TELEGEI

Home

Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты

Қойлыбай Асанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты

Монографияда айтыс өнерінің қалыптасып, өркендеу кезеңі болып табылатын ХІХ-ХХ ғасырлар мен ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығы шамасы қамтылған. Сөз өнерінің ақпараттық сипатын таныту мақсатында көне түркі дәуірі (VI-XV ғғ.) мен қазақ хандығы (XV-XVIII ғғ.) кезеңіндегі ақын-жыраулар шығармашылығына қажетіне қарай ғылыми пайымдаулар жасалынады. Осы уақыт бедеріндегі айтыс өнерінін ақпараттық, деректілік сипаты айқындалып,

АСАНОВ КАМАШКЕ ДАУЛЕТҚАНҰЛЫ

Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты

Электронды оқулық

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ.......................................................................................................... 3

1 ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ ҚЫРЫ .....................................................................................................................13 1.1 Сөз өнерінің төркіні Һәм айтыс өлеңдерінің алғашқы түрлері ......…... 13 1.2 Қайымдасу тәсілдерінің қайнар көзі және қалыптасу кезеңдері...........24 1.3 ХІХ ғасырдағы ақындар айтысының ақпараттық сипаты мен көркемдік ерекшелігі……....………………………………………………............................. 34 1.4 Жыраулық шешендік үлгілердің айтыс өнеріне әсері......……..…....... 53

2 ХХ ҒАСЫРДАҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ЖӘНЕ КЕҢЕСТІК ИДЕОЛОГИЯ .........................................................................................................73 2.1 Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы айтыс (1920-1940 жж.)…………………..………………………………….......... 73 2.2 Ұлы Отан соғысы (1941-1945 ж.ж.) жылдарындағы айтыстың идеологиялық маңызы………..........…………………….................................... 86 2.3 1946-1986 жылдар аралығындағы ақындар айтысының тақырыптық, мазмұндық ерекшелігі……...………………......................................................... 100 2.4 1986-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысындағы жаңашылдық пен жаңғыру үрдістері……………....…….................................... 131

3 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТҰСЫНДАҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ .............................................................................................................. 150 3.1 Қазіргі айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні.................. 150 3.2 Қазіргі айтыс және ұлттық идеология………..…....……………........ 175 3.3 Қоғамдық ой қалыптастырудағы айтыс өнерінің ықпалы.....……..... 188 3.4 Қазіргі айтыстағы тақырып ауқымдылығы және оның өзектілігі…............................................................................................................. 199

4 АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ РУХАНИ ҚАЖЕТТІЛІГІ ҺӘМ ӨМІРШЕҢДІК МҰРАТТАРЫ .......................................................................................................229 4.1 Тіл мәдениетін қалыптастырудағы айтыс өнерінің ықпалы............... 229 4.2 Айтыс өнері жайлы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ойпікірлердің өзектілігі............................................................................................ 246

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................... 261 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...................................... 272

КІРІСПЕ

XXІ ғасырдың алғашқы он жылдығы әлем өркениетінде өзінің күрделі тарихи пайымдауларымен, руханият саласындағы соны өзгеріс, тың идеялармен ерекшеленіп отырғаны белгілі. Ғасырлар тоғысындағы жаһандастыру идеясы адамзат тарихының өткені мен бүгініне, һәм келешегіне зерделі, терең ой жүгіртуге жетелейді. Тарихтың небір «тар жол, тайғақ кешуін» бастан өткерген қазақ халқы ғасырлар бойы армандаған азаттыққа XX ғасырдың соңын ала қол жеткізді. Салт-дәстүрі, тілі мен діні, әдебиеті мен мәдениеті ұлттық сипатынан ажыраудың сәл-ақ алдында тұрған халыққа жаһандастыру идеясы мезгілсіз қауіп төндірген топан су сияқты еді. Саяси дербестікке қол жеткізген жас мемлекет үшін елдің экономикалық ахуалын қалыптастырумен қатар, рухани-мәдени саланы да ілгерілету маңызды міндеттердің бірі болды. Әр халықтың ұлттық сипатын айқындайтын ең басты ерекшелігі – ол сол елдің тілі болып табылады. Қазақ халқының да рухани қуатының қайнар көзі – өзінің ана тілі болатын. Ұлт руханиятының айнасы әдебиет, өнер, мәдениет сияқты іргелі салалардың да бүгіні мен болашағы ана тілінің тағдырымен тікелей байланыста қарастырылатыны сондықтан. Сөз өнерінің асыл қазына екендігі жайлы А. Байтұрсынов былай деп жазған еді: «Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын – бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда, арабша - әдебиет, қазақша – асыл сөз дейміз» [1, 142 б.]. Саяси жағдайы тұрақталып, экономикасы қалыпты деңгейге көтеріле бастаған Қазақстан мемлекеті халықтың рухани қанаттануына барынша қолдау көрсетіп отырды. 2003 жылдың 4 сәуірінде елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арнаған дәстүрлі жолдауы негізінде «Мәдени мұра» бағдарламасы өмірге келді. Бағдарламада тарихи-мәдени дәстүрлерді жаңғырта отырып, халқымыздың сан ғасырлық рухани мұрасын насихаттау, сондай-ақ ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүр, жазба және ауыз әдебиетінің бай мұрасын жинақтау сияқты іргелі шаралар көрсетілді. Сондай рухани асыл мұраларымыздың бірі – айтыс өнері. Ақындар айтысы өнер түрінде қазақ халқының тарихымен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан рухани құндылық. Айтыс жырларында халқымыздың ғасырлар бойғы қуанышы мен шаттығы, қайғысы мен мұңы, әлеуметтік болмысы, дәстүр-салт, әдет-ғұрып, ой-армандары – барлығы да бедер тауып, суреттелген. Сондықтан да айтыс өнері – қоғамдық маңызы зор, әлеуметтік мәні терең, ақпараттық танымдылығы мол шығармашылық мұра. Осы уақытқа дейін ақындар айтысының халықтық, қоғамдық-әлеуметтік мәні бар өнер екендігі туралы қадау, қадау пікір айтылғанымен, түбегейлі нақты бағасы берілген жоқ. Көп жағдайда айтыс көңіл көтеретін думан, көпшілік қызықтайтын өнер түрінде бағаланып келді. Тіпті, қазіргі Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысының өзін мерекелік шара, даталық думан, шоу түрінде қарау әдеті орын алып отыр. Егер осындай көзқарас, пайымдаулар жалғаса беретін болса, Қазақcтаннан басқа көп халықтың маңдайына бітпеген

өрелі өнеріміздің құнын түсіріп алуымыз әбден кәдік. Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы осындай көкейкесті мәселелердің мәніне ғылыми тұрғыдан жауап іздеу тұрғысында айқындалады. Халық шығармашылығының үлкен бір арнасы қазақтың бай ауыз әдебиеті болса, айтыс өнері сол саладағы ең маңызды рухани мұра. Қазір тарихымыз бен әдебиетімізді тәуелсіз ел тұрғысында қайта таразылап, түрлі қоғамдық идеология сызаттарынан арылтып, өзінің ұлттық, шынайы болмысына қайта оралуына ден қойып жатқан уақыт. Жоғарыда көтерілген «Мәдени мұра» бағдарламасы да осындай мүдде тұрғысында өмірге келген болатын. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде қазақтың суырыпсалмалық өнеріне мынадай маңызды пікірлер келтіреді: «Тіпті, қазақ даласы топонимикасының өзі де тұнып тұрған поэзия, тарихи драма мен өткір сықақ, әжуа. Қазақ сөзінің суырыпсалма жыр шығаруға деген сан ғасырлық тамаша дәстүрі де біздің халқымыздың толып жатқан тамаша қасиеттері туралы, оның жан дүниесінің тереңдігі мен кемеңгерлігі туралы мол мағлұмат бере алады» [2,124 б]. Айтыстың ақпараттылығы, деректілігі һәм мол мағлұмат көзі екендігін дәлелдейтін мұндай пікірлер қазақ ғалымдары мен ұлт зиялыларының еңбектерінде жиі кездеседі. Қазақ халқының бүгінгі геосаяси кеңістігінде біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көшпенді өмір салтында ғұмыр кешіп, ұлы дала мәдениетінің ғажайып үлгілерін қалыптастырған. Қазіргі ғылыми ортада көшпенділер өркениеті деп аталатын халықтың сол рухани құндылықтарын қайта жаңғыртып, жандандыру бүгінгі ұрпақ парызы. Осы орайда, айтыс өнері сияқты рухани мұрамызға тәуелсіз ел көзқарасында баға беріп, оның қоғамдық-әлеуметтік рөлін айқындау толғағы жеткен мәселе болып отыр. Халық арасынан шыққан айтыс ақыны, ең алдымен сол ортаның әлеуметтік, қоғамдық ахуалына барынша қанық, әрі ұлт тілінің уызын бойына толық сіңірген ділмар, шешен болуы шарт. Елдің аңсар-мұратын насихаттаушы, әрі қоғамдық пікір қалыптастырушы айтыс ақындары әр кезде өзі өмір сүрген ортаға ықпалды болған. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жеткен ақын жырлары, әр дәуірдің, қоғамның болмыс бедерін бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда сөз (тіл) өнерінің өшпес, өміршең мұраттарын тағы да баса айтқымыз келеді. Себебі ақындарын «от ауызды, орақ тілді» деп мадақтаған халқымыз олардың қиыннан қиыстырып айтатын шешендіктерін, айтқыштықтарын қашанда алдыңғы орынға қойып отырған. Белгілі түркітанушы, ақын Олжас Сүлейменов өзінің «Язык письма» атты еңбегінде тіл туралы мынадай пікір айтады: «Тілдер – бұл жылнамалар үзінділерінде сақталған тарихи мәліметтердің қоймасы, тілдер – бұл өртенбейтін, жанбайтын, шайылмайтын, идеология ықпалына берілмейтін мұрағат. Ата-бабалардың сансыз ұрпақ алмасуларынан бізге қалған басты зияткерлік мұра» [3, 204 б.]. Зерттеуде айтыс өнерінің ақпараттық сипатын тіл (сөз) өнері төркінінен тарқатудың бір сыры да осындай пікірлер өзегінен туындайды. Адамдар бірбірімен тілдесу (сөйлесу) арқылы ақпарат, хабар, мәлімет алмасады. Бұл – сөз өнерінің ең басты қасиеті. Ал ақындар айтысындағы амандасудан бастап, елдік

мәселелерге дейінгі аралықта қаншама ақпарат-мағлұмат айтылады. Қазақ фольклорының асыл жәдігерлерінің бірі – айтыс өнері екендігін ескерсек, ғасырлар қойнауындағы халықтың тарихи болмысын, әлеуметтік-тұрмыстық сипаттарын, өмірлік таным-түйсіктерін, дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетінің бірден-бір насихатшысы айтыс жырлары, аңыз-әфсаналар, тарихи жыр-дастандар, шешендік сөздер болғандығы талас тудырмайтын шындық. Халық шығармашылығының әлеуметтік мәнін аша отырып, қазақ руханиятындағы алар орны мен қоғамдық маңызын көрсету арқылы, айтыс жырларының публицистикалық қырын айқындау болып табылады. Зерттеу нысаны көне түркі дәуіріндегі сөз жәдігерлері, айтыстың алғашқы нұсқалары, жыраулар поэзиясы мен би-шешендік мұралар, сондай-ақ XІX–XX ғасырлардағы халық ақындары шығармашылығы мен Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы айтыс жырларының зерттеу өзектілігіне қажетті тұстары іріктеліп, қарастырылды. Ауыз әдебиетіндегі айтыс үлгілірі жайлы алғашқы пікірлерді XІX ғасырда өмір сүрген ағартушы-ғалымдар жазбасынан кездестіруге болады. Ш.Уәлихановтың «Таңдамалы» шығармалар жинағында (Алматы:Жазушы, 1985) айтыс жайындағы пікірі аталмыш өнердің табиғаты мен ұлттық ерекшелігін баяндаса, В.В. Радлов «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибирии Джунгарской степи» (Часть 3, СПб., 1870) атты еңбегінде қазақтардың шебер де шешен сөйлейтіндігін, ауызекі сөзінің өзі өлең болып төгіліп тұратын айтқыштық қабілетіне назар аудартады. Сондай-ақ Ә.Диваевқа арналған «Тарту» жинағы (Ташкент: Түркістан республикасы. Баспасөз мехкамасы.1924) М.Ж. Көпейұлы «Қазақ фольклоры: ауыз әдебиеті үлгілері» (Алматы: «Алаш» баспасы. 2006 ж. 3 том), А. Янушкевич «Күнделіктер мен хаттар» (Алматы: Жалын, 1979) жинақтарында кездесетін айтыс өнеріне қатысты ой-пікірлер халық шығармашылығын әр қырынан танып, біле түсуге мол мүмкіндіктер туғызады. XX ғасырдың алғашқы жартысында Айтыс өнерінің әлеуметтік мәнін ашып көрсеткен қадау-қадау пікірлер А. Байтұрсынов «Шығармалары» (Алматы:Жазушы, 1989), Х.Досмұхамедұлы «Аламан» (Алматы:Ана тілі, 1991) еңбектерінен бастау ала отырып, М. Әуезов «Айтыс өлеңдері» («Айтыс» 2-том. Алматы.«Жазушы», 1965 ж.), «Совет ақындарының айтысы» («Айтыс» 3-том. Алматы: «Жазушы», 1966 ж.), С. Мұқанов «Айтыстар туралы» («Айтыс» 1-том. Алматы: «Жазушы», 1965 ж.) «Айтыстар» (Алматы: «Жазушы», 2005 ж.) ғылыми мақалаларында жүйелі түрде жазылады. Бұл зерттеулердің барлығы айтыстың өміршең екендігін, күнделікті өмірге тікелей қатысы бар жанр ретінде, халық мүддесінің насихаттаушысы әрі оның жоқтаушысы ретінде танылатындығын тілге тиек етеді. Айтыс өнері туралы XX ғасырдың алғашқы кезеңдерінде айтылған осы мәндес пікірлер кеңестік дәуір тұсында да үзбей жалғасып, ғалымдардың келелі пікір, ғылыми пайымдауларына арқау болды. Ауыз әдебиетінің арналы саласы ретінде Айтыс өнері қашанда әдебиетші ғалымдар назарын аударып отырды. Айтыстың жанрлық, мазмұндық,

көркемдік, тілдік, синкреттік қырларын ашып көрсетуде зерттеушілеріміз аз жұмыс жасаған жоқ. Жоғарыда келтірілген алыптар тобы қатарында С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Ғ. Мүсіреповтердің ақындар айтысы туралы айтқан келелі пікірлері де аталмыш жанр табиғатын жан-жақты аша түседі. Айтыс тақырыбына қатысты зерттеудің ғылыми өрісі Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, Қ. Жұмалиев, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, Ш. Елеукенов, С. Қасқабасов, С. Садырбаев, К. Сейдеханов, Е. Тұрсынов, Н. Төреқұлов, А. Сейдімбеков, Қ. Сыдиқов, Х. Сүйіншәлиев, Б. Әбілқасымов, М.Жармұхамедұлы сияқты ғалымдар еңбегінде жалғасын тауып отырды [4]. Осы еңбектердің ішіндегі атап айтарлығы ұзақ жылғы пайымдаулар мен ғылыми талдаулардың, пікірлердің қорытындысы іспеттес 2001 жылы жарық көрген М. Жармұқамедұлының «Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы» атты монографиясы болды. М. Жармұқамедұлының бұл зерттеуін айтыс өнері тақырыбындағы тұңғыш кешенді зерттеу деп бағалауға болады. Айтысты синкреттік жанр ретінде таныған ғалымдарымыз аталмыш өнердің табиғатын әр қырынан ашып көрсетуде нәтижелі еңбектерге қол жеткізді. Сондай-ақ айтыстың пайда болу, даму, қалыптасу кезеңдерін қарастыру барысында аталмыш өнердің өміршеңдік мұраттары жан-жақты сарапталды. Әдебиетші ғалымдардың айтыс өнері туралы осындай іргелі зерттеулері Тәуелсіз Қазақстан тұсында, одан әрі жанданып, түрлі ой-пікір дискуссиялар нөпіріне ұласты. Айтыс туралы проблемалық мақалалар мен ғылыми пайымдаулардың БАҚ-ында жиі жарияланып, қызу талқыға түсуінің де өзіндік себептері бар еді. Ең алдымен 1984 жылдан басталған теледидарлық айтыстың аудиториясы Республика аумағын тұтастай қамтуы болды. Кеңес дәуірі тұсындағы айтыстарда дәл мұндай техникалық мүмкіншіліктер болмады, болса да шектеулі болатын. Айтыстың бұқаралық сипат алып, миллиондаған көрерменнің көзайымына айналуы, аталмыш өнерге деген халақ ықыласын тудыруымен қатар, оның жетістігі мен кемшілігін де сарапқа салып отыруына қолайлы жағдайлар жасады. Баспасөзде, теледидарда, радиода жазылып, айтылып жатқан проблемалық мақала, хабарлар айтыс өнерін әр қырынан танып білуге мол мүмкіндіктер туғызды. БАҚ-ындағы ой-пікірлердің дені айтыс өнерінің бүгінгі ахуалын сын тезіне алса, кейбіреулері оның (айтыстың) жеткен жетістіктері мен қоғамдық маңызын ашып көрсетуге тырысты. Қалай дегенмен де тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнері төңірегіндегі қарамақайшы пікірлер нәтижесіз болмады. 2003 жылдың 19 наурызында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазіргі айтыс: дәстүрлі келешегі. Көкейкесті мәселелер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияда қазіргі айтыстың дәстүрі, келешегі һәм көкейкесті мәселелері қарастырылды. Осы конференциядағы ғылыми баяндамалар негізінде «Көкейкесті әдебиеттану» сериясы бойынша «Қазіргі айтыс: дәстүрі, келешегі» (Астана Күлтегін.2003) атты ғылыми жинақ жарық көрді. Кітаптағы «Айтыстағы диалог» (әдіснамалық пайымдаулар) Ж. Жақыпов, «Жұмбақ айтыстарының

көркемдігі» Ш. Керім, «Қазіргі айтыс: тарихы мен проблемалары» С. Қирабаев, «Айтыстың драмалық сипаты» Р. Нұрғали, «Айтыстағы зарзаман шындығы» Б. Омарұлы, «Айтыстың жанрлық жүйесі» Б. Рақымов, «Айтыс тілінің синтаксисі» М. Серғалиев, «Айтыстың жанрлық метаморфозасы» А. Шәріп, «Қазіргі айтыстың көркемдік ерекшелігі» Ж. Аймұхамбетова, «Қазіргі айтыстың тілдік ерекшеліктері» Ж. Асылбекова мақалалары айтыс жырларының әр қырын ғылыми тұрғыдан сипаттаған өзекті пайымдаулар қатарына жатады. Іргелі ғылыми зерттеулерден бастап, күнделікті проблемалық мақалаларды зерделей отырып, айтыс жырлары өзінің шығармашылық ұзақ тарихында көп жағдайда қоғамдық ойды насихаттаушы, ақпарат таратушы болғандығын, яғни публицистикалық жанрдың міндетін атқарып келгендігіне көз жеткіземіз. Аталмыш зерттеудің міндеті де айтыстың осы сипатын ғылыми түрде айқындап беру әрекетінен туындайды. Зерттеу барысында айтыс өнерінің қалыптасуы мен даму кезеңдеріндегі әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызы ашыла отырып, ақпаратты-танымдылық, насихатшы-үгітшілдік, деректі-мағлұматтық сипаттары айқындалады: - айтыс жырларының мазмұндық ерекшелігі уақыт пен қоғам арақатынасы негізінде талдана отырып, оның әлеуметтік мәнінің өміршеңдік мұраттары нақты мысалдар арқылы көрініс табады; - айтыс табиғатына тән насихатшылдық, үгітшілдік сипаттар аталмыш өнердің идеологиялық қуатын айқындап, оның мемлекет, қоғам үшін аса маңызды шығармашылық фактор екендігін танытады; - айтыс жырларының ақпараттылығы мен деректілігі қазақ қоғамында азаматтық журналистика функцияларын орындай алатындығына дәлел бола алады; - адамзат руханиятының асыл қазынасы тіл (сөз) арқылы қалыптасып дамитындығы һәм халықтың өмір сүру заңдылықтарының барлық түрі тіл (сөз) арқылы жүзеге асырылып отыратын заңдылығы айтыс тілінің де шежірелік, жылнамалық сипатын танытады; - айтыс жырларының деректілігі қазақ халқының тарихи тұрпатын және саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын тануға мол мүмкіндік беретіндігі нақты мысалдар арқылы көрініс табады; - XІX ғасырдағы айтыс жырларының рулық-тайпалық ерекшелігі тұңғыш рет ұлт тұтастығы тұрғысында қарастырылып, айтыс өнерінің тарихи құндылығы айқындалады; - айтыс жырлары қазіргі ұлттық журналистика ерекшеліктерімен салыстырыла отырып, қоғамдық проблема көтерудегі ақын шеберліктерінің өзіндік қырлары сарапталады; - жыраулық, шешендік үлгілердің айтыс өнеріндегі көрінісі ұлттық тіл ажарын айшықтаудағы дәстүр сабақтастығы ретінде қарастырылып, оның сөз мәдениетін қалыптастырудағы әсер-ықпалы байыпталады; - ақындар айтысындағы демократиялық ұстаным принциптерінің шынайы көріністері нақты мысалдар арқылы баяндалып, аталмыш сипаттың өміршеңдігі айтыс өнерінің тарихымен біртұтас қарастырылады;

- айтыс жырларының публицистикалық қырлары ретінде деректілікпен қатар мазмұндық, пішіндік, тілдік ерекшеліктері де теориялық һәм тәжірибелік негізде талданып тұжырымдалады; - қазіргі айтыстың әлеуметтік мәні ашыла отырып, тақырып ауқымдылығының кеңдігі ұлттық деңгейден әлемдік өркениет кеңістігіне көтерілгендігі нақты мысалдар арқылы көрсетіледі; - айтыстағы Отанды, елді, жерді сүю қасиеттері патриотизм көрінісінің айқын нышаны екендігі, айтыс тарихындағы дәстүрлі үрдіспен сабақтастырылып қарастырылады; - қоғамдық пікір қалыптастырудағы ақындар айтысының ықпалы айқындалып, мемлекеттік мүдде үшін аса маңызды шығармашылық өнер екендігіне меңзеу жасалынады; - айтыс өнері қоғаммен бірге жасасып, бірге өсіп, дамып келе жатқан халықтың төл өнері екендігі һәм болашақта да ұлт мүддесінің қамқоршысы, насихатшысы бола беретіндігіне ғылыми пайымдаулар жасалынып, сол арқылы өнердің өміршеңдік мұраттары айқындалады. Зерттеудің хронологиялық мерзімінің негізгі бөлігі айтыс өнерінің қалыптасып, өркендеу кезеңі болып табылатын XІX–XX ғғ. мен XXІ ғасырдың алғашқы онжылдығы шамасын қамтиды. Сөз өнерінің ақпараттық сипатын таныту мақсатында көне түркі дәуірі (VІ-XV ғғ.) мен қазақ хандығы (XV–XVІІІ ғғ.) кезеңдеріндегі ақын-жыраулар шығармашылығына қажетіне қарай шолу жасалынады. Осы уақыт бедеріндегі халық шығармашылығының, оның ішінде, қайымдасу тәсілдерінің ақпараттық, деректілік сипаттары айқындалады. XІX, XX ғасырлар һәм XXІ ғасырдың алғашқы онжылдығы кезеңіндегі ақындар айтысының әлеуметтік, қоғамдық маңызы жан-жақты талданып, халық шығармашылығының публицистикалық қырлары уақыт пен қоғам кеңістігі негізінде сараланып, тұжырымдалады. Ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты айтыс өнерінің қалыптасу, даму барысындағы әлеуметтік-қоғамдық мәнінің артуы мен ақпараттық, насихатшылдық рөлінің айқындалып, бұқаралық сипат алуын жан-жақты ашып, ғылыми тұрғыда саралау болып табылады. Осы мақсаттар негізінде диссертацияға төмендегідей міндеттер қойылады: - адамзат рухани құндылықтарының қайнары – сөз өнерінен бастау алатындығын пайымдай отырып, ұлттық әдебиетіміздің негізі халық шығармашылығының бағзылық үлгілерінен тамыр алып жететіндігін көне жазба жәдігерлерді саралай отырып қарастыру; - айтыс өнерінің көне түрі қайымдасу тәсілдерінің ақпараттық, мағлұматтық сипаттарын көрсету арқылы, халық шығармашылығының қоғамдық-әлеуметтік мәнін ашып көрсету; - ақын-жыраулар шығармашылығындағы елдік, халықтық мәселелердің патриоттық асқақ мұраттарын айқындай отырып, осы үрдістің айтыс жырларына тигізген әсер-ықпалын байыптау; - XІX ғасырдағы ақындар айтысын тәуелсіз ел тұрғысында қайта қарап, оның мақсат-мұраттарын ұлт тұтастығы сипатында жаңаша бағамдау;

- кеңес дәуіріндегі ақындар айтысының (1920-1945 жж.) мазмұндық, идеологиялық мәнін аша отырып, оның насихатшылдық, үгітшілдік қырларын көрсету; - XX ғасырдың 46-86 жылдарындағы ақындар айтысының тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерін саралай отырып, ұлт руханиятына тигізген қоғам идеологиясының зардаптарын анықтау. Әрі сол арқылы айтыстың дәуір дидарын боямасыз жеткізетін шынайы ақпарат көзі екендігін дәлелдеу; - 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген жыр сайыстарындағы жаңару, жаңғыру үрдістерін айқындай отырып, тарихымыздағы демократиялық ұстанымдардың сабақтастығын көрсету; - тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысының қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәнін ашып, қоғамдық ой қалыптастырудағы аталмыш өнердің ықпалы мен ұлттық идеология мұраттарын насхаттаушысы ретіндегі белсенділігін таныту; - қазіргі айтыстың тақырып ауқымдылығы һәм өзектілігін саралау арқылы төл өнердің ұлттық ұғымнан адамзаттық асқақ мұраттарға дейін жырлауын нақты мысалдар арқылы дәйектеу. Зерттеу нәтижесін қорытындылай келе мынадай тұжырымдамалар ұсынылады: - әр халықтың әдебиеті мен өнерінде тек сол ұлттың дүниетаным көзқарасы мен өмір сүру қағидаларына тән ерекшелігінің болуы заңдылық. Әлем әдебиетіне ортақ рухани құндылықтың қайнар көзі – сөз өнері екендігін ескерсек, қазақтың айтыс өнерінің элементі басқа халықтарда да кездесуі ықтимал. Бірақ, дәл қазақтың айтысын барлық болмыс бітімімен ешқандай халықтың қайталай алмасы анық. Бүгінде әлем халықтарының әдебиеті мен терезесі тең қазақ әдебиетінің де пайда болу, қалыптасу, даму кезеңдері болғаны мәлім. Ұлттық әдебиеттің бастау бұлағы фольклордан, яғни ауыз әдебиетінен нәр алатындығы ақиқат. Ендеше халық шығармашылығының үлкен саласы айтыс жырларын әр қырынан түбегейлі танып, зерттеу ұлт руханияты үшін маңызды міндет. Осы уақытқа дейін айтыс өнерінің арғы тегі, дамуы, жанрлық ерекшеліктері, тілі, тақырыбы, әлеуметтік мәні сияқты көптеген қырлары ғылыми зерттеулерге нысан болып келсе, аталмыш еңбек айтыс жырларының публицистикалық сипатын аша отырып, қоғамдық мәні зор шығармашылық сала екендігін айқындайды; - халықтың тарихын, мәдениеті мен дәстүрін, өмір сүру заңдылықтары мен дүниелік көзқарас, пайымын зерделеуде қайымдасу үлгілерінің бағзылық түрлерінен бастап, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі аралықтағы айтыс жырларының ақпарат, мәлімет беруші рухани қазына екендігі ғылыми тұрғыда тұжырымдалады; - айтыс жырларының ақпараттылығын дерек пен дәйек көздері негізінде бағалау жеткіліксіз. Сондықтан да айтыста көтерілген проблемалық ойлардың өзегі өмір шындығынан алына отырып, ақынның лирикалық толғанысы, тілдік шеберлігі, өзіндік пайымдаулары тұрғысында әрленіп, халық зердесіне

ұсынылады. Айтыс жырларының басты ерекшелігі де осындай қасиеттерінен туындай отырып, өзінің көркем публицистикалық табиғатын танытады. - ақындар айтысында жыраулық поэзия сарыны мен шешендік сөз элементтерінің сақталуы, өнердегі дәстүр сабақтастығын танытуымен қатар, оның уақытқа, қоғамға бейімділігін, өміршеңдік мұраттарын да көрсетеді. Қазіргі айтыстағы жыраулық толғамдар мен шешендік тапқырлық сипаттары соның айқын дәлелі. Айтыс – жыраулық, шешендік қасиеттерді бойына топтастырған синкретті өнер; - ұлттық иделогияны қалыптастыруда һәм насихаттауда айтыс өнеріндей оңтайлы шығармашылық сала аса көп емес. Біріншіден, айтыс таза ұлттық мүдденің насихатшысы. Халықтың қалыптасу, даму тарихында қазақтың мінезқұлқын, ұлт менталитетінің барлық ұңғыл-шұңғылын, дүниелік таным-түйсігін бойына сіңіріп, бірге жасасып, тамырлас болып келе жатқан өнер түрі. Сондықтан да қандай дәуір, қандай қоғам болмасын, айтыс өнері ұлт руханиятының асыл кеніші болып қала береді; - айтыс ұлт әдебиеті мен өнерінің рухани тұтастығын көрсетеді. Өнер мен әдебиеттің һәм журналистиканың үш таған бірлігін қалыптастырып, қоғамда айрықша бұқаралық сипатқа ие болп отырған руханият көзі. Осы элементтер ақындар айтысының XXІ ғасырда өзіндік дербес ресми мәртебесін айқындауына мүмкіншіліктер береді; - кеңес дәуіріндегі айтыс жырларын зерделеу арқылы, ұлт шығармашылығының қандай түрі болмасын, мазмұндық, идеологиялық ұстанымына қарай мансұқтау тенденциясына бұдан былай тоқтам салу қажеттілігі айтылады. Тарихтағы жеке топтар мүддесі, түрлі төңкерістер нәтижесі ұлт әдебиеті мен өнер иелерінің шығармашылығына ықпал етіп отыруы заңдылық. Бұл жалғыз қазақ ұлтына ғана емес, әлем халықтарының барлығына тән үрдіс. Сондықтан да кеңес дәуіріндегі халық шығармашылығы тарихты таразылау, болашақты бағамдау тұрғысында өзінің ақпараттық, мағлұматтық сипатымен қажетіне қарай кәдеге жарай беретіндігі ескертіледі; - айтыстағы дәстүр мен жаңашылдық көріністері арқылы шығармашылық өнердің қалыптасу, даму кезеңдеріндегі саяси-әлеуметтік жағдайлардың болмысы ашылып, уақыт пен қоғамның халық мұрасына тигізген әсер-ықпалы сараланады. Сол арқылы рухани құндылықтың өсіп, дами бермейтіндігі, күйзеліс пен тоқырау жағдайларын бастан өткеретіндігі бағамдалады. Мұның өзі адамзат ақыл-ойының азаттығы, еркіндігі сияқты ұғымдар аясында ашылады. Айтыстың жаңару, жаңғыру үрдістері тікелей азаттық идеяларымен сабақтасып жататындығы зерделеніледі. Бұл құбылыс айтыс өнерінің болашағы зор екендігін айғақтайтын негізгі фактор ретінде қарастырылады; - қазіргі айтыстағы тақырып ауқымдылығы, ақындардың білімі мен біліктілігін танытуымен қатар, ұлттық тарихымызды таразылауға, соны бүгінгі ұрпаққа әсерлі насихаттауымен ерекшеленеді. Айтыстағы тіл, дін, тарих, мәдениет сияқты танымдық деңгейі терең тақырыптармен қоса экология, экономика, ауыл проблемалары, ар-ождан, мораль мәселелерінің барлығы бірбірімен сабақтаса көрініс табуы, қоғам, ұлт проблемасын тұтастай қарауға мүмкіншіліктер береді. Осы күрделі, көкейкесті мәселелердің ақындар

айтысының бір кезегінде ғана өріліп түспеуі, қазіргі журналистиканың өзінде байқала бермейтін мұндай ерекшеліктердің айтыста көрініс беруі ақындар шығармашылығының өзіне тән тағы бір қырын танытады; - айтыс мәтіндерінің телетаспаға түсуі, баспасөз беттерінде жариялануы, жеке жинақ болып басылып шығуы, ауызекі сөз өнерінің заманауи технологиялық жетістіктердің арқасында сақталуын және халыққа кең түрде насихатталуын қамтамасыз етеді. Бұл көрініс нені аңғартады? Айтысқа әлі күнгі ауыз әдебиетінің саласы (немесе сарқыншағы) ретінде қарау, өнердің өміршеңдігіне кепіл бола алмайды. Әрине, бұл жерде айтыстың жазба түрі туралы әңгіме бөлек. Жоғарыда көтерілген мүмкіншіліктер қазіргі айтыстың кәсіби өнерге айналғандығын дәлелдейтін факторлар. Ендеше зерттеу барысында туындаған осындай тұжырымдар айтыс өнерінің кәсібилігін танытып, оның ресми мәртебе (статус) алуына бағыт болады; - қазіргі айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні аталмыш өнердің қоғамдық ой қалыптастырудағы ықпалы мен ұлттық идеология насихатшысы екендігін айғақтайды. Публицистикаға тән осы элементтердің айтыс жырларында кездесуі аталмыш өнердің азаматтық журналистика функцияларын атқарып отырғандығына дәлел бола алады. Айтыс жырларының аз уақытта бұқаралық сипат алып, қоғамдық пікір қалыптастыратын күшке айналуы қоғамдық, мемлекеттік салалар үшін елеп-ескеріліп отыратын құбылыс. Халықтық ой-пікірді белгілі бір мүддеге топтастыруда айтыс өнері үлкен рөл атқарады. Бұл мемлекет саясаты үшін аса маңызды болып саналмақ; - мемлекеттік тіл бағдарламасын жүзеге асыру шаралары аясында айтыс өнеріне үлкен жауапкершіліктер жүктелуі қажет. Айтыс тіл проблемасын көтеруші насихат құралы емес, ол ана тіліміздің сапасын арттыруда, мәдениетін қалыптастыруда, қорын ұлғайтуда шешуші рөл атқарады. Айтыс жырлары – ана тілдің ажарын ашып, айбынын асқақтататын рухани қуат; - зерттеу нысанының негізін қамтыған екі ғасырлық айтыс тарихының (XІX–XX) жалпы болмысы, аталмыш өнердің халықтық сипатын айқындайды. Айтысушы ақын жеке басының немесе белгілі бір топтың мүддесін қорғамайды, ол қашанда халықтың арман-мұратын жырлайды, көкейіндегісін айтады. Ол сол қасиетімен де қашаннан елдің ықыласына, қошеметіне бөленген өнер. Асан қайғы, Қазтуған, Бұқар жырау, Махамбет жырларындағы дала демократиясының дегдар қасиетін, бүгінгі жаңарған, жанданған айтыстан анық байқайтынымыз да сондықтан, айтыстың демократиялық ұстанымын танытатын мұндай ерекшеліктердің тәрбиелік-тағылымдық мәні де зор болмақ; - айтыс – қазақтың бары мен жоғын түгендеп, жақсылығы мен жамандығын, жетістігі мен кемшілігін, дерті мен дауасын, ары мен иманын, бүгіні мен болашағын ой таразасынан өткізіп, екшеп отыратын өнер. Осы айтылған сипаттар ақындар айтысының қазақ қоғамы үшін қаншалықты қажет екендігін танытып қана қоймай, өміршеңдік сипаттарына да кепілдік береді. Айтыс өнерінің публицистикалық қырларын зерттеу барысында әдебиеттану ғылымындағы теориялық, әдіснамалық тұжырымдар мен пікірлер, ғылыми ұстанымдар негізге алынды. Ғылыми жұмыста А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Мұқанов, Х. Досмұхамедұлы, Ғ. Мүсірепов, Қ.

Жұмалиев, Е. Ысмайылов, М.Қаратаев, Ә. Қоңыратбаев, Б. Кенжебаев, Т. Амандосов, Т. Нұртазин, М. Базарбаев, Ә. Болғанбаев, С. Қирабаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішұлы, Н. Ғабдуллин, И.М. Тронский, Ә. Дербісалин, М. Жолдасбеков, Р.Нұрғали, С. Қасқабасов, Ш. Елеукенов, С. Садырбаев, О. Сүлейменов, Қ. Әбдезұлы, Н. Омашев, Д. Ысқақұлы, Т. Жұртбай, Қ. Алпысбаев, Ө. Күмісбаев, А. Бұлдыбаев, Б. Омаров, С. Негимов, Б. Әбілқасымов, Қ. Ергөбек, Б. Жақып, Х. Нұрмыханов, М. Жармұқамедов, М.И. Стюфляева, Е.Д. Тұрсынов, Н. Қанафияұлы, Н. Төреқұлов, Б. Мұстафин, В.М. Горохов, Р. Бердібаев, Ә. Нарымбетов, Ө. Оралбаев, т.б. ғалымдар еңбектері мен ғылыми жинақтар, сондай-ақ зерттеу тақырыбына байланысты мерзімді баспасөз материалдары қарастырылды. Ғылыми жұмыста ұсынылған тұжырымдар, қорытындыларды жоғары оқу орындарындағы өнер, ауыз әдебиеті тарихы, һәм публицистика теориясы мен тарихы, мамандандыру, публицистика өнері, журналистика және әдебиет сияқты пәндерден өткізілетін жалпы курстарда, семинар сабақтарында, сондайақ арнаулы орта мектептерде айтыс өнері, сөйлеу мәдениеті сияқты факультатив сабақтарда пайдалануға болады. Айтыс өнерінің публицистикалық қырларын ашу үшін, тарихисалыстырмалы, типологиялық, шығармашылық-психологиялық, кешенді, синкретизмдік талдау әдістері басшылыққа алынды. Электронды оқулық кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ

ҚЫРЫ

1.1 Сөз өнерінің төркіні һәм айтыс өлеңдерінің алғашқы түрлері Сөз (тіл) – адамзат тіршілігімен бірге жасасып, қалыптасып, дамып келе жатқан құбылыс. Жер бетіндегі жанды тіршілік атаулыдан адамды айырып ерекшелейтіні – оның тіршілік иесі екендігін айғақтайтын артықшылығы да, адамның ойлау санасы мен сөйлеу мүмкіндігі бар екендігі. Сонымен, анық ақиқат – адам адам болғалы сөз (тіл) бірге жасасып, адамзаттың қарымқатынас, яғни сөйлесу, ұғынысу, ақпарат алмасу құралы болып келе жатқандығы. «...Сөз өнерін – бар өнердің басы, «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі» (Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский) десек, асырып айтқан болмаймыз. Қазақ халқының «Өнер алды – қызыл тіл» деген білгір тұжырымы да тегіннен тегін тумаған-ды» [5, 13 б]. Қазақ публицистикасының қалыптасып, даму жолдарын зерттеуші ғалым Б.Жақып: «Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі – сөз өнері. Сонау көне замандардан бастап қазірге дейінгі адам ақыл-ойының маржандары сөз арқылы бізге жетті. Өмірде болған не бір оқиғалар мен құбылыстарды, тіршіліктің алуан түсті бояулары мен айшықтарын келер ұрпаққа жеткізетін де сол өлмейтін сөз» [6, 3 б.], деп пікір білдіреді. Кез келген рухани немесе материалдық құндылықтардың алғышарттары ой-сана таразысында пісіп жетілгенімен оның өмірге келіп, адамзат кәдесіне жарауы сөз (тіл) арқылы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат, жәдігер болып қалатындығы белгілі. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», – деген халық даналығы бекерге айтылмаса керек. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Сөз – сүйектен, таяқ – еттен өтеді», «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», – деп сөз қадірін ертеден түйсінген халқымыздың өмір сүру философиясының түп төркіні де сөзбен, тілмен байланысты дамыған. Қазақтың кең байтақ даласында тіл тұтастығының сақталуы да көшпелі жұрттың сөз өнеріне деген өзіндік ықыласын танытса керек. Алтай таулары мен Маңғыстаудың қойнауында қоныстанған қазақтың тілі де, ділі де, діні де ортақ. Әрине, тілде аздаған диалект болуы мүмкін, бірақ ол жалпы тұтастыққа ешқандай нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Атшаптырым аймақта қоныстанған көптеген ұлт-ұлыстар бір-бірін тілмашсыз түсіне алмайтын жағдайлар болады. Еуропаның бес бірдей мемлекеті сиып кетердей аумақта отырған қазақ халқының ұлттық болмыс, нақыш бояуларының ғасырлар бойы өз сипатын жоғалтпай тұтастығын сақтауы таң қаларлық құбылыс. Әрине, зерттеуші ғалымдарымыздың, тарихшыларымыздың бұған айтар уәж, пікірлері мол. Ең алдымен көшпелі жұрттың бір-бірімен қоныстас болып, аралас жүруі тіл тұтастығы сақталуының негізгі алғышарты, – дейді. Бұл уәжді біз де қолдаймыз. Дегенмен де почта, телеграф сияқты байланысы жоқ көшпелі

дәуірде ел мен жердің, тілдің тұтастығын сақтап қалуда, далалық ақпарат таратудың рөлі қандай болған деген әуестік әркімдерді де қызықтырары хақ. Белгілі журналист-ғалым Қ. Шамақайұлы «Азаматтық журналистика бізге жат емес» атты ғылыми мақаласында: «...Азаматтық журналистиканың дәстүрі, тарихы тым әріде жатқанын аңғару қиын емес. Мерзімді баспасөз пайда болудан бұрын қоғам өміріне, заман ағымына баға берген, оның дамуына ықпал еткен еш нәрсе болмады деуге келмейді. Журналистикадан бұрынғы кезеңдерге жатқызылатын ауыз әдебиеті, жазба мұралардың өзінде қазіргі журналистиканың элементі жоқ деп айта алмаймыз», – [7, 92-93 бб] деп пікір білдіреді. Сондай-ақ зерттеуші-ғалым қазақ халқының ежелгі мәдениетінде, көшпелі өмір салтында да адамзаттық журналистиканың классикалық үлгісінің элементі жатқандығын айтады. Бұдан әрі автор өз сөзін: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып сәлем береді» деген сөздің түпкілікті мәнін сапардан оралған жан мейлі үлкен болсын, мейлі кіші болсын оның көпті көретіндігін, көрген-білген адамда жақсылықтың (ақпараттың) болатындығын, жаңалықты білудің, хабар-ошар алудың маңыздылығын осы бір ауыз сөздің өзі меңзеп тұрған жоқ па? деген ойларымен сабақтастырады. Зерттеуші, ғалым Гауһар Әлімбек «Сөз мағынасы және ақпарат» атты ғылыми еңбегінде сөздің ақпараттық сипатын былайша саралайды: «-Сөз – ақпарат сақтаушы тілдік бірлік, - Сөз – ақпарат жеткізу немесе тарату құралы, - Сөз – ақпарат алу құралы, - Сөз – ақпарат алмасу құралы, - Сөздің грамматикалық мағынасы және ақпарат» [8, 164 б.].

Жалпы, тіл туралы, сөз өнері туралы тереңнен толғап, зерделі ой-пікір білдірген ұлттың ғұлама ойшылдары, ғалым жазушылары көптеп саналады. Белгілі тілші-ғалым Х. Нұрмұқанов өзінің «Сөз және шеберлік» атты зерттеу еңбегінде осы жайға жан-жақты тоқталған. «Сондай-ақ бұл проблема «Сөз өнері», «Өрелі өнер», «Жазушы және сөз мәдениеті», «Сөзстан», «Стиль сыры», «Журналист және өмір», «Қаламгер және уақыт» жинақтарымен белгілі ақын, жазушыларымыздың, сыншыларымыздың, ғалымдарымыздың (мәселен, Ғ. Мүсіреповтің «Суреткер парызы», Ғ. Мұстафиннің «Ой әуендері», Ә. Тәжібаевтың «Өмір және поэзия», «Жылдар, ойлар», Т. Нұртазиннің «Шеберлік туралы ойлар», Б. Кенжебаевтың «Шындық және шеберлік», З.Қабдоловтың «Жебе», Қ. Мырзалиевтің «Сөз сиқыры», М.Балақаевтың «Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері», Н. Уәлиевтің «Сөз мәдениеті» т.б.) еңбектерінде қаралып, әсіресе «Қазақ әдебиеті» газетінің «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Шеберлік туралы әңгімелейміз» рубрикалары желісінде ұзақ жылдар бойы үзілместен сөз болып келеді» [9, 7 б.]. Бұл келтірілген деректер 1987 жылға дейінгі уақыттың кейбір еңбектерін қамтыса, 1985 жылғы сәуір самалынан кейінгі қазақ тілінің тағдыры туралы тереңнен қаузап, ашық, батыл жазылған шығармалар қаншама? Сөз, тіл өнері, оның тағдыры туралы жазылған, айтылған толғақты пікірлер жүздеген томдарға жүк болары сөзсіз.

ХІХ ғасырда қазақтың ойшыл ақыны Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» десе, ХХ ғасырдың басында А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллиндер ұлт тіліне, сөз өнеріне қатысты ұрпаққа ұлағат болар толғамды пікірлер айтқан болатын. Алыптар тобының бұл аманатын М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафиндер тереңдете түсті. Қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті қайраткері, ұлт зиялысы А. Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» (1926 ж.) еңбегінде сөз өнері, тіл қисыны, сөз өнерінің ғылымы туралы теңдессіз теориялық қағидалар жазды. «Тіл күшіне өлшеу жоқ, тіл көркемдігіне теңеу жоқ. Тіл өлгенді де тірілтеді. Әлдеқашан қайтыс болған прототиптерді тіл жасаған ұлттық образдар тірілтіп көз алдыңа әкеледі. Жалғанда не терең? Сөз терең. Не сұлу? Сөз сұлу. Не өткір? Сөз өткір. Сөз құдіреті ғажап: алтынды мыс, мысты алтын етіп көрсете алады. Тас жүректі қорғасындай балқытып, балқыған қорғасынды тастай ете алады. Кірлі көңілді тазартып, кірсіз көңілді кірлей алады. Түрлітүрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен сенімді байлық. Мұралардың ең қымбаттысы – сөз. Сөз Күн шалмас қараңғы көңілді шалады, Күн жылытпас суық көңілді жылытады. Сөз құдіреті ақты қара, қараны ақ етуге жетеді. Асыл адам да, асыл нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды». (Ғ. Мұстафин) [9, 14 б.]. Адамзаттың асыл қасиеті – сөз өнерін осылай деп бағалайтын болсақ, сөздің асылы мен жауһарының алтын қазынасы саналатын айтыс ақындарының, жыраулардың шығармашылық жәдігерлері халық үшін таптырмас құнды дүние болмақ. Халық публицистикасының қалыптасу, даму жолдарын тереңнен қаузап, зерттеген ғалым Б.Жақып бұл туралы өз еңбегінде көрсеткен: «Мемлекеттің пайда болуымен бірге қоғамдық өмір де күрделене түсті, түрлі саяси құрылымдар мен кәсіби саясаткерлер орын алды. Дәл осы кезде қоғамдық ақпаратты таратуда қалың бұқараның ішінен өзінің көсемдігімен, ақыл-ой, парасаттылығымен оқшауланып, суырылып шыққан шешендер белсенді рөл атқарды» [6, 8 б.]. Қазақ ауыз әдебиеті тарихын зерделер болсақ, сөз өнерінің тізгінін ұстаған би-шешендер, ақын-жазушылар өздері өмір сүрген қоғамның саяси-әлеуметтік жағдайынан немесе халық мүддесінен тысқары болмаған. Қайта олар сол қоғамның барлық қайшылықтары мен мақсат-мұраттарын өздерінің рухани шығармашылығына арқау еткен. Атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға ауысып фольклор үлгісінде қазіргі заманға жеткен халық шығармашылығының асыл жәдігерлері әр кезеңнің, әр қоғамның болмыс-бітімінен сыр шертіп, бүгінгі ұрпақты белгілі дәрежеде ақпаратпен қамтамасыз етті. Мәселен, «осыдан шамамен ХХХ ғасырдай бұрын Еділдің шығысындағы ұлы Тұран жерінде, мал баққан спитама жұртында, киіз туырлықты көшпелі Порушоспаның отбасында дүниеге келген, адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбар, ақын Заратуштра:

Біз тұлпарлары қанатты,

Мәңгілік жарыққа,

Күнге сиынамыз.

Күн жарық шашқанда,

Күн жылу шашқанда,

Жүз мыңдағандар

Құдіретті сезінеді,

Содан соң Мазданың

Сыйлаған жерінде

Жарық-нұр салтанаты үшін

Бақытын табады әркім

Бақыт сыйлайды әркім» [10, 14 б]. Көне түркі тегін, тарихын, дәстүр-салтын зерттеуші ғалымдар осыдан отыз ғасырдай бұрын өмір сүрген Заратуштра ақынның осы мұралары арқылы, қажетті ақпарат, мәлімет алары сөзсіз. Сондай-ақ Заратуштра заманындағы бағзылық бабалардың діни наным-сенімдері тұрғысынан да біраз сырды аңғаруға болады. Екі мың жылдық дала жырын зерделей отырып, халқымыздың тұрмыстіршілігін, наным-сенімін, қоғамдық болмыс-бітімі мен ой-өрісінің кемелдігін тануға жетерлік мол ақпарат қоры бар екендігіне көз жеткіземіз. Сөз (тіл) қарым-қатынас құралы ғана емес, ол сондай-ақ насихат жыршысы да. Жоғарыда келтірілген Заратуштра ақынның жырынан біз тек ақпарат қана емес, сол заманның идеологиялық, яғни, насихатшылдық бояуын да байқаймыз. Біздің заманымызға дейінгі 760 жылдар шамасында өмір сүрген Қарлұқ Кегменер Үлгеұлынан қалған мұраға зер салып көрелік:

«Шығыстан келген қорқаулар тонауда туған жұртымды,

Құтқарар шара таба алмай, жүрегім менің бұлқынды.

Сүліктей сорып қандарын, өшірді талай түтінді,

Ұмытқалы қашан, бауырым, тамаша менен күлкіні.

Үстінде лыпа, қамбада түйір дәні жоқ,

Сонда да қиын боп тұр-ау толтыру апан-құлқынды.

Ерте ме, кеш пе, сенемін, бізге де бір таң атар,

Көрерме ем сонда тіріліп, «менменсінген шіркінді» [10, 18 б.]. Есте жоқ ескі дәуірден бүгінге жеткен осынау жыр-жәдігер қадым заманның қатыгез тарихынан сыр шертіп, бабалардың зар-мұңынан хабардар етіп тұрған жоқ па? ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда тасқа таңбаланған бабалар аманаты сол дәуірдің тарихи тұрпатын ғана баяндап қоймайды, сондай-ақ бағзылық бабаларымыздың адами болмыс-бітімі, ақыл-ой кемеңгерлігінен де мол мағлұмат береді. Орхон ескерткіштері деп аталатын «Күлтегін», «Тоныкөк» жазбалары бүгінгі ұрпаққа жетіп отырған рухани құндылықтарымыздың асыл жәдігерлері емес пе?! «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, сөз өнерінің өшпейтін құдіретіне тағы да куә болып, риясыз бас иесің. «Дала поэзиясы – қазақи дүниетануды түсінудің, халықтың өзін-өзі тануының қайнар бұлағы. Мұнда дүниенің қазақы ұлттық түсініктегі бейнесі, философиялық және поэтикалық астары қабыса, асқан көркемділікпен кестеленген. Халқымыздың кемел ойы, пәк гуманизмі, асыл мұраты, терең сезімі, ұлт болып ұйысу тарихы, өкініштері мен сүйініштері – бәрі – оның

поэзиясында сайрап жатыр. Қазақ поэзиясы – қазақ халқының рухани эволюцияның шежіресі іспетті» [10, 7 б.]. ХІІ ғасыр өкілі әйгілі Қожа Ахмет Иассауи заманына зер салып көрелік:

«...Ей, мұсылман, тағат қылсаң, танбаған,

Ғазиз жаның – аманаты Алланың.

Харамдықпен, ұқ, жиған мал – жалғанын,

Қарыш атты жылан қылар малыңды.

Дәурішпін деп жұрт алдында дәрпілдеп,

Жүз құбылып зар жүгірер әркімге.

Құдай үшін құлдық ұрмай нарқың не,

Шын дәуріштің тау мен шөп қой мекені...» [10, 49-50 бб]. Қожа Ахмет Иассауи заманы ежелгі қазақ даласында өзін исламның кең қанат жаюымен қарастырылатыны да сол уақыттардан жеткен рухани жәдігерлердің ақпараттық, насихатшылдық сипатынан деп түсінгеніміз ойымызды қуаттай түседі. Кеңестік идеология, коммунистік көзқарас аз ұлттарды бұратана халық деп есептеп, олардың жазу-сызу өнері, ғылым-білімі болмаған, жабайы көшпенділер деп қарауы тәуелсіздік таңы атқанға дейін жалғасты. Шовинистік пиғылдағы, кеудемсоқ Еуропа зиялыларының кейбір «ғалымдары» Шығыс жұртына, оның ішінде Орта Азия халықтарына менсінбеушілікпен қарау әдеті әлі де салқынын сездіруде. Заман түбегейлі өзгеріп, ақ дегенің адал, қызыл дегенің қаныпезер болып жатқан тұста, ұлт тарихын әділдік таразысына қайта тартып таразылайтын ақиқи заман туды. Ел тәуелсіздігі түп-тамырымызға терең үңіліп, оны ақиқат тұрғысынан тануға мүмкіндік беріп отыр. Тегіміздің текті болғанын енді танып, біліп жатырмыз. Білім мен ғылымның адамзат үшін қандай қажет екендігін бабаларымыз ертеден-ақ айтып, насихаттағанын көнеден жеткен рухани жәдігерлеріміз арқылы біліп, байыптай бастадық. «Ахмет Жүйнеки ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген ақын. Өз заманының білімпаз оқымыстысы болғандықтан, ақынды «Әдиб Ахмет» (әдиб – оқымысты, жазушы) деп атаған. Толық аты-жөні – Әдиб Ахмет ибн Махмут Жүйнеки. Жасынан зағиптың мехнатын тартқан. Туып өскен елі – Түркістан қаласының маңындағы Жүйнек деген жер. Ақынның «Ақиқат сыйы» атты кітабы – тәлім-тәрбие, адамгершілік, білім, имандылық туралы ақыл-кеңестер беретін дидактикалық үлгідегі шығарма. Небәрі 466 жол өлеңнен тұрады. Жиырма шақты тақырыпқа бөлінген. Аруз өлең өлшемімен, түркі тілінде жазылған» [10, 51 б.]. «Бақыт жолы білім арқылы білінеді», «Білімсіз надан – құны жоқ бақыр», «Білімді мен білімсіз қашан тең болып еді?», «Білімсіз тірісінде көрде жатқан өлік сияқты» [10, 52 б]. Міне, бұратана, білімсіз, ғылымға ықыласы жоқ деген халықтың өкілі ХІІ ғасырдың өзінде-ақ осылай ой толғап, халықты білім мен ғылымға шақырады, насихаттайды. Екі мың жылдық тарихы бар дала поэзиясының бетін парақтаған сайын, мұндай ақпарат, мағлұматтарға барынша қаныға түсеміз. Бағзы дәуір

адамдарының ой-санасы, адами болмыс-бітімі, әлеуметтік жағдайы, көзқараспайымдарының барлығы сөз өнері арқылы бедерленіп, рухани жәдігер ретінде бүгінгі күнге жетіп отыр. ХХІ ғасырдағы озық ойлы адамзат өркениеті, ғылыми-технологиялық прогрестің барынша жетілген тұсында осыдан жүз мыңдаған жылдар бұрын жер қойнауында қалған затты немесе сүйекті зерттеп, ғылыми байлам жасап, жаңалық ашып жатады. Тіпті сол кездегі жер беті климатын, жан-жануар, тіршілік әлемі туралы нақты зерттеулер жүргізіліп, ғылыми тұжырым жасалынады. Ал ғасырлар керуенін көктей өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырған рухани жәдігерлерге (сөз өнері үлгілеріне) экспонат ретінде немесе өткеннің бедері ретінде немқұрайды қарау саяздықтың белгісі болар еді. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Ә. Қоңыратбаев: «...Қазақ фольклорында мал бағу, бала асырау, қыз ұзату, жаназалау, бақсылық нанымдары, діни әдетғұрыпқа байланысты туған салт өлеңдері көп. Орыстар «бытовые песни» десе, біз оларды «тұрмыс-салт өлеңдері» дейміз. Бұлардың көпшілігі анонимдік түрде туып, халық аузында сақталған. Кейбіреулерінде тотемизм, мифологиялық ойлау, бақсылық ұғымдар мен діни әдет-ғұрыптардың да ізі бар» [11, 32 б.], – дей келе, қазақтың бақташылық жырларының мәні мен мазмұндық ерекшелігіне жан-жақты тоқталады: «Төрт түлік мал жайындағы жырлардың өзі тілек – бата түрінде айтылады.

Шаруаның бір түлік пірі – Шопан

Келтірмей қу, пір ата, қойға топан.

Қойды аңдыған бәленің бәрін құртып,

Бықпырт тиіп, үні өшсін қасқыр апан.
Мал бағу қамынан туған бұл жырлардың енді бірі жыр формасында
айтылған.

Мен бір тілек тілейін,

Ай мүйізді, шоқпақтай,

Шүйделері тоқпақтай,

Тегене құйрық қошқарлы,

Малды берсең қойды бер!

Ұлды берсең бойлы бер,

Ақылы ортақ ойлы бер. Халық жылқының етін, түйенің күшін, сиырдың сүтін дәріптеген... Әрбір түліктің бабы болған. Сиыр қалың нуға, қоры үзілген буға бітем десе, қой қара тасқа, жабағы жеген насқа бітем, жылқы бетегелі белге, найза ұстаған ерге, түйе ащы көп сорға, ел ішінде зорға бітемін деген. Бұл қандай малға қандай қоныс жайлы дегенді білдірмек» [11, 3233 бб]. Біз ауыз әдебиеті үлгілеріндегі тұрмыс-салт өлеңдеріне жататын төрт түлік малға қатысты бақташылық жырлардан бірді-екілі ғана мысал келтіріп отырмыз. Ойымызды осы мысал төңірегінен өрбітер болсақ, тұрмыс-салт жырларының өзі байырғы ата-баба тұрмысынан, халықтың мал шаруашылығы жөніндегі таным-түйсігінен мол ақпарат беретіндігіне көз жеткіземіз. Алдымен «Келтірмей қу, пір ата, қойға топан», – деген сөйлемге назар аударалық. Бұл

жердегі пір сөзі діни-наным сенімді білдіреді. Пірге сиыну ислам дінінде сопылық (суфизм) ағымына жатады. «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», – дейді Жамбыл ақын. Яғни, пірге сыйынып, тілек тілеу сол уақыттың діни көзқарасын айғақтайтын ақпар. Екіншіден, төрт түліктің қандай адамдарға лайық екендігін білдіретін ойлары – халықтың тұрмыс тіршілігіне байланысты айтылған. Әр түліктің адамға әкелетін пайдасы, береке-ырысы турасында меңзейді. Мұның астарында үлкен мән, малмен көзін ашқан халық үшін аса құнды ғибраттың жатқандығы шүбәсіз. Рухани құндылықтар бастауының қайнар көзі – айтыс өлеңдері. «Айтыс – халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдениет дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы, әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартыстың формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының тақырыптары әлденеше тарау болып бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының шындығын біршама дұрыс та, дәл бейнелей алады» [12, 5 б.]. Академик, жазушы С. Мұқановтың бұл пікірі толығымен айтыс өнерінің публицистикалық сипатын айқындап тұр, деп айтуға болады. Зерттеу барысында келтіргеніміздей азаматтық журналистика функцияларын өнер өкілдері оның ішінде, әсіресе, ақын-жыраулар атқарғандығын М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов сияқты жазушы, ғалымдардың пікіріне жүгіне отырып, көз жеткізуге болады. Бұл ойымызды М. Әуезовтың: «Айтыс әр заманда күнделікті тіршілікке төтелей қатысы бар жанр болатын» [12, 12 б.], - деген сөзі қуаттай түседі. Сонымен бағзы дәуірлерден бері халықпен бірге жасасып, қалыптасып, дамып келе жатқан айтыс өнері де әр заманның бедерін, уақыт тынысын айшықтайтын рухани жәдігерлеріміздің ең маңызды саласы болып саналады. Айтыстың даму жолдарын зерттеуші ғалым М. Жармұқамедов өз еңбегінде өнердің осы түрі туралы толғамды пікір білдірген үш зерттеушінің ойын салыстырмалы түрде төмендегіше саралайды: «С. Мұқанов өз зерттеулерінде қазақ айтыстарын: 1. Әдет-ғұрып; 2. Қайымдасу; 3. Жұмбақ айтысы; 4. Дін айтысы; 5. Ақындар айтысы деп топтастырады. Бұл жерде автор жұмбақ айтысы мен дін айтысын жеке түр есебінде ақындар айтысынан бөліп алып, оны тудырушылардың да бір кезде ақындар болғанын, бұл айтыстардың мазмұн-сипаты мен жалпы ақындар айтысының бір түрі екенін ескере бермеген тәрізді. Орта мектепке арналған қазақ әдебиеті оқу құралында Қ. Жұмалиев айтысты: 1. Бәдік айтысы; 2. Жар-жар; 3. Мал мен адамның айтысы;

4. Өлі мен тірінің айтысы; 5. Жұмбақ айтыс; 6. Салт айтысы; а) қыз бен жігіт айтысы;

б) ру айтысы. 7. Осы күнгі айтыстар, – деп жетіге бөледі. Мұнда ақындар айтысы салт айтысына қосылып талданып, өзіндік беті айқын, өзекті сала – ақындар айтысының ара-жігі дараланып ашылмай қалған». [13, 13-14 бб]. С. Мұқанов пен Қ. Жұмалиев пікірлерімен толық келіспеген М. Жармұқамедов: «Қазақ айтыстарын жіктеп топтастырудағы кейбір даулы мәселелер М.О. Әуезов зерттеулерінде ғылыми дұрыс шешімін тапқандығын» [13, 14 б.] айтады. Ол өзінің «Қазақ әдебиеті тарихының» алғашқы кітабы мен соңғы басылуындағы айтысқа байланысты жазған тарауларында айтыс өлеңдерін ірі екі топқа бөліп қарастырған. Олар: 1. Әдет-ғұрып айтысы; 2. Ақындар айтысы. Автор әдет-салт айтысына «Бәдік» пен «Жар-жарды», ал ақындар айтысына рушылдық, жұмбақ, дін айтыстарын жатқызады [13, 14 б.]. Осы жерде пікірлері келтірілген үш зерттеуші де (С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М. Әуезов) оларға өзіндік ғылыми байлам жасаған М.Жармұқамедовтың жазбасында да бір анықтаушы сөз жетпейтін сияқты. Біздің пікірімізше, қазақ айтыстарын топқа емес, түрге бөлген дұрысырақ болар еді. Топтастыру жекелікті біріктіру ұғымына саяды. Ал түрге бөлу, бүтіндіктің реңк – сипатын білдіріп тұрады. Мұны айтып отырғандағы себебіміз – Айтыс өнері біреу. Уақыт, қоғам, дәстүр аталмыш өнерге (немесе рухани құндылыққа) әр түрлі өң сипат, өзгеріс беріп отырған. Халықтық сипатқа ие болған, күй, өлең-жырдың да авторы бар. Тарихта қалған жалғыз шумақ жырдың да авторы бар. Жазу-сызудың болмауы салдарынан көптеген рухани құндылықтар халық еншілігіне айналған. Сондықтан да, айтыс өлеңдерін мазмұндық, пішіндік өзгешеліктеріне орай ғалымдарымыз келтіргендей үш түрге бөліп қарастырғанның еш сөкеттігі жоқ. Мысалы: 1. Әдет-ғұрып, салт айтысы: а) «Аужар», б) «Бәдік», в) «Жар-жар», г) «Мал мен адамның айтысы», д) «Жан-жануар, хайуанаттар айтысы», ж) «Өлі мен тірінің айтысы». 2. Қайымдасу айтысы: а) «Жұмбақ айтыс», б) «Дін айтысы», в) «Қыз бен жігіт айтысы». 3. Әлеуметтік айтыс: а) «ХХ ғасырға дейінгі елдік-әлеуметтік айтыс», б) «Қазіргі кездегі ұлттық сипаттағы айтыс». Айтыс өлеңдерін мазмұн, пішініне қарай осындай үш түрге бөліп қарастырсақ, ештеңеден ұтылмайтын сияқтымыз. Керісінше, ғасырлар бойы қалыптасып, дамып келе жатқан төл өнеріміз – Айтыстың болмыс-бітімі бөлшектенбей, өзінің тұтастығын, тамыры тым тереңде екендігін таныта түсері хақ.

Ендігі мәселе – ауыз әдебиетінің бай мұрасының бір саласы болып саналатын айтыс өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызына тереңірек тоқтала кетсек. Сенім мен үмітті үздірмей, халықты үнемі келер күнге, болашақ заманға жетелеп жігерлендіріп отыратын сөз өнері екендігі табиғи заңдылық. «Тар жол, тайғақ кешудің» небір зобалаң сәттерінде де халқымыз болашағынан күдер үзбеген: «Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса ерге дәулет құралмаған. Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең, Сонда да үміт үзбе бір Алладан,» – деп ел аузында қалған осындай жыр шумақтарынан немесе даналық сөздерден жан дүниесіне қуат алып, еңсесін тіктеген. «Болған іске болаттай берік бол», «Сабыр түбі – сары алтын», «Кештік өмірің болса, түстік мал жина» сияқты мақал-мәтел, қанатты сөздерді өздеріне демеу тұтқан. Сөз құдіреті адамды рухани тұрғыдан ғана қанаттандырып қоймаған, ол сондай-ақ тәнге, яғни, биологиялық болмысқа да әсер ете білген. «Дертке дауа жоқ деме», «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады», «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» сияқты сырқат жанға медеу болар дуалы сөздерді халық даналығынан көптеп кездестіруге болады. «Әр айтылған сөздің бойында өзіндік энергия бар. Қазіргі таңдағы адамзаттың бүкіл әлемді жайлаған жаңалығының мағынасы – адам мүмкіншілігі шексіз, оны тек дамыта алу керек. Яғни, адамның ең басты қаруларының бірі – сөз күші. Сыртқа айтылған әрбір сөз, тіпті әрбір ой айналып келіп өз болмысына ие болады» (А. Кәрібаева «Ана тілі газеті» 2008 ж. №52). Газет бетіне «Сөз сиқыры» айдарымен жарияланған автордың бұл мақаласынан «Жүйелі сөз жүйесін табады, Жүйесіз сөз иесін табады» деген халық даналығының шындығына тағы да көз жеткізе түсеміз. Сөз өнерінің ықпалы халықтық педагогикада үлкен рөл атқарған. Перзенттің дүниеге келуінен, тоқым қағарға дейінгі аралықты қамтитын тәрбиелік-тағылымдық мәні зор ырым-жоралғылардың барлығы сөз құдіреті арқылы іске асып, дәстүрге айналған. Ауыз әдебиетіндегі қиял-ғажайып ертегі, әфсаналардың өзі шындыққа айналып («саққұлақ», «таусоғар», «көлтаусар», «ұшқыш кілем», т.б.), халық медицинасы мен педагогикасын қазіргі ғалымдарымыз мойындап жатқан тұста, бағзы дәуірден жеткен рухани мұраларымызға, оның ішінде сөз өнері түрлеріне неге зейін қоймасқа?! Мысалы, айтыстың «Жар-жар» түрінде келтірілген төмендегі шумақтарға зер салып көрелікші:

«Жігіт:
Қызыл қыршын замандас,

Қызыл қыршын, жар-жар-ау!

Қызыл қыршын ішінен

Қырғи ұшсын, жар-жар-ау!

«Әкем бар» дер арқаға

Медеу қылма, жар-жар-ау!

Алып кетер мал берген

Сен бір құссың, жар-жар-ау!

Қыз:
Түндігімнің төрт бауы

Бас буымды, жар-жар-ау!

Алты жеңгем сұрайды

Шашбауымды, жар-жар-ау!

Алты жеңгем сұраса,

Аласың да, жар-жар-ау!

Айналайын, жан әкем,

Қаласың да, жар-жар-ау!» [14, 18 б.]. Айтыстың «Жар-жар» түріндегі осы мәтіннің толық нұсқасын оқығанда түсінгеніміз қыз бен жігіт сөз қағысуы барысындағы этикалық ұстанымның биік дәрежесі дер едік. Ұлт дәстүріндегі әдептілік пен ізеттілік, сыйласу үлгісі қыз бен жігіт арасындағы айтыс түрлерінде көбіне жақсы сипат береді. Ата-ана, бауырларды, өскен орта, туған жерді қимай, оған өзінің жүрекжарды сүйіспеншілік лебізін білдіруі қазақ қызының биік парасатын танытып тұрған жоқ па?! Осы бір шағын мысалымыздың өзінен ұлттық дәстүрдің озық үлгісін байқаумен қатар, сол кезеңдегі тұрмыс-салттың да кейбір көріністерінен ақпарат алуға болады. «Алып кетер мал берген, сен бір құссың, жар-жар-ау» сөздері сол уақыттағы қыз алу жоралғыларынан хабар берсе, «Түндігімнің төрт бауы Бас бауымды жар-жар-ау! Алты жеңгем сұрайды Шашбауымды, жар-жар-ау!» – деген жыр жолдары дәстүрдің бағзыда болған салттарынан сыр аңдатады. Айтыстың ең көне түріне жататын «Бәдік» айтыстың мазмұны дерліктей халықтың тұрмыс-тіршілігін, ел-жер сипатын, табиғаты, адамдардың зердезейіні, таным-түйсігін боямасыз түрде алдыңызға жайып салады.

«Көшер болсаң, әй бәдік, Меккеге көш,

Кемпір миын мүжіген шекеге көш...

...Көшер болсаң, әй бәдік, Арқаға көш,

Қарағайды қақ жарған жөңкеге көш» [14, 27 б.]. Жырдағы «Мекке» атауына қарағанда айтыстың «Бәдік» түрі қазақ даласында ислам діні орнағаннан кейін де, тіпті бертінге дейін жалғасып, сақталып кеткендігін айғақтайтын сияқты. Әсіресе, тұрмыс-тіршілігі тікелей мал өсірумен шұғылданатын қазақ халқының болмыс-бітімі «Бәдік» жырларында айқын көрініс табады. Сонымен, кезінде В. Бартольд, В.Радлов сияқты әйгілі зерттеушіғалымдардың өздері таң қалып, мойындаған, қазақ тілінің қасиеті жайында біраз мәселенің басы ашылғандай. «Түрік тілдес халықтардың ішінде, тілдерінің ішіндегі ең бай, ең шұрайлы, ең түп-негіздерін сақтаған, ең әдемі, ең бұлбұл тіл – қазақ тілі» [16, 9 б.] , – деп баға берген шетел ғалымдарының пікірі ұлттық сөз өнеріміздің өресін биіктете түседі.

«Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» (Қаз дауысты Қазыбек би) деген қанатты сөздің қадір-қасиетін бағамдай отырып, жоғарыда келтірілген ойтұжырымдар негізінде мынадай қорытындылар жасаймыз: - сөз – адамзат руханиятының басты өлшемі. Жер бетіндегі саналы тіршілік иесі адамның барлық іс-қарекеті, тұрмыс-тіршілігі, өнер-мәдениеті, ілім-білімі, шаруашылығы, саясаты т.б. өмір сүру заңдылықтары тіл (сөз) арқылы жүзеге асып, ғаламзат даму эволюциясының негізгі тетігі ретінде қарастырылады; - халқымыздың ұлттық руханиятын танып-білу тенденциялары оның басты қайнар көзі тілінде (сөзінде) екендігін танытады. Ананың сүті, бесіктің әлдиімен тұла бойына дарыған танымдық қасиеттердің қуаты да жас ұрпақтың санасына сөз арқылы дарып сіңетіндігін ұлтымыздың ғасырлар бойғы бай дәстүрінен анық байқауға болады; - халқымыздың ауыз әдебиеті мұраларын зерделей отырып, бағзы дәуірде өмір сүрген ата-бабаларымыздың таным-түйсігін, тұрмыс-тіршілігін сөз жәдігерлері арқылы танып-білуге мүмкіндік алдық. Мұның өзі сөздің ақпараттық сипатын айқындаумен қатар мол мағлұмат, дерек көзі екендігін танытады. Осыдан отыз ғасырдай бұрын өмір сүрген адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбар, ақын Заратуштра жырлары, біздің заманымызға дейінгі 760 жылдар шамасында дүниеге келген Қарлұқ Кегменер Үлгеұлы мұрасы, ХІІ ғасыр өкілі Қожа Ахмет Иассауи тәмсілдері, ХІІІ ғасырдың басындағы Ахмет Жүгінеки өсиетнамалары өздерінің ақпаратты-танымдылық, насихатшылтағылымдық қасиеттерімен бүгінгі ұрпақтың рухани кәдесіне жарап отыр. «Өмірде ғалымның аты, қаламгердің хаты өлмейді», – деген халық даналығының шынайылығын да осыдан байқауға болады; - ауыз әдебиетінің арналы салаларының бірі – айтыс өлеңдері. Табиғаты өлең-жырға жақын қазақ халқына сөз өнерінің бұл түрі ежелден етене екені белгілі. Қайымдасу сипатында өмірге келген қазақтың тұрмыс-салт жырларының өзі халықтың әдет-ғұрпы мен тіршілігінен мол ақпарат-мағлұмат береді. Әдет-ғұрып, салт айтысы түрлеріне жататын «Аужар», «Бәдік», «Жаржар», «Мал мен адамның айтысы», «Жан-жануар, хайуанаттар айтысы», «Өлі мен тірінің айтысы» сияқты жыр үлгілері сол дәуірдегі адамдардың дүниелік көзқарасы мен таным-түйсіктерінен хабардар етумен қатар, халықтың сол кездегі өмір сүру заңдылықтарынан да мол мағлұмат-дерек береді. Осы айтылған қорытынды ойларды саралай отырып, сөз өнерінің ақпараттық сипатына ғылыми пайымдаулар жасаған зерттеуші ғалым Г. Әлімбектің мына пікіріне жүгінуді жөн санаймыз. «Адамзаттың ғасырлар бойғы жинақтаған білімі мен тәжірибесі, таным-түсінігі оның тілінен көрініс табады. Ұлттың тілі – оның тарихи жады, әрі бүгіні мен болашағы. Халықтың кешегі өткені де, бүгінгі көрген-білгені мен танығанының бәрі де тілінен, сөздік

құрамынан, сөздік қорынан орын алады. Ұлттың тілін білмей, оны терең зерттемей тұрып, оның жанын түсіну, өткеніне бойлап, бүгінгі жай-күйін ұғу мүмкін болмаған болар еді. Тілді халықтың ең қымбат мұрасы, қазыналы сарайы дейтініміз сондықтан. Халықтың тілі оның баға жетпес қымбат руханимәдени мұрасы болатын болса, сол мұраны құрайтын әр сөзге аса құнды жәдігер ретінде қарай білуге тиістіміз. Өйткені сол сөздердің әрқайсысында халықтың қалыптасу, даму кезеңдеріндегі таным-түсінігі, жинақтаған білімі бейнеленген [8, 27 б.]. Ұлт руханияты өткеннен нәр алып, бүгінге пайымдау жасап, болашаққа бағыт алады. Осынау ұлы сабақтастық тіршіліктің күретамыр, алтын арқау желісі іспеттес. Дамудың қандай сатысына көтерілмесін, ешқандай халық, тарихтың тәмсілдерінен тағылым алмай, келешекке көш түземесі анық. Бұл жолда адамзат баласының рухани қуаты тіл (сөз) өнерінің қызметі қашанда шешуші рөл атқаратыны ақиқат. «Егер туған тілім бүгін жойылар болса, мен ертең өлуге даярмын», - деген дағыстандық авар ақыны Расул Ғамзатовтың сөзінде үлкен астар, үлкен ұлылық жатыр. Жер бетін мекендеген қаншама ұлт-ұлыстар болмасын, олар өз тілімен, өз дінімен, салт-дәстүр, мәдениетімен ерекшелентіні белгілі. Солардың ішінде, небір зұлмат қан-қасап замандарды бастан өткеріп, саясат пен отаршылдықтың «ұлы» нәубеттерінің ащы дәмін татып, ХХ ғасырдың соңғы он жылдығына сүйретіліп сүлдесі зорға жеткен туған тіліміздің, Тәуелсіздіктің таңы атқан соң, тамырына қан жүгірді. Ғасырлар қойнауында құм басқан, түріктің текті тарихы дүр сілкініп, әлем өркениетіне өршіл рухымен қайта араласты. Ежелгі Ғұн, Сақ, Оғыз, Көк Түрік дәуірінің дидарғайып суреттері санамызда қайта жаңғырып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай әсерге бөлендік. Ең бастысы – қазақ тілі, сөзі өлмепті. Қадым заманғы рухани қасиетімізді жадымызда қайта жаңғыртқан өлмейтін, өшпейтін Сөз өнері, сөздің рухы екендігіне шүбәсіз иландық!

1.2 Қайымдасу тәсілдерінің қайнар көзі және қалыптасу кезеңдері Ақындар айтысының нақты қай дәуірлерде пайда болып, қалыптаса бастаған уақыты туралы зерттеуші ғалымдарымыздың байламды пікірлері жоқтың қасы. 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Айтыс» кітабының үшінші томында құрастырушылар тарапынан: «Қазақ ауыз әдебиетінің үлкен саласының бірі – айтыс өлеңдерінің де өзіне лайық үлесі, алатын орны, өсу, даму тарихы бар. Әлем әдебиеті тарихына үңілсек, революцияға дейінгі айтыс дәстүрінің әр халықта әр түрлі дәрежеде дамығанын байқаймыз. Көне Шығыс (Үнді, Иран, Араб) елдерінде, Орта Азия халықтарында және ортағасырлық Еуропа (француз, герман, славян) мемлекеттерінде өзіндік айтыс ділмарлық (шешендік) бәсекесі болғаны мәлім. Айтыстың өткендегі эволюциялық ұзақ сүрлеу жолын іздеу, оның даму процесін зерттеу өз алдына үлкен бір мәселе. Ол жөнінде нақтылы пікір айту,

ой түю, топшылау, талдау жасау бір күннің, не бір жылдың жұмысы емес» [13, 3 б.] – деп жазылған пікір күні бүгінге дейін сол проблемалық қуатында тұр. Жазушы С.Мұқановтың өзі де «Айтыстар туралы» мақаласында: «Айтыс қазақтың ескі заманнан келе жатқан ауыз әдебиетінің кең бір саласы. Бірақ ХІХ ғасырдың ар жағындағы айтыстар («Бәдік», «Жар-жар», «Ақбала-Боздақ», т.б.) қазіргі заманға өте аз жеткен және халық фольклорына айналып, шығарушы ақыны ұмытылған айтыстар» [12, 5 б.], – деп қана атап өтеді. Айтыстың даму жолдарын жан-жақты зерттеп, алғашқы жүйелі ғылыми еңбек жазған М. Жармұхамедов пікірі де жоғарыда келтірілген байламдардан алыс кете қоймаған. «Арғы тегі тым әрідегі көне дәуірде туып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында айтыстың «Біржан-Сара» секілді классикалық үлгісіне келіп ұласқан бұл жанр бірден қалыптаса қойған жоқ, ол ұзақ ғасырлар бойы даму процестерінің өзіне тән сан қилы кезең жолдарын басынан өткізе отырып шыңдалды, бірте-бірте кемелденіп өзінің шырқау биігіне жетті. Бұл жәйт бір ғана айтыс емес, әдебиеттің өзге жанрларына да қатысты ортақ заңдылық» – дей келіп, бұл мәселе туралы пікірін былайша түйіндейді: «Ақындар айтысының алғашқы бұлақ – бастауы сонау тұрмыс-салт жырларынан, яғни халық поэзиясының шағын түрлерінен басталады. Екіұдай болып хормен орындалатын үйлену-салт өлеңдері («Жар-жар») мен ескі діни нанымұғымдарға байланысты туған дәстүрлі жырлар («Бәдік») немесе Наурыз мерекесіне сәйкес бата-тілек үлгісіндегі кезектесіп айтылатын өлең-жырлар, сөз жоқ, айтыс жанрының бастапқы негізін қалаған»[15, 19 б.]. Зерттеушілердің осы пікірлерін негізге ала отырып, қайымдасу тәсілдерінің алғашқы нышандарына төмендегіше болжамдар жасауға болады. Айтыстың көне түріне жататын «Бәдік», «Жар-жар», «Тұрмыс-салт жырларының» мазмұнына зер сала отырып, қайымдасудың пайда болуын шамамен ІХ-Х ғасырлар кезеңімен, яғни, қазақ жеріне ислам дінінің қанат жаю дәуірімен тұстас алып қараған дұрыс сияқты. Өйткені, көне айтыс түрлерінде кездесетін түркі халқының исламға дейінгі наным-сенімдері осындай ойға итермелейді. Айтыстың ежелгі сөз қағысу үлгілерінде кездесетін «Көш, көш», «Алас, алас» сөздері түркілік наным-сенімнің исламға дейінгі сипатын танытса, «Бәдік» жырларында кездесетін «Мекке» «Алла Тағала», «Құдай» сөз атаулары ислами түсініктердің халық санасында берік орныға бастағанын дәлелдейді. Қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарының көріністері жар-жар үлгісіндегі жігіт пен қыз айтысында барынша айшықты көрініс табады. «Жігіт: Ұзатылу, той қылып, Үлкен қызық, жар-жар-ау! Кетемін деп үйінен, Ой қылған қыз, жар-жар-ау! Қыз: Бұрынғының дәстүрі, Болғаннан соң, жар-жар-ау! Елден аулақ жапанға Қашайын ба, жар-жар-ау!» [12, 20 б.]. Айтыстың «Жар-жар» үлгісінде халықтың тағылымдық-тәрбиелік мәні зор, терең философиялық таным-түйсігі шоғырланған. Мұндағы ата-баба салты мен

дәстүр-ғұрып үлгілерінің сыртында, отбасының береке-ынтымағы, ата-ананың балаға деген мейірім шуағы немесе перзенттің туған ел, өскен жерге, бауырға деген ұлы сезімі ерекше көрініс тапқан. Әсіресе, ұзатылып бара жатқан қыздың: «Жаздыгүні ақша қар,

Жұмақ қайда, жар-жар-ау!

Құлын-тайдай айқасқан

Оң жақ қайда, жар-жар-ау!

Қанша жақсы болса да

Қайын атам жар-жар-ау!

Айналайын әкемдей

Болмақ қайда, жар-жар-ау!» [12, 19 б.], – деп егіле толғануы қазақ отбасының қандай берекелі ынтымақта болғандығын, перзенттің ата-ана мейіріміне деген үлкен құрметін байқатады. Бағзылық бабалар салған ұлы мәдениеттің жұрнақтары «мың өліп, мың тірілген» қазақ дәстүрінде әлі де кездеседі. Дала дәстүрінің озық үлгісіне жататын «Жар-жар» өлеңі бүгінде жалқұйрығы күзеліп «жаңаша» сипатта айтылады. Халықтың асыл дәстүрлерін тәрк еткен тоталитарлық кеңес дәуірі, одан кейінгі анайы еуропа мәдениеті бүгінгі ұрпақтың санасын әбден улады. Қазақ тарихын, фольклорын қанша ақтарсаң да, одан «қарттар үйі», «тастанды балалар», «көкек аналар», «жезөкше», «нашақор» деген аты жаман сөз атауларын кездестірмейміз. Өйткені қазақ халқының далалық мәдениетінде, терең даналық ойлар тұнып тұр. Біз сөз етіп отырған айтыс жырларының алғашқы үлгілері болсын, аңызәңгіме, ертегі-әфсана, махаббат дастаны мен батырлар жыры болсын, барлығының бойында тағылымдық-тәрбиелік мәні зор рухани қасиет қуаты жатыр. Алғашқы қайымдасу айтыстың көне түріне жататын өлі мен тірінің, адам мен мал, аң немесе зат арасындағы сөз қағысуларында өзіндік ерекшеліктері мол. Бұл туралы «Айтыстың даму жолдары» атты ғылыми еңбегінде М.Жармұхамедов ұтымды ой-пікірлерін сәтті келтірген. «Ақбала мен Боздақ», «Аймаңдай мен Бабас» айтыстары халқымыздың бағзы замандағы тұрмыс күйі мен салт-сана, әдет-ғұрпын бейнелеуі тұрғысынан да құнды. Кейінірек қосылған қайсыбір жамау-қосымшаларды есепке алмасақ, бұларда негізінен сол көне дәуірдің әдет-ғұрып, тұрмыс-салты өзгеріссіз алынып, қаз-қалпында көрініс тауып отырады» [15, 32 б.]. Кейінгі кездерде бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жүрген ғылыми-ақпарат деректеріне сүйенсек, домбыра аспабының пайда болғанына 6000 жыл толыпты. Әрине, бұл ғылыми пайымдаудың қаншалықты ақиқат екендігін уақыт нақтылай жатар. Дегенмен де, ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда өмір сүрген Қорқыт ата тұсында қыл қобыздың болғаны ақиқат. «Қорқыт айтқан нақыл сөздер қазақ мақал-мәтелдерінде, жекелеген жырларының тіркестері кейінгі қазақ жырауларының толғауларында сол қалпында сақталған. Сондай-ақ көптеген оқиғалар, айтылатын кейіпкерлері қазақ жыр ертегілерінде кездеседі. Қорқыт ата халқымыздың жыраулық, бақсылық, күй өнерінің атасы болып есептеледі» [10, 34 б.].

Бұл деректерді келтірудегі себебіміз жыр айту, сөзді әуенді етіп айту қай халықта болмасын саз аспаптарымен сүйемелденіп айтылған. Егер біздің бүгінгі домбыра, қобыз, жетіген, сырнай, сыбызғы сияқты саз аспаптарымыз қай дәуірде дүниеге келсе, ән-күй, айтыс сияқты төл өнер түрлерінің де өмірге келіп, өркен жайған кезеңін ойша шамалауға болатын сияқты. Ақындар айтысында негізінен домбыра аспабы қолданылған. Сондай-ақ қобыз сүйемелдеуімен айтысқан немесе толғау-жыр айтқан ақындарды да («Кетбұғы», «Қодан», бертініректе Жанақ, Түбек) тарихтан кездестіруге болады. Қайымдасу тәсілдерінің алғашқы нышандары «Бәдік», «Жар-жар», «Хайуанаттар айтысы», «Өлі мен тірі», «Адам мен жануар» сияқты танымдық айтыстарда көрініс таба отырып, «Қыз бен жігіт айтысы», «Дін айтысы», «Жұмбақ айтыс» сияқты әлеуметтік-философиялық мәні бар түрлеріне ұласқан. Айтыстың даму жолын зерттеуші М. Жармұхамедовтың «Қазақ еліндегі айтыс жеке адамдарға тән өнер түрі болуымен қатар, ол ең алғашқы туыс-бітімінде көптік жанр. Айтыстың әуелден кең өркендеп дамуына әр кез бүкіл халық болып ат салысып келген» [15, 296 б.], – деген пікірімен де келісуге болады. Мәселен, айтыстың «Жар-жар» түрінің бүгінгі дәуірімізге жеткен жұрнағының өзі қазіргі үйлену тойларында (көпшілік хор түрінде) айтылып жүр. 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Айтыс» жинағының І томында қайымдасулардың бірнеше түрін жүйелеп-топтастырып берген. Ондағы «Жігіт пен қыз» айтысының төрт нұсқасы да сөз қағысу өнерінің озық үлгісін танытады. Қазіргі кезде айтыс жырлары мен жазба поэзияның көркемдік дәрежесі деңгейлесіп, тіпті кей тұстарда айтыстың проблемалық қуаты, шындықты ашық, ашына айту үрдістері алдыңғы орынға шығып кеткендей әсер береді. Дей тұрғанмен, жазба поэзиясының аты – жазба поэзия. Қандай дәрежеге жетпесін, айтыс өлеңдері өзіне тән табиғилығын жоғалтпауы керек. Мың ойланып, мың толғанып, ақ қағаз бетіне түскен маржан жырлармен, сахнада қолма-қол «аттың жалы, түйенің қомында» туатын айтыс өлеңдерін бәсекелестірудің қажеті жоқ. Айтыс өнері – қазақтың табиғатында, қанында бар өнер. М. Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты кітабында: «Ертеде жазу өнері болмаған кезде қазақ халқының жасаған ауыз әдебиетінің негізгі бір саласы – айтыс өлеңдері» [17, 296 – 297 бб] , – деп пікір білдіреді. Бұл пікірді айту барысында зерттеуші, С. Мұқанов, М. Әуезов, Е. Ысмайлов, Қ.Жұмалиев, С.Нұртазин ойларына жүгіне отырып, төмендегіше тұжырымдар жасайды: «Демек, қазақтың айтыс өлеңдері халықтың қоғамдық өміріне, тұрмыс тіршілігіне байланысты және жазу өнері болмаған кезінде туып, қалыптасқан. Оны тудырғандар да, дамытқандар да ақындар болған. Бұл жағдай тек қазақта ғана емес, ол қазақпен ағайындас және бір кезде тұрмыстіршілігі, шаруашылығы, қоғамдық өмірі ұқсас келетін қырғыз, түрікпен, қарақалпақ т.б. халықтарда да «айтыс» болған» [17, 296-297 бб]. Ғалымдардың осы пікірін негізге ала отырып, айтыс өнерінің кешегі һәм бүгінгі болмысына мынадай байламдар жасауға болады: Біріншіден, Айтыс өлеңдері көнеден келе жатқан ауыз әдебиеті саласының үлкен, негізгі

үлгілерінің бірі. Оның өзіндік пішіні, табиғаты, көркемдік ерекшеліктері бар. Екіншіден, айтыс өнерінің ғұмыры белгілі бір уақыт кеңістігімен өлшенбейді. Оның пайда болып, қалыптасуы табиғи заңдылық болса, өсіпөркендеп, дамуы да солай жалғаса береді. Яғни, ғылыми-техникалық прогресс заманында өмір сүріп, жазба әдебиетіміз бен поэзиямыз кемеліне келіп, әлем өркениетімен иық тірестіре алатын дәрежеге жетсек те, айтыс өнері өз миссиясын тоқтатпақ емес. Оған себеп – жоғарыда келтірілген «Айтыс өнері – қазақтың табиғатында, қанында бар өнер» екендігі. Қайымдасудың алғашқы нұсқаларын оқып отырып, көне айтыстың өзіндік реңкі мен боямасыз табиғи тазалығына куә боламыз. Әр шумақтың алғашқы жолы әсірелеп айтсақ «ой тұлпарға» мінгізетін үзеңгі іспеттес. «Қыз: Мұрақ деймін, жан сәулем, мұрақ деймін,

Жарасар көрпелерге құрақ деймін.

Осындай бірме-бірге кез келгенде,

Айта гөр өлеңіңді шырақ деймін.

Жігіт: Сырлы қасық, ендеше, сырлы қасық,
Қапияда сындырдым сабын басып.
Екеуміз ойнап-күлсек жарасады,

Төстен қашқан түлкідей бір-бір басып» [12, 44 б.]. Қазіргі айтыстарда бұл тәсілдер қолданылмайды. Тіпті айтыстың «алтын ғасыры» аталған ХІХ ғасыр ақындарының жыр сайыстарында жыр бастаудың бұл үлгілерін кездестірмейміз. Айтар ойымызды аша түсу үшін мына бір жайтты тілге тиек еткенді жөн көрдік. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары айтыс өнерінің дәуірлеп тұрған тұсы еді. Алматыдағы Республика сарайында кезекті жыр сайысы өтіп жатқан. Жезқазғандық ақын бір кезегін: «Дегенде ала шәпке, ала шәпке, Болмасын ағайынның арасы өкпе. Осынау менің айтқан сауалыма, Оңтайлы жауап берші нағашы әпке» – деп бастай беріп еді, жұрт ду етіп, ақын сөзін күлкі көміп кетті. Көрермен неге күлді?! Әрине, ақынның «нағашы әпке» сөзін айту үшін өлеңін «Дегенде ала шәпке, ала шәпке» деп бастағаны жұртқа әрі таңсық, әрі күлкілі еді. Көкірегі ояу, көзі ашық, оқыған-тоқығаны мол қазіргі зиялы қауым сөз құдіретін сол жырлап отырған ақындардан артық бағаламаса, кем бағаламайды. Сондықтан да, қазіргі айтысқа қойылар талап пен талғамның әрқашан да биік болуын уақыт тудырып отырған үрдіс деп бағалаған жөн. «Сонау ерте кезеңдердегі көркем сөз тіркестері, мақалды, мәтелді сөз өрнегі, ру таңбалары, жазу-сызулар, сөздіктерде ұшырасатын өлеңдер, аңыздар халқымыздың бейнелі ойға, шешендік өнерге көне заманда-ақ шебер болғанын көрсетеді. Көркем ойдың бірнеше түрі жиылып, әдебиет деген ұғымды қалыптастырады. Халық санасы өсіп, ойы тереңдеген сайын әдебиет те толысып, жетіле түседі. Қашанда әдебиет өмірмен тығыз байланыста туады, халық тіршілігіне сай өсіп-өркендейді, сонымен бірге, әдебиет ел тұрмысын

бейнелейді, адам жанын тәрбиелейді, халықты ілгері жетелейді. Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнелі көрінісі. Әдебиет тарихы халық тарихының ізімен жасалатын болғандықтан, қазақ әдебиетінің тарихы да қазақ халқы тарихының арнасында жасалғаны даусыз» [18, 4 б.]. Ғалымдардың осы пікіріне жүгіне отырып ауыз әдебиетінің інжу-маржаны саналатын айтыс жырларының алғашқы нышандарына ғылыми тұрғыдан баға беріп, бағамдау – бүгінгі уақыт талабы. Айтыстың әлеуметтік мәнін ашып, қоғамдық маңызы мен халықтық мұрат-мақсатын айқындау зерттеудің негізгі ұстанымы болғандықтан, аталмыш өнердің алғашқы бастауларына, жалпы сөз өнері төркініне тереңірек үңілуіміз сондықтан. 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Айтыс» кітабының бірінші томында «Қайымдасулар» топтамасымен елу алты айтыс жарияланған. «Жігіт пен қыз», «Жайсаң қыз бен Омар» айтыстары өздерінің сөз саптас, ой тастау ерекшеліктеріне қарағанда әріден қалған мұра екендігін танытса, «Айдос пен Қарашаштан» былайғы айтыстардың дені ХҮІІІ–ХІХ ғасырларда дүниеге келгендігін аңғартады. Айтыстағы тіл ерекшелігі жер-су, адам аттары, оқиға мәні немесе жыр мазмұны еш қиындықсыз-ақ ақындардың өмір сүрген уақытын, қоғамдық ортасын тануға жақсы мүмкіндіктер береді. Яғни, ақпаратпен қамтамасыз етеді. Тіпті, әзіл-қалжыңға құрылған «Жігіт пен қыз» айтыстарының өзінен сол заманның үнін, зерде-зейін, көзқарасын, әдет-ғұрып салттарының сипатын анықтауға болады. Мысалы, Қыз Болық пен Әзілкеш айтысында жер-су, елді-мекен атаулары мен сол елдің белгілі адамдары туралы, олардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары туралы біраз деректерді кездестіреміз:

«Әзілкеш: Ащыкөл, Ащыөзендей сайың бар ма,

Желіде жетпіс шұбар тайың бар ма?

Жетпіс інген, сексен мая боталатқан

Еліңде Әбекемдей байың бар ма?

Сұрасаң байдың атын Баймырза бай,

Ділда артқан жеті атанға Құнба, Шоқай.

Елімде есепсіз бай толып жатыр

Қоздатқан қырық мың саулық Қосаса бай [12, 65 б.]. Осындағы Арқа өлкесіндегі «Ащыкөл», «Ащыөзен» елді мекендері мен Баймырза, Құнба, Шоқай есімдері барлығы да тарихта болған жер атаулары мен сол кезде өмір сүрген адамдар есімі. Әсірелеп айтса да, сол кездегі ел тұрмысының бақуаттылығы, яғни, шаруашылығы, сондай-ақ діни көзқарасы бәрі осы төрт шумақта жақсы сипатталған. «Ақ самауыр», «Мың сом» сөз атаулары қазақ елінің орыс жұртымен саяси-экономикалық тұрғыдан араласа бастағанынан хабардар етеді. Кейбір қайымдасуларда оқиғаларды тәптіштеп, баяндау тәсілдері де кездеседі. Мәселен, «Мұрат пен Тыныштықтың» айтысында: Мұрат: «...Аттандық жексенбі күн Бозащыдан,

Жөнеліп сол ауылдың қорасынан.

Бытырап халық ішіне тозып қондық,

Жігіттің бірікпеген оғашынан.

Бір талап жөнелерде ойлап кеттік,

«Ауылына Қырықбайдың барайық» деп

Уағда қағаз жазып, байлап кеттік

Жиылып кешке қондық Жылқыбайға» [12, 94-95 бб]. Мұнан әрі ертелеп шығып, Құша деген кісінің үйінде шай ішіп түстенгендігін, Ақпанның сүт кенжесі Сәтбай байға соғып, бесінде тағашыдан өтіп, Көпеннің жалғыз Кірен арасынан бұрылып, Баймағамбеттен жөн сұрап, ақшам уақытында Төлептің қылыш кескен арасына жетіп, жолай Байбарақтың ауылына қонаға келеді. Ертесінде ауылда Шүрен деген ағасының үйінде түстенгенін, шай мен етке қарық болғанын жырлайды. Содан не керек, әр үйінен сегіз жүз қой өретін бай ауыл Тоқтамыстың қауымына жеткендігін сөз қылады. Мініп келген аттарының бірі семіз болғандықтан жолдағы жүрісті көтере алмай зорығып өлгенін айтады. Ол ауылда елудегі кемпірмен айтыс деп Шеркештер қорлады дейді. Осы оқиғаның бәрі Мұрат айтысының алғашқы кезегінде сөз болады. ХІХ ғасырда ауызша қайымдасу түрі демесеңіз, Мұраттың осы жырлары сол кездегі қазақ тұрмысын бейнелейтін нағыз дала репортажы емес пе?! Дерек пен дәйекке құрылған мұндай мысалдарды айтыс жырларынан молынан ұшыратуға болады. Айтыстың қайымдасу түрі көнеден бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бұл туралы М. Әуезов: «Түре айтысты – атақты ақындармен қатар, айтыс өнеріне жаңа машықтанып жүрген көпшілік те қолданады. Бұл бір-бір ауыздан қайтарылып отыратын, шапшаң жауаптасу үлгісі. Осы түр жас желеңді ойын-сауықты айтысқа төселдендіреді. Түре айтыстың бір ауыз өлеңі екі үлгіге бөлінеді. Оның біріншісі – бастауыш түрі, ең оңайы қайым өлең, екінші үлгісі – қара өлең. Қайым өлеңмен айтысуды кейде халық толық айтыс деп атамай, «қайымдасу» деп те атаған»[19, 289 б.]. «Ең оңайы – қайым өлең» – дегенмен қайымдасудың өзіндік ерекшеліктері, ақынның тапқырлығын қажет ететін тұстары мол. Бұл көрініс әсіресе, 1980 жылдардан бастап, ақын Жүрсін Ерманның ұйымдастыруымен қолға алынған теледидарлық айтыстарда жаңаша сипат алды. Қарсылас ақынын мүдірту үшін ұйқастың қиын, күрделі түрлерін қолдану, қайым айтыстың жауапкершілігін тереңдете түсті. Ертеректе қайым түрлері сөз қағыстырудың мағыналық мәнін жоғалтпау үшін қолданылып, ақындар бір-бірінің жырларын жымдастыра өріп отырған.

«Ұлбике:
Сенімен жау болмағам, елдескенмін,

Бір-екі ауыз сөзбенен теңдескенмін.

Не малдан, не бір бастан кем болар деп,

Тәңірге қашан, қожа, сөйлескенсің?

Күдері қожа: Сенімен жау болмағам, елдескенмін,

Бір-екі ауыз сөзбенен теңдескенмін.

Бір табан сенен гөрі жолым үлкен

Бабаңа Әзірет әлі сөйлескенмін» [12, 78 б.].

Ал, кеңес дәуірінің соңы, Тәуелсіздік жылдарындағы ақындар айтысында «Қайымдасу», дәлірек айтсақ, қайым айтыс – айтыс түрлерінің ішіндегі күрделісі һәм халық асыға күтетін қызықты түріне айналды. Қадым замандардан бастау алған сөз қағысу үлгісі уақыт өте келе өзінің көркемдік дәрежесін арттырумен қатар кемел ой, көсем сөздерімен де көріктене түсті. Тұрмыс-салт өлеңдерінде кездесетін «Жар-жар», «Аужар», «Бәдік» сияқты ұжымдық (коллективтік) жыр үлгілерінің негізінде өмірге келген қайымдасу тәсілдерінің жеке адамдар арасында көрініс таба бастауы аталмыш өнердің алғашқы нышандары ретінде қарастырылады. Қоғамдық даму мен адамдардың саналық деңгейінің өсіп-жетілуі өмірлік көзқарасқа қалай әсер етсе, ұлттың рухани құндылықтарына белгілі дәрежеде бедер түсіріп отырған. Жазушы, академик С. Мұқанов айтыстың қайымдасу түріне мынадай анықтама береді: «Қайымдасу. Айтыстың бұл түрі – қыз бен бозбаланың өлеңмен әзілдесуі. Бұл түрлі айтыста көбіне бұрын ел аузында айтылып жүрген өлеңдерден құралып, айтыс үстінде, тақырыбына қарай кейбір шумақтары иә жолдары жаңадан шығарылып, өзгеріп отырады» [12, 11 б.]. Осы тұжырым қайымдасудың алғашқы ұжымдық айтыс («Жар-жар», «Аужар», «Бәдік») сияқты түрлерінің соңын ала шыққандығын дәлелдейді. Себебі, қайымдасу өзінен бұрын қалыптасқан жыр үлгілері негізінде құралып отырған. Мәселен, қыз бен жігіт айтысының үшінші түріне жататын мына жыр шумақтары қайымдасу табиғатын тануға жақсы мүмкіндіктер береді. Жігіт: «Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,

Той болса, түзетесің кәмшат бөркің.

Бұлаңдап ұжымақтың хор қызындай,

Бітпеген еш пендеге сенің көркің.

Қыз: «Атымды шешем сүйіп қойған Еркін, Той болса түзетемін кәмшат бөркім. Сипатымды келе сала баяндадың, Есіңді аудырды ма менің көркім?» [12, 48 б.]. Осы сөз қағысу үлгісіндегі жігіт пен қыздың алғашқы екі жолы айтыс соңына дейін қайталанып отырады. Айтыс өлеңдерінің бір-бірімен қабысып, сабақтасып отыруы жыр түрінің қайымдасуы болып аталуына негіз болған сияқты. Әрине, айтыс атауларының шығу төркіні бөлек әңгіме. Біздің негізгі мақсатымыз айтыстың бұл түрі де өзінің мағыналық сипатымен халық дәстүрі мен танымынан мағлұмат беріп тұратындығы. Ең алдымен қайымдасу жыр үлгілерінің тілдік ерекшелігіне тоқталсақ. Себебі, «Адамның таным процесіндегі көрген-білгенінің, көңілге түйгенінің бәрі оның тілінен көрініс тауып, сөз мағынасынан орын алмай қоймайды. Әр халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, өсіп-өнген мекені мен айналысқан ата кәсібіне байланысты өзіндік ұлттық дүниетанымы қалыптасатыны белгілі. Ұлт тіліндегі сөздердің мағынасында сол ұлттың өзіндік таным-түйсігіне, халықтың этно-мәдени ерекшелігіне сәйкес айрықша ақпараттар болады» [8, 49 б.]. Мысалы, қайым айтыстарында кездесетін «Тақияма таққаным тал-тал моншақ» [12, 47 б.], «Бір

базары Ташкеннің алма базар» [12, 48 б.], «Сұрасаң руымды Алшын еді» [12, 50 б.], “Жайлауы еліңіздің Елен тағы» [12, 51 б.] сөз тіркестері халықтың киім үлгісі, саудасы, руы, мекені сияқты түрлі жағдайларынан мағлұмат береді. Ауыз әдебиетіндегі «қағысу», «қайымдасу» жыр үлгілері айтыс өнерінің қалыптасып, кемелденуіне мол ықпал етті. Сөз сайысы сипатындағы жырлардың шығу тегі, дамып, жетілуіне поэтикалық өлшем жасар болсақ, мынадай жағдайға қол жеткізуге болады. Ең алдымен кез келген өнердің өмірге толыққанды күйде келмесі анық. Оның алғашқы элементтері там-тұмдап көрініс беріп, адамдардың ой-сана, тәжірибесінің нәтижесінде түрлі өзгерістерге өрлеп, жетіліп, толығып отыратыны заңдылық. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысына дейін аталмыш өнердің үлкен даму, қалыптасу кезеңдерді бастан өткергені аян. Ал, біз сөз етіп отырған қайымдасудың өзі алғашқы топтық (ұжымдық) өлең үлгілері «Аужар», «Жар-жар», «Бәдік» сияқты жыр түрлерінен бастау алып, дамығандығын мәтіндік нұсқаларды талдай отырып, анық байқаймыз. Қайымдасудың алғашқы нұсқаларының мазмұндық ерекшелігін бағамдау барысында көз жеткізгеніміз онда келелі елдік мәселелер көп көрінбесе де, сол уақыттағы заман тынысын жақсы аңғаруға болады. Алғашқы қайымдасу үлгілері сол ортаның думаны, көңіл көтерер сауығы сипатында болса, ХХ ғасырдың сексенінші жылдарында айтыстың бұл түріне басқаша талаптар қойылды. Қазіргі айтыстарда қайымдасу – айтыс ақындарынан үлкен шеберлік пен тапқырлықты һәм суырыпсалмалық деңгейінің аса икемділігін қажет ететін күрделі түріне айналды. Қайымдасудың ежелгі түрлері алғашқы екі жолды қиналыссыз қайталап, қарсылас ақынның сауалына орай жауап қайтарып отырумен шектелсе, қазіргі қайымдасуда айтыскерлер ұйқастың күрделі түрлерін таңдап, қарсыласын табан асты мүдіртудің амалын іздейді. Сондай-ақ, қазіргі қайым айтыстарында белгілі проблема қозғалып, оның әлеуметтік, қоғамдық маңызы сарапқа салынады. Қайым айтыстың басты шарттарының бірі – жауаптасу жыр жолдары бір шумақтан аспауы керек. Әрі екі ақын да бірбірінің ұйқасы негізінде өлең өрбіте отырып, қозғалып отырған мәселе ауанынан ауытқымауы шарт. Міне, қайым айтысына қойылар осындай талапміндеттер ақындарға зор шеберлік міндеттейді. Көп жағдайда тыңдаушыкөрерменнің қайым айтыстарын қызыға, тамашалау себептері де осы ерекшеліктерден туындайды. Қайымдасудың көне түріне жататын Өлі мен Тірінің (Ақбала мен Боздақ) айтысы өзінің көркемдік деңгейі һәм философиялық ой-толғамдарымен ерекшеленеді. Айтыста бір-біріне қосыла алмаған екі жастың өкінішке толы арман-тілегі сөз қағысу үлгісінде өте әсерлі берілген. Әрине, бұл айтыс нұсқасының да авторы болғаны мәлім. Өлі мен Тірінің, Тіршілік пен Жалғанның, Жақсылық пен Жамандықтың, Үміт пен Өкініштің өмірде үнемі сабақтасып жататындығы белгілі. Жыр нұсқасын шығарған белгісіз автордың да айтпақ ойы, діттеген мақсаты осыған саяды. Ақбала мен Боздақтың айтысы да өз уақытының таным-түйсігі мен сол заман адамдарының әрекет-қылығы, мінездерінен мол мағлұмат береді. Жырдағы жекелеген сөздік атаулар

халықтың тұрмыс-тіршілігінің, шаруашылығының, әдет-ғұрпының қандай болғандығын баяндайды. «Саламын қоржыныма тарымды ақтап» [12, 33 б.], «Жайлауы еліміздің құм еді ғой, Базарға қой айдаса пұл еді ғой» [12, 33 б.], «Аллаға төрт періште тілхат екен» [12, 36 б.], «Шаныштым қарқарамды биік қылып» [12, 36 б.] сияқты жыр жолдары сол уақыттағы халықтың елді мекені мен сауда-саттығы, діні, киім үлгілері жайынан деректер береді. Әрине, ең бастысы сөз өнерінің асыл қазынасы жыр үлгісінде жеткен осындай рухани мұралардың тағылымдық-тәрбиелік мәнінің тереңдігі дер едік. Айтыстың сөз қағысу үлгілері көп жағдайда «Қайымдасу», «Түре», «Қыз бен жігіт» сияқты түрлеріне телініп жүреді. Ең алдымен айтарымыз, «Сөз қағысу» үлгісіндегі айтыстар арнайы ұйымдастырылып, жоспарланбай кездейсоқ, аяқасты жағдайларда туындап отырған. Мәселен, сапарлап келе жатқан жігіттің жолдағы ауылдарға ат шалдыру, түстену сәттерінде немесе бұлақ басы, ошақ қасы сияқты күнделікті тіршілік қарекеттері барысында ойламаған жерлерде «Қыз бен жігіт», «Қайын мен жеңге», «Шал мен қыз», «Кемпір мен жігіт» немесе белгілі өнерпаздардың зәуде жолығып қалу барысында туындаған шумақтар ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі кездеседі. Бұл сөз қағысулар бір шумақ көлеміндегі жауаптасудан, кей жағдайларда үш-төрт кезектен немесе кәдімгі үлкен айтыстарға ұласып отырған. Жыр үлгісіндегі сөз қағысулар көбіне ескілікті ел әңгімелерінде жиі айтылады. Мұның себебі, сөз қағысу айтысы бүгінгі күнге жалаң жыр үлгісінде емес, оның қалай, не себептен туындағанын баяндау сипатында жетіп отыр. Мәселен, Шал ақын мен қыздың сөз қағысуы былайша баяндалады: «Шал ақын жолаушылап жүріп бір байдың үйіне қоныпты. Бай арық бір тоқтысын сойып, қонақ алдына қойса керек. Сонда Шал: Жануар, арықтықтан өлгенбісің, Иеңнің мінгеніне көнгенбісің. Етіңіз ата малға ұқсамайды, Не аза, не киіттен келгенбісің? – депті. Бұған байдың бойжеткен қызы:

Малдың арық болғанын көдеден көр,

Арық десең етімді өзіме бер. Құлекеңнің баласы Шал да болсаң, Ақы-пұлың шыққан жоқ, қаужаңдай бер, – дейді» [12, 255 б. ]. Осы тақылеттес сөз қағысу түрлерін ауыз әдебиеті үлгілерінен мол ұшыратуға болады. Айтыстың бұл түрі халқымыздың өлең-жырға бейім ақындық табиғатын айқындаумен қатар, шешендік сөзге тапқыр шеберліктерін де танытады. Ал ақпараттық, деректілік тұрғысынан келер болсақ, қағысу айтыстары өзінің мазмұндық сипаты мен елдің тұрмыс-тіршілігін, салт-сана, әдет-ғұрпын насихаттауымен ерекшеленеді. Жоғарыда Шал ақынның «не аза, не киіттен келгенбісің» сөзі сол кездегі халық ғұрпының кейбір тұстарынан хабардар етеді. Азаға мал атау, қыз жиһазымен мал қосып беру салты, қазақ ғұрпында қазірде де кездеседі. «Қайымдасу», «Сөз қағысу» үлгілері айтыс өнерінің қалыптасып, дамуына үлкен ықпал еткен шеберлік мектебі десе де болғандай. Айтыстың бұл түрлері шеберлік пен тапқырлықты, шешендік пен парасаттылықты пайымдата отырып,

өзінің әлеуметтік-шығармашылық мәні арқылы кейінгі ұрпақты өнегелі тәрбиеге, тағылымға баулиды. Бұл туралы айтыс өнерін зерттеуші ғалым М. Жармұхамедов былай деп жазады: «Қайымдасу айтыстары кейінгі келелі де көркем ақындар айтысына дейін жетіліп, толысудың әр алуан кезеңбелестерінен өтіп, әлеуметтік мазмұны мен көркемдік сипаттары жағынан әр кез кемелденіп отырды. Бұған сол тұстағы айтыста танылған майталман ақындардың қосқан үлесі де аз болған жоқ. Бұл ақындар ұзын сүре айтыстармен қатар, ел ішіндегі әрқилы қайымдасулар мен қағысуларға да қатысып келген, сол себепті бұлардың көркемдік сапасы да өзгелерден дараланып отырады. Айтыстағы алғырлық пен тапқырлықты ұштап жетілдіру әрі ұзақ, әрі күрделі процесс» [12, 13 б.]. Қайымдасудың қайнар көзі халық шығармашылығының алғашқы түрлерінен бастау ала отырып, уақыт кеңістігінде шыңдалып, үлкен арналы айтыс жырларына ұласқаны белгілі. Өнер түрленіп, кемелденсе де, оның алғашқы нұсқалары мүлдем жоғалып кетпесі анық. Қазіргі жаңарған, жанданған айтыс өнері қатарында «Қайымдасу» тәсілі де сөз қағысу үлгісі ретінде өзінің өміршеңдігін танытып отыр. Және айтысқа тән жыр үлгілерінің ішіндегі ақындық талант пен тапқырлықты, білім мен шеберлікті шыңдайтын һәм талап ететін маңызды түрі ретінде бағаланады.

1.3 XІX ғасырдағы ақындар айтысының ақпараттық сипаты мен көркемдік ерекшелігі 1967 жылы "Мектеп" баспасының жарық көрген "Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы" кітабында құрастырушылар тарапынан айтыс жанрының тууы жайында мынадай деректер келтіріледі: "Ең көне әдеби шығарманың бірі – Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" (1069) атты дидактикалық поэмасы. XІ ғасырда жазылған бұл поэма төрт кейіпкердің арасындағы бақыт туралы сөз жарысына – диалогқа құрылған. Шығарманың бұл ерекшелігі айтыс жанрының тууы жайында көптеген қызықты деректер береді. Тым ерте туған айтыс өнерінің қырғыз (айтышуу), өзбек (лапар), қарақалпақ (жуаб) халықтары арасында, әсіресе, қазақ ішінде (айтыс) мол дамығаны мәлім. Ендеше сөз сайысы - айтыс жанрының тууы, тарихи даму жолдары жайлы кейбір мәселелердің жауабын Жүсіп Баласағұн поэмасынан іздейтініміз ақиқат, біз солай етуге тиістіміз де" [18, 13-14 бб]. Ақындар айтысының пайда болуы жөнінде зерттеудің "Қайымдасу тәсілдерінің қайнар көзі және қалыптасу кезеңдері" атты тарауда аз-кем айтып өткен болатынбыз. Сондықтан да жоғарыда ғалымдар келтірген Жүсіп Баласағұн еңбегіне байланысты айтылған ой-тоқтамға біздің де келіскеніміз жөн. Ең бастысы айтыстың қай дәуірде пайда болғандығы емес, оның әлеуметтік мәні мен халықтық мұрат-мақсатын айқындап, өміршеңдік сипаттарына ден қою болып табылмақ. Уақыт, қоғам дамыған сайын өркениеттің барлық рухани тамырлары өсіп, өніп үнемі жаңару, жаңғыру үрдісін бастан кешіп отырады. Тамыры тым-тым

бағзы дәуірлерден бастау алатын ақындар айтысы да уақытпен бірге жасасып, қоғаммен бірге дамып, өсіп-өркендеп отырған өнер түрі. Ал өнер дегеніміздің өзі адамзат ақыл-ойын үнемі жандандырып, жаңғыртып отыратын рухани құндылықтардың алтын бастауы. Айтыс өнері – халықпен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан өнер. Қазақтың айтысы тек көңіл көтеретін өнер түрі ғана емес, ол сондай-ақ тарихтың батпан жүгін арқалап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші ақпарат көзі, нақтылай айтсақ – заманалар шежіресі. Кезінде академик, жазушы Сәбит Мұқанов: «Халықтың ақынды жақсы көруіне себеп – ақынның тіл шешендігі ғана емес, ақынның халыққа сүйкімді, сүйікті болуына бас себеп – олардың айтыста я басқа шығармаларда халық тұрмысының шындығын суреттеуі, халықтың қуанышына да, қайғысына да көңілмен ортақтасуы» [12, 9 б.] – деген еді. Айтыс өнерінің элементтері қазақ фольклоры жанрларының барлығында көрініс береді. Ертедегі көпшілік түрде айтылатын «Тұрмыс-салт жырларындағы» «Жар-жар», «Бәдік» сияқты айтыс түрлерінен бөлек, сөз жарыстыру яғни қайымдасу элементтері батырлар жыры, лиро-эпостық ғашықтар дастандарында жиі кездеседі. Бұл туралы М. Жармұхамедов «Айтыстың даму жолдары» атты еңбегінде жан-жақты айтып өткен. Онда «Алпамыс» жырындағы «Алпамыс пен Бадамшаның» жар-жар үлгісіндегі айтысы, сондай-ақ «Қыз Жібек» дастанындағы Төлеген мен Жібектің, «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» жырындағы Қозы мен Қодар, Айбас пен Баян, Таңсық қағысулары айтыс элементінің әдемі сипатын танытатындығын жазған. «Айтыс өлеңдері» атты ғылыми мақаласында М. Әуезов: «Анығында, қазақ фольклорындағы ең бай жанр – айтыс...» – деп пікір білдіріп өтеді. Шынында да халық фольклорының бай мұрасы бізге жыр үлгілері түрінде көбірек мәлім. Оның ішінде айтыс өлеңдерінің алар орны қомақты. Тасқа қашалып жазылған жәдігерлердің өзі жыр үлгісінде оқылады. «Қазақ халқының ақындық өнерге бейімдігі туралы Ш. Уәлиханов қалдырған сипаттамалар нағыз шындықты дөп басады. «Поэзияға бейімділік, әсіресе бірден төгіп айтқыштың барлық көшпенді расалардың ерекшелігі» дей келіп, ғалым күрделі салыстырулар жасайды. Көшпенді бәдәуилердің кішкентай баласына дейін қойылған сұраққа табанда өлеңмен жауап беретіндігін еуропалық саяхатшылар талай рет таңдана жазғанын еске ала отырып, мұндай дәстүр жалпы түркі-монғол нәсіліне де тән екенін тұжырымдайды» [20, 77 б.]. Сонымен, ақындар айтысының даму эволюциясы уақыт өткен сайын, өзінің қоғамдық маңызы мен рухани қуаты тұрғысынан толығып дами отырып, XVІІІ– XІX ғасырларда қазақтың толыққанды төлтума өнері ретінде биік шыңға көтерілді. Бұлай деп кесімді пікір айтуымызға «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабындағы ( Бірінші кітап, І том) айтыс өлеңдеріне қатысты тарауда, қазақ фольклорындағы айтыс жанры, есте жоқ ескі замандардан бері қарай созылып келгендігі айтылады, сондай-ақ халық сүйген жанр болғандықтан, көпшілік мол қолданғандықтан бұл жанр Октябрь революциясынан кейін де Советтік Қазақстанда кең өріс алып, мол жайылумен келеді. Ең ескі айтыс түрлері қазақ

фольклорында топ-топ болып өзінше хормен айтылатын, ескі салт өлеңдерінен басталып, содан бері келе жатқан ақындар айтысынан өрістеп ауысқан тәрізді. Мезгілінде жазылып қалмағандықтан қазір біз XVІ–XVІІ–XVІІІ ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ, сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз» [21, 674 б.] деген пікірлер келтіреді. Дегенмен де XVІ– XVІІ–XVІІІ ғасырлардағы айтыс үлгілері сақталмағанымен сол кезеңдердегі ақын-жыраулар жыр-толғауларының біразы бүгінгі ұрпақ кәдесіне жарауда. Бұл туралы біз зерттеуіміздің «Жыраулық, шешендік үлгілердің айтыс өнеріне әсері» атты таруда толығырақ тоқталатын боламыз. XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасырда өткен айтыс ақындарының мұрасы барынша жинақталып, әр айтысқа қысқаша түсініктеме берілген жүйелі еңбек Қазақ ССР Ғылым академиясына қарасты М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты шығарған «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының бірінші, екінші томдарында топтастырылған. Бұдан ертеректе «Жазушы» баспасынан 1965, 1966 жылдары жарық көрген «Айтыс» топтамасының үш томдығында аталмыш мұра үлгілерінің мол қоры қамтылған. Енді осы жинақтарға енген айтыс түрлерінің мазмұндық, көркемдік ерекшеліктеріне бүгінгі күн тұрғысынан ғылыми сипат беруге талпыныс жасап көрелік. Алдымен халық жадында сақталып, бүгінгі дәуірімізге жетіп отырған ақындар айтысы тарихында өзінің мазмұн мен өзектілігі, көркемдігі тұрғысынан жүздеген, тіпті одан да мол шығармашылық мұраның ішінен мойны озып, барша халықтың ықылас-ілтипатына бөленіп, ауыздан-ауызға тарап, абыройы аспандаған айтыстарды тілге тиек етіп өтсек. Айтыс десе халықтың есіне ең алдымен әйгілі «Біржан-Сара», «Сүйінбай мен Қатаған», «Шөже мен Кемпірбай», «Жамбыл мен Құлмамбет», «Сүйінбай мен Тезек төре», «Әсет пен Ырысжан», «Жамбыл мен Айкүміс» сияқты жыр сайыстарының түсетіні белгілі. Ел ішінде өтіп жататын жиын-той, ас беру сияқты түрлі халықтық дәстүр-салтқа байланысты мерекелерде немесе жәрмеңкелерде, жұрт жиналған жерлерде ақындар айтысы болып тұрған. «Қайымдасу», «Қағысу» сияқты айтыстың ыңғайлы жеңіл түрлері көбіне осындай бас қосуларда көрініс береді. Ал ел мен жердің тағдыры сынға түсер, салмақты, салиқалы жиындар мен кеңестерде немесе әйгілі адамдардың асында, айтыс өнерінің ең таңдаулы майталмандары ғана сынға түскен. Мысалы, «Сүйінбай мен Қатаған айтысының» өмірге келуіне сол кездегі көршілес жатқан қазақ-қырғыз халықтарының тарихындағы елеулі оқиғалар себеп болған. «Қырғыз ханы Орманның асына бару қазақтар үшін үлкен дайындықты қажет етеді. Өйткені онда рудың емес, тұтастай ұлттың, халықтың намысы, абыройы сынға түсетін болған. «Қырғыз ханы Орман үлкен ас береді деген хабар көршілес қазақ еліне алты ай бұрын тарайды. Орман Жетісу бойын мекендеген, қазақ руларын билеп-төстеп отырған Тезек төреге арнайы шақырту хат жібереді. Хат иесі Тезектен: ақын, жыршы, бүркітші, палуандарды ала келуін өтінеді.

Атақты ас қырғыз жерінде, Ыстықкөл жайлауында, XІX ғасырдың орта шенінде өтеді. Асқа қазақ-қырғыздың ақсүйек, би-болыстары мен манаптары және қарапайым бұқара халық та көп жиналады» [22, 110 б.]. «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» өзіне дейінгі һәм өзінен кейінгі өткен ақындар айтысының ішіндегі ең шоқтығы биік туынды. Ең алдымен бұл айтыстың идеологиялық қуаты өте әсерлі. Мұнда ұлт тұтастығы, бірлік, ынтымақ, отанды, жерді сүю сияқты патриотизмге толы үлкен рух күші бар. Басына іс түскенде ғана өзінің қазақ екендігін түсініп, былайғы бейбіт күндері руға, жүзге бөлініп жүретін елдің осы айтыс арқылы тағы бір ымыраға келгені анық. Публицистика тарихын зерттеуші ғалым Б. Жақып: «Публицистика белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің тарихын сол күннің, сол дәуірдің саясатымен, философиялық көзқарасымен байланыстыра отырып жасайды. Ол қоғамдық мәселелерді сырттай емес, өмірмен, тәжірибемен ұштастыра отырып баяндайды. Публицистика дегеніміз – заман тарихы, дәуір тынысы, өмір шежіресі» [6, 23-24 бб] , – деп пікір білдіреді. Бұл пікірді Сүйінбай ақын айтысын талдау, бағалау барысында бекер келтіріп отырған жоқпыз. Дәлірек айтсақ, Сүйінбай Аронұлы өз уақытының қайраткер тұлғасы. Сүйінбай ақын да өз заманындағы қоғамдық мәселелерді сырттай қабылдамай, өмірмен, тәжірибемен ұштастыра отырып көрсетеді. Мысалы, Тезек төремен айтысындағы Сүйінбайдың мына сөздеріне зер салып көрелік:

«Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп,

Сәлемін пайғамбардың берейін деп

Аттандырған екі ұрың қолға түсіп,

Хан тақсыр, отырмысың өлейін деп?!

Ассалаумағалайкүм, Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған кезеп төре

Телі менен тентекті тыят десе,

Өзің ұрлық қыласың, әттегене!» [22, 103 б.] Сүйінбайдың ақындық, азаматтық ұстанымының қандай болғандығын, шығармаларының әлеуметтік мәні мен көкейкестілігін, оның айтыс өлеңдерінен анық байқауға болады. Шығармаларына халықтық мақсат-мұратты өзек етіп, елдік мәселелерді қозғайтын ақындарды қазақ қашанда құрметтеп, олардың өнерін қолма-қол жаттап алып, үлгі-өнеге ретінде насихаттап отырған. Әрине, өнерді қара басының қамы үшін пайдаланған ақындар да болған. Осындай бір мәселе 1830жылдардағы Польша ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы поляк революционері Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбаларында» көрініс тапқан. «Аягөз, 12 июнь. Г.З-ге хат... Осы мереке кезінде мен алғаш рет өлеңшілерді тыңдауға мүмкіндік алдым. Бұлар қазақ трубадурлары, даланың бардтары – ұлы ақындары. Олардың өлең шығаруы мен қазақтардың көбіне тән орындау дарыны осы халықтың ақыл-ой қабілетін тамаша айғақтайды». Саяхатшы қазақ даласындағы айтыс өнеріне осылайша тамсана отырып, қазақ

киіз үйі шаңырағының астында көргенін готикалық қорғанның тас күмбездері астындағы вассалдарымен масайрап отырған баронның тойына теңейді. Бұдан әрі Янушкевич Орынбай ақынның шекара бастығы жандаралдың келу құрметіне арнаған мадақ жырын келтіреді. «Жандаралдың келуін қазақтар жыл сайын асыға күтеді және ол қазақтар үшін көктемде жарқырап шыққан күн секілді. Бұл – бақыт, дейді ол арқасы қозып. Жандаралдың жақындап келуі жөніндегі хабар Кенесарыны қайтадан Қарақұм шөлейтіне қуып тастайды. Өзінің осыдан үміткер екендігін айтып, ол жандаралдың бойындағы жақсылықты дәріптейді» [23, 78 б.]. Бұдан әрі Орынбай Құнанбайды біраз мақтайды. Барақ сұлтанға келгенде арқасы тіптен қозады. «Уа! Өлеңші байғұсты хандардың әйгілі әулеті Барақ сұлтаннан артық сыйлыққа қарық қылатын қайсың барсың? (Барақ күледі.) Уа! Барлық жерде де, барлық уақытта да ұлы сұлтан Барақ! Даланың бас батыры – сұлтан Барақ! Уа! Даланың төрт құбыласын тек Барақ есімі шарлауы тегіннен тегін емес! Барақ! Барақ! Ол өлеңді айтып бітірді, атаққұмар үлкен ақынның мадағына елтіген біздің қаһарманымыз орнынан атып тұрып, шапанын шешті де, оны ақынға лақтырды: – Саған бір түйе мен бір жүйрік ат менен! – деді ол». [23, 79 б.]. Саяхатшы бұдан әрі ортаға Жанай ақынның шығып: «Сен өзіміздің сұлтандарды дәріптедің, өйткені олардың шапандары мен жылқыларын тәуір көресің. Мен болсам, сормаңдай мүсәпірмін, жылмың қағып, ешкімге жарамсақтануды жаратпаймын. Сен әркімге бір жарамсақтанасың,аш төбеттей майлы сүйек күтіп жаутаңдайсың, менің айуан болғым келмейді... Өзіңді өлеңші деп атауға қайтіп қана аузың барады? Сенің өлеңің ақы төлеген адамға ғана арналады!.. Егер сен шын өлеңші болсаң, өлгендер туралы неге айтпайсың? Арамызда қазір жоқтардың ерен еңбегін неге жырламайсың? Осы иен далада бір кезде өмір сүрген әкелеріміз бен аталарымызды неге мадақтамайсың? Бағзы заманда даланың қандай болғанын сен осы білетін бе едің? Абылай заманында кім болған едік біз?» [23, 80-81 бб], – деп айтқан түйдек-түйдек тегеурінді сөздерін келтіреді. А. Янушкевичтің жазбаларында келтірілген бұл деректер сол уақыттың шынайы көрінісін, ақындардың дәреже-деңгейін, пайым-түсінігінен мол хабар береді. Айтыста пікір қайшылығы, ой қақтығысы болмаса, ол айтыстың мағынасы мәнсіз, құр сылдыр сөз болып қана шығады. Сондай-ақ ондай айтыстар тез ұмытылып, халық жадында сақталмайды. Янушкевич сөз қылып отырған Орынбай мен Жанайдың айтысы да стихиялы түрде туып, пікір қайшылығы арқылы өрбіп, тыңдарманын тарта білген. Екеуі де өз пікірі, өз сөзі үшін толғақты, тартымды ойлар айтуға тырысқан. Көмекейден кесек-кесек сөз төгіліп, тыңдаушының айызын қандырған. Осы айтыстың басынан аяғына дейін куәсі болып, оны шамасы келгенше есте сақтап, мағынасын қағазға түсіруге тырысқан поляк саяхатшысы А. Янушкевичтің мына пікірлерін зерттеу өзектілігіне қатысты болғандықтан тұтастай бергенді жөн көрдік. «Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы

қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры есітпеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Ал бүгін, оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнті етті. Сонда бұлар тағы жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады. Сормаңдай құл-құтандарды менсінбейтін Үндістанның жоғары касталары сықылды өзіне жоғарыдан қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын алатын кезі келеді»… [23, 82-83 бб]. Көзі ашық, көкірегі ояу, Еуропаның зиялы қауымы ортасынан шыққан поляк саяхатшысы өзі куә болған би-шешендердің келелі сөздері мен айтыс ақындарының толғауларына осыншама таң қалып, баға беруін кездейсоқтыққа жатқызуға бола ма? Әсіресе, "Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады... Бұл көшпенділердің құрметті орын алатын кезі келеді..." [23, 84-85 бб] деген сөздері бүгінде шындыққа айналды. Қазақтың таланты мен өнерін XІX ғасырда бас иіп мойындаған поляк азаматының сәуегейлігіне еріксіз таң қаласыз. Айтыстың алтын ғасыры атанған XІX ғасырдағы от ауызды, орақ тілді ақындардың бірі – Шөже Қаржаубайұлы. Шөженің айтыстарының ішінде ел есінде сақталып, күні бүгінге дейін әңгіме өзегі болып, айтылып жүргені Балта, Кемпірбай ақындармен арада болған сөз қағысулары. Әрине, Шөже көп айтысқан ақын.Бірақ жоғарыдағы екі ақынмен болған айтысы Шөженің даңқын, ақындық тапқырлығын ел ішіне тез әйгіледі. Фольклоршы, ғалым М. Көпей жинағына енгізілген бұл айтыстар өзінің түп нұсқасына көп жақын шығармалар ретінде бағаланды. Шөженің Балта ақынмен айтысуы туралы М. Көпей төмендегіше деректер келтіреді: "Ақын Шөже өзі соқыр, түбі, тегі – қырғыз, Қуандық ішінде өсіп өнген. Быжынаған құрттай қалың Қаракесектің бір ұлы жиын айтысында Қаракесек ақыны Балта ақынмен айтысқан. Бұл асқа "соқыр Шөжені Тәттімбет ертіп келген екен" [24, 223 б.]. Осы аста Шөже мен Балта ақын кездеседі. Бір-бірін мадақтап, сипай қамшыласып отырған ақындардың сөзі бірте-бірте шиеленісе түседі.

«Балта:

Бұ соқыр теңін таппай ойнайды екен,

Алдымда Балта бар деп ойлай ма екен?

Қуандық, Сүйіндікті бірдей жеуін

Қу соқыр көні кепкен тоймай ма екен?!

Шөже:

Ұры Балта, білдірдің ұры атыңды

Ұрлықпенен келтірдің ұятыңды!

Көл қорыған қызғышты көп көргенмін

Топшыңнан сындырамын қанатыңды!» [24, 227 б.] Осы сөздерден кейін-ақ айтыс шиеленісіп жүре береді. Жалпы, пікір қайшылығы, ой қақтығысы болмаған жерде шындық та көп айтылмай, бүркемеленіп қала беретіні заңдылық. Бұл туралы халықтың өзі де жақсы түсініп: «Айтыс деген тумайды жайшылықта, нағыз айтыс туады қайшылықта», – деп айтқан. Айтыстың жалпы сипаты рулық намыс тұрғысынан өрілгенімен мұнда сол уақыттағы қоғамның тыныс-тіршілігі, билік адамдарының бетбейнесі жақсы ашылған. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қуандық, Сүйіндік елінің тұрмыс жағдайы, сол кездегі тұлғалардың елдік, бедел абыройы да айтыста айтылып өтеді. Ең бастысы ел билеп отырған хан-қара өкілдерінің «теріс» қылықтары ащы түрде әшкереленеді. Бүгінде бүкіл БАҚ-ы жарыса жазып, заман проблемасы ретінде көтеріп жатқан парақорлық, жемқорлық мәселелері XІX ғасырда да болғандығын осы айтыста айтылған ақпаратмәліметтерден-ақ жақсы аңғаруға болады. Мәселен Шөженің:

«Ұры шіркін, қорықпайсың бір құдайдан,

Жан өтпес пара жеуге мына отырған Алшынбайдан.

Тұқымың ұрлықпенен күнелткенсің,

Қашып жүріп күнелттің Өтебай, Наушабайдан» [24, 228 б] деген сөздерінен сол замандағы билеуші таптың типтік тұлғасын тануға болады. Немесе, сол айтыстағы Балтаның:

«Кезбе соқыр деген соң, кезбе соқыр,

Осы сөзің өзіңе жөн бе соқыр?

Төрде отырған хан, қара – бәрін мінеп,

Ел түзелтіп жүруші сен бе, соқыр? – деген сөзіне Шөженің:

Ұры шіркін, қорықпайсың бір құдайдан,

Салымым бар бұрыннан-ақ осындайдан

«Соқыр, соқыр», – дейсің де, еш қоймайсың «Соқыр» – десең, құтылсайшы мына отырған Құнанбайдан!» [24, 228 б] деп жауап қайтаруында үлкен мән жатыр. Айтыста басынан аяғына дейін тыңдаған, немесе бүгіндері оқыған адам «соқыр» сөзінің төңірегінде қаншама табалау мен мұқатудың тұнып тұрғанын аңғарар еді. Өйткені сөз қағысу барысында Балта Шөженің соқырлығына небір құйтырқы сөздерді сабақтастыра өріп: «Қу соқыр көні кепкен тоймай ма екен?» – деп жемқор, мешкей ретінде әжуалаған болатын. Енді сол сөзі өзіне пәле болып жабысқалы тұр. Бұл айтыста Балта ақын жеңіледі. Шөже ақынның айтулы сөз қағысуларының бірі Кемпірбаймен арадағы айтысы. Осы уақытқа дейін айтыс өнерінің барометріне айналған бұл сөз сайысы несімен құнды? Қандай ерекшелігімен халық жадында сақталды деген сұрақтарға әркімдердің айтар уәжі дайын. Ол Кемпірбай ақынның сөзге қонақ беріп, өзінің жеңілгенін мойындауы. Рас, сөз жоқ бұл айтыстың даңқын шығарған Кемпірбайдың:

«Тоқтадым аз ғана көптен келіп,
Тұр едім өзім-дағы сезіктеніп
Соқырға жан-жеңбеген соқтығам деп,

Жығылдым төрт аяғым көктен келіп» [24, 236 б.] деуі, аталы сөзді аттан түсіп тыңдайтын қазақ деген халықтың дегдар қасиетін айшықтайтын құбылыс. Кемпірбай мен Шөже айтысын талдай отырып, сол заман ақындарының асқан сұңғылалығы һәм айтысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтын еңбекқорлығы дер едік. Ақындар өз қарсыласын мұқату, тұқырту немесе сөзден ұстап ұту үшін мол ақпар, мәлімет жинақтайтын болған. Ол мәлімет – ақпарлар кейде қарсыласының жеке басына байланысты болып келгенімен көп жағдайда халықтың басындағы әлеуметтік-саяси, ел арасындағы елеулі оқиғалардан да біршама хабар беріп отырады. Бұл жағдайлар Шөже мен Кемпірбай арасындағы айтыста да көрініс береді: Кемпірбай: «Шілденің он бесінде сауын айтып, Жаныстың Сәтбайының асы болды.

Шөже: Қап-қара Қаракесек күңнен туған,
Би болып Қазыбегің белін буған.

Кемпірбай: Әкең Қаржау Жайықтың құлы емес пе?
Шешең Шама төренің күңі емес пе?
…Кеше Кенесары қырғызды үркіткенде,

Әкең Қаржау Қаройда аштан қалған

Қаңғырып Қараөткелге шешең барған,
Пақырлық неше түрлі күйге салған
Шежиров деген орысқа шошқа бағып,

Мұжықтың сухарынан қорек алған» [24, 230-232 бб]. Мұнан әрі Шөже: «Ақтабан шұбырынды – Алқа көл сұлама» заманында қырық кісің тамақ іздеп жаяу кеткен. Кеңтүбекте қайың шауып күнелткен» – деп арғы замандардағы оқиғаны қозғай келіп, «Қатынын орта жолда нанға сатқан, кедейлік сенен маған қашан жеткен», – деп түйреп өтеді. Осы келтірген деректерден-ақ екі ақынның да бір-бірін жақсы зерттеп, білгендігі аңғарылады. Осының өзі айтыс өнерінің заманалар шежіресінен, ел тарихынан сыр шертетін ақпарат көзі екендігін тағы бір дәлелдей түседі. Аталмыш айтыстың тағы бір ерекшелігі сөз қағысу барысында дін ислам тақырыбының терең қаузалуы. Жұмбақтап айтысу сипатында өрбитін дін тақырыбына екі ақынның да алғырлығы, білімпаздығы жақсы жағынан көрініс табады. Бұдан XІX ғасырда қазақ халқы ислам дінін мейлінше терең танып, оны дәстүр мен салт, өнер сияқты рухани құндылықтарға сіңіріп, сабақтастыра қарайтындығын аңғарамыз. Айтыс өнерінің асыл жәдігері, халық мұрасының інжу-маржаны – Біржан сал мен Сара қыздың қиссасы. Айтыс жырларының ішінде көркемдік тұрғыдан бұл айтысқа теңдесер шығарма некен-саяқ. «Айтыс» кітабының бірінші томында (1965 ж.Алматы.Жазушы.) аталмыш сөз сайысы «Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» деп аталады. Тақырыптың бұлай қойылуы да «Біржан – Сара» айтысының лиро-эпикалық туындыларға жақындығын аңғартады. Бұл айтыста XІX ғасырда қазақтың қабырғалы екі тайпасы Арғын-

Найманның сол уақыттағы болмыс бітімі барлық қырынан көрініс табады. Екі рудың да игі жақсыларының кісілік келбеті мен бақуаттылық салтанаты жыр арқауына айналады. Әсіресе, сөз өнерінің теңдессіз жақұттарының қос ақынның да көмейінен кәусардай төгілуі айтыстың ажарын тіптен аспандатып жібереді. Біржан: «Алтын менен күмістің нақысындай Міні жоқ бізден шығар сөз бедері!» «Ақ иық, мұзбалақпын жерге түспес,

Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес»

Сара: «Мойыным сұңғағындай жүзген қудың Лебізім шырынындай шәрбат судың Қаққанда төңкерілген қас бітісім Ашылған айбатындай жібек тудың» [25, 402-414 бб]. «Айтыстан тапқырлықпен қатар әдептілік, мөлшерлік, тартымдылық, сыпайылық сияқты шарттар да қатар талап етілетіні әуелден аян. Дөкірлік, тұрпайылық ешқашан ибалы ақын аузынан шықпаса керек. Тіпті әріптес жағының мінін айтқанда да шектен шығу жараспайды» [26, 187 б.]. Осы айтылған тұжырымға жүгінер болсақ, қазақ айтыстарында этикалық нормалардың сақталу деңгейі қандай деген сауалдың мазалары орынды. “Мазалары” дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Жеке бастың мінін айту немесе тұтас рудың, тайпаның кемшіліктерін тұрпайы сипаттайтын айтыстардың баршылық екендігін жасырғанымыз орынды болмас. Қатты батырып айтудың айтысқа әкелер жақсылығы тек шиеленіс арқылы шындықтың дүниеге келуі ғана. Дегенменде ибалық, әдеп, кісілік пен кішілік сияқты адами қасиеттерді айтыс өнерінде жиі ұшыратамыз. Өзіміз мысалға алып отырған “Біржан – Сара” айтысынан осы келтірілген екі сипатты да байқаймыз.

Әуелде, бір-бірін қатты қағатулармен бастаған ақындар:

Сара: «Құтырмай жайыңа жүр жанды делбе,

Келіп кісі болма сен біздің елге.

Сөз білмейтін жеріңе мақтана бер,

Бұл жақта құр айғайың кетер желге.

Біржан: Ызғарлы көрінеді сөзің суық,

Болдырып түстен кейін сандырарсаң.

Байталсың қапелемшіл бір жел қуық,» [27, 417418 бб]. айтыс соңында жүрек елжіретерліктей аяулы, ардақты асыл сөздермен үлкен өрелік танытады.

Біржан: «Шырағым, Сара сендей тумас бала!

Шежіре туармысың мұндай дана!

Сара:
Қош Біржан, сау бол дедім сағым керім,

Арда күрең жігітсің алым-берім» [27, 424-426 бб.]. «Біржан – Сара» айтысы әлеуметтік мәні мен идеялық асқақ мұраты тұрғысында ел жадында сақталар рухани құндылықтың өшпес туындысы. Бұл

айтыс Адам, Қоғам, Ар-намыс ұғымдарын сәтті сабақтастыруымен ұрпақ санасына ұлы дала дәстүрінің өршіл рухын ұялатады. Айтыс өнерінің тарихында сүбелі сөз қағысулары жиі болғандығын және ондай жыр сайыстары елдің есінде ұзақ сақталатынын, айтысушы ақынның кейбір сөздері мақал-мәтел, қанатты сөзге айналып кеткендігін халық фольклорынан жақсы білеміз. Мысалы, Кемпірбайдың «Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп, жығылдым төрт аяғым көктен келіп», Сараның «Шықпайды Жиенқұлға келгенде үнім», Әсет «Жыладым бәйіт айтып үш күн ұдай», сияқты көптеген сөз тіркестері күні бүгінге дейін мағына мәнін ашу немесе тілге тиек ретінде сөздік қолданыста жүр. «Айтыс өлеңдері» атты мақаласында М. Әуезов фольклордың басқа жанрларына қарағанда ақындар айтысында қыздардың, әйелдердің қатынасының көп жүретіндігін айтады. Мұның өзі, – дейді зерттеуші «айтыстың басқа өнер түрлеріне қарағанда үлкен өзгешелігі. Анығында, қазақ фольклорындағы ең бай жанр – айтыс десек, нелер жүздеген, хатқа түскен айтыстарды қарасақ, солардың көптен-көбі еркек ақын мен қыз ақын, әйел ақындар арасында болған айтыстар екенін көреміз» [18, 288 б.]. Шынында да, халықтың асыға тосып, қызға тамашалайтын айтыс түрі, «Қыз бен жігіт» сөз қағысулары екендігі белгілі. Айтыс тарихына зер салсақ «Ұлбике мен Күдері қожа», «Қыз Болық пен Елентай», «Айқын қыз бен Жарылқасын қожа», «Кеншімбай мен Ақсұлу», «Әсет пен Ырысжан», «Жамбыл мен Айкүміс», «Омарқұл мен Табия», «Қыдырбай мен Табия», «Жүсіп қожа мен Шөкей қыз», «Әжек пен Шәріпжамал», «Қадиша мен Ысқақ», т.б. айтыстарды молынан ұшыратуға болады. «Қыз бен жігіт» айтысының бүгінге жеткен қомақты мұрасы 60-80 жылдары жарық көрген «Айтыс» жинақтарында топтастырылған. Осы айтыстардың қай-қайсысы болмасын мағына-мазмұнымен, әлеуметтік бояу реңкімен, әр кезеңнің тынысын, уақыт бедерін бейнелейтін мұралар. Айтысушы ақындардың әрбір сөзі, шумағы сол заманның сыры мен жырын бүгінгі ұрпаққа ұлағаттап тұрған тағылымды ақпарат көзі деп қабылдасақ қателеспейміз. Мысалы, Әсет пен Ырысжанның айтысын қыз бен жігіт қалжыңы ретінде немесе көпшіліктің көңілін көтеру үшін дүниеге келген әшиясыз сөз қағысы деп түсінсек қателескен болар едік. Ғылыми тұрғыдан бағалар болсақ, бұл айтыс: философиялық сипаты басым, дәуір үні мен дидарын боямасыз баяндайтын, жырмен өрілген нағыз публицистикалық шығарма дер едік. «Публицистикалық шығармашылық дегеніміз, бұл шындықты деректі түрде жеткізу. Осы деректіліктің өзіндік эстетикасы, әдістері, формалары бар. Ал, олар болса, публицистиканы қалыптастыру кезеңінде терең мән-мағына алады» [28, 14 б.], – дейді публицистика жанрын зерттеуші белгілі ғалым М.И. Стюфляева. Олай болса Әсет пен Ырысжан айтысы да осы келтірілген теориялық тұжырымға барлық болмысымен сай келіп тұр. Әсет пен Ырысжан айтысы әдеттегідей бір-бірінің тамырын басып, аңдысу сипатында өрбіді. Он алты, он жетілердегі қыз-бозбаланың сыпайы сөз

қағысулары бірте-бірте шиеленісіп астарлы сөз жұмбақтасу түріне көшеді. Айтыстың көкейкестілік қуаты да, ақындардың азаматтық көзқарас, білімпаздағы да осы тұста көрінеді. Әсіресе, Әсеттің қыз жұмбағын сол заманның әлеуметтік жағдайларымен сабақтастыра өріп қайтаруы, дәуір дидарының біраз болмасынын хабардар етеді.

«Қазақтың Сарыарқада елі жиі,

Жетіп тұр қызыл тілден сөздің иі.

Бір бидайық – ел жейтін жебір болыс,

Баулыған сегіз лашын – сегіз биі.

Бақты кісі күледі бағы кемге,

Құдайдың риза боп берген демге.

Отыз-қырықтай құзғындар – елу басы,

Үш жылда нәр татқаны он бес теңге [29, 351 б.]. Сол уақыттағы қоғам келеңсіздігін осылайша ашып көрсету, айтыс ақындарының азаматтық, халықтық мұрат мүддесін танытса керек. ХХІ ғасырдағы Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысында да, дәл осы тақырып, осы проблема күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл туралы біз зерттеуіміздің келер тарауларында кеңірек тоқталатын боламыз. Азулы, айбынды айтыстардың бір – Жамбыл мен Құлмамбет ақындардың арасында өткен сөз сайысы. Кезінде орыс жазушысы Алексей Толстой: «Жамбылдың қуаты оның творчествосының халықтығында, оның шабытының қайнар бұлақ көзі – қазақ халқының және оның біздің заманда жүзеге асқан талай ұрпағының арманы мен үміті» [30, 21 б.], деген екен. Жыр алыбы Жамбыл да, құлан аяң Құмамбет те айтыс өнерінің қайталанбас құбылыстары. Төлтума айтыс өнерінің кең қанат жайып, өзіндік мектеп қалыптастыру жолында , Жетісу өңірінің ақындық жыршылық дәстүрінің жөні бөлек. «Екейде елу бақсы, сексен ақын, ұқсайды жын қаққанға кешке жақын» деген сөздің шығу төркіні де осыны меңзейді. Жамбыл мен Құлмамбет айтысы несімен құнды дегенде ең бірінші уәж бұл сөз сайысының тағылымдық-тәрбиелік мәнінің тереңдігі дер едік. Сондай-ақ тіл құнарлылығы мен сөз қасиетінің жарқырай көрінуі, айтысты мейлінше ажарландыра түскен. Енді “тағылымдық-тәрбиелік” деген сөзімізге ғылыми байлам жасап көрсек. «Жеті атасын білмеген ұл жетесіз» – дейді дана халқымыз. Кеңес заманы уақытындағы кейбір зерттеушілеріміз айтыс өнеріне де коммунистік идеология тұрғысында баға беріп келді. Мәселен, айтыс мазмұнынан таптық, рулық көзқарастар іздеу тенденциялары кең етек алды. «Публицистикаға ең керегі ой, жан тербер пікір. Байыптай қараған адамға айнала – тұнып тұрған публицистика. Небір мәнді оқиғалар, проблемалар, ғажап адамдар бар. Сол проблемалардың мәніне, адамдардың жан-дүниесіне үңілсе, міне нағыз публицистика осы» [28, 15 б.]. Теоретик ғалымдарымыз дәл осылай деп пікір білдіріп, жатқанда, заманның сыры мен мұңын, түрлі оқиға, проблемаларды жырларына арқау етіп, айналасындағы адамдардың жан-дүние, адами кескін-келбетін сөз құдіреті арқылы кестелеген айтыс ақындары шығармашылығын неге нағыз публицистика деп танымасқа. Мәселен, Жамбыл мен Құлмамбет айтысын өз

дәуірінің барлық болмыс-бітімін жырмен бедерлеп бүгінгі күнге жеткізген ақпаратты – танымды мұра деп айтуға әбден негіз бар. Құлмамбет жырында: Домалақ ананың төрт ұлынан тарайтын игі жақсылардың барлығының есімі үлкен құрметпен аталады. Бұл адамдар сол кезде шаңырағына дәулет біткен, сөзі уәлі, аузы дуалы ел ішінде құрмет, беделге ие болған тұлғалы азаматтар. Айтыста осы адамдардың тек байлығы ғана мадақталмайды, сондай-ақ кісілік, дегдарлық кескін-кейіптері де сәтті сомдалады.

«Баласы Өтегенің Нұрақан бай,
Хан Шәйбек қара үңгірде жатыр былай.
Көбікбай, Қарабаймен алыс жатыр,
Сатыбалды, Қанайды қайтесің-ай.

Және бар Тілеуқабыл, Үсембайым,
Сөйлейді шаршы топта бұлбұлдайын.
Алма тартқан кісіге ат береді,
А, Жамбыл, білуші ме ең мұның жайын?

Тағы бар Жайылмаста молла Сәтім, Бақ пен қыдыр іздеп кеп жалғасатын. Дәулеті Сегізбектің серке болды, Салмағы қорғасындай қол басатын» [31, 188 б.]. Кеңес заманындағы зерттеулерде Құлмамбет Жамбылмен айтысқанда өз руының байларын, олардың малын, дәулетін мақтады, сондықтан жеңілді дейтін біржақты пікірлер айтылды. ХІХ ғасырдағы қай айтыс ақыны болмасын өз тайпасын, өз руын, өлкесін тілге тиек етіп, оның байлығын, әлеуметтік жағдайын, өнерін, ел ішіндегі әйгілі тұлғалары – батыр, бағлан билері мен шешендерін, топ бастаған көсемдерін жырға қосып, мадақтады, солармен мақтанды. Бүгінгі тәуелсіз елдің ой талқысымен таразылар болсақ, оның ешқандай айып-шамы жоқ. Қайта, елін-жерін, сол елдің ұлықтысын сыйлап, құрметтеу ұрпақты тәрбие-тағылымға, патриотизмге баулитын жол емес пе? Бұндай тәсілдер Біржан сал, Шөже, Орынбай, Жанақ сияқты т.б. көптеген айтыскерлерге де тән. Ең бастысы, қандай көзқараста болмасын ақын-жыраулар мұрасы, өзі өмір сүрген уақыт тынысын танытатын рухани жәдігер екендігі. Кімге қандай ой, мақсат керегін сол қоғамның тізгінін ұстап отырған саяси топтың ар-ожданына байланысты. Әрине, жоқ-жітіктің мұңын жоқтап, «парақор», үстемшіл билікке тура қарап, шындықты айту айтыскердің нағыз азамат ақын екендігін айғақтайтын сипат. Бұл тұрғыдан Жамбыл ақынның жөні бөлек екендігін жоғарыда айтып өттік. Жамбыл шығармашылығы екі дәуірді ендестіріп, халық поэзиясы мен жазба поэзияны шендестіріп, дәстүр сабақтастығының мызғымас алтын көпірін салып берді. Жамбыл жыры – дәуір үні. Жанақ пен Түбек айтысы да сөз қағысу өнерінің өрелі үлгілеріне жатады. Орта жүздің іргелі екі тайпасы Арғын, Найман өкілдері ретінде, әдеттегідей

жақсылары мен жайсаңдарын тілге тиек ете отырып, сол кезеңнің тіршілік қаракеттерінен сөз қозғайды. Айтыс барысында аңдағынымыз қыр елінде өнеркәсіп нышандарының бой көрсете бастауы. Дәулетті малмен бағалайтын қазақ ұғымына қазба байлықтың, яғни жез, алтын, мыс атауларының кіре бастауы, қазақ даласының сол кездегі саяси – экономикалық акуалынан хабардар етеді.

Жанақ:
«Біздерді «шу!» дегенде өлең басты,

Өлең айтсаң аруақ сенен қашты

Кесер бас, жүрер аяқ жылқыңды айтшы,

Ұрыдай не қылайын жатқан тасты.

Түбек:

Еліңіз бермейді екен қайыр-зекет,

Салыпсың мал орнына қырға бекет.

Алтын менен күмісті кемітесің,

Еліңде жамбы түгіл, жезің де жоқ» [32, 74 б.]. Атақты Паустовский: «Орыс тілінің әуенділік байлығының барлық құдіреті маған өлең (стих) арқылы ашылады. Былай қарағанда ол сөздер өлеңде жай ғана, қарапайым айтыла салғандай ғой. Бірақ сонысының өзі ғажап дүние емес пе? Көпіршіген тасқын ағыны ағаш бұтағын қалай қағып ала жөнелсе, өлең сөздері де мені солай жұлып ала жөнелген. Мен төңірегімді түгел өлеңнің мөлдір заттары арқылы көремін» [33, 92 б.], – депті. Паустовскийдің бұл пікірі қазақтың ақын-жырауларына да тән қасиет. Жоғарыда сөз қылған Жанақ – Түбек айтысы да өзінің саф алтындай сөздері арқылы ой мен тілдің ғажап үйлесілімділігін танытады. Біздің түсінігімізде «көпіршіген тасқын ағынындай, жұлып ала жөнелетін» адуындылық нағыз қазақ ақын-жырауларының бойына тән мінез. Зерттеу барысында айтып өткен Сүйінбай, Жамбыл, Әсет, Кемпірбай сияқты от ауызды, орақ тілді ақындарымыз заманында «мұз шайнап – от бүріккен» нағыз сөз дүлдүлдері болған. Әу баста айтыс үлгісі ретінде танылып, уақыт өте Кемпірбайдың Әсетпен қоштасуы (бақұлдасуы) жыр түрінде айтылса, бүгіндері терме-ән сипатында орындалып жүрген бұл туынды туралы ғалымдарымыз жақсы пікірлер білдірген. Кең тынысты, асқақ пафоспен өрілген, өршіл рухты бұл туынды қандай қасиетімен халық жүрегінен орын алып, ықыласқа бөленді? Кейде көзге көрінбейтін, сөзбен өрілмейтін, көңілмен ғана түйсінетін тылсым сырлар болады. Білесің, түсінесің, бірақ айта алмайсың. Мұндай жағдай әсіресе поэзиялық туындыларда жиі кездеседі. Бұл туралы орыстың ұлы сыншысы В.Г. Белинский жақсы айтқан: «Онда (поэзияда Қ.А.) кісіні ынтықтыратын, айтып жеткізгісіз көркемдік пен сәулет те бар, онда барлық рахат, барлық творчестволық арманның сусыны бар, онда тілдің барлық мелодиялық және гармониялық байлығы, ұйқасымы бар, онда барлық ақындық терең сырдың өзегі жатыр» [34, 118 б.]. Кемпірбай мен Әсеттің сөз қағысуы, ақындар айтысы ретінде «Айтыстың» бірінші томына ( Алматы, Жазушы. 1965) кіргізілген. Сондықтан бұл

туындының түп негізі жыр-термеден гөрі айтыс жанрына жақын. Дегенменде мұны, Әсет пен Кемпірбайдың айтысы деп кесіп айтуға да болмайды. Бұл сөз қағысуда екі ақын айтыспайды. Оны бүгінге жеткен жыр үлгісінен анық байқауға болады. Сөз қағысу деп шартты түрде алып отырмыз. Мұнда тек Әсеттің ауырып хал үстінде жатқан Кемпірбайға амандасуы, оған Кемпірбайдың берген жауап жыры ғана келтірілген. Бақұлдасу сипатында өрілген жыр мазмұны халқымыздың өнерге, өнер иесі ақынға деген дегдар қошеметінің, өмірге деген көзқарас түйсігінің бекзада болмысынан сыр шертеді. Өмірге ғашықтық, өмірге іңкәрлік ұғымдары көзге көрінбес нәзік сезім қылының бойында өріліп адамды асқақ арман, биік мұраттарға бастайды. Тыңдаушыны тылсым күш баурап, өмір мен өлім сәтіндегі арпалыс санаға рух беріп қанаттандырады. «Ассалаумағалайкүм, нар Кемпірбай, Науқасқа шипа берсін патша Құдай,» деп басталытын Әсет жыры, хал үстінде жатқан Кемпірбай ақынға рух беріп «кәрі тарлан» дүр сілкініп, өзінің әйгілі толғауын төгілдіріп жібереді. «Мойынға әзірейіл салса құрық, - Білемін ғаріп жанның құтылмасын Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе, - Білемін, енді өзімдей ұл тумасын... Суырған қынабынан наркескендей, Әр жерден қызыл тілім қылтыңдасын. Көңілді Әсет сұрап келгенінде, Шаба алмай кәрі тарлан сылпыңдасын... Боз шапса, боз озбай ма буырылдан, Мен шапсам, жер танабы қуырылған...” [35, 99 б.]. Жоғарыда келтірілген «көпіршіген тасқын ағынындай, жұлып ала жөнелетін» ақынға тән сипат Әсет пен Кемпірбай сөз қағысуында осылай ерекше көрніс береді. Ақын – халық перзенті. ХХ ғасырға дейінгі қай айтыс ақынының шығармасына зер салмаңыз да, олардың “Үш жүзге аты мәлім” болғандығын, қазақтың кең даласының қай қиыры болмасын, оларға таныс, туыс екендігін аңғарамыз. «... Сәлем де Арқадағы хан, қараға, Хан Бертіс, Қарқаралы жандаралға, Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін, Қараөткел таныс едім екі араға. Семейде топырағым болар білем, Кемпірбай дұға қылсын бишараға!..» [35, 100 б.]. Кемпірбайдың аманат сөзі іспеттес бұл жыр жолдары, ақынның бүкіл қазақ даласына белгілі болғандығын көрсетеді. Хат-хабар, пошта-телеграфы жоқ көшпелі қазақ сахарасында ақпарат-жаңалық таратушы ақын-жыраулар мен түрлі өнер адамдары болғандығын осы мысалдар арқылы көруге болады. Айтыстың көбіне халықтың мол жиналған, шоғырланған кездері – жиын, той, ас, жәрмеңкелерде өтетіндігін зерттеу барысында айтқан болатынбыз. Ал, ол

дегеніңіз ұлы далада шашырай қоныстанған қазақ ауылдары үшін ақпарат, хабар, жаңалық алудың ең тиімді жолы болды. Ел бір-бірінің амандықсаулығын, саяси-әлеуметтік, шаруашылық сияқты маңызды мәселелер барысын осындай жиындарға қатысқан адамдары арқылы біліп отырды. «Ел құлағы елу», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» сияқты мақалмәтелдер де осы жағдайларға байланысты шыққан. ХІХ ғасырдағы ірі айтыс өкілі – Кеншімбай ақын. «Кеншімбай Қабанұлы Кіші жүздің, Жаппас руының Қаракөз бөліміне қараған Құрманай аталығынан. Кеншімбай мен Ақсұлудың айтысы революциядан бұрынғы мерзімді баспасөз бетінде жарияланған. Ол басқа да көптеген ақындармен айтысқан, оларды жеңіп, өзінің шеберлігін, дарындылығын көрсеткен. Жасынан ақындыққа үйір болған Кеншімбай біреудің мінін көрсе, жасырмай бетке айтатын батыл, от ауызды, өткір тілді болды» [36, 545-546 бб.]. Бізге жеткен Кеншімбай мен Ақсұлу айтысы да өзінің әлеуметтік мәні мен көркемдік ерекшелігі жағынан бірегей жыр сайыстарының бірі. Сол уақыт ақындарына тән рулық сипатта өрбіген сөз сайысы Кіші жүз қазақтарының тұрмыс-тіршілігі, іс-қарекеттерінен біраз мағұлмат береді.

«Жұрт маған: «мына тойды баста!» – деді, Айтысып ақын шықса баспа, – деді. Бір қыз бар аты Ақсұлу біздің елде, Он жеті осы биыл жаста, – деді. Айтысып осы қызды жеңе алмасаң, Сен онда ақындықты таста, – деді» [36, 326-327 бб], деп басталатын жыр сайысы Ақсұлудың бұған дейін талай ақынды жеңгенін, оның да осал емес екендігін паш етеді. Бұдан әрі Жағалбайлы мен Жаппас руларының байлары, белгілі оқыған зиялы адамдары жайлы екі ақын да барынша кестелі сөз өрнектерін төгеді. Арқа, Жетісу өңірлеріндегі айтыс дәстүрінің әдіс-тәсілдері, шеберлік тұрғысындағы амалдары да Батыс өңірінің ақындарына тән. Кейінгі кездері зерттеушілеріміз Жетісу, Сыр, Арқа, Батыс дәстүрі деп өнерді түрлі мектептерге бөлетіндігін білеміз. Бұл күйшілік, әншілік сияқты өнерге қатысты айтылғанымен айтысқа келе қоймайтын сияқты. Айтыста әр өлкенің ән-әуез тұрғысындағы өзгешеліктері болуы мүмкін, бірақ мазмұндық, пішіндік тұрғыдан қазақ айтысын бөліп-жаруға болмайды. Айтыстағы жыр бастау, сөз қағысының өрілуі, ой пікір қайшылығы, ақындардың бірін-бірі қағытуы сияқты шеберлік шарттары қазақ айтыстарының барлығына ортақ қасиет. Кеншімбай мен Ақсұлу айтысындағы көптеген ерекшеліктер мазмұндық, көркемдік тұрғысынан Біржан – Сара айтысына келіңкірейтіні де сондықтан болар. Бұл тек осы екі айтысқа ғана қатысты емес, қыз бен жігіт айтыстарының көпшілігіне тән құбылыс. Мысалы, Кеншімбай мен Ақсұлу айтысында Ақсұлуға мынадай сипаттама беріледі:

«Аққожа, Балқожадан асқан бала,

Өзі де артық көркем шырайлы еді.

Сымбаты өзге қыздан озығырақ.

Ақ құба, бидай өңді, қынай белді.

Ол қызбен айтысым деп әуре болма,

Айтысып жеңе алмайсың оңай, – деді» [36, 327 б.]. Біржан – Сара айтысында да Сара қыздың абыройын аспандатып көтереді:

«Қызы екен Тастанбектің ақын Сара,

Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.

Қыз да болса ақынның жүйрігі екен,

Көрмедік сөзді адамды ондай дара» [27, 399 б.] Жалпы, «Қыз бен Жігіт» айтыстарында, сюжеттік, логикалық, стильдік, пішіндік тұрғыдағы ортақ ұқсастықтарды анық байқауға болады. Атап айтқанда, «Біржан – Сара», «Үмбетай мен Нұрила», «Әсет – Ырысжан», «Кеншімбай – Ақсұлу» айтыстары сюжеттік құрылым-құрылысы, тілдікстильдік ерекшеліктері, тұрғысынан көркемдік дәрежесі биік туындылар. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысы тарихына шолу жасай отырып, аталмыш өнердің биік дәрежеде кемелденіп, кең қанат жайғандығын көреміз. Айтыс белгілі бір аймақта, өңірде немесе жекелеген ру-тайпаларда ғана емес, жалпы ұлттық сипатқа ие болған кезі де осы ғасыр еншісіне жатады. Біздің бұлай деуімізге сол уақыт ақындарының шығармаларындағы деректер куәлік береді. Мәселен, Біржанның Сараны іздеп баруы нені аңдатады? Сондай-ақ Біржанмен айтысқанда Сараның:

«Орынбай іздеп келіп, кеткен қаңғып,

Жеңген жоқ Кеншімбайды о дағы аңдып.

Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан?

Жаманын көтереді арғын сән ғып» [27, 409 б.] – деген сөздерінен сол кездегі айтыс ақындарының есімі барша қазаққа мәлім – таныс болғандығын байқаймыз. Бақтыбай мен Мәйке қыздың айтысында да осы сипаттағы ақпарат сарынын аңғарамыз. Аталмыш айтыстағы Бақтыбайдың:

«...Шортанбай, Шөже, Орынбай

Қаз дауысты Қазыбек,

Құсбегі, Шыңғыс, Құнанбай,

Солармен кірген ажары,

Екейден шыққан Сүйінбай,

Қасқарау, Жайнақ, Сұрабай

Кірген екен ажары» [37, 491 б.] – деген жыр жолдары, қазаққа аты мәшһүр ақындарды атап қана қоймайды, елдің – елдігі, халықтың қалаулысы батыр-билердің өзі маңайындағы өнер адамдарымен беделді, абыройлы екендігін меңзейді. Бұдан шығатын қорытынды, өз заманында айтыс ақындары, елдік, халықтық мүдделерді жырлай отырып, қоғамдық маңызды мәселелердің оң шешімін табуына ықпал еткен. Айтыста айтылған әр сын, ру – тайпа намысына мін болып тағылған. Сондықтан да айтыскер ақынның қарсылас ақын жағына айтқан уәжді сындарына, сөзге төрелік еткен би-шешен, хан-төрелер тоқтап отырған және одан қорытынды шығаруға тырысқан. Мұны ХІХ ғасырда өткен көптеген айтыстардан көруге болады. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі – суырыпсалып айтысумен қатар жазба айтыс өнерінің де жақсы дамығандығы. Бұл көрініс сол кездегі айтыс ақындарының көбі сауатты, көкірегі ояу, көзі ашық, зерделі

болғандығын танытса керек. Жазба айтыс екі ақынның немесе үш, одан да көп ақындар арасында туындап отырған. Мәселен, «Кете Жүсіп, Жұбанияз, Құлназар» ақындардың арасында болған жазба айтыс, сол уақыттағы сөз қағысудың озық үлгілеріне жатады. Үш ақынның да айтар ой, қозғаған мәселесі бір-бірімен қабыса өріліп, тұтас бір мазмұндық сипатқа ие болған. Айтыстың бұл түрінде де адамгершілік, сезім, ұждан мәселелері сөз болып, ақындар өз көзқарас, пайымдарын кестелі жырмен өре білген. Кете Жүсіп, Тұрымбет жырау, Жиенбай жыраулардың жазба жырлары көркемдік тұрғыдан ғана емес, жырлап отырған мәселелері тұрғысынан да танымдық деңгейі жоғары туынды. «Айтыс» мұрасына шолу жасай отырып жазба айтыс Сыр өңірінің ақыншайырлары арасында қатты дамығандығы байқалады. «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Ырысты мен он алты ақынның айтыстары» да өз уақытының үні мен пайым-парасатынан мол хабар береді. Айтыс өнерінің ерекше бір қыры немесе теңдессіз шеберлігі ретінде ақындардың бір-бірімен жұмбақтасу арқылы сөз қағысуы дер едік. Өлең өрнегімен жұмбақ айту және оны қарсыласының көркем жырмен кестелеп шешуі, әрі сол жұмбақтың сұрақ, жауабы күнделікті тіршілікпен, сол уақыт тынысымен өзектес өрілуі – сөз жоқ, үлкен білімділікті, шеберлікті танытатын құбылыс. Мысалы, Байдырақ сері мен Саржан сұлу айтысында:

Саржан: «Халық сүйер бір нәрсені хақтан тілеп,

Берсе егер бұл тілегін шат боп күлмек,

Осындай тілек алып тұрса дағы,

Келгенде жеркенеді жадап-жүдеп.

Байдырақ:
«...Жаңбыр ғой халық тілеген бұл тілегі,

Жаңбырдың тіршілікке зор керегі.

Құдайдан тілеп мұны алса дағы,

Көп жауса мезі болып жек көреді» [38, 407 б.] Жоғарыда айтып өткеніміздей, айтыстың рулық сипатта өрбуін немесе байманапты мадақтауын ақындардың өресіздігі, пайдақұмар пенделігі ретінде жағымсыз түрде бағалауға болмайды. Өнердің кез келген түрі болсын, ол – жекелеген бай-манаптың немесе қолында билігі бар күштінікі емес. Өнер әлімсақтан халыққа қызмет етіп, оның қуанышы мен қайғысын, мұңы мен мұқтажын өтеп келе жатқан рухани құндылық. Көшпелі қазақ сахарасында өркен жайып, қалыптасқан айтыс өнері де әр кез туған халқымыздың кәдесіне жарап келді, алда да солай жалғасын таба бермек. Кез келген өнер түрінің ақпаратты-танымдылық сипаты болатыны белгілі. Әсіресе, біз сөз етіп отырған айтыс ақындарының мұрасы, ел өмірі мен халық тарихын таразылауда мол мағлұмат берері сөзсіз. ХІХ ғасыр қазақ халқы үшін саяси-әлеуметтік һәм тарихи тұрғыдан сындарлы заман болды. Ресейдің отарлау саясаты мен көршілес Қытай, Қоқан биліктерінің қысымы, қазақ

даласында бекініс-қамалдардың салынуы, елдің әлеуметтік-саяси болмысына үлкен әсерін тигізді. Қазақ жеріне жат елдерден қоныс аударушылардың көбеюі, қазба байлыққа қызығушы шетел кәсіпкерлерінің келе бастауы, Ресей мен Қытайдың саяси-экономикалық, сауда-саттық келісім шарттары ұлтымыздың далалық өркениетіне кері әсерін тигізе бастады. Хандық биліктің жойылып облыс, губерниялық әкімшіліктердің орнығуы халықтың рухани болмысына, дәстүр-салтына, шаруашылығы мен тұрмысына елеулі өзгерістер енгізді. 1836-1838 жылдардағы ішкі Бөкей ордасындағы, 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістердің басталуына тарихтың осындай қысталаң сәттері себепші болған еді. Ғасырлар бойы сайын сахарада далалық өркениеттің дегдар қасиетімен тәрбиеленіп өскен халыққа ХІХ ғасырдағы осындай қиыншылықтар оңай соққан жоқ. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен оқиғалар халықтың көзқарас санасына да әсер етпей қоймады. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тұрмыстіршілігі, қам-қарекеті, әлеуметтік ахуалы қандай деңгейде, қандай жағдайда болғандығын, әрине, сол заманның тарихи шежіресінен, шығармашылық мұрасынан іздеуіміз заңдылық. Айтыс жырларынан тарихтың сол бір кезеңдерін документальды түрде көріп, тани алмасақ та, жалпы болмыс сипатын, ұлттың әлеуметтік жағдайын бағамдау барысында мол мағлұматтар аламыз. Айтыс жырларында кездесетін сауда-саттыққа, өнеркәсіп орындарына байланысты айтылған ойлар сол уақыттағы қазақ қоғамының әлеуметтікэкономикалық өзгерістерінен хабар берсе, жекелеген саяси оқиғалар көрінісі елдің тарихи ахуалының қандай болғандығын танытады. Ел ішіндегі адамдардың мінез-құлық, іс-әрекеттері арқылы сол уақыттағы қазақ қоғамының кескін-келбеті, тіршілік болмысы суреттеледі. Жекелеген сөздік атаулар арқылы көптеген мағлұмат, ақпарат көздерін аршып алуға болатындығын бүгінде лингвист-тарихшыларымыз дәлелдеп отыр. ХІХ ғасырдағы айтыс жырларында кездесетін шаруашылық, сауда, өнеркәсіп салаларына байланысты айтылған ойлар қазақ халқының саяси-экономикалық болмысын танытса, мәдениет, ағарту ісі, әдебиет, өнер жайындағы мағлұматтар елдің рухани деңгейінің кескін-келбетін сипаттайды. Осы келтірілген қоғамдық салалардың қайсысы болмасын айтыс жырларында сөздік тұлға, сөйлем, нақыл, өсиет немесе тұтас логикалық жүйе түрінде көрініс тауып отырды. Бұл туралы аталмыш тарауда жан-жақты айтылып, нақты мысалдар келтірілді. Қандай шығармашылық иесі болмасын, ол ең алдымен – өз дәуірінің, өз ортасының перзенті. Ол қалдырған шығарма арқауы да сол замана шындығы болып табылады. Халқының мәдени, рухани, әлеуметтік-тұрмыстық, саяси-экономикалық өмірінің болмысын сол уақыт үрдісімен бағалайды, суреттейді. Ешқандай шығармашылық иесі болашаққа арнап немесе келер күннің еншісіне лайықтап рухани дүние қалдырған емес. Айтыс ақындарының да шығармашылығы өз дәуірінің шындығын шынайы жеткізе білуімен құнды. Айтыс жырларында кездесетін ой-толғам, пікірлер уақыттың рухани жемісі. Оның деректілігі мен ақпараттық құндылығын сөз ете отырып, тағылымдық-

тәрбиелік мәніне де назар аудару қажет. Рухани мұраның құндылығы да осындай қырлармен өлшенсе керек. Айтыс өнерінің әлеуметтік мәнін айқындайтын ерекшеліктің бірі ой қақтығысы, пікір қайшылығы екені рас. Хан-сұлтанды, бай-манапты мадақтау немесе сынау, ел ішіндегі келеңсіздіктерді көрсету, ақындардың бір-бірін мінеуі, ру-тайпа, өскен жерін аспандата жырлап, қарсылас ақынның шыққан жеріне, тегіне тіл тигізу сияқты сипаттар айтыс жырлары мағынасына сыйымды, табиғатына тән ұғымдар. Бұған «ескіліктің сарқыншағы», «білімсіздік», «рушылдық», «өресіздік» деп баға берудің еш қажеті жоқ. Егер айтыс жырлары осы келтірілген тақырыптардан ада болса, онда оның әлеуметтік, қоғамдық маңызы да ашылмас еді. Айтыс жырларының өміршеңдігі де оның шындығымен, өзектілігімен өлшенері анық. ХІХ ғасырдағы айтыс жырлары өзінің осындай күрделі психологиялық, өзекті өткір мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Қоғамның көлеңкелі, күнгей тұстары, адамдардың жақсысы мен жаманы сияқты әлеуметтік теңсіздік адамзат тарихының барлық кезеңіне тән құбылыс. Ал, кейінгі ұрпақ тарих талқысынан өткен сол дерекақпарат көздерінен тек шындықты іздейді. Бұл тұрғыдан келгенде ХІХ ғасырдағы айтыс жырлары өз миссиясын толық атқарып тұр деуге болады. Айтыста сөз болған әрбір мәселе, әрбір жағдаят сол уақыттың бедерін көрсетеді. Мұның өзі айтыс өнерінің ұлт тарихындағы қажеттілігін айқындаумен қатар, халықпен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан рухани құндылық екендігін танытады. ХІХ ғасырдағы айтыс жырларын объективті түрде бағалайтын болсақ, аталмыш өнер түрі сол уақыттың бүкіл болмыс бітімін, тарихи шежіресін жасады. Осы ғасыр еншісіндегі айтыс бізге ана тіліміздің асылы мен жақұтын, яғни сөз жауһарларын мұра етті. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-жоралғыларының ең озақ түрлері де айтыс жырларында көрініс берді. Халықтың саяси-әлеуметтік жағдайлары да ХІХ ғасыр айтыскерлерінің мұрасында жан-жақты жырланды. Көшпелі елдің тұрмысы, шаруашылығы, экономикалық ахуалы да айтыс жырларында барынша баяндалды. Ар-ождан, иман, дін, діл мәселелері де тағылымдық-тәрбиелік тұрғыдан тереңнен қаузалып қарастырылды. Айтыста келтірілген жекелеген рулық-тайпалық сипаттар тұтастай қазақ халқының ұлттық тарихи болмысын жасап шығарды.

1.4 Жыраулық, шешендік үлгілердің айтыс өнеріне әсері Ақын-жыраулар шығармашылығын жете зерттеп, тереңнен қаузаған, кешегі кеңестік заманда тоталитарлық жүйенің темір шеңгеліне қарамай қазақ поязиясы ғұмырын бес ғасырға тереңдетіп, текті өнердің бағын жандырған ғалым-жазушылардың ішінде Мұхтар Мағауин есімі ерекше орын алады. «Бес ғасыр белестері» атты ғылыми мақаласында М. Мағауин: «Қазақ поэзиясының, қазақ жазба әдебиетінің түп-тамыры қадым замандарға барып тіреледі. Дәуіріне сай дамыған мәдениеті, төл жазуы болған бабаларымыз ілкі орта ғасырлардың өзінде (Ү-ҮІІІ ғасырлар) мәңгі өлмес мұралар жасады»[39, 5 б.], – деп жазады.

Асан қайғы (ХҮ ғасыр) заманынан Махамбет (ХІХ ғасыр) дәуіріне дейінгі бес ғасыр қазақ халқының адамзат өркениетінен алар орны мен мемлекет болып қалыптасу, дәуірлеу сипаттарын айқындаған тарихи кезең болып саналады. Қазақ халқының жеке мемлекет болып қалыптасуы, елдің бірлік-ынтымағы, ұлт болып ұйысуы сияқты идеологиялық тұрғыдағы ізгі талпыныстардың дені осы бес ғасыр еншісіне тиесілі еді. «ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды. Өзіндік түр тауып, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Алаштың жайсаң жанын, өр рухын бедерлей таңбалап, келер ұрпақ үшін ешқашан ескірмес үлгілер тудырды. Көркемдік танымның асқар биігіне көтеріліп, әлемдік өредегі ұлы шығармалар қалдырды» [40, 4 б.]. Ақын-жыраулар мұрасын талдап, сараламас бұрын, жалпы жырау сөзінің табиғатына, шығу, аталу төркініне аз-кем тоқтала кеткен орынды. «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» атты зерттеудің авторы Е.Д. Тұрсынов бұл жайында төмендегіше пікірлер келтірген: «Профессор Н. Смирнова: «Жырау сөзінің мағынасы – «жыр айтушы» деген сөз... Бұл жыр айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне», – деп жазады» [41, 156 б.]. Жырау сөзінің төркіні туралы В. Жирмунский, Х. Зарифов, Е. Ысмайылов, Н. Ильминский, В.В. Радлов, Л.З. Будагов, Ш.Ш. Уәлихановтар да пікір білдірген. Аталмыш ғалымдардың барлығының пікірі сайып келгенде Н. Смирнова пікірімен үндес, мағыналас тұрғыда тұжырымдалады. Сонымен, қазақтың жыраулар тобы, яғни халықтың жырын, мұңын, мұратын айтушылар өз дәуірінің дидарын шығармаларында барынша суреттеп, бедерлеп кеткен рухани тұлғалар болып табылады. ХҮ ғасыр өкілі Асан қайғы жырау – заманының сұңғыла шешені, көреген көсемі ретінде халық зердесінен ерекше орын алған қайраткер. Ең алдымен Асан қайғы қазақ даласының геосаяси тұрпатына қазіргі тілмен айтсақ экологғалым тұрғысында баға беріп, сол дәуірдің агросаясатына сөз өнерімен өлшем жасаған жырау. Ауыз әдебиеті нұсқаларында қазіргі қазақ даласының әр өлкесіне қатысты «Асан қайғы айтқан екен» деген нақыл мен аманат іспеттес сөздерді жиі ұшыратамыз. Бір ғажабы, Асан қайғы айтқан болжам мен қазіргі заман ғалымдарының қазақ даласының жер бедері мен климаты туралы тұжырым дәйектемелерінің үндесіп жатқандығы еді. Бес ғасыр бойы қазақ даласында салтанат құрған ақын-жыраулар поэзиясының басты ерекшелігі қандай дейтін болсақ, ең алдымен азат ой, алғыр тілі деп бағалар едік. Бірінші сипат ақын-жыраулардың ой еркіндігі. Ой еркіндігі – қашанда тәуелсіз сана жемісі болып табылады. Рух-сананың жекелеген адамға немесе қоғамға тәуелді болмауы парасатты, байсалды ойлардың дүниеге келуінің кепілі. Асан қайғыдан Махамбетке дейінгі ақын-жыраулардың рухының биік болуын – ой азаттығының жемісі деп бағалаған жөн. Асан қайғы. ХҮ ғасыр: «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп, қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің?» [39, 24 б.]. Осылай деп ханның мінін бетіне айтқан абыз жырау мұнан әрі орда маңында болып жатқан келеңсіздіктерді, қызметшілердің бетімен кеткендігін, елінің қараусыз қалғанын батырып айтады. Асан қайғы жырынан тарихта әз-Жәнібек атанған ханның да адам ретіндегі осал тұстарының болғандығын аңдаймыз. Жалпы, жырауды өз есімі әйгілеп тұрғандай Хасан Сәбитұлының Асан қайғы атануы кездейсоқтық емес. Бүгінгі күнге жеткен азды-көпті мұраларынан жыраудың нағыз халықшыл, ел мұраты үшін егіліп, өмір сүргенін анық байқаймыз. Халықтың мұңы мен қайғысын жоқтаушы, өз заманының қаһарман қайраткері болған. Қазақ халқының бірлік-ынтымағы жөнінде Асан қайғының: «Еділ бол да, Жайық бол, Ешкімменен ұрыспа, Жолдасыңа жау тисе, Жаныңды аяп тұрыспа. Ердің құны болса да, Алдыңа келіп қалған соң, Аса кеш те қоя бер, Бұрынғыны қуыспа» [39, 26 б.], – деген сөздері сол замандағы ұлттық идеология мұраттарын аңдатып тұрған жоқ па?! «Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін» [39, 26 б.] бірлігің мен ынтымағыңды бұзба деп басалқы сөз айтқан Асан қайғы мұраттарын ХІХ ғасырда: «Біріңді қазақ, біріңді дос, Көрмесең істің бәрі бос» [42, 119 б.] деп Абай жалғастырды. Осы жерде ресейлік ғалым Г.В. Плехановтың өнер мен әдебиет жөнінде айтқан мына пікірлері ойымыздың мағынасын тереңдете түседі. «... Литература – отражение национальной духовной природы – есть продукт тех самых исторических условий, которыми создана эта природа. Значит, не природа человека, не характер данного народа, а его история и его общественное устройство объясняют нам его литературу» [43, 70-71 бб]. Бүгінгі жазба қазақ әдебиетінің тамыры халқымыздың бағзы дәуірлерінен жеткен рухани құндылықтардан бастау алатыны белгілі. Г.В. Плеханов тұжырымымен келісе отырып өнерге тарих пен қоғамдық ахуалдың әсер ететіндігін ескерсек, қазақ ақын-жырауларының ұрпаққа қалдырған өлшеусіз мұрасының қаншалықты қымбат екендігін ойша бағамдауға болады. Жыраулар поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі – Қазтуған жырау Сүйіншіұлы ХҮ ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ бойында дүниеге келген. Жырау туралы қысқа болса да мәнді түсінікті жазушы-ғалым М. Мағауиннің

құрастыруымен жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» кітабының бірінші томында жазылған. Қазтуған жырау бейнесі өзінің «Мадақ жырында» келісті ашылған. Жыраудың бүгінге жеткен мұраларының ішіндегі кесек туынды «Алаң да алаң, алаң жұрт», – деп басталатын әйгілі толғауы. Алты ғасырды артқа тастаса да, Қазтуған жыраудың бұл толғауы өзінің рухани қуатын, идеологиялық мұратын әлі жоғалтқан жоқ. Көшпелі елдің іргесінің кеңдігін жағырапиялық тұрғыдан дәлелдеп тұрған бұл туынды өзінің елге деген, туған жерге деген патриоттық рухымен ғасырлар бойы халықты жігерлендіріп келді. Ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан Қазтуған жырау мұрасы өз мәнділігін жоғалтпақ емес. Бес ғасыр бойы салтанат құрған дала поэзиясының алыбы Бұқар жырау Қалқаманұлы. Елдің ұлт болып ұйысуына, Қазақ мемлекетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан жырау өз заманының басты идеологы болды. «Мемлекет қайраткері Бұқар Қалқаманұлы Абылай ханның бас ақылшысы, арабша сауатты, ең тапқыр биі ретінде, ел өміріндегі ірі мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарды» [44, 9798 бб]. Бұқар жыраудың мемлекеттік істерге араласуы, сол замандағы саясиәлеуметтік оқиғалардың басы-қасында болып, оған өзіндік көзқарас пікірін білдіруі, оның шығармашылық мұрасында кеңінен көрініс тауып отырды.

«Ашуланба, Абылай,

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық салынба» [39, 92 б.]. «Ай, Абылай, Абылай, Сені мен көргенде, Тұрымтайдай ұл едің» [39, 92 б.] деп басталатын жыраудың әйгілі толғауы Абылайдың өмір жолын, хандық дәуірін суреттейтін, әрі сол заманның тарихи жағдайынан мол хабар, ақпарат беретін туынды. Жырда: Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүрген құлдың, жиырма жаста ақсұңқар құстай түлеп, басына дәулет қонғандығы айтылады. Бұл толғауда ханның бас батырлары Бөгенбей, Қабанбайларға да сипаттама беріледі. Абылайға: «Атаңды білмес құл едің» деп өктем сөйлегеніне қарағанда жыраудың сол кездегі бедел-абыройы ханнан кем емес екендігін танытады. «Орыспенен соғысып, жұртыңа жаулық салынба» [39, 24 б.], – деуі Бұқар жыраудың алыстан ойлап, тереңнен таразылайтын кемел саясаткер екендігін аңғартады. Халық мұрасын зерттеуші С. Мұқанов Бұқар жырау шығармашылығы туралы терең танымды пікірлер білдіре отырып былай дейді: «Бұқар жыраудың жырлары түгелімен отаршылық саясаттан шошынуға ғана емес, ол өзінің кейбір жырында қазақ халқының ішкі тұрмысына үңіліп, оның ішкі тіршілігі туралы да көп нақыл сөздер айтады. Қазақ халқының бейбітшілік өмірін Бұқардың қаншалықты тілегендігі оның мына жырынан байқалады» [45, 248 б.].

Мұнан әрі Бұқар жыраудың өлеңмен өрілген он бір тілегін тұтастай мысалға алып: «Не деген тамаша тілек! Бұл жырда халық тиыштығының бар саласы түгел қамтылған», – деп сүйсінеді. Шынында да Бұқар жыраудың тілек өлеңі сол уақыт үрдісіндегі халықтың арман-тілегін, замана жүгін арқалап тұрған аманат жыры іспеттес. Сөз – ойдың жарыққа шыққан сәулесі десек, Бұқар тілегін сол қоғамның барлық сыры мен мұңын, аңсары мен мұратын айқындап тұрған философиялық тәмсіл деп бағалаймыз. Асан қайғы, Қазтуған, Бұқар жырау шығармашылығына қатысты айтылған бұл пікірлер сол дәуірдегі Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей сияқты ақын-жыраулардың мұрасына да тән қасиет. Осы жыраулардың барлығы өз заманының шындығын, тарихи тұрпатын шығармаларында барынша бедерлеп кеткен тұлғалар.

«Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» [39, 92 б.] Асан қайғы, «Атаңды білмес құл едің» [39, 181 б.] Бұқар жырау сөздері бес ғасырды көктей өтіп, дала демократиясының дүр сипатын ХІХ ғасырға жеткізді.

«Хан емессің қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сенің басқа ұрсын!» [39, 92 б.] деген Махамбет ақын өзінің алдындағы жыраулар мұратын, демократтық көзқарасын одан әрі дамыта түсті. Бес ғасыр жырлаған дала поэзиясы өзінің асқақ рух, жалынды сөзімен, қара қылды қақ жарған өткірлігімен халықтың рухани қуатына айналды. Жыраулар поэзиясы сол кездегі халық өнерінің барлық түріне әсер етті. Дала ділмарлары – шешен билерге де, айтыс ақындарына да жыраулар поэзиясы үлкен мектеп, сара жол салып берді. Жыраулар поэзиясы туралы зерттеуші Б. Жақып төмендегідей пікір білдірген: «Жыраулар поэзиясы, өмірде болған тарихи нақты оқиғалардың, сол кездегі саясаттың, қоғамдық маңызы зор оқиғалардың көрінісі бола білді.» [693] Адам, Қоғам, Уақыт – үнемі қозғалыста, өзгерісте болатын құбылыс. Ойсананың дамуы, қоғамдық өзгерістердің алғышарты болса, уақыт оны тарих беттеріне бедерлеп, ұрпаққа аманаттап отырған. ХІХ ғасырға дейін ауыз әдебиетінде жыраулық дәстүр үлкен ықпалға ие болса, одан кейін бұл миссияны би-шешен сөздері мен ақындар айтысы жалғастырған.

Әрине, бұдан ХІХ ғасырдан бұрын шешендік сөз, айтыс өнері болмады деген ой туындамау керек. Айтыста, шешендік өнерде бағзылық дәуірлерден бастау алатындығын, олардың да халықтың рухани қажеттілігін өтеп келгендігін зерттеу барысында айтқан болатынбыз. Тек бұл жерде халық өмір сүріп отырған, қоғамдық әлеуметтік жағдайдың өнерге тигізер ықпал-әсерін бағамдаған жөн. Жыраулық поэзия қазақ халқының жаугершілік заманды бастан кешірген, «аттың жалы, түйенің қомындағы» аласапыран кезеңнің сипатына тән белең алған өнер. Елді бірлік пен ынтымаққа, бір тудың астына жиналуға шақырған, Отанды, жерді қорғауға шақырған патриоттық тұрғыдағы жалынды жырлар сол

уақыттың еншісіне тән және аса қажеттіліктен туындаған шығармалар еді. Мәселен, Ақтамберді жыраудың «Күлдір, күлдір кісінетіп» деп басталатын әйгілі толғауы немесе Тәтіқара ақынның «Қамыстың басы майда, түбі сайда» жырлары уақыт ырғағы (ситуация) туғызған туындылар болып табылады. Жыраулар поэзиясынан мұндай мағынадағы толғауларды көптеп келтіруге болады. Әрірек барсақ, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған жырлары да осы пікірімізді айғақтай түседі. Бұл жайында академик, ғалым С. Қирабаев өзінің «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» атты кітабында жан-жақты сөз етеді. Онда ел билеген хан да, оның маңындағы жұртқа сөзі өтетін билер мен ақсақалдар да шешендік мектебінен өтуге тиіс болғандығын, халық тілі өткір, тапқыр, бейнелі, логикалық жүйесі мықты сөзге ғана тоқтайтындығын айтып өтеді. Сондай-ақ, ел билеушілер өздері де өтімді сөздің иесі болып қана қоймай, ақылшыны да, сөз тапқыш шешен мен ақыннан таңдағанын тілге тиек етеді. Әрі қарай Әз-Жәнібектің қасында болған Асан қайғының, Мамай ханның ақылшысы Доспамбет жыраудың, Темір бидің тұсындағы Шалкиіз жыраудың, Есім ханның қасындағы Марғасқа жырау мен Әз-Тәукенің қасындағы Ақтамберді мен Абылай тұсындағы Бұқар жыраудың атқарған қызметтерінің маңыздылығын еске сала отырып, есімдері аталған ақын-жыраулардың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі мен қайраткерлік тұлғасы жөнінде төмендегіше пікірлер білдіреді: «Жыраулар заман халін толғап барып, оны елдің тілегін, арман-мұңын айтқан жырлармен жалғастырған. Бұл жырлар, негізінен елдің бірлігі, жердің тұтастығы, ұлттық тәуелсіздік идеясымен байланысты толғаулардан тұрады» [46, 22-23 бб.]. Қандай қоғам болмасын мемлекеттік идеологияны қалыптастыруда сөз өнері тізгін қолға ұстаған тұлғалардың шешуші рөлде болғандығы ақиқат. Күшпен, қарумен дүниеге келген идеологиялық мұраттың ғұмыры баянды болып көрген жоқ. Өркениетті заман саналатын қазіргі ХХІ ғасырда да сөз өнері, яғни, Әдебиет пен Баспасөздің қоғамға тигізер әсер-ықпалы зор. Журналистиканың төртінші билік атануы да бекерден-бекер емес. Жыраулар поэзиясы бәсеңдей бастаған ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында би-шешен, ақындық тұлғалардың тарих сахнасына шығып, ел мүддесіне ықпал етуі де табиғи заңдылық.

Қазақ даласында болып жатқан түрлі өзгерістер қоғамдық болмыстың барлық салаларына өз әсерін тигізе бастады. «Қазақ жеріне қала түсті, бекіністер салынып, орыс әскерлері кірді. Шұрайлы жерлер тартып алынып, орыс шаруалары қоныстандырылды. Ел тіршілігінің шеңбері тарылып, отаршылдық темір құрсаудай қыса бастады. Осыған орай дербес ақындық поэзия қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайларын жырлауға бет бұрып, ел басындағы ауыр мұңды, қайғыны суреттеуге ойысты.» [46, 23-24 бб]. Қоғамдық формациялардың өзгеруі халықтың рухани ой-өрісіне де белгілі дәрежеде әсер-ықпалын тигізеді. Мәселен, кеңес заманында көркем әдебиет алдыңғы орынға шықса, өтпелі кезеңде публицистиканың ықпалы зор болды.

Мұндай өзгерістер әр дәуірде, әрқилы қоғамдық жағдайларға байланысты орын алып отырды. ХІХ ғасыр айтыс өнерінің өркендеп, қанатын кеңге жайған тұс еді. Қазақ даласында бағзыдан келе жатқан айтыс, шешендік сөз өнері қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге араласып, өз үнін, ықпалын таныта бастады. Ортақ жаудың тарих сахнасынан жойылуы, қазақ тайпа-руларына бүтіндей тыныштық әкелгенімен, өз ішіндегі жер дауы, жесір дауы, барымта сияқты ежелден келе жатқан ескі әдет етектен тартуын қоймады. Қазақ үшін мұндай келеңсіздіктер кейде рулық, жүздік сипат алып, мемлекеттің іштен іруіне әкеліп соқтыратын. Қазақты осындай кеселден арылтуда немесе ел ішіндегі тыныштықты, бейбітшілікті сақтауда би-шешен, ақындарының рөлі ерекше болды. Мұндай жағдайда ел басқарып отырған хан-сұлтандардың өзі халық ішінен шыққан қабырғалы билер мен от ауызды, орақ тілді шешендерге, ақындарға арқа сүйегендігі тарихи шындық еді. Белгілі ғалым Нысанбек Төреқұл: «Қазақта би-шешендер ерекше тұлға. Ерекше тұлға дейтін себебіміз, бұрын-соңды қазақтан басқа халықтарда мұндай тұлға, мұндай елді аузына қаратқан адамдар болған емес. Шығыс халықтары арасында біздің билерімізге ұқсас бірлі-жарым болуы мүмкін, бірақ олар дәл қазақтағыдай емес-тін. Демек, би-шешендер тек қазаққа ғана тән құбылыс. Олар айтқан билік, шешендік сөздер тек қазақ арасында кездесетін халықтық асыл қазына болып табылады» [47, 5 б.] , – деп жазады. Ғалым пікіріне сүйене отырып, ұлтымызға тән осынау ұлы тұлғалардың ел тарихындағы еңбектерінің елеулі екендігіне олардың бүгінге жеткен шығармашылық мұрасын зерделей отырып көз жеткіземіз. Тіпті, қара қылды қақ жарып, төрелік айтқан билер дәуірі біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда болғандығын зерттеушілеріміз дәлелдеп жазу үстінде. Ғалым Н. Төреқұлдың пайымдауынша біздің заманымызға дейін Нәнді би, Елсау би, Оңқай би, Майқы би Мәнұлы сияқты тұлғалар өмір сүріп, артына өлмес мұра қалдырған. Қазақ халқының тарихында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би есімдері ел бірлігі мен ынтымағы, мемлекет іргесінің нығаюы жолында ұлт болып қалыптасудың негізін қалаған қайраткерлер ретінде бағаланады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – дейді халық даналығы. Би болу, билік айту сөз білетін кісінің бәріне бірдей бұйырмаған. Жоғарыда келтірілген халық даналығы би-шешеннің өзін ар тезіне салатын қағида іспеттес.

Би-шешен атанған тұлға қашанда әділ, адал болуға тырысқан. Кез келген даулы мәселені қара басының пайдасына шешкен би-шешендерге халық екінші қайта сенім артпаған. Дегенмен де, халық тарихынан арды аттады дейтіндей бишешеннің есімдерін кездестіру қиын. Біздің дәуірімізге дейінгі 178 жылы туып, 89 жылы дүниеден қайтқан Майқы би Мәнұлы туралы деректерде: «Елді бейбітшілік жолмен әділ де, адал басқарған. Өзінен бұрын әр тарапқа бытырап кеткен елдердің басын біріктіріп, ұйымшылдыққа, ел бірлігіне үндеген» [47, 12 б.] – деп жазады.

Сонау бағзы дәуірлерден жеткен Майқы би тәмсілдерінде ел бірлігі, ынтымағы жөнінде күні бүгінге дейін өзінің рухани қуатын, аңсар-мұратын жоймаған мына бір жыр жолдары ұрпаққа қалдырған аманат іспеттес. «Жанның ұлы Ар мен Хұн, Тартқызбас бізге зар мен мұң. ...Қоң, Рат, Қып, Шақ, Болдан-ды Жоқ демеңіз болғанды. Ақ тұрған жерде қақ тұтар, Досым дос оған, қасым қас, Жауымды түнде шолған-ды. О, Тәңірім, табынам, Бесеуге бер береке» [47, 14 б.]. Қазіргі қазақ ұлтын құрайтын, сол дәуірдегі біраз ру, тайпаларға қатысты айтылған Майқы би толғауынан келтірілген бұл үзінді тек замана идеологиясынан хабар беріп қоймайды, ұлттық тұтастықты, бірлікті көксеген ел мұратының асқақ рухын да танытады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», – деген қанатты сөздің шығу төркіні тегін болмаса керек. Қазақтың би-шешендері тарихының бастауында Майқы тұлғасының тұруы аталмыш өнердің қайнар көзінің қай дәуірден бастау алатындығын меңзейді. Майқы биден бастау алған шешендік сөз өнері ғасырлар бойы жалғасып, қазіргі жаңа заманға иек артып отыр. Ауыз әдебиеті тарихындағы Аяз би, Елсау би, Едіге би, Бәйдібек би, Жиренше шешен, Әнет би есімдері шешендік өнер көшінің шоқтығын көтеріп тұрған тұлғалар. ХҮІХҮІІ ғасырларда өмір сүрген Мөңке би, Қазы би, Бөлтірік шешен, Бөкен би, Сеңкібай би, Қараменде би, Ескелді би, Байдалы би, Бекболат би, Сеңкібай шешен, Жаңқұтты шешен сияқты дала ділмарлары тарихта өздерінің аталы сөзі мен халыққа тигізген қайырым-шапағатымен есте қалған даналар.

Ш.Уәлиханов «Ежелгі халықтық үлгідегі билер соты» атты жазбасында қазақтың билері туралы төмендегіше пікірлер келтіреді: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған» [48, 135 б.]. Би-шешендер тарихына зер сала отырып, көз жеткізген ақиқаттың бірі – шешендік өнердің тақыр жерден шықпағандығы, оның ғасырлар бойы желісін үзбей келе жатқан үлкен мектебінің болғандығы. Бүгінге жеткен аңыз деректерге сүйенсек Майқы бидің қасында Аяз би мен Құмырсқа бидің болғандығын аңғарамыз. Қазіргі уақытқа жақындау, дерек-дәйегі мол ХҮІІІХІХ ғасырдағы шешен-билердің өмірі бір-бірімен байланысты, тағдырлары сабақтас өрілетіндігіне зерттеу барысында анық көз жеткіздік. Мысалы, Бөлтірік шешеннің Бердіқұл бимен кездесуі, Байдалы бидің Саққұлақ биге бата беруі, Андас би мен Сүйінбай ақынның сөз қағысуы, Жанқұтты шешен мен Құнанбайдың дәмдес-тұздас болуы, Жетес би мен Нияз бидің сөз жарыстыруы, Жидебай бидің Шабанбайға берген мақтау сөзі сияқты деректерді басқа би-

шешендер өмірінен молынан ұшыратуға болады. Бұл дегеніңіз қазақ қоғамындағы дала ділмарларының шығармашылық рухани байланысы өте терең болғандығын аңғартады. Қазақ дәстүріндегі бата алу, бата беру жоралғыларының да өзіндік тағылымдық-тәрбиелік мәні бар екендігіне көз жеткіземіз. Филология ғылымдарының докторы С. Негимов шешендік өнер туралы ойларын былайша сабақтастырады: «Атам заманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары – риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және оның теориясы – ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі» [49, 5 б.]. Сөз өнерінің бірегей майталманы Бөлтірік шешеннің адамгершілік болмысбітімін айқындайтын, үлкен философиялық ойларға құралған мына бір сөздері адамзат баласы үшін өмір сүру қағидасы іспеттес: «Күншілдік деген бар, содан сақтан, Кекшілдік деген бар, содан сақтан. Астамшылық деген бар, одан алыс жүр, Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр. Қараулық деген бар, одан таза бол, Бәлеқорлық деген бар, одан ада бол, Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол.» [47, 345-346 бб]. Немесе, Саққұлақ бидің «ел дегенің немене?», «ер дегенің немене?» деген сұрақтарға берген жауабындағы талғамдарының астарында қаншама құнды ойлар жатыр. «...Ынтымақ-бірлік болмаса, Елдікке мойын бұрмаса, Үлкеннің айтқан сөздерін, Кішісі қолдап тұрмаса Ел дегенің немене?!» [47, 364 б.]. Ақын-жыраулар шығармашылығынан би-шешен мұраларының айырмашылығы мұнда ғибратты-философиялық ой тұжырымдар молдау ұшырасады. Әрі бұл тәмсілдер өлең түрінде, сондай-ақ төгіліп тұрған қара сөз үлгісінде айтылады. «Шешеннің интеллектуалдық мәдениетін, білім-білігін, зерде-зейінін әңгімелегенде, импровизацияға бейімділігін де елеп-ескеру керек. Бұл шешендік өнердің ең жоғарғы түрі. Тыңдаушы қауымға қатты әсер етеді.» [49, 18 б.]. Сонымен, жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің тапқырлық ойтолғамдары өз заманының әлеуметтік жүгін көтерген, рухани қазынамыздың өшпейтін, өлмейтін асыл мұрасы болып саналады. Адамзат дүниесінің рухани тетігін тұтастай алып қарасақ, жыраулық, шешендік, айтыскерлік дейтін ұғымдардың бір мақсат, бір мүдде тұрғысында сабақтасып, сөз өнері дейтін ұлттық мәдениеттің бірегей саласын айқындайтынына көз жеткіземіз. Айтыс ақынының бойынан жырауға тән жігерлі төкпелік сипатты да, бишешенге тән танымы терең парасаттылықты да көруге болады.

Бұқар Қалқаманұлы бейнесі тарихта – жырау, шешен, ақын, данагөй, би ретінде белгілі. Мұндай сипат дала ділмарларының көбіне тән. Бұдан шығатын қорытынды – сөз өнері түрлерінің рухани жақындығы мен бір-біріне тигізер әсер-ықпалының ерекше болғандығы. Шешендік өнер – халықтың дүниетанымы мен философиялық танымтүйсігін айқындайтын құбылыс. Шешендік сөздер жеке тұлғаларға тиесілі болғанымен ол халықтың пайым-парасат, зерде-зейінінің жемісі. Би-шешен сөздерінің жер дауы, жесір дауы, құн даулау сияқты әлеуметтік мәселелерден басқа, салмақтырақ қыры – тәрбиелік-тағылымдық мәнінің тереңдігі. Мысалы, Шабанбай бидің Жанғұттыға берген: «- Аллаға жағамын десең, азанды бол, Халыққа жағамын десең, қазанды бол, Судай таза бол, Жердей көтерімді бол» [50, 69 б.], – деген батасын сол уақыттағы ел жақсысы атанған Ботантай ауыл жастарына былай деп талдап түсіндірген екен. «Аллаға жағу дегені – мұсылмандықты берік ұстау: намаз, оразаны қаза етпеу, исламның бес парызын қалт жібермей орындап отыру, имандылық, инабаттылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» [50, 69 б.]. Бұдан әрі «халыққа жағу үшін қазанды бол» сөзінің мағынасын кеңпейілділік, қайырымдылық тұрғысында қарастырып, адамның жетім, жесір, ғаріпке, жолаушыға, ағайын-туыс, халыққа қол ұшын беруі керектігін айтады. «Судай таза болу мен жердей көтерімді болудың» да терең философиялық астарын тіршілікте адамзат баласының басынан өтетін келеңсіздіктерден сақтандыру мақсаты тұрғысында түсіндіреді. Би-шешен мұраларынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы тақырыпты байыпты зерттеп, байламды пікір айтқан ғалым Б. Жақып: «Қазақ би-шешендерінің сөздері өз заманында маңызды қоғамдық рөл атқарған. Көне Қазақ мемлекетінің қалыптасып, дамуында сөз құдіретінің орны зор болған. Бір мезгілде қалың қауымға әсер етіп және оларды бірігіп іс-қимылға көшуге шешім қабылдауға сендіру, иландыру, керек жерінде ояту дәл сол кезеңде ауызша сөз айту пәрмені арқылы ғана жүзеге асатын еді. Ал қазақ қоғамындағы шешендік сөзге, билік шешімге жүгінудің орны орасан зор болатын. Өйткені қазақ даласындағы басқару ісі ауызша сөз арқылы жүзеге асты» [6, 101-102 бб], – деп пікір білдіреді. Жыраулар поэзиясының өршіл рухы мен би-шешендердің терең ойға құрылған тегеуірінді сөздері ХІХ ғасырдағы айтыс ақындарының шығармашылық мұрасына мазұндық һәм көркемдік тұрғыда мол игі әсерін тигізді. Жырауға тән кең тыныс, үлкен пафосты тілейтін жырларды Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Досмағамбет, Сарбас, Бақтыбай, Әсет, Кемпірбай т.б. ақындардың айтысынан байқаймыз. Төкпелете жыр төгіп, ұзағынан толғау сүре айтыстарда жиі кездеседі. Жыраулар поэзиясына тән бұл сипат ақындар айтысында да елдік, халықтық мақсат-мұраттар тұрғысында барынша жарқырай көрінеді. Публцистикаға тән ақпараттық-танымдық, насихатшылдық, ұлттық идеология көріністерін де сүре айтыстарында молынан ұштастыруға

болады. Мысалы, Сарбас пен Жамбыл айтысында Сарбас ақынның мына бір толғамдары жыраулық дәстүр сарынын еске түсіреді:

«...Алатұғын жеріңді айт,

Ішіңдегі шеріңді айт,

Кешпейтұғын жөніңді айт,

Жеңе тұғын еліңді айт!

Ат жүздіріп келемін

Айдын шалқар көліме...» [51, 223-224 бб]. Жыраулар шығармаларында кездесетін философиялық ой-толғам, насихатшылдық сарын элементтерін айтыс жырларынан молынан ұшыратуға болады. Мұның өзі қазақ сөз өнері түрлерінің рухани жақындығы мен дәстүр сабақтастығының үзілмес желісін көрсетеді. Ақтамберді жырау:

«Ағайының көп болса,

Ұлы шерік қолмен тең,

Білімді туған жақсылар

Аз да болса көппен тең...» [40, 54-55 бб] дейді.
Омарқұл мен Тәбия айтысындағы Омарқұл ақын жырынан үзінді:

«... Онан соң бұл жалғанда әйел жетім,

Туысында теңін тауып қосылмаған.

Жас жетім жиырмада желіспесе,

Дүниені қорғасындай ерітпесе...» [52, 383 б.]. Ауыз әдебиетінің көрнекті тұлғаларының өмірі һәм шығармашылық мұрасына зер салар болсақ, оларға жыраулық, шешендік, айтыскерлік сияқты сөз өнері түрлерінің қай-қайсысы да жат болмағандығын байқаймыз. Жыраулар поэзиясындағы халықты белгілі бір мақсат-мүддеге шақыратын, үгіттейтін насихатшылдық сарын айтыс жырларында да мол кездеседі. Жыраулық дәстүрдегі көрініс:

«...Ерге дәулет бітпесе,

Қызыл тілден не пайда?

Мал араға жүрмесе,

Құр айтқаннан не пайда?

Өзіңе еркіндік бермесе,

Азат бастан не пайда?

Өзге алып еліңді,

Билегеннен не пайда?» [53, 65 б.] сияқты мәселені салыстырмалы түрде айта отырып, халыққа байлық пен дәулет, азаттық пен еркіндік сияқты ұғымдардың қаншалықты қымбат екендігін ұғындырады. Әрі сол арқылы халық санасына осы киелі ұғымдарды ұстап тұру үшін не қажеттігін насихаттайды. Мұндай мысалдарды жыраулар поэзиясынан мол ұшыратуға болады. Мәселен, Ақтамберді жыраудың «Күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деп басталатын атақты толғауын елді асқақ мұрат, баянды бейбітшілікке шақыратын насихатшылдық рухы күшті шығарма деп бағалаймыз. ХІХ ғасыр еншісіндегі айтыс мұраларында да осы дәстүр жақсы сақталған. 1965 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабының бірінші томына

кіргізілген Нұралы мен Мақан ақындардың айтысы өзінің мазмұны мен көркемдік ерекшелігі тұрғысынан екшеп айтар айтыстың бірі. Бұл айтыс Шымкент шаһарында өтеді. Дулат пен Найман руларының намысын жыртып шыққан ақындар қыза-қыза келе елдік, әлеуметтік мәселелерге ойысады. Әрине, айтыстағы ру атына айтылған сын мен міннің қаншалықты маңызды екендігін қазіргі уақыт үрдісімен зерделейтін болсақ, бұл айтыстың құндылығын дәуір келбетін көрсетумен бағалы дер едік. Сонымен қатар, сол замандағы ел шаруашылығының қам-қарекетін танытатын жыр жолдары насихаттық сарында жырланғанын байқаймыз. «...Өз еліңде тіршілік етпейсің бе? Диқаншылық айналсаң жақсы кәсіп, Бидай, қонақ, тары, арпа екпейсің бе? Еккеніңді орасың деген сөз бар, Дәнді дақыл тұқымын сеппейсің бе? Кәдуілгі жабайы күніңді ойлап, Астық пенен жемісті шөп дейсің бе? Қауын менен жүгері, өрік, алма, Өніп тұрса мол болып көп дейсің бе?...» [54, 268 б.]. Айтыста келтірілген проблема немесе белгілі бір руға айтылған сын сол уақыттағы көкейкесті мәселелерден туындайды. Айтысушы ақындар тұтас халықты құрайтын белгілі ру-тайпа өкілдері. Сол дәуірдегі Үйсін, Дулат, Шапырашты, Қоңырат, Қыпшақ, Арғын, Найман, Керей, Алшын, Адай сияқты іргелі рулардың айтыс ақындары өз елінің абырой, намысын көтере отырып, қарсылас ақынның руын сынап, мінейді. Бұл ХІХ ғасырда өткен барлық айтысқа тән қасиет. Кеңес заманында бұл құбылысты рушылдық деп танысақ, қазіргі Тәуелсіз ел тарихы бұған басқаша сипат беруге мүдделі. Біріншіден, рулық сипатта өрбіген айтыстың өзі тұтастай қазақ халқы мүддесіне жұмыс істеді. Олай деуімізге айтыста айтылған әр рудағы келеңсіздіктердің екінші рет қайталанбауына белгілі дәрежеде ықпал етті. Сондай-ақ, айтыс арқылы біз халықтың дәстүр-салтынан бастап, дін, діл сияқты рухани мәселелерді, әлеуметтік-экономикалық ахуалды, саяси-тарихи жағдайларды әр қырынан танып білуге мүмкіндік алдық. Сонымен, жыраулар поэзиясы мен айтыс өлеңдеріндегі ұқсастық, сабақтастық сипаттарына аз-кем баға беруге әрекеттендік. Бұл туралы «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының үшінші томында «Ақындық пен жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз» [55, 31 б.], – деп жазылған. Жыраулық һәм ақындық поэзияның даму жолдарын зерттеуші М. Жармұқамедов бірыңғай импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік ерекшеліктердің барлығын айтады. Сондай-ақ ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне

қоса, сезімге құрылған лирикалық сипаттың басым екендігін, ал жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән беретіндігін жазады. Осылай деп пікір айтқан зерттеуші ақындық поэзия мен жыраулық туындының өзіндік ерекшеліктері жөнінде, яғни, өзгешелігі туралы төмендегідей тұжырым келтіреді. «Солай дегенмен ақындық поэзияның жыраулық туындылардан бөлініп, дараланатын өзіндік белгілері де аз емес. Мұнда жыраулық поэзияда сирек ұшырасатын адамның ішкі сезім күйі мен ой-толғанысына айрықша мән берілетіні мәлім» [55, 56 б.]. Жыраулар поэзиясы мен айтыс жырларындағы сабақтастық пен үндестік жайындағы ойларымызды зерттеуші ғалымдар пікірі негізінде қорытындылай отырып, шешендік сөз бен айтыс өнерінің рухани жақындығына ойысалық. Шешендік сөз өнерінің көрінісі айтыс жырларына да тән қасиет. Алдымен ауыз әдебиет тарихынан белгілі би-шешендердің тұлғалық болмысына тоқталсақ. «Негізінде шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы, нығаюы, нағыз шешенбилердің тегеурінді өнерімен, өнегесімен, қызметімен тамырлас» [55, 465 б.]. Би-шешенді осылай деп танитын болсақ, олардың сөйлеген сөзі, іс-әрекеті халықтық мақсат-мүдде тұрғысында өрбитіні белгілі. Жыраулар мен ақындар мұрасына тән әлеуметтік, бұқаралық сипат би-шешен туындыларына да ортақ. Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек бидің жырмен өрілген мына бір аманат іспеттес сөзі өзінің тағылымдық мәнімен қоса философиялық пайымдауды, әрі патриотизмдік рухты сипаттайды:

«Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт берекең – атаң қымбат,

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат,

Туып өскен елің қымбат,

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат» [10, 150-151 бб]. Би-шешендердің аузынан шыққан дуалы сөз, кесімді пікірлері халықты әділдікке, ынтымақ-бірлікке, Отанды-елді сүюге насихаттауымен құнды. Сонымен қатар, жыраулар мен ақындар, би-шешендер далалық мәдениеттің көкжиегін кеңейте отырып, көшпелі елдің көкірегіне сәуле құйған ағартушыұстаздар болды. Халықтың діни наным-сенімі, салт-дәстүрді ұстанудағы таным-түйсіктері, өмірге, тіршілікке деген философиялық көзқарастарының қалыптасуына ақын-жырау, би-шешендер өлшеусіз үлес қосты. Сөз өнерінің майталмандары болған дала ділмарлары қазақи ұғымға тән қарапайым тіршілік қағидаларының өзін тағылымдық сипатта насихаттап отырды. ХҮІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Құрмысы би өзінің шешендік сөздеріне үнемі мақал-мәтел, нақыл сөздерді қосып айтуымен ерекшеленеді. «Жабағы тайды қорлама,

Жазға шықса ат болар.
Жас жігітті қорлама,
Жұртыңа ертең бас болар.
Көрген сайын «сіз» десіп,

Сыйласқанға не жетсін?
Шашылғанды бірлесіп,

Жинасқанға не жетсін?!» [47, 261 б.]. 1851 жылы Мойынқұм өңірінде дүниеге келген қазақтың белгілі шешені Қылышбай Ерханұлы өз заманының сұңғыла тұлғасы. Ол өлең жазған әрі суырыпсалып айтудың да шебері болған. Қара қылды қақ жарған әділдігін бағалап халық оны Тура би атаған. Қылышбай шешеннің сөздері өмірдің өзінен алынған қарапайым қағидаларды, фәлсафалық оймен астарлап өруімен ерекшеленеді. «...Не жандар өткен байлықпен, Өтірік сөз бен зорлықпен, Жаһанға малы сыя алмай, Тұтыларсың бір күні» [47, 525 б.]. Шешендік сөз өнерінің публицистикалық белгілері жайында ғалым Б. Жақып шешендік сөздердің мән-мағынасы, қазақи тәрбиелік құны жыл өткен сайын күшейе беретіндігін, сондай-ақ шешендік сөздердің ықпал ету, әсер ету қуаты ғасырлар бойы сарқылмайтындығын жазады. Расында да, шешендік сөз өнері жыраулық, ақындық дәстүрлерге де ерекше реңк беріп, тіл қуатының ажарлы, айбынды болуына өзіндік әсер-қуат береді. Антикалық әдебиет тарихын зерттеуші И.М. Тронскийдің еңбегін оқи отырып, адамзат рухани құндылығының ежелгі ескі дәуірден сабақтас, тамырлас өрбігендігін аңғарамыз. Ежелгі грек әдебиетінің қалыптасып, Еуропаның басқа халықтар әдебиетінен бөле жара, ешкімге еліктемей, өз бетінше жетілгендігін дәлелдегісі келгенмен И.М. Тронский, шығыс әдебиеті элементінің әсер-ықпалын жоққа шығармайды. «Греческая литература – древнейшая из литератур Европы и единственная, развивавшаяся самостоятельно, не опираясь непосредственно на опыт других литератур. С более древними литературами Востока греки стали ближе знакомы лишь тогда, когда расцвет их собственной литературы лежал уже позади. Это не значит, что восточные элементы не проникали и в более раннюю греческую литературу, но они проникали устным, «фольклорным» путем…» [56, 9-10 бб]. Әрине, біздің айтпақ мәселеміз бұл емес. Осы еңбектегі ежелгі грек әдебиетінің алғашқы лирикалық жанрлары ретінде көрсеткен «Элегия и ямб», «Хоровая лирика» сияқты кейбір түрлерінің бізге де жат еместігі. Ауыз әдебиеті тарихында элегия табиғатына жақын жырлардың мол кездесуі, сондайақ ұжымдық түрде айтылатын «Аужар», «Жар-жар» түрлерінің қазақ халқында да тым көнеден келе жатқандығы еске түседі. Сондықтан да ғалымның «Первобытная поэзия – поэзия коллектива, из которого личность еще не выделилась; основным содержанием ее служат

поэтому чувства и представления коллектива, а не отдельной личности» [56, 25 б.], – деген пікірі біздің зерттеушілеріміздің ойымен сабақтасып жатыр. Осы еңбекте қара сөз үлгісіндегі һәм өлең үлгісіндегі Антикалық мәдениет сипаты сөз болады. Біз осыған дейін қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасының дені өлең-жыр түрінде туындап отырғандығын айтқан едік. Осы жерде қара сөз үлгісінде жеткен сөз өнері жәдігерлерінің де көп екендігін еске саламыз. Бүгінгі күнге жетіп отырған аңыз-әфсана, ертегі-әңгімелердің көбі қара сөз үлгісінде айтылып келді. Соның ішінде өзіміз сөз етіп отырған би-шешен мұраларының да көп жағдайда қара сөзбен өріліп отыратындығы белгілі. Бұл туралы ғалымдарымыздың өзі: «Шешендік дегеніміз белгілі уақиғаға байланысты тапқырлықпен, көркем тілмен айтылған және жұртшылық қабылдап, елге тараған белгілі ойлар, тұжырымдар» [57, 5 б.], – деп пікір білдіреді. Мысалы, Сырым шешеннің тапқырлығы туралы ел аузындағы аңыз былай дейді: «Сырым 15 жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан, баланы шақырып алып: - Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетеді, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала есің неден кетіп еді? – дейді. - Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, елдің малы мен ақысын жеу ұрлық, – деп, Сырым жөніне жүре береді» [58,133 б.]. Қара сөз үлгісіндегі осындай шешендік өнер туындылары қазақ ауыз әдебиетінде мол. Мәселен, Қаз дауысты Қазыбектің он алты жасында қалмақ ханына айтқан «Біз қазақ мал баққан елміз» деп басталатын сөзі де үтір, нүктесі бұзылмаған саф қалпында бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Осы мысалдардың өзі-ақ өлең-жырға жүйрік қазақ халқының қара сөзді де қапысыз айта білетіндігін танытса керек. Би-шешендердің философиялық пайымдаулары мен тапқыр сөз, өлеңжырларынан мұндай мағынадағы мысалдарды жүздеп, тіпті мыңдап келтіруге болады. Зерттеу барысында сөз еткен жыраулар поэзиясы, айтыс ақындарының жырлары, би-шешендердің тапқыр сөздері – мұның бәрі көшпелі жұрттың биік мәдениетін, өзіндік өркениеті дамыған елдің терең таным-түйсігін танытады. Белгілі зерттеуші-ғалым, этнограф А. Сейдімбеков «Қазақтың ауызша тарихы» шежірелік деректерді пайымдау еңбегінде шыншыл тарих жазу үшін не қажет екендігі жайлы төмендегідей пікірлер білдіреді: «Шыншыл тарих жазу үшін ең алдымен деректемелерге (источники) мұқият ден қою керек. Ал, деректемелер санатына тарихи айғақ-деректердің бәрін жатқызуға болады. Атап айтқанда археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, лингвистикалық, жазбаша, заттық, ауызша айғақ деректің қай-қайсы да белгілі бір заман мен қоғам туралы, сол заман мен қоғам аясындағы адамдар жайында таным-түсінік қалыптастыруға септігін тигізеді» [59, 12 б.]. Осы ғылыми пікірде келтірілген «ауызша айғақ деректі» бүгінгі ұрпаққа жеткізуде біз зерттеп отырған сөз өнері шеберлерінің, яғни, би-шешен, ақынжыраудың үлесі орасан зор екендігі ақиқат.

Сондай-ақ осы еңбекте қазақ шежірешілдігі туралы ғылыми сипаты айқын, терең пікірлер айтылады. «Шежіреде ел-жұрттың әлеуметтік-саяси өміріндегі нақтылы хроникалық деректен гөрі сол әлеуметтік-саяси өмірдің типтендірілген сиптаы көбірек көрініс тауып отырады. Шежірелік аңызәпсаналар мен әңгіме-хикаялар ел-жұрттың әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық, салт-дәстүрлік, әсіресе, моральдық-этикалық қасиеттерін айғақтайтын дерек-мағлұматтарға тұнып тұр» [59, 13 б.]. Сөзбен өрілген рухани құндылықтар түрінің қайсысын алып қарамайық, ғалым А. Сейдімбеков келтірген осы тұжырымға толықтай жауап береді деп нақты айта аламыз. Жыраулық дәстүр мен шешендік сөз өнері қасиеттерін зердесіне барынша сіңіре білген халық ақындары, рухани дәстүрді сәтті сабақтастырды. Халық ақындары көпшілік алдында сөз жарыстарып, яғни, айтысып қана қойған жоқ, олар сондай-ақ ұлттық өнер түрлерін одан сайын ажарландырып, байыта түсті. Мәселен, Жамбыл ақынның бойында тек айтыскерлік дарын ғана емес, жыраулық, шешендік, күйшілік өнердің де болғандығын білеміз. Сүйінбай, Шөжелердің жыршы, Ақан, Біржан, Әсеттердің әнші-сазгер болғандығы белгілі. Бұл сипат сол заманда өмір сүрген көптеген халық ақындарына тән қасиет еді. Ықылым заманнан халықпен бірге жасасып, оның тарихи сипаттары мен әлеуметтік жүгін арқалаған сөз өнері жәдігерлерін ХІХ ғасырдағы қазақтың жазба әдебиеті көшіне аманаттағандар да осы айтыс ақындары болды. Халық ақыны өлең-жырға қаншалықты жүйрік болса, қара сөзге де соншалықты бейім, талантты болған. Орыс зерттеушісі А.Ф. Мерзляков «Шешендік сөз» атты ғылыми мақаласында: «Оратор должен действовать не на один только разум человека, но и на все его внимание» [60, 91 б.] – деген пікір келтіреді. Ғалымның осы пайымдауын қазақ шешендері мен ақындарына да тән сипат дер едік. Бұл туралы қазақ даналығында «Тыңдалмаған сөз жетім» – деген қанатты сөз бар. Елдің ықылас-пейілін, назарын аудартуда қазақ ақыншешендеріндей шеберлік танытатын елдер сирек-ау, сірә?! Бұлай деп бағалауымызға ежелгі грек шешендерінің өмір тарихы мен шығармашылық жолымен танысуымыз себеп болып отыр. Ертедегі Грецияның аса көрнекті қайраткерлерінің Плутарх шығармасы бойынша жасалған өмірнамасы негізінде жазылған «Әйгілі гректер» атты кітапта, Афинының мемлекет қайраткері, ұлы шешен Демосфен ғұмыры туралы баяндалады. Онда Демосфеннің сол мемлекеттің ең таңдаулы адвокаты Исейден төрт жыл бойы тыңғылықты сабақ алғандығы айтылады. Сондай-ақ жас талап шешеннің көпшілік алдында тұңғыш сөйлеген сөзі сәтсіз аяқталғандығы, жұрттың шулап, гулеп, қарқылдай күлгені оның сөзін аяқтауға мұрша бермеді, – дейді. «Сөйтіп Демосфен қалайда өз сөзіндегі кемшіліктерді жөндеуге бекем бел байлайды. Ешкім алаң етпесін деп ол мүлдем оңашаланып алды, одан соң үйден шықпау үшін шашының бір жағын қырғызып тастады. Сөзінің ақауларын жою үшін күніне бірнеше сағат бойы жаттығумен шұғылданды. Ол аузына малта тас

салып алып, анық әрі естірте сөйлеуге тырысты, «р» дыбысын айтуды үйрену үшін үйіне күшік әкеліп, ырылдағанын тыңдап, үнін қайталады» [61, 209 б.]. Қазақтың би-шешендерінің тарихын зерттеп, шығармаларын жинап, насихаттаған ғалымдарымыз Б. Адамбаев, Н. Төреқұл жарыққа шығарған еңбектерден немесе ертеректе ауыз әдебиет үлгілерін жинап, пікір білдірген С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов жазбаларынан, тіпті әрідегі Ш. Уәлиханов сынды тұлғаларымыздың бірде-бірінде Демосфен тағдырына ұқсас қазақтың би-шешенін кездестірмейміз. Біздің би-шешендердің мектебі ұлы даланың көнекөз абыз қариялары болды. Баланы бесіктегі кезінен тәрбиелеген («Ел болам десең, бесігіңді түзе» М.Әуезов) қазақ тоғызға келген қызына бәлиғат жасын беріп, ұлын он үшінде отау иесі атандырды. «Болар бала он үшінде баспын дер, болмас бала он бесінде жаспын дер» деп ұрпағына өмір сүру қағидасының заңдылықтарын үйретті. Тұлпарды тай күнінде танитын далалық сын-пайым астарында да терең психологиялық, педагогикалық танымдылық жатыр. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің шешендік қасиеті бала кездерінен танылған. Көкірегінде сәулесі, көзінде оты бар балаларды ауыл абыздары, ақсақалдары кішкентай кезінен-ақ танып, оны ұлы өнерге баулып өсірген. «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай сұлтанның билер кеңесіне он жасар Абайды қатыстырып отыруында да үлкен мән, терең тағылым жатыр. Құнанбайдың Абайдан үлкен ұлдары да болды, бірақ әкесінің ықыласы Абайға ауады. Неге?! Ғалым, этнограф А. Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты шежірелік деректерді пайымдау кітабында «Қазақтың қария сөздері» атты үлкен тарау бар. Әрине аталмыш тарауда айтылған зерттеу желісі өз алдына бөлек әңгіме. Мәселенің мәнісі «Қазақтың қария сөздері» атты тақырыпқа тіреледі. Қазақтың би-шешен, ақын-жыраулар мектебі сөз жоқ даладай кең дархан жүректі қариялар болып саналмақ. Бұл туралы ғалым, этнограф А. Сейдімбектің өзі де ашып айтады: «Бұл ретте, қазақ шежіресі (шежірешілдігі) кімнің кімнен өрбігенін білдіретін есімдер тізбесі ғана емес, алдымен сол адамдардың мың-сан тіршілік-тынысы туралы айтылатын тарихи ақпарат тұрғысында ден қойдырады. Өйткені қазақтың қария сөздерінің аясында ұрпақтардың генеологиялық сабақтастығы ғана баяндалып қоймайды, ең бастысы, нақтылы оқиғалар мен тұлғалар туралы эпикалық жыр-толғаулар, тарихи аңыз-әңгімелер, ғибратты шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер, әсіресе, ситуациялық мысалдар, генеологиялық ақпараттың негізі мазмұнына айналып отырды. Яғни, қазақ шежіресін (шежірешілдігін) халық болмысының барлық қырын алуан түрлі үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы деуге болады.» [59, 13 б.]. Айтысушы ақынның бойында жыраулықтың сарыны, шешендіктің дарыны бірдей сақталған. Төкпелете жыр төгу ақын үшін жыраулық образға кіру болса, табан астында ұтымды ой, жауап табу шешендік тапқырлықты қажет етеді. Көпшілік алдында жыр сайысына шығу айтыс ақынына мынадай міндеттер жүктейді:

- Айтыстың әлеуметтік ыңғайын бағамдау, яғни, тыңдарман ықыласына ие болу әрекеттерін ойластыру; - Қарсылас ақын туралы, оның тегі, руы, жері, тарихы жайында белгілі дәрежеде мағлұматты болу; - Жыр сайысы барысында қарсылас ақынның аузынан шыққан сөз мазмұнына орай, күтпеген жерден тойтарыс беріп тұқырту; - Қарсылас ақынның аузына сөз сала отырып, ертеден ойластырып келген ой қақпанына түсіру. Әрине, бұл міндеттердің барлығы көпшілікке табиғи, яғни, стихиялы түрде көрініс береді. Ең бастысы, ақындардың аузынан «от басы, ошақ қасының» әңгімесі емес, елдік, аталы сөздер айтылса, айтыскер үшін нағыз абырой сол болып саналады. Мәселен, қарсылас ақынның басынан сөз асырып, жеңуді мақсат ету барысында түрлі айла-шараларға бару тәсілдері де айтыс тарихында жиі кездесетін құбылыс. Күні бүгінге дейін ел аузында аңыз болып жүрген Үмбетәлі мен Нұрила ақындардың айтысында осы жағдай барынша көрініс береді. Бұл айтыста Нұрила ақын жеңіп, бәйгеге ие болады. Бірақ кейіннен Үмбетәлінің назасына ұшыраған Нұрила ақынның өлерінде өкініп айтқаны деген мына бір жыр жолдары айтыс өнерінің кейбір ішкі сырларын ашып тұрғандай:

«Көңілі неде болса тарықсын деп,

Қызуда қызба сөзді соғыппын кеп.

Бетіме қаулап келген қалың сөзін,

Итеріп иірімге тоғыттым кеп.

Артынан тарар кезде адам ба деп,

Шошынып өз-өзімнен қорықтым бек.

Қырық кісі атын білген ер екен бір

Отырмын сілесіне жолықтым деп» [38, 396397 бб]. ХІХ ғасырдағы айтыс өнерінің көркемдік дәрежесінің биік болып келуі әрі әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызының терең болуы сол кезде жазба айтыстың кең етек алуымен байланысты қарастырылады. Жалпы экспромтты жағдайда қолма-қол суырып салу үрдісінде туған айтыстардың өзі мағынасын сақтай отырып, көркемдік дәрежесі біршама өңделіп, хатқа түскен. Бұл туралы М. Әуезовтың «Айтыс туралы» ғылыми мақаласында төмендегіше пікірлер келтіріледі: «Айтыстан кейін, сол айтыста болмаған көпшілік және айтысты ұғып жаттап алам деуші ақын шәкірттеріне айтып беретін, алғашқы айтысқа түскен екі ақынның біреуі айтысқан реттерін есіне сақтап, ұзынды-қысқалы көлемдерін еске ала отырып, өз сөзімен қарсы ақынның сөзіне, айтысын жаңғыртып береді. Мұның айтуынша, алғашқы халық алдында өткен айтыс, енді жаңа редакциядан өтеді...» [38, 13 б.]. Бұған қарағанда жазба айтыстардың жөні мүлдем бөлек. Онда ақынның білімі, парасаты, зерде-зейіні, шығармашылық қуаты барлық болмысымен жарқырай көрінеді. Тақырыптың мәні жан-жақты ашылып, тілге тиек болып отырған проблема түрлерінің тәрбиелік-тағылымдық жақтарының да мол болатындығы ақиқат.

Мәселен, Кете Жүсіп, Тұрымбет жырау, Жиенбай жыраулардың арасындағы жазба айтыс, өзінің көркемдік һәм әлеуметтік мәні тұрғысынан екшеп айтар туындыға жатады. Екі, үш немесе одан көп ақын-шайырлардың арасында жазба түрінде өрбіген айтыстарды халық мұрасынан мол ұшыратуға болады. Кете Жүсіптің Тұрымбет жырауға жазған жыры өзінің дерек, мағлұматқа молдығымен ерекшеленеді. Жырда Кете, Әлім, Шөмен руларынан шыққан өнерлі адамдар туралы нақты деректер келтіріледі.

«Нақылда: арғы атамыз – қазақ, Алшын,

Кете мен Әлім, Шөмен бір туысқан»

Әлімнен қиялға кен шықты Ерімбет,

Таласпас «озамын!» деп ешкім оған.

Осы ердей әркім қиял тыңдатпаса,

Құр көңіл не бітірер батпансынған?

Шөменнен Оңғар менен Базар шықты,

Жорғадай сөзі қымбат толықсыған!» [38, 225 б.]. Халық шығармашылығында Жыраулық, Шешендік, Ақындық сияқты сөз өнері түрлерінің рухани, мағыналық үндестігі жайлы осы тараушада біршама айтылды. Сөз өнері үлгісінде халықтың рухани құндылығының алтын арқауына айналған халық шығармашылығының түп-тамыры, қайнар көзі тым әріден, бағзылық дәуірлерден бастау алатындығына көз жеткіземіз. Ең бастысы, біз сөз еткен шығармашылық өнер түрінің барлығы, халықтың тарихи тұрпатын айқындай отырып, елдің арман-тілегін, мақсат-мүддесін, тұрмыс-салт, әдет-ғұрпын, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын айқындаушы ақпарат қоры екендігіне көз жеткіздік. Халық шығармашылығы әр дәуірде, әр қоғамда өзінің рухани қажеттілігін барынша дәлелдеп, уақыт заңдылықтарына орай бейімделіп, өсіп-өркендеп келе жатқан құндылық. Қандай өркениетте өмір сүрмейік, өнер халықпен бірге жасасып, жаңарып, толысып отырады. «Өнер – халыққа қызмет етуші құндылық» деген қағида бар. Сондықтан да, әлем өркениетіне қоян-қолтық араласа бастаған ХХІ ғасырдағы қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімін, оның өнері мен мәдениетінен, әдебиеті мен баспасөзінен іздеуіміз заңдылық. Жыраулар поэзиясы халық руханиятының асыл қазынасы. Найзаның ұшы, білектің күші ғана емес, ел басына ереуіл күн туғанда халыққа қайрат, жігер беретін ұлттық рухтың қажеттігі өзінен-өзі туындайтыны белгілі. Дәл осы сәтте домбыра мен найзаны қатар ұстаған қазақ ақын-жыраулары заман идеологиясының тізгінін ұстады. Жыраулар поэзиясын зерделеп, тарихи деректерге жүгіне отырып көз жеткізгеніміз – біз білетін жыраулардың барлығы өз заманының батыры, қол бастаған көсемдері болған. Ұлтын сүйіп, оның мүддесі, жері үшін қасық қаны қалғанша арпалысқан жыраулардың батыр атануы да заңдылық. Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Жиембет т.б. ақын-жыраулардың ерлік дәстүрі ХІХ ғасырдағы Махамбет заманына дейін жалғасты.

Ұлттық патриотизмнің негізін қалаған жыраулар поэзиясы сөз (тіл) жауһарларының небір ғажап үлгілерін жарқырата көрсетумен қатар, елдің басын біріктіруде үлкен насихат, үгіт жүргізе білді. «Ата жұрты бұқара, өз қолыңда болмаса, Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп» [39, 25 б.], Асан қайғы, «Азамат ердің баласы, Жабыққанын білдірмес» [39, 29 б.], Қазтуған, “Бетегелі Сарыарқаның бойында, Соғысып өлген өкінбес» [39, 31 б.], Доспамбет, «Жалаңаш барып жауға ти» [39, 36 б.], Шалкиіз, «Құрап жанды көп жиып, өз алдына ел қылсам!» [39, 62 б.], Ақтамберді сияқты жыраулар сөзі халықтың жігерін жанып, рухын көтеруде орасан зор рөл атқарды. Жыраулар поэзиясында елдің намысына қозғау салар мұндай ой оралымдары өте көп. Ақын-жыраулар поэзиясындағы мұндай өршіл рухтың тамыры да тым бағзы дәуірлерден, біздің көне түркі ата-баба мұраларынан бастау алады. Оған сол дәуірлерден жеткен сөз жәдігерлері куә. Сөз – ойдың жемісі. Дәуір дидары, уақыт тынысы сол заманның ақындары мен шайыр-жырауларының шығармашылық мұраларында бедер тауып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Сонау ҮҮІІІ ғасырлардағы Орхон, Енесей, Талас жазбалары бабалар аманатынан сыр шертеді: «Тоныкөк: Табағаштар, түстіктен шабыңдар! Құтаңдар, шығыстан шабыңдар! Мен терістіктен шабамын! Түркі-сір халқының жерін жат баспасын! Сол дұшпанды жояйық» [16, 48 б.] – дейді. Түркі халықтары үшін Күлтегін, Тоныкөк жырлары тарихи танымы терең, құнды жәдігер болып саналады. Содан бергі ғасырлар керуенін көктей шолатын болсақ, сол Тоныкөк, Күлтегін, Білге Қаған рухы халқымыздың сан-қилы, соқтықпалы-соқпақты жолында желідей тартылып, өзінің саһар сабақтастығын үзбей жалғастырумен келеді. Оған куә – халқымыздың рухани жәдігері жыр-толғаулар мен шешендік сөздер, айтыс өлеңдерінің өміршеңдік мұраты мен тәрбиелік-тағылымдық мәнінің тереңдігі. Ертегіден – елдік, аңыздан – ақиқат, жырдан – сыр, өткенімізден өкініш емес өсиет іздеп, Тәуелсіз еліміздің тамырын ғасырлар қойнауынан қаузасақ, тарихымызды бұрынғыдан да терең тани түсеріміз хақ. Жоғарыда келтірілген жыраулар поэзиясы да осындай дәстүрден сабақ ала отырып дамыған. Әрине, әр дәуірдің қоғамдық болмысы, халқының танымкөзқарасы, тілдік-ойлау ерекшеліктері дамып, жетіліп, өзгеріп отыратындығы белгілі. Көне түркі жазбалары мен жыраулар поэзиясы көркемдік тұрғыдан жер мен көктей деуге болады. Бірақ ең бастысы түркі заманы мен қазақ хандығы дәуіріндегі шығармашылықта тілдік айырмашылық сезілгенімен, халықтық рухтың өшпей, сол қалпында сақталғаны дер едік. Сөз өнеріне қатысты қандай халық шығармашылығы болмасын ол ешқашанда дербес дамымайды. Қазақ ауыз әдебиетіндегі жыраулық, шешендік, айтыскерлік сияқты сөз өнері түрлерінің барлығы бір-бірімен сабақтаса өріліп, рухани үйлесімде дамыды. Кейде осы айтылған өнердің үш сипаты бір адамның бойына шоғырланып, халық арасында «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз атанды. Бұл туралы зерттеу барысында нақты мысалдар келтірген болатынбыз.

Жыраулар поэзиясы мен айтыс жырларына қарағанда би-шешен сөздерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызы салмақтырақ болып есептеледі. Себебі би-шешен сөздерінің өзі халықтың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдық маңызы бар істерді шешу, соған билік, төрелік айту барысында туындаған. Би-шешен сөздері ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы, барымта сияқты толып жатқан әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, мемлекет үшін аса маңызды оқиғаларды талқылау барысында көрініс тапқан. Мәселен, Абылай хан кеңесіне үнемі қатысып отырған сегіз биі, оның ішіндегі сөзі семіз биінің бірі Байдалы би туралы деректер, Кенесары хан тұсындағы елдік мәселелерге араласып, хан ордасында байламды билік айтқан Қанай би, Тәттіқара шешендердің әрекеттері қазақ би-шешендерінің әрекеттері әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысқандығын көрсетумен қатар, би-шешен сөздерінің қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәнінің зор болғандығын танытады. ХІХ ғасырға дейін ілгерілікейінді осындай дала өркениетінің ақын-жырау, би-шешендер қалыптастырған ұлы мектебі айтыс ақындарының өнеріне үлкен ықпал етіп, өзінің шығармашылық рухани әсерін тигізгені ақиқат.

2 ХХ ҒАСЫРДЫҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ЖӘНЕ КЕҢЕСТІК

ИДЕОЛОГИЯ

2.1 Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы айтыс (1920-1940 жж.) ХХ ғасыр қазақ халқы үшін түрлі саяси оқиғалар мен тарихи өзгерістер кезеңі болды. Ғасыр басындағы қазақ халқы геосаяси тұрғыдан толықтай Ресей империясының отаршылдығына тәуелді ел ретінде саналды. Жартылай отаршылдыққа көше бастаған көшпелі жұрттың дәстүр-салт, өнер-мәдениетінде алғашқы баспасөз беттері мен әдебиет үлгілерінде қоғам ахуалына байланысты уақыт бедерінің жаңа сипаттары бой көрсете бастады. Жыраулық, шешендік үлгіден нәр алып, қаймағы бұзылмай келген халық өнеріне ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, отаршылдық саясаттың салқын сызаты түсті. Бұл жағдай ХХ ғасыр басында өз үстемдігін одан әрман тереңдетіп, ұлттың рухани шығармашылығына мазмұндық һәм көркемдік тұрғыдан біршама өзгерістер енгізді. Айтыс өнері өзінің көшпелі елге тән көркем мінезі мен сайын далаға тән эпикалық тынысын белгілі дәрежеде бәсеңдетті. Ақындар айтысы өзіне тән төл тақырыптардан қол үзіп, өздері де әлі сырын, мақсат-мүддесін бұлдырлау бағамдайтын, бөгде идеологияға бағыт ала бастады. Бұл сипатты революцияға дейінгі ақындар айтысынан аңдауға болады. Революцияға дейінгі өткен, көлемі 1800 жолдай болатын Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары арасында 1905 жылғы болған айтыс, сол уақыттың ең күрделі сөз қағысуларының бірінен саналады. Шораяқтың Омары: «...Арасын «Әлім-Шөмен» деп айырмадым,

Болғансын мекені бір мамлакаттан.

Бұлар – бас крайдағы Кіші жүздің,

Кеңесін бір біз емес, халық ұнатқан.

Оқшауын екештірсе екі сөздің,

Халық білед, кімге беред «дурак» атты...» [38, 551 б.]. Осы үзіндіден байқағанымыздай жырдағы «мамлакат», «край», «дурак» сөздерін ұлттық өнерге салған уақыт, қоғам таңбасы деп түсінген жөн. Бұларды тілімізге кіре бастаған бөгде, жат атаулар ғана емес, сол кездегі қазақ қоғамы бастан өткеріп жатқан тарихи-саяси ахуалдың «әсері» деп пайымдаймыз. Халық шығармашылығындағы отаршылдық сипаттарын баяндайтын көріністер 1870-1882 жылдары жарық көрген «Түркістан уәлаятының газетінде» де жарияланған. Мәселен, 1875 жылғы 25 июль айындағы газеттің 18 нөмірінде Шымкент оязына қараған Мәделіқожа деген ақынның Сырдария облысының уаенный губернаторы Калауашовтың Хиуаға барғаны тақырыпта шығарған өлеңі нағыз бодандық қамытын киген дала ақынының болмысын танытады. Бұл өлең Хиуаны қанға бояп бағындырған губернатор Калауашовтың «ерлігін» дәріптеуге құрылған. «Түркістан уәлаяты» газетінің екі санында жарияланған ақынның «ода» жыры губернатор жорығын тәптіштеп тұрып баяндайды.

Бұл туынды жырдан гөрі әскери жорықтың «ерлігін» баяндайтын, бүгінгі жол сапар, оқиғалы очерк түріне көп жақын. «Ерлігі ол сапарда баршаға аян, Даңқы асқан айтуым болды мейман. Екі қолы қызыл қан қылыштасқан, Онда қылған ерлігін қылдым баян. Дүниеде жақсылардың аты қалған Осындай жазылып хаты қалған. Уаенный губернатор Хиуа аттанды, Генерал-губернатор Фон Кауфманмен. Әкімдер атрядыға қылды жарлық, Естіді мемлекетте біткен барлық. Мың сегіз жүз жетпіс үш болған жылы, Хиуа менен түркіменге болды тарлық, Жау шыдамас орыстың әскеріне...» [62, 254 б.]. Бұдан әрі уаенный губернатордың ұзақ та, жеңіске толы жорық жолы суреттеледі. Әрине, жырдың мазмұндық мәнінен гөрі мағлұматтық мәні бүгінгі ұрпаққа құндырақ болып табылмақ. Жырда жер-су, елді мекен атаулары мол ұшырасады. «Хиуа», «Дизх», «Бұқар», «Нүрек», «Қилы», «Үшбе», «Барш», «Темір қауық», «Балта Саудыр», «Үшбек», «Қосбелгі», «Баймен», «Аяқұдық», «Арслан», «Қара ата тауы», «Мыңшұңқыр», «Танды», «Қазалы», «Гүәкімді», «Үш құдық», «Шеңгелді», «Халата» атаулары губернатордың жорық сапарымен сабақтастыра отырып, рет-ретімен баяндалады. Ең соңында Кенесары ханның ұрпағы Сыдық төре жасағымен кездескендігі айтылады. «Шығарма белгілі бір уақыт кезеңіндегі шындықты шынайы сипаттауымен құнды» – [63, 134 б.] деп бағалайтын болсақ, жүздеген, мыңдаған жылдардың шежіресіне айналған әрбір шығарма бедер-бейнесін, ақпар-мағлұматын насихаттауымен бағалы деп пайымдаймыз. ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінде жазылған һәм ұлт зиялылары аузынан жиі естілетін «надандықпен күрес» ұғымын біз бүгінгі көзқарас тұрғысында қалай қабылдаймыз?! Жалпы, ХІХ ғасырдағы Абай, Ыбырай, Шоқан дәуіріне дейінгі ауыз әдебиеті үлгілерінен «надандық» ұғымын кездестірмейміз. Қайта ақын-жырау, би-шешен мұраларынан дала философиясы мен көшпелі елге тән тазалық пен дегдарлық қасиеттерді жиі аңғаруға болар еді. «Өмір сырын мол сезініп, санаға жазған дала даналары халқын елдікке, ерлікке үндеген, қайғысына қабырғасы қайысып, қуанышына жүрекжарды жыр төккен. Сондықтан, біз ақын, жыраулар творчествосын қарастырғанда өз дәуірін шындықпен бейнелеп, ізгілік пен әділетті ту еткен, бұқара мүддесін жырлаған ақын-жыраулар мен жыршыларға ерекше назар аударамыз» [64, 6 б.]. Ұлтты рухани қазынамыздың шығармашылық сапасына осылай деп пайымдау жасаған зерттеуші-ғалымдар пікірінің дені бірін-бірі толықтырып, үнемі мағыналас-мәндес түйінде тоғысып жатады. Ендеше, «надандық» ұғымын халқымыз бастан кешкен тарихи қилы кезеңдер саясатынан іздегеніміз дұрыс.

Ресей отаршылдығы жеріміздің шұрайлы өңірлеріне ғана иелік етіп қойған жоқ, ол сондай-ақ ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміздің, рухани шығармашылығымыздың да өркендеуіне өре салып, тынысын тарылта түсті. Би-шешен, абыз қариялардың билігіне жүгінуден гөрі ел ішінде ұлыққа, оязға арыз-шағым жазуды жөн көрген ел, далалық дәстүрдің даңғайыр ғұрпынан қол үзе бастады. Елдікті, ерлікті дәріптейтін халқымыз етек басты, ауыл-аймақ әңгімесінен ұзап шықпайтындай халге жетті. Сахараның саһар мәдениеті мен салтынан алыстай түсу, халықты рухани күйзеліске, томаға-тұйықтыққа, жалқаулық пен енжарлық кейіпке бейімдей түсті. Бұл жағдай әсіресе, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында айрықша сезілді. «Надандық» ұғымының пайда болуын осындай қазақ халық бастан кешірген қилы заман ахуалымен байланыстырған дұрыс. «Айқап» журналының 1914 жылғы №1 санында жарияланған «Ғылым мен надандықтың айтысынан» сол кездегі қазақ қоғамы ахуалын, сондай-ақ осы келеңсіздікке деген ұлт оқығандарының таным-түйсігін жақсы аңғаруға болады. «Ғылым: Әй, малғұн мен келгенде көтер басты,

Болдың ғой түпке жетіп сен албасты.

Қалғыздың кейбіреудің құр сүлдесін,

Тынышына қоймайсың қалған жасты.

Надандық: Шайқама тәтті ұйқымды тентіреген,

«Келсін» деп сені мұнда кім тілеген?

Күшпенен кімді жеңіп алғандайсың.

Нәп-нәзік түрің мынау үлбіреген.

Надандық:
Қазақ пен башқұрт кетсе түркіпенім бар,

«Жылан» деп ғылым көрсе үріккенім бар.

Бәдәук, үнді қалмақ, сыртымменен,

Қон-жыным араласып біріккенім бар.

Ғылым:
Бұл ғасыр жыйырмасыншы байқа, шалым,

Қолға алған үкіметті біздей ғалым.

Ісімнің кем-кетігі реттелсе,

Қуылар жер-жүзінен сендей залым» [65, 191-192 бб]. Шығарма мысал айтыс түрінде жазылғанымен автордың қандай мәселе көтеріп, нені меңзеп тұрғандығын көкірегі ояу оқырманның бірден аңғарары сөзсіз. Жалпы, мысал айтыс түрлері ауыз әдебиетінің көне үлгілерінде де кездеседі. Дегенмен де ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде (революцияға дейін және кейінгі кезеңдерде) мысал айтыс түрлері белгілі дәрежеде бұқаралық сипатқа ие болды. Өйткені «ақындардың мысал айтысында хайуанаттарды айтыстыру арқылы өндірістегі олқылықты, адам мінезіндегі кемшілікті мысқылдап мінейді. Мысал түріндегі айтыстың тілі юмор мен сатираға құрылған. Мысалы, «Қасқыр мен қой», «Төрт түлік малдың айтысы», «Шопан мен қой», «Әшім мен ақ тұсақ», «Еңбекші мен жалқау», «Есмақан мен

Оразгүл», «Ат пен трактор» [13, 7 б.] сияқты жыр үлгілері қоғамның міні мен кемшіліктерін, тозығы мен озығын салыстыру түрінде баяндап, насихатшылдық рөл атқарған. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, кеңестік идеология сол кездегі Ресей отаршылдығындағы Орта Азия халықтарын бірден шырмап, құрсаулап тастады. Қазан төңкерісінен кейінгі екі-үш жылдың ішінде қазақ қоғамы да танымастай «өзгеріп» сала берді. Халықты тапқа бөлу үрдісі, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпына да өз салқынын тигізіп бақты. Табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы сияқты, халықтың өмір сүру заңдылықтарының өрескел бұрмалануы, оның зерде-зейін, таным-түйсігіне де әсер етпей қоймады. Ғасырлар бойы қалыптасқан, халықтың таяныш-тірегіне айналған дін, діл, дәстүр, мәдениет, өнер сияқты рухани құндылықтардың өгейлікке ұшырап немесе көз көріп, құлақ естімеген «жаңаша» сипатқа көшуі, елді есеңгіретіп тастағандай еді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», – дейтін халық бұл «жаңа» өмірге бейімделе бастады. ХІХ ғасырда өмірге келіп, сол замандағы ақын-жыраулардың соңғы легінің көзін көріп, сарқытын ішкен Шағырай ақынмен айтысқан жаңа заман ақыны Көлбайұлы Қарсақ былай деп толғайды:

«Жастықта тірлік бер деп тілегім сол,

Партия өркендетті: дәулетім мол.

Халықты мұңсыз етіп байытпақшы

Алдымда Ленин бабам бастаған жол.

Саяси басшылықтың арқасында,

Жауларға маңайдағы құрылған тор» [13, 38 б.]. 1923 жылғы болған айтыс мазмұнын оқи отырып, небары бес-алты жылда қазақ ақынын «Ленин бабам» деп сайратқан коммунистік идеологияның «құдіретіне» еріксіз таң қаламыз. Дей тұрғанмен, кеңес дәуіріндегі әдеби мұраның қандай түрі болмасын, оның құндылығын жоққа шығару жаңсақтық болар еді. Өркениетті елдерде халықтың өткен тарихына құрметпен қарайтын жақсы дәстүр бар. Олардың пайымдауынша өткеннің бәрі уақыт бедерін айғақтайтын тарихи жәдігер. Кейінгі ұрпақ одан өзіне қажетін ғана алады. Бұл туралы қазақ ғалымдарының да пікірі осы тоқтамға саяды. «Қашанда болсын заман, дәуір, саяси-әлеуметтік жағдай әдебиетке енін салып, таңбасын басады. Дәуіріне, дәуіріндегі әлеуметтік-саяси жағдайға лайық әдебиеттің тақырып-идеялық, тіл, стильдік түр, жанрлық ерекшеліктері болмақ» [66, 320 б.]. Қоғамдық формациялардың ауысуы, идеологиялық саяси ұстанымдардың өзгеруі, сөз жоқ, ұлт санасына өз әсер-ықпалын тигізері анық. Дегенмен де, халықтың әу бастағы рухани құндылығының қуаты қандай зобалаңды бастан өткермесін өзінің жоғалмайтындығын дәлелдеп отыр. Қазақ әдебиеті мен өнер тарихында дәстүр сабақтастығы деген жақсы ұғым бар. Коммунистік идеология сол ұлы дәстүрдің тереңдігіне, ұлттық сипатына нұқсан келтіре алмады.

Кеңес дәуірінің жиырмасыншы жылдарындағы ақындар айтысын зерделей отырып, өнердегі дәстүр сабақтастығының өшпейтіндігіне куә боламыз. 1925 жылы болған Керімқұл мен Бибіайшаның айтысы ХІХ ғасырдағы қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін еске түсіреді. Айтыстың бір ерекшелігі ұлттық болмыстың таза сақталуы һәм заман идеологиясынан адалығы еді. «Әдейі сонау Сырдан іздеп келдім, Өлеңнен тарқай ма деп бір құмарым», – деп басталатын Керімқұл ақынның сөзін Бибіайша:

«Әдейі Сырдан іздеп келген болсаң,

Шүкір ме, амансың ба деген болсаң,

Көңілді өлең жақтан тойдырайық,

Кәдімгі айтып жүрген өлең болсаң» [67, 39 б.], – деп сөз сайысы түре айтыс түрінде өрбіп, қазақи дәстүр негізінде қыз бен жігіт айтысында жиі қолданылатын астарлы сөз, юмор бұл сөз қағысудың негізгі ерекшелігі ретінде көрініс табады. Керімқұл: «Шақшамды жүріп едім қолыма ұстап,

Насыбайдың құмары отыр құштап.

Сол бойынша кетіпті ұмыт қалып,

Бір жерге қоя сап ем асығыстап.

Бибіайша: «Ауылдың жарамайды көп алысы,

Кісінің жақсы болар көз танысы.

Құдеке-ау, ұмыт қалған насыбай ма,

Қайғырма, болар оның бір мәнісі» [67, 43 б.]. Сөз өнерін бүкіл өнердің төресі деп, әуелден сөз қадіріне жете көңіл бөлетін қазақ астарлы ой мен орамды әзіл-қалжыңдарға ерекше ден қойып, ақынның ұтымды жауаптарын жоғары бағалаған. Кейде біз сөз етіп отырған, әлеуметтік мәселелерден гөрі халық көңілі бір сәт сананы серпілтер осындай айтыстарды да қалап, ұйымдастырып отырған. Бұның өзі ақындар айтысы қашаннан халықтың рухани сұранысын қанағаттандырушы өнер түрі де болғандығын дәлелдейді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдар аралығындағы ақындар шығармашылығының идеологиялық сипатын барынша танытатын туындының бірі белгілі халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов (1888-1958) шығарған Шапиғ пен Жаппар айтысы. Бұл айтыс 1928 жылы шыққан. Ұлттық дәстүр мен өнер түрінің біразын тәрк еткен кеңестік идеология ақындар айтысын өз мүддесіне сәтті пайдалана білді. Қазақ халқының елдігі мен ерлігін дәріптейтін тарихи жырлар мен жыраулар поэзиясын би-шешен сөздерінің ұшан-теңіз мұрасын мансұқ еткен коммунистер, айтыс өнеріне басқаша пейілмен қарады. Кеңестік идеологияның сойылын соққан шовинистік көзқарастағы зерттеуші-ғалымдар қазақтың айтыс өнерінің бұқаралық сипаты мен насихатшылдық қуатының зор екендігін аңдаса керек. Сондықтан да, өз мақсат-мүддесін насихаттаудың оңтайлы құралы ретінде айтыс өнеріне ескіліктің сарқыншағы ретінде қарамай, оны өз пайдаларына икемдей білді. Бұл үрдіс Кеңес Одағын басқарған барлық көсемдер тұсында жалғасын тауып отырды.

Сөзіміз дәлелді болу үшін жоғарыда келтірілген Шапиғ пен Жаппар
айтысынан үзінді келтіріп көрелік:

«Шапиғ:
Мен де кедей баласы,

Сен де кедей баласы,

Біздер баққан баяғы

Байдың қайда танасы?

Жаппар:
Құрыған байдың танасы,

Бұзылған оның қаласы.

Октябрь туып ашылды,

Бай мен кедей арасы.

Шапиғ:
Десеңші онда қуаныш,

Көрсетті қорлық жуан іс.

Кегін алып байлардан,

Қайтты ма кек болған іс.

Жаппар:
Байды құрттық қуалап,

Ақ қайыстай ұялап

Байға жақын құлақтар,

Артынан кетті домалап» [68, 49-50 бб]. Белгілі бір мақсат-мүдде жолында, өз идеологиясын жүргізу үшін отарлаушы елдер саяси тәсілдің сан түрін қолданған. Сол үшін де бодандық қамытын киген аз ұлттардың тұрмыс-тіршілігі, салт-сана, әдет-ғұрпы мен дүниеге деген таным-түйсіктерін жылдар бойы жалықпай зерттеген. Қазақ халқының алтын діңгек тұғыры, елдік, ұлттық касиетінің басты өлшемі тілінде яғни, сөз өнерінде екендігін отарлаушы империя жақсы түсінді. Сондықтан да елді рухани құндылығынан қол үздіре отырып, табиғат құбылысына бейімделіп, ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі жұрттың өмір сүру қағидасына кереғар әрекеттер жасады. Міне, осындай қиянаттардың зардабы ғасырлар бойы сайын сахарада дала мәдениетінің озық үлгісін танытқан көшпенділер өркениетін тарих сахнасынан ысырды. ХІХ ғасырда дендеп кірген отарлау саясатын Қазан төңкерісінен кейін қызыл коммунистер толығымен жүзеге асырды. Сол уақыттарда сөз өнерін айтпағанның өзінде халықтың әдет-ғұрып, дәстүрлерінің өзі сол кездегі идеология жаршысына айналды. Өткенді қаралап, жаңа заманнан жақсылық күткен ақындар шын мәнісінде болашақтан мол үміт күтті. Насихаты нанымды, сөзі салмақты жаңа үкімет шынында да жұмақ заман орнататындай әсер бергені сөзсіз. Бұл уәдеге ел ішіндегі өнер иелері түгілі ұлт зиялыларының біразы иланып, сенгені тарихтан белгілі. 1930 жылы Гурьев облысының Махамбет ауданына қарасты Ақсерке ауылында болған Жібек пен Құмар ақындардың айтысында біз айтқан осы мәселелердің нышаны анық байқалады. «Құмар: Сұм заман кім-кімді де азалатты,

Жаныңды жастай сенің жазалатты.

Жан даусың шыққан кезде торға түсіп,

Жолатты қашан біздей азаматты...

Жібек: Талайы шешкен жұмбақ осындайдың,

Жүнжіген жамандарға қосылмаймын.

Ленин берген ерік рас болса,

Өлең мен жұмбағыңа тосылмаймын...» [69, 58-59 бб]. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» – деген ұранды ұғымның дүниеге келуі де, дәстүр мен салтқа, рухани құндылыққа өз ықпалын еркін жүргізе бастаған коммунистік саясаттың сол кездегі жетістігі болатын. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер кейіннен сол кезеңдегі халық өкілдері шығармашылығы болмысын былайша бағалады: «Бұл дәуірдегі жұмысшы поэзиясында революциялық мотив қалыптасып, өріс ала бастайды. Сол мотив қазақ жұмысшыларының ғана емес, ауыл кедейшілерінің арасында да мол туып жатқан өлең-жырлардың өзекті желісі болып келеді. Мұндай жырлардың пайда болуына, біріншіден, қазақ халқының қанаушылыққа қарсы ерлік күресі мен әлеуметтік жағдайы себеп болса, екіншіден, орыс жұмысшыларының революциялық жырларының үлгі-өрнектері әсер етті» [21, 737 б.]. Әрине, ХХ ғасыр басында түрлі мақсат-мүддедегі ұлттық басылымдардың, атап айтқанда «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті, сондай-ақ «Қазақстан», «Ешім даласы», «Қазақ мұңы», «Жетісу» сияқты басылымдардың жарық көргені белгілі. Әсіресе, революцияшыл рухтағы басылымдардың идеологиялық насихаты жоғарыда келтірілген зерттеушілердің пікірін қуаттай түседі. Өйткені, сол кездегі ұлт зиялылары мен көзі ашық оқыған азаматтардың біразы коммунистік саясатқа иланып, мойынсынып қалған еді. Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында қазақ ұлысында жарияланған баспасөздің дені коммунистік идеологиянының жыршысына айналды. «Қазақстанда Совет өкіметін нығайту ісінде Коммунистік партияның лениндік ұлт саясатын дұрыс жүзеге асырудың маңызы аса зор болды. Бұл жөнінде баспасөз жергілікті партия ұйымдарына үлкен көмек көрсетті, еңбекшілердің қалың бұқарасына лениндік ұлт саясатын түсіндірді, халықтар достығы идеясын насихаттады, еңбекшілерді пролетарлық интернационализм рухында тәрбиеледі» [70, 62 б.]. Қашанда жаңалықтан, елдің әлеуметтік-саяси жағдайынан құлағдар болып жүретін халық ақындарының көпшілігі, сөз жоқ, заман идеологиясына құлақ асқаны анық. Әрине, араларында Кеңес өкіметіне қарсы шығып, оның зымиян әрекеттерін әшкерелеген ақындар да болды. Бірақ олар озбыр империяның қанды құрығының құрбаны болды. Ондай ақындардың есімі де, шығармашылық мұрасы да тарих бетінен өшірілді. Мәселен, ел ішінде көзден таса құпия түрде жасырын айтылып келген халық ақыны Түскен Сартбасұлының мына бір жыр жолдары ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы қоғамның саяси болмысына қарап айтылған ащы шындық еді.

Халықты тапқа бөліп, баланы әкеге қарсы қойып, ел тізгінін ұстап отырған би-шешендерді қудалап, өрісі төрт түлікке толып отырған, ауқатты адамдардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аударып, билікті әумесер ұрда-жықтардың қолына беру, коммунистердің ең бір сұрқия саясаты еді. Осыны көзбен көрген Түскен ақын: «Алжасса заман, Алғасса адам Ақылгөй келер, Ит-шошқа надан», – деп ашына жырлады. Қазан төңкерісінен кейінгі халық шығармашылығы, оның ішінде айтыс жырларының мазмұндық һәм көркемдік деңгейі түбегейлі өзгеріске ұшырап, қоғам идеологиясының қолшоқпарына айналды. Көне замандардан бері өзінің көркемдік қуатын жоғалтпай, дала философиясы негізінде көшпелі өркениеттің рухани нәрімен сусындап келген халық шығармашылығы, Кеңес өкіметінің жоғын жоқтап, оның «ұлы мақсаттарын» насихаттайтын құралы деңгейіне түсті. Әрине, бұл жерде айтыскерлердің тілдік қуаты, суырыпсалмалық ерекшелігі, шешендік тапқырлығы сияқты ақындық шеберлігі төмендеп кетті деп айта алмаймыз. Тек ақынның сөз еркіндігі, ой азаттығы белгілі бір идеологияға, жүйеге тәуелді болуы, жырдың мән-мағынасының жұтаңдыққа ұшырауына әкелді. Мәселен, бодандық бұйдасын кимеген ел еркіндігі салтанат құрған Қазтуған жырау заманында дала ақындарына тән асқақ ой, адуынды мінез былайша өріледі: «Белгілі биік көк сеңгір Басынан қарға ұшырмас. Ер қарауыл қарар деп, Алыстан қара шалар деп, Балдағы алтын құрыш болат, Ашылып шапса дем тартар, Сусыным қанға қанар деп Арғымақтың баласы Арыған сайын тың жортар...» [71, 123 б.]. «Сөз – ойдың сәулесі. Ойың түсініксіз болса – сөзің де түсініксіз», – деп жазыпты В.Г. Белинский. Мұны А. Толстой да қолдаған. Ол: «Тіл – ойлау құралы. Оған қалай болса, солай қарау – қалай болса, солай ойлау деген сөз», – дейді [72, 7 б.]. Ғалымдардың осы тұжырымдарына ден қойсақ, сөздің көркем, шығарманың мазмұнды болуы адамның ойлау қабілетіне байланысты болмақ. Осы қисынды тереңірек қаузай түссек, шығармашылық адамның ой азаттығы, көзқарас еркіндігі деген ұғымдардың көрініс берері сөзсіз. Жоғарыда Қазтуған жырау мұрасынан тегіннен-тегін үзінді келтірген жоқпыз. ХХ ғасыр басындағы кеңестік қазақ айтыс ақындарының мына бір жыр қағысу үлгісінен қоғам идеологиясының рухани құндылыққа қаншалықты әсер еткендігін анық байқауға болады. Орал қаласында шығатын «Екпінді құрылыс»

газетінің 1934 жылғы 23 августегі санында Темірбек пен Мырзабек ақындардың атынан шығарылған (айтысты шығарушы Сақып ақын) айтыстың әлеуметтік мәні мен көркемдік деңгейін, оған тигізген коммунистік идеология табын анық байқауға болады.

Мырзабек: «...Ол рас. Былтырғы жыл болды жаман,

Пішенсіз жүдеп шықты жалғыз қарам.

Білмеймін есептен бе, өзімнен бе?

Еңбеккүн тек «жиырма төрт» былтыр маған.

Темірбек: Кел достым, екпінді боп іс істелік,

Екпінді бұдан да біз күшейтелік,

Егінді дәл кезінде жақсы жинап,

Жұмыстың сапасы үшін күреселік...» [13, 61 б.]. Зерттеу барысында айтып өткеніміздей, Қазан төңкерісінен кейінгі айтыс үлгілерін белгілі бір авторлар шығарған. Сол кездегі колхоз шаруашылығын, еңбекшілердің тұрмысын, партия ұранын насихаттау үшін Сақып ақын өз атынан өлең-жыр, толғау арнаса да болар еді. Бірақ, ақын осы мәселелерді насихаттау үшін екі ақынды айтыстырады. Бұдан аңдайтынымыз, біріншіден, айтыс жырларының халыққа жақын өнер екендігі, екіншіден, ақындардың аузына сөз сала отырып, ой қайшылығы негізінде ойға алған мақсат мәнін оңтайлы ашып, көрсету болып табылады. Коммунистік партияның қазақтың айтыс өнерін өзіне икемдеу, оңтайландыру тәсілінің бір көрінісін осыдан байқаймыз. Қалай десек те, қазақтың айтыс өнері өз миссиясын қандай дәуір, қандай қоғам болмасын тоқтатқан жоқ. Ол миссия – оның ақпаратты-танымдық, насихатшылдықтың қайнар көзі болып келгендігі һәм бола беретіндігі. Кеңес дәуірінің 1920-1940 жылдар аралығын қамтитын айтыс үлгілерінің дені осы миссияға толығымен жауап беретін шығармашылық мұра болып табылады. Кеңес дәуірінің алғашқы ширегінде өткен айтыс жырларының көлемі һәм көркемдік деңгейі тұрғысынан ауыз толтырып айтуға тұрарлығы Саяділ мен Майса қыз арасында өткен сөз сайысы. Бұл айтыс 1936 жылы өткен. Халық ақыны Саяділ Керімбеков (1885-1961) Майса қызбен өткен бұл айтысын ел ішінде Алмабек пен Майсаның айтысы деп те таратқан. Бұл айтыстың бір айтарлығы, сөз қағысу барысында ақындардың шеберлік сипаттарын айқындайтын бірнеше ерекшеліктердің көрінісі табуы болып табылады. Біріншіден, дәстүрлі қазақ айтысының тағылымын көріп үлгерген Саяділ ақынның тіл байлығы, сөз саптау машығы әлі де болса халықтың байырғы өнеріне етене жақындығын аңғартады. Екіншіден, қыз бен жігіт айтысына тән ибалы әдет-салттың нышаны бұл айтыста барынша сақталған. Үшіншіден, көнеден келе жатқан айтыс ақындарындағы жұмбақтасу тәсілі де сөз қағысу барысында сәтті қолданыс тауып, оның шешуі әлеуметтік жағдайларға байланыстырылып айтылады.

Саяділ:
«...Табанда айтқан жерде тауып бермек,

Ешкімнің назарында тұрмас дайын.

Төрт нәрсе неге қажет – зәру жұртқа,

Білсеңіз түсіндірші бізге жайын.

Майса:
Түкпірі дүниенің кең болады,

Кемеріне мекендеп ел қонады,

От пен су, тұз, нан тұрмыс ырзығы – Халықтың қажетіне тең болады...»[13, 66 б.]. 1936 жылы өткен айтыс уақыты – сол кезеңдегі елдің біршама сауаттанып, әр түрлі саяси жағдайлардан хабардар болып, көзі ашылып, көкірегі ояна бастағандығын көрсетеді. Айтыста отызыншы жылдардың ортасындағы қазақ халқының тұрмыстіршілігі жан-жақты көрініс табады. Отыз екінің ашаршылығынан кейін ел еңсесін сәл де болса көтере бастаған тұсты Саяділ ақын тіптен әсірелеп шабыттана жырлайды. «Колхоздың бір мүшесі Майса тегің, Осы еді бағанадан қойған шегім, Мал анау жер қайысып ызғып жатқан, Ту тігіп алабыңда жайқалды егін.

Күн құсап көктемдегі күркіреген, Біз көрдік қыруарын машинаның. Қондырып мұндай бақыт басымызға Жандырған кім болады ел еңбегін» [13, 73 б]. Бұған, жан-жақты толымды жауап берген Майса ақын қарсыласына «СССР-дың белгісі не екен, сірә?» [13, 10 б.] – деп қарсы сұрақ қояды. Бұл сауалға Саяділ де іркілместен: «Өнерді меніменен салғасып ал, Әр нәрсенің ағымды арнасы бар. Қарым-қатынас халқымнан үзілмейді, Одақ елдің орталық жалғасы бар. Жер жүзіне әйгілі танытатын, Айшықталған орақ пен балғасы бар» [13, 77 б.], – деп жауап қайтарады. Тағы бір сөз кезегінде Саяділ ақын: «Ең соңғы адамзаттың тиянағы, Аңсаған бүкіл дүние – коммунизм» [13, 77 б.] , – деп жырлайды. Кеңес Одағының мемлекеттік таңбасын жырмен өріп, «бүкіл дүние аңсаған – коммунизм», – деп шабыттана жырлаған ақындардың таным-түйсігін сол кездегі барша қазақ халқына әсер етіп отырған заман идеологиясының ықпалы деп қараған жөн. Бұл туралы кезінде Мұхтар Әуезов өзінің «Совет ақындарының айтысы» атты мақаласында жан-жақты айтып кеткен. Мақаланың құндылығы оның социалистік мәнінде емес, сол кездегі айтыс өнерінің иделогиялық құралға айналғандығының реалистік тұрғыдан бағалануы деп түсінеміз. Онда Ұлы

Октябрь революциясы ескіліктің темір құрсауынан босатқан қазақ халқының мәдениеті коммунистік партия қамқорлығының арқасында өркендеп, өскендігін айтады. Сондай-ақ, сол кездегі баршаға мәлім кеңестік идеология ұранына айналған. «...Мазмұны – социалистік, түрі – ұлттық, бұқараны интернационализм рухында тәрбиелеуді және пролетариат диктатурасын нығайтуды мақсат ететін мәдениет жасалды» деген сөздерді келтірген. «Бақытты жаңа өмірді жырлауда, социалистік мазмұнды жаңа тарих табыстарын жырлауда халық ақындарының орны, еңбектері аса мол кадірлі болды» [73, 12 б.].

1936 жылы халық ақыны Қуаныш Баймағамбетов шығарған Гүлсім мен
Бопанның айтысы да «бақытты жаңа өмірді жырлауға» құрылған.

«Мен атандым ударник,

Ала жаздай еңбек қып.

Еңбек етіп тапқанды

Жай отырмын ішіп-жеп.

Ақша аламын мақтаудан

Еңбеккүнім тағы көп

Жалқаулығың жұғады

Көп сөйлемей әрі кет» [13, 77 б.], – дейді Гүлсім қыз.

«Қуанасың осынша,

Еңбегіңе мақтанып.

Азығың көп болғанда,

Кімді бақтың ап барып.

Жаздай жаттым мен тыныш,

Қызыл шоққа таптанып

Азығым жоғын айтпасаң,

Ұйқым болды қап-қанық» [13, 77 б.], – деп жауап қайтарады Бопан жалқау. Гүлсім мен Бопанның айтысы сол уақыттың ұғымымен айтсақ, жалқау мен екпіндінің айтысы. Айтыстың мұндай үлгілерінің қажеттілігі туралы зерттеу барысында айтып өткен болатынбыз. Бұл тұрғыда совет ақындарының айтысына баға берген М. Әуезов пікірі де ойымызды растай түседі. «Совет тұсындағы айтыс – сынның, өзара сынның да өткір құралы. Шаруашылық зор науқандарды атқаруда, өзара мемлекет жоспарын жақсы орындау жөнінде бригада мен бригада айтысы, жалқау мен екпінді айтысы, жауыр көлік пен салақ иенің айтысы сияқты айтыстың бәрі сын жоғары. Жержерде социалистік құрылыстың екпінді қарқынына кедергі болар бөгеттерді кезінде жоюға арналған үгіт құралы болды. Совет ақындары бұл жағынан қарағанда, өздерінің шебер, тапқыр айтысуларымен күнделік советтік, социалистік өмірдің көрнекті қайраткерлері болды» [73,12 б.]. Қазан төңкерісі орнағаннан кейінгі қазақ тұрмысының тыныс-тіршілігі сол уақыттағы халық шығармашылығында жан-жақты көрініс тауып отырды. Елдің әлеуметтік жағдайы мен қоғамдық таным-түйсігі әсіресе, айтыс жырларында айқын сипатқа ие болды. М. Әуезов айтыс туралы мақаласында бұл жайында кеңірек тоқталады. Аталмыш мақалада арнаулы айтыстарда жарысқа түсетін

атақты ақындар ғана емес, халық сауығында өз күштерін жаңа сарапқа салып жүрген жас талаптар да өз айтыстарының қызықты, қадірлі мазмұны етіп, қоғам мүддесін, совет патриотизмін жыр етеді деп жазады. Сондай-ақ М. Әуезов: «бұл айтыста бұрынғыдай кертартпа, рушылдықтың советтік айтыстарда ізі, елесі де жоқ», – дей келіп, еңбек елінің ырысы, Лениннің ұлы дәуірі орнатқан социалистік қоғам, Қазақстан, Совет Одағы бар ірі айтыстардың айнымас арқауы болып отырды, – деген пікірлер келтіреді. Әрине, әр қоғамның өз идеологиясы, сол идеологияға байланысты қалыптасатын бағыт-ұстанымы, көзқарасы болатыны белгілі. Кеңес заманында уақыт ағымына байланысты идеологиялық мүдде тұрғысында айтылған зерттеуші ғалымдардың, тарихшылардың, қоғам қайраткерлерінің пікіріне заман өзгергеннен кейін тосырқап, теріс қарау бүгінгі тәуелсіз елдің зиялы ұрпағына жараспайтын әдеп. Біз өткен тарихымыздың әрбір бетіне үлкен құрметпен қарап, содан сабақ, бағыт алуға үйренуіміз қажет. Кеңес заманының алғашқы ширегінде өткен ақындар айтысын зерделей отырып, уақыт пен қоғамның қазақ халқының рухани қазынасына қаншалықты әсер еткенін аңдадық. Жалпы, ХХ ғасыр – қазақ өнері мен мәдениетіне, баспасөзі мен әдебиетіне қасірет те, бақыт та әкелген уақыт. Қасіреті өзінің ана тілдің уызымен бойға сіңіп, дархан даланың дегдар болмысын тұла бойына дарытқан рухани құндылығымыздың ұлттық болмысынан белгілі дәрежеде ажырауы болса, бақыты халықтың жаппай сауаттанып, жазба әдебиетінің кемелденуі, баспасөздің қалыптасып дамуы, өнер мен мәдениетінің әлем өркениетіне қанат қағуы еді. Кеңес империясының сұрқия саясаты тілімізді тұсағанымен, ділімізді, рухымызды мұқата алмады. Діл мен рухтың негізгі тірегі халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті, дәстүр-салт, ғұрып болып табылады. Сол асыл қазынаның бірегейі халық ауыз әдебиеті десек, айтыс өнері соның қайнар бұлақ көзі еді. Бұл туралы ұлт классигі, жазушы М. Әуезов: «Айтыс әр заманда күнделікті тіршілікке төтелей қатынасы бар жанр болатын. Халықтың ауыз әдебиетінің бұл қасиеті жаңа тарих жасаушы совет жұртшылығына өте ұнамды, үйлесімді болып қабысты» [73, 12 б.] , – деп пікір білдіреді. Кеңестік жүйенің ұлттық өнерге тигізген салқыны мен сызатын осы саланы зерттеп, баға берген қазақ зиялылары сезбей қалған жоқ. «Жаңа заман» жетістіктерін қанша мақтап дәріптегенімен, ақындар айтысындағы жасампаздық, ерлік, лениншілдік ұрандарын жақсылық деп, жақсылыққа балағанымен, тоқетеріне келгенде ұлт кемеңгерлері шындықты да жасырып қала алмады. Біздің бұл сөзімізге М. Әуезовтің мына пікірі дәлел: «...Бірақ, бұл алуандас айтыс жалпылық, көпшілік қолданатын сипаттардан айырыла бастайды. Және, әсіресе, әрбір анық ақындық сыры болатын экспромттық суырыпсалмалық сипатынан да ажырай бастап еді...» [73, 22 б.]. Тігісін жатқызып, тұспалдай айтса да М. Әуезовтің бұл пікірі өз уақытында айтылған ащы шындық еді... Қазан төңкерісінен кейінгі бас-аяғы бес-он жылдың көлемінде ұлттың рухани мұрасын шырмауықтай шырмап алған коммунистік идеология, өзінің

пәрменділігін барынша таныта білді. Ұлт мәдениеті мен әдебиеті, өнері бірден Кеңес идеологиясының қуатты насихат құралына айналды. Осыншама аз уақыттың ішінде күш алып, үлкен ықпалға ие болған коммунистік идеологияның үстемдік құруының да бірнеше өзіндік себептері болды. Біріншіден, бұқара халық саяси тұрғыдан әлі де сауатсыз еді. Оның үстіне оқу-білім, ағарту саласы қазақ даласында кенжелеп қалған, елдің көпшілік бөлігінің санасы әлі қараңғылық құшағында болатын. Екіншіден, ақ қашып, қызыл қуған аумалы-төкпелі заманды бастан кешірген қазақ ұлтының бойынан үрей ұшқыны көп уақытқа дейін сейіле қоймады. Ел ішіндегі ауқатты, бай адамдардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару, ұлттың бас көтерер тұлғаларын «халық жауы» ретінде ұстап, ату-асу жазаларын жүргізу халықты есеңгіретіп тастады. Халықты серкесіз қалған қойға теңеп, өзінің айдауына икемдеген коммунистік империяның сұрқия саясаты өз діттеген мақсаттарын қорқытуүркіту арқылы, қала берді алдап-арбау тәсілімен жүргізіп отырды. Дәл осындай ахуалдағы үркінші уақыттың өнері мен мәдениеті, рухани шығармашылығының қандай кейіпте, қандай мазмұнда болатындығын ойша шамалауға болатын сияқты. Жырауы мен шешені үнсіз қалған ХХ ғасырдың басы халық шығармашылығының жадап-жүдеп, күйзеліске ұшыраған кезеңі болды. Осы уақыт үрдісінде өмірге келген айтыс жырларының мазмұндық, көркемдік деңгейі туралы, зерттеу барысында жан-жақты айтып өттік. Бір аңдағанымыз осындай аласапыран уақытты бастан кешсе де, ұлт өнері өз ғұмырын тоқтатқан жоқ. ХІХ ғасырдан мұра болып жеткен халық өнері коммунистік идеологияның насихатшысына айналса да, 70-80 жылға жуық уақытты артқа тастап бүгінгі Тәуелсіз ел ұрпағымен қауышты. Ұлт өнерінің болашағы үшін осының өзі үлкен жеңіс еді. Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы айтыста айтылған мына бір ойларды өнерге салған саясат таңбасы деп қана бағалаймыз. «Әйелдер право алды декретпен» [13, 28 б.] Кете Жүсіп, «Сүйейді үкімет те кедей табын» [13, 38 б.] Қарсақ, «Байды құрттық қуалап» [13, 50 б.] Жаппар, «Октябрь – алтын таңның арқасында» [13, 55 б.] Жібек, «Ленин кемеңгерден айналайын, Би, болыс, хан, қожаның құртты көзін» [13, 58 б.] Жібек, деген ақын сөздерінің айтыс жырларында кездесуі коммунистік идеология ықпалының өнерге түсірген сызаты деп түсінеміз. Қалай десек те, 1920-1940 жылдар аралығында өткізілген Кеңестік ақындар айтысында өзіне тән мазмұндық, көркемдік ерекшеліктерінің болғаны анық. Бүгінгі ұрпақ одан өзіне қажет ақпараттық дерек тауып жатса, шын өнердің өлмейтін өміршеңдігі де сол болмақ!

2.2 Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдарындағы айтыстың идеологиялық маңызы ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдарының орта кезінен бастап, Кеңес Одағында саяси-экономикалық тұрғыдан біршама ілгерілеулер бел ала бастады. Алып империяға айналған коммунистік жүйе өзінің темірдей қатал тәртібін орнату жолында бұрын-соңды тарихта болмаған қатыгездіктерге барды. Мемлекетті ішкі-сыртқы «халық жауларынан» тазарту науқаны жүйелі жүргізіліп,

коммунистердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған уақыт еді. Қанаушы тап өкілдері ретінде, халықтың ауқатты, лауазымды адамдарын атыпасып, жер аударып болған, қызыл большевиктер енді елдің сөзін сөйлеп, серкесі болып жүрген ұлт зиялыларына ауыз сала бастады. Ел басына күн туған осындай аласапыран кезеңді көзімен көріп, жүрегімен сезініп өскен Гүлнар Дулатова «Ардақтап өтем әкемді» атты естелік мақаласында: «Бүкіл Совет Одағын шарпып өткен, заманның аумалы-төкпелі 30-жылдарында мыңдаған жазықсыз жандардың текке айыпталып, лагерьлер мен түрмелерде ұсталып, азап шегулері – естен шықпайтын уақиға. Одан біздің семьямыз да шет қалған жоқ. Сол уақытта басыма қауіп-үрей төніп, «қыл көпірдің үстімен» жүргендей қорыққанымды ұмытқаным жоқ» [74, 538 б.] , – деп жазады. Уақыт тынысы, қоғам болмысы сол дәуірдің кескін-келбеті, тіршілік қағидаларын айқындайтын құбылыс. 30-жылдарда қазақ халқы бастан өткерген аумалы-төкпелі кезеңді тектен-текке тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы», – деген ұстаныммен ғасырлар бойы даланың дегдар заңдылығына сүйеніп өмір сүрген қазақ халқы осы айтылған үш бірдей қасиетінен бар жоғы он-он бес жылда ада болса, ондай елдің енді қайтіп еңсе тіктеуі де екіталай еді. Дегенмен де малы мен жанын берсе де, қайран халық ары үшін арпалысып бақты... Отызыншы жылдардағы ел басына түскен ашаршылық пен нәубетті көзімен көріп, жанымен сезінген халық ақындары қырқыншы жылдың қырқасына осындай үреймен келіп еді. Әрине, жүрек түкпіріндегі үрей, былайғы іс-әрекетте, күнделікті өмірде басқаша сипатта көрінді. Ұлы Ленин әперген «теңдік», коммунистер әкелген «бақыт», бұқара халықты жарқын болашаққа бастай білді. Ел басына күн туған 1941 жылдан бастап қазақ ұлты да Кеңес Одағының өзге халықтары сынды бір тудың астына жиылып, ұлы Отанды жаудан қорғауға күш салды. Қашанда саяси-әлеуметтік мәселелерді насихаттап жырлап жүретін халық ақындары да бұл ұлы науқаннан тысқары қалған жоқ. «Соғыстың басталғанына апта өтпей-ақ, 26 маусым күні Батыс Қазақстан, Гурьев (қазіргі Атырау) облыстарының ақындары Гурьев қаласындағы мұнайшылар сарайына жиналып кеңесті. Атыраудың ақсақал ақыны Жанқабылов Сәттіғұл өзінің сөзінде: «Біз халық ақынымыз, сондықтан да барлық еңбегімізді халыққа, халықты отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне жұмсаймыз», – деді. Жармұқан Айтжанов: «Біз жеңеміз!», – деген патриоттық жырын мәслихат үстінде шығарып айтты[75, 3 б.]. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ақындар айтысына арналған «Қаһарлы сөз қамал бұзады» атты жинақтағы алғы сөз ретінде берілген ғалым Көбей Сейдеханұлының «Ақберен айтыс» атты мақаласында келтірілген бұл деректе әрі қарай халық ақындарының мәслихаты сол жылдың 26-28 күндері Қызылордада, 24-25 маусымда Қарағандыда ұйымдастырылғаны айтылады. Халық ақындары бас қосқан бұл мәслихатарға Қазақстанның сол кездегі Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысады. Маусымның 30-ы күні Ертіс өңірінің

(Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар) облыстарының ақындары өз мәслихаттарын өткізеді. Қазақстанның барлық аймағын қамтитын бұл келелі мәслихатқа сол кездегі айтулы ақындар Нұрпейіс Байғанин, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев, Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Маясар Жапақов, Орынбай Тайманов, Әлібек Бәйкенов, Қазанқап Байболов, Төлеубай Үркінбаев, Жақсыбай Жантөбетов, Елеусіз Байырбеков, Айтбай Белгібаев, Ілияс Манкин, Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Игібай Әлібаев, Сәби Әзденбаев, Төлеу Көбдіков, Нұрлыбек Баймұратов, Естай Беркімбаев, Сапарғали Әлімбетов, тағы басқалар қатысты. Осы келтірілген деректердің өзі-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында айтыс өнері үлкен мемлекеттік, қоғамдық маңызға ие болғандығын көрсетеді. Айтыстың ақпараттық қырынан бөлек, оның үгітшілдік, насихатшылдық сипаты Ұлы Отан соғысы жылдары анық байқалды. Әсіресе, патриоттық тұрғыда халықты бірлік пен ынтымаққа, еңбекке, Отанды сүюге қорғауға үндейтін айтыс жырлары сол кезеңнің ең тиімді насихат құралы бола білді. Бұл туралы М. Әуезов: «Советтік патриотизм – қасиетті, ардақты сезім. Ел ақындары совет патриотизмінің жаршысы. Әр ақын өз өлкесінің жақсылығын мадақтаумен жалпы совет халқының патриоттық сезімін өсіріп, күшейте түседі. Сүйікті Отанды қорғау жұмысы, жаумен беттесуде ғана емес, майданды тыл көмегімен үздіксіз жабдықтауды талап етеді», – [73, 20-21 бб] деп жазды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысы 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Айтыстың үшінші томында жарияланды. Бұл жинақта 1940-1945 жылдар аралығында өткізілген он жеті айтыс топтастырылған. Сондай-ақ, «Қаһарлы сөз қамал бұзады» деп аталатын кітапта Ұлы Отан соғысы жылдарында өткен ақындар айтысы туралы жан-жақты мағлұмат бере отырып, 1942, 1943, 1944, 1945 жылдарда өткізілген жиырма екі айтыстың толық нұсқасы жариялаған. Бұл жинақ Ұлы Отан соғысы жеңісінің елу жылдық мерейтойы қарсаңында 1995 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Ел басына күн туған қысылтаяң шақтың өзінде үкіметтің халық шығармашылығына осыншалықты көңіл бөліп, жыл сайын ақындар айтысын өткізіп тұруы кездейсоқтық емес еді. Ең бастысы, тылдағы еңбекші қауымды жігерлендіріп, еселеп еңбек етуге баулу сол кездегі Кеңес Одағының басты идеологиялық мақсаты болды. Бұл туралы зерттеуші ғалым С. Қирабаев «Соғыс және әдебиет» атты мақаласында былай деп жазады: «Жауға қарсы мейірімсіз күрес пен Отан қорғау идеясы әдебиеттің алдында тұрған жаңа міндеттерді белгіледі. Совет әдебиетінің халықтың принципін негізге ала отырып, жаңа дәуірдің әдебиеті еңбекші бұқараны Отанға берілгендік пен ерлікке, жеңіске сенім рухында тәрбиелейтін нағыз саяси үгітші және ұйымдастырушы болуға тиіс болды» [76, 78 б.]. Сондай-ақ, осы мақалада Отан сүю мен ел қорғау тақырыбы бұл кезде жазба әдебиетпен қатар, халық поэзиясының да жаңа сапаға ие болып, дамуына мол мүмкіншіліктер ашқандығын жазады. «Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Орынбай Тайманов, Омар

Шипин, Ілияс Манкин, Доскей Әлімбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов сияқты ақындар өздерінің отаншылдық рухтағы патриоттық жыртолғауларын шығарды. Олардың өнері соғыс кезінде айтыстың жаңғырып тууына себепкер болды» [76, 81 б.], делінген аталмыш мақалада. «Айтыстың жаңғырып тууы» шынында да соғыс жылдарындағы ақындар айтысында жаңаша реңк, соны сипатқа ие болды. Бұған себеп – сол кездегі ел басына күн туған ереуіл заманның халықтың көңіл-күй, психологиясына тигізген әсері. Бұл туралы жоғарыда келтірілген С. Қирабаевтың мақаласында жан-жақты жазылады. Онда халық ақындарының зұлым жаудан Отанымызды қорғаудағы халықтың жеңімпаз қуатын, халықтар туысқандығын, партияның ұйымдастырушылық қызметін, майдандағы ерліктерді жырлаған шабытты толғаулар, өлеңдер туғызғандығы жайлы айтылады. Соғыс жылдарында өткізілген ақындар айтысының ерекшелігі мен бұрынғы айтыстарға қарағанда әлеуметтік жүгінің зор, міндетінің маңызды екендігі жөнінде 1943 жылдың 4 желтоқсан күні Алматының Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының үйінде өткен ақындар айтысында С. Мұқанов жасаған баяндамада жан-жақты айтылады. Баяндамашы соғыс кезіндегі ақындар айтысының ерекшелігін былай деп түсіндіреді:

«...Бүгінгі айтысы ақынның,

Емес ру таласы...

Сондықтан олар айтыста,

Сынасса егер аяспай,

Бір-біріне түсірген,

Емес ол сын жарасы.

Ұлы Отан соғысы,

Күндерінде сынасу,

Жауды жылдам жеңудің,

Қарастырған шарасы» [75, 23-24 бб]. С. Мұқанов баяндамасында келтірілген бұл өлең жолдары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысына үлкен жауапкершілік, жаңаша талаптар қойғандығын аңғартады. 1940-1945 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысын зерделей отырып, айтыскерлердің идеологиялық һәм саяси тұрғыдан дайындығы мол, сауатты болғандығын байқаймыз. Бұл туралы зерттеуші К. Сейдеханұлы да «Ақберен айтыс» атты ғылыми мақаласында, жақсы айтып өтеді.

«Ақындар өз ауылының, руының немесе жеке басының намысын жыртпайды, әріптесін де ол жағынан кемсітпейді, ұсақ-түйекті қазбалап, «жеті атасынан», жаратылысынан мін іздеп мұқатуды көздемейді, жалпы халықтық, қоғамдық, елдік, адамшылық, азаматтық мүддені алға тартады. Мадақтаса достықты, ерлікті, адалдықты жыр етіп, соған үгіттейді, мансұқтаса жауыздықты, ездікті, жалқаулықты, жауапсыздықты, надандықты түйреп, содан жирендіреді. Айтыстың нысаны – ақынның жеке басы емес, оның ұжымы, кәсіпорны, шаруашылығы, ауданы, облысы» [60-58]. Мысалы, 1943 жылғы Шашубай мен Көшен ақындардың айтысынан екі ақынның да соғыс һәм тыл еңбеккерлерінің жағдайынан мол хабардар екендігін

байқаймыз. Айтыста соғыс кезіндегі Қазақстанның өнеркәсіп, өндіріс орындарының Отанға тигізіп отырған пайдасы, жауды жеңуге қосып отырған үлесі нақы мысал-деректермен жырланады.

«Көшен: Жау төнсе каһарланып оқ боратқан,

Күші бар тау бұзарлық неше батпан.

Соғыстың зор құдайы – зеңбіректер,

Құтырған қасқырлардың жынын қаққан.

Автомат, пулеметтер шалғыдай-ақ,

Дұшпанды қарсы келген шөпше шапқан.

«Катюша» майдан күйін ойнап берсе,

Сұмдардың арам қаны сел боп аққан» [75, 74 б.]. Ақын бұдан әрі көмірлі Қарағандының завод, шахталарын мадақтайды. Көмір өндіруші машиналардың неше алуан механизмнен тұратындығын, моторлы науаның қара алтынды сыртқа көл қылып ағызатынын да жырлайды. Құрыш, шойын қорытатын домна пештер де назардан тыс қалмайды.

«Саны көп, қырғын қыран-самолеттің

Моторы, білесіз бе, нендей заттан?

Ол дағы көмір менен темір тегі,

Шарболат қайнап-пісіп, шыққан оттан» [75-74]. Халық ақыны Көшен Елеуұлының соғыс кезіндегі өнеркәсіп, өндіріс саласын көзбен көріп, қолмен қойғандай етіп жырлауы сол уақыттың адамдарға салған ауыр салмағы мен маңызды міндеті деп бағалаған жөн. Соғыс жылдарындағы ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі сыни көзқарас пікірлердің мол ұшырасуы болып табылады. Айтыс жырларының табиғаты поэзияға тән болғанымен, мазмұны көбіне публицистика функцияларын атқаратындығына зерттеуде бірнеше мәрте ғылыми дәйектемелер келтірген болатынбыз. «Сын өнері» атты зерттеу кітабында ғалым Д. Ысқақұлы әдеби сын мен баспасөздің байланысы туралы ойларын тұжырымдай келіп, В.Г. Плехановтың сынның публицистикалық сипатын оның ғылыми жағымен байланыстыратын пікіріне тоқталады: «Объективті сын шын мәнінде ғылыми болғанда ғана публицистикалық сипатқа ие бола алады. Егер өнердің мәңгілік заңдары өмір сүретін болса, белгілі бір тарихи кезеңдерде публицистика көркем творчество ауылына да баса көктей кіріп, өз үйіндегідей іс-әрекеттер жасайды. Әдеби сын да солай.» [77-25] Айтыстағы ақындардың өзара сыны туралы М. Әуезов зерттеулерінде жазылған. Онда, патриоттық сана шабытын билеген ақындар Отанның зейнеті үшін жақсы істі мадақтап, елді қызықтыратындығы, сондай-ақ жаман істі масқаралап жою әрекетінде, сондықтан қандай айтыс болса да өзара сынсыз, өтпейтіндігін айтады. Мысалы, 1943 жылы өткізілген Құмар мен Сұраубай ақындардың айтысында аталмыш мәселе жан-жақты көрініс табады. Айтыс барысында Сұраубай ақын мұнай шығару цехының начальнигі Шелепиннің жағымсыз, салдыр-салақ әрекетін сынға алады:

«...Жалқаулар да аз емес,

Шелепин оны көрмейді.

Өзімшілдік беделмен,

Есітпеген құлағы.

Бақылау жоқ, күту жоқ,

Ремонты бітпейді.

Мезгілдің өткен біразы

Промгараж бастығы,

Қамысбаев жолдастың

Байланысы аз болған,

Салқындықпен қараған.

Бұл жүрісі өзіне

Лайқат болып жараған.»[13-120, 121]

Сұраубай ақынның бұл айтқан сын уәждеріне Құмар ақын шамданбайды. Керісінше, бұл сыннан қорытынды шығаруға уәде бере отырып, қарсылас ақын жағындағы кемшіліктерді нақты деректер келтіре отырып, қарсы сынға алады.

«Уа, Сұраубай, Сұраубай,

Еңбек ерін жақсы мақтадың,

Кемшілікті жасырып

Жалқауды неге сақтадың?» [13-121] Ақындар айтысы тарихын зерделейтін болсақ, қай ғасырда, қандай қоғамда болмасын, сөз сайысының басты ерекшеліктерінің бірі сыни көзқарас төңірегінде өрбуі болып табылады.

ХІХ ғасырдың еншісіндегі рулық-тайпалық сипаттағы айтыстарда да сынау, мінеу әрекеттері арқылы айтыс өзінің әлеуметтік беделін, мазмұндық ерекшелігін көтеріп отырған. Кемшілікті сынау, жаман әдеттерді мін ретінде бетке айту айтыс табиғатына тән құбылыс. Әсіресе, жолдастық сын деп айдар тағылған бұл жағдай Кеңес дәуірі тұсындағы ақындар айтысында айрықша белсенділік көрсетті. Ғалым Д.Ысқақұлы «Сынның публицистикалық сипаты» атты зертеуінде: «Публицистиканың негізгі мақсаты бүгінгі күннің өзекті өңірлерін жырлау деп ұғынсақ, сынның да басты мұраты – қазіргі әдеби процестің зәру проблемаларын көрсету». Бұл ретте В.Дементьевтің «біздің сынымыз қозғалмалы публицистика болуы тиіс» дегенінің жаны бар. Бұл тұрғыдан келгенде публицистика мен әдеби сынға қойылар талап бір. Ол – бүгінгі күннің жырын жырлау» [77-24].

Ғалымның бұл тұжырымы сынның әдеби процеске қатыстылығын меңзеп тұрғанымен, публицистика жанрының сыншылдық рөлін айқындауда өте орынды айтылған. Айтыс өнерін жырмен өрілген публицистика дейтін болсақ, ғалымның бұл уәжі зерттеу мақсатынан аса алшақ жатқан жоқ. «Публицистиканың негізгі мақсаты – бүгінгі күннің өзекті өңірлерін жырлау» ұғымы Ұлы Отан соғысы жылдарында да айтыс жырлары арқылы өз қуатын, өз күшін барынша таныта білді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі – жыр мазмұндарының дерек пен дәйекке құрылғандығы. Бұл айтыстарда ақынның жеке басының мінінен гөрі халықтың әлеуметтік жағдайы, шаруашылығы, өнеркәсіп-өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігі, жетістігі, кемшілігі молырақ сөз болады. Тағы бір айта кететін ерекшелік – ол ақындардың қоғамдық ахуалға объективті түрде қарауы болып табылады. 1941-

1945 жылдар аралығындағы кез келген айтыс өзінің шынайы әрі деректілігімен құнды. Айтыс ақындары тек кемшілікті ғана жырламайды, сондай-ақ сол уақыттағы толағай табыс, ерен еңбек үлгілерін асқақ сезіммен суреттейді.

«Шашубай: Бұл күнде мыспен күптеп босағамды,

Шынтақтап Бектау-ата, босағаңды.

Жастанып шалқар көл мен Дересенді

Байлығым болып жатыр осы араңды.

Дариям қандай болса, қазынам сондай,

Шоқтығым Алатаудан аса алады» [13, 87 б.] дейді. Немесе, Маясар мен Нұрлыбек ақыдардың айтысындағы мына бір жыр шумақтары, сол кездегі Қазақстанның өндіріс ошақтары жайлы кесек-кесек ой айтып, мол мағлұмат ақпарды алдыңызға жайып салады. «Маясар: Ақыным толғана бер құлақ салып,

Өндіріс кен-дария жатқан ағып.

Әйгілі аты шыққан Қоңыратыма,

Тең келер дүниеде бір-ақ алып.

Жезқазған, Ақшатауым жер кіндігі,

Жол берген күллі өндіріс кейін қалып» [13, 114 б.]. Публицистика жанрын зерттеуші, ғалым М.И.Стюфляеваның «Образные ресурсы публицистики» атты еңбегінде мынадай ойлар айтылады: «Публицистикалық мақала – заманымыздың қоғамдық-әлеуметтік саяси мәнінің зор лебін, оның тек бүгінгісі ғана емес, өткендігін баяндауымен бірге келешегіне де көз тастайды. Публицистика – бүгінгі күннің әлеуметтік күрделі мәселелерін қозғайтын, дәуірдің негізгі міндеттерін көтеріңкі үнмен, тартымды тілмен жарқын баяндайтын шығарма. Публицистика негізінде қоғамдық ойпікірлер, оның қайшылықтары мен тартыстары, қоғамдық құбылыстар мен оқиғалар, фактілер жатады» [28, 15 б.]. Ғалым пікіріне жүгінер болсақ, біз сөз етіп отырған айтыс жырлары толығымен осы айтылған талап-қисындарға жауап беретіндігіне шүбә келтірмейміз. Әсіресе, ғалымның «дәуірдің негізгі міндеттерін көтеріңкі үнмен, тартымды тілмен баяндайтын» ұғымдары, қазақ айтыс ақындарының шығармашылық табиғатына өте сай келетін сипат. Бұл туралы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысын зерттеп, оған баға берген ғалым К. Сейдеханұлы да жақсы айтқан. Ғалым өз пікірінде сұрапыл соғыстың құлақ естіп, көз көрмеген қасіретіне қарамастан, өзінің әділетті күресінде жеңіске жететініне шүбәсіз сенген халықтың асқақ рухын осы айтыстардан да аңғару қиын еместігін айтады. Сондай-ақ рух бар жерде шабыт бар екендігін, майдан мен тылдағы теңдесі жоқ ерліктің де, телегей-теңіз поэзияның да қуат алар қайнары – шабыт, ерліктің өзі – поэзия, поэзияның өзі – ерлік екенін ұғамыз деп жазады. Публицистиканың көркем шығармадан басты – айырмашылығы оның деректілігі мен нақты фактілерге құрылуы дейтін болсақ, бұл қағидадан айтыс жырлары да алшақ кетпейді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтыс жырларында жер-су, елді-мекен атаулары, Қазақстанның ауыл шаруашылығы, колхоз, шаруа бірлестіктері, ірі

өнеркәсіп ошақтары, көптеген адамдардың есімдері, тіпті, өндіріс-шаруа құралжабдықтарына дейін назардан тыс қалмай, тілге тиек болады. Бұл көрініс соғыс жылдарындағы ақындар айтысының екі қырлы сипатын айқындайды. Біріншіден, соғыс жылдарында айтыс ақындарына аса үлкен жауапкершілік жүктелгенін аңғартады. Айтыстың өткізіліп тұруына сол кездердегі ұлт зиялылары С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, А. Жұбанов, Е. Ысмайылов, Қ. Қуанышбаев сияқты ақын-жазушы, ғалымдар ат салысып, түрткі болғанымен, ең бастысы мемлекеттік ресми орындардың аталмыш өнерге мүдделі болуынан деп түсінген жөн. Олай деуімізге 1943 жылы Алматыдағы Қазақстан мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен жыр додасына сол кездегі «Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі Сейтқали Ахметов, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі өнер басқармасының бастығы Серғали Толыбековтердің келуі, сондайақ Қазақстан Коммунситік партиясы Орталық Комитетінің хатшылары Жұмабай Шаяхметов, Ахмет Қойшығұлов, Ілияс Омаров, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев, орынбасары Шекер Ермағанбетова, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов, Кеңес Одағының Маршалы С.М. Буденный, СССР Жазушылар Одағының хатшысы В.В. Вименевскийлердің [75, 21 б.] келуі ақындар айтысына деген мемлекет басшыларының көзқарас, пікірінің дұрыстығы һәм мүдделілігін көрсетсе керек. Айтысқа мемлекеттік деңгейде мән берілуі, сөз жоқ, ақындарға зор жауапкершілік, үлкен міндеттер жүктейді. Соғыс жылдарында өткізілген айтыстың көркемдік, мазмұндық деңгейінің жоғары болуы, осындай талаптардан туындағаны ақиқат. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысының екінші қыры да осы айтылған жағдаяттардан туындайды. Себебі ақындарды айтысқа дайындау барысында, иделогиялық-саяси тұрғыдан үлкен семинар-кеңестер өткізілгені мәлім. Ол кеңестерде ақындардың қай тақырыпта қалай жырлауы ғана емес, сол кездегі Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалы, соғыс жағдайы, тыл өмірі сияқты келелі мәселелер түбегейлі ақындардың ой елегінен өткізілген. Ұйымдастырушылар әсіресе, айтыстың идеологиялық маңызына ерекше мән берген. Ақындардың бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, тақырыпты бүге-шігесіне дейін білуі, әрі мүдірмей жырлауы осыны аңғартады. Мәселен, 1943 жылғы Жақсыбай Жантөбетов пен Есдәулет Қандеков арасында өткен айтыста ақындар сол кездегі колхоз, совхоз шаруашылықтарының жетістіктерін, табыстарын жіпке тізгендей баяндайды. Бір-бірінің кемшілік жақтарын да тілге тиек етуді ұмытпайды. Айтыс барысында цифрлы мәліметтерді тәптіштеп жырлауына қарағанда ақындардың бұл сөз сайысына мол дайындықпен келгендігі байқалады. Жақсыбай: «...Өзің мақтан, кең өріс жерің қанша?

Айтып бер білген болсаң малың қанша?

Бухгалтердің есебін менен сұрап,

Пысықтанып осы жерден табылғанша.
Есдәулет:
... Қой, ешкі сексен үш мың толды басқа,

Алты мың жылқы және үш мың шошқа.

Сегіз мың сиырым бар толған өріс,

Сыртында мына санның түйе басқа» [13, 151-152 бб]. Жамбыл облысы, Красногор ауданының атынан айтысқа түскен Есдәулет ақын келтірген бұл цифрлы мәліметтер нақты шындық болса, соғыс жылдарындағы ауданның шаруашылығы жаман болмағанға ұқсайды. Публицистика дәуір тынысы, замана жаршысы дейтін болсақ, айтыста келтіріліген осы деректердің өзі-ақ соғыс жылдарындағы Қазақстан ауыл шаруашылығы жағдайынан біраз ақпар-мағлұмат беріп тұрғаны сөзсіз. Сондайақ өнеркәсіп, өндірісі тақырыбын арқау еткен Шашубай мен Болман ақындардың айтысында нақты дерек көздері мол ұшырасады. Мұның өзі соғыс жылдарындағы Қазақстан ауыр өнеркәсіп, өндіріс ошақтарының экономикалық жағдайынан хабардар болуға мүмкіндіктер береді. Шашубай: «.Мақтадың, Болман шырақ, комбинатты,

Есіңе аламысың майдан жақты.

Алты айда кем бергенін білемісің,

Екі жүз отыз мыңдай снарядты?

Балқашқа берген кенің тат боп шығып,

Бес жүз тонна мыс соңынан жетпей қапты.
Болман:
...Заводым отырған жоқ отқа қарап,

Майданның керегіне жатыр жарап.

Өндіріп жоспардан тыс қаншама мыс

Сізді де соңғы екі айда қалды жанап...» [13, 188-190 бб]. Ұлы Отан соғысы жылдарында өткізілген ақындар айтысын зерделей отырып, көз жеткізген тағы бір мәселе – жыр сайыстары белгілі бір тақырып ауқымымен немесе жекелеген аймақ мәселелері төңірегінде шектелмегені. 1941-1945 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысы тұтастай Қазақстан экономикасының барлық саласын қамтумен ерекшеленеді. Мәселен, айтыста колхоз, совхоз шаруашылықтарының жетістігі һәм кемшін тұстары тұтастай дерліктей көрініс табады. Бұл тақырып әсіресе, Сәттіғұл мен Құмар, Шаймерден мен Мұзарап, Орынбай мен Әлібек, Қазанқап пен Нартай, Жақсыбай мен Есдәулет, Сұлубике мен Зейнеп айыстарында айрықша көрініс береді. Бұл айтыстар құр мадақ, қызыл сөзден ада, керісінше нақты дерек, мәліметтерді сөйлетуімен ерекшеленеді. Осы уақыт еншісіндегі ерекше мән берілген мәселенің бірі сол кездегі Қазақстан көмір индустриясының экономикалық ахуалы болды. Бұл тақырыптың тереңнен қаузалып, жырлануына оның Кеңес үкіметі үшін аса маңыздылығы һәм қажеттілігі себеп болғаны белгілі. Шахта, завод, фабрикалардың соғысқа қажетті өнімдерді іркіліссіз шығарып тұруы, соғыс кезіндегі қатаң талаптардың бірі болды. Оны айтыс ақындары да жақсы түсінді. Шашубай мен Көшен ақындардың айтысында осы мәселе жеріне жеткізіле жырланған.

Көшен:
«...Тұмсығын фашистердің мыспен қарып

Былтырғы олқылықтан мен де арылдым...
Балқытқан мың тонналап болат темір,

Орасан заводтардың жаны – көмір!

Майданға қару-жарақ, азық-түлік,

Таситын темір жолдың қаны – көмір...» [13, 89 б.]. Немесе, Нұрлыбек пен Маясар ақындардың айтысындағы мына бір шумақтар тақырып маңыздылығын ғана емес, ақынның соғыс жағдайын, әрі Қызыл Армияға, оның Отанға аса керек қару-жарақтың қандай жолдармен өндірілетінін өршіл рухта жырлайды. Маясар: «Жайланып бекіністе жатқан торып,

Жабылып жауға шапса жетпіс полк.

Бір ғана атысарлық оқ жасауға,

Бір күнгі болат жезім жетер толық...

Алты жүз ауыр танкі салып ойнақ,

Ұмтылса жау қамалы қалар жайрап.

Соларға оқ өтпейтін сауыттардың,

Құрышын мен беремін күнде сайлап...» [13, 114-115 бб.]. Сол кездері іргелі өндіріс-өнеркәсіп Қарағанды шахтасы, Жезқазған, Балқаш, Қоңырат, Ақшатау кенттерінің экономикалық ахуалы айтыс жырларының негізгі арқауы болды. Әрине, соғыс жылдарындағы айтыстың бәрі елді, халықты жігерлендіру рухында толағай табысты зор шабытпен жырлаған деп кесімді пікір айтуға болмайды. Қарсылас ақындар өз жетістіктерін жырлаумен қатар, екінші жақтың кемшілігін де жақсы білген. Ол айтылған кемшіліктер жай тұспалдау сөз немесе «ұзын құлақтан» жеткен хабар емес, нақты дерек-дәйектерге құрылған. Мысалы, Көшен Елеуовпен айтысында Шашубай ақын Қарағанды шахтасындағы кейбір келеңсіздіктерді былай деп сынға алады:

«...Көшенім, неге керек артық мақтан,

Сен одан тілімді алсаң ерте сақтан.

Бере алмай жер астына бос вагонды

Малтығып жатқан жоқ па талай шахтаң?

Бос өткен шахталардың уақытын

Есептеп көмірге әкеп болсаң шаққан.

Бұл дертке ұшыраған шахталардың

Борышын болар едің немен жапқан?

Жөнелткен көміріңнің күлі көп боп,

Заводтар тірегіңе айып таққан...» [13, 98 б.] Мұндай кемшіліктерді сынау үрдістері ауыл шаруашылық мәселелеріне қатысты айтыстарда да жиі көрініс береді. 1944 жылдың 12 сентябрінде Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған Гүлжамал Шәукебаева (Шиелі) мен Қуаныш ақынның (Сырдария) айтысында сол кездегі колхоз тұрмысы сынға алынып, былайша жырланады: Гүлжамал: «...Есітем ауданыңның көп колхозы,

Күте алмай күйзелтіпті биыл малын.

Биікке су шықпайтын жарма қазып,

Қинапты кейбір аулың босқа жанын.

Колхозың Киров ердің атындағы

Нашарлықтан болып жүр жұртқа мәлім...» [13, 168 б.]. Баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарымыз, сол бір сұрапыл жылдар шежіресі туралы былай деп жазды: «...Осы кезден бастап жау талқан болғанға дейін Қазақстан баспасөзі, бүкіл еліміздің баспасөзімен бірге, өзінің оқырмандарымен соғыстың сұсты да әсерлі тілімен сөйлесті. Сол бір кездегі баспасөз қаһарлы жылдар шежіресін, патриотизм мен жалынды публицистиканың таңдаулы үлгілерін көрсетті...» [75, 193 б.]. Соғыс жылдарындағы Қазақстан баспасөзі жайлы айтылған бұл пікірді келтірудің өзіндік мәні бар. «Соғыстың сұсты да, әсерлі тілмен сөйлеуі» тек сол уақыттағы кәсіби журналистерге ғана емес, патриотизм мен жалынды публицистикалық жырлардың асқақ үлгісін көрсеткен айтыс ақындарына да тән қасиет еді. Ол кездегі айтыстың көпшілік қызықтайтын думан немесе көрермен көңілін көтеретін өнер кеші деп емес, деректі-ақпараттық танымы мол үгітшілдік-насихатшылдық сипаты басым, публицистиканың ауызекі үлгісіндегі шамырқанған халық шығармашылығы деп бағалаған жөн. Айтыс өнері тарихында 1941-1945 жылдар аралығында өткізілген жыр сайысын мазмұндық тұрғыдан ерекше екшеп айтуға болады. Бұл жылдардағы айтыс өзінің ақпаратты-деректілігі тұрғысынан өзінен бұрынғы һәм кейінгі айтыстардан анағұрлым бай және моральдық, әдеп нормаларын мейлінше сақтай білуімен бағалы. Ақындардың жеке басына мін тағуы былай тұрсын, бұл жыр сайыстары қарсылас жақтағы кемшіліктерді айтқанда, ол кемшілікке барша Қазақстандық еңбекшілердің де алаңдаулы екендігін, содан тезірек арылудың қажеттігін үлкен достық, әріптестік ниетте жеткізеді. 1945 жылы өткізілген Қалқа Жапсарбаев пен Қуат Темірбаевтардың айтысы тұтастай деректі мәліметтерге құрылған. Талдықорған, Павлодар облыстары атынан сынға түскен қос ақын да сол кездегі екі аймақтың барлық болмыс-бітімін жырмен өріп шығады. Павлодарлық Қалқа ақын өз облысының жетістігін нақты деректер келтіріп жырлайды. Сөз кезегінде Талдықорған облысының шаруашылық ахуалын сынай отырып, Қуат ақынды әріптес ретінде қайрап, жігерлендіріп отырғандығын да аңғаруға болады: «Биеннің өлкесінде жердің нуы, Қыдырдың шығып жатқан қайнап буы. Басынан берекелі Ақсу-Лепсі, Белгілі ежелден-ақ диқан туы.

Елі бай кем болмаған мал мен бастан,
Бір кезде ең дәулетті шалқып тасқан.
Жоспардан биыл Ақсу құтылмапты,
Сол жердің берекесі неден ашқан?» [78, 248-249 бб].

Егер, осы айтыстағы екі ақынның жырын қара сөзбен баяндайтын болсақ, дерек пен дәйекке толы, ақпараттық сипаты басым көркем публицистикалық шығарма болып шығары сөзсіз.

Соғыс жылдарындағы айтыстарды шола отырып, айтыс ақындарының сол кездегі журналист тілшілердің қызметін атқарғандығына шүбәсіз көз жеткіземіз. Аудандарда, колхоздарда орын алып отырған кемшіліктерді бұлтартпас фактілермен шегелей айтуы осыған дәлел болса керек. Қалқа:

«...Сіздің Ақсу ауданы

Қырық төртінші жылы көктемде

Тұқымын түгел сеппеген,

Екі пұт бидай апарса –

Бір пұтын сеппей ептеген;

Он бидайдың орнына –

Жалғыз-ақ бидай көктеген ...» [78, 253-254 бб].
Өз кезегінде Қалқа ақынның сынына жауап бере отырып, Қуат ақын
қарсыласын төмендегіше кемшін деректермен сынға алады.
Қуат:

«...Ауданыңды алғанда,

Анықтап көзді салғанда,

Қаншама сиыр, қой, ешкі,

Жүз елу ат өліпті.

Осыным да жалған ба?..» [78, 254-255 бб]. Жалпы, соғыс жылдарында өткізілген қай сайысты алып қарасақ та, ақындарды сезім күй ауанынан гөрі күнделікті өмірде, қоғамда болып жатқан түрлі проблемалардың көбірек толғандырғанын аңдаймыз. Бұл жағдай бәлкім соғыс уақытының қатаң талабынан немесе сол дәуірдегі саяси идеология мүддесінен туындаса керек. Айтыстағы елдік, отандық тұрғыдағы мәселелер ақындардың өзара сыни-пікірлері арқылы өрби отырып, табысқа ерен еңбек етуге шақырған патриоттық рухтағы насихатқа ұласады. «...Аянбай қайрат жұмсалық, Көмбеміз біздің алыста, Шаруа кетсін теңеліп, Ел табысқа кенеліп, Мемлекетке қарызды, Артығымен берелік, Үш жүзден алып қызылша Еңбекке астық бөлелік Қазақстанның тойында – Табыспен рапорт берелік!» [78, 261 б.]. 1943 жылғы республикалық айтысты ашқан жыр алыбы Жамбыл сөзі соғыс жылдарындағы қолына домбыра ұстаған ақындарға үлкен сенім, зор шабыт берді. Әрі Жамбыл ақынның бұл арнау жыры сол кездегі ақындар айтысының жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымда өрбитіндігін сипаттап берді. Мәселен, ақынның: «Алатаудан, Арқадан,

Ақындарым келіпсің.

Тілдерінен бал тамған,

Жақындарым келіпсің.

Ертіс, Еділ, Іле, Сыр,

Бас қосқалы келіпсің.

Жүрген жері думан жыр, Сендер елге көріксің...» [75, 61 б.] деген жыр жолдары ел басына күн туған уақытта ұлт болып бірігуді, зұлым жауға тұтас халық болып, тойтарыс беруге үндеген ақындық, азаматтық үлкен рухты танытады. Ақынның осы екі шумағының өзі соғыс жыдарында өткізілген айтыстың жалпыұлттық, мемлекеттік сипатта болғандығын аңғартады. Халық поэзиясының ірі өкілі, екі ғасырдың куәсі Ж. Жабаевтың жыр толғаулары соғыс кезінде үлкен идеологиялық насихат құралына айналды. Бір ғана «Ленинградтық өрендерім» деп басталатын әйгілі толғаулық тарауы патриоттық жыр ретінде кеңінен насихатталды. Соғыс жылдарындағы Жамбыл шығармашылығы туралы зерттеушілеріміз көптеген мақала-зерттеулер жазды. Көрнекті әдебиет сыншысы Мұхамеджан Қаратаев «Жамбыл – халық поэзиясының алыбы» атты мақаласында төмендегідей пікірлер келтірген: «Соғыста Жамбыл өлеңдері қарулы құралға айналды. Жүздеген соғыс бөлімшелерінен, соғыс аэродромдарынан, корабль борттарынан Жамбылға тынбай ағып хаттар келіп жатты. Олар ақын өлеңдерінің күш-қуат әсері автомат, бомбардировщик, танк және «Катюша» секілді жаудың күл-талқанын шығаруға жәрдем бергенін жазады. ...Фашизмді тізе бүктірудің 20 жылдық мерекесінде КПСС Орталық Комитетінің бас секретары Л.И. Брежнев: «Жамбыл жеңіске жету жолында өз творчествосымен көмектескен ақындардың бірінен саналады», – деп атады [30, 35-36 бб.]. «Соғыс және әдебиет» атты мақаласында ғалым С. Қирабаев: «Ұлы Отан соғысы дәуіріндегі қазақ әдебиеті» деп дәуірленіп жүрген әдебиет, мезгілі жағынан онша ұзақ уақыттың жемісі емес» [76, 78 б.], – деп пікір айтады. Сондай-ақ аталмыш мақалада – мұның небәрі төрт-ақ жылдың әдебиеті екендігін айта келіп, соған қарамастан соғыс кезінің әдебиеті тарихта жиі кездесе бермейтін қоғамдық дамудың жеделдігі мен халықтық энтузиазмнің әдеби бейнесін терең таныта алатын әдебиет болып, тарихи бағаланғанын, мұның басты сыры совет әдебиетінің халық өмірімен тығыз байланысында, халықтың көкейкесті арманын жырлай білген реалистік сипатында еді», – деп жазады. Әрине, бейбіт заман өлшемінде төрт жыл соншалықты көп уақыт емес. Бірақ жиырма миллион адамның өмірін қиған сұрапыл соғыс уақытының зардабы ғасырларға жетер қайғы-қасірет әкелгені анық. Сондықтан да соғыстың әр күні айға, айы жылға бергісіз болғаны белгілі. «Әдебиеттің халық өмірімен тығыз байланыстылығын» біз 1941-1945 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысынан анық байқадық. Қазақ әдебиетінің үлкен бір арнасы халық шығармашылығы деп танысақ, бұл тұрғыда айтыс ақындарының де ерекше белсенділік көрсеткенін зерттеу барысында айтып өттік. Ең бастысы, ел басына күн туған, сұрапыл соғыс жылдарында қазақтың төлтума өнері айтыстың халыққа, қоғамға белгілі дәрежеде қызмет ете білгендігі.

«Біздің түсінігімізде публицистика – өз кезеңіндегі қоғамдық өмірдің өзекті проблемаларын, құбылыстарын және процестерін жедел түрде көрсететін шығармашылықтың бір түрі және оның өзіндік ерекшелігі – саяси тұрғыдан күштілігі мен жанды бейнелілігінде, ал басты әлеуметтік міндеті – адамдардың қоғамдық пікірін қалыптастыру» [6, 211 б.]. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдарын зерттеуші, ғалым Б. Жақып еңбегінде келтірілген бұл пікір негізінен жазба публицистикалық шығармаларға бағытталып айтылғанымен, 1941-1945 жылдар аралығында өткізілген халық ақындары шығармашылық мұрасының табиғатына да жат еместігіне зерттеу барысында толық көз жеткіздік. Кеңес дәуіріндегі айтыстың өміршеңдігін сақтап қалуда ұлтымыздың ұлы тұлғалары М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсіреповтердің сіңірген еңбегі ерекше болды. Мәселе, осы ұлт зиялыларының ақындар айтысы жайлы айтқан кеңестік реализм тұрғысындағы ойларында емес, ең бастысы ұлт руханиятының жанашыры ретінде өнердің тоқырап, тоқтап қалмауына қол ұшын созып, қамқор, қорған болғандықтары еді. Айтыстың үгітшілдік, насихатшылдық күшін кеңестік билікке желеу ете отырып, ұлт зиялылары 1941-1945 жылдары өнердің тынысын бір кеңейтіп берді. С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов ұсыныс-тілектерін қабыл алған атқарушы билік орындары айтысты соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерін рухтандыратын идеологиялық құрал ретінде пайдалануға бірден пейіл білдірді. Әкімшіләміршіл жүйенің ақындар айтысын өткізу жөніндегі ұсыныстары жер-жердегі халық ақындарының ел алдына қайта шығып, өнердің өршіл рухын тағы бір мәрте қанаттандыруына мүмкіндіктер берді. Сөз жоқ, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысы зор белсенділікпен жүйелі ұйымдастырылуы арқылы әжептеуір деңгейге көтерілді. Айтыстың мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы айтыс өнері үшін екі бағытта тиімділік жағдайын туғызды. Біріншісі, тоқырап қалған өнердің рухы қайта көтерілуі болса, екіншісі шын мәнінде тылдағы бұқара халықты жігерлендіріп, басқыншы жауға қарсы күресуге үгіттеп, аянбай еңбек етуге шақырды. Сол кездегі тылдағы еңбекшілердің ерен еңбегі, жауды жеңудің бірден-бір негізгі күші болғаны рас. Алматыда, Қарағандыда өткізілген республикалық ақындар айтысы өзінің жалынды идеологиялық, үгітшінасихатшылдық қырларымен сол кездегі еңбекші халықтың намыс-жігерін қайрай білді. Қарағанды көмір шахталарындағы кеншілердің атқарар міндеттерінің маңыздылығын айтыс ақындары нақты көрсетіп, шегелеп айтып отырды. «Майданға қару-жарақ, азық-түлік, Таситын темір жолдың қаны көмір!» [13-87] Көшен. Айтыста кездесетін кейбір цифрлы мәліметтердің өзі, халық жігерін еселеп, еңбек етуге шақырған тиімді тәсіл ретінде көрініс тапты. «Жақсыбектің тапсырған артық мысы, Бір миллион патронға таяп қалды» [13102] Шашубай. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халық ақындары айтысқа үлкен дайындықпен, тыңғылықты ізденіс, кеңеспен шыққандығын айтыс барысында келтірген дерек көздері мен сөйлем мағыналарынан анық байқауға болады. Мәселен, Қарағанды кеншілерінің намысын қозғап «Өр Донбасс жау қолында қалғанында, Майданды жабдықтауға жараған-ды» [13, 115 б.] деген

Маясар ақын сөзі майдан шебінен алыс Қарағанды кеншілерінің жігерін жани түскені сөзсіз. Немесе айтыс ақындарының халық алдында айтқан «Оралып қара жылан жармасқанда, Кім не істеп, не қойды Отан үшін» [11-115] (Нұрлыбек), сөздері әрбір совет адамының Отан алдындағы міндетінің маңыздылығын әйгілей түседі. Сондай-ақ, ел санасын рухани тұрғыдан жігерлендіруде айтыс ақындары дәстүрлі халық шығармашылығында кездесетін бейнелі, образды сөздерді де қолданып отырды. «Тілдің өткір семсерін, фашистерге ендіріп» [13, 119 б.] (Сұраубай). Батырлар бұған мініп жауға аттанса, Ойрандап жау ордасын қан қылады» [13, 133 б.] (Орынбай) «Секілді қыран бүркіт шабытым бар, Қордаймен социалдық жарысым бар» [13, 148 б.] (Жақсыбай). Бұл мысалдардың барлығы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтыс өнерінің мазмұндық мәні мен көркемдік деңгейінің қандайлық дәрежеде болғанынан хабардар етеді. Ақындар айтысы дәл 1941-1945 жылдар аралығындағыдай бұрын-соңды саяси-әлеуметтік маңызға ие болып, қоғамдық мәні артқан жоқ деп айтуға болады. Оның басты себебі айтыс өнеріне, ресми биліктің ыңғай танытып, оны өз мүдделеріне пайдалана білгендігі. Екіншіден, айтыс өнері осы жылдар үрдісінде мазмұндық, пішіндік тұрғыдан біраз өзгерістерге ұшырады. Айтыскерлердің мол дерек көздері мен цифрлы мәліметтерді пайдалануы жырды мазмұндық тұрғыдан байыта түсті. Бұл үрдіс кеңес дәуірінде өткізілген ақындар айтысына жаңаша мазмұн, түр, сипат, реңк қалыптастырды. Ұлттық айтыс өнерінде жаңа лексикондардың көрініс беруі жиілеп, орысша сөздік атаулар мен термин сөздер жиі ұшырасатын болды. Бұл сипат ел тәуелсіздігін алғанға дейінгі айтыс жырларында жалғасып отырды. Айтыстың әлеуметтік маңызын көтеру әрекетіне байланысты туындаған мол ақпар, дерек көзін қамтып айту тәсілі, ақындардың тыңғылықты дайындықпен (алдын-ала жазып алу) шығуын міндеттеді. Мұның өзі ғасырлар бойы қалыптасқан айтыс өнерінің басты критерийі суырыпсалмалықты белгілі дәрежеде тежей бастады. Осындай «өзгеріс», «жетістіктерге» қарамастан айтыс өнері 1941-1945 жылдар аралығында халқына қалтқысыз қызмет жасады. Елдің рухын оятып, басқыншы ортақ жауға қарсы аянбай күресуге жұмылдырды. Айтыс ақындарының әрбір сөзі жауға атылған оққа пара-пар болды. Халықты бірлік пен ынтымаққа, ерлік пен өрлікке шақыру, айтыс өнерінің табиғатына тән қасиет. Ұлы Отан соғысы жылдарында да айтыс ақындары осы міндет үрдісінен шыға білді.

2.3 1946-1986 жылдар аралығындағы ақындар айтысының тақырыптық, мазмұндық ерекшелігі Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де қазақтың айтыс өнерінің қоғамдық маңызы бәсеңдеген жоқ. 1946-1957 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының дені 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Айтыс» жинағының үшінші томында топтастырылған. Айтыс негізінен сол уақыттағы Советтік Қазақстанның әр өңірлерінде өткізілген сөз сайыстарының жинағы ретінде «Ақындар шықты айтысқа» (Алматы, 1960 жыл), «Оңтүстік Қазақстан ақындарының айтысы» (Шымкент, 1958 жыл), «Ақындар үні» (Орал,

1958 жыл), «Ақындар айтысы» (Ақмола, 1958 жыл), «Қостанай ақындарының айтысы» (1958 жыл) кітаптарында жарияаланды. Аталмыш жинақтардың ішіндегі «Ақындар шықты айтысқа» кітабына Қазақстанның Семей, Көкшетау, Қызылорда, Гурьев, Солтүстік Қазақстан, Өскемен сияқты облыстарында өткізілген айтыс жырлары кіргізілген. Бұл дерек көздері айтыс өнерінің советтік дәуірде де үзбей өткізіліп тұрғандығын дәлелдейді. 1958 жылы Орал қаласында жарық көрген Батыс Қазақстан ақындарының облыстық бірінші айтысын топтастырған «Ақындар үні» атты жинақтың алғы сөзінде ақындар айтысының социалистік мәні мен маңызы туралы былай деп жазылған: «...1958 жылғы февральда облыс ақындарының бірінші айтысы өткізілді. Біздің облысымызда ақындардың айтысы аса зор саяси науқан кезеңінде еңбекшілердің өндірістік еңбек өрлеуі жағдайында өтті. Партия мен үкіметтің тарихи шешімдерімен жігерленген облысымыздың жұмысшылары, колхозшылары және интеллигенциясы экономика мен мәдениетті онан әрі өрге бастыру жолында қажырлы еңбек етуде. Алдымызда тұрған зор міндеттер біздің ақындарымызға терең ой тудырып, олардың айтысын қызу және идеялық жоғары дәрежеде өткізуге мүмкіншілік берді» [79, 3 б.]. Жалпы, кеңес дәуірінде халқымыздың рухани шығармашылық мұрасына коммунистік идеологияның ықпалы өте зор болғандығы ақиқат. Пролетариат көсемі Ленинді, «кемеңгер» коммунистік партияны жырламаған, насихаттамаған ақын-жазушылар некен-саяқ немесе жоқ. Әсіресе, сезім мен шабыты тілдің ұшы, домбыраның шанағында тұратын айтыс ақындары бұл мәселеге келгенде өзге шығармашылық өкілдерінен қашанда оқ бойы озық отырғандығы табиғи заңдылық. Халық тұрмысын, ел экономикасындағы жетістіктерді жырлау немесе партияға көлеңке түсіретін келеңсіздіктерді көрсету айтыстың негізгі міндеті болғанымен, түптеп келгенде, ақындардың басты ойы партияны мадақтау, әспеттеу сияқты жалынды сөзге, идеологиялық ұранға толы болды. Бұл бір жағынан уақыт тудырған талап болатын. «Халық мүддесіне, біздің көп ұлтты Отанымыздың мүддесіне қатысты мәселенің қандайын да болсын «партия бұзбас шеп, партия алмас қамал жоқ, бұған қалай мақтанбассың!» [80, 227-228 бб] – деп пікір білдірген зерттеуші ғалым ойы да өз уақытының саясикөзқарасын танытып тұрған жоқ па?! Ендеше: «Партия – сенерім де, тірегім де, Партия – ең ардақтап сүйерім де. Партия сеніменен мәңгі бірге – Ойым да, еңбегім де, жүрегім де» [79, 9 б.] – деп жырлаған айтыс ақыны Хамит Әбіловтың сол кездегі өнеріне, сөзіне тіксініп қараудың еш қажеті жоқ. Адамзат тарихы қаншама «соқтықпалы, соқпақты», «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан кешірді. Халық өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық ахуалына сай өмір сүріп, соған сай қызмет жасады. Өмірде саясатқа да, заңға да белгілі бір жүйеге де бағынбайтын, тек бүкіл адамзат тіршілігіне ғана ортақ ізгі қасиеттер болады. Ол Адамгершілік, Адалдық, Парасат атты ұғым төңірегінде үйлесім тауып, қоғам дамуының негізгі тетігі ретінде бейбіт өмір

баяндылығының алғышарттарын жасайды. Кез келген қоғамның прогрессивті бағытты ұстайтыны белгілі. Кеңестік идеологияның да негізгі бағыты адамгершілікке, Отанды сүюге, қажырлы еңбек етуге, арамтамақ, жалқау болмауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге шақырған ізгі ойлардан құрылғандығын жоққа шығару бүгінгі ұрпақ үшін қиянат болар еді. Кеңес заманында өмір сүріп, барлық саналы ғұмырын сол дәуірдің шындығы мен ақиқатын боямасыз көрсеткен өнер адамдары мен шығармашылық тұлғалардың мұрасына құрметпен, түсіністікпен қарау бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы болып саналмақ. Қазіргі кезде кеңестік замандағы әдебиет пен тарихтың денін мансұқ етуге даяр топтың барын да уақыт дәлелдеп отыр. Өркениетті елдерде, қай қоғамның болмасын әдебиеті мен мәдениетіне, дәстүрі мен өнеріне үлкен құрметпен қарайды. Өткеннің бәрі тарихтың бедері деп бағалайды. Соған қарап кез келген қоғам бағыт алып, бесігін түзейді. Батыс Қазақстан ақындарының облыстық айтысында да сол кездің өзекті тақырыптары мен қатар елдің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де қозғалады. Қаратөбе ауданының ақыны Хамит Әбілов пен Жымпиты ауданының ақыны Жаңыл Жұрмағамбетованың айтысында соғыстан кейінгі қазақ ауылдарының әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары, шаруашылықтағы жетістіктер мен кемшін тұстар жан-жақты көрініс табады. Хамит ақын өз кезегінде Қаратөбе ауданының сол кездегі ахуалын, нақты деректер келтіре отырып жырлайды. «Ауданым Қаратөбе алға басқан Жаңарып күннен-күнге талабы асқан. Орнына колхоздар мен МТС-тердің Қуатты зор совхоздар орналасқан. Үш мыңдай биылғы өсім ірі малдан, Жиырма мың – тағы өсімін қойдан алған Ақыным, мал өсіру саласында Неге көп совхоздарың артта қалған?» [79-9, 10] Кеңес дәуіріндегі айтыс мазмұнының бір ерекшелігі – айғақ-деректің нақтылығы. ХІХ ғасырдағы рулық сипаттағы айтыстарда дәулетті адамдардың байлығы ақындық шабытпен асыра, дәріптеліп көрсетілетін. Мәселен, Жамбыл мен Құлмамбет айтысында айтылған мына сөздер ақындық асқақ сезім, әсіре марапаттау сипатында туындаған. Құлмамбет: «О, жазған, Албан бай ма, Дулат бай ма?

Бабаны айттым тұрсын деп, Дулат жайға.

Сенің елің адамы байғұс екен,

Қазынаны ойлағаны Дулаттай ма?

Жеті мың қой қорада шулап жатыр,

Бес мың құлын желіде тулап жатыр.

Он түйеге көшкенде жамбы артады,

Абекемнің тіккені жібек шатыр» [25-192].

«Бір көлден қырық мың жылқы суарған» қазақ үшін байлық басты мұрат болмаса да ел дәулеті, халық тұрмысын суреттеуде ертедегі ақындар кестелі сөзін аяп қалмаған. Желіге бес мың құлын байлату да ақынның асқақ шабытынан туындаса керек. Әрине, бұл мысал, екі дәуір, екі түрлі қоғамда өмір сүрген айтыс ақындары шығармашылығын мазмұндық тұрғыда салыстыру үшін келтіріліп отыр. Айтыс жырларында қай дәуірдің болмасын шындығы боямасыз түрде көрініс тауып отырған. Дегенмен де, кеңестік заман тұсындағы ақындар айтысының деректілігі, ақпараттық мәнділігі анағұрлым айқын, нақты болып табылады. Мұның да өзіндік бірнеше себептері бар. Ең алдымен, айтысқа түсуші ақындардың белгілі дәрежеде сауатты болуы еді. Екіншіден, кеңес дәуірінде мал-жан, жетістіккемшіліктің бәрі қағазға түсіп, хатталып отырған. Мұның өзі айтысушы ақындарды тек дерек көздері арқылы ғана жырлауға мәжбүрлейді. Екі ақын да бір-бірінің ауылын аралап, шаруашылығының жетістігі мен кемшілігін көруге мүмкіндіктері болған. Сондықтан да, кеңес дәуірінідегі айтыста нақты мәліметтер мен цифрлы деректер мол кездеседі. Айтыскер ақынның қарсылас облыстың әлеуметтік тұрмыс, экономикалық ахуалымен танысу дәстүрі кейінгі кездерге дейін жалғасып келді. Ақын Ж. Ерман жүргізген облысаралық телеайтыс барысында да осы ереже үнемі сақталып отырды. Кемшіліксіз қоғам болмайды. Ал, ондай келеңсіздіктерді әшкерелеп, атқарушы билік назарын аударту ең алдымен сол елдің ақпарат құралдарына жүктелген. Яғни, журналистердің міндеті қашаннан қоғамды түрлі кеселден арылту болып саналған. Бұл туралы «Журналистика теориясына кіріспе» атты ғылыми кітапта нақты айтылған: «Будучи особым социальным институтом, журналистика выполняет свои задачи путем освещения всей многообразной жизни общества с партийных позиций. Идейно сплачивая массы, политически направляя их действия, журналистика идеологически обеспечивает достижение стоящих перед обществом задач» [81, 13 б.]. Аталмыш теориялық тұжырымды келтірудегі себебіміз зерттеу барысында қазақ айтыс ақындары өздерінің жырлары арқылы көп жағдайда кәсіби журналистердің шығармашылық функцияларын атқарып келгендігін айтқан едік. Әсіресе, қазан төңкерісінен кейінгі айтыс жырлары мазмұндық, стильдік тұрғыдан ғана емес идеологиялық бағыт-бағдар бойынша да көп өзгерістерге ұшырады. Айтыстың ақпараттық, насихатшылдық сипаты молайып, қоғамдық қозғаушы күшке айналғандығын уақыттың өзі көрсетті. Бұл үрдіс Ұлы Отан соғысы жылдарында тіптен күшейіп, айтыс басқа өнер түрлеріне қарағанда өзінің идеологиялық өткір құрал екендігін айқын дәлелдеді. Соғыстан кейінгі 50-ші жылдар еншісіне жататын айтыс жырлары да, сол мақсат-мүддеден ауытқыған жоқ. Керісінше, айтыста жазба әдебиеттің, жаңа мәдениеттің соны элементтері көп көрініс бере бастады. Бұл туралы ақын-жырау мұраларын зерттеуші ғалымдарымыз М. Дүйсенов, К. Сейдехановтар былай деп жазды:

«Әрине, әр дәуірдің өзіндік сипаты, соған сәйкес халықтық идеологиясы болды. Ақын-жырау еңбекші бұқараның көңіл-күйін, ой-арманын, тілек-аңсарын білдіруші ретінде қашанда өз заманының үні, ұраны, жаршысы. Сондықтан, олар да бір қалыпта өзгеріссіз тұрып қалмай, уақыт талабына бейімделді, яғни, творчестволық даму процесін бастан кешірді» [82, 3 б.]. «Уақыт талабына бейімделу» үрдісін ХХ ғасырдаң 50-60 жылдарында өткен айтыс жырларынан анық байқауға болады. Мәселен, 1946-1957 жылдар аралығын қамтитын 1966 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабының үшінші томында отыз алты айтыстың мәтіндік үлгілері жарияланған. 1957 жылы Қостанайда өткен Сәт пен Нұрқан ақынның айтыстарынан осындай жаңашылдық нышандарын байқауға болады, Айтысты ашқан халық ақыны Омар Шипин өнер өрісінің тым әріден басталатындығын, қазақтың айтыс өнеріндегі Шортанбай, Шөже, Орынбай, Базар жырау есімдерінің ел ішіндегі даңқы жайлы сөз қозғай келіп, Октябрь таңы атқалы, уақыттың бір минуты бір ғасырға бергісіз екендігін тілге тиек ете отырып, ақындарға сәт сапар тілейді. Алғашқы кезекті алған Сәт ақын жыр басын: «Көркем ән көкке өрлеп шалқығандай, Аймалап Айдың бетін шарпығандай. Самсаған сұлу әнді құлақ сүйіп, Естіген есі кетіп балқығандай» [83, 266 б.], – деп дәстүрлі айтыстағыдай кең пафоспен бастап, Аманкелді ауданының атынан жыр сайысына түсіп тұрғандығын, елінің жетістіктерін көркем сөзбен кестелі өре келіп, қарсыласына салмақты сауал тастайды: «Шешендер ойы алымды, сөзі шырын, Домбыра қызықты етіп айтыс күнін. Ақыны Жанкелдиннің інім Нұрқан, Сөйлеші ауданыңның шаруашылығын» [83, 266 б.]. Сәт ақынның осы сауалы аталмыш айтыстың әрі қарай өрбуіне алтын арқау, кең тыныс ашып береді. Кезегі келген Нұрқан ақын да кеңінен көсіліп, жасампаз совет елінің тұрмыс-тіршілігін келістіре жырлайды. «Нұр жанған ауылымның түні күндей, Қарайды түндігімнен Күн күлімдей. Тұтқасы алты әлемнің Совет елі, Айналған жер шарының кіндігіндей» [83-268]. Осындағы екі ақынның жырларында көзге таныс көңіл мен түйсінер жаңашылдық нышаны бірден назар аудартады. Жаңа заман шешені қолына домбыра алып, «ауданыңның шаруашылығын жырла», – дейді. Қарсыласы да қазақи танымға жаңаша сипат беріп, «түндігінен Күн күлімдеп тұрғандығын», «алты әлемнің тұтқасы Совет елі» екендігін паш етеді. Кеңестік дәуір тұсындағы айтыстың негізгі тақырыбы социализм жетістіктерін жырлау болып табылады. Колхоз, совхоздардың жетістігін жырлай отырып, кемшілік тұстарын да өткір сынға алады. Ақынның айтқан сыны сырттан тұспалдау немесе ұзынқұлақтан жеткен хабар емес, нақты көзбен көрген дерек-дәйектерге құрылады. Сол уақыттағы айтыстың мазмұндық ерекшеліктері де осы сипаттармен айқындалады.

Мәселен, Қиса мен Дүйсенғали ақындардың айтысында да бұл жағдай ерекше көрінеді. «Колхозым Киров атты келеді алда, Тілеймін қатарға кел сен де қалма. Пішеннің орындалған проценті – Болып тұр жетпіс сегіз бүгін таңда» [84, 444 б.] – деген Қиса ақынның сөзіне қарсыласы Дүйсенғали өз көзімен көрген кемшіліктерді былайша баяндайды: «Цифрмен көрсеткенің жалғыз сиыр, Қой жағы кемдеу білем сізде биыл. Жақында жүз елу қой бізден алдың, Арық деп жалған сөзге болмашы үйір.

... Мал күйін неге бастық қарамайды, Арық қошқар күйекке жарамайды. Шопан да жоқ, бір кемпір иіріп тұр, Құбақаң көру керек осы жайды...» [8, 446 б.]. «Публицистикалық шығармашылық дегеніміз, бұл шындықты деректі түрде жеткізу» [63, 40 б. ], – деген пікірге сүйенер болсақ, айтыс жырларының көп жағдайда осы талап үрдісінен шығып жататындығына тағы да бір көз жеткіземіз. Батпаққа батқан тоғыз сиыр мен қойды иіріп тұрған кемпірге дейін суреттеуі ақынның әрбір кемшілікті нақты фактіге сүйеніп айтқандығын көрсетеді. Орынды сын – көтеріліп отырған проблеманың оңтайлы шешілуіне алғышарттар жасайды. Қай айтыста болмасын айтысушы ақындар белгілі бір тоқтамға, мәмілеге келіп отырған. Қарсылас екі ақынның да мақсат, мүддесі ортақ. Сондықтан да ақындар жүз шайысудан гөрі, сынды дұрыс қабылдап, оны болдырмаудың жағдайын көбірек қаузайды. «Белгілі барлық көпке ортақ жұмыс, Кемістік түзетілсін, міне ұсыныс. Ер халқым еңбегімен бұдан да әрі, Гүлденсін социалистік ұлы құрылыс» [13, 450 б.], – деген Дүйсенғали ақынның жыры біздің бұл ойымызды қуаттай түседі. Айтыстағы ой қақтығысы, сөз тартысы шындықтың, ақиқаттың ашылуына көп септігін тигізеді. Кейде ақынның психологиялық ой-арпалысы айтыстың драмалық сипатын айқындайтын қуатқа ие болады. Белгілі бір проблемаға арналған сөз сайыстары мен пікірталаста журналист шеберлігі қандай үлкен рөл атқарса, айтыс ақындарына да дәл сондай қасиет қажет. «Конфликтная беседа напоминает собой микродраму, в определенный момент достигающую кульминации, за которой следует разрешение конфликта (либо выхождение к новому витку противодействия). Если разговор явно клонится к разрешению конфликта, журналист просто обязан создать психологически комфортные условия для собеседника, должен помочь ему отпустить с достоинством» [85, 64 б]. Журналист шеберлігінің негізін зерттеуші В.М. Гороховтың бұл пікірінен қазақ айтыс ақындарының да іс-әрекеті алшақ жатқан жоқ. Бұған дәлел «соқыр»

деп қанша кемітсе де жыр сайысы барысында Шөже сөзінің салмақтылығын пайымдаған Кемпірбай ақын өзінің дегдар қасиетін жоғалтпай жеңілгендігін мойындауы. Қазақ айтысының тағы бір ерекшілігі – ақындардың аталы сөзді аттап арсыздыққа бармауы. Сын мен кемшілік қаншалықты көп айтылса да, оған орынды уәж айтуға тырысуы ақындардың парықсыздығын емесе керісінше өз мүддесін барынша қорғауы деп бағалаған жөн. Бізге жеткен айтыс үлгілерінің көбінде жыр сайысының соңы бітімгершілік, ынтымақтастық, сыйластық сипатында аяқталып жатады. Бұл үрдіс бұрынғы айтыстардан бермен қарай жалғасып қазіргі уақытқа дейін жақсы сақталған. Мәселен, 1958 жылғы өткізілген Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөрлі ауданының ақыны Мектеп Досқалиев пен Чапаев ауданының ақыны Хамидолла Қыдыровтың айтысында да біраз келелі мәселелер айтылады. Өз аудандарының жетістіктерін жырлаумен қатар, ақындар бір-бірін сипай қамшылап, кемшін тұстарды да орынды көрсетеді. Айтыс соңы Мектеп ақынның сыйластық сипатында айтылған мына жыр жолдарымен аяқталады: Әлі сан жиналармыз тамашаға, Қосылып ән салармыз іні-аға. Бастаған коммунизм асқарына, Мың рахмет Коммунистік партияға!

Сізге де көп рахмет, жамағатым, Жеткіздік елдің айтқан аманатын. Ойланып енді өзіңіз төрелік бер, Аулына естіп кетсін келген ақын» [79, 59 б.]. ХІХ ғасырдың соңын ала пайда болған, жазба айтыс үлгісі, ХХ ғасыр басында кең етек алып, шығармашылық дәстүрге айналды. Әсіресе, революция қарсаңында жазба айтыстың көптеген нұсқалары дүниеге келді. Зерттеу барысында сөз еткеніміздей бұл үрдіс Сыр өңірі шайырлары арасында көбірек бел алды. Атап айтқанда, «Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібі», «Кете, Жүсіп, Жұбанияз, Құлназар», «Кете Жүсіп, Нақып Қожа», «Тұрмағанбет пен Жүсіп» сияқты тағы басқа көптеген ақын-жыраулар арасындағы жазып, хат арқылы айтысудың өзіндік дәстүрі қалыптасты. Ақындардың жазба айтыс үлгілері кеңестік дәуірде де жалғасын тапты. Жалпы, жазып, хат арқылы айтысу дәстүрлі айтыс жырларының мазмұнын байытып қана қойған жоқ, оны көркемдік тұрғыдан да биік дәрежеге көтерді. 1947 жылғы Ғабдиман Игенсартов пен Жолдыкей Нұрмағанбетовтің арасында болған айтыс туралы дәл осындай ойлар айтуға болады. Күміс қоңыраудай күмбірлеген кестелі сөз өрнегі Ғабдиманның ақындық шеберлігін қапысыз танытып, қуатты жырдың құдіреті бірден көңілді баурап алады. «Қырандай қалықтаған қиядағы, Аққудай қанат жайған тұмадағы. Жез таңдай, сылдыр көмей, қаусырма жақ, Асқақты ақын жаны бұладағы. Толғанса төгілмей ме сөз өнері, Өзендей оршып аққан құламалы [13, 278 б.]

Жазба айтыстың суырыпсалма айтыстан ерекшелігі де осындай мінсіз, кестелі көркем ой орамдарының жиі көрініс беруінен туындаса керек. Ғабдиман ақынның жоғарыдағы жыр-жолдары мұның айқын дәлелі. Аталмыш айтыс өзіндік көркемдік дәрежесінің жоғары болуымен қатар, мазмұнға да өте бай екендігін танытады. Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы, Нұра аудандарының елуінші жылдардағы кескін-келбеті бұл айтыста барынша ашылып көрсетілген. Соғыс жылдарынан кейінгі екі ауданның шаруашылығы, ел тұрмысы, белгілі еңбек адамдарының азаматтық портреттері екі ақынның жырында да асқақ шабытпен суреттеледі. Жазба айтыс қашанда терең ойлап, кең таразылауға мүмкіндіктер береді. Әрі қолма-қол айтыста туындап жататын үстірт ой, асығыс шешімдер, өлең құраудағы олқылықтар сияқты кемшін тұстар жазба айтыста көп байқала бермейді. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейінгі айтыс жырларын зерделей отырып байқағанымыз, сол кездегі сөз сайысына түскен ақындардың дені дәстүрлі өнердің ұлттық сипат бояуынан әлі де қара үзе қоймағандығы еді. Оған себеп, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, қазақтың қаймағы бұзылмаған рухани өнерінен сусындап үлгерген Нұрқан Ахметбеков, Ғабдиман Игенсартов, Жолдыкей Нұрмағанбетов, Жақсылық Төленов, Тәңірберген Әміренов, Шәкір Әбенов, Аманжол Әлжанов сияқты халық ақындары әлі де домбыраларын тастай қоймаған кез болатын. Коммунистік идеология жаршысына айналып, жаңа қоғам, жаңа тақырыпты жырлап отырса да, дәстүрлі өнердің өзіне тән кең тынысты, даралық болмысы жиі көрініс беріп отырды. 1957 жылы колхозаралық айтыста өнер жарысына түскен Жақсылық Төленов пен Иса Биназаров арасында болған сөз қағысуда осындай сипаттар көрініс берді. Жақсылық: «Тарланмын таймай шапқан тар қыспақтан,

Емеспін шылбырымды жанға ұстатқан.

Аламын ай аузынан, күн көзінен,

Термеймін тексіз сөзді тым ұсақтан [13, 290 б.]

Иса: Айтайын, ақын Жақам сөз берген соң,

Ерленіп ел салты үшін кез келген соң.

Әйгілі халық сүйген кәрі қыран,

Сөз тастап сөйлеуіме жел берген соң» [13, 291 б.]. ХІХ ғасырдағы халық ақындарының көзін көріп, тәлімін алып үлгерген жоғарыдағы ақындар, айтыс өнерінің дәстүрін сәтті сабақтастыра білді. Айтыс жырларының ұлттық сипат бедерінің жоғалмай, сақталып қалуына да біршама ықпал етіп, еңбек сіңірген ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ақындар тобы деп айтуға толық негіз бар. Ғасырлар тоғысындағы өнердің алтын көпіріне айналған алыптар тобының басында Жамбыл Жабаев, Шашубай Қошқарбайұлы, Доскей Әлімбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Маясар Жапақов, Сәттіғұл Жанқабылов, Саяділ Керімбеков, Кете Жүсіп Ешниязов, Керімқұл Жүнісов, Орынбай Тайманов, Қайып Айнабеков, Жақсыбай Жантөбетов, Есдәулет Қандеков, Қазанқап Байболов, Нартай Бекежанов, Ілияс Манкин,

Болман Қожабаев, Қалқа Жапсарбаев сияқты көптеген от ауызды, орақ тілді айтыс майталмандары болды. Социалистік лагерь, тоталитарлық жүйе деп аталған ХХ ғасырдың темір құрсауынан қазақтың төл өнері айтыстың ұлттық сипатынан ажырамай, бүгінгі тәуелсіз заманға жол тартып жетуіне осы аталған айтыскер ақын ардагерлерінің қосқан үлесі зор болды. Бұл ақындар жаңа заман тақырыбын жырлаумен қатар, айтыстың өзіне тән ұлттық нақыштарын да сақтап қалды. Бір сөзбен айтқанда «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген қағидадан айтыс өнері де алшақ кеткен жоқ. Мәселен, 1957 жылы болған Семей облысының қарт ақындары Тәңірберген Әміренов пен Шәкір Әбеновтердің айтысында дәстүр мен жаңашылдық нышандары қоса өріліп, көрініс береді. Шәкір:

«...Айта алсам ел дәулетін, жердің кенін,

Міндетім атқарылар еді менің.

Жер бетін, күннің астын таңырқатты,

Халқымның дәулетінен өнген өнім...» [13, 296 б.].
Тәңірберген: «Ақыным, ашуланба айтқан сынға,

Айтысайық келелі тоқтап шынға

Біз салдық сауық үшін он бес клуб,

Ақшадай төрт миллион бес жүз мыңға,

Байлығым бұл тұрғыдан тағы артық

Қарыштап барған сайын бастым тартып...» [13, 297 б.]. Қазан төңкерісінен кейінгі өткізілген айтыстарды қоғамдық ахуал сипатына негіздеп 1920-1940 жылдары Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдері, 1941-1945 жылдарды Ұлы Отан соғысының уақыты, 1946-1986 жылдарды социалистік дәуір деп саралайтын болсақ, аталмыш өнердің ХХ ғасырдағы 70 жылдық даму, өркендеу үрдісін төмендегіше бағалауға мүмкіндік аламыз. Қолда бар мәтіндік дерек көздері мен зерттеуші ғалымдар пікіріне сүйене отырып, кеңес дәуіріндегі ақындар айтысы шығармашылығын толықтай публицистикалық жырлар деп айтуға негіз бар. Оған басты себеп кеңес дәуіріндегі айтыстарда публицистика жанрына тән басты элемент оқиға, дерек, факт тұтастай көрініс береді. Публицистика теориясын зерттеуші белгілі ғалым М.И. Стюфляева публицистика жанрының маңыздылығы туралы мынадай пікірлер білдіреді: «Публицистика уақыттың негізгі бір кезеңіне бағынады. Оның сипаты да, жазып отырған проблемасы да сол уақыт негізінде туындайды. Ең негізгісі – ол нақты әлеуметтік мәселенің жүгін көтереді. Ондағы терең әлеуметтік мәселе бірден көрінеді және оны публицистиканың кез келген элементінен көруге болады. Осы әлеуметтік мәселені уақыт өлшемінсіз қарау мүмкін емес. Кез келген қоғам белгілі бір тарихи кезеңге тән. Осыған орай әлеуметтік үрдістер мен уақиғаларды анықтайтын түрлі уақыт кезеңдерін көрсетуі мүмкін» [28, 14 б.]. Кеңес дәуіріндегі айтыс жырлары да «уақыт негізінде» туындап, «нақты әлеуметтік мәселенің жүгін көтергендігі» туралы зерттеу барысында көптеген мысалдар келтірілді. Кейбір айтыстарды талдай отырып, бейне бір оқиғалы

репортаждың ішінде жүргендей әсер аласыз. 1957 жылы өткізілген Қалихан Алтынбаев пен Тәңірберген Әміреновтың айтысында сол кездегі әлеуметтік мәселелер толықтай оқиға, факті негізінде көрініс береді. Аталмыш айтыс тұтастай дерек-фактіге құрылған цифрлы мәліметтер, колхоз жұмысшыларының іс-әрекеті, сол кездегі Қазақстан ауыл шаруашылығы ахуалынан біршама ақпар береді. Сөзіміз дәлелді болу үшін Тәңірберген ақын жырынан бір үзінді келтірейік: «...Елдің алды аяқтап біткен кезде, Отырсың қол қусырып қарап текке. Алпыс бес проценттен аспай отыр, Өткізген бар астығың мемлекетке. Берілген елу бес мың зябьтен жоспар Келетін бұдан саған үлкен нос бар. Осыдан жыртылғаны он төрт-ақ мың Ал қашан орындалмақ айтшы, достар...» [13, 310 б.]. Бұл жолдар Тәңірберген ақынның бір кезегінен үзінді ғана. Қарсыласы Қалихан Алтынбай жырларында да мұндай цифрлы мәлімет пен дерек көздері өте мол. Екі ақынның бұл айтысқа мол дайындықпен келгендігі сөз қағысы барысында анық байқалады. «Өнердің эстетикалық сипаты» атты ғылыми мақаласында көрнекті әдебиет сыншысы М.Қаратаев социалистік реализм сипатына былай анықтама береді: «Боямалап көрсетудің, жылтыратып жазудың, жарым-жарты шындықтың қандайы болсын, сөзсіз жалғаншылыққа әкеп соқтырады, шығарманы жұтатады, оның құнын түсіреді, сөйтіп әдебиет пен өнерді тысқары қояды. Идея жағынан биік тұру коммунистік тұрғыдан тек шындықты айту, шынайы гуманизм, партиялық, халықтық принципті таза сақтау, социалистік реализм әдебиетінің негіздері, міне, осылар...» [86, 82 б]. Ғалымның бұл пікірін келтірудегі мақсатымыз кеңестік әдебиет пен өнерге қойған коммунистік партия талабына сол кездегі рухани шығармашылықтың бірде-бір түрі қалыс қалмағандығы. «Социалистік реализм» сипаты айтыс ақындары шығармашылығында да мол көрініс беріп отырды. Жоғарыда келтірілген «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» қағидасынан айтыс өнері де айналып өткен жоқ. Керісінше, идеологияның тиімді насихатшысына айналған халық ақындары шығармашылығында бұл үдеріс тіпті «жарқырай» көрінді. Батыс Қазақстан ақындарының облыстық бірінші айтысын топтастырған «Ақындар үні» жинағының алғы сөзінде сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитетінің секретары М.Рымжанов ақындар айтысының идеологиялық маңызы туралы мынадай пікірлер келтіреді: «Өткізілген айтыс ақындардың өз міндеттерін терең түсініп, жаңа міндеттемеге бүкіл облыс еңбекшілерімен бірге үн қосатындықтарын білдірді. Мысалы, Жаныбек ауданынан келген жас ақын Көшенов Ғарифолла: Үздіксіз орындаған ұлы істі, Колхоздар мен совхоздар қосты күшті. Қайсыбірін айтайын мен бұлардың

Бәрі де еңбегімен көзге түсті.

Ауданым алға басты туын ұстап,

Тұр бұған Компартия жолды нұсқап,

Тапсырып 800 мың пұт астықты

Ойым бар миллиардқа үлес қоспақ, – деп аудан еңбекшілерінің атынан серт береді. Ал, Жымпиты ауданының ақыны Жұрмағанбетова Жаңыл өзінің өлеңінде:

Жүрекке нұр құйғандай осы бір кеш,

Партия, рахмет, өрлей бер, өс.

КПСС белгілеген шараларға,

Қосалық ақын достар біз де үлес!

Еңбекке, мол өнімге қолды созып,

Табыстың ағызамыз бұлақтарын.

Кетелік таяу жылда басып озып,

Америка Құрама Штаттарын, – деп өзіне үндес, мақсаттас облыс ақындарына ұран тастады» [79, 5 б.]. 1946-1986 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтыстарының тақырыптық, мазмұндық ерекшелігін сөз еткенде, олардың саяси-идеологиялық мақсат-мұраттарын ескермей кетуге болмайды. Айтыс жырларындағы саясат тақырыбы Кеңестік Қазақстан дәуірінде пайда болып, қалыптаса бастады. ХІХ ғасырдағы немесе одан бұрынғы айтыс жырларында бұл мәселе соншалықты алдыңғы орынға шықпаған болатын. Қазақ даласында болып жатқан ішкі саяси оқиғалар болмаса, ақындар әлемдік деңгейдегі ахуалға тым тереңдеп бара бермейтін. Оның себебін қазақ халқы бастан кешірген тарихи ахуалмен сабақтастырып бағамдаймыз. Әрине, Қазан төңкерісіне дейінгі айтыс жырларында саяси бағыттағы көзқарас-пікірлер болған жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен де, түрлі саяси-оқиғалар мен тарихи өзгерістерге толы ХХ ғасыр қоғамындағы әдебиет пен өнерде бұл жағдай айрықша көрініс берді. Екіншіден, айтыс ақындары да біршама сауаттанып, үгіт-насихат арқасында саяси көзқарас-пікірлері қалыптасып қалған еді. «Кетелік таяу жылда басып озып, Америка Құрама Штаттарын», – деп жырлаған Жаңыл Жұрмағамбетова сияқты ақындар сөзін сол уақыттағы саяси идеология нәтижесі деп қабылдаған жөн. Көрнекті ғалым, әдебиет зерттеушісі Ш. Елеукенов «Дәуір және дәстүр» атты мақаласында Октябрь революциясының арқасында қазақ халқының тұрмысы мен ой санасында қайта жаңғыру, түбегейлі өзгеріс процесінің болғанын, бұл өзгерістердің әдебиетке үлкен әсер етіп, көркем творчествоның алуан түрінің жаңадан қаулап өсуіне ықпалын тигізгендігін айтады. Осылай деп пікір білдірген ғалым дәстүр мен жаңашылдық туралы ойларын былайша түйіндейді: «Дәстүр мен жаңашылдық проблемасы тарихи тұрғыдан таразылануға тиіс. Әрбір әдеби кезеңнің (бұрынғылармен салыстырғанда) тек өзіне тән кескін-келбеті, өзінің толғақты мәселесі мен тақырып аясы болмақ» [80, 56 б.]. Ғалымның бұл пікірі қазақ прозасына байланысты айтылғанымен, кеңестік дәуірдегі халық шығармашылығына да қатысты тұстары көп. Әсіресе, айтыс

өнерде «жаңашылдық» элементтері тіптен, асыра қолданып, халықтың ғасырлар бойғы таным-түйсігі мен әдет-ғұрпын да тасада қалдырды. 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Шаян аудандарының атынан айтысқа түскен Насыр Жарымбетов пен Қалмахан Анарбековтың арасындағы сөз сайысы барысында жоғарыда келтірілген дәстүр мен жаңашылдық сипаттарының біраз элементтерін байқауға болады. Айтыстың жалпы мазмұны сол уақыттағы әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Колхоз шаруашылығының жетістік-кемшіліктерін нақты деректер арқылы көрсете отырып, қос ақын да бір-бірін біраз сынға алады. Сондай-ақ айтыста моральдық-тәрбиелік мәселелер де қозғалады. Қалмахан:

«...Жылқыбай деген жігіт өткен жылы

Қыз ұрлап қанша жерді аралады?

Он бесте Шәке қызы көнбеген соң,

Сол үшін есіңде ме сабағаны...» [13, 337 б.]. Бұл айтыста «қыз алып қашу», «көкпар тарту» сияқты ұлт дәстүрінде бұрыннан бар ұғымдарға ескіліктің қалдығы ретінде қарсы пікірлер айтылады. Насыр ақын өз кезегінде осы мәселені мін ретінде жырлайды:

«Жас та болса азғырып ап қашады,

Жақындап қыздар барса шеттеріңе.

Кетпепті ескілікті әдет-ғұрып,

Әдейі айттым бүгін беттеріңе» [13-338]
«Ескілікті әдетті» сынауда Қалмахан ақын да қарап қалмайды:

«..Бидайың талай тонна суда қалып,

Көгеріп шіріпті ғой ақырында.

Бұл кезде көп адамың көкпар шауып,

Бой ұрған ескі әдеттің салтына да...» [13, 338 б.]. Ұлт ұғымында әдет-салт, дәстүр ретінде қалыптасқан осындай көріністерге ескіліктің сарқыншағы ретінде қараған ақындар сол заманның «жаңа» ғұрыптарын шабыттана жырлайды. Жайлауы төрт түлік малмен жарасым тапқан қазаққа бесінші түлік шошқа өсірудің өзі зор мақтанышқа айналып шыға келген. Насыр: «Сегіз мың жылқымыз бар өрістегі, Өлеңім оны айтпасам келіспеді.

Майда жал, күміс құйрық кілең тұлпар,

Жел ескен сағым қуып желістері. Шілдеде сазына бір бие байлап, Сапырып сары қымызын ел ішкен-ді. Баладай екі өркеші-шөл кемесіТүйем де басқа малдан кем түспеді. Шошқаны біздің аудан мол өсіріп, Жағдайын жануардың тегіс білді [13, 239 б.]. Ақынның жылқы мен түйені жырлауы сөз жоқ дала қазағының төрт түлікке деген теңдессіз сүйіспеншілігін, құрметін көрсететін ұғымдар. Ал ақынның осы жырдағы шошқа өсіруге байланысты айтылған соңғы екі жолын

жоғарыда айтқан дәстүрге қосақталған замана жаңалығы немесе ақын ойының идеология құрсауынан шыға алмауы деп қана түсінуге болады. Бұл үшін от ауызды, орақ тілді өз заманының жырын жырлаған Насыр ақынды жазғырудың еш қажеті жоқ. Ол уақыттағы айтыс ақындарына қойылған талап немесе саяси бағыт тек коммунистік идеологияны насихаттау болды. Бұл ұғымның ақындар санасына қаншалықты берік орныққанын сол заманның жыршысы қостанайлық Назиқа ақынның сөзімен дәлелдесек жеткілікті. «…Самғадым мен де асқар өр қияға, Қоспаққа тамшы үлес дарияға. Ақындар жырымыздың ең асылын, Арнайық Коммунистік партияға» [13, 352 б.]. 1950 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстанда агроэкономикалық реформа жүргізілгені белгілі. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны Қазақстанда жаппай қызу қарқынмен іске асырылды. Тың игеру науқаны қазақ халқын тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси-әлеуметтік тұрғыдан да көп өзгерістерге киліктірді. Ішкі Ресейден көшіп келген тың игерушілер легі тұрғылықты халықтың рухани құндылықтары: тілі мен дәстүріне, діні мен мәдениетіне де айтарлықтай әсер етті. Ұлт тілінің аясы тарылып, орыс тілі күнделікті өмірде үстемдікке ие болды. Бұл үрдіс оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет сияқты қоғамның негізгі тетіктеріне дендеп енгені соншалық, бас-аяғы оншақты жылдың ішінде орыстандыру саясаты өз жемісін бере бастады. Коммунистік идеологияның жалынды жаршысына айналған айтыс ақындары назарынан бұл көріністер де тыс қалған жоқ. Қызылорда облысының ақындары Тілеген Шапашев пен Сейтқасым Сейтенов арасында өткен айтыстан осы жайттарды анық байқауға болады. Тілеген: «...Жаңартып қу даланы торғынменен Колхозшы ел табысымен рахат тапқан. Аймағым бүгін тегіс күлімдейді, Жүзінен реніш ізі білінбейді. Алтын дән аялаған кең алқапта, Жер кемесі комбайын гүрілдейді...» [13, 355 б.]. Ақын Тілеген Шапашев жырлаған бұл тақырып, сол кездегі Целиноград облысы Ақмола-Шортанды аудандарының атынан айтысқа түскен Есен Игенбаев пен Сапар Сайдалин арасында өткен сөз қағысуда, зор қуаныш үлгісінде, шабыттана жырланады. Сапар: «Миллиард!

Сыймап еді бұрын ойға,

Миллиард,

Қабылдап тұр бүгін қойма!
Ұшырсақ ең бірінші жер серігін
Бұл жеңіс, тек қана шақ біздің бойға.
Жалынды жігер құйған жүрегіме,

Жеткізген ойға алған тілегіме.
Данышпан ұлы Ленин партиясы,
Бұл үшін міндеттіміз бір өзіңе…» [13, 494 б.].

Мемлекет қоймасына миллиард пұт астық құйылғандығы сол уақыттағы аса маңызды игілікті шара екендігін ақын шабыттана жырлайды. Совет еңбекшілерінің бұл жеңісі, сөз жоқ, зор табыс. Тек осы жыр жолдарында кездесетін «Ұшырсақ ең бірінші жер серігін, Бұл жеңіс, тек қана шақ біздің бойға», – деген сөздер әрбір совет адамының санасына сіңген «менмендік» пен «даңққұмарлық» сезімдерді көрсетіп тұрғандай әсер береді. Қоғамдық дамудың қай саласында болмасын «Американы артқа тастау» принципі Совет идеологиясының басты мақсатына айналғанын осыдан-ақ байқауға болады. Кеңес дәуіріндегі публицистердің мақсат-міндеті туралы журналистика шеберлігінің негізін зерттеуші В.М. Горохов былай деп пікір білдіреді: «Публицист, принимая политическую идею как личностный мотив творческой деятельности, становится пропагандистом коллективно выработанной партийной программы. При этом он стремится выразить общественную потребность в яркой неповторимой, индивидуально окрашенной форме» [85, 13 б.]. Ғалымның бұл пікірі сол кездегі бір орталықтан бастау алған партиялық нұсқаудың нәтижесін айғақтап тұрған тұжырым. Жалғыз журналистпублицистерге ғана емес бұл міндет насихат құралы ретінде қызмет істейтін барлық шығармашылық ұжымдарға қатысты алға қойылған. Сол кездегі айтыс ақындары санасына да бұл қағидалар әбден сіңісті болғандығын жоғарыда келтірілген айтыс жырларынан аңғаруға болады. Бұл күндері, төрт түлік мал өсірген қазаққа шұрайлы өріс, жайлы қоныс болған жерді тың игеру деген желеумен асты-үстін төңкеріп жыртып тастау, солақай саясаттың кесірі деп пікір айтып жатамыз. Бәлкім солай болған да шығар. Бірақ әрбір тарихи оқиға өз уақытына, қоғамына қызмет етеді. Ал, сол уақытта өмір сүрген адамдар қоғамның үніне, әрекетіне, идеологиясына тәуелді болатыны табиғи заңдылық. Мысалы, қазақ қоғамында болып жатқан сол көріністі қостанайлық ақын Өтей Қалиев неге бұлай жырлаған деп кінә қоюға бола ма?! Тың игеру науқанын қызу қолдап, сырттан көшіп келушілерді «жанашыр», «көмекші» ретінде құшақ жая қарсы алу сол кездегі қазақ ұғымына жат болып көрінбегенімен, бұл мәселенің үлкен «игілікті» шараға айналуына, сөз жоқ, идеологияның ықпалы зор болды. Кіші халықтарды толық отарлау саясатын Кеңестік империя өте сәтті іске асыра білді. Совет Одағында жүргізілген экономикалық реформалар түптеп келгенде, аз ұлттарды отарлау саясатына жұмыс істеді. «Бақытты болашақ», «жарқын өмір» идеялары халық санасын мүлдем баурап, тұмшалап тастады. Сол уақыттың «жарқын көрінісі», халықтың таным-түйсігі әдебиет пен өнерде, баспасөзде, айтыс жырларында ерекше көрініс тапты. Мысалы, ақын Өтей Қалиев: «…Тың туы тігілгенде Күншығыстан, Аттанды жас түлектер әрбір тұстан. Жанашыр көмекшілер көптеп келді, Ұлы Орыс, Украина, Белорустан. Еселеп өрісімді кеңейтті тың, Боп кетті бұрын меңіреу дала ың-жың.

Бір жылғы үкіметке берген астық: Пұт болды жиырма миллион жеті жүз мың…» [13, 497 б.] Кеңес дәуірі орнаған жылдардан кейінгі өткізілген ақындар айтысының публицистикаға тән тағы бір ерекшелігі жырдың нақты деректерге құрылуымен қатар, цифрлы мәліметтердің жиі қолданылуы дер едік. Қазан төңкерісіне дейінгі немесе ХІХ ғасырдағы айтыс жырларында бұл жағдай топшылау, әсірелеу тұрғысында көрініс тапса, Кеңес заманындағы айтыстарда цифрлы мәліметтерді сөйлету ақын шеберлігінің бір қыры ретінде қолданыла бастады. Жоғарыда келтірілген Өтей Қалиев жырындағы «Бір жылға үкіметке берген астық, Пұт болды жиырма миллион жеті жүз мың...» деген жолдар сол жылдардағы Қостанай облысының егін шаруашылығының жылдық көрсеткішін айғақтайтын нақты мәлімет екендігін көрсетіп тұр. Сәттіғұл мен Құмар айтысында, Сәттіғұл:

«…Малығып шыға алмассың айтсам теріп,

Мың отыз төрт басты мал төліменен,

Кешегі октябрьде қалған кеміп...» [13, 125 б.]
Орынбай мен Әлібек айтысында, Әлібек:

«…Осыдан бес жыл бұрын өзің айтқан,

Мал-басым жуық еді он бес мыңға.
Төрт жүзде жетпіс бес мың малым қазір,
Ореке, өтірік жоқ тұрсаң шынға…» [13, 131 б.]
Нартай мен Қазанқаптың айтысында, Қазанқап:

«…Отыз гектар күріші, жарымы ұшқан, Аңғармапсың салынып жайдақ жырға. Сексен гектар тарысы құрғап кеткен, Сыр қасында тұрса да зар боп суға…» [13, 141 б.] Гүлжамал мен Қуаныш айтысында, Қуаныш: «…Он екі гектар күріш, үш гектар мақта, Қорықсыз білесің бе шығыныңды? Мың екі жүз жиырма бес центнер кем Алынған аңлап па едің балығыңды?..» [13, 170 б.] Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін өткізілген ақындар айтысынан мұндай цифрлы мәліметтерді жиі ұшыратуға болады. Мұның негізгі себебін айтыс жырларының басты тақырыбы, өнеркәсіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы және осы салаларға қатысты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің көкейкесті проблема ретінде қарастырылуынан деп түсінген жөн. Соғыс жылдарынан кейінгі әлсіреп, тұралап қалған ел экономикасын қалпына келтіру сол кездегі мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болды. Еңбекші халықтың күшжігерін осы бағытқа жұмылдыру коммунистік идеологияның негізгі міндетіне айналды. Айтыс ақындарының сол кездегі ауыл-шаруашылығы, өнеркәсіпөндіріс орындарында болып жатқан жетістік-кемшіліктерді көзбен көріп, қолмен ұстағандай нақты, деректермен жырлауларының өзін қоғам қажеттілігінен туындап отырған құбылыс деп түсінген жөн.

«Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» (1860-1958) атты еңбегінде зерттеуші Х. Бекхожин Қазақстан баспасөзін қоғамның даму арналарымен сабақтастыра қарайды. «Соғыстан кейінгі бес жылдықтарда Қазақстан өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы жаңа табыстарға жетті. Аса ірі өнеркәсіп алыптары іске қосылды. Жаңа қалалар пайда болды. Тың аймақтарында жүздеген жаңа совхоздар құрылды. Орасан зор көлемде игерілген тың және тыңайған жерлерде 1956 жылы егін бітік өсіп, Қазақстан мемлекетке бір миллиард пұт астық өткізді. Сол жылы Қазақ ССР-і Ленин Орденімен наградталды» [70, 236 б.]. Соғыс жылдарынан кейінгі бес жылдықтар белесінде атқарылған орасан зор істерді насихаттауда һәм еңбекшілерге күш-жігер беріп, еңбекке жұмылдыру жолындағы баспасөз рөлін зерттеуші-ғалым Х. Бекхожин жанжақты саралап жазады. Шынында да, «…баспасөздің орны ерекше деуге болады. Өйткені мемлекеттік, қоғамдық өмірде болсын баспасөздің әсерықпалы зор. Әсіресе, қоғамдық пікір туғызуда баспасөз ерекше көзге түседі. Күнделікті газет-журналдарда шығып жатқан материалдар сан алуан тақырыпта ой-пікір қозғайды…» [69, 42 б.]. Баспасөзге қатысты бұл пікірлерді келтірудегі мақсатымыз Советтік қоғам даму барысындағы осындай іргелі оқиғалардың айтыс жырларында да айшықты орын алып, барынша насихатталғанын айтқымыз келеді. Әрине, белгілі бір аудиторияны қамтитын айтыс жырларын өзінің бұқаралық сипаты жағынан мерзімді баспасөзбен салыстыруға келмейтін шығар. Дегенмен де, халықтың санасына ықпал ету тұрғысынан айтыс өнерінің әсері көп жағдайда баспасөзден артық түсіп жататындығы табиғи заңдылық. Оның үстіне айтыс мәтіндерінің сол кездегі газет-журналдарда жарияланып жатуы, аталмыш өнердің қоғамдық маңызын одан сайын арттыра түсері сөзсіз. Ең бастысы, кеңес заманындағы айтыс үлгілерінің публицистикалық сипатының өте басым екендігі. Публицистика жанры талабына сай элементтердің айтыс жырларында толық сақталуы біздің бұл пікірімізді толығымен қуаттайды. «Жалпы гуманистік құрылымға негізделген қоғамда адамзаттың жақсы жетістіктерге кенелген тұрмыстық өмірі көзделеді. Мұның өзі тіршілікте кедейшіліктің жойылып, жайлы тұрмысқа талпынуды туғызбақ. Соған орай әлемде баспасөздің атқарар рөлі орасан. Экономика дамуы мен әлеуметтік табыстарды орнықтыру қай елдің болса да алда тұрған міндеті болып саналады» [70, 45 б.]. Ғалымдар келтірген осы пікір тікелей баспасөзге қатысты айтылғанымен мұндағы қоғамдық талап қағидалары, көбіне айтыс жырларына да тән екендігін, көп жағдайда сай келіп жататындығына зерттеу барысында нақты мысалдар арқылы көз жеткіздік. Кеңес дәуіріндегі айтыс жырларында кездесетін цифрлы мәліметтер жөнінде осындай жан-жақты ойлар түюге болады. «Осы жерде ойымызға Н.Г. Левиновтың: «Цифрлы материал дәлелдеу құралы ғана емес сонымен қатар құбылыстың сандық жағын зерттеу арқылы және сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге ауысуы ықпалымен шындықты танудың қуатты құралы да» деген тұжырымы оралады» [63, 27 б.].

ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы айтыс жырларының тілдік-стильдік ерекшеліктері туралы да тоқтала кеткеніміз жөн. Жалпы кез келген шығармашылық туындының мазмұны тақырыппен, яғни сол уақыттың келелі мәселелерімен сабақтас болатындығы белгілі. Уақыт, қоғам ахуалы сол заманның рухани құндылығына бедер бояу салатындығы тағы ақиқат. Соғыстан кейін енді қарқын ала бастаған ғылыми-техникалық прогрестің алғашқы нышандары оқу-ағарту, мәдениет пен әдебиет, баспасөз саласында айқын көрініс бере бастады. Соның бір дәлелі 1940-1960 жылдар аралығында өткізілген айтыс жырларында орысша сөз атаулары мен орыс тілі арқылы енген термин сөздердің жиі қолданылуы дер едік. Бөгде тілден енген сөздік тұлғалардың, қазақтың төл өнері айтыста, жиі қолданылуын сол кездегі ұлттық тіліміздің тамырына шабылған алғашқы соққы деп қабылдаған жөн. Бұл әрекет жыл өткен сайын күшіне еніп, 1986 жылдың сәуіріне дейін өз үстемдігін жүргізіп келді. Мәселен, елді мекен, жер-су атауларының орысша айтылып-жазылуы, тікелей тың игеру науқанымен байланысты пайда бола бастады. Өнеркәсіпөндіріс ошақтарының көптеп бой көтеруі тілімізді бірқатар жаңа лексикондармен «байыта» түсті. Айтыс жырларынан кездесетін мұндай жаңа сөздер тілімізді ұлттық ажарынан алшақтатып, ақындардың тегеурінді тіл байлығының өрісін тарылта түсті. Ой мен тіл үйлесімділігінің сабақтастығын ескерер болсақ, кеңес дәуіріндегі орыстандыру саясаты шығармашылық өнердің кез келген түріне тұсау салғаны анық. Шығарма көркемдігінің басты шарты кестелі сөз, шұрайлы тіл деп түсінсек, бұл тұрғыдан айтыс жырларының мазмұндық сипатына да белгілі дәрежеде сөкеттік түскені анық. Айтыс жырларындағы орысша сөз атаулары сол уақыттағы қазақ қоғамы бастан кешіріп отырған саяси-әлеуметтік жағдайдың көрініс-сипатын айқындайтын құбылыс. Орыс тілі сол кездегі биліктің тілі ғана емес, күнделікті өмірде қолданылып тұрмыстық сипат ала бастаған тіл екендігін айтыс жырларынан анық байқауға болады. 1943 жылы өткен Сұлубике мен Зейнеп ақындардың айтысында, Зейнеп ақын жырын былай бастайды: «Жұмысқа шықпайсың ба, Сұлубике? Неше жыл жұмыс қылмай болдың ерке. Кигенің шерсть костюм, қыжым пальто Оранып жатып алмай шайыдан көрпе» [13, 153 б.]. Өнеркәсіпке, өндіріске, ауыл-шаруашылығына, оқу-ағарту саласына, т.б. толып жатқан қоғамдық салаларға байланысты енген орыс тілді сөздерді 19401960 жылдар аралығындағы айтыс жырларынан өте мол ұшыратуға болады. «Энгельс», «Донской», «Трудовик», «Киров», «Передовик», «Ворошилов», «Федров», «Семиозер», «Симферополь» сынды колхоз-совхоз атаулары, США, СССР, МТС, ТЭЦ сияқты қысқарған сөздерді айтыс жырларынан жиі ұшыратамыз. Сондай-ақ, «Райсовет», «Гороно», «Кустанайстрой», «Филармония», «Клуб», «Конференция», «ЦК», «Геолог», «Начальник», «Столовый» сияқты толып жатқан орысша атауларды айтыс ақындары сөз қағысу барысында емін-

еркін қолданған. Тіпті кейбір орыс тілді сөздерді өлең ұйқастыру барысында да пайдаланған. Мысалы, Орал облысы, Қаратөбе ауданының ақыны Хамит Әбіловпен Орал қаласының ақыны Хамидолла Қыдыровтың айтысында: Хамит: «Дарынсыз Оралда мех комбинатың,

Сапасыз көп бұйымын шығаратын.

Белгілі директоры Боголюбов,
Әрдайым жұмыста сыналатын.
…Бірінен-бірі төмен пималарың,
Көргенде осыларды қиналамын.

Дүкенде кейбір мебель қирап жатыр, Осы ма еңбекші елге сыйлағаның» [79, 41 б.]. Неміс, Орыс, Украин, Белорус ұлт өкілдері есімдері олардың ерен еңбек үлгісі негізінде айтыс жырларында зор шабытпен жырланған. «Кім білмес Лидия мен Марияны, Ағызған сүттен тасқын дарияны…» [13, 490 б.].

«…Қатардан үздік шыққан Братышев,
Федоров совхозының директоры» [13, 498 б.]

«…Он сегіз комсомолда бригадир бар,
Ішінен жүз жиырма бір толтырғандар.
Смирнов, Слесарев бастықтары,
Ақыным бұған-дағы құлағың сал.

Екі жүз он процент орындаған
Ерімді Ивановтай есіңе ал…» [13, 216 б.].

«…Ағызды сүт бұлағын Циммер, Баер, Озады Баерімнен сенде қай ер?..» [13, 534 б.]. Әрине, айтыс сайын өзге ұлт өкілдерін мақтай берді деп бір жақты пікір білдіруге болмайды. Ол кездегі айтыстың негізгі мақсаты экономикасы ендіенді көтеріліп келе жатқан социалистік қоғамды жырлай отырып, еңбек адамдарының ерен ерлігімен қатар, жұмыс жоспарын орындай алмаған жалқауларды өткір сынға алу болды. Ондай сынның болуына сол кездегі мемлекеттік идеологияда мүдделі еді. Сондықтанда, Ақмола облысының ақындары Есен Игенбаев пен Сапар Сейдалин арасындағы өткен айтыста Сапар ақын бір кезегінде былай деп жырлайды. «…Үгіт аз жастарыңның арасында, Жат әдет орын алды санасында. «Рок-Эн-Роль» ырғағымен билер билеп, Жүр екен Елизаветина селосында. Бір жер бар, ел айтады оны – Ключин, Монша жоқ, электр жоқ, құдық тұрсын, Ұмытқан ел мүддесін ауданында, Апаңыз Шевцованы қайдан білсін?..» [13, 494 б.].

1946-1960 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының әлеуметтік мәні мен көркемдік деңгейі жалпы алғанда осындай сипаттармен айқындалады. Айтыстың негізгі тақырыбы соғыстан кейінгі социалистік қоғамның, қалпына келуі мен қалыптасып, даму үрдістеріне арнала отырып, сол кезеңнің тарихиәлеуметтік, саяси-қоғамдық болмыс-бітімін ашып көрсетеді. Ал, айтыс жырларының мазмұндық сипаты мынадай бағыттарда өрбиді: а) Коммунистік партия ісіне адалдық және оны қолдау: «Қызметкер біз халықтың ақынымыз, Жырлаушы партияның саясатын» [87, 296 б.]; б) Ұлы Октябрь әкелген азаттықты жырлау: «Азаттық алып берген Ұлы Октябрь, Халқымның туған айы самаладай…» [78, 238 б.]; в) Өнеркәсіп, өндіріс орындарының жетістіктері: «Бойында Қарағанды қасиет көп, Өзегім қара алтын мен болат, мыстан» [88, 114 б.]; г) Ауыл шаруашылығының өркендеуі: «Мал басы кеміген жоқ ауданымда, Колхоз бен совхозымда, аумағымда» [90, 385 б.]; д) Оқу-ағарту, мәдениет саласы: «Клуб пен кітапхана ауыл басы, Көбіне соларға үйір ауыл жасы » [89, 351-352 бб]; ж) Саяси өзқарас: «АҚШ-тың ардақтаған Авангарды», Ұша алмай күлталқан боп адыра қалды» [104, 496 б.]; з) Әлеуметтік мәселе: «Нұр шашқан төңірекке Ильич шамым, Келеді қатар түзеп сәулетті үйлер» [13, 389 б.]; г) Әдет-салт, мораль туралы: «Қалдығы ескіліктің санадағы, Жылқыбай деген жігіт өткен жылы, Қыз ұрлап қанша жерді аралады» [90, 337 б.]; е) Кәсіп, мамандық жөнінде: «Кәсібім ақын емес темір жону» [90, 336 б.]. Айтыс жырларының мазмұндық сипатын осылайша тарқата беруге болады. Социалистік қоғамның белгілі бір уақыт өлшеміндегі болмыс-бітімін тұтастай қамтып көрсету, сөз жоқ. айтыс жырларының өмірге етене жақын араласуын танытады. Кеңес дәуіріндегі, әсіресе, 1920-1960 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысы сол уақыттың тұтастай қырық жылдық тарихи-әлеуметтік бедерін бет-бейнесін боямасыз реалды түрде көз алдыңызға әкеледі. Айтыс жырларындағы кісі есімі, елді мекен атаулары, цифрлы мәліметтер, түрлі дерек-дәйектер, оқиғалар, т.б. толып жатқан көзқарас-пікірлердің шынайылығы аталмыш өнердің ақпараттық танымдылығын көрсете отырып, оның публицистикалық сипатын айғақтайды. Әр заман өзінің ақиқатымен құнды. Ол ақиқат қандай мазмұнда, қандай сипатта болмасын, келешек тарих үшін оның шындығы, шынайлығы қымбат. Идеология уақытқа қызмет етеді. Ал, дерек пен дәйек нақты ақпарат-тарих үшін теңдесіз қазына. Халық өткеннен сабақ ала отырып, болашаққа бағытын түзейді. Кеңес дәуіріндегі қазақ қоғамының қырық жылдық ғұмырын қамтитын (1920-1960 жж.) айтыс жырлары тәуелсіз елдің зерттеуші ғалымдары мен тарихшыларына, сөз жоқ, айтары мол ақпарат қазынасы ретінде бағалы. Айтыс өнері зерттеуші, белгілі ғалым М. Жармұқамедов халықтың мәдениет университетінің тыңдаушыларына көмек ретінде шығарған «Айтыс өнері» атты зерттеу еңбегінде совет дәуіріндегі айтысың даму, кемелдену жолдарына жан-жақты тоқталып, аталмыш өнердің жаңа заманға лайық кейбір

ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Онда 50-60 жылдар арасында ақындар айтысы тағы да бел алғанын, ауыларалық, ауданаралық, облыстық айтыстарға жалғаса отырып, 1961 жылы республикалық айтысқа ұласқанын жазады. «Советтік айтыс өнерінің даму, кемелдену жолдарында, үнемі өрлеу, асумен қатар, кейбір бұрылыс-бұралаңдары да болып келді. Айтысың басты сипатын құрайтын суырыпсалма дәстүрі десек 50-60 жылдардағы айтыстарда бірыңғай жазып алып, оқуды салтқа енгізу талабы байқалады» [91, 59 б.]. Осы жерде басын ашып айта кететін мәселе жазба айтыс пен жазып алып айтысудың аражігін анықтап алған дұрыс. Жазба айтыс (хат арқылы) үлгілері ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болып қалыптаса бастаған. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың басында халық ақындары арасында дәстүрге айналып, қатты дамыған. Жазба айтыс үлгісі көбіне ақындардың бір-біріне хат арқылы жауаптасуы негізінде өрбіген. Сөзіміз дәлелді болу үшін көп мысалдардың ішінен «Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Қаңлы Қожа» немесе «Алты ақынның өмірі туралы» айтыстарын атасақ та жеткілікті. Жазба айтыс (хат арқылы немесе баспасөз бетінде) Кеңес дәуірі тұсында да жалғасын тауып отырды. Ал жазып алып айтысу, айтысушы ақын жыр мәтіндерін алдын ала өзі жазып, айтыс осы мағынада өрбиді-ау деген ниетпен тұспалдап болса да дайындап алған жырларынан тұрады. Жазып алып, дайындықпен айтысу тәсілі Кеңес дәуірінде дағдыға айналған үрдіс. Бұл туралы айтыс өнерінің жанашыры, көрнекті жазушы Ғ. Мүсірепов: «...Бір облыстың ақындары екінші облыстың ақындарының кемшіліктерін қамтып, қағазға түсіріп айтса, оның терістік жері жоқ. Төселе келе жазып алып айтысатын ақындар, жатқа айтуға да шығып кетер. Колхоз ішінде, ел арасында, аудандарда, облыстарда айтыстың үлкен орны бар, оны көріп жүрміз. Бірақ оған мен бір сын айтар едім, жазып, оқып айтатын ақындар өзі жазып алса, басқа біреу жазып бермесе, өз жазғанынан алса, жазғанын сүйемел етіп оқып отырса, оны ешкім сөкпес еді ...» [92, 159 б.]. Айтыс өнері өзіне тән басты ерекшелігі суырыпсалмалық қасиетінен айырыла бастаған кеңес дәуірінде айтылған жазушы Мүсіреповтың бұл пікірі: «Әйтеуір өнер өлмесе екен» деген ұлтжандылық ниеттен туындаған болу керек. Жазушының: «Төселе келіп жазып алып айтысатын ақындар жатқа айтуға да шығып кетер», – деген пікірі де, осы емеурінді анық аңғартып тұрғандай. Ғ. Мүсіреповтың бұл пікірінің жанды екенін, шынында да өмірдің өзі көрсетті. 1991 жылға дейін жазып алып айтысу үрдісі қалыпты әдетке айналса, Тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай, жазып алып, жаттанды жырмен, яғни бүгінгі тілмен айтқанда дайындықпен (заготовкамен) келу, айтыс ақындары үшін үлкен мін, ұят болып саналатын дәрежеге жетті. Мұның өзі төл өнеріміздің бұрынғы саһар қалпын сақтап қалуына үлкен ықпалын тигізді. Айтыста ой қайшылығы, жауаптасу әрекеттері байқалмаса, төрешілер ондай сөз сайыстарын тоқтатып тастайтын болды. Ал біз сөз етіп отырған ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдардағы айтыстарға мұндай талаптар қою, әрине, орынсыздау еді. Сондықтан да, кеңес дәуіріндегі айтыстарда ақындардың суырыпсалмалық шеберлігінен гөрі, жырдың мазмұн– идеясына ерекше ден қойды. Айтысушы ақын қағаздан оқып отырса да, кеңес

идеологиясының жалынды насихатшысы болса болды, одан басқа талаптар екінші қатарда тұрды. 1969 жылдың 27-30 октябрь күндері Алматыда қазақ фольклорының зерттелуі және оның қазіргі жайы туралы ғылыми-творчествалық конференция болып өтеді. Конференция В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы мен Советтік Қазақстанның 50 жылдық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады. Москвадан, Қазаннан, Уфадан, Ташкенттен, Фрунзеден, Нөкістен, Пржевальскіден және Алтайдан белгілі ғалым-фольклористер қатысқан бұл жиынға Қазақстан облыстарынан отыздан аса ақын-жыршылар, әнші-күйшілер келіп өнер көрсетеді. Суырыпсалма ақындар айтысқа түсіп, халық ауыз әдебиетін жинаушылар жан-жақты ой-пікірлерімен бөліседі. Конференция соңында жиынға қатысушылар он талаптан тұратын ұсыныстар қабылдайды. Бұл ұсыныстардың барлығы ауыз әдебиетінің проблемалық мәселелерін шешуге арналып, ендігі жерде халық ауыз әдебиеті мұраларын жинау, жариялау және халық ақындарымен үздіксіз байланыс жасап тұру секілді алуан түрлі практикалық жұмыстарды бұрынғыдан да жандандыра түсуге бағытталады. Сол ұсыныстың сегізінші талабында айтыс өнеріне жеке тоқталып, мынадай мәселелер баса айтылады: «Жергілікті жерлерде ақындық айтысқа түсіп халық арасында өз өнерімен қалтықсыз қызмет етіп жүрген ауыл ақындары мен жыршы-жырауларға, әнші-күйшілерге және әдеби-музыкалық мұрамыздың жанашыр жинаушыларына әдебиет және өнер институты тарапынан қамқорлық жасалып, жөн сілтеп отыру қажет деп саналсын...» [92, 297 б.]. 1973 жылы Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» деп аталатын жинаққа 1969 жылдың 27-30 октябрь күндері өткізілген «қазақ фольклорының зерттелуі және оның қазіргі жайы туралы» ғылыми-творчестволық конференция материалдары топтастырылған. Кітапта аталмыш конференция кезінде өткізілген төрт айтыстың мәтіндік нұсқалары қоса жарияланған. Сол кездегі айтыс ақындары Манап Көкенов, Құлжабай Төлеуов, Көкен Шәкеев, Игібай Әлібаев, Мұса Асайынов, Қалихан Алтынбаев, Мұқаш Байбатыров, Молдабай Жолдабаевтар арасында өткізілген сөз сайыстары да өзінің мазмұндық, көркемдік тұрғысынан маңызды болып саналады. Әрине, сол уақыт үрдісімен бағалар болсақ, өткізілген айтыстың барлығы өз дәуірінің үнін, қоғамның бет-бейнесін ашуда, сөз жоқ, жоғары деңгейде шеберлік танытқан деуге болады. Ең бастысы, ақындар нені жырлап, нені насихаттайтынын жақсы түсінген. Қай дәуірде, қай қоғамда болмасын, айтыскерлер өздері өмір сүріп отырған уақыттың болмысын шабыттана, асқақ рухпен жырлай білген. Құлжабай өз заманының кескін–келбетін, табысы мен жетістігін Ленин сөзімен байланыстыра жырлайды: «Ленин ғой бақыт берген бәрімізге, Ленин ғой тұрмыстағы сәнімізде. Ленин ғой адамзаттың қамқоршысы, Ленин ғой шырқап салған әнімізде...» [92, 190 б.].

Айтысты аяқтай келе, Манап ақында қарсыласының сөзін қуаттай отырып, жырын асқақ сезім, зор шабытпен түйіндейді: «Осы тойға келгенде, Бітіре келдім жұмысты . Құйып келдім Отанға, Миллион пұт күрішті Біздің табыс, Құлжеке, Сізге де болсын жұғысты!» [92, 192 б.]. Осы жылғы айтыстардың 1940-1950 жылдардағы айтыстардан айырмашылығы, дерек-мәліметтерді келтіру тұрғысында немесе сын айту сияқты шиеленіскен мәселелерден біршама адалығы еді. Бұл жағдай ой қақтығысы, пікір қайшылығы тәрізді сөз сайысына аса қажет ситуациаларды бәсеңдеткенімен, жыр мазмұнына бәлендей нұқсан келтірмеген. Керісінше, ақындардың бір-бірін қуаттай сөйлеуі, айтыстың идеологиялық маңызын бұрынғыдан да күшейте түскен. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының ақыны Игібай Әлібаев пен Көкшетау облысының ақыны Мұса Асайыновтардың айтысында да осы жағдай анық байқалады. Игібай : «...Уа, қарасам мынау қазақ даласына, Есіл, Ертіс, Ақжайық арасына. Нұрлы жүзі көсемнің шалқып жатыр, Халқымның ұялаған санасына.

Уа, тулайды жүрек сыймай қуысына, Дауысым жетсін Батыс, Шығысыма. Өзімнен өзім бүгін қуанамын, Ленииннің заманында туысыма...» [92, 192-193 бб]. Игібай ақынның бұл ойларын Мұса да іліп әкетіп, қарсылас пікірін одан әрі асқақтата жырлайды. Мұса : «...Ау, сонау бір заманның серпіп түнін,

Ұшырған патшалықтың көкке күлін.

Жер шары, дүниежүзі тыңдай қалған,

Әлемге келгенде Ленин үнін.

Сол үнмен компартия егіз туып,

Жайқалтқан осынау жарқын өмір гүлін...» [92, 199 б.] ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдар аралығындағы айтыстарға қарағанда, 70-ші жылдар тұсындағы ақындардың сөз саптау шеберліктері, ой толғау біліктіліктері едәуір өсе түскендіктерін байқатады. Колхоз, аудан жетістіктерін жырлайтын ақындар ендігі жерде «Есіл, Ертіс, Ақжайық арасына» дейін құлаш сермеп, біртұтас Қазақстан аумағының келісті өмірін жырлауды мақсат етеді. Талдықорған облысының атынан сынға түскен Мұқаш Байбатыров пен Алматы облысының атынан шыққан Молдабай Жолдыбаев айтыстарынан да дәуір дидары мен уақыт тынысының біраз келелі жайттарын аңғаруға болады. Ең бастысы, ақындардың тақырып ауқымынан бір сәтке де ауытқымай, замана жақсылықтары мен жетістіктерін Ленин, коммунистік партия айналасынан іздеп, жырларын бір желінің бойымен шебер сабақтастыра білген.

Мұқаш: «...Кең жайып, Талдықорған керегелі Ортамнан отау тікті дөдегелі. Лениннің өзі бастап, ұран тастап: «Еңбек – атақ, абырой» деген еді. Орындап ұлы Ленин өсиетін, Беріп тұр компартия өнегені. Данышпан партияның бастауымен. Еңбекте өрге өрледі ел ерені...» [92, 200-201 бб]. Көкшетау облысының ақыны Көкен Шәкеев пен Семей облысының ақыны Қалихан Алтынбаев арасында өткен сөз сайысында тақырыптық, мазмұндық ерекшелігі тұрғысынан замана жүгін көтеріп тұрған жыр үлгісі ретінде құнды. Бұл айтыстан сол кездегі Көкшетау мен Семей облыстарының экономикалық ахуалы мен әлеуметтік жағдайын, мәдени–ағарту салаларындағы болып жатқан жетістіктердің кескін-келбетін танып білуге болады. Көкен: «...Көтерсем Көкше даңқын арманым жоқ.

Таң қалған көрген адам Көкше қандай,

Ауданы бар оның да Рузаевтай.

Елімнің Айыртауы, Шортандысы,

Астықтың, еттің, сүттің фабрикасы.

Бар ма сізде, Қалижан, сондай жағдай?..» [92, 211 б.]. Өз кезегінде Семейлік Қалихан ақын да облысының біраз жетістіктерін жырға қосады. Екі ақынның сөзі де бір-бірін толықтыра отырып, 70-ші жылдардағы Қазақстан экономикасының ілгерілеу, өрлеу сипаттарын жырмен өріп шығады. Осы жерде академик С. Қирабаевтың ақын туралы айтқан мына пікіріне құлақ аса кеткен орынды сияқты: «Ақынның жеке басының сезім күйлері тек бір адамның тіршілігін күйттемей, жалпы адамға тән сипаттарды кеңінен бейнелей алғанда ғана қоғамдық мәнге ие болады. Ақынды жеке адам деп қарау аз, ол – қоғам өкілі, адамзат өкілі...» [93, 233 б.]. Ғалым бұл пікірін жазба поэзия өкілдеріне қатысты айтқанымен «қоғам өкілі, адамзат өкілі» сипаттары айтыс ақындарына мейлінше тән қасиет дер едік. Жалпы, айтыс тарихында ақынның жеке мұңы, сыры көп кездесе бермейді. Бұл сипат жазба поэзияда жиі көрініс беруі мүмкін, ал айтыс жырлары көбіне ел мен қоғам тағдырына байланысты өріліп, ақынның жеке тағдыры әлеуметтік мәселелер төңірегінде өрбіп отырады. Айтысушы ақын қоғам, адамзат өкілі ретінде сөз сөйлейді. Әрине, айтыста жеке басқа қатысты мін айту фактілері кездесуі мүмкін, бірақ ақындар соның өзін әлеуметтік жағдайлармен жымдастыра өріп, негізгі арнадан ауытқымайды. Мәселен: Көкен мен Қалихан ақын айтысында Қалихан Көкен ақынның есімін сынайды: «...Жалғыз-ақ осы жұртқа ұнамай тұр, Екіұшты Көкен деген есіміңіз. Еркек пе, әйел ат па Көкен деген, Не нәрсе, әрі-сәрі секеңдеген. Бұл Көкен-ау шыққан заттың кім болады, Саялы қандай жерді мекендеген,

Қайда екен, құдай атқан қандай молда, Ат қойып бір тоқтыны жеді-ау сонда! Кел Көкен, есіміңізді өзгертелік, Қағазы ауылсовет біздің қолда...» [92, 210 б.]. Осы жердегі Қалихан ақынның Көкен есіміне байланысты айтқан ойларының өзі заман идеологиясымен астастыра өріліп, Советтік қоғамның өздеріне тірек-таяныш екендігін аңғартады. Ақынның «Қойды екен құдай атқан қандай молда, Ат қойып бір тоқтыны жеді-ау сонда» сөздері мен «Кел, Көкен, есіміңізді өзгертелік, Қағазы ауылсовет біздің қолда» деген ойлары кеңестік замандағы моральдық тәрбие мәселесінен хабардар етіп тұрған жоқ па?! Осы мысалдың өзі айтыс ақындарының үнемі қоғамдық көзқараста болатындығын, нені айтып, нені жырласа да әлеуметтік мәселелер төңірегінде сөз қозғайтын тағы бір мәрте дәлелдей түспек. Кеңес дәуіріндегі айтыс өнерін сөз еткенде 1979 жылы Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Ақын-жыраулар» атты, 261 ақынжыраудың қысқаша өмірбаяндық мәліметтері мен библиографиялық деректер жинағына тоқтала кеткен орынды. Бұл жинаққа жыр алыбы Жамбылдан бастап, кеңес дәуіріндегі қолына домбыра, сырнай ұстап, айтысқа қатысқан ақындармен қатар, толғау-дастан, жыр-терме шығарып айтушы жыраулар туралы біраз мағлұмат берілген. «Алпыс жылдан артық өмір сүріп отырған советтік социалистік мемлекетіміздің мазмұнды тарихында әрбір кезеңнің өз рухына қарай ұраны, тақырыбы болғаны белгілі. Халық ақындары мен жырауларының өлең-жыр, толғау-дастандарынан сол тамаша тарихымыздың рухани шежіресін көреміз» [82, 10 б.]. Сол кездегі Қазақ ССР Ғылым академиясына қарасты, М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты басшылығымен шыққан «Ақынжыраулар» библиографиялық көрсеткішіндегі дерек-мәліметтердің өзі кеңес дәуіріндегі халық шығармашылығының, оның ішінде айтыстың қандай дәрежеде дамып, қалыптасқанынан біршама хабар береді. Осы өмірдеректе қамтылған 261 ақын-жыраудың қай-қайсысы болмасын, айтыс өнерінен айналып өтпеген. Мысалы: «Айнабеков Қайып (18.5.1885, Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көбетай ауылы, – 29.1.1955, Қарағанды қаласы). КПСС мүшесі (1920), СССР Жазушылар одағының мүшесі (1943). ...Ақын ел өміріндегі алуан жаңалықтарға үн қосып отырды. 1929 жылдан өмірінің ақырына дейін Қарағанды қаласында тұрып, шахтерлер өмірін творчествасына арқау етті. Сын-сықақ, тақпақ, терме, нақыл өлеңдерді көп жазды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысын бастаушылардың бірі болды...» [82, 12 б.]. Сондай-ақ, осы кітапта ХХ ғасырда дүниеге келіп, саналы өмірін Кеңес дәуірінде өткізген, халық ақындары Омаров Көпбай, Көкенов Манап, Алтынбаев Қалихан, Асайынов Мұса, Ахметбеков Нұрлан, Әбенов Шәкір, Әйтпенов Қайыпназар, Әлжанов Аманжол, Әліқұлов Қалдыбек, Бетбаев Аяз, Ерубайқызы Жібек, Жамбылов Әлімқұл, Жүргенбаев Әбділда, Игенсартов Ғабдиман, Қоразов Смағзам, Қосбасаров Әсімхан, Лушникова Надежда

Андреевна, Оспанова Бақытжамал, Сарыбаев Әбікен, Төлеуов Құлжабай есімдерін тек айтысқа қатысқаны үшін ғана келтіріп отырғанымыз жоқ, бұл азаматтардың барлығы өз дәуірінің жалынды жыршысы, майталман үгітші – идеологтары ретінде тарихта қалған тұлғалар. Қазақ рухани өнерінің қоры үзілмей, кешегі тоталитарлық жүйенің темір құрсауынан қандай күш, қандай идеология тегеуріні болмасын соған төзіп, аман-есен бүгінгі тәуелсіз ел ұрпағына жетуі сөз жоқ, кеңес дәуіріндегі ақын-жыраулардың еңбегі деп бағалаған жөн. Жиырма алты жасында әйгілі Нартай Бекежановпен айтысқа түскен Манап Көкенов бір сөзінде былай дейді: «Өнердің өлең екен гүлді бағы,

Бауырында сылдыраған мың бұлағы.

Болсам деп мен де соның бір бұлағы,

Інің жастық көрмей жүр жар құлағы.
Сол бақта өзіңізбен бірге болсам,

Арман не өмірге нәр, өнеге алсам.

Халқымның ақыны боп суығына, Тоңсам, мейлі, ыстыққа күйсем, жансам» [94, 5 б.]. Манап ақынның осы бір жыр жолдары, сол кездегі ұлттық өнердің айналысында жүрген ақын-жыршылардың өмірлік аңсар-мұраттарынан үлкен сыр аңдатады. Қолына домбыра ұстап алқалы жұрттың алдына шыққан ақынның негізгі мақсаты өрелі ой айтып, елдік мәселелерді жеріне жеткізу болып табылады. Шыққан тегін, қарақан басын мақтап, ел ықыласына бөлеген ақынды тарихтан кездестірмейміз. Тарихта даңқы шыққан қай айтысты алып қарамаңыз, ол ең алдымен өзінің әлеуметтік, халықтық болмысымен құндылығын танытқан. Мәселен, кеңес дәуірінде өткен Манап пен Әбжан Құрышжановтың айтысындағы Манап ақынның мына бір жыр жолдары жоғарыда айтқан «әлеуметтік», «халықтық» мәселелерді көтеріп тұрған жоқ па? Әбжан ақынның:

«...Күш-көлік ат пен түйе түгел жауыр,
Осы ғой жұмысыңның оңбағаны.
Арық атты арсыздар міне шауып,
Көліктің күтілмепті қолда бары.

«Ауылда тәртіп күшті» деуші едің ғой,
Білгені қайда олардың жөн-жобаны?
Ет пен сүттің жоспарын өтемейсің,
Әбжанның ісіне ел таң қалады.

Сол ауылдың ақыны дегенменен
Үгітіңнің әсері болмағаны...» [94, 23 б.] деген сынына
Манап ақын былай деп жауап қайтарады:

«...Әскердің семьясы сергелдең деп,

Аулыңда біраз жігіт сағы сынды.

Сегіз үй шаңырағын жауып тастап,
Ұялмай мақұл көрдің қағысуды...» [94-23,24]

Осы айтыста екі ақында өз ауылдарының әлеуметтік мәселелерін көтерумен қатар, елдік, ұлттық намысқа тиер жайттарды да тілге тиек етеді. Манап ақынның: «Сегіз үй шаңырағын жауып тастап, ұялмай мақұл көрдің қағысуды» – деген сөзінен Әбжан ақын ауылы жағында жіберілген үлкен келеңсіздікті әшкерелеп тұрғандығын аңғарамыз. Сондай-ақ, ақындардың бірбіріне «үгітің әлсіз болды», – деп кінә тағулары да, сол кездегі халық ақындарының қоғам алдындағы жауапкершілігінің зор екендігін айқындай түседі. Кеңес дәуіріндегі айтыс ақындарының үгітшілдік-насихатшылдық рөлінің айрықша болғандығын ақындардың осы сөздерінен анық байқауға болады. 1972 жылдың июль айында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойы Қазақстан бойынша кеңінен аталып өтті. Әсіресе, мерейтой аясында өткізілген Қазақ ССР Ғылым академиясының жалпы жиналысы сессиясының рухани маңызы ерекше болды. Бұл ғылымишығармашылық жиналыста Жамбылдың творчествосына байланысты халқымыздың суырыпсалма ақындық өнерінің әр алуан сырлары, жанрлықстильдік, көркемдік стильдері сөз болды. Жиналысқа ақын-жазушы, зерттеуші-ғалымдармен қатар Қазақстанның әр аумағынан көптеген айтыс ақындары да қатысты. Жазушы-ғалымдар Ә. Тәжібаев, М. Қаратаев, М. Ғабдуллин, Б. Сүлейменов, Н. Смирнова, О. Нұрмағамбетова, Е. Лизунова, Р. Сыздықовалар Жамбыл ақынның шығармашылығы һәм халық поэзиясының ерекшелігі туралы баяндамалар жасады. Мерейтой барысында республикамыздың әр аймағынан келген жиырма ақын сөз сайысына түсіп, айтыс өнерінің өміршең өскелеңдігін тағы бір мәрте таныта түсті. Осы ғылыми-шығармашылық жиында оқылған ғылыми баяндамалар, айтыстар, зерттеу мақалалар 1975 жылы Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасынан «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» атымен жеке жинақ ретінде жарық көрді. Жамбыл ақынның 125 жылдық мерейтойына арналып өткізілген 1972 жылғы айтыс жырларына зер сала отырып, төл өнердің заманға лайық өзгеріс, нышандарға едәуір бой алдырғанын аңдауға болады. Қызылорда облысының ақыны Манап Көкенов пен Алматылық Әсімхан Қосбасаров арасында өткен жыр сайысы өзінің көркемдік һәм мазмұндық ерекшелігі тұрғысынан уақыт, қоғам тынысына барынша бейімделе түскендігін байқатады. 70-ші жылдар Кеңес Одағының кемеліне келіп, экономикалық ахуалы біршама түзеліп, ел санасын тұрмыс билей бастаған шақ еді. Әсіресе, Одақ бойынша орыстандыру саясаты күшейіп, ұлтсыздандыру ұраны кәріне мініп тұрған. Ұлтсыздандыру, өз ұлтын ұмыттыру жамысқы саясаттың жемісі. 70-ші жылдардағы БАҚ-ның жылнамасын парақтасаңыз «Қазақстан Республикасы» деген сөзден гөрі «Көпұлтты Қазақстан Республикасы» деген тіркесті көбірек кездестіреміз. Әрине, мұның бәрі сол кездегі Коммунистік идеологияның жүргізген жымысқы әрекетінің көрінісі. Манап пен Әсімхан ақындарда өз уақытының үнін, жырын жырлады. Алматы мен Қызылорда облыстарының орасан зор байлығын, шат тұрмысын, бақытты болашағын екі

ақын да назардан тыс қалдырған жоқ. Кестелі сөз, келісті ой бір-бірінің арманмұратын асқақтатып, Жамбыл тойына мол табыспен келгендерін шабыттана жырлады. Сол кездегі айтыстың әлеуметтік мәнін көтеретін «басты мәселе» ұлт саясаты жөнінде де ақындар өз ойларын іркіп қалмады. Әсімхан : «Елімде жүз жиырма ұлт тұрады,

Ойлама мені сөзден – «ұттырады».
Барлығы балдан тәтті ынтымақты,
Ерінбей еңбек десең тік тұрады...» [95, 102 б.].

Манап :
«50 жыл СССР-ға толғалы тұр,

Бір үлкен сән-салтанат болғалы тұр.

Ұлттардың туыстығын баяндайық,

Бір ғана ете бермей олжаны жыр» [95, 103 б.]. Осылай деп жырлаған Манап ақын одан әрі, бір ғана «Гигант» колхозында 25 ұлттың өкілі тату-тәтті, бір үйдің адамындай тұрып жатқандығын айтады. «Латыш қызы Магирс, Неміс қызы Эльмира, Армян қызы Рзван, Орыс қызы Розам, Қазақ қызы Гүлстан, Тәжік қызы Тамарам, Өзбек қызы Мариям, Корейқызы Ольгам, Қырғыз қызы Қалиям, Қарақалпақ Гүлсанам, Татар қызы Әлиям, Түрікпендік Тәзиям, Украйндық Надиям, Грузиндік Гүлиям, Шешен қызы Қазиям, Молдавандық Сониям, бәрі еңбекте табысқан, Бір семья туысқан! Мысалын айт, Әсеке, Біздей болып туыссаң», – деп Манап ақын төкпелете жырлайды. Әрине, айтыстағы М.Көкеновтың бұл шумақтарын толықтай келтірудегі мақсатымыз ақынның жеке басына немесе азаматтық ұстанымына сын айту емес, керісінше заман сырын әйгілеп, кешегі коммунистік идеология шеңгелінде шырмалған рухани өнеріміздің қаншалықты өгейлікке ұшырағанын көрсету ғана... Философия ғылымдарының докторы, профессор А. Айталы өзінің «Ұлттану» теориясы негізінде жазылған ғылыми еңбегінде мынадай ойлар айтады: «...Отаршылдық заманның қоғам өмірінің барлық салаларына, соның ішінде қоғамдық санаға әсері екіжақты болды. Жаңа қоғамдық қатынастарды енгізе бастағанда отарлаушылар төлтума рухани дәстүрлердің бірқатарын жоюға күш жұмсаса, біразын сақтауға тырысты. Бұл жердегі ең басты критерий – отаршылдықты ақтап, сол жүйенің өмір сүруін қамтамасыз ету еді...» [96-89] «Төлтума рухани дәстүрлердің біразын сақтауға тырысудың да» өзіндік саяси астары, идеологиялық мақсаты болғаны белгілі. Ұлттық рухани құндылықтардың бәрін ескінің сарқыншағы, феодолизмді дәріптеу деп мансұқ еткен коммунистік көзқарастың айтыс өнеріне іш тартуының өзіндік себебін зерттеудің алғашқы тарауларында айтқан болатынбыз. Біріншіден, айтыстың негізгі қайнар көзі сөз өнері екендігі. Қазақ халқының өмір сүру қағидалары мен салт-дәстүрі, саяси-әлеуметтік жағдайы мен тіршілік қаракеттерінің бәрі ғасырлар бойы ой мен тіл негізінде қалыптасқан сөз құдіреті арқылы жүзеге асып отырған. «Бір ауыз сөз бір тайпа елдің тағдырын шешкен», «Аталы сөзге атасының құнын кешкен», «Көпке тоқтамаса да сөзге тоқтаған», «Сөз сүйектен, таяқ еттен өткен», «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір

ісі артық» деген қағидаларды өмірлік ұстанымына айналдырған халық үшін сөз құдіретінен артық тегеурінді таяныш болмаған. Сондықтан да тілінен айырылған халықтың болашағы бұлдыр, баянсыз болтындығын, бодандық қамытын тезірек киетіндігін отарлаушы империя жақсы түсінді. Кеңес империясының құрамындағы Қазақстан туралы Колгэйт Университетінің профессоры, белгілі ғалым Марта Брилл Олкоттың «Казахи» деген еңбегінің алғы сөзінде былай деп жазылады: «...В 1930 году советское правительство сменило арабскую графику латинской графикой, а затем, накануне второй мировой войны, на смену латинской графике пришла кириллица. Однако, сопротивление введению чужого альфавита было очень сильным, особенно в традиционных и религиозных кругах. Введение кирильского альфавита, внесение многих русских и русифицированных терминов в казахский словарь, русификация географических имен, осуществление русской радиои телевизионной трансляции представляют для казахов и их языка постоянную угрозу. Сегодня более 2/5 казахов говорят на русском языке как на радном...» [97, 4 б.]. Сырт көз қашанда сыншыл келетіндігі белгілі. Колгэйт Университетінің профессоры Марта Брилл Олкоттың жоғарыдағы пікірі, сөз жоқ, ащы шындықты айтып тұр. Кеңес дәуіріндегі ұлттық өнердің қай-қайсысын алып қарамаңыз орыстандыру саясатының салқынына шалынбай аман қалғаны некен-саяқ. Бұл үрдіс әсіресе көркем әдебиетте, баспасөзде, теле-, радиохабарларында, кино саласы мен шығармашылық өнердің көптеген түрлерінде көрініс тауып жатты. Ұлттық сипаты басым дейтін айтыс жырларының өзі заман идеологиясының насихатшысына айналды. Семей облысының ақыны Қалихан Алтынбаев пен оралдық ақын Сағынғали Мұқанов арасында өткен жыр сайысынан да осы жағдай да аңғаруға болады. Сағынғали : «...Еске алсаң бұл күндерді, Бұрынғы бейне өзгерді. Техника күшімен, Құрылыс салу тезделді. ГЭС – тің шамы жағылып, Шопандарға газ келді. «Пермь» менен «Аңқаты» Облыста орденді, «Правдадай» совхозы, Шаруасы шалқып гүлденді...» [98, 122 б.]. Айтыс жырларынан келтірілген шағын үзіндінің өзі өнерге салған заман бедері мен қоғамдық ахуалдан біраз сыр аңғартып тұр. Әрине, бұл жерде ақындар жырында қазақ қоғамына келген техникалық прогресс жаңалықтарын жатсыну әрекеті бой көтерді деп ойлау ағаттық. Мәселенің негізгі мәнісін жырдың идеологиялық астарынан іздеген дұрыс. Кеңес дәуірінде «Аңқаты» сияқты қазақ колхозын мақтау үшін, «Пермь», «Правда» колхоздарын міндетті түрде ұлықтау, иделогиялық заңдылыққа айналды. Мұндай мысалдарды Кеңес дәуіріндегі айтыс жырларынан мол ұшыратуға болады. Тіпті, Сыр сүлейлерінің

сарқыты жыраулық-ақындық дәстүрдің үлкен мектебінен тәлім алған қызылордалық Көшеней Рүстембековтың аузына сол уақыттағы қоғамдық идеология мынадай сөздер салады: «Қашанда айтыс деген менің дертім, Үнімде бір сыр болса соны серпін. «Халқыңның қазынасын қастерле!» деп, Үйретті Максим Горький әуелде еркін. Берейік кезекті енді басқа ақынға, Тағы да айтысуға келем, бәлкім. Жырлайық Компартия даналығын, Тыңдаса ризалықпен болып әркім!» [99, 166 б.]. Кеңес дәуірінде өткен ақындар айтысын зерделей қарасақ, ақын Көшеней Рүстембеков жырлаған аталмыш тақырыпты, сол кездегі халық ақындарының ешқайсысы айналып өтпеген. Бұл мәселені кеңес дәуіріндегі зерттеушіғалымдарымызда жақсы байқап, оған өздерінің пікір, байламдарын білдіріп отырған. Мәселен, ғалым Мәлике Ғұмарова: «Коммунистік партияның даналық басшылығын, ұлы ісін жырлауда халық ақындарының шығармаларында көзге түсетін елеулі ерекшелік – бірі айтпағанды екіншісі толықтырып отырады. Сөйтіп бір дауысқа екінші, үшінші дауыс қосылып үлкен хор – коллективтік шығарма жасайды» [92, 230 б.], – деп пікір білдіреді. Ғалым Мәлике Ғұмарова келтірген бұл пікірдің шындығына кеңес дәуіріндегі айтыс жырларын оқығанда толықтай көз жеткіземіз. Халық ақындары шығармашылығының негізгі түйіні – «ұлы» Ленинді дәріптей отырып, Коммунистік партияның «кемеңгер» саясатын мадақтауға келіп саятын. Өндіріс-өнеркәсіп саласындағы зор табыстар, ауыл шаруашылығында болып жатқан соңғы өзгерістер халықтың шат тұрмысы, айналып келгенде қоғамда болып жатқан барлық жақсылықтардың иесі, қайнар көзі – Ленин даналығынан бастау алған коммунистік партияның қажырлы қарекетімен байланыстырылады. Сол замандағы халық шығармашылығының һәм қазақ поэзиясының ірі өкілі, ақын Иса Байзақовтың мына бір жыр жолдары, Кеңестік дәуір идеологиясының болмыс-бітімін барынша айқындай түседі. «Ленин – бүтін бейнетқорлар жүрегі, Ленин – бүтін еңбекші тап тірегі, Өлсе дағы өлмейді, деп сенеміз, Мәңгі қабыл бола бермек тілегі» [100, 261-262 бб]. 1924 жылдың қаңтар айында жазылған осы жырдың қуаты 1991 жылдың желтоқсанына дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. «Келешектің сен боларсың арманы» деген ақын сөзін рухани шығармашылық өкілдерінің барлығы, үздіксіз жалғастырып отырды. Бұл үрдіс айтыс жырларында да айқын көрініс тауып, халық ақындары «бірі айтпағанды екіншісі толықтырып отырды». Мәселен Шымкент облысының ақыны Құлжабай Төлеуов: «...Отаным қасиетті совет елім, Кең байтақ Қазақстан туған жерім. Келтірген кемеліне адамзатты,

Көш басы Компартиям, ұлы Ленин...» – [101, 116 б.] деп жырласа, Орал облысының ақыны Сағынғали Мұқанов келесі айтыста Құлжабай жырының мазмұнын одан әрі қоюлата түседі: «...Орысты біздің қазақ аға тұтты, Ол бізді осы өмірге ала шықты. Халқымыз өткен ғасыр ішінде-ақ, Өзара ынтымаққа жол ашыпты...» [101, 127 б.]. Шымкент облысының ақыны Қалдыбек Әліқұлов айтысында бұл ойлар өзінің шырқау шегіне жетіп былайша түйінделеді: «...Көркейіп, гүлдеп өскен ұлы Отаным, Жайнаған жарасымды жарқын таңым. Келеді елім ылғи алға бастап, Жолында Коммунистік партияның» [102, 134 б.]. Зерттеу барысында айтып өткеніміздей Айтыс жырларының мазмұндық һәм көркемдік сипатына қоғамдық жүйе қаншалықты өзгеріс, бедер түсіргенімен халықтың төл өнері бәрібір өзінің әу бастағы табиғи дегдар болмысынан мүлдем қара үзіп кеткен жоқ. Коммунистік идеологияның темір құрсауында қалса да, халық ақындары дәстүрлі өнердің өресін шама келгенше төмендетпеді. Әрине, бұл жағдайды ақындар саналы түрде солай істеді десек ағаттық болар еді. Еркін өскен дала ақынына тән өршіл рух кеңес заманындағы айтыстарда да жарқ етіп көрініс беріп жатты. Тек бұл рух салттан көшкенімен, көңілден өшпеген төл өнердің қоздап жанар қоламтасының тереңде жатқан қызуының әсері еді. Ұлттық өнердің мәңгі өшпес сол бір жалынды қызуы, рухани құндылықты құрдымға кетуден сақтап, ХХІ ғасырға аманаттады. 1972 жылы жыр алыбы Ж. Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысында көкшетаулық ақын Мұса Асайынов Целиноград облысының ақыны Бикен Сембаевамен болған сөз сайысында өзінің елі Көкше жайлы былай деп жыр толғайды: «...Көкорай шалғын қойыны, Тіл үйірген мойылы. Сілеті мен Текелі, Тұнған байлық мекені. Көкшеден келді Мұса ақын, Жәкеңнің бүгін тойына...» [103, 149 б.]. Осылай деп өрілген, сұлу жыр Көкшенің бұлт жамылған асқары мен аялы алтын аспанын, сол жерден шыққан қазақтың текті тұлғалары Ыбырай, Біржан, Ақан, Шоқандарды мақтанышпен тілге тиек етеді. Жетпісінші жылдардағы қоғамдық идеология қазақ сахарасының салтанаты мен ұлықтыларын ұлықтаудан гөрі Лениннің даналығы мен коммунистік партияның кемеңгерлігін жырлағанға немесе жырлатуға мүдделі болатын. Соған қарамастан, текті өнердің тереңде жатқан тегеуріні ақындардың аузына кейде осындай өршіл, өрелі ойларды да салып отырды. Мұса ақын жырымен мәндес, өзектес ойларды сол кездегі көптеген ақындардың айтысынан кездестіруге болады.

Мәселен, аталмыш республикалық айтыста павлодарлық Қимадиден Нұғыманов пен Шығыс Қазақстан облысының ақыны Сара Тоқтарбаева арасында өткен сөз сайысынан да осындай көркем келісті шумақтарды байқаймыз. Бұл айтыстың бір ерекшелігі ежелден келе жатқан дәстүрлі қыз бен жігіт айтысын еске түсіруінде. Айтысушы ақынның есімі Сара болуы айтысқа әдемі желі болған. Айтыстың негізігі мазмұны да осы тақырыпқа негізделіп, өрбіп отырады. Бір кезегінде ақын Сара қарсыласына былай деп ой тастайды: «Бермеске сөзге жауап бар ма шара, Сұрадың ат-жөнімді келе сала. Шығыстағы Алтайдың бұлбұлымын, Ұғып ал есімімді, атым Сара» [104, 131 б.]. Айтыс жырларының тақырыбы негізінен қоғамдық проблемаларды қамтып, кеңестік идеология мүддесін насихаттағанымен, ұлттық рухқа қатысты мәселелер де назардан тыс қалмайды. Әр ақын өз өлкесінің көркем табиғатын, елінің өткен шежіресін қазақ ұлтының мақтанышына айналған тарихи тұлғаларды дәріптеу тұрғысынан да біраз ұлағатты ойлар айта білген. Мұның өзі айтыс жырларының публицистикалық сипатын айқындап қана қоймай, ақынның лирикалық толғаныстарын, яғни поэзияға тән сезім күйдің де барынша мол болатындығын көрсетеді. Ұлттық рухқа қанат бітірер осындай көркем ой, кестелі жырларды айтыс барысында қолдана білудің өзі совет дәуіріндегі халық ақындарынан аса сақтықты һәм шеберлікті талап етті. Мәселен, Павлодар облысының ақыны Жүнісбек Жолдинов пен алматылық ақын Молдабай Жолдыбаев арасында өткен айтыс тұтастай өршіл ұлттық рухқа негізделген. «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» кітабындағы айтыстың мәтіндік нұсқасы екі-үш кезек көз қағысудан ғана тұрады. Аталмыш айтыстың ерекшелігі коммунистік идеологиядан немесе қоғамдық проблемадан адалығы. Бұл айтыс мәтінін оқи отырып, XVІІІ–XІX ғасырлардағы жыраулар поэзиясының сарынын естігендей әсерде боласыз. Осы айтыстағы Жүнісбек ақынның Көшеней Рүстембековке арнап айтқан толғау-жырына зер салып көрелік:

«... «Көрғұлыны» айтса Көшеней,

Сыбызғы боп сайрайды,
Келістіріп кестесін.

«Қобыландыны» айтса Көшеней,
Қобыз алған қолына,

Нысанбай боп жырлайды...» [105, 169 б.]. Кеңес дәуіріндегі ақындар айтсынан осы тақылеттес ұлттық рухты көтерер өршіл, халық ұғымына, табиғатына жақын жыр шумақтарын қадау-қадау болса да кездестіруге болады. Мұның өзі төл өнердің өзегі үзілмей, дәстүр сабақтастығы кеңес заманындағы тоталитарлық жүйе тұсында да жалғасқанын көрсетеді. Ұлт зиялысы, жазушы-ғалым Жүсіпбек Аймауытұлы өзінің «Псиқолоғия» атты еңбегінде мынадай ойлар айтады: «...Кейбір адам өзгелердің пікіріне әбден

құл болғандықтан, өзінің «мендігін» жоғалтып, жұтылып кетеді. Басқалардың пікіріне мойын бұрмай, бағынады, өзінде пікір болмайды...» [106, 260 б.]. Кеңес дәуірінде өмір сүріп,коммунистік идеологияға жіпсіз байланған шығармашылық адамдардың көпшілігі «өзінің мендігін» жоғалтқаны жасырын емес. Өз көзқарас пікірінен гөрі әміршіл қоғамның мүддесін көздеп, саясиидеологияның сойылын соғып, соның жырын жырлау, кеңес заманында қалыпты қағидаға айналды. Кеңес дәуіріндегі айтыс жырларын зерттепзерделей отырып осыған көз жеткіздік. Қалай десек те, кеңес дәуірінде өмір сүрген халық ақындары өз міндеттерін адал орындады. Қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен тарихи кезеңдерде айтыс ақындары халықпен бірге болып сол халықтың мұңы мен сырын, қуанышы мен қиыншылығын бірге бөлісті. Халық ақындары өз шығармашылықтары арқылы тұтас ұлттың тарихтағы тағдырлы кезеңін еш боямасыз көрсете білді. Ең бастысы кеңес дәуірі деп аталатын ғасырға жуық уақыттың тыныс-тіршілігі мен идеологиялық мақсат-мүддесі айтыс жырларында айқын көрініс тауып, тарих парақтары нақты дерек-дәйектерге толы шынайы ақпаратпен толықты. Кеңес дәуірінің 1946-1986 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысы тұтастай коммунистік идеология мүддесінде өткізілді деп айтуға болады. Дегенмен де, бұл кезеңдегі айтыстай Ұлы Отан соғысы жылдарында жоқ. Мұның өзі өнерге қашанда уақыттың, қоғамның әсер-ықпалы болатындығын көрсетеді. Солай дей тұрсақ та социализм жетістіктерін, коммунистік партия «кемеңгерлігін» насихаттау өз күшінде қалды. 1985 жылғы сәуір жылымығына дейінгі қырық жылдай уақыт, Кеңестер Одағының даму, дәуірлеу кезеңі болып есептеледі. Осы жылдар кезеңінде өткізілген ақындар айтысының негізгі тақырыбы социализмнің «шат» өмірін жырлауға негізделді. Қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің барлығы коммунистік партияның көшбасшылығы, саясаты негізінде көрініс тауып отырды. Өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы салаларында орын алған кейбір кемшіліктердің өзі айналып келгенде партияға көлеңке түсірер кемшілік ретінде сын тезіне алынып, оның алдын алу шаралары міндеті түрде көрсетіліп отырды. Соғыстан кейінгі өнідіріс пен шаруашылықты қалпына келтіру жолындағы кеңес адамдарының бейнесі айтыс жырларында айрықша көрініс тауып, үлгі-өнеге ретінде жырланды. «Біледі аудан түгіл облысың, Тың ері Шарыго мен Шаймерденді» [13, 349 б.] (Аңсаған), «Қой бақты орта мектеп бітірген соң, Қарағым Күнжамалым, айналайын» [13, 274 б.] (Нұрқан). Сондай-ақ әлеуметтіктұрмыстық мәселелердің көрінісі де алыстағы Мәскеу жақсылықтарымен сабақтастырыла қарастырылды. Мұның өзі сол кездегі кеңестік саясат жемісінің нәтижесі. Мәселен, Ғадиман ақын сол кездегі колхоз тұрмысын: «Жанғанда колхозымда электр шам, Түндегі жарықты көр таң атқандай» [13, 283 б.], – деп жырласа, Желеу Жақыпов: «Салынған үлгісімен Москваның, Жайнаған электрлер зәулім үйлер» [13, 346], – деп уақыт жаңалығын аспандата мадақтайды. Кеңестер дәуірінде өткізілген ақындар айтысының жалпы мазмұны, көтерген иедясы көбінесе осы сарындас ойларға құрылған. 1946 жылдан 1986 жылға дейінгі кеңестік Қазақстан экономикасы, саяси бағыты,

оқу-білімі, мәдениеті барлығы сол жылдарда өткізілген ақындар айтысында осылайша көрініс тауып отырды. Дерек пен дәйекке, нақты фактілерге сүйеніп айтқан айтыскерлер жыры тұтас бір дәуірдің дидар болмысын боямасыз суреттейді. Мұның өзі айтыс жырларының публицистикалық сипатын айқындаумен қатар аталмыш өнердің қандай қоғамдық формацияда болмасын өзінің әлеуметтік, халықтық мәнге үнемі ие болып отыратындығын танытады.

2.4 1986-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысындағы жаңашылдық пен жаңғыру үрдістері 1980 жылдары БАҚ-ынан «Кемелденген социализм» сөзін жиі ұшыратуға болатын. Кеңес Одағында ішкі саяси тұрақтылық толық сақталып, алып империя экономикалық тұрғыдан сырт көзге әлі сыр бере қоймаған. Бірақ бұл үлкен дауыл алдындағы алдамшы тыныштық сияқты еді. 1986 жылдың қарсаңындағы кеңестік қоғам ахуалын тарихшыларымыз кейіннен былай деп бағалады: «80-ші жылдардың бас кезінде Кеңестер Одағының барлық республикаларында аса ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайлар қалыптасты. Қоғамның саяси ұйымдасуы, экономикалық қатынастардың күні өткен жүйесі, елді күрделі дағдарысқа әкеліп тіреді» [107, 267-268 бб]. 1985 жылы КОКП ОК Бас хатшысының қызметіне М.С. Горбачовтің келуі ұзақ жылдар бойы сірескен тоталитарлық сеңнің бұзылуына түрткі болды. Сол жылдың сәуір пленумы қоғамға демократия және ашық пікір деген ұғымдарды алғаш рет жариялады. Бас хатшының бұл шешімі ұзақ жылдар бойы қордаланып келген рухани күйзелістің бірден бой көтеруіне түткі болды. «Бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауын тездеткен түйткілдің бірі – 1985 жылғы сәуір пленумының шешімі еді. Ондағы бар болғаны екі сөз – алып империяның іргесін шайқалтуға дейін әкелді. Демократия және жариялылық, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз және баспасөз бостандығына жол ашты» [107, 310 б.]. Әлі де Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстан қоғамы үшін «жариялылық», «сөз бостандығы» ұғымдары алғашқыда тосындау естілгені анық. Бірақ алып империяда болып жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістер Қазақстан халқына да өз әсерін тигізе бастады. Ой-пікірді ашық айту қағидасын саналарына орнықтыра бастаған халқымыздың ең алдымен ауызға алғаны, ұлт тілінің тағдыры болды. Жетпіс жыл бойы өгейлікке ұшырап, күнделікті тұрмыстың өзінде аясы мейлінше тарылып, жоғалудың аз-ақ алдында тұрған туған тілі үшін халықтың қатты алаң болуы заңды да еді. 1986 жылдан бастап Қазақстанның сол кездегі 19 облысы мен жүздеген аудан, кенттерінде «Қазақ тілі қоғамы» құрыла бастады. Осы кезеңдердің саяси-әлеуметтік ахуалы туралы тарихшыларымыз: «80-жылдары Арал құрғап, қазақ тілінің қолданылу аясы тарыла түсті, Семей және басқа да полигондарда үнемі жарылыстар жүргізіліп, әкімшілік жүйенің тұрақты серіктері: парақорлықтың, тамыр-таныстың, маскүнемдік пен халықтың әлеуметтік енжарлығының асқына түсуі кең етек алды», – деп жазды [107, 270 б.].

1985 жыл осындай күрделі проблемаларды уақыт талқысына ұсынды. Дәл осы жылдары ақын, тележурналист Ж. Ерман облысаралық телеайтысты жарыққа шағарды. Ж.Ерманның бұл жобасы тек айтыс өнерінің өрісін кеңейтіп қойған жоқ, ол сондай-ақ ел ішіндегі әнші, термеші, жыршыларды да көпшілік алдына алып шықты. Айтыстың әлеуметтік, қоғамдық маңызын сөз етпес бұрын аталмыш тележобаның ұлттық өнерге тигізген құрылымдық, пішіндік сипаттарына тоқтала кеткен жөн. Алдымен, айтыс өнері өзінің ежелден келе жатқан ұлттық сипатына қайта оралды. Облысаралық телеайтыста айтыстың «сүре», «түре», «қайым», «қыз бен жігіт», «жұмбақ», «өтірік айтыс» түрлері халықпен қайта қауышты. Бұл үрдіс айтыс жанрының қайта жандануын ғана қамтамасыз еткен жоқ, әрі оның мазмұнын заманға лайық икемдей де білді. Сондай-ақ айтыс сахнасына ақындармен қатар әнші, термеші, жыршылардың шығуы дәстүрлі өнердің рухани сабақтастығын айқындайтын құбылыс ретінде бағаланды. Ақындар айтысын теледидардан көрсету, аталмыш өнердің өрісін кеңейтудің бірден-бір кепілі болды. Кеңес дәуірі тұсында өткізіліп келген ақындар айтысының бұқаралық сипатқа ие болып көпшілік ықыласына бөленуіне, сөз жоқ, телевизияның тигізген әсері мол болды. 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Мәңгі көктем» атты «Қыз бен жігіт» айтысының топтамасының алғы сөзінде өнер зерттеушісі А. Бұлдыбаев телевизиялық айтыстың тиімділігі жөнінде былай деп жазады: «Ендігі жерде республика жұртшылығы ақындар айтысын аңсай күтіп, жер-жерден суырыпсалма таланттарды іздеу, оларға қамқорлық жасау жұмысы жандана бастады. Халықтың осы сұранысын тез байқаған Қазақ телевидениесінің әдеби-драмалалық программалар бас редакциясының жігіттері С.Оразалинов (кейін Ж. Ерманов) Ә. Тауасаров, Т. Жағыпаров, Т. Сарыбаев және осы жолдардың авторы, ғалым-жазушылар Т. Кәкішов, Р. Бердібаев, М. Дүйсенов, Н. Ғабдуллин, М. Әлімбаев, С. Иманасовтардың ақыл-кеңесімен жылы республикалық телевизиялық айтысты ұйымдастыру ісін қолға алған еді» [108, 5-6 бб]. Осылайша өмірге келген телевизиялық айтыс көрермендер назарына өзінің тың жобаларын ұсынды. Сол кездегі Қазақстанның он тоғыз облысының он төрт облысының ақын-жыршы, термеші-күйшілері өзара командалық өнер сайысына түсті. Ақындар айтысының «сүре», «түре», «қайым», «тақырып», «қыз бен жігіт», «өтірік» түрлерін қамти отырып, термеші-жыршылар, күйшілердің де өнерін тамашалауға мүмкіндіктер туғызылды. Дәстүрлі айтыстың жаңашылдық сипат алып, жаңғыру үрдістеріне ден қойған кезеңін осы телевизиялық айтыспен сабақтастыра қараған жөн. Бұрындары тек «сүре» айтыс үлгісі халық назарына ұсынылып келсе, ендігі жерде айтыстың көнеден бар, бірақ ұмыт бола бастаған түрлері төл өнерге қайта оралды. Бір өкініштісі, табиғаты күрделі, шеберлік пен үлкен білімдарлықты талап ететін «жұмбақ айтыс» түрі ғана, әлі жарық көре алмай келе жатыр. Енді сол кездерде өткізілген телевизиялық айтыстың мақсат-мүддесін айқындайтын деректер көзіне зер салып өткен жөн сияқты. 1987 жылы август

айының 28-29 жұлдыздары күні Павлодар қаласындағы трактор жасаушылардың Мәдениет сарайында өткен республикалық ақындар айтысы жөнінде жазылған облыстық «Қызыл ту» газетінде телевизиялық айтыстың мән-жайы туралы, қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар бас редакцияның бас редакторы Ж. Ерман былай деп жазады: «...Енді аз сөзбен айтыстың мән-жайынан хабардар етелік. Басын ашып айту керек, бұл – телевизиялық айтыс, яғни Қазақ республикалық теледидары мұрындық болып өткізіп, төрт жылдан бері миллиондаған жыр сүйер телекөрерменнің сусынын қандырып келе жатқан айтыс. Бұл өнер сайысын 1983 жылы бастаған едік. Сол жылы телеайтыстың шарттарын дайындап, бағыттарын белгілеп, бүкіл он тоғыз облыстың мәдениет басқармаларына сөз салып, қазақ телевизиясы ұйымдастырғалы отырған облысаралық айтысқа қатысуын өтінген едік» [109]. Сондай-ақ, аталмыш мақалада телеайтыс мәреден шыққан төрт жылдың ішінде айтыстың жанрлық сипаты құлпырып, ұмыт бола бастаған көне айтыс түрлерінің қайта түлегендігін айтады. Павлодар қаласында өткен республикалық айтысқа Қазақстанның Қызылорда – Шымкент, Солтүстік Қазақстан – Жезқазған облыстарының ақын, жыршы-термшілері қатысты. Жартылай финалға он төрт облыстың ішінен іріктеліп жолдама алған командалар жоғарыдағы ретпен өнер сайысына түсіп, екі күн бойы Ертіс өңірін асқақ жырға бөледі. Сүре айтысқа түсетін ақындар көбіне команданың бас ақыны ретінде танылды. Сол кездегі телевизиялық айтыстың тағы бір ерекшелігі, сайысқа түсуші облыс ақындарына кеңесші бапкер ретінде өнерді түсінетін, өлеңнен хабары бар адамдардың бектілуі еді. Мұның өзі телеайтыстың үлкен жауапкершілігін танытуымен қатар, сол кездегі айтыс ақындарының қабілет-қарымына да өлшем болады. Оның өзіндік себептері де баршылық. Дәл сол жылдары ақындардың суырыпсалмалық деңгейі қазіргідей дәрежеге жете қоймаған. Әрі әлі де болса коммунистік идеология өз үстемдігін халық шығармашылығына жүргізіп тұрған уақыт болатын. Сондықтан да ақындардың нені жырлап, нені айтатыны партиялық сүзгіден өтіп отыруы қатаң қадағаланатын. Дегенмен де, сол уақыт, дәуірдегі қоғам тынысы ақындар айтысында жан-жақты ашылып, уақытқа тән түрлі проблемалар сын тезіне алынып жататын. Осы кезде ескере кететін бір жайт, жыр сайысын өткізу түрлері (формасы) де айтысқа мазмұндық тұрғыдан көп өзгешелік әкелді. Мәселен, қазіргі айтыстардағыдай ақын даралық кейіпте емес, бүкіл бір облыс атынан сөз сөйлейді. Оның айтыста жеңіліп, жеңілмеуі қара басына ғана сын емес, бүкіл бір облыс халқына сын болып табылатын. Сол уақыттағы облысаралық айтыстың бір ерекшелігі, сөз сайысының өн бойынан ақынның жеке бас тағдырынан гөрі елдік тұрғыдағы мәселелер көбірек байқалып тұратын. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Көпбай Омаров пен сол кездегі Жезқазған облысының ақыны Шынболат Ділдебаев арасында өткен айтыста Көпбай ақын былай деп жырлайды: Көпбай: «...Жіберген саңлағы едім қалап елдің,

Үстінде тұрған жанмын талап өрдің.

Күн құшқан Оңтүстіктің өңірінен,

Сәлемді Астанаға ала келдім.

...Бір миллион төрт жүз мыңдай халқымның,

Мойныма келіп тұрмын артып жүгін...» [110, 91 б.]. Облысаралық сөз сайыс, төл өнердің қоғамдық маңызын тереңдетіп қана қойған жоқ, ол сондай-ақ айтыс жырларының публицистикалық сипатын барынша айқындата түсті. Айтысушы екі облыстың ақындары сөз сайысы болардан ай шамасы бұрын арнайы іссапарда болып қарсылас жақтың шаруашылығы мен әлеуметтік жағдайларына қанық болып қайтатын. Іссапарға келген ақындарды облыс басшылары қарсы алып, ауыл, аудандарды аралатып ел тұрмысымен танысуына мүмкіндіктер жасады. Айтысушы ақынның шығармашылық іссапарға шығуы, кәсіби журналистердің қызметін еске түсіреді. Мәселен, жылы өткен Ақтөбе, Жезқазған облыстары ақындарының командалық айтысында Жезқазған облысының бас ақыны Шынболат Ділдебаев қарсылас ақын облысына қатысты мынадай деректі уәждер келтіріп сынға алады: Шынболат: «...Сонау бір Ақтөбенің бөктеріне, Болыпты жүз жыл қоныс тепкеніңе. Тал егіп көгерте алмай айналаңды, Отырсың әлі желдің өкпегінде. Заводтың көтерілген шаң-түтіні Не дейсің қалаға кеп төккеніне? Химзавод, ет комбинат қалдықтарын Електің өзеніне төккенің не?..» [110, 109 б.] Ақтөбе облысының экологиясы мен экономикасын, әлеуметтік жағдайын осылайша жеріне жеткізіп сынау, әрине айтыскер ақынның барлық жайды көзімен көріп, қанығып қайтқандығын дәлелдейді. Облыстар арасында өткізілген телевизиялық айтыс бұқара халықтың қызығушылығын арттыра түсті. Айтыстың бұл түрі халық арасында талантымен таныла алмай жүрген көптеген өнерпаздардың тұсауын кесті. Өтірік айтыстың хас шеберіне айналып, «тазша бала» атанған жезділік Бақыт Сүлкеевтердің ел аузына ілігуі дәл осы кезеңдерден басталды. Ж. Ерман жетекшілігімен ұйымдастырылған телеайтыстың халық өнерпаздарын жарыққа шығуына тигізген ықпалы жөнінде кейіннен ғалымдарымыз, өнер зерттеушілері жазып та, айтып та жүрді. «Ел іші – алтын бесік» дегендей, әрбір жаңа айтыс кезеңдерінде өнер иелері табылып келеді. Солардың бірі – Түркістан ауданынан келген Тәушен Әбуова. Шымкент және Семей облыстары ақындар айтысының жаңалығы, осы Тәушеннің табылуы болды... Тәушен Әбуова айтыс өнеріне жетіктігімен көзге түсіп, жүлделі орындарды иеленіп келе жатқан семейлік ақын Қалихан Алтынбаевпен айтысында нағыз жүйрік екенін көрсетті, әріптесінің адуын, өктем сөздеріне ұтқыр жауап айтып, басым түсіп отырды. Өнерін жетілдіре түссе, Тәушеннен бұрынғы айтыс тарландарынан кем түспейтін нәтиже күтуге болады [111, 91-92 бб]. Расында да, Қалихан мен Тәушен ақындардың айтысы ел есінде ұзақ сақталып, ауыздан-ауызға тарап жатты. Айтыс сахнасына алғаш шыққан Тәушен ақын өзінің қолма-қол айтыстың нағыз майталманы екенін бірден танытты. Қарапайым еңбек адамы (сауыншы) болғанына қарамастан, ойының

зеректігі мен ұтқырлығы тұрғысынан Тәушен ақын, сол кездегі әріптес айтыс ақындарының көпшілігінен көш ілгері тұрды.

«Сыйға-сый, – деген сөз бар, сыраға – бал, Қарымын шамаң келсе, қайтарып қал. Ауылынан сол Абайдың кеп отырмын, Болсам да жұдырықтай бір қара шал» [108, 302 б.], – деген Қалихан ақынның сөзіне, Тәушен ақын табан астында былай деп жауап қайтарады: «Кім білмейді Абайды Семейдегі, Мен де сөзді айтайын көмейдегі. Жерлесім деп отырсың бауыр басып, Абай бізге, айтшы өзің, өгей ме еді? Ол Абай жердікі емес, халықтікі, Мынау ақын, халқым-ау, не дейді енді?» [108, 302 б.]. Оқыған, тоқығаны көп, ұзақ жылдар айтысқа қатысып, тәжірибе жинаған Қалихан ақын қарсыласынан оқтын-оқтын сөз соққысын алып, есе қайтарудың барлық амалын қолданады. Тіпті Тәушен ақынның жеке басына тиісіп оның отбасы, ошақ қасында жүргенін де мін ретінде келтіреді:

«От жағу, сиыр сауу сенің қолың,
Қалайша Алматыға түскен жолың?
Шекиген қара кемпір көрінесің,
Отырмын ұстасуға толмай қолым» [108, 305 б.].

Қалихан ақынның бұл сөзіне сабырлық танытқан Тәушен ақын, кезегі
келгенде былай деп жауап қайырады.

«Сіздей ақын жоқ нәрсені сөз қылады, Естігеннің құлағын мезі қылады. Тілі теңдес сөзіме ақын болса, Ашылар ед, әттең-ай, сөз бұлағы» [108, 306 б.]. Айтыс жырларының басты критерийі, сөз жоқ, екі ақынның ой қақтығысы, яғни, табан асты сөз тауып, жауаптасып отыруы екендігі белгілі. Ақындар айтысының табиғатын ашатын басты ерекшелік те осы сипат. 1983-1989 жылдар аралығында өткізілген облысаралық телеайтысында аталмыш өнерге тигізген игі әсерін осы тұрғыдан бағалаймыз. Кеңес дәуірінде суырыпсалмалық сипатынан ажырай бастаған айтыс өнері 80-ші жылдар үстінде өзінің табиғи болмысына қайта орала бастады. Ақындардың суырыпсалмалық шеберлігін шыңдауда, әсіресе айтыстың «түре», «қайым» түрлері көп әсерін тигізді. Ақынның ішкі дайындығы қаншалықты мол болғанымен сахнаға шыққан ақындар «қайым» мен «түреде» суырыпсалмалық шеберлікке біртабан жақындап, шыңдала бастады. Осы машықтану әдістері айтысушы ақынды суырыпсалмалық деңгейге көтерді. Сол жылдардағы түре айтысының ең таңдаулы үлгілеріне Ерік Асқаров пен Әсия Беркеновалардың сөз қағысуларын жатқызуға болады. Бұл айтыс мазмұндық тұрғыдан соншалықты ауыз толтырып айтуға келмегенімен, ақындардың шеберлігін, суырып салуға әзірлігін танытқан жыр сайысы ретінде халық есінде қалды. «Түре» айтыстың шарты бойынша, ақындар тек жалғыз шумақпен сөз қағысып отырады. Әрине,

мұндай жағдайда ақындардың күрделі, әлеуметтік мәселелерді қозғауға мүмкіншіліктері келе бермесі анық. Дегенмен де, «түре», «қайым» айтыстар көпшіліктің ықылас, қызығушылығын тудырған айтыс түрлеріне айналды. Әсия: «Жырлар тұр ойнақ салып өзегіме, Үлгерсең жарар еді кезегіңде. Салауат салтыменен неше тойды, Өткізді қыз бен жігіт өз еліңде?

Ерік: Біздерде талай той мен жиын боп тұр, Тойларда менің жырым – сыйым боп тұр. Салауат деген жақсы халайыққа, Бірақ, бірден қойып кету қиын боп тұр» [112, 224 б.]. «Түре» айтыс түрінен келтірілген бұл мәтіндік нұсқа оқылғанда соншалықты әсер етпесі анық. Бірақ сахнадағы ақындардың ым-ишарат, дауыс ырғағы, үн әуезділігі, қозғалыс-қимылы сияқты жырға үстеме бояу, мағына беру тұрғысында тыңдарман, көрермен жүрегін еріксіз баурап алады. Айтыс жырларының жазба поэиядан ерекшелігі де осындай сахналық өнер екендігінен туындаса керек. «Қайым», «түре» айтыстарында проблема көтеру мүмкіншіліктері қаншалықты шектеулі болғанына қарамастан, ақындар әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмауға тырысып жатады. Мұның өзі айтыс өнерінің қоғамдық рөлге ие болып, думандық сипатынан адалана бастағанын көрсетеді. Жоғарыда келтірілген Әсия мен Ерік ақындардың айтысында да, сол уақыттағы ең өзекті мәселелердің бірі салауаттылық жайлы сөз қозғалуы біздің ойымызды қуаттай түседі. 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Мәңгі көктем» атты жинақ, сол уақыттағы ақындар айтысынан жаңашылдық, жаңғыру сипаттарынан біршама хабардар береді. 80-ші жылдардағы қыз бен жігіт айтысының елу нұсқасын қамтыған осы жинақтың алғы сөзінде белгілі өнер зерттеушісі Анарбай Бұлдыбаев мынадай пікірлер келтіреді: «Бұрын тек сүре айтыс қана халық назарына ұсынылып жүрсе, енді қыз бен жігіт, жұмбақ, қайым, өтірік өлең, айтыстары халыққа ұсынылып, жандана бастады. Осы жылдар аралығында бұрынғы суырыпсалма ақындарымыздың қатарына Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Әбдікәрім Манапов, Есенқұл Жақыпбеков, Ерік Асқаров, Нәсілхан Тоқтасынова, Хасен Саматыров секілді таланттар, суырыпсалма өнердің шын иелері келіп қосылды. Бұл – айтыс өнері үшін үлкен олжа еді» [108, 6 б.]. Айтыстың қандай түрі болмасын, онда әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің көтеріліп отыруы заңдылық. Себебі айтыс уақыт пен қоғамның тамыршысы. Ақындар айтысында сөзбен көріп, санамен түйсінген тіршілік қарекетінің барлық қағидалары көрініс тауып отырады. Айтыс жырларында дидактикалық сарын, абстрактылы ұғымдар өте сирек ұшырасады. Оның басты себебі М. Әуезов айтқандай, «Айтыс күнделікті өмірге тікелей қатысы бар жанр» [19, 289 б.] екендігінде.

80-ші жылдар үстіндегі «Қыз бен жігіт» айтыстары да көп жағдайда әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді қозғаумен, насихаттауымен құнды деуге болады. Мәселен, Есенқұл Жақыпбеков пен Әсия Беркеновалардың айтысы жеңге мен қайын арасындағы әдемі қалжыңға құрылғанымен уақыт, қоғам мәселесі назардан тыс қалмайды. «Толғаған тоқсан түрлі өлең мен жыр, Қазақта қыздар өткен небір дүлдүл. Қыздары бұл күнгінің өлең тұрмақ, Сөйлейді бір-бірімен шүлдір-шүлдір» [108, 12 б.] – деген Есенқұл сөзді сыпайылап айтса да, сол уақыттағы қазақ қыздарының салт-дәстүр, әдетғұрыптан, тілден алыстай бастағанын меңзейді. Тоқтархан Шәріпжанов пен Шырын Мамасерікова арасындағы айтыс та жарастықты әзілмен өріле отырып, қоғамдық проблемаларды айналып өтпеген. Қарсыласының Шырын есімін тілге тиек еткен Тоқтархан ақын, проблеманы да сол төңіректен өрбітеді. «Сөзіне шырын тоқталсам, Шырынды жердің қыз едің. Шайыма тәтті салдырған. Қан заводың бар еді...

...Жиырма бес мың тонна қап, Борыштар едің бұрыннан. Он бесінші съезде, Сөз болдың осы қырыңнан Содан бері қаншама Қағылды халқың шырыннан?» [108, 58 б.]. ХХ ғасырдың 80-ші жылдарындағы Қазақстан экономикасы саласында азық-түліктің кейбір түрлеріне байланысты қиыншылықтардың болғаны белгілі. Сол уақыттарда халық арасында қант (шекер) өте қат азық түрлерінің бірі еді. Ақын Тоқтархан Шәріпжановтың көтеріп отырған мәселесі де осыған байланысты болатын. Дүйсенбай Жұмасейітов пен Әселхан Қалыбековалардың арасында өткен айтыста да терең тақырып, мәнді мәселелердің айтылғанына куә боламыз. ...Арал, Балқаш проблемаларын қозғай келіп, халық жауы атанған талай боздақтардың есімін ақтай алмай жүргенімізді айтып, Дүйсенбай ақын былайша толғанады: «...Солардың көз жасындай маздақ жырмыз, Жан сырын жаңа ғана қозғап жүрміз. Сәкен мен Ілиясты тұлпар ғой деп, Бебеулеп боз інгендей боздап жүрміз.

Сау болсын айдындарым, аралдарым, Ақберен жыр іздедім, алаңдадым. Ескерткіш Сәкеніме қоймақ едім, Қабірін жұмыр жерден таба алмадым» [108, 191 б.]. Дүйсенбай ақынның бұл толғанысын, Әселхан әрмен қарай сабақтап, жыр мазмұнын тереңдете түседі: «...Өмірде жақсы болып тұрса бәрі,

Көңілді неге жиі мұң шалады. Ілияс, Сәкендерді кім ұстатты, Кешегі Абайыңды кім сабады? Күншілдік деген ауру ,бұл қазақтың, Мәңгілік жазылмайтын қылтамағы. Отырмыз жаңа күнге үміт артып, Бір дауыл жүрегімде бұлқынады» [108, 192 б.]. Жалпы, айтыс жырларынан халық санасына қозғау салар осы тақылеттес ой орамдарын жиі байқауға болады. Кейде мұндай насихаттық, тағылымдық мәні зор жыр үлгілері, домбыра үні мен ақын әуезіне бөленіп, тыңдарман қауымның сезіміне зор әсер етеді. Айтыс жырларының халыққа етене жақын болуы да осы айтылған сипаттардың тұтас көрінуінен туындаса керек. Ақындар айтысы туралы толғақты ойлар айтып, байыпты баға беріп жүрген, белгілі әдебиет, өнер зерттеушісі, ғалым Р.Бердібаевтың мына пікірлері біздің осы ойларымызды айғақтай түседі: «Айтыстар қоғамдық дерттерді жұртшылық талқысына салатын, шешілмеген проблемаларға елдің назарын аударатын өткір де ұтқыр публицистиканың да орнына жүрген. Әріптестердің айтыс кезіндегі диалогтарында шындықтың түп тереңдеріне дейін ашылып отырған, ақиқаттың жартыкеш қалып қоймауына айтыстың жанрлық ерекшелігінің өзі себепкер болған. Сол үшін де мұнда кейде романның толықтығы, драманың тартыстылығы, лириканың сыршылдығы қатар-қатар көрініп отырған» [113, 86 б.]. ХХ ғасырда өткен ақындар айтысын зерделей отырып аңдағанымыз заман бедері мен қоғам тынысының сипаты сол уақыттағы рухани шығармашылықта боямасыз көрініс тауып отырған. Қоғамдық пікір туғызып, халық зердесіне жылт еткен жақсылықты ұялата білген айтыс өнері, қай қоғамда болмасын руханият көшін бастаушылар қатарында болды. 1985 жылғы сәуір пленумы Кеңестер Одағындағы рухани сілкіністің бастауына түрткі болды. «Демократия», «еркін ойлап», «ашық сөйлеу» ұғымдары халық санасына аздап болса да ұялай бастады. Дегенмен де жетпіс жыл бойы тоталитарлық жүйенің темір шеңгелінде болып келген «кіші» ұлт өкілдері, бірден серпіліп кете алмады. Ең бастысы, ел жүрегінде ертеңгі күнге деген үміт оянды. Жоғарыда келтірілген Әселхан ақынның:

«Отырмыз жаңа күнге үміт артып, Бір дауыл жүрегімде бұлқынады» [108, 192 б.], – деген сөздері де дәл сондай елең-алаң шақтағы ел үмітінің көрінісі сияқты. Көп ұзамай-ақ, айтыс ақыны Әселхан Қалыбекова жырлаған «жаңа күннің» алғашқы сәулесі де Қазақ қоғамына өз жылуын сездіре бастады. «1988 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің Қаулысымен 20-40-шы жылдар мен 50ші жылдардың бас кезінде қуғын-сүргінге ұшырап сотталған, халықтың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. Әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтардың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды» [107, 280 б.].

Ел тарихындағы осындай елеулі оқиғалардың барлығы ақындар айтысында жарқырай көрінді. Осы мәселелердің ел назарына ұсынылып, насихатталуына һәм қоғамдық пікір ретінде қалыптасып, мемлекеттік деңгейде оң шешімін табуына айтыс өнерінің де елеулі үлес қосқандығы ақиқат. Жазушы-ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің ой-пікірлері, БАҚ-ының тынымсыз еңбегі айтыс сахналарында таразыға түсіп, халық талқысына ұсынылып жататын. Айтыста айтылған әрбір проблема ел ішінде кең насихатталып, нәтижесінде атқарушы билік орындары мәселенің оң шешім табуына мүдделі болатын. Мұның өзі айтыстың халықтық, бұқаралық беделін айшықтайтын құбылыс еді. 80-ші жылдардың соңындағы Қазақстан мәдениеті дамуындағы тенденцияларды тарихшыларымыз кейіннен төмендегіше сипаттады:

1 сурет - 80-ші жылдардың соңындағы Қазақстан мәдениеті дамуындағы тенденциялар [107-282]

Осы кескіндемеде көрсетілген қазақ қоғамындағы ахуал 80-ші жылдардың соңындағы Қазақстан мәдениетінің қандай бағыттарда дамығанын көрсетеді. Осындағы «Ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуі» деп аталатын бөлімде тарихшығалымдарымыз айтыс өнерін жеке пункт ретінде көрсетеді. Мұның өзі сол уақыттағы ақындар айтысының мәдени-рухани салада жетекші рөл атқарғандығын танытса керек. Ең бастысы, үш бөлімнен тұратын осы өзекті мәселелердің барлығы, сол кездегі ақындар айтысында жан-жақты насихатталып, тұтастай көрініс тапты. Мәселен, «тіл» тағдыры мен «жазықсыз жазаланғандар» мәселесі, халықтың мәдениеті сияқты толғақты тақырыптардың барлығы, айтыста өткір көтеріліп, жан-жақты сараланып, жырланды. Ерік Асқаров пен Әселхан Қалыбекова арасында өткен айтыста дәл сол жылдардағы әлеуметтік-рухани мәселелер былайша сипатталады: 1989 жылғы 22 қыркүйек – «Тілдер жөніндегі Заң» 1988 жыл «Жазықсыз жазаланғандарды ақтау жөніндегі Қаулы Ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуі - Қазақ тілінің мәртебесі - Мемлекеттік тіл - Орыс тілінің мәртебесі - Ұлтаралық қатынас тілі - Ұлтаралық қатынастар жағдайының жақсаруы

Шәкәрім
Құдайбердіұлы, Ахмет
Байтұрсыновтың,
Мағжан Жұмабаевтың,

Жүсіпбек
Аймауытовтың,
Міржақып Дулатовтың
шығармашылық

мұрасының ақталуы

- өткен тарих жөніндегі

шығармалар

- айтыстар

- театрлар, ұлттық

мәдениет күндері,
ұлттық мәдени
орталықтар

- халық музыкасы

- «Азия дауысы»

фестивалі

- кинематография

Әселхан: «...Қазақша мектептерің жабылған-ды, Газетке ол жайлы да жазылған-ды. Қайтадан сол мектептер ашылды ма? Қаулыны нақты іске асырды ма? «Қазақ тілі неге керек?» дей салатын, Даурықпа ағайындар басылды ма?» [112, 199-200 бб]. Рухани шығармашылықтың қандай түрі болмасын, оның мазмұн, мағынасы қашанда өзі өмір сүрген уақыт бедерімен үндесіп келетіні заңдылық. Ақын-жыршы Шынболат Ділдебаевтың әйгілі «Шындық туралы толғауы» да өз заманының әлеуметтік жүгін арқалап, тұрған туынды. 1983-1988 жылдар аралығында өткізілген облысаралық айтыста тәуелсіздік қарсаңындағы қазақ қоғамының кескін-келбетін айқындайтын шығармашылық дерекнама ретінде тарихта қалды. Көгілдер экран арқылы көпшіліктің назарына ұсынылған облысаралық ақындар айтысы да өз дәуірінің үні, пікірі, идеологиясы ретінде халық санасына берік ұялады. Командалық сипатта өткізілген телеайтыстың бұл түрін мүлдем тың, соны ізденістің жемісі деп біржақты пікір айтуға тағы болмайды. Облысаралық айтыста да дәстүр сабақтастығының көптеген элементтері сақталды. Біріншіден, белгілі бір өлкенің намысын ұжымдық (коллективтік) түрде қорғай отырып, жеке ақынның емес халықтық мүдденің алдыңғы орынға шығуы, ХХ ғасырға дейінгі көшпелі қазақ өркениетінде қалыптасқан дәстүр. Мәселен, арыға бармай-ақ кешегі Сандыбайдың, Сағынайдың асы сияқты үш жүзге сауын айтылған ұлы дүбірге әр ел ақыны мен палуанын, әншісі мен күйшісін, жүйрік аттарын үлкен ру, тайпа атынан апарып сынға салған. Өнердің қай түрінде сынға түспесін, ол жеке адамның абыройы емес, елінің, өлкесінің даңқы болып саналған. Кешегі кеңестер заманында өткен облысаралық айтыстың өткізілу тәртібі социалистік қағидаларға негізделгенімен, арғы жағында көзбен емес көңілмен ғана түйсінетін елдік намыс, рух жатқанын сол кездегі кез келген қазақ жақсы түсінді. Бұл түсінушілік руға, атаға бөліну емес, керісінше өз жеріне, туған өлкесіне, өмір сүріп, тіршілік етіп жатқан облысына деген шынайы намыстан туындады. Мұның өзі дәстүрдің жаңаша сипат алуынан пайда болған жақсы қасиеттің нышаны еді. Екіншіден, айтыс болған жерде міндетті түрде сынның болуы, қарсылас жақтың кемшін тұстарын айту ежелден келе жатқан заңдылық. Облысаралық айтыста бұл көріністер жалпы қазақ халқының пайдасына қызмет атқарды. Айтыста айтылған кемшіліктерді жою немесе алдын алу шаралары барлық облыстарда қолға алына бастады. Әрі ол нәтижесіз де болмады. Сол жылдары қолға алына бастаған түрлі экономикалық реформалар ақындар айтысында қолма-қол айтылып, насихатталып жатты. Алматы облысының ақындар айтысында Күлпара Құсайынова мен Жұмабек Оразбеков арасындағы сөз қағысуда, сол кездегі Қазақстанда жүргізіліп жатқан «Тұрғын үй–91» реформасы жайлы мынадай ойлар айтылады: Жұмабек: «...Өзіңді келіп едім айға балай, Өнердің биігіне шықтың талай

Шұрайлы Еңбекші қазақ ауданында,
Тұрғын үй–тоқсан бірдің жай қалай?» [108, 136 б.]

Күлпара: «Тұрғын үй–тоқсан бірді сұрайтындай, Үйлерің әрең тұр ма құлайтындай? Ауданым алты бөлме үй сап берді, Өзіңді қарсы аламын келсең арнай» [108, 136 б.]. Қазақстанда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің немесе атқарылып жатқан іс-шаралардың қандай түрі болмасын, ол сол жылдардағы ақындар айтысында көрініс тауып, бұқара халыққа насихатталып отырды: «Қазіргі қызу науқан таңда мына, Қайта құру сен жаққа бармады ма? Ұйқыңнан ояна алмай үйде қалдың, Өкіндім ілесе алмай қалғаныңа» [108, 137 б.], - деген Күлпара ақынның сөздері сексенші жылдардың соңындағы Қазақстан экономикасындағы өзгерістердің мәнін танытуымен қатар, айтыс өнерінің қоғам дамуымен біте қайнасқандығын көрсетеді. Қоғамда болып жатқан түрлі реформалармен саясиәлеуметтік өзгерістердің бірде-бірін ақындар айтысы айналып өткен жоқ. Керісінше сол науқандық жұмыстардың бел ортасында халықпен бірге болып, оның нағыз жалынды үгітшісіне айналды. Ақындар жыры тек жалаң насихат, жалпылама ойларға емес, өмірдің нағыз өзін көрсететін дерек пен дәйекке, нақты мысалдарға құрылды. Мұның өзі айтыс жырларының публицистикалық қырын айқындай түсетін қасиеттері еді. Белгілі ғалым Т.С. Амандосов «Публицистика дәуір үні» атты ғылыми еңбегінде: «Оқырман заман талабына сай, саяси тақырыптарға әрқашан да құштар келеді. Сондықтан да, өзінің білім шеңберін мейлінше кеңейтіп, идеялық-саяси дәрежесін үнемі көтере түсіп, өмірден қол үзбей, кәсіпорындар мен шаруашылықты үнемі аралап отыратын журналистер тақырыпты, әдетте, өмірден тез тауып алады» [114, 9 б.]. Зерттеу барысында айтыс ақындарының журналиске, публициске тән қырларын үнемі айқындап, дәлелдеп отырған біздер үшін ғалым Амандосов келтірген бұл пікірдің қаншалықты маңызды екендігі өзінен-өзі белгілі. Ақындар айтысы халықтың рухани қажеттілігін қанағаттандырушы ақпарат көзі екендігін уақыттың өзі дәлелдеді. Бұл туралы ғалым Р. Бердібаев өзінің «Сарқылмас қазына» атты кітабындағы «Айтыс өнері» атты бөлімінде жан-жақты саралап жазады. Ғалым ең алдымен қазақтың айтыс өнерінің ерекшелігіне, оның ұлттық сипаттары жайлы өте тартымды пікірлер келтіреді. «Халықтық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы – ақындар айтысы. Бұл қазақ елінің тарихи, тұрмыс-салттық, мәдени ерекшелігіне сәйкес туып қалыптасқан өзгеше жанр» [113, 67 б.], – деп пікір білдірген. Р. Бердібаев мұнан әрі айтыстың қалыптасып, даму кезеңдеріне байыпты шолу жасайды. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысының әлеуметтік мәнін, қоғамдық маңызын нақты мысал, деректермен көрсете отырып, зерттеуші ХХ ғасырда өткен айтыстарға да кеңінен тоқталады.

Әсіресе, ақындар айтысының табиғатын ашуда ғалым Р. Бердібаев келтірген мына пікір, төл өнердің болмысын тануда үлкен рөл атқарып тұр. «...Бір өзінде бірнеше өнердің – ақындық, әншілік, артистік, музыкашылық т.б. – басы қосылған айтыстың кейбір қызықты қырлары осындай. Біз бұл тұста айтыс түрлерінің бір тармағына ғана тоқталып, қысқаша сипаттап өттік. Осының өзінен де оның көнермес келбеті мен мейлінше заманалылығы, өмір қайшылығын ашудың құралы, ақындықты ұштау жарысы, халыққа қуаныш, серпіліс әкелетін тамаша екендігі танылар деп сенеміз...» [113, 129 б.]. Айтыс өнерінің публицистикалық сипатын ғылыми тұрғыда барынша дәлелдеген ойларды да ғалым Р. Бердібаевтың осы еңбегінен айрықша байқауға болады. Ақындар айтысының халықтық өнер екендігін, оның қоғам үшін аса маңызды екендігіне ғалым қадау-қадау тұжырымдар жасайды. «Бір кезде ақындар айтысы өмір қайшылығын ашудың, шындықты батыл айтудың құралы ретінде дамыса, қазіргі айтыс – заманның ұлылығын, адамдарымыздың тарихи істерін мадақтау, кемшіліктерді сынау тәсіліне айналып келеді. Көркем сөз жанрларының ішінде мейлінше шыншыл, уақыт, қоғам сауалдарына әзір жауап жанр – айтыстың жаңаша қуат тауып, шарықтап дамуына негіз мол» [113, 134 б.]. Айтыс өнері туралы қалам тартып, пікір айтқан М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Ғабдуллин т.б. ғалым-жазушылардың қай-қайсысы болмасын аталмыш өнердің өмірге, қоғамға етене жақын жанр екендігін тілге тиек етеді. Осы пікірлерді одан әрі дамытып, зерттеуші С. Қасқабаев, С. Садырбаев, М. Жармұқамедов сияқты ғалымдарымыздың ой-тұжырымдары да көбіне осы айтылған пайымдаулармен сабақтасып жатады. Мұның өзі айтыстың қоғам үшін жауынгер жанр ретінде танылып, бағаланғанын дәлелдейтін құбылыс болса керек. ХХ ғасырдың 80-ші жылдарындағы ақындар айтысын сөз қылғанда халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркеновалар мен Баянғали Әлімжанов, Есенқұл Жақыпбеков, Ерік Асқаров, Шынболат Ділдебаев, Мұқамбетқали Тұрсанов, Әбдікәрім Манапов, Дәмеш Омарбаева, Айтуған Шәйімов, Дүйсенбай Жұмасейітов, Мұқаш Сейтқазымов т.б. орта буын өкілдерінің есімдерін ауызға аламыз. Қазіргі айтыстың тегеурінді толқынына дәстүрлі өнердің желісін үзбей жеткізген де осы ақындар тобы. Бұл ақындардың көбісі кеңес дәуіріндегі айтыстың көшін бастаған Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев, Көпбай Омаров сияқты ақындардың көзін көріп, біразымен сөз сайысына түсіп те үлгерген еді. Әрине, біз келтіріп отырған ақындар есімі сол уақыттағы айтыс өнерінде жиірек көрініп, халық назарына көбірек түскендері. Егер жас шамасы мен тәжірибесін екшей түссек бұл тізімді одан әрі де толықтыра беруге болады. Мақсатымыз жекелеген ақындардың шығармашылығына тоқтала отырып, уақыт пен қоғам тынысын айшықтайтын айтыстарға назар аудару. Сондықтан да сол кезеңде айтыс сахнасында көрінген әрбір ақынның шығармасына берілер баға да, 80-ші жылдардағы сөз сайысының жалпы болмысын танытады деген ойдамыз. Әселхан Қалыбекова 1949 жылы Шымкент облысы, Қызылқұм ауданында дүниеге келген. 80-ші жылдардағы айтыстың тегеурінді өкілі ретінде,

Республикаға кеңінен танымал өнерпаз. Айтыс өнерін зерттеуші ғалымдарымыз Әселханның ақындық шеберлігіне кезінде үлкен баға беріп, жақсы пікірлер айтқан. Белгілі ғалым Р. Бердібаев «Киелі өнер» атты мақаласында: «Қазір айтысқа қатысып, өз өнерлерімен жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген ақындар қатарында, сөз жоқ, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Жұмаш Оспанбековаларды алдымен атауымыз орынды. Бұлар ұзақ айтыстарға да еркін дайындығы бар, өнерлерін бұдан былай да ұштай беруге қабылеттілер. Біз осы ақындарымызды айтыс өнерінің жұлдыздары деп есептейміз, алдағы жарыстарда жаңа биіктерден көріне береді деп сенеміз» [111, 92 б.], – деп жазды. Әселхан ақын айтысының негізгі ерекшелігі де ірі әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтерумен, халықтық мақсат-мұраттарды жырлауымен айшықталады. Жеңіл сөз, әзіл-қалжыңнан гөрі, елдік-ұлттық проблемаларды айта білуімен құрылған ақын жырлары уақыт, қоғам алдындағңы зор жауапкершілікті сезінгендігін танытады. Ақын уақыт тудырып отырған түрлі келеңсіздіктерді жалаң проблема күйінде емес, оған әйел-анаға тән мейірімшапағат сезімін қосып, тыңдарманның жан-дүниесіне, сезіміне әсер ететіндей қалыпта ұсынады. Мұның өзі Әселханның ақындық шеберлігімен қатар, қоғамға ой салар үлкен жүректі қайраткер екендігін де танытады. Жезқазғандық ақын Дүйсенбай Жұмасейтовпен болған айтысында сол уақыттағы қазақтың қыз-келіншіктері басындағы түрлі проблемаларды айта отырып, ойын былайша түйіндейді:

«Қарызды адал өтеп қоғамдағы,

Жоғалтсақ қиын бақыт оралмағы.

Әйелдің жүрегінен өтіп жатыр,

Ғасырдың көтерілген тозаңдары.

Отқа емес, керек бізге дүниенің

Мейірім, шапағатқа оранғаны» [115, 45 б.]. Осы жерде тағы да баспасөзде көтерілген мәселе мен ақындар айтысында жырланған проблема жөнінде мынадай ерекшелік қыры байқалады. Мерзімді басылымдарда дерек пен дәйекке құрылған проблемалар оқырман назарына көп жағдайда ресми сипатта баяндалады. Ал, ақындар айтысында көтерілген проблема тыңдаушыға немесе көрерменге көңіл-күй әуені тұрғысында әсер етіп, эмоционалды бояу реңкі айтып отырған мәселе мәнісін тереңдете, қоюлата түседі. Жоғарыда келтірілген Әселхан ақын айтысындағы шағын үзіндінің өзінде осы айтылған сипаттардың біразы көрініс тауып тұр деуге болады. Қоғамдағы түрлі проблемаларды көтерумен қатар, адам бойындағы көлеңкелі мінездерді ашып көрсету Әселхан айтыстарында жиі кездеседі. Парақорлық дерті қай қоғамда болсын қалмай келе жатқан кесел. Адам бойындағы парасаттылық, ізгілік қасиеттер жоғалғанда, қоғамда тоғышарлық, менмендік сияқты жаман қылықтардың алдыңғы орынға шығатыны белгілі. Осы кемшіліктерді дөп басып, оны қоғамдық проблемалармен астастыра көрсету Әселхан ақынның шеберлік қырларының басты ерекшелігі десе де болады. Семей облысының ақыны Сембай Жансақовпен айтысында Әселхан сол уақыттағы қазақ жігіттері туралы ойларын былай деп сабақтастырады:

«...Шырқырап шындық үшін бас тігуге,

Жүрексіз қалай барсын жансыз тұлып,

Көрініп адал еңбек етпесе де,

Жүреді жақсыларға қақпан құрып.

Талайдың соры болып ақырында

Томардай домалайды тұрған шіріп…» [115, 55 б.]. Дәл осы жағдай туралы жазушы Ғ. Мұстафиннің мынадай сөздері бар: «Жақсы бол» деп әркім айтады, «жаман бол» деп ешкім айтпайды. Жаман сонда да бола береді. Адал дән егумен шығады. Жамандық арам шөп сияқты, жұлмаса өседі, егіннің өнімін кеседі. Сондықтан егін мен арам шөп, жақсылық пен жамандық, өмір бойы отаса алмай келеді» [116, 291 б.]. Айтыс жырларының публицистикалық белгілерін анықтауымен қатар, оның артықшылығы немесе өзіне тән ерекшеліктерін де байқаймыз. Мәселен айтыс жырларындағы дерек пен дәйек аталмыш өнердің публицистикалық сипатын айқындаса, ақындық толғаныс, лирикалық сезім күй, көркем әдебиет пен жазба поэзияда кездесетін ойландыру әдісін еске түсіреді. Асылы, кез келген рухани шығармашылықтың басты мұраты ойландыру, толғандыру арқылы адамдардың жан дүниесін тазартуға, тәрбиелеуге құрылатыны белгілі. Ақындар айтысында осы мәселе екі сипатта көрініс тауып отырады. Біріншіден, кез келген адамның күнделікті көзбен көріп, көңілмен сезініп жүрген жағдайының баяндалуы болса, екіншісі сол көріністің келеңсіз (негативті) тұстары сараланып, түсіндіріліп баяндалады. Және жай қарапайым сөзбен емес, ақындық асқан шеберлікпен образды түрде суреттеледі. «Шырқырап шындық үшін бас тігуге, Жүрексіз қалай барсын жансыз тұлып», – деген ақын сөзі шымбайға батар ащы шындықты өткір баяндап тұр. 80-ші жылдардағы айтыс көшін бастаушылардың бірі – Әсия Беркенова. 1950 жылы Қостанай облысы, Семиозер ауданының «Сұлукөл» ауылында дүниеге келген. Қазақ қыздар педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиетін бітірген. Әсия айтыс өнерінде өзінің білімді, парасатты, мәдениетті болмысымен танылған ақын. Ә.Беркенова айтыстары өлең құраудағы кейбір ала-құлалықтардан ада, өте мәнді, мағыналы болып келеді. Айтыстың қандай түрі болмасын, оның әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызына аса мән беріп, өлеңдерін өрнекті ойға, салмақты сөзге құруға шебер ақын. Жергілікті ұлт аздау қоныстанған солтүстік өңірден шыққанына қарамастан, қазақы дәстүрсалтты, ғұрыпты өте жетік білетіндігін айтыс сайын танытып, көпшілік ықыласына бөленген өнерпаз. Айтыс өнері туралы қалам тартып, өзіндік пікір айтып жүрген ізденуші С. Қалиев «Халық ақындарының айтыстағы ізденістері» атты мақаласында халық ақындары туралы мынадай пікірлер келтіреді: «...1986 жылғы санадағы сілкіністен кейін іштей буырқанған айтыс жаңаша өрлеу, өзгеше сипат ала бастауы жасырын емес. Қойының төлі мен шөбінің есебін жырлап отыратын айтыс ақындары, ұлттық, әлеуметтік мәселелерді арқау етуге ойыса бастады. Міне, осы тұста айтыстың өркендеуі мен өсуіне ерекше үлес қосқан халық ақындары: Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілевтердің айыстағы еңбектерін баса айтқым келді» [117, 208 б.].

Көкшетаулық Баянғали Әлімжановпен болған айтыста Әсия Беркенова
қазақ қоғамындағы ұлт мүддесіне қайшы кейбір көріністерді былайша
суреттейді:

«...Жел есіп тұрса дағы шоқтығынан,

Не пайда құр көңілдің тоқтығынан.

Басынды баса-көктеп басқа ұлттар,

Қабанбай, Бөгенбайдың жоқтығынан.

Естері елімізге ес беретін,

Қабақтан қаһар төгіп дес беретін.

Керек-ақ әр кезеңге бір Қабанбай,

Көз тіккен казактардан сескенетін...» [118, 100 б.]. Айтыста көтерілген әрбір проблема сол уақыттағы қоғамның саяси ахуалынан, әлеуметтік, экономикалық жағдайынан, ел-халықтың таным түйсік көзқарасынан хабар беріп тұрары сөзсіз. Кейде осы айтылған жағдайлардың барлығы бір-бірімен астаса, өріліп айтысушы ақынның бір кезегінде, яғни, үш төрт шумақ өлеңнің аясында көрініс тауып жатады. Ақынның мұндай шеберлігі немесе айтыс жырларының өзіндік ерекшелігіне жататын бұл сипат туралы зерттеу барысында айтып өткен болатынбыз. Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында Қарағандылық Аманжол Әлтаевпен болған сөз сайысында Әсия Беркенова бір кезегінде уақыттың көкейкесті проблемаларын былайша толғап өтеді:

«...Өмірдің ой тоқтатып дәрісіне,

Қараймын күдікпен әр ісіңе.

Аманжол бүгінгінің азаматы,

Қалайсың жерді сату мәнісіне?

...Кезінде мына жайды ол ұқпаған,

Қаһарлы тойтарыстан қорықпаған.

Семейді сілкіндірді сынақтары,

Абайдың аруағынан қорықпаған.

Бөлінер кейде осылай ойым талай,

Ойласам елдің жайын ойым қалай?

Қазақтың байып алған кей жастары,

Жүр бүгін ана тілін мойындамай» [119, 79 б.]. Айтыстың бір кезегінде ғана келтірілген осы үш шумақта сол уақыттың көкейкесті үш проблемасы көрініс тауып тұр. Олар қазақ қоғамында үлкен даулы мәселеге айналған. «Жер сату» саясаты, халыққа үлкен зардап әкелген Семей полигоны және Ұлт тілінің тағдыры жайлы толғаныс. Әр қайсысы айтысқа жеке-жеке тақырып болуға жарайтын осы үш проблема ақын жырларында сабақтаса өріліп, уақыт проблемасының жалпы сипатын айқындайды. Осы проблемалардың негізгі өзегі ел басына түсіп отырған қиыншылықтарды, зардаптарды баяндау тұрғысында белгілі бір логикалық тұтастыққа ие болып тұр. Айтыс ақыны қашаннан елдің, халықтың сөзін

сөйлеп, мұңын жоқтаушы екені белгілі. Ол айтыс тарихында көнеден келе жатқан құбылыс. Елдің намысы мен арын қорғау ақын үшін – азаматтық, адамдық міндет. Бұл адамзат тарихында ежелден қалыптасқан қағида. Осы тұрғыда ежелгі шығыс философиясында мынадай ойлар келтіріледі: «Әлсіздер мықтыларды жеңеді, жұмсақ қаттыны жеңеді. Оны барлығы біледі, бірақ адамдар оны іске асыра алмайды. Сондықтан кемеңгер данышпан былай дейді: «Кім елдің намысын өзіне қабылдаса, сол ел басшысы болады, кім елдің бақытсыздығын өзіне қабылдаса сол билеп, төстеуші болады» [120, 241 б.]. 80-ші жылдардағы ақындар айтысының майталман өкілінің бірі халық ақыны Қонысбай Әбілов. «Қонысбай Әбілов 1954 жылы Торғай облысы, Жангелдин ауданының «Еңбек» совхозында туған. Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген. Көкен Шәкеев, Әсия Беркенова, Шынболат Ділдебаев және тағы да басқа ақындармен айтысқа түскен» [108, 321 б.]. Көзі қарақты, көкірегі ояу, зерделі азамат өзінің бойындағы білім мен парасат үйлесімін айтыс барысында үнемі жарқырай көрсетіп отырды. Қонысбайдың ақындық ерекшелігі қарсыласының сауалына табан асты қисынды ой айтуымен қатар, айтыс желісін діттеген мақсатына жетелеп отыруымен ерекшеленеді. Павлодарлық Серік Құсанбаевпен айтысында Қонысбай ақын Торғай облысының тағдырын тілге тиек ете отырып, сол уақыттағы қазақ ауылдарының мүшкіл халін өте үлкен толғаныспен жырлайды:

«...Ауылда бұл күндері мал қалмады,

Адамдай суға кетіп, тал қармады.

Жарық жоқ, жағатұғын, көмірі жоқ,

Шыдайтын мұнан әрі хал қалмады.

Төзер ем қиындыққа қарамай-ақ,

Кетемін жазығы жоқ баланы аяп.

Көлдетіп көздің жасын үйде отырады,

Бара алмай мектебіне жалаң аяқ.

Үміттер білте шамдай өшіп жатыр,

Бағасы нан мен тұздың өсіп жатыр.

Елдегі алтын діңгек қариялар,

Ала алмай пенсиясын көшіп жатыр...» [121, 192-193 бб.]. Қоғамдық формациялар ауысып, елдің эконмикасы мен әлеуметтіктұрмыстық жағдай тұралап тұрған, өлара, өтпелі кезеңдегі қазақ ауылдарының ахуалы Қонысбай ақынның осы жыр жолдарында еш боямасыз, толықтай көрініс тауып тұр. Публицистиканы дәуір тынысының жылнамасы ретінде бағалар болсақ, айтыс жырларында таңбаланған осындай заман суреттері тарих үшін қажетті дерек екендігі ақиқат. Ақындар айтысын көркем өнерден гөрі қоғамдық-публицистикаға, яғни, күнделікті әлеуметтік өмірге қатысы бар шығарма екендігін осы сипаттар дәлелдей түспек. 1985 жылдан кейінгі өткізілген айтыстарға зер сала отырып байқағанымыз, көтерілген кез келген проблеманың жалаң, жадағай айтылмауы.

Қоғамдағы келеңсіз көріністердің шығу төркінін көрсетіп, қаузау кеңес дәуіріндегі айтыстарда да кездесетін. Бірақ, ол мәселелер ұлттық мүдде, қазақы намыс түрінде емес, жалпы коммунистік идеология тұрғысында өрбитін. Мәселен, сол жылдарға сәл шегініс жасасақ. Кеңес дәуірі тұсында өткен Манап Көкенов пен Мұқаш Байбатыров арасында өткен айтыста Мұқаш ақын сол уақыт кемшіліктерін былай деп сынға алады:

«...Қартыңды кінәлауға шақ қап отсың,

Ойыңды онан дағы білдір айтып.

Көп істің басы бар да аяғы жоқ,

Жүргеніңді айтпайсың неге тайқып?

Шұбартау ізімен іс бастадыңдар,

Комсомолдық шешіммен қостадыңдар.

Біраз жас шопандықты тастап қашты,

Қой иесіз қалып бір сасқаның бар...» [94, 44-45 бб.]. Әрине, осы жырда келтірілген ақын сынын да, өз уақытының проблемасы ретінде қабылдаймыз. Сол қоғамға тән мұндай «кемшілік», «міндерді» кеңестік дәуірде өткізілген ақындар айтысынан мол ұшыратуға болады. Бірақ бұл проблемалардың барлығы социалистік қоғам мүддесі тұрғысынан жырланатын. Ал, 80-ші жылдардың соңын ала өткізілген ақындар айтысының мақсаты мен мәні ұлттық мүдде бағытына ойысып, кез келген проблема төркіні қазақтық, елдік сипатқа ие бола бастады. Жезқазғандық Дүйсенбай Жұмасейітовпен болған айтысында Әселхан Қалыбекова сол кездегі уақыт проблемасына бей-жай қарай алмайтындығын, келеңсіз істерді шешуде тек сөзбен ғана емес, кез келген азамат ақынның өзі бас салып, білек сыбана кірісуі керектігін қадап айтады:

«...Жабылып облысың алып қолға,

Төрт жылда үш мектепті сапсың зорға.

Салыну керек екенін елу мектеп,

Тұра ма, сені күтіп реформа?

Діңкелеп отырыпты облысың,

Қалғандай жүгі ауып орта жолда.

Жезқазған пединститутынан көмек те жоқ,

Құлауға дайын боп тұр ол да орға.

Ұрпаққа білім беру ол да парыз,

Азамат ақын болсаң соны қорға» [108, 192-193 бб]. Ел тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдың желтоқсанына айтыс ақындары бірден кеңес заманының сахнасынан түсе сала келген жоқ. 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысы жаңашылдық пен жаңғыру үрдістерін бастан өткерді. 1984 жылдың наурыз айынан бастап көгілдір экран арқылы халықпен үлкен рухани қарым-қатынаста, байланыста болған айтыс өнері көрерменнің қызыға, асыға тосатын хабарына айналды. Тәуелсіздік атты ұлы ұғымды халық санасына сіңіруде айтыс орасан зор рөл атқарды. Ана тілі тағдыры, туған жер экологиясы, халық жадынан ұмытыла бастаған салт-дәстүр, толып жатқан рухани-моральдық, адамгершілік, иман мәселелері там-тұмдап

болса да, осынау жылдар бедеріндегі, айтыс жырларында көрініс тауып, халық зердесіне сіңді. Халық санасын оятуда ақындар айтысы, қазақ қоғамының қасіреті мен қиындығын, жылт еткен жақсылығы мен қуанышын дер кезінде насихаттап, жариялап отырды. Сонау, 80-ші жылдардағы кеңес дәуірінен бастап, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысының көшін бастап қамқоршы һәм ұйымдастырушысы болған журналист-қайраткер Жүрсін Ерманның мына пікірі ұлттық өнеріміздің өресін танытып тұрғандай: «Айтыс – қазақ демократиясының ең жарқын көрінісі. Яғни, шындықты айту айтыскерлердің басты міндеті. Жоғарғы басшыдан бастап, кішкентай әкімге дейінгінің кемшілігін сынай беретін оларға, ешкім шамданбайды. Себебі, қазақта ақынына қарсы келмейтін қазақи дәстүр қалыптасқан. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мақал ақынның тіліне ерік беру тұрғысында айтылған...» [122, 160 б.]. 1985 жылдың сәуіріндегі жариялылық, демократиялық нышандардың алғашқы лебі, іле-шала 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ұлт санасына зор сілкіністер әкелгені белгілі. Ұзақ жылдар бойы мызғымастай көрінген тоталитарлық жүйенің жүйкесі сыр беріп, тәуелсіздік, егемендік ұғымдары халық зердесіне еміс-еміс ұялай бастаған өлара кезеңде өткен ақындар айтысы ұлт тарихы алдында өз міндеттерін мінсіз атқара білді деуге болады. Сол жылдарда өткен ақындар айтысындағы ұлттық мүдде тұрғысындағы өрелі ойлар, халықты Азаттық атты ұлы ұғымға тәрбиелей білді. Бір ғажабы, 19851991 жылдар аралығында өткізілген айтыс жырларының бірде-бірінде өткенді аңсау сарыны, кеңестік идеологияны мадақтау немесе «ұлы» көсемдерге табыну сияқты пейіл, әрекеттердің әлсіреуі еді. Мұның өзі айтыс ақындарының нағыз ұлтжанды, шынайы халық өкілдері екендігін танытса керек. Социалистік жүйе, коммунистік партия қағидалары ол кезде де өз күшін жоя қоймаған. Солай бола тұрса да, айтыс мазмұнының жалпы сипаты, халықтық, ұлттық мүдде тұрғысында өрбіп отырғандығын сол жылдардағы жыр мәтіндерін, зерделеу барысында анық аңғаруға болады. 1985-1991 жылдар аралығын – ақындар айтысының бетбұрыс кезеңі деп те атауға болады. ХХ ғасырдың соңғы он бес жылы айтыс өнерін көркемдік һәм мазмұндық тұрғыдан жаңа сатыларға көтерді. Коммунистік идеологияның күші әлсіреп, жақындап келе жатқан тәуелсіздік лебі, айтыс ақындарына қайрат, қуат берді. Сол кездегі Орталық партия комитетінің бас хатшысы М.С. Горбачев бастамасымен болған 1985 жылғы сәуір пленумы тоталитарлық жүйенің тоңына сызат түсірген оқиға болды. «Сөз бостандығы», «жариялылық» ұғымдары халық санасының жаңғырып, серпілуіне оң әсер етті. Дәл сол кезде көптен қордаланып қалған күрделі проблемалардың ішінде қазақ қоғамы үшін айрықша күн тәртібінде тұрғаны, ұлттық тіл тағдыры мен экология мәселесі еді. Бірі рухани, екіншісі әлеуметтік саланы қамтитын осы екі проблема төңірегінде қаншама көкейкесті мәселелер шоғырланып тұрды. Тіл тағдырының артында ұлттық мектеп, балабақша, баспасөз, мәдени-рухани проблемалар топтасса, экология зардаптарының ұшығы өнеркәсіп-өндіріске қатысты саясиэкономикалық жағдайларды қамтыды. Міне, осы айтылған толғақты мәселелердің барлығы 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар

айтысының басты тақырыбына айналды. Осы жылдар үрдісінде өткізілген ақындар айтысы мазмұндық тұрғыдан сан-салалы сипатымен ерекшеленеді. Алдымен уақыттың өзекті проблемасын көтерген айтыс жырлары ұлт руханиятының жандануына ықпал етті. Халық ұмыт бола бастаған дәстүрсалтымен қауыша бастады. Мәселен, 1988 жылы республика жұртшылығының араға жетпіс жылдай уақыт салып, өмірге қайта келген «Наурыз» мерекесін тойлауы – ұлт рухының оянып, түлеуіне бастама болды. Мұражай экспонатына немесе малшылардың көшіп-қонуы үшін баспана кейпіне түскен қазақтың ақшаңқан киіз үйлері қайта тігіліп, іші-сырты ұлттың ұмыт бола бастаған жәдігерлеріне, қолөнер бұйымдарына, жиһаздарына толды. Киіз үйдің айналасы күмбірлеген күй мен асқақтаған әнге бөленді. Ұлттық киімге малынып киінген қыз-жігіттер «алты бақан» құрып, халық дәстүрінің тамаша үлгілерін көрсетті. Міне, бір ғана «Наурыз» мерекесі, халыққа қаншалықты қымбат қазыналарын, рухани мұрасын қайтарды. Осы жағдайлардың барлығы айтыс жырларында көрініс тауып, халықтың рухани жадын жаңғыртып, санасына сәуле ұялатты. Айтыс табиғатына тән бірнеше проблемалардың өзектес өрілуі уақыт болмысын барынша ашып, бұқаралық, қоғамдық ой қалыптастырды: «Жағадан қашты Балқаш, қашты Аралым, Жоқ менде басқа қайғы, басқа дабыл» [108, 190 б.] (Дүйсенбай), “Бүлдіршінге ана тілін үйрететін, Әлі күнге балалар бақшасы жоқ» [108, 226 б.] (Баянғали), «Жатады жүрегімді дүрсілдетіп, Сен айтқан Семейдегі жарылыстар» [112, 197 б.] (Әселхан), «Тарихы қазағымның әлі күнге, Мәскеудің нұсқауымен жазылады...» [112, 225 б.] (Ерік). 1985 жылдардан кейін ақындар айтысында ұлт мүддесі тұрғысындағы осындай ойлардың айтыла бастауы өнерге деген халық ықыласын бұрынғыдан да арттыра түсті. Жалпы кез келген шығармашылық, құндылықтың рухани қажеттілігі, сұранысы оның көркемдік деңгейі мен әлеуметтік мәнінің өзектілігіне байланысты болмақ. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысы өзінің нағыз халықтық, ұлттық мүддеде болғандығын танытады.

3 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТҰСЫНДАҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ

3.1 Қазіргі айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні Ел тәуелсіздігін енді алып, еңсе көтере бастаған ХХ ғасырдың 90-шы жылдары ұлт тарихы үшін нағыз сындарлы кезең болатын. Тәуелсіз елдің іргесін енді бекемдеп, елең-алаң күй кешкен халық санасына ұлттық идеология рухы аса қажет болып тұрған шақ еді. Дәл осы сәтте, 1986-1991 жылдар аралығында азат ойлап, еркін сөйлеудің аз да болса дәмін алып қалған айтыс ақындары ұлттық идеологияның нағыз жалынды жаршылары бола білді. Ол кезде тілге тиек етер тақырып та, шешімі күрделі экономикалық, экологиялық, рухани проблемалар да көп болатын. Өлара кезең көркем әдебиет пен өнердің көптеген салаларының қалыпты дамуына тежеу болған сәтте, қоғамдық аренада публицистика жанры алдыңғы қатарға шығып, өнерде айтыс жырлары рухани көшті бастады. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, тынысын ашты. Сөз жоқ, бұл азат ойлап, еркін сөйлеудің жемісі. «Идеологиялық өктемдіктен құтылған мәдениет, эволюциялық жолмен ғана жаңа ұлттық мәдениетке қол жеткізеді. Шығармашылық ізденіс ахуалын тудыру, дарындарды өсіру, этномәдени қажеттілікті жүзеге асыру, ұлттық бай қазынаны зерделеу, әлеуметтік, табиғи ортаға ізгілік етудің нәзік құралы тек қана мәдениет. Мәдениет бұқара арасындағы енжарлық пен немқұрайдылықты жойып, ұлтқа рух беріп, ілгері басуының жолы мен мақсатын айқынырақ көрсетеді» [96, 101 б.]. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Аманкелді Айталы келтірген осы пікірдегі «идеологиялық өктемдіктен» құтылу сөзі тікелей қазақ өнері мен мәдениеті бастан өткерген қиыншылыққа, қыспаққа қатысты айтылып отыр. Иделогиялық ықпалдан азат болған қазақ өнері мен мәдениеті рухани құндылықтың басқа түрлерімен қатар бірден бой көтеріп, өзінің ұлттық сипатын қалпына келтіре бастады. Айтыс өнері де, өзінің туа бітті дегдар болмысына қайта оралып, қазақ байтағына бағзыдағы Қазтуғанша тіл қатты. Қарағанды облысының атынан сынға түскен арқалы ақын Аманжол Әлтаев, Оралдық Жібек Болтановамен айтысқанда өзінің Азат елдің ақыны екендігін зор тебіреніспен жеткізеді: « ...Кең болсын өр қазақтың керегесі, Ешкімнен кем болмасын кенересі. Есігін жаңа ғасыр ашар сәтте, Алланың аз болмасын берекесі. «Ағайын құтты болсын!» деп айтамын, Елімнің Тәуелсіздің мерекесі» [123, 13 б.]. Халық асыға күтетін айтыс өнері ХХ ғасырдың соңғы жиырма жылы мен ел тәуелсіздігін жариялаған тұстан бері мүлдем жаңаша сипат алып, өзінің қуаттылығы мен көкейкестілігін бұқара халыққа жақсы танытты. Ең алдымен ұлттық идеологияның жалынды жаршысына айнала білген ақындар айтысы ақпараттық-насихатшылдық тұрғыдан басқа өнер түрлеріне қарағанда өзінің

алымдылығы мен оңтайлылығын қоғамға барынша дәлелдеді. Әрине, бұл құбылыстардың пайда болуы кейінгі отыз жылдың бедерінде ғана емес, оның тамыры тым тереңде екендігін ғалымдарымыз қазіргі кезде байыпты безбендей бастады. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан ақындары айтысқа ел егемендігін алған соң сахнаға ғайыптан шыға қалған жоқ. Ақындар айтысын ұйымдастырушы, белгілі ақын Жүрсін Ерман «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында былай дейді: «Біздің белсенді айтысып жүрген 50 мықты айтыскерлеріміз бар. Бұларды біреу мейлі жек көрсін, мейлі жақсы көрсін, «не айтады екен» деп халық осылардың сөзіне елеңдейді. Айтыстың өткені де пайдалы нәрсе, өйткені халықтың ішіндегі шерін шығарады. Біздің қазақтың болмысы сондай – ол мәселе шешілсін, шешілмесін, әйтеуір ақындардың аузымен айтылса, халыққа тараса, қыбы қанып, айызы қанып, қуанып отырады» [124, 3 б.]. ХХ ғасырдың елуінші жылдарына дейінгі айтыста, ХІХ ғасырдағы халық ақындарының көзін көріп, тәлімін алған Нұрқан Ахметбеков, Ғабдиман Игенсартов, Жолдыкей Нұрмағамбетов, Иса Биназаров, Шашубай Қошқарбаев, Маясар Жапақов, Нұрлыбек Баймұратов, Сәттіғұл Жанқабылов, Орынбай Тайманов, Жақсыбай Жантөбетов, Қазанқап Байболов, Нартай Бекежанов, Қайып Айнабеков, Ілияс Манкин, Болман Қожабаев сияқты ақындар болса, осы көштің соңын ала шығып, кейбіреулерімен сөз қағысып үлгерген Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаев, Көпбай Омаров, Әсімхан Қосбасаров, Құлжабай Төлеуов, Бақытжамал Оспанова, Сағынғали Мұқанов, Қимадиден Нұғыманов, Шолпан Қыдырниязова т.б. ақындар айтысты өздерінен кейінгі толқынға аманаттады. Айтысқа жанрлық, мазмұндық, пішіндік тұрғыдан түбегейлі өзгеріс әкелген, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан айтыс ақындарының алдыңғы, аға буыны ретінде, халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Баянғали Әлімжанов есімдері аталады. Жоғарыда айтып өткенміздей, бүгінгі айтыс ақындары да аяқасты, ғайыптан қолдарына домбыра ұстап шыға келмегендігін, төл өнердің тамыры тереңнен бастау алып, дәстүр сабақтастығынан туындағанына тағы да көз жеткіземіз. Белгілі ғалым Ә. Нарымбетов әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық туралы мынадай пікірлер айтады: «Дәстүр мен жаңашылдық бірімен-бірі табиғи тамырлас, тұтасқан диалектикалық бірлік құбылысы. Әдебиет – қоғам өмірінің айқын сәулесі десек, сол қоғам өмірінің қай саласында болмасын, дәстүр мен жаңашылдық бірімен-бірі тығыз байланысты. Сондықтан да, әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықты бірінен бірін бөле-жара қарауға болмайды. Әдебиеттегі жаңа құбылыс дейтініміз, сол көп жылғы тәжірибенің, көркемдік дәстүрдің озығы болуы тиіс» [125, 22 б.]. Ауыз әдебиетінің негізгі салаларының бірі болып саналатын айтыс жырларының қалыптасып, дамып, өсу барысына да дәл осындай пікір айтуға болады. Жанрлық, пішіндік, мазмұндық өзгеріс болғанымен, оның тамыры мен мәні ұлттық өнердің бағзылық бастау бұлағынан нәр алатыны табиғи заңдылық. «Халықтың айызы қанып, қуанып көретін» айтыс өнері шын мәнінде қоғамдық маңызы зор, әлеуметтік мәнге ие болды. Өмірде болып жатқан өзекті мәселелерді газет пен теледидардан оқып-көруден гөрі, сахнадағы ақындардың

аузынан есту, көпшілік үшін аса мәнді һәм қызықты еді. Шын мәнінде, бұл құбылыстың да өзіндік психологиялық астары бар. «Қазақ журналистикасы» кітабының үшінші томында ғалым С. Медеубековтың «Қазақтың ауызекі көсемсөзі» атты ғылыми мақаласы жарияланған. Аталмыш мақалада «терме» өнерінің танымдық-тағылымдық мәніне ғылыми байламдар айтылады. Мәселен, қазақ халық поэзиясында әуен, мақамсыз айтылатын өлең, жырдың жоқ екенін, қанатты сөздер мен шешендік ойларды айтқанда сөйлемдер мен тармақтар белгілі бір әуезділікке бағындырылатынын айтады. Сондай-ақ, бұл жағдай нақты сәттегі психологиялық жағдайға байланысты айтушының дауыс бояуына, үнінің тембріне, жан дүниесінің өзгеруіне қарай әрқалай құбылып отыратындығын келтіреді. Осылай деп ғылыми пікір келтірген зерттеуші, сөз бен музыка үндестігіне былайша тұжырым жасайды: «Терменің жанрлық сипатын айқындайтын екі компонент бар. Бірі – әдеби негіз де, бірі – музыкалық тұғыр. Бұлар қобыздың қос шегіндей бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Терменің табиғатын анықтарда бұл екеуін қатар алып жүрмесе, ойымыз олқы, сөзіміз жалқы болып табылады» [126, 333 б.]. Зерттеуші ғалымның «термеге» қатысты осы тұжырымдарының айтыс өнеріне де қатысты тұстары көп. Біріншіден айтыс жырлары да саз аспабының сүйемелдеуімен, белгілі бір әуен-сарынмен айтылады. Яғни, жыр мәтіні әуенмен әрленіп, тыңдаушының жан дүниесіне ерекше әсер береді. Туралап айтсақ, әуен-саз сөзді тірілтіп, жырдың өн бойына қан жүгіртеді. Тыңдаушы немесе көрермен айтыс үстінде айтысушы ақындардың бірнеше қасиет қырларының куәсі болады. Олар: ақынның жанды бейнесі, ым-ишараты, үн әуезділігі, сөз мағынасы, домбыра қағысу, жауаптасу, қайымдасу шеберліктері. Мұның сыртында айтысушы ақынның білім-парасаты, ойлау өресі, шабыты (арқасы) сияқты көрермен тікелей көріп, түйсіне алатын көптеген сипаттары тағы бар. Міне, айтыс өнерін халықтың ежелден қызыға көріп, тамашалауында осындай сырлар жатыр. Зерттеуші ретінде һәм осы өнердің ішінде жиырма жылдан астам уақыт жүрген айтыс ақыны ретінде көріп, сезген немесе естіген мына жайттарды айта кетудің артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Керісінше, бұл ойлар айтыс табиғатын тануға біртабан жақындата түсері сөзсіз. Алдымен ақынның әуеніне тоқталсақ. Айтысушы ақынның дауыс ырғағы (тембрі) мен әуені оның суырыпсалып айтып отырған жыр шумақтарының мәнінен ешбір де кем емес. Кей жағдайда, әншілік-термешілік қасиеті басым, бірақ ақындық қуаты төмен айтысушылар көпшіліктің ықыласына бөленіп, абыройлы болып жатады. Ал, керісінше сөзі салмақты терең ойлар айтып отырған ақынның әуенсарыны төмен, әуезділігі жағымсыз естіліп жатса, ондай айтыскерлерді көпшілік немқұрайды тыңдап, селқос отырады. Бұл да айтыс өнерінің өзіне тән бір қыры. Екіншіден, ақынның киген киімі, отырыс-тұрысы, домбыра қағысы, сахнадағы еркіндігі сияқты мәселелердің де айтысқа тигізер әсері мол. Айтыста астарлы сөз, нақыл, мақал-мәтелдерді де жиі қолдануға тура келеді. Ұлылардың сөзінен дәлел (цитата) қолдану сәттері де жиі кездеседі. Мұндай жағдайда үтір, көп нүкте, леп белгісі, тырнақша сияқты емлелік ен-таңбалардың рөлін ақынның бет-жүзі, ым-ишараты, дауыс интонациясы атқаратыны белгілі.

Айтысушы ақын осы мүмкіндіктердің барлығын дұрыс орындай білсе, ол да шеберліктің үлкен белгісі болып саналмақ. Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде айтыс өнері туралы түрлі пікірлер баспасөзде жиі жарияланып келеді. Мәселен, белгілі айтыс ақыны Серік Құсанбаев «Жас Алаш» газетіндегі «Өсіреміз деп жүріп өшіріп алмасақ жарар еді» атты мақаласында айтыс мақамы туралы төмендегідей пікірлер келтіреді: «Әр ақынның өзіне, мекен еткен өңіріне тән мақамдары, домбыра шертістері болушы еді. Көзі қарақты көрермендер теледидардан көрмей-ақ, радиоқабылдағыш арқылы қай ақынның кіммен айтысып жатқанын сазына, әуеніне қарап-ақ айыра алатын. Ал қазіргі айтысқа лек-легімен, топ-тобымен қосылып жатқан жаңа буын ақындардың жаттап алған екі-үш әуені бар, соны қайталап айта беруден не жалықпайды, не шаршамайды» [127, 5 б.]. Айтыс өнеріне қатысты айтылған сынның салмақты жағы осы әуенмақамға байланысты. Мұның өзі айтыскер ақынға мағыналы жыр мен қатар әуезді мақамның да қаншалықты қажет екендігін аңғартса керек. Сонымен, айтысқа қызығушылықтың осындай қасиет-қырлары бар екендігіне көз жеткізе отырып, негізгі тақырыпқа оралайық. 1991 жыл халқымызға Тәуелсіздік әкелген ырысты, бақытты жыл ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Тәуелсіздік алған қазақ халқын толағай проблемалар күтіп тұр еді. Арал азып, жер тозып, полигон зардабы халықты әбден күйзелтіп біткен болатын. Экономика құлдырап, рухани дүниеміз жұтаң тартып, тек Тәуелсіздік атты ұлы ұғым ғана санаға сенім ұялатып, болашақтан күдер үздірмеді. Дәл осы сәтте айтыс өнері ұлттық идеология жаршысына айналды. Қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздіктерді өткір сынға ала отырып, айтыс ақындары халықтың болашаққа деген намыс-жігерін оята білді. БАҚ-ның ішінде теледидардың пәрменділігі артып, айтыс ақындарының жалынды жырлары бүкіл Қазақстан аумағына тарап жатты. Халық сезініп отырған қиыншылық пен жоқшылықтың уақытша екендігін, ең бастысы, ел амандығы, сол елдің Азаттығы екендігін айтыс ақындары жырға қосып, мұңға, сары уайымға берілудің қажеті жоқтығын тілге тиек етті. Көкшетаулық ақын Баянғали Әлімжанов Дәулеткерей Кәпұлымен болған айтысында осы айтылған жағдайларды былайша түйіндейді:

«...Азаттық ата жолы жалғаса ма,

Біреулер балағыңа жармаса ма?

Қан кешіп аталарың армандаған

Елімнің осы күнгі азаттығын

Кім кәне, айырбастайды колбасаға?» [128, 371 б.]. Үнемі көкейкесті, келелі мәселелерді қозғап жүретін ақын Б. Әлімжанов айтыстарының әлеуметтік мәні қоғамдық маңызын екшеп айтуға болады. Ақынның саясат пен экономикадан, һәм ұлттық тарих пен әдебиеттен мол хабардар болуы оның айтыс барысында кез-келген проблеманы тереңнен қаузап жырлауына мол мүмкіндіктер беріп отырады. Мәселен, ел тәуелсіздігі әлі жарияланбаған 1991 жылдың 5-6 қазан күндері өткен Республика күніне арналған айтыста Баянғали ақын былай деп жыр толғайды:

«...Егемен деген осы не қылған сөз,

Бұл өзі қайдан, қалай табылған сөз?

Еркіндік, тәуелсіздік тұрған кезде

Халықты алдау үшін қағынған сөз,

Шынжырды мойындағы босатпауға

Қазық боп жерге мықтап қағылған сөз!
Ұмтылды азаттыққа қазақ бүгін

Қазақтың мен білемін ғажаптығын.

Егемен-сегеменді мен білмеймін

Қазақтың беру керек азаттығын...» [128, 95 б.]. Айтыс ақындарының ұлттық идеология жаршысы екендігі һәм бұқаралық пікір қалыптастыруда насихатшылдық рөл атқарғандығын осындай жыр жолдарынан анық аңғарамыз. Тәуелсіздік жылдардың қарсаңы мен азаттық алған уақыттан кейінгі кезеңдерде айтыс ақындары ұлттық идеологияның қызметін мінсіз атқара білді. Бұл туралы көрнекті ғалым, айтыс жанашыры М. Жолдасбеков төмендегіше пікірлер білдіреді: «...Тәуелсіздік алған жылдардан бастап айтыстың ежелгі дәстүріне құрмет көрсетіліп, айтыскерлердің еркін ой толғап, кең көсіле құлаштауына жол ашылды. Тілінің тұсауы кесілді. Соның нәтижесінде айтыс өнері тұла бойындағы қасиетін сақтай отырып халқымызбен қайтадан жаңаша қауышты. Ақындардың ойы да, сөзі де шешілді. Еркін ойлайтын, батыл айтатын, бетінен ешкім қақпаған кең тынысты жас буын ақындар келді. Олар қоғамдық, әлеуметік саладағы көлеңкелі тұстарды дөп басып, дәл танып, жетер жеріне жеткізіп айтуға тырысты. Жеткізіп айтты да. Ақындарға бұл тұста айтар тақырыпты да дәуір өзі даярлап берді...» [121, 6 б.]. Шын мәнісінде тәуелсіздік таңы атқан тұста қазақ қоғамында тілге тиек етер көлеңкелі тұстар мен шешуі күрделі проблемалар өте мол болатын. Бұл кезеңде ұлттық ана тіліміздің де тағдыры қыл үстінде тұр еді. Бір ғана ұлттық тілге байланысты қаншама мәселелер күн тәртібінде тұрды. Арал, Балқаш тағдыры да ақындардың назарынан тыс қалған жоқ. Қарағандыда өткен облыстық ақындар айтысында торғайлық ақын Қонысбай Әбілов осы мәселелерді көтере білді.

«Шіркін-ай көл бар ма еді Балқашымдай,

Елімнің сыймай жатқан картасындай.

Тартылуға айналды сол тереңім,

Ойы тайыз жандардың арқасында-ай!

Ойсыздарға осылай оңай бәрі,

Жан бағуды қашанда қолайлады.

Балқаш деген Арқаның шар айнасы,

Абайсызда сындырдық сол айнаны» [129]. Ақындар айтысының қоғамдық маңызы артып, әлеуметтік мәнінің тереңдей түсуіне сол кездегі ақпарат құралдарының пәрменді саласы болып саналатын теледидардың ықпалы орасан зор болды. ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап ақындар айтысын ұйымдастырушы және оны теледидар арқылы тұрақты беріліп тұруын қолға алған, ақын, журналист Жүрсін Ерман

еңбегін ерекше атап өткен орынды. Ақындар айтысының кемелденіп, өзінің ұлттық болмысын сақтап қалуына да және заманға лайық жаңаша сипат алуына да көп еңбек сіңірген һәм қамқор болған ақын Ж. Ерман екендігін қазақ қоғамы жақсы біледі. Айтыс өнерінің тұтас ұлттық сипатқа ие болып, қоғамдық маңызының арта түсуі, сөз жоқ, көгілдір экран арқылы Қазақстан халқына көрсетілуімен байланысты. Осы жағдайды дұрыс пайымдаған өнертанушы ғалымдарымыз да бұл туралы өз пікірлерін білдіріп келеді. «Ұлттың ұлт болып ұюына, өзін-өзі танып болашағын бағдарлауына ақындар айтысы ерекше үлес қосып отыр деп мойындасақ, сол айтыстың көгілдір экран арқылы отбасына жетуіне «Хабар» агенттігі жабық акционерлік қоғамының үлкен қамқорлық жасап отырғанын айтпай кету әділетсіздік болар еді» [130, 7 б.]. Осы жерде басын ашып айта кететін мәселе – ақындар айтысының теледидардан көрсетілуі – өнердің өрісін кеңейтуге қосқан замана технологиясының жетістігі екендігі. Кейінгі кездерде «телеайтыс» немесе «телевизиялық айтыстың» жанрлық ерекшелігі, көркемдік деңгейі деп атау байлып, айдар таққан сөздерді күнделікті баспасөзден, теледидардан, ғылыми мақалалар мен баяндамалардан жиі естіп, оқып жүреміз. Өзінің бастауын бағзы дәуірлерден алатын айтыс өнерінің табиғаты теледидардан көрсетілгелі мүлдем өзгеріп кетті деу ағаттық. Қазіргі айтыс та бұрынғы айтыстардың дәстүрлі жолын жалғастырып келеді. Әрине, теледидарға түсіріп, көпшілікке ұсыну механизмі барысында, пішіндік және уақыттық тұрғыдан біраз оңтайландыруға, ықшамдауға бейімделгені рас. Бірақ, бұған қарап, өмірге айтыстың жаңа түрі телевизиялық айтыс келді деп кесімді пікір айтуға болмайды. Мағынасы терең, мәнді айтыстарға уақытты молырақ беру, ақын Ж. Ерман жүргізген телеайтыстарда ертеден қалыптасқан дәстүр. Сондай-ақ, ақындардың барынша ашылып жырлауына мүмкіндік беретін «Жекпе-жек», «Аламан» айтыстардың да теледидардан көрсетілуі ұлттық өнердің табиғилығын жоғалтпауына жасалған бірден-бір қамқорлық деп түсінген жөн. Қалай десек те, айтыстың теледидардан көрсетілуін, оның бұқаралық маңызын арттырып, ұлттық идеологияның жалынды жаршысына айналуына мол мүмкіндіктер берді. Тележурналистиканы зерттеуші, ғалым М. Барманқұлов өзінің еңбегінде мынадай тұжырымдар келтіреді: «...Телевизиялық репортаждың газет репортажынан көрініп, естілетіндігі арқылы, сондай-ақ, тілші қызметінің тосындыққа, суырыпсалып айтуға негізделуі арқылы айрықшаланады. Тосын және суырыпсалып айту тақырыпты жете білмейтін адамның мардымсыз әңгімесі емес, мәтінсіз әрі әдеби сөз байлығына негізделген білімдар журналистің жүйелі әңгімесі. Ол кез келген күтілмеген жағдайда сараптап, бағалауға икемді, сұрақтарды және оқиғаның сипатын айшықтап беруде алдына жан салмайды...» [131, 172 б.]. Зерттеуші ғалымның осы тұжырымдары тележурналистерге қойылар талаптарды айқындап тұр. Бірақ М. Барманқұлов келтірген осы қисындардың

экрандағы айтыс ақындарына тән екендігін, зерделі оқырман бірден аңғарар еді. Күтілмеген жағдайда сараптап бағалауға икемді болу қасиеттері айтысушы ақындарға өте қажет қасиеттер. Самаладай жарқыраған жарықтың астында сансыз камераларға қарап отырып айтысу, айтыс ақындарына жыр айту жауапкершілігін одан сайын тереңдете түседі. Қазіргі айтыс ақындарының сөзін шағын топ немесе белгілі бір аудитория адамдары ғана тамашалап қоймайды, өткізілген жыр додасын миллиондаған көрермен көреді. Міне, бұл қазіргі айтыстың бұрынғы айтыстарға қарағанда, әлеуметтік жүгінің салмақтылығын һәм ерекшелігін айқындайтын құбылыс. Сондықтан да, қазіргі айтыс ақындары жыр сайысына осындай үлкен жауапкершіліктерді сезініп шығады. Бұл бір жағынан қазіргі айтыстың психологиялық аспектілерін көрсетсе, екіншіден ақындарды этикалықэстетикалық сипаттарының сахнаға лайық қалыптасуына мүмкіншіліктер береді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ауылдық, аудандық, облыстық, аймақтық дәрежеде өткен айтыстарды айтпағанда, республикалық, халықаралық дәрежеде қаншама сөз сайыстары өткізілді. Мұның сыртында айтыс өнері өзінің шығармашылық өрісін кеңейтіп, Мәскеуде, одан кейін Париж қалаларында болып, Еуропа жұртшылығын өз шеберліктерімен тәнті етті. «2002 жылдан бастап «Айтыс» бағдарламасы «Каспионет» спутниктік жүйесі арқылы халықаралық деңгейге шығып, аптасына бір рет алыс-жақын шетелдегі ағайындардың рухани серігіне айналып отыр» [130, 7 б.]. Көршілес өзбек, қырғыз елдерінде өткізілген айтыстар мен Қытай, Монғолия елдеріндегі қандас бауырларымыздың төл өнерге деген ықылас-пейілдері өте жоғары болды. ХІХ ғасырдағы қазақ даласында, ХХ ғасырда кеңес дәуірінде ұлттық шеңберде өткізіліп келген ақындар айтысы XXІ ғасырға иек артар тұста өзінің шығармашылық кеңістігін осыншама ұлғайтуы, оның сөз жоқ, халықтық өміршең өнер екендігін дәлелдейтін жайттар. Ақындар айтысы дамып, қанатын кеңге жайған сайын, оған деген сан-алуан қоғамдық пікірлердің де мол болуы заңдылық. Оның бірі айтыс өнерін сын садағына алушылар болса, екіншісі оның қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні зор екендігін айтып, ғылыми пікір айтушылар болды. Екіұдай, қарама-қарсы пікірдің негізгі нысанына айналса да, ақындар айтысты өзінің шығармашылық ғұмырын тоқтатқан жоқ. «Қазақстан» телеарнасында өткізілген пікірталас негізіндегі хабарда көрнекті жазушы Дулат Исабеков қазақтың айтыс өнері өз миссиясын атқарып болды, енді оның қаншалықты маңызы бар екен деген ойларын ортаға салды: «Біздің айтыскерлер айтыспайды. Кезінде Қадыр Мырза Әлі қазылар алқасының төрағасы болып тұрған кезде айтыскерлерге «Ау, қызжігіттер, айтыссаңдаршы, сендердікі айтыс емес қой!» деп талай ескерту жасаған. Айтыстың көркемдік деңгейінің төмендеп кету себебінен осындай сұрақтар туындап жатады. Бельгердің айтқан сөзін жоққа шығармауымыз керек. Германияда да айтыс болған. ХІ-ХІІ ғасырларда ағылшын әдебиетінде де болған. Ағылшындар күні-түні айтысқан. Олар жазба әдебиетінің шыңына жеткеннен кейін, баяғы ортағасырлықты қайталамайық» деген қаулыны Гетенің

өзі қабылдап барып, айтысты тоқтатқан болатын. Бір-біріңізді сылап-сипамай, осы жөнінде ойларыңызды ашық айтыңыздар...» [132, 3 б.]. Осы мәндес пікірлерді бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі оқып немесе тыңдауға болады. Мұндай көзқарастың қалыптасуына, кейінгі жылдары өткізіліп келе жатқан айтыстардағы түрлі кемшіліктердің орын алуы себеп болып отыр. Бұл кемшіліктердің түп-төркіні туралы «Қазіргі айтыстың көркемдік деңгейі» атты тарауда кеңірек тоқталатын боламыз. Пікір қайшылығының сан алуан болуы, әрине, айтыс өнеріне белгілі дәрежеде әсер етпей де қоймайды. Дегенмен де, айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын дөп басып танып, орынды пікір айтқан ғалымдарымыз бен ақын-жазушылар да баршылық. 2008 жылғы 10 қаңтарда «Ана тілі» газетінде жарияланған ақын Биғайша Медеудің «Айтыс жауынгерлік сипатынан айырылды» атты мақаласы өзінің өткір сын-пікірлерімен ерекшеленеді. Мақалада Ж. Ерманов жүргізген телевизиялық айтыс бағдарламасы өз кезінде танымдық қызмет атқарғандығы айтылады. Сондай-ақ айтыстың «Қайым», «Түре», «Сүре», «Жұмбақ», «Қыз бен жігіт» түрлерінің кең насихатталғанына оң пікір білдіреді. Бұл жобаның айтыстың жас керуен көшіне қозғау салғанын айта келіп, айтыс туралы мынадай пікірлер келтіреді: «Айтыс объектісі ежелден сын болатын. Кемшілікті нысана ете отырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің тамырын дөп басатын. Арғы замандарда, кеңес дәуірінде де сын нақты иесіне бағышталды. Сондықтан, айтыста айтылған кемшілікті басшылар тыңдап, қосшылар қорытынды шығаруға тырысты. Айтыстың қоғамдағы мәртебесі, билік алдындағы пәрмені күшті болды. Бір сөзбен айтсақ, айтыскердің аузынан шыққан сөз елдің гүлденуіне қызмет етті» [133]. Сайып келгенде, айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәнінің артуына айтысушы ақындардың шығармашылық біліктілігі мен танымтүйсіктері әсер ететіндігі сөзсіз. Егер айтысушы ақынның өзі мынадай пікір білдіріп отырса, өнердің өзектілігі қалай өміршең болсын? «Жас қазақ» газетінің 2006 жылғы 24 қараша күнгі санындағы «Дайындалып шығу Сүйінбай мен Жамбылдың кезінен бар үрдіс» атты сұхбатта айтыстағы жас буынның тегеурінді өкілі саналатын Рүстем Қайыртайұлы қазіргі айтыстың деңгейіне былай деп пікір білдіреді: «Бүгінгі айтыс заманға сай икемделген секілді. Ұнамайтын жақтары да көп, бірақ заман өзгерген соң, салт-дәстүр де соның ыңғайына бейімделіп, өзгеретін сияқты. «Бүгінгі айтыстың қоғамдағы рөлі зор» деп айта алмаймын, дегенмен өнер ретінде жақсы көрем. Ықпалы да жоқ емес, әрине. Бірақ өте аз. Меніңше, қазір айтыстың демалу сипатында халыққа әсері мол» [134]. Айтыстың сауықшылдық сипаты туралы М. Әуезов те айтқан болатын. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуын зерттеген, ғалым М. Жармұқамедұлы еңбегінде де осы мәселеге қатысты: «Шынында да театр өнері жетіліп қалыптаспаған елде, айтыстың бір кезде жұрт көңіл көтеретін, бас қосу жиындарда ден қоя тыңдап, эстетикалық ләззат алатын сауықшылдық сипаты мол болғаны рас. Айтыстың қолма-қол суырыпсалып айтылатын тың мазмұны мен тыңдаушы жұртты тез еліктіріп әкететін баурағыш қасиеттері де айрықша», – [135, 25 б.] деген пікірлер айтылады.

Кез келген рухани құндылықтар – адамзат игілігі үшін қызмет етеді. Ол рухани шығармашылықтың түрлері адамзат санасына түрлі жағдайларда әсер етеді. Мәселен, күлдіру, жылату, ойландыру кейпінде көрініс тауып, нәтижесінде адамға тағылымдық-тәрбиелік тұрғыда рухани қуат береді. Сауықшылдық, адам жанын рухани ләззатқа бөлеу, демалдыру айтыс табиғатының бір ғана қыры. Зерттеуші ғалымдар пікірлерімен келісе отырып, бұл қасиет айтыс өнерінің негізгі қырларының бірі деп те айтуға болады. Бірақ осы пікір айтыс өнеріне біржақты объективті баға емес екендігін естен шығармағанымыз абзал. Айтыс өзінің қарекет-қимылын сөз арқылы жүзеге асыратын өнер түрі. Ал сөз өнері қашаннан адамзат иігілігі үшін қызмет атқарып келе жатқандығын ескерсек, айтыстың қоғам, халық алдындағы басты қыры өзінен-өзі айқындалатыны түсінікті. 1991 жылдан бергі өткізіліп келе жатқан ақындар айтысында халқымыз бастан өткеріп отырған әрқилы проблемалар тіл, дін, діл, оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет, өнер, нарықтық жағдайдағы жер-су, экология, өнеркәсіп, өндіріс сияқты толып жатқан қоғамның көкейкесті мәселелері көтеріліп отырды. Айналып келгенде осы тақырыптардың барлығы халық мүддесі негізінде жырланып, ұлттық идеологияның негізін жасауға мұрындық болды. Сатылып жатқан жер, шетел асып жатқан қазба байлықтар, ал соның ғасырлар бойғы иесі қазақтың рухани һәм материалдық болмысын көрсету арқылы айтыскер ақындар халық санасына ой тастап, жігерін жанып, намысын оята білді. 1990 жылы Алматы қаласында өткен Наурыз айтысында павлодарлық Серік Құсанбаев қарағандылық ақын Қуаныш Мақсұтовпен болған сөз сайысында сол уақыттың саяси ахуалы және ел мен жерді аздырған полигон зардабын тілге тиек етіп, төмендегідей мәселелерді өткір көтереді:

«Жырларың жорғадайын желсін мейлі,

Дей көрме мұны достың менсінбейді.

Шығыстан сайланған бір депутатың,

Шығысты Россияға берсін дейді.

Болса екен, халқым, әр кез оң қадамың,

Сол жайды ойлауменен толғанамын.

Ол аздай Абай бабам аруағының,

Басында күнде жарды бомбаларын» [121, 161 б.]. Айтыс сайын келелі үлкен мәселе ретінде жиі айтылатын тақырып, қазақтың бірлігі мен татулық, ынтымағы жайындағы терең толғаныстар десек болады. Бір қазақты үш жүзге, руға бөлу сияқты іштен ірітетін жаман қасиет ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дерт. Кешегі би-шешен, ақынжырауларымыздың өзі «алты бақан алауыздықпен» күресіп, «бөлінгенді бөрі жейді», «алтау ала болса ауыздағысы кетеді, төртеу түгел болса төбедегісі келеді» деп халықты бірлік-ынтымаққа шақырып өткен. Дегенмен де, «ауру қалса да, әдет қалмайдының» керіндей, ұлт бойындағы осы осал қасиет ХХІ ғасыр табалдырығын аттасақ та, ұлтпен бірге жасасып келеді.

Ұлт тұтастығы туралы ұлықты ойлар ел тәуелсіздігін алған жылдардан кейінгі айтыстарда батыл айтылып, халықты бірлік, ынтымаққа үндеген өрелі сөздерді айтыс ақындары жырларынан жиі байқауға болады. Мұның өзі өскелең ұрпақты елді, Отанды сүюге шақырған идеологиялық насихат сипатында өріс алып отырды. Мәселен, осы тұрғыда айтылған айтыс ақындарының жырларына құлақ түріп көрсек. Ерік Асқаров: «Барлығы бір қазақтың баласы ғой,

Бірер сөз жұбатуға табасың ғой.

Жағдайдың желі ысырған сырттағы елім

Жанымның жазылмаған жарасы ғой...» [112, 229 б.].

Серік Құсанбаев: «...Сан жұлдыз мезгілден тыс ақпады-ма ай,

Сенің де құйындай боп аққаның-ай.

Отырған қарға тамыр қазағымды

Надандық-қараңдықтан сақта Құдай!

Бұл сөзім дей алмаймын шығар айып,

Жөн дейік мұны ағайын, құп алайық.

Бөлінбей Ұлы жүз деп, Кіші жүз деп,

Жеңнен қол, жағадан бас шығарайық» [121, 151-152 бб].

Аманжол Әлтаев: «...Қазақ елі көтерер бір жүгіміз,

Алаласақ қанайды кіндігіміз.

Қайғының тамшысына шомылмасын,

Алашым, азат күнде кірпігіміз.

Бәріміз бір қазақтың баласымыз,

Ағайын, жасай берсін бірлігіміз...» [123, 38 б.].

Дәулеткерей Кәпұлы:
«Басыңда бақ тұрғанда бірігесің,

Алтын мен мыстай болып кірігесің.

Қапыда ынтымағыңды ыдыратсаң,

Қанжілік болған оттай жінігесің...» [123, 72 б.]. 1986 жылдан бергі ақындар айтысынан ел бірлігі, ынтымағы туралы мұндай ойларды жиі кездестіруге болады. Әр айтыс сайын түрленіп айтылып отырған ақын ойлары, халық зердесіне сәуле ұялатып, белгілі дәрежеде өз жемісін беріп, ХХ ғасырға дейінгі айтыс жырлары рулық, тайпалық сипатта өрілсе, Кеңес дәуірінде ұлт тұтастығы, ел бірлігі сияқты ойлар айтылған жоқ. Керісінше он бес одақтас республикалардың достығы мен Қазақстанды мекендеген жүз отыз ұлт өкілдері айтыс жырларына арқау болды. Ұлттық ұғымдарды қастерлеу 1986 жылдың сәуірінен бастап, жайлап айтыла бастады. Ал ел тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдың желтоқсанынан кейін айтыс көшіне келіп қосылған тегеурінді жас толқын, кез келген тақырыпты тереңнен қаузап, шындықты жеріне жеткізіп жырлағанына халық куә. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуын зерттеген ғалым М. Жармұқамедұлы айтыстағы тарихи және көркем шындық туралы ойларын

былайша өрбітеді: «Қашан да айтыс қоғамдық-әлеуметтік болмыстан тыс дами алмайды. Оның құндылығының өзі де сол өмір шындығын қаншалықты терең әрі шебер бейнелейтіндігімен өлшеніп бағаланса керек. Қарсылас екі ақын айтысқанда да сол шындық басты өлшемге алынады. Алайда, осы өмірлік шындықты айтудың өзі әр ақында әртүрлі. Бұл мәселе олардың ұстанған қалыпты дәстүрі мен әлеуметтік көзқарасына келіп саяды...» [135, 126 б.]. Әрине, қолына домбыра ұстап, айтыс көшіне қосылған ақынның бәрі ғалым М. Жармұқамедұлы келтірген талап үрдісінен шыға бермейтіні тағы рас. Кейбір ақындар қарсыласының киген киімі мен сөйлеген сөзін, алдында тұрған шайын жырлаудан әріге бара алмай, тұсаулы аттай кібіртіктеп қалатындығы айтыс барысында әредік байқалып отырады. Айтыс өнеріне кері пікірдің, теріс көзқарастың қалыптасуына да осындай көріністердің себеп болып жататындығы ақиқат. Дегенмен де, қазіргі айтысқа қатысып жүрген ақындардың бәрі дерлік орта білімді тәмамдаған көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты азаматтар. Араларында ғылым кандидаты, докторлық қорғағандары да бар. Көпшілігі түрлі лауазымды қызмет атқарып жүрген жоғары білімді мамандар. Ақындарының интеллектуалдық деңгейі айтыс өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын көтеруге әбден лайық. Ішінара кейбір сөз сайыстарын айтпағанда, қазіргі айтыс жалпы алғанда жоғары деңгейде деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі айтыстың ұстанған позициясы мен әлеуметтік көзқарасы қашанда белгілі бір мақсатта тоқайласып, бір-бірімен үндес мағыналас тұрғыда дамып, жетіліп келе жатқандығын көрсетеді. Билікті мақтап, жақтап сөйлеген айтыс ақындары некен-саяқ немесе жоқ. Сайлау науқанына байланысты өткізілген айтыстардың өзі жеме-жемге келгенде билікті қолдауға емес көбіне сынауға ұласып жатады. Мәселен, Балғынбек Имашев пен Сара Тоқтамысованың айтысында Балғынбектің тілге қатысты айтқан ойлары халықтың зор қолдауына ие болды.

«Сенат пен парламентке қайран қалам,

Тіліме қарсы шығып тайраңдаған.

Жалғыздың үні шықпай тілім өлді,

Айтса да Айталыдай қайран ағам.

Тіл жайлы парламентте зор дау болды,

Бас тіл деп қазақ тілін қорғау болды.

Елімнің елеулісі есер екен,

Халқымның қалаулысы қорқау болды…» [123, 122-123 бб]. Жоғарыда келтірілген зерттеуші ғалым М. Жармұқамедұлының «Алайда, осы өмірлік шындықты айтудың өзі әр ақында әр түрлі. Бұл мәселе олардың ұстанған қалыпты дәстүрі мен әлеуметтік көзқарасына келіп саяды», – деген пікірі төмендегідей ойлардың ашылуына түрткі болып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы бес жылдығы, яғни, 1995 жылдан кейін айтыс ақындарының ішінде көзқарас пікірлердің белгілі бір арнаға оңтайланып, салалана бастағанын байқауға болады. Жетпіс жыл бойы тілімізге, дінімізге, әдет-ғұрпымызға салқынын тигізіп келген коммунистік идеология ықпалы

күшін жойған соң, азат елдің аңсарлы мұраты қайта оянып, ұлттық рухымыздың қайта түлеуі басталды. Сондай құндылықтың бірі қазақ қоғамында ислам өркениетінің жақсы қасиеттерінің жандана бастауы дер едік. Қазақтың діни эпосын зерттеуші, ғалым М. Әбдуов осы мәселелерге байланысты мынадай толғамды пікір айтады: «ХХ ғасырдың соңы қазақ халқы үшін бақытты кезең болды. Талай ғасырдан бері талауға түсіп, тапталған ел еңсесін көтеріп, өзінің аңсаған, армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Ұлттың жан дүниесі мен болмыс-бітімін танытатын бұлақтар пен бастаулардың қайнар көзі ашылып, шөлдеген халыққа зәмзәм суындай өз нәрін бере бастады...» [136, 3 б.]. Тәуелсіздіктен кейінгі айтыстарда имандылық, діни мәселелерді тереңірек қаузап, жырлаған, әрі осы тақырыпты өзінің негізгі позициясы ретінде ұстанып, қоғамда болып жатқан түрлі проблемалар түйінін сол арқылы шешуге талпынған ақындар легі пайда болды. Бұл көштің басында жаңарған айтыстың жалынды жаршысына айналған, от ауызды, орақ тілді Мұхатметжан Тазабеков бастаған бір топ ақындар бар еді. Атап айтқанда Мұхаметжанның ислам діні туралы мақсаты мен көзқарасын қолдаған Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Жәкен Омаров, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев сияқты белгілі ақындар исламның қазақ қоғамына қажеттілігі мен әлеуметтік мәнін насихаттаушылар болды. Айтыс ақындарының бұл қарекеті жеміссіз де болған жоқ. Қазақ жастарының имандылық жолын ұстанып, мешіт, медреселерге көптеп баруы осының дәлелі. Ислам діні мен мәдениетін насихаттаушы айтыс ақындары жырларының бір ерекшелігі, олар осы тақырыпты күнделікті өмірмен, қазақ қоғамының өркен жайып, өрістеуімен сабақтастыра қарағандықтары. Бұл ақындар адалдық, ізгілік, имандылық төңірегінде ой қозғай отырып, осы жақсы қасиеттер арқылы ел келешегінің баянды, бақуатты болатындығын нанымды жырлай білді. Мәселен, Мұхаметжан Тазабековтың бүкіл қазақ даласын аралап кеткен насихат жыры қаншама қандастырымыздың жүрегіне имандылық нұрын ұялатып, дұрыс жолға түсуіне түрткі болғаны белгілі. Осының өзі айтыс ақындары жырларының қазақ қоғамына әкелген әсер-ықпалы емес пе?! Мәселен, имандылық пен қоғамда орын алған келеңсіздіктерді сабақтастыра отырып қарайтын Мұхаметжан Тазабековтың мына бір жырлары өзінің маңыздылығы мен әлеуметтік тұрғысынан көпшіліктің көңіліне үлкен ой салады: «...Имансыз бұл қоғамда не істемей тұр,

Қалталылар қалғанын көзге ілмей тұр.

Пайдасы өз басынан аспайтындар,

Халықтың көз жасынан сескенбей тұр.

Бесік жыр естімеген белсенділер,

Бес күндік екеніне дес бермей тұр.

Құранды сыйға тартсаң алмайтындар,

Құдайдың бар екенін ескермей тұр...» [123, 120 б.].
Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Бекарыс Шойбековпен айтысқан
Мұхаметжан осы жыр сайысы барысында көптеген қоғамдық, әлеуметтік

мәселелерді тілге тиек етеді. Жоғарыда келтірілген үзіндінің өзінде «халықтың көз жасынан» қорықпайтын «имансыз белсенділердің» қоғам үшін қауіпті екендігін, яғни, Елбасымыз болып қолға алып күресіп жатқан коррупция мәселесін ащы сынға алып отыр. Жалпы, имандылықты жырына өзек еткен айтыс ақындарының қай-қайсысы болмасын, бақытты, баянды ел болудың негізгі тетігі дінде екендігін, нақты мысалдар арқылы дәлелдеп көрсетуге тырысады. Мұның өзі айтыстың қоғамдық маңызын арттыра түсетіні сөзсіз. Қазіргі айтыстың өресін көтеріп, көшін бастаған ақындар Қонысбай Әбілов, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Баянғали Әлімжанов, Есенқұл Жақыпбековтердің ізін ала шыққан Серік Құсанбаев, Жадыра Құтжанова, Құдайберлі Мырзабеков, Қуаныш Мақсұтов,Әзімбек Жанқүлиев, Айтақын Бұлғақовтар салған сара жолды кейінгі толқын Аманжол Әлтаев, Ақмарал Леубаева, Мэлс Қасымбаев, Айнұр Тұрсынбаевалар лайықты жалғастыра білді. Айтыс аламаны жыл сайын жас толқын, жаңа есімдермен толығу үстінде болды. Мәселен, Дәулеткерей Кәпұлы, Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков, Ермек Жұматаев, Арман Бердалин сияқты ақындардың өзі, қазір айтыстың орта буын өкіліне айналып үлгерді. Қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер мен өткір мәселелерді көтеруде осы ақындар үлкен жұмыс жасады. Қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, экономикасы мен саясаты, экологиясы сияқты толып жатқан проблемалар осы ақындар айтысының негізгі нысанына айналды. Ғасырлар керуенін көктей өтіп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тұсындағы айтыс ақындарының мұрат-мақсаттарына зер салсақ, сонау бағзы замандағы бабалар желісінің үзілмей келе жатқан дәстүрлі сабақтастығын анық байқаймыз. Өлең-жырдың көкжиегі кеңейіп, көркемдігі мейлінше артқан тұста, көкірегі ояу, көзі ашық, оқыған-тоқығаны көп, білімді ұрпақ бабалар аманатын бұрынғыдан да биіктетіп, өнердің өміршеңдік сипаттарын ажарландыра түсті. Елдігімізге сын, арымызға мін болар өмірдің өзекті мәселелері айтыс ақындарының адуынды жырларында ашына айтылды. Оразалы: «...Бүгінгі жан шығарған аппараттар,

Коррупция бауыр-құда, аталастар,

Бәрінің жүрегінде, Құдай білед,

Ақша мен таққа ғана махаббат бар.

Елім деп еңіресе шеттерінен

Ер тоқымын лақтырған асау аттар.

Астындағы атқа сенбес бұл қазақтың,

Үміттерін үкімет қашан ақтар?» [137, 269 б.].

Айбек:
«...Ежелден ең алпауыт империялар,

Қытай мен Ресей тұр қарсымызда.

Ол аз болса қырғыз бен өзбек кеп,

АҚШ-ың да жайғасты қоңсымызға.

Шетелдерге қаржылай тәуелдіміз

Бастан асар берешек борышымыз да.

Сақ болайық АҚШ-тан, батыстан да,

Менен тілек осынау халқымызға.

Ағайын, арыстанды ерттеп мінсек,

Қылыштан болу керек қамшымыз да...» [137, 270 б.]. Оразалы Досбосынов пен Айбек Қалиевтың айтысынан келтірілген осы шағын үзіндінің өзі уақыттың ауыр жүгін арқалап тұрғандығымен құнды дер едік. Ақындардың жырында ел ішіндегі коррупция, оған кінәлілер бет-бейнесі Қазақстанға қатысты әлемдік саяси қауіп-қатер мәселелері де назардан тыс қалмаған. Мемлекетіміздің саяси-экономикалық ахуалын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын дерек көздері арқылы жырлаған ақындар азаматтық журналистиканың міндетін атқара білді. Проблеманы көтере білген ақындардың кейбірі одан шығудың тиімді жолдарын да тілдеріне тиек етті. Бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіншілігі жете бермейтін, жетсе де кештеу жариялайтын ел үшін өткір мәселелер айтыс сахналарында көрерменге, іле-шала теле-радио арқылы бұқара халықтың құлағына жетіп жататын. Әсіресе, аламан айтыста сөз қағыстырған белгілі жыр дүлдүлдері М. Қосымбаев пен Б. Имашевтың айтысы тәуелсіз ел атанған Қазақстан мемлекетінің шынайы бет-бейнесін өткір тілмен өлеңге айналдырып, алдымызға жайып салғандай әсер қалдырады. «Жекпе-жек» айтыс деп аталатын бұл жыр додасына берілген уақыт көлемі мол болғандықтан, ақындар да ақтарылып жырлай білген. Мэлс: «...Қазағым қастерлеген табандыны,

Адалдықпен өрілген адамдығы.

Жаңағы өзің айтқан, өзім айтқан,

Жүйкеге тиіп тұр ғой заман мұңы.
Ағаңның шаршатпасын жаяулығы.

Қазақтың жауы қазақ болмаса екен,

Өтініш қылып айтам саған мұны.

Байлығың мырыш та емес, күріш те емес,

Байлығың басыңыздың амандығы...» [138, 177 б.]. Қазаққа тек қазақтың жани ашитындығын, жүзге бөлу саясатының отаршыл елдерге қандай тиімді болғандығын, сол сұрқия саясаттың тәуелсіздік тұсында да өз жымысқы әрекетін әлі де байқатуда екендігін Мэлс ақын осылайша тұспалдап, ашына, ашық жырлайды. Шындықты жырлауда айтыс ақындары әртүрлі көркемдік тәсілдерді еркін қолдана білген. Бұл бір жағынан жағымды әсер тудырса, екіншіден ақындардың шығармашылық шеберлігі мен ұшқырлығын танытатын тәсіл. Айтыс ақындары, мәселен, «Қыз бен жігіт», «Нағашы жиен», «Жезде мен балдыз» сипатындағы жыр сайыстарында отырып та, әлеуметтік мәселені назардан тыс қалдырмайды. Бұл әсіресе, Ш. Айдаров, А. Бұлғақов,А. Тұрсынбаева, Б. Имашев сияқты ақындарға тән қасиет. Мәселен, жоғарыда сөз еткен М. Қосымбаевпен сөз қағыстырған Б. Имашев бір кезегінде былайша жырлайды:

«...Елімнің байлығын сен байқаймысың,

«Доллар» мен «Евродан» теңге мықты.

Қаланы ауыл бүгін асырап тұр,

Себебі керегесін кең керіпті.

Қалалықтар ауылға көшіп жатыр,

Әкімдері болған соң елге құтты.

Келімсекті қуып тастап кеңсесінен,

Оралманға билік пен төр беріпті.

Тіл білмесек қызметсіз қаламыз деп,

Барлық ұлт қазақ тілін меңгеріпті

Тіл білмейтін мәңгүрттер сенделіпті...» [138, 178 б.]. Табиғатта сарказм, юморға, астарлап сөйлеуге, «мақтап отырып, мақтамен бауыздайтын» шеберлікке, шешендікке бейім қазақ халқы айызы қанып тыңдай отырып, ақиқат ауылына ат басын бұратындары да осындай өшпес өрелі өнерді жан дүниесімен түсінгендіктерінен болар. Әзіл мен қалжыңға құрылған Айнұр мен Айтақын ақындардың айтысы да айналып келгенде елдік мәселеге оралып, жыр нүктесін өрелі оймен аяқтап жатады. Айтақын: «...Айнұржан, пейіліңе тоя алмаймын,

Зулаған өлең жырға қояндаймын.

Жиырмада да жұлқынған осы қалпым,

Тоқсанға келсем дағы қоя алмаймын.

Ауылға мойын бұрғызды-ау,

Президенттің жарлығы.

Бай менен кедей теңеліп,

Дәулетті болсын барлығы [137, 95 б.]. Академик жазушы, қазақ өнерінің үлкен қамқоршысы С. Мұқанов өзінің «Айтыстар туралы» мақаласында: «...Ең алдымен қазақтың ауыз әдебиетін шығарушы ақындар туралы ескерте кететін бір жағдай, әзірге біз білетін ақындардың көпшілігі еңбекші халықтан шыққан. (Ескі феодалдық ауылда атақты ақсүйек байлардың тұқымынан шықты деген ақын өте аз естіледі. Әрине, феодал мен байлар табынан да ақындық дарынмен туған адам болуы керек. Бірақ ол кезде қазақ байлары мен феодалдары тұқымынан ақын шығуды өзіне намыс көрген, ақынды олар өлеңін сатушы кәсіп иесі деп ұққан, ақындықты олар қайыршылықтың бір түрі деп санаған. Мұндай ақындар болған.) Халық арасынан шыққан ақындардың көпшілігі өзінің өнерін, талантын сол халыққа арнаған, халық өмірін жырлаған. Сонымен қатар, олар байлар табының, оның өкіметінің қанағыштық пердесін ашып, халық алдында масқаралай білген....», – [13-16] деп жазады. Ауыз әдебиетін ыждағатпен зерттеп, халық өнеріне үлкен баға беруші С. Мұқанов сияқты зерделі жазушының бұл пікірі, бүгінгі айтыс ақындарына деген көзқарас, пікірімізді барынша байыта, тереңдете түседі. Ел тәуелсіздігін жариялаған тұста қазақ қоғамында күрделеніп, шешуі тығырыққа тіреліп тұрған проблемалар өте көп еді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары да тынбай жазып, айтып жатты. Солардың ең бастысы ана тіліміздің болашағына деген алаңдаушылықтан туындаған ұлтымыздың рухани дағдарысы болатын.

Ұлттық тілдің өрісі тарылып, адымына тұсау салынды. Кеңес дәуірінде көптеген рухани құндылықтарымыздың жұтаң тартуына немесе жоғалып кетуіне әкеліп соқтырды. Бір ғана қазақ тілі тағдырының төңірегінде қаншама руханият проблемасы шоғырланып тұрды. Аманжол Әлтаев пен Ермек Жұматаев арасындағы өткен айтыста осы тақырып жан-жақты ашылып жырланған. Аманжол: «...Ана тілі қасиетті жаралысың,

Қазақ менсінбеген соң қаралысың.

Біздердей қарапайым халық үшін,

Ананың ақ сүтіндей бағалысың.

Биліктегі шенділер шеттеткесін,

Әр күн сайын төмендеп барады ісің.

Тіліме қарсы шыққан депутаттың,

Бағасы бір-ақ тиын қазақ үшін...» [138, 42 б.]. Сондай-ақ Балғынбек Имашев пен Сара Тоқтамысованың айтысында да тіл мәселесі өткір проблемаға айналады. Балғынбек: «...Туған тіл бұтақтарын жаю керек,

Өз тілін білетіндер баю керек.

Он бес жыл қар астында ұйықтап жатқан,

Жалқауды тіл үйренбес аю дер ек.

Аюға әліпбиді үйреткендей,

Шыбықпен шеттерінен сою керек.

Сөздерін дұрыс құрап айта алмаса,

Көздерін көкшірейтіп ою керек.

Қазақша білмейтұғын қазақтарды

Үкімет, парламенттен жою керек...» [138, 125 б.]. Зерттеудің негізгі объектісі айтыс өлеңдерінің публицистикалық сипатын айқындай отырып, ақындардың кәсіби журналистика функцияларын атқарушы екендігін нақты мысалдармен көрсету екендігі белгілі. Кей жағдайларда айтыс жырларының күнделікті ақпарат құралдарындағы мақала, хабарлардан өзіндік ерекшелігі бар екендігін де айтқымыз келеді. Мәселен, газет немесе телерадио тілшісі белгілі бір проблема көтере отырып, сол тақырып аясында әңгіме өрбітіп, оны тереңнен қаузап, сараптамалар жасайды. Ал, ақындар айтысында бір объекті төңірегінде қоғамда болып жатқан сан түрлі проблемалар қатар өріліп, сабақтасып жатады. Мысалы, Қуаныш Мақсұтовпен айтысында Бекжан Әшірбаев былай деп жырлайды:

«...Бақ-дәулет ауған емес тату ұлдан,

Сақтасын мысық тілеу, заты қудан.

Кешегі сексен алты, он алтыда,

Алыптар көз ашпаған атылудан.

Тағдыры Әлихан мен Ахметтің,

Саясат қазанында сапырылған.

Атанды апорт қала – аборт қала,

Арулар сабақ алып жат ырымнан.

Тығырықтан шығар жол – тәрбиеде,

Қуаныш, осыны ұқ ақыныңнан...» [137, 210 б.]. Бекжан ақынның осы келтірілген жырында қазақ қоғамына тән бірнеше проблемалар сабақтаса айтылады. Бірінші татулық бар жерде береке-бақ болатындығы, екінші 1916,1986 жылдардағы солақай саясат кесірі, үшінші рухани азғындық, қазақ аруларының аборт жасату келеңсіздігі. Осы үш проблеманың түйіні, яғни, «тығырықтан шығар жол – тәрбиеде», – дейді айтыскер ақын. Осы айтылған сипат айтыс жырларының көбіне тән қасиет. Егер кәсіби журналистикада осы көрініс қайталанса, оны көрермен немесе оқырман басқаша қабылдаған болар еді. Яғни, журналист «бірді айтып, бірге кетіп отыр» деген сынға да қалуы мүмкін. Ал, керісінше айтыс барысында мұндай проблемалар бір-бірімен жымдаса өріліп, жыр мағынасын қоюлата түседі. Бұл сипатты айтыс жырларындағы өзіне тән ерекшелік деп бағалаған жөн. Пікіріміз дәлелді болу үшін Мэлс Қосымбаев пен Дәулеткерей Кәпұлы арасында өткен айтыстан тағы бір мысал келтіріп көрелік. Қашанда термелетіп, төгіп айтатын Дәулеткерей ақын бір кезегінде қоғамдағы біраз кемшіліктерді былай деп сынға алады: Дәулеткерей: «...Жатқа тізгін бергенде жетпіс жылдай,

Арып-ашып азапты тақым көрдік.

Дінің аман жүрекке тұнбағасын,

Құбыладан жаңылған кәпір болдық.

Оңдырмай от көсеген көсеу құсап,

Қазақы салт-санадан тақыр болдық.

Әйтеуір көз жасымды құдай көріп,

Қолға тізгін тигесін батыл болдық.

Өткен күнге салауат айтып біздер,

Азат таңның нұрымен әтірлендік.

Астанада оқушылар сарайына,

Махамбет бабамыздың атын бердік.

Болашақ жастарымыз рухтанып,

Махамбеттей болса деп мақұл көрдік.

Храпунов қиса егер бір көшесін,

Ұлы тойда болар ед татымды ерік...» [137, 152 б.]. Кеңес империясы отаршылдығының жетпіс жылдық, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы көлеміндегі қазақ халқының талайлы тағдыры Дәулеткерей ақынның осы төрт шумақ өлеңінде көрініс тауып тұр. Оған қосымша Астана қаласындағы оқушылар сарайына Махамбет есімі берілгендігінен хабардар бола отырып, енді қала көшелерінің біріне Махамбет есімі берілсе деген айтыскер тілегінен бұқара халыққа қоғамдық пікір тастап отырғандығын аңғарамыз. Осыншама ой-пікір, ақпар-мәлімет, қоғамдық пікір сияқты сан алуан өзекті мәселелерді үш-төрт шумаққа сыйғызып, халық назарына ұсыну тек айтыс жырларында ғана ұшырасатын шеберлік сипаттары. Айтыс жырларында келтірілген келелі осы үш-төрт мәселені баспасөзде жекежеке проблема ретінде көтерер болсақ, үлкен тақырыптарға айналары сөзсіз. Ақындар айтысының қалыптасып, дамып, өркендеу тарихына зер салып қарайтын болсақ, төл өнерді мемлекеттік идеология жаршысы екендігін ресми

түрде мойындаған жарлық немесе қаулы-қарар, хаттамаларды кездестірмейміз. Айтыс өнері тек халықтық, қоғамдық тұрғыда дамып, елдің рухани игілігіне қызмет етіп келеді. Тек кеңес дәуірі кезінде айтысқа мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетілген кезеңдер болған. Онда да коммунистік саясат ақындар айтысына жаны ашып, іш тартқандықтан емес, оны өздерінің идеолгиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін насихат құралы ретінде пайдаланған. Бұған 1941-1945 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының өткізілу барысындағы мемлекеттік іс-шаралар дәлел. Әрине, тәуелсіздік алған жылдары қазақ елі көптен ауызға алынбай, есімдері ел есінен ұмытыла бастаған батыр, ақын, би-шешендері сияқты тарихи тұлғаларға ас беріп, ескерткіштер орнатқаны белгілі. Тарихи тұлғаларға арналған осы мерекелік іс-шаралардың мемлекет қаулысымен бекітіліп, атап өтілгені аян. Осы шаралар аясында мерекелік бағдарламаға ақындар айтысы да кіргізілді. Бірақ бұл қаулыда ақындар айтысы ұлттық дәстүрдегі аламан бәйге, қыз қуу, аударыспақ, палуандар күресі сияқты спорттық ойын түрлері, қызық думан сипатында өткізіліп отырды. 1991 жылдың 18-19 қаңтар күндері Талдықорған қаласында өткізілген Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс, сол жылдың 27-29 қаңтар күндерінде Көкшетау қаласында өткізілген Абылай ханның 280 жылдығына арналған республикалық айтыс, 1991 жылдың 6 маусымында Оралда өткізілген Мұхит Мерәліұлының 150 жылдығына арналған республикалық айтыс сияқты көптеген сөз сайыстары тәуелсіздік алған жылдардан кейін көптеп өткізіле бастады. (Бұл айтыстардың тізімі мен тақырыптарына зерттеудің алдағы тауарларында жан-жақты тоқталатын боламыз). 1991-1995 жылдар аралығында өткізілетін ақындар айтысының тақырыптарының дені белгілі тарихи тұлғаларға арналғанымен, сөз сайысы барысында сол кезеңдегі Қазақстан қоғамы бастан өткеріп отырған сан алуан проблемалар қамтылып отырды. Мысалы, Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыста Баянғали Әлімжановтың қарсыласы Жамбыл облысының ақыны Шорабек Айдаров сол кездегі мынадай проблемаларды да ел назарына ұсынады: Шорабек: «...Көкшулан көк түтіннің арқасында,

Бұл күні өкпе, бауыр сырылдардай.

Бір күні баудай түсіп жүрмейміз бе,

Дихлофос сеуіп қырған шыбындардай.

Қазағым мен білмеймін құның қалды-ай,

Химзавод десе менің жыным бардай

Осыны ойласайық халық болып,

Қырылмай тұрған кезде түгің қалмай» [128, 27 б.]. Ақындар айтысы – тақырыптық тұрғыдан өрісі кең өнер. Сондықтан да айтыс жырларында қоғамдық проблемалар мен әлеуметтік мәселелер кеңінен қозғалады. Шартпа-шұрт сөз қағысу барысында, бір ойдан бір ой туып, айтыстың тақырып аясы әр алуан проблемалар төңірегінде ой өрбітіп отырады.

Бұл жағынан айтыскер табиғаты кәсіби публицист-журналистерге рухани жақын, әрі мүдделес екендіктерін танытады. Қоғамдық формациялардың өзгеруі адамның сана-сезіміне де өзгеріс әкелетіні сөзсіз. Жетпіс жыл бойы бір ғана коммунистік идеология құрсауында ғұмыр кешкен халықтың кенеттен азат ел болып шыға келуі адамдар санасына әрқилы әсер еткені анық. Белгілі журналист-жазушы Жақау Дәуренбеков «Шындық – сананың шырайы» атты серке сөзінде осы жағдай жөнінде мынадай тұжырымдар келтіреді: «Бейімдеушілік те түсін бермейтін, сырын алдырмайтын құбылмалы қасиет. Қазір жаңарудың желпінісімен сергіп, сілкініп, кең тыныс ала бастаған еліміздегі ой-сана дүрлігуі әлі басыла қойған жоқ. Сала-саланың бәрінде ізгілікті мақсатпен жаңаша бағалар беріліп жатыр. Зейінді көзқарас, зерделі ойлар, терең тұжырымдар, өмір тынысын тап басқан толғамдар көбейе түсті» [139, 190 б.]. 1986 жылдың сәуірінен басталған жариялылық ұлт тарихы үшін сәтті оқиғаларға бастау болды. Ел тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылға дейінгі бес жыл Қазақстан қоғамына еркін ойлау, батыл көзқарас қасиеттерін белгілі дәрежеде қалыптастыра бастады. Түбегейлі азат ел болу идеясы сексенінші жылдардың соңына қарай жарқын-жарқын естіле бастады. Тәуелсіздікке дейінгі соңғы бес жыл қазақ интеллигенциясының санасына соны серпілістер, тың ойлар ұялатты. Қазақ халқы ғасырлар бойы армандаған Азаттық таңын аз да болса осындай сергек сезіммен қарсы алғаны ақиқат. Бұқара халықтың көзқарасы қашанда оның өнері мен мәдениетінде, әдебиеті мен баспасөзінде көрініс тауып жатады. Біздің осылай деп пікір айтуымызға сол жылдардағы айтыс жырлары куә бола алады. Ел тәуелсіздігін әлі жариялай қоймаған 1991 жылдың 5-8 қыркүйегінде Павлодар қаласында «Невада-Семей» қозғалысы аясында жүргізілген «Халық денсаулығы» атты халықаралық көркем-публицистикалық акция аясында өткен республикалық айтыста Баянғали Әлімжановтың шымкентік ақын Әселхан Қалыбековамен болған сөз сайысында полигон зардаптары туралы ойларын былайша түйіндейді: Баянғали: «...Халқымды осылай деп алдайды екен,

Ар-ұят күштілерде болмайды екен.

Бұл бомба зиян емес, пайда болса,

Астында Кремльдің жармай ма екен!

Не дейміз ағайындар бетсіздікке?

Билікті бермеу керек епсіздікке.

Бомбалар жарылса егер, білесіздер,

Жер ана кетер сіңіп шексіздікке...» [128, 84 б.]. Айтыс ақындарының осылай батыл, ашық сөйлеуі, сөз жоқ, егемендігін жариялап үлгерген ел қоғамындағы демократиялық үрдістің алғашқы аяқ алысын аңдатады. 1991 жылдың желтоқсанына дейінгі Қазақстанда болған сан алуан оқиғалар мен жаңару-жаңғыру сипаттары халықтың саяси көзқарасын

біршама қалыптастырып, Тәуелсіздік тұғырына көтерілуіне алғышарттар жасады. 1986 жылғы сәуір идеологиялық өзгерістердің бастауы болды. Оның үстіне сол жылдың желтоқсанында Алматыда болған қазақ жастарының ұлтазаттық қоғалысы, жетпіс жыл бойы шемен болып жатқан коммунистік идеология тоңына сызат түсірген болатын. Қоғамдық өмірде болып жатқан осындай тарихи жағдаяттар, Тәуелсіздікке қадам басқан ел санасына елеулі өзгерістер әкелді. «Жаңа кезеңге бет бұрған қоғамның қазандай қайнап, сапырылысқан ойлардың тоғытылып келуі, іште жатқанды сыртқа шығаруымыз заңды да құбылыс. Мұнан байқалар ең басты сипат – қоғам оянып, сілкініп, шындықты іздеуде. Өйткені бар нәрсенің түп қазығы – шындықта...» [139, 195 б.]. Тәуелсіздік қарсаңындағы немесе одан кейінгі өткізілген ақындар айтысынан зерттеушілеріміз келтірген осы пікірдің сипатын көруіміз де заңдылық. Әсіресе, «аттың жалы, түйенің қомында» аяқасты сахнада туындайтын айтыскерлер сөзін ертеден жүрек түпкірінде «қазандай қайнап, сапырылысқан ойларының» жанартауша буырқанған сәті деп түсінген жөн. 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысы қазақ жастарының жүрегіне жалын, жігеріне рух ұялатты. Жетпіс жыл бойы октябрят, пионер, комсомол болып, ес біліп, етек жиып, ержеткен өрімдей жастар өздерінің қазақ екендігін ғасырлар бойы қалыптасқан ата-дәстүрі, салт-санасы бар ұлт ұрпағы екендіктерін саналарына сіңіре бастады. Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған республикалық айтыста Қуаныш Мақсұтовпен сөз қағыстырған Мұхаметжан Тазабеков жырынан сол кездегі қазақ жастарының қоғамдық көзқарасы мен ұлттық рух қуатын анық байқауға болады.

«...Тәуелсіз ел болған соң көш үлкейді,

Ел болды деп кім бірақ есіркейді.

Жылқы мінез қазағым қамсыз болсаң,

Қорқаулар қоң етіңді кесіп жейді.

Басқа қандай қателік жіберсең де,

Жастар барда отыңды өшірмейді.

Ал, енді азаттықтан айырылсаң,

Келе жатқан еш ұрпақ кешірмейді...» [123, 134 б.]. Ой азаттығы, сөз бостандығы рухани шығармашылықпен айналысатын адам үшін ең биік өлшемдер. Белгілі бір шеңберден шыға алмай, идеология кесіп берген кеңістікте қалу, шығармашылық адамды рухани күйзеліске немесе дағдарысқа ұшыратады. Рухани тәбеті тартпаған, жаны қаламаған тақырыпты айту, жазу баянсыз, ғұмырсыз шығарманы дүниеге әкеледі. Әрине, ондай шығармалар тек ақпараттық, мәліметтік, деректік мәнге ие болғанымен, рухани құндылық өресінен табылмасы анық. Тәуелсіздік тұсындағы ақындар айтысына зер сала отырып, ұлттық рухтың өшпес қуатын танимыз. Айтыс ақындары Тәуелсіздіктің келгендігін ғана жырлап қоймай, оның баяндылығын, тұрақтылығын жан дүниесімен беріліп, жырлауы осындай ұлылықты аңғартады. Жоғарыда келтірілген Мұхаметжан ақынның: «Ал, енді азаттықтан айырылсаң, Келе жатқан еш ұрпақ кешірмейді», – деген сөздерін халыққа айтқан насихаты, жастарға берер тағылымы деп бағалаймыз.

Ең бастысы қазіргі айтыс өзегінің шындыққа құрылуы. «Шындық та – санаға тәуелді. Санамыз өспейінше, биік дәрежеге көтерілмейінше қоғамға, әлеуметке ауадай қажет шындықтың да шырайы кірмейді. Онсыз баршамыз болып бет түзеп, болашақтың бағдарламасына негіз етіп ұмтылып отырған ізгі, демократиялық қоғам құру жұрт көңілінен шығып, жүректерді жаулап алуы екіталай. Ақыл мен шындық айналасына нұр шашып, шапағатын жаю үшін оған қолайлы жағдай, қоғамдық орта керектігін естен шығаруға болмайды» [139, 195 б.]. Ғалымдар келтірген бұл пікірдің қаншалықты маңызды екендігін уақыт көрсетті. Тәуелсіздік жылдарындағы ақындар айтысы мемлекет тарапынан ресми мойындалмаса да, рухани тұрғыдан кең қолдау тауып отырды. 1995-1996 жылдары өткізілген Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО-лық, халықаралық деңгейлерде аталып, халықтық мерекеге айналды. Ең бастысы, осы үлкен мерекелік шараларда республикалық, халықаралық деңгейдегі ақындар айтысы өткізілді. Әрине, осындай мерекелік шаралар бағдарламасына ақындар айтысының енуі, ұлттық өнерге көрсетілген мемлекеттік қамқорлық, құрмет деп түсінеміз. Мұның сыртында халқымыздың қаншама тарихи тұлғаларын еске алу шаралары өткізілді. Осы шаралардың барлығында жыр сайыстары өткізіліп, халықтың рухын, намысын оятуда айтыс өнері үлкен рөл атқарды. Қазақстанның әр аймағында, жылына кем дегенде бес-алты ақындар айтысын өткізу, аталмыш өнердің өрісін кеңейтіп, жалпы республикалық сипатқа ие болуына қолайлы мүмкіндіктер туғызды. Осы мүмкіндік айтыс өнері арқылы ұлттық идеологияны, патриотизмді, ұлттық ынтымақты сақтай отырып, Тәуелсіздік баяндылығы жолындағы елдік мақсат-мұраттарды халық санасына сіңіру болып табылды. Белгілі публицист Ермек Мұқанғалиев «Ұлттық ерекшелік – мемлекеттің ерекшелігі» атты көсемсөзінде «Адам – адам болып, ұлт – ұлт болып қалыптасуы үшін оның діні, тілі, салт-дәстүрі болуы керек», – дейді. Сондай-ақ, аталмыш мақалада қазақ халқының бұл құндылықтары жыл өткен сайын әлсіреп, еліміздің болашағы саналатын жастарға қажет болмай бара жатқандығы айтылады. Осылай деп пікір келтірген автор, ұлттық идеология жөніндегі ойларын былайша түйіндейді: «Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық мүддені қорғау мақсатында талай партиялар, қозғалыстар, ұйымдар құрылды. Бірақ та олардың басты кемшілігі, осы проблеманы шешу жөнінде теориялық негізделген ұлттық идеологиясы болмады. Соның салдарынан олардың алға қойған мақсаты халыққа түсініксіз болып, ақыр аяғында сәтсіздікке ұшырап отырды...» [140, 3 б.]. Ұлт болып қалыптасудың негізгі алғышарттары ретінде дін, тіл, салтдәстүрді қарастырып, әрі осы категориялардың ұлттық идеологияға тікелей әсер-ықпалы болатындығын пайымдасақ, онда аталмыш сипаттардың ақындар айтысында үнемі көрініс беріп отыратындығын еске салғымыз келеді. Тәуелсіздік жылдарындағы айтыс жырларынан осы айтылған мәселелерді молынан ұшыратамыз. Мұхамеджан Тазабеков пен Мэлс Қосымбаевтар

арасындағы сөз сайысында қазақ қоғамында орын алып отырған көптеген келеңсіздіктер ащы сынға алынып, халық санасына сілкініс берердей үлкен ойлар айтылады. Бір айтыстың өзінде осыншама мол мысалдар, күрделі проблемалар шиеленісі көрініс тауып жатса, жапы ақындар айтысында қаншама мәселелер қозғалатындығын ойша шамалауға болады. Мұхамеджан: «...Тарихта қай тұнбадан былғанбадық,

Мысалды отырғам жоқ тыңнан алып.

Орысша оқымаса өспейді деп,

Баланың тәрбиесін бұрмаладық.

Ресейлік Алланың әнін сүйіп,

Ал, Алланың Құранын тыңдамадық.

Қазағымның Болатын «Бутя» деп,

Ана тілдің ақ жүзін тырмаладық.

Абайдан Пушкин мықты дегендердің

Қолын алып, төсіне гүл қададық.

Желтоқсанның жеңісі болмағанда, Судай боп сіңер едік құмға барып...» [123, 141 б.]. Айтыстағы осы бір үзіндіде жоғарыда келтірген дін, тіл, салт-дәстүр мәселесі толығымен қамтылып тұр. Мұның сыртында тарих, әдебиет жайлы ойлар мен Желтоқсан оқиғасының халыққа тигізген әсері де қамтылып өтеді. Мұхаметжан мен Мэлс арасында өткен осы айтысты толық тыңдаған немесе кейінгі мәтіндік нұсқасын оқыған кез-келген адамның санасына ұлттық рухтың сәулесі ұялары сөзсіз. Бір өкініштісі, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтыстай қазіргі айтысқа да мемлекетіміз ұлттық идеология жаршысы ретінде қарауға құлықсыздық танытты. Баспасөзде жазылып, сөз жүзінде айтылғанымен ақындар айтысын ұлттық идеология дәрежесінде тану ресми түрде қолға алынған жоқ. Ақындар айтысы өзінің қазақ қоғамына қаншалықты қажет екендігін дәлелдеген өнер. Мемлекетке спорт, туризм, экология, экономика қандай қажет болса, мәдениеттің, әдебиеттің, яғни рухани құндылықтың да маңызы сондай зор. Әсіресе, өнер, әдебиет саласына жататын ақындар айтысын Тәуелсіз Қазақстан идеологиясының негізгі тетігі ретінде пайдаланса, одан үкіметіміздің ұтылмайтыны анық. Қазіргі ақындар айтысы өзінің мазмұндық, пішіндік тұрғысынан көп өзгеріп, жетілген, заман ағымына мейлінше бейімделген өнер. Қоғамдық маңыздылығы мен әлеуметтік мәні зор өнер түріне айналып отыр. «Айтыстың психологиялық ішкі заңдылықтарының бірі – дәлелмен, логикамен сөйлеу шеберлігі» [141, 180 б.] , – дейді ғалымдарымыз. Ал, дәлел, логика дегеніміздің өзі айтыс өлеңдерінің публицистикалық сипатын айқындайтын ұғымдар. Қазіргі айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын сақтауда қазылар алқасының да шешуші рөл атқаратындығын айта кеткен жөн. Жүрсін Ерманның жетекшілігімен ұйымдастырылып, үзбей өткізіліп келе жатқан телевизиялық айтыстың аққарасын сарапқа салып, айтыс жырларының мазмұны мен көркемдік деңгейіне баға беріп, төрелік айтушы қазылар алқасының атқарған жұмысына біржақты баға беруге болмайды.

Кейінгі жылдары халық арасында айтысқа төрелік айтушы қазылар алқасы туралы әртүрлі пікірлер көптеп айтылуда. Бұл пікірлердің дені жершілдік, рушылдық сипаттардың негізінде сөз болып, қазылар жөнінде кереғар пікірлер туғызды. Әрине, бұл мәселені де негізсіз деп айтуға болмас. Бірақ, айтысқа қазылық ету және онда белгілі ақын-жазушы, ғалым-қайраткерлердің отыруы, сөз жоқ, айтыс сапасының көтерілуіне көп септігін тигізді. Айтысқа төрелік ету ертеден келе жатқан салт. Сүйінбай мен Қатағанның айтысына төрелік еткен қазылар жайлы тарихта мынадай әңгіме қалған: « - Ботам, Сүйінбай! Сен жеңдің, Қатаған жеңілді. Қатаған көппін деп мақтанды, аттың түгіндей қазақтан қырғыз қашан көп болып еді?! Бірақ, қазақ алауыз ел, әттең сен соны айтпадың, Қатаған! – деп ашуланады батыр Жантай» [21, 130 б.]. Бұдан кейін екі елдің айтысын басқарып отырған, төрағасы Қара Бәйтік Сүйінбай ақынның алар жүлдесін өлеңмен айтып беруін сұрайды. Міне, осы келтірілген мысалдар айтыс төрешілерінің қаншалықты маңызды әрі әділ шешімдер шығарып отырғандығын аңғартады. Айтысқа төрелік айтуды кез келген адамға сеніп тапсырмаған. Жыр сайысында қазылық ету сөз өнерін білетін, сол уақыттағы әлеуметтік-саяси жағдайлардан хабары бар, ел ішіндегі даулы мәселелердің ақ-қарасын айыра алатын сұңғыла бишешен, ел басқарған хан-сұлтандарға тиесілі болған. Айтысқа төрелік ету, тек жеңген ақынды анықтап, жүлде алып беру үшін ғана жұмыс істемеген. Ол айтыс ақындарының шеберлігі мен білімдарлығын, таным-түйсігін, тапқырлығын һәм елдік мәселелерді айта білуін сарапқа салып салмақтаған. Мұның өзі айтыстың мазмұндық, көркемдік тұрғыдан жетілуіне, кемелденуіне игі әсерін тигізген. Ал, қазіргі айтысқа қойылар талап деңгейі біршама кәсіби сипатқа бейімделді. Мысалы, Қарағандыда өткен Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы құрметіне арналған «Армысың, әз Наурыз» атты облыстық ақындар айтысының ереже-талаптары қазіргі айтыстың өткізілу тәртібінен біраз мағлұмат береді. Алдымен айтыстың жалпы ережесіне тоқталсақ: Мақсаты мен міндеттері: Қазақ халқының айтыс өнеріндегі от ауызды, орақ тілді ақындардың асқақ рухты жалынды жырларын өскелең ұрпақ санасына сіңіру, халқымыздың кемеңгер шешені Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың асыл қасиетін, ұлтымыздың бай мұрасын дәріптеу, мемлекеттік тілді дәріптеу. Айтысты өткізу тәртібі: 1. Айтысқа Қарағанды облысының ақындары қатыса алады. Олардың жасы шектелмейді. Қатысушы айтыскер ақындар бұрын облыстық деңгейде өткен сөз сайыстарына қатысып, ақындық қабілеті шыңдалған болуы шарт; 2. Айтыс ақындарына демеуші болам деушілерге шек қойылмайды. Кез келген ұжым ұйымдастыру комитетінің келісімімен арнайы сыйлық тағайындауға құқылы; 3. Қазылар алқасы ұйымдастыру комитетінің ұсынуымен тағайындалады. Олардың шешімі түпкілікті және ол талқыланбайды. Айтыскерлерге қойылатын талаптар:

1. Айтыс тақырыбынан көп ауытқымау; 2. Қазыбек би бабамыздың қайраткерлік тұлғасын, жыл басы Наурызды жырға арқау ету; 3. Айтыс ережесін сақтай отырып, қарсыласпен қағысу; 4. Суырыпсалып айтысу, өткір ой айта білу; 5. Сахна мәдениетін сақтай білу, ақынның сыртқы болмысы, ұлттық киім кию үлгісі.

Кесте 1 - «Армысың, әз Наурыз!» атты облыстық ақындар айтысының бағалау парағы. Алқа мүшесі

Аты-жөні Мекен-жайы, оқу орны Сах на - дағы мәде - ниет і Суырыпсалма -лық деңгейі Тақырыпты игеруі Орында у шеберлі гі (мақам әуені) Көрер - менді баура уы Айтыс -тың көрке м -дік деңге йі Қоры -тын -ды баға Ерқанат Кеңесбеков Қарқаралы қаласы

Мысал ретінде келтірілген айтысқа қойылар осындай талап-ережелер айтысушы ақындарға үлкен міндеттер жүктейді. Әрине, бұл талап-ереже қазіргі айтыстың барлығына бірдей тән емес. Әр облыс өз өлкесінде өткізілетін айтыстарға өздерінше ереже бекітіп, сөз сайысына қатысты талап-міндеттерді ұйымдастыру алқалары арқылы талқылап, бекітіп отырады. Сондай-ақ аймақтық, республикалық, халықаралық дәрежеде өткізілетін айтыстарында да ереже-талаптары әрқилы деңгейде қарастырылады. Сайып келгенде, барлығының жобасы жоғарыда келтірілген құрылым сипатында жасалынады. Ең бастысы қазіргі айтысқа қойылар осындай талап-ережелер айтысушы ақындардың кәсіби шыңдалуына жақсы әсерін тигізді. Мұның сыртында, біз сөз етіп отырған айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызының артуына бірнеше алғышарттар себеп болатыны белгілі. Айтысқа қойылатын талапережелердің де жыр мазмұнының, көркемдігінің артуына белгілі дәрежеде ықпал ететіні анық. Біріншіден, қазіргі айтыс ақындарына сөз сайысына түсу үшін барлық жағдайлар жасалынған. Теле-, радио, газет-журналдар арқылы қоғам ахуалын бағамдап отырса, қарсылас ақынның шыққан жері, облысы немесе қаласы жайлы мағлұмат алуға мол мүмкіндіктері болды. ХХ ғасырдың 80 жылдары өткізілген облысаралық телеайтыста сөз сайысына түсетін ақындар қарсылас ақынның облысына шығармашылық іссапарға барып, елдің әлеуметтік жағдайын, облыстың экономикалық ахуалын өз көзімен көріп, аралап қайтатын. Айтыскер ақынның бұл әрекеті сол кезде көбіне кәсіби журналистердің міндетіне ұқсайтын.

Осындай дайындық айтыс өлеңдерінің мазмұндық сипатын қоюлатып, дидактикалық, романтизмдік сарындардың орын алуына жол бермейтін. 1993 жылдың 25-26 маусымында Талдықорған облысының Көксу ауданында өткен Қабан жыраудың 800 жылдығына арналған республикалық айтыста Баянғали Әлімжанов пен Айтақын Бұлғақов арасындағы жыр сайысында жоғарыда келтірген сипаттарды анық байқаймыз. Айтақын: «...Баянның бізге жапқан жаласы бар,

Білемін күйеу бала аласы бар.

Еліңді басқаратын ерлерің жоқ,

Сыпырып сырттан маман аласыңдар...» [128, 196 б.].

Баянғали: « ...Бұл дағы Көкшетауды басынғаны,

Ақындар шындық сөзін жасырмады.

Өз тумаң Серік келіп әкім болса,

Бағыңның Жетісуым ашылғаны...» [128, 197 б.]. Бұл жердегі сөз қағысудың негізгі объектісі облыстарды басқарып отырған әкімдер жайлы өрбігенімен, елдің қамын ойлайтын білікті мамандардың кісілік келбеттері жайлы сөз болады. Ең бастысы, екі ақын да Көкшетау, Талдықорған облыстарының ішкі-сыртқы жағдайларын жақсы білетіндіктерін байқатады. Ал мұндай мағлұмат, дерек көздері айтыстың тартысты әрі мазмұнды болуына алғышарттар жасайды. «Айтыс – еріккеннің ермегі емес, биік өнер. Ол – сөз бен ойдың, тапқырлықтың шыңы. Сондықтан да айтыскерлерге терең білім, үлкен даярлық керек. Айтысқа әр ақын өзінше дайындалады. Бұл баяғыдан солай болатын. Тарихты зерделейді. Қоғамдық ой қалыптастырады. Ата сөзін жинайды. Шежіре ақтарады. Азаттық таңы астындағы ақындар осы үрдісті онан әрі дамытып, халықтық мәселелерді көтеруді айтыстың ажырамас бөлігіне айналдырды» [123, 9 б.]. Белгілі ғалым, өнердің үлкен қамқоршысы М. Жолдасбековтың осы пікірі Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысына берілген өте орынды баға деп қабылдаймыз. Қазіргі айтыс ақындарына терең білім, үлкен даярлық керек екендігін уақыт талап етеді. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» тәсілін қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу адам ешқашан қабылдамайды. Өнерді електен өткізіп, таразылайтын халық. Ендеше халықтың мақсат-мұратымен мүдделес өнер ғана өміршең болмақ. Айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық қажеттілігін қарапайым адамдардан гөрі айтыскерлердің өздері терең түсінеді. Әрі соны әр айтыс сайын халық зердесіне ұсынып, насихаттап отырады. Мысалы: Мұхамеджан Тазабеков:

«...Айтыс деген айтулы ой жарасы,

Екі ауыз сөзден қозған ел намысы» [123, 113 б.].

Оразалы Досбосынов: «...Бос сөзге бой алдырып бұрмаланбай,

Құнды ойды жіпке тізгін қылқаламдай.

Құлақтардың құрышын қандырайын,

Ақанның Құлагері тулағандай...» [123, 171 б.].

Мұхамеджан Тазабеков: «...Жалын сөз жас жүректен пайда болар,

Маздаған отты ұштасаң май да жанар.

«Айтыс» деген ауызша кітапхана,

Әркім естіп, қажетін пайдаланар.

Ақын айтқан сөз жетсін жүректерге,

Құранның сүресіндей ойға қонар...» [123, 215 б.].

Шорабек Айдаров:
«...Айтыскер ақын деген көзсіз мерген,

Таласта талайлыны сөзсіз жеңген.

Көпшіліктің көңілінен шыға алмайды,

Кейбір ақын көргенін көп тізгенмен...» [123, 284 б.]. «Айтыс – еріккеннің ермегі емес, биік өнер», – деген ғалым М. Жолдасбековтың сөзіне ақындардың осы жыр жолдары дәлел болса керек. Өздеріне осындай талап қоя білген ақындар, айтыстың қоғамдық маңызын көтеруге ерекше ден қояды. 1991 жылдың желтоқсанынан күні бүгінге дейін халықтың рухани қажеттілігін өтеп келе жатқан айтыс өнері бұрын-соңды болмаған биік дәрежеге көтерілді. 2004-2006 жылдары «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Қазіргі Айтыс» деп аталатын кітаптар Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресі іспеттес. Бұл үш кітапқа енген айтыс өлеңдерінде қазақ қоғамының барлық болмысы, тарихы, экономикасы, экологиясы, саясаты, мәдениеті, салт-дәстүр, тіл, діл, ел мен ердің тағдыры, оқу-ағарту саласы сияқты келелі тақырыптардың барлығы қамтылған. Қазақ қоғамының қантамырында бүлкілдеп тұрған кез келген мәселесі айтыс ақындарының назарынан тыс қалмаған.

3.2 Қазіргі айтыс және ұлттық идеология Қоғамдық жүйенің өзгеруі, халықтың өмір сүру қағидаларына түбегейлі өзгерістер әкелді. жылдың желтоқсанына дейін елдегі саясиэканомикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-рухани дүниедегі жаңаружаңғыру үрдістері түрлі қайшылықтарға толы болды. Соның ішінде руханимәдени салада біраз қиыншылықтарды бастан өткеруге тура келді. Жетпіс жыл бойы кеңестік идеология тәрбиесін көріп, соған мойынсынып келген халық, алғашқыда абдырап қалғаны рас. Октябрят, пионер, комсомол, коммунист болып ержеткен кеңес азаматтары белгілі бір жүйеге үйреніп, жалғыз идеологияның шылауында өмір сүрді. Дербес, тәуелсіз ел болған қазақ халқы үшін коммунистік идеологияны алмастыратын ұлттық идеология аса қажет болды. Бұл қажеттілік мемлекет үшін қандай маңызды болса, бұқара халық үшін одан да зәру мәселе еді. Тәуелсіздіктің баяндылығын сақтап қалу, сол мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқы үшін қастерлі міндет болатын. Ел экономикасында түбегейлі өзгерістер белең алып қоғам жаппай нарықтық қатынастарға көше бастады. Қазақстандағы саяси экономикалық жаңару, мемлекеттің барлық жүйесіне өз әсерін тигізді. Жекешелендіру науқаны

көптеген қоғамдық салаларды тұралатып-ақ тастады. Бұл науқаннан халықтың әдебиеті мен мәдениеті, өнері сияқты рухани салалары да тыс қалған жоқ. Халыққа жаңа ұлттық идеология мұраттарын ұсынады деген БАҚ салаларының өзін тұрмыстық ауыртпашылық жаншып жіберді. Ұлтты белгілі бір мақсатқа, мүддеге біріктіру жайлы мүлдем айтылған, жазылған жоқ десек жаңсақ болар еді. Жазушы-ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлері бұл тұрғыда өз ойларын БАҚ арқылы білдіріп жатты. Бірақ көпшілікті ұйытып, соңдарынан ерте алмады. Қалыпты жағдайды уақыттың өзі жасады. Экономика түзеліп, саяси жағдай тұрақтала бастады. Ұлттық идеология төңірегіндегі пікірталас та осы кезеңдерде белең алды. Бір өкініштісі, ұлттық идеологияның негізгі тетігі ретінде дөп басып көрсетер, сырт көзге қалқан қылар рухани құндылығымызды әлі айқындай алмай келеміз. Бәлкім ол ғасырлар бойы желі тартып, қалыптасып келе жатқан дәстүрсалтымызда немесе әдебиет пен мәдениетімізде, өнер-білімде, оқу-ғылымда там-тұмдап болса да жүзеге асып жатқан шығар... Тек соның көзін ашып, бұқара халыққа көрсете білуге құлқымыз жетпейтін сияқты. «1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан шын мәніндегі тәуелсіз және демократиялық мемлекет болу мүмкіндігіне ие болды. Алда саяси және экономикалық өзгерістер стратегиясын белгілеу міндеттері тұрды. Әсіресе дамудың мынадай жолдарын белгілеп алу керек болды: экономикада – нарықтық-қатынастарды тұрақтандыру; саясатта – азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру. ...Қазақстан Республикасы өз атын өзгерткенімен, өзінің саяси құрылымының ішкі мазмұнын әлі толық жаңарта алған жоқ еді. Халықтың көпшілік бөлігінің сана-сезімінде кеңестік дәуір дүниетанымының сарқыншағы басым еді...» [142, 148 б.]. Тарихшыларымыз осылай деп баға берген Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан халқы үшін сындарлы кезең болатын. Кеңестік идеология сарқыншағын санадан тазартып, елді ұлттық мүдде бағытына топтастыруға үндеген халық шығармашылығы өкілдерінің алдыңғы легінде ақберен жырдың иелері айтыс ақындарының болғандығын тағы да тілге тиек етеміз. Бүгінгі күні айтыс өнері туралы қоғамдық көзқарас екіұдай пікір білдірсе де, біз анық бір ақиқатты мойындауымыз керек. Ол ақиқат – тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылдан 2006 жылға дейінгі он бес жыл бойы айтыс өнері ұлттық идеологияның жалынды жаршысы, насихатшысы болғандығы. Айтыстағы болмашы кемшіліктер мен олқылықтарды жіпке тізе бергенше, оның ұтымды, қазақ қоғамына қажетті орасан зор мүмкіншіліктерін тілге тиек еткеніміз абзал. Бұл жерде 1991-2006 жылдар шартты түрде алынып отыр. Өйткені Тәуелсіздіктің алғашқы он бес жылы елдің ел болуын, қазақтың ұлт болып ұйысуының сипатын айқындаған жылдар болды. Ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің тұрақтылығын сақтап қалуда бұл он бес жыл, ұлт тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Бұл туралы елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында былай деп жазады: «...Ақырында ұлттық тарихтың соңғы он жылы, дәлірек айтқанда, ғасырлар бойы мемлекетіміздің тарихқа кеткен есесіне өтеу болған соңғы жеті жыл, міне,

бұл кезеңнің өзіндік ішкі логикасы бар, қазірдің өзінде ұлттық санаға өшпестей болып түскен өзіндік ізі бар. Бұл кезең құқықтық, экономикалық және саяси жаңалықтарға қоса, ұлт психологиясына түбегейлі өзгерістер енгізіп, тарихтағы орнын танып-білу сезімін орнықтырды» [2, 16 б.]. Айтыс өнерінің бұқаралық сипат алып, ұлттық идеологияның ұйтқысына айналуына телевизияның септігі мол болды. Қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер, саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар сол кезде өткізілген ақындар айтысында жан-жақты насихатталып, халық назарына ұсынылып жатты. Әсіресе, дін, діл, тіл мәселелері өткір көтеріліп, бұқара халық көзқарасын осы бағытқа бұруда ақындар айтысы ерекше рол атқарды. Ақындар айтысын ұйымдастырушы әрі оның теледидар арқылы Қазақстан аумағына таралуына көп еңбек сіңірген ақын, тележурналист Жүрсін Ерманның осы жылдар еншісінде атқарған қызметін ұлт өнері тарихында қалар ерен іс деп бағалаған жөн. «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітабында айтыс өнері төңірегінде болған текетірес пен талас-тартыстың барлығын бастан өткерген Ж. Ерман былай деп жазады: «...Оның алдындағы жылдары «Айтысқа» жасалған қысым-қиянат ойға түссе, әлі күнге аза бойым қаза болады. Тоқырау тұманының арасынан шырылдап шыққан ақындар айтысының ащы шындық дауысы әркімдердің-ақ шамына тисе керек. Әр айтыстан кейін телерадикомитеттің төрағасы К. Смайлов үлкен үйге шақырылатын. Ол «ана жерін қиып таста, мына жерін өшіріп таста» деген нақты нұсқаулармен оралатын...» [122, 126 б.]. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы айтыс ақындары кәсіби тұрғыдан сауатты, оқыған-тоқығаны көп білімді жырларын, нақты дерек, айғаққа, шындыққа, негіздеп айтатын. «Бүгінгі айтыс пен кешегі айтыстың деңгейі де бөлек. Қазіргі айтыскерлеріміздің бәрі де жазба ақындар. Олардың жазба ақындардан айырмашылығы – көп оқиды, көп ізденеді...» [122, 161 б.]. Айтыс ақындарының осы деңгейі олардың шығармашылық тұрғыдағы шеберліктеріне өлшем болса керек. Жоғарыда келтірілген ұлттық идеология ұйытқысы бола білгендері де, айтыскер ақындардың осы қасиеттерімен айқындалады. Ұлттық руханиятымыздың алтын діңгегі – тілді жырласа да, ар ожданның өзегі – дінді насихаттаса да, ақындар жалаң сөз, жадағай ойға барған жоқ. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі бірлік, ынтымақта екендігін айтыс ақындары шын жүректерімен сезініп, соны халыққа насихаттай білді. Саясиэкономикалық ахуалдың да, сайып келгенде, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу керектігін де айтыс ақындары баса айтып отырды. Мэлс Қосымбаевпен айтысында ақын Мұхамеджан Тазабеков осы мәселелер жөнінде ойын былайша түйіндейді: «...Жалқаулық Жаратқанға ұнамайды, Қамсыз қазақ қартайтқан ұлы Абайды. Балақ түріп, қарекет қылғандардың, Бақ келіп есігінен сығалайды. Еріншектің етігі көлеңкеде, Соқасы күн астында тұралайды. Көршіңіз байып жатса қуаныңыз,

Қуанғаннан намысың құламайды. Өйткені, сізге бөліп бермесе де, Қол жайып, ештеңеңді сұрамайды...» [123, 149 б.]. Нарықтық экономикаға көшу, қазақ қоғамында бірден белең алып кете алмады. Оның басты себебі, қарапайым халықтың жаңа реформаны толық түсінбегендігінен еді. Жетпіс жыл бойы үкіметке иек артып үйренген халыққа «өз күніңді өзің көр» саясаты, тосындау болғаны рас. Жоғарыда келтірілген Мұхамеджан ақынның жыры тура осындай халді бастан кешіп отырған уақыт көрінісін сипаттайды. Халықтың зердесіне жетер насихат жыр, ұлттық ұғымға сай өрілуі, айтыс өлеңдерінің өзіндік еркешелігін тағы бір мәрте дәлелдеп тұр. Қоғамдағы нарықтық қатынастар қағидасын халыққа дәл осылай жеткізу, ұғындыру айтыс жырларында өте мол ұшырасады. Мұның өзі біріншіден айтыстың қоғамдық-әлеуметтік маңызын көрсетсе, екіншіден халыққа тығырықтан шығудың жолын нұсқаған насихатшылдық, үгітшілдік рөлін айқындайды. Ал, үгіт, насихат принциптерінің қоғам идеологиясына қызмет ететіндігі өзінен өзі белгілі. «Кейінгі жылдардағы айтыстардың көпшілігінде бірсыпыра әлеуметтік мәселелер қозғалып, кейбір келеңсіз жайлардың сыналып ашық айтылуы, бұл өнер түрінің халыққа берер тәлім-тәрбиелік мәні орасан зор екенін айқын сипаттайды» [143, 93 б.]. Ғалымдарымыздың осы пікіріне сүйене отырып «халыққа берер тәлімтәрбие» бағытының қандай дәрежеде өрбігендігін төмендегі айтыс нұсқаларынан жақсы бағамдауға болады. Айтыс үнемі ой қақтығысы, пікір қайшылығы арқылы проблема ретінде қарастырылып отырған объектінің бірнеше қырын ашып көрсетеді. Бірінің сөзін бірі мақұлдап, белгілі бір тақырыпты шиырлап отырып алу, айтыс табиғатына жат. Мұның өзі кәсіби журналист пен айтыс ақынының шеберліктерін даралайтын ерекшеліктердің бірі. Мемлекеттік идеологияның бағыт-бағдарын таразылап, халық зердесіне ой тастау, айтыс жырларында жоғары шеберлікпен көрініс табады. Тәуелсіздік жылдарындағы идеологиялық ұстанымның темірқазығы іспеттес, елді 2030 жылға дейінгі саяси-экономикалық даму стратегиясына сендіре отырып, табанды еңбекке, бірлік-ынтымаққа шақырған үндеу төңірегінде әртүрлі қоғамдық пікірлердің пайда болғаны белгілі. Айтыс ақындары Бекарыс Шойбеков пен Оразалы Досбосынов арасында өткен жыр сайысында осы тақырып прогрессивті және регрессивті тұрғыдан сипатталады. Мәселен, Оразалы ақын 2030 жылға дейінгі саяси-экономикалық даму стратегиясын, халықтың сол уақыттағы әлеуметтік жағдайымен сабақтастыра отырып былай деп жырлайды: «...2030-ды ойға жиі алады, Көңілі көншігендей сұңғыла елдің. Сары бидайын сапырған сары қымыздай, Сұлыға зар болып тұр қырманы елдің. Мемлекеттің бар малы жоқ боп жатыр, Тоз-тоз боп тоқымындай сынған ердің...» [123, 172-173 бб].

Оразалының бұл ойына Бекарыс Шойбеков басқа қырынан келіп, әріптесіне басалқы сөз айтып, халықты сабырға шақырады: «...Бүгін біз егеменді ел дейміз де, Сол елдің жағдайына келмейміз бе? Бұйырса келер ғасыр ширегінде, Көркейген қазақ елін көрмейміз бе? Нострадамус болжаса сенеміз де, Назарбаев болжаса сенбейміз бе?...» [123, 174 б.]. Белгілі бір проблема төңірегінде ой бөлісіп, таразыға салу, оның күнгейі мен көлеңкелі тұстарын ашып көрсету, Тәуелсіздік жылдарында өткізілген айтыс жырларының көбіне тән қасиет. Оразалы ақынның жырларында уақыттың шынайы болмысы еш боямасыз көрініс тапса, Бекарыс ақын осы қиындықтардың бәрі уақытша екендігін, ел болып келер күннен үміт үзбеу керектігін айтады. Ұлттық идеология дегеніміздің өзі халықты белгілі бір мақсат-мүддеге біріктіру болып табылса, жоғарыдағы айтыскер жырлары осының жарқын үлгісі. Заман, қоғам қиындығын таусылып жырлай отырып, ақындар ел еңсесін көтерер өрелі ойларын да айтуды ұмытпайды. Болашаққа деген сенімін оятып, тыңдармандарын әрдайым жігерлендіріп отырады. Оразалы: «...Қазірше заман тыныш, ел аман ғой,

Жер-ана айырылған жоқ тобасынан.

Бүлінген дәл қазірше ештеңе жоқ,

Қатын өліп – қамшының сабы сынған...» [123, 177 б.]. Қай қоғамда, қай заманда болмасын ұлт идеологиясы сол елдің мақсатмүддесіне жұмыс жасаған. Ұлттық идеология мен мемлекеттік мүдде көп жағдайда қарама-қайшылық сипатта дамитындығы тағы бар. Тіл мен діл, дәстүр мен мәдениет, өнер мен әдебиет тамыры қаншалықты терең болса, ұлттық идеология қайнарлары да әріден, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихынан бастау алатыны белгілі. Ұлттық рухтың, тамыры терең болуы, оның өткені мен бүгіні, келешегіне көп байланысты. Ұранды сөз, жалаң патриотизм тез жанып, өшетін от сияқты. Оның мәңгілік маздап, өз қызуын халыққа үзбей беріп отыруы үшін өшпес өзегі, яғни, қоламтасы болуы шарт. Ол қоламта халықтың ғасырлар бойғы рухани құндылығы болып табылады. Ел тәуелсіздігінің келуін КСРО-ның құлауымен ғана қарастыратын, жеңіл, үстірт пікірлердің арагідік бой көрсетіп қалуы, өскелең ұрпаққа өнеге болмасы анық. Ұлттық идеологияны қалыптастыруда айтыс өнерінің атқарған қызметін көп жағдайда бағамдай бермейміз. Аманғазы Кәріпжановпен айтысқан ақын Ринат Зайытов бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің Азат арманын Абылай хан заманымен астастыра қарайды. «Ардақты айбын асқан Алашымнан, Ақылды азаматтар жаратылған. Ақ тулы Абылайлар дара тұлғаң, Бұқар жырау байламды бағыт беріп, Бірлігімен қазақтың бағы ашылған.

Төле би, Әйтеке мен Қазыбектер, Ой түйінін қопарған нақ асылдан. Қабанбай, Бөгенбай мен Наурызбайлар, Қазақты алып шыққан нақ асылдар. Кеңгірбай, Алшынбай мен Құнанбайлар, Ақ сұңқардай аспанда аласұрған. Ұлы Абай, Мұхтар менен Шәкәрімдей, Семейдің даласында дара туған...» [123, 240 б.]. Елдің рухын көтеру – ұлттық руханиятпен қауышудың, оның қасиет-қадірін сезінудің бірден-бір кепілі. Жоғарыда келтірілілген Ринат жыры осы пікіріміздің айқын көрінісі. Айтыс өнері туралы өткір пікір айтып, баспасөзде жиі жазып жүрген ақын Биғайша Медеудің мына пікірін орынды айтылған ой деп бағалаймыз: «...Айтысты қайтсек өз тұғырына қондырамыз? Мемлекеттік идеологияны насихаттау құралына айналдыру арқылы ғана. Ол жауынгер жанр дәрежесіне қайта көтерілуі тиіс. Неге айтысқа «жауынгер жанр» деген ұғымды теліп отырмын? Себебі, айтыс күй талғамай, кез келген жерде, кез келген уақытта кемшілікті сынады. Өзекті ойды көтерді. Бұлтты күні жарқ еткен найзағайдай рух пен намысты оятты. Елдік үшін күресті. Қай заманда да қоғамның көлеңкелі жағымен майдандасты» [133]. Тәуелсіз Қазақстан тұсында өткізілген ақындар айтысын бірыңғай оппозициялық тұрғыда өтті десек қателесеміз. Демократияның шынайы көрінісі осы жылдар еншісінде өткізілген айтыстарға тән сипат болды. Барды бағалай білген ақындар, жоқты жаба сіркелеген жоқ. Ұлттық мүддені алдыңғы орынға қоя отырып, ақындар мемлекеттік идеологияны да үнемі насихаттап жырлап отырды. Мәселен, «Елбасы Жолдауы – елдіктің арқауы», «Кенші еңбегін мадақтайық», «Республика күніне арналған айтыс», сондай-ақ Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев белгілеген «Ауыл жылы», «Тарихи ақтаңдақтар жылы», «Мәдени мұраны қолдау жылы» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында өткізілген түрлі дәрежедегі айтыстардың мақсат-мүддесі қай тұрғыда өріліп, нені насихаттағанын бұқара халық әлі ұмытқан жоқ. «Айтыс: даңқ пен дақпырт» атты мақаласында журналист Ерлан Әбдірұлы аталмыш өнердің қоғамдық маңызын саралай келіп, айтыс ақындары көтерген әлеуметтік саяси мәселелер сипатын былайша саралайды. «...Ақындар кейінгі айтыстарда көбіне елдің шынайы бейнесін ашуға (қазақ байлығының жекелеген адамдардың дорбасында кетуі, билік бөлген ақша өздері отырған кеңседен ұзамайтыны, қазақтың өз жерінде құлдың кейпін кешуі, жергілікті атқамінерлердің ойына келгенін істеуі, ауылдардағы әлеуметтік ахуалдың төмендігі, тағы басқалары) талпынып, мызғымайтын билікті шын сынмен атқылап жатыр. Сөз реті келгенде Жүрсін ағамыз ақындарды көлеңкелі жақтарды ғана айта бермей, күнгейді де жырлауға шақырған. Бірақ өзгерген ештеңе болмады. Кейбіреулері болмаса, ақындар өз міндеттерін, яғни, халықтың мұңын ел назарына шығарып бақты. Бұдан шынында да, мемлекет ахуалының (ақындардың елдің әр қиырынан келетінін ескерсеңіз) шын бейнесін көрсек керек» [144].

Осы жерде ойға алып, екшеп айтар бір мәселе – Қазақстанды тұтас қамтыған ұлт тағдыры проблемасының айтыста көрініс табуы, мемлекет ахуалының шынайы сипатын танытатын құбылыс. Ұлттық идеологияның негізгі тамыры халықтық дәстүрден, сол халық туғызған рухани құндылықтардан бастау алары сөзсіз. Мақсат пен мұрат жолындағы қандай да бір атқарылар ізгілікті іс-шаралардың негізгі тетігіне саналық қозғалыстың әсер ететіндігі ақиқат. Саналық қозғалыс дегеніміз – рухани сілкініс. Рухани сілкініс қашан, қандай жағдайда пайда болады? Әрине, саналық және материалдық тепе-теңдік салтанат құрған кездерде рухани қозғалыстар аса көп бола бермейді. Бұған кешегі кеңестер дәуірі (тамақ тоқ, киім көк, жұмыс көп) куә. 2001 жылы Семей қаласында өткен республикалық айтыста Серік Құсанбаев пен сөз қағыстырған Серік Қалиев нарықтық экономика тұсындағы халық ахуалын былайша жырлайды:

«...Болмайды десектағы күйінуге,

Алланың бұйыра ма сыйы күнде.

Әйтіп-бүйтіп нарыққа тал қармадық,

Тартып кете жаздады иірімге.

Өзің айтқан қоғамның бір кеселі,

Соқыр ішек секілді түйілуде... » [145, 105 б.]. Тәуелсіздік жылдарында өткізілген ақындар айтысының телевизиялық һәм кейіннен кітаптар мен газет-журналдарда жарияланған мәтіндік нұсқаларын зерделей отырып, ғылыми пайымдау тұрғысында мынадай мәселелерді екшеп көрсетеміз. Біріншіден, айтыста қоғам проблемасының шынайы көрініс табуы болса, екіншіден сол көтерілген көкейкесті мәселелер қашан да елдік мүдде сипатында жырланады. Үшіншіден, елдік-халықтық мақсат-мұрат бағытындағы ақын ойлары, ұлттық идеологияның негізін қалыптастыруға әсер етеді. Қарап отырсақ, бір-бірімен сабақтасып жатқан ақын жырларының мазмұндық, логикалық, идеялық ішкі тұтастығы айтыстың өміршеңдігімен қатар, өрелі, қоғамдық мәні зор өнер түрі екендігін танытады. Бұл тұрғыда халқымыздың көрнекті ғалымы Қансейіт Әбдезұлы «Ұлбике ақын және қазіргі айтыс өнері» атты мақаласында былай деп орынды пікір білдіреді: «...Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ұлттық құндылықтарымыз алдыңғы қатарға шыққан қазіргі тұста да, ақындар айтысының ұлт өміріндегі рухани қызметінің өлшеусіз өскендігін, бүгінгі күннің шындығы тайға таңба басқандай көрсетіп отыр. Соңғы жылдары жаңа белеске көтерілген, жаңаша түр тауып, ел алдындағы өтімділігі, өткірлігі арта бастаған ақындар айтысында алдымен қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің кемшін мәселелерінің көтеріле бастағанын қуана құптауымыз керек. Бұл жақсы нышан» [146-9]. Ғалым Қ.Әбдезұлы келтірген бұл пікір, айтыс өнерінің әлеуметтік мәнін көрсетумен қатар, оның «ұлт өміріндегі рухани қызметінің өлшеусіз екендігін», яғни, идеология насихатшысы екендігіне орынды меңзеу жасайды.

Айтыстың идеологиялық сипатын айқындайтын мұндай пікірлерді көптеп келтіруге болады. Дегенмен де, ұлттық мүдде тұрғысындағы айшықты ойларды айтыс жырларының өзі-ақ айқындап берді. Мәселен, жоғарыда келтірілген жыр мазмұнын айтыскер Серік Қалиев әрі қарай былай деп өрбітеді: «...Өмірде қиянатқа жол болып жүр, Қашанда жалғандығы мол болып жүр. Қазақтай жуас елге асау нарық, Тізгіні бас бермей, қолды ойып жүр. Желтоқсанда соттауға қол қойғандар, Бүгін жерді сатуға қол қойып жүр...» [145, 105-106 бб]. 1985-1991 жылдар аралығы мен ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі әлеуметтік-саяси өзгерістерді бастан кешіруі, қоғамдық формациялардың алмасуы, ғасырлар тоғысындағы тосын, тың құбылыстардың баршасы, осы уақыт еншісінде өткізілген, әлі өткізіліп келе жатқан ақындар айтысында бар болмыс, келбетімен сайрап жатыр. 1985 жылдың сәуір жылымығынан басталған қазақ халқының бастан кешкен тағдыр-талайлы жолы мен саяси-әлеуметтік жағдайы, экономикалық, тарихи тұрпаты, тілі мен мәдениеті, дәстүрі мен әдебиеті, тағы басқа толып жатқан өзекті мәселелердің бірде-бірі айтыс ақындарының назарынан тыс қалған жоқ. Ақындар айтысы ұлттық идеологияның көшін бастады. Көрнекті ғалым, айтыс өнерінің жанашыры М.Жолдасбековтің: «Халықтың рухани өміріндегі ауытқулар мен серпілістер де айтыскерлердің назарынан қалмайтын негізгі тақырыптардың бірі. Мұхамеджан Тазабеков Бекарыс Шойбековпен айтысында: «Мәсінің қонышыдай тар заманда, Кебежедей көңілін кең сақтаған» – депті. Бұл жерде Мұхамеджан өтпелі дәуірдің қиыншылығын көріп, экономикалық қыспақта отырса да, халықтың рухани байлықтан айырылмаған дегдар тектілігін айнытпай әрі өте әсерлі жеткізген» [13, 8], – деп айтқан пікірін айтыстың идеялық мәнін танытатын орынды пайымдау деп бағалаймыз. Ақындар айтысында ел мен жер тақырыбы, ақтаңдақ жылдар мен оның зәрлі зардабы назардан тыс қалмай ұлттық идеология тұрғысында халық жүрегіне жол таба білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ақындар айтысында бұл мәселе барынша өткір айтылды. Мәселен, Балғынбек Имашевпен айтысында оралман ақын Иманғазы Нұрахметұлы өз тағдырын Тәуелсіз елдің тарихымен сабақтастыра жырлайды: «...Бір кезде бірлігі мол халық едік, Білгідей билік құрған ханы болып. Кешегі тар заманның толқынында, Тоз-тоз боп әрбір жерде қалып едік. Халқыма теңдік тиіп ел болған соң, Алласы мұсылманның жары болып, Тәуелсіздік қойныңа қосты мені, Әлемнің жатыр оны бәрі көріп...» [137, 132 б.]. «Публицистика – дәуір үні» атты зерттеу кітабында ғалым Т. Амандосов, кәсіби журналистің шеберлігі тұрғысында төмендегідей пікір келтіреді:

«Фактісіз публицистика жоқ, сондай-ақ фактісіз ойды да байыптауға болмайды. Оқырмандарды тек декларациялар мен пікірлер айтумен, жалпылама, жалаң сөздермен сендіру мүмкін емес. Фактілерді жиыстырулардан, оларды көрсете білуден, салыстырудан, дәлелдей және байыптай білуден журналистің шеберлігі байқалады» [113, 26 б.]. Айтыс ақынын азаматтық журналистика функцияларын атқарушы тұлға деп танитын болсақ, ғалым Т. Амандосов пікірлерінің мәніне тереңдей түскен абзал. Жалпы, шығармашылық дүние көп жағдайда нақты және абстрактылы түрде сараланатыны белгілі. Айтыс жырларында осы екі жағдайдың да сипаты бар. Бірақ көркем шығармада кездесетін абстрактылы ұғымдар мен айтыс жырларында кездесетін (цифрсыз, цитатасыз) ой-толғамдардың жөні мүлдем бөлек. Айтыстарда айтылатын ой-толғамның өзегі нақты өмірде, қоғамда болған оқиғалар мен тарихи жағдайлардың әсерінен туындайды. Оны тыңдап немесе оқып отырған адам, ақиқаттың нағыз шынайылығына көз жеткізеді. Публицистика сипатын үнемі факті мен дерекке байланыстырып айқындайтын ғалым Т.Амандосовтың өзі бір пікірінде, публицистиканы біз келтірген уәж төңірегінде қарастырып өтеді. «Ғылым мен көркемөнер сияқты публицистиканың да объектісі өмір шындығы болып табылады» [113, 5 б.]. Ұлттық идеологияның айқын да, ашық жаршысына айналған ақындар айтысындағы сан-алуан тақырып өзегінің тоғысар түйіні, халықтық мүдде мен елдік арманмен үнемі астасып жататынын жоғарыда айтып өттік. «Публицистика – өмір шындығы» екендігін ескерсек, ел тариыхының тағдырлы болмысын өз жырына арқау еткен Дәулеткерей Кәпұлы айтысындағы мына бір толғамды ойлар халық санасына үлкен әсер етіп, сергектікке, бірлікке, Тәуелсіздіктің баяндылығы қаншалықты қымбат екендігіне үндейді: Дәулеткерей: «...Шыбын да жаным шырылдай,

Қай жаққа бетті бұрмақпын.

Асылдарымды атқызып,

Абақтыға жатқызып,

Ұлардай жұртты шулаттың.

Босқанда халық шет елге,

Аузыңнан дәмі кетер ме,

Аштықта жеген тулақтың» [137, 78 б.]. Уақытқа сын көзбен қарап, болашақты бағамдау, қашанда өткенге ой жіберіп саралаудан тұратыны белгілі. Айтыстың басты ерекшеліктері де осындай қасиеттерімен көрінуінде. Ұлттық сананы қалыптастырып, халықты белгілі бір бағытқа, ұлттық мүддеге ұйыстыруда жалаң сөз, жадағай сөздің ықпалы жүрмесі белгілі. «Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшеліктері» туралы зерттеу жұмысында ізденуші ғалым Шырынбек Қойлыбаев мынадай пікірлер келтіреді: «Қазіргі кезде айтыстың идеялық мәнінің негізгі алтын қазығы болатын тағы бір саласы, ол ақындардың қоғамдық мәселелерді көтеруі болып саналады. Айтыс ақындары бұл ретте ел мен жердің жағдайын халықтың мұңын айтыс мінберінен айту арқылы шындықтың бетін айқара ашады» [147, 12 б.].

Қазақстан қоғамында орын алып отырған түрлі кемшіліктер мен ұлт болашағына көлеңке түсірер келеңсіздіктер, ақындар айтысында барынша ашық айтылып отырды. Кез келген саяси-экономикалық қадамдардың тиімділігімен қоса, проблемасы да болатыны белгілі. Шетел инвестициясы Қазақстан экономикасына қаншалықты пайдалы болғанымен, ұлт мүддесі үшін оның қолайсыз тұстары да баршылық еді. Көршілес елдерден ағылған босқындар мен пайда қуған жымысқы топтардың қазақ халқына жаны ашымайтындығын айтыс ақындары дер кезінде аңғарып, осы жайтты проблема ретінде көтере білді. Салауат Исақаевпен айтысында ақын Серікзат Дүйсенғазин етек-жеңі кең, қазақ қоғамының бейқамдығын былайша сипаттады: «...Ағайын, арманыңа аштым құшақ, Болсын деп, үлкен-кіші, дос-құрбы шат. Ол рас қара қытай қаптап жатыр, Кәдімгі таудан аққан тасқын құсап.

Базардың барлығын кеп жаулап жатыр,

Ауғаннан ауып келген босқын құсап.

Оларды тыю ертең қиын болар,

Тоспасақ алдарынан тосқын құсап.

Қазақы көңілменен көне бермей,

Күдікпен қараған жөн қашқынға ұсақ.

Тобаға келтірмесек бәле салар,

Қорада қойға тиген қасқыр құсап...» [137, 125-126 бб]. Айтыс ақынының кәсіби журналистерге тән, ұқсас қасиетін айқындайтын басты ерекшелігінің өзі – уақыт ағымында болып жатқан өзгерістерді дер кезінде көріп, оны орынды көтере білуі дер едік. Айтысқа қатысушы ақындардың ұлттық мүддені, идеологияны жырлауы табиғи заңдылық. Өйткені сөз сайысына түсуші ақын – мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының өкілдері, яғни, перзенттері. Қандай жағдайда, қандай ортада болмасын, олар ұлт мүддесі тұрғысында сөз айтып, жыр жырлайды. Сондықтан да ұлттық идеология мұраттарын насихаттау айтыс ақындарының қастерлі, азаматтық парызы. Осы жерде басын ашып алатын мәселе – айтыс ақындарының шовинистік, ұлтшылдық пиғылдан адалығы. Олар (айтыс ақындары) қазақ халқына, оның мүддесіне қатысты қандай мәселені жырламасын, адамгершілік, азаматтық принциптерден аттап кеткен жоқ. Олар көтерген проблемалар, тарих талқысынан өткен шынайы шындық болып табылады. Қазақ ұлтының мүддесін көтерсе, ол моральдық этика нормалар тұрғысында болды. Айтыс ақындары өз халқының жоғын жоқтап, мұңын жырлады. Өз ұлтын ұлықтай білген ақындар көрші халықтардың да көңілін қалдырған жоқ. Аманжол Әлтаев пен Карима Оралова арасында өткен айтыста ақындардың азаматтық ұстанымдары былайша көрініс табады: Аманжол: «...Қазақ – Ресей ежелден көрші елміз, Жүрейік құдалардай араласып. Інің емес тең тұрған құрдасың бұл,

Мәскеу саған кеп тұрмыз дара басып...» [137, 276 б.].

Кәрима: «...Сүйінбай менен Құлмамбет, Сөз қалдырған саралап. Москваны жырлаған, Жамбылдан қалған дара бақ...» [137, 277 б.]. Ұлттық идеологияның негізгі өзегі рухани құндылықтардан бастау алатыны белгілі. Тіл мен дін, дәстүр-салт, өнер мен мәдениет, тарих пен әдебиет, ұлт баспасөзі мен ағарту саласы – осының барлығы айтыс жырларының негізгі тақырыбы болды. Мұның сыртында ұлттың ұлы тұлғалары, қоршаған орта, экология мәселелерінің де түп қазығы елдік мүдде тұрғысында өрбіп, ұлттық идеологияның сипаттарын айқындады. Осы келтірілген өзекті мәселелердің барлығы абстрактылы тұрғыда емес, нақты дерек-мәліметтер негізінде сөз болып, ел назарына ұсынылды. Айтыс ақындары көтерген осы мәселелер халықтың күнделікті көріп, сезіп отырған жағдайлары болғандықтан, оны бірден қабылдап, қолдап, қолпаштап отырады. Бұл көрініс айтыс ақынының халық мұңын жоқтаушы, ел аманатын жарыққа шығарушы өкілі екендігін танытатын құбылыс. Ұлт руханиятының негізгі тетіктерінің бірі – дін мәселесі. Өзін мұсылман елі санайтын қазақ халқы үшін ұлттық идеологияны қалыптастыратын алғышарттар ретінде ислам қағидаларын насихаттау, қоғамдық маңызды шаралардың бірі болып саналады. «Қазақтар үшін исламның рөлі едәуір және мұны түсіну, ұлттық санамыздың маңызды мінездемесіне айналғалы тұр. Бұл әсіресе, осынау ұлы да гуманистік діннің рөлі мен мәні ұзақ жылдар бойы бұрмаланып келгеннен кейінгі жерде өте маңызды» [2, 183-184 бб]. Елбасы Н.Ә. Назарбаев еңбегінде келтірілген осы пікірдің көкейкестілігі Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты маңызды екендігі өзінен өзі белгілі. Ақындар айтысындағы өзекті тақырыптардың бірі – дін мәселесі. Дегенмен де, ислам дінінің өзі бірнеше ағымдарға бөлініп, халық арасында түрлі пікірлердің қалыптасуы, қоғам үшін аса алаңдаушылық жағдайды туындатып отыр. Осы ахуалды дер кезінде бағамдап, қоғамға қозғау салар ой айтқан Айбек Қалиев ақын Мэлс Қосымбаевпен айтысында былай деп жырлады: «...Бір намазды бес қазақ бес түрлі оқып, Дінімнің де жағдайы бүгін қайғы. «Колорадо қоңызындай» миссионерлер, Елімде сайран салып жымыңдайды. Осыны заң жүзінде тоқтатпасақ, Сектадан секта туып құлындайды. Өйте берсек бар қазақ шоқынды боп, Тас құдайдың жанында қыбырлайды...» [138, 196-197 бб]. Айбек Қалиевтің осы екі шумақ жырының өзі, уақыттың аса маңызды проблемасын көтеріп тұр. Жырдағы «Бір намазды бес қазақ бес түрлі оқып», сөзі ислам дініндегі түрлі ағымдарды меңзесе, осындай берекетсіз елді басқа дін миссионерлері оңай жаулап алатындығын ескертеді. Әрі атқарушы билік назарына ұсыныс жасап, осындай келеңсіздікке қарсы тұрар заң керектігін

айтады. Әрине, осы мазмұндас айтысты тыңдап, көріп отырған халықтың ойланары сөзсіз. Мұның өзі айтыстың насихатшылдық, тағылымдық қырын көрсетеді. «Бүгінгі күрделі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер тұсында діни идеология, ұлт, қоғам өмірінде әртүрлі қызмет атқарып тұр. Ұлттық мәдени дәстүрлікті жаңғырту, тарихи сананы, имандылықты дәріптеу діннің қоғамда алатын орнын өзгертті» [96, 44 б.]. Дін тақырыбын тереңдете жырлап, халыққа кең насихат жасаған айтыс ақындарының ішінде Мұхамеджан Тазабеков есімін ерекше атауға болады. Ислам дінінің тамырын, халықтың өмір сүру қағидаларымен астастыра өріп, қоғамға қаншалықты қажеттігін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетуде Мұхамеджан ақын асқан шеберлік, білгірлігін танытты. Оның айтыста айтқан сөздері ел ішінде насихат жыры ретінде жатқа айтылып жүрді. Мұның өзі ұлттық идеологияның негізгі саласы ретінде қарастырылатын ислам дінінің халық арасындағы сенімін күшейте түсті. «...Құдайдан қорықпайтын болып алдық, Жаратса да құлым деп артық көрер. Құдай деген ол бізге құда емес қой, Қызы ұнамай қалса егер қайтып берер. Бекарыс, қай жағдаймен мақтанайық, Сақтансақ, кришнадан сақтанайық. Түбім – түрік, ал дінім – ислам ғой, Солай қарай сеніммен аттанайық. Заман азып, заң тозып бара жатыр, Қай тірлікпен, Бекарыс шаттанайық? Бұрынғының ұраны – «Аллаһу акбар», Бүгінгінің ұраны – «ап қояйық»...» [123, 117-118 бб]. Исламның басты шарты – имандылық деп танысақ, айтыс ақындарының дін туралы толғаныстары көбіне халықты ар-ождан, жан дүниесінің таза болуына үндейді. Ата-баба дәстүрінде жоқ жезөкшелік, нашақорлық, кісі өлтіру, ұрлық, зорлық сияқты жат әдеттердің барлығы жастардың имансыз, дінсіздігінен деп түсінетін айтыс ақындары, осы бағытта терең насихат жүргізе білді. «Айтыс өнері – миллиондаған аудиториясы бар құдіретті қару. Қалай десек те, халықтың рухын оятуда, намысын қорғауда, ұятын шақыруда бүгінгі айтыстың алар орнының ерекше екендігі талғамы жоғары көрерменге аян. Осынау текті өнердің қоғамды жат қылықтардан арылтуға, халықты бірлікке шақыруда, адамдарды жамандықтан тосып, жақсылыққа үндеуге үлкен үлес қоса алары айдай айқын» [148, 88 б.]. Ұлттық идеология сипатын айқындап, халықтың рухани сілкінісін, жігерін танытқан үлкен тақырыптың бірі – жер мәселесі болды. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру, сату – халықтың жаппай наразылығын туғызған даулы проблемаға айналды. Қоғамда қызу пікірталас тудырған жер сату мәселесі ақындар айтысында да өткір көтерілді. Балғынбек Имашевпен арада өткен айтыста ақын Сара Тоқтамысова осы мәселе жөнінде былай деп жырлайды: «Кейбіреу сөз бастауға татымапты,

Жырлайын жамылған соң ақын атты. Астанада Жоламанқұлақ деген ауыл, Тоз-тоз боп сынған ердей тоқырапты. Магамет дейтін бір көпес-ингуш, Бұл ауыл менікі деп тартып апты. Осындай елді кезген келімсекке, Үкімет үндей алмай жатып апты...» [138, 126 б.]. Ал, Мэлс Қосымбаевпен сөз қағыстырған ақын Айбек Қалиев бұл тақырыпты одан әрі тереңдетіп, халық басындағы замана қасіретін бірнеше проблема төңірегінде каузап көрсетеді. «...Жастарымыз наркоман шұбырынды, Алқакөл сұлама боп, жын қуып жүр. Тас құдайға табынған шоқындылар, Исламның діңгегін сындырып жүр. Мұнай, темір пайдалы қазбалардың, Қайда кетіп жатқанын кім біліп жүр? Жерімнің астын сатып, үстін сатып, Үкімет жігерімді құм қылып жүр...» [138, 192-193 бб]. Философия ғылымдарының докторы, профессор А. Айталы ұлттық идеология, дін, тәрбие жөніндегі ойларында – тоталитарлық жүйе қоғамдық ғылымдарды да мемлекеттік идеологияның қыспағында ұстап, оларды нақтылықтан, шындықтан айырғандығын айтады. Сондай-ақ, идеологиялық қызмет пен қоғамдық өмірдің арасындағы алшақтық, оның қоғамға әсерін әлсіреткендігін, идеология бұқаралық сананың көпқырлы сырын тиянақты, байыпты түсіндіріп, саяси, әлеуметтік дамуға байсалдылықпен жол көрсете алмағандығын жазады. Осылай деп ой түйіндеген ғалым ұлттық идеология болмысына былай деп сипаттама береді: «Ұлттық идея – рухани құндылықтарды жаңартуға үлкен дем береді. Отаршылдық, тоталитарлық үстемдікті басынан өткізген, жалаң интернационализмнің зардабын шеккен этностар үшін ол отарлаушы құлдықтан, ұлтсызданудан арылудың рухани тірегі. Сол себепті де бүгін өткен тарихқа, дәстүрлілікке, әлеуметтік тәжірибеге деген ынта өсіп, төлтума ұлттық ерекшеліктерге көз жеткізуге, нығайтуға күш салынуда...» [96, 134 б.]. Ұлттық идея мұраттары 1985 жылдың сәуірінен кейін қазақ қоғамында там-тұмдап болса да белең ала бастады. 1991 жылдың желтоқсанына халықтың зерде-зейіні, тарихи танымы белгілі дәрежеде оянып келді деуге негіз бар. Олай деп айтуымызға 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының идеялық, мазмұндық ерекшеліктері айғақ бола алады. Ал, тәуелсіздік жылдарындағы ақындар айтысы тұтастай елдік, халықтық мұраттарды асқақтата көтерумен ерекшеленді. Халықтың тарихи зердесін оятып, ұлттық мүдде, елдік мәселелерді көтеруде қоғамдық рухани салалардың ішінде айтыс өнері көш ілгері тұрды. Уақыттың ең зәру мәселелері мен қоғам проблемаларын көрсетуде ақындар айтысы зор рөл атқарды. Айтыстың сын садағына ілінген көкейкесті мәселелердің барлығы ұлттық мүдде бағытында өрбіді. Айтыстың ұлттық идеология жаршысына, насхатшысына айналуына

осы айтылған жағдаяттар алғышарт боғандығын уақыт өзі дәлелдеді. Сөз сайысына арқау болған сан алуан тақырыптардың негізгі өзегі, айналып келгенде, қазақ халқының рухани оянуына, тәуелсіздіктің баянды болуына қызмет жасады. Мемлекет ақындар айтысының идеологиялық қуатын ресми мойындамаса да, көтерген проблема нәтижелерінің оң шешілуіне ықтиярлы болды. Бір ғана тіл мәселесі төңірегінде болған идеологиялық теке-тірес, түптеп келгенде халық пайдасына шешілді. Әрине, сөз жүзінде солай болғанмен, шешілуі күрделі мәселелер әлі де болса көп. Ең бастысы ұлттық ождан мен елдік ар-намыстың кез келген жағдайда өз мүддесі үшін күресе алатындығын уақыт көрсетіп берді. Бұл рухани жеңістің бір ұштығы халықтың төл өнері – ақындар айтысынан бастау алғандығын нық сеніммен айтуға болады. «Тәуелсіздік жылдарындағы айтыстың басты ерекшелігі – ол кеңестік қоғамның ықпалынан шыққан біздің саяси-қоғамдық өміріміздегі идеологиялық кеңістікті толықтырды. Айтыста берілген азаттық идеясы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі аралықта біздің қоғамдық құрылымымызда басты идеология екендігін айтыс ақындары дәлелдеді. ...Айтыстағы әлеуметтік өмір шындығы, саяси күрестердің көрінісі, қоғамдағы қайшылықтардың әшкереленуі, айтыстың қазақ халқының мемлекеттік құрылымында да үлкен орын алатынын байқатты...» [108, 22 б.]. Айтыс тақырыбына қалам тартқан қай зерттеуші-ғалым болмасын, ол ең алдымен, ақындар шығармашылығының әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызына тоқталмай кеткен емес. Бұл сонау ХІХ ғасырдағы Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, А. Янушкевич жазбаларында да кездеседі. Одан беріде М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев, С. Қирабев, Б. Кенжебаев, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов, С. Садырбаев, тағы басқа зерттеушіғалымдардың еңбектерінде айтыстың қоғамдық рөлін танытатын келелі пікірлерді жиі кездестіреміз. Қандай дәуір, қандай қоғам болмасын, айтыстың қоғамдық-әлеуметтік мәні терең болатын болса, оның идеологиялық ықпалының да мол болатындығы өзінен-өзі белгілі.

3.2 Қоғамдық ой қалыптастырудағы айтыс өнерінің ықпалы Қазақстандағы саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің қандай түрі болмасын ол бұқара халық талқылауынсыз немесе пікірінсіз қолдау таппайтындығы белгілі. Елбасы жарлығымен немесе үкімет, парламент ұсыныс, қаулы-қарарларымен өмірге жолдама алған саяси-экономкалық, қоғамдық-әлеуметтік реформалардың өзегі ең алдымен халық талқысына түсіп, таразыланатыны белгілі. 1991 жылғы 21 желтоқсанда қабылданылған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы Заңынан бастап, мемлекетте болған саяси-экономикалық, тарихи-мәдени өзгерістердің барлығы қоғамда ашық жарияланып, бұқара халық назарына ұсынылып отырды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы, сондайақ еліміздің Біріккен ұлттар ұйымына мүше болуы – тәуелсіз мемлекет үшін ең алғашқы ұлы қадамдардың басы еді. Қазақ қоғамындағы мұндай айтулы

оқиғаларды БАҚ кеңінен насихаттап, халықтың ой-пікір, көзқарасын барынша ашып көрсетті. Бұл кезең Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жаңарып, жанданған айтыс өнерінің нағыз жалындап тұрған шағы еді. Қазақстанда болып жатқан кез келген өзгеріс-оқиғалар сол кездерде өткен ақындар айтысының басты тақырыптарына айналды. Мемлекетте болып жатқан оң өзгерістер, тың шешімдер айтыста ақпараттық тұрғыда ғана емес, насихатшылдық, сараптамалық сипатта көрініс тапты. Әр күні, аптасы түрлі жаңалықтарға толы, жедел өзгерістерге толы уақыттағы халық зердесін белгілі бір бағытқа икемдеу, яғни, қоғамдық ой қалыптастыру сипаттары ақындар айтысында ерекше қуатқа ие болды. Теледидар арқылы өзінің идеологиялық пәрменділігін күшейтіп тұрған айтыс өнері бұқара халық назарын өзіне жақсы аударды. Ең алдымен «Азаттық», «Тәуелсіздік» атты ұлы ұғымдарды халық санасына ұялатуда айтыс ақындары ерекше белсенділік танытты. Көрнекті ғалым, айтыс өнерінің жанашыры М. Жолдасбеков: «Айтыс – еріккеннің ермегі емес, биік өнер. Ол – сөз бен ойдың, тапқырлықтың шыңы. Сондықтан да айтыскерлерге терең білім, үлкен даярлық керек. Айтысқа әр ақын өзінше дайындалады. Бұл баяғыдан солай болатын. Тарихты зерделейді. Қоғамдық ой қалыптастырады. Ата сөзін жинайды» [149, 9 б.] , – деп айтуы біз сөз етіп отырған тақырыптың өзектілігін таныта түседі. Теледидардан беріліп, кейін мәтіндері кітап болып шыққан қазіргі айтысқа шолу жасап, зерделеп оқыған жан ақындардың жанайқайы мен рухани сілкінісінің қандайлық дәрежеде көтерілгендігін және сол сілкіністің халық мүддесімен қаншалықты үндескендігін айқын аңғарған болар еді. Ұлттық идеологияның өзегін құрайтын қоғамдық ойды қалыптастырудың әртүрлі алғышарттары болатыны белгілі. Ол мектеп бағдарламасынан бастап, жасөспірімдердің ержетіп, азамат болып қалыптасуына дейінгі аралықта санасезіміне түрлі сипаттарда әсер береді. Дегенмен де, ұлттық тағылым мен тәрбиені жастардың бойына өнер арқылы сіңдіре білу – бұл болмысы бөлек, тамыры терең рухани қуат. Мысалы, қыз бен жігіт айтысында айтылған Аманжол ақынның мына бір жыр шумақтары көкірегінде сәулесі бар қандай да бар жастарды ойландырары хақ: «...Біз айттық өнеге қып мұның бәрін, Бармайды жас дәуренде ұрынға кім. Жігіттер арақ ішпей, қымыз ішкен, Ұлтына лайық етіп ұғымдарын. Ар-намыс, ұяты бар қазақ қызы, Шолпы тағып өсірген бұрымдарын. Қазіргідей тал түсте құшақтасып, Будақтатып тартпаған шылымдарын. Ұрпақтан үміт күткен, қазақ елім, Жөн болар, мұны дұрыс ұғынғаның. Батыстың әлегіне еліктемей, Ата салтпен ер жетсін құлыңдарың» [123, 47 б.].

ХХІ ғасырға иек артып отырған қазақ қоғамындағы дәстүр-салтқа түскен кейбір келеңсіздіктерді айтыс ақындары осылайша тереңнен толғап, тебірене жырлайды. Бүгінгі қазақ қыздарының бойынан осындай жат әдеттерді, ақын ертеңгі ұлт болашағымен астастырып қарайды. Және жай ғана ескерту түрінде емес, ұлтымыздың бұрынғы жақсы қасиеттерін көрсете отырып, бүгінгі келеңсіз қылықтардан аулақ болуға үндейді. Ұлтқа, халыққа қатысты мұндай ақын толғаныстарын айтыс жырларынан мол ұшыратамыз. Қазақ қоғамындағы осындай кеселді көріністерді жырлауда айтыс ақындары үлкен шеберлік таныта білді. Ол шеберлік тұрғысы тағылымтәрбие, насихат сипатында көрініс таба отырып, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етті. Ғалым М. Жолдасбековтың жоғарыда келтірілген «айтыс қоғамдық ой қалыптастырады» деген сөзі де бекер айтлымаған. Қоғамдық ой қалыптастырудағы айтыс рөлін ол көтерген проблемалар төңірегінен қаузап көрсек ойымыз айқындала түсері хақ. Ең алдымен айтыстағы «Тәуелсіздік», «Азаттық» ұғымдарының төңірегінде айтылған айтыскерлер жырының өзі бұқара халыққа үлкен ой салғаны белгілі. Коммунистік идеология шеңберінде шырмалған халық санасына, Тәуелсіз ел ұғымының тарихи тағылымын түсіндіруде, айтыс жырларының рөлі ерекше болды. «...Азаттық орда тігіп алып белден, Түнекті жарып тастап жарық келген. Тоқсан жасқа келгенде мырза ғасыр, Қазаққа тәуелсіздік алып берген. ...Қайтпасын Қазақстан бек күшінен, Ұрпағың өрге бассын текті ісімен. Қазақтың көрген зұлмат бар қайғысы, Азаттық садағасы деп түсінем...» [137, 62 б.]. Бұл жыр – ақын Аманжол Әлтаевтың Серік Құсанбаевпен болған айтысында айтылған ойлары. Жалпы, Аманжол ақынның айтыстарында елдік, халықтық аңсар мұраттар жиі айтылып, кең көрініс тауып отырады. Азаттық идеясын жырлауда Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістерді асқақ шабытпен тілге тиек ете отырып, қараша халық санасына «Тәуелсіздік» ұғымын барынша ұялата түсуге пейілді ақын былай деп толғанады: «...Елтаңба, Ата заңым қабылданды, Көк байрақ желбіреді қыранымен. ...Тоңдарын тоқыраудың аршығамыз, Ұран сап, бұлтқа найза шаншығамыз.

Ғарышқа Алаш үнін бір естірттік, Иншалла, құтсыз емес қанжығамыз. Көк тәңір әлеміне барып келді, Тоқтар, Талғат секілді қаршығамыз» [137, 62 б.]. КСРО-дай алып империяның күйреуі, ежелден еркіндік аңсаған қазақ сияқты ұлттардың тәуелсіздікке қол жеткізуіне кенеттен мүмкіндік туғызды.

Тарихтың осындай дүрбелең сәті бұқара халық пайдасына, бақытына шешілді. «Бұл қалай болды?» – деген таңданыс кез келген қарапайым адамды толғандырғаны анық. Міне, осындай елең-алаң шақта халыққа нанымды насихат, байыпты пікір, парасатты бағдар ауадай қажет еді. Айтыс өнерінің Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, халықты қоғамдық ой мен қамтамасыз еткен рухани қуаты да дәл осы кезеңдерде көрінді. Белгілі қоғам қайраткері, кейіннен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болған Ермұқамет Ертісбаевтың төмендегі айтыс туралы пікірі де ақындар айтысының бұқаралық сипатын айқындай түсті. «Тағы бір түйсінгенім – айтыстың біріктірушілік құдіреті мол. Осы өнер сайысы үстінде өзіңнің қазақ екеніңе мақтанып, барлық қандастарыңмен бір арманға, ортақ мүддеге тоғысасың. Адамдарды тұтастыру жағынан қазаққа ең қолайлысы – айтыс» [150]. Халықты ортақ мүддеге, яғни, ел болып бірігуге, Тәуелсіздіктің баяндылығын сақтап қалуға үндеген айтыс жырлары, қоғамдық өзгерістерге дер кезінде үн қосып, оны кең насихаттап отырды. Экономикалық-саяси, әлеуметтік салалардағы қандай да бір жаңалық-өзгерістер ақындар айтысының басты тақырыбына айналып, оның халыққа тиімді, тиімсіз тұстары бұқара талқысына ұсынылды. Ринат Зайтовпен арадағы айтыста ақын Аманғазы Кәріпжанов сол тұстағы қоғам ахуалының кейбір саяси-экономикалық келбетін былай суреттейді: «...Қара Ертісті бұрып ап орнына оның, Қара Қытай қаптауы тоқтамады. Байқоңырым, Ресей боп үріп жатыр, Жер асты іштен тынып ұлып жатыр. Сыр бойынан тірлікті ысырып жатыр, Үкімет шекпендіге жерді сатып, Құлқынға ел байлығын бұрып жатыр. Ресейге тегін берген түсті металл, Төбеңнен «протон» боп ұрып жатыр...» [123, 246 б.]. Айтыскер Аманғазы Кәріпжанов осы тоғыз жолдан тұратын екі шумақ өлеңіне сол кездегі Қазақстан қоғамындағы көкейкесті бірнеше мәселені сыйғызып тұр. 1. Қара Ертіс тағдыры. 2. Қытай келімсектерінің Қазақстанға көптеп келе бастауы. 3. Байқоңыр ғарыш айлағының Ресейге ұзақ жылға жалға берілуі. 4. Соның салдарынан Сыр бойындағы шұрайлы жерлердің азып-тозуы. 5. Жер сату мәселесіндегі коррупция. 6. Қазақ елді мекендерінің үстіне құлаған «протон» зардаптары. Біз санамалап көрсеткен осы алты проблеманың астарында қаншама мұң мен сыр жатқандығын айтысты көріп отырған халық неге түсінбесін?! Айтыс халықтың көкейіндегісін жарыққа шығаратын өнер. Қоғамның кез келген зиялы азаматы, айтысты көрген, тыңдаған әр адамның көкірегіне ой, санасына «бұл қалай?» деген сауалдың ұялауы заңдылық. Ұлттық мүддеге біріктіру, қоғамдық пікір қалыптастыру дегеннің өзі осы жайттардан туындаса керек. Белгілі әдебиетші, ғалым Құлбек Ергөбек «Ояну дәуірінің әдебиеті – ойлы ғалым зерттеуінде» атты мақаласында мынадай пікірлер келтіреді: «Сары

даладан жаңбырдан кейінгі нөсер жаңбырмен көгеретіні сынды, отарлық тесік өкпе етіп езген, ұйқы басқан қазақтай халықтың бостандықпен ғана түлейтінін жырлай айтты, зарлай айтты ақындар. Халықты ояту, бостандыққа үндеу – отар ел ақындары үшін оңай болмасы хақ. Астарлап айту, ажарлап айту, тәмсілдеп айту дегендей қазақ ақындары ой айтудың сан алуан тәсіліне, халықты оятудың сан алуан амалына барды...» [151, 111 б.] 1997 жылдың 10 қазанындағы Ел президентінің «Қазақстан – 2030» атты Жолдауының жарыққа шығуы, қоғамға тың серпіліс, соны идеялар тудырғаны белгілі. Осы Жолдаудың негізінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде үлкен, ауқымды істер қолға алына бастады. 1997 жылы – Жалпыұлттық татулық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде аталып өтті. 1998 жыл – Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы, 1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы, 2000 жыл – Мәдениет жылы, 2002 жыл – Денсаулық жылы, 2003-2005 жылдар аралығы – Ауылды дамыту жылдары ретінде аталып, бұрын-соңды болмаған орасан зор игілікті істердің атқарылуына мол мүмкіндіктер туғызылды. Тәуелсіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік даму тариыхындағы осы даталы жылдардың барлығы БАҚ-ында кең насихатталып, жан-жақты көрініс тапты. Жаңарған айтыстың жанданған тұсымен, қабаттас келген осынау ұлы істердің барлығы, айтыс ақындарының басты тақырыбына айналды. Айтыс – ұлттық, мемлекеттік мүддені басты мақсат ретінде ұстана отырып, қоғамның көлеңкелі тұстарын сын садағына алуды да естен шығарған жоқ. Жоғарыда келтірілген даталы жылдардың халыққа әкелген жақсылықтабыстарымен қатар, орындалмай қалған олқы тұстарын да қоғам назарына бүкпесіз жариялап отырды. Бұл тұрғыдан ол (айтыс) өзінің нағыз демократтық бағытын, сипатын көрсете білді. Осы жылдар шеңберінде айтылған әрбір мәселе, теледидар арқылы миллиондаған көрерменнің талқысына ұсынылып жатты. Қай қоғамда, қай дәуірде болмасын айтыс сол уақыттың ақиқат айнасы бола білді. Күнделікті өмірде болып жатқан келеңсіздіктерді ешқандай ақын жаба сіркелеп, жасырып қалған жоқ. Сол кездегі халықтың көңіл-күйі, сезімі, көзқарас танымы, бар болмысымен айтыс жырларында көрініс тауып отырды. Биліктің көңіліне қарап көлгірсу, қара басының қарекетін ойлап, баз біреуге жағыну айтыс ақындарына жат әдет. Бәлкім, айтыс тарихында некен-саяқ ондай ақындар болса, халық оның бағасын сол заматта-ақ беріп, одан сырт айналған. 1997 жылы елдің әлеуметтік жағдайы әлі толық түзеліп кете қоймаған уақыт та айтыста бар болмысымен көрініс тауып жатты. Тіпті, сол жылы жарық көрген «Қазақстан-2030» Жолдауының өзіне сын көзбен қараған айтыскерлер де болды. Оразалы Досбосыновпен арасындағы сөз сайысында ақын Ринат Зайытов осы мәселе жөнінде ойларын былай деп сабақтайды: «...Егемен ел болдық десек дағы, Жалдандық кәріс, қытай, орыстарға. Үкімет – ел қорғаны десек дағы, Елге есеп беріп жатқан арыс бар ма? Тонап-тонап жеген соң тайып тұрар,

Тығылған шүрегейдей қамыстарға. 2030 деген – ертегі айтып, Ұстанып ап бейкүнә барысты алға. Мұншама ұсақталсын деп тілеп пе еді, Бабамыз ұрпақ үшін алысқанда?!.» [138, 90-91 бб]. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді осылай деп сынға алған ақындар елдің болашаққа деген сеніміне де сәттілік тілейді. Халықтың санасына серпін, жігеріне жалын беретін отты ойларды да ортаға салады. Айтыс ешқашан да биліктің қолшоқпарына немесе керісінше бірыңғай оппозициялық бағытта болған емес. Айтыс ақыны көзбен көріп, көңілмен сезінгенін жырлайды. Жоғарыда келтірілген Ринат Зайытовтың «2030» туралы көзқарасын, келесі айтыстарда әріптестері басқаша сипатта өрбітіп, халыққа басқалай сөз айтып жатады. Мұның өзі қазаққа ғана тән кеңпейілділік пен көшелі мінезді танытатын қасиет. Халық айтыс ақындарын ардақ тұтып, құрметтеген. Айтыскер – қоғамдық аренаға шыққан халық өкілі. С. Мұқанов айтқандай: «Айтыста озған ақын халық алдында ақындыққа мандат алады. Бұл мандаттың жазылатын қағазы – халықтың жүрегі. Ақын халықтың жүрегіне ең сүйкімді, халыққа ең ардақты адамның қатарында тұрады» [152, 16 б.]. Сондықтан да Балғынбек Имашевпен арадағы айтысында ақын Мэлс Қосымбаевтың былай деп жырлауын қараша халықтың көзқарасы, ой-пікірі деп танимыз: «...Елбасыға сыртынан сын айтқасын, Көңілің мұңаюмен қам боларсың. Еліңді сұм сұлтандар билегенде, Сен ертең Нұрсұлтанға зар боларсың. Әлеумет қарағасын шырайлана, Жүрсінші көңіліңде Күн айнала. Елбасы да адам ғой өзіміздей, Сүйенген көпшілік пен бір Аллаға» [138, 171 б.]. Халық санасын оятып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге ел назарын аудару тұрғысында, рухани мәселелерді жиі көтеретін Баянғали Әлімжанов айтыстары өзінің әлеуметтік тұрғысынан жаңарған айтыстың жарқын үлгісі ретінде бағаланады. Әсіресе, ақынның бүгінгі күн проблемаларын тарихпен сабақтастыра қарастыруы көрермен-тыңдарманға зор әсер беріп, айтыс маңыздылығын арттыра түсетін ерекшелігі деп тануға болады. Қарағандылық ақын Тілеген Әділовпен болған айтысында Баянғали ақын былай деп толғайды: «...Алашты азаттыққа шақырды кім, Ақырып аждаһаға атылды кім? Теңіздей толқығанда төре-қара, Жол нұсқап айтты оларға ақылды кім?

Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар,
Көтерген қазақ рухын, батырлығын.
Кім кәне күңіреніп солар құсап,
Ел үшін жанын қиып жатыр бүгін?!.» [123, 83 б.].

Осы тақылеттес жыр үлгілерін Тәуелсіздік тұсындағы ақындар айтысынан молынан ұшыратуға болады. Жоғарыда келтірілген Жалпыұлттық татулық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылдарында өткізілген айтыста Мұхамеджан Тазабеков сонау сақ бабамыз салып берген сара жолдан бастап, кешегі аштық-қырғынды, отызыншы жылдардың зұлматын, халық бастан өткерген тар жол, тайғақ кешуді, ату, асу, айдалу сияқты сүмдықтарды тілге тиек ете келіп ойын былай деп түйіндейді: «...Ақиқаттың атасы арам өліп, Мәскеудің айтқанынан аспағанбыз. Лениннің беті ашық жатқанменен, Шындықты көрге көміп тастағанбыз...» [123, 41 б.]. Қоғамдық пікір қалыптастырудың басты шарты – шындық. Шынайы шындыққа көзі толық жетіп, оны сезінген бұқара халық өзі өмір сүріп отырған қоғамның бүгіні мен болашағын байыпты бағамдай алады. Сол арқылы келешекке қадам басып, көштерін түзейді. Кейде газеттен оқып, теледидардан айтылған ресми сөздерден гөрі халықтың жан-дүние, сезіміне зор әсер ететін насихат түрлері болады. Ондай руханият көзі – әрине, айтыс өнері екендігі ақиқат. Ақынның үн-әуезі, дауыс ырғағы, домбыра шертісі жоғарыда келтірілген жыр үлгілеріне үстеме мағына беріп, тыңдаушы-көрерменге зор әсер етеді. Бұл туралы біз зерттеу барысында жан-жақты айтып өткен болатынбыз. Ең бастысы, қоғамның көлеңкелі тұстары мен күнгейін көрсете отырып, айтыс ақындарының белгілі бір ойға-пікірге халық мүддесін топтастыра білуінде. Бұл тұрғыдан, сөз жоқ, айтыс өнері үлкен рухани ықпалға ие болды. Сөз өнері тұрғысынан алып қарар болсақ, айтыс өлеңдерінің өзіне тән табиғи ерекшелігі болады. Мәселен, көркем әдебиетті адам оқу арқылы санасына сіңіреді. Газет-журнал материалдарын да дәл солай қабылдайды. Бұл жердегі айтыс жырларының ерекшелігі сөз құдіреті тыңдаушыға немесе көрерменге үн-әуез, айтысушы ақынның ым-ишарат, қимыл-әрекеті арқылы, бірнеше үстеме сипаттар арқылы сіңеді. Кітап пен газет-журналды әр адам өз көзқарас, түсінік деңгейінде қабылдайды. Ал, саз аспабы арқылы әуенмен әспеттелген жырлардың немесе сөздің тыңдаушыға әсері өзгеше болмақ. Бұл туралы А.Байтұрсынов мынадай пікірлер айтты: «Сөздің асыл болуы – ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі, әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын әдістерді істеуден болады» [153, 208 б.], А. Байтұрсынов келтірген осы пікір барлық мағынасымен айтыс өлеңдерінің табиғатына толық сай келеді деуге болады. Эмоциялылық сипат кез келген шығармашылық дүниеге әр беріп, рухани қажеттіліктің өтеуі болатынын жоққа шығаруға болмайды. Әрине, ғылымда, ресми ақпарат көздерінде, табиғаты көркем публицистикадан алыс қоғамдық салалар шығармашылығына әсірелеу әдісі соншалықты қажет емес те шығар. Бірақ, әрбір халықтың табиғи болмысы мен ұлттық менталитетімен де санасу қажет. Сөз өнерінің ғылымы туралы айтқан А. Байтұрсынов қисындарындағы көріктеу, меңзеу, ауыстыру,

бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, мезгеу, әсірелеу сипаттарының барлығы қазақтың айтыс өнеріне тән қасиеттер. Айтыс жырларының адам санасына тез сіңіп, есінде ұзақ сақталуына да осындай ерекшеліктер себеп болады. «Әсірелеу деп, сөздің әсерін күшейтіп сөйлетуді айтамыз. Әсірелеу көңіл күйінен шығып, көңілге күй түсіреді. Көңіл қалыпты тыныш күйінде тұрғандағы адамның аузынан шыққан сөз бен көңіл көтеріңкі я бәсең уақытта адам аузынан шыққан сөздің екеуі бірдей болмайды» [1, 167 б.], – деген ғалым пікірі жоғарыда келтірген ойларымызды қуаттай түседі. Қоғамдық ой қалыптастырудың алғышарттарының бірі ретінде айтыс жырларының халық жүрегіне жақын, сезіміне түрткі болардай әсерлі болуынан деп тануымыз сондықтан. Мұхамеджан Тазабековпен болған айтысында ақын Мэлс Қосымбаев мынадай әсерлі ойлар айтады: «...Ей, дүние, бізден де озамысың, Топан ойдың сен кейде тозаңысың. Адамзаттың баласы арпалысқан, Мына бес күн тірліктің базарысың. Менің шерлі елімнің шежіресін, Тарих ата, қайтадан жазамысың? Арманың болмас еді өлең сенің, Ағайынның жұбатсаң азалысын. Келін – заман, кемпір-шал – ауыл болса, Қазақстан – жалғыз ұл қазақ үшін...» [123, 147 б.]. Айтыс ақындарының мұндай ішкі толғаныстары, әр кез халықтың қызу қолдау, зор қошеметіне ие болып жатады. Халқымыздың шерлі тарих шежіресіне келгенде, жан дүниесі арпалысқа толған ақынның адуынды жырлары, халықты бірден баурап алады. Егер осы жыр жолдары қағаз бетіне түссе, оны оқыған адамның тыңдап, көргендей әсер алмасы анық. Айтыс өнерінің құдіреті де осы қасиетінен көрінсе керек. «Ақындар айтысының жұртшылыққа аса сүйікті болуының бір қанша себептері бар. Қоғамдық өмірдің де, жеке адам тағдырларының да алуан түрлі сырлары мен сырқаттарының терең ашылуы, әлеуметтік өмірдің қайшылықтары мен қалтарыстарының кең қамтылуы, халықтың көркем сөзден, ұтымды ойлардан эстетикалық ләззат алуы – міне, мұның бәрі айтыстың әсері кемімес, қызығы солғындамас қырлары болып табылады» [113, 88 б.]. Ғалым Р. Бердібаев келтірген бұл ойлардың А. Байтұрсынұлының сөз өнері, тіл ұлағаты жайында айтқан пікірлерімен сабақтасып жатқандығын анық аңғаруға болады. Айтыс жырларының халық жүрегіне жақын жанр екендігінде осы тұжырымдарға қарап бағамдаймыз. Әрине, жоғарыда келтірілген А. Байтұрсын тұжырымындағы «Сөз мағына жағының күштілігімен жағады» – сөзінің астарына да үлкен мән берген абзал. Айтпақ ойымызды нақтылап кету үшін Абайға жүгіне кетелік. «Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы» [154, 50 б.]. Осы айтылған қағидалардың қай-қайсысы болмасын сөз мағынасына үлкен жауапкершілікпен қарауды меңзейді. Әсерлеу мен әсіре қызыл сөздің екеуі, егіз ұғым емес. Айтыс

жырларында кездесетін әсерлеу сипаттары қашанда айтар ойдың өзектілігі мен айтып отырған мәселе мәнінің тереңдігімен өлшенері хақ. 1989 жылы Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысы туралы «Ажары бір ашылды ана тілдің» атты мақаласында белгілі қаламгер, журналистер Өтеген Оралбаев пен Бауыржан Омаровтар төл өнердің сол кездегі сипаты туралы мынадай пікірлер білдірді: «Ғасырдан ғасырға, атадан балаға, анадан аруға халықтық дәстүр боп қанатын жайып келе жатқан көне де, жаңа өнер бүгінгі жариялылық жағдайында өрісін кеңейтіп, өнегесін таныта түсті. Бұл күнде ол жұртшылық жүрегінен орын алып, қоғамдық-әлеуметтік, кемелдік-көркемдік жағынан қалыптаса түсуде. Ол ел тарихының елеулі кезеңдерінде еркін көрінген ежелгі өнер – ана тілдің ажарын аша түссек деген перзенттік парызды да бағамдайды. Осы тұрғыдан келгенде оның еңбегі ересен» [155]. Содан бері жиырма жыл өтсе де, «Лениншіл жас» газетінде көтерілген осы өзекті мәселе әлі күнге өз маңыздылығын жойған жоқ. Қайта уақыт өткен сайын түрлі проблемаларға килігіп, туған тілдің тағдыры тұсаулы аттың кейпін кешуде. Белгілі ғалым Ә. Болғанбаев «Тіл және шеберлік» атты мақаласында Ана тіліне деген журналистер жауапкершілігі туралы мынадай ойлар айтады: «Қазіргі қазақ тілі Қазақстандағы сегіз миллионға жуық қазақ халқының ортақ дүниесі. Бұл тіл бүгінде сөз байлығы молайған, құрылым-құрылысы жүйеленген, жазу ережелері орныққан, стильдік тармақтары сараланып жетілген, ауызша да, жазбаша түрде де жалпыға бірдей қызмет ететін ұлттық жазба әдеби тіл деген сипат алып отыр. Демек бұдан былай өз ана тілімізді қалай пайдаланып, қалай дамытамыз десек, бізде барлық мүмкіндіктің бәрі де жасалған. Бұл ретте журналистер қауымына түсер ауыр салмақ, артылар аманат ерекше болмақ» [156, 159 б.]. Бұл пікірлерді келтіріп отырғандағы себебіміз, ана тілдің ажарын ашып, айбынын көтеруде ұлттық журналистика өкілдерімен қатар айтыс ақындарының да еңбегі мол болғандығы. Жоғарыда айтылған Ө. Оралбаев пен Б. Омаров сияқты зиялы азаматтардың «ана тілдің ажарын аша түссек деген перзенттік парыздары» деген ойлары, айтыс ақындарының аңсар-мұратын анық айқындап тұрған сөздер. Жетпіс жыл бойы коммунистік идеология шылауында болып, тоталитарлық режимнің тар қыспағында өмір сүрген қазақ қоғамы үшін тіл тағдыры өте күрделі, көкейкесті мәселе еді. Қалалық жерлердегі саусақпен санарлық қазақ мектептері, ұлт тілінде шығатын азын-аулақ газет-журналдар, кеңестік иделогияның насихатшысына айналған телеарналар мен радиотораптары, шын мәнінде ұлт тілінің ажарын айшықтап, абыройын көтеруде қауқарсыз еді. Осындай аз мүмкіндік, тар ауқымдағы шығармашылық құрылымына қарамастан, ана тілінің бірден-бір жанашырлары жазушы-журналистер екендігін ғалым Ә. Болғанбаев орынды көрсетеді. Түрлі төңкерістер мен саяси оқиғаларға толы ХХ ғасыр аласапыранынан ана тілімізді аман алып қалғандар да рухани шығармашылық иелері екендігін ашық айтуымыз керек. Ақындар айтысындағы ұлттық тіл мәселесі 1985 жылдың сәуірінен күні бүгінге дейін көтеріліп келеді. Әсіресе,

ана тілдің айбынын асқақтатып, оның жоғы мен мұңын жырлау ел Тәуелсіздігін жариялаған кезеңнен бастап өте өткір айтыла бастады. Ақындар айтысында көтерілген ұлттық тіл тағдыры туралы айтқанда мына екі мәселені ашып көрсеткен дұрыс. Айтыс өнері – қазақ тілінің жоғын жоқтаушысы болуымен қатар, сол тілдің ажарын ашып, абыройын асқақтатушысы ретінде де қызмет жасады. Қазақ балабақшалары мен мектептерінің көптеп ашылуына, ұлт тіліндегі теле,- радиохабарларының молаюына, газет-журналдардың жарық көруіне, ақындар айтысы да зор ықпал ете білді. Ең бастысы – қоғамдық пікір қалыптастырып, билік назарын ел тілегіне аудару болса, жазушы-журналистермен қатар айтыскер ақындар да бұл шараға белсене ат салысты. Мәселен Әзімбек Жанқұлиевпен болған айтысында ақын Ерік Асқаров сол кездердегі қазақ руханиятындағы жаңалықтарды айта келіп, «Алматы ақшамы», «Денсаулық», «Қазақ тілі» сияқты газетжурналдардың ашылатындығын көпшілікке қуана былайша баяндайды: «...Өнердің биік болса шаңырағы, Көбейер қаламгерлер саңылағы. Қазақ бар он миллион жер бетінде, Сол қазақ бір «Жұлдызға» жабылады.

Айтыста айтарыңды сөз етіп ал,
Кейіннен елге пайда қажеті бар.
Осындағы қаншама қазақтардың,
Әдеби жалғыз ғана газеті бар...

Шабытым газет десе, ышқынды-ай бір, Ақыным, сен де мұны ұшқындай біл, Орысша бір газет бар – «Казправда», Қазақтың мұқтажына пысқырмай жүр» [112, 231-232 бб], – деп сол кездегі қазақ баспасөзінің ахуалын жан-жақты ашып көрсетеді. Сайып келгенде, айтыскер Ерік Асқаров көтеріп отырған осы мәселенің түп-төркіні ұлттық тіл тағдырына тіреледі. Ана тіліне деген журналистер жауапкершілігін, аманатын сөз еткен ғалым Ә. Болғанбаев пікірінің тегін айтылмағанын уақыт дәлелдеді. Қазақ ауыз әдебиетінің бай тарихын таразылап, арғы-бергі дәуірлердегі халықтың рухани дамуына ден қойсақ, көп мәселе тетігі ұлттық тілге, сөз өнеріне байланысты болып келгендігіне көз жеткіземіз. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесі, жастардың адамгершілік қасиеттері, олардың өнерге, дәстүрге, әдебиетке, мәдениетке, ділге, дінге, жалпы, адами болмыс-бітімнің қалыптасуына қай заманда болмасын, сөз (тіл) ерекше ықпал етіп келгендігі ақиқат. Тіл – ұлт болып қалыптасудың, ұлт болып аман қалудың алтын діңгегі. Осыны жақсы түсінген айтыс ақындары да өз мүмкіндіктері жеткенінше жырлап, халыққа қапысыз насихаттай білді. Мэлс Қосымбаевпен айтысқан ақын Айбек Қалиевтің мын жыр жолдары осы ойларымыздың айқын көрінісі: «...Датымның біріншісі тілім жайлы, Ислам ілім тұтқан дінім жайлы. Орысша, ағылшынша сөйле деген,

Бүгінгі тірліктегі ұғым жайлы. Тіл өшсе күні қосы өшетінін, Шенеуніктер неліктен ұғынбайды. Парламентте осыны ашып айтпай, Бостан-босқа бас изеп шыбындайды. Күні ертең ғаламдасу басталғанда, Тілің өлсе болмай ма күнің қайғы...» [138, 196 б.]. Бұқара халыққа осындай мағыналы ой тастап, көпшіліктің көңілін туған тілдің тағдырына аудару, жалғыз Айбек ақынға ғана емес, ел алдына шығып сөз сайысына түскен айтыскерлердің баршасына тән деп айта аламыз. Хандық дәуірдің дәстүрімен билікке дат айта отырып, туған тілдің болашағына сауға сұраған ақын жыры, дәл осы қалпында екі қырынан жарқырай көрініп тұр. Біріншісі – қазақ қоғамындағы зәру мәселе тіл тағдырын көтеруі болса, екіншісі – сол тілдің алмастай өткірлігін, семсердей жырларымен көрсетіп тұр. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», – дейді халық даналығы. Айбек сияқты ұлт ақындарының сөзі ашынғандықтан шығып тұр деп кесіп айтуға тағы болмайды. Қазақ ежелден сөзді, тілді кұрметтеген халық. Бұл жерде жанға батар қоғам қасіретімен қоса көнеден келе жатқан дәстүр сабақтастығының жалғастығын да аңғаруға болады. Кезінде сөз туралы Бөлтірік шешен былай деген екен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ, Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл» [49, 27-28 бб]. Бөлтірік шешеннің «Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет» деген нақылы бүгінгі айтыс ақындарының қаперінде жүрер қағида болмақ. Халық алдында сөз сөйлеп жүрген кез келген зиялы адамның зердесіне тағылым болар бұл дәстүрдің салмағы ауыр. Айтыс ақындарының табиғатын ашатын ғалым Р. Бердібаевтың мына пікірі бұл ойымызды растай түседі: «Айтыстың аса бір өзгеше, дара қасиеті сол – онда әншейінде көзге ілінбейтін жайлар да қалыс қалмайды. Шабыты шамырқанған ақындар қызды-қыздының үстінде бет-жүзің бар демей, асқынған кесел мен кертартпа кедергілерді бадырайтып айтып-ақ тастайды. Және мұның өзі, әсіресе, айтыс өнеріне сыйымды, кешірімді нәрсе. Айтыс кезінде қарсы жақтың өз мінін жасыруға шамасы жоқ. Сайысушы ақын белгілі дәрежеде әділ қазы да, үкім айтушы да. Ол кесімін бүкіл халықтың атынан айтады» [113, 103 б.]. Айтыс сахнасы – халықтық пікірді қоғамға ашық айтудың мінберіне айналғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Халықтың арман-тілегі мен көкіректе шемен болып жатқан зар-мұңы айтыс ақындарының тілімен айдай әлемге жария болып жатты. Айтыста айтылған әрбір шындық, өзінің діттеген жерінен шығып, көрермен халықтың зор ықыласына, қошеметіне бөленді. Қоғамдық пікірді қозғап отырып, айтыс өнері ұлттық идеологияның негізгі алғышарттарын қалыптастырды. Айтысты тыңдап отырған бір көрермен: «Егер айтыс осылай дамып, осылайша ой қозғай берсе, бодандықтың қамытынан онақ жылда құтыламыз», – деген сөзі сексенінші жылдардағы ақындар

айтысының мақсат-мүддесінің қандай мағынада өткенінен хабар берсе керек. Рухани шығармашылық саласындағы халыққа етене жақын ақындар айтысы ел Тәуелсіздігі баяндылығы жолында ықпалды қызмет жасаған бірден-бір өнер түрі екендігі даусыз.

3.3 Қазіргі айтыстағы тақырып ауқымдылығы және оның өзектілігі ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы ел тарихы үшін аса бір елеулі кезең еді. Халқымыздың ғасырлар бойы армандап, сол жолда небір зұлматты бастан өткере отырып, жеткен Тәуелсіздігі де осы жылдар еншісіне бұйырды. КСРОдай алып империяның аясында өмір сүрген «кіші ұлттарды» коммунистік идеология тек саяси тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ экономикалық дербессіздікпен де байлап-матап келген болатын. 1991 жылдың желтоқсанында саяси тәуелсіздікке қол жеткізгенімен, Қазақстан экономикалық тұрғыдан күйзеліске, тығырыққа тап болды. Халқымыздың алдында нар тәуекел жолы тұрды. Ол – нарықтық экономика жолы еді. Қоғамдағы орын алған саясиэкономикалық дағдарыс, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына да әсер етпей қоймады. Ал әлеуметтік тұрмыс қиыншылығы елдің рухани құндылықтарының тежелуіне алып келетіндігі белгілі. Сол кездегі қазақ қоғамының саяси және экономикалық ұстанымы туралы тарихшыларымыз былай деп жазды: «1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан демократиялық, азаматтық құндылықтарға негізделген жаңа саяси құрылыстың жолында тұрды. Әсіресе, дамудың мынадай жолдарын белгілеп алу керек болды: экономикада – нарықтық қатынастарды тұрақтандыру, саясатта – азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру. Бұл бағыттың ілгері дамуы қоғамның ең жоғары құндылығы есебінде, алдымен, адамды танып-білуге негізделгендігінде еді» [142, 148 б.]. Жетпіс жылға жуық «ұлы» халық ықпалында болып, дәстүрі мен мәдениеті, тілі мен әдебиеті өгейлікке ұшыраған ұлттар қатарында қазақ елі де болғаны белгілі. Әсіресе, осынау қоғамдық салалар ішінде БАҚ-ның көрген құқайы тым ауыр еді. Цензура атты темір шеңгелдің уысында болған ақпарат құралдары тек қана жалғыз идеяның шылауында өмір сүрді. Ол идея «ұлы» Ленин есімін бет-перде еткен коммунистік партияның сұрқия саясаты еді. Қоғамдық санаға берік орнығып, әбден сіңісті болған осындай саясат сызын бірден сылып тастауға біріншіден уақыт, одан кейін ұлттық мүдде бағытындағы тегеурінді идеология қажет болатын. Зерттеу барысындағы «Қазіргі айтыс және ұлттық идеология», «Қоғамдық ой қалыптастырудағы айтыс өнерінің рөлі» атты тараушаларда бұл мәселеге жан-жақты тоқталған болатынбыз. Сонау сексенінші жылдардан басталған «Семей полигоны», «Арал тағдыры» проблемалары тәуелсіздік жылдарынан кейін шешуі күрделі көптеген мәселелермен толыға түсті. Ұлттық балабақшадан басталған проблема ел басына түсіп отырған ірі-ірі әлеуметтік мәселелерге дейін жалғасып жатты. Айтыс сахнасына шыққан ақындар үшін көтеретін проблема, қаузайтын

тақырып өте мол еді. Бұл жағдай айтыс өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызының арта түсуіне ықпал етті. «Айтыстың өзіне тән хас жанрлық белгілері жойылмай, қайта әлеуметтік тынысы кеңейе түсті деп тұжырымдауға негіз жеткілікті. Қазіргі айтыстарда жеке бастың сырлары мен мұңдарынан гөрі қоғамды, жұртшылықты толғантып жүрген проблемалардың көбірек көтеріле бастауы осы айтқанымызды дәлелдейді» [111, 89-90 бб]. Тәуелсіздік жылдарда өткен айтыс өнерінің тақырып ауқымын мағыналық һәм проблемалық тұрғыдан мынадай үш сипатта көрсетуге болады. Біріншісі – әлеуметтік, рухани мәселелер. Екіншісі – саяси, экономикалық сала. Үшіншісі – экология тақырыбы. Аталмыш осы үш тақырып аясында қаншама проблемалардың шоғырланып тұрғаны белгілі. Енді осы салалардың әр қайсысына жеке-жеке тоқталып, саралап көрсек. Ақындар айтысының ең ауқымды тақырыбы – әлеуметтік, рухани құндылықтар мәселесі. Халықтың әлеуметтік жағдайы: тұрмысы, денсаулығы, оқу-білімі, мәдениеті, өнері, әдебиеті мен баспасөзі, діні мен ділі, міне, осы мәселелерге қатысты қоғамдық проблемалар айтыста жиі көрініс беріп жатады. Бұл бір жағынан табиғи заңдылық. Осы аталған әлеуметтік мәселелердің барлығы халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі, тұрмысымен өте тығыз байланыстағы салалар. Айтыс ақындары Қазақстандағы ауыл-аудандардың барлық өңірінен келетін болғандықтан, аталмыш мәселе сипаты бүкіл республика аумағын қамтиды. Мұның өзі айтыста көтерілген проблеманың қоғамдық маңыздылығын көтерумен қатар мемлекеттік, халықтық сипатын айқындайтын құбылыс. Қазіргі айтыстың өкілі ауылдық, аудандық немесе өзі шыққан аймақтың ғана жоғын жырламайды. Көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған-тоқығаны мол білімді ұрпақ Қазақстанның қай қиырындағы проблема болмасын, оған ұлт жанашыры ретінде үн қосып, пікірін ашық айтып отырады. Қазақ қоғамында орын алып отырған кейбір әлеуметтік теңсіздік мәселелерін айтыс ақындары жалпыхалықтық сипатта баяндайды. Балғынбек Имашевпен арадағы айтысында ақын Сара Тоқтамысова былай деп толғанады: «...Айтатын қоғамдағы болған жайды, Ақындар бүгін қалай толғанбайды. Қоғамда теңсіздік тұр әлсіз болып, Жанымыз соған қалай қорланбайды? Қарапайым халықты көзге ілмейтін, Көріп жүрміз ел ырысын сорған байды...» [138, 120 б.]. Айтыс ақындарының мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі келелі тақырыптапға баруы, сөз жоқ, тәуелсіздік әкелген ой азаттығының жемісі деп бағалаймыз. ХІХ ғасырдағы рулық-тайпалық сипаттағы айтыс, одан берідегі ХХ ғасырдағы кеңестік заманның ақындары колхоз, совхоз, аудан, облыс деңгейінде сөз қозғап, проблема көтерсе, бұл үрдіс Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, біртұтас ұлттық, мемлекеттік деңгейге көтерілді. Мәселен, Семей полигоны зардаптарын, Арал апатын ақындар ұлтқа төнген үлкен қауіп ретінде жырлады.

Белгілі айтыскер, жыршы Шынболат Ділдебаевтың әйгілі «Шындық» туралы толғауы, кейінгі буын айтыскерлерге үлгі-өнеге, сара жол іспеттес болды. Айтыс өнерінде өзіндік өрнек қалдырған кенші-ақынның бұл толғауы, халық көкірегінде ұзақ жылдар бойы шемен болған шерді қозғады. «...Туған елдің қазынасының бәрін ап, Ұрпағымыз кейін немен жарымақ?! Полигон боп, Абай, Мұхтар жүрген жер, Атом неге тек Семейде жарылад?!

Бұл сөзіме түсінер-ау есі бар,
Кімнің, қандай ала алмаған өші бар.
Талай елсіз Тундралар жатқанда,
Сары алтындай, Сарыөзекте несі бар?!

Мәз болмайық арқамыздан қаққанға, Мәз болмайық жұлдыз әкеп таққанға. Кімге керек жал мен жая жегенің, Бауырларың қылтамақ боп жатқанда?..» [110, 75 б.]. Әр дәуірдің белгілі бір кезеңдерінде рухани шығармашылық әлемінде жарқ еткен жұлдыздай бұқара халықты елең еткізер туындылар өмірге келіп жатады. Ол шығармашылық өнерінің кез келген түрінде болатын құбылыс. Қолына домбыра ұстап ел алдына шыққан кейінгі толқын айтыс ақындарына Шынболат ақынның «Шындық» туралы толғауы нені жырлап, нені айту керектігін көрсеткен Темірқазық жұлдызы іспеттес болғаны рас. Осы толғауда көтерілген сан алуан проблемалар көрінісі, кейінгі айтыстардың негізгі өзегіне айналды. Ақындар айтысындағы тақырыптардың тереңдігіне немесе өзектілігіне бұқаралық ақпарат құралдарының тигізген әсерін ашық айтуымыз керек. Күнделікті газет-журналдарда, телерадио кешенінде жазылып, айтылып жатқан ақпараттар ағыны айтыс ақындарын мол дерек көздерімен қамтамасыз етіп отырды. Публицистика теориясын зерттеуші ғалым Т.С. Амандосов: «Публицист документалдыққа сүйенеді және фактіні терең түсініп алу керек дегенге ой жүгіртіп қарасақ, фактіден әрекет басталады, әрекет көрінеді. Және бұл әрекеттің өзі барлық жағдайда да байқалып отырады» [114, 25 б.]. Айтыстағы проблемалардың дені дерек пен фактіге негізделген. Айтысушы ақын өзі көтеріп отырған проблема туралы жан-жақты біледі, әрі сол мәселе жөнінде нақты дерек көзі болғандықтан батыл, ашық айтады. Мәселен, бүкіл баспасөзде, теледидарда үлкен дау тудырған Шымкенттегі «Вакцина» проблемасын ақын Аманжол Әлтаевтың айтыста қозғауы, сөз жоқ, БАҚ-ның дерегіне, фактісіне сүйенгені. Мұхтар Қуандықовпен болған сөз сайысында осы жөнінде Аманжол былай дейді: «...Сырдағы сәбилердің көпшілігін, Қасірет қой туберкулез меңдегені. Жығылғанға жұдырық болды бүгін, Сапасыз «вакцинамен» емдегені...» [138, 147 б.].

Ұлы Отан соғысы кезіндегі, одан кейінгі Кеңес дәуірінің 50-60 жылдарындағы ақындар айтысындағы цифрлы мәліметтер, қазіргі айтыста көп кездеспейді немесе жоқ деуге де болады. Бұған қарап публицистиканың басты элементі нақтылық пен цифрлы мәліметтердің болмауы, айтыстың деректілігін төмендетеді деген ой туындамауы керек. Қазіргі айтыстағы проблема деректілігі, яғни, цифрлы мәліметтер көрінісі логикалық сипатта беріледі. Мәселен, қарағандылық ақын Тілеген Әділов әріптесі Нұрлан Мұсаевпен айтысында мынадай мәселелерді тілге тиек етеді: «Жер сатылып, бекітіліп анық дерек, Шайқалады заман атты алып терек. Сынған қурай үмітіме мен қайтейін, Сайқалдықтың сары иті сарып келед. Қызығына қалталы қарық болып, Бейнетін қарапайым халық көред...» [137, 327 б.]. Бұл жыр жолдарындағы Тілеген ақынның «Жер сатылып, бекітіліп анық дерек» деген сөздері нақты фактіні сипаттап тұр. Себебі осы сөздері ақынның баспасөзден «Жер туралы» мемлекет заңын оқығаны немесе аталмыш мәселе жөнінде басқа да ақпарат көздерінен құлағдар болғандығын анық аңғарамыз. Цифрлы мәліметтердің айтыста айтылу тәсілі жөніндегі ойларымызды осы тұрғыдан таразылар болсақ, біраз жайдың сырына қаныға түсеріміз хақ. Сондықтан да «Публицистика жанрларының айқын да жарқын болуы фактіге байланысты. Ал факті бойындағы әрекеттің көрінісі байқалуы дерексіз, құрғақ сөз емес, қайта өмір шындығы болып табылады. Оның өзі белгілі бір игілік өндіру жолындағы адамдардың істері» [114, 25 б.], – деген ғалым пікірімен келісе отырып, ақындар айтысының да табиғаты осы тұжырымнан алыс еместігін айтамыз. Жоғарыда келтіріп өткеніміздей, айтыста статистикалық мәліметтер мен цифрлы деректер ақын жырында лирикалық сипатқа еніп, көрермендерді қажетті ақпарат ағындарымен қамтамасыз етеді. Кейде баламалы түрде болсын цифрлы деректерді келтіру арқылы қоғам проблемасын дөп басып, жариялап жатады. Шорабек Айдаровпен арадағы айтысында ақын Қуаныш Мақсұтов мынадай деректерді көпшілік талқысына ұсынады: «...Балалар жалаңаяқ жүрмесін деп, Шөңгелер табанына кірмесін деп, Несие берем дейді бұл үкімет, Қиындықты өмірде көрмесін деп.

Ол қаржы қай ошақты байыта алады, Қазақтың қай шарбақты сай табағы? Төрт жүз доллар ақшаны алады да, Төрт жылға қарыздарын қайтарады...» [123, 279 б.]. Айтыс өнерінің кейінгі жиырма бес жылдық тарихында уақыт мінберінен түспей халықтың көкейкесті проблемасы ретінде көтеріліп келе жатқан мәселе ол – қазақ тілінің тағдыры жайлы толғаныс. Зерттеу барысында айтып өткеніміздей, осы ұлт тіліне байланысты қаншама проблемалар туындап отыр.

Әдебиет пен баспасөз, мәдениет пен өнер, оқу-ағарту, салт-дәстүр сияқты халықтың рухани салаларының дамуы мен өркендеуі, сайып келгенде, ұлттық тілдің кең өріс алуына келіп тіреледі. Сондықтан да айтыстың басты тақырыбы ана тіліміздің бүгінгі ахуалына арналуы заңды құбылыс. Айтыстағы тіл мәселесі. Ана тіліміздің ажарын айшықтайтын ақындар айтысында туған тілдің тағдырына деген алаңдаушылық ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында басталған. Республикамызда алғаш рет қазақ тілінің мәртебесі сөз болып, облыстарда, қала, аудандарда түрлі жиындар өтіп, сол кеңестердің нәтижесінде «Қазақ тілі» қоғамдары ашыла бастады. Ресми биліктің аз да болса назарын аудартқан бұл әрекет ұзақ жылдар бойы «тілге тұсау, санаға кісен» салған кеңестік идеологияның тоңына сызат түсірді. Ұлттық тілдегі бұқаралық ақпарат құралдары бұл бастаманы қызу қолдап, шамалары келгенше насихаттады. 1984 жылдан көрсетіле бастаған телевизиялық айтыс та бұл мәселеге бел шеше кірісті. Әр аймақтарда өткізіліп жатқан айтыстар теледидар арқылы миллиондаған көрермендерге қазақ тілінің сол кездегі мүшкіл халін боямасыз жайып салды. Бұқара халықтың көңіліне ой тастап, қоғамдық пікір қалыптастыруға әрекет еткен ақындар айтысының сол кездегі ықпалын атап өту орынды. Әрине, 1991 жылға дейін тіл туралы тереңнен қаузап, батыл, ашық айтылған ойлар айтыста арагідік көрініс бергенімен, толықтай ұлттық сипатқа ие болмаған еді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін де күрмеуі мол геосаяси мәселелердің ықпалындағы Қазақстанда ана тілдің тағдыры бірден шешіліп кеткен жоқ. Сол уақыттағы қоғам көрінісін сипаттайтын Қонысбай Әбілов пен Қатимолла Бердіғалиевтің айтысындағы мына жыр жолдарынан заман ахуалының бедерін бағамдауға болады: Қатимолла: «...Көңілге зор қуаныш толады да,

Игі істің бір басшысы болады да.

Бабасын қастерлеген асын беріп,

Көп рахмет «Қазақ тілі» қоғамына.

Арылып басымыздан азапты күн,

Келгендей жарқырап таң, азатты күн.

Мінекей, осы жолы көрсеткендей,

Баласы үлкен атам қазақтығын...» [137, 41 б.]. Сол кездегі облыс орталықтарында құрыла бастаған «Қазақ тілі» қоғамының ұлттық дәстүр, рухты оятудағы алғашқы игілікті істері ақындар айтысында осылайша көрініс тауып жатты. Халқымыздың өмір сүру заңдылықтары мен рухани дүниесінің негізгі тетігі ана тіліне байланысты болғандықтан, қоғамдағы көптеген түйткіл мәселелердің күрмеуі бірден шешіліп кете қоймады. Қазақ руханиятының жалынды жыршысы, әрі жоқтаушысы ұлттық баспасөзде тіл тағдыры өткір көтеріліп жатты. Бұл мәселе айтыс сайын алдаспандай жарқырап, туған тілдің болашағына деген алаңдаушылық ақындар жырының басты тақырыбына айналды. Сара Тоқтамысовамен болған сөз сайысында көкшетаулық ақын Арман Бердалин тіл туралы толғанысын былайша өрбітеді:

«...Ең басты мәселе боп тұрған қазір,

Ана тілі – қазақ тілі құрып жатыр.

Өз тілін, діліменен білмес жастар,

Бағытын батыс жаққа бұрып жатыр.

Шоқынса да біз қазір таң қалмаймыз,

Осылай тығырыққа тығып жатыр...» [138, 31 б.]. Айтыстағы тіл проблемасы қазақ қоғамында орын алып отырған көптеген көкейкесті мәселелердің оң шешімін табуына әсер етті. Ана тілдің қадір-қасиеті ұлт тарихымен сабақтастырыла қарастырылып, уақыттың келеңсіз көріністері барынша әшкереленіп отырды. Жоғарыдағы келтірілген Арман ақынның «Шоқынса да біз қазір таң қалмаймыз, Бағытын батыс жаққа бұрып жатыр» деген сөздері тілдің ұмыт бола бастауы тәрбиеге, имандылыққа да кері әсерін тигізіп жатқандығын аңғартады. Ана тілдің уызына жарымай өскен ұрпақтың төл тарихтан, дәстүрден, тәрбиеден, әдебиет пен ұлттық мәдениеттен ада болып өсетіндігін айтыс ақындары жеріне жеткізіп жырлады. Сара Тоқтамысовамен айтысқан Балғынбек Имашевтың тіл туралы жырлары өз уақытының ащы ақиқатын бүкпесіз ақтарған толғанысы еді:

«...Сенат пен парламентке қайран қалам,

Тіліме қарсы шығып тайраңдаған.

Жалғыздың үні шықпай, тілім өлді,

Айтса да Айталыдай қайран ағам.

Болдырды қан майданда қазан аттар,

Қалдырды бізді ұятқа азаматтар.

Дінімнің тамырына балта шауып,

Тіліме жымыңдайды тозақ оттар.

Тіл жайлы парламентте зор дау болды,

Бас тіл деп қазақ тілін қолдау болды.

Елімнің елеулісі есер екен,

Халқымның қалаулысы қорқау болды...» [138, 123 б.]. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – деген өр халқымыздың шындыққа келгенде семсердей қиып түсер, қайтпас қайсарлығы сонау Асан қайғы, Шалгиіз, Қазтуған, Бұқар жырау, Махамбет замандарымен желі тарта отырып, бүгінгі ұрпақ бойына да дарығанын қазіргі айтыс ақындарының осындай алмас жырларынан байқауға болады. Айтыста тіл тағдыры туралы қаншама шындықтар шырылдап, жалғанның жарығына шықты. Ең бастысы айтыста айтылған осындай ойлар нәтижесіз болған жоқ. Қоғамға қозғау салып, халықтың рухын оятты, пікір қалыптастырды. Тіл төңірегінде қазақ қоғамында орын алып отырған қаншама келеңсіздіктердің беті ашылды. Айтыста қандай тақырып көтерілмесін, ол белгілі бір проблема төңірегінде қалмайды. Мәселен, тіл тағдырына арналған: «Туған тілім – ұлы рухым» атты республикалық айтыста ақындар ана тілдің проблемасын көтере отырып, қоғам болмысының барлық қырын ашып көрсетті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазды: «...Биылғы тілге

арналған шаралардың мазмұны мен сипаты солғындыққа ұрынбай, мемлекеттік тілді құнарлы шалғындағы тұғырына қондыру үшін, әр қазақты өзінің ана тілі туралы ойлантып, оған деген перезенттік махаббаты мен рухын оятуға құрылды десек, артық айтпаған болар едік. ...Айтыс өнері арқылы қазақ тілінің мұңмұқтажы мен қазіргі күйі баяндалды. Жай қарапайым сөзбен айта салу мен оны көркем оймен бедерлеп, бейнелеп жеткізудің айырмасы жер мен көктей. Жұрт сөздің сол құдіретін айтыскер ақындардың алқынбай жырлаған шабысынан аңғарады...» [157]. 1997 жылдың 11 шілдесінде Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңы қабылданды. Ол Заңның 4-ші бабында, – «Қазақстан халқының басын біріктіруші маңызды қатынас құралы болып табылатын осы мемлекеттік тілді білу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы болып табылады» [142, 275 ], – деп жазылған. Қалай дегенмен де, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, үлкен істердің қолға алынуына мүмкіндіктер туғызды. Қазақстанда ұлт тіліндегі балабақша, мектептердің ашылуы, қазақша БАҚ-дары санының көбеюі, түрлі рухани салалардың өркендеуіне өз септігін тигізді. Жыл өткен сайын өз жерінде азшылықта болып келген жергілікті ұлт саны көбейіп, қазақы рух өз Отанында қайта түлеп, жандана бастады. Десек те, қазақ тілі қоғамда өз қуатын барынша таныта алмады. Бұл жағдай әлі күнге дейін сақталуда. Тәуелсіз ел атанып, тіліміз мемлекеттік мәртебе алса да, туған тілдің тұсауы шешіліп, шынайы түрде биліктің тілі бола алмай келеді. Айтыстың сын садағынан қоғамның бұл көрінісі де тыс қалған жоқ. Мұхтар Қуандықовпен айтысында ақын Аманжол Әлтаев бұл мәселені барынша әшкерелеп берді:

«...Әлемдегі өркенді мемлекетке,

Ана тілі азаттық кепілі еді.

Өзге түгіл өзбектер аш жүрсе де,

Өз тілінде өзбекше «гәпіреді».

Ал біздің шұбар тілді чиновниктер,

Бәрінен біз оздық деп көпіреді.

Үлде менен бүлдеге оранса да,

Тілсіз ел кімнен озып кетіп еді?

Қалтасы қампайғанмен ұлдарының,

Не пайда қуыс болса көкірегі.

Ана тілін білмейтін дүбаралар,

Осылай ұлт қадірін кетіреді» [138, 145 б.]. Айтыста көтерілген қандай да бір проблема болмасын, ол қашанда ел мұратымен мүдделес, мақсаттас болып жатады. Халықтың айтыс өнерін жақсы көріп, іш тартуына да осы жағдай себеп болса керек. Ана тіліміздің мәртебесі Ата Заңымызда анық жазылса да, іш жүзінде сол қауқарсыз қалпында қалып отырды. Қазақ тілін өркендету ісі құжаттарды тәржімелеуден ары аспады. Осыны көріп, сезіп отырған халықтың көкейіндегі ойлар айтыс сайын айтылып жатты. Қоғамда орын алып отырған ұлт мүддесіне қайшы осындай келеңсіздіктерді барынша әшкерлеп, үнемі ащы шындықты айтатын ақын

Айбек Қалиев, Мэлс Қосынбаевпен болған айтысында қазақ тілінің мүшкіл халін барынша ашып көрсетеді.

«... Аты бар да заты жоқ қазақ тілі,

Орыс тілдің қолына су құйып жүр.

Ал біздің ел басқарған азаматтар,

Ағылшынша үйрен деп күлдіріп жүр.

Сайқал қоғам сорпасын сорға төккен,

Қазақтың қасіретпен кіндігі бір...» [138, 193 б.]. Шығармашылық салада проблеманы көтерудің әр алуан тәсілі бар. Айтыста көтерілген мәселелер мәнінің көпшілік қолдауына ие болып, бірден бұқаралық сипат алып кетуінің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, проблемалық мақалада қазақ тілінің қоғамдағы дәрменсіздігі дәл Айбек ақын жырлаған кейіпте берілмейді. Әрине, журналист қазақ тілінің мүшкіл халін суреттеуде нақты дерек, мысалдарға жүгінері сөзсіз. Журналист көтерген проблема, сөз жоқ, барлық қырынан талапқа сай жазылуы мүмкін. Дегенмен де айтыста кездесетін, бейнелі образды сөздердей тыңдаушысына немесе оқырманына анау айтқандай әсер етпесі анық. «Аты бар да заты жоқ қазақ тілі, орыс тілдің қолына су құйып жүр» [138,193 б.] (Айбек), «Дінімнің тамырына балта шауып, Тіліме жымыңдайды тозақ оттар» [138,123 б.] (Балғынбек), «Өз қазағы табанға таптаған соң, Ана тілдің көз жасы сорғалады» [138, 47 б] (Аманжол), «Шаранада тілімді шетінеттің ой, дүние-ай» [138, 164 б.] (Мэлс) сияқты айтыс сайын кездесетін бейнелі, образды сөздер халық жүрегіне бірден әсер ететіні сөзсіз. Өйткені ақын айтқан бұл сөздердің барлығы халықтың зердесіне сай, табиғатына жақын ұғымдар. Айтыста көтерілген мәселені халықтың бірден қабылдап, қолдап кетуінің бір сыры осында жатыр. «Тағы да қайталап айтар болсақ, біздің ұлтымыз – қазақ ұлты қоғамдағы қайшылықтар мен кем-кетікті, әлеуметтік теңсіздікті, дертті, әділетсіздіктерді, жолсыздықтарды бетің бар, жүзің бар демей тайсалмай – тайынбай айтыс өнері арқылы әлеумет алдында ашық та айқын айтуды айтыскер ақындарына жүктеген» [138, 5 б.]. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі ақындар айтысында, күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырыптың бірі – туған тілдің тағдыры жайлы толғаныс. Тіл – халықтың рухани қуаты. Тілге халықтың барлық таным-түйсігі, өмір сүру заңдылықтары, тіршілік қағидалары, дүнияуи көзқарасы сіңген. Осындай баға жетпес асыл қасиетінің қадірсіз болуы, халықты толғандырмай тұра алмайды. Егер қазақ деген халық өмір сүрер болса, онда оның тілі де жоғалмақ емес. Қазақ тілінің қасиет айбынын көрсеткен айтыс өнері Тәуелсіздік тұсында оның жоқтаушысы да бола білді. Әрине, айтыс жырлары «аттың жалы, түйенің қомында» туатын сөз өнері. Сондықтан да, ақын табиғатына тән немесе жастардың албырт сезімдерінің тегеурінінен кейде ащы айтылған тұстар болды. Бірақ ащы айтылса да, айтыс жырларының өзегі ақиқатқа құрылды. Шынайы шындық қана шырғалаңнан шығуға бағыт болады. Балғынбек Имашевпен айтысқан семейлік ақын Сара

Тоқтамысованың мына жыр жолдары ащы да болса, біз айтқан шындықтың шынайы болмысын көрсетеді:

«...Ақынның құса-мұңға толғанда іші,

Өлең боп төгіледі шер-қайғысы.

Депутат мырзалардың миы қатпас,

Келсе де келімсектің жерді алғысы.

Жерді сатып бабасының мазарымен,

Келеді миллиондап теңге алғысы.

Парламенттің төрінде толып отыр,

Тілім мен дініме қас, енжар кісі.

Тіліме қарсы болған депутаттың,

Сұмдық-ай қазақ екен тең жартысы.

Тілден безген безбүйрек бетпақтарды,

Жылаған жібермейді ел қарғысы...» [138, 124 б.]. Осындай жыр жолдарына зер сала отырып, көңілге түйгеніміз, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, елімізде ұлттық балабақша, мектептердің ашылуы, руханият әлеміміздегі көптеген оң өзгеріс, игі шаралардың өмірге келуіне Айтыс өнерінің де белгілі дәрежеде ықпалы болғандығына көз жеткіземіз. Ғасырлар бойы халықтың аңсар-мұратын жырлап, ел мүддесі үшін күресе білген айтыс ақындарының өміршең мұрасы осы ойларымыздың дәлелі. Айтыстағы дін, имандылық тақырыбы. Жетпіс жылға жуық үстемдік құрған коммунистік идеология тек тілге ғана қысым көрсеткен жоқ, ол сондайақ халық руханиятының өзге де құндылықтарына кері әсерін тигізіп бақты. Қазақтың ұлттық қасиетін танытатын басты критерийлері тілі мен діні екендігі белгілі. Өзін мұсылман елі санайтын қазақ халқы үшін, атеистік көзқарастың зардаптары қаншалықты ауыр болғандығын ойша шамалауға болады. Ғасырлар бойы халықтың зердесінен орын алып, өмір сүру заңдылықтары мен тіршілік қағидаларымен етене араласып, салт-дәстүр, өнер-мәдениетке, рухани құндылықтарға өзінің әсер-қуатын барынша сіңірген ислам дінінен алыстау, ұлт үшін аса қауіпті құбылыс еді. Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры ислам дінінің ең асыл қасиеттеріне негізделіп, дүниелік көзқарас, таным-түйсігі сол бойынша қалыптасқан еді. Бүгіндері БАҚ жиі көтеріп жатқан ұрлық-қарлық, кісі өлтіру, нашақорлық, жезөкшелік, тастанды бала, жесір әйел, жетім қарт сияқты халық салтында болып көрмеген жаман әдеттердің көбеюі, сөз жоқ, адам бойынан имандылық, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттердің жоғала бастауын көрсетеді. Белгілі дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай: «Ислам дінінің негізгі мақсаттарының бірі – адамдарға жақсылық ахлақ, яғни, көркем мінез беру. Бұл иманы кәміл мұсылманда көркем мінезге жататын әдептлілікпен бірге, рухани қасиеттер де болу керек деген сөз. Қасиетті Құранда Аллаһ Тағала ахлақи құлдыраушылық, яғни, өтірік айту, ұятсыздық, өсек, өзгелерді сырттарынан ғайбаттау, күндестік, күншілдік, сараңдық, парақорлық, сабырсыздық, озбырлық секілді жаман қылықтар салдарынан болатын күнәлардың салмағы, басқаларға қарағанда ауырлау болатынын баса айтқан»[158, 276 б.].

Берер тағылымы ұшан-теңіз Құран қағидаларының бір ғана парасы адамзат зердесіне осындай ой салса, оның біз сіңіре алмай жатқан басқа да тағылымдары қаншама. Ел тәуелсіздігін алған тұстан бастап қазақ қоғамында көтерілген өткір, зәру мәселенің бірі осы дін жағдайы еді. Халықты исламның иманды жолына шақырып, оның қоғам үшін қаншалықты қажет екендігін түсіндіруде ақындар айтысы өте ықпалды насихат жүргізді деп айтуға толық негіз бар. Әрине, елді имандылыққа шақыруда жалғыз айтыс өнері ғана жұмыс жүргізді деп айту ақиқат бола қоймас. Теле,- радиодағы, газет-журналдағы үгітнасихат ғылыми танымдық пікір көзқарастар да, бұқара халыққа үлкен ықпал еткені анық. Қазақстан елді мекендерінде бой көтерген жүздеген, мыңдаған мешіт, медреселердің өмірге келуі аталмыш салалардың бұқара халық санасын оята білуі деп түсінген жөн. Айтыстағы дін мәселесінің өзектілігі айтысушы ақынның осы тақырыпты терең білуімен де өлшенсе керек. Айтысушы ақындардың біразы ислам діні туралы біршама білімі бар азаматтар еді. Атап айтқанда, айтыс өнеріне дін тақырыбын әкелген және оны тартымды насихаттай білген ақындардың көш басында Мұхамеджан Тазабеков болды. Айтыс өнерінің айтулы өкілдері Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, сондай-ақ кейінгі толқында Дидар Қалиев сияқты көптеген жастардың имандылық жолын ұстануы, діннің тағылымдық-тәрбиелік мәнін барынша тереңдете түсті. Ақынның діни сауатты болуы тақырыптың өзектілігін һәм насихатшылдық сипатын барынша айқындай түсті. Мәселен, Мұхамеджан Тазабеков пен Мэлс Қосымбаев арасында өткен діни көзқарас сипатындағы пікірталас аталмыш мәселе жөнінде қажетті бағыт-бағдар берері сөзсіз.

Мұхамеджан: «Мэлс-ау, айтқан сөзің нықталады,

Иманмен орындалсын ұлт талабы.

Жеңіл сөзден сүрінер деп ойлап па ең,

Мұндайға мұсылмандар мұрт қағады.

Білген жанға сауалың өте оңай,

Қиын боп көрінгенмен сырт талабы.

Әуелі Мұса пайғамбар үшке бөлген,

Жәннатқа қайта тірілген құс барады.

Содан кейін Құранда атын айтқан,

Үңгірде бірге ұйықтаған ит барады...» [137, 10 б.]. Бір кезегінде дін туралы толғамын осындай деректі ойлармен сабақтастырған Мұхамеджан әріптесі Мэлске бірнеше сыни сауалдар тастайды. Әріптесінің әлі намаз оқымай жүргенін, Құран сүрелерінен хабарсыз екенін, халықтың басқа жолға түсіп бұзылмауы үшін қандай үгіт-насихат жасайтындығын, мешіт салуға неге мұрындық болмағаны жөніндегі сөздерін батырыңқырап айтады. Кезегі келгенде Мэлс ақын да діни тұрғыдан өзінің қара жаяу еместігін мынадай ойларымен танытып өтеді:

Мэлс: « ...Екі жансыз дегенім:

Біреуі – Мұсаның аса таяғы,

Біреуі – Ыдырыстың киген кебісі.

Екі арам дегенім...

Біреуі – Айсаның мінген есегі,

Біреуі – Қытымыр деген қызыл ит...» [137, 11 б.]. Екі ақынның да сөз саптасынан аңғарғанымыз, дін жөніндегі танымбіліктерінің біршама бар екендігі. Ислам – жалаң ой, жадағай насихаттың құралы емес. Исламды, дінді насихаттау, жырлау үшін ақын белгілі дәрежеде сол тақырыпты білуі шарт. Жоғарыда келтірілген Мұхамеджан мен Мэлс ақындардың жыр үзінділерінен біз осы жайтты аңғардық. Екі ақын да ойларын абстрактылы түрде емес, нақты мысалдар арқылы өрбітеді. Мұның өзі айтыс ақындарына осы тақырыпқа қатысты проблемалық ойларды қозғау барысында көп көмегін тигізері анық. Публицистика теориясында мынадай уәж бар: «Публицист объективтілікті сақтау үшін іске кіріспес бұрын белгілі объектіні барлық жағынан да қарастырып, ондағы жағдайлардың бәрін де өз көзімен көріп, зерттеп алғаны жөн...» [114, 24 б.]. Айтыс өнерінде діни тақырыпты жырлау ертеден келе жатқан үрдіс. Ғалымдарымыз айтысты түрге бөліп қарастырғанда, «діни айтыстар» деп жеке көрсетуі де бұл тақырып саласының өзіндік орны мен әлеуметтік мәніне айғақ болса керек. Жоғарыда келтірілген Мұхамеджан мен Мэлс ақындардың дін жөнінде сауал қоя отырып, бір-бірінің білімін сынау дәстүрі ХІХ һәм ХХ ғасыр басындағы айтыс үлгілерінде жиі кездеседі. Шамамен 1916 жылдары өткен Иманжан мен Бибіғали қыздың айтысында осы тақырыпқа қатысты мынадай жыр жолдарын байқаймыз: Бибіғали қыз: «Сұраудың уақасы жоқ, білмегенге,

Қиын сол, қараңғылық көрмегенге.

Айтып бер, анық білсең, ақын інім,

Мақал бар ел аузында Зіл деген не?» [38, 441 б.].

Иманжан: «Білмесең мен айтайын апекежан,

Жаратқан дүниені Қадір-Мәулан.

Жаратып алты күнде тамам еткен,

Өрбіген бұл дүниеге алты мың жан.

Басып тұр дүниенің төрт бұрышын,

Кішкене өзі ауыр Зіл деген аң» [38, 442 б.]. Қазан төңкерісіне дейінгі ақындар айтысында жиі кездесетін дін тақырыбы, ел тәуелсіздігін алған тұстардан бастап қайта жаңғырып, кең өріс ала бастады. Бірақ бұл жолғы діни насихат, жұмбақтасу немесе ақындардың білім сынасу тұрғысында емес, елдің әлеуметтік, моральдық жағдайларымен сабақтаса өріліп, имандылыққа, ізгілікке шақырған рухани түлеу сипатында көрініс тапты. Қазіргі айтыста слам діні халықты ынтымақ, бірлікке бастайтын, жат әдеттерден арылтатын рухани қуат ретінде насихатталды. Айтыстағы бұл бағыт нәтижесіз де болған жоқ. 2005 жылдың тамыз айында айтыс ақындарының біразы Меккедегі «умра» қажылыққа барып қайтуы, ислам дініне деген ұлт азаматтарының көзқарас-танымын біршама кеңейте түсті. 2001 жылы Алматы қаласында өткен «Отанды сүю – иманнан» атты республикалық ақындар айтысы да. аталмыш тақырыптың қоғамдық маңызы мен өзектілігін айқындаған шараның бірі болды. Қазіргі айтыстағы дін

тақырыбы намаз, қажылық, зекет, ораза, иман сияқты мұсылманның басты бес парызын уағыздаумен емес, имандалақтың негізгі төркіні адалдық, адамгершілік, ізгілік, тазалық, ақиқат сияқты адам бойындағы асыл қасиеттерде екендігін көрсетумен, соған шақыруымен ерекшеленеді деп айтуға болады. Әрі бұл насихат жалаң үлгіде емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігікпен, қазіргі қоғам проблемаларымен астаса өрілуімен құнды болып табылады. Мәселен, Мұхамеджан Тазабековпен айтысқан ақын Дәулеткерей Кәпұлының мына бір толғамдары дін мен қоғам арасындағы ымырасыздықты әшкерелейді.

«... «Көпұлтты» деп мақтанған Қазақстан,

Көпдінді боп жүрмесін, көпқұдайлы?!

Тыйылмай құмар істеп, кінәлі істен,

Жылытар жүрегіңді жұбаныш кем.

Құлқынның құлы болған қазақ аз ба,

Кәпірден асып түсер құлап ішкен?

Қаладағы қаптаған казиноңның,

Мешітіңнен мерейі тұрады үстем...» [137, 21 б.]. Дәулеткерей ақын сегіз жылға сыйдырған қоғамның осындай күрделі проблемасы өзінің салыстырмалы сипатымен тыңдарманын бірден баурап алады. Газет журналистерінің тілімен айтсақ, сегіз жүз жолдық проблемалық мақалаға жүк болар мәселе салмағы сегіз жол өлеңге сыйып тұр. Ақынның осы жыр шумақтарында: «Көпұлтты» Қазақстандағы көпдінді ұлт өкілдерінің бүгіні мен болашағы, нәпсіге құл болушылық сияқты қазақ қоғамындағы орын алып отырған ең дертті мәселелер қамтылады. Және жай қарапайым баяндау үлгісінде емес, ақындық қуатпен әсерлі кейіпте жырланып тұр. Белгілі ғалым М. Базарбаев саяси-әлеуметтік өлең-жырларға былай деп анықтама береді: «Саяси-әлеуметтік өлең-жырлар – кезеңдік поэзиядағы саяси-мәселелерді көтеріп, әлеуметтік мақсат-мүдделерді паш ететін саласы. Қоғам өзгеріс алдында, бұқара толғаныс үстінде тұрған алмағайып кезеңде, саяси-әлеуметтік өлеңдердің белсенділігі арта түсетіні белгілі» [159, 308 б.]. «Қоғам өзгеріс алдында, бұқара толғаныс үстінде» тұрған уақытты Қазақстан халқы да бастан өткереді. Дәл осындай ұлы өзгерістер дәуірінде публицистика жанрының рухани көшті бастайтынына зерттеу барысында жанжақты тоқталған болатынбыз. Жетпіс жылдай үстемдік құрған коммунистердің атеистік идеологиясы тәуелсіз елдің еншісіне тілі жұтаң, діні қуаң ұрпақты қалдырды. Тәуелсіздіктің баянды болуы үшін осы келеңсіздіктерді дер кезінде тоқтату, алдын алу оңай жұмыс емес еді. Осыны жақсы түсінген ұлттың зиялы қауымы, рухани құндылықтарды күшейтуге барынша күш салды. Осы қатарда айтыс ақындары да үлкен насихаттар жүргізіп, мүмкіндіктері келгенше халық зердесіне әсер ететіндей отты жырдарды дүниеге әкелді. Жоғарыда келтірілген Дәулеткерей ақынның жыры тақылеттес, айтыс өлеңдері уақыттың өткір мәселелерін батыл көтерді. Әсіресе, қазақ қыз-жігіттерінің бойындағы жат әдеттерді әшкерелеп, саналарына сәуле боларлықтай насихат айтқан ақындардың ішінде Мұхамеджан Тазабеков есімін ерекше атаған жөн. Мұхамеджан жырлары өзінің тілдік қуаттылығымен, терең танымдылығы һәм

қазақи құнарлылығымен тыңдаушы-көрерменнің ықыласына ие болды. Ақынның айтыста айтқан терең тәмсілдері халық арасына кең тарап, насихат жырына айналды. Осының өзі айтыстың халыққа етене жақын өнер екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Енді Мұхамеджан ақынның Бекжан Әшірбаевпен болған айтысындағы мына бір жыр шумақтарына зер салып көрелік.

«...Ұлттың рухын жоғалтқан ұлдарың көп,

Қылышына тар келген қын секілді.

Тамырын тарата алмас қыздарың бар,

Шелекке отырғызған гүл секілді.

Құдайсыз ұрпақты да өсірдік-ау,

Құмырадан шығарған жын секілді...» [123, 221 б.]. Өнер – адамзат баласының рухани айнасы, кез келген рухани шығармашылық дәуір мен сол қоғамда өмір сүрген адамдардың жан-дүниесін, болмыс-бітімін бедерлейтін құндылық. Мұхамеджан ақынның ұлт рухсыздығы туралы толғаныстары бүгінгі замандастарымызға ой салары хақ. Осы жырларды тыңдаған немесе естіген кез келген адам алдымен өзіне, одан кейін маңайына сын көзбен үңілері ақиқат. Ақын жырының мұраты да сол халыққа ой тастап, санасына ізгілік сәулесін ұялату. «Адамның ең үлкен дұшпаны – нәпсісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кәсібім – үнемі нәпсімен күресу, бұдан қашқан адамдар қорлықта қалады», – деп нәпсімен күресуді үлкен жиһадқа санаған. Кісінің діні, иманы, ақылы бір жақ та, нәпсіні, оны қоздырушы шайтан бір жақ болатын бұл соғыс, адам адам болып жаратылғалы бері бір сәтке де тоқтаған емес. Дін, иман, ақыл – адамды ізгілікке, көркем мінезділікке, Алланың рахметі мен жәннатқа шақырса, нәпсісі – кісіні күнәға, құмарлық пен шаһуатқа қызықтырып, шайтанмен бірге мәңгі тамұқ түбінде қалуға итермелейді» [160, 5 б.]. Дінтанушы ғалымдар келтірген осы пікірдің актуальдылығы бүгінгі қазақ қоғамында аса маңызды болып отыр. Адамгершілік, ізгілік қасиеттерден ада, құлқынның, нәпсінің құлы болған адамдар қоғамға өте қауіпті элементтер. Бүгінгі күннің өзекті проблемасына айналып отырған «коррупция», «адам сату», «нашақұмарлық», «жезөкшелік» сияқты толып жатқан келеңсіз көріністердің негізгі тамыры осы нәпсіқұмарлық, құлқын қамын ойлау сияқты жаман әдеттерден туындайтыны белгілі. Ел болып күресіп жатқан осынау кеселге қарсы айтыс жырларында да аз айтылған жоқ. Лена Әбдіхалықовамен болған айтысында Тараздық ақын Шорабек Айдаров замана зобалаңын былайша толғайды:

«...Бұл өзі қос дүниеге көпір заман,

Байға ну, ал кедейге тақыр заман.

Бейшара, ғарып-жесір, сорлылардың,

Көз жастарын көрмейтін соқыр заман.

Құлқыны үшін құдайын ұмытатын,

Кәнігі ұрыға дос – кәпір заман.

Ағайын, айтыңдаршы айналайын,

Жақындап қалған жоқ па ақырзаман?!.» [123, 292 б.]. Қазақ қоғамында орын алып отырған әлеуметтік теңсіздіктер салдарын адамның ар-ождан болмысымен сабақтастыра қараған ақын мәселе себебін имансыз пенделердің тоғышарлығынан іздейді. Қара басы, құлқыны үшін иманды, құдайды ұмытқан тоғышарлардың елді аздыратынын, егер осы жағдай жалғаса берсе, түбі жақсылыққа апармайтынын ескертеді. Айтыс мұраты да халық санасына ой салып, белгілі бір мақсатқа жұмылдыру керек екенін ескерсек, Шорабек ақынның бұл жырлары өз уақытына қызмет істеп тұрған сөздер. Насихат, үгіт жырларының құндылығы да өз уақытының проблемасын тани білуімен, әрі оған дер кезінде үн қосуымен өлшенеді. Қазіргі айтыстағы дін тақырыбын жырлаудың өзіне тән ерекшелігінің бірі, ақындардың заманға, уақытқа лайық ойларды, яғни, сөйлеу образдарын қолдануы дер едік. Халыққа сол уақыттың, сол қоғамның пайымдауы, көзқарасы тұрғысында тіл қату – бұл біріншіден адам санасына жылдам әсер етеді, екіншіден сол ойды қиналмай қорытуға мүмкіншілік береді. Бекарыс Шойбековпен арадағы айтысында ақын Мұхамеджан Тазабеков мынадай қазақы танымға жақын жыр жолдарын тілге тиек етеді:

«...Салтанат құрсаң, елім, мен шаттанам,

Сен үшін тілім – келі, келсап болған.

Ниеттестер жиылып қалыпсыздар,

Алғысы алтын тақтан кем соқпаған.

Мәсінің қонышындай тар заманда,

Кебежедей көңілін кең сақтаған.

Иманды елдің ұрпағы емес пе едік,

Анасы – ар, бабасы – жер сатпаған.

Билері бәтуасыз сөзге бармай,

Ұстасы ескі ағаштан ер шаппаған.

Жамағат, жанашырым сіздерсіздер,

Сабырына сүйеніп жан сақтаған...» [123, 112 б.]. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді ащы айтатын ақындар, кейде халық жүрегіне, танымына жақын осындай аяулы сезімдерді де ұсынып жатады. Мұның өзі айтыс ақындарының қараша халық ықыласына, пейіліне ден қоя білетіндіктерін, нені айтып, нені жырласа да тек ұлт мүддесі, аңсар-мұраты үшін қызмет қылатындықтарын аңғартады. Айтыстағы дін-ислам тақырыбы, сөз жоқ, халыққа үлкен рухани қуат, байыпты бағдар берген тағылымы мол жыр үлгілері болып табылады. Айтыстағы ауыл тақырыбы. Қазақстанның экономикалық нарықтық жүйеге көшуі мемлекетіміздің агросаясатына түбегейлі өзгерістер алып келді. Сол уақыт баспасөздерінде «жабайы нарық» деп аталып кеткен экономикалық реформаның бағыт-бағдарын толық түсінбеген халық алғашқы жылдары көптеген қиындықтарға тап болды. Әсіресе, жекешелендіру науқанын жеделдету, ауыл шаруашылығын күйзелтіп-ақ жіберді. Қолында билігі барлар «қоныштан басқан» алмағайып уақыт ат төбеліндей адамдарға тиімді

болғанымен, қарапайым халыққа кері әсерін тигізді. Сол жылдардағы ауыл тағдыры айтыс жырларында былайша көрініс тауып жатты:

«...Көңілім содан кейін тынып қалды,

Жоқшылық бірте-бірте сырықталды.

Ақтылы қой өргізген ақсақалдың,

Қолында қамшысы мен құрық қалды.

...Осынау халқымды кім аяйды,

Күтеді үмітпенен туар айды.

Кешегі ақтылы қой өрген, шіркін,

Құба жон үнсіз мүлгіп, мұңаяды...» [123, 157-158 бб]. Ауылшаруашылығының құлдырауы тек экономикалық салаға әсер етіп қойған жоқ. Сол жылдары ауылдағы мәдени-ағарту көздері мен әлеуметтіктұрмыстық салалар қиыншылыққа тап болды. Ауылдық жерлердегі аурухана, балабақша, мәдениет орындары талан-таражыға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатты. Жұмыссыздық белең алып, ауыл жастары ұрлық-қарлыққа, ішімдікке, нашақорлыққа үйір бола бастады. Мұның өзі ұлттық менталитетін сақтап келген ауыл халқына моральдық, психологиялық тұрғыдан ауыр соққы еді. Осы көріністің барлығы айтыс жырларында еш боямасыз айтылды.

«...Алаң отыр көңілде, алаң отыр,

Ойланып өткен күнге балаң отыр.

Шепкенін жамап, шіркін, тоқал тамда,

Қамығып қараңғыда анам отыр.

Айналып замананы өте алмаған,

Қиындықтан қазағым кете алмаған.

Қара шал қара жолда қамығады,

Аурухана үйіне жете алмаған.

Өлең сөз көкірегімде тасқындады,

Көп болды осынау дерт асқынғалы.

Қорқауы қорадағы қойды жесе,

Одан бетер адамның қасқырлары...» [123, 157 б.] Әрине, мемлекетіміз осындай қиыншылықтарды бастан кеше отырып, нарықтық экономикаға батыл қадам жасады. Ауылдық жерлердегі жұмыссыздық салдары, халықтың кәсіп іздеп, қалаға көшу науқанына ұласты. 1991-2001 жылдар аралығы Қазақстан экономикасында түбегейлі өзгерістердің орын алуы мен оны қалыптастырудың күрделі кезеңіне арналды. Жоғарыда келтірілген жырлардағы көріністер, ақын көріп-сезінген жағдайлардың шынайы сипатын танытса, кейбір айтыс ақындары нарықтық жүйеге көшкен қоғам ахуалына сын көзбен қарай білді. Тіпті, биліктің дәрменсіздігі мен парламент шығарып отырған заңдардың да дұрыс болмай жатқандығын тілге тиек еткен айтыс ақындары, экономикалық проблеманың қалай туындап отырғандығын індете жырлады. Бекжан Әшірбаевпен арада өткен сөз сайысында ақын Мұхамеджан Тазабеков қоғам проблемасын былай деп сын тезіне алады:

«.... Келгенмен «Нарық» деген саналы шақ,

Бұрынғыдай жаймады дала құшақ.

Заңың да, заманың да бұрмаланып,

Көбейді киіз тілген қара пышақ.

Парламентің жатыр-ау заң туғызып,

Жылда құрсақ көтерген ана құсап.

Бірақ сол заң жетілмей қалып жатыр,

Полигонда туылған бала құсап...» [123, 229 б.]. Айтыста көтерілген көптеген проблемалардың ішінде, ақындар үшін ауыл тақырыбы етене жақын еді. Бәрі де ауылдық жерде ержетіп, қазақи тәрбие мен дәстүрді бойларына сіңіріп өскен айтыс ақындары үшін ауыл екінші анасындай болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыл тағдырына айтыс ақындарының алаң болуы осындай табиғи заңдылықтан туындаса керек. Айтыс миссиясының өзі халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін жоғары жақтағыларға жеткізіп, билік назарын аудару болса, ақындар сол міндетін адал орындады. Осы тұрғыдан аңдағанымыз, айтыс ақындары көп жағдайда өзінің табиғатына жақын тақырыптарды мейлінше үлкен тебіреніспен жырлап, тыңдарман сезіміне зор әсер ете білетіндігі. Айтыс ақындарының осындай қасиет қырын байқаған ғалымдарымыз: «Ақындар айтыстарындағы ұлттық сипаттың аса көрнекті көрінісі – ақындардың қазақ сөзінің байырғы бейнелілік өрнектерін поэтикалық сымбатымен, шеберлікпен қолдануы. Ақындар сөз арқауындағы мәселелерді әсерлі жеткізу үшін ажарлау, құбылту, айшықтау өрнектерінің алуан түрлі үлгілерін өлең тармақтарындағы ішкі үндестік, ұйқас өрімдерімен жымдастыра жырлайды» [161, 103 б.] деп пікір білдіреді. Ақындар айтысының ұлттық сипатына баға берген ғалым пікірі, жоғарыда келтірілген ауыл тақырыбына қатысты айтыс үлгілерінде айқын көрініс табады. Айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын айқындау барысында біз көбіне сыни көзқарастағы ақын жырларын мысалға алып келдік. Әрине, зерттеудің өзектілігін айқындауда бұл тәсіл біз үшін қолайлы. Дегенмен де, айтыс жырларының объективтілігін танытатын сөз сайыстарын айналып өту арымызға сын. Қоғам келеңсіздігін сын тезіне алған айтыс ақындары, халық бастан кешіп отырған жақсылық, шаттықты да көре білді. Мысалды алыстан іздемей-ақ ауыл тақырыбына қатысты мына жыр жолдары айтыстың объективтілігін танытатын сипаттар. Мәселен, ақын Аманжол Әлтаев пен Нәзира Мәдішеваның айтысында ауыл тақырыбының көлеңкелі һәм күнгей тұсы бірдей көрініс береді:

Аманжол: «...Мемлекеттің мерейін биіктету,

Ауылды көтеруден басталады.

Ауыл деген анаңа қарайлай жүр,

Қазақтың ел басқарған қасқалары!» [137, 311 б.].

Нәзира:
«Ауыл десе ағаның,

Асыл жыры терілер.

Туған жер десе теңселіп,

Көкейден өлең өрілер.

Қолға алсақ бүкіл ел болып,

Ауылым биік көрінер.

Ауылда жүрген біздерге

Күннің нұры себілер...» [137, 311 б.]. Айтыс табиғатына тән басты ерекшелік – қаншама қасіретті, қиыншылықтарды жырлап отырса да, халыққа жігер, қайрат, сенім сияқты қуат көздерін дарыта білуінде. Қоғамға дерт болып жабысқан кеселді танып, соны болдырмаудың қам-қарекеті айтыс жырларында айқын көрініс тауып отырды. «Ауруды елемеген өледі», – деген халық даналығы, осы сөзді өзінің өмірлік қағидасына айналдырған. Белгілі айтыс ақыны, филология ғылымдарының кандидаты Балғынбек Имашев «Айтыстағы сатира мен юмор» атты ғылыми еңбегінде мынадай пікірлер келтіреді: «Халық қоғамдық өмірдегі озбырлыққа, қиянатқа қарсы әділ үкімін, дұрыс сынын көбіне-көп өзінің көкейінен жарып шыққан юмор мен сатирасы арқылы білдіріп отырған. Халқымыздың сол әзілқалжыңдарынан қоғамдық өмірдің барлық аспектілеріне жауап табуға болады» [162, 4 б.]. Айтысқа сатиралық сипат әкелген ақын Шорабек Айдаровтан кейін жырларын ащы мысқыл, сарказмге құратын бір шоғыр толқынның айтысқа шыққаны белгілі. Солардың ішінде юморист айтыскер атанған Балғынбек Имашевтің есімін ерекше атауға болады. Мәселен, ауыл тағдырына қатысты айтылған Балғынбек ақынның мына жыр жолдарында көзге ұрып тұрған ащы әжуаны бірден аңғармайтын да сияқтысыз. Бірақ көзге көрінбес, көңілмен ғана түйсінетін әжуалық сарын қоғам көрінісін шынайы суреттейді:

«Ел жайын сен толғасаң мен де айтайын,

Бастауға бір сұмдықты балаң келді.

Ауылдағы ағайын көріп отыр,

Ауыл жылы шаруаға зауал келді.

Төрт түлік мал иесін «құттықтаймын»,

Ауыл жылы бір тықыр саған келді...

... Түйеге, сиыр, қой мен жылқыларға,

«Төл құжат» жасалсын деп хабар келді.

Халықтың қазынасын тонағандар,

Тауықтың жұмыртқасын санар ма енді?

Мысыққа мияулатып сырға салып,

Итке де ен салатын заман келді...» [138, 121-122 бб]. Тәуелсіз Қазақстанның жиырма жылға жуық жаңа тарихында ауыл тағдыры үнемі мемлекет назарында болып жүрді. Уақыт туындатқан қиыншылықтарға қарамастан еліміз нарықтық экономикаға батыл қадам басты. Сол жолда қаншама шешуі қиын проблемаларды бастан өткеруге тура келді. Қазір Қазақстанның агросаясаты қалыпты арнаға түсті. Ауылшаруашылығы өркендеп, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп жағдайда ілгерлеу үстінде. Елбасы Н.Ә. Назарбаев белгілеген «Ауыл жылы», «Мәдени мұраны қолдау» бағдарламалары халықтың әл-ауқатын ғана жақсартып қойған жоқ, сондай-ақ мәдени-рухани түлеуіне тың серпілістер берді. Кешегі қиыншылық, бүгінгі ілгерілеу қазақ елінің өсіп-өркендеуіне, дамуына өлшем болса керек. Ең

бастысы, халықты белгілі бір мақсатқа, мүддеге топтастыра білу осынау жылдарда аса қажет еді. Бұл жолда бүкіл халық болып жұмыла іске кірісіп, қыруар жұмыстар атқарылғаны белгілі. Әсіресе, ұлттық руханият көздері: әдебиет пен өнеріміз, баспасөз бен шығармашылық ұжымдар ел тәуелсіздігінің баянды болуына шама-шарқынша өз үлестерін қосты. Қашаннан халықтың көз қуанышы, рухани серігіне айналған айтыс өнері де осы істердің басы-қасында болды. Қазақтың тілін, дінін жырласа ол елді имандылыққа, ізгілікке шақырғаны, қазақ ауылының тағдырына араша түссе. ол ұлттың алтын діңгегінің аман болуына алаңдағаны. Айтыста ұлт тарихын дәріптеудің тағылымдық мәні. Қай халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, қалыптасуы һәм келешегі өзінің тарихи құндылықтарымен тығыз байланыста болады. Дәстүрсіз ел – тамырсыз ағаш сияқты. Жасанды тарих, нәрсіз тіл, дүбара дін – елді ешқандай өркениетке бастамайды. Ұлттық идеологияның негізін қалыптастыруда тарихтың терең тәмсілдеріне жүгінетініміз сондықтан. Айтыста көтерілген тарихи тақырыптың барлығы ұлттың ұлы тұлғаларымен сабақтастырыла қарастырылуы заңдылық. Мәселен, қазақтың дербес мемлекет болып қалыптасуын Керей, Жәнібек хандар есімдерімен байланыстырсақ, қазақ батырлары Қанжығалы Бөгенбай, Қара Керей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай есімдері ұлт тарихындағы ұлы істерді жүзеге асырушы, көсемдер ретінде бағаланады. Тәуелсіздік тұсында өткізіліп келе жатқан ақындар айтысының арналы тақырыптарының бірі – ұлт тарихының ұлы тұлғаларын дәріптеу болып табылады. 1991 жылдан 2001 жылға дейінгі он жылда қаншама батыр, билердің, абыз-шешендердің есімін жаңғыртып, олардың әруағына тәу етіп, тарихи жадымызды қайта жаңғырттық. Ұлт тарихының ұлы тұлғаларын дәріптеу арқылы Тәуелсіз Қазақ мемлекеті өзінің идеологиялық қуатын байыта отырып, жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде жақсы нәтижелерге жетті деп айтуға болады. Тәуелсіздік атты ұлы ұғымның баға жетпес құндылығын өскелең ұрпақ санасына сіңіруде, тек ұлттың рухани мұрасын терең насихаттау арқылы ғана қол жеткіземіз. «Айтыс – өзіндік тарихы бар, тағылымы мол ауыз әдебиетін кеңейтіп отыратын айтулы өнер. Айтулы болатын себебі, айтыстың өне бойы өлеңмен өріледі және ақиқаттан аттамай, шындық шырқалады. Екі ақынның сөзбен іліпшалуынан басталған бұл сайыс елдік мәселелерді көтеруге дейін дамиды. Осы екі ортада ақын өрелі, өмірлік тәжірибесі мол, зерделі болса, қазақтың әрліберлі тарихы, екі елдің арақатынасы, өмір сүріп жатқан қоғам көріністері сөзбен суреттеледі» [163, 139 б.]. Зерттеуші келтірген осы пікірдегі «қазақтың әрлі-берлі тарихын» білу, көзі ашық, көкірегі ояу кез келген адам үшін басты парыз болып саналады. Ал, айтыс ақындары үшін ұлт тарихын жақсы біліп, оны халыққа тартымды насихаттау, мемлекет идеологиясы үшін аса маңызды болып саналмақ. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, қай айтысында болмасын үнемі азаттық идеясын ту қылып көтеретін Баянғали Әлімжанов, Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, Серік Құсанбаев, Оразалы Досбосынов, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имашев, Мұхамеджан Тазабеков, Айбек Қалиев, тағы да басқа көптеген

ақындардың есімін атауға болады. Жалпы, қазіргі айтыстың басты ерекшелігі де азаттық идеясының аясында, ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтап көрсету десек, қателеспейміз. Тарихи тұлғалардың ерлігі мен есімін дәріптеу арқылы айтыс ақындары ұлт болашағының баяндылығы жолындағы бүгінгі ұрпақтың қандай болуы керектігіне меңзеу жасайды. Тіпті бүгінгі келеңсіздіктерді жырлай отырып, кешегі тарихтан тәлім алуға шақырған ақын ойлары айтыс сайын әр қырынан жарқырай көрініп отырады. Ермек Жұматаевпен болған айтысында ақын Аманжол Әлтаев бүгін мен кешегіні салыстырмалы түрде көрсеткен. Ақынның бұл тәсілі өз кезегінде өте сәтті шыққан.

«...Бар қазақ бірге жүрсін бұл өмірде,

Қарасай, Ағынтайдай құшақтасып...

Ел едік күн астында көшіп өткен,

Билері даналықпен кесім еткен.

Жетім мен жесірлердің мәселесін,

Бабалар мейіріммен шешіп өткен.

Тек біздің әділетсіз қоғам ғана,

Шет елге бала сатып есі кеткен...» [138, 53 б.]. Айтыс жырларының тәрбиелік, тағылымдық сипаттарының өзектілігі, мәнділігі де осы қырларынан көрінсе керек. Батыр-билердің, абызжыраулардың азаматтық, тұлғалық қасиеттерін көрсету арқылы бүгінгі ұрпақ бойындағы жігерсіздік пен жалқаулықты сынау, ақындар айтысында жиі ұшырасады. Мәселен, Маржан Есжановамен болған жекпе-жек айтыста Аманжол Әлтаев бір кезегінде ұлт тарихын тым тереңнен қаузай ды. Исі түркі жұртының айбары болған Күлтегін, Еділдердің ерлік дәстүрін дәріптей келіп, ақын ойларын былайша түйіндейді:

«...Талай мәрте ботаңды өлтірсе де,

Боз інген, аруана – ұлтым, суалмадың.

Тар ноқтаны шешсе деп көп боздадың,

Еркіндікке жеткенше уанбадың.

Елбасы нұрлы жолы ұзақ болсын,

Бабаның орындаған ұлы арманын.

Хан Кене, Махамбеттер арқасы ғой,

Азаттық алып бүгін қуанғаның...» [137, 256 б]. Елдік пен ерліктің дәстүрлі жолын бүгінгі Тәуелсіздік заманмен сабақтастыра өрген ақын жырлары халық зердесіне өшпес рух ұялатары сөзсіз. Бейнелі теңеулермен, әсерлі сөзге құрылған ойлы жырлары көп жағдайда көркем публицистикалық жанр сипаттарын еске түсіреді. «Бір атап айтарлық жайт: әлеуметтік мәселелерді көтерген көркем айтыстарда сөз бәсекесіне түскен екі ақын алғашқы рулық тар шеңберден шығып, асқақтата сөйлейтін лирикалық кейіпкерлерге айналды да, бүкілхалықтық мәні бар аса елеулі оқиғаларды жырлау дәрежесіне көтерілді. Мұнда ақынның қоғамдық өмірге деген көзқарасы мен көркемдік талғам принциптері де сарапқа салынды» [164, 12 б.]. Зерттеуші келтірген осы пікірлердегі ақынның лирикалық кейіпкерге айналуын айтыс жырларын талдау барысында анық байқаймыз.

Зерттеудің әр тараушасында үнемі тілге тиек етер қағидаларымыз айтыс жырларының көркем-публицистикалық һәм лирикалық ішкі толғаныстарға бейім жанр екендігі. Айтыс өнерін халыққа етене жақын қылған да, ақын жырларынан осы қасиеттердің көрініс беруі. «Айтыс өнерінің көркемдік сипатын саралағанда ең басты назар аударар нәрсе – әр ақынның өз даралығы, ерекше бітімі. Дәстүрлі өнерге қойылар осы эстетикалық талап еш уақытта да ескерілмейді. Әр түрлі сахналық сөз сайыстарында ақындар тілімен өрілген шумақтардың адам жанын қуанышқа бөлер әсерлілігі көрерменнің жүрегінде сараланды» [165, 136 б.]. Айтыс өнерінің табиғатына зер сала отырып, көп жылғы тәжірибеден аңғарғанымыз, халықтың қашанда ақынның тіл шеберлігіне, ой алғырлығына ден қойып тамашалайтындығы.

Сөз байлығы аз, тілі жұтаң айтыскердің жыр сайыстарында бағасы төмен болып жататындығы белгілі. Қазақ халқы ана тілінің ажарын кіргізетін сұлу да, көркем, қанатты сөздерді сағынғалы қашан. Тілге тұсау болған кеңестік дәуір туған тіліміздің бағын қашырып, байлығын жасырды. Тілдік қолданысымыздағы тегеурінді сөздік тұлғалар архайзмге айналып, халық күнделікті тұрмыстық тіл деңгейінде ғана сөйлесетін халге жетті. Айтыстағы бейнелі, образды сөздерді естігенде жоғалтқан асылын көргендей халықтың қуана қол соғатыны сондықтан. Аманжол:

«...Исі түркі жұртының айбары едің,

Айға қарап, керілген құба арланым!

Жетімнің көзіндегі жасты көріп,

Ереуіл атқа ер салмай тұра алмадым...» [137, 256 б.].

Серік Қалиев:
«...Қазыбек, Төле бидің ұрпағысың,

Тоқтатқан отты жырмен қолбасыңды.

Мен дағы жақсылардың жалғасы едім,

Еріткен майда тілмен қорғасынды...» [137, 60 б.].

Оразалы: «...Ойларыңды оюлап,

Кеттің-ау Омар Һайямша.

«Бұзау тіс менің сөздерім

Бұтыңнан шағып шаянша».

Құлагер аттай қызынып,

Құлдыраңдап шаптың қоянша.

Бақырауық келер ақ серке,

Бауыздалар шақ таянса...» [137, 80 б.] Мұндай мысалдарды айтыс жырларынан молынан ұшыратамыз. Халқымыз айтыс ақындарын «от ауызды, орақ тілді» деп әспеттеп жатуы да осындай сөздерді естігеннен кейін туса керек. Айтыс тілінің ажарлы болуы да кейде жырлап отырған тақырыпқа байланысты болады. Біз сөз етіп отырған ұлт тарихындағы ұлы тұлғалар тағдыры кез-келген ақынды бей-жай қалдырмасы анық. Ауылдық жерде өсіп,

ұлт тілінің уызын бойларына сіңіріп өскен айтыс ақындары, қашанда халық мүддесінің, дәстүр-салтының, рухының жоқтаушылары бола білді. Көрнекті ғалым Р. Бердібаев айтыс ақындары туралы: «Ақын атаулының ежелгі дәстүрінің бірі – өз халқының, елінің жақсылығын жария ету, жұртшылықты ізгілікке тәрбиелеу, отаншылдық қасиеттерді дарыту болып табылады», – [111, 161 б.] деген болатын. Бабалар салған ерлік жолы халық тарихында жалғасын табатындығын, отаршылдықтың зардабын тартсақ та, қанымызда батырлық, дегдарлықтың қуаты сарқылмағанын паш еткен, ақын жырлары елге рух, жігер берері сөзсіз. Айтыстың бір ерекшелігі де осындай өрлік мінез танытуынан туындайды. Дәулеткерей Кәпұлымен арадағы айтысында ақын Оразалы Досбосынов осы мәселені тартымды жырлайды:

«...Кешегі ер Исатай, Махамбеттер,

Кенесары, Наурызбай халқымыздың

Азаттығы жолында әділ өлген.

Отаршылдық саясатқа қарсы шығып,

Бабатайұлы Дулат бабам өлген.

Қазақ қайтсе азат ел болады деп,

Өз көрін өлеңменен қаза берген.

Желтоқсанда өспірім өрен жастар,

Елім деп ит қорлықта далада өлген.

Қайрат, Ләззат, Сәбит, Ерболдардай,

Халықтың бағына Алла бала берген...» [137, 74 б.]. Тарихтағы ұлт-азаттық көтерілістерінің ерлік үлгілері Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбайлардан желі тартып, кешегі Желтоқсан оқиғасына қатысушы жастарға тағылым болғандығын ақын, Оразалы кестелі жырымен көрермен назарына ұсынады. Тарихтан тағылым алудың мұндай тамаша үлгілері айтыс жырларында аз кездеспейді. Айтыстағы тағы бір ерекшелік немесе артықшылық – ақын қиялының шексіздігі. Айтысушы ақынға сен бүгін осы тақырыпты ғана жырла, осы шеңберден, кеңістіктен шықпа деп ешкімнің міндеттеуге қақысы жоқ. Бүгінгі күннің проблемасын жырлап отырған ақын, сөз орайы келгенде, жыр мазмұнына сәйкес кез келген тарихы оқиғаларды, тұлғаларды тіліне тиек ете алады. Және кез келген проблеманы, мейлі ол кіші немесе үлкен болсын өз қалауынша көркемдеп, образдап көрсете алады. Кейде шабыты қысып, шамырқанған тұстарында «ресми билік» қаламайтын сөздердің де айтылып қалатыны бар. Дегенмен де мұның бәрі сол сәтте жарасымды жағдайда қабылданады. Өйткені айтыс өнерінің табиғаты да сонысымен ерекшеленеді. Айтыстағы саяси-әлеуметтік мәселелер. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы, шаруашылығы, ішкі-сыртқы саяси мәселелерінің көтеріліп, сөз болуын ХІХ, ХХ ғасырлардағы айтыс жырларынан ұшыратуға болады. ХІХ ғасырдағы айтыс жырларында бұл мәселе соншалықты биік деңгейде жырланбаса да, елдің саяси-әлеуметтік жағдайынан мағлұмат беретін дерек көздерін сол кездегі ақындар шығармашылығынан анық байқаймыз. Мәселен,

Қыз Болық пен Елентай айтысында сол уақыттың саяси-әлеуметтік жағдайы былайша көрініс табады: Қыз Болық: «...Орыстың бір арбасы күймелі ме?

Камзолың кемболаттан түймелі ме?

Ежелден қарсыласқан жауың еді,

Содыры ит Қоқанның тимеді ме?

Әзілкеш:
«...Сұрасаң, ханым аты Қайып еді,

Заһарын жеті жұртқа жайып еді.

Аттанып Қоқан менен Қалмақты алды,

Табаны қай дұшпаннан тайып еді?..» [166, 312-314]. Қайып ханның тұсындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік жағдайы айтыс жырларында осылайша көрініс тауып, дерек береді. Айтыс жырларында кездесетін осындай мағлұмат көздерін зерделей отырып, оның екі түрлі сипатына мән береміз. Бірінші, дәуірдің тарихи болмысын танысақ, екінші сол оқиғаға деген бұқара халық көзқарасын, қоғамдық пікірін байыптаймыз. Ал, ХХ ғасырдағы кеңестік айтыс жырларында бұл тақырып, коммунистік идеология бағытында өрбіп, көрініс тапты. Бұл жерде халықтың әл-ауқаты, тұрмысы, шаруашылығы жөнінде айтылған ойларға қайта оралып жату артық. Айтыстағы саясат мәселесі кеңес заманында екі ұлы держава (КСРО мен АҚШ) арасындағы саяси текетірес, әлеуметтік бәсекелес мағынасында өрбіп отырды. 1957 жылы Ақмола облысының Новочеркас – Калинин атындағы аудандар атынан айтысқан Төлеген Бақтыбаев пен Серік Орынбаев арасындағы сөз сайысында Төлеген ақын өзінің саяси-пайым көзқарасын былайша көрсетеді: Төлеген: «Партия үн тастады шақырды алға: «АҚШ-ты басып озу таяу жылда» Қазіргі басты міндет деді бізге, Сондықтан біз болмақпыз үнемі алда.

Отаным туған бесік алтын ұя,
Өсірді, аялады нұрын құя.
Бейбіт күн салтанатын қорғап тұрған,
Адамзат қамқоршысы Компартия.

Партия өзі шешкен ұлы шешім, Жетелеп қолына алды ғасыр көшін. Тағы да адамзатты серпілдірді, Кешегі бейбітшілік Манифесім...» [167, 471 б.]. ХІХ ғасырдағы Қыз Болық пен Әзілкеш, ХХ ғасырдың өкілі Төлеген ақындардың ой-пікірі, көзқарасы, өздері өмір сүрген дәуір мен қоғам дидарын боямасыз танытуымен ерекшеленеді. Халықтың саяси-тарихи болмысын танытатын мұндай дерек көздерін сонау көне ғасыр жәдігерлері Тоныкөк, Білге қаған жазбаларынан да танып-білетіндігімізді зерттеу барысында жан-жақты айтып өткен болатынбыз. Мұның өзі айтыс өнерінің ел тарихынан, оның саяси-

әлеуметтік жағдайынан тысқары болмайтындығын, оған өзінің көзқарасын, әсер-ықпалын тигізіп келгендігін байқатады. Ел тәуелсіздігін жариялаған ХХ ғасырдың соңғы он жылы мен ХХІ ғасыр басында, бұл тақырып айтыс жырларында ерекше көрініс тауып, үлкен мазмұнға ие бола бастады. Белгілі ғалым Шериаздан Елеукенов «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» атты еңбегінде Тәуелсіз Қазақстан ақындары туралы былай деп жазады: «Тәуелсіздік кезеңнің лирикасы тарихты ұлт мүддесі тұрғысынан сөйлетеді. Бұрынғыдай жалтақтамайды, бір шоқып, екі қарамайды. Кеңес кезінде қазақ ақынының миы құдды локаторға ұқсайтын. Мәскеу жақтан мезгелген ойды қағып алып қазақшалайтын. ...Ендігі ақын өйтпейді. Бөтен жаққа қарап емінбейді. Оның айтқанын қайталап жарамсақтанбайды. Не құбылысты тарих безбеніне салады [168, 199 б.]. Кез келген шығармашылық сала уақыт пен қоғам арақатынасы негізінде дамып, жаңарып отыратындығы белгілі. Өмірде болып жатқан тарихи оқиғалар мен саяси өзгерістер рухани құндылықтың қандай түріне де болмасын өз ентаңбасын бедерлейтіні заңдылық. Қазақстанның дербес мемлекет болуы, әлем халықтары мен саяси-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынас түзеуі, бұқаралық ой-сананың уақыт үрдісіне бейімделуіне алғышарттар жасады. Елімізде болып жатқан саяси-экономикалық реформалар, мәдени-рухани тұрғыдан қайта түлеу процесі, баспасөз бен әдебиетте, өнерде түрлі деңгейде көрініс тауып, халық талқысына ұсынылып жатты. Жоғарыда келтірілген ғалым Ш. Елеукенов пікірінде айтылғандай «Тәуелсіздік кезеңнің лирикасы тарихты ұлт мүдесі тұрғысынан сөйлете» бастады. Тәуелсіздік жылдарында өткізілген ақындар айтысы азаттық идеясының жалынды жаршылары бола білді. Айтыс өнеріне келіп қосылған жаңа толқының санасында «бір шоқып, екі қарау әдеті» болған жоқ. Азат елдің айбынды перзенттеріне тән өрлік мінез айтыс өнерінің жаңа толқынына ұлт мүддесіне қажетті өткір мәселелерді қаймықпай айтуға зор мүмкіндіктер туғызды. Айтыстағы жаңа толқынның көшін бастап, арналы жол салған А. Әлтай, М. Қосымбаев, М. Тазабеков, А. Леубаева, А. Тұрсынбаева, Б. Имашев, А. Қалиев, Б. Шойбеков, Ж. Омаров, Д. Кәпұлы, Е. Жұматаев, Ә. Сыздықов сияқты ақындардың соңын ала Р. Зайытов, А. Жұмағұлов, М. Аханов, Т. Әділов, Ж. Бұлғақов, Ш. Қойлыбаев, Д. Қалиев, С. Тоқтамысова, Қ.Әубәкірова, М.Қуандықов сынды жас ақындар легі айтыс өнерінің абыройын көтере білді. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысында саяси-әлеуметтік мәселелерді жырлау халықтың ішкі бірлік-ынтымағынан бастау ала отырып, ұлттық деңгейден әлемдік үлкен проблемаларға дейін қамтыды. Әлемде орын алып отырған саяси қақтығыстар көрінісі айтыс жырларында тек баяндау үлгісінде айтылған жоқ, керісінше, қазақ қоғамында сол зобалаңдардың орын алмауына алаңдаған ақын ойлары, елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, қоғамға келелі ой тастауымен айшықталды. «Орыстар шешенді әлі ойрандап жүр, АҚШ-та Азияңда сайрандап жүр.

Ауғанды қиратып боп Ирак барып, Ауыз салып мол байлық мұнайды аңдып жүр. АҚШ-қа әскер, көмек береміз деп, Бізден де бәз біреулер айқайлап жүр. Біреудің жауын жеңіп бермек түгіл, Онсыз да әскеріміз қайраңдап жүр. Жарымай киер киім, ішер асқа, Біздің әскер несімен жайраңдап жүр» [169, 270-271 бб], – деп жырлаған. Айбек Қалиев бұдан әрі АҚШ әскерінің қырғыз бен өзбек жерінде орнығып алғанын айтады. Қоғамдағы саяси ахуалды осылай деп бағамдаған ақын АҚШ-тың әпербақан, кеудемсоқ пиғылын сынға алады. Тегіміз Томирис, Күлтегіннен басталатынын айта отырып, Керей, әзЖәнібек заманындағы қазақ халқының өрлігін, Абылай хан тұсындағы ынтымақ-бірлігін тілге тиек етеді. Жыр соңында Мөңке би, Шортанбайлардың аманат сөздерін есіне алып, елді ішкі-сыртқы жаулардан әр кез сақ болуға шақырады. Айтыстың бір кезегіне ғана жүк болған осыншама уақыт проблемасы, өзінің өзекті де, өткір ойларымен халық санасына зор әсер етіп тұр. Айтыста көтерілген басқа проблемалар сияқты әлеуметтік-саяси мәселелер де талдамалы-сараптамалы сипатта құрылып, тыңдаушы көрерменге ой саларлық деңгейде ұсынылады. Бұл жағдай бұқара халық зердесіне қоғамдық пікір қалыптастырумен қатар, адамдардың саяси көзқарасына, таным-түйсігіне де белгілі дәрежеде әсер етеді. Ақындардың саяси тақырыпқа баруы кездейсоқтық емес. Анығырақ айтсақ, айтыскерлердің әлемдік деңгейдегі саяси мәселелерге тіл қатуы, айналып келгенде ұлттық мүдде талаптарынан туындайды. Қазақстанның қазба байлығы, шетел инвесторларының елімізге көптеп келе бастауы, шекара мәселесі, жер сату, Байқоңыр тағдыры, полигон, «протон» зардаптары сияқты толып жатқан күрделі мәселелердің бір ұшығы әлемдік саясатқа барып тірелетіні белгілі. Сондықтан да, уақыт, қоғам тудырып отырған осындай көкейкесті проблемалар айтыс жырларында өткір көтеріліп отырды. Көрнекті ғалым Ш. Елеукеновтың: «Саяси лирика, дүниетанымы тарихилыққа, дәл қисынға теріс қарамауы керек. Жатық, жүйрік өлеңнің шарты – бас изету, құптау, бәрекелді айтқышым-ау дегізу. Ал олай емес, былай ғой деген күмән туғызған өлеңнен береке қашатыны әлмисақтан белгілі ақиқат», – [168-352] деген пікірі де осындай мәселелерге байланысты айтылған. Айтыс жырларындағы саяси-әлеуметтік лириканың да пайда болып, қалыптасуына қашаннан қоғамдық өзгерістердің әсер етіп отыратындығы сондықтан. Айтыстағы экология тақырыбы. Саяси-әлеуметтік тақырып аясындағы толғақты проблеманың бірі – экология мәселесі. Туған жер, қоршаған орта, табиғатты сүю, қадірлеу қазақ халқының жан-дүниесі, табиғатына тән қасиет. Жыраулар поэзиясын зерделей отырып ата-бабаларымыздың туған жер, қоршаған ортаны қалай сүйіп, қадірлегеніне іштей риза боламыз. Туған жерін Анасына теңеген қазақтай дегдар халықтың бекзада болмысы, жердің астыүстін ашкөздене тонап жатқан алпауыт елдерге үлгі болса керек-ті. Қазтуған жырау (ХҮ ғасыр):

«...Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас...» [170, 29 б.].

Доспамбет жырау (ХҮІ ғасыр):

«...Қоғалы көлдер, қом сулар,
Қоныстар қонған өкінбес...» [171, 31 б.].

Ақтамберді жырау (1675-1768):

«...Жарлауға біткен жапырақ – Жамылсақ тоңар ма екеміз. Жазыққа біткен бүлдірген – Сұғынсақ тояр ма екеміз?..» [172, 64 б.]. Туған жер, қоршаған орта, табиғатқа деген дәл осындай кіршіксіз сезім мен махабатты ақын-жыраулар поэзиясынан көруіміз де бір жағынан заңдылық сияқты. Сайын сахарада көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымыз табиғатпен тамырлас, етене жақын болып ғұмыр кешкен. Табиғатты сүйіп, оған құрметпен қарау қазақ қанында бар қасиет екендігі сондықтан. «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық өседі», – деп табиғат болмысынан сыр түйіп өскен халқымыз үшін Жер-Ананы қадірлеу қасиетті борышқа саналған. «Жатып қалған тоқтысы, жайылып мың қой болған» қазақтың шұрайлы өлкесі, ХХ ғасырда асты-үсті қопарылып, адам танымастай өзгерді. Тарихшыларымыз 1950 жылдан бастап, Қазақстан нағыз экологиялық апат аймағына айналғанын жазады. «Сынақ жарылыстары Қазақстан жері мен халқына аса ауыр зардаптар тигізді. Полигондар, ең алдымен, өздері орналасқан жерді тоздырды. Ол жердің ауа райы өзгерді. Суы тартылып, ауасы мен шөбі ластанды. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, тіршілік үшін өте ауыр болды. Аумақтың флорасы мен фаунасы орны толмас шығынға ұшырады, аң мен құс қырылды немесе басқа жаққа ауып кетті. Гүлді, нулы алқаптар қаңырап бос қалды. Әсіресе, адамдардың тартқан зардаптары жан түршігерлік болды» [173, 137-138 бб]. Кеңес Одағы тұсында Қазақстанда орын алған осындай экологиялық апаттың салдары күні бүгінге дейін жалғасып, ол тудырған проблемалар зардабын халық әлі бастан кешіп отыр. ХХ ғасыр сексенінші жылдарының екінші жартысынан бастап Арал, Семей проблемалары айтыс жырларында өткір айтыла бастады. 1991 жылы 5-8 қыркүйек аралығында Павлодар қаласында «НевадаСемей» қозғалысы аясында өткен «Халық денсаулығы» атты халықаралық көркем-публицистикалық акция негізінде өткен республикалық айтыста Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Әселхан Қалыбекова көкшетаулық Баянғали Әлімжановпен болған сөз сайысында полигон зардаптары туралы былай деп толғанады: «...Тілі жоқ күш қарулар жарылуда, Полигон Қызылқұмда, Сарықұмда.

Исатай, Махамбеттей батыр болған,
Полигон Еділ, Жайық, Нарыныңда.

Полигон Сарыөзек пен Семейімде, Сау жер жоқ, бәрін тізіп берейін бе? Көк жалын күндіз-түні күркірейді, Бұрқылдап Байқоңырдың көмейінде...» [174, 82 б.]. Әселхан ақынның осы келтірген деректері сол уақытқа дейінгі Қазақстан аумағындағы полигон орындарын санамалап көрсетуімен құнды дер едік. Олай деуімізге Кеңестер дәуірінде атом сынақтары мемлекеттік құпия іс ретінде қаралып, бұқара халыққа жария етілмейтін. Полигон орны тек Семейде деп білетін халық егемен ел болған соң, көп жағдайларға БАҚ арқылы қаныға бастаған тұс еді. Осы жағдайларды Әселхан ақынның айтыс барысында айтуы халық санасын одан сайын сілкіндіре түскендей болды. Кеңестік цензура жойылғанымен, «осы қалай болар екен» деп үнемі билікке алаңдап отыратын БАҚ өкілдері әлі де болса «ішкі» пендешілік цензурадан арыла алмай көп жүрді. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, айтыс ақындарының соры да, бағы да тіл ұшына оралған сөзді іркіп қала алмайтындықтары еді. Бұл қасиет те айтыс поэтикасының өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Оның үстіне ел еңсесін көтеріп, еркін ойлап, батыл сөйлеу үрдістері айтысқа үлкен серпілістер әкелді. Көрнекті ғалым М. Базарбаев «Көрікті ойдан – көркем сөз» атты еңбегінде осы мәселеге қатысты мынадай пікір білдіреді: «Түбегейлеп келгенде бұл дәуірдегі айтыс біраз өзгерістерге ұшыраған. Ежелгі үрдіс, дағды сақталғанымен мазмұн-мағына жағынан басқаша. Қоғамдық орта мен болмыс оған өз таңбасын түсірмей қоймайды. Жаңа, бай өмірге сай айтыстың мазмұны да жаңарып, байи түсуде» [175, 225 б.]. Қоғамдық орта мен болмыстың айтыс өнеріне әсер етуі белгілі бір проблема төңірегінде ғана көрінбейді. Ол біз сөз етіп отырған тіл, дін, тарих, дәстүр, ауыл тағдыры сияқты көптеген тақырыптарға ортақ ерекшелік болып табылады. Айтыста келтірілген проблема ешқашан жалаң айтылмайды. Қашанда бір-бірімен материалдық һәм рухани тұрғыда сабақтасып жататын қоғамдық құбылыстың барлық қыры айтыс жырларында біртұтас ұлт проблемасы ретінде көрініс табады. Айтыста келтірілген Арал, Балқаш тағдыры, Семей полигонының зардаптары қазақ қоғамы бастан кешіп отырған әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-моральдық келеңсіздіктермен сабақтастырыла жырланды. Мұның өзі жекелеген ауылдық, аймақтық санадан жалпыұлттық санаға көтерілген халық зердесінің тереңдігін аңғартса керек. Арал, Семей проблемасынан титықтаған халыққа Тәуелсіздік жылдары «протон» мәселесі қосылды. «...Байқоңырдан «протон» ұшырғандар, Арқаға құлатады үйінді ғып, Құлаған протондар сұмдығымен, Халықты жылатады күйіндіріп. Бұл күнде протонның аты аталса,

Миынан өтеді елдің құйын жүріп...» [137, 144 б.] Қызылордалық ақын Әбілқайыр Сыздықовпен арада өткен айтысында астаналық Иманғазы Нұрахметұлы протон проблемасын осылайша баяндайды. Протон тақырыбын айтыстарына арқау еткен екі ақын да уақыттың көптеген түйткілді мәселелерін халық назарына ұсынады. Екі ақынның жыры да әдеттегідей белгілі бір тақырып төңірегін шиырламай, қазақ қоғамының барлық қырын ашуға әрекет етеді. Мәселен, мәдениетті қолдау жылындағы ауылдың бастан кешіп отырған қиындықтары, қолында техникасы жоқ адамдардың ЖерАнаны емдеуге қауқарсыздығы, халықтың денсаулығы сияқты көптеген көкейкесті мәселелер бір-бірімен сабақтаса өріліп, ойдан ой туып, үлкен келелі әңгіме қозғалады. Мұның өзі сайып келгенде, мемлекет, қоғам үшін экологияның аса маңызды факторлардың бірі екендігін танытады. Айтыста көтерілген өзекті проблемалардың бірі – жер мәселесі. Жер тағдыры мен экологиялық проблема бір-бірімен сабақтас тақырып болғанымен айтыс барысында осы екі жағдай екі үлкен толғақты проблемаға жүк болғандай еді. Жер-Ананың экологиялық ахуалына алаңдап жүрген халық енді оның шетел кәсіпкерлеріне ұзақ мерзімге жалға берілуі немесе сатылуы сияқты санаға салмақ салар аса күрделі кезеңіне тап болды. Жер сату жөніндегі үкімет шешіміне наразылық Қазақстанда жаппай бұқаралық сипатқа ие болды. Бұл туралы БАҚ өкілдері өз пікірлерін ашық білдіріп, қоғамдық пікір қалыптастыруда нәтижелі жұмыстар жүргізді. Айтыс ақындары да бұл мәселеге бей-жай қарай алмады. Айтыстағы жер мәселесі ұлт тарихымен, халық тағдырымен өзектес өріліп, қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың күнгейі мен көлеңкелі тұстары барынша ашылып көрсетілді. Белгілі ғалым Әнуар Дербісәлин «Толғау жанры хақында» атты мақаласында мынадай пікірлер келтіреді: «Заман жайын қозғайтын толғаулардың өзіндік ерекшелігі сол, олар нақты бір тақырыптың көлемінде қалып қоймай, өмірдің, табиғаттың, адам мінез-құлқының әр алуан құбылыстарын тізбелеп баяндай, жақсылық-жамандығын саралай, әр түрлі параллельдер арқылы суреттей отырып, тыңдаушының белгілі мөлшерде тәлімтәрбие, тағылым алуын көздейді» [176, 108 б.]. Ғалымның толғау жанры туралы пікірін келтірудегі мақсатымыздың мынадай себептері бар: толғауға тән элементтер айтыс жанрында жиі кездесетін сипат. Бұл жағдай айтыс тарихында ежелден бар дәстүр. Айтыстың «сүре» түрі көп жағдайларда толғаулық сипат алып, проблеманы немесе белгілі бір тақырып аясын ашуда ұзағырақ толғайтын баяндау әдістеріне құрылады. Айтыс жырларында кездесетін толғаулық сипат әсіресе кейінгі жылдары ақын, журналист Жүрсін Ерман идеясымен өмірге келген «Жекпе-жек», «Аламан» жыр сайыстарында көбірек байқалады. Айтыстағы толғаулық сарынның орын алуына мынадай алғышарттар себеп болады: біріншіден, айтысушы ақындарға уақыттың мол берілуі, екіншіден, ақындар көтеріп отырған тақырыптың ауқымдылығы мен өзектілігіне байланысты болып келеді. Әрине, көп жағдайда айтыскерлердің ұзағынан толғап отырып алуына, ең алдымен қазылар алқасы ескерту жасайды.

Егер ақынның сөзі мәнсіз, мағынасыз болса, ондай толғаулық сарындарды халық та қабылдай қоймайды. Бұл көріністерден қандай тұжырым жасаймыз? Әрине, айтыстың негізгі шарты шартпа-шұрт айтысу, яғни сұрақ, жауап сипатында жедел өріліп отыру болса, бұл тұрғыдан толғау элементтерінің айтысқа аса қолайлы еместігі. Дегенмен де, кейбір айтыстарда ақындардың толғаулық сарындағы жыр кезектерін халық өте жақын, жақсы қабылдайды. Оның себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, тақырып актуальдылығы мен оны ашып көрсетудегі айтыскер шеберлігіне байланысты. Халықтың көкейіндегісін айтып, діттеген межеден көрініп жатқаны айтыскерді халық сағаттап тыңдаудан жалықпайды. Ғалым Ә. Дербісәлин келтіргендей, заман жайын қозғайтын толғаулар белгілі бір тақырып аясында қалып қоймай, өмірдің барлық қырын қамтуы, тыңдаушы көрерменге зор қызығушылық тудыратыны ақиқат. Жырауларшы кең көсіліп, ұзағынан толғайтын айтыс түрлерін қазіргі айтыстардан да ұшыратуға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, айтыскерлерге уақыттың мол берілуі, ақындардың кең көсіліп, ұзақ толғауына мүмкіндіктер берді. Мәселен, Мэлс Қосымбаев пен Айбек Қалиев арасында өткен айтыс он алты кезектен тұрады. Қазіргі айтыстардың дені бес-алты кезектен аспайтынын ескерсек, аталмыш айтыс екі ақынның да барынша ашылып, білім мен ақындық өресінің сарапқа салынуына жағдай тудырады. Ел арасында әлі күнге дейін «Айбектің үш даты» атанып кеткен осы айтыстағы ақын Айбек Қалиевтің «Жер» туралы толғанысы өзінің тереңдігі һәм тағылымдық сипатымен көпшіліктің есінде қалды. Әрине, ақындар айтысында жер тағдыры туралы аз айтылған жоқ. Дегенмен де, дәл Айбек ақындай тіл, жер, ауыл тағдырын бір-бірімен сабақтастыра отырып, биліктен дат сұрау арқылы зор тебіреніспен жеріне жеткізіп айтқан айтыскер некен-саяқ. Бір ерекшелігі, осы күрделі үш тақырыпты Айбек ақын айтыстың бір кезегінде ғана айтып өтеді: «...Алланың да алдында, заңыңның да, Үш ауыз дат айтуға хақымыз бар. Замананың зарлы үнін ханға айтуға, Ақиқатын ашатын дәтіміз бар. Датымыз шекпендіге ұнамаса, Міне бас, асыңыздар, атыңыздар!» [177, 196 б.]. Айтыс – үлкен психологиялық процесс. Айтысушы ақынның ішкі сезімтүйсіктері, психологиялық аспектілері жеке зерттеуді тілейтін күрделі сала. Біздің айтпағымыз – тыңдаушы-көрермен ықыласын баурап алудағы жекелеген ақындардың өзіндік тәсіл-амалдарының болатындығы. Кейде мұндай шеберлік үлгілері айтысушы ақынның эмоционалды сөздерді қолдану барысында туындап жатады. Мәселен, жоғарыда айтқан Айбек ақынның: «Датымыз шекпендіге ұнамаса, Міне бас, асыңыздар, атыңыздар» деген сөзі тыңдаушыкөрерменге психологиялық тұрғыдан сілкініс береді. Жер проблемасы туралы айтыс жырларында кездесетін көптеген ой-пікірлердің жиынтығы іспеттес, сезім мен ойды қатар өріп, тақырыпты тереңнен қаузаған Айбек Қалиевтің мына бір толғамды ойына зер салсақ:

«...Датымның екіншісі жерім жайлы, Жерім деп еңіреген елім жайлы. Өзгенің бодауында кетіп жатқан, Асқар тау, бел мен белес, көлім жайлы. Жерді сату – елді сату екендігін Ұқпайтын ел басқарған ерім жайлы. Тірідей айырылған жер анадан, Тірі жетім атанған шерім жайлы. Нұраға, осы жайлы ойланыңыз, Әйтпесе, кешкелі тұр елің қайғы. Күні ертең жаһандану зұлматында, Болмайды ма, бір сүйем жерім қайғы. Егініңді себетін жер түгілі, Өлігімді көметін көрім қайғы...» [178, 197 б.] Дәуір сипаты, қоғам ахуалы, уақыт тынысы – осының барлығы адам мінезқұлқына, ақыл-ойына белгілі дәрежеде ықпал етері сөзсіз. Мұндайды дана халқымыз, «заманына қарай амалы» деп атаған. Саяси-әлеуметтік жағдайлар барысында кейде билік пен халық арасында ымырасыздықтың орын алуы кез келген ұлттың тарихында бар құбылыс. «Адамның ұлттық сезімін, өзінің сол ұлттың өкілі екендігін білдіруге байланысты, ұлттың тарихын білу, әрине, үлкен шаруа... Егер өткенін білсе, ұлттың қалай қалыптасып, қанша қан төгіп, өзінің жерін, елін, ұлттық дәстүрін сақтап қалғанын білсе, ол адам өзінің ұлтқа деген ішкі сезімін одан әрі күшейте түседі [178, 38 б.], – дейді белгілі ғалым, философ Мұхтар Арын. Айтыс ақындары қандай тақырыпты жырласа да, оның өзекті болып, халық жүрегіне зор әсер етуі сөз жоқ, ұлт тарихы тағдырын жан дүниесімен сезінуден, бағалаудан туындайтын құбылыс. Ешқандай ақын ұлт табиғатына жат әдетті жырлаған жоқ, керісінше халықтың болмысына тән ұлы қасиеттерді дәріптеп, соның жоғын ғана іздеді. Сондықтан да айтыс жырларында көтерілген кез келген проблема ұлт мүддесі үшін қызмет істеді. Философ, ғалым Мұхтар Арын пікіріне жүгінсек, бұл ойымызға тағы да біртабан жақындай түсеміз. «Егер жерімізді, атамекенімізді қастерлейтін болсақ, онда ұлтымыздың қуатын күшейте түсеміз. Жерге деген сезім, ұлтқа деген сезім екенін әбден, анық білуіміз керек. Бірінен бірін ажыратып қарауға ешқандай хақымыз жоқ. Бұрындары қазақ жер тұтастығы деген мәселеге қатты мән берген» [178, 51 б.]. Айтыстағы жер тағдыры туралы өзекті ойлардың да туындауына осындай жағдайлар себеп болса керек-ті. Қоғамдық ой қалыптастырып, ұлттық мүдде мұраттарын ұлықтаудағы айтыс өнерінің бұқаралық ықпалын ескерсек, айтыс жырларында көтерілген: тіл, дін, ауыл, тарих, саясат, экология, жер тақырыптарының қай-қайсысы болмасын, уақыт пен қоғам кеңістігіндегі қазақ халқының болмыс-бітімін айшықтай отырып, ақпараттық, насихатшылдық, идеологиялық сипаттарымен тарих беттерінде із қалдырары сөзсіз. Өнердің тағылымдық-тәрбиелік мәні мен өміршеңдік ізгі мұраттары да осы қырларымен өлшенері ақиқат.

Айтыс жырларындағы тақырыптың саналуандығы мен оның өзектілігі уақыт ағымындағы Қазақстан мемлекетінің даму, өркендеу тенденцияларынан мол мағлұмат береді. Ақындар айтысында көтерілген түрлі проблемаларды саралай отырып, еліміздің саяси-экономикалық, рухани-мәдени өміріндегі өзгерістердің күнгей һәм көлеңкелі тұстарын анық байқаймыз. Мұның өзі айтыс өнерінің әлеуметтік-қоғамдық жағдайдан ешқашанда тысқары болмайтындығын танытады. Айтыс ақындарының тақырыпты игеруі әрі проблеманы көтерудегі шеберліктері мен әдіс-амалдары туралы мынадай тұжырымдар жасауға болады: - қазіргі айтыстағы тақырып ауқымдылығының сан-салалы болуы уақыт талабынан туындап отырған құбылыс. Ақындар айтысы белгілі бір тақырыпқа байланысты өткізілгенімен, ол ешқашанда сол проблема төңірегінде қалмайды. Мысалы, «Туған тілім – ұлы рухым» атты республикалық айтыста ақындар тек тіл проблемасын ғана жырламайды, онда қазақ қоғамында орын алып отырған дін, ауыл, экология, жер тағдыры сияқты түрлі мәселелер кеңінен қозғалады. Мұның өзі айтыс тақырыбының ауқымдылығын танытумен қатар оның жалпы ұлт тағдырына қатысты барлық көкейкесті мәсеелерді қозғайтындығын көрсетеді. Сондықтан да айтыс тақырыбына белгілі бір кеңістік көлемінде немесе шектеулі ұғым шеңберінде қарауға болмайды. Айтыс тақырыбы терең әрі сан-салалы болып келеді. Бұл ерекшелік, айтыс тақырыбы жалпыұлттық проблеманы қамтитындығын көрсетеді; - айтыста қозғалған проблема, көтерілген тақырып, ақындардың ой қақтығысы арқылы барынша ашылып, талдану сипатында көрініс табады. Мұның өзі тыңдарман қауымды ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, оның себеп-салдарын бағамдауға әрі одан белгілі дәрежеде мағлұмат алып, ой қорытуға көмектеседі; - халықтың рухани құндылығына жататын тіл, дін, салт-дәстүр, өнер, мәдениет сияқты көптеген тақырыптарды жырлауда айтыс ақындарының эмоционалды-экспрессивті қырлары жарқырай көрініп, тыңдарманға эстетикалық ләззат сыйлау шеберліктері айқындалады. Айтыс табиғатына тән осындай ерекшеліктердің өзі тақырыптың жан-жақты танылуына әрі халық зердесіне үлкен ой салып, қоғамдық пікір қалыптастыруға негіз жасайды; - қазіргі айтыстағы қандай тақырып болмасын ол ең алдымен ұлт мүддесі тұрғысында жырланып, қазақ қоғамының гүлденуіне, өркендеуіне ықпал етеді. Бұл жағдай ақындар айтысының әлеуметтік-қоғамдық маңызын арттырумен қатар, өнердің өмірмен етене байланыста болатындығын дәлелдейді.

4 АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ РУХАНИ ҚАЖЕТТІЛІГІ ҺӘМ

ӨМІРШЕҢДІК МҰРАТТАРЫ

4.1 Тіл мәдениетін қалыптастырудағы айтыс өнерінің ықпалы Айтыс өнерінің публицистикалық қырларын айқындау мақсатында ұлттық журналистикаға тән көптеген элементтерді айтыс жырларынан кездестіріп, оған ғылыми байлам жасағанымыз белгілі. Сондай ортақ сипаттардың бірі ана тіліміздің мәдениеті төңірегінде өрбімек. Ғаламдастыру сияқты үлкен идеялар айтылып жатқан тұста туған халқымыздың тілі мен мәдениетіне үлкен жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарағанымыз абзал. Тіл мәдениетін сақтау, оны үкілеп, ажарынан айырмау дегеніміз – ұлттық сананың, дін мен ділдің, салт-дәстүрдің, өнер мен әдебиеттің өшпеуінің, өркендеуінің кепілі. Әрине, осынау игілікті істің басында қашан да журналистер қауымының жүретіндігі шындық. Журналистердің осы еңбегі туралы: «Қазіргі кезде біздің ана тіліміз жан-жақты дамып жетілген, кемелденген озық мәдениет пен саясаттың, ғылым мен техниканың ең өткір құралына айналып отыр деп ауыз толтырып, мақтанышты сезіммен айтуымызға болады. Осындай мол табысқа ие болуда қазақ журналистерінің еткен еңбегі орасан зор. Қазақ терминологиясын қалыптастыруда болсын, оның грамматикалық құрылым-құрылысын жүйелендіруде де, әсіресе, сан алуан стильдік тармақтарды саралап жетілдіруде журналистер қауымы өлшеусіз жемісті қызметтер атқарып келеді» [179, 160 б.]. Кеңестер дәуірі тұсында айтылған ғалым Ә. Болғанбаевтың бұл пікірі сол уақыттағы ұлт журналистерінің ана тілі алдындағы жауапкершілігін мінсіз бағалауымен құнды. Бірақ уақыт, қоғам қашанда бір орнында тұрмайтыны, ал рухани құндылықтардың өсіп, жетіліп отыруы заңдылық екені тағы рас. Қандай көлемде, қандай дәрежеде болмасын кеңес дәуірі тұсында баспадан шыққан кітаптардың, газет-журнал материалдарының, теле,- радиохабарларының жазу, сөйлеу мәдениеттері жоғары, сөздік атаулар тілдік нормаларға сай құрылатын. Өйткені ол кезде жазу, сөйлеу категориялары тіл заңдылықтары тұрғысынан қадағаланып отыратын. Бүгінгі БАҚ-ның тіл тазалығы қандай дәрежеде? Бұл сауал зиялы қауым мен зерттеуші ғалымдарымызды тәуелсіздік алған жылдардан бері толғандырып келе жатқан мәселе. Кез келген елдің сөйлеу (тіл) мәдениетінің ажарлы, айшықты, шұрайлы болуы сол халықтың жазу-сызу өнерімен яғни, әдебиеті, баспасөзімен тікелей байланысты. Ел тәуелсіздігімен бірге келген сөз бостандығы, ой еркіндігі республикамыздағы БАҚ санының күрт өсуіне алып келді. Әрине, кешегі кеңестік дәуірдегі санаулы газет-журнал, телеарналар мен радионың саны өсіп, бұқара халықтың рухани қажеттілігін өтеп жатса, оны неге қолдамасқа? Бірақ, бір өкініштісі, БАҚ саны өскенімен тілдік сапасының тым құлдырап кетуі еді. Ұлттық журналистика мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орны ҚазМҰУ түлектерінің бүкіл республика көлемін қамтып, жұмыс істеуіне сандық тұрғыдан да, әлеуметтік-тұрмыстық себептерден де дәл сол уақытта

мүмкіншіліктері болмады. Әр облыс, қала мен шағын кенттерде ашылып жатқан ақпарат көздерінде журналистикадан хабары жоқ, басқа мамандық иелері жұмысқа қабылданып жатты. Бұл мамандардың көпшілігі ұлттық тілдің уызына жарымаған, әдебиет пен өнерден мақұрым нағыз «асфальтта» өскен азаматтар еді. Екіншіден, кешегі кеңестік дәуірдегі ұлттық тілдің өгейлікке ұшырап келуі де, ана тіліміздің белгілі дәрежеде өркендеуіне тосқауыл болды. «Сөз мәдениетін меңгеру дегеніміздің өзі ,биік дүниетаныммен, ғылымбілімді терең меңгерумен, халықтың тұрмыс-тіршілігін, жөн-жосықтарын жүйрік танумен, жалпы айтқанда, адамзаттың рухани мәдениетінен мол хабардар болумен, ой-өрістің кеңдігімен тамырлас» [180, 142 б.]. БАҚ-дағы тіл мәдениетінің қалыптасуына һәм оның сапасының артуына тек ұлт журналистері ғана жауапты емес екендігін уақыт көрсетіп отыр. Ақпарат құралдарында жарияланған немесе көрсетілген кез келген шығармашылық материалдар мен хабарлар ұлт тілінің дамуына, өркендеуіне өзіндік үлес қосуы шарт. Мәселен, ұлттық телеарналардан көрсетіліп жүрген «Алты бақан», «Дала думан», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Алтын қақпа», «Айтыс», қазақтың ән-күйін, өнерін, дәстүрін насихаттайтын көптеген хабарлардың тіл мәдениетін қалыптастыруға, дамытуға тигізіп жүрген әсерықпалы мол екендігі белгілі. Зерттеу барысында «Айтыс» өнері тіл проблемасын көтеруші ғана емес, ол сондай-ақ сол тілдің ажарын ашып, айбынын асқақтатқан насихатшысы да екендігін айтып өткен болатынбыз. Осы жағдайға орайлас, белгілі сыншыпублицист Әлия Бөпежанованың мына бір пікірі ойымызды кеңірек тарқатуға мүмкіндіктер береді. «Қазіргі өнер және бұқаралық ақпарат құралдар: өзара әріптестік мәселелері» атты мақала-сұхбатында: «Енді бір орайда БАҚ-ның қоғамдағы статусы жоғарылап, ақпараттың адам өміріндегі маңызы артқан қазіргі таңда, көркемөнердің өзі екі түрлі шындықты бастан кешіп отыр десек артық емес. Алғашқы шындық – өнердің өз өмірі, екіншісі – өнердің әлеуметтік санадағы өмірі. Ал, өнердің әлеуметтік санадағы өмірін жасауға БАҚ-ның тікелей қатысы бар» [181, 295 б.] , – деген уәждер айтады. Сыншы-ғалым Ә. Бөпежанова пікіріндегі «өнердің әлеуметтік санадағы өмірі» деген ойлары телеарналарда көрсетіліп жатқан ұлт руханиятының тағылымдық-тәрбиелік мәніне меңзеу жасап тұрған жоқ па? Ендеше, өнердің әлеуметтік санадағы өмірін жасауға тікелей қатысы бар БАҚ менен айтыс өнерінің арасында рухани-материалдық байланыстың үнемі сабақтасып жататындығы анық. Қазір тәуелсіз Қазақстан телеарналарында ой еркіндігі қалыптасып келе жатыр. Ой еркіндігінің қалыптасуы, цензураның болмауы өз дәрежесінде тілге де әсерін тигізері анық. «Сөз – ойлау процесінің жемісі» дейтін болсақ, тіл үйлесімділігіне тікелей кең өріс ашушы – еркін ойлап, еркін жазу үрдісінің қалыптасуы болып табылады. 2003-2008 жылдар аралығында қазақ тележурналистикасында ұлттық бағдарламаларды көптеп шығарып, «еліктеу» мен «солықтау» әдеттерінен («Поле чудес» – «Алтын дала», «Угадай мелодию» – «Ортеке» т.б.) арылып, «Үзеңгі жолдас», «Шынның жүзі», «Ақжүніс»,

«Атажұрт», «Күлтөбе» сияқты танымы мен тағылымы мол бағдарламалардың халықтың рухани игілігіне айналғаны белгілі. Телевидение – ХХІ ғасырдағы ең пәрменді ақпарат құралдар көзі болып табылады. Ондағы хроникалық жаңалықтардан бастап, ақпараттысараптамалық дүниелер, түрлі авторлық телебағдарламалар, халық өнеріне арналған хабарлар, деректі, көркем фильмдерге дейінгі көрсетілімдердің барлығы бұқара халықтың рухани сұранысының қажеттілігін өтеуші құндылықтар қатарына жатады. Осы айтылған ұлттық телебағдарламалардың ішінде тіл мәдениетінің қалыптасып дамуына, ажарлануына мол әсер еткен руханият саласының ең тиімді көзі – айтыс өнері болғандығы ақиқат. Айтыстың ұлт руханиятына тигізген әсер-ықпалы туралы зерттеуші, ғалымдарымыз да аз айтқан жоқ. «Ұзынқұлақтан қазақ радиосына дейін» атты зерттеу кітабында журналист-ғалым Намазалы Омашев, айтыстың радиохабарларына тигізген әсері туралы былай дейді: «Жалпы алғанда, көркем хабарды дамыту жолдарына қатысты айтыстар нәтижелі болды және оны жаңа формалармен байытты. Мұндай айтыс қазақ радиосының музыкалық, драмалық хабарларына да оңды ықпал етті» [182, 137 б.]. Ана тіліміздің ажарын кіргізіп, айбынын асқақтатуда қазақ ақынжазушылары мен өнер адамдарының орны ерекше екені белгілі. Поэзия мен проза, драматургия, өнердің көптеген түрлері, сөз жоқ, туған тілдің өрісін кеңейтіп, өміршеңдік мұратын айшықтайды. Дегенмен де, осы шығармашылық салалардың қай-қайсысы болмасын, насихат мүмкіншілігі жағынан бәрібір уақыт заңдылығына тәуелді екенін мойындағанымыз абзал. Бұл туралы сыншы-публицист Ә. Бөпежанова былай дейді: «БАҚ – екінші өмір немесе екінші шындық деп танылатыны бекер емес. Өйткені, жаңа өнер философиясы бойынша да, қандай да бір маңызды оқиғадан жұртшылық құлағдар болмаса, яғни, БАҚ арқылы жұртшылыққа жеткізілмесе, қанша маңызды екеніне қарамастан, сол адамның, не сол орта яки кәсіби топтың, тіпті ұлттың өз оқиғасы болып қана қалады» [181, 291 б.]. Ғалым тұжырымы бойынша байыптағанымыз – қандай өнер түрі болмасын, егер насихаты аз, мүмкіншілігі шектеулі болса, оның жалпыхалықтық сипат алып, тағылымдық-тәрбиелік маңызға ие болуы екіталай. Ал бұл тұрғыдан келсек, айтыс өнері өзінің насихат, мүмкіншілігі жөнінен жолы болған өнер. Өйткені айтыстың теледидар арқылы көрсетілуі, жазба поэзия мен прозаға қарағанда халықпен етене байланыста болуына мол мүмкіндіктер береді. Сондықтан да айтыс жырлары ұлт тілінің мәдениетін көтеруде, БАҚ-ның көмегі арқылы біраз нәтижелерге қол жеткізді. Ең алдымен қазақ тілі өзінің табиғи, таза ұлттық болмысымен қауыша бастады. Тәуелсіздік таңы атқанға дейін әлеуметтік-тұрмыстық, ресми сипат деңгейіне түскен ана тіліміз БАҚ арқылы насихатталып жатқан рухани құндылықтар нәтижесінде, өзінің дала ділмарларына тән дегдар қасиеті мен ғасырлар бойы қалыптасқан төл сипатына бір табан болса да жақындай түсті. Рухани мұраның БАҚ-нда кеңірек насихатталуы қазақ халқы үшін екі тұрғыдан тиімді жағдай қалыптастырды. Біріншісі халықтың өнері мен

мәдениетін, салт-дәстүрін, діл мен дінін насихаттау арқылы тағылым-тәрбиеге баулыса, екіншіден туған тіліміздің мәдениетін, байлығын қалпына келтіруде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Тәуелсіздік жылдарындағы ақындар айтысының басты ерекшеліктерінің бірі, ұлт тілінің асыл-жауһарларын жарқырата көрсету болып табылады. Айтыс табиғатын жақсы түсінетін кез келген тыңдаушы, көрермен ең алдымен ақынның тіл шеберлігіне, сөз байлығына назар аударады. Кейде айтысушы ақынның жүйелі жырларымен қатар, олардың жекелеген сөздік атауларды қолдану ерекшеліктері халық тарапынан зор қолдауға ие болып жатады. Тіпті баз бір ақындардың айтыста қолданған сөз тіркестері қанатты сөзге айналып, халық аузында жүреді. Мәселен, Мұхамеджан Тазабековтың «мәсінің қонышындай тар заманда, кебежедей көңілін кең сақтаған» сынды образды сөздері өзінің қазақы ұғымға жақын сипатымен көпшіліктің есінде қалды. Белгілі ғалым, тіл жанашыры Өмірзақ Айтбайұлы «Ана тіл, Ана сүтім, Арым менің...» атты еңбегінде ұлттық өнердің тілге тигізер әсер-ықпалы туралы былай дейді: «...Халқымыздың ұлттық сапасы мен санасын айқындай түсетін неше алуан әдет-ғұрып, салтсана, мінез-құлыққа орай орын тепкен қасиет-қалыбы тілдік танымға тікелей байланысып жатады. Ал ақындар айтысы, жыраулар сайысы, жаңылтпаштар мен өтірік өлеңдер, шешендік сөздердің бәрі-бәрі де ана тіліміздің алапат қуаты мен ада болмас арынын танытады емес пе?!» [183, 293 б.]. Ғалым келтірген осы пікірдің бір парасын айтыс ақындарының мына жыр жолдарынан анық аңғаруға болады. Мұхамеджан: «...Кесек-кесек боп түссін кестелі сөз,

Жапырақтап жал-жая турағандай...» [184, 15 б.].

Айтмұхамбет: «...Сөз сүйектен өтеді өткір болса,

У қосып қызыл бидай қуырғандай.

Мен қадалсам жаныңнан жырым кетпес

Сүйектен сұр жебені суырғандай...» [185, 48 б.].

Аманжол: «...Көк бөрілі түркінің тұқымымыз,

Керілген ай астында ұлып тұрып...» [186, 51 б.].

Оразалы:
«...Шошыған бала құсап селкілдейсің,

Шоршыған шортан құсап тұйықтағы...» [187, 75 б.].

Мэлс:
«...Шынымен қанға тартқан қасқыр болсам,

Қарғып өтіп кетермін қақпаныңнан...» [188, 104 б.]. Табиғатында шешендік өнердің элементі мол айтыс жырларының өн бойынан мұндай бейнелі, образды сөздерді жиі ұшыратуға болады. Айтыс өнерінің белгілі бір аудитория көлемінде қалмай, бүкіл республика көлеміне таратылуы, сөз жоқ, ұлттық телеарналардың шығармашылық жұмыстарының нәтижесі. Ұлт руханиятын насихаттауда жалғыз телеарналар емес, ақпарат көздерінің басқа да салалары – газет-журнал, радио да өз мүмкіншіліктеріне орай тиімді қызметтер атқарды. Мәселен, «Радио бұқаралық қарым-қатынастың

атқарымдық құралы бола отырып, қоғамның әртүрлі қажеттеріне барынша қызмет етуі арқылы тілдің дамуына ғана емес, сондай-ақ қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына, оның халықтың қалың ортасына енуіне тиімді ықпал етті» [182, 149]. Айтыс мәтіндерінің газет-журналдарда жариялануы да сөз өнерінің өресін көтеріп, тіл мәдениетін қалыптастыруда игі жұмыстар атқарды. БАҚ-ының осындай іргелі жұмыстарының нәтижесінде тілдік қолданыстан шеттетіліп, ұмыт бола бастаған қазақтың қаншама төл сөздері, халқымен қайта қауышты. Айтыс нұсқаларының мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, насихатталуы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қолға алына бастады. 1965 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Айтыс кітабының 1-2 томдары, сондай-ақ, 1966 жылғы 3 томының соңындағы құрастырушылар тарапынан берілген түсініктерде айтыс жырларының жиналуы мен жариялануы жайында мол мағлұмат берілген. Айтыстың көне түріне жататын «Бәдік», «Жар-жар», «Қыз бен жігіт» үлгілерінің бірнеше нұсқалары ХІХ ғасырда жарық көрген кітаптарда жарияланғаны белгілі болып отыр. Әдет-ғұрып айтысының көне түрі «Бәдік», профессор А. Диваевтың революцияға дейінгі еңбектерінде, сондай-ақ, «Тарту» кітабында кездессе, «Жар-жар» айтыстары 1869 жылы Ташкентте шыққан «Киргизы и каракиргизи Сырдаринской области» деген Н.И. Гродековтың кітабына енген. Өлі мен тірі (Ақбала мен Боздақ) «Түркі ақындарының халық әдебиетінің нұсқалары» деген атпен Петербургта жарық көрген Радлов еңбектерінің ІІІ томында жарияланды. Ал, «Аймаңдай мен Бабастың» айтысы 1924 жылы Ташкентте шығатын «Сана» журналының 2-3 сандарында жарық көрген. Айтыс жырларының кітапта һәм баспасөз беттерінде жариялануын көрсететін мұндай дерек көздері халық шығармашылығы үлгілерінің әдебиғылыми кітаптар мен мерзімді баспасөз беттерінде ертеден көрініс бере бастағанын танытады. Ал, кеңес дәуірі тұсында өткен ақындар айтысы телдидарға, радиоға жазылып, газет-журналдарда жарияланып тұрды. Әр өңірде өткізілген ақындар айтысы жеке жинақ болып, баспадан шығып отырды. Айтыс мәтіндерінің баспасөзде жариялануы кеңестік дәуірде жақсы жалғасып, өнердің насихатталуына мол мүмкіндіктер туғызады. Мәселен, Орал облысы «Екпінді құрылыс» газетінің 1934 жылғы 23 августағы «Темірбек пен Мырзабектің», «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 15 декабрьдегі «Қазанқап мен Нартайдың», Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің 1945 жылғы 13 марттағы нөмірлерінде басылған «Нұрхан мен Майташтың» айтыстары баспасөз арқылы қалың бұқара назарына ұсынылды. Айтыстың мерзімді баспасөз беттерінде жариялануы аталмыш өнердің әлеуметтік маңызын екі тұрғыда арттыра түсті. Алдымен айтыс өнерінің насихатталуы болса, екіншісі халықтың рухани сұранысын қамтамасыз етті. Ауызекі сөз өнері ретінде дамып келген айтыс жырларының баспасөзде, кітаптарда жариялануы, теледидар, радио арқылы халыққа таралуы шығармашылық тұрғыдан шыңдалып, жетілуге тиімді ықпал етті. Өнердің ақпараттық-насихатшылдық сипаты ендігі жерде нағыз кәсіби журналистика міндеттерін орындай бастады. Айтыста көтерілген кезкелген проблемалық мәселелерге тиісті орындар назар

аударып, оның оң шешім табуына мүдделілік танытты. Мұның өзі ақындар айтысының әлеуметтік-қоғамдық маңызын арттырумен қатар оның халықтық, бұқаралық рөлін бұрынғыдан да күшейте түсті. БАҚ-ында ақындар айтысының беріліп, жариялануы, ұлттық журналистикаға соны өзгеріс, тиімді қолдау әкелді деп айтуға болады. Қарапайым халықтың, зиялы ортаның немесе студент жастардың ортасынан суырлып айтыс сахнасына шыққан ақын үшін өмірдің барлық болмысы етене таныс болатын. Алыс ауылдардан келген ақын айтысқа домбырасын ғана емес, сол өңірдегі барша қауымның аманатын да арқалап келеді. Кейде журналистердің аяғы жетіп, көзі көре бермейтін қияндағы қазақ ауылының мүшкіл халін дүйім Қазақстан жұртына, билікке ең алдымен айтыс ақыны баяндап жатады. Мәселен, Қазақстан қоғамындағы «өтпелі кезең» деп аталған қиыншылық уақыттың көрінісін Талдықорған облысы Жаркент елді мекенінен келген ақын Айтақын Бұлғақов былайша суреттейді:

«...Мектепке бармай кей бала,

Қатардан қалып мұңайды.

Кітап пенен жылуға,

Ұстаз ақша жинайды...» [123, 257 б.]. Айтыста көтерілген осы тақылеттес проблемалар қоғам назарына ұсынылып, одан қорытынды шығаруға билік назарын аударту, айтыс ақындарының халық алдындағы парызы іспеттес болды. Осы тұрғыда БАҚ мен айтыс өнерінің шығармашылық мүддесі үнемі бір арнада тоғысып, бір мақсатта қызмет атқарды деп айтуға болады. Айтыс өнерінің журналистік функцияларды атқара алатындығы тек қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды көтеруімен өлшенбесі анық. Бұқара халықты тіл сауаттылығы, сөйлеу мәдениетіне баулуда БАҚ арқылы насихатталып жүрген айтыс өнері ұлт руханияты үшін игілікті істердің ұйтқысы болды. Соның айқын бір дәлелі 2009 жылдың наурыз айынан басталған республикалық «Алаш айнасы» газетіндегі жазба айтыс үлгілері дер едік. Айтыс өнерін ұйымдастырушы, белгілі ақын-журналист Ж.Ерман баспасөз бетіндегі осы жыр сайысы туралы былай деп пікір білдіреді: «Азуын айға білеп, аламанға шығып, бір-біріне сөз семсерін сермелеп жатқан айтыскерлердің жазбаша жекпе-жегіне төрелік айту бізге де жеңіл соғып жатпағанын оқырмандарымыз пайымдар деп ойлаймыз. Өйткені жұртшылықтың алдында өтетін жыр додасына баға беретін ұстанымдар бұл жерде дәрменсіз. Сахнадағы айтыскердің мақам-сазы, киім киісі мен домбыра қағысы, көрерменді баурау тәсілдері негізгі уәжбен – сөз шарпысуымен қоса таразыланса, газет бетіндегі айтыста көзге көрінбейтін ақындардың сөз шеберлігі ғана сынға түсіп жатыр» [189, 8 б.]. Айтыс жырларының тіл мәдениеті мейлінше кемелденіп, ауызекі сөйлеу стилінен гөрі әдеби тілдік нормаға сай жетілгендігін «Алаш айнасы» газетінде жарияланған қазіргі ақындардың өлең шумақтарынан анық байқауға болады. Жазба айтыстың бұл түрі ақындардың өлең техникасын жетік меңгеріп, поэзия талаптарына толық лайықты екендіктерімен ерекшеленеді. Жазба айтыс талаптарының өзгеше екендігін, оған жеңіл-желпі қарамау керектігін кейінгі

толқын өкілі ақын Жандарбек Бұлғақов өз жырында орынды көрсетіп өтеді. «Сайысып жеңбесеңіз, бұл баспасөз, майысып өтіп кетер сахна емес» [189-8], Ақын Ж.Ерман идеясымен өмірге келген жазба айтыстың бұл түрі аталмыш өнердің өміршеңдігін һәм көркемдік деңгейі мен кәсіби қалыбын танытқан жоба болып табылды. Ең алдымен бұл айтыстар ақындардың тілдік қуатын, ақындық шеберліктерін айқындау тұрғысында оқырман ықыласына ие болды. Мәселен, жоғарыда келтірілген айтыстың жас өрені Жандарбек Бұлғақов қарсыласы Айнұр Тұрсынбаеваға мынадай уәж айтады:

«... Айтамын жас болсам да көпке өнеге,

Жаңа мақал сіздерге дөп келе ме?

Өлеңіңнің өрнегі қисық болса, «Алаштың айнасына» өкпелеме!» [190, 8 б.]. Осы жалғыз шумақтың өзінде халықтың қанатты сөзі, ақынның тапқырлығы, ой мен тіл үйлесімі негізінде шебер көрініс тауып тұр. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» [191, 89 б.] деген Абай ақын талабына толық жауап беріп тұрған айтыс жыры баспасөз бетінде қажетті тыныс белгілер арқылы өзінің мағыналық сипатын барынша ашып көрсетуге мүмкіндік алған. Мұның өзі баспасөздегі айтыс мәтіндерінің әдеби тілдік нормаға толық сай келіп тұрғандығын танытады. Бұқара халықты тіл мәдениетіне тәрбиелеуде айтыс өнері аз ықпал еткен жоқ. Ең алдымен қазіргі айтыстың өзі тілдік тұрғыдан біршама өсіп-жетілу дәрежесін бастан өткерді. Айтыс тілін зерттеуші ғалымдарымыз осы жағдайларды дұрыс бағамдап, өз пікірлерін орынды көрсетіп отырды. Мәселен, «Қазіргі айтыстың тілдік ерекшеліктері» атты мақаласында ізденуші ғалым Ж.Асылбекова: «Қазіргі айтыс тақырыбының алуандығымен қатар, тілінің де өзіне тән ерекшеліктерімен көзге түседі. Қазіргі айтыс тілінде сөзді түрлендірудің неше түрлі жолдары: теңеу, контекстік теңеулер, метафора, архаизм, сөздерге жаңа мағына беру, синоним сөздерді кеңінен қолдану, антонимдік және омонимдік қатарлар табу, сөздер мен эвфемизмдер, дисфемиздер, сөздерге жаңа мағына берудің лексикалық және семантикалық түрлері, плеонизм, жаргон сөздер мен диалектизмдер, фразеологизмдік оралымдар, мақал-мәтелдер, кірме сөздер, калька және оккаланизмдерді көре аламыз» [164, 147-148 бб]. Қазіргі айтыс жырларындағы осыншама тілдік ерекшеліктер, өнердің уақыт ағымындағы соны өзгерістері мен тың ізденістерге толы екендігін айғақтайды. Айтыс жырлары тек мағыналық-көркемдік сипатта жаңарып қоймағанын, сондай-ақ тілдік-стилдік тұрғыдан да көп жетілгендігін аңғарамыз. Көпшілік ықыластана көріп, тыңдайтын айтыс өнерінің тілдік тұрғыдан кемелденуі, сөз жоқ, сөйлеу (тіл) мәдениетінің бұқаралық сипат алуына игі әсерін тигізбей қоймайды. БАҚ-ында жарық көріп, жарияланып, беріліп жатқан хабарлар барысында айтыс тілінің көркемдігі һәм мейлінше ұлттық бояуға қанық болу сипаттары, тыңдарман-оқырмандарға зор рухани тағылым болары сөзсіз. Қазақ қоғамында орын алып отырған көкейкесті мәселелердің көтерілуі ақындардың шешендік сөздерімен астаса көрініс табуы айтыс өнерінің ақпараттық-насихатшылдық яғни публицистикалық қасиетін даралап көрсететін ерекшелік. «...Ақындар айтысы алдымен сөз сайысы, жыр додасы

болғанымен, онда қоғамның ауыр ахуалы, заманның қайғысы, дәуірдің ақиқаты ашық айтылады. Дей тұрсақ та, айтысқа ел қасіретін жырға қосу дәстүрі жаппай үрдіске айнала қойған жоқ. Бәрібір өнердің бұл түрі де уақыттың рухымен байланысты болады. Қазақ қоғамының шынайы болмысы қасиетті өнердің қастерлі мұрасының өн бойында қалып қойды» [192, 95 б.]. Белгілі ғалым Б. Омарұлы келтірген осы пікірдің шынайылығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. «Қасиетті өнердің қастерлі мұрасының өн бойында қалып қойған» асыл қазынаның бірі – халқымыздың сөз өнері, тіл байлығы. «Уақыт рухымен» үнемі байланыста болып, дамып, жетіліп отыратын тіл (сөз) өнері де ХХІ ғасырдағы Тәуелсіз Қазақстан қоғамында өзінің барлық қасиетін жарқырата көрсетіп, халқымыздың рухын оятуда жалынды қуатқа айналды. Белгілі ғалым С. Негимов «Шешендік өнер» аты еңбегінде: «Шешеннің интеллектуалдық мәдениетін, білім-білігін, зерде-зейінін әңгімелегенде, импровизацияға бейімділігін де елеп-ескеру керек» [49, 18], – деген пікір айтады. Жалпы, айтысқа түскен ақындардың шығармашылық қарым-қабілетінің басты өлшемі – оның шешендік, табан астында ұтымды ой таба білетін суырыпсалмалық қасиеті екендігі белгілі. Ұлттық тілдің уызына жарымаған, қазақ сөзінің інжу-маржанын бойына сіңірмеген, ел мен жердің тарихынан бейхабар, күнделікті ақпарат ағымынан, қоғам ахуалынан мақұрым жанның интеллектуалдық деңгейі төмен болатыны белгілі. Ондай адамдардан ешқашанда рухани шығармашылық нышандарын күтуге болмайды. Ал, керсінше кез келген айтыс ақынының бойында осы айтылған қасиеттердің барлығы жарқырай көрінуі шарт. Тіл шұрайлылығы қашанда ой қазынасының байлығымен өлшенеді. Бұл туралы ғалымдарымыз: «Шешен адамзат пен ғаламзат дүниесінің белгісіз сырларын қырағы байқап, тереңнен толғап, саңқылдаған, сұлу, мәнерлі дауысымен, мағыналы, парасатты толғамдарымен түйдек-түйдек ойларымен, бет жүзінің, сөз ырғағының еркіне бағынған қимылқозғалыстарымен, біліктілік-білімімен, көшелі, көреген қасиеттерімен толқынды топты өзіне қаратып, құлақ құрышын қандырады, жаныңды, рухыңды дүр сілкіндіріп тазартады. Шешендіктің өзі ойшылдықпен, даналықпен, көшелілікпен, үнді, сазды сөйлеумен (бұл тұрғыда ажарлы келбет, нұрлы дидар, көз мәнді қызмет атқарады) сабақтас, тамырлас құбылыс», – [4919] деп пікірлер келтіреді. Ғалым С.Негимов еңбегінде келтірілген шешен адамның бойындағы осындай ерекшеліктер тікелей айтыс ақындарына да тән қасиет болып табылады. Тіл мәдениетін қалыптастырудағы айтыс өнерінің ықпалын айқындайтын негізгі өлшемдер де осындай аспектілер негізінде туындайды. Себебі, айтысушы ақын ең алдымен тілге жүйрік, сөзге шешен болуы шарт. Ақынның осы ерекшеліктері айтыс барысында жарқырай көрінсе, тыңдарманға немесе оқырманға зор әсер етеді. ХҮІІ ғасырдағы француз математигі әрі философы Б. Паскаль: «Біздің бүкіл адамдық қасиетіміз ойымызға жинақталған, – не кеңістік, не уақыт... біздің дәрежемізді жоғары көтере алмайды, тек біздің ойымыз ғана оны асқақтатады. Сондықтан жақсы ойлауға үйренейік те...»[193, 13 б.], – деп айтқан екен.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, айтыс ақындарының интеллектуалдық ойлау деңгейінің өзі көп жағдайда тілге, сөзге мол әсер ететіндігін осы тұжырымдар тағы бір дәлелдей түседі. Айтыс тілінің қуаттылығы көп жағдайда жыр мағынасының салмағымен де өлшенеді. «Алаш айнасы» газетіндегі жазба айтыста Қызылорданың ақыны Нұрмат Мансұров Тараздық Шорабек Айдаровқа жолдаған жыр сәлемін былай деп бастайды:

«Я, Раббым, ел-жұртымды қамықтырмай

Жан дүниесін иманмен жарық қылғай.

Елбасына қуат бер, дағдарыстан

Қазақты алып шығар зорықтырмай» [194, 8 б.]. Нұрмат ақынның осы шумағы өзінің тілдік құнарлылығын, кестелі сөз, келісті ойы арқылы өте әсерлі көрсетіп тұр. Мұнда имандылық, халыққа баянды бақыт тілеу, Елбасына деген халық құрметі, сондай-ақ, қазақ қоғамының экономикалық ахуалы бірдей көрініс тауып, ой мен тіл үйлесімі негізінде шебер қиюласып тұр. Халықты ынтымақ-бірлікке шақырып, қоғамдық ой қалыптастыруға негіздейтін мұндай жыр шумақтарын айтыс өлеңдерінен мол кездестіруге болады. Орақ ауызды, от тілді айтыс ақындарының көмекейінен төгілген кестелі сөз, көрікті ойларының бұқара халыққа қаншалықты әсерықпал ететіндігі жөнінде академик-ғалым Р. Нұрғали «Айтыстың драмалық сипаты» атты мақаласында былайша көрсетеді: «Бүгінгі айтыстың аудиториясы бұрын-соңды болмаған деңгейде әбден кеңейді. Бұл алдымен елдік, тәуелсіздік, бостандық шапағатынан туған құбылыс. Талантты айтыскерлер ұсақ-түйекті, ауыл-аймақтың кемшілігін қазбалап, қарсыласын жығуды бірден-бір мақсат етпей, үлкен әлеуметтік мәселелерге орай толғай-толғай сөз саптап, қажет жерде, қымсынбай, қорықпай, парламент, өкімет, министрліктер тарапына шыншыл пікір, талап қоятын, табансыз әкімдерді, арсыз жемқорлардың бетін айдай ететін орақ ауызды, от тілді айтыстар өткізді. Сондай шұрай топта айтылған қанатты сөз біреуден-біреуге жетіп, ақиқатқа, әділетке қызмет етеді» [195, 86-87 бб]. «Айтыс тілінің синтаксисі» атты ғылыми мақаласында ғалым Ж. Серғалиев қазіргі ақпарат құралдарының ағыны халықтың ой-өрісін кеңейтуде елеулі қызмет етіп отырғандығын айтады. Мерзімді баспасөз беттерінен, радиохабарлардан, әсіресе, тұрмыста берік орын алған теледидардан мыңдаған оқырмандар, тыңдармандар мен көрермендер бүгінгі жаңалықпен шектеліп қалмай, өткен тарихи жолдарын да еске түсіріп отыратындығын, алда болар оқиғаларға да батыл болжам жасай алатындығын тілге тиек етіп, айтыс ақындарының тіл мәдениетіне қатысты мынадай ойлар айтады: «...Айтысқа келген тыңдармандардың негізгі назары ақындардың сөз саптау шеберлігі мен ерекшелігіне ауып отырады. Тіпті әлдебір кемшілікті айтып отырған айтыскерге қол соғып, қолпаштауларының басты себебі – әдемі сөз иірімдерінің қолданғандығының әсері...» [196, 105 б.]. Айтыстағы қанатты сөздің қалың елге тарауы һәм ақындардың сөз саптау шеберлігі жөнінде айтылған ғалымдарымыздың осы пікірлерінің өзі аталмыш өнерді насихаттау барысындағы тілдік талғам дәрежесінің қаншалықты маңызды екендігін аңғартса керек. Айтыс тілінің кемелденіп, даму

тенденциялары өнердің әлеуметтік-қоғамдық мәнінің артуын ғана емес, оның өміршеңдік, бұқаралық сипаттарын да айқындай түсетін құбылыс. Айтыстың мерзімді баспасөзде жариялануы, кітап болып басылып шығуы, теле,- радиохабарларынан беріле бастауы, өнердің ақпараттық-насихатшылдық өрісін кеңейте түсуімен қатар, оның тіл мәдениетін қалыптастырудағы ықпал-әсерін де күшейте түсті. Халқымыздың тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, дәстүр-салты сияқты толып жатқан рухани құндылықтарының барлығы ақындар айтысынан тысқары қалмайтын тақырыптар. Осындай ұлттың мәдени мұрасының асыл қазыналары айтыс өнері арқылы халқымен қауышып кең насихатталып жатуы қазақ халқы үшін, сөз жоқ, баға жетпес игілік еді. Кешегі кеңестер заманында ақындар айтысының осы ерекшелігінен сескенген коммунистік партия оның ұлттық сипатта насихатталуына барынша қарсы болды. Кеңес дәуірі тұсындағы айтысқа жасалған қиянат туралы ақын-журналист Ж. Ерман былай деп еске алады: «Айтысқа» жасалған қысым-қиянат ойға түссе, әлі күнге аза бойым қаза болады. Тоқырау тұманының арасынан шырылдап шыққан ақындар айтысының ащы шындық дауысы әркімдердің-ақ шамына тисе керек. Әр айтыстан кейін телерадиокомитеттің төрағасы К. Смайылов үлкен үйге шақырылатын. Ол «ана жерін қиып таста, мына жерін өшіріп таста» деген нақты нұсқаулармен оралатын» [122, 126 б.]. Кеңестік биліктің айтысқа шүйлігуінің басты қаупі, қоғамдық келеңсіздіктерідің әшкереленуі немесе ұлт мүддесіне қатысты ойлардың ашық айтылуы ғана емес еді, ең бастысы, қазақ тілінің қанаттанып, кең насихатталып кетуі болатын. Тілге тұсау салу дегеніміз, ұлт руханиятының жанданып кетуіне жол бермеу, екендігін коммунистік билік жақсы түсінді. Дегенмен де осындай қиыншылық, қиянаттарға қарамастан айтыс өнері өзінің шығармашылық ғұмырын тоқтатқан жоқ. Әрине, бәсеңдеу, билікпен санасу сияқты нышандар болғанымен, айтыс өзінің ұлттық рухын жоғалтқан жоқ. Осындай саяси қыспақ, қоғамдық қиыншылықтарға қарамастан айтыс өнері өрісін кеңейтіп, өрлеу үстінде болды. Бұл жерде өнердің қамқоршысы әрі ұйымдастырушысы Ж. Ерманның іскерлігі мен ұлтжандылығын, азаматтығын орынды атап өткен дұрыс. «Айтыс» туралы айтыс, тәуелсіздік алған жылдардан кейін де бой көрсетіп отырды. «Айтыс үшін сайтанмен де тіл табысамын» [122, 170 б.], – деген Ж. Ерман пікірі де осындай жағдайларға қатысты айтылса керек. Ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, бүгінгі жастарды елді, Отанды сүюге шақыратын патриоттық насихат, халықтың тарихи қалыбын танытуда айтыс өнері, сөз жоқ, нәтижелі жұмыстар атқарды. Айтыстың кең насихатталуы ұлт тілінің өркендеуіне тиімді жағдай қалыптастырды. Бұл туралы зерттеуші ғалымдарымыз да анық байқап, оның (айтыстың) тиімділігін нақты мысалдар арқылы көрсетіп берді. «...Айтыстың теледидар арқылы берілуі шын мәнінде өнердің өрісін кеңейтті. Біріншіден, ақындардың бұл өнерге кездейсоқ келмегенін танытса, екіншіден, зерделі қауымның өз ой-пікірлерін бүкпесіз айтып, айтыстың дамуы мен қалыптасуына жол ашты. Жер-жерде өнер жарысы қолдау тауып, балабақша бағдарламаларына енді. Мектептер де бұған құлшыныс көрсетті...» [197, 103 б.].

Айтыстың балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында арнаулы оқубағдарламаларына енгізілуі – өнердің тәрбиелік-тағылымдық мәнінің аса маңыздылығын танытатын жағдай. Ақындар айтысы ұлттың менталитетіне етене жақын өнер болғандықтан, өскелең ұрпақтың оны санасына тез сіңіріп, қабылдауы табиғи заңдылық. Ұлттық сөз өнерінің насихатталуын мынадай құрылымда саралап көрсетсек, біз сөз етіп отырған айтыс тілінің екі түрлі сипаты айқындалады. Көркем әдебиетте сөз өнері проза (қара сөз), поэзия (өлең) түрінде көрініс тапса, журналистикада публицистика (қара сөз) айтыс (жыр) үлгісінде баяндалады. Бұл жерде айтыс өлеңдерінің журналистикаға қатыстылығы туралы ғана тоқтала кеткен жөн. Айтыс өлеңдері жазба поэзияға қарағанда өзінің ақпаратты-деректілігі, насихатшы-мағлұматтық сипаттары арқылы публицистика жанрына көп жақын екендігін танытады. Сондықтан да айтыс тілі қашанда әлеуметтік-қоғамдық салалардың барлығымен тамырлас-сабақтас болып жатады. Бұқаралық ықпалдылығы жағынан айтыс тілінің икемділігі мен оңтайлылығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Мәселен, жоғарыда келтірген балабақша, мектеп қабырғасындағы жас өркендердің өзі айтыс өнеріне бейім, ынталы болып келетіндігін ғалымдарымыз былайша көрсетеді: «...Ал, халық мұрасына деген ілтипатты ұрпақ жүрегіне сіңіру – баршаның ісі. Яғни, айтыс өнеріне деген алғашқы ықылас осы бала кезден басталады. Ең алдымен айтыстағы ұтқыр сөз тауып, қисынды ой, тапқыр қару айтуға негізделген диалогтық форма баланы ерекше қызықтырады. Сөзбен қағысу, оймен жарысу сияқты ойындық элементтер бала психологиясына етене жақын құбылыс...» [198, 122 б.]. Ғалымдарымыздың осындай пікірлеріне жүгіне отырып, ақындар айтысының тіл ұстартудағы әсер-ықпалының қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткізе түсеміз. Айтысты сөз өнерінің әліппесі ретінде танып, оның тәрбиелік-тағылымдық тұрғыдағы рухани қажеттілігін айқындау, толғағы жеткен мәселе. Белгілі авторлардың айтыс үлгілерін жазуы өнердің дәстүрінде бар құбылыс. Балабақша мен мектептің төменгі сынып оқушылары үшін айтыс жырларының дайын үлгілерін үйрету, ұлт руханиятын ұрпақ бойына сіңірудің ең оңтайлы, тиімді түрі болмақ. Бұл, біріншіден, жас өркеннің бойына ұлттық өнер нышанын дарыту болса, екіншіден, туған тіліміздің асыл қасиетін саналарына сіңірудің бірден-бір дұрыс жолы. «Баспасөз тілінің мәдениеті» туралы пайымдамасында белгілі жазушы Ж. Дәуренбеков мынадай пікірлер келтіреді: «Баспасөз тілі – жай қағаздың үні емес, баршамыздың тіліміз. Баспасөз бетіндегі ана тіліміздің ажары да, ақыл-ой тереңдігі де, мәдениеті де халқымыздың болмыс-қасиетін, рухани тынысын, талғамын танытады» [139, 254 б.]. Тіл мәдениетін қалыптастырудың бірден-бір көзі БАҚ деп танитын болсақ, сол ақпарат құралдары арқылы жарияланып, насихатталып жатқан айтыс жырларының өзіндік ерекшелік-қырлары туралы мынадай пікірлер айтуға болады. Ең алдымен теле-радиохабарлары арқылы тыңдарман-көрерменнің назарына ұсынылатын айтыс жырларының әсер-ықпалына тоқталсақ. А. Байтұрсынұлы өзінің «Тіл (лұғат) әуезділігі» жөніндегі еңбегінде сөз

әуезділігі жөнінде мынадай пікір келтіреді: «Әуезділік деп сөз турасында айтсақ, сөздің ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. Сөйлеу турасында айтсақ, сөйлеу жағымды болуы – дыбыстарының тізілу түрінен. Сондықтан сөз әуезділігі де болады, сөйлеу әуезділігі де болады»[153, 177 б.]. Теле-радиохабарлары арқылы берілген ақындар айтысының тілдік қуаты ең алдымен өзінің үн әуезділігі, әуен-мақамы арқылы тыңдарман-көрерменді эстетикалық ләззатқа бөлейді. Монотонды (бірқалыпты) айтылған сөзден гөрі, үн-әуезбен әспеттелген сөздің адамға зор әсер ететіндігі белгілі. Айтыс жырларының да тілдік қуаты осындай әуезділік қасиетімен ерекшеленеді. Ізденуші ғалым Ш. Құмарұлы «Қытай қазақтарының ақындар айтысындағы ерекшелігі» атты мақаласында осы мәселеге тереңірек мән береді: «Ақындар айтысы қарамаққа жалаң сөз сайысы сияқты көрінгенімен, оған ішкерлей үңілсек, онда бірінші әсем әуенді әншілік, екінші тамылжыта шертіп жақсы сүйемелдей алатын домбыра шерту өнері, үшінші әріптестің ұрымтал жерден ұстаған шұғыл шабуылына іркілмей жауап табатын ұтымды ойлылықты, төртінші осы логикалы жауапты жаңылмай өлең тілі мен жеткізетін орақ тіл шешендікті қажет ететін көп өнерді бір бойына жинаған ерекше өнер. Сондықтан ақындар айтысын, ақындардың тіл шешендігі мен бейнелеу шеберлігі және сөз саралау жағындағы ұтымдылығын зерттеген кезде, олардың музыкалық сүйемелдеу шеберлігін, ән әуеннің жағымдылық жақтарын да қоса зерттеуге тура келеді» [199, 222 б.]. БАҚ арқылы тіл мәдениетін қалыптастырудағы айтыс өнерінің осындай ішкі заңдылықтары туралы кеңірек айтуымыздың да осындай себептері бар. Әсіресе, айтыс ақындарының ішкі толғаныстары мен эмоционалды кейіптегі жыр жолдары тыңдарман-көрерменді бірден баурап алады. З.С. Смелкова, Л.В. Ассуйрова, М.Р. Савова, О.А. Сальнакова сияқты Ресей ғалымдары шығарған «Риторические основы журналистики» атты кітапта осы мәселеге қатысы бар мынадай пікір келтіріледі: «Психологи определяют говорение как «процесс выражения мыслей человека, его чувств и желаний посредством языка с целью воздействия на собеседника в процессе общения» (В. Артемов). В этом определений подчеркнут коммуникативный аспект процесса. С другой стороны, говорение – произносительная система: звучание речи, ее произнесение. Взамосвязь этих аспектов органична: они одовременно присутствуют в речевом акте в соответствующем лесико-синтаксическом и фонетическом оформлении» [200, с. 60]. Оқырман немесе тыңдарман-көрерменнің зерде-зейінін, таным-түйсігін кеңейтуде айтыс өнері өзінің кейбір шығармашылық мүмкіндіктері арқылы басқа сөз өнері түрлеріне қарағанда халыққа тым етене жақын тұратындығы белгілі. Айтыс табиғатына тән үгітшілдік, насихатшылдық, ақпараттық деректі мағұлматтық қырлары танымдылық тұрғыдан халық рухани қажеттілігін қалай қанағаттандырса, осы сипаттарды жарқырата көрсетуде айтыс тілі де өлшеусіз қызмет жасайды. Ой мен тіл үйлесімділігіне үн әуезділігі қосылып, айтыс жырлары біртұтас композициялық желі құрайды. Айтыс тілінің ажарын келтіріп, абыройын асыратын тәсілдің бірі, ақынның байырғы сөздік

тұлғаларды қайта қолданысқа енгізуі болып табылады. Қазіргі әлеуметтіктұрмыстық деңгейге түсіп, мейлінше ресмилене бастаған ұлт тілін, өзінің байырғы табиғи болымысына жақындату, ақын-жазушы, журналист сияқты шығармашылық иелерінің асыл борышы екендігі ақиқат. Сол тұрғыдан қарастырар болсақ, осы мәселеге барынша ықпал етіп, кең насихаттап жүрген шығармашылық салалардың ішінде айтыс ақындарын ерекше айтамыз. Өйткені, айтыс ажары ана тіліміздің асыл – жауһар сөздері арқылы көрініс тауып, бағаланады. Кейде айтыс барысында айтылып қалған жалғыз ауыз сөздік тұлғаның өзі, ақынның бағын ашып, абыройын асырады. Ұмыт бола бастаған сөз жәдігерлерін қайта тауып, тілдік қолданысқа енгізу, ақындар айтысында жиі ұшырасады.

Бекарыс: ...Баһорым – мерекенің айы емес пе,

...Мүбарак болсын құрбан айтарыңыз.

Табарак ырыс қосып ырысына... [123, 113 б.].

Мұхамеджан: ...Қызырлы елдің бәйгесін қыздырайын,

Қызыл желге ұстатып тізгінімді... [123, 31 б.]. Айтыс жырларында жиі кездесетін ұлт ұғымына жақын мұндай әсерлі сөздер тыңдаушы-көрерменнің есінде тез сақталып қалады. Өйткені, көбіне қазіргі сөз қолданысындағы әлеуметтік-тұрмыстық сөйлемдер арасынан мұндай ұғымдар, қашанда ерекшеленіп тұратындығы белгілі. Айтыс тілінің айшықты, көркем болуының да көптеген заңдылықтары бар. Ең алдымен айтысушының ұлттық әдебиет пен тарихты жетік білетін білгірлігі, сондай-ақ сөз еркіндігі, ой азаттығы сияқты категориялар тілдің еркін көсілуіне, жарқырап көрінуіне мүмкіндіктер туғызады. Айтыс тілінің лингвистикалық сипаттарына әдіснамалық пайымдаулар жасаған белгілі тіл маманы, ғалым Ж.Жақыпов мынадай пікірлер келтіреді: «Коммуникативтік лингвистика өкілдері тіл қатысудың (диалог) мынадай түрлерін көрсетеді: әңгіме, сұхбат, диалог, интервью, пікірталас, жарыссөз. Қазіргі ақындар айтысы диалогтан гөрі пікірталас, жарыссөз деңгейіне көтерілгендей. Өйткені диалог – таза сұрақжауап; сұхбат – белгілі бір тақырыпқа құрылған әңгіме; интервью – бір адамның пікірін айқындау. Ал пікірталас – қоғамдық белгілі бір өткір мәселеге әртүрлі көзқарастардың дәлелдік таластары, жарыссөз – белгілі бір тақырып (мәселе) алынып, белгіленген, бекітілген қатысушылардың өзіндік пікірлерінің салғастырылуы...» [201, 49 б.]. Ғалым Ж. Жақыпов келтірген айтыстың мәтінтүзімдік, психолингвистикалық, коммуникативтік ерекшеліктерінің осындай сырына ден қоя отырып, айтыс ақындарының жыры кейбір жағдайда, монологтық сипатқа да құрылатындығын ескерткіміз келеді. Монологтық сипат көбіне ұлт руханиятына қатысты тіл, дін, жер, тарих сияқты толғамды мәселелерді қозғағанда ерекше реңк алып отырады. Айтыс мазмұнының негізгі қырын айқындайтын пікірталас, жарыссөз сипаттары тілдің барынша ашылып, барлық қасиетін жарқырай көрсетуіне мүмкіндіктер береді.

Ой қақтығысы, пікірталас айтыс мазмұнының ашылуын қамтамасыз етумен қатар, ақын тілінің мейлінше көркем, кестелі болуына алғышарттар жасайды. Қазіргі айтыстағы тіл мәдениетін сөз еткенде, алдымен ақындардың ішкі мүмкіншіліктері, яғни ой-өріс, білім деңгейі, оқып-ізденуін алдыңғы орынға қоямыз. Іздену мен оқудың, еңбектенудің нәтижесі қашанда өз жемісін берері сөзсіз. Ішкі дайындығы жоқ ақындардың айтыстан бас тартып жататындығын тәжірибеден жиі байқап жатамыз. Бұл нені көрсетеді? Ең бастысы айтыс ақындарының өнерге үлкен жауапкершілікпен қарайтындығы қуантады. Қазіргі ақындар күнделікті теле, радиоақпараттарын тыңдап, газет-журнал оқып, білімін күн сайын жетілдіріп жүруді әдетке айналдырды. Айтыс барысында тосыннан қойылған сауалға мүдірмей жауап беріп жатулары да ақындардың үнемі ізденісте жүретіндігін аңғартады. Айтыста көтерілетін белгілі бір проблема төңірегінде алдын ала материалдар жинастырып, оны ойша екшеп, саралайды. Қойылатын сұрақ немесе әңгіме ауаны қандай жағдайда өтетіндігін ойша шамалап, соған орай дайындықтар жасайды. Міне, осы айтылған талаптар үдесі ақынның мүдірмей, еркін сөйлеуіне қалыпты жағдай туғызады. Айтыс тілінің ажарлы, салмақты болуы да осындай дайындықтар негізінде өз жемісін беріп отырады. Көрнекті ғалым Әбдуәли Хайдаров “Шығарма тілі – көркем әдебиет өзегі” атты ғылыми баяндамасында мынадай пікірлер келтіреді: “Біздің түсінігімізше, жазушының тіл байлығы оның лексиконындағы қолданылатын сөз не сөз тіркестерінің көптігімен ғана өлшенбесе керек. Әрине сөзді көп білген жақсы-ақ. Ал сол сөздердің парқы мен астарын, мазмұны мен мәнін, сапа-салмағын жетік білу, оларды саралай келіп, өз орнында дұрыс жұмсау, барлық бояу-нақышымен дәл де әсерлі етіп қолдана білу, одан да жақсы” [202, 46 б.]. Ғалым Ә. Хайдаров келтірген осы пікір жазушыларға орай айтылғанымен, бұл талап сөз өнерімен айналысатын барлық шығармашылық адамдарға қатысты қағида. Сөздің парқы мен астарын, мазмұны мен мәнін, сапа-салмағын жетік біліп, өз орнында дұрыс жұмсау қазіргі айтыс ақындары үшін ең басты міндет болмақ. Қазіргі айтыс өлеңдерін зерделей отырып, ақындардың үнемі осы айтылған талап үдесінен шығып жататындығы қуантады. Көрермен-тыңдарманның айызы қана тыңдап, қошеметтеп қол соғуы, сөз жүйесіне қатысты айтылған жоғарыдағы талап-міндеттердің орындалуынан деп түсінеміз. Осыған қосымша ақпарат құралдарының функционалдық қызметін саралап көрсеткен ғалым Б. Момынованың мына тұжырымдары айтыс жырларының тілдік, мазмұндық қызмет аясын журналистикаға мейлінше жақындата түседі. “1. Түрлі оқиға, факті мен ситуация туралы оқырманға, тыңдаушы мен көрерменге хабар жеткізу арқылы танылатын информациялық-ақпараттық функциясы; 2. Қандай да бір мәдени, тарихи, ғылыми сипатты информациямен таныстыру барысында сол информацияны қабылдаушының таным-түсінігін, білім-біліктілігін арттыруға септесетін ағартушылық-танымдық функциясы;

3. Қоғамдық пікір қалыптастыру, адамдардың көзқарасын кеңейту және қоғамда болып жатқан инверсиялық өзгерістер мен науқандық, әлеуметтіксаяси акцияларды ұйымдастыру, өткізу кезінде, қайта құрулар мен ірі саясиоқиғалар, төңкерістер тұсында қоғам мүшелерінің дүниетанымына әсер ету функциясы” [203, 4-5 бб]. Біз зерттеуші келтірген ақпарат көздеріне ортақ қызметтердің бес түрінің үшеуін ғана келтіріп отырмыз. Мұның сыртында белгілі бір факті, дерек туралы хабардар етіп, түсінік-комментарийлер, баға беруге, талдау жасауға ұшталып жататын комментарийлік-бағалаушылық функция мен информацияның таратылуы кезіндегі қабылдаушының эстетикалық талғамынан шығуы үшін тимді тәсілдердің пайдалануы және сол арқылы жағымды эффектілер тудыру – гедоникалық функциялары бар екендігін де көрсете кеткен жөн. Ғалым Б. Момынова келтірген бұқаралық ақпарат құралдарының осындай функционалдық құрылымы арқылы журналист-публицистер тілінің қаншалықты күрделі қызметтер атқара алатындығын ойша бағамдауға болады. Ақпарат құралдарына байланысты айтылған тілдің функционалдық қызметінің айтыс өнеріне қаншалықты қатысы барлығын жоғарыда көрсетілген айқындамалардан анық аңғаруға болады. Б. Момынова келтірген бес функционалдық айқындамаға айтыс жырлары барлық қырымен, толық жауап береді. Айтыс тілінің күнделікті өмірмен тікелей қарым-қатынаста болғандығы һәм сөз мәдениеті мен сауаттылығын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратындығын осындай күрделі процестерді игере отырып, насихаттай алатын публицистикалық қырынан анық байқаймыз. Тәуелсіздіктің он сегіз жылы, тіліміздің ажарын ашып, қорын молайтты. Осындай ізгілікті істің басында ұлт рухани мұрасының асыл қазынасы айтыс өнерінің де болып, оған белгілі дәрежеде ықпал ете алғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Бұл туралы қазақ журналистикасының тарихын зерттеуші ғалымдарымыз да орынды көрсетіп өтеді. «Айтыс» атты хабар көгілдір эфирден жарқ еткенде, бүкіл қазақ жұрты елеңдесті. ...Бұл өнер – жер бетіндегі тек қазақ пен қырғыз ұлттарына тән. Халықтың ешқашан ұмытпайтын, қанында қалыптасқан дәстүрі еді. Кеңес Одағының өзі ең қаһарлы 1943 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде елдің рухын көтеру үшін айтысты қолданған. Ол кинохроникада ғана сақталған. Ал елуінші жылдары индустрияландыру мен тың игеру науқаны басталған соң айтыс ұмыт қала бастаған. Өйткені айтысқа дем беру – қазақ тіліне дем беру деген сөз. Сондықтан оның ұйымдастырылуы және эфирден көрсетілуі өте елеулі жайт болды» [204, 107 б.]. Ұлттық тілдің сапасының артуы мен насихатталуы тұрғысынан айтыс өнерінің өте ықпалды рөл атқарғандығын мынадай бағыттар арқылы айқындауға болады: Біріншіден – телеарналарда қазақ тілді хабарлардың уақытын молайтуға себепкер болды. Екіншіден – ұлттық тілдің мүддесін қорғаушы ретінде, бұқаралық пікір қалыптастырды. Үшіншіден – тақырып ауқымдылығының кеңдігі ұлт тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін, салтдәстүрін, тілін, дінін т.б. толып жатқан рухани құндылықтарды танып, білуге мүмкіндіктер туғызды. Жоғарыда келтірілген «Айтысқа дем беру – қазақ тіліне

дем беру» – деген ғалым пікірі осы ерекшеліктерді ескергендіктен айтылса керек. «Сөз – ой өрнегінің мағыналы бөлшектері. Сондықтан қарапайым ой қаңқасы да, айқын ойдың көріктеу бояуы да сөздер дәлдігімен өлшенеді. Бұлдыр ойдың сөздері күңгірт, алыстағы сағым сияқты бұлыңғыр болады. Сөз дәлдігі – ой дәлдігі» [205, 12 б.]. Айтыс табиғатына қарай ауызекі сөйлеу өнеріне жатады. Дегенмен де, қазіргі айтыс тілін поэтикалық тұрғыдан бағалар болсақ, әдеби тілдік норма қағидаларына сай құрылады. Дәл, анық әр сөзді тура мағынасында қолдану жаңарған айтыс ақындары үшін қалыпты жағдайға айналды. Мұның да өзіндік бірнеше себептері бар. Біріншіден, қазіргі ақындардың дені әдебиет пен тілді, тарихты зерделеріне тоқып өскен жастар. Бұл туралы ақын-журналист Ж. Ерман былай деген болатын: «Бүгінгі айтыс пен кешегі айтыстың деңгейі де бөлек. Қазіргі айтыскерлеріміздің бәрі де жазба ақындар. Олардың жазба ақындардан артықшылығы – көп оқиды, көп ізденеді. Сондай-ақ өздерінің жазғанын домбыраға қосып, әнімен айта алады. Айтыскерлеріміздің сахнадағы айтысы жазба ақындар поэзиясының деңгейінен бір мысқал да кем емес. Тапқырлығы, қиялының ұшқырлығы, көркем образдары, жазба әдебиетте кездеспейтін керемет теңеулер, метафоралар, метонимиялар, образды ойлар ақындардың айтысында жүр» [122, 161 б.]. Екіншіден, тілдің даму эволюциясы, ауызекі сөйлеу түрін әдеби-тілдік нормаға біртабан болса да жақындата түсті. Балабақша, мектеп, қоршаған орта, заман ағымы, күнделікті ақпарат көзі мұның бәрі адамның сөз әдебі мен сөйлеу мәнеріне ықпал етпей қоймайды. Зерттеу барысында айтып өткеніміздей, қазіргі ақындар «Дегенде бал қарағай, бал қарағай», – деп ескіше толғап отырмайды. Қазіргі айтыскерлердің жыры төрт аяғын тең басқан, артық ауыз одағай, қыстырма сөздерден ада, таза жазба жыр үлгісінде төгіліп отырады. Мәселен, ақын Жүрсін Ерманның идеясымен өмірге келіп, республикалық «Алаш айнасы» газетінің бірнеше санында өткізілген қазіргі жазба айтыс нұсқаларын оқи отырып, жоғарыда айтылған пікірлердің ақиқатығына көз жеткізуге болады. Дидар Қамиев: «...Қазақтың қайсар мінез, түйсікті ұлын,

Қаралауға жетіп тұр қырсықтығың.

Мені емес, алдыменен тезге салып,

Түзеп ал төрелердің қисық тілін.

«Тіл арың» деп қаққанмен таңдай құр біз,

Бұл сөздің байыбына бармайды ұл-қыз.

Ар деген екі әріпті бұл күндері,

Екі бетке сыйдыра алмай жүрміз...» [206, 8 б.]. Бұл әрние, жазба айтыс нұсқасы болғанымен, қазіргі суырыпсалма сипатында дүниеге келетін кез келген жыр шумақтарының деңгейін танытатын үлгі. Қазіргі айтыс ақындары жырдың ішкі құрылымдары ғана емес, оның пішіндік (формалық) түрленуіне де ден қойып, оны сөз сайыстарында мінсіз қолдана алып жүр.

Әдебиеттану ғылымында «аллитерация» (тілді ажарлап, сөздің реңін келтіретін тәсіл) деп аталатын әдісті де айтыс жырларынан мол ұшыратуға болады. Кәрима Оралова: «...Мақтанышы Айнұрдай ақыны бар Таразым, Көрші деп қолқа салатын, жақыны бар Таразым. Сондықтан исі қазаққа дем беріп тұрған Таразым, Кем-кетігі түзеліп, жөнделіп тұрған Таразым» [207, 175 б.]. Айтыс жырларында жиі кездесетін тәсілдің бірі «анафора» әдісі. Анафора қазақ поэзиясының табиғатына тән қасиет. Сара Тоқтамысова: «...Жақұтым деп көлдегі,

Бақытым деп жердегі.

Маңырап қалма артымнан,

Маралдай қашсам белдегі...» [208, 247 б.]. Қазіргі айтыста, әсіресе кейінгі буын жас айтыскерлер арасында жырды әдемі өрнектеуге ажар, айшық қосып айтуға әуестенушілік басым. Мәселен, «ассонанс» тәсіліндегі төмендегідей жыр жолдары қазіргі айтыста жиі байқалады. Елмірбек Иманәлиев: «Амансың ба, ағайын, Амандасып алайын. Алатаудың суындай, Ақтарылып ағайын. Айтысқанда көрдіңдер, Ақындардың талайын. Арғымақтай арынды, Ағындап бір шабайын...» [209, 195 б.]. Сөз өнерінің осындай сипат – қасиеттерін танытатын ғылыми ұғымдар мен терминдер жүйесінің барлық категорияларын айтыс жырларынан тауып, көрсетуге болады. Бірақ негізгі мақсат ол емес. Ең бастысы айтыс өнерінің ұлттық тіліміздің өркендеуіне тигізіп отырған әсер-ықпалын ғылыми тұрғыда айқындау болып табылады. Айтыс тілінің тамыры терең, мағыналы да мәнді, ажарлы болуының басты кепілі тақырып өзектілігі мен жырлау объектісінің сан-салалы екңдігімен өлшенеді. Айтыста қозғалмайтын тақырып жоқ. Әрі сол мәселенің барлығы ұлттық ұғым аясында өрбіп, көрініс тауып жатады. Тәуелсіздік тұсындағы ақындар айтысының тағы бір бақыты, ой азаттығы мен сөз еркіндігінің шексіздігі еді. Осы критерийлер айтыс тілінің мейлінше бай, көркем болуына мүмкіндіктер туғызды. БАҚ арқылы кеңінен насихатталып, ұлттық мүдде тұрғысында жұмыс атқарған айтыс өнері халықты ғасырлар бойы армандаған аңсар-мұраттарымен қауыштырды. «Тіл – ұлттық сана, ұлттық психологиямен тамырлас. Мыңдаған жылдық тарихы бар тіліміз соқтықпалы, соқпақсыз жерлерден өтті. Халықтың ұлттық санасымен бірге өсті, бірге дамыды, бірге қалыптасты. Демек, халықтың бала кезінде туған тіл, сол халықтың дана кезіне ұланғасыр ғажайып мұра арқалап

жетті. Қазақ халқы үшін тілден қасиетті ештеңе болған жоқ. Ол – тарих, ол – мәдениет, ол – әдебиет» [210, 75 б.]. Ұлт тарихының, мәдениетінің, әдебиетінің қайнар көзі тілден бастау алатынын пайымдасақ, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында өмір сүріп отырған қазақ халқы әлемдік өркениеттен өз орнын тек рухани құндылықтарының арқасында ғана еншілейтіні ақиқат. Қазақ қоғамына қан тамырындай қуат беріп келген айтыс өнерінің өміршеңдік мұраттары, мемлекет болашағы үшін әлі де маңызды, игілікті істер атқаратындығына күмән жоқ. Ана тілдің ажарын ашып, мәртебесін көтерудегі айтыс өнерінің атқарған қызметі, сол асыл парыздың басты парасы деп бағалаймыз.

4.2 Айтыс өнері жайлы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ой– пікірлердің өзектілігі Ғасырлар бойы халықтың көз қуанышы мен рухани серігіне айналып келген айтыс өнері туралы ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап әртүрлі қоғамдық пікірлер айтыла бастады. Қайнар көзі сонау бағзы дәуірлерден бастау алатын ұлттық төл өнеріне байланысты кереғар пікірлердің пайда болу себептері неде? Айтыс төңірегіндегі дау-дамай бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз жарияланып, ұлттық өнер тағдыры көкпарға түскендей күй кешіп, көпшіліктің талқысында оңды-солды таразыланып жатты. Әрине, рухани өнер түрлерінің қай-қайсына болмасын, қоғамдық, бұқаралық пікірдің айтылуы заңдылық. Бірақ көп жағдайда ондай пікірлер сол аталмыш өнердің болашағына, пайдасына жұмыс жасайтын. Ал, айтыс жайлы дау-дамайдың шегіне жеткені соншалық: «бұл өнер енді керек пе, керек емес пе? деген сауалдың төтесінен қойылуы, ұлттық өнердің жанашырларын тығырыққа тіреп тастағаны рас. «Айтыс – даңқ пен дақпырт» (Жас қазақ, 02.03.2007), «Айтарыңды айта алмасаң, несіне ақынсың» (Жас қазақ, 12.12.2006), «Айтыс жауынгерлік сипатынан айрылды» (Ана тілі, 10.01.2008), «Өсіреміз деп жүріп, өшіріп алмасақ жарар еді» (Жас Алаш, 12.12.2008), «Дайындалып шығу – Сүйінбай мен Жамбылдың кезінен бар үрдіс» (Жас қазақ, 24.10.2006), «Шаппай алынған бәйге» (Жас қазақ, 15.12.2006), «Сырлы сөзді саудаға салмайық» (Егемен Қазақстан, 23.01.2009), «Айтысты жексұрын етіп жатыр» (Жас қазақ, 02.03.2007), «Айтыс өнерінің деңгейі қандай немесе қазаққа айтыс керек пе?» (Телехабар. Қазақстан. 03.10.2006), «Айтыс кері кетті ме?» (Орал өңірі 13.03.2008), «Айтыс қайда барасың?» (Жетісу, 21.06.2008), «Айтыс өтті, қайтып өтті?» (Сыр бойы, 19.10.2007), «Қазіргі айтыс. Деңгейі қай тұс?» (Ана тілі, 29.11.2007) сияқты республиканың барлық өңірін қамтитын баспасөз беттері мен телехабарлардан айтылған сыни пікірлер нөпірі төл өнердің бүгінгі көркемдік деңгейі мен әлеуметтік мәніне, болашақ ғұмырына әртүрлі байлам жасап жатты. Ең алдымен осындай пікірлердің көбеюіне, анығырақ айтсақ, пайда болуына қандай жағдайлар себеп болды? Кешегі кеңестер дәуірінің өзінде айтыс өнеріне дәл мұндай тіксіну болған жоқ еді. Енді осы мәселелердің мәнісіне ғылыми тұрғыдан ой жіберіп көрелік.

Біріншіден, ақындар айтысының жиі өткізілуі өнерге деген эстетикалық талғамның (ләззаттың) төмендеуіне яғни, аталмыш өнерге деген адамдардың психологиялық енжарлығын туындатты. Екіншіден, халыққа танымал оншақты ақынның үнемі сахнадан түспеуі, қалған айтыскерлердің солардың көлеңкесінде қалуы да көрермендерді жалықтырып жіберді. Үшіншіден, қазіргі айтыстағы барлық ақындардың әуез-мақамдарының бір-бірін қайталауы, яғни айтыскерлердің еліктеу-солықтаудан арыла алмауы. Әр өңірдің өзіндік әуез-мақамының сақталмауы. Төртіншіден және ең бастысы, айтыс жырларындағы ой қайталау, таптаурын сөздер, көшірме ұйқастардың үнемі көрініс беріп отыруы. Бесіншіден, «Аламан айтыс», «Айтыс – чемпионат» сияқты тележобалардың өмірге келуі, онсыз да тағдыры тәлкекке түсіп отырған өнер түрін мүлдем тұқыртып тастады. Бұл жобалар айтысты ұлттық сипатынан алшақтатып, еуропалық шоу-думан кейпіне түсірді. Қазіргі айтыста орын алған осындай кемшіліктер өнердің өміршеңдік мұраттарына өлшем болмаса керек. Әрине, осы айтылған келеңсіздіктердің алдын алуға әбден болады. Мұның басты себебі, айтыс өнерін белгілі бір жүйеге, яғни шығармашылық орталыққа біріктіру. Бір кездері ақын Қонысбай Әбіловтың бастамасымен Қазақстан ақын-жыршылар одағын құру бастамасына куә болғанымыз бар. Бірақ ол бастаманың ғұмыры ұзақ болмады. Қазіргі айтыс ақындарына бағыт-бағдар беріп отыратын республикалық деңгейде шығармашылық ұйымның қажеттілігін уақыт көрсетіп отыр. Бір немесе екі жылда айтыс ақындарының басын қосып, семинар-кеңестер өткізіліп тұрса, ол кеңесте белгілі өнертанушы ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз айтыс ақындарына дәріс оқып, өнердің қазіргі деңгейін ой таразысынан өткізіп, талқылап отырса, айтыс көші біршама түзелер еді. «Орал өңірі» газетінің тілшісі, журналист Ұлдай Сариева «Айтыс кері кетті ме?» атты сараптамалық мақаласында төмендегідей сауалдар қоя отырып, бірнеше қоғамдық-бұқаралық пікірлерді келтіреді. «1. Бүгінгі айтыстың аяқ алысы қандай және ол ұлтқа не беруде? 2. Айтыстағы сын қандай дәрежеде? 3. Айтыс ақындары көлік дәметіп, дүние қуып кетті деп жатады. Сіз қандай ойдасыз? 4. Айтыстың деңгейін көтеріп, сақтап қалу үшін не қажет?» [211]. Журналист Ұлдай Сариева қойып отырған осы сауалдар мазмұны қазіргі айтыс туралы айтылып жүрген қоғамдық пікірдің жалпы сипатын танытып тұр. Тілшінің осы сауалдарына журналист Тихон Әліпқалиев былай деп жауап береді: «Бүгінгі айтыс әне бір жылдардағы әлеуметтік айбын-қуатынан айрылып қалды. Тақырып мазмұны тайыздап, майдаланып, дулы-шулы «шоу» кейпіне еніп барады. Жеңге мен қайынның, кездесе кеткен құрдастар мен боздаған бойдақтардың әбден жауыр болған әзіл-оспағы, кіммен айтысқа шықса да, аяқ астынан «ғашық» бола қалатын қыз бен жігіттің далбасалары тойдырып болды. Осындай арзан, кейде тіпті анайы сөзге халықтың дуылдап күліп, мәз болып отырғанын көресің» [212].

Бұдан әрі журналист Т. Әліпқалиев айтыстың құнын түсіріп, ақындарды дайындықсыз жарысқа салып, қайта-қайта айтыс өткізуді доғару керектігін айтады. Сондай-ақ, толғағы жеткен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге құлықсыз қайсыбір әкімдер көптің көзіне түсіп, ұпай жинау үшін де айтыс өткізуге әуес екенін ескертеді. Осылай деп пікір білдірген Т. Әліпқалиев айтыстың болашағынан мол үміт күтетіндігін, айтыстың қайта тіріліп, қазақтың қан тамырына тарағандығын айтады. Суырыпсалмалық дамыды. Киелі өнерді енді қолжаулық жасаудан сақтанған жөн деп ой түйіндейді. Айтысқа сын айтушылардан гөрі қолдаушылардың сөзі салмақты, ойы орнықты екендігін баспасөз беттерінен жиі оқуға болады. «Заң» газетінің тілшісі Құтмағамбет Қонысбай «Айтыс – қазақ ақпарат құралының атасы» атты мақаласында былай деп жазады: «Өз басым айтыс – қазақ ақпарат құралының атасы деп санаймын. Өйткені бүгінгі өмірде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер, қоғамдық мәселелер халыққа газет-журнал, радио, теледидар, басқа да электрондық байланыс құралдары арқылы жеткізіліп, талқыланса, кешегі олар жоқ заманда бұл міндеттердің басым көпшілігін осы айтыс ақындары атқарды емес пе?» [212]. «Жетісу» газетінің тілшісі Жұматай Әміреев «Айтыс қайда барасың?» атты мақаласында ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы ақындар айтысының әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызына шолу жасайды. Кешегі кеңестер заманындағы айтыс ел-елді аралап, ауыл еңбеккерлері арасында, егіс даласында өтсе де, бүгінгідей «Бісімілләдан бастайтын, сөз салсын Алла аузыма» деп емес, «Күн көсемнен» бастаған сәттер болғаны да шындық, – дейді автор. Сондай-ақ ұлттық санамызды қайта жаңғыртып, рухымызға сілкініс жасағандай айтыс, 1989 жылы Алматыда республика сарайында өткендігін, оған Өзбекстанның, Моңғолияның, Қырғызстанның, Ресейдің айтыскер ақындары қатысып, төрт күнге созылған жер додасында еркін сөйлеп, көсіле шапқан ақындардың өнеріне барша қазақтың куә болғанын жазады. «Әрине, – дейді автор – қоғамда барлық сала дамып жатқанда айтыс неге өрлемеске? Бұл үшін олар ізденді, оқыды, қазақтың қаймағы бұзылмаған қанатты сөздерімен өз қорларын байытты, бір кездері аталарымыз бір-ақ ауыз сөз айтып, жаудың бетін қайтарып, даудың түйінін шешкен қорғасындай салмақты сөздерін ортамызға қайта алып келді» [213, 9 б.]. Айтыс туралы жазылған пікірлерді зерделей отырып аңдағанымыз – көп жағдайда ақындардың арзан ой, жеңіл әзіл-қалжыңға бейім тұратындығын сын тезіне алып жатады. Пікір білдіруші авторлар осылай деп бағамдап жатқанымен, айтыс табиғатына тән кейбір ерекшеліктерді естен шығармағанымыз абзал. Айтыс табиғатын жан-жақты ашып көрсеткен ғалым Р. Бердібай осы жағдайға байланысты мынадай пікір келтіреді: «Айтыстың ежелгі үлгілерінің ішінде қыз бен жігіт айтысы көбірек ұшырасатыны мәлім. Мұның да өз себебі бар. Өйткені қыз бен жігіт тек қана екі елдің өкілі ретінде емес, замандас, құрбылас жөнімен де өнер жарыстыратын болған. Мұндай айтыстар әлеуметтік мәнін былай қойғанда ойын-тойдың, жиын-думанның сәні, қызығы, салтанаты есептелген [113, 111 б.].

Айтыста үнемі әлеуметтік-қоғамдық мәселелер ғана айтылуы керек деген ұғым болмауға тиіс. Қыз бен жігіт, қайын мен жеңге, құрбы-құрдастар арасында өткен айтыстардың мағынасы көп жағдайда әзіл-қалжыңға құрылатын болған. Астарлап қалжың айту, юморлық сипаты басым сөздерді қолдану, қазақ халқының табиғатына тән қасиет. Айтыс тарихында анайы, қарабайыр айтыс түрлерінің де болғанын білеміз. Бірақ ондай айтыстар белгілі бір ортада, жағдайға байланысты туындаған. Ондай айтыстар жекелеген адамдар арқылы таралғанымен, жалпыхалықтық сипат алмаған. Журналист Тихон Әліпқалиев айтқан «жеңге мен қайынның, кездесе кеткен құрдастар мен боздаған бойдақтардың әбден жауыр болған әзіл-оспағы, кіммен айтысқа шықса да, аяқ астынан «ғашық» бола қалатын қыз бен жігіттің далбасалары тойдырып болды» – деген сөздері қазіргі айтыстағы әзіл-қалжың өресінің қандай деңгейде екенін танытса керек. «Сыр бойы» газетінің тілшісі Д. Аяшұлы «Айтыс өтті, қайтіп өтті?» атты мақаласында Сыр өңірінен шыққан жас толқын ақындар туралы былай деп жазады: «Көрермен қызылордалық Ержеңіс Әбдиевтің ұтқыр сөздерін ұнатып қалғандай. Жаңақорғандық Оразхан да осы жолы ашыла бастағанын байқатты. Қазалылық Нұрдәулет өзінің сөз саптауын оңай құрап, арзан күлкі шақыруға бұрмайды, оның өлеңі терең. Бірақ кейде айтыс көрермені терең сөзден гөрі, жедел ой, жүйрік жауап, сөз салысуды сұрайды» [214]. Облыстарда, аймақтарда өткен ақындар айтысы жайлы жазылған мұндай сараптамалы мақалалардың жариялануы, сөз өнерінің бағыт-бағдар алуына тиімді жағдайлар қалыптастырып отырды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Батыс Қазақстан, Жетісу, Сыр өңірлеріндегі айтыс өнері жайлы жазылған талдамалы мақалалар әр өңірдегі ақындар айтысының аяқ алысын, өсу деңгейін көрсетіп отыр. Қазақстанның шығыс аймағындағы айтыс өнерінің 80-ші жылдардағы сипаты облыстық «Коммунизм туы» газетінде былайша көрініс табады: «Рас, бұл жолғы айтыскерлеріміз (Кемешовтен басқа) түгелімен тыңнан түлеген талапкерлер болғанына, бәрі де өрімдей жас, өрттей жалынды болғанына қуандық. Бәрінде де таудай талап, шамырқанған шабыт бар. Тек тәжірибе тапшы, түсінік таза. Олай дейтініміз, айтыстың бірсарынды өтуі, тапқырлық пен уытты тілдің жоқтығы. Сондай-ақ, кейбіреуі үйден жаттап келгенін кезегі келгенде айта береді. Қарсыласының сөзіне сөз қайтару Тамарада ғана кездесті. Асылында, айтыс үстінде ақынның арқасы қозып, намысына мінсе, нағыз шеберлік сонда танылады» [215]. Мерзімді баспасөз беттеріндегі ақындар айтысы жайлы ой-пікірлерге шолу жасай отырып аңдағанымыз, жалпы қоғамдық пікірдің ұлттық өнерге деген тілектестігінің шынайылығы еді. Ащы айтса да, ақиқатын айта білген айтыс жанашырлары өнердің өміршеңдік мұраттарын жоққа шығармайды. Әр айтыстан кейін облыстық, ресрубликалық газеттерде жарияланған мақалалар өзінің талдамалы – қорытынды ойларымен алда өтетін сөз сайыстарына ескерту, ұсыныс сипатында пікір білдіріп отырды. Мұның өзі айтыстың шығармашылық һәм шеберлік қырларының жетілуіне ықпал етті. Болып өткен айтыс туралы шолу мақалалардан бөлек, ара-тұра газет-журнал беттерінде белгілі өнертанушы, әдебиетші ғалымдар мен ақын-жазушылардың ой-пікірлері

де айтыс өнерінің кемелденуіне, бағыт алуына жақсы әсер етті. Мәселен, белгілі ғалым, өнертанушы Мырзатай Жолдасбековтың «Егемен Қазақстан» (12.12.2008 ж.) газетінде жарық көрген «Қазаққа Алланың берген сыйы еді» атты мақаласы, қазақ қоғамында үлкен бұқаралық пікір туғызды. Үлкен ғалым, сөз өнерінің білгірі М. Жолдасбеков ақындар айтысы туралы көптен бері толғамды пікір, пәтуалы ойлар жазып, айтып жүрген қаламгер. Кезінде Жамбыл, Кенен сияқты қазақтың біртуар перзенттерінің шығармашылық ғұмырына кешенді зерттеу жүргізіп, кемел ой айтқан ғалым қашанда халқымыздың сөз өнеріне, оның ішінде ақындар айтысына қамқор болып, оның рухани қуатын әр кез жоғары бағалап келеді. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған ғалымның аталмыш мақаласы айтыс өнерінің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін қозғауға құрылған. Қазаққа Алланың берген сыйы – айтыс өнерінің еріккеннің ермегіне айналып бара жатқандығына қынжылыс білдіре отырып, оны сақтап қалудың мемлекеттік маңыздылығын терең тұжырымдары арқылы дәлелдеп берді. «Сөз өнерінің байтақ бір саласын ақындар айтысы құрайды. Айтыс – қазақ ауыз әдебиетінің үлкен бір кеніші, халқымыздың тарих керуенімен бірге келген ғажайып сұлу өнері, өзге халықтырда кездесе бермейтін, терең тарихы бар, тағылымы мол, қазақ халқымен бірге бірге жасасып келе жатқан айтулы өнер. Айтулы болатын себебі, айтыстың өн бойы өлеңмен өріледі әрі ақиқат айтылып, тек шындық шырқалады. Екі ақынның бір-бірін сөзбен іліп-шалуынан басталған сайыс, ірі елдік мәселелерді көтереді, арғы-бергі тарих таразыланып, қоғам көріністері көркем сөзбен кестеленеді, дәуірдің шындығы жырланады. Айтыс ақындарының өз заманының жаршысы болатыны содан» [216, 7 б.]. Айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын һәм рухани қажеттілігін аса маңызды факторлармен дөп басып көрсеткен ғалым М. Жолдасбековтың осы пікірі аталмыш өнердің халық өміріндегі рөлін барынша айқындап тұр. Бұдан әрі автор айтыс өнірінің сан жанрдың басын қосатын синкреттілігне тоқталып, айтыс ақындарының алғыр да көреген, тапқыр да айтқыш болғандығын, өмірдегі елеулі өзгерістерді дер шағында байқап, қоғамдық мәселелерге қолма-қол үн қосып отыратындығын келтіреді. Сондай-ақ ақындардың шындықты шымбайға батырып айта алатындығын, ілгері қазақ қоғамында осындай ауыр жүкті қайыспай көтерген талант иесі ғана халық ақыны атанғанын, бүгінгі айтып жүрген жариялылықтың да, демократияның да, өжеттіктің де, тереңдіктің де төркіні айтыс өнерінде жатқандығын айтады. Өмірдің өзі дәлелдеп, уақыт айқындап отырған айтыс өнерінің осындай шығармашылық қуатының маңыздылығын бүгінгі қазақ қоғамының танып – білуіне һәм назар аударып, қолдауына түрткі болар ғалым М. Жолдасбековтың бұл пікірін, дер кезінде көтеріліп отырған көкейкесті мәселе деп білеміз. Айтыс өнерін шоу-думанға, көңіл көтеретін сауыққа, даталық мейрамдар мен саясинауқандық шаралар барысында ғана пайдалану, ғасырлар бойы қалыптасқан өнердің өресін түсіріп қана қоймай оның қоғамдық маңызында әлсіретеді. «Ақындар айтысы өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп, ел өмірінің шежіресін қалыптастырған. Бір ғажабы, осынау рухани қазынамыз ешқандай акамедия, университет бітірмеген дала данышпандарының аузымен

айтылып, атадан балаға мирас болып отырған. Сөйтіп елдіктің, көсемдіктің, кісіліктің, тапқырлықтың мектебіне айналған» [216, 7 б.]. Айтыс табиғатын ашатын осындай толғамды ой, тегеурінді пікірлерді тереңнен қозғаған мақала авторы, ғалым М. Жолдасбеков өнердің қазіргі ахуалына да жан-жақты тоқталып өтеді. Бүгінгі таңда қоғамда осы өнер турасында әртүрлі ойлар туындауда деген автор, бұдан әрі айтыстың заманының да, жырлайтын адамының да өзгергенін мойындау керектігін айтады. Сондай-ақ, уақытына, заманына қарай айтыстың мазмұны өзгере беретіндігін, бірақ айтыстың бұлжымайтын заңын, салт дәстүрін өзгертуге болмайтындығын көрсетеді. Қалайда халықтың рухани азығына айналып, қадір-қасиетін танытуға бірден-бір себепші болған айтыс өнерінің қоғамдағы бедел биігін төмендетіп алмауды қатты ескерткен автор, айтыс өнері құнының төмендеуін мынадай себептер арқылы көрсетеді: «Айтыс өнері соңғы кезде ұсақталып кетті. Елдің сөзін сөйлеп намысын қорғаған қастерлі өнердің бүгінгі қадірі қашып, арзымайтын күлкіге, шоуға, еріккенің ермегіне айналып бара жатқаны аянышты-ақ. ...Қазіргі ақындардың мемлекеттік маңызы бар мәселені көтергеннен гөрі күнделікті күйбең тірлікті төңіректей беретіні, айтыстың беделін түсіруде. Жөн жоқ, жосық жоқ, ата салтын бұзып айтысатындар шықты. Әйтеуір төмен етекті болса болды жігіттердің бәрі жеңешелеп шыға келетінді әдетке айналдырды» [216, 7 б.]. Халқымыздың рухани асыл қазынасы – айтыс өнерінің бүгінгі шығармашылық ахуалы туралы жан-жақты саралынып жазылған аталмыш мақала бүгінгі ақындар айтысының бағыт-бағдары мен көркемдік һәм мазмұндық деңгейінің қандайлық дәрежеде екендігін орынды ашып көрсеткен. Қазақ қоғамы үшін ғалым М. Жолдасбеков көтерген бұл көкейкесті мәселенің маңызы зор. Қазақтан басқа халықтың мандайына біте бермейтін біртуар өнердің болашағына алаңдаған зиялы азаматтың жанайқайы ұлт руханяты үшін аса зәру мәселе. Бұқара халыққа, зиялы қауымға салмақты ой тастаған автор, өнерге деген риясыз қамқорлығын барынша ашық айтады. «Ендігі жерде айтысты мемлекет қамқорлыққа алмаса, халқымыздың қанына сіңіп, сүйегіне біткен асыл өнер арзан шоуға, еріккеннің ермегіне айналып барады. Бүйте берсек, сан ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасып, заманында халық театры орнына жүрген, қазақтың саяси ойының ордасы болған әрі халқымыздың рухани қазынасын байтып, тәрбие мектебіне айналған, таптырмайтын өнер сайысынан айырылып қалыуымыз мүмкін... » [216, 7 б.]. Аталмыш мақаланың өзектілігі мен құндылығының өзі проблеманың жалаң түрде айтылмай өнердің өрелі қасиеттерін жарқырата көрсете отырып, сол асыл қазынадан айырылып қалмаудың қаракеті оралымды ой, мағыналы меңзеулер арқылы көрініс табуымен өлшенеді. Проблеманы көтеру бар да, одан шығудың әрекет-шараларын орынды көрсетіп беру бар. Ғалым М. Жолдасбековтың аталмыш мақаласының өзектілігі де өзінің осындай бағытбағдар, іс-әрекетке шақырумен ерекшеленеді. Мәселен, айтыс өнерінің көркемдігі һәм төлтума ұлттық сипатының қожырауы туралы айтқан мына пікірі кез келген азаматқа, оның ішінде айтыс ақындарына үлкен ой салары хақ. “Айтыс көңіл көтеру құралына айналады дегенше, ол шын мәнінде өнер

болудан қалады. Себебі, көңіл көтеру адамның арзан тілегінен туады, арзан тілекті қанағаттандыру – азғындаудың басы. Сондықтан халық қазынасының сары алтындай таза болғаны жақсы. Ендеше айтыстың тазалығы мен оның тәрбиелік пәрменділігі үшін күресу ақындардың ғана емес, барша жұрттың міндеті” [216, 7 б.]. Осы зерттеудің авторы ретінде 1992 жылдың 25 қараша күнгі Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған «Айтыс ардың байрағы» атты мақаладан үзінді келтіре кеткенді жөн санаймын. Өйткені, жоғарыда келтірілген ғалым М. Жолдасбековтің «көңіл көтеру адамның арзан тілегінен туады, арзан тілекті қанағаттандыру азғындаудың басы» – деген сөздің шындығына осы мақаланы оқи отырып көз жеткіземіз. «Қазіргі жанданған, жаңарған айтыс өнерінің көгінде жұлдыз болып жарқырап көрінген арқалы, нағыз суырыпсалма, талантты ақындар жоқ емес, бар. Халық көңіліне көл-көсір қуаныш сыйлап, ел мұңы мен жер тағдырын тілге тиек етіп, әлеуметтік мәселелерді қозғап жүрген тарланбоз ақындарымызды әр кезде мақтанышпен айтамыз. Мәселен, шымкенттік Әселхан, оралдық Қатимолда, керекулік Серік, қарағандылық Аманжол сияқты ақындар кешегі өткен асылдардың алмас тұяғы емес пе? Айта берсек, мұндай талантты айтыскер ақындардың біразының есімдерін атауға болады. Бірақ әңгіме төркіні таланттар емес, сол тұлпарлардың шаужайына жармасып, өзін таланттыға балап жүрген танымсыздар жайында болып отыр. Мәселен, өткен жылы Теміртау қаласында өткен қалалық ақындар айтысында төмендегідей қыз бен жігіт айтысының куәгері болғанымыз бар. Ұлтық киімге малынып сахнаға шыққан ақын қызды алғаш көрген адам бейне алқызыл алау гүлге балары сөзсіз еді. Бірақ біздің жүлделі орынға ие болып жүрген жігітіміз қызға бірден қарадүрсін ұрынды:

Бұрмашы айналайын басыңды олай,

Жанарым талды-ау саған қарай-қарай.

Жаныма отырдың ғой, апатайым,

Қып-қызыл пожарный бір машинадай. Көрермен қауым «ақын» жігіттің бұл «тапқырлығынаә дуылдата қол соғып, күлкіге қарақ болды да қалды. «Қалжың» сөзбен халықтың ықыласын өзіме аударып алдым-ау дегендей «ақын жігіт», бұдан кейін тіпті еркінсіп кеткен ақын, қызды шамасы келгенше мұқатып-ақ бақты. Қарсыласынан осындай оспадар қылық, қарабайыр сөз естіген ақын қыздың жанарына мөлт етіп жас үйірілді. Небір сойқан сөздер жүрегін осқылай берген соң ақын қыз ақыры айтысты доғаруға мәжбүр болды. Айтыскер қыздың булығып, үнсіз қалғанын жеңілдіге жорыған біздің «ақын жігітіміз» одан сайын ақилана түсіп, айтысының соңғы түйінін тағы да «әдемі» қалжыңмен аяқтады:

Сеземін ел алдында ұятты анық,

Өзіңді кетер ме едім жыраққа алып?

Дырылдап тоқтадың ғой әйтеуір бір,

Бұзылған холодильник сияқтанып.
Тағы да қошемет, тағы да күлкі. Халықты «риза» еткен «ақын» жігіт
сахнадан алшаңдай басып түсіп бара жатты.

Халқымыз ежелден қыз баланы сыйлап, қадірлеп өскен. Қыз елдің көркі дейміз. Ақындар бойжеткендерді аялап, шынарға, жауқазын гүлге, даланың ерке құралайына, ботаға балаған. Кешегі Біржан мен Сараның, Әсет пен Ырысжанның айтыстары қандай ғажап! Ал бүгін ше?.. Қазіргі айтыс ақындары ару, ақын қыздарын пожарный машинаға, бұзылған холодильникке теңеп жатса, біздің өскендігімізді көрсете ме, әлде өшкендігімізді таныта ма? Біздің өнеріміздің жасарған, жаңарған түрі осы ма?..» [217, 6 б.]. Баспасөзде көтерілген бұл мәселе 1992 жылдар үрдісіндегі айтыс өнеріндегі кейбір келеңсіздіктерді баяндап тұрғанымен «адамның арзан тілегін қанағаттандыратын» осы әрекеттер қазіргі айтыстарда да бой көрсетіп жатады. Осы мәселені жіті аңғарған өнер қамқоршысы М. Жолдасбеков айтыс ақындары бойынан төмендегідей ізгілік нышандарын іздейді: «Айтыс алқалы топтың алдында өтетіндіктен, тіке айтқанның тұрпайы, ашық айтқанның анайы болып шықпауы үшін ойдың шын ақындықпен астарланып, тұспалданып айтылғаны, әрі құлаққа жағымды, әдемі мақаммен, әсем сазбен сүйемелденгені жөн. Сонда ғана айтыс өзінің табиғатын, моральдық-эстетикалық мәнін, күрескерлік рухын сақтап қалады. Әйтпесе, жадағай жұтаң өлеңсымақ пен қара сөзді ұйқастырып айта беретін ақындар бел алып кетсе айтыс шын мәнінде өнер болудан, қазақ халқының рухани қажеттілігін өтеуден қалады» [216, 7 б.]. Ақындар айтысының көркемдік һәм мазмұндық деңгейі жөнінде баспасөз беттерінде көтеріліп жүрген осындай толғамды, ғылыми сипаты бар салиқалы ойлардың өнер үшін берер өнегелі бағыт-бағдары мол екендігі ақиқат. Түрлі басылымдарда жазылып, теле,- радиохабарларында айтылып жүрген пікірлерді топтастырып, жеке жинақ етіп шығару күн тәртібінде тұрған мәселе. Үлкен ғалымдарымыз бен өнер қайраткерлерінің, зиялы қауымның, қарапайым халықтың пікір-көзқарастары, ой-тұжырымдары тек қағаз бетінде қалып қоймай, оны қазіргі айтыс ақындарына әдіснамалық, танымдық тұрғыдан ұсынса, жоғарыда келтірілген көптеген кемшілік-сындардың алдын алуға болады. Сайып келгенде баспасөз бетінде көтерілген айтыс өнері жайындағы кез келген пікірдің негізгі мақсаты ұлттық руханиятымыздың өркендеуі, гүлденуі тұрғысында өрбиді. Мұның өзі сөз өнерінің асыл қазынасы, ақындар айтысына деген халық құрметі мен ықыласын танытатын құбылыс. Баспасөз бетіндегі айтыс өнері жайлы пікірлердің бұқаралық сипат алуына мұрындық болған мақаланың бірі 2007 жылғы қараша айының 29-ыншы жұлдызында «Ана тілі» газетінде жарияланған журналист Салтанат Қажекеннің «Қазіргі айтыс. Деңгейі қай тұс?» атты ой бөлісу сипатындағы сараптамалық материалы болды. Мақала соңында келтірілген редакция ұжымының бір-жар сөзі де оқырман қауымды пікірталасқа шақырып, ақындар айтысы туралы әрқилы пікірлердің жариялануына жол ашып берді. Онда: «Қазіргі күні айтыс төңірегінде екіұдай пікір қалыптасып отыр. Табыс табуға, қолдан жеңімпаз жасауға, даңғазалыққа, арзан қылжаққа құрылған бүгінгі айтыс, көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. Бұған қоса айтыс халқымыздың ұмыт болған хас өнері ретінде жаңғыртылып, өскелең буынға тәрбие беру құралына айналғанын қалайтындар да жетіп артылады. Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман, зиялы қауым? Айтысқа қалай қарайсыз? Қазіргі деңгейі қай шамада? Пікірлеріңізді

күтеміз» [218, 14 б.], – деп жазылған. Аталмыш мақалада айтыс өнерінің қадірқасиетінің төмендеуін көрсететін бірнеше сындарлы себептер келтірілген. Атап айтқанда, халық ауыз әдебиетінің ерекше түрі – айтыс өнерінің келешегіне жырсүйер қауым айрықша алаңдайтынын тілге тиек ете отырып, қазіргі заманда әсіресе жаһанданудың алпауыт ауызы ашылып тұрған кезде жәудіреген жауһарларымызды шашыратып алып жүрген жоқпыз ба? – деп алаңдаушылық білдіреді. Сондай-ақ ұлттық өнер өрнегі болмашы ғана нәрседен тоқырап қалатындығын, шешендік сөз өнерін дағдарысқа түсіретін келеңсіздіктер қоғамда көп екендігін айтады. Осылай деп пікір білдірген автор айтыс құнының арзандауын мынадай ойлармен түйіндейді: «Нақтылап айтсақ, толғаныс пен тебіреніске толы ата сөзіне құлақ қоймаушылық, сөз қадірін түсінбеушілік және сөз тыңдау, сөзге тоқтау мәдениетінің жоқтығы – айтыс мәртебесінің өркен жаюына қашан да кедергісін тигізіп келеді»[218, 14 б.]. Баспасөз бетіндегі мақалалардың дені айтыс өнерінің құнсыздануын айтысушы ақындардың бойынан іздейді. Айтыстағы ой қайталау, арзан ұйқас, жеңіл күлкіге құрылған әсерсіз шумақтар, әрине, тікелей ақындардың білім дәрежесі мен ой-өрісіне, ізденістеріне қатысты болып келеді. Дегенмен де «Сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел», – деген Абай қағидасына жүгіну дәл қазіргі уақытта көкейкесті мәселе болып тұрғандығын ұмытпауымыз қажет. Журналист Салтанат Қажекен ойларының құндылығы да айтыс қадірін көрермен-тыңдарман талғамымен қарастырғаны дер едік. Айтыстағы ойдың бәрі арзан, көтерген проблемасы жалған деп айтуға тағы болмайды. Өнертанушы ғалым М. Жолдасбеков саралап көрсеткен мына пікір бүгінгі айтыс ақындарының дара таланттарын дөп басып көрсеткен шынайы баға деп түсінеміз: «Бүгінгі айтыс жазба поэзияның қасиеттерін өз бойына сіңірді. Қазіргі айтыстың көркемдік сипаты туралы айтқанда Мэлстің кең құлашты эпикалық тынысын, Мұхамеджанның мағынасы зор, мазмұны терең поэтикасын, Аманжолдың кешегі сал-серілерге тән қазақтың салт-дәстүрінен қылдай ауытқымайтындығын, Бекарыстың қарсыласының осал жерін қапысыз аңғарар қырағылығы мен тапқырлығын, Айнұрдың уытты тапқыр сөздерін, Балғынбектің орайын келтіріп, жүйесін тауып айтар өткер әзілін, т.б ақындардың даралықтарын айтуға болады» [216, 7 б.]. Жаңарған айтыстың көшін бастап осынау тегеурінді толқынға аманаттаған Ә. Қалыбекова, Ә. Беркенова, Қ. Әбілов, Б. Әлімжанов, Қ. Бердіғалиев, Е. Жақыпбеков, С. Құсанбаев сынды сөз өнерінің майталмандары да өз даралықтарымен халық қошеметіне бөленген ақындар. Ендеше, айтыс өнерінің бүгінгі хал ахуалын сөз еткенде кемшілікті екі жақтан (ақын–көрмен, тыңдарман) да іздеген дұрыс сияқты. Халықтың эстетикалық талғамының өсуі, өнердің рухани түлеуінің кепілі. Кейде халықтың салмақты ой, зерделі сөзден гөрі жеңіл ой, арзан қалжыңға қол соғып, қошемет қылып жататындығы кездеседі. Халық санасын осындай селкеуліктен арылтып, өрелі талғамға бұрудың бірден-бір жолы – өнердің рухын көтеру екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін құбылыс. Өршіл рух салтанат құрған сәтте өнердегі өлермендіктің жолы кесіледі. Журналист Салтанат Қажекен аталмыш мақаласында осындай көкейкесті сауалдарға жауап іздей отырып, оқырманға үлкен ой тастайды:

«Таланттардың тұлпарына мінгесіп, айтыстың мән-мағынасын өзгертіп жіберетіндер кімдер екен? Тележобаның авторы, иесімін деп отырған көкелеріміз айтыс өнерінің арқасында жан қинамай мол қаржыға қалтасын толтырғаны өтірік пе? Айтыстың ыстық-суығына күймеген, қазақтың дархан даласының жусанын иіскеп көрмеген адамдар «әзір асқа дайын қасық» бола кетуден әлі де тайынар емес» [218, 14 б.]. Ақындар айтысы төңірегінде орын алып отырған осындай сан алуан кемшіліктер, тұтастай алғанда, өнердің өркендеуіне кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Айтысты ұйымдастыру барысындағы олқылықтар мен нағыз айтыскерлерді танып білу, бағалау жағынан әлі де кемшін тұстар көп. Қолына домбыра ұстап ән салғанның бәрі айтыс ақыны болып шыға келген уақыттар да болды. Айтыс өнеріне қатысушы һәм оның зерттеушісі ретінде аңдағанымыз, әлі күнге дейін бірде-біріміздің сөз қағысу барысында Кемпірбай ақын айтқан: «Келіп ем бұл жиынға өктемделіп,

Жүруші ем қу соқырдан секемделіп.

Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп,

Жығылдым төрт аяғым көктен келіп» [25, 80 б.], – деген мәрттікті мойындамауымызды қалай түсінеміз?! «Айтыс еріккенің ермегі емес» – деген орынды ескертуге құлақ асатын мезгіл жетті. Кейінгі оншақты жыл көлеміндегі мерзімді басылымдарда жарияланған өзекті ойлардың дені осы пікірге саяды. Айтыс өнері бір адамның немесе жекелеген ақындардың ғана толғанатын мәселесі емес. Айтыстың иесі – халық. Өнерді өшіретін де, өркендететін де халықтың талғам таразысы. Зерттеуші-ғалымдар, журналистқаламгерлер, қарапайым өнер жанашырларының жанайқайы белгілі бір тоқтамға, жүйелі іске мұрындық болуы қажет. Сонда ғана халқымыздың төл өнері – айтыстың бағы жанып, абыройы аспандары сөзсіз. Ғасырлар бойы халқымыздың рухани қуатына айналған сөз өнерінің өміршеңдік мұраттарын сақтап қалудың бірден-бір жолы да осы айтылған пікірлер негізінде жүзеге асады. Ғалым М. Жолдасбековтың «Қазаққа Алланың берген сыйы еді» атты мақаласына үн қосу негізінде, 2009 жылдың 23 қаңтар күнгі «Егемен Қазақстан» газетінің тұтас бетін алып шыққан Қайрат Жұмағалиевтің «Атасын ақиқаттың айтыс айтқан», Аманжол Әлтайдың «Сырлы сөзді саудаға салмайық», Елен Әлімжанның «Ақындық бұлағы – ауыл» атты мақалалар топтамасы жарияланды. Аталмыш үш мақалада айтыс өнерінің бүгінгі ахуалы жан-жақты сөз болады. Айтыс өнерінің бүгінгі өміріміздегі рухани қажеттілігін орынды көрсеткен Қ. Жұмағалиев: «Күнкөрістің қам-қарекетімен таңның атысы, күннің батысы арпалысып жүріп, кешке әзер әупіріммен жеткен қандасымыз бел шешіп, отбасының ортасында жайланып отырып теледидар көреді. Экранда – тек атыс-шабыс, адам қаны судай ағып жатқан жантүршігерлік көріністер. Одан мезі болып, бір кезек көңіл көтергісі келеді. Міне, айтыстың керегі нақ осы жерде. Міне, айтыскердің рухани, мәдени, қоғами рөлі нақ осы жерде көрінуі шарт. Көрермен қауымға қуат беріп, жігерін жануы керек, тәрбиеші де бола білуі, көңілін де көтеруі, ұлы дала перзенті екенін айрықша бағалап, оны қанаттандырып әрі биік талғамын өсіруі қажет». [219, 5 б.].

Қайрат Жұмағалиевтің бұл пікірі зерттеу барысының өн бойында қозғалған барлық мәселелердің түйінін танытып тұр. Автор осы ойлары арқылы айтыстың әлеуметтік мәні мен рухани қажеттілігін, тағылымдық-тәрбиелік қырларын, патриоттық рухын, сондай-ақ халықтың эстетикалық ләззаты мен көңіл көтерер қуанышына дейін көрсетеді. Осы мақалада қазіргі айтысты ұйымдастыру барысында орын алып жүрген кейбір келеңсіздіктерді де орынды көрсетіп өтеді. «Ең бір өкініштісі, – дейді автор, – тәуелсіз елімізде тәуелсіз өнер адамы болмай отыр. Бұл сөздің әсіресе, айтыскерлерге қатысы бар. Айтысты ұйымдастырып, қаржыландырып отырған ауыл-ауданның, не облыстың әкімқарасы сол жердің айтыскерінің аты озып келгенін қалайды. Ақыры солай болады да. Бұл әу бастан белгілі болғандықтан басқа жақтан барған айтыскерлер жалтақтап, сол өңірдің ыңғайына қарай ойысуға мәжбүр. Мұндай жағдайда айтыскердің тәуелсіздігі туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?» [219, 5 б.]. Ақындар айтысы жөнінде талдамалы мақалалардың дені «қазылар алқасы» проблемасын тілге тиек етіп жатады. Айтыскер өнерін бағалауда болып жататын жөнсіздіктер жайлы тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы туралы жазылған көптеген мақалаларда кездестіруге болады. Журналсит Ерлан Әбдірұлы «Айтыс: даңқ пен дақпырт» атты мақаласында айтыс өнерінің бастан кешіп отырған проблемаларын «Айтыс – чемпионат», «Шындық пен қазылар», «Ақындар», «Демеушілер», «Көрермен» деп бес тақырыпшаға бөліп, жанжақты таразылайды. Айтыс өнері жөніндегі көптеген түйткілді проблемалардың шынында да осы аталған мәселелер төңірегінде өрбитіні анық. Енді сол таңдамалы мақаланың қазылар туралы тарқатқан пікіріне тоқталсақ: «...Сосын бұл құзырлы кісілердің қатарында көбіне-көп филология ғылымдарының докторлары, танымал әдебиетшілер отырғанымен қазылар қатарын сөз мәйегін ажыратушылардан гөрі немқұрайлы тыңдаушылар толтыратын секілді. Өткен айтыстардың бірінде Cараның сөзін бөле берген қазының қылығынан соң «қазылар ақынды тыңдамайды» деп ой түймеске амал қайсы? Қазы атанған соң өзін құдіретті сезініп кететіндер де бар секілді» [220, 3 б.]. Осы тараушаның басында айтыс өнеріне көлеңке түсірген кейбір келеңсіздіктер қатарында: «Халыққа танымал оншақты ақынның үнемі сахнадан түспеуі, көрермендерді жалықтырып жіберді деп көреткен болатынбыз. Бұл мәселе де баспасөз беттерінде әлденеше рет көтерілді. Мәселен, жазушы Елен Әлімжанның «Егемен Қазақстан» (23.01.2009) газетінде жарияланған «Ақынның бұлағы – ауыл» атты мақаласында мынадай пікірлер келтіріледі: «...Баяғыда С. Сартаков деген орыстың бір қаламгері «Кездесу сайын көрермен жазушыдан ақылды сөз күтеді. Ақылды сөз күнде қайдан табылады?» – деп еді. Сол айтқандай апта, ай сайын өтіп жатқан айтыста елді аузына қарататын өлеңді ақын қанша данышпан болса да қайдан шығара береді? Ол амал жоқ, Алматыда айтқанын Астанада, Оралда айтқанын Семейде қайталай

салады. Оның үстіне бұл он бес, жиырма ақын жиі айтыса берген соң бір-біріне айтатын әзіл-қалжыңның да мәнісі кетіп, мазмұны да сұйылады. ...Біреуді мақтаса болды, ақынды да, оның мақтаған адамын да керісінше жек көре қаламыз. Сөйтеміз де айтысты жамандаймыз. Сөз басқа болғанымен, ойы қайталана берген соң проблемадан да жалығамыз» [221, 5 б.]. Жазушы Елен Әлімжан келтірген бұл пікірлер айтыс өнеріне қатысты уақыт проблемаларын орынды көтеріп отыр. Кейінгі он-он бес жылдың көлемінде үнемі ел назарында жүрген ақындардың белгілі шоғырын қанша жерден талантты десек те, олардың шығармашылық тоқырауға ұшырауы табиғи заңдылық. Бұл жерде айтыстың абыройын асқақтатқан талантты айтыскерді суға да, отқа да салып, тауанын шағып алмау жағы ескертілген. Қазіргі айтысқа айтылып жүрген сынның бірі ақындардың мақам-әуендері жайлы пікірлер. Үнемі бір әуенді, әнді тыңдай берген адамның қандай күй кешетінін ойша шамалауға болады. Бұл әрбірден соң көрермен-тыңдарманды рухани тұрғыдан ғана шаршатып қоймай, психологиясына да кері әсер етеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай осы мәселеге байланысты мынадай пікірлер келтіреді: «...Бүгінгі айтыс ақындарының ізденуінің аздығы, айтысқа дайындықсыз келуі, мақам тапшылығы да ойландыратын мәселелер. Байқап отырсам, қазіргі айтысып жүрген ақындардың жетпіс пайызы менің мақамыммен айтысады екен. Олардан өз мақамымды қызғанып отырғаным жоқ. Айтыс ақынының табиғатына сай әр ақынның өз мақамы, өз бет бейнесі, ерекшелігі болғаны жөн емес пе? Мысалы, ілгерідегі Сүйінбай, Шөже, Жамбыл, Шашубай аталарымыздың бір-біріне ұқсамайтын өз мақамы, өз стильдері болған. Біздің алдымыздағы Әселхан, Әсия, Қонысбай аға-апаларымыздың да өздерінің жеке мақамдары, болмысын көрсететін өз ерекшеліктері бар. «Инкубатордың балапаны» секілді бір-бірінен айыру қиын бір сарынмен айтысатын іні-қарындастарым ілгерідегі ақындардан үлгі алып, көп ізденгені абзал» [222, 5 б.]. Айтыс өнерінің қыр-сырын, табиғатын жақсы білетін ақын Аманжол Әлтай аталмыш мақаласында ұлт өнеріне қатысты біраз келелі ойлар айтады. Көгілдір экран арқылы көрсетіліп жүрген айтыстардың «құйрық-жалы күзеліп» негізгі мағынасынан айрылып, қысқарып шығатындығын, сондай-ақ айтыс өнерін мазақ қылғандай көптеген телеарналардың түн ортасы ауғанда көрсететіндігіне қынжылыс білдіреді. Сондай-ақ сайлауға түсетін депутаттың, абырой жинағысы келетін жекелеген біреулердің соңынан еріп, шапанын жалпылдатып әр ауылда айтыса беру де бүгінгі айтыс ақынына дұрыс атақабырой әпермейтіндігін айтады. Айтыс өнері жайлы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардың ішінде танымдылығы һәм көкейкестілігі жөнінде белгілі ақын – журналист Жүрсін Ерманмен болған сұхбаттар шоғырын екшеп айтуға болады. Айтыс туралы шынайы ақпарат пен өнердің ішкі болмысын, табиғатын тану тұрғысында бұл сұхбаттардың мәні зор. Оның басты себебі шығармашылық қызметінің отыз жылға жуық уақытын қазақтың төл өнері айтыстың қанаттанып, дамуына арнаған өнердің қамқоршысы һәм ұйымдастырушысы

Ж. Ерманды ақындар айтысының «ыстығына күйіп, суығына тоңған» нағыз күрескері деп танитындығымыз. 1984 жылы айтыстың телевизиялық түрі дүниеге келген күннен бастап Ж. Ерман осы өнердің басы-қасынан табылып, ақындар айтысының жаңарып, жаңғыруына мол үлес қосты. Айтыс өнері жайлы Ж. Ерманмен болған өзекті сұхбаттар топтамасы ақынның «Екі тізгін, бір шылбыр» (Алматы. Атамұра. 2008 жыл) атты жинағында жарияланды. Кітапқа негізінен республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Алтын Орда», «Алматы ақшамы» сияқты газет беттеріндегі әңгіме–сұхбаттар енгізілген. Ж. Ерман мен газет тілшісі арасында сұрақ–жауап негізінде өрбіген әңгіме желісі айтыс өнерінің жиырма бес жылдық тарихынан мол мағұлматақпар беруімен ерекшеленеді. Сондықтан бұл сұхбаттар газет бетінде жарияланысымен жаппай бұқаралық сипат алып, халықтың ықылас қоя оқитын дүниесіне айналды. Олай болуы заңды да еді. Өйткені халық өзі қызыға тамашалайтын өнер түрінің ішкі құрылымын, шығармашылық құпия-сырларын білуге әр кез ынталы болатын. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі, белгілі қаламгер Еркін Жаппасұлымен болған «Қазақ «Айтысқа» неге құмар?» атты сұхбатта Ж. Ерман айтыскер мен көрермен арасындағы мынадай жайттарға назар аудартады. «Тісіңнің суын сорып отырғанда, айып па таңдайыңды жібіткенім» деген тәрізді халықтың иірім-қайырымдарымен алды-артыңды орап, жүрегіңді дүңкілдетіп жіберетін марқұм ұлы айтыскер Көпбай Омаровтың тас бұлағына мейірі қанған көрермен, «мультфильмдегі қояндай муфтиің қойды-ау оянбай» деген тәрізді осы замандық ұғымдардан тосын теңеу табатын тамаша ақын Бекжан Әмірбаевқа қол соқпауы мүмкін. Демек, айтыскерлермен бірге көрермен де өсуі керек. Бұл бірер жылдың аясына сиятын процесс емес»... [122, 135 б.]. Баспасөз бетіндегі пікірлердің дені «айтыс көбейіп кетті», «жұрт айтыстан жалыға бастады» деген ойларға сайып жатады. Осы мәселе төңірегінде «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Махамбет Мәшкенов пен Жүрсін Ерман ойлары былайша өріледі: «- Қазір ауылда айтыссыз той, айтыссыз шара, облыста айтыссыз жиын өтпейтін болды. Айтыстың құнын арзандатып алдық па деген пікірлер де естіле бастады. - Өз басым осы байбаламға мүлдем қарсымын. Айтыстың маңынан жүрмеген, исі мұрнына бармайтын біреулер баспасөз бетінде де білгішсініп, біткен іске сыншы болғысы келетіні байқалып жүр. Егер айтыс өнері әуелден дәстүрімізде бар, қанымызға сіңген, жанымызға жарасқан болса, ол неге күнделікті тұрмысымызға, салтымызға сіңіспеуі керек? Ауылда да, астанада да неге қатарынан өркендемеуі керек? Халық өзіне қажет жақсысын таңдап алмай ма? Ән көбейіп кетті деп ешкім арызданбайды, би көбейіп кетті деп ешкім бұрқылдамайды. Айтыс көбейіп кетті деп ашынуымызға жол болсын»... [122, 124 б.]. Айтыс өнері төңірегіндегі сан алуан пікірлер мен түрлі сауалдар түйіні ақын Ж. Ерманмен болған сұхбаттар барысында толық ашылады. Мәселен, ақындар айтысын ұйымдастыру шаралары, телеайтыстың ерекшелігі, айтыстың

көркемдік деңгейі, жанрлық құрылымы, ақындардың шығармашылық қабілеттері, қазылар алқасы, айтыстың әлеуметтік деңгейі мен қоғамдық рөлі, айтыс және саясат, әрісі баспасөз бетіндегі түрлі пікірлерге дейін жан-жақты сараланып айтылған жауапқа, аталмыш сұхбаттарды оқу барысында толық көз жеткізуге болады. Айтыс өнерінің табиғатына мейлінше қанық, Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жүздеген айтыстардың куәсі болып, тікелей зерделеп отырған ақынжурналист Ж. Ерман аталмыш өнердің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын үнемі алдыңғы орынға қояды: «Жасырсақ та, жасырмасақ та қоғамымызда демократия аз. Халықтық демократия айтыс арқылы ғана сақталып келеді. Ақын сынаған басшысына ешқандай ат-шапан айыппұл төлемейді. Айтыс арқылы қоғамдық пікір туады. Шын мәнінде, айтыс үкіметке де пайдалы. Себебі, халықтың ішінде, көкейінде тұнып жатқан қыжылды ақын сыртқа шығарып, жоғарғы жақты құлаққағыс етеді. Тіпті ол мәселе шешілмесе де халық ақынның шындықты айтқанына риза болады»[122, 160 б.]. Баспасөз бетінде айтыс өнерінің ақпараттық насихатшылдық сипатын танытатын ақын Ж. Ерманның осы мазмұндас пікірлерін зерттеу барысында бірнеше жерде келтірген болатынбыз. Ерте дәуірлерден халықтың ақпараттық-мағлұматтық дерек көзіне айналып, уақыт пен қоғамның бедерін айқындап, ұлт тарихының шежіресіне айналған айтыс өнері, ХХ ғасырдың соңына қарай заманауи технологиялық жетістіктер нәтижесінде, өзінің бұқаралық пәрменділігін одан әрі күшейте түсті. Оған дәлел ширек ғасыр бойы ақын-журналист Ж. Ерманның ұйымдастыруымен үзбей көрсетіліп келе жатқан телевизиялық айтыстың ұлт журналистикасы функцияларын атқарып келе жатқандығы. Айтыс өнерінің халыққа, қоғамға, уақытқа қызмет ете беретіндігін өмірдің өзі дәлелдеді. Баспасөз бетінде келтірілген айтысқа қатысты осындай мәселелердің бәріне ұсақ-түйек ретінде қарауға болмайды. Жазушы-журналистер, зерттеуші, ғалымдар көтерген әрбір проблема, айтылған сын, айтыс өнерінің бүгіні мен ертеңіне бағдар болмақ. Қазіргі айтысты тек ұлттық, республикалық деңгейдегі өнер түрі ретінде бағалаудың уақыты өтті. Қазақ айтысы Еуропа, Азия елдері сахнасында өнер көрсете бастады. Қазақтың айтыс өнерін зерттеуге ынта білдірген шетел ғалымдары да бой көтеруде. Айтыс тек Қазақстанда ғана өткізіліп жатқан жоқ. Қазір ақындар айтысы Моңғолия, Қытай, Өзбекстанда тұратын қандас бауырларымыздың қызыға тамашалайтын өнеріне айналды. Бұл елдерде де айтыс тұрақты өткізіліп келеді. Шетелдегі қазақ айтысы туралы болашақта іргелі зерттеулер жүргізілетіні ақиқат. «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Махамбет Мәшкеновпен болған сұхбатында ақын Жүрсін Ерман айтыс өнеріне деген шетелдік қандас бауырларымыздың ынта-ықыласы жайлы былай дейді: «Моңғол ақындары келіп, айтысқа қатысқан кезең – айтыстың аясын кеңейткен, шеңберін өсірген кезең болды. Одан – Түркияда, Иранда, Ресейде, Өзбекстанда жүрген бауырларымыз айтыстың үстінде келіп табысқанда, көңілі босамаған қазақ болмаған шығар... Біздің телеайтысымыз түсірілген таспаларға

сұраныс көп. Бірер жылдың өзінде ғана Түркияға, Қытайға, Моңғолияға, ФРГға, Ресейге, Өзбекстанға айтыс түсірілген талай таспа жібердік» [122, 131 б.].

ҚОРЫТЫНДЫ

Ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде бағалап отырған айтыс жырларының да негізгі өзегі сөз (тіл) өнерінен нәр алатындығы белгілі. Қадым замандардан адамдардың сөйлеу, ұғынысу құралы ретінде танылған сөз өнерінің тағы бір қыры ақпарат алмасу, тарату екендігіне зерттеу барысында жан-жақты тоқталып өттік. ХХІ ғасырдағы ғылыми-технологиялық прогресс адамзат баласына тосын жаңалық, тың пайымдаулар ұсынуда. Ғасырлар қойнауында қалған жазба жәдігерлерге тіл бітіп, тастар «сөйлей» бастады. Адамзат эволюциясының даму тарихында орын алған іргелі оқиғалар мен түрлі өзгерістердің болмысын бүгінгі ұрпаққа шынайы түрде баяндауда сөз өнерінің атқарып отырған мүмкіншілігі орасан зор. 2003 жылдың 4 сәуірінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арналған дәстүрлі Жолдауы негізінде өмірге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлт зиялылары болып жұмыла кіріскен ізгілікті шараларға атсалысу ниетінде қолға алынған бұл ғылыми зерттеудің де мақсаты халықтың асыл қазынасы айтыс өнерінің өміршеңдігі мен қоғамдық-әлеуметтік мәніне тәуелсіз ел ғылымы тұрғысында қайта қарап, әділ бағасын беруден туындаған еді. Тәуелсіз Қазақстан тұсында қайта жаңғырып, жанданған айтыс өнері уақыт пен қоғам талқысына түсе отырып, өзінің бәсекеге қабілетті шығармашылық түр екендігін танытты. Ғасырлар бойы халықтың көз қуанышына, көңіл медеуіне айналып келген төл өнердің ХХІ ғасыр табалдырығын аттағанда «Ақындар айтысы» енді қажет пе? немесе қажет емес пе? деген даулы сауалдың арасында қалуы көңіл қынжылтады. Өркениет деп өрекпіген әлем халықтарының біразы өзінің ұлттық рухани құндылығынан қол үзіп, соны қайта қалпына келтіре алмай жанталасып отырған уақытта, ата-бабадан мирас болып, туған елінің тектілігін, дегдар болмысын, тілін, ділін, ар-иманын, дәстүрсалтын, тарихы мен мәдениетін насихаттап, бағзы дәуірдің бар асылын бойына жиып, Тәуелсіз Қазақстанға жеткен айтыс өнеріне тіксіне қарау қандай пиғылдан туып отыр?! Зерттеу мақсаты осындай күрделі сауалға жауап іздей отырып, айтыс өнерінің қазақ халқы үшін, мемлекет үшін қаншалықты қажет екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге талпыныс жасады. Ең алдымен сөз (тіл) өнері төркініне ой жібере отырып, оның (сөздің) тіршілік үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталдық. Сөздің (тілдің) ақпараттық сипатын зерттеген ғалым Г. Әлімбек мынадай пікір келтіреді: «Тіл ақпараттың көзі әрі сақтаушысы болумен қатар жинақталған білімді жеткізудің және адам тәжірибесінің негізінде қалыптасатын жаңа білімнің қоймасы да болғандықтан, сол тілдің белгісі болып табылатын сөз арқылы берілетін ақпарат табиғатын арнайы қарастырудың маңызы айрықша». Сөз (тіл) өнері туралы айтылған халық даналығы мен ғалымдарымыздың теориялық тұжырымдарына жүгіне отырып, ақпарат таратудың, алмасудың қайнар көзін адамзаттың алғашқы тілдесу, ұғынысу дәуірлерінен

тарқататынымыз да осындай уәждерден туындайды. Күнделікті сөйлесу, тілдесудің өзін ақпарат алмасу деп бағаласақ, сөз өнері арқылы осы дәуірге жетіп отырған рухани жәдігерлерден мәлімет, дерек көздерін іздеуіміз қисынды қағида болмақ. Қайымдасу (айтысу) түрлерінің бағзылық үлгілері «Аужар» «Бәдік», «Жаржар», «Өлі мен тірінің айтысы», сияқты жырлардың өзінен халықтың танымтүйсігі, салт-дәстүрі, тұрмысы, жер-су атаулары, шаруашылығы, наным-сенімі тәріздес мағлұматтық дерек көздерін аңғаруға болады. Ғасырлар бедеріндегі халық шығармашылығы түрлерінің дәуірге, қоғамдық ахуал сипатына қарай белең алып, негізгі рөлге ие болып отыруының да табиғи заңдылықтары бар. Тұрмыс-салт жырларының дүниеге келуі халық басындағы мамыражай, бейбіт уақыттың белгілерін айшықтайды. Бұл көрініс әсіресе «Аужар», «Жар-жар» жыр үлгілерінде көрініс береді. Жырдағы көңілкүй әуендері, ата-баба дәстүрінің шынайы көрінісі салт жоралғыларының толықтай баяндалуы, халықтың қамсыз, алаңсыз тіршілігінен хабар береді. Ал «Бәдік», «Өлі мен тірінің айтысы» сияқты жыр үлгілері халықтың сол кездегі наным-сенім, таным-түйсігін айшықтайтын өлең түрлері. Уақыт алға жылжып, адамзаттың ақыл-ойы, таным-түйсігі кеңейген сайын ол құбылыс, сол дәуірдің рухани мұрасында бедерленіп, өрнегін салары ақиқат. Мәселен, жыраулар поэзиясы ел басындағы ереулі заманда дүниеге келген шығармалар. «Аттың жалы, түйенің қомында» туған мұндай шығармалар жоғарыда айтып өткеніміздей, дәуірге, қоғамдық ахуалға бейімделіп, шығарылған. Жыраулар поэзиясын зерделей отырып, көз алдыңызға домбыра мен найзаны қатар ұстанған жауынгер халық бейнесін келтіретініңіз сондықтан. Мұның өзі шығармашылық мұра поэтикасының өзіне танымдық тұрғыдан қарауға мүмкіншілік береді. Ал, жыраулар аттан түскен ХІХ ғасырдағы халық шығармашылығының негізгі күші айтыс ақындарына түсуінің де өзіндік заңдылығы бар. ХІХ ғасыр Ресей империясының «бөліп ал да, билей бер» саясатының өз күшіне еніп, көпшелі елді губернияларға бөліп, сұлтандық биліктің белең алған тұсы еді. Халық арасында жалпы ұлттық намыстан гөрі, тайпалық ойлау жүйесі қалыптаса бастады. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысына «рулық-тайпалық» деп сипат беріп жүрген ғалымдар пікірінің де кейде дәлелді екеніне осы жағдайға қарап көз жеткізуге болады. Біртұтас қазақты руға, тайпаға бөліп, бір-біріне айдап салған отаршыл ел саясаты, сол кездегі халық шығармашылығына да әсер етпей қоймады. Тарих талқысы кейінгі ұрпаққа халық мұрасын осындай халде тарту етсе де, ұлт мұратын ұлықтауда біз ұтылған жоқпыз. Халық өнері қашанда өзінің ұлттық сипатында қалады. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысын тұтастай алып, зерделеу барысында біз ұлтымыздың сол дәуірдегі жалпы болмысын, кескінкелбетін, ой-арманын, мақсат-мүддесін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, саяси көзқарасын, шаруашылығын, жер-су атауларын, халықтың белгілі тұлғалары: батыр, билерін, шешендерін, байларын, жақсы мен жайсаңын жырдағы ақпаратдеректер арқылы саралауға мүмкіндік алдық. Мұның өзі бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан тарихын тереңнен тану үшін аса құнды мәліметтер.

Отандық публицистика тарихын зертеушілеріміз, қазақ журналистикасына тән элементтердің ұлттық руханиятымызда ертеден көрініс беріп келе жатқандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдей бастағанына да біршама уақыт болды. Қазақ даласында ақпарат тарату мен алмасудың дәстүрлі жолдары ұлттық өнерде қалыптасып, дамығандығы ақын-жырау, би-шешен мұралары мен айтыс өлеңдерінде мол ұшырасатындығын ғалымдарымыз нақты мысалдар арқылы орынды дәлелдеп келеді. Зерттеудің негізгі өзегі сөз өнері төркінінен бастау ала отырып, жыраулар поэзиясы мен шешендік сөздердің әлеуметтік мәнін көрсетумен қатар, айтыс жырларының ақпараттық, насихатшылдық сипатын айқындау болып табылатындығы да сондықтан. Қазіргі ұлтық журналистиканың қайнар көзі бишешен, ақын-жыраулар мұрасынан бастау алатындығы зерттеуде нақты мысалдар арқылы жан-жақты көрсетілді. Әсіресе, шешендік айтыс жырлары сияқты сөз өнері түрлерінің насихатшылдық сипатына терең мән беріліп, оның әлеуметтік мәніне, қоғам алдындағы жауапкершілігіне, ағартушылық ұстанымдарына ғылыми пайымдаулар жасалынды. Шешендік сөз өнерінің мәні ретінде елдік мәселелер туралы ой толғамдар мен дін, дәстүр, тәрбие негізінде өрбитін нақыл сөздердің публицистикалық сипатын айқындайтын критерийлер нақты мысалдар арқылы ашып көрсетілді. Қазақтың Сырым, Бөлтірік, Жанқұтты сияқты шешендері мен Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды қабырғалы билерінің бүгінге жеткен сөздері негізге алынып, аталмыш сөз зергерлерінің бүгінгі ұлттық журналистикаға тигізіп отырған әсерықпалы туралы байыпты пікірлер айтылды. Қазан төңкерісіне дейінгі ХХ ғасырдың басындағы ақындар айтысында ағартушылық сарынындағы ойлардың айтылуы да қоғамдық болмыс ахуалымен байланысты туындаған. Ұлы дала мәдениетінің саһар болмысынан қол үзіп, отаршылдық қамытын киген көшпелі елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, өнері мен рухани шығармашылығы бойкүйездікке ұрынып, енжарлық пен самарқаулық сияқты жат әдеттердің белең алуы да уақыт салған таңба еді. Дәл сол кездердегі ұлт зиялыларының «Оян қазақ?», деп жар салуы (М. Дулатұлы), «Маса» болып елді оятуы (А. Байтұрсын), «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуға» ұмтылған (С. Торайғыров) шығармалары қазақ қоғамының рухани болмысына өлшем болса керек. «Айқап» журналының 1914 жылғы № 1 санында жарияланған «Ғылым мен надандық айтысының» жариялануы да осы ойларымызды қуаттай түседі. Қазақ халқының өмір сүру қағидалары мен рухани санасына кері әсер еткен уақыт, қоғам таңбасы сол кездегі айтыс жырларында айқын көрініс тауып отырды. ХХ ғасыр басындағы қазан төңкерісіне дейінгі халық шығармашылығын мәтіндік мағынасымен, әлеуметтік, қоғамдық мәні бойынша саралай отырып, төмендегідей қорытындыларға келеміз: Біріншіден, көне дәуір жазбалары мен сөз «тіл» жәдігерлерінің ақпараттық-деректілік сипаты, уақыт пен қоғам болмысын тануға, сол заманда өмір сүрген халықтың дүниетаным көзқарасын байыптауға мол мүмкүндіктер беретін тарихи құндылық ретінде бағаланады;

Екіншіден, сөз өнері негізінде дүниеге келген халық шығармашылығын поэтикалық тұрғыдан бағалау арқылы дәуірдің саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын тануға болады. Үшіншіден, уақыт пен қоғам арақатынасы негізінде адамдар санасындағы психологиялық өзгерістердің рухани құндылыққа тигізген әсерін айқындау негізінде, ұлт тарихының тұманды тұстарын таразылауға мүмкүндік аламыз. Жетпіс жылдай уақытты қамтитын кеңестер дәуіріндегі ақындар айтысы, аталмыш өнер тарихында үгітшілдік, насихатшылдық, идеология жаршысы сипаттарымен көрінгені белгілі. Ұлт руханиятының небір жауһар үлгілеріне «ескіліктің сарқыншағы» ретінде қарап, тәрк еткен комунистік идеология ақындар айтысының тамырына балта шаппады. Оның негізгі себептері туралы зерттеу барысында жан-жақты айтып өткен болатынбыз. Айтыс өнерін коммунистік тәркілеуден аман алып қалған үгітшілдік, насихатшылдық, идеологиялық мүмкіншіліктерінің молдығы еді. Ақындар айтысының осы ерекшіліктерін кеңестік идеология өз мақсаттарына пайдалануды көздеді. Коммунистердің бұл саясаты нәтижесіз болған жоқ. Жетпіс жыл бойы кеңестік Қазақстан ақындары «ұлы» Ленин бастаған көреген партияның жалынды жаршысына айналды. Әрине, совет дәуіріндегі жазушы-ғалымдарымыз сол уақыттағы шығармашылық дүниелерге социалистік реализм, коммунистік көзқарас тұрғысында қарағаны әрі сол тұрғыда бағалағаны белгілі. Сол уақыт талабымен бағамдар болсақ, Әуезовтың совет айтысы туралы айтқан пікірі нағыз шындықты көрсетеді. Айтыс тарихында аталмыш өнердің дәл кеңес дәуірі тұсындағыдай қоғамдық маңызға ие болып, әлеуметтік мәні барынша ашылып, жауынгер жанрға айналған сәттері (Тәуелсіздік жылдарындағы айтыстан басқа) аса көп емес. «Сын болсын, сын шын болсын» демекші, кеңес дәуіріндегі айтыстың мазмұндық, тақырыптық тұрғыдан терең болуы, әрине, алдымен қоғамдық идеологияға тікелей байланысты. Ленинді, партияны дәріптей отырып, сол кездегі қоғам ахуалының кемшілігі мен жетістігін жеріне жеткізіп жырлаған айтыс ақындарын уақыт өзгергеннен кейін қаралаудың еш қисыны жоқ. Халық арасынан шыққан ақындар өз міндеттерін орындады. Ең бастысы айтыс ақындары өнерге адал болды. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнерді қандай жағдайда, қандай қоғамда болмасын өлтірген жоқ. Сөз өнерінің мәйегі – айтыс жырлары тоталитарлық жүйенің жетпіс жылын артқа тастап, Тәуелсіз Қазақстан қоғамына аман-есен жетті. Кеңес дәуіріндегі айтыс ақындарын осы үшін де ардақтауға, құрметтеуге болады. Айтыс өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын айқындау тұрғысында XІX ғасырдағы айтыс жырларына кешенді ғылыми талдаулар жасалынды. Сондай-ақ XX-ғасырдың басындағы һәм кеңес дәуірі тұсындағы ақындар айтысының ақпараттық, насихатшылдық сипаты нақтты мысалдар арқылы көрніс тапты. Әсіресе, ғылыми жұмыстың 1941-1945 жылдар аралығын қамтитын күрделі кезеңі зерттеу барысында жан-жақты талданды. Ұлы Отан соғысы жылдарында өткізілген ақындар айтысының үгітшілдік, насихатшылдық, ақпараттық сипатын айқындайтын тұжырымдар кітаптарда жарияланған мәтіндік нұсқалар негізінде ғылыми тұрғыда сараланды. Соғыс

жылдарында өткізілген ақындар айтысының мемлекеттік маңызы идеологиялық тұрғыдан қарастырылып, оның (айтыстың) кеңестік қоғам үшін қаншалықты қажет болғандығы нақты мысалдар арқылы көрініс тапты. Айтыс өнерінің тарихында, дәл Ұлы Отан соғысы кезеңіндегідей азаматтық рух, патриоттық жігер болған жоқ шығар. Дәл сол жылдары айтыс өлеңдері жауынгер жанрға айналды. Айтыста ақындық сезім, лирикалық толғаныстардан гөрі нақты мәлімет, дерек, ақпарат көздері шешуші рөл атқарды. Соларды көрсете отырып ақындар нағыз жалынды насихатшылар бола білді. Жауды жеңіп, жеңісті жақындату жолында айтыс ақындары өлшеусіз үлес қосты. Кеңес дәуірі, оның ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болғаны белгілі. Ақындар айтысында қандай мәселенің жырланып, тыл еңбеккерлеріне қажетті үгіт, насихаттың қандай бағытта өрбитіндігі де межеленіп отырды. Ұлы Отан соғысы басталысымен апта өтпей жатып-ақ жер-жерлерде халық ақындарын жинап, семинар кеңес өткізудің де мақсаты, сол кездегі коммунистік идеология тарапынан болған жедел әрекеттер сипатын аңғартады. Соғыс жылдарында өткізілген ақындар айтысы өзінің көркемдік, мағыналық, идеялық қырларымен ерекшеленгенін әрі айтыс жырларында бұрын-соңды кездеспеген цифрлы мәлімет, деректердің мол көрініс беруі халық ақындары шығармашылығының публицистикалық бояуын одан сайын қоюлата түсті. Ақындық сезім-күй, лирикалық толғаныс сияқты поэзияға тән элементтер екінші қатарға шығарылып, оның орнын үгітшілдік-насихатшылдық сипаттағы деректі ой толғамдар толтырды. Сол кездегі «Шашубай мен Көшен», «Маясар мен Нұрлыбек», «Құмар мен Сұраубай», «Шаймерден мен Мұзарап», «Орынбай мен Әлібек», «Қазанқап пен Нартай», «Жақсыбай мен Ердәулет», «Қайып пен Ілияс», «Гүлжамал мен Қуаныш», «Аппаз бен Ысқақ», «Нияз бен Болман», «Нұрқан мен Майташ», «Қалқа мен Қуат» т.б. айтыстар уақыттың әлеуметтік жүгін көтеріп, қоғамдық ахуал сипатын барынша ашып көрсеткен сөз сайыстары есебінде тарих беттерінде қалары сөзсіз. Соғыс жылдарындағы ақындар айтысына поэтикалық тұрғыдан бағалар болсақ, оның жырмен өрілген жалынды публицистикалық жауынгер жанр болғандығына толық көз жеткізуге болады. Ұлы Отан соғысы жылдарында өткізілген ақындар айтысын зерделей отырып төмендегіше пайымдаулар жасауға болады: Біріншіден, айтыс өнері уақыт тезі мен қоғам ахуалына бейімделгіш, оңтайлы шығармашылық сала екендігі; Екіншіден, ел басына күн туған ереуіл уақытта идеология туын ұстап, үгітшілдік, насихатшылдық сипатын барынша ашып көрсете алатындығы; Үшіншіден, статистикалық мәліметтер мен цифрлы деректерді жыр барысында қолдануы һәм насихаттық тұрғыда пайдалануы; Төртіншіден, осы аталған ерекшеліктер негізінде дәуір болмысының келбетін шынайы көрсете білуі. Кеңес дәуірінің үлкен кезеңін қамтитын 1945-1985 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының да өзіне тән ерекшелік сипаттары зерттеу барысында жан-жақты ашылды. Соғыстан кейінгі өндіріс пен экономиканы

қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, адамзат баласының ғарышқа сапары, Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізу сияқты уақыттың елеулі өзгерістері сол жылдарда өткізілген ақындар айтысында бедер тауып, насихатталып отырды. «ХХ ғасырдың 46-86 жылдар аралығындағы ақындар айтысының тақырыптық мазмұндық ерекшелігі» атты тараушада кеңес дәуірінде өткізілген ақындар айтысы ақпараттық-насихатшылдық тұрғыда жан-жақты талданды. Ең бастысы, айтыс өнерінің тоқтап қалмай қандай деңгейде, қандай жағдайда болмасын жалғасып отырғандығы еді. Кеңес дәуіріндегі айтыс жырларының мазмұндық сипаты мынадай бағыттарда көрініс тапты: - коммунистік партия ісіне адалдық және оны қолдау; - Ұлы Октябрь әкелген теңдікті жырлау; - өнеркәсіп, өндіріс орындарының жетістіктері; - ауыл шаруашылығының өркендеуі; - оқу-ағарту, мәдениет пен өнер саласы; - саяси көзқарас; - әлеуметтік мәселе; - атеизм, мораль мәселесі; - кәсіп, мамандық жөнінде. Айтыс жырларына арқау болған, осы тақырыптардың барлығы өзінің деректілігі һәм реалды болмысымен дәуір дидарының кескін-келбетін боямасыз көрсетіп тұр. Өнердің құндылығы да кейінгі ұрпаққа шынайы ақпарат, мәлімет жеткізуімен өлшенетін болса, кеңес дәуіріндегі ақындар айтысы бұл тұрғыда өз миссиясын толық атқарды деуге болады. Әр заман – өзінің ақиқатымен құнды. Ол ақиқат қандай мазмұнда, қандай сипатта болмасын, келешек тарих үшін оның шындығы, шынайылығы қымбат. Идеология уақытқа қызмет етеді. Ал, дерек пен дәйек, нақты ақпарат – тарих үшін теңдессіз қазына. Кеңес дәуіріндегі ақындар айтысын зерделей отырып, мынадай қорытындылар жасаймыз: - коммунистік партия мүддесін жырлау арқылы, айтыс ақындары елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын барынша ашып көрсеткен. Бұл дегеніміз айтыс өнерінің иделогиялық қырын айқындайды; - уақыт тудырған өзекті мәселелерді нақты фактілер негізінде көрсетіп, оның халықтық мәнге ие болуына ықпал етуі айтыс жырларының журналистика функцияларын атқара алатындығына дәлел болады. - айтыс жырларында цифрлы мәліметтер мен дәйек, деректердің мол кездесуі, аталмыш өнердің публицистика жанрына тән екенін көрсетеді; - 1946-1986 жылдарында өткізілген ақындар айтысы, кеңестік дәуірде ғұмыр кешкен халқымыздың саяси-әлеуметтік көзқарасын, ұлттық сана-сезім, мінез-құлқын тануға мол мүмкіндіктер береді;

- кеңестер дәуірінің тұтастай қырық жылдай уақытын қамтитын айтыс жырлары, сол кезеңнің қоғамдық болмысын барлық қырынан танып-білуге, бағалауға негіз боларлық ақпарат қорымен қамтамасыз етеді; - кеңестер дәуіріндегі ақындар айтысы, ұлт тарихының сындарлы кезеңдегі тағдыр-талайын шынайы көрсетуімен құнды. Біз айтыс жырлары арқылы халқымыздың саяси-ахуалын, экономикасын, ауыл шаруашылығын, оқу-ағарту саласын, әдебиеті мен мәдениетін, дәстүрдегі жаңа таным-түйсіктерін, рухани болмыс деңгейін тану арқылы шынайы ақпар-мәлімет аламыз. Осы айтылған тұжырымдар кеңес дәуірінде өткен ақындар айтысы да ұлт тарихы үшін аса маңызды міндеттер атқарғандығын көрсетеді. Уақыттың қандай кезеңі болмасын өнер қоғамдық ахуалдан тыс дамымайтыны белгілі. Ал, өнерге салған уақыт, қоғам бедері тарихымызды таразылау үшін қашанда өз маңыздылығын таныта береді. Қырық жылға жуық уақытты қамтыған кеңестер дәуіріндегі ақындар айтысы да өзінің ақпаратты-деректі сипатымен ұрпақ кәдесіне қызмет ететіндігі ақиқат. 1985-1991 жылдар аралығы Қазақстан қоғамы үшін, рухани сілкіністің, жаңару, жаңғыру үрдістерінің белең алған уақыты болды. Дәл осы кезде айтыс өнерінің қоғамдық белсенділігі артып, идеологиялық күшке айналды. Жылдар бойы қордаланып қалған халықтың рухани күйзелісі айтыс ақындарының жалынды жырларымен ақтарыла төгіліп, шындықтың ащы үні алдаспандай жарқылдады. Кеңес дәуіріндегі айтыстың майталмандары М. Көкенов, К. Шәкеев, Қ. Алтынбаев, К. Омаров сияқты ақындардың соңын ала Ә. Қалыбекова, Ә. Беркенова, Қ. Әбілов, Ш. Ділдебаев, Б. Әлімжанов, Е. Асқаров, Е.Жақыпбеков сияқты орта буын өкілдері жаңарған айтыстың көшін бастады. Осы жылдары өткізілген ақындар айтысындағы жаңашылдық пен жаңғыру үрдістерінің сипатын былайша бағамдауға болады: - 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысында сөз еркіндігі, ой азаттығы ұғымдары көрініс таба бастауымен ерекшеленеді; - қазақ қоғамындағы күрделі проблемалар – тіл мен экология мәселесі батыл көтеріліп, олар ұлттық мүдде тұрғысында қарастырылып, көптеген түйткілді жағдайлардың беті ашылды; - айтыстың демократиялық ұстанымы қалыптасып, қоғамдық ой қалыптастыруда идеологиялық белсенділігі артты; - айтыс өнерінің бұқаралық сипаты артып, ел ішінен көптеген суырыпсалма ақындар шығып, халық өнерпаздары – әнші, күйші, термешіжыраулардың қатары молайды; - телевизиялық айтыс, ұлттық өнердің белсенділігін арттырып, жалпы ұлттық сипатқа ие болуына мүмкіндіктер туғызды; - айтыстың ақпараттық-насихатшылдық қырлары жаңару-жаңғыру үрдістерін бастан өткеріп, ұлт мүддесі мұраттарын жырлау сипаты өріс алды.

Қорытындылай айтқанда, коммунистік иделогия шырмауынан арылып, ел тәуелсіздігінің баянды алғышарттарын қалыптастыруда 1985-1991 жылдар аралығындағы ақындар айтысы көркемдік һәм мазмұндық тұрғыдан жаңарып, жаңғыру үрдістерін бастан өткере отырып, қазақ қоғамының рухани түлеуіне белгілі дәрежеде ықпал етті. Ең бастысы, 1991 жылғы ел тәуелсіздігін қазақ халқы осындай жаңару, жаңғыру идеяларымен қарсы алды. Мұның өзі ұлт руханияты үшін зор жетістік еді. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы ел өміріндегі ең елеулі тарихи сәттердің куәсі болуымен қатар, оның саяси-әлеуметтік мәнін халыққа насихаттауымен ерекшеленеді. Айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәнінің барынша ашылып, жарқырай көрінген тұсын Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алған жылдарымен сабақтастыра қарауымыздың бірнеше себептері бар. Алдымен сөз бостандығы, ой еркіндігі ұғымдарының қоғамдық санаға үлкен қозғау салғандығы еді. Екіншіден, коммунистік идеология құрсауынан босанған халыққа азаттық идеясының жарқын шұғыласы, ұзақ жылдар «жабық» тақырып ретінде бүркемеленіп келген ұлт тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, сан-салалы рухани құндылықтарын қайта қарап, оны тәуелсіз ел тұрғысында бағалауға мүмкіндіктер алды. «Идеологиялық өктемдіктен» арылған қазақ руханияты қайта түледі. Қазақ қоғамында болған осындай оң өзгерістердің нәтижесі ақындар айтысына да зор әсер етті. Өмірдің барлық жетістіктері мен жақсылықтарын коммунистік партия саясатымен байланыстыра қарап ой түзейтін айтыс ақындары ендігі жерде қоғамдық проблемаларды ұлттық мүдде бағытында жырлауға бет бұрды. Мұның өзі айтыс өнерінің қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәнінің артуына зор әсер етті. Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі айтыстарда қоғамдық проблемалар мен әлеуметтік мәселелер белгілі бір иделогиялық кеңістікте көтерілсе, азат елдің ақындары бұл ұғымның аясын барынша кеңітті. Ақындар айтысындағы азаттық идеясы өнердің өрісін кеңейтумен қатар, оның өміршеңдік қағидаларын да айқындап берді. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысының қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәніне баға бере отырып төмендегідей тұжырымдар жасаймыз: - азат ойлап, еркін сөйлеу категориялары айтыс өнерінің қоғамдық маңызын арттырумен қатар оның әлеуметтік мәнін де тереңдете түсті; - ұлт тарихы мен руханиятын таразылап, оған тәуелсіз ел тұрғысында қайта қарау қағидалары, айтыстың тақырыптық, мазмұндық қырына үлкен өзгерістер әкелді; - айтыс тақырыбының саналуандылығы һәм оның өзектілігі аталмыш өнердің идеологиялық аспектілерін айқындап, бұқаралық сипатын күшейтті; - айтыстағы азаттық идеясы халықтың аңсар-мұратымен бірге қарастырылып, өнердің рухани насихатшылдық рөлін айқындады. Тәуелсіздік тұсындағы жаңарған, жанданған ақындар айтысының идеологиялық мұраттары, халықтың рухани серпілуіне, ұлт болып ұйысуына, мемлекет болып қалыптасып, ілгерілеуіне зор ықпал, әсер еткендігін зерттеу

барысында келтірілген нақты мысалдар мен ой-тұжырымдардан анық байқауға болады. Ақындар айтысындағы ұлттық иделогия аспектілерін саралай отырып, мынадай қорытындылар жасаймыз: - айтыс тарихын зерделей отырып, қай ғасыр, қандай қоғамда болмасын аталмыш өнердің үнемі идеологиялық күшке ие болып келгендігін, ХІХ, ХХ ғасырларда өткен ақындар айтысы, өз уақытының рухани насихатшысы болды. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы ұлттық идеологияның ұйытқысы һәм ұлықтаушысы ретінде өзінің ақпараттық-публицистикалық, үгітші-насихатшылдық сипаттарымен ерекшеленеді; - айтыстың идеологиялық қуаты, оның ұлт мүддесі мұраттарын насихаттауы арқылы айқындалып, өзінің қоғамдық маңызын арттырды; - айтыс жырларындағы елді-жерді құрметтеу ұғымдары, өскелең ұрпақты патриотизмге баулыды. Бұл тұрғыдан айтыс өнерінің тәрбиелік-тағылымдық мәні артып, рухани-ағартушылық бағыттары күшейді; - айтыста айтылған көптеген көкейкесті мәселелер, ұлт мүддесі сипатында көрініс тауып, ұлттық иделогияның қалыптасуына алғышарттар жасады. Зерттеу барысында осы мәселелерге тереңірек мән беріліп, жан-жақты талдаулар жүргізілді. Қазіргі айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні Қазақстанда болып жатқан түрлі саяси-эконмикалық реформалар негізінде қарастырылды. Ұлт менталитетінің барлық ізгі қасиеттерін бойына сіңіре білген айтыс өнері, қоғамдық ой қалыптастыруда ықпалды нәтижелерге қол жеткізді. Осы сипаттар айтыс жырларының мазмұндық ерекшелігін талдау барысында уақыт пен қоғам арақатынасы тұрғысында көрініс тауып, сараланады. Осы айтылған пікірлерді бағамдай отырып, Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысының қоғамдық ой қалыптастырудағы рөлі туралы мынадай тұжырымдар жасауға болады: - айтыс жырларының публицистикалық қырын айқындайтын басты критерийлерінің бірі насихатшылдық сипаты деп танитын болсақ, бұл ерекшелік аталмыш өнердің қоғамдық ой қалыстаптырудағы ролін тануға зор мүмкіндік туғызады; - ақындар айтысындағы ұлттық идеология аспектілері халықты белгілі бір бағытқа, мүддеге жұмылдыруда шешуші рөл атқарады. Мұның өзі ақындар айтысының идеялық, көркемдік ерекшелігін танумен қатар, әлеуметтікқоғамдық мәнінің маңыздылығын көрсетеді; - ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты келтірілген өзекті проблемалар айтыс жырларының идеологиялық қуатын арттыра отырып, оның жалпы халықтық мәнге ие болуына тиімді жағдайлар жасайды; - қазақ қоғамында болып жатқан кезкелген саяси-әлеуметтік реформалар нәтижесі айтыс жырларында жан-жақты сараланып, халық талқысына ұсынылып отырады. Бұл көрініс ұлт мүддесі бағытындағы мемлекеттік ісшараларға белгілі дәрежеде ықпал етіп отырады. Айтыста көтерілген сан-алуан тақырып ауқымдылығы мен оның мақсатмұраттары ұлттық идеологияны қалыптастырушы әрі насихаттаушысы ретінде танылып, бағаланады. Қазіргі айтыстағы тақырып ауқымдылығы және оның

өзектілігі қазақ қоғамындағы ең басты проблемалар негізінде қарастырылып, жеке-жеке талданды. «Тіл», «Ауыл», «Дін», «Тарих», «Саясат», «Жер», «Экология» тақырыптарын талдап, саралау арқылы айтыс жырларының саясиәлеуметтік, ақпаратты-насихатшылдық қырларының поэтикалық сипаты айқындалды. Жекелеген айтыскердің ақындық шеберлігі мен азаматтық позициясын көрсету, зерттеу өзектілігін ашудың негізгі тетіктері ретінде қарастырылды. Жаңарған айтыстың көшін бастап, өнерге өршіл рух әкелген А.Әлтай, М.Тазабеков, М.Қосымбаев, Д.Кәпұлы, Б.Шойбеков. Б.Имашев сынды ақындардың тегеурінді толқынын С.Тоқтамысова, Д. Қамиев, М.Аханов, Ж.Бұлғақов, М.Қуандықов сияқты жастардың жалғастырып әкетуі, өнердің өміршеңдік мұраттарын танытумен қатар, оның әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызының өзектілігін дәлелдейді. Айтыс табиғатына тән насихатшылдық, үгітшілдік сипаттар аталмыш өнердің иделогиялық қуатын айқындай отырып, оның мемлекет, қоғам үшін аса маңызды шығармашылық фактор екендігін танытады. Бұл ерекшеліктердің барлығы Тәуелсіз Қазақстан бастан өткерген саяси-экономикалық өзгерістер мен тарихи бетбұрыстардың айтыс жырларында көрініс тауып, бұқаралық сипат алып отыруынан туындайды. Ақындар айтысының көркемдік-идеялық ерекшеліктері оның ақпараттық немесе насихатшылдық қырларымен ғана өлшенбесі белгілі. Айтыс жырларының басты өлшемі – проблеманы ақпараттық тұрғыда көтерумен шектелмей оған сараптамалық-талдамалы сипаттар беруінен көрінеді. Тіл мәдениетін қалыптастырудағы айтыс өнерінің әсер-ықпалы туралы ойларымызды қорытындылай келгенде мынадай бағыттарды саралап көрсетеміз: - біріншісі ақындар айтысының мемлекеттік тіл төңірегіндегі түрлі проблемаларды тарқатып көрсетуі болса, екіншісі ұлттық тіліміздің ажарын ашып, қорын молайтуға қосқан үлесі болып табылады; - қазіргі айтыстың көркемдік деңгейі, сөз (тіл) мәдениетінің қалыптасуына алғышарттар жасайды. Оның себебі – айтыс ақындарының білім деңгейлері мен сөз өнерін еркін меңгерген шеберліктері ауызекі сөйлеу түрін, әдеби тілдік нормаға бейімдеді; - ақындар айтысының үгітшілдік-насихатшылдық сипаты бұқара халықтың зерде-танымын кеңейте отырып, ұлттық тілдің асыл жауһарларымен қауышуына мол мүмкіндіктер жасады; - ақындар айтысы – ана тіліміздің ажарын ашып, айбынын асқақтататын өнер түрі. Ұлт тілінің өркендеп, кемелденуі үшін айтыс сияқты сөз өнерінің барлық қасиетін бойына жинаған рухани шығармашылықтарды насихаттау мемлекет үшін аса маңызды, қажетті фактор болып есептеледі. Мерзімді баспасөз беттерінде жазылған айтыс жайлы ой-пікірлерді саралай отырып, мынадай тұжырымдар жасаймыз: - айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын екшеп көрсеткен проблемалық мақалалар өнердің өміршеңдік мұраттарын көрсете отырып, оның тағылымдық-тәрбиелік қырларын айқындайды;

- айтыс өнерін ұйымдастыру барысында оның бедел, абыройына нұқсан келтірер келеңсіздіктер ашық көрсетіліп, олардың алдын алу шаралары баяндалады; - айтыс ақындарына қойылар талап пен міндет түрлері сараланып, олардың шығармашылық тұрғыдан шыңдалу жолдары бағамдалады; - айтыс өнерінің рухани қажеттілігі, ғылыми пайымдаулар арқылы көрініс табады; - айтыстағы ой қайталау, әуендегі бірсарындылық сипатындағы кемшіліктер нақты көрсетіліп, болашақта оны болдырмау жөнінде пікірлер айтылады; - айтыстың патриоттық, идеологиялық әсер-ықпалы сөз болып, оның мемлекеттік маңызы байыпталады. Айтыс өнері туралы ұлттық баспасөзде жарияланған ой-пікірлер мен мыңдаған мақала-зерттеулердің мән-мағынасы қорытындылай келгенде осындай тұжырымдарға саяды. Мұның өзі ұлттық өнердің өміршеңдік мұраттарын көрсетумен қатар, халық үшін рухани қажеттілігінің қаншалықты қымбат екендігін айқындайды. Халықтың рухани шығармашылығының ішіндегі айтыс сияқты көпшіліктің көңілінен шығып, асыға күтетені өнер додасы ХХ ғасырдың соңғы жиырма жылы мен ел тәуелсіздігін жариялаған тұстан бері мүлдем жаңаша сипат алып, өзінің қуаттылығы мен көкейкестілігін бұқара халыққа жақсы танытты. Ең алдымен ұлттық идеологияның жалынды жаршысына айнала білген ақындар айтысы, ақпараттық-насихатшылдық тұрғыдан басқа өнер түрлеріне қарағанда өзінің алымдылығы мен оңтайлылығын қоғамға барынша дәлелдеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Байтұрсынов А. Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б. 2 Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 б. 3 Сулейменов О. Язык письма. - Алматы-Рим: San Paolo, 1998. - 497 с. 4 Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – Алматы: Ғылым, 1987. – 368 б.; Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: ҚазМем оқу –педогогика баспасы, 1964. – 344 б.; Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы: Жазушы, 1986. – 320 б.; Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. Әдеби сын зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1970. – 82 б.; Жұмалиев Қ. ХYІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. - Алматы: Мектеп, 1967. – 433 б.; Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. – Алматы: Ғылым, 2001. - 448 б.; Бердібаев Р. Замана сазы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 320 б.; Кәусар бұлақ. – Алматы: Жазушы, 1989. - 360 б.; Сарқылмас қазына. – Алматы: Мектеп, 1983. – 246 б.; Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977. – 300 б.; Қасқабасов С. Қазақ халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 264 б.; Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері. – Алматы: Қазуниверситеті, 1992. – 216 б.; Сейдеханов К. Күрес пен жеңіс жырлары: (Халық ақындарының творчествосындағы тарихи жырлар). – Алматы: Рауан, 1991. – 184 б.; Тұрсынов Е.Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. – Алматы: Ғылым, 1976. – 199 б.; Төреқұлов Н. Даланың дара ділмарлары. – Алматы: Қазақстан, 2001.– 592 б.; Сейдімбеков А. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. – Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.; Сыдиқов Қ. Ақын жыраулар. – Алматы: Ғылым, 1974. – 240 б.; Сүйіншәлиев Х. Ғасырлыр поэзиясы. – Алматы: Жазушы, 1987. – 216 б.; Әбілқасымов Б. «Фольклор», «Ауыз әдебиеті» ұғымдары туралы. – Алматы: Ғылым, 1990. - 264 б.; Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. – Алматы: Мұраттас, 2001. – 293 б. 5 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Жазушы, 1983. – 456 б. 6 Жақып Б. Қазақ публицистикасының қалыптасып даму жолдары. – Алматы: Білім, 2004. – 368 б. 7 Шамақай Қ. Сөз бостандығы және MASS MEDІA: - Қарағанды, ҚарМУ, 2004. – 126 б. 8 Әлімбек Г. Сөз мағынасы және ақпарат. – Алматы: Атлас. 2006. – 168 б. 9 Нұрмұқанов Х. Сөз және шеберлік. – Алматы: Ғылым, 1987. – 288 б. 10 Екі мыңжылдық дала жыры. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000. – 752 б. 11 Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – Алматы: Ғылым, 1987. - 368 б. 12 Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1988. – 1 т. – 288 б. 13 Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 620 б. 14 Қыз бен жігіт. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1988. – 1 т. – 288 б. 15 Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. – Алматы: Ғылым. – 1976. - 168 б.

16 Домбай Н., Күмісбаев Ө. Тіл өрге басуы үшін оған өріс керек // Ана тілі. - 2008. 25 желтоқсан. № 52 (941) 17 Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: ҚазМем оқу – педогогика баспасы, 1964. – 344 б. 18 Ертедегі әдебиет нұсқалары. – Алматы: Мектеп, 1967. – 207 б. 19 Әуезов М. Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1985, ХУІІ том. – 352 б. 20 Қазақ фолклористикасының тарихы. – Алматы: Ғылым, - 1988. – 432 б. 21 Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: ҚазССР Ғылым академиясының баспасы, - 1960. – 1 т. 1-кітап. – 737 б. 22 Аронұлы С. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б. 23 Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар. – Алматы: Жалын, 1979. – 272 б. 24 Көпейұлы М.Ж. Қазақ фольклоры, ауыз әдебиет үлгілері. – Алматы: Алаш, 2006. - УІ т. – 396 б. 25 Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. - 1 т. – 556 б. 26 Бердібаев Р. Замана сазы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 320 б. 27 Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. - 1 том. – 417-418 бб. 28 Стюфляева М.И. Образные ресурсы публицистики. – М.:: Мысль, 1982. – 176 с. 29 Әсет пен Ырысжан. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 351 б. 30 Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 270 б. 31 Жамбыл мен Құлмамбет. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 188 б. 32 Жанақ пен Түбек. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 74 б. 33 Сөзстан. – Алматы: Жалын, 1980. - 1-кітап. – 208 б. 34 Белинский В.Г. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1987. – 352 б. 35 Кемпірбай мен Әсет. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 99 б. 36 Кеншімбай мен Ақсұлу. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 545 - 546 бб. 37 Бақтыбай мен Мәйке қыз. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 491 б. 38 Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 2 т. – 664 б. 39 Бес ғасыр жырлайды. – Алматы: Жазушы, 1989. – 1 т. – 384 б. 40 Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы: Ана тілі, 1993 . 4-кітап. – 176 б. 41 Тұрсынов Е.Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. – Алматы: Ғылым, 1976. – 199 б. 42 Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Ғылым, 1977. – 1 т. – 454 б. 43 Плеханов Г.В. Искусство и литература. – М.: Гос. изд. худ. лит., 1948. – 888 с. 44 Қанафияұлы Н. Шоқан - әдебиетші, публицист. – Алматы: Қазақстан, 1998. – 183 б.

45 Мұқанов С. Халық мұрасы. – Алматы: Жазушы, 2005. – 304 б. 46 Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. – Алматы: Ғылым, 2001. – 448 б. 47 Төреқұлов Н. Даланың дара ділмарлары. – Алматы: Қазақстан, 2001. – 592 б. 48 Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 258 б. 49 Негимов С. Шешендік өнер. – Алматы: Ана тілі, 1997. – 208 б. 50 Төреқұлов Н. Билер сөзі – ақылдың көзі. – Алматы: Қазақстан, 1996. – 240 б. 51 Сарбас пен Жамбыл. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 223, 224 б. 52 Омарқұл мен Тәбия. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1т. – 383 б. 53 Қалқаманұлы Б. Шығармалары. – Алматы: Мұраттас, 1992. – 95 б. 54 Нұралы мен Мықан. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 268 б. 55 Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Ғылым, 2000. – 3 т. – 568 б. 56 Тронский И.М. История античной литературы. – М.: Высшая школа, 1983. – 464 с. 57 Шешендік сөздер. – Алматы: Жазушы, 1967. – 152 б. 58 Шешендік сөздер. – Алматы: Отау, 1992. – 190 б. 59 Сейдімбеков А. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. – Астана: Фолиант, 2008. – 728 б. 60 Об ораторском искусстве. – Москва: Гос. изд. полит. лит., 1959. – 343 с. 61 Әйгілі гректер. – Алматы: Жалын, 1977. – 296 б. 62 Түркістан уәлаятының газеті. – Алматы: Ғылым, 2003. – 598 б. 63 Асанұлы Қ. Евней Букетов – публицист. – Қарағанды: ҚарМУ, 2005. – 196 б. 64 Сыдиқов Қ. Ақын жыраулар. – Алматы: Ғылым, 1974. – 240 б. 65 Айқап. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 367 б. 66 Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы: Жазушы, 1986. – 400 б. 67 Керімқұл мен Бибайша. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. - 3 т. – 39 б. 68 Шапиғ пен Жаппар. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 49-50 бб. 69 Жібек пен Құмар. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 58-59 бб. 70 Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. – Алматы: Мектеп, 1981. – 239 б. 71 Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 176 б. 72 Қирабаев С. Асыл парыз. Өнер алды қызыл тіл. – Алматы: Жазушы, 1986. – 208 б. 73 Әуезов М. Совет ақындарының айтысы. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. ІІІ том. – 620 б. 74 Бес арыс. – Алматы: Жалын, 1992. – 544 б. 75 Қаһарлы сөз қамал бұзады. Құрастырған Сейдеханұлы К. - Алматы: Ғылым, 1995. – 271 б. 76 Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті. – Алматы: Жазушы, 1968. – 268 б. 77 Ысқақұлы Д. Сын өнері. – Алматы: Қазақпарат, 2001. – 303 б.

78 Қалқа мен Қуат. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. ІІІ том. – 248, 249 б. 79 Ақындар үні. Батыс Қазақстан ақындарының облыстық 1-ші айтысы. – Орал: Гостипография. - 1958. - № 8 – 9-10 б. 80 Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977. – 300 б. 81 Введение в теорию журналистики. – М.: Высшая школа, 1980. - 287 с. 82 Ақын-жыраулар. – Алматы: Ғылым, 1979. – 184 б. 83 Сәт пен Нұрқан. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 266 б. 84 Қиса мен Дүйсенғали. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т.– 444 б. 85 Горохов В.М. Основы журналистского мастерства. – М.: Высшая школа, 1989.- 117 с. 86 Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. Әдеби сын зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1970. – 351 б. 87 Болман мен Нұртаза. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 216 б. 88 Рамазан мен Сарбас. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 534 б. Қалқа мен Қуат. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 238 б. Рахмет пен Әбділда. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. – 3 т. – 385 б. 91 Жармұқамедов М. Айтыс өнері. – Алматы: Қазақстан, 1979. – 59 б. 92 Қазақтың қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1979. – 313 б. 93 Қирабаев С. Әдебитіміздің ақтаңдақ беттері. – Алматы: Білім, 1995. - 287 б. 94 Көкенов М. Сыр әуендері. – Алматы: Жазушы, 1991. – 176 б. 95 Манап Көкенов - Әзімхан Қосбасаров. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 102 б. 96 Айталы А. Ұлттану. Оқу құралы. – Алматы: Арыс, 2003. – 226 б. 97 Олкотт М.Б. Казахи. - Стэнфорд. - Калифорния: Изд. инст. Гувера, 1989. - 38 с. 98 Қалихан Алтынбаев – Сағымғали Мұқанов. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 122 б. 99 Көшеней Рүстембеков – Батима Батырбекова. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 166 б. 100 Байзақов И. Құралай сұлу. – Алматы: Жазушы, 1971. – 383 б. 101 Құлжабай Төлеуов – Бақытжамал Оспанова. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 116 б. 102 Қалдыбек Әліқұлов – Асылқұл Бүрбаев. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 134 б. 103 Мұса Асайынов – Бикен Сембаева. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 149 б. 104 Қимадиден Нұғманов – Сара Тоқтарбаева. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 131 б. 105 Жүнісбек Жолдинов – Молдабай Жолдыбаев. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 169 б. 106 Аймауытұлы Ж. Псиқолоғия. – Алматы: Рауан, 1995. – 312 б. 107 Қазақстанның қазіргі заман тарихы. – Алматы: Атамұра, 2005. – 384 б. 108 Мәңгі көктем. – Алматы: Жалын, 1988. – 328 б.

109 Ерманов Ж. Ақындар шығады айтысқа. // Қызыл ту. - Павлодар. - 1987. - 26 август. 110 Ділдебаев Ш. Кенші сыры. – Алматы: Жазушы, 1993. – 112 б. 111 Бердібаев Р. Кәусар бұлақ. – Алматы: Жазушы, 1989. - 360 б. 112 Асқаров Е. Астана жұртына айналсам. – Астана: Елорда. 1999.– 242 б. 113 Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. – Алматы: Мектеп, 1983. – 246 б. 114 Амандосов Т. Публицистика дәуір үні. Қазіргі қазақ публицистикасы және оның жанр ерекшеліктері. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 120 б. 115 Қалыбекова Ә. Қызылқұм қызғалдағы. Өлеңдер мен айтыстар. – Алматы: Жазушы. 1989. – 60 б. 116 Мұстафин Ғ. Ой әуендері. – Алматы: Жазушы, 1978. – 296 б. 117 Көкейкесті. Әдебиеттану. Қазіргі айтыс: дәстүрі келешегі. – Астана: Күлтегін, 2003. 3-кітап. – 264 б. 118 Әлімжанов Б. Алаш пен Манас. – Новосибирск: Изд.ТД ГРАУНД. 2004. - 398 б. 119 Әлтай А. Ақжол. – Алматы: Қаз. Парлам. Баспа, 1997. – 135 б. 120 Ежелгі шығыс философиясы. Әлемдік философиялық мұра. 20-томдық. – Алматы: Жазушы. 2005. – 1 т. – 560 б. 121 Құсанбаев С. Байғыз. - Павлодар: ЭКО, 2001. - 224 б. 122 Ерман Ж. Екі тізгін бір шылбыр. – Алматы: Атамұра, 2008. – 320 б. 123 Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 1-кітап. – 312 б. 124 Ерман Ж. Мемлекеттік мәселені стенографистка шешетін болғаны ма, сонда?..» //Жас Алаш. - 2005. - 17 наурыз. 125 Нарымбетов Ә. Уақыт шындығы - көркемдік кепілі. – Алматы: Жазушы, 1989. – 184 б. 126 Қазақ журналистикасы. – Алматы: Таймас, 2008. – 3 т. – 352 б. 127 Құсанбаев С. Өсіреміз деп жүріп өшіріп алмасақ жарар еді // Жас Алаш.- 2008. - 12 желтоқсан. 128 Әлімжанов Б. Алаш пен Манас. – Новосибирск: Изд. ТД. ГРАУНД. 2004. - 398 б. 129 Оразалиева Г., Тұржанова О. Жалаулы жырым жарқылдап // Орталық Қазақстан. - 1988. - 11 июнь. 130 Жолдасбеков М. Сөзінің арасына қыл сыймасын. Көкейкесті. Әдебиеттану. Қазіргі айтыс: дәстүрі келешегі. – Астана: Күлтегін, 2003. 3-кітап. – 264 б. 131 Барманқұлов М. Телевизия: Бизнес. Әлде билік? – Алматы: ҚазҰМУ, 2007. – 216 б. 132 Айтыс өнерінің деңгейі қандай немесе қазаққа айтыс керек пе? – www.Ayqap.ks. Қоғамдық саяси апталық. - 2006. 30 маусым. № 12 (39) 133 Медеу Б. Айтыс жауынгерлік сипатынан айырылды. //Ана тілі. - 2008. - 10 қаңтар. 134 Әбдірұлы Е. Дайындалып шығу – Сүйінбай мен Жамбылдың кезінен бар үрдіс // Жас қазақ. - 2006. - 24 қараша. 135 Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. – Алматы: Мұраттас, 2001. – 293 б.

136 Әбдуов М. Қазақтың діни эпосы. – Қарағанды: ҚарМУ, 2006. – 254 б. 137 Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 2-кітап. – 312 б. 138 Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2006. 3-кітап. – 320 б. 139 Дәуренбеков Ж. Сөз киесі. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 304 б. 140 Мұханғалиев Е. Ұлттық ерекшелік – мемлекеттің ерекшелігі. // Жалын. - 2008. – 3 б. № 11. 141 Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері. – Алматы: ҚазУниверситеті, 1992. – 216 б. 142 Қазақстан тарихы. – Алматы: Мектеп, 2007. – 304 б. 143 Қазақ әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 2005. – 368 б. 144 Әбдірұлы Е. Айтыс: даңқ пен дақпырт // Жас қазақ. - 2007. - 2 наурыз. 145 Қалиев С. Көзайым. Өлеңдер мен айтыстар. – Алматы. 2007. -150 б. 146 Әбдезұлы Қ. Ұлбике ақын және қазіргі айтыс өнері // Әдебиет айдыны. - 2008. - 14 ақпан. 147 Қойлыбаев Ш. Қазіргі айтыстың идеялық - көркемдік ерекшеліктері: филол ғыл№ канд. дисс. автореф. – Астана: ЕҰУ, 2009. – 12 б. 148 Қойлыбаев Ш. Айтыс – ұлттық идеяны ұлықтаушы өнер. // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2007. – 88 б. № 4. 149 Жолдасбеков М. Алғы сөз. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 1кітап. – 312 б. 150 Ертісбаев Е. Ана тілім туралы. Айтыстан кейінгі толғаныс // Орталық қазақстан. - 2007. - 4 тамыз. 151 Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар. Әдебиеттану, сын әлемі. – Алматы: Қазығұрт, 2003. - 4 кітап. – 336 б. 152 Мұқанов С. Айтыстар туралы. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т.– 556 б. 153 Абай. Қалың елім қазағым. – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 б. 154 Оралбаев Ө, Омаров Б. Ажары бір ашылды ана тілдің. // Лениншіл жас, 1989. 13 апрель. № 74 (12111) 155 Болғанбаев Ә. Тіл және шеберлік. Өнер алды қызыл тіл. – Алматы: Жазушы, 1986. – 208 б. 156 Тоқсанбай Қ. Арман не, өз тіліңде сөз қалдырсаң // Егемен Қазақстан, 2007. - 10 қыркүйек. 157 Жұмағалиев Қ. Атасын ақиқаттың айтыс айтқан // Егемен Қазақстан, 2009. - 23 қаңтар. 158 Бұлұтай М. Дін және ұлт. – Алматы: Арыс, 2006. – 584 б. 159 Базарбаев М. Саяси - әлеуметтік өлең-жырлар. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. – Семей-Новосибирск: Талер-Пресс, 2006. – 398 б. 160 Абсаматов М. Сабырлы – сыннан сүрінбейді // Ислам өркениеті. - 2009. - 21-30 қараша. 161 Өмірбаева Т. Ақындар айтысының ұлттық сипаты // Ұлағат. - 2007. - 103 б. № 6. 162 Имашев Б. Айтыстағы сатира мен юмор: филол.ғыл.канд. дис. автореф. - Астана, 2006. – 4 б.

163 Асылбекова Ж. Қазіргі айтыстың тілдік ерекшеліктері. Көкейкесті. Әдебиеттану. – Астана: Күлтегін, 2003. - 3-кітап. - 264 б. 164 Айтбаева А. Қазіргі заманғы айтысқа мәдени философиялық талдау // Қайнар Университетінің хабаршысы. - 2007. – 12 б. № 4-2 165 Аймұхамбетова Ж. Қазіргі айтыстың көркемдік ерекшеліктері. Көкейкесті. Әдебиеттану. – Астана: Күлтегін, 2003. 3-кітап. – 264 б. 166 Қыз болық пен Әзілкеш. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1965. – 1 т. – 312-314 бб. 167 Төлеген мен Серік. Айтыс. – Алматы: Жазушы, 1966. - 3 . – 471 б. 168 Елеукенов Ш. Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде. - Алматы: Алатау, 2006. – 352 б. 169 Оразалы Досбосынов пен Айбек Қалиевтің айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 2-кітап. – 270, 271 б. 170 Қазтуған жырау (ХУ ғ). Бес ғасыр жырлайды. - Алматы: Жазушы, 1989. – 1 т. – 384 б. 171 Доспамбет жырау (ХУІ ғ). Бес ғасыр жырлайды. - Алматы: Жазушы, 1989. – 1 т. – 384 б. 172 Ақтамберді жырау (1675-1768). Бес ғасыр жырлайды. - Алматы: Жазушы, 1989. – 1 т. – 384 б. 173 Қозыбаев М, Нұрпейіс К, Жүкешев Қ. Қазақстан тарихы. - Алматы: Мектеп, 2009. – 240 б. 174 Б.Әлімжанов пен Ә.Қалыбекова айтысы. Алаш пен Манас. - Новосибирск: изд. ТД. ГРАУНД. 2004. – 398 б. 175 Базарбаев М. Көрікті ойдан – көркем сөз. (Зерттеулер мен мақалалар). - Алматы: Рауан, 1994. – 368 б. 176 Дербісалин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. (Ғылыми еңбектерінің жинағы). - Алматы: Ғылым, 1990. – 296 б. 177 Мэлс Қосымбаев пен Айбек Қалиевтің айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2006. 3-кітап. – 196 б. 178 Арын Мұхтар. Бес анық. - Алматы: Арыс, 1996. – 120 б. 179 Болғамбаев Ә. Тіл және шеберлік. Өнер алды қызыл тіл. - Алматы: Жазушы, 1986. – 208 б. 180 Асанов Қ.Д. Журналист және сөз мәдениеті. Жоғары оқу орындары жүйесінде журналист даярлау мәселелері. (Ғылыми мақалалар жинағы). - Қарағанды: ҚарМУ, 2004. – 142 б. 181 Бөпежанова Ә. Өнер жеке тәжірибе. (Сыни - мәдениеттанушылық кітап). - Алматы: Жібек жолы, 2007. – 1 т. – 295 б. 182 Омашев Н. Ұзынқұлақтан қазақ радиосына дейін. - Алматы: Санат, 2007. – 320 б. 183 Айтбайұлы Ө. Ана тіл, Ана сүтім, Арым менің. - Алматы: Арыс, 2007. – 304 б. 184 Дәулеткерей Кәпұлы мен Мұхамаеджан Тазабеков айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. - 2-кітап. – 15 б. 185 Айтмұхамбет Исақов пен Қайыртай Ақылбековтың айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. - 2-кітап. – 48 б.

186 Аманжол Әлтаев пен Ермек Жұматаевтің айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2006. - 3-кітап. – 51 б. 187 Дәулеткерей Кәпұлы мен Оразалы Досбосыновтың айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 2-кітап. – 75 б. 188 Мэлс Қосымбаев пен Оразалы Досбосыновтың айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. - 2-кітап. – 104 б. 189 Ерман Ж. Жеңіс Жандарбекте //Алаш айнасы. - 2009. - 3 сәуір. 190 Бұлғақов Ж. Алаштың айнасына өкпелеме! //Алаш айнасы. - 2009. – 1 сәуір. 191 Құнанбаев А. Шығармаларының 2 томдық толық жинағы. Алматы: Ғылым, 1977. – 1 т. - 454 б. 192 Омарұлы Б. Айтыстағы зар заман шындығы. Көкейкесті. Әдебиеттану, Астана: Күлтегін, 2003. - 3 кітап. - 264 б. 193 Ивин А.А. Дұрыс ойлау өнер. - Алматы: Рауан, 1991. – 240 б. 194 Мансұров Н. Демократия дегенді себеп қылдық... // Алаш айнасы. № 52 (52) 11.04.2009. - 8 б. 195 Нұрғали Р. Айтыстың драмалық сипаты. Көкейкесті. Әдебиеттану. Астана: Күлтегін 2003. - 3 кітап. - 264 б. 196 Серғалиев М. Айтыс тілінің синтаксисі. Көкейкесті. Әдебиеттану. Астана: Күлтегін 2003. - 3 кітап. - 264 б. 197 Рақымов Б. Айтыстың жанрлық жүйесі. Көкейкесті. Әдебиеттану. Астана: Күлтегін 2003. - 3 кітап. - 264 б. 198 Ісләмжанұлы К. Рухани уыз. Алматы: Ана тілі, 1995. – 144 б. 199 Құмарұлы Ш. Қытай қазақтарының ақындар айтысындағы ерекшелігі. Көкейкесті. Әдебиеттану. - Астана: Күлтегін 2003. - 3 кітап. - 264 б. 200 Смелкова З.С., Ассуирова Л.В., Савова М.Р., Сальникова О.А. Риторические основы журналистики. – М.: Изд. Флинта, изд. Наука, 2002. - 320 стр. 201 Жақыпов Ж. Айтыстағы диалог. (Әдіснамалық пайымдаулар). Көкейкесті. Әдебиеттану. - Астана: Күлтегін 2003. - 3 кітап. - 264 б. 202 Хайдаров Ә. Шығарма тілі – көркем әдебиет өзегі. Өнер алды қызыл тіл. Алматы: Жаушы, 1986. – 208 б. 203 Момынова Б. Газет лексикасы: жүйесі мен құрылымы. Алматы: Арыс, 2003. – 228 б. 204 Қазақ журналистикасы. - Алматы: Таймас, 2008. ІІ том. – 352 б. 205 Балақаев М. Әдеби тіл және көркем әдебиет. Жазушы және сөз мәдениеті. - Алматы: Ғылым, 1983. – 152 б. 206 Қамиев Д. Түзеп ал төрелердің қисық тілін // Алаш айнасы. - 2009. – 22 сәуір. № 59 (59) 207 Шырынбек Қойлыбаев пен Карима Оралованың айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 2-кітап. – 175 б. 208 Мұхтар Қуандықов пен Сара Тоқтамысованың айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. - 2-кітап. – 247 б. 209 Елмірбек Иманәлиев пен Айнұр Тұрсынбаеваның айтысы. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. - 2-кітап. – 195 б.

210 Әбішев Ә. Туған тілдің тағдырын ойласақ. Өнер алды – қызыл тіл. - Алматы: Жазушы, 1986. – 208 б. 211 Сариева Ұ. Айтыс кері кетті ме? // Орал өңірі. - 2008. - 31 шілде 212 Қонысбай Қ. Айтыс – қазақ ақпарат құралының атасы. //Заң. 2008. – 29 шілде 213 Әміреев Ж. Айтыс қайда барасың? // Жетісу. - 2008. - 21 маусым. 214 Аяшұлы Д. Айтыс өтті, қайтып өтті? // Сыр бойы. – 2007. – 19 қазан. 215 Ғабдуллин С. Талант тартыста танылады // Коммунизм туы. - 1987. – 20 ақпан. 216 Жолдасбеков М. Қазаққа Алланың берген сыйы еді // Егемен Қазақстан - 2008. – 12 желтоқсан. 217 Асан Қ. Айтыс ардың байрағы //Орталық Қазақстан. - 1992. – 25 қараша 218 Қажыкен С. Қазіргі айтыс. Деңгейі қай тұс //Ана тілі. - 2007. - 29 қараша. 219 Жұмағалиев Қ. Атасын ақиқаттың айтыс айтқан // Егемен Қазақстан. - 2009. – 23 қаңтар 220 Әбдірұлы Е. Айтыс: Даңқ пен дақпырт // Жас қазақ, - 2007. - 2 наурыз. № 8 (112) 221 Әлімжан Е. Ақындық бұлағы – ауыл // Егемен Қазақстан. - 2009. – 23 қаңтар. 222 Әлтай А. Сырлы сөзді саудаға салмайық // Егемен Қазақстан - 2009. – 23 қаңтар.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙