Жас Вертердің қасіреттері
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Иоганн Вольфганг фон Гөте
Иоганн Вольфганг Гёте Жас Вертердің қасіреттері «Дəуір-Кітап» Алматы
УДК 821.112.2=512.122 ББК 84 (4 нем-каз) Г40 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша “Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” аясында шығарылды. Романды қазақ тіліне аударған – педагогика ғылымдарының докторы Шолпан Борантайқызы Бəйнеш. Г40 Гёте И.В. Жас Вертердің қасіреттері: Роман. – Алматы: «Дəуір-Кітап», 2014. - 132 бет. ISBN 978-601-7314-66-8 Тұңғыш рет неміс тілінен қазақ тіліне тікелей аударылып, оқырман қауымға ұсынылып отырған бұл роман - ұлы ақынның небəрі жиырма бес жасында жарық көріп, оның есімін əдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал еткен туындысы. Автордың ой толғамдары, сөз қолдану мəнері айрықша. Жас жігіттің өмірден баз кешуіне себеп болған махаббат сезімі мен адамдар арасындағы рухани тоғышарлыққа наразылық жайында сыр-толғау оқырманды бейжай қалдырмаса керек.
УДК 821.112.2=512.122
ББК 84 (4 нем-каз) ISBN 978-601-7314-66-8 © Қазақша аудармасы. Бəйнеш Ш., 2014 © «Дəуір-Кітап» баспасы, 2014
АУДАРМАШЫДАН ОҚЫРМАНҒА БІРЕР СӨЗ Қадірменді оқырман! Немістің ұлы ақыны, ойшылы Иоганн Вольфганг Гётенің туғанына биыл екі жүз алпыс бес жыл толды. Сіздердің назарларыңызға ұысынылып отырған «Жас Вертердің қасіреттері» атты романы ұлы ақынның небəрі жиырма бес жасында жарық көріп, оны жұртқа танымал еткен. Роман сол жылдарда неміс əдебиетінде кеңінен өріс алған «Sturn und Drang» ағымында жазылған. Бұд еңбекте адамгершілік, адамдар арасындағы қарым-қатынас, үлкен махаббат, əр түрлі көңіл күйді білдіретін ой толғамдары ерекше сезіммен, көтеріңкі сөздермен өріле берілген. Романдағы автордың ойы, сөз сабақтауы аса айырықша. Оны бұл романды неміс тілінде түпнұсқадан оқыған адам тез-ақ аңғарады. Ал немісше оқымайтын оқырманға біз мүмкіндігінше ол ерекшелікті бұзбай беруге тырыстық. Мысалы, романда бірнеше сөйлем бірге топтала отырылып берілген. Сөйлемдерде қыстырма сөздер жиі кездеседі. Кейіпкер бір нəрсе жайлы айтып келе жатады да, ол ойды кенеттен үзіп, басқа жайт туралы айтып кететін жерлері де баршылық. Бұл сол кездегі «Sturn und Drang» стилінің сөз саптауларына байланысты туындаған дүние. Аталмыш шығарманың əр сөйлеміне ой бойлатып, мағынасына философиялық тұрғыда қарай отырып оқырсыздар деп сенеміз. Романдағы адамгершілік қарым-қатынас мəселесі күні бүгінге дейін өзінің тəлім-тəрбиелік мəнін жойған жоқ деуге толық негіз бар. Романды қазақ тіліне аударуды аудармашыға И.В. Гетенің «Фаустын» қазақшаға тəржімалаған белгілі ғалым, марқұм Медеубай Құрманов ағайымыз 1976 жылы тапсырған еді. Романның алғашқы аудармасы 1977 жылы дайын болғанмен де түрлі себептерге байланысты ұзақ жылдар қолға алынбай жатып қалды. Ұстазымыз М. Құрманов ағайдың тапсырмасын орындауға мүмкіндік енді ғана туып отыр. И.В. Гетенің бұл еңбегі қазақшаға неміс тілінен тікелей аударылды. Ұлы Гетенің осы еңбегі əдебиет сүйер қазақ оқырманына рухани азық болсын демекпіз. Романның қазақша аудармасына əділ пікір білдірген неміс тілінің маманы, белгілі ғалым, профессор Садық Əбдіғалиұлына, көрнекті ғалым, жазушы Герольд Бельгерге, танымал ғалым-аудармашы, марқұм Ғалымжан Мұқанов мырзаларға алғысымды білдіремін. Ш.О. Бəйнеш
БІРІНШІ КІТАП Бейшара Вертердің ғұмырбаянына қатысты іздеп тапқан деректерімді мұқият жинап, сіздерге ұсынып отырмын жəне де бұл үшін маған алғыс айтатындарыңызды да білемін. Сіздер оның рухы мен мінезіне тəнті болып, сүйсінбей, тағдырына тебіренбей қала алмассыздар. Ал сен, аяулы дос, осындай қиыншылыққа тап болсаң, оның қасіретінен жұбаныш тапқайсың. Егер тағдырдың жазуымен маңайыңнан ешбір жақын адам таба алмасаң, онда осы кітапты өзіңнің досыңдай қабылдағайсың. 4 мамыр 1771 жыл Кеткеніме қандай қуаныштымын десеңізші! Ардақты досым, адамның жүрегі мен жаратылысы неткен жұмбақ еді! Соншалықты жақсы көретін, ажырамастай болған сені тастап кетіп, енді соған қуануыма жол болсын! Сенің кінəмді кешіретініңді білемін. Кейбір жақсы көріп, бауыр басуларымның, шынымен-ақ, менің жүрегімдей бір жүректі мазалауға арналған тағдырдың жазмышы болғаны ма? Бейшара Леонора! Əйтсе де мен кінəлі емеспін. Оның əпкесінің ерекше сұлулығы жүрегіме шоқ салған кезде байғұс қыздың жүрегінде өзіме деген құштарлықтың пайда болғанына мен айыптымын ба! Шынында да, мен мүлде кінəсізбін бе, осы? Оның құштарлығының оянуына мен өзім нəр бермедім бе? Қызығы, аз нəрсеге де жиі қуануымызға себеп болған табиғаттың нағыз шынайы сезім көріністерінен мен өзім лəззат алмадым ба? Мен... – О, адам өзін өзі осылай кінəлауына бола ма екен!? Қымбатты достым, саған уəде беремін, менің түзелгім келеді, бұдан былай тағдырдың алдымызға көлденең тартатын аздаған ренішіне бола, бұрынғыша қайта қиналғым келмейді; өмірдің өзіме тиесілі рахатын көрсем деймін, ал өткен уақыт мен үшін қайта оралмақ емес. Əрине, сенікі дұрыс, қадірлім. Шынында да адам жаратылысы қызық қой. ...Егер олар өзінің
бүгініне немқұрайдылықпен қараудан жəне өтіп кеткен əрбір өкінішті істерін ойша жаңғыртып, қайта таразылаймын деген əурешіліктен аулақ болса, онда қайғы-қасіретінің де əлдеқайда азаятынын сезінбейтіні қалай?! Сен қайырым жасап, менің шешеме айтшы, оның шаруасын жақсылап тұрып жүргізе мін жəне оған бұл жайында жақын арада-ақ хабар беремін. Мен өз апайыммен сөйлестім, ол біреулер айтқандай тіпті де қытымыр əйел емес екен. Пысық, ашық-жарқын, мейірімді əйел көрінеді. Мен оған берілмей қалған мұраның бөлігі жайлы шешемнің ренішін жеткіздім; апайым маған өз себептерін, дəлелдерін жəне шарттарын айтты, соны орындасақ, ол бəрін беруге, тіпті біз талап еткеннен де көп беруге дайын екендігін білдірді. Қысқасы, менің бұл жайлы енді ештеңе жазғым келмейді, шешеме бəрі де жақсы болады деп айтарсың. Ал мен болсам, сүйіктім, осындай елеусіз ғана шаруадан тұратын түсініспеушілік пен бойкүйездікке, зұлымдық пен ашу-ызаға қарағанда көп қателікке ұрындырады-ау деген ойға келдім. Қалай болғанда да соңғы екеуі сиректеу ғой, əрине. Жалпы алғанда мен мұнда өзімді өте жақсы сезінемін. Мына ұжмақтай жердегі жалғыздық жүрегімнің қымбат дауасындай, ал жастықтың шуағы менің жиі шошынатын жүрегімді бар мейірімімен жылытуда. Əрбір ағаш, əрбір бұта, қоршаудағы гүл шоғы тəрізденіп шешек атуда, хош иістің айдынына сүңгіп, оның барша нəрінен тояттану үшін май айының қоңызы болғың келіп кетеді. Қаланың өзі қолайсыз болғанмен, айналадағы табиғат айтып жеткізгісіз тамаша. Бұл қайтыс болған М. деген графтың алуан түрлі ғажап көріністерімен қиюласа келіп, көркем де жазық алқаптарға айналатын өз бағын осы қыраттың үстіне орналастыруына түрткі болса керек. Бақ қарапайым, тіпті кіреберісте-ақ оның жоспарын оқымысты бағбан емес, бір сезімтал жүректің осы жерде өзінің жан рахаты үшін жасағанын сезесің. Мен марқұмға бас иіп, оның сүйікті орны болған, ал қазір өзім иемденген, тозығы жеткен осы бақта бірнеше рет көз
жасымды төктім де. Жақында мен бақтың иесі болып алдым; бағбан бірнеше күннен кейін-ақ маған бауыр басып кетті жəне ол бұнысына еш өкінбейтін де болады. 10 мамыр Көктемнің таңғажайып аппақ таңына ұқсап, менің бүкіл жан жүрегімді рахатқа бөлеген шаттық бар болмысымды баурап алды. Менің жалғыздық өмірім, өзім сияқты жандарға арналғандай, осы аймақта өтіп жатқанына қуанамын. Сондай бақыттымын, қымбаттым, мамыражай тіршілік сезіміне бөленгенім сонша, өнерім жапа шегуде. Қазір сурет түгілі бір сызық та сала алмас едім, бірақ дəл осы сəттердегідей өзімді ешқашан ұлы суретшідей сезінген емеспін. Айналамда сүйікті жазира бусанып жатқан шақта жарқыраған күн астындағы орманым тастай қараңғы күйде мүлгіп тұр, тек жеке-дара сəулелер ғана ішкі ордаға ұрлана енеді, мен болсам құлдилай аққан бұлақ жағасындағы биік шалғынның арасында жатамын, жер бетіндегі мың-сан түрлі шөптер маған таңғажайып сыр шерткендей болып көрінеді; олардың арасында құжынаған құйттай тіршілік иелерінің, құрттар мен шіркейлердің сан түрлі, түсініксіз пішіндерін жүрегіме жақын сезінемін де бізді өз қалауынша жараткан құдірет иесінің бар екенін түйсінемін, бізді мəңгілік рахатқа бөлеп, демеп, қорғап-қоршап жүрген сол баршаға сүйіктінің қайғы-қасіретін сеземін; достым менің, одан соң көз алдым бұлдырап, айналамдағы бүкіл əлем мен аспан түгелдей сүйіктімнің бейнесіндей жаныма ұялайды – мен оны жиі-жиі сағынамын да, ойға шомамын: шіркін, сенің жаның тəңірінің айнасынан айқын көрінетіні сияқты, сен де өз ішіңдегі бүкіл сезім толқынысын сол қалпында қағаз бетінде айнадағы бейне іспеттес етіп көрсете алсаң ғой! - Достым, бірақ бұл менің түбіме жетеді, мені осынау көріністердің құдіретті мысы билеп алды. 12 мамыр
Осы аймақта алдамшы рухтар қалықтап жүр ме, жоқ, əлде менің айналамдағының бəрін бейне бір жұмақтағыдай етіп тұрған жүрегімдегі жылылық, таңғажайып қиял ма, ол арасын толық ажырата алмаймын. Осында, қала маңында, бір бұлақ бар, ол бұлаққа мен тура Мелузина1 мен оның сіңлілері сияқ ты бауыр басып алдым. Бір кішкентай төбешіктен əрі тура жиырма басқыш төмен түссең, мөп-мөлдір су мəрмер жарқабақтан ағып тұрған төмендегі үңгірге тап боласың. Кішкене қоршау жоғарыда айнала ернеу жасай, биік ағаштармен көмкерілген алаңқай, сол маңдағы ең салқын жер; осының бəрінің əрі өзіне тартатын, əрі бір түрлі қорқынышты бірдеңесі бар. Мен əр күн сайын онда ең кемінде бір сағат отырамын. Ол жерге қаладан қыздар келіп су алады, ал мұның өзі – бір кезде патша қыздарының өздері де атқарған, ең бір залалсыз əрі қажетті іс. Мен сонда отырсам болды, басымда қалай ата-бабаларымыздың құдық басында танысып, үйленгендері жəне құдық пен бұлақ маңайында қайырымды рухтардың қалай қалықтап жүргені жайлы ойлар қаптап кетеді. Бұны жазғы күнгі ауыр қыдырыстан кейін салқын бұлақ басында ешқашан рахаттанып көрмегендер ғана түсіне алмайды. 13 мамыр – Сен менің кітаптарымды жіберейін бе деп сұрапсың ғой? – Қымбаттым, құдай үшін өтінемін сенен, құтқаршы мені солардан! Менің бұдан былай ешқашан жетектелгім, сергіп, шабыттанғым келмейді, жүрегім онсыз да ырқыма көнбей, шамадан тыс бұлқынуда; маған бесік жыры керек, ал мен оны толығымен өз Гомерімнен таптым. Өзімнің өрекпи тасыған қанымды қаншалықты жиі-жиі басуға тырысамын десеңші, өйткені сенің мына жүректен асқан соншалықты құбылмалы ештеңені көрмегенің тегіннен-тегін емес. Сүйіктім! Менің қайғыдан бұзақылыққа, тəтті жабырқаулықтан ессіз құштарлыққа ауысқан күйім туралы, онсыз да көп ауыртпалықты арқалаған саған айтып жатуымның қажеті бола қояр ма екен? Сондықтан да мен өз жүрегімді бейне бір дімкəс сəбидей күтудемін, оның
кез келген тілегі орындалуы керек. Бұл жайлы дабыра қылмайақ қоярсың; бұны менің бетіме басатын кісілер де баршылық. 15 мамыр Бұл жердің қарапайым адамдары, əсіресе, балалар мені танып та үлгерді əрі жақсы көреді. Алғашқыда мен олармен араласқым келіп, жылы шыраймен анау-мынау жайлы сұрай қалсам, кейбіреулері мен оларды кекетіп тұр екен деп ойлап, бетімді өте дөрекі қайтарып тастаған кездері де болды. Мен оған ренжімедім; тек бұрыннан-ақ жиі байқағанымның дұрыс екендігін тез-ақ сездім: өзін зиялымын деп санайтын адамдар қарапайым халықпен жақындассам мəртебемді жоғалтамынау дегендей, бойын үнемі суық, алыс ұстайды; олардың ішінде бейшара халыққа қамқорлық көрсеткен сыңай танытып, оларға өздерінің менмендігін неғұрлым таныта түскісі келетін кейбір жеңілтектері мен мейірімсіз тентектері де бар. Мен біздің тең емес екендігімізді, тең бола алмайтынымызды да жақсы білемін; бірақ, менің пайымдауымша, кімде-кім, абырой-атағын түсірмес үшін қара халық деп аталатындардан аулақ, шеттеп жүру қажет деп ойласа, онда оны бейне бір жеңілетінін біліп, қорыққандықтан, жауының алдында бұқпантайлайтын қорқақ деп сөгуге əбден болады. Жақ ында мен құдықка келгенімде, ыдысын ең төменгі басқышқа қойып, оны енді көтеріп, басына қоюға көмектесіп жіберетін дос қыздарының бірі көрінбес пе екен деп жан-жағына қарап тұрған бір жас қызметші қызды көрдім. Мен төмен түстім де, оған қарадым. – Сізге көмектесейін бе, бикеш? – Ол тіпті қып-қызыл болып кетті. – О, жоқ, мырза! – Онда тұрған не бар? Ол криңенін2 түзеді, мен оған көмектестім. Қыз рахметін айтты да жоғары көтерілді. 17 мамыр
Мен неше түрлі адамдармен таныстым, бірақ əзірше ешқандай жақын дос, сырлас тапқаным жоқ. Мен өзімнің бойымда нендей тартымдылық бар екенін білмеймін; олардың көбісі мені жақсы көріп əрі тез бауыр басып кетеді, алайда біздің жолымыздың тек аз уақытқа ғана қиылысатыны жанымды ауыртады. Бұндағы адамдар қандай деп сұрасаң, менің саған айтарым: барлық жердегідей! Адамзат үшін бұл жазмыш біркелкі нəрсе ғой. Көпшілігінің уақыттары өмір сүру, тіршілік ету үшін жанталаса жұмыс істеумен өтеді, ал өздеріне аздап та болса қалған еркіндіктің оларды шошытатыны сондай, одан құтылудың бар мүмкіндігін іздестіреді. О, адам тағдыры-ай десеңізші! Дегенмен бұндағы халық шынымен-ақ жақсы! Мен кей кезде өз-өзімді ұмытып, олармен бірге болған қуаныштардан лəззат аламын. Ырғын дастарқан басында олармен барынша ашықжарқын əрі адал пейілмен жақындасу, я бірге қыдырыстау, тіпті кезі келгенде би де билеп жіберу жəне тағы сол сияқтылар маған сондай жағымды əсер етеді; тек менің бойымда əлі де болса басқа да көптеген күш-қуаттың тұнып, бəрі жұмсалмай бекер рəсуаланып жатқанын жасыруға мəжбүр боламын, тіпті оның есіме түспегенін қалаймын. Ах, бұл сезім жүрегімді сығымдайды-ақ. Амал не! Түсініксіздік біздің пешенемізге жазылған ғой. Менің бала кезімдегі дос қызым о дүниелік болыпты! Мен оны неге ғана танып, білдім екен! – Ақымақсың, – деймін өзіме өзім! Сен жер бетіндегі жоқты іздеп жүрсің; бірақ менде ол болды ғой, мен оның жүрегі үлкен екенін сезгенмін, ондай жайсаң жанның қасында мен өзіме шамадан тыс талап қоятын сияқты болып көрініп едім, себебі мен, мүмкіндігінше, бəрі болуға тырыстым. Құдіретті күшті құдайым! Сонда менің жандүниемде көрініс таппаған бір де бір қуат көзі қалып па еді? Жүрегім бар табиғатты аялап, құшатын. Ал мен бүкіл ғажайып сезімімді оның алдына жайып сала алмадым ба? Біздін кездесулеріміз нəзік сезімдердің үздіксіз қауышуы секілді еніп, алғыр ойларымыз, тіпті шалдуарлығымыздың өзінде, яғни
осының бəрінде данышпандық белгісі бардай сезілетін еді-ау? Ал енді ше? Əттең, оның менен бірнеше жас үлкен болғандығы оны менен бұрын о дүниеге алып кетті ғой. Мен оны, оның асқан ақылы мен періштедей шыдамдылығын ешқашан ұмытпаспын. Біраз күн бұрын мен бір аңқылдаған, ашық, жүзі сондай жылы, жас Ф. - деген бозбаланы кездестірдім. Оның оқудан келе жатқан беті екен, өзін данышпанмын деп санамайды, дегенмен де басқалардан көп білемін деп ойлайды. Менің жалпы пайымдауымша, өзі ұқыпты-ақ секілді, қысқасы, оның тамаша білімі бар. Ол менің көп сурет салатынымды, грекше білетінімді осында естіген соң, менімен таны-сып, Баттойкста н3 бастап Вудқа4 дейін, фон де Пилестен5 Винкельманға6 дейін көп білетіндігіне мақтанды жəне өзінде Зульцердің7 теориясы бар екенін əрі оның бірінші бөлімін түгелдей оқып шыққандығына, өзінің Хейненің8 антикалық оқу жайлы қолжазбасының иесі екенін айтып сендірді. Мен мұнысына келісе салдым. Тағы да бір тамаша адаммен, князьдықтың лауазымды қызметкерімен таныстым. Ақжарқын, адал жүректі кісі. Жұрттың айтуынша, оны тоғыз баласының ортасында көру бір ғанибет болса керек; əсіресе оның ең үлкен қызы жайлы көп мақтау сөздер айтылады. Ол менен үйіне келуімді өтінді, мен оныкіне жақын арада барып та қалармын. Ол осы арадан бір жарым сағаттық жердегі əкімшіліктің аңшы үйінде тұрады, онда əйелі қайтыс болған соң рұқсат алып кірген көрінеді, өйткені қалада əрі мекеме үйінде тұру тым ауыр болыпты. Бұдан басқа маған бірнеше сопысымақтар кездесті, бар болмыс-тары жан төзгісіз, ал лас қарым-қатынастарына тіпті шыдауға болмайды. Қош бол! Хат сенің көңіліңнен шығады, өйткені ол бір тұнып тұрған тарих! 22 мамыр Адам өмірі тек əншейін бір қиял, түс сияқты деген мағынадағы ішкі түйсік мені де үнемі мазалайды. Мен
адамның шығармашылық жəне танымдық күш-қайратының шектеулі екенін байқағанымда, оның бар іс-əрекетінің мұқтаждықты қанағаттандыруға келіп тірелетінін, яғни біздің бейшара тіршілігімізді ұзартудан басқа еш мақсат-мұраты жоқ екенін көремін; содан соң басқа да ізденістер барысындағы тыныштық дегеніңіз адамдардың өздері қамалып отырған қапас қабырғаларына түрлі-түсті бейнелер жəне ашық көріністердің суретін салып, тек қиялдана мойынсұнуы ғана – осының бəрі, Вильгельм, мені тұйыққа тірейді. Мен ішкі дүниеме қайта ораламын да, бір əлемге тап боламын. Мұнда буырқанған күшқайрат пен түсінікке қарағанда күдік пен күңгірт құмарлық басым түседі. Сол сəтте бəрі менің ақыл-ойымда қалықтап жүреді, ал мен болсам жарық дүниеге тағы да қайтадан армандай ынтығамын. Барша терең білімді мұғалімдер мен оқытушылар балалардын неліктен бір нəрсені қалайтынын білмейтініне толық келіседі; ересектер де балалар сияқты осынау жер бетінде сенделіп жүр жəне аналар сияқты олар да қайдан келіп, қайда баратынын білмейді, дəл солай белгілі бір мақсатпен əрекет етулері де аз, тура солай олар бірде шыбықпен ықтырылып, бірде тəттімен қызықтыру арқылы басқарылады: бұны ешкімнің де мойындағысы келмейді, ал менің ойымша, бұл – бұлтартпас ақиқат. Мен, əрине сенің пікірінді ықыластана мойындаймын, себебі сенің бұл туралы не айтқың келетінін білемін, қуыршаққа алданған балалар құсап ертеңгі күнін ойламай өмір сүретін бəзбіреулердің, киініп-шешініп, шешесінің тəттіні тыққан жəшігін үлкен кұрметпен айнала еңбектеп, ақыры қалағанына ие болып, ұртын толтыра асап: «Тағы да!» – дейтіндерді бақыттылар деп есептеймін. Олар жаратылысынан бақытты. Өздерінің түкке тұрғысыз істеріне немесе тіпті құмарлықтарына дейін дардай атақ беріп, оларын адамзаттың пайдасы мен өркендеуі сияқтандырып, ұлы істер қатарына қосып қоятындарға да жақсы. Осындай бола алатындарға жақсы! Бірақ егер кімде-кім осының
бəрінің құнының қаншалықты екенін өзі шын түсінсе, онда ол өз бағын жұмақтай етіп күзеп-түзеуді білетін жағдайы жақсы мещан да, жəне ауыр жүк астында өз жолын қажымай-талмай, қираландай жүріп, ары қарай жалғастыратын бейшара да мына күннің жарығын тағы бір сəт болса да көруге бірдей ынтызар екендігін байқайды, иə, ол үнсіз ғана өз əлемін де танып-білер еді. Сонысымен бақытты да болар еді, себебі ол – адам. Жəне де ол өзінің сонша шарасыз екендігіне қарамастан, жүрегінде əрдайым еркіндіктің тəтті сезімін сақтап жүреді əрі бұл қапасты қалаған кезінде тастап кете де алады. 26 мамыр Сен менің жайымды, бір жасырын жерге үйшік жасап алып жəне барынша азын-аулақты қанағат тұтатын əдетімді, бұрыннан-ақ білсең ғой. Мен осы жерден тағы да бір өзіме ұнайтын орын кездестірдім. Қаладан шамамен бір сағаттық жерде Вальгейм деп аталатын жер бар. Оның төбе баурайына орналасуы өте қызық. Егер жалғыз аяқ жолмен жоғары қарай көтерілсең, бүкіл жазықты тұтас көруге болады. Жасына қарамай сыпайы əрі ширақ кимылдайтын дəмхана иесі əйел шарап, сыра, кофе ұсынады; ал бəрінен де ең жақсысы айналасын шаруалар үйлері, сарайлар мен дуалдар қоршап тұрған шіркеу алдындағы кішкене алаң, оның жан-жағын екі жөке ағашы бұтақтарымен жауып тұр. Мұндай оңаша, жайлы орынды мен сирек кездестірген болатынмын. Қожайынның үйінен өз үстелім мен орындығымды алдырып, сол жерде кофемді ішіп, Гомерді оқимын. Алғаш рет, түс ауған бір тамаша шақта, жөке ағашының арасымен қыдырыстай жүріп, осы мүлде бос жерге кездейсоқ тап болып едім. Жұрттың бəрі eгic даласында болатын; тек бір төрт жас шамасындағы бала ғана жерде отыр. Өзі алдына алты айлық баланы отырғызыпты. Ол балаға оның аяғы мен кеудесі орындықтың кызметін атқарып тұр. Айналасына алаңсыз қараған сəбидің қара көздерінен
ұшқын байқалады. Дегенмен ол сондай тыныш отыр еді. Мен бұл көрініске риза болдым: қарсыда тұрған бір соқаның үстіне отырдым да осынау бауырмал көріністі рахаттана қағазыма түсіре бастадым. Мен жақын тұрған қоршауды, қойманың есігін жəне сынған арбаның дөңгелектерін – бəрін қаз қалпындағыдай етіп салдым, бір сағат өткен соң, көз алдымда титтей де қоспасыз, шынайы салынған өте қызық сурет тұрды. Бұл менің алдағы уақытта табиғат аясында жеке болуым керек деген шешімімді бекіте түсті. Тек жалғыздық қана ішкі сезімі бай ұлы суретшілерді қалыптастырады. Белгіленген қағидалар жай лы көп айтуға болады, қоғамдық тəртіпті мақтағанда да ша мамен соны айтады. Сол тəртіп бойынша қалыптасқан адам ешқашан талғамсыз жəне қолайсыз ештеңе жасамайды, заң мен молшылық тұрмысқа мойынсұнып өзгеріп кететін біреулер сияқты ол да ешқашан жайсыз көрші немесе асқан зиянкес бола алмайды; оның есесіне жұрт сияқты не айтқысы келсе, соны айта беретін шынайы табиғи сезімі мен шыншыл бейнелеу қабілетін сол неше түрлі ережелер кұртады! «Тым қатты кеттің» дерсің сен. «Ол тек бей-берекет қаулап өскен ағаш сабақтарын қырқумен ғана шектеледі т.с.с.». – Қымбатты досым, мен саған дəл сондай теңеу келтірейін бе? Бұнда да мəселе тура махаббат сияқты ғой. Бір жас жігіт бір қызды сондай ұнатады, ертеден кешке дейін бар уақытын соның қасында өткізіп, кез келген сəтте оған өзінің бар ынтасымен берілгендігін дəлелдігісі келіп, күш-жігерін, бүкіл байлығын жұмсайды. Сол кезде мемлекет қызметін істейтін, тоқмейілсіген бір адам келеді де, оған былай дейді: «Сүйкімді жас мырза! Сүю деген адамзатқа тəн, сіз тек қана адамша сүюге тиіссіз! Жұмысқа белгілі бір уақытыңызды бөліңіз, ал демалыс уақытыңызды өз қызыңызға арнаңыз. Мал-мүлкіңізді санаңыз, өзіңіздің күнделікті қажетіңізден артылғанынан, оған сыйлық жасауыңызға тыйым салынбайды, шамамен оның туған күніне жəне атаулы мереке күніне т.с.с., тек жиі емес. Оны жігіт тыңдаса, онда тыңғылықты бір жас адам бо лады да шығады, ал мен өзімақ кез келген əкімге оны кеңсеге орналастыруын ұсынамын; тек
оның махаббаты осымен бітті дей бер, ал егер ол суретші болса, өнерінің де біткені. О, достарым менің! Таза сезім қайнарының тым сирек бұрқ етіп, анда-санда ғана арнасынан аса буырқана тасқындауы неге сендерді абыржытып, жан дүниелеріңізді күйзелтеді? – Сүйікті достарым, өйткені сонау жағалаудың екі жағында да парасатты мырзалар тұрады, олардың бақтағы үйлері, жауқазынды жүйектері мен көкөністі бақшалары құрып кеткен болар еді, сондықтан да олар дер кезінде тоғандар мен бөгеттер арқылы төніп келген қауіп-қатердің бетін қайтарудың ретін табады. 27 мамыр Мен, байқауымша, сүйсіну, салыстыру жəне декламацияға беріліп, саған балалармен ары қарай не болғанын түгел айтуды ұмытып кетіппін. Соқа үстінде екі сағат бойы əсерлі ойға шомып отырғанымды кешегі хатымда үзіп-жарып баяндап едім ғой. Ақыры кешке таман қолында себеті бар бір жас əйел əлі орындарынан да қозғалмаған балаларға қарай асыға-аптыға басып келе жатып, алыстан: «Филиппс, сен нағыз азаматсың», – деп дауыстады. Ол менімен амандасты, мен рахмет айтып орнымнан тұрдым да оған жақындап барып, «Балалардың анасымысыз?» деп сұрадым. Əйел өзінің балалардың анасы екенін айтты да, үлкеніне бір жарты тоқаш берді, кішкентайын көтеріп алып бар аналық махаббатымен елжірей сүйді. «Мен, – деді ол, – Филиппсыма кішкентайды ұстатып, үлкен баламмен ақ нан, қант жəне ботқа пісіретін шөңке əкелуге қалаға кетіп едім. Мен оның бəрін қақпағы түсіп қалған себеттен көрдім. – Гансыма (бұл ең кішісінің аты болатын) кешкісін сорпа пісіріп берейін деп едім; үлкенім, кеше Филиппспен ботқаның қаспағына таласамын деп шөңкені сындырып қойғаны». Мен үлкен баласы жайлы сұрадым, ол маған оның көгалда бірнеше қазды қуып жүргенін айтып үлгергенше, баласы да секіре жетіп келді. Өзіне тете бауырына жаңғақ ағаштың шыбығын берді. Менің əйелмен
ары қарай сөйлесе келе білгенім, ол өзі мұғалімнің қызы екен. Күйеуі бір-екі ағайынды туысынан қалған мұраны алып келу үшін Швейцарияға кетіпті. «Олар күйеуімді алдағысы келіп, – деді ол, – жазған хаттарына жауап бермей қойды; содан соң, ол жаққа өзі кетті. Тек əйтеуір көлденең бақытсыздықтан аман болса екен! Мен одан еш хабар ала алмай отырмын». Мен əйелден зорға құтылдым, балалардың əрқайсысына бір-бірден тиын-тебен бердім, егер шешесі қалаға бара қалса, арнайы тоқаш əкелсін деп ең кішкентайы үшін біреуін бердім, біз солай бір-бірімізбен қош айтыстық. Қымбаттым, кейде мен жайма-шуақ сезіммен, ешбір мұңсыз қалыпта өмір сүретіндерге қызығатын да сияқтанамын. Олардың күнделікті өмір ағымына қалыптасқандығы сондай, тіпті алмасып жататын жыл мезгілдерінің өзіне де тым самарқау күйде қарайтындығын қайтерсің?! Сол кезден бері мен жиі-жиі далада жүремін. Балалар маған əбден бауыр басып алды, мен кофе ішсем, оларға да қант тиеді, ал кешкісін менімен айран мен май жағылған нанды бөліседі. Жексенбі сайын олар ешқашан нəпақасыз қалмайды, ал егер мен ғибадат қылу уакытынан соң онда болмасам, оларға тиесілі тиын беру дəмхана иесі əйелге тапсырылып қойылған. Олар маған сенгендігі соншалық, неше түрлінің бəрін жасырмай айтады, əсіресе, мені олардың балалар көбірек жиналған кездегі əуесқойлықтары мен тілек, ықыластары, табандылықтары қызықтырады. Балалардың менің мазамды алатынын ойлап, ажыржи қауіптенетіндей ештеңе жоқ екендігіне шешелерінің көзін жеткізу, əрине, оңайға түспеді. 30 мамыр Менің саған сурет салу жайлы жақында айтқанымның, əрине, поэзияға да қатысы бар; бұл тек таныған нəрсеңді сөзбен батыл түрде сомдай алу ғана, сонымен қатар аз сөзге көп мағына сыйдыру ғой... Мен бүгін бір жағдайға тап болдым, оны түгел
жазып алдым, жер бетінде бұдан асқан мамыражай күй бар ма екен сірə, əйтсе де поэзия мен сурет өнеріне қандай қатысы бар? Табиғаттың көрінісіне жарлықсыз-ақ араласуға болмай ма? Егер сен осы кіріспеден аса мəнді əрі ерекше бірдеңе күтсең, онда тағы да əбден алданғаның; маған соншалықты қатты əсер еткен бір шаруа бозбала ғана. Мен əдеттегідей əңгімеге шорқақпын, ал сен, əрине, əдеттегідей мені асырып айтып отыр деп ойлайсың; осы сирек те ерекше жайттарды туындататын тағы да Вальгейм, сол Вальгейм... Бір топ адам сыртта жөке ағашының саясында кофе ішуге жиналған болатын. Олардың ортасы менің ойымдағыдай болмағандықтан, мен бір сыл тау тауып қалып қойдым. Көрші тұрған үйден бір шаруа бозбала шықты да, мен жақында суретін салған соқаның əлденесін жөндеуге кірісті. Маған оның түр-сипаты ұнағандықтан, оны сөзге тартып, жағдайын сұрадым, аз уақытта-ақ біз танысып, əдеттегідей тез тіл табысып кеттік. Ол маған өзінің бір жесір əйелге қызмет ететінін жəне оның өзіне тым жақсы қарайтынын айтты. Бозбала əйел туралы өте көп жайды баяндады жəне оны мақтағаны сондай, мен бірден-ақ оның əйелге бар жан-тəнімен ғашық екендігін байқадым. Əйел онша жас емес көрінеді. Оның айтуына қарағанда, бірінші күйеуімен арасы нашар болғандықтан, қайтып тұрмысқа шыққысы келмейтін көрінеді, ал оның əңгімесінен əйелдің ол үшін қаншалыкты сұлу, қаншалықты көркем екендігі, оның алғашқы күйеуінің қателігін ұмыттыру үшін əйелдің өзін таңдағанын сондай тілейтіні ап-анық білініп тұрды, осы адамның шынайы ықыласын, махаббаты мен адалдығын саған анық жеткізу үшін оның айтқандарын сөзбе-сөз қайталауыма тура келер еді. Иə, саған бірден оның қимылының мəнерін, дауысының ырғағын, жанарындағы жасырын отты айнытпай суреттеп бере алу үшін менде ұлы ақындық қабілет болуы керек. Жоқ, оның бар болмысы мен бет-əлпетіндегі нəзіктікті ешбір сөз жеткізе алмайды; мен не айтсам да бəрі тек əншейін қиыспайтын бірдеңе ғана. Əсіресе, оның мені өздерінің арасындағы қарым-қатынасты тең емес деп ойлап, əйелдің жақсы тəлім, тəртібіне күмəнданар
ма екен деп соншалықты абыржи қорыққаны, маған қатты əсер етті. Ешқандай жасандылықсыз-ақ оны өзіне ырықсыз тар тып, баурап алған əйелдің сымбатты мүсіні, дене бітімі жайлы айтқаны қаншалықты əсерлі екендігін мен тек ішкі жан дүниемде ғана қайталай аламын. Мен өз өмірімде осыншалық ессіз құштарлық пен ыстық та жалындаған ықыласты дəл осындай таза күйінде көрмеппін, иə, мұндай пəк қалпында ешқашан ойлап та, армандап та көрген емеспін деп айтуыма əбден болады. Егер мен саған осы пəктік пен шынайылық есіме түскенде ішкі жан-дүнием құлпырып сала береді жəне осынау адалдық пен нəзіктіктің елесі маған бар жерде ілесіп жүр, ал мен өзім одан ұшқын алып, күн сайын зарыға аңсап жүрмін десем маған ұрыспағайсың. Мен ол əйелді таяу арада көруге құмарттым. Дегенмен ойлана келе бұдан бас тартқан жөн болар деп таптым. Оны ғашығының көзқарасымен көргенім дұрыс шығар; ол, мүмкін, менің көз алдыма қазір елестеткенімнен мүлде басқа болып көрінер, ал мен неліктен тамаша қиял көрінісін бүлдіруге тиіспін? 16 маусым Мен саған неге жазбай жүрмін?– Мұның себебін білгің келетін шығар жəне сен де оқымыстылардың бірісің ғой? Сен өзің-ақ білуге тиіссің, мен аман-есенмін, бəлкім тағы да кеңес берерсің. – Қысқасы, мен біреумен таныстым, ол танысу менің жүрегіме шоқ түсіргендей болды. Мен... – мен білмеймін. Оның қалай болғанын, өзімнің ең бір сүйкімді жанмен танысқанымды, саған рет-ретімен айтуға шамам жетпейді. Мен ризамын əрі бақыттымын! Сондықтан да жарытып əңгімелей алуым неғайбыл... Періште! – Туу! Бұны əркім-ақ өз сүйіктісі жайлы айтады ғой, солай емес пе? Əйтсе де менің саған оның қаншалықты кемел жан екенін, неліктен кемел жан екенін айтып жеткізуге шамам жетер емес; қойшы, əйтеуір, ол менің бар болмысымды баурап алды. Соншалықты қарапайымдылығына – ақылы, асқан
мейірімділігіне – ерекше табандылығы, ал күнделікті өмірдегі əрбір іс-əрекетіне жан дүниесінің салмақтылығы сайма-сай. Менің саған ол туралы осы айтқанымның бəрі – оның бірдебір қасиетін жеткізе алмайтын тұшымсыз, былжыр, бос сөз ғана. Келесіде – жоқ, келесіде емес, саған тура қазір бəрін айтқым келіп отыр. Мен мұны қазір істемесем, онда бұл ешқашан айтылмауы мүмкін. Өйткені, осы хатты жазуды бастағалы бері қаламымды қоя салып, атымды ерттетіп алып, шаба жөнелуге үш рет оқталдым. Əйткенмен де, бүгін ертемен өзіме-өзім онда бармасқа уəде еттім, сонда да əлсін-əлсін күннің қай шамада екенін көру үшін терезе алдына бара беремін. Мен мұндай халге төзе алмадым да оған баруыма тура келді. Міне, мен қайтып келдім, Вильгельм. Кешкі асқа нан мен май жей салып, саған хат жазудамын. Оны сүйкімді, ойнақтаған балалардың, сегіз бірдей бауырларының ортасында көру, менің жанымды бір ғанибет рахатқа бөлейді! Егер мен осылай жалғастыра берсем, сен бəрібір ештеңе түсінбейсің... Ал тыңда енді, мен егжей-тегжейіне дейін айтып беруге тырысайын. Мен саған жақында бір С... деген жергілікті бастықпен қалай танысқанымды, оның мені жақын арада жеке мекен-жайына немесе дұрысырақ айтқанда, шағын шаруажайына келуімді өтініп шақырғанын жазып едім ғой. Мен бұған пəлендей көңіл аудармаған едім, егер кездейсоқ осы бір тыныш жерде жасырын жатқан қазынаның үстінен түспеген болсам, сол қалпында онда ешқашан бармаған да болар едім. Біздің жастар қала сыртында сауық кешін ұйымдастырған болатын, мен де соған қуана-қуана барайын дедім. Оған осы жердің жақсы, əдемі, бірақ елеусіздеу бір қызынан бірге баруын өтіндім, сөйтіп, мен бір күйме алып, өзімнің билейтін бикешіммен жəне оның бөле қызымен бірге сауық-сайран болатын жерге баратын болдық, жолай Шарлотте С... дегенді ала кететін болып келістік.
«Сіз бір сұлу қызбен танысасыз», – деді менің серіктес қызым, біз бір кең кесілген орманның арасымен аңшы үйіне қарай жүріп келе жатқанымызда. «Байқаңыз, – деп қосып қойды қыздың бөлесі, - ғашық боп қалып жүрмеңіз!» «Неге?» дедім мен. «Ол бір жақсы кісіге айттырылып қойған, бірақ ол кісі əкесі қайтыс болған соң шаруаларын реттеуге жəне өзіне бір жөнді қызмет қарастыру үшін жолаушылап кетіп еді,» – деді ол. Бұл хабар маған онша əсер еткен жоқ. Біз қақпа алдына келіп жеткенімізде, күн арқан бойы жоғары тұрған болатын. Ауа сондай қапырық еді, кокжиекте жағалай жөңкілген ақшыл-сұрғылт қалың бұлттарды көргенде, əйелдер жағы дауыл тұрар ма екен деп мазасыздана бастады. Мен сауықсайранымыздың шырқы бұзылатынын енді ғана байқадым да, олардың көңілдерін ауа райы жайлы жорамал болжаулармен жұбатқан болдым. Мен күймеден түстім. Қақпадан шыққан күтуші қыз Лотхен бикештің қазір келетінін айтып, біздің аздап тоса тұруымызды өтінді. Жақсылап салынған үйге аула арқылы баспалдақпен жоғары көтеріліп, есіктен ішке енгенімде, бұрын-соңды көрмеген, таңғажайып бір көрініске тап болдым. Ауыз үйде сұлу мүсінді, орта бойлы, кеудесі мен жеңінде ақшыл кызғылт банты бар, қарапайым ақ көйлекті қыздың айналасында он бір мен екі жас аралығындағы алты бала үймелеп тұр екен. Ол ұстап тұрған қара нанынан қасындағы кішкентайлардың əрқайсысына жасы мен тəбетіне қарай бір-бір үзімнен шақтап кесіп беріп жатты, оны əрқайсысына соншалықты бір мейірімділікпен ұсынады, жаңа ғана кесіліп болған нанға ұзақ созылған кішкене қолдары жеткенде шетінен шын ықыластарымен рахметін айтып, кешкі асына риза бол ған балалардың бірі шетке секіріп шықса, енді бірі басалқалы мінезіне сай жайбарақат қана өздерінің Лоттелері мініп кететін күймені көру үшін қақпаға қарай кетті. - Сізді кіруге мəжбүр еткеніме жəне бикештерді күттіріп қойғаным үшін кешірім өтінемін,– деді ол. – Киінемін деп жəне өзім жоқта істелетін анау-мынау шаруаларды тапсырамын деп
жүріп балаларға тамақтарын беруді ұмытып кетіппін, ал олар менен басқаның нан кесіп бергенін қаламайды. Мен оған мəнсіз бір мақтау айтқан болдым, ал бар есіл-дертім оның бейнесінде, үнінде, қимыл-қозғалысында болды, тек ол бөлмеден қолғабы мен желпуішін алып келуге жүгіріп кеткен шақта ғана күтпеген жайдан есімді жиып алуға шамам келді. Кішкентайлар алысырақ барып, маған шеттен қарап тұрды, мен ең кіші, жүзі балбыраған сəбиге қарай жүрдім. Ол кейін шегінді, дəл осы кезде Лотте есіктен ішке кірді де: – Луис, ағайыңа қолыңды бер, – деді. Бала еркінси қол берді, мен өзімді ұстай алмай кеттім де, оны мұрнының ластығына қарамай кұшырлана бетінен сүйіп алдым. – Аға дейсіз бе? – дедім мен оған қолымды ұсынып жатып. – Мен өзіңізге туысқан болу бақытына лайықты деп ойлайсыз ба? – О-о, – деді ол сəл ғана жымиып, - Біздің туысқандарымыз толып жатыр, егер сіз солардың ішіндегі ең жаманы боламын деп ойласаңыз, өкінішті-ақ. Ол кетіп бара жатып, жасы он бірлердегі өзінен кейінгі сіңлісі Софияға балаларға жақсылап қарауды жəне атқа мініп бой жазуға кеткен əкесіне қайтып келгенінде сəлем айтуды тапсырды. Кішкентайларға Софияны өзіндей көріп айтқан тілін алыңдар дегеніне кейбіреулері нақты уəде де беріп жатты. Тек бір алты жас шамасындагы беймаза, ақшыл шаштысы былай деді: «Ол бəрібір сен емес қой, Лотхен, біз сені жақсырақ көреміз». Ең үлкен екі бала күйменің артына жабысып алыпты, Лотте əрі менің өтінішім бойынша, əрі олар бірін-бірі мазақтамай, дұрыстап тұруға берген уəдесіне сеніп, бізбен бірге орманға дейін баруларына рұқсат етті. Біздің жөнделіп отырғанымыз сол еді, бикештер жағы амандасып бола салысымен, бірінен соң бірі киім-кешек, əсіресе əйелдер қалпағы туралы пікір, сындарын айтысып, өзіміз бара жатқан орта жайлы егжей-тегжей əңгімеге кірісті. Лотте күймені тоқтатқызып, інілерін түсірткізгенде, олар оның қолын тағы бір рет сүйгілері келетінін білдірді. Үлкені он бес жасына тəн
сондай бір нəзіктікпен, ал кішісі құшырлана əрі жеңілтектене сүйді. Ол кішкентайларды бізбен тағы қоштастырды да, біз ары қарай жүріп кеттік. Қыздың бөлесі одан жақында жіберген кітабын оқып болғанболмағанын сұрады. –Жоқ, – деді Лотте, – Оны өзіңіздің кайтып алуыңызға болады, маған ұнамады. Бұрынғысы да онша жақсы болмап еді». Мен олардың қандай кітаптар екенін таңдана сұрадым, Лотте маған жайлап түсіндіре бастады: ол не айтса да мен бəрінен оның мінез-құлқының қыр-сырына қаныға түскендей болдым, əрбір сөзінен ерекше сүйкімділікті, бет-бейнесінен менің өзін түсінгенімді сезгендіктен біртіндеп ризашылықпен жайыла түскендей болған ақылдылықтың нəзік сəулесін көрдім. «Мен кішірек кезімде, – деді ол, – Романдардан артық ешнəрсені жақсы көрмеуші едім. Жексенбі сайын бір бұрышқа отырып алып бар жүрегіммен қайдағы бір мисс Женнидің9 бақыты мен қайғысына ортақ болу маған қаншалықты лəззат əкелгенін құдайым өзі біледі. Осындай оқудың маған əлі де жағымды əсер ететінін жоққа шығармаймын. Кітапты сирек оқимын, əйтсе де ол менің талғамыма сай болуы керек. Мен одан өз əлемімді іздеймін, сондықтан кітаптағы өмір де маған əрі таныс, əрі жақын болуы керек, ал оқиғасы үйдегі жеке басымның тірлігінен əлдеқайда қызығырақ əрі таңғажайып əсерлі болуы керек, мейлі тіпті жұмақтағыдай болмай-ақ қойсын, дегенмен жалпы алғанда адамға бұйырар бақыттылықтың қайнар көзі болуы тиіс». Мен өзімді осынау сөздердің тебіренткенін жасыруға тырыстым. Бұл бірақ ұзаққа созылмады: себебі жол үсті оның аса бір шынайылық-пен дін қызметшісі Вакефильд10 жəне …* айтқанын естігенімде, өз-өзімді ұстай алмадым, оған білгенімнің бəрін ақтардым, тек біраз уақыттан соң Лотте əңгімені басқаларға бұрғанда ғана аналардың осы кезге дейін ештеңе түсінбей, басқа жерде отырғандай көздері бақырайып кеткенін байқадым. Қыздың бөлесі маған бірнеше рет кекесінмен, мұрнын шүйіре қарады, бірақ мен оған тіпті көңіл де бөлмедім.
Əңгіме би қызығына ауысты. «Егер бұл құмарлық қателік болса, – деді Лотте, – Онда мен шынымен мойындайын, биден артық ештеңені білмеймін. Ойыма бірдеңе түскен кезде, көне күйсандығымда бір контре11 биді дыңылдатсам, бəрі қайтадан жақсарып сала береді». Əңгіме үстінде оның қара көздеріне қалай рахаттана қарадым десеңші! Сүйкімді алаулаған еріндері мен жайдары, үлбіреген жүзі бар жан-тəнімді баурап алды! Оның əңгімесінің кереметтей ақылдылығына тəнті болғаным сонша, айтқан сөздерін жиі-жиі мүлде естімедім де! - Сен мені жақсы білесің ғой, сондықтан да мұны көз алдыңа елестете аласың. Қысқасы, біз сауық-сайран болатын үйдің алдына келіп ақырын ғана тоқтағанымызда, мен күймеден түс көргендей күйде түстім, айнала қалықтаған əлемде арман құшағына берілгенім сонша, жоғарыдағы жарқыраған залдан шарықтаған музыкаға əзер көңіл аудардым. Лотте мен қыздың бөлесімен билейтін сыңарлары, Аудран жəне əлгі бір Н.Н., – Бəрінің аты кімнің есінде тұрар дейсің! – деген екі мырза бізді күйме есігі алдында қарсы алып, өз бикештеріне ие болды, ал мен өзімдікін алып жоғары көтерілдім. Біз мэнуетте бірімізбен біріміз айнала айқасып кеттік; мен бикештердің бірінен соң бірін шақырдым, қырсық қылғандай олардың ең қолапайсыздары рахмет айтып, мені босатуды кешеуілдете түсті. Лотте мен оның сыңары бір ағылшын биін бастап, бізбен бірге қатарласа билей бастағанында қалай рахаттанғанымды сезе алармысың сен. Оның билегенін көрсең етті! Биледі деп соны айт! Қарашы, ол бар шын жүрегімен, бар жан-тəнімен биге берілген, бүкіл өне бойы саздылыққа толы, сондай еркін, биден басқа ештеңені ойламайтындай алаңсыз, ештеңені сезбейтіндей; жəне сол сəтте оның айналасындағының бəрі шынымен жоғалып кеткендей. Мен оны екінші контре11 биге шақырдым; ол үшінші биге келісті. Аса бір сүйкімділікпен өзінің бəрінен де неміс биін өте сүйсіне билейтінін айтты. - «Бұл жерде, - деп ол сөзін жалғастырды, – Бірге билеуге тиіс əрбір жұп неміс биін билегенде
бірге қалу сəн болып саналады, ал менің сыңарым вальсті нашар билейді, сондықтан мен оны бұл жұмыстан босатсам, ол маған тек алғыс айтады. Сіздің бикешіңіз де оны жақсы көрмейді, əрі билей алмайды. Ағылшын биін билеп жүргенде сіздің вальсті жақсы билейтініңізді байқап қалдым; егер неміс биін менімен билегіңіз келсе, онда барыңыз да менің мырзамнан өтініңіз, ал мен сіздің бикешіңізге барайын». Мен келістім. Менің билейтін қызым оның сыңарымен əңгімелесе тұратын болып шештік. Ал, басталды-ай дейсің! Біз бір сəтке білектердің неше алуан айқасуына сүйсіне қарап тұрдық. Əсем, шаттана, қандай жеңіл қозғалады десеңші ол! Біз вальс ырғағымен шыркөбелек айналғанымызда бар дүние бірінің артынан бірі көше жөнелгендей болды, бірақ сəлден соң-ақ бəрі апыр-топыр болды да кетті, себебі вальс билеу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Біз сабырлылық танытып, басқалардың билеп болуын күттік, ал икемсіздері би алаңын босатқан кезде, тағы да бір жұппен, Аудран мен оның билейтін қызымен би соңына дейін абыроймен төтеп бердік. Мен ешқашан бұлай жеңіл қозғалған емеспін. Жай пендеге ұқсамай кеттім. Ең сүйкімді жанды құшағыңа алып, онымен желдей ұшып дөңгелене жөнелгеніңде, жан-жағыңдағыңның бəрі шыркөбелек айналды дейсің, жəне – Вильгельм, ақиқатын айтсам бар ғой, мен сонда да өзім сүйген қыздан, қалыңдығымнан менімен билегендей басқа біреумен ешқашан билемеуін, тіпті осы үшін құрып кетсем де, талап еткен болар едім деп серт еттім. Сен мені түсінесің ғой! Біз демімізді басу үшін залды бірнеше қайтара жүре айналып өттік. Одан кейін ол отырды да, мен алып келген ең соңғы жалғыз апельсинді жеді. Тек, оның сыпайылық жасап, оны бір көрші қызбен тепе-теңдей етіп бөліскені жүрегіме қанжар қадағандай əсер етті. Үшінші ағылшын биінде біз екінші жұп болдық. Біз қатармен билеп келе жатқанымызда, оның білегі мен ашық та таза шынайы сезімге толы көзіне қалай шаттана қадалғанымды құдай өзі біледі. Біз бір бет-əлпеті онша жас болмаса да сүйкімді
жүзі маған көркем болып көрінген əйелдің қасына таядық. Ол Лоттеге жымия қарап, қасынан өте бергенімізде саусағын сес көрсете шошайтып, “Альберт” деген атты үлкен мəн бере екі рет атады. «Егер сұрағаным айып болмаса, Альберт деген кім?» – дедім мен Лоттеге. Ол жауап қатуға ыңғайланған кезде бидің үлкен сегізінші ырғағын билеу үшін бөлінуімізге тура келді, ал біз қайтадан бір-бірімізге қиғаштана тұрғанымызда маған оның қабағынан ептеп ойланғандық байқалды. «Сізден несін жасырайын – деді ол маған променадаға12 қолын ұсынып жатып, – Альберт деген – мен атастырылған бір жақсы адам». Бұл мен үшін ешбір жаңалық емес еді, өйткені ол жайында маған қыздар жол үсті айтқан болатын, əйтсе де мүлде жаңа естігендей болдым, өйткені мен мұны əлі, осыншама аз уақыт ішінде өзіме соншалық қымбат болып үлгерген оған байланысты ойламап едім. Бітті, сасқалақтап, есім шыққаны сонша, басқа бір жұптың ортасына кіріп кеттім, бəрі астаң-кестең болды, бұны қайта тез ретке келтіру үшін Лоттенің өзі ынта-жігер көрсетіп, араласуына тура келді. Бірталай уақыттан бері, көкжиектен көрінген жарқылдаған найзағай əлдеқайда күшейе түсіп, күннің күркіреуі музыканы басып кеткенде, би əлі аяқталмаған еді. Үш қыз қатардан шыға жөнелді, олардың соңдарынан жігіттері ерді; бəрі бей-берекет болды да, музыка тоқтап қалды. Бақытсыздық немесе бір қорқынышты нəрсе бізге рахат үстінде аяқ астынан тап келсе, жайшылық кездегіден оның əсері əлдеқайда күштірек болары табиғи жайт қой. Бір жағынан күтпеген жер ден əсер еткен қарама-қайшылыққа, душар болғанымызда, біздің болмысымыз сезімталдыққа бір рет қана ашылатындықтан, əсерді соғұрлым тезірек қабылдайды. Көптеген бикештердің сырт кейіптерінің аяқ астынан бода-бода болып шыға келуінің себебі осы деуіме тура келеді. Олардың ең ақылдысы арқасын терезеге бере бір бұрышқа отырды да, құлағын басты. Енді біреуі оның алдына тізерлей кетіп, найзағай алғаш жарқылдағанда-ақ басын жасырды. Үшінші
біреуі ол екеуінің ортасына кірді де, еңіреп жылаған қалпы сіңлісін бас салды. Біреулерінің үйлеріне қайтқылары келді; не істеп, не қойғандарын біліңкіремей, сасқалақтаған кейбіреулері əлі онша естерін жия алмай, біздің арамызда сабырлы болып көрінгілері келіп шіренген бейшара бозбалалардың батылдығын қолдауларын, я болмаса, маңайындағылардың тəңіріге бағытталған бүкіл жалбарынуларына құлақ асарларын да білмеді. Біздің мырзалардың біразы темекілерін оңашада тарту үшін сыртқа зытты; ал қалған қауым үй иесі əйел есін жиып, бізге терезесінде қақпағы мен пердесі бар бөлмені көрсеткенінше не істерлерін білмеді. Онда кіргеніміз де сол еді, Лотте дөңгелете орындықтарды қойып жатыр екен, содан соң оның өтініші бойынша отырған жұртқа бір ойынды түсіндіре бастады. Мен кейбіреулердің ауыздарын шырынды фантқа13 дəмелене ашып, шолжиып отырғанын көрдім. «Біз санамақ ойнаймыз, – деді ол. – Ал мұқият болыңдар! Мен дөңгелектің ішінде оңнан солға карай жүремін, ал сендер де солай айнала санайсыңдар, кімнің саны аталса, сол оқша атылып жүгіріп шығуы керек, ал кімде-кім кідіріп немесе қателесіп қалса, шапалақ жейді, осылай мыңға дейін». Оны көрудің өзі сондай қызық болды. Ол қолын алға соза дөңгелене отырғандарды айнала жүрді. «Бір, – деп бас тады біріншісі, көршісі -екі, келесісі - үш, солай ары қарай кете берді. Ол бара-бара тезірек жүре бастады, одан да тездетті; ақыры біреу қателесті: шарт! Бір шапалақ, күлкіге араласа келесісіне де шапалақ шарт етті! Бұрынғысынан да тез жүрді. Мен өзім екі рет шапалақ жедім жəне олардың əдеттегі басқаларға арналғандарынан қаттырақ болғанын іштей сүйсіне анғардым. Мыңға дейін саналып біткенде, ойын жалпылама айқай-шу аралас күлкімен аяқталды. Найзағай басылып, жақын таныстар бір-бірін шетке жетелей бастады, мен залға карай Лоттеге ілестім. Жолай ол: «Шапалақтың арқасында олар ауа райын да, бəрін де ұмытты!» деді. Мен ештеңе деп оған жауап қата қоймадым. «Мен, – деп сөзін жалғастырды – ол – қорқақтардың бірі-ақ едім,
сонда да басқаларға жігер берейін деп бекініп едім, батылданып кеттім». Біз терезенің алдына келдік. Алыста күн күркіреді, нұрлы жауын жерге кұйып тұрды, жанға жайлы хош иіс жылы лепке тола бізге лап қойды. Ол шынтақтай тұрған бойы көзімен айналаны шолып шықты, аспанға, маған қарады, мен оның көзінің жасқа толып тұрғанын көрдім, қолын менің қолымның үстіне қойды да: - Клопшток!14 деді. Сол сəтте-ақ есіме оның ойына оралған керемет ода түсті де, ол осынау ұранмен үстімнен құя салғандай болған сезім толқынына көмілдім. Шыдай алмай кеттім, еңкейіп лəззатқа тола көз жасыма араластыра, қолынан сүйдім. Оның көзіне тағы қарадым. – Асылым! Сен өзіңнің қаншалықты құдіретті екеніңді мына жанардан көрер ме едің, ал мен сенің есіміңді16 бөгде біреудің аузынан естімесем екен! 21 маусым Мен дəл бір құдай тағалам тек өзінің сүйген құлына ғана қиятындай аса бақытты күндерді басымнан өткерудемін; не болсам о болайын, мен өмірдің қуанышынан лəззат алмадым деуге хақым жоқ. – Сен менің Вальгеймімді білесің ғой; мен онда тіптен орнығып алдым, ол жерден Лоттенікіне дейін небəрі жарты-ақ сағат, сол жерде мен адамзатқа тиесілі бақыт атаулыны сезінудемін. Мен Вальгеймді демалысқа колайлы деп таңдап алғанымда, оны аспанға сонша жақын жатқан болар деп ойлаппын ба? Жырақ шығып қыдырғанымда жазықтықтан менің бар ықыласымды баураған аңшы үйін жиі-жиі көріп жүремін! Сүйікті Вильгельм, мен адамның өз бойынан əлдебір тың жаңалықтар ашып, өзін-өзі жетілдіруге құштар болатынын бағамдадым, неше түрлі ойға шомдым; сондай-ақ өресіздікке де оп-оңай мойынсұнатын үйреншікті əдетіңмен, бірқалыпты, оңға да, солға да бұрылмастан ары қарай өмір сүре беруге ішкі бірбеткей бейімділік жайлы да ойладым. Керемет! Мен осында келіп, биік төбеде тұрып сұлу жазыққа көз жібердім, табиғат мені баурап алды. Анау кішкене орман!
– Ах, сен оның көлеңкесімен тұтасып кете алатын болсаң ғой! – Сонау таудың құзар шыңы! – Шіркін, сол жерден алыс аймаққа қарап тұрар ма еді! – Біріне-бірі жалғасқан төбелер мен құпиялы жазиралар! – О, мен сендермен бір сəт сіңісіп кетсем ғой! – Мен солай қарай асықтым, кері қайттым, бірақ үмітім ақталмады. О, алыс, қиян дегенің де тура болашақпен бірдей! Жарқыраған тұтас əлем біздің көз алдымызда тұнып жатыр, ал сезіміміз онымен кірігіп, сағьшға айнала буалдырланып жоғалып кетеді, ал біз өзіміздің бүкіл болмысымыздағы осы бір танғажайып дүниеден айрылмау үшін, өзімізді сол сезім тереңдігіне бойлатуға ұмтыламыз. – Əттең! Біз қалағандарымыз осында болса екен деп қанша асыққанымызбен де күткеніміздің бəрі артта қалғандай, біз əлі сол бейшара, өресіз қалпымыздамыз, ал біздің жандүниеміз қолға ұстатпас рахатты аңсауда. Сөйтіп, ақырында мазасыз қаңғыбас қайтадан өз отанын сағынады, алыс елден босқа іздеген рахатты өз үйшігінен, балаларының ортасынан, зайыбының құшағынан, өз қарамағындағы шаруашылығынан табады. Мен ертеңгісін күнмен таласа Вальгейміме барып, қожайынның бағында тəтгі бұршақтарымды жинаймын, оларды тазалап отырып, арасында Гомерімді оқимын; кішкене ас үйде бір ыдысты тандап алып, май саламын, көк бұршақты отқа қойып, жабамын да, оны анда-санда араластырып қасында отырамын: сол кезде мен тура Пенелопаға өгіздер мен шошқаларды сойып, бұзып, асып берген жаужүрек күйеу жігіттердей өзімді өте көңілді сезінемін. Мені осынша бір тыныш, шынайы сезімге қарық қылған патриархалды өмірдің ағымы еді. Мен, құдай сақтай гөр, оны өз өмірімнің қалпына бəлсінбей-ақ қосып алуға дайынмын. Жүрегімнің адамға тəн қарапайым да залалсыз лəззатты сезе алатыны қандай жақсы, өзі жұлып алған орамжапырақты дастарқанына алып келіп жəне тек жалғыз орамжапырақты ғана емес сонымен бірге бүкіл жақсы күндерді, оны отырғызған сұлу таңды, оны суарған қымбат кештерді, өзінің сонда өсімтал
көшеттерден қуат алғанын – бəрін бір сəтке қайтадан рахаттана түйсінеді. 29 маусым Алдыңғы күні осында əкімге қаладан дəрігер келгенде мен сол жер-де Лоттенің балаларымен арпалысып жатқан болатынмын, біреулері менің үстімде айнала еңбектесе, бірі мені келеке етіп, мазақтап, мен оларды қытықтап, олар бар дауыстарымен шыңғырыса күліп үлкен айқай-шу болып жатқан. Доктор өте бір сіресіп қалған, кірпияз адам екен, сөйлеп тұрғанында жеңінің ұшын қаттап, желбіршегінің шетінен жиі тартқылайды, бұл əдетін өзінше зиялы адамның мəртебесі деп есептейтінін оның мұрын көтеруінен байқадым. Мен бірақ ештеңеге араласпауға бекіндім, оған өте ақылды жайттарды тəптіштей айтуға мүмкіндік бердім де, балалар құлатқан қағаздан жасалған үйшіктерді қайтадан қаластырдым. Ол кейін қалаға кетті, жүрген жерінде жергілікті əкімнің балалары мүлдем тəртіпсіз болып кетіпті, Вертер деген неме оларды əбден бұзыпты деп өкініш білдірген көрінеді. Иə, қадірлі Вильгельм, жүрегіме жер бетіндегі ең жақындарым – балалар. Мен олардың кішкентай ғана қылықтарынан, бір кезде əрқайсысына тəн болар қасиеттерді байқаймын: барша жарылқаушылардың өркенін, барша күшін көремін; бірбеткей мінез-құлықтардан болашақтағы табандылық пен тұрақтылықты, еркеліктен əлемдегі кауіп-қатерден сүйреп шығаратын таза мысқыл мен жеңілдікті көремін, бəрі еш бұзылмаған, сондай бүтін, таза! – Сонан соң, мен қайта-қайта ұлы ұстаздың17 алтын сөзін қайталаймын: Сендер қалай да осылардың бірі боласыңдар! Иə, сонымен, қымбаттым, олар да біз сияқты, олар бізге үлгі ретінде қарауға тиісті деп есептегендіктен, қол астындагы бағынышты пендедей қараймыз. Олардың ешқандай ерік-жігері болмауы керек! Бізде шынымен ешқандай ерік-жігер жоқ па? Ал артықшылығымыз қайда жатыр? – Себебі біз үлкенірек əрі ақылдымыз! Құдіретті құдайым-ау, сен өз биігіңнен үлкен балалар мен кішкене балалардан басқа ештеңені көрмейсің; ал
сен қайсысынан көбірек лəззат табатыныңды баяғыда-ақ сенің балаң18 жария еткен болатын. Бірақ олар оған сенбейді əрі оны тыңдамайды да – бұл да жаңалық емес қой! – балаларын өзі сияқтандырып қалыптастырады да – Хош бол, Вильгельм! Менің бұл жайлы əрі қарай көп бос сөйлеуге құлқым жоқ. 1 шілде Төсек тартып сарылып жатқан сол ауру жанға Лоттенің қанша-лықты кымбат екенін мен өзімнің бейшара жүрегіммен сеземін. Ол бірнеше күн қалада, дəрігердің айтуына қарағанда жарық дүниемен қоштасуға таянған жəне осы соңғы мезеттерде Лоттенің өз қасында болғанын калаған бір адал əйелдің үйінде болады. Өткен аптада таудың арғы жағындагы бір сағаттық жерде жатқан елді мекенге онымен бірге Шт... деген пастордікіне бардым. Біз төртке таман сонда келдік. Лотте өзінің екінші сіңлісін жанына ерткен болатын. Екі биік жаңғақ ағашының көлеңкесі түскен пастордың ауласына кіргенімізде, жылы жүзді қарт адам есік алдындағы орындықта отыр екен, ол Лоттені көре салысымен, бейне бір жаңадан күш біткендей, тіпті балдағын ұмыта оның алдынан шықты. Лотте оған қарсы жүгірді, қарияны қояр да қоймай отырғызып, өзі оның қасына отыра қалып əкесінің көп сəлемін жеткізді, қарияның сүйкімсіз, кір-қожалақ кіші баласын, қартайғанда көрген жалғыз қуанышын бауырына қысты. Сен оның қарттың көңілін қалай аулағанын, жартылай керең құлағына естірту үшін дауысын көтере, оған қаза тапқан жас, дені сау кісілер жайлы, Карлсбаденің артықшылығы жайлы əңгімелегенін жəне карттың алдағы жазда сонда баруға бел байлаған шешімін құптағанын, оның өзі соңғы рет көргендегіден көп сергек, жақсы көрінетінін айтқанын көрсең етті. – Мен бұл кезде пастордың əйеліне сыпайыгершілігімді көрсетіп бақтым. Қарттың көңілденгендігі сондай, бізге жапжақсы көлеңкесін түсіріп тұрған сұлу жаңғақ ағаштарын мақтай отырып, ептеп қиналса да, бізге оның тарихын айта бастады. «Кəрі жаңғақты,– деді ол, – Кім отырғызғанын біз білмейміз,
біреулер мынау, басқалары анау пастор дейді. Анау төмендегі жасырағы менің əйеліммен құрдас, қазанда елуге толады. Ол кешке таман туған, ал əкесі жаңғақты ертеңгісін еккен екен. Ол менен бұрын осында істеген қызметтес əріптесім болатын, ал оның ағашты қаншалықты жақсы көргенін айтып жеткізу мүмкін емес; мен де оны, əрине, одан кем жақсы көрмеймін. Мен осыдан жиырма жеті жыл бұрын кедей сту дент қалпымда алғаш рет осы аулаға келгенімде, менің əйелім бір бөрененің үстінде бірдеңе тоқып отыр екен». Лотте оның қызын сұрады: сөйтсе ол Шмидт мырзамен бірге пішендіктегі жұмысшыларға кетсе керек, қарт бұрынғы əріптесі мен оның қызының өзін қалай жақсы көргендігі туралы, өзінің алдымен оның викариі, одан соң ізбасары болғаны жайлы əңгімесін ары қарай жалғастырды. Пастордың қызы Шмидт мырзамен бақ арасынан шыққанда, əңгіме əлі аяқталмап еді. Ол Лоттемен ыстық ықыласпен сəлемдесті, айта кетейін, ол маған ұнады: кісімен қысқа уақыт ішінде ашық та жап-жақсы əңгімелесе алатындай пысық, сымбатты қараторы қыз екен. Оның нақсүйері көркем, (себебі Шмидт мырза өзін солай етіп көрсетті) əрі сабырлы кісі екен, Лотте оны үнемі сөзге тартса да, ол біздің əңгімемізге араласқысы келмеді. Мені, əсіресе, ренжіткені – оны сөзге араласуға жібермей тұрған ұялшақтықтан гөрі бойындағы өркөкіректік пен бет əлпетінен байқалып қалатын, жымысқы мысқылдың басымдығы еді. Кейінірек бұл қасиеті, өкінішке орай, анық көрінді; өйткені қыдырған кезде Фридерике Лоттемен, кейде байқаусызда менімен қатарласа қалған сəттерінде мырзаның онсыз да қоңырқай жүзінің қарауытып кететіні, бет-əлпетінен айқын көрінді. Лотте жеңімнен тартып, менің Фридерикемен тым жақындасып кеткенімді ескерткен кезі де болды. Адамдардың бірін-бірі қинағанынан артық мені ештеңе шіміркендіре алмайды, əсіресе, жас адамдар өмірлерінің құлпырған шағында, бар қуанышқа емін-еркін кенеле алатын кездерінде бір-бірінің аздаған жақсы күндерін тыжырынумен тəрк етеді де, соңынан сол түзетілместей қателіктерін өздерінің
ысырапшылдықтары деп түсінеді. Бұл жанымды жай таптырмады, біз кешке таман пастордың ауласына қайтып келіп, дастарқан басында сүт ішіп отырғанымызда сөз өмірдегі қуаныш пен қайғы жайына ауысты, көңіл-күйім болмағандықтан, ұнжырғам түсіп, əңгіме желісін тап басып, ашық-жарқын сөйлесе алмадым. «Біз, адамдар, жақсы күндер аз, жаман күндер көп деп жиі шағынамыз, – деп бастадым мен, – Ал меніңше, көбінесе қателесеміз. Егер біздің жүрегіміз таза болса, əрбір күнге құдайдың бізге даярлаған жақсылығының рахатын көрген болар едік, біз сонда ғана қандай қайғыны да жеңерлік күшке ие болар едік». «Бірақ біздің ақыл-ойымыз өз ырқымызда емес қой, – деп сөзге араласты пастордың əйелі, – Денеде тұрған не бар дейсің! Егер біреудің өз күйі жақсы болмаса, онда оған барлық жерде де қызық жоқ сияқты болып көрінеді». Мен оның мұнысын мойындадым. «Онда біз бұл сезімді, – деп сөзімді жалғастырдым мен ары қарай, – бір ауру деп есептейік те, бұған еш дауа жоқ па деп сұрасақ ше?» – «Бұл тек айтуға ғана оңай», – деді Лотте, – жеңіл айтқанның өзінде, меніңше, көбісі біздің өзімізге байланысты. Мен бұны өзімнен білемін. Егер бірдеңе шамыма тиіп, ренжітетін болса, атып тұрамын да бақта əрі-бері жүріп, бірнеше контре11 бидің əнін айтсам болды, бəрі сол сəтте-ақ ғайып болады». – «Менің де айтпағым осы еді, – деп қостадым мен, – Төмен көңіл күйдің өзі тура бір салғырттықпен бірдей, өйткені бұл да салғырттықтың бір түрі. Біздің табиғатымыз осыған өте бейім, əйтсе де, егер біз өзімізді жігерлендіруге бір мəрте ғана күш салсақ, онда біздің бар ісіміз оңға басады да, ісəрекетімізден шынайы лəззат аламыз». Фридерике өте мұқият тыңдап отырды, ал жас жігіт болса маған қарсы шықты, адам өзін-өзі билей алмайды-мыс, əуелі өз сезіміне де ие бола алмайды екен. «Мұндағы мəселе біреу, əркім-ақ қуана-қуана аулақ болуға тырысатын, жайсыз сезім жайында, – деп киіп кеттім мен, – жəне өзі басынан өткермейінше, өз күшінің қаншаға жететінін ешкім
де білмейді. Əрине, кім ауру болса, сол барлық дəрігерден кеңес сұрайды жəне өзінің денсаулығын қалпына келтіру үшін ең қиын сынақтардан да, ең ашы дəрі-дəрмектерден де бас тартпайды». Мен кеңпейіл қарттың біздің пікірталасымызға араласу үшін мұқият кұлақ түргенін байқадым да, даусымды көтере сөзімді соған бағыттадым. «Адам күнəлары жайлы сонша көп уағыздалады, – дедім, – Бірақ мен ешқашан жаман көңіл-күй жайында айтылған сөз естімедім». – «Бұны қаланың пасторы істеуге тиіс,– деді қарт, – Қарапайым шаруаларда ешқандай ащы мысқыл жоқ; дегенмен, бұл да кейде зиянын тигізбес, ең болмаса əкім мырза мен оның əйелі үшін сабақ болған болар еді». Отырғандар күлді, біздің таласымызды бірталайға дейін үзген бір жөтелге тап болғанынша бізбен бірге қария да аңқылдай күліп отырды; одан соң жас жігіт қайта сөзге кірісті: – Сіздер ащы мысқылды күнə дедіңіздер, меніңше, бұл асыра сілтеу сияқты. – Ешқандай да асыра сілтеу емес, – деп жауап бердім мен, – Егер кімде-кім өзіне жəне өзінен кейінгілерге зиянын тигізсе, осы атаққа ие болады. Біздің бір-бірімізді бақытты ете алмайтынымыз былай тұрсын, бір-бірімізден əр жүректің өзіне ғана сыйлай алатын рахатын ұрлайтынымыздың өзі-ақ жеткілікті емес пе? Сіз маған көңіл-күйі жаман болғанда оны жасыра алатын, айналасындағы қуанышты бұзбай, ренішін жалғыз өзі көтеретін адамды атаңызшы! Əлде ол көбінесе біздің ішкі қадір-қасиетсіздігіміз, өзімізге риза болмаушылығымыздан туындап, үнемі есуас бірбеткейліктен бүлінген наразылығымыз ба? Біз өзіміз бақытсыз ететін бақытты адамдарды көреміз, ал бұған төзуге болмайды». Лотте менің сөйлеген кездегі қобалжығанымды көріп жымиды, Фридерикенің көзіндегі жас мені ары қарай сөйлей беруге итермелей түсті. – Біреудің кеудесінде пайда болатын қарапайым ғана қуанышын ұрлау үшін оның жүрегіне өзінің билік ете алатынын
пайдаланған жанның бағы жанбас, – дедім мен. Біздің қинаушыларымыздың, көре алмаушыларымыздың жайсыздығы улап тастаған, бір сəттік лəззаттың орнын жер бетіндегі бар сыйлық, еш сыпайылық толтыра алмақ емес». Осы сəтте жүрегім сыздап тұрды; кейбір өткен жайттар туралы естеліктер кеудемді қысып, көзіме жас келді. «Кімде-кім бұны өзіне тек күн сайын қайталар болса, – деп ышқына сөйледім мен, – сен достарыңның қуаныштарын бұзбай жəне олардың бақытын ұлғайта түсу үшін, оны оларменен бірге қызықтағаннан өзге, ештеңе істеуге шамаң жетпейді. Олардың жаны іштей мазасыз құштарлыкқа бола қиналса, касіретпен шырқы бұзылса, оларға титтей де болса жеңілдік жасауға шамаң жете ме? Ал егер тіпті одан кейін ең соңғы, айықпас дерт, сен құлпырған шағында-ақ көміп тастаған жанды бас салса, ол ойсыз көзін аспанға қадай, құп-қу маңдайында жан тері тамшылай ағып, аянышты əлсіз халде жатқанда, сен бір қарғыс атқан адамдай оның төсегінің қасында тұрасың, өзіңнің бар мүмкіндігіңмен ештеңе істей алмайтыныңды іштей ойлап, сені іштей қорқыныш қалшылдатады, өліп бара жатқан жанға бір мысқал əл, ұшқындай болса да батылдық қосу үшін бəрін беруге даярсың». Өзім көрген осындай бір жайттың естелігі бар күшпен тасқындап осы сөздер арқылы ақтарылды. Мен қол орамалыммен көзімді бастым да жұртты тастап тұрып кеттім, тек Лоттенің біздің кететіндігімізді ескерте айтып шақырған даусы ғана сабама түсірді. Ол мені жолай не болса соған сонша құлшына араласатынымды жəне бүйте берсем құритынымды айтып ұрысты! Мен өзімді сақтауға тиістімін! – О періштем! Мен сен үшін өмір сүруім керек! 6 шілде Лотте əлі өзінің өлім алдында жатқан дос əйелінің қасында жəне де ол əлі де сол баяғы қалпы, сүйкімді жан қашан да, қайда болса да қайғыны жеңілдетіп, бақытты етеді. Ол кеше
кешке Марианнамен жəне кішкене Мальхенмен бірге қыдыруға шығыпты. Мен оны білген соң оларды тауып алдым да, бірге қыдырдық. Біз бір жарым сағаттай жол жүргеннен кейін қала маңындағы маған аса қымбат, тіпті мың есе қымбат құдықка келдік. Лотте тас дуалдың үстіне отырды, біз оның алдында тұрдық. Мен жан-жағыма қарадым. Ах! Бірталай уақыттан бері соншама жалғызсыраған жүрегім қайтадан тірілгендей болды. «Сүйікті құдық,– дедім мен, – содан бері мен сенің көлеңкеңде демалмадым, жаныңнан асыға өткенде, кейде сені көрмедім де». Төмен қарап едім, Мальхеннің бір тостаған су алып, жоғары қарай тырмыса көтеріліп келе жатқанын көрдім. Мен Лоттеге қарадым да бəрін сездім, оның маған қаншалықты қымбат екенін сездім. Сол кезде тостағанын алып Мальхен келді. Марианнаның ыдысты алғысы келді. «Жоқ! – деп шыңғырып жіберді сəби аса бір тəтті əлпетпен. – Жоқ, Лотхен, сен алдымен ішуің керек!» Ол мұны айқайлап айтқан кезде шын пейілділігі мен мейірімділігіне тəнті болғаным сонша, өз сезімімді қалай жеткізерімді білмедім, баланы жерден көтеріп алып құшырлана сүйгенімде ол шырылдап жылай бастады. «Сіз дұрыс істемедіңіз», – деді Лотте. Мен ыңғайсызданып қалдым. «Жүр, Мальхен, – деді де, оны қолынан жетелеп баспалдақпен төмен түсіріп бара жатып, – Анда таза бұлаққа барып тез-тез жуына ғой, сонда ештеңе етпейді». Мен сол жерде тұрып кішкентайдың осы бір ғажайып бұлақ бар кірді жуып-шайып жібереді деген сеніммен, жексұрын сақалдан жұққан масқараны аластауға тырысып, су қолымен бетін сонша мұқият сүрткенін көрдім; Лотте болды десе де сəби, неғұрлым көп жуса, соғұрлым тез тазаратындай, одан əрі өршелене жуа берді. – Мен саған айтайын, Вильгельм, ешқашан бұндай құрметпен шоқындыру ырымын көрмеп едім; Лотте бері келгенінде, сөз жоқ, оның аяғына, тура бір ұлттың қарыз-парызын жуған бəз бір пайғамбардың алдына жығылғандай, жығылған болар едім.
Өзімді қуантқан осы жағдайды бір парасатты, адамның ақыл-ойын түсіне алатын кісіге айтпай тұра алмадым; бірақ мені қалай қабылдады десеңші! Ол Лотте мүлде дұрыс істемеген деді; балаларды ешнəрсеге ес-түссіз сендіруге болмайды; бұндай жайттар, балалардың сансыз қателіктер мен ырымшылдыққа ерте тап болуына себеп болады. Менің ойыма бұл кісінің осыдан сегіз күн бұрын шоқындырылғаны түсті, сондықтан да мен бұған көңіл бөлмедім де жүрек түбінде шындыққа сенген қалпымда қалдым: құдай бізге не істесе, біз де балаларға солай қарауымыз керек, ол бізді тəтті арман толы сағымда əбден тербелтіп қояды да өте бақытты етеді ғой. 8 шілде Адам неткен бала сияқты еді! Неліктен осындай бір ғана көзқарасқа зəру болады екен! Адам неткен бала сияқты еді! – Біз Вальгеймге барған болатынбыз. Қыздар жағы жоғары кетті. Қыдырып жүргенде көз алдымнан Лоттенің қара көздері кетпеді. – Мен есуаспын, кешір мені! Сен осынау көздерді көрсең етті! – Мен қысқаша баяндайын (себебі көзіме ұйқы тығылып, жұмылып отыр), қара, қыздар жағы мінген кезде күйменің қасында жас В..., Зельштат, Аудран жəне мен тұрған едік. Əбден жеңілденіп əрі желпініп алған жігіттермен қызу əнгімеге кіріскен болатынбыз. – Мен Лоттенің көздерін іздедім; ах, олар біреуден соң біреуге ауды! Маған түсші! Маған! Маған! Өзіне сол жерде сонша табынып тұрған жанға ол көздер түспеді! – Жүрегім онымен мың мəрте қоштасты! Ал ол мені көрмеді! Күйме кете барды; көзіме жас келді. Мен оның артынан карадым да, Лоттенің есікке ілініп тұрған орамалын көрдім, ол артына бұрылды, қарайын деп, ах! Маған ба? – Сүйіктім! Осынау бір беймəлім қалыпта қалқып тұрмын; бұл менің жұбанышым ғой: ол мүмкін көзімен мені іздеген шығар! Мүмкін! – Қайырлы түн! О, мен неткен бала сияқты едім! 10 шілде
Жиналған қауым ол жайлы сөз ете қалса, маған қандай жайсыз əсер ететінін көрсең етті сен! Егер менен тіпті ол қаншалықты ұнайды деп сұраса? – Ұнайды! Бұл сөзді өлердей жек көремін. Лоттенің бар ақыл-ойын, бүкіл сезімін баурамай, тек ұнатушы адам қандай болуы мүмкін! Ұнайды! Жақында біреу менен Оссианның19 маған қалай ұнайтынын сұрады! 10 шілде М... деген əйел өте нашарлап жатыр; ол үшін Лоттемен бірге қайғырып, тəңірге жалбарынып жүрмін. Мен оны дос қызының үйінде сирек көремін, ал бүгін ол маған таңғаларлық жайтты айтып берді. – Кəрі М... əйелін өмір бойы əбден қинап, қаржы жағынан қысым көрсеткен, ұсақ-түйекшіл, қазымыр, сараң адам екен; сонда да əйелі үнемі есебін тауып барын жеткізіп отырыпты. Аз күн бұрын дəрігер оған өмірінің біткенін айтқанда, əйел өз күйеуін шақыртып алады да (Лотте бөлмеде болыпты) сөзін бастапты: «Мен өзім өлген соң реніш, əрі жөнсіздік тудыруы мүмкін бір жайды мойындайын деп едім. Осы кезге дейін үй-жайды мүмкіндігінше ретті əрі үнемді ұстадым: осы отыз жыл бойы сені алдағанымды жалғыз сен ғана кешіре аласың. Біз үйленген алғашкы кезден-ақ сен болар-болмас етіп ас үйдің қаржысын жəне басқа да үй ішінің шығынын белгіледің. Біздің үй тұрмысымыз ауқаттырақ, шаруашылығымыз үлкенірек болғанда да сен менің апталық ақшамды жағдайға қарай көбейткің келмеді; қысқасы, өзің білесің, тұрмысымыз əбден түзелген кезде де менен жеті гульденді20 бір аптаға жеткізуді талап еттің. Мен оларды еш қарсы сөз айтпай алып, ақшаның жетпегенін жеті сайын дүкеннен алып тұрдым, онда қожайын əйел кассаны ұрлайды-ау деген ешкімнің каперіне де кірмеді. Мен ештеңені босқа ысырап еткенім жоқ, егер менен кейін үй шаруасын атқаратын басқа біреу болмағанда, бұны мойындамай-ақ мəңгілікке тыныш кете берген де болар едім, қысылтаяң жағдайда не істерін білмес жəне сен де үнемі бірінші əйелің осыны жеткізген еді деп қасарысарсың».
Лотте екеуміз, егер біреу шығын екі есе артық шығатын жерде жеті гульденді жеткізсе, мұның артында бір жасырын сыр бар-ау деп сезіктенбеген, адам сана сезімінің көрсоқырлығы жайында сөз еттік. Бірақ пайғамбардың ішіндегі майы мəңгі таусылмайтын ыдысын21 таңданбай-ақ өз үйлеріне кіргізіп алатындай кісілерді өзімнің көргенім бар. 13 шілде Жоқ, мен өзімді өзім алдамаймын! Оның қара көздерінен маған жəне менің тағдырыма деген таза ықыласты оқимын. Иə, мен сеземін, бұл жағынан жүрегіме сене аламын, ол-о, мен осы сөздердің құдіретін айтып жеткізуге шамам жетер ме, қақым бар ма? – ол мені сүйеді! Мені сүйеді! – Мен қадірімді өзім білгендеймін, қалай мен – менің саған бұны айтуыма əбден болады, сен мұндайды түсінесің – мен өзімді-өзім қашаннан бері қадірлесем, сол кезден бері ол мені сүйеді! Бұл өзіме деген сенім бе, əлде тым биік бағалау сезімі ме? – Мен Лоттеге ұнауы мүмкін-ау деп қауіптенерліктей адамды білмеймін. Əйтсе де, өз күйеу жігіті жайлы айта қалса, ол туралы асқан бір мейіріммен, өте жақсы көре сөйлейді, ондай кездерде мен өзімді бейне бір бар абырой-атағынан жұрдай болып, қаруынан айырылған біреу сияқты көремін. 16 шілде Байқаусызда менің саусағым оның қолдарына тиіп кетсе, не аяғымыз үстелдің астында түйісіп қалса, бар тамырым шымырлап қоя береді! Мен бейне бір шоқ басып алғандай аяғымды кері тартып аламын, сөйте тұра белгісіз бір күш мені қайтадан алға жетелейді – басым шыр көбелек айналады. О! Оның пəк те қарапайым жаны мені осынау болымсыз жакындықтың өзі қалай қинайтынын сезбейді. Ол тіпті күнделікті əңгіме үстінде қолын менің қолымның үстіне қойып, əңгіме қызығымен маған жақындай түскен сəттерде, аузынан шыққан шырын лебі ерніме
жетеді – мен бейне бір желмен шайқалып батып бара жатқан сияқтанамын. Ал, Вильгельм! Бір кезде осынау құдіретті күшке, мынау сенімге бас исем! Сен мені түсінерсің. Жоқ, менің жүрегім соншалықты күнəһар емес! Əлсіз! Тым əлсіз! – Ал бұл күнə емес пе? Ол – мен үшін періште. Ол барда бар құштарлығым тылсымға бата тынышталады. Мен онымен болған кезімде не бо лып, не қойғанымды білмеймін; жан дүнием бүкіл жүйкемді шымырлатқандай болады. – Оның күйсандықта періштедей ойнайтын сондай қарапайым əрі өте жігерлі бір əуені бар. Ол оның сүйікті əні, алғашқы нотасын ойнай бастаса-ақ болды, бүкіл мұңымнан, реніш, қайғымнан арылғандай боламын. Музыканың сиқырлы күші жайлы байырғы ешбір сөз мен үшін таң емес. Қарапайым ғана əуен мені сонша баурап алады! Жəне Лотте оны қай кезде бастауды біледі, көбінесе, мен өзімнен өзім түңіле бастаған кезде ойнайды! Жанымның абыржуы мен ой түнегі сейіледі де, қайтадан еркінірек дем аламын. 18 шілде – Вильгельм, бізге махаббатсыз дүние неге керек! Онсыз сиқырлы шамның кажеті не! Шамды əкелуің-ақ мұң екен, сенің боз қабырғаңда алуан түсті суреттер жайнап сала береді! Бұл тіпті өтпелі елес қана болса да, біз жас балалардай алдана тұрып, ғажайып көрініске таң-тамаша қаламыз, сол шақта ол бізді үнемі бақытқа кенелткендей болады. Бүгін мені бір сөзуар біреулер ұстап қалды да, Лоттеге бара алмадым. Не істеу ке рек! Оған жақындаған бір адам бүгін өз касымда болуы үшін мен оның үйіне күтушімді жібердім. Оны қалай тағатсыздана күтсем, солай қуана қарсы алдым! Егер ұялмағанымда, оны басынан ұстай алып сүйген болар едім. Жұрт бонон тастары22 жайлы айтып жүр. Егер оны күнге қойса, сол тас күннің жарығын тартып алып, түнде бірталай уақыт жарқырап тұрады екен. Бозбала да маған сол тас сияқтанады. Оның көздері Лоттенің жүзіне, бетіне,
кеудешесінің жағасына түсті-ау деген сезім маған осының бəрін сондай қастерлі, аса қымбатты етті! Осы сəтте бала маған тым қымбат болып көрінді. Оның менің қасымда болуы маған сондай əсерлі болды. Құдай сақтасын, сен бұған күле көрме. Виль гельм, егер бізге өмір жақсы болып көрінсе, ол тек елес қана ма? 19 шілде «Мен оны көремін! – деп айқайлаймын мен ертеңгісін көзімді ашып, шат-шадыман көңілмен сұлу күнге қарап. - Мен оны көремін!». Сөйтіп күні бойы одан басқа еш тілегім болмайды. Бəрі, бəрі осы үмітке ғана байланып қалғандай. 20 шілде Мен жіберілген өкілмен бірге*** баруға деген сіздердің ойларыңызбен əлі келісе койғаным жоқ. Мен бағынышты болуды онша жақсы көрмеймін жəне бұған қоса ол кісінің жексұрын адам екенін біз бəріміз білеміз. Шешем менің белсенді болғанымды өте қалайды депсің сен, бұл менің күлкімді келтіреді. Мен қазір де белсенді емеспін бе? Түптеп келгенде бəрібір емес пе: мен бұршақ санаймын ба, əлде жасымық санаймын ба? Жер бетіндегінің бəрі өз өзіңді алдау, жəне де кімде кім өз қабілеті мен қалауынсыз, басқа біреуге жағу үшін ақша немесе атаққа бола, не сол сияқты тағы да бірдеңеге бола жұмыс істесе сол қашанда ақымақ. 24 шілде Менің сурет салуға қалай болса солай салғырт қарайтыныма сен көп алаңдайтындықтан осы кезге дейін аз істедім дегенше бар істі қозғамай, əзірше жылы жауып қоюды жөн көрдім. Мен ешқашан бұдан артық бақытты, сезімім де ешқашан бұлай шөпке, тау-тасқа дейін, жалпы табиғатка осыншалықты құштарлықпен толық арналған емес, əйтсе де қалай айтарымды білмеймін, менің бейнелеуім өте əлсіз, жан-дүниемде ешбір кескін нобайын ұстай алар емеспін; бəрі əйтеуір қалқып, теңселіп
жүргендей; бірақ, егер менде балшық немесе балауыз болса, онда шынымен-ақ бірдеңе жасаған болар едім. Егер бұл сенделіс ұзаққа созылса, тағы балшық алып, илермін, ең болмаса самса іспеттес бірдеңе шығар! Мені барған сайын көңілсіз ете түскені, осыдан біраз уақыт бұрын ғана ұқсастықты дəлме-дəл табушы едім. Ал жақында Лоттенің портретін үш рет бастап, үш рет масқара болдым. Өткенде оның көлеңке бейнесін – силуэтін жасағанмын, енді сонымен қанағаттануым керек болар. 25 шілде Иə, сүйікті Лотте, мен бəрін тауып, əкелейін; сіз тек маған көбірек тапсырма беріңіз, т ек жиірек. Сізден жалғыз-ақ өтінерім: маған жазған парағыңызға құм23 сеппеңізші. Бүгін мен оны ала сала ерніммен аймалап едім, тістерім шықырлап шыға келді. 26 шілде Оны жиі көрмеуге іштей бекініп те қойдым. Иə, кім сөзінде тұра алар дейсің! Күн сайын мен арбалған кезде өз-өзіме, сен ертең ең болмаса бір рет бармауың керек деп нықтап ант етемін: ал таң атқан соң тағы бір тапжылтпастай себеп табамын да, көзді ашып-жұмғанша оның үйінде боламын. Немесе ол кешкісін былай дейді: – Сіз ертең бəрібір келесіз ғой? – Мұнан кейін кім бармай қала алар дейсің? Немесе ол маған бір тапсырма береді, ал оның жауабын өзім барып бергенді жөн көремін; немесе ауа райы өте тамаша болады да, мен Вальгеймге барамын, ал онда болсам, Лоттенің үйіне дейін небары жарты-ақ сағат! – Мен атмосфераға тым жақынмын – Тіпті көзді ашып-жұмғанша сонда боламын. Менің əжемнің бір магнитті тау жайлы ертегісі бар еді: жақын келген кемелердің бірден барлық темір бұйымдары жоғалады екен, шегелер тауға қарай ұшады да, ал бейбақ сорлы жандар быт-шыты шыққан тақтайлардың арасында күл-талқан болады екен. 30 шілде
Альберт келді, ал менің кетуім керек; ол тіпті ең жақсы, аса игі адам болсын делік, мен өзімнің одан төменірек екенімді мойындауға даяр болсам да, оны қарсы алдымда соншама көп игіліктердің иесі ретінде көру жан төзгісіз еді. – Басыбайлылық! – Жетеді, Вильгельм, күйеу жігіт келді! Ақ жарқын, сүйкімді, сыйлауга тұрарлық адам. Бақытыма қарай, оны қарсы алған кезде мен болғаным жоқ! Бұл жүрегімді парша-парша еткен болар еді. Ол сондай адал екен, мен барда Лоттені əлі бірдебір рет сүйген жоқ. Құдай жарылқасын оны! Мен оны қызды сыйлағандығы үшін жақсы көруге тиіспін. Ол менімен жақсы қатынаста болғысы келеді, байқауымша, бұл көбінесе оның өзінің қалауынан гөрі Лоттенің бағыттауынан туатын секілді; себебі бұндайға əйелдер епті əрі олардікі дұрыс та; егер олар өте сирек болса да, өзіне ғашық болған екі адамды бір-бірімен жақсы қатынаста ұстай алса, бұл оларға пайдалы ғой. Мойындауым керек, Альберт əбден сыйлауға тұрарлық жан. Оның байсалды кейпі менің мінезімнің тынымсыздығына қарағанда өте анық та айқын, тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Ол үлкен сезім иесі жəне Лоттенің бағасын біледі. Альберт түнеріп жүруге бейім емес сияқты, ал түнеру менің адам бойындағы қасиеттердің ішіндегі күнə ретінде ең жек көретін нəрсем екенін сен білесің. Ол мені ақылды адам деп есептейді; ал менің Лоттеге деген ықыласым, оның əрбір іс-əрекетінен алатын жан лəззатым, оның мерейін өсіріп, оны бұрынғыдан да ары сүйеді. Ол Лоттені кейде ептеген қызғанышсымағымен қинамай ма екен, бұл мен үшін жұмбақ, егер оның орнында болсам, мен тіпті сол қызғаныш – сайтанның алдында онша табанды болып қала алмас едім. Қалай болған күнде де, менің Лоттенікінде болуға деген өлермендігім шегіне жетті! Бұл есуастық па əлде адасқандық па? Аттарын атаудың қажеті не! Жағдай өзінен-өзі-ақ түсінікті ғой! Мен қазіргі білетінімнің бəрін Альберт келместен бұрынақ білгенмін; оған ешқандай талап қоя алмайтынымды білдім
жəне сол талапты қойғамын да жоқ – яғни, бұл қаншалықты мүмкін болса да, үлкен қайырымдылықпен талап ете алмайсың. – Ал енді міне, басқа біреу шынымен келіп қызды одан тартып алғанда есуас əбден таңғалады. Тістеніп алып өз сорлылығыма күлемін, ал ештеңе өзгермейтін болғандықтан, менің бас тартуым керек деп айтқысы келетіндерге екі есе, үш есе күлер едім. – Мені осы топас пысықтардан құтқарыңдаршы! – Орман ішінде айнала жүгіремін, ал Лоттенің үйіне келгенімде, Альберт сол үйде, көңілді қалпында саялы бақ ішіндегі орында отырады, мен болсам, жынды адам сияқты ары қарай не істерімді білмеймін де, ызалы қалжың мен шатасқан бірдеңелерді айта бастаймын. «Құдай үшін, – деді маған бүгін Лотте, – Өтінемін сізден, кеше кешкісіндегідей шу шығармаңызшы. Сіз өте көңілді болсаңыз, қорқынышты болып кетесіз». Былайша айтқанда, мен Альберттің жұмысқа барар кезін аңдимын; зытып далаға шығамын да, Лоттенің жалғыз екенін көрсем, жадырап сала беремін. 8 тамыз – Сүйікті Вильгельм, өтінемін сенен, біздің бұлтартпас тағдырға мойынсұнуымызды талап ететін адамдарды жан төзгісіз етіп ғайбаттағанымда, əрине, саған қатысты айтқан жоқпын. Шындығында, сені олардың пікірін құптар деп ойламап едім. Түптеп келгенде сенікі дұрыс. Тек бір нəрсе есіңде болсын, кымбаттым, өмірде қалауың өте сирек орындалады; сезімдер мен іс-əрекет түрлері, бейне бір қыр мұрынды мен пұшық мұрындының арасындагы айырмашылық сияқты, алуан түрлі болып құбылады. Егер сенің бар дəлеліңді жинап алып, «иə» мен «жоқтың» арасына ұрлана кіру жағын іздестірсем, сен маған ренжімессің. Немесе былай дерсің: сен əлде Лоттеге қолыңды жеткізуге үміттенесің, əлде ешбір үмітің жоқ. Жарайды, бір жағынан ол үмітті аластауға тырыс, өз қалауыңның орындалу жағын іздестір: болмаса беліңді бекем бу да, бар күш-қуатыңды жалмайтын
сəтсіз сезімнен құтылудың жолын ізде. – Қымбаттым! Бұның жақсы айтылған жəне айтуға ғана оңай ғой. Жегідей жеген ауру меңдеп, бара-бара өмірін жалмайтын бақытсыздан сен қанжардың бір ғана соққысымен азаптан бірден құтылуын талап ете аласың ба? Оның күш-қуатын сарыққан сырқат, сонымен бірге одан құтылу үшін жігерін де ұрламай ма? Əрине, сен маған басқа бір балама ұғым арқылы жауап берерсің: кім шарасыздық пен именшектіктің арқасында өз өмірін қатерге тіккен нен гөрі, қолын кестіруді артық санамайды ғой деймісің? – Білмеймін! Біз осы салыстырулар арқылы бірбірімізбен тістеспеуіміз керек. Жетеді – Иə, Вильгельм, маған кейде бір сəтке буырқанған, бəрін сілкіп тастайтындай жігер пайда болады, сол кезде мен қуана-қуана барар едім, тек қай жаққа екенін білсем ғой? Кешкісін Бірталай уақыттан бері қарамаған күнделігім бүгін қолыма қайта түсті, өзімнің осының бəріне қалай саналы түрде, біртебірте, бойлай енгеніме таңмын! Мен үнемі өз жағдайымның қандай екенін сонша анық көре тұра, тура бір нəресте сияқты іс-əрекет етіппін, қазір бұрынғыдан да анық көріп отырмын, бірақ алға басудың нышаны да білінбейді. 10 тамыз Егер ақымақ болмасам, тым жақсы, тыныш өмір сүрген болар едім. Менің дəл қазіргі кездегі қалпымдағыдай бір адамның көкірегіне қуаныш ұялату үшін сəтті жағдайлар оп-оңай кез бола салмайды. Ах, біздің жүрегіміздің өз бақытын жалғыз өзі ғана жасайтыны ақиқат қой. Тамаша отбасының бір мүшесі болу, қартқа өз ұлындай, кішкентайларға өз əкесіндей сүйікті болу, ал Лоттеге ше? Оған қоса адал Альберт қазымырлық жасап, менің ынтық көңіліме кедергі келтірудің орнына, ол мені алаңсыз достығымен баурай түсуде; мен оған Лоттеден
кейінгі жер бетіндегі ең сүйікті жанмын! – Вильгельм, біздің қыдырып, Лотте туралы əңгімелескенімізді тыңдаудың өзі бір ғанибет: жер бетінде бұдан өткен күлкілі жағдай жоқ шығар, сөйте тұра бұдан менің көзіме жиі-жиі жас келеді. Ол маған Лоттенің қадірменді шешесінің өлер алдында үйі мен балаларын Лоттеге тапсырғанын, ал өзіне Лоттені табыстағанын, сол кезден бері Лоттені өзгеше бір рухтың ширата түскенін, оның шаруашылық қамына кірісіп, шынымен нағыз шеше болғанын, əр күні жігерлі сүйіспеншілікке, жұмысқа де ген ынтаға толы болғанын жəне соған қарамастан ашықжарқындығын, сергектігін тастамағанын айтты. – Мен онымен қатар жүріп отырамын да, жолай гүлдерді жұлып алып, мұқият бір дестеге жинаймын, сосын оларды жанымыздағы ағын суға лақтырамын да, жайлап аққан гүлдің соңынан қарап тұрамын. – Мен саған жаздым ба, жоқ па, білмеймін, Альберт осында қалып, өзі қалағандай, сарайдағы жап-жақсы каражаты бар бір қызметке тұратын болды. Шаруашылықтағы тəртіп пен ұқыптылық жағынан оған сай келетіндерді мен өте сирек кездестірдім. 12 тамыз Əлбетте, Альберт – жер бетіндегі ең жақсы адам. Кеше ол екеуміздің арамызда таңғаларлық жағдай болды. Мен қоштасу үшін оның үйіне келдім; себебі қазір осы саған хат жазып отырған жерге, тауға, атпен шығуға көңілім кетті де тұрды, бөлмеде ары-бері жүргенімде, көзім оның тапаншаларына түсті. «Саяхатқа тапаншаңды бере тұршы», – дедім мен. – Қалауың білсін, – деді ол, - Сен оны өзің оқтап алуға тырыс, олар бұнда тек сəн үшін ғана ілулі тұр. Мен біреуін алдым, ол сөзін ары жалғады; – Менің сақтығым бір ыңғайсыз жайға кез келтіргеннен бері мен бұл шіркінді қолыма алған емеспін. Мен ол оқиғаны білуге ынтықтым. – Мен, – деді ол, – тура үш ай бойы бір досымның үйінде тұрған болатынмын, оқталмаған екі тапаншам бар еді, тыныш ұйықтап жаттым. Бірде жаңбырлы күнгі түстен кейінгі мезгілде,
ішім пысып отырғанмын, қайдан ойыма түскенін қайдам: бізге шабуыл жасауы мүмкін ғой, тапаншалардың бізге қажеті боп қалар деп ойладым, сен өзің білесің ғой, қалай болатынын. – Мен оларды тазалап, оқтау үшін қызметшіге бердім; ал ол қыздармен қылжақтасып, оларды қорқытпақ болады, қалай екенін бір құдай өзі біледі, əйтеуір қару атылып кетеді де, ол кезде мылтықтың сүмбісі суырылмаған екен, сүмбі бір қыздың оң қолының бұлшық етін жанай өтіп, бас бармағын бөліп түсіріпті. Маған бірталай айып тағылды, оның үстіне қыздың емделуіне ақша төлеуге мəжбүр болдым, содан бері бар қаруды оқтамай қоямын. Аса қымбаттым, қандай екен сақтық деген? Қауіп-қатер алдын ала хабар бермейді ғой! Əйтсе де...». Мен оны өзінің «əйтсе десіне» дейін ғана жақсы көремін; өйткені əрбір тұжырымның ерекшелігі бар екендігі өзінен өзі түсінікті ғой? Бірақ ол өте адал ниетті! Ол егер бір үстірт, жалпылама, жартылай шындықты айтып қалдым-ау деп ойласа, онда саған түсініктер беріп, күдіктерін, қарсы пікірін айтпай қоймайды, тіпті соңында негізгі əңгіме желісінен ештеңе де қалмайды. Осы жолы да ол аса тəптіштей сөйледі: ақыры мен оны мүлде тыңдауды қойдым, қыңырлыққа беріліп, тұтқиыл қиялмен тапаншаның аузын шекеме оң көзімнің үстіне тіредім. – Ту-у! – деді Альберт менен тапаншаны алып жатып, – Мұның не? – Ол оқталмаған ғой, – дедім мен. – Сонда да, мұның не? – деді ол шыдамсыздана. – Тіпті көз алдыма да елестете алмаймын, өзін-өзі атамын деген адам неткен ақымақ десеңші; ол туралы ойлаудың өзі жиіркендіріп жібереді». – Сен сияқты адамдардың, – деп дауыстап жібердім мен, – бір нəрсе жайлы анықтамалары дайын тұрады; мынау ақымақ, мынау ақылды, мынау жақсы, мынау жаман! Ал бұны қалай деуге болады? Сендер сондай əрекетке итермелейтін ішкі себептерді тексердіңдер ме? Неге ол олай болды, неге ол солай болуға тиісті еді? Себептерін сендер анық білесіңдер
ме? Осыны білсеңдер, онда пікір айтуға асықпас едіңдер». «Кейбір іс-əрекеттердің, қандай себептен барып туындаса да адамгершілікке жат болып қала беретініне келісетін боларсың», – деді Альберт. Мен иығымды көтердім де онымен келістім. «Сонда да, қымбаттым, – деп жалғастырдым сөзімді, – бұл жағдайда да кейбір ерекше тұжырымдар табылуы мүмкін. Ұрлықтың күнə екені ақиқат нəрсе; бірақ өзін жəне жақындарын аштан өлуден құтқару үшін ұрлыққа баратын адам айыптан гөрі аяуға тұрарлык. Қайнаған ашу-ыза үстінде өзінің күнəһар əйелі мен оның оңбаған аздырушысын құрбан еткен еріне кім тас атар? Лəззатқа толы мезетте махаббаттың ырықсыз қуанышына берілген қызға ше? Біздің заңшылдарымыз, яғни салқын қанды тақуалардың өзі де бұндайды жасырып, айыптауларын қайтып алады». «Бұл мүлде басқа нəрсе, – деп қарсылық білдірді Альберт, себебі құштарлыққа берілген адам бар ақыл-ойы мен еркінен айырылып мас, есі ауысқан адамдай көрінеді». — Ах, осы ақылдылар-ай! – дедім мен жымия. Құштарлық! Мастық! Есуастық! Сендер, өнегелі адамдар, бейқам, ештеңеге араласпай, мізбақпай шетте тұрасыңдар да, ішкішті сөгіп, ақымақтан жиіркеніп тура дінбасы құсап оларды айналып өте шығасыңдар да құдайға Фарисей сияқтанып, сендерді соларға ұқсатып жаратпағаны үшін рахмет айтасыңдар. Мен бір емес, бірнеше рет мас та болдым, кұштарлықтарым есуастыққа ұқсас та болды, бірақ екеуіне де өкінбеймін, себебі жұрттың ұлы, мүмкін емес нəрсені ойлап тапқан барлық, ерек ше адамдарды бұрыннан-ақ маскүнемге немесе есі ауысқанға өңештерін соза балайтындарын өз əлімше түсінуге үйренгенмін. Бірақ күнделікті өмірде де, бəз біреу ептеп болса да бір еркін, адал, кездейсоқ іс істеп қойса, оның артынан тас лақтырып, айғайлағандарды есту жан төзгісіз-ақ: «Ол – мас, ол – ақымақ!» ұялсаңдаршы, ішпейтіндер! Ұялыңдар сендер, данышпандар!» — «Тағы да сен əдеттегідей асыра сілтеп отырсың, – деді Альберт, – сен бəрін өсіріп жібересің жəне де мүлде қателесесің,
бұл жерде сөз болып отырған өзін-өзі өлтіру жайын сен үлкен істермен қатар қоясың: мұны əлсіздіктен басқа ештеңеге де балауға болмайды. Себебі қорлыққа толы өмір кешуден гөрі өлу əлдеқайда оңай, əрине». Мен сөзді доғаруды ойладым, себебі мен үшін, шынымды айтсам, өзім бар пейіліммен ақтарыла сөйлегенде, біреудің баршаға аян шындықты айтуын тыңдаудан асқан азап жок. Əйтсе де мен өзімді ұстап бақтым, себебі бұны бұрын да бірнеше рет естігем жəне осы жайлы жиі-жиі ренжіген де болатынмын, біршама ширыққан қалыпта оның сөзін бөлдім: «Сен бұны əлсіздік деп есептейсің бе? Сенен өтінерім – сыртқы жағдайларға қарап баға бермесең етті. Қанаушының жан төзгісіз езгісінде жаншылған халық ақыры көтеріліп, шынжырын үзсе, сен оны да əлсіз деп айта аласың ба? Үйін өрт шалған адам қорқыныш үстінде бар күшін жиып, жайшылықта зорға қозғалта алатын жүктерді оп-оңай көтеріп шығады; реніштің ашу-ызасы үстіндегі біреу алты кісімен алысып, оларды жеңіп шықса, оларды да əлсіз деп айтуға бола ма? Ал, қымбаттым менің, егер қатаю күштілік болса, неге еріксіз күшею оған қарама-қарсы болуға тиіс?» Альберт маған қарады да былай деді: «Көңіліңе алма, сенің келтіріп тұрған мысалдарыңның бұл жерге мүлде қатысы жоқ сияқты». «Солай-ақ болсын, – дедім мен, – мені жұрт ой-пікірің кейде бос сөзбен шектеледі деп жиі-жиі сөгетін. Қане көрейікші, өмірдің жайлы күйінен бас тарту адамға қаншалықты əсер ететінін, біз осыны өзімізше, басқаша, елестете алар ма екенбіз? Өйткені біз тек өзіміз сезінген іс барысында сөйлеуге ғана қақымыз бар». «Адам жаратылысының, табиғатының – деп мен сөзімді ары қарай жалғастырдым, – өз шегі бар: ол қуанышты, ренішті, қайғыны белгілі бір шамаға дейін көтереді, ал шектен асқанда, ол мерт болады. Сонымен бұнда əңгіме біреудің əлсіз немесе əлді екендігінде емес, əркімнің қасіретке өз шама-шарқына қарай қаншалықты төзе алатындығында, бұл, əрине, рухани
немесе тəн күші мен қуаты жағынан да болуы мүмкін. Мен болсам, өз өмірін қиятын адам қорқак дегенге де таңданамын, қатерлі безгектен өлгелі тұрған жанды қорқак деп қалай айтуға болады?» «Парадокс! Бəрі де парадокс!» – деп дауыстап жіберді Альберт. «Сенің ойың жансақтау, – деп қарсыластым мен. – Сен келісетін шығарсың: адамның табиғи күш-қуаты бір жа ғынан суалып, енді бір жағынан кайта оңалмастай қирайтыны сонша, ешбір игілікті өзгеріс арқылы өмірдің үйреншікті ағымын қайта орнатуға олардың шамасы келмейді». Сонымен, сүйіктім, бұны енді біз рухани жағынан қарастырайық. Адамдардың томаға-тұйық ішкі дүниесі жағынан алып қара: түрлі əсерлердің оған қалай ықпал ететінін, əрқилы ойлардың оны қалай шырмайтынын алсақ, ақырғысы, яғни үнемі арта түскен құштарлық, оның бар байсалдылығы мен сабырлылығын сарқып, түбіне жетеді. Салқынқанды, есті адам бақытсыздың жағдайын бекер талқыға салады, сау адам, аурудың төсегінің қасында тұрып, оған өз күшінің титтейін де бере алмайтыны сияқты, оған өсиеттерін де бекер айтады». Бұл Альбертке əншейін бір жай ғана, дерексіз айтыла салғандай болды. Мен осыдан аз уақыт бұрын жұрт судан өлі денесі табылған қызды еске алып, оның тарихын қайта айтып бердім. — Бір үй ішінің күйкі тірлігі мен үйреншікті жұмысқа мойынсұна өскен, бірінен соң бірі дайын тұратын үй тазалау, қала берді əр жексенбіде өзі сияқтылармен қалаға қыдырып барып, үлкен мерекелерде біраз билеп, көп болса, көршісімен бір-екі сағат кейбір ұрыс-талас туралы қызу əңгіме, өсек соғудан басқа ешбір рахатты білмеген əдемі, жас қыздың жалындаған жанында еркектердің жарамсақтануларынан іштей тəни қажетсіну пайда болады; бұрынғы алданыштары оған барабара қызықсыз көрінеді, ол ақыры қалаған кісісін кездестіреді, белгісіз бір сезім жетегіне тежеусіз еріп, қыз оған бар үмітін артады, айналасындағы дүниені ұмытады, ештеңе көрмейді,
ештеңе естімейді, одан басқа ештеңені сезбейді, тек соны ғана сағынады, жалғыз соны. Тынымсыз құштарлықтың беймəлім рахаты оны тұп-тура мақсатына қарай жетелейді, ол жігітпен бірге болуды қалайды, онымен айнымас бірлікте өзіне тиесілі барша бақытты қарсы алғысы, өзі аңсаған бүкіл қуаныштан толығымен лəззат алғысы келеді. Күн сайын қайталанған уəделер оның бар үміті мен сенімін күшейте түседі, батыл да қуатты құшақ, оның құштарлығын арттырып, бар болмысын жаулап алады; қыз ақыл-есінен танғандай қалқиды, жер бетіндегі жан лəззатының сезіміне беріледі, əбден шегіне жете елігеді. Ақыры ол өзінің құштарына риясыздықпен айқара құшағын жаяды – ал сүйіктісі оны тастап кетеді. — Ол құрдымның алдында бір нүктеге қадалған күйінде ойсыз тұр; айналасының бəрі түнек тұман, ешбір үміт, ешбір жұбаныш, ешқандай жарық сəуле жоқ! Себебі өзінің тыныстіршілігін жалғыз содан ғана сезінген еді, ол – мұны тастап кетті. Қыз көз алдында жатқан кең əлемде, жоғалтқан нəрсесінің орнын толтыра алатындардың да барын көрмейді, өзін сол əлемнен аласталғандай жалғыз сезінеді – ештеңені көрмеген күйі жүрегінің сұмдық қайғысына жаншыла, айнала қоршаған өлім арқылы бар қорлығын тұншықтыру үшін өзін-өзі лақтырады. – Көрдің бе, Альберт, бұл көптеген адамдардың тарихы! Айтшы, бұның аурумен ұқсастығы жоқ па? Табиғаттағы шатасқан, қарама-қарсы келетін күштердің шимайынан ешбір жол таба алмайды да адам өледі. Осының бəріне қарап: «Ақымақ қыз!» деп айтатындардың соры арылмас. Уақыттың емдеуін күте тұрғанында, торығуы ендігі тарар ма еді, ендігі оны жұбататын басқа біреу табылған да болар ма еді». – Бұл: «Есуас безгек үстінде өледі!» деп айтумен бірдей. Ол күшін жинап, ағзасындағы сөлі тазарып, қанының тасығаны тыншығанша тоса тұрғанында ғой, бəрі де өз орнына келер еді, ол бүгінге дейін өмір сүрген болар еді!». Альбертке менің салыстыруым əлі де нанымды болмады, тағы бірдеңелер айтып келіспейтінін білдірді, яғни, мен тек
əншейін бір ақымақ қыз туралы айтқан болып шықтым; бірақ топастықтан аулақ, жан-жақты түйсігі бар адамды кешіруге болатынын ол түсінгісі келмейді. – «Достым-ау, – деп айғайладым мен, – Адамның аты адам, ал ессіз құштарлық буырқанып, адамгершілік шегінен шығып кеткенде, əркімнің-ақ, аз-маз да болса ақыл-ойы жайына қалады. Жəне де... Жарайды, бұл жайлы тағы да бірде, – дедім де мен бас киіміме жармастым. О, менің жүрегім қандай сыздап тұрды десеңші! – Біз бір-бірімізді түсінбеген күйде екі жаққа кеттік. Қалайша бұл дүниеде адамдар оңай түсініспейді екен?.. 15 тамыз Жер бетіндегі адамдарды бір-біріне ессіз құштар ететін тек махаб-бат екені бесенеден белгілі ғой. Мен мұны Лоттеденақ байқаймын, мені жоғалтқысы келмейтін сияқты, ал балалардың мені үнемі ертеңгісін қайта келеді дегеннен басқа ештеңе қаперлерінде жоқ. Бүгін Лоттенің күйсандығын күйіне келтірейін деп барып едім, бірақ балалар ертегі айтып бер деп қыр соңымнан қалмай, оған мұршамды келтірмеді жəне Лоттенің өзі де менің олардың тілегін орындауымды өтінді. Мен оларға, Лоттеден алғандағыдай менен де ықыластана алатын, кешкі нандарын кесіп бердім де, қолы шебер ханша қыз туралы сүйікті ертегілерін айттым. Бұдан мен өзім көп нəрсені үйреніп жүрмін деп сені сендіре аламын, олардың əсерленуінің тосындығы мені таңғалдырады. Себебі маған, көбінесе, бір нақты оқиғаларды ойлап табуыма тура келеді, келесі жолы оны ұмытып қалсам, олар өткен жолы бұның басқаша болғанын шуылдаса айтады, сөйтіп мен қазір оларды сол қалпында, əндете, əр буынына дейін өзгертпей, жіпке тізгендей етіп баяндауды үйренудемін. Бұдан алған сабағым, автор өз шығармасының өзгертілген екінші басылымы, көркемдік жағынан бұрынғы нұсқасынан жақсы болса да, қайткенде де өз еңбегіне зиянын тигізуі мүмкін. Алғашқы əсерге біз оп-оңай берілеміз, ал адам болса, ең бір шындыққа жанасымсыз жайттарға да сенуге даяр; ол бірден
біздің ойымызға берік ұялап қалады, ал оны қайтадан тырналап, түбірімен жұлып тастағысы келгеннің соры қайнайды-ақ. 18 тамыз Адамды не бақытты етсе, сол оның қасіретінің де қайнар көзі болуға тиіс пе еді? Мені соншама рахатқа бөлеп, тірі табиғатты, айналадағы əлемді маған жұмақтай еткен жүрегімдегі ыстық сезім, енді қайда барсам да, қыр соңымнан қалмайтын, жан төзгісіз қинаушы, қатігез рухқа айналды. Жартаста тұрып, өзеннің арғы жағындағы сонау төбелерге дейінгі жазықтыққа қарағанымда, айналадағының бəрінің жайнай өсіп, тіршіліктің қайнап жатқанын көрдім; сонау етегінен құзар басына дейін қалың ағаштар жамылған тауларды, анау жазықтықтардың алуан түрлі иімкелерінің керемет ормандармен көлеңкеленгенін көрдім, ал мақпал өзен сыбдырлаған қамыстың арасымен алға қарай жылжып, кешкі жібек жел аспанда ары-бері тербелген жеңіл бұлттармен шағылысады; кейде құстар əнінің айналамдағы орманды тірілткенін естідім, миллиондаған масалар үйірі күннің соңғы тартымды қызыл сəулесінде көңілдене билесе, кешкі шапақ гуілдеген қоңыздарды шөптерден босатады, айналамдағы үздіксіз шырылдар мен абыр-сабыр жер бетіне назарымды аударды, мүктің қатты жартастан өз нəрін тартып алып жатқаны, құрғақ құм төбешіктегі бұтаның қисая өскені маған табиғаттың ішкі, құлпырған, əулие тіршілігін паш ете түскендей: осының бəрін ыстық жүрегіме қалай бастым десеңші, өзімді осынау асып төгілген байлық ішінде бейне бір кұдайдай сезіндім, шексіз əлемнің ғажайып бейнелері жан дүниемде бəрін жандандыра қозғалады. Алып таулар мені қоршап алды, алдымда құрдым құздар жатты, тасқындар төмен құлдырап, аяғымның астында өзендер күркірей ақты, орман да, тау да күңгірледі; мен олардың, шексіз күштердің бəрінің, жер қойнауында өзара əрекет жасағандарын көрдім; жер беті мен аспан асты аралығында алуан түрлі тіршілік иелерінің тұқымдары құжынап жүр. Бəріне,
бəріне мың түрлі тірі жəндіктер қоныс тепкен; ал адамдар болса, топ-топ болып үйшіктеріне жиылып алып, өз ойларынша бүкіл байтақ əлемді билейтіндей көрінеді! Ақымақ бейшара! Сен бəрін сонша таяз байыптайсың, себебі сен өзің тым ұсақсың. Қол жетпес таулардан, аяқ баспас елсіз дала арқылы белгісіз мұхиттың шетіне дейін мəңгі жаратушының рухы есіп тұр жəне оған құлақ асып, өмір сүретіндер əрбір құм, қиыршыққа да қуанады. – Ах, мен сол шақта жиі-жиі үстімнен ұшып өткен тырнаның қанатына ілесе шетсіз-шексіз теңіз жағалауына жетуге ынтызар болдым, тəңірінің көбігі бұрқыраған құтысынан бас айналдырар өмір лəззатын ғана ішу үшін, бір сəтке ғана жалғыз өзім жанымның кұш-қуатының шама-шарқына қарай осының бəрін кім өз ішінде, өзінен тыс жаратса, соның қуанышына қосылғым келеді. Бауырым, мені тек сол өткен уақыттардың естелігі ғана тыныштандырады. Тіпті мына құлшыныстың өзі, сонау айтып жеткізгісіз сезімдерді қайта жаңғыртып, қайтадан айтудың өзі менің жан-дүниемді желпіндіреді де артынша мені дəл қазір қоршап тұрған жайымның қорқынышы екі есе күшейе түседі. Жан дүниемнің алдында бір шымылдық көтерілгендей, ал шексіз өмір алаңы мен үшін мəңгі ашық көрдің құрдымына айналды. Бəрі өтпелі, бəрі де ғұмырына жетерлік бар күшін сарқа тауыспастан, құйынша айнала зымырап өте шығатын шақта сен «Міне нақ осы» деп айта алармысың, əттең-ай! Тасқынмен шайыла ағып, тереңге бата ма əлде құзға барып соғыла ма? Бұнда сені жəне сенің айналаңдағыларды жалмамайтын сəт болмайды, əйтеуір бір кезде өзің қаламасаң да, қиратушы қалпына түсуің мүмкін. Жай ғана қыдырыстың өзі мыңдаған байғұс құрттардың өмірін жояды, бір аяқ басысыңның өзі қаншама құмырсқалардың қиыншылықпен салынған илеуін бұзады да кішкене ғана əлемді тап-тар көрге таптайды. Туһ! Мені қобалжытатыны мына сендердің тұрақтарыңды шаятын тасқын су, я мынау сендердің қалаларыңды қирататын жер сілкінісі секілді тіршіліктің үлкен де сирек апаты емес, мен бүкіл табиғатта жасырын жатқан өзі
не көршісін құртпайтындай бірдеңе істемейтін талқандаушы күшпен келісе алмаймын. Мен өстіп қорқа сенделудемін. Айнала толы жер мен аспанның өміршең күші: ал мен болсам бəрін мəңгі жалмайтын, мəңгі қирата шайнайтын құбыжықтан басқа ештеңе көрмей тұрмын. 21 тамыз Күнде таңертең ауыр түстен оянған шағымда оған қолымды бекер созамын, оны төсегімнен босқа іздеймін, түн сайын бақытқа толы күнəсіз түстер көремін, оның қасында көгалда отырып, қолын бастырмалата сүйемін. Ах, одан соң жартылай ұйқылы-ояу күйімде оған қарай сүріне-қабына ұмтыламын да, оянып кетемін, əттең-ай – сығымдалған жүрегімнен көз жасымның селі тасқындап қоя береді, күңгірт болашағыма жұбанышсыз жылаудамын. 22 тамыз Менің қажыр–қайратымның тынымсыз сүреңсіздікке ауысуы бақытсыздық, Вильгельм, мен қол қусырып отыра алмаймын, бірақ ештеңе істей де алмаймын. Менде ешқандай шығармашылық күш қалмады, табиғатқа деген ешбір сезім жоқ, ал кітаптар мені жирендіреді. Біз өзімізді-өзіміз жоғалтқанымызда, біз үшін бəрі де мəнінен айырылады. Ант етейін саған, кейде мен ертеңгісін оянғанда алдағы күнге мақсат, құлшыныс жəне үміт арту үшін тынбай еңбек ететін қарапайым жұмысшы болғым келеді. Альберттің кызмет істеріне басынан аса жиі көміліп отырғанын көргенімде, оған қызығамын да. Кейде өзімді оның орнында елестетемін, онда маған қандай жақсы болған болар еді! Саған жəне министрге елшіліктен орын қарастыруды өтініп, хат жазу туралы бірнеше рет ой келіп еді. Сенің сендіргеніңдей бəлкім бетімді қайтармайтын болар. Мен өзім де бұған сенімдімін. Министр мені бұрыннан-ақ жақсы көреді, бір іспен айналысуың керек деп мені ұзақ үгіттеген болатын; бұл мені кейде шынымен ойландырады да.
Соңыра қайтадан осы жайлы ойласам, өз шыдамсыздығынан еркіндігінен айырылып, ер менен жүктен салдырап, өлердей етіп жегілген ат туралы мысал ойыма түседі – не істеймін, білмеймін – Ал, сүйіктім менің! Мүмкін жағдайдың өзгеруіне тек жайсыз, қайда барсам да соңымнан қалмайтын, жан азабы ұмтылдыра ма екен? 28 тамыз Шындығында, егер менің ауруым жазылатын болса, онда оны тек осы адамдар жазар еді. Бүгін менің туған күнім, танертең ертемен Альберттен бір кішкентай пакет алдым. Ашып жатқанымда бірден ақшыл қызыл бант көзіме түсті, оны мен Лоттемен алғаш танысқанымда көйлегінің омырауынан көргенмін жəне осы кезге дейін бірнеше рет соны сұрап жалынған едім. Оған қоса ішінде парақтың он екі бөлігіндей ғана екі кішкене кітапша бар екен, қыдыруға шыққанда Эрнестікін24 сүйретпес үшін, маған өте жиі қажет болған басылым Вестштайнның25 Гомері бар екен. Қарай гөр! Олар өстіп менің қалауымды алдынала біліпті, о-о, олар осылай барынша достық көмек көрсетуге тырысуда, сыйлықтары бəз бір білгішсымақтың бізді кемсіту үшін беретін сəн-салтанатты сыйлықтарынан мың есе қымбат. Мен ол бантты мың мəрте сүйдім, əрбір деміммен қоса сонау бір аздаған бақытты, қайтып келмес күндерде кеудемді толтырған жан шаттығын жұтамын. Солай, Вильгельм, мен назаланбаймын, өмірдің құлпыруы тек елес қана! Қалай ғана көптеген жандар артына ешқандай із қалдырмай өте шығады, қалайша олардың біразы ғана жеміс салады да, сол жемістің өзінің де аздаған бөлігі ғана пісіп жетіледі! Сонда да олар осында жеткілікті сезіледі; əйтсе де, о, бауырым! – Біз піскен жемістерді жаратпай, көңіл бөлмей, рахатын көрмей, шірітіп тастай саламыз ба? Қош бол! Жаз тамаша; мен жиі-жиі Лоттенің бағындағы жеміс ағашында отырып алып, жеміс үзетін ұзын таяқпен жоғарыдағы алмұрттарды түсіремін. Ол төменде тұрады да менің тастағандарымды алады.
30 тамыз
Ай, шерменде сорлы! Сенің есің ауысқан жоқ па? Сен өзіңдіөзің алдамайсың ба? Мына буырқанған шексіз құштарлық, неге апарып соғар екен? Мен жалғыз соған ғана табынамын; қиялымда тек соның бейнесі ғана, жер бетіндегінің бəрін тек онымен байланыста ғана көремін. Ал ол маған – мен оның үйінен кетер-кеткенше, бірнеше бақытты сағаттарды сыйлайды! Ах, Вильгельм! Неге ғана менің жүрегім жиі-жиі құштарланады екен! – Оның үйінде екі-үш сағат отырғанымда, оның бейнесіне, инабаттылығына, сөздерінің ғажайып мəніне сүйсінемін де бірте-бірте бар сезімім ширыға түседі, көз алдым буалдырланып, зорға естимін, мені тура бір жаналғыштай алқымымнан алады, жұлқына соққан жүрегім менің қыстыққан сезімімді еркіне жібергісі келеді, ал оның адасуы көбейген үстіне көбейе түседі – Вильгельм, мен жер бетіндемін бе, жоқ па, жиі-жиі білмей каламын! Жəне – жиі келетін қайғым ұлғайып кеткенде, Лотте мені аяғандықтан, оның қолын аймалай өбіп, қыспаққа алған қайғымнан көз жасы арқылы арылуыма, жұбаныш табуыма рұқсат етеді, – сол кезде мен кетуге тырысамын, сыртқа кетемін, одан əрі ілбіп алыс далаға кетемін; кез келген кездейсоқ тауға тырыса өрмелеу, жолсыз қалың орманда тəнімді жарақаттайтын қоршаулар арқылы, быт-шытымды шығаратын тікенектер арасынан жалғыз аяқ жол салу – менің бар қуанышым! Сонда ғана аздап жеңілейіп қаламын! Аздап қана! Кейде шаршап əрі шөлдеп, жолай жатып калғанымда, тұңғиық түн биігіндегі толықсыған ай төбемде тұрады, меңіреу орманда жараланған табаныма болымсыз ғана жеңілдік жасау үшін бір қисық ағашқа отырамын да таң алдындағы тыныштықта қалжырай қалғимын. Ах, Вильгельм! Айдаладағы жалғыз үйшік, қылдан тоқылған кеудеше мен тікенек көйлек рахат болған болар еді, менің жаным соларды аңсайды. Қош бол! Мен мына қиналыстан құтылудың көрден басқа ешбір жолын көрмей отырмын. 3 қыркүйек Мен кетуге тиіспін! Менің толқыған шешімімді куаттағаның үшін рахмет саған, Вильгельм. Екі аптадан бері оны тас тап
кетейін деген ойда жүрмін. Кетуім керек. Ол тағы да қаладағы бір дос қызының үйінде. Ал Альберт жəне мен кетуге тиіспін! 10 қыркүйек Түн деп соны айт, Вильгельм. Мен енді бəріне шыдап бағамын. Оны қайта көрмейтін боламын! О, мен ұшып барып мойныңа асыла, ағыл-тегіл көз жасыммен əрі сүйінішпен жүрегімді қысқан бар сезімімді саған айтып жеткізе алсам ғой, қымбаттым. Мен мұнда отырмын, ес жинаудамын. Өзімді тыныштандыруға тырысамын, таңның атуын күтудемін, таң ата аттарды əкеледі. Уа, дүние-ай, ол мені ешқашан көрмейтінін сезбестен тыптыныш қана ұйықтап жатыр-ау. Мен одан қол үздім, екі сағаттық əңгіме кезінде беталысымды өзгертпеу үшін бар күшімді салып бақтым. О, құдайым-ау, неткен əңгіме десеңші! Альберт маған кешкі тамақты ішіп болысымен Лоттемен бақта болуға уəде берді. Мен террассада биік каштан ағаштарының астында тұрып, соңғы рет сүйікті жазықтық үстінен мақпал өзеннен аса батып бара жатқан күнге қарадым. Осы жерде онымен қаншама рет тұрып ғажайып көріністі тамашалап едім, ал қазір өзіме сондай сүйікті болған гүлзармен ары-бері адымдай басып жүрмін; Лоттені танымай тұрғанда-ақ бір беймəлім, жанға жайлы тылсым күш мені осы жерге өте жиі тартатын да тұратын, ал біз таныстығымыздың басында шынында да адам қолымен жасалғандай романтикаға толы, өзім өнердің үздігі деп бағалаған осы жерге деген ортақ əуестігімізді білгенімізде қалай қуанып едік. Ең əуелі қаштан ағаштарының арасынан кең көрініс ашылады, меніңше, саған бұл жайында көп жазған болатынмын, содан кейін биік бук ағаштары қабырға іспеттес болып біртіндеп қоршала келіп, өзі тірелетін сəндік шағын ағаштармен гүлзарды одан сайын қаракөлеңке ете түседі де ақырында жалғыздық атаулының бар тақсіреті айнала қалықтаған бір тұйық алаңқай болып шығады. Алғаш рет шаңқай түсте осында келгенімде, маған бұл жердің қаншалықты жұмбақ əсер еткені əлі де есімде;
бұның бақыт пен қасірет алаңы болуы мүмкін екенін мен ептеп қана түсінгендей едім. Олардың саябаққа көтеріліп келе жатқан дыбысын естігенге дейін, жарты сағат бойы жан ауыртар əрі тəтті қоштасу, қайта көрісу жайлы ойға берілдім. Алдарынан жүгіріп шығып, оның қолын бас салып дірілдей сүйдім. Біздің жоғары қарай көтерілгеніміз сол еді, талды төбешіктің артынан шыға келгендей болып ай туды, əр нəрсе жайлы əңгімелесіп, қараңғы саябаққа жақын келгенімізді байқамаппыз. Лотте ішке кіріп отырды, оның қасына Альберт те, мен де жайғастық, əйтсе де ішкі толқынысым мені ұзақ отырғызбады; тұрдым, оның алдына бардым, арыбері жүріп, қайта отырдым: бұл бір қорқынышты сəт еді. Лотте біздің назарымызды алдымыздағы террасаға сəуле шашқан, бук қоршаудың шетіндегі сұлу айға аударды: тамаша көрініс барған сайын таңғаларлық бола түсті, біздің айналамызды тұнғиық караңғылык басты. Біз тыныш қана отырдық, бірталай уақыттан соң ол сөйлей бастады: – Мен қайтыс болған жақындарым туралы ойға берілмеу, өлім мен болашақ жайлы сезімге тап болмау үшін ешкашан айдың жарығында серуендемеймін, ешқашан. Біз жоғалып кетпейміз! – деп ол тамаша сезімге толы дауыспен сөзін ары жалғастырды, – Вертер, бірақ, біз бір-бірімізді қайта табамыз ба? Қайта танимыз ба? Сіз қалай ойлайсыз? Не айтасыз, Сіз? – Лотте, – дедім, көзім жасқа тола, оған қолымды беріп жатып, – Біз қайта көрісеміз! Онда да, осы жерде де кездесеміз! Одан ары сөйлей алмадым, – Вильгельм, ол бұны менің жүрегімде осынау қорқынышты қоштасу болған кезде сұрауға тиіс пе еді?! «Жағдайымыз жақсы кезде біздің өздерін ыстық сүйіспеншілікпен еске алатынымызды сүйікті марқұмдар білер ме екен, сезе ме екен? – деп ол сөзін ары жалғады. О! Тымық кеште оның балаларының, өз балаларымның арасында отырғанымда, олар тура шешелерінің қасына жиналғандай менің де айналама жиналған шақта, маңайымда үнемі анамның бейнесі қалқып жүреді. Сол шақта мен сағыныш толы көз жасыммен аспанға қарап, менің оған қайтыс болары алдында балаларына ана
боламын деген сөзімді орындап жүргенімді бір сəтке болса да көрсе ғой деп тілеймін. Соншама толқи дауыстаймын: егер оларға өзіндей бола алмасам, кешір мені, сүйіктім! Ах! Мен қолымнан келгеннің бəрін істеп жатырмын ғой: оларды ішіндіремін, киіндіремін, ух, осының бəрінен де ең бастысы, əлпештеймін əрі жақсы көремін. Сен біздің ауызбірлігімізді көрсең етті, сүйікті жарықтығым! Сен балаларыңның жақсы болуын ағыл-тегіл көз жасыңмен жалбарына тілеген құдайға ең ыстық алғысыңды да жаудырған болар едің». Ол осылай деді! О, Вильгельм, оның айтқанын кім қайталай алар! Суық, жансыз жазулар жан-дүниедегі бүршік жарған осынау əулиедей сезімді қалай жеткізе алар! Альберт жайлап қана оның сөзіне араласты: – Бұл сізді өте қинайды ғой, сүйікті Лотте! Сіздің жаныңыз осындай ойларға берілуге бейім екенін білемін, бірақ өтінемін сізден, керегі жоқ». – О, Альберт, – деді ол, – сен əкем үйде жоқта екеуміздің кішкене дөңгелек үстел басында бірге отырғанымызды жəне кішкентайларды ұйықтауға жіберген кештерді ұмытпайтыныңды білемін. Сен жиі-жиі жақсы кітап əкелетінсің, бірақ оны оқитын кезің өте сирек болатын – сол бір тамаша жанмен қарымқатынаста болу бəрінен де қымбат емес пе еді? Сұлу, биязы, ақжарқын əрі əрдайым сергек əйел еді ғой! Менің көз жасым құдайға аян, төсегімде көз жасымды бұлай, мені оған ұқсата гөр деп, оның алдына жалбарына жығылған болатынмын». – Лотте! – деп айғайлап жібердім де, алдына тізерлей құладым, оның қолын да ағыл-тегіл көз жасыммен жудым, – Лотте! Сенің анаңның аруағы мен кұдайдың рахымы саған қатар түскен! – Сіз оны танығаныңызда ғой», – деді ол, қолымды қыса, – ол сізбен таныс болуға тұрарлық жан еді! Тынысым тарылғандай болды. Өзім туралы ешқашан мұндай мақтауға, бұндай жоғары мадақтауға лайық болмап едім. – Ол ары қарай сөйлей берді: - Сондай əйел кіші ұлы алты айға толмай жатып, нағыз құлпырған шағында о дүниелік болуға мəжбүр болды! Оның ауруы ұзаққа
созылмады; ол тыныш қана бойұсынды, тек балалары ғана оны қинайтын, əсіресе, ең кішісі. Өмірінің таусылар шағында ол былай деді: «Маған алып келші оларды», ал мен оларды алып келгенімде, кішкентайлары ештеңе білмеді, ересектері қайғыдан абдырап калды, балалар төсекті айнала қоршап тұрды, ол қолын көтеріп, олар үшін құдайға жалбарынып, жағалай шеттерінен сүйді де шығарып жіберді. Маған: – Оларға ана бол! – деді. Мен оған ант еттім! – Сен өте үлкен іске уəде беріп тұрсың, қызым, – деді ол, – Ана жүрегі мен ана мейірімі деген оңай емес. Сенің ризалық көз жасыңнан оның оңай емес екенін сезетініңді жиі байқап едім. Өз бауырларыңа ана, əкеңе қызға тəн елгезектігіңмен адал болғайсың. Оған жұбаныш бола гөр. Ол əкемді сұрады, əкем өзінің айтып жеткізгісіз қайғысын бізден жасыру үшін кетіп қалған болатын; ол əбден жадап-жүдеп бітіп еді. – Альберт, сен бөлмеде болатынсың. Ол біреудің жүргенін естіді де, кім екенін сұрады, сені өзіне шақырды, оның екеуімізге біз бақытты болады деп, бірге бақытты болатын шығар деп сенген, жұбанған, тыныш көзқараспен қарағанын айтсаңшы. Альберт оның мойнына асыла, оны сүйді де толқи тұрып: «Біз бақыттымыз! Біз бақытты боламыз!» – деді. Байсалды Альберт те өзін-өзі ұстай алмай кетті, ал мен болсам, тіпті не болғанымды білмедім. – Вертер! – деп бастады ол сөзін, – Осындай əйелдің пешенесіне о дүниеге кету жазылыпты! Кейде мен өмірдегі ең қымбат жаннан айырылғанда қалай ғана шыдадық екен деп ойлаймын, ал бұны қайғы-қасірет шегіп, соншалық ұзақ жоқтап жылаған балалардан артық ешкім де сезінбеген шығар! Ол тұрды, мен болсам күйзеле, толқи, отырған қалпымда қалдым да, оның қолын ұстадым. – Кетейік, уақыт болды! – деді ол. Қолын тартып алғысы келді, мен оны бұрынғыдан да қаттырақ ұстадым. «Біз қайта көрісеміз ғой, – дедім мен ышқына, – Біз қайта табысамыз, бір-бірімізді кез келген жағдайда танитын боламыз. - Мен кеттім, – деп сөзімді ары жалғадым, – Мен өз
еркіммен кеттім, əйтсе де, егер мен «мəңгіге» деп айтуға тиіс болсам, менің бұған шамам келмеген болар еді. Қош бол, Лотте! Қош бол, Альберт! Біз қайта көрісеміз». «Менің білуімше, ертең! – деп қойды Лотте қалжыңдай. – Мен ол «ертеңнен» нені сездім десеңші! Əттең, ол қолын тартып алғанда білмеді ғой. Олар гүлзарды бойлап кете барды, айдың жарығында олардың соңынан қарап тұрдым, жерге құлап түстім де, еңірей жыладым, атып тұрдым, террасаның шетіне жүгіріп шығып, биік жөке ағаштарының көлеңкесінің арасында бақтың есігіне қарай ағараңдап кетіп бара жатқан оның ақ көйлегін көрдім, қолымды созған сəтте ол ғайып болды. 20 қазан 1771
ЕКІНШІ КІТАП Кеше біз осында келіп жеттік. Өкіл науқас болғандықтан, бірнеше күн үйінде болады. Егер оның мінезі жұмсақтау болғанда, басқасының бəрі ештеңе етпес еді-ау. Сеземінақ! Тағдырдың маған қатал сынақ əзірлегенін де. Сонда да мұнаймау керек! Қамсыз жеңіл мінездіге бəрі де оңай болады! Жеңіл мінез! Осы сөздер қалай ғана менің қаламымнан шықты екен, тіпті күлкілі-ақ! Шіркін, ептеген ғана жеңілтектік мені күн астындағы ең бақытты жанға айналдырар еді-ау. Немене! Басқалар өздерінің болар-болмас күшсымақтары мен талантына менің алдымда салмақтана масаттанғанда, мен өзімнің күшім мен дарыныма ренжимін бе? Құдіреті күшті құдайым-ау, сен маған осының бəрін сыйлағанша, неге жартысын қайтып алып, маған өзіме деген сенімділік пен көнбістік бермейсің! Сабыр! Сабыр! Бəрі жақсарады. Мен саған айтайын, сүйіктім, сенің айтқаның дұрыс. Мен күні бойы адамдар арасында болғалы бері олардың істері мен əдеттерін көріп, өзіме өзім əлдеқайда жұмсағырақ қарайтын болдым. Əрине, біздің жаратылысымыз солай: бəрін өзімізбен, ал өзімізді бəрімен салыстырамыз. Яғни бақыт пен сор бізді не қоршап тұрса, соған байланысты, ал жалғыздықтан асқан қорқынышты ештеңе жоқ. Біздің шарықтаған қиялымыз поэзияның қиял-ғажайып көріністерін азық ете отырып, біздің табиғатымыздан əлдеқайда жоғары тұрған бірнеше адамдардың сүретін салады, ал сол басқа адамдар бізге кемел жан сияқты болып көрінеді. Бұл – əбден табиғи нəрсе. Біз өзімізге көп нəрселердің жетіспейтінін өте жиі сеземіз, сондықтан өзімізге жоққа басқа біреу ие сияқты көрінеді де, оған өзімізде бардың бəрін жапсырамыз жəне оған тағы да бірталай идеалистік ұнамды қасиеттерді ойша қосамыз. Сөйтіп біздің өзіміз қолдан жасаған бақытымыз толығымен айқындалады.
Керісінше, егер өзіміздің бар əлсіздігімізге де, шаршағанымызға да қарамай тек қана алға ұмтыла берсек, онда біз сүріне-қабына əрі адаса, желкенімен, ескегімен қоса жүзген кейбіреулерге қарағанда, алысқа жеткенімізді жиі-жиі
байқаймыз, жəне басқалармен тең түсеміз, кейде тіпті, оларды басып озамыз да, өз шама-шарқымызды танып, біліп, ризалық сезіміне бөленеміз. 26 қараша 1771 Бұл жерге əйтеуір өйтіп-бүйтіп үйрене бастадым. Ең тəуірі, істейтін іс жетерлік жəне оған қоса адамдар да алуан түрлі. Көптеген жаңа таныстар менің көңілімді аулауда. Мен бір К... деген графпен таныстым, оны күн өткен сайын құрмет тұта түсудемін. Ол үлкен де терең ақыл иесі, бірақ сол ақылмен сіресіп қатып қалған жан емес; қарым-қатынасынан достық мейірімі сезіліп тұрады. Мен оған бір қызметіме байланысты шаруамен барып едім, маған бірден-ақ ниеттестігін білдіріп, кез келген адаммен менімен сөйлескеніндей қарым-қатынастың бола бермейтінін, алғашқы сөздерінен-ақ байқатқан, оның қарапайымдылығына əрі жылы шырайлы ниетіне өте риза болдым. Шындығында, жер бетіндегі ең жақсы, ең таза қуаныш – үлкен жан дүниенің, кең пейілдің ашық ақтарылуын көру ғой. 24 желтоқсан 1771 Алдын ала күткенімдей-ақ өкіл мені көп ренжітуде. Одан асқан тақуа, ақымақ жер жүзінде жоқ шығар; ол бəрін тəптіштеп, рет-ретімен істейді əрі тура міншіл кəрі қыз сияқты, өзіне өзі ешқашан риза болмайды, сол себептен де оған еш жақпайсың. Жұмысым жақсы жүруде, сондықтан мен бірден-ақ таза етіп жазамын; ол маған мақаланы қайтарып беріп былай дейтіні бар; «Мақала жақсы-ау, бірақ сіз оны тағы бір рет қарап шығыңыз, мүмкін басқа жақсырақ сөз бен дұрысырақ тіркес табылар». Сол кезде қаным қайнайды. Ешқандай «жəне», ешбір жалғаулық назардан тыс қалмауға тиіс. Менің сөйлемдерімде кездейсоқ ұшырасып қалатын сөздердің кері сөз реті оның ата жауы; оның пікірінше сөздерді белгілі бір ретпен ғана құру керек, əйтпесе ол ештеңе түсінбейді. Бұндай адаммен қызметтес болу барып тұрған бір қасірет. Жалғыз ғана жұбанышым – граф К...– мен достығым. Ол
жақында өзінің менің өкілімнің сылбырлығы мен кірпияздығына риза еместігін ашықтан-ашық тура айтып салды. «Бұндай адамдар өз өмірін де, өзгенікін де қиындата түседі; əйтсе де, – деді ол, – бұған таудан асуды мұрат ететін саяхатшыдай көндігуге тура келеді; егер тау болмаса, жол əлдеқайда қолайлы да қысқарақ болар еді; бірақ та ол дəл алдыңда тұрғандықтан, одан өтуге тиіспіз!» Менің қартым графтың одан гөрі мені жақсы көретінін сезеді жəне бұл жай оның ызасын келтіреді, мен бар жерде графты жамандау үшін кез келген мүмкіндікті бос жібермейді: мен, əрине, оған көне қоймаймын, ал бұдан іс тек насырға шаба түседі. Кеше ол мені бұлқан-талқан етіп ашуландырды, себебі сөз арасында маған тиісіп өтті: граф зиялылармен қарым-қатынаста сондай жақсы болуы мүмкін, жұмыс істеу де қолынан оңай келеді жəне жазуға да қаламы тəп-тəуір төселіп қалған, əйткенмен де, басқа да барлық əдебиетшілер сияқты, асып бара жаткан терең ғалымдылығы шамалы көрінеді. Оған қоса оның: – «Қалай, мен сенің жанды жеріңе тидім бе?» – деп масаттанғаны бет əлпетінен көрініп тұрды. Бірақ бұл маған еш əсер етпеді; өзін осылай ұстайтын, осылай ойлайтын адамдарды жек көремін. Мен оның бетін қатты қайтарып тастадым. Оған графты мінезі мен білімі үшін-ақ əбден сыйлауға болатын кісі екенін айттым. «Мен – дедім, – жолы болып өз дүниетанымын осыншалықты кеңейткен, білуге соншалық құштар əрі күнделікті өмірде осыншалықты белсенділік таныта алатын мұндай адамды көрген емеспін». Бұның бəрі кəрі қақбастың санасы үшін Испанияның беймəлім қыстақтары іспеттес түсініксіз еді, мен бұдан əрі айтылар дəмсіз бос сөздерге тағы да ашуланбау үшін шығып кеттім. Бұған сендердің бəрің кінəлісіңдер, сендер ғой мені жұмысқа үгіттеп, мылжыңдап осы мойынтұрыққа жеккен. Еңбек! Картоп егіп, оны қалаға апарып сатқан адам, менен əлдеқайда көп іс тындырар еді; егер осы сөзім қате болса, онда қазір өзім бұғауланған азапта əлі де он жыл қиналуға дайынмын. Ал мына жылтыраған бишаралык пен маңайымды қаптап тұрған жексұрын адамдар арасындағы торығушылық ше! Олардың
арасындағы атаққа таласушылық тоқталмақ емес, жалғыз адым болса да басып озу үшін бір-бірін аңдиды; бұл ешбір жасыруға келмейтін, ашық, мүлде түкке тұрғысыз, оңбаған құмарлық. Мысалы, осында бір əйел өзінің ақсүйектігін, байлығын айтып, кім көрінгенге мақтанады, ал кез келген бөтен адам былай деп ойлауы хақ: өзінің болар-болмас ақсүйектігі мен байлығын көкке көтере мақтайтын мынау бір ақымақ екен. Ең өкініштісі сол: бұл əйел осындағы жергілікті бір кеңсе хатшысының қызы ғана. Көрдің бе, осыншама сорақы түрде масқара болуға ұялмайтын адамдарды түсіне алмаймын. Қымбаттым, шындығында күн өткен сайын өзіңе қарамай басқалар жайлы пікір айтудың ақымақтык екеніне көзім жете түсуде. Əбден əуре-сарсаңға түстім жəне мына жүрек те қатты қобалжуда. Ах, егер мені ешкім мазаламаса, оларда менің де еш шаруам болмас еді! Мені бəрінен де бұрын ызаландыратын нəрсе – қоғамдағы лепірме қарым-қатынастар. Таптардың айырмашылығының қандай қажет екенін, оның маған тигізіп жатқан пайдасын бір кісідей-ақ жақсы білемін, тілегім тек ол менің əлі осы жер бетіндегі қуанышқа толы бақыттың шуағын сезіне алар кезімде жолыма көлденең тұрмаса екен!? Жақында қыдырып жүргенде бір Б. деген бикешпен таныстым. Осынау қатал тіршілік ортасында көптеген табиғи қасиетін сақтап қалған сүйкімді жан екен. Біз бір-бірімізге əңгіме барысында ұнадық, ал қоштасар кезде, үйіне барып тұруға рұқсат етуін өтіндім. Ол маған аса бір ақжарқындықпен рұқсат еткендіктен, оның үйіне баруға ыңғайлы шақтың тез тууын тағатсыздана күттім. Қыз бұл жердікі емес, əпкесінің үйінде тұрады. Кемпірдің кескінкелбеті маған ұнамады. Мен оған шамам келгенше көңіл бөлуге тырыстым. Əңгіме барысында көбінесе сонымен сөйлестім, жарты сағаттан соң-ақ көзім жеткені əрі бикештің өзі де мойындағаны мынау болды: сүйікті əпкесі қартайып, жоқшылық тауқыметін мықтап тартуда екен, пəниден баяғыда өтіп кеткен айбынды ата-бабаларынан басқа ешбір тірегі, ауыз толарлықтай мал-мүлкі, не бір ақылы жоқ, бейне бір басқа жұрттан биік қорғанмен бөлінгендей, оларға жоғарыдан маңғаздана, кекірейе
қарап, өз ақсүйектігіне бұлданудан басқа қуаныш-жұбанышты білмейтін көрінеді. Жас кезінде ол əдемі болған екен, өмірін бейберекет өткізсе керек, өзінің менмендігімен бірталай бейшара бозбалаларды əуре-сарсаңға салыпты, ал пісіп-жетілген шағында бір сөзге келмей-ақ қызметтен біржолата босаған бір офицерге бас иген, ол болса мұны тағдырының əжептəуір сыйы деп түсініпті жəне бүтіндей бағыныштылық жағдайда онымен бірге мыс ғасырды өткізіпті де қайтыс болыпты. Сөйтіп, ол жез ғасырда өзін жалғыз сезінеді екен, егер жиені бұндай сүйкімді болмағанда, оны ешкім де мазаламас еді. 8 каңтар 1772 Бар өмірлері салтанатты аңсаумен өткен, неше жылдар бойы бүкіл ойлары мен ынтасы, қайткенде де бір саты жоғары көтерілуге бағышталған, неткен адамдар десеңші! Бұл олардың басқа айналысатын ешбір істері болмағандықтан емес: керісінше, жұмыс дегенің үйіліп жатыр, сондықтан да ұсақтұйек ұрыс-керістер үлкен істердің орындалуын тежеуде. Өткен жетіде шанамен сырғанау кезінде дау-дамай болып, тамашаның бар шырқын бұзды. Есуастар, орынның ешқандай мəні жок екендігін жəне де бірінші орында отырудың басты, маңызды нəрсе емес екенін түсінбейді, неге ғана олар осыны көре алмайды! Министрлері басқаратын патшалар, хатшылары билеп-төстейтін министрлер аз ба? Ал бірінші деген кім өзі сонда? Меніңше, басқалардың əр жақ, бер жағын, ойын жақсы білетін жəне өз жоспарының орындалуы үшін олардың бар күші мен құштарлығын пайдаланып бағатындай тісқаққан қулығы мен билігі бар біреу. 20 қаңтар Сүйікті Лотте, мен сізге хатты, ауа райының қатты бұзылуына байланысты əзірше паналап отырған бір жұпыны шаруаның бекет үйінде жазуға мəжбүр болып отырмын. Мен Д... қалашығында шаршап-шалдығып, бөтен, жүрегіме мүлде жат адамдар арасында жүргеннен бері, сізге хат жазуға бірде-бір рет
ұмтылған емес едім, ешқашан; ал енді мына лашықта, бəрінен алыста, қар мен бұршақ кішкене терезені төпелей ұрып, жалғыз қалған шақта, менің ең алғашқы ойыма алғаным сіз болдыңыз. О, Лотте! Мені кірген бойда-ақ, сіздің бейнеңіз, сіз жайлы естеліктер баурап алды, Сондай пəк, сондай ыстық! Құдіретті құдайым-ау! Дəл алғашқыдағыдай бақытты сəт бұл. Сіз мені алданышты, ойын-сауықтың абыр-сабырында көрсеңіз ғой, ардақтым менің! Жан дүнием қалай суалып қалды десеңізші! Жаным бір сəтке болса да шын сезімге бөленген бақытты кезім болған емес! Ештеңе де! Ешқашан да! Мен бейне бір асыл заттар көрмесінің алдында тұрғандаймын, алдымдағы адамдар мен аттардың қимыл-əрекеттерін көремін де, өзімнен-өзім бұл көз алдау емес пе екен деп жиі сұраймын. Мен де бірге ойнаймын, дұрысы, кейде менімен неғұрлым қуыршақ құсап көбірек ойнайтын, көршімнің ебедейсіз қолын бассаламын да түршіге кейін шегінемін. Кешкісін мен айдың тууын тамашалаймын деп ойлаймын, бірақ төсектен тұра алмаймын; күндіз күннің сəулесін қуаныш етуге үміттенемін, бірақ бөлмемнен шықпаймын. Мен неге тұрып, неге ұйықтауга жататынымды білмеймін. Өмірімнің қуатын арттыратын түрткі жоқ, түннің бір уағына дейін мені сергек етіп ұстайтын, ертеңгісін ұйқыдан оятатын сиқыр күш те кетіп қалды. Бұл жерден мен жалғыз ғана əйел затын таптым, бикеш Б..., егер сіздерді салыстыруға болатын болса, сүйікті Лотте, ол сізге ұқсайды. «Қарай гөр, мадақ сөз айтуға кəнігі болып алыпты!» дерсіз сіз. Бұнда шындықтың ептеген ұшқыны да бар. Бірталай кезден бері өте сыпайымын, себебі мен өзгере алмаймын ғой, көп қалжыңдаймын, əйелдер жағының айтуынша, менен асып ешкім де тамаша етіп мақтай алмайтын көрінеді («жəне алдай да алмайды», деп қосып қойыңыз сіз, себебі онсыз болмайды, түсінемісіз?). Мен бикеш Б... жайлы айтайын деп едім. Оның жанының сезімтал екендігі көгілдір көздерінен айқын көрініп тұрады. Оның қазіргі жағдайы оған тек ауыртпалық түсіргені болмаса, ешқандай да жүрек қалауын қанағаттандырып жатқан жоқ. Ол əбігерліктен құтылғысы келеді, біз сағаттап шалғай
мекенді жердегі шырқы бұзылмаған бақыттылық туралы қиялдаймыз. Сіз туралы да! Ол сізді өте жиі мадақтауға мəжбүр болады, жоқ мəжбүр емес, өз еркімен істейді, сіз туралы ықыластана тыңдайды, сізді жақсы көреді. Шіркін, мен сіздің аяқ жағыңызда ғана, жайлы бөлмеде отырсам ғой, ал сүйікті кішкентайларымыз біздің айналамызда бір-бірімен ойнап, аунап жатса, егер олар тым шулап кеткен болса, мен оларға бір қорқынышты ертегі айтып, айналама тыптыныш жинап алған болар едім. Күн жылтылдаған қарлы белестен еңкейе түсіп, тамаша нұрмен батып барады, боран тынышталды, ал мен өз қапас торыма қамалудамын. Қош бол! Альберт сіздердікінде ме? Қалай? Менің бұл сұрағымды құдай кешірсін! 8 ақпан Сегіз күннен бері ауа райы мейлінше жаман болды, бір жағынан бұл маған дұрыс та сияқты. Өйткені мен осында болғалы, бүліксіз өткен ешбір жайлы күн болған емес. Ал енді жауын құйып, əрі бұрқасын болса, бір жағынан аяз қысса, одан соң ерісе не болар еді! Паһ! Менің ойымша, сыртқа қарағанда үйде де жаман болмас еді, керісінше, ол мен үшін дұрысырақ болар еді. Ертеңгісін бір тамаша күн болатыны байқалса, мен: «олар бір-бірінен тартып алуға тырысатын құдайтағаланың тағы да бір сыйлығы!» – деп айғайлап жіберуден өзімді өзім ұстай алмай қаламын. Олар бір бірінен бəрін тартып алады! Денсаулық, жақсы ат пен атақты да, қуаныш, тыныштықты да! Соның бəрі көбінесе ойламағандықтан, топастық пен тар өрістіліктерінен, ал егер оларды өзің тыңдасаң, оның бəрі тек жақсы пиғылмен істелгендей болып шығар еді. Кейде олардан өз жағаларын өздері соншалықты дүлейлікпен жыртпауларын тізе бүгіп өтінгім келеді. 17 ақпан
Бастығым екеуміз бір-бірімізге онша ұзақ төзе алмаймыз-ау деп қорқамын. Бұл бір тіпті мүлде жан төзгісіз адам. Оның жұмыс істегендегі тəсілі де, іс жүргізуі де өте күлкілі, мен ондайда өзөзімді ұстай алмай қаламын да, оған қарсы шығамын жəне де жиі-жиі өз ақылыммен, өз бетіммен іс жасаймын, ол үшін, əрине, менің ісім əрқашан дұрыс емес болып шығады. Бұл жайында ол жақында менің үстімнен сарайда арыз айтты, ал министр маған жеңіл-желпі сөгіс берді. Бірақ сөгістің аты сөгіс қой, жұмыстан кетуге өтініш беруді ойлағаным сол еді, министрден бейресми хат алдым, хаттың данышпан, мейірімді жəне мəнді мағынасына тек бас июге тиіспін. Ол менің шектен тыс өкпелегіштігіме ескерту жасайды, бозбалалық албырттықтығымды мойындай отырып, менің асыра сілтеген ойларымды басқаларға əсер ететін пайдалы іс-əрекет деп бағалайды мұндай істерге араласуымды кəдімгі албырттық, қолдауға лайық батылдық ретінде кадірлейді, оларды құртуды көздемейді, тек қана жұмсартып, іске асатын кезін дəл тауып, жемісті əрекет етудің жолын іздестіруге бағыт береді. Бұл маған бір аптаға жетерлік күш, куат берді əрі жанымды жайландырды. Жан жайлылығы дегеніміз өзіңе-өзің қуаныш сыйлайтын бір тамаша нəрсе ғой. Сүйікті достым, тек осы асыл қазына қаншалықты əдемі əрі қымбаттығына қарай соншалыкты тым сынғыш болмаса етті. 20 ақпан Сендерге Құдайтағалам рахымын тигізсін, кымбаттыларым, маған бермеген бар жақсы күндерін сендерге сыйласын! Альберт, мені алдағаның үшін рахмет саған: сендердің үйлену тойларың болатын күн қашан екен деп хабар күтіп жүрдім жəне де сол күні-ақ қабырғадағы Лоттенің сұлбасы салынған суретті салтанатты түрде алып, оны басқа қағаздардың астына тығайын деп едім. Екеуің бір жұп болыпсыңдар, ал оның суреті əлі осында! Сонымен ол осында қала берсін! Неге қалмасқа?! Мен өзімнің де сендермен бірге екенімді білемін, саған залалымды тигізбейақ Лоттенің жүрегіндемін. Иə, мен онда екінші орындамын жəне соны сақтап қалғым келеді əрі сақтап қалуға тиіспін. О, егер ол
мені ұмытқан болса, мен жынданып кеткен болар едім. Альберт, мен үшін бұл бір тозақ. Қош бол, аспанның періштесі! Қош бол, Лотте! 15 наурыз Менің бұл жерден кетуіме бір реніш себеп болды. Ренжігенім сонша, тістерім шықырлауда! Сайтан! Оны өзгертуге болмайды жəне бұған кінəлі тек қана сендерсіндер, сендер ғой өзіме лайық емес іске арандатқан, қудалап, қинаған. Ал енді, міне, алдым мен оны! Ал енді сендер де алдыңдар! Сен, əдеттегідей менің асыра сілтеген ойларым бəрін бүлдіреді деп айтпауың үшін, қымбатты мырзам, сенің шебер жазушының колынан шыққандай анық əрі жақсы бір əңгімені тындауыңа тура келеді. Граф К... мені жақсы көреді, ерекше құрметтейтіні белгілі нəрсе ғой, мұны саған бұрын да жүз рет айтқанмын. Кеше мені түскі асқа шақырды, тура сол күні кешкісін жоғары мəртебелі қауымдағы мырзалар мен əйелдер жиналатын, олар жайлы мен ешқашан ойлап та көрмеппін, біз секілді бағыныштылардың ол топқа жатпайтынымыз да ешқашан ойыма келмепті. Жақсы. Сонымен, графтікінен тамақтанған соң онымен жəне де бізге келіп қосылған полковник Б. мен сөйлесіп, үлкен залда арлы-берлі жүргенбіз. Қонақтар келетін уақыт та болды. Құдай біледі, менің қаперімде ештеңе жоқ болатын. Осы кезде асыл текті ханым С... өзінің мырза күйеуімен жəне жаңа пісіп жетілген қаздай, кеудесі теп-тегіс корсет киген ақымақ кызымен келді. Олар ақсүйектік мəнермен en passant көздерін адырайта, танауларын делдите кірді. Мен бұл тектес жандарды тіптен жек көретіндіктен кетуді ойладым. Графтың олардың тынымсыз бос сөздерінен босауын ғана күтіп тұрғанымда менің Б... бикешім кіріп келді. Оны көргенімде, жүрегімде ептеген қуаныш пайда болды да, кетпей қалып қойдым, оның креслосының артына тұрдым, тек бірталай уақыттан соң ғана оның менімен əдеттегідей онша ашылмай, біршама ренжи тілдесетінін байқадым. Бұл мені таңғалдырды. “Оның да басқалар сияқты болғаны ма?» деп ойладым мен,
көңілім жабырқап, кеткім келді, бірақ сонда да қалдым, себебі мен оны қуана-қуана кешірген болар едім, əрі бұған сенбей, одан тағы да бір жылы сөз естимін бе деп үміттендім, сосын өзің білесің не екенін. Осы екі ортада қауым түгел жиналған болатын. Өзінің сонау Франц Біріншінің тəж киген кезінен қалған бар киім-кешегін үстіне ілген (яғни 1745 жылдан бергі бар киімкешегі) Барон Ф., өзінің саңырау əйелімен сарай кеңесшісі Р..., бұл жерде оны Р... мырза деп атайды, т.б. ескі сəнмен тігілген шоқпыт-шоқпыт киімін жаңа сəнді жамаулармен жөндеп қойған И... де ұмыт қалмапты. Қонақтар қаптап келіп жатыр, мен аяқ асты өте сыпайы бола қалған кейбір таныстарыммен сөйлесіп тұрдым. Ойлана келе, ақыры тек өз Б... ма ғана көңіл бөлдім. Залдың түпкірінде əйелдер бір-бірінің құлақтарына сыбырласа бастады, сыбырласу одан кейін еркектер жағына ауысты. С... деген ханымның графпен сөйлескенін (бұның бəрін маған Б... бикеш кейін айтып берген) мен байқамаппын, ақырында граф жаныма келді де, мені терезе алдына апарды. «Сіз білесіз ғой, – деді ол, біздің ерекше қарымқатынасымызды білесіз ғой; менің байқауымша, көпшілік сізді мұнда көргеніне риза емес сияқты. Мен бəрі үшін...». «Мəртебеңізге құлдық, – деп сөзін бөлдім, – мың мəрте кешірім сұраймын, бұл жайында ертерек ойлауым керек еді, менен бір қателік өтті, кешіріңіз, менің басында-ақ қайтқым келіп еді, бірақ бір сайтан ұстап қалғаны. Мен жымиып, басымды идім. Граф сөзбен айтып жеткізгісіз ықыласты сезіммен менің қолымды қысты. Мен ақсүйек қауымнан ептеп бөлініп шықтым да барып кабриолетке отырдым. Сол жердегі төбеден күннің батуын көру үшін жəне Улистің қалай шошқа бағушының қонағы болғаны туралы Гомердің тамаша жырын оқу үшін М... ға қарай жүріп кеттім. Бəрі де жақсы болды. Мен кешкі асқа қайтып келдім, қонақ бөлмеде аздаған ғана адамдар бар екен; олар үстелдің дастарқанын түріп тастап, бір бұрышта сүйек ойынын ойнап жатыр екен. Осы кезде ақкөңіл Аделин келіп кірді, қалпағын қойып жатып мені көріп, қасыма келді де, ақырындап қана былай деді: – Сен ренжіп жүрмісің?
– Мен бе? – дедім мен. – Граф сені қауымнан қуып жіберіпті ғой. – Сайтан алсын оларды! – дедім мен, – Менің өзім таза ауаға шығуды жөн көрдім. – Сенің мұны көңіліңе алмағаның жақсы екен, – деді ол. Мені тек бұл жайды кез келген жерде айтып жүргендері ренжітеді. Осы кезде ғана мені бұл жай ренжіте бастады. Дастарқан басына келгенде де маған бəрі тек сол оймен ғана қарайды деп ойладым мен. Бұл ашу-ызамды келтірді. Ал, бүгін тіпті қайда барсам да бəрі мені аяйды, естуімше, мені көре алмайтындардың төбелері көкке жетіпті. «Өзінің аздаған ғана ақылын аспанға көтеріп, не істесем де өзім білемін деп ойлаған астамшылықтың неге апарып соғатынын көрдіңдер ме» деген іспетті жексұрын бос сөздерді естігенде жүрегіңе пышақ сұғып алғың келеді; тəуелсіздік жайлы не айтса да еріккендердің өз еркі, ал бар өшін алу үшін, басқалардың өзі туралы айтқан неше түрлі өсегін жайбарақат шыдап тыңдайтын адамды көрер ме едім, егер олардың оттаған сөздері негізсіз болса, онда оған көңіл бөлмеу оңай болған болар еді-ау. 16 наурыз Мені бəрі де айтақтап, ашындыруда. Бүгін мен аллеяда Б... бикешті кездестірдім, онымен сөйлеспеуге өзімді-өзім ұстай алмадым. Адамдардан біраз шеткерірек шыққан соң оған сондағы өзін қалай ұстағаны жайлы ренішімді айтып салдым. «О, Вертер, – деді ол толқыған дауыспен, – менің жандүниемді біле тұра, сондағы қылығымды осылай түсінуге бола ма екен? Менің залға кірген сəттен бастап-ақ сіз үшін бəріне де төзгенімді білсеңіз етті! Мен бəрін алдын-ала көріп білдім, сізге бұны айтайын деп қайта-қайта оқталдым. С. мен Т.-лардың өз күйеулерімен сіз отырған қауымда болғаннан гөрі, кетіп қалғанды артық санайтындарын мен білдім; графтың олармен қарым-қатынасын бұза алмайтынын да білдім, – ал қазіргі шуды айтпаңыз». – Қалай дедіңіз, бикеш! – дедім мен, қорқынышымды жасыра. Себебі Аделиннің бұрнағы күні айтқанының бəрі есіме түскен сəтте біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. – Бұл маған қаншалықты қиын тиді десеңізші, – деді
сүйкімді қыз көзіне жас тола. Мен өзіме өзім ие бола алмадым, тіпті оның аяғына жығылуға шақ қалдым. – Түсіндіріп айтсаңызшы,– деп дауыстап жібердім. Оның бетін ебіл-дебіл көз жасы жуып кетті. Мен не болғанымды білмедім. Ол да көз жасын тия алмады. - Сіз менің апайымды білесіз ғой,– деп бастады ол сөзін, – Ол да сонда болатын. Ол сізге қандай көзбен қарады десеңізші! Вертер, мен кешке де, бүгін таңертең де өзімнің сізбен қарым-қатынасым туралы өсиеттерге тойып бақтым, сізді жұрттың қалай төмендетіп, кемсіткенін естуге мəжбүр болдым, сізді тек жарым-жартылай ғана арашалауға шамам келді». Оның айтқан əрбір сөзі жүрегіме қанжардай қадалды. Ол осының бəрін маған айтқаннан гөрі үндемей-ақ қойғанының мен үшін қаншалықты жеңіл екенін сезбеді, бұған қоса ол ары қарай тағы да не айтылатынын, бұл туралы кейбір адамсымақтардың қалай масаттанатындарын қоса айтты. Мені көптен бері сөгіп жүрген жұрт енді жақын адамдарыма да жеккөрінішті болғаныма асқақтап, басқаларды менсінбегенім үшін дұрыс жазаланды деп айыздары қанып, қуанатын көрінеді. Осының бəрін, Вильгельм, шын жаны ашыған адамның аузынан есту қандай азап! – Мен əлі де іштей алай-түлей боп буырқанған халдемін. Біреудің мені ашықтан-ашық кіналауға батылы жетсе ғой, онда оның кеудесіне семсерімді тығып алған болар едім; егер қанды көрсем, бəлкім, маған жақсы болар ма еді. Ах, осы мазасыз жүректі тілу үшін жүз мəрте пышаққа жармастым. Жұрт аттардың бір асыл тұқымы жайлы айтып жүр: ол шектен тыс шауып қызынып, болдырған кезде, дем алысын жеңілдету үшін өзінің бір тамырын тістеп алады екен. Мен де өзіме мəңгілік еркіндік алу үшін қан тамырымды ашқым келетіндей бір сезімді басымнан жиі кешемін. 24 наурыз Мен сарайдағы қызметімнен босатуды талап еттім жəне оның орындалатынына үміттенемін. Алдымен сендерден бұған рұқсат алмағаным үшін мені кешірерсіңдер. Мен бір рет
кетуге тиіс болдым ғой, ал сендер мені қалуға көндіру үшін не айтатындарыңның бəрін білемін, иə, сонымен, шешеме бұл жайлы, шамаң келгенінше, жұмсақтап жеткізерсің, мен өзімеөзім көмектесе алмаймын, егер оған да көмектесе алмасам, онда соған көнуіне тура келеді. Бұл, əрине, оған ауыр тиюі мүмкін. Ұлының бірден құпия кеңесшілікке не елшілікке бастаған тамаша қызмет жолының жабылып, кері кеткенін көру жеңіл емес! Бұл жайында сендер не десеңдер о деңдер, əрі, мен қала аламын ба жəне қалуға тиіспін бе, осылай болуы мүмкін-ау деген жайттың бəрін қорытындылап көріңдер; жетер, кетемін, қайда барсам да, менің қасында болуымды жаны қалайтын бекзада ... бар екенін сендер білуге тиіссіңдер; ойға алған ниетімді естіген соң, ол менің өзімен бірге мекенжайына барып, сұлу көктемді сонда өткізуімді өтінген болатын. Ол менің мүлде өзіммен өзім ғана еркін болатыныма уəде берді, ал біз бір бірімізді біршама түсінетін болғандықтан, бұл үлкен бақытқа бел буып, онымен бірге кететін болдым. 19 сəуір ХАБАР РЕТІНДЕ Екі хатың үшін де рахмет. Менің жауап қайтармаған себебім, сараймен қоштасқанша бұл хатты жібермеп едім; шешем министрге барып, ойға алған ісімді қиындата ма деп қорықтым. Енді əйтеуір болары болды, қоштасатын мезгілім келіп жетті! Сендерге маған қызметтен босауға рұқсатты қалай қинала бергендерін жəне министрдің не жазғанын айтқым келмейді, онда сендердің зар жылауларың қайта басталған болар еді. Мұрагер бекзада менімен қоштасқанда жиырма бес дукат жіберіпті, бір сөзбен айтқанда, толқығанымнан көзіме жас келді; сонымен маған, енді шешемнің ақшасының керегі жоқ. 5 мамыр Ертең бұл жерден жүремін, менің туған жерім жүрер жолдан небары алты шақырым ғана жерде жатқандықтан, оны да қайта
көріп, өткен, бақытты арманға толы күндерді есіме түсіргім келеді. Əкем дүние салғаннан кейін шешем өзінің адам төзгісіз қаласына барып қамалу үшін, сүйікті де қимас жерді тастап, мені өзімен бірге алып кеткен сол баяғы қақпаға кіргім келеді. Қош бол, Вильгельм, саяхатым жайлы хабар беріп тұрармын. 9 мамыр Мен туған жеріме жасаған тəу етуімді нағыз бір зор құрметпен аяқтадым жəне де кейбір күтпеген, тосын сезімге тап болдым. С... қаласынан ширек сағаттай жерде тұрған үлкен жөке ағашының қасына күймені тоқтатқызып түстім де, жаяу жүріп, жүрегіме қымбат əрбір естелікті мүлде жаңадан, тереңірек сезіну үшін, көшірдің кете беруіне рұқсат еттім. Сөйтіп мен бұрын бала кезімдегідей жөке ағашының астында тұрдым. Қалай өзгеріп кеткен! Ол кезде мен жүрегіме соншалықты көп нəр беретін, сонша кеп лəззатты үміттене күтетін, алға ұмтылған, кұлшынған кеудемді толтыру, қанағаттандыру үшін бақытты, белгісіз дүниеден беймəлім əлемді аңсайтынмын. Енді, міне, сонау алыс əлемнен қайта қайтып келе жатырмын – О, достым, қаншама орындалмаған үміттеріммен, қаншама күл-талқан болған жоспарларыммен қайттым десеңші! – Мен, арманым мен үмітіме мың мəрте мекен болған, алдымда жатқан тауға қарадым. Осында сағаттар бойы отырып, бар жаныммен көз алдымдағы етене жақын, буалдырлана көрінетін ормантоғайларга, жазираларға сіңіп кетуді аңсайтын едім; ал қайтар кезде, мен осы бір сүйікті жерді ыстық қимастықпен əзер тастап кететінмін! Қалаға жақынырак келдім, бақ ішіндегі бүкіл ескі, таныс үйлерге сəлем бердім, кейін болған барлық өзгерістер мен жаңалықтар маған жиіркенішті болып көрінді. Қақпаға кірген сəтте-ақ өзімнің бəз-баяғы қалпыма қайта келдім. Қымбаттым, егжей-тегжейін баяндағым келмейді; мен үшін қаншалықты қуанышты болған нəрсе, əңгімелегенде соншалықты бір сарынды болып шығар еді. Мен тура біздің ескі үйдің қасындағы базарда тұруға бел байладым. Солай қарай кетіп бара жатып, біз бір адал,
кəрі əйелден деріс алған мектеп бөлмесінің ұсақ-түйек сататын дүкенге айналғанын байқадым. Есіме осынау тар бөлмеде өткен мазасыздыққа толы күндер, көз жастары, түсінбестік пен қорқыныш түсті. Аяқ басқан сайын есте қалған əйтеуір бір нəрсеге кездесіп отырдым. Бірде-бір құлшылық етуші əулиелер елінде де осыншама діни естеліктердің көп жері кездеспейтін болар, ешкімнің жаны дəл осындай аса құрметпен діріл қаға, құрақ ұша түсінбес. Өзенді төмен жағалай отырып таныс аулаға келдім; бұл менің əдетте көп жүретін жолым болатын, ал алаңқайда барлық балалар жалпақ тастарды суға жалата, секірте лақтырып жаттығатынбыз. Есіме кей кездердегі суға карап тұрғаным, ойша оның жолын болжап, ол ағып баратын аймақтардағы неше түрлі кездейсоқ кереметтерді көз алдыма елестететінім түсті, қиялым шексіз қиянға шарықтайтын; əйтсе де ол ары қарай жалғаса түсетін, ақыры, мен бір көз көрмес алысқа ойша сіңіп жоғалғанымша, үнемі ары қарай жалғаса беретін. Көрдің бе, сүйіктім, біздің таңғажайып ата-бабаларымыз əрі сондай қанағатшыл жəне сонша бақытты болған! Олардың сезімдері, талғамдары дəл бір сəбидікіндей! Улистің өлшеусіз теңіз бен шетсіз, шексіз жер туралы айтқандары сондай шыншыл, ізгілікке толы, жан толқытарлық, аңғал да жұмбақ бо латын. Менің қазір кез келген мектеп баласы білетін жердің дөңгелек екенін айта алғанымнан не пайда? Адамға рахат көру үшін тек бір аздаған шөкімдей ғана жер керек, тіпті тыныштық табу үшін одан да аз жер жетеді. Сөйтіп, мен қазір бекзаданың аңшылыққа арналған қамалындамын. Мырзамен əлі де жап-жақсы тіл табысуға болады. Ол адал əрі қарапайым. Ал, оның айналасындағылар маған мүлде түсініксіз, таңғажайып адамдар. Олар алаяқ та емес сияқты, бірақ түрлері адал адамдарға да ұқсамайды. Кейде олар маған адал адамдар сияқты болып көрінеді, сонда да оларға сене алмаймын. Жанымды ауыртатын тағы бір жай – оның тек естіген жəне көрген нəрселері жайлы ғана айтатыны жəне оларға басқа біреудің көзкарасымен қарайтыны.
Ол менің бар күш-қуатымның, бар қуаныш пен қайғымның, шерімнің – бəрінің жалғыз ғана қайнар көзі, өзімнің жалғыз мақтанышым – жүрегімнен гөрі талантым мен ақыл-түйсігімді көбірек бағалайды. Ах, менің білгенімді əркім-ақ біле алады – ал менің жүрегімдей жүрек тек жалғыз менде ғана. 25 мамыр Іске аспайынша сендерге айтқым келмеген бір ойым бар еді: одан ештеңе шықпайтын болды, сондықтан енді бəрібір ғой. Менің соғысқа кеткім келіп еді; бұл ой ұзақ уақыт жүрек түкпірінде жатқан болатын. Ең бастысы, мен бұл жерге бекзадаға осы үшін еріп келген болатынмын, себебі ол - əскери қызметтегі генерал. Бір қыдырып жүргенде оған өз ойымды ақтардым; ол бетімді қайтарып тастады. Егер бойымдағы аса бір құштарлық емес, тек қана жай қыңырлық болғанда, оның дəлелдеріне құлақ аспаған болар едім. 11 маусым Сен не десең о де, мен мұнда ұзақ қала алмаймын. Мұнда не істеймін мен? Уақыт өтпейді маған. Бекзада маған шамасы келгенінше жақсы қарайды, сонда да жағдайым жоқ. Түптеп келгенде біздің ортақ ештеңеміз де жок. Ол - ақылды адам, бірақ тіпті орташа ғана ақылы бар адам; оның өзіме қарым-қатынасы маған кəдімгі бір жақсы жазылған кітап оқығаннан артық əсер етпейді. Əлі де сегіз күн қала тұрамын, ал содан соң қайтадан адасуға түсемін. Мұндағы істеген ең жақсы нəрсем – сурет салғаным. Бекзада өнерді түсінеді жəне егер ол қатып қалған ғылыми түсініктер мен үйреншікті қағидаларға үйір болмаса, бұдан да тереңірек түсінген болар еді. Кейде, оған табиғат пен өнердің нағыз қиялдағы көрінісін ашуға тырысамын, ол бəрін ə дегеннен жап-жақсы етіп жіберу үшін, өнер жайлы баршаға мəлім əлдебір шындықты соға салғанында, менің тістерім шықырлап кетеді. 16 маусым
Иə, мен тек саяхатшы, жер бетіндегі кезбе ғанамын! Сендердің нелерің артық? 18 шілде Менің кайда кеткім келеді? Саған сенгендіктен ғана айтайын. Осында əлі он төрт күнге қала тұрамын, ал одан соң ... дегі кен орнына барамын; түптеп келгенде мұнда тұрған түк те жоқ, мен тек Лоттеге қайтадан жақынырақ болғым келеді, бар болғаны осы. Өз жүрегімнің қалауына күле тұра оны орындаймын. 29 шілде Жоқ, бəрі жақсы! Бəрі де жақсы! Мен оның күйеуімін! О, жаратқан құдайым-ау, егер сен маған осы бақытты сыйлаған болсаң, бар өмірім үзіліссіз жалбарынумен өтер еді. Менің жанжалдасқым келген жоқ, кешір көз жасымды, кешіре көр орынсыз тілегімді! Ол – менің əйелім! Күн астындағы ең сүйікті жанды құшағыма алсам ғой. Альберт оның сұлу мүсініне жанасса, Вильгельм, менің бүкіл өне бойым дірілдеп қоя береді. Менің мұны айтуға құқым бар ма? Неге айтпасқа, Виль гельм! Ол одан гөрі менімен бақыттырақ болған болар еді! О, ол оның жүрегінің бар қалауын орындайтын адам емес. Оған сезімталдық жетіспейді, бұны қалай түсінсең де өзің біл; сүйікті кітаптың менің жүрегім мен Лоттенің жүрегі бірге соғатын жерінде, біздің үшінші біреудің іс-əрекеті жайлы пікірімізді білдіруімізге тура келген кезінде, басқа да жү здеген жағдайға байланысты, ол бар ынта-жігерімен пікірін айта алмайды. Сүйікті Вильгельм! Оның есесіне ол Лоттені бар жан-тəнімен сүйеді, ал ондай махаббат қандай болса да сый-құрметке лайық! – Бір беймаза адам менің жазуымды үзіп жіберді. Көз жасым кеуіп кетті. Көңілім бөлінді. Қош бол, сүйіктім менің! 4 тамыз Жалғыз менің ғана жағдайым бұлай емес. Барлық адамдардың үміттері қол жеткізбей, арман-мұраттары алданады.
Мен жөке ағашының астында кездестірген, өзім жақсы көретін əйелге бардым. Үлкен баласы алдымнан жүгіріп шықты, оның қуанышты айғайынан, жүзінен əбден қажып, калжырағаны бірден көрініп тұрған шешесі шықты. Оның алғашқы сөзі мынау болды: «Қымбатты мырза, ах, менің Гансым қайтыс болды!» Ол оның балаларының ең кішісі болатын. Мен үндемей тұрып қалдым. «Ал күйеуім,– деді ол, – Швейцариядан кайтып келді, ештеңе де əкелмеді, егер жақсы адамдарға кездеспегенде қайыр тілеуге мəжбүр бола жаздапты, жолай ол безгек ауруына шалдығыпты». Мен оған ештеңе де айта алмадым, кішкентайына бірдеңе сыйладым; ол бірнеше алма алуымды өтінді, мен алдым да осынау мұңға толы естелік орнынан кетіп қалдым. 21 тамыз Менің ішкі дүнием көзді ашып жұмғанша-ақ өзгеретін болды. Кейде маған шынымен өмірдің қуанышты сəті қайтадан елес бергендей болады. Əттең! Тек бір сəтке ғана! – Арманға шомған кей сəттерде, маған ырқымнан тыс ой келеді: егер Альберт өлсе ше? Онда сен боласың! Иə, солай болар еді, ал одан соң мен, өзім зəрем қалмай қорқа бас тартатын, түпсіз тұңғиықка жеткенімше, осынау сұрқия ойдың артынан қуа беремін. Қала қақпасынан Лоттені биге ала кету үшін алғашқы жүрген жолға шығамын – ол кезде бəрі мүлде басқаша бола тын! Бəрі, бəрі де өтіп кетті! Бұрынғы күндердін ешбір белгісі де, менің ол кездегі сезімімнен де түк қалмапты. Бір кезде кемеліне келген бекзаданың бар тамаша асылдармен сəндеп салдырып, өлерінде сүйікті ұлына үлкен үмітпен тастап кеткен, енді өртеніп, қирап қалған камалға қайтып келген əруақтың рухы өзін қалай сезінсе, мен де өзімді солай сезінемін. 3 қыркүйек Мен кейде қалай ғана оны басқа біреудің сүйе алатынын, сүюге дəті баратынын түсіне алмаймын, өйткені мен тек жал ғыз оны ғана жанымдай, ес-түссіз сүйемін, одан басқа ешкімім де жоқ, ешкімді танымаймын, білмеймін де! 4 қыркүйек
Иə, өмір дегенің осындай. Табиғат күзге қарай ауысты, менің ішкі дүниеме де, айналама да күз келеді. Менің жапырақтарым сарғая бастайды, ал көрші ағаштардың жапырақтары түсіп те қалыпты. Саған осында келе салысымен бір шаруа бозбала жайлы бірде жазбап па едім? Вальгеймде оны қайта сұрап іздестірдім; жұрттың айтуынша, ол жұмысынан қуылса керек, ал мұнан басқа ол туралы ешкім ештеңе білмейді. Кеше оны басқа тұраққа баратын жолда кездейсоқ кездестірдім де сөйлестім, оның айтқан əңгімесіне хатты тебірендім, саған қайталап əңгімелеп берсем, тез-ақ түсінесің. Бірақ осының бəрінің қажеті не? Мен өзімді шошытатын əрі жанымды ауыртатын жайды неге өзімде ғана жасырып қоймаймын? Неге сені де қайғыртамын? Неге саған үнемі өзімді аяуға жəне сөгуге сылтау тауып беремін? Солай-ақ болсын, мүмкін бұл да менің пешенеме жазылғаны шығар! Ептеп сағы сынғандай болып көрінген жігіт менің сұрақтарыма, алдымен көңілсіздеу кейіпте жауап берді; бірақ тез арада ол өзіне өзі келіп, мені де тани бастаған кезде тез ашыла түсті, өз қатесін түсініп, маған бақытсыздығын айтып шағынды. Достым, менің, оның əрбір сөзін сенің алдыңда таразыға салуға шамам келер ме! Ол естегіні қайта жаңғыртудың бір түрлі рахаты мен бақытына бөлене отырып əңгімеледі; өзінің айтуынша, қожайын əйеліне деген құштарлығы күн өткен сайын арта түсіп, ақыры ол өзінің не істеп, не қойғанын, қайда барып сиярын білмепті. Жігіт ас-су ішуден де қалады, ұйықтай да алмайды, ішкені тамағынан өтпейді, істеуге тиіс емес істерді істейді, бойын бейне бір жын-шайтан билеп алғандай, өзіне не тапсырылғанын ұмытып қала беретін болған, бір күні əйелдің жоғарыдағы қорада екенін біліп, артынан барады, иə дұрысы, оның артынан оны біреу тартқандай болыпты. Əйел өтінішіне құлақ аспаған соң, ол оны күшпен алғысы келеді; қалай болғанын, құдай өзі куə болсын, ол өзі де білмейді, оның əйелге деген ойы үнемі адал болыпты жəне үйленіп, бар пейілімен онымен өз өмірін өткізуден басқа ештеңені тілемесе керек. Ол бірталай уақыт сөйлеген соң, бейне бір тағы да бірдеңе айтқысы келетін, бірақ оны айтуға батылы бармайтын кісіше тоқтап қала
берді; ақыры ол ұяла, қызара отырып, əйелдің оған болмашы еркіндік беріп, оны мен араларында кейбір жақындыққа рұқсат еткенін мойындады. Жігіт екі-үш мəрте сөзін бөліп, өзінің бұны əйелге жаманат келтіру үшін айтпағанына қайтадан ант берді, айтуынша, əйелді əлі де бұрынғысынша сүйеді əрі бағалайды, ол мұны маған тек өзінің тіпті де жаман ақымақ адам емес екендігіне көзімді жеткізу үшін айтқан көрінеді, əйтпесе бұндай сөз ешқашан да аузынан шықпаған болар еді. – Ал осы жерде, қымбаттым, мен өзімнің ескі əуенімді, мəңгі айтып өтетін əуенімді қайта бастадым: саған, алдымда сол жігіттің қалай тұрғанын, əлі де тұрғанын, көз алдыңа елестеттіре алармын ба?! Мен саған бəрін, өзімнің оның тағдырына қалай ортақтасқанымды, ортақтасуға тиіс екенімді, дұрыстап айтып жеткізе алармын ба! Жетер, тек сен ғана мені де, менің тағдырымды да, мені бүкіл бақытсыздққа, əсіресе, мына сорлыға ненің тартатынын өте жақсы білесің. Хатты қайтадан оқып шыққанда барып мен əңгіменің, түсінуге оп-оңай болатын аяқ жағын айтуды ұмытып кеткенімді көрдім. Ол əйел қарсыласады; бұған оның бозбаланы бұрыннанақ жек көретін, осы үйден кетуін қалайтын бауыры араласады. Себебі ол, əпкесі жаңадан үйленсе, мұра оның балаларына тиеді деп қорқатын, ал қазір оған, əпкесі баласыз болғандықтан, үміт етуге болады ғой; анау қызметшіні бірден үйден итеріп шығарады. Бұл жайдан шыққан шудың өршігені сондай, егер тіпті əйел өзі қаласа да оны қайта ала алмастай етеді. Қазір ол əйел тағы да бір басқа қызметші алса керек, жұрттың айтуынша, əйел ол үшін де бауырымен шатақтасып қалатын көрінеді, жұрттың анық айтуына қарағанда, ол оған үйленетін көрінеді, бірақ менің танысым бұған төзбеске əбден бекінсе керек. Саған айтқанымның бəрі не асыра, не кемітіле айтылған жоқ, мен бұл оқиғаны нашар айттым деуіме əбден болады: мен оны кəдімгі жаттанды адамгершілікпен, күнделікті таптауырын сөздермен баяндағандықтан нашарлатып, тұрпайы етіп алдым. Сонымен, мұндай махаббат, осындай сезім, құштарлық ешқандай да ақындық ойдан шығарылған жоқ. Ол, өте таза
түрінде, біз сауатсыз, тұрпайы деп атайтын халықтың қарапайым тобынан шыққан адамдар арасында өмір сүруде. Біз сауаттылар – ештеңеге жарамсыз боп бүлінгендерміз! Сенен өтінерім, бұл əңгімені зор құрметпен оқы. Мен бүгін, осыны жазып отырғанда тынышпын; сен жазуымнан-ақ əдеттегідей қиқы-жиқы, кірқожалақтық жоқтығын көрерсің. Оқы, сүйіктім менің, жəне бұны оқи отырып бұл сенің досыңның да тарихы екенін ойлағайсың. Иə, менің жайым осы, осылай болады да, ал менде ана бейшара бақытсызда бар батылдық пен тəуекелшілдіктің жартысы да жоқ, онымен өзімді салыстыруға тіпті батылым да бармайды. 5 қыркүйек Ол бір шаруаға бола елден келмей қалған күйеуіне қағаз жазып жіберіпті. Ол былай басталыпты: «Қымбат тым, сүйіктім, мүмкіндігінше неғұрлым тезірек келуге тырыс, мен сені қуанақуана күтудемін». Сол жақтан келген бір жолдасы, Альберт бір жағдайға байланысты жақын арада келе алмас деген хабар əкелді. Қағаз жіберілмей қалып қойыпты да кешкісін менің қолыма түсті. Мен оны оқып шықтым да жымидым; ол неге күлгенімді сұрады. «Қиял күші дегенің құдайдың неткен сыйы еді,– деп дауыстап жіберд ім, – мен бір сəтке өзімді бұл маған жазылған деп алдаусыраттым». Ол сөзімді бөліп жіберді, бұл сөз оған ұнамаған сияқты, ал мен үндемедім. 6 қыркүйек Лоттемен алғаш рет билегенде киген қарапайым көк фрагымды тастау маған қиын тиді, бірақ ол кейінгі кезде мүлдем көнеріп кеткен еді. Оған қоса қайтадан өзіме қайырма жағасы жəне сары кеудеше мен шалбардың, тура бұрынғысындай етіп, тағы біреуін жасатып жатырмын. Бұл, əрине, маған айтарлықтай əсер де етпейді. Білмеймін, менің ойымша, уақыт өте келе бұл да маған өте қиын бола тын шығар. 12 қыркүйек
Ол Альбертті əкелу үшін бірнеше күнге кеткен болатын. Бүгін оның бөлмесіне кіргенімде, Лотте алдымнан шықты, мен оның қолын айрықша қуана сүйдім. Бір шымшық айнадан оның иығына ұшып келді. «Жаңа дос, – деді де, ол шымшықты қолына қондырды, – бұл менің кішкентайларымның ойлап тапқандары ғой. Өзі сондай сүйкімді! Қараңызшы! Мен нан берген кезде ол қанаттарын қағып, өте бір сүйкімділікпен шоқиды. Қараңызшы, ол əуелі мені сүйеді де!». Ол торғайға ернін тосқанда өзіне берілген лəззатты, бар бақытты сезгендей-ақ, торғай тəтті еріндерге ерекше сүйкімді түрде жабыса түсті. – Ол сізді де сүйсін, – деді де Лотте торғайды маған берді. Тұмсық оның ернінен менің ерніме жол тартты, ал шоқығаны тура бір ишара, махаббатқа толы рахаттың белгісі сияқты көрінді. – Оның сүйісінде ашқарақтық бар, – дедім мен, – Ол тамақ іздеп жүр жəне бос еркелетуге қанағаттанбайды. – Ол менің аузымнан тамақ та жейді, – деді ол. Ол оған күнəсіз тілегі бар махаббаттың қуанышынан рахаттана күлімдеп, ернімен бірнеше нанның қиқымын ұсынды. Мен бетімді бұрып əкеттім. Ол бұлай етпеуі керек еді! Менің қиялымды, арман-мұратымды осы бір періштедей пəктікпен, бақытпен еліктірмеуі, менің өмірге деген немқұрайлылық тербеткен жүрегімді ұйқыдан оятпауы керек еді! – Ал неге оятпасқа?– Ол маған сондай сенеді! Менің өзін қалай сүйетінімді ол біледі! 15 қыркүйек Вильгельм, өмірде жер бетіндегі əлі де болса қадірі бар, аздаған заттарды бағалап, сақтауды білмейтін адамдардың бар екендігі қитығыма тиеді. Өзің білетін жаңғақ ағаштары ше, ақпейіл пастор Шт...кінде Лоттемен бірге саясында отырған, тамаша жаңғақ ағаштары! Құдай біледі, олар үнемі ұшан-теңіз жан рахатына бөлеуші еді! Олар пастордың ауласын сондай жанға жайлы əрі салқын ететін! Ал бұтақтары неткен тамаша еді! Жəне оларды бұдан көп жылдар бұрын отырғызған адал
марқұмдар жайлы естеліктер ше! Оқытушы өзінің атасынан естіген бір есімді бізге жиі айтатын, ол бір сондай ақпейіл, жақсы адам болса керек, ағаштардың астында отырып, ол туралы ойлау мен үшін əрқашан жағымды еді. Мен саған айтайын, кеше біз ағаштар туралы сөйлескенімізде, оқытушының көзінде жас тұрды, оларды кесіп тастапты! Ашу-ызадан жарылып кете жаздадым, оларға жарақат салған итті өлтіріп тастағым келді. Егер менің ауламда сондай қос ағаш өсіп тұрып, олардың бірі жасы жеткендіктен семіп калған болса, онда мен аза тұтқан болар едім, ал енді бəрін де көруге мəжбүрмін. Қуанышым-ау, оның біреуі əлі бар ғой! Адам сезімі дегеніңді қойсаңшы бұл! Бүкіл жұрт күңкілдеуде, ал мен болсам пастордың əйелі өз жұртына қандай жарақат салғанын май мен жұмыртқалардан жəне басқа да тартулардан сезінетініне үміттенемін. Себебі бұны істеген сол ғой. Жаңа пастордың (біздің қартымыз кайтыс болып кеткен болатын) əйелі, қатып-семіп қалған аурушаң біреу. Ол өмірде не болып жатқанына немқұрайды қарайды, өйткені оны іштартып жатқан ешкім жок. Оқымысты болып көрінгісі келетін бір ақымақ неме діни қағидаларды қайта қарауды сөз етіп, христиандықтың жаңа бағыттағы адамгершілік сын реформациясымен жатпайтұрмай айналысқансиды. Ал Лаватердың4 əуестігі жайлы иығын қиқандатқаннан басқа ештеңе білері жоқ, оның денсаулығы əбден құрып біткен. Сондықтан да ол құдайдың жарық дүниесінен еш рахат көре алмай келеді. Менің жаңғақ ағаштарымды кесу осындай бір пенделерге ғана тəн. Байқадың ба, өз-өзіме келе алмай отырмын. Көз алдыңа елестетіп көрші, түскен жапырақтар оның ауласын былғап, сасытады, ағаштар оған күн сəулесін түсірмейді, ал жаңғақтар піскенде балалар оған тас лақтырады екен, ал ол бұның жүйкесіне тиеді-мыс, ол Кенникот5, Земмлер6, Михаэльді7 бір-бірімен салыстырып отырған кездегі терең ойларына кедергі келтіретін көрінеді. Ауылдағы кісілердің, əсіресе қариялардың риза еместігін көргенімде: «Бұған неге жол бердіңдер?» – дедім. – Осындағы тұрақ басшысы солай еткен соң, біз не істей аламыз? Бірақ əділдік бар ғой. Тұрақ басшысы мен өзінің шегіртке əйелінің қылықтарынан шекесі қызбай жүрген пастор не істегісі
келген десеңші, оны өзара бөлісіп алуды ойлайды; сол кезде бұны əкімшілік мекемесі біліп қойыпты да: «Бері əкеліңдер!» – депті. Себебі əкімшіліктің пастор ауласының ағаштар тұрған бөлігіне əлі де бұрыннан бергі таласы бар еді, сондықтан да оны саудалап сатып жіберіпті. Сонымен, əні, олар жатыр! Əттең, мен патша болсам ғой! Пастордың əйеліне, жəне əкімшілік мекемеге –Жоғары мəртебелі! – Иə, егер мен жоғары мəртебелі болсам, елімдегі ағаштарға қайдан қабырғам қайыссын! 10 қазан Мен тек оның қара көздерін көрсем болды, жадырап сала беремін! Қарашы, мені қобалжытатыны, Альберт өзі үміттенгеніндей, онша бақытты емес сияқты – мен сияқты – болайын деп ойлаған едім – егер – Мен көп сызықшалар қоюды ұнатпаймын, бірақ бұл жерде басқаша жеткізе алмаймын – ал, меніңше, əбден анық сияқты. 12 қазан Оссиан менің жүрегімнен Гомерді ысырып шығарды. Мені қандай таңғажайып əлемге жетелеп апарады десеңші осынау алып! Буалдыр тұманда, əкелер рухына жетелейтін жарқыраған ай жарығында айнала боранды жел соғып тұрған шақта жазықтарды араласа ғой. Таудан бері келетін орман арасындағы сарқыраманың гүрілінен, əруақтардың үңгірлерінен жартылай естілетін ыңырсуларды жəне де өлгенді жоқтап жылаған қыздың əбден мүк басып, шөп өсіп кеткен сүйіктісінің құлпытасы басындағы жоқтауын тыңдаса ғой! Мен содан соң ел кезіп, ұлан-ғайыр далада əкелерінің басқан іздерін іздеп жүрген, шашы бурыл тартқан жыршыны тапсам, ах! Олардың құлпытастарын тауып алып, еңірей, дөңгеленген теңізге барып жасырынған, кешкі аспанның сүйкімді жұлдыздарына қарайды, ал батыр кеудесінде өткен күндер оқиғалары қайта тіріледі, ержүректерге қауіп-қатер төнген кезде жəне олар жеңіспен қайта оралғанда, олардың гүлмен безендірілген кемесіне ай мейірімді сəулесін шашады.
Оның маңдайынан терең қайғыны оқимын, таңғажайып ұлылардың ең соңғы тұяғының жалғыздықтан əбден қалжырап көрге қарай теңселе басып бара жатқанын көремін, ол туғандарының тəнсіз көлеңкелерінің келгенінен жаңа, күйдіре қинайтын қуаныштарды бойына сіңіре, суық жерге, шайқалған биік шөптерге қарап, айқай салады: «Келеді, мені əрлі кезімде білген сол кезбе келеді де сұрайды: Фингалдың тамаша ұлы, жыршы кайда? Оның өкшелері менің мүрдемді ба сып тұр, ол мені жер бетінен бекер іздеп жүр». О, достым! Менің де осынау бір ізгі қару асынушыға ұқсап, қылышымды жалаңаштап, өз мырзамды біртіндеп өлудің құрысып-тырысуы көп қиыншылығынан бірден құтқарғым, əрі сол жартылай құдайдың соңынан өз жанымды да жібергім келеді. 19 казан Ах, осы бір бос қуысты-ай! Кеудемдегі осы бір жиіркенішті бос қуысты-ай! Егер сен оны тек бір рет қана, тек бір рет қана мына жүрекке қыса алсаң ғой, мына бүкіл бос орын толған болар еді-ау деп жиі ойлаймын. 26 казан Иə, бұған менің көзім ап-анық, барған сайын анығырақ жетеді, сүйіктім! Бір пенденің тіршілік етуінен келіп-кетер нəрсе аз, мүлде аз. Лоттенің үйіне бір жолдас қызы келді де, мен көрші бөлмеге кітап алайын деп бардым, бірақ оқи алмадым, одан соң жазайын деп қалам алдым. Мен олардың ақырын сөйлескендерін естідім; олар бір-біріне болымсыз нəрселерді, қала жаңалықтарын: біреудің қалай үйленгенін, енді біреудің қандай науқас екенін айтып отырды. «Ол құрғақ жөтеледі, бетінің сүйектері шығып тұр, əрі есінен танып қала береді; оның өмірі қыл үстінде тұр-ау», – деді ана қыз. «Н. Н. – да тіпті ісіп кетіпті», – деді Лотте. – Ал ұшқыр қиялым мені сол бір бейшаралар төсегінің жанына ауыстырды, мен олардың қандай жиіркенішпен өмірден теріс айналғанын көрдім, Вильгельм! Мына əйелсымақтарым бұл туралы жұрт
қалай сөйлесе тура солай сөйлейді – бөтен біреу өлгелі жатыр. – Жан-жағыма бұрылып қарадым да, бөлмені жəне айналамдағы ілулі тұрған Лоттенің киімдерін, Альберттің қағаздарын, өзім əбден бауыр басып кеткен мынау үй жиһаздарын, тіпті мына сия сауытқа шейін, көрдім де ойға кеттім: Қарай гөр, сен бұл үйге кімсің? Бəрімін. Достарың сені құрметтейді! Сен оларды жиіжиі қуантасың жəне сенің жүрегіңе оларсыз өмір сүру мүмкін емес сияқты көрінеді, əйтсе де, егер сен кетсең ше, егер бұл ортаны тастап кетсең, олар сезіне ме екен, сенің жоктығыңнан пайда болатын мына бос қуысты олар қай кезге дейін сезінер еді? Қанша уақытқа дейін? О, адам дегенің сондай аумалытөкпелі ғой, ол өз тіршілігін қай жерде шынымен орнықтырса, ол да сонда, сол жерде, оның бар екендігі жайлы естеліктерде, сүйіктілерінің жадында, жалғыз шынайы пікір пайда болады, тіпті онда да ол өшуі мүмкін, жоғалуы мүмкін жəне өте тез арада! 27 қазан Адамдардың бір-біріне қадірі өте аз болатындықтан, мен өз көкірегімді жиі парша-парша етіп айырып, басымды мылжалап тастағым келеді. Ах, мен ол жақка алып бармаймын, махаббат, қуаныш, мейірім мен лəззатты маған басқа біреу бере алмайды, ал шат-шадыман бақытқа толы бар жүрегіммен алдымдағы суық əрі əлсіз басқа біреуді бақытты ете алмаймын. Кешкісін Менің қабілетім арта түседі, бірақ оған деген сезім барлығын жұтып қояды; менде көп жақсы қасиеттер бар, ал онсыз маған бəрі де түкке тұрғысыз. 30 қазан Оның мойнына асыла кетуге жүз мəрте ыңғайландым! Соншама көп əдеміліктің алдыңда айнала үйірілгенін көре тұра, оны құшактай алуға құқың болмаудың қаншалықты оңай емес екенін құдіреті күшті құдай өзі біледі; ал əрекет ету адамзаттың
табиғи түйсігінің нəтижесі ғой. Балалар ойына келгеннің бəрін бас салуға құмар-ақ емес пе? Ал мен ше? 3 қараша Құдай куə! Мен төсекке жатқанымда жиі-жиі қайтып тұрмаспын деп үміттенемін де, қайтадан оянбасам екен деп тілеймін: ал ертеңгісін көзімді ашамын да күнді қайта көріп, бейшара халге түсемін. О, мен құбылмалы мінезді болсам ғой, кінəні ауа райына, басқа үшінші біреуге, бір орындалмаған іске ысыра салған болар едім, онда өкініштің адам төзгісіз ауыр жүгінің тек жартысы ғана мені жаншыған болар еді. Мен қасіреттімін! Мен кінəнің тек жалғыз өзімде ғана екенін анық сеземін, кінə емес! Жетер, ішімде бұрынғы ұшан-теңіз бақыттың бұлақ көзінің орнында енді сордың қайнар көзі жасырынып жатыр. Бір кезде сезім дариясында қалқып жүрген, əр аяқ басысым жұмақ болған, бүкіл əлемді махаббатпен құшағына алатын жүрегі бар мен баяғы өзім емеспін бе? Қазір сол жүрек өлді, ол енді ешқашан еш нəрсеге таңданбайды, көздерім құрғаған, ал менің дəтке қуат беретін көз жасы арқылы бекіне, қатая алмайтын ақыл-ойым қалтырай қорқып, маңдайымды айғыздайды. Көп қайғырамын, себебі өмірімнің жалғыз рахаты болған, айналамдағы əлемді, тіршілікті жасаған құдіретті күшті жоғалтып алдым; ол бітті! Тереземнен сонау алыс төбелерге көз саламын, ертеңгі күннің сəулесі төбелерден бері қарай тұманды жарып өтіп, тып-тыныш көкорай шалғынды аялағанын, мақпал өзеннің жапырақты жөке ағашының арасымен маған қарай ирелеңдей аққанын көремін. О! Мына тамаша табиғат көз алдымда бейне бір жалтыраған бояулы суреттей соншалықты көз тартып тұрғанмен, ол бар рахат пен бақыттылықтың бір де бір тамшысын жүрегімнен санама жеткізе алмайды, ал мен болсам тұла бойым кұдай алдында бейне бір суалған құдықтай, тура құрғап қалған шелектей қаңсып тұрмын. Мен құдайдан төбесіндегі аспанының жердің апшысын қуырып, аңқасын кептіріп жатқанда, жауын сұраған егінші құсап жаратушыдан талай рет жер бауырлап көз жасын сұрадым. Бірақ
амал не! Құдайдың жаңбыр мен күн сəулесін біздің құлшына жалбарынуымызға бермейтінін сеземін, ал еске түскен сайын мені қинайтын сол бір шақтар неге ғана сонша бақытқа толы болды екен?! Себебі мен оның мейірім шуағының, рахымының түсуін шыдамдылықпен күттім, оның үстімнен құйған барша рахатын іштей ризалықпен, жүрегіммен қарсы алған болатынмын. 8 қараша Ол менің шыдамсыздығымды бетіме басты! Ах, соның өзін қандай сүйкімділікпен айтты десеңші! Менің ұстамсыздығым – кейде бір шыны шарапқа алданамын деп, бір құты шарапты ішкендігім. «Бұлай етпеңіз! – деді ол, – Лоттені ойлаңыз!» – «Ойлау, – дедім мен, – сіздің маған мұны айтуыңыздың не қажеті бар еді?! Мен ойлаймын! – Мен ойламаймын! Сіз үнемі менің жадымдасыз. Бүгін мен сіз жақында күймеден түскен жерге отырдым». – Ол менің əңгімемді ары қарай тереңдетпес үшін басқа бірдеңе жайлы сөйлеп кетті. Қымбаттым! Мен біттім! Ол не қаласа, маған соны істей алады. 15 қараша Рахмет саған, Вильгельм, шын жүректен жаның ашығанына, жақсылық ойлаған ақылыңа рахмет, сенен тынышталуыңды өтінемін. Мен ақырына дейін көнейін, қанша шаршасам да, əлі де ақырына дейін жетерлік күшім бар. Мен дінді қадірлеймін, сен оны білесің, сезуімше, ол əлсірегенге таяныш, өмірден күдер үзгендерге қуат береді. Тек қана – ол, кез келгенге осылай бола ала ма, болуға тиіс пе? Егер, сен байтақ əлемге қарасаң, онда сен оның əрдайым ондай болмағанын, болмайтынын да сан рет көрер едің. Бұл уағыздау ма, əлде уағыздамау ма, ал дін маған үнемі сүйеу болуға тиіс пе? Құдайтағаланың өз ұлы10 айтпай ма, оныменен тек оған əкесі бергендер ғана болатынын? Егер мен оған берілмеген болсам ше? Жүрегім сездіреді, құдайтағалам мені өзі үшін сақтағысы келетіндей? Өтінемін сенен, бұны жаңсақ түсінбегейсің; осы бейкүнə сөздерде титтей де кекесін
бар екен деп ойлама, бұл сенің алдыңа жайып салған менің бүкіл жан-дүнием; болмаса мен үндемей-ақ қойғым келіп еді: несіне мен осының бəрін айтып құлықсыз сөздерімді шығындаймын, кез келген адам маған қарағанда бұл туралы тіптен аз біледі ғой. Өзіне тиесілі қайғы-қасіреттің əбден зардабын тарту, түбіне дейін тауысып ішу – адам тағдыры емей немене? – Ал көктегі Құдайтағаламның ыдысы адам атаулының ерніне11 тым ащы көрінсе, ол маған тəтті болғандай-ақ неге мен көкірек керіп, тəлімсуім керек? Ал менің бар болмыс-тіршілігім өмір мен өлім арасында діріл қағып тұрған қорқынышты сəтте, өткен шақ тура буалдыр тұңғиықтағы бір ұшқын сияқты жақындай түсіп, айналамдағының бəрі өліп, əлем менімен бірге құрдымға кетіп бара жатқанда, мен не үшін ұялуға тиіспін. Бұл өз-өзінен əбден титықтап, əлсіреген əрі тоқтаусыз төмен құлдилай кұлаған пенденің ішкі түкпіріндегі бостан-бос еркіндікке ұмтылған күшінің сиқырлаған даусы емес пе: «Құдайым-ау! Құдайымау! Неге сен мені қалдырдың!12» Мен осы көтеріңкі дауыс үшін ұялуға тиіспін бе, аспанды бейне бір орамалдай-ақ ширатқан, ол да құтыла алмаған осы сəттен мен қорқуға тиіспін бе? 21 қараша Ол өзінің де, менің де түбіме жететін у даярлап жатқанын көрмейді де, сезбейді де; ал мен болсам, ол ажалыма бола ұсынған бокалды ерекше лəззатпен тауыса сімірудемін. Оның жақсы көз қарасы нені білдіреді, мені ол жиі-жиі – жиі? – жоқ, жиі емес, əйтсе де кей-кейде менің сезімімнің еріксіз көрінісін қабылдай алатындай қайырымдылықпен қарайды, неліктен оның жүзінен менің қайғы-қасіретіме деген аяушылық көрініп тұрады? Кеше кетіп бара жатқанымда, ол маған қолын беріп жатып былай деді: «Қош бол, сүйікті Вертер!» – Сүйікті Вертер! Бұл оның мені сүйікті деп алғашқы рет атауы, бұл жай ішібауырымды елжіретті. Мен оны жүз мəрте қайталадым, ал кеше түні ұйықтауға жатайын дегенімде, өзімнен-өзім əр нəрсені бір
шаттым, сөйттім де аяқ астынан былай дедім: «Қайырлы түн, сүйікті Вертер!» – одан кейін тіпті өзіме өзім күліп жібердім. 22 қараша «Оны маған берші!» – деп, мен жалынып-жалбарына алмаймын: сонда да ол жиі-жиі мендік сияқты болып елестейді. Мен: «Оны маған бер!» – деп жалбарына алмаймын, себебі ол басқа біреудікі. Өз қасіретімді кекетіп данышпансимын, мен өзімді шектемеген болсам, салыстырулар мен теңеулерге шек болмас еді. 24 қараша Менің қиналатынымды ол сезеді. Бүгін оның көзқарасы жүрегіме терең бойлады. Мен Лоттенің жалғыз отырғанының үстінен түстім; ол маған ештеңе демеді, тек қарады да қойды. Мен оның бойынан ешқандай да асқан сұлулықты, тамаша ақыл жарқылын көре алмадым; бұның бəрі де көз алдымда ғайып болды. Маған іштей түсіністік, тəтті жанашырлыққа толы əлде бір тамаша көзқарас терең əсер қалдырды. Неге мен оның аяғына жығылуға тиіс емеспін? Неге менің оның тамағынан мың мəрте сүйіп, өбу арқылы жауап беруіме болмайды? Ол қорғанышты күйсандықтан тапты, ойнай отырып, нəзік те баяу дауыспен жайлап қана қосылды. Ешқашан оның еріндерінің бұндай əдемі болғанын көрген емеспін; еріндері шөліркей ашылып, аспаптан құйылған сол бір тəтті əуезді ұрттағысы келетіндей, тек ғажайып үн ғана күнəсіз ауыздан кері шалқитындай. Иə, саған мұны айтып жеткізе алсам ғой! – Мен ұзақ шыдай алмадым, иілдім де ант еттім: Тəңірі рухының арайы бар еріндерді сүюге ешқашан батылым бармас-ау!...Əйтсе де менің тілегім... Ха! Көремісің, тура менің жанымның алдында кедергі қоршау тұрған сияқты мына бақытқа қол созып, одан соң ол күнəні жуып-шаю. Күнə ме?! 26 қараша Кейде өз-өзіме былай деймін: – Сенің тағдырың дара да жалғыз, ал басқалар бақытты сияқты, бүйтіп əлі ешкім де
қиналмаған болар. Мен бір ертеректегі ақынды оқысам болды, өз жүрегімнің тереңіне үңілгендей боламын. Мен соншалық көп шыдадым! Ах, менен бұрын да адамдар осыншама бақытсыздықты бастан кешті ме екен? 30 қараша Мен өз-өзіме келмеуім керек, мен солай етуге тиіспін! Қайда кірсем де төзімімді тауысатын бір оқиға қарсы алдымнан шыға келеді. Бүгін! О, тағдыр-ай! О, адамзат! Түскі ас кезінде судың жағасына қарай келе жаттым, ас ішуге еш зауқым болмады. Бəрі қаңырап қалғандай, кешкі дымқыл суық жел таудан бері қарай үрлей соғып тұрды, сұрғылт бұлттар жазықтыққа қарай жылжып барады. Алыстағы шатқалдардың арасынан айнала еңбектеп, емдік шөп іздеп жүрген, сұрқай жасыл киімді адамды көрдім. Мен оған жақын келгенімде, аяқ сыбдырымды естіп бері бұрылды, жүзінен кемел ақыл-ойы көрініп тұрғандай. Қызық, оның бет-əлпетіне тұнған қайғы анық көрінгендей, қара шашы екі буда етіліп түйреуішпен түйреліпті, ал қалғандары жуан бір бұрым болып өріліп, арқасында салбырап тұр. Киім киісіне қарағанда ол төменгі таптан шыққан сияқты болып көрінді, оның немен айналысып жүргенін сұрасам маған ренжімес пе екен деп ойладым, содан соң одан не іздеп жүргенін сұрадым. - Мен гүл іздеп жүрмін, – деді ол терең күрсіне, – бірақ бірде-біреуін таба алмадым. – Бұл гүл өсетін мезгіл де емес қой, – дедім жымия. – Гүлдердің түрі өте көп қой, – деді ол маған қарай төмен түсіп келе жатып. - Менің бағымда раушан мен ырғайдың екі түрі бар, біреуін маған əкем берген болатын, олар тура арам шөптей өседі; екі күннен бері соларды іздеудемін, бірақ таба алмай жүрмін. Осында далада да неше түрлі гүлдер өсетін, сары, көк, қызыл, ал толғақшөптің əдемі гүлі болушы еді. Ешқайсысын таба алмадым. Мен қорқынышты бірдеңені байқадым, сондықтан да орағыта сұрадым: – Сіз гүлді қайтпек едіңіз? – Оның беті бір таңғаларлық, діріл қаққан жымиыспен əжімденіп кетті. – Егер сіз мені сатпайтын болсаңыз, айтайын, – деп
саусағын аузына тақады, – мен қымбаттыма гүл шоғын сыйлауға уəде етіп едім. – Бұныңыз жақсы екен, – дедім мен. – О, – деді ол, – Оның басқа да көп заттары бар, ол – бай. – Əйткенмен де ол сіздің гүл шоғыңызды артық көретін шығар, – деп қосып қойдым мен. – О, – деп ол сөзін əрі қарай жалғастырды,– оның тəжі мен асыл тастары бар. – Оның аты кім сондай-ақ? – Егер маған бас штаттар ақы төлегенде ғой,– деп ол сөзін ары жалғады, – мен басқа адам болған болар едім! Иə, менің де жұлдызды сəттерім болған! Ал қазір мен біттім. Мен енді... – аспанға жасаурай қараған көзқарас бəрін де аңғартты. — Сіз сөйтіп бақытты болған екенсіз ғой? – деп сұрадым мен. — Ах, менің қайтадан сондай болғым келеді, қайтадан сондай болар да едім! – деді ол. – Ол кезде менің өмірім сондай жақсы болып еді, көңілді, тура бір судағы балықтай тіпті жеңіл еді! – Генрих, – деп айғайлады жолдан бері бұрылған бір əйел, – Генрих, сен қайда тығылып жүрсің? Сені іздемеген жеріміз жоқ, тамаққа жүр! – Мынау сіздің ұлыңыз ба? – деп сұрадым мен оған жақындай бере. – Иə, менің сорлы ұлым! – деп сөзін жалғады əйел. – Құдайтағала менің маңдайыма ауыр тағдырды жазыпты. – Ол қашаннан бері мұндай күйге түсті? – деп сұрадым мен. – Оның бүйтіп тынышталғанына жарты жыл болды. Құдайға шүкір, тынышталды, осыдан бір жыл бұрын ол құтырынып кеткен еді, ол кезде жындылар үйінде шынжырлаулы жатты. Қазір ол ешкімге ешнəрсе істемейді, тек өңшең корольдар мен патшалар жайлы əңгіме айтады. Жақсы, момын адам болатын, маған көмектесіп асырап тұр еді, көркем жазуымен өз ауқатын өзі табатын, кейін ол бірден күрт тұйық болып, қатты безгекке шалдықты, бара-бара еліруге ұласты, ал қазір енді міне, өзіңіз көріп тұрғандай. Мырза, егер сізге айтуға мүмкін болса»… –
Мен əйелдің төпелеген сөзін сұрақпен үзіп жібердім: «Ол сонша мақтайтын, өте бақытты, сондай еркін болған қандай кезі еді?» — Ақымақ-ай! – деді əйел аянышты жымиыспен, – ол есінен ауысқан кезін айтады, соны үнемі мадақтайды; ол оның жындылар үйінде ес-түсін білмеген кезі ғой. Мені тура найзағай соққандай болды, əйелге ақша ұстата салдым да асыға басып кетіп қалдым. – Сен сонда бақытты болып едің! – деп айғайладым қалаға қарай тез-тез басып кетіп бара жатып, – сонда саған өмір бейне бір судағы балықтай жақсы болып еді! – Көктегі тəңірім-ау! Ақылы кірмей жатып қайта жоғалуды, бақытсыз болуды адамдардың пешенесіне жазып па едің!? – Бейшара! Мен сенің ақылыңнан адасып, зарыққаныңа, жарыместігіңе қалай қызығамын! Сен ханшайымыңа қыста гүл сыйлау үмітімен дала кезіп жүрсің – жəне сенесің, бірақ ешкандай гүл таппайсың, неліктен таппайтыныңды түсінбейсің де. Ал мен – мен бол сам үмітсіз, мақсатсыз шығып, келген жолыммен кері қайтамын. – Егер бас штаттағылар саған ақы төлеген болса, қандай жақсы тұрған болар едім деп ойлайсың сен. Бақытты жан! Өз бақытсыздығыңды жер бетінің бір кедергісінен көре аласың. Сен сезбейсің! Сен, өз сорыңның быт-шыт болған жүрегіңде, өзіңнің ауысқан миыңда жатқанын сезбейсің, ал жер бетіндегі бір де бір король саған қол ұшын бере алмайды. Ауруды мазақтап, сырқатын үдете түсетін алыстағы бұлақтың соңынан еріп, өз өмірінің соңғы сағаттарын қиындататын адам үмітсіздікпен өлуге тиіс! Жан қасіретін жұлып алып тастау үшін, қысылған жүрегін тыншыту үшін əулие табытқа тəуап ететін бақытсыздан өзін жоғары ұстайтындарды лағынет атсын. Оның əрбір аяқ басысы, қиналған жанға тыныштықтың бір тамшысын сыйлай алады, əрбір өткен күндізгі қиын саяхаттан соң жүрегі жеңілдеп түнде жеңіл ұйықтайды. – Ал өз құс төсектерінде жатып алып, осыны есуастық деп айтуға қақыларың бар ма сендердің, заржақтар? – Есуастық! – О, құдайым! Сен менің көз жасымды көремісің! Неге ғана сен адамды соншалықты бейшара етіп
жараттың, оған қоса саған, саған ғана артатын оның ең соңғы, соңғы жалғыз тал сенімін де ұрлайтын, тасбауыр жандарды берермісің, тəңірім! Себебі бір емдік түбірге, жүзім шырынына сенгеніміздей біз саған сенеміз, біздің айналамыздағының бəріне, бізге үнемі ауадай қажетті, емдік əрі игілік күшін берген, саған деген сенім емей немене? Əке! Мен үшін бейтаныс əке! Бұрын менің бар жанымды қуанышка толтырған, қазір менен бетін бұрып əкеткен əкем! Шақыршы мені өзіңе! Жауап қатшы тезірек! Сенің үнсіздігің мына шөліркеген жанға тоқтау бола алмайды. – Ал, қандай адам, қандай əке болса да, күтпеген жерден қайта оралған ұлы мойнына асыла кетіп былай деп айқай салса ашуланған болар еді: – Əке, мен қайтып келдім! Сенің қалауың бойынша ұзақ шыдауға тиіс болған саяхатты үзгеніме ашуланба. Жарық дүние, бейнет пен жұмыс та, барлық жерде де біркелкі, бірақ маған оның керегі не? Маған тек сен қайда болсаң, сонда ғана жақсы, қайғырсам да, рахаттансам да сенің көз алдыңда жүргім келеді. – Ал, сен ше, көктегі сүйікті əке, оны өзіңнен қуасың ба? 1 желтоқсан Вильгельм! Мен саған жазған бақытты сорлы адамым ше, сол Лоттенің əкесінің хатшысы болған екен, оған нəр берген əрі оны қызметтен қуғызып, есінен ауыстырған да Лоттеге деген жасырын, кейін əшкере болған сүйіспеншілігі екен. Маған бұл оқиғаны, Альберт жайбарақат отырып айтқанда, мүмкін сен де солай оқырсың, оның мені қалай есеңгірете толқытқанын осы құрғақ сөздерден-ақ сезерсің. 4 желтоқсан Өтінемін сенен, көремісің, мен өлген адаммын, бұдан ары төзе алмаймын! Бүгін мен оның үйінде отырғанымда, иə, отырған болатынмын, ол күйсандықта əр түрлі əуендерді ойнаған-ды, бүкіл əуендері сезімге толы болатын. – Саған не керек осы? Оның кішкентай сіңлісі менің тіземде қуыршағын тазалап отырған. Менің көзіме жас келді. Еңкейіп едім, оның
неке сақинасы бетіме тиді – көз жасым сорғалап кетті. Лотте лезде бұрыннан таныс таңғажайып тəтті əуенге ауысты, менің жаныма жұбаныш сезімі пайда болды, өткен күндер еске түсті, осы əуенді естіген кездер, ал ары қарай түнерген реніш кезеңі, одан соң орындалмаған армандар кезеңі. Мен бөлмеде ары-бері жүре бердім, жүрегімді баураған сезімнен бір сəт тұншығып та кеттім. “Құдай үшін, – дедім мен оған ұмтыла, бірден жұлып алғандай, – құдай үшін, доғарыңызшы!” Ол тоқтады да маған қадала қарады. «Вертер, – деді ол жанды елжіреткендей жымиыспен, – Вертер, сіз өте науқастанып отырсыз, сіздің жақсы көретін асыңыз дəл қазір сізге жақпай отыр. Барыңыз! Өтінемін сізден, тынышталыңыз». Мен атып шықтым – Құдай! Сен менің сорымды көремісің, шек қойсаң етті бұған!» 6 желтоқсан Осынау бейненің қыр соңыманан қалмауын-ай! Өңімде де, түсімде де ол менің бар жан дүниемді баурап алды! Көзімді жұмсам бол ды, осынау ішкі жан дүниемде оның қара көздері тұрады. Осында! Мен саған бұны айтып жеткізе алмаймын. Көзімді жұмсам болды, олар осында тұрады, тура бір теңіздегідей, бейне бір тұңғиықтағыдай болып менің алдымда, іші-бауырымда тұрады. Солар менің бар ақыл-есімді жаулап алды. Адам деген не, жарияға жар салдырған құдай-ау! Қай кез де қажет болса, тура сол жерде қайрат та таптырмай қалады емес пе? Ол қуанышқа шомылса немесе қайғыға батса, нақ сол кезде де ол қайырылмайды, дəл сол мезетте оның тұйық та суық ақылесі қайта кірсе, тура сол сəтте де ол түпсіз тұңғиыққа сіңіп кетуді армандай ма?
ОҚЫРМАНҒА БАСПАШЫДАН Өзіміздің досымыздың соңғы айрықша күндері жайында бізге өз қолымен жазып калдырған дəлелдері жеткілікті болғанында, оның артына тастап кеткен хаттарының жалғасын басқа ұзынарқау əңгіме арқылы жалғастыруға мəжбүр болмас едім-ау деп қатты тіледім. Мен оның басынан кешкен оқиғалары жайында жақсы білетіндерден ауызба-ауыз анық деректер жинауды алдыма мақсат етіп қойдым; бұл оқиға өте қарапайым жəне бұл жайлы барлық əңгімелер елеусіз деген ұсақ-түйектеріне дейін бір-бірімен іштей байланысады; тек қатынасушы кісілердің пікірлері, көзқарастары ғана əр түрлі, əрі қорытындылары да бөлек-бөлек болып кетеді. Бізге өз байқағандарымызды, марқұмның артында қалған хаттарын жинақтап жəне қолға түскен ең титімдей параққа да мұқият көңіл бөле, ыждаһатпен əңгімелегеннен басқа не қалады; тек жеке оқиғаның, əсіресе ол жəй қарабайыр емес ерекше адамдар арасынан болғандықтан, өзіне тəн, шын түрткі болған қозғаушы себебін ашу да өте қиын. Батылсыздық пен көңілсіздік Вертердің жанына тамырын тереңірек жая түсіп, өзара бір-бірімен қаттырақ айқаса келе, оның бар болмысын бірте-бірте билеп алды. Оның рухының үндестігі түгелдей бұзылып, ішкі ашу-ыза мен құлшыныс табиғатының осы кезге дейін бүкіл жаманшылықпен күресіп келген бар күшқуатынан айырып, аса жиіркенішті əсер қалдырды. Ақыры оған бұрынғыдан ары қорқақтайтын, тартындырған қажу ғана серік болды. Жүректегі сескеніс оның рухының қалған күшін, ширақтығын, алғыр ойын əлсіретіп, ол бір қайғы тұралатқан əңгімелесушіге айналды, ол неғұрлым бақытсыз болған сайын əділетсіз бола түсті. Альберттің достарының айтуы бойынша, Вертер ең болмағанда осынау таза, байсалды адамның, ұзақ аңсаған бақытына қолы жеткенін жəне оның осы бақытты келешекте де сақтауға деген ниетін бағалай алмады, ол өзінің бар мүмкіндігін бір-ақ күнде жұта салып, кешкісін жапа шегіп,
жоқшылық азабын тартты. Альберт болса, дейді олар, осы қысқа мерзім ішінде өзгерген жоқ, ол үнемі сол баяғы сырбаз қалпында қалды. Вертерді алғаш танысқан күннен бастап ақ, өте жоғары бағалап, құрметтеді. Ол Лоттені бəрінен де артық сүйетін, оны мақтан тұтатын, оны əркім-ақ жер бетіндегі ең тамаша жан ретінде танып, білсе екен деп тілейтін. Егер ол күмəндану тұрмақ, оның тіпті көлеңкесінің өзінің бетін қайтарғысы келсе, я бір сəтке де өзіне тиесілі қымбатты қазынасын ешкіммен тіпті күнəсіз, пəк түрде де бөліскісі келмесе, оны бұл үшін кінəлауға бола ма? Олар Альберттің, Вертер отырғанда, өз əйелінің бөлмесінен жиіжиі шығып кеткенін мойындайды, бірақ өз досына деген жек көрушіліктен немесе жиреніштен емес, тек əншейін, себебі ол Вертердің өзі отырғанда қатты қысылатынын сезетін. Лоттенің əкесі науқастанып қалып, бөлмесінен шықпай қалды; ол қызына өз күймесін жіберді де, Лотте сол жаққа кетті. Бұл қыстың бір тамаша күні еді, алғашкы жауған қалың қар бүкіл аймақты жапты. Егер Альберт келмеген болса, келесі күні ертеңгісін Лоттені үйіне шығарып салайын деп Вертер барған болатын. Ашық ауа райы оның жабырқау жанына болар-болмас қана əсер етті, оның жанын ауыр бір зіл езгілей жаншып жатты. Көкірегінде қайғылы суреттер əбден қонақтап алған еді. Ал жандүниесі бірінен бірі өткен қайғылы ойлардан басқа ешбір қозғалыс, серпілісті сезінбеді. Өзімен-өзі үнемі араздықта өмір сүрді, əрі оған басқаның да жағдайы тек мазасыздықпен қым-қуыт шатасып жатқандай көрінді; ол өзін Альберт пен оның жұбайының арасындағы жақсы қарым-қатынасқа кедергі келтірдім деп ойлады, осы үшін, іштей күйеуге деген бір жасырын реніш араласа, өзін-өзі сөкті. Жолда да оның ойы осы жайтқа қарай бөліне берді. «Иə, иə, – деді өзіне-өзі жасырын ғана тістене, – бұл жанға жақын достық əрі нəзік, əрі бəріне жаны ашитын қарым-қатынас тұрғысында тыныш та ұзаққа созылатын адалдык! Бұл тойынғандық пен немқұрайдылық! Оны енді қымбат та сүйікті əйелінен гөрі кез-келген жексұрын іс көбірек тартпай ма? Ол өз бақытын
бағалауды біле ме? Ол оны сыйлауды біле ме, қалай оның бұған еңбегі сіңді? Ол оған ие болды, жарайды жақсы, ол оныкі – Мен, басқа бірдеңені де білгенімдей, мұны да білемін, бұл ойға көндіккен де сияқтымын, ол мені əлі де ашу-ызаға булықтырар, менің əлі түбіме жетер. Ал маған деген достық сезімі сынаққа төтеп берді ме? Ол менің Лоттеге құлай берілгенімді өзінің құқына араласқандық деп санап, менің ықыласымнан Лоттеге деген бір жасырын жазғыруды көре ме екен, əлде? Бəрін де жақсы білемін. Альберттің мені жек көретінін сеземін, ол менің алысырақ кетуімді қалайды, осында болуым оған ауыр тиеді». Жылдамдата басқан жүрісінен жиі тоқтап, қайтып кеткісі келгендей қайта-қайта кідіріп тұрып қалады; жалғыз өзі алға қарай жүре түсті де, ойлана, өз-өзімен сөйлесе ақыры еркінен тыс аңшы үйіне келіп жетті. Ол есіктен кірді де, қартты жəне Лоттені сұрады, үй ішінің əжептəуір қобалжулы екенін көрді. Ең үлкен бала оған төменде, Вальгеймде, бір бақытсыздықтың болғанын, бір шаруаны өлтіріп кеткенін айтты! Бұл хабар оған ешқандай əсер етпеді. Бөлмеге кіргенінде Лоттенің, өзінің науқастығына карамастан, сол жакқа барып, істі болған жерінде тексергісі келген қартты үгіттеп жатқанын көрді. Қылмыскер əлі белгісіз екен, өлікті ертеңгісін есік алдынан тауып алыпты, жұрттың пайымдауынша: өлтірілген адам бұрын басқа бір қызметшісі үйінен қастасып кеткен бір жесір əйелдің қызметшісі екен. Вертер бұны ести салысымен асыға-аптыға атып шықты. «Мүмкін емес! – деп дауыстады ол, – Менің сонда баруым керек, мен бір сəтке де тыныштала алмаспын». Ол Вальгеймге қарай асықты, ойына бəрі қайта түсті, бұл, өзі кейде сөйлесетін жəне өзіне сондай қымбат саналатын адамның істеген ісі екеніне ешбір шүбəсі қалмады. Жұрт денені апарып қойған дəмханаға бару үшін, жөке ағашының арасымен жүруіне тура келді, бұрын тым сүйікті болған жермен жүруден ол қатты корықты. Көрші балалары жиі-жиі ойнайтын есік алды қанмен былғаныпты. Махаббат пен адалдық, ең тамаша адамдық сезімдер күш көрсету мен өлімге
айналыпты. Шық басқан жуан да үлкен ағаштар жапырақсыз тұр, шіркеудің аласа ауласына толқындана көтерілетін сұлу қоршаулар жапырақсыз қалыпты, ал құлпытастарды түгелдей қар басыпты. Ол алдына бүкіл жұрт жиналған дəмханаға жақындағанда, аяқ астынан бір айғай естілді. Алыстан қаруланған еркектер тобы көрінді де, біреу: «Қылмыскерді əкеле жатыр», – деп айғайлады. Вертер солай қарады да өзінің бекер сезіктенбегеніне көзі тез жетті. Иə! Бұл, сол жесірді үздіге сүйген қызметші еді, біраз уақыт бұрын ол оны іштей тынған ашу-ызамен, ашынумен осы айналаны жасырын торып жүрген кезінде кездестірген болатын. «Сен не істедің, бейшара!» – деп айғайлады Вертер тұтқынға қарай тұра ұмтыла. Анау оған жайлап қарады да, үндемеді, бірақ сəлден соң тіпті жайбарақат былай деді: – «Оған ешкім бұйырмайды, ол да ешкімге бұйырмайтын болады». Тұтқынды дəмханаға алып кетті де, Вертер асыға басып кетіп қалды. Бұл сұмдық, қатыгез əсер оның бар болмысын күйзелтті. Өз қасіреті мен өкініш, ызасынан, немқұрайдылығынан ол бір сəтте-ақ арылды; оны осы адамды құтқаруға деген жанашырлық билеп алды. Ол жігіттің бақытсыз екенін сезінді, өзі оны айыпкер ретінде мүлде күнəсіз деп есептеді, оның жағдайын терең түсінгені сондай, басқаларды да бұған қайткенде де сендіруді ойлады. Оны жақтап сөйлегісі келгені соншалықты, айтар сөзі де тілінің ұшына келді, Вертер аңшы үйіне қарай асықты, жолай өзін-өзі тоқтата алмады, осының бəрін, əкімге айтқысы келгенінің бəрін, жартылай дауыстап айтты да. Ол бөлмеге кіргенінде Альберттің отырғанын көрді, бір сəтке абыржып та қалды, əйтсе де, тез арада жүрегін басты да əкімге өз ойын құлшына баяндады. Анау бірнеше рет басын шайқады, Вертердің соншама үлкен құлшыныспен, құштарлықпен əрі шын пейілімен, бір адамды кешіру үшін басқа бір адам не айта алатын болса соның бəрін жайып салғанына қарамай, бұл солай боладыау деп ойлауға оңай болғанмен де, əкімге ешқандай əсер етпеді. Ол көбінесе біздің досымызды аяғына дейін сөйлетпей, оған қызараңдай қарсы сөйледі жəне оны кайдағы бір жасырын кісі
өлтіргішті жақтағаны үшін сөкті; ол Вертерге мұндай жолмен кез келген заңды бұрмаласа, мемлекеттің бар сенімділігін құртатынын, жəне де бұған, өзінің бұндай істе мойнына ештеңе ала алмайтынын, бəрі өз орнында, заң белгілеген жолмен болуы керек екенін қосып қойды. Вертер əлі де болса берілмеді, тек егер ана адамға біреу қашуға көмектесетін болса, əкімнің бейтарап болуын өтінді. Əкім оның бұнысын да тойтарып тастады. Ақыры əңгімеге араласқан Альберт те қарттың жағына шықты; Вертер жеңілді де, оған, əкім бірнеше рет: «Жоқ, оны құтқаруға болмайды!» дегеннен кейін азаптана қайғырып жолға шықты. Оны бұл сөздердің қаншалықты күйзелткенін біз, оның қағаздарының астынан табылған, тура сол күні жазылған, қолжазбасынан көреміз. «Сені құтқаруға болмайды, бақытсызым! Мен бізге кұтылу жоқ екенін жақсы білемін!» Альберттің тұтқын жайында əкімдікінде айтқан соңғы сөзі Вертерді жиіркендіріп жіберді: ол бұдан өзіне қарсы əлдебір кінəлауды байқағандай болды, жəне екеуінікі де дұрыс екендігін жан-жақты ойлай келе санасымен түсінді, бір жағынан олардың дұрыстығына келісіп əрі мойындаса, екінші жағынан өзі тіпті тіршілік мəнінен бас тартатындай болып көрінді. Осыған қатысты, оның қағаздарының арасынан табылған бір парақ қағаз, мүмкін оның Альбертке деген бүкіл қарымқатынасын білдіретін шығар. «Менің өз-өзіме, ол адал əрі мейірімді деп, қайта-қайта айтқанымнан не пайда, бұл менің іші-бауырымның астаңкестеңін шығарады; мен əділ бола алмаймын». Кеш жылы болатын, жел басталды, жер еруге айналды, Лотте Альбертпен бірге жаяу қайтып келе жатты. Жолай ол, бейне Вертердің шығарып салуы жетіспегендей, анда бір, мында бір алаңдап қарай берді. Альберт Вертер туралы сөйлей бастады, оны жазғырды, дегенмен оның жақсы жақтарын да ұмытқан жок. Оның бақытсыз құштарлығын да қозғады жəне егер мүмкін болса, оны алыстатуды қалайтынын білдірді. «Мен
мұны екеуміз үшін тілеймін,– деді ол, – Сенен өтінерім, – деп ол сөзін жалғастырды, – оның саған деген қарым-қатынасын басқа бағытқа бұруға, жиі-жиі келуін азайтуға тырыс. Жұрттың көзіне түседі, мен біреулердің осы жайында анда да, мында да айтып жүргенін білемін». Лотте үндемеді, ал Альбертке оның үндемеуі ыңғайсыз тиді, содан бері ол Вертерді Лоттенің есіне салмады, ал егер Лотте оны есіне алса, əнгімені үзіп жіберіп немесе басқа бірдеңеге бұрды. Бақытсыз сорлыны құтқару үшін істеген Вертердің зая кеткен əрекеті сөніп бара жатқан жарық жалынының ең соңғы ұшқыны еді; ол тек барған сайын қасірет пен енжарлыкқа тереңдеп бата түсті; əсіресе, өз күнəсін енді жоққа шығара бастаған айыпкерге оны қарсы куəгер ретінде шақыруы мүмкін дегенді естігенде, есінен адаса жаздады. Вертер өзі жұмыс істеп жүрген кезде кездескен қырсықтың бəрін ойша сарапқа салды, елшіліктегі реніш, сəті түспеген істің бəрі жанын барған сайын жегідей жеді. Осының бəрінен өзінің енжарлығына ақтау іздеді, өзін бар үміті үзілгендей сезінді, күнделікті тіршілік ісімен айналысуға өзін икемсізбін деп есептеді, сөйтіп ол ақыры, өзінің таңғажайып сезімі мен ерекше ой тұңғиығына бата, шетсіз-шексіз кұштарлығына мүлде беріле, сүйікті де сүйкімді, өзі тыныштығын бұзған жанмен үнемі біркелкі, мұңды қарым-қатынасты үзбеуге бар күшін сала, үмітсіз, мақсатсыз оның діңкесіне тие барған сайын бір қасіретті шет, шекке жақындай түсті. Артында қалған бірнеше хаттарында оның абыржулары, қиналыстары, шаршап-шалдығудан ада алға ұмтылысы мен кұлшыныстары байқалады, өмірден қажығаны жайлы да ең мықты дəлелдері бар екен, біз енді соларға орын бергіміз келіп отыр. 12 желтоқсан – Сүйікті Вильгельм, мен жұрт айтатындай, мейірімсіз бір рух айнала қуып жүрген бейшара сияқты халдемін. Кейде
мені не қорқыныш емес, не құштарлық емес, беймəлім бірдеңе басады – іштей бір белгісіз сезім, кеудемді айырардай күркірей буырқанып, тамағымды сығымдайды. Жаным ауырады! Жаныма батады! Ал ондай кездерде мен мына адамға жайсыздау жыл мезгілінде қорқынышты түнгі далада айнала сенделемін. Кеше кешкісін далаға шықтым. Аяқ астынан күн жылынып, өзен арнасынан асып, барлық бұлақтар көтеріле ағып, Вальгеймнен бері менің сүйікті жазығымды су қаптап кеткенін естідім. Түнгі сағат он бірден кейін асыға солай қарай кеттім. Құздан төменге қарай ай сəулесімен шағылысып буырқана аққан тасқынды көру өте қорқынышты, егістіктер мен көгалдар, қоршаулар – бəрі, жазық жазира да желдің шуылында ары-бері буырқанған теңіз іспеттес. Қара бұлттардың ар жағында тыным алған ай қайта шыққанда алдымдағы су тасқыны қорқынышты əрі тама ша жарқылға айналып, буырқанып сала береді; сол сəтте бойымда бір діріл мен қайғы тағы да пайда болады. Ах, мен құшағымды жая, терең тыныстай төмендегі құрдымға қарсы қарап тұрдым! Төмен қарай. Бойдағы қиналысымды, қайғы-қасіретімді сонда лақтыру қандай рахатқа батырар еді. Тура толқындар құсап солай қарай зымыраса ғой! О! – аяғымды жерден көтере алмадым, бар күйзелісімді құрта алмадым! Менің өлер уақытым əлі келген жоқ, өзім сеземін оны! О, Вильгельм! Сонау дауыл желімен бірге бұлттарды қақ жару үшін; судың ағынын ауыздықтау үшін қалай қуана-қуана өз болмысымды қиған болар едім! Мүмкін бір рет болса да бұл рахатты бастан кешу қапастағы жанға бұйырып қалмас па екен? – Мен Лоттемен бірге қыдырған кезде, жөке ағашының көлеңкесінде демалған жерге аса қинала қарадым, – оны да су басып кетіпті, жөке ағашты зорға таныдым! Вильгельм! Ал аңшы үйінің айналасындағы көгал ше, – деп ойладым мен. Біздің сая-орынымыз буырқанған тасқыннан кейін қалай асты-үстіне түскен! – деп ойладым мен. Өткен күндердің сəулесі бейне бір тұтқынның түсіне кірген табын мен көгалдардай ерекше, сый-құрметтей жанымды жылытты. Мен тұрдым! Өзімді өзім сөкпедім, себебі менің өлуге батылым жетеді. Мен бірақ
отынын шарбақ ағаштарынан жинап, нанын қайыр тілеумен табатын, сөніп бара жатқан сүреңсіз тіршілігін əлі де бір сəтке ұзарта, жеңілдете түскісі келген егде əйелдей осында отырмын. 14 желтоқсан – Бұл не өзі, сүйіктім-ау! Мен өзімнен өзім қорқатын болдым! Менің оған деген махаббатым ең пəк, ең таза, ең бауырмал махаббат емес пе? Бойымда жазаланатындай не тілек болыпты? Менің ақталғым келмейді. Ал оған қоса мына түстер! О, адамдардың табиғаттан тыс күштердің ішкі қарамақайшылықтарын көргендері расында да шындыққа жанасады! – Түнде, – мұны айтсам дірілдеп кетемін, – оны кеудеме қыса құшақтап, махаббат сөзін сыбырлаған ерінін тоқтаусыз сүйе бердім, менің назарым оның тұманданған көзқарасымен балқи араласты! Құдайым! Қазір де бақытты болуды сезінгенім үшін, өзіме сонау шешек атқан қуаныштарды бар жан-тəніммен қайта шақырғаным үшін жазықтымын ба? Лотте! Лотте! – Мен о дүниелікпін! Ақыл-есім шатасуда, сегіз күннен бері ес жиюға күшім жоқ, көзім жасқа толуда. Маған барлық жерде де əрі жаман, əрі жақсы. Ештеңені тілемеймін, ештеңе талап етпеймін. Кетсем, маған жақсырақ болар еді. Жарық дүниені тастап кетуге деген шешім сол кезде осындай жағдайлармен Вертердің жадында барған сайын күшейе берді. Лоттеге қайтып келгеннен бері бұл оның соңғы мүмкіндігі де, əрі үміті де болып алды; əйтсе де ол өзіне-өзі, бұл ешқандай асығатын, тым тездететін іс болмауы керек деп уəде етіп еді, ол бұл қадамды ең жақсы дəлелмен ақталатындай, мүмкіндігінше, үйлесімді шешіммен жасағысы келген-ді. Оның күмəні, өзөзімен жанжалдасуы, сірə, Вильгельмге арнап басталған хат болуы мүмкін. Хат күні жазылмаған күйі оның қағаздарының астынан табылған бір жапырақ қағазға түсіріліпті. Оның келешегі, тағдыры, маған деген жанашырлығы əлі де өртенген алқымымнан ең соңғы көз жасымды сығып шығаруда. Шымылдықты көтеріп, оның артына жасырыну! Бар болғанбіткені осы! Ал неге қорқақтап, толқимын. Себебі о дүниенің
қандай екенін ешкім білмегендіктен бе? Жəне ешкім қайтып келмегендіктен бе? Ал өзіміз ол жайлы анық ештеңе білмесек те, біздің жаратылысымыздың ерекшелігі сол, адасушылық пен тұманды ізденістен танбауға тырысамыз». Ақыры ол қайғылы ойларға əбден беріліп, достасып алды, ал ойға алғанының тұрақтай түскенін əрі алған бетінен қайтпайтынын өз досына жазған екіұшты хаты да дəлелдеп береді. 20 желтоқсан – Вильгельм, махаббатың мен сөз түсінгенің үшін рахмет саған. Иə, сен дұрыс айтасың, кетсем, маған жақсы болған болар ма еді. Сенің өздеріңе қайтып кел деген ұсынысың маған онша ұнамайды; мынадай ұзаққа созылған аязда жақсы жолға үміттеніп отырмыз, мен, ең болмағанда əлі де бір айналып шыққым келеді. Сенің мені алып кету туралы ниетің де маған өте ұнайды, тек енді екі апта тоса тұр жəне де менің бұдан былайғы жоспарым жазылған тағы бір хатымды күткейсің. Қашан піспейінше, ештеңе жұлынбауы керек, бұл өте қажет. Ал он төрт күнде ерте не кеш болсын, əйтеуір көп нəрсе істеледі. Сен менің шешеме, ұлы үшін құдайға жалбарынуын əрі оны ренжуге мəжбүр еткенім үшін кешірім өтінетінімді айт. Тағдырым осылай болды, оны қуантудың орнына ренжітуге тиіспін. Қош бол, қымбаттым! Тəңірінің саған бар рахымы жаусын! Бақұл бол! Бұл кезде Лоттенің жан дүниесінде не болып жатқанын, күйеуіне, бақытсыз досына деген сезімінің қандай болғанын біз өзіміз сөзбен айтып жеткізуге батылымыз бармайды, себебі бұл жайлы, оның мінез-құлқын білгендіктен, жап-жақсы, тыныш қана көз алдымызға елестете аламыз, əйелдің сұлу жаны өзінше ойлайды əрі өзінше сезінеді ғой. Біздің білетініміз, Лотте іштей Вертерді алыстату үшін қолынан келгеннің бəрін істеуге бекінді, ал оны кідіруге мəжбүр еткен, оған деген шынайы жүректен шыққан, достық кеңшілігі болды, себебі Лотте бұның Вертерге қаншалықты қымбатқа түсетінін білді, иə, бұл ол үшін мүмкін емес болар еді. Əйтсе
де осы кезде жағдай одан батылырақ қимылдауды талап етті; Лотте де үндемегендіктен, оның күйеуі бұл жағдай туралы сөз қозғамады, ал Лоттеге өзінің Альбертке деген көзқарасының оныкінен артығырақ екенін іс жүзінде дəлелдеуге барған сайын мүмкіндік арта түсті. Вертер досына ең соңғы хатын жазған күні, бұл туған күн мерекесі алдындағы жексенбі болатын, Лоттенікіне келді, ол жалғыз отыр екен. Жаңа жылға деп кішкентай бауырларына арналған сыйлық ойыншықтарды реттеумен айналысып жатыр еді. Вертер кішкентайлардың қалай риза болатыны, күтпеген жерден есік ашылып балауыз шырағданмен, тəттілермен, алмамен безендірілген ағаштың енгізілуі жұмақтағыдай таңғалдыратыны жайлы əңгіме қозғады. Лотте өз ренішін сүйкімді жымиыспен жасыра: «Егер ақылды болсаңыз, сіз де сыйлық аласыз; бір балауыз шырағдан жəне тағы бірдеңе» – деді. – Ақылды болу деп сіз нені айтасыз! – деп ол дауыстап жіберді; - Мен өзімді қалай ұстауым керек, мен қандай болуға тиіспін, қымбатты Лотте! – Бейсенбі күні кешке Христостың туған күн кеші ғой, – деді ол, – Сонда балалар да, əкем де келеді, əркім өзіне тиістіні алады, сонда сіз де келіңіз, бірақ одан ерте келмеңіз». Вертер не айтарын білмей тұрып қалды. – Өтінемін сізден, – деп, Лотте сөзін ары жалғады, – тыңдаңызшы мені, сізден менің тыныштығым үшін өтінемін, бұл, бұл бұлай қалуы мүмкін емес. Ол көзін тайдырып əкетті де, бөлмеде ары-бері теңселе жүріп, тісінің арасынан былай деп күбірледі: «Бұл бұлай қалуы мүмкін емес!» Вертерге бұл сөздердің қандай соққы болғанын, қорқынышты жағдайды сезген Лотте оның ойын əртүрлі сұрақтармен басқа жаққа бұрудың жолын іздестіріп еді, болмады. – Жоқ, Лотте, – деп айқайлады ол, – мен сізді енді қайта көрмеймін! – Мұныңыз не, Вертер, – деді ол, – Сіз бізді қайта көре аласыз, көруге тиістісіз, тек сабаңызға түсіңізші. Апырай, неге ғана сіз осынша ашушаң, бел буған нəрсеңіздің бəрінен қайтпас, өзгермес, бірбеткей болып тудыңыз екен! Өтінемін сізден, – деп оның қолынан ала, ары қарай сөзін жалғай берді, мықты болыңыз! Сіздің жаныңыз, біліміңіз, талантыңыз, сізге
көп алданыш сыйлайды əлі! Ер жігітсіз ғой! Сізді аяғаннан өзге ештеңе əкелмейтін, қайғылы сүйіспеншілікті басқа бір жанға арнаңыз. Ол тісін шықырлата оған түнере қарады. Лотте оның қолын ұстап тұр. - Тек бір сəтке ғана өзіңізді қолыңызға алыңызшы, Вертер, – деді ол. – Сіз өзіңізді алдайтыныңызды, өзіңізді өз еркіңізбен құртайын деп жүргеніңізді сезбейсіз! Неге мені ғана, Вертер? Дəл мені, басқа біреудің меншігін? Дəл осы! Қорқамын мен, шошынамын, бұл əшейін болмайтын іс, əлде маған қолыңыз жетпегендік пе сізді осыншама өршелендіре түсетін». Ол оған тесіле, түсініксіз көзқараспен қарап, қолын кенет жұлып алды. - Данышпан! – деп айғайлады ол, – сондай данышпан! Мүмкін бұл ескертуді Альберт жасаған шығар? Саясатын-ай! Өте саясатшыл! – Бұны əркім-ақ істей алады, – деді Лотте бұған. - Бүкіл əлемде сіздің жүрегіңіздің қалауын орындайтын қыз құрып қалып па? Сіз өзіңізді осыған бейімдеңіз, оны іздеңіз, мен сізге соны табатыныңызға ант етемін. Осы уақытқа шейін сіздің табына тұрып, өзіңізге шек қоюыңыздан мен көптен бері сіз үшін де, өзіміз үшін де қорқамын. Өзіңізді өзіңіз зорлап көндіріңіз! Жол жүру сіздің көңіліңізді ашады, ашуға тиіс! Іздеңіз, табыңыз махаббатыңызға лайық жанды, одан соң қайтып келіңіз де, бізге де нағыз шынайы достықтың бақытты рахатын бірге тамашалатыңыз». – Мұны, – деді ол бір суық күлкімен, – таспаға бастырып, бүкіл үй мұғалімдеріне ұсынар ма еді, сүйікті Лотте! Сіз маған тағы аздаған ғана тыныштық беріңіз, содан кейін бəрі де болады! – Тек қана, Вертер, сіз туған күн мерекесі18 кешінен ерте келмеңіз!» Ол жауап бергісі келіп еді, бөлмеге Альберт кіріп келді. Олар бір-бірімен суық сəлемдесті де, бөлмеде əрі-бері қатарласа жүріп əңгімелескен болды. Вертер бір мағынасыз əнгіме бастап еді, онысы тез арада-ақ бітіп қалды, Альберт те сөйтті, одан соң əйелінен бір қай-қайдағы тапсырмаларды сұрады, олардың əлі дайын еместігін естіген соң Лоттеге жауап берді, оның кейбір сөздері Вертерге суық, сондай қатты айтылғандай болып көрінді. Ол кеткісі келіп еді, кете алмады, сөйтіп сегізге дейін кідірді, батылсыздығы мен еріксіздігі барған
сайын арта түсті, дастарқан мəзірі жасалды да, ол бас киімі мен таяғын алды. Аль берт оған қал деп еді, бірақ Вертер бұны жай бір сыпайылык көрсеткені деп білді, рахметін айта, суық еңкейді де шығып кетті. Ол үйіне келді, жарық түсіргісі келген баладан шамды алды да, бөлмесіне жалғыз кетті, дауыстап тұрып жылады, жұлқына өзімен-өзі сөйлесті, бөлмеде қатты-қатты əрі-бері жүрді, ақыры киімшең төсегіне құлай кеткен мырзасының етігін шешуге рұқсат сұрау үшін он бірлерде имене кірген күтушісін көрді. Ол əйтеуір етігін шешуге рұқсат етті де, өзі шақырмайынша, келесі күні ертеңгісін бөлмеге кіруіне тыйым салды. Дүйсенбіде ерте, жиырма бірінші желтоқсанда ол Лоттеге төмендегі, ол өлгеннен кейін жабулы күйінде жазу үстелінен тауып алып, иесіне тапсырылған хатты жазды, мен оны мында үзінді түрінде бергім келді, жағдайға байланысты ол оны үзікүзік етіп жазыпты. «Бəрі шешілді, Лотте, мен өлуге тиіспін, мұны саған ешбір романтикалық əсірелеусіз, сені соңғы рет көретін ертеңгі күннің таңына жайбарақат қарап жазып отырмын. Сен мұны оқығаныңда, қымбаттым, өмірінің соңғы сəттерінде сенімен əңгімелесуден басқа ешбір үлкен қуанышты білмеген, мазасыз бір бақытсыз жанның қақайған тəнін суық табыт жабады. Мен бір қорқынышты түнді өткердім, ах! Бір игілікті түнді. Шешімімді бекітіп, анықтаған сол түн болды: мен өлуге бекіндім! Кеше сенікінен қорқыныш аралас ренішпен атып шықтым, осының бəрі жүрегімді сығымдап, сенің қасыңда өткен қуанышсыз, үмітсіз тіршілігім өне бойымды сұмдық мұздатып жіберді, бөлмеме əрең жеттім де, өзіме-өзім ие бола алмай тізерлей кеттім. О, құдай! Сен маған ащы көз жасының ең соңғы рахатын сыйладың! Мыңдаған жоспарлар, сан алуан ой, ниеттер менің жандүниемде буырқанып жатты, ақыры ол анық болды, нық, толық, ең соңғы, ең жалғыз ой: өлгім келеді! – Мен жатып қалдым, ал ертеңгісін тыныш қана оянғанымда, ол əлі анық, əлі де күштірек болып жүрегімде тұрды: Менің өлгім келеді! – Бұл күмəндану емес, бұл ақиқат, мен ақырына дейін
жеткіздім жəне өзімді саған бола құрбан етемін. Иə, Лотте! Неге мен мұны айтпауға тиіспін? Үшеуміздің біріміз кетуіміз керек, ал сол мен болғым келді! О, менің қымбаттым! Мына бытшыты шыққан жүрекке, сенің күйеуіңді өлтіру туралы бұл ой жұлқына жиі-жиі кіріп алды. Сені! Өзімді! Болары болды! – Сен жаздың бір сұлу кешінде тауға шықсаң, мені есіңе алғайсың, менің жиі-жиі жазықтықтан қалай жоғары көтерілгенімді, одан соң шіркеудің ауласынан төмен қарай менің мүрдеме, биік шөптің батып бара жатқан күн сəулесінде желмен бірге əрі-бері тербелгеніне қара... – Мен бастағанымда жайбарақат едім, енді, осының бəрі айналамда шынымен болатындай-ақ балаша жылап отырмын. Сағат онға таман Вертер күтушісін шақырды, киініп жатқанда ол оған өзінің бірнеше күнге жолға шығатынын, соған киімдерін тазалап, бəрін реттеп салып дайындауы керек екендігін айтты; ол оған барлық жерден есеп-қисаптарды талап етуді, оқи тұруға берілген кітаптарды əкелуді жəне кейбір өзі жеті сайын бірдеңе беруге дағдыланған кедейлерге тиесіліні екі айға алдын-ала төлеуді бұйырды. Ол тамақты бөлмеге əкелгізді, тамақтан соң атпенен əкімнің үйіне барып еді, үйінен таппады. Ақырында естеліктің бар ауыртпалығын өзінен аластатқысы келгендей, ойға бата, бақ ішінде əрлі-берлі жүре берді. Кішкентайлар оның тыныштығын ұзаққа созбады, олар артынан қалмай, үстіне секіріп, оған ертең, қайтадан ертең жəне тағы бір күн болғанда, Лоттеден рождество мерекесіне арналған сыйлықтар алатындарын, оған қоса өздерінің кішкентай ғана қиялдарынан туған ғажайыптар туралы айтты. «Ертең! Жəне қайтадан ертең! Жəне тағы бір күн!» – деп дауыстады ол. – Олардың бəрін құшырлана сүйіп, кеткісі келіп еді, оған кішкентайдың тағы бірдеңені құлағына сыбырлап айтқысы келді. Анау оған үлкен ағаларының рождествоға арналған тамаша, сондай үлкен тілектер жазғанын, біреуін əкесіне, Альберт пен Лоттеге біреуін жəне де біреуін Вертер мырзаға екенін, олардың оны мереке күні ерте табыс ететін жасырын сырларын сатып
айтып қойды. Бұл оның көңілін босатты, ол əрқайсысына бірдеңе сыйлады да, атқа мінді, қартқа сəлем айтуды тапсырды, көзі жасқа тола жүріп кетті. Беске таман ол үйіне келді, күтуші қызға отты түнге дейін жағуды бұйырды. Күтушіге кітаптар мен іш киімдерді реттеп чемоданға салып, киімдерді қапқа салып тігуді бұйырды. Сірə ол содан соң Лоттеге арналған соңғы хатының төмендегі үзіндісін жазса керек. «Сен мені күтпейсің! Сенің ойыңша, мен сені тыңдап, тек туған күн мерекесі кешінде ғана сені қайта көремін. О, Лотте! Бүгін болмаса – ешқашанда. Туған күн кешінде сен мына қағазды колыңа дірілдей ұстап, оны сүйікті көз жасыңмен жуасың. Менің солай еткім келеді, солай етуге тиіспін! Ух, ақыры бекінгенім қандай жақсы болды». Лотте сол кезде бір ерекше жағдайға тап болды. Вертермен соңғы əңгімеден кейін өзіне одан бөлінудің қандай қиын тиетінін, Вертердің өзінен алыстауға мəжбүр болғанда қалай қиналатынын түсінді. Вертердің туған күн18 мерекесі алдында келмейтіні Альберт барда əншейін үстірт айтыла салғандай болды, Альберт бір көрші қызметкердікіне шаруасын жөндестіруге кетті де оған сонда қонып қалуға тура келді. Лотте жалғыз өзі, айналасында бауырларының ешқайсысы жоқ, тыныш қана ойша өз жағдайына көз жүгіртіп отырды. Ол махаббаты мен адалдығын өзі білетін, өзі оған жан-тəнімен берілген, байсалды, тұрақты, адал ниетті əйел өмірінің бақытын негіздеу үшін тəңірінің өзі жаратқандай күйеуімен мəңгіге байланғанын көрді; ол Альберттің өзі жəне балалары үшін мəңгілік екенін сезеді. Бір жағынан оған Вертер сондай қымбат; таныстықтарының алғашқы сəтінен-ақ көзқарастарының бір жерден шығуы сондай ерекше білінді, онымен ұзаққа созылған қарым-қатынас, кейбір өтіп кеткен жайлар Лоттенің жүрегіне өшпес əсер қалдырыпты. Өзі қызық деп тапқан жəне ойлағанының бəрін ол оны мен бөлісіп үйренген еді, ал Вертердің алыстауы оның бар ішкі жан дүниесінде орны қайта
толмас өкініш əкелетіндей көрінді. Шіркін, оны қазір өзіне бауыр тұта алса ғой, олар қандай бақытты болған болар еді! – Ол оны өз дос қыздарының біріне үйлендірген болар еді, онда оның Альбертпен қарым-қатынасының түгелдей қайта түзелуінен де үміттенген болар еді-ау! Ол дос қыздарын бірінен соң бірін ойлап шықты жəне əрқайсынан əр түрлі кемшілік тауып, Вертерге лайықты ешкім жоқ деп шешті. Осы ойлану-толғанудың бəрінен Лотте оны өзі үшін сақтау жүректен шыққан жасырын қалау екенін, анық болмаса да алғаш рет терең сезінді, сөйте тұра, бұл сезімді сақтауға тиіс еместігін, сақтай алмайтынын түсінді; таза да сұлу, əрдайым ақкөңіл, ешнəрсе лайлай алмас, сезімтал жанын, бақытқа барар жол жабылғандықтан, қайғы қысымдағанын сезді. Оның жүрегі қысылып, түнерген бұлт көз алдында тұрып алды. Осылай уақыт жеті жарым болды, ол Вертердің баспалдақтан көтерілгенін, аяқ басысын естіді, өзін сұраған дауысын тез таныды. Ол келгенде, біздің бұны алғаш рет деп айтуымызға болар, Лоттенің жүрегі тарсылдай соқты. Ол өзін үйде жоқ деп айтқызған болар еді, бірақ ол кіріп келгенде, Лотте оған бір түрлі алабұрта, сасқалақтай дауыстап жіберді: – Сіз сөзіңізде тұрмадыңыз ғой. – Мен ештеңеге уəде бергенім жоқ, – болды оның жауабы. – Онда сіз, ең болмаса, менің өтінішіме құлақ ассаңыз керек еді, – деп ол сөзін ары жалғады, – мен сізден біз екеуіміздің де тыныштығымыз үшін өтініп едім ғой. Ол, Вертермен оңаша болмас үшін бірнеше дос қыздарына кісі жіберткенінде, шынымен не айтқанын, не істегенін де білмеді. Вертер алып келген бірнеше кітаптарын қойды да басқаларын сұрады, ал Лотте болса дос қыздарының тезірек келуін де, келмей қалуын да қатар тіледі. Қызметші қыз қайтып келіп, екеуінің де келе алмайтындықтан, кешірім сұрағандарын жеткізді. Ол қызды көрші болмеге жұмысымен отырғызып қойғысы келді; сəлден соң ол ойынан тағы қайтты. Вертер бөлмеде əрі-
бері жүре берді, Лотте күйсандыққа барып бір менуэтті бастады, онысы жөнді шықпады. Ол ақыры өз-өзіне келді де, жайбарақат қалыппен, дивандағы үйреншікті орнына жайғасқан Вертердің қасына барып отырды. – Оқитын ештеңеңіз жоқ па? – деді ол. Вертердің ештеңесі жоқ болып шықты. – Ана төменде, менің жылжымалы тартпамда,– деп бастады ол, – сіз аударған Оссианның кейбір өлеңдері жатыр, мен оларды əлі оқығамын жоқ, себебі үнемі оларды өзіңіздің оқығаныңызды естірмін деп үміттеніп едім; бірақ оның осы кезге дейін реті келмей жүр еді. Ол жымиды, өлеңдерді алып келді, оларды қолына алғанында дірілдеп кетті, ал оған қарағанында көзі жасқа толып тұрды. Вертер отырды да оқи бастады: «Бұлыңғыр түннің жұлдызы, сен батыстан əдемі жымыңдайсың, өз бұлтыңнан жарқыраған денеңді көтересің де сымбаттана құздарыңды аралайсың. Не себептен сен жазира жазыққа қарайсың? Алай-түлей жел де тыншыпты, алыстан сарқыраманың гүрілі естіледі, шалғайда сыбдырлаған толқындар жартаспен ойнайды, кешкілік егістік үстінде шыбын-шіркей ызыңдай топтала ұшады. Сен не іздеп жүрсің, сұлу от? Бірақ сен жымиясың да кетіп қаласың, толқындар сені қуана қоршап, сенің сүйікті шашыңды жуады. Қош бол, тыныш сəуле, Оссианның жанының ғажайып жарығы, көрінші! Міне, ол бар күшін көрсете шығады. Мен өзімнің ажырап калған достарымды көремін, олар бейне сонау өткен күндердегідей Лорада жиналады. Фингал тура бір тұманның тіреуі сияқтанып келеді, айналасында өз батырлары, кəне, қарашы! Жыршы жыраулар: ақ шашты Уллин! Сымбатты Рино! Сүйікті жыршы Альпин! Жəне сен, нəзік қайғы-мұңды Минона! – Біз құрмет үшін əн салып, жарысқан, көктемгі жел төбедегі əлсіз сыбдырлаған шөптерді тербете иген сол бір Сельма үстіндегі мереке күннен бері сендер қалай өзгергенсіңдер, достарым менің. Осы кезде, назары төмен, көзі жасқа толы ару Минона шығады, оның шаштары төбеден ескен тұрақсыз желмен баяу
желпілдейді. Оның сүйкімді дауысы естілгенде, батырлардың жандары түнеріп сала берді, себебі олар жиі-жиі Зальгардың мүрдедегі сүйегін, əлсін-əлсін аппақ Кольманың түнерген жатағын көрген еді. Төбе басында жалғыз қалған, сазды дауысты Кольма, Зальгар келемін деп уəде берген, бірақ айналаны қараңғы түн басты. Естіңдер, төбе басында жалғыз отырған Кольманың дауысын. Кольма Түн! Алай-түлей боранда ұмытылған жалғыз мен өзім ғанамын! Тау ішінде жел гуілдейді, сарқырама құздан төмен қарай күркірей ағады. Дауылды төбедегі мендей тастандыны жаңбырдан ешбір үйшік қорғамайды. О, Ай, бұлтыңнан шық бері, түнгі жұлдыздар-ау, көрініңдер! Тым болмаса бір сəуле мені сүйіктім аң аулаудың машақатынан садағын қолынан түсіріп, иттері айналасында пысқыра, дем алып жатқан жеріне басташы мені! Бірақ мен мұнда биік сарқырамалы құз басында жалғыз отыруға мəжбүрмін. Сарқырама мен боран қоса шулап, сүйіктімнің дауысын естімеймін. Менің Зальгарым неғып кешігіп жатыр? Ол өз сөзін ұмытқаны ма? – Əне кұз бен ағаш, ал мұнда гүрілдеген сарқырама! Түн түсе осында болуға уəде беріп едің ғой, ах! Менің Зальгарым қайда адасып кетті екен? Менің өркөкірек əкем мен бауырымды тастап, сенімен кеткім келеді! Біздің руларымыз талайдан бері бір-бірімен қас, бірақ біз ешқандай дұшпан емеспіз, о, Зальгар! О, жел бір сəтке тыншышы, о, сарқырыма, сен де азғана сəтке тынышталшы, менің дауысым жазира жазықтан аса жаңғырып, жолаушым мені естір ме екен? Зальгар! Бұл менмін, сені шақырған! Міне, ағаш пен құз! Зальгар, сүйіктім менің! Мен мұндамын, сен неге келмей кешігіп жатырсың. Қарашы, ай шықты, жазықтықта су тасқыны жарқырайды, төбелерден бойы аса сұр құздар тұр, бірақ мен оны төбеде көрмей тұрмын, иттері оның келе жатқанынан алдын ала хабар бермейді. Мен мұнда жалғыз отыруға мəжбүрмін. Бірақ сонау төменде далада жатқан кімдер болды екен? –
Менің сүйіктім бе? Менің бауырым ба? – О, достарым менің, сөйлеңдер! Олар жауап қатпайды. Жаным қалайша шошынады! – Ах, олар өлген екен ғой! Олардың семсерлері қып-қызыл қанға бөккен! О, бауырым менің, бауырым, неге сен менің Зальгарымды өлтірдің? О, Зальгарым менің, сен неге менің бауырымды өлтірдің? Сендер екеуің де маған сондай қымбат едіндер ғой! О, сен төбедегі мыңның ішіндегі ең сұлуы едің! Ол айқаста қаһарлы болатын. Жауап беріңдер маған! Естимісіңдер менің дауысымды, сүйіктілерім менің! Бірақ амал не, сендер мылқаусыңдар, мəңгі мылқаусыңдар! Сендердің кеуделерің жердей суық! О, сөйлеңдер, төбенің жартасынан, буырқанған таудың шыңдарынан, өлілердің рухтары! Сөйлеңдер! Мені ол қорқыта алмайды! Сендер тыныштыққа қайда кеттіңдер! Сендерді мен таудың қай мүрдесінен табуым керек! – Желмен бірге тым болмаса əлсіз дауысты да естімеймін, төбенің боранына аралас ешбір ызыңдаған жауап та болмады. Мен жоқтау айтып жылап отырмын, таңды көз жасыммен күтуде-мін. Көр қазыңдар, сендер, өлгендердің достары, бірақ оны мен барғанша жаппаңдар. Менің өмірім түс сияқты жоқ болды; қалайша мен артта қалмақпын! Осында күңгірлеген құз сарқырамасының жағасында достарыммен бірге менің де тұрғым келеді. Төбе үстінде түн орнап, даланы кезе жел соқса, менің рухым желге араласа достарымның өлімін аза тұтар. Аңшы мені өзінің үйшігінде естіп, дауысымнан шошынар да сүйсінер, себебі менің достарым жайлы дауысым тəтті де əуезді болуға тиіс, олар екеуі де маған соншалыкты сүйікті еді! Бұл сенің əнің еді, Минона, Торманның биязы ғана ұяң қызы. Біздің көз жасымыз Кольма үшін ағып жатыр, жанымыз түнере түсуде. Уллин арфасымен шықты да, бізге Альпиннің əнін салды – Альпиннің дауысы мейірімді еді, Риноның жаны от жалынындай лаулады. Бірақ олар қазір тар үйде тыныш тауып жатыр, олардың дауыстары Зельмада тынып, өшіп қалды. Бірде Уллин, батырлар кайтыс болардың аз алдында аңнан қайтып келе жатты. Ол
олардың төбе басындағы айтыс əнін естіді. Əндері нəзік, бірақ қайғылы еді. Олар батырлардың алдыңғы қатардағы басшысы Морар қайтыс болғандағы жоқтауды айт ты. Оның жаны да тура Фингалдың жанындай еді, семсері тура Оскардыкіндей еді. Бірақ ол қайтыс болды да əкесі аза тұтып, қарындасының, Морардың сұлу қарындасының көзі жасқа толды, Минонаның көзі жасқа толды. Ол Уллиннің əнінен, боранды жаңбырды алдын ала біліп, өзінің сұлу денесін бұлтқа жасырған бейне батыстағы айдай, кері шегінді. – Мен арфаны ойнап Уллинмен бірге жоқтаудың əуеніне қосылдым. Рино Жел мен жаңбыр толаст ады, түс мезгілі шайдай ашық, бұлттар ыдырап жатыр. Құбылмалы күн төбені айнала жүріп жарық етті. Тау сарқырамасы жазықтыққа қарай қызара ағып барады. Сенің гүрілің сондай тəтті, сарқырама; мен естіп тұрған дауыс одан да тəттірек. Ол Альпиннің дауысы, ол өлгендерді жоқтап жылауда. Оның кеудесі кəріліктен еңкейіп, жасты көзі қызарыпты. Альпин ғажап əнші ғой, төбе үстінде неге жалғыз үнсіз отыр? Неге сен жағалаудан алыс қалған толқындай, орман кезген желдей болып зарлайсың? Альпин Менің көз жасым, Рино, өлілерге, дауысым көрдің тұрғындарына арналған. Төбе басында сен ең сымбаттысың, жапан дүз ұлдарының ішіндегі көркемі де сен едің. Бірақ сен де тура Морардай мерт боласың, сенің мүрдеңнің үстінде қаралы жан отыратын болады. Төбелер сені ұмытатын болады, сенің садағың қорада оқтаусыз жатыр. О, Морар, сен бейне бір төбе үстіндегі киіктей жылдам едің, түнгі көктегі оттай қорқынышты едің. Шайқаста сенің қаһарың дауылдай, семсерің дала үстіндегі найзағайдың жарқылындай, дауысың жаңбырдан кейінгі орман сарқырамасына, алыстағы төбелер үстіндегі күннің күркіреуіне ұқсайтын. Кейбіреулер сенің
қолыңнан қаза тапты, оларды каһарыңның жалыны жалмады. Бірақ соғыстан қайта қайтып келгеніңде, сенің маңдайың қандай мейірбан болушы еді! Сенің жүзің найзағайдан кейінгі күнге, тынық түнгі айға ұқсайтын, кеудең жел шуылы басылғаннан кейінгі теңіздей тыныш болушы еді. Тар-ау енді сенің тұрағың, қараңғы орның! Көріңді мен үш адыммен-ақ өлшедім, қайран шіркін-ай! Бір кезде сондай алып едің! Сенің жалғыз еместігіңді мүк басқан төрт тастың ұшы ғана, жапырақсыз ағаш, желмен сыбдырлаған биік шөп қана аңшының көзіне мықты Морардың моласын көрсетеді. Сені жоқтап жылайтын шешең, көзіне махаббат жасы толар қызың жоқ. Сені туған жан қайтыс болған, Моргланның қызы да о дүниеде. – Мынау таяққа сүйенген кім өзі? Өне бойы кəріліктен əппақ қудай болған, көзі жастан қызарған кім бұл? О, Морар, бұл сенің əкең, сенен басқа еш ұлы жоқ! Ол сенің шайқастағы атақдаңқыңды естіді, ыдырай қашқан жауды естіді; ол Морардың атақ-даңқын естіді! Əттең! Оның жарасы жайлы ештеңе білмеді ме? Жыла, Морардың əкесі, жыла! Бірақ сені ұлың естімейді. Өлілердің ұйқысы терең, күлден жасалған жастықтары аласа. Ол ешкімнің дауысына құлақ аспайды, ол ешқашан сенің шақырғаныңа оянбайды. О, дүниелікті «оян!» деп өтінетін моладағы таң қашан атады! Бақұл бол, адамзаттың асылы, шайқас даласының жеңімпазы! Бірақ сені дала ешқашан көрмейтін болады, түнерген орманда сенің қанжарыңның жарқылынан ешқашан сəуле түспейді. Артыңда қалған сенің ешбір ұлың жоқ, бірақ атың жырда қалуға тиіс, келер замандар сен жайлы, арманда кеткен Морар жайлы естулері керек. Батырлар жоқтауы қатты болды, бəрінен де Арминнің кеудесін қақ айырған күрсінісі қатты естілді. Бұл оның есіне, жасөспірім кезінде көз жұмған ұлының өлімін түсірді. Шулы Гальмалдың бекзадасы Кармор ерлердің жанында отырды. «Арминнің күрсінісі неге өксікке айналды? – деді ол, – бұған
жылайтын не бар? Жанды балқытып, көңілдендіру үшін əн мен жыр төгілмес пе? Олар теңізден аса жазыққа жайылатын, құлпырған гүлдерді шықпен жабатын жұмсақ тұмандай; бірақ күн қайтадан күшіне енгенде тұман тарқап сала береді. Айнала ағынды өзендер қоршауындағы Горманың билеушісі, Армин, сен неге соншама зар еңірейсің?» «Азалымын! Расында да, бұл менмін, қасіретімнің себебі де аз емес. – Кармор, сен ешқандай ұлыңды, ешбір жайнаған қызыңды жоғалтып отырған жоқсың; ер жүрек Колгор да, Аннира, қыздардың ең сұлуы да, тірі. Сенің үйіңнің бұтақтары шешек атуда, о, Кармор, бірақ Армин - өз тұқымының ең соңғы тамыры. О, Даура, сенің төсегің қараңғы! Сенің көрдегі ұйқың терең. Сен əніңмен, əуезді үніңмен қашан оянасың? Тұр! Күзгі желдер! Соғыңдар! Қараңғы даланың астаң-кестеңін шығарыңдар! Орман сарқырамалары, буырқаныңдар! Дауылдар, ұлыңдар, емендердің ұшар басында! О, ай, шашылған бұлттарды арала, көрсет қайта-қайта өзіңнің бозарған жүзіңді! Менің есіме балаларым қайтыс болған, алып Ариндал қайтыс болған, сүйікті Даура жоқ болған, қорқынышты түн түседі». Даура, қызым менің, сен сұлу едің, Фура төбелерінің үстіндегі айдай сұлу, жауған қардай аппақ, жұтатын ауадай тəтті едің! Ариндал, сенің садағың мықты, найзаң далада ұшқыр, көз қарасың толқын үстіндегі тұмандай, қалқаның дауылдағы отты бұлттай еді! Соғыста даңқы шыққан Армар келді де, Даураның махаббатына қолы жетті; ол көп қарсыласпады. Оның достары та маша үміттер артып еді. Одгальдың ұлы Ерат, бауыры Армардың қолынан қаза тапқан-дықтан қастандық ойлады. Ол кемеші құсап киініп келді. Толқын үстіндегі қайығы тамаша, бұйра шаштары кəріліктен ағарған, байсалды жүзі сабырлы еді. «Қыздардың ең сұлуы, – деді ол, – Арминнің сүйікті қызы, теңізден алыс емес, сонау жартас үстінде, ағаштардың қызыл жемісі көрініп тұрған жерде Армар Даураны тосып тұр; мен дөңгеленген теңіз арқылы оның махаббатын солай қарай бастап апарғалы келдім».
Ол оның соңынан ерді де Армарды шақыра айғайлады; құз-жартас жаңғырығынан басқа ештеңе үн қатпады. «Армар! Сүйіктім менің! Сүйіктім менің! Неге мені сонша қорқытасың? Тыңда, Арнардың ұлы! Тыңда! Сені шақырып тұрған Даура ғой бұл!». Ерат, сатқын, елге қарай күле қашты. Ол дауысын көтере əкесі мен бауырын шақырды; «Ариндаль! Армин! Даураларыңды құтқаратын, бармысың біреуің?» Оның дауысы теңіздің арғы жағына жетті. Менің ұлым, Арин даль, аң аулаудың қатал бейнетінен кейін, оқтары жанында сықырлай, қолында ұстаған садағы, жанындағы бес қарасұр төбетімен төбеден түсті. Ол батыл Ератты жағадан көрді де бас салып, еменге байлап тастады, оның белін айналдыра қатты байлағаны сонша, тұтқынның ыңырануы ауаны күңірентгі. Ариндаль Даураны қайта алып келу үшін қайығымен толқындарды серпи жүзді. Қаһарына міне келген Армар, үшкір сұр жебесін атып жіберді, ол зулап барып сенің жүрегіңе қадалды, о, Ариндаль, ұлым менің! Сатқын Ераттың орнына сен мерт болдың, қайық жартасқа жетті, ол сол жерде төмен батты да қайтыс болды. Сенің аяғыңның астына бауырыңның қаны ағып барды, о, Даура, азаң қандай қатты болды! Толқындар қайықтың быт-шытын шығара лақтырды, Ар мар Даурасын не құтқару үшін, не өлу үшін теңізге секірді. Төбеден желдің екпіні толқындарды долдана соқты, ол батты да қайтадан көтерілмеді. Теңіз шайған жартастан мен қызымның жоқтауын жалғыз естідім. Оның айғайы ұзақ əрі ащы болды, əйтсе де əкесі оны құтқара алмады. Мен түні бойы жағада тұрдым, оны айдың əлсіз сəулесінде көрдім, түні бойы оның айғайын естідім, жел ышқына соқты, жаңбыр да тау бауырын қатты сабалады. Тек таң ата ғана, оның даусы əлсіреп, жартас шөбінің арасындағы кешкі ауадай үні өшті. Қайғы тұралатқан ол қайтыс болды да, Арминді жалғыз қалдырды! Менің соғыстағы күш-қуатым көз жұмды, менің қыздар арасындағы мақтанышым қайтыс болды. Таудан боран борай соғып, солтүстік желі толқындарды
көкке лақтырғанда, мен сыңсыған жағада отырып қорқынышты жартасқа қараймын. Батып бара жатқан айдан жиі-жиі балаларымның рухын көремін, олар көрінер-көрінбес, бірге қайғырып, бірге қыдыруда». Лоттенің қысылған жүрегіне қуат бергендей көзінен аққан жасы Вертердің жырды оқуына кедергі келтірді. Ол қағазды лақтырып жіберіп, Лоттенің колын бас салды да, ағыл-тегіл еңірей жылады. Лотте басқа қолына жантая тіреніп көзін қол орамалына жасырды. Екеуінің де толқыныстары қорқынышты еді. Олар өз бастарының бақытсыздықтарын талайсыз тағдырдан көрді, бірге сезінді, көз жастары біріге төгілді. Вертердің ерні мен көзі Лоттенің білегін күйдірді; бойын белгісіз бір діріл билеп алды, Лотте қашқақтағысы келіп еді, қиналу мен аяушылық оны абдырата бейне қорғасындай басты. Ол жүрек тоқтатып алайын деп терең тыныстай, күңіренген дауыспен, жұтына одан ары қарай оқуын өтінді. Вертер дірілдеп кетті, жүрегі жарыла жаздай, жерден парақты алды да үздіге оқи бастады: «Көктемнің ауасы, неге сен мені оятасың? Сен нəзік аялай былай дейсің: Мен аспан тамшысымен жабыламын! Бірақ менің солатын шағым жақын, менің жапырақтарымды жұлатын дауыл да жақын! Ертең саяхатшы келеді, келеді, мені сұлу кезімде көрген жан, оның көзі даланы шарлай мені іздейтін болады, бірақ таппайды». Осынау сөздердің бар салмағы бақытсыздарға қатты батты. Ол əбден торыға Лоттенің алдына құлай кетті, оның қолын ұстай алып көзіне, маңдайына басты, ал Лотте оның қорқынышты ниетін бүкіл жанымен, өне бойымен толық сезінгендей болды. Ол есінен адаса, оның қолын қысты, кеудесіне қысты, оған қарай бір аянышты қимылмен еңкейе түсті, алабұртқан жүздері бір-біріне тиді. Бүкіл əлем олар үшін жоқ болып кеткендей. Ол оны білегімен орай құшақтады да, кеудесіне қыса дірілдей былдырлаған ерінін құшырлана сүйді. – Вертер! – деді ол тұншыққан дауыспен, одан бұрыла, - Вертер! – деді де, əлсіз қолымен оның кеудесінен итерді; – Вертер! – деп, ол асыл сезімнің байсалды үнімен дауыстай айтты. Ол қарсыласпады,
оны құшағынан босатты да, алдына ес-түссіз құлап түсті. Лотте ұшып тұрды да, қорқа сасқалақтай, махаббат пен ашу-ыза аралас дауыспен қалтырай былай деді: – Бұл ең соңғы рет! Вертер! Сіз мені қайтып көрмейсіз. Бейшараға деген махаббатқа толы көзқараспен көрші бөлмеге асығыс кірді де, есікті жауып алды. Вертер оның соңынан құшағын аша қолын созды, тоқтатуға батылы бармады. Басын ағаш төсекке қойып жерде жатты, осылай ол бір сыбдыр есін жидырғанша, жарты сағаттай жатты. Бұл дастарқан жасағысы келген қыз екен. Ол бөлмеде əрі-бері жүре берді, ал өзінің жалғыз қалғанын көрген соң кабинеттің есігіне келді де ақырын дауыспен шақыра бастады: «Лотте! Лотте! Тек бір ауыз сөз ғана! Тек қош бол деу!». Ол үндемеді. Вертер күтті де өтінді, күтті; сəлден соң шығып бара жатып: «Қош бол, Лотте! Мəңгілік қош бол!» – деп дауыстады. Вертер қаланың қақпасына келді. Оған үйренген қарауылдар оны үнсіз ғана сыртқа шығарды. Сыртта жаңбырлы қар жауып тұр еді, ол тек он бірге таман қақпаны қайта қақты. Вертер үйге келгенде қызметшісі мырзасының бас киімі жоқ екенін байқады. Бірдеңе деуге оның дəті бармады да оны шешіндірді, бəрі су екен. Бас киімі кейін таудың жазықтыққа қараған бетіндегі бір жартастың үстінен табылды, оның караңғы, жауын-шашынды түнде жығылмай, сүрінбей қалай шыққаны түсініксіз. Ол төсекке жатты да ұзақ ұйықтады. Күтуші ертеңгісін оның шақыруымен кофе алып кіргенінде, жазып отырғанын көрді. Ол Лоттеге арнаған хатында төмендегіні жазыпты: «Ең соңғы рет, ең соңғы рет мен мына көздерімді ашамын. Амал не, олар күнді қайта көруге тиіс емес, бір түнерген тұманды күн оларды жауып тұр. Табиғат, қайғыра бер! Сенің ұлың, сенің досың, сенің сүйіктіңнің өмірі бітуге таяу. Лотте, бұл теңеу тауып айтуға болмастай сезім, əйткенмен де, өзіңе өзің «бұл ең соңғы таң!» деп айту үшін, оны тек буалдыр түспен ғана салыстыруға болады. Ең соңғы! Лотте, мен – «ең соңғы» деген сөзді түсінбеймін! Мен мұнда қазір күшім тасып тұрған болсам, ал ертең көсіле жатып, жерде ұйықтаймын. Өлу! Не ол
өзі? Қарай гөр, біз өлім туралы сөз етсек те армандайды екенбіз. Мен кейбіреулердің өлгенін көргенмін; бірақ адамзат дегеннің өресінің тарлығы сонша, олар тіршілігінің басы мен ақыры жайлы еш ойламайды. Əлі де өзімдік, сендік! Иə, сендікпін, сүйіктім! Бір сəтке – бөлек, айырылар – мүмкін мəңгіге шығар? – Жоқ, Лотте, жоқ, қалай ғана мен жоқ боламын, калайша сен жоқ боласың? Біз тіріміз ғой! Өлу! Бұны не деп түсінуге болады? Бұл да бір жай сөз ғой, менің жүрегімді тебіренте алмайтын құр əншейін бос айғай. – Өлім, Лотте! Сонша тар, сондай қараңғы, суық жерге көмілу! Сондай қараңғы! – Менің дəрменсіз жастық шағымның бар арман-мұраты болған бір дос қызым болып еді; ол қайтыс болып, мен оның мəйітінің соңынан еріп барып мүрдесінің қасында тұрдым, табытты төмен түсіргенде астындағы арқанның ұшы сусылдай оның астынан шығып, жоғары көтерілді, алғашқы күрек топырақ тасталғанда қорқынышты қораптан көмескі дыбыс шықты, көмескі, дыбыс барған сайын көмескілене түсті де ақыры көміп тастады. – Мен бейіттің қасына құлап түстім – іші-бауырым езіле, күйзеле, шошына, парша-парша болды, бірақ мен мұның қалай болғанын білмедім – қалай болатынын білмеймін... Өлім! Табыт! Мен бұл сөздерді түсінбеймін! О, кешір мені! Кешір мені! Кеше! Ол менің өмірімнің ең соңғы сəті болуға тиіс еді. О, періштем! Алғаш рет, тұңғыш рет еш күмəнсіз ішкі жан дүниемде лəззат сезімі гүл жарды: Ол мені сүйеді! Ол мені сүйеді! Менің ернімде сенің ерніңнен ауысқан əулие от əлі де жанып тұр; жүрегімде жаңа ыстық рахаттану сезімі бар. Кешір мені! Кешір мені! Ах, мен білген болатынмын, алғашқы жанға жайлы көзқарасыңнан-ақ, алғашқы қол қысуыңнан-ақ сенің мені сүйетініңді білетінмін, бірақ та, кейде мен сенен аулақта болғанымда, Альбертті сенің қасыңнан көргенімде, мен қайтадан өзімді қоярға жер таппай күмəндана мұңға баттым. Сен маған сөйлей алмаған, қолыңды да бере алмаған сол бір жексұрын қауымда, сыйлаған гүлдер есіңде ме? О, мен оның алдында түннің жарымына дейін тізерлеп отырдым, олар
сенің махаббатыңның куəсі еді ғой. Бірақ, амал не! Құдайдың өз жалбарынушысына бар қайырымдылығымен əулие тұмар ретінде ұсынылған ол əсерлер, бірте-бірте оның жанынан қайта өшетін қайырымдылық сезіміндей тез өтіп кетті. Бұның бəрі өткінші, бірақ, мен кеше сенің ерніңнің дəмін татқан, өн бойымда əлі сезіліп тұрған, құлпырған өмірді ешбір мəңгілік өшіруге тиіс емеспін! Ол мені сүйеді! Мына білек оны құшақтады, мына еріндер оның еріндерінің үстінде дірілдеді, мына ауыз оның аузымен бірге былдырлады. Ол мендік! Сен мендіксің! Иə, Лотте, мəңгілік. Ах, Альберттің сенің күйеуің екендігінде тұрған не бар? Ол тек осы дүниеде ғана – яғни, менің сені сүйетінім, сені оның құшағынан жұлып алғым келетіні осы дүниеде ғана күнə емес пе? Күнə? Жақсы, мен өзімді осы үшін жазалаймын; ол күнə жүрегіме күш-қуатын, өміріме шəрбəтін құйды. Сен сол сəттен бастап менікісің! Менікісің, о, Лотте! Мен алдымен кетемін! Əкеме кетемін, сенің əкеңе кетемін. Мен оған бұл туралы шағына айтамын, ал ол мені сен келгенше жұбататын болады, мен сенің алдыңнан ұшып шығамын да сені бас салып, сенің қасыңда, құдайтағаланың алдында мəңгілік құшақтасқан қалпымда қаламын. Мен қиялдамаймын, бұл адасушылық емес! Көрге жақындаған сайын маған бəрі анық бола түсуде. Біз жоғалып кетпейміз! Біз қайта көрісетін боламыз! Сенің анаңды көреміз! Мен оны тауып, көретін боламын, ах, оның алдында жүрегімдегінің бəрін жайып салатын боламын! Сенің анаң, сенің бейнең». Вертер он бірге таман күтушісінен: – Альберт қайтып келіп пе екен? – деп сұрады. Күтуші оның атын солай қарай жетелеп өткенін көріпті. Содан соң оған мырзасы мазмұны мынадай бір ашық қағаз ұсыныпты: «Сіз маған алдағы бір саяхатқа өзіңіздің тапаншаңызды бере тұрмас па екенсіз? Аман-сау болыңыз!» Сүйікті əйел соңғы түні аз ұйықтады; оның корқынышпен күткені шешілді, ол күтпеген, күдіктенбеген жағдайда шешілді. Оның жайшылықтағы сондай тыныш та бейқам ағатын қаны
бір дірілдеген толқуға тап болды, сұлу жүректі неше түрлі сезім сыздатты. Ол өз кеудесінде сезінген Вертердің от құшағының ыстығы болды ма екен бұл? Əлде ол бұның батылдығынан туған еріксіздік пе екен? Əлде бұл оның сонау бір күндердегі өзінің мүлде шырқы бұзылмаған, еркін күнəсіздігі мен өзөзіне деген уайымсыз сенімін қазіргі жағдайымен сескене салыстыруынан ба екен? Өз күйеуінің алдынан қалай ғана шығар екен? Өзі мойындауға тиісті жəне оны мойындауға дəті бармаған, болған жайды оған қалай айтпақ? Олар бір-біріне ұзақ үндемеді, ол бірінші болып үнсіздікті бұзуға, жəне дəл ыңғайсыз кезде жұбайына сондай бір тосын жаңалық ашуға тиіс пе еді? Вертердің келгені жайлы жай хабардың өзі оған жайсыз əсер етеді-ау деп қорқа бастады, əрі оған қоса мына мүлде күтпеген қырсықты-ай! Күйеуінің оны дұрыс түсініп, мүлде күдіктенбей қабылдай алатынынан ол үміттене ала ма? Күйеуінің өз жанына үңіліп, түсіне білуін тілей алар ма? Жəне де, өзі ол үшін үнемі бейне бір ашық əрі еркін тұрған кристалдай таза шыны іспеттес сезімдерінің ешқайсысын бұрын жасырмаған, əрі жасыра алмаған күйеуіне тəлімси алар ма? Осы қарама-қайшы сезімдер оны абыржытып, тұйыққа тіреді; оның ойы, өзі үшін жоғалған, өзі тастай алмайтын, өкінішке орай, бетімен жіберуге тиісті болған жəне де егер ол Лоттеден айырылса, ол үшін басқа ештеңе қалмайтын сол жанға, Вертерге, қайта-қайта орала берді. Ол өзі сол сəтте анық байқай алмаған, күйеуі екеуінің араларына мықтап орныққан тосқауыл салмағы оны зілдей басты. Тез түсінісетін, тым жақсы, парасатты адамдар болмашы бір жасырын жайттарға бола бір-біріне тіл қатпайтын болды, əркім өзімдікі дұрыс, басқанікі қате деп түсінді, жағдай шиеленісіп, ушыға түскені сондай, барлығы соған байланысты болған сол сын сағатта, түйінді шешу мүмкін болмады. Бақытты сенімділік оларды ертерек бір-біріне қайтадан итермелеп, махаббат пен кешірімділік кезек-кезек араларында жандана түсіп, жүректерін табыстырған болса, мүмкін біздің досымызды құтқаруға болар ма еді.
Бұған тағы бір ерекше жағдай қосылды. Вертер, біз оның хаттарынан білгеніміздей, өзінің бұл дүниені тастап кетуге бет алғанын ешқашан жасырған жоқ. Альберт онымен жиі-жиі айтысып қалатын, Лотте мен күйеуінің арасында бұл жайлы сөз болып тұратын. Альберт, бұндай іске барынша батыл жиіркенішпен қарайтын, өте жиі əрі ерекше сезімталдықпен, өзінің бұндай ниеттің шын екендігіне күмəнданатынын, оның себептерін түсіндіретін, ол тіпті бұл жайында қалжыңдап та алатын жəне өзінің күмəнін Лоттемен бөлісетін. Бұл бір жағынан Лоттені, кейде ойша көңілсіз суретті көз алдына елестеткен кезде тыныштандырғандай да болды, екінші бір жағынан күйеуіне өзін қазір қинаған қорқынышын ашуға жүрексіндірді. Альберт қайтып келді, Лотте ренжи басып оның алдынан шықты, Альберттің қабағы қатыңқы еді, шаруасы түгел бітпепті, көрші əкім бір илікпейтін, ұсақ адам екен. Жаман жол да оның ренішін арттыра түсіп еді. Ол: – Бəрі жақсы ма? – деп сұрады, Лотте асыға-аптыға кеше кешкісін Вертердің осында болғанын айтты. Ол «хатхабар келмеді ме» деген сұрағына, «бір хат пен пакет бөлмеңде жатыр» деген жауап алды. Ол солай қарай кетті де, Лотте жалғыз қалды. Өзі сүйген əрі сыйлаған күйеуінің келуі оның жүрегінде жаңа бір əсер калдырды. Оның кең пейілділігін, махаббаты мен мейірімділігін ойлау Лоттенің жанын жайландыра түсті, Альберттің артынан ергісі келген белгісіз бір күшті сезді, өзі үнемі істеп дағдыланған жұмысын алды да оның бөлмесіне кетті. Лотте оның пакеттерді ашып, оқып жатқанын көрді. Кейбіреулерінің жайсыз хабарлары бар сияқты. Оған бірнеше сұрақ қойып еді, ол қысқа жауап беріп, пюпитрге* тұрып жаза бастады. Олар бір-бірімен осылай арбасып бір сағат отырды, Лоттенің көңілі барған сайын түнере түсті. Ол күйеуінің тіпті көңіл күйі болған күнде де өзін жегідей жеп жатқан нəрсені айтуға батылы бармайтынын сезді; көз жасын жұтып отырып болған жайды жасыруға тырысқан сайын, қорқынышты бола түскен қайғысы арта түсті.
Вертердің қызметші баласының келуі оны тіпті абыржытып тастады; ол Альбертке қағазды берді, анау жайбарақат əйеліне бұрылды да: «Тапаншаны берші»,- деді. «Жолы болсын деп айтарсың»,– деді ол бозбалаға. Бұл Лоттеге найзағай соққандай əсер етті, тұрайын деп теңселе ұмтылды, не болғанын білмеді. Ол қабырғаға қарай жайлап барды да, дірілдей қаруды алды, шаңын сүртті де, беруге батылы бармай, егер Альберт оған сұраулы көзқараспен қарамағанда, əлі де ұзақ кібіртіктеп тұрған болар еді. Бір сөз айтуға шамасы келмей, балаға суық қаруды берді, ол үйден шығып кеткен соң, жұмысын жинап алды да, сөзбен айтып жеткізгісіз ес-түссіз қалыпта өз бөлмесіне кетті. Жүрегі оған бүкіл сұмдықты алдын ала сездірген еді. Аздан соң ол күйеуінің аяғына жығылып, кеше кешкісінгі оқиғаның бəрін, өз күнəсі мен қорқынышын ақтарып салғысы келді. Сол кездеақ бұл шығар жол жоқ екенін көрді, тым болмаса күйеуін бір ретке Вертердікіне баруға көндіруге ғана үміттенді. Дастарқан жасалып қойған болатын, бірдеңе сұрауға ғана келген бір жақсы дос қызы келе сала қайта кеткісі келіп еді, қайтпай қалды, дастарқан басындағы əңгімені сол жеңілдетті; өзін-өзі күштеп, сөйлесіп, əңгімелесіп, өзін-өзі ұмытуға тырысты. Бала Вертерге тапаншамен қайтып келді, Лоттенің бергенін естігенде оны одан сүйсіне алды. Ол өзіне нан мен шарап əкелгізіп, баланы тамақтануға жіберді де жазуға отырды: «Ол сенің қолыңнан өтіпті, сен оның шаңын сүртіпсің, мен оны мың мəрте сүйемін, оған сенің қолың тиді ғой: сен, тəңірінің рухы, менің шешімімді жақтайсың, сен де, Лотте, маған қаруды ұсындың, мен өлімді сенің қолыңнан қарсы алуды тілеп едім! Ах! Ақыры қарсы алдым. О, мен баладан əбден сұрадым. Сен оны оған бергеніңде дірілдеп, қоштаспапсың! – Жаным-ай! Жаным ауырады! Қоштаспадың-ау! – Мені өзіңе мəңгілікке берік байлаған сол бір сəт үшін, жүрегіңді мен үшін жапқаның ба? Лотте, ол əсерді ешбір ғасыр өшіре алмайды! Жəне мен сенің, тек өзің үшін ғана шешек атқан жанды, жек көре алмайтыныңды сеземін». Тамақтан соң ол балаға бəрін түгелдей орауға бұйырып,
көптеген қағаздарды жыртып, сыртқа шығып, аздаған қарыздарын таратты. Ол үйге қайта келді, жаңбырға карамай қақпа алдына қайтадан шығып, графтың бағында, одан ары қарай сол маңда айнала қыдырып жүрді, тек түн бола бере қайтып келді де былай деп жазды. «Вильгельм, мен ең соңғы рет дала мен орманды, аспанды көрдім. Сен де қош бол! Сүйікті анам, кешіріңіз мені! Вильгельм, сен оны жұбатарсың! Құдай сендерге рахым етсін! Менің істерімнің бəрі реттелді. Қош болыңдар! Бұдан қуаныштырақ жағдайда біз қайта көрісеміз». «Мен сені ренжіттім, Альберт, сен де кешір мені. Сенің үйіңнің тыныштығын бұздым, екеуіңнің араңа сенімсіздік əкелдім. Бақұл бол! Осымен бəрін бітірейін дедім. О, сендерге менің о дүниеге кетуім бақыт əкелгей! Альберт! Альберт! Бақытты ет періштені! Сонда саған құдай қайырымын төг ер!» Ол кешке де қағаздарын көп ақтарды, көбісін жыртып отқа тастады, бірнеше пакеттерді Вильгельмнің адресін жазып, қаптады. Оларда кішігірім естеліктер бар еді, үзік-үзік ойлар мен олардың кейбірін көрдім де; ол сағат онға таман от жаққызып, өзіне бір кұты шарап əкелдірді де, басқа да үй тұрғындарыныкіндей алыс, сырттағы төменгі бөлмесіне күтушісін ұйықтауға жіберді, қызметші ертерек келіп көмектесу үшін киімімен жата кетті, себебі мырзасы «почта таситын аттар алтыға таман үй алдына келеді» деген болатын. Он бірден кейін Айналамның бəрі тып-тыныш əрі жаным да сондай жайбарақат. Құдайым, маған осы соңғы сəтте мына жылылықты, осынау күшті сыйлағаның үшін рахмет саған. Қымбаттым, мен терезе алдына барып, қарапайым, əлі де буырқана, жөңки ұшып бара жатқан бұлттар арасынан мəңгі аспанның жұлдыздарына қайта-қайта қараймын! Жоқ, сендер құламайтын боласыңдар! Тəңірім сендерді өз жүрегінде сақтайды, мені де. Мен, бүкіл жұлдыз əлемінің ішіндегі ең сүйіктілері, үлкен шокжұлдызының төрт жұлдызын көріп
тұрмын. Түнде сенің үйіңнен қайтқанымда, аулаңнан шыға келгенде ол жоғарыда, менің қарсы алдымда тұратын. Мен оған мастана жиі-жиі қараған едім! Жиі-жиі қолымды көтере оны белгі ретінде, болашақ бақытымның əулие құлпытасына балап едім! Жəне де – о, Лотте, сені менің есіме не түсірмейді ғой дейсің, сен мені қоршап тұрған жоқсың ба, сəби құсап, əулие жанасқан анау-мынау ұсақ-түйектің бəрін тойымсыздықпен өзіме жинамадым ба! Асыл бейне! Мұны саған қайтадан мұра етіп калдырамын. Лотте жəне сенің бұны қадірлеуіңді өтінемін. Мен мұны мың мəрте сүйдім, үйге кіріп шыққан сайын оған мыңдаған сəлем жолдадым. Бір қағазда сенің əкеңнен менің сүйегімді қорғауын өтіндім. Шіркеудің ауласында, егіс даласына қарай төмендегі бұрышта екі жөке ағашы бар; менің сонда тыныш тапқым келеді. Оның қолынан келеді, ол бұны өз досы үшін істейді. Сен де өтін одан. Мен тақуа христиандардың денелерін бір бейшара бақытсызбен қатар койып, ренжіткім келмейді. Ах, мен сендердің мені жолдың жағасына немесе Пристер мен Левит15 құлпытасы алдында бата беріп, қасынан өтетін жəне Самариттық16 көз жасын төгетін елсіз жазыққа көмгендеріңді қалаймын. Лотте! Мен, өлімнің мастығын тату, сезіну үшін суық та қорқынышты тостағанды ұстауға қорықпаймын! Сен ұсындың оны маған, мен бас тартпаймын! Бəрін! Бəрін! Сөйтіп менің өмірімнің бар тілегі мен үміті орындалды! Тым салқын, батыл қадаммен өлімнің мыс қақпасын қағуға болады. Сен үшін өлсем, мен бақытқа еншілес бола алар едім! Лотте, сен үшін өзімді құрбан еттім! Егер мен сенің өміріңе тыныштық пен рахатты қайтадан орната алатын болсам, батыл да қуанышты жағдайда өзімді қиған болар едім. Бірақ, амал не! Қанын олар үшін төгіп, өздерінің өлімі арқылы достарына жаңа жүз мəртелік өмір отын жағу тек аздаған адамгершілікті жандарға ғана бұйырған. Лотте, менің осы киімдеріммен көмілгім келеді, сен оларға жақындап киелі еткенсің; мен сенің əкеңнен бұл жайлы
да өтінгенмін. Менің жаным табыт үстінде қалқып тұр. Қалталарымды ақтармасын. Мен сені алғаш рет балаларыңның арасында көргенімде сенің кеудеңде болған алқызыл бант - оны мың мəрте сүй де, оларға бақытсыз достарының оқиғасын айтып бер. Сүйіктілерім! Олар менің айналамда үймелеп жүр. Ах, мен саған қалай құштар болып едім! Алғашқы сəттен бастап-ақ мен сені тастап кете алмадым! - Мына бант менімен бірге көмілуі керек. Сен оны менің туған күніме сыйлағансың! Қалай ғана мен осының бəрін басымнан тізбектеп өткердім! - Əттең, жолдың өзімді осында бастап əкелетінін ойламаппын! - Сабыр сақта! Өтінемін сенен, тыныштал! Тапанша оқтаулы. Сағат он екіні соқты! Солай-ақ болсын енді! - Лотте! Лотте, қош бол! Бақұл бол!» Бір көршісі оқ-дəрінің жарқылы мен мылтық дауысын естиді, бірақ одан соң бəрі тыныш қалпында қалғандықтан, ол бұған ары қарай көңіл бөлмепті. Ертеңгісін алтыда жарық алып күтуші кіреді. Ол жерде жатқан мырзасын, тапанша мен қанды көреді. Ол оны айғайлап бас салады; еш жауап болмайды, тек қырылы ғана естіледі. Бала дəрігерге, Альбертке жүгіреді. Лотте қоңыраудың шылдырын естіп, бар денесі дірілдеп қоя береді. Ол күйеуін оятады, екеуі де тұрып, күтуші кеңкілдей тұрып, кекештене сөйлеп болған жайды хабарлайды, Лотте ес-түссіз Альберттің алдына құлап түседі. Дəрігер бейшараның үйіне келгенде, ол құтқарусыз, көмексіз жерде жатқан болатын, жүрегі соғуда, өне-бойының бəрі жансызданыпты. Ол оң көзінің үстінен басына атыпты, миы шашырап сыртқа шығыпты. Оның үстіне білегінің бір тамыры қиылыпты, қан тоқтамай, ол əлі де дем алып жатты. Креслоның арқасындағы қаннан оның істі жазу үстелінің алдында отырып жасағанын, содан соң барып құлап, орындықтың айналасында дірілдей дөңбекшігенін пайымдауға болар еді. Ол терезенің алдында əлсірей шалқасынан жатыр екен, аяқ киімін, сары желетке мен көк фрагын, киімін түгел киіпті. Үй іші, көрші-қолаңдар, қала түгел ренжіді. Альберт келді. Вертерді жұрт төсекке салып, шекесін таңыпты, оның бет əлпеті
өліктікіндей екен, еш мүшесін қозғалтпады. Өкпесі əлі де біресе əлсіз, біресе қаттырақ қорқынышты сырылдап жат ты; жұрт оның жан тəсілім етуін тосты. Шараптан ол тек бір рюмка ғана ішіпті. Пюпитрдің үстінде Эмилия Галотти17 ашық жатты. Альберттің ренішін, Лоттенің зарлағаны жайында маған айтқыз-бай-ақ қойыңдар. Қарт əкім хабарды ала сала асыға шауып келді, ол өлгелі жатқан адамды ағыл-тегіл жылай сүйді. Оның үлкен ұлдары артынан іле-шала жаяу келді, олар төсектің қасына ырық бермес қайғымен құлай кетіп, оның қолдарынан, аузынан сүйді, Вертер бəрінен де жақсы көрген ең үлкені, ол жан тапсырғанша оның ерніне жабысып қалды, жұрт баланы күшпен зорға ажыратып алды. Əкімнің болуы жəне оның дайындықтары топырлаған жұртты тыныштандырды. Ол оны түнгі он бірде өзі таңдаған жерге жерлеттірді. Қарт пен ұлдары өліктің соңынан ерді, Альберттің бұған шамасы келмеді. Лоттенің өмірі үшін қорықты. Қолөнершілер алып жүрді о ны. Ешбір діни адам оны шығарып салмады.
ТҮСІНІКТЕР 1-кітап 1. Мелузина – француз ертегілеріндегі су перісі. 2. Криңен – құмыраның астына төбеге қоятын дөңгелек зат. 3. Баттойкс – француздың өнер зерттеушісі (1713–1780). 4. Воод – ағылшын өнер зерттеушісі (1716–1771). 5. Фон де Пилес – француз суретшісі (1635–1709). 6. Винкельманн – немістің өнер жəне көне ғылымының негізін салушы (1717-1768). 7. Шульцер – неміс суретшісі (1720–1779). 8. Хейнен – классикалық филолог (1729–1812). 9. Мисс Женни – И.Т. Херменің «Мисс Фанни Вилькестің басынан кешкендері” деген романының кейіпкерлерінің бірі. 10. Вакефильд – 1762 жылы жазылған сезімге толы идиллиялық роман. Ағылшын жазушысы Оливер Гольдсмит жазған. 11. Контретанц – көпшілік болып билейтін көркем би. 12. Променада - бидің қол ұстасып жайлап қатар жүретін жері. 13. Фант – ойын түрі. 14. Клопшток Фридрих Готлиб – атақты неміс ақыны (1724–1803) 15. Ұран – ұран деп Вертер Клопштоктың есімін айтады, себебі оның есімі Лоттемен екеуінің бір-біріне жақын адамдар екенін көрсетеді. 16. Ұрланған есім – Гетенің ойынша, Клопштоктың одасы шыққаннан соң, оның есімін жамылған жасанды шығармалар былғайды мыс. 17. Адамның ұстазы – И. Христостың сөзі. 18. Сенің балаң – И. Христос. 19. Оссиан – кельт халқының аңызы бойынша III ғ. өмір сүрген аңыз жыршысы. 20. Гульден – тиын. 21. Пайғамбардың Өлькруглайны – библияның əңгімелеуі бойынша, Элия пайғамбарының ғажайып ыдысы. Оның іші ешқашан майдан босамайтын болған. 22. Бонон (Бомон) тастары – Кашиоролус тапқан жарқыраған тас. 23. Кұм - бұрын жазудың үстіне кептіру үшін құм сепкен.
- Эрнестікі – Эрнест деген кісінің баспасынан шыққан Гомердің шығармасы. 25. Вестштайн – голландиялық Вестштайнның баспасынан шыққан Гомердің шығармасы. 2-кітап 1. Мыс ғасыр – кəрі əйелдердің жұбайлық өмірі. 2. Еркіндік – мұнда өлімді айтқан. 3. Ата-баба – мұнда бұрынғы жазушыларды айтқан. 4. Лаватор Ю.К. - швейцариялық идеолог əрі философ (17411801). 5. Кенникот – ағылшын теологы (1718–1783). 6. Земмлер - немістің библия сыншысы (1725-1791). 7. Микаэль – немістің библия сыншысы (1717–1791). 8. Фингалдың ұлы – Оссиан 9. Крейцер – (бұрынғы) тиын. 10. Құдайдың ұлы – Исус Христос. 11. Құдайдың адамдікіндей ерніне тостаған ащы көрінді ме – Исус Христос библия бойынша құдайдың ұлы жəне адам. 12. Мені неге қалдырдың – И. Христостың əбден ренжігендегі сөзі. Библиядан. 13. Əулие көрнекі белгі – мұнда шарап пен нан, тазару кезінде құдайға сенушілерге салт-дəстүр түрінде тапсырылған. 14. Пюпитр – тек жазуға арналған үсті қиғаш, биік етіп жасалған мінбе. 15. Пристер мен Левит – діни салыстырудағы қатыгездіктің өкілдері. 16. Самариттық – Левит пен Пристерге қарсы, мейірбан жүректі Самариядан шыққан адам. 17. Эмилия Галотти – Шиллердің «Махаббат пен зұлымдық» атты пьесасының кейіпкері. 18.Туған күн кеші – И.Христостың туған күніне арналған мереке кеші (рождество). *
МАЗМҰНЫ Аудармашыдан оқырманға бірер сөз ............................................3 Бірінші кітап ...................................................................................4 Екінші кітап ..................................................................................61 Редакторы Х. Тəуiрбай Компьютерде беттеген М. Айдарханова Басуға қол қойылды 20.11.2014 ж. Қарiп түрi «Times New Roman». Қағазы офсеттiк. Пішімі 60×84 1/16 . Шартты баспа табағы 7,5. Таралымы 4000 дана. Тапсырыс №...... «Дəуір-Кітап» баспасы, 050009, Алматы қаласы, Гагарин д-лы, 93а
Тел.: 8(727)394-39-59, 394-39-65. Факс: 394-39-10 Иоганн Вольфганг Гёте Жас Вертердің қасіреттері РОМАН Қазақ тіліне аударған – Шолпан Борантайқызы Бəйнеш
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру