлейтін мерзім туған сайын ол сөрелерден сол күні ақшалар енгізілуі және сызып тасталуы керек болатын тізімдерді алып, оларды аподекталарға325 береді. Ал қалғандары уақытынан бұрын сызылып кетпеуі үшін бөлек жатады. 48. Бұдан кейін филалар бойынша сайланатын он аподекта326 бар. Тізімдерді алған соң олар булевтерийде327 Кеңестің қатысуымен енгізілген ақшаларды белгілейді де, тізімдерді қайтадан мемлекеттік хатшыға тапсырады. Осылайша, егер кім де кім төлем мерзімін өткізіп алса, оның аты ол жерде жазулы тұрады, сондықтан да ол қарыз сомасын екі есе мөлшерде қайтаруға немесе, басқа жағдайда қамалуға тиіс. Мұны өндіріп алуға да, бұзықты түрмеге салуға да Кеңес заңдар бойынша аппеляциясыз328 құқыққа ие. (2) Аподекталар бір күн барлық жарналарды қабылдайды және оларды мансап иелері арасында бөледі, ал келесі күні бұл бөлу туралы оны тақтайға жазып алып, баяндайды, содан кейін олар Кеңес ғимаратында бәрін рет-ретімен оқып, Кеңес отырысында ойларын айтуды ұсынады, егер біреу әлдебір адам – лауазымды немесе жеке тұлға – дұрыс бөлмегенін білетін болса, егер әлдебіреуді қандай да бір теріс істе кінәлі деп тапса, ол туралы мәселені дауысқа қояды. (3) Кеңес мүшелері тағы да өз ортасынан он логисті329 сайлайды, олар әр пританияда мансап иелерінің есеп беруін тексеруге міндетті. Бұдан әрі, олар жеребемен әр филадан бір адамнан эвфиндерді330 және әр эвфиннің екі орынбасарын сайлайды, олар жиналыстар331 күндері әр филаның

эпонимінің332 қасында мәжіліс құруға тиіс. Егер сот алдында есеп бергендердің бірінен ол есеп бергеннен кейін үш күннің ішінде жеке немесе мемлекеттік іс бойынша жаңа есеп беруді талап ететін болса, ол ақпен боялған тақтайға өзінің атын, айыпталушының атын және оның жасады деп айыптап отырған теріс ісін жазады; сондай-ақ ол лайықты деген жазаны белгілейді де, эвфинге береді. (5) Эвфин бұл арызды алып, қарайды, және егер айыптауды негізді деп тапса, жеке істерді өз филасының дау-жанжалдарын қарайтын демдер бойынша судьяларға тергеуге береді, ал мемлекеттік маңызы бар істерді өзінің қорытындысымен қоса фесмофеттерге333 жібереді. Фесмофеттер өз кезегінде, егер мұндай арызды қабылдаса, бұл есепті екінші қайтара соттың қарауына енгізеді және судьялар қалай деп шешсе, соның түпкілікті күші болады. 49. Одан басқа Кеңес жылқыларды да тексерістен өткізеді, егер жақсы аты бар адам оны жөндеп күтпейді деп тапса, оған сол күтіп-бағу мөлшерінде айыппұл салады. Ал өз қожасына еріп жүре бермейтін немесе үйретілмегені334 соншалықты, тыныш тұра алмайтын жылқылардың жағына дөңгелек сияқты тамға салады, және де мұндай белгі салынған жылқы жарамсыз деп танылады. Кеңес өз ойынша атты барлаушыларды да тексерістен өткізіп, бұл қызметке жарайды деген адамдарды іріктейді, және де, егер қол көтеру арқылы біреуді жарамайды деп тапса, ол адам аттан түседі335. Жаяу әскердегі атты жауынгерлерді336 де тексереді, және де, біреуді қол көтеру арқылы жарамсыз деп тапса, ол жалақыдан айрылады. (2) Салтаттыларды тізімге есепке алу комиссиясы337 – халық қол көтеріп сайлаған он адам енгізеді. Жазылғандардың тізбесін олар

гиппархтарға мен филархтарға338 береді, ал өз кезегінде бұлар тізімді алған соң оны Кеңеске баяндайды. Онда олар салтаттылардың339 есімдері жазылып, желімделген кестені ашады. Бұл ретте бұрын жазылғандардан біреу ант бере тұрып, денсаулық жағдайына байланысты салтатты бола алмайтынын мәлімдесе, оны сызып тастайды. Содан соң жаңадан жазылғандарды шақырып алады, және де, егер біреу ант бере тұрып денсаулығы немесе қаражаты оның салт атты болуына мүмкіндік бермейтінін мәлімдесе, оны босатады. Мұндай ант бермеген адам жөнінде Кеңес мүшелері оның салтатты болуға жарайтынын не жарамайтынын қол көтеріп шешеді, және де, егер жарамды деп тапса, кестеге жазады, егер жарамайды десе, оны да босатады. (3) Бұрын Кеңес сондай-ақ құрылыстардың жобасын және Афина мүсінінің желеңін де талқылаған, ал қазір Кеңес өз пікірінде әділетке жүгінбеді деп айтыла бастаған соң мұны жеребемен алынған сот комиссиясы талқылайтын болды. Никаның340 мүсінін жасату жөнінде де, Панафиналардағы341 жарыстардағы марапаттар жөнінде де Кеңес әскери қазынаның қазынашысымен бірлесе отырып шешеді. (4) Одан басқа Кеңес мүгедектерді тексерістен өткізеді. Кеңеске үш минадан342 аспайтын мүлкі бар және дене кемістігі соншалық, ешқандай кәсіппен шұғылдана алмайтын адамдарға тексеру жүргізуді бұйыратын заң бар. Заң бұл адамдарға күнкөріс үшін қазынадан әрқайсысына күніне екі оболдан343 беріп отыруды бұйырады. Және оларда жеребе бойынша сайланатын қазынашы бар. Дәл осылай басқа мансап иелерімен де Кеңес көптеген міндеттерді бөліседі деуге болады.

50. Сонымен, Кеңестің қарауында болатын істер осылар. Одан басқа, жеребе бойынша ғибадатханаларды жөндеудің меңгерушісі ретінде он адам сайланады, олар аподекталардан344 отыз мина алып, жөндеуге неғұрлым мұқтаж ғибадатханаларды жөндейді. (2) Бұдан әрі он астином345 сайланады. Олардың бесеуі міндетін – Пирейде, бесеуі қалада атқарады. Олар флейташы, арфашы және кифаршы әйелдердің екі драхмадан346 қымбатқа жалданбауын қадағалайды, және олардың біреуіне бірнеше адам бірден таласса, бұлардың арасында жеребе тастап, кімге жеребе түссе, соның жалдауына береді. Сондай-ақ, бұлар кір-қоқысты жинаушылардың оларды қала қабырғасынан он стадийден347 жақын жерге төкпеуін де қадағалайды. Бұдан әрі, олар көшені тарылтып құрылыс салуға, көшелердің үстінен балкон салуға, көшеге қарай су ағызатын аспалы науа орнатуға және көшеге қарай ашылатын терезелер348 салуға рұқсат бермейді. Көшеде өліп қалған адамдарды да солар жерлейді және осы мақсат үшін өз қарауында қазына қызметшілерін ұстайды. 51. Жеребе бойынша сондай-ақ Пирей үшін бес, қала үшін бес – он базар бақылаушысы сайланады. Олар ешқандай қоспасыз және жасанды көшірмесіз сатылуы үшін бүкіл тауарларды қадағалап отырады. (2) Тағы да жеребе бойынша өлшемдерді қадағалайтын Пирей үшін бес, қала үшін бес – он бақылаушы сайланады. Олар саудагерлер дұрысын пайдалануы үшін барлық өлшемдер мен таразыларды қадағалайды. (3) Бұдан әрі, жеребе бойынша астық бақылаушыларын сайлайды – бұрын он – Пирей үшін бес, қала үшін бес349 болатын, қазір олардың саны қала үшін жиырма және Пирей үшін он бес. Олар ең алдымен базарда дәнді дақыл нанының адал сатылуын қадағалайды; бұдан әрі,

диірменшілердің арпа ұнын арпа бағасына сәйкес, ал тоқаш пісірушілер – бидай нанын бидай бағасына сәйкес сатуын және де бөлке нандардың олар қандай салмақты көрсетсе, сондай слмақта болуын қадағалайды. Заң бақылаушыға осыларды орнатуды бұйырады. (4) Бұдан әрі, жеребе бойынша он порт қамқоршысы сайланады. Олардың міндетіне сауда айлақтарын қадағалап, саудагерлерді астық айлағына келген астықтың үштен екі бөлігін қалаға жеткізуге күштеп көндіру кіретін. 52. Тағы да жеребе бойынша он бірдің алқасын тағайындайды. Бұл адамдар абақтыда жатқан тұтқындарды өз қарамағында ұстап, ұсталған350 ұрыларды, құл аулаушыларды351 және тонаушыларды олардың өздері мойындаса өлім жазасына кесуге, ал мойындамаған жағдайда сотқа әкеліп және, егер ақталатын болса, босатуға, ал сотталса – өлтіруге беруге тиіс. Тағы да олар сотқа тәркіленетін жер алқаптары мен үйлердің тізбесін беруге және қазына меншігі деп танылғандарын полеттерге352 беруге тиіс. Ақыр соңында теріс қылықтар туралы шағымдарды353 талқылауға беруге тиіс (бұл шағымдар бойынша істі Он бір қозғайды). Бірақ мұндай шағымдардың кейбіреулерін фесмофеттер354 де енгізеді. (2) Бұдан кейін жеребе бойынша бес баяндамашыны да сайлайды, олардың әрқайсысы екі фила бойынша жұмыс істеп, ай бойындағы даужанжалдар жөніндегі істерді жүргізеді. Айлық процестер мыналар: біріншіден, қайтаруға міндетті біреу қайтармай қойған жасау355 туралы істер; екіншіден, егер адам бір драхма356 процентімен қарыз алып, қарызын төлемейтін болса; үшіншіден, әлдекім алаңда шеберхана ашқысы келіп,

соны жасанту үшін басқа біреуден қарыз алса. Бұдан әрі, ар-намысқа тию туралы, қоғамдар мен серіктестіктер туралы, құлдар және жүк артатын хайуандар357 туралы, триэрархиялар358 және ақша операциялары туралы істер. (3) Бұл мансап иелері бір ай мерзім ішінде осындай істерді қарайды. Аподекталар болса алым жинау ісін сатып алушылар359 қозғаған және оларға қарсы қозғалған істерді қарайды, бұл ретте он драхмадан кем істерде олардың шешімі түпкілікті болады, ал қалғандарын олар бір ай мерзімде қарау үшін сотқа енгізеді. 53. Жеребе бойынша әр филадан төрт адамнан – қырықтың комиссиясын да сайлайды. Бұл комиссияда барлық басқа істер қозғалады. Ол бұрын демдер360 бойынша аралап жүріп соттайтын отыз адамнан тұратын, ал Отыздың олигархиясынан кейін олардың саны қырыққа жеткізілген болатын. Олардың он драхмадан кем істерді түпкілікті шешуге құқықтары бар, ал бұл сомадан жоғарыларды диэтеттерге361 береді. (2) Соңғылар істі қабылдап алады да, егер тараптарды бітістіре алмаса, өз шешімдерін шығарады. Егер екі тарап та үкімге риза болса және онымен келіссе, іс тоқтатылады. Егер дауласушылардың біреуі сотқа аппеляция берсе, онда олар куәлардың айғақтарын, сауалдарды 362 және заңдардың мәтіндерін363 талапкер тарапынан бір жәшікке, жауапкер жағынан бір жәшікке салып, оларды жабады да, диэтеттің ерекше параққа жазылған шешімін қосып, жауапкер филасының364 істерін қарайтын төрт судьяға жібереді. (3) Соңғылар бұл материалды қабылдап алып, оны сотқа: мың драхмадан кем істерді – екі жүз бірдің комиссиясына, мың драхмадан жоғары істерді – төрт жүз бірдің комиссиясына жібереді. Ол жерде диэтеттен (судьядан) алынған және жәшікке салынғандардан басқа

ешқандай заңдарды да, сауалдарды да, куәлік айғақтарды да пайдалануға болмайды. (4) Жасы алпысқа қараған адамдар диэтет бола алады. Бұл архонттар және эпонимдар бойынша анықталады. Гәп мынада: филалардың он эпонимі365 және жас анықтайтын366 42 эпоним бар. Бұрын, эфебтерге жазу жүргізілген кезде, олардың есімдері әктелген тақтайшаларға жазылатын болған, және оларда қай архонттың тұсында жазылғаны және мұның алдындағы жылғы диэтеттердің эпонимі көрсетілетін, қазір эфебтер қола тақтаға жазады және бұл тақта Кеңес ғимаратының алдына эпонимдердің367 жанына қойылады. (5) Қырық адам эпонимдердің соңғысын алып, соның есімінің астына жазылған адамдар арасында судьялардың міндеттерін бөледі және жеребемен олардың әрқайсысы қандайын атқаруы керектігін айқындайды. Және әрқайсысы өздеріне тиген судьялық міндеттерді аяғына дейін орындауға тиіс. Заң кімде-кім тиісті жасында диэтет болмаған адам азаматтық абыройдан айырылуға тиіс екендігін бұйырады. Тек осы жылы қандай да бір мансапты атқарған немесе басқа жаққан кеткендер үшін ғана босаңшылық беріледі. Тек осындай адамдар ғана мұндай міндеттіліктен босатылады. (6) Диэтеттердің біреуінің тарапынан әділетсіздік жасалса, олардың алқасына төтенше арыз беруге де болады. Бұл ретте заң бұлар қай диэтетті кінәлі деп тапса, соны азаматтық абыройдан айыруға368 жатқызуды бұйырады. Бірақ мұндай адамдардың да аппеляцияға құқығы бар. (7) Эпонимдерді әскери жорықтар үшін де пайдаланады және белгілі бір жастағыларды жібермек болған кезде қай архонт пен эпонимнен

қайсысына дейінгілер жорыққа баруы керек екендігі туралы хабарландыру іліп қояды. 54. Жеребе бойынша тағы да мына мансап иелерін сайлайды: бес жол құрылысшысы, оларға жолдарды жөндеу міндеттеледі; бұл үшін олардың қарауында қазыналық жұмысшылар болады. (2) Бұдан әрі: он логист369 және олардың жанындағы он синегор370. Қандай да бір мансапта болғандардың барлығы олардың алдында есеп беруге тиісті. Бұл – есеп беретіндерді бақылайтын және есептілік туралы істерді сотқа енгізетін жалғыз орган. Егер логистер әлдекімнің қымқырғанын әшкерелесе, онда судьялар оны ұрлық жасады деп танып, анықталған сома он есе мөлшерде төлеттіріледі. Егер логистер әлдекім сый-сияпат алғанын анықтаса және судьялар оны кінәлі деп тапса, оның ісі пара алушылық деп айқындалады; бұл үшін де он есе мөлшерде төленеді. Егер логистер кімде кімді теріс қимыл жасады деп айыптаса, судьялар оның қылмысы қара басының қамын ойлағандық деп табады да, егер кінәлі адам бұл соманы тоғызыншы пританияға371 дейін төлесе, келтірілген залал өз құнында өтеледі; ал басқаша жағдайда ол екі еселенеді. Алайда он еселенген айыппұл екі есе болып өспейді. (3) Тағы да – «притания бойынша» деп аталатын хатшыны сайлайды. Ол құжаттарды ұстайды және шығарылатын қаулыларды сақтайды, жалпы барлық құжаттарға өз қолын қояды және отырыс кезінде Кеңестің жанында болады. Бұрын бұл қызметке қол көтеру арқылы сайланатын және онда неғұрлым аты белгілі және халық сеніміне ие адамдар сайланатын. Одақтар туралы шарттар жарияланған кезде тақталарда372, проксен373 атағын және азаматтық құқықтар берген кезде оның аты

жазылатыны белгілі. Ал қазір бұл лауазымға жеребе бойынша374 сайлайтын болды. (4) Жеребе бойынша, заңдарды біліп отыру үшін тағы бір хатшыны сайлайды. Ол отырыстар кезінде Кеңестің жанында болады және ол да барлық заңдарға өз қолын қойып бекітеді. (5) Одан басқа халық та қол көтеру арқылы құжаттарды халыққа және Кеңеске оқып беруге тиіс хатшыны сайлайды. Бұл хатшының оқудан басқа өкілеттіктері болмайды. (6) Халық жеребе бойынша «күнәдан арылуға арналған құрбандықтар үшін» тағы он гиеропейді375 сайлайды. Олар оракулдың белгілеуімен өз беттерінше де, оң белгі алу керек болғанда балгерлермен бірлесіп те құрбандық шалады. (7) Одан басқа халық жеребе бойынша тағы басқа «жылдық» деп аталатын он адамды сайлайды. Олар кейбір құрбандықтарды шалып, бесжылдықтағы Панафинадан376 басқа барлық мерекелерді377 басқарады. Ал бесжылдық мерекелерінің қатарына: біріншіден, Делосқа зиянат (оған жетіжылдық зиянат та бар); екіншіден, Браврония378; үшіншіден, Гераклия; төртіншіден, Элевсиния379; бесіншіден, Панафиналар жатады. Осы мерекелердің бәрі бір күнге келмейді. Қазір архонт Кефисофонттың380 тұсынан бері Гефестиялар да қосылды. (8) Ақыр соңында жеребе бойынша Саламинге архонт және Пирейге демарх381 сайлайды, олар бұл екеуін де Дионисиялар382 өткізіп, хорегтерді383 тағайындайды. Саламинде бұл архонттың есімі ресми құжаттарда да жазылады384.

САЯСАТ

Үшінші кітап(Г)

І, 1. Мемлекеттік құрылыстың түрлерін және оған тән қасиеттерді зерттеушінің ең алдымен жалпы мемлекет туралы мәселені қарап, мемлекет дегеніміздің не екендігін анықтап алуы қажет. Қазіргі кезде бұл турасында алауыздық бар; біреулер белгілі бір әрекетті мемлекет жасады дейді, екінші біреулер: жоқ, мемлекет емес, олигархия немесе тиран жасады дейді. Шынында да, біз мемлекеттік қайраткері мен заң шығарушының бүкіл қызметі тек қана мемлекетке (polіs) бағытталғанын көреміз, ал мемлекеттік құрылыс (polіteіa) дегеніміз мемлекет тұрғындарын белгілі бір сыңайда ұйымдастыру. 2. Мемлекет кез келген бүтін нәрсеге ұқсайтын, бірақ көптеген бөліктерден тұратын бір құрамдас нәрсе болғандықтан, ең алдымен азамат (polіtёs) дегеніміздің не екендігін анықтап айқындап алу керектігі анық, өйткені мемлекет дегеніміз азаматтардың жиынтығы. Сонымен, кімді азамат деп атаған жөн және азамат дегеніміз не дегенді қарастыруымыз керек. Өйткені, біз азамат ұғымының анықтамасында алауыздыққа жиі ұшыраймыз ғой: бір адамның өзін азамат деп атауға бәрі бірдей келіспейді; демократияда азамат болған адам олигархияда көбіне азамат емес. 3. Азамат атауын қандай да бір ерекше мағынада алғандарға, мысалы, азаматтар қатарына қабылданғандарға назар аудармау керек385. Азамат белгілі бір жерде тұрғандығына қарай да солай деп атала алмайды: өйткені азаматтармен қатар метектер мен құлдардың да өздерінің тұрғылықты жерлері бар, сондай-ақ талапкер мен жауапкер болу құқығы барлар да азаматтар емес, өйткені бұл құқықты өздерімен жасалған келісімдерге сәйкес шетелдіктер де пайдаланады (олар тап осындай құқықты пайдаланады). Метектерге келетін болсақ, көптеген жерлерде олар бұл

құқықтарға толық көлемде ие емес, бірақ өздеріне простат таңдап алуға тиіс; осылайша, олар араласудың бұл түріне толық күйінде қатыспайды. 4. Кәмелетке толмаған, сондықтан да азаматтық тізімдерге386 енгізілмеген балалар туралы да, азаматтық міндеттерін орындаудан босатылған қарттар туралы да, олардың екеуі де – сөзсіз емес, салыстырмалы түрде ғана азаматтар деуге тура келеді; және де бұлардың біріншілеріне «міндеттіліктен босатылған», ал екіншілеріне – «шекті жастан асқан» азаматтар деп, немесе сондай бірдеңені (мәселе қалай деп қосуда емес – біздің ойымыз онсыз да айқын) қосуға тура келеді. Біз болсақ азамат деген ұғымды осы сөздің шүбәсіз мағынасында, түзетуді талап ететін ешқандай кемшілігі жоқ мағынасында анықтауды мақсат етіп отырмыз; өйтпесек азаматтық құқықтарынан айырылған адамдар жөнінде де, қуылып кеткендер жөнінде де өзімізге өзіміз сұрақ қойып, жауабын іздеуге тура келер еді. Шүбәсіз азамат ұғымы сотқа және билікке араласу арқылы бәрінен де жақсы анықталуы мүмкін. Кейбір мансаптар уақытша болады: бір адам не оны екінші рет ала алмайды, не алса да, белгілі бір уақыт өткен соң алады; ал басқа бір мансаптар жөнінде уақыт бойынша шектеу жоқ – бұған сотқа және халық жиналысына қатысу жатады. 5. Алайда, бәлкім, біреулер судья мен халық жиналысына қатысушылар мансап иесі емес, сондықтан олар мемлекеттік басқаруға қатыспайды деуі мүмкін, бірақ екінші жағынан, нақ аса маңызды шешімдер шығаратын адамдарды биліктен айырылған деп санау күлкі болар еді. Бірақ мұның ешқандай да маңызы жоқ, өйткені әңгіме тек атау туралы болып отыр. Шындығында да, судьялар мен халық жиналысына қатысушылар үшін ортақ нобай жоқ; мейлі, осы мансаптар неғұрлым дәл анықтауышсыз қала берсін, тек ұғымдардың жігі ажыратылса болғаны. Біз болсақ, сотқа және халық жиналысына қатысатындарды азаматтар деп атаймыз. Азамат ұғымының шамамен

осындай анықтамасы азамат деп аталатындардың барлығына бәрінен де дөп келеді. 6. Құрамында түр жағынан айырмашылықтары бар заттар үшін, олардың біреуі – бірінші, келесісі – екінші, одан кейінгісі – үшінші болып келеді де, ортақ нышан мүлде болмайтынын, не ол жеткіліксіз дәрежеде болатынын ұмытпау керек. Бұл екі арада мемлекеттік құрылыстарда да түр жағынан айырмашылық болады және олардың біреулері бұл атауға азырақ, енді біреулері – көбірек лайық болады; қате бастауларға негізделген және дұрыстықтан ауытқитын мемлекеттік құрылыстар бұл кемшіліктерден ада құрылыстардан төмен тұратыны сөзсіз ғой (біз ауытқитын түрлер деп нені айтатынымыз кейінірек анықталады). Осылайша, мемлекеттік құрылыстың белгілі бір түріне қарай азамат та солай болуға тиіс. Жоғарыда біз айтқан азамат негізінен демократиялық құрылыс азаматына сәйкес келеді; мемлекеттік құрылыстың басқа түрлеріне бұл анықтама дөп келуі мүмкін, бірақ бұл міндетті емес. 7. Мемлекеттік құрылыстың кейбір түрлерінде демос жоқ, төтенше жағдай болмаса, халық жиналыстарын шақыру әдеті де жоқ, және судьялық өкілеттіктер әртүрлі мансап иелері арасында бөлінген; айталық, мысалы, Лакедемонда әртүрлі азаматтық істерді эфорлардың біреуі қарайды, қылмыстық істерді – геронттар, басқа істерді – тағы да сондай мансап иелері қарайды. Карфагенде де тап сондай, онда да барлық сот істері бойынша белгілі бір мансап иелері шешім шығарады. 8. Демек, біздің азамат ұғымына берілген анықтамамыз түзетуге зәру: басқа мемлекеттік құрылыстарда халық жиналысына қатысушы және судья анықтама беруге жатпайтын мансап иесі емес, белгілі бір өкілеттік берілген тұлға болып табылады; олардың ішінен не барлығына, не кейбіреулеріне кеңес мүшесі болу және не барлық сот істерін, не олардың кейбіреулерін қарау құқығы беріледі. Азамат дегеннің не екендігі осыданақ айқын. Кім заң шығарушы кеңеске немесе сот билігіне қатысушы болса, сол осы мемлекеттің азаматы дей аламыз. Ал мемлекет деп біз, жалпы

айтқанда, өздігінен күнелте алуға жағдайы жеткілікті осындай азаматтардың жиынтығын айтамыз ғой... ІV. 1. ...Мемлекеттік құрылыс (polіteіa) дегеніміз жалпы алғанда мемлекеттік мансаптарды және бірінші кезекте жоғарғы билікті ұйымдастыру саласындағы тәртіп: жоғарғы билік барлық жерде мемлекеттік басқару тәртібімен (polіteyma) байланысты, ал мемлекеттік құрылыс дегеніміз сол. Мен, мысалы, демократиялық мемлекеттерде жоғарғы билік – халықтың қолында, олигархияларда, керісінше, аз ғана адамдардың уысында екендігін айтып отырмын; сондықтан да біз олардағы мемлекеттік құрылысты да әртүрлі деп атаймыз. Басқалары туралы да біз осы тұрғыдан айтатын боламыз. 2. Әуелі Мынадай сұрақ қойған жөн: мемлекет қандай мақсат үшін пайда болған және адамды оның қоғамдық өмірінде басқаратын биліктің қанша түрі бар? Біздің толғамымыздың басында-ақ, үй шаруашылығы және отағасының отбасындағы билігі туралы мәселені түсіндіру барысында, былай деп көрсетілген болатын: адам өз табиғатында саяси мақұлық, сонан да өзара көмекке мүлдем мұқтаж емес адамдар да еріксіз бірлесе өмір сүруге ұмтылады. 3. Айтпақшы, бұған адамдарды ортақ пайданы түсіну де итермелейді, өйткені ғажайып өмірге (dzзn kalфs) ?атысу әркімнің үлесіне тиеді; міне осы негізінен біріккен адамдар жиынтығы үшін де, жеке алғандағы әрбір адам үшін де мақсат болып табылады. Адамдар мемлекеттік араласуды беркіте түсіп, өмірдің өзі үшін де бірігеді: өйткені, тегінде, тап сол қалпында алынған өмірдің өзінде де, қиындықтар тым көбейіп кеткенде болмаса, ғажайыптың бір бөлігі бар емес пе. Адамдардың көпшілігі өмірге бауыр басып кеткендіктен де көптеген қасіреттерге төзуге әзір екендігі түсінікті, өйткені оның өзінде әлдебір рахат пен табиғи тәттілік бар.

4. Биліктің әр түрі дейтінді ажырату қиын емес: олар жөнінде біз эксотериялық шығармаларымызда387 да әлденеше рет ой толғағанбыз. Қожайынның құлға билігі, бір нәрсе тумысынан құлға да, тумысынан қожайынға да пайдалы болса да, қанша дегенмен ең алдымен қожайын пайдасын көздейді, ал құл үшін оның жанама ғана пайдасы бар (егер құл қаза болса, қожайынның оған билігі де тоқтатылуы керектігі анық). 5. Ал біз жалпы үй шаруашылығы билігі деп атайтын балаларға, әйеліне және бүкіл үйге билік не бағыныштылардың игілігін, не екі жақтың да ортақ игілігін көздесе де, бірақ іс жүзінде, бағыныштылардың игілігі болып шығады, біз мұны басқа өнерлерде де, мысалы, медицина мен гимнастикада байқаймыз, олар кездейсоқ жағдайда осы өнер иелерінің игілігіне де қызмет ете алады. Педотрибке ара-тұра гимнастикалық жаттығуларға өзінің де қатысуына ешкім де кедергі жасамайды ғой, сол сияқты кеме құйрығын ұстаушы да әрдайым теңізшілердің біреуі болып табылады. Педотриб те, кеме құйрығын ұстаушы да өзіне бағыныштылардың игілігін көздейді, бірақ ол өзі солардың біреуіне айналғанда, кездейсоқ олар да пайда табады: кеме құйрығын ұстаушы – теңізші, педотриб гимнастикалық жаттығулармен айналысатындардың бірі бола кетеді. 6. Сондықтан мемлекеттік мансаптарға қатысты осыны айтамыз: мемлекет азаматтардың тең құқықтылығы мен теңдігі бастауларына негізделген жерде – кезекпен басқару дәмесі пайда болады. Бұл дәменің әуел баста Жаратылыстық негіздері болды; мемлекеттік міндеттіліктердің кезекпен атқарылуы талап етілетін және әркім бұрын өзі билік басында болған кезде басқаның пайдасы үшін қалай қам жесе, басқа адам да өз кезегінде мұның пайдасын көздегенін қалайтын. Қазіргі кезде қоғамдық іске қатысты және билік құлағын ұстау пайда түсіретіндіктен бәрі де оған үздіксіз ие болғысы келеді, мұның өзі билік басында тұрған адам өзінің аурушаңдығына қарамастан бейне бір үнемі денсаулығым

мықты деп көрсеткендей іс; өйткені дені сау болғасын мансапқа ұмтылады ғой. 7. Сонымен, ортақ пайданы көздейтін мемлекеттік құрылыстар ғана, бұрмасыз әділдігін айтсақ, дұрыс құрылыс екендігі айқын; ал билеушілердің игілігін ғана күйттейтіндердің барлығы – қателік, әрі дұрыстан ауытқығандық болып шығады: олар үстемдікке негізделген, ал мемлекет дегеніміз еркін адамдардың аралас-құраластығы. Осы анықталғаннан кейін мемлекеттік құрылыстарды – олардың сандары мен қасиеттерін және бәрінен бұрын дұрыстарын қарастыруға көшкен жөн, өйткені олардың анықтамасынан олардан ауытқу да айқын болады.

V. 1. Мемлекеттік құрылыс дегеніміз мемлекеттік басқару тәртібі дегенді де білдіреді, мұның соңғысы мемлекеттегі жоғарғы биліктен көрінеді және жоғарғы билік міндетті түрде біреудің, не азшылықтың, не көпшіліктің қолында болады. Және бір адам яки азшылық, яки көпшілік қоғамдық пайданы көздеп билеген кезде, әрине, мемлекеттік құрылыстың мұндай түрлері дұрыс болады, ал олардың тұсында не бір адамның, не азшылықтың, не көпшіліктің пайдасы көзделсе, ауытқу болып табылады. Екеудің бірін мойындау керек қой: не мемлекеттік аралас-құраластыққа қатысатын адамдар азаматтар емес, не олардың барлығы ортақ пайдаға үлес қосуы керек. 2. Ортақ пайданы көздейтін монархиялық билікті біз әдетте патшалық билік деп атаймыз; азшылықтың, бірақ біреуден көп адамның билігін – аристократия (немесе ең жақсылар билегендіктен, немесе мемлекет пен оған кіретіндердің жоғары игілігі көзделетіндіктен) дейміз; ал ортақ пайда үшін көпшілік билейтін болса, онда біз мемлекеттік құрылыстың барлық түрлері үшін ортақ мағынаны білдіретін – полития388 деген сөзді қолданамыз. 3. Және де мұндай жіктеу қисыны жағынан дұрыс болып шығады: өзінің жақсылығы бір адам не азшылық даралана алады, бірақ көпшілік үшін кез-келген жақсылыққа жету – қиын іс, тек әскери

ерлікте жеңілірек, себебі ол нақ халық бұқарасында көбірек ұшырасады. Міне, сондықтан да мұндай политияда жоғарғы билік өз есебінен қаруланатын жауынгерлердің қолында шоғырланады. 4. Аталған құрылыстардан ауытқулар мынадай: патша билігінен – тирания, аристократиядан – олигархия, политиядан – демократия. Тирания – бір билеушінің пайдасын көздейтін монархиялық билік; олигархия дәулетті азаматтардың; демократия – кедей-кепшіктің пайдасын күйттейді; ортақ пайданы бұлардың біреуі де көздемейді. Алайда, мемлекеттік құрылыстардың аталған түрлерінің әрқайсысы жекелеп алғанда қандай екендігі туралы неғұрлым кеңірек айту қажет. Бұл зерттеу кейбір қиыншылықтармен қабат жүреді: әр пәнді тек қана практикалық утилитарлық (pros to pratteіn) емес, ғылыми баяндауда зерттеуші ештеңені назардан тыс қалдырмауы немесе айналып өтпеуге тиіс; оның міндеті – әрбір мәселеде ақиқатты ашу. 5. Тирания дегеніміз, біз айтқандай, саяси аралас-құраластық саласындағы деспоттық монархия; олигархия дегеніміз мемлекеттік басқаруда жоғарғы билікті меншік иелері уысына ұстайтын түр; керісінше, демократия тұсында бұл билік мол дәулет иелерінің емес, ештеңесі жоқтардың қолына тиеді. Міне, осы жерде олардың жігін ажыратуда бірінші қиындық көлденеңдейді: егер мемлекеттегі жоғарғы билікті көпшілік алып, олар дәулетті адамдар болса (ал демократия дегеніміз жоғарғы билік көпшіліктің қолында тұрған кезде болады ғой), екінші жағынан, тап осылайша, бір жерлерде қолында ештеңесі жоқтар, дәулеттілермен салыстырғанда азшылық болса да, басқарудағы жоғарғы билікті қолға түсірсе (ал, біздің тұжырым бойынша, жоғарғы билік саны аз адамның қолында тұрған кезде – олигархия болады), онда мемлекеттік құрылыс түрлерінің жігін бұлай ажырату жаңсақ болып шығар еді. 6. Бірақ, айталық, әлдекім мүліктік әл-ауқат пен азшылық және, керісінше, мүліктік кемістік пен көпшілік деген белгілерді ұштастырып және осы белгілерге сүйеніп мемлекеттік құрылыс түрлеріне атау бере бастаса былай

болып шығар еді: олигархия – мемлекеттің құрылыстың сан жағынан аз, дәулеттілер мансаптарға ие болатын түрі; демократия – мансаптар сан жағынан көп, ештеңесі жоқ адамдар қолындағы түрі. Онда басқа қиындық көлденеңдейді: егер жоғарыда аталғандардан басқа ешқандай мемлекеттік құрылыс жоқ болса, онда біз жаңа ғана аталған – жоғарғы билік дәулетті көпшіліктің қолына жиналған және ол ештеңесі жоқ азшылықтың қолында тұрған мемлекеттік құрылыс түрлерін қалай нобайлаймыз? 7. Сонымен, келтірілген мысалдардан, тегінде, мыналар туындайтын болар: жоғарғы биліктің не азшылық қолында, не көпшілік қолында болғаны олигархия не дегенді айқындаған кезде де, демократия не дегенді айқындаған кезде де кездейсоқ нышан болып шығады, өйткені барлық жерде де дәулеттілер азшылық, ал ештеңесі жоқтар көпшілік; демек, бұл нышан жоғарыда аталған айырмашылықтарға негіз бола алмайды. Демократия мен олигархияның айырым белгісі – кедейлік пен байлық; міне сондықтан да, билік – азшылықтың қолында бола ма, көпшіліктің қолында бола ма, бәрібір – байлыққа негізделген жерде біз олигархияға тап боламыз, ал жарлылар билейтін жерде алдымыздан демократия шығады. Ал, бірінші жағдайда біз азшылықпен, ал екіншіде – көпшілікпен ұшырасамыз деген нышан, қайталап айтамын, кездейсоқ нышан. Дәулеттілер көп емес, ал еркіндікті азаматтардың барлығы пайдаланады; басқалар да мемлекеттегі билікке дәмесін тап осыған негіздейді. 8. Ең алдымен олигархия мен демократияның әдетте көрсетілетін айырым принциптері сондай-ақ олигархиялық және демократиялық тұрғыдан алғанда әділеттілік деп не танылатыны зерттелуге тиіс. Өйткені барлығы да әлдене әділетке сүйенеді, бірақ бұл орайда белгілі бір тұсқа дейін ғана жетеді, және олардың әділет деп атайтыны шын мәнінде бүкіл жиынтығы қамтылған әділет емес. Айталық, мысалы, әділет дегеніміз теңдік болып көрінеді, ол солай да, бірақ жұрттың бәріне бірдей емес, тек тең адамдар үшін ғана; теңсіздік те әділет болып көрінеді, және шын мәнінде де солай, бірақ тағы да жұрттың бәріне бірдей емес, тең еместер

үшін ғана. Бұл орайда «кім үшін?» деген сауал естен шығып кетеді, сондықтан да жаңсақ айтылады: мұның себебі олар өздерін айтады, ал өздерінің істері туралы айтқанда адамдардың көпшілігі – сыңаржақ қазы. 9. Өйткені әділет дегеніміз салыстырмалы ұғым және, бұл туралы бұрын «Этикада» ауызға алғанымыздай, объектінің қасиеттеріне қарай да, субъектінің қасиеттеріне қарай да өзгешеленетін болғандықтан, объектілерге қатысты теңдік жөнінде барлығы да келіседі, бірақ субъектілерге келгенде кесіп айта алмайды, бұлай болатыны жаңа ғана аталған себеп салдарынан – өз істері туралы нақ сыңаржақ пікірден; содан кейін олардың қай-қайсысы да әділетті салыстырмалы түсінуде келісеміз деп санап, оны толық мағынасында танып-білдік деген ойға бекиді. Біреулер былай ойлайды: егер біз белгілі бір нәрсе жөнінде айталық, ақша жөнінде тең болмасақ, онда жалпы тең емеспіз; ал енді біреулер былай ойлайды: егер біз белгілі бір нәрсе жөнінде, бері салғанда еркіндік жөнінде, тең болсақ, онда жалпы тең болғанымыз. Бірақ осы жерде олар ең мәнді нәрседен көз жазып қалады. 10. Шын мәнінде, егер олар тек мүлік сатып алу үшін ғана араласып-құраласып, біріккен болса, онда олар мемлекет өміріне өздерінің мүліктік жағдайымен айқындалатын шамада ғана қатысуға дәмелене алар еді. Мұндай жағдайда олигархиялық принциптің толық күші болатын секілді: өйткені, мысалы, әлдекім жүз мина болатын ортақ сомаға бар болғаны бір мина қосып, алғашқы сомадан және оның өсімінен басқа барлық ақша қосқан адаммен бірдей дәметуін әділеттілік деп танымайды ғой. Мемлекет өмір сүру үшін ғана құрылмайды, ол негізінен бақытты өмір сүру үшін құрылады; басқаша десек, құлдардан немесе хайуандардан құралған мемлекетке де жол беруге болар еді, ал мұныңыз өмірде болмайды, өйткені олардың ешқайсысы да барлығын игілікке жеткізуге ұмтылатын және өмірді өзінің жазмышына қарай құратын қоғамды құрай алмайды...

Төртінші кітап (D)

І, 1. Қандай да бір саланың бір бөлігімен ғана шектелмей, оны толығымен қамтитын барлық өнерлер мен ғылымдарда мазмұнына бүкіл осы салаға барынша сәйкес келетін мәселелердің барлығын қарастыру енетін бөлім болады. Айталық, мысалы, гимнастика өнері гимнастикалық жаттығулардың қандай түрі кімдер үшін пайдалы, қандай жаттығулар ең жақсылары деп танылуы керек (өйткені табиғатынан тәні тамаша болып жаратылған және барынша жақсы бағып-қағылған адамдарға ең жақсы жаттығулар дөп келетіні түсінікті ғой), адамдардың көпшілігі үшін қандай жаттығулар неғұрлым жөн болады (және гимнастика өнері бұл мәселемен де санасуы керек) деген мәселелерді қарастыруды көздейді; ақыр соңында егер кім де кім сайыс өнеріне жататын жайларда тиісті тәжірибе мен білім жинауға мүлде ұмтылмаса да, педотриб пен гимнастикалық жаттығулардың жетекшісі оның бойында осы икемділікті дамытуға шамалы болса да ықпал етуге тиіс. 2. Медицина, кеме жасау, тігіншілік және кез-келген өзге өнер туралы да осыны айту керек. Осыдан-ақ анық, бұл секілді ғылымның тақырыбы – мемлекеттік құрылыстың ең жақсы түрін зерттеу: бұл қандай түр, оның қандай да бір сыртқы кедергілер болмаса, ол барынша қалаулы болуы үшін оның қасиеттері қандай болуы керек; одан әрі, кімге қандай түр неғұрлым дөп келеді (тегінде, көптеген мемлекеттер үшін ең жақсы түрге қол жеткізу мүмкін болмас, сондықтан жақсы заң шығарушы және нағыз мемлекеттік қайраткер мемлекеттік құрылыстың шын жақсы түрін де, тиісті жағдай салыстырмалы жақсы түрін де назардан тыс қалдырмауы керек); ақыр соңында саясат мемлекеттік құрылыстың белгілі бір алғышарттарға негізделген үшінші түрі болып саналуы тиіс. Мемлекеттік құрылыстың мұндай түрін де теориялық тұрғыдан қарастыруға әзір болу қажет: ол әуел баста қалай пайда бола алар еді, пайда болған соң ол неғұрлым ұзақ

уақытқа қалай сақталған болар еді. Мен, мысалға, қандай да бір мемлекеттің мемлекеттік құрылысқа тіпті қажетті қаражаты да болмай, жалпы мемлекеттік құрылыстың ең жақсы түрін де, құрылыстардың ішінен өзі үшін мүмкін болатынын да пайдаланбай, ең төмен сападағы мемлекеттік құрылысты пайдаланатынын айтып отырмын. 3. Осының бәрінен басқа мемлекеттік құрылыстың барлық мемлекеттер үшін дөп келетін түрі туралы да түсінік болуы керек. Мемлекеттік құрылыс туралы өз пікірлерін баяндаған зерттеушілер көп нәрсе жайлы тамаша айтады, ал енді осы ой-толғамдарын іс жүзінде қолдануда көбіне-көп шығандап кетеді. Мемлекеттік құрылыстың тек ең жақсы түрін ғана емес, белгілі ахуалда мүмкін болатынын да, барлық мемлекеттерде оңай жүзеге асырылатынын да назарда ұстау керек қой. Ал қазір бір зерттеушілер мемлекеттік құрылыстың ең жоғары түріне нұсқайды, бірақ оны жүзеге асыру үшін толып жатқан сыртқы шарттар қажет, ал екіншілері іс жүзінде жүзеге асыруға болатын түрді көрсетеді, бірақ мемлекеттік құрылыстың бар түрлерін жоққа шығарып, лакедемондық немесе қандай да бір өзге құрылысты мақұлдайды389. 4. Бұл арада орын алып отырған ахуалда бәрінен де қолайлы әрі икемді мемлекеттік құрылысты енгізуге ұмтылған жөн: бір нәрсені қайта үйреткен әу бастан үйреткеннен жеңіл болмайтыны сияқты, мемлекеттік құрылысты жақсарту – оны әу бастан құрудан жеңіл міндет емес. Сондықтан мемлекеттік қайраткер де, жаңа ғана ескертілгеннің бәрінен басқа, мемлекеттік құрылыстың бар түрлерін жетілдіруге көмектесе білуге тиіс. Егер оған мемлекеттік құрылыстың қанша түрі бар екендігі белгісіз болса, мұны істеу мүмкін емес. Қазір кейбіреулер демократияның бар болғаны бір-ақ түрі, олигархияның бір-ақ түрі бар деп ойлайды. Ал шын мәнісінде олай емес. 5. Ендеше, мемлекеттік құрылыс түрлерінің айырмашалықтары, олардың саны және олардың ұштасқандарының саны туралы ұмытуға болмайды. Дәл сондай сақтықпен ең жақсы заңдарға да, мемлекеттік

құрылыс түрлерінің әрқайсысына барынша сәйкес келетіндеріне назар аудару керек. Заңдарды сол мемлекеттік құрылысқа лайықтап шығару керек, бұлардың бәрі солай шығарылады да, керісінше, мемлекеттік құрылысты сол заңдарға бейімдейтін етіп шығаруға болмайды. Шынында да, мемлекеттерде мемлекеттік тәртіпппен мансаптар жөніндегі тәртіп, нақтылап айтқанда оларды бөлу тәртібі белгіленеді, жоғарғы биліктің сипаты айқындалады, қандай да саяси аралас-құраластықтың түпкілікті мақсаты көрсетіледі. Алайда, заңдарды сол мемлекеттік құрылысты сипаттайтындардан айыра білу керек; заңдар негізінде басқарушылар елді билеп, сондай-ақ оларды бұзушыларды қадағалап отыруға тиіс. 6. Осылайша, заң шығару ісінде де мемлекеттік құрылыстың әрбір түрін сипаттайтын айырым белгілерін және олардың қолда бар санын есепке алу қажеттігі айқын, өйткені демократия мен олигархияның бір ғана түрі емес, бірнеше түрі бар болатындықтан, бір заңдар барлық олигархиялар үшін де, барлық демократиялар үшін де пайдалы деп тұжыруға болмайды.

ІІ, 1. Мемлекеттік құрылыстың түрлері туралы осының алдында айтқан ой-толғамдарымызда біз оларды былайша бөлдік: үш түр дұрыс – патшалық билік, аристократия, полития – және олардан ауытқитын үшеу: патшалық биліктен – тирания, аристократиядан – олигархия, политиядан – демократия. Аристократия мен патшалық билік туралы жоғарыда айтылды (мемлекеттік құрылыстың ең жақсы түрін қарастыру нақ аристократия мен патшалық билік туралы ой-толғамға және осы атаулардың мәнін айқындауға пара-пар, өйткені аристократия да, патшалық билік те жүзеге асырылуы жақсылықтың болуын қалайды, ал жақсылыққа сыртқы қолайлы жағдай ілесе жүреді). Аристократияның патшалық биліктен айырмашылығы қандай екендігі және мемлекеттік құрылысты қай кезде патшалық билік деп санау керектігі де бұдан бұрын анықталған. Осылайша, мемлекеттік құрылыстың полития деген жалпы атқа ие түрін,

сондай-ақ, қалғандарын, яғни, олигархияны, демократияны және тиранияны талқылау ғана қалады. 2. Дұрыстан ауытқығандардың қай түрі ең жаманы екендігі және қайсысының оған ең жақын тұрғандығы айқын. Әрине, мемлекеттік құрылыстардың ішінде ең жаман түр ең бастапқы және ең құдайы түрден ауытқығаны болып шығады. Патшалық билік, егер бұл бос сөз болмаса, егер ол шынымен де бар болса, патшалық етушінің асқар артықшылығына негізделеді. Демек, мемлекеттік құрылыс түрлерінің ең жаманы ретінде тирания патшалық биліктің шын мәнінен бәрінен де алыс тұр; оған тікелей олигархия жанасады (аристократия дегеніміз тіпті де олигархия емес); ауытқыған түрлердің ішіндегі неғұрлым байсалдысы – демократия. 3. Менен бұрынғылардың біреуі390 дәл осы мағынада пікір айтқан-ды, бірақ ол біз айтып отырған жайды көздемеген болатын; оның пікірі бойынша, егер мемлекеттік құрылыс түрлерін: жақсы олигархия және басқалар дегендей үлгілі күйінде алсақ, онда демократия ең жаманы болып шығады, ал бірақ, оларды бұзылған күйінде алсақ, онда ол – ең жақсысы болмақ. 4. Біз болсақ өз тарапымыздан былай дейміз: мемлекеттің осы түрлерінің барлығы жалпы дұрыс емес және олигархияның бір түрі екіншісінен артық деуге болмайды, бірақ оның нашарлығы, басқамен салыстырғанда аздау. Алайда біз мұның бәрін талқылауды былай қоя тұрамыз. Біздің міндетіміз ең алдымен мемлекеттік құрылыстың бір-бірінен өзгешеленетін түрлерінің санын анықтау, өйткені демократия да, олигархия да бірнеше түрге бөлініп кетеді; бұдан кейін біз мемлекеттік құрылыстың ең жақсыдан кейінгі қай түрі неғұрлым ортақ және неғұрлым қолайлы екендігін анықтаймыз және егер басқарудың өзге бір жақсы құрылған, мемлекеттердің көпшілік бөлігіне жарамды қандай да бір аристократиялық түрі болса, біз оны да зерттейміз. 5. Бұдан әрі біз сондай-ақ қалған түрлердің қандайы кімге қолайлы екендігі туралы мәселені қозғаймыз, өйткені біреулер үшін олигархияға

қарағанда демократия көбірек қолай, ал басқалар үшін – керісінше болуы әбден мүмкін. Бұдан кейін қалаған адам бұл мемлекеттік құрылыстарды, яғни, демократия мен олигархияның жекелеген түрлерін қалай орнатуы керектігін талқылау керек. Ақыр соңында, біз осы мәселелердің барлығын мүмкіндігінше қысқаша баяндағаннан кейін, біз жалпы түрде де, оның түрліше көріністерінде де әрбір мемлекеттік құрылыстың ажалы мен амандығы неге байланысты екендігін және бұлардың негізінен қандай себептерге байланысты екендігін зерттеуге талпынып көру қажет болады. ІІІ, 1. Мемлекеттік құрылыстың бірнеше түрінің болуы кез-келген мемлекет құралатын бөліктердің көптігімен түсіндіріледі. Ең алдымен біз барлық мемлекеттердің отбасылардан құралатынын көреміз, одан кейін, осы көп отбасылардың ішінде бір отбасылар, әрине, дәулетті, екіншілері – кедей, үшіншілердің орташа дәулеті болады; дәулеттілер мен жарлыларды алсақ, бұлардың біріншілерінің қаруы болады, екіншілерде ол жоқ. Қара халықты өз кезегінде егіншілер, саудагерлер, қолөнершілер құрайды; жайсаңдар да өздерінің байлығының көлеміне және тиесілі меншігінің мөлшеріне қарай ажыратылады, мысалы, ішіп-жемі ғана бар адамның жылқы ұстауы қиын. 2. Ежелгі уақытта қуатты атты әскерге негізделетін мемлекеттерде олигархиялық құрылыс болғаны сондықтан: атты әскердің көмегімен олар өздерінің көршілерімен соғыс жүргізіп отырған. Мысалы, Эретрия мен Халкидте, сондай-ақ Меандрадағы Магнесияда және басқа да көптеген кішіазиялық мемлекеттерде солай болған. Байлықтан өрбитін өзгешеліктерге шығу тегі, жақсылық жасауы, сондай-ақ осыған ұқсас өзге де артықшылықтар жатады, оларды біз аристократия туралы ой толғаған тұста ол туралы мемлекетті391 құрайтын бір бөлік дегенде көрсеткенбіз. Онда біз әрбір мемлекетте қанша қажетті құрамдас бөлік бар екендігін талдадық; солардың не барлығы, не аз, не көп бөлігі басқаруға қатысады. 3. Сонымен, мемлекеттік құрылыстың бірнеше түрі сөзсіз болатындығы айқын, олар өзінің сипаты жағынан бір-бірінен

өзгешеленеді, өйткені мемлекеттің біз атап көрсеткен құрамдас бөліктері де бір-бірінен өзгешеленеді. Мемлекеттік құрылыс дегеніміз мансаптар саласындағы реттілік; соның арқасында барлық бөліктер не өздеріне тән қасиеттер негізінде, не ортақ көзқарас тұрғысынан олардың теңдігін көздейтін белгілі бір ережеге байланысты (мен, мысалы, не жарлыларды, не дәулеттілерді, не осылардың бәрін теңестіретін ережені айтып отырмын) өз орнын табады. Осылайша, мемлекеттің құрамдас бөліктеріне тән артықшылықтар мен өзгешелік қасиеттерге қарай онда басқарудың қанша тәсілі болса, мемлекеттік құрылыстың түрлері де сонша болып шығады. 4. Алайда, негізінен теріскей мен күнгейден соғатын жел туралы айтып, ал басқаларын осы екеуінен ауытқу санайтынымыздай, мемлекеттік құрылыстың да басты түрлері, тегінде, екеу – демократия мен олигархия – болуы керек. Өйткені, батыстан соққан желді теріскейге, ал шығыс желін – күнгейге жатқызатынымыз секілді, аристократияны әлдене олигархия деп, ал полития дейтінімізді – демократия деп санайтындар бар ғой. Кейбіреулердің сөздеріне қарағанда, дауыс ауанында да жағдай осылай: онда да екі түр бар: – дория ауаны және фригия ауаны, ал басқа ауандардың біреулері дория ауанына, екіншілері фригия ауанына жатқызылады. 5. Мемлекеттік құрылыстың түрлеріне байланысты да әдетте осы пікірді ұстанады. Бірақ біз ұсынып отырған бөлініс дұрысырақ және жақсырақ, ол бойынша тамаша мемлекеттік құрылыстың екі немесе бір түрі болады, ал басқа барлық түрлер – ең жақсы түрден ауытқу, бұл жақсы ауаннан ауытқу болатыны іспеттес, сондықтан да біз басқарудың деспотизм тән олигархиялық түрлерін неғұрлым анық ауанмен, ал демократиялық, босаң түрлерді – әлсіз ауанмен салыстыруға бейімбіз. 6. Қазіргі кезде әдетте кейбіреулер істейтіні сияқты, демократияны жай ғана өз тұсында жоғарғы билік халық бұқарасының қолында шоғырланған мемлекеттік құрылыс деп анықтауға болмайды, өйткені олигархияларда да, жалпы барлық жерде жоғарғы билік көпшілікке

тиесілі; сол сияқты олигархияны да оның тұсында жоғарғы билік азшылықтың қолында шоғырланған мемлекеттік құрылыс түрі деп түсінуге болмайды. Айталық, мемлекет небәрі бір мың үш жүз азаматтан тұрады; олардың мыңы бай болып, қалған үш жүз кедейді, бірақ азат туған және барлық жағынан да сол мың сияқты адамдарды басқаруға жолатпайды. Біреу-міреу осындай мемлекеттің азаматтары демократиялық құрылысты пайдаланады дей ала ма? Тап осылай, егер аз ғана кедейлер дәулетті көпшілікті билеп тұрса, мұндай құрылысты, басқалар бай бола тұра, құрметті құқықтары болмағандықтан, ешкім де олигархиялық демес еді. 7. Сонымен, жоғарғы өкімет азат туғандардың қолында болса, оны демократиялық құрылыс деп, ал өкімет байларға тиесілі болса – олигархиялық деп атаған жөн, ал олардың біреулерінің көп, екіншілерінің аз болуын тек кездейсоқтыққа телу қажет. Ал егер, кейбіреулер Эфиопия жөнінде айтып жүргендей, мансаптар бойдың сұңғақтығына яки сұлулыққа қарай бөлінетін болса, бұл олигархия болар ма еді? Ал сұлу да бойшаң адамдар тым көп болмайды ғой. 8. Жоқ, олигархия мен демократияның өзегі мұндай нышандармен айтарлықтай дәрежеде дәл айқындалмайды. Демократия да, олигархия да көп құрамдас бөліктерден тұратындықтан, олардың ара жігін ашуда ілгерілей түсіп, аз ғана азат туғандар азат тумаған көпшілікті билейтін құрылысты да олигархиялық деп санауға болмайтынын мойындау керек, мұндай құрылыс мысалы, біз көргеніміздей, Иония теңізіндегі Аполлонияда және Ферада болды. Бұл екі мемлекетте де құрметті құқықтарды өздерінің тектілігімен артық, осы мемлекеттерде алғаш қоныстанғандардың ұрпақтары болғандар пайдаланды; олардың халық бұқарасының арасында азшылық болғаны түсінікті. Байлар өздерінің көпшілікті құрайтындығының арқасында артықшылыққа ие болатын құрылысты да демократиялық деп санауға болмайды; көне заманда Колофонда солай болған, онда азаматтардың басым көпшілігі лидиялықтармен соғысқа дейін өте көп жылжымайтын меншікке ие еді. Сонымен, азат туғандар мен жарлылар көпшілікті құрай

отырып, өз қолында жоғарғы билікті ұстап тұрса, ондай құрылысты демократия деп, ал билік бай және текті, азшылықты құрайтын адамдардың қолында болса – олигархия деп атаған жөн. 9. Біз мемлекеттік құрылыстың бірнеше түрі болатынын көрсеттік және оның неге қатысты екендігін анықтадық. Бірақ бұл түрлердің санап шыққанымыздан бәрібір көп екендігі, олардың қандай және неліктен солай екендігі туралы – біз бұрын айтқанымызға сүйене отырып сөз етеміз. Біз кез-келген мемлекеттің өзінде бір емес, бірнеше құрамдас бөлік болады дегенмен келістік. Айталық, біз хайуанаттар патшалығының жекелеген түрлерін қарастырмақпыз: мұндай жағдайда біз алдымен кез-келген хайуанның не нәрсесі болуы керектігін бөліп алар едік, мысалы, сезім органдары, тамақтану және оны қорыту органдары, яғни, ауыз бен асқазан; одан әрі біз хайуанның қимыл-қозғалысқа қажет бөліктерін бөліп алар едік. 10. Егер хайуандардың тек біз санаған органдары ғана, бірақ әрқилы болса (мысалы, ауыздың, асқазанның, сезіну, қимыл-қозғалыс органдарының бірнеше әрқилы түрлері), осы айырмашылықтарды ұштастырған кезде алынатын сандарға қарай хайуандардың бірнеше түрі сөзсіз пайда болар еді, өйткені, бір хайуанда ауыздың, құлақтың, тағы сондайлардың бірнеше түрі болуы миға қонбайды. Осылайша, егер осынау түрлердің мүмкін болатын барлық ұштасуын салыстыратын болсақ, солар хайуанаттар патшалығының түрлерін құрайды және бұл түрлер қажетті органдардың қанша ұштасуы болса, сонша болып шығады. 11. Мемлекеттік құрылыстың аталған түрлеріне де осыны қолдануға болады. Және де мемлекеттің, әлденеше рет атап көрсетілгендей392, бір емес, көптеген бөліктері бар. Олардың бірі – тамақ өнімдерін шығаратын халық бұқарасы: бұлар егіншілер дейтіндер. Екіншісі – өнермен шұғылданатын қолөнершілер дейтіндер, оларсыз мемлекеттің өмір сүруі мүмкін емес; бұл өнерлердің біреулері қажеттілігіне қарай, өмір сүреді екіншілері сәнсалтанатқа немесе өмірді көркейтуге қызмет етеді. Үшінші бөлік –

саудагерлер, атап айтқанда, сатып алу және сатумен, көтерме және бөлшек саудамен айналысатындар. Төртінші бөлік – күндік жұмыскерлер, бесіншісі – әскерилер. Егер мемлекет өзіне шабуыл жасағандардың қоластында қалғысы келмесе, соңғылардың қажеттілігі жоғарыда айтылғандардан кем емес. Егер біз табиғатынан құлдық мемлекетті мемлекет деп атау лайықты деп санасақ, мүмкін емес нәрсеге жол берген болар едік, өйткені, мемлекет дегеніміз өздігінен үстем нәрсе, ал құлдық болса өздігінен үстемдікпен сыйыспайды. 12. «Мемлекетте» бұл мәселе шебер, бірақ жеткіліксіз талданған. Нақтылап айтқанда, Сократ мемлекеттің өте қажет құрамдас бөліктері төртеу дейді: ол тоқымашыларды, егіншілерді, тері өңдеушілерді және балташыларды атайды; бірақ бұл өздігінен үстем мемлекеттің тіршілігі үшін жеткіліксіз болып шыққандықтан, ол бұларға темір ұсталары мен үй тіршілігіне қажет табындарды бағатын малшыларды телиді, ал оның үстіне көтерме және бөлшек саудагерлерді қосады. Сократтың пікірі бойынша, бұлардың барлығы да бірінші мемлекетті толықтырады, сонда қандай да мемлекет тамаша өмір сүру үшін емес, өзекті қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін ғана құрылатын және мемлекет үшін тері өңдеушілер мен егіншілер бірдей дәрежеде қажет секілді болып шығады. 13. Ал әскерилерді ол тек аумақтың кеңи бастаған, мемлекет көршілерімен тоқайласып, олармен соғыса бастауға тиіс сәттен ғана енгізеді. Бірақ мемлекетте төрт яки қаншама бөлік болса да, бәрібір дау-шарларды сот тәртібімен шешетін адамға мұқтаждық туындайды. Егер жанды тіршілік иесінің жанын тәнінен неғұрлым маңызды деп санайтын болсақ, онда мемлекеттің де жанын оның тек қажеттіліктерін қанағаттандыруға қатыстыларынан маңызды деп тану керек. Ал мемлекеттің осы жаны – әскерилер және сот талқысы кезінде әділ төрелік жасау жүктелгендер; олардан басқа, мемлекеттік істер жайын кеңесетіндер, саяси кемеңгерлік те өз көрінісін содан табады. Және де іс үшін, бұл функциялар белгілі бір адамдардың арасында бөлінген бе,

бөлінбеген бе немесе олар бір ғана адамдардың қолына берілген бе, берілмеген бе, мұның қажеті шамалы: өйткені жауынгер болып қызмет атқару да, жер өңдеу де көбіне-көп бір адамның мойнына түседі емес пе? 14. Сондықтан да, егер олардың екеуін де мемлекеттің қажетті құрамдас бөліктері деп тану керек болса, онда әскерилердің де қажетті бөлік393 болып табылатыны анық. Жетінші бөлікті мемлекетке өзінің мүлкімен қызмет ететін, біз дәулеттілер деп атайтын адамдар құрайды. Сегізінші бөлікті халыққа қызмет ететіндер, яғни, мемлекеттік мансаптарға ие болғандар (мансап иелерінсіз мемлекеттің өмір сүруі миға қонбайды) құрайды; үздіксіз немесе кезек сақтай отырып, мансап иелері бола алатын, мемлекеттік міндеттіліктерді атқаратын адамдар болуы қажет. Әлі біз әлгінде ғана айтқан, нақтылай түскенде мойындарына заңдық-кеңестік функциялар жүктелген және дауласушылар арасында төрелік айтатын бөліктер бар. Мемлекеттерде бәрі де тамаша және заңдық-кеңестік, сот биліктері орынды құрылуға тиіс болғандықтан, бұл билік иелерінің бойында саяси қызметке тән жақсылықтардың болуы қажет. 15. Көп адамдарға былай болып көрінеді: қалған функциялар бір адамға жүктеле алады, мысалы, бір адам әскери де, егінші де, қолөнерші де, оның үстіне кеңес мүшесі және судья бола алады; бұл адамдардың барлығы да жақсылыққа ұмтылатындықтан мансаптардың көпшілігіне де солар ие бола алады. Бірақ бір адам бір мезгілде әрі бай, әрі кедей болуа алмайды ғой; міне сондықтан мемлекеттің бұл бөліктері, яғни, байлар мен жарлылар оның өзекті бөліктері деп танылады. Және де көбіне-көп солардың біреулері іс жүзінде азшылықты, ал өзгелері – көпшілікті құрайтын болғандықтан, тап осы бөліктер мемлекетте бір-біріне мүлдем қарама-қарсы болып шығады, сондықтан екеуінің бірінің қайсысы таразы басын төмен тартса, мемлекеттік құрылыстың сол түрі орнығады. Сондықтан да мемлекеттік

құрылыстың тек екі түрі ғана: демократия және олигархия бар секілді болып көрінеді. Мемлекеттік құрылыстың бірнеше түрі бар және олардың қандай себептерге байланысты екендігі туралы жоғарыда айтылды. Енді демократия мен олигархияның бірнеше түрі бар екендігі туралы сөйлейік.

ІV, 1. Бұл алдыңғы ой-толғамдарымыздан да өйткені, қара халықтың және байбатшалар дейтініміздің әрқилы түрлері бар ғой. Мысалы, қара халықтың бір түрі егіншілер, екіншісі – қолөнершілер, үшіншісі – сатып алу және сатумен айналысатын саудагерлер, төртіншісі – біреулері әскери флотта, екіншілері – сауда флотында қызмет ететін, бірі – тасымалдаумен, екіншісі балық аулаумен шұғылданатын теңізшілер. Кейбір жерлерде осы түрлердің әрқайсысы өте көп болады, мысалы Тарента мен Византияда балық аулаушылар, Афинада әскери матростар, Эгина мен Хиоста сауда кемелеріндегі матростар, Тенедоста тасымалдаушылар көп. Халықтың атап өтілген бөлігіне күндік жұмыскерлер де жатады, олардың күнкөрістігі талғажауына әрең-әрең жететіндіктен, бос уақытын қызықты өткізе де алмайды; одан кейін біреуінің азаматтығы болмаған ата-аналардан туған азат адамдар, және ақыр соңында халық бұқарасының өзге де осындай түрлері. Байбатшалар өз кезегінде байлығына, тектілігіне, жақсылығына, біліміне және соған ұқсас өзгешелік нышандарына қарай ажыратылады. 2. Демократияның бірінші түрі дейтіннің сипатты өзгешелігі – теңдік. Теңдік дегеніміз, дейді демократияның негізгі заңы, жарлылардың да, дәулеттілердің де ештеңеде ешқандай артықшылығы болмайды; жоғарғы билік бұлардың бірінің қолында шоғырланбаған, бірақ олардың екеуі де тең. Егер, кейбіреулер ойлайтындай, еркіндік пен теңдік демократияның аса маңызды нышандары болса, онда ол ең алдымен баршаның мемлекеттік басқаруға сөзсіз қатысуымен жүзеге асқан болар еді. Ал халық демократияда көпшілік болғандықтан, көпшіліктің қаулылары шешуші

мәнге ие болады да, осындай мемлекеттік құрылыс демократиялық болып табылады. Сонымен, демократияның бір түрі осы. 3. Оның тағы бір түрі – мансапқа ие болу, онша көп болмаса да, мүліктік цензбен байланыстырылатын түр. Оған ие адам мансапқа ие бола алуға тиіс, цензден айрылған адам бұл құқықтан айрылады. Демократияның үшінші түрі – азаматтардың барлығының, тек сол тумысынан даусыз солай болсын, мансапқа ие болу құқығы бар түр, ал билік жүргізетін заң. Демократияның төртінші түрі – әркім, тек ол азамат болсын, мансапқа ие болу құқығын пайдаланатын түр, ал билік жүргізетін бәрібір заң. Демократияның бесінші түрінде шарттардың барлығы сол күйінде қалады, бірақ жоғарғы билік заң емес, қара халықтың қолында болады. 4. Бұл шешуші мәнге заң емес, халық жиналысының қаулылары ие болатын жағдайда солай болады. Бұған демагогтар арқылы қол жеткізіледі. Заңның шешуші күші бар демократиялық мемлекеттерде демагогтарға орын жоқ, онда бірінші орында ең жақсы азаматтар тұрады; бірақ жоғарғы билік заңдарға негізделмеген жерде демагогтар пайда болады. Ондайда халық бөлшектен құралған бірлік сияқты бір тәжді болады: жоғарғы билік әркімге жеке-жеке емес, көпке, бәріне бірге тиесілі; Ал Гомер бас-басына би болу – жақсылық емес394 дегенде көп биліктіліктің қандай түрін айтып отыр, жаңа ғана біз көрсеткен түрін бе, әлде билік бірнеше адамның қолына шоғырланатын, және де оны олардың әрқайсысы жеке-дара пайдаланатын түрін бе, бұл арасы бұлыңғыр. 5. Бұл жағдайда қара халық монархқа айналады, монарх секілді басқаруға ұмтылады (өйткені бұл жағдайда оларды заң басқармайды) да, деспот болып шыға келеді (сондықтан онда жағымпаздар да құрметті), және бұл демократиялық құрылыс монархияның жекелеген түрлерінің ішінен тиранияны бәрінен де көп еске түсіреді; сондықтан олардың сипаттары бірдей: шектен шыққан демократия да, тирания да ең жақсы азаматтарға ұрдажық қылық көрсетеді, мұндай демократияның қаулылары тиранияның өкімдерімен

бірдей мәнде болады. Демагогтар да, жағымпаздар да шындап келгенде бірдей яки бері салғанда бір-біріне ұқсас; бұлардың екеуі де – жағымпаздар тирандарда, ал демагогтар біз сипаттаған демократияда орасан үлкен күшке ие болады; 6. Олар заңдар емес, халық қаулыларына шешуші мән берілуіне жазықты, өйткені демагогтар бәрін де соның шешуіне береді. Тұжырым мынадай: демагогтар жоғарғы билік халықтың қолында шоғырлануының салдарынан құдіретке айналады, олар халық пікірін билеп алады, өйткені халық бұқарасы солардың айтқанына ере береді. Мұның үстіне, олар, мансап иелеріне айыптарды үйіп-төгеді, оларды халық соттауы керек дейді, ал халық тағылған айыпты қостай кетеді, сондықтан да барлық мансап иелерінің мән-маңызы жоққа шығарылады. 7. Тегінде, мұндай демократияға ол мемлекеттік құрылыс емес, заң билігі жоқ жерде мемлекеттік құрылыс та жоқ деген әбден орынды кінә тағуға болады. Заң барлығынан үстем болуға тиіс; ал мансап иелері мен халық жиналысына жеке мәселелердің қаралуын беру керек. Сонымен, егер демократия дегеніміз мемлекеттік құрылыстың бір түрі болса, онда, барлығы да халық жиналысының қаулыларымен басқарылатын жағдай демократия деп танылуы мүмкін емес, өйткені ешқандай қаулының жалпыға бірдей сипаты болуы мүмкін емес. Демократияның жекелеген түрлері осылайша жіктелуі керек.

V, 1. Олигархияның бірінші түрінің өзгешелік нышаны мынаада: мансапқа ие болу үшін мүліктік ценздің жоғары болатыны соншалық, мүлкі жоқтар, олар көпшіліктің өкілі болғанымен, мансаптарға жолатылмайды; мансаптарға мүліктік ценз алғандардың ғана қолы жетеді. Олигархияның енді бір түрі – мансаптарға қол жеткізу өте жоғары мүліктік цензбен байланыстырылған және онысы бар адамдар жетіспейтін мансап иелерінің орнын кооптация жолымен толтыратын түр; егер бұл барлық осындай тұлғалар арасынан жасалатын болса, онда мұндай құрылыстың, тегінде, аристократиялық реңкі болады; егер тек шектеулі адамдардан

алынатын болса, онда олигархиялық реңк бар. Олигархияның үшінші түрінде әкесінің орнына мансапқа ұлы ие болады. Төртінші түрі – жаңа ғана аталған талап өзгермейтін, бірақ заң емес, мансап иелері билік жүргізетін түр; олигархиялық құрылыстың бұл түрі – монархиялық құрылыстағы тирания, ал демократиялық құрылыстағы – біз оның шектен шыққан түрі деп атаған түр. Мұндай олигархияны династия (әулет) деп атайды.395 2. Міне, олигархия мен демократияның түрлері осыншалық. Көптеген жерлерде мемлекеттік құрылыс сол жердегі заңдардың күшімен демократиялық емес, бірақ сондағы үстем әдет-ғұрыптар мен бүкіл өмір салтының күшімен сондай болып табылады; тап сол сияқты басқа мемлекеттерде кері құбылыс болады: заңдар бойынша құрылыс демократиялық, ал өмір салты мен үстем әдет-ғұрыптар бойынша олигархиялық. Мұндай құбылыстар көбіне мемлекеттік төңкерістерден кейін жиі ұшырайды, ол кезде жаңа құрылысқа бірден көше қоймайды, әуелі өзара ұсақ шегіністерге баруды жөн көреді, сондықтан бұрынғы заңдар күшінде қалады, ал билік мемлекеттік құрылысты өзгерткендердің қолында болады. 3. Демократия мен олигархияның соншалық түрлері бар екендігі осы айтылғандардан-ақ анық. Басқаруға не халықтың аты аталғандарының барлығы қатысады, не олардың біреулері қатысып, басқалары қатыспайды ғой. Мемлекет басында егіншілер және орташа дәулеттілер болғанда, мемлекет заңдармен басқарылады. Олар еңбекпен күн көруге тиіс, сондықтан уақытын бос өткізе алмайды; осының салдарынан олар заңды барлығынан биік қойып, халық жиналыстарына қажет болған жағдайда ғана жиналады. Басқа азаматтар мемлекеттік басқаруға заңдармен белгіленген мүліктік цензді алғаннан кейін ғана қатыса алады: оны алған кез-келген адамның мемлекеттік басқаруға қатысу құқығы бар. Және де бұл құқық баршаға берілмесе, онда олигархиялық құрылыс болып шығар

еді; ал күнкөріс қаражаты жоқ екен, баршаға бос уақыт бере салу мүмкін емес. Көрсетілген осы себептер демократияның бірінші түрін құруға жетектейді. 4. Демократияның екінші түрі біріншісінен мынадай нышандармен өзгешеленеді: шығу тегінің негізінде азаматтарға жататындығы туралы ешқандай күмән жоқ адамдардың барлығы басқаруға қатыса алатын болса да, оған қол босата алатындар ғана қатысады; демократияның мұндай түрінде заң ұлық, өйткені қажетті қол бостық үшін кіріс жетіспейді. Демократияның үшінші түрінде басқаруға азат туғандардың барлығы қатыса алады, алайда, жоғарыда көрсетілген себептер бойынша барлығы бірдей қатыса алмайды, сондықтан мұндай демократия түрінде де заң даусыз ұлық. Демократияның төртінші түрі – мемлекетте құрылу уақыты жағынан алдыңғылардың ізімен жүретін түр. 5. Бастапқы кезбен салыстырғанда мемлекеттің ұлғаюы нәтижесінде және кірістер молшылығының пайда болуы нәтижесінде, халық бұқарасының көпшілік екендігіне сүйеніп және сыйақы ала отырып, бос уақытты пайдалану мүмкіндігі жарлылар үшін де туғанының арқасында мемлекеттік басқаруға барша қатысады. Және де осындай халық бұқарасы бос уақытты қуана-қуана пайдаланады; өзінің төл ісін күйттеу мұндайда кедергі бола алмайды, ал байларға тап осындай күйттеу кедергі, сондықтан да олар халық жиналыстары мен сот талқылауларына жиі-жиі қатыспайды. Мемлекеттік басқарудағы жоғарғы билік заңдарға емес, жарлылар бұқарасына тиетіндігі осындайдан туындайды. Демократияның қаншама түрі бар екендігін және атап көрсетілген сөзсіз аужайдың салдарынан олардың қандай екендігін осыдан біле беріңіз. 6. Олигархияның түрлері төмендегідей. Бірінші түр – тым көп емес, бірақ қанағаттанарлық меншік көпшіліктің қолында болатын кез; осыған байланысты меншік иелерінің мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігі бар; ал мұндай адамдардың саны көп болғандықтан, онда жоғарғы билік адамдардың қолында емес, сөзсіз заңның құзырында болады. Олар монархиядан қаншалық қашықтаса, сол шамада – егер олардың меншігі

бос уақытты алаңсыз пайдалана алатындай көп болмаса және күнкөрісте мемлекеттің көмегін қажет етерліктей түкке тұрғысыз болмаса – олар міндетті түрде өздерінің емес, заңның билік құруын сөзсіз талап ететін болады. 7. Олигархияның екінші түрі – меншігі бар адамдардың саны олигархияның бірінші түрі тұсындағы адамдар санынан аз, бірақ меншіктің мөлшері ондағыдан көп; күш көбірек болғандықтан бұл меншік иелері көбірек талаптар қояды; сондықтан да олар қалған азаматтардың арасынан басқаруға рұқсат етілетіндерді сайлайды; бірақ олар заңсыз басқару үшін әлі соншалықты күшті болмағандықтан, олар өздеріне қолайлы заңды орнатады. 8. Егер меншік иелерінің саны азайып, ал меншіктің өзі көбейіп бара жатқандықтан жағдай шиеленісе бастаса, онда олигархияның үшінші түрі шығады – барлық мансаптар меншік иелерінің қолына шоғырланады, оның үстіне заң олар қайтыс болғаннан кейін ұлдары бұл қызметтерге мұрагер болуын көздейді. Олардың меншіктері орасан зор мөлшерге жетіп, толып жатқан жақтаушылар тапқан кезде монархияға жақын династия (әулет) пайда болады және сол кезде билеуші, заң емес адамдар болады – олигархияның шектен тыс демократияға сәйкес келетін төртінші түрі дегеніміз, міне, осы. 9. Демократия мен олигархиядан басқа мемлекеттік құрылыстың тағы екі түрі бар. Олардың біреуін мемлекеттік құрылыстың төрт түрінің бірі ретінде барлығы да – біз де бұл туралы жоғарыда айтып өткенбіз – мойындайды.Бұл төрт түрдің мәнісі мыналар: монархия, олигархия, демократия және аристократия дейтін түр. Мемлекеттік құрылыстың бесінші түрі жалпы мемлекеттік құрылысты нобайлауға қызмет ететін атауға ие – оны жай ғана полития дейді. Бұл түр сирек кездеседі, сондықтан да мемлекеттік құрылыстың жекелеген түрлерін тізіп шығуды міндет еткендер оны көзден таса қалдырады: сөйтіп Платон сияқты олар да өз тізбелерінде төрт түрмен шектеледі. 10. Аристократия деп алдыңғы толғамымызда сөз болған мемлекеттік құрылыс түрін атауға толық негіз бар. Нақтылап айтқанда: кейбір

жағдайда ғана жанкештілік көрсететіндер емес, жақсылық тұрғысынан алғанда ең жақсы қайраткерлер басқаратын мемлекеттік құрылыс түрін әділетті түрде аристократиялық деп атауға болады; мемлекеттік құрылыстың тек осы түрінде ғана жақсы қайраткер мен жақсы азамат дегеніміздің мағынасы бір, ал басқа түрлерінде сол мемлекеттік құрылысқа байланысты ғана жақсы болады ғой. Алайда мемлекеттік құрылыстың олигархиялықтан және полития дейтінімізден өзгешелігі бар және аристократиялық деген ат тағылған кейбір түрлері бар. Бұлар, өз тұсында қызметке тек байлыққа қарап емес, биік инсанияттық қасиеттерге (arіstіnden) қарап сайлайтын түрлер. 11. Мемлекеттік құрылыстың мұндай түрі екеуінен де өзгеше және аристократия атауын ие. Өйткені азамат жақсылығына ерекше талап қоймайтын мемлекеттерде де, қалай дегенмен де жақсы атқа ие болған және адал деп танылған адамдар кездеседі. Мемлекеттік құрылыс байлықпен де, жақсылықпен де, халықпен де, мысалы, Карфагендегі секілді, санасатын болса, сол аристократиялық құрылыс болмақ; аталған талаптардың екеуі ғана, айталық, Лакедемон мемлекетіндегі сияқты, азамат жақсылығы мен халық ескерілетін болса, онда екі түрдің – демократиялық және жақсылыққа негізделген түрдің қоспасы шығады. Сонымен, аристократиялық құрылыстың оның бірінші және неғұрлым жетілген түрінен басқа, осындай тағы екі түрі бар; ал үшіншісі, полития дейтіннің олигархияға көбірек бейім түрлері.

VІ, 1. Енді полития дейтініміз және тирания туралы айту қалды. Біз политияны осында жатқыздық, дегенмен, ол да аристократияның жаңа ғана тілге тиек болған түрлері де ауытқу емес. Шындығын айтсақ, мемлекеттік құрылыстың барлық түрлері солардың ішіндегі ең дұрысынан ауытқу болып табылады, бірақ сол дұрысының өзін әдетте аристократиялық түрлермен қатар орналастырады; олармен және аристократиямен салыстырғанда мемлекеттік құрылыстың басқа түрлері, біз толғамымыздың басында айтқанымыздай, ауытқу болып шығады.

Тирания туралы ең соңында айту әбден жөн, өйткені ол жалпы мемлекеттік құрылыспен ұштастырылатын ұғыммен бәрінен де аз қабысады. Ал біздің мақсатымыз – тап мемлекеттік құрылыс түрлерін зерттеу. Өзіміз ұсынған жіктеуді негіздедік, енді политияны қарастыруға кіріскеніміз абзал. 2. Олигархия мен демократияның сипаты анықталған соң оның мәні неғұрлым айқын бола түседі. Қарапайым тілмен айтсақ, полития дегеніміз олигархия мен демократияның қойыртпағы секілді. Мемлекеттік құрылыстың демократияға бейім түрлері әдетте полития деп аталады, ал көбіне олигархия жағына бейім түрлер әдетте аристократия деп аталады, өйткені мүліктік дәулеті мол адамдар басқаларға қарағанда көбіне неғұрлым білімді және неғұрлым текті тұқымнан. Оның үстіне дәулетті адамдар құқық бұзу нысанына айналатын нәрсенің бәріне ие секілді болып көрінеді; осының өзі-ақ мұндай адамдар кіршіксіз және байбатша деген атақты беркіте түседі. 3. Аристократиялық құрылыс мемлекетте азаматтардың ең жақсылары басым болуына ұмтылатындықтан, олигархияларда да көпшілік қай жағынан алсаң да кіршіксіз адамдар дейтіндер бар. Және жалпы ең жақсы адамдар емес, жаман адамдар басқаратын мемлекеттің тыныс-тіршілігі жақсы болуы мүлде мүмкін емес секілді көрінеді, дәл сол сияқты жақсы заңдары жоқ мемлекетті ең жақсы адамдардың басқаруы мүмкін емес; заңның тәуірлігі дегеніміз заңның жақсылығы, бірақ оған ешкімнің бағынбайтындығы емес қой. Сондықтан да мынаған келісуге болады: заңның тәуірлігінің бір түрі қолданыстағы заңдарға бағыну, екіншісі – қолданылатын заңдардың тамаша жасалғандығы (жаман жасалған заңдарға да бағынуға болады ғой). Бұл жерде екі жәйт мүмкін: мемлекеттер не өздері үшін мүмкін болатын ең жақсы заңдарды, не сөздің тура мағынасындағы ең жақсыларын ұстанады. 4. Аристократиялық құрылыстың мәні, тегінде, оның тұсында құрметті құқықтар жақсылықтарға сәйкес бөлінетіндігінде, өйткені аристократияның негізі –

жақсылық, олигархиянікі – байлық, демократиянікі – еркіндік қой. Ал көпшілік шешімдерінің ең жоғарғы күші болатыны мемлекеттік құрылыстың барлық түрлеріне тән, мемлекеттік басқаруға қатысатындардың ішінен көпшілік не деп шешсе, олигархияда да, аристократияда да, демократияда да сол заңды күшке ие болады ғой. Сонымен, мемлекеттің көбісі дәулеттілер мен жарлыларды, байлар мен еркіндерді бытыстырып жібереді де, өздерінің мемлекеттік құрылысының түрі ретінде политияны мақтанышпен алға тартады, өйткені көпшіліктің дерлік ойынша дәулеттілер қай жағынан болсын кіршіксіз адамдардың орнында жүреді ғой. 5. Мемлекеттік құрылыста үш бастау теңдей маңыздан – бостандық, байлық, жақсылық (төртіншісі – шығу тектілігі – соңғы екеуіне тән, өйткені тектілік дегеніміз баяғыдағы жанкештілік пен байлық қой) – дәмеленетіндіктен, мемлекеттік құрылыстың екі бастауды – дәулеттілер мен жарлыларды араластырып жіберетін түрін полития деп атау керектігі айқын, ал үш бастауды араластыратын түрін аристократия деп атаған жөн, біз мұны мемлекеттік құрылыстың шын әрі бірінші түрінен басқаларының ішінде осыларды артық деп айтып отырмыз Біз мемлекеттік құрылыстың монархиядан, демократиядан және олигархиядан басқа өзге де түрлері бар дедік, олардың мәнін және аристократияның бір түрі екіншісінен несімен ерекшеленетінін және полития аристократиядан несімен ерекшеленетінін көрсеттік; полития мен аристократияның бір-бірінен соншалықты ұзай қоймағаны айқын.

VІІ, 1. Демократиямен және олигархиямен қатар полития қалайша пайда болады және оның құрылысы қандай болуы керек, – біз енді тікелей осы туралы айтамыз. Сонымен бірге олигархия мен демократияның айырым нышандары да белгілі болады. Ең алдымен мемлекеттік құрылыстың бұл түрлерінің ара жігін анықтау керек, содан кейін

меймандостық396 белгісі секілді – олардың әрқайсысынан жартыдан алып, оларды біріктіру керек. 2. Біріктіру мен араластырудың үш тәсілі бар. Не олигархия мен демократияда бар заңдарды, мысалы, тым болмаса сот өндірісіне қатыстыларын алған жөн. Олигархияда сот міндеттерін орындаудан бұлтарғаны үшін дәулеттілерге ақшалай айыппұл салынады, ал жарлыларға оларды орындағаны үшін ешқандай сыйақы берілмейді; демократияда жарлылар сыйақы алады, есесіне дәулеттілерге де айыппұл салынбайды. Бұл заң ережелерінің демократияға да, олигархияға да тән ортақ және аралық ережелері және екеуінің де заң ережелерінен араластырып алынғаны политияның өзгешелігінің нышаны болады. Біріктірудің бір тәсілі осындай. 3. Екінші тәсіл мынадай: олигархия мен демократияға тән қаулылардан, айталық, халық жиналысына қатысуға берілетін ценз туралы қаулының орта мөлшерін аламыз. Оған қатысу үшін демократиялық құрылыс тұсында мүліктік ценз не мүлде талап етілмейді, не мүлде шамалы ғана талап етіледі; ал олигархиялық құрылыс болса, керісінше, тым жоғары ценз талабын қояды. Бұл жерде ортақ нышандар жоқ, бірақ полития үшін көрсетілген екеуінің арасындағы орташа цензді алуға болады. Біріктірудің үшінші тәсілінде олигархиялық заңдар қаулыларының бір бөлігін және демократиялық заңдар қаулыларының екінші бөлігін алуға болар еді. Мен мынаны айтпақпын: демократиялық құрылыс негіздерінің бірі мансаптарға жеребе арқылы ие болу, ал олигархиялық құрылыста –сайлау арқылы, демократияларда бұлай ие болу мүліктік цензбен байланыстырылмайды, ал олигархияларда – байланыстырылады. Ендеше, егер біз олигархия мен демократиядан мансапқа ие болу ісінде оларды өзгешелейтін бір-бір нышаннан, атап айтқанда: олигархиядан – мансапақа сайлау арқылы ие болатынын, ал демократиядан – мансапқа ие болу цензбен байланыстырылмайтынын

алсақ, аристократия мен политияның бір-бірінен өзгешелігінің нышанын табар едік. Сонымен, араластыру тәсілдерінің тағы бірі осындай. 4. Демократия мен олигархияны мұндай араластыру жақсы жасалғанының өлшемі – бір мемлекеттік құрылысты демократиялық та, олигархиялық та деп атаудың мүмкін болуы. Бұл екі атауды да пайдаланатындар, сірә, бұл атаулармен тамаша араласу нобайланатынын сезетін болар; ал мұндай араластыру нақ ортада жасалады, өйткені одан қарама-қарсы жақтардың екеуі де орын табады. Бұл нақ лакедемондық мемлекеттік құрылысқа тән. 5. Көп адамдар оны демократиялық деп жариялауға тырысады, өйткені оның тәртіптерінің бойында көптеген демократиялық белгілер бар, бұл ең алдымен бала тәрбиесіне қатысты: байлардың балалары кедейлердің балалары тұратын жағдайда тұрады және кедейдің балалары ала алатын тәрбиені алады. Бозбалалық шақта да, ақыл тоқтатқан кезде де тап солай жалғасады – сонда байлар мен кедейлердің бір-бірінен еш айырмашылығы болмайды: тамақ барлығы үшін бірдей, сисситияларда да солай, байлар кез келген кедей өзіне тігіп ала алатын киімді киіп жүреді. Оның үстіне, екі ең маңызды мансаптың біреуіне халық сайлайды, ал екіншісіне өзі қатысады: олар геронттарды сайлайды, ал эфорияда халықтың өзі ұлық. Басқа біреулердің пікірінше, лакедемондық мемлекеттік құрылыс олигархиялық белгілері мол болғандықтан олигархияға жатады, мысалы, барлық мансаптар сайлау арқылы бөлінеді және жеребе бойынша бөлінетін бір де бір мансап жоқ; одан әрі, өлім жазасына және айдатып жіберуге аз ғана адамдар жаза кесе алады397 және осындай жайлар көп. 6. Әрине, тамаша араласқан мемлекеттік құрылыста екі бастау да бірге берілгені және олардың бір де біреуі де берілмегені жекелеп қажет. Екі бастау да сырттан емес, мемлекеттік құрылыстың өзінен тірек табуы тиіс; бұл құрылысты тап осындай күйінде көруді көпшілік бөлігінің қалағаны емес (бұған жаман мемлекеттік құрылыс болған кезде де қол жеткізуге

397 Бұл жерде лакедемондық геронттар айтылып отыр.

болады), осы құрылыстан өзгені мемлекеттің құрамдас бөліктерінің ешқайсысы қаламағаны қажет. Біз политияның және аристократия делінетін құрылыстың жекелеген түрлерінің қалай құрылуы тиістігін айттық. VІІІ, 1. Бізге енді тирания туралы айту қалды – ол туралы көп айтуға тұрарлық болғандықтан емес, біз белгілі бір дәрежеде тиранияны да мемлекеттік құрылыстардың бірі деп санайтындығымыздан, ол да біздің зерттеуімізде өзінің орнын табуы үшін. Патшалық билік туралы біз мұның алдында баяндалған, патшалық биліктің мемлекет үшін пайдалылығы немесе зияндылығы туралы, сондай-ақ, патша етіп кімді, кімдерден және қалай тағайындау туралы қарастырған кезде ой толғағанбыз. 2. Біздің зерттеуіміздің тап сол патшалық билік туралы сөз болған бөлігінде біз тиранияның екі түрінің, айырмашылықтарын көрсеттік, өйткені екеуінің де қасиеттері белгілі бір дәрежеде патшалық биліктің қасиеттерімен ұқсас: екеуі де заңды негізде орныққан (кейбір варвар тайпаларда самодержецтер – монархтар сайланады, ал бағзы заманда ежелгі эллиндерде де эсимнеттер деп аталатын осындай монархтар сайланатын болған). Тиранияның жоғарыда аталған екі түрінің кейбір өзгешеліктері бар: бір жағынан олардың екеуі де монархиялық құрылыстың заңмен және оларды өз бодандары тарапынан ерікті түрде тануға негізделген түрлері болды; екінші жағынан, бұлар ондағы билік деспоттықпен, билеушінің өзімбілемдігімен жүзеге асырылғандықтан, тиранияның түрлері болады. 3. Тиранияның үшінші түрі – артықшылыққа негізделген тирания – шексіз монархияға сәйкес келеді. Мұндай монархия, әлбетте, тирания болып шығады, өйткені онда барлық тең адамдар мен ең жақсы адамдарды жүгенсіз билеп-төстеу және бодандарының емес, өзінің пайдасы үшін билеп-төстеу көрініс табады. Сондықтан мұндай тирания оның бодандарының қалауынан тыс пайда болады: азат адамдардың ешқайсысы өз еріктерімен мұндай билікке көне алмайды.

Сонымен, тиранияның түрлері міне осындай және көрсетілген себептер бойынша олар осыншалық. ІХ, 1. Мемлекеттік құрылыстың ең жақсы түрі қандай? Мемлекеттердің көп бөлігі және адамдардың көбі үшін өмір қайткенде барынша жақсы құрылады? Біз бұл жерде жай ғана адамның жақсылығынан асып түсетін жақсылық, табиғи дарын мен сәті тоқайласуы қажет болатын тәрбие, ең қалаулы, бірақ көпшіліктің қолы жете алатын тіршілік жайына қолдануға болатын құрылыс және мемлекеттердің көп бөлігі үшін қолайлы мемлекеттік құрылыс туралы ауыз ауыртпаймыз. 2. Аристократия дейтіннің біз әлгінде ғана айтқан алуан түрлері ішінара мемлекеттердің көпшілігінде қолдануға жарамсыз, ішінара полития дейтінге жақындайды (сондықтан да бұл түрлер туралы бір түр сияқты айту керек). Барлық қойылған мәселелер туралы пікір түбі бір қағидаларға негізделеді. Егер біздің «Этикада»398 жақсылық жасауға кедергі жоқ жерде біздің өміріміз мамыражай және жақсылық дегеніміз дәл ортасы деп дұрыс айтылған болса, онда ең жақсы өмір орташа, әркім қол жеткізе алатын орташа өмір екенін мойындауымыз керек. 3. Дәл сол өлшемді мемлекет пен оның құрылысының жақсылығына да, сырқаулығына да қолдану керек: өйткені мемлекет құрылысы – оның өмірі. Әрбір мемлекетте үш бөлік болады: өте дәулеттілер, өте жарлылар және үшінші, әлгілердің ортасында тұратындар. Көпшілік мойындаған пікір бойынша, қанағат пен бел орта – ең жақсысы, ендеше барлық игіліктердің ішінде орташа дәулет те бәрінен жақсы. 4. Ол қолда болса, парасаттың уәжіне құлақ асу бәрінен оңай; керісінше аса ғажап, аса күшті, аса жайсаң, аса бай немесе, керісінше, өте кедей, өте дәрменсіз, өзінің қоғамдағы орны бойынша өте қор адамның бұл уәжге құлақ асуы қиын. Бірінші тұрпатты адамдар негізінен дөрекі және бетсіз сұмырай болып шығады. Ал екінші тұрпатты адамдар көбіне жауыз және ұсақ залымдар

398 Мысалға, қараңыз: Аристотель. Никомахова этика. 1101а 14; 1153 в 9 сл.

болып шығады. Ал қылмыстардың біреулері арсыздықтан, екіншілері залымдықтан жасалады. Оның үстіне, осы екі тұрпатты адамдар биліктен жалтармайды, қайта билікке жетуге ұмтылып бағады, ал бұлардың екеуі де мемлекеттерге зиян келтіреді. 5. Бұдан әрі, бірінші тұрпатты адамдар ішіпжемі, күші, байлығы, достық байланыстары және сол сияқтылары асыптасып жатқандықтан бағынғылары да келмейді, бағына да білмейді. Және бұл үйде, бала жастан бастап байқалады; өздері бөккен сән-салтанатқа үйренген олар бағыну дағдысын тіпті мектептерде де көрсетпейді. Өлмешінің күнін көрген екінші тұрпатты адамдардың құлқы барып тұрған қорлық. Осылайша, біреулер билік жүргізуге қабілетсіз және тек қожайындардың құлдарға билігіндей билікке бағынуды ғана біледі; енді біреулер ешқандай билікке бағынуды білмейді, тек қожайындар құлдарға қандай билік жасаса, сондай билік жүргізуді ғана біледі. 6. Еркін адамдардан емес, құлдар мен қожайындардан тұратын мемлекет пайда болады, онда біреулер қызғанышқа, екіншілері – жиіркенішке бой алдырады. Ал мұндай сезімдер достық бастауларын қамтитын саяси қарым-қатынастағы достық сезімінен тым алыс жатыр. Біз атап өткен адамдар тіпті өздерінің қарсыластарымен бір жолда жүргісі келмейді. Мемлекет өз мүшелерінің барлығы тең де бірдей болуына бәрінен көп ұмтылады, ал бұл негізінен орташа адамдарға тән. Осылайша, біздің пікіріміз бойынша, мемлекеттің жаратылыстық құрамына сүйенер болсақ, орташа адамдардан құралған мемлекеттің мемлекеттік құрылысы да ең жақсы болады. Мемлекеттерде дін аман қалатын да негізінен осы азаматтар. Олар кедейлер сияқты бөтеннің дүние-мүлкіне ұмтылмайды, ал басқалар, кедейлер байлардың мүлкіне ұмтылатыны секілді, бұларға тән нәрселерге қол сұқпайды. Ешкім бұларға және бұлар ешкімге зұлымдық жасамайтындықтан, олардың өмірі де қауіпсіз. Сондықтан да Фокилид «Орташаның көрген күні рахат, мемлекеттің орташасын қалар ем” деген тамаша тілек тілейді. 8. Сонымен, ең жақсы мемлекеттік қатынас – орташалар арқылы қол жеткізілетін қатынас екені анық, және орташалар

көп болған мемлекеттерде құрылыс жақсы, олар бар жерде мемлекет – әрі салғанда – шектен тыс екі құрылыстан да, немесе, бері салғанда олардың жеке алынған әрқайсысынан күштірек. Шектен тыс құрылыстың бірімен ұштасқанда, олар тепе-теңдікті қамтамасыз етеді де, қарсыластардың біреуінің басым болуына бөгет жасайды. Сондықтан да мемлекет үшін оның азаматтарының орташа, бірақ жеткілікті меншікке ие болғаны ұлы игілік; ал біреулер тым көп нәрсеге ие болған, ал басқалардың ештеңесі болмаған жағдайларда, нақ қарама-қарсы шетіндіктің ықпалымен не әсіре демократия, не таза түрдегі олигархия, не тирания пайда болады. Өйткені тирания бетімен кеткен демократиядан да, сондай-ақ олигархиядан да пайда болады, ілуде бір – мемлекеттік құрылыстың орташа түрлерінен және соларға жақындардан399 пайда болады. Мұның себептері туралы біз кейінірек, мемлекеттік төңкерістер туралы толғаған кезде әңгіме етеміз. 9. Сонымен, ең жақсысы – мемлекеттік құрылыстың орташа түрі екендігі анық болды, өйткені тек сол ғана ішкі егеске жетелемейді; орташа азаматтар көп болған жерде азаматтардың арасында топқа бөліну мен даужанжалдар бәрінен сирек болады. Және ірі мемлекеттер тап сол себеппен – оларда орташа азаматтар көп болғандықтан – егеске аз ұшырайды; ал шағын мемлекеттерде халық екі жаққа оңайырақ бөлінеді де, олардың арасында орташаларға орын қалмайды, сөйтіп онда барлығы да не бай, не кедей болып шыға келеді. Өз кезегінде демократиялар олигархияларға қарағанда көбірек қауіпсіз болады; оларда орташа азаматтар болғанының арқасында (олар көбірек және олигархияларға қарағанда демократияларда құрметті құқықтарға олар неғұрлым көбірек ие болады) олар неғұрлым ұзағырақ өмір сүреді. Бірақ орташа азаматтардың жоқтығынан жарлылар өздерінің көптігімен басып-жаншитын болса, мемлекет ауыр жағдайға тап болып, жойылуға қарай тез бет бұрады. 10. Біз ұсынған қағиданы дәлелдеу үшін ең жақсы заң шығарушылардың орташа топтан шыққандығын мысалға келтіруге

399 Яғни, демократия мен олигархияның бір қалыпты нысандарынан.

болады: Солон (бұл оның өлеңдерінен анық байқалады), Ликург (ол патша болған жоқ), Харонд және басқалардың басым бөлігі дерлік сол ортадан шыққан. Енді мемлекеттік құрылыстың көп жағдайда не демократиялық, не олигархиялық болатыны осыдан айқын. Орташалар мемлекетте көбінесе елеусіздеу мансаптарға ие болатындығының салдарынан, олардан басым екеуден шыққандар, – не ірі меншік иелері, не қарапайым халық, – орташа дәулеттен алшақ, мемлекеттік тәртіпті өздеріне қарай бұрады, сондықтан не демократия, не олигархия пайда болады. 11. Мұның үстіне, қара халық пен дәулеттілер арасында егес пен күрес пайда болатындықтан, қарсыласын қайсысы жеңсе, сол мемлекеттік құрылысты белгілейді, және бұл ретте ол ортақ және теңдікке негізделмей, жеңіс кімнің жағында болса, награда ретінде мемлекеттік құрылыста солар басымдыққа ие болады, сөйтіп біреулер – демократияны, екіншілер – олигархияны орнатады. Грекияда бас болған екі мемлекет400 өздерінің мемлекеттік құрылыстарына сәйкес басқа мемлекеттерде біреуі – демократияны, екіншісі – олигархияны тықпалады, және де мұны сол екі мемлекеттің пайдасын емес, тек өздерінің пайдасын ғана ойлап істеді. 12. Көрсетілген себептерге байланысты, орташа мемлекеттік құрылыс не ешқашан кездеспейді, не өте сирек жағдайда және ілуде бір ғана кездеседі. Тек бір ғана қайраткер401 бұрын бас болғандарға қарама-қарсы осы құрылысты енгізуге келісімін берді. Жалпы алғанда мемлекеттерде мынадай дағды қалыптасқан: теңдікті аңсамау керек, есесіне билеп-төстеуге ұмтылу, не соған әбден көніп, бағынышта өмір сүру. Айтылғандардан қандай мемлекеттік құрылыстың ең жақсы және оның қандай себептері бар екендігі түсінікті...

...ХІ, 1. Енді тағы да мемлекеттік құрылыстың әрбір түрін құрайтын жекелеген бөліктерін жалпылап та, неғұрлым мұқият та қарастыруға

400 Афина және Спарта мемлекеттері.
401 Бәлкім, Александр Македонский мегзеліп отырған болар.

көшелік, өйткені біз олардың бастапқы тиісті шығу тегін анықтап алдық. Кез-келген мемлекеттік құрылыста бұл құрамдас бөлік үшеу; іскер заң шығарушы олармен санасып, олардан мемлекеттік құрылыстың әрбір түріне пайдалысын ала білуге тиіс. Мемлекеттік құрылыстың тамаша ахуалы да сол бөліктердің керемет ахуалына тікелей тәуелді; мемлекеттік құрылыстың жекелеген түрлерінің айырмашылықтарының өзі де осы бөліктердің әрқайсысының түрліше құрылуына байланысты. Ол үш бөлік мыналар: біріншісі – мемлекеттің істерін қарайтын заңдық-кеңесші орган, екіншісі – мансаптар (жалпы қандай мансаптар болуы керек, олар қандай істі жүргізуі керек, оларға тағайындау тәсілі қандай болу керек), үшіншісі – сот органдары. Заңдық-кеңесші орган соғыс және бейбітшілік туралы, одақ құру және оны бұзу туралы, заңдар туралы, өлім жазасы туралы, қуып жіберу туралы, мүлікті тәркілеу туралы, мансап иелерін сайлау туралы және олардың есеп беріп отыруы туралы мәселелерді шешуге құқықты. 2. Осы шеңбердегі істердің барлығын шешу не барлық азаматтарға, не олардың бір бөлігіне (мысалы, белгілі бір мансап иелеріне немесе олардың бірнешеуіне) тапсырылуы мүмкін немесе кейбір істерді шешу азаматтардың бүкіл құрамына, енді біреулерін басқаларды шешу – оның бір бөлігіне берілуі мүмкін. Барлық азаматтар барлық істерді шешетін болса – бұл демократиялық бастау, өйткені демократия тап осындай теңдікке ұмтылады. 3. Егер барлша шешетін болса, бұл бірнеше тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Олардың біреуі мынадай: шешім шығару азаматтардың толық құрамына берілмейді, бірақ олардың арасында белгілі бір кезек орнатылады, Милет Телекласының402 мемлекеттік құрылысы осындай. Басқа мемлекеттік құрылыстар тұсында мансап иелері бірге жиналып, кеңеседі, ол мансаптарға барлық азаматтар атқарып шыққанша филалар бойынша немесе азаматтық қауымның одан да ұсақ бөлімшелері бойынша кезек-кезек ие болады; азаматтар толық құрамында заңдар мәселелері

402 Телекла туралы осы жерде ғана айтылады.

қойылғанда және мемлекеттік құрылыстың өзіне қатысты мәселе көтерілгенде, сондай-ақ мансап иелерінің өкімдерін тыңдау үшін жиналады. 4. Басқа бір тәсіл мынадай: барлығы бірге кеңеседі, бірақ мансап иелерін сайлау үшін, заңдарға, соғысқа, бейбітшілікке және есеп қабылдауға қатысты мәселелер бойынша ғана бас қосады, ал қалған барлық жағдайда басқарудың әрбір саласы үшін ерекше мансап иелері іске қосылады, олар барлық азаматтардан сайлау жолымен немесе жеребе арқылы тағайындалады. Үшінші тәсіл: азаматтар мансап иелерін сайлауға және есептерді қабылдауға байланысты, соғыс және одақтар туралы кеңесу үшін жиналады; басқа істерді мүмкіндігіне қарай сайлау арқылы тағайындалған мансап иелері басқарады. Бұларды сайлау әсіресе мұндай мансап иелерінен арнаулы білімдер талап етілетін мансаптар үшін ерекше қажет. 5. Төртінші тәсіл мынадай: барлық азаматтар біріккен кеңесте барлық мемлекеттік істер туралы кеңеседі; мансап иелері бір де бір мәселе бойынша өз шешімін шығара алмайды, олар тек алдын ала байлам береді. Бұл соңғы тәсіл қазіргі кезде біздің пікіріміз бойынша династиялық (әулеттік) олигархияға және тирандық монархияға сәйкес келетін шектен тыс демократияларда қолданылады. Бұл тәсілдердің барлығы демократиялық құрылысқа тән. 6. Егер бүкіл заңдық-кеңестік билік тек кейбір адамдардың қолында жинақталған болса, онда бұл олигархиялық құрылыстың сипатты нышаны. Бұл жерде де бірнеше әрқилы тәсіл бар. Егер осы аталған бірнеше адамды сайлау біршама жеңіл мүліктік цензбен байланыстырылып, соның арқасында азаматтардың көпшілігі сайлануға тиісті болса, егер заңмен тыйым салынған нәрселерде оны бұзуға жол берілмей, заң нұсқаулары сақталатын болса, және егер цензі бар адам заңдық-кеңестік өкіметке жіберілетін болса, онда байсалдылығымен ерекшеленетін мұндай олигархия политияға жақындайды. Заңдық-кеңестік өкіметке қатысу құқығы баршаға емес, тек таңдаулыларға тиісті болса, бірақ олар бірінші жағдайдағыдай заң

бойынша басқаратын болса, онда біз өз мағынасындағы олигархиямен бетпе-бет келеміз. Егер заңдық-кеңестік өкіметке ие адамдар өзінің құрамын өз ортасынан кооптация жасау арқылы толықтыратын болса, әкесінің орнына ұлы ие болатын және олар заңнан жоғары тұратын болса, онда мұндай құрылыс шектен тыс олигархия деп танылуы керек. 7. Егер кейбір істер, айталық, соғыс, бейбітшілік, мансап иелерінің есептері мәселелері бойынша заңдық-кеңестік өкімет баршаға тиесілі болып, ал қалған істер бойынша – мансап иелеріне тиесілі болса және мансаптарға жеребемен емес, сайлау арқылы ие болатын болса, онда бұл мемлекеттік құрылыс – аристократиялық. Егер кейбір істер үшін мансап иелері сайлау бойынша, ал басқа істер үшін жеребемен тағайындалатын болса (соңғы жағдайда не тікелей жеребе бойынша, не алдын-ала белгіленген кандидаттардың арасынан жеребе бойынша) немесе егер мансаптарға ие болу үшін сайлау да, жеребе де бірге қолданылатын болса, онда мұндай жағдайда біз ішінара аристократияға, ішінара дәл мағынасындағы политияға бетпе-бет келеміз. Мемлекеттік құрылыстың түрлеріне сәйкес заңдық-кеңестік өкімет міне осылай бөлінуі мүмкін және әрбір мемлекеттік құрылыста басқару осы бөлініске сәйкес жүргізіледі. 8. Қазіргі әдеткі түсініктегі демократиялық құрылыс үшін (мен халықтың жоғарғы билігі тіпті заңнан да биік тұратын демократияны айтып отырмын) заңдық-кеңестік билікті жақсырақ құру мақсатында олигархиядағы сот жүйесін жүзеге асыруға қатысты тәсілді қолданған пайдалы болар еді. Атап айтқанда: онда ақшалай айыппұл төлетумен қорқытып, кімдердің судья болғанын қаласа, соларды судьялық қызметті атқаруға мәжбүр етеді, ал демократияларда жарлыларға ақы береді. Халық жиналыстары турасында да солай істеген жөн болар еді: онда баршасы – қарапайым халық байбатшалармен, ал байбатшалар халық бұқарасымен – бірге кеңесіп, істерді жақсырақ талқылар еді. Талқылауға сондай-ақ, сайлау арқылы ма, немесе жеребе бойынша ма, азаматтардың барлық бөліктері тең пропорцияда қатысқаны

пайдалы. Ақыр аяғында, қара халықтың өкілдері саяси қызметке дайындалған адамдардан сан жағынан басым болған жағдайда сыйақыны барлығына емес, олардың байбатшалар санына сәйкес келетін санына ғана берсе, немесе сандық артықшылығы бар яки басы артық қатардан оны жеребе бойынша шығарып тастаған пайдалы болар еді. 9. Олигархияларда халық бұқарасынан белгілі бір санды сайлау арқылы не қосу керек, не кейбір мемлекеттерде бар мансапты – пробулдар мен номофилактарды – енгізу керек және олар алдын ала өздерінің байламдарын берген істерді ғана талқылау керек. Мұндай тәртіп кезінде заңдық-кеңестік билікке қатысуда халықтың өз үлесі болады және мемлекеттік құрылыста бірдеңені жою мүмкіндігінен айырылады; сонда халық қаулылары не пробулдар мен номофилактардың шешімдерімен әбден сәйкестендірілетін болады, не енгізілетін заң жобаларына қайшы келмейтін болады. Сондай-ақ кеңесші дауысты баршаға, ал шешуші дауысты – тек мансап иелеріне беруге болады. 10. Жалпы политияларда403 орныққан әдетке кереғар істеу керек: халық бұқарасына заң жобаларын дербес енгізу құқығы емес, енгізілетін заң жобаларын қабылдамау құқығы берілуі керек – қабылданбаған заң жобалары мансап иелеріне қайтарылуға тиіс. Политияларда керісінше: заң жобасын қабылдамау құқығы аз ғана адамдар қолында, бірақ олардың жоба ұсыну құқығы жоқ; соңғысы қашанда ең көп адам қатысатын жиналысқа беріледі. Мемлекеттегі басты өкімет – заңдық-кеңестік өкімет туралы біздің байламдарымыз осындай.

ХІІ, 1. Осы мәселемен тікелей байланыста мансаптарды бөлу мәселесі тұр. Және мемлекеттік құрылыстың осы бөлігі бойынша көптеген түрлітүрлі сұрақтар қоюға болады: мансаптар қанша болуы керек, мансап иелері нені басқарады, олардың өкілеттіктерінің мерзімі қандай (бір

403 “Полития” деген сөз бұл жерде “конституциялық, республикалық мемлекет” деген мағынада қолданылған.

мемлекеттерде мансап иелері алты ай мерзімге, тағы біреулерінде – одан да қысқа мерзімге, үшіншілерінде – бір жылға, төртіншілерінде – одан да ұзағырақ уақытқа сайлайды ғой), мансаптар ғұмыр бойына берілуі керек пе немесе ұзақ мерзімге берілуі керек пе, яки екеуінің біреуі де емес, бірақ бір адам бір мансапқа бірнеше рет ие болуы керек пе әлде бір адам бір мансапқа екі рет ие бола алмай ма? 2. Сондай-ақ мансаптарды ұйымдастыру жөнінде мансаптарға кімдерден, кіммен және қалайша тағайындалуы керек деген мәселе де талқылануы керек. Қандай мемлекеттік құрылыс үшін қандай мансаптар пайдалы екендігімен ыңғайластыра отырып, осынау сан алуан сұрақтардың теориялық тұрғыдан түрліше шешімдерін көрсете алып, сонан соң бұл шешімдерді практикаға телу керек. Мансаптар деп нақты нені айту керектігіне анықтама беру де оңай емес. Мемлекеттік қарым-қатынас үшін көптеген жетекшілер керек; сондықтан да сайлау арқылы және жеребе бойынша тағайындалатын олардың бәрін бірдей мансап иелері деп санамау керек, мұндайлардың қатарына мысалы, ең алдымен абыздар (оларды мемлекеттік мансап иелерінен өзгеше тұлғалар деп санаған жөн), сондай-ақ хорегтер мен жаршылар жатпайды; елшілер де сайлау арқылы тағайындалады. 3. Мемлекеттік тапсырмалар қандай да бір нақты іс бойынша беріледі және не барлық азаматтарға (мәселен, айталық, стратег жорыққа шығатындардың барлығын басқарады) немесе оның белгілі бір бөлігіне (мысалы, тинекономға немесе геденомға берілетін тапсырмалар) қатысты болады. Басқа бір тапсырмалар мемлекеттік шаруашылықты көздейді (ситометрлер көбіне сайлау арқылы осылай тағайындалады), ал кейбір тапсырмалар көмекші сипатта болады да, оған қаражат болса, оларды орындауға құлдар жегіледі. Өз мәнінде мансап иелері деп белгілі бір істер тобы бойынша заңдық-кеңестік, шешушілік және өкімдік рөлдер, әсіресе осы соңғысы берілген адамдарды атау керек, өйткені «өкім жасау» ұғымы ең алдымен әртүрлі өкімет туралы түсінікпен байланысты. Алайда,

турасын айтсақ, мұндай айырмашылықтың ешқандай практикалық мәні жоқ (өйткені мансап иелері өздеріне мансап иесі деген атаудың өзі берілді ме деп дауласқан жәйт болған емес); алайда, бұл мәселенің дерексіздік тұрғысынан біршама мәні бар. 4. Мемлекеттің тіршілік етуі үшін қандай мансаптар және олардың қаншасы керек? Жақсы құрылған мемлекет үшін қандай мансаптар қажет емес, бірақ пайдалы? Кез-келген мемлекет үшін, атап айтқанда, шағын мемлекет үшін шешілуінің зор маңызы бар мәселелер міне, осылар. Үлкен мемлекеттерге келетін болсақ, оларда белгілі бір мансапқа белгілі бір қызмет ауқымы сәйкес келетін тәртіп орнатуға болады, орнатылуға тиіс те; азаматтар санының көптігі олардың көбісінің мансапты атқару мүмкіндігін береді, сондықтан да бір адамды мансаптың біреуіне ұзақ уақыт өткеннен кейін ғана қайта тағайындауға, ал басқа біреулеріне – бар болғаны бір-ақ рет тағайындауға болады; кез-келген іс, оны көп адам емес, бір адам атқарса жақсырақ бітеді (қазақтың “Қойшы көп болса, қой арам өледі” дегеніндей – Баспа). 5. Шағын мемлекеттерде қажеттіліктен аз ғана азаматтардың қолына көп мансаптарды шоғырландыруға тура келеді: халқы аз болғандықтан, көп адамның мансапқа ие болуын ұйымдастыру оңай емес, олардың ізбасары болатындарды қайдан таппақсың. Рас, шағын мемлекеттер үшін де кей кезде үлкен мемлекеттердегідей мансаптар мен заңдар қажет болады; айырмашылығы – шағын мемлекеттерде бір мансапты бір адамға қайта-қайта жүктеуге тура келеді, ал үлкен мемлекеттерде бұл шараға араға біраз уақыт салып қана жүгінуге болады. Сондықтан да шағын мемлекеттерде бір адамға бірнеше тапсырма жүктеуге ештеңе кедергі болмайды, өйткені бұл тапсырмалардың біреуі екіншісіне кедергі жасамайды; жалпы алғанда мемлекеттің халқы аз болса, мансаптардан өзіндік бір шырақ жасаудан басқа амал жоқ. 6. Сонымен, егер біз кезкелген мемлекетте қанша мансап міндетті түрде керектігін және қандай мансаптар, оларға соншалық зәрулік болмаса да, бәрібір дайын тұруы

керкектігін көрсетіп бере алсақ, мұны білетін әрбір адам қай мансаптарды оп-оңай біріктіруге болатынын таба алады. Жергілікті жағдайға байланысты көптеген мансаптар қандай істерді басқаруы керектігін және барлық жерде қандай мансап бәрін де билеп-төстеуі керектігін, мысалы, қала базарында тәртіпті қадағалау үшін бір агораномды, ал басқа бір жерде осы мақсат үшін басқа агораномды тағайындау керек пе немесе бүкіл қала бойынша бір-ақ агораном жете ме деген мәселелерді назардан тыс қалдырмау керек. Тағы бір мәселе: мансаптарды олар жүргізетін істердің сипатына қарай бөлген жөн бе, әлде адамдарға сәйкестендіріп бөлген жөн бе? Мен мынаны айтып отырмын: мысалы, бір мансап иесінің қоғамдық орындардағы ортақ тәртіпті қадағалауы керек пе әлде балалар мен әйелдер тәртібін бөлек қадағалайтын ерекше мансап иесі болуы керек пе? 7. Ақыр соңында, мемлекеттік құрылыс түрлерінің өзгешеліктерімен де санасу керек; осыған байланысты өз-өзімізге мынадай сұрақ қоюымыз керек: мемлекеттік құрылыстардың әрбір түріндегі мансаптардың сипатында айырмашылық бар ма, жоқ па? Мысалы демократияда да, олигархияда да, аристократияда да, монархияда да бір мансаптар оларды тең немесе бірдей әлеуметтік жағдайдағы адамдар атқаратындығына немесе бір мемлекеттерде – бір жағдайдағы, басқаларында – басқа жағдайдағы адамдар (мысалы, аристократияда мансап иесі білімді адамдар болады, олигархияда – байлар, демократияда – азат туғандар мансап иесі болады) атқаратындығына қарамастан басты мансаптар болып саналады. Немесе кейбір мансаптар мемлекеттік құрылыстың айырмашылықтарына қарай әртүрлі болады, бірақ бір жағдайда олардың бірдей болуы, екінші жағдайда әртүрлі болуы пайдалы, өйткені бірдей мансапқа кейде кең ауқымды, кейде тар ауқымды қызмет беру орынды. 8. Кейбір мансаптар мемлекеттік құрылыстың бір немесе екінші түріне ерекше тән болады. Мысалы, пробулдар мансабы демократияға тән емес, кеңес болса – демократиялық мекеме, өйткені халық жиналысы

талқылауға тым көп уақыт жұмсамауы үшін халық жиналысының шешуіне түсетін жобаларды алдын-ала талқылауды өз міндетіне алатын мұндай мекеме міндетті түрде болуға тиіс. Егер осы мансапты аз ғана адамдар атқаратын болса, онда бұл олигархияның нышаны...

ХІІІ, 1. Мемлекеттік құрылыстың үш бөлігінің ең соңғысы, атап айтқанда, сот билігі туралы айту қалды. Оны ұйымдастыру тәсілдерін де зерттеуіміздің негізгі қағидаларына сүйеніп анықтау керек. Соттардың айырмашылықтары үш жағынан көрінеді: судьялар кімнен шыққан, олардың сотына не жатады және судьялар қалайша тағайындалады; басқаша айтсақ, судьялар кімдер, яғни, олар барлық азаматтардың арасынан тағайындала ма немесе кейбіреулерінің арасынан ғана ма; олардың сотына не жатады – басқаша айтқанда, соттың жекелеген түрлері қанша; судьялар қалай тағайындалады – жеребе бойынша ма немесе сайлау арқылы ма? Ең алдымен соттың жекелеген түрлерінің санын анықтап алайық. Олар сегіз: біреуі – мансап иелерінің есептерін қабылдау үшін; екіншісі – мемлекетке нұқсан келтіргендердің ісін қарайтын сот; тағы біреуі – мемлекеттік қылмыстар бойынша; төртіншісі – мансап иелері мен жеке адамдардың арасындағы айыппұлдар жөніндегі дауларды қарайтын сот; бесіншісі – жеке адамдар арасындағы ірі сауда мәмілелері бойынша; мұның үстіне кісі өлтіру туралы істер бойынша және жатжұрттықтарға қатысты істер бойынша. 2. Кісі өлтіру туралы істерді қарайтын сот – судьялар бір ғана адамдар немесе басқалар болсын бәрібір – өз кезегінде бірнеше түрге бөлінеді: алдын ала ойластырылған қара ниетпен кісі өлтіру, күн ілгері ниетсіз кісі өлтіру, айыпталушы өзінің қылмыс жасағанын мойындайтын, бірақ оған құқықтық негізі болғандығын көлденең тартатын оқиға; ең соңғы, төртіншісі – қуылып кеткен, отанына қайтып оралғаннан кейін кісі өлтірді деп айыпталғандар жөніндегі сот – бұл Афинада «Фреаттодағы сот» деп аталатын сот түрі; мұндай сот талқылаулары,

негізінен, тіпті ұлкен мемлекеттерде де қашанда өте сирек болады. Жатжұрттықтарға қатысты істерді қарайтын сот жатжұрттықтардың жатжұрттықтармен немесе жатжұрттықтардың қалалықтармен істерін жүргізеді. Ақыр соңында, жоғарыдағы барлық сот түрлерінен басқа ұсақ сауда мәмілелері бойынша, мысалы, драхма, бес драхма немесе сәл көбірек сома жөніндегі істерге арналған сот бар, және мұндай сот істері де қаралуы керек, дегенмен оларға судьялардың саны көп болуының қажеті жоқ. 3. Бірақ біз кісі өлтіру туралы істер бойынша соттарды және жатжұрттықтарға қатысты істер бойынша соттарды былай қоя тұрып, мемлекеттік қылмыстарды қарайтын соттар туралы ғана айтамыз. Бұл соттарды жаман ұйымдастыру өзара қырқыс туындатады, тіпті мемлекеттік құрылыстың төңкеріп тасталуына соқтырады. Бұл соттарда міндетті түрде не істердің барлық түрлері үшін барлық азаматтар судья болуы керек, бұл ретте судьялар сайлау арқылы немесе жеребе бойынша тағайындалады; немесе істердің барлық түрлері үшін барлық азаматтар судья болуы керек, бұл ретте бір бөлігі сайлау арқылы, екінші бөлігі – жеребе бойынша тағайындалады; немесе, ақыр соңында, істердің бір түрлері үшін судьялар жеребе бойынша, басқа түрлері үшін – сайлау арқылы тағайындалады. Сонымен, төрт тәсіл шығады, және де егер судьялар кейбіреулерден болса, әрі олар белгілі бір кезекті сақтай отырып соттайтын болса, тәсіл де соншалық болады: тағы да судьялар барлық істер үшін кейбіреулерден не сайлау арқылы, не жеребе бойынша, немесе бір жағдайда жеребе бойынша, екінші жағдайда – сайлау арқылы тағайындалуы мүмкін, немесе, ақыр соңында, кейбір жағдайларда бірдей істерді жеребе бойынша және сайлау арқылы тағайындалатын судьялар бірлесіп қарайды. 4. Біздің тізіп шығуымызға сәйкес сот құру тәсілдері осындай, тағы да олардың екі-екіден қосылуы бар. Оның үстінеғ бұл қосылу екіжақты сипатта болуы мүмкін; мен бұл арада мынаны айтпақпын: бері салғанда, егер дәл бір сотта судьялардың бір бөлігі баршадан, екінші бөлігі

кейбіреулерден болса, бір судьялар жеребе бойынша, екінші біреулері сайлау арқылы, үшінші біреулері екі амалмен де тағайындалған жағдайларда бір соттар баршадан, екінші бір соттар кейбіреулерден, үшінші бір соттар – баршадан және кейбіреулерден толықтырыла алады. Сонымен, сот құрылысының қанша тәсілі мүмкін екендігі айтылды. Олардың ішінде бірінші болып айтылған соттар демократиялық құрылысқа тән; олардағы судьялар барлық азаматтардың ортасынан шыққан адамдар, олар барлық процестерді қарайды. Екінші болып аталған соттар олигархиялық құрылысқа тән; оларда барлық істерді азаматтардан тағайындалған кейбіреулер қарайды. Аристократиялық соттар мен политияға тән соттарға үшінші болып аталған соттар жатады: оларда бір істер үшін барлық азаматтардың арасынан, екінші бір істер үшін олардың кейбір бөлігінен тағайындалған адамдар судья болады.

5-бөлім. ЕЖЕЛГІ РИМНІҢ САЯСИ ІЛІМДЕРІ

Полибий (200 шамасында – б. д. дейінгі 118 жылдан кейін). Грек тарихшысы. Аркадиядағы Мегалополь қаласында туған, рим қолбасшысы Луций Эмилий Павелдің қоластында гиппарх болып қызмет еткен. Бұл қолбасшы одақтас рим-грек әскерін басқарды. Ол македон патшасы Персеймен соғысты. Б. д. дейінгі 168 жылы Пидне түбінде Персей жеңілген соң, Полибий 1000 атақты ахейлер қатарында, римдіктерді белсенді қолдамады деген айыппен Италияға жөнелтіледі. Басқаларды әр қалаға

таратып жібергенде, Эмилий Павелдің өтінішімен Полибий Римде қалдырылып, оның балаларына тәрбиеші болып тағайындалады. Осылайша болашақ тарихшы көптеген атақты римдіктермен, ең алдымен Эмилийдің кіші баласы Публий Сципион Эмилианмен (болашақ Сципион Кіші Африкалықпен) жақсы қарым-қатынаста болуға мүмкіндік алды. Б. д. дейінгі 151 жылы Полибий өзінің Сципионға ықпалын пайдаланып, әлі тірі жүрген ахейлерді босатуға жағдай жасайды. Полибий Грекияға оралады, бірақ б. д. дейінгі 147 жылы Карфагенді қоршап тұрғанда Сципион оны өзіне кеңесші болуға шақырады. Полибий Африканың атлантикалық жағалауын зерттейді, б. д. дейінгі 146 жылы Карфаген өртеліп, қиратылғанына куә болды, осыдан кейін сол жылы Грекияға қайта оралды. Осы жерде ол көтеріліске шыққан ахейлер мен римдіктерді татуластыруға ықпал жасағысы келіп еді, бірақ Луций Муммийдің Коринфты қиратуын тоқтата алмады, сөйтсе де кейбір көркем құндылықтарды құтқара алды. Римдіктер кеткен соң, Полибийге аман қалған қалаларды басқаруды қалпына келтіру жүктелді. Грек туыстары оны құтқарушыдай көріп, оған көптеген ескерткіштер тұрғызды. Полибийдің атақты еңбегі – оның Тарихы. Сірә, оны ол Италияда жүргенде-ақ ойластырған болар. Ол "бүкіл өркениетті әлем 53 жылдан аз уақыт мерзімде (яғни б. д. дейінгі 220 жылдан б. д. дейінгі 168 жылғы Персейдің жеңілісіне дейін) қалайша римдіктердің қол астына түскенін" түсіндіргісі келген сияқты. Кейінірек Полибий өз шығармасының шегін кеңейтіп, оны б. д. дейінгі 146 жылға дейін жеткізді. Өкінішке қарай, Тарихтың әу бастағы алғашқы 40 кітабының алғашқы 5 кітабы ғана толық сақталып, басқалары әртүрлі дәрежеде мазмұндау арқылы ғана жетіп отыр. Полибийдің басқа еңбектері жойылып кеткен.

ЖАЛПЫ ТАРИХ

ҮІ кітап. 3–4-тараулар. Рим мемлекетінің ерекшелік белгілерін анық аңғарғысы келетіндерден айрықша ынта мен ізденістегі ыждаһат талап етіледі. 5. Осынау пәнді бізге үйреткісі келетін жазушылардың көпшілігі мемлекеттік құрылыстың үш түрін ажыратып көрсетеді: олардың біріншісі патшалық, екіншісі аристократия, үшіншісі демократия деп аталады. 6. Менің ойымша, кез келген адам олардан: жалпы бірден-бір пошымдар осылар ғана ма, әлде олар ең жақсылары ғана ма, деп сұрауға қақылы. 7. Қалай айтса да, менің ойымша олар қателеседі, өйткені ең мінсіз екендігі дау тудырмайтын мемлекеттік пошым деп жоғарыда аталған пошымдардың ерекшеліктері ұштастырылған пошымды ғана тану керек. 8. Мұның өзі ойша долбарлаумен ғана емес, тәжірибемен де қуатталады, өйткені Ликург лакедемондар мемлекетін бірінші болып дәл сондай тәсілмен құрған. 9. Дәл сол секілді бұларды бірден-бір пошымдар деуге де болмайды. Өйткені біз патшалықтан талай-талай айырмашылықтары

болғанымен, біршама дара ұқсастықтары да бар бірнеше монархиялық және тираниялық мемлекеттерді білеміз. 10. Сол себептен де барлық дара билеушілер, реті келсе, өздеріне патша деген атақты жария телиді. 11. Үңіле түссек, аристократиямен ұқсас секілді көрінгенмен, олардан көп өзгешеленетін көптеген олигархиялық мемлекеттер бар. 12. Демократия туралы да осыны айтуға болар еді. ҮІ. 4. 1. Бұл сөздің әділдігі мынамен қуатталады: 2. Дара биліктің бәрін бірдей патшалық деп тап басып айта алмайсың, олай деп басқарылатындар өкіметті өз еркімен берген және үрей немесе күштен гөрі парасат үстемдік ететін мемлекетті ғана айтуға болады. 3. Аристократия деп азшылық басқаратын мемлекеттердің бәрін емес, басқаратын адамдар барынша әділ де барынша парасатты болатын мемлекетті тануға тиіспіз. 4. Осы секілді, демократия деп, бүкіл халық бұқарасы ойына не келсе, соны істейтін мемлекетті айтуға болмайды. 5. Керісінше, демократия деп, құдайларға құлшылық ету, ата-ананы аялау, үлкендерді құрметтеу ғұрпы түу бастан қалыптасқан, жұрттың басым көпшілігінің ұйғарымымен қабылданған заңдарға бағынатын мемлекет танылуға тиіс. 6. Осылайша мемлекеттік құрылыстың алты пошымын404 мойындау керек, олардың жоғарыда айтылған үшеуі жұрттың бәрінің аузында, қалған үшеуі алдыңғылармен тектес, мен монархияны, олигархияны және охлократияны405 айтып отырмын. 7. Ең әуелі ешқандай жоспарсыз-ақ өзінен өзі дара билік пайда болады; одан кейін соның өзінен реттеліп, түзетіліп барып, патшалық келеді. 8. Патшалық басқару табиғаты жағынан өзіне сәйкес жексұрын пошымға, яғни тиранияға айналған кезде, осы соңғысының қирандыларынан өз кезегінде аристократия өсіп шығады. 9. Содан кейін аристократия да табиғат заңы бойынша азғындап, олигархияға айналғанда, ашынған халық өз ашуын билік басындағылардан алады да,

404 Бұл түсініктің тамыры Аристотельдің мемлекет пошымдары туралы теориясында. 405 Охлократия – қара халықтың билігі.

демократия дүниеге келеді. 10. Халық бұқарасының жүгенсіздігі және заңды елемеуі уақыт өте келе охлократияны туындатады. ҮІ. ІІ. ІІ. Сонымен, бұрын айтқанымдай, (римдіктерде) мемлекеттік өкіметтің барлық үш түрі де болды; осынау түрлердің арасындағы жымының білінбейтіндігі және барынша реттелгендігі соншалық тіпті жергілікті тұрғындардың ешқайсысы да жалпы алғанда мемлекеттік құрылыс аристократиялық па, әлде демократиялық немесе монархиялық па, соны тап басып айта алмас еді. 12. Мұның өзі табиғи нәрсе. Шынында да, егер біз назарымызды консулдардың билігіне шоғырландырар болсақ, мемлекет бізге әбден-ақ монархиялық және патшалық болып көрінер еді, егер сенат билігіне шоғырландырсақ, керісінше ол аристократиялық болар еді, ал егер кімде-кім халық билігіне үңілсе, онда анық демократиялық болғанын көрер еді. ҮІ. 12. 1. Консулдар, әскерді жорыққа бастағанша, Римде тұрып, бүкіл мемлекеттік істерді билеп-төстеді. 2. Халық трибундарынан басқа барлық мансап иелері оларға сөзсіз бағынады, олар сондай-ақ сенатқа өз өкілдерін енгізеді. 3. Оның үстіне консулдар сенат оларға талқылануға тиіс істерді баяндап отырады және қаулылардың орындалуын қадағалайды. 4. Халық құзырындағы нәрсенің бәрін консулдар жүргізеді, олар халық жиналыстарын шақыруға, оларға ұсыныстар енгізуге және көпшіліктің қаулыларын (қарарларын) жүзеге асыруға тиіс. 5. Консулдар соғысқа дайындықта және жалпы әскери жорықта да (әскери қадамдарды басқаруда) дара өкімет дерлік билікке ие. 6. Өйткені оларға одақтастардан қажет секілді нәрсенің барлығын талап етуге, әскери трибундарды406 тағайындауға, қызметке жарамдыларды іріктеп, жауынгерлерді жасақтауға рұқсат етілген. 7. Мұның үстіне оларға әскери қосында өздеріне бағыныштылардың қай-қайсысын да жазалау билігі берілген. 8. Сондай-ақ мемлекеттік қазына ақшасын қанша қажет болса, сонша жұмсау да

406 Алты адамнан құралатын әскери трибундар легионда командирлер болған, республикалық дәуірдегі консул әскерлерінде олардың барлығы 24 болатын. Басында оларды консул тағайындайтын, ал біздің дәуірімізге дейінгі 207-жылдан бастап центуриат комицияларында сайланатын болды.

соларды билігінде болатын, өйткені олардың қандай да бір нұсқауын қалт еткізбей орындауға тиіс квестор оларға еріп жүретін. 9. Демек, осы өкіметке әлдекім назар аударса, (Римдегі) мемлекет жай ғана монархия және патшалық дер еді… ҮІ. 13. І. Сенаттың билігінде ең алдымен қазына бар. Өйткені ол бүкіл кіріс пен шығыстың толық қожайыны. 2. Мәселен, квесторлар, консулдар талап еткеннен басқа, ешқандай да мұқтажға сенаттың рұқсатынсыз қаржы бере алмайды. 3. Басқаларға қарағанда ең көп және ең маңызды шығыстың – қоғамдық ғимараттарды жөндеу және салу үшін әрбір бес жылда бір рет цензорлар жұмсайтын қаржының билігі сенатта, оған рұқсатты цензорларға сенат береді. 4. Дәл осы секілді, Италияда жасалған, мемлекеттік тергеуге жататын қандай да болмасын қылмыстардың бәрін, мысалы, сатқындық, қаскүнемдік, уландыру, тасадан өлтіру секілділердің бәрін тергеу сенаттың құзырында. 5. Мұның үстіне, егер Италияда жеке бір адам немесе полис бір даудың шешілуіне, жазалауға, көмекке немесе қорғануға мәжбүр болса, осы істердің барлығына бас-көз болу сенаттың құзырында. 6. Италия шегінген тыс жердегі біреулерге бітісу үшін, яки (көмекке) шақыру үшін, яки (бір нәрсені) шешу үшін, яки соғыс жариялау үшін елшілік жіберу керек болса, бұл да сенаттың шаруасы. 7. Осы секілді, егер Римге елшілік келетін болса, сенат кімді қалай, олардың қайсысын қабылдауды және кімге қалай жауап беруді айқындайды. Бұл айтылған істерге халық мүлдем ешқалай араласпайды. 8. Сөйтіп, Римге біреу консул жоқ кезде келсе, мемлекет әбден-ақ аристократиялық болып көрінеді. 9.... (Римдіктерде) барлық дерлік іске сенат басшылық жасайды. ҮІ. 14. 1. Сондықтан мемлекетте биліктің қай бөлігі халықтың қолында қалады деп сұрау орынды. 2. Жоғарыда айтқанымызға сәйкес, сенат барлық істе, ең бастысы барлық кіріс пен шығыста билеп-төстесе, консулдар бас қолбасшылар ретінде соғысқа дайындық ісінде және әскери жорықтарда шексіз билікке ие. 3. Осының бәріне қарамай, халықтың

билікке қатысуы үшін де407 айтарлықтай орын, тіпті едәуір ықпалды орын қалады. 4. Өйткені мемлекетте тек халық қана марапаттау мен жазалау билігіне ие, оның үстіне патшалықтар мен азат мемлекеттер, жалпы адамзат тіршілігі сол марапаттау мен жазалауға арқа сүйейді. 5. Шын мәнінде не марапат пен жаза арасындағы айырмашылық жеткілікті дәрежеде санаға сіңбесе, не санаға сіңгенде де дұрыс бағаланбаса, ешқандай шаруа дұрыс жүрмейді. Арам адамдардың адал адамдармен бірдей бағалануы, миған қонар ма еді? 6. Халық, егер қылмыс үшін үстеме айтарлықтай болса, әсіресе айыпталушы жоғары мансап иелері болса, ақшалай үстеме туындататын істерді де жиі шешеді; өлім жазасы үкімін тек халық шығарады. 7. Бұл ретте римдіктерде мақтауға лайық және айтуға тұрарлық тәртіп бар, атап айтқанда: өлім жазасына кесілетіндерге, әлі үкім дайындалып жатқанда, шешім қабылдайтын халықтың үштен бірі әлі дауыс бермеген кезде, олар әдет-ғұрыпқа сәйкес (жасырынбай) ашық түрде, ерікті түрде жер аударылуға ұйғаруға мүмкіндік береді. 8. Қуылғандар үшін баспана болатын жер ретінде римдіктермен анттасып одақтасқан: Неаполь, Пренесте, Тибур қалалары белгіленген. 9. Халық лайықты азаматтарға құрмет те көрсетеді, бұл дегеніңіз ерлік үшін мемлекеттегі ең жоғары марапат. 10. Заң қабылдау немесе қабылдамау билігі де соның қолында және, – ең маңыздысы – соғыс және бітім мәселелерін шешеді. 408 11. Мұның үстіне халық құрылған одақты, жасалған бітімді, шарттарды бекітеді немесе бекітпейді. 12. Осыған қарап, әркім-ақ Рим мемлекетіндегі басқару ісінде халықтың аса маңызды үлесі бар, бұл дегеніңіз демократия деуге хақылы. ҮІ. 15. 1. Сонымен, біз римдіктерде мемлекеттік басқару өкіметтің жекелеген түрлерінің арасында қалай бөлінетінін көрсеттік. Енді өкіметтің жекелеген түрлері, өздері қаласа бір-біріне қалай кедергі жасайтынын, немесе қалай өзара бір-бірін қолдап көмектесетінін айтқан жөн. 2.

407 Халық, яғни халық жиналыстарының қызметіне қатысатын азаматтар. 408 Заңдарды трибут комициялары қабылдайтын, ал соғыс пен бейбітшілік мәселелері, мансап иелерін сайлау секілді, центуриот комицияларында шешілетін.

Мәселен, консул жоғарыда айтылған билікке қол жеткізіп, жорыққа аттанғанда, ол алдағы істі жүзеге асыруда шексіз билікке ие болғанымен, 3. халық пен сенатсыз ісі өрге баспайды: олардың қатысуынсыз ол өзінің шаруасын жеріне жеткізе алмайды. 4. Өйткені, легиондарға409 үнемі керекжарақ жеткізіп тұру қажеттігі айқын, ал сенаттың шешімінсіз легиондарға тамақ та, киім-кешек те, жалақы да жеткізілмейді; 5. соның салдарынан, егер сенат іске кесірін тигізгісі, бөгет жасағысы келсе, көсемдердің ойға алғандары жүзеге аспай қалар еді. 6. Мұнан басқа, әскербасылардың жоспарлары мен есептерінің орындалу-орындалмауы да сенатқа байланысты, өйткені бір жыл мерзім өткен соң жаңа консул жіберу немесе бұрынғысының мерзімін ұзарту сенаттың құзырында. 7. Одан әрі, көсемдердің табысын мадақтап, ұлықтау да, оларды даңқтан жұрдай етіп, мысын басу да сенаттың қолында; 8. өйткені сенаттың келісімінсіз және оларға бөлінетін ақшасыз әскербасылар өз жеңісіне арналған триумфты римдіктер алдында мүлдем өткізе алмайды немесе лайықты салтанатпен өткізе алмайды. 9. Оның үстіне әскербасылар, елден қанша жырақта жүрсе де, халықтың көңілін табуға тиіс, өйткені, жоғарыда айтқанымдай, жасалған бітім мен шартты бекітетін де, бекітпейтін де халық. 10. Бәрінен де маңыздысы – консулдар өз мансабын тапсырғанда тындырғаны жайында халықтың алдында есеп береді. 11. Осылайша, консулдар үшін сенаттың да, халықтың да ықыласына немқұрайды қарау тіпті де қауіпсіз емес. ҮІ. 16. 1. Екінші жағынан, сенат қаншалықты құзырлы болғанымен, мемлекеттік істерде ол ең әуелі халықпен есептесіп, оның ықыласына бөленуге міндетті. 2. Мемлекетке қарсы жасалып, өлім жазасына кесілетін қылмыстарды аса маңызды да байыпты тергеу мен жазалауды да сенат өз бетімен атқара алмайды, өйткені оның бұл туралы қаулысын алдын ала халық бекітуі керек. 3. Сенаттың жүргізуіне жататын істерде де дәл солай,

409 Легион – (лат. Legіo – сөзбе-сөз жинау ) – Римнің жаяу әскерінің негізгі бірлігі. Ерте Республика заманында 4200 адамнан құралатын, 2-Пуни соғысы кезінде 6200-ге дейін ұлғайтылды.

атап айтқанда: әлдекім әдет бойынша сенат құзырындағы билікке нұқсан келтіретін, немесе сенаторлардан төрағалық пен құрметті алып қоятын, немесе тіпті олардың мүлкіне нұқсан келтіру қатерін төнгізетін заң ұсынса, осының бәрін және сол сияқтыларды қабылдау немесе қабылдамау халықтың құзырында. 4. Бірақ одан да маңыздысы мынау: егер халық трибундарының біреуі ғана қарсы болса, сенат өз қаулысын жүзеге асыра алмайтыны өз алдына, ол кеңес те өткізе алмайды, тіпті жинала да алмайды, ал трибундар әрқашанда халықтың ойынан шығып, ең алдымен оның еркімен санасуға міндетті. 5. Осылайша, сенат барлық осы себептермен халықтан қорқады және оған бар назарын аударып отырады. ҮІ. 17. 1. Дәл солай, халық та сенатқа тәуелді, мемлекет ісінде де, жеке адамдардың ісінде де онымен тіл табысуға міндетті. 2. Іс жүзінде, бүкіл Италиядағы қоғамдық ғимараттарды басқару мен оларды салу жөніндегі, санап шығудың өзі оңай емес көп жұмыс, сондай-ақ көптеген өзендер, гаваньдар, бау-бақшалар, кеніштер, жерлер, қысқасы римдіктердің қолындағы нәрсенің бәрі цензорлар арқылы ақы төлеп атқаруға, пайдалануға беріледі. 3. Осы аталғандардың бәрі халықтың құзырында, барлық азаматтардың дерлік осы іске, ол арқылы алынатын пайдаға қатысы бар. 4. Біреулер ақысын төлеп цензорлардан әлгілердің біреуін атқаруға, пайдалануға алады, енді біреулер соларға серік болады, үшіншілері соларға кепіл болады, төртіншілері сол үшін мемлекет қазынасына өзінің мал-мүлкін салады. 5. Осы мәселенің бәрін сенат шешеді, атап айтқанда: төлем мерзімін белгілейді, төтен кесепатқа ұшыраған төлемшілердің жағдайын жеңілдетеді, ал күйі келмейтіндерді біржола міндеттемесінен де құтқарады. 6. Қысқасы, көп жағдайда сенат қоғамдық игілікке қатысты адамдарға кесірін тигізе де, көмектесе де алады, өйткені аталған барлық істер бойынша сенатқа жүгіну қажет. 7. Бұдан кейін – ең маңыздысы – көптеген түрлі мемлекеттік және жеке тұлғаларға қатысты аса маңызды даулы істерді қарау үшін сенаторлар арасынан судьялар тағайындалады. 8. Міне, содан да, сенатқа тәуелді

болғандықтан, түрлі дау-шар өзінің зиянына шешілмес үшін, барлық азаматтар сенат шешіміне және сенатқа қарсы келуге бармайды. 9. Дәл солай, олар консулдардың ойына да қарсы келмейді, өйткені әрбір азамат жеке де, барлығы бірге де соғыс кезінде консулдардың билігіне бағынады. ҮІ. 18. 1. Әрбір өкімет екіншісіне кесірін тигізуге де, көмектесуге де толық мүмкіндігі болғанмен, барлық жағдайда да тиісті ауызбірлік аңғарылады, содан да мемлекеттік құрылыстың одан жақсысын көрсете алмайсың. 2. Шынында да, сырттан қандай да бір ортақ қауіп оларды бірлікке және өзара көмекке итермелейді, мемлекет әдетте соншалық құдіретті де іскер болып, ешқандай да мұқтаждық қанағаттандырусыз қалмайды. 3. Егер бір нәрсе бола қалса, барлық римдіктер әрқашан оны бірлесе талқылауда бәсекеге түседі, қабылданған шешім кешіктірілмей орындалады, жеке болып та, топтасып та, шаруаның орындалуына жәрдемдеседі. 4. Міне сондықтан бұл мемлекет өз құрылысының ерекшелігі арқасында жеңілмейді де, өзінің барлық жоспарын іске асырады. 5. Екінші жағынан, жеңістің арқасында сыртқы қауіптен арылған римдіктер бақытты, бай өмір сүріп, молшылықтың рақатын көріп отырғанда, жағымпаздардың қолпашына оңай еріп, әдетте болатындай, жүгенсіз кетіп, өркөкіректік пайда болса, 6. сонда осынау мемлекеттің өзіне өзі қалай көмектесетінін өте айқын көресің. 7. Өйткені, егер өкіметтің қандай да бір түрі тым асқақтап, басқаларға тым талапшыл болып, өзінің маңызын орынсыз көтергісі келсе, біз әлгінде ғана айтқанымыздай, ешқайсысы да басқасынан жоғары бола алмайтындықтан және олардың әрқайсысының басқаларының ойларына кедергі жасауға және қарсы тұруға мүмкіндігі болғандықтан, олардың бір түрінің шектен шыға күшейіп, басқаларынан жоғары тұруы мүлдем мүмкін болмас еді. 8. Шынында да, барлығы да өз орнында қала береді, өйткені өзгеріс жасауға ұмтылыс бір бөлігінде сыртқы күштердің ықпалымен тежеледі, екінші бір бөлігінде қай жақтан болса да қарсылық туындауынан ежелгі қауіптенумен шектеледі. 9. Диктатордың консулдан айырмашылығы мынадай: әрбір консулға он екі

ликтор еріп жүрсе, диктаторға жиырма төрт ликтор еріп жүреді; диктаторлар сенаттан халықты (әскерге) жұмылдыруды талап етеді, өйткені диктатор бүкіл елдік әскербасы, ол тағайындалған кезде, Римдегі, трибундардан басқа, бүкіл өкімет қызметін тоқтатады. ҮІ. 19. 1.... Консулдар сайланғаннан кейін, әскери трибундарды сайлайды, олардың он төрті жылдық жорықтарға бес рет қатысқандардан, ал қалған оны сондай он жорыққа қатысқандардан сайланады… 2. Басқаларға келсек, мүліктік цензі төрт жүз драхмадан кем410 азаматтардан өзгелері қырық алты жасқа дейін он рет атты әскер немесе жиырма рет жаяу әскер сапында жорыққа қатысуға міндетті, ал мүліктік цензі төрт жүз драхмадан кем азаматтардың барлығы флотта қызмет атқаруға қалдырылады. 3. Айтпақшы, бұл азаматтар, егер жағдай мәжбүр етсе, жаяу әскер сапында жылдық жиырма жорыққа қатысуға міндетті. 4. Жылдық он жорыққа қатыспаса, ешкім де мансапқа ие бола алмайды. 5. Консул болып сайланған адамдар әскер жасақтағысы келсе, олар халық жиналысында алдын-ала бір күнді белгілеуге міндетті, сол күні жасы қажетті межеге жеткен римдіктердің бәрі Римге келуге тиіс. 6. Белгіленген күні әскери қызмет атқаруға міндетті адамдар Римге келіп, Капитолийге жиналған соң, халық немесе консулдар қойған кіші трибундар төрт бөлікке бөлінеді, өйткені римдіктерде төрт легион әскердің негізгі және бастапқы бөлінуін құрайды… 8. Бірінші болып сайланған төрт трибунды олар бірінші легион дейтінге бөледі, одан кейінгі үшеуін – екінші, одан кейінгі төртеуін – үшінші, қалған үшеуін төртінші легионға бөледі. 9. Ал жасамыс трибундарға келсек, олар алғашқы екеуін бірінші легионға, одан кейінгі үшеуін – екінші, келесі екеуін – үшінші, соңғы үшеуін төртінші легионға бөледі. ҮІ. 20. 1. Трибундар тағайындалып, бөлінген соң, барлық легиондар саны бірдей бастықтарға ие болады, 2. бұдан кейін трибундар, бір-бірінен алыстап, өз легиондарына орналасады да, және трибалар бойынша жеребе

410 Драхма – 4, 36 гр. күміс.

тастап, сол жеребе бойынша бірінен соң бірін шақырады. 3. Жеребе бойынша, бірінші трибаның солдаттары ішінен консулдар жасы да дене бітімі де шамамен біркелкі төрт адамды таңдап алады. 4. Бұл солдаттар бастықтарға жақындағанда, ең алдымен бірінші легионның, трибундары олардың ішінен біреуін, содан кейін екінші, одан әрі үшінші, ең соңында төртінші легионның трибундары таңдайды. 5. Бұдан кейін келесі төрт солдат келгенде таңдауды екінші легионның трибундары бастап, әрі қарай жалғастырады, сөйтіп бұл жолы бірінші легионның трибундары ең соңғы болып таңдайды. 6. Содан кейін жаңа төртеуі келгенде біріншіболып үшінші легионның, соңғысы болып екінші легионның трибундары таңдайды. 7. Осындай тәртіппен басынан аяғына дейін таңдау жүргізілгендіктен, барлық легиондар біркелкі солдаттармен жасақталады. 8. Қажетті мөлшерде солдаттар іріктелгенде, жаяу әскердің саны төрт мың екі жүз немесе соғыс неғұрлым қиын болатыны аңғарылса, бес мың болады. 9. Ертеде атты әскер жаяу әскердің саны төрт мың екі жүзге жеткен соң іріктелетін; қазір атты әскер салтаттылардың цензорлар жасаған мүліктік тізіміне сәйкес бұрын жасақталады; әрбір легионға үш жүз салтатты жауынгер таңдалады. ҮІ. 21. 1. Жоғарыда сипатталғандай әдіспен таңдау аяқталған соң, трибундар жаңа алынғандарды легиондар бойынша жинайды. 2. Солардың бәрінің ішінен ең лайықтысы іріктеліп, бастықтардың бұйрығына бағынып, шамасына қарай оны орындайтыны жөнінде ант алынады. 3. Одан кейін барлық жауынгерлер бірінен соң бірі шығып, өздері де әлгі бірінші жауынгер міндетіне алғандай қимылдайтынын айтады. 4. Осымен бір мезгілде консулдар Италияның басқа одақтас қалаларының өкіметтеріне олардан қосымша әскер алғысы келетінін хабарлап, олардың санын да айтады, жаңа алынғандардың қашан, қай жерге келетін күні мен орнын белгілейді. 5. Қалалар шамамен жоғарыда сипатталған тәсілмен әскер жасақтап, олардан ант қабылдап, оларға бастық пен қаржы жұмсаушыны беріп, жолға жөнелтеді. 6. Бұдан кейін Римдегі әскери трибундар жаңа

алынғандардан ант қабылдаған соң, әрбір легионның солдаттары қай күні, қайда қарусыз келетінін белгілеп, оларды үйді-үйіне таратады. 7. Белгіленген күні жаңа алынғандар жиналған соң, олардың ең жастарын және ең кедейлерін трибундар жеңіл қаруланғандарға, одан кейінгілерін hastatі411 дейтіндерге, нағыз дер жасындағыларды prіncіpes412 дейтіндерге, ал жасамыстарды trіarіі413 дейтіндерге жібереді. 8. Римдіктерде әрбір легионды аты мен жасына қарай ғана емес, санына, қаруларының түріне қарай бөлу тәртібі осындай. 9. Солдаттарды бөлу былайша жүргізіледі: триарий делінетін жасамыстардың саны алты жүз, prіncіpes – мың екі жүз, hastatі да сонша мөлшерде, ал басқалар, жасы кішілер жеңіл қаруланғандарды құрайды. 10. Егер солдаттардың саны төрт мыңнан асатын болса, соған сәйкес солдаттарды дәрежесіне қарай бөлу де өзгереді, тек триарийлердің саны ғана ешқашан өзгермейді.

Аударма
"Полибий.
Қырық
кітаптан

тұратын жалпы тарих. М. 1895. Т. ІІ. "
басылымынан жасалған

Цицерон Марк Тулий

(б. д. дейінгі 106–43 жылдар). Римнің саяси қайраткері, шешен, философ, жазушы. Арпинада туған. Ол жан-жақты білім алған және бүкіл ғұмыр бойы белсенді саяси қызметпен айналысқан. Республикалық құрылымды жақтаған. Консул кезінде Катилинаның қаскүнемдігін әшкерелеп, жойған. Азамат соғысы кезінде Помпейді жақтаса да, Цезарь оған кешірім жасаған. Цезарь өлтірілген соң, Антонийға қарсы шығып,

411 Hastatі – найзагерлер. 412 Prіncіpes – әуелгіде бірінші қатардағы жауынгерлер, кейін ауыр қаруланған жауынгерлер. 413 Trіarіі – үшінші қатардағы жауынгерлер, резерв.

сол үшін қара тізімге іліккен, яғни жазықты деп жарияланып, өлімге кесілген. Оның шығармаларынан сотта сөйлеген және саяси 58 сөзі, шешендік, саясат, философия жөніндегі 19 трактаты және 800-ден астам хаттары қалған. Ол латын сөздігінің және абстрактілік ұғымдарды баяндау стилінің авторы саналады. Орта ғасырлар тұсында грек философиясын насихаттаушы ретінде белгілі болды. Өзінің философиялық шығармаларын өмірінің тек соңғы кезінде ғана жазып, күнделікті өмір күйбеңінен сырттаған. Мынадай еңбектері белгілі: "Тускуладағы әңгімелер". "Тағдыр туралы", "Құдайлардың тегі туралы", "Заңдар туралы" және басқалар. Бұларда негізінен бұрынғы және сол тұстағы философиялық ілімдер мен көзқарастар мазмұндалған.

МЕМЛЕКЕТ ТУРАЛЫ

ІІ кітап (ҮІІ, 13) …Ромул Сабиния патшасы Тит Тациймен шарт жасады, және де мұны алып қашып әкелінген матроналардың414 өздері қиылып сұраған-ды; бұл шарт бойынша Ромул сабиниялықтарды азаматтар қатарына қабылдап, оларды қасиетті орындарға тәуеп етуге тартты, өзінің патшалық өкіметін олардың патшасымен бөлісті. ІІ (ҮІІІ, 14) Таций опат болғаннан кейін, барлық билік қайтадан Ромулға көшкен соң, Ромул бұрын Тациймен бірге өздерінің беделіне орай "әкелер"415 деп аталған белгілі адамдарды патшалық кеңеске кіргізсе де, өз атынан, Тацийдің және сабиниялықтармен шайқаста шейіт болған одақтасы Лукумонның атынан халықты үш трибаға және отыз курияға бөліп, сол курияларға алып қашып әкелінген шарт жасасуды өтінген сабиниялық әйелдердің аттарын берді; сөйтіп осының бәрі Тацийдің көзі

414 Матрона – тұрмыстағы әйел, отбасының заңды некелі анасы.
415 Әкелер – patres, рубасы.

тірісінде осылай белгіленсе де, ол өлтірілген соң да Ромул "әкелердің" беделі мен ақылына бұрынғыдан да көбірек арқа сүйеп, патшалық құрды. ІІ (ІХ. 15) Осыны жасаған соң, Ромул ең алдымен біраз бұрын Спартада Ликург416 түсініп істеген істің мәнін ұғып, оны дұрыс деп тапты: жеке-дара империя мен патшалық өкімет арқылы, өкіметтің бұл түріне ең жақсы азаматтардың беделі қосылса, мемлекетті жақсырақ билеп-төстеп басқаруға болады екен. Міне сөйтіп, "сенат" секілді патшалық кеңестен өзіне таяныш пен қорғаныш тауып, Ромул көршілерімен соғыста көптеген жеңістерге жетті және олжадан өзіне ешнәрсе алмай, өз азаматтарын байытумен болды. (16) Одан әрі Ромул ауспициялармен417 үнемі санасып отырды, біз бұл дәстүрді күні бүгінге дейін ел қауіпсіздігін нығайта түсу үшін сақтап келеміз. Ромулдың өзі қала салуға кіріскенде, ал мұның қзі мемлекеттің бастауы болды ғой, ауспицияға жүгінген болатын, одан кейін әрбір трибадан бір авгурдан іріктеп алды, авгур оған ылғи еріп жүріп, Ромул қандай да бір мемлекеттік іске кіріскенде, әрбір жолы бал ашатын. Ақыр соңында, ол сондай-ақ плебс418 жақсы-жайсаңдардың клиентелдеріне бөлді – бұл қандай пайда бергенін кейінірек айтамын – және қойлар мен бұқа түрінде пеня енгізіп мәжбүрлеу шараларын қолданды; сөйтіп зорлықзомбылыққа, өлім жазасына кесуге бармайтын болды. Пеняны қой мен бұқа түрінде алу себебі – ол кезде мүлік дегеніңіз мал мен жер болатын, сондықтан адамдарды “малы көп”, “жер иесі” деп атайтын. ІІ (Х, 20) …Дегенмен Ромулдың ақылы мен ержүректігінің күші соншалық жұрт қарапайым адам Прокул Юлийдің айтқанына, ондай сөз пенденің қай-қайсысы туралы айтылса да, тіпті содан көптеген ғасырлар бұрын ешкім сенбейтін сөзге, ұйи кетті; рас, Ромулдың ажалына қатысы бар деген күдіктен құтылғысы келген "әкелердің" құлағына құюымен Прокул халықтың бір жиынында Ромулды қазір Квирин аталатын төбеде

416 Ликург – Спарта конституциясын жасаған жартылай аңызға айналған заңгер. 417 Ауспициялар – аспан нысандарына, құстың ұшуы мен шұқуына қарап бал ашу. Римде әрбір шараны жүзеге асырар алдында белгілі бір күнде және бір жерде сондай бал ашылатын. 418 Цицерон жазбаларында кездесетін анахронизм, "халы" "ара халы" дегенді білдіреді.

көрдім, Ромул өзіне осынау төбеде ғибадатхана салуды халыққа жеткізуді маған тапсырды: ол – құдай және есімі Квирин дей салды деген сөз бар... ІІ (ХІІ, 23) Сөйтіп, – дейді Сципион, – Ромулдың оптиматтардан құралған сенаты, патшаның өзі ересен құрмет көрсетіп, өздерін "әкелер", ал балаларын "патрицийлер" деп атауды қалаған оптиматтар Ромулдың көзі жұмылған соң, мемлекетті патшасыз-ақ өздері басқаруға тырысқанда, халық оған төзбеді де, Ромулдың заманын аңсап, содан бері патша тауып беруді талап етумен болды. Сонда жақсылар мен жайсаңдар басқа халықтар есітіп, көрмеген бір жол тапты – патшааралық құрылсын деді. Оның мәні: тұрақты патша сайланғанша мемлекет жалпы өкіметсіз қалмасын, ұзақ мерзімге патшасыз да қалмасын… ІІ (ХІІІ, 25) …Халықтың өзі, өз азаматтарынан аттап өтіп, "әкелердің" келісімімен, патшалық етуге жат жерлікті (Нума Помпилийді), Курадан сабиниялықты Римге шақырды. Ол Римге келген бойда халық куриялық комицийлердің қаулысы бойынша оған патша болуды бұйырғанына қарамастан, Помпилий өзінің билеп-төстеуі туралы өзінің куриялық заңын ұсынды, ал Ромул белгілеген тәртіпті ұстанған римдіктердің соғысқа барынша құштар екенін көрген бойда халыққа мұны біршама ұмытқызу қажет деп тапты. ІІ (ХІҮ, 26) Ең алдымен ол Ромул жаулап алған жерлерді азаматтарға үлесі бойынша әрбір еркек кіндікке бөліп беріп, сол жерді баптап-ақ, басқа халықтарды талан-таражға салмай-ақ, біреулерді тонамай-ақ, молшылыққа жетуге болатынын дәлелдеді; ол азаматтарға тыныштық пен бейбітшілікке ынтызарлықты үйретті, соның арқасында әділ сот пен адалдық жақсырақ нығаяды, солардың ықпалымен жер өңдеу мен өнім жинау жақсы атқарылады. Сол Помпилий "үлкен ауспицияларды" енгізіп, бұрынғы авгурлардың419 қатарына тағы да екеуін қосты, әулиелік жоралғыны іске асыруды жақсылар мен жайсаңдардан іріктеліп алынған бес понтификке420 жүктеді, біздің ескерткіштерімізде сақталған сол заңдарды ұсына отырып, соғысқа еті үйренген және соған құмартып тұратын адамдардың мінезқұлқын діни әдет-ғұрыптармен жұмсарта білді; сонымен қатар, ол

419 Авгур – құсқа қарап бал ашушы, абыз. 420 Понтификтер – жоғарғы абыздар аласы. Діни күнтізбені солар жасаған.

абыздардың қатарына фламиндерді421, салийлерді422 және қызвесталкаларды423 қосып, біздің діни жарғымыздың барлық бөліктерін харам деп жариялады. ІІ (ХҮІІ, 31) Помпилий қайтыс болғаннан кейін, интеррекстің424 ұсынысы бойынша, халық куриялық комицияларда Тулл Гостилийді патша етіп сайлады, ал ол өз кезегінде, Помпилийдің жолымен, өзінің билептөстеуі жөнінде куриялар бойынша халықтың пікірін сұрады. Тулл Гостилий зор әскери даңққа бөленді, соғыстар кезінде ұлы ерліктер жасады. Әскери олжаларды сатып тапқан ақшаға ол комициялар425 мен курияларды жайластырып, дуалдармен қоршады. Ол соғыс жариялаудың ережелерін бекітті; өте әділ ойлап тапқан бұл ережелерді ол арнаулы нұсқаулармен бекітті, солар бойынша хабарланбаған, жарияланбаған кезкелген соғыс әділетсіз де арсыз деп танылды. Біздің патшаларымыздың қаншалықты кемеңгерлікпен кейбір құқықтардың халыққа берілуі керектігін күні бұрын көздеп қойғанын – бұл туралы әлі талай айтармыз – мен Тулл Гостилий өзінің патшалық мәртебесінің белгілерін де халықтың бұйрығымен ғана пайдалануға бел байлағанын, көрсетпекпін. Тіпті ол он екі ликтордың өзінің алдында жүріп отыруына рұқсатты ол халықтан сұраған. [...] ІІ (ХҮІІІ, 33) Тулл Гостилийден кейін халық Нума Помпилийдің қызынан туған немересі Анк Марцийді патша сайлады, ол да өзінің билептөстеуі туралы куриялық заңды өткізді. Латындардың тас-талқанын шығарған ол, оларды азаматтар қатарына қабылдады; ол қалаға Авентин және Целий жоталарын қосып алды, басып алған жерлерін бөліп берді, ал теңіз маңында орналасқан және өзі басып алған орманның барлығын

421 Фламиндер – жеке культтердің абыздары. 422 Салиялар – соғыс құдайы Марсқа бағышталған абзыдар алқасы. 423 Весталкалар – от ұдайы, жалпыримдік ошақ ұдайы Вестаның абыздары. 424 Интеррекс – "патшааралы". Екі патшалы арасындағы кезеңде сенаторлар арасынан жеребе бойынша сайланып отырған. 425 Комиций – халы жиыны өтетін Форумдағы орын.

мемлекет меншігі деп жариялады. Тибр сағасында қала426 салып, оны нығайтып, оған колондарды427 орналастырды. Осылайша жиырма үш жыл бойы патшалық құрған ол ақ өліммен дүниеден өтті. ІІ (ХІХ, 34) Осынау бір замандарда азаматтар, тегінде, ең алдымен шетелдік ілімдер арқасында біршама білімдар бола бастаған секілді. Біздің қалаға Грекиядан ғылым мен өнердің бұлағы емес, шалқар дариясы ағып келіп жатады дер едім. Аңыз бойынша, Коринфтан шыққан Демарат деген, азаматтар арасында құрметті орны, беделі мен байлығы жөнінен оқ бойы озық біреу болыпты. Коринф тираны Кипселдің озбырлығына шыдамай, өзінің бар байлығын жиып алып, Этрурияның гүлденген қаласы Тарквинийге қарай қашты дейді аңыз... Оны тарквинийліктер өздерінің азаматтығына қабылдап, ол осынау қала қауымынан мекен тауыпты. Оның Тарквиний әулетінен шыққан әйелі қос ұл тауып, ол балаларына грек рухында жақсы білім беріпті. ІІ (ХХ, 35) …Римде азаматтық құқығын оп-оңай алған (Демараттың ұлы) оқымыстылығы және білімінің арқасында Анк патшаның жақын досына айналады, содан да жұрт оны патшаның барлық ойларының іске асуына қатысушы, тіпті елді бірге билеуші деп санапты. Мұның үстіне, ол асқан жылышырайлылығымен, азаматтардың бәріне көмек көрсетуге, әркез қолдап, қорғап отыруға құштарлығымен, тіпті мол сый-сияпатымен оқшау тұрады екен. Сондықтан да, Марций қайтыс болған соң, халық оны Луций Тарквиний деген есіммен, бірауыздан патша сайлады; ол өзінің грекше атын осылайша өзгертіп, барлық жағынан да халқымыздың әдетғұрпын толық қабылдағанын аңғартты. Өзінің билеп-төстеуі туралы заңды қабылдатқан соң, ол ең алдымен бұрынғы "әкелердің" санын екі есе өсіріп, бұрынғыларды "аға рулардың әкелері" деп атап, пікір айтуды алдымен солардан өтінетін болды, ал сенатқа өзі қабылдағандарды "кіші рулардың әкелері" деп атады. (36) Бұдан кейін ол қазірге дейін сақталып қалған үлгі

426 Қала, яғни Остию.
427 Дұрысы отаршылар.

бойынша атты әскер құрды, бірақ, қанша қалағанымен, Тицийлердің, Рамндардың, Луцерлердің атын өзгерте алмады, өйткені бұған аса даңқты авгур Атт Навий келісім бермеді. Қайткен күнде де ол бұған дейін болған атты әскерге жаңаларын қосып, олардың санын мың сегіз жүзге жеткізді, яғни екі есе өсірді. Кейінірек ол үнемі римдіктердің молшылығына қатер төндіріп келген көп те асқан батыр экв тайпасын бағындырды, ал сабиниялықтарды Рим қаласының қабырғасынан қуып тастап, атты әскерімен тоз-тозын шығарды да, тас-талқан етті. Біз білгендей Рим ойындары деп аталып кеткен ұлы ойындарды да бірінші болып сол өткізді, ал сабиниялықтармен соғыс кезінде, шайқас үстінде Капитолийде Қайырымды ұлы Юпитерге ғибадатхана салдыруға ант берген ол отыз сегіз жыл патшалық құрып, өмірден озды. ІІ (ХХІ, 37) …Одан кейін, аңыз бойынша, алғаш рет халық сайламайақ Сервий Туллий патшалық құрды, ол Тарквиний үйіндегі бір күңнен туған, ал ол күң баланы патша клиенттерінің бірінен тапқан дейді. Құлдардың ішінде өсіп, тәрбиеленген ол патша дастарқанына қызмет қылып жүргенде, патша оның көзінен ақылдылықтың сол кездің өзінде маздаған жалынан аңғармай қалмайды, бала барлық жұмыста да, әңгімеде де көзге түсіп тұрады екен. Сол үшін де балалары әлі өте жас патша оны жақсы көріп кеткені сонша, халық оны патшаның баласы деп білді, патша болса, оны бір кезде өзі игерген барлық ғылымға аса ыждағатпен үйрете берді де, ол грек үлгісінде тамаша білім алып шығады. (38) Бірақ Тарквиний Анк балаларының қастандығынан қаза тапқан соң, Сервий, мен жоғарыда айтқандай, халық сайлағаннан емес, бірақ олардың қалауымен және мақұлдауымен патшалық ете бастады, өйткені Тарквиний жараланғаннан кейін ауырып жатқанымен әлі тірі кезінде (бұл жалған болатын), Сервий патша киімімен сот жүргізген, жағдайы нашар борышкерлерді өз ақшасына босатқан, жылы-жылы сөйлеп, осының бәрін Тарквинийдің нұсқауымен істеп жатырмын деп халықты сендірген. Сервий "әкелерге" сене қоймай, Тарквиний жерленгеннен кейін, өзі туралы халық

пікірін сұрады, патшалық ету туралы халықтың бұйрығын алғаннан кейін, өзінің билеп-төстеуі туралы куриялық заңды мақұлдатты. Ең алдымен, ол этрускілерге қарсы соғыс ашып, бұрынғы зиянкестіктері үшін оларды қатты жазалады. Осы соғыста (…) ол көп жерді басып алды, бұл жерлерді ол церетендерден, тарквиндерден және вейенттерден тартып алып, оларды жаңа азаматтарға бөліп берді; одан кейін ол ценз енгізді, бұл тағдырдың өзі пешенесіне ұлы болуды жазған мемлекет үшін өте пайдалы жарлық еді; сол ценз негізінде бейбіт күнде де, соғыс кезінде де салық қалай болса солай емес, мүлік мөлшеріне қарай алынып отырды. Ол 100 мың сестерцийі428 және одан жоғары байлығы бар адамдардан сексен центурия, яғни қырық аға центурия, сондай-ақ қырық кіші центурия тағайындады; оған салтаттылар ішінен мүлік цензі бәрінен жоғары он сегіз центурияны қосты. ІІ (ХХІІ, 39) Бұдан кейін Сервий бүкіл халық ішінен салтаттыларды бөліп алып, қалған барлық халықты бес разрядқа бөлді және аға разрядтарды кішілерінен оқшаулады; оларды дауыс берудің нәтижесі тобырға емес, дәулетті адамдарға байланысты болатындай етіп бөлді; сондай-ақ ол алынуын талап етті, көпшілік бәрінен көп билікке ие болып кетпеуін де ескерді, сөйтіп мемлекеттік істерде мұның ешқашан ұмыт болмауын ескертті. Мұндай бөлшектеу сіздерге беймәлім болса, оны түсіндірер де едім. Бірақ сіздер есептің былай жасалғанын білесіздер: салтаттылардың центуриялары алты дауыспен және Рим қаласының өте пайдасы үшін ағаш ұсталары жатқызылған бірінші разряд центурияларын қосқанда, олардың саны сексен тоғыз болады; егер жүз төрт центуриядан (қалғаны осынша) әлгі сексен тоғызға енді бір сегіз центурия қосылса, халық жағында көпшілік болар еді, сөйтіп құрамында тоқсан алты центурия болып шығатын орасан көпшілік халық дауыс беруден сырт қалмас еді, әйтпесе өркеуделік көрінісі болар еді, бірақ қауіпті болатындай тым күшейіп те кетпес еді.

428 Анохронизм, дұрысы – ассов.

(40) Сонымен бірге, Сервий сөзге де, тіпті атауларға да мұқият қарады: байларды "ассберушілер" деп атады, ол "асс" және "беру" деген сөзден тұрады, ал ценз белгілегенде мыңнан аспайтын мүлік көрсеткен немесе өзінен басқа ештеңе көрсете алмағандарды ол пролетарийлар деп атады, бұл олардан ұрпақ, яғни мемлекеттің өмірінің жалғасы күтілетінін анық аңғарту еді. Бірақ бұлай болғанда, ценз негізінде сол тоқсан алты центурияның әрқайсысындағы адамдар саны, бүкіл бірінші разрядтағы адамдар санынан асып кетер еді. Осылайша, бір жағынан, ешкім де дауыс беру құқығынан айрылмайтын, екінші жағынан, дауыс беру кезін мемлекеттің жағдайы барынша жақсы болуына барынша мүдделілер барынша ықпалды болып шығатын. Ол-ол ма, ол акценстерге429, қосалқы әскерге, сырнайшыларға, кернейшілерге, пролетарийларға… да құқық берді (…) ІІ (ХХІҮ, 44) …(Өркеуде Тарквинийдің озбырлығына) жұрт шыдап-ақ бақты. Өйткені осынау бейәділет және қаһарлы әміршінің біршама уақыт жолы болып жүрді: ол бүкіл Лацийді жаулап алды, Помецияның бай да берекелі Суесса қаласын басып алды және алтын мен күмістен мол олжа тауып, әкесінің антына сай Капитолийді салды; ол отарларды құрды, бұрынғылар дәстүрімен Аполлонға құрбандық ретінде Дельфаға ғажайып сыйлықтар жіберді. ІІ (ХХҮ, 45) ...Өйткені мен сөз етіп отырған патшаның, ең алдымен ақыл-есі де дұрыс емес еді, оның үстіне ең бір әділетті патшаның430 қаны мойнында болғандықтан, осынау қылмысы үшін қатаң жазаға ұшыраудан үнемі қорқып жүріп, басқалардың да өзінен қорыққанын қалайтын. Мұның үстіне, ол өзінің жеңістері мен байлығына сүйеніп, менмендіктің шегінен шығып кететін, өзінің нәпсісіне ерік беретін, туысқандарының азғындық әрекеттеріне де тыйым салмайтын.

429 Акценстер (accensі) – Ү мүліктік разрядқа жатқызылғандар.

430 Яғни Сервий Туллийді.

(46) Сөйтіп міне, оның үлкен ұлы бірде Триципитиннің қызы, Конлатиннің зайыбы Лукрецияны зорлағанда, ақылды да текті әйел бұл қорлыққа шыдамай, өзіне өзі қол жұмсады, сонда аса ақылды да ержүрек қайраткер Луций Брут азаматтарды осынау қатыгез құлдық қамытынан босатты… Оның ұсынысымен және басшылығымен көтерілген азаматтар Лукрецияның әкесі мен жақындарының назасын да, Тарквинийдің менмендігін, оның өзінен де, балаларынан да көрген басқа озбырлықтарын еске алып, патшаның өзіне де, балаларына да, сондай-ақ Тарквинийдің тұқымына елден кетуге бұйрық етті.

"Цицерон М. Туллий. Диалогтар" басылымы-
нан (М. 1966. ) аударылды.

Тит Ливий

ҚАЛАНЫҢ НЕГІЗІ ҚАЛАНҒАННАН БЕРГІ РИМ ТАРИХЫ

(б. д. дейінгі 59 – б. д. 17 жылы). Август принципаты дәуіріндегі Рим тарихшысы. Патавияда (қазіргі Падуя) туған. Императормен әмпей

болған, бірақ ешқашан саяси қызметпен айналыспаған. Ливий – Римнің саясаткер немесе әскербасы тәжірибесі жоқ алғашқы ірі тарихшысы. Өзінің 142 кітаптан тұратын "Қаланың негізі қаланғаннан бергі Рим тарихы" деген тарихи еңбегінде қаланың негізі қаланғаннан өзі өмір сүрген кезеңге дейінгі (Друздың б. д. дейінгі 9 жылындағы өлімі) Рим тарихындағы негізгі оқиғалар баяндалған. 1-10 және 21-45-кітаптар сақталған. Бізге жетпеген кітаптардың мазмұнын көлемдері әртүрлі болып келетін кезеңдерден (тараулардан) білуге болады. Олар б. д. 4ғасырында, оқырмандарға осынау шығарма туралы жалпы түсінік беру мақсатымен құрастырылды. Республикадан империяға өту кезеңінде Ливий халықтың патриоттық сезімін қоздыру үшін Рим республикасының тарихын анналистерге тән дәстүрлі пошымда егжей-тегжейлі тағы бір баяндап берді. Ол ата-бабалардың айбынды дәстүрін (vіrtates Romanae) сақтаған және тағдырдың жазуымен Лаций деген әншейін бір қаладан әлемдік державаға, құдіретті Рим империясына айналған Римді барынша әспеттеп көрсетті. Өз замандастарына асқақ моралімен, қаһармандығымен ерекшеленетін ата-бабаларын жарқыратып көрсетуге ұмтылып, сол арқылы құлықтың құлдырауына тосқауыл қоюды мақсат етті. Вергилий мен Горацийдің көптеген өлеңдері сияқты, оның еңбегі де Август жария еткен ежелгі құқықты жаңғырту бағдарламасын идеологиялық тұрғыдан қолдауға бағышталды. Баяндауының ауқымдылығы жағынан Ливийдің шығармасы өзінен бұрынғы тарихи шығармалардан айтарлықтай ерекшеленіп тұрады және бүгіндері Ежелгі Римнің бастапқы тарихының көптеген тұстарын зерттеп-білуде аса маңызды түпнұсқа болып табылады. Империя дәуірінде-ақ Ливий Рим республикасының тарихшысы ретінде даусыз беделге ие болды.

І кітап. 8-тарау. Халықтың санын көбейту үшін шарбақтың сыртындағы екі тоғайдың арасында (Капитолийден) төмен түскен тұста баспана ашылды. Ромул бұл орайда қала салушылардың ескі салтын ұстанды, олар ата-тегі беймәлім әрі төмен текті тобырды маңайына топтап, кейін халық қара жерден жаралып жатыр деп соға салатын. Сол баспанаға көрші тайпалардан қашқан-пысқандар, бөліп-жармай еркіндер де, құлдар да, қысқасы, өз жағдайын жақсартқысы келетіндер ағыла бастады, мұның өзі қалыптаса бастаған ұлылықтың негізі болатын. Адамдар жеткілікті жиналып болған соң, ол жүз ақсақалдан кеңес құрды, бұл арада оның осы сан жетер дегені ме, әлде "әкелер" етіп сайлайтын адамдардың өзі сонша ғана болғаны ма, осы арасы бізге белгісіз. Олар өздері бөленген құрметтің

арқасында "әкелер" атанған еді, олардың балалары "патрицийлер" деп аталды… 1. 35. Анк 24 жыл патшалық құрды және даңқы мен бейбіт кезде де, соғыс кезінде де елді басқара білуі жағынан өзіне дейінгі кез-келген патшамен тең болды. Оның ұлдары кәмелетке жақын еді. Мұның үстіне Тарквиний патша сайлау үшін комицияларды тезірек шақыруды талап етті; комициялар тағайындалған бойда, ол өз балаларын саятқа аттандырып жіберді. Мынадай сөз бар: ол бірінші болып барша жұртты аралап, патша тізгінін беруді өтінді, халықты өз жағына тартатындай жалынды сөз сөйлейтін болды. …Рим халқы тамаша ауызбірлікпен оған патшалық өкіметті беруге ұйғарды. Барлық жағынан мінсіз осынау қайраткер патшалық тізгінін алуда қаншалық мансапқұмарлық көрсетсе, таққа отырған соң да сондай атаққұмарлық көрсетті; ол мемлекетті күшейтуді ойлаумен қатар, өз билігін де нығайта түсуды ойлап, ол жүз адамды сенатқа сайлады, кейін олар кіші сенаторлар деп аталды, сенаттың бұл бөлігі, әрине, патшаны қолдады, сөйтіп олар курияға кірді. І. 36. ...Тарквиний салтаттылар центуриясының ұйымдастырылуына ешқандай өзгеріс енгізген жоқ, тек бұрынғы барына соншама салтаттылар қосты, сөйтіп, үш центурияда 1800 салтатты болды; қазір саны екі есе артқан соң, бұл центуриялар алтау деп есептеледі, ал сол кезде қосылған центуриялар, бұрынғы атауларын сақтап тек, "кіші" центуриялар деп аталатын. І. 41. ...Өзінің нөкерлерін мықтап күшейткен Сервий алғашқы болып, патшалықты халықтың шешімі бойынша емес, әкелердің келісімімен иемденді. Ал Анктың ұлдары, жауыздық жасағандар ұсталды, патша тірі екен, ал Сервий мықтап күшейді деген хабар тараған бойда, Пометий Свессасына жер ауып кетті. І. 42. Өзінің өкіметін нығайту үшін Сервий мемлекеттік шаралармен шектелген жоқ, жеке шараларға да барды: өзіне Тарквинийдің ұлдары сол

Тарквинийге Анк балалары жауыққандай жауықпасын деп, өзінің екі қызын Тарквинийдің екі ұлы Луций мен Арунтқа берді. Сөйтсе де адамдардың әрекеті тағдырда жазылғанды өзгерте алмады: патшалық өкіметке деген құштарлық үйелмендер ішінде де опасыздық пен жауыздық туғызды. Осы кезде тыныштықты сақтап қалу үшін дер сәтінде вейенттермен және басқа этрускілермен соғыс басталып кетті. Осынау соғыста Туллийдің қаһармандығы да, басына бақ қонғандығы да көрініп, дұшпандарының әскерін тоз-тз етіп, ол Римге шын патша болып, сенаттың да халықтың да қолдауына ие болып оралды. Бұдан кейін ол, ұлы бейбіт еңбекке кірісті де, Нуманың діни құқықты жасағаны сияқты, болашақ ұрпақ арасындағы дақпырт Сервийді мемлекетті сословиеге бөлудің атасы деп атады, бұл бөліспен құқықтар мен жағдайдағы айырмашылықтар белгіленді. Ол ценз белгіледі, бұл қазірнідей ұлылыққа жету пешенесіне жазылған мемлекет үшін аса игілікті шара болды; соның негізінде әскери және азаматтық міндеттер бұрынғыдай баршаға бөлінбей, мүліктік жағдайына қарай бөлінетін болды; сол кезде таптар мен центуриялар белгіленді, және бейбіт кез үшін де, соғыс кезі үшін де аса қолайлы бұл бөліс ценз негізінде жасалды. І. 43. 100. 000 асс немесе одан көп мүлік цензі барлардан ол 80 центурия құрды – 40-тан аға және кішілердің әрқайсысының центуриялары болды; бұларға кірген азаматтар бірінші тап деп аталды; ағалар қаланы қорғауға, кішілері қала сыртында соғыс жүргізуге бөлінді. Өз денесін қорғайтын қару былай белгіленді: дулыға, дөңгелек қалқан, қанжар, сауыт – бәрі де қоладан жасалады, шабуылда қолданылатын – найза мен семсер. Бұл тапқа ісмерлердің 2 центуриясы қосылды, олар қарусыз қызмет атқарды; оларға әскери мәшинелер жасау жүктелді. Екінші тап 100 ден 75 мыңға дейінгі асс мөлшеріндегі цензі барлардан құрылды, олардан ағалар мен кішілердің 20 центуриясы жасақталды. Олардың қаруындағы өзгешелік: қалқандары дөңгелек емес, сопақшалау, ал тек сауыттан басқасы бірдей. Үшінші таптың цензі 50 мың асс болып белгіленді, олардан да сонша центурия құрылып, жасына қарай сонша бөлімше

жасақталды. Қаруында да, қанжарды алып тастағаннан басқа, өзгерісі жоқ. 4-таптың цензі – 25 мың асс, олардан да сонша центурия құрылды, қаруы өзгертілді: оларға тек ұзын найза және қысқа найза белгіленді. Бесінші таптың саны көптеу: олардан 30 центурия құрылды; олар өздерімен бірге тек сақпан және сонымен лақтыратын тас қана алып жүрді; оларға сырнайшылар мен кернейшілер екі центурия болып қосылды; бұл тап үшін ценз – 11 мың болды. Цензі төмен басқа халықтан әскери қызметтен бос бір центурия құрылды. Жаяу әскерді осылай құрып бөлгеннен соң, ол ең бақуатты адамдардан салтаттылардың 12 центуриясын жасақтады. Одан басқа, Ромул тек үш центурия ғана құрса, ол алты центурия құрып, оларға авгурлар бекіткен бұрынғы атауларын берді. Ат сатып алу үшін қазынадан жыл сайын 10 мың асс бөлінсе, оны бағып күтуге 2000 асс бөлінді, мұны жесірлер өтеуге тиісті болған. Кедейлердің осынау міндеттіліктердің бәрі байларға жүктелді. Бұдан кейін сый-құрмет қосылды: Ромул енгізіп, одан кейінгі патшалар кезінде сақталып келген жұрттың бас-басына берілген бірдей дауыс беру құқығы сақталмады, дәрежелер белгіленіп, ешкім де дауыс беру құқығынан айырылмағандай көрінді, дегенмен барлық күш мемлекеттің бірінші сославиесінің қолына шоғырландырылды; дауыс беруге ең алдымен салтаттылар, одан кейін бірінші таптың 80 центуриясы шақырылды; егер онда, әдетте сирек болатын, келіспеушілік туа қалса, сонда екінші тап та шақырылуға тиіс болатын, бірақ ең соңғысына дейін төмендеу дегеніңіз ешқашан дерлік болмайтын. Қазіргі, 35 триба белгіленген, бұл сан оларды үлкендер мен кішілердің центурияларына бөлу салдарынан екі есе ұлғаятын тәртіп Сервий Туллий белгілеген тәртіппен сәйкеспейтіндігіне таңдануға болмайды. Бүкіл қаланы, оның барлық бөліктерін, баспана салынған төбелерді ол 4 бөлшекке бөліп, оларды триба деп атады, меніңше бұл trіbutum – мемлекеттің ерекше қажетіне жұмсалатын салық деген сөзден шыққан, оны цензге сәйкес біркелкі жиналатын етіп өзі белгілеген; бірақ сол трибалардың центурияларға бөлуге және олардың санына ешқандай қатысы жоқ.

І. 46. Іс жүзінде ешқандай күмансыз патша бола отырып, Сервий, сөйтсе де, әуелі дұшпандардан тартып алған жерлерді түгелімен халыққа таратып беріп, оның ықыласын өзіне аударғаннан кейін халықтың өзіне жүгінуге, сөйтіп ол өзінің патша болғанын қалай ма, солай бұйрық бере ме дегенді білгісі келуге ұйғарды; мұның өзі жас Тарквиний кейде Сервий халықтың қалауынсыз патша болып жүр деген мәлімдеме жасайды-мыс деген сыбыстан туындаған еді. Және ол халықтың соншалық, ауызбірлігімен патша болып жарияланды, дәл сондай қолдау содан кейінгі патшалардың ешқайсысына да көрсетілген жоқ… І. 47. (Ливий Тарквинийдің аузына Сервий Туллийдің абыройын төгетіндей сөз салады). "…Патша болған соң, ол өзі шыққан төменгі тап адамдарын қанатының астына алды, басқалардың құрметке бөленген жағдайын көре алмай, мемлекеттің маңдай алды адамдарынан тартып алынған жерлерді ең бір жексұрын адамдарға бөліп берді; бұрын ортақ болған барлық міндеттіліктерді ол бірінші сословиенің мойнына артты; бай адамдардың мүліктері белгілі болып, жұрттың қызғанышын қоздату үшін, сонымен бірге, ойға келсе, мұқтаждарға тартып алып беретін мүлік көзі дайын тұруы үшін ценз белгіледі…" І. 49. Одан кейін Л. Тарквиний патшалық құра бастады. Өзінің істеріне қарай Тәкаппар атанған ол, бұл атқа Ромул патша да көмілмей өлген деген уәжбен өз қайын атасын көмдірмегені үшін, сондай-ақ, өзі Сервийдің жақтастары деп білген сенаторларды құртып жібергені үшін ие болған еді. Содан кейін ол өзі патшалықты қалай қылмыспен иемденсе, өзіне де қарсы дәл сондай амал қолданылар деп қорқып, өзін оққағарларға қоршатып жүретін болды. Шынында да, оның күштен басқа, патшалық етуге ешқандай құқығы жоқ еді, ол халықтың шешімінсіз, әкелердің бекітуінсіз билеп-төстеді. Мұның үстіне, ол азаматтардың ықыласына ешбір үміт арта алмайтындықтан, ол өз өкіметін үреймен орнықтыруға мәжбүр болды; үрейді адамдардың неғұрлым көпшілігінің санасына сіңіру үшін, ол барлық қылмысты істерді тергеуді кеңесшілерін қатыстырмай, өзі жүргізді, сөйтіп, күманды немесе жеккөрінішті адамдарды ғана емес, өзі

олжа түсіруі мүмкін адамдарды да дарға асуды да, елден қуып жіберуді де, мүліктерінен айыруды да өзі шешу мүмкіндігін алды. Осылайша сенаторлардың санын азайтып, олардың орнына ешкімді сайламауды ұйғарды, сондағы ойы – осы сословиенің саны аздығынан, оларды елемеуге болады және бәрі де оларсыз шешілетіндігіне наразылар аз болады; ол патшалардың ішінде бірінші болып барлық нәрсе жөнінде сенатпен пікірлесу дәстүрін жойды және мемлекетті тек өз үй ішінің кеңесін тыңдап қана басқарды. Ол халық пен сенаттың ырқынсыз соғыс та бастады, оны аяқтады, бітім жасасты, оны бұзды да, кіммен келісім, шарт жасауды өзі ғана шешті. І. 56. Ғибадатхананы салып бітіруге ұмтылып және Этрурияның әр жерінен шеберлер шақырып, бұл үшін қоғамдық қаржыны жұмсап қана қоймай, қара халықтың еңбегін де пайдаланды. Әскери қызметке жатқызылған бұл жұмыс айтарлықтай ауыр болса да, құдайлар ғибадатханасын өз қолымен салудан халық оншалықты қашқан жоқ, бірақ құрметтілігі кем, неғұрлым ауыр цирк ложаларын, қаладан шығатын бүкіл нәжісті ағызатын құбырлар салу секілді жұмыстарға ауыстырғанда риза бола қойған жоқ. Қазіргі салтанатты дегендер осынау екі ғимаратқа қарағанда жұпыны болып шыға келеді. Халықты осындай жұмыстарға жегіп, сонымен бірге кейін қажеті болмай қалған кезде бұл халық қалаға жүк болады, сондай-ақ отарлар жасау арқылы мемлекеттің шегін кеңейткісі келіп, ол Сигния және Цирцея колонияларының негізін қалады, бұлар болашақта қаланың теңіздегі де, құрғақтағы да тірегіне айналды. "

Тит Ливий". П. Андрианов редакциясымен. М. 1892. т. 1. " басылымынан аударылды

Гай

ИНСТИТУЦИЯЛАР

( туған және өлген жылы белгісіз). ІІ ғасырдағы рим заңгері, Сабин мектебі дейтіннің өкілі. Ол мектепті біздің дәуіріміздің І ғасырында өмір сүрген, классикалық Рим заңдылығы саласындағы еңбектерімен белгілі Сабин Мозурийдің жақтастары мен ізбасарлары құрған. Гай – императордың шексіз билігін, сондай-ақ құл иеленушілердің шектелмеген жеке меншігін жақтаушы. Оның негізгі еңбегі – "Институциялар". Ол жеке институттар бойынша Рим құқығының дәстүрлі мазмұндамасы деп саналады. Бұл институциялық жүйе кейіннен Еуропада, әсіресе Рим құқығын негізге алған елдерде (Франция, Италия және басқалар) кеңінен тарады. 426 жылы қабылданған Рим заңы бойынша, Гайдың және басқа рим заңгерлерінің (Мадестин, Папониан, Павел және Ульпиан) шығармалары судьялар үшін міндетті болды. Төменде келтірілген Гай мәтіндерінен аңғарылатындай, Рим заңдары құқық құралдарымен құл иеленуші таптың саяси үстемдігін нығайтып, құлдарды, сондай-ақ басқыншылық нәтижесінде Рим бағындарған халықтарды болмашы ғана саяси құқықтар мен еркіндіктен айырды.

Азаматтық және жаратылыстық құлық туралы

1. Заңдар мен әдеттерді басшылыққа алатын барлық халықтар бір жағынан өзінің меншікті құқығын, екінші жағынан барша адамдардың ортақ құқығын пайдаланады: сонымен, әрбір халық өзі үшін жасаған құқық оның өзінің меншікті құқығы болып табылады және азаматтық құқық деп аталады, сөйтіп азаматтардың өздеріне тән меншікті құқық секілді болып шығады. Ал барлық адамдар арасында жаратылыстық парасат орнатқан барлық халықтарда бірдей қолданылып, бірдей қорғалатын құқық жалпыхалықтық құқық деп аталады да, барлық халықтар пайдаланатын құқық секілді болып шығады. Осылайша, Рим халқы да ішінара өзінің меншікті құқығын, ішінара барлық халықтарға ортақ құқықты пайдаланады. (...) 2. Рим халқының азаматтық құқығы заңдардан, плебейлердің шешімінен, сенаттың қаулыларынан, императорлардың жарлықтарынан, өкім шығаруға хақысы бар төрелердің эдикттерінен және заңгерлердің жауаптарынан тұрады. 3. Заң деп Рим халқы мақұлдаған және қаулы еткен ұйғарымдарды айтамыз; плебейлер шешімдері деп плебейлер мақұлдаған және қаулы еткен ұйғарымдарды айтамыз. Плебстің халықтан айырмашылығы мынада: "халық" деген сөзбен барлық азаматтарды, оған қоса

патрицийлерді айтамыз; ал плебс деп патрицийлерден басқа барлық азаматтарды айтамыз. Міне сондықтан да бір кездері патрицийлер плебейлердің қаулылары бізге міндетті емес, өйткені олар біздің мұрсатымызсыз және қатысуымызсыз құрастырылған дейтін. Бірақ кейінірек Гортензийлердің заңы шығарылып, онда плебейлер жиналысының қаулыларын орындауға бүкіл халық үшін міндетті екендігі белгіленді. Осылайша, плебейлердің қаулылары нағыз заңдармен теңестірілді. 4. Сенат қаулылары деп сенаттың бұйырғандары мен белгілегендерін айтамыз; оның заң күші болды, дегенмен бұл даулы еді. 5. Император жарлығы деп император не декретпен, не эдиктпен, не рескриптпен шығарған қаулыларды айтамыз; император жарлықтарының нағыз заң күшіне ие екендігіне ешқашан күдік болмаған, өйткені императордың өзі өкіметке (император нұсқауларына заң күшін берген) айрықша заң негізінде ие болады. 6. Эдикттер дегеніміз соларды шығару құқығы бар төрелердің қаулылары мен нұсқаулары. Эдикттер шығару құқығы Рим халқының мансап иелеріне беріледі; алайда, бұл жөніндегі ең маңыздылары екі претордың – қалалық және шетелдік преторлардың эдикттері, олардың провинциялардағы құзырына солардағы уәлилері ие болады. Курул Эдилдерінің эдикттері де дәл осындай, олардың құзырын Рим халқының провинцияларында квесторлар атқарады. Императорлық провинцияларға жалпы квесторлар тағайындалмайды, сондықтан да бұл провинцияларда мұндай эдикт жарияланбайды. 7. Заңгерлердің жауаптары дегеніміз құқықты белгілеп, жасау мүмкіндігі берілген заңгерлердің пікірлері мен топшылаулары. Егер бұл адамдардың пікірлері тоқайласып жатса, олар келіскен тұжырым заң күшіне ие болады. Егер заңгерлердің пікірі кереғар шығып жатса, судьяға өзі қандай пікірді ең дұрысы деп тапс, соны қолдану құқығы беріледі – бұл әулие сынды Адрианның рескриптінде бұлталақсыз айтылған.

Құқықтың бөлінуі туралы

8. Біз пайдаланатын құқықтың бәрі не жеке адамдарға, не заттарға (объектілерге), не талап-арызға қатысты болады. Ең алдымен адамдардың мәнісін ашып көрейік.

Адамдардың құқықтық жағдайы туралы

9. Адамдардың құқықта басты бөлінуі барлық адамдардың не еркін, не құл болуында. 10. Одан кейін, еркін адамдардың біреулері – еркін болып туғандар, басқа біреулері – еркіндікке жіберілгендер. 11. Еркін туғандар дегеніміз еркін болып туғандар, еркіндікке жіберілгендер дегеніміз заңды құлдықтан еркіндікке босатылғандар. 12. Екінші бір жағынан, еркіне жіберілгендердің өзі үшке бөлінеді: олар не рим азаматтары, не латындар, не бағындырылғандар. Әрбір топты жеке қарастырамыз, алдымен қолындағы қаруымен бағынғандар туралы айтайық.

Қолындағы қаруымен бағынғандар туралы яки Элий Сенцийдің
заңы туралы

13. Сонымен, Элий Сенцийдің заңымен қаулы етілді: қылмысы үшін жаза ретінде қожайындары бұғаулап тастаған, ыстық темірмен таңбалаған, азаптау арқылы тергелген және сол қылмысы мойнына қойылған құлдар, сондай-ақ жабайы аңдармен арпалысуға ұйғарылып, цирк аренасына шығарылған немесе абақтыға қамалған, сонан соң сол қожайыны әйтпесе басқа біреу еркіндік берген құлдар Рим халқына бағынған шетелдіктерге берілген құқықтарды пайдаланады.

Қолындағы қаруымен бағынған шетелдіктер туралы

14. Peregrіnі dadіtіcіі деп кезінде қолына қару алып рим халқына қарсы шайқасқан, жеңілген соң бағынғандарды айтамыз. 15. Демек, осылай қорланып, қай жасында болсын, қалай болсын еркіндікке жіберілген құлдарды, тіпті олар қожайындар секілді толық меншікке (no jus Quіrіtіum және qentіum) ие болса да, ешқашан Рим немесе латын азаматтары деп санамаймыз, есесіне оларды әрқашан Рим халқына бағынғандар мен берілгендер қатарына жатқызамыз. 16. Егер құл әлгіндей қорлыққа ұшырамаса, ол еркіндікке жіберілгеннен кейін не Рим, не латын азаматы болады. 17. Мынадай үш шартқа сай келетін адам: егер ол отыздан асқан болса, квирит құқығы бойынша қожайынының меншігі болып, еркіндікке заңды түрде жіберу арқылы, яғни не vіndіcta (заңдық акт негізінде) арқасында, не цензорлық тізімге енгізу арқасында, не өсиет арқасында азаттық алса, мұндай адамдар Рим азаматы деп танылады. Егер бұл шарттардың біреуі кем болса, ол латын азаматы болады.

Еркіне жіберу туралы және еркіне жіберудің заңды негізі туралы 18. Құлдың белгілі жасқа жетуі туралы шарт Элий Сенцийдің заңы бойынша енгізілген. Осы заң бойынша, отыз жасқа толмай еркіндікке жіберілген құлдар, босатудың заңды себептері кеңес алдында тексеріліп, vіndіcta арқылы бостандық берілсе толыққұқықты азамат бола алады. 19. Еркіндікке жіберудің заңды себебіне, мысалы, кеңестің қатысуымен әлдекім өз ұлын немесе қызын, інісін немесе қарындасын, асырап алғанын немесе тәрбиешісін немесе құлын оны сенімді өкілі ету үшін еркіндікке жіберген немесе әлдекім некелесу үшін өзінің күңін еркіндікке жіберген жағдай жатады.

Кеңес жиналысы туралы

20. Кеңеске келсек, ол Рим қаласында бес сенатордан және кәмелетке толған бес салтаттыдан, провинцияларда – Рим азаматтарынан құралған жиырма рекуператордан (қалыс судьялардан) тұрады; бұл жиналыс сот мәжілістерінің соңғы күні болады; ал Римде құлдар еркіндікке белгілі бір күндері жиналыстың қатысуымен жіберіледі. Айтпақшы, отыздан асқан құлдар еркіндікке кез келген күні жіберіледі, кейде олар тіпті азаттықты жолай, мысалы претор немесе проконсул моншаға яки театрға бара жатқанда алады. 21. Мұның үстіне, отызға толмай еркіне жіберілген құл өзінің борышын төлеуге шамасы келмейтін қожайынының өсиеті бойынша еркіндік алып, оның мұрагері болып тағайындалса, онда да басқа бір құлдың одан бұрын еркіндігі танылып, мұрагерлікке тағайындалмаса немесе сол өсиеттің күшімен басқа біреу мұрагер болып тағайындалмаса Рим азаматы бола алады. Бұл Элий Сенцийдің дәл сол заңында белгіленген. Еркіндікті қадірлейтін Прокул қожайын азаттық бермей-ақ мұрагер етіп тағайындаған құлға да сол қаулыны қолданады. 21а. Элий Сенцийдің заңы бойынша, барлық басқалардың көз алдында мұрагер болып белгіленген құл ғана Рим азаматы бола алатындықтан, кімде кім өзінің күңінен туған балаларына азаттық беріп, мұрагер етіп тағайындаса да, ол балалар құл болып қала береді деп ұйғарылды, өйткені оның жазғанынан олардың қайсысы ең әуелі мұрагер болып тағайындалғанын дәл анықтау қиын, оның үстіне кредиторларға зиян келтіріп, мүліктен бірнеше құлды шығарып тастауға болмайды; ақыр соңында, Фуфий Канинийдің заңынан кейін қабылданған қосымша сенат қаулылары бойынша борышкер бұл заңның маңызын осындай айлашарғымен кеміту мүмкіндігінен күні бұрын айырылатын. […] 22. Элий Сенцийдің заңы бойынша, 30 жасқа толмаған құл марқұмның өсиетінде азат деп жарияланған болса, Элий Сенцийдің

заңының өзі әлі оны латын етпесе де, латын бола алады. Сол секілді 30 жасқа жеткен құл да, оны преторлық меншік құқығымен иемденген қожайыны еркіндікке жіберсе, тіпті еркіндікке жіберу квирит құқығы бойынша жүргізілсе де латын болып шығады; дәл осылай, егер азаттық алуға бөгет жасауы мүмкін қандай да бір басқа кедергі болмаса, азаттықты достар арасында алған құл да латын бола алады. [...] 26. Осылайша, бағындырылғандардың қатарына жатқызылғандардың азаттығы барынша күйкі; ешқандай заң, ешқандай сенат қаулысы, ешқандай император жарлығы оларға Рим азаматтығы құқығын бермейді. 27. Олар тіпті Римде, оның төңірегіндегі жүз миля қашықтықта қала алмайды, өйткені оларға мүлкімен бірге Римде де, оның төңірегіндегі жүз миля жерде де құл міндеттерін атқармас үшін және ешқашан азаттық алмас үшін жұрт алдында сатып жіберу қатері төніп тұрады. Егер олар еркіне жіберілген болса да, қайтадан Рим халқының құлына айналады. Элий Сенцийдің заңында солай делінген. 28. Латындер Рим азаматы құқығын көптеген тәсілдермен алады. 29. Сонымен, Элий Сенцийдің заңы бойынша, отызға жетпей еркіне жіберілген және латын азаматына айналған құлдар Рим азаматтығын не Рим азаматшаларына, не отарларға мекендеген латын азаматшаларына, не өзі секілді жағдайдағы әйелге үйленіп, некесіне саны жетіден кем емес кәмелетке жеткен Рим азаматтары куә болғаннан және ұлы бір жасқа толғаннан кейін алады. 31. Элий Сенций заңы бойынша Рим азаматтығын 30-ға жетпей еркіне жіберіліп, латынға айналғандар ғана ала алатын болса да, кейін Пегас пен Пузион консулдығы кезіндегі сенат қаулысына орай, отыздан асқан соң еркіне жіберіліп, латынға айналғандарға да Рим азаматы болу құқығы берілді. [...] 32с. Сонымен бірге, латын он мыңнан кем емес астық өлшемі сиятын теңіз кемесін жасатса, немесе басқа да кемелер сатып алуға ұмтылса, немесе нақ сол кеме, не суға батқан кеме орнына берілген басқа кеме

Римге алты жыл бойы астық жеткізетін болса квирит құқығын ала алады; бұған әулие сынды Клавдийдің аруағына арналған эдикт негізінде қаулы етілген. 33. Сонымен бірге, Нером эдиктімен, әкесінен мұраға 10. 000 сестерцийден кем емес мүлік қалып, соның жартысынан артығын Римде үй салуға жұмсаған латын да квирит құқығына ие болады деп қаулы етілген. 34. Ақыр соңында, Троян, Римде үш жыл бойы диірмен ұстап, күн сайын 100 өлшем дәннен ұн шығарған латынғе да квирит құқығы берілсін деген қаулы шығарған. […] 36. Қалаған адам өз құлын еркіндікке жібере алмайды. 37. Кредиторлар мен патрондарға зиян келтіріп құлды босатудың ешқандай мәні жоқ, өйткені Элий Сенцийдің заңы мұндай азаттықты жояды. 38. Дәл сол секілді дәл сол заң бойынша жиырмаға жетпеген қожайын ондай жіберу сот арқылы жүргізілгенде және жіберудің заңды негізі кеңес алдында дәлелденгенде ғана құлын еркіндікке жібере алады. 39. Біреу еркіндікке, мысалы, өзінің әкесін, не шешесін немесе тәрбиешісін, не емшектес бауырын жіберсе, бұл еркіндікке жіберудің заңды негізі деп саналады. Алайда, отыз жасқа жетпеген құлдарды еркіне жіберуге байланысты жоғарыда біз атаған себептер де осы жағдайға жатқызылуы мүмкін. Екінші жағынан, 20 жасқа толмаған қожайынға байланысты баяндалған негізді 30 жасқа жетпеген құлға байланысты да қолдануға болады. [...] 52. Сонымен, құлдар қожайынының билігінде болады; құлдарға бұл билік жалпыхалықтық құқық институты, өйткені жалпы алғанда барлық халықтарда біз қожайындар құлдың өміріне де, өліміне де құқықты екенін және құлдың тапқаны оның қожайынынікі екенін байқаймыз. [...]

“Гай институциялары. Варшава. 1892” басылымынан аударылды

ХІІ КЕСТЕ ЗАҢДАРЫ

ХІІ кесте заңдары – құл иеленушілік құқық ескерткіші. Бағзы кезеңдегі бүтіндей үстемдік еткен құқық жүйесі квирит құқығы болатын. Ол өзінің діни-киелілік сипатымен, зор дәстүршілдік дәрежесімен, квирит әдет-ғұрыптарымен, рәсімдерімен ерекшеленетін, соның бәрі ХІІ кесте заңдарында көрініс тапты. Өркениетті құқықта оның шыққан тегі егіншілікпен айналысқан шағын мемлекет екендігінің ізі сайрап жатты. Ол Рим азаматтығы бар адамдарға ғана қолданылды және Рим азаматының ерекше артықшылығы ретінде қарастырылды. Бағзы кезеңдегі Рим құқығы өзінің қатаңдығымен, формализмімен ерекшеленді. Мүліктің қолдан қолға көшуіне және меншік иесінің құқық объектісіне толық билігі ретінде қарастырылған жеке меншік құқығына байланысты қарым-қатынасты реттеуге айрықша көңіл бөлінді.

І кесте. 1. Егер (кімде-кім) сот талқысына шақырылса, (шақырылған адам) баратын болсын. Егер (ол) келмесе, (шақырған адам) оны (өзінің шақырғанын) куәлердің көзінше растап, бұдан кейін оны күшпен алып келсін. 2. Егер (шақырылған адам) (бармас үшін) сылтауратса немесе бой тасалауға тырысса, (оны шақырған адам) оған күш қолдансын. 3. Егер (сот талқысына шақырылған адамның келуіне) сырқаты немесе қарттығы кедергі болса, оған (шақырған адам) көлік (jumentum) беретін болсын. Егер өзі қаламаса, арба (arcera) тауып беруге міндетті емес. 4. Өзінің мал-мүлкімен күн көретін адам үшін кепілдікке (сотта) өзінің мал-мүлкі бар адам ғана жүретін болсын. Мал-мүлкі жоқ азамат үшін қалаған адам кепілдікке жүре алады. 5. Neh… forctі, snstes431 6. Неге келіскен болса, (талапкер) (сотта) соны сұрайтын болсын.

431 Мәтін оқылмайды. М. Фойгтың пікірінше, forctі мен sanates – Римге қаруымен берілген қауымдардың тұрғындары.

7. Егер (айтысушы жақтар) келісімге келе алмаса, (олар) дауласу үшін түске дейін форумда432 немесе комициумда беттессін. Қатысқан екі жақ та өз ісін (кезекпен) қорғасын. 8. Түстен кейін (магистрат) (сотқа) қатысып отырған жақтың талабын бекітеді. 9. Егер (сотқа) екі жақ та қатысып отырса, күннің батуы (соттың) ең соңғы мерзімі болсын. ІІ кесте. 1. Гай. Институциялар. ІҮ. 14. 1000 және одан да көбірек асс құрайтын талаптар бойынша (понтификтер кассасына) (500 асс мөлшерінде) сот алымы төленеді, одан кем іс бойынша 50 асс алынады, ХІІ кесте заңында солай белгіленген. Егер дау бір адамның еркіндігі жайында жүріп, оның құны тым жоғары болған күннің өзінде сол заңмен тартыс тек алым жайында (еркіндігі дау өзегі болған адам үшін небәрі 50 асс көлемінде болуы көрсетілген). 2. Егер ...қатты сырқат немесе (істің сотта қаралатын күні) (біреуді) сатқындық үшін айыптайтын күнмен сәйкес келіп қалуы секілді себептердің бірі, судьяның, мәмілегердің немесе дауласушы жақтың (сот талқысына келуіне) бөгет жасайтын болса, ол талқы басқа күнге ауыстырылуға тиіс. 3. Куәгерлік айғақ жетпей жатқан (дауласушы) жақ (талқыға келмеген куәнің) үйінің қақпасына барып, үш күн бойы жұртқа есіттіріп (оны) куәлікке шақырсын. ІІІ кесте. 1. Қарызын мойындағаннан кейін немесе (оған қарсы) сот үкімі қабылданғаннан кейін (борышкерге) 30 күн мәулет берілсін. 2. (Осы мерзім өткеннен кейін) талапкер (борышкерге) күш қолдансын. Оны (үкімді орындату үшін) сот талқысына апарсын. 3. Егер (борышкер) сот шешімін (өз еркімен) орындамаса және сот талқысы кезінде оны жауапкершіліктен ешкім босатпаса, (талапкер) оны өз

432 Форум – Римдегі төбелер арасындағы орталық алаң.

үйіне апарып, оған салмағы 15 қадақтан кем емес, қаласа одан да ауыр бұғау немесе кісен салсын. 4. (Қамалып отырған кезінде борышкер), егер қаласа, өз есебінен тамақтансын. Егер ол өз тамағын өзі таба алмайтын болса, оған (оны қамап ұстап отырған адам) күніне бір қадақ ұн беріп тұрсын, өзі қаласа көбірек те беруге болады. 5. Авл Геллий. Аттика түндері. ХХ. 1. 46: Сол кезде (яғни борышкер қамақта отырғанда), оның (талапкермен) татуласу құқығы болды, бірақ (тараптар) татуласпаса, (ондай борышкерлер) қамақта 60 күн бойы қала беретін. Осы мерзім ішінде оларды базар күндері үш рет преторға комициумға апарып, олардан өндіріп алынатын қаржы жарияланып отыратын. Үшінші базар күні олар өлім жазасына кесілетін немесе қала сыртына, Тибрдің арғы бетіне сатылуға берілетін. 6. Үшінші базар күні борышкерді мейлі бөлшектеп тастасын. Егер артық, кем шауып тастаса, бұл айыпқа есептелмесін433. 7. Сатқындарға қарсы талаптың күші ешқашан жойылмасын. ІҮ кесте. 1. Цицерон. Заңдар туралы. ІІІ. 8, 19: ХІІ кестеге сай, осылай айрықша құбыжық болып жаңа туған сәбидің өмірі де оп-оңай қиылды. 2. Егер әкесі баласын үш рет сатса, онда баласы әкесінен (оның құзырынан) азат болсын. 3. Цицерон. Филиппиктер. ІІ. 28. 69: ХІІ кестенің қаулысын пайдаланып, әйеліне өзіне тиесілі заттарын жиып алуды бұйырды да, (одан) кілтті тартып алып, (оны) қуып шықты. 4. Авл Геллий. Аттика түндері. ІІІ. 16. 12: Маған белгілі жайт: әйел... күйеуі қайтыс болғаннан кейін он бірінші айда бала туғанда, (соған байланысты) ол әйел күйеуі өлген соң бала көтерді-міс деген іс қозғалды,

433 Салыстырыңыз: Авл Гелвий. Аттика түндері. (ХХ. І. 48): "Егер борышкерді сот бірнеше қарыз берушіге тапсырса, децемвирлер оларға сол адамды паршалап тастауға да рұқсат ететін. Бірақ мен ертеде бір адамды паршалап тастапты дегенді оқыған да, естіген де емеспін".

өйткені децемвирлер адам он бірінші айда емес, оныншы айда дүниеге келеді, деп жазып берген. Ү кесте. 1. Гай. Институциялар. І. 144-145: (Біздің) ата-бабаларымыз айтқан: тіпті кәмелетке толған әйелдердің өзі, оларға тән жеңілтектікке байланысты, үнемі бақылауда болуға тиіс... Тек весталка қыздарға ғана бұл жүрмейтін, оларды ежелгі римдіктер абыздық лауазымына құрмет ретінде бақылаудан босатқан. ХІІ кесте заңымен осылай қаулы етілген. 2. Гай. Институциялар. ІІ. 47: ХІІ кестенің заңы бойынша, агнаттар434 қамқорлығындағы әйелдерге тиісті res mаnсірі435 ескіргендер қатарына жатпаған, әйел өз қамқорының келісімімен ғана осы заттарды басқаға беріп жатса, оған мұрсат етілген. 3. Өзі өлгеннен кейін өзінің үй мүлкін немесе қамқорлық (өзіне бағыныштыларға) жөнінде кімде-кім қандай ұйғарым жасаса, сол бұзылмайтын болсын. 4. Егер бағынышты адамы436 жоқ әлдекім, мұрасы жайында ұйғарым жасап үлгермей қайтыс болса, оның мал-мүлкін ең жақын агнат алатын болсын. 5. Егер (қайтыс болған адамның) агнаттары болмаса, (одан қалған) мал-мүлікті (оның) туыстары алсын. 6. Гай. Институциялар. І. 155: ХІІ кесте заңы бойынша, өсиеті бойынша қамқоршы тағайындалмаған болса, олардың агнаттары қамқоршылары болып табылады. 7а. Егер адам жынданса, оның өзінің де, мал-мүлкінің де билігі оның агнаттарының немесе туыстарының қолына көшсін. 7б. Ульпиан. І. 1рг. D. ХХҮІІ. 10: ХІІ кесте заңы бойынша, ысырапқорлардың өз мүлкін билеп-төстеуіне тыйым салынсын.

434 Агнаттар – отбасы басшысының билігіндегі үлкен әкелік отбасының мүшелері, сондай-ақ әке мен ата жағынан қандас туыстар. 435 res mancіpі-ге қозғалмайтын мүлік, құлдар, күш көлік жатқан. 436 Мәтінде, suus heres, "Тікелей мұрагері жоқ адам" деп аударылуы да мүмкін.

Ульпиан. Lіb. sіng. regul. ХІІ. 2: ХІІ кесте заңы мүліктеріне тыйым салынған жындылар мен ысырапқорларға өздерінің агнаттарының қамқорлығында болуды міндеттейді. 8а. Ульпиан. Lіb. sіng. regul. ХІ. І: ХІІ кесте заңы еркіне жіберілген Рим азаматы өзінің қол астындағы адамдары437 болмай, қайтыс болған кезінде өсиет қалдырмаса, оның мұрасын оны азат еткен иесіне (патронға) береді. 8ә. Ульпиан. І. 195. 1. D. L. 16: (Патрон мен еркіне жіберілген адамның ара қатынасы жөнінде) айтқанда (ХІІ кесте) заңы еркіне жіберілген адамның мүлкі сол отбасынан мына отбасына өтетінін көрсетеді, (және де бұл ретте) заң (отбасы туралы) жеке адамдардың (жиынтығы) ретінде айтады. 9а. Гордиан. 1. 6. с. ІІІ. 36: ХІІ кесте заңы бойынша қайтыс болған адамның басқаларға қарызға берген мүлкі, оның мұрагерлеріне мұрагерлік үлестеріне қарай тікелей (яғни қандай бір заңдық рәсімді орындамай-ақ) бөлініп беріледі. 9ә. Диоклетиан. 1. 26. с. ІІ. 3: ХІІ кесте заңына сәйкес, қайтыс болған адамның қарыздары мұрадан алған үлестеріне қарай (оның мұрагерлеріне) бөлінеді. 10. Гай. 1. 1. pr. D. X. 2: " (Мұраны бөлу туралы) талап ХІІ кесте заңының қаулыларына негізделеді". ҮІ кесте. 1. Егер біреу өзін кепілдікке қою немесе мүлкінен айыру жөнінде (5 куәгер және таразышының қатысуымен) мәміле жасаса, осы орайда айтылған сөз бұзылмайды деп сыйлансын. 2. Цицерон. Міндеттемелер туралы. ІІІ. 16: ХІІ кесте бойынша, келісім (жасалғанда) айтылған сөздер айғақталса жеткілікті деп саналған, ал өз сөзін жұтқан адамдар екі есе айып төлейтін болған. 3. Цицерон. Тор. ІҮ. 23: Жер учаскесін иелену ұзақтығы екі жыл, ал басқа нәрселер үшін бір жыл деп (белгіленген).

437 Мәтінде, Suo herede – "тікелей мұрагері болмағандықтан" деп аударылуы да мүмкін.

4. Гай. Институциялар. І. 3: ХІІ кесте заңымен былай белгіленген: күйеуінің билігін (көптен бірге тұратындығының негізінде) мойындағысы келмейтін әйел, өз үйінен жыл сайын үш түнге кетіп қалып, сол арқылы (әйеліне) ие болудың жылдық ұзақтығын үзуге тиіс болатын. 5а. Авл Геллий. Аттика түндері. ХХ. 17. 7. 8: Сот талқысы кезінде (өз затын) өз қолымен айырып алу дегеніңіз … сот талқысы үстінде (яғни басқаша айтқанда) қарсыласымен тайталаса отырып, талас затты қармап алып, оған құқығын салтанатты сөздермен қорғау. Затқа қол тигізу ХІІ кесте заңына сәйкес претордың қатысуымен белгілі бір жерде жүргізілетін; онда былай делінген: "Егер кімде-кім сот талқысы үстінде өз затын өз қолымен қорғаса". 5ә. Павел. Fragm. Vatіc. 50: ХІІ кесте заңы (заттан айыру) бес куәнің және таразышының қатысуымен жасалған мәміле жолымен, сондай-ақ сот талқысы кезінде претордың көз алдында сол затқа иеліктен бас тарту жолымен жасалатынын бекітті. 6. Тит Ливий. ІІІ. 44: (Вергинияның) қорғаушылары (Аппий Клавдийден), өзі өткізген заң бойынша, алдын ала қыздың еркіндігіне қолайлы болатын нұсқау беруін талап етті. 7. Бөренелер мен сырықтардың иесі бұл заттарды басқа біреулер үй салуға немесе жүзім егуге пайдаланып қойса, оларға тиіспесін және алмасын. 8. Ульпиан. І. 1 pr. D. XLVІІ. 3: ХІІ кесте заңы ұрлап алынып, үй салуға немесе жүзім егуге пайдаланылған бөренелер мен сырықтарды тартып алуға, өз мүлкі ретінде талап етуге рұқсат бермеді, бірақ сол заттарды пайдаланған адамға қарсы олардың екі есе құнын талап ететін іс қозғауға рұқсат етті. 9. Жүзім жинап алынғанша... сырықтар әлі алып тасталмағанша. ҮІІ кесте. 1. Фест. De verb. sіngt. 4: Ғимаратты айналып өтетін жолдың (яғни құрылыс салынбаған жердің) ені екі жарым фут болуға тиіс.

2. Гай. 1. 13. D. Х. 1: шекараны белгілеу жөнінде іс қозғалғанда, заңның (ХІІ кестенің) нұсқауын сақтаған жөн, бұл заң Афинада Солон енгізген мына заң нұсқауының үлгісіне сәйкес белгіленген: егер көршінің жерінің бойымен ор қазылатын болса, шекарадан өтпеу керек, егер қабырға тұрғызылса, (көршінің учаскесінен) бір фут қашық болуы тиіс, тұрғын үй салынса – екі фут алыстайды, егер шұңқыр немесе қабір қазылса – олардың тереңдігі қанша болса, соншалықты алыс болуы керек, егер құдық қазса – 6 фут, егер алқоры немесе інжір ексе, көрші жерінен 9 фут, басқа ағаштар ексе, 5 фут қашық болуы тиіс. 3. Плиний. Жаратылыс тарихы. 19. 4. 50: ХІІ кестеде "хутор" деген сөз мүлде қолданылмайды, оның орнына "hortus" (қоршалған жер) сөзі пайдаланылған, (оған) әке мүлкі деген (мағына беріледі). 4. Цицерон. Заңдар туралы. 1. 21. 55. ХІІ кесте көнелігі жағынан ені 5 фут болатын омақаны сатып алуға тыйым салған. 5. Цицерон. Заңдар туралы. 1. 21. 55: ХІІ кесте қаулысы бойынша жер шекарасы туралы дау туса, біз омақа айқындауды үш сарапшының қатысуымен шешеміз. 6. Гай. 1. 8. D. ҮІІІ. 3: ХІІ кестенің заңы бойынша, жолдың ені тіке бағытта 8 фут, ал бұрылыстарда 16 фут болуға тиіс. 7. Жолға тақау жердің иелері жол жиегін қоршап алсын, егер олар оған тас төсемесе, көлікпен қалай жүргісі келсе, сол жермен жүре берсін. 8. Егер жаңбыр суы зиян келтірсе… 8ә. Павел. 1. 5. D. ХLІІІ. 8: Егер қоғамдық жермен өтетін жылға немесе су құбыры жекеменшік жерді бүлдіретін болса, ХІІ кесте заңы негізінде жер иесіне шығынды өтеу жөнінде іс қозғау құқықғы беріледі. 9а. Ульпиан. 1. 1. § 8. D. ХLІІІ. 27: ХІІ кесте заңы мынаны бұйырады: ағаш көлеңкесімен көршінің жеріне зиян тигізбес үшін, биіктігі 15 футқа жеткен ағаш айнала қырқылуға тиіс.

9ә. Помпоний. І. 2. D. ХLІІІ. 27: Егер көршінің жеріндегі ағаш желмен сенің учаскеңе қисайса, сен ХІІ кесте заңы негізінде оны алып тастау жөнінде талап қоя аласың. 10. Плиний. Жаратылыс тарихы. ХҮІ. 5. 15: ХІІ кесте заңы бойынша көрші учаскеден түскен емен жаңғағын жинауға болады. 11. Юстиниан. І. 41. І. ІІ. 1. Сатылған және берілген мүлік, аларман оның құнын төлеген соң ғана немесе басқа бір жолмен көксеуін қанағаттандырған соң ғана, оның меншігі болып табылады, айталық, кепіл берушісін көрсетеді немесе кепіл ретінде бір нәрсе береді. ХІІ кесте заңында солай көрсетілген. 12. Ульпиан. Lіb. sіng. regul. ІІ. 4: Егер (мұрагер) менің мұрагеріме 10. 000 сестерций төлесе, құлды еркіне жіберемін деген өкім жасаса, құл мұрагерден ажыратылса да, аларманға көрсетілген қаржыны төлегеннен кейін азаттық алуға тиіс. ХІІ кесте заңында солай қаулы етілген. ҮІІІ кесте. 1а. Кім зұлым өлең айтады… 1ә. Цицерон. Мемлекет туралы. ІҮ. 10. 12: ХІІ кесте қылмыстық әрекеттердің шамалы ғана санына да, оның ішінде әлдекім басқа біреуге жала жабатындай немесе оның абыройын төгетіндей өлең шығарса, не оны айтатын болса, өлім жазасы белгіленген. 2. Егер біреудің дене мүшесін зақымдаса және (жапа шеккенмен) татуласпаса, оның өзіне де сондай зақым келтірілсін. 3. Егер қолмен немесе таяқпен еркін адамның сүйегін сындырса, 300 асс, егер құлға соны істесе 150 асс айып төлесін. 4. Біреуге зәбір көрсетсе, 25 асс айып болсын. 5. Сындырар болса, өтеуін төлесін. 6. Ульпиан. І. 1. Pr. D. ІХ. 1: Егер біреу үй жануары өзіне зиян келтірді деп шағымданса, ХІІ кесте заңы жапа шеккенге сол жануарды беруді немесе шегілген зиян құнын өтеуді бұйырады. 7. Ульпиан. І. 14. § 3. D. XІХ. 1: Егер сенің жеріңдегі ағаштың жаңғақтары менің жеріме түсіп, мен малымды айдап келіп, сол жаңғақты

жегізсем, ХІІ кесте заңы бойынша, мал сенің жеріңде жайылмағандықтан сен маған жерімді бүлдірді деп те, мал келтірген зиян деп те, орынсыз әрекетпен зиян келтірді деп те талап қоя алмайсың. 8а. Егінді сыйқырлаған адам… 8ә. Өз жеріне басқаның өнімін арбап апармасын. 9. Плиний. Жаратылыстық тарих. 18. 3. 12: ХІІ кесте бойынша ересек адам үшін соқамен өңдеген жердегі егінді майқандау немесе түн уағында орып алу өлім жазасын қолданатын күнә саналады. ХІІ кесте (әйелқұдайдың) Цереренің қаһарына ұшыраған (ондай) адамды өлімге қиюды кескен. (Мұндай қылмысқа кінәлі) бозбала болса, претордың ұйғарымымен не дүреленеді, не келтірілген шығын екі есе етіп төлетіледі. 10. Гай. І. 9. D. ХLҮІІ. 9: (XІІ кесте заңдары) кімде-кім құрылыстарды немесе үй жанына жиналған астық көпенелерін қасақана өртесе, оны бұғаулап, дүре соққан соң, өлтіріп тастауға бұйыратын. (Егер өрт) кездейсоқ, яғни байқаусызда (шықса), заң онда (айыптыны) жасалған нұқсанды өтеттіруге, ал оған шамасы келмесе, одан жеңілірек жазаға кеседі. ІІ. Плиний. Жаратылыстық тарих. 17. 1. 7: ХІІ кестеде басқаның ағаштарын зұлымдықпен кескен айыпкер әрбір ағаш үшін 25 асс айыпқа кесілетіні айтылған. 12. Егер түн ішінде ұрлық жасаған адам сол жерде өлтірілсе, бұл өлім заңға сыйымды деп есептелсін. 13. Күн жарықта... егер қарулы қарсылық жасаса, халықты шақыр438. 14. Авл Геллий. Аттика түндері. ХІ. 18. 8: Децемвирлер ұрлық үстінде ұсталған еркін адамды жанына батырып таяқтап, онан соң оны мүлкі

438 Салыстырыңыз: Цицерон. Pro M. Tullіo. Oratіo. “Ол сондай-ақ маған XІІ кесте қаулысын хабарлады, ол бойынша түнгі ұрыны, сондай-ақ қарулы қарсылық жасаған күндізгі ұрыны да өлтіруге болады (20.47). XІІ кесте күндізгі ұрыны, сонда айтылғандай, қарумен қорғанбаса, өлтіруге тиым салады, (сондықтан) өзімен бірге қару ала келгенімен, бірақ оны қолданбаған және қарсылық көрсетпеген өлтірілмейді; егер ол (ұстау кезінде) қарсылық көрсетсе, зиян шеккен, жұрт естіп, көмекке келу үшін айқайға бассын” (сонда, 21.50).

ұрланған адамға (басы бүтін) тапсыруды ұйғарған, ал ұрлық үстінде құл ұсталса, оны қамшымен ұрып-соғып, одан соң құздан лақтырған, бірақ (кәмелетке толмағандар жөнінде) мынадай қаулы қабылданды: претордың ұйғарымымен олар не жанына батырып сабалсын, не шығынды өтейтін болсын. 15а. Гай. Институциялар. ІІІ. 191: ХІІ кесте заңы бойынша, ұрланған зат тінтілген кезде біреуден табылса немесе жасырып қоятын біреудің үйіне тықтырылып, содан табылса, онда сол ұрланған заттың үш есе құнындай айып салынады. 15ә. Гай. Институциялар. ІІІ 192: ХІІ кесте заңы тінту жүргізгенде тінтетін адамның үстінде лыпадан басқа киім болмауын және қолында тостаған ғана болуын талап етеді. 16. Егер (ұры қылмыс үстінде ұсталмаған) ұрлық жөнінде талап қойылса, сот дауды заттың екі есе бағасын төлеттіріп шешетін болсын. 17. Гай. Институциялар. ІІ. 45: ХІІ кесте заңы уақыты өтсе де ұрлықы затты сатып алуға тыйым салады. 18а. Тацит. Анналдар. ҮІ. 16: ХІІ кестемен алғаш рет ешкім де айына бір пайыздан артық өсім алмауға қаулы шығарылған, бұған дейін байлар қалағанынша алатын. 18ә. Катон. Егіншілік туралы. Алғысөз. 1: Ата-бабаларымыз заңға ұрыдан ұрланған заттың екі есе құнын төлетуді кіргізген, ал өсімқорлардан (алған өсімін) төрт есе етіп төлетуді заңға кіргізген. 19. Павел. Lіbrі V sentіarum. ІІ. 12. 11: ХІІ кесте заңы бойынша, сақтауға берілген зат үшін оның екі есе бағасын төлету көзделген. 20а. Ульпиан. І. 1. §2. D. ХХҮІ. 10: Айта кету керек, қамқоршы өз міндеттерін адал атқармады, деп айып тағу ХІІ кесте заңынан туындайды. 20ә. Трифониан. І. 1. §55. D. ХХҮІ. 7: Қамқоршылар өз қамқорындағылардың мүлкін ұрлаған жағдайда, сол қамқоршылардың әрқайсысынан ХІІ кестеде көрсетілген қамқоршылардан ұрлықы заттың екі есе құнын өндіру талабы сай келетін-келмейтінін айқындау керек.

21. (Өзінің) клиентіне зиян келтірген патрон жер асты құдайына тапсырылсын (яғни қарғалсын). 22. Егер (кімде-кім мәміле жасалғанда) куә немесе таразышы ретінде қатысып, (кейін) айғақ болудан бас тартса, ол ұятсыз деп (танылсын) және куә болу құқығынан айрылсын. 23. Авл Геллий. Аттика түндері. ХХ. 1. 53: ХІІ кесте бойынша жалған куәлік етуші әшкереленсе Тарпей жартасынан лақтырылған. 24а. Лақтырған найзасы көздеген жерінен асып кетсе, (құрбандыққа) қой шалсын. 24ә. Полиний. Жаратылыстық тарих. ХҮІІІ. 3. 12. 8-9: ХІІ кесте бойынша жасырын барып егістікті құртқаны үшін өлім жазасы... (белгіленген), ол адам өлтіргенге белгіленетіннен де ауыр жаза. 25. Гай. І. 236 pr. D. L. 16: Егер біреу у жөнінде әңгіме айтса, ол адамның денсаулығына пайдалы не зиян екенін де айтсын, өйткені дәрі де у болады. 26. Порций. Lampo. Decl. іm Catіl. 19: біз ХІІ кестеде қалада ешкімнің түн ішінде жиын өткізбеуін талап еткенін білеміз. 27. Гай. 1. 4. D. XLVІІ. 22: ХІІ кесте заңы (қоғамдастықтар) алқасының мүшелеріне өзара қандай да болсын келісім жасауға құқық береді, тек бұл қоғамдық тәртіпке қатысты қандай да бір қаулыға қайшы келмеуге тиіс. Бұл заң, сірә, Солон заңдарынан алынса керек. ІХ кесте. 1–2 Цицерон. Заңдар туралы. ІІІ. 4. 11. 19. 44: Артықшылықты (яғни заңнан өз пайдасына ауытқуды) сұрамайтын болсын. Рим азаматын өлім жазасына кесу үкімі тек центуриат комицияларында ғана шығарылсын… Атақты ХІІ кесте заңдарында екі қаулы бар, оның бірі жеке адамдардың пайдасына заңнан қандай да шегінуді жойса, екіншісі Рим азаматын өлім жазасына кесу үкімін центуриат комициясынан басқаның шығаруына тыйым салды439.

439 Арандатушылық туралы заңды, дәстүрге сәйкес б. д. дейінгі 509 жылы Валерий Публикола енгізген.

3. Авл Геллий. Аттика түндері. ХХ 17: Сен шынымен-ақ сот талқысында бір қылмысты істі қарау тапсырылған судьяның немесе делдалдың сол іс бойынша ақшалай пара алғанына байланысты әшкереленсе, өлім жазасына кесетін заң қаулысын өте қатал деп есептейсің бе? 4. Помпоний. І. 2. §23. D. 1. 2: Өлім жазасын жүзеге асыруға қатысқан квесторлар қылмыстық квесторлар деп аталды, бұл жайында тіпті ХІІ кесте заңдарында айтылған. 5. Марциан. І. 3. D. ХLҮІІІ. 4: ХІІ кестенің заңы (Рим халқының) жауын (Рим мемлекетіне шабуыл жасауға) арандатқанды, немесе жауға Рим азаматын ұстап бергенді өлім жазасына кесуді бұйырады. 6. Сальвиан. Құдайдың басқаруы туралы. ҮІІІ. 5: ХІІ кесте қаулылары сотсыз ешкімнің өмірін қиюға тыйым салады. Х кесте. 1. Адам мәйітін қала ішінде жерлемесін де, өртемесін де. 2. Бұдан артық ешнәрсе жасамасын. (Жерлеу алауына) арналған отынды балтамен бұтарламасын. 3. Цицерон. Заңдар туралы. ІІ. 23. 59: (Жерлеуге) арналған шығынды үш кебінмен, бір қошқыл туникамен және он сырнайшымен шектеп, ХІІ кесте заңы сондай-ақ өлген адамды жоқтауға да тиым салды. 4. (Жерлеу кезінде) әйелдер бетін тырнамасын және өлгенді жоқтамасын. 5. Цицерон. Заңдар туралы. ІІ. 23. 59: Кейін қайта жерлеу мақсатында өлген адамның сүйегі, егер ол соғыста немесе жат жерде ажал құшпаса, жиналмасын. 6а. Цицерон. Заңдар туралы. ІІ. 23. 59: Мұның үстіне заңдарда мынадай да (ережелер) белгіленген: құлдарды бальзамдауға, сылауға және айналма тостағаннан ішуге тиым салынады. "Асып-тасып бүркусіз, ұзынұзын гүлдестесіз, түтін түтетусіз ". 6ә. Фест. De verb. sіgnіf. 154: ХІІ кестеде дүниеден өткен адамның алдына мирра қосылған ішімдік қоюға рұқсат етілмеген.

7. Егер кімде-кім не өзі, не (ойындарға қатысқан) аты мен құлдары үшін гүлөріммен марапатталған болса, немесе гүлөрім оған ерлігі үшін берілген болса, ол өлген кезде оның үйінде де, форумда да оның мүрдесіне гүлөрім қою айып емес, сондай-ақ оның туыстарының жерлеуге гүлөріммен баруына рұқсат етілді. 8. Сондай-ақ марқұммен бірге алтын көмілмесін, бірақ егер марқұмның тісі алтынмен қапталған болса, оны сол алтынмен жерлеуге немесе өртеуге тыйым салынбайды. 9. Цицерон. Заңдар туралы. ІІ. 24. 61: меншік иесінің келісімінсіз оның иелігіндегі ғимаратқа 60 футтан жақын жерде мәйітті өртеуге немесе қабір қазуға заң тиым салады. 10. Цицерон. Заңдар туралы. ІІ. 24. 61: Заң ескі зират жерін, сондай-ақ өртеу орнын алуға тыйым салады. ХІ кесте. 1. Цицерон. Мемлекет туралы. ІІ. 36. 36: (Екінші рет сайланған децемвирлер) ұнамды заңдардың екі кестесін қосып, плебейлер мен патрицийлер арасындағы некеге тыйым салатын ең бір қатыгез заңды бекітті. 2. Макробий. Sat. І. 13. 21: Екі кестені қосқан децемвирлер халыққа күнтізбеге түзетуді бекітуді ұсынды. ХІІ кесте. 1. Гай. Институциялар. ІҮ. 28: Заң бойынша қарыздың өтемі ретінде зат тартып алу енгізілді, ал ХІІ кесте заңы бойынша, бұл талап ақшасын төлемей біреудің малын, құрбандыққа шалу үшін алғандарға қарсы, сондай-ақ біреудің малын жалға алып, құрбандық тойына жұмсадым деп оның ақысын бермей жүргендерге қарсы қолданылатын болды. 2а. Егер құл ұрлық қылса немесе зиян келтірсе. 2ә. Гай. Институциялар. ІҮ. 75. 76: Басыбайлылар мен құлдар жасаған қылмыстар келтірілген нұқсан жөніндегі, талаптарды туындатты, ол істер бойынша үй иесіне немесе құл иесіне келтірілген зиянның өтемін төлеу, не айыпкердің өзін басы бүтін беру ұсынылды… Бұл талаптар не заңдар

арқылы, не претордың шешімі бойынша белгіленді. Заң бойынша белгіленген талаптарға, айталық, ұрлық туралы ХІІ кесте заңы белгілеген талап жатады. 3. Фест. Dе verb. sіgnіf. 174: Егер сот талқысына көшіріп жасалған зат әкелсе немесе сот талқысы болғанының өзін жоққа шығарса, претор үш мәмілегерді тағайындасын және солардың шешімі бойынша нұқсанды (даулы заттың) екі есе құнымен өтелдірсін. 4. Гай. 3. D. ХLІҮ. 6: ХІІ кесте заңы бойынша ғибадатханаларға сот талқысына түсетін затты құрбан етуге тиым салынады; керісінше жасалса біз заттың екі есе құны мөлшерінде айыппұл төлейміз, бірақ сол айыппұл мемлекетке төленуге тиіс пе немесе сол заттың иесімін дейтін адамға төленуге тиіс пе, бұл арасы анықталмаған. 5. Ливий. ҮІІ. 17. 12: ХІІ кестеде алдағы уақытта халық жиналысы қабылдаған кез-келген шешім заң күшіне ие болуға тиіс деген қаулы бар.

Аударма "Ежелгі Рим тарихы бойынша
хрестоматия. С. Л. Утченко редакциясымен. М.
1962" басылымынан жасалды.

6-бөлім. Орта ғасырлар, қайта өрлеу және реформалар
дәуірінің саяси ойы

Әулие сынды Аугустин

ТӘУБА

(354–430) – ерте ортағасырлық христиан ойшылы, Шіркеу әкейлерінің бірі. Қазіргі Алжир аумағындағы Тагастта (Солтүстік Африка) кедей римдік пұтқа табынушының отбасында дүниеге келген. Оның анасы христиан Мониканы католик Шіркеуі кейінірек әулие деп жариялаған. Мадавр мен Карфагенде шешендік өнерді үйренді, Карфагенде өзі шешендік мектебін құрып, он жыл басқарды. Сол жерде ол манихей, яғни ІІІ ғасырда Таяу Шығыста пайда болған, өз бойына христиандық догматиканы, Шығыстың көне халықтарының пұтқа табыну (отты және т.б. пір тұту) сипатындағы діни нанымдарын және ежелгі грек идеалистік философиясының бастауын сіңірген дінифилософиялық ағымның жақтаушысы болды. 30 жасында Римде манихейлерге шешендік өнерден сабақ бере бастады, сол жерде әуелі Цицеронмен, сонан соң скептик, стоик, неоплатонизм ағымдарымен әуестенді. 385 жылы Медиоланда (Милан) сарай жанындағы шешендік мектепті басқарды, ал 386 жылы христиандықты қабылдады. Аугустин Африкаға қоныс аударып, 396 жылы Гиппонның епископы болып сайланады. Ол осы дәрежесінде ондаған жылдар бойы түрлі бағдардағы еретиктермен идеялық күреске жетекшілік етті. Аугустин өзінің басты шығармасы – “Құдай қаласы туралы” еңбегінде әлемдік тарихтың христиандық тұжырымдамасының негізгі қағидаларын баян етті; ондағы ойдың негізгі өзегі – құдайдың күні бұрын айқындап қойғаны, фатализм, яғни жазмыш. “Құдай қаласы” күнәһар, дүниауи мемлекет – “жер қаласына” қарсы қойылады. Еңбекте әлемді Шіркеу билейді, дүниауи бастауларды, соның ішінде ғылым, дін құдайдың дегенінен шықпауы тиіс деген ой айтылады. Бұл ілім талай ғасыр бойы Шіркеудің билігін негіздеуге зор қызмет етті. Аугустин өзінің тағы бір белгілі шығармасы – “Тәуба” деген еңбегінде христиандық мораль қағидаларының сақталуын жақтайды, олар заңмен немесе мемлекеттің әдет-ғұрыптарымен бекітілуге тиіс дейді. Аугустин Гиппонда оны вандалдар қоршаған тұста қайтыс болды. ҮІІІ ғасырда оның сүйегі ҮІ ғасырдан бері жатқан Сардиния аралынан Әулие Петр базиликасына, яғни ғибадатханасына (Солтүстік Италияның Павия аймағы) апарылып, қайта жерленді, қазір сонда жатыр. Екінші кітап

[...] Сонымен, қылмыс қандай себеппен жасалды деп сұрағанда, әдетте ол себеп, не біз пәстік деп атаған игіліктердің біріне жету ниетін, не содан айырылып қалу үрейін аңғарғанда ғана, ықтимал болып көрінеді. Ол игіліктер тамаша әрі қадірлі, бірақ адамды шын бақытқа кенелтетін асқақ игіліктермен салыстырғанда, жиренішті де пәс. Ол адам өлтірді. Неліктен? Ол оның әйеліне құмартқан немесе оның мекенжайы ұнап қалды; ол оны тонап, соған күн көргісі келді; ол әлгі өзін ірі шығынға ұшыратады деп қорықты; ол қатты ренжітілді, сондықтан кек қайтаруға құлшынды. Адам өлтірудің өзінен ғана ләззат алатындай, себепсіз кісі өлтіре ме? Бұған кім сенеді? Тіпті жоғарыда біз айтқан, жайдан-жай, өзінен өзі, ешқандай негізсіз ызалы да қаныпезер еді дейтін мейрімсіз есуас үшін де: “Қолы да , жаны да әрекетсіздіктен семіп қалмауға тиіс” деген себеп тауып айтылған. Мәніс неде? Неліктен? Қылмыс артынан қылмыс жасап, қалаларды алған соң мәртебеге, билікке, байлыққа кенелу үшін; заңдардан қорықпау үшін, басына іс түскенде тарықпай, жасаған қылмыстарына опынбай өмір сүруі үшін. [...] Үшінші кітап

ҮІІІ

Адамгершіліктен аттап өтуден, өрескел қылықтан бой тарту, сол адамгершіліктің түрлі талаптарын сақтау керек. Азаматтың әлде жат жұрттықтың шолжыңы мемлекеттің немесе халықтың заңымен әлде әдетімен нығайтылған қоғамдық шартты бұза алмайды, бүтінмен астаспайтын кез келген бөлшек құбыжық. Ал егер Құдай кімнің де болсын құлқына немесе низамдарына кереғар бірдеңе жасауды бұйырса, онда сол жерде ешқашан олай етілмесе де, сол бұйрық орындалуға тиіс. Егер бұл өсиет ұмытылған болса, ол жаңғыртылуға тиіс; егер ол белгіленбеген болса, белгілеу керек. Егер патшаға өз патшалығында өзіне дейін де, өзі де

бұрын бермеген бұйрықтар беруге рұқсат етілген болса және оған бағыну мемлекет пен қоғамға қарсы әрекет деп саналмаса, керісінше – нақ бағынбау қоғамға қарсы қылық (өйткені барлық адами қауымда өзінің патшасына бағыну келісілген) болса, тіпті сонда да Өзінің бүкіл жаратқанына құдіреті жететін Құдайдың әміріне күмәнсіз мойынсұну қажет. Құдай бәрінен биік; адам қоғамында да үлкен өкімет кіші өкіметтен биік, және осы соңғысы үлкеніне бағынышты ғой.

17. Қылықтардың, қылмыстардың және толып жатқан заңсыздықтардың арасында жақсылығы қыруар пенделердің де күнәлары бар. Әділ қазылар ондай жолы болуды күстаналайды да, заң атымен жақсы өнімнен үміттеніп, жас өскінге қуанғаны сияқты мақтайды да. Бұрыс қылықты қылмысты еске салатын кейбір қарекеттер бар, дегенмен, бұл күнә емес, өйткені олар Жаратқан иеміз, Сені де, қоғамды да түршіктірмейді: мысалы, адам өзінің өмір салтына да, заманына да сай келетін базбір заттарға ие болды, бірақ бұл бәлкім ала беруге құмарлықтан шығар? Әлдекімді түзетпек ниетпен, өзінің заңды билігін пайдаланып, оны жазалайды, бірақ бұл зиян тигізуге құмарлықтан шығар? Адамдар құптай қоймайтын, бірақ Өзіңнің куәлігіңмен мақұлданған қылықтар көп; адамдар мақтайтын, бірақ Өзіңнің куәлігіңмен айыпталған қылық та толып жатыр. Қылықтың көрінісі де, оны жасаған жанның сезімі де, жағдаяттардың көрінбей астасуы да әртүрлі болады. Сен кенет үйреншікті емес әрі тосын, тіпті бір кезде Өзің тыйым салғанды жасауға бұйыратын өсиет беріп, Өз әмірінің себебін уақытша құпия ұстаған кезде, – сол әмірдің осы адамдар қоғамының низамдарына кереғар болса да, оның орындалуға тиіс екендігіне кім күмәнданады, өйткені тек Саған риясыз бас ұратын адамзат қоғамы ғана емес пе? Бұл бұйрықты берген Өзің екенін білетіндер әулие. Өйткені осы сағатта не

керектігін көрсету және болашаққа не керектігін көрсету үшін бәрін Өзіңнің қызметшілерің жасап жатыр.

Аударма “Блаженный Августин. Исповедью
Мюб 1979” басылымынан жасалды. Қазақшалаған
Ақайдар ЫСЫМ.

ҚҰДАЙ ҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ

Бесінші кітап

Алғысөз

Біздің тілеуіміздің бәрі бақытқа саятыны белгілі, бақыт дегеннің өзегі әйел-құдай емес, Құдайдың сыйы. Сондықтан адамдар өздерін бақытты ете алатын Одан басқа ешқандай құдайға табынбауы керек; ал егер бақыт дегеніміз әйел– құдай болса, осы әйел-құдай жалғыз және құрметтелуге тиіс деу әділдік болар еді. Сондықтан қазір біз қайырымсыз, содан да бақытсыз адамдар да иелене алатын игіліктерді сыйлай алатын Құдай Рим мемлекеті сондай ұлы болып әрі ұзақ өмір сүре алуына рақым еткен себептерді қарастыруымыз керек. Мұны римдіктер табынған көп жалған құдайлар жасамаған, біз талай рет айттық та және орынды жерінде әлі де айтамыз. ХІІ тарау

Енді римдіктердің қандай пейілі үшін және не үшін жер бетінің барлық патшалықтары құдіретіне бас иген шын Құдай олардың билігінің таралуына септескенін қарастырайық. Бұл туралы батылырақ айту үшін біз осы жағдайда олар мағынасыз ғұрыптарымен табыну қажет деп тапқан әлгі құдайлардың ешқандай құдіреті жоқ екенін көрсете отырып, осы

тақырыпқа қатысты алдыңғы кітапты да жаздық; тағдыр туралы сұрақты алып тастау үшін, – әлдекімнің Рим империясының ұлғайғаны және сақталғаны анау құдайларға табынудың арқасында еместігіне көз жеткізіп алғаннан кейін, мұны жоғарғы Құдайдың аса күшті құдіретінің орнына қайдағы бір тағдырға теліп жүрмесін деп осы кітаптың алдыңғы тарауларын да осы жерге дейін жаздық. Иә, ежелгі және алғашқы қауымдар кезіндегі римдіктер, еврей халқын қоспағанда, басқа халықтар сияқты жалған құдайларды ардақтап, Құдайға емес, жындарға құрбандық шалып тұрды, дегенмен, олардың тарихы көрсетіп және дәлелдеп отырғанындай, олар “өздері жақсы атану ниетімен ақшаның бетіне қарамады, ұлы даңққа және адал байлыққа ұмтылды”440. Бұл даңқты олар жан-тәнімен жалындай сүйді, сол үшін өмір сүргілері келді, сол үшін қаймықпай өлді. Олар өздерінің барлық басқа құштарын осы ұлы құштарлыққа бағындырды. Оларға бағыныштылық жағдай абыройсыз, ал үстем және әмір берші жағдай даңқты көрінгендіктен – олар өз отанын ең алдымен азат, ал сонан соң үстем күйде көргісі келді. Сондықтан да олар патша өкіметінен жеріп, өздері үшін бір жылдық өкіметтерді және екі әміршіні енгізді, олар патшалықтан және билеп-төстеуден туындайтын патшалар немесе билеушілер деп аталмай, consulendo деген сөзден консулдар деп аталды. Дегенмен, патшалар (reges) өз атауын басқару (regendo) сөзінен алуы мүмкін, олай болса “патшалық” деген сөз “патша” деген сөзден, ал “патша” сөзі “басқару” деген сөзден шыққан; бірақ маңайлатпайтын сипат алған патшалық өкімет жағдайы басқару тәртібі емес, одан да сорақысы – кеңестер (consulentіs) арқылы басқаратын өкіметтің жанашырлығы емес билеп-төстеуші өкіметтің өркөкіректігі деп саналды. Сөйтіп, Тарквиний патша қуылып, консулдар белгіленген соң, римдіктердің қасиеттерін санамалай келіп, сол автор айтқандай, “азат болған қала қысқа мерзім ішінде ғаламат күшейгені соншалық даңққа ғаламат құштарлыққа еліккені

440 Саллютий.

соншалық – тіпті сену қиын”. Сонау бір тәнті ететін толып жатқан істерді, адами өлшеммен мақтанарлық та тамаша істерді дүниеге келтірген нақ сол өзі туралы жақсы пікірді аңсау, нақ сол даңққа құштарлық еді. Сол Саллюстий өз заманының ұлы да атақты қайраткерлері Марк Катон мен Гай Цезарьды мақтайды, Рим республикасында талайға дейін өзінің ерлігі жағынан ұлы жандар болмады дей келе, өз жадында қаһармандығымен ұлы, бірақ мінезі әртүрлі осы екі тұлға қалғанын айтады. Осы орайда Цезарьдың қасиеттерін тізе келіп, ол солардың қатарына Цезарьдың зор билікке, көп әскерге және өзінің ерлігімен жарқылдап көріне алар жаңа соғыстарға аса құмарлығын жатқызады. Сөйтіп, қаһармандығымен ұлы атанған адамдардың көкейіндегі арманы: соғыс құдайы Беллона бейшара халықтарды соғысқа желіктірсе, оларды қанды дойырмен қинаса, тек сонда бұлар өз қаһармандығымен жарқырай көріне алатын оқиғаның күні туады. Бұл өзі туралы жақсы пікірді аңсаудың және даңққа ынтызарлықтың ісі еді. Сөйтіп, римдіктер талай ұлы істі әуелі бостандықты сүйгендіктен, сонан кейін үстемдікке құштарлықтан және өздері туралы жақсы пікір мен даңққа ынтызарлықтан жасады. Бұлардың қай-қайсысын да өздерінің атақты ақыны айғақтайды; ол былай дейді: Қуылады Тарквиний қабылдар оны Порсена, Қоршап алар Римді, аттатқызбай қаладан. Бостандықты аңсаған үрім-бұтағы Энейдің Шайқасқа кірер аттандап, кек алмаққа жауынан.. Сол кезде олар үшін ең ұлы іс не ержүректерше өліп кету, не азат өмір сүру болды. Бірақ бостандық қамтамасыз етілген кезде, оларды даңққа керемет ынтызарлық билегені сонша, енді сонымен бірге үстемдікті де алмай, жалғыз ғана азаттық олар үшін аз еді. Сонда олар үшін сол ақын Юпитердің атынан айтып тұрғандай істер олар үшін ұлы іске айналды: Айтап-айтпай не керек, есін жияр Юнона, Қалтыратқан атыраптың баршасын, Білек қосып меніменен, римдіктер әмірін

Беркітеді, бүкіл әлем қожайыны, тога киген халықтың: Солай шештік. Жылдар өтер, Ассарактың әулеті Бағындырар Фейяны, атақ-даңқы шарықтаған Микенаның әулетін құл етеді тепкілеп, Аргосты да бағындырар күндердің бір күнінде. Вергилий Юпитерді көріпкел етіп бейнелегенімен, іс жүзінде ол болары болған істі және қазіргіні айтып отыр: сөйтсе де, бостандық алғаннан кейін римдіктер билікті бәрінен жоғары бағалағанын көрсету үшін оның сөздерін келтіре кету қажет деп таптым; өйткені бұл олардың ұлы қасиеттерінің қатарына қойылған. Сондықтан дәл сол ақын римдіктерге тән патшалық ету, билеп-төстеу, халықтарды бағындыру және басып-жаншу өнерін басқа халықтардың өнерінен жоғары қоя отырып, былай дейді: Мыс илейді жіптіктей ғып біреулер, Мәрмар тастан жанды бейне қашайды, Сөз айтады ділмарсынып біреулер, Санап шығар бар жұлдызды көктегі Бас-басына есім берер мардамсып. Бірақ-бірақ, Рим ұлы болсаң сен, Өзің озар баршасынан ісіңді еш ұмытпа: Билеп-төстеу барша әлемді, Заң шығарып таңырқату бөгдені, Бас игенді байырқалап, кеудемсоқты тізерлеу Сенің ғана қолыңнан-ақ келеді. Олар бұл өнерлерді іске неғұрлым сәтті пайдалану үшін нәпсілік ләззаттарға бой алдырмауға, байлық қуып, оны еселей түсемін деп құлқын бұзбауға, кедей азаматтарды несібесінен айырмауға, (байлықты) алаяқ актерларға шашпауға, сөйтіп жанын да, тәнін де әлсіретпеуге тиіс болатын. Ал Саллюстий жоғарыда келтірген сөздерін жазған және Вергилий жырға қосқан кездің өзінде әлгіндей инсанияттық дерттер меңдеп, дағдыға

айналған болатын, сондықтан бұл кезде римдіктер абырой мен даңққа әлгі өнерлермен емес, қулықпен және алдаумен жететін. Сондықтан дәл сол Саллюстий айтады: “Бірақ әуел баста адам жанына түрткі болатын ашаршылықтан гөрі, атаққұмарлық еді. Бұл сырқау, айтпақшы, жақсылыққа жақын. Өйткені даңқ, абыройды, билікті жақсы адам да, жаман адам да аңсайды; бірақ бұлардың біріншісі, ( деп қосады Саллюстий), яғни жақсы адам бұған тура жолмен ұмтылады, ал соңғысы, жақсы өнерден мақұрым болған соң, қулықпен және алдаумен жетеді”. Осынау жақсы өнерлер абыройға, даңққа және билікке айлалы атаққұмарлықпен емес, жақсы істермен жетуден тұрады. Оларды жақсы адам да, жаман адам да аңсайды; бірақ бірінші, яғни жақсы адам оларға тура жолмен жетеді. Бұл жол – жақсылық, ол өзінің тура мақсатына – даңққа, абыройға, билікке жетелейді. Бұл ұғымдар римдіктер бойына сіңірілген болатын, мұны олардың құдайларының ғибадатханалары аңғартады. Құдайдың сыйын құдай деп білген олар Жақсылық пен Абырой ғибадатханаларын қатар салыпты. Бұдан олар жақсылықтың алдына қандай мақсат қойғанын, жақсы адамдар оны не нәрсеге: атап айтқанда, абыройға жұмсағанын көруге болады. Өйткені абыройға ие болғысы келгенімен, зұлымдарда ол болмады, бірақ оған жымысқы өнермен, яғни қулықпен, алдаумен жеткісі келді. Ең жақсы лебіз Катон туралы. Саллюстий ол жайында былай дейді: “Ол даңқты қаншалық аз іздемесе, даңқ оған соншалық әуес болатын”. Олар ынтыға құмартқан даңқ адамдар туралы жақсы ғана ойлайтын жандардың ой-пікірін бейнелейді. Сондықтан адам сотымен емес, тек өз арының сотымен қанағаттанатын жақсылық бәрінен оңды. Қазіреттің сөзі де осымен үндес: Біздің осы мақтауымыз арымыздың куәсі (ІІ Кор. І, 12). Басқа бір жерде былай дейді: “Әркімге өзінің ісі сын, сонда мақтан басқадан шықпайды, тек өз ішіңде болады” (Гал. ҮІ, 4). Сонымен, олар өзі үшін қалаған және жақсы адамдар жақсы өнерлерімен қол жеткізуге тырысқан даңқты, абыройды және билікті жақсылық іздемеуі керек, қайта

солар жақсылықты іздеуге тиіс. Жалғыз шын жақсылық – адамның игілігін көздейтін мақсатқа ұмтылатын жақсылық, ал адам игілігіне теңдесер ештеңе жоқ. Сондықтан Катон өзі ұмтылған абыройды сұрамауы тиіс еді, қайта оның жақсы істері үшін сол абыройды қоғам ол сұрамай-ақ беруі тиіс болатын. Бірақ сол уақыттың жақсылығымен ұлы атанған осы екі қайраткердің – Цезарь мен Катонның арасында Катонның жақсылығы Цезарьдың жақсылығына жақын екендігі анық. Мұнан соң, сол уақытта қоғам қандай болғанын және бұрын қандай болғанын біз Катонның өз сөзінен білеміз. “Біздің бабаларымыз, – дейді ол, – шағын республиканы ұлы республикаға қарудың күшімен айналдырды деп ойлама. Егер солай болса, онда бізде (қазір) ол республика әлдеқайда жақсы болар еді. Бізде, қару мен жауға шабатын аттар туралы айтпағанда, одақтастар мен азаматтар олардағыдан едәуір көп. Оларды ұлы еткен және бізде жоқ басқа нәрсе болды: бұл – ішкі істердегі ыждағат, Римнен тыс жерлердегі әділ басқару, мемлекеттік істер туралы кеңестерде – еркін және қылмыстан да, құмарлықтан да таза пікір. Бізде мұның орнына – ысырапқорлық пен ашқарақтық, мемлекеттің кедейлігі бар, байлық жеке адамдардың қолында: байлықты көкке көтереміз, жалқаулықты ұнатамыз; бізде жақсы адамдар мен жаман адамдар арасын айыру жоқ; жақсылықтың марапаты болуға тиіс нәрсенің бәріне бізде алаяқтар ие. Сондықтан сіздердің әрқайсыңыз тек өзіңізді ғана ойласаңыздар, үйде нәпсі ләззатына берілсеңіздер, ал одан тыс жерде ақшаның немесе ықпалды адамдардың алдында құлдық ұрсаңыздар, республикаға шабуыл тойтарысқа ұшырайтындығына таңырқайтын ештеңе жоқ”.

Аударма “Блаженный Августин. Творения
(том третий). О городе Божием. Книги І–XІІІ. С.-
П. 1998” басылымынан жасалды. Ұазақшалаған
Ақайдар ЫСЫМ

Әбу Насыр әдл-Фараби

АЗАМАТТЫҚ САЯСАТ

(870–950) – философ, Шығыстың энциклопедист-ғалымы. Заманында Екінші Ұстаз (Бірінші – Аристотель) атанған ол Таяу және Орта Шығыста – аристотелизмнің негізін қалаушылардың бірі болды. Сырдария бойындағы Фараб қаласында (кейін Отырар атанған) түркі отбасында дүниеге келген. Шығыс тарихында Фараб ғылым мен мәдениеттің үлкен ордасы ретінде мәлім, оның кітапханасы, аңызға қарағанда, кітап саны жағынан тек әйгілі Александрия кітапханасынан ғана кем түссе керек. Шаһарды 1218 жылы моңғолдар қиратқан, 1405 жылы осында Әмір Темір көреген қайтыс болған. Әл-Фараби талай уақыт өз білімін араб халифатының саяси және мәдени орталығы Бағдатта молықтырды, өмірінің соңын Дамаск (Шам) қаласында (Сирия) өткізді. Ол ғылымның, философияның проблемаларына, әлеуметтік мәселелерге арналған 100-ге жуық еңбек жазған. «Жақсылық қаласы тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактатында» (ойшылдың осы жұмысының алғашқы нұсқасы, сірә, «Азаматтық саясат» кітабы болуы керек) әл-Фараби мінсіз әлеуметтіксаяси құрылыс туралы идеяларын өрбітеді. Бұл мемлекет-қалада әмірші бодандарының қамын жеген білімдар монарх. Онда азаматтарды езу мен қанау болмайды, олардың арасында достық пен өзара көмек қатынастары орнайды. Әмірші парасаттылықтың, саяси құлық пен моральдың биік талаптарына сай келеді, ал қоғамдағы әлеуметтік жарасым, оның түрлі жіктері, өзара тәуелді әрі бір-біріне бағыныста болғандықтан, бір-бірімен жауықпайды, заңдар мен тәртіпті сақтайды. Әл-Фараби жақсылық қаласын өзі надан, пасық, адасқан, сондай-ақ алдау қаласы деп атаған, тұрғындары дәулет пен байлықты бүкіл өмірдің құралы деп емес, мақсаты деп білетін шаһарға кереғар санайды. Билікқұмар саясаткерлерге қарсы шыға отырып, әл-Фараби олар адамардың игілігі үшін емес, «өздерінің ындыны мен пейілін тояттандыру» үшін басқаратындығын атап көрсетті. «Мемлекеттік қайраткердің нақылдары» кітабы – ойшылдың саясатқа арналған соңғы шығараларының бірі; мұнда оған Ертедегі Грекияның аса ірі ғұламалары Платонның (оның әсіресе «Саясат» деген еңбегі) және Аристотельдің ықпалы айқын аңғарылады. ХІХ ғасырдың аяғына дейін талай заман Еуропада орынсыз ұмыт қалған әл-Фараби еңбектері Шығыстың философиялық және әлеуметтік-саяси ойының дамуына, соның ішінде ибн Синаның (Авинценна), Низамидің, ибн Халдунның дүниетанымына зор әсер етті.

Ұжымдық қала – дегеніміз әрбір тұрғыны өзінің қалағанын істеуге мүлдем ерікті қала. Оның тұрғындары бірі-біріне тең. Олардың заңдары бір адамға басқалардан ешбір артықшылық бермейді. Олардың бір-біріне және [басқа қалалардың тұрғындарына] билігі олардың бостандығын ұлғайта түсетін нәрсені жасауға ғана жүреді. Олардың ішінде түрлі құлықтар, түрлі тіршілік қамдары, ниет-тілектер, сансыз көп заттардан ләззат алу ұшырасып отырады. Олардың тұрғындары бір-біріне ұқсас та, өзгеше де толып жатқан топтардан тұрады. Барлық осы қалаларды өз бойына біріктіретін бұл қалада пасықтық пен абзалдық ұштасады, біз [жоғарыда] атап өткен, басшылықтың қандайы болса да кездеседі. Бұл қала жұртының өздерін басқаратын басшысында ешқандай шаруасы болмайды, өйткені [бұлар] өз басшыларын өздері тағайындайды, ал оларға жетекшілік ететіндер мұны тек өз бағыныштыларының еркімен істейді. Олардың жетекшілері бағыныштыларының еркіне [бағынады], ал соңғылар басшыларының бұйрығына бағынбайтын болғандықтан, [бұл қалаларда] шынына келгенде жетекші де, бағынушы да жоқ. Оларда кімде-кім қала тұрғындарына еркіндік берсе, кімде-кім солардың тілегін, талабын қанағаттандырса, кімде-кім олардың осы еркіндігін қорғаса және солардың бір-біріне және дұшпандарына деген алуан түрлі тілек-талаптарын орындап, кімде-кім өзінің ындынын қажет заттармен ғана шектеп отырса, солардың бәрі мадаққа да, құрметке де лайық [адамдар]. [...] Бұл қалада оның тұрғындарының құрметіне не олардың көксегенін қанағаттандыра білгенінің арқасында, не ата-бабалары басқаруда даңқы шыққандықтан әкелерінің басшылық ету құқығы өздерінде сақталуының арқасында ие болған адамдар басшы болуы мүмкін. [...] Осы жағдайда тұрғындар жетекшінің билігінде болады, бұл қаланың бүкіл надандық нәпсілері мен мақсаттары барынша толық пошымға ие болады, және де мұндай қала барлық надан қалалардың ішіндегі [ең] ғажайыбы, бақыттысы болады да, өзінің сыртқы бейнесімен

әлем-жәлем, бояуы құлпырған киімге ұқсайды, осының арқасында кезкелген адамның сүйікті баспанасына айналады, өйткені бұл қалада кезкелген адам өзінің нәпсісі мен қалауын қанағаттандыра алады. Сондықтан да жұрт (осы қалаға) ағылып, мекендеп қалады. Оның аумағы қисапсыз ұлғаяды. Онда әр текті адамдар туады, әрқилы некелер қиылып, әрқилы жыныс қатынастары болады, онда тұқымы мен тәрбиесі мейлінше әртүрлі балалар өседі. Бұл қала бір-бірінен өзгеше бөліктері бар, бір-біріне енетін саналуан бірлестіктерден тұрады, оларда жат жұрттықтарды жергілікті жұрттан айыра алмайсың, және оларда барлық тілектер мен барлық қарекеттер жымдасып кетеді. Сондықтан уақыт өте келе осында ең лайықты [адамдардың] өсіп шығуы әбден ықтимал. [...]

МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЙРАТКЕРДІҢ НАҚЫЛДАРЫ

27. Шын әкім – қалаларды басқарғанда өзі қолданатын өнерде көксегенінің мақсаты мен нысанасы өзінің де, басқа қалалықтардың да шынайы бақыты деп білетін әкім, өйткені басқару өнерінің нысанасы мен мақсаты сондай бақыт. Бұлтартпас [қисыннан] туындайды: жақсылық қаласының әкімі ең бақытты адам болуға тиіс, өйткені ол қала тұрғындарының бақытқа кенелуінің себепшісі. 28. Кейбір [әкімдер] қалаларды басқарғандағы мақсат – асқақтық, құрмет пен үстемдік, бұйыру мен тыйым салу, бағыну, сыйлау мен мадақ деп ойлайды. Олар құрметке ұмтылғанда соның көмегімен жетуге болатын басқа бірдеңелер үшін емес, өздері үшін ұмтылады. Қалаларды басқару үшін қажет қарекеттерді олар соның арқасында сол мақсатқа жету құралы етіп пайдаланады. Қаланың заңдарын олар солардың арқасында қала тұрғындарының сол мақсатты жүзеге асыруға жәрдемдесуі үшін пайдаланады. Олардың кейбіреулері бұған қала тұрғындарына жақсылық жасай отырып, оларды жарылқай отырып, оларды бұл қала тұрғындарының пікірінше [шын] игілік болып табылатын игіліктерге ие

болуға бағыттай отырып, бұл игіліктерді солар үшін сақтай отырып, соларға ғана бере отырып жетеді. [...] Ал басқа бір қала әкімдері қалаларды басқару мақсаты байлық деп біледі. Басқарғанда қолданатын қарекеттерін олар солардың көмегімен байлықұа жетуге пайдаланады; қала тұрғындары үшін [шығарылатын] заңдарды олар сол қала тұрғындарынан байлық табуға көмектесетін заңдарға айналдырады, және де егер олар қандай да бір игілікті құп көріп, осы [бағытта] бірдеңе істесе, оны тек байлыққа ие болу үшін жасайды. Байлықты құрметке бөленуге бола артық көретін адам мен байлыққа жетуге бола құрметті, бағынуды артық көретін адам арасында зор айырмашылық бар екені мәлім. Бұл соңғыларын пасық әкімдер дейді. Енді бір қала әкімдері қала басқарудағы мақсат – ләззат алу деп біледі. Өзге біреулері [мақсат] солардың үшеуін де – құрметті де, байлықты да, ләззатты да қолға түсіру деп біліп, қала тұрғындарын ләззат пен байлыққа ие болудың құралына айналдырып, соған озбырлықпен жетеді. Ерте заман адамдары олардың бірде-бірін «әкім» деп атамаған. 34. Кемеңгерлік дегеніміз дүниеде бар барлық нәрсенің болмысы тәуелді түпкі себептерді және себептері бар нәрселердің бергі себептерін білу. Бұған олардың болмысын анық білу және олардың не және қандай екенін, олар қаншама көп болса да, белгілі тәртіппен біртұтас болмысқа саятынын, ол болмыс әлгі түпкі себептер мен бергі себептердің болуының себебі екенін біздің білуіміздің арқасында қол жетеді. [...] 53. Жақсылық қаласы бес бөліктен тұрады: олар – ең лайықты адамдар, шешендер, өлшеушілер, жауынгерлер және байлар. Ең лайықты адамдар санатына кемеңгерлер, пайымдай білетін адамдар және маңызды істерде беделі бар адамдар жатады. Одан кейін – діни қызметкерлер мен шешендер, атап айтқанда, дін уағызшылар, ділмарлар, ақындар, музыканттар, хатшылар [...] Өлшеушілер дегеніміз – есепшілер, геометрлер, дәрігерлер, астрологтар және сондайлар. Жауынгерлер дегеніміз – сарбаздар, жасауылдар және соларға ұқсап, солардың санатына

жатқызылатындар. Байлар дегеніміз –егіншілер, малшылар, саудагерлер және басқа сондайлар секілді қалада байлық табатындар. [...] 63. Соғыстар не қалаға сырттан басып кірген жауды тойтару үшін; не басқалардың қолында тұрған, бірақ қаланың оны алуға құқығы бар мүлкаманды қолға түсіру үшін; не болмаса, басқалар үшін емес, нақ солар үшін ең жақсы, ең пайдалы нәрсеге, егер олардың өздері мұны білмесе және мұны біліп, оларды бұған сөзбен шақыратындарға бағынбаса, сол адамдарды көндіру үшін жүргізіледі деп танылған; сондай-ақ, егер өздерінің дүниедегі орны бойынша құл болу өздері үшін ең жақсы, ең пайдалы [шабуыл жасаушы жақтың пікірінше] екенін білмей, құл, малай болуға көнбейтіндерге қарсы немесе қаланың оларға толық құқығы бар, бірақ олар мұны мойындамайтын (қала тұрғындарының санатына жатпайтын) адамдарға қарсы соғыс жүргізу керек деп саналады. Бұл арада [соғыстың] бірден екі мақсаты қылаң береді: бірі – қала үшін мал-мүлік алу, екіншісі – тезге салып, әділеттілік орнату қажеттігі. Бұл өздерінің белгілі бір қылмыстары үшін жазалануға тиісті адамдарға қарсы, олардың енді мұндай қылмысты қайталамауы және басқалардың қалаға қарсы шығуға батылы бармауы, шайтанға ермеуі үшін соғыс жүргізуге де қатысты; бұл сондай-ақ қала тұрғындарына қандай да бір игілік әперу, олардың қолды болған өз үлесін және олар үшін ең жақсысы – [әділетті] қайтару, жауды күшпен тойтару үшін жүргізілетін соғысқа да қатысты. [...] 83. Абсолюттік мағынасындағы полития политияның барлық түрлерінің тегі емес, соған сәйкес келетін, бірақ мәні мен табиғаты бойынша өзгешеленетін көптеген нәрселердің жалпы атауы секілді болып табылады. Жақсылығы мол полития мен надан политияның барлық тұрпаттарының арасында ешқандай ортақ нәрсе жоқ. 84. Жақсылығы мол полития дегеніміз әкім тек сол политияның көмегімен қол жеткізе алатын жақсылық әкелетін мемлекеттік құрылыс; бұл адамның қолы жететін жақсылықтың ең ұлысы. [...]

87. Надан полития бір-бірінен айырмашылығы зор сан алуан түрлерді қамтиды; олардың кейбіреулері өте жаман, ал енді біреулері болмашы ғана зиян келтіреді, бірақ жекелеген адамдарға зор пайда келтіреді [...]

ҒЫЛЫМДАРДЫҢ СҰРЫПТАЛУЫ ТУРАЛЫ СӨЗ

Бесінші бөлім

Азаматтық ғылым, құзырнама және догматтық дән ілімі туралы

1. Азаматтық ғылым

Азаматтық ғылым еріктен өрбитін қарекеттер мен құлық түрлерін; осы қарекеттер мен құлықты туындататын қасиеттерді, ғұрыптарды, туа біткен сапалар мен мінездерді; сол қарекеттердің мақсатын; бұлар адамда қандай болуы керектігін; оның бойында қандай болуы тиістілігіне қарай олар қалай орналасуы керектігін; адамда олардың сонда сақталу тәсілдерін зерттейді. Мақсаттар сол үшін осы қарекеттер жасалатындығына және қарекеттердің нақ осы түрі қолданылатындығына қарап бөлінеді. Бұл ғылым осылардың қайсысы шын бақыт, қайсысы жалған бақыт екендігін түсіндіреді, шындығында бұл олай емес. Шын бақыттың бұл өмірде болуы мүмкін емес, ол осы өмірден соң келетін басқа өмірде ғана болады, ал мұнымыз – о дүние. Жалған бақытқа келсек – бұл, мысалы, байлық, құрмет, ләззат – осы өмірде мақсат болып көрінетіннің бәрі. Азаматтьқ ғылым осы қарекеттер мен құлық арасын ажыратып көрсетеді. Ол, мысалы, шын бақыт дегеніміз: игілік, рақым және ар-намыс, ал осылардан басқаның бәрі жамандық, былапыт және сырқау екендігін түсіндіреді. Адамда осылардың болуының негізі белгілі бір тәртіпте қалалар мен халықтарға тән және бірлесіп пайдаланылатын лайқат қарекеттер мен

құлық. Ол [бұл ғылым] олар белгілі біp басқару тұсында ғана орын алатынын, ол басқару басқаның бәрімен қатар қалалар мен халықтар бойында осы қарекеттерді, құлықты, сапаларды, қасиеттерді, ғұрыпты нығайта түсетіндігін түсіндіреді; олар жоғалып кетпес үшін солардың бойынша сақтауға тырысады. Мұндай басқару тек қандай да бір тірлік немесе қабілет болғанда орын алады, солардан әлгі қасиеттерді беркітуге және беркітілгендерін баянды етуге, бағытталған қарекет туындайды. Mінe, сол тірлік патшалық, немесе жоғарғы, немесе адам қалай атағысы келсе, солай атай алатын өкімет. Ал саясат сондай тірліктің нeгізі. Басқару екі түрлі болады: біp басшылықтың қарекеті, құлықты, ерік қасиеттерін беркітіп, солардың көмегімен шын бақытқа қол жеткізеді, мұның өзі қалалар мен халықтарды жақсылықпен басқару. Мұндай басқаруға көнетін қалалар мен халықтар шарапатты қалалар мен халықтар болып табылады. Басқарудың енді бір түрі қалаларда шындығында бақыт емес, жалған бақытқа қол жеткізетін қарекеттер мен қасиеттерді беркітеді; мұндай басқару – надандық басқару. Бұл басқару көптеген шағын түрлерге бөлініп, әрқайсысы алға қойған мақсатына қарай әр түрлі аталады. Бұл басқару сондай-ақ өзі көздейтін мақсаттар мен міндеттеp санына қарай да бөлінеді. Мысалы, егер басқару байлыққа ұмтылса, ол пасық басқару деп аталады: егер ол құрметке ұмтылса, онда бұл атаққұмар басқару. Егер ол әлдебіp басқа мақсатқа ұмтылса, сол мақсатына орай басқаша аталады. Ол [осы ғылым] жақсылықшыл патшалық өкімет мынадай екі күштен құралатынын түсіндіреді: 1) әмбебап заңдардың күші; 2) азаматтық істерге ұзақ уақыт араласуының арқасында, өзіне бағындырылған қалаларда ғұрыптар мен адамдарды басқару тәжірибесінің

арқасында, және ұзақ тәжірибе мен бақылау негізінде қалыптасқан дағдысының арқасында адам бойына сіңіретін күш. [...] Азаматтық философия қарекеттерді, құлықты, ерік қасиеттерін және өзінің зерттеу аясына кіретіндердің бәрін зерттей келіп, жалпы заңдарды белгілеп береді. Сонымен біргe оларға кез-келген жағдайға сәйкес анықтаманы да сол береді; кез-келген уақытта бұлардың қалай, немен және қанша нәрсемен анықталатындығының картинасын көрсетеді, бірақ соңғыларына анықтама бермейді, өйткені басқа күшке шұғыл анықтама беру оның қызмет аясына жатпайды; Сондықтан анықтама сәйкес келетін жағдайлар мен оқиғалар нобайланбаған және белгісіз. Бұл ғылым екі бөлікке бөлінеді. Мұның бірінде бақыт түсіндіріледі; ол шын бақыт пен жалған бақыттың арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Содан кейін онда қалалар мен халықтарға тән қарекеттер, құлық, ғұрып және ортақ ерік қасиеттері тізіп көрсетіледі. Ақырында, ол бұларды жақсылықшыл және жамандықшыл деп екіге бөледі. Екінші бөлігі қалалар мен халықтарда жақсылық қасиеттері мен құлықтарын ұйымдастыру тәсілдерін қамтиды да, жақсылықшы құлықпен мен істерді нығайтатын беделді қарекеттерге түсінік береді. Ол [осы екінші бөлік] қала тұрғындарымен қарекеттерді ұйымдастырады және оларда ретке келіп, беркіген нәрселер солардың арқасында сақталады. Содан кейін ол жаманшылықты басқару түрлерін атап шығады, олардың қанша екенін және әрқайсысының қандай екенін көрсетеді; [әміршілердің] әрқайсысына тән қарекеттерді санап шығады, олардың өз басқаруына бағынған қалалар мен халықтар арасында мықтап орнығу үшін қолданатын өкіметінің әлпеті мен қасиеттері қандай болатынын көрсетеді. Бұл Аристотель мен Платонның «Саясат» деп аталатын кітаптарында, Платонның және өзге [авторлардың] басқа да кітаптарында [баяндалған]. [Бұдан әрі бұл бөлік] барлық осы әрекеттер, құлықтар мен қасиеттер жақсылық қалаларының бейнебір сырқаты секілді болатынын түсіндіреді.

Ал өкіметтердің тірлігі мен құлықтарына тән қарекеттерге келетін болсақ, олар өкіметтердің жақсы қызметінің сырқаты секілді. Осы өкіметке бағынышты қалаларды сипаттайтын қарекеттер мен қасиеттерге келсек, олар бейнебір жақсылық қалаларының сырқаты секілді. Сонан кейін [бұл бөлік] бұрын жақсы қарекеттер мен басқарудың надан қалаларға тән қарекеттер мен басқаруға айналуына бөгет жасамаған қанша себептер мен мүмкіншіліктер бар екенін тізіп шығады. Сонымен бірге [бұл бөлік] жақсылық қалалары мен басқаруды бұзылудан, жамандық қаласына айналудан сақтайтын барлық қарекет түрлерін тізіп шығады; ол, сондай-ақ қалалардың қайтадан бұрынғы қалпына түсуіне көмектесу үшін, олардың надан қалаларға айналуына қарсы қолдануға болатын басқару, айла-амал және нәрселер түрлерін санап шығады. Сонан кейін жақсы өкіметтің қанша нәрседен тұратыны, оған теориялық ғылымдар да, практикалық ғылымдар да кіретіні, бұған қалалар мен халықтар арасындағы практикалық істердің тәжірибесінен туындайтын күш қосылатыны түсіндіріледі. Бұл кез-келген қоғамға, қала мен халыққа сәйкес және кез-келген жағдай мен оқиғаға сәйкес қарекеттерді, құлықтарды немесе қасиеттерді айқындау үшін жақсы жағдай жасау қабілеті. Бұл бөлік жақсылық қаласы, оның әміршілері уақыты келгенде бірбірін алмастырғанда келесі адам өзінің ізашары билік жүргізген жағдай мен шарттар негізінде әрқашан алдыңғының мұрагері болып қала беретін бірдей де бұлжымас шарттармен алмастырса, олардың алмасуы үздіксіз және дәйекті болса, жамандық қаласы болмай, жақсылық қаласы болып қала беретінін түсіндіреді. Әміршілердің алмасуы үзіліп қалмас үшін қалай қимылдау керектігін ұқтырады. Бұл бөлім патшалардың және басқа да [әміршілердің] балаларын қазіргі әміршіден кейін өкіметті қолына алуға лайықты етіп өсіру үшін,

оларға қандай шарт пен жағдай жасау керек екендігін түсіндіреді. Ол өкіметті қолына алып, мінсіз монарх болуы үшін жаратылыстық қабілеті аңғарылған баланы қалай және ненің көмегімен тәрбиелеу керектігін ұғындырады. Мұнымен қатар басқаруы надан болғандар монарх болуға мүлдем тиісті емес. Өздерінің жағдайында, қарекеттерінде және басқару іcіндe олар теориялық та, практикалық та философияға мүлдем ділгер емес; ол ол ма, олардың әрқайсысы өздері басқарып отырған қалалар мен халықтар арасында көздеген мақсаттарын осындай іc барысында алған дағдысының арқасында жүзеге асыра алады. Егер оның бойында өзінің мақсаты болып табылатын: ләззат, құрмет және тағы басқаларына қол жеткізу үшін қажет қарекеттерді зерттей білудің туа біткен тамаша қабілеті болса, ол игілікке ие болу жөніндегі өз мақсатына жетеді. Дәл өзі секілді мақсатты көздеген алдыңғыәміршілерге ойдағыдай еліктеу де осыған жатады.

2. Құзырнама

Құзырнама өнерінің (сондай бір ғылым бар) арқасында адам қайсыбір халық үшін белгіленген қандай да бір діннің канондық құқығында жеткілікті айқын анықталмаған кез-келген нәрсеге баға бере және оны түзете алады. Әpбір діннің өз көзқарасы, өз қарекеттері бар; мысалы, Алла туралы – (бар мадақ Соған!) –және Оның сипаты туралы, дүние туралы немесе басқа бір нәрсе туралы қағида көзқарастарға негізделген; ал қарекеттерге келсек – бұл, мысалы, Алла (Оның даңқы артып, ұлықтала бергей!) ұлықтауға қызмет ететін қарекеттер – және қалаларда соған сәйкес мәміле жасалатын қарекеттер. Сондықтан мұсылман құқығы екі бөлікке бөлінеді: бір бөлігі – көзқарастар туралы, екіншісі – қарекеттер туралы.

ЖАҚСЫЛЫҚ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ

КӨЗҚАРАСТАРЫ ЖАЙЫНДАҒЫ ТРАКТАТ

28. Жақсылық қаласы басшысының қасиеттері туралы

Осынау басшы – адамдардың ешқайсысының құзырында болмайтын адам. Ол – имам, ол – жақсылық қаласының бірінші басшысы, ол – шарапатты халықтың басшысы және жердің бүкіл мекенделетін бөлігінің басшысы. Өз бойына туа біткен он екі қасиетті ұштастырған кісі ғана сондай адам бола алады. Бұл адамның, біріншіден, мүшелері мүлдем мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің күші өздері орындауға тиісті қарекеттерді атқару үшін мейлінше жақсы бейімделген, сонда егер осынау адам әлдебір мүшесінің жәрдемімен әлденендей бір қарекетке кіріссе, ол мұны оп-оңай атқаратын болуы керек; табиғатынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін және елестете алатын, өзіне айтылған сөзді сөйлеушінің нені айтып тұрғанына және істің жай-жапсарына сәйкес пайымдай білетін болуы керек; өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір бір заттың кішкене ғана нышанын байқаған заматта сол нышанның нені ишаралайтынын тез аңғаратындай алғыр да көреген ақыл иесі болу шарт; әсерлі сөз иесі және ойындағысының бәрін барынша анық айтып бере алатын ділмар болу шарт; үйренуге және тануға құштар болу, үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналмай, бұған оңай жететін болу шарт; тамақ, ішімдік ішyдe, жыныстық қатынаста кірпияз болу, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарау шарт; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік пен суайттарды жек көру шарт; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болу шарт: оның жаны жаратылысынан пасық іcтердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, дүниауи өмірдің басқа да нышандарына жирене

қарау керек; жаратылысынан әділет пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты және солардың иелерін жек көру шарт; жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен тамашаны сыйлап отыру шарт; әділ болу керек, бірақ кыңыр болмау керек, әділеттілік алдында нойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлде рақымсыз болу шарт; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда тайсақтамайтын, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы шарт. Осының бәрінің бір адамның бойында болуы қиын нәрсе, сондықтан да жаратылысынан осындай қасиет дарыған адамдар ете сирек кездеседі, мұндайлар тым аз. Сондықтан егер, жақсылық қаласынан осындай адам табылса және ержеткенде жоғарыда аталған шарттардың алғашқы алтауы немесе беceyі оның бойына біткен болса, онда елестету қабілеті жағынан теңдесі болмағандықтан, нақ сол осы қаланың басшысы болмақ. Ал егер зәуде белгілі бір кезеңде мұндай адам болмай шықса, онда қала басшысы мен оның ізбасарлары болып қаланы кезгімен басқарғандар белгілеген заңдар мен ережелер сақталып отырады. Кімде-кім туғаннан бастап және бозбала шағында жоғарыда аталған шарттарды бойына дарытқан болса және есейгеннен кейін басқа алты шартқа сай келетін болса, біріншісінің орнын басатын екінші басшы сол болады. – Біpінші шарт – кемеңгер болу. – Екінші – қала үшін бірінші имамдар белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іcәрекетін соларға сәйкес жүргізу. – Yшінші – бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету.

– Төртінші – алғашқы имамдар аңдай алмаған нәрселерді, бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып-біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай қарекеттерінде халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат ету. – Бесінші – алғашқы имамдардың заңдарын және солардан кейін, солардың үлгісі бойынша өзі шығарған заңдарды орындауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу. – Алтыншы – әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, бұл орайда әскери өнерді қызмет бабындағы және басқарушы өнер ретінде білу. Ал егер осы қасиеттердің бәрін өз бойына жинақтаған адам табылмайтын болса, бірақ екі адам табылып, оның бірі – кемеңгер, екіншісі басқа шарттарға сай келетін болса, онда осы екеуі де қала басшылары болар еді. Егер осы қасиеттер топ адамның басына бөлек-бөлек біткен болса, сөйтіп бірінде даналық, екіншісінде тағы бір қасиет, үшіншісінде тағы бір, төртіншісінде тағы бір, бесіншісінде тағы бір, алтыншысында тағы бір қасиет болса, онда осы адамдар өзара келіскен жағдайда, бәрі де жақсы басшылар болмақ. Егер әйтеуір бір кезде басшылықта даналық болмай қалса, онда басшылық басқа шарттардың бәріне сай келе тұрса да, жақсылық қаласы ағзамсыз қалмақ және қаланы басқаратын басшы бұл жағдайда ағзам бола алмайды, ал қаланың өзі құрып кету қатеріне ұшырайды. Ал егер осы басшыға ақылшы етіп қоярлық бір кемеңгер табылмаса, қала біраз уақыттан кейін cөзcіз құритын болады.

29. Жақсылық қаласына кереғар қалалар туралы

Жақсылық қаласы надан қалаға, өнегecіз қалаға, алдау қаласы мен адасқан қалаға кереғар. Сондай-ақ мұндай қалаға жеке адамдар – осы қалалардың өкілдері де кереғар.

Надан қала дегеніміз – ешқашан бақытты көріп-білмеген, оған талпыну ешқашан ойына да кіpіп-шықпаған тұрғындар қаласы. Олар мұны ешқашан көрген емес, бұған ешқашан сенген де емес. Игілікке келсек, олар тек жұрттың ойынша игілік саналатын алдамшы нәрселерді ғана, жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін нәрселерді ғана біледі, мәселен, тән саулығы, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ осындай нәрселер. Осы игіліктердің әрқайсысы надан қаланың барлық тұрғындарының көзіне бақыт болып көрінеді.

Аса зор, толық бақыт барлық осы игіліктердің жиынтығы. Бұл игіліктерге бақытсыздық атаулы – тәндегі дерт, кедейлік, ләззаттың жоқтығы, құштарлыққа берілудің мүмкін еместігі, сый-құрметтің жоқтығы секілді нәрселер қарсы. [...]

Аударма “Алб-Фараби, Социальные-этические трактаты. А. 1973”, “Аль-Фараби. О разуме и науке. А. 1975”, “Аль-Фараби. Историкофилософские трактаты. М. 1985” басылымдарынан жасалды. Қазақшалаған Ақайдар ЫСЫМ.

Данте Алигьери

МОНАРХИЯ

(1265–1321) – итальян ақыны. Бағзы дворяндар әулетінен шыққан. “Ақ” гвельфтер (негізінен саудагер-імер ьоптар өкілдері) партиясына қосылып, Флоренцияның қоғамдық өміріне белсене қатысады. “Қара” гвельфтер (қалалық дворяндар партиясы) жеңіске жеткен соң Данте мүлкі тәркіленіп, өзі өртелуге сырттай кесіледі (1302). Кейінірек “ақтардан” қол үзіп, өзінің айтуынша, “өз-өзіне партия” болады. Осылай ақынның Италияны шарлаған кезбе өмірі басталады. 1315 жылы ол екінші рет өлім жазасына кесіледі. Данте өмірінің соңғы алты жылын Римде өткізеді. Итальян халқының жалпақ тіліндегі ғылыми прозаның үлгісіне айналған “Халықтың тілі туралы” және “Той” деген трактаттарын 1304–1307 жылдары жазады. Флоренциядағы өзара тартыс және итальян қалаларының өзара соғыстары, Папа куриясының айла-шарғылары, Шіркеудің моральдық беделінің құлдырауы, қуғынсүргіндегі пенденің машақаты – осының бәрі Дантені 1310 жылы әскерімен Италияға кірген герман императоры ҮІІ Генрихке үміт артуға жетеледі. Ол императорды Италияны түлету маңдайына жазылған бейбітшілік орнатушы, Рим империясының мұрагері деп білді. 1313 жылы ҮІІ Генрихтің кенеттен қайтыс болуы Дантенің үмітін тас-талқан етті. Осындай оқиғалар тұсында ол “Монархия” және орасан зор “Құдіретті комедия” атты еңбектерін жазды. “Құдіретті комедия” оның есімін мәңгілік етті. Өзінің поэтикалық шығармасында Данте Италия үшін

өзекті мәселе – әлеуметтік татулық және халықтың игілігі үшін не қажет деген мәселені көтереді. Жалғандағы бақыт үшін империя және император қажет деп жауап береді өзі. Рим империялық өкіметті әбден заңды алды (Дантенің Римі жинақ бейне). Аристотельден кейін Данте мемлекеттің құрылу процесін жаратылыстық процесс деп санады; күн көрісін ғана ойлайтын адамның өзі табиғаты жағынан қоғамдық жануар. Күнаһарлық мемлекетке де жұғады, соның салдарынан ол әділетті бұзбауға дәрменсіз болып шығады. Дантенің көзқарастары қоғамдық сана дамуының жаңа сатысын бейнеледі; “адамзат”, “бүкіләлемдік құқықтық мемлекет” секілді жаңа ұғымдар пайда болды. Оның пайымдауынша, адамзат тарихы қажетті бөлік ретінде құтқару тарихынан да тұрады. “Құдіретті комедияда” Данте өзінің мінсіз бейнелерінен алшақтап, Жаңа дәуірдің болмысына мейлінше жақын келеді. Жалпы күна деген ұғымға автор белгілі бір саяси және әлеуметтік реңк береді. Дантенің шығармашылығы еуропалық көркем және әлеуметтік-саяси ойдың одан әрі өрбуіне зор ықпал етті.

Бірінші кітап

ІІ. [...] Әдетте империя деп аталатын дүниауи монархия заманындағы барлық өкіметтерден биік және уақытпен өлшенетіннің бәрінен жоғары тұрған бірден-бір өкімет. Ол туралы – сұрақ түрінде – үш басты күман туындайды. Біріншіден, әлемнің әл-ауқаты үшін ол қажет пе деген күман көлденең тартылады. Екіншіден, Рим халқы монархия мансабын атқаруды заңды иемденді ме. Және, үшіншіден, монархияның беделі Құдайға тікелей тәуелді ме әлде ол Құдайдың пақырына немесе оның наменгеріне байланысты ма. [...] Сонымен, бұл жерде ұсынылып отырған материя саяси материя болғандықтан, оның үстіне, ол дұрыс мемлекеттік құрылыстардың көзі әрі бастауы болғандықтан, ал барша саяси нәрсе біздің билігімізде болғандықтан, ұсынылып отырған материя ең әуелі сырттай бақылау үшін емес, қарекет үшін қажеттігі айқын. Одан әрі, қарекет нысанында, барлығының бастауы мен себебі түпкі мақсат болатындықтан (өйткені әуелден қарекет етушіні қимылдауға жетелейтін анық сол), демек, мақсат

үшін жасалатынның барша ерекшелігі сол мақсаттың өзінен туындауы тиіс. [...] Олай болса, егер адамзат тұқымы азаматтығының әмбебап мақсаты болатын бірдеңе бар болса, онда сол бірдеңе осы жерде бастапқы принципке айналып, соның арқасында төменде дәлелдеуге жататынның бәрі жеткілікті мөлшерде айдан анық болып шыға келеді. Әлдебір мемлекеттің мақсаты болады, бірақ олардың барлығы үшін бірыңғай мақсат болмайды деп санау ақымақтық. Ү. [...] Егер біз жеке істерде де, мүліктік істерде де өзара қолдап отыруды мақсат еткен мекенді алып қарасақ, онда не бөтен біреу тағайындаған, не көршілер арасынан басқалардың келісімімен шыққан бір адам басқаларын басқаруға тиіс; әйтпесе өзара ризашылыққа қол жету былай тұрсын, егер бірнеше адам басқалардан озық тұрғысы келсе, бүкіл мекен ыдырайды. Ал егер біз жақсы әрі молшылықта тұруды мақсат еткен қаланы алсақ, онда бір ғана басқарма болуға тиіс және бұл дұрыс мемлекеттік құрылыста ғана емес, бұрысында да қажет. Кері жағдайда азаматтық өмірдің мақсатына қол жетпек түгілі, қаланың өзі де қала болудан қалады. Егер біз сол қала секілді мақсаты бар әлдебір корольдікті алсақ, оның іргесі шайқалмайтындығына сенім зор болғанның өзінде, онда билеп-төстейтін бір ғана король болуға тиіс, әйтпесе ол корольдіктің тұрғындары мақсатқа жетпек түгіл, халық айтса қалт айтпайтынындай, “Патшалық ала болса, ел тозады” демекші, жұрттың тоз-тозы шығады. Егер бұл келтірілген осы жағдайларда да, әлдене біртұтас етіп реттелгенде әр жолы да осылай болып, отырса, онда жоғарыда біздің айтқанымыз ақиқат болғаны. Бірақ, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бүкіл адамзат ұрпағы біртұтас әлденеге реттелетіндігі даусыз; демек, ретке келтіріп отыратын немесе басқаратын бір нәрсе болуға тиіс және ол біреу монарх немесе император деп аталуға тиіс. Сөйтіп, дүниенің берекесі үшін қажетіне қарай монархия немесе империя болуға тиістігі айдан анық болып шығады.

Х. [...] Бір-біріне еш бағынышты емес кез келген екі әміршінің арасында қырқыс бұрқ ете қалуы мүмкін және бұған олардың өздері немесе олардың бағыныштылары кінәлі болатыны өзінен өзі түсінікті. Демек, оларға төрелікті сот айтуға тиіс. Біреуі екіншісін мойындамайтын, біреуі екіншісіне бағынбайтын (өйткені терезесі тең теңдесіне бағынбайды) болғандықтан, өз құқығы шегінде екеуінің де үстінен қарайтын, әлдеқайда кең өкілеттігі бар үшінші біреу болуға тиіс. Және де ол не монарх болады, не болмайды. Егер болады десек, онда біз дәлелдейтін нәрсемізді таба аламыз; егер жоқ десек, өз кезегінде оның құзырынан тыс, онымен теңдес табыла кетеді де, тағы да әлдебір үшінші біреу қажет болып шығады. Сөйтіп, шексіз кете берер еді, бұл мүмкін емес; демек, бірінші әрі ең жоғары төрешіге бару керек, оның төрелігі барлық қырқысты не жанама, не тікелей тоқтатады, және ол монарх немесе император болады. Демек, әлемге монарх керек. [...] ХІ. [...] Кімнің ерік-жігері мен билігі бәрінен жоғары болса, дүниеде әділдіктің де ең жоғары күші болады; мұндай жан тек монарх; демек, тек монархқа тән әділдіктің ғана дүниеде ең жоғары күші бар. [...] Дүниеқоңыздық мүлдем жойылған кезде, ештеңе әділдікке қарсы тұра алмайды; осыдан барып Философтың441 қағидасы туындайды: заңмен белгілеуге болатын нәрсені ешқашан судьяның қарауына беруге болмайды және мұны адамның ақыл-ойын оп-оңай азғыратын дүниеқоңыздықтан қауіптеніп істеу керек. Демек, құмартатын нәрсе жоқ жерге дүниеқоңыздық жоламайды; өйткені ынтызарлық пәні құрығанда, ынтызарлықтың өзінен де із қалмайды. [...] ХІІ. Адамзат тұқымы ол мүлдем еркін болған кезде ең жақсы жағдайда болады. Егер бостандықтың бастауын түсініп алсақ, бұл айдан анық көрінеді. Бұл үшін біздің азаттығымыздың төл басы шешім қабылдау еркіндігі екенін білу қажет. [...]

441 Аристотель.

[...] Дұрыс мемлекеттік құрылыстардың мақсаты – еркіндік, яғни онда адамдардың өздері үшін өмір сүру мақсаты болады. Өйткені азаматтар консулдар үшін және халық патша үшін өмір сүрмейді, керісінше консулдар азаматтар үшін және патша халық үшін өмір сүреді. Өйткені дәл сол секілді мемлекеттік құрылыс заңдар үшін орнатылмай, қайта заңдар мемлекеттік құрылыс үшін белгіленетіні сияқты, заңға сәйкес өмір сүріп жатқандар да заң шығарушыға ыңғайланбайды, қайта заң шығарушы соларға ыңғайланады, осы жерде талданып отырған материя туралы жазып қалдырған кітаптарында Философ та осылай пайымдайды. Осыдан мына бір жәйт те аңғарылады: консул немесе король, егер олар туралы мақсатқа ұмтылысты ескере отырып басқаларға қожайын десек, мақсаттың өз тұрғысынан олар қызметшілер, әсіресе монарх, оны баршаның қызметшісі деп, еш күмәнсіз, санауға тиіспіз. Осыдан сондай-ақ, заңдарды белгілеу кезінде қажеттігіне қарай өзінің алдында тұрған мақсатқа бейімделетінін де түсінуге болады. Сонымен, адам ұрпағы монархтың билігімен өмір сүргенде ең жақсы жағдайда болады; осыдан келіп, әлемнің берекесі үшін монархия өмір сүруі қажет, екендігі туындайды. ХІІІ. [...] Адамзат тұқымын олардың баршаға тән жалпы ерекшеліктеріне сәйкес монарх басқаруға тиіс және баршасына ортақ ережемен тыныштыққа жеткізіледі. [...] Кез келген татулық еріктегі бірлікке байланысты; адамзат тұқымының ең жақсы ахуалы татулық. Өйткені жеке адамның ең жақсы ахуалы жаны жағынан да, тәні жағынан да әлдене бірлікте болғаны тәрізді, үй де, мемлекет те, империя да, бүкіл адамзат тұқымы да татулықтан тұрады. Демек, адамзат тұқымының ең жақсы ахуалы еріктің бірлігіне тәуелді. Егер басқаның бәрін билеп-төстеп, үйлестіретін бірыңғай ерік болмаса, ол бірліктің болуы мүмкін емес; өйткені Философ “Никомах этикасының” соңғы кітаптарында үйреткеніндей, пенделердің еркі, жастықтың әуейі алданышына орай, басшылықты қажет етеді. Егер ерік-жігері басқалардың бәрін билеп-төстей және басқара алатын дара билеуші болмаса, бұл ерік

біртұтас бола алмайды. Және де егер жоғарыда айтқанымыздың бәрі ақиқат болса, ал бұл нақ солай, онда адамзат тегінің ең жақсы ахуалы үшін әлемде монарх болуы қажет, демек, дүниенің берекелі болуы үшін монархия өмір сүруі тиіс.

Екінші кітап

Ү. [...] Сонымен, республиканың игілігіне бағытталған нәрсенің бәрі құқықтың да мақсатына бағытталғаны анық. Демек, егер римдіктер республиканың игілігін ойлады десек, олар құқықтың да мақсатын ойлады деуіміз әділдік болады. Ал Рим халқының дүниені өзіне бағындырғанда сол игілікті назарда ұстағанын оның ерліктері қуаттайды. Олардың барлығында, қашан да республиканың дұшпаны болған әрқилы пайдакүнемдіктен бас тартып және бостандықпен бірге баршаға ортақ бейбітшілікке ынтық болып, бұл қасиетті, құдайына қараған әрі даңқты халық адамзат тұқымының ортақ мамыражайлығына қызмет ету үшін өзінің пайдасын тіпті де көзге ілмеді. [...] ҮІ. Табиғат орнатқан нәрсе құқық бойынша сақталады; өйткені табиғат өзінің көрегендігі жөнінен адамның көрегендігінен кем түспейді, егер табиғат одан кем түссе, қарекет өзінің мінсіздігі жөнінен себептен асып түсер еді, бұл мүмкін емес. Бірақ біз құрылтайшы алқаны құра отырып, оның мүшелерінің ортақ тәртібін ғана емес, олардың өз міндеттерін орындау қабілетін де ескеретінін көреміз, ал мұның өзі алқаның немесе оның осы құрамының құқықтық шектеулілігін де ескеру деген сөз, өйткені құқық өзінің мүмкіндігінен артыққа бармайды. Демек, осындай көрегендігінде де табиғат әлденені реттегенде кіршіксіз күйінде қала береді. Ал мұның өзі табиғат заттарды өзінің қабілетіне қарай реттеп отырады деген сөз; және осынау пайым – табиғат заттарға сіңірген құқықтың негізі. Бұдан шығатын қорытынды, заттардағы табиғи тәртіп құқықсыз сақтала алмайды, өйткені құқықтың негізі осы тәртіппен етене

байланыста. Сөйтіп, табиғат белгілеген тәртіпті құқықпен сақтау қажет. [...] Бұл мақсатқа табиғат бір адамның күшімен жете алмайтын болмайтындықтан, өйткені бұл үшін қажетті және қарекет жасаушы көптеген субъектіні талап ететін қарекет көп болғандықтан, табиғаттың түрлі қарекеттерді орындауға арналған сан адамды дүниеге әкелуі қажет. [...] Осыдан біз жекелеген адамдар ғана емес, тұтас халықтар тумысынан билеп-төстеуге, енді біреулері бағыну мен қызмет етуге бейім екенін көреміз, мұны Философ “Саясаткерлер” кітаптарында дәлелдеген, және оның айтуынша, басқарылушы болу тек пайдалы ғана емес, тіпті бұлар одан мәжбүрленсе де, әділетті. Егер бұл рас болса, табиғат бүкіл әлемді уысында ұстайтын әлдебір орын мен тайпаны қамдап қойғанына күмән жоқ; әйтпесе оның өз ниетін жүзеге асыруға күші болмас еді, ал мұныңыз мүмкін емес. Бұл қандай орын және қандай тайпа екені жоғарыда айтылғаннан және төменде айтылатыннан жеткілікті анық, нақтылап айтсақ, бұл нақ Рим және оның азаматтары, яки халқы. [...]

Үшінші кітап

1. [...] Қандай да бір құқықтық низам оны жүзеге асырушыдан ілкі жүреді; өйткені осынау жүзеге асырушы заң аясы үшін керек, керісінше емес. Бірақ империя дегеніміз құқық бүкіл дүниауи саласын қамтитын құқықтық низам; демек, ол өзінің өкіметін жүзеге асырушыдан, яғни императордан ілкі жүреді, өйткені ол империя үшін керек, керісінше емес. Осыдан көрініп тұрғанындай, император, ол қандай шамада император болса да, белгіленген құқық низамын өзгерте алмайды, өйткені ол өзінің өкіметін империя қолынан алады. Енді мен былай деймін: айтылып жүргеніндей, ол өз өкіметін Шіркеуге өткізген кезде не император болған, не болмаған. Егер император болмаса, оның империя атынан ештеңе бере алмайтыны анық. Егер император болса, мұндай өткізу империяның құқығын мансұқ ету болатындықтан, император бола тұрып ол бұлай істей

алмайтын еді. Одан да сорақысы, егер бір император империяның құқықтық қуатынан әлдебір бөлшекті бөліп алса, осы негізде мұны басқасы да істей алады. Бірақ дүниауи құқықтың қолданыс аясының шегі бар және барлық шегі бар нәрсе шешімдердің соңғы санымен аяқталатындықтан, бастапқы құқықтық тәртіп тіпті жойылып кетер еді, ал бұл парасатқа қайшы. [...] ХІІІ. Рим императорының өкіметі Рим дінбасына тәуелді-міс дейтіндер бәрінен көп сүйенетін алжасуларды баяндап, оларды теріске шығара отырып, біздің, әуел бастан талқылау тақырыбы ретінде белгіленген үшінші сұрағымыздың ақиқатын ашуға оралу керек. Егер зерттеуде белгіленген бастауды басшылыққа алып, мен аталған өкімет бүкіл бар атаулының шыңына, яғни Құдайға тәуелді екенін көрсетсем, бұл ақиқат жеткілікті дәрежеде айқын болып шығады. Және бұл не Шіркеудің өкіметін императордың өкіметінен ажыратуға болса (өйткені Шіркеудің өкіметіне талас жоқ), не империяның өкіметі Құдайға тікелей тәуелді екенін айғақтармен дәлелдей алғанда көрсетіледі. [...] [...] Осынау соңғы мәселенің растығын Рим императоры Рим дінбасына еш тәуелді емес екен деп соншалықты қасаң түсінуге болмайды, өйткені аталған пенделік бақыт әлдебір мағынасында мәңгіліктің бақытымен астасады. [...]

Аударма
“Данте
Алигьери.
Малые

произведения. М. 1968” басылымынан жасалды.
Қазақшалаған Ақайдар ЫСЫМ.

Ибн ХАЛДУН

(1332–1406) – араб тарихшысы, философ, ғалым әрі саяси қайраткер. Тунисте айтулы әулетте дүниеге келген, алайда ата-анасы обаға шалдығып, кенеттен қайтыс болып кеткен соң, сұлтан сарайына қатардағы хатшы болып жұмысқа кіруге мәжбүр болады. Бара-бара саяси мансабы өседі, сұлтан Фестің жеке хатшысы және арнайы өкілі дәрежесіне жетеді, Тунис, Гранада, Биджай билеушілерінің сарайларында түрлі мәртебелі қызметтер атқарады. Төрт жыл қапаста қамауда отырған да кезі болады. Діни себептермен қуғынға ұшырап, Египетке қашады, Каирде (Мысыр) қазы және медресе оқытушысы мансабына ие болады. Өмірінің соңында ортаазиялық мемлекеттік қайраткер әрі қолбасшы Әмір Темір көрегенге қызмет етеді. Каирде қайтыс болып, сонда жерленген. Ибн Халдун бірқатар еңбек жазған. Соның ішінде оның атын шығарған негізгі еңбегі – “Үлкен тарих” немесе “Тәлімдік мысалдар кітабы әрі арабтардың, парсылардың және берберлердің һәм олардың орасан зор билікке ие болған замандастарының тіршілігі туралы мағлұматтар жинағы” (“Китаб әл-ибар...”). “Үлкен тарихтың” кіріспесі – “Алғысөз” (“Пролегомены” – грекше) немесе “Кіріспе” (“Мұқаддима” – арабша) жан-жақты кең қамтыған шығарма, мұнда ортағасырлық араб мемлекеттерінің тарихы, құқықтың, ғылымның, мәдениеттің дамуы баяндалып, араб қоғамының жиынтық сипаттамасы берілген. Сол замандағы араб саяси өмірінен маңызды мағлұматтар аламыз. Ибн Халдун өз еңбектеріндегі әлеуметтік-саяси талдау мен болжау тереңдігі жағынан еуропалық ғұлама замандастары Бокль, Вико немесе Гельвецийден кем түспегенімен, оның есімі Батыс Еуропаға және Ресейге, солар арқылы былайғы әлемге онша көп мәлім бола қоймаған. Араб ойшылы өзі өмір сүрген тарихи дәуірдің тарихи-философиялық және саяси біліміне қомақты үлес қоса алды.

“ТӘЛІМДІК ТӘРБИЕ КІТАБЫНА ӘРІ

АРАБТАРДЫҢ, ПАРСЫЛАРДЫҢ ЖӘНЕ БЕРБЕРЛЕРДІҢ ҺӘМ

ОЛАРДЫҢ ОРАСАН ЗОР БИЛІККЕ ИЕ БОЛҒАН

ЗАМАНДАСТАРЫНЫҢ ТІРШІЛІГІ ТУРАЛЫ МАҒЛҰМАТТАР

ЖИНАҒЫНА”

АЛҒЫСӨЗ

Біліп ал, күні бүгінге дейін қолда бар тарих дүниені игеріп жатқан және осы игерудің табиғатына сәйкес жабайылық, адамшылдық, топтар һәм бір адамдардың екінші бір адамдарды бағындыру түрлері, сондай-ақ осының бәрінен туындайтын иелік пен мемлекет және олардың ауқымы, ие болу, экономика, ғылым, қолөнер түріндегі адамдардың еңбегі мен мақсатмұраты сықылды жай-күйді және осынау игеру кезінде оның табиғатына сәйкес туындайтын барлық жай-күйді [бастан өткеретін] адамзат қоғамдастығы туралы хабар болған емес. Алайда жалғандық хабарлар табиғатына бойлап ене алмайды, жалғандықтың өз себептері бар. Солардың бірі – пікірлер мен сыбыстарға бой алдыру. Егер адам хабарды қабылдауда байсалды болса, онда ол оған тиісінше құлақ асар еді, яғни ондағы шындықты жалғаннан айыру үшін оны анықтап алып, бажайлап қарастырар еді. Ал, егер оны пікірге немесе мектепке табындық билесе, онда ол солармен үйлесетін хабарға ғана бірден иланады. Міне, осы бейімдік пен табындық оның сұңғылалығының көзіне бітетін шел, бұл оның байыптап алуына бөгет болады да ол лақапты құлағына құйып алып, оны әрі қарай таратады. Хабарларда жалғандықтың болу себептерінің бірі – оны айтушыға сенім. Мұны анықтау айтушының тақуалығына көз жеткізуге байланысты. [Жалғандық себептерінің] бірі – ниетті естен шығару. Айтушылардың көпшілігі өзі көргеннің немесе естігеннің мақсаты не екенін білмейді, сөйтіп өз пікіріне немесе болжамына сүйеніп хабарды таратады, сол арқылы жалғандыққа бой алдырады. [...] Солардың бірі – жолдан қосылған алдау мен көлгірлік салдарынан көрініс пен растықтың арақатынасын ажырата алмау, сонан да жылнамашы көргенін баяндайды, ал мұның өзі жалғандық және ақиқаттан алыс қону. Солардың арасында көбірек кездесетіні – адамдардың ұлы да атақты жандарға мадақтау, жарамсақтану, мән-жайды боямалау және жиі-жиі атап

отыру арқылы жақындасуға ұмтылуы. Сондықтан хабарларда осылар өріп жүреді де, шындықтан алшақтайды. Өйткені адамдар мақтауды сүйеді және фәнидің игіліктеріне және оларды беретін нәрселерге – атақтылыққа немесе байлыққа ұмтылады, жақсылық жасай қоймайтындар да солар және жақсылық жасауға жарыса да қоймайды. Жалғандыққа жетектейтін себептердің бірі – және бұл ілкі айтылғанның бәрінен бұрын тұрады – қоғамның табиғатына тән ахуалды білмеу. Кез-келген оқиғаның [...] өз ішінде және сонымен байланысты жағдайларда сөзсіз өз табиғаты болады ғой. Егер естіген жан уақиғалар мен жағдайлардың табиғатын – олардың қалай және неден болатынын білсе, – бұл оған хабарды ой елегінен өткізіп, шындықты жалғаннан айыруға көмектеседі, ал бұл – ой елегінен өткізудегі ең басты нәрсе. [...] Бұл кітапта алты бөлім бар. Біріншісі – адамның жалпы алғанда дүниені игеруі туралы, оның түрлері туралы, Жердің игерілген бөлігі туралы. Екіншісі – қарабайырлық туралы, онда жабайы тайпалар мен халықтар сөз болады. Үшіншісі – мемлекет, халифат және иелік туралы, мұнда өкімет дәрежелері айтылады. Төртіншісі – өркеният, елдер мен астаналар туралы. Бесіншісі – кәсіп пен экономика, мүлікке ие болу және оның пошымдары туралы. Алтыншысы – ғылымдар, олардың жетістігі және оларды үйрету туралы. [...] Адамзат қоғамы қажет, және кемеңгерлер мұны мынадай сөздермен білдіреді: адам өзінің табиғатында саяси мақұлық, яғни ол бірігуге яки өздері “полис” дейтінге мұқтаж. “Умран” деген сөздің мағынасы да осы. Бұл мынамен түсіндіріледі: Алла адамды тек қоректеніп қана өмір сүре алатын пошымда жаратты да, оны сол қоректі іздеуге бағыттады, бұл – адам үшін табиғи нәрсе, ризығын таба білу қабілеті оның бойына сіңірілген. Бірақ бір адамның қабілеті оның қоректі қажетсінуін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз және оған оның өмірінің материясын толық бере алмайды. [...]

Сондықтан адамзаттың көптеген баласының, әрқайсысы және бәрі қорек таба алуы үшін, күшін біріктіру қажет. Сөйтіп, ынтымақтастықтың арқасында талай есе көп адамның мұқтажын қанағаттандыру ісінде молшылық жасалады. Бұдан әрі, олардың әрқайсысы өзін өзі қорғауда өзі сияқтылардың көмегіне зәру болды, өйткені Алла барша жан-жануарды жарата және олардың арасында қабілет бөле отырып, тілсіз хайуандардың қайратын адамның күшінен артық етті. [...] Біліп ал, ұрпақтар өмір сүретін жағдай адамдардың тіршілік қаражатын қалай табатындығына қарай әртүрлі болады. Адамдар соларды табу үшін ынтымақтасады да, пайда келтіретін немесе қажетсіз нәрсені емес, өмірлік қажетті нәрсені [алудан] бастайды. Біреулері жер өңдеумен, ағаш отырғызумен және тұқым себумен айналысады. Енді біреулері мал – қой, ешкі, сиыр, бал арасын, жібек құртын олардың беретіндері үшін және олар беретіндерді алу үшін өсіреді. Жер өңдеумен және мал өсірумен шұғылданатындарды осыған қажеттілік итермелейді. Қарабайыр өмір салты қалаларда жоқ кеңістікті – егістікті, жайылымды, мал өрісін және басқаларын береді. Қарабайыр өмір сүріп жатқандар үшін бұл қажет. Дүниені игеруде, мұқтаждықты қанағаттандыруда, тіршілік құралдарын: тамақ, баспана және жылу табуда олардың бірігуі мен өзара көмегі – осының бәрі тіршілікті сақтайтын және қандай да бір аста-төксіз өмір сүру үшін жеткілікті нәрсені ғана беретін мөлшерде жүзеге асырылады, өйткені олар одан көп алуға қабілетсіз. Сонан соң, егер осылайша өмір сүріп жүріп жатқан [адамдардың] тіршілік ету құралдарын өндіру мүмкіндігі кеңейсе, онда оларда қажеттіліктен артық нәрсе – байлық пен молшылық пайда болды. Және бұл оларды мамыражайлық пен тоқмейілдікке итермеледі, сөйтіп олар қажеттіліктен асып түсетін игілікті алуда ынтымақтаса бастады әрі тамақтануда, киімнің сәнділігінде, үйлерді кеңейтуде және өркениетке

жеткізетін қалалар мен астаналар орнатуда көбірек дүние іздей бастады. [...] [...] Иелік ету – жер бетінің барлық игіліктерін қамтитын ізгі де рахат үлес, тән құштарлығын қанағаттандыру және рухани рахатқа бату. Сол үшін көбінесе өзара бақталастық туындайды, кім-кімнің де одан өз еркімен бас тартуы ілуде бір. Соғысқа, шайқасқа және басым түсуге жетектейтін тартыс жүреді. [...] Бұл адамдар түсінігінен алшақ. Олар мұны елемейді, өйткені мемлекет орнаған ең бастағы дәуірді ұмытты. Олардың өркениетте өмір сүріп жатқанына талай заман өтті, осы уақытта олардың ұрпақтары бірінен соң бірі ауысты және бұлар мемлекеттің өмір сүруінің бас кезінде Құдайдың жаратқаны қандай деңгейде болғанынан бейхабар. [...] Мұның себебі мемлекеттердің өмір сүруінің бастапқы кезеңінде, егер адамдарды мәжбүрлеу күші арқылы иліктірмесе, адамдардың оларға бағына қоюы қиын еді. Бұл мемлекеттердің жаттығымен және адамдардың билеушіге үйренісе қоймағанымен байланысты. Бірақ егер мемлекетте билікке ие болған фракцияның басшылығы орнығып, оның мүшелері бірінің артынан бірі келген көптеген мемлекеттерде иелікті мұрагерлікпен біріне бірі беріп кетіп отырса, онда адамдар әуел баста не болғанын ұмытады, сол фракцияның басшылығы мойындалады, догматтарда оған бағыну бекітіледі және адамдар дін догмалары үшін шайқасқаны секілді осы топ үшін шайқасады. Сонда бұл топ ірі топты керек қылмай, істің жайы “теңдесі жоқ” Қасиетті кітап сияқты Құдайдың өзі берген билік іспетті болады... Біліп ал, қонысы немесе тегі ортақ бірнеше тайпа кіретін топты байланыстыратын жалпы туыстықпен қатар, топтардың ерекше, жеке туыстығы да болады және ол жалпы туыстықтан берігірек... Жеке туыстық бірлесіп өмір сүру күшейген сайын нығая түседі. Осы топтардың әрқайсысында жетекшілік тұтасымен топтың өзіне емес, оның бөлшектерінің біріне тиесілі болады. [...]

Біліп ал, тақсырдың ісін оның адамдары, яғни оның тобы, өзінің серіктестері жүзеге асырады. Ол өз мемлекетіне қарсы шыққандарды солармен бірге еңсереді, өзінің иеліктерінде, мемлекет басқаруда, өзіне тиесілі ақшаны жинауда уәли болуды солардың арасынан таңдайды, өйткені олар басқаларды бағындыруда оның көмекшісі, барлық ісінде сыбайластары мен еншілестері. Бұл – мемлекет дамуының бірінші белесі тұсындағы жәйт. Егер екінші белес басталып, әлдекім жалғыз өзі билеп-төстеп, баршаны оп-оңай ысырып тастап, ұлылықты бір өзіне тели бастаса, онда серіктері оның нағыз жауларына айналады да, ол басқа, бөтен біреулердің жақындасуына мұқтаж бола бастайды, бұрынғы серіктеріне қарсы күресте соларды істен және бірге қатысудан ығыстыра отырып, сол бөгделерге сүйенеді. Ол сол серіктерінің билігін бөтендерге береді. Олар бұған кімкімнен де жақын бола түседі, жақындық арта береді де, құрмет пен де ықпал соларға бұйырады. Осының бәрі бұлар тақсырдың бұрынғы өз адамдарын олар тақсырдың істесі болған кезде үйреніп қалған тірліктері мен дәрежелерінен жан сала ығыстырғаны үшін жасалады... Байтақ ел оны құрғандардан, абырой-атақ оны қызметімен алғандардан жылыстайды. Біліп ал, мемлекеттің өмір сүруінің бас кезінде салық [баптары] түрлері онша көп болмады да, салық сомасы зор болды, ал мемлекеттің өмір сүруінің аяқ кезінде салық түрлері жетіп-артады да, сомасы аз болды. Мұның себебі мынада: мемлекет, егер ол діни низамдарды басшылыққа алатын болса, белгіленген алымнан – садақадан, яғни ерікті сауғадан, хараджадан, яғни жер салығынан, жизьядан, яғни жан басы салығынан басқа ештеңе талап етпейді, ал олардың мөлшері шамалы. Зекет, яғни оннан бір салық мөлшері де көп еместігі өзіңе мәлім. Бұл астықпен немесе малмен төленетін оннан бір үлеске де, жизьяға да, хараджаға да, белгіленген барлық алымға да ортақ, өйткені олардың асып кетуге болмайтын шегі бар. [...] Ал егер салық түрлері аз болып, баптар көп болмаса, онда бодандар еңбекке құлшынып, соған ынталы болады, сөйтіп

дүниені игеру ұлғайып, ол, алым-салық саны аз болуы себепті, адамдарды қуанышқа кенелтіп еселене түседі. Ал егер адамдардың дүниені игеруі артса, әрбір бапқа келетін сан ұлғайып, әрбір үлес өседі, осының бәрінің арқасында салық жинау, олардың сомасы ұлғаяды. Мемлекет ұзақ өмір сүріп, тақсырлар бірінен соң бірі ауысып, әздектік сипаты басталса, әрі қарабайырлық пен аңғалдық құпиясы және пейіл, яғни кешірімшілдік пен қанағатшылдық жойылса, тойымсыз ашкөздік пен нәзіктікке шақыратын өркениет пайда болса, мемлекет қайраткерлері айлашарғы құлықтарына жығылып, сол әдеті көбейе түссе, мемлекет қызметкерлерінің молшылық пен баршылыққа белшесінен батқаны себепті олардың мұқтаждары да [өсе түседі], міне, сонда олар бодандарының мүлкіне, егіншілер мен диқандарға және бүкіл салық төлеушілерге салық түрлері мен көлемдерін көбейте түседі. Олар түсімді молайту үшін салық түрлері мен мөлшерін едәуір көбейтеді. Олар сауда мәмілелері мен қалаға кіруге алым-салық белгілейді, біз бұл туралы кейінірек жазамыз. Бұл жаңа салықтар мемлекеттің баршылыққа бейімдігі күшейе түсіп, мұқтаждары, демек, сондықтан жұмсайтын шығындары арта түскендіктен, барған сайын бірте-бірте көбейе береді. Сөйтіп алым-салықтар бодандарға ауыр жүк болып, оларды езе түседі де, бірте-бірте орныққан дәстүрге айналады, өйткені ондай көбейту аз-аздан жұмсалады да, оларды нақты кім көбейткенін және кім салғанын ешкім түсінбейді. Бодандар үмітін үзеді, өйткені дүниені игеруден түскен пайда азаяды. Егер кімде-кім пайда мен алымды, сондай-ақ еңбектің жемісі мен ырысын салыстыратын болса, онда көп адам дүниені игеретін еңбектен мүлдем бас тартады. Сонда үлес бөліктері мөлшерінің жеткіліксіздігінен жиналған сома жеткіліксіз болып шыға келеді. Мемлекет қайраткерлері егер осы жеткіліксіздікті байқаса, баптар санын ұлғайтып, жетпейтінін зорлықпен тартып алуы, бұл салықтың әрбір мөлшері мен әрбір бап төлемдердің көптігінен және алымдардың көптігінен ешқандай пайдаға үміт артылмайтын шекке дейін жеткенше созыла беруі мүмкін. Жиын сомасы

ұдайы азая береді, ал салықтар баптарының саны мен мөлшері көбейе түседі. Сөйтіп, үміт үзілгендіктен мәдениет кері кете бастайды, ал мұның бәрінің зардаптары мемлекетке әсер етеді... [...] Ие болу туындағаннан кейін адамдарды бұзатын баршылық пен озбырлық иектейді. Сонан соң тақсырдың иелігі нығайған сайын олардың жүрегін жайрататын дерт салдарынан озбырлық ажалға айналады. Тақсырдың қызғанышы өзінің қолындағы үшін үрейге айналады да, оларды өлтіріп, көзін жоюға кіріседі, талай жан дәнігіп қалған игілік пен баршылықтан айырыла бастайды. [...] Қаржының [қожырауына ] байланысты мемлекеттің қожырауына келсек, мынаны біліп ал, бұған дейін айтқанымыздай, мемлекет өзінің бастапқы кезінде қарабайыр болады, онда азаматтарға кеңшілік пиғылы үстемдік етеді, артық шығын болмайды, мемлекет әрбір тиын-тебенін санаудан тартынады, салық жинаушыларын тексермейді. Ол кезде артық шығын да болмайды және мемлекет көп ақшаны қажет те етпейді. Бірақ содан кейін басып алу басталады да, қолдағы бар қисапсыз молыға береді, көбейе-көбейе баршылыққа итермелейді. Қисапсыз шығын көбейеді де, өкімет пен мемлекет қайраткерлерінің шығыстары артады, ал сонан соң бұл дерт астананың бүкіл халқын меңдейді. Бұл әскерге төлемдердің және мемлекет қызметшілерінің жалақысының өсуіне апарып соғады. Ысырапшылдық еселеп артып, бодандар арасына жайылады, өйткені адамдар өз билеушілерінің істегенін істейді, дағдыларын қабылдайды. Өкімет астанадағы баршылықты көріп, адамдар ауқатты өмір сүріп жатыр деп ойлайды. Ол өзіне жаратуға, әскерді ұстауға керек қаражатқа мұқтаж болады. Сөйтіп, ол қазына түсімін көбейту үшін базарларда сатылатын тауарларға да салықтар енгізуге барады. Баршылық ұлғая береді, ал түсім жетпей жатады да, мемлекет өзінің қол астындағы бодандарына әділетсіздік пен зорлық жасай бастайды, алым немесе саудамен айналысу болсын, тіпті сыңғырлаған тиын-тебенін тартып алу пошымында болсын бодандарының ақшасына қол созады. [...]

Бұл фазисте мемлекетте алым-салық түрлерінің көптігінен, сондай-ақ осы орайда өз ықпалы өсетіндіктен салық жинаушылардың байлығы ұлғаяды. Олар жиналған ақшаны жасырады, және біреулердің екінші біреулер үстінен жазған ғайбаттары, бақталастық пен өшпенділік көбейе береді. Сөйтіп, олардың бірінен соң бірінің басынан бақ таяды – олардың ақшасы тартып алынады, қолдарынан байлық кетеді. Олар мемлекетке тән деп білген сән-салтанат ғайып болады. Егер олардың шаруасы шайқалса, онда мемлекет оларды жайына қалдырып, бай бодандарына қол салады. Бірақ бұл фазисте оны дәрменсіздік шарпиды, сөйтіп әділетсіздік пен озбырлық жасауға шамасы жетпейді. Міне, сонда тақсыр ақшаны мырзалықпен үлестіру арқылы істің жайын жасырып қалғысы келеді, сөйтіп ақшадан гөрі қылышқа арқа сүйейді, өйткені байлығы ортайып қалған. Сөйтіп, жұмсай беретін, әскер жалақысын төлейтін ақшаға мұқтаждығы арта түседі, өзі аңсағанындай байи алмайды. Мемлекет барған сайын қожырай береді. Шет аймақтар халқы оған қарсы көтерілуден тайынбайды. Оның тізгіні босап, күйреп тынады... Және егер әлдекім бұл мемлекетті иесінің қолынан тартып алғысы келсе, оны жасай алады, ал олай болмаса, майы таусылса сөніп қалатын шырақ оты сияқты өлімсіреп барып құриды.

Аударма “Игнатенко А. А. Ибн-Халдун. Приложение. М., 1980” басылымынан жасалды. Қазақшалаған Ақайдар ЫСЫМ.

Никколо Макиавелли

ТАҚСЫР

(1469–1527 ж.ж.). Қайта өрлеу заманының саяси ойшылы, мемлекеттік қайраткері, жазушысы және тарихшысы; саясат ғылымының негізін салушылардың бірі. Флоренцияда, заңгер отбасында дүниеге келген. Оның ғұмыры көбіне-көп Еуропа елдерінде капитализмнің дами бастауының және басты сауда жолдарының өзгеруінің салдарынан туындаған аса күшті саяси және экономикалық дағдарыс жағдайында өтті. Республика кезеңінде Н. Макиавелли нақты саяси қызметпен белсене айналысты. 27 жасында-ақ Оныншы Флоренция Республикасы Кеңесінің хатшысы, кейінірек – Батыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде елші. Республика құлағаннан кейін өкімет Медичи отбасының қолына көшті де, олар Н. Макиавелли қаскүнемдікке қатысушылардың бірі деген күдікпен, оны абақтыға қамап, тек X Лев папаның араласуымен босатылды да, деревняға жер аударылды. Оның жемісті әдеби және ғылыми шығармашылық кезеңі осы кезден басталды, “Тақсыр”, “Тит Ливийдің алғашқы он шығармасы туралы толғам”, “Соғыс өнері” секілді және басқа саясаттанушылық еңбектері дайындалды. Саяси қызметтің ерен тәжірибесіне және өз заманының саяси үрдістері туралы мол ақпаратқа ие Макиавелли саясат теориясының эмпириялық негіздерін тереңнен қозғайды. Сөйте тұра ол мемлекетті нығайту мақсатында кез-келген құралдар мен әдістерді, соның ішінде демократия мен гуманизмге жат амалдарды да қолдануға шақырды (“макиавеллизм”).

І тарау

Мемлекеттер қанша түрлі болады және олар қалай қолға түседі

Адамдарға билігі жүрген не жүріп тұрған барлық мемлекеттер, барлық державалар, шындап келгенде, не республикалар, не жалғыз адам билейтін мемлекеттер болды. Мұның соңғылары, егер тақсырдың әулеті ұзақ уақыт билесе, мұраға қалған немесе жаңа мемлекет болуы мүмкін. Жаңа деп не тұтас бір мемлекетті – Франческо Сфорца үшін Милан дәл сондай мемлекет, не мұраға алынған оның бір бөлігін айтамыз – Испания королі үшін Неаполь корольдігі сондай мемлекет. Жаңа мемлекеттер бодандары билеуші тақсырларға мойынсұнуға көндіккен және бодандар әлмисақтан еркін өмір сүріп келген мемлекеттер болып бөлінеді;

мемлекеттер не өзіндегі, не басқа біреудің қолындағы қару күшімен, яки тағдырдың мархабатымен, не ерен ерлікпен қолға түседі.

ІІ тарау
Мұраға қалған дара билік туралы

Бұл арада мен республикаларды тілге тиек етпеймін, өйткені олар туралы басқа жерде егжей-тегжейлі айтамын. Бұл арада мен дара билікке тікелей көшемін де, жоғарыда нобайланған тәртіптен аумай, билеуші тақсырлар мемлекетті қандай амалдармен басқарып, оларға билігін қалай қолға ұстап тұра алатынын талдаймын. Алдымен айтарым: мұрагер билікшінің бодан халқы билікші үймен етене үйлесіп кете алған болса, оның өкіметті қолда ұстап тұруы жаңа келген билікшіге қарағанда әлдеқайда жеңіл болады; өйкені бұл үшін ата дәстүрінен аттап кетпесе жетіп жатыр, оның аржағында жаңа жағдайларға асықпай-ақ икемделе жатады. Іс-қимылы осылай болған күнде тіпті орта қол билеушінің өзі де биліктен айрылмайды, тек әлдебір өте қуатты және қатерлі бір күш келіп орнынан жұлып тастамасын; тіпті солай бола қалғанның өзінде де жаулаушының бір мүлт жібергенін пайдаланып, өкімет билігін қайтадан тартып алады. Біздің Италияда Феррара герцогы осыған мысал бола алады: 1484 жылы венециялықтардан және 1510 жылы Юлий пападан жеңіліп қалғаннан кейін де оның билік басында қалған себебі – оның әулеті Феррараны ертеден бері билеп келген болатын. Олай болатыны – өкімет билігіне мұрагерлік жолмен келген тақсырдың бодан халықты тықсырып ұстауына себеп те, қажеттілік те аз болады, сондықтан халықтың оған деген мейірі молырақ болады; егер онда халықтың өшпенділігін туғызатындай шамадан тыс теріс қылықтар болмаса, ол заңды түрде азаматтардың оң ықыласына ие болады. Ертеден бері мұрагерлік жолмен ауысып келе жатқан билік тұсында әлдебір замандарда орын алған

төңкерістер де, оларды туғызған себептер де ұмытылады, ал өзгеріс
атаулының бәрі басқа бір өзгерістерге жол ашып отырады.

ІІІ тарау
Аралас мемлекеттер туралы

Жаңа келген тақсырдың билікті ұстап тұруы қиын. Тіпті мұрагер тақсырдың өзі жаңа бір жерлерді қосып алып, мемлекет іші ала-құла болған жағдайда, өкімет билігін қолда ұстап тұруы қиын болады; оның ең бірінші табиғи себебі – барлық жаңа мемлекеттердің бәрінде де төңкерістерді туғызатын салдарлар. Атап айтқанда: жұрт жаңа билікші бұрынғыдан жақсы болар деп сенеді де, ескі билікшіге қарсы оп-оңай бас көтеріп шығады; бірақ алданып қалғандарына көп ұзамай іс жүзінде көздері жетеді, өйткені жаңа билікші әрқашанда бұрынғыдан нашар болып шығады. Мұның себебі де табиғи және заңды: сырттан келген жаулаушы жаңа бодандарын қыспаққа ала бастайды, оларға әрқилы салықтар салады; әскер ұстап, ауыртпалық түсіреді, жаулау кезінде онсыз болмайды. Сөйтіп қысым көрсеткен адамдары оған жау болып шығады, ал өзінің жаулауына көмектескен адамдармен достығы бұзылады, өйткені олардың күткеніндей жақсылықты көрсете алмайды; бірақ оларға қарсы қатаң шараларға да бара алмайды, себебі – әскері қаншама күшті болған жағдайда жаңағылардың көмегінсіз ол бұл елге басып кіре алмайтын еді. Нақ осындай себептерден Франция королі Людовик XІІ Миланды тез жаулап алды және одан тез арада айрылып қалды. Дәл осы себептер арқылы герцог Лодовико сол жолы Миланды өз күшімен оп-оңай басып алды. Өйткені корольдің алдынан қақпаны өзі ашып берген халық өзінің дәмелі ойлары мен есептерінен алданып қалғанын көп ұзамай түсінді-де, жаңа келген билікші тақсырдың езгісіне көнгісі келмеді. Рас, бүлікшіл ел екінші рет жаулап алынса, билеуші тақсырдың онда өз билігін орнықтыруы жеңілірек болады, себебі – бүліншіліктен кейін

кінәлілерді жазалағанда, сезіктілерді әшкерелегенде, осал жерлерге қорғаныс шараларын қолданғанда, ол енді онша көп жалтақтамайтын болады. Алғашқы жолы Франция герцог Лодовико өз шекарасына келіп шу көтере бастағанда-ақ Миланды дәл осылай беріп қойды да, ал келесі жолы Италияның барлық мемлекеттері жабыла кетіп, мұның әскерін Италия жерінен қуып шыққанға дейін, Франция Миланды ұстап тұра алды. Бұл жәйттердің қандай себептерден болғаны жоғарыда айтылды. Бірақ қалай болғанда да Франция екі жолы да Миланнан айрылып қалды. Осындай жағдайлардың бәріне ортақ корольдің сәтсіздікке ұшырау себебін мен жоғарыда атадым; екінші сәтсіздіктің себебі қандай еді және Людовиктің – сондай-ақ оның орнында басқа да билікшінің – жаулап алған жеңісті нығайта түсу үшін қолында қандай құралдар бар еді, ал бола қалса, Франция соларды неге пайдалана алмады, – енді осыған келейік. Алдымен мынадан бастайын: жаулап алынған немесе мұрагерлік жолымен келген билік бір елде, бір тілде сөйлейтін елде болуы да мүмкін немесе әртүрлі тілдерде сөйлейтін әртүрлі елдерде де болуы мүмкін. Бірінші ретте қолға келген билікті ұстап тұру қиын емес, әсіресе жаңа бодандар бұрын ешқандай бостындықты білмеген болса. Оларға билікті нығайту үшін бұрынғы билікші тақсырдың тұқымын құртса жетіп жатыр, себебі – әдет-ғұрып бірдей болса, ескі тәртіптер сақталатын болса, пәлендей басқа мазасыздықтың тууына ешқандай негіз жоқ. Біздің біліуімізше Францияның құрамына ертеде кірген Бретаньда, Бургундияда, Нормандияда және Гасконьда жағдай осындай болды; рас, олардың тілдерінде ептеген айырмашылық бар, бірақ әдет-ғұрыптарының ұқсастығы арқасында олар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мұндай жағдайда жаулаушы екі түрлі сақтық шараларын қолданғаны жөн: біріншіден, бұрынғы тақсырдың тұқымын құрту жағына абай болу; екіншіден, бұрынғы заңдар мен алым-салықты өзгеріссіз сақтау – сонда жаулап алынған жерлер өте қысқа мерзім ішінде жаулаушының байырғы мемлекетімен біртұтас болып кірігіп кетеді.

Ал егер жаулап алынған ел тіл, әдет-ғұрып және тәртіп жағына келгенде мұраға қалған елден өзгеше болатын болса, онда өкімет билігін ұстап тұру шынында да қиын болады, бұл жерде үлкен сәттілік те, үлкен өнер де қажет. Бұл үшін ең төте және ең дұрыс жол – сол елге тұрғылықты болып көшіп бару. Мұндай шара жаулап алынған елде билікті нығайтып, қауіпсіз етеді, – түрік сұлтаны грек елі жөнінде дәл солай істеді; астанасын Грекияға көшірмеген жағдайда, қаншама тырысқанымен, ол елді өз билігінде ұстап тұра алмаған болар еді. Демек, тек елдің өз ішінде тұрғанда ғана туып келе жатқан наразылықты байқап, дер кезінде жолын кесуге болады, ал асқынып кеткен кезде бір-ақ білсең, онда шара қолдануға кеш болып қалады. Жауланған елде орнығып алған билеуші тақсыр, сонымен қатар, ол елді шенеуніктердің тонауынан құтқарады; неге десеңіз, бодандар билеуші тақсырдың төрелігіне тікелей жүгінуге мүмкіндік алады; ал мұның өзі билікшіні ниеті түзіктерге сыйлатады, ал бұзықтарды одан қорқатын қылады. Сондықтан шабуыл жасағысы келген бағзы бір көршілер енді тартынатын болады; сөйтіп, жауланған елге көшіп барған билеуші тақсырдың одан айрылып қалуы неғайбыл болып шығады. Тағы бір тамаша құрал – бір-екі аймақта жаңа жерлерді жаулаушының мемлекетімен байланыстырып тұратын тосқауыл елді нүктелер (колониялар) ашу. Бұдан басқа бір ғана мүмкіндік бар, ол – ел ішінде едәуір мөлшерде атты және жаяу әскер орналастыру. Тосқауыл нүктелерге көп шығын жұмсалмайды, оларды ұйымдастырып, ұстап тұруға билеуші тақсырдан түк керек емес; одан күйзелетіндер жаңа қоныстанушылардың пайдасына жері мен баспаналарынан айрылатын бұрынғы тұрғындар, яғни шаруалары жұтап, ел ішіне бытырап кететін азғана шоғыр адамдар ғана; олардан тақсырға келетін ешқандай зардап жоқ; басқалар қалыс қалғандықтан, көп ұзамай тыныштық орнайды; сонсоң ши шығарғысы келгендер болса, жаңағы жұтаған көршілердің кебін киерміз деп тайсақтайтын болады. Демек, тосқауыл нүктелер билікші тақсыр үшін арзанға түседі және оған адал қызмет ететін болады; өздері маңайындағы

аздаған тұрғындарды ғана күйзелтеді, ал күйзелген шаруалар ел ішіне тарап, бытырап кетеді де, билікшіге ешқандай зарар келтіре алмайды. Осы жағдайдан байқалатыны сол адамдарды не аялау керек, немесе аямай құртып жіберу керек; өйткені адам деген аз нәрсеге кектеніп, өш алады; ал көп қиянатқа қарсы тұра алмайды; осыдан туатын қорытынды – адамға жәбір келтіргенде, кек туғызбайтындай етіп өлшеп-пішу қажет. Егер әлгі айтылған тосқауыл нүктелердің орнына ел ішіне әскер қаптатып жіберсең, ол әлдеқайда қымбатқа түседі де, жаңа мемлекеттен түсетін пайданың бәрін жұтып қояды; сөйтіп олжаңның өзі зиянға шығады; оның үстіне бұдан өте көптеген адамдар зардап шегетін болады; себебі – әскердің тұруы бүкіл халыққа ауыртпалық әкеледі; ал басына қиыншылық түскен адамдардың барлығы да билеуші тақсырға қарсы жау болып шыға келеді. Мұндай жаулар тақсырға зиян келтіруі мүмкін, өйкені олар жеңілгендерімен, бәрі бір өздерінің үйлерінде қалып отыр ғой. Сонымен, қай жағынан қарасаң да, бұл сияқты гарнизонды ұстап тұру өте зиян; ал тосқауыл нүктелерді ұйымдастыру пайдалы. Әдет-ғұрпы мен тілі жағынан жат елде жаулаушы неғұрлым әлсіздеу көршілердің басшысы және қорғаушысы болғаны және күштілерін әлсіретуге тырысқаны жөн; сонымен бірге ол күші жағынан мұның өзінен кем соқпайтын жатжұрттық билікшінің ел ішіне кіріп кетпеуін қадағалап отыруға тиіс. Ел ішіндегі атаққұмар немесе қорқып қауіптенуші наразылар қашанда сондайларды шақырғыш келеді, – бір кезде этолиялықтар Грекияға римдіктерді шақырып алған болатын; тіпті басқа елдердің бәріне де ондайлар жергілікті тұрғындардың шақыруымен келген. Істің реті солай ғой: күш-қуаты мол билеуші тақсыр ел ішіне басып кіргенде, әлсіз мемлекеттер бірден соның жағына шығады, – бұл әдетте өзінен күштіні көре алмағандықтан солай болады, – сондықтан ондайларды ішке тартудың қажеті жоқ, өйткені олар мұның құрған мемлекетіне өздері-ақ келіп қосыла кетеді. Жалғыз-ақ олардың ұлғайып, нығайып кетуіне жол бермеу керек; сонда ғана сен өз күшіңмен және әлгілердің қолдауымен

өзіңнен зор билікшілерді ауыздықтап, бұл елде толық билікші қожа бола аласың. Егер билеуші тақсыр осының бәрін ойламаса, ол көпке бармай жаулап алған олжаларынан айрылады; бірақ соған дейін де ол қиындық пен қыспақтың талайын бастан кешіретін болады. Римдіктер бір елді жаулағанда осы айтылған ережелердің бәрін сақтап отырған: аралық тосқауыл нүктелер жасақтаған, әлсіздерді қамқорлыққа алған, бірақ олардың күшейіп кетуіне жол бермеген, күштілерді ауыздықтап отырған және ел ішіне жатжұрттық мықтылардың ықпалы кіріп кетпеуі үшін шаралар қолданған. Грекияның мысалымен шектелейін. Римдіктер ахейліктер мен этолиялықтарды өз жағына шығарды; Македония патшалығын төмендетті; Антиохты одан қуып жіберді. Бірақ, сіңірген ешқандай еңбектеріне қарамастан, ахейліктер мен этолилықтардың өз мемлекетін ұлғайтуларына жол бермеді; Филипптің жарамсақтануына бой алдырған жоқ, оның күш-қуатын күйреткенге дейін онымен одақ жасаған жоқ, Грекияның иелігінен дәмелі болған Антиохтың ырқына да көнген жоқ. Римдіктердің іс-әрекеті барлық кемеңгер билікшілердің іс-әрекетіндей болды да қойды, ертеңгі күндерін де ойлады, сөйтіп ықтимал пәлелердің бәрін аулақ қылуға барынша күш салды; егер дер кезінде қажетті шараларды қолданса, мұны істеу қиын болмас еді; ал енді ол пәленің өзі келіп бас салғанша күтіп отыратын болса, онда ешқандай шарадан нәтиже шықпайды, ауру асқынып кетеді. Бұл жердегі жағдай құрт аурумен бірдей; дәрігерлер айтады ғой, әуелі бұл ауруды білу қиын, білсең емдеу оңай деп; ал егер ауру асқынып кетсе, оны білу оңай, бірақ емдеу қиын болады ғой. Мемлекет істері де сол сияқты: егер пайда болып келе жатқан пәлені дер кезінде анықтай алсаң, – ал оны кемеңгер билікшілер ғана анықтай алады, – онда одан құтылудың жолы қиын емес, ал егер ол әбден асқынып кетсе, оны кез келген адам көре алады, бірақ оған ешқандай дару ем болмайды. Римдіктер пәленің боларын күні бұрын білді де, бірден шара қолданды; соғыс болып кетер деп қауіптенгендіктен қол қусырып қарап

отырмады; өйткені соғыстың болмай қоймайтынын, ал оны кейін шегерсең, жауға тиімді болатынын олар білді. Сондықтан, олар Филипп пен Антиохқа қарсы Грекия жерінде соғыс ашты; ондағы ойлары кейін олармен Италия жерінде соғыспау. Ол кезде олардың екеуімен де соғыспауға болатын еді; бірақ римдіктер оны істемеді. Осы күнгі данышпандардың аузынан түспей жүрген уақыттың сәті біледі дейтін мәтелді ол кезде римдіктер қаламаған; олар тек өздерінің өжеттігі мен көрегенділігіне ғана сенді. Уақытты өткізіп алсақ, салдары әрқалай болуы мүмкін: бақ па, сор ма әлде сор ма, бақ па? Жарайды, әңгімені Францияға оралтайық та, ол жаңағы мен айтқан шарттардың ең болмаса біреуін орындады ма екен, соны көрейік. Мен Карл жөнінде айтпаймын, Людовик жөнінде айтамын, өйткені ол Италияда көбірек шыдады ғой, сондықтан оның іс-қимыл үлгісі бізге көрнектірек болады, – әдет-ғұрпы мен тілі жағынан жат елде билікті ұзағырақ ұстай тұру үшін билікші тақсыр не істеу керек болса, ол соған керісінше істегеніне сіздің көзіңіз жететін болады. Король Людовик Италияға венециялықтардың арқасында кірген; ал венециялықтар өздерінің иелігін кеңейту үшін көрсеткен көмегінің ақысына Ломбардияның жартысын талап етті. Осы мәміле үшін мен корольді айыптамаймын: Карлдың кесірінен Францияның алдынан барлық есігі жабылып қалған Италияда бірде-бір одақтасы жоқ болғандықтан, ол елге ең болмаса бір аяғымен кіру үшін ешкімді таңдамай-ақ, кез келгенімен одақтастық шартын жасауға Людовик мәжбүр еді. Және, егер кейіннен қателіктер жібермеген болса, ол жеңіске жетуі де мүмкін еді. Ломбардияны жаулап алысымен-ақ, ол Францияның Карл тұсында айрылып қалған абыройын өзіне қайтарып берген: Грекия бағынды, флоренциялықтар одақтастығын ұсынды; Мантуя маркизі, Феррара герцогы, Бентиволья үйі, Форлидің графиниясы, Фаэна; Пезаро, Римини, Камерино, Пьомбино билікшілері; Лука, Пиза, Сиена – баршасы Людовикке қарай ұмтылып, достық ниеттерін білдірді. Дәл осы түста

венециялықтар өз қадамдарының ағаттығына көз жеткізді: Ломбардияның екі қаласы үшін олар Италияның үштен екі бөлігін корольдің билігіне беріп қойып еді. Енді ойлап қараңыз, корольдің өз артықшылығын баянды етіп, орнығып алуы қандай еді: бұл үшін жоғарыда аталған ережелерді сақтап, одақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етсе жетіп жатқан: сандары көп болғанымен, күштері әлсіз; біреулері Шіркеуден қорқады, енді біреулері венециялықтардан қаймығады, сондықтан бәрі де бұдан пана іздеуге мәжбүр еді; ал бұл болса, солар арқылы өзін әлі де күші басымдардан қауіпсіз етіп алатын еді. Бірақ бұл Миланға кіріп үлгермей жатып, керісінше жасады: Александр папаның Романьяны басып алуына көмектесті. Сөйтіп ол өз қуатын өзі әлсіретті, одақтастары мен өзінен қайыр күткендердің бәрін кеудеден кері итергенін, және ол аз болғандай онсыз да діни билігі жүріп тұрған папаның пендешілік дүниедегі билігін мықтап күшейтіп жібергенін өзі де байқамай қалды. Бірінші қатені жасап алғаннан кейін ол сол бетімен жүре беруге мәжбүр болды да, ақырында Александрдың атаққұмарлығын ауыздықтау үшін және оның Тоскананы алып қоюына жол бермеу үшін Италияға өзі келді. Бірақ Людовиктің Шіркеуді күшейткені, одақтастарды кері итергені оған аз болғандай көрінді: енді Неаполь корольдігіне көз алартып жүріп, оны Испанияның королімен бөлісті, яғни өзі би, өзі төс болып тұрған Италияға күші өзімен тең келетін бәсекелесті шақырды, – бейне бір өзіне наразылар мен атаққұмарларға пана тауып бергісі келгендей-ақ осылай істеді. Өзіне сыбаға беріп тұратын бұл елдің королін қуып тастады да, мұның өзін қуып жібере алатын тақсырды мұнда шақырды. Расында да жаугершілікке құштарлық – табиғи және үйреншікті іс; сондықтан бұл істе өзінің мүмкіндіктерін есепке алған адамды жұрттың бәрі құптайды немесе ешкім сөкпейді, ал бірақ өз мүмкіндіктерін өлшемей, қандай өлермендіктен де тайынбай, жаугершілікке ұмтылған адамның қателігі сөгіске лайық. Егер өзінің күші жетіп тұрса, Франция Неапольді

алуға ұмтыла берсін, бірақ оны бөлшектеуге бармауы керек еді. Ол Ломбардияны алғанда венециялықтармен бөліскенін ақтауға болар, өйткені ондай бөліс корольдің Италияда орнығуына жол ашты, ал екінші бөлістің сөгіске лайық болатын себебі, оны ақтайтын жаңағыдай қажеттілік жоқ еді. Сонымен, Людовик жалпылай айтқанда бес түрлі қателік жіберді: ұсақ билікшілерді қуды, Италияның өз ішінде мықты билікшінің күшеюіне көмектесті, одан күш-қуаты өзімен бірдей жат жерлік билікшіні шақырды, Италияға өзі көшіп бармады, онда тосқауыл нүктелер ашпады. Егер ол алтыншы қателікті жасамаса – Венецияның иелігіндегі жерлерге қол сұқпаса, оның көзі тірісіндегі бес қателіктің зардабы мұншалықты апатты болмас та еді. Шіркеуді күшейтпей және испандарды шақырмай тұрғанда, Венецияны жай қорқытып қана қоюға болатын еді; ал бірақ осы екі қатені жасап алғаннан кейін Венецияны қиратуға болмайтын еді. Венеция күшті болып тұрғанда, ол өзгелерді Ломбардияны басып алудан тежейтін еді; себебі – оны алу өзінің де ойында бар болатын және Ломбардияны Венецияға жем қылу үшін ешкім де Франциямен соғысуға бара алмас еді; ал енді Франция мен Венецияға қарсы екі жақты соғысқа ешкімнің де батылы бармайтын-ды. Егер кімде-кім маған қарсылық білдіріп, Людовиктің Романьяны Александрға, ал Неапольді испан короліне берген себебі – соғысқа жол бермеуді ойлағандығы деп дәлелдегісі келсе, мен бұдан бұрынғы дәлелдермен жауап қайтарамын; атап айтқанда: соғысты болдырмаймын деп тәртіпсіздікке жол беруге болмайды, өйткені соғыс болмай қалмайтын еді; ал бола қалған күнде артықшылықтан айрылып қалатын еді. Егер маған тағы да дау айтып: корольдің Папаға беріп қойған уәдемен қолы байлаулы болатын; ол корольдің некесін бұзу арқылы Руан архиепископына кардиналдың тәжін кигізу арқылы Романьяны басып алуға көмектеспек еді дейтін болса, мен мұның жауабын басқа тарауда

қайтаратын боламын; ондағы әңгіме билеушілердің уәделері жайында және олардың қалай орындалуы жайында болады. Сонымен, Людовик корольдің Ломбардияны жоғалтып алған себебі – жаулап алған елін қолда ұстағысы келген билеушілердің қолданған ережелерінен ауытқып кетті. Мұнда тұрған ешқандай кереметтік жоқ, бәрі де өте үйреншікті және заңды. Валентино – Александр папаның ұлы Чезаре Борджа ауыз сөзде осылай аталатын – Романьяны жеңіп жатқан кезде мен жаңағы Людовик жайында Нантта Руан кардиналымен әңгімелестім. Кардинал маған итальяндардың соғыс ісінен түсінігі шамалы дегенді айтты; ал мен оған француздардың саясаттан түсінігі шамалы, әйтпесе олар Шіркеуді олай күшейтпесе керек еді деп жауап бердім. Тәжірибенің көрсетуіне қарағанда Францияның арқасында Шіркеу мен Испания Италиядағы өз иеліктерін ұлғайтты. Осыдан келіп, растығы талай рет дәлелденген мынадай қорытынды шығады: біреудің қуатын молайтқан адамның ешқашан жолы болмайды, өйткені оған билік пен күш арқылы ғана қол жетеді, ал қуат басқа жолмен келген адамға жаңағы екі қасиет дарымайды.

ІV тарау

Александр жаулап алған Дарий патшалығы ол өлгеннен кейін
Александрдың мұрагерлеріне қарсы неге көтерілмеген

Жаулап алынған мемлекеттерде өкімет билігін ұстап тұрудың қаншалықты қиынға түсетінін қарастырып келгенде, бір таң қаларлық нәрсе – Ұлы Александр бірнеше жылдың ішінде бүкіл Азияны бағындырып алып, көп ұзамай өліп қалғаннан кейін, оның бүкіл державасы, жұрт ойлағандай, ыдырап кетпегені былай тұрсын, қайта, оның мұрагерлеріне ың-шыңсыз көше қойды; ал мұрагерлері сол державаны басқарғанда, өздерінің атаққұмарлығынан басқа ешбір қарекет көрсетпеді.

Бұл жағдайды түсіндіру үшін мынаны айту керек. Адамзаттың зердесінде сақталып қалған дара биліктегі мемлекеттердің барлығы былай болып екіге бөлінеді: біріншісінде билеуші тақсырдың айналасындағы малайлары соның мархабатымен және пәрменімен мәртебелі лауазымдарға қойылады да, тақсырдың мемлекетті басқаруына көмектеседі; ал екіншісінде тақсыр мемлекетті мархабатымен емес, өздерінің аталы әулеттерінің күшімен билік жүргізетін барондардың ортасында отырып басқарады. Ол барондардың мұрагерлік жолмен өздеріне қалған мемлекеттері мен бодандары болады, олар жаңағы барондардың өздеріне құқығы жүретін билігін мойындайды һәм оларға табиғи жолмен пейіл білдіреді. Тақсыр өзінің малайлары арқылы басқаратын мемлекетте оның билік пәрмені күшті болады, себебі бүкіл ел ішіндегі бодандар жалғыз-ақ әміршіні біледі; егер тақсырдың малайларына бағынатын болса, оларға шенеуніктер мен лауазым иелері ретінде ғана бағынады, олардың өздеріне ешқандай пейіл білдірмейді. Басқарудың әртүрлі үлгісіне біздің заманымызда түрік сұлтаны мен француз королі мысал бола алады. Түрік монархиясы бір ғана әміршіге бағынады; мемлекеттегі басқа адамдардың барлығы да – малайлар; ел округтерге – санжактарға бөлінеді; сұлтан оларға басқарушы өкілдер тағайындайды, оларын өз қалауымен ауыстырып, алмастырып отырады. Францияның королі, керісінше, толып жатқан аталы ақсүйектердің ортасында болады; олардың өздерін мойындаған, қадірлейтін бодандары және, оның үстіне, өзіндік артықша мәртебелері болады; оларына король жөнсіз қол сұға алмайды. Егер біз осы мемлекеттерді салыстырып көрсек, сұлтанның монархиясын оңайлықпен жаулап алуға болмайтынын, бір жаулап алғаннан кейін ұстап тұру оңай болатынын көреміз; ал Франция сияқты мемлекетте, керісінше, белгілі дәрежеде жаулап алу оңай да, есесіне оны қолда ұстап тұру қиын болады. Сұлтанның державасын жаулап алу оңай

болмайтын себебі – жаулаушы оны іштен жергілікті бір әмірші шақырып алар ма екен деп немесе сұлтанның маңындағылардың арасында бүліншілік туып, билікті басып алуға соның көмегі тиер ме екен деп үміттене алмайды. Жоғарыда айтылғандай, сұлтанның төңірегіндегі адамдар – оның құлдары, олар барлық дәрежеге соның мархабаты арқылы жетіп отырғандықтан, оларды сатып алу қиынға түседі; тіпті сатып алған күннің өзінде де олардан келетін пайда шамалы, өйткені жоғарыда айтылған себеппен олар соңдарынан халықты ерте алмайды. Демек, сұлтанға шабуыл жасайтын адам бір кісідей біріккен тойтарысқа әзір болуы, өзгенің алауыздығынан гөрі өз күшіне көбірек сенуі керек. Ал егерде сұлтан жеңіліп, оның әскері ашық ұрыста талқандалатын болса, жаулаушы сұлтанның қандас туыстарынан басқа ешкімнен қауіптенбеуіне болады. Егер олар да құртылған болса, онда ешкімнен қорықпай-ақ қойсын, өйткені басқа ешкім де бодандарды соңына ерте алмайды; жеңіске жеткенге дейін де халықтың қолдауынан үміттенбеген сияқты, жеңіске жеткеннен кейін де одан қауіптенбеуге болады. Франция сияқты мемлекеттерде жағдай бұдан өзгеше: бодандардың біреуімен сөз байласып, онда өтіп кету қиын емес, өйткені олардың арасында наразылар мен өзгеріске құмарлар қашанда табылып тұрады. Сол себептермен олар жаулаушының алдынан елге жол ашып беріп, жеңісті жеңілдете алады. Бірақ ондай елді ұстап тұру қиын, өйткені қауіп жанжақтан: саған көмектескен кісілерден де, сен күшпен жеңіп алған адамдар тарапынан да төнуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде билікші тақсырдың әулетін жойып жіберу жеткіліксіз болады, себебі жаңа бір бүлікті бастап кететін барондар әруақытта табылады; ал сен олардың талаптарын да орындай алмайтын, өздерін де құртып жібере алмайтын болғандықтан, олар бір сәтте-ақ сенен билікті тартып алады. Енді біз Дарийдің мемлекетіне келетін болсақ, ол сұлтанның державасына ұқсас екенін көреміз; сондықтан да Александр Дарийдің

әскерін тас-талқан етіп қиратқаннан кейін, қылышын бір-ақ сілтеп, мемлекетті де күйрете алатын еді. Ал осындай жеңіске жетіп, Дарийді өлтіргенен кейін, жоғарыда айтылған себеппен, ол өз билігінің мықтылығына қауіптенбей-ақ қоюына болатын еді. Оның мирасқорлары да, өзара тату болған жағдайда, ешбір алаңсыз, елді басқара берулеріне болатын-ды; өйткені олардың өздері туғызбаса, басқа ешқайдан бүлік тумайтын. Ал енді Францияның үлгісінде құрылған мемлекеттерде билеуші тақсыр дәл бұлай алаңсыз басқара алмайды. Испанияда, Францияда, Грекияда ұсақ әміршілер көп болғандықтан, римдіктерге қарсы көтерілістер ауық-ауық бұрқ етіп тұратын. Бұрынғы тәртіп ұмытылмай тұрғанда, Римнің өкімет билігі әлсіз күйінде қала берген; ал ескі тәртіп ұмытыла келе, римдіктер өздерінің күш-қуатына және ұзақ жылдар бойғы үстемдігіне сүйеніп, бұл елдердегі өкімет билігін нығайта берді. Сондықтан кейінірек, римдіктер өзара соғысып кеткенде, әрбір бәсекелес өзі нығырақ сезінетін провинцияларды күреске тартты. Ал өздерінің байырғы әміршілері қырылып кеткен аймақтардағы жергілікті тұрғындар римдіктерден өзге билікшілерді мойындаған жоқ. Егер осылардың барлығын еске алар болсақ, Александрдың азиялық елдерде державаны опоңай қалай ұстап тұрғанын, ал Пиррдің және басқа билікшілердің жаулап алған елдерін қолда ұстап тұруы қандайлық қиындыққа түскенін түсіне аламыз. Бұл жердегі себеп жеңімпаздың ерлігінің аз-көптігінде емес, жауланған мемлекеттердің әртүрлі құрылысында болатын.

V тарау

Жаулап алынғанға дейін өз заңдары бойынша өмір сүрген
қалалар мен мемлекеттерді қалай басқару керек

Егер, жоғарыда айтылғандай, жаулап алынған мемлекет есте жоқ ескі заманнан бермен қарай еркін өмір сүріп келген болса және оның өз заңдары болса, оны ұстап тұрудың үш түрлі тәсілі бар. Біріншісі – талқандау; екіншісі – сонда біржола көшіп бару; үшіншісі – азаматтардың өз заңдары бойынша өмір сүруіне ерік беру, сонымен бірге оларға салық салу және қаланың билеуші тақсырға достық пиғылды болуына кепілдік беретін азғана топ адамдардың басқаруына сеніп тапсыру. Бұл сенім көрсетілген адамдар өздерін билік басына билікші тақсыр қойып отырғанын, соның достық ықыласымен және соның күш-қуатымен мықты екендерін білгендіктен, оны барынша қолдап отырмақ. Сонымен бірге, өзінің еркімен өмір сүруге дағдыланған қаланы қиратқың келмейтін болса, оны басқа бір тәсілден гөрі өз халқының көмегі арқылы ұстап тұрған оңай болады. Спарта мен Римнің мысалына жүгініп көрейік. Спарталықтар Афина мен Фиваны өздерінде олигархия құру арқылы ұстап тұрды да, ақырында екі қаладан да айрылып қалды. Римдіктер Капуяны, Карфаген мен Нуманцияны қиратты да, өз биліктерінде сақтап қалды. Олар Грекияны спарталықтардың тәсілімен ұстап тұруға тырысты, яғни онда олигархия орнатты да, жұртты бостандықтан және өздерінің заңдары бойынша өмір сүру құқығынан айырған жоқ, бірақ өздері сәтсіздікке ұшырып, бүкіл Грекиядан айрылып қалмау үшін көптеген қалаларын қиратуға мәжбүр болды. Өйткені шындығында қаланы қиратпайынша, оны өзіне қаратудың басқадай сенімді тәсілі жоқ. Кімде-кім ертеден бері еркін өмір сүрген қаланы басып алып, оған аяушылық білдіретін болса, қаланың өзі оны аямайды. Онда еркіндік пен ескі тәртіптер үшін бүліншілік жасауға себеп әрқашанда табылады, ал жаңағыларды уақыт та, жаңа биліктің игіліктері де ұмыттыра алмайды. Не істесең де, қалай тырыссаң да мейлің, ал бірақ қаланың тұрғындарын бытыратып, әр жаққа таратып жібермесең, олар бұрынғы еркіндікті де, бұрынғы тәртіптерді де ешуақытта ұмытпайды,

қолайы келген алғашқы сәтте-ақ оларды қалпына келтіруге тырысады; флоренциялықтардың билігіне тап болғаннан кейін жүз жыл өткенде де Пиза дәл солай істеді. Ал бірақ қала немесе ел тақсырдың билігі астында тұруға үйреніп қалса, ал оның әулеті құртылған болса, онда тұрғындарының қаруға жармасуы онша оңайға түсе қоймайды, өйткені, бір жағынан, бағыныштылыққа бойлары үйреніп қалғандықтан, екінші жағынан, ескі тақсыры жоқ болғандықтан, олар жаңа тақсыр сайлау жөнінде келісе де алмайды, еркін өмір сүре де алмайды. Демек, жаулаушының оларды өзіне қаратуға да, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жеткілікті уақыты болады. Республикаларда өмір көбірек, өшпенділік көбірек, кекшілдік көбірек болғандықтан, оларда бұрынғы еркіндік жөніндегі естелік ешуақытта өлмейді, өлуі мүмкін де емес. Сондықтан оларды өз билігінің астында ұстаудың ең дұрыс құралы – оларды құрту немесе соларға көшіп келіп, орнығып алу.

VІ тарау

Өз қаруыңмен немесе ерлігіңмен қаратып алған жаңа
мемлекеттер туралы

Өкімет билігін жаулап алу туралы, тақсыр мен мемлекет туралы сөз қылғанда, мен аса ұлы ерлердің үлгісіне сілтеме жасап отырсам, оның таңданатын ештеңесі жоқ. Адамдар әдетте басқалардың салып кеткен жолдарымен жүреді және іс-қимылдарында белгілі бір үлгіге еліктейді; ал бірақ сол жолдардан бұлтармай жүре беру де, өзіміз үлгі еткен адамдардың ерлігімен теңесу де мүмкін болмайтындықтан, есі дұрыс адам ұлылар салып кеткен жолдарды іріктеп, таңдап алуға және ең атақтыларға еліктегенде, олардың ерлігіне теңдеспеген күннің өзінде, ең болмаса солардың рухын бойға жинауға тиіс. Тәжірибелі садақшыларға ұқсау

керек: нысана тым алыс болған жағдайда, олар садақты жоғары ұстап тартады, сонда жебе тым аспандап кетсін деп емес, жібінің серпін күшін есептеп барып, нысанаға дәл тисін деп атады. Сонымен, жаңа мемлекеттердегі өкімет билігін ұстап тұрудың ауыржеңілдігі жаңа билікшінің қаншалықты ер екендігіне байланысты болады. Былай көрінуі де мүмкін: егер жеке адам билік басына не ерлігімен не тағдырдың мархабатымен келген болса, кейіннен оның көптеген қиындықтарды жеңуі де соған байланысты болмақшы. Алайда тағдырдың мархабатынан онша көп үміттенбеген адамның билік басында ұзағырақ қалатын жағдайлары да болады. Ал егер жаңа билікші, басқа иелігі болмағандықтан, жаңа жаулап алған жеріне келіп мекендеуге мәжбүр болса, жағдайы одан да жеңіл болуы мүмкін. Ал енді өкімет билігін тағдырдың мархабатымен емес, өзінің жеке ерлігімен алғандардың жағдайына көшетін болсақ, мен солардың ішіндегі ең лайықтылары деп Мұсаны (Моисейді – ред.), Кирді, Тесейді, сол сияқтыларды атар едім. Әрине, Мұсаны сөз қылып жатудың жөні жоқ сияқты, өйткені ол Жаратқанның бұйрығын орындаушы ғана болды ғой, бірақ оны Құдайдың өзімен тілдесуге жеткізген абыройдың алдында бас иген жөн. Енді Кирге және басқа жаугерлер мен патшалықтың негізін салушыларға келейік: олардың ұлылығына таңданбасқа болмайды, өйткені қарап отырсақ, олардың істеген істері мен қалдырған мирастары Мұсаға жоғарыдан берілген жарлықтан бір де кем соқпайды. Осынау ерлердің өмірі мен ерлік істерін ойға салып келгенде, біздің көз жеткізетініміз: тағдыр оларға қолайлы сәтін ғана жіберді яғни қалаған түрде өзгертуге болатын материалмен жабдықтады: егер ондай сәт дөп келмеген болса, олардың ерлік жігері қолданыс таппай, сөніп қалған болар еді; егер олардың бойларында ерлік-жігер болмаса, дөп келген сәттің де бағы жанбаған болар еді. Егерде Мұса Изарильдің халқын Мысырда, мысырлықтардың құлдығы мен езгісінде жүргенде көрмесе, оларды сол құлдықтан құтылу

үшін өзінің соңынан ерте аламас еді. Ромул туа салысымен далаға тасталмаса және кейін Альма оған өте тар көрінбесе, ол Римнің патшасы болмас та, мемлекеттің негізін салмас та еді. Кирдің заманында парсылар мидиялықтардың үстемдігіне қатты наразы болмаса және мидиялықтар бейбіт өмірден мезі болып, әлсіремесе, Кир сондай ұлылық мәртебесіне көтеріле алмас еді. Егер афиналықтар бір-бірінен алшақ кетпесе, Тесей өзінің ерлік қасиетін көрсете алмас еді. Сөйтіп, осы адамдардың әрқайсысына қолайлы сәт тап болды да, сол сәттің астарындағы мәнін солардың ерлік қасиеттері ғана аша алды, соның арқасында ғана олардың отандары атақ-даңқтарын асырып, бақытқа қолдары жетті. Осы адамдар сияқты ерлік жолымен жүрген кісілердің өкімет билігін жаулап алуы қиын-ақ, ал бірақ оны қолда ұстап тұру оңай болады; қиындығы ең алдымен мынада: олар жаңа мирастар мен тәртіптер орнатуға тиісті болады; онсыз мемлекеттің негізін салып, өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал дүниеде ескі тәртіпті өзгертіп, жаңа тәртіппен алмастырудан өткен қиын, оны жүргізуден қатерлі, одан күмәнді іс жоқ екенін білу керек. Мұндай бастаманы кім көтерсе де, оған бұрынғы тәртіптен пайда көрген адамдар жау болмай, ал өздеріне тиімді болады деген адамдар салқындық танытпай тұра алмайды. Мұндай салқындықтың болатын себебі – бір жағынан заңға сүйенген қарсыластан қаймыққандықтан, ал екінші жағынан, жаңа тәртіп ұзақ тәжірибеде дәлелденіп, баянды етілмей тұрғанда, жұрт одан күмәнданып, онша сене қоймайды. Ескі тәртіптің жоқшылары сәл мүмкіндік көрінсе болды, белсеніп шабуылға шығады, ал жаңаны жоқтаушылар сылбыр қорғанады, сондықтан оларға табан тіреу қауіпті болады. Бұл істе мән-жайды айқынырақ түсініп алу үшін алдымен мынаны білу керек: әлгі өзгерткіштердің өз күштері өздеріне жете ме, әлде басқа біреулердің қолдауына тәуелді ме; басқаша айтқанда, өз бастамаларының табысты болуы үшін жалынышты ма немесе күш қолдана ала ма? Алғашқысы болса, онда жолдары болмайды; ал екінші жағдай болса, яғни

өзі күш қолдана алатын болса, оның сәтсіз болуы да сирек кездеседі. Міне сол себептен де қарулы пайғамбарлардың бәрі де жеңген, ал қарусыздары – қырылған. Өйткені, жаңағы айтылғанға қосымша мынаны есте ұстау керек: адам мінезінде тұрақ жоқ, оны өз дініңе қарату оңай, ал онда ұстап тұру қиын. Сондықтан халықтың сенімі сарқылған кезде, оларды күшпен сендіруге дайын тұру керек. Мұса, Кир, Ромул және Тесейлер қарусыз болса, өздері ұсынған заңдардың ұзақ сақталуына қол жеткізе алмаған болар еді. Біздің заманымызда фрос Джироламо Савонарола дәл сондай кепке ұшырады: оның енгізген тәртіптері күл-талқан болып, тобыр оған сенбейтін болған кезде, бұрын сенген адамдарды қайтарып алып, сенбегендерді күшпен сендіру үшін оның қауқары болмай қалды. Мен осы жерде аттарын атаған адамдар секілділердің алдарынан толып жатқан қиындықтар мен қауіп-қатерлер шығады, оларды жеңіп өту үшін асқан ерлік қажет болады. Егер олар мақсаттарына жетсе, егер билеуші тақсыр бодандарын мойындатып, күншілдерінің көзін жойса, онда ол қолындағы күш-қуатын, тыныштығын, көрер құрметі мен басындағы бақытын ұзақ уақытқа дейін сақтай алады. Осы сияқты биік мәртебелі мысалдарға қоса, олардан әлдеқайда жұпыны болса да, салыстыруға жарайтын мысалдарды келтіргім келеді. Мен, Сиракузалық Гиерон жайында айтпақпын: жай жеке адамнан ол Сиракузаның патшасына айналды; бірақ тағдыр оның маңдайына қолайлы жағдайдан басқа ешнәрсені жазбаған еді: Сиракузаның езілген халқы оны әскербасы етіп сайлады, сондағы сіңірген еңбегі үшін солардың тақсыры болды. Солай жоғарылағанға дейін ол ерлік көрсетті де, ертедегі бір автор айтқандай, “nіhіl іllі dcerat de zegnandum pruter zegnun”. Ол ескі жасағын таратып жіберді де, жаңадан құрды, ескі одақтарды бұзып, жаңа одақтар құрды. Сөйтіп, өзіндік әскер мен өзіндік одақтастар негізінде ол қалаған ғимаратын тұрғыза алды. Демек, оған өте қиын болғаны өкімет билігін қолға алу да, ең оңайы – оны ұстап тұру ғана болды.

VІІ тарау

Біреудің қаруымен немесе тағдырдың мархабатымен қолға тиген
мемлекеттер туралы

Өзінің ерлігімен емес, тек тағдырдың мархабатымен ғана тақсыр болғандардың билікті алуы оңай да, оны ұстап тұруы қиын дедік. Мақсатына жетер жолды бір-ақ қарғып өткендей болғанмен, олар кейініректе толып жатқан қиындықтарға кездеседі. Мен бұл жерде өкімет билігін ақшаға сатып алғандар немесе оларға мархабат арқылы келгендер туралы айтып отырмын. Мұндай жағдай Грекияның Иония, Гелеспонта қалаларында жиі болды; ол қалаларға Дарий жеке басының атақ-даңқы және қауіпсіздігі үшін билікшілер жіберіп тұрды. Ондай жағдай Римде де орын алды. Онда жеке адамдар солдаттарды сатып алу арқылы император атанып жүрді. Мұндай жағдайларда билік басындағы тақсырлар түгелдей сол билікті берген адамдардың ықтияры мен ықтиятына тәуелді болады; былайша айтқанда, мейлінше тұрақсыз және кінәмшіл екітүрлі күшке байланысты: олар – билік басында тұра алмайды немесе қалай тұруды білмейді. Тұра білмейтін себебі – бойында пәлендей дарын-қабілеті мен ерлігі жоқ, бүкіл өмірін қарабайыр күйде өткізген адам бұйрық беруді ешқайдан үйрене алмайды; ал билік басында тұра алмайтын себебі – олардың одақтастары мен сенімді тірегі болмайды. Қайдан шыққандары белгісіз бұл адамдар табиғатта тез пайда болып, тамырын терең жібермей, жапырағын жайып үлгермей жатып, күн райы бұзылған бойда солып қалатын өсімдіктер сияқты. Бойында шынайы ерлік қасиеті бар, ойда жоқта жоғарылап кетсе, тағдырдың өзі әкеліп, алақанына берген олжасын жібермейді, яғни айтқанда, өзі тақсыр болып алғаннан кейін, бұрынғылар негізін қалап кеткен іргетасты бекіте алады.

Мәртебелі болудың осы екі мүмкіндігін – өзінің ерлігі арқасында немесе тағдырдың мархабаты арқылы болғанды мен есімізде қалған екі мысалмен көрсетейін: менің айтайын дегендерім – Франческо Сфорц пен Чезаре Борджа. Франческо Миланның герцогы болып өз лайығымен жоғарылады: асқан ерлік көрсетті, көп қиындықтармен қолы жеткен өкімет билігін қиналмай ұстап тұрды. Қара халық герцог Валентино деп атаған Чезаре Борджаға өкімет билігі ғайыптан тайып дегендей, әкесін биікке көтерген сәттілік арқасында тиіп еді; бірақ әкеден айрылған соң биліктен де айрылды; өзі ақылды әрі өжет адам болғандықтан, өзгенің қаруымен, өзгенің беделімен қолы жеткен мемлекеттерге тамырын терең жіберу үшін барлық күші мен барлық қажырын салса да, осылай болды. Өйткені, менің жоғарыда айтқанымдай, егер іргесі күні бұрын қаланбаса, онда мұны асқан ерлікпен соңынан да істеуге болады; бірақ ол үшін сәулетшінің көп күш салуы және бүкіл ғимаратқа зиян келтіру қаупі арқылы ғана жүзеге аспақ. Герцогтың іс-қимыл әрекетін қарастыра келгенде, оның болашақтағы күш-қуатына берік негіз қалағанына көз жеткізу қиын емес, сондықтан мен мұны талқылап көруді артық санамаймын; себебі – жаңа келген тақсырға бұдан артық сабақ бар деп ойламаймын. Ал сөйте тұра, герцогтың оңтайлылығы оны күйреуден құтқара алмаған болса, оған кінәлі герцог емес, тағдырдың шын мәнісіндегі қатал талқысы еді. Александр VІ өзінің ұлы герцогты көтергісі келген, бірақ оның алдында тұрған қазіргі және келешектегі кедергілерді көрді. Оның ең алдымен білгені – Шіркеуге бағынатын иеліктердің ғана өзіне қарайтындығы еді, бірақ солардың біреуін герцогқа берейін десе, Миланның герцогы да, қазірдің өзінде Фаэнца мен Риминиді өз қарамағына алып алған венециялықтар да қарсы шығатын еді. Оның сыртында, Италиядағы әскерлер, әсіресе өзі көмекке шақырмақшы болып жүргендері Папаның күшейіп кетуінен қауіптенетін адамдардың, яғни Орсинидің, Колонның және солардың жандайшаптарының қолында болатын. Сөйтіп, ең алдымен қалыптасқан тәтіпті бұзып, мемлекеттер

арасында ірткі туғызу керек болды; сонда олардың кейбіреулерін ешбір кедергісіз қаратып алуға болатын еді. Мұны істеудің оңай болатын себебі – венециялықтар өз мүдделері үшін Италияға француздарды шақырып қойған, оған Папаның қарсы болмағаны былай тұрсын, Людовик корольдің бұрынғы некесін бұзу арқылы соған өзі қолқабыс тигізген. Сонымен, король венециялықтардың көмегімен және Александрдың келісімі арқылы Италияға кірді де, Миланға жеткен бойда, Папаға отряд жіберді; Папа сол отрядтың көмегімен Романьяны басып алды; оның оңай болғаны, арт жағында король тұр еді. Сөйтіп Романья герцогтың қол астында қалды, ал Колонның партиясы жеңіліске ұшырады; бірақ герцог әзірше ілгері жылжи алмайтын еді; өйткені оның алдында екі кедергі тұрған; біріншіден, оған сенімсіз көрінген – әскер, екіншіден, Францияның ниеті. Басқаша айтқанда, ол – өзіне қызмет етуге алған Орсинидің әскері мұның табаны астындағы тірегін жұлып тастай ма деп қауіптенді; яғни мұны тастап кетеді ме немесе, одан да жаманы, жаулап алған жерлерін тартып ала ма деп ойлады; король де дәл солай етер-ау деген ойда болды. Герцогтың Орсини солдаттарына күмәнданғаны – бұл Фаэнцаны алғаннан кейін, оларды Болоньяға қарай жөнелтіп еді, бірақ солдаттардың шабуылы шабан көрінді; ал корольге келетін болсақ, оның ниеті Урбинаны алғаннан кейін Тосканаға қарай жылжығанда түсінікті болды; ол мұны кейін шегінуге мәжбүр етті. Сондықтан герцог бұдан әрі ешкімнің қаруына да, ешкімнің қамқорлығына да сенбеуді ұйғарды. Ең алдымен ол Орсини мен Колонның Римдегі партияларын әлсіретті: солардың жағындағы нобильдердің барлығын өзіне қызмет ететін қылып азғырып алды да, оларға жоғары жалақы төлейтін болды; әскер мен басқармадағы орындарды солардың дәрежесіне қарай бөліп берді, сөйтіп, олар бірнеше айдың ішінде өз партияларынан алыстап, герцогтың жағына шықты. Сонсоң герцог Орсини партиясының басшыларын жәукемдеу мүмкіндігін күтті, ал оның алдында бұл Колонның шаруасын бітірген. Сәті келіп тұрған іс еді, бұл одан да асыра пайдаланды. Шіркеудің күшейгені

өздеріне апат төндіретінін енді сезген Орсинилер – Перуджаның маңындағы Мосджонда кеңеске жиналған. Бұл кеңестің герцог үшін көптеген қатерлі нәтижелері болып еді, – ең алдымен Урбинада бүліншілік, ал Романьяда наразылық туғызған, бірақ герцог француздардың көмегімен оларды басты. Бұрынғы ықпалын қалпына келтіргенен кейін герцог өзіне қауіп төндірмес үшін бұдан әрі Францияға да, сыртқы күштің басқасына да сенбеуге бекінді, алдау жолына түсті. Орсинидің көзін басқа жаққа бұрып әкеткені сондай, олар әуелі мұнымен синьор Паоло арқылы бітіскен болды; ал ол мұны барынша құрметтеп бақты: үстіне киім кигізді, астына ат мінгізді, қалтасына ақша салып берді, – синигалдар моп-момақан болып, мұның қолына өздері келіп түсті. Партия басшыларының жайын осылай тауып, олардың жақтастарын қаратып алғаннан кейін, герцог өзінің күшқуатының іргетасын мықтап бекітті: бүкіл Романья мен Урбина герцогтығы мұның билігіне көшті және, әсіресе маңыздысы, өзі басқарған кездегі жасаған игіліктері үшін халықтың өзін ұнататынына сенімі артты. Герцогтың іс-қимылының бұл жағы назар аударарлық және еліктеуге тұрарлық, сондықтан оған ерекше тоқталғым келеді. Романья жаулап алынғанға дейін өте болымсыз билікшілердің қоластында болған, олары өз бодандарының қамын ойлаудың орнына соларды тонаумен келген, араларын біріктіру орнына араздықты қоздырған; соның салдарынан бүкіл өлке талаудан, алауыздық пен заңсыздықтан титықтауға айналған. Романьяны жаулап алғаннан кейін, герцог өлкені тыныштандырып, жоғарғы өкіметке бағындыру үшін сенімді қолға бермек болды; сөйтіп барлық билікті мессер Рамиро де Орко дейтін шұғыл да қатқыл мінезді кісіге тапсырды. Ол қысқа мерзімнің ішінде Романьяны тыныштандырды, алауыздықты жойып, бүкіл өлкені тітіретіп қойды. Сол кезде герцог ойға қалды: өкімет билігін енді шамадан тыс бір қолға шоғырландыру қажет емес, әйтпесе халықты өшіктіріп алуға мүмкін деп шешті; сөйтті де бір салиқалы адамның төрағалығымен азаматтық сот құрды, оның құрамында

әр қаланың өз қорғаушысы болды. Бірақ өткен күннің қаталдығынан халықтың наразы болып қалғанын білетін ол өзін ақтамақ болды; өткендегі қаталдыққа кінәлі бұл емес, мұның тентек өкілі екенін айтып, бодандарының көңілін ауламақ болды. Содан бір күні ертеңгісін мұның бұйрығы бойынша мессер Рамиро де Орконың ортасынан қақ бөлінген денесін әкелдіріп тастады да, қасына қанға боялған қылышын қойдырды. Қаныпезерлік бұл көрініс халықтың көңілін де көншітті, жандарын да түршіктірді. Жә, енді өзіміз ауытқып кеткен жәйтке оралайық. Сонымен, герцог өзіндік солдаттарға ие болды, көршілігінен қауіп-қатер басым әскерлердің көпшілігін қиратты, сөйтіп өзінің күш-қуатын нығайтты да, қауіпсіздігін біршама қамтамасыз етті; енді оның жолында көлденең тұрған Францияның королі еді: өзінің аңғалдығын кешеулеп сезінген ол мұның бұдан былайғы жаугершілігіне төзбейтін еді. Сондықтан герцог енді өзіне жаңа одақтастар іздей бастады да, Францияға бұлаңқұйрық мінез танытты – бұл дәл француздардың Гаэтаны қоршауға алған испандарға қарсы Неапольге жорыққа аттанған кезі болатын. Бұл енді Франциямен арасын ашып алуды ойластырған және сол ойынан шығатын да еді, егер Александр Папа әзір тірі тұрғанда. Герцогтың қазіргі тірлігіндегі іс-әрекеттері осындай болатын. Ал енді болашағына келетін болсақ, ондағы бұған төнетін басты қауіп Александрдың ықтимал мирасқорларының тарапынан болуы мүмкін еді, ол бұған қоқырайып қарауы былай тұрсын, тіпті Александрдың герцогқа беріп кеткендерін тартып алуы да ықтимал еді. Соны болғызбау үшін, бұл алдын-ала төрт түрлі шара ойластырмақ болды: біріншіден, өзі күйзелткен билікшілерді үй-іштерімен бірге құртып жіберу, сөйтіп жаңадан болатын Папаның оларды қорғанышқа алуына жол бермеу; екіншіден, Рим нобильдерінің ықыласын алып, солардың қолдауымен Александрдың болашақ мирасқорын ауыздықтап ұстау; үшіншіден, Кардиналдар алқасында өз адамдарын көбірек ұстау; төртіншіден, Александр папа

өлмей тұрғанда өзінің иелік аймақтарын кеңейтіп алып, сырттан болатын алғашқы қыспаққа өз бетімен төтеп беру. Александр өлген кезде, герцог үш түрлі ойын жүзеге асырған да, төртінші ойы орындалуға жақын қалып еді. Өзі күйзелткен билікшілерден қолы жеткендердің бәрін өлтірген де, тек азғантайлары ғана құтылып кеткен; Рим нобильдерін өзінің жағына шығарған; Алқадағы кардиналдардың көпшілігі мұны қолдамақшы болған. Ал енді иеліктерді ұлғайту жағына келсек, ол Тоскананың әміршісі болуды ойластырып жүріп, Перуджа мен Пьомбаноны басып алып үлгірген, Пизаны да қамқорлығына алған. Бұл кезде Франциядан қауіптенбеуіне де болатын, – испандар француздарды Неаполь корольдігінен біржола ығыстырып шығарғаннан кейін, бұлардың екеуі де герцогтың достығына зәру боп қалған; демек, енді бір қадам жасаса, бұл Пизаны қаратып алатын еді. Оның әр жағында Сиена мен Лукка өздері-ақ беріледі: – бір жағы қорыққандықтан, бір жағы – флоренциялықтарға ерегіскеннен; ал сонда флоренциялықтардың өздері де тығырыққа тіреліп қалатын еді. Осының барлығы Александр папа өлетін жылдың аяғына дейін жүзеге асатын еді; ал жүзеге аса қалса, герцогтың күш-қуаты мен ықпалы соншалықты артып, одан әрі ол ешкімнің қамқорлығына зәру болмайтын еді; басқаның қаруына да, қамқорлығына да тәуелді болмас еді; бәрін де өз ерлігімен, өз күшімен тындыра алатын еді. Алайда герцог әкесінің өліміне дейінгі бес жылдың ішінде бірінші рет қылыш көтерді. Сөйтіп, бір ғана мемлекетте – Романьяда ғана өз билігін нығайтып үлгірді де, басқаларын игеру ниетінің жарты жолында, екіжақты қатал жау әскерлерінің ортасында қыспаққа түсіп, өзі өлім халіндегі науқас күйде қалып қойды. Ал бірақ герцогтың бойында қаһарлы айбын мен өжет ерліктің молдығы сондай, оның адамдарды аялай да, аластай да білетіні сондай, өз билігінің іргесін аз уақыт ішінде мықтап бекіте алғаны сондай, егерде оны екі жақтан жау әскерлері келіп қыспаған болса немесе науқасы жанына батып жатпаса, – ол қандай қиындықты да жеңіп шыға алатын еді. Билігінің іргетасы мықты екендігіне көзіміз жетті. Романья оны айдан

астам күтті; ал өзі Римде өлім халінде жатты да қауіпсіз болды: оның қасына келген Бальони, Орсини мен Вителли соңдарынан ешкімді ерткен жоқ; Папаны сайлағанда да өзінің қалаған адамы өтпегенмен, әйтеуір қаламаған адамы өтіп кеткен жоқ. Александр Папа өлгенде өзі өлім халінде жатпаған болса, ол қандай кедергіден де оп-оңай өте алатын еді. Юлий ІІ сайланған күндері оның маған былай деп айтқаны бар: ол әкемнің өлер шағына дейін барлық жағдайды алдын-ала ескердім, барлық қиындықтан шығар жолды таптым, тек бір-ақ нәрсені білмеппін, – дәл сол тұста өзімнің де ажал аузында жатарымды ойламаппын – деп еді. Герцогтың іс-әрекеттерін шолып келгенде, мен оған ешқандай кінә қоя алмаймын; кінә қою тұрмақ, менің ойымша, ол тағдырдың мархабатымен немесе өзгенің қаруымен өкімет билігіне ие болған адамдардың бәріне де үлгі бола алады. Өйткені асқақ ой мен биік мұрат алдында ол басқаша істей алмақ емес еді: тек Александрдың мезгілсіз өлімі мен өзінің науқастығы ғана оның ойларын жүзеге асыруға кедергі болды. Сонымен, кімде-кім жаңа мемлекетте өзін жаулардан қауіпсіз еткісі келсе, дос адамдар тапқысы келсе, күшпен, айламен жеңіске жеткісі келсе, халықты қорқыта да, сыйлата да білгісі келсе, солдаттар өзінің айтқанын орындап, құрметтейтін болсын десе, әскерлері өзіне беріле қызмет етіп, сенімді болсын десе, өзіне зарар келтіретін адамдардан құтылып отырғысы келсе, ескі тәртіптерді жаңартып, сенімсіз әскерлерден құтылып, өзіндік қарулы күш құрғысы келсе, бірде қатал, бірде мейірбан, бірде ізгі және жомарт болғысы келсе, ақыр-аяғында, басқа билеушілермен және корольдермен дос-жар болып, олар өзіне ықыласпен қызмет ететін, ең болмаған күнде шабуылдан іркіліп тұратын болсын десе, – солардың баршасы да герцогтың қылығынан асатын көрнекі үлгіні таба алмас еді. Оған бір-ақ нәрсені – Юлийдің Шіркеу басы болып сайлануын кінә қылып тағуға болар. Бұл жерде ол есебінен жаңылды, өйткені ол өзіне жағымды адамды өткізе алмағанымен, жоғарыда айтылғандай жағымсыз адамды өткізбеу қолынан келетін еді ғой; ал олай болса, папалық өкімет

билігіне өткен уақытта жәбір көрген немесе тіпті сыйланған күнде де, болашақта өзінен қорқатын кардиналдарды жіберуге болмайтын еді. Өйткені не қорқатын, немесе өштігі бар адам ғана кекшіл болады. Мұнан жәбір көргендердің ішінде Сан-Пьетро ин Винкула, Колонна, СанДжорджо, Асканио болды; ал қалғандарының билік басына келгеннен кейін қорқатын себептері бар еді. Олардың қатарына жатпайтындар испандар мен Руана кардиналы-тұғын; испандар – туыстық байланыстары және алған міндеттемелері болғандықтан, ал соңғысы – артында қуатты француз корольдігі тұрғандықтан. Сондықтан әуелі испандардың біреуін сайлау жайын ойластыруы, ал тіпті болмаған жағдайда – Руана кардиналын сайлауы керек еді, бірақ әсте де Сан-Пьетро ин Викуланы емес. Бұл дүниенің мықтылары жаңа игілікке қолдары жеткенде ескі жәбірді ұмытып кетеді деп ойлайтындар қателеседі. Демек, герцог бір аңғалдық жіберіп алды да, онысы өзінің түбіне жетті.

VІІІ тарау

Билікті жауыздықпен алатындар туралы

Тағдырдың мархабаты мен ерліктен басқа, тақсыр болудың тағы екі тәсілі бар; менің ойымша, оларды айтпай кетуге болмайды; рас, олардың біреуі туралы республика жайында сөз болғанда айтқан дұрысырақ болар еді. Менің айтпағым – жеке адамдардың жоғарғы билік басына қылмыс арқылы немесе азаматтардың іш тартуы арқасында келетін жолдары жайында. Бірінші тәсілі турасында айтқанда, екі түрлі оқиғаны еске алмақпын – біреуі ежелгі заманнан, екіншісі – қазіргі өмірден, – сонымен шектелмекпін; өйткені мысал іздеген адамға осы екеуінің өзі де жетіп жатыр деп ойлаймын.

Сициялық Агафокл Сиракузаның патшасы болды, бірақ шыққан тегі жай қарапайым адамдардан емес, ең төмен, жексұрын аталатындардан болатын. Құмырашының отбасында туды да, арсыздық ғұмыр кешті, ал бірақ жастық шағында рухы күшті қара күшке мықты болды да, әскер қатарына кіргеннен кейін қызмет бабында Сиракузаның преторына дейін өсті. Осы лауазымға бекіп алғаннан кейін, Сиракузаның билікшісі болғысы келді, сөйтіп жұрттың еркімен берілген нәрсені өзіне біржола иемденіп алмақ болды. Осы ойын сол кезде Сицилияда жүрген карфагендік Гамалькарға айтты да, бір күні ертеңгісін республикаға қатысы бар істерді шешу үшін деген сылтаумен Сиракузаның халқы мен сенатын шақырып алды; жұрттың бәрі жиналған кезде, келісіп қойған белгі бойынша солдаттар барлық сенаторлар мен халықтың ең бай деген адамдарын қырып салды. Осындай қанқұйлы әдіспен Акафокл билікті жүргізе бастады, азаматтардың тарапынан зәредей қарсылық кездестірген жоқ. Карфагендіктер оны екі мәрте талқандап, тіпті әскермен қоршап алғанда да, ол қаланы бермегені былай тұрсын, адамдардың біразын қаланы қорғауға қалдырды да, екінші жағынан келіп Африка жеріне кірді; аз күннің ішінде Сиракузаны қоршаудан босатып, сонсоң карфагендіктердің өздерінің сілесін қатырды; ақырында олар мұнымен шартқа отыруға мәжбүр болды; шарт бойынша карфагендіктер Африкадағы иеліктерін місе тұтты да, Сицилияны Агафоклге беріп кетті. Ойлап қарасақ, Агафоклдың өмірі мен істеген істерінен тағдырдың мархабаты арқылы келген ешнәрсені таба алмаймыз, өйткені, жоғарыда айтылғандай, ол билік басына әлдебіреудің қамқорлығы арқасында емес, қауіп-қатері мен азап-бейнеті көп әскер қызметі арқылы келді де, оны батыл қимылдармен ұстап қалды; бұл жолда табандылық та, өжеттік те көрсетті. Алайда азаматтарды қырып жіберсе, опасыздық жасаса, сертті бұзса, қаталдық пен аярлық көрсетсе, соларды ерлік деп айтуға болмайды ғой: осының бәрімен билікті алуға болар, бірақ жақсы атақ-даңқты ала алмайсың. Әрине, оның көрінеу қауіп-қатерге барғандағы ерлігіне қарасаң,

сондағы азап-бейнетке шыдаған рухының күштілігіне қарасаң, оның қайсарлығы ешбір атақты әскербасыдан кем соқпайды; бірақ қаталдығы мен айуандығын, істеген барлық қылмыстарын еске алғанда біз оны аса ұлы адамдарға теңей алмаймыз. Ендеше не тағдырдың мархабаты арқылы, не ерлік арқылы келмеген істі осы екеуіне жапсыра салуға болмайды. Бергі біздің заманда, Александр папаның тұсында тағы бір оқиға болды. Фермалық Оливеротто деген біреу, сәбиінде жетім қалып, Джованни Фольяни деген нағашысының қолында өседі; тіпті жас күнінен бастап Паоло Вителлидің қарамағында әскер қызметіне алынып, әскери ғылымды игергеннен кейін, сол әскер құрамында құрметті орынға ие болады. Паоло өлгеннен кейін оның інісі Вителлоццоның қарауына ауысады да, тіпті тез арада, өзі тапқыр, күшті және өжет болғандықтан, әскердегі бірінші адам болып алады. Сонсоң, басқаға бағынуды намыс көріп, Фермаға иелік етуді ойластырады – оған Вителли ризалық білдіреді, өз отанының еркіндіктен гөрі құлдықта болғанын артық көрген бірнеше азаматтар бұған көмек көрсетеді. Джованни Фольяниге жазған бір хатында ол ұзақ жыл сыртта жүргендіктен нағашысына барып қайтқысы, туған жерлерін көргісі келетінін, сонымен бірге өзіне қандай мұра қалғанын білмек екенін жазады; өзі қанша еңбектенсе де ылғи атақ-даңқ жайын ойлайтынын, сондықтан уақытты босқа өткізіп жүрмегенін айтады; соны жерлестеріне көрсету мақсатымен жүз атты әскер нөкерін, басқа да достары мен малайларын ерте келуге рұқсат сұрайды. Соған орай, Ферманың тұрғындары мұны да құрметпен қарсы алса екен, ал сонда мұның өзіне ғана емес, әке орнына әке болған нағашысына да абырой болатынын айтады. Джованни Фольяни жиенінің барлық тілегін орындайды, қала тұрғындарының оны қошеметтеп қарсы алуына жағдай жасайды. Ал мынау өзінің үйіне орналасып алып, арам ойын жүзеге асырудың дайындығы біткенше бірнеше күн күтіп жүреді; сонсоң салтанатты той

жасап, Джованни Фольяниді, қаланың барлық атақты адамдарын шақырады. Қонақасыны ішіп-жеп, ойын-тойлары біткен кезде, Оливеротто арам оймен Александр Папаның, оның ұлы Чезаренің іс-әрекеттері мен ұлы мәртебесі туралы шетін әңгімені бастайды. Джованни мен басқа кісілер сөзге араласқан кезде, мұндай әңгімені оңашада айтқан дұрыс болар деп, ол ішкі бөлмелерге кіріп кетеді, нағашысы мен басқа игі жақсылар соңынан ереді. Бірақ олар жайласып үлгіргенше, жасырынып жатқан солдаттар өре түрегеліп, келгендерді түгел қырып салады. Сол қырғыннан кейін Оливеротто атқа міне шауып, қаланы қақ жарып өтеді де, сарайдағы мәртебелі магистратты қамап алады; ол зәресі ұшып қорыққанынан жаңадан басқарма құрады, ал Оливеротто өзін қаланың билеушісі деп жариялайды. Наразылық білдіріп, зиянын тигізеді-ау деген адамдардың бәрін қырып-жойғаннан кейін Оливеротто жаңаша әскери және азаматтық тәртіппен өз билігін нығайтып алады; содан былай қарай Ферманың өз ішінде қауіпсіздік орнатқанымен қоймай, маңайындағы барлық көршілерге қырғидай тиеді. Агафокл сияқты, мұны да қаладан қуып шығу қиын болар еді, бірақ Чезаре Борджа одан қулығын асырып жібереді; ол, жоғарыда айтылғандай, Синигалияда Орсини мен Вителли бастықтарын қамауға алдап түсірген ғой; Оливеротто сол жерге өзін өлермендік пен айуандыққа баулыған ұстазы Вителлоццомен бірге барған екен, екеуін де аналар сол жерде буындырып өлтіріпті; ал мұның өзі жаңағы әке құрбандығынан кейін бір жыл өткенде болған оқиға еді. Біреулердің таң қалуы мүмкін: Агафокл және сол сияқтылар қаныпезерлік пен опасыздық арқылы өздеріне қалайша жол салып ала алды; өз орындарында ұзақ уақыт аман-сау өмір сүріп, өздерін сыртқы жаудан қорғағанда, отандастары тарапынан қалайша құрбандыққа ұшырамады? Ал басқа кейбіреулер аласапыран соғыс уақыты түгіл, тіпті

бейбіт күнде де өкімет билігін қаныпезерлікпен сақтап тұра алмаған болар еді ғой, – деп. Менің ойымша, қаныпезерліктің өзі де әртүрлі болады. Егер жамандықты жақсылық деп айту қисынды болса, қаныпезерлік тек мына жағдайда ғана жақсы бола алады: егер ол бір жолы ғана және қауіпсіздік мақсатымен жасалатын болса; оны жасағанда қазымырлық болмай, мүмкіндігінше бодандардың игілігі үшін жасалса; ал жаман болатыны мынадай жағдайларда: жазалау алғашында сирек болып, барған сайын үсті-үстіне жиіленіп кетсе. Бірінші тәсілмен қимылдағанда, Агафокл сияқты, Құдайдың және адамның көмегімен билікті ұстап тұруға болады; ал екінші тәсілмен ұстап тұру деген – мүмкін емес. Бұдан туатын қорытынды: кімде-кім мемлекетке иелік етсе, ол барлық жәбір атаулыны алдын-ала ескеріп, соларды күннен күнге туындатпай, біржола жойып отыруы керек; сонда адамдар аз-аздап тыншыға бастайды да, билікші тақсыр соларға жақсылық жасап отырып, біртіндеп олардың ықыласына ие бола бастайды. Кімде-кім сақтықпен немесе арам оймен басқаша істейтін болса, ол ешқашанда қылышын қынға сала алмайды, күн сайын үсті-үстіне тынымсыз жәбір көрген бодандарына ешқашан сүйене алмайды. Демек, жәбірді бір-ақ рет жасау керек және ол неғұрлым аз пайдаланылса, оның зардабы солғұрлым аз болады; жақсылықты аз-аздап жасаған дұрыс, сонда оның дәмін тату да оңай болады. Билікші тақсыр үшін ең бастысы – бодандармен арақатынаста ешқандай оқиға – жақсысы да, нашары да – бодандарға көзқарасын өзгерттірмейтін болсын, өйткені ауыр заман туа қалса, жаза қолдануға кеш болады, ал жақыслық жасағаннан пайда жоқ, оған ешқандай алғыс айтылмайды.

ІX тарау

Азаматтық дара билік туралы

Енді адамның жауыздықтар және заңсыздықтар жолымен емес, азаматтардың ризашылығымен өз отанында билікші тақсыр болған оқиғаларына көшейін, – ол үшін ерлік те, сәттілік те керек емес, тек орайын тапқан қулық керек екен. Айта кетейік, бұл сияқты дара билік – оны азаматтық деп атауға болады – ақсүйектердің немесе халықтың талап етуімен құрылады. Өйткені бұл сияқты екі күш екшеліп шықпайтын қала болмайды: ақсүйектер халықты өзіне бағындырып, езгісі келеді, ал халық бағынышта және езгіде болғысы келмейді; осы екі күштің қақтығысы үш түрлі жолмен шешіледі: не дара билікпен, не биліксіздікпен, немесе еркіндікпен. Дара билікті құратын – не ақсүйектер, немесе халық; қолайлы жағдай қайсысына бұрын тисе, сол шешеді. Ақсүйектер халыққа қарсы тұра алмайтынын біледі де, өзінің ортасынан біреуді көтеріп, тақсыр деп жариялайды, сөйтіп соның арқасында өздерінің дегеніне жетеді. Сол сияқты халық та, ақсүйектерге қарсылық көрсете алмайтынын көреді де, бір адамды жоғарылатады, содан өздеріне қорғаныш таппақ болады. Билік басына халық қойған адамнан гөрі ақсүйектердің қолдауымен келген адамның билікті ұстап тұруы қиынырақ болады, өйткені тақсыр үнемі сол ақсүйектердің қоршауында болады да, олар өздерін тақсырмен теңдеспіз деп санайды, тақсыр оларға бұйыра да алмайды, оларсыз өз бетімен әрекет ете де алмайды. Ал енді билік басына халық әкелген адам билікті жалғыз өзі жүргізеді де, оның айналасында оған бағынғысы келмейтін адам болмайды. Оның үстіне ешкімге нұқсан келтірмей, адал қызмет істей жүріп, ақсүйектердің талап-тілектерін қанағаттандыру мүмкін емес, ал халықтың талаптарын орындауға болады, өйткені ақсүйектерге қарағанда, халықтың мақсаты адал: ақсүйектер халықты езгісі келеді, ал халықтың езгіде болғысы келмейді. Мұның үстіне, жауыққан халыққа ешнәрсе істей алмайсың, өйткені олар көп, ал ақсүйектерге бірдеңе істей аласың, өйткені олар – азшылық. Халық ең мықтағанда тақсырдан теріс айналып кетер, ал

ақсүйектер жауықса, олар тақсырдан теріс айналып кетпек түгіл, оның өзіне қарсы да шыға алады; өйткені олар әккі, қу, шығар жолын күні бұрын ойлап алады, күштінің алдында жағынуды біледі. Оған қоса айтарым: тақсыр халықты таңдай алмайды, бірақ ақсүйекті таңдай алады, өйткені, біреуді жазалау да, жарылқау да, жақын тарту да, жатсыну да – билікшінің ырқында. Осы соңғы айтқанымды тәптіштеп түсіндірейін. Ақсүйек адамдармен қарым-қатынаста солардың өз істегендерін өзіне істеу дұрыс. Олардың тарапынан екі түрлі қылық болуы мүмкін: не тақсырмен тағдырлас екендерін білдіреді, немесе ондай ниет білдірмейді. Алдыңғылары өз пайдасын ойлап тұрмаса, оларды құрметтеп, сыйлау керек; ал енді кейінгілерге келетін болсақ, бұл арада екі түрлі себепті айыра білген жөн. Егер ондай адамдар өздерінің пасықтығынан немесе туа біткен жігерсіздігінен осылай істеген болса, оларды пайдаланып қалған мақұл, – әсіресе белгілі бір істен хабардар болса. Ал егер олар әдейі, атаққұмарлықтан істеп отырған болса, онда олардың тақсырдан гөрі өз жайларын көбірек ойлайтын болғаны. Мұндайлардан сақтану керек, ашық қарсыластардан кем қорықпау керек, өйткені екіталай кезеңде олар тақсырдың түбіне жетуге әрдайым әзір тұрады. Демек, тақсыр билік басына халықтың қолдауымен келген болса, ол халықпен достық қатынасты сақтауға тырысуы керек; бұл тіпті де қиын емес, өйткені халықтың бар тілейтіні – оны ешкім езбесе екен. Ал енді тақсырды билік басына, халықтың тілегіне қарама-қарсы ақсүйектер алып келсе, онда тақсырдың ең бірінші борышы – халықтың достығына ие болу; халықты өзінің қорғанышына алған жағдайда, мұны істеу де қиын емес. Адамдар деген сондай, жамандық күткен жақтан жақсылық көрсе, сол ізгілік жасаушыларға олар өте үйірсек келеді; сондықтан халық тақсырды билік басына өзі әкелмеген жағдайда да оны өте жақсы көріп кетеді. Халықтың қолдауына ие болудың жолдары әртүрлі, сондықтан оларды сөз

қылып жатпаймын, өйткені олар жағдайға қарай өзгеріп тұрады, демек, белгілі бір ережеге сәйкес келе бермейді. Қорытындыда жалғыз-ақ айтарым: билеуші тақсыр халықпен тату болуға тиіс; өйткені екіталай күнде құлап қалады. Спартаның билеушісі Набид бүкіл Грекия мен жеңімпаз Рим әскерлерінің қоршауына шыдап, билігін де, отанын да қорғап қалды; тіпті сол қауіп таянып келе жатқанның өзінде бірнеше ғана адамды аластады, ал енді бүкіл халықпен араз болса, ол мұндай шағын шарамен құтыла алмас еді. Сондықтан кейбіреулер маған қарсы дау айтып, “халыққа сенген қараң қалады” деген белгілі мақалды келтірмей-ақ қойсын. Бұл мақал жеке бір азамат жаудың немесе магистраттың қолына түсіп қалып, өзін халық құтқарар деп көңілін жұбатып отырған жағдайда ғана дұрыс болуы мүмкін. Грахктардың Римде немесе мессер Джорджа Ахаллидің Флоренцияда алданып қалғаны сияқты, бұл жерде де алданып қалуға болар. Ал енді билеуші тақсыр халықтан тірек іздейтін болса, ол жай сұрап қана қоймай, бұйыратын болса, оның үстіне өзі өжет болса, қиын-қыстауда сағын сындырмайтын болса, қорғанысқа қажетті дайындықтарды құр жібермейтін болса, өзінің жарлықтарымен, ерлігімен айналасындағы жұртты жігерлендіре алатын болса, ондай адам ешуақытта халықтан алданбайды, ондай тіректің мықты екеніне көзін жеткізеді. Әдетте мұндай жағдайларда тақсырдың билігіне қатер азаматтық құрылыстан абсолюттік тәртіпке көшкен тұста төнуі мүмкін, өйткені тақсырлар магистраттар арқылы немесе тікелей дербес басқарады. Бірінші жағдайда тақсырдың халі нашар, тіпті мүшкіл болады, себебі ол түгелдей магистраттағы азаматтардың ықтиярына тәуелді болады; ал олар кезкелген уақытта, әсіресе қиын-қыстау кезеңде оны биліктен айыра алады: не өзіне қарсы шығады, немесе жарлықтарын орындамай қояды. Мұндайда, қауіп төніп тұрған кезде, абсолюттік билікті қолға алуға кеш болып қалады, өйткені магистраттың жарлықтарын орындап үйренген азаматтар да, бодандар да қиын кезеңде тақсыр бұйрығына бағынбай қояды. Сол

себептен де ауыр жағдайда тақсырға сенімді адамдар жетпей жатады, өйткені азаматтар мемлекетке мұқтаж болатын тыныштық уақыттағы көргендеріне сене беруге болмайды: ондай кезде екінің бірі жақсылық жасағыш, әйтеуір ажалдың ауылы алыс болған соң, әркім-ақ тақсыр үшін өмірін құрбан етуге даяр тұрады, ал енді мемлекет қиын жағдайда болып тұрғанда, ондайлар көп табыла бермейді. Мұндай сынның қатерлі болатыны – ол өмірде бір-ақ рет қайталанады. Сондықтан кемеңгер тақсыр азаматтарының әруақытта, қай түрлі жағдайда да, тақсыр мен мемлекетке мұқтаж болуы үшін шаралар қолданатын болуы қажет, – ол сонда ғана азаматтарының адалдығына сене алады.

X тарау

Барлық мемлекеттердің күшін қалай өлшеген жөн

Мемлекеттердің қасиеттерін зерттегенде, істің мынадай жағын есте ұстау қажет: тақсыр қажет болған жағдайда өзін өз күшімен қорғай ала ма, әлде сырттан көмекке зәру бола ма? Түсіндірейін: өзін қорғап қалуға қабілетті деп мен қарамағында адамдары мен ақша қаражаты жеткілікті болып, қажет мөлшерде әскер жинап ала алатын, сөйтіп қандай жаумен шайқасса да шыдай алатын тақсырларды айтамын; көмекке зәру дейтінім – жауға қарсы ашық далаға шыға алмай, қаланың қабырғасын пана қылып қорғануға мәжбүрлер. Бірінші жағдайда не істеу керек – ол жайында әңгіме алда, және ол туралы жоғарыда ептеп айтылды да. Енді, екінші жағдайға келетін болсақ, ол жайында айтатын сөз біреу ғана: маңайдағы елдерді есепке алмастан, тақсыр қаланы нығайтады, оны барлық керекжарақпен қамтамасыз етуі керек. Егер тақсыр қаланы жақсылап бекіндіріп алып, бодандарымен жоғарыда айтылып, төменде толықтырылғандай қалыпта болатын болса, онда көршілері шабуыл жасауға бата алмайды. Өйткені – адам дегендерің қиын кедергілердің бәріне қас, ендеше

қаласының бекінісі күшті, халқы өштеспеген тақсырға кімнің тиіскісі келеді дейсің?! Германияның қалалары – ең еріктілердің бірі, аймақтары онша үлкен емес, қалаған уақыттарында императорға бағынады, одан да, көршілерінің ешқайсысынан да қорықпайды, себебі – өздерінің бекінісі күшті, оларды басқаның басып алуы өте қиын, машақатты шаруа. Олардың айналасы берік қорғандармен, орлармен қоршалған, жеткілікті мөлшерде зеңбіректері бар, қоғамдық қоймаларда азық-түліктің, сусын мен отынның жылдық қорын ұстайды; олардың сыртында қазынаны ортайтпай, қара халықты асырау үшін қаланың тіршілігіне керек салаларда және қара халықтың күн көрістік нәсіптерінде бір жылдық жұмысты әзірлеп қояды. Соғыс өнері оларда құрметті, және өздері оны әртүрлі шаралармен көтермелеп тұрады. Сонымен, қаласы мықтап бекітілген, халқы өшікпеген тақсыр шабуылға ұшырамайды. Ал егер солай бола қалған күнде, жау масқара болып кейін шегінуге мәжбүр болады, мына аумалы-төкпелі заманда басқаның қаласын қоршап алып, әскерін бір жыл бойы сайрандатып қоюға кімнің шамасы келеді. Маған былай деп қарсы дау айтатындар болар: қаланың сыртындағы егін-жайлары мен баспаналары өртеніп жатқанын көрсе, олар ұзақ қоршауға төзе алмайды, тақсырға адал боламыз деп өз шаруаларын тастай ма? – дегендей. Оған мен былай деп жауап қайтарамын: өзі күшті әрі батыл тақсыр бірде бодандарын мына пәле тез арада бітеді деп сендіріп, бірде жаудың аяусыз екендігін ескертіп, енді бірде тым дегбірсіздердің мысын басып, барлық қиындықтарға төзеді. Оның үстіне, жау деген әдетте егіндіктерді қалаға жақындай берген кездеақ өртеп жібереді; қала халқы ол кезде әлі қызуы басылмаған, берілмеуге мықтап бекінген күйде болады, ал арада бірнеше күн өтіп, қызу басылған кезде, шығатын шығын шығып болып, барлық қаскүнемдік істеліп қояды. Сонда жұрттың тақсырына сүйенуден басқа лажы қалмайды, қайта, соны қорғаймыз деп жүріп, өз үйлерін өртетіп, мүліктерін талатып алғандары

үшін өздері алғыс күтеді. Адам дегеннің табиғаты солай ғой, өздері жақсылық көрген адамдардан гөрі өздері жақсылық жасаған адамдарына жақын жүреді. Сонымен, барлық жағдайларды баяндап келгенде айтарым: ақылды тақсыр жаудың қоршауына түскен уақыттың өн бойында қала халқының рухын нығайтудың амалын табады, тек ол үшін халқын асырайтын азық-түлігі, қаласын қорғайтын қару-жарағы болсын.

XІ тарау

Шіркеуге қарасты мемлекеттер туралы

Біздің ендігі қарастыратынымыз – шіркеуге қарасты мемлекеттер. Олар туралы мынаны айтуға болады: оларды алу қиын, өйткені ол үшін ерлік немесе тағдырдың мархабаты керек, ал ұстап тұру оңай, себебі – ол үшін әлгі екеуінің бірі де керегі жоқ. Мұндай мемлекеттер өзінің фатихасымен әспеттелген негіздерге сүйенеді; ал ол негіздердің мықтылығы сондай; билік басындағы тақсырдың тұрмысына және істеген істеріне қарамастан қолдап отырады. Ондағы тақсырлардың билігі болады, бірақ оны өздері қорғамайды, бодандары болады, бірақ оларды басқармайды; бірақ сонда да олардың билігіне ешкім қол сұқпайды, бодандары да өздерінің жағдайын ауырсынбайды және ешқайда кеткілері келмейді, тіпті кете де алмайды. Демек, бұл тақсырлар әрдайым мұңсыз, бақытты жағдайда болады. Бірақ бұл мемлекеттер жоғарыдан келетін бұйрыққа бағынатындықтан, оған адамның ақылы жетпейтіндіктен, мен ол туралы айтпаймын; Құдайдың өзі ардақтап, өзі сақтап отырған жәйтті тек өз шамасын өзі білмейтін есірік адам ғана сөз қылуы мүмкін. Алайда маған мынадай сұрақ қойылуы мүмкін: Франция королінің өзі қорқатындай күшқуат Шіркеуге қайдан келді, ол корольді Италиядан қалайша қуып шыға алды, венециялықтарды қалайша талқандады? Бұрын Италияның ірі

мемлекеттерін айтпағанның өзінде, Шіркеудің дүниауи билігімен тіпті ұсақ иеліктер мен барондар да есептеспеуші еді ғой? Еге менен осы жәйтті сұраушылар болса, сол оқиғалар жалпыға мәлім бола тұра, мен ісің жайы қалай болғанын еске сала кетуді артық деп есептемес едім. Француз королі Карл Италияға басып кірместен бұрын, оған Папа, венециялықтар, Неапольдің королі, Милан герцогы және флоренциялықтар өзара бөлісіп үстемдік ететін. Осы билікшілерде екі түрлі уайым болатын: біріншіден, Италияға жатжұрттықтарды кіргізбеу; екіншіден, бір-бірін бұрынғы шекаралар аумағында ұстап тұру. Солардың ішінде көбірек күдік туғызатындары – венециялықтар мен Папа болатын. Қалғандары, Феррараны қорғаған кездегідей, одақ құрды: Папаға қарсы Римнің барондары пайдаланылды. Колонна мен Орсинидің екі партиясына бөлінген барондар ылғи ырың-кезек болып, Шіркеудің басшысының көз алдында қару-жарақтарын жарқылдатып, папа билігінің әлсіз және тұрақсыз болуына әсер етті. Кейбір папалар, мәселен Сикст батылдау болғанымен, олардың бірде-біреуі өздері соншалықты тәжірибелі, ал жағдайлары қолайлы бола тұрып, жаңағы пәледен құтыла алмады. Оған кінәлі олардың басқару мерзімінің қысқалығы болатын, өйткені Папаның сайлануынан өлуіне дейінгі орта мөлшерлі он жыл ішінде ол жауласқан екі партияның біреуін ғана қирата алды. Айталық, бір Папа Колоннаның жақтастарын түгелге жақын қиратқан болса, оның мирасқоры, өзі Орсинидің жауы болғандықтан, Колоннаның партиясын тірілтіп жіберді, ал бірақ Орсиниді талқандауға уақыты жетпеді. Осындай себеппен Италияда Папаның дүниауи билігінің беделі онша жоғары болмайтын. Ал енді Папаның тағына Александр VІ отырған кезде ол қолында ақшасы мен күші бар Шіркеу басшысының қандай жетістікке жете алатынын бұрынғы ізашарларының бәрінен артық дәлелдеді. Француздардың келуін пайдаланып, ол герцог Валентино арқылы

жоғарыда, менің герцог туралы айтқан әңгімемде баяндалған істердің барлығын тындырды. Рас, оның еңбектері Шіркеуді әспеттеуге емес, герцогты көтеруге бағытталған еді, алайда соның бәрі Шіркеуді көтергендік болып шықты; өйткені Александр өліп, герцог қуылғаннан кейін оның еңбектерінің жемісін Шіркеу пайдаланып кетті. Юлий Папа таққа отырғанда Шіркеу өте күшейіп тұр еді: ол Романьяға иелік етті, Рим бодандарын жуасытты, ал олардың партияларын күйреткен Александрдың соққылары болатын; бұлардың сыртында, өзінің қазынасын толықтыратын жаңа көздер ашты; оларды Александрға дейін ешкім пайдалана алмайтын-ды. Юлий осылардың барлығын жалғастыру үстінде, олардың өрісін тіпті кеңейте түсті. Ол Болоньяны қосып алуды, Венецияны күйретуді және француздарды қуып тастауды ойластырды және бұл ойларын жүзеге асырғанда, жеке адамдардың емес, Шіркеудің абыройын асыру үшін деген атақ-даңққа ие болды. Оны өзі келген тұстағы күйде ұстады; кейбір басшылар шатақ шығарғылары келсе де, олар, біріншіден, Шіркеудің қуатынан тайсақтады; екіншіден, олардың іркілуіне қатарларында бұрын ылғи іріткі салып жүретін кардиналдардың жоқтығы себеп болды. Егерде бұл партиялардың өзіндік кардиналдары болса, олардың арасында ешқашан бітім болмайтын еді. Римде жүргенде және одан тыс жерлерде партиялар арасындағы араздықты қоздыра жүріп, кардиналдар бұл жанжалға барондарды тартады; сөйтіп, прелаттардың мансапқорлығынан сол барондардың арасында да алауыздықтар мен араздықтар туындап отырады. Қасиетті Лев папа сөйтіп, қуатты Шіркеуді қабыл етті: оның алдындағы ізашарлары Папаның билігін қарудың күшімен асқақтатса, Шіркеудің ендігі басшысы біздің көңілімізге: өзінің ізгілігімен, ерлігімен және сан салалы дарынымен Шіркеудің атақ-даңқын одан сайын асыра бермек деген үміт ұялатып отыр. XІІ тарау

Әскердің қаншама түрі болатыны туралы және жалдамалы
солдаттар туралы

Жоғарыда біз өзім ілкіде атап кеткен мемлекет түрлерін егжейтегжейлі талқыладық; ішінара билеуші тақсырлардың дәуірлеуі мен күйреуінің себептерін қарастырдық; кімде-кім өкімет билігін жаулап алып, ұстап тұрғысы келгенде қандай әдістер қолданғанын анықтадық. Енді жоғарыда аталған мемлекеттердің қай-қайсысында да шабуыл мен қорғаныстың қандай құралдары бар екенін қарап көрейік. Тақсырдың өкімет билігі мықты негізде орнығуы керек, әйтпесе ол күйрейді деген пікір жоғарыда айтылды. Барлық мемлекеттердің – мейлі мұрагерлік жолымен келе ме, немесе аралас әлде жаңа бола ма, – бәрі де жақсы заңдар мен жақсы әскерге негізделеді. Бірақ та жақсы әскері жоқ жерде жақсы заңдар да болмайды және, керісінше, әскері жақсы болған жердің заңдары да жақсы болады; сондықтан заңдарға соқпай-ақ тікелей әскерге көшейік. Мынадан бастайын: тақсырдың елін қорғайтын әскері не өзіне меншікті, не одақтастардікі, не жалдамалы, немесе аралас болады. Жалдамалылар мен одақтастардың әскері пайдасыз және қауіпті болады; жалдамалы әскерге сүйенген өкімет ешуақытта берік те, ұзақ мерзімді де бола алмайды, өйткені жалдамалылар атаққұмар, тәртіпсіз, жанжалқой, досқа тасыр, жауға жасық, опасыз және арсыз келеді; батыл шабуыл жоқ жерде ғана – олар батыр; бейбіт күндегі олардың басбұзарлығы – соғыс кезіндегі жаудан жаман. Осылардың болатын себебі – соғыста оларды ұстап тұратын ынта-жігер емес, басқа нәрсе – болмашы жалақы ғана; сол үшін олар, әрине, сен үшін құрбандыққа бара алмайды. Оларда бейбітшілік кезде ғана береке бар, ал соғыс бола қалса, теріс айналып тайып тұрады. Көрініп тұрған нәрсені дәлелдеп жату қажет пе: Италияның күйреу себебі – ұзақ жылдар бойы жалдамалы қаруды місе тұтқандығы емес пе еді? Кейбіреулер үшін жалдамалылар емін-еркін қимылдап, бір-бірінің

алдында жарқ-жұрқ етіп жүргендері болды; бірақ олардың қандай екендері жат жұрттық жау басып кіргенде көрінді. Сондықтан Франция королі Карл Италияны бір кесек бормен атып алғандай болды. Біз нені болса да өзіміздің күнәмізден таптық деген адамның айтқаны рас; бірақ оның күнәсі өзінің ойлағаны емес, менің жаңағы айтқандарым болатын. Бұл жердегі күнәлі билікші тақсырлар болғандықтан, сазайын да солар тартты. Жалдамалы әскердің пәлесі неде екенін егжей-тегжейлеңкіреп түсіндірейін. Кондотьерлердің (жалдамалылардың – ред.) өз кәсібін меңгеруі әртүрлі болады: біреуінікі – тамаша, енді біреулерінікі – орташа. Алдыңғыларға сенуге болмайтын себебі – олардың өздері биліктен дәмелі болады, сол үшін не қожайынымын деп жүрген сені құлатады, немесе өзгені құлатады, бірақ оны сенен сұрамайды. Екіншілерге сенуге болмайтыны – олар шайқаста жеңіліп қалады. Маған дау айтушылар табылар: мұндай жағдай әркімнің басында болуы мүмкін – жалдамалы ма олар, әлде басқа ма. Менің жауабым: әскер дегенің не билеуші тақсырдың, не болмаса республиканың қарауында болады; бірінші жағдайда тақсыр әскерді өзі бастап шығып, әскербасының міндетін өз мойнына алуға тиіс; ал екінші жағдайда республика әскерді басқару ісін бір азаматқа тапсыруы тиіс; егер ол нашар болып шықса – ауыстыру керек; әйтпесе заңнан аттамайтын қылып шек қою керек. Біздің тәжірибеден білетініміз – тек қолбасшы болған тақсырлар мен жақсы жарақтанған республикалар ғана асқан ерліктерге жеткен, ал жалдамалылар жарға соқтырып отырған. Рим мен Спарта талай ғасырлар бойы жарақтанып, еркін тұрды. Швейцариялықтар бәрінен де жақсы қаруланды және бәрінен де еркінірек болды. Ежелгі дәуірде Карфаген жалдамалыларды шақырды, бірақ Риммен арада болған алғашқы соғыс аяқталғанда-ақ, солардың қолына түсіп қала жаздады, сонда карфагендіктер әскерінің басында өздерінің азаматтары болған. Эпаминонд өлгеннен кейін фивалықтар өздерінің әскерін басқартуға Македониялық Филиппті шақырып еді, ол соғыста жеңіп қайтты да, Фиваның бостандығын тартып алды. Миландықтар герцог

Филипп өлгеннен кейін Франческо Сфорцаны қызметке шақырып еді, ол Караваджо тұсында венециялықтарды қиратып салды да, жау жағымен бірігіп, өзінің қожалары – миландықтарға қарсы шықты. Оның әкесі Сфорца Неаполь королевасы Джованнида қызметте тұрған кезінде кенеттен оны қару-жарақсыз тастап кетті, сонсоң королева өзінің корольдігін сақтап қалу үшін қорғаныш іздеп Арогон короліне жетіп барды. Маған тағы да дау айтушылар болар: венециялықтар мен флоренциялықтар жалдамалы әскерлердің көмегімен талай рет үстемдік құрды ғой, сонда кондотьерлердің ешқайсысы тақсыр болған жоқ, қожаларын адал қорғады ғой, – дейтін шығар. Оларға мен былай деп жауап қайтарамын: флоренциялықтардың ылғи жолы болды: қауіп туғызады-ау деп күмән келтіретін ержүрек кондотьерлердің біреулері жеңіске жете алмады, екіншілерінің бәсекелестері болды, үшіншілерінің билікке көз алартқаны рас, бірақ мұнда емес, басқа жерлерде. Егер Джованни Аунута бірде-бір жеңіске жетпесе, оны біз адал болды деп қалайша ақтай аламыз, ал егер ол жеңіспен оралған болса, флоренциялықтар түп-түгел соның билігінде болатынын ешкім де бекер дей алмас. Сфорца мен Браччо бәсекелес болғандықтан, бірін бірі көзден таса қылған жоқ, сол себепті Франческо өзінің барлық арам ойын Ломбардияға, ал Браччо – Папаның иеліктері мен Неаполь корольдігіне қарсы жұмсады. Ал осы таяудағы жағдай қандай еді? Флоренциялықтар Паоло Вителлиді қызметке шақырған; бұл өзі өте ақылды және жеке өмірде өте күшті ықпалы бар адам. Егер ол Пизаны алған болса, флоренциялықтардың одан құтыла алмасы айқын емес пе еді? Өйткені, егер ол жау жағына шығып кетсе, онда флоренциялықтар соған берілетін еді де, егер өздерінде қалса, оған бағынуға тура келер еді. Ал енді венециялықтарға келетін болсақ, олардың тамаша және түпкілікті жеңіске жеткен кездері олардың өз күштерімен соғысқан тұстары, яғни құрылықты жаулағанға дейінгі кездері болатын. Венецияның

ақсүйектері де, қара халқы да теңіз үстінде соғысқанда, әскери ерліктің үлгілерін талай рет көрсетті, ал енді құрғаққа ауысты – болды, бүкіл Италияның соғысу машықтарын алды. Құрғақтағы жаулап алған жерлері онша көп болмай, держава аяғын нық басып тұрған кезде, олардың өз кондотьерлерінен қауіптенетін себеп жоқ болатын, ал жаулаған жерлері ұлғайған кезде, – бұл Карманьоленің тұсында еді, – олар өздерінің мүлт жібергенін сезді. Карманьоленің ержүрек қолбасшы екенін олар білетін, – Милан герцогын олар соның басшылығымен талқандаған, – бірақ ол соғысты соза бастағанын көргенде, венециялықтар оның жеңіске жете алмайтынын көрді және оған ұмтылмайтынына көздері жетті, бірақ орнынан босатуға қорықты, себебі қол жеткен жеңістерінен айрылып қалатынын білді: сондықтан өздерін қауіпсіз етудің басқа амалын ойластырды да, оны өлтіріп тынды. Кейініректе олар Бартоломео да Бергамоны, Роберето да Сан-Севериноны, граф ди Питильяноны және солар сияқтыларды жалдаған; бірақ олар жеңістің қуанышынан гөрі жеңілістің қорқынышымен қобалжытты. Вайла тұсында дәл солай болды да: венециялықтар бір күннің ішінде сегіз ғасыр бойы тірнектеп жинаған олжаларынан айрылып қалды. Өйткені жалдамалылардың тапқан жақсы атағы сол – ол шабуылға шабан, кейін қашқанда – желаяқ. Ал енді әңгіме ұзақ жылдар бойы жалдамалы әскер билеп-төстеген Италияға қарай ойысқан соң, істің пайдасы үшін мен де кейін қарай оралып, олардың қайдан шыққанын және қалай күшейіп кеткенін анықтай кетейін. Мынаны білу керек: берегірек заманда, империя әлсіреп, Папаның дүниауи өкіметі күшейіп тұрған кезде, Италия бірнеше мемлекетке бөлініп кеткен-ді. Көптеген ірі қалалар императордың қамқорлығын пайдаланып, өздерін қанап келген нобильдерге қарсы көтеріліске шыққан; ал қалаларға қамқорлық жасайтын Шіркеу өздерінің дүниауи өкіметінің мүддесін ойлайтын; көптеген басқа қалаларда олардың өз азаматтары тақсырдың дәрежесіне дейін көтерілген. Сөйтіп, Италия түгелдей дерлік Папа мен бірнеше республикалардың билігінде қалған. Алайда өкімет басында

тұрған прелаттар мен азаматтар қару-жарақпен істес болмағандықтан, қызметке жалдамалыларды шақыра бастады. Романьода туған Альберичо да Конио жалдамалы қарудың даңқын алғашқы болып көтерді. Оның түлектері Браччо мен Сфорца заманында бүкіл Италияны қолдарында ұстап тұрды. Оладың соңына ергендер күні бүгінге дейін жалдамалы әскерлерді басқарады. Солардың ержүректігінен Карл Италияны бір қиырдан бір қиырға дейін кесіп өтті, елді Людовик жұтатты, Фердинанд қыспаққа алды да, швейцариялықтар қорлыққа салды. Олар әуелі өздерін аспандатып көтеріп, жаяу әскерді барлық жерде төмендетуден бастады. Бұл не үшін болды десеңіз, өздерінде иелік жоқ, тек қолөнермен күн көретін болғандықтан, олар көп көлемдегі жаяу әскерді асырай алмайтын болды, ал аз әскермен атақ-даңқ келмейді. Ал енді атты әскермен шектелетін болса, олардың азғантай санымен-ақ тамақтары тоқ, көретін құрметтері мол болатын еді. ақыр-аяғында жалпы саны жиырма мыңға жететін әскер құрамында жаяу әскер екі мыңға да жетпей қалды. Бұдан әрі олар адам айтқысыз қулық-сұмдықпен өздерін де, солдаттарды да әскери өмірдің қауіп-қатері мен ауыр бейнетінен мүлде құтқарып алды: жанжалдаса қалса, бірін-бірі өлтірмейді, тек тұтқынға ғана алады, ол үшін ақы төлемейді, қаланы қоршаса – түнде шабуыл жасамайды; қаланы қорғау кезінде жаудың қосына ұрланып бармайды, лагерьдің айналасына қада қағылмайды, ор қазылмайды, қыстыгүні соғыс науқаны жүргізілмейді. Осының барлығы әскери жарғымен бектіледі – мақсат, жоғарыда айтылғандай, әскери өмірдің қауіп-қатері мен ауыртпалығынан құтылу: сөйтіп, олар Италияны масқараға қалдырды да, құлдыққа түсірді.

XІІІ тарау

Одақтас, аралас және меншікті әскелер туралы

Одақтастар әскері деген де – пайдасыз әскерлердің тағы бір түрі, бұл көмек көрсетіп, қорғау үшін шақырылатын күшті тақсырдың әскері. Таяуда Юлий Папа осындай әскерді пайдаланды: Феррараға қарсы әскери қимылдарда өз жалдамалыларының қауқары қандай екенін көрді де, Испанияның королі Фердинандпен келісім жасады: ол бұған көмекке атты әскері мен жаяу әскерін жіберетін болды. Былай алғанда, мұндай әскерлер өз тақсырына тамаша етіп пайдалы қызмет етуі мүмкін; ал енді көмекке шақырған жаққа бұл қашанда дерлік қауіпті болады; өйткені жеңіліп қалса, шақырған тақсырдың өзі өледі, ал жеңсе – тәуелсіздіктен айрылады. Мұндай мысалдар тарихи шығармаларда көп кездесетініне қарамастан, мен тағы сол Юлий Папаның мысалын келтіргім келеді. Жаңағы оқиға – Феррараны басып алу үшін жатжұрттық тақсырға сену деген – оның тарапынан жасалған өте жаңсақ қадам еді. Әйтеуір оның бақытына қарай, тағдырдың бұйрығы басқаша болды: одақтастардың әскері Равеннаның түбінде талқандалып қалды; бірақ, сол екі арада швейцарлық келіп, ойда жоқта жеңген жақты қуып тастады; соның арқасында Папа жауға да тәуелді болған жоқ, жеңіс басқа жақтан келгендіктен, одақтасына да тәуелділіктен аман қалды. Флоренциялық өз әскері жоқ болғандықтан, Пизаға қарсы он мың француздарды жіберіп еді, – олар бұрын-соңды бастан кешкен қорлықтарынан да жаман жағдайға тап бола жаздады. Константинопольдің императоры көршілерімен соғыс бастап, Грекияға он мың түрікті шақырып еді, олар соғыс біткеннен кейін елдеріне қайтпай қойды да, Грекияны мұсылмандардың құлдануы содан басталды. Сонымен, жеңісті онша қадірлемейтіндер ғана одақтас әскерді шақыра алады, өйткені олар жалдамалылардан да әдеқайда қауіпті. Одақтастың әскері деген оны шақырушының туралап келген ажалы: ол бір адамдай тастүйін қимыл жасайды да, өзінің тақсырына ғана бағынады; ал жалдамалы әскердің жеңістен кейін саған қастық жасауы үшін одан

көбірек уақыт және қолайлы жағдай керек болады; онда бірлік те аз, оны жинап алған да, оған жалақы төлейтін де – сен, ал сенің әскербасы етіп тағайындаған адамың саған қатерлі бәсекелес болуы үшін бірден артықша басым күш жинап ала алмайды. Қысқасы, жалдамалы әскердің қауіпті жері – тұрақсыздығында, ал одақтас әскердің қауіпті жері – оның ержүректігінде. Сондықтан, есті тақсырлар әрқашанда өзінің меншікті әскері болуын артық көрген. Олардың ойынша, жатпен бірігіп жеңгенше өз әскеріңмен жеңілгенің дұрыс, өйткені жаттың жарағымен жеткен жеңісте шындық жоқ. Оған көз жеткізу үшін ойланып жатпай-ақ, тағы да Чезаре Борджаның мысалына жүгінейін. Алғашында, герцог Романьяға жаңа ғана кірген кезде, оның қолында француздың атты әскері болатын; соның көмегімен ол Имола мен Форлиді басып алды. Кейінірек, одақтастың әскерінің сенімсіздігін түсінген кезде, жалдамалыларды өзіне қауіпсіздеу көріп, Орсини мен Вителлидің қызметін пайдаланды. Бірақ олардың да істе пәтуасыздығын, айнығыштығын көргеннен кейін, олардан құтылып, өзіне меншікті әскер жинады. Осылардың барлығының арасында қандай айырмашылық бар екенін – жұрттың герцогқа көзқарасы француздардың тұсында қандай болғанына, одан кейін Орсини мен Вителлидің жалдамалы әскері тұсында қалай өзгергеніне, ақырында, өз әскері болған кезде қандай болып отырғанына қарап түсіну қиын емес. Біздің байқауымызша, жұрттың герцогқа деген құрметі үнемі артып отырғанымен, мұнымен толымды түрде санасуы оның меншікті солдаттары болған кезден былай қарай ғана орын алды. Мен соңғы кездерде Италияда болған оқиғалардан ауытқымаспын деп едім, дегенмен, Сиаркузалық Гиеронның бір мысалына соға кетейін, өйткені, жоғарыда бір рет атап кеттім ғой. Сол айтқандай, азамттардың қалауымен, Сиракузаның әскербасы болғаннан кейін, көп кешікпей, жалдамалы әскерден пайда шамалы екенін түсінеді, өйткені ондағы кондотьерлер қазіргіге ұқсас болатын. Бірақ оларды қуып жіберуге де,

қалдыруға да болмас деп ойлап, бәрін де қырғызып тастайды. Содан былай ол жаттың әскеріне емес, тек өз әскеріне ғана сүйенетін болған. Көне өсиеттің де осыған орайлас бір әңгімесі еске түседі. Дәуіт филистимдіктердің жекпе-жекші батыры Голиафты айқасқа шақырғанда, Дәуітті қолдау үшін, оған өзінің сауытын кигізбек болады; сонда ол кимейді: басқаның сауыт-сайманын пайдалана алаймын, одан да өзімнің атпам мен кездігімді алып барамын, – дейді. Расында да солай ғой, біреудің сауыты біреуге не кең, не тар, немесе тым ауыр болуы мүмкін. XІ Людовиктің әкесі VІІ Карл сәті түсіп және өзі ерлік жасап, Францияны ағылшындардан босатқанда, өз қаруымен жарақтанудың қажеттігін сонда түсініп, тұрақты атты және жаяу әскер жасақтауға бұйрық берген. Кейінірек, оның баласы Людовик жаяу әскерді таратып жіберіп, әскери қызметке швейцарлықтарды шақыртқан; оның бұл қатесін мирасқоры одан сайын асқынтқан; соның өзі француз корольдігіне қазір де қымбатқа түсіп отыр. Өйткені швейцарларды артық көріп, Франция өз әскерінің рухын түсіріп алды; жаяу әскерді таратып жібергеннен кейін, жалдамалы әскерге қосақталған атты әскер енді өз күшімен ешбір соғысты ұта алмайтын болып қалды. Сондағы нәтижесі мынадай: француздар швейцарлықтарға қарсы соғыса алмайды, ал швейцарлықтарсыз басқалармен соғысуға бата алмайды. Демек, Францияның әскері аралас: біразы өзінікі, қалғаны аралас – бұл күйде ол бірөңкей одақтас әскерден немесе бірөңкей жалдамалы әскерден едәуір басым түседі, бірақ та бірөңкей өз солдаттарынан жасақталған әскерден анағұрлым кемшін жатады. Енді белгілі мысалмен шектелейін: егер әскердің Карл енгізген құрылымын жетілдірген болса немесе жоқ дегенде сол күйінде сақтаған болса Франция ешкімнен де жеңілмейтін еді. Бірақ адамдардың білместігі сондай, құрт аурудың желігі жөнінде жоғарыда айтқанымыздай, кейде олар сырты жылтыраған ыдыстың ішіндегі уды байқамайды. Сондықтан, дерттің басталып келе жатқанын білмеген тақсырда шынайы естілік болмайды, – ал бірақ ауруын екінің бірі дер кезінде аңғара

бермейді. Егер біз Рим империясының құлдырауы жайында ойланатын болсақ, оның басы римдіктердің жалдамалы готтарды қызметке алудан басталғанын көреміз. Империя күшінің сарқылуы да осыдан басталған, және де, римдіктердің күші қаншалықты кемісе, готтардың күші соншалықты артып отырған. Қорытындыда қайталай айтамын: өзіндік әскері жоқ мемлекет, мықты бола алмайды, ол былай тұрсын, онсыз мемлекет түгелдей тағдырдың тәлкегіне тәуелді болады; өйткені қысылшаң кезде бір ғана ерлік сенімді қорғаныш бола алмайды. Даналардың пікірі де, үкімі де осындай: “Quodvіkіe sіltam іnfurmum autіnstabіle, quam fama potentіal nonsua vі nіxe”. Өзіңдік әскерлерің дегеніміз сенің өзіңнің бодандарыңнан, азаматтарыңнан немесе өзіңе берілген адамдардан құралған әскерлер; олардан басқалардың барлығы да не одақтастарға, не жалдамалыларға жатады. Ал оларға қандай құрылыс беру керек, егер мен атаған төрт адамның іс-әрекетін ойға салсақ, сонсоң, македониялық Александрдың әкесі Филипптің және мен түп-түгел иланатын басқа да көптеген республикалар мен тақсырлардың өз әскерлерін қалай құрып, қалай жарақтандырғанын қарастырсақ мұны білу қиын емес.

XІV тарау

Әскери іс жөнінде тақсыр қалай істеуі керек

Сонымен, билеуші тақсырда осғыстан басқа, соғыс ережелері мен соғыс ғылымынан басқа ешқандай ой, басқа ешқандай уайым, басқа ешқандай іс болмауы керек; өйткені соғыс – билеуші үшін өзінен басқа ешкімге жүктей алмайтын бірден-бір міндет. Соғыс өнерінде билікші тақсыр болып жаралған адамның өкімет билігін ұстап тұруы үшін ғана емес, жай ғана қарапайым пенденің сол билікке жетуі үшін де мүмкіндік беретін күш бар. Және, керісінше, билеуші тақсырлар әскери

жаттығулардан гөрі басқа ләззатты көбірек ойлайтын болса, қолдағы биліктің өзінен айрылып қалатын болған. Бұл өнерді ескермеу өкімет билігінен айрылудың басты себебі болса, оны игеру сол билікке ие болудың да басты себебі. Франческо Сфорца соғыс білгендіктің арқасында жай қарапайым адамнан Миланның герцогына айналды, ал оның балалары соғыстың ауыртпалығынан қашқандық себепті герцогтан жай қарапайым адамға айналды. Әскери кәсіпті игермеген адам өз басына көптеген пәлені, атап айтқанда, айналасындағы адамдардың жеккөрушілігін өз басына тілеп алады, ал мұндай жағдайдан барынша сақ болу керек; бұл жайында төменде айтылады. Өйткені қарулы адамды қарусызбан салыстыруға болмайды, қарулы адам қаруға ешқашанда өз еркімен бағынбайды, ал қарусыз адам қарулы малайлар арасында өзін ешуақытта қауіпсізбін деп сезіне алмайды. Біреуге біреу күдікті болса, ал анау мұны жек көретін болса, екеуінің арасында қандай келісім болуы мүмкін?! Сол сияқты, әскер ісінен хабары жоқ билікші тақсырдың көресі қиындығы көп болады; солардың бірі – әскерлері оны сыйламайды, ал оның өзі әскерлеріне сене алмайды. Сондықтан билеуші тақсыр әскери жаттығуларды тіпті ойынан да шығармауға тиіс және оларға бейбіт уақытта соғыс кезіндегіден де көбірек берілуге тиіс. Оның мәнісі – біріншіден, іс жүзінде; екіншіден, ой жүзінде. Іс жүзіндегіге келетін болсақ, тақсыр әскердегі тәртіп пен оқудың жайын бақылаумен бірге өзі де жиі-жиі аңға шығып, денесін шынықтыруы және сонымен бірге жер жайын зерттеуі қажет; атап айтқанда, қай жерде қандай қырат бар, аңғарлар қалай қарай кетеді, жазық жердің көлемі қандай, өзендер мен батпақты жерлердің ерекшелігі қандай – соларды біле жүруі қажет. Мұндай зерттеулер екі жағынан пайдалы. Ең алдымен, соның арқасында өзіңнің еліңді жақсырақ танисың да, оны қалай қорғаудың тәсілдерін анықтайсың; сонымен бірге, бір жердің ерекшелігін егжейтегжейлі білсең, өзің бірінші рет көрген басқа жердің ерекшелігін де оңай

аңғарасың; олай болатыны – айталық, Тоскана жеріндегі ылдилар, аңғарлар, жазықтар, батпақты жерлер мен өзендер біздің басқа өлкелерде көріп жүрген осындай өзгешеліктермен белгілі дәрежеде ұқсас келеді; демек, бұл жерлерді жақсылап зерттеген адам басқа жерлерде де оп-оңай бағдар алып кетеді. Егер тақсыр өз бойына осы машықтарды дарытпаған болса, онда ол қолбасшының ең бірінші қасиетінен мақұрым қалады; өйткені дәл осы қасиеттердің арқасында ол жаудың қосыны орналасқан жерді анықтағанда, оған қоян-қолтық жақын келгенде, тікелей ұрысқа кіріп, қамалын қоршауға алғанда артықшылыққа ие болады. Антик авторлар Агей одағының басшысы Филопеменді жер-көкке түсірмей мақтағанда, әсіресе оның бейбіт күндерде де соғыс ісінен басқа ешнәрсені ойламағаны үшін мақтайды. Ол достарымен қала сыртында серуендеп жүргенде, көбінесе тұра қалып: егер жау ана төбені алып қойып, біздің әскерлер осы жерде тұрса, баымдық қай жақта болады? Сондай жағдайда жауынгерлік тәртіпті сақтай отырып, қалай шабуылдау керек? Жау қашқан жағдайда оны қалай қуу керек? – деп сұрастырады екен. Осылай ілгері жүре түсіп, соғыста болатын жағдайларды үнемі өзгертіп отырады екен; сонсоң достарының пікірін тыңдап алғаннан кейін өз пікірін айтып, соның дұрыстығын дәлелдейді екен. Сөйтіп, ылғи осындай кездейсоқтықтан қапыда қалмайтын жағдайды пысықтайтын болыпты. Енді ақыл-ойды жаттықтыру жайына келетін болсақ, билікші тақсыр тарихи еңбектерді оқуы керек, әсіресе көрнекті қолбасылардың ісәрекеттерін зерттеп, олардың соғысты жүргізу тәсілдерін талдауы, олардың жеңіске жету жолдарын және жеңілу себептерін анықтауы, сөйтіп алғашқыларынан тағлым алуы, кейінгілерін қайталамау жағын қарастыруы керек. Ең бастысы – өткен заманның көптеген ұлы адамдарына еліктеп, ежелгі дәуірдің атағы шыққан, құрметке бөленген адамдарын үлгі ету, солардың ерліктері мен жемісті істерін үнемі есте ұстауы қажет. Мәселен, аңыз-әңгімелерге қарағанда, Ұлы Александр Ахиллге, Цезарь – Александрға, Сципион – Кирге еліктеген деседі. Кирдің Ксенофонт жазған

өмірбаянын оқыған адам Сципион өзінің атақ-даңқын асырғанда Кирге еліктегеніне, оның парасаттылық, пайымдылық, адамгершілік, жомарттық қасиеттерді де сол Кирден алғанына сөзсіз келіседі. Ақылды тақсыр жазылып қалған ережелерді түгел сақтауға, бейбіт кезде жөнсіз мерекедуманға берілмеуге тиіс; оның барлық еңбегі басына ауыр күн түскенде ақталады; сондай кезде тіпті тағдырдың өзі қатаң келген күнде де, ол соның талқысынан аман шығады.

XV тарау

Адамдарды, әсіресе билеуші тақсырды жұрт не үшін мақтайды, не
үшін даттайды

Енді билеуші тақсыр бодандары мен одақтастары жөнінде өзін қалай ұстауы керек деген жәйттерді қарастырамыз. Бұл туралы көп адамдардың жазғанын білгендіктен, осы жәйтті таңдап алып, оны қарастырғанда, басқалардың айтқандарынан алшақтап кетсем, мені біреулер білгішсіп кетіпті деп сөкпес пе екен деп те қауіптенемін. Бірақ мен түсінетін адамдарға пайдалы болсын деген оймен, өздері білмеген, көрмеген республикалар мен мемлекеттер жайын сөз қылғандардан өзгеше, қиялдағы шындық емес, нағыз өмірдің өзінде болған нақты шындықты айтқанды артық көремін. Өйткені адамдардың нақты тұрмысы мен қалай тұруы керек деген нақылдың арасы тым алшақ жатады да, болашаққа бола болмысты тәркі қылушылар өзіне пайда келтірмейді, зиян келтіреді; себебі барлық жағдайларында ылғи жақсылықты уағыздаймын деп, көбінесе сол жақсылыққа жат адамдардың құрбаны болып кетеді. Бұдан туатын қорытынды: тақсыр қолындағы билігін сақтағысы келсе, кейде сол жақсылықтан тартына білуге және сол білгенін жағдайға қарай қолдана да алатын болуға тиіс.

Егер билеуші тақсырлардың ойдан шығарылған емес, шынайы қасиеттері туралы сөз қылатын болсақ, онда мынаны айту керек: жұрт барлық адамдардың әсіресе өзгелерден жоғары тұратын билікші тақсырлардың бойынан мақтауға немесе даттауға жататын мінездерді байқайды. Нақтылап айтсақ: біреуді жомарт, біреуді сараң деп жатады, бұл тосканалықтардың сөзімен айтатын болсақ; ал бізше айтқанда – ашкөз, бұл енді біреудің қолындағысын тартып алғысы келіп тұратын адам; ал сараң деп қолындағысын шығарғысы келмейтін адамды айтамыз; біреу – мал шашқыш, біреу – тойымсыз; біреу – қатал, біреу – көңілшек; біреу – адал, біреу – опасыз; біреу – аяншақ және табансыз; біреудің рухы берік, өзі батыл; мынау – кішіпейіл, анау – тәкаббар; мынау – сайқал, анау – салиқалы; мынау – жалтақ, анау – турашыл; мынау – қайсар, анау – икемшіл; мынау – жеңілтек, анау – сабырлы; мынау – тақуа, анау – нысапсыз; тағысын тағылар. Билеуші тақсырдың бір басында осы айтылғандардың ішіндегі ең жақсы қасиеттердің бәрі шоғырланса, одан артық қандай абырой болмақ? Бірақ адам өзінің табиғатында бірөңкей ізгіліктен жаратылмайтындықтан және ылғи ізгілік таныта бермейтіндіктен, есті тақсыр мемлекеттен айыратындай теріс мінез көрсетпеуге, ал қалғандарынан шама келгенше бой тартып жүруге тиіс, сол жетеді. Тіпті, керек десеңіз, билік басында тұрғанда онсыз болмайтын жағымсыз мінездер көрсетсе, одан қымсынбай-ақ қойсын, өйткені, ойластырып келсек, алғаш қарағанда ізгілік болып көрінетін билікші мінез тақсыр үшін үлкен мін болуы және, керісінше, мін дегені ақыр-соңында игілігі мен қауіпсіздігіне қызмет етуі мүмкін.

XVІ тарау

Жомарттық пен үнемшілдік туралы

Жоғарыда аталған қасиеттердің алғашқысынан бастайын да, жомарт тақсыр дегеннің жақсы атақ екенін айтайын. Бірақ құр жомарт атану үшін жомарттық көрсеткен адам өзіне зиян келтіреді. Ал егер оны ақылмен, орынды жерінде көрсетсең, ол елеусіз қалады да, бәрібір сенің сараң деген жаман атың шығады; сондықтан сен жұртқа өзіңнің жомарт атыңды таратқың келсе, енді жұрт айта қалғандай астамшылыққа баруың керек; бірақ ылғи сөйте берсең, қазынаңды тауысып аласың; содан кейін сол жомарт деген атақтан айрылмау үшін халыққа алым-салықты ауырлатуға мәжбүр боласың және ақша табудың абыройсыз жолдарына барасың. Сөйте-сөйте бодандардың наразылығын туғызасың; ақыр-соңында кедейшілікке ұшырайсың да, олар мүлде жек көріп кетеді. Өзіңнің жомарттығыңмен көпшілікті жүдетіп, аздаған адамдарды жарылқағаннан кейін, алғашқы қиыншылықта күйзелесің, алғашқы қатер үстінде – күйрейсің. Ал енді дер кезінде есіңді жиып, жағдайды түзетпек болсаң, жұрт сені сараң деп кінәлай бастайды. Сонымен, жомарт атыңды шығарамын дегенде өзіңе нұқсан келетін болса, одан да сол сараң билікші деген атаққа көнгенің дұрыс емес пе? Өйткені, күндердің күнінде, өзінің үнемшілдігі арқасында өз табысын өзіне жеткізіп, соғыс кезінде халыққа қосымша салықтың ауыртпалығын түсірмейтін болса, ондай билікшінің жомарт атағы өздігінен-ақ шығады. Сөйтіп, ешбір мүддесіне барымталық жасамаған адамдар үшін ол шынында жомарт болып көрінеді, ондайлар – көпшілік; ал байытқысы келген адамдарыңа сараң болып көрінерсің, бірақ ондайлар – бірен-саран ғана. Біздің заманда сараң атағы шыққандар ғана ұлы істер тындырған, қалғандары елеусіз өте шыққан. Юлий папа сол папалық билікке жеткенше ғана жомарт атағын шығарған, одан кейін соғысқа дайындала бастағанда жомарттықты мүлде ұмытып кеткен. Францияның, осы күнгі королі бірнеше соғысты төтенше салық енгізбей-ақ өткізген, оның себебі – алдағы шығындарды күні бұрын білгендіктен, ерекше үнемшілдік көрсеткен. Испанияның қазіргі королі жомарт тақсыр деген атаққа құмар болса,

соншалықты науқанды бастамас та еді; соларды жеңіспен аяқтай алмас та еді. Сонымен, бодандарын тонамау үшін, қорғанысқа қаражаты болу үшін, кедейлікке ұшырамау үшін, елге жек көрінішті болмау үшін және еріксіз ашқарақтық жасамау үшін, билікші тақсыр сараң әмірші деген атақты елемеуі керек, өйткені сараңдық – оның билікті жүзеге асыруы үшін керекті кемшілік. Егер біреулер маған: Цезарь өзіне жоммартықпен жол ашқан десе, басқа да көптеген адамдар жомарт деген атақпен ең жоғары мәртебеге жеткен десе, мен былай деп жауап берер едім: не сен билікке жетіп алдың, не сен әлі сол жолда жүрсің. Бірінші жағдайда жомарттық зиянды, екінші жағдайда – қажеттік. Цезарь Римнің үстінен абсолютті билік орнату жолында, сондықтан оған жомарттық зиянды болуы мүмкін еді; ал бірақ ол билікке жетіп алып, одан әрі өмір сүрсе және шығынын шегермесе, оның билігі сонымен біткен болар еді. Егер маған дау айтушылар: көпшілігі сонда-ақ билік басына келіп алып, қолбасы ретінде ұлы істерді тындырған, бірақ сол асқан жомарт күйінде қала берген, – дейтін болса, онда мен: олар не өзінің, не өзгенің байлығын шашады, – деп жауап берер едім. Солардың бірінші жағдайда үнемшіл болғандары дұрыс, ал екінші жағдайда қанша жомарттық жасаса да еріктері. Егер сен қарамағыңдағы әскеріңді түскен олжамен, талап-тонаумен және өзгенің мүлкімен асырап-сақтап келе жатсаң – онда жомарт бол, әйтпесе солдаттар саған ермейді. Егер мүлік сенікі немесе бодандарыңдікі болмаса, онда, Кир секілді, Цезарь мен Александр секілді сен де оны жомарт қолыңмен үлестіре бер, себебі басқаның мүлкін шашумен сенің атақ-даңқың артады, ал егер өз мүлкіңді шашсаң, – онда тек өзіңе зиян келтіргенің. Жомарттықтан басқа жолмен ешкім де өзін жұтата алмайды: жомарттықпен сен сол жомарттығыңды әрі қарай көрсету мүмкіндігінен айрыласың, кедейлікке ұшырап, жеккөрінішті боласың, немесе өзім кедейлікке ұшырамайын деп өзгелерді тонайсың, сөйтіп жұртты өзіңе қарсы өшіктіресің. Ал енді бодандардың жеккөрініші мен өшпенділігі –

билікшінің ат-тонын ала қашып жүретін жауы; жомарттық соның екеуіне де апарып соқтырады. Сондықтан кемеңгерліктің көбірек көрінетін жері – жомарт атанып барып, жаман атақ пен өшпенділікке бірдей ие болғанша, сараң атанып барып, өшпенділігі жоқ жаман атаққа ие болу.

XVІІ тарау

Қаталдық пен мейірбандық туралы және сүйіспеншілік туғызу
мен үрей туғызудың қайсысы жақсы

Жоғарыда аталған қасиеттердің енді бір түрлеріне көшкенде айтарым: әрбір-ақ тақсыр қатал емес, мейірбан деген атаққа ие болғысы келер еді; алайда мейірбандыққа әуес болудан да сақтанған жөн. Чезаре Борджаны жұрттың көбі қатал деп атаған, бірақ сол қаталдықпен ол Романьяда тәртіп орнатты, оны біріктірді, тыныштандырып, мойын ұсындырды. Егер ойластырып қарасақ, Флоренция халқынан гөрі көбірек мейірбандық жасаған екен, өйткені флоренциялықтар қатал деген атаққа қалмайық деп жүріп, Пистойяның талқандалуына жол берді. Сондықтан тақсыр, егер өз бодандары үнемі мойын ұсынып, бағынышта болсын десе, қатал деген атақтан қорықпауы керек. Бірнеше рет жазалау арқылы ол тәртіпсіздікке жол берген тақсырдан гөрі мейірбандықты көбірек көрсеткен болып шығады. Өйткені тонаушылық пен кісі өлтіруді туғызатын тәртіпсіздіктен бүкіл халық зардап шегеді; ал тақсырдың жазалау шарасын жекелеген адамдар ғана тартады. Жаңадан келген тақсыр қаталдық деген атақты бұрынғылардың бәрінен де азырақ алуы мүмкін, өйткені жаңа билікшіге төнетін қауіп-қатер көбірек болады. Вергилий Дидоның аузына мынадай сөздерді бекер салмаған ғой. Res dara, et regnі novіtas one talіa cogant Molіrі, et late fіnes custade tuerі.

Алайда жаңа болған тақсыр аңғал да болмасын, күдікшіл болып жазаға да дайын тұрмасын; өзінің барлық іс-қимылында ол ұстамды, абайшыл және мейірбан болуға тиіс; сөйтсе де шамадан тыс сенгіштік бақылаусыздыққа апарып соқтырмасын, ал шамадан тыс сенімсіздік бодандарды ызаға булықтырмасын. Осы орайда мынадай талас та тууы мүмкін: тақсырды жұрттың жақсы көргені дұрыс па, әлде одан қорыққаны дұрыс па? Қаймығып та тұрсын, жақсы да көрсін, – деседі біреулер; алайда жақсы көру қорқумен сыйыспайды, сондықтан екінің бірін таңдау керек болса, онда қорқуды таңдаған дұрыс. Өйткені адамда пендешілік көп: ол жақсылықты білмейді, тұрлаусыз, екіжүзділік пен жалғандыққа бейім; қауіп-қатерден тайсақтап тұрады, ал пайдаға құмар: сен оларға жақсылық қылып тұрғанда, олар жантәнімен сенікі; сенен ешнәрсесін аямайтын секілді; қанын да, жанын да, бала-шағасын да, мал-мүлкін де; ал бірақ сен оларға мұқтаж болғанда, олар сенен теріс айналып кетеді. Сондықтан олардың сөзіне сеніп, өз басына қауіп төнер шақты ойламаған тақсырдың халі мүшкіл. Өйткені жанның ұлылығымен, ізгілігімен емес, ақшамен келетін достықты сатып алуға болады, бірақ оны басқа іс түскенде ұстап тұра алмайсың. Сонсоң: адамдар сыйлағанынан гөрі қорыққанына қарай икемделгіш, өйткені сыйлағанның төлеуі алғыспен қайтады, бірақ адам пайдалы жерде алғысты ұмытып кетеді; ал қорқатын жерде артында жазасы барын ұмытпайды, жаза ұмыттырмайды. Алайда тақсыр жұртқа үрей туғызғанда, төлеуіне сүйіспеншілік алмағанмен, әйтеуір өш-қастыққа айналып кетпеуін ойлағаны жөн, өйткені үрейдің бәрі өш-қастыққа айнала бермейді. Ал өш-қастық туғызбау үшін, тақсыр азаматтары мен бодандарының мал-мүлкі мен әйелдеріне қол сұқпауға тиіс. Билікші тақсыр әлдекімді өлімге бұйыру керек деп тапса, ол мұны істеуіне болады; тек әйтеуір оған жеткілікті түрде негіз және көрінеу себеп болуы керек; ал бірақ тақсыр біреудің мал-мүлкіне көз алартудан сақ болуға тиіс; өйткені адамдар әкесінің өлімін кешірсе де, мал-мүлкіне қол

сұққанды кешіре алмайды. Оның үстіне, біреудің мал-мүлкін тартып алуға әрқашанда себеп табылады; сондықтан жыртқыштықты кәсіп қылған адам өзгенің мүлкін тартып алуға себеп табады; ал біреуді өлімге бұйыру үшін себеп табу әрі қиын әрі бұл сирек болатын жәйт. Бірақ та сан мыңдық әскерді бастап келе жатқанда тақсыр қатал деген атым шықпасын деп көп қиналмауы керек, өйткені қатал деген атың шықпайынша, қалың қолдың бірлігін де, жауынгерлік қабілетін де ұстап тұру мүмкін емес. Ганнибалдың таңғажайып істерінің ішінде мынадай да естелік жәйттер бар: жат жерлерге соғысқа аттанғанда, ол, жеңіс күндерінде де, жеңіліс кезінде де жер қайыстырған қалың және қырық ру әскерді бүлік пен жанжалдан аман сақтайды екен. Оның бір ғана себебі адам айтқысыз қаталдық деп айтады. Сол қаталдық ержүрек айбынмен, қолбасшылық талантпен ұштасқанда ғана әскерге сүйініш пен қорқыныш сезімін қатар ұялатады екен; сонда қайыспас қаталдық болмаса, басқа қасиетте дәл мұндай қауқар болмайды екен. Солай бола тұра, тарихи еңбектердің авторлары, бір жағынан, ерлікті марапаттай тұра, екінші жағынан, соның басты себебін ойланбай, даттап жатады. Әскербасыға тек ерлік пен қабілет жеткіліксіз дейтін қағиданың қаншалықты дұрыс екендігін өз замандастары ғана емес, барша жұрттың ішінде ерекшеленіп көрінетін Сципионның мысалы айқын дәлелдейді. Ол өзінің шамадан тыс жұмсақтығынан солдаттарына әскери тәртіп талаптарынан шығып кетерліктей мөлшерде көп еркіндік беріп қойғандықтан, жауынгерлері Испанияда бүлік көтерген. Осыны оған айып қылып таққан Фабий Максим оны Сенаттың алдында Рим әскерлеріне іріткі салушы деп атаған. Дәл осы кемшілігінің салдарынан Сципион өзінің бір легаты лукрлерді тонап жатыр деп естігенде, лукрлерге ара түспеген және өзінің легатын зорлығы үшін жазаламаған. Сенатта біреу оны ақтамақшы болып сөйлегенде, бұл өзі біреуді қателігі үшін жазалаудан гөрі өзі қате жасаудан қашқалақтап жүретін адамдар санатына жатады деген сөздерді айтқан. Күндердің күнінде осы мінезінен Сципионның

жақсы атына да, әскери атақ-даңқына да мықтап нұқсан келетін еді, – егер осының бәрін ол жеке-дара істеген болса; бірақ ол Сенаттың билігі астында болды; сондықтан оның мінезінің осы ерекшелігі оған ешқандай нұқсан келтірмегені былай тұрсын, оның атақ-даңқын одан сайын асыра түсті. Сонымен, билікші тақсырды жұрттың жақсы көргені дұрыс па, әлде одан қорыққаны дұрыс па дейтін таласқа қайта оралғанда менің айтарым: тақсырды жақсы көру әркімнің өз еркі де, ал одан қорқу – тақсырдың еркінде; сондықтан ақылды тақсырлар өзгенің ырқына қарай ыңғайланбай, өздерінің ырқындағы нәрсенің ыңғайына қарай есеп құрғаны дұрыс, бірақ қалай болғанда да, жоғарыда айтқанымыздай, бодандарының өш-қастығын туғызбағаны жөн.

XVІІІ тарау

Тақсырдың өз сөздеріне қалай берік болуы туралы

Билеуші тақсырдың берген сөзіне берік болуы, оның турашылдығы мен қалтқысыз адалдығы қандай абыройлы іс екенін айтып жатудың өзі артық. Алайда біздің тәжірибеден білетініміз бойынша, біздің заманымызда ұлы істер тек қана өздерінің берген сөздерін ұстауға онша пейілді болмаған, кімді болса да алдап соғып, отырғызып кете білетін адамдардың ғана қолынан келген; ондай тақсырлар ақыр-соңында адалдыққа сенген адамдардан әлдеқайда көп жетістікке жеткен. Жаумен алысқанда екі түрлі тәсілді білу керек: біріншіден, заң жолымен; екіншіден – күшпен. Бірінші тәсіл адамға, екінші тәсіл айуанға тән; бірақ көбінесе бірінші тәсіл жеткіліксіз болатындықтан, екінші тәсілді қатар қолдануға тура келеді. Бұдан туатын қорытынды: тақсыр адам мен айуанның табиғатына тән нәрселерді түгел білуі тиіс. Ежелгі заманның Ахилл және басқа батырларын кентавр Хиронның тәрбиесіне беріп,

солардың ақыл-айласын үйреткені жайында әңгімелегенде, бізге соны меңзегендері ме екен? Жартылай адам-жартылай айуанды ұстаздыққа ұсынғандағы мәніс не; тақсыр өзінің бір басында осынау екі түрлі табиғатты ұштастыруға тиіс, өйткені сол екеуінің бірінсіз бірінде жеткілікті күш болмайды деген ойды ұғындыру ма? Сонымен, жарайды, тақсыр барлық аңдардың ішінде екеуіне – арыстан мен түлкіге ұқсас болсын. Арыстан қақпаннан, түлкі қасқырдан қорқады, демек, қақпанға түсіп қалмау үшін түлкіге, қасқырдан үрікпеу үшін арыстанға ұқсау керек екен. Ылғи да арыстанға ұқсап жүргенде қақпанды байқамай қалуы мүмкін. Бұдан туатын қорытынды: егер берген уәдесі өзінің мүддесіне нұқсан келтіретін болса және ондай уәде беруге итермелеген себептер қазір жойылып кеткен болса, ақылды тақсыр ондай жағдайда өз уәдесіне адал болып қала алмайды және қалуға тиісті де емес. Егер адамдар берген уәделеріне адал болатын болса, мұндай ақыл беру парасатсыздық болар еді; бірақ адамдар жетесіз, сөдерінде тұрмайды, сондықтан сен де оларға сондай мінез көрсетуің керек. Ал уәдені орындамауға қисынды себеп қашанда табылады. Оған мысал толып жатыр: тақсырлар өз сөздерін бұзғандықтан, қаншама бітім шарттары, қаншама келісімдер күшіне енбей, аяқсыз қалды; сондайда ылғи түлкі бұлаңға салғаны ұтысқа шығады. Ондайда бетпердені жаба білу керек, барып тұрған өтірікші және екіжүзді болу керек; адам деген аңқау келеді және бүгінгі күннің қажетімен әуре болып жүреді, сондықтан алдаймын деген адам ақымақ болғысы келетін адамды қашанда тауып алады. Уақыт жағынан өзімізге жақын бір мысалды айтпай кете алмаймын. ІV Александр өмір бойы жұртты алдаумен болды және және де оған нанатын адам ылғи табылып отырды. Дәл ондай ант-су ішіп нандыратын, сондай сендіріп уәде беретін, бірақ өз уәдесін орындауға келгенде дәл сондай құлықсыз адам дүние жүзінде болған емес. Сөйте тұра, алдағаны өзі ойлағандай орнынан шығып отырған, себебі – ол алдаудың жайын білген. Бұдан шығатын қорытынды: осы айтылған амалдардың барлығын

білу тақсырға қажет емес, бірақ соның бәрін де білетіндей болып көріну қажет. Өз тарапымнан да бір жәйтті қосып қалайын: осы амалдарды түгел игеру де, соның бәрін қолдану да зиян, ал солардың бәрін білетіндей болып көріну – пайдалы. Басқаша айтқанда, жұрт көзінше жаны ашығыш, сөзге берік, мейірімді, ақ ниетті, адал тілекті болып көріну керек – адам шынында да осылай болуы керек қой, бірақ қажет болған жағдайда осыларға керісінше істеуге іштей дайын болып тұру керек. Тақсыр, әсіресе билікке жаңа келгені, жұрттың бәріне жақсы атты бола алмайды, өйткені мемлекетті сақтау үшін көбінесе өз сөзіңе кереғар шығуға, қайырымдылық, ізгілік және ақ тілектілік деген ұғымдарға қарсы іс қылуға тура келеді. Сондықтан оқиғаның беталысы басқаша өзгеріп кетсе немесе тағдырдың желі терісіне қарай соғып бара жатса, бағытты керісінше өзгертуге әрдайым іштей әзір болу, яғни, жоғарыда айтылғандай, мүмкіндігінше жақсылықтан жатырқамау, бірақ қажет болғанда жамандықтан да бас тартпау қажет. Сонымен, билікші тақсыр жоғарыда аталған бес жақсылық түгел сыймайтын бір сөз аузынан шығып кетпеуін қатты қадағалап отыруға тиіс. Өзін көріп, сөзін естіп тұрған адамға ол сол айтылған жаны ашығыштықтың, сөзге беріктіктің, мейірімділіктің, ақ ниеттіліктің, адал тілектіліктің, әсіресе адал тілектіліктің дәл өзіндей болып көрінуі қажет. Өйткені жұрттың көбі ойын кісінің түсіне қарап түйеді; өйткені жұрттың бәрі кісіні алыстан көреді, ал жақыннан қолмен ұстап көру – ілуде біреудің ғана үлесі. Түсіңнің қандай екенін жұрттың бәрі біледі, ал ісіңнің қандай екенін санаулы ғана адам біледі, ал осы соңғылар көптің пікіріне қарсы дау айта алмайды, өйткені көпшіліктің аржағында мемлекет тұр. Барлық адамдардың, әсіресе тақсырлардың (олардан сот алдында сұрай алмайсың) іс-қимылын жұрт нәтижесіне қарап бағалайды, сондықтан тақсырлар өкіметті сақтап, жеңіске жете берсін. Ол үшін қандай құралды пайдаланса да, жұрт соны мақұлдайды да құптайды, өйткені қара тобыр сыртқы көрінісіне, табысына мәз; дүниеде қара тобырдан өзге ешкім де жоқ, ал

көпшіліктің артында мемлекет тұрса, азшылыққа орын қалмайды. Осы заманның бір тақсыры, – атын атамай-ақ қояйын, – тек бейбітшілік пен адалдықты уағыздайды, ал іс жүзінде соның екеуінің де қас жауы; ал бірақ өзі сол уағыздаған екеуіне еретін болса, онда не күш-қуатынан, не тақсырлығынан баяғыда-ақ айрылған болар еді.

XІX тарау

Өш-қастық пен жиреніштен қалай құтылу туралы

Жоғарыда аталған қасиеттердің ең маңыздыларын біз қарастырып өттік; ал қалғандары жайында қысқаша ғана айтайын да, оның алдында жалпы бір ережеге тоқтала кетейік. Билікші тақсыр, ішінара ілгеріректе айтылғандай, бодандарының өш-қастығы мен жиренішін туғызатындай ешнәрсе жасамау жағына сақ болуы қажет. Осы жағынан дұрыс болса, ол өзінің ісін тындырғаны; басқа кемшіліктерден оған ешқандай қауіп жоқ. Тақсырлар өз бодандарының мал-мүлкі мен әйелдері жөнінде жыртқыштық жасап, қол сұққан жағдайда, солардың өш-қастығын туғызады. Өйткені жұрттың көбі өздерінің ар-намысы мен мал-мүлкіне нұқсан келмесе болды, өмірлеріне риза; тек атаққұмар адамдардың азғантай ғана тобы риза болмауы мүмкін, – ал ондайларды ауыздықтау қиынға соқпайды. Тақсырға жұрттың жиренішін туғызатын нәрселер – тұрақсыздық, жеңілтектік, нәуетектік, пасықтық және жалтақтық. Мұндай мінездерге жоқтан бетер сақ болу керек те, өзінің әрбір іс-әрекетінде мәрттік, жүректілік, байсалдылық және табандылық танытып отыруы керек. Бодандардың жеке істері жөніндегі тақсырдың шешімі орнықты болуға тиіс, ол жөніндегі пікірдің төңірегінде ешбір адамның басына тақсырды алдап немесе одан қулығын асырып кетсем деген ой келмейтіндей болуы қажет. Өзі жөнінде жұртта осындай жағымды пікір қалыптастырған билікшіге жұрт құрметпен қарайтын болады; ал егер

тақсырдың кісілік қасиеттері өте жоғары болса, оны бодандары сыйлайтын болса, жауларының оған шабуыл жасауы, қастандық ойластыруы қиын болады. Өйткені тақсырға төнетін қауіптің екі түрі бар – бірі іштен, өзінің бодандары тарапынан, екіншісі – сырттан, күшті көршілері тарапынан. Сыртқы қатерден жақсы әскердің және жақсы одақтастырдың көмегімен құтылуға болады; және де жақсы әскері бар тақсыр жақсы одақтастарды да тауып алады. Ал енді сыртқы қауіптің беті қайтатын болса, ішкі өмірде де бейбітшілік орнайды, тек әйтеуір құпия қаскүнемдік болмаса жарады. Бірақ сырттан шабуыл жасалған жағдайда да тақсыр абдырып, сасқалақтамауы керек, өйткені, егер анық іс-қимыл әрекеті жоғарыда мен айтқандай болса, ол, ілгеріректе айтылған Спарталық Набид сияқты, қандай жаудың алдында да қасқайып қарсы тұра алады. Ал бодандарға келетін болсақ, сырт жақ тыныш болған кезде қауіптенетін бірден-бір нәрсе – құпия қаскүнемдік. Оларға қарсы қолданылатын бірден-бір құрал – бодандар тарапынан өш-қастық пен жиреніш туғызбау, халыққа жағымды болу; оның қажеттігі жайында жоғарыда егжей-тегжейлі айтылды. Қаскүнемдікті болғызбаудың барлық тәсілдері ішінде ең дұрысы – халыққа жеккөрінішті болмау. Қаскүнемнің әрқашанда емекситіні – ол тақсырды өлтірсем халқына жағармын деп ойлайды; егер ол халықтың наразылығын туғызатынын білсе, ондай іске бара алмайды, себебі – мұндайда қаскүнемдік атаулының алдында тұратын қиындықтарда қисап болмайды. Тәжірибенің көрсетуіне қарағанда, қаскүнемдіктер жиі болып тұрған, бірақ олардың сәттілігі сирек болған. Оның себебі – қаскүнемдік жасаушы жападан-жалғыз қимыл жасай алмайды, уәделесе қоятын да ешкім жоқ, тек иек артары – өкіметке наразы болар-ау деп өзінің топшылайтындары ғана. Бірақ ондай адамға сырыңды ашқан бойда-ақ оның тақсырға сенімді адам болып көрінуіне мүмкіндік бересің; себебі – ол сені ұстап беру арқылы барлық игілікке ие бола қалуы ықтимал. Сонымен, бір жағынан анық тиімді бола тұра, екінші жағынан –

неғайбылдығы бар, оның үстіне қауіп-қатері көп істе тек өзіңе шын берілген дос, ал тақсырға қаны қас адам ғана сені ұстап бермейді. Қысқасы, қаскүнемдік ойлаған адамның жағында қатер, сезік және жазаның қаупі; тақсырдың жағында – биліктің мәртебесі, заңдар, мемлекеттің достары мен бүкіл күш-қуаты бар; ал енді осыған халықтың игі тілегі қосылатын болса, кім-кімнің де қаскүнемге қосыла кетуі неғайбыл болады. Сондықтан қаскүнемдік әрекетті ойлаған адамның бұл арамдық іске кіріспес бұрын да қауіптенерлік жайлары жетіп жатыр; ал енді бұған халық қарсы болған жағдайда, қаскүнемдік әрекетті істегеннен кейін де қауіптенерлік жайлары болады, өйткені оның қорғаныш табар жері болмай қалады. Бұл орайда мен көптеген мысал келтіре алар едім, бірақ біздің әкелеріміздің де есінде қалған біреуін ғана келтіріп, сонымен шектелейін. Болоньяның билеушісі, қазіргі мессер Аннибаленің атасы мессер Аннибале Бентивольиді Каннескидің қаскүнемдері өлтіріп кеткен-ді; сонда бесікте жатқан мессер Джованниден бөтен оның мұрагерлері қалмаған екен. Сол өлімнен кейін ызалы халық Каннески тұқымының барлық адамдарын қырып салған; өйткені Бентивольи әулеті бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген екен. Сүйіспеншіліктің күшті болғаны сондай, Болоньяда Бентивольи әулетінен мемлекет басқаратын бір адам қалмаған соң, қала адамдары Бентивольидің қандастарынан қалған бір адам бар дегенді естіп, бұрын ұстаның баласы болған сол кісіні іздеп Флоренцияға барыпты да, соған қаланың билігін сеніп тапсырыпты. Содан мессер Джованни қала басқаратындай кемелді жасқа келгенше әлгі адам Болоньяны басқарып тұрған. Қорытындыда қайталап айтайын, халықтың игі тілегіне ие болған тақсыр қаскүнемдіктен қауіптенбеуіне болады және, оған керісінше, халық оған жауығып, өш-қасты болған жағдайда тақсыр екінің бірінен сезікті болып жүруге тиіс. Абатты мемлекеттер мен ақылды тақсырлар ақсүйектерді ашындымай, халыққа жағымды болу жағын ойлап, барлық

шараларды қолданулары қажет, өйткені мұның өзі билікшінің ең басты уайымдарының қатарына жатады. Біздің заманымыздағы жақсы құрылып, жақсы басқарылып тұрған мемлекет – Франция. Онда корольдің еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көптеген пайдалы мекемелер бар, солардың ең бастысы – парламент пен оның өкілдігі. Бұл монархияны ойлап тапқан адам, ақсүйектердің мансапқорлығы мен адуындығын білгендіктен, соларды ауыздықтап ұстау қажет деп тапқан; екінші жағынан, халықтың ақсүйектерге деген өшпенділігі үркітіп-қорқытудан туатынын білгендіктен, сол ақсүйектерді қорғамақ болған. Алайда ол бұл шаруаны корольдің міндетіне жатқызбаған, ондағы ойы – ақсүйектер корольді халыққа ымырашыл деп, ал халық оны ақсүйектерге қамқоршыл деп айыптай алмайтын болсын; сол оймен ол аралық мекеме құрған да, оған, корольді араластырмай, күштіні тежеп, әлсізді қолдау міндетін жүктеген. Бұдан артық, бұдан жайлы тәртіпті де, король мен корольдікті қауіпсіз етудің бұдан сенімді кепілін де ойлап табу қиын еді. Бұдан тағы бір пайдалы ережені аңғаруға болады; атап айтқанда: бодандарға жағымсыз істерді өзі атқаруы керек. Қорытындыда тағы да қайталай айтайын: тақсыр ақсүйектерді алқалап отырсын, бірақ халықты ашындырмасын. Бәлкім, көп жұрт Римнің кейбір императорларының өмірі мен өлімінің мысалы бұл жерде айтылған пікірге қайшы келеді дейтін болар. Ал менің айтып отырған императорларым тауқыметті өмір сүріп, рухының мықтылығын көрсетті, бірақ не биліктен айрылып қалды, немесе қаскүнемдікпен өлтірілді. Жаңағы айтылғандай қарсы пікірлерді жоққа шығару үшін бірнеше императордың мінез-құлқын талдай келіп, оларды күйреуге апарып соқтырған дәл жаңағы мен айтқан себептер екенін дәлелдеп бере аламын. Сонымен қабат мен философ Марктан бастап, оның Максиминге дейінгі мирасқор императорларының өмірбаянындағы ең тағлымды деген оқиғаларды атап көрсеткім келеді; олар – Марк, оның

баласы Коммод, Пертинакс, Юлиан, Север, оның баласы Антонин Каракалла, Макрин, Гелиогабал, Александр және Максимин. Ең алдымен мынаны айту керек; егер өзге жай тақсырларға ақсүйектердің атаққұмарлығы мен халықтың жүгенсіздігін тежеп отыруға тура келсе, Рим императорларына мұның үстіне және әскерлердің қаталдығы мен ашқарақтығын да ауыздықтауға тура келген. Осынау ауыртпалыққа қажеттік көптеген билікшілердің ажалына себеп болды, өйткені халық пен әскерге қатар жағу қиын еді. Халыққа керегі бейбітшілік пен тыныштық, сондықтан олар жуас тақсырларды; ал солдаттар болса, олар жауынгер, асау, қатал және жыртқыш тақсырларды артық көрді; және осы мінездер тек халыққа қарсы бағытталсын да, өздері екі есе жалақы алып, оның үстіне өздерінің қаталдығы мен ашқарақтығына тоят табылып тұрса екен деп тіледі. Осының бәрі ең алдымен не табиғатына біткен, не талаптану арқылы қол жеткізген қасиеттер арқылы халықты да, әскерді де бағындырып, уысында ұстай алмаған императорларды құрбандыққа ұшыратты. Императорлардың басым көпшілігі – әсіресе императорлық билікті мұрагерлікпен алмай, оған өздері көтерілгендері, – осылай екі оттың ортасында қалған кезде, халықпен санаспай, әскерлерге жағуға тырысты. Бірақ оларда басқаша жол жоқ та еді, өйткені билікші тақсыр кейбір жекелеген бодандар тарапынан болатын өш-қастыққа көнген күнде де, ең бастысы – жалпы жұрттың өшпенділігін туғызбауға тырысатын еді; Ал енді мұның өзі мүмкін болмаған жағдайда, ең күштілердің қаһарына ұшырамауға тиіс болатын. Міне сол себептен де жаңа болған тақсырлар бір жақтың қолдауын іздегенде, халықтан гөрі солдаттар жағына бейімірек болатын. Бірақ егер ол жұртты имендіре алмаса, тіпті мұндай жағдайда да сәтсіздікке ұшырап қала беретін. Осындай себептерден жайбарақаттыққа бейім, әділетті жақтайтын, қаталдыққа қарсы, жұмсақ мінезді, мейірбан үш император – Марк, Пертинакс және Александр үшеуінің екеуі қайғылы халге душар болды,

тек Марк қана өмірінде де, өлімінде де аса зор құрметке ие болды, өйткені ол императорлық билікті іure heredіtarіo жолымен алды да, халықтың да, әскердің де мойынұсынуына мұқтаж болған жоқ. Оның үстіне, ол өзінің саналуан жақсы қасиеттерімен бодандарына сыйлы болды, сондықтан халықты да, әскерді де тиісті шекарада ұстай білді, олардың өштігіне де, қастығына да душар болған жоқ. Одан өзгеше Пертинакс солдаттардың қарсылық пиғылына қарамастан император болды да, Коммодтың тұсында бассыздыққа еттері үйреніп қалған солдаттар жаңа билікшінің адал өмірге итермелеген зорлығына көне алмады, оған алғашында-ақ өшігіп алды, оның үстіне кәрілігі үшін де жек көрді; сөйтіп оны билік басына келген бойда-ақ өлтіріп тынды. Бұл ретте мына жағдайды да атап өткен орынды: билік басындағы тақсыр тек теріс істерімен ғана емес, тіпті игі істерімен де жұрттың қаһарына ұшырауы мүмкін. Сондықтан ол, жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекетті сақтап қалу үшін игілікті істерден де бас тартуға мәжбүр болады. Өйткені тақсыр қолдау іздеген бодандар, – мейлі олар халық болсын немесе ақсүйектер мен әскерлердің бірі болсын, – өздері бұзылған болып шықса, онда тақсыр да соларға жағу үшін дәл солардай мінез танытуға тиіс болады, әйтпесе игі істердің оған зияны тиюі ықтимал. Жә, енді Александрға келейік: оның жұрт мақтағанда айтатын момындығы арқасында он төрт жыл билік жүргізген тұсында бірде-бір адам соттың үкімінсіз өлім жазасына кесілмеген. Тіпті соған да қарамастан, тым нәзіктігі және шешесінің айтқанына көнгіштігі үшін оны әскери адамдар қастандық жасап өлтірген. Осы үшеуіне қарама-қарсы Коммод, Север, Антонин Каракалла және Максимин сынды билікшілер мейлінше ашқарақ және қатал мінездерімен ерекшеленген. Әскерилерге жағыну үшін олар шамалары келгенше халыққа қысым көрсетіп бақты. Ақыры Северден басқалары түгелдей қайғылы халге ұшырады. Ал Север болса, өзінің ер жүректігі арқасында өмірінің ақырына дейін солдаттардың оң пейілін пайдаланып, билігін сәтті

жүргізді, тіпті халықты қан қақсатқанда солай болды. Оның ерлігі халыққа да, әскерге де ерекше көрінді: халық одан қаймықты да қапаланды; ал әскерлер бас иіп, тағзым етті. Оның жаңа тақсыр ретінде тындырған істерінің бәрі де айта қалғандай тамаша көрінгендіктен, ұсақ-түйектеріне тоқталмай-ақ, мен оның бірде арыстанға, бірде түлкіге ұқсай алатын өнерін барлық тақсырларға үлгі ретінде атап көрсеткім келер еді. Император Юлианның жағымсыз қылықтарын естіген Север Славониядағы өзі басқарған солдаттарды: преторийліктер өлтірген император Пертинакстың кегін алу үшін Римге аттану сендердің борыштарың деп сендіреді. Сондай сылтаумен ол әскерді Римге қарай аттандырады, бірақ императорлық билікті қолға алмақ ниетін ешкімге ашпайды. Сондықтан Италияға оның хабарынан бұрын өзі жетеді. Ол Римге келген бойда-ақ Сенаттың зәресі ұшып, оны император етіп жариялайды да, Юлианды өлтіруге жарлық шығарады. Алайда Севердің жолында бұдан басқа да екі тосқауыл тұрған: Азияда әскер басы Кесцений Нигер өзін император деп жариялаған, ал, батыста бұған бәсекелес болып Альбин шығады. Екеуіне бірдей ашық қарсы шығу қауіпті еді, сондықтан Север Нигерге ашық түрде шабуыл жасап, ал Альбиниді айламен алмақ болады. Сонсоң оған хат жазып, өзін Сенат император мәртебесіне көтергенін, осы құрметті мұнымен бөліскісі келетінін хабарлайды; бұдан Цезарь атағын қабыл алуды өтінеді және оны Сенаттың шешімімен қос билеушінің бірі деп жариялайды. Альбин соның бәрін шындық деп қабылдайды. Нигердің әскерін қиратып, өзін өлтіргеннен және Шығыстағы жағдайды реттегеннен кейін, Север Римге оралғанда, Сенатқа шағым береді: Альбин көрсетілген жақсылықты ұмытып, менің өміріме қастандық жасамақ болды; сондықтан өзім тағы да Римнен аттанып кетіп, Альбинді опасыздығы үшін жазалаймын дейді. Содан кейін Альбинді Франция жерінде қуып жетіп, биліктен да, тірліктен де ада қылады.

Севердің іс-қимылын ойға салып қарасақ, оның бірде айбынды арыстандай, бірде айлалы түлкідей мінез танытқанын көреміз; біреулерге үрей туғызып, енді біреулерден сый-құрмет көріп жүрсе де, әскерилерге жеккөрінішті болмаған. Сондықтан жаңадан болған тақсырдың өз үстемдігін соншалықты қалай нығайтып алғанына таңдануға болмас еді: бодандарын күйзелтіп жатса да, олардың өшпенділігін туғызбаған, бәрін де өзінің атақ-даңқымен басып тастап отырған. Оның баласы Антонин де сондай айтулы тұлға болды: халқына қадірлі, солдаттарына жағымды көрінді. Табиғатында нағыз жауынгер болғандықтан, қандай қиындықтарға да төзді, тағам талғамады, бұла тұрмысты қаламады, сол мінезімен әскердің сүйіспеншілігіне бөленді. Бірақ сөйте тұра, құлақ естімеген жауыздық пен қаталдыққа барды – талайлардың көзін жойды, Александрияның халқын түгелдей дерлік, Рим тұрғындарының тең жартысын қырып жіберді – нәтижесінде барлық бодандарының өшпенділігін туғызды, тіпті өзінің маңайындағылар да қалтырап тұратын болды; ақырында, өз әскерлерінің көз алдында жүзбасыларының бірінің қолынан өлді. Осы орайда атап кету керек, өз өмірін аямаған адам тақсырға да тас лақтыра алады; көзіне қан толған қасекі өшіккен жауын өлтірмей қоймайды. Әрине, мұның бәрі ілуде бір рет қана болатын оқиға. Бірақ, қалай болғанда да, айналаңдағы лауазымды адамдар мен өзіңе қызмет етіп жүргендерді қорлама; яғни Антонин сияқты болма. Ал ол не істеді дейсіз ғой: әуелі жаңағы жүзбасының туысын масқаралық өлім жазасына бұйырды, сонсоң оның өзіне қауіп төндірді, бірақ оны қасында өзінің оққағары қылып ұстады. Ақыры, соның қолынан өз ажалын тапты. Енді Коммодқа келейік. Марктың баласы болғандықтан, ол мұрагерлік жолымен алған билікті қиындықсыз-ақ ұстап тұруына болатын еді. Егер әкесінің жолын қуғанда, ол халыққа да, әскеріне де жағатын еді; бірақ өзі қатал және пасық адам болып шықты да, әскерінің алдында жарамсақтанып, оның қатарында азғындыққа жол берді, сол арқылы

халқын тонамақшы болды. Өзінің императорлық қадір-қасиетін төмендетті, аренадағы гладиаторлармен әмпей болды, өзінің биік мәртебесін төмендететін басқа да пасықтық мінездер көрсетіп, халықтың алдында жексұрын көрінді, ақырында оны өзінің маңындағы жақындары қастандық жасап өлтірді. Ақыр-аяғында, Максиминнің жағдайы туралы әңгімелейік. Бұл өте жауынгер адам болған. Александр өзінің нәуетектігімен әскердің ызасын келтірді де, олар Максиминді император деп жариялады. Бірақ бұл да ұзақ тұра алмады. Оған себеп – біріншіден, ол бір кезде Францияда қой баққан екен, осыны жалпы жұрт біліп қалғаннан кейін, бодандар алдында бұл масқарашылық болып көрінді; екіншіден, ол император болып жарияланған Римге барып, императорлық мәтебесін алу керек еді. Бірақ онда аттануын кейінге қалдырды; оның үстіне өзінің префектері арқылы Римде және басқа жерлерде халыққа аса қатал жазалар қолданды. Осыдан кейін оның тексіздігінің үстіне аса қатал мейірімсіздігі қосылып, оған қарсы алдымен Африка бас көтерді, сонсоң Сенат және бүкіл Рим халқы, ақыр-аяғында, күллі Италия тарапынан қастандық әрекетке ұласты. Бұларға Аквилеяны қоршап тұрған өзінің әскерлері келіп қосылды да, ақыры солар өлтірді. Өздері түкке тұрғысыз болып, мүлде елеусіз өткен билікшілер ретіндегі Гелиогабалға, Макарин мен Юлианға тоқталмаймын да, енді қорытындыға көшемін. Біздің заманымызда тақсырлардың әскерлерге жарамсақтануы соншалықты қажет емес. Әрине, олар қазір де қамқорлыққа мұқтаж, бірақ ол оп-оңай шешілетін жұмыс; өйткені бұл күнде тақсырлардың – солдаттармен ісі жоқ; олар, Рим империясындағы сияқты, жеке аймақтардың билікшілерімен, солардың өкімет орындарымен ғана тікелей байланысты. Ол кезде солдаттар үлкен күш болғандықтан, көбінесе солардың бабын табу қажет болса, біздің тұсымызда, түрік және мысыр сұлтандарынан басқа тақсырлар көбінесе халыққа жағынуға мәжбүр, өйткені қазір солар зор күш болып табылады.

Түрік сұлтанының өзге тақсырлардан айырмашылығы – оның айналасында он екі мың жаяу және он бес мың атты әскер бар, оның державасының мықтылығы да, қауіпсіздігі де сол әскерге байланысты. Сондықтан ондай билікші, басқа шаруаларын қоя тұрып, әскермен тату болуға тиіс. Дәл сол сияқты Мысыр сұлтаны да халықты кейін ысыра тұрып, өзінің әскерімен жақсы болуға тырысады. Сонсоң тағы бір ескерерлік жәйт, Мысыр сұлтаны мемлекетінің құрылысы басқа мемлекеттерден өзгеше; оны христиан әлеміндегі Папаның билігімен ғана салыстыруға болады. Оны мұрагерлікке де жатқызуға болмайды, өйткені оның мұрагерлері – өзінің балалары емес, ерекше өкілдігі бар адамдар сайлаған адамдар болып табылады. Ол жаңа да билікші емес, өйткені бұл өзі ертеден келе жатқан тәртіп. Сондықтан, басқа елдердің жаңадан болған билікшілері сияқты, жаңа сайланған сұлтандардың алдында ешқандай қиыншылық кездеспейді. Сөйтіп, ондағы сұлтан жаңа болғанымен, ондағы мекемелер – бұрынғы: өкімет билігінің мирасқорлығын солар қамтамасыз етіп отырған. Жә, өзіміздің мәселемізге көшейік. Жоғарыда айтылған жәйттерді қарастыра келгендегі көретініміз: императордың қазаға ұшырауының басты себебі – жұрттың жек көрушілігі мен өшпенділігі болған. Солардың ішінде екі-ақ билікшінің ісі сәтті болып, қалғандарының бәрі қайғылы қазаға ұшыраған. Ал енді жаңа билікшілер ретіндегі Пертинакс пен Александрдың мұрагерлік жолмен император болған Маркке еліктеуінен пайда жоқ еді; қайта, мұның өзі оларға зиянды еді. Сол сияқты Коммод пен Максиминге де Северге еліктеу өте қатерлі еді; өйткені бұл екеуінде Севердің бойындағыдай өжеттік жоқ болатын. Демек, жаңа мемлекеттегі жаңа билікші тақсырдың Маркке де, Северге де еліктемеуі, соларға ұқсамауы керек еді; бірақ олар Северден жаңа мемлекеттің негізін салу үшін қажетті қасиеттерді, ал Марктен тұрақтылық пен беріктікке ие болған мемлекетті сақтап қалу үшін қажетті қасиеттерді үйренуге тиіс болатын.

XX тарау

Бекіністерден пайда бар ма және тақсырлар үнемі қолданып
жүрген басқа да көп жәйттер туралы

Кейбір тақсырлар өздерінің билігін нығайту үшін бодандарын қарусыздандырған, енді біреулері жаулап алған қалаларының азаматтары арасына жік түсірген; біреулері өздеріне жұртты әдейі жауықтырған, ал енді біреулері билік басына келгеннен кейін кейбір күдікті адамдарды өзінің жағына шығаруға тырысқан; біреулері қамал салған, ал енді біреулері бар қамалдарды қиратып, ақырына дейін талқандаған. Осы әдістердің қайсысын құптау керек, оны айту қиын; ол үшін белгілі бір мемлекеттерде пәлендей шешім қабылданғандағы нақты жағдай қандай еді, соны біліп алу керек; алайда мен осы мәселенің ырқына қарай мүмкін болғанынша ұсақ-түйек жәйттерден ауытқи отырып, өз пікірімді білдіргім келеді. Сонымен, жаңа тақсырлардың бодандарын қарусыздандыруы ешуақытта болмаған оқиға, – қайта керісінше, егер олар бұған дейін қарусыз болса, оларды әруақытта қаруландырып отырған; өйткені бодандарды қаруландыру арқылы өзіңдікі деген әскерге ие боласың, біреулердің ықыласын қаратасың, енді біреулердің өзіңе деген ықыласын нығайта түсесің, сөйтіп бодандарыңды өзіңе жақтас етесің. Әрине, барлық бодандарды түгел қаруландыру мүмкін емес, бірақ солардың бір бөлігіне ерекшелік берсең, қалғандарына да сенім артуға мүмкіндік бар. Алғашқылары өздеріне артықшылық көрсетілгендіктен, саған ризалық білдіреді, ал екіншілері кім көбірек міндет атқарып, көбірек қауіпке ұшырайтын болса, артықшылық соларға көрсетілсін деп ойлайды да, өздері реніш білдірмейді. Ал бірақ, қаруы бар бодандардың қаруын алып қойсаң, оларға сенімсіздік көрсеткен болып, оларды қорлайсың және

өзіңнің қорқақтығыңды немесе күдікшілдігіңді көрсетесің. Тақсырдың мұндай қылығы кешірілмейді. Сайып келгенде, сен әскерсіз күн көре алмайтын болғандықтан, енді жалдамалыларға күнің түседі, ал жалдамалы әскер ұстаған билікшінің халі қандай болатыны жоғарыда айтылды; олар қаншалықты тамаша солдат болған күнде де, сені жасанған жау мен опасыз боданнан құтқара алмайды. Сондықтан, жоғарыда айтып өткенімдей, жаңа мемлекеттердің жаңа тақсырлары әруақытта өзінің меншікті әскерін құратын болған, мұны растайтын тарихи мысалдар жеткілікті. Ал енді тақсыр бұрынғы мемлекетке жаңа иеліктер қосып алатын болса, онда жаңа бодандарын қарусыздандыруға тиіс; әрине, сол иелікті қосып алуға қолқабыс тигізгендерінен басқаларын; бірақ солардың өзін де біраз мәпелеп, көңілдерін жайландырғаннан кейін, ақыр-аяғында, бүкіл әскер құрамында тек тақсырдың маңайындағы байырғы бодандар ғана қалатындай ету керек. Біздің бұрынғы өткен кемеңгер бабаларымыз айтқан ғой: Пистойяны алауыздықпен, Пизаны бекініспен ұстау керек, – деп; сондықтан олар өздерінің үстемдігін нығайту үшін кейбір қалаларда араздықты асқындырып отырған. Италияда біршама тепе-теңдік болған жағдайда мұндай әдіс мақсатқа сай келген. Бірақ ол біздің заманымызда іске асуы неғайбыл болады, өйткені басараздық ешқашан жақсылыққа жеткізген емес, оның үстіне сол кезде жау келіп қалса, жеңіліп қалуың сөзсіз, – өйткені әлсіз партиялар жау жағына шығып кетеді, ал күштілерінің қаланы қорғауға шамалары келмей қалады. Венециялықтар өздеріне бағынышты қалаларда гвельфтер мен гибельдиндер арасындағы жауласуға дем беріп отырды – оның себебі, шамасы, жоғарыда өзім атағандай болуы керек. Істі қантөгіске жеткізбейақ, Венеция билеушілері бұларды бір-біріне айдап салып, сол алауыздықтың салдарынан оларды өзара күш біріктіруден аулақтатып отырды. Бірақ, біздің кейін көз жеткізгеніміздей, олар пайда тапқан жоқ;

Вайла түбіндегі жеңілістен кейін, қалалардың бірсыпырасы, ал кейінірек бәрі түгелдей венециялықтардан бөлініп шықты. Мұндай айла-амалдар, сайып келгенде, билікшінің әлсіздігін көрсетеді; өйткені бірбеткей мықты өкімет ешуақытта жікшілдікке жол бермейді; демек, мұндай тәсілдер бейбіт уақытта билікшінің бодандарды өз қолында ұстап тұруына септесін болғанымен, соғыс кезінде оның зарары сыртқа шықпай қоймайды. Күмән жоқ, тақсырлар алдарында тұрған кедергілерді жеңіп өтіп, жауларын талқандаған кезде, олардың мәртебесі көтеріліп қалады; сондықтан тағдырдың өзі жаңа тақсырдың мерейін тіпті асырайын десе, оған атақ-абырой мұрагер билікшіден гөрі керегірек болып тұрған тұста, жауларды сырттан өзі әкеліп береді де, солармен айқасқа түсіріп, мұны жеңіске жеткізеді, сөйтіп алдында дайын тұрған сатымен бұрынғыдан да биікке көтеріледі. Алайда, жұрттың көбінің пайымдауынша, ақылды тақсыр, жағдай қолайлы болып тұрғанда, жауды өзі қолдан жасап алып, соны жеңеді де, атақ-абыройын арттыра түседі. Кейде тақсырлар, әсіресе олардың жаңа бодандары, алғашында өздері онша көп сене қоймаған адамдар кейіннен ең адал және пайдалы болып шығатынына көз жеткізеді. Сиенаның билікшісі Пандольфо Петруччи өзінің мемлекетін басқарғанда, әуелгі кезде күдіктенген адамдарына кейін көбірек сүйенетін болған. Бұл жерде құр жалаң сөз өрге баса қоймайды, өйткені барлық гәп нақты жағдайға байланысты. Осы орайда айтарым: алғашқы кезде тақсырға жау болған адамдар, өздерінің бұрынғы тәуір жағдайларын сақтағысы келген кезде; тақсырдың қамқорлығына ие болу үшін оның аузын ала қоюдан тіпті де қашпайды. Сондықтан олар тақсырдың бұрынғы теріс пікірін өзгерту үшін оған енді құлшына қызмет ететін болады. Сөйтіп, тақсырдың ықыласы оң деп жүріп, өз мүдделерін көбірек ойлап кеткен бұрынғы жақтастарынан гөрі мыналар билікшіге әлдеқайда пайдалы болып шығады.

Ал енді осы сөз болып отырған мәселенің орайына қарай, билік басына азаматтардың бір бөлігінің көмегі арқылы келіп отырған тақсырларға мына жәйтті ескерткім келеді: сол көмектескен азаматтардың көкейінде қандай мақсат жатқанын ойға алған жөн; егер олар жаңа тақсырға шын ниетімен берілмей, тек бұрынғы билікшіге наразы болғандықтан ғана көмектессе, ондай адамдармен достық қатынасты ұстап тұру өте қиын болады, өйткені ондай адамдарды қанағаттандыру мүмкін емес. Егер ежелгі заман мен қазіргі өмірдің мысалдарын салыстыра келіп, әлгіндей жағдайдың себебін түсінгіміз келсе, біз мынаны көрер едік: бұрынғы өкіметке риза болғандықтан жаңа тақсырды наразылықпен қарсы алғандардың достық ықыласына ие болу бұрынғы өкіметке наразы болып, сол себептен төңкеріске көмектескен адамдардың достығын сақтап қалудан әлдеқайда жеңіл болады. Тақсырлар өз биліктерін нығайту үшін ерте замандардан бері қамалдар сала бастаған, ондағы мақсаттары – арам ойларды жүгентізгінмен тартып ұстау бір болса, екіншіден, тұтқиылдан жау шаба қалса, сенімді тірек бекінісін жасау болған. Ертеден дәстүрге айналған бұл жораны мен құптай аламын. Алайда мессер Никкола Вителлидің Читта да Кастеллода екі бірдей қамал қаздырып, сол арқылы қаланы ұстап қалмақ болғаны біздің есімізде. Гвидо Увальдо өз иелігіне қайтып келгеннен кейін, Чезаре Борджоны ол жерден қуып жіберіп, осы өлкедегі барлық бекіністерді тас-талқан етіп қиратқан; сөйтсем мемлекетті ұстап тұруым оңай болады деп ойлаған. Бентиволья әулеті де Болоньяға келгеннен кейін дәл осылай істеген. Бұдан шығатын қорытынды – қамалдар пайдалы ма, жоқ па – ол жағдайға байланысты: бір ретте пайдалы болса, екінші бір жағдайда зиянға шығып отырған. Мұны егей-тегжейлі түсіндірейін: сыртқы жаулардан гөрі өз халқынан көбірек қорқатын тақсырлар үшін қамалдар пайдалы; ал енді халқынан гөрі сыртқы жаулардан көбірек қорқатын билікшілерге қамалдардың керегі жоқ.

Мәселен, Миландағы герцог Франческо Сфорц салдырған қамалдың Сфорц әулетіне келтірген зияны солардың мемлекетіндегі барлық тәртіпсіздіктер келтірген зияндардан асып кеткен. Сондықтан барлық қамал атаулының ішіндегі ең сенімдісі – халыққа жеккөрінішті болмау: қандай қамал салсаң да, егер сен халыққа жеккөрінішті болсаң, ол сені құтқара алмайды; өйткені халық қорына қару алса, оған көмектесетін жат жұрттық жаулар қашанда табылады. Біздің заманда графиня Форлиден басқа ешкімге қамалдың пайдасы болмаған: күйеуі граф Джиролама өлгеннен кейін, ол бас көтерген халықтан қамалда тығылып отырып жан сақтаған да, Миланнан көмек келгеннен кейін, билік басына қайтадан оралған; ол кезде заман сондай, халыққа сырттан ешкім көмек көрсете алмаған; ал кейінірек, қамалды Чезаре Борджа қоршап, графиняға жауыққан халық жатжұрттық жаулардың жағына шыққан кезде, графиняға қамалдың да пайдасы тимеген. Демек, ол әйел үшін сонда да, одан бұрын да, қамал салу керек емес, оның орнына халықтың өшпенділігін туғызбау жағын ойлау керек еді. Сонымен, жоғарыда айтылған жәйттердің бәрін қарастырып келгенде, мен қамал салғандарды да, салмағандарды да құптаймын; бірақ сол қамалдарға сеніп, халықтың қаһарына ұшырамау жағын оайламағандарды жазғырамын.

XXІ тарау

Тақсыр жұртқа құрметті болу үшін қалай істеуі керек

Тақсырды жұрт алдында ерекше құрметке бөлейтін екі түрлі жағдай бар: ол – әскери әрекеттер мен әдеттен тыс қылықтар. Қазіргі билікшілердің ішінде Испания королі Фердинанд Арагонидің мысалын алып қарайық. Оны жаңа тақсыр деп атауға болар еді, өйткені алғашында әлжуаз көрінген ол атақ-даңқы мен жарқ етіп көрінген тұлғасы жағынан

христиан әлеміндегі ең бірінші корольге айналды; оның барлық ісқимылдары ірілікке толы болды, кейбіреулері тіпті адам қиялын қайран етерлік еді. Оның күш-қуатының негізін қалаған оқиға – оның таққа отырғаннан кейін іле-шала Гренада үшін бастаған соғысы болды. Ең алдымен, ол соғысты ел ішінде тыныштық орнап тұрған кезде бастады да, оған ешқандай кедергі болады деп алаңдаған жоқ; сөйтті де, Кастилья барондарын еліктіріп алып кетті: олар соғыстың қызуымен жүргенде, арттан бүлік шығады-ау дегенді ұмытып кетті: ал билікші болса, сол екі арада жұртқа білгізбей, барлық билікті өз қолына шоғырландырып, бәрін өзіне бағындырып алды. Әскер шығындарына қажетті ақшаны Шіркеу мен халықтан алды; соғыстың бырысында армия жасақтап, оны өзінің атақдаңқын асыратын құралға айналдырды. Бұдан әрі ол одан да асқан әрекетті ойластырды; тағы да діннің қорғаушысы болғансып, бір инабатты қаталдықты іске асырды – марандарды қуып тастап, олардан бүкіл корольдікті тазартты; ал мұның өзі қаншалықты аяусыздық болса, соншалықты әдеттен тыс әрекет болып көрінді. Дәл сондай сылтаумен ол Африканың жерлерін басып алды, Италияда науқан өткізді, Франциямен соғысты бастады. Осындай ұлы істерді бірінен соң бірін ойлап тауып, бодандарын үнемі әрі таңдандырып, әрі ширықтырып ұстады. Ол шаралар бірімен бірі сабақтасып жатқандай көрініп, тақсырға қарсы бір нәрсе ойлауға жұрттың шамасын келтірмеді. Сондай-ақ мемлекет ішінде беріліп жатқан бұйрық-жарлықтар да тақсырдың мәртебесін арттыра түсті. Мәселен, олары мессер Бернабо да Миланоға таңылып жүрген істерге ұқсас шаралар еді. Басқаша айтқанда, әлдекім азаматтық өмірде әдеттен тыс не жақсы, не жаман қылық жасайтын болса, оның марапатын да, немесе жазасын да жұрттың есінде қалатындай қылып, әшкере түрінде жүзеге асыру. Бұл жердегі тақсыр үшін ең маңыздысы – оның атағын асыру, оны жұрттан алабөтен ақылы асқан ұлы адам етіп көрсету.

Тақсырдың жұрт алдында абыройын асыратын бір жағдай – оның әлдекімді немесе әлденені өзіне жау деп ашық түрде жариялауы. Егер ол ешнәрседен бейтарап қалмай, бір нәрсені жақтап, екінші нәрсені даттап жатса, халық соны ұнатады. Айталық, екі мықты билікші бірімен бірі айқасып жатса, оның қай жеңгені сен үшін қауіпті ме, жоқ па? Қалай болғанда да, соғысқа ашық түрде, белсене кіріссін. Әйтпесе бірінші жағдайда сен соғысқа араласпасаң да, сен жеңген жаққа жем боласың да, жеңілген жақтың табасына қаласың; ал өзің ешкімнен көмек ала алмайсың; жеңімпаз өзіне жанашырлық көрсетпеген одақтастан безіп шығады, ал жеңілген жақ бұл үшін қолына қару алып шығып, мұнымен тағдырлас болмағанына наразы болып, оны қабылдағысы келмейді. Этолиялықтар римдіктерді қуып шығу үшін Антиохты Грекияға шақырғанда, ол өзінің айтқыштарын римдіктердің одақтасы – ахейліктерге жіберген ғой, сондағы ойы – ахейліктерді ешкімге жақтас болмайтын бейтараптыққа көндіру екен. Ал римдіктер, керісінше, ахейліктерді соғысқа итермелеген. Сонда осы мәселені шешу үшін ахейліктер кеңес шақырғанда, Антиохтың елшісі оларды қолдарына қару алмауға шақырса, римдіктердің елшісі былай деп уәж айтқан: “Quod autem іstіdіcunt non іnterpronendі vos tello6 nіhіl magіb alіenum rebus ves trіs est, sіne gratіa; sіne dіgnіtabe, praemіum vіctorіs erіtіs”. Демек, қастық ойлаған адам әрдайым қалыс қал деп аздырады, ал досы өзі үшін қолға қару алып күреске шық дейді. Әрі-сәрі тақсырлар әдетте таяу тұрған қауіпке ұрынбас үшін бейтараптықты таңдайды, ал мұның өзі оларды күйреуге ұшыратады. Оның есесіне, егер сен ержүректік білдіріп, сол соғысып жатқан екі жақтың біреуіне шықсаң және сенің одақтасың жеңіп шықса, ол қаншалықты мықты болғанымен және соған сен қаншалықты тәуелді болғаныңмен, ол саған қарыздар – адамдар соншама арсыз емес қой, ол саған қарсы шығып, анық опасыздық көрсете алмайды. Оның үстіне, жеңіс деген ешқашанда толық болмайды; демек, жеңген жақ ешнәрсемен

санаспай отыра алмайды, әсіресе әділеттен аттап кетпейді. Егер де жақтас болған одақтасың соғыста жеңіліп қалса, ол сені өз қарауына алады да, шамасы келгенінше саған көмектеседі; демек, сен мұңдас туысы боласың; сөйтіп жүргенде, бәлкім, оның күні қайтадан туып та кетер. Екінші жағдайда, яғни соғысып жатқан екі жақтың екеуінен де қауіп төнбейтін болса, екеуінің біреуіне қарай ыңғайласу тіпті ақыл болады. Өйткені сол көмектескен одақтасыңмен бірлесіп ананы талқандайсың, ал бірақ жаңағы одақтасың ақылдырақ болса, жауын біржола талқандамас еді; ал жеңіске жеткеннен кейін одақтасыңды өз билігіңе бағындырып аласың, – ол өзі сенің көмегіңмен сөзсіз жеңіске жетеді. Бұл жерде айта кететін бір жәйт, өзіңнен күштімен одақтас болмаған дұрыс, – әрине, жоғарыда айтылғандай, оған бір зәру қажеттілік болмаса. Өйткені, күшті одақтасың жеңіске жеткеннен кейін сен де оның қолындасың; ал тақсырлар басқа бір тақсырларға тәуелді болып қалмаудан сақ болулары керек. Мәселен, венециялықтар Милан герцогына қарсы Франциямен одаққа кірді, – шынында олай етпеулеріне болатын еді, – соның нәтижесінде өздері күйреп қалды. Ал бірақ одақтастықтан бас тартуға мүмкіндік болмай қалған жағдайда, – мәселен, Папа мен Испания әскерлерін Ломбардияға қарсы жөнелткенде, флоренциялықтар дәл сондай күйде болған, – тақсыр, әлбетте, соғысқа кіруге тиіс; оның себебін жоғарыда айттым. Бірақ мұндайда қателіксіз шешім қабылдадым деп ойлауға болмайды; қайта, керісінше, шешімнің қай-қайсысы да күмәнді болатынына күні бұрын көніп бару керек; өйткені, бұл үйреншікті жағдай: бір сәтсіздіктен құтыламын деп, екіншісіне ұрынып қалу оп-оңай. Бірақ кемеңгерліктің керегі осындайда: екі қиындықтың қай жеңіліне қарай қисайған дұрыс. Тақсыр сонымен қатар сый-сияпатқа бейім болғаны жөн; дарынды адамдарды көтермелеп, белгілі бір кәсіпте немесе жерде үздік шыққан адамдарға құрмет көрсетіп отыру қажет. Ол азаматтарды алаңсыз

саудамен, диқаншылықпен, қолөнерімен шұғылдануға ынталандырып отыруға тиіс; біреулер иелігімді тартып алады деп қауіптенбей, оны көркейте беруге, енді біреулер алым-салықпен күйзелтеді-ау деп қорықпай, сауданы дүрілдетуге мүмкіндік алатын болғаны дұрыс; ол өз алдына, қаланы, мемлекетті көркейтуге ынта білдірген адамдарды марапттап отыру да қажет. Тақсыр жылдың бір қолайлы мезгілінде халықты әртүрлі мерекемен, сайық-сайран шараларымен көңілдендіріп отыру жағын ойластыруы қажет. Әрбір қаланың, цехтың, тағы басқа бөліністерін ескеріп, кейде солардың жиналыстарына қатынасып, кеңпейілдік, жомарттық үлгісін көрсетуге, бірақ еш жерде өзінің қадір-қасиетін түсірмей, байсалдылық танытуға тиіс.

XXІІ тарау

Тақсырдың кеңесшілері туралы

Тақсырдың өзіне кеңесшілер таңдап алуы да маңызды нәрсе, – олардың жақсы-жаман болуы тақсырдың өз талғамына байланысты. Билікшінің ақыл-парасатын жұрт ең әуелі оның айналасындағы адамдарға қарап бағалайды; егер олары өзіне берілген, қабілетті адамдар болса, тақсырдың өзі де кемеңгерлігін танытады, солардың іскерлік қабілетін дұрыс бағалап, адалдығын қастерлей алғандығын білдіреді. Егер маңайындағылары ондай болмаса, жұрт тақсырдың өзін де солай бағалайтын болады; демек, өзіне нашар көмекшілерді іріктеп алып, бірінші ағаттыққа жол берген болып шығады. Кімде-кім Сиенаның билікшісі Пандольфо Петруччоның көмекшісі Антонио да Венафроны білетін болса, өзіне осындай көмекшіні таңдап ала білген Пандольфоның қадір-қасиетіне шек келтіре алмаса керек.

Адамдағы ақыл дегеннің үш түрі болады: біреуі әрнәрсенің байыбына өзі барады; екіншісі, біріншінің байыптағанын түсіне алады; үшіншісі – өзі де ешнәрсенің байыбына бармайды, және біреудің байыптағанын да түсіне алмайды. Бірінші ақыл – ерекше, екіншісі – елеулі, үшіншісі – жарамсыз. Бұл айтылғаннан бұлжымай туындайтыны – Пандольфоның ақылы бірінші болмаса да, екінші топқа еркін жатады. Егер кісі басқалардың істері мен сөздеріндегі жақсылық пен жамандықты ажырата алса, онда ол өзі онша тапқыр болмаса да, өз көмекшілерінің берген кеңесіндегі жамандықты жақсылықтан айыра алатын болады; және жақсылығын марапаттап, жамандығын жазалай да алады; сонсоң көмекшілері де тақсырын алдауға бармай, оған адал қызмет ететін болады. Көмекшінің қандай екенін жазбай танудың бір жолы бар. Егер тақсырынан гөрі өз жайын көбірек ойласа, әрнәрседен өзіне бір пайда ойлап тұратын болса, ол адам тақсырға ешуақытта жақсы көмекші бола алмайды; ал тақсыры да оған ешуақытта сене алмайды. Демек, мемлекет істерін қолында ұстап отырған министр өзін ойламай, тақсырдың жайын ойлауға тиіс, тақсырға барғанда, оған қатысы жоқ бірде-бір жұмыспен бармауға тиіс. Ал тақсыр да өз орайында өз министрінің адалдығын дұрыс бағалап, еңбектерін елеп отыруға, оның жеке дәулетін арттыра беруге, оны ризалық көңілмен өзіне қарай тартып отыруға, өзінің міндеттері мен құрметтерін онымен бөлісіп отыруға тиіс; сонда министрі де тақсырдың онсыз жұмыс істей алмайтынын көреді; өзіне жеткілікті дүние-мүлкі мен қадір-құрметі болғандықтан, одан артық байлықты да, мансапты да іздемейтін болады; төңкеріс атаулыдан аулақ жүреді. Тақсыр мен министр өзара ылғи осындай қарым-қатынаста болған жағдайда олар бір-біріне сенімді болады; ал егер олардың өзара қатынасы ондай болмаса, оның аяғы екеуінің біріне жақсылықпен біте алмайды. XXІІІ тарау

Жағымпаздардан қалай құтылу керек

Мен тағы бір маңызды жәйтке, атап айтқанда, билікшілердің сақтанып жүруі қиын болатын бір әлсіздігіне тоқтағым келеді; ал одан сақтану үшін ерекше кемеңгерлік пен адамды тани білу қасиеті керек болады. Менің айтайын дегенім – жағымпаздық пен жағымпаздар туралы. Ондайды билікшілердің сарайында көптеп кездестіруге болады; өйткені адам дегеніңіз өте даңқой келеді және өздеріне келгенде оп-оңай арбалып қалады да, бұл дерттен сақтануы өте қиынға соғатын болады. Мұның қиын болатын тағы бір себебі – жағымпаздықты құртамын деген тақсыр өзі оп-оңай жаманатты болып қалуы мүмкін. Сондықтан өзіңді жағымпаздықтан қорғаудың бір-ақ жолы бар: ол – жұрт шындықты айтатын болса, мен оларды жазғырмаймын деп көпшіліктің санасына құйып қою; ал бірақ жұрттың бәрі саған шындықты айта бастаса, сол жұрт өзіңді құрметтеуден қалады. Сондықтан парасатты тақсыр үшінші жолды таңдап алуы керек; атап айтқанда: бірнеше ақылды адамды бөліп алу керек те, тек соларға ғана ойындағыларын түгел сарқып айту құқығын беру керек; бірақ олар тек өзің сұраған жәйт жөнінде ғана айтатын болсын, одан бөтен бір ауыз сөз болмасын; ал сұрағанда барлық жайды түгел қамтып сұрау керек те, жауабын ақырына дейін түгел тыңдап алып, шешімді өзі ғана, өзінің ықтиярымен қабылдау керек. Кеңестерде әрбір кеңесшіге көзқарас мынадай болуға тиіс: олар өз пікірлерін ешкімнен қорықпай неғұрлым ашық айтатын болса, тақсырға соғұрлым ұнамды болатынын жұрттың бәрі білетін болсын, ал одан басқа жерде ешкімнің сөзі қабылданбасын – белгіленген мақсатқа қарай тура жүру керек те, қабылданған шешімді берік ұстану керек. Одан ауытқыған адам не жағымпаздыққа ұрынады, немесе әркімнің кеңесіне құлақ қойып, өз пікірін өзгертіп отырады, ал мұндайды бодандар ұнатпайды.

Осы заманның мынадай бір мысалын келтірейін: Император Максимилианның сенімді өкілі Лука атай өз билікшісінің мәртебесі туралы айта келіп, былай деген екен: ол ешкімнен ақыл сұрамайды және өз бетімен де ешнәрсе істемейді; өйткені оның іс-әрекеті жоғарыда айтылғандарға қарама-қарсы болады екен. Император өте тұйық адам болған, өзінің ішкі ниетін ешкімге айтпайды, ол жөнінде ешкімнен ақыл сұрамайды. Ал ол ойлары жүзеге асыру кезінде белгілі болады да, оған әлдебіреулер қарсы пікір айтса, ол солқылдақтық танытып өз ойынан қайтып қалады. Сөйтіп, бүгін басталған істен күні ертең бұзылады, оның не істегісі келетінін ешкім білмейді; сондықтан оның қабылдаған шешіміне ешкім сенбейтін болады. Сонымен, тақсыр өзгелермен әруақытта ақылдасып отыруы керек; бірақ сол өзгелердің қалауымен емес, тек өз қалауымен ғана; ал басқа біреу өздігінен ақыл айтқысы келсе, оның бетін қайтарып тастауы керек. Ал бірақ өзі істің жайын айналасындағылардан егжей-тегжейлі сұрастырып, олардың шынайы жауаптарын асықпай тыңдап алуға тиіс, әлдекім шындықты айтудан тайсақтаса, оған мазасыздық білдіріп, оның себебін сұрастыруы керек. Көп адамдар былай деп ойлайды: кемеңгер атанып жүрген кейбір тақсырлар өздігімен емес, басқалардың дұрыс ақылымен істеп атақты болады деп; бірақ бұл қате. Себебі – бұлжымайтын ереже мынадай: өзінің даналығы жоқ тақсырға игі кеңестер бергеннен пайда жоқ, ол өзінің орнына даналық шешімдер қабылдап отыратын кемеңгер кеңесшінің ақылына кездейсоқ келісіп қалуы мүмкін. Егер мұндай жағдайдың орын алуы ықтимал болғанның өзінде, ол көпке бара алмайды, жаңағы кеңесшінің өзі тақсырға айналады. Егерде тақсырдың кеңесшісі біреу болмай, бірнешеу болса, ол өзі дана болмағандықтан, әртүрлі пікірлердің басын қоса алмай қалады; оның үстіне әр кеңесші өз қамын ойлайтын болғандықтан, тақсыр оны аңғармайды да, шешім қабылданбай қалады. Кеңесшілердің бәрі сондай: өйткені, адам дегеннің өзі де қажеттік болмаса, өздігінен дұрыс жол таба

бермейді. Бұдан туатын қорытынды: тақсырдың даналығы жақсы ақылдан тумайды, керісінше жақсы ақылды кім айтса да, ол тақсырдың даналығынан туады.

XXІV тарау

Италияның тақсырлары өз мемлекеттерінен не себепті айрылды

Жаңадан болған тақсыр жоғарыда айтылған ережелерді ақылмен орындайтын болса, ол тез арада мемлекетте орнығып, билікті мұрагерлік жолмен алған тақсырдан гөрі өзін барған сайын нығырақ, сенімдірек сезінетін болады, өйткені ол мұрагер билікшідей емес, істің жайына көбірек зер салатын болады; сондықтан ол батыл қимылдайтын болса, оның істері жұртқа аталы тұқымның ісінен гөрі көбірек ұнап, жұрт назарын аудара бастайды. Өйткені жұртқа керегі – кешегі шаруа емес, бүгінгі күннің тіршілігі; сондықтан олар бүгінгі күннен игілік көрсе, соған риза болады да, басқаны қаламайды; ол былай тұрсын, егер жаңа тақсырдың ісі дұрыс болса, жұрт оған жандарын сала жақтас болады. Мемлекет құрып, оны жақсы заңдармен, жақсы көршілермен, жақсы әскермен, игілікті істермен қамтамасыз еткен адамның атақ-даңқы екі есе артады; оған керісінше, тағдырында тақсыр болып жаралып, ақымақтықпен биліктен айрылып қалған адам өзін екі есе жаман атақпен масқаралайды. Егер біз Неапольдің королі, Миланның герцогы және басқалар сияқты биліктен айрылып қалған Италия тақсырларының мысалын еске алатын болсақ, олардың ең осал жері әскер болғанын көрер едік; ал оның себептерін жоғарыда айтқанбыз. Оның сыртында, сол билікшілердің кейбіреулері не халықпен жауласқан, не болмаса, халықтың бетін бері қаратқанмен, өздерін ақсүйектер жағынан қауіпсіз ете алмаған. Демек, егер бұл сияқты кем-кетіктері болмаған жағдайда, қажет кезінде, қажетті

мөлшерде әскер шығара алатын болса, ондай тақсыр биліктен айрыла алмайды. Филипп Македони, Ұлы Александрдың әкесі емес, Тит Кванций талқандайтын тақсыр, өзіне шабуыл жасаған Рим мен Грекия сияқты ұлы болмағанмен, шағын ғана мемлекеттің иесі болып тұрғанда, өзі жауынгер болғандықтан, сондай-ақ халықты өзіне қаратып, ақсүйектер тарапынан қауіпсіздікті қамтамасыз етіп алғандықтан, римдіктер мен гректерге қарсы көпжылдық соғысқа төтеп бере алған, ақыр аяғында бірнеше қалаларынан айрылғанмен, патшалығын сақтап қала алған. Демек, көп жылдар билік құрып, ақырында өз мемлекеттерінен айрылып қалған біздің тақсырларымыз кінәні тағдырдан көрмей, өздерінің шалағайлығынан көрсін. Тыныштық кезде олар ықтимал пәленің боларын күні бұрын болжай алмады – ашық күнде боранды еске алмау бар адамға тән мінез ғой, – ал бастарына ауыр күн туғанда олар қорғануды қоя салып, қаша жөнелді, сондағы сенгендері жеңімпаздың қорлығына шыдамаған өз бодандары өздерін қайта шақырып алар деген дәме болатын. Егер шығатын басқа жол жоқ болса, бұл да жаман емес, бірақ соған сеніп, басқа амалдардан бас тартқан жаман; бұл басқалар көтеріп алар деген үмітпен бостан босқа құлай кеткенмен бірдей. Тіпті сені басқа түскен пәледен басқалар құтқарған күнде, өзің біреуден тәуелді болып, қорлықты жағдайға ұшырайсың ғой. Ендеше тек өз күшіңмен,өз ерлігіңмен қамтамасыз еткен қорғанысың ғана жақсы, тек сол ғана түбегейлі және сенімді болмақ.

XXV тарау

Адамның ісіне тағдырдың талқысы қандай болмақ және оған қалай қарсы тұру керек Менің білуімше, бұрын да, қазір де жұрттың санасына сіңген бір ұғым бар: дүниедегі барлық істің тетігі – тағдыр мен Құдайдың қолында; адам

қаншама ақылды болса да, өздігінен ешнәрсе істей алмайды және ана екеуіне қарсы ешқандай амал қыла алмайды, – дейді бұл ұғым. Бұдан туатын қорытынды: ешқандай әрекет қылып әуре болмай, өзіңнің талайыңа көн де отыр. Осыған жұрт әсіресе соңғы жылдары мойын ұсынып алды; өйткені біздің көз алдымызда нешетүрлі тұтқиыл өзгерістер болып жатады, ал олардың алдында адам пендесінің алдын ала қолданған ешбір әрекетінен нәтиже болмақ емес екен. Кейде осы сияқты жалпыға ортақ пікірге менің өзім де ойысып қаламын да, ойға кетемін. Алайда, адамның ерік-жігерінің жолын кеспеу үшін, мен былай деп ойлаймын: бәлкім, біздің істеріміздің тек жарым-жартысы ғана тағдырдан шығар, оның қалған жартысы, тіпті одан гөрі азырағы болса да, қалай дегенмен де адамның құзырында қалатын шығар. Мен тағдырды асау өзенге теңер едім, ол бір тасып кетсе, жарқабағын бұзып, арнасынан асып кетеді; жолындағы ағаштарды қопарып, үйлерді құлатып, жердің топырағын шайып, қыртысын қопарып тастайды: жұрттың бәрі мекен-жайларын тастай қашып, тасқын күшінен бас сауғалап кетеді, оған зәредей де бөгет бола алмайды. Жә, солай-ақ болсын, – бірақ адамдар жайшылықта осының бір шарасын ойласа, кім қой дейді; басқаша айтқанда, оның алдынан бөгет салып, тоған қазып, арнасынан шыққан өзенді не басқа бір каналмен ағызуға, немесе асау тасқынның алдынан басқаша тосқауыл қоюға болмас па еді? Тағдыр да сол тақілеттес: оның алдынан адамның айбыны қарсы тұрмаса ғана ол құдіретті, сонда ғана ол барлық қаһарын алдында бөгеті жоқ ашық жаққа қарай төгеді. Италияға көз салыңыздаршы: оқиғаларды тасқын судай өзі тоғытты да, алдында не бір бөгеті, не бір тоғаны жоқ ашық далаға ұқсап қалды. Егер ол Германия, Испания немесе Франция сияқты айбын көрсете алса, жаңағы тасқын болмас еді; тіпті бола қалғанның өзінде де дәл мұндай апат туғызбас еді. Менің ойымша, жалпы

тағдырға қарсы төтеп беру жөнінде осы айтылған сөздердің өзі жеткілікті болса керек. Ал енді, атап айтқанда, тақсырларға келетін болсақ, олардың кейбіреулері күні кеше бұла болып отырып, бүгін биліктен жұрдай болып қалады; ал былай алып қарасаң, олардың жалпы мінез-құлықтары да, оның жеке нышандары да өзгермеген. Оның себебі, менің пайымдауымша жоғарыда түгел қарастырылған жағдайлардан болған; атап-айтқанда, егер тақсыр түгелдей тағдырға мойын ұсынатын болса, онда оған қарсы түк істей алмайды. Сонымен қатар, мен тағы былай деп ойлаймын: кімнің ісәрекеті өз заманының ерекшеліктеріне сай болса, сол аман қалады, ал кімнің іс-қимылы заманына сәйкес келмесе, ол өзінің бақуатынан айрылады. Демек, біздің көнетініміз: адамдар алдарына қойған бір мақсатқа – байлық пен атақ-даңққа жету үшін әртүрлі әдіс қолданады: біреу абайлап қимылдайды; екіншісі – тегеурін қолданады; біреу – күшке салады; екіншісі – өнермен алады; біреу – төзімділік көрсетеді; екіншісі – асығыстық білдіреді; бірақ осылардың бәрі де ойлаған мақсаттарына жетеді. Кейде мынадай жағдайды да көреміз: екеуі де бір түрлі әдіс қолданады, мәселен, абайлап қимылдауды; бірақ солардың біреуі ғана табысқа жетеді; және, бұған керісінше, екеуі екі түрлі әдіс қолданады: біреуі абайлап, екіншісі тегеурінге салып – сөйтіп, екеуі де бірдей жеңісті болады. Осылардың барлығы нақтылап келгенде бір ғана себеппен болады: біреуінің қолданған әдісі заман ерекшелігіне сай келеді, екіншісінікі оған сәйкес келмей қалады. Сондықтан, былай болып шығады: екі адам әртүрлі әдіспен бірдей жеңіске жетеді; және одан өзгеше, екеуі бірдей қимылдағанның өзінде тек біреуі ғана мақсатқа жетеді. Бақуаттылықтың бұралаңдары да осындай: кімде-кім абайлап, шыдамдылықпен қимылдаса, уақыт пен жағдай оңынан келсе, ол гүлдей жайнайды; ал енді уақыт пен жағдай өзгере қалса болды, жаңағы гүлдей

жайнаған өмірі солып жүре береді, өйткені ол өзінің іс-қимыл әдісін өзгертпеген. Бірақ адамдар қаншама ақылды болғанымен, әлгіндей өзгеріске қарай икемделе бермейді. Біріншіден, оның табиғи ерекшелігі басым түседі; екіншіден, бұрынғы жемісті болып келген жолынан тая алмайды. Міне сол себептен де бұрынғы абайшыл тақсыр тегеуріннің кезі келгенде, соны істей алмайды да, құрып кетеді; ал егер оның мінез-құлқы уақыт пен жағдайға қарай бейімделіп өзгерген болса, ол әрқашан бұла күйінде қала берер еді. Папа Юлий ылғи бастырмалатып қимылдаған, ал уақыт пен жағдай осы әдіске ылғи сәйкес келіп отырған, сондықтан ол ылғи жеңіске жетіп отырған. Мессер Джованни Бентивольяның көзі тірісінде-ақ Болоньяны басып алған оның алғашқы қадамын еске түсіріңіздерші. Венециялықтар қарсы болды, Испания королі де сөйтті, ал Франциямен келіссөздер әлі де жүріп жатқан. Ал Папа өзіне тән тежеусіз тегеурінмен жорыққа аттанып кетіп еді, оған ешкім қарсы тұра алмады: венециялықтар – қорыққаннан; Испания – Неаполь корольдігін өз билігіне қосып алуға үміттенгендіктен; Франция королі де қарсы болған жоқ, өйткені ол Папаның жорыққа аттанып кеткенін көрді – бір, екіншіден, венециялықтарға қарсы онымен одақ болғысы келгендіктен, оған әскермен көмек бермесе Папаны шамдандырып алатынын ол білді. Осындай тегеурін мен тұтқиылдықтың арқасында Папа Юлий Шіркеудің өзге басшыларының бірде-бірі адам ақылымен қол жеткізе алмайтын жеңіске жетті; егер ол жағдайдың бәрі оңынан келіп, реттелгенше деп, басқалардай Римде күтіп отыра беретін болса, бұл басқыншылыққа қарсы Францияның королі мың түрлі сылтау, басқалар да – мың түрлі дәлел тауып үлгірген болар еді. Мен Папаның басқа қадамдарын айтып жатпаймын; олардың бәрі де осы сипатта болып, бәрі де сәтті аяқталған; бірақ билік құрған мерзімінің қысқалығынан ол ешқандай сәтсіздік көрмей кетті, бірақ ол көбірек өмір сүргенде және заман өзгеріп,

әр іске абай болу талап етілгенде, оның бақуаттылығы да бітетін еді, өйткені ол өзінің табиғатына тартып, бет алған бағытынан ешқашан қайтпаған болар еді. Сонымен, қорыта келгенде айтарым: тағдыр тұрақсыз, ал адам өзінің іс-қимыл машығынан таймайды, сондықтан ол екеуінің арасында келісім болғанда, адам әрдайым бұла, ал енді әлгі екеуінің арасына айырма түссе, онда жаңағы бақуаттылыққа да ақырзаман келеді. Бірақ, дегенмен де, менің пайымдауымша, абай боламын деген жалтақтықтан тежеусіз тегеурін артық; өйткені тағдыр деген әйел сияқты, – оны өзіме қаратып ұстаймын деген адам оны ұрып-соғып отыру керек; ол салқынқанды сабырлыдан гөрі сондайға тез көнеді. Сондықтан сәттілік те – әйел сияқты, жастыққа әуес; өйткені жастар абайшыл жалтақтықты білмейді, ержүрек батыл қимылмен оны тез жуасытып алады.

XXVІ тарау

Италияға ие болып, оны жабайылардан босату ұраны

Айтылған сөздерді ойға салып, Италияда жаңа тақсырды құттықтайтын уақыт жетті ме деп, онда бір кемеңгер де ержүрек адам келіп пайдалана алатын және өзінің атақ-даңқы мен отанның игілігіне жарарлық пішін беретін материал бар ма екен деп оңашада өзіммен өзім толғанып отырып, мен мынадай қорытындыға келемін: жаңа тақсырдың келуіне игі әсерін тигізетін көп жағдай бар-ау, ол үшін біздің заманымыздан қолайлы басқа уақыт бола қоюы неғайбыл-ау. Бір кездері Моисей келіп ерлік көрсетуі үшін Израиль халқының мысырлықтар қоластында құлдықта болғаны сияқты, Кир келіп өз рухының ұлылығын танытуы үшін парсылардың мидиялықтарда езгіде болғаны сияқты, Тезей келіп ерлік жасауы үшін афиндықтардың ыдырап жатқаны сияқты, Италия рухының ерлігі көрінуі үшін Италияның дәл

бүгінгідей масқаралыққа ұшырауы: еврейлерден де асқан құлдыққа түсуі; парсылардан да асқан қорлыққа көнуі; афиндықтардан да асқан ыдырауға түсуі керек пе еді; қазір онда бас та жоқ, тәртіп те жоқ; ол талқандалды, таланды, тоналды, тапталды, күл болып ұшуға аз-ақ қалды. Көрген түстей бір сәттер болып еді: Италияны құтқару үшін Құдай тағаланың өзі жібергендей бір елес алдымызға келген сияқты еді, бірақ тағдыр оны мақсатына жеткізбей құртты. Ал Италия болса, әбден қалжырап, құр сүлдері қалғанда, кім келіп жарақатымды жазады, Ломбардияны кім талаудан, Неаполь корольдігі мен Тоскананы кім тонаудан құтқарады, оның денесіндегі асқынған жараны кім келіп емдейді деп зар шегіп күтуде. Жабайылардың айуандығы мен зорлығынан құтқаратын пендеңді жібере көр деп, ол Құдайға жалбарынуда! Оның ортақ туын көтеріп, бастап кетер адам болса, сол тудың астына топтанып айқасқа шығуға ол қандай жұлқынып әзір тұр десейші! Италия қазір ең зор үміттерін сіздің даңқты үйіңізге артады; сол үй тағдырдың ерлігі мен қайырымдылығы, Құдай мен Шіркеудің қамқорлығы арқасында, өз басшысының мархабатымен Италияны азат ету ісін өз міндетіне алса деп тілейді. Егер сіз жоғарыда аталған ерлердің өмірі мен қызметін үлгі етіп алсаңыз, бұл іс онша қиынға түспес еді деп сенеміз. Сол қадірлі адамдар қаншалықты сирек, қаншалықты таңданарлық болғанымен, олар қайткенде де адамдар ғой, – сондықтан солардың әрқайсысына бұл ғұрлы қолайлы шақ тап келіп отыр. Өйткені бұл іс бұрын дәл мұндай әділ, дәл мұндай қарапайым, Құдайға дәл мұндай қалаулы болған емес, – “lustum enіm est bellam quіbas necessarіum, et pіa arma іbі nulla nіsі іn armіs spos est”. Бұл жердегі жағдайлар шын мәнісінде қолайлы, ал қайда жағдай қолайлы болса, сонда қиындықтар кейін шегінеді; әсіресе, жоғарыда өзім атап өткен ерлердің жолын қуған кезде. Бізге Құдай тағаланың әдеттен тыс, адам айтқысыз нұры төгіліп тұр: теңіз қақ айрылып жол берді, жартастан бұлақ ақты, аспаннан жерге құймақ жауды: бәрі бір-біріне сай

келіп, сіздің үйдің ұлылығын айғақтап тұр. Қалғанын сіз тындыруыңыз керек. Құдай бәрін өз қолымен істемес болар, өйткені ол сізді ерік-жігер бостандығы мен атақ-даңқ үлесінен мақұрым қалдырғысы келмейді. Жоғарыда аталған итальяндардың бірде-бірі мақсатқа жете алмай қалғаны таңданарлық нәрсе емес; ол мақсатқа сіздің даңқты үйіңіз жетеді деп үміттенуге болады; Италияда төңкерістер мен соғыс қимылдарының көптігінен ондағы жауынгерлік ерлік сөніп қалған сияқты болып көрінеді. Оның себебі – ондағы ескі тәртіптер жаман еді, ал жақсыларын ешкім ойлап тапқан жоқ. Сөйте тұра, тақсырдың атақ-абыройын асыратын ең күшті нәрсе – жаңа заңдар мен ережелердің енгізілуі. Олар әбден нығарлап бекітіп, ұлылық сипат берілген кезде, ол үшін тақсырға құрмет көрсетіліп, оның атақ-даңқы асырылады; ал Италияда қалаған пішінге келтіріп өзгертуге болатын материал жеткілікті. Оның әрбір ұланында ерлік жетіп асады, бірақ ол әттең басшыларында жетіспей жатады. Жекпе-жектер мен кішігірім шайқастарға көз салыңызшы: итальяндар шапшаңдықпен, тапқырлықпен, күшпен әрдайым ерекше көзге түседі. Ал ірі шайқастарда осы қасиеттердің бәрінен айрылып қалады. Бәріне кінәлі – қолбасыларының әлсіздігі, білетіндердің сөзіне ешкім құлақ қоймайды; ал оның есесіне әркім өзін білгіш санайды; күні осы уақытқа дейін ерлікпен, сәттілікпен ерекше көзге түскен, жұрттың бәрі оның алдында бас иіп тұратын бір адам табылмады. Сондықтан өткен жиырма жылдың ішінде бірыңғай итальяндықтардан құрылған әскерлер барлық соғыстарда жеңіліске ұшырады. Ең алдымен Таро, одан кейін Александрия, Капуя, Генуя, Вайла, Болонья және Местри – осының дәлелдері. Егер сіздің даңқты үйіңіз отанды құтқарған аса ұлы ерлердің ізімен жүргісі келсе, ең алдымен ол өзіндік әскер жинақтауы керек, онсыз қандай істе де берік негіз болмайды, себебі онда бірде-бір адал, бірде-бір өжет, бірде-бір таңдаулы солдат болмайды. Тіпті олардың әрқайсысы жеке-жеке алғанда қанша жақсы болғанымен, егер әскердің басында оларды желепжебеп, көтермелеп отыратын өз тақсыры болса, солдаттар одан сайын

құлшына түседі. Сырттан басып кірген жат жұрттық жауларды итальян әскерінің ерлігімен қуып тастау үшін осындай әскер шын мәнісінде керекақ. Рас, испандар мен швейцарлардың жаяу әскерлері өте қаһарлы деп саналады, бірақ солардың әрқайсысында өз кемшіліктері бар; сондықтан жақсы жасақталған әскер болса, оларға төтеп бермек түгіл, олардан басым да түсер еді. Өйткені испандар атты әскерден қорқады, ал швейцарларды қасарысып соғысқан жаяу әскер де жеңер еді. Француз атты әскерінен испандардың тырқырап қашқанын, ал сол испанның жаяу әскерінен швейцарлардың жеңілгенін өзіміз талай көрдік және әлі де көреміз. Швейцарлар Равенна түбіндегі соңғы шайқаста да жеңілетін еді; ол жолы дәл солардың үлгісімен жасақталған неміс әскерлері испан жаяу әскерлерімен беттескенде де істің жайы сол жеңіліске қарай ойыса бастаған-ды. Ебдейлі испандар найзаға қарсы ұстаған шағын қалқандарын бетке ұстап, өздеріне соққы дарытпай, жауын еңсере бастап еді, оларға қарсы атты әскер келіп қалып, немістер жан сақтады. Сондықтан, екі жақтың да осал жерлерін зерттей келіп, аттыға төтеп беретін, жаяуды жапыра жеңетін жаңаша әскер жасақтау керек. Оған жаңа қару да керек, әскерді де жаңаша құру керек. Мұның бәрі жаңа тақсырдың атақ-даңқын асыратын соны жаңалықтар қатарына жатады. Сонымен, бұл сәтті құр жібермеу керек: соншама жылдар бойы тарығып күткен Италия ақырында өзінің құтқарушысын көретін болсын. Жатжұрттық басқыншылардан қорлық көрген тұрғындар оны қандай сүйіспеншілікпен, жауға деген қандай ыза-кекпен, өзіне деген қандай сеніммен, егіліп мұңын шаққан қандай көз жасымен қабылдар еді, – оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын! Жаудың алдынан есік қалай тарс етіп жабылар еді? Кім оған бағынудан бас тартар еді? Қандай күншіл оның жолын бөгей алар еді? Қандай итальяндық оған құрмет көрсетпес еді? Жабайы жауыздардың бүксіген үстемдігі әркімнің түйсігінде. Ендеше алсын сіздің даңқты үйіңіз осы борышты қайсар ерлікпен, сенімді үмітпен өз мойнына! Біздің отанның мерейі соның жеңімпаз туы астында, тек

сондай ерлік беттермен ғана үстем болады; Петрарканың мынау айтқан жалынды сөзі тек сонда ғана жүзеге асады: Жаудың мысын ерлік басар Батыр сарбаз білегімен. Жеңіс рухы мәңгі жасар Итальянның жүрегімен! 1513.

ТИТ ЛИВИЙДІҢ АЛҒАШҚЫ ОН КІТАБЫ

ТУРАЛЫ ТОЛҒАМ

Бірінші кітап

ІІ тарау

Республиканың неше түрі болады және Рим республикасы қандай
болды

Мен өзімнің ой толғамдарымда түу басынан тәуелсіз болмаған қалаларға соққым келмейді, сондықтан өздерінің арғы бастауларында жатжұрттықтардың құлдық бағынышынан аулақ болған және не республика ретінде немесе дара билікті князьдіктер ретінде бірден өз еріктерімен басқарылған қалалар туралы айтпақпын. Бұл сияқты қалалардың негіздері де, заңдары мен құрылыстары да әртүрлі болды. Олардың кейбіреулері алғаш негізі қаланған кезде-ақ немесе одан кейін көп кешікпей, ілезде-ақ бір кісіден заңдар алған-ды. Мәселен, спарталықтар заңдарды Ликургтен алды. Басқалар, айталық Рим, өз заңдарын жағдайға қарай, біртіндеп үздік-үздік алып тұрды. Кемеңгер адамның қолынан жүйелі заңдар алып, соны ешбір өзгеріссіз басшылыққа қолданған республика алаңсыз, қауіп-қатерсіз өмір сүре алатын болса, ондай республиканы шын мәнінде бақытты деп санауға болады. Спарта сегіз жүз жылдан астам уақыт бойы өз заңдарын бұрмаламай қолдана отырып, ешқандай кесірлі кесапатсыз өмір сүрді. Сондай ақылды, көреген басшыға қол жеткізе алмай, өз күнін өзі көруге мәжбүр болған қалаларды аналардан гөрі кембағалдау деп санау керек. Ал енді негізгі берік құрылыстан алыстап кеткен қала одан да бақытсыз болар еді; егер де өзінің барлық тәртіптерінде шынайы мақсат пен мінсіз құрылысқа апаратын дұрыс жолдан мүлде ауытқып кеткен қаланың халі тіпті мүшкіл болар еді. Ондай қаланың қандай да бір жағдайын түзеп алуы өте неғайбыл болмақ.

Бұлардан өзгеше – саяси құрылысы соншалықты мінсіз болмаса да, жетілдіруге мүмкіндік беретін оңтайлы негізі бар қалалар қолайлы жағдайлар түгелденген сәтте жетіліп кете алады. Әрине, мұндай қайта құрылыстардың белгілі бір қауіпті жақтары да болады; өйткені адамдардың көпшілігі қалада жаңа тәртіп орнататын жаңа заңдарға ешуақытта келісе қоймайды, ол үшін мұндай өзгеріссіз өмір сүруге мүмкіндік жоқ екенін көз жеткізе дәлелдеу керек болады. Ал сондай қажеттіктің өзі де қауіп-қатерсіз, өздігінен пайда бола қалмайтындықтан, республика сол мінсіз құрылысқа қол жетпей тұрып-ақ оп-оңай құлап қалуы мүмкін. Мұны Флоренциядағы республиканың мысалы ап-айқын дәлелдей алады: мұнда Ареццо түбіндегі оқиғадан кейінгі келесі жылы республика қалпына келтіріліп еді, бірақ он екі жылдан кейін Пратода болған оқиға оны тағы да құлатып тастады. Сонымен, Рим қаласының қоғамдық құрылысы қандай болды деген мәселені қарастыруға келгенде, мен мына жәйтті атап өтпекпін: республикалар туралы жазған кейбір авторлар мемлекеттік құрылыстың үш түрі болады деген пікір айтады да, оларға Дара билік, Аристократия және Халықтық басқару деген атақтар береді және қалаларда жаңадан орнайтын құрылыс осы үш түрлі құрылыстың өзіне қолайлы деген біреуіне жатқызылуға тиіс дейді. Енді бір пара авторлар, көп адамдардың пікірінше, алдыңғылардан гөрі дұрысырақ айтатындар басқарудың алты түрі болады дейді екен, – үшеуі өте нашарлар, ал қалған үшеуі өздігінен алғанда жақсылары, бірақ бұлар тез бұрмаланып кетуге бейім болады да, соның салдарынан түбінде сойқанды болып шығады-мыс. Басқарудың жақсы түрлері – жоғарыда аталған үшеуі; ал нашарлары – қалған үшеуі, алғашқы үшеуіне тәуелді және солармен туыстас түрлері, сондықтан олар бірінен біріне оп-оңай ауысып отырады: Дара билік оп-оңай тирандық түрге, Аристократия жыпжылдам олигархияға, ал Халықтық басқару ешбір қиындықсыз жүгенсіздікке айналып кете алады.

Сонымен, құрылтайшы қалада басқару түрін жоғарыда аталған үш түрдің біреуіне ыңғайлап белгілейтін болса, ол ұзаққа бармайды, өйткені оның кері баламасына айналып кетуінен сақтандыратын ешқандай құрал жоқ, өйткені бұл арада зұлымдық пен ізгіліктің арасындағы айырмашылық онша көп емес. Басқарудың әралуан түрлері адамдарда кездейсоқ пайда болған. Алғашында, жер бетінде адам баласы онша көп болмаған кезде, олар жабайы аңдар сияқты, саяқсып жеке жүрген. Кейін, адам нәсілі көбейген кезде, олар топтанып тіршілік ететін болған, және өздерін өздері қорғай алатын болуы үшін араларынан ең күшті, ең өжеттерін өздеріне басшы етіп сайлап, соған бағынатын болған. Осыдан барып оларда жақсы мен ізгілікті жаман мен зұлымдықтан айыратын ұғым пайда болады. Өзінің жарылқаушысына жауыздық ойлаған адамға байланысты ашу-ыза мен аяныш сезімдері қалыптасады. Жақсылықты білмейтіндерді даттап, алғыс айтқандарды мақтау содан шыққан. Ақырында, осындай жағдайға өзіміз де тап болармыз-ау деген ойдан барып, заң белгілейтін және оны бұзушыларға шара қолданатын дәрежеге жеткен. Осыдан барып әділет туралы ұғым пайда болған. Ақыр-аяғында, тақсыр сайлаған кезде, жұрт бұрынғыдай күштілер мен өжеттерді емес, ақылдылар мен әділдерді артық көретін болған. Ал уақыт өте келе, мемлекеттік билік сайлап қоюдан мұрагерлікке көшкен кезде, ондай билікшілер азуға айнылған. Олар енді ерлік істерді еске алмай, сән-салтанатты, құмарпаздықты көбірек ойлап, неше түрлі азғындық жолға түсе бастаған. Сондықтан тақсыр халыққа жеккөрінішті болған; жалпыға бірдей жеккөрініштілік онда үрей туғызған, ал үрейден зорлық туған. Осының бәрі жиналып келіп, ақырында тирандыққа айналған. Дара биліктің күйреуі осыдан басталған: тақсырға қарсы жасырын қоғамдар құрылып, қастандық жасала бастаған. Көпшілікке жасқаншақтар мен әлсіздер емес, қайта өздерінің ізгі, кең пейілді мінезімен, ауқатты және

байбатшалық тұлғасымен өзгелерден артықша көрінетін адамдарды қалаған; бұрынғы тақсырдың пасық қылықтарына төзе алмаған. Өз араларынан шыққан мықты азаматтарды ардақ тұтып, тақсырға қарсы бас көтерген, ақырында, оның көзін жойып, жаңағы ардақтыларына бағынған, оларды құтқарушылар деп таныған. Сол құтқарушылар дара билікші атаулыға қарсы болып, өздерінен үкімет жасақтаған. Алғашында олар бұрынғы тирандықтан безе отырып, өздері белгілеген заңдарға сәйкес басқарған, өздерінің жеке мүдделерін ескермей, жалпы көпшіліктің игілігін бірінші орынға қойған; негізгі назарды жеке азаматтар мен қоғамның мүддесіне аударатын болған. Алайда, біраз уақыттан кейін билік олардың балаларына көшкен кезде, тағдырдың тәлкегін көрмеген, бастарынан жамандық кешпеген жаңа билікшілер азаматтық теңдікті жақтырмай, ашқарақтыққа, атаққұмарлыққа салынған, өзгенің әйелдеріне көз алартатын болған; сөйтіп, Оптиматтың басқаруын қоғамдық өмір ережелерімен мүлде санаспайтын ат төбеліндей азшылықтың басқаруына айналдырған. Сондықтан Оптиматтың балалары көп ұзамай өздерінен бұрынғы тирандардың тағдырына тап болған. Олардың басқаруына ыза болған халық бұқарасы кім мұндай билікшілерге қарсы болса, соған еруге әзір еді; ондай адам дереу табылған да, сол көптің көмегімен жағымсыз басқарушылардың көзін жойып отырған. Бірақ бұрынғы тақсырдың зорлық істерін ұмытпаған халық санаулы адамдардың билігін біржола жойған және тақсырдың дара басшылығын да қалпына келтіруге қарсы болған. Халық билігі орнатылған, онда бұрынғы азғана топ күштілер де, жеке билеуші тақсырлар да үстемдік ете алмайтын болған. Мемлекеттік құрылыстың өзге түрлері сияқты, халықтық басқару да алғашқы кезде жұрттың қолдауына ие болғанымен, ұзаққа бара алмады. Оны орнатқан ұрпақ өмірден өткеннен кейін, қалада жүгенсіздік белең алып, ешкім ешкімнен қорықпайтын, ешкімге бағынбайтын болды; әркім өзінше өмір сүрді, ақырында, неше түрлі әділетсіздіктерге жол ашылды.

Ақыр-аяғында, қажетікке бой ұрса да, немесе әлдекімдердің айтуымен болса да, жүгенсіздіктен арылғысы келген жұрт қайтадан дара билікке оралды; ал одан кейін, тағы да біртіндеп келіп, баяғы сол жолмен, баяғы сол себептермен, жұрт сол жүгенсіздікке қайта келді. Республикалардың бұрынғы басқарылған және қазір де басқарылып жүрген шеңбері осындай. Егер олар басқарудың алғашқы түрлеріне сирек оралатын болса, оның себебі жоғарыда аталған өзгерістердің барлық түрінен өтуге және оған шығуға бірде-бір республиканың шамасы келмейтіндігінен. Бұдан да гөрі жиірек ұшырайтын пәлесі – осындай азапты өзгерістерден әбден әлсіреп, бір ақылды адамның кеңесі болмағандықтан, республика саяси құрылысы мықтырақ көрші мемлекетке жем болады. Тіпті олай болмаған күннің өзінде ол басқарудың белгілі бір түрлерінің ауыспақ шеңберінде зырылдап айнала берген болар еді. Сонымен, менің пікірім бойынша, басқарудың аталған түрлерінің барлығы да баянсыз: тәуір деген үш түрі – тұрақсыздықтан, ал жаман деген үш түрі – зияндылығынан. Сондықтан, олардың әрқайсысының кемшілігін білген ақылды заңгерлер олардың ашқайсысын да жеке қабылдамай, солардың аралас түрін қолайлы көрген; басқарудың сондай түрін өзгелерден берік және тұрақты деп санаған; өйкені бір қаланың ішінде бір мезгілде қатар өмір сүргендіктен, Дара билік те, Оптиматтар мен Халықтық басқару да бір-біріне жалтақтап, қарайлап тұрған. Бұл сияқты құрылымдарды құрушылардың ішінен ең даңқтысы Ликург болды. Спартаға заң шығарып бергенде, ол Патшалардың, Аристократтар мен Халықтық басқармалардың әрқайсысына лайық орын берілетін мемлекеттік құрылыс жасады; ол құрылыс сегіз жүз жылдан астам өмір сүріп, бұл қаланы зор даңққа бөледі, онда рақатты өмірді қамтамасыз етті. Афинаға заң шығарып берген Солонның жағдайы бұдан мүлде өзгеше болды. Онда жалғыз ғана Халықтық басқару тәртібін орнатқандықтан, оның өмірі өте қысқа болды да, қаладағы Писистраттың тирандығын

Солонның өзі көзі тірісінде көріп кетті. Арада қырық жыл өткенде Писистраттың мұрагерлері қуылып кеткенімен, сөйтіп онда Солонның заңдарына сәйкес Халықтық басқару тәртібі қайта қалпына келтірілгенімен, оның өмірі жүз жылдан асқан жоқ; оны қолдау мақсатымен Солонның өз заңдарында көрсетілмеген әртүрлі шаралар қолданылса да, дворяндардың озбырлығы мен жаппай жүгенсіздікті ауыздықтауға бағытталған басқа да жұмыстардан нәтиже шықпады, ақыры солай болды. Солон Халықтық басқару тәртібін Дара билік пен Арситократияның күшті жақтарымен ұштастырмағандықтан, Афина Спартамен салыстырғанда әлдеқайда қысқа өмір сүрді. Алайда, Римге келейік. Римнің ең әуелден бастап ұзақ жылдар бойы еркін өмір сүруі үшін жағдай жасайтындай өзіндік Ликургі болмағанмен, Плебс пен Сенаттың арасындағы алауыздықтардың арқасында, онда көптеген қолайлы жағдайлар болды және заң шығарушы істемеген істі кездейсоқ жағдай жүзеге асырды. Сондықтан Римде алғашқы кезде сәті түспеген мүмкіндік онда кейіннен пайда болды. Оның алғашқы мекемелері онша мәз болған жоқ, бірақ оны жетістіктің жолынан тайдырып жіберерліктей тым нашар да емес еді. Ромул да, басқа патшалары да, басқаларды былай қойғанда, бостандықтың талаптарына сай келетін көптеген жақсы заңдар жасаған, бірақ олардың мақсаты республика емес, патшалықтың негізін салу болғандықтан, Рим азат болған кезде, сол азаттықтың мүддесі үшін жасау керек болатын нәрселердің көпшілігі жетіспейтін болып шыққан және олар жөнінде патшалар да ойластырмаған екен. Рим патшалары өзіміз талқылаған және жоғарыда қарастырылған себептермен өкімет билігінен айрылып қалғаннан кейін, оларды қуып шыққан адамдар бірден екі Консулдың лауазымын белгіледі де, олар Патшаның орнына отырды; демек, Римнен патшаның өкімет билігі қуылған жоқ, тек оның аты ғана қуылды. Сөйтіп, Рим республикасында бұрыннан Консулдар мен Сенат болғандықтан, ол жоғарыда баяндалған

үш түрлі биліктің екеуінің, яғни Дара билік пен Аристократияның бірлігін білдіріп келген болатын. Енді халықтық басқармаға ғана орын беру керек еді. Сондықтан, Рим ақсүйектерінің содырлығы соншалықты шектен асып кеткен кезде (оның себептері кейін айтылады), оған қарсы халық көтерілді де, барлық биліктен айрылып қалмау үшін халыққа мемлекет басқару ісінен үлес беруге тура келді. Екінші жағынан, Консулдар мен Сенатта үкімет билігінің едәуір бөлігі сақталып қалды да, олар респуликада бұрынғы жағдайларын қолда ұстап қалған-ды. Сөйтіп, мұнда плебей Трибуны дейтін басқару орны құрылды. Осыдан кейін Рим республикасының жағдайы нығая түсті, өйткені онда үкімет билігінің құрамды үш бөлігі түгелдей орын алды. Тағдырдың Римге тілектес болғандығы сондай, ол Патшалар мен Оптиматтардың басқаруынан халықтың басқаруына көшкенде, жоғарыда айтылған сатылардың бәрінен өтіп, белгілі себептерге бағынып отырса да, соларға қарамастан, патша өкіметі Оптиматтарға берілерде түгел жойылып кеткен жоқ еді; сондай-ақ Оптиматтар өкіметі де Халыққа берілерде бұрынғыдан азайып әлсіремеген болатын. Олар бәрі де бірімен-бірі араласып кетті, республиканы жеріне жеткізді. Рим мұндай жетістікке Плебс пен Сенаттың арасындағы алаауыздықтың арқасында жетті, оның қалай болғаны келесі екі таруада егжей-тегжейлі көрсетіледі.

ІІІ тарау

Римде плебейлер трибундарының құрылуына әкеліп соққан
қандай жағдайлар еді, ол республиканы қалайша жетілдіре түсті

Қоғамдық өмір туралы пікір айтушылардың барлығының дәлелдеуіне қарағанда, сондай-ақ тарихтың көптеген мысалдарының дәлелдеп отырғанындай, республиканың құрылтайшысы да, оның заңдарын жасаушы да барлық адамдарды күні бұрын жауыз деп есептеуі қажет және

олар өздеріне бір қолайлы жағдай туған бойда-ақ өз жандарының жауыздығын көрсете бастайды деп күтуге тиіс. Егерде әлдекімнің жауыздығы кемді күнге білінбей жүрсе, ол әлдеқандай бір белгісіз себептерден болады; оны түсінуге тәжірибенің жоқтығы кедергі болады; алайда оны барлық ақиқаттың атасы саналатын уақыттың өзі бәрібір көрсетіп береді. Тарквинийлер қуылғаннан кейін Плебс пен Сенаттың арасында кереметтей келісім орнаған тәрізді болған; байбатшалар өздерінің паңдығынан бас тартып, халықтық рухқа берілгендері сондай, олар тіпті ең төменнен шыққан адамдарға да оң шырай білдіре бастағандай еді. Олардың бұл екіжүзділігінің беті де ашылған жоқ, себебі де анықталмай келген. Тарквинийлердің көздері тірісінде осылай болды. Солардан қорыққандықтан және қысым көрген Плебс соларға қосылып кете ме деп қауіптенгендіктен, байбатшалар плебейлерге адам дәстүрлі қараған. Тарквинийлердің көзі жоғалып, енді олардан қорқуды қойған бойда-ақ байбатшалар көкіректерінде жиналып қалған удың зәрін Плебстерге қарай төкті, оларды барлық тәсілмен езгілей бастады. Мұны менің жоғарыда айтқан сөздерім растай түседі: адамдар жақсылықты тек қажет жерінде ғана жасайды; олардың алдында әртүрлі таңдаудың еркін мүмкіндігі тұрса және олардың ойларына не келсе соны істеуге жол ашық болса, онда дереу адам айтқысыз сойқандық пен тәртіпсіздік басталады. Міне сондықтан айтылған ғой мынадай сөздер: аштық пен жоқшылық адамды тапқыр етеді, ал заң – оған ізгілік дарытады. Жақсылық заңның талап етуінсіз өздігінен болып жатса, ондай жерде заңның қажеті жоқ; ал енді ізгі дәстүр жойылып бара жатса, дереу заң қажет болады. Сондықтан Тарквинийлер өліп, байбатшаларды ешкім ауыздықтай алмайтын болған кезде, дәл сол Тарквинийлердің бар кезіндегідей ықпал жасап отыратын әлдебір жаңа тәртіп ойластыру қажет болды. Содықтан көптеген бұлғақтан, толқулардан, Плебс пен байбатшалар арасындағы сойқанды соқтығыстардан кейін, Плебстің

қауіпсіздігі үшін Трибундар құрылған болатын. Оларға зор өкілдіктер берілді, олар зор құрметке бөленді, сондықтан Плебс пен Сенаттың арасында делдалдық рөл атқарды және байбатшалардың арамзалығына қарсы тұра алатын болды.

ІV тарау

Плебс пен Сенат арасындағы дүрдараздық Рим республикасын
еркін де қуатты еткендігі жайлы

Мен Тарквинийлердің өлімімен Трибундардың құрылуы арасында Римде болған бұлғақты қарастырмай кеткім келмейді және сонымен бірге Рим қашанда бұлғаққа бейім тұрған, тәртібі жоқ республика еді, егер ол тағдыр мен әскери ерліктің арқасында түзелмегенде, басқа мемлекеттердің барлығынан да төмен жағдайда қалатын еді дейтін пікірлерге кейбір қарсылығымды да айтқым келеді. Римнің дәуірлеуі оның сәтті тағдыры мен армияның арқасы екенін теріске шығарғым келмейді, бірақ дәл осы жағдайда аталған себептердің болмай қоймайтындығы да бекер емес еді; жақсы әскер жақсы саяси құрылысы бар елде ғана болады және армия жақсы болса, оның әрбір қадамының сәтті болмауы да мүмкін емес. Жә, енді бұл қаланың басқа да айта қалғандай ерекшеліктеріне келейік. Мен былай деп пайымдаймын: байбатшалар мен Плебстің арасындағы қақтығыстарды жазғыратындар, меніңше, Римде бостандықты сақтап қалудың басты себебі болған жәйтті кіналайды; олар сол қақтығыстар кезіндегі реніш пен айқай-шуға ғана назар аударады да, солардың нәтижесінде пайда болған игілікті нәтижелерді ауызға алмайды; сонсоң олар мына жағдайды ескермейді: әрбір республикада екі түрлі пиғыл болады – халықтық және дворяндық; сондықтан бостандық мүддесі үшін қабылданған заңдардың барлығы да халық пен ірілердің арасындағы алауыздықтан туады. Оған Рим тарихының өзі-ақ көзді айқын жеткізеді.

Тарквинийлерден Грахктарға дейін – олардың арасында үш жүз жылдан астам уақыт бар – Римдегі бұлғақ қуғыншылықты сирек туғызған, ал қантөгіс – одан да сирек болған. Демек, ондай бұлғақты апатты деп айтуға тіпті де болмас еді. Осыншама ұзақ мерзімде қаншама талас-тартыс болғанына қарамастан, қуылып кеткен азаматтардың саны сегіз-оннан аспаса, ешкім өлім жазасына кесілмесе, бірен-саран адам ғана ақшалай айыпқа тартылса, ондай елде ішкі бірлік болған жоқ деп айтуға сірә да болмас еді. Ал енді соншалықты ерлік үлгісін көрсеткен республиканы тәртіпке келтірмеген деп жариялауға тіпті де негіз жоқ, өйткені игілікті үлгілер жақсы тәжірибеден, жақсы тәжірибе – жақсы заңдардан, ал жақсы заңдар – кейбіреулер ойланбай жазғырып жүрген сол бұлғақтан туады. Шынында да, Римдегі бұлғақты іждаһаттап зерттеген адам олардан туған нәтиже – жаппай игілікке зиян келтіретін қуғындау мен зорлықзомбылықтар емес, қоғамдық бостандықтарды нығайтатын заңдар мен қаулылар болғанын анықтар еді. Бәлкім, кейбіреулер маған былай деп дау айтар. “Бұл неткен жосықсыз, тіпті айуандық деп айтарлық дәстүрлер: халық жиналып алып Сенатқа айқайлайды, Сенат халыққа айқайлайды; азаматтар аласұрып көшеде жүгіріп жүреді, дүкендерін жауып алады, барлық плебейлер топтанып алып Римнен қашады – осының бәрін оқып отырудың өзі сұмдық“, – дер. Мен ондайларға былай деп жауап беремін: әрбір қалада халықтың алып-қашқан тілек-талаптарының сыртқа шығуына мүмкіндік туғызатын дәстүрлері болуы керек; әсіресе, барлық маңызды мәселелерде халықпен санасуға тура келетін қалада осылай болуға тиіс. Халық өзіне керек заңды қабылдатқысы келгенде, ол не жоғарыда келтірілген ісқимылдардың біреуін қолданады, немесе соғысқа барудан бас тартады, сол кезде оны тыншықтыру үшін белгілі дәрежеде оның тілегін орындауға тура келеді – Рим үшін бұл үйреншікті нәрсе. Бірақ та бостан халықтың тілек-талаптарын орындаудың бостандық үшін апатты болуы өте сирек кездесетін жағдай; өйткені ондай тілек-

талаптар халықты қыспаққа салудан немесе сондай қыспақтың ықтималдығы пайда болудан туындайды. Егер ондай қауіптер негізсіз болса, оған қарсы қолданылатын ең сенімді құрал – халықтың жиынын шақыру. Сондай жиында бір инабатты адам шығып сөйлеп, халықтың ісі теріс екенін дәлелдеп айтуға тиіс. Туллийдің айтуына қарағанда, халық қаншалықты қараңғы болса да, ол шындықты түсіне алады; жаңағыдай инабатты адам шындықты айтып тұрғанда, ол айтқанға оп-оңай көне қояды. Сонымен, басқарудың римдік түрін жазғырғанда, өте абай болу керек; Рим республикасында орын алған жақсы нәтижелер дәл сондай орынды себептерден туғанын есте ұстау керек. Жаңағы бұлғақ трибундарды құруға себепкер болса, оны өте жоғары бағалау орынды болмақ. Трибундардың құрылуы халыққа мемлекетті басқару ісіндегі өз үлесін алып бергені былай тұрсын, оның мақсаты бостандықты қорғау болды. Ол жайында келесі тарауда айтылады.

V тарау

Бостандықтарды сенімді түрде қорғайтын кім – халық па әлде
дворяндар ма, бұлғақты қоздыратын себеп кімдерде көбірек – жоққа
жетуге тырысатындарда ма, әлде барды сақтап қалуға
тырысатындарда ма?

Республиканы кемеңгерлікпен құрған адамдар бостандықты қорғау ісін ұйымдастыруды ең қажетті шаралардың бірі деп есептеген. Бостан өмірдің қаншаға созылуы оның кімге сеніп тапсырылуына байланысты болған. Атақты адамдар мен қарапайым халық әрбір республикада бар болғандықтан, осы жұмысты кімге тапсыру керек деген мәселе туады. Лакедемондықтарда біздің заманымызға таяу кездерде және

венециялықтарда бұл жұмыс Нобильдердің қолына берілген; ал римдіктерде ол Плебске тапсырылған-ды. Сондықтан осы республикалардың қайсысы дұрыс таңдау жасады деген мәселені қарастыру керек болады. Егер бұл таңдаудың себебіне ой жіберсек, әрқайсысын-ақ қолдауға болар еді. Ал енді оның нәтижесіне қарасақ, онда сірә, Нобильдерге артықшылық берген жөн болар, өйткені Спарта мен Венецияда бостандық Римге қарағанда ұзағырақ өмір сүрген. Таңдаудың себебін қарастырып келгенде, алдымен римдіктерге байланысты, мен айтар едім, қай нәрсені болса да қорғауға бергенде, оны иемденіп кетуге кім құштар болмаса, соған тапсырған дұрыс болады. Ал енді тектілер мен тексіздердің мақсатына көз салсақ, онда тектілердің үстемдікке жан салып ұмтылатынын, ал тексіздердің әйтеуір құлдыққа түспесек болар еді деп тілейтінін көреміз; демек, кейінгілер алдыңғы зорларға қарағанда, бостан өмірді артығырақ көреді; бұларда қоғамдық бостандықты иемденіп кетсек деген үміт аналарға қарағанда аздау болады. Сондықтан бостандықты қорғау ісі халыққа сеніп тапсырылса, әлбетте ол бұл іске белсене кіріседі, себебі – ол мұны өзі иемденіп кете алмайтын болған соң, басқаларға да жол бермейді. Бірақ, екінші жағынан, спарталық және венециялық құрылысты жақтаушылар айтады: бостандықты қорғау ісі ықпалды және атақты адамдарға тапсырылған жағдайда екі бірдей маңызды мақсатқа қол жеткізіледі: біріншіден, Атақтылар өздерінің атаққұмарлық тәбетін қанағаттандырады да, республикада үстем тұрғандықтан, олардың өздерін тоқмейіл санауға барлық негіздері болады; екіншіден, осы арқылы қара халықтың бүлікшілікке бейім рухы мықтап әлсіретіледі; ал шындығында респубикалардағы барлық араздық пен тәртіпсіздіктің себебі де, Ақсүйектерді әбден ашындырып, ақырында апатты жағдайға әкелетін де осы қара халық деп есептелетін. Оған мысал ретінде келтіретіндері де осы Рим болатын: өйткені онда плебей Трибундарының лауазымы енгізілгеннен кейін, қолына өкімет билігін алған қара халық бір плебей

Консулын қанағат тұтпай, екі Консул да плебей болсын деген тілек қойған. Одан кейін ол Цензураны, Претураны және мемлекеттегі үкімет лауазымдарының барлығын түгел талап еткен. Ақыры оларды да місе тұтпай, бүкіл Ақсүйектерді күйрете алатын адамдарды қолдай бастаған. Мұның өзі Марийдің күш-қуатын асырып, Римнің түбіне жеткен. Расында да, екі бірдей мүмкіндікті әділетімен салмақтаған адамның бостандықты қорғау ісін кімге тапсыруды шешуі оңайға түспейді; ол үшін ең алдымен: адам мінезінің қайсысы республика үшін қауіптірек – қол жеткен құрметті сақтап қалуға бейімдік пе, әлде оны жаңадан алуға итермелеушілік пе – осыны анықтап алу керек. Бұл мәселені жан-жағынан іждаһатпен зерттеген адам ақыр-соңында мынадай қорытындыға келер еді: сен қандай республика туралы сөз қылып отырсың – Рим сияқты империя құрайтын республика ма, әлде жай аман қалуды қалайтын республика ма? Егер осының біріншісі туралы болса, онда бәрін де Римде қалай болса, дәл солай істеу керек; ал екіншісі болса, Венеция мен Спартаға еліктеудің өзі жетіп жатыр; ал мұның екіншісі жайында әңгіме келесі тарауда айтылатын болады. Енді республикаға қандай адамдар қауіптірек – жаңадан ие болғысы келетіндер ме әлде бұрынғы иеліктерінен айрылып қаламыз ба деп қорқатындар ма – деген мәселеге қайта оралатын болсақ, онда мынанаы айтайын: Капуяда Римге қарсы ұйымдастырылған қастандықты ашу үшін Марк Менений диктатор, ал Марк Фульвий атты әскердің бастығы болды (екеуі де плебей еді); сонымен бірге олар халықтан мынаны анықтау жөнінде өкілдік алды: Римнің өзінде кім пара беріп немесе басқаша заңсыз жолдармен консулдықты және басқа мансаптарды алып қойғысы келеді екен? Ақсүйектер диктаторға берілген осы өкілдікті өздеріне қарсы бағытталған деп ұқты да: Римде мынадай өсек таратты: парамен және басқа заңсыз тәсілдермен құрметті мансаптарды алғысы келіп жүргендер, атақты адамдар емес, тексіздер; өйткені олар, не ата тегіне, не ерлігіне сене алмағандықтан, жоғары дәрежеге заңсыз жолдармен жеткісі келеді-міс.

Мұндай айыптаулар әсіресе диктатордың өзіне қарсы көбірек айтылды. Ондай айыптаулардың ауырлығы сондай, Менений жұртты жинап алып, өзінің атына ақсүйектер тарапынан тағылған жалған жалаларға шағым жасады да, өзіне жүктеген диктатура міндетінен бас тартып, халықтың үкіметіне жүгінді. Оның ісі дереу қаралды да, ол ақталып шықты. Сотта кім әсіре атаққұмар – өзінің қолы жеткен билікті сақтап қалуға тырысатын адам ба, әлде соған жетуге тырысқан адам ба? – деген мәселе төңірегінде көп талас болды – тіпті осылардың екі жағы да үлкен жанжалдарға оп-оңай түрткі болып кетуі мүмкін деген де пікірлер айтылды. Алайда, ондай жанжалдарды көбінесе ауқатты адамдар туғызады, өйткені олардың қолындағы байлықтан айрылып қаламыз ба деген үрейі кедейлердің кегінен еш те кем соқпайды; керек десеңіз, қолындағы мал-мүлкін көбейте бермесе, олар қолындағысына онша сенімді болмайды екен. Тіпті байлығы асқан адамдарда апатты өзгерістер жасау мүмкіндігі мен құралдары өзгелерден көбірек болатынын айтпағанның өзінде. Оның үстіне, олардың шектен шыққан, керден кеткен қылықтары кедейлердің көкірегінде соларды талап-тонап, кек алсақ па екен деген немесе соларды асқақтатқан байлық пен баққа өзіміз ие болсақ па деген ойды туғызбай қоймайды екен.

VІ тарау

Римде Халық пен Сенаттың арасындағы жаулықты жоятындай
құрылыс орнату мүмкін бе еді

Жоғарыда біз Халық пен Сенаттың арасындағы дүрдараздықтың салдарларын сөз қылдық. Алайда еркін өмірдің күйреуіне себеп болған Гракхтардың заманына дейінгі оларды сөз қылғанда, олардың арасындағы жаңа дүрдараздықты еске алмай-ақ, Римнің қандайлық ұлы жеңістерге жеткенін білгісі келетін адамдардың да табылуы мүмкін ғой. Сондықтан,

Римде жаңағы айтылған дүрдараздықтарды болғызбайтындай құрылыс орнатуға болатын ба еді деген мәселеге де назар аударуға болар еді-ау деп ойлаймын. Ал енді осы мәселені зерттемек болғанда, мұндай дүрдараздықтар мен бұлғақсыз-ақ ұзақ жылдар бойы өмір сүрген республикаларға назар аударып, оларда қандай құрылыс болып еді, оны Римге енгізуге болатын ба еді деген мәселелерді қарастырып көруге болар еді. Бұған мысал ретінде ежелгілерден Спартаны, ал өзіміздің замандастарымыздан Венецияны алуға болар еді. Бұлар өзіміз жоғарыда әңгіме қылған мемлекеттер екені белгілі. Спартаны билеген патша мен шағын Сенат еді. Ал Венецияда үкімет мүшелеріне тағайындалған әртүрлі атаулар болған жоқ; басшылыққа қатысы бар адамдардың барлығы ортақ бір атпен Дворяндар деп аталды. Мұндай дәстүр Венецияда оның билікшілерінің данышпандығынан қалыптасқан жоқ, кездейсоқ пайда болды. Мәселе былай болып еді: қазіргі қаланың орнында, шағын ғана құрғақ жерлерде, жоғарыда айтылған себептермен көптеген адамдар тұратын. Сол халықтың саны барған сайын өсе келе, олардың ортақтасып өмір сүруі үшін белгілі бір заңдар қажет болды-да, олар басшылықтың белгілі бір түрін орнатты, өздері жиі-жиі кеңеске жиналып, қалаға қатысы бар мәселелерді шешіп тұрды; ақырында олар қаланың саяси өмірі үшін осы жеткілікті болады деп, қалаға кейін келетіндердің алдынан басқару ісіне қатынасудың мүмкіндігін жауып тастады. Содан кейін, Венецияның халқы өте көбейіп кеткен кезде, басқару ісіне қатынасатын адамдарды бұрынғыша Дворяндар деп атап, өзгелердің барлығына Пополандар деген ат берді. Мұндай тәртіп ешқандай бұлғақсыз пайда болып, сол күйінде сақталуы мүмкін еді, өйткені ол пайда болған кезде Венеция тұрғындары түгелдей үкімет құрамына кіретін; демек, ешкімнің шағым айтуы мүмкін емес-ті; ал елге кейін келгендері, мемлекеттің нығайып, әбден қалыптасып қалғанын көргеннен кейін, бұлғаққа себеп те, мүмкіндік те болмаған. Себептің болмағаны – ешкімді ештеңеден мақұрым қалдырған жоқ; ал

мүмкіндіктің болмағаны – билікшілер оларды ауыздықтап ұстады да, бедел алып кетеді-ау деген жерлерге жібермеді. Оның үстіне, Венецияға кейінгі кезде келушілер онша көп болған жоқ, сондықтан басқарушылар мен бағыныштылардың арасында сан жағынан көп алшақтық болған жоқ: Дворяндардың саны Пополандардың санына тең немесе олардан артық болды. Венецияның өзінде осындай құрылыс орнатып, оны тұтас күйінде сақтай алуының себептері осындай. Спартаны жоғарыда айтылғандай, Патша мен шағын ғана Сенат басқарды. Оның соншалықты ұзақ өмір сүре алған себебі – Спартада тұрғындар аз болды және жат жұрттық адамдардың келуіне жол жабық болды; оның тағы бір себебі – Ликургтың заңдарын құрметтей отырып (оның сақталуы бұлғақ атаулының себептерін жойып отырды), спарталықтар өздерінің ішкі бірлігін сақтай алуы. Ликург өзінің заңдарымен Спартада халықтың мүліктік теңдігін сақтады да, қоғамдық жағдайда теңсіздікке жол берді; ондағы жұрттың бәрі де бірқалыпты кедей болды; плебейлер атаққұмар болмағандықтан, қаладағы жоғары дәрежелі қоғамдық мансаптар аздаған азаматтарға ғана тиісті болды, Плебс оларға тіпті маңайлатылмады да; ал аристократтар болса, өздерінің тоң-торыс мінездерімен плебсте бұл лауазымдарға ие болу тілегін ешуақытта туғызған емес. Мұндай жағдайды Спарта патшаларының өздері туғызып отырды; олар дара билікті қолдарына алып, айналаларын Ақсүйектермен қоршап алды да, өздерінің сол мәртебесін сақтау үшін Плебстің әртүрлі жәбіржападан қорғануына мүмкіндік берді. Соның арқасында Плебс ешқандай қорқыныш сезген жоқ және мемлекеттік билікке ұмтылмады; сондықтан оларда Ақсүйектермен бақталастық сезімі де болған жоқ; олар бұлғаққа да себеп іздемеді. Сөйтіп, Плебс пен Ақсүйектер арасында ұзақ уақыт бірлік сақталды. Бұл бірліктің сақталуына екі түрлі жағдай себеп болды: біріншіден, Спартада тұрғындар аз болды, сондықтан оларды аз күшпен басқаруға мүмкіндік бар еді; екіншіден, спарталықтар жатжұрттық

адамдарды ел ішіне жібермегендіктен, оларда бұзылатындай себеп болған жоқ, әрі халық саны аз күйінде қалғандықтан, басқарушы азшылықтың жұмысына да қиындық туған жоқ еді. Сонымен, осы жағдайлардың барлығын ескере келіп, Римнің заңгерлері, өздерінде де аталған көршілес республикалардағыдай тыныштық сақталуы үшін, екінің бірін таңдауға: не венециялықтар сияқты плебейлерді соғыста пайдаланбауға, немесе спарталықтар сияқты өздеріне жатжұрттықтарды жібермеуге тиісті еді. Бірақ олар мұның екеуіне де жол берді. Нәтижесінде Плебс күшейіп кетіп, бұлғаққа неше түрлі себептер пайда болды. Алайда, егер Рим мемлекетінде тыныштық болса, одан мынадай қолайсыздық тууы мүмкін еді: ол бұрынғыдан әлсіреп кететін еді де, бұрынғы қолы жеткен ұлылыққа қайта оралар жолын кесіп тастар еді. Сөйтіп, Римде бұлғақтың себебін жойса, оның шекарасын кеңейтетін себептер де жойылып кетер еді. Егер тереңірек үңіліп қарасаң, адамзаттың барлық істерінде де осылай болатынын көресің: бір қолайсыздықтан құтылған жағдайда міндетті түрде екінші қолайсыздық пайда болады. Сондықтан, егер елдің халқын неғұрлым көбейтіп, оны жақсы қаруландырмақ болсаң, сөйтіп оны держава еткің келсе, оған басқа бір қасиеттер дарытасың да, сонсоң оны өз қалауыңмен басқара алмайтын болып қаласың. Егер сен оның халқын әрі аз, әрі қарусыз күйінде ұстағың келсе, сөйтіп оны өз қалауың бойынша басқарамын деп ойласаң, онда өзің өкімет билігіне келгенде, не оны ұстай алмайсың, немесе халқың сондай қорқақ болып алады да, өзіңе алғашқы шабуыл жасаған жаудың құрбаны болып кетесің. Әрдайым шешім қабылдағанда, қай жағдайда қолайсыздық аз болады, нақ соны тәуір деп санаған мақұл; өйткені барлық жағы теп-тегіс жақсы болуы мүмкін емес. Сонымен, Рим Спартаның үлгісімен өзінде тақсырдың мәңгілік билігін орнатып, шағын ғана Сенат құруына болатын еді, бірақ ол ұлы держава жасаймыз деген тілекпен Спартаға ұқсап азаматтарының санын

ұлғайтпай да отыра алмады; сол себеппен ғұмырлық Патша мен шағын Сенат оның тұтастығына онша септігін тигізе алмады. Міне сондықтан да егер кімде-кім жаңадан республика құрамын десе, ол ең алдымен ойға салып, онысы Римге ұқсап шекарасы мен күш-қуатын арттырғысы келе ме немесе бұрынғы тар шекара аясында қала ма, – соны анықтап алуы керек. Бірінші жағдайда оны Рим сияқты қылып құру керек те, бұлғақ пен қоғамдық келісімсіздікке кең жол ашу керек; өйткені саны көп және жақсы қаруланған азаматтары болмаса, республика ешқашан өсе алмайды, тіпті өскен жағдайда да сақтала алмайды. Екінші жағдайда оны Спарта мен Венецияға ұқсатып құруға болар еді; бірақ аймақты кеңейту деген сөз – мұндай республикаларға умен бірдей; оның құрылтайшысы басқа елдер жөніндегі жаулаушылыққа барлық күш-жігерімен тыйым салуы керек; себебі – әлсіз республикаға сүйенген жаугершілік оны күйреуге апарып соғады. Спарта мен Венецияның жағдайы дәл осылай болды. Бұлардың біріншісі Грекияны түгелге жақын бағындырып алып, болмашы сәтсіздік тұсында өзінің негізінің әлсіздігін көрсетіп алды. Фивадағы көтеріліске жалғасқан грек қалаларындағы көтерілістер Пемопидің бастауымен бұл республиканы біржола күйретті. Венецияда да дәл осындай жағдай болды: Италияның едәуір бөлігін басып алып – көпшілік жағдайда соғыспен емес, ақшамен және айлакерлікпен – ол күш көрсетпек болған алғашқы әрекетінде-ақ бәрінен айрылды. Ұзақ мерзімді республика құрып, оның ішкі құрылысын Спартадағыдай немесе Венециядағыдай етуге болады дегенге мен сенер-ақ едім; ол өзі бір бекіністі жерге орналасқан болса және оны дәл осы сәтте ешкім құртып жібере алмайтындай болса; ал екінші жағынан, ол көршілерінің зәресін алатындай соншалықты қуатты болмаса. Ондай жағдайда республика өзінің құрылысынан ләззат алып, ұзақ уақыт қызықтауына болар еді. Белгілі бір мемлекетке қарсы соғыс екі түрлі себеппен жүргізіледі: біріншіден, оның билікшісі болу үшін; екіншіден, ол өзіңе шабуыл жасап

қоя ма деп қорыққаннан. Осы екі себептің екеуін де жоғарыда айтылған тәсілмен түгелдей жоққа шығаруға болар еді. Егер қорғанысқа жақсы әзірленген республиканы жеңу қиынға түсетін болса, менің пайымдауымша оны ешкім де жаулап алуды ойға алмаған болар еді. Сонымен бірге егер ол өзінің шекараларынан шықпайтын болса, және, онда ешқандай атаққұмарлықтың белгісі болмаса, онда оған қарсы ешбір ел қорыққанынан соғыс бастай алмайды, әсіресе, егер оның басқа елдердің жерін басып алуына конституция немесе арнаулы заң рұқсат етпейтін болса, дәл солай болады. Осы сияқты тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік болған жағдайда қалада шынайы саяси өмір мен толық тыныштық сақталған болар еді, мен бұған кәміл сенемін. Алайда, адамның барлық істері қозғалыс үстінде болатындықтан, олар бір орында қала алмай, не жоғары, не төмен қарай жылжиды да, қажеттілік сенің ақыл-ойың қабылдамайтын нәрсеге өзіңді көндіретін кез болады. Демек, сол қажеттілік аумағын кеңейтуге бейімделмеген республиканы кеңейтуге көндіретін болса, ол өзінің тұғырынан айрылады да, одан сайын тезірек құритын болады. Бірақ, екінші жағынан, оны құдірет қолдаса, ол соғыспас та еді; бірақ өзінің мәресәре өмірі не нәп-нәзік гүл болар еді, не тас-талқан күл болар еді. Қайсысы болғанда да, екеуі қосылып, оны құлатып тынар еді. Сондықтан, менің ойымша, жаңағы аталған тепе-теңдік те, аралықтан жол табар мүмкіндік те болмағандықтан, республиканы құрған кезде оның неғұрлым құрметтірек рөл атқаруын ойлап, республиканың аумағын үлкейту қажет болған кезде, ол жаулап алған жерлерін өзінде сақтап қалатындай етіп құру керек. Өзімнің ой толғамдарымның басына қайтып оралып айтар болсам, мен басқа республикалар емес, тек қана Римнің құрылысына еліктеу керек деп ойлаймын; өйткені басқарудың басқа бір аралық түрін іздеудің қажеті жоқ. Халық пен Сенаттың арасында болатын араздыққа көну керек те, оны Римнің ұлылығына жету жолындағы бір ылажы жоқ қолайсыздық деп қабылдау керек деген ойдамын. Бостандықты

қорғау үшін Трибун билігінің қажеттігін дәлелдейтін басқа көп себептермен қатар республика үшін трибундарға берілген басқа құқықтардың ішінде айыптау өкілдігінің жемісті болатынын байқау да қиын болмайды...

XІІ тарау

Дінмен есептесудің қаншалықты маңызды екендігі және соны
елемегендіктен Рим Шіркеуінің кінәсінен Италияның мүлде құлдырап
кеткендігі туралы

Азып-тозғысы келмейтін тақсырлар немесе республикалар ең алдымен өз діндерінің салт-дәстүрлерін бүлдірмей сақтауға және оларды жұрттың қадірлеп ұстауын қадағалап отыруға тиіс, өткені елдің анық құруына айналғанын дәлелдеу үшін Алла тағаланың рәсімін елемеуден асқан айғақ болуы мүмкін емес. Түу басында адаммен бірге жаратылған діннің не нәрсеге негізделетінін білетін кісі мұны оп-оңай түсінеді; қай діннің де өміріне тірек болатын оның белгілі бір басты ұстанымы бар екені де белгілі. Мәжуси дінінің өмірі оракулдардың жауабына, балгерлер мен гаруспиктердің сектасына сүйенді; мәжусилердің басқа рәсімдері, олардың құрбандықтары мен басқа да дәстүрлері осыдан пайда болды. Сенің болашақта көретін жақсылығың мен жамандығыңды болжап айтатын құдай соларды өзі жібереді дегенге сену қисынды болатын. Осыдан келіп храмдар салынды, осыдан келіп құрбандықтар пайда болды, осыдан келіп дұға оқу, құдайға сыйынудың басқа да рәсімдері шықты. Делостың оракулы Юпитер, Амонның храмы дегендер, басқа да даңқты оракулдар құдай құдіретіне жалынып-жалбарынуды дүние жүзіне таратты. Ал кейіннен олар билік басындағыларға жағынып-жарамсақтанып уағыз бастағанда, олардың өтірігі халыққа белгілі болып қалды; адамдар

дінсізденіп, игі тәртіптің қай-қайсысын да аяққа басудан тайынбайтын болды. Сондықтан республика және патшалық басшылары өздерін қолдайтын діннің негізін сақтап отыруға тиіс. Сонда олардың өз мемлекеттерін діндар етіп, демек, ізгі дәстүрлі, тұтас күйінде ұстап тұруы да оңай болмақ. Олар дінді дәріптейтін шаралардың бәрін қолдап, қолпаштап отыруға тиіс, тіпті өздері олардың бәрін өтірік, алдау деп есептейтін болған күнде де осылай істегендері жөн. Олар өздері неғұрлым ойлы адамдар болып, табиғат сырларын түсінуде неғұрлым күшті болса, солғұрлым кең пейілді, кешірімшіл болуға тиіс. Данышпан адамдар өздерінің іс-әрекеттерінде нақ осындай көзқарас ұстанғандықтан да, барлық діндер мойындайтын әлдебір кереметтер жөніндегі наным-сенімдер пайда болған; тіпті солардың өтірік екендігін біле тұрса да, соларды қолдаған. Өйткені білетін адамдар сол кереметтер қандай жолдармен пайда болса да, соларға көрінеу жел беріп отырған. Ал ежелгі Римде бұл сияқты тосын кереметтерден кемдік жоқ еді. Солардың бір мысалы мынадай. Римнің солдаттары вейенттер қаласын тонап жатқан кезде, солардың біразы Юнона храмына кірсе керек. Солар құдай әмбиесінің статуясы алдына барып тұрып: “Vіs venіre Romaіn” – деп сұраса, бір солдаттың көзіне жаңағы статуя бас изегендей болып көрінеді; ал енді біреуіне “Ue” дегендей болып естіледі. Өздері соншалықты діндар болғандықтан, солдаттар (Тит Ливийдің айтуынша, олар храмға іштерінен құдайға сыйынып, имандарын үйіріп кірген) өздерінің сұрақтарына көңілдері қалаған жауаптарын алған. Осы пікірді және жаңағы солдаттардың ырымшылдығын Камилл де, қаланың басқа басшылары да ұнатып, барынша қолдаған. Егер де христиан республикаларының кінәздері діннің негізін салушылардың нұсқау ережелерін орындап отырған болса, христиандық мемлекеттер мен республикалар біздің заманымыздағы күйлеріне қарағанда әлдеқайда тұтас, әлдеқайда мұңсыз жағдайда болар еді. Діннің соншалықты құлдырап кеткендігіне ең айқын дәлел мынадай: біздің

дініміздің басшысы Рим Шіркеуіне ең жақын тұрған халық, сонымен бірге біздегі ең дінсіз халық болып табылады. Егер кімде-кім біздің дініміздің негізін қарастырып, оның қазіргі дәстүрлерінің ескілікті, алғашқы нұсқадағы үлгілерінен қаншалықты айырмашылығы бар екенін көрсе, ол, сөз жоқ, не құрып кетуге, немесе өте ауыр сындарға таяу тұр деген қорытындыға келер еді. Көптеген адамдар Италия қалаларының игілігі Рим Шіркеуінің фатихасынан болып отыр деген пікірде боғандықтан, мен сол пікірге қарама-қарсы өзімнің көзім жеткен бірсыпыра дәлелдерді келтіргім келеді. Солардың ішінде, менің ойымша, ең күшті, ең даусыз екі дәлел мынадай. Біріншісі: Папа куриясының теріс үлгілері біздің елімізді нысап атаулыдан, дін атаулыдан мақұрым етті; біздегі сансыз көп қолайсыздықтар мен сансыз көп тәртіпсіздіктер – соның салдары; демек, дін бар жерде игілік бар, ал дін жоқ жердегі жағдай оған керісінше. Міне сондықтан да, біз, итальяндар, дінсіз қалып, жамандыққа белшеден батқанымыз – ең алдымен Шіркеудің және священниктердің кесірі. Бірақ біз солардың кесірінен, одан да зорын көріп отырмыз; бұл – біздің құрығанымыздың екінші себебі. Шіркеу біздің елімізді бытыранды күйде ұстап келді, әлі де солай ұстап отыр. Расында да, бірде-бір ел белгілі бір республикаға немесе белгілі бір тақсырға бағынбаса, ондай ел ешуақытта біртұтас болып, мәселен, Франция мен Испаниядағыдай бақытты өмір сүре алған емес. Италия не себепті солардағыдай жағдайға жете алмады, бізді басқаратын не республиканың, не тақсырдың жоқтығы неліктен – оның себебі біреу ғана: Шіркеу. Италия жерінде тамыр жайып, дүниауи өкімет билігін қолға алып алғанмен, онда бүкіл Италияның үстінен өзінің шексіз үстемдігін жүргізетіндей күш те, ерлік те болған жоқ; екінші жағынан, ол өзінің барлық иеліктеріндегі дүниауи өкімет билігінен айрылып қаламын деп қорыққандықтан, басқа бір күштірек одақтасты шақырып, Италияда күш алып бара жатқан халықтан немесе мемлекеттен қорғарлық көмек сұрайтындай әлсіз де болған жоқ. Ертерек замандарда

мұның мысалы көп болды. Мәселен, Ұлы Карлдың тұсында Шіркеу бүкіл Италияның королі бола жаздаған лонгобардтарды қуып жіберді. Біздің заманымызда ол француздардың көмегімен венециялықтарды әлсіретті де, сонан соң швейцарлықтардың көмегімен француздарды қуып жіберді. Сөйтіп, бүкіл Италияны меңгеруге өзінің күші жетпей және басқалардың меңгеруіне мүмкіндік бермей, ақырында Италияның бір билікшінің қоластында болмай қалғанына, оның есесіне толып жатқан мырзалар мен тақсырлардың езгілігінде қалғанына тек Шіркеу ғана кінәлі. Мұның өзі елдің адам айтқысыз бытырандылығы мен әлсіздігін туғызды да, оны қуатты жабайылар былай тұрсын, тіпті көлденең көз алартушылардың бәріне бірдей жем қылды. Осының барлығы үшін біздің итальяндардың, обалы – басқа ешкімде де емес, тек Шіркеуде ғана. Кімде-кім осы сөздердің шындығына іс жүзінде көз жеткізгісі келсе, егер қолынан келетін болса, Папаның куриясын Италиядағы барлық билік күшімен бірге швейцарлықтардың жеріне көшіріп апарып орнатсыншы, – өйткені олардың діні де, әскер құрылымындағы тәртіптері де сол баяғы ежелгі қалпында ғой, – сонда ол көрер еді жаңағы курияның зардапты дәстүрінің қандай екенін: сол елдің басына ертелі-кешті душар болатын барлық бақытсыздықтан жаңағының кесапаты әлдеқайда асып түскен болар еді.

XVІ тарау

Тақсырдың билігінде тұрып дағдыланған халық кенеттен бостан
болса, оның ол бостандығын сақтап қалуы қиын болар еді

Тақсырдың қол астында тұрып дағдыланған халық, тарквинийлерді қуып тастағаннан кейінгі Рим сияқты, белгілі бір жағдайдың арқасында бостандық алып қалса, кейін сол бостандықты сақтап қалуы қандайлық қиын болатынын ежелгі тарихшылардың шығармаларында келтірілген

көптеген мысалдар арқылы көруге болады. Бұл қиындықтарды түсінуге болады, өйткені ондай халық нағыз жабайы жануарлар сияқты болады; олар өздерінің жаратылысында асау және тағы болатынының үстіне, айналасы шектеулі бір қорада бағылып, байлауда ұсталғандықтан және қолдан жем жегендіктен, кездейсоқ еркін далаға жіберілсе, өздігінен не азық, не баспана таба алмай, көрінгеннің қолына түсіп қайтадан қамыт киетін жағдайға тап болар еді. Халық та сол секілді; өзгенің қол астындағы тіршілікке дағдыланып қалғандықтан, қоғамға не пайдалы, өзіне не зиян екенін біле алмай, өздері тақсырды түсінбей, тақсыр оларды түсінбей, ақырында жаңа босаған құрсаудан әлдеқайда ауыр басқа бір езгінің құрсауына түсер еді. Бұрын адамгершілік жағынан бұзылмаған халық дәл осындай қиындыққа душар болады. Өйткені бұрын біржола бұзылған халық аз уақыт былай тұрсын, тіпті бір сәт те еркін өмір сүре алмайды; бұл жайында кейінірек айтылады. Қазір біз бұзылғандық әлі бойына терең сіңіп үлгірмеген, бұзықтықтан ізгілігі көбірек халық туралы ой толғамақпыз. Жоғарыда айтылған қиындықтарға тағы біреуін қосу керек. Ол мынадай: бостандық алған мемлекет өз достарының партиясын емес, жауларының партиясын құрады. Жаулардың ол партиясы бұрынғы тирандық құрылыстан өзіне пайда тауып, тақсырдың нәпақасынан күн көріп келгендерден құралады. Бұрынғы жолсыздық істерінің мүмкіндігі жойылғаннан кейін, олардан маза кетіп, тирандық тәртіпті қайта орнату, сөйтіп бұрынғы билік пен ықпалды қайтарып алу әрекеттеріне кірісуге мәжбүр болады. Азат етілген мемлекет, жоғарыда айтылғандай, достардың партиясын құрмайды; себебі – бостандық өмір жағдайында құрмет пен марапат белгілі бір еңбекке, адал қызметке көрсетілетін болады; онсыз жай ешкімге құрмет те көрсетілмейді, марапат та берілмейді; кімде-кім сондай құрмет пен артықшылықтарға ие болса, оны өзімнің еңбегім үшін алдым де ойлайды да, оны берген адамдардың алдында ешқандай борыштымын деп ойламайды.

Оның үстіне, еркін өмірден туындайтын жалпыға ортақ пайданың артықшылықтарын біреу тартып алмаған жағдайда оны ешкім – ерекше сезіне қоймайды; ол артықшылықтар әркімнің өз игілігін емін-еркін өзі пайдалану мүмкіндігі, әйелі мен балаларының абыройы үшін, өзінің тағдыры үшін ешқандай қауіп-қатер сезінбеуі түрінде көрінеді; біреуге біреу зорлық қылмаса, сол үшін олар бір-біріне міндетті бола алмайды ғой; бұл сол сияқты. Сонымен, жоғарыда айтылғандай, жаңадан құрылған бостан мемлекет өзіне жаулардың партиясын табады, ал өзіне достардың партиясын таппайды. Ал енді әлдекім осы сияқты қолайсыздықтардан құтылып, жоғарыда көрсетілген қиындықтарды туғызатын ырың-кезекті жойғысы келсе, ол үшін ең өтімді, ең сенімді, ең дұрыс, ең қажетті бір-ақ жол бар, ол – Бруттың балаларын өлтіру. Олар, тарихтың куәландыруындай, Римнің басқа да жас жігіттерімен бірігіп, отанға қарсы қастандық жасауға сайланып шыққан; сондағы бар себебі – консулдық билік тұсында бұрынғы патшалар билігі тұсындағы ерекше артықшылықтарды пайдалана алмайтын болған. Сөйтіп, бүкіл Рим халқының бостандығы, олардың ойынша, өздеріне құлдық болып көрінген. Кімде-кім халық бұқарасын бостандық жолына немесе жеке билік жолына салғысы келсе және өзін жаңа құрылыстың жауларынан қауіпсіз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданбайтын болса, ол ұзақ өмір сүретін мемлекет құра алмайды. Міне сол себептен де өзінің жаңа құрылысын қауіпсіздендіру мақсатымен ең ақтық шараларға баратын болса, ал сондағы жауы – халық бұқарасы болса, мен ондай тақсырларды бақытсыз деп санаймын; өйткені жаулары азғантай болса, ол үлкен шатаққа бармай-ақ өзін қауіпсіз ете алады, ал енді оған бүкіл халық жау болатын болса, өзін ешуақытта қауіпсіз ете алмайды; ол неғұрлым қатал шараларға барған сайын, оның дара билікті құрылысы солғұрлым әлсірей береді. Сондықтан ол үшін ең тиімді құрал – халықты өзіне дос етуге тырысу.

Бұл сөздер біздің негізгі ой толғауымыздың тақырыбынан ауытқып бара жатыр, өйткені әуелде мен республика жайында айтқан едім, енді әңгіме тақсырға қарай ойысып кетті, бірақ соған қарамастан, бұл мәселеге қайтып оралмас үшін, ол жайында бірнеше сөз айта кетейін. Сонымен, халқының пейілін өзіне қаратқысы келген тақсыр – мен өз халқының озбырына айналған тақсырды айтамын – ең алдымен сол халықтың ең басты тілегін біліп алуы керек. Ондайда халық әруақытта екі нәрсеге ұмтылады: біріншіден, оның құлдыққа түсуіне себеп болған адамдардан кек алу, екіншіден, жоғалтқан бостандығын қайтарып алу. Бірінші тілегін тақсыр түгелдей қанағаттандыра алады, ал екіншісін – ішінара ғана. Бірінші тілегі жөнінде жақсы мысал бар. Гераклеяның тираны Клеарх қуғында жүрген. Гераклеяның халқы мен Оптиматы арасында жанжал туды да, өздерін әлсіздеу сезінген Оптиматтар Клеархтың жағына қарай ойысты; сонсоң қастандық ұйымдастырды да, Гераклея халқының тілегіне қарама-қарсы келіп, оған елші жіберді; сөйтті де халықтың бостандығын тартып алды, Клеарх бір кезде өзі не қанағаттандыра алмаған, не ауыздықтай алмаған оптиматтар мен бостандықтан айрылып, әбден ашуға мінген Пополандардың екі ортасында қалды да, бірнеше грандтардың қысасынан құтылғысы және халықтың пейілін алғысы келді. Сондықтан орайы келіп тұрған жағдайды пайдаланып, Клеарх оптиматтарды түп-түгел құртып жіберді де, Пополандарды әден риза қылды. Сөйтіп, халықтың бір тілегін орындап, жауынан кегін әперді. Халықтың екінші тілегіне – айрылып қалған бостандығын қайтып алуға келетін болсақ, оны түгелдей қанағаттандыруға мүмкіндік болмағандықтан, халықтың бостандыққа ұмтылғандағы көздейтіні немене екен – тақсыр соны анықтап алуға тиіс. Сондағы анықтағаны – халықтың азғантай бөлегі бостандықты билікке жету үшін қалайды екен, ал қалған, басым көпшілігі бостандықты өздерінің қауіпсіздігі үшін қалайды екен.

Барлық республикаларда, олардың қалай ұйымдастырылғанына қарамастан, басшылық орындар қырық-елуден аспайды; бұл онша көп мөлшер емес, сондықтан мұнша адамнан қауіпсіз болу онша қиынға соқпайды: не көздерін жойып жіберуге болады, немесе олардың әрқайсысын өздерінің атқаратын мансаптарына қарай, құрмет-қошаметпен қамтамасыз етіп, оларды қанағаттандыруға әбден болады. Ал халықтың қалған бөлегі қауіпсіздік жағдайда өмір сүруге риза болатын болса, тиісті тәртіп орнатып, заңдар шығарып, тақсырдың билігін қоғамдық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Тақсыр осыны істеген болса, халық өзіне берілген заңдарды ешкім ешбір жағдайда бұза алмайтынын көрсе, ол тез арада тып-тыныш өмір сүріп, көңілін жайландырады. Франция корольдігі – осының мысалы. Оның тыныш өмір сүретін себебі – ең алдымен оның корольдері бүкіл халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін көздейтін көптеген заңдармен матаулы. Оның құрылысын белгілеген адам француз корольдері әскер мен қазына байлығына ғана өз еркімен билік жүргізсін, ал басқа жағдайлардың барлығында да оның билігі заңның аясында болсын деп белгілеген. Сонымен, өзінің құрылысы пайда болған кезде өз қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген тақсырлар мен республикалар қолайлы жағдай пайда болған кезде-ақ өзін қауіпсіздендіріп алуға тиіс; ежелгі римдіктер дәл осылай істеген. Ондай жағдайды құр жіберген адам істейтін нәрсені істеп алмағаны үшін артынан өкінетін болады. Рим халқы бостандық алған кезде бұзылмағандықтан, ол Бруттың балаларын өлім жазасына кесіп, Тарквинийлер өз ажалдарынан өлгеннен кейін де, біз басқа жерде сөз қылған іс-қимылдар мен тәртіптердің арқасында, сол бостандықты сақтап қала алды. Алайда халық бұзылған болса, Римде де, басқа ешбір елде де бостандықты сақтап қалатын сенімді құрал табылмаған болар еді. Оны біз келесі тарауда көрсетеміз.

XVІІ тарау

Бұзылған халық бостандық алса, оның бостан болып қалуы өте
қиын болады

Мен Римдегі патшалар билігінің құруы қажетікке айналды деп білемін: олай болмаған жағдайда Рим әбден әлсіреп, бишаралық күйге түсетін еді. Өйткені Рим патшаларының бұзылғандығы сондай, егер оларға мұрагер ретінде тағы екі-үш ұрпақ келетін болса және алдыңғыларының бұзылғандығы әулеттің барлық өкілдеріне тарайтын болса, солардың барлығы іріп-шіріп, ақырында Римді қалпына келтіру мүмкін болмай қалған болар еді. Басын жоғалтқанмен, басқа денесі аман болғандықтан, римдіктер еркін де тәртіпті өмірге оп-оңай қайтып орала алды. Бұлжымайтын ақиқат деп түсінетін бір жәйт, тақсырдың билігіндегі бұзылған қала, сол тақсыры бүкіл әулетімен бірге өліп кеткеннің өзінде де, ешқашан бостандыққа қайтып орала алмайды. Керісінше, ондағы бір тақсырды міндетті түрде екінші тақсыр өлтіруі керек. Әлдеқандай басқа бір тақсыр келмейінше, бұл қала ешуақытта шыдап тұра алмайды, ол үшін жаңағы аталған тақсыр өзінің ақыл-парасатымен, ерлігімен ондағы бостандықты қолдап тұруы керек. Алайда ол қаланың бостандығы сол жаңа келген тақсырдың өмірі қанша болса, сонша ғана мерзімге созыла алады. Дионе мен Тилсолеонте тұсындағы Сиракузада дәл солай болды: олардың көзі тірісінде солардың ерлігімен ғана қалада бостандық болды да, олар өлгеннен кейін, қала бұрынғы тиранияға қайтып оралды. Алайда мұндай жағдайға тек Римнің өзі ғана айқын мысал бола алады: Тарквинийлер қуылғаннан кейін-ақ іле-шала ол бостандық алып, оны ұстап тұра алды; ал бірақ Цезарь өлгеннен кейін, Гай Калигула өлгеннен кейін, Нерон өлгеннен кейін және бүкіл Цезарь әулеті қырылғаннан кейін Римнің ешуақытта бостандықты сақтай алмауы былай тұрсын, тіпті оған негіз қалауға да шамасы келмеді. Бір қаланың өміріндегі оқиғалардың барысында мұндай айырмашылықтар тек қана бір себептен: Тарквинийлер

заманында Рим халқының бұзылмағандығынан, ал одан кейінгі кездерде қаланың әбден бұзылып болғандығынан еді. Өйткені ол кезде халықтың патшаларды қуып жіберу жөніндегі бекемдігі мен табандылығын қолдау үшін одан: бұдан былай кім-кімнің Римде патшалық құруына ешқашанда жол бермейміз деген ант алудың өзі жеткілікті еді; ал одан кейінгі жерде Рим халқының Бірінші Брут сияқты қалаға өзі алып берген бостандықты сақтауына тілек білдіруі үшін мына Бруттың және оның бүкіл шығыстық легиондарының беделі де, қаһары да жеткіліксіз болып қалды. Мұның осылай болған себебі – маркандықтар партиясының халыққа алып келген бұзылғандығы еді. Соның басшысы болып алғаннан кейін Цезарь халық бұқарасының көзіне шел қаптатқаны соншалық, олар өз мойындарына өздері кигізген қамытты көрмей қалды. Римнің тарихынан алынған бұл мысалды басқа мысалдардың қайқайсысынан болса да артық көруге болар еді, мен қайткенмен де бұл жөнінде өзіміздің тұсымыздағы халықтардың тәжрибесіне де жүгінгім келеді. Мен былай деп ойлаймын: ешқандай оқиғалар, қаншалықты олар батыл және зорлықты болғанда да, Милан мен Неапольды бостан қыла алмас еді, өйткені олардың барлық мүшелері шіріп кеткен болатын. Бұл жағдай Филиппо Висконти өлгеннен кейін анықталды. Миланға бостандықты қайтарып бергісі келгендер оны сақтай алмады және қалай сақтауды білмеді. Сондықтан Рим патшаларының тез арада азғындап кеткені қаланың үлкен бақыты болды: сол тез бұзылуының арқасында олар қуып тасталып, жұқпалы індет қаланың ішкі тіршілігіне тарап үлгірген жоқ. Римнің азғындамағандығы арқасында ондағы сансыз көп бұлғақтар оған зиянын тигізе алмағаны былай тұрсын, қайта Республикаға пайдалы болды, себебі оның азаматтары игі мақсаттар жолында болды. Сонымен, мынадай қорытынды жасауға болады: материалдың өзі бұзылмаған жерде, бұлғақтардан және басқа алауыздықтардан келетін ешқандай зиян жоқ; ал енді материалы бұзылса ең жақсы жүйеленген заңдардан да пайда жоқ; егер сол заңдарды шығарған адам солардың

орындалуына орасан зор күш-қуат жұмсап, жаңағы бұзылған материал дұрысталғанша қарап отырмаса. Алайда мұндай жағдай болды ма, және ондай болуы жалпы мүмкін бе, – мен оны білмеймін. Өйткені, менің бұдан бұрынырақта айтқанымдай, бір айқын нәрсе: материалдың бұзылғанынан құлдырауға ұшыраған қала ертелі-кеш бір көтерілер болса, ол халықтың бойындағы жақсы тәртіптерді қолдайтын бүкіл қоғамның ерлігі арқылы емес, сол кезде өмір сүрген бір ғана адамның ерлігі арқасында ғана мүмкін бола алады. Ол кісі өлгеннен кейінақ қала сол бойда өзінің бұрынғы қалпына қайта келеді. Фивада жағдай солай болды: Эпаминондтың тірі кезінде, соның ерлігі арқасында, Фива республика түрін сақтап қала алды және империяға ие болды; ал Эпаминонд өлгеннен кейін бұрынғы берекесіз қалпына қайта барды. Мұның себебі – адам өмірінің онша ұзақ болмайтындығында; сондықтан ұзақ уақыт бойы дұрыс құрылмаған қаланы жақсылап қайта құруға оның уақыты жетпей қалады. Ал егер өте көп жасаған билікші немесе оның ержүрек екі ұрпағы қаланы еркін өмірге әзірлеп үлгермесе, менің жоғарыда айтқанымдай, ол сөзсіз құриды; оны қайтадан тірілту үшін сырттан аса үлкен қауіп төнуі керек және өте көп қан төгілуі керек. Өйткені жоғарыда айтылған азғындық және бостан өмірге жете дағдыланбағандық сол қалада үстем болған теңсіздіктен туады, ал онда теңдік орнатқысы келетін адам қайткенде де ең батыл, төтенше шараларға баруы керек; ал ондайға баратын да, ондайды пайдалана алатын да адам сирек кездеседі. Бұл жайында басқа бір жерде айтылады.

XVІІІ тарау

Азғындаған қалаларда еркін құрылыс бар болса, оны қалай
сақтау керек, ал жоқ болса, оны қалай жасау керек

Азғындаған қалада еркін құрылыс бар болса, оны сақтау мүмкін бе, немесе, егер ондай жоқ болса, оны жасауға бола ма – менің ойымша, бұл мәселені қарастыру орынсыз да болмайды және жоғарыдағы ой толғауға қайшы да келмейді. Мен мұның екеуі де өте қиын деген пікірдемін. Және бұл жерде ереже беру – мүлде ақылға сыймайтын іс. Өйткені ол үшін азғындықтың барлық сатыларынан өту керек болар еді; бірақ барлық мәселелерді түгел талқылау қажет болғандықтан, мен мұны орағытып кете алмаймын. Бұл жолдағы қаралатын қиындықтардың ең қалың шоғырланғанын көру үшін әбден азғындаған қаланы алайық: онда жаппай бұзылғандықты ауыздықтайтын ешқандай заң да, тәртіп те болмайды. Өйткені жақсы салттардың сақталуы үшін заңдардың болуы керек, дәл сондай-ақ, заңдардың орындалуы үшін жақсы салттар болуы керек. Оның үстіне, республиканың пайда болған кезінде, адамдар инабатты болған кезде белгіленген тәртіптер мен заңдар кейін, жұрт бұзылған кезде жарамсыз болып қалады. Ал бірақ қаладағы заңдар жағдайға қарай өзгеріп тұратын болса да, тәртіптер ешуақытта өзгермейді немесе өте сирек өзгереді. Сондықтан қабылданатын жаңа заңдар жеткіліксіз болады, өйткені мызғымайтын тәртіптер олардың күшін әлсіретіп жібереді. Осының бәрі түсінікті болу үшін мынаны айтайын: Римде басқарудың немесе, дұрысын айтқанда, мемлекеттік құрылыстың тәртібі болды, ал оның сыртында, – магистраттың көмегімен азаматтарды ауыздықтап отырған заңдар және болды. Мемлекеттік құрылыстың тәртібіне кіретіндер: Халықтың, Сенаттың, Трибундардың, Консулдардың өкімет билігі, магистраттарды ұсыну мен сайлау тәсілдері, заңдарды қабылдау түрі. Бұл тәртіптер сыртқы жағдайларға қарап өзгерген жоқ немесе шамалап қана өзгерді. Азаттарды ауыздықтайтын заңдар өзгеріп тұрды; олар – ашыналық туралы заң, сән-салтанатқа қарсы заң, теріс қылықтарға қарсы және басқа заңдар; ол заңдар азаматтардың бұзылуына қарап, біртіндеп қабылданды. Алайда өзгеріссіз қалып келген мемлекеттік

құрылыстың тәртіптері қоғам жаппай бұзыла бастағанда бұрынғыдай жақсы болудан қалды да, енді адамдарды сол инабатты күйінде сақтау үшін бір ғана заңдарды өзгерту жеткіліксіз болып қалды. Бұл өзгерістер жаңа заңдармен бірге тәртіптер өзгерген жағдайда ғана тиімді түрде қызмет ете алатын еді. Аталған тәртіптер азған қалада игілікті болып қала алмайды деген тұжырымның әділдігіне саяси өмірдің басты екі көрінісінің мысалы арқылы көз жеткізуге болады. Олар – магистраттар сайлау және заңдарды қабылдау туралы тәртіптер. Рим халқы консул атты және басқа маңызды мемлекеттік мансаптарды бұрын соған ынтыққан адамдарға ғана беретін. Бұл тәртіп алғашқы кезде дұрыс болатын, өйткені ондай лауазымдарға өздерін лайықты деп санайтын адамдар ғана құштар болатын: өйткені ынтығып барып өтпей қалу ол кезде масқаралық деп саналатын; сондықтан мемлекеттік мансапты алуға лайықты деп танылу үшін әркім өзін жақсы ұстауға тырысатын. Ал кейінірек, азған қалада бұл дәстүр өте зиянды болып шықты, өйткені онда магистратураға ең инабатты адамдар емес, ең қуатты адамдар ұмтылатын болды; ал күшті азаматтар, қаншама ержүрек болған күннің өзінде, жүрексініп, өздеріне мансап талап етуден тежелетін болды. Бұл пәле бірден бола қойған жоқ, барлық пәлелер сияқты біртіндеп орнықты. Африка мен Азияны жеңіп, Грекияны түгелге жақын бағындырып алғаннан кейін, енді өзінде қауіптенетіндей жау бар деп ойлаған жоқ. Халықтың өз бостандығы қамтамасыз етілді деген осы сенімі, сондай-ақ сыртқы жауларының әлсіздігі мынаған апарып соқты: Рим халқы консулат қызметін бергенде, енді ерлікке қарамай, жылпостыққа қарайтын болды да, бұл лауазымға жауын жеңе білетіндерді емес, азаматтарды кім жақсылап майландыра білсе, соларды сайлайтын болды. Одан кейін Рим халқы жылпостардан төмен қарай құлдырап, ең қуаттыларды консул жасауға дейін барды. Сөйтіп, мемлекеттік құрылыс тәртіптерінің біреуінен бастап

мемлекеттік мансаптардың барлығына дейін инабатты азаматтар түгел аластатылды. Бір кезде Трибун, тіпті кез-келген азамат Халыққа заң ұсына алатын; сол ұсынылған заң жөнінде белгілі шешім қабылдағанша сол заңды жақтап немесе оған қарсы кез-келген азамат пікір айта алатын. Және мұндай тәртіп азаматтардың өзі инабатты болып тұрған кезде ғана жақсы еді; өйткені қоғамдық игілікті ойлаған әрбір адамның өз пікірлерін көпшіліктің талқысына салуға мүмкіндігі болса, ол әрқашанда жақсы; ол пікірлер жөнінде кез келген адам өз пікірін айта алса, және жақсы, сонда халық солардың бәрін тыңдап, ең жақсы деген ұсынысқа тоқтай алады. Алайда азаматтар есірік болған кезде, мұндай тәртіп мүлде жарамсыз болып қалды; өйткені ендігі заңдарды тек қуаттылар ғана ұсынатын болды және олар жалпы бостандықты көздеп емес, тек өздерінің күш-қуатын көздеп қана ұсынатын болды; және солардан қорыққандықтан олардың заңдарына ешкім қарсы шыға алмайтын болды. Сөйтіп, халық не алданғандықтан, немесе зорлыққа көніп, мәжбүр болғандықтан олардың өзін-өзі құртуға апаратын шешімдер қабылдауына тура келді. Демек, Римнің сол азған күннің өзінде бостандықты сақтап қалуы үшін, өз өмірінің барысында жаңа заңдар жасай отырып, солармен бірге жаңа тәртіптер белгілеуі қажет болды; өйткені әрі бұзық, әрі түзік мақұлық үшін әртүрлі тәртіптер мен өмір салтын жасау қажет: материя барлық жағынан әртүрлі болғанда түрі ұқсас болуы мүмкін емес. Алайда бұл сияқты тәртіптерді, олардың жарамсыздығы айқын байқалған кезде, не бәрін бірден біржола жаңарту керек, немесе олардың әрқайсысының жарамсыздығы біліне бастаған сайын, біртіндеп өзгерту керек болғандықтан, мен айтар едім, мұның екеуі де мүмкін емес. Өйткені мемлекеттік құрылысты біртіндеп жаңарту үшін оны білікті адам жүзеге асыруы қажет; сонда ол мемлекеттік құрылыстың белгілі бір саласындағы кемшілікті жаңа ғана білініп келе жатқанда алдын-ала біліп отырады. Ал мұндай адам қалада ешқашанда табылмауы әбден ықтимал;

тіпті ондай адам табыла қалған күннің өзінде, оның өзіне ап-айқын болып тұрған нәрсеге ол бәрібір басқалардың көзін жеткізе алмас еді; өйткені адамдар белгілі өмір салтына бойлары үйреніп қалғаннан кейін, оны өзгерте бергісі келмейді, әсіресе олар бір пәлеге бетпе-бет кездесіп қалғанда болмаса; сондықтан оларға бұл туралы тек ұсыныстарға сүйеніп қана айтуға тура келеді. Ал енді аталған тәртіптердің жарамсыздығы жұрттың бәріне айқын болған кезде, оларды кенеттен өзгерту жайына келетін болсақ, онда менің айтарым: сондай бұзылысты түсіну оңай болғанмен, түзету қиынға соғады; өйткені ол үшін үйреншікті жолдарды қолдану жеткіліксіз, себебі – сол үйреншікті жолдардың өзі бұзылып біткен – бұл жерде төтенше шараларды қолдануға, зорлыққа және қаруға жүгінуге тура келеді; ол үшін ең алдымен осы қаланың тақсыры болып, ондағы барлық істе өзінің қалауымен жарлықтар беруге мүмкіндігі болуы керек. Қаладағы саяси өмірді қалпына келтіру ісі ізгі адамның болуын талап ететіндіктен, ал республикадағы тақсырдың билігін зорлықпен тартып алу зұлым адамның ісі болғандықтан, ізгі адамның тіпті игі мақсаттарды көздеген күннің өзінде зұлымдықтың жолына түсіп тақсыр болуы өте сирек болады. Сондай-ақ зұлым адамның тақсыр болғаннан кейін ізгілік істер тындыруды тілеуі де және оған өзі теріс ыңғай құралдармен алған билігін игілік жолына пайдаланайын деген ойдың келуі де тым сирек болады. Осы айтылғандардың барлығынан туатын қорытынды – азғындаған қалаларда республиканы сақтап қалу немесе оны жаңадан құру – қиын, тіпті мүмкін емес іс. Ал егерде онда республиканы қайткен күнде құруға немесе қолдауға тура келсе, онда демократиялықтан гөрі монархиялық тәртіп енгізу қажет болар еді; сонда оның шектен шығып кеткен адамдарын заңмен түзетуге болмаса, патшалық тәрізді өкімет билігінің күшімен ауыздықтауға тура келер еді. Оларды басқа жолдармен ізгі етемін деп талаптану мейлінше қатал және нәтижесіз іс болып шығар еді; оны мен

Клеоменнің тәжірибесіне сүйене отырып, бұрын да айтқанмын. Ол билікті жалғыз өзі иемдену үшін Эфорларды өлтірді. Дәл сондай себеппен Ромул – бауырын және Тит Таций Сабаниді өлтірді. Кейіннен Ромул да, Клеомен де өз биліктерін жақсылап пайдаланғандарымен, олардың екеуі де біз осы тарауда әңгіме еткен азғындықпен бұзылған материалдармен істес болғанын тағы да атап өтпей кете алмаймын. Сондықтан да олар ойларын жеріне жеткізу үшін ерлік-жігер көрсете алды.

XXV тарау

Кімде-кім ескі құрылысты бостан мемлекетке өзгерткісі келсе,
онда ең болмаса ескі салттардың елесін қалдыратын болсын

Әлдебір қаланың мемлекеттік құрылысын қайта өзгеткісі келсе немесе оған ұмтылса және сол өзгерісті жұрттың бәрі мақұлдап қарсы алып, қолдасын десе, ескі салттардың ең болмаса көлеңкесін сақтап қалуы керек, сонда жаңа тәртіптер бұрынғыға мүлде ұқсамайтын болса да, халық тәртіптің өзгергенін байқамай қалады. Өйткені адамдар шын мәнісіндегі барға емес, соның елесіне ғана мәз болады. Міне сондықтан да римдіктер өздерінің бостан өмірінің бастауында қажеттікті сезді де, бір патшаны сайлап қойылатын екі Консулға ауыстырды; Бірақ Консулдардағы ликторлардың саны он екіден аспасын деді, сондағы ойлары патшаның қасындағы ликторлар санынан асырмау болатын. Сонымен бірге, бұрын Римде жыл сайын Құрбан шалынатын, оны тек қана патша өз қолымен шалатын; ал римдіктер, патшаның жоқ кезінде халық соның ескі заманын көксемесін дегендей, сол құрбанды өз қолымен шалатын арнайы адам сайлады да, оны Құрбан-ата деп атады; сонсоң оны бас Жәдігөйге бағындырды. Сонымен, халық құрбан шалу салтынан да айрылған жоқ, құрбан шалатын адам іздеп патшаны да жоқтамайтын болды. Кімде-кім

қалада ескі құрылысты жойып, жаңа, еркін өмір орнатамын десе, осы әдісті қолданатын болуы керек. Сондықтан, жаңа тәртіптер адамдардың санасын өзгерте тұрса да, өзгерген тәртіптерде ескінің жұрнақтары көбірек сақталғаны жөн. Егер магистратуралардың саны, өкілдігі және мерзімі өзгеретін болса да, олардың аттары сақталып қалуын қадағалау кеерк. Кімде-кім республика немесе монархия орнату арқылы саяси өмірді өзгерткісі келсе, осы айтылғандардың бәрін қолдануы керек; ал енді кімде-кім жазушылар тирандық деп атап жүрген абсолюттік өкімет билігін орнатуды ойласа, солардың барлығын да өзгертуге тиіс. Ол жайында келесі тарауда әңгіме болады.

XXVІ тарау

Басып алған қаласында немесе мемлекетінде жаңа тақсыр
барлығын да жаңаша өзгертуге тиіс

Әлдекім әлдебір немесе қаланың тақсыры болған жағдайда, әсіресе онда өзіне берік тірек болмаса, ал өзі не монархиялық, не республикалық азаматтық құрылысқа бейім болмаса, ол өзі жаңа тақсыр болғандықтан, ол үшін өкімет билігін ұстап тұрудың ең сенімді жолы – бұл мемлекеттегі барлық нәрсенің бәрін жаңаша етіп өзгерту: қалаларда жаңаша бір атпен жаңа үкіметтер құру, оған жаңаша өкілдіктер беріп, бастарына жаңа адамдарды отырғызу; Давидтің патша болғанынан кейін істегені сияқты, байларды – кедей, кедейлерді бай ету; ашқарақтарды игілікке бөктіру де, баюға айналғандарды бәрінен жұрдай қылып қаңғыртып жіберу; және сонымен қатар – жаңа қалалар салып, ескілерін қирату, тұрғындарды бір жерден екінші жерге көшіру, – қысқасы, бұл елде ешнәрсені бұрынғы қалпында қалдырмау. Ол елде өзінің өмірде болғаны үшін оған қарыздар болмайтын бірде-бір атақ, бірде-бір мекеме, бірде-бір мүлік, бірде-бір

байлық қалмайтын болсын. Ол нақ осындай жолмен болмашы ғана патшадан бүкіл Грекияның билеуші тақсырына айналған Филипп Македонскийді (Александрдың әкесін) өзіне үлгі етіп алуы керек. Ол жайында жазған автордың айтуына қарағанда, ол тұрғындарды бір елден екінші елге қуғанда, кәдімгі өзінің малдарын айдаған бақташы сияқты болған. Мұндай шаралар шектен шыққан қаталдығымен қандай да бір өмір салтына, тек қана христиандық емес, жалпы аздамзаттық дәстүрге жат болып табылады. Кім болса да ондайдан қашып жүруі керек: сансыз көп адамдарды қырғынға ұшыратып барып монарх болғанша, оңаша өмір сүрген көп артық. Солай болғанмен де, ілгеріректе айтылған игілік жолын қаламаған адам, сол жамандыққа белшеден батуға тиіс. Бірақ адам әлдеқандай бір аралық жолды таңдайды; онысы солардың ішіндегі ең апаттысы болып шығады: өйткені олар не есерсоқ бола алмайды, не жақсы бола алмайды; оның мысалдары келесі тарауда айтылады.

Екінші кітап

ІІ тарау

Римдіктер қандай халықтармен соғысты және ол халықтар өз
бостандығын қалай қорғады

Римдіктердің, алыс жерлерді сөз қылмай-ақ өздеріне көрші елдердің халықтарын жаулағанда ең зор қиындық келтірген нәрсе – сол кездердегі көптеген халықтардың өз бостандығына деген сүйіспеншілігі еді. Солардың еркін өмірлерін қорғағандағы көрсеткен табандылығы сондай, егер жаулаушылары ерекше өжет, ержүрек болмаса, олар ешқашан да құлдыққа түспеген болар еді. Сол кездегі халықтар өздерінің бостандығын

сақтап қалу үшін немесе одан айрылып қалғанда қайтарып алу үшін бастарын қандай қауіп-қатерге байлағандығын, өз тәуелсіздігіне қол сұғушылардан қалайша кек алғандығын дәлелдейтін көп-көп мысалдар бар. Сол сияқты халықтар мен қалаларға құлдықтың қаншалықты қасірет әкелетінін де тарихтың тағылымы айқын көз жеткізеді. Қазіргі кезде бір ғана ел тіршілік ететін жерде қаншама бостан қалалар бар деп таңырқасаң, ежелгі заманда барлық елдерде де мүлде бостан халықтардың толып жатқан түрлері тіршілік еткен. Біз қазір сөз қылып отырған сонау бағзы замандарда Италияда, қазірде Тоскананы Ломбардиядан бөліп тұрған Альпы тауларынан бастап оңтүстіктегі шекараларына дейін көптеген бостан халықтар өмір сүрген. Олар тоскандар, римдіктер, самниттер және Италияның қалған жерлерін мекендеген басқа да халықтар болған. Ол кезде Италияда Рим патшаларынан және Тоскананың патшасы Порсенадан басқа әлдеқандай бір патшалар болыпты деген ешқандай мәлімет жоқ. Ал Порсенаның әулеті құрып кеткен екен, бірақ оның да қашан, қалай құрығаны жайында тарих ештеңе айтпайды. Солай бола тұрса да, бізге өте айқын бір жәйт – римдіктер Вейяларды қоршап жатқанда, Тоскана бостан болып алған және сол бостандыққа өздері сондай қуанышты болған; ал тақсыр деген аттың өзін соншалықты жек көрген. Сол себептен де вейялықтар өздерін қорғау үшін Вейяда патша сайлап алып, одан кейін римдіктерге қарсы көмек сұрап, тосканалықтарға сөз салғанда, олар ұзақ ақылдаса келіп, вейялықтарға көмектеспеуге шешім қабылдаған: сондағы келтірген дәлелдері – олар патшаның қоластында отыр, өз отанын басқаның еркіне беріп қойған адамдарға көмектесуге болмайды деген. Халықтың бостан өмірге не себепті осыншалықты сүйіспеншілікпен қарайтынын түсіну қиын емес. Қалалардың өз иеліктерін кеңейтіп, қазына байлықтарын молайтуы тек қана бостандық жағдайда ғана мүмкін

болатыны тәжірибеден белгілі. Расында да, Афина Писистраттың тирандығынан азат етілгеннен кейінгі жүз жыл бойында қандай ұлылық мәртебеге жеткенін ойлағанда таңданбасқа болмайды. Патшалардан азат болғаннан кейінгі Римнің қол жеткізген ұлылығы одан да зор болды. Мұның себебін түсіну оңай: қалаларды ұлылықа жеткізетін нәрсе – жеке бастың қамы емес, жалпы жұрттың игілігі жолындағы қамқорлық. Ал баршаның игілігі – тек республикаларда ғана есепке алынатын ұғым. Өйткені баршаның игілігі дегенде көзделетін мақсат тек республика көлемінде ғана жүзеге асырылады; мұның өзі кейбір жеке адамдардың мүддесіне нұқсан келтіріп жатса да оқа емес. Мұндай игілік сансыз көп азаматтардың пайдасы үшін істеліп жатқанда, оны азын-аулақ адамдардың мүддесіне келтірілген зиянмен әсте де салыстыруға болмайды. Тақсыр билеген жерлердегі жағдай бұған мүлде керісінше болады. Онда көбінесе тақсырдың пайдасына істелген іс қалаға зиян келтіреді, ал қаланың көркеюін көздеген нәрсе тақсырға ұнамсыз болып шығады. Демек, бостандық өмір тирандықпен алмасқан жағдайдағы қырсықтан ең аз дегеннің өзінде қалалар ілгері дамымай қалады, олар өздерінің күшқуаты мен байлығын молайта алмайды. Қайта, олар көбінесе, тіпті әрдайым кері кетеді. Тіпті кездейсоқ жағдаймен билік басына бір өжет тиран келе қалса және ол өзінің ержүректігімен және қарулы күшімен өз аумағының шекарасын кеңейткен болса, бұл бәрібір бүкіл республиканың пайдасына шықпайды, бір ғана сол билікшінің жеке басының пайдасына шығады. Тиран өз қоластындағы байсалды да парасатты адамдардың бірде-біреуін қадірлеп әспеттемейді, қайта, оған күдіктене қарап, сенімсіздік көрсетеді. Сондай-ақ ол өзі тирандық етіп тұрған қалаға басқа қалаларды бағындырмайды да, олардан алым да алмайды, себебі – ол өзінің қаласын күшейтуді қаламайды: оған мемлекетті ыдыратып ұстау тиімді, сонда олардың әрқайсысы да оны бірден-бір мырзамыз деп танитын болады.

Міне сондықтан да оның жаулап алған жерлерінен пайда көретін отаны емес, билікшінің тек өзі ғана болып шығады. Кімде-кім осы пікірді басқа деректер арқылы қосымша растағысы келсе, ол Ксенофонттың “Тирандық туралы” трактатын оқып көрсін. Міне сондықтан да ежелгі халықтар тирандарды өте жек көріп, оларды қуғынға ұшыратқан, ал бостан өмірді соншалықты жақсы көрген; тіпті бостандық деген сөздің өзін олар құрметпен атайтын болған. Соның бір мысалы мынадай: Сиракузада Гиерон Сиракузның немересі Гиероним қаза болғанда, Сиракузаға таяу жердегі әскерлер осы хабарды естіп, алғашында соны өлтірген адамға наразылық білдіреді, оған қарсы аттанбақшы болады; бірақ Сиракузада бостандық жарияланды, өлтірушілерге қарсы наразылықтар басыла қалады. Онымен де қоймай, өз қалаларында сондай бостан өмірге қалай жетудің жолын ойластыра бастайды. Өзін бостандықтан айырған адамға халық қатты ашынып, одан кек алатын болған. Оның да мысалдары жеткілікті; мен Пелопеннес соғысы кезіндегі гректің Керкар деген қаласында болған оқиғаны ғана келтіргім келеді. Ол кезде бүкіл Грекия екі партияға бөлініп, бірі Афина жағында болған да, екіншісі спарталықтарды жақтаған; соның салдарынан көптеген қалалар да екі партияға бөлініп, біразы Спартамен достасуға, қалғандары Афинаның жағында болуға тырысқан. Содан былай болған: осы қалада нобильдер басым түсіп, халықтың бостандығын тартып алған кезде, халықтық партия афиналықтар көмегімен күш жинап, байбатшалардың барлығын тұтқындаған да, нобильдерді бір үлкен абақтыға апарып қамаған. Содан кейін оларды сегіз-он адамнан топтап, басқа жаққа қуып жібереміз деген сылтаумен абақтыдан шығарып алып, өлтіре бастаған және бұл тұста қатты қаталдық көрсеткен. Осыны сезіп қалған іштегі тұтқындар мұндай қорлықты өлімнен құтылмақ болып, қолдарына не түссе сонымен қаруланып, абақтының есігін қорғауға кіріскен, ішке кірмек болғандарға қарсылық көрсетіп, жанжалға шыққан. Осы шуға жиналған

халық абақтының төбесін бұзып құлатқанда, ұстаудағы нобильдердің қалғаны түгелдей үйіндінің астында қалып қырылған. Грекияда бұдан кейін де көптеген естен кетпес жан түршігерлік оқиғалар болған. Осының барлығынан байқалатыны – бостандыққа жету жолындағы айқастан гөрі адамдар айрылып қалған бостандығын қайтарып алу жолында қаттырақ ашынып, ол үшін белсене күресетін болған. Халық ертеде өткен ежелгі замандарда бостандықты қазіргіден гөрі не себепті көбірек қадірлеген деген сұрақ төңірегінде ой толғап келіп, мен мынадай қорытынды түйемін: мұның осылай болған себебі – қазіргі адамдар ондағылардан әлсізденіп кеткен; ал мұның себебі – менің ойымша, біздің тәрбиеміздің ежелгі адамдардың тәрбиесінен өзгеше болып кеткендігінде; ал бұл өзгерістің негізі – біздің дініміздің антик дінінен өзгешелігінде жатыр. Біздің дініміз бізге ақиқатты ашып, шынайы ақиқат жолын нұсқағанда, бізге бұл дүниелік атақ-даңқты кем бағалауға итермелейді. Ал мәжусилер оны өте жоғары бағалаған, игіліктің ең биік мәртебесі сонда деп білген. Сондықтан да олар өздерінің іс-әрекеттерінде анағұрлым қатал болған. Мәжусилердің құрбан шалғандағы тамашаларынан бастап, біздің діни әдет-ғұрыптарымыздың қарапайымдығына дейінгі көптеген низамдар мен дәстүрлерді қарастырып келгенде, біз осыған көз жеткіземіз; біздің діни әдет-ғұрыптарымызда кейбір сән-салтанаттылық сипат бар, бірақ оларда асқақтықтан гөрі астамшылық басым сияқты, алайда қаталдық пен қайсарлықтан түк ныспы жоқ. Ежелгілердің ғұрыптарында сән-салтанаттан да, асқақтықтан да кемдік жоқ, бірақ сонымен бірге олар қанқұйлы, қатал құрбандықтармен қат-қабат жүргізіліп отырған, көп малды қырып салатын болған. Мұның өзі жантүршігерлік көрініске айналған, сондайдан адамдардың өздерінің де аяусыз қаталдыққа бойлары үйреніп кеткен. Сонымен қатар, антик діні бұл дүниенің атақ-даңққа бөленген адамдарын – қолбасылар мен республика билікшілерін ғана әулиелер қатарына жатқызған. Ал біздің дініміз қайраткерлерден гөрі монтанылар

мен момақан момындарды ғана мадақтауға бейім. Біздің дін монтанылықты, төменшектікті және пенделік қам-қарекеттен безгендікті ең мәртебелі игілік деп есептейді; ал антик дін ең мәртебелі игілікке рухтың ұлылығын, адамның қара күшін, адам баласына ерекше күш-қайрат беретін қасиеттердің барлығын жатқызатын болған. Ал біздің дін бізден күш-қайратты талап етсе, оны біздің әлдеқандай бір қайсар ерлік істер жасауымыз үшін емес, көнбіс, төзімшіл болуымыз үшін талап ететін болған. Осындайлық өмір салты, менің ойымша, дүниені әлжуаз етіп, алаяқтардың билігіне беріп қойған: олар адамдардың бар ойлағаны жұмаққа бару екенін, сондықтан бұл өмірде қандай қорлыққа да шыдауға әзір екенін, тіпті жеген таяқтары үшін кек алуды да ойламайтынын білгендіктен, өздері ешкімнен қорықпай-үрікпей ойларына келгендерін істеді. Сондықтан қазір бүкіл дүние қатын мінезденіп, аспан қаһарынан айрылса, соның себебі сөз жоқ, біздің дінімізді ерліктен гөрі сауыққой серілікке қарай бейімдеген ездердің жексұрын жүрексіздігі деп білу керек. Егер олар біздің дініміз отанды ардақтап, онда олар діннің уағыздайтынын естен шығармаған болса, онда олар діннің бізден сол отанды сүйе білуді, құрметтеуді талап ететінін және соны қорғауға әзір болуды талап ететінін көрер еді. Тәрбиенің нақ осылай болғандығынан, дінімізді соншалықты теріс түсіндіргендіктен ежелгі заманғы республикалар саны кеміп кетті, соның салдарынан халықта бостандыққа деген сүйіспеншілік те сол замандағыдай күшті емес. Менің пайымдауымша мұндай жағдайға тағы бір үлкен себеп болған нәрсе мынау еді: Рим империясы өзінің әскері мен күш-қуатына сүйеніп, барлық республикаларды және ерікті қоғамдық өмір атаулының бәрін тұншықтырды. Бірақ сол Империя күйрегеннен кейін де, соның аймағындағы қалалар, азын-аулағы ғана болмаса, аяқтарынан тік тұрып көтеріліп те кете алмады, өздерінде азаматтық қоғам құрылысын қайтадан жөнге де келтіре алмады.

Қалай болғанда да, римдіктер дүниенің қай түкпірінде болса да, тіпті ең аулақ аймақтарында да, жеке республикалар тарапынан қарулы қарсылыққа тап болды, ал анау республикалар біртұтас болып бірігіп алып, өздерінің бостандығын қорғады. Егер де Рим халқы соншалықты сирек кездесетін ерекше ер болмаса, соларды ешуақытта бағындыра алмаған болар еді. Бұған мысал ретінде, меніңше, самниттерді келтірсе де жетіп жатыр. Олар керемет халық болған, мұны Тит Ливийдің өзі де мойындайды. Олардың күш-қуатының өте мол, әскерінің өте жақсы болғандығы сондай, ол римдіктерге тура бірінші Папирийдің баласы Папирий Курсордың консулдығына дейін (басқаша айтқанда, қырық алты жылдың бойына) қарсылық көрсете алған; ал осының өзі талай жеңілістерден кейін, әскерлері талай рет талқандалып, құлазығаннан кейін, елін талай рет топан су басып, талай рет таланып-тоналғаннан кейін болған жағдай. Бір кезде көптеген қалалары болған, өте көп халық мекендеген ел енді құлазыған шөл ғана сияқты болып қалған-ды; бұрын сондай абатты, соншалықты күшті болған ел, егер Римнің жаужүректері келіп бас салмаса, басқа ешкімнен жеңілмейтін еді. Мұның сол кездегі абаттанған ажары қайдан келіп еді, ал қазіргі күйзелген көрініске кім душар етті, – оны түсіну қиын емес: бұрын ондағы барлық жетіскендік еркін өмірден бастау алатын, ал қазір барлық құрдымның саяр жері – құлдық тірлік болып кетті. Жоғарыда айтылып кеткендей, барлық жағынан түп-түгел бостан жерлер мен елдердің бәрі де ілгері басады. Олардың халқы да көп болады, өйткені некелесу еркін, сондықтан үйленуге бәрі де құштар; егер баламызды қалай асыраймыз деп сары уайымға салынбаса, ұрпақ та көбейе беретіні түсінікті; олардың еншіге тиген мүлкін ешкім тартып алмайтын болса, егер балалары күні ертең құлдықтың құрсауын кимей, атпал азамат болып ер жететініне көздері жетіп тұрса, ол түгіл, өздерінің ерлік жігері арқасында мемлекеттің маңдай алды адамы болып өсеріне сенімді болса, әлбетте, ондай елдің көркейе беруіне жол ашық.

Ондай елдердің қазына-байлығы да үнемі молая береді – халқы егіншілікпен айналысса да, ол байлық қол өнерімен жасалса да бәрібір. Ондай елдерде әрбір адам ойланбай-ақ игілікке ұмтылады және соған қол жеткізеді – күні ертең соның қызығын көретініне күмәнданбайды. Ақырында елдің барлық азаматтары бірдей ат салысып, жалқының да, жалпының да мүддесін қатар ойлап, ілгері қарай құлшынып ұмтылғандықтан, бәрінің де әл-ауқаты бірдей артады. Құлдыққа түскен елдің тіршілігі бұған мүлде керісінше. Ал құлдық құрсауы барған сайын тарылып, ауырлай түскен сайын тұрмыс та қараң. Ал енді сондай құлдық түрінің ең ауыры республика жағдайында болады. Біріншіден оның себебі – ондағы құлдық мерзімі өте ұзақ, азаттыққа үміт өте аз. Екіншіден, өзінің күш-қуатын молайту үшін республика барлық халқын әбден қалжыратып, діңкелерін құрта береді. Ешқандай тақсыр, егер ол тақсыр болмай, – мейлі сойқаншы жабайы болсын, Шығыстың қаныпезер билікшілеріндей, елдерді жұтатушы, адамзат өркениятын талқандаушы болсын, – сені дәл анадай өзіне бағындыра алмас еді. Ал егер тақсыр адамгершіл болса, бойында табиғатқа жат кесірлі кесапаттары болмаса, онда ол өзіне бағынған қалаларды өз меншігіндей жақсы көріп, ондағы барлық цехтарды, ескі тәртіптердің барлығын дерлік өз қалпында сақтап қалар еді. Демек, ондай қалалар да бостандардай емінеркін өсіп-өркендеп кетпесе де, дәл жаңағы құлдыққа түскен қалалардай құрып кетпес еді. Бұл жерде мен құлдық туралы айтқанда, жат жұрттықтар келіп құлдыққа айналдырған қалаларды сөз қылып отырмын; ал енді өзінің азаматы құлдыққа түсірген елдер турлы жоғарыда айтқанмын. Мінеки, сол жоғарыда айтылған жәйттерді кімде-кім еске алса, самниттердің бостан кезде қандай қуатты болғанына, ал құлдыққа түскеннен кейін қандайлық әлсірегеніне таңдана қоймас еді. Тит Ливий бұл жайында көп жерлерде, әсіресе Ганнибалмен арадағы соғыс туралы баяндағанда жеткізе айтады. Мұнда ол мынадай оқиғаны әңгімелейді: Нолде тұрған легионнан қыспақ көрген самниттер көмек сұрап Ганнибалға

елшілер жіберген. Елшілер өз сөздерінде былай деген: самниттер солдаттарының, өз қолбасыларының күшімен римдіктерге қарсы жүз жыл шайқасты; бір кезде олар екі Консулдың әскерлеріне және екі Консулдың өзіне талай рет қосарлап соққы беріп еді, енді міне сондай бишаралық күйге түсіп, Нолде тұрған Римнің шағын ғана легионынан да қорғана алмай отыр.

Аударма “Никколо Макиавелли. Государь.
Рассуждения о первой декаде Тита Ливия. СПб.
2004” басылымынан жасалды. Қазақшалаған Жұ-
мағали ЫСМАҒҰЛОВ.

Эразм Ротердами

БЕЙБІТШІЛІК ЗАРЫ

(Латынша – Дезидерий, ал шын аты – Герхард Герхардс). (1469– 1536) – философ, дін ғұламасы, ғалым-гуманист, “Солтүстік Қайта өрлеуінің” өкілі. Роттердам қаласында (Нидерланды) туған. Париж университетінде білім алған. “Иса Мәсіх философиясы” деп аталатын ілімнің негізін салған. Оның мәнісі – алғашқы христиандық ілім мен мұраттарды қалпына келтіру, өмірдің барлық саласында “түп негізге қайтып оралу”. Өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастары жағынан ол күшті де қуатты, бірақ ағартушылық және адамгершілік бағыттағы монархиялық өкіметті жақтаған, бірақ сөйте тұра өзін-өзі басқаратын қалалық қауымдарға да бүйрегі бұрып отырған. Оның саяси көзқарастарының айрықша бір белгісі – бейбітшілдік. “Бейбітшілік зарының” мәтінінен байқалатындай, ол соғыс атаулыны барып тұрған зұлымдық, адамгершілікті таптау деп санайды. Ол феодалдық билеушілерді, әскерилерді, сондай-ақ жақынын сүюге шақыратын, ал іс жүзінде басқыншылық пен зорлық-зомбылықты қолдап отыратын шіркеу қызметшілерін өлтіре сынады. Шіркеу оның кітаптарын тыйым салынған деп жариялады. Эразм Роттердамидың шығармашылығы Еуропадағы Реформацияны идеологиялық жағынан дайындауға жәрдемдесті, бірақ оның өзі Реформацияны қабылдай қоймады; оны шошытқан Мартин Лютердің фанатизмі мен оның ерік басыбайлылығы жөніндегі адамгершілікке жат догматы еді. Әлеуметтік және саяси ой тарихына Эразм Роттердами бейбітшіліктің жалынды жаршысы және антик дәуірі мен алғашқы христиандық идеялары мен дәстүрлері астасқан “христиан гуманизмінің” Еуропадағы жетекшісі ретінде енді.

[...] Жылпос та ақылды адамдар өздерінің сорына бола ойлап табатын ат-көпір ақталудан әбден құлағым сарсыды. Олар талас-тартыстарға амалсыз араластым, өз еркімнен тыс соғысуға мәжбүр болдым деп зарлайды. Ондай сылтауларыңыз бен ақталуларыңызды қойыңыздар, көлгірсуді доғарыңыздар! Өз жаныңыз бен ұжданыңызға үңіліп байқаңыз: сіздерді итермелейтін ешқандай да қажеттілік емес, ашу-ыза, мақтанқұмарлық пен ақымақтық екенін аңғарасыздар. [...] Егер мұндай келіспеушіліктер тақсырлар арасында болса, сол үшін оларды соғыс ашуға итермелейтін не? Заңдар бар ғой, ғалымдар бар ғой, құрметті аббаттар,

құрметті епископтар бар ғой, солардың абзал ақыл-кеңестері қандай келіспеушілікті де жөнге салып, реттеп жіберер еді ғой? Тақсырлар соларды неге төрелікке шақырмайды? Тіпті сол қазылар бұра тартқанның өзінде де, одан келетін зиян қандай соғыстың зардаптарынан да жеңіл болар еді ғой. Ең нашар бейбітшіліктің өзі ең сәтті соғыстан артық! Әуелі соғыстың зардаптары қандай болатынын еске түсіріп көріңіздер, сонда сіздер үшін бейбіт өмірдің қаншалықты пайдалы екендігін бірден байқайсыздар. [...] Ал соғыс болмай қоймайтын жағдайда оны соғыстың барлық зардаптары тек соғысқұмарлардың өз бастарына түсетіндей етіп жүргізу керек. Қазір соғыстарды тақсырлар бастайды да, өздері тасада қалады, олардың әскербасылары атақ-даңққа бөленіп жатады, ал соғыстың барлық дерлік сұмдығы мен шығындары соғысты ойламаған, оған ешқандай ілік бермеген егіншілер мен қара халықтың мойнына түседі. Осыны түсінбейтін болса тақсырдың кемеңгерлігі қайсы? Мұндай іске соншалық жеңіл-желпі қарайтын болса, оның ақыл-парасаты қайсы? Мемлекеттердің шекаралары қайта-қайта өзгере бермей, тұрақты болуының амалын табу керек; өйткені мемлекеттік шекараның өзгере беруі бұлғаққа, бұлғақ – соғысқа ұрындырады. Корольдің мұрагерін өз елінің қызына үйленетін ету оп-оңай ғой, ал егер ол алда-жалда шетелдік аруға үйленгісі келсе, онда оның тақтан үміті біржола жойылатындай етілуге тиіс. Дәл сол сияқты тақсыр өзінің қоластындағы әлдеқандай жердің бір бөлігін, еркін қалалар нақ бір соның жеке меншігі секілді, тарту етуі немесе сатып жіберуі заңсыз деп табылсын, өйткені еркін қалаларды корольдер басқарады, ал құлдыққа түскен қалалар тирандардың езгісінен зарлайды. Қазіргі кезде тақсырлардың бейберекет некелерінің арқасында ирланд болып туған адам Үндістанды басқарады, немесе айталық сириялықтарды басқарған біреу кенеттен Англияның королі болып шыға келеді. Осының салдарынан ол тастап кеткен бір мемлекет басқарушысыз қалады, ал екіншісінде бұл тақсырды ешкім білмейді, басқа дүниеде туған адам

сияқты көрінеді. Жаңа мемлекетке ие болып, оны өз білгенінше өзгертіп, орын тебе бастаған ол, бір мезгілде өзі кеткен елді тонап, титықтатады. Ал кейде ол бір мемлекетті дұрыстап басқара алмай отырып, екі мемлекетті де уысында ұстауға тырысып бағады, бірақ онысынан ештеңе шықпайды, екеуінен де айрылады. Сондықтан тақсырлар қайсысы қай елді басқарып, билейтінін, бір жолы өздеріне сеніп тапсырылған иеліктердің шекараларын ешқандай айла-шарғы ұлғайта немесе кішірейте алмайтынын, ешқандай федерация немесе лига оларды қайыршылыққа ұшыратып жоя алмайтынын үзілді-кесілді келісіп алуы керек. Тақсырлардың әрқайсысы өз иеліктерінің гүлденіп-көркеюіне жәрдемдесу үшін бар күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етуге тиіс. Өздерінің бүкіл тәжірибесі мен бүкіл парасатын тек сол иелігіне жұмсап, ол елді өз балаларына бар байлық пен игілікке молыққан күйінде қалдыру үшін барлығын да істеуге тиіс. Міне осылайша барлық жерде барлығы да шешек атып, гүлденетін болады. Ал тақсырлар бір-бірімен туыстық, оңғақ жолдастық қатынаста емес, нағыз таза, шынайы достық байланыста, одан да гөрі жаппай дәулеттілікке жәрдемдесеміз деген ортақ та бірдей ниетпен байланыста болуға тиіс. Тақсырға туыстық жағынан кім нағыз жақын болса, немесе дауыс беру арқылы халық кімді қолайлы деп тапса, сол тақ мұрагері болсын, және де бұл адал адамдар арасында, текті адамдар жасайтынындай, басқалар үшін тақтан бас тарту жеткілікті болсын. Нағыз корольдің басты қасиеті – жеке басының мүддесін жиып қойып, баршасына бүкіл халықтық, жалпыға бірдей халық мүддесі, халық пайдасы тұрғысынан қарау. [...] Соғыстың сылтау-себептерін іле-шала жойып отыру керек. Көптеген талас-тартыстар мен қақтығыстарды туындатпау үшін кейбір нәрсеге кешіріммен қарау керек, өйткені өзгеге ілтипат – өзіңе ілтипат. Кейде бейбітшілік сатып алынуға да тиіс. Соғыстың зардаптарын есептеп қарасаң, қанша адамды қайғы-қасірет пен азаптан құтқаратыныңды

ескерсең, бейбітшілік үшін қанша төлесең де оның тіпті арзанға түскенін байқайсың. Өйткені соғыс сенің азаматтарыңның қанын судай шашып қана қоймайды, әлдеқайда көп шығынға ұшыратады. Қаншама қасіреттің алдын алғаныңды, қаншалық байлықты қорғап қалғаныңды аңғарған бойда, соғысты болдырмауға жұмсалған қаражатың тиын-тебен болып көрінеді. Сонымен бірге епископтар өз ісімен, құлшылығымен айналыссын. Священниктер шын священниктер болсын. Монахтар өз анттарын есіне түсірсін. Құдай сөзін уағыздаушылар Иса Мәсіхке жағатын нәрсені үйретсін. Барлық адамдар соғысқа қарсы бас біріктірсін. Барлық адамдар соғысқа қарсы дауыс көтерсін. Барлық адамдар көпшілік арасында да, оңаша қалғанда да бейбітшілікті уағыздасын, мадақтасын, көкке көтерсін. Олар тіпті қарулы қақтығысты тоқтата алмаған күннің өзінде де олар оны ешқашан мақұлдамауға, оған қатыспауға, осынау қылмысты іске қатысқан адамдарға ешқандай қошемет-құрмет көрсетпеуге тиіс. [...] Бейбітшілік, көбінесе оны шын қалайтын адамдардың жүрек әміріне тәуелді. Бейбітшілікті қалайтындардың баршасы оны сақтаудың кез-келген мүмкіндігін құптайды. Олар не бейбітшілікке бөгет болатын нәрселерді елемеуге тырысады, не жояды және, әйтеуір ең ұлы игілік – бейбітшілік сақталып, құтқарылуы үшін көп нәрсеге көнеді. Ал кейбіреулер соғысты бастауға ілік іздейді. Бейбітшілікке бастайтын нәрсені олар елемейді немесе құртады, соғысқа бастайтын нәрсені олар күшейтіп, тереңдете түседі. Маған қандай бір түкке тұрмайтын, күйкі нәрселерден ұлы қасірет туғызып, өршітетіндігін, болмашы ұшқыннан қандай сұмдық өрт шығатынын айтып жату ұят. Өрт тұтанған екен, қисапсыз реніш-қаңқу еске түседі, әрбір адам өзінің реніші мен көрген қорлығын есіне алады. Дәл сол кезде жақсы істерді ешкім еске алмайды, олардың бәрі мүлдем ұмыт болады, содан да жұрттың бәрі соғысты қалайды, соғысқа ұмтылады деп шынында да ант беруге шақ қаласың. Тақсырлардың жеке басының ісі халықтарды көбінесе соғысқа киліктіреді. Бірақ сол соғыстың басталуы мен жүргізілу себептері баршаға

анық та белгілі болуға тиіс. Соғыс бастауға ешқандай себеп болмаса, олар кейде өшпенділікті от көсегендей қоздыру үшін ел мен провинциялардың атын бұрмалап, келіспеу үшін ілік іздейді. Байбатшалар шатысқан ойларын қолдап, қоздыра түседі, сөйтіп оларды өздерінің олжасы мен дүниеқоңыздығы үшін пайдаланады. Мұндай алдауға тіпті кейбір священниктер де қатысады. Ағылшындар француздарды француз болғаны үшін ғана жау көреді. Ағылшындар шотландықтарды олардың тек шотландық болғаны үшін жек көреді. Немістер француздармен, испандықтар – немістермен де, француздармен де жауласады, осының бәрінде қаншалық жаратылысқа жаттық жатыр десеңші. Тіпті қарапайым жер аттарының өзі адамдарды алшақтатып жатады. Ал толып жатқан басқа нәрселер неліктен оларды татуластыра алмайды? Сен, ағылшынсың, французды жек көресің. Бірақ, сен, адам екенсің, басқа бір адамға неліктен мейірімді бола алмайсың? Христиан басқа бір христианға неліктен мейірімді бола алмайды? Бұған да қанағаттанбай, кейбір ақылмандар қайшылық пен таластартыс, ілікті әдейі, қасақана іздестіреді. Оларға салсаң, тау да, теңіз де бөлмейтін, тіпті талас туғызатын жер аттары да жоқ Францияның өзін бөлшектеп тастауға бар. Ортақ аттардың достықты күшейтіп, өсіре түспеуі үшін олар француздан неміс жасайды. Қазы, әдетте, ең бір жиіркенішті істер қатарына жататын ажырасу мәселесін қараған кезде талапты және көрінген айғақты қаперге ала бермейді ғой, ал адамдардың бәрінен жиіркенішті іс – соғысқа келгенде түкке тұрмайтын болмашы бір себептің өзіне құлай сенетіні неліктен? Одан да олар іс жүзінде бүкіл осынау әлем – барлық адамдар үшін ортақ екенін ойлап, соны ұғынатын болсын. Егер елдің аты сонда туған адамдарды жарастырып тұрса, егер қандас туыстық оларды достастырып тұрса, егер шіркеу барлық адамдар үшін бірдей ортақ бір отбасы болса, бір ғана ортақ үй біріктіріп, достастырып жатса, ақыл-парасаты мол әрбір адам осыған келісіп, менің сөзімнің әділдігін мойындауы керек қой.[...]

Ахиллес пен Агамемнон арасындағы жанжал себептерін анықтай келе Гомер барлық кінаны Афина құдайға аудара салады. Бірақ адамдарды татулыққа шақыратын адамдар тағдырға немесе әлдеқандай зұлым жынперілерге аудара салмауға тиіс: алауыздық себебін адамдардың өзінен іздеңіздер! Өз пайдасы дегенде олар неліктен соншалық құмбыл? Жақсылықтан гөрі жаманшылыққа неліктен әуес? Парасатты бір іс тындыруға келгенде, олар оны жан-жақты қарастырып, ойластырып, талқылап, әбден пісіріп алады. Бірақ соғысқа келгенде, бастарын қатырып ойлап жатпай, көз жұмып алып, өршелене ұмтылады, әсіресе соғыс басталып, енді оны тоқтату мүмкін болмай қалғанда солай істейді. Амал нешік, маздап жана бастаған от әпсәтте үлкен өртке айналады! Біреуінен басқасы балалайды. Қақтығыстан басталған ол қантөгіс соғысқа айналады. Ал ең бастысы, бұл дауыл басталып кетсе, бірді-екілі емес, баршаны жазалап, ажалға айдайды. Қара халық мұндай істерге жеңіл-желпі қарап, соғыс туралы мәселені шешу тақсыр мен байбатшалардың шаруасы секілді көреді. Шынын айтсақ, бұл мәселемен тап священник айналысып, халықтың соғысуды қалар-қаламасын дәл солар анықтауы тиіс. Егер олардың пікіріне құлақ асса, олар бұл сұраққа нақты да анық жауап бере алады. Осылардан соң да сен соғысты қалайсың ба? Әуелі бейбітшілік дегеннің не екенін, соғыс дегеннің не екенін, бейбітшіліктің қанша пайда әкелетінін, соғыстың қаншама зиян, қасірет әкелетінін мықтап ойластырып ал, сонда сен бейбітшілікті соғысқа айырбастау ақылға сыймайтын нәрсе екенін түсінесің. Әлдебір жерде тәнті қылатын бір нәрсе – айналаның бәрі де гүлденіп тұрған, жақсылап салынған қалалары, өңделіп, бапталып жайқалып тұрған егістіктері, ең жақсы заңдары, ең таза құлқы, ең қасиетті әдет-ғұрпы бар корольдікті елестетіп көр-дағы: “Мен соған соғыспен барсам, осының бәрі күл-талқан болады-ау” деп ойла. Енді бұған керісінше, қирап жатқан қалаларды, үйіндісі қобыраған көшелерді, от шарпып күйелеш болған ғибадатханаларды, ойран-ботқасы шыққан

егістіктерді – осынау жадау-жүдеу жұртты түгел көрдің екен делік, сонда: “Осының бәрі соғыстың сойқаны ғой!” деп ойла. Егер сен еліңе жалдамалылардың сатқын да қаншеңгел әскерін әкелуге, өз халқыңды аш-жалаңаш ұстап, нұқсан келтіріп, соларды ішіндіріп-киіндіруге, оларға қызмет қылып, иә, иә, деп қошеметтеп жағымпаздануға, тіпті өз өміріңді де солардың жүгенсіздігіне сеніп тапсыруға асықсаң, осының бәрін мықтап ойлан. Бұл соғыстың қажет шарты. Сен ұрлықты өлердей жек көресің, ал соғыс соған үйретеді. Әке өлтіруді жек көресің, ал соғыс соған үйретеді. Көп адамды өлтіріп үйренген жан, қаласа бір адамды өлтіре салудан тайсала ма? Қазіргі кезде заңды мансұқтау бүкіл қоғамның сырқаты болса, соғыс кезінде заң дегенің аузын тіпті жабады. Егер сен ойнас жасауды, қан араластыруды, одан да бетер нәрселерді жаман деп санасаң, соғыс соның бәрін қолпаштайды. Егер қасиеттіні қорлау, дінді аяқ асты ету барлық зұлымдықтардың басы болса, соғыс дауылы дінді де, сенімді де табанмен таптайды. Егер сен қазіргі қоғам кінәратты, өйткені оны жаман адамдар билептөстеп отыр деп санасаң, біліп ал: соғыс кезінде нағыз жырынды қылмыскерлер билеп-төстейді. Олардың істері, бейбіт уақытта тақтайға шегелеп, дарға асатын істері, соғыс кезінде ең басты, ең құрметті істер деп саналады. Өйткені жау әскерін жасырын соқпақтармен қарақшылардан басқа кім ертіп келе алады? Адамдардың үйлерін баукеспелер мен құдайдан безгендер үптеп, шіркеулерді арамдай алады? Сайыскер мен бауырын өлтіріп үйренген адамнан артық кім қарсыласын шауып өлтіріп, ішек-қарнын ақтарып тастай алады? Үйге от қойып үйренгендерден артық кім қалаларды немесе әскери машиналарды шебер өртейді? Теңізде тонап үйренген пираттардан артық кім теңіздер мен толқындардың қауіпқатерінен оңай құтылып кете алады? Соғыстың қаншалық жиренішті екенін ұғып-түсіну үшін оны кім жүргізіп жатқанына қара.

Егер құдайға сенген мемлекет басшысына бодандарының қауіпсіздігі мен гүлденуі шын қымбат болса, ол ең алдымен соғысты жек көруге тиіс. Егер тақсырдың бақыты, мемлекетті бақытты басқаруға сайса, ол бейбітшілікті бәрінен артық сүюге тиіс. Егер біз жақсы тақсыр елді бәрінен дұрыс басқарсын десек, барлық қылмыстардың қайнар көзі – соғысты жек көруіне тілектес болуға тиіспіз. Егер ол қала халқының қолындағының бәрі өзімдікі деп ойлайтын болса, онда ол соғыс атаулыдан бар күшімен аулақ болуға тиіс, өйткені адамдардың жиған-тергенінен соғыстың түк қалдырмайтыны жиі болады; адал өнермен, адал еңбекпен алынып, жасалған нәрсе қанішерлердің қолында кетеді. Енді мынаны мықтап таразылап алу керек: әрбір адамның мақсатмұраты, әрине, оның өзіне қымбат, және көбіне оның жаманшылыққа жетектейтін жарамсыз тілектері өзіне соншалықты дұрыс та әділетті сияқты көрінеді. Адамдарды көбіне алжастыратын да сол. Бірақ соғыстың себебі қаншалықты әділ сияқты көрінсе де, оның сәтті аяқталуы көп пайда әкелетіні қанша қызықтырса да, әуелі оның тигізетін зиянын және жеңіске жете қалған күнде беруге тиіс болатын пайдасын әбден салмақтап ал да, ойлан: жеңіске жетуге соншалықты күш жұмсаудың қажеті бар ма? Қай уақытта да жеңіс қантөгіссіз болған емес. Ал қазіргі кезде жұрттың бәрі онсыз да адам қанына былғанған. Оған қоса пиғылдың азғындауы мен қоғамдық тәртіптің құлдырауын ескер, ешқандай пайда олардың орнын толтыра алмайды. Сен қазынаңды жұтатасың, халқыңды аздырасың, адал адамдарды езгіге саласың, арам адамдарды қылмысқа итермелейсің. Барлық зардаптарын толық жойып болғанша соғыс бітпейді. Өнер мен кәсіп құлдырайды, алыс-беріс пен сауда-саттық тоқталады. Жауды қоршау үшін талай жерді иесіз тастап кетуге тура келеді. Соғыс басталғанға дейін шекаралас жатқан жерлер мен елдердің бәрі досың еді, өйткені тауар айырбасы арқылы орнаған бейбітшілік баршаны біріктіретін. Жан-жағыңа ойлана қара да, қандай зор қателік жібергеніңе өзің есеп ет: бұрын өзіңнің иелігің болғанның қазір өзіңе қарайтын-қарамайтынын

да білмейсің. Кішкентай қаланың өзін қоршап алу үшін қаншама қосын, қаншама зеңбірек қажет болғанын көрдің ғой! Ал үлкен қаланы алу үшін қоршауға қажет тағы бір қала салып, қаншама мұнара салуға мәжбүр боласың. Ал сен аз шығынмен нағыз қала салып алар едің ғой? Жау ілгері өтіп кетпес үшін сен жұртты өз қаласынан айдап шығып, ашық аспан астында түнеуге мәжбүр етесің. Бекіністерді бұзып, қорғаныс қабырғаларын қирату, ол үшін әскери мәшинелер тұрғызу орнына, жаңа бекініс салу анағұрлым арзан ғой? Керек-жарақ сататындар мен әскербасылар қолынан өтетін қаншама ақшаны есептеп, еске алғым да келмейді, бірақ ол аз ақша емес. Сен мені есіңе түсіріп, осының бәрін дұрыс бағалап келіп, соғыстан гөрі бейбітшіліктің саған кемінде он есе арзан түсетініне көз жеткізе алмасаң, мені елден қуып, қаңғытып жіберуіңе де, біржола, барлық жерде ит қосуыңа да қиналмай келісер едім. Бірақ сол есеп-қисап барысында өзің ұшыраған шығынның болмашы бөлігін бүгіп қалсаң, саған бұйыратыны ұсақтығың үшін өзіңнен-өзің жиіркену ғана. Сол кезде сұмпайы рухтың ешқашан залалсыз кетпейтін қаскүнемдігінің осыдан дұрыс дәлелін таба алмайсың. Егер сен өзіңе бұрын шарапатын тигізген, туысың әлде жегжатың болуы да мүмкін көрші тақсырмен аралас-құралас жүріп, оған өз құқыңның бір бөлігін беруге тиіс болып шықсаң, сенің ұлылығыңа нұқсан келтіреді деп ойлайтын шығарсың? Жоқ, қанағат дегенді де білмейтін, алтынға да тоймайтын жалдамалы тағылар отрядтарына, сұмпайы жиіркеніштілерге, кез-келген сәтте сатып кететін алаяқтарға сол тұста да, кейін де бәйек болуға тура келгенде, сен ұлылығыңның қадірін әлдеқайда көп түсіресің. Сонау бір кемеңгер бейбітшілік сұрап елшілерін неге – барып тұрған қандыбалақ, өрекпіп тұратын халық – карийліктерге жіберді? Ал сен, өз тағдырың мен мал-мүлкіңді, өз халқыңның бүкіл тағдырын сені де, Құдайды да сыйламайтын қанішерлерге қалайша сеніп тапсырмақсың?

Егер саған бейбітшілікті сақтау тек зор құрбандықтардың арқасында ғана мүмкін секілді көрінсе, неге былай ойлап көрмейсің: “Мен бірталай шығындандым, бірақ қанша қымбат болса да бейбітшілікті сатып алдым”. Сенің мұныңа ақыл-парасат былай деуге тиіс болар еді: “Мен ең алдымен қолымда бардың бәрін сақтағым келеді, өйткені мен тақсырмын, қаласам да, қаламасам да қоғамды басқарып отырмын”. Тақсыр көрінгенмен керісе кетіспеуге, қоғам мүддесімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын соғысты бастамауға тиіс. Ал шындығында басқаны көреміз: барлық соғыстардың себебі халыққа еш қатысы жоқ нәрселерден өрбіп, туындап жатады. Сен өз иелігіңдегі жердің әлдеқандай бөлігін қорғамақшы екенсің, оған халықтың қандай қатысы бар? Сен қызыңды тастап кеткен біреуден кек алмақ екенсің, оған бүкіл қоғамның қандай қатысы бар? Міне осындай нәрселердің бәрін қарастырып, таразылап, байыппен ой елегінен өткізу – әрбір шын кемеңгер адамның, текті тақсырдың міндеті.[...]

Аударма Эразм Роттердамский. “Жалоба
мира// Трактаты о вечном мире. – М., 1963.”
басылымынан
жасалды.

Қазақшалаған
Көрік
Дүйсеев.

Томас Мор

МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕҢ ЖАҚСЫ ҚҰРЫЛЫСЫ

ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖАҢА АРАЛЫ УТОПИЯ ТУРАЛЫ

ПАЙДАЛЫ ДА ҚЫЗЫҚТЫ АЛТЫН КІТАП

(1478–1535) – ағылшын гуманисі, мемлекет қайраткері, жазушысы, социалист-утописі. Дәулетті қалалық, Жоғарғы король сотының қазысы отбасында дүниеге келген. Кардинал Мортонның үйінде тәрбиеленіп, Оксфорд университетінде оқыған, бірақ оны ұлының заңгер болуын қалаған әкесінің талабы бойынша тастап кеткен. Ол шынында да құқық негіздерін жақсы меңгеріп, сенімді адвокат атағына ие болған. Лондонда жәбірленушілер мүддесін қорғаушы ретінде танылған. Біраз уақыт картезиандар монастырінде тұрған, бірақ монахтар тұрмысымен танысқаннан кейін ондай өмірден бас тартқан. 1504 жылы парламентке сайланған, сонда ағылшын королінің қаһарына ілігіп, Тауэр түрмесіне отырғызылған. Одан босағаннан кейін саяси қызметпен айналысудан бойын аулақ салған. Қазы және шериф болып істеген, Лондон саудагерлерінің нидерланд және француз бәсекелестерімен таластартыстарын реттеуге қатысқан. 1518 жылы король VІІІ Генрих Морды сарай төңірегіне жақындатады. Ол монархтың атына келіп түскен өтініштерді баяндаушы, Құпия кеңестің мүшесі болып тағайындалады, 1521 жылы қазынаны сақтаушы болып бекітіліп, рыцарь атағына ие болады. жылы қауымдар палатасының спикері болып тағайындалады. Екі жылдан кейін Ланкастер герцогтығының канцлері, 1529 жылы – Англияның лорд-канцлері болып қызмет істейді. Ағылшын королі Папамен шекісіп бүкіл ағылшын Шіркеуінің басшысы болуға ұмтылғанда, Мор мұны мақұлдамайды. Сөйтіп 1532 жылы отставкаға кетеді. Осыған байланысты ол мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталып, 1535 жылы Британияның басты абақтысы – Тауэр маңында көпшілік алдында өлім жазасына тартылады. Кейін Морды католиктер Шіркеуі әулиелер қатарына қосады. Томас Мордың дүние жүзіне “Утопия” деген атпен белгілі “Мемлекеттің ең жақсы құрылысы және оның жаңа Утопия аралы туралы пайдалы да қызықты Алтын кітап” атты еңбегі 1516 жылы Бельгияның Лувен қаласында жарық көрген.

[...] Корольдердің бәрі өз уақыттарын көбінесе тек соғыс өнеріне жұмсайды [...], сосын тақсырлар қолындағысын дұрыстап басқаруды ойлаудың орнына, заңды-заңсыз болса да жаңа бір патшалықтарға ие болуды әлдеқайда көп ықыласпен, әлдеқайда көбірек ойлайды. Мұның үстіне корольдердің барлық кеңесшілерінің ішінде басқаның кеңесіне зәру емес шын мәнінде ақылды немесе басқаның пікірін мақұлдай қоюға өзін

тым ақылды деп білетін ешкім жоқ. Айтпақшы, одағай жәйт те кездеседі: кеңесшілер тақсырға ықпалы бәрінен астам адамдарға жағынып қалу үшін олардың әрбір дарақы пікірін жарамсақтықпен, ұсақтықпен құптай кетеді. [...] [...] Басқа амал таусылған кезде олар: ата-бабаларымызға осы ұнайтын еді, біз кемеңгерлік жағынан соларға ұқсағымыз келеді деп соғады. Осындай ескертпемен бәрін тас түйін қылдық, деп ойлап, соған тоқмейілсиді. Нақ бір әлдебіреу әлдеқандай бір істе ата-бабаларынан ақылдырақ болып шықса, нағыз қауіп, міне, сонда туатын секілді. Ал біз болсақ сол ата-бабаларымыздың сәтті орнатқан ғұрпының бәрінің қылау түспей жалғаса беруіне қыңқ етпейміз. Бірақ әлдебір нәрсе бойынша неғұрлым сәттірек бірдеңе ойлап табуға болса, біз сол уәжге (атабабаларымызға құрмет) шап беріп, уысымыздан шығармаймыз. [...] Егер сол кеңесшілер, бұдан әрі де, халықтың қайыршылығы тыныштықтың кепілі дейтін болса, олар істің шын мәнісін байыптауда оңбай қателеседі. Шынында да, ыңыршағы айналғандар арасындағыдан ұрыс-керіс қайда көп? Қоғамдық құрылыстан әбден жиренгеннен басқа төңкеріске бәрінен құштар кім? Ақыр соңында бәрінен жұрдай біреу болмаса, әйтеуір бір нәпақа тауып қалу үмітімен бәрін де ту-талақай етуден тайсалмайтын кім болмақ? Сондықтан егер әлдеқандай бір патша өз бодандарының бойында жиіркеніш немесе өшпенділік оятқаны соншалық оларды қорқытып-үркітумен, тонаумен, тәркілеумен және қайыршылыққа ұшыратумен ғана бағындырып ұстай алатын болса, оның корольдікті билеуші деген атағынан айрылып қалмаса да, ұлылығынан жұрдай болатын құралдармен уыста ұстағанынан гөрі, одан, әрине, бас тартқаны жақсы болады. Қайыршыларды, тіпті өзінікі өзіне жететін және дәулетті адамдарды билеп-төстеу корольдік қасиетпен сиыспайды. [...] Және, әрине, біреуді рахатпен ләззат молшылығына бөлеп, басқаларды зар қақсатып, өксітіп ұстау, бұл – корольдіктің емес, абақтының күзетшісі болу деген сөз. Ақыр

соңында, ауруға ауру жамайтын дәрігердің мүлдем топас екендігі секілді, азаматтардың өмір игіліктерін тартып алудан басқа олардың өмірін түзету жолын білмейтін қасқа, ерікті адамдарды басқара білмейтінін мойындауы керек; бұл да аз, ол өзінің енжарлығын немесе кекіреңдігін өзгертуі керек: бұл сырқауымен ол халықтың не жиіркенішін, не өшпенділігін қоздырады; ол ешкімге зиянын тигізбей шығысы мен кірісін үйлестіріп, өзінің қаражатымен өмір сүруі, кейін жазаламаққа жамандықты күшейтпей, бодандарына дұрыс жол көрсетіп оның алдын алу үшін жамандықты ауыздықтап отыруға тиіс; әдеттің өзі ұмытқан заңды, әсіресе әлдеқашан ескірген және ешқашан көңілге жақпаған заңдарды бостан-бос қайта жаңғыртпау керек; қазы бірде-бір жеке адамның алуына әділетсіз, алдау арқылы түскен деп ешқашан жол бермейтіні секілді, айыппұл деген сылтаумен ештеңе алмау керек. [...] [...] Мен кейде өзіммен өзім отырып, бір жағынан утопиялықтардың аса кемеңгер де қасиетті тәртіптерін сарапқа саламын, олардың заңдары тіпті де көп емес, бірақ сол заңдардың өзімен-ақ мемлекеттің өте сәтті басқарылатыны соншалық, жақсылық та тиісінше бағаланады, және дүниемүліктің бірдейлігіне қарамастан, бәрінен де жаппай құт-береке байқалады. Екінші жағынан, керісінше, мен солардың құлқын басқа көптеген ұлттарда байқағандарыммен салыстырамын; олар ылғи жаңа тәртіптер енгізіп жатады, бірақ олардың бірде-бірі сол тәртіпке жете алмайды; оларда әркім қолына түскенінің бәрін өз меншігім дейді; оларда күн сайын толып жатқан заңдар шығарылады, бірақ сол заңдар әркім өз кезегінде өзінің меншігі деп атайтын нәрсеге қол жеткізілуін, не қорғалуын, не басқадан ажыратылуын қамтамасыз етуге қауқарсыз, ал мұны ұшы-қиыры жоқ және ылғи туындап жататын, екінші жағынан ешқашан бітпейтін процестер оңай дәлелдейді. [...] Егер әркім белгілі бір заңды негізде қолы жеткеннің бәрін қарпып қалуға ұмтылатын болса, мүлік қаншама ағыл-тегіл болса да олардың бәрі ат төбеліндей аздың ғана қолына тиеді; ал олар соны өзара бөлісіп алып, басқаларға мұқтаждықты

ғана қалдырады, және, әдетте біреулердің тағдыры екіншілеріне әбден лайық болып жатады: атап айтқанда бұлардың алғашқылары қорқау, нысапсыз әрі түкке тұрмайды, ал екіншілері, керісінше, асып-таспайтын, қарапайым жандар, олар өздерінің күнделікті еңбегімен өздерінен гөрі, қоғамға көбірек пайда келтіреді. Сондықтан да мен қолда бардың бәрін әділ де тең бөлу, адамдар ісінің шынайы сәттілігі тек жеке меншік мүлдем жойылғанда ғана мүмкін болатындығына кәміл сенемін; бірақ ол меншік қала беретін болса, онда адамзат баласының ең көп және ең тәуір бөлігінің маңдайының соры ешқашан арылмайды. Мен, рас, сол сордан аздап арылуға болатындығын жоққа шығармаймын, бірақ оны түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін еместігін кесіп айтамын. Мысалы, мынадай тәртіп орнатуға болады: ешкімнің белгілі бір мөлшерден артық жер меншігі болмауы керек; әркімнің ақшалай қаражатының жиынтығы заң бойынша шектеле алады; корольдің шексіз билеп-төстеуіне, ал халықтың тым бетімен кетуіне тиым салатын белгілі заңдар қабылдана алады; мансаптың парамен немесе сатып алынуына тыйым салуға болады; бұл мансапқа ие болу үшін шығын шықпауға тиіс, өйткені бұл кейіннен жұмсаған ақшасын алдау, тонау жолымен қайтарып алудың ең қолайлы орны, содан келеді де бұл мансаптарға бай адамдарды тағайындау қажеттігі туады, ал ақылды адамдар бұл міндетті әлдеқайда жақсырақ орындар еді. Мұндай заңдар, қайталап айтайын, ауру әбден меңдеген адамды ұдайы бұлаулай берсе, оған біршама күш беретіні сияқты, халықтың қасіретін аздап жеңілдетіп, жұмсарта алады. Бірақ әркімнің жеке меншігі болған жағдайда, организмнің сауығып, бұрынғы қалпына келуіне мүлдем ешқандай үміт жоқ. Ол аз болғандай, сен оның бір жағын тәуір етемін деп, екінші бір жерінің жарасын ушықтырасың. [...] “Ал маған бәрі керісінше секілді, – деп қарсылық білдіремін мен. – Бәрі ортақ жерде ешқашан бай болып өмір сүре алмайсың. Егер әркім жұмыстан жалтаратын болса, азық-түлік молшылығы қалай жасалмақ?

Өйткені оны жұмысқа пайда табу ниеті итермелейді, екінші жағынан, басқа біреудің еңбек ететіндігіне берік үміт жалқаулыққа бой алдыру мүмкіндігін береді. Ал адамдарды азық-түлік тапшылығы қамшыласа, ешқандай заң олардың тапқан-таянғанын жеке меншік ретінде қорғай алмаса, сонда адамдар тұрақты қантөгістер мен тәртіпсіздіктен амалсыз азап шекпей ме? Мұның үстіне өкіметке деген құрмет пен ілтипат кеткен екен, дәл солай болып шығатыны даусыз; мен тіпті арасында “ешқандай айырмашылық жоқ” адамдарға оларда қандай орын табылатынын да елестете алмаймын”. – “Бұл пікіріңе түк те таңырқамаймын, – деп жауап берді Рафаил, – өйткені сен әлгіндей жағдайды көз алдыңа мүлдем елестете алмайсың немесе оны теріс түсінесің. Егер сонда бес жыл тұрып, осынау жаңа дүние туралы басқаларға айтып бергім келмесе, сол жерден ешқашан кеткім келмеген Утопияда менімен бірге болсаң, мен сияқты олардың құлықтары мен заңдарын өз көзіңмен көрсең, сен құрылысы соншалық дұрыс халықты бұдан басқа еш жерден көрмегеніңді әбден мойындар едің”. [...] “Сондықтан да, досым Рафаил, – дедім мен, – сенен қатты өтінерім, сол аралды бізге толық суреттеп бер; қысқа қайыруға тырыспа, қайта оның жерін, өзендерін, қалаларын, тұрғындарын, құлқын, мекемелерін, заңдарын, жалпы бізді таныстырғың келгеннің бәрін рет-ретімен айта бер, ал біздің өзіміз білмейтіннің бәрін естігіміз келетінін ұмытпасаң болды”. [...] Аңыздарға қарағанда және жердің бет-бедерінің өзі байқататындай, ол елді бір кездері теңіз қоршап жатпаған. Бірақ кейіннен аралдың да есіміне айналған (бұрын бұл жер Абракса деп аталатын еді) даңқты Утоп жеңіске жетіп, осы жерге аяқ басқан бойда, материкпен тұтасып жатқан он бес миля жерді қазып тастауға бұйрық беріп, жерді теңіз суымен қоршап тастады; сол Утоп тұрпайы да жабайы халықты мәдениеттілік пен білімділіктің биік сатысына көтергені соншалық, қазір ол арал бұл жағынан барлық пенделерден артық деуге болады. Осынау жұмысты

басқалар масқара санамас үшін Утоп бұл іске жергілікті халықты ғана емес, оның үстіне сарбаздарын да жекті. Соншама халықты еңбекке ойдағыдай жұмылдыра білудің арқасында бұл жұмыс кереметтей жылдам аяқталды. Алдында құр әурешілік деп келемеж қылған көршілерді мына табыс қайран қалдырып, үрей ұялатты. [...] Әрбір отыз отбасы жыл сайын өздеріне мансап иесін сайлап алады, олардың байырғы тілінде ол сифогрант деп аталатын еді, ал жаңаша – филарх делінеді. [...] Міне сол сифогранттар, олардың жалпы саны екі жүз адам, ең лайық адамды кінәз сайлауға ант бергеннен кейін, халық ұсынған төрт кандидаттың біреуін жасырын дауыс беру арқылы таңдап алады. Қаланың әрбір төрттен бір бөлігі бір адамды сайлап, оны сенатқа ұсынады. Кінәз мансабы, егер бұған тиранияға ұмтылды деген күдік бөгет болмаса, ғұмыр бойына беріледі. Сифогранттардан екеуі, күн сайын жаңаланып, ұдайы сенатқа жіберіліп отырады. Мынадай қаулы бар: республикаға қатысты бірде-бір іс, ол шешім шыққанға дейін үш күн бұрын сенатта талқыланбай, күшіне енбейді. Қоғамдық істер бойынша сенаттан немесе халық жиналысынан тыс шешім қабылдау өте ауыр қылмыс деп саналады. Бұл шара, дейді жұрт, мемлекеттік құрылысты астыртын әрекетпен өзгерту оңай болмас үшін қабылданған. [...] Сенатта, бұлардан басқа, мынадай да ғұрып бар: бірде-бір ұсыныс алғаш түскен күні талқыланбайды, ол сенаттың келесі отырысына қалдырылады, бұл ешкім алғашқы екпінмен ойына келгенін айта салмауы үшін керек, өйткені ол мемлекет пайдасынан гөрі өзінің алғашқы шешімін қуаттауды көбірек ойлайды; ұят дегеннің не екенін қате, теріс түсінетін ол өзі туралы пікірден гөрі қоғамдық игілікті құрбандыққа шалуға бар, сөйтіп алғашында өзім ескеруге тиісті нәрсені, атап айтқанда асығыс сөйлегеннен гөрі, ойланып сөйлеген абзал екенін ескермеппін деп ақталған болады. [...] Сифогранттардың басты және бірден-бір дерлік міндеті ешкімнің бос отырмауын, қайта өз кәсібімен ықыласты айналысуын, бірақ таң атқаннан

әбден қас қарайғанға шейін емес, шамасы жеткенше істеуін, мал сияқты титықтамауын бақылау, ондайға жол бермеу. [...] [...] Утопиялықтар жеке адамдар арасында жасалған шарттарды ғана емес, сондай-ақ әділет ережесіне сәйкес жақсы тақсыр шығарған немесе халық бір ауыздан мақұлдап бекіткен өмірдің қолайлылықтарын, ләззат материалдарын бөлу жөніндегі қоғамдық заңдарды мүлтіксіз орындау қажет деп біледі. [...] Осы заңдарды бұзбай сенің пайдаңа қамқорлық жасау пайымдылықтың талабы, ал сондай-ақ жұртшылықтың мүддесін көздеу сенің парызың. Өзіңдікін алам деп, өзгенің рахатын қымқыру – әділетсіздік. Керісінше, басқаға аузыңнан бірдеңені жырып беру адамды сүюдің, жанашырлықтың ерекше міндеті; бұл міндет ешқашан несібеңді кемітпейді, қайта едәуір молықтыра түседі. [...] Утопиялықтар нағыз хайуандық іс деп соғысты өте жек көреді, дегенмен хайуандардың бірде-бір тұқымында ол адамдардағыдай жиі қолданылмайды; басқа барлық дерлік халықтардан өзгеше, олар соғыста қол жеткен даңқтан асқан масқара жоқ деп санайды. Алайда, қажетті жағдайда өздерінің оған құлқы жоқтығын әшкере етпес үшін олар соғыс өнерін ұдайы пысықтап жүреді. Олар бекерден-бекер ешқашан соғыс бастамайды, тек өз шегін қорғайда немесе достарының еліне басып кірген жауларды түріп тастайды, яки тираниядан азап шеккен қандай да бір халыққа жаны ашып, оны тиранның езгісі мен құлдықтан өз күшімен азат етеді; мұны олар адамды сүйгендіктен істейді. Рас, олар өз достарына көмекті әрқашан қорғаныс үшін емес, кейде сондай-ақ өздеріне жасалған зиянкестіктің есесін қайырып, кек алу үшін жібереді. Бірақ мұны олар, бәрі де тыныш кезінде, өздерінен кеңес сұралып, өздері істің анық-қанығына барып, тиістісін талап еткенде, бірақ қанағаттандырарлық жауап ала алмағанда ғана жасайды. Соның бәрінен кейін ғана соғысты бастаушыларға қарсы аттануды ұйғарады. Жаулар басып кіріп, олжа алып кеткенде ғана солай істейді. [...]

Аударма “Т. Мор. “Золатая книга столь же
полезная, как забавная, о наилучшем устройстве
государства и о новом его острове Утопии” – М-
Л; 1935.” басылымынан жасалды. Қазақшалаған

Көрік ДҮЙСЕЕВ.

УТОПИЯ

Утопия аралында етек-жеңі кең, тамаша 54 қала бар. Олардың тілі, әдет-ғұрпы, мекемелері мен заңдары бірдей. Барлық 54 қала бір жобамен салынған; жер жағдайына байланысты аздаған өзгешеліктері болмаса, олардағы қоғамдық ғимараттар да бірдей... Аралдың бас қаласы – Амаурота; ол дәл ортада жатқандықтан оған ел өкілдерінің тұс-тұстан жиналуы да қолайлы. Әрбір қалаға айнала кемінде 12 мың қадам, кейде одан да көп жер бөлінген. Жалпы ол жерлердің аумағы негізінен қалалардың бір-бірінің арасындағы қашықтыққа байланысты. Қала тұрғындары өздеріне бөлінген жер шегінен әрі аспауға тырысады. Олар өздерін сол жерлердің иесіміз деп санамайды, оны жалға алушылармыз деп біледі. Өңделетін егістіктер арасында қолайлы үйлер ұшырасады, ол үйлерде жер өңдейтін әртүрлі саймандар сақталады. Бұл үйлер қала белгілі бір мерзімде мұнда жұмысқа жіберетін адамдар топтарына баспана қызметін атқарады. Әрбір егіншілер отбасы кемінде қырық еркек пен әйелден және екі құлдан тұрады, оларды байыпты, салмақты адамдар деп іріктелген бір әке мен бір шеше басқарады. Осындай отыз отбасындан құралған бір топқа бір филарх басшылық жасайды. Жыл сайын қалаға өзінің екі жылдық егіншілік қызметін аяқтаған жиырма адам қайтып оралады. Олардың орнына жаңадан жиырма адам келеді, олардың қызмет мерзімі сол күннен басталады. Жаңадан келгендер жұмысының қыр-сырын өздерінен бір жыл бұрын келгендерден үйренеді, ал келесі жылы олардың өздері кезекті келушілерді басқаратын болады. Сөйтіп, барлық егіншілер бірден

тәжірибесіз, иісалмас болып шықпайды, содан да қоғам өзін азық-түлікпен қамтамасыз ететін жандар тәжірибесіз деп қорықпайды. Жыл сайын бұлай ауыстырып отырудың мақсаты бар: осының арқасында азаматтар ауыр қол жұмысын тым ұзақ атқармайды. Алайда көбіне-көп былай да болып шығады: кейбіреулерге егіншінің өмірі қатты ұнайды да, мұндайларға, әлбетте, бірнеше жылын қаладан тыс өткізуге рұқсат етіледі. Диқандар мен шаруалар егістікті өңдейді, мал бағады, отын дайындайды және өздерінің өнімдерін қара жолмен немесе теңізбен көрші қалаларға жөнелтіп отырады... Әрбір қала мен оның төңірегіне қажетті азық-түлік көлемі әр жылға өте дәл белгіленеді. Соған қарамастан тұрғындар қажеттіліктен анағұрлым артық мөлшерде мал ұстап, жер өңдейді. Артық өнім келесі жылға сақталады немесе көршілерге бөліп беріледі. Қаладан тыс жерде табыла қоймайтын жиһаздар мен дүниемүліктерді диқандар өздерімен бірге ала кетеді. Бұл үшін олар қала басқармасына өтініш түсіріп, басқарма оларға қажет нәрсенің бәрін дереу, тегін береді. Егін піскен кезде егіншілер отбасыларының филархтары қала басқармасына көмекке қанша адам керек екендігін хабарлайды. Белгіленген күні орақшылар қаптап келіп, ауа райы қолайлы болса, орақты бір күнде-ақ аяқтап кетеді. Қалалардың көшелері мен алаңдары жүріп-тұруға өте ыңғайлы және желден жақсы қорғалған. Қала ғимараттары әдемілігімен, ыңғайлылығымен және тазалығымен ерекшеленіп, кеңдігі отыз футқа жететін көшелердің екі жақ бетіне тұтас тізіле орналасады. Үйлердің артында келесі үйге дейін созылатын мәуелі бақ бар. Әр үйдің бір есігі көше жаққа, бір есігі бақ жаққа шығады. Бұл есіктер қол тиген бойда, кезкелген адамға ашылады. Бұл орайда утопиялықтар мүлік ортақтығын ескерген. Жеке және оқшау меншікке титімдей де жол бермеу үшін олар әрбір он жыл сайын үйлерін жеребе арқылы ауыстырып отырады...

Қалада отыз отбасы жыл сайын бір басқарушы сайлап алады; ескі диалектіде олар сифогрант, жаңаша филарх деп аталады. Он филарх пен үш жүз отбасы бір протофилархқа, ескіше айтқанда траниборға бағынады. Ақыр соңында, екі жүз филарх соңғы сайлау өткізеді. Олар ең таңдаулы, ең қабілетті азаматқа дауыс беруге ант етеді де, халық ұсынған төрт азаматтың ішінен кінәз сайлауға кіріседі. Қала төрт бөліктен тұратындықтан, олардың әрқайсысы сенатқа өз таңдауын ұсынады. Кінәз атағы өмір бойына, алайда, оған дара билікке ұмтылады деген күдік таңылмаған жағдайда, беріледі. Триниборлар жыл сайын сайланады, бірақ айрықша бір себеп болмаса, олар да ауыстырыла бермейді. Өкіметтің басқа буындары жылына бір рет ауысып отырады. Триниборлар кінәзбен бірге әрбір үш күн сайын, қажет болса одан да жиірек, кеңеске жиналып, ағымдағы істерді талқыладйы, жеке адамдар арасында, әдетте ілуде бір кездесетін талас-тартысты реттейді. Сенат мәжілісіне әрбір жолы алмасып отыратын екі сифогрант қатысады. Заң бойынша қоғамдық маңызы бар істер дауысқа қойылардан үш күн бұрын талқыланады, содан кейін ғана ұсыныс заңға айналады. Ондай мәселелерді сенаттан немесе халық жиналысынан тыс талқылауға жиналу өлім жазасына кесілетін қылмыс деп есептеледі. Бұл қаулылар арқылы кінәздар мен траниборлар бостандыққа қарсы сөз байласудың, халықты деспоттық заңдармен қыспаққа алудың, басқару пошымын өзгертудің алдын алуға ұмтылады. Бұл жағынан үкіметтің қырағылығы соншалық, бірінші дәрежелі маңызы бар мәселелерді сифогранттардың қарауына береді, олар, өз кезегінде, ол мәселелерді отбасыларға хабарлайды. Сосын осындай әрбір мәселе халық жиналысында талқыланады, ақыр соңында, істі сифогранттар өздері қарап, өз пікірі мен халық ырқын сенатқа жеткізеді. Кейде бүкіл арал халқының пікірі сауалдама арқылы анықталады. Сенат бағынатын ережелерден мына біреуі назар аударуға әбден лайық: ұсыныс жасалған күні оны әлі талқылауға болмайды – жарыссөз келесі мәжіліске қалдырылады. Сөйтіп, ешкім аузына келген пікірді ойланбай айта салу

қатеріне ұшырамайды, өйткені ол сол пікірін менмендікпен немесе ұялғандықтан қызғыштай қорып, қоғамдық игілікті естен шығарып алар еді. Міне сондықтан, мұндай қауіпті ұшқарылықтың алдын алу үшін сенаторларға ойланып алуға уақыт беріледі. Бүкіл утопиялықтар, оның еркектері мен әйелдері бірлесіп айналысатын, одан ешкім бас тарта алмайтын бір іс бар: ол – егіншілік. Балалар оны теориялық жағынан мектептерде оқиды, ал іс жүзінде қала төңірегіндегі егістіктерде үйренеді. Сонда олар жер қалай өңделетінін көреді, өздері де сонда жұмыс істеп, денелерін де шынықтырады. Жоғарыда айтқанымыздай, ешкімнің қағыс қалуға хақысы жоқ егіншіліктен басқа әрбір утопиялыққа әлдене арнайы кәсіппен айналысу жүктеледі. Біреулер мата тоқып, жүн иіреді, екінші біреулер тас қалаушы немесе құмырашы болады, үшінші біреулер металл немесе ағаш өңдейді. Бүкіл арал тұрғындарының барлығының киімі бір үлгімен пішіледі, олардың тек әйелдер мен еркектерге, бойдақтар мен үйленгендерге қарай аздаған өзгешеліктері болады. Киім әдемі де ыңғайлы, жүріп-тұруға кедергі жасамайды, ыстық пен суықтан қорғайды. Әр отбасы өздерінің киімін өздері тігуге тиіс. Жұрттың бәрі қалмай, еркектер ғана емес, әйелдер де жоғарыда көрсетілген кәсіптің бірін үйреніп алуға тиіс. Әйелдер әлсіздеу болғандықтан, көбінесе зығыр мен жүн өңдейді, еркектер негізінен қара күшті қажет ететін істермен шұғылданады. Әдетте, әрбір адам өз атааналарының кәсібіне дағдыланады, өйткені ықпал мен өнегенің арқасында баланың бойында әдетте сол іске қызығу туады, ыңғайы да соған ауып тұрады. Егер балалардың бірі басқа бір кәсіпті игеруге ынталы болса, онда сол бала сол кәсіппен арнайы айналысатын отбасына жіберіледі, мұндай жағдайда ата-ана да, үкімет те шәкірттің адал да жанашыр отбасына түсуіне қамқорлық жасайды. Егер бір кәсіпті білетін әлдекім тағы бір кәсіпті үйренгісі келсе, ол да мұнысын нақ сондай негізде істей алады.

Оған өзін көбірек қызықтыратын істі таңдау құқығы беріледі, немесе қала қоғамдық қажеттілікке қарай оны бір кәсіпті игеруге тағайындайды. Сифогранттардың аса ізгі әрі бірден-бір дерлік қызметі ешкімнің жалқаулыққа салынбай, белсенді еңбек етуіне бақылау жасау. Алайда, соған қарап, утопиялықтар жүк таситын мал секілді таң азаннан түннің бір уағына дейін жұмыс істейді екен деп ойламау керек. Тәнге де, жанға да бірдей зиянды мұндай өмір құлдықтан да, азаптаудан да әрман болар еді. Утопиялықтардан басқа жерде еңбек адамдарының көрген күні шынында да сол ғой. Утопиялықтар күн мен түнді дәлме-дәл 24 сағатқа бөледі. Оның алты сағаты қол жұмысына арналады. Уақыт былайша бөлінеді: түске дейін үш сағат жұмыс, сосын түскі тамақ, одан кейін екі сағат демалыс, үш сағат кешкілік жұмыс, ақырында кешкі тамақ. Күнде таңертең күн шығар алдында қоғамдық залдардың есігі ашылады. Оған баруға өзін түгел ғылымға арнаған адамдар міндетті. Алайда оған кәсібі қандай болса да, еркек демей, әйел демей, әркімнің келуге хақы бар. Ол залдарға халық қаптап барып жатады, онда әркім өз ісіне бәрінен лайық немесе өзі ұнататын білім саласымен айналысады. Кейбіреулер бос уақытын өзінің арнайы кәсібін негізінен ұштай түсуге жұмсайды. Бұлар негізінен дерексіз идеяларда шаруасы жоқ адамдар. Оларды бұл үшін ешкім жазғырмайды, қайта ынталандырып отырады, өйткені олар отанының игілігі үшін өз шеберлігін жетілдіре түскісі келеді. Мүмкін сен күнделікті алты сағаттық жұмыс қоғамдық мұқтажды қанағаттандыру үшін жеткіліксіз, Утопия бақытсыз ел сықылды дерсің. Ал шынына келсек, дәл алты сағаттық жұмыс өмірдің барлық қажеттіліктері мен қызықтарын қанағаттандырып қана қоймайды, тіпті азық-түліктің айтарлықтай қорын жасауға мүмкіндік береді. Барлық басқа ұлттарда қаншама адам босқа жүретінін еске алсаң, мұны сен оп-оңай түсінесің. Ең әуелі Жер бетіндегі халықтың жартысын құрайтын әйелдердің барлығы дерлік сондай, содан кейін жұмыстың бәрін әйелдер атқаратын елдердегі еркектер де сондай. Бұған қара нөпір священниктер мен шіркеудің түк

бітірмейтін әртүрлі қызметшілерін қос. Бұларға дворян деп аталатын барлық бай помещиктерді қосайық та, олардың қисапсыз малайларын, осынау арамтамақтарды үстейік; өздерінің жалқаулығын өтірік сырқатпен бүркеп жүрген дені сау қайыршыларды да ұмытпайық. Соның нәтижесінде өздерінің еңбегімен адамзат баласын асырап жүргендердің саны әдетте ойлайтынымыздан әлдеқайда аз екенін сен әбден байқайсың. Мұның үстіне шын мәніндегі қажетті де пайдалы іспен айналысатын еңбекші адамдардың соншалық аз екендігін есіңе ал; жұрттың бәрі үшін құдіретті күшке, бәрінің өлшеміне айналған ақшаға ғана табынған біздің заманда көптеген мәнсіз, мағынасыз өнер тек байлық пен азғындыққа ғана қызмет ету үшін қосталып, шалқып жүріп жатқанын есіңе ал. Егер осынау қисапсыз жұмыс қолы тек қана пайдалы іспен, мысалы кәсіппен айналысса, тіпті керекті нәрсенің бәрін артығымен дайындаса, бұл бұйымдар бағасының құлдырап кететін соншалық, жұмысшы өзінің тапқан-таянғанына күн көре алмас еді. Біз пайдалы жұмысқа қазір тек сән-салтанат бұйымдарын жасайтындарды да, әрқайсысы шын екі жұмыскердің тапқанын жарататын, бірақ түк бітірмейтіндерді де тарттық делік; бұл адамдарда уақыт өмірдің қажетті ыңғайы, тіпті рахаты туралы ойлануға қажет уақыттан әлдеқайда мол болатынын түсіну оңай. Мен, әрине, әбден табиғи, адами нәрселерді ғана рахат деп білемін. Міне осының бәрі, мен жаңа ғана долбар түрінде айтқанның бәрі Утопияда іс жүзіне асқан. Сонда, бүкіл қала мен оның төңірегінде, жұмыс істеуге күш-қайраты әбден жететін еркек-әйелдердің арасынан, заң бойынша жұмыстан босатылған бес жүздей адам табыла қоюы екіталай. Олардың санатына сифогранттар жатады, бірақ соған қарамастан осынау басшы адамдар басқа әртүрлі азаматтарды өз өнегесімен еліктіру үшін басқалар сияқты жұмыс істейді. Мұндай артықшылық сондай-ақ халық пен священниктердің таңдауы бойынша, сифогранттардың жасырын дауыс беруінен кейін ғылым мен өнер саласында қызмет етуге тағайындалған бозбалаларға да беріледі. Егер

олардың ішінен біреу-міреу жүктелген сенімді ақтамайтын болса, онда ол жұмысшылар қатарына қайтарылады. Ал керісінше болып жатса, – бұл әлдеқайда жиі байқалады, – жұмыскер қолы бос кезде ыждағатты оқыпүйрену арқылы мықтап білім алса, ол қол еңбегінен босатылып, ғалымдар табына көшіріледі. Ғалымдар арасынан елшілер, священниктер, траниборлар, және, ақыр соңында, кінәздар таңдап алынады. Сөйтіп, Утопияда бәрі де шын пайдалы өнермен және кәсіппен айналысады. Онда күндізгі қол еңбегі онша ұзақ емес, бірақ соның өзі ортақ қажетке, тіпті артық қор жинап алуға жеткілікті. Ондай қор көбейген кезде, күндізгі жұмыс доғарылады да, тұрғындардың бәрі жол жөндеуге кіріседі. Әдеттегі және төтенше жұмыс тіпті болмай қалғанда жұмыс сағаттары қысқартылады, өйткені үкімет азаматтарды мәнсіз жұмыспен тіпті де қинағысы келмейді. Утопияның әлеуметтік мекемелерінің мақсаты ең алдымен әрбір адамның және қоғамның барлық қажеттерін толық қанағаттандыруға, содан кейін азаматтардың ғылым мен өнерді оқыпүйрену арқылы өздерін рухани байыта түсуге жеткілікті уақыты болу үшін оларға көбірек еркіндік беруге саяды. Осындай жан-жақты жетілуді олар нағыз бақыт деп біледі. Қала көпшілігі бір-бірімен қандас туыстық дәнекерлерімен байланысты отбасылардан тұрады. Қыз бой жеткен бетте, оны күйеуге береді. Отағасы, ұлдары мен немерелері өз отбасында қала береді. Отбасының жасы үлкен мүшесі бір мезгілде соның басшысы да; жылдар салмағы оның ақыл-есін әлсіреткен кезде, басшылық сол отбасының одан кейінгі үлкеніне ауысады. Төмендегі қаулылар халық арасындағы тепетеңдікті сақтап, бір мекенде тым көбейіп, екінші мекенде азайып кетуіне жол бермейді. Әрбір қалада 6000 әулет, әрбір әулетте тек оннан он екіге дейін ересек ер адамдар болуға тиіс. Балалардың саны есепке кірмейді. Әулет осы мөлшерден асып кеткен кезде, оның артық мүшелері саны шағын әулетке көшеді. Егер қала тұрғындарының саны онда тұра алатын және тұруға тиісті мөлшерден асып кетсе, артық адамдар халқы аздау

қалаға көшіріледі. Ақыр соңында, бүкіл арал халқының саны тым көбейіп кеткенде, жаппай қоныс аудару шарасы жүзеге асырылады. Қоныс аударушылар материктегі халқы аз, жері мол тұста отар негізін қалайды. Отар Утопия заңдары бойынша басқарылып, оның жұмысы мен өмір салтына ортақтасқысы келетін жергілікті диқандарды өз қатарына тартады... Егер күндердің күнінде әлдеқандай бір себептермен қала халқының саны, оны бүкіл аралдағы тепе-теңдік пен тәртіпті бұзбай қалпына келтіру мүмкін болмайтындай деңгейге дейін азайып кетсе, қоныс аударғандар Утопияға қайтып оралуға тиіс. Біздің аралдықтар өз отанының бір қаласын жоғалтқаннан гөрі, бүкіл отарлардан айрылуға мақұл. Енді азаматтар арасындағы қарым-қатынасқа қайтып оралайық. Жоғарыда айтқанымыздай, ең жасы үлкені сол әулеттің басшысы. Әйелдер – күйеулеріне, балалар – ата-анасына, өз арасында кішілер – үлкендеріне бағынады. Бүкіл қала тепе-тең төрт бөлікке бөлінеді. Олардың әрқайсысының қақ ортасында қажетті азық-түлік базары болады. Соларға барлық әулеттердің бұйымдары жеткізіледі де, олар әуелі қоймаларға кіргізіліп, сонда сұрыпталады да, тиісті дүкендерде сақталады. Әрбір әулеттің отағасы сол алаңда өзіне немесе әулетке қажеттіні іздейді. Ол қажеттінің бәрін ешқандай ақы-пұлсыз яки басқа бір өтемсіз алады. Әулет отағасының қолын ешкім қақпайды. Бәрі жеткілікті, мол, болғандықтан, біреу-міреу артық алып қояды-ау деген қауіп жоқ. Шынында да, ешқашан ештеңеден қысылмайтыныңды білсең, артық нәрсе не керек? Барлық тірі жанның ашкөздігі, тойымсыздығы негізінен ашаршылық қорқынышынан туындайды. Айтпақшы, бұл кеселдердің тағы бір себебі бар: ол – әркімді өз жақындарының алдында мыңғырған байлығымен, көз тұндырар қазынасымен мақтануға итермелейтін атаққұмарлық. Утопияның қаулылары ондай сорақылықтың бәрін қажетсіз етеді. Жоғарыда мен айтқан базарлардың кейбірі тек тамақ өнімдеріне арналған. Оларға көкөніс, жеміс, астық, балық, құс, мал жеткізіледі.

Әрбір көшеде, бір-бірінен белгілі бір қашықтықта, әрқайсысы өз атымен ерекшеленетін кең сарайлар бар. Ол сарайларда сифогранттар тұрады; әр сифогрантқа қарасты отыз әулеттің екі жағында: он бесі оң қанатында, он бесі сол қанатында орналасады. Сарайда солардың бәрі бірге тамақтанады. Әрбір сарайдың экономдары белгілі бір уақытта базарға барып, тамақтанушылардың санына қарай азық-түлік алады. Азықтүлік әуелі қоғамдық ауруханаларда емделіп жатқандарға босатылады... Ауруханалар экономдары дәрігерлер талабымен өздеріне берілетіннің бәрін алып болғаннан кейін, қалғанының бәрі барлық асханалар арасында алаламай бөлінеді. Тамақтану уақытының болғаны кәрнай үнімен хабарланады. Сифограцияның барлық мүшелері сарайға беттеп, сонда түскі немесе кешкі тамағын бірге ішеді. Тамақ өнімдерін өзі үшін үйге алуға да рұқсат етіледі, бірақ бұл қоғамдық асхана өзіне керектінің бәрін алып болғаннан кейін істеледі. Алайда ерекше бір маңызды себепсіз бұл құқықты ешкім пайдаланбайды: өйткені ешкімнің үйінде тамақтануына тиым салынбайтындықтан, ешкімнің бұлай етуге құлқы да болмайды. Үйден бірнеше қадам жерде дайын, әлдеқайда жақсы, ешқандай әуре болмай алатын тамақ тұрғанда, үйде жаман-жұман тамақты қинала пісіріп жату ақымақтық болар еді. Асханадағы ең ауыр да лас жұмысты құлдар атқарады. Әйелдер ас пісіріп, дәмдейді, дастарқан жасап, ыдыс-аяқтарды жинайды. Бұл жұмыста олар әулет бойынша алмасып отырады. Адам санына қарай екі немесе үш үстел дайындалады. Еркектер қабырға жаққа жайғасады, ал әйелдер, олардың әрқайсысы үстел басынан оп-оңай тұрып, емшек емізетін арнайы бөлмеге беттей алуы үшін, оларға қарсы отырады... Емшек емізетіндерге арналған залдарда бес жасқа дейінгі балалар болады. Бозбалалар мен бойжеткендер үстел басында отырғандарға қызмет етеді, ондай жұмысқа шамасы келмейтін ұлдар мен қыздар үнсіз тұрады, олар үлкендердің бергендерін жейді...

Утопия қалаларында өмір осылай өтіп жатады. Егістіктерде жұмыс істейтіндер қоғамдық асханалардан тамақ ішуге тым алыс болғандықтан, өз үйлерінде тамақтанады. Айтпақшы, диқаншылық әулеттері мол, алуан түрлі азықпен қамтамасыз етіледі. Олар ештеңеге мұқтаж емес; қалаларды асырап отырғандар нақ өздері емес пе? Утопияның әрбір қаласы Амаурота сенатына үш депутаттан жіберіп отырады. Сенаттың алғашқы мәжілістері аралдың әр бөлігінің шаруашылық жағдайына шолу жасауға арналады. Бір жерде азық-түліктің тым молдығы байқалып, екінші жерде жетіспей жатса, дереу тепе-теңдік орнатылады: қиындыққа ұшыраған қаланың қоймалары бай қаладағы артық нәрсемен толтырылады. Бұл ақысыз-пұлсыз беріледі. Көмек көрсеткен қала мұның өтеуіне ештеңе алмайды; есесіне кейде ол өзі тіпті ештеңе бермеген қаладан бірдеңе алуы әбден мүмкін. Міне осылайша бүкіл Утопия мемлекеті бір әулет секілді көрінеді. Егін шықпай қалу қаупінен сақтану үшін аралда ұдайы екі жылдық қор болады. Артық өнім шетелге шығарылады. Сыртқа астық, бал, жүн, зығыр, ағаш, бояулар, бақалшақтар, тері-терсек, балауыз, сабын және мал шығарылады. Осы тауарлардың жетіден бір бөлігі тауар апарылған елдің кедей-кепшіктеріне бөліп беріледі; басқасы орташа бағамен сатылады. Осындай сауданың арқасында Утопия керек заттың бәрін, әсіресе темір ғана емес, едәуір мөлшерде алтын, күміс алады. Бұл байлық шетелдік жалдамалыларға жұмсалады, олардың қызметіне утопиялықтар көл-көсір ақы төлейді. Гәп мынада: Утопия үкіметі ажалға өзінікінен гөрі шетелдік азаматтарды жұмсағанды жөн көреді. Ол сондай-ақ аяусыз жаудың өзін, бағасына келіссе, сатып алуға болатынын біледі; ол жалпы алтын – соғыстың жаны екенін біледі... Бұл елде алтын мен күміс, оларға табиғат бергеннен құнды емес; осы екі металл да темірден төмен бағаланады, өйткені темір адамға су немесе ауадай қажет. Шынында да, алтын мен күмісте, онсыз адам өміріне тажал төнетіндей бірде-бір қасиет жоқ. Бұл металдар тым сирек кездесетіндіктен, адамдардың әуейілігі ғана оларды тым жоғары бағалап

жіберген. Тамаша ана секілді Табиғат өзінің осынау қажетсіз де күйбеңшілік сыйын тереңге тыққан; ал ауа, су, жер және шын пайдалының бәрі ашық және барша ала алады. Утопиялықтар өздерінің қазынасын мұнараларға, адам қолы жетпейтін басқа да бекіністі ғимараттарға жасырмайды. Олай етілсе, қарапайым адам өзінің білместігінен, кінәз бен сенат халықты алдап, оны тонап байығысы келіп жүр-ау деп сезіктенуі мүмкін. Олар алтын мен күмістен ыдыстар, басқа да бұйымдар жасамайды, мұны соғыс басталып кетіп, әскер ұстауға ақша жетпейтін болғанда халықты өздері үйреніп қалған және олар болмаса қиналып қалатын сән-салтанат пен әшекейлерден айырмау үшін істейді. Сондай қасіреттің алдын алу үшін, утопиялықтардың басына өздерінің барлық басқа істеріне сай келетін, есесіне біздің ұғымдарға кереғар (өйткені бізде алтын мен күміске құдайдай табынады ғой) ой келеді. Олар өте арзан, бірақ аса әсем де әдемі жасалған қыш, шыны ыдыстардан тамақтанады. Алтын мен күміс ең бір қасиетсіз бұйымдар жасауға арналған: олардан қоғамдық сарайлар үшін ғана емес, жеке үйлер үшін де дәрет сындыратын түнемелік ыдыстар немесе, мысалы, құлдар үшін бұғаулар мен кісендер, абыройдан жұрдай болған қылмыскерлерге арнап ерекше белгілер істейді. Бұл соңғылар алтын сақиналар мен сырғалар тағады, мойынына алтын шынжыр, басына алтын құрсау салады. Сөйтіп олар алтын мен күміс түкке алғысыз болу үшін барлық амалдарды пайдаланады. Басқа халықтарда байлықтан айрылу орны толмас қасірет деп саналады, ал утопиялықтардан олардың баға жетпес байлығының бәрін тартып алсаң да, бұдан ешкім соқыр тиын да жоғалтпас еді. Утопиялықтар теңіз жағалауынан інжу-маржан, жартастардан алмас пен басқа асыл тастар жинайды. Мұндай сирек заттар іздеп табанынан таусылмаса да, олар кішкентай балаларды әшекейлеу үшін оларды қуанақуана өңдейді. Балалар бұл әшекейлерді әуелі аса мақтан тұтады, бірақ өсе келе мұның боқмұрын балаларға ғана тиесілі жай алданыш екенін түсініп,

сезіне бастайды. Ата-аналарының нұсқауын күтпей-ақ, үсті-басындағы бар әшекейді-жылтырақтарды алып тастайды. Біздің балаларымыздың біртебірте ойыншық, қуыршақтарды керек етпейтіні сияқты. Бұл тәртіптер басқа халықтардың тәртіптері мен ғұрыптарынан түбірінен басқаша, сондықтан олар утопиялықтардың жүрегінде біздегімен мүлде кереғар сезімдер мен сенімдер қалдырады. Мұндай айырмашылық мені олар Анемолия елшілігін қалай қарсы алғанын көргенде, ерекше қайран қалдырды. Анемолия елшілері Амауротаға нақ мен сонда жүрген кезде келді; олар аса маңызды мәселелерді талқылауға тиіс болғандықтан сенат (әр қаладан үш азамат) астанаға жиылып, елшілерді со жерде күтті. Сол уақытқа дейін көрші халықтардың Утопияға келетін елшілері қарапайым, жұпыны ғана киініп келетін, өйткені олар Утопия әдет-ғұрпы бойынша қымбат бағалы салтанатты киімдерге ешқандай мән берілмейтінін, жібек көзге ілінбейтінін, алтын масқаралау үшін ғана пайдаланылатындығын білетін. Алайда анемолиялықтар едәуір алыс көрші ретінде Утопиямен өте сирек қатынасатын. Олар арал тұрғындарының жұпыны, бірдей киінетіндерін естігенде, мұны олар аралдықтардың тақыр кедейлігінен деп ұқты; сондықтан олар байыпты ойланудан гөрі, атаққұмарлықтан дәл бір құдай секілді малынып киінуді ұйғарды. Осынысымен кедей аралдықтарды қайран қалдырмақ болды. Міне сөйтіп Анемолия мырзалары – үш министр үлкен сән-салтанатпен қалаға келіп кірді; соңдарында жалт-жұлт еткен әртүрлі жібек киім киген жүзден аса нөкері бар. Елшілердің өздері алтын жіптен тоқылған керемет киімдерін киіп, мойындарына алтын алқа, саусақтарына алтын жүзік, құлағына сырға салып, жалт-жұлт еткен асыл тастармен безендірілген алтын оқалы қалпақтармен келді. Қысқасы, елшілер Утопиялықтарда масқаралық белгісі, құлдарды жазалау құралы, балалар үшін кәдімгі ойыншық болып табылатын нәрсенің бәрін жапсырып келген-ді.

Елшілер мен олардың нөкері өздерінің әлем-жәлем киімдерін қарсы алуға шыққан утопиялықтардың жұпыны киімдерімен салыстырып, мұрнын шүйіре түссе, утопиялықтарды күлкіге қарық етті. Екінші жағынан, жатжұрттықтардың аңтарылғаны да қызық еді, өйткені олар тұрғындар тарапынан ілтипат та, құрмет те көре алмады. Әртүрлі шаруамен шет елдерге кеткен аз ғана утопиялықтардан басқаның баршасы жатжұрттықтардың салтанатты шеруіне қарап, тек иығын қиқаңдатты, олардың құлдарын елші екен деп қалып, жаңылысып, соларға бас иді, керісінше, утопиялықтардың құлдары сықылды алтынға малынған елшілерді құл деп есептеп, оларға көз салмады. Алмаспен, інжу-маржанмен ойнауды қойып кеткен балалар ондай әшекейлерді елшілердің қалпақтарынан көргенде шешелерін түрткілеп: “Апа, анау дардай нақұрысқа қарашы, әлі бала сияқты жылтырақ тастармен ойнайды екен,” – деп қояды. Ал шешелері оларға: “Тыныш тұр, үндеме, мүмкін ол елшіліктің ең басты майрампазы шығар,” – деп жауап береді. Кейбіреулер мыналардың алтын шынжырлары тым әлсіз, бос екен, құлдар оларды үзіп-жұлып тастап, қашып кетеді ғой деп жатыр. Амауротаға бар сән-салтанатымен келіп кіргеннен екі күннен соң елшілер өз елдерінде алтын қаншалық қатты бағаланса, Утопияда соншалық жиіркенішті екенін білді. Олар бір құлдың тұла бойынан бүкіл нөкерінің үстінде жоқ алтын-күмісті байқады. Сонда олардың менменсуі сап тиылды – мықтап алжасқанын түсінді, сөйтіп күні кеше ғана өздері аса мақтан тұтқан жарқылдақтарын алып тастады... Утопиялықтар неғұрлым биязы жүннен киім кисе, соны арқаланып өздерін текті санайтын, жапырыла қадірлеуге лайықпыз деп білетіндерді ақымақ деп есептейді, өйткені сол жүн қойдан қырқылған, кеше ғана соның жамылышы болған ғой. Олар алтын деген мүлдем пайдасыз нәрсенің айтарлықтай құндылыққа айналып, айтарлықтай жоғары бағаға ие болғанын тіпті түсінбейді. Сонымен бірге олар ешқандай білім жоқ, білімсіз, тұмар секілді топас, адамгершіліктен жұрдай байлардың қаншама ақылды, ізгі жандарды

болмашы ғана тиын-тебенмен өздеріне тәуелді етіп ұстайтындарын ұға алмайды. Бақыт та олардан тайып кетуі мүмкін ғой, дейді олар, ал заң (ол да бақыт секілді жиі-жиі құбыла береді ғой) ақшаны тартып алып, олардың ең болымсыз құлдарына беруі мүмкін ғой. Міне сол кезде сол бай өзін сол құлға тауар ретінде сата алса, өзін бақытты адаммын деп санайтын болады. Утопиялықтар солардың бәрінен де гөрі жиренетін және өздері мүлдем дерлік түсіне алмайтын тағы бір ақымақтық бар. Ол мынау: адамға байлығы үшін құдайдай құрмет көрсетеді және де сол жандайшаптар оның борышқоры да емес, қызметін де пайдаланбайды. Ол есуастар ондай алтын қап барып тұрған сараң екенін, оның бүкіл қазынасынан өзіне соқыр тиын да түспейтінін біледі ғой. Міне осындай сенімдерге біз айтып отырған аралдықтар бір жағынан ғылымдарды үйренудің, екінші жағынан мемлекеттің оларға беретін тәрбиесінің арқасында ие болады, ол мемлекеттің мекемелері біздің бүкіл ақымақтығымыздан мүлдем бөлек. Инсаният философиясында олар да біздің философтар тілге тиек ететін мәселелерді талқылайды. Олар адамның жанынан, тәнінен және бүкіл сыртқы дүниеден адамды бақытты ете алатын нәрсені табады... Олар жақсылық пен рахатты зерттейді; алайда, оларда адам бақыттының көзін немесе көздерін табу ең ізгі зерттеу деп саналады. Бәлкім, оларды эпикуреизмге тым жақын деп айыптайтын да шығар, өйткені олардың ұғымы бойынша ләззәт алу бақыттың бірден-бір болмаса да, аса маңызды элементтерінің бірі. Және бір ғажабы, осы ләззатқа құмар моральды олар байыпты да қатаң дінге негіздейді. Олардың ұраны – дін мен философияның негізгі аксиомаларына сүйенбей бақыт туралы ешқашан дауласпау керек; олай болмаса олар өздерінің тұжырымдарын сыңаржақ және жалған теорияларға негізделген деп табар еді. Олардың діни катехизисі мынадай: жан ажалсыз; құдай өзі мейірімді болғандықтан, оны бақытты болу үшін жаратқан. Жақсылықтың есесі о дүниеде қайтады; ал қылмыстың еншісі жаза. Бұл догмалардың иесі дін

болғанымен, утопиялықтар соларға сеніп, соны дұрыс деп санау үшін парасаттың өзі жеткілікті деп ойлайды. Олар, еш ойланбастан, барлық амалмен ләззат алуға ұмтылмаса, адам есуас болар еді деп біледі. Сонда жақсылық дегенің екі ләззәттың неғұрлым ұнамдысын таңдап алу, оған керісінше, алған ләззаттан салдары нашар болатындарынан қашық жүру ғана болып шығар еді. О дүниедегі өмірден ешқандай үміт күтпей, жақсылық жасаймын деп қандай қиындықтарға да мойымау, өмір қуаныштарынан бас тарту, өз еркіңмен аласталу, өлімге бейіл болу – мұның бәрі аралдықтардың пікірі бойынша, ақымақтықтың шыңы болар еді. Бақыт, дейді олар, ләззат атаулының бәрі емес; олардың жақсылары, ұяттысы ғана бақыт сыйлайды. Міне соларға баршасы, тіпті жақсылықтың өзі де, біздің табиғатымызды еріксіз жетелейді. Шын бақыт міне соларға негізделуі тиіс. Олар жақсылық дегеніміз табиғат заңына негізделген өмір деп біледі. Құдай адамды жаратқанда оған өзге жазмыш іздемеген. Табиғат үніне еретін адам өзінің жиіркенішінде немесе сүйіспеншілігінде тек ақыл үніне құлақ асады. Сол ақыл ең әуелі құдай ұлылығын сүйіп, қадірлеу сезімін ұялатады, жұрттың бәрі өмірі мен әл-ауқаты үшін соған қарыздар. Сосын ол бізді көңілді, ренжімей өмір сүруге, сондай-ақ жақынжуықтарымыздың, бауырларымыздың да өмірін солай жайластыруға ұмтылуымызды үйретеді. Шынында да, егер жақсылықтың бірбеткей, қабағынан қар жауған жақтаушысы бізге оның ерліктеріне, түн қатуы мен ораза ұстауына еліктеуге кеңес берсе, ол-дағы жақынының азабы мен қайғы-қасіретін жеңілдетуге барынша тырысады. Ондай қатаң өсиеткер жақынын жұбатып, көмектескеніне мақтаныштан жарылып кете жаздайды; ол адамның ең абзал жақсылығы жақынының азабын жеңілдету, оны қайғы мен өнбес тірліктен құтқару, басқаша айтқанда, оған өмір қуанышын сыйлау деп ойлайды. Ал табиғат үні әркімді өзгеге жасаған игілікті өзіне де жасауға неге шақырмасын? Екі қағиданың біреуі әділетті болуға тиіс қой: жанға жайлы

тіршілік, яғни қуанышты өмір, не жақсылық, не жамандық болуға тиіс. Егер ол жамандық болса, онда біз өз бауырларымыздың соны пайдалануына көмектесе алмауымыз былай тұрсын, қайта оларды мүмкін болғанынша, қауіпті де қылмысты бір нәрсе ретінде одан айыруға тиіспіз. Ал егер ол жақсылық болса, онда біз оны өзгеге де, өзімізге де сыйлауға тиіспіз. Неліктен біз өзгеден гөрі өзімізге кем ілтипат жасауға тиіс болғанбыз? Бауырларымызға жанашыр болуды сыйлаған табиғат, сондайақ өзімізге өзіміздің тым қатыгез, аямай қарауымызға тиым салған. Утопиялықтардың кінаратсыз-ұнамды өмір, яғни қуанышты біздің барлық қылықтарымыздың мақсаты етуге ұмтылысы табиғаттың өзінің талабы және соның ырқына бағыну – жақсылық деген пікірге бейімделуі міне осыдан. Табиғат, дейді олар бұдан әрі адамдарды бір-біріне көмектесуге, өмір тойын бірге тойлауға шақырады. Бұл әділетті қағида: басқа адамдардан соншалық жоғары тұрғандықтан тек табиғат қана соның қамын жейтін кісі жоқ. Табиғат баршаға бірдей кейіп берді, ол баршаны бірдей жылытады, баршаны махаббатпен аялайды, ол басқаның есебінен біреудің баюын айыптайды. Міне дәл осы себептермен утопиялықтар тек азаматтар арасындағы татулыққа ғана емес, сонымен бірге рахатты бөлуге міндеттейтін қоғамдық заңдарға да назар аудару керек деп санайды. Басқаша айтқанда, өмірдің қызығын әділ кінәздің қолындағы құрал болып табылатын белгілі бір заңдар бойынша немесе халықтың рұқсатымен бөлу керек, сонда оларды тирания да таптай алмайды, қулық-сұмдықпен айналып та өтуге болмайды. Заңдарды бұзбай бақытқа жету – даналық; көпшілік пайдасына жұмыс істеу – дін; өзін ғана ойлап, жақынының бақытын таптау – қылмыс... Утопиялықтар біздің барлық қылықтарымыздың, тіпті жақсылықтың өлшемін біздің ең жоғары және түпкі мақсатымыз ретінде бақытқа қол жеткізуге саяды.

Соғыста қолға түскеннің бәрі бірдей құл болмайды, тек қолындағы қаруымен тұтқынға түскен құл болады. Құлдың ұлы еркін болады; дәл солай өзгенің Утопия топырағына аяқ басқан құлы да азат болады. Құлдық ауыр қылмыс жасаған азаматтардың және өлім жазасына кесілген шетелдіктердің үлесі; осы соңғы тапқа жататындар өте көп болады. Утопиялықтар оларды шетелдерден іздеп тауып, өте арзан бағаға, немесе ақысыз-пұлсыз алады. Міне осы құлдардың барлығы міндетті жұмысқа кесіледі, бұғаулап ұсталады. Құлдардың тағы бір табы мұнда өз еріктерімен келіп жұмыс істеуге тілек білдірген шетелдік кедей мердігерлерден құралады. Жалпы оларға азаматтар ретінде қарайды, тек олар ұзақ еңбекке көбірек дағдыланғандықтан, біршама көбірек істеуге мәжбүрленеді. Олар елдеріне қашан қайтам десе де ерікті (бірақ бұл өте сирек кездесетін құбылыс) және оларды ешқашанда құр қол жібермейді... Тіпті ең ауыр қылмыс үшін мұндағы әдеттегі жаза – құлдық. Утопиялықтар қылмыскер үшін құлдық өлімнен бірде-бір кем емес, мұның үстіне мемлекетке пайда келтіреді деп ойлайды. Егер әлдекім осы сенімдермен басқа халықтардағы тәртіптерді салыстырса, өз басым қуанар едім, маған келсек, басқа халықтарда әділет пен әділ қазылықтың көлеңкесі де жоқ дегенге бәс тігуге бармын. Бай зергер, өсімқор, мемлекет үшін ештеңе істемейтін, немесе тек керексіз нәрсемен жабдықтайтын адам – осынау адамдардың өз өмірін түк бітірмей немесе мән-мағынасыз ойын-сауықпен өткізіп жатқаны, ал мердігерлердің, жүкшілердің, ісмерлердің, диқандардың сұмдық мұқтаждықта өмір сүріп, нәпақасын әрең табатыны әділдік пе? Ал осы пақырлардың жұмысының ұзақтығы мен ауырлығы соншалық, ондайға күш-көлік малының өзі шыдамас еді. Іс жүзінде күш-көліктің тағдыры мың рет жеңіл: ол соншалық көп жұмыс істемейді, оның тамағы шамалы ғана нашарлау, соның өзінде өз тәбетіне дөп келіп тұр, және, мұның үстіне, мал: болашағы туралы ойлап, бас қатырмайды. Ал мердігерлердің тағдыры ше? Жеміссіз, абырой әпермейтін жұмыс оны қазір қажытса, қартайғанда тап болатын

өлмешінің күні оны тап бүгін-ақ алқымнан алған: оның азын-аулақ табысы оның қазіргі күнделікті қажеттерінің бәріне бірдей жетпейді ғой; ол өз тағдырын қалай өзгерте алады, ертеңгі күнге деп несін қалдырмақ? Текті дейтінге, өмірін әлаулаймен өткізіп жүргенге, сән-салтанат бұйымдары дейтін ешкімге қажеті жоқ заттарды жасайтынға байлықты төгіп-шашып, екінші жағынан, оларсыз қоғам өмір сүре алмайтын диқанды, көміршіні, тас қалаушыны, мердігерді, жүкшіні және басқаларды қамтамасыз ету үшін ешқандай шара қолданбайтын қоғам әділетті де риясыз ба? Мейірімсіз өзімшілдікке бой алдырған қоғам мүмкіндігінше көбірек жұмыс істетіп, пайда табу үшін өз жастарының күш-қуатын бейберекет жұмсайды; бірақ сол күш-қуат жас ұлғайғанан не сырқаттан әлсірей бастаған бойда, олардың ұйқысыз-күлкісіз өткізген түндерін, қисапсыз пайдалы жұмысын ұмытып, аштық ажалын артады. Онымен де тыншымайды! Байлар кедейлердің жалақысын неше түрлі айла-шарғы, алдау арқылы күн сайын кемітуге ұмтылып қана қоймайды, осы мақсатпен ерекше заңдар да шығарады... Сондықтан да мен ең жақсы құрылған мемлекеттердің өзінен – құдай куә, – өздерінің жоғары лауазымы мен мемлекет атын бүркеніп ойына келгенін істейтін байбатшалардың қаскүнемдігінен басқа ештеңе көре алмаймын. Бұл қаскүнемдер өздерінің екі жақты мақсатына жету үшін неше түрлі алдау-арбауды, барлық мүмкін амалдарды пайдаланады. Ең алдымен олар әртүрлі күдікті жолдармен қолына түсірген меншігіне шектеусіз құқығын қамтамасыз еткісі келеді; екіншіден, олар кедейлердің қайыршылық күйін өз пайдасына жаратып, оларды мүмкіндігінше аз жалақыға жұмыс істетуге тырысады. Міне осынау, байлар мемлекет атынан, демек, кедейлер атынан да ойлап тапқан айла-шарғылар заңдарға айналды. Жеке меншік құқығы бар, бәрі де ақшамен өлшенетін барлық жерде, әділет пен қоғамдық тыныштық жөнінде сөз болуы мүмкін де емес: мысалы сен ең құнды қазына-байлық алаяқтың қолында болуына келісер ме едің, қоғамдық байлық ләззатқа тоймайтын ат төбеліндей шағын

топтың пайда көзі болып, бұқара жоқшылықтан қырылып жататын мемлекетті әбден бақытты мемлекет деп атауға бола ма?.. Мен осындай ойларға сүңгіп кеткенде, Платон жөнінде тек қана әділетін айтуға мәжбүр боламын және дүние-мүліктің ортақтығын мойындамайтын халықтарға оның заң жазудан бас тартқанына титтей де таң қалмаймын. Осынау данышпан қоғамдық бақытты негіздеудің бірден-бір құралы теңдік принципін қолдану екендігін анық көре білген. Алайда мен, дүние-мүлік жеке адамдардың қолында қалып отырған мемлекетте теңдік миға қонбайтын нәрсе деп білемін; мұндай жағдайда әркімнің әрқилы өтірікшынды сықпыртып, шамасы жеткеннің бәрін иемденіп кеткісі келеді, сөйтіп қоғам байлығы ерте ме, кеш пе, бірнеше адамның ғана қолына көшеді, ал басқа халықтың үлесіне қайыршылық пен кедейлік қана тиеді... Міне дәл осы мені дүние-мүлікті тең әрі әділ бөлудің, сөйтіп баршаға ортақ дәулеттілікке жетудің негізін қалаудың бірден-бір құралы меншік құқығын жою деген пікірге бұлтартпай итермелей береді.

Аударма “Т. Мор Утопия. СПб, 1903”
басылымынан
жасалды.
Қазақшалаған

Көрік

ДҮЙСЕЕВ.

Мартин Лютер

ДҮНИАУИ ӨКІМЕТ ТУРАЛЫ

(1483–1546) – Германиядағы Реформацияның жетекшісі, неміс протестантизмінің (лютерандықтың) негізін қалаушы. Эйслебенде (Саксонияда) бұрынғы кеншінің, кейін балқыту және мыс кеніштері кәсіпорындары иелерінің бірі болған адамның отбасында дүниеге келген. Эрфурт университетін бітіріп, еркін өнерлер магистрі атағын алған, сосын Августин монастыріне кеткен. 1508 жылы Лютер Виттенберг университетінде оқытушылық қызметін бастады, дін мәселері жөнінен докторлық диссертация қорғайды. 1517 жылдың 31-қазанында ол Виттенбергтегі Қамал шіркеуінің есіктеріне индульгенцияны сатуға (күнәнің кешірілгендігі туралы куәлік) және Папалық пен католик дінбасыларының басқа да бұрмалаушылықтарына қарсы өзінің әйгілі 95 тезисін іліп қояды. Бұл тезистерде католицизмнің негізгі догматтарын теріске шығаратын оның жаңа діни ілімінің басты қағидалары паш етіледі. Реформатор адам мен Құдай арасында қоғамда үстемдік етуге ұмтылып отырған Шіркеу мен дінбасылар секілді делдалдар болмауы керек деп білді. Лютердің тезистерін қоғамның оппозициядағы және революцияшыл топтары католиктік иерархия мен солар қолдайтын қоғамдық тәртіптерге қарсы бас көтеруге шақырған дабыл деп қабылдады. Мартин Лютер қызметінің тарихи маңызы сол, оның үндеуімен қоғамды саяси және экономикалық жағынан жаңарту жолындағы аса қуатты қозғалысқа серпін берді.

Бірінші бөлім

Оған қандай мөлшерде мойынсұну керек

[...] Бүкіл дүниені жамандық жайлап, мыңның ішінен бір ғана шын христиан табылатындықтан, адамдар бірін-бірі жалмап, әйелдер мен балаларды қорғайтын, оларды тойындырып, Құдайға құлшылық еткізетін ешкім болмағандықтан, дүние қаңырап қалар еді. Міне сондықтан Құдай басқарудың екі түрін берді: оның бірі Иса Мәсіхтің басшылығымен, Киелі Рухтың көмегімен нағыз христиандар мен ізгі ниетті адамдар құрайтын рухани басқару, екіншісі – христиан еместер мен зұлымдарды тежеп ұстайтын, оларды, тіпті өз еркінен тыс, бейбіт өмір мен тыныштықты сақтауға мәжбүр ететін дүниауи басқару.[...] Егер біреу әлемді Інжіл бойынша басқармақ болып, елдің бәрі шоқындырылған, бәрі де христиандар, Інжіл олардың арасында құқықтың

да, семсердің де болуын міндеттемейді, жалпы олардың түкке керегі жоқ деген сылтаумен қандай да дүниауи құқық пен дүниауи семсерді түгел жойғысы келсе, тауып көрші, қымбаттым, мұның аяғы неге апарып соғар еді? Ол тағы, жыртқыш хайуандардың кісендері мен бұғауларын алып тастар еді де, олар көзіне көрінгеннің бәрін жайратып, ту-талақай етер еді, ол болса – бұлар менің қолға үйренген, зияны жоқ жануарларым ғой деп ақтала бастайды; ал мен [ақиқатты] жаралы тәніме қарап айырар едім. Міне осы сияқты зұлымдар христиан атын бүркеніп, Інжілдегі еркіндікті мансұқ етіп, ойларына келгенін істеп, біз христианбыз, семсерге де, заңға да бағынбаймыз деп оттар еді; қазірдің өзінде-ақ кейбіреулер өршелене өрекпіп ақымақтық жасап жүр ғой. Ондай [адамдарға] айту керек: рас, әрине, христиандар өздері үшін құқыққа да, семсерге де бағындырылмаған, оларды қажет те етпейді; бірақ алдымен бүкіл дүниені христиандармен толтыруға тер төк, содан кейін христианша, інжіл бойынша басқара бер. Бірақ мұны сен ешқашан істей алмайсың, өйткені дүние мен адамдардың көбісі, бәрі бірдей шоқындырылып, христиан деп аталса да, христиан емес және солай болып қала береді. Нағыз христиандар бір-бірінен алыс тұрады, былайша айтқанда, қол созым жерде емес. Сондықтан да христиандар тәртібінің бүкіл жер жүзіне, немесе тұтас бір елге, қала берді үлкен бір адамдар тобына таралуы мүмкін емес. Өйткені бұзық ниеттілер ізгі ниеттілерден әрқашан анағұрлым көп. Сондықтан тұтас бір елді немесе дүниені Інжіл көмегімен басқаруға көндіру – бақташы қасқырларды, арыстандарды, бүркіттерді және қойларды бір қораға жиып алып, олардың әрқайсысына басқалардың арасында еркін жүріп-тұруға мұрсат беріп: “ Осы жерде жайылыңдар, тақуа да бейбітшіл болыңдар, ашық жайылым бәріңе жетеді, иттер мен шоқпарларды қаперге алмаңдар!” – деген сияқты болып шығар еді. Мұнан кейін қойлар тып-тыныш болып, алаңдамай жайыла, айтқанға көне берер еді, бірақ олар бұлай ұзақ өмір сүре алмас еді, өйткені олардың бірде-бірі тірі қалмас еді.

Сондықтан да басқарудың бұл екі түрі бір-бірінен мықтап ажыратылуға, және екеуі де қала беруге тиіс: олардың бірі адамдарды ізгілікке тәрбиелейді де; екіншісі сыртқы бейбітшілікті қамтамасыз етеді, жамандықтан қорғайды. Олардың бірінсіз бірінің күні жоқ. Иса Мәсіхтің рухани басшылығынсыз ешкім де Құдай алдында таупихты бола алмайды. Бірақ Иса Мәсіхтің басшылығы бүкіл адамзат баласына жүрмейді, өйткені барлық уақытта христиандар – азшылық және олар христиан еместердің арасында тұрады. Ал тек дүниауи азаматтық басқару немесе заң ғана күшінде болатын жерде тек екіжүзділік билеп-төстейді, егер тек Құдайдың өсиеттері ғана қолданылса, жағдай тағы да тап солай болып шығар еді. Жүрегіне Киелі Рух ұяламай ешкім ешқашан ізгі жан бола алмайды, әркім өзінің қолынан келетін істі тындырады. Ал ел мен адамдарды тек рухани басқару жүзеге асырылатын жерде ноқта босаңсып, әртүрлі жауыздыққа кең өріс ашылады. Өйткені жер бетіндегі дүние [рухани басқаруды] мойындай да, түсіне де алмайды. [...] Ал Иса Мәсіх Өз Патшалығында ешқандай семсерді қолданған да емес, енгізген де емес. Өйткені Ол – христиандар Патшасы және заңмен емес, бір ғана Өзінің Киелі Рухымен басқарады. Ол-ол ма, [дүниауи патшалықта] семсердің [қажет екендігін] мойындай отырып, Ол оны онда қолданбаған. Ізгі ниетті адамдар ғана өмір сүретін Оның Патшалығында семсерге орын жоқ. [...] Сен тағы мынаны сұрадың: жасауылдар, жендеттер, заңгерлер, адвокаттар және т.б. сол сияқтылар христиан бола ала ма, сөйтіп Аспан Патшалығына жете ала ма? Оған жауап мынау: егер өкімет пен семсер, жоғарыда айтып түсіндіргеніміздей, Құдайға қызметші болса, онда әлгілердің бәрі де семсерді қолдану үшін өкіметке қажет болуға тиіс. Олар зұлымдарды іздеп табатын, айыптайтын, азаптайтын және өлтіретін, жақсыларды қорғайтын, кешіретін, олар үшін жауап беретін және құтқаратын адамдар болуға тиіс. Бірақ бұл әлгілер қара басының пайдасын ойламай, тек солар арқылы залымдарды тұқыртатын, заң мен өкіметке

көмектессе ғана [әділ]. [Мұндай жағдайда] осының бәрі оларға қауіп төндірмейді және кез-келген кәсіп сияқты пайдаланыла алады, олар сонымен тамағын асырайды. Өйткені, бұрын да айтқанымыздай жақыныңның сүйіспеншілігі сендердің өздеріңе ғана арналмайды, сендердің істеріңнің үлкен-кішілігіне емес, сол істеріңнің жақындарыңа немесе қауымға қаншалықты пайдалы, қажетті екендігіне қарайды.[...]

Екінші бөлім

Дүниауи өкіметтің құлашы қаншалық ауқымды

Енді осынау өсиеттің ең басты бөлігіне көшейік. Жер бетінде дүниауи өкімет қажет екендігін, оны христианша, інжілше қалай қолдану керектігін көрсеткеннен кейін, оның Жаратқан Патшалығына кіріп кетпес үшін, Оның басқаруына араласпас үшін оның қолы қай жерге дейін жетіп жататынын көрсетуіміз керек. Мұны білу қажет, өйткені оған тым көп өріс берілсе, адам төзгісіз, сұмдық зиян келеді; оны тым шектеп жіберу де зиян. Біріншісінде тым аз, екіншісінде тым көп жазалайды. Алайда ең абзалы, оның күнәға қалып, тым аз жазалауы. Ізгі ниетті бір жанды өлтіргеннен гөрі, жауыздардың бірін тірі қалдырған әрқашан жақсы. Өйткені дүниеде жауыздар болған, әлі де бола береді, ал ізгі ниетті жандар аз. Біріншіден, айта кетелік, Адам ата ұрпағының екі бөлігінде (оның бір бөлігі Иса Мәсіх басқаратын Құдай Патшалығында, екінші бөлігі өкімет басқаратын дүниауи патшалықта) екі түрлі заң бар. Әрбір патшалықтың өз заңдары мен өз құқығы болуға тиіс, және заңсыз ешқандай патшалық, ешқандай басқару дүниеге келмейді, мұны күнделікті тәжірибе жеткілікті аңғартып жүр. Дүниауи басқару заңдарының құлашы тән мен дүниемүлікке, жер бетінде сырт деп есептелетінге ғана жетеді. Ал жанға Құдай өзінен басқаның билік етуіне жол бере алмайды, беруді де қаламайды. Сондықтан егер дүниауи өкімет жанға заң таңуға бел байласа, ол

Құдайдың басқаруына өрескел араласу, жанды еліктіріп, бұзу болып шығады. Сондықтан мұны біз, өзіміздің дворяндарымыз, кінәздарымыз бен епископтарымыз тарапынан бодандарын әртүрлі заңдармен, жарлықпен не былай, не алай сенуге мәжбүр етуге тырысуы соншалық сорақылық екенін түсінуі үшін соқырға таяқ ұстатқандай анық көрсеткіміз келеді. Егер адамдар заңы жанға неге және қалай сенуге тиістігін көрсетіп отырғысы келсе (ал кейбіреулер нақ осы ойды негізсіз қорғаштайды), бұл әрине, Құдай сөзі емес. Егер бұл жерде Құдай сөзі жоқ болса, мұқдай нәрсені Құдайдың жақтайтыны нәргүман, өйткені Ол өсиет етпеген нәрсе ақиқат және Содан шыққан сөз бола алмайды. [...] [...] Бірақ адамзат бастықтарының өкіметі Аспан мен жанға жүрмейді, тек жерге және адамдарды көру, тану, бағалау, талқылау, жазалау, қорғау үшін олардың бір-бірімен сыртқы өзара қарым-қатынастарына ғана жүреді. Осының бәрін кезінде Иса Мәсіхтің өзі анық көре біліп, оны: “Патша еншісін патшаға, Құдай еншісін Құдайға беріңдер” (Мф.22) деген сөздермен білдірген. Егер патшаның өкіметі шектеулі болмай, Құдай Патшалығына және Оның құдіретіне таралса, онда Иса Мәсіх осынау айырмашылықты нықтап көрсетпес еді. Жоқ, жан, жоғарыда айтқанымыздай, патшаның қолында емес; ол оған ақыл да бере алмайды, басқара да, өлтіре де, тірілте де, соттай да, жазалай да, ұстай да, босата да алмайды; алайда, егер онда жанға билік жүргізіп, оған заңдарды таңу билігі болса, солай болуға тиісті де; бірақ ол тәнге, дүние-мүлікке, арнамысқа солай ете алады, өйткені олар соның өкіметінің қолында.[...] Мынаны да біліп ал: дүние жаралғалы кемеңгер кінәз – сирек құс, ізгі ниетті патша – одан да сирек. Әдетте олар не сұмдық ақымақ, не жер бетіндегі ең ірі жауыздар болып келеді; олардан әрқашан тек жаманшылықтың сорақысын ғана, ілуде бір ғана – әлдене бір жақсылықты күтуге болады, әсіресе Құдай ісінде, жанды құтқару ісінде солай. Олар – Құдайдың қол шоқпары, жендеттері ғой, және Құдайдың қаһары оларды зұлымдарды жазалау үшін, сыртқы тыныштықты сақтап отыру үшін

жібереді ғой. Бас иеміз – Құдайдың ұлылығында шәк жоқ, сондықтан да оның жендеттері мен жасауылдары маңғаз, асыл текті, бай болғаны абзал және Ол солардың әрбір адам мен тобырдан байлығы мен атақ-даңқы арқылы ерекше тұруын, біздің бәріміздің солардан қорқуымызды қалайды. Оның Жаратушылық рахманына біз Оның жендеттерін аса рахымды мырзалар деп атап, соларға бас игеніміз, оларға тіл қатпай қызмет еткеніміз лайық, тек өз кәсібінде олар шектен шығып кетпесе, жендеттен момынға айналғысы келмей қалмаса болғаны. Егер кінәз ақылды, ізгі, немесе христиан болып шықса, бұл ұлы керемет, сол елге Құдай рахымының бұлтартпас белгісі деп білуіміз керек.[...] Бірақ сен тағы да: “Олай емес, дүниауи өкімет дінге зорлап көндірмейді, ол тек адамдардың жалған ілімге елікпеуіне сырттай қарсы; әйтпесе күпірлерге қалай тыйым салмақпыз?” – деп, дау айтасың ғой. Жауап былай: мұны кінәздар емес, осындай жұмыс міндеттелген епископтар істеуі керек. Өйткені күпірлікті ешқашан күшпен жоймау керек, бұл арада басқа бір амал, семсер емес, өзге бір нәрсе керек. Бұл арада Құдайдың сөзі шайқасуға тиіс; бұл арада ол ештеңе шеше алмаса, дүниауи өкімет бүкіл әлемді қанға бөктірсе де, ештеңе шеше алмайды. Күпірлік – рухани тірлік; оны қылышпен турап тастай алмайсың, өртеп жібере алмайсың, суға батыра да алмайсың.[...] Мұның үстіне сенім мен күпірлік оларға қарсы Құдай сөзінсіз, тек күшпен аттанғанда тіпті күшейеді. Өйткені Құдай сөзінсіз қимылдаған мұндай өкімет бейәділет деп саналатыны бесенеден белгілі және санасыз хайуан зорлық-зомбылықта басқа ештеңемен өзіне көмектесе алмайды. Дүниауи істерде де, күшке сенуге болмайды ғой, бұрыстықты бәрінен бұрын дұрыстықпен еңсеру керек. Ал осынау аса өрелі рухани істерде дұрыстықсыз, Құдай сөзінсіз күшке жүгінуге тіпті болмайды! Сондықтан қайырымды, ақылды дворяндар маған не істеп жүргенін байқап көр! Олар күпірлікті аластағысы келеді, бірақ сонысымен қарсылықты күшейте түсетінін, өздеріне сенімсіздікті ұлғайтып, қуғындалғандардың әділдігіне

сенімді нығайтатындығын түсінбейді. Жарқыным, егер сен күпірлікті аластағың келсе, оны ең алдымен жүректен тайдыр, ерік күшімен біржола айдап шық; зорлықпен түк бітіре алмайсың, қайта күшейте түсесің. Егер сен күпірлікті жүректе күшейтіп, оны тілмен ғана әлсіретесің де, адамды өтірікке мәжбүрлеу саған көмектесе ала ама? Ал Құдай сөзі жүректі нұрландырып, содан бүкіл күпірлік пен адасуды айдап шығады.[...]

Үшінші бөлім

Ал енді, дүниауи өкімет шекараларын біліп алғаннан кейін, кінәздің қалай басқаруы керектігін сөз етейік. Және бұл жан-тәнімен нағыз христиан болғысы келетін, сөйтіп Аспан Патшалығына қалай кіруді ойлайтын кінәздар үшін істеледі. Бірақ ондайлар тым аз.[...] Өйткені олар, басқарушы болып тудық немесе таңдап алындық екен, өзімізге күш көмегімен қызмет еткізуге, күш көмегімен басқаруға құқығымыз бар деп санайды. Алайда нағыз христиан кінәз болғысы келетін адам тек күшпен қарекет етуім керек деген ойдан шындап безінуі керек. Тек өзінің пайдасы мен игілігі үшін ғана өмір сүретіндердің баршасын қарғыс атсын, сүйіспеншілікпен нұрланбаған барлық істі қарғыс атсын! Сүйіспеншілік істеріне шын жүректен, риясыз істелетін және өзінің қарақан басының табысы, пайдасы, құрметі, жайлылығы, қасиеттілігі үшін емес, басқалардың пайдасы құрмет тұтылуы және қасиеттелуі үшін жасалатын істер ғана жатқызылады. Мен бұл жерде өкіметтің дүниауи қызметі мен заңдары туралы ештеңе айтып жатпаймын, өйткені бұл ұшы-қиырсыз жұмыс, мұның үстіне заңдар жыртылып-айрылады.[...] Заңдар қаншама жақсы, қаншама әділ болса да солардың бәріне ортақ бір кемшілік бар: оларды барлық оқиғаларға бірдей қолдануға болмайды. Сондықтан да кінәз заңды қолына семсер ұстағандай мықтап ұстап, өзінің ақыл таразысымен тексеріп отыруы керек; парасат қандай да болсын заңнан ұдайы ұлық болып, ең

заңғар заң және заңғар заңгер бола беруі үшін оны қай кезде қатаң, қай кезде жұмсарта қолдануы керек екенін білсін. Әміршіні үлкен әулеттің басшысымен салыстыруға болады: ол өзінің отбасы үшін жұмыс пен тамақтану тәртібін белгілегенде, өз әулетінің мүшелері ауырған, тұтқынға түскен, қамалған, жалпы оқыс жағдайларға тап болған кезде ол тәртіпті өзгерте немесе жұмсарта алуға, ауруға сау адам секілді қатаң қарамауға әрқашан дайын болады. Мен мұны жазылған заңдар мен заңгерлердің кеңестері мүлтіксіз, сондықтан тек солар әбден жеткілікті деп ойламау үшін айтып отырмын.Жоқ, одан да үлкен бірдеме керек. [...]

Аударма “М. Лютер. Избранные произведения. – СПб., 1994.” басылымынан жасалды. Қазақшалаған Көрік ДҮЙСЕЕВ.

Жан Кальвин

ХРИСТИАНДЫҚ ӨМІР ТУРАЛЫ

(1509–1564) – Реформация идеологы әрі жетекшілерінің бірі. Париж маңындағы Нуайонеде дүниеге келген, тамаша білім алған. Сорбонна университетінде оқып, филология мен схоластикалық философияны оқыпүйренді. Студент кезінде-ақ священник мәртебесін алды. 1528 жылы өнер бакалавры атағын алған соң, құқық және грек тілін оқып-үйрену үшін Орлеан, Буржа университеттеріне аттанды. 1531 жылы Парижге оралып, ғылыми жұмыспен айналыса бастады. Діни мансаптан бас тартып, католик Шіркеуімен қатынасын үзеді. Қудалау салдарынан әуелі Базельге, сосын Женева мен Страсбургке қоныс аударады. Өз шығармаларында, өзінің пікірі бойынша, надан схоластар, Папалар және олардың жандайшаптары түбіне жеткен ескі Шіркеу бейнесін қалпына келтіруді жақтады. Ол сот кемшіліктерін, әкімшіліктің жүгенсіздіктерін, әсіресе абсолютизм принциптерін айыптады. Оның басшылығымен Женевада, оның “Христиан дініндегі уағыздар” атты еңбегінде (1536) баяндалған идеяларға сәйкес Шіркеу мен қоғамдық өмір реформасы жүргізілді. Женевадағы кальвинистік Шіркеу демократиялық республиканың қалыптасуына жәрдемдесті. Өзінің борышын орындай отырып, деп үйретті Кальвин, әрбір адам, өзінің қасиетті борышын орындайды, Құдайға жағатын мамандықты таңдайды, отбасы дәнекерлерін және мемлекет пен қоғамдағы тәртіпті нығайтады. Кальвинизм Еуропаның бірқатар елдерінің саяси тәуелсіздік алуына жәрдемдесті; ол осы заманғы протестант елдеріндегі либерализмнің рухани қайнар көздерінің бірі болды.

ІІ тарау

Христиандық өмірдің мәні туралы, немесе өзіңді ойламау туралы

Біз алқынып-жұлқынып, айдаһардай аранымыз ашылып құдірет пен құрметке құштармыз, ұмтыламыз, байлық қуып, өзіміздің ойымызша баршылыққа, сән-салтанатқа жәрдемдесер-ау дегеннің бәрін жиып-тереміз. Екінші жағынан, кедейшіліктен, бейшара тірліктен, кемсітушіліктен зәреміз ұшып, ат-тонымызды ала қашамыз, өлердей жек көреміз. Сондықтан да, өз білгенінше өмір сүріп, тек ашқарақтығы мен мақтанқұмарлығы еліктірген нәрсеге қол жеткізу үшін, кедейлік пен пәс жағдайдың қармағына түсіп қалмас үшін қаншама қулық-сұмдықты қолданатыны, қаншама азапқа түсетіні анық.

Құдайға қараған әрбір адам осындай тозаққа түсіп қалмас үшін мына бір жолды ұстануға тиіс. Ең бастысы, Жаратқанның рахманы болмаса берекені қалаудың, не үміттенудің, не басқа бір амалын қиялдаудың пайдасы жоқ, сондықтан адамдар тілеуін содан тілеп соған таянуға тиіс. Әлбетте, не өзінің жанкештілігінің, не жанашыр адамдардың көмегінің арқасында, құрмет пен байлыққа жетуден аянбаса, тән көксегенін жүзеге асыра алады; соған қарамастан, осының бәрі – түкке тұрмайтыны, қаншама епті, пысық, еңбекқор болсаң да Құдайдың шарапатынсыз ешқашан жолымыздың болмайтыны анық. Керісінше, Оның жалғыз рахманы біздің бар ісіміздің сәтті аяқталуы үшін барлық кедергілерден алып шығады. Ол-ол ма, тіпті біз Оның рахманынсыз байлыққа немесе қошеметқұрметке жете алатын болсақ та, Құдайдың қарғысына іліккен жерде рахаттың пұшпағын да көрмейміз; егер Оның рахманы алқаламаса, біз қасіреттен басқа ештеңені көрмейміз. Демек, бізге тек сор жамайтын нәрсеге қол созу есуастықтың сорақысы болар еді. 9. Сондықтан, егер біз табыстың бірден-бір амалы Жаратқанның рахманы екеніне және онсыз біздің пешенемізге жазылғаны қайыршылық пен қасірет екеніне сенсек, онда біз өзіміздің ақыл-ойымызға, талапталпынысымызға немесе біреулердің яки кездейсоқтықтың алқауына арқа сүйеп, байлық пен атақ-даңққа тым көзсіз ұмтылмауға тиіспіз; Құдайдың сілтеуімен, Сол бұйырған несібеге ие болу үшін біз әрқашан тек Құдайдан тілеуге міндеттіміз. Сонда біз өтірік-шынды көйітіп, күшпен не қулық-сұмдықпен, не басқа да күнаһар жолдармен байлық пен атақ-даңққа жетуге ұмтылмаймыз; есесіне Құдай алдында күнәлі болмайтындай игіліктерді ғана іздеп, соны қанағат тұтамыз. Алдап-арбаудан, ұрлық-қарлықтан, басқа да қылмыстардан бас тартпайтын адам Жаратқанның рахманынан үміт күте ала ма? Құдайдың

рахманы тек ойы да, ісі де адал адамға ғана жауатындықтан, рахманнан үмітті адам заңсыздықтан, қандай да бір арам пиғылдан аулақ тұруға тиіс. Мұның үстіне, Құдайдың рахманы – байлыққа нысапсыздық түбімізге жетпес үшін, баянсыз атаққұмарлық алқымымыздан алмас үшін тежеп отыратын тізгін сынды. Құдай сөзіне кереғар біз қалағанға Ол көмектесуге тиіс деп ойлау арсыздықтың сорақысы емес пе? Ол Өз аузымен қарғаған нәрсеге Өз рахманынмен жәрдемдесе ме? Сайып келгенде, тіпті ісіміз көксегеніміздей, тілегеніміздей оңға баспағанның өзінде, сол бір ой біздің күдер үзіп, тағдырымызға налуымызға жол бермейді. Өйткені біз, бұл кедейлік те, байлық та, жек көріну де, қадір-құрмет те Өз ырқымен бөлінетін Құдайға күпірлік екенін білеміз. Жалпы алғанда Жаратқанның рахманынан үміт ететін адам (жоғарыда айтылғандай) жаманшылыққа жоламайды, адамдар шексіз ашқарақтықпен ұмтылатын нәрсенің бәрін айла-амалмен іздей бастамайды, өйткені ол мұның пайда бермейтінін біледі. Ал егер жолы бола қалса, мұны өзінің пысықтығына, іскерлігіне, сәті түскендікке жапсырмай, Құдайдың бергені деп біледі. Екінші жағынан, оның ісі ештеңеде оңға баспаса да, тіпті кері кетсе де, басқалар қалауынша озып, өрлеп бара жатса да, ол бәрібір кедейшілікке, пайдасы көксегенінен кем түскен арам адамнан зор сабырмен, шыдаммен төзеді. Өйткені Жаратқанның рахманына үміт артқан адам дүниенің бәрін бір төбе етіп үйген бар байлығынан да артық тыншытатын жұбаныш табады: өйткені ол бәрі де Құдайдың ықтиярымен болатынын, бұл оның құтқарылуы үшін де керектігін ұмытпайды. Құдайға еріп, өзін Соның құлы санай бастағанда, ұлы да қол жетпес дүниеге енгендей емес, ана емшегінен айрылған сәбидей болдым деген Дәуіттің рухы дәл сондай күйде болғанын көреміз.

10. Бірақ діндарларға тек осы тұрғыдан ғана шыдамды, қанағатшыл болу жеткіліксіз; олар өмірде болып жататын оқиғалардың бәріне де солай қарауға тиіс. Сондықтан, егер адам Құдайдың қолына өз өмірін Оның ырқына ойланбай бағынатын етіп бермесе, оның өзін-өзі ойлаудан жақсылап бас тартпағаны. Ақылы да, рухы да осыған қалып алған адам не болса да өзін бақытсыз сезінбейді, Құдайды жанама айыптағандай болып, өз жағдайына назаланбайды. Ал рухтың осылай қалып алғаны қажет екендігі, егер біз қаншалық әртүрлі бақытсыздыққа душар болатындығымызды аңдасақ, айқын бола түседі. Бізді ұдайы, бірінен соң бірі қинайтын мыңдаған кесепат бар. Бізді бірде оба, бірде соғыс қинайды, бірде суық соғып, егін шықпайды, мұқтаждық қатерін төндіреді; бірде ажал әйеліңді, балаларыңды басқа да жақындарыңды алып кетіп жатады; кейде үйімізден өрт шығады. Содан да адамдар өмірден түңіледі, туған күнін лағнаттайды, Құдайды жазғырады; сөйтіп олар бірде күпірлікке белшесінен батады, бірде Жаратқанды әділетсіз, аяусыз деп айыптайды. Керісінше, діндар адам осының бәрінен Құдайдың рахым мен әкелік жақсылығын көре білуге тиіс.[...]

Аударма “Ж. Кальвин. “О жизни христиан”. –
М., 1995.” басылымынан жасалды. Қазақшалаған
Көрік ДҮЙСЕЕВ.

Жан Боден

МЕМЛЕКЕТ ТУРАЛЫ АЛТЫ КІТАП

(1530–1596) – француз саяси ойшылы, әлеуметтанушы, құқықтанушы. Тулузада құқық ілімін оқып-үйренген, содан Парижге қоныс аударған. Дүние тек шыр айналып тұратын табиғаттан өзгеше қоғамда ілгерілеу болып отырады деп пайымдаған, қоғамның өзін ол әлеуметтік ортаның ықпалымен қалыптасатын шаруашылық одақтарының жиынтығы деп түсінген. Ол мемлекеттік егемендіктің тұтастық принципін негіздеп берген, сол себептен де өкіметті бөліпжаруға қарсы шыққан. Саяси төңкерістердің негізінде мүліктік теңсіздіктер жатады деп есептеген. Боденнің монархтың билігі Құдайдан берілген нәрсе емес деген пікірі өз тұсындағы прогресшіл ой болды. Боден діннің табиғи жолмен пайда болғандығын көрсетіп, қай дінге болса да шыдамдылықпен қарау керектігін жақтады. “Саясаткерлер” партиясы жетекшілерінің бірі ретінде ол ұлттық бірлік идеясын қорғады, ол үшін монархтың мұрагерлікпен берілетін, бірақ заңмен шектеліп отыратын билігін нығайту, діни соғыстарды тоқтату керек деп санаған. “Тарихты оқып-үйренудің жеңіл әдісі”, “Мемлекет туралы алты кітап” (одан алынған үзінділер төменде беріліп отыр) атты еңбектерінде тарихи процестің дамуы, сондай ақ әртүрлі географиялық және климаттық жағдайларда мемлекеттік институттардың пайда болуы мен қалыптасу заңдылықтары қарастырылған. “Тарихты оқып-үйренудің жеңіл әдістері” 1566 жылы латын тілінде, ал “Мемлекет туралы алты кітап” 1576 жылы француз және латын тілдерінде басылып шықты.

Мемлекет дегеніміз егеменді өкіметтің көптеген отбасын және олардың ортақ иелігіндегі нәрселерді әділ басқаруды жүзеге асыру. Қандай да бір мемлекет біртіндеп өсіп, өніп көбейе беретін әулеттен құралады, яки халықтың басын біріктіру арқылы бірден құрылады, яки жаңа мекенде жаңа ұя салған аралар шоғыры сияқты немесе ағаштан бөліп алынып, топыраққа отырғызылған, содан тамыр жайған, бірақ тұқымнан өнген көшеттен гөрі көбірек жеміс бере алатын бұтақ тәрізді басқа мемлекеттен бөлініп шыққан отарлардан ұйымдастырылады. Бірақ мемлекеттердің қайсысы болсын күштілердің мәжбүрлеуімен немесе бір адамдардың өз бостандығын түгелімен басқа бір адамдарға бағындыруға келісуінің нәтижесінде құрылады, ал осы соңғы адамдар оны егемен өкіметке сүйеніп ешқандай заңсыз, яки белгілі бір заңдар негізінде және белгілі бір шарттар негізінде жүзеге асырады. Мемлекетте жеткілікті аумақ

және ел тұрғындары үшін жарамды, құнары әбден мол жер, бодандардың ішіп-жемі мен киімі үшін көптеген мал, олардың денсаулығын сақтау үшін климаты, ауа температурасы жұмсақ, суы таза, ал халық пен оның мекені үшін, егер орын өздігінен-ақ жеткілікті қауіпсіз, қорғануға табиғи оңтайлы болмаса, үйлер мен қамалдар салуға жарайтын материалдары бар жер болуы керек. Бұлар қандай да болсын мемлекетте бәрінен көп қам желінетін ең бірінші заттар. Ал содан кейін дәрі-дәрмек, металдар, бояулар секілді ыңғайлы дүниеліктер керек. [...] Бірақ адамдардың тәбеті тойымсыз болғандықтан олар пайдалы да қажетті заттардың ғана емес, ұнамды, бірақ пайдасы жоқ заттардың да ағыл-тегіл болуын қалайды. [...] Кемеңгер адам әділет пен ақиқат өлшемі болғандықтан және аса кемеңгер деп құрметтелетін адамдар жеке тұлғаның ең жоғары игілігі мемлекеттің де ең жоғары игілігі дегенге өзара келісіп, жақсы адам мен жақсы азамат арасын бөлмейтіндіктен, біз-дағы мемлекетті әділ басқару дегеніміз бағытталуға тиіс молшылықтың шын асқары мен басты мақсаты солар деп білеміз. Халық немесе мемлекет тізгінін ұстағандар егемен және мәңгі өкіметті ешқандай шарт қоймайтын бір адамның қолына ұстата алады, ол [мемлекеттің] мал-мүлкін, адамдарын және бүкіл мемлекетті өзінің білгенінше басқарады, содан кейін, меншік иесі өзінің мал-мүлкін ешқандай шарт қоймастан, жалғыз ғана өзінің мырзалығы себепті қалаған адамына бере алатындығы секілді осының бәрін өзі таңдаған адамға тапсыра алады, міндеттемелері, шарттары ілесе жүретін барлық басқа тарту сый болмайтындығын ескерсек, кезінде жасалып, бекітілген бұл іс ешқандай шартсыз жасалған нағыз сый болады. Сол сияқты, егер тақсырдың өкіметін орнатқан кезде егемендік те, абсолютті өкімет те Құдайдың немесе табиғаттың заңынан туындап жатпаса, тақсырға қандай да бір шарттармен берілген және оған қандай да бір міндеттемелер жүктейтін егемендік те, шындап келгенде, егемендік те, өкімет те бола алмайды. Ал Құдай мен жаратылыс заңдарына келер болсақ, оларға Жер бетінің барлық тақсырлары бағынышты және егер олар Құдайға қарсы

шығып, Жаратқанның ұлылығы алдында күпір болуды қаламаса, ол заңдарды бұзу олардың қолында емес, Құдайдың ұлылығы алдында әлемнің барлық монархтары құл болуға, қоқынышпен, құрметпен бас июге тиіс. Демек, тақсырлар мен егемен әміршілердің абсолютті өкіметі Құдай мен табиғат заңына ешбір жүрмейді. Егер біз абсолютті өкімет заңдарға бағынышты емес адамның қолында дер болсақ, онда бүкіл әлемде егемен тақсыр табылмайды, өйткені жер бетіндегі барлық тақсырлар Құдай мен табиғаттың заңдарына және адамзаттың барлық халықтарға ортақ көптеген заңдарына бағынышты. [...] Алайда, егемендік иелері басқа адамдардың әміріне бағынышты болмауы, олар бодандарына заң шығарып бере алатын, пайдасыз заңдарды алып тастап, олардың күшін жоя алатын, оларды басқа заңдармен алмастыра алатын болуы қажет, ал мұны заңдарға және өзіне әмір бере алатын адамдарға бағынышты тақсыр істей алмайды. Жақсылығымен нұр шашатын тақсырлардың өте сирек екендігіне таңданбау керек. Өйткені шарапатты адамдар жалпы аз, ал сол аз шарапатты адамдардың ішінен, әдетте, тақсыр сайланбайды, сондықтан көл-көсір тақсырлардың арасынан бір ғана ең жақсы адам табыла қалса, бұл барып тұрған керемет. Ал ол соншама төбеге көтеріліп, Құдайдан өзге өзінен биік ешкімді көрмей кеткен кезде, ең табандылардың өзін табанға салатын жалғанның жылтырағы оны жан-жағынан қаумалап тұрған кезде ол жақсылығынан танбаса, бұл ғажап. Жер қандай тәсілмен бөлінсе де, тіпті әйелдер мен балаларға дейін барлық мүлік ортақ болатындай етіле алмайды. Мемлекеттің өзі жасаған алғашқы жобасында Платон өзінің пікірі бойынша мемлекеттерде болып жататын барлық жаманшылықтардың және мемлекеттердің жойылып кетуінің себебі болып табылатын “сенікі”, “менікі” деген сөздерді өз қаласынан аластау мақсатымен дәл солай еткісі келген. Бірақ ол осы жоба жүзеге асар болса мемлекеттіктің бірден-бір белгісінен айрылып қалатынымызды ескермеді: егер әркімге тиісті ештеңе болмаса, баршаға да

тиісті ештеңе болмайды; егер ешқандай жеке меншік болмаса, ортақ та ештеңе жоқ. [...] Мемлекеттің мұндай құрылысы Құдай мен табиғаттың заңына, әйелдер ортақтастырылған кезде сөзсіз болатын араласуға, ойнасшылдыққа, өлтіруге ғана емес, басқалардың бірдеңесін жымқырып кету, тіпті басқаның затына көз салу пиғылына мүлдем төзбейтін заңға тікелей қарсы шығу болар еді, міне содан мемлекеттерді Құдай сондай-ақ мемлекетке қоғамдық дүние-мүлік, ал әрбір адамға оның өз меншігі тиесілі болатындай етіп құрғаны әбден анық көрінеді. Оның үстіне барлық нәрсенің мұндай ортақтығы мүмкін емес және отбасы құқығымен сыйыспайды. Өйткені отбасы мен мемлекет, өзіңдікі мен баршанікі, жеке меншік пен қоғамдық меншік бытысып кетсе, онда мемлекет те, отбасы да болмайды. Баршаға ортақ дүние иелік сезімін туғызбайтыны және ортақтық жек көрушілік пен талас-тартысты балалататындығы әбден белгілі. [...] Ортақ іс пен ортақ дүниенің арқасында өзімізге көбірек қамқорлық жасалады деп ойлайтындар жаңағыдан да қатты қателеседі. Әдетте біз мынаны көріп жүрміз: өзіне тікелей пайда түспейтін ортақ істен әркім-ақ бойын аулақ салады. Егеменді тақсыр бәрінен биік қазы болу орнына, өз партиясын құрар болса, ол сол партияның жетекшісі ғана болып шығады. Бүліктердің себебі мемлекеттің өз ішінде жатпаса да, ол өмірмен қоштасу қатеріне тап болады, міне елу жыл бойы бүкіл Еуропада дәл солай болып жатыр, онда соғыстар дін мәселелеріне байланысты жүргізілуде. Бір сектаға бүйрегі бұрып, екінші сектаны өлердей жек көретін тақсыр, сөз жоқ, соңғысын, тек Құдай сақтап қалмаса, күш қолданбай-ақ, көндірмей-ақ немесе ешқандай зорлық жасамай-ақ жойып жібере алады. Өйткені жаужүрек адамдардың рухы өздеріне қарсы күрес күшейген сайын табанды бола түседі де, қарсылық болмаса, жұмсарады. Мұның үстіне, тақсыр үшін мақсатына жететіндігі дүдамал болғанда, бодандарына қарсы күш қолданудан артық қауіпті нәрсе жоқ. Мен бұл жерде қай діннің бәрінен жақсы екенін

айтайын деп отырған жоқпын (дұрысында бір ғана дін, бір ғана шындық, Құдайдың өз аузымен айтылған бір ғана заң бар), бірақ қай діннің ақиқат екендігіне белгілі бір сенімі бар тақсыр әртүрлі секталар мен партияларға бөлшектелген өз бодандарын сол дін жағына тартқысы келсе, онда, меніңше, оның сол үшін күш қолдануының қажеті жоқ, өйткені, адамдардың ырқы зорлыққа неғұрлым көп ұшыраса, солғұрлым қатая береді. [...] Міне осылай істесе, тақсыр халық толқуынан, бұлғақтан және азамат соғысынан аман болып қана қоймайды, адасқан бодандарына құтқарылу қақпасына жол ашып береді.

Аударма “Антология мировой философии”. В
4-х томах. М., 1970.” басылымынан жасалды.
Қазақшалаған Көрік ДҮЙСЕЕВ.

Этьенн Ла Боэси

ЕРІКТІ ҚҰЛДЫҚ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМ

(1530–1563) – француз гуманисі, ақын, публицист. Орлеан университетінің заң факультетін бітірген соң Бордо парламентінің кеңесшісі болып тағайындалған. Латын, француз тілінде жазылып, 1571 жылы М. Монтен бастырып шығарған өлеңдерімен, ерте дүние гректерінің шығармаларын аударумен танылған. “Ерікті құлдық туралы толғамдар” атты ең басты еңбегін Ла Боэси 18 жасында жазған; ол еңбек тұңғыш рет 1576 жылы, автор қайтыс болғаннан кейін жарық көрген. Бұл саяси памфлет бел ала бастаған француз абсолютизміне қарсы бағытталған. Ла Боэси тирания мен абсолютизмді жасқанбай сынады. Ол адам бостандығын бау даусымен жақтады, өйткені ол бостандық жаратылыстан, тумыстан берілген деп санады. Халықтардың басына түскен теңсіздік пен құлдықты Ла Боэси әлеуметтік-экономикалық және саяси себептермен, жағдайлармен емес, халықтар үйреншікті әдет бойынша билікті монархқа беріп қойып, құлдыққа өз еркімен мойынсұнуында жатыр деп түсіндірді. Сөйтіп олар өздерін өздері құл қылып отыр, мұндай жағдай жалғаса беретін болса, мемлекет халықты езіп-жаншып отыратын күш болып қала береді. Адамдар өздерінің құқықтары, бостандықтары мен мүдделері бар екендігін түсінген кезде абсолютизмнің қарасы батады, өйткені бодандар корольдерден, олардың малайлары мен жақтастарынан әрқашан көп. Ла Боэсидің бостаншыл идеялары XVІІІ ғасырдағы француз және басқа да елдер ағартушыларының қоғамдық-саяси көзқарастарына ықпал етті.

Тирандардың үш түрі болады: біреулері мемлекеттік өкіметке халықтың сайлап қоюымен; екіншілері – қарулы күш көмегімен; үшіншілері – мұрагерлік жолымен ие болады. Мемлекетті жаулап алғандар онда өздерін, айта беретініміздей, жаулап алынған елде жүргендей ұстайды. Тумысынан тақсыр болғандар, әдетте әлгіден оңып тұрған жоқ, өйткені тирания аясында туып, тәрбие алған олар тирандардың құлқын анасының сүтімен бірге сіңіреді де, қол астындағы халыққа мұра жолымен еншісіне тиген құлдар ретінде қарайды; және де олардың не нәрсеге неғұрлым бейім екендігіне – олар пайдакүнем бе немесе шашпа ма – қарай мемлекетті де қолына тиген мұрасы ретінде билейді. Ал, мемлекетті халықтың өзі тапсырған тиранға келсек, ол неғұрлым жұмсағырақ болуға тиіс секілді, меніңше, солай болар да еді, егер ол басқаның бәрінен де

жоғары көтерілген және (маған түсініксіз себеппен) ұлылық деп аталған нәрсеге масайраған кезде, ол өзінің осы жағдайынан ешқашан айрылмауды ұйғармаса. Ондай тиран әдетте өзіне халық берген өкіметті балаларына қалдырып кетуге ұйғарады да – таңғаларлық нәрсе – халықтың ырқымен билік жүргізетін осынау тирандар әлгіндей шешімге келген бойда әрқилы сырқаулары және тіпті мейірімсіздігі жағынан барлық басқа тирандарға қарасын көрсетпей кетеді. Олар өзінің тирандығын одан әрі беркітудің бірден-бір жолы езгіні бұрынғыдан да бетер күшейте түсу және өзінің бодандарын бостандықтан, ол әлі жадта сайрап тұрса да, айырылуға мәжбүр ете алу үшін, олардың сол бостандықтың қандай да бір нышанын ұмыттыруға күш салады. Ендеше, шындығын айтсақ, тирандардың осы үш түрінің бір-бірінен шамалы айырмашылықтарын өз басым көріп отырсам да, түптеп келгенде олардың ешқайсысын да бір-бірінен артық деуге болмайды, және де олар өкіметке әртүрлі жолмен ие болса да, олардың басқару тәсілі әрқашан бірдей болып келеді. Билік басына сайланып келген тирандар өзінің бодандарына өзі бас білдіруге кіріскен бұқалар секілді қарайды. Жаулап алғандар оларға өзінің олжасы сияқты қарайды. Мұрагерлік жолымен келген тирандар өз бодандарын жаратылысынан құлдары сияқты жұмсайды. Бірақ мына бір жәйтті елестетіп көрелік: біздің заманда құлдыққа үйренбеген, еркіндіктің де дәмін тата қоймаған, тіпті мұндай атауларды білмейтін бірнеше мүлдем жаңа адам дүниеге келді; енді міне соларға екінің бірін: не құл болуды, не еркін өмір сүруді ұсынса, олар қайсысын қалар еді? Олар бір адамның дегенімен жүргеннен гөрі тек өз парасатына бағынуды жөн көретіндігінде ешқандай күман жоқ.[...] Сұмдық нәрсе, бірақ халық құлдыққа түскен кезден бастап, ол өз бостандығын кенеттен және толық ұмытып кетеді, оны сол бостандықты қайтадан алу үшін ояту тіпті қиын болады. Оның ықыласпен, ынтамен қызмет ететіндігі соншалық, ол бас бостандығынан айырылып қалған

пақырлар емес, қайта құлдықты ұтып алған секілді көрінеді. Рас, бастапқыда адамдар күшпен бағындырылғандықтан, зордың күшімен жұмыс істейді, бірақ оларды алмастыратын ұрпақ өздерінің құлдық жағдайына толық мойынсұнады. Бостандықты ешқашан көрмеген, оның не екенін де білмейтін келесі ұрпақ, алдыңғы буынның тек зордың күшімен істеген жұмысын енді еш өкінбей, өз ықтиярымен істей береді. Езгі астында дүниеге келіп, құлдықта тәрбиеленген адамдардың өздері туған ахуалды жаратылыстық жағдай деп қабылдайтыны міне сондықтан; олар алдағысына көз жібермейді, өздері дүниеге келген жағдайда тіршілік етіп жатқанын қанағат тұтады және өздерінің қолындағыдан өзге құқықтар мен игіліктерге қол жеткізуді ойламайды да. Сөйте тұра соншалық шашпа да, жалқау мұрагер жоқ, ол ешқашан өзінің мұрагерлік актісіне әйтеуір бір көз салғысы келмейді, өзіме қалдырылған құқықтың бәрін пайдаланып жүрмін бе, өзімнен немесе ата-бабаларымнан бірдеңені тартып алып қойған жоқ па екем деп ойланып жатпайды.[...] Еркін өмір сүретіндігі соншалық, ең жаманы да баршаға тақсыр болғысы келмейтін аз ғана топ венециялықтарды; өзінің табиғатынан да, тәрбиесінен де кім жақсы кеңес береді және бостандықты бәрінен ұқыпты сақтай алады деген жарыстан басқа ешқандай абыройды мойндамайтын венециялықтарды; жөргектегі кезінен дағдыланғаны соншалық, өз бостандығын дүниенің бар байлығына айырбастамайтын венециялықтарды кім көрді; осынау адамдарды көрген біреу, деймін мен, содан кейін ұлы сұлтан атанып жүргеннің жеріне барып, сол жерде сұлтанның езгісінде болудан басқа ештеңені қаламайтын, оның өкіметін қолдап отыру үшін өздерін құрбан ететін адамдарды көрді делік, – сонда ол алдыңғылардың да, соңғылардың да табиғаты бір екендігіне сене қояр ма еді, ол өзін адамзат тұрғысынан әлдене қорлыққа тап болғандай сезінбес пе еді? [...] Адам шын бостан болуы және солай болуды қалауы табиғи нәрсе, бірақ сонымен бірге оның табиғаты солай, ол неге үйренсе соған дағдыланып кетеді.

Сондықтан айтайық, адам өзі үйренген нәрсенің бәріне дағдыланып кетеді, бірақ ол үшін оны шынайы, бүлінбеген табиғат не нәрсеге еліктірсе, сол ғана жаратылыстық нәрсе. Сонымен, ерікті құлдықтың бірінші себебі – бойға сіңген әдет, бұл тұлпарлардың әуелі ауыздығымен алысатыны, содан кейін оны ермек ететіні, соның күшімен олар әуелі ер салдырмай, кейіннен ер-тұрманын мақтан еткендей, әсем басатыны секілді әдет. Адамдар біз қашанда құлдықта болдық, ата-бабаларымыз да солай өмір сүрген дейді. Олар жамандыққа төзуге тиіспіз деп ойлап, әртүрлі мысалдармен өздерін соған сендіргісі келеді. Олар өздерін тепкілеп жүргендердің билігін көнелігімен ақтағысы келеді, ал шынына келгенде ешқандай көнелік жамандық жасауға құқық бермейді, ол тек жамандықты күшейте түседі. Алайда қай уақытта да езгі ауыртпалығын сезініп, оны тақтан тайдыруға тырысатын, құлдыққа ешқашан дағдылана алмайтын, табиғатынан неғұрлым дарынды бір топ жандар болады. Бұл адамдар теңізде де, құрлықта да туған ошағының түтінін аңсаған Улисс сияқты, өздерінің жаратылыстық құқықтарын ешқашан ұмытпайды және атабабаларының бастапқы бостандықтарын еске түсірмей тұра алмайды. Анық түсінік, көреген ақыл бұйырған олар аяқтарының астындағыдан арғыны көрмейтін және көргісі де келмейтін надан тобырдан өзгеше, өткенін де, алдағысын да білгісі келеді. Олар өткенді, болашағын бағдарлау, сонымен бүгінгіні таразылау үшін еске алады. Табиғатынан басы істейтін олар өз ақылын біліммен, ғылыммен шыңдай түскендер. Міне осы адамдар бостандық атаулы дүниеде біржола жойылып, аласталса да, оны елестетіп, ой-қиялымен әлпештеп, содан ләззат алып отырар еді. Өйткені құлдық қаншама дәріптеп көрсетілсе де, олардың табиғатына туа бітті жат.[...] Міне осылайша, еркіндікпен бірге қажыр-қайрат та баз кешіп кететіні күман туғызбайды. Құлдыққа түскен халық күрестен ешқандай қуаныш таппайды және оған ұмтылмайды: ол маталған, мүлдем сүлесоқ, жетекке

алынған жандай қауіпке беттей береді; ол қауіп-қатерді мансұқ етіп, өз жолдастарының арасында абырой мен даңққа бөлейтін ерлік өлімге ұмтылысты оятатын бостандық аңсарын тіпті де сезінбейді. Ерікті жандар ортақ игілік үшін барынша көбірек іс тындыруға тырысады; әрқайсысы қолынан келгеннің бәрін істегісі келеді: олардың барлығы жеңілістің қасіретін де, жеңістің игілігін де бөліскісі келеді. Керісінше, құлдықтағы адамдар осынау жауынгерлік рухтан ғана емес, оның үстіне барлық істерде, барлық жігерден айрылады, олар қауқарсыз, қорқақ, қандай да ерлікке дәрменсіз. Тирандар мұны жақсы біледі, адам бойындағы осындай өзгерісті байқап, жұрттың адам бейнесінен одан да көп айырылуына барынша жәрдемдеседі. [...] Шынында да, қара халықтың, әсіресе қалаларға шоғырланған қара халықтың табиғаты мынадай: ол өзіне жаны ашитындарға секемшіл, өздерін алдайтындарға қарадүрсін де сенімшіл. [...] Театрлар, көпшілік ойындары, көрсетілімдер, әжуа-мазақ, ойынсауық, гладиаторлар, таңсық хайуандар, медальдар, суреттер және сол сияқты ақымақшылық – антик халықтардағы құлдықтың жемі, олардың бостандықтарының құны және тиранияның қаруы міне осындай болатын. Антик тирандар бодандарын қамыттан босатпау үшін қолданатын амалдар осындай болды, практика осындай болды, алдаусырататын жем осындай болды. Міне осылай осынау ойын-сауықтармен алжастырылған, көз алдында өткізілетін түкке тұрмайтын ермекпен көңіл көтеретін халықтар кітаптардағы алабажақ суреттердің мазмұнын білу үшін ғана оқу үйренетін сәбилер сияқты құлдыққа оп-оңай үйренетін, бірақ оның салдары әлдеқайда сорақы болатын. Рим тирандары басқа бір амалды да ойлап тапты – қара халықты оқтын-оқтын тамақтандырып, сол арқылы қарынның қамын бәрінен көп күйттейтін мұндарларды оп-оңай алдарқатты; олардың ішіндегі ең ақылды, ең пысығының өзі алдындағы бір төстаған көжесін Платон республикасының еркіндіктерін қалпына келтіруге айырбастамас еді. [...]

Тирандардың жанында әрқашан өсек-аяң таситын бес-алты жандайшабы болды; бұл адамдар оған амалын тауып өздері жақындады немесе оларды өзінің мейірімсіздігінің қатысушылары, өзінің рахаттарының жәрдемшілері, өзінің ләззаттарының қыбын табушы, тонауының сыбайластары болу үшін тиранның өзі жинап алады. Міне сол алтаудың өз көсемін ұршықша үйіретіні соншалық, оның қоғамға өзінің ғана емес, бұлардың да ызасымен қатулы болуына мәжбүр етеді. Сол алтаудың өздеріне тәуелді алты жүз адамы болады. Бұл алты жүз әлгі алтаудың дәл тиранға істегенін істейді. Осынау Алты жүзге тәуенді алты мың басқа біреулер бар, алты жүз олардың біреулеріне провинцияларды басқаруды, екінші біреулеріне қаржыға жетекшілік етуді тапсырып, мансаптарды бөліп беру арқылы көтерген, сондағы көздегені – олар бұлардың ашқарақтығы мен мейірімсіздігіне мақсат етеді, қажет сәтте сол рөлді орындайды, өздері отырғанда ғана жалғаса алатын жамандықты жасайды және тек солардың көлеңкесінде ғана жазасыз қала береді және заңды зауалдан құтылып кетеді. Осынау алты мыңның артында одан да көп кезек тұр, және біреу-міреу осынау түйінді шешпек болса, алты мың ғана емес, жүздеген мың, миллиондаған адамдар осынау дәнекерлер арқылы тиранмен байланысты екеніне көзі жетеді. [...] [...] Шынында да, тиранға жақындық дегеніміз өз бостандығынан алшақтаудан, құлдыққа тастай қатып жабысудан өзге не болмақ? Солар шамалы уақыт өздерінің атаққұмарлығын былай ысырып қоя тұрсын, солар өздерінің ашкөздігінен шамалы ғана арыла тұрсын, сөйтіп өздеріне үңіле қарап, өздерінің шын бет-бейнесін көрсін. Сонда олар өздері аяқтарымен аямай теуіп жүрген, каторгадағылар мен құлдардан да төмен деп білетін қалалықтар мен шаруалардың, оларға қанша теперіш көрсетілсе де, өздеріне қарағанда бақыттырақ екенін және белгілі бір дәрежеде өздерінше еркін екенін анық көрер еді, көреді деймін мен. Егінші мен ісмерлер, қаншама құлдықта жүрсе де, өздерінен талап етілетін жұмысты атқарған соң, өздерін еркін сезінеді, ал тиранның

жандайшаптары әрқашан соның көз алдында блып, оның аз ғана рақымын жалынып сұрауға тиіс. Олар үшін тиранның бұйрығын екі етпей орындау жеткіліксіз, – оның ойындағысын тауып, соны қанағаттандыру үшін күні бұрын қам жеу қажет. Олар үшін оған бағыну аз – мұның үстіне оған жағына білу қажет; олар сол үшін басын тасқа да, тауға да соғып азаптануға, жұмыста жанын салуға тиіс, мұнан соң оның рахаттанғанына өздеріндікіндей рахаттануға, оның алданышы үшін өз алданыштарынан бас тартуға тиіс, олар өз табиғатын табанымен таптауға тиіс, олар өздерінің сөзін, өздерінің үнін, өздерінің бет-қимылын, өздерінің көз қиығын аңдап отыруға тиіс. Оның қалағанына қалт жіберетін көз де, аяқ та, қол да болмауға тиіс; бәр-бәрі оның ойын айтқызбай біліп отыруға тиіс. Ал енді осының бәрін бақытты өмір деуге бола ма? Мен тіпті оқымысты адам үшін демей-ақ қояйын, тіпті ақыл-есі бүтін жай ғана адам үшін, немесе, ақыр-соңында, ең болмағанда адамдық бейнеден айрылмаған адам үшін мұндай жағдайдан да жаман қорлық бұл дүниеде бар ма екен. Сенде өзіңнің ештеңең болмайтындай, бәрі де – сенің тыныштығың да, сенің бостандығың да, сенің тәнің де, тіпті өміріңнің өзі де түп-түгелімен басқаға тәуелді болатындай күн көруден асқан бейшаралық бар ма екен. Бұл өзі жалпы өмір ме? Бірақ олар байлыққа ие болу үшін қызмет еткісі келеді; нақ бір олар тіпті өз билігі өзінде болмағына қарамай, шын мәнінде өзінікі болатындай бір нәрсе табатындай секілді, нақ бір тиранның тұсында біреу-міреу өзімдікі дейтіндей бірдеңеге ие болатын секілді. Олар байлыққа өздері ие болғысы келеді, бірақ бұл орайда олар тап өздері тиранға баршадан бәрін алып қою, әлдебір басқа біреудікі дерліктей ештеңе қалдырмауға мүмкіндік беретіндерін ұмытып кетеді. Олар байлықтан басқа ештеңенің де тиранның аяусыз қуғынына ұшырамайтынын, оның алдында жасалған ең ауыр, тіпті өлім жазасына лайық қылмыс екенін, оның тек байлықты жақсы көретінін және тек байларды тонайтынын көріп жүр, сөйте тұра сою үшін бағылып, бордақыланған мал секілді олар өздерін асыға күтіп

отырған қасаптай сол тиран алдында тізіле кетеді. Осынау фавориттер тиранның төңірегіне келіп әбден байып алғандарды емес, біршама уақыт ішінде байлық жиып, содан кейін сол байлықтан да, бастарынан да айрылып қалғандарды ұмытпауға тиіс. Олар байлыққа ие болғандарды емес, соны сақтап қалғандардың қаншалық аз болғанын еске түсіруге тиіс. Өткен күндердің, дәл сол секілді бүгінгі күндердің тарихы сасық айламен корольдерге ықпал ете алатын болып, содан кейін олардың қатыгездігін пайдаланғандардың немесе олардың ақымақтығын қажетіне жаратқандардың, ақырында солардың қолынан ажал тапқандардың саны қаншама көп болатынын айқын көрсетеді. Тирандар оларды қаншалық оңай көтерсе, соншалық оңай құлатып отырған. Әр кездерде соншама көп есуас тақсырларға жақын болған орасан зор адамдар ішінде өздері соған дейін басқаларға айдап салып отырған тиранның қаһарына әйтеуір бір ұшырамаған адам кемде-кем немесе тіпті табылмайды. Көбіне-көп соның рахымының көлеңкесінде, басқаларды жұтату есебінен байыған олар өздерінің тонап тапқан дәулетімен ақыр соңында тиранды өздері байытатын. Тіпті ізгі адамдар, егер олар зәуде бір тиранға ұнап қалып, соның рахымына бөленсе – өйткені олардың келбетінен жақсылық пен адалдықтың сәулесі жарқырап тұратыны соншалық, олар ең зұлымдардың да, әсіресе оларды жақыннан, өз қасынан көргенде, құрметін туындатады – сол ізгі адамдардың өзі, деймін мен, көп тұрақтай алмайды, олар көп ұзамай ортақ дертті аңғарып, тиранияның ықпалын өз басынан өткізе бастайды. [...]

Аударма “Ла Боэси Э. де “Рассуждение о
добровольном рабстве”. – М., 1952. басылымынан
жасалды. Қазақшалаған Көрік Дүйсеев.

ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ

АНТОЛОГИЯСЫ

1-том

“Мәдени мұра” бағдарламасы

Редакторы Н. Оразбек.
Суретшісі Н. Наурызбаев.
Компьютерде беттеген Қ. Оразбек.

ИБ № 88

Басуға қол қойылды 10.06. 05. Пішімі 84х108 1/32
Қаріп түрі “Таймс”. Қағазы офсеттік. Басылым офсеттік.
Есепті баспа табағы 31,5.
Таралымы 3000 дана.

ЖШС “Қазақстан” баспа үйі”
Алматы қаласы,
Прокофьев к-сі, 226/1.
Тел./ факс (327) 241-25-47.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙