Мазмұнға өту
Home

Көп томдық шығармалар жинағы 9 том

Ғафу Қайырбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көп томдық шығармалар жинағы 9 том

Авторы: Ғафу Қайырбеков

УДК821.512.122 ББК 84 (5 Қаз) 7-5 Қ 23 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Кiтапты жүйелеп, баспаға əзiрлеген Ғафу Қайырбековтің жұбайы Хамзина Бəдеш Қайырбеков Ғ. Қ 23 Көп томдық шығармалар жинағы./Ғафу Қайырбеков. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы», 2013. 9-том. Өлеңдер – 384 бет.

ISBN 978-9965-22-450-8

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғафу Қайырбековтің көптомдық шығармалар жинағының 9-томына өлең өлкесінде өзіне ғана тəн ерекше стилімен жауһар жырлар қалдырған аса дарынды ақынның лирикалық өлендері мен аудармалары енген. Кітап көпшілік оқырманға арналады.

УДК821.512.122

ББК 84 (5 Қаз) 7-5 ISBN 978-9965-22-450-8 ISBN 9965-22-255-X © Хамзина Б., 2013 © «Қазығұрт» баспасы», 2013

АҒАДАН ҚАЛҒАН АМАНАТ Ғ. Қайырбеков көрегендік мына бір сөзді қағазға түсіріп кеткен. Сол жарық көрмеген сөзді «Қазақ əдебиеті» газетінде жариялауға ұсынғанды жөн көрдім. Оны газетке ұсынған жазушының жары – Бəтеш. Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ ЕЛБАСЫНА Жалпы қазақ қоғамында, оның ішінде Қазақ мемлекеті аталған 71 жылдың ауқымында не бір жазық маңдай, марқасқа, бір өзі бір халықты, қазақты еске түсіретін кемеңгер сабаздар өмір сүрді де, қолында билік, өмір жоқ болса, құның да, қадірің де жоқ кесапат дəуірде қайран басы қор болып, «не жаздым, не жаздым халқыма» – деп, зар еңіреп, тірлікпен қош айтысқандар аз емес. Туғызуын туғызғанмен, өз баласын қорғай алмаған халықтан сорлы бар ма екен?! Ақтығында біздің көзіміздің тірісінде, қайта құру дəуірінің бізге берген бақыты – Азаттық, Еркіндік, Егемендік тұсында тағы да сол халық ортасынан тағы бір азамат шығарды. Ол – Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев. Азаттық алған елдің туғызары көп болмақ, ол əлі үлгіріп жатқан жоқ. Амандық болса, не бір талантты жастар арамызда бар. Енді бар болып, қаулап шығуға тиіс. Нұрсұлтанның біз үшін, қазақ үшін қадірі осынау бір кезден құдіретті мемлекет, қазіргі тілмен айтқанда, – империя, ыдырай сөгіліп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» болған

берекесіз де, иесіз жағдайда, «ау, ел басқарар кім бар?» дегенде суырылып шыққан даралығы. «Е, ел, бұл халық əлі иесіз емес екен», дегізгендігі. Дегізіп қана қоймай, өзінің ақылдылығы, дербес қимыл-əрекетімен, əсіресе, ержүректілігімен, Үлкен Қазақстан атынан үлкен сөз сөйлеп, кең келісім, мол пішім көрсетіп, тек Одақ көлемінде емес, дүние жүзінің алдында бедел, ықпалға ие болғандығы. Қысқасы, қазақ атын көптен бері шырқатып, бір аспанға шығарғаны. Біз, қазақтар, мұны, бұл тарихи еңбекті ешқашан естен шығармауымыз керек. Бір сол үшін мақтансақ əбден жарасады. Ендігі мақсат – Нұрсұлтанның мемлекеттік дəрежедегі ақылмен жоспарлап отырған аса қиын, күрделі дəуірдегі тығырықтан республиканы қалай алып шығу туралы əрекет, істерін қолдап, көтерісіп əкететін азаматтар, қайраткерлер жиналуы керек. Мысалы, Абылай төңірегіндегі билер мен батырлар сияқты. Яғни, бүкіл қазақтың қолда бар ерлері ұрандап қосылуы керек. Біздің, маңдайымызға заманның, уақыттың салған қырсығы аз болғандай, өзіміздің ескі қырсығымыз жеке-жеке бышырап, үй ішінен үй тігіп күншілдікті, өсекғайбатты қоздырып, тек тен-текке бүлінетініміз бар. Енді ел боламыз десең, құрымаймыз десең – ол əдетті қоймасаң да қоясың. Азаматта көп жағдайда жазық бола бермейді, жазық сұңқарды қоршаған қарғаларда болады. Нұрсұлтан осылардан сақ болса екен! Ең арманды тілек – осы. Нұрсұлтанға айтар аманат, құдайға шүкір, ел қабырғасы бүтін тұрғанда, маңына ең талантты адамдарды жинап, осыларды тəрбиелеуді де қатар жүргізу керек. Жалғыздықтан жаман жоқ. Жол болсын, Нұрсұлтан, жол болсын. Қазақ елі!!! Мен бақ құмар емеспін, Маған енді Бақыт, тақыт – билейтін

тəмəм елді, Арман емес. Сондықтан ақ сөйлеймін – Халық қазақ, кезегің жаңа келді! Дабырламай, шуламай, даналықпен Даусыңды естірт баяғы далалық кең. Көтер көкке ұлыңды бір сен үшін Мына күнде маңдайға дара біткен! Сынға түскен екі ұдай тұста мына, Қарамайды ол бақытқа, бас қамына, Лайық ол, байқасаң, қазақ түгіл Əлемді де əдемі басқаруға! 15 ноябрь, 1991 жыл. БІРІНШІ БЛІМ ШАЫН ХИКАЯЛАР Таы да келді, не, а боз атым, Алдымнан мені имай ораытан

КӨНСАДАҚ Күйдік, жандық, сүйіндік, – Талай жолда адастық, Шашырадық, жиылдық, Достастық та, жауластық. Жеңілдік пен қиындық Өтті бастан алмасып, Отырмыз енді иіліп, Көнсадақтай шаң басып. Осының бəрі, ойласаң, Бір тостаған тіршілік. Тостағанға тоймасаң, Табақты іздеп күрсініп, Жүрген кездер талтаңдап. Күнің озық, ілгері Ай, Тамақ таңдап, дəм таңдап, Көп тасынған күндер-ай! Оның бəрі енді артта, – Керегі жоқ аһ ұрып. Өзіңе өзің жүк артпа, Арттағыны шақырып. Аз қалса да алдағың, Артық болар көруге, Бармай тұрып қармағың Су түбіне шөгуге. Лақтырып қал тағы бір, Соңғы балық ілігер, Көнсадақтың жағы бір Тартылар да дірілдер. «Ала өгіздей мөңіреп», Атар соңғы жебесін, Сен де, мерген, еңірет, Оқ таусылды демесін...

БАРЫП ҚАЙТУ ЯКИ ЕМХАНА ЭЛЕГИЯСЫ Бірінші доктор Болат Ізбасқанұлына, Екінші доктор Бəдегүлжамал Хамзақызына арнаймын. I Достарым, дерт суырған денем арық, Демімді тартам іштен əрең алып, Қаңқаның қаусап қалған арасымен Жүректен қан жүреді төмен ағып. Сүйекті өрт мүжіген, күйік шалған, Жілікті сынып қалған, қиып салған, Бір шебер көлеңдейді көз алдымда Тұманның арасынан тұйықталған. Деген сөз: «барып қайттың, барып қайттың»... Белгідей тағдырымды анықтайтын, Шуылдап құлағымда тұрады ылғи, Меңіреу мен емеспін оны ұқпайтын. Миым сау, ой ойлайды баяғыдай, Көз – шылау, көрген сурет таяды ұдай, Қозғауға денем күйрек, басым имек Тағдырдың тастап кеткен таяғындай. II Жүйрік ем, өзі берген құдай қанат, Көрмеген құлау түгіл бір тайғанап,

Басына той төбенің ағып келіп, Кетуші ем абыройды тудай қадап. Сағынып сан жарысты алаңдаушы ем, Дүбірден денем қызып қала алмаушы ем, Ұршықтай дөңгеленіп жөнелгенде, Даланың ой-шұқырын қаранбаушы ем. Жер билеп, көз алдымда көк теңселіп, Сағымды көсілуші ем көктей сөгіп, Қашанда бəйге болса, «менікі» деп, Қапысыз өзіме-өзім кеткен сеніп. «Көз бар-ау, көз тиеді-ау» деген ойдан Аулақпын, сақ болудан көңіл бейғам, Отырмын енді еске алып соның бəрін, О, тоба, дерің бар ма пəле қайдан! III Сондай бір жарыс па еді, жоқ есімде, Майданның шыға келіп төбесіне, От көрдім ар жағында маздап тұрған, Əлде бұл қан қырсықтың елесі ме? От емес, өрт екен бір қалың шұбақ Қалмайтын қарығанда, жаның шыдап, Екпінмен келген бойы қойып кеттім, Қойсын ба тұрған дене жану сұрап? Теріден түктің бəрі түсті күйреп, Сүйекті жалын қауып, ыстық илеп, Жығылдым, жындар күлді сықылықтап, Үстінде пері ойнақтап, мыстан билеп.

Маңайда жоқ еді ешкім жан дегеннен, Жəне жоқ бұл сұмдықты көрген елден, Ажалдың оңаша оғы осы екен ғой Сығалап көзден аққан көлденеңнен. IV Содан соң қаңғыр-күңгір, салдыр-гүлдір, Асылған артым тұман, алдым бұлдыр, Қақпасын басқа дүние ашсам керек, Бір уыс тіршіліктен қалған тұлдыр. Қапыда үлгірмедім «қош» деуге де, Бірдеме үзілгендей бос кеудеде, Бір айқай сол кеудеден шықты ма əлде, Соңғы бір қоңырауындай көшкен кеме? Ал, кəне, есің қалса, аңғарып ал! Ашылды алтын сарай – алды бір зал, Арбады, қызықтырды жиһазымен, Төбеде қызыл-жасыл шамдары бар. Солардың дəл астында сылаң қаққан Сұлулар бөкселерін бұраңдатқан. Шу етіп мені көріп жетіп келді, Бу атқан денесінен кіл ант атқан. V Қасыма жете беріп, тұра қашты. Көргендей жанып тұрған бір ағашты, Шашырап қызыл шоғы маңайыма Қуырып жіберді ме қолаң шашты?

Мені бір адам емес, пəле көріп, Жоғалды əлдеқайда дөңгеленіп, Кең сарай сатыр-сұтыр құлап түсті Ар жақтан дала ашылды сəулеленіп. Кісінеп бір қызыл ат келді жетіп, Танауын қос шелектей желбіретіп, Алтын ер, күміс жүген күбірлеген Төгілген құйрық-жалы жерге жетіп. Сол сəтте үзеңгіге салдым аяқ, Қарғыдым ат үстіне қарғудай-ақ, Құйғытып кете бардым көкжиекке Қалам ба бұл шабыстан жанымды аяп. VI Бұл шабыс қандай шабыс, мəн бермедім, Талай бір ойға түстім, қырға өрледім, Ақ боз ат айнымайды бір бағыттан, Бетке алып жүйтки берді күн белдеуін. Ат емес, менің өзім зырлап ұшқан, Іздедім осыншама кімді алыстан, Іздедім осыншама нендей мекен? Ал сонда «тоқта!» деген бір дауыстан. Қалт тұрып қалған екем, ат мызғымай, Жануар болған екен қып-қызыл май, Ер-тоқым күйіп кеткен ыстығымнан, Əлі де басылмаған от қызуды-ай! Кеудемді əлгі шабыс əлдилеген Басылдым, кезім екен əл білмеген. Қасымда əйелім тұр: – «Анау жаққа Бармашы, бармашы», – деп зар илеген.

VII Ия, анау ашық алаң атырабы, Дауыстап атымды атап шақырады, Бір мола қыр үстінде қылаңдайды, Кеппеген жаңа қазған топырағы. Жаңағы ат соған қарай алып қашқан, Үстіне келіп қаппын мен ұқпастан, Жетектеп мені əкетті қайран жарым, Баяғы күндерімдей қол ұстасқан. Жаяулап кері қайттық, денем аман, Қызыл ат үстен тоқым, ерін алған, Кісінеп, əлдеқайда болды ғайып, «Берді ғой құдай қайтып сені маған»! Деген сөз құлағыма естілді анық, Ояндым кезінде алау кештің жарық. Қанша күн, қанша сағат ойымда жоқ, Соншама жатсам керек есім танып. VIII Шынымен ояумын ба, білмен бірақ, Көңілім түске жақын – өңнен жырақ, Айқасқан кірпіктердің арасынан Жіңішке жіптей сəуле тұр қалтырап. Құлағым шалғышының қайрағындай Шыңылдап, тірлігімнің айғағындай, Естимін енді бір сəт дауыстарды Шалғайда анам даусын шалғанымдай. Кіргендей бір топ адам баса-көктеп: «Түскені бұл кісінің қашан еді?» деп,

Сұраған біреу сөзін естіп қалып, Зорланып кірпігімді ашам ептеп. Самсаған еркек, əйел ақ киімді Жатырқап қарасып тұр жат күйімді, Аласа қара жігіт баяндайды, Қалдырмай тарихымды, тамтығымды. IX «Қалмаған бастан басқа күймеген жер, Ал қызыл тас үстімен сүйрегенде, Қол шыққан құлағанда, жамбас сынған – Дегендей пəле, қырсық үймелеңдер. Алдымен күйік жаман, соны емдейміз, Үмітпен емдегенге көнер – дейміз. Жүрегі аман екен бір жақсысы, Сынықты содан кейін шегендейміз. Тоқтамай əлгі қара зырлатады, Ешкім жоқ, өзі ғана тіл қатады. – «Жақында бізге келген жаңа дəрі Дененің барлық суын құрғатады». Ол судың суырылған орнына біз Иықтың тамырынан нəр құямыз. Үш қабат қою-сұйық дəрі жағып, Қауыпты күйік бетін тайдырамыз». X Жымиды ішіндегі аққұбасы, Шамасы осы келген топтың басы,

Сөз айтып ақылдасқан, мақұлдасқан Жөнелді жағдайымның көп куəсі. Біреуі қалып қойды ақ халаттың, Манадан оны бірақ байқамаппын. Қарасам, о, ғажайып, өз əйелім, Қалмайды-ау аңқаулығың, қайран ақын! « – Айналдым, – дейді, – жаным, бұл күніңнен, Дүниеден кетіп барып, бір тірілген, Шырағың қайта жанды, шыда, шыда!» Тамшылап ыстық жасы кірпігінен. Отырды маңдайымды сүйеп жұмсақ, Тағы да есім ауып кетті бұл шақ, Тағы да өрт өлкеге сапар шектім, Баяғы сəн сарайды бетіме ұстап. XI Белгілі сайтан көпір, жын сатысы, Өрлеймін, жоқ бұл жолы бір қатысы... Сол жақта екі түндей жүріп қаппын, Адамның неткен ұзақ мұнша түсі?! Доктордың манағы айтқан басталды емі, Дүниенің төңкеріліп аспан-көгі Кеткендей болады екен дəрісінен, Олай деп ескертпеген бастан мені, Ысқырған айдаһар ма, алдаспан ба, Дерсің бір, денеме кеп жармасқанда, Көп уақыт, жерге түспей жаңғырығып Ышқынған ащы айқайым қалды аспанда. Шырылдап қайран жаным бала құстай, «Тоқта!» деп, байғұс жүрек қалады ұстай.

Сау етіп келген дəрігер тобы Көрінді күнде маған жан алғыштай! XII Дозақтың басқышынан мен құларда, Аярсып, аяғансып келіп алға Көріп ем бір сұмпайды көзі қызыл: «Ақыным, ал жолыңнан енді қалма!» Деген ол, сөзін ұғып жатқаным жоқ, Көзінің сұғыменен атқанын оқ. Жатырмын жаңа біліп, ойша ақтарып, Дүниенің адам ашпас қатпары көп. Оллаһи, тиген көзі соның маған, Ешбір жау босағамды торымаған. Ақ көйлек адам едім, жұртқа сенгіш Еш сөзді жаманатқа жорымаған. Ешкімге болған емес өш ниетім, Көбінің өз мінезін кештім еркін, Біреулер түк жазығың болмаса да Бар екен тірлігіңді көпсінетін... XIII Əлі де күн – қорқыныш, түн – үреймен Уақыт сүйретілген, сүмірейген. Бірақ та жоқ қызыл ат, жоқ қызыл көз, Жоқ мола мені күтіп үңірейген. Жатырмын тіршіліктің нақ қасында, Тозақтың енді бармай қақпасына,

Түскенде сыпырылып қолда қалған, Қараймын қызыл аттың ноқтасына. Қараймын жар жүзіне жадау тартқан, Бұл күндер маңдай шашын сəл ағартқан Үстімнен күндіз-түні төніп байғұс, Үмітпен күндер өткен, таңдар атқан. Ойымда дəрігердің жанталасы. Ол емес – бес бересі, алты аласы. Көңілін құлатты ма құдай маған Сіңбестен ішкен сусын, татқан асы. XIV Шабыт пен бар өнерін салып бақты, Жақсыны көңіл танып, жан ұқпақты, Жағдайым оңып онша жатпаса да, Азамат оң сөзінен жалықпапты. Түсімде, естен танған кездерімде, Көп көрдім аруақтардың өздерін де, Ағалар, замандастар, інілерім, Баяғы жылы шуақ көздерінде. Білдірмей бұл дүниеден өткендерін, Білдірмей көп арманды кеткендерін, Бəрінен ықыласы көрінді артық Бұл күнде тірі жүрген көп пенденің. Деймін мен əйеліме: «Дəм əзірле, Көп болды қол тимеді бір мəзірге!» Дəмге олар қарамады, үндемеді, Деді ме: «Тұра тұршы сен əзірге!»

XV Ал өңде ести сала оқиғаны, «Ажалда, тұтқында» деп ақын жаны, Адамдар үздік-создық шұбырды-ай кеп, Секілді жел теңізді сапырғаны. Əбекең, Мұқаң, Дихаң, Хамаң, Сырбай, Əрқайсысы асқар таудың панасындай, Қалмады академик, профессор, Қазақтың көңілдері даласындай. Замандас, жасы кіші бауырларым, Бірге өсіп, бір жасаған қауымдарым, Соларға ішім риза елжірейді, Қадірді біле берген сауыңда кім? Пендемін, қай жақынды іздедім мен, Шығар деп естімеген, дүзде жүрген. Жандардың бар екені есімде жоқ Қашанда шөп шықпайтын іздерінен... XVI Солайша кетті қырсық өз басымнан, Аз күнде көп қорқытқан «олжасымен». Қалдым мен аман-есен, ел тілегі, Жар жəне балалардың көз жасымен. Біледі мұның бəрін бастан кешкен, «Мынау тау, мынау заңғар аспан дескен». Уақытша «əулиелер» ақ ордасы Болады бір-ақ сəтте астан-кестен. Білсең де дүниенің бір мінезін, Күндейді ең арғысы күнді көзің.

Мысалы, сол ғылымды, тағылымды, Əреңдеп, «өле жаздап», білдім өзім. Бұл күнде заман – жұмбақ, күн – уайым. Білмейсің тағдырыңа кім құдайын, Бір кезде шаңырағыңа тіреу болған Күйреді тау бəйтерек, сынды қайың. XVІІ Достарым, мен бір сүлде – ақсақ, арық, Шығыпты шағын күнде шаш ағарып, Сондағы айырбасқа алған дəулет – Тағы да бауыр бүтін, бас амандық. Жазғырып, жазған деме мұның несін, Сен ертең кешеріңді, бүгін кештім, Сол ғана айырмасы. – Жалған пікір Дегенің – естімесін мұңымды ешкім. Үйір ғой көлеңкеден шуаққа жұрт, Бір күні қайрат қайтып, қуат қажып, Шаң жұқпас шашасына сан тұлпардың Бəрінің жығылары – бір-ақ қазық. Бұл да бір кезім болсын ой ағытқан, Тағы да келеді, əне, ағарып таң, Тағы да келеді, əне, ақ боз атым, Алдымнан мені қимай орағытқан. Қараша, 1990 жыл.

АЗАТТЫҚ ПЕРЗЕНТТЕРІ (поэма) Ел болса, Ер туғызбай тұра алмайды, Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды. Иса Байзақов I АЗАТТЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҰЛДАРЫ «Қашан сен ел болып едің», – деген сұрақ, Тиеді атқан оқтан ауырырақ. Кеудеңде намыс деген бір от болса, Лап етіп сыртқа шығар сонда бір-ақ. Ел мен Ер біздің тілде екі-ақ əріп, Көрген жоқ бірін айтсаң, бірі қалып. Көнсадақ, көзсіз батыр шығар қырға Күн туса ел басына, бұлт айналып. Біледі ол ондай жолда бас кетерін, Алысқа ат ерттемес əсте тегін. Біледі ол өзі өлсе де, ел қаларын, Қуатын ата кегін жас жетерін. Жортқанда дүрсілдетіп кең даласын, Қорек қып алты малта алған асын, Көтерген көкке сермеп найза басын, Көргенде көлдей көсір жау қарасын. Үш тұстан, ұлан-байтақ үш қияннан, Қиырдан дауыс жетпес күш жия алған, Қазақты намыссыз деп кім айтады, Айнымас ақ-арыстан, құс-қыраннан.

Ақырып ата аруағын шақырғанда, Шаңқ етіп, шар тарапқа шарқ ұрғанда, Шашақты шұбар ала ту желбіреп, Самсаған шығарғанда батырды алға, Пай, пай, ай емен найза сартыл қағып, Семсерден ұшқан оттар жарқыл қағып. Апай төс алмауыттар омырауласып, Əуелі аспанға бір шапшып алып. ІІ Содан соң шаң шығарып будақ-будақ, Қан шоқпар өз-өзінен қолда тулап, Ақ сауыт шығыршығы желмен ойнап, Дулыға шеке керіп, басты бунап. Жүйткиді-ау, жүйткігенде түрі кандай! Айбыны екі көзге құйылардай. Жеңістің қанды олжасы енді бір сəт Не бұған, не дұшпанға бұйырардай. Майданы басталғанда жекпе-жектің, Көтеріп ауыр салмақ жеткен екпін, Сарт етіп соғылғанда жау-жартасқа, Жанжалы қайнағанда жер мен көктің. Батырлар айқайына далада ашық, Тұлпарлар арқырауы араласып, Бір сəтте жау жығылып, ер мертігіп, Жануар тірі иесін ала қашып. Сонау бір кернеп тұрған көкжиекті Дегенше қалың қолға енді жетті, Қалың қол қырдан ойға төгіледі, Құжынап құмырсқадай жердің беті.

Мына шақ қиын болар енді аңғару, Ми-палау – кімнің қазақ, кім жоңғары, Əп-сəтте қан қуырдақ қалды толып Даланың алып астау – бір аңғары. Қанша күн созылды бұл кескілесу, Жимастан екі жақта ешкім есін, Кім тірі, кім өлінің шекарасы Білінбес, жанды құлақ естімесін. Дейтін бір қызыл қырғын, хан талапай Балқаш пен екі арасы Аңырақай, Ебінің есер желін бетіне алып, Аңырап ауды қалмақ қаралы айқай. Қазақтар жаралы мен өлік артқан, Арқаға, Сыр, Жайыққа көш шұбалтқан, Ақсауыт дал-дал болған, найза сынған, Тұлпардың тұяғынан от шығартқан. Жарылып жырым-жырым сүйем қалған, Басылып сойқан соғыс зəрені алған, Шаң басқан ақ кіреуке, көк дулыға, Тебінгі терге шіріп, қанға малған. Қауқайып ат үстінде сүлделері, Қазақтың қырау қабақ шын ерлері, Қабанбай, Бөгенбай мен Жəнібектер – Сабаздар сөгілмеген іргелері. Шұбырған қол соңында баяу басып. Барады түгендесіп, амандасып. «Бас қосып жүрелікші жау жоқта да, Қамшының ұшын жалғап, хабарласып». Дейді олар, бəлкім, серті, бəлкім анты, Əйтеуір аманаттар айтып жатты.

Ең басты ауыздағы алтын сөзі – Сақталды Елдік салты, Ерлік салты. * Өткенде одан жүз жыл арада ауыр, Қаптады дала үстінде қара дауыл, Басына Азаттықтың арқан түсті, – Еркіндік көзден ұшты қайран дəуір. Тағы да туды қырсық сөнер шағы, Елінің ескі салты, көне сəні, Ақ туын атасының қолына алды Кенжесі Абылайдың Кенесары. Тағы да жиды батыр үш тараптан, Алысқа аруағымен күш таратқан, Ұрпағы ескі ерлердің қайда кетсін, Жаралған ошағынан ұшқан оттан. Жиналды батырлардың қарты, жасы, Еңіреген ер біткеннің қарт ұясы, Тау Көкше тарландарын баурына алды Шошайған бұлт үстінде тақиясы. Түбінде əр қарағай бір-бір тұлпар, Таң асты, жауды күткен ылғи сұңқар, Басына əр қияның алау жақты, Ортада хан Кененің үңгірі бар. Айқасты, қайран ерлер айқасуда, Сарыарқа тұнып кетті айқай-шуға, Қаншама айлар өтті, күндер өтті, Қан кешу, оны есептеп байқасын ба? Баяғы қалған кəзір жекпе-жектер, «Ер болсаң, енді дейтін бетпе-бет кел!»

Тастайды қалың қолды селдіретіп Сорайған өңештері зеңбіректер. Қор болды күш танытпай кереметтер, Оқ құсқан ұңғысынан пулеметтер Ажалдың шалғысындай қиратады, Кеткендей дүрілінен дөңгелеп бел... Сай келсін қаруыңа қару қайдан! Мынау бір көз көрмеген қанды майдан, Не керек тау шағылды, мыс құрыды, Кеткендей аруақ көшіп Абылайдан. Арқадан ауды Кене амалы жоқ, Атаның ұран салар заманы жоқ, Арқадан ауғаны оның – бағы ауғаны, Арманнан өкпесіне қадалып оқ. Не керек оның соңын айта беріп, Ел жиып соғысам, – деп, қайта келіп, Ендігі азып болған ел жиылмай, Соңына бақ таярда сайтан еріп, Шашылды батырлары, бастан бағы, Жаншылып тістерінде бас бармағы Өкінді ол, заманына қарғыс айтып, Сұп-суық қызыл көзден жас парлады. Баяғы басын жұтты жеке арманы, Қазақты енді бүтін ете алмады. Адасты Азаттықтың ақырғы ұлы, Қазаға қайдан қырсық жер таңдады?! Бермеді бұған дұрыс пана құдай, Тебіренді Түркістанда хан Абылай, Жортуыл жолда басы қалатұғын Салт болды батырларға содан былай.

  • * Қашанда қасиеттеп қазақ тұтқан – Артық жоқ дүниеде Азаттықтан, Сол үшін, соны қолдан бермеймін деп, Тарихта талай ерлер басын жұтқан. Солардың Ер Исатай соңғысындай, Жайықтың арнасына толды судай, Нарыннан қаулап шықты қарағайдай, Ханыңа қара түгіл қол ұсынбай. «Қамы үшін қара қазан, сар баланың» Деместен «бас кесіліп, қор боламын», Қаптаған көк қаруға ол да шықты Түбінде «Жасқұс» пенен Жанқаланың. Желбіреп сары ала ту шыққан бойда, Құйылып қалың əскер қырдан ойға, Астында Ақ табан ат, алда Исатай, Сол күнде «қырқарланып құралайда», Бір жеңіс, екі жеңіс дəмін татқан, Амал не, үшіншіде қаза тапқан, Егіздің сыңары еді ер Махамбет Содан соң аза күйін аңыратқан! Сөзі өткір көктен түскен жай оғындай, Иранның суын жұтқан болатындай, Мөңіреген сар садақтың дауысындай, Аққудың үн шығарған қанатындай, Дүниеден ақын өтпес ол ақындай. Сабазын, Исатайын жоқтағанда, Тыңдаған таныс алып, дəт табар ма? Кетпей ме тамырында қаның тулап, Сен дағы міне шауып Ақтабанға.

Кеппестен кетті көзден жасы мəңгі, Бір сатқын, туа құзғын асыранды. Көсіліп көк жайлауда отырғанда, Қапыда қанды қолмен басын алды. Сондағы соңғы сөзі түскен бастың: «Азаттық!» – Ер өмірі қысқармасын Білмеген қарғыс атқан, сұмпайылар Ұқпады бұдан сұмдық іс болмасын. Олардың азаттықпен тағдыры рас, – Сүлделер намыс қонбас, ар бұйырмас. Осылай Азаттықтың құрбаны боп Қиылды бас соңынан тағы бір бас. * Жанқожа, Есет, Бекет, Сырым Даттан, Ел десе шыбын жаны шырыл қаққан, Наурызбай, Ер Өтеген, батыр Саурық Аңыз боп келіп жеткен жүз ұрпақтан. Амал не, қиған соның бəрі басын, Тауысқан Азаттық деп жарым жасын, «Аруақтар даласында дамылдасын, Ұрпақтар Еркіндікті сағынбасын». Дегендер тұтас туған тұлға бүтін, Киместен өткен жандар құл қамытын, Қашанда Азаттықтың бір перзенті Бойында жатар тулап бұл халықтың.

ІІ АЗАТТЫҚТЫҢ АҚЫРҒЫ ҰЛДАРЫ? Қанаумен қан қақсатып таман елді, Содан соң ондаған жыл аға берді, Ең соңғы айқайындай Азаттықтың Ақырып алға шықты Аманкелді. Бұл жолда ол да білді бас қиярын, Ішінде темір қамал, тас қияның, Ұстасы Ұлт-Азаттық қозғалыстың Соғыстың даладағы тапты заңын. Төгіліп қара нөсер төбесінен Жатса да, жаңылмаған ер есінен, Тұтқиыл шабуыл мен қаша ұрысу – Даланың ой мен жыра, белесінен. Жеткізбей зеңбіректен ұшқан допқа, Бір адам əрең беріп жүз солдатқа, Жарқылдап жазды күнгі жай отындай Біртіндеп жаяу жағасын жыртқан жоқ па? Сарбаздар Ақтөбеден, Ақмоладан, Көкшетау, Ұлытау, Сыр – көп саладан. Қара құм, қызыл құмның қойнауынан Дариядай қол құйылып жатқан оған. О, шіркін, емес еді-ау осал ағаң, Кезі жоқ көп екен деп, жау санаған. Үш жылдай ұлы сүргін, қанды айқаста Жеңілмей, елу мың қол асыраған. Бақса да тағдыр бұған қысас қылып, Өзінен мықты жаудан күш асырып,

Тарихта тұңғыш рет қазақ күресін Жіберді төңкеріске ұштастырып. * Одан соң ширек ғасыр шамасында Отанның жау жармасты жағасына, Аштықтан, тас қамаудан сиреген ел Қарамай қансыраған жарасына. Қашанда өр намыстан жоқ қалуы – Бойында көк қаруы – кек қаруы, Дегенде: «қазақ қайда? – кетті түсіп, «Аллалап» барған беттен отқа кірді. Сұрапыл қырғын еді Мəскеу үшін, Желігін мынау жаудың бас! – деу үшін Тағы да Қазақстан керек болды, Қазақтың төкті əкеліп əскер күшін. Составтар ағылды-ай кеп күн шығыстан, Халықтар қан аралас бір туысқан, Армия, дивизия, сан полктың Кеудесін ашу-кектің бұлты қысқан. «Мəскеудің өкпе тұсы, сол қанатын Келе сап қорғау ісін қолға алатын. Кəдімгі Қазақстан» деген шақта Болады енді уақыт жайланатын. Бір өзі он дивизия жүгін артып, Деместен «болды Отаным мұның артық». Бұл шақта сағат түгіл, минут та жоқ, Азынап соғыс шегін жатыр тартып.

Панфилов дивизиясы – жүрегіндей, Дүрсілдеп соққан жаудың үрейіндей, Айрықша айқасты бір батальон, Күндіз-түн кірпігін біреуі ілмей. Жарқырап сонда шықты Баукең – есім, Бара сап басқан жаудың əуселесін. Онымен бірге шықты қазақ аты Ежелден туып берген ер төресін. Ар жағын енді толғап айтып-айтпа, Білді əлем сол күндерде-ақ атын жатқа. Елу жыл келеді елі ер есімін Бөлеумен əн мен жырға, махаббатқа. Тауысу мүмкін емес санап бəрін, Одан соң шыққан қаулап ер аттарын, «Бəрінен сұмдық екен» депті дұшпан, Қара орыс – əне біреу қазақтарың! «Бауыржан» атты бала мыңнан астам, Ойласаң оның өзі – ұлы дастан, Тоқтамас ұл туудан қазақы ана Бауыржан туа берер тиылмастан. * ...Кейін бір кездескенде Баукең маған Əлі де аузым жетіп айта алмаған Қазақтың соғыстағы мінезі еді – Ғажайып жай тірлікте байқалмаған. Əрине, сұрапылда жеңдік – дейсің, Жеңгізген Елдік – дейсің, Ерлік – дейсің, Тағы да одан басқа бір күш барын Мен айтсам еш суреттеп сен бітпейсің.

Қазақтың Азат деген өз атасы, Болсын деп, Азаматтың азат басы, Соны іздеп кең даланы шарлаған ол. Көшумен көктем айы, жаз аптасы. Орыстың «қазақ» деген бір жұрты бар, Өзгеше орыстардан өз ғұрпы бар, Казактар атты «қазақ» деседі оны Болған соң еркіндікке ол да құмар. «Казак» деп атап кеткен бізге ұқсатып, Үйреткен баласына ат ұстатып, Ерлері тұлпар мінсе, ерін алмас, Іздеумен еркін өмір күн ұзартып. Қашанда азат кісі – намысты адам, Бұл казак адалдыққа нан ұстаған, Соны айтқан соңғы соғыс философиясы – Сондықтан қазақ тұлғасы таныс маған... Маған да таныс еді мұндай бір жан, Қазақта соңғы батыр – Ер Бауыржан, «А Я сам – последний сын – вольности! – деп Аяғын орысшалап бір қайырған... Дүниеден ол да кетті – кім бар тынбас?! Кезі жоқ өз перзентін жер қаусырмас. Алайда елдің жаны, Ел рухы Азаттық таппайынша ер таусылмас.

КӨКИЫҚ I – Жаз, ақын, қасыма кел, қалам ұста. Қалған бір еске алынбай қалтарыста Басымнан бала күнгі өткен тарих, Баяғы тірлік үшін арпалыста. Мен оны саған ашып көп айтпағам. Өмірге жаңа ғана жол аттаған. Ол кезде жас едің сен арман қуған, Көңіліңе қасірет бұлтын жолатпаған. Күн жарық, енді бүгін ашық аспан, Жатыр ел шындық айтып жасырмастан. Менің де тарихым бар бір кішкентай, Қақпағы көптен жатқан ашылмастан. Деп, Бəдеш, бұрды ақынның сөзге бетін, Дəл қəзір ықыласын сезген еркін. Көңілсіз бір əңгіме айтарында, Əдеті көзге жасы тез келетін. ІІ Туған жер – көрген сайын Көкиықты – Қостанай түбіндегі зор биікті, Күрсінем, оңашада ой бұзылып, Еске алып бала күнгі сол күйікті. Жаз емес, гүл едім мен күзде егілген Шаң емес, мұң шұбаған іздерінен. Сонау бір сор айдаған жолаушының Сондағы «халық жауы» қызы едім мен.

Сескенбе, енді қорқып не қыласың, – Бəрібір сен қасымнан табыласың. Бала едім шолақ кекіл, «жалаң аяқ» Білмеймін «жау» дегеннің мағынасын. Көп еді ағайынды əкем менің, Алдағы көз жеткізер қатерге кім. Бəрінің аты шауып тұрған кезі, Болады бір өрлеуі əр пенденің. Киім сай, тамақ дайын – бəрі алдында. Мейірінен ата-ананың нəр алдым да, Жайқалып жас жауқазын өсе бердім, Ол күннің қысқа екенін біле алдым ба? «Көкиық» ауыл сырты мұнарланған, Сол жаққа шие теріп бару арман, Гулесіп кілең бала жөнелуші ек, Көк орай шалғын кешіп белуардан. Баурайы көзің тұнған шие, жидек, Бірінен бірі қалың, түйдек-түйдек. Жайқалған жасыл жуа, сарымсақтар Шалғайға əкететін бізді сүйреп... ... Ауылға келген сəтім мен қаладан, Кез еді жаздың беті бер қараған, Не жетсін каникулдың қызығына, Бала күн бала беттен сорғалаған. Қалада папам, мамам – біз үшеуміз, Елге кеп ағайынмен жүздесеміз. Онда əкем элеваторда есепші еді, Есебі: мың десе – мың, жүз десе – жүз. Кісі еді еңсегей бой, ер мүшелі, Адамға қайыр, нəсіп бергіш еді,

«Талапкер» танабында аға-інісі, Соларға демалыста келгіш еді. Ел еді ол «Алатай мен Қыжық» деген, Ағайын арасынан қыл өтпеген. Кім білген күн боларын жауығатын, Кім білген ауырарын сұм дертпенен. ІІІ Кешегі аштық деген кесепаттан, Жігіттер аман қалған екі ошақтан. Гүрілдеп бас-аяғы үш-төрт жылда, Ауылда колхоз құрып, іске тартқан. Шағы еді, бірі бастық – ел ағасы, Сол кезде бірі ауылнай ең алғашқы, Əкеммен немере еді екеуі де, Еңбекпен жүрген жерде беделі асты. Əдеті көре алмайтын көп ағайын, Өсекке, күншілдікке болар дайын, Жүргендер табылады қап, бəлем – деп, Түсінбес жаңа күн мен қоғам жайын. Сол кезде «отыз жеті» жетті келіп, Ел ішін гулеп жала кетті керіп. Көрсетіп өз əкесін, өз бауырын. Құтырды нелер жауыз екіленіп. Күнелткен нелер қулар арамды жеп, Қазақтай қадірліге қадалды ай кеп. Кешікпей қара хабар келді ауылдан: «Хамзаның екі ағасы қамалды» деп. «Колхоздың құрылыс заңын бұрмалаған, Асырып қулық ісін жүрген əмəн» –

Осы екен бар болғаны – таққан кінə, Жатпаған дəлел іздеп бұл жаладан. Əйгілі Қостанайдың ақ түрмесі, Құжынап жалалыға жатты іргесі. Кісендеп, оларды да айдап əкеп, Кесімсіз кеше кешке жапты, – десті. Мен онда оқитынмын біріншіде, Кіргендей күннен қапас түн ішіне. Түнерді, түршігісті əке-шешем, Тағдырдың таппай амал бұл ісіне. Əрине, баламын ғой, түк ұқпадым, Бірақ та сала берді суып қаным, Бақытын бал балалық еркеліктің Жүректен əкеткендей жұлып алып. Жиналып жаны ашитын ағайындар. Деседі: «болған іске не амал бар. Қайнағаң Жүсіпбек те кетті қашып, Жүруге бүгін түнде сен дайындал! Алады, алмасына кепілің жоқ, Алдыңда қазған ордан секіру жоқ. Өтіп кет Ресейге ішкі жаққа, Қасыңда жүрсін серік екі інің боп. Бала мен əйеліңе ештеңе етпес, Өйтпесең, өкінішің естен кетпес». Деп зарлап ақыл айтып, босағаны Босатпай келіп жүрді екі күн кеш. Амал не, көнбей қойды оған əкем: «Жазғыру жазықсызды бола ма екен? Сыпырып бəрімізді əкетердей, Не нəубет бізге келген алабөтен».

Дал болды дəлеліне өзі сенбей, Ұзамай ағалармен көрісердей. Əрине, жақсылықтан көп дəметті, Болса да көзі шелдей, көңлі шердей. Осындай тағы бір кеш отырыста, Жалт еттік есік қаққан бір дыбысқа. Екі адам кіріп келді əзірейілдей, Түрлері ұқсамайды еш туысқа. Жалғыз сөз: «жабылдыңыз» бар айтқаны. Əкетті, алды-артына қаратпады. Айыбы, кейін білдік, Сəкен ақын Сөздерін жұртқа жаттап таратқаны. Айтпақшы, үйдің ішін тінтіп жылдам Сəкеннің кітабы мен төрде тұрған Шкафтан екі-үш кітап қоса əкеткен. Өзгесі есімде жоқ – бұлдыр тұман. IV Ұстады ақ түрмеде айға жақын, Жабулы бəрі жұмбақ жаманаттың, Күздің бір қара суық күні еді бұл, Түрменің дəл түбінде сай болатын. Сол сайға «ертең жүреді» деген кеште Жиналдық, түк түсінбей өңкей кеще. Жылаған бала-шаға, жаураған жұрт Əлі де андағайлап келеді еске. Түрмеге тіреп салған темір жолды, Көргенмін бұрындағы көмір жоны. Тау-тау боп жататұғын жиегінде Болмайтын алған ешкім көңілге оны.

Таң ата сол темір жол бойымен бір, Тоқтады қара вагон салдыр-гүлдір. Дəл сондай қара қақпа ашылды да, Тарады төңірекке қаңғыр-күңгір. Көрінді ар жағынан қара шоғыр, – Сайдағы күтіп жатқан біздің тобыр. Жүгірдік жан ұшырып сол мезетте, Кетпейді көз алдымнан кезім со бір. Əкемді көрген бойда жеттім ұшып, Кеудемді бір сұрапыл кетті қысып. Жылау ма, өксік пе əлде, байқамадым, Үлгірдім, саусағынан сүйіп, құшып. Əкемнің көрінбеді екі ағасы, Сұрауға баламын ғой жоқ шамасы. Қоштасу бар болғаны екі-үш минут, Вагонның кіре беріс босағасы. Бетімнен бір сүйді əкем ең соңғы рет, Қасымда мамам байғұс тұрды еңіреп. Білмеді содан былай көріспесін, Қимады жаманатқа сүйген жүрек. Қолымда жіпке тізген кірəнжілік, Беруге жүгіріп ем соны ұмтылып, Қатыгез милиционер қолым қақты, Сөйткенше кете барды вагон жылжып. Баланың қолын қакқан сұм ант атқан, Деген бір сөз естілді соңғы жақтан. Күңіреніп қала берді қайғылы топ, Кетпейді əлі күнге сол құлақтан. Кетпейді қара вагон əлі есімнен, Жалтырап шыққан күннің сəулесінен.

Бұлдырап көз ұшынан ғайып болды, Айнымай қасіреттің күймесінен. V Арада қанша өткені жоқ жадымда, «Сібірдің ағаш кесіп орманында Жатырмыз» деген хабар жетті бізге, Шамасы Свердловск оң жағында. Ап-анық менің оны білетінім, Хат жазып, посылка сап жүретінмін, Үкімі он жыл екен кескен оған, Санайтын кезіміз ғой күн өтуін. Шешеміз деп жүргенде барып қайтам, Басталды қанды соғыс, алып майдан. Үзілді содан былай хат пен хабар, Білмедік тағдыр айдап шықты қайдан? Əлде ол аттанды ма соғыс жаққа, Немесе аударды ма қоныс басқа. Сібірдің мұзы менен батпағында Қалды ма қайран басы тоғыспасқа? Белгісіз үшті-күйлі болды ғайып, Аспанға қала бердік қолды жайып, Арада төрт ауыр жыл өтті бастан, Секілді теңіз кешкен жалғыз қайық. Қалтылдап өмір сүрдім, қайтсем де өлмей, Талап қып оқу оқып, құр сенделмей, Одан соң мұғалімдік анда-мұнда Тірліктің ол да түрі дəл сендердей.

Бар ма еді көрмегені ол ұрпақтың? Деген сөз – «жау баласы – қызы жаттың» Пионер, комсомолға да алдырмаған, Кейінде ЖенПИ-де де зардап тарттым. Соқпақ жол, содан соңғы өмірбаян, Бəрі де белгілі ғой, өзіңе аян. Сондағы бұлдыр тұман арасында Жылаған күндерімді қайда қоям? Батырып балалықтың мұңға басын, Қып-қызыл табанымды құмға бастым. Сондағы қасіреттің бір таңбасы Дегенім – өлеңіңде бұл да қалсын! Жасында жиырма жеті болды жесір, Өксікпен өтіп кеткен өмірі есіл. Кешегі мамам байғұсты еске аламын, Тағы да жылап қойсам, мені кешір! VI «Көкиық» балалықтың мекені еді, Айырды «Көкиықтан» ерте мені, Тағдырдың маңдайыма жиі соққан Аяусыз ақ бораны, өкпек желі. Бұл күнде Көкиық та – бір төмпешік, Айдары аласарып, кеткен өшіп. Көрінген көлік пенен машиналар, Басына шығып жатыр ентелесіп. Бір кезде заңғар еді, биік қандай, Болатын аспан – төбе, бұлт – маңдай. Сонда да көрген сайын осы кезде Қараймын қайран көзім сүйіп қанбай!

Өзім де Көкиыққа қалам ұқсап, Жыртылған жылдар мүжіп, жағамды ұстап. Көзімде əлі де тұр Көкиықтан Жүгіріп келе жатқан балалық шақ. Көкиық ата-баба мекені еді, Бар əлі мен оқыған мектебім де, Ауылда ең биік үй сол болатын, Ол дағы мыжырайып шөккен мүлде. Қайтсын ол: «мен бармын» деп жар салсын ба? Қалыпты биік үйлер тасасында. Уақыттың тасасында қалған менің Аз күнгі балалығым басы сонда. Осы еді көңілімде тозбас аныз, Туамыз, туған жерде қаз басамыз. Бұл күнде қалдық біраз жасқа келіп, Ғұмырдың көкиығын біз де асамыз. Деп Бəдеш аяқтады əңгімесін, Менімен бірге кешіп өмір көшін. Ақыры айтып тындым дегендей-ақ, Қырық жыл сақтап келген сыр мүддесін. Құпия адам жаны – сарай неткен? Мұны естіп сонда терең ойға кеткем, Қиялда Көкиықты мен де көргем Қасынан жаяу-жалпы талай өткем. Көкиық жағалай тал, жасыл орман, Етектен терген шие шашып алған. Əркімнің болады бір Көкиығы – Тіршілік сапарының басы қалған.

БІР УЫС ШАШ (баллада) І Кеудені тасып кернеген, Қуаныш жыры бір басқа. Қайғыны жазып көрмеп ем, Көзімді жаспен жумасқа. Оллаһи, жасты ұнатпан, Түсірер жара көңілге. Кезім жоқ жанды жылатқан, Жылатпан қалған өмірде. Кетеді денем түршігіп, Жүрегім шаншып, ми қайнап, Жасына жатса тұншығып, Яки біреу «ойбайлап». Қашамын безіп аулаққа, Кетемін кезіп тау ішін. Естімеу үшін бейуақытта Бақытсыздықтың дауысын. II ...Есімде сол кеш, екінді, Қаланы құрсап тылсым күш, Өмір тоқтаған секілді Жалпақ алаң тым-тырыс. Жаяумын, бұл сəт, о, ғажап, Көшеде жоқ қозғалыс.

Құбылыс қой мынау жат, Қашан, қалай болған іс? Хабарым жоқ, талай күн Тауда жатқам жыр жазып, Өзімше бір құдаймын, Өзімше алтын бір қазық. ІІІ Есімде сол кеш... Екінді Болғандай бір зор қаза. Оқып жатқан секілді Бүкіл қала жаназа... Келем алаң шетінде, Зəрем кетіп келем мен. Жолықтым бір кемпірге Тірі пенде дегеннен. Шашында қыс қырауы, Бетінде мұз тұр тамшы, Кəрі адамның жылауы – Көзге тиген бір қамшы... «Алла!» деген дыбысы Өксігімен аралас, Əрең алған тынысы – Дем деуге де жарамас. Жөн сұрау да сорлыдан, Болды ауыр күш маған, Көзім түсті, қолында Бір уыс шаш ұстаған...

IV Əжептəуір кезден соң Тебірене, толғана. Түк білмеуім сезген соң, Сөйледі əлгі кейуана: – Үшінші күн, – деді ол. Ойран болды бұл қала, Желтоқсанның желі сор, Əкелгендей зіл-зала. Ол да тағдыр бұйрығы, Шошынғандай аллаң да. Адамдардың құйыны Құйылды бұл алаңға. Өңшең қазақ жастары, Лапылдаған жалындай, Қарсы бір сөз бастады Қаруға да бағынбай: – Өзімізді өзіміз Билейтұғын кез жетті, Көлгірсуді көзіміз Сүймейтұғын кез жетті! Жаса, біздің бостандық, Жаса, Қазақстаным! О, басқыншы – қастандық, Осынша ұзақ ұстадың! Жібер менің қолымды, Басыңды тарт жерімнен. Өзім ашам жолымды Өзіме арнап берілген!

Деуі-ақ сонда мұң екен, Көк қарулар кезенген, Көкшіл беттер безерген, Аяу білмес сұм екен. Мылтық, таяқ, шоқпармен Ұрды, кетті, таптады, Айқай, ұйқай, боқтаумен Аспанды шу қаптады. Азан-қазан төңірек, Бір алапат басталды. Талай қыздар еңіреп, Талай бұрым, шаш қалды. Қанды тастың үстінде, Əлем тапырақ алаңда, Сол жеңеді, күш кімде, Қараусыз күн қараң да. Қанды тастың үстінде, Қайран қыршын сорлылар Қан жоса боп қақсады. Қарасат майдан болды дəл, Айдады, қырды, ластады... Білем, қалқам, ар жағын, Қалды дүние қараң боп. Мұның соңғы зардабын Болжауға да шамам жоқ. Деді қария күрсініп, Мына хабар ызғарын Сезіп, бойым түршігіп, Өз-өзімнен мұздадым...

V – Қолыңыздағы немене? Деуге шамам келді əзер. – Көзің көріп, сене ме, Сондағы бір қаныпезер, Жұлған, тартқан, сүйреген, Қайран ару шашы бұл, Күйген отқа, күйген Қыршын өмір жасы бұл. Көріп тұрып алыстан Кеше жағамды ұстап ем, Қара тасқа жабысқан Жатып еді қыпша бел, Бір қазақтың сұлуы. Сүйретіліп бұрымы. Не айтайын, құлыным, Үзілді ғой жұлыны. Деп тағы да кейуана Онан сайын қысылды. Тез азынап жел ғана Көзінен жас ұшырды... VI Есімде сол кеш. Екінді... Есімде кемпір қаусаған... Өлі бір дене секілді Қажыған қала, шаршаған. Қиялымда іздеймін Қайда екен сонау сорлы қыз. Соны көрген біздейдің Қанша қаны болды мұз?!.

Ұмыту деген ол күнді – Болғаны санаң саңлаусыз, Сонау бір қанды толқынды Тоқтаусыз, байқаусыз. Есімде менің сол алаң, Есімде кəрі сол анам, «Желтоқсан» десе, əлі мен Түсімде шошып оянам... Желтоқсан, 1992 жыл. ƏКЕ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Соғыстың жаңа біткен зіл-заласы... Таусылды ажал-салық күнде аласы. Қанаты күйген қаздар секілденіп Қазақтың қайтты үйіне мың баласы... Майданның қай қырында қалмады олар, Жалғызы талайлардың жанға балар. Ал мұндай талай əке көз тоздырды, Баяғы əдетімен жолға қарар. ...Сондай бір қазақ шалы ұлын күтіп, Дамылсыз айды итеріп, күн жылжытып. Үш мезгіл ас соңында жолға шығып, Тіршіліктің өзге қамын мүлде ұмытып. Тосты ол тосудай-ақ той

қызығын, Хабар жоқ, дала меңіреу, жол да меңіреу – Жалғыз-ақ естиді ылғи байғұс үнін. Жалғыз-ақ естиді ылғи кемпір даусын Байлаған қасіретке есіл басын, Жан екен шалдан гөрі ол сабырлы Болса да ана көкірек дерті басым. Жыл өтті, келер солдат келіп болды, Сəн кірді, талай үйге көрік қонды. Жейдешең жазға шықты жалаң аяқ, Қыстағы шешіп тастап бөрік, тоңды. Ұлы жоқ, жоқ тіпті оның елесі де, Даланың көбейгендей белесі де, Соғыстың бітерінен аз-ақ бұрын Хат жазған, «аманмын» деп, əлі есінде... Не бір сөз «қара қағаз» – жаманат жоқ Куəгер жолдасымнан жəне хат жоқ, Əйтпесе күтер ме еді осыншама, – Ол түгіл айтпай келген азамат

көп, Ұл байғұс жүрген шығар кешігумен, Даланың шимай жолы кесірінен, Деді ме, темір жолға жақындаймын Қалаға көшіп барды кемпірімен. Вокзалдың бір үй жалдап нақ қасынан, Күзетті стансаның қақпасынан, Есігін сан пойыздың көзбен тінтіп, Сұрады əр жүкшіден қап тасыған... Тағы да жылға жақын өтті уақыт, Бұл күтіс шал байғұсқа кетті батып, Сонда да құр сүлдесін сүйреуменен Пойыздың даусы шықса, тұрады атып. Қой – деді кемпір бірде – қой, мұныңды, Көтердік ел көтерген қайғы-мұңды, Сен түгіл мен шаршадым үйде отырған, Онсыз да тауыстың ғой аз ғұмырды. Жоқ қой ол, келер еді əлдеқашан, Бəрібір күтетұғын сен болмасаң, Жалғыз күн шайыңды ішші бір

дұрыстап, Қоймасаң мынауыңды – елге қашам! Жоқ шығар сендей адам ұлын күткен, Қалғанша қу сүйегі құр үміттен. Қайтайық топырақтан тыс тұрғанда. Күн қалды бір-ақ тұтам бұл тірліктен. – Жарайды, ең соңғы рет шығып қайтам, – Деді шал, – жетелеп тұр үміт сайтан. Үстіне бар жақсысын киіп алып, Көрінді тағы орнынан күндегі айтқан. О, ғажап! Қуаныштан жүзі жайнап, Басқыштан баппен басып түсіп жайлап, Алдында келе жатыр шалдың ұлы – Ұмтылды көре салып: «а, құдайлап!» Байғұс шал жете беріп, ұшты мұрттай, Жүгірді баласы да із суытпай, Не керек, дүние көзден ұшты бұлттай. Сағынған бауырында құлыншағы, Бір сəтке «үһ» деді де тыныс

алды. Ұлының тірі тұрған бейнесіне Көзінің ақтық рет қырын салды. Аң-таң боп бала тұрды жылай алмай, Тағдырдың соққысы еді мынау қандай! Шаршаған күтуменен сорлы жүрек Жарылды жалғыз сəтке шыдай алмай. Солдаттың кешіккені түсті есіне, Екі жыл тағы əскери іс кешуге Байғұсты алып қалған жеңістен соң, – Мықтымен онда ерік жоқ күштесуге. Соны айтып болады ғой хат салуға. Салақтық сор боп тиеді сасқаныңда, Еңіреп өкініштен шайнағанда Бармақтың қан көрінді

бас жағында... Көрген жұрт жимай тұрды əлі де есін, Тағдырдың сұмдығына ел не десін? Белбеуін солдат сонда шіреп буып, Көтеріп алды жерден өлі əкесін. Кім жазар қайран ердің осы дертін, – Əкенің естімеген өсиетін? Көтеріп келе жатты ол қос қабаттап Сан жылғы Сағыныш пен қасіретін... НАН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Жүр едім серуенде тал түсте мен, Жер қара, əлі үстіне қар түспеген. Шыққаны əлде дүкен, əлде мектеп, Бір бала келе жатты нан тістеген. Ендігі жартысы қалған ақ шүректі Лақтырып, табанымен басты, кетті. Жүрегім шымыр етіп, ми қозғалып, Қайдағы еске салды тақсіретті.

...Жыл еді елге түскен жеті кырсық, Аштықтан бар төңірек кетті ыңырсып, Шөп қайзап, сарсу ішіп, сарымсақ жеп, Нан түгіл, көзден ұшты құрт-ірімшік. Жамылып құрым киіз, жамау шоқпыт Тіршілікке не істетпеді амал жоқтық. Іздеген талғажауды табан асты Жүрдік біз жеген иттей «айналсоқтық». Соғыстың іште, сыртта желі аңырап, Сатылап құлап жатты сан шаңырақ, Астынан сол шаңырақтың қылтидық біз Секілді жауын күнгі саңырауқұлақ. Дегендей «өлмегенге өлі балық», Жаз шығып, жерден жуа теріп алып, «Атшоқай», «Атқұлақ» пен «Көк буылдық» Жеуші едік қолмен үгіп дəнін жарып. Аңдыдық азаматы бар үйлерді, – Ол үйде таба жауып, нан илейді. Лақтырар ор ауызға жарты тілім, Жарылқап жаутаңдаған сəбилерді. Сол нанды содан қайтып түсте көріп, Жатамыз жеген болып, тістеленіп, Қарының қайта оянғанда, қайта ашады, Не пайда түспеген соң ішке келіп... Бұл – тарих қоятұғын еске алмай-ақ, Сұм заман қалдырмаған еш жанды аяп, Оянды тағы кеуде түкпірінен Ақ нанды қарғыс атқыр басқанда аяқ. Ұмтылып келдім дағы қолыма алып, Үргілеп, иіскедім, шаңын қағып,

Əлгі нан сөйлегендей болды маған Адамдай əрі мұқап, əрі налып: – Кесапат осы күнгі болып жатқан Қарғысым қалың елді менің атқан, Құтырып кеткен жоқ па иттен жаман Тойынса, асыраған иесін қапқан. Қашанда ұрмас тегін кепиетім, – Кез болды бастан бақыт кетіретін, Нан-иман, ұмыттыңдар иман атын, Əдетің өткізіп ап, өкінетін... О, ғажап! Нанның сонша тілі жатық, Болғанмен зілмауырдай мұңы батып, Бала емес, бар жазаны мен алғандай Орнымда оңала алмай тұрдым қатып.

ҚАЗАҚ АҚШАСЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Қайтпайды тасқа соқпай жайын басы, Болады кезек дүние қайырмасы. Бір түрі – біз көрмеген жанталастың Кешегі кесек ақша айырбасы. Ашылды қанша қойма, канша құлып, Қопсыған қолғап іші, қанша шұлық. Домалап дорба, қапшық, темір сауыт, Сасқанда қолдан сусып, сан шашылып. Біреулер елдің қанын тегін сорып, Біреулер тапқан шығар терін сор ғып, Əп-сəтте құнсыз қағаз болып шықты, Кешегі жүз сомдық пен елу сомдық. Сіңбестен ауызға алған азанда асы, Қайнады келесі күн базар басы, Ақшаға ақша сатқан кімді көрдің? – Біз көрдік – бұл тірлікте, замандасым! Кешегі «түгім жоқ» деп жүрген зарлап, Талайлар бай боп шықты, құдай қарғап, Өзіне өзінікі бұйырмаған Байғұстар жинай берген қалай қармап. Не керек, талай қоқыс шықты сыртқа, – Кездесті қу мүйіздер қу тұмсыққа, Қашанда қанағаттан айрылса адам, Белгілі жолығары бір қырсыққа. Адамы қапылысты қанша ұлттың, Кешегі көзді жеген ақша-құртың, Көрсетті алпыс айла, қырық мінез Кəсібін аймандай ғып барша жұрттың.

Бір қазақ қаладан ба, ауылдан ба? Дабылы ақша айырбас қағылғанда, Бір дорба сарайынан алып шықты, Қуанып қапылыста табылғанға. Тұрды да кезегіне айырбастың, Құпия қапшығының аузын ашты. Кассаға жұмарлақтап қойып жатты, Су тиген қардың асты, жауын асты. Жабысып жүз сомдықтар құшақтасқан, Түрі бар айрылмайтын пышақтасаң, Кассирдің бадырайып кетті көзі, – Көрмейтін мынау сұмдық үш ұйықтасаң. Талайын болып еді ажыратпақ, Айрылып көмірінен, бəрі де аппақ Қағазға айналды да шыға келді, Əлде не жазуы да балдыр-батпақ. – Қой, мынау болмайды, – деп, кассир «пақыр» Қайтарды бар ақшаны ақыр-тақыр. Не күлер, не жыларын білмей

байғұс Қазақты көзі тесіп бара жатыр. Ал, қазақ алды дағы қапшығын жəй, Кассаға енді қайтып бас бұрылмай, Үн-түнсіз кете барды, халық аң-таң. Көрмеген көз болғаны істі мұндай «Жиыппын жұрт жиды» деп бекер малды, Ақыры ит жеместе текке қалды», – Деді де өз-өзіне, бір шұқырға Дорбасын лақтырды да, кете барды. Далада айдағанмен малды топтап, Саудаға əрі анқау, əрі шорқақ. Қазаққа біткен ақша соры бар, – деп, Бір өзбек қатты өкінді басын шайқап. ЕКІНШІ БЛІМ ШОЫР ЖЫРЛАР Ар $ндемей жатады жан т$бінде, Оны& жалган (згедей жо айайы.

АР ДЕГЕНІҢ ҚАНМЕНЕН ЕГІЗ ТУҒАН... Ой-шеру Мен жан емен əзелден айқайым көп, Ашуланам өзімді шайқайын деп. Қар суындай көктемде қаптағанмен Түсерім көп сабама, қайтарым көп. Мен келіппін дүниеге, бұл жарыққа Жер бетімен жүгіріп қайтайын деп. Тастамаймын қолымнан қаламымды, Тағы бір сөз жұртыма айтайын деп. Үміт деген босатпай жібек арқан, Жаңа таңның нұрына иек артам. ІІ Сол үмітпен жүргенде көгенделіп, Бір жағынан жəрдемге өлең келіп, Қайта алып ұшады мені аспанға, Үйірілгенде кейде бір төбемде бұлт. Кеткен кезде кейде бір жан құлазып, Жалғыздыққа шыдамай, кеудем кеміп, Кеше менің соңымнан шұбырған жұрт Бүгін қалып қойғанда ере беріп. Əлгі екеуі айтады ақыл маған: «Төмендемеу керек» – ақын адам. III Болдық бүгін жазушы кітабы жоқ, Құмарпаздай қолы бар ұтары жоқ. Көздеуі бар мергендей атары жоқ,

Байтеректей сидиған бұтағы жоқ. Бəрінен де сұмдығы: іштен жылап, Өксіп өткен адамдай ұрпағы жоқ. Кілең «жоққа» мылқаудай тіл де шолақ, Не беретін жауабы, сылтауы жоқ. Шүкір айтып құдайдың əр таңына, Жабысамыз тірліктің арқанына. IV Егер осы күншілдік, көре алмастық, Қолға ілігер зат болса – жанталасып, Тауып алып, быт-шытын шығарар ем, Аяқ асты қылау ем таптап, басып. Адамдыққа жасаған обалы үшін, Бірге жүріп, су ішіп, от оттасып. Бірге күліп сауықта, сайраңдасып, Бірге барып жұмыса қолтықтасып. Жиналыста мақтаса біреу сені Шыға келер бұлтиып соқыр шегі. V Егемендік, Еркіндік, Дербестікпен Екі-үш жылдай күнелттік өлместікпен. Ол бұрынғы барлықтың екпіні еді, «Жоқ» дегенге шығатын сенбестікпен. «Бар» болса да, «жоқ» дейтін əдет таптық, Əуес болдық бедеудей берместікпен. Табиғаттан ежелгі біз айрылдық Жомарттықты жұқтырған тал бесіктен.

Осы күнде ешкімге болмас мақұл: «Өле жегенше, бөле же» деген нақыл. VI Бұл қазақта ұғымы бар «заржақ» деген, Бүгін барлық ақындар зарлап өлең Жазып кетті, қарғайды əлде кімді, Болмай қойды ашуда «алды-арт» деген. Өлең – деген сезім ғой, жан күйі ғой, Бəлкім, ол да дұрыс па – ойлай берем. Кіл жылауық, өлеңнен өнер шықпас, Қанша сыйлап, ықылас қойғанменен. VII «Қайран біздің даламыз – Қазақстан Таза алтыннан жаралған, таза мыстан». Деп мақтанып келеміз баяғыдан, Сол үшін де жоқ едік аз алысқан. Ішкі, сыртқы жауменен қанша ғасыр, Қаншама рет даланың тозаңы ұшқан. Біз көрмеген алтынды жат таниды, Антұрғанның көргіш-ақ көзі алыстан. Қаптап жатыр: «қəзір-ақ меңгерем» деп, «Бермегенді құдайың – мен берем» деп. VIII Оңай нəрсе, əрине, сырттан сынау, Осы сынау – біздерді құртқан сынау. Іс істемей, сөз істеп үйренгенбіз, Есігіңнің өзіңе тұтқасы жау – Не ашуға келтірмес, не жабуға,

Қалған амал – көмекті жұрттан сұрау. Сұрау түбі – болады қайыршылық, – Сен де соны, о, досым, ұққансың-ау. Түбі, түбі, болады бір жақсылық, Біз қояйық сол үшін қол тапсырып. IX Қосамыз деп біз əуре қазақ басын, Қоса алмасақ: Еркіндік, азатқа сын. Көңіл айтпай, сол сөзді ауыз айтып, Ешқашанда ішіңді тазартпасын. Білген болып бəтуə бастайсың да, Тастайсың да кетесің тез-ақ сосын. «Тірлік түбі – бірлік» деп күнде айтқанмен, Ол іс емес, əшейін, сөз-ақ, досым... Сен солардың бастарын қоссаң бағың, Екі, үшеуден əуелі болса-дағы. Х Көп жақсылық жасадым көрінгенге, Маған сондай мамандық берілген бе? Қамықпадым сұраса, ала алмаудан, Жалықпадым сұраса, беруден де. Көп жаманды қойнымда паналаттым Алыстан да, жақыннан, елімнен де. Арым таза, əйтеуір аулақ болдым, Үш қазақты үш жаққа бөлуден де. Бəлкім, содан болды ма несібем көп Айдаладағы енеді есіктен кеп.

XI Қасиет деген сатар зат болса егер, Соны да қағып кетер бір саудагер. Құдай сақтап адамдық, ар дегенді, Зат қылмаған пенденің көзі көрер, «Арын сатты ақшаға» деген жай сөз, Əуелде ары болмаса, несін берер? Ар дегенің қанменен егіз туған, Қасиетсіз қанда ар болмас өсіп-өнер. Саған айтар мына бір өсиет, досым, Қаражатың болмасын – қасиет болсын. XII Бала-шаға би болған шаңыраққа, Əке көзі жоғалмай тұрған шақта. «Бет-бетіне түйе айдап» бəтшағарлар, Бір-бірінің үстінен барған сотқа. Жан безеріп, жүрегің қан жылайды, Адам аяу дегенің қалған жоқ па? Көз көрмеген бүл сүрең қайдан шықты Баяғының салатын бəрін отқа? Айтшы, досым, біздерді бүл жалғанда Көру үшін осыны қалдырған ба? XIII Түгіне де қарамай, мойын бұрмай, Ермек етіп отырам ойымды ұдай, Оны істейтін кəдімгі ми емес пе, Ең болмаса, аман қыл соны, құдай! Енді менде қалғаны сол-ақ болды,

Мылтық алып күзетер қорығымдай. Демократия – демалыс емес саған, Аты басқа – бəрі де бұрынғыдай. Бұрынғыдай емес тек бүгінгі ұран: «Өз суыңды өзің іш құдығыңнан». XIV Əулие жоқ, бұл күнде пайғамбар жоқ, Алақанын көшеде жайғандар көп. Оған сенің берерің болмаған соң, Сенде жайғың келеді алғандай боп. Төрт қолға да төрт тиын түспеген соң, Оп-оңай-ақ шығасың сор маңдай боп. Сен оны, ол сені аяғансып, Ұзап бара жатасың армандай боп. Бұл көңілсіз суретті неге жаздым – Жақсылығы жақын-ау келер жаздың... XV Жанталасып жатырмыз ел болуға, Хабарласып, барамыз онда-мұнда, Біз де сорлы емеспіз соларменен Толып жатқан қағазға қол коюға. Əлдеқайда белгісіз олар маған Өтіп жатқан пойыздай жол бойында. «Уəде» деген белінде жазуы бар, Қашан жету бірақ та жоқ ойында. Жас дегенің кеп қалды осы кезде, Түсіп қалып жүрем бе разъезде?

XVI Пар-парымен парламент келер əлі, Кеше армансыз сайрады елге бəрі. Біздің қырсық арылмай келе жатқан Сөз бен істің қашанда кереғары. Келмей жатып жағдайын мəселе қып, Тағы батты бас қамын ойлағаны. Үлгірген жоқ тамып та бір тамшы тер, Болашақта қиналмақ кімнің жаны? Бұрынғыдай сөгіс жоқ, партбилет жоқ, Омырауында белгісі бар болғаны. Сым бойында тізілген қарлығаштар Тоқ жүгірсе, жандарын алып қашар. XVII Тылсым ойлар масадай мазаны алып, Тағы бір сөз көңілсіз жазары анық. Қойдым енді мына бұлт ол да қойсын, Себе бермей кір жаңбыр азаланып. Сенемін мен күн шығар Алатаудан, Жайнап аспан ашылар тазаланып. Алтын баған – үмітім, сен де түзел, Сүйене-сүйене қалдың ба жұқаланып. Ертең, ертең – жан салған бұл ойыңда «Жоқ» дегенді «бар» деген ұғары анық. Жоқтықты жоқ болса да, жоқ деместік, Меніңше барып тұрған оптимистік!

СЫЙЛАСТЫҚҚА НЕ ЖЕТСІН Осы сөзді айтудан Бара жатыр мəн қалмай, Ұрттап алып жай судан, Ауызыңды шайқағандай. Сыйластыққа не жетсін – Оған айтар нендей дау, Құр ішіңнен сезесің, Əттең, қолдан келмейді-ау! Бəтуəсіз, дуасыз, Берекесіз кеткен күн, Қай жүйрікпен қуасыз – Қуғанменен жеткен кім? Бірін-бірі қинасу, Бірін-бірі тоздыру, – Бет жыртысу, күнде ашу, Өсек, ғайбат сөз қылу. Күншілдігі кісінің Пайда болған туа сап. Тарлығынан ішінің Айналмайды шынашақ. Қайда сосын сыйласу – Қала берген ол арман. Дүние боқты жинасу – Берерменсіз аларман. Абай айтқан сөз асыл – Сол баяғы халықпыз, Өтсе дағы бір ғасыр Өзгермей-ақ қалыппыз.

Қашан қалар бұл қосып, Кезі бар ма тоқтаған? Кіре беріп сыйласып, Шыға беріп боқтаған. Дүние, шіркін, кезексің, Бірде шөл, бірде бай теңіз. «Сыйластықка не жетсін!» Тағы айтамыз. Қайтеміз? ЫСТЫҚСЫҢ СЕН... Ыстықсың Сен бір түрлі Жаста салған əуендей, Сиқырлы да сүйкімді Өтіп кеткен дəурендей. Сүйек-буын сыз тартып, Тамырда қан салқындап, «Шонданайға тұз артып», Ат айдаушы алқымдап, Асықтырып барады, Əлдеқайда? «жүр-жүрлеп». Сонда саған қараймын, Сəл аялдап тұрғым кеп. Сонда бойды жылытып Соңғы ыстық буыңмен, Жамандықты ұмытып, Жақсылықтың нұрымен. Сүйейсің сен, өзің де Əрең-өрең тұрғанмен, Əлі қалған көзіңде Маған деген бір дəрмен,

Маған деген бір сəулең, – Сол қадірің сүйкімді. О, тіршілік, бал дəурен, Ыстықсың-ау біртүрлі! Неткен ғажап жомарттық Бірде жарың, бірде анаң. Əлі саған қол артып Жүргеніме қуанам. Сол қуаныш – бар мəзір, Барлық куə, бар кепіл, Қайда барсам, бірге жүр. Қайда отырсам, бірге отыр. Ыстықсың Сен өйткені, – Жылытқан суық бетімді. Болашағым, өткенім Сенде тұрған секілді Ыстықсың-ау біртүрлі... НЕДЕН ҚОРҚАМ?.. Қорқамын, осы кəзір неге мен? – деп, Болған соң өзім дербес, егемен, – деп, Сұраймын өз-өзімнен, қуаттанам, Сонда да тұрғандаймын тағы елеңдеп. Жібердік «шекті» бұзып, «араны» ашып, Түбінде қаламыз ба қара басып, «Қыз алып», қыз берісіп» дегендейін Барады қара шүршіт араласып. «Қар жаумай, қазан ұрмай» деген нақыл Тал түсте біз қаламыз неге қапыл?

Үйіндей əкесінің «əлəулəйлап», Тайраңдап тар көшеңде келе жатыр. Осыған жанығады жаным күнде, Қорқамын жетпейтіндей əлім мүлде, Бір кезде миллиард пұт астық алсақ, Сен бүгін миллиард қытай алып жүрме! Қалғанбыз екі ғасыр жер қорғаудан, – Жер сату – болса бүгін білген саудаң, Жүрмейік Ахаң айтқан баяғыда «Бір өртке кезігіп капшыққан қаудан». Қорқамын айыптама мені, ағайын, Демеймін «уайымды жеп алайын», Сонда да күні бұрын діріл қағып, Қорқамын, қорқатын тек

мен болайын! * Көшеде бір ит көрдім, Жер бауырлап жылжыған. Кешегі сау біткен күн Ауызында үзім нан. Қос жамбасын байғұстың Жанып кеткен əлде не, – Салады кеп бар күшін Жарты ғана сау дене. Алдыңғы екі аяқ пен Баста қалған тіршілік, Көргенімде аяп мен, Кетті денем түршігіп.

Тапа-тал түс жарық күн, Қарап болмас көз əсте, «Ит жанды» деген халықтың Түсті сонда сөзі еске. Əрең жетіп тасаға Жатты байғұс нанын жеп, «Өмір деген осы ма Біз қимайтын қадірлеп?» Деп мен ұзақ ойладым. Қапы жерде қамығып. Қайуан екеш қайуанның Кеудесінде бар үміт. Кетем деген жақсарып, Жақсылыққа жолығып, Жүрген кеуде, басты алып Шығар, бəлкім, сол үміт. Нəрсе ме осы ойланбас, Анау үміт титтей-ақ, Өтесің-ау, қайран бас, Адам түгіл итті аяп... * Келді көктем

қыс бойына кір басқан, Кейде қара, кейде сұйық, сұр аспан. Енді міне көк нөсермен тазарып Дүниеге жас сəбидей

көз ашқан. Ақша бұлттар, найзағайлар

анталап,

Анасына сағынышын арқалап, Келіп жатқан перзенттері секілді О, тəңірі, о, мəңгілік махаббат! Кеткен аспан жайдағыдан биіктеп, Даланың да көркі неткен сүйікті ед! Гүлдер-қыздар жұпар шашып тұрғандай Мына тойға бар асылын киіп кеп. Сонда сонау көк жүзіне қарадым, Жалғыз ноқат – боз торғайы даланың Бір орында мық шегедей қадалып, Төкті дейсің көмейдегі бар əнін. Күннің нұры, қыстың жыры қосылып, Сорғалады төмен қарай жосылып, Дүр сілкінді жердегі бар тіршілік Əн-баспалдақ көк жүзіне жол шығып. Сол жолменен жоғарыға ұмтылып, Ауа мөлдір, əн де мөлдір тұп-тұнық, Тыңдады-ау бір бозторғайын өзінің Сол бір сəтте жатқан дала

тік тұрып, Бақытты ғой көктегі құс ол да

аса

Сол биігі, сол мекені

қолдаса, – Далаңның құр далиғаны не керек Боз торғайы, өз торғайы болмаса! * Бір жарым ғасыр Бір есім асыл Жадыңнан аста кетпей тұр. Туғызған соны Шыңғыстың жоны Аспанға аз-ақ жетпей тұр. Жетпейді оған Керемет туған Кемеңгер басын құраса. Абай ғой, – дедің Қазақтай елдің Төбесі кім? – деп сұраса. Жабықсан егер, Беретін шебер Көзіңнің жасын құрғатып. Адамның нары – Абайдың бары, Əкенің бары – бір бақыт. Тұлғасы алып. Бір өзі халық Туар ма кісі Абайдан. Ақылы – теңіз Аспанмен егіз Кеудесі алтын сарайдай. Батыстай сабаз, Шығыстай маңғаз,

Жаһандай байтақ жаралған. Сондай бір ұлды Тудырып тынды Қазақта қандай бар арман! ТҰЗ БЕН СУ Асқазанның шипасы, Десіп, оған жұрт сенген, Жүрем ылғи су тасып Қасымдағы дүкеннен. Ұлғайғанда қай мүше Зəру емес ем-домға! Деді маған бəйбіше: – Тұз ала кел бір дорба. Барған жұмыс өтеліп, Қапшық толы тырсылдап, Екі ауырды көтеріп Келе жаттым мықшыңдап. Тұз да ауыр, су да ауыр – Ішетінің, жейтінің, Сабақ екен бұл да бір Кəдімгі өмір дейтұғын. Ішіңде де, сыртыңда Сол екеуі қабатың, Көшсең ертең жұртыңда Сол екеуі қалатын. Сорладым, – деп жүресің, Шөлдедім, – деп жүресің, Осы екеуі алатын Дүниедегі үлесің.

Осы екеудің өзі ғой Сусының да, асың да. Кейде сондай қызық ой Келеді екен басыңа... Барған жұмыс өтеліп, Қапшық толып тырсылдап, Екі ауырды көтеріп, Келе жаттым мықшыңдап... НОҒАЙМЫСЫҢ Орманбетхан өлгенде, Он сан ноғай бүлгенде. Ескі жырдан Есімде Балқар тауларын Бөктерлеп, одан көкке өрлеп, Чегемнің миуа бауларын Шілдеде сая көкпеңбек, Кезгенмін сері Қайсынмен. Ғажайып бақыт күн кешіп, Күн аймалап, Ай сүйген Эльбруспен тілдесіп. Кездесіп еді сонда бір Ақсары сұлу келіншек, Оралмас енді ол дəуір Қайтадан жігіт көрінсек. Орысша оқып жырымды, Орысша айтты өлеңді, Бір кезде əлгі сұлуым Қазақша сөйлеп жөнелді.

– Қарындаспын ғой, Сізге мен Сағыныш əнін сақтаған, Ғасырлар бойы іздеген, Ғасырлар бойы таппаған. – Деді де, қошқыл көзінен Мұңды бір сəуле төгілді. Кəдімгі қазақ сөзінен Айырмасы жоқ көрінді. – Балқар ма, əлде қарашай – Деп тұрсыз-ау мені Сіз, – Деді тағы. Сөз қоспай Қалды сосын сол үнсіз... Тұрдым ұзақ таңырқап, – Жолығып сол сарқызбен, Қай бұл тұқым, қай ұрпақ Айнымайтын дəл бізден?? Сол сұрақты жүзімнен Оқығандай тез-ақ тым: – Ноғай жұрты қызымын Егізімін қазақтың. Бар деп сондай халықты Есітпеген боларсыз. Бізге ондай тарихты Оқытпаған. Оған Сіз, Мен емеспін айыпты. – Ноғаймысың? – дедім мен, Еркін басып төсіме, Сонау арғы, бергіден Нелер түсіп есіме. Ел қамқоры Едіге, Орақ, Мамай, Телағыс,

Орда тіккен Еділге Ноғай деген ел-арыс. Асан Қайғы, Шалкиіз Өлең-жырда мұнара, Қос дулыға, қос мүйіз Нəріктің ұлы ер Шора... Тағы... Тағы... Талайлар Елестеді көзіме. Қайран туыс ноғайлар Он сан болған бір кезде. Əр санында жүз мың ба, Одан көп пе кім білген? Біткен дəм мен тұзы ма – Бөлінген де, бүлінген. Бүлінудің қырсығын Артық білген осылар. Қашан ғана бұл шығын Өтелер де, қосылар? Дедім, іштей бір өксіп, Сөзімді оған тыңдатпай, Əлде ұялып, жүрексіп Тұрды байғұс үн қатпай. Тұрды көкте қарап түн Тағдырдың қос құрбанын, Ноғай менен қазақтың Құшақтасып тұрғанын.

ОЙЛАЙ, БОЙЛАЙ ӨМІРДІ... Ойлай, бойлай өмірді, Біраз жүрген сапарда, Ауырды да, жеңілді Алып бірдей қатарға. Анау – демей, бұл – демей Өткен күнге жоқ кінə, Қала алмадым үндемей, Жырға зауқым соқты да. Тимесе де өзгеге Жарты тиын пайдасы, Жарқ етсін бұл кезде де Көңілімнің айнасы. Көбейді ғой, жасаған, Көне күнге күлгендер, Бəрін өзі жасаған, Бəрін өзі білгендер. Адам болса надандау, Жарар, бəлкім, кешіру. Өткеніңді жамандау – Өзіңді өзің өшіру. Өшіретін, қыратын Өмір саған əріп пе? Уақыты жоқ кəрі ақын Қайта оқитын əліппе. Не болса да болғаны, Тірлік, сенде жоқ айып, Онан дағы кел, кəні Қол ұстасып қояйық! Мамыр, 1993 жыл.

ТІРШІЛІК ТІРНЕКТЕРІ Ақынның өлең-жыры – өмірлесі, Емес ол ойнай салар көңілдесі. Отына ғашықтықтың күйеді олар Сүйеді бірін-бірі қалмай есі. Дүниеге нұр сəулесін жаяды олар, Сырлары сонда əмбеге аян болар, Жаны ашып бір-бірінің саулығына, Мүсіркеп, бірін-бірі аяр болар. Нақсүйер, өмір-серік жарыңды еске, Түсірер, бақытың мен барыңды еске. Тек осы ақын үшін өлең ғана, – Осыны білмегеннің бəрі кеще!.. * «Жоқпын» деп өлең болса, айтпас ақын, Өзгедей бақыт жолын бақпас ақын. Бақыты өлеңі боп қоса туған, Зардабын жалғыздықтың тартпас ақын. Тамаша айтып кеткен оны Мағжан, Ұмытпас ақыл, есі, ойы бар жан. Сөз еді ол өзге емес, өзіне айтқан, Бағасын дүниенің көріп арзан. Сондықтан жұбатқан ол мұңды жанын Жырымен тарқатқанда шын құмарын. Сыймады жер бетіне көк перзенті, Баянсыз көп кызықтың қиды бəрін Болжады даласында аз қонысты, Қаңқылдап аспанында қаз боп ұшты, –

Кетті ол сол ұшқаннан қайтып қонбай, Ақымақтар өлтірдік, – деп мəз болысты... Сол Мағжан соны білген неткен дана. Дүниеде шеккен азап, көрген нала, Сүйген жар, тапқан бала – бəрі қалып, Көрге де бірге түсер өлең ғана... Дүние дүрмегінен Адасып қалған шақта, Өтетін жүрегіңнен Бір жол бар – аман сақта. Жалғыздық өкпегінен Жанды алып қалатын сол, Əмəнда төте жүрген Абайға баратын жол. Өлеңге баратын жол Кезікпей құса-мұңға. Кіргендей болатын жол Əкенің құшағына. Сонда сен ұғасың бір Құшақтап бұл екеуін, Өлеңнің кім екенін, Əкеңнің кім екенін. Ұғасың кісілікті – Өмірдің күшін мықты. Есіңе сақтағайсың Ақыным бұл шындықты...

  • Ай бір күміс ақ табақ, Күн бір алтын от шанақ, Көзің барда қарап қал, Беліңді бу, көкке бақ! О, құдірет табиғат! Сен ғанасың ақиқат, Сенен өзге құбылыс Бəрі жұмбақ, бəрі жат. Ол да шындық түсінсең, – Түсінбесең ішін сен, – Жалған сыртпен əуресің, От құсасың күрсінсең. Солай, ақын жолаушым, Жалғыз шындық – қолдаушың. Жұрттың бəрі ұйқыда, Сен ғана тек ояусың... «Маржандай асыл сөзді айға айтушы ем, Көк бұлттан түскен жайдай жайнатушы ем, Сəбидей жаңа туған хош иісті Əлдилеп тіл ұшында ойнатушы ем» – Деп ем мен бұдан жиырма жылдай бұрын Жалтылдап тұрған шақта тудай жырым, Басылып бара жатыр бірте-бірте Бұл күнде сондай арқа, сондай жыным. Бабым жоқ, бап табатын шеберім жоқ, Бір шауып кетерім бар, келерім жоқ.

Аспан мен жерді қосқан қайран айқай, Бұл күнде үндеуге де себебің жоқ. Белгісіз болашағың бұлдыр сағым, Таң атса, ойланды жұрт бір құрсағын, Сенетін кісім де жоқ, ісім де жоқ, – Шабылмай, қарап тұрып сынды сағым. Оздырып ақындықтан əкімдікті, Көрінді атқа қонған əркім мықты. Күндейді əлі тірі жүргеніңді Дегендей «қатарыңның бəрі бітті!» Ойласаң, ойың тозар, жаның жүдеп, Кешегі жал, құйрықтың бəрін күзеп, Қоймайды уақыт деген қара қайшы, Жалмайды намысың мен арыңды жеп. Көресің, көресің де көз жұмасың, Соларға қарауға жоқ ықыласың, Іздейсің ескі күннің елестерін, Тапқандай өтірікші өз куəсін... * Өлеңді жазбай кеткен көптен бергі Оятып, міне тағы көктем келді. Боятып жеті түске бар өлемді, Тағы бір сүйістіріп көк пен жерді. Тағы бір алып мені есіне жұрт: «Е, мынау бар екен ғой», – десін де жұрт. Тағы бір тебіренейін жыр бесікте Тұрғанда таңым кетіп, кешім келіп.

Неше том, жазған өлең неше кітап, Көз көрген құбылыстың бəрін құптап, Жинаған жүн-жұрқасын кəрі кемпір Секілді кетерінде бір ұқыптап. Сөреден бəрі қарап тұр байғұстар. Дегендей: «кезің қайда қолыңа ұстар?» Қайтсын-ай, олар да бір қаққан қазық Мен кешкен үлкен өмір жолын нұсқар! Қайтемін қиялымды енді күштеп, Бір талай тастаппын ғой еңбек істеп. Томпиған саусағымның сүйелдері Иемге бара жатыр көнбегіш боп. «Ақынның кімге керек мұнша зары» Демеңдер, кейде көңіл мұң шалады. Баяғы дүбірлеткен дүлдүл тұяқ Қайтсе де қалады ғой бір шабары... * Ойлай, бойлай өмірді, Жақсы, жаман көп көрдім, Ауырды да, жеңілді Бəрін бастан өткердім. Енді аллаға мың шүкір, Жалғыз жанға көп сауға. Жатар жерің бір шұңқыр Алтын сарай салсаң да. Жас кезіңде ойлайсың, Мəңгі жасайды екем деп, Жүгіруді қоймайсың, Қусам болды, жетем деп.

Ұлғайғанда ұмтылу – Бір олжа да, бір зиян. Үзілу де, жыртылу – Бір жіңішке, бір жуан. Қайран жастық сабырсыз, Қай жыраға жықпадың, Қайрат жұмсап дамылсыз Таусыларыңды ұқпадың. Енді мынау отырыс Ескі томар түбінде. Төңірегің тым-тырыс, Айқай-думан түсіңде. «Анау жоқ та, мынау жоқ Жоққа жетпес күшің де, Болса болды көңіл тоқ, Ылғи «жоқтың» ішінде. Тоқ көңілдің – сол батыр Жан жүдесе, бағатын. Анау жақта жол жатыр Өзің «жоққа» баратын. ЗАМАН-АЙ, СЕНІ ҚАЙТЕЙІН Уақыт – Ақын, неге үндемейсің? Шабыт қайда? Шалт қайда? Күбірлейсің, күрмелесің Шабан қиял шаппай ма?

Ақын Ой тағдырын түк түсінбей Мінезіңнен бүгінгі Төрт аяғын тік түсірмей, Арғымағым сүрінді. Жолың тайғақ, таға кетік, Алдымда жар тұрғандай, Баяғыдан баға кетіп, Кəзіргідей құн қалмай, Өтіп кеткен өмірімді, Өксіп, аңсап, күрсінем, «Етіп тəрік сол күніңді, Жаманда!» – деп, тұрсың сен. Жоқ, уақыт сенде тұғыр, Селмен көшкен селдейсің. Сен бəрібір екі ғұмыр Маған қайтып бермейсің. Жақсы ма еді, жаман ба еді, Ол күнім мен ол айым? Етпей-ақ қой алаң мені, Сонда-ақ қалып қояйын. Ғайбаттау үшін өткенді Бүгінің артық болса еді. Өткеннен қалған көп белгі – Өміріңнің өлшемі. Идея бар, мақсат бар, Жетемін деген талап бар, Жабыдан озған жақсы ат бар, Қағайын десең қанат бар.

Ол күндерді несіне Жазғырасың, жарқыным! Бүгіннің бəрі – несие, Өтейтін жоқ алтыным... Уақыт Əдеті, адам көз ілсе, Түсіне кірер баяғы, Əр уақыт өзінше Басы да бар, аяғы. Жаңа мезгіл, əр кезең, Қиналып туар сəбидей, Немесе бейне долы өзен Өткелі жұмбақ – бəрі үрей. Құтырып кеткен пенденің Келтіру абзал тобасын. Болады шегі əр ненің, Бəрібір соған соғасың. Ақын Заманай, сені қайтейін, Ұстатпайтын сынапсың, Бір ілгері, бір кейін Толқисың да тұрасың. Үйлесуге сенімен Жүрек қайдан шыдасын, Арман, үміт, сеніммен Бос сағымды қуасың. Кешегі бір əулие Болып шығып бүгін жын,

Баяны жоқ дүние Мен амалсыз түңілдім. Ақын Алыста жатыр ауылым, Ағайыннан жоқ хабар, Бар еді сансыз бауырым, Не жазып едім жат болар? * Мен шыр етіп түскен жер, Қайран қопа Шұбалаң. Қозғалады іштен шер, Тағдырыңа мен алаң. Ат қып мінген мен талай Айналайын нар қамыс. Дəуреніңде жағалай Жортушы еді жолбарыс. Одан бері келгенде Мекен етті қабандар. Сол күніңді көргенде, Ерде қанша арман бар? Одан бері бір күнде Орналасқан көк бөрі Сонау ұлы сүргінде Қанға батқан бөктері. Енді, міне, қалғаның Күтім де жоқ, күйт те жоқ. Шидей бойың, жан-жағың, Маңайыңда ит те жоқ.

Мен қайтейін, мекенім, Маңдайыңда қырсық бар. Жер азудың не екенін, Ел азудың не екенін Қайдан білсін шымшықтар? Неткен мынау басқа өмір Меңіреу, мылқау, тұманды, Өңшең тасыр, тас көңіл, Кім жібітер бұларды? Адам боп туып əуелде, Итке айналған не сұмдық? Заманақыр келерде Жоғалта ма есін жұрт? Уақыт «Уақыт солай, жол солай», – Дейтін «білгіш» өріп жүр. Өзі айыпты болса да, Бəрін менен көріп жүр. Ақын Жарты ғасыр болыпты-ау Жазғаныма мен өлең, Əлі де болса толықтау Жаза түссем деген ем. Бəріне көңіл көншімес, Іздеймін жаңа серпінді. Керемет өлең көршілес Қасымда жүрген секілді. Қарманып қалам сілтеймін, Қарайламай да, қамданбай.

Шыға алмай жүрген бір тердің Хабары жақын қалғандай. Миымда күнде қан майдан, Қиялым қайдан көзі ілсін, Құтқарар қиын жағдайдан Өлеңім, сонда өзіңсің! Ақпан, 1992 жыл. ОЙ-ТОЛҒАУЛАР Өмірге келіп енген соң, Ондағы арман, мақсат не? Оянар ойың сəлдең сон, Анашың берген ақ сүтпен. Ой дегенің – ми болмақ, Домалап түсіп жөргектен, Міндетің сенің қозғалмақ Отырып яки еңбектен. Солқылдап миың төбеңде Əлде бір бақыт, əлде сын, Бұйырар саған ол енді Қаз тұру, жүру əммесін. Ал содан жолың басталмақ, Күн бағып көкте, Ай қарап, Қисықта түзу баспалдақ, Шөптесін яки тайғанақ. Жылау да сылтау, күлулер, Өкініш пенен өтініш, Тірліктің құны білінер, Толысып ойың, бекіп іш.

  • Ал содан кейін алмасар, (Нанбасаң барлап білші өзің), «Өзім» деген бір сезім, «Елім» деген бір сезім. Алмаспай қалар кезі бар, – Алланың ол да салғаны, Жалғанда жалғыз «өзі» бар. Өзінің қамы – арманы. Көбейді бұл шақ сондайлар, Оп-оңай оны байқайсың, Еріңді іздеп елді ойлар, Жақыннан, жаттан таппайсың. Жүйріктің бағын топ сынар Алғашқы аяқ салғаннан. Жалғанда сорлы жоқ шығар, Көп болып, жалғыз қалғаннан! Ал, «Елім» деген бір ұлан, «Жерім» деген бір тарлан, Ат алдырып Қырымнан, Ер алдырып Бұхардан. Бұла да бойын бекітіп, Намыспен мүше шегелеп, Ақтабан тұлпар секіртіп, Абыройлы сапар шегер еді. Ойламас еді бір басын, Кесіліп қалса, қайтем, – деп,

Ел үшін белін буғасын. Қайыспай шауып, қайта өрлеп. Азаттық туын шұбалтып, Қалыңға барып кірер ед, Атадан бата құмартып, Алдында тізе бүгер ед, Ақсақалды бабасы Ақ сүңгі қолын жаяр ед, Найзадай тіп-тік нар басы Аруағы елге аян ед. Күңірентіп мына даланы, Сілтідей көпті тындырып, Дауысы жанға дауалы, Əр сөзі – жиһаз бір мүлік. Батасын баба берер ед, «Əумин» десіп қалайық, Азамат сапар шегер ед, Қарасы жауға молайып. * Сондағы мақсат не дейсің Намысы – найза, күші – кек, Өмірге келіп енгесін, Ұяттан өлмеу үшін ед! Туған соң болып ер-кіндік, «Еңку де еңку жер шалған», Еліне тілеп еркіндік, «Ерулі атқа ер салған».

Соларды іздеп сандалдым, Тарихтың тінтіп қоймасын. «Елім» деген жандардың Естімей даусын қойғасын. «Шын жыласа, – деген бар, – Соқыр көзден жас шығар». Бүгін болмаса, табылар Ертеңнен жақсы басшылар. Кəсібі жаман пысықтың – «Жүзік көзінен жүз өту» Орыннан тұрар ұшып кім, Арманы – елді түзету?! Өтінер туған халқынан Артына мойын бұрғанда, Баяғы дəстүр-салтынан Алыстап кетпей тұрғанда. «Еңсеңді көтер, Елім!» – деп, Оятып намыс, ойда күш, Сондайда бастар Ер керек, Толғағы жеткен қозғалыс. Ақтара салып толқынын, Аймалап ата-мекенін, «Халықпен ойнау, жарқыным, Қауіпті жұмыс екенін», Танытар досқа-жатқа да Сондай да сондай жігіттер, Дəл осы мынау шақта да, Жоғалмас біздің үміттер.:

  • * Нан жоқ болса – табылар, Ар жоқ болса – Аштық сол. Көбейіп сансыз жабылар, Едəуір бізді басты сор. Ата-баба көрмеген Қорлықты кештік кіл қорқақ. Үрейден үрей өрлеген Күн – ылайсаң, түн – бұрқақ. «Қорқа алман» деген батылдың, Артына арыз жапсырып, Басына салдық пақыр күн. Жендетке жанын тапсырып. Талантты туған талайды, Ұзаттық қолдан байлатып, Жұмсадық ерді малай ғып, Төбеден таяқ ойнатып. «Жақсы еді ғой, байғұс!» – деп», Жантайып жатып еске алдық. Қуаныштан қайғы істеп, Жасап едік қастандық. Əлі де «жақсы» кемдікте Қортықтар қорлы, дəулетті. Өзіміз бағзы елдікке Орнатқан қолдан нəубетті. Əлі де жүрміз мақұрым Білімнен, мəдениеттен, Жамандық болса – шақырдық, Алыстан адал ниеттен.

Рақымсыз, қарау, аш көздік, Қайырымсыз бауыр, қарындас, Есекті қойдық бас, көз ғып, Өрескел мұндай табылмас! Опасыз, сатқын кіл сымпыс, Кешегі достық, бүгін жау, Жаңылса жағың – жалт бұрыс, Тұрақсыз дүние – зырылдау. * Дегенмен... Дегенмен елміз əлі біз, Сақталған салттың жұрнағы. «Əу» десіп кетсек бəріміз, Жығылған жерден тұрғалы. Ұтыламыз, талап бар, Болса да əзір күш тапшы, Баяғы күйген қанаттар Сəл сіліксең – ұшпақшы. Баяғы ауыз бірліктен Қолдағы қалған жұқана. Сəл қозғасаң – жан біткен. О, тəңірім, о, пана! Ел едік біз, Ер едік, Ұмытпағандар бар екен Кəзір-ақ кетер теңеліп Баяғы дəулет, берекем. Ал, азамат, жаңа ұрпақ, Барыңды қолдан шығарма, Жақсылықпен жарылқап, Жақсы салтпен тұр алда!

Өзгелердей шүкір біз Жатқан жоқпыз қырқысып, Əлі де кеңбіз, бүтінбіз, Ырысты, асты бірге ішіп, Бақытты қолдан бөлісіп, Ағайын тату, ел аман, Сағынып, есен көрісіп, Шығарып бір бас жағадан. «Бір жеңнен қол» деген бір Бəтуə сөзіңді есіңе ал! «Көсегең сенің көгерер» Десе, бізге несі бар! «Үлкен қазақ еді-ау бұл, Үлкендігі шын екен!» – Дегізер келді бір дəуір Аруақты қоныс, ұлы мекен! Сен аман бол, сенем мен Кісілік, елдік салтыңа, Мына бір ауыр белеңнен, Өт те, келші қалпыңа! Сағынған жұртқа қалаулы, Сенікі сөйлер енді сөз. Батырлар тұтқан жалауды Батырлар ұстар келді кез! «Азат!» деп ауыз айтқаннан, Жарамас түгел ол шынға! Айнымас ұран, ант, иман – Рухың азат болсын да! Желтоқсан, 1990 жыл.

КӨКТЕМДІ ШАҚЫРУ Көктем, əлі тастамапсың сен мені, Таусылмайтын рахаттай жердегі, Тағы да бір құлағыма келеді, Алыс қалған жас дəуреннің əндері. Əлде сенің атың ба екен – əн аты, Ақындарды алып ұшар қанаты. Қайту үшін торғын көкте жуынып, Бұл өмірдің туса сəтті сағаты?! Неге саған осыншама құмартам, «Тағы да бір туар көктем, туар таң», – Деймін дағы өзімді алға сүйреймін, Шаршап қалған жүрегіме жүк артам. Дəл осылай сынық қанат көбелек Күн шыққанда алтын сəуле себелеп. Қонушы еді жақындағы бір гүлге, Көрінетін соның өзі керемет. Гүлден гүлге секіретін күн қайда, Қалмау үшін қайран басы бір сайда, Қанағат қып жалғыз гүлдін жұпарын Жатушы еді құлдық етіп құдайға. Қайран көктем, менің туған нағашым, Қартайсам да еркелетіп бағасың. Тағы да сен ескі жүлге – тамырда Қанды қозғап, шымырлатып барасың. Көктем, көктем, бір жасама, көп жаса, Болар еді бұл тіршілік далбаса, Сен болмасаң, сен келеді – деген бір Асыл үміт, жасыл үміт болмаса.

  • * Кел, көктем, келші көктем, кеудеңді тос, Сен едің ежелгі дос, беделді дос, Алысқа, əкет мені бір сапарға, Қасыма ескі серік өлеңді қос! Баяғы есіңде ме ақбоз атым, Бəйгеге салған бойда, сəтте озатын, Өзі де, ер тоқымы бірдей тозып, Бұл күнде жағдайы оның жоққа жақын. Болмайды ылғи іштен тынса кісі, Əуелде болған болса шын дауысы. Шіркіннің бір айқайы қалған шығар, Тұлпардың қалғандай-ақ бір шабысы. Ал, көктем, көтер мені жеңіл қолмен, Кезімде сені көріп көңілденген. Шаң басқан қанатымды бір сілкейін, Сау болса қауырсыны сөгілгеннен. І Сағынған кең серуен – көк айнасын, Байғұсың ең əуелі бір айналсын, Содан соң шыр айналсын шырқау жақты, Аймалап, айдарымен жел ойнасын. Кəрі құс, – жап-жас көңіл қайран шабыт, Қайтсын бір мекеніне сайран салып, Сол кезде нөсерлетіп құяр, бəлкім, Өлеңнен төбесіне айналса бұлт. Ия, солай алшы, көктем, бір сергітіп. Жұмбақтың көкірегіме желі бітіп, Қалайын жалғыз сəтке құдайсынып, Əйтпесе, неғылам мен сені күтіп?!
  • * Сексеуілді құмайтта Өмір бар, – деп кім айтқан? Бар, – деп соны естідім Ертеде бір суайттан. Суайт та жоқ бүгінде Өз сөзіне сүрінген, Ақ көңілді жан еді, Ел көзіне ілінген. Содан бері неше жыл, Сонау кəрі сексеуіл Көрген сайын əлгі сөз Жүретұғын есте бір. Елге бірде барғанда, Сирек жаңбыр жауғанда, Көктем еді осындай, Жер бұлтты сауғанда. Ертеңінде жатты құм Кешегі бір шаттығын. Тез ұмытқан без бүйрек, Бауырында батты күн. Сол батар күн нұрында, Сексеуілге бұрында Қарамайтын əдетім, Қарап едім, шынында. Көз тоқтатсам, леп тартып, Еніп түске көк барқыт. Сексеуіл тұр бусанып, Кеше қурап жатқан түп.

О, дүние! – дедім мен Таң-тамаша көңілмен. Сөйтіп сонау құмайтта Өмір барын көрдім мен. Дəл осылай кейде біз, Неғыласың – пендеміз; Жете тұрып жетпейді Ақиқатқа зердеміз. * Көктем, сенің бар-ау бір кереметің, Адамды ұмытшақ қып жіберетін. Өйткені сендегінің бəрі жаңа, Көктегі жаңартады күн де көркін. Бəрін де көргендейсің бірінші рет, Бəрі де саған қарар күлімсіреп. Тек кана қуаныштың сөзін айтар – Алдыңнан ашылады ұлы сурет. Тəңірінің өзі келіп көрме ашқандай, Таласып адам көзі жармасқандай. Əр тұстың, əр бояудың сиқырынан Ақылың əлденеге адасқандай. Баладай ішің тартып мəз боласың, Ұмытып алдына əкеп қойған асын. Ол сəби, қуыршақпен ойнамай ма? Сол кезде есейіп қап, ойланасың. О, дүние, қуыршақ дүние, сені қимай, Өтесің өмір бойы жинай-жинай, Əкетер өзіңді де бірге жинап, Жаңағы көрме жайған шебер құдай!

  • ...Есімде Шұбалаңның нар қамысы, Сыятын қойынына зорға құсы. Көктемде ығы-жығы жəрмеңке боп, Асырға айқұш-ұйқыш толған іші. Ұя сап, абыр-сабыр құрылыс қайнап, Тағы да көрме ашылып, тұрмыс жайнап. Қаптайды неше түрлі жұмыртқалар, Жел тербеп, салындыны қуысқа айдап. Оларды қыздырады тірлік буы, Желбіреп төбесінде рақат туы. Туудың, жанданудың белгісіндей Тербейді дүниені перзент шуы. Сол кезде туған қопам – Шұбалаңым, Көрінер көрмесіндей бір Алланың, Көрінер жалпақ жиһан бөлшегіндей, Соларды алдыма алып қуанамын. Бəрін де өзім жасап отырғандай, Шынында осы жерде ой туғандай. Бұларды мен көрмесем, мен болмасам, Белгісіз – дүниенің көркі қандай! Болдың-ау, көктем маған енді естелік! Қалайын неңді санап, неңді ескеріп. Тұрғандай тар көпірдің аузына кеп, Мен жеккен он бес арба, он бес көлік.; ...Тағы да ораламын Шұбалаңға... Айналып мен ойнайтын су-алаңға,

Малтимын, батып-шығып келе жатам, Жолығып маған жұмбақ бір ғаламға. Қылтиған жас құрақтар су астынан, Айнымай қырдың жаңа жуасынан. Бойынан таратады кермек иіс, Жас иіс – тірлік исі бұл ашылған. О, көктем, ол иісті білесің сен, Бөлетін əр тірліктің үлесін сен. Сəбидің қолтығында, борбайында Айналып хош иіске жүресің сен. Жастығың, сонда сенің жаңалығың, Жасампаз, жарылқаушы даналығың. Дəл сондай перзентіңнің біреуі еді, Сонау бір менің тəтті балалығым. Мен соған ораламын сені көрсем, Ең алғаш кездескен күн менімен сен, Жыл сайын маған соны көрсетем деп, Жетелеп мұнша алысқа келіп ең сен... Малтимын... Тағы есімде, кеудем суда... Жаңғырған құлақ тосам көлден шуға... Жамырап жас құрақтар сөйлеседі, Не айтқанын мынау жеңіл желден сұра. Табаным біраздан соң жерге тиіп, Болған соң көк толқында тербетіліп, Ырғалып суды кешіп келе жатам, Шыпылдап қамыс басы белге тиіп... Тағы да елестейді өмір маған... Толқыны қанша кешсем тойдырмаған. Сол толқын əлдиімен, əн-күйімен Білдірмей жылды ұрлаған, ойды ұрлаған.

Алдымда тұр жағалау көлбең қағып, Өмір-су бір тынбастан келген ағып. Сонау бір құрғақ, суық жағалауға Бас қойып, жығылармын мен де барып... * «...Тағы да келді көктем, күн əдемі, Керілген шым жібектей көк əлемі. Сен маған бұл көктемде кездеспедің, Айтатын көңілімде сыр бар еді...» Сырбай Ия, сен кездеспедің бұл көктемде... Мол кеттің осы жолы бір кеткенде, Баяғы қимас көңіл əдеттен бе, Ойлаушы ем мəңгі қаста жүр деп, мен де. ...Астында отырушы ек жапырақтың, Тұратын төбемізден шашырап күн. Жамылып алтын-күміс сəулелерді, Қараушы ек ар жағына атыраптың. Сол жақтан қызық күндер, сəтті күндер, Дегендей: «Бақытым көр, шаттығым көр». Қол былғап шақыратын екеумізді: – Ал, Ғафу, бір əдемі əн айтып жібер. Сол əнмен көкжиекке аттанайық! Жыр жазып, ақын деген атқа ылайық. Іс істеп адам деген атқа ылайық, Илаһим, тіл мен көзден сақ болайық! Деуші едің, көп айтпаушы ең сөзді маған, Көп сөзді айтпайды ғой өзіне адам! Өзіңдей көруші едің ғажабы сол, Мендей-ақ сақтап жүрген көзіңді аман.

Сол сезім өзге түгіл маған жұмбақ, Жүргелі туыс сүйіп, аңға құндап, Ондай мен хикмəтті көргенім жоқ, Дүниеде, сірə, көрмей қаларым хақ. Ия, сондай менде де бір сыр бар еді, Көктем ғой сондағыдай бұл да əдемі. Ол сырым – тағы да бір қатарласып, Жазатын көктем жайлы жырлар еді. Жан едің жалпақ елге атың ыстық, Кетуге жасадың-ау асығыстық. Біздегі жыр-туыстық, жан-туыстық, Кімде жоқ жəй ағайын, жəй туыстық... * Қамықпа, көңіл көтеріл, Ренжітпейік көктемді. Белгісі жастың екен бұл Еске ала беру өткенді. Байқалды қанда бұлқыныс. Оянып, ойнап аққандай. Тағы бір жұмбақ тылсым күш Сағынып мені тапқандай. Баяғыдағы батырлар Асынғанда бес қару, Аруағын дереу шақырар Жорықта жоқ қой кеш қалу. Сондай бір сезім мені де Қоршайды көктем келгенде. Желіге түсем, желіге Жел ойнақтап кеудемде.

Жалғанның жанға бəрі дос, Көңілге серік көп тауып, Қайғысыз, қамсыз басым бос, Алдағы сəттен жоқ қауып. О, дариға, бұл шақта Толады ішім сенімге, Біреуге яки бір затқа Жақсылық жасай беруге. Өзімнен өзім құлшынам Əрекет, істі сағынып, Болмайды сəтім тыншыған, Сəулелі ойлар сабылып. Сөздерді қақшып қашаған Кетемін сонда сөйлеп мен: «Осының бəрін жасаған Көктемнің күші ғой» деп мен. * «Қырық жылғы жарыңа Қартайды көзің болып таң. Қарағандай аруға Жаңа ғана жолыққан. Мына көктем қайтеді, Алдап, көзің жазбай-ақ, Тағдырдың сан тəлкегі Бастан өткен аздай-ақ!» – Дейді маған ақын дос Айтып шағым көктемге. «Ақылыма ақыл қос, Ми сұйылып кеткен бе?»

Мен күлемін мəз болып: – Осал сөзді айтпа онша, Көл-көңілге қаз қонып, Аққу ұшып жатпаса. Кəрі əйелдің жас болып, Қайта келіп сүймесе, Жаның балқып, мас болып, Қайта отына күймесе. Жердің бəрі қып-қызыл Қырмызыға толмаса, Бойыңдағы от-қызу Баяғыдай болмаса. Маңайыңа дос толып, Бал бөлісіп ішпесе, Əр сөзіңді хош көріп, Қошеметтей түспесе. Алтын тақта бір мезгіл Отырмасаң патша боп, Нақ төбеңде күмбез кіл, Асыл-маржан тас та көп. Жарқ-жұрқ етіп сол тастан Айнымайтын көздері, Кəнизактар тұс-тұстан Жалынбаса өздері. Күй кешесің сондай бір... Қой, бауырым, қой, құрсын! Əулие деп көктемді Несін күтіп отырсың?!

  • * Ал, көктем, сөйлеп болды ақын жаны, Осы өлең сені айқайлап шақырғаны. Сонау бір жолдың шеті жақындады, Болатын жан-жағының тақыр бəрі. Таусылып бара жатыр көз көргендер. Кешегі таусылмасқа сөз бергендер. Солайша өмір заңы – тірлік заңы, Ол заңда жоқ қой əлі өзгергендер. Мезгілдің төртеуі де сен болғанда, Көбірек жасар ма едік бұл жалғанда, Арман ғой ол əшейін пендешілік, Қашанда көп нəрседе құн болған ба? Жарайды, келдің, кəне, жайнаң қақшы, Бойдағы мұздап қалған қанды ойнатшы! Келдің сен, шақырғанға тілімді алып, Ақынды сыйлағаның қандай жақсы! Көк шыбық исің қандай, денең қандай! Иіскеп өкпе байғұс дем алғандай. Қажыған қайран жүрек қайта соғып, Қарайған қайран көңіл ағарғандай. Сандалып, сая таппай саясаттан, Жоқшылық, қымбатшылық, сор апаттан, Бір сəтке паналауға аш қойныңды, Зарығып, қорғаушымдай жаңа тапқан. Такаббар патша мінез, кінəз кеуде Көнбейді қуанышты күн «аз» деуге, Баяғы ақбоз атты бермесең де, Апарып таста ақынды біраз жерге! Наурыз, 1993 жыл.

КӨКШЕТАУ, СЕНІ САҒЫНДЫМ Ендігі саған ентігіп, Барар едім қасқиып, Мен жатырмын мертігіп, Тұяғыма тас тиіп. * Құдайға жақындардың таза бəрі, Таусылмас жердегінің азабы əлі... Құртуға өзін-өзі адам асық, Аздай-ақ жаратқанның жазалары. Тау Көкше, Айың – айбар,

Күнің – шабыт, Қараушы ем көлге түсіп,

жуынса бұлт. Тұрмыстың ақ жанымды

кірі шалса, Қайтушы ем саған барып,

мұңым шағып. Сонда сен жұбатушы ең сүйіп,

құшып, Кетуші ем қайта шалқып,

биікке ұшып. Қалықтап «Жеке батыр» маңайында, Қанатым күн сəулесін қиып түсіп. Қайтадан ұшушы едім

қарсы құсқа, Асыққан оңтүстікке осы тұста. Ақ бұлтқа саусағыммен жыр жазушы ем, Қаламым жерде қалып қапылыста. Содан соң қонушы едім шың басына. Зулаған екпінімді бір басуға. Етектен өрлеуші еді қыз-қарағай Ақынмен оңашада сырласуға. Хош иіс, жұпар самал арбап мені, Төменде Бурабайдың жайнап көлі. Сыңқылдап қыз күлкілі шағалалар Шақырып, мені еркіме қоймап па еді?! Сонда мен жолыққандай арманыма. Бір қарап жалын көзбен жан-жағыма, Басынан «Оқжетпестің» қарғушы

едім, Қарамай өлгеніме, қалғаныма. Сағындым, сағыныппын соның бəрін, Есімде шаршағаным, демалғаным. Тек қана ақын жайлар мекен едің, Белгісіз маған бүгін не болғаның... * «Танадай құлаққа ұрған» тыныш маңай, Естисің алғаныңды тыныс қалай. Табиғат біздей емес, көне шебер Бір ісін тастамаған дұрыстамай. Бəрі – заң, тап-тұйнақтай бəрі орнында. Жарасым, үйлесімі, сəні орнында. Алаң тұр ат шаптырым айналасы, Өзі жоқ, Абылайдың тағы орнында. Босаған кеше ғана қанды ұрыстан, Шаршаған, қос өкпесі шаңды құшқан,

Жайып сап шеңгелдерін жасыл шөпке, Жатқандай бейбіт ұйықтап хан-арыстан. Айналып мың-мың тұлпар қарағайға, Батқандай басын шұлғып қалың ойға. Қалыпты Жеке батыр қатып ұйықтап, Мас болып жеңіп алған абыройға. Қос жартас Ер Қабанбай, қарт Бөгенбай Жауының жағасынан шап бере алмай, Түстерін түсінде де қарш-қарш қайрап Түстері əлдекімді мерт қылардай. Оқшау шың – Шақшақұлы Жəнібек-Тархан, Дос түгіл, жауы сыяр жаны бек дарқан. Шет қалып, кешегі тойлар у-шуынан Оңаша ойға батқан – менің атам. Бірі еді халық қалаған

төрт тіректің. Өзі еді сонау білмес өрт жүректің. Бүгін де керегіңді есіңе алмай, Дүниеден қайран ерлер өттің-кеттің. ... «Танадай құлаққа ұрған» – маңай жым-жырт, Ағады мəңгі керуен уақыт жылжып. Жатқандай бір айдаһар көлден шығып, Бəрін де өңешіне тартып, қылғып. Əрине, ұрпақ қалар, тұрмыс қалар, Аз емес алдымызда мың нұсқа бар. Амал не, ала алмаса содан үлгі, Таулардың түбіндегі құмырсқалар?!

  • * «Үңгірі Кенесары» – көпке мəлім, Бұл жерде дем алуға шөккен нарың. Перзенті қасірет пен өкініштің Аузынан «Аһ!» дегендей, төккен жалын. Еркесі елден дара бір құдайдың, Өзінен айнымаған Абылайдың. Көзінің шарасына дала сыйған, Қараса сəулесімен жарық айдың. Шағылып күн нұрына дулығасы, Теңселіп төбесінде тудың басы. Жөнелмек таң алдында жөңкіп əскер, Қазақтың қайта оянса бұл ағасы. Төменде қаңтарулы кіл күрең ат, Таң асып, ерін алмай тұрған жарап. Мызғиды аяқ үсті өңшең бəрі, Күзеткен хан ұйқысын қадағалап... ...Осында келген сайын осынау сурет Кетпейді көз алдымнан жалғыз рет. Үңгірдің түкпірінде бір жолбарыс Жатқандай жұлдыздарға басын тіреп. Ауыр қол оятуға дəті бармай, Ал кəзір аруақ ұран шақырғандай, Шақырса, үңгірдегі сол жолбарыс Болады енді бір сəт атылғандай...
  • * Хан Абылай, қадіріңді ерте біліп, – Жыр жаздым, өзегімді өртендіріп. Ол өлең «Абылайдың ақ үйі» еді, Сол үшін ала жаздадым желкем қиып. Отыз жыл өтіп кетті одан бері, От еді ол кездегі заман лебі. Ақын да отқа түсер көбелек қой, Барған жоқ ешкім айдап соған мені. «Бір сұрақ – əлі күнге мен аңғарман, Сұрап келем ақылды адамдардан, Өзге жұрттың хандары жақсы болып, Біздің хандар қалайша жаман болған?» Дедім мен, жəй бір сұрақ секілді еді, Бір əкім ал, тілдеді, селкілдеді. «Қайдағы бұйырмаған бұзық сұрақ Қоятын сен кім? – деді, мен кім? – деді. Сұрақты мен қоям! – деп əкіреңдеді: – Немене, Абылай сенің əкең бе еді? Кет, əйдə, Абылайыңмен қоса жоғал! Əкеңді танытамын ертең! – деді. Əкемді танытты ма, танытпады ма? Оны айтып мен қайтейін уақытта мына. Өйткені бұл күнде де аз емес қой Жүргендер бақыт қамында, тақыт қамында. Сондайдың бірі кеше ұлы асыңда, Алаңда, қыруар жұрт қыр басында, Сөйледі туған балаң секілденіп, Төредей көптен жүрген хан қасында.

Қарадың оқты көзбен суретіңде, Жарқылдап айбын ойнап бұл бетіңде, Содан соң қарт Көкшедей қалдық қатып, Жатпай-ақ сөз шығындап «кіл жетімге». Жəй қиял. Болғаным жоқ ол асыңда, Жақсының қызғанатын моласын да, Əдеттің əлегіне бар ма шара, – Қырсық қой сен де алысқан

о басында. * Күз болып, жер тоңазып, суыды аспан, Əп-сəтте қарағайлар шуылдасқан. Манағы шымқай күрең тұлпарлардай, Жан-жақты бір құдірет дүбір басқан. Қайнаған қара бұлттар арасынан Көкшенің ұшар басы жаңа ашылған, Шағылып күн нұрына шаншылғанда, Айнымас Абылайдың найзасынан. Бір арман, бір сағыныш жəне қозғап, Кетеді жүрек байғұс жана жаздап, Жортады қара бура көл айналып, Ту сыртта екеу-үшеу бота боздап. Алаңдап, қайтсын көңіл алабұртпай, – Уақыт – сүт пісірім аралықтай, Сағындым, сағынғанда, əдеті ғой, Ұсақтың көрінетін бəрі алыптай.

  • * Тау Көкше – сен едің ғой жер сұлтаны! Жарасқан жақсылардың жақсы Отаны. Жүрегін құдайдың да қуантушы ең, Тамылжып табиғаттың атса таңы. Қаншама сыйладың сен от жаныма, Қарамай ысыраптап жаққаныма. Тек қана сені көріп қайту үшін Ризамын жер бетіне соққаныма! ЖАНАЙДАР МУСИНДІ ЕСКЕ АЛУ Көкшетау, көкшіл сағым бұлдыраған, Кім берер сендегі өткен күнді маған, Сен менің жастық шағым секілдісің, Ақбоз ат, жүрген, ерсіз құлдилаған. Ал бүгін сол сағымның арасынан Іздеймін бір жігітті, аласұрам. Таппаймын, таппауыма сенбеймін де, Айқайлап, жөн сұраймын əр асудан. «Жанайдар! Жанайдар!» – лап жан даусым, Жаңғыртып тұрады ұзақ əр тау ішін. Япыр-ау, қайран сабаз, қайда кеттің? Мен түгіл, жел жоқтайды, тартады ішін. Бір сұмдық, естігенім, шын болар ма? Жүргендей ұя таппай күн қонарға, Көзіме елестейді өмір-шатқал, Тар жолда құлаған ат, сынған арба... О, дүние, олай болса, сен де сатқын, Мұңымды енді боздап кімге шақтым?

Тірейтін аттың басын тұғырым жоқ, Ал босқа азын-ауық желге шаптым. ...Алдымнан шығушы еді-ау «ағатайлап», Көкшені бір сілкінтіп, алақайлап, Бұл тірлік кетуші еді жəрмеңке боп, – Ал, Ал! – деп бар жиһазын маған сыйлап. «Балапан сор», «Кіші шабақ», «Үлкен шабақ», «Бүркітті» ар жағында түкті балақ, «Шортанды», «Майбалық» пен «Айна көлің» Жататын үйрек, қазы су сабалап. «Қотыр көл», қайран жөкей – ақ қайраңым, Арқалап ну қарағай – ат байларым, Арудай құшақтасқан, би билескен, Ақ қайың, көлеңкелі көк сайларым. «Кеңащы», «Біржан төбе», «Жеке қара», – Қыдырған Жанай-жанмен екеу-ара, Дүниенің шолақтығын, қатыбасын Сөйлестік соңғы жолы неге ғана? – Қайтайын бір апарып Сырымбетке, Па, шіркін, Сырымбеттей сұлу көп пе? – Деп еді-ау, жете алмады ол сертіне, Сұм тағдыр, мінезің бар қырын кетпе! Жалынын көп шығарар өшпек өмір, Қадірі қалу үшін есте не бір, Ер еді үзілетін тепсе темір, Кең еді Арқа-кеуде, Көкше-көңіл! Жанындай сүюші еді өз өлкесін, Дос еткен ер серісін, қыз еркесін. Атан нар айдалада аңырайды, Жоғалтып қапияда қос өркешін.

Мұңымды тоқтатайын əрі ұзатпай, Шілдеде азынаған аңызақтай, Өмірдің осынысы обал-ақ тым Өткізер жақсыларды мəңгі жоқтай. ...Тау Көкше, сағынышым саған деген Осылай кетер ұзап самалменен. Сағынбай мен қайтейін азаматты, – Тау көркі, жердің көркі адамменен. ТІРШІЛІК СƏТТЕРІНЕН (Өлеңге оралу) Жан құмар енді тыныс, дем алысқа, Қан түсті қисық тамыр, кері ағысқа. Сонда да ескі серік – өлең байғұс, Əлі сен шақырасың мені алысқа. Келмейді көп қағуға кəрі қанат, Тұрғанмен ұмтылуға əлі жарап. Ұзаққа шыдамайды бергі жылу, Мезгілдің ар жағында қары борап. Басылған дүние шуы кетіп алыс, Қалған бір көп тасқыннан жетім ағыс, Ағады бос кеудеде жайбарақат, Оның да бар болғаны бір қуаныш. Осылай көз буалдыр, көңіл бұлдыр, Алыстан күмбірлеген күміс сыңғыр. Тек қана салады еске бір кездегі Шабытты шағыңды əсем көмей-бұлбұл. Сөйтсе де, шақырасың тағы алысқа, Дейсің де қайран елең: «қалам ұста!»

Ой, дос-ай! Сені тыңдар заман бар ма? Мұз болған жұрт жүрегі мына тұста. Жазбасам өзім үшін етіп ермек, Іздесе жаралы жан дəрі-дəрмек, Əшейін сүйемелдің амалындай, Қайткенде тұра тұру реті келмек. Əйтпесе, өлең шіркін кімге қымбат, – Онсыз да қымбатшылық күнде шарлап, Тұрғанда ми шатасып, құлақ шыңылдап, Бүгінің түсініксіз, ертең – жұмбақ. КӨГЕРШІНДЕР Күнде ертемен нан септім, Қызықтадым сол сəтті. Сөйте-сөйте дəндеттім Көгершінді он шақты. Тереземді азаннан Тырсылдатып тұрғаны, Келетіндей базардан Көзге таныс бір жаны. Қыстың көзі қырауда Не мақұлық жансебіл, Халы келмес сұрауға Қалғандығын қанша өмір. Сонда да бір жанталас – Тіршілік үшін, нан үшін. Өлдім десе, байқамас, Жасы талап кəрісін.

Шетке қағып əлсізін, Жейді ананың бұл асын, Бұлардың да арсызын Байқап, біліп тұрасың. Түні бойы күзетіп, Терезеге телмірген. Башпайына сыз өтіп, Өкпесіне жел кірген. Бір көгершін жүдеу бас, Шыдам, парыз өтеген. «Енді оңаша жермін ас – Тойып, толып бөтегем!» Дегенінше, еңбегі Тағы зая, қайтпайды, Қайдан, қашан келгені Белгісіздер қаптайды. Астында қап бəрінің, Жаншылады бүйірі, Зордан тапқан нəрінің Бұйырмай бір түйірі. Бұрып еді бүйрегім, Қалсыншы деп бүгін жеп. «Бəрі осы-ау дүниенің» Қала бердім күбірлеп. ҚҰМЫРСҚАЛАР Жаз бойы дамыл көрмеген Құмырсқалар қауымы. Айнымайды көмбеден Шошақ төбе ауылы.

Тасымаған, термеген Нəрсесі жоқ арқалап, Толып кеткен көр-жермен Салған үйі қат-қабат. Ол үйінің қыста көр Берекесін, берігін. Кілең бəрі қыпша бел Əйелі кім, ері кім? Біле алмайсың жырақта Жатқан өмір жүйесін. Бар секілді бірақ та Əйтеуір бір үйлесім. Еркек, əйел жоқ болса, Өсіп-өну мүмкін бе? Қуат берген көп сонша Кіп-кішкентай шіркінге. Көп айтқанша бірлікті Ағайынға, жолдасқа. Осыларша бір мықты Байлам тапсақ, болмас па? * Менің балам қырықта, Сенің балаң қырықта. Өсіп жатыр əйтеуір Астанада туып та. Енді елуде ер жасы, Байқа сөздің мəнісін Жерлестіктің мағынасы Өзгермесе, неғылсын...

Тасығанмен ауылдан Қала көнбес ырқыңа, – Ескілікпен ауырған Есіл туыс жұртына. Болашағы жоқ нəрсе, Бола тұрсын дегенмен. Сол бір ұғым өзгерсе, Дəл бүгін де көнем мен. БАЛЫҚТАР Көксерке – Ақжайықтың əміршісі, Оны да солай еткен тəңір күші. Жолында ағып өткен сəуле қалып, Балықтар басын иген үлкен-кіші. Шынында ол – су астының найзағайы, От болып жүрген жері, барған жайы. Жүрегін жандырады сұлулардың, Естіліп құмарлықтың жан айғайы. Қара көз, бұраң дене, қызыл көйлек – «Жасынан əлпештеген қызым ғой» деп, «Сен ал!» – деп ұсынады балық біткен, «Таңдайтын сендер емес, өзім ғой!» деп. Паң сері, балық патша көлденең кеп Тұрады, көз алдыңда көлбелеңдеп. Билейді судың сұлу бикештері, «Көңілдің бəйгесінен мен келем» деп. Бір кезде өткір көзі тоқтай қалып, Қадалар біреуіне оқтай барып. Зу етіп дəл қасынан өте шығар, Жөнелер нөкерлері доптай қағып.

Ішінен ақ пəуеске көресің тек Бұлқынған ақ тортаның денесін тек. Жебенің суылдаған желі еседі, Атылған адырнаны кере сілтеп... Содан соң Жайықты өрлеп екі ғашық, Жүректің лапылдаған өртін басып, Айқасып қанаттары – құшақтары, Аунақшып, бауырласып, қолтықтасып. Шашатын уылдырық күндер туып, Ойласар ұрпақ қамын бірге тұрып. Сол кезде түседі еске жүрген шағы Су астын махаббатқа бір толтырып. * «Ойбайдан» əн шықпас, «Гөй-гөйден» күй шықпас, Тұншығып барамын, Қарағым, түндікті аш! Оңымнан жел тұрсын, Жаным бір желпінсін, Шырақшы əніңді, Сəнімді келтірсін. Тұрмыстың күйбеңі, Қаншама сүйреді, Қалды ғой сүлдерім, Қызыққа қи мені! Тілекті ал өтінген, Айықтыр дертімнен. Өткендей болайын Қиямет көпірден.

Қажыдым мүлде мен, Айтпашы мұңды өлең, Бақытты бір əн айт Бұрын мен білмеген. Тасиын, толайын, Тұғырға қонайын. Тəңірінің қасына Барғандай болайын. ЖАЛҒЫЗ АЯҚ ЖОЛДАР Жүгіруші ем жасымда Жалғыз аяқ жолдармен, Апаратын асуға, Яки суға, орманмен. Кейде қиыр көкжиек Өрге жіптей ілетін, Көкжиекке иек сүйеп, Күн астына кіретін. Сол жолдарды жұмбақтай Көруші едім бір тылсым, Өмір ме екен шумақтап Тастап кеткен кім білсін?! Əрбір жолда адамның Тағдыры бар секілді. Алғаш ізін салған кім, Кім жобасын келтірді? Бір жүргенің із ғана, Көп қайталау – жол болмақ. Ізді «жол» деп біз ғана Айтып жүрген долбарлап.

Дала – кітап, жол – жазу Дала төсі қым-қиғаш. Болмай одан көз жазу, Көп қараймын бұрмай бас. Ұзақ жолды қызықтап, Қысқа жолдан түршіктім, Жолы болмау – қазақта Белгісі ғой қырсықтың. «Жолымды бер» – дейді олар, Ол – сұрауы кезектің, Əркімнің бір жолы бар, Құты болғанға не жетсін! АСПАН ҚАДІРІ Көк күмбез, айналайын, аспан сенен, Мен саған жастан сүйіп, жастан сенем, Биікте не шаруам бар сен болмасаң, Қаншама жердің бетін басқанменен. Басыңды көтеруге аспан керек, Табиғат құмнан өзге, тастап бөлек. Бəрі де ұмтылады көкке қарай Өсуге дəметкендей достан көмек. Мақтандық, «жақындаттық көкті біз» деп, Қашанғы таза орыннан боқтық іздеп, Шимайлап, тесіп, ұңғып, тінтіп, бұзып, Шірендік бүлдіргенге «мықтымыз» деп. Кешір сен, көне түрік көк тəңірісі, Біз болдық нағыз аруақ соққан кісі. Айналды қайран аспан қазан түпке, Арылмас ыс пен түтін, оттан іші.

Солқылдап, жер өкпесі қабынғанда, Ауаны жалғыз жұтым сағынғанда, Жалынып көк аспанға қараушы еді, Тəубе ғып жан ашыры табылғанда. Сол еді жерге жалғыз болысатын, Қаншама алғанымен алыс атын, Жер, суды жалмап, жұтып болғаннан соң, Аспанмен кезек келді алысатын. Не керек, айтып-айтпай өкініштен Біз болдық өкпесін жеп, өтін ішкен. Айқайлап, «аспан асты кең» деп жүріп, Дем алып, тыныс табар жер түгескен. Белгісі Жаһан жайға адам қастық – Ақырзаман шегіне қадам бастық. Үй қираса, үй саларсың орнына, Аспанды қайта салып ала алмассың. БАРМАҚ ШАЙНАУ Ердің соңы – Исатай Бармағын шайнап өткен жер. Мұрат Көне сөзі қазақтың Жəне көне кəсібі, Өтті осылай азап күн, Күн емес-ау, ғасыры. «Бармақ шайнау» – сөз біту, Лаж, амал таусылу. Көрейін десең – көз біту, Қасірет-тұман қаусыру.

Қайран біздің ерлер-ай, «Халқым» деп ішке қан қатқан, Нелер жылдар, нелер ай Жол тоздырып, шаң қапқан. «Бермеймін»! деп жерімді, Қанымен шөп суарған. Əр жотада көмулі Сүйектері қуарған. Сол жерлерді жат табан Кейін талай таптаған, Құрып кете жаздаған, Құдай өзі сақтаған. Халықпыз қой, кеңдіктен Жаратпаған олқы ғып, Саның, жаның кемдіктен, Өзгемен жер толтырып. «Шыға ғой» деп айта алмай, «Кете ғой» деп тағы айтпай, «Дос» көңілін қайтармай, «Қас» жүрегін қарайтпай. Аңдуменен жан-жақты, Отының – су, отың – мұз, Сол бір сорлы бармақты Тағы шайнап отырмыз.

ТҮЙІН Жігіт ол жақсылыққа жаны құмар, Көз нұрын алдай алмас құбылыстар. Қасым Əрине, табиғатта ұлы күш бар, Əрекет, əлемдегі құбылыстар. Ой болса, əкетеді нелер саққа, Көз болса, мыңнан соның бірін ұстар. Түбі жоқ, дүние бір тесік қазан, Бер жағы, ар жағы да азан-қазан. Дəл сондай шуы болмаса, дүние болмас, Қаншама қашқанымен сенің мазаң. Балық та, көгершін де, құмырсқа да Тырмысқан тіршілікке, тұрмысқа да. Бір мезгіл соларға да қарау керек, Мəн беріп құбылысқа, мың нұсқаға. Алған соң ерекше ми, адам атын, Соларға ой көзімен қадалатын, Қиялдың айнасына түсіретін, Атқарып тілсіздердің аманатын. Кейде бір осындайды жазады ақын. Ғафу ет, өлең сөздің сыншылары, Жұмбақ қой ортақ ойдан кім шығары. Қадаған бұл да шабыт бір шыбығы, Бойлаған болмаса да сөз шынары... Қаңтар, 1993 жыл.

ҚОБЫЗ САРЫНЫ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕР 1. Ықылас Жатқанда жер құпиясы құлпын ашпай, Хақ тəңірі пендесімен сыр сырласпай, Тылсымын көк пен жердің шешу үшін Дүниеге келді біреуі Ықыластай. Құдайдың ықыласын кетті аударып, Аңырап шыққан бір үн көкті жарып, Азынап жердің мұңы, күңіренісі, Алланың құлағына жетті барып. Жер-ана Ықылас деп қойған атын, Жайғанда бар ұлысқа күй қанатын, Оятты ол он ғасырды аттап түсіп, Баяғы Қорқыт-ата аманатын. Шанағын шаңнан сілкіп көн қобыздың Қаптаған терісімен көк өгіздің, Оятты ол дабылдарын, дауыстарын Баяғы Қыдыр қыпшақ, көне Оғыздың. Баяғы баба түрік саздарынан Сыр тартып, самаладай маздады жан, Оянды сар даланың батырлары Жеңімпаз жалауына жазған ұран. Түріктің шаңырағын ұстап қалған Бар ма екен қазақта арман, қыпшақта арман? Бар ма екен, о, дүние, Ықыласта арман Қобызын Қорқыт-ата құшақтаған! Сол үшін Ықыласқа табынам мен, Күй санап, сөз көбейтіп не ғылам мен?

Тірілтер ата-баба, ел мұрасын Тағы бір сондай ерді сағынам мен! 2. Ықластың қобызы (Аңыз-шындық) І Білмеймін тегі қай ағаш – Əлде шындық, əлде аңыз, Бейне жүрек жалаңаш Күрең шанақ шал-қобыз. Алдымда жатыр үн-түнсіз, Үзілген қылы-ыспасы. Жатыр ма сөйлеп ың-шыңсыз «Көне бір заман нұсқасы. Бізде ықылас болғанмен Ықыласы жоқ, – иесі. Ол қоштасып жалғанмен, Қобызда қалған киесі. Зал тым-тырыс, Мұражай. Жағалай қобыз əулеті. Қиқымы қалған шұғадай, – Тұғымы Ықаң – Дəулеті. Сөз алды бір кез толғанып, Кірпікте жасы жылтырап. – Уа, инабат, сенім мол халық, Атамнан қалған бір шырақ. Жүз жылдай жанып келіп ед Біздің үйдің ішінде, Шешем байғұс еңіреп Ұстатпайтын кісіге. –

– Əкемнің көзі – өзі, – деп, Қалды жылап ауылда. Баладан артық көріп ед, Басып келген бауырға. Бəрін несін айтайын, Таусылмайды ертегім. Мен солардың, ағайын Бірін ғана шертемін. II Отыз екінші – жыл қырсық, Ел қазаққа батқан жұт. Жолдың бойы ыңырсып Құлап-сұлап жатқан жұрт. Сарысудан көк суға Көтеріле ауған ел, Баяғыда шөп шыға Мал емшегін сауған жер. Енді мал да, жан да жоқ, – Ағайын да, туыс та. «Талма, өзегім, талма» деп, Қуырып жеп құмырсқа. Қоңыз терген, шөп қаузап, Босқан жайы белгілі, Омыраудан жас саулап Еске түсіп шер күні. Шешем байғұс шертетін Сол бір жылдар апатын, Өзегіңді өртейтін Хикаялар айтатын.

– Бір күндері, – дейді анам, Əлі келмей сөйлеуге. – Еш қауһар да қалмаған Сүйегімізді сүйреуге. Сонда əкеңнің айтқаны: – Қажытты ғой жол бізді, Қажатпашы арқаңды, Таста мынау қобызды! Өкпелемес əулие, Қарғысына шалдырмас, Қараң қалғыр дүние Кімді жолда қалдырмас. Сексеуілдің ішіне, Құм астына көмейік, Бір алланың ісіне Шара бар ма, не дейік! Сонда шешем күңіренген: – Бұл сөзіңе көнбеймін, Мен əкемді бір көмгем, Екінші рет көмбеймін. Онан дағы таста де, Мынау сəби балаңды. Енді амал басқа не, Мал да, жан да таланды. Аман болсақ, мал бітер, Бала бітер бойыма, Бола бермес мəңгі шер, Балам жоқ деп мойыма. Бірақ... бірақ қазақтан Енді Ықылас тумайды.

Бұл қобызды жоғалтсаң, Жеті жұртың шулайды. Не дер ұрпақ ендігі, Не дер бізге келер күн? Өлсем дағы мен мұны, Құшақтап жатып өлермін! Дегенім əлі есімде, Көп қой мұңым, қапам да Құмға батып бесігі Бала қалған жапанда. Бəрі қалды не керек, Тірі қалдық аман-сау, Сол қалуға бір себеп Қобыз шығар осынау. ІІІ – Мен осылай шығарда Қолға қобыз өңгеріп, Халы келмей жылауға, Тек ішінен күңіреніп. Қалды байғұс сол анам, Қалмасына жоқ шыдам. Кейін тағы оралам, Кейін əкеп тапсырам. Мұражайдың төрінен Орын алар бұл қобыз. Атам аты берілген Бұл да үйім ғой бір егіз.

Көз қандырып қалыңдар, Көру үшін əкелдім. Анам айтқан сөзі дəл: «Көзі еді деп əкемнің». Ол да мауқын бір бассын, Апарайын қайтадан. Сөзімді екі қылмаспын Сертке басым шайқаман. Деді Дəулет – ойлы ағаң, Біз отырмыз қия алмай, Бір тылсым күш байлаған, Еркімізді жия алмай... 3. Қызыл талша – қыз Раушан Алтын үкі былғақтап, Былғақтаса, күй қаптап, Ақ саусағы бұлдырап, Ақ моншағы сылдырап, Қара көзі мөлдіреп, Кекіл шашы желбіреп, Қыпша белі бұралып, Қиғаш қасы – бір əліп, Қыз Раушан – қызыл тал, Өзі сері, өзі сал, Ықыластың күйлерін Қар суындай жүлгенің Жүйкіткенде, жүйенің Бəрі босап, балқыды-ау, Шабыт шіркін шалқыды-ау! Көздің алды – көк аспан, Көк аспанға ұласқан,

Ақша бұлттай зымырап, Етек-жеңін жиып ап, Күй көшеді шалғайға, Шақыра ма, арбай ма, Еңірей ме, жылай ма, Шағым айтып құдайға, Боз інгендей боздай ма, Қоңыр қойдай қоздай ма, Шаншыла ма сүңгідей, Қанды жорық күнгідей, Бір күйден соң бір күйге Үйрек саусақ сүңги ме, Қайта көктем оралып, Жер жібекке оранып, Ояна ма махаббат, От сезімдер анталап, Сонда мына қызыл тал – Бірде қымыз, бірде бал Жұтқыза ма көмейге, Біз секілді кедейге! Қызыл талша – қыз Раушан, Бұл дүниеде сен болсаң, – Қобыз болса, күй болса, Хақтан келген сый болса, Қайран баба Ықылас Өлмейтіні ып-ырас. Қыз – өріс те, ұл – мирас. Əулет жолы қып-қиғаш, Алысқан қол айтқан серт – Дүние деген бір концерт, Мəз боламыз – боп аң-таң, Көп соғамыз алақан, Өмір көшсе алаңсыз, Ақырғы рет бір шолып,

Сонда біздер қалармыз, Қол емес-ау сан соғып... Наурыз, 1993 жыл ОЙ ЖҮГІРІП ƏР САҚҚА... Уақыт, заман сипаты жайында мен, Талай-талай жыр жазып, пайымдап ем, Мынау тұста шашырап шартарапқа Жинап-жинап аламын ойымды əрең. Бəлкім, шапшаң құбылған өзгерістен Қала ма екен ажырап ой өрістен? Бəлкім бағзы қалыптан шыға алмайды Бой үйренген, баяғы көз көріскен? Мен өткеннің ете алман бəрін мансұқ, Болғанменен жаңалық жанға таңсық. Өмір қалды айнаның сынығындай, Оны бүтін етпейсің жамап, аршып. Бар қырсығы, қызығы, бейнетімен, Бар қисығы, кескіні, келбетімен, Сол айнаға түп-түгел түсті бəрі Менің жүрген тарихым жер бетімен. * Қанша бүгін жаманда, мейлі маған, Мен партия жолынан айнымағам. Сен айтқандай ол жеке адам емес, Ол – идея, ол – мақсат алға қойған.

Ол – бəтуə, ол – күрес, ол – бас, бірлік, Бір құдайға сыйынбай болмас тірлік. Бір жұлдызға маңдайды тіремесең, Қиын емес кетуің азып, жүнжіп. Еңбек ету үшін де үміт керек – Сыйынатын құдіретің күтіп көмек, Бойыңдағы барыңды беруге де Қайратыңды тұратын сілкіп, демеп. Арылту да, аршу да – оның ісі, Келсе адамның арымен жолығысы. Бəрін жасар – идеям отаншылдық, – Пенделіктен жоғары оның күші. Жазғырғанмен тарихтың шаңдақ көшін, – Көңілімнен өшпейді ардақты есім. Бір партия – пірімді қалдыр маған, Көп партия, көп құдай сенде-ақ болсын. Ар туралы арсыздар көп айтады, Айтқан сайын күдікті молайтады. Ар үндемей жатады жан түбінде, Оның жалған өзгедей жоқ айқайы. * Барды «жоқ» деу дəстүр боп алды бүгін, Жоқты «бар» деу көңілге салды жүгін.

Жаны аяулы жақсыны былғау оңай, Сол боп кетті кəсібі барлығының. Келді тағы өкініш арманнан соң, Ой адасып санаңда сандалған соң, «Аға» деген «жағадан» не қалады Жағасынан ағаның алғаннан соң. Қайран көңіл қайтпаған таудан, Енді бүгін ол бақыт ауған бастан. Су мүжіген бір томар – ескі терек, Дүние – балық оралып, аудан қашқан. Өлең-темір суырған ой-көріктен Бір күндерде қазуы бойды еріткен. Көп көмірдің ішінде жоғалдың ба, Көрінбейсің көзіме сен неліктен?! «Айнымас дос қайда бар?» – деген Абай, Бірге кешкен өмірді, жылды талай, Жоқ боп кетті-ау шіркіндер, бар боп тұрып, Дүние көшіп барады қалай қарай?

  • Кеше əулие, бүгін жын, бəрі мансұқ, Қымызы жоқ сабадай қалған қаңсып. Бабалардың дəстүрі, қасиеті Бара жатыр алыстап, тұман басып. Су орнына келді ме құм кезегі, Қайран Арал үзіліп тынды өзегі. Тура біздің тарихтың құруындай Таң қалдырған əлемді бір кездегі. Уа, Азат ой, ақ дəмің қандай тəтті» – Деп, таңырқап талай жұрт таңдай қақты. Сол тəттіге у қосып алмау жағын Ақыл, сабыр көзімен кім байқапты!? «Бар мақсатым – ант пен иман, инабат, Мен ешкімге жасағам жоқ қиянат. Нар жайылған, ер қайырған мекенде Есек жүрсе, мен емеспін виноват!» Деп жазғанмын бұдан талай жыл бұрын, Кейбіреуге келген кезде бір жыным. Сол келуден кетіп қала жаздағам, Тағдырымның жинай алмай шылбырын. Ақын байғұс жүрегіне түсірер Қай тұста да дəуірінің шындығын.
  • Бүгін кедей, байлығына қарамай, Ақша, пұлын ардан биік санамай. Бір сəлемге атын түсіп беретін Қайран біздің бабалардың заманы-ай! Күн соңынан күнелтумен сабылып, Шабылмайтын жерлерінде шабылып. Шаршағанда, өзге түгіл, отырсың Өз балаңның сəлемін де сағынып. Бұрынғылар «күн өтті» деп, жыласа, Енді оған өкіну жоқ тым аса. Күндер өтіп, жақындаса жалақы, Соған ғана мəз боламыз балаша. Бұл күнде де кедей – жомарт, бай – сараң, Осы жайды түсіндірер қай санаң?! Көбейді ғой садақасыз сайтандар Мұхаммедті айырмайтын Айсадан. Тату күндер «тақиясына тар келіп», Қату күндер əзəзілге əл беріп, Бірін-бірі жұлып жеуге жұмсайтын Осы біздегі нендей қырсық, не желік?

Жақсылықпен аты шықса біреудің, Орынына онан сайын тілеудің – Күні бұрын ор қазамыз құлайтын, Құлай жатсаң, қажеті жоқ сүйеудің. «Топ жидым, топыр сайлап кіл жауыздан, Бас қылды олар мені бір ауыздан!» – Деп, сұмдық мақтанышпен айтты біреу «Асау той, тентек жиын», дуда қызған. Шошынды, сөзіне жұрт түсінбеді, Ал анау өкінбеді, күрсінбеді. «Дос жинадым» дегенде, жаңалық жоқ, Айтып едім жаңалық үшін, – деді. Жастық шақта кеуде-сор көкке тіреу Болса дағы ойы – мұз, миы – сіреу. Жəне сондай желөкпе бір жиында: «Алтын тауып алдым!» – деп айтты біреу. «Көрсет! Көрсет!» – дауыстап жұрт дүрлікті. Алтын кетті жетектеп ит тірлікті. «Ол – алтыным мынау!» – деп, əлге дереу Қасындағы көрсетті бір жігітті. «Ойбой!» – деді шегініп ашулы топ, «Өңшең дүлей, есердей ақылы жоқ, Бір ақылды жылтырап көзге түссе, Ардақтаған ағайын асылым деп».

Содан артық алтынның жоқ керегі! – Деп еді, жұрт тағы да өкпеледі... Қол ұстасып екеуі кетті қырға... Бұл уақыт – гүл жайнаған көктем еді... Қаулымен «Халық ұлы» болмас адам, Ерлерің ел бастаған, жол бастаған. Билерін ой бастаған, сөз бастаған, Ол атты дəметпеген о баста ағаң. Көбейді «халық артист», «халық ақын», Естіген атынан да жаңылатын, Қажет пе «халық» деген сөзбен ойнау, Тоңғанда, тон секілді жамылатын. Батырлар мың сан қолдың алдын тосқан, Əншілер аққуменен даусын қосқан. Ақындар елдің асқар биігінен Ағатын ақ бұлақтай таусылмастан. – Бəрі де ел есінде қалып қойған, Атаған есімдерін жалықпай жан. Біз көрдік «кереметті» дүзге шықпай, Оп-оңай үйде жатып «халық» болған. Қазақ əлі сүйенген құлағына, Надандықтың қалмаған ылаңы ма? Кім жетісер, кітаптан көзін алмай, Толық қанбай білімнің бұлағына?!

«Əлəулəймен» əлі əуес қайран бауыр, Жаман қисын, жадау сөз – болған жауыр. «Үлкен айтыс», «Бала айтыс», «Шал айтыстар» Сөз қадірін жей қойды əжептəуір. Абай, Гете, Шекспир, Байрон, Пушкин – Пайдаланбас бұл күнде қайырын ешкім. Қайырылмайтын боп алдық қарындасқа, «Қайран қойым» деп жүріп, «қайран ешкім». * Мұңды қиял қайғыны жинай-жинай, Пайда таппас бергенмен жанды қинай. «Ұлып» жұртқа қайтқан ой, енді дем ал, Ойна да күл, көңілден бұдан былай. Сəуір, 1900 жыл.

ШІНШІ БЛІМ )Р АЛУАН )УЕНДЕР Бойласам тарихы&а кетем жыра, Ежелден мекен еді& алтын т2ра.

МЕМЛЕКЕТІМ МЕНІҢ Мұз құрсанған, ақ көрпеге

оранған, Қиын-қыстау, сары аяздан бораннан, Қорықпастан туған менің – бөбегім – Мемлекетім – азаттығым оралған. Сені əлдилеп келем мен Аузымдағы таусылмайтын өлеңмен. Кеудемдегі жүрегім мен қаныммен, Қан арқылы қайрат жиған денеммен. Сені бағып, саған деген алаңмен Күн кешемін, бар ынтамды салам мен Қайтсе сенің қатаяр деп буының. Қайтсем жəрдем етемін деп саған мен. Босата алман бұл əкелік сезімнен Пайда болған сенің туған кезіңнен. Дəл осылай бір дем алса өзіңмен. Арман, арман-арман едің сен де бір Мемлекетім – қазағымдай ер көңіл. Сен жасайсың бақыты үшін ұлтымның, Көтересің, көтергендей жерде гүл! Сенем саған, сенгенімдей

Құдайға, Сенгенімдей көгімдегі Күн, Айға, Сенгенімдей барлығыма тірлікте, Сенген адам сенен ақы сұрай ма? Сен өзімсің, келген жоқсың шет елден Еңбегімсің сан бейнетпен өтелген. Ескі арманнан жаңа туған сəбисің, Сені əлдилеп, сені аруақтап өткен мен, Сенің жасыл жалауыңның астында. Келер ұлдар елге болар бас тұлға. Туар талай нағыз қазақ нарлары Қарсы барар дауыл, сел мен тасқынға! Келе жатыр, келе жатыр жаңа ұрпақ, Тек солардың бақытын күт, бабын тап. Баяғыдай сарбаздарың самсасын, Дүние саған қарасын бір таңырқап! Қазан, 1994 жыл.

ЖЕҢІС СОЛДАТЫ (баллада) Соққанда жылына бір Жеңіс күні Жанының жазылғандай кеңістігі, Қарт солдат өз полкінің туын ұстап, Білдірмей жалғыз аяқ кемістігін. Алаңға шығушы еді таңғы шақта, Полктас бауырларын сан құшақтап. Сүйісіп, амандасып болғаннан соң, Қасқайып тұрушы еді алғы сапта. Соңынан тізілетін жауынгерлер, Отанның əр тұсынан келген ерлер, Жарқырап өңірінде ордендері, Бір кезде алып берген елге бедел. Бір кезде алып берген елге Жеңіс, Сабаздар бірте-бірте келмей тегіс, Жыл санап сирек тартып бара жатты, Сарқылып сабасынан бейне теңіз. Қырық жыл, қырық қатар жиналысқан Сағынып, бір-біріне түу алыстан. Туған жер аспанында айқұш-ұйқыш Жол қалып, қарт бүркіттер зулап ұшқан. Кездесіп тоғызыншы май мейрамында, Алысқан ғарасаттың майданында. Еске алып ескі жорық асуларын, Қанатын қараушы еді жайған туға. Ал бүгін... Өзге полк солдаттары Қатарға тұрып жатыр андап бəрі... Олар да түгел емес, сиреп кеткен Кешегі бір-бір үйдің шаңырақтары.

Жалғыз тұр жалғыз аяқ мына солдат, Төмендеп, көтерілмей туы аспандап, Жалғыз тұр... Əлі келген бір адам жоқ, Жаңғырып дуылдайды тулап жан-жақ. Сағаттар зырылдайды, ағады уақыт, Өмірдің баянсызын баяндатып, Байлайды бір орында қарт солдатты, Əлі де қайран үміт алаңдатып. Жоқ ешкім. Күн еңкейді, жұрт азайды... Қанатын түн жетектеп бұлт та жайды. Еңіреп қоя берді бетін басып, Солдаттың бар үмітін жұтты қайғы. Дегендей «бұлттан бұрын мен жауайын», Көз жасын соңғы тамшы қан жуайын. Дегендей солқ-солқ еткен кеудесінен Көк тасқа тамды қасірет, тамды уайым. Қайтадан сол тамшыны бір сіміріп, Қараған өзге жұртты күрсіндіріп, Көп талған күні бойы жалғыз аяқ Кешкі ымырт қойнауына кетті кіріп. Дейтіндей мезгіл емес – ертең-бүгін Еске алдым қырық төрт жыл өткендігін. Дəл бүгін сол солдаттай ұққан жан жоқ Жалғанда жалғыздықтың не екендігін! ҚҰТТЫҚТАУ ЖЫР Ардақ тұтқан, ағалар, ардагерлер, Аман-есен апаттан қалған ерлер! Құттықтаймын Сендерді Жеңіс күні Қарт офицер, қашанғы қарт жауынгер.

Сəулесіндей Жеңістің шашыраған, Ордендерің кеудеңде жарқыраған, Азаттықтың күніндей елестейсің, Алтын жеңгем аяулы, алтын ағам. Мен де соғыс сұмдығын көрдім жастан, Жетім күнгі бейнетім шаштан асқан, Көкірегімде əлдилеп келемін мен Саған деген құрметті тастамастан. Құлағымда «Жеңіс!» деп жар салғаның, Есімде бар еңіреп қарсы алғаным, Сондағы жақсылықтың жұрнағындай Жасаңдар жарықтығым, жайсаңдарым! 9 МАЙ Ия, ол – мамыр емес, май болатын, «Жеңіс» – деп сан баланың қойған атын. Солар да елу жасқа келіп қалды Жетектеп немересін, қолқанатын. Солдаттың алды тоқсан, жүзге келді, Суарған қаныменен туған жерді, Олардың мыңнан бірі қалса тірі, Алпыстан асып кеттік біздер енді. Бала едік жалаң аяқ он үштегі, Қан белдеу – тартылғанда соғыс шебі, Жадымнан кетер емес қайран елдің Сондағы қайғыны жеп, сор ішкені. Он бесте қабырғама түсті салмақ, Нан тауып, үй асырап, жаным жалдап, Бір оттан үш азамат аттанғанда, Мен қалдым еркек кіндік – жалғыз бармақ.

Тұрмыстың тұра қалдым кермесіне, Солардың көрінді ме келмесіне. Кендірмен белді буып келешекке , Мен тарттым «қайдасың» деп, жел несібе! Артымда екі шеше, бес жетімек Арқасын отыратын пешке сүйеп, Келер деп қашан Ғафу дорбасымен, Бір құшақ отын тасып, кеште сүйреп. О, жоқ, мен айта алмаймын одан əрі, Белгілі не болғаны, не қойғаны... Жан сүйреп біреуінің оралғаны, Хабарсыз екеуінің жоғалғаны. Оларды жеңіс күні көп тосқаным, Айтуға төзбес жүрек, жетпес қаным. Қымбатқа түстің ғой сен, қайран Жеңіс, Секілді көрініп ең атпас таңым. Ия, ол – мамыр емес, май болатын, Жайғанда 9 май – той қанатын, Сол өмір бəрі келіп түседі еске, Тебіренбей қайтсын сосын, қайран ақын! ҚЫРҒЫЗ ƏУЕНДЕРІ Тоқтағұл тойына Жасымнан атың сенің маған таныс, Дала мен тауды қосқан бір жолбарыс. Тайғанақ тағдырыңның жолы болған Сары Арқа, Сусамырдың арасы алыс. Арқалап, азынатып қобызыңды, «Тоқтағұл тоғыз дауыс, тоғыз үнді!» –

Дегізген бар қазақтың баласына, Өшірер қандай құдай сол ізіңді! Шырмалап бұғау менен бұғалыққа, Əділет, қолың жетпей туралыққа. Зар илеп жүрсең-дағы жырыңменен, Қостың сен бір халықты бір халыққа. Бірге айтып ел қазақ пен ел қырғызды Қашаннан бөліспеген еншімізді. Қаншама туыспыз деп келсек-дағы, Ең алғаш туыстырған сенсің бізді. Ол – шындық. Бұза алмайды шындықты

ешкім, Шындық пен тірлік кештім, бірлік кештім. Бір ақын қазақтағы Ғафу деген Уа, Тоқа, мен сеніменен кіндіктеспін! Қалармын тарихты айтсам, көпке кетіп, Өзіңдей өрен жырды төкпелетіп, Тұрғандай көрінеді бүгін маған Шоң Манас ер Қосайды еркелетіп. Халқың бар ел сыйлаған, ер сыйлаған, Дəметер менің одан сол сыбағам – Мəңгілік атағыңды бермесе де, Бір күнгі абыройыңды берсін маған! Шақырдың сен... (Шыңғысқа) Шақырдың Сен. Мəз боп қалдым мен соған Баяғыдан сөзім еді аңсаған. Ол шақыру жетті маған, кезімде Алпыс асып, азын-аулақ шаршаған.

Əлі есімде... Тойы еді Бердақтың, Қандас бауыр Қарақалпақ – ардақтың Құшағында сайран салып жүрдік біз Қос перзенті қырғыз бенен қазақтың. Туған жердің таңдап алған мүлкінен, Баста бөркің, алтайы қызыл түлкіден. Қыс еді ол, жаңа жауған қардан соң Қолың сенің сол бөрікті сілкіген. Жаңа бөрік одан сайын жаңарды... Тебірендім мен сілкіп санамды. Сен ол сəтте есіңе алдың тауыңды, Мен ол сəтте ойлап тұрдым даламды. Əлі есімде... Тойы еді Мырзоның Тағы түсті сеніменен бір жолым. Айлы кеште айтып едің сен маған, Біздің елде ненің барын, не жоғын. – Тарихыңның етек-жеңін жазып көр, Таулар... Таулар... Анау жалпақ жазық бел. Адам тауын қадірлеуге келгенде, Жеткізбейді бізге, – дедің, – тəжіктер. Ескерткіштер құжынаған мынау бақ – Хожа Хафиз, Омар һаям жыр аулап. Рудаки, Əбу-Əли Синамен Тұр əнекей тұл бойынан нұр қаулап. Соққан анау мəрмəр тастан түсі аппақ, Əбілқасым Лахутийге түс аттап, Ортасында Душанбенің Мирзо тұр Жалғыз өзі бүтін тауды құшақтап, – Дедің дағы, қарадың сен маған көп, Əлде не бір өкінішке алаң боп.

– Ал мен болсам, Тоқтағұлды іздеймін Ал сен болсаң, тіпті іздейтін ағаң көп. Кіп-кішкентай ел ғой мынау – байқасаң, Сенде жатыр байтақ дала, байлық сан. Ғасырлардан қалған мұнда дəстүр бар, Қарасаң да көрінетін қай тұстан! – Дедің, мені құшақтадың дала боп, Көкірегімде маған ыстық жанады от, Мен де тұрдым қалың ойға шомылып, Сен тұрғанда жұқа ойлауға шама жоқ. ...Сен шақырдың, Тоқтағұлдың тойына, Тағы да бір кірді тасқын бойыма, Мен барамын дана туған Ауылға Мен барамын ақындардың Сойына. Сонда үш елдің данасымен жолығып, Мен қайтармын қуанышқа шомылып. Сен тұрарсың биіктерден көрініп, Маңдайыңа түлкі бөркің төгіліп. Қыркүйек, 1985 жыл. АҚКӨЛ АҢЫЗЫ Ассалаумағалайкум, Əулие Ақкөл, Кел, кəне, созысайық қолыңды əкел, Торғайдың бөлек жатқан бүйрегіндей Жер едің жолың да төр, жоның да төр. Бойласам тарихыңа кетем жырақ, Ежелден мекен едің алтын тұрақ, Сабадай сахараға біткен жалғыз Қандырып ердің шөлін, сен жарқырап.

Шырақтай жатушы едің сөнбестей-ақ, Сұраса, аллаға да берместей-ақ. Өзіңнен бір пайғамбар туып еді, Еш адам жерін айтса, сенбестей-ақ. Кісі еді бүкіл ұлтқа құны жеткен, Қатесіз айыратын мұны көптен, Бір ғана балаға емес, бар халыққа Жан еді-ау əкесіндей тіл үйреткен. Үйрендік осы күні атын айтпай, Ол қалды жолы алыста, үйге қайтпай, Ақкөлім атын атап күнде соның, Шақырып сен жатырсың дамыл таппай. Білгенге жер – əулие, су – əулие, Кімге опа берер дейсің бұл дүние. Аққудың «аха-аха»-лаған даусынан Оянам, оралғандай əкем үйіне. Қой енді мен қайтайын мына күнге, Сен жайлы сыр айтайын, сірə, кімге, Ескі мен жаңасына бұл өлкенің Қашаннан қайран Ақкөл куəмін, – де. Ақкөл, ризамын өзім саған, Барлықтың, батырлықтың көзін салған, Ескі ата, жап-жаңа ұрпақ бəрі дағы Келіп тұр сеніменен сөйлесуге жер-жиһаннан. Торғай.

АХАҢ ТУРАЛЫ АҢЫЗ Алламен атың ұқсас арыстаным, Шыққанда Лаухил Махфуз – ғарыштан үн, Тіл қатқан сол тəңірге Адамзаттан Сен едің, құлақта əлі дауыстарың. «Ахмет құдайменен сөйлесіпті», – Дегенді жер құлағы сан есітті. Құдай да қазақшаға жүйрік екен, Екеуі бір рахат хəл кешіпті. Қазақты құдай оған «ел қыл», – депті, Еншіңе ен даланы бердім, – депті, Сондағы Елшім сенсің, саған сенем, Беделім, сен боласың белгім, – депті. Ал содан бастады Ахаң, тілден бəрін, Алғандай Айдан қуат, Күннен жалын, Тазартты лас сөзден, кір-қоқыстан, Нəр құйды, тіл емдеудің білген заңын. Көтерді ғылыми тілге дейін оны, Мағынасы бəрі жаңа, бəрі соны, Содан соң ашты ғылым қақпасын ол – Адамзат дамуының сара жолын. «Сен түгіл құдайыңның өзі білген, Тіліңнің қасиетін сезіп, үйрен!» – Деді де қазағына, бауырына, – Жоқ еді осы жолда көзін ілген. Не керек, сор ма біздің маңдайдағы Айыпты үйіп-төгіп қай-қайдағы, Көпсініп алтын басын пақыр елге Қамады, қырға айдады, ойға айдады.

Ойлаған жеткізбеді мың ісіне, Тағдырдың дегенінше «мұнысы не?» Кезінде көк тəңірісі ұйықтап қалған Атты оны жер құдайы түн ішінде! Естідім осы аңызды – бала шағым, Кезімде ой аласа, сана шағын, Көз қиып Ахаңды атау неткен сұмдық Қазақтың атқаны ол болашағын. Бəрі бар халық айтқан осы аңызда, Жақсыға жасық сөзді қосамыз ба? Халық бар, халық болса, Ахаң да бар, Əнекей, отыр қазір ортамызда. Маусым, 1991 жыл. ЖАЙ ҚАНАТЫҢДЫ, СЕРМЕ, ҚАЗАҚСТАНЫМ! Жай қанатыңды! Сермеші, Қазақстаным! Күн жаңа туды! Кернеші аспан тұстарын. Əуе батыры – Əубəкірұлы арқылы Болды-ау бақыт – ғарышқа ғажап ұшқаның. Отыз жыл аттай ойлаған арман, үмітке! Өзегі толған өкініш, өкпе, күдікке, Жаһанды баққан жаратқан ием, қуат бер, Жұлдызды қуған мынау қоңыр жігітке! Арманын көріп, көзінің жасын бір сыққан, Түрікті кеше түгендеп келген Нұрсұлтан! О, дүние! Оның түсінер ме едің сол сəтін Күбірлеп тұрған: «Сақта, – деп, –

тілден, қырсықтан!»

Қазақы мінез – қаусырған жалпақ туысты Оңы мен солын, Батысты, байтақ Шығысты, Қақ жарып көкті ағысын көріп қазақтың Бүкіл дүние көздерін алмай тұрысты! Самға, Тоқтар! Тоқтамай солай жүйткі Сен! Қақ дабылыңды, Дала боранындай ұйтқы Сен! Бар қазақтың жүрегін алып барасың, Құлдыққа көнбес Ұл боласың ба, бүйтпесең! Жай қанатыңды, топшыңда күштің қос бəрін, Республикам – Еріктім менің, бостаным. Тарихи таңның шапағат нұрын жамылып, – Ерлігің сенің – Елдердің басын қосқаның. Солардың адал тілегі бізді оңғарсын! Асықпа, бауырым, алатын алда заңғар шың! Топалаң жылды тойға ұластырған ғажайып, Тарихта солай Тоқтарың тартқан жол қалсын! КӨК БАЙРАҚ Көк Байрақ! Тудың ба сен, Ту болдың ба?! Желбіре тас төбемде, тура алдымда. Көтерген алтын арай күн күмбезін Қанаты қандай мықты қыранның да! Кім білер көк қадірін сұңқар білмей, Кім білер жер қадірін тұлпар білмей, Кім білер жол қадірін ұлтан білмей, Кім білер ел қадірін сұлтан білмей. Бəрі де тұр жазулы сенде, Байрақ! Дəл кəзір желбіреген желмен ойнап, Үстінде Ақ Орданың жалғыз жалау, Аспанның елшісіндей келген жайнап.

Мəңгілік азат елдің сен белгісі, Мемлекет мерейінің сенген күші. «Жасасын еркін қазақ!» – деп шаттанар, Шалқалап сол биіктен көрген кісі. Шарықта, шарла көкті, көк байрағым, Арманым, Азаттығым, көпке айғағым. Мен сенің салтанатты сағатыңа Өлеңнен алтын шашақ шоқ байладым. Қашаннан жалау құмар ақын жаны, Айналып сені құстай шарқ ұрады. Қашанда көк жолында, көз ұшында Ақынның, ақиықтардың бар тұрағы! Ал самға, əлем кезіп, əн ұраным! Қалықта, ел таңбасы – шаңырағым. Көк Байрақ, көгерт менің көсегемді, Аспандат Атам қазақ Аруағын! ДАЛАНЫҢ БЕРГЕН ЖЫРЫ ЕДІ.. Басталған дүние ежелден Алудан емес, беруден. Алланың өзі – сенем мен, Беруші болып көрінген. «Жарылқаушы ием» деген сөз Содан қалса керек-ті. Байқамаймыз кейбір кез, Себептен туған себепті. Жасауды елге қайырды, «Алладан келген парман» деп, Ойлауды бізден айырды, Алудан басқа арман жоқ...

  • * Қазақтан көшу кеткен соң, Дала да қалды далада. Тарихты аздап зерттесең, Даласыз қазақ бола ма? Дала деп өлең жазғанмен. Даланы білмей қартайдық. Алданып өткен аз дəурен Мақтандық, соған марқайдық. Қазекеңдегі бар байлық – Маңдайға біткен кеңістік, Ойыса-ойыса ортайдық, Оны да жатпен бөлістік. Ата-бабаның моласын «Қазына бар» деп қаздырдық. Қазақтың қайран даласын Бомбалап, улап, аздырдық. Алдық, – деп жүрміз азаттық, – Азаттық дəмі ащы ғой. Даласыз қалған қазақты, Қазақ, – деп ұқсақ жақсы ғой. ЖЕЗҚАЗҒАН Бар қазынаны артып ап, Уақытпен жарысқан. Сен көзіме жарқырап Көрінесің алыстан. Бір бүйірің – Ұлытау, Бір бүйірің – Қарсақпай.

Сені тапқан жігіт-ау Қаныш-аға, ер Сəтпай! Дəл осыдан жиырма жыл Бұрын сені көргенмін. Бұрымыңды сонда бір Өлеңіммен өргенмін. Ол – бұрымың сап-сары Бидай өңді жез еді, Құдай берген бастағы Жез телпектің өзі еді. Батырлардың баяғы Жезге малған жебесі, – Пайғамбардың таяғы Жердің сөккен көбесін. Киіз қалпақ қазақтар Мыс қайнатқан ақ сүттей. Қаһарлы қыс, жаз аптап Жүрмейтұғын тас тінтпей. Бəрін-бəрін суреттеп, Жазған едім сол жылдар. Шебер еді құрметке Сол сабаздар, сол ұлдар. Сарқылмасын бойында Есіл дəулет, есіл құт. Сəкен аға тойында Жез тасыды десін жұрт!

ЖАҢА АРҚАҒА СƏЛЕМ Қашаннан жер сұлтаны – Алтын бесік, Жаңа Арқа, аманбысың, халің нешік? Ер өлсе, жер де сорлы – жесір əйел, Қалады кіріп, шығар жалғыз есік. Сəкеннен айрылған күн саған батқан, Жиырылдың жеті қабат жаманаттан. Сол күні су тартылып, таулар шөкті, Айрылып алла берген аманаттан. Аманат Сəкен еді алған жұрты, Алла емес, оны бірақ адам құртты. Жоқ, шыны – адам қолымен заман құртты, Заманы өзі орнатқан басын жұтты. Тарихта болған емес мұндай сұмдық, Өзіне өз баласы салған құрық. Белгілі оның аты «советстан» «Тар жол, тайғақ кешуден» алған сыйлық. Жаңа Арқа, сен білесің соның бəрін, Айрылған ақ Сəкеннен сорың қалың. Туғызып арыстанды нең бар еді, Мың итке білгеннен соң жолығарын? Алайда айта алмайсың тағдырға өкпе, Өкпе айтып, бақытыңды басқа теппе. Қазақтың алақандай бір ауылын Шығарған Сəкенің ғой аспан-көкке! Атыңды «Жаңа Арқа» деп жаңғыртқан да, Сол еді жер түбінен алдыртқан да. Өзіне бір өлкенің атын беріп Мəңгілік дуалы ауыз дарытқан да.

Бүгін де Сəкен атын алып ұшты, Елдігің, кісілігің қаны күшті. Сол атпен тағы қайта бір тірілді, Сарғайған Сары-Арқаның сағынышы! * Алпыстың жетеуіне жас жеткенде, – Кəрілік келемін – деп ескерткенде, Көрдім-ау Жаңа Арқаны көз аманда, Əрі асып көкжиектен көш кеткенде. Болдым мен бұл өлкеге неге құмар? Өзімше оның түрлі себебі бар. Бірінші бұл – Сəкеннің ақ бесігі, Алдында бар қазақтың беделі бар. Екінші – бірге оқыған достарым бар, Сейфолла, Хамит, Серік Қошқар ұлдар Аңыз ғып Жаңа Арқаны айтушы еді, Тыңдаушы ек студенттік қостағылар. Ақша тау, Кіші тау мен Ор таулары, Секілді салтанаттың отаулары, Көк шалғын үстіменен аққан өзен, Сағымға жүзген жайлау, қыстаулары. Жөңкілген жылқылары жанды бұлттай, Жүйріктер шашасына шаң жуытпай. Аңқиған ақбоз үйлер күнге қарап, Айналаң ай астында ақ ұршықтай. Қос шешен Іслам-аға, Сəйділ-көкем, Ойпырмай солар да бір сəйгүлік екен, Тарихи əңгімені жосылтқанда, Дейтіндей қастарынан қашан кетем?

Сейфолла айналайын ер ардағы, Жоқ еді мен дегенде аяр жаны. Білмеймін жүз айтты ма, мың айтты ма, Мен саған көрсетем, – деп Жаңа Арқаны. Ішінде көрсете алмай кетті арманы, Таусылып тіршіліктен татар дəмі, Жоғалтқан асылдарым түседі еске, Мынау бір қиын өмір сағаттағы. Осылар Жаңа Арқаны таныстырған, Талай жер астанадан алыс тұрған. Боп кеткен көрмесем де өз елімдей, Туыстай күнде хабар алыстырған. «Ел атын ер шығарар» деген рас, Сəкенді ардақтаған бүкіл Алаш, Кешегі сол Сəкеннің сарқыты, – деп, Жатсынбай мені дағы бауырыңа бас. Қыркүйек, 1994 жыл. ТОРҒАЙ ТАСЫП БАРАДЫ... Ұлы тауды жатқан қар қыстай басып, Көктем жігіт бөктерген қыздай қашып, Қара сүмбіл бұрымдар тарқатылып, Торғай тасып барады, Торғай тасып. Солтүстікке шыға сап шапшып, ұрып, Əне тартты батысқа жалт бұрылып, «Қара Торғай», «Сары Торғай», «Қарын салды» «Жалдамаға» қосылды «Тасты» бұзып. «Теке» шықты бақырып тау Қызбелден, Терістіктен тепсініп жалғыз келген,

«Қоңыраулыға» қол бұлғап «Дəмді» өзені, «Қарасуы Қазбектің» сəлем берген. Одан əрі бұл Торғай боталай ма? Басын қосты «Байғабыл» «Тоқанайға»!. «Қабырға» мен «Жыланшық» қатар ағып, Кездесе алмай кетеді бірталайға. Үлкен Торғай – солардың ұлы анасы, . Ұлы арнасы жайылып ұлан-асыр, Жалпақ елді жарылқап олжасымен, Балықтары жазыққа шыға қашып. Жəрмеңке ашып құстары азан-қазан Секілді бір ақ көбік, қара қазан, Көк құрақтан көлдері алқа тағып. Жұпар шашып тұрады-ау таңда азан. Жаз бойына жататын өткел бермей, Кең кемері жағалай шөккен белдей, Су толатын астауы зор болған соң, Ол тасқынның зардабын ешкім көрмей. Бүкіл ойпат шабындық, шалғын кешіп, Тербелетін шілдеде жасыл бесік. Ат қып мініп – ойнайтын о, балалық, Нар қамыстың найзадай басын кесіп. ... «Торғай биыл тасыды» деген хабар Қандай бақыт сөз еді елең қағар! «Онда болды! Береке толды», – дейтін, Сақалдарын тарақтап қариялар. Торғай тасып барады, Торғай тасып, Туған жерге жүрегім қандай ғашық, Қайтармын-ау биыл да, дəм бұйырса, Толқынына бір сүңгіп, маңдай басып! Мамыр, 1993 жыл.

КӨКШЕ ЖЫРЛАРЫНАН Тау Көкше, келіп жеттім саған тағы, Ежелден ер бесігі, хандар тағы. Аман ба ақ шағала, көкала үйрек, Аман ба орманыңда аңдар тағы. Аман ба Оқжетпес пен Абылай алаң, Жұмбақтас көлге түсіп, ой ойлаған. Аман ба хан Кененің қара үңгірі, Ақ семсер сол арадан жауға ойнаған? Аман ба көз қуаныш – көл Бурабай, Аман ба қалың қайың, ну қарағай, Аман ба Жеке батыр жатқан оқшау, Ұйқысы əлі күнге бір тарамай?! Бəрі де аман болса, – мен де аманмын, – Жыршысы жағы тынбас кең далаңның, Тау Көкше тау тасыңа жетпес сенің Жинаса бар маржанын жер-жиһанның! Не берем, сағыныштан басқа саған, Өзіңді жазда аңсаған, қыста аңсаған. Мен дағы бір желіңмін бұлт айдаған, Мен дағы толқыныңмын тас қашаған. Бірақ мен сен секілді мəңгі емеспің, Тіршілік сағымындай жанды елеспін, Бір күні тағдыр қолы қағып түссе, Олжамды сенен көрген аз демеспін. Шаншылған ер қазақтың көк семсері, Секілді көрсем ылғи көктен сені. Тұра бер көз алдымда көлбең қағып Көкесі жер біткеннің Көкшем-сері!

БІРЖАН-САЛ ТОЙЫНА Ұлы ескерткіш – Сен сыйлаған əрбір əн, Уа, кешір бізді, құдіретті сал Біржан! Жаңа соқсақ бір ескерткіш көп жылдан Топырағыңда толған алтын, мəрмəрдан! Қиындыққа қирап жатқан заманға, Арта салып кінəмізді əманда, Жалықпаймыз арқалаудан борышты, Барымызды бұйырта алмай саған да. Ал сен болсаң, туған жердің боздағы, Енді бізге айта алмайсың сөз дағы, Тек ұшасың аспанымда əн салып, Нұрдай жауып жасыл желек жаздағы. Қаншама жыл қам көңілді көтеріп, Жатқан шақта өмір шіркін өртеніп. Бір сол үшін, жалғыз ғана сол үшін Аруағыңнан садаға да кетелік! Біржан деген – мыңға деген ұғыммен Сөйлеп тұрмын өз басыңда бүгін мен. О, Дариға, осыншама көп сөзден Шырқар ма едім өз əніңнің бірін мен! Мақтан Көкше, жер сұлуы, Ер-Ана! Сал Біржанды туа алғансың сен ғана, Сенің алтын бесігіңнің арқасы Əн бөленіп тұрса бүгін кең дала! Көктем, менің тұрасың сен ойымда, Жүрсем дүние қыры мен ойында. Біржан-Көкше, Көкше-Біржан – егіз сал, Сені еске алам сыңарыңның тойында.

Жиырма жылдай үзбей соққан мекенім, Сен ұқтырдың ұлылықтың не екенін, – Біз өлерміз өлшеулі күн біткенде, Өлмейсіңдер Біржан менен екеуің! Көкше, 10 маусым, 1994 жыл. АҚАН-АҒА! Алланың атыменен аталатын Дүниенің бар байлығын, махаббатын Бөктеріп Құлагердің аш беліне, Жалғаннан шауып өтті Ақан-аға. Ақанға Құлагерді құдай берген, Жəй тарих нағашыдан сұрай келген, Құлагер құлағанда қайран сері Құшақтап қара жерді жылай берген. Өйткені сыңарынан айрылған ол, Арманы қанатынан қайрылған ол, Дүниеге «қош!» деп қолын бір сермеді, Жүрегі қиянаттан айныған ол. Ақаңды азған заман ұғынбады, Құдай да жарата сап бұрылмады, Тек қана ұғынды оның ғажаптығын Ақ маңдай қарауылдың сұлулары. Олардың Ақан еді сыйынғаны, Махаббат базарына жиылғаны, Ақанның жылағаны олар үшін Жалғанның бар қызығы тыйылғаны. Дүниеден Ақан көшті, қызық көшті, Деді де, қара шашын қиып, кесті.

О, жалған, сұлулардың азасынан Кім көрген ауыр қаза, қиын сесті!.. Ақан ол – махаббаттың пайғамбары, Қазақтың жиған мүлкі, жайған малы – О, оның бір əніне тұрмайтын Амал не, көр соқырлар аңғармады. Кемісін кім айтады өз əкеңнің, Деген соң: «Дүниеге өзім əкелдім», Асылын өлтіріп ап өз қолымен, Жылайтын əдеті ғой қазекеңнің. Жарайды, кешір бізді, Ақан-аға, – Қайта шық тарих атты сахнаға, Ел болды сол қазағың, кісі болды, Əйтпесе, жақсыларын шақыра ма? Туған жер, осылардың ойла бəрін, Ойлауға бұрын сенің болмады əлің. Ақаңды тойлағаның, ата қазақ, Ол – сенің елдігіңді тойлағаның! Оқжетпес, шілде, 1993 жыл. ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНА Əрқашан алла атымен, иман, антпен, Адамдық ар, абырой, инабатпен, Ақындық жүрегіммен, қазақ қызы, Сүйемім сүттен таза махаббатпен. Сенде бір халық қалпы, ұлттың исі, Қашанғы берекенің, құттың исі, Сен бөлеп, сен тербеткен ақ бесіктен, Сан сабаз, ер-азамат шықты кісі.

Батырлар елім «бар» деп, «үйім бар» деп, «Отаным, от жағатын күйім бар» деп, «Қайырлы қазаным бар, асым бар» деп, «Сол асқа батагөйлер жиылар» деп, «Ұрпағым, бауыр етім, балам бар» деп, «Ақ жарым, ақ сүт берген анам бар» деп, «Азанды қазақ деген атым бар» деп, «Сол қазақ еркін жайлар далам бар» деп. Қан кешсе үзеңгіден, жау қашырып, Тоздырса, алпыс екі алмас ұрып, Сен бар, – деп, қазақ қызы, саған сеніп, Келді олар қанша ғасыр жалғастырып. Орал сен, қазақ қызы, сол қалпыңа, Ошаққа, босағаға болған тұлға, Қашанда ерге серік, ерге қуат, Орал сен, орда құты – сол салтыңа! Бүгінгі елтең-селтең, қалтаң-құлтаң, Шойқы етік, шолақ шашпау, қиқаң-сиқаң, Жария жалаң балтыр, жалаңаш төс, Мінезсіз, бейпіл ауыз, бұртаң-бұртаң. Бағусыз, берекесіз, бейбастақтық, Түбі сор, еш уақытта бермес бақыт. Содан қаш, қазақ қызы, жан бауырым, Кетеді ертең сені жер жастатып. Орал сен, өз ұяңа, тал бесікке, Оян сен, анаң салған əнді есіт те, Ойлан сен, ойың азат мынау күнге Өзгелер кешіксе де, сен кешікпе! Өйткені сен ұйтқысы болашақтың, Елдікке, кісілікке жол ашатын,

Сезімнің, ақ сенімнің сенде көзі, Біздегі барлық ақыл, парасаттың. Қозғал сен, сен қозғалсаң, ел қозғалар, Намыстан сені көріп ер қозғалар, Сəніңді, сəукелеңді көтер биік, Кешегі жан сүйсініп, мың көз қарар. Өзіңе бұл тілегім бір ақтарған, Баяғы көңіліммен құлап қалған. «Па, шіркін, қыз төресі – қазақта» деп, Естіген қалмасыншы құлақта арман! Адамға табиғаттың қосқан күшін, Наурыздың ақ батасын қостау үшін, Ұлыстың ұлы күні айтқан тілек Алланың құлағына тез шалынсын! 5 наурыз, 1991 жыл. ОРДАБАСЫНА СƏЛЕМ! Атыңнан айналайын, Ордабасы, Жиналған үш қазақтың Ер-Данасы, – Егерде олар солай жиналмаса, Елдің де қалар еді жерде басы. Жердің де жесір қалып, сорасы ағып, Көрінген қоныс тауып, қора салып. Дүниеден қазақ деген атың өшіп, Жан-жақтан тарихыңды таласа жұрт! О, жоқ, жоқ, жоқ! Құдай оны салмай басқа, Маңдайды қара қырсық шалмай қасқа, Асынып Бірлік атты алдаспанды, Аттанған осы арадан қанды айқасқа.

Осы жер намыс туын көтерген жер, Елім – деп ер өзегі өртенген жер, Осы жер – үш арыстан басын қосып, Жоңғарға жолбарыстар жөңкілген жер. Атыңнан айналайын, Ордабасы, Бетіңнен бір сүйейін бері қарашы! Айтшы сен, бар қазақты біріктірген Сондағы қандай еді сөз Данасы! Қазақтың жүрек, жанын жиып алған, Сондағы қай сөзі еді, дүние жалған, Дариға-ай, соны білсем, айтар едім, Сонау сөз керек тағы бүгін маған! Тағы бір дүр еткізіп, сілкіндіріп, Тағы бір буырқантып, бұлқындырып, Алар ма ек былқ-былқ еткен бос мойынды Басына бағындырып, тұрқын бұрып. Сол үшін жиналдық біз мына бүгін, Осы күн – қасиетті күн, дуалы күн, Алланың өз қолынан алу үшін, Бірліктің, тұтастықтың куəлігін! КЕШЕГІ ДОС – БҮГІН ЖАУ... Сөз қалмапты Абайдан айтылмаған, Қанша терсең, маржаны сарқылмаған, Алып Айна аспанға сүйеп қойған, Бар суретін дүниенің айқындаған. Кешегі дос – бүгін жау қаны суық, Кешегідей келмейді жаны жуық, Мен жасаған қайырдың, жақсылықтың Жүрегінен шығарған бəрін қуып.

Қырық жылғы достықты қырық тиынға Сата салу түспейді түк қиынға. Барлық тірлік, кешегі бар байланыс Пышақ кескендей келе ме кілт тыюға? Қасиет шіркін байлықпен бағаланса, Қажеті жоқ, əрине, маған онша. Тапқан жолдан тоқтатып менің нем бар Сол жолымен ұшпаққа бара қойса. Дүниенің кезектігін, шолақтығын, Адамның бір-біріне қонақтығын Күнде айтамыз мақаммен, мақалмен де, Опасыздық таппайды одан тыным. Жауығуға хəлім жоқ, тіс қайрауға, Ыза болып, от іздеп іш қайнауға. Жататұғын шама жоқ енді менде, Уақыт шіркін сабалап, түсті айдауға. Əттең, əттең соларды бір сағатқа Ойлантатын амалды білсең, айт та! Жүк секілді байғұстар жолда қалған Кезіккенде қыр-асу, құм-құмайтқа... ҚАРСЫ АЛУ ЖЫРЫ Ассалаумағалейкүм! Кел, кел, бауырым! Сенікі мынау – жатқан Өлкең, аулың! Бір кезде оң қарамай, Теріс қарап, Көрсетсе өгейсітіп желке, жауырын!

Ол – оның кінəсі емес, Заманы сұм. Кездесті, болмады ғой амалы шын, Туған жер, ата-баба, қара қоныс Жаралған бұл дүниеде қазағы үшін. Ал ашты көңіл сарай, жан қақпасын, Енді ешкім бет қайтарып қол қақпасын. Астына алтын толқын мұхитына Құйыл сен көктен, жерден, қара тасқын! Ол тасқын – қазақ тасқын, ұлт тасқыны, Елімнің жұмырлығы, жұптастығы, Тарихта тұңғыш рет ту көтеріп Шыққан күн – еш қазақтың ұмытпас күні! Көріскен, құшақтасқан, алып ұшқан, Жүрекпен жүздерінен жалын ұшқан, Балқиды Алматының ақ аспаны Сарғайған сан заманғы сағыныштан! Даусыңнан айналайын «бауырымдаған!» Түспе-түс қандай ұқсас қаның маған, Исіңнен айналайын бұрқыраған Баяғы беріп кеткен қайран бабам! Ал, кəне, беліңді шеш, деміңді бас, Алдына тартылды бас, берілді ас, Сары қымыз сапырулы, сапар кесе, Жайылды ақ дастарқан елу құлаш. Ашылды Алтай, Арқа, Атырау көк Алатау «қайдан жүрсің, батыр-ау!» деп, О, шіркін, өз алдыма күнім туса, Бəріңді отыр едім шақырам, – деп.

Жаңғырып жатыр жан-жақ думан-думен, Бас қосқан бақытты сəт – туған күнмен. – Дариға, тіршіліктің рақаты-ай! – деп, Бауырлар, шетсіз-шексіз қуандым – мен. Кел қазақ, емін-еркін кеш əлемді, Қабыл ал құттықтау мен көп сəлемді, Қабыл ал тебіренген ақын жаннан Құйылған мына тұста осы өлеңді! 28 қыркүйек, 1992 жыл. НАУРЫЗ ҚАЗПИ-де ҚазПИ-дің мен айналдым аруағынан, Қашанда нұр саулаған шаңырағынан, Бəрі де содан шыққан, содан өскен, Ұлдардың «қазағым» деп салған ұран. Кешегі Байтұрсынның Ахметі, Көп тартқан қазақ үшін тақсіретті, Ол дағы дəріс оқып, аз күн жүрген, Жүз аттап босағаңды қасиетті. Ғалым аз Құдайберген Жұбановтай, Аханнан кейін туған бір алыптай. Еңкейіп есігіңнен ол да кірген, Сыйлаған аруағыңды құлазытпай. Одан соң басталатын ұлы шерік, Ұстаздар бір-біріне бірі серік, Сəрсекең Аманжолов келе жатса, Жол беріп, қақ жарылып тұрушы едік. Бəрі де өткен күн деп ойлағанда, Тарихтың теңізіне бойлағанда,

Келеді көз алдыма солар менің, Бұл күнгі наурызды тойлағанда. Қарт ҚазПИ, жаңа ҚазГТИ – бəрі, осында, Біз тұрмыз сол ұрпақтар арасында, Қазақтың білімі мен қасиеті Сақталған алпыс жылдай шамасында. «ЖАЗУШЫ» БАСПАСЫНА АЛПЫС ЖЫЛ Əлі есімде Пролетардың көшесі... Осы күнгі көп көшенің «шешесі», Əлі есімде... ескі көпес ескі үйі Көк темірмен көмкерілген шекесі. Біреуінде «Жазушылар одағы» (О, дариға, заман екен о-дағы), Екіншісі «Кихл» деген баспа еді, Сол одақтың бағынышты «боданы». 42 жыл бұрын, ия, осыдан, Мен сол «Кихлдың» санатына қосылғам. Төрт жыл бойы ойнақтағам төсінде, Кəрі ҚазПИ – ажырарда досымнан. Он алты жыл сонда жастық күні өтті, Өңшең отқа орап алған жүректі, Қайран менің қара шаңырақ мекенім, Адам етті, ақын етті, түлетті. Əлі есімде – Жақан, Айтпай, Қалмақан, Ғабдол, Фатих, Жаулыбайдай кəрі атан. Құлыбектің Абдолласы, Ғалекең, Сағынғали, Сырбай менен ақ Тақаң.

Əлі өзімдей жаңа өршіген желігі, Өлең-жырдың Төлеужандай көрігі, Жұмағали, Айтпай Шанжар, Тілеген, Құланбай, Жаппар, Қирабайдың Серігі. Əбдікəрім, Қабдыкəрім, Ізтайлар – О, дариға: күндер еді біз тойлар, Көбі кетті дүниеден солардың – Көкірегімді еске алғанда мұң жайлар. Оларды айтсам, сағынышым көпке ұзар, Қайран жүрек сондағыдай отқа зар. Басталатын ақындардың «шілдесі», Түс кезінде қайнаушы еді көкбазар. Жайнаушы еді сыры толы тостаған, Бүгінгідей ішіне су қоспаған, Сəске түсте Сəукеңдерге жолығар, Амантайлар таң азанда «тастаған». Сөйтіп жүріп қыруар жұмыс тынатын, Қолжазбалар жатпай ұзақ, шығатын. Қалың-қалың кітап болып сөреде Еңбегіңе көзің қунап тұратын. Арыстандар Мұқаң, Сəбең, Ғабеңдер, Олар келсе, жаңғырыққан сəлемдер, Жарқ-жұрқ еткен алтын, күміс таяқтар Қолдарына тұтқан ылғи кемеңгер. Бəрі менің кешегідей есімде, Өткен дəурен енді қайтып келсін бе, Қиялыңмен өзің іздеп бармасаң, Оны іздейтін бүгінгі ұрпақ сенсің бе? Сөйткен менің туған ұям – «Жазушым», Саған деген сезім адал, сөзім шын.

Бар қазақтың рухы сіңген мекені, Талантының тал бесігі өзіңсің. Сен асатын алда талай белес көп, Ол белесің – қиын күнің емес тек, Тұрады ылғи сені көрсем, ұлт жазған Көз алдымда таудай кітап елестеп. Магниттей көкірек көзін ұстайсың, Бұл тірлікте сен есімнен шықпайсың, Бұл күндегі алпыс асқан ақсақал – Бір кездегі балам ед, – деп ұққайсың. Қырық кітап, бəлкім, одан көп пе екен, Өзім жазған, сен бастырған түптеткен. Біздің өмір қанша екені белгісіз, Сен жасай бер, қарашаңырақ құт мекен! 14 қаңтар, 1994 жыл. «ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНЕ 60 ЖЫЛ «Қазақ əдебиеті» – қазақтардың газеті, Сорпасы көп осы күні, аз еті. Сонда да оның қара қазан басына Дəм татуға шақыратын əдеті. Мен де бүгін алпыс жылдық той-дəмін, Татамын-ау деген тəтті ойдамын. Сен дегенде, еске түсер қайдағым, Кең далама қаздай қанат жайғаным. Жайғаныңда талмай биік ұшқаның, Болды бірақ ала-құла аспаның, Нағыз қазақ өз тілінде сөйлейсің, Сен тұрғанда, қайтем сөзін басқаның.

Демегенмен «дүниені шайқадың», Мен де саған бастық болып байқадым. Ия, сен де ұмытпаған шығар деп, Сол кездегі орынбасардың айтқанын. Қарашаңырақ, қара қазақ сардала, Бұл қазақтың бар тілегі сол ғана, Сенем сені бетіне ұстап өтер деп, Мынау біздің етек-жеңі мол дала. Сен арқылы сөзім жерде қалған жоқ, Рахмет саған, көңілімде жалған жоқ, Əр əрпіңді көзім сүйіп, өзіңді Көкірегіме басып өтсем арман жоқ. «Қуыс үйден шықпау үшін құр ауыз», Өзіңе арнап өлең жаздым бір ауыз. Тағы жаба салмау үшін бір «жауыз» О, жасаған, газетіне нұр жауғыз! 14 сəуір, 1994 жыл. «КІТАПХАНА» ЖУРНАЛЫНА Сəлем, саған – сағындырған жас перзент! Сен қарыштап туа салып, өс, ержет! Бүкіл қазақ кең даласын арала, Малшылармен тауға шығып, төске өрлеп! Егіншілер, балықшылар, кеншілер, Оқыр сені, өз мүлкіндей еншілер. Жарқылдашы сен жастардың қолында, «Кел білімнің шарайнасы, келші», – дер. Солар ертең болашақтың тірегі – Өз ұлтымен бірге соққан жүрегі.

Біз мемлекет бола алмаймыз білімсіз, Білім ғана – бар құрылыстың сүйегі. Білім ғана – өркендеудің ақ жолы, Содан ғана елдігіңнің бар, жоғы. Көрінеді көлденеңнің көзіне, Осы бастан келешекке қамда оқы! «Кітапхана» – атың сенің тым ыстық, Жаңа таңда жарқыраған күміс шық, Секілденіп жанымызға Нұр тамыз, Сен құстай боп көзімізде жүр ұшып. Сені Абайдың аруағы жебесін, Сені Ыбырай ықыласы демесін, Сен айналып шағаладай шарықта Біздің жаңа ғылым, білім кемесін! Енді алдыңда айдай анық жол жатар, Сен арқылы ел сəлемін жолдатар! Сен жасай бер, жақсылықтың жаршысы, Саған бүгін мен тілеймін оң сапар! ҚОШ, АҒА! (Ғабең қазасына) Егіліп еңсе, санам мен Бар ақылым жылап тұр. Өзенім, тауым, далам мен Ана тілім жылап тұр. «Айрылдық шеберден Алтын таспа сөз өрген, Өзі елді үйретіп, Үйренетін өзі елден,

Кереметтердің кетері – Табиғат заңы ежелден». Ұзақ та дархан өмірді Кемеліне келтіріп, Кемерінен асырып, Өзіңдей кешкен адам аз, Шапағат нұрың шашылып, Өнерден соққан мұнараң Тарихта қалар шаншылып. Тірліктегі төр мен босаға Тірелген жері осы ара. Саяхатшысы жалғанның Атынан түсті, не шара? Жүгенсіз, ерсіз ат дүние Босана шапты, босана, Босана шапқан сол атты, Ауысып мінер ер сана. Болашаққа аманатты Айтып бір кеткен осы аға, Ел алғысын жамылып, Қазына берген қаншама, Жасайды атың мəңгілік, Қош, кемеңгер, қош Аға! Желтоқсан, 1985 жыл.

АҒАНЫ АҢСАУ Тоқсанға толған күніңде, Тоғыса алмадың халқыңмен. Көрісе алмадың дүние, Дүрілдеп тұрған даңқыңмен. Таусылды, тағат амалым, Даусыңды ғана тыңдатып. «Жоқ» деген қиын қамалдың Ар жағынан үн қатып. Ғайып боп ғажап кескінің – Патшадай мүсін, ай маңдай. Қағасың бұлдыр кешқұрым, Ауаға жұпар жайғандай. Қайтара алмай өзіме Алланың қатал бұйрығын, Көрінбей қалдың көзіме, Айбыны асқар биігім. Халықпен өмір бір кешкен Даңғайыр, дархан данышпан. Еңбегіңді айтып түгеспен, Қадіріңді айтып тауыспан. Сағындым мұңнан айықпай, «Қасымда жоқ» деп ағам да. Ескексіз мынау қайықтай Қалтылдап тұрған заманда. Баяны қысқа аз дəурен, Өтерсің сен де біздерден. Арыстандарды аңсаумен Арыстарымды іздеумен. 1992 жыл.

СƏБЕҢСІЗ ЖИЫРМА ЖЫЛ (1993) Жиырма жыл. Уақыт жұлдыз қалай аққан, Кеткелі Өмір-өлке уалаяттан, Кəдімгі біздің Сəбең – сонша мезгіл, Қазақтың онсыз таңы қалай атқан?! Деймін мен, деймін дағы таң қаламын, Сабазы кеше жүрген сар даланың Дүние кемесінен түсіп қапты, Тұсында «ажал» деген бір қаланың. Жиырма жыл – бəрі соның кешегідей, Ап-анық төрт амалдың есебіндей. ...Қасында қайран Сəбең келе жатам Даланың даңқы биік көсеміндей. Домалақ үлкен басын маған бұрып, Сөйлейді мені де бір адам біліп, «Есіңде қалсын» дей ме елдің сөзі Тұрғанда жер үстінде аман жүріп. Таяғы тық-тық етіп тасқа батып, Баяғы өткен істі баспалатып, Толқындай тоғытушы еді таудан аққан, Тыңдаушы ем ауызымды ашпай батып. Жүруші ек «кім асар» мен «Медеулетіп», Жолменен жалғыз аяқ белдеулетіп, Ішінде жұпар иіс қарағайдың Бірде тік, бірде түсіп, көлбеу кетіп. Айтатын Мұхтарменен шың асқанын, Үстінде əйдік айғыр «шалқасқаның»

Айтатын тас қияда тапа тал-түс Таласып екі айғырдың шайқасқанын. Тағы да талай-талай сөз кететін, Асықпай əңгімесін өзгертетін, Есіне түседі ылғи сол сағаттар Жас келіп əлсін-əлсін көзге жетім. Жиырма жыл – мынау дүние көшесінен Кетіпті өмір ағып есесімен. Ал, Апа, құйып жібер дəм татайын Сəбеңнің шай ішкен бір кесесімен. 16 сəуір, 1993 жыл. АУЫЛЫМ, ЖАҢА ЖЫЛЫҢМЕН! Қазақта қасиетті сөз «Ауыл» деген, Ел – деген, қара шаңырақ қауым – деген, Қашанғы ата-баба топырағы, Ұлғайған ұзын ұрпақ, бауыр – деген. Ынтымақ, ырыс, бірлік – бəрін құшқан Жалғыз сөз жаратылған сағыныштан, Есіме «Ауыл» десе, үйім түсер, – Ен жайлау, əке-шешем бар туысқан. Тарихта талай өткел, тар қыспақтан, Сан соғыс, аштық қырсық қан қақсатқан, Бəрінен аман қалған қайран ауыл, Мен үшін артықсың сен бар ұрпақтан. Артықсың қала, шаһар, хан сарайдан, Биіксің қаншама ақыл, қаншама ойдан. Кетеді тұла бойда қан шымырлап, Көрінсе көк түтінің əлдеқайдан.

Көк жалау желбіресе шаңырақтан, Келгендей ғажайып үн аруақтан. Сол тудың астына кеп ұялайсың – Алтайдан, Алатаудан салып «Аттан». Арқадан, Атыраудан, Дария-Сырдан Аспанға ақ тозаңнан жол асырған. Қол болып қара құрым қаптайсың Сен, Əдетің жер қорғағыш сан ғасырдан. Сар дала, салқын жайлау кең көсілген, Төсінен қалың бұлттай ел көшірген. Ауылым, ақ мекенім, панам, саям – Тербетіп тал бесікте мені өсірген. Кемітіп жатса біреу сені қорлап, Кетеді қаным қайнап, жаным зарлап. Намыстан өртенемін, оянады, Тереңде жатқан сөнбей шоғым жайнап. Сен маған сондай сезім берген жастаң, Арасын шарлағанда жер мен аспан, Көзіме көрінесің, алтын қазық Байлаған құлын күннен қозғалтпастан. Мен саған күндіз-түні ораламын, Жөргегім қабат-қабат оранамын. Сонда да мен көргендей боп, мəз боламын, Жанарын маған төнген жан-анамның. Білем мен халың сенің кəзір ауыр, Басыңда қымбатшылық, қиян дəуір. Алмайды қара еңбектен жаның дамыл, Бас босап ең болмаса жылында бір. Баяғы бір анадай аппақ жанмен Қаланы асырайсың сүтпен, нанмен.

Жалаңаш-жайдақ күйің көрген сайын Қиналам, өз-өзімнен қысылам мен. Əрине, дəрмен-ылаж жоқ қой менде, Жұмақты түсіретін көктен жерге, Дəулетті əкелетін ортаңа əкеп – Көргенім болмаса тек көппен бірге. Бар балаң өзімдей боп толғанса егер, Жабылып жағдайынды қолға алса егер. Байлығың басқа жаққа шашырамай, Жиналып бір сабаға қорланса егер. Береке, татулықты жиып тұрсаң, Уыздай уақытыңда үйып тұрсаң, Баяғы ата-баба батасымен Төменшік, пенделіктен биік тұрсаң. Сонда сен тез жетесің мұратыңа, Құтыңа, қуат қосып қуатыңа, Ел үшін мың шақырым жол жүрсе де, Баяғы арымайтын мін атыңа! Баяғы қажымайтын жолыңа шық, Ел едің жақсыларға жаның ашық, Жомарт ең ұсынғанда қолың ашық, Сол үшін болған саған бəрі асық. Тілеймін Жаңа жылда мол жақсылық, Өзіңе құдай сені жолдас қылып, Жасасын болашаққа жолбасшылық, Аман бол қазақ деген қараша ауыл. Отырмын осы өлеңмен қол тапсырып! Қаңтар, 1994 жыл.

Екі сегіз, Сегіз егіз – Менің алпыс жылымсың. Барлық өмірбаяным мен Бар ақиқат шынымсың, Кел, кəнекей, бар тамырмен Барлық қаным жүгірсін. Ризамын, айналайын, Əлі, жүрек, шымырсың! Сибка, Бəдеш, Деші маған: Өмір, Ғафу, қызық қой! Қызықтығын дəлелдеуге Балапандарың тізіп қой! Тізіп қой да, қорша мені, – Тірлік деген сызық қой, Сол сызықтан Шығып кетпесін, Ақын-мінез бұзық қой! Көпсінбесін Тағдыр бізше, Осы дəулет, рақатты. Рахмет, құдайға да Бізге бақыт тұрақтатты. Туған жылым, Алпыс жасым, Болсын маған тым-ақ сəтті, – Ал солайша бұл бокалды Алды Ғафу, бір-ақ тартты.

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҮЙІМЕ Қырық жыл, құдай бізді сақтағаннан, Қаншама асу-белес артта қалған, Қаншама қайрат жұмсау керек болды, Бітпеуге адал үміт, аппақ арман. Қырық жыл – ауыз үшін айтуға оңай, Өткелден өттік біздер талай-талай, Қайысты қабырғамыз, жан күйзелді, Аллаға жалбарынып қарай-қарай. Сан рет шаңыраққа төнді қауып, Қисайып, орта жолда жүгім ауып, Тұрғанда, жаутаңдадым жан-жарыма, Ол сонда шығушы еді жолды тауып. Тапқаны – дүниені сірестіріп Жинамай, жүрді жұртқа үлестіріп, Құдайдың күтуші еді несібесін, Құдай да қоймады оны түгестіріп. Қазақтың қасқа жайсаң сабаздары Бас қосты мұсылмандай намаздары, Соларға дəм татқызып, бата алушы ек, Содан да жүрек тозып, жан азбады. Мақтады ақ Бəдешті соның бəрі, «О, шіркін, жақсы болса ердің жары, Осындай болсын» деген дауыстары Жаңғырып құлағымда тұрады əлі. Зəрем жоқ тіл мен көзден сонда менің, «Уа, аруақ, уа, тəңірім, қолда!» дедім. Қолдады, бір ғажайып қуат берді Таусылмас дəмім шығар ол да менің.

Қырық жыл, қырық дұға, қырық шырақ, Жағайын, тағы жанға қызу сұрап, Қасыма келші, Бəдеш, ақ бəйбіше, Баяғы қыз күніңдей жылы ұшырап. Кеш мені, көп қажытсам бейнет беріп, Сабырмен соның бəрін сен өткеріп, Қозғалмас алтын қазық секілденіп, Тұрасың көз алдымда бөлектеніп. Ал, шүкір! Жеттік міне қыр басына, Жан болмас сенен өткен ұрғашыда, Қыпшақтың асыл тұқым, бір нəсілі Қасиетін үйіп-төккен бір басыңа! Болғанмен өзің – алтын, жарың – күміс, Тоздырмай қояр ма оны дүние-тұрмыс. Солардың бəрін көріп, солқылдамау, Емес ол бір пендеге оңай жұмыс. Адалсың, жаңа жауған қар секілді, Биіксің, жібек жабу нар секілді. Қырық жылда мен мақтамай, кім мақтайды, Жар болдың, жар болған соң жар секілді. Рахмет, не айтайын, қалқам, Саған, Риза, риясыз ортаң Саған. Өмірдің қалған жағын біз білмейміз, Əлі де көз тиер деп қорқам Саған. Бақытым, Ғафурам мен Əлимашым, Үш қарға – мен жасаған жарым жасым, Сыйлаған сенің маған үш маржаның, Құдайым тек солардан жарылқасын. Ағайын, айналайын құрметіңнен, Жерің жоқ ақ көңліме кір келтірген.

Бұйырсын сендерге де осындай той Əрқашан орын алып күн бетінен. Шығардым көңіл күйін, жан дыбысым. Осындай қуаныштың барлығы үшін, Ғафудың қырық жылдық қазынасы – Мынау бір шаңырағының саулығы үшін! 1992 жыл. * Арқаның жұтып келем самал желін, Мен үшін жоқ, Торғайым, жаман жерің. Бес күндей ат үстінен түсірмедің, «Ничего» – мен күн көрген адам едім. Мен де талың жайқалған далаңдағы, Қайда жүрсе, сен үшін алаң жаны, «Қойым көп» деп мақтанбан, «ойым көп» деп Сен туралы тебіреніп калам дағы. ҚОСТАНАЙҒА ТАҒЫ ДА СƏЛЕМ Əлі күнің шыққан жоқ, ақ таңың бар, Десем дағы шалқайып жатқаным ар. Ұшып тұрдым төсектен ұйықтамастан. Бауырым бар, сағынған қарттарым бар. Көп айтқызбас көкіректе нала жатыр, Бəрінен де сен күшті, ана батыр. Шашы ағарып, шаршауға жолдас болып, Ғафуың да қартайып бара жатыр.

Кешір мені, кеш, Тобыл, Қостанайым! Əлі күнім батқан жоқ, бастан айым, Қадірменді қабыл ал, Қостанайым, Таңнан тұрып өзіңе сəлем жаздым. Алыстағы бір уыс топырағым деп, Ата болып, ақ тілеп отырамын деп, Тілсіз айтқан бұйрығың маған жетер, Керек болған күніңде шақырамын деп. Өне бойда шымырлап қаным тасып, Қоя берді жүрегім удай ашып. Анау жақта мені іздеп Тобыл жатыр, Ашуланып аузынан көбік шашып. Бұл жалғанға шіркін-ау не болған деп, Жат болуға патшағар жаралған деп, Өңшең өгей ұлдарды туыппын деп, Өзіме де обал жоқ, о, жалған деп. Оныкі де дұрыс қой ойлағанға, Басына күнде бір белгі қоймағанға, Жатады ылғи ұлдары атаусыз қап, Өзгелерді мадақтап тойлағанда. Өкпелеуге жөні бар толық оның, Өкпелеуге бірден бір жолы келді. Тарих деген анаға қазақ атты Осылардан кім жақын болып еді? Хақысы бар біздерді басқа ұрса да, Қағып алып қайтадан тасқа ұрса да, Мына дүние даңқыңды жеп жатқанда, Тышқанша да, түлкіше, қасқырша да. Соны біліп, болады жаным алаң, Жүрек деген семсерді жанып алам.

Қолда барға шүкірлік деген бар ғой, Жалынамын қолдай жүр, жаным анам! Отаны едің орнықты сан сабаздың, Жан түкпірін сен үшін қанша қаздым! Перзентіңді бір ұқсаң жарар еді-ау, Сағындым ғой мен сені, Қостанайым! ЖАҢА ЖЫЛҒА СӨЗ Қош боп тұр, мың тоғыз жүз тоқсан екі, Тағы да өкінбес ем соқсаң екі, Мен үшін жомарттығыңа ризамын, Демеймін əрбір күнім босқа өтті. Ақын ем жүрегім – от, жаным – жалын, Рахмет, соның бəрін қабылдадың, Жетектеп бəйбішемді, Бəдешімді Қырыққа толды менің шаңырағым. Мен сенде жұлдыздай боп жарқырадым, Тежемей шабытымның арғымағын, Жаздым мен бұрқыратып туған елдің Тарихын – бергі жағын, арғы жағын. Бір түрлі арқаланып, алдым қызып, Аққудай арманымның бəрі жүзіп. Көңілімнің айдынында тұрып алды, Көрінді дүниенің бəрі қызық. Екен ғой еркіндігім, азаттығым, О, соған əсер еткен ғажап бүгін, «Əлемнің қоры ма» деп жүруші едім, Дариға-ай, жақсы екен ғой қазақтығым.

Мен сенен көргенім жоқ қапалық күн, Қасиетті адамдардан хат алыппын. Ақталып ескі еңбегім, жаңа еңбегім, Мен сенде «Халық ақыны» атаныппын. Халықтың айналайын атынан мен, Қашанда аруағын шақырам мен, Қолдаған сол еді ғой ұзақ сүйіп, Сыйлаған ыстық көңіл, тəтті дəмін! Мен сенде ұмытпаймын жолдарымды, Астары арыстардың, тойларыңды, Ұмытпан Қостанай мен Арқалықтың Құрметті азаматы болғанымды. Ұмытпан қуаныштарын жанұямның, Тасыған толқынындай дарияның. Аруы астананың атанғанын Алғашқы өз немерем Мəдинаның. Тауыспан көрген қызық, құрметті мен, Бəрін де ең бақытты күн деп білем, Туған жер, осылардың бəрі үшін де Өзіңе борышты – мен, міндетті – мен. Ескі жыл, мың тоғыз жүз тоқсан екі, Сондықтан артығы жоқ соқсаң екі. Жаңа жыл, қайырлы бол сен де сондай Тарихтың үмітпенен ашқан беті! Жаңа жыл, жаңа бақыт ала кел Сен, Ол сенің құдіретіңе болады өлшем, Не жетсін, о, дариға, жаңа жылда Бəріңді құттықтауға аман-есен!

ШАШУ Қазақстан – менің туған анамсың, Өзгеде жоқ, өзімде бар даласың. Кеңдігіңмен, молдығыңмен момақан, Ақыл, сабыр үлестірген данамсың. Қазақстан – ғажапстан жер дүлдүл, Болашаққа самғап ұшқан сен бір жыр. Ол таусылмас, ол сарқылмас өзіңдей, Оны талай жырлап өтер ер бұлбұл. Қазақстан деген жалғыз сөзбенен, Салмақтырақ тарта берем өзгеден. Ең шетіңе қойып қойған белгіңдей, Жолаушыға сені іздеген кез келем. ТРТІНШІ БЛІМ АРДА3ТАР Бір слемге атын т$сіп беретін, 3айран бізді& бабаларды& заманы-ай.

ЖƏКЕҢ АУЫЛЫ Алматыдан шыға келсең көз алдың – Көк бөрікті Жəкең ауылы – өз ауылың, Шығады одан қара шаңырақ иесі, Қара қазан, қара саба, ожаудың. Шығады одан бесік исі, сүт исі, Құдай əсте арылтпаған құт исі, Арылмаған балалардың аузынан Айран исі, құрт исі, қатық исі. Түтін исі, анаң жаққан от исі, Тердің исі, атаң мінген ат исі, Көрік исі, көмір исі ағаштың, Темір исі, ескі үзеңгі – тат исі. Өлең исі, күмбір-күмбір күй исі, Қой маңырауы, қара малдың күйісі, Балалардың төбелесі, күресі, Ел аулақта ғашықтардың сүйісі. Ұзынағаш, Қара Қастек, Үш Қоңыр – Төрт мезгілде алуан-алуан түсті өңір. Келтірмейді соларды еркін жайлауға Қайран біздің шолақ өмір, қысқа өмір. Жəкеңдей боп шама қайда жүз жасар, Жаратылдық жазмышта біз нашар. Тоқсан жаста ғашық болған Жəкем-ай, Қырық жаста қасымыздан қыз қашар. Қайран ауыл, қайран бауыр, көп туыс, Алматыда тығылатын жоқ қуыс. Кəзір кетем, атым, əне, дайын тұр, «Жамбыл» деген жазуы бар автобус! Қараша, 1993 жыл.

КҮННЕН ТУҒАН Күннен туған, Ғұннан туған Пайғамбар. Мағжан Рас қой, күн перзенті, шынында, ақын, Бəрінен күннің оған нұры жақын. Жердегі құдайлардың басын иіп, Бəрі де алдына кеп жығылатын. Өйткені оның оты шарпымайтын, Тірлік жоқ, шарпығанда балқымайтын. Тас та жоқ, тақыр да жоқ өзге түгіл, Алланың елшісіндей аты да айқын. Қолына қалам алса құдіретті, Ұршықтай үйіреді ол жер мен көкті. Ұшқан құс, жүгірген аң, жүрген адам, Бəрін де көз алдында көлбеңдетті. Не дерсің, тəңірі демей оны сонда, Жерге бір келіп-кетер анда-санда, Болады ел де жесір, жер де жесір Болмаса бір ақыны əрқашанда. Сондай боп елестейді Мағжан маған, Мейлі ол адам дерсің бағы жанбаған. Алайда ақындықтың аруағын Көтерді биігіне армандаған. Не керек Ел қазақты бір шулатты, Салды да ауызына мың шумақты. Ана тіл, Ана жырдың бұлағынан Таңдайын талайлардың сусындатты.

Ондайлар жер бетінде көп тұрмайды, Көп тұрып, атына кір жұқтырмайды. Жүргендер құдайды да күнде боқтап Қадірін əулиенің ұқтырмайды. Сондықтан аз ба, көп пе алдарқатқан, Ақынға жол болады алғыс айтқан. Сүйегі қалды қурап сан ант атқан. Бір кезде ақынды атқан, аққуды атқан. Басына туды жақсы бір кезек күн, Ақынның ақ бесігі – «Жолды өзектің». Ал енді тербеліңдер, ақ қайыңдар, Арманға сан жыл айтқан сен де жеттің. Ал енді шайқалыңдар, қарағайлар, Басына биік-биік тарады ойлар, Тарады алтын жаңғақ, асыл сөздер, Соны айтып, туды күнің бір айғайлар. Арулар, қақтырыңдар, əн қанатын, Тəн балқып, қызығына жан қанатын. Түсетін маржан десе – Мағжан аты, Оралды енді бүгін қайран ақын. Оралды бар көркемдік, сұлулық та, Есімі бұлдыраған бұрын жұртқа! Тарихтың бұл да берген бір сабағы, Ешқашан ақындықтың туын жықпа! АХАҢ ТУРАЛЫ ОЙ Жаралып асыл Торғай топырағынан, Қазаққа болып кеткен ортақ ұлан. Ұлдар көп, ең бастығы Байтұрсынов, Ахаң деп, өз ағам деп, Ел таныған.

Ол өткен ауыр жолдар, асыл жолдар Болашақ асылдардың басын жалғар. Ілінген мəдениет сарайында «А» деген əліппеңнің басында ол бар. Əуелден бас болуға жаратылған, Жарқырап жарық жұлдыз дара туған. Əр сөзі – пайғамбардың тасбиығы, Əр тасы дұғаменен таратылған. Қасқиған қазағыңның кең маңдайы, Далаңның жеткізбейтін жер шалғайы, Көз тіккен көлеміне көк аспанның Түнекті түріп түскен найзағайы. Данасы қазақ түгіл Ер түріктің, Тарихы жеті ғасыр, жеті жұрттың. Миына керуендей түнеп қалған, Шыңына шыға алмаған ентігіп күн. Қопарып, қорда басқан тіліңді аршып, Қолыңа қайтып берген сынын ашып, Ақылмен Ай сынығын Айна қылып, Көр деген көлеңкеден жүзіңді ашық. Алламен аты қатар Ахаң еді, Бүгін де алғысымен атар Елі, Атыңнан мен де айналдым, қайран Атам, Əрқашан тастамасын батаң мені! Торғай.

БИ-АҒАҢ ТУРАЛЫ ЕКІ ӨЛЕҢ 1. Бір уыс топырақ Жармағанбет баласы Бимағанбет, Бүкіл халық атаған Би-ағаң деп. Ол еліне көп қызмет етсе-дағы, Құдай оған көп өмір сыйлаған жоқ. Көк құдайдан жер құдай болып басым, Амалың не қырсыққа жолыққасын. Таңғажайып тарихи жолында оның Тынды сұмдар жеткізбей алып басын. Ол тəңірінің қасында отыратын, Адам еді-ау құрандай оқыр атын. Жабыққанда жанына медеу етіп, Қайран елі əулие, пір тұтатын. Дəл осылай алыпты туғызамыз, Туғызып ап, желкесін қиғызамыз. Бір талантқа жүз итті салып қойып, Талатамыз, жұлдызын жұлғызамыз. Жылдар өтті: «Ол ғажап еді» дейміз, Жиналып кеп, жоқтаймыз, еңірейміз. Тыямыз да тез сосын тегін жасты, Тарихтағы орынын белгілейміз. Солай-солай озады өмір деген, Салдыр-салақ баяғы көңілменен. Қаншама елдің сабазы қалды жерде, Ең болмаса дұрыстап көмілмеген. Солғаннан соң тасталған орны ақық, Əйтеуір бір топырақ тауып алып. Бір уыс қып əкелдік туған жерге, Жұбаныш қыл көңілге соны, халық!

Біздің қолдан келгені болды сол-ақ, Осылай тастап кетеді дүние шолақ. Туғанда да бір уыс топырақ едің, Өлгенде де бір уыс топырақ қалады. Дүние, пəни шындығы бұл да мəңгі, Көз жасымен ұзату қимағанды. Жүз жыл бұрын бір топырақ бұрк, ете қап, Жүз жылдан соң жеріне ол оралды! Біз де соған шүкір қып, кəне, жұртым, Оралды деп ойлайық Би-ағаңды! Қостанай, тамыз, 1994 жыл. 2. Ескерткіш Сонау шаһар Уфадан, Медреседен енді елге, Сағынышпен сусаған Бала шəкірт келгенде. Одан бергі Троицк Мешіттері самсаған. Жеккендері пəуеске Бай ноғайлар қоршаған. Сол шəһардан жас жігіт Білім алып, ой тапқан. Болашаққа асығып Шыққан беті «Айқаптан». Яки талай жол кешіп Қарабалық, Бөрліден. Баяғы бір тал бесік, Туған үйден көрінген.

Қыр астынан шығатын Қайран алтын Қостанай. Жатқандай боп түн қатып Керуен қонып, көш талай. Сонда болған осы алаң – Қостанайдың қақпасы. Тоғыз жолдың қоршаған Тоқайласқан қақ басы. Осы араға Би-ағаң Талай-талай кеп түсті. Бір қолында шамадан, Бір қолында кепкісі... Жетпіс пе əлде, сексен жыл Өткен болар арада. Артта қалып кешкен жол, Алда туған қалаға. Тағы оралып тұр міне, Бар шабыты бабында. Сол бір тірі күнінде, Сол бір жайсаң шағында. Сол баяғы асыл күй – Бізге мəңгі мақтаныш. Кел, əлеумет, басыңды ій, Кел, жолаушы, аттан түс! Аттан түс те, сəлем бер, Бүкіл қазақ сыйлаған. Бəрің сүйген кемеңгер – Алдында тұр Би-ағаң! Қостанай, 3 тамыз, 1994 жыл.

ІЛИЯС ОМАРОВ Қанша мадақ, асыл сөз, алтын өлең Айтар едім ақындық салтыменен. Айтар едім шабытты шарқ ұрумен, Кеудемдегі найзағай жарқылымен. Қорқам бірақ, қор қылып алам ба деп, Жеткізе алмай босқа əлек болам ба деп, Сонау биік қызметін Ілекеңнің Халқына деп, атқарған қоғамға деп. Кең жаратқан тəңірім даласындай, Көңілі мол көл-дария шарасындай, Бір көргенде бауырына басушы еді-ау Үлкенсімей немесе баласынбай. Бір көргенде шұғыласын жайып саған, Сала берген ақылың, байып санаң, Сəлемі үшін атыңды түсіп беруге, О, дариға, сол еді лайықты адам! Қашан, қайда болмасын жолы жарық, Тараушы еді алдынан толы халық. Бақытты боп шығатын талай қазақ Есендесіп бір кетсе қолын алып. Қиын заман байлады қолын əттең, Іс істетпей ақылы, ойына тең, Адам еді жоғыңды бар қылатын, Шебер еді жартыны бүтін еткен. Мына күнде керек-ақ адам еді, Ел тұрғанда жыртылып жаға-жеңі, Жалғыз өзі – асқар тау, панаң еді, Арқаң еді сүйенсең, ағаң еді.

Адамдарды азбаған сондай алтын, Сағынғанның айыбы жоқ қой, халқым! Өзі түгіл, сөйлеген даусынан да Лебі есетін даланың қоңыр салқын. Орыс, қытай, ағылшын, неміс, түрік Заманында сыйлаған тегіс тұрып, «Қазақ екен мынау да!» деген бəрі, – «Құдай асықпай жаратқан келістіріп!» Адам аз ба кісіге мəз оты жоқ, Жақсылықсыз, жағымсыз əдеті көп. Ілекеңдей жайсаңдар келіп кетпесе, Дүниені дүние деп қажеті жоқ! Заман заңы – жылдардан жыл өседі, Зулай-зулай ұлғаяр күн есебі, Сенемін мен, Ілияс Омаровтың Рухы да қазақ үшін күреседі! 27 қараша, 1992 жыл. МҰҚАН, СЕНІҢ ЖҰЛДЫЗЫҢ... Мұқан, сенің жұлдызың таныс маған, Шығысында аспанның қоныстаған. Сол жұлдыздан бір ғажап үн келеді, Қазақ атын шақырып, дауыстаған. Дауыстаған, биікке жетелеген, Көкжиектен көз ашып ертеменен. Ел рухын көтеріп, аскақтатып, Ұран болып құлаққа жетеді өлең. Тұла бойым шымырлап сонда менің, Іштен тынып, шығады зорға демім.

Салтанатпен қалшиып қалам қатып, Шепте тұрған батырдай қорғап елін. Мейлі ол маған əн ұран, ел ұран ба, – Аруағымды оятқан ылғи таңда. Шабытымды шақырған шаңқай түсте, Күй боп мені тербеткен күн батқанда. Бəрібір сол – аяулы жұлдыз үні, Мені бастап жүреді күндіз-түні. Оны естісек, құлақтың амандығы, Яғни біз өмірде жүрміз тірі! Мен айналдым сонау бір құт жұлдыздан, Мен айналдым халқымнан ұл туғызған, Мен айналдым Мұқанның құдіретінен Бар қазақты алдында тік тұрғызған. АТА ЖЫРАУ Сонау бір Абылай-заман алыстағы, Қазақтың қасқа маңдай данышпаны. Ханы да, батыры да бас шұлғыған Адамның алтын жалды Арыстаны. Есіме Бұхар түссе, таңдай қағам, Дүниеге келген-ау деп мұндай да адам. Зар болған бір сөзіне өткізе алмай Байың да бар дəулетін мыңды айдаған. Бұхардай буып-түйіп айта алар ма Бір сөзін бүкіл ру тайпаларға, Тоқтаған қашқан керей, босқан арғын, Жүре алмай Қыпшақ жүгін тартқан арба.

Түстікте Үйсін-аға, батыста Əлім – Сөзімен шешкен түйіп шатысқанын, Жүгінткен Абылайдың алдына əкеп, Тоқтатқан ағайынның айтыстарын. Төккенде жыр маржанын түйдек-түйдек, Жүк болан тарта алмайтын атан сүйреп. Қазақта қасиет сөздің қазынасы, – Бұхардай бұл тарихта адам сирек! Бұл күнде үш жүз жылда жиырма беске Толғанда, түсер ғасыр ғұмыр еске. Қазақтың қандай халық болғандығын Сол Бұхар дəлелдеген – Ұлы емес пе? Не айтайын Бұхар десе, бұдан басқа, Бір сөзім бермейтұғын бір алмасқа, – Тілеймін – тағы да бір Бұхар тусын, Тағы да ақыл айтар алты алашқа! ƏБІШКЕ Жаным Əбіш, жігіт болдың еңселі, Мəжіліс құрар ордалы да кеңселі. Өмір бақи жақсы көру – міндетім Жүрегімнің күші жетсе, мен сені. Неге? Не үшін? Оны өзің білесің, Бұл өмірде тек жақсылық-үлесің. Ақылымның айнасында жарқылдап, Жүрер ұзақ Əбіш деген бір есім!

ГҮЛНАР-АПА (Міржақыпқызы Дулатоваға) Мен атыңды бала кезден естідім. Содан бері жоқ ұмытқан еш күнім. Тағдыр-дауыл қоймай қуған қаңбақтай Көз алдымда тұрды сенің кескінің. Өйткені мен Жақаң туған өзені – «Қоңыраулыда» еңбек еткен кез еді. Жақаң аты-оңашада айтатын Сол ауылдың шалдарының сөзі еді. Мұнарытып қыстың күні батқанда, Малын жайлап, ел ұйқыға жатқанда, Төнтер деген жағы талмас бір жырау Сұлтанбектің хикаясын айтқанда. Жорғалардай жолсызбенен жосатын, Арасында Жақаң атын қосатын, – «Сұлтанбектің нағашысы болатын, Ол жарықтық өзі көсем, өзі ақын». Деп қоятын, құлағыма сыбырлап, Бір тарихтан суыртпақтап, сыр ұрлап, – Қалып еді ол сабаздан жалғыз қыз, Қайда кəзір, тірі ме екен, сол бейбақ?» –

Сөй деп қойып, «Гүлнар-ай!» деп əн салып, Отыратын көзіне сəл жас алып. Жас Сұлтанға жазған Жақаң өлеңін Тағы айтатын, қайғысынан босанып... Одан бері жарты ғасыр кетті өтіп, Жадымыздан Жақаң атын шеттетіп. Жер бетінде өзің жасап келесің, Оның гүлін көкірегіңде көктетіп.

Михнатың мен азабыңды мен айтып, Қайтем бүгін қасіретіңді молайтып. Беки-беки тасқа айналған сабырың Тарих жолында қала берсін солай тік! Есту үшін жақсы əкенің жақсы атын, Тірі болу, шыдау еді мақсатың, – Сол арманға жеттің бүгін, Апатай, Бас қатырман айта беріп басқасын. Қайран Жақаң қайта келді халқына. Сен де бүгін алақайла, жарқыра! Бір де болса, бірегей ғып бір қызды Рахмет оған тастап кеткен артына! ІНІМ ƏБДІСАҒИТ Мен аға боп, сен іні боп жүргелі Тіршіліктің өтті талай күндері. Мемлекетке үлкен еңбек сіңірген Сен бүгінгі азаматсың іргелі. Жəй сөз емес, оның ғажап дəлелі – Сен жобалап, салған үйлер əдемі, Астананың көркі болған сарайлар, Ел қазақтың болашаққа сəлемі. Адамдарды еш алаңсыз сүйдің сен, Ішін нұрға толтырдың сан үйдің сен, Сол адамдар рақатты көрсін деп, Көбін бердің көкіректегі сыйдың сен. Тағдыр сенің жүрегіңе нəр еккен, Сол нəріңнен төңірегің дəметкен. Жаның жұмсақ, тұла бойың толып тұр Туа біткен мəдениет, əдеппен.

Ауырма сен, үйір болма дертпенен, Сен керексің шаруамызға көптеген. Азаматқа зар боп қалған заманда, Сендей-сендей бізге жігіт жетпеген. Қуанышқа да, қайғыға да ортақсың, Əрқашанда көп тілегі қолдап шын. Əрқашанда жаманаттан алыстап, Жаның сенің жақсылыққа жол тапсын! НАРИМАНҒА Сен менің бар жағынан бауырымсың, Облыс, ауданымсың, ауылымсың, Қашанғы республика қайраткері – Ұстаған ел көзіне тəуірімсің. Көтеріп туған жердің абыройын, Жұмсалды бір сол үшін ақыл-ойың. Тек қана адал еңбек арқасында Биіктеп қатарыңды тұрды бойың. Демедім сені біреу сүйеді-ау, – деп, Біреудің не құдасы, күйеуі-ау, – деп, Ойладым аруақтардың арқасы-ау, – деп, Өйткені жақсылардың сүйегі-ау, – деп. Қолдаған екеумізді құдырет – бір, Біз туған топырақ бір, қан, жүрек – бір. О, дүние, өтіп кеткен қанша заман, Алпысқа сені бүгін келді деп тұр! Бала едің мен көргенде он үштегі, Жарбиған қоян тымақ, тон үстегі, Белгісіз болашақта кім болары, Үлесі дүние-базар бөлістегі.

Жасайды уақыт шіркін кереметті, Табиғат сені ақылды, зерек етті. Арада жылдар өтті, ауыл түгіл Бар қазақ сонда сені керек етті. Мақтанып арасында ағаң жүрді, Меңгеріп өзі дағы тəмам жырды, Сондықтан айырықша қуанышым – Тұрғанда артқа тастап алпыс жылды. Аллаға барлығы үшін рахмет – Алыңдар байғазыға осы өлеңді! Маусым, 1994 жыл. ЖЕҢЕШЕМ (Бикен Римова) «Біздің Бикен!» деген сөзді сыйғызып, Соғар едім ұста болсам бір жүзік, Арнар едім соны саған, жеңеше, Жетпіс жаста жас келіндей тұрғызып. Ондай менің жоқ қой, əттең, өнерім, – Жүзік болсын жазған осы өлеңім. Жүзік тозар, ия болмаса жоғалар, Ал өлеңнің тозбасына сенемін. «Халық қызы», менің жеңгем Бикенім», – Десем саған, жақсы бағаң – бұл сенің, Өнеріңе алпыс екі тамыр мен Бəрі балқыр жетпіс екі жүйкенің. Сен жеткіздің мың əйелдің мінезін – Сахнада өміршідей бір өзің,

Барлық миды, бар жүректі биледің, Өнер-аспан, Ай да өзің, Күн де өзің. Бəлкім, ақын асып кетсе, кешірім, Жеңгесіне тең таппаса, несі мін, Еркелеймін, əрі именіп, сыйлаймын, Ертелі-кеш естілгенде есімің. Сен ағамның, Шахаң шаһтың жарысың, Құшақтаған ел қазақтың арысың. Неткен сенің бақытты еді білегің, Неткен күшті махаббатың, намысың! Бəрін-бəрін білем, сезем жүрекпен, Ол тарихқа енді талай жыл өткен, Сен бөлендің құрметіне халықтың Талант деген құдай берген құдыретпен. Бəрі де бар – Атақ, даңқ, Абырой, Салт-салтанат, салиқалы сабыр, ой. Тек Шахаң жоқ – əттең, мұның бəрінен Бір шалыңның болғаны да тəуір ғой. Сен артиссің, жазушысың, данасың, Жетпіс асқан Бəйбішесің, анасың, Бірақ мынау тойыңда да, ойымда Сен мен үшін Жеңеше боп қаласың. 5 қараша, 1993 жыл.

ШАХАН МУСИН (80 жасына) Сонау-сонау Колыманың түбінен, Талай сабаз сүйектері шіріген Мұз-моладан қайта-қайта түре кеп, Өліп барып, қайта-қайта тірілген Қайратыңа таң қаламын, ағажан, Кескініңе қарап тұрып бүгін мен! Айнымайсың Аспаһани қылыштан Соққан бір кез асыл болат құрыштан, Батырлардың балуан қолын талдырып, Шыққан талай қанды қырғын ұрыстан, Шын мықты екен сені солай жаратқан Көкте отырған құдай деген бір ұстаң. Тамаша актер, сергек сері, жақсы ақын, Құпия жан – ешкім білмес мақсатын, Такаббар ұл таудан биік кеудесі Адам түгіл, бұлт табаны баспайтын, Осы күнгі осал тұқым, нəсілден Ондай ұлды туа алмайды еш қатын. Шахаң-Шахаң – шаң жүрмейтін маңынан, Таза туған ақ сүйектер табынан, Дауыл соқса жығылмаған бір шынар – Тағдыр өрті талай оны қарыған, Көргіш екен Рабиғадай қасқыр қыз Азаматтың арыстанын таныған! Сексенде де сенде жанар ұшқын көп, Қызығамын отқа бірге түскім кеп. Қызығамын «өмір» деген сахнада Ең болмаса бірге ойнауға үш күн кеп. Мақтанамын мен де бірге жүрдім, – деп,

Жүргеннен соң бірге шарап іштім, – деп. Бар бол, Шаха! 21 желтоқсан, 1993 жыл. ШЕРХАН ДОС Жылдар, жылдар... Кешегі керуен жылдар... Жолдар, жолдар... Ол жолда кім жоқ, кім бар, – Түгендейтін тұрып ап қыр басында, Кеше бота, Жүк артқан бүгін бір нар. Дүние солай өтеді қайрылмастан Кешегіні бүгінмен айырбастап, Ағаң менен ініңді алмастырып, – Жоғың менен барыңды жайып тастап. Шерхан, Шерхан! Отыз бес жыл бұрын, Сен, Жігіттіктің сүйреткен шылбырын, Сен, – Құнан едің құлдилап қырдан асқан, Бірде түзу, жүгірген – бір қырын, Сен. Көп шабыстың ішінде кім аңғарған, Шығарыңды бұл күнде бір аңғардан, Шығарыңды шырқырап атқан оқтай Тосарыңды тозаңды бір-ақ алдан. Сол шабыспен алты қыр, алты саты – Келіп қапсың бір шыңға алпыс атты, Ауыстырып ылаумен алпыс атты, – Ауыстырып сақалға жастық шақты.

Енді ұйқының төбеңде бұлты сиреп, Сені де алға шығарды жұртың сүйреп, Сенің дағы аузыңа ел қарады, Азаматым бар ғой, – деп, арқа сүйеп. Ал таң атты, күн шықты, сені оятты, Мемлекет жалауы көк байрақты. Қанат қақты, парламент қоңырау соқты, Үзеңгіге, батырым, сал аяқты! Қақпа ашылды, сықырлап жөнелді есік, Біз тұрайық ентелеп, елеңдесіп, «Ұлт туралы сөйлеуге, трибунаға Шерхан шығып барады» дегенді естіп. ƏСЕТ ДОС Əсетжан, əсем достық алауысың, Жығылмас Адамдықтың жалауысың, Ел үшін, ел сыйлаған заман үшін, Мен үшін, жарым үшін, балам үшін. Достығың отыз жылдан асты міне, Қырықта қылшылдаған жас күніңде Сенімен кездесіп ем құшақтасып, Ант беріп, айрылмасқа бас тігуге. Елестер сені көрсем қазақ жұртым, Білдірмей сол кездегі азын ұлттың, Көбейткен берекесін, аманбысың – Уа, менің Көкшетауым, Қазығұртым! Халқыңа қызыл судай беделіңмен, Бір жаса сері көңіл сен еліңмен, Қиыннан қайыспаған қабырғаңа Сүйеніп əлі күнге келемін мен.

Сапырған дүниені Сыр суындай, Қайратың қара нөсер бір суынбай, Тағдырдың қырсығына қылыш ұрдың, Құдайдың қолындағы ұршығындай. Зорықпай, талықпай да танауратып, Басыңнан уақыт бұлтын сан аунатып, Тұлпарым, тұяғыңа шаң жұқтырмай Жетпіске жетіп келдің жалаулатып. Ал соған қол соғады Ғафу досың, Тірліктің бірге кешкен алтын көшін, Айтамын құтты болсын Көкшетаудан, Алладан əр тілегің мақұл болсын! Сəлем де балаларға, Қапираға, Сəлем де қара шаңырақ қарт ұяңа. Барармын базарлыққа өлең артып, Қалсам да қатыса алмай қапияда. Қашанда достық – деген атпен өскен, Қабыл ал «қайран досым, қап!» деместен. Сəлем де ел-жұртыңа тойлап жатқан Кəдімгі қара Ғафу, ақ Бəдештен! 11 қыркүйек, 1990 жыл.

СЕЙДАХМЕТКЕ (жыр-шашу) «Қалың қазақ ішінде Жомарт еді Сейдешің, Өзім деген кісіге Шешіп берер жейдесін!». Сырты қара, іші ақ, Қоян ішік секілді. Қыста кисең ыстық-ақ, Балқытады етіңді. Бауырыңды жібітіп, Бал мен жеміс жегізген. «Маңдай алды жігіттің – Осы нағыз» дегізген. Кеше көрген туысың, Бүгін тапқан жолдасың. Іс істемес күні үшін, Өзі мықты болғансын. Бақ дəметіп, шен сұрап, Жерлестігін сатпаған. Көзден жасы тамшылай Көмек сұрап жатпаған. Жар саулығын тілеген, Ар саулығын сұраған, Аруақ өзі сүйеген, Аллаң өзі құраған. Жүдеу тартқан шағында Қыдыр кетпей маңынан. Қайта түсіп бабына, Қайта дəулет дарыған.

Атақты Медеу – бай жомарт, Адамзаттың асылы. Туған соны қайталап, Сейдахмет нəсілі. Текті атаның баласы Тартпай қоймас нəсілге. Асып толса қанасы Айналатын теңізге. Мың қойыңның ішінде Ақ мүйізді бір қошқар, Хан келсе де кішірмей, Қамшы тастап, сөз бастар. Арғы атасы – Қасқарау, Бергі атасы – Қарасай, Белде күміс таспа-бау, Өңіріне жаға сай. Емен садақ өңгерген, Еңсесінде ақ сауыт. Асу-асу жол көрген, Асау жауға көп шауып. Айта берсең, жетпейсің, Ердің арғы түбіне. Бір айналмай кетпейсің Құт құйылған күбіге. Сол Сейдешің келіпті Міне бүгін алпысқа, Нені көрді, нені ұқты Өмір деген тартыста? Соны айтайын деді ме, Қаптап келген еліне,

Елін баққан еріне Ер туғызған жеріне. Ия, тыңдайық, тыңдайық, Сөйлесін, дос, сөйлесін, Көп жасасын халайық, Қара бала, қара шал, Қара тұлпар Сейдешің! 5 маусым, 1993 жыл. БАЙҒАБЫЛДА БІР БАЛА Байғабылда бір бала əннен туған, Ол барында арылмас елден думан. Торғын толқын мінгізіп өркешіне, Күн шыққанда көмейін нұрмен жуған. Қайырмасы: Шырқа, бауырым, Туған аулың, Қуанып, соқсын қолын. Өткен алғаш, Сан сандуғаш, Бір саған берсін жолын. Байғабылда бір бала сайрап тұрған, Таңдайынан бал құйып таңды атырған. Боз торғайы даламның сен жасай бер Өнерімен талайды таң қалдырған. Байғабылда бір бала əн аулаған, Бірде шалқып, бір қалқып баяулаған. Туған жерді сарғайып сағынғанда, Соны ғана тыңдасам болар маған.

БАУЫРЛАРДЫҢ БАТАСЫ (Олжасқа) Қазақтың ұлы, Олжасым! Аруақтар сені жебесін, Құдайдың өзі қолдасын, Қиын-қиын сапарда Қыдыр болсын жолдасың. Қырғи талант, қылыш тіл Ел атынан сөйлесең – Дуалы ауыз қорғасын! О, Олжасым, Олжасым! Бауырлармен бөліскен, Жиған-терген олжасын, Қиын күнде қол беріп, Қия шыңнан жол көріп, Тіккен үміт ордасын, Сен секілді ерлердің Еңсесі төмен болмасын! Саған жаулық сағынған, Жауыз жандар оңбасын. Қамқоршы болдың сен елге, Кешегі күні Семейде Халықтың көріп көз жасын, Тыйғызған ажал бомбасын. Бəрін айт та, бірін айт, Ұзақ та болсын өз жасың. Қадір алла, қабыл ет Бұл тілектің əммəсін! Аумин! ЕЛДІҢ ЖАҚСЫСЫ Көңіл серігі,

жанның құрдасы. Жаһанның байлығы, жалғыз бір басы. Елдің жақсысы, жақсы баласы, Сенен тілегім – сағындырмашы! Өмірге өкпем жоқ, бəрі бардай-ақ, Қалмадым ел үшін, қайран жанды аяп. Елдің жақсысы, ідесем сирексің Қос өркеш биік қомды нардай-ақ. БЕСІНШІ БЛІМ БАЛАПАНДАР Алматыда ауыл бар, «афу» – оны& есімі.

АЛМАТЫДА АУЫЛ БАР Алматыдағы №12 мектептің 2 «Ж» сыныбына Алматыда ауыл бар, «Ғафу» – оның есімі. Қарсы алады бауырлар, Ашық оның есігі. Əдемі екен, сəн екен Секілді ылғи қыр гүлі. Бəрі сəби, бала екен – Ол ауылдың тұрғыны! Аппақ көңіл алаңсыз Бейне ақынның жанындай. Қара көздер, қараңыз Бақытты өмір шамындай. Бала жастан себілген Асыл дəнге жетсін не? «О, жасаған!» – дедім мен, – Бергеніңді көпсінбе!» Қалдым аң-таң абдырап, Ғажап еді бұл қандай, Кілең Ғафу жаудырап Маған қарап тұрғандай. Кетті көзден жас шығып, Тұрды асылып кірпікте. Жақсы екен ғой жақсылық, Көрсең оны тірлікте! Рахмет, бауырлар! Сендер аман бола бер.

Алматыда ауыл бар, Барсаң, соған соға кел! 12 мамыр, 1993 жыл. БІЗДІҢ АЙДАР МЕКТЕПТЕ Бүгін жарты ай, білім оты жанғалы, Біздің Айдар біріншіге барғалы, Иығына асып алған боқшаның Ауырлапты алғашқыдан салмағы. Неге олай? Оның, сірə, бар мəні, – «А» əрпіне толып кеткен жан-жағы, Күнде бір «бес» – алып жатқан бағасы, Балықшы екен ылғи қапқыш қармағы. – Мынау бала – əлден өзі зерек, – деп, Танып апты ұстазы да бөлек, – деп, Қуанады атасы мен əжесі: «Оқыған соң, солай оқу керек», – деп. Ойын, ойын, ойын қымбат əлі де, – Бала ғой ол, ойынсыз күн сəні не? Кейде тіпті ойыншықтай қарайды Жаңа ғана алған «бестің» бəріне. Түс көреді қызық-қызық не түрлі, Əне бір «А» дəптеріне секірді, Əне бір «Б» жүгіріп кеп қасына Əлгі «А»-мен ойнап жатқан секілді. Ылғи таңда асығады мектепке, Жаңа таныс достарына жетпекке, Ылғи «бестің» қасына кеп бейтаныс Мына бір «төрт» тұра қапты теп-текке.

Кеше кешке көп ойнады-ау, шамасы, Жақын екен «бес» пен «төрттің» арасы, Дегенменен жараспай-ақ тұр екен, Өшіруге болмас па екен қарасын? Өкінеді Айдар солай бір «төртке» Бағаның да мінезі бар кілт етпе, «Ертең оны «беспен» қоршаймын, Бүгін тиіп қайтем оған құр текке!» Дейді Айдар, күбірлейді ақырын, Оңашада шақырады ақылын, Ақылдың да бар болғаны жақсы екен, Əйтпесе ғой, таяқ жейді «батырың». Солай-солай, үйрет, бойыңды, Солай-солай, оят ерте ойыңды, Əлсін-əлсін аяйсың ғой, əрине, Босағада қалып қойған ойынды. Атаң-əжең, əке-шешең өзі де, Жалған емес жақсы оқыған кезінде, Əсте бала тартпай қоймас теңіне, – Тез көнетін тəрбиенің тезіне. Жаса Айдар, жақсы туған немерем, Жапырағым мен сенімен көгерем, Адам өмірі ұрпағымен ұзарар, Күнде өсемін, жаңғырамын, көбейем. Соған куə, жан немерем, сен барсың, Сені көріп, мені де жұрт аңғарсын, Түбі менің жетпей қалған жолымды Əрі қарай жарқыратып

жалғарсың! 10 қыркүйек, 1991 жыл. ƏЛИНАҒА ЕКІ ӨЛЕҢ Үш жастағы Əлина – Ол ортаншы немерем, Сағынышты жанына Жинағыш ед не деген! Əке-шеше алысқа Бір жетіге кеткенде, – Ата-əже, таныс та, Көзіне ілер жоқ пенде. Өлеңі де, сөзі де Солар болып əр сағат, Түк құрлы да сезілмей Тұрсақ тағы қоршалап. Жан ауыртты біраз күн, Түсінде де шақырып. Таусылды əбден лажым, Жұбатумен шарқ ұрып. Олар үйге енгенде, Жолдарынан айналып, Шамасы жоқ лəм деуге, Қалды тілі байланып. Əшейіндегі «шешеннің», Кірпіктері шық ұстап, Тамсанды да неше мың, Бір күрсінді дұрыстап. Əжесінің көзінен Оңай жасы кетті ыршып.

Жүрек шіркін өзімен – Өзі болып тыпыршып. «Ойбайласаң табылмас, Əке-шешеге айырбас», – Дедім іштен мен-дағы, Бұрынғылардың сөзі рас! Беске толған күні, сен, Салдың адам суретін. Бұрындағы білуші ең Бояулардың ретін, Бірақ онда, мен білсем, Ит пен мысық жүретін. Сұрап едім «бұл кім» деп, «Аташа!» деп тіл қаттың. Өзіме өзім күлкім кеп, Ұзақ қарап мен қаппын. Мұрын қисық, көз қисық, Үлкен басты, ши борбай, Намыс билеп, сөз қысып, Дегім келді: «қой, ойбай!» Үндемедім, қатасын Қайран басым жаңа ұқты. Қожанасыр атасын Айнытпастан салыпты. Талай-талай талантты Суретшіні көріп ем, Бірақ мұндай ғажапты Көрген жоқпын тегі мен.

Мəз болдым да ойландым, (Уа, қандағы құдыретім!) Талабыңнан айналдым, Жақсы-ақ екен суретің. Жақсы-ақ екен бүгін де Етсін атаң сəл сабыр, Сен саларсың түбінде Портретімді ең тəуір! ҒАФУ – ҒАФУРАЛАР Өзім – Ғафу, Қызым менің – Ғафура, Екі əріпті Жалғап тұрған атыма, Тағы менің Келді өмірге немерем, Таусылмайтын Ұрпақ жайлы айтуға. Оның аты – Бақытқызы Ғафура, Ол қырқынан Шығу керек жақында, Шаңырағымда Жаңғырады үш Ғафу – Бұдан артық Сыйлық бар ма ақынға?! Дүниедегі Ұлы байлық – Ұрпақ қой, Барлық арман – Соны сақтап тұрсақ қой. Өз алдына соның бəрі – несібе,

Тас төбеңнен Төгіп тұрған бұршақ қой. Рахмет, тағдыр, Сенің жомарт қолыңа, Менің солай Маржан сепкен жолыма. Ал, Ғафулар, Бұйырамын сендерге, – Тізіліңдер Бас Ғафудың соңына! Сонда көңілім Жазғы аспандай аршылар, Көкірегімнен Айтылмаған əн шығар, Өз қанымнан Өмір жасап, бөлініп, Жүрегімнен Тарап жатқан тамшылар. Жасаңдаршы, Рахатқа тояйын, Өмірімді өңшең жырмен бояйын. Бер қолыма, Ғафураны кішкентай – Өзімді өзім иіскегендей болайын. Маусым 1986жыл. АЙДАР МЕН ƏЛИЯ Бірің төртке, бірің толдың екіге, Бір қарадың жарық дүние бетіне, Екеуіңнің араларың бес-ақ күн, Март айының жарасып тұр көркіне.

Сендер енді балалары көктемнің Маңдайыңнан сүйетұғын көктен күн, Немерелерім – шыбығымның шыбығы Мен сендерді жүрегімнен өткердім. Мен сендерді жанымменен қарсы алдым, Жапырақтарым бар, – деп, – менің жар салдым. Бөліп бердім бір-бір тамшы қанымнан. Суалмасын, – деп, – тамыры бақшамның. Тəтті біткен немереге жете ме, Жетсе-дағы, көңіл күйін шерте ме, Ғафурадан туған менің қос қозым, Мен қой демен, ертелі-кеш еркеле!

Мен қақпайын ешқашанда бетіңді, Мен ақтайын аталық бұл сертімді, Сендер-дағы кісі болып өсіңдер Жақсы жазған екі өлеңім секілді. Бəрінен де аман-тірлік сол артық, Ата-анаң салған жақсы жолы артық, Өссін менің Əлияшым əн айтып, Айдарына, ағасына қол артып. Замананың жақсы бейбіт, уақыты, Сендердікі берекесі, бар құты. Біз жартылай бақыт көрдік амалсыз, Балалардың бүтін болсын бақыты! Наурыз, 1988 жыл.

ТАҒЫ ДА ƏЛИЯҒА Төртінші немеремсің – көзіңді ашқан, Көргенің аппақ дүние – жер мен аспан. Содан соң Адам аты тіршіліктен Алғашқы анаң болды амандасқан. Сен – сəби ештеңеден хабарың жоқ, Өмірге келмесіңе амалың жоқ, Келген соң, бəріне де шалықтайсың, Сен үшін баршылықтың жаманы жоқ. Шіркін-ай, мен де сендей болар ма едім, Бəріне сəби саусақ созар ма едім, Бəріне сеніп келдім мен де сендей, Əйтпесе, бұл бекетке соғар ма едім! Тілегім – сенде менің болса қаным, Келеді болашағың болжағаным, Тартпа сен, өзге менің ұрпағыма Ойлайтын тіршілікте олжа жанын. Тартпа сен, не əжеңе, не атаңа, Мейлі, түн келе ме, таң ата ма, Олар да жаман болған кісі емес қой, Жолыққан сан жақсы мен сан алқаға. Əйткенмен, жақсыдан көп кіл жаманнан Олардың көңілдері кірлеген жан. Тіпті де олар түгіл, əкең, анаң, Жақсыны ажыратуды білмей қалған. Сен маған өзім білмес шебердейсің, Берместі жұрт бермеген берердейсің. Сондықтан мен сенімен сырласамын, Сендей-ақ көрер жұмақ, көрер бейішім.

Дариға, не ойламайды кəрі арыстан, Тірлікте ұсақтармен жаны алысқан, Қашанда көрінетін əдеті ғой Өзінен өрбігеннің бəрі данышпан. Тартқайсың жаны жомарт, пейілі кең, Қуантқан серуені, сейілімен, Атаңа, жақсы қазақ ақынына – Қадірін қайран елі кейін білген. Тартқайсың жақсы əжеңе Бəдеш деген, Ол жаққан от-шырақтың бəрі өшпеген, Ер түгіл есекке де үйіне келсе, Еркеле, етігің шеш: «Дəм іш!» – деген. Тартқайсың қадірлінің бəріне сен, Тартқайсың шырқап салған əніме сен, Түбінде өзімді өзім сағынғанда, Сенімен, тек сенімен əңгімелесем. Көп жаса, туған, келген күнің құтты, Сол үшін жинап едім бүгін жұртты, Сен менің кіп-кішкентай болшы күнім, Төбемнен көшіретін қалың бұлтты! Мəселе – үлкенде емес, кішіде емес, Мəселе – тағдырдың да күшінде емес, Мəселе – адамзаттың көңілінде Біреуді кісі, біреуді кісі демес. Түгендер пенде болмас армандарын, Үйімде кіп-кішкентай жанған жалын – Дүниеде елестетіп жүрсең болды, Атаңның ақ денеңе тамған қанын!

ГҮЛНАРҒА Жан Гүлнарым, Жалғыз қызы інімнің. Жұма ма еді, Қай күн еді бүгін күн? Сейткерейді тағы да еске алайын Тұра тұршы, Асықпашы, құлыным! Сен кетерсің Ақ ботадай ноқта үзіп, Бəлкім, сенің Алдыңда тұр көп қызық. Мен қалармын, Жыл мүжіген бір жартас – Ескі күнді көз алдымнан өткізіп. Мен сол күнге Кəрі көзбен бір қарап, Шыға алмаймын Жас дəуреннен шырғалап. Қартайдым ба, Кірпігімді күйдіріп Бір жетім жас бара жатыр сырғанап. Мынау кетіп бара жатқан Сендей боп. Бұл дүниеден бүтін өткен Пенде жоқ. Қимастықтың соғып өткен желі ғой, Əрине, оған жасымайын мен де көп. Ақын болып, Көргенім жоқ кемсеңдеп, Ғұмырымды азайтсам да кем-кемдеп,

Жай əшейін көңіліме келер мұң: – Əкең байғұс текке Асыққан екен, – деп. Адал едің елге өзіңдей сенетін, Еңбек десе, Жаныңды да беретін, Сол еңбегің шықсын сенің алдыңнан, Періштеңдей Қиналғанда келетін. Сол еңбекпен Қайда жүрсең еркін өс! Еркіндіксіз Босағаң да беркімес. Барын жұртқа Үлестірген Сейткерей, Бүгін құр қол Қалса дағы өкінбес. Сол қасиетті Қайда жүрсең тастама, Бақытыңды Өз қолыңмен жасқама. Қайда жүрсең, Жолдас болсын жақсылық, Жарылқаса, Гүл бітеді тасқа да. Ал, балапан, Алаңдама тарт алға! Асын ішсін Алаңдамай атаң да. Қасиетті бол, Əулетіңдей адал бол! Осы берер Жасауым да, батам да!

БАҚЫТҚА Балам, сені осы көп Айтып жүр ғой жақсы деп, Мен өзім де ойламан Ақыл сенде тапшы деп. Көз тиіп ед бір рет, Жүрек сорлы дірілдеп, Жарыла жаздап, сау қалды Естіген соң «тірі» деп. Оның несін айтайын, Шүкірлікке қайтайын, Көргенімде қуанам Жеті сайын, ай сайын. Мен ұлғайған шығармын, Сендегі өмір-жол əсем, Ақындықты бір алдың, Ақылымды көп ал, сен! Кəрі таудың қойнында Жыл жинаған кені көп. Кəрі адамның бойында Ақыл жимас жері жоқ. Ақша деген бір күнгі Бола қалған олжа ғой. Ақыл деген мың жылғы Тозу білмес қорда ғой!

Мендегі арман – жұмыс тек, Қолым тисе – мың тəубе! Маңдайыңнан иіскеп, Шашыңды бір сипауға! Ынсап пенен ынтаның Емі – өзіңді сəл билеу. Сенің де бір іңкəрің – Өз балаңды əлдилеу. Білемін мен, нанамын, Шаңырақты сақтайсың. Ең асылы, қарағым, Кісілікті баққайсың.

НЕМЕРЕЛЕР Жексенбінің күнінде Келген сайын демалыс, Атасының үйінде Болады үлкен жиналыс. Бес немере бес жақтан – Үйдің іші толады. Бес саусаққа ұқсатқан Атасы да соларды. Біреуі кеп қол беріп, Бірі бетін тосады, Қандай ыстық сəн-көрік, Үлкен үйдің ошағы. Басталады бір думан – Сағынышпен қауышқан. Үйдің іші жаңғырған Алуан түрлі дауыстан. Мынау жаңа ойыншық, Мынау жаңа бір кітап, – Алдарына жайысып, Көздері де жыпықтап, Бас изескен, тыңдасқан, Кенет айнып көңілдер Басқа ермекке ұласқан, – Бəрі қызық көрінер. Жаңа көйлек, башмақтар, Жаңа мынау галстук. Панамалар, қалпақтар – Айырбастап алысып,

Кезектесіп киісіп, Қызықтасып, мақтасып, Сүйісіп те, тиісіп, Аздан кейін шатасып, Қайсысына атасы Болысарын білмейді, Бəрі – өзінің ботасы, «Бəрімізді сүй» – дейді. Сондайда бір тағы да Ата – құшақ толады. Балапандар бағында Бағбандай болады. Үйдің іші – хош иіс, Түгел жұпар айналаң. Қандай жақсы қосылыс Жас бұлбұлдар сайраған! Бұл ғажайып демалыс, Немерелер мекені Тұла бойға жаңа күш Құйып беріп кетеді.

АҚ КӨЙЛЕКТІ ШАЛ І Ағып біткен Дария, Енді кəзір жоқ санда, Болды ауылда қария Келген жасы тоқсанға. Оның кəзір куəсі аз, Замандастың бірі жоқ. Балалармен күні мəз, Үлкендермен жыры жоқ. * Айқай, жаздың кезі еді, Күнде думан болатын. Ар жағына өзеннің Ауыл көшіп қонатын. Ақ көйлекті балалар Асау тайдың үстінде, Қырдан асып жоғалар, Көкшіл сағым ішіне. – Пай-пай, шіркін балалық, Ойна да күл – барын сал! – Деп қарайтын қадалып Арттарынан əлгі шал. Бəрі де оның өзінің Шөбересі, шөпшегі. Санап шығу өзі мұң, Сол сəбилер көп, тегі.

Бала біткен андыздап, Шалдың үстін басады-ай! Бейне үлкен қарбызға Үймелеген масадай. * Күн сəулесі шашырап, Ауа жұпар сепкенде. Алтын аймақ атырап, Өмір күйін шерткенде. Ақ көйлекті əлгі шал, Үйден шығып байыппен. Суын төгіп, алып сəл Айналысар қайықпен. Ерте кезде еменнен Шапқан біреу – сол қайық. Атағы ескі дегенмен, Жүзуінде жоқ айып. Жүзеді шал қалтылдап, Қолы ескекті бұлжытпас. Секілді оған алтын тақ – Жағадағы жұмыр тас. Барып соған отырып, Омырауын ашады. Аздап терін кептіріп, Аздап демін басады. Ал содан соң айқайға Құлақ тігер төңірек. Қарамастан ай-шайға Бала біткен төгілед.

Шал бастайды жағада Күндегі сол ермегін. Анталаған балаға Берер шешіп көйлегін. Көйлек қолға тигесін Көкала көкпар басталып, Шал байғұстың жейдесін Тартады бəрі бас салып. Қызар майдан жарқылдап, Екі санын шапақтап, Шал күледі қарқылдап, Астау басы қалтылдап. Күлкінің, сен көкесін Көрмей жүрген екенсің. Жұмыр тасқа жата қап, Шал соғады шекесін. Көздің жасы шұбырып Көкіректі жуады. Іште күлкі қыдырып, Шалдың шегін буады. Өлімші боп күлкіден Шал қалғанда əрең сау, Жалғыз жаға, екі жең, Өзге жағы қырық құрау. Соры шыққан көйлекті, Береді əкеп балалар: – Бəрекелді, дүрлеттік, Болды-ау қызық, қан базар! – Бірін беріп, бір күлем Бас жұтамас көйлектен,

Қайран, осы күлкіден Айырмасын! – дейді екен. КҮН БАЛАСЫ Қырауытқан қыс міне, Аспан ашық, дөңгелек. Целиноград үстіне Күн келеді өрмелеп. Түсіп қалған секілді Кірпіктері көзінің, Күндегіден бір түрлі, Құлағы бар өзінің. – Əже, əже! – деп Бақыт Қойды қолын шошайтып. – Күнді қара, бізге ұқсап Алыпты құлақ жасатып. – Жылы киін, құлыным, Суық айдың келді іші. Құлағы болса, ол күннің Тоңғанының белгісі. II Келсе Бақыт класқа, Көрсе ішін аралап, Күндегіден бір басқа, Күндегіден əдемі-ақ. Бүкіл мектеп күнімен Секілді бір той-тойлар.

Өңшең əсем киінген Ағайлар мен апайлар. Радио саңқылдап Сөйледі осы арада: «Батыр Титов – космонавт Бүгін біздің қалада!..» Қазір ме, əлде, түсте ме, Айтты Титов келем! – деп, Тыңның нағыз кішкене Батырларын көрем, – деп. III Отыр Титов ортада, «Күн баласы» кəдімгі! Бойы биік ортадан, Мінезі де сабырлы! Басын сəл-сəл қисайтып, Қарап Бақыт тоқталды. «Жіберсеңіз сіз айтып, Сұрағым бар!» – деп қалды. – Осы біздің жер қандай, Қарағанда күн жақтан? – Бейне сенің шарыңдай Көкжиекке орнатқан! Шар болғанда ғажап шар Тұратындай қозғалып, Таулар, сулар, құрлықтар Көрінеді көзге анық.

Мысалы, осы сен туған Тың даланың үстінен, Шолып қарап сыртынан Талай рет ұштым мен. Оқи бердім, құмарттым Бұра алмастан бетімді, Ғажайып бір ұлы ақын Жазған дастан секілді. Отаны дəн-алтынның Жарқырайтын жазда мол, Ұлы қазақ халқының Дастаны ғой жазған ол! – Бəрі саған көрінсе, Жүріп көктің жолымен, Жер мен Аспан, сеніңше, Қайсы жақсы, сонымен? – Демен сені түзетем, Сұрау қойдың ең басты. Жер дегенің – біз екен, Біз болған соң, – жер жақсы! – Енді менде сұрақ жоқ, Болсын батыр тегін кім? Жерден артық тұрақ жоқ Дегенсін, мен жеңілдім. Ду күлісті бəрі де, Деді Титов – Жігітсің! Жас болсаң да, əлі де, Жер қадірін біліпсің!

IV «Күн баласы» қоштасып Кетті алысқа аттанып. Күтіп отыр хаттасып, Келеді деп көп халық. Бақыт келіп үйіне Айтты есінде қалды не. Əжесіне түнімен Шертті ұзақ əңгіме. Сонда Титов депті оған: «Жалған айтып не етейін. Келесі бір сапарда Өзіңді ала кетейін. Сайлап «Восток» кемесін, Бір жорыққа арнармыз. «Жер мен аспан кеңесін» Көкке барып жалғармыз». «Дұрыс!» деген даусынан Өзі оянып кетті оның. Сонау қырдың астынан Өрмеледі көкке Күн.

БАЛҚУРАЙ (балаларға арналған баллада) Ертеде болды досым бала Ағыбай, Жан еді жас та болса талабы бай. Тыңдайтын жер-көктегі бар дыбысты, Ұстаздан күнде алатын сабағындай. Кей кезде боз торғайдың шырлағанын, Бұлбұлдың көк тоғайда жырлағанын Тыңдаушы ед баурын төсей жата қалып, Ұқпаушы ек өңшең бала мұның мəнін. Бір күні жоқ боп кетті сол Ағыбай. Жаз келді қыс ауысып жылдағыдай. Сағынып қызық досты жүрдік аңсап. Жастықтың бұлбұлындай, гүл бағындай. Жаздың бір жайма шуақ тал түсінде Жүр едік торғай қуып тал ішінде. Сызылып сыңсып келіп бізге жеткен Бір ғажап құлақ түрдік алыс үнге. Балалар жапырласып шықтық қырға, Тыңдадық орналасып бір шұңқырға, Құлаққа үн келеді, иесі жоқ, – Қалайша таң болмассың бұл сиқырға! Біресе құс болады сайрап тұрған, Біресе арыстандай айға атылған Гүжілдеп, арсылдаған дыбыс шығып, Алады зəремізді əлгі антұрған. Біресе сыңғыр-сыңғыр бал бұлақтай, Біресе кісінеген арғымақтай, Қасқыр боп маңыратып қойды қуып, Болады жамыраған қозы-лақтай.

Сызылтып жылағандай мұңын шағып, Киіктің қансыраған күйін салып. Біресе шуылдайды жас құрақтай Басынан өтіп кеткен құйын шалып. Біресе майпаңдатып балапандай, Əн төгіп тұрғандай бір бала таңдай. Ұға алмай таңғажайып мына сырды, Болады көздеріміз алақандай. Сонымен жұмбақ болып ол күн өтті, Біле алмай бəрімізді ой жүдетті, Сол түні барлық бала түс көріппіз, Шертістік ертеңіне сол бір кепті. Бірі айтты: – Ол түсімде – шайтан екен, Шайтандар алуан тілде айтады екен! Бірі айтты: «Самалай» деген құс баласы Осылай шегін ылғи тартады екен. Бірі айтты: «Ол түсімде, əжем айтқан Айнымай жүрген екен жезтырнақтан!» Бірі айтты: «Ол жалмауыз кемпір екен Бір сайда алжып ажал жетіп жатқан!» Осылай тұрған кезде дабырласып, Ал, кəне, баяғы үн тағы да шық! Кейбірі балалардың құлағын басып, Кейбірі аң-таң болып аузын ашып. Сабырсыз сауық құмар шіркін жастық! Тағыда не болар деп тыпырластық. Сол дыбыс тағы шықты тым жақыннан, Жабысып жата қалып, бұғып, састық. «Ай, нағып жатырсыңдар?» деген батыл Үн шықты, үрейлендік өңшең «батыр».

Болғанға таныс дауыс, жалт қарасақ, – Жымиып қасымызда Ағыбай тұр! Көрінді өзгергендей бала мүсін, Ғажабын көрдім десем, нанамысың? Асынған қурайы бар, тесік-тесік, Тазартып сыңғырлатып алған ішін. Көзіміз бəріміздің сол қурайда, Бұл қалай бұған дейміз болды пайда? Құшақтап жолдастарын, үйірлесіп Болған соң сөз сөйледі Ағыбай да: – «Балалар, мен кеткенмін нағашыма, Нағашым қызыл құмның арасында. Сол кісі бұл қурайды сыйлап берген, Əн-күйдің кереметі – бəрі осында!» Деді де, тартты аузына қурайды алып, Күй ағып саусақтары қунаң қағып, Ғажайып алуан түрлі үн құбылып, Кеткендей жер дүние шыр айналып. Төңірек күйге толды, балқып маңай, Ағады бала Ағыбай шалқып қалай, Көзінен кей уақытта жасы парлап, Алады өз-өзінен толқып талай. Дүниенің біз естіген дыбыстары, Қурайдың үнінде тұр дұрыс бəрі. Кешегі ғажап сиқыр осы болды, Сыйлаған Ағыбайға туысқаны. Балқытты бəрімізді Ағыбай кеп, Əр уақыт əрбір күйге салады-ай кеп. Талдырып, тамылжытып тартып болып Қурайын сүюші еді «Балқурай» деп.

Біз содан ауызға алмай Ағыбай – деп, Есімін атап кеттік Балқурай – деп. Даланың бар дауысын өзі салған Сендік біз күй атасы сол құдай – деп. Ол əсем балалықтың жыршысы еді, Ол дəурен, жас салтанат тұрмыс еді, Сыйлаған табиғаттай нағашысы, Даланың дархан талант бір құсы еді. Құс емес, бала еді ғой өздеріңдей, Қалмады қаршадайдан көзге ілінбей. Тудырған бала дарын, Балқурайын Мезгіл жоқ, балалықтың мезгіліндей! АҚКӨЛ АҢЫЗЫ (баллада) Аққу көлге қандай болса, Ақаң бізге сондай еді. (Ел аузынан).

Торғайдың оңтүстігін алып жатқан, Ететін əлі күнге халық мақтан, Көктемде көк ереуіл – су жолымен Толқыннан жоны шығып, балығы аққан. Бір көл бар Ақкөл атты айдыны кең, Таңдантқан тарихының байлығымен, Бетіне сан мың жұлдыз түссе-дағы, Көрмеген шатастырып айды күнмен. Көл еді кемімеген сабасынан, Лебі ескен ырыздықтың жағасынан. Көктемде қар суымен тасып-толып, Асырып тоқтар еді шарасынан. Ол өзі жай қазаққа теңіз еді, Тулаған ақ сазаны семіз еді. Қураған шөл даланың қу таңдайын Жаз шықса мың емшектен емізеді. Баяғы бала кезім əлі есімде... Қиялдың мініп алып кемесіне, Ақкөлдің айдынымен жосушы едім, Қулақ сап ақ толқынның кеңесіне. Ол сонда айтушы еді аңыз маған: «Бір сабаз, қазақтағы нағыз данаң – Тіліңнің осы күнгі тиегін ашып, Білімнің құдіретін уағыздаған». –

Дейтін де, үнсіз қалып, сəл бөгеліп, Қайтадан енді баяу тілге келіп: Сұрама атын оның, басқа түгіл Мен-дағы айта алмаймын, үндемелік. Əзірге «сыртың білмей, ішің білсін». – Не ғажап, нендей жұмбақ, нендей тылсым Мынау кеп əлдене деп күбірлейді, Ұқпайсың мейлің жыла, мейлің күрсін. Ақкөлдің аққулары баяғыдан Жаз болса осы араны сая қылған. Сондықтан Аққу көлі – бір аты оның, Арылмас періште құс алабынан. Бұл сəтте судан көркін байқап алып, Керіліп, кербезденіп, жəй таранып, Қасынан қайығымның өте берді, Сұрадым – осылардың айтары анық. Болды олар бірдеме деп сөйлегендей, Үлкені жүзіп келіп көлденеңдей, Бəріне басын шайқап тұрып алды, – Қалыппен маған жұмбақ əлденендей. Есімде «А» – дегені адамға ұқсап, Көзіме қара көзі қадалды сəт, – Айналып аяқ жағы сыңсуға оның, Секілді болып кетті азалы шақ. Содан соң көтеріліп су бетінен, Қатайып қанаттары сүйретілген; Баяғы ғажап əнге қайта басып, Аспанды əшекейлеп суретімен. Ақ жібек арқандай боп белдеу тартып, Жөнелді өз күйіне өзі балқып.

Калыппын маңдайымды күнге тіреп, Ауада «А» дыбысы тұрды қалқып... Ақкөл де, айтпады атын аққулар да, Айтпасқа мəңгі берген анты бар ма! Əрине, сұрағам жоқ адамдардан, – Ол туыс оңай жөнін таптырар ма! Оларға айтқан сөзім дарымас деп, Белгілі ақиқатқа жаны қас – көп. Аузына тіршіліктің қақпақ қойған Əйтеуір бір сұмдықтың бары рас деп Жүргенде шаш ағарды, жас ұлғайды, Шығардым мен де есімнен тосын жайды, Кыр асып үйірімен кеткен жылдар Шақырсаң, қайта басы қосылмайды. Соңғы рет барғанымда Ақкөл – арыс: «Ақыным, есіңде ме айтқан аңыз, Аяғын қоя салған, басын бастап, – Белгісіз уақытта ақ-қарамыз. Мен – Ақкөл, атым қойған – далам менің, Мені сен, – қара – десе, нанар ма едің! Жоқ, – дейсің енді кəзір. Сезген жоқсың Дегізген ақты қара заман лебін. Бəрі де сонау күннің зіл заласы, Тірелген зəулім биік шыңға басы, Ахмет Байтұрсынов халі солай – Қазақтың маңдайдағы бір данасы. Жоқ – дедік, жоқ – деп келдік, болмаған деп, Болса егер, ол – жақсы емес, оңбаған деп.

Сұрасаң оның атын, тіл байланды, Біле алмай, біле тұрып, сорлаған көп. Жазығы жарық дүние қолға ұстатқан, Қағаз бен қалам берген, тіл ұстартқан. Сол ТІЛДІҢ жасап мəңгі ережесін, Желісін мызғымастай дұрыс тартқан. Секілді барлық əнің, барлық күйің – Бүгінгі кезге тосқан əліпбиің. Ақаңның ақылының жемісі еді – Саған – деп, тастап кеткен тарих сыйын. Көгіңнен сұңқар еді саңқылдаған, Қаз еді, халқым-ай – деп қаңқылдаған. Ел түгіл, көл білетін сол сабаздың «Айт-айт!» – деп қоймап едің атын маған. Ал, айттым, келді кезек тимей көптен, Күн кешкен айдау, азап кіл бейнетпен, Жан еді ол, жаһан сырын білсе-дағы, Еліне не жазғанын білмей кеткен». Деп сөзін аяқтады Ақкөл маған, Баяғы сұрағына аққу да алаң. Боп жүрген, ол да үстімнен сырнайлатты Дауысы көл жаңғыртып «Ақаңдаған». Қашанда тарихы жоқ ел болмайды, Еріксіз, еркіндіксіз ер болмайды, – Осынау жай шындықты айтқызбаған Нендей сор, бізге келген нендей қайғы! Мағынасын сол сұрақтың енді бағып, Сірескен миындағы сеңді жарып, Сананың сарайына жарық түсті, Көз байғұс көр дегендей бəрін анық.

Мезгілсіз меңіреуліктің түкпірінен Ашылып жатыр шындық жік-жігімен, Күн туды құр сүлденің құрсағынан Көп уақыт өліп жүрген рух тірілген. Халықпын, ұлтпын деген бір мақтаныш Зымырап жетті бүгін ұрпаққа алыс. Елім деп еңіреп туған сан ерлердің Есімі болашаққа болмақ таныс. Бір заман айтуға да тыйған атын, Барды жоқ дегенге тек иланатын, Келмеске кетті қырсық, Мойындағы Шешілді қыл арқаны қиянаттың. Ел болып алғыс айтып бұл дəуренге Қан, жүрек жақсы соғып тұр кеудеңде. Халықтың денсаулығы – зор бақыты Рухтың бостандығы болған күнде. Куаныш! Куанышқа шек жетпейді! Өжет ел өз тарихын тергетпейді. Қаңқылдап қайтқан қаздай мекеніне Оралды он сан сабаз шөлдеп пейлі. Тағы да түспей қайнап қазаны оттан, Той жасап жатыр бүгін Қазақ атаң, Бір кезде аспандатқан аруағын Айналып кетейін, – деп, – азаматтан. Сан жылдар Ақаң жайлы аңыз айтқан, Соңғы рет тілдің майын тамыза айтқан Құттықтап қайта туған перзентімен Жақында Ақкөл жаққа барып қайтам...

«ЖЕР ЖҮРЕГІ» КІТАБЫНАН 1967 ЖЫЛ КЕГЕНМЕН КЕЗДЕСУ І Марттағы қыстың жауызын-ай, Жаздырмас жаурын-сыртыңды, Үңірейген мылтық аузындай Ызғары жаман бір түрлі. Келеміз бірге үш ақын, Төртінші жолдас партизан, Жол десе құстай ұшатын, (Əңгіме десе аққыған). Асу бір жолға жайлы екен, Аузында əзіл, жаны жаз. Асатқандай-ақ майлы еттен Ол айтса сөзді – бəрі мəз. Қызық-ау оның күлкісі, Шарт ете қалған аспандай, Оны естіп таудың түлкісі Он екі қырдан асқандай. Қойшы, əйтеуір ол шалғай Қысқарып кеткен секілді. Жəрмеңке, базар осы айғай Құсша алып жеткен секілді. Көрінді сонау беткейден Көлденең село мұнартқан, Екінді тартып еңкейген Салады көзін күн арттан.

ІІ Ертеңгі сағат он болған, Клубтың маңы өзге шу. Халықтың жаны жаңғырған, Өтті бір əсем кездесу. Оқылды жырлар, арнаулар Жүзіміз нұрға шомылып. Небір де шырқау, самғаулар Көңілден жатты көрініп. Əр жерде қызу бір шоғыр, Жарқылдап жүрген кітаптар. Секілді бейне гүл шоғын Тартуға ап жүрген құшақтар. – Əттең-ай, əттең жоқ кітап, Қарашы мынау аузына! Жүретін халық қолтықтап Бар еді-ау бізде қазына! Бұл кітап, сірə қай да мол! Аз ба едік іздеп жол тартқан! – Алдырды кеше Айдабол Анау бір Ақсу, Сарқандтан. – Оларға керек емес пе! – Олар да жүрер ізденіп. – Сендерге ақын келгенше. Береміз əкеп біз, – дедік. – Əрине, жақсы шай мен қант Жылына жетер мол алған. Бұл күнде мынау жамағат Кітапқа құмар боп алған.

Беттері демек...ал, досым, Байқасаң мұнда қызықты бір, Кемпірі болсын, шал болсын Бəрінің беті қып-қызыл. Кім көрген елді мұндайлық Сəулелі кескін, нұр маңдай. Денсаулық деген бір байлық Айтпай да сөйлеп тұрғандай. Басталды жиын.Таныстық. Қадалды көздер жан-жақтан. Айтылған сəлем бəрі ыстық Жүректен шығып кеп жатқан. Не бір де шешен, білімпаз Құяды сөзді жаңбырдай. «Мынауың көп те, мұның аз» Айтады бірін қалдырмай. Еңбегің, ақын, – егін жай, Алатын солар дəн жинап. Садаға кетсін, – дедім-ай, Дүмбілез кейбір кандидат. Махаббат құрмет астында Көміліп басың жатсын да, Көтеріп айтса – массынба, Кемшілік айтса – жатсынба!» Ризамын, Лиза қарындас, Бір жетті төбем аспанға. Өзіңдей сыншы табылмас Мен жазған өлең, дастанға. Сөзің де сенің болмады-ау Орынсыз мақтау, бекер сын.

Алғыспен сəлем, қол бұлғау, Ағаңнан қабыл етерсің! ...Бұдан соң концерт. Əн-өлең Би менен күйде жоқ қисап. Биледі-ау бір қыз, «пау!»деген, Жүгіріп жанған от құсап. Біресе сол қыз аяулы Сыбызғы күйін шалғаны-ай Құлаштап созып баянды, Құлатып əнге салғаны-ай! Алдыңнан бейне кіл аққу Өткендей көзден сияғы-ай! Төгіліп көктен əн «Гəкку» Жөңкіліп жерде күй «Адай». Қашанда, қайда бармайық, Деместен көктем, күз келді, Қанатын күй мен əн жайып Қарсы алады ылғи біздерді. Кезсең де не бір жер шетін, Ғажап-ау дейсің бұл нендей? Кəдімгі «Қазақконцерттің» Қасыңнан қалмай жүргендей. ІІІ Күн шықты тағы таулардың Жалаңаш төсін қызартып. Ертемен жүрген жандардың «Көлеңке басын ұзартып».

Келеміз заулап, даланың Ұйқысын бұзып, шаңдатып. Сақтаған деген ағаның Аулынан шығып дəм татып. Сақтаған демек, ол кісі Осы елдің басшы ағасы. Тəжірибе ақыл, мол кісі, Елулер жасы шамасы. Талай бір тағдыр тартысын Басынан кешкен жайы бар. Айтқызбай сөздің жартысын, Алыстан шапшаң пайымдар. «Зор Əкім болған бір кезде», – Деп қойды біреу сыбырлап. – Бай кісі-ау шіркін мінезге, Жатпайды ашу шығындап! Үстінен түйе жүрсе, түк Қабағын шытпай шыдаған. Маңдайдың терін бір сүртіп Маңқиып қарап тұр ағаң. Бұрынғы ұрпақ ғажайып, Қадірін соның білсең-ақ! Осылар қазір азайып Барады сиреп жыл санап, – Дейді хатшы жас Төлен, Шылымы қолда сөніп қап. Жағалай шыңдар тас төбең, Машина суға төніп қап... ...Ақсайдың басы бір ауыл, Жатқандай жусап жерге күн.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙