Т. Ізтілеуовтың әдеби мұрасы
Ұлжан Жанбершиева
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Т. Ізтілеуовтың әдеби мұрасы. Ұлжан Жанбершиева
І тарау
ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ТАЛҒАМ
Т.Ізтілеуов поэзиясын тақырыптық, идеялық жағынан қарайтын болсақ, ақын өзі жасаған дәуірінің шындығын қамтып, замананың талабына жауап бере білген. Ол халықтың тұрмысын, қоғамдық қайшылықтарын, әлеуметтік тіршілігін барынша мол қозғайды. Бұның өзі оның поэзиясының қоғамдық эстетикалық мәнін жақсы түсінгендігін көрсетеді. Оның өлеңдері алуан тақырыпты, сан салалы, маңызды да мәнді. Халқының мұңын, талап-тілегін кең қамтитын көркем туындылар болып келеді. Тұрмағамбет өлеңдерінің үлкен арнасы – лирикалық-дидактикалық өлеңдер. Оның өлеңдері классикалық дәстүрдегі лирикалық және дидактикалық поэзияның тұтасуымен ерекшеленеді. Дидактикалық поэзияның қазақ әдебиетіне келуін өте әріден бастау керек. Әлем әдебиетінде бар бұл үрдіс мыңдаған жылдардан бері ұрпақтардың азаматтық тұлғасын, үлгілі болмысын насихаттауға арналған. Қоғам дамуының әрбір кезеңінде әртүрлі сипатқа ие болып отырған. Т.Ізтілеуов өмір сүрген заман ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы қазақ даласында толып жатқан тарихи өзгерістер кезеңі еді. Патшалық Ресейдің отаршылық саясаты, ХХ ғасырдың халық санасының оянуы халқымыздың ежелден келе жатқан төл мәдениеті бай әдебиеті мен өнері өрлеу дәуіріне ұласты. Ислам мәдениетінің кеңінен тарауы Шығыс жұлдыздарының баға жетпес мұралары халықтың да рухани өмірін байыта түсті. Ислам діні қағидалары негізінде адам тәрбиесіне айырықша көңіл бөлінді. Кешегі Кеңестік дәуірдегі солақай идеологиялық саясаттың әсері де халықтың саяси-әлеуметтік және рухани өміріне әсер етті. Ел ішіндегі түрлі жағымсыз әрекеттерден аулақ болу, оған қарсы үгіттік, насихаттық жырлар жазу ақындарға жүктелген сияқты. «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» дидактикалық поэзияға мынандай анықтама берген: «Дидактикалық поэзия (dіdaktіkos – үлгілі, өнегелі, тағлымды деген сөз) үгіт-насихаттық, өсиет сарын сипатында түзілген, поэзиялық жанрда жазылған шығарма». [19. 80 б.] Қоғам өміріндегі болып жатқан түрлі келеңсіз жағдайларды жою үшін үгіт, насихат, ғибрат сөздер арқылы халқымыздың санасын оятып, ағартушылық бағыт, бағдар берген ақындардың бірі де бірегейі Т.Ізтілеуов еді. Сондықтан ақынның азаматтық лирика сарындағы өлеңдері тақырыбы жағынан бір-бірімен сабақтас мәселелерді қамтиды. Ақын қазақ өміріндегі әлеуметтік өзгерістер мен қоғамдық қайшылықтарды суреттеуге, еліне адамгершіл тәлім беруге өз үлесін қосты. Зұлымдық пен озбырлыққа қарсы әділеттік идеясын қоя білді. Оның шығармалары бастан-аяқ халқын асыл армандарға жетелеп, адал еңбекпен күнелтуге, жақсылық жолына нұсқайды. Туған елінің ақындық дәстүрін дамыта отырып, оны жазба әдебиетке етене жалғастырады. Тұрмағамбет шығармаларын оқып отырғанда қазақтың өзіне ғана тән мінез-құлқы, салт-санасы, дүниетаным түсініктері, наным-сенімдері, атадан балаға ауысып жатқан дәстүрлері, кәсіптері көз алдыңнан өтеді де жатады. Кейбір адамдардың өнімді кәсіппен шұғылданбай, жұмыссыз бос жүріп, қымбат уақытты бос өткізетіндігін сынайды. Дүниемен ісі жоқ, еріншек, жалқау жандардың жеңіл табысын, сұраншақтық, сұғанақтық келбетін келеке етеді. Олардан жастар қауымын сақтандырады. Сондай-ақ үстем тап өкілдерінің халықты әділ жолға бастаудың орнына әрқайсысы өзінің жеке мақсатын көздеп, әртүрлі жағымсыз істермен айналысып жүретіндерін әшкерелейді. Бұл ретте бай, би, болыс, дін иелеріне тән кейбір қоғамға қарсы әрекеттердің де бетін ашады. Сондықтан ақын заманындағы келелі мәселелерді таңдай да, талғай да жырлай білген. Ақын өз шығармаларында қандай мәселелерді көтермесін әр тұста адамгершілік идеяны басым ұстайды. Әрқашан әділет жолын нұсқап, жымысқы жат қылықтарға соққы береді. Халық арасында жайылған өзімшілдік, тәкәппарлық, бұзықтықты әшкерелеп, бұл қылықтардың елдің берекесін кетіріп, қасірет-қайғысын молайтып жатқанына күйінеді. Адамгершілік түйіндер түйіп, ақыл-нақылдар жазады. Ел бірлігі, адамдар достығы – берекелі халықтарға тән ең жақсы қасиеттер деп патриоттық ойларын уағыздайды. Ел-жұртының жаппай өнерлі, білімді, азат болуын көксейді. Білімді, мәдениетті, әділ басшы билеген берекелі мемлекетті аңсайды. Өзінің атамекенін, кең байтақ өлкесін қоныстап, оған толық ие боп дәулетін зорайтса, жоқ-жітік, кемтарлық та жойылар еді деп, өзінің озық ойларын жыр кестесіне сыйғыза біледі. Халық батырларының ерлігін, ел тірлігіне ұштастыра суреттейді. Осыдан болса керек, ақынның шығармаларында эпостық, батырлық жырлар үлгісі қалыптасып, бірнеше дастандар да жазады. Біздіңше, Тұрмағамбеттің Рүстем ерлігін жырлаған Фирдоусиге көңіл бөлуі және оның тамаша образын қазақ жастарына үлгі етуі жайдан-жай емес. Бұл-дағы ақынның үлкен бір өзіндік түйін-толғамының жемісі. Талантты ақын әрқашан заманы талабынан шығып, ел өмірінің, қоғамның диалектикасын пәлсапалық, ойшылдықпен бейнелейді. А.Чехов: «Талант дегеніміз – тынымсыз қажырлы еңбек» - десе, ал Максим Горький: «Ақиқат адамның еңбегімен жасалады. Адамның ілгерілеу талабы неғұрлым биік болса, солғұрлым оның қабілеті, таланты тез, өмірлі болып дамиды», – деген екен. Тұрмағамбеттің шығармалары да қажырлы, табанды, саналы еңбегінің жемісі екендігін танытты. Оның ақындық талғамын айтқанда, ең алдымен, өнер-білім еңбек, адамгершілік идеяларының мәнін құлшына жыр етуін атаған жөн. Өлең, яғни, поэзия өмірдің, өнердің әрі мен нәрі тектес. Сондықтан да академик З.Ахметов: «Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні. Өлең – өмір, өмір – өлең...» деп орынды бағалаған [20. 17 б.]. Олай болса Тұрмағамбет шығармаларының негізгі тақырыптары сол өмір, өлеңді өміріне өзек еткен. Ақын поэзиясының тақырыбы ‒ алуан түрлі. Оларды шартты түрде адамгершілік, еңбек, туған жер, өнер, ғылым, білім, жаңа заман бейнесі, табиғат деп бөлуге болады. Тұрмағамбеттің адамгершілікті уағыздайтын шығармаларының көпшілігі ‒ балаларға, жасөспірімдерге арналған өлеңдер. Адамдар арасындағы қарым-қатынас нормаларын насихаттауға арналған оның өлеңдерін жастар тамсана тыңдайды, өмірді өлеңмен өрнектеген ақынның шығармаларында ағартушылық дүниетанымы айқын көрініс береді. Оның жастарға арналған кейбір өлеңдері адамгершілік рухында тәрбиелеу мәселесіне, жеке адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне арналады. Адамгершілік асыл қасиетке ие болып, туған елдің қызметшісі болу міндеті білім, ғылымға ұмтылу, ұрпақ тәрбиесі арқылы өркениетке жетуді ұсынады. «Қайрама халқыңа тісіңді», «Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл», «Қамын ойла халқыңның», «Ой», «Ұядан ұшқанда», «Адам» секілді өлеңдерінде жігіттің бағасы азамат боп ат жалын ұстап мінгенде өзі үшін емес, халқы үшін адал қызмет етумен өлшенетінін ескертіп, елін азат ету, оның мерейін көтеру азамат ердің бірден бір міндеті деп біледі. Әсіресе, 1905-1907 жылдар қарсаңында жазған өлеңдерінде ұлттық-азаттық үшін күрес идеясы басым. Өзінің жеке басын қамдап, қарнын қампитқанына мәз тоғышарларды күлкі етеді.
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады,
Шабақтай шалпылдаған қайрандағы.
Адамдық ісіңе жұрт аңсап тұрсын,
Не керек, қарныңның құр майланғаны.
Көңіліне: «Мен де адаммын!» - деп жүрген көп,
Кілегей майға ұқсаған айрандағы –
Ер болсаң, елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайлан – дағы [21. 27б.]
Ел басқару, халыққа қызмет етуде де адал, иманды, үлгілі болуға мән береді. Ақынның біршама өлеңінде көтерілетін көкейтесті мәселесі – азаматтың қайырымдылығы мен мейірбандылығы, елі-жұрты үшін аянбай еңбек қыла білуі. Елге пана, жұртқа дана адамдарды шын жүрегімен бар пейіл, ынтасымен жырлап бағады, ұрпақ тәрбиесі арқылы ұлтын тәрбиелеуді сөз өрнегімен айшықтайды. Адамгершіліктің биік нысанасы – шын достық, ауыз бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық, тілектестік, ағайыншылық демек. Аталған идея ‒ Тұрмағамбеттің биік адамгершілік болмысымен гуманистік көзқарастарымен, суреткерлік шеберлігімен, дүниетанымының кеңдігімен айқындығымен көрінеді, ақынның мәңгілік тағлымы, ұрпақтарға өнеге болып жырланады.
«Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл» деген өлеңінде ақын былай дейді:
Бақ қонып, бастарыңа бітсе дәулет,
Көзің сал, көкірегі шерленгенге!
Қолайлы өз халқыңа қызмет қыл,
Белгілі бедеу сыры ерлегенге...
Адам бақыты дәулетпен шектелмейді, халқыңа қол ұшын беріп, қызмет ету - жігіттің асыл қасиеттерінің бірі. Сондықтан басыңа бақ қонса, халқыңнан көмегіңді аяма, қарайлас демек. Адамгершіліктің үлгісі ‒ халыққа қызмет ету деп игі дәстүрлерді құрметтеп, насихаттайды. Адам бойында көп кездесетін кемшіліктер: алауыздық және менмендік, жеке бастың қамын ғана жеп, дүниеқоңыздыққа берілушілік, менмендік, тоғышарлық ерге емес, езге тән қылықтар екендігіне көз жеткізе толғайды. Тұрекеңде даңғойлардың бет пердесін ашып, оны ащы мазаққа айналдыра білетін қасиет қалыптасқан. Дүниеқорлар мен пейілсіздердің адам қоғамы үшін індет екенін жырлайды. Әділетсіздік пен арамдықтың бәрі солардан шығады, елді бүлдіретіндер де солар екеніне көз жеткізеді. «Қайрама халқыңа тісіңді» деген өлеңінде ақын қазақты осындай «арам ниеттілерден» сақтандырады.
Қамын ойлап қарныңның,
Қайрама халыққа тісіңді!
Ел ізіңе ермейді,
Тазартып алмай ішіңді.
Қойдырып алып қор болма,
«Арам» деген есімді!
Осы кескінсіз қылықтардан ақын оқырмандарын аулақ ұстап, кісілікке шақырады. Кейбір дүние, мал үшін өз ағайындарын жұтып жіберуге даяр қара ниеттерді өле жек көреді. Дүниенің өткіншілігін, дәулеттің тұрақсыздығын ескеріп, санаға жетер ақыл түйеді. Адамгершіліктің ең жоғары сапасы – өнер, өнер–білімді игеру, байлық, өмір өзгереді, өмірмен бірге біз де өзгереміз, жетілеміз, ілгерілейміз, өсеміз, жақсарамыз, тазарамыз деп болашаққа жол сілтеп, пәлсапалық ой түйеді. Жеке басының тәрбиесі адам болашағын белгілейтінін, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», деген халықтық қағидамен байланыстырады. Басқа да демократ ақындар сияқты Тұрмағамбет те ұлтын тәрбиелеп, басқа өнегелі елдер қатарына көтеру, өнер-білімі жоғары, парасатты ұрпақ өсіруді армандайды. Осылайша қазақ халқының іргелі ел боп, өнерін өркендете беруіне септігін тигізуді борыш санайды. Халықтың, елдің даңқы тек оның өнерлілігімен шығатынын тани да, таныта да білген көреген ақын ғылым мен білімнің орнын анықтайды. Адамдар бірін-бірі күндемей, барды ортақтаса пайдалануды уағыздайды, бірін-бірі ағайын тұтып, тату-тәтті өмір кешуді көксейді. Барлық шығармаларында ақын шығыс поэзиясындағы қалыптасқан дағдының ізімен халықты тәрбиелеудің ең жетімді құралы поэзия деп біледі. Ақынның адамгершіліктің ең биік сатысына жетуді білім алу деп, білім арқылы рухани сұлулыққа ие болу мүмкіндігі туралы пәлсапалық ойлары шығыс ойшылдарының гуманизмімен үндеседі. Адам атаулыны ардақ тұту гуманизмнің ең жоғары талабы екенін түсінеді. Оған жетудің бірден-бір жолы – өнер-білімді, ғылымды игеру, рухани баю, жан-жақты жетілген азамат деген атаққа ие болу бүгінгі ұрпаққа адамгершіліктің түпкі мақсаттарын таныту – ұлағатты ұстаз ақынның өмірлік кредосы оның бар шығармасының идеялық арқауы да осы. Ақынның барлық шығармаларында айтпағы да адамгершілік ағарту жолымен елін жетілдіру, ол үшін білімді, тиянақты меңгеру, аянбай-талмай еңбектеніп, жер жүзілік білімді игеру. Қазақ арасындағы әділетсіздік пен озбырлыққа, алауыздыққа, жігерсіздікке кінәлі қарапайым қара халық емес, оған тікелей жауапты - оның көзі ашық, зиялы тобы, солардың жігерсіздігі. Ал қараңғылық бұғауы озбырлар мен зұлымдардың өзімшіл, өркөкіректердің қолында қалмай, адал, зиялы азаматтың билігіне берілсе олай болмасы хақ. Сондықтан, Тұрмағамбет өлеңдерінің барлық нақыл-өсиетінің түпкі ниеті халыққа адал қызмет ету деген түйінге тіреледі. Жастарды өнер-білімге, ізденуге, ел алдында адал, ақ ниеттілікпен еңбек етуге сияқты ізгі ниеттерге бар талантын арнайды. Тұрмағамбет адам деген ардақты атқа ие болу үшін адамға ең керек нәрсе білімділік, ақылдылық, өнерпаздық, ыждағаттылық, ел-жұртына берілгендік деп біледі. Мысалы, оның «Шәкірттерге» (1905 ж.), «Балаларым» (1906 ж.), «Ұстаз ұсынысы» (1900 ж.) т.б. өлеңдері – түгелдей дерлік адамгершілік ойларға толы шығармалар. Тұрмағамбеттің ойынша адам, өнер білімге, өзінің жас кезінде жетілмек, тәрбие мен білім, өнер адам бойына бірден емес, бірте-бірте сіңбекші. Баланың ақылының өсу, жетілу кезеңдеріне сай тәлім беру абзал дей келе, адам үшін ұрпақ тәрбиесінен асқан байлық жоқ, осы құндылықты балаға жас кезінен сіңіру керек деген өсиеттік ойлар айтады. «Балаларым» деген өлеңдегі ақын ұсынар ойлардың төркіні де осындай.
Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста,
Төрден жай аласыңдар, тұрмай тыста.
Төр түгіл, төменнен де тимейді орын,
Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы-қыста.
Өнерді осы кезден үйреніңдер,
Көңілді жарыстырмай ұшқан құсқа.
Жалқаулық қалайда да бола берер,
Жас жетіп, ұлғайғанда алған нұсқа, [21.2. 25 б.] - деген жолдардан ақынның өнер-білім туралы ойларының осы бір қырын аңғаруға болады. Бұл тұста Тұрмағамбет ақын ұлы Абайдың «Жалқаулық адамды аздырады» қағидасын қайталайды. Жетесіздікке бой бермей, жастық шақта өнерді игер, жалқаулық өнерден құр қалдырады, адамдық қасиетіңді төмендетіп жібереді, – дейді. Тағы бір басы ашық пікірі – жастарға керегі жай оқу емес, ол мақсатты мағыналы оқу болу керек. Әрбір оқыған адамның халқына қызмет ету – негізгі міндеті, өз білімін халқының қажетіне, өрелі мәдениетті ел ету жолына жұмсау – негізгі және ардақты мақсат екенін поэзия тілімен өрнектейді. 1905 жылы жазған Тұрмағамбеттің «Шәкірттеріме» өлеңінің мазмұны да айтылған мақсаттарын толғайтын туынды.
Жасыңнан оқу оқып, үлгі үйрен де,
Ел билеп, ұлғайған соң, тыныстаңдар!
Болайын жақсы жігіт дегендерің,
Ұстаздың осы айтқанын шын ұстаңдар!
Ғылым, білімді үйрену жас шағында басталса ғана тиянақты болады, жастардың қуатты жігерге толы жылдарын босқа өткізбей, саналы мақсатқа, абзал іске қажымай-талмай, үлкен сеніммен қадам басуы керек деген ойларын әр өлеңінде қайталап отырады. Адамның неғұрлым ақылы толысқан сайын, білімі де, дүниетанымы да кеңейе, зорая түсетіндігін ұстаз ақын өзінің шәкірттеріне кеңінен насихаттайды. Тұрмағамбеттің өнер-білім тақырыбындағы өлеңдерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, жастардың келешегі алдында екенін, сол келешек үшін жан аямай еңбектеніп, тапжылмай талап ету керек екенін ескертеді.
Ақыл – тон, аңдағанға тозбайтұғын,
Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің
Жаны жоқ, жер жүзінде озбайтұғын.
Өнер мен кең ғылымға, уақытың барда,
Себеп не, қол сыбанып созбайтұғын? – дейді.
Ақын ақылды тозбайтұғын тонға ғылымды кенге балаған да, бүкіл ұрпақтар иелігіндегі нағыз кемеңгерлікті меңзейтін сияқты. Адам өзінің ақылымен биік болуын меңзеп, ғылымда шек жоқ, ол оқыған сайын толысады, өсіп отырады, кеңейеді. Сондықтан, адам соны ескеріп, өміріне қажеттісін алуға ұмтылса, сонда ғана ғылым да, білім де, ақыл да толысып жетіледі деген қорытынды жасайды. Ал, ғылымның шексіздігін, оны сарқа игеру мүмкін емес, соған орай ол «Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын» - деп өте дұрыс түсінеді. Ғылымды әбден сарқа игеруге болмайтын себебі, оның күн сайын дамылсыз өсіп, өркендеп, өзгеріп отыратындығында деуі ғажап. Ақынның ұлттық рухты көтеру, азаматтық жігерді, намысты көтеру мақсатында Абай, Ыбырай, Міржақып, Сұлтанмахмұт т.б. ақындар сияқты ғылым, өнер-білімді игеруге шақырған өлеңдермен сарындас даналық ойлары да баршылық. Тұрмағамбетке тұстас өзге ақындар бұл сияқты озық пікірлер қорыта алған жоқ. Ғылым жолына бел буған жас талаптар үшін бұл - уақытылы айтылған өте керекті ескертпелер. Дүниетаным пәлсапа саласында қазақ ойшыл ақындары қорытындылаған материалистік түйін екенін ескермеске болмайды. Ақылмен ғылымды игерген адам үшін тапқан ғылым маңызы ерекше, ол тез өседі, жетіледі. Ақыл – ғылымның кілтін тез ашады, ал ғылымның кілтін қолға түсіріп, оның кереметін ашқан адам – дана, кемеңгер, тіпті данышпан. Тұрмағамбеттің ойынша тап сондай біртуар кемеңгер -В.И.Ленин. В.И.Ленинге арналған «Сөздері Лениннің шырын еді» (1922 ж.), «Ленин - күн» (1923 ж.), «Қараңдар, Лениннің тұрысына» (1925 ж.), «Лениннің нұр шашайық мұрасына» (1934 ж.) өлеңдері - бұл пікірлердің дұрыстығына толық куә бола алатын тамаша туындылар. Қазақ әдебиетінің тарихында Қазақстандағы қазан төңкерісінен келген өзгерістерді суреттеуге арналған шығармалармен қатар В.И.Ленинді жырлау бірінші кезекте болды. Әрине бұл тақырыптың жырлануы сол заманның талап-тілегінен туғандығы анық. Аталған өлеңдерде ақын Лениннің даналығын, бостандық таңын атқызушы кемеңгер көсем екенін паш етеді. В.И.Лениннің бейнесін көсемнің тірі кезінде жырлаушылардың бірі Т.Ізтілеуов еді.
1922 жылы жазылған «Сөздері Лениннің шырын еді» атты өлеңінде ол:
Оқу мен өлең жайлы айтқан сөзі
Көсемім Лениннің шырын еді! – десе, көсемнің тірі кезінде жазған «Ленин - күн» деген толғауында Ленин миллиондаған еңбекші елдің жарық күні, қуаты, нұры, тірегі бейнесінде суреттейді.
Жер-жаһанды гүл жайнатты, -
Ленин күнім, құштарым.
Көркейтіп көңілін сайратты,
Біздердей бұлбұл, құстарын! – деген сөзі сол тұстағы жалпы бұқара хылықтың атынан айтылғаны тарихтан белгілі. Толғаудың кіріспе шумағының өзінде-ақ бақыт нұрын жайнатқан, ақындарын бұлбұлдай сайратқан Ленин деп бағалайды. Бұл пікірлер Ресей пролетариатының көсемі туралы жазылған алғашқы туындыларының бірі бола тұра, өзінің маңызын, көркемдік құнын жоймаған сол тұстағы тарихи шындықтың көркем бейнесі. Білім қуған қазақ жастарының сол сарқылмас байлықты қайдан, қай елден алса дұрыс деген сұрақтарға жауап береді. Ол өзі тәрбие алған шығыстық тәлім-тәрбиені өте жоғары бағалайды. Соған ғана қанағат тұтпай, жастар Абай мен Ыбырай меңзеген батыс ғылымын меңгеруге тиіс деп, сол аға буын ағартушылар пікірін үгіттей түседі. Ұлы Абай мен Ыбырайдың педагогикалық пікірлеріндегі жастарды өнер-білімді игеруге шақырған идеялармен Тұрмағамбет пікірі де үндеседі, астаса жалғасып жатыр. Олардың өнер-білімді игеруге шақырған, жатпай-тұрмай ізденіп, оқу керек деген ойларымен ақын пікірі де әуендес, үндес. Жаңа дәуірдің талап-тілектеріне сәйкес үлкен әлеуметтік мәні бар пікір ұсынып, жастарға зор үміт артады.
Мысалы, «Ұлдарым» деген өлеңінде:
Білімді бола қалсаң қатарыңнан,
Білерсің жора-жолдас, жараныңды.
Орысша оқу үшін ат салысып,
Тек қана хатпен таныт хабарыңды, - деп қорытынды жасайды.
Ақын алдыңғы мәдениеті, озат өнері дамыған елдерді мысалға алып үлгі етеді. Олардың артықшылығын өз халқына түсіндірмек болады. Россиядағы озық өнер-білімнің орны мен мәні туралы берген бағалары да салмақты, Шығыс пен Батысты ұштастыра білуге шақырады. Бұрынғы схоластикалық оқу әдістерін сынап, заманы ұсынған ғылымның негізін үйрететін жаңаша оқуға шақырады. Тұрмағамбет тек Шығысты ғана біліп қойған өресіз ақын емес, ол батыс, орыс классикасын да білген өрісі кең тұлға, әсіресе, А.С.Пушкин мен М.О.Лермонтов мұраларын сүйсіне оқыған. Бұлар барлық адам баласының бәріне ортақ, әркімде оларды білуге тиіс екенін ақын жақсы түсінген. Қазір өмірдің, қоғамның керек етіп отырған озық ойларына жету үшін Европалық білім қажет екенін аңғартады. Сондықтан ол, шығыстық оқу айналасында қалып қоймай, батысқа қол созған ақынның бірі болып саналады. Тұрмағамбеттің өнер-білімді игеру арқылы рухани сұлулыққа ие болу мүмкіндігі туралы айтқан пәлсапалық ойлары шығыс ойшылдарының гуманизмімен ұштасады. Ақынның өнер-білім, ғылымды игеруге шақырған өлеңдерінде исламдық дүниетанымы мен көзқарастары анық көрінеді. Сауатты ақын өлеңдерінде ислам дінінде білім мен ғылымға ерекше мән берілгенін, Құран Кәрімнің сүрелерінде адам өмірінде білім мен ғылымның алатын орны діни тұрғыдан беріліп жатады.
Ақылмен аңдасаңдар ғылым, хикмет,
Секілді сауыт-сайман садақтарың.
Бақ қонып бастарыңа, орнап ықпал,
Әркімнен ауыр болар қадақтарың.
Көркейтіп кеуілдеріңді күңгірт тартқан,
Ойлатар Жаппар Хақтың жанаптарын.
Иншала іздеріңе ертесіңдер,
Халықтың небір маңғаз манаптарын.
Ғылымның кеуіліңе Алла гүлін ексе,
Байлардан болар толық танаптарың
Қысқасы, ғылым болып үгіт айтып,
Хақ діннің жаңартыңдар тараптарын, - [22. 74 б.] деп, ғибрат, үлгіге толы ой түйеді. Ақынның өнер туындылары ұлтты, болашақ ұрпақтарды тәрбиелейтін эстетикалық-гуманистік поэтикалық таныммен өрнектелген. Тұрмағамбет өлеңдерінде этика мәселесімен қатар эстетикалық тәрбиеге де айрықша мән беріліп отырады.
Мысалы, «Тәлім» деген тақпақ өлеңінде Тұрмағамбет:
«Аға» деген ініні, -
«Жаным» десе болады.
Ерін күткен қатынды, -
«Ханым» десе болады.
Қызғалдақтай ұл-қызды, -
«Сәнім» десе болады.
Көктемдегі төл даусын, -
«Әнім» десе болады.
Шөлдеп ішкен сусынды, -
«Балым» десе болады.
Ойлы туған ерлерді, -
«Ғалым» десе болады.
Осындай айтқан үгітті,
Ел біткенге таратып,
Мәлімдесе болады.
Мұны оқыған әрбір азамат талантты ақынның толғанысына сүйсінбей отыра алмайды. Өлеңнің эстетикалық кестесі де жақсы, жатық. Тілге үйріліп, көңілге қонып тұр. Аға мен іні арасындағы сыйластық сұлулығы, ері мен әйелі арасындағы жарасымдылық, өмір қызғалдағы жастықтың сәні, ғылыммен қаруланған асыл ой иесінің аяулы тұлғасын ақындық әсем тілмен өрнектеген. Өлеңде ақын болашақ жастар бойынан жақсы қасиетті көрсек дейді. Адамды жақсылыққа тартып, жаңаға тәрбиелеу үшін «Сен солай ет!» деп айта салмайды. Шешен адамның жүрекке жетерлік атымен төте соқпағын іздейді. Күндердің бірінде Тұрекеңнің үйіне жігіттер жиналып қалады. Бұлардың көбі айтыс өнеріне әуес біреуі әнші, біреуі ақын, біреуі күйші жігіттер екен. Бірі бастап келсе, екіншісі оны қостап кететін суырып салма ақындар болса керек.
- Тұреке, осы сұлулық дегенді түсіндірсеңіз екен? - депті бала жігіт.
- Әрбір ақын боламын деген жігіттерге сұлулық өте керек нәрсе.
Ақын боламын деген сөз сұлулықты, сымбаттылықты сүйемін деген сөз. Сөзің маржандай тізіліп тұрмаса, сұлу сөздің астында ой саларлық астары болмаса, жалаң ғана жылтылдаған құрғақ сөзбен ешкімнің ойын бөле алмайсын. Сондықтан ақын «сөз зергері» болған жөн, мысалы, «Қыз Жібек» қиссасында:
Шытырман көйлек етінде,
Нұр сәулесі бетінде.
Айырып қойған кекілді,
Перінің қызы секілді, - деп толғайтын жері бар. Сол сияқты:
Қара жорға мінгені,
Қара торқа кигені, -
дегені қандай үйлесімді. Егер қара жорға, қара торқа болмаса сөз жарыспас еді. Жігіттер сұлулық деген екі түрлі. Жан сұлулығы, болмаса тән сұлулығы бар. Жаның сұлу болмай, құр тәнің сұлу болса ол да жақсы емес. Сыртқы сымбатың сұлу болу – көз бояу. Ал, жаның сұлу деген сөз, бұл таптырмайтын нәрсе. Өйткені, білімді, ғалым, ақын адамды жұрт жаны сұлу адам екен деп мақтанады. Егер қолдан келсе жаны сұлуды армандаған жөн, - деген екен Тұрекең. Бұл үзінді А.Тоқмағамбетовтің «Көтерілген күмбез» атты романынан алынды. Бұдан туатын пікір қандай? Тұрмағамбет ақындық өнерде өзіне дейінгі сыр сүлейлерін үлгі етіп, ұстаз етті десек, өзінен кейінгі жас буындарға да үлгі-ұстаз бола білген. Ақындық өнердің қыры мен сырын ұғындырған. Ақын адам бойындағы жақсы қасиеттер оның жастарға беретін әсерін, үлгісін көрсетеді. Жастар жақсы болу үшін эстетикалық тәрбие алу керек, адамның сыртқы сұлулығы ішкі сұлулықпен сай болу керектігін де айтады. Оның жақсы өлеңдері өзінің нәрлі мазмұндылығына қоса түрімен де тартымды келеді. Жақсы мен жаман – философиялық категория. Адам баласы пайда болғаннан бастап келе жатқан бұл ұғым әдебиетте де өзіндік орнымен ерекшеленеді. Жыраулар поэзиясынан бастау алған жақсы мен жаман мәселесін ақындар үнемі жырлап отырған. Демек, жыраулар елдің рухани жетекшісі бола отырып, атадан балаға мирас болатын өсиеттік сөз қалдырған. Тұрмағамбеттің әдеби мұраларында да әрбір сөздің астарында, қоғамда құраушы адамдардың қандай болмағы аңғарылып тұрады. Тек оның бетін ашып, астына терең үңілу қажет.
Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
Жақсыға жаман көзін бақырайтар.
«Тудым» - деп, өзің туған мен де атадан
Едәуір аузын керіп, нақыл айтар. [22. 77б.]
-деп, өмірдегі ненің қадірлілігін анықтайтын құнды ойлар тізбегі беріледі. Руханилықтың тағы бір келбеті – адам өз бойындағы жақсы қасиеттерді паш етуге ұмтылысы десек, осы орайда ақын:
Жақсы өзін жан біткеннен кем көреді,
Айтқанын аға-інінің ем көреді.
Үлгі, үгіт ойлы ерлерден үйренуге,
Арланбай әр күнінде он келеді, - деп ой түйеді. [22. 81 б.]
Мораль философиясының өзекті проблемасы болып табылатын жақсы мен жаман қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде көтеріліп келген тақырыптың бірі десек, Т.Ізтілеуов «Жігіттің жарастығы жан барында», «Жаманға жақсы адам ақыл айтар», «Жақсы өзін жан біткеннен кем көреді», «Сабырлы салтанатқа болар ие», «Шырын тіл, шырайлы жүз болсаң балдай» т.б. өлеңдерінде ақылға ғана тән ой еркіндігі мен ешқандай өлшемге сыйымсыз сөз еркіндігінің үлгісін танытатын терең пайымдаулар жатыр. Жақсы мен жаман ақын поэзиясында адам танудың негізі болып табылады.
Мысалы, «Жақсы мен жаман» деген өлеңінде:
Халық үшін туған қас жомарт,
Мың барсаң да пір көрер.
Кеудесі –зор, көңілі – пәс,
Мың айтсаң да бір көрер.
Адамның ішкі сезім сұлулығын, мінез байлығын әсемдік ұғымының бірінші қатарына қояды. Адамның басқа тіршіліктегі нәрселердің де әсемдігін қатарластыра жырлау әдісі мен тірі дүние сұлулығының сыры туралы терең ой түйеді, поэзияға деген этетикалық принциптердің сипаттары байқалады. «Ұстаз ұсынысы» деп аталатын өлеңінде:
Шәкірттер, бір-біріңмен ұрыспаңдар,
Мінездің мінін алып, дұрыстаңдар!
Жолына жамандықтың жақын бармай,
Күтініп күн ілгері жылыстаңдар!
Күшіктей күжірейіп бір-біріңмен,
Ұстасып, от басында жұлыспаңдар! – десе,
«Мінез» деген өлеңінде:
«Қоям» - деп халықпен қарсы бір өзіңді,
Байқамай болып жүрме тірі езінді.
Әр қашан алам десең төрден орын,
Түзеп ал, татусыз қып, мінезіңді» - дейді.
Келтірілген үзінділерде адамның мінезді болуы, оның жан-жақты дамуына, қоғамдық ортаға және жеке бастың жетілуіне үлкен әсер етеді. Жеке адамның мінезінің түзелуін, жекенің жалпымен бірге дамуын көрсетеді. Жібектей есілген жұмсақ мінез, адамның сұлулығы жан сұлулығы екенін жастарға үлгі етеді, ненің қадірлілігін анықтайтын құнды ойлар тізбегі беріледі. Адам – табиғаттың перзенті. Сондықтан адам өсе келе еңбегімен, өнер-білімі арқылы сол табиғаттың иесіне айналады. Адам өмір сүрген қоғамның өзі қарама-қайшылықтың бірлігінен тұрады. Сондықтан адамдардың да жақсы мен жаман болып бөлінуі - заңдылық. Ол адам болмысын құрайды, оның ара жігін ашып беруі, терең пайымдаулар арқылы олардың қандай болмағы жөнінде ақын ұстанған жол - жақсылардан қалған сара жолдың бұзылмауын үлгі ету, исламият ұғымында жақсыны да, жаманды да жаратушы - Алла, бірақ оны жасайтындар адам делінеді. Қасиетті Құран Кәрімде бұл тұсында былай делінеді: «Жетімдердің малдарын беріңдер, жаманды жақсымен алмастырыңдар» (Ниса сүресі) [23, 11б.]. Келешектің тұтқасы ұл-қызда, яғни, ұрпақта екенін пайымдаған ақынның жақсыларға араша түсуі өз жемісін күні бүгінге дейін беріп келеді. Өлең өзегіне жақсы мен жаманды таңдауы елінің рухани жетілуіне бағытталған ой екені белгілі. Тұрмағамбеттің қандай өлеңін алып қарасақ та, гуманистік, адамгершілік, ағартушылық сарынды байқаймыз. Надандық, қараңғылық адам бойындағы түрлі қасиеттерді сөз етеді. Ол шығыс поэзиясының үлгілерін қазақ халқының ұлттық қабылдау дәрежесіне, ұғымына бейімдеп жаза білді. Шығыс үлгісіндегі әдебиеттерде көтеретін басты идея – адамгершілік, ізгілік, мейірімділік, достық сияқты адамның абзал қасиеттерін қастерлеу болса, Тұрмағамбет мұрасының шұрайлы да, шағын шумақтарында осы ойлар қысқа қайырылып, түйінді ой айтуға негізделген. «Атақ», «Насыбай», «Шылым», «Ұрпақ», «Тәржіма», «Кәрілік белгісі» деген шығармалары – шағын шумаққа құрылған өлеңдер. Бұндай өлеңдерді 6-8 жолдан асырмайды. Өлеңдерінде ерлік, ғылым игеру, әділдік, адалдық, надандыққа, қараңғылыққа, күншілдік, мансапқорлық, дүниеқор, сараңдық, жалқаулыққа қарсылық білдіреді. Ұлттық әдебиетіміздің дамуындағы зәру мәселелерінің бірін ғылыми негізде бағалауда ақынның суреткерлік шеберлігін айқындап, жаңаша көзқараспен ғылыми талдау жасау арқылы ақын идеясының әлеуметтік сипаты ашыла түседі. «Атақ» деген өлеңінде атақты адамның аға-ініге көлеңкесі түсуі орынды, ешкімге көмегің болмаса көп сені керек етпейді. Қалайда халқына көмек көрсету ердің ісі екенін:
Қалады қалайда да артыңда атың,
Емпеңдеп елдің атын ерттеп өтсең, -
деп ой түйеді.
Ал, надандыққа қарсы «Насыбай» деген өлеңінде мынадай пікір қозғайды:
Атпаңдар, тіл алсаңдар насыбайды!
Нас атсаң – нас боласың басыбайлы...
Желді күн «түп» деп жерге түкіргенде,
Боқтай-ақ бет-аузыңа шашырайды.
Аптықпай ақылы толық азаматтар,
Өз-өзін таза етіп асырайды, - дейді.
«Шылым» атты қысқа шумақты өлеңінде де осы ойды онан әрі тереңдетеді. Орынсыз, жағымсыз қылықтарға әуес болғанша, жақсыға бой ұр, жақсыдан үйрен демек. «Ұрпақ», «Тәржіма», «Кәрілік белгісі» сияқты шумақтарында адам барлық жақсылықты көзінің тірісінде жасау керек, өлген соң ердің орны толмайды, өлсең орның қара жер, екенін нұсқап тірлікте өмірдегі өз орныңды таба біл, артыңда ақылды ұлың қалса, ол артқа қалдырған өткір алмасыңдай болады демекші.
Өлгесін ердің орны төлене ме?
Қу мола сау күнгідей елене ме?
Орныңа мың тал шыбық бітсе-дағы,
Бұрынғы гүжімшілік көгере ме?
Артыңда ақылы артық бала қалса,
Қалғандай кескір алмас керегеде.
Осындай қысқа шумақтармен кейінгі ұрпаққа ұстамды үлгі-өсиет айта келе, кейде ол жастық дәурен туралы да үлгі болар түйіндер түйеді. Адам өмірінің кезеңдері, әсіресе, кәрілік туралы жазған қысқа шумақтары да өз алдына бір көңіл аударар әдемі жолдар. Халық лирикасында өнеге аларлық өлеңдер көп, бұл өлеңдер дидактикаға құрылады. Осылардың бірі – тақпақ. Бастан-аяқ бір ұйқасқа құрылып, маржандай тізіліп шығатын шығармалар Тұрмағамбет өлеңдерінде баршылық. «Тақпақ», «Құлжан биге», «Не қызық?» «Не артық?», «Тәлім», «Жақсы мен жаман», «Мырзаның мінезі», «Опа жоқ», «Өмір толқыны» т.б. өлеңдері тақпақ өлеңдерге жатады. Адамның өзінің және оның мінезінің қалыптасуы үшін еңбектің ерекше орны барын пайымдаған ақын адамның қоғамдағы ролі мен еңбектің орнын анық түсініп, өз замандастары мен жастарға еңбек ету тұрғысынан талап қояды. Еңбекті жырлау – сонау ауыз әдебиетінен бастап күні бүгінге дейін ешқашан үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүр. Қазан төңкерісінен кейінгі өзгерістер, қазақ кеңес әдебиетінің негізгі өсу кезеңдері, «Ұлы өзгеріс жылдары», ел өміріндегі тарихи шындық ақын шығармаларына арқау болды. Осы кезеңде Тұрекеңнің ой байлығын, өнер көркін, жемісті еңбекті жырлаған өлеңдерінен анық көреміз. Осы тұста ақынның «Большевик басшы, біз қосшы» атты шығармасын атауға болады. Өзінің туған жерінің Қазан төңікерісінен кейінгі еселі еңбегін, шабыттана, қуана жырлай отырып, оның өткен тарихын көз алдымызға елестетеді, бүгінгі өмірмен салыстырады.
Ханның зәрлі қамшысы,
Тас төбеңде ысқырып.
Қасарысқан жеріне
Қадалды да қан алды? – деп өткен өмірдің келеңсіз көріністерін айта келіп, көңілсіз өмірдің өнімсіз еңбегін оның табиғатымен байланыстыра суреттейді.
Жаңбыр көктен жаумайды,
Су таба алмай қаңсыдық.
Өспей жатып қуарды,
Көктемдегі жас шыбық.
Осылай суреттей келе, кенет жаңа заман орнап, ел табиғаты да өзгерді. Жотасы гүл жайнап, адамдары да еркін еңбекке араласты, осының бәрі адамдардың ақыл-ойы мен еңбегінің арқасында екенін қуана, үлгі тұтып, тілге тиек етеді.
Жалпақ дала жаңғырып,
Әуенге әуен ұласты.
Арық – атыс көмкерді,
Сусап жатқан көп жерді.
немесе
Тракторлар қырдағы
Жер жыртады шаңдатып,
Гудок үні ауылда
Жатыр бәрі жалғасып, - деп кешегі мылқау, меңіреу далаға жан бітіп, еңбектің арқасында техниканы меңгеріп, еңбектің адамдарға қуаныш әкелгенін шабыттана жырлайды. Еңбекті жырлаудағы ақынның жаңашылдығы – адамдардың бір-бірімен достық қарым-қатынасын көрсетуі, қандай халық болмасын достықтың, өнімнің тірегі деп, бірлесе еңбек ету ұлттық байлықты молайтады демек.
Бір кеседен шай ішіп,
Бір табақтан палау жеп.
Бірге түстік жұмысқа,
Бірге ұстастық кетпенді!
Күн шапағы төгілді,
Құрмет тұтып өңірді.
Жаңа заман таңы үнсіз жатқан дала келбетін өзгерткенін, халыққа әкелген орасан зор жаңалығын, жаңа заман бейнесі ақын өлеңдерінде суреткерлікпен жаңа өрнек табады.
«Бауыңа жеміс ағаш тігіп берсем» деген өлеңінде:
Ел үшін ерлер өтті етіп еңбек,
Оларға өлгенмен жоқ өмірде өлмек!
Кейінге кенін тастап кеткеннен соң
Не керек, негізінде қайтіп келмек.
Осы шумақта елің үшін еңбек етсең, есімің ел аузында сақталады, өзің өлгенмен ісің өлмейді. Дамыған қоғамның өзгерген өмірдің өскелең талаптарына сай өнер де, ғылым да, өскелең еңбек те, өркендеп, адамның ойы мен қабілеті де арта бермек. Ақын адамның қоғамдағы орнын адамгершілігін, еңбегімен ақтау керектігін түсіндіреді. Тұрмағамбет – Отанды, кеңес үкіметін жырлаушылардың бірі. «Туғызып қой үстіне боз торғайды», «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға!», т.б. өлеңдерінде кеңес өкіметін жырлап, төңкеріспен келген жаңалықты:
Қадамың құтты болсын, Кеңес аға,
Ешкім де ренжулі емес, аға!
Тең тұрып таразыдай тәрбие еттің,
Дұшпан да оны «бекер» демес, аға! – дейді.
Оның 1916 жылы жазылған «Жер жүзін жеті қабат зұлмат басты» өлеңінде заңның азып, төресінен әділ жоғын, жұртының тозып, елдегі қырандар қалай, қайда ұшарын білмей дағдарғанын, «жер жүзін жеті зұлмат басты» - деп, патшаның 1916 жылғы жарлығының халық басына әкелген әлеуметтік дағдарысын осылай толғаса, Кеңес үкіметін қуана қабылдап, езілген еңбекшілердің күні туып, бостандыққа ие болып жатқанын суреттейді.
Осынша сенің еткен еңбегіңді,
Елің де есіңе алар, жемес аға!
Қараңды көрсе, күліп қуанады,
Жүдеу мен жетім-жесір, бала-шаға!
Көркейіп күннен-күнге есін жиып,
Енді олар шығуға тұр тамашаға! – деп шаттана жырға қосады.
Кеңес үкіметінің халықты алға, нұрлы болашаққа бастайтындығына сенеді. Кешегі бодауда жүрген жетім-жесірлер теңеліп, жақсы тілек тілейді деп ойын түйіндейді. Міне, халық бірде мұңын, бірде жоғын жоқтаса, Кеңестің арқасында келешектегі жақсы істерге ұмтылады. «Туғызып қой үстіне бозторғайды» өлеңінде барлығымыз ойласып, Кеңестің баршылығымен іс істелік, кешегі қараңғы ел едік, енді міне, болашаққа ұмтылыңдар деп үгіттейді.
Құрғаққа елді ертерек шығаруға,
Ескекті елеуремей, оң иелік!
Керегін кедей таптың тауып беріп,
Аяқты алға басқан демеселік, -
деп жырлауының өзінде туған халқының арманына жетіп, бақтты өмірге келгеніне шаттанудан туған ыстық сезім тұр. Т.Ізтілеуов туралы Ә.Тәжібаев өз естелігінде былай дейді: «Шіркін, жазам деген ойың қаламыңның ұшынан сыңғырлап төгілген металл сөзге айналып жатқанына не жетсін. Құлағымда сылдыр-сылдыр, күңгір-күңгір әуендер ойнағанда, көз алдымда көк ала, жасыл керемет бояулар жарқылдап жатса ғой! Сонда жанындағы меймілдеп тұрған шаттықты қалың қағазға қайта түсіріп жасамай ма? Әрине, адамның шабытты шағы ең бақытты шағы екен. Мен Тұрмағамбет ағамыздың шабытты шағын көргенмін. Ол біздің үйге кіргенде қанатын жинамай қарлығаш боп ұшып кіретін. Тұла бой ы жарқыраған қозғалыс, барлық қимылы шапшаң, үні де сыңқылдап шығатын. Күле сөйлегені – нәрестенің қуана сөйлегені сияқты еді. Шабытты жанның көзінен күлкі өшер емес...» [24. 402 б.]. Ақын отызыншы жылдардың орта шенінде шабыттана, дарыны асқақтап тамаша туындылар жазды. Жаңалық, дәстүр, сыншылдық бағыт оның шығармаларының тақырыбы мен идеялық мазмұнынан айқын көрінеді. Нақты өмір шындығынан ой қозғап, озат пікірлер қозғайды. Адамды қандай қиындықтан болсын сүйреп шығарар жол, халыққа адамгершілікке қызмет етер жарық жол – еңбек пен ғылым жолы деп түсінген ақын өлеңдерінде өмір туралы, адалдық, адамгершілік, ынтымақ пен достық жайында өнеге айтады. Тұрмағамбет Ізтілеуов - ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын. Қазақ поэзиясында өзіндік айтары бар, өзіндік үні бар, ешкімге ұқсамайтын өз жаңалығымен келген суреткер. Лирикалық шығармалардан бастап әдебиеттің түрлі жанрында жазатын ақын ретінде қалыптасқан. Ол – өз заманының жыршысы, заманның іргелі, көкейкесті мәселелеріне үн қосып, қазақ поэзиясына мол үлес қосты. Ақын шығармаларының мән-жайын біз келесі тарауларда нақтылы түрде, талдай отырып, толықтыруға күш сала түсеміз. Ақтаңдақтар қатарында қайта оралған ақынның шығармалары -ұлттық рухани мұрамызды байытар қымбат қазына. Оның бір түйірін шашау шығармай зерттеп, ел мүлкіне айналдыру - азаматтық борышымыз.
Т.ІЗТІЛЕУОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ДІНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ИДЕЯ
Ақын шығармаларында мұсылмындық-ағартушылық дүниетанымы айқын көрініс берген. Жалпы Сыр сүлейлерінде көп кездесетін діни дүниетаным арқылы халықты имандылыққа, бірлікке шақыра отырып, тәрбиелеуді тілге тиек ететін шығармалар мол. Оның белгілі себептері де бар. ХІХ-ХХ ғасырларда Бұхарада «Мир Араб» медресесінде тәлім-тәрбие алған ақындар Шығыстың «му амма» дәстүрімен Құран аяттарын шығарма ішінде келтіріп, Ислам дінінің сырларынан хабар беріп отырады. Олар өсиет, қағидалар арқылы адам болмысының, оның жетілу сатылары, адамгершілік, адам мінезін жөндеу жолдарын түсіндіріп отырған. Сыр сүлейлері шығармаларының сөз өнерінің өркениет деңгейінде дамуына да Ислам дінінің әсері болған. Діни сауатты, мектеп-медреседе оқыған ақындарға Орта Азия медреселері мен кітапханаларының бай үлгілері исламдық тақырыптардың қалыптасуына ықпал еткені анық. Ғалым Идрис Шах «Суфизм» атты кітабында: «Софылық - Адам атадан бар ілім. Софы ғалымдары бар Алланы мойындайды, басты ұстайды», - деп атаған. [25. 286 б] Сыр сүлейлері де осі ілімді жоғары ұстап, мұсылмандықты мойындап шығармаларына арқау етіп, діннің қасиеті қағидаларын ата-баба дәстүрімен ұштастыра білген. Исламдағы суфизм бағыты Аллаға деген сүйіспеншілікті насихаттап, рухани тазалық арқылы Аллаға жақындау жолын іздейді. Сопылық ілім арқылы адам Аллаға тәуба ету, тақуалық, тәркі дүние, сабырлылық, тәуекелшілік, ризашылық, кішіпейілдік, ықылас ету сатыларынан өту қажет. Осы қасиеттердің бәрін бойына жинақтап, сопылық ілімді игерген адамдарды ишан деп атаған. Тұрмағамбет – оқымысты исламның діни 24 пәнін игеріп, ахун атанған. Оның білім алған ұстаздарының да діни дәрежесі жоғары ахундар болған. Ислам дінінің халқымыздың рухани мәдениеті мен өркениетті дамуында зор әсері болғандығы белгілі. Т.Ізтілеуов шығармаларында исламды насихаттау арқылы халықты имандылыққа шақырып, адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеуді көздеген. Жаратылыстың сырларын терең танып, парасаттылықпен пайымдау ақын толғаныстарындағы діни танымдық көзқарастар ерекше. Оның адам бойындағы небір қасиеттерді ақылмен біріктіріп адамгершілік, имандылықты жырлаған өлеңдерінде, ізгілікке ұмтылу арқылы, Алланы сүюді, адамзатты құрметтеуді ескертеді. Өлеңмен өмірін өрнектеген ақын шығармаларының алтын арқауы да – имандай адалдық, періштедей пәктік, ар мен жанның мөлдір тазалығын жырлау. Діни тақырыптағы өлеңдерінен филсофиялық ой-толғам, өмірге деген көзқарас байқалады. Ақын болыстың писарын ұрғаны үшін, болыс, байларға қарсы болғаны үшін бірнеше рет түрмеге қамалады. Осы кезеңде елдегі жағдай, ашаршылық жылдары, «халық жауларын» әшкерелеу ел тіршілігіне әсерін тигізді. Тұрмағамбеттің түрмеде, қапаста отырып жазған жырларында да ізгілікке ұмтылу арқылы Алланы сүюді, адамзатты құрметтеп, жамандықтан аулақ болуға шақырады. Бұл өлеңдері бостандықты аңсау, тәуелсіздікке қол жеткізу хақында еді. Оның «Құтқарып қиындықтың тұзағынан» өлеңінде:
Құтқарып қиындықтың тұзағынан,
Бақ, дәулет беріп енді ұзағынан.
Көркейтіп күннен-күнге көңілімді, Алла,
Кеңдіктің көрсет айын бұл жағынан.
Халық біткен қағып таңдай таңырқасын,
Кеткендей бір жолбарыс бұзамынан.
Қайылмын қалайда да бірлігіне,
Шықсам да шариғаттың нызамынан.
Үміт бар өтеп айыбымды дереу деген, Гүжімдей тола өсіп озамынан [31. 175 б.] – деп поэзия арқылы қазақ халқының санасын тәрбиелейді. Ақын өлең жолдарында адамның ішкі әлеміндегі сапалық құндылықтарды көтеру арқылы, кеңдікті, еркіндікті, бостандықты аңсайды. Ақын кеңес үкіметін мақтау жырларымен бірге кезінде үкімет тарапынан болған келеңсіз саясаттарды сынады. Асыра сілтеу, белсенділер қатарынан шыққан қарапайым халыққа тиген қиянат, ақынды бей-жай қалдырған жоқ:
Жек көресің үкімет,
Қожа, молда діндіні.
Жинап алып жұмсайсың
Есірік пен жындыны, [75. 5 б.] – деп жалпы саясатқа келіспейтінін білдірсе, елдегі орынсыз қылық егелері, белсенділерге:
Уа, белсенді, белсенді,
Көтере берме еңсеңді.
Ақ жарылғап күн туса,
Ақ сұңқар қияр желкеңді, [75. 5 б.] – деген сияқты, тіпті сол кездегі саясатқа қарсы пікірлер де айтқан.
Осыдан ел-жұртыма барсам аман,
Қуанып, күлсе бәрі көрген заман.
Кеулімнен кетер еді-ау ұмытылып,
Осындай еткен күндер өте жаман.
Қалайда Қадір Алла қылып ең ғой,
Талайын тарыққанның баққан маман.
Менің де мақсатымды беріп тегіс,
Атақты асқар тау қыл, аумас табан.
Тас тиіп, тұмсығына тура қашсын, Қорқылдап келгенменен небір қабан [31. 175 б.] – деп, өлеңінде Тұрмағамбет еркіндікке жету үшін қанша қиындықты басынан өткізіп, қиналып, бостандыққа шыққанда барлығы ұмыт болатынын сөз етеді. Қарапайым халық өмірінің, тіршілігінің қамқоршысы болып, ерекіндікті, бостандықты аңсап, әділдік жолында сөз семсерін сілтейді, сараң байларды, әділдігі жоқ билерді, елге озбырлық жасаушы болыстарды өткір сөз найзасымен аямай соққылайды. Ақын шығармашылығында сол кезең әдебиетіне тән өсиет, ғақлия, насихат өлеңдер көп кездеседі. Адамгершілік қасиеттерге шақыру, білімге ұмтылдыру, өзінің елін жоғары елдің қатарына қосу, халқын ұйқыдан оятып көзін ашу, Аллаһты мойындауды, ислам дінін насихаттау ақынның шығармашылығында кең орын алады. Ақынның ислам діні аясындағы көзқарастары барлық шығармаларында да айқын байқалады. Әсіресе, көңіл айту және жоқтау жырларында Аллаһтың құдіретін, фәни мен бақи дүние жалғастығын мойындау идеялық-композициялық желі болып жырланған. Ақын халыққа көңіл айтуда және бұл дүниеден өткендерді жоқтауда адамзаттың өмір шындығын, имандылық қағидасы тұрғысынан қабылдауды ұсынады. Мысалы: «Өмірді өткіздік құр балалықта» өлеңінде адамзаттың ғұмыры бұл дүниедегі тіршілік мерзімі Аллаһтың ұйғарымында екені сөз етіледі:
Өмірді өткіздік құр балалықта,
Ескеріп, енді ғибрат алалық та!
Ізіне ти дүниенің ере бермей,
Қамында құлшылықтың қалалық та!
Тәубенің тірлікте туын тұтып,
Күнәдан аулаққа бой салалық та.
Шақырып шын көңілмен Алла ұранын,
Жауларды жатпай-тұрмай талалық та!
Жаратқан Жаббар Хаққа жалбарынып,
Құрбан ғып, қу нәпсіні шалалық та!
Жайына құлшылықтың қанығалық,
Шекерін шәһидаттың жалалықта!
Қара бол, хан бол – мейлің, қамынды қыл,
Мекенің, мың дегенмен, молалықта! [31. 100 б.]
Мына бір өлеңін ақын халыққа үгіт-насихаттық жанрда көрсеткен:
Осы айтқан үгітімді ескеріңдер,
Емес едім өзім де ескерімді ер.
Сонда да сұм дүниенің соңына ермей,
Қаһарынан қорқып Хақтың, сескеніңдер!
Шартынан шариғаттың сөйлемесек,
Халық саған «қанарыңды шешпедің» дер.
Керегін беріп көптің көңіл алмасақ,
Ұялтып: «Өте сараң, пәс пе едің» дер.
Кемеменен кең теңізді кездірейін,
Қолыма енді, ерлерім, ескегім бер! [31. 84 б.] Исламдық дүниетаным ойлары мен адамдардың сана-сезімдерін мұсылмандықтың ізгі нұрымен сәулелендіріп, оқу-білім алу, халыққа қызмет ету, адал өмір сүру және адамгершіліктің, исламдықтың сан алуан қасиеттерін иеленуге жөн сілтеу – Тұрмағамбет ақын шығармаларының алтын арқауы. «Бітсе өмір, дүниеден кім өтпейді» өлеңінде әрбір адамның жүрегінде иман нұрын орнатып, Алланың үкіміне мойынсынып, сабырлылыққа шақырады.
Бітсе өмір, бұл дүниеден кім өтпейді,
Болса өмір, кім амалдап күнелтпейді?!
Өлем деп өмір бітпей, етпе уайым,
Өзінен өзгеге Алла түнертпейді!
Жегізбей баста жазған несібеңді,
Уақытсыз у-шу қылып, үдертпейді.
«Қайғырар ертеңі үшін есек» деген,
Келтірер көкірегіңді көнертпейді.
Осыны ойлы ерлер өтер тыңдап,
Құлағын «қой оны» деп елертпейді.
Үкіміне мойынсынып, сабыр еткен
Құлдарын құр қол тіпті жөнелтпейді.
Білмеген бар деп оны бұзықтар да,
Оларға «иман» атты төл ертпейді. [31. 103 б.]
немесе:
Айтқанын Құран атты қыл кітаптың,
Пендесің, басыңда бол бұл талаптың.
Жат қылып Жаппар хақты жатсаң-тұрсаң,
Иманмен ішін көркейт көңіл-қаптың.
Міскін мен пәрмияшы пәк Рабтың.
Мекерге дүния атты мойын бұрмай,
Тұра тұр тарихына тағатбаптың.
Пенделік бостанының миуасын жеп,
Жал байлап, жарағын қыл ол жанаптың.
Қайғы көп, қуаныш аз күн көбейсе,
Пайда не кеші, күндіз желіп, шаптың.
Қалайда құлдығыңды қалыс сақта,
Қолына түспей тұрып мірзағаптың.
Адамсың асылында абайласаң,
Жамғынан жәсәт болған гіл, мен аптың.
Жатарсың, жан кеудеңнен жүдә болса,
Ішінде қабір атты бір харабтың.
Атылары Мүңкір-Нәңкүр екі Мәләк,
Жайынан сауал айлар Нұн мен Кәптің.
Тахаттан алжасып даң болар әркім,
Пазылынан болмаса үміт ол оқаптың [31. 90 б.]
Ақынның «Қу заман», «Үгіт сөз», «Шәкірттерге айтылған сөз», «Осы айтылған үмітімді ескеріңдер», «Әй, өмір, анық білдім тозарыңды» деген дидактикалық өлеңдері – шынайы насихаттық мақсатта жазылған шығармалар. Тұрмағамбетпен әдеби ағым аясында үндес ақындардың шығармашылық мұраларында осындай тәрбиелік, үгіттік мазмұндағы насихаттық өлеңдер мол жырланады. Насихаттық үгіт идеясы – фәни мен бақи дүниелік жалғастығы заңдылығын ұмытпау. Ақын дидактикалық өлеңдерінде қанағатпен қмір сүруді, жора-жолдасқа қызмет етуді, білімсіздіктен, нәпсіден, дүниеқоңыздылықтан аулақ болуды жырлайды. Атап айтқанда, Имам Ағзамды, Аюб, Мұхаммед пайғамбарларды айта отырып, фәни дүниенің, мансаптың да, байлықтың да өткіншілігіне баға береді.
Не өнер мүсибатқа мұңайғаннан?
Шүкір етер, шытпас қабақ мұны ойлаған.
Сабыр етіп Саттар Хақтың бөлесіне,
Артықша Аюб, Нәби шырайланған.
Үкіміне ренжімей көнгендердің,
Көркейтер кеуілдерін ылайланған.
Таңы бар түннің-дағы, түртсе көрмес,
Болмаңдар бекер босап, жылайманнан.
Отырсаң тәуекел деп Тәңірі ісіне,
Боларсың бітіп дәулет тыңайғаннан.
Өзінің уағдасы бар, үзбе үміт:
«Берем деп қажетіңді сұрай қалған!» [31. 103 б.]
Ағартушылық әдеби ағымындағы осы бағытты ұстаған. Сыр өңірі ақындары исламдық мәдениет қағидаларын қазақ елінің өміріне жақындатып жырлаған. Алла сөзін құрметтеп, Аллаға жүрегінің тазалығын білдіріп, иман-сенімін жырлап өткен ақындардың бірі – Т.Ізтілеуов. Ақын Алланың құдіреттілігін, мұсылман дінінің туу тарихын насихаттайтын және имандылық негіздерімен байланыстыра жырлаған шығармаларында имандылық тағылымдары кестеленген. «Ей, Алла, өрлет енді ықпалымды», «Серігің жоқ бір Алла», «Иә, Алла, рахым ойла мұсылманға», «Иә, Алла әһлі исламға орнат ықпал», «Ей, Алла, ажарымды айдан да ашық», «Бақ қондыр басыма, Алла, ұшпайтұғын» т.б. шығармаларынан анық аңғарамыз.
Мәселен,
Тірегің жоқ, бір Алла,
Өлмейтін мәңгі, тірі Алла.
Осыншаманы халық еткен,
Құдіреті күшті, бір, Алла, - деп [21. 40 б.] халықты иманға ұйытқан Алланың жолынан таймауға шақырып, дін ілімінің тереңі екенін көрсетеді. Иман – дін философиясындағы ең күрделі категория десек, иман шапағатын адам тек өзіне жүктей алады деген ойлы тұжырым жасайды. Ақын шығармаларында ашкөз, тойымсыз, нәпсі құмар, қанағатсыз адамдарды моральдық ұстанымдар арқылы, исламдық тілмен тәрбиелеуге шақырады.
Негізінде, нәпсім – бөрім, ойым – қойым,
Нәпсіге қойды «жемей», жоқ қой тойым. [21. 54 б.]
Нәпсіге ерік бермеу, тойымсыз әрекетке бармаудың жолын Имандылық қағидаларымен байланыстырады. Алланың ұлылығын жүрек ықыласымен жырлаған:
Серігің жоқ, бір Алла
Өлмейтұғын тіпте, тірі Алла.
Қалайда да, құлыңның,
Өзіңе мағлұмат сыры, Алла.
Таба-таулық бермесең,
Көңілімді басты кір, Алла!
Сол кірлерді кетіріп,
Ойыма орнат нұр, Алла! [22. 164 б.]
Өлеңде ХХ ғасырдағы қазақ жеріндегі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер, кәмпеске, аштық, жазықсыз қамалған қазақ зиялылары осының бәрі қазақ халқына зардабын тигізді. Осы кезеңде ақын Аллаға сыйынып, таулық тілейді, әр істің ақырын күтеді.
Таулық бер біреу емес, бәріңе де, -
Көңілінен иман нұрын ұшырғанның, -
деп мұсылмандықтың терең танымын, гуманистік көзқараспен береді. Ақын шығармаларындағы рухани құндылықтар Алла құдіретін мойындай отырып, ислам дінінің аясында уағыздалатын адамгершілік-дидактикалық сарынмен мұсылмандық-ағартушылық дүниетанымы айқын көрініс берген. Т.Ізтілеуовтің білім алған мектеп-медреселерінде дәріс берген ұлық ұстаздары оқыған діни дәрежесі жоғары, білімді ахундар болған. Сыр елінде діни-ағартушылықты уағыздаған Молдашер, Бәймен, Мырзабай, Ораз, Тапал, Қалжан, Садық, Әлібай, Алтайбек, Алдашбай, Қожабай, Ерімбет, Ешмағамбет, Сайыпназар, Шәймағамбет және тағы сол сияқты ахундар болғаны тарихтан мәлім болып отыр. Олар елді әлемдік өркениетке жеткізуге қазақ халқының ұлттық деңгейін көтеруге ат салысқан. Елде мектептер мен медреселер ашып, елді діни имандылыққа тәрбиелеу, Шығыстық асыл мұраларды зерделеу арқылы білім беруге ат салысқан. Қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым У.Қалижанұлы діни ағартушылық ағым өкілдерінің қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін: «Діни-ағартушылық поэзия өкілдері діни схолостиканы уағыздаған жоқ, олар діннің ақ жолын қоғамның даму көзіне айналдырып, мұрат тұтқан, бүгінгінің тілімен айтсақ, ағартушылық қозғалыстың басында тұрды», - дейді. [26. 256 б.] Осы пікірді ескерсек, Т.Ізтілеуовтің біріншіден, білім алған ұстаздары діни-ағартушылық бағытты ұстаған; екіншіден, өз поэзиясында діннің имандылық жолын ағартушылық идеямен ұштастырған. Ақын алғаш өз аулындағы Алдашбай ахун Ерназарұлының мешітінде білім алады. Ал Алдашбай ахунның ұстазы Ораз ахун болса, Тұрмағамбеттен 100 жыл бұрын «Шаһнаманы» аударған кісі болатын. Ұстазы Алдашбай ахун ағасы Қожабай ахун екеуі діни дәрежесі жоғары, Бұхарадағы «Мир-Араб», «Көкелташ» медресесінен 10 жыл білім алып, елге оралған соң Шораяқ деген бай салғызған мешітті басқарып, балаларға дәріс береді. Осы мешітте білім алған Тұрмағамбет кейін Тапал Қалжан ахундардан білім алып, діни сауаттанады. 1886 жылы Қалжан ахун 13 жастағы Тұрмағамбеттің талантын танып, Бұхарадағы өзі оқыған «Мир араб» медресесіне оқуға жібереді. Алғашқы үш жылын осы оқу орнында оқып діни орта білім алған ол қалған алты жылын «Көкелташ» медресесінде оқып парсы, араб, түркі, шағатай тілдерін игеріп шығады. Ұстаз ізімен елге келіп, мектеп ашып, бала оқыту жұмысына араласады. Дін ғылымы мен ағартушылық идеяны қатар ұстап, ел ішінде Тұрмағамбет ахун атанған оның ахундық-діни дәрежесі де болған. Тұрмағамбет қиялынан туған өлеңдерінің көпшілігі ислам тақырыбында жазылып, исламды насихаттай отырып, діни-ағартушылық бағытты ұстанып, келешек ұрпақты білім-ғылымды игеруге шақырған. Ислам тақырыбындағы мінәжат өлеңдер арқылы лирикалық толғаныс жасаған. Сыр елі ақындарының исламдық ағартушылық дәстүрді, ақындық ортаны қалыптастыруына себеп болған негіз медреселік оқу орындары еді. «Медресе» арабша мектеп, мұсылмандардың орта және жоғары мектебі. Cөз өнері мұрасы - әлем өркениеті кеңістігіндегі адамзат ұрпақтарының мыңдаған жылдар бойы жан дүние әлемін адамгершілік-имандылық ұлағатымен байытып келе жатқан рухани құндылық қазынасы. Сыр сүлейлері ұлттық сөз өнеріндегі діни-исламдық дүниетанымды дамыта жырлаумен ерекшеленеді. Діни-ағартушылық бағытты ұстаған Сыр сүлейлері: Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нұртуған, Шегебей, Сейтжан, Бұдабайлар ислам тақырыбындағы лирикалық өлеңдермен халық эстетикасын байытты. Олардың ислам тақырыбын жырлауына себеп болған Шығыстың классикалық әдебиетінің ықпалы еді. Ақындар үнемі жаратушы Алланы жоғары ұстап, көзқарас, тілегін айтып отырады. Орта ғасырдағы софылық поэзиясындағы адамгершілік, имандылыққа уағыздайтын шығармаларды исламдық ағартушылықпен жалғастырған Сыр сүлейлері қазақ әдебиетін мінәжат өлеңдермен толықтырды. Сыр сүлейлері исламды насихаттау арқылы халықты имандылыққа шақырып, адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеуді көздеген. Ислам тақырыбындағы мінәжат өлеңдер арқылы лирикалық толғаныс жасаған. Зерттеуші ғалым Л.З.Рүстемов «Араб-иран кірме сөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігінде»: «Мұнажат – арабша монажат Аллаға өз тағдырына шағымдана, өтінішпен, тілекпен жалбарыну», - дейді. [27, 20 б] Ислам дінінің негіздерін мойындап жазылатын мұндай лирикалық өлеңдер Аллаға жыр арнау болып табылады.
Діни-исламдық дүниетанымда сопылық мәдениетті үшке бөліп қараймыз: Сыр сүлейлері шығармаларында діни ұғымдарды орындау арқылы өзін-өзі жетілдіріп, софылық мәдениетке ұмтылу байқалады. Алланы шексіз сүю, оның бар екеніне шек келтірмеу, жалбарыну идеясы софылық поэзияның негізіне айналған. Сыр сүлейлері шығармаларында діни-исламдық дүниетаным, софылық мәдениет белгілерінің көрінісі байқалады. Тұрмағамбет ақынның мінәжат жырлары адамгершілік-имандылық қағидаларын насихаттап, ислам дінін қастерлеген.
Тұрмағамбет Ізтілеуов:
Қалайда да құлыңның,
Өзіне мағлұм сыры Алла
Қалайда да өзіңнің
Құлыңнан болам бір, Алла.
Көңілімді басты кір, Алла!
Сол кірімді кетіріп,
Ойыма орнат нұр, Алла! [22, 140 б.]
Ақын бұл өлеңінде Алла жолынан таймай, медет сұрайды. Көңіл кірін кетіру, тілек пен уағыз айтқан бұл өлеңді мінәжат өлең деп танимыз. Алланың ұлылығын жүрек ылқыласымен жырлаған.
Шораяқтың Омары Алладан жәрдем білдірген бір өлеңінде:
Жаратқан жан біткенді бір, Алласың,
Көңілімнің аш айнасын, кір алмасын.
Бермесең өзің тәупық, қыдыр Мәулен,
Ұстатпас қашағанды кім алдасын, - дейді. [29, 186 б.] Қарасақал Ерімбет «Ей, Алла, сүйген құлың қатарында ет» атты мінәжат өлеңінде имандылық мәселесін сөз етеді. Өлең соңында ақын:
Иә, Алла, сүйген құлың қатарында ет,
Күйзелтіп көп ішінде зар жылатпай, - деп қорытады. [29, 69 б.]
Мінәжат өлең басынан аяғына дейін философиялық ойға құрылып, ақынның Алладан тілеген тілегімен түйінделген. Ақын шығармаларында адамгершілік – имандылық сарын, гуманистік-эстетикалық-философиялық тағлым байқалады.
Жиенбай жырау «Көңіл сыры» атты өлеңінде:
Сары алтынның буындай,
Жете ме жігер мұратқа
Тәуекел етіп Аллаға,
Белімді бекем буынбай, - деп, Аллаға жалбарыну арқылы ойын саралап бейнеленген. Шегебей Бектасұлының да «Мойындау мүнәжаты», «Аллаға жалбарыну» атты шығармалары осы тақырыпқа арналған. Мысалы, Бұдабай Қабылұлының, «Иә, Алла, сиынамын бір өзіңе» атты өлеңінде:
Құдайдың құдіреті күшті,
Дүниеде, дін күшті.
Алтын балдақ жерге түсті,
Құдайдың құдіреті күшті, - деп
Алланың құдіретіне мүнәжат тілегін арнаудан жаңылмағандығы көрінеді. Сейітжан ақынның «Марал ишанға айтқаны» т.б. шығармаларда өмір заңдылықтарын мінәжаттылықпен жырлайды. Сейітжан Бекшентайұлының үлкен, діни қайраткер оқымысты Марал Құрманұлына арнаған «Марал Ишан жайлы» атты өлеңінде:
Уа, дүние, сұм дүние,
Кімге опа қыласың сен,
Алла болды деген күні
Қара жермен боларсың тең, - [30. 40 б.]
деп құдайға жалбарыну арқылы тіршілікті жаратушы Алла ықыласынан деп насихат тілімен түсіндіреді. Ақын «Қайт райдан, қорық құдайдан» атты өлеңінде:
Ертеңгі – кеш жад етемін,
Тілек тілеп жаратқаннан.
Отыз үш мың сахабалар,
Хабарды біл Сейтжаннан.
Құлыңдай көр қадір, Алла!
Пәрменіңе өтем нама
Өзің рақым ойламасаң.
Біз пенденің жүзі қара. [30. 40 б.]
Бұл жолдардан Сейтжан ақынның жаратушыға жалбарынып, Алла ісін мойындап, мінәжат айтып, Алла құдіретін ұғындырып тұрғаны сөзсіз. Мінәжат өлеңдерінде діни әнұран, аллаға түнгі жалбарну дұғасы, өз тағдырына шағымдана өтінішпен жалбарына отырып, Т.Ізтілеуов ислам дінінің негіздерін мойындағаны байқалады.
Қандастың қармағына іліндірмей,
Тапуық бер тура жолды нұсқайтұғын.
Атымды алты Алашқа жайындырып,
Ұл-қыз бер орнымды ұстайтұғын,
Кең пейіл кетпейтұғын көп дәулет бер,
Көңілін келгендердің қоштайтұғын, -
деп Аллаға мінәжат айтып, жалбарынады. [31. 116 б.]
Ақынның «Абат ет, Алла, менің ду харамды» деген өлеңінде Құранды оқи отырып, мұсылманның теріс әрекеттерге бармауын діни қағидалармен жырлаған.
Абат ет, Алла, менің ду сарамды,
Жүзімді жарқыратып, жу қарамды!
Әр түрлі бұзықтыққа бұрмалайтын,
Көңілімнен қаннас атты қу арамды.
Қолында қатын менен балалардың,
Қағазы құраныңның уқаланды.
Ашпасаң әһлісламның өзің көзін,
Бәрі де болып қалды су қараңғы [30. 121 б.] – деп ислам діні қағидаларына негізделген ұлағаттық, ғибраттық ой түйеді. Кей жағдайда ақын халқының қамын ойлап, халық атынан Аллаға жалбарынып, кеңшілік пен сабырлық тілеп, шағымданып, өтініш сұрайтын өлеңдері де кездеседі.
Иә, Алла, рақым ойла мұсылманға,
Сахисың сауға берер ұсынғанға.
Кеңшілік кешіктірмей көрсетуші ең,
Өрт қаптап жан-жағынан қысылғанға. [31. 122 б.]
Ақын Аллаға сыйына отырып, халық Алла алдында пенде екенін ескертіп, дұға оқып жалбарынады.
Құлынды қайғы, қамнан құтқар, Алла!
Қолына ұстатпа дауым тұтқаны, Алла!
Қиянат қылам деген дұшпандарға,
Нәһанды дайындап қой жұтқалы, Алла!
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2005 жылғы 19 ақпандағы жолдауында: «Әр адам өзінің қазақ халқының бойына сіңген қасиеттерді өзіне сіңіре білу керек, өз мәдениетін, өз тілін, өз дінін құрметтеу қажет», - деген болатын.[32] Жыр бұлағын селдеткен Сыр сүлейлері жырлаған мінәжат өлеңдерді зерделеп, ұрпаққа жеткізу, мінәжат өлеңдеріндегі дінді құрметтеу, өз мәдениетін бойына сіңіру адамзаттың парызы. Қорыта айтқанда, Ислам дініне арналған мінәжат өлеңдер қазақ поэзиясындағы діни-исламдық дүниетаным тағлымын кеңейте түсті. Сыр сүлейлері шығармаларында мінәжат өлеңдердің орны ерекше. Дүниетаным философия саласында діни-исламдық көзқарастарда қорытылған түйін екенін ескермеске болмайды. Ақыл мен ғылымды игерген адам десек, софылық –даналықтың түп негізі. Қазақ поэзиясындағы діни-ислам дүниетанымының орнығуы және оны жырлау дәстүрлік және көркемдік негіз болып қалыптасты, соның айғағы - мінәжат өлеңдер болып саналады. Сыр сүлейлері шығармаларындағы ислам тақырыбының жырлануы қазақ әдебиетінің мазмұны мен пішініндегі поэтикалық, идеялық-көркемдік сипатын айқындайды. Бұл – қазақ әдебиетіндегі гуманистік-эстетикалық көзқарастар жүйесінің шынайылығын танытатын ерекшеліктердің бірі. Сыр сүлейлері жырлаған мүнәжат өлеңдер діни-ислам дүниетанымындағы рухани құндылық болып отыр. Т.Ізтілеуов шығармаларында адамгершілік-имандылық сарыны, ислам дінін насихаттау арқылы көрініс тапқан. Ақынның мінәжат өлеңдері арнау, насихат, дидактикалық философиялық толғау жанрымен үндесіп жатыр. Адамзат санасын ислами, шариғаттың негізгі қағидаларын ұғындыра отырып, жыр төккен. Бұл жырлар исламдық дүниетанымдағы рухани құндылықтар бола отырып, халықты адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеудің негізі болды. Десек те, Кеңестік дәуірде ақын шығармаларына діншілдік тұрғыдан қарап, оның дүниетанымдық ойшылдығына бойлай алмаған.
ІІ тарау
ТҮР МЕН ЖАНР
Т.Ізтілеуов поэзиясының тағы бір назар аударатын жағы – оның жанр жаңалықтары мен поэзия түрінің байлықтары. Бұрын халық поэзиясында бар: толғау, терме, арнау, айтыс, жанрларының үстіне Шығыс әдебиеті өрнектерінен: мысал, тақпақ, рубаят, нақлиат, қисса, хикая, дастан, бәйіт / 11 буынды қысқа шумақтар/ жанрын қазақ жағдайына байланысты бейімдеп алған. Олар шығыстық арнадан бастау алып, қазақтың төл туындысына айналып жанр ретінде ұлттық қорға қосылған. Сондықтан бұл саладағы ақын ізденістері де нәтижелі әлем әдебиетінде қалыптасқан әдеби тек түрлерін қазақ әдебиетінде дамыта жырлаған. Әдеби жанрлар туралы академик З.Қабдолов: «Әдебиет теориясында пішін /форма/ бар да, түр /вид/ бар. Дәлірек айтқанда әдебиеттің тектері / эпос, лирика, драма/ бар да, түрлері / роман, поэма, трагедия т.б./ бар. Тек түр де жанр деген ұғыммен, яғни жанр мен жанрлық түрмен мәндес» - дейді. [33. 6б.] Ал, З.Ахметов: «Әдебиет теориясы көркем шығарманың жалаң сыртқы белгілерін тану ғана болмай, оның ішкі сырына бойлаудың, әдеби процестің заңдылықтарын, түкпірлі сипат-ерекшеліктерін байыпты түсінудің құралы болуға тиіс» -дейді. Бұл тұрғыдан қарағанда, теориялық еңбектерде әдебиеттің ұлттық бітім ерекшеліктері, тіл кестесін жанрлар өзгешелігі, қазақтың ақындық өнеріне тән сипаттауды терең де жан-жақты зерттеп, айқындай түсудің маңызы зор»,-дейді яғни, әлемдік әдебиетте қолданылатын түр деген мағына беретін атау сөз екен. Соған қарағанда ақынның ақындығын көрсететін оның дүниетанымы ғана емес, сөз қолданысы, стильдік өзгешелігі, ой-толғаныс, көркем бояу, өрнек жасай білулері, яғни, шығармаларында өмірді образ арқылы суреттей білуі, адам характерін тұлғалауы, табиғат суреттерін адам өмірімен ұштастыра баяндауы т.б. ақынның көркемдік әлемін, айтайын деген идеясын белгілі бір формада жаза білуі. Сонысына қарай, әрбір ақын, жазушының қолданатын өзіндік жанр, түр формалары болуға тиіс. Жанр мен түрлер көркемсөз суреткерлерінің ізденісінен туады. Қандай жанрдағы шығарма болмасын жалаң оқиғаны тізбектемей, оны образ арқылы бейнелей, көркем тіл арқылы суреттейді. Тек сыртқы белгісіне қарап қаламгер еңбегінің жанрлық ерекшелігін ажырату оп-оңай емес, оны суреттеліп отырған оқиғаның тынысы, көлемі, сипаты арқылы ажыратуға болады. Тұрмағамбет шығармашылығының да ерекшелігін танытатын, оның шығармаларының өзіндік жанр, түрлерге құрылғандығы десек, ақынның стиль өзгешелігі де осыдан бастау алады. Тұрмағамбет – әрі эпик, әрі лирик ақын. Туған әдебиет үлгісінде ол толғау, терме, айтыс, мысал, т.б. жазса шығыстан ақын рубаят, хат өлеңдер, қисса дастандар т.б. енгізіп ұлттық жанр түрлерін байытып, ойшылдық дүниетанымын танытқан. Поэзияны екі салаға /түрге/ бөліп қараймыз. Олар – лирикалық /өлең/, эпикалық /поэма/ шығармалар. Лирикалық өлеңде қысқа жазып, ақын сезімі, тебіренісі, көңіл-күйі жырланады. Әлемдік сөз өнерінде көркем шығарманы тұңғыш рет жанрға жіктеудің негізін салушы Аристотель үшке бөліп қарастырған. «Көркем сөз реалдықты бейнелеуде үш түрлі баяндау әдісін қолданса да, кейде адамды сахнаға шығарса да немесе бастан аяқ әсерлі сезіммен еліктетсе де болады» [34. 9 б.] – дейді. Оның баяндау дегені эпикалық, сахнаға шығарса деуі драмалық, әсерлі сезім дегені – лирикалық шығарма түрін көрсеткені деп түсінеміз. Әлем сөз өнерінде осы жүйені қолданып, Аристотельден В.Т.Белинскийге дейін «үшке» жіктеу әдісі жүйеленген. Қазақ сөз өнерінде А.Байтұрсынов: «Көркем шығарма – қара сөз (жалаң сөз), өлең сөз (поэзия)», - деп екіге бөлген. [35. 210 б.] Әдебиетті зерттеуші ғалым Қ.Жұмалиев сөз өнерінің тектерін поэзия проза, драма деп үшке бөлсе, З.Қабдолов көркемдік шығарманы үш жанрда өлең сөз (поэзия), жайын сөз (проза), сауық сөз (драма) деп саралайды. Біздің зерттеу еңбегімізде ақын Т.Ізтілеуов шығармалары сөз өнерінде қалыптасқан жанр түрі негізінде жіктеледі. Біз ұлттық қоғамдық тарихынан сөз өнері тарихын бөліп алуға болмайтындығы сияқты, бір ұлт сөз өнері тарихынан жанрлардың туылу, қалыптасу, даму тарихын бөліп алуға болмайды. Тұрмағамбеттің бойындағы сезімталдық, бақылау, жасампаздық қиял, тебіреніс, өмірлік тәжірибе сана мен парасат, суреткерлік шеберлік, шалқыма шабыт, тың идея талданып, оның ұлттық сөз өнерінің жанрын байытудағы қосқан зор еңбегі екені айқын. Соның айғағы ретінде ақын қолданған сөз өнерінің тектері мен түрлеріне, жанрына қосқан үлесі сараланады. Тұрмағамбет шығармаларының да көпшілігі лирика. Қазіргі баспа бетін көрген ақын шығармаларының өзі, оның шығармашылығының алуан-салалы, бай мұра екендігін танытты. 1972, 1982 жылдары «Назым» деген атпен шыққан екі жинағы, 2007жылы шыққан шығармалар жинағы - оған айқын куә. Шығарушылар алқасы ақынның кітабына атты дұрыс қойған. «Назым» сөзі ойды өлең тізбегімен білдіру, яғни лирика дегенге саяды» - дейді белгілі фольклорист Н.Төреқұлов. [36. 1 б.] Ұлы сыншы В.Т.Белинский: «Көңіл-күйлік (лирикалық) шығарма – қас-қағымда ғайып болатын, ақын рухының жемісі. Егер ақын рухы жаңа шабытқа аумай тұрып қағазға түспесе, қайырылмастан ғайып болады. Ақынға әрекет ететін идея мен образ алуан түрлі болып келмесе, біздің сезіміміз оны ұзақ ұстап тұра алмайды», - дейді [37. 63 б.]. Көңіл-күйдің ерекшелігін түсіндіруде З.Қабдолов: «Көңіл-күй – сөз өнерінің Аристотель заманынан келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі. Шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ой мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі» [33. 326-330 б.] деп түйген тұжырымын ескерген жөн. Лирикалық шығармалардың негізгі кейіпкерлері автордың өзі не, ақынға арқау болған адам десек, Тұрмағамбет басқаларға ұқсамайтын сезімінің жалынын, ойының тереңдігін, тіл шеберлігін, қуаныш, қайғы, зар, мұң, әлеумет тағдырын бейнеленген, адамның жан сезімін, ұлттық нақышта, ұлттық бояумен бере білген. Ақын шығармаларының көбін шығыстық үлгіде жазған. Шығыстық әдебиеттегі лирикалық жанрлар ғазал, қасида (қасыда), қыта, мәснәуи, мурабба, мусида мухаммас, назым, төрттаған болып келеді.
2.1 ЛИРИКАЛАРЫ
Асылы, Тұрмағамбет – ғажайып лирик ақын. Ол адамның ішкі сезім дүниесін, наз-сырын ақтарарлық асыл сөздер өрнегін жасай білген жалынды талант. Ақын лирикалары назды, сазды болуымен бірге бай, мәні терең өте әсерлі шығармалар.
Ақын – жел, есер, гулер жүйрік желдей,
Ақын – от, лаулап жанар аспанға өрлей.
Қиялы, жан-жүрегі – ойнаған от,
Ақынды алас ұртар тыныштық бермей [76. 32 б.], - деп Мағжан ақын жырлағандай лирикалы образдары мен нәзік сезім дүниесін шерте білу, жәй сөздерге жан бітіріп, мақпалға төккен зер кестедей әшекейлеу, ару қыз, асыл жар сезім-наздарын ақтара білу, кейде лироэпика арқылы тұрпатты тұлға сомдау кез келгеннің қолынан келе бермесе керек. Әрбір лирик ақын өзіне тән жалынды сөздері арқылы лирикалық сурет, көріністер, елестер берумен бірге саналы да сапалы образдар, сюжеттер, характерлер жасайды. Адам образы – қайғы-қасірет, не шат-шадыман, қалыпты характер ретінде, жан-жүйені толқытарлық ыстық наздармен жырланса, ол көңіл-күй лирикасын құрайды. Жастық жүректің тебіреністерін, сүйіспендік сезімдерін жырласа – махаббат лирикасы екені мәлім. Адамның айналасын қоршаған әлем суреттелсе, табиғат лирикасын, қоғамдық, әлеуметтік мәселелер қозғалса, азаматтық лирикалар дүниеге келеді. Ақын лирикасын біз де осы тұрғыдан шартты түрде жікке бөліп қарастырмақпыз. Жүрек пернесіне дір еткізер нәзік сезімге толы жұмсақ лиризм де табылады. Тұрмағамбеттің «Құлпы қыз», «Сымбатты сұлу», «Ақ Жібек», «Сұлу қыздың кескіні», «Сыр бойы», «Жыл келді», т.б. өлеңдері - нәзік те әсем назымдары нағыз поэзияға тән нәзік лирикалар. «Сымбатты сұлу», «Ақ Жібек», «Сұлу қыздың кескіні» деп аталатын өлеңдерінде сұлу қыз жігіттің қол жетпейтін арманы, оған әркімдер де ұмтылады деп, сұлу қыздың сырт пішініне де ерекше көңіл бөліп, сұқтана суреттейді. Өлеңдерінен ақынның өз көңіл-күйі де аңғарылады. Сүйкімді жанға жан күйігін жасырмай айтады. Яғни, махаббат лирикасынан ақынның сұлулыққа көзқарасынан бастап, гуманизмге дейінгі талай қырын аңғарамыз. Ақынды тебіренткен, сұлу қыздың мінез-ұүлқы, жан сұлулығы мен тән сұлулығын тіршілік құбылыстарымен салыстыра жырлайды. Мысалы, «Сұлу қыздың кескіні» деген өлеңінде:
Ғашықпын ғайыпыңа сырттан арзу,
Су мысал сұлу сөзің шәмшадағы /бұлақ/
Осындай арнап жазған сәлемімді,
Аяқсыз ұят жастың тастағаны, - дей келіп, «Ақ Жібек» өлеңінде қызға деген қалтқысыз көңілін ақтара тебіренеді:
Назбенен қылығыңды көрген кезде,
Елжіреп қорғасындай кетті-ау ішім!
Шайқалып қызыл гүлдей сен тұрғанда,
Менің де басқаменен жоқ жұмысым!
Сүйген қызға көңілін осындай назбен білдірген. Өлеңде сұлу қыздың сырт пішінін сұқтана суреттеген ақын өз көңіл-күйін шертіп, ақындық сезім арқылы ішкі жасырын сыры мен шынын сыртқа шығара біледі. Махаббат билеген жанның ішкі сезім дүниесін, наз-сырын ақтарыла асыл сөздерімен жалындата жырлайды. Махаббат мотивін әлеуметтік арманмен де ұштастыра біледі. Ақын екі жастың жүрек соғуы, кеуде керген арманын, кіршіксіз сүйіспеншілік сезімдерін көңіліне құя, төндіре жырлай алады. «Сұлу қыздың кескіні» өлеңінен бірер мысал:
Жайдары жатық мінез, сөзің шырын,
Бәһамын /ақыл-ойын/ хат сияқты баспадағы.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақ дидарың,
Көңілімді ғашық отың басқалады,
немесе:
Керіліп кер маралдай өтіп жүрсің,
Оқ жетпес оқшау жерде атса-дағы.
Көркіңді көрген кісі көп ойлайды,
Ғашық боп тұрса-дағы, жатса-дағы.
Адамның ең қастерлі сезімін жырлап, ғашықтық, махаббат сезімдерін төгілткен. Адам психологиясын, эмоциясын, темпераментін жете түсінген ақын сұлу қызға берілген баға жан сұлулығы мен тән сұлулығының қатарласып келуін тамаша келісті мүсіндейді. Жоғарыда аталған өлеңдерінде лирикалы образдар мен нәзік сезім көріністерін ақын тап басып, тамаша бейнелеген сияқты. Махаббаты жырлауда жан сезімін табиғат көріністерімен де шебер байланыстырады. Ақынның махаббат лирикасы классикалық әдебиетте жырланатын өлеңдермен деңгейлес. Қазақ әдебиетінде сұлудың сипаты, аттың сипаты, батырдың сипаты мен кескін-келбеті, лирикалық кейіпкердің тебіреністері, толғаныстарын жырлау дәстүрге айналған. Осы орайда Тұрмағамбет ақын да ақындық суреткерлікпен қазақ аруларының бейнесін жасаған. Оның өлеңдерін оқып отырып махаббат сезімі, ықыласы сұлуға деген ынта-зарын байқауға болады. Оның махаббат сөзін арнаған қыз-келіншектері образға бөленіп, өлең жолдарымен өрнектелген. Мәселен, «Сәлем хат жауабына жаздым, Күләш» деген өлеңінде ақын сұлуға ынтық көңілін былайша береді.
Көз салып, әйел тобын араладым,
Бұрылып бәріне де қарамадым.
Қызыл жүз, қызғалдақты болғанменен,
Білімді болмаған соң қаламадым», - десе, «Бибігүл, қоштадың ба айтқан көшті» өлеңінде:
Аламын өмір серік етіп шырақ,
Ойлама айтады-ай деп өтірікті.
Нар болсаң, нарқы қымбат нарау тартпай,
Ойдағы орынға алар артқан жүкті, - дей келе, арулармен өмірдегі нақты ара-қатынасы, ғашықтық сезіммен өрнектеледі. Ақынның ғашықтық жырларында Алтынкүл, Мәдина, Айзада, Мархаббат, Айым Бибіш тағы сол сияқты әйелдер аталады. Оның сезіміне ерекше әсер еткен аялау, ардақтау, қастерлеу, күйіну, сүйіну, құмарту, құштарлық, сағыныш сезімдерінен туған көңіл сырларын білдіретін махаббат лирикалары суреткерлік шеберлігін айқындай түседі. Табиғатпен сырласқан жандардың монологы, диалогтары жаратылыстың өзімен тілдесіп, мұңдасып жарасымдылық табады. Адамның қатынасынсыз табиғат сұлулығы жоқ деп білген ақын сезім арқылы адамзатты табиғат сырына үңілдіреді. Мысалы, «Жыл келді» өлеңінде Тұрмағамбет жазғытұрғы мал-жанға түгел жайлы нұрлы табиғатты қасын керген, күлім көз, ақық ерін, алтын тұлымды жас сұлу бейнесінде әсем сурет жасайды. Ал жануарлардың көңілденген шағын алдына ұлын алған ананың мейіріміне ұқсатуы - үлкен жаңалық.
Күлімдеп, қасын керіп, келді жылым,
Сұлудай ақын ерін, алтын тұлым.
Көркейіп, көңілінен кетті кірбің,
Көргенде кім де болса мұның түрін.
Жел есіп, өңменімнен иісі әтірдей,
Көтеріп барлығы да қалды мұрын.
Жай болып жан-жануар, жайраңдады,
Әлдилеп, ана алғандай алдына ұлын, - деп табиғат суреттерін көркем бейнелеген. Адам да жан-жануар да жадырап, иісі аңқыған жазғы жел мұрынды жарады деп, табиғатты күнделікті адам өмірімен байланыстырады. Жаратылыстың көркемдігін, табиғаттың сұлулығын, туған өлкенің әсем бейнесін шынайы сезіммен суреттейді. Сезімтал, аңғарғыш ақын табиғат суреттерін жасау арқылы өзінің болжам-ойларын де толғайды. Қазақтың сақара тіршілігін, қазы қаңқылдап, бұлбұлы сайрап, малы төлдеп, табиғаты жасарып, жаңа ұрпақ дүниеге келіп, қойындарына қуаныштары сыймай жатқан саятты шағын әсерлі де, әсем жырларға бөлейді:
Сәһәрада сандуғаш пен бұлбұл сайрап,
Қой қоздап, туып жатыр жылқы-құлын.
Аспанда ел біткеннің екі көзі,
Есітіп қаңқылдаған қаздар үнін, - деп жанды сурет жасайды.
Пейзаждық көріністерді жалаң жырламай, оқырман көңілін баурап аларлық суреттер арқылы көз алдыңа үлкен полотнодағы живопись туындысын ұсынады. Табиғаттың райына сай адамның көңіл-күйі, сырт шырайы жарасымды бейнеленеді. Қазақ әдебиетінде табиғаттың сұлулығын жырламаған ақын жоқ. Қазақ өсіп-өнген табиғат қандай сұлу болса, жаны да сондай сұлу. Тұрмағамбет өлеңдерінде табиғатты сүю, аялау, қастерлеу, сезіміне әсер еткен жағдайларды қалт жібермейтін ерекшеліктер бар. «Жаз болғаннан есіңе ал», «Жыл келді», «Көктем», «Күлімдеп керіп қасын келді жылың», «Қара жер –қар, тоң кетіп қойнын ашты» сияқты өлеңдерінде ақын табиғат-жаратылыстық әлем екенін аша түседі. Т.Ізтілеуовтің бір топ өлеңдерін көңіл-күй лирикасына жатқызамыз. Қазақ халық ауыз әдебиетінде көңіл-күй лирикасын жыл мүшел өлең, өтірік өлең, адамның өмір жасы, сағыныш жырлары, арнау жырлар, мұң-шер жырлар, көрісу, естірту, көңіл айту, жұбату, қоштасу, жоқтау т.б. деп бөліп қарастырамыз. Халқымыздың бай ауыз әдебиетімен сусындаған көркем сөз шебері Тұрмағамбет шығармаларында элегиялық сарынды мұң-шер сағыныш жырлары, адамның өмір кезеңін суреттейтін өлеңдер жиі кездеседі. «Мен қалдым қайғы-қасірет қапасында», «Кәрілік», «Кәрілік белгісі», «Көңіл», «Ой», «Түс», «Өлім-оқ», «Туған елге сәлем хат» және бірнеше Қармақшы, Қазалы, Шымкент түрмесінде отырып жазған түрме жырларында азаматтық, отаншылдық ойлары мен қатар мұң-шерге толы тебіреністері жан дүниесінің толғаныстары қайғы-қасіреті көркем кестелермен берілген. Мысалы, «Кәрілік көріністері» өлеңінде адамның өмір жасын суреттеп, кәрілік кезеңді:
Құрысын көрер күнің тоқсандағы,
Шаңырақсың қаусап қалған тек шаңдағы.
Ортада омақадай отырасың
Жұрт санар сені «адамға жоқ сандағы» [21. 36 б.]
Адамның өмір жасын суреттеу арқылы ақын қартайған кісінің тоқсан жаста мағынасыз өмір кешетінін суреттейді. Жастық кезең мен қарттық шақты салыстыра отырып, қартаю табиғат заңы, мәңгілік ештеңе жоқ, адам өмірге келеді, өмірден кетеді, сол өмірді мәнді, мағыналы етіп сүру керек деп, пәлсапалық ой түйеді. Көңіл-күй лирикаларына жататын өлеңдер тобына ақынның мұң-шер өлеңдерін жатқызамыз. Адамның ғұмырында мәңгілік қуаныш та мәңгілік рахат та жоқ. Тұрмағамбет басына қайғылы қаза, азапты сағыныш, қимастық қоштасу кездескенде, соның бәрін мұң-шер жырлары арқылы көрсетіп отырған. Көрісу, жоқтау, қоштасу, естірту, көңіл қос айту сияқты жырларда ақын тебіреністері арқылы торығуы, жан дүниесіндегі арпалысы айқындалған. Т.Ізтілеуовтің Әбдіхамит, Әбділғазиз, Әбділқай, Сахи атты ұлдары өмірден өткенде көңілқос-бәйіт жазған. «Мен қалдым қайғы-қасірет қапасында» атты өлеңі Әбділхамиттың өмірден өткенінде жазылған.
Арман жоқ Алла ісіне дегенменен,
Уақытсыз өкпе-баурымды остың балам,
Қалдырып, қайғы уайым қапасында,
Шандай-ақ шамал тиген өштің, балам, -деп ішкі мұң-шерін өлеңмен беріп отырған. Тұрмағамбеттің өмірден жеті перзенті өтеді, соның ішінде Әбіләзиз, Әбділхан, Сахи, Әбділхамиттерге арнап көңіл қос өлең жазған. «Ит дүние біле алмадым тұрағыңды» деген өлеңінде ақынның, жан тебіренісі, ішкі күйігі психологиялық болмысымен жырланған.
Ит дүние біле алмадым тұрағыңды,
Жайылттым із жоқ, түз жоқ қарағымды,
Боз жүнді, бостан жүрген ақбөкенше,
Алдырдым аш бөріге лағымды.
Сәскеде жұма күні сәтті сапар, Жөнелттім Сахи атты шырағымды [22. 224 б.] , - десе «Күйгің кетті балам өртеп ішті» атты өлеңінде:
Қайғырып, халқың, қалқам, қалды тегіс,
Ұшырып өзіңе ұқсас қыран құсты.
Болған соң ақыры осы әркімнің де,
Бұзудың керегі жоқ бұған түсті, - деп ақынның өзін-өзі жұбата отырып, Алланың ісіне пенде көну керек деген оптимистік ойын байқаймыз. Әбділәзиз деген баласы 25 жасында қайтыс болады. «Қарағым, қалқам, Әзизжан» өлеңін шығарып, аурудан айықпай, ем-дом жанына шипа болмай қайғыда қалдырдың деп езіле, егіле жырға қосқан.
Бағыңнан ұшып беймезгіл,
Тарттырып, қайғы налаңды,
Еңіретіп бізді қинадың, - деуі өлең ақынның ауыр күйзелісі, қайғылы кезінде жазылғанын аңғартады. Т.Ізтілеуов жазықсыз жала жабылып бірнеше рет түрмеге жабылады. Ақынның қапаста отырып, шығарған өлеңдерінде өмірге деген құштарлық, келешекке сену, оптимистік идея басым. Ол 1932-1937 жылдар арасында Қармақшы, Қазалы, Шымкент, Алматы түрмелеріне қамалады. Абақтыда отырып, жазықсыз жапа шеккендер тағдыры, түрменің ішіндегі ауыр тұрмысты суреттеп жазған жырлары да көңіл күй лирикасына жатады. Қармақшы түрмесінде 1932 жылы жазылған «Көп екен көргеніңнен көрмегенің» өлеңінде:
Көп екен көргеніңнен, көрмегенің,
Жақсы екен бәрінен де өлмегенің.
Болғасын атың адам, асылың лай,
Бола ма басқа дауға көнбегенің.
«Сары алтын сабыр түбі» деген болып,
Көрерсің ісіңді Хақтың жөндегенін.
Баянды бақыт орнап бастарыңа,
Басылар бәріңнің де шөлдегенің.
Қосылып құдай қосқан қосағыңа,
Көрерсің ұл-қызыңның төлдегенін.
Шыдайық, әзіріне ете берсін,
Өзінің заң мен жоба, жөн дегенін. [22. 152 б.]
Ақынның түрме жырларының бірі Қазалы түрмесінде 1932 жылы жазылған «Кір болып көйлек-ыстан қышындырды» деген өлеңі. Түрмедегі тұрмыстың жағдайдың нашарлығы, лас, биттеп кеткен тұтқындардың жай-күйі, бес, он жылдан соттауға шешім шығарған тұтқындардың бәрі де белгілі адамдар екенін
Азуы алты қарыс арыстанды, Замана миуалатып мішім қылды, [22. 63 б.] – деп қиын күндерге душар болғанын, енді Алла ескермесе, өзге сенер қалмағанына торыққаны сезіліп тұр. «Ақырын Алла өзі оңғармаса» атты өлеңінде де осы идеяны қайталайды.
Болған соң «түзеу үйі» тәмамнан да,
Кеулімді кеуіп-іскен бастым шүкір.
Жаламен жатқаныма жабырқаймын,
Сағынып соққан желін самалдың да, [22. 175 б.] деп жан сырын ақтарады. Бұл тақырыптағы өлеңдерінің көркемдік шешімі де көңілге қонымды, автордың ақындық мәдениеті жоғарылай түскендігін көреміз. Ақын өзінің өмірлік мұратына әрдайым адал, қай өлеңінде де жай жеке бастың мүддесін күйттеп, сезім жетегіне ілесіп кете бермейді. Азаматтың ар үні, әлеуметтік әуен басым түсіп жатады. Бір қарағанда түрмеде отырған ақынның жеке басының жабырқанқы кезі суреттелген деп ойлайсың. Ал шындығында, өлең өрісі әріге меңзеп, жеке бастың мұңы емес, керісінше, ел мұңын, халық мүддесін өз басының жеке қасіретімен байланыстырып, қатты қиналған азамат жанның тебіренісі сезіледі.
Болған соң тағдыр бұлай тәбдір нешік,
Түрмеге тықты әкеліп тағы қармап.
Әруағы атақты ерлердің жәрдем болып,
Бір құдай бәріңе де етсін аңдақ. [22. 163 б.]
Мұндай сабырлылық, кең пейілділік кез-келген жанның қолынан келмейді, оны сирек қабілетті адам ғана жасай алады. Тағдыр тауқыметіне басқа түскен ауыртпалыққа мойымай, қайсарлық, ержүректік танытып, адами қасиеттің қалай болатын үлгісін Тұрмағамбет таныта білген. Оның түрме жырларында ашық үгіт, насихаттан сыршыл сезімге, терең ойға қарай көбірек ойысып, шынайы поэзиялық өріске қарай бет алғаны байқалады. Түрмеде, қапаста жазған өлеңдерін жанрлық тұрғыдан көңіл күй лирикаларына жатады десек те, сағыныш жырлары, арнау, хат өлеңдер т.б. деп бөліп қарастырған жөн. «Жатқалы тұтқын үйде жеті ай болды», «Жоқ еді пол жууға жүдә ебім», «Епсіз ем ете алмайтын істі оңды», «Алдым деп төрт жүгері салдың түрме», «Айналасын кеулімнің кір алған соң», «Жүсіпбайға», «Үш қатын қашты абаздан таң алдында» тағы сол сияқты біршама өлеңдерінде елдің бетке ұстар азаматтарының түрлі саяси сылтаулармен түрмеге жабылып, қорлық көргенін шынайы суреттеген. Түрмені «түзеу үй» деп еліміздің рухани-әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізген солақай саясаттың әсерін анық көрсетеді.
«Дүниеге келгеннен соң мирас өлмек» өлеңінде:
«Қалайда қапыда өтіп кетем бе?» - деп,
Кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек.
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сипап, шаршап терлеп.
Бұларым ойынындай боп балалардың,
Отырмын «түзеу» үйінде енді шерлеп, - [22. 149 б.]
десе «Үш қатын қашты абаздан таң алдында» деген өлеңде жасы егде тартқан ақынды Ақмешіт түрмесінде қарауыл етіп қойғанға ұқсайды.
«Тұрамын түн болған соң қарауылда, Күзетіп жатқан жандарды қарауымда»,-деуі дәлел. Кезекті қарауылымда түрмеден үш әйел қашып кетеді, соны Тұрмағамбеттен көріп, әйелдерді қашырғанға санап, бұл жұмыстан босатылады. Осы тұстағы өлеңдері ақынның елеп-екшеп, Сыр шерткен, толысып-толғанғандығын байқатады. Ақын лирикаларында өмірден көрген-білген, түйгенін жалпылама жазбай елеп-екшеп жырлай білген. Қандай өлеңін жазса үлкен талап пен талғаммен қарап поэзия құдіретіне баса назар аударады. Өлеңнің өлмейтіндігін айтып, терең, ойлы сөз айтуды, сол ойлардың халық көңілінен шығуын қалайды. Т.Ізтілеуов Шығыстық дидактикалық өлеңдер үлгісімен қазақ әдебиетінде мәдениет қазынасын қалыптастырады.
2.2 САТИРА МЕН ЮМОРЫ
Қазақ поэзиясында молырақ дамығаны - сатиралық лирика. Лириканың бұл түрі түгелдей түйрей сөйлеуі мен шанша айтуымен ерекшеленеді. Т.Ізтілеуов өзінің сатиралық өлеңдерін тәрбие құралы еткен. Бұл өлеңдерінде ақын шиыршық атып, ашына сөйлейді. Сондықтан біз ең алдымен сатира мен юмордың табиғатына қысқаша түсінік бере кетуді жөн көрдік. Бұл жанрды зерттеуші Я.Эльсберг: «Сатира - болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс-тәсілі» [38. 27 б.]- дейді. Ал, А.П.Квятковский: «Сатира – болмыстағы жағымсыз құбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп қара сөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі» - деп анықтаған. [39. 253 б.] Қазақ сатирасын зерттеуші сыншы-ғалым Т.Қожакеев: «Сатирада ащы кескін, күлкі ету, мазақ қылу, жоққа шығару, үкім айту, адам қиналысын аңлау, адам жүрегінің түкпіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, тенденциялық пен қатаң әділдік, лирикалық сезім мен ғылыми талдау тоғысып жатады» [40. 12 б.] - деген. Осы пікірін дәлелдей келе ол сатираны да өз алдына жанр деп тану керек екенін айтады. Сатирада улы-зіл айтылып, алдына әшкереушілік мақсат қояды. Ал юмор болса жеңіл күлкіге негізделген, әзіл-оспақтық шығармалардың жиынтық аты. Сатира юмор жеке тұрып әдебиеттің бір тегі бола алмайды. Олар бір-бірін толықтырып, күшейтіп тұрады. Сөйтіп, екеуі әдеби бір текке жатады деген пікір орынды. Сатиралық өлеңдер /мысал, юморлық өлеңдер, мысал, пародия, карикатура, шарж, юморлық болып бөлінеді. Сықақ сөзі - әзіл-қалжыңға да, мысқылға да, сайқымазаққа да ортақ ұғым. Адам бойындағы кемшілік, жағымсыз әрекеттерді әшкерлеуде сықақ түрлерінің атқаратын қызметі әртүрлі болып келеді. Эпиграмма (әзіл-қалжың) сынайтын кісіге ізгі тілек, ниет білідіріп достарға қалжың ретінде күле айтылады. Юмор (мысқыл) мен ирония (кекесін) кісіні мұқата отырып зілді күлкімен беріледі. Бұл досқа да, жауға да айтылады. Ал сарказм (шенеу) – бұл ащы күлкі, тікелей жиіркенішті мінездерді әшкерелейді. Сондықтан сатира мен юморды күлкі десек, кімге, қалай күлу керек екенін ақындар пайымдап отырған. Тұрмағамбет те өзінің сатиралық өлеңдерінде жай кексіз күлкі, жеңіл мазақ, ұсақ қалжыңмен қатар қоғамдағы ірі-ірі мәселелерді сынайды. Ақын «Мәгәс молдаға» (1905) деген өлеңінде біріншіден дүмше, қараңғы молдалардың қулық-сұмдығын келекелесе, екіншіден, феодалдық ескі салтты қатты шенейді. Әсіресе, қожа-молдалар мен надан байлардың дін салтын ұстап, сол арқылы жұмаққа бармақ болған ниетін мазақ етеді. Мешіт ұстап, имам болған Құрбан молданы мазақтап айтқан өлеңі ел арасында осы күнге дейін айтылып жүр. Өлеңде жеке адамдардың моральдық мінін сынап, сықақтаған.
Болғанмен асылың – адам, атың - Құрбан,
Екенсіз, ес-ақылың тіпті құрған.
«Молдалық мәртебені таптым-ау» - деп
Сәлде орап, шыт шапанды кидің сырған –
Итке ұқсап өлімтікті тартқылаған,
Етесің үстел мініп ырғаң-ырғаң.
Бұнда жай кексіз күлкі емес, жеке құлқынның құлы, кейбір надан молдалардың әрекеттері арқылы қоғамдық мәселелерді сөз етеді. Елдегі молда оқыған сауатын ашқан адам ретінде өнерімен өтімді емес, дінге бой ұрғыш, кейбіреулерінің осалдығын пайдаланады. Надан діншілдікті, діни қараңғылықты сынайды. Міне, ақын осы жағымсыз қылықты жұртқа әшкерелеп масқаралайды. Зұлым молданың жиренішті қылықтарын әшкерелеген.
Ал, «Молдаларға» деген өлеңінде:
Мен, өзім – Мұхамедпін, қолым - алла,
«Қалай?» деп халыққа көрсет қолыңа ал да.
Баласы мұсылманның бола қойсаң,
Мұнымды «өтірік» деп ойыңа алма.
Айтсам да асылық сөз былайынша,
Күймеспін тозағыңа осы халде! – деп өмірге дүниеге деген көзқарасын осылай жырлайды. Өлеңнің сыртқы ұғымына қарай, мақтау, дәріптеу сияқты болғанмен ішкі ұғымында мазақ ету, ажуалау көрініп тұр. Бұл – жоғарыдағы өлеңмен салыстырғанда кексіз, жеңіл мазаққа құрылған өлең. Жалған сенімдерге қарсы пікірлер айтып, дүмше молдаларды әжуа еткен. Молдалардың теріс әрекеттеріне қарсы болып қоймай, қалжыңға айналдырған. Өлең түгелдей әжуа, мысқылға құрылған, дүниедегі барлық жақсылық адам үшін жасалу керек. Адал болу, елді сүю, уәдеге беріктік адамгершілік өлшемдері деген идеяны айтпақшы. Дін иелерін ғана айтып қоймай, елдегі менменсіген мырзасымақ, көкірек керген жеке адамдарды сынға алады. Олардың бойындағы түкке тұрғысыз надандықты әжуалайды. Тұрмағамбеттің оқшаулау тұрған сатиралық шығармасы – «Мырзаның мінезі»
Уайым жоқ, қайғы жоқ,
Есалаң ессіз, ыржаңбыз.
Жал мен жая тартылса,
Пышағы жоқ құр жанбыз.
Басқа бақыт қонған соң,
«Білікті» бірақ мырзаңбыз!
Қалайынша болғанмен,
Өмір бітсе күл жанбыз.
Ел ішінде ғылым мен білімді үйренбей, уақытын босқа өткізіп, ет жеп, қымыз ішіп, ел қыдырған, жұмысқа еш қыры жоқ мырзаларға ақын күле қарайды. Оқырманға олардан безерлік әсер қалдырып, көлемі шағын, қысқа өлеңде мырзаларды нағыз жексұрын адам бейнесінде суреттеп сайқымазаққа айналдырады. Ақын баяны жоқ, жылпос адамдардың ұнамсыз әрекеттеріне жирене отырып, адамдықты танытатын жақсы қасиеттерді ұсынады. Ең алдымен осы өлеңге қойылған аттың өзінде ащы ирония бар. Өйткені мұнда сөз болатын мырзаға тән жақсы мінез емес, керісінше сүйсінерге мінезі жоқ, шаруаға қыры жоқ, есалаң «мырза» атанып жүрген даңғой адамның оқшау құлқы дараланған. Өлеңдегі «Білікті бірақ мырзаңбыз» - деген жолдар бәрі әжуа, мысқыл. Бұл мысқылдың ащы сырын Т.Қожакеев өзінің бір мақаласында толық талдапты. [40. 15 б.] Қазақ ежелден әзіл-қалжыңды жақсы көреді. Әзіл үстінде артық кем сөздер айтылады. Бұл салт жастарды тапқырлыққа, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Жақсы әзіл айту, ақыл-ой сынасудың таптырмайтын тәсілі сияқты. Әзіл-қалжың әр түрлі жағдайда айтылады. Қыз бен жігіт, қатарлас ақындар, замандас адамдар арасындағы кісіге наразылығын білдіріп, сынасып-сырласу тәсілінің құралы болған. Тұрмағамбеттің де осындай әзіл-қалжыңға құрылған өлеңдері бар. Тұрмағамбет Тайман деген кісіні іздеп барады. Тайман, «қазір келемін» деп алдап, бір жеңгесінің үйіне кетеді де келмей қалады. Сонда Тұрекең әлгіге былай деп жазып жібереді:
Хат жаздым, жауап күтіп, інім Тайман,
Өнермен екі болмайды еткен пайдаң.
Мақсатың ойға алған орындалып,
Сұлуға кездесіпсің нағыз Айман... [41. 258б.]
Бұл сөз қақтығыстыру – аға мен інінің арасындағы наразылық. Көңілдегі сөздерін айтып, халық алдында Тайманның қулығын кекетіп, мұқату үшін ақын осындай өлең жолдарын арнап, кекесінді сөздерді орынды пайдаланған. Ақынның сатиралық өлеңдері өзі өмір сүрген заман, қоршаған ортаның шындығын сыншылдықпен бағалауға құрылған. Өмірдің жиіркенішті жақтары мен адамдар арасындағы, тоғышар, топас, надандық, қаскүнемдік, сайқалдық мінез қылықтарын зілді мысқыл, ащы әжуа, сайқы мазақ әзілмен шенеп беруде сөз өнерін ақын шебер қолданған. Мысалы,
Жүруші ем жақсы көріп Уатайды,
Ол айтқан Уатайдан дуа тайды.
Жұмысы жұрт көңіліне жақпаған-ды,
Халық біткен қалайда да «қу» атайды. [22. 184 б.]
Сатиралық өлеңнің әзіл-қалжыңға құрылған бұл түрінде ақын сынаған кісіге достық ниет білдіреді. Адам бойындағы асыл қасиеттің бірі – жайдары, жақсы мінез болса, ақын адамдардың мінез-құлқын салыстыра отырып, қорытынды шешім шығарады.
Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
Жақсыға жаман көзін ақырайтар.
«Тудым» деп – өзің туған мен де анадан»,
Недәуір аузын керіп нақыл айтар.
Аңсыз да алқымыңнан алса бөрі,
Көздерін «қайтесің?» деп бақырайтар, - [21. 50 б.]
деген өлең жолдарынан мінезсіз, парықсыз адамдарды тікелей әшкерелеп, жиіркенішті мінездерден тыңдаушысын сақтандырады. Ащы күлкімен шенеу арқылы кейбір дос болып жүріп, сыртыңнан өсекке таңатын, реті келсе дұшпандық әрекетке баратындардан басқаларды аулақтатып, сақтандыратын тәлімдік, тағлымдық мәні бар өлеңдері де баршылық. Мысалы,
Кей доста келісуден керісу көп,
Өсек пен өтірікке ерісу көп.
Көзге – дос, сыртыңнан қас, іштен – араз,
Сылтау қып сәл нәрседен жерісу көп,
Есепсіз бірін онға, онын жүзге,
Тірнектеп дау-жанжалды терісу көп,
Айналып бас жағы – өкпе, арт жағы өртке,
Дұшпан боп, досын ұстап берісу көп. [21. 52 б.]
Өлеңде ақын әлемдік классикалық әдебиетте қалыптасқан сыншыл көзқараспен кейбір доста кездесетін жағымсыз әрекеттерді уытты мысқылдайды.
2.3 ТОЛҒАУЛАРЫ
Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеп, тәуелсіз елдің еркін ой-санасы тұрғысынан төл тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды түгендеу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр. Әдебиет зерттеушісі ғалым Г.Ж.Пралиева: «Тәуелсіздік алып, рухани еркіндікке ие болған соңғы жылдарда бірнеше ғасырлық тарихы бола тұра арасында ақтаңдақтары мол ұлттық сөз өнерін өзінің бастапқы бар бояу – болмысымен сақтап, болашаққа жеткізу мақсатында жасалып жатқан игілікті істің бірі – қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша көзқарас бойынша қайта жазу және зерттеу мәселесі», - дейді. [42. 86 б.] Тәуелсіздікке қол жетіп, егемендік алған тұста, тарихқа үңіліп, өткенге көз жүгіртсек, жыраулар толғаған жырларда қоғамдық ойға қозғау салатын мәселе баршылық. Жыраулар поэзиясы адамзаттың ізгіліктерді еркіндікті көксеген шынайы үлгілер болды. Сол себепті де жыраулар поэзиясын да жаңаша қарастыру қажет. Соның ішінде жыраулар поэзиясы әдебиеттану ғылымында кейінірек зерттеліп, нақты ғылыми анықтамасын тапты. Толғау термелердегі ойшылдық, бодандыққа қарсы дүниетаным, келешекті болжау негізгі мәселе сыртқы жаудан елді қорғау, елге тыныштық әперу, ешкімге тәуелді болмау сияқты ойлардың көрінісі, оның қоғам дамуына ықпалы болғандығы анық. Толғау туралы зерттеген Б.Әбілқасымов, М.Жармұхамедов, Қ.Жұбанов, А.Байтұрсыновтардың ойын жинақтап айтсақ: «Толғау -халықтың тұрмыс-тіршілігінен алынған және көшпелі өркениет тудырған поэзия түрі». А.Байтұрсынов толғауды бірнеше топқа бөліп қарастырады: Яғни, толғау қазақ әдебиетіндегі сюжетсіз поэзиялық туынды, белгілі бір тақырып бойынша жыраудың ойлар түйіп, пікір білдіруі толғанысы дегенге келеді. Жыраулар толғауларында халықтың мұңы, мұқтажы, арманын айтып қана қоймай, өз ойын тұспалдап та кетеді. Жырауға жыр шығару үшін бір күш әсер етеді. Жаудан елді қорғау, ішкі ауыз бірліктің жоқтығы, ел билеушілердің әділетсіздігі байқап ойланады, ойы шермен ұласады. Сөйтіп жыраулық даналықтың ұласып отырған. Дана-жоғары деңгейдегі адамның болмыстың қасиеті десек, дана жыраулар өткенді таразылап, болашақты болжаған, ой түйген. Қазақ жыраулары ақыл айту, өсиет қалдыру, халықты бірлікке шақыру арқылы танылған. Демек «жырау» сөзін «дана» сөзімен қатар қолдануға болады. М.Әуезов: «Жыраудың мақсаты, міндеті – не болса сол көңіл ашар әлдене дерлік сөзді айту емес. Ол заман сынын, мезгіл, дәуір болжамын, тарихи оқиғаның мазмұнын, бағасын сөз қылады. Көбінесе, әрі жырау, әрі би болады» - дейді. [44. 17 б.] Ғұлама ғалымның осы пікірі жыраудың бүкіл болмыс, бітімін ашып береді. Жыраулар қоғамдағы әлеуметтік мәселеге көңіл бөлген. Әлеумет дегеніміз ел, жұрт, қоғам, халық. Демек, жыраулар әлеумет қамын ойлап, толғанған. Жыраулар поэзиясындағы басты тақырып әлеумет болса, сол әлеумет келешегі, еркіндігі, егемендігі, тәуелсіздігі, бодан болмауын басты назарда ұстаған. Тарихы жоқ ел – жетім, рухы төмен ұлт – жетім демекші қазақ елінің бостандығын, еркіндігін өз шығармаларына арқау еткен жыраулар поэзиясы тұнып тұрған бодандыққа қарсы ойларға толы. Олар ғасырлар бойы халық арманының жүзеге асуына айрықша еңбек сіңірді. Жыраулар жасаған рухани игіліктер тарих қойнауында ата-бабалар арманын бүгінгі күнге жеткізіп, ұлттық болмысты, тәуелсіз ел, азат ел болып, өзге жұртқа бодан болмауды насихаттай білді. Демек, бодандыққа қарсы күрес жыраулар поэзиясында көрініс беріп, ел тәуелсіздігін алғанша жалғасып жатты. Ғасырдан-ғасырға жалғасып жатқан жыраулардың бодандыққа қарсы үні, өзіндік қолтаңбалары, дүниетанымы, қоғамдық-әлеуметтік, тарихи жағдайлары, толғауларына арқау еткен мәселе қазақ әдебиетінде әдеби ағым әкелді. Олардың поэзиясындағы бостандық, тәуелсіз ел болу, ерлік, елдік идеясының бірінші кезекте тұруы да сондықтан. Жыраулар поэзиясы арқылы еліміздің өткен тарихына үңілу, олар армандаған болашақ, келешекті болжау тұрғысынан алғанда, зерттеп отырған жұмысымыздың ғылыми салмағы басым екенін айтқан абзал. Тұрмағамбет жырлаған мәселелер еркіндікті аңсау тұрғысынан келіп, көркемдік-эстетикалық, өре-деңгейі, шеберлігі, дүинетанымын саралай отырып қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси рухани жағдайларға баға беру де жөн. Қазақ поэзиясындағы ұлттық болмысты, өршіл рухты, азаттықты ерекше сезіммен, философиялық тереңдікпен жырлап көрсетті. Жыраулар толғаған қазақ тарихы, қазақы дүниетаным біртұтас ұлттық болмысқа негізделген. Әдебиет зерттеушісі ғалым Дихан Қамзабекұлы: «Тарих дамуының өз ырғағы болуы мүмкін, бірақ ол даму адамдар үшін соқтықпалы, соқпақсыз және бұралаң. Ой мен сезім оны осылай қабылдап қорытады. Әдебиет – сол ой мен сезімнің айнасы» – деп сипаттағандай [45. 471 б.], қазақ жыраулары өз заманының тыныштығын, еркіндігін, елдігін сезіммен қабылдап, болашақты көрегендікпен болжай білген. Жыраулар поэзиясындағы бодандыққа қарсы күрес қалайша көрініс табуының да себеп-салдарын айтып өтуіміз керек. Бұл күндері әлем назарын өзіне аударып отырған қазақ елі өрісті өнерімен, жыраулық поэзиямен де талайды таң қалдырған. Т.Ізтілеуов - толғау, терме поэзиясын өзгеше байытқан ақын. Тұрмағамбет толғауларын сөз еткенде, зерттеуші ғалымдардың толғау туралы айтқан пікірлеріне кеңінен тоқталуды жөн көрдік. А.Байтұрсынов: «Толғау қысқасынан айтқанда іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі, ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып, толғай алуда», - дейді [46. 226 б.]. Ал, Р.Бердібаев: «Таптық, әлеуметтік теңсіздік жайлаған ескі қоғамда елді тәрбиелеудің, өнеге таратып, мінезін жұмсартудың үлкен міндетін толғаулар атқарған. [47. 59 б.] Б.Әбілқасымов - қазақ толғауларын арнайы зерттеген ғалым. Ол өзінің «Қазақтың ауыз әдебиетіндегі толғау жанры» деп аталатын монографиясында: «Хотя мы не называем многочисленные стихи – толгау «отклонениями» в отличие от семи – восьмисложных, но вряд ли они в древности являлись токовыми. Скорее всего, разносложие было нормой для стихов толгау». [48. 51 б.] Әбілқасымов толғауларды формасына қарай бірнешеге бөледі. «Әдебиеттану сөздігінде» былай дейді: «Толғау – қазақ әдебиетінде сюжетсіз поэзиялық туындының халықтық түрі, белгілі тақырып бойынша ойлар түю, философиялық пікірлер білдіру пішіні». [19. 201 б.] Е.Ысмайылов толғауды формасына қарай екіге бөледі. Толғау – өлең, толғау – поэма деп, қысқа шығарма – толғау – өлең, көлемі ұзақ, сюжетті шығарманы - поэма деп атаған. [49] Толғаудың мазмұнына қарай С.Мұқанов нақыл толғауы, ереуіл толғауы, тіршілік толғауы деп атап көрсеткен. [50. 188 б.] М.Мағауин ойға құрылған толғау, сезімге құрылған толғау, лирикалық толғау деп үшке жіктейді. [51. 140 б.] Сөйте тұрса да, толғауға берілген бұл анықтамалар оның барлық сыр-сипатын жан-жақты аша алмайды. Толғау – ең алдымен жыраудың ой-толғамы, дүниетанымы, әлеуметтік болжамы, қоғам-дәуір құбылыстың көрінісі, ел мекені, жер-су тағдыры, табиғат танымы, өмір шындығының халықтың өткен-кеткен тіршілігінің терең философиясы. Толғауда халықтың өмір тәжірибесі қорытылып, көркем туындылар жасалады, келешек жастарға үлгі боларлық, ой саларлық пікірлер айтылады. Міне, осы сипаттарына қарай толғаулар бірнеше түрлерге бөлінеді. Толғау форма жағынан лирикалық өлеңге жақын монолог формасында келетін, мазмұн жағынан шешендік толғау, ақындық толғау, дидкатикалық-өсиеттік характерде болады. Т.Ізтілеуов толғауларын екіге бөліп қарауды жөн көрдік: ақындық, дидактикалық-өсиеттік. Өсиеттік өлеңдерін біз термелермен байланыстыра қарадық. Зерттеуші Р.Бердібаев: «Терме-толғау ауызша өсиет айтуда үлкен мән атқарады. Тұрмыс-салт, адам мінезінің нормалары, бала күннен қартайғанға дейін осы терме –толғауларда суреттелген, - дейді. [52. 248 б.] Жоғарыда біз келтірген толғаудың түрлері туралы пікірлер жалпы жыраулар толғауына сай жіктеулер. Ал Т.Ізтілеуов толғауларына келетін болсақ, оның да түр сипаттары – жалпы мазмұннан алшақ емес. Көп жерде аталған жіктерге сай келіп жатады. Біз ақын толғауларына түсінік бергенде жоғарыдағы ғалымдардың пікірлеріне сүйендік. Негізінен, Тұрмағамбеттің толғаулары да сол біз айтқан анықтамаларға сай, жан-жақты мәнді туындылар. Мұнда ақынның дүниетанымы, терең толғаныстары, әлеуметтік болжамы, өмір, дәуір шындығын баяндауы, өмірден қорытынды жасаған ақыл, нақыл тұжырымдары түгел қамтылды. Түр жағынан да өзіндік ерекшелігі бар, айтушының әр түрлі көңіл-күй сәтінде пайда болатын ой қорыту үрдісі де бар. Біздің Тұрмағамбет толғауларын төмендегідей топтарға жіктеп қарастыруды жөн көрдік: Тұрмағамбеттен толғауларын шартты түрде болса да үш түрге жіктеуді дұрыс санадық. Бірінші топқа жататын толғауларында ел, замана, жаңа қоғам туралы толғаулары саяси мәнді, адамгершіл ниеттегі толғаулары. Екіншісіне жеке кісілерге арнаған арнау, толғау «Ленин күн», «Ардақты азаматқа», «Горький жолдасқа», «Ақындарға айтарым» т.б. деп аталатын жеке адамдарға арналған толғаулары. Үшіншісі: нақыл ақыл, терме, мысал ретінде дидактикалық толғаулары. «Шәкірттерге», «Балаларым», бұларды өлең-терме-толғау, арнау-толғау, нақыл-толғау деп атауға болады. Тұрмағамбет толғаулары да өзінің бағыт-мақсатына қарай қазақ поэзиясында өзіндік ерекше орны бар шығармалар. Ескі форма жаңа дәуірде өзгеше мән-мағынада қолданылып, өзгеше сипатталған. «Большевик басшы, біз қосшы» толғауында жаңа заманды суреттеу арқылы төңкеріске дейінгі қазақ елінің, туған жері Қармақшының тұрмысы аса күшті жүрек отымен жырланған. Толғау туған жерге арналған. Ел суреті, оның өткенін, кекті жан ашуы, тамаша берілген.
Кім көрмеді Қармақшы,
Сенің жотаң, далаңды?
Кім көрмеді көшпелі
Өміріңді қараңғы
Бұл тирадада ақын аз сөзбен туған елдің тағдырын, көшпелі қазақ елінің бұрынғы қараңғы өмірін суреттейді. Ақынның осы толғауындағы негізгі сарын қалған толғауларында қайталанып, толықтырылып отырады. Қазақ елі бұрын қандай еді, енді қалай өзгерді деп ескі мен жаңаны салыстыра жырлап, жаңа өзгерістерді шебер толғайды.
Ханның зәрлі қамшысы,
Тас төбеңде ысқырып
Қасарысқан жеріне
Қадалды да қан алды
Жаңбыр көктен жаумады,
Су таба алмай қырылдық.
Өспей жатып қурады
Көктемдегі жас шыбық.
Қой қырылды далада,
Қойшы байғұс көз жұмды.
Қу сүйегін далаға
Байлар жатты лақтырып, - деп қазақ елінің ауыр тұрмысын, үстем озбырдан көрген зорлығын айта келе, жаңа замандағы өзгерістерді шабыттана жырлайды. Толғауда өмірлік мәні бар сұрақтарға халықтың өткені мен бүгіні және келешегі төңірегінде ой қорыту үлкен дайындық пен даналық жатыр. Халықтың ертеңіне ойшылдықпен қарап, тарихпен сабақтасып, жымдасып толысып-толғанғандығын байқатады. Тұрмағамбет толғауларының көпшілігі әлеуметтік мәселе төңірегінде өрбіп отырады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «әлеумет» сөзінің мағынасын «ел, жұрт, қоғам» ал әлеуметтік сөзі «қоғамдық» деген ұғымды береді. [53. 615 б.], демек, Тұрмағамбет қоғамда тұратын халықтардың болашағы, дамуын басты тақырыпқа айналдырған. Мысалы,
Халық үшін туған қас жомарт,
Мың барсаң да пір көрер.
Кеудесі зор, кеуіл пәсеңдер,
Мың айтсаң да бір көрер.
Малменен дос мәңгілер,
Қараңды көрсе бүркенер,
Туысы бірге болған соң,
О, дарих, бәрін бір көрер! [22. 118 б.] – дейтін терең мәнді толғауы бар. Бір қараған кісіге өсиет-үгіт сияқты көрінуі мүмкін. Анықтап ұғынған кісіге ақынның жеңіл ойдың иесі емес, халқының, ел-жұртының тағдырын толғағаны суреткерлікпен жаңа өрнек тапқаны байқалады. Әлеуметтік мәселені жырлауда жырау сөз салмағының тереңдігі мен мәніне, қажеттілігіне көңіл бөледі. Сөз шебері Т.Ізтілеуов қоғамдық деңгейдегі мәселелерді шешугеде ат салысып, халықтың ертеңіне терең ойшылдықпен қараған:
Қамын ойлап қарныңның,
Қайрама халыққа тісіңді.
Ел ізіңе ермейді,
Тазартып алмай ішіңді.
Ағайын болсаң араға,
Жолатпа сыпсың, пышыңды.
Алалық анық кетірер
Айбат пенен сұсыңды. [22. 111 б.]
Мысалға алынған осы екі толғаудың идеясы бір жерден шығады.
Кенет саған Қармақшы,
Не ғажайып кез келді!
Жотаң, далаң, гүл жайнап,
Танымастай өзгерді.
Жалпақ дала жаңғырып,
Әуенге-әуен ұласты.
Арық атыз – көмкерді,
Сусап жатқан көп жерді!
Колхоз малы суатқа
Ағыл-тегіл келді енді
Жасыл қоға жағада,
Баяу ғана тербелді
Тоқтау бермес тұлпардай
Жұлқынады жармалар.
Толғаудың бір жерінде ақын ауылдағы жаңа өмірдің сипатын, жаңа адамдар психологиясындағы түбірлі өзгерістерді, ауылға техниканың келуін, бірлескен еңбек берекесін былай бейнелейді:
Тракторлар қырдағы
Жер жыртады шаңдатып,
Гудок үні ауылда,
Жатыр бәрі жалғасып,
Алтын бидай, ақ күріш,
Күн көзіне таласып
Жайдары өңі даланың
Жатыр саған жармасып, - деп, туған жер табиғаты, тамаша суретін жырмен өрнектеген. Ескі мен жаңаны толғау түрінде осылай жырлаған. Отанымыздың ұлылығын, жаңа заман адамдарының еңбектегі ерлігін, оның қажырлы еңбегін жырлауда ақынға шағын лирикалық өлеңдердің өрісі тар көрініп, көлемді толғау, арнау, дастандар жазып, кең көсілгенге ұқсайды. Тұрмағамбет ақынның екінші салаға жататын шығармалары да мол дүниелер. Олар – жеке адамның басына арналған арнау-толғау. «Ленин күн» (1923ж.) толғау 101 жолдан тұрады.
Жер – жаһанды гүл жайнатты, -
Ленин – Күнім, құштарым.
Көркейтіп көңілін сайратты, -
Біздердей бұлбұл құстарын!
Сөздің түрі табылар,-
Бола қойса қостарың.
Халық біледі қалайда,
Қайсысын қалап ұстарын
Ел басшысы және оның көсемі В.И.Лениннің бейнесін 1923 жылы қазанда көсемнің көзі тірісінде жасаған.
Ленин басшың барында,
Еңбекші елім!
Енді не?
Болар ма екен еш қамын?
Тебіреніп айтқан осы бір толғауда көсемге шексіз алғысын айтып, еңбекші елдің болашағына сеніммен қараған. Жоғарыда аталған екі толғауында да халық түсінігі мен үлгісіндегі нақыл, өнеге, үгіт, насихат сарынын суреттеуден гөрі, хабарлауы, баян, ұран, дидактика-өсиет, ақыл-нақыл басым. Т.Ізтілеуов толғаулары қаншама жол болса да бір ұйқаспен бітеді және өзіне тән мотивтері бар. Ақынның дүние танымы, қоғамдық құбылыстың көрінісі де едәуір шындығы мен халық тіршілігі ұштасып жатады. Екпін, ырғақтары барынша әуенді. Толғаудағы басты идея – әлеуметтің болашағы, ел бірлігі, халықтың келешегіне үмітпен қарау деп ұққан, яғни марқайыс толғаулары деп қараған жөн. Жыраудың «Кереге уық тапқанмен», «Қайратты туған ер болсаң», «Қас масаты қағылса», «Қас жақсының қадірін» сияқты толғаулары жоғарыда айтылған пікірлермен ой үндестігі мен идеялық сабақтастығымен дәлме-дәл келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігінен алынған толғауларының бірі – намыс толғауы. Жалпы жыраулар поэзиясында намыс тақырыбы жерін-елін сыртқы жаудан қорғау және елдегі дау-жанжалды шешетін шешендер төңірегінде туындап отырған. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді», - деген халық даналығының өзінде қазақ халқының намысты қолдан бермейтін намысшыл екенін білдіреді. Елдің басына түскен ауыр жағдай, дау-жанжал тұсында бірлікке шақырып, алға жетелеп, намысын оятып отырған Тұрмағамбет толғауларының көпшілігі өткенге өкінбеу, келешекке сену, үміт күтуге үндейтін адамдардың намысын қайрайтын намыс толғаулары болып келеді.
Талабың оңға айналса,
Егізіндей емпеңдеп,
Ел ізіңнен қалмақ жоқ.
Бақытың тайса басыңнан,
Халық түгел қатын-балаң да,
Айтқан тіліңді алмақ жоқ, - деп [22. 118 б.]
немесе
Кең ойлы туған гөзелдер,
Көргенменен тарлықты,
Ақылынан танған жоқ.
Қысқа ойлы, қисық шекелер,
Қамқоршылық қылғанмен,
Айтқаныңа нанбақ жоқ, - деп [22. 119 б.] ойды дидактикалық сарында өрбітіп, ақыл-өсиетке ойысады. Тұрмағамбет ел тұтастығы елдің бірлігін көксеп, намыс тудыру мақсатында өзінің абыройын танытып, халықтың кеңдігін мойындатып, қажетті кезде намысты қолдан бермеуі мақсатында саясат та ұстаған сияқты. Дегенмен, жырау оқыған, білімді кең ойлылармен надан қысқа ойлайтын адамдардың арасын ажырату емес, ел тұтқасын сақтауға, талапты таланты, намысшыл болуға шақырып, ұлылық тағлым танытудың озық үлгісін көрсетеді. Т.Ізтілеуов толғауларында қоғамдағы күрделі мәселелерді көтеріп отырған. Оның адамдар бойындағы алуан түрлі қасиеттерді жырлап, моральдық болмыстарды реттеп отыратын өнегелік ұстанымы да мол. Жақсылық пен жамандық, ізгілік пен қанішерлік, адалдық-арамдық, достық-қастық, заман қайшылығы, адамның жас ерекшеліктерін жырлау ақынның дүниетамының жоғары екенін танытады. Тәрбие, мораль мәселесі – кең ұғым. Ол жөнінде философ ғалымдар философиялық категория десе, педагог ғалымдар тәрбие көзі екенін дәлелдейді. Философиялық сөздікте (латынша әдет-ғұрып) қоғамдық өмірдің барлық салаларында адамдардың мінез-құлқын ретету», - дейді [54. 283 б.]. Ал жыраулар поэзиясында тәрбие мәңгілік тақырыпқа айналып, ғасырдан-ғасырға түрлі қырынан жырланып, жалғасын тауып келеді. Тұрмағамбет адам өмірін, жас ерекшеліктерін жырлау арқылы мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі өтеді, бәрі өзгереді, - деген пәлсапалық ой түйеді. Мысалы:
Барады өмір арбадай,
Төмен қарай дөңгелеп.
Шығу жоқ енді қайтадан
Өр үстіне өрмелеп.
Жаратқан жоқ Жаппар Хақ,
Ешбір жанды «өлме» - деп.
Көремін небір гөзелді,
Жатқанын жұрттың көмбелеп, - деп түйін жасайды. [22. 120 б.]
Оның тіл ерекшеліктерін адам өмірі туралы жырларынан айқын көреміз. Әрқилы өмір белестерін жырлауда дөп басып, орынды сөз тауып, адамның қуаты, ой-сыры, мүмкіндіктері, өмірге көзқарасы жан-жақты ашылады. Адамның әрбір жас кезеңіндегі ерекшелігі табиғи шындыққа сай беріледі.
Мәселен:
Жаннан жақсы нәрсе жоқ,
Айырыларсың мұнан да.
Дүние деп халықты ұмытсаң,
Өлшеулі өмір шап-шағын,
Су сияқты құманда, - деген
Келе жатқан өлмей кімің бар,
Көзіңді салшы бұл маңға?!
Ажалдан аман қалам деп,
Бола көрме күмәнда. [22. 123 б.]
Толғауда ақын дүниенің өткіншілігін, құбылмалылығын, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайтындығын айта отырып, адам табиғаттың қонағы екеніне шек келтірмейді. Сондықтан өмірдің өткінші екенін ел-жұртқа мәлімдеп, адал еңбек ет, адамгершілік биігінен көрін деп тұжырым жасайды. Ақын толғауларында әрбір сөздің астарында қоғамды құраушы адамдардың қандай болмағы аңғарылып тұрады. Адам тәрбиесіндегі өзекті мәселенің бірі жақсы мен жаман әлем әдебиетінде жырланып келген. «Жақсы адамның белгісі шай орамал кепкенше», «Адамның аласы ішінде» деген халық мәтелінде қуаттап, адамға жаманнан гөрі жақсылық жасау әлдеқайда қиын екенін:
Жаманның күнде бір үйі кемиді деген,
Қонысын қасындағы көшіреді.
Басына байқаусызда бақан тиіп,
Бақадай «бақ» деп үнін өшіреді.
Жақсының жиын болып, күн-түн алды,
Татаусыз тал жібектей есіледі.
Қамқорлық қатарына қылғаннан соң,
Алла оның күнде бойын өсіреді. [22. 112 б.]
деген жолдарда жақсы мен жаман арасын ашып, терең пайымдаулар арқылы аталмыш қасиеттердің қажетін өзіңе ал, жақсылардан қалған үлгіні бойыңа жинап, үлгі ал демек. Адам бойындағы жақсы мен жаман қасиеттің ертеден келе жатқанын білген Тұрмағамбет ақын бұл сұрақтың мәнін ашуда бүгінгі танымнан алшақ кетпейді. Жақсы мен жаман мәселесі күрделі, оның шешімін табу да қиын деп жамандықтың белгісін:
«Өзім білем» дегені
Басына салған ойраны.
Өсек басты болады,
Қыздың жасқа толғаны.
Әзілдес болсаң ақымақпен,
Бәлеге басың қалғаны.
Жан түршігер жаман іс
Ағайын ала болғаны, - [22. 127 б.]
дей келе,
Көпке сөзін бергені,
Тастан соққан қорғаны.
Атаның атын жоймаса,
Баланың бәйге алғаны – деп, адамдардың мінез-құлық қасиеттерін салыстырмалы бейнелеп өрнектейді.
Жаманға жақсы адам ақыл айтар, Жақсыға жаман көзін бақырайтар, - [21. 50 б.] деп келетін дидактикалық толғауларында ойшылдық пен ғибрат сөзге толы өмірлік мәселені көтере білген. Біздің байқауымызша, Тұрмағамбет толғау жанрының шебері. Толғауларында маңызды қоғамдық, философиялық тақырыптар, азаматтық әуен кеңінен орын алған.
2.4 АРНАУЛАРЫ
Қазақ әдебиетінің тарихында жеке адамдарға, батырларға, ханға ұлы адамдарға өлең арнау – бұрыннан бар дәстүр. Арнау өлең жырлар жеке адамдарға, елге, жерге немесе хайуанаттарға арналып жазылады. Арнауда ақын өмір тәжірибесін жинақтап, басқаларға өлеңмен ақыл-өсиет айтады. Жалпы шешендік өнерде шешендік арнаулар біреуге қарата арнайы әзіл-қалжың, шешендік алғыс, қарғыс, бата-тілек, сұрақ-жауап, сәлемдер айтылады. Тұрмағамбет шығармалары, негізінен, шешендікке құрылады десек, көпшіліктің назарын аударатын хабар беретін, замана шері мен жеке адамның қайғы-қасіретін жырлап, сауал тастап, сол сұрағына өзі жауап беріп те отырады. Ақынның бір топ өлеңдері – белгілі ақындарға, өз замандастарына арналған. Т.Ізтілеуов өлеңдерінде ақындық поэтика формасының бірі арнаулар болып келеді. Профессор Қ.Жұмалиевтің және академик З.Қабдоловтың зерттеуі бойынша лириканың бұл саласын 3-ке бөледі. 1) Жарлай арнау – мұнда ақын көпшілікке жар салады, хабарлап, жыр төгеді. 2) Зарлай арнау – қайғы-қасіретке байланысты өкінішті білдіреді. Көбіне өлген ардагер адамға, заман шері жырланатын өлең. Ақынның өз көңілінің мұңы мен қайғысын айтады. 3) Сұрай арнау – екінші бір адамға не өзіне қайырлы сөз, сауал тастай айтылатын өлең. Болмыстың белгісіз жайын сұрауы да мүмкін. Арнаудың төртінші бір түрін фольклорист К.Сейдеханов патриоттық арнаулар деп қосқан. Арнаудың бесінші түрін Төрекқұлов Н. ұсыныпты. Ол әр түрлі мерекелерге арналған арнаулар /съезд, мерейтой, ардагерлеріне/ бар дейді\|36| Арнаудың осындай түрлері Ізтілеуов шығармаларында кездеседі, атап айтсақ, жеке ақындарға арналған жарлай арнау өлеңдері, көсемді, Отанды, еңбек ардагерлерін, т.б. мадақтаған ода ретіндегі арнаулары. Реті келгенде ескерте кетелік, академик М.Қаратаев: «Ода бізде мода емес, бірақ, өлең жанры деп қарамау керек. Ода аталмағанмен біздегі жеке адамдарға арналған мадақтау өлеңдерін ода жанрына жатқызуға болар еді. Басқа өлең тәрізді оданың да шағын, тың бояулысы тәуір» – деген-ді. [55. 382 б.] Қазақ поэзиясында жеке адамдарға арналған арнаулар – дәстүрге айналған көрініс. Сондықтан, шешендік сөздердің қазақ лирикаларындағы негізгі түрі арнауларды зерттеуші ғалым Б.Кәрібозов кандидаттық диссертациясында қазақтың көп лирикалары арнау түрінде болып келеді деп көрсеткендей біздің әңгіме еткелі отырғанымыз Тұрмағамбет лирикаларының басымы да көпшілігі арнаулар болып келеді. Ішінде нақты адамдарға бағышталған арнаулар көп. Структуралық және жанрлық ерекшелігіне келетін болсақ, арнау жеке ақындарға, табиғатқа, туған жерге арналып екінші жақта айтылады. Объектіні суреттеуден бастап, оған мінездеме береді. Арнауларда эстетикалық ғибрат берумен бірге адамның адамгершілік санасын өсіру, өз күшін, өз құқығын, өз бостандығын таныту, оның ерлік, Отанын сүюшілік сезімдерін ояту қызметтерін атқарады. Шешендік өнер де халықтың сана сезімін оятуға әсер етеді. Шешендік сөздерді зерттеуші ғалым Б.Адамбаев мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үшке бөледі. Ал шешендік арнау өзінің бастау бұлағын толғаудан алады. Ақындық арнаулар белгілі бір адамға арнайы түрде айтылған сәлем, сын, әзіл, бата, тілек, өсиет сияқты өлеңдер. Мұндай арнауларды ақын шығармаларынан көптеп кездестіруге болады. Жеке адамдарға арналған «Горький жолдасқа», «Ардақты азаматқа» (Ізмұхамбет Еділбаевқа), «Топ жарған төрт тұлпарға» (Бейімбет, Сәкен, Сәбит, Ілиясқа), «Ақындарға айтарым», «Өшпес еңбек» сияқты арнау өлеңдері бар.
«Ардақты азаматқа» (1939 ж.) деген өлеңінде:
Ардақты Ізмұхамбет інім саған,
Жасыңнан беріп еді білім саған.
Ел біткен айтқанымды екі етпей,
Қыздардай қиқарсып тұр қылымсыған.
Бұл шумақта ақын қазақтың оқыған азаматтарына, ел құрметтеген жігіттеріне мінездеме береді. Бұдан кейін ақын Ізмұхамбеттің өз басындағы игі істерді сөз етеді.
Жігітке қара айналған бақ айналад,
Осы анық, аңдауымда ырым саған.
Осы еткен әдетіңнен айырмасаң,
Байтақ жұрт берер сақтап сүрін саған.
Өлеңнің әрбір жолынан ағалық қамқорлық пен мейірбандықтың жылы лебізі сезіліп тұр. Ал, «Горький жолдасқа» /1936 ж./ деген арнауында:
Жаралып ұқсасына алтын теңіз,
Болып ең, Горький жолдас көркем сөздің
Сағынып жанарыңнан жас кетпейді,
Өзіңді обасында көрген көздің.
Бұл арнауда Т.Ізтілеуов ұлы Горькийдің тұтас бейнесін береді: портреттік пішінге сай суреттеп, оның рухани байлығын, қоғам қайраткері екенін көрсеткен. Сөйтіп, жеке тұлғалардың тарихи маңызын түсіндіреді. «Топ жарған төрт тұлпарға» деген арнауында адам арасындағы қарым-қатынас, ақындар арасындағы байланыстар да сөз болады. Өлеңнің соңында ол өзінің өтінішін де білдіреді:
Топ жарған ақын інілер,
Өздеріңе өтініш:
Қатарға қосып алыңдар,
Мен секілді кәріңді! – дейді.
Арнаулардың қамтитын мәселелері алуан түрлі. Оның ішінде тек жеке тарихи маңызын түсіндіруге меңзеген тұлғалар, нақыл ретіндегі өсиеттен басқа авторлық талғам, ниеттер кездеседі. Адамдар арасындағы қарым-қатынас тату-тәттілік, жастарға үлгі өнеге боларлық ақыл, өмірлік мәселелер қамтылып жатады. Ал, енді бір арнауларында ақын бата-тілек айтып, игілік білдіргендей мейір танытады. Мысалы:
Тұрғанда большевиктің бақыты өрлеп,
Бұра алмас бұйрығынан ешкім мойын.
Батырақ, кедей, диқан басын қосып,
Осы алған құтты болсын абыройың!
Өлеңде жаңа заманға құтты болсын айтып, халықтың келешегі мен үмітіне зор сеніммен қарайды, жаңалыққа қуанып игі тілек білдіреді. Ақын арнауларында көп кездесетін сәлем хат арқылы жазылған арнаулар. «Жаттап ал бұл сөзімді жаным, інім» өлеңінде:
Жатырмын үшбу форма үгіт айтып,
Зейіліңнің кеуілдегі байқап түрін.
Құнансың халыққа бәйге әперетін,
Болмайсың байқауымда енді құлын, - деп өсиет айтады. [22. 185 б.]
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі С.Сейфуллинге арнап «Жолдадым жанабыңа жазып хатты» арнауын жазады.
Қолқалап, Сәкен, сіздің «Қызыл атты»,
Жолдадым жанабыңа жазып хатты.
Қалай да ойлағанда өздеріңсің,
Жұрт үшін жинап жатқан түрміз атты [22. 187 б.]
Өлеңде ақын көсіле сөйлеп, Сәкен шығармаларына баға береді. Тоқсан толғауы ойға тобықтай түйін жасап, ақынға қарата айтылған сын дерлік. «Сұлтанға», «Керімге», «Құлмырзаға», «Өтебайға», «Әшірге», «Сақтағанға», «Салыққа» тағы сол сияқты сәлем хат арнаулары бар. Арнау жанрындағы ақын шығармаларын хат өлеңдермен байланыстыра қарауға болады. Оның хат өлеңдерін шартты түрде болса да бөліп қарастыруды жөн көрдік. Түрмеде отырып, қапаста жазған хаттары, Алматыдан елге жазған хаттары, ел ішінде ақындармен хат арқылы хабарласуы, жазба айтыстарындағы хаттары, махаббат сөзін арнаған хаттары, отбасына жазған хаттары, бәйбішесі Биғаға түрмеден жазған хаттары алғыс, бата-тілек, сәлем хаттары шешендікке құрылып, кейінгі ұрпаққа айтылар өсиет пен ғибраттық үлгіге толы, мәні мен маңызының ерекшелігімен құнды. Тұрмағамбет арнау-толғауларының көпшілігіне тән құбылыс не десе, біз оның өлеңдерінің ақылгөйлігін атап көрсетер едік. Басқа ақын-шайырлар сияқты өзінің замандастарына, келешекке адамгершіл пікірлер айтып, жақсылыққа, адалдыққа, тату-тәттілікке үндеп отырған. Адалдық, әділдік, әкім болса халық қамын ойлау, батыр болса ел қамын ойлауды керек екенін, осындай шығармалары арқылы өсиет-арнау түрінде қалдырған. Сайып келгенде, Тұрмағамбеттің арнау өлеңдері өзінің мазмұны жағынан жалпы поэзиясындағы тақырыптан алшақ кетпейді. Мұнда да жеке тұлғалар туралы ой қорытылып, жақсы-жаман, жұғымды-жұғымсыз іс-әрекеттер термеленеді, толғанады, адамгершіл ақылдар айтылып, нақыл, тұжырымдар жасалады. «Тәлім» /1908ж./, «Адамдық іс» /1907ж./, «Мәнді сөз» /1908ж./, «Айтқанын тыңда ағаның» /1934ж./, «Не қызық?» /1905ж./, «Не артық?» //, «Опа жоқ» //, т.б. өлеңдерін халықтың келешек ұрпағына жететін өсиетті, өнегелі сарында жазған. «Не қызық?» өлеңінде:
Ұл мен қыздың қызығы –
Тілі анық шыққанша,
Мергендіктің қызығы –
Шомылып терге лыққанша,
Татулықтың қызығы –
Кеудеңнен жаның шыққанша
Өлеңде не нәрсенің болса да мәңгі емес екендігін көрсетеді. Өмірдегі адамзат қызықтайтын нәрсенің бәрі де мәңгі емес деп меңзейді. Әр нәрсеге байыппен қарауға баулиды.
Әйел жерден шыққан жоқ –
Ол еркектің баласы.
Ерлер көктен түскен жоқ
Әйел – оның анасы, - деп әйел мен еркектің теңдігін айтып, еркек пен әйел бір заттың екі жағы секілді, ерлердің өзі анадан жаратылады, алыптарды да ана туады, сыйластықты әйелден бастауға үндеп, кейінгілер осы насихаттан нәтиже шығарса абзал деп болашаққа сенім білдіреді. Жастарға ағалық ақылын айтып, ізгі ниеттерін термелейді. «Айтқанын тыңда ағаның» /1934 ж./ атты арнауында:
Айтқаның тыңда әрқашан
Алдыңдағы ағаңның
Ойласам олар емес пе,
Бұрыннан қалған бағалың?
Үлгі-өнеге үйренбей,
Қиялды қиын табарың.
Бұл – өткеннің өсиеті,
Бар ма онан хабарың? – дейді.
Ақынның арнау, толғаулары күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоймаған құнды шығармалар. Өзіндік айтылу мазмұны бар арнау өлеңдері ақынның поэтикалық мол мұрасының бірі екені даусыз.
2.5 ХАТ ӨЛЕҢДЕРІ
Сыр сүлейлерінің шығармаларын зерттеген уақытта әдебиетшілер болсын, тарихшылар болса да ең әуелі олардың өмір сүрген уақыты мен сол кездің әлеуметтік жағдайына көңіл аударатыны анық. Осы тұрғыдан келгенде, ХХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі Сыр бойы ақын-жазушыларының көркем өнердегі алар орны бөлек, шоқтығы биік. Олардың қатарында ел танып үлгірген, қазақ әдебиетін зерттеуші майталмандарымыздың өздері әділ бағасын берген ақын-жырауларымыз: Нұртуған, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Таубайдың Жүсібі, Нартай, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар, т.б. бар. Ал біз зерттеуге тиек еткелі отырған Тұрмағанбет Ізтілеуұлы – аталмыш ғасырда әдебиетке жарқ етіп келген ақын, жырау. Тек Сыр бойы емес, түгел қазақ халқының рухани байлығын сөз еткенде, жыраулар поэзиясының алар орны ерекше. Осы ретте Т.Ізтілеуұлының жыраулық және ақындық талантын даралап айту керек те. Десек те, сол ақындық, жыраулығымен қоса, оның артына бай мұра етіп қалдырған тағы бір қазынасы – хат өлеңдері. Әдебиет саласындағы хат жанрының шығу тарихы өте ертеден бастау алады. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, ертедегі хаттар Грекияның алғашқы жазбаларынан табылса, Азиядағы халықтың байланысу элементтері тасқа қашалған таңбалардан көрінеді. Ал ағылшындықтар мен француздардың, орыстар мен немістердің бай тарихы мен ғашықтық сезімге құрылған, әлемдік классика үлгісіндегі хаттарының шоғыры да есепсіз. Осыдан-ақ біз, қазіргі «алыс-алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» неше түрлі телефондар мен айфондардың рөлін атқарған «сымсыз байланыстар» тарихының әріде жатқандығын көреміз. Ал қазақтың халық поэзиясындағы хат өлеңдерді зерттеуші ғалымдар әртүрлі қарастырады. Бұл жанрда ауыз әдебиетінің де, жазба әдебиетінің де элементі бар. Өзінің композициялық құрылысы жағынан дәстүрлі хат, өлең хат поэзияға қажет. Бұл жанр қазан төңкерісі кезінде де кең өріс алған. Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезеңіндегі хаттың рөлі ерекше. Хат өлеңдеріне: Б.Кенжебаев, М.Жармұхамедов, К.Сейдехановтар тиісті бағаларын берген. Ал Н.Төреқұлов хат өлеңдерді халық лирикасының бір түрі дей келіп, былайша топқа бөледі:
а) Ақындардың бір-бірімен хат арқылы хабарласуы;
ә) Қыз бен жігіт хаттары;
б) Жазба айтыстар ретіндегі хат өлеңдер. [56. 126б.]
Ал зерттеуші ғалым, публицист К.Қамзин хаттың бірнеше түрлері мен қоғамдағы айшықты маңызына баса назар аудара отырып, былай тұжырым жасайды: «...Хаттың деформацияға ұшырауы, оның жанрлық метамарфозасы да тап осында жасырулы. Қоғамдық қатынастардың ұйысуы салдарынан хат бірте-бірте жеке бастық, тұрмыстық-коммуникациялық, интимдік (лат., фр. Іntіme – терең сезім, жүрекжарды, жасырын сыр) шырайларынан айрылып, проблематикалық эпистолярлық публицистикаға айнала бастады...». [57. 122 б.] Міне, аталмыш зерттеушілердің көрсеткеніндей, хаттың қоғамдық маңызы бар мәселелерді көрсетіп қана қоймай, шешудің жолдарын іздестірудегі атқарар қызметі орасан зор. Осы тұрғыдан келгенде Тұрмағанбет ақынның хаттары ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Ендеше, хаттарды сөйлетсек... Бұл жанрда ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің элементі қатар бар. Өзінің композициялық құрылысы жағынан дәстүрлі хат, өлең хат поэзияға керек болған. Бұл жанр қазан төңкерісіне дейін де қазақ поэзиясында бар. Әсіресе 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде кең өріс алған. Хат өлеңдеріне Б.Кенжебаев, М.Жармұхамедов, К.Сейдеханов, Н.Төреқұловтар еңбектерінде тиісті бағалар берілген. Оңтүстік Қазақстан ақындарында хатпен өлең жазу дәстүрге айналған. Сондықтан Т.Ізтілеуовтің бұл жанрды қолдануы таңқаларлық емес. Бұрынғы қалыптасқан дәстүрлі түрді кең қолданып, оны дамытуға үлестес болуды орынды демекпіз. Бірақ оның бұл саладағы туындыларын кемітуге болмас еді. Себебі, онда алуан мәселе жырланып, халық игілігіне қызмет еткен. Ақынның хат өлеңдерінде оның ішкі жан дүниесі, Отан, ел, ақындық, адамгершілік, өмір өткелдері жырланады. Хат өлеңдері жазба әдебиетінің дәстүрінде дамыған. Оның бұл жанрдағы өлеңдерін оқығанда, жазба әдебиетінің ауыз әдебиетімен байланысын нығайтқаны байқалады. Мысалы, «Сәкенге сәлем хат», «Туған елге сәлем хат», «Тар замана» деген хат түрінде жазылған өлеңдерінің маңызы осындай. «Сәкенге сәлем хат» - ақындардың бір-бірімен хат арқылы хабарласуы. Өлең 1936 жылы жазылған. Онда ақын қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылар Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит шығармаларымен жақсы таныс екенін айтып, шығармаларын баспадан шығаруға көмек сұраған. Өзінің бай мұраларын кітап етіп бастыруын өтінген.
Қолқалап, Сәкен, сіздің «Қызыл атты»,
Жолдадым жанабыңа сәлем хатты, –
дей келе, екінші бөлімінде:
Жақсы адам жатық мінез, кішік болар,
Кигені кілең торқа, ішік болар.
Халықтар қай жердегі құрмет етіп,
Таласып сарқытынан ішіп болар.
Жаманның өзі – жерде, көзі – көкте,
Көңілі үрген местей ісік болар.
Сырты – адам, сыйқы – адамдай болмаған соң,
Сұп-суық, көп көзіне үсік болар. [21. 82 б.]
Дәстүрлі өлең хатта Тұрмағанбет жырау жақсы мен жаманды, адамгершілік пен зұлымдықты салыстырады. Хаттың негізгі идеясы – әркім өзінің көпшілік үшін істеген еңбегі арқылы ғана бағалы дей отырып, өз еңбегінің мән-мақсаты да ел мүддесі екенінен хабардар етеді. Қазақ әдебиеті тарихының қай дәуірін алып қарасақ та, ақын-жырау, жыршы, жазушылар шығармашылығанда эпистолярлық жанр көптеп кездеседі. Тіпті, бұған ат ізін салмағандары жоқтың қасы. Осыған қарап-ақ, хаттың, оның ішінде, хат өлеңдердің қоғамдағы алар орнының маңыздылығы айқындала түсетіндей. Сондықтан да Т.Ізтілеуұлының бұл жанрдан шет қалмауы да таңқалдырмайды. Оның бұрынғы дәстүрлі түрді кең тыныста қолданып, оны дамытуға үлестес болуы орынды да. Үлес қосқаны өз алдына, егер ақынның жазған хаттары сол қоғамның ойынан шығып, кәдесіне жарап жатса – нұр үстіне нұр. Осындай хаттар шоғыры Тұрекеңде аз емес. Мәселен, «Туған елге сәлем хат», «Тар замана», «Мақатқа хат», «Әділдік жайлы арыз», «Ардақты азаматқа», «Түрмеден хат», т.б. хаттары – Сыр бойы ғана емес, бүкіл қазақ даласының мұң-зары мен арман-тілегінен құралған дүниелер. «Тар заманасында»:
Ей, Мақа, сау ма денің, уақытың қош па?
Арзумын жолығуға сіздей досқа!
Әйтсе де үстімізден қарайтындар
Жібермейді жалынғанмен бір дем босқа.
Сол себеп жанабыңа жазып сәлем, Қадірден Қошекеңді еттім почта [22. 152 б.],- деп, көңілі қаяу, жүрегі жаралы ақын өзі тұтқында отырып, Ақмешіт уезінің белгілі юрисі Мақан Шыналиевке оның ағайыны мұсылманша да, орысша да сауатты, кезінде болыстың хатшысы болған Қосжан Текебайұлы деген кісіден осы хат өлеңді жазып беріп жібереді. Дәл осы сынды 1935 жылы жазылған «Туған елге сәлем хат» өлеңі де қазақ поэзиясындағы туған елге деген сағыныш, сүйіспеншілікті паш еткен шоғыры биік дүние. Ақынның:
Қалайсың, қатар құрбы, аға-жеңге?
Аман-сау Алматыда жүрмін мен де! - деп басталатын хатынан асқақ рухты, кең тынысты қаламгердің сағынышқа толы жүрегінің лүпілі мен еңбекпен өмір сүріп жатқан алыстағы халқына деген ыстық ықыласын ә дегенннен білдіруге асыққандығын ұғуға болады. Осы өлеңіндегі:
Түзетуге тұрмысыңды сайман сайлап, Қонысқа атамекен аунап-көлбе! [21. 103 б.],- деген екі ғана жолдан ақынның туған топыраққа жете алмай, арманда аһ ұрып, сөйте тұра басқаларға деген көңілінің кеңдігін білдіргенін жазбай танимыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен бастау алған өзендердей әр облыстан шыққан ақын-жыраулардың, жыршы-термешілердің, көсемсөзшілер мен жазушылардың өз мақамдары мен сөз саптауларында, айшықты ойларында әр алуандық, өзгешелік бар. Тарихқа көз жіберіп, зерттеулерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан ақындарында хатпен өлең жазу дәстүрге айналған. Сондықтан, біз тілге тиек етіп отырған шайырымыз Т.Ізтілеуұлының сол қоғамда өмір сүре отырып, хат жанрында қалам тербеуі – заңдылық. Ақынның бұл саладағы өлеңдерінде оның ішкі жан дүниесі, Отан, ел, ақындық, адамгершілік, өмір өткелдері жырланады. Тұрмағанбет ақынның хат өлеңдері жазба әдебиетінің дәстүрінде дамыған. Оның аталмыш жанрдағы өлеңдерін оқи отырып, екі әдебиеттің (жазба, ауыз) байланысын нығайтқысы келген жазушылық мейірбандылығын, үлкен жүректілігін байқауға болады. Ұлттық әдебиетте «Шахнамеге» тіл бітірген Тұрмағанбеттің орны Сыр бойы ақын-жырауларының ішінде ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде ерекше аталады. Оның біз жоғарыда келтіріп кеткен кейбір «түрме жырларының» көпшілікке таныс болғанына да біршама уақыт болды. Десек те, бұл туралы ғалым С.Қосан: «Тұрмағанбеттің түрмеде жазықсыз жатқан кездерінде шығарған өлең-толғаулары да арнайы зерттеуді қажет етеді. Ақын қапаста отырса да қайғыға салынбай, алдағы жақсы күннен үмітін үзбейді. ... Әдетінше, шайыр таршылықта да адамға қол ұшын созатын бір ғана Алла мен Пайғамбардың барын жолдастарының есіне салып, онысын әр толғауында қайталаудан еш жалықпайды»,- деп жазады. [58. 4 б.] Ақынның: «Асығып, асылында мұқалмаңдар» атты өлең-хатында Құлнияз, Ырыс, Тілеу, Нұралы, Өтелерге алғысын білдіре отырып, кеңестік билік рақымшылық етіп, түрмеден босатар деген үмітін де ашық жариялайды. Ол сол биліктің жақтаушысы емес, оның өзіне көрсеткен сұмдықтарын ашына айтып, әділдіктің ақ таңы атарына сенеді. 1930 жылы жазылған ақын хаттарынан сол кездегі ұжымдастыру науқанындағы қуғындаудың нышандарын анық байқауға болады. Тұрмағанбет Ізтілеуұлының өлеңдерінен отбасылық хаттарды да көптеп кездестіресіз. Мәселен:
Болыңдар, сау-саламат, екі қалқам,
Сияқты ең бірің – кенже, бірің – марқам.
Бағуға бағлан қылып, күн тигізбей,
Жүруші ем жайып құшақ, болып қалқан...
Болып тұр сау саламат, біздің ғашық,
Күйініп «Кетер-ау»,- деп, ұзақ, қашық!»
Бар шығар барар жерде баста жазған,
Кемді күн тататұғын тұз бен нәсіп...
Саламат отырмысың, жаным кемпір,
Арада аса алмас бұлт, биік бел тұр.
Онда да уайымдап, үміт үзбей,
Өзіңді өте бағып, бапқа келтір [22. 181 б.],- деген жолдардан ақынның түрмеден қанша қажыса да сыр бермеуге тырысқан нағыз арыстан бейнесін бағамдаймыз, қайран қаламыз. Бұл – ақынның өзінің жарына, балаларына жазған тұрмыстық қатынастағы хаттар легі. Жұбайына арнап түрмеден жазған хатында ақынның сағынышы, жүрегінің лүпілі, келешекке сеніммен қараған оптимистік идеясы байқалады. Алты, Шайқы, Жүсіпбай, Қолдау, Жұбан, Оспан, Тайман, Өтебайға, Бибігүлге, Күлашқа, Айышқа, Алтынкүлге, Әмірге, Сақтағанға, Садыққа, Аманға, Махудбекке, Ізмухамедке, Есіркепке т.б. хат өлеңдерінде ақын замана, тарих, өз басының тағдырын ашып, өлеңнің мазмұнын түйіндеп хат арқылы жеткізеді. Қазақ тарихында өлеңмен хат жазысу ертең бар десек те, Тұрмағамбет хаттары жеке бастың жағдайын баяндау емес, қоғамдық маңызы бар мәселелерді көрсетіп қана қоймай, оны шешудің жолдарын іздестірумен ерекшеленеді. Жоғарыда аталған хаттарды мазмұны мен мәніне, жанрына қарай хат өлеңдер, арнаулар, айтыстар деп топтауға болады. Тұрмағамбет хаттарының көпшілігі: Тұрмағамбет шайырдың аталған хатттарында жеке бастың мәселесінен гөрі қалың елді сабырға шақыру, түбі бір әділдіктің орнайтындығына сену, сендіру басым. Публицистиканың қоғамдық пікірмен санасып, өзімен де санасуға үндейтін элементтеріне сүйенер болсақ, ақын хат өлеңдері дәл осы принциптің үдесінен шығады. Тұрмағамбет хаттарының мазмұны мен оның идеясы әркез ел бірлігі мен болашаққа деген сенімді құрайды. Оның хат өлеңдерін оқи отырып, айдаудағы арпалыс пен түрмедегі жан қиналысының ізін де таппайсыз. Сол себепті де оның асқан өршіл рухына таң қалмасқа лажыңыз қалмайды. Тұрмағамбет Ізтілеуұлының хат өлеңдері әлі де жіті зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Оның хат өлеңдері төмендегідей тақырыптарды қамтиды: Тізе берсек, ақын хат өлеңдерінің өзіндік ерекшеліктері таусылмастай көрінеді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені, өршіл рухты, кең тынысты ақиықтың хат өлеңдерінде тек қазақтай ұлтқа ғана тән сабырлылық, кең жүректілік пен дархандылық көрініс тапқан. «Туған елге сәлем хат» /1935 жылы жазылған/ өлеңінде де аман-саулық сұраудан бастап, туған елге деген сағыныш, сүйіспеншілігін хат арқылы баяндайды:
Қалайсың қатар-құрбы, аға, жеңге?
Аман-сау Алматыда жүрмін мен де!
деп, сағынышын айта келе, өлең соңында еңбекпен өмір сүріп жатқан халқына ізгі тілек білдіреді:
Түзетуге тұрмысыңды сайман сайлап,
Қонысқа ата мекен аунап-көлбе!
Сонымен, Тұрмағамбеттің хат өлеңдері де арнаудың бір түрі ретінде жіктеліп отыр. Біз сөз еткен хат өлеңдерін әлі де болса арнайы зерттеу абзал сияқты. Ақынның хат арқылы жазысқан айтыстарын зерттеу еңбегіміздің келесі тарауларында арнайы қарастырдық. Т.Ізтілеуовтің хаттары шешендікке құрылып, кейінгі ұрпаққа ғибраттық үлгі берерлік маңыздылығымен құнды.
2.6 ТЕРМЕЛЕРІ
Қазақ әдебиетінің тарихында терме – өзіндік мазмұн, мақсаты, көркемдік сапасы бар толғаумен туыстас жанр. Бұл – халық поэзиясы жанрының дәстүрлі түрі. Көлемі шағын арнаулардан көлемдірек, дастаннан қысқа, тәлімді сөз, көбіне домбыраның сүйемелімен орындалады. Н.Төреқұлов: «Терме көбінесе 7-9, 11-15 буыннан құралып, шұбыртпалы, шалыс немесе аралас ұйқас түрінде жырланады». [59. 126 б.] Адамдар бойындағы бар қасиетін мінез-құлық, қабілетін, адам өмірінің кезеңдері, оқиға құбылыстары, табиғат суреттері термеленеді. Терме – қазақтың халық творчествосының тақпақ сазды әуенінің бір түрі. Терме жоғары дауыста бастау әуенімен де, онсыз да орындала береді. Терменің желдірме, сарын сазды түрлері бар. Терме көбінесе жүрдек ырғақпен әуенге құрылып, соңы қысқа тұжырыммен бәсеңделіп аяқталады. Жіптіктей желдірме сарынды сазды термелер өзіндік музыкалық әуенімен тыңдаушысын баурағыш келеді. Р.Бердібаев: «Терме айту үрдісі өзге жерлерде де жоқ емес, дегенмен, олардың қай-қайсысы да мазмұн әсерлілігі мен сәнділігі, байлығы жағынан Сыр бойы термесіне барабар келеді деу қиын. Бұл өңір – жыршыларында әрбір өнердің ырғағына, құрылысына, мазмұнына сәйкес терменің де сазы өзгеріп отырады». [60. 43 б.] Бұл Сыр өңірінің термешілерінің өнеріне берілген нақты баға. Қысқасы, терме сазы өзгеше әсем, өшпес өмір әуеніндей мәңгілік мәнді сөз. Термені домбыраға да, қобызға да, сырнайға да қосып орындайды. Эпостық жырлар, толғау, айтыстар тыңдаушысын шаршатса, ерекше ән-әуенмен орындалу дәстүрі бар термелер айтылатын болған. Терме ақын ой тасқынын ұйқасқа сыйдыра алмағанда, үндестіріп шұбырта айтып, теріп ұйқас жасап, бір тұтас ой жігін бұзбай термелеп өлең айту деген сөз. Тұрмағамбет шығармашылығын сөз еткенде, жыраулық терме өнеріне тоқталмай кету орынсыз. Тұрмағамбет жырынан айқын байқалатын ерекшелік – шығыстың ғақлият лирикасы мен қазақ әдебиетіндегі шешендік, билік сөздерін, ақыл-нақыл термелер дәстүрлерін еркін меңгеруі. Ақынның бірсыпыра өлеңдері терме, насихат үлгісінде жазылған. Термелерінде жастарға үлгі-өнеге, кеңестер беріп отырады.
Ақынның әдеби мол мұраларында термелердің мынадай түрлері бар.
Осылардың ішінде мол кездесетіні дидактикалық термелер.
Сөзіміз дәлелді болу үшін ақынның «Адамдық іс» /1907 ж./ термесін келтіруге болады.
Күн шықса, нұр қашады айдан-дағы,
Жарлы артық, қайыры жоқ байдан-дағы,
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
«Бұл сөзді таптың, - деме, - қайдан тағы?»
Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан-дағы.
Алда – аға, артта – іні болып тұрса,
Жігітке ол бір құрал, сайман-дағы,
деген бар: «Төртеу түгел – төрге шығар!»
Төрің сол – бақыт құстың айналғаны.
Алтау боп – аузың ала бола қойса,
Дұшпанға құл боп анық байланбағы.
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады
Шабақтай шалпылдаған қайрандағы.
Адамдық ісіңе жұрт аңсап тұрсын,
Не керек, қарныңның құр майланғаны?!
Көңіліне: «Мен де адаммын» деп жүрген көп.
Кілегей майға ұқсаған айрандағы.
Ер болсаң, елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайландағы, - деп ақын асқан адамгершіліктің үлгісін термелеген. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге, жақсы қасиеттерді бойына дарыта білуге шақырады. Ер жігіттің ерлігі, еліне көрсеткен қызметімен бағаланатынын шеберлікпен суреттейді. Тұрмағамбеттің бұл термесі жігерге толы. Жастарды жақсы мінездерге, халықты қадірлей білуге шақыратын бұл терменің ғибраты керемет ғажап. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», бірлік жақсы деп «Кейбіреу сәл бақытқа мас болады, шабақтай қайраңдағы» дегендей, алауыздыққа жол беретін кейбір үстемдік өкілдерін сынап отыр. Гуманист ұстаз ақын өзінің алғашқы поэзиясында елді оқу-білімге шақырады, кісілік қуғандарға ақыл айтады. Сазды термелерінде айтылатын ойлар өте тереңде жатады, сондықтан халыққа арнаған тілек деп ұққан орынды. Жұртшылықты жақсылыққа, мейірімділікке, жаңаны игеруге, өнер-білімге шақырған қай өлеңін алып қарасақ та, тәрбиелік мәнін жоймаған. Термелерінде шешен ақын сөздің жүрекке жетерлік атымын, төте соқпағын іздейді. Сондықтан ақын өз ойын кейде тікелей үгітке құрады, айтайын деген дидактикалық пікір-ойлар нақты. Адам бойындағы мінез-қасиеттер тізіліп, термеленіп отырады.
Мәнді болса аз сөз артық,
Мәнсіз болып естілгеннен
Ауыз бірлік тату артық,
Тоз-тоз болып түтілгеннен...
Тура сөйлеп тұрған артық,
Өтірік айтып өтінгеннен.
Халық алдында қадір артық,
Көкке мойын көтергеннен.
Арылмай келе жатқан кесепат мінез, өтірік айту сияқты әрекеттерден оқушысын аулақтатады. Тақырып аясы – өте кең. Татулық, сыйластық өзінен өзі келмейді деп жақсы ойлардан үлгі алуды термелеген. Адам бойындағы жақсы қасиеттің бірі үлкенді сыйлау, үлкеннің ақылын тыңдап, бұрынғы бағалы ойлардан үлгі алу керек екенін ескертеді. «Кең ойлылармен кеңес қыл» /1908 ж./ деген өлеңінде жоғарыдағы пікірлер одан да гөрі ашыла түседі.
Бастарыңа бақ қонбас,
Әлсіздерді демеспей.
Мал-мүлкіңе масықпа,
Кедейлер адам еместей.
Талайлар толып төгілген,
Төңкерілген тегештей.
Адам өмірінде асып төгіледі, тасқын да қайтады, бірде тасып, өзінің мал-мүлкіне масаттанатындар өзін асыра бағалап, тасып төгіледі, сөйтіп жүріп те жығылады дегенді білдіреді. Ақын ақыл-нақыл өсиет өлеңінде сондай жұғымсыз қылықтардан аулақ бол деп сақтандырады. Адамдықтың, татулықтың, әділдіктің тегін Тұрмағамбет халықта деп біледі, сондықтан барлық үгіт-насихатының, нақыл өсиетінің соңында халыққа қызмет ету деген түйін түйеді. «Халық алдында қадірің артық», «Қайрама халыққа тісіңді», «Ізіңе ел ермейді», «Тазартып алмай ішіңді», «Қалайда қайрат қыл да халыққа білін», «Қолайлы өз халқыңа қызмет қыл» - деген өлең жолдары көп шығармаларының өнегелік өзегі іспетті. Тұрмағамбет кейінірек ақыл-нақыл өлеңдерді көбірек жазған, шығармаларының негізі – нақыл айту. Бірақ сол нақылды тікелей санамалап көрсетуден гөрі, өсиет, үлгі алатын сөздер арқылы береді. Кейде ол теріс мінездерге бұзық, ұрлық, жалқаулық, аярлық секілді қылықтарға да сын айтады. Өзіңді көпшіліктен жоғары ұстама, қоғамшыл болу деген сөз. Халық ішінде небір ойшыл адамдар бар, солардан үйрен демек. Сыр сүлейлері шығармаларындағы жыршылық, жыраулық, термешілік, суырып салмалық, шығыстық дәстүрлерді зерттеп, зерделеуде әлі қыруар жұмыстар күтіп тұр. Қазақ халқының рухани байлықтарының ішінен Сыр сүлейлері ұстаған дәстүр, оны жалғастырушылар мұралары маңызды орын алады. Әдебиет пен өнерде дәстүр мен дәуір, дәстүр мен жаңашылдық ара қатынасын, ұрпақтардың ара қатынасына байланысты қараған орынды сияқты. Терме айту үрдісі өзге жерлерде де жоқ емес. Дегенмен, Сыр бойы термесі олардан мазмұны, әсерлігі, сәнділігі, байлығы жағынан ерекшеленеді. Жүздеген тыңдаушыны ұзақ түндерде сиқырлап алғандай тапжылтпай отырып тыңдататын жасты да, кәріні де толғандыра алатын терме сазының әрі мен нәрін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл саздардан бірнеше ғасырдың сарыны еседі, қазақ елінің халық болып құрылуынан ілгерідегі Қорқыт заманының мақамы сезілгендей болады. Әрбір өлеңнің ырғағына, құрылысына, мазмұнына сәйкес терменің де сазы өзгеріп отырады. Бірде одан қанша қиындық көрсе де қайтпайтын халық ажары, өктем өршілдігі, бірге айықпас мұңы мен асыл арманы айқындалады. Біз сөз еткелі отырған Қармақшы жерінде алғыр ақындар, жүйрік жырау, аламан шайырлар көп болған. «Гүлді көріп гүл өседі» дегендей, бұл өңірде шайырлық пен жыраулық өнері өзіндік тамаша дәстүр қалыптастырған. Жырды, толғауды атадан балаға мирас етіп, жалғастырып айтушылықтың өте сирек, қымбат мұрасын да осы жерден кездестіреміз. Мәселен, Сыр өлкесіне қанықты әрі сүйікті терме әуендерін таратушының бірі – Жиенбай жырау болса, оның өнерін баласы Рүстембек, немересі Көшеней нақышына келтіре дамыта түскенін көреміз. Сыр өңірі жырауларының өзіндік әуені, мақамы бар екені баршамызға мәлім. Дегенмен, осы өлкедегі жыраулар кімдер дегенде зор мақтанышпен Балқы-Базар, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Жиенбай, Рүстембек, Көшеней есімдерін айтамыз. Ал, бұл ақын-жыраулардың еңбектері, ұрпағына қалдырған мұрасы қайсы дегенде азғантай дүниелерді көрсетеміз. Тұрмағамбет ақын:
Ақылың астам болғанмен,
Ойласпай етпе ісіңді.
Кескен тоның кеңеспен
Көрінер көзге пішінді.
Сондай-ақ «Қамын ойла халқыңның» деген терме өлеңінде:
Қайратты туған ер болсаң,
Қамын ойла, халқыңның!
Жетім менен жесірге
Өзі бол – жүзі жарқынның, - деп термелейді.
Ақын жастық дәурен, тіршілік, замана жайындағы пікірлерін көркем кестелеп, оқушысын еріксіз еліктіреді, мағыналы ой тастайды.
Қабанға қарсы ұмтылма, «ер» дегенге,
Сортапқа тұқым шашпа, «жер» дегенге!
Отырып өрт алдында, өртенбеңдер,
«Сабырлы саспайтұғын кер!» дегенге.
Орныңды о бастағы таппай қалма,
Төменнен тура ұмтылып, «төр» дегенге –
Талқанды «тәтті емес» деп теппе аяқпен,
Қарныңды қазы-қарта кернегенге.
/ «Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл» /.
Термеде Т.Ізтілеуов адамдар бойындағы бар қасиеттерін, мінез-құлық, қабілет т.б. айтылған. Қандай болмасын халыққа қызмет етуді негізгі мақсат етеді. Сондықтан өмірге қажетті деген түсініктерді ақыл-өсиет ретінде түйіндейді.
Жөнделмейді жұмысың,
Кең ойлымен кеңеспей,
Арнаның суы әл бермес,
Жұрт жиналып бөгеспей,
Бөгелгеннен не пайда,
Түрленіп шалғын көк өспей.
Көптің алсаң алғысын,
Боларсың биік дөңестей
Сескенер сонда дұшпаның,
Сенімен бойын теңеспей.
Бұл термелер де тікелей дидактикалық ақыл-нақыл термелер дәстүрінде жазылған. Тұрмағамбеттің көп өлеңдері халыққа, жастарға арнап өмірден түйгендерін термелеуге, уағыздауға құрылған. Ақыл сөз үлгісінде құрылып, өнегелі сөздердің тізбегіндей болып келеді.
2.7 ҒАҚЫЛ-НАҚЫЛДАРЫ
Т.Ізтілеуовтің қысқа тұжырымды ой түсіп, түйін жасаған нақылдары да бар. 1959 жылы шыққан М.Байділдаевтің «Ақындар творчествосы» деген еңбегінде /10 бетте/ Тұрмағамбеттің мыңнан ас мақал-мәтелдері бар деген. Ал, Р.Бердібаев 1960 жылы 12 январьда «Ленин жолы» газетінде «Тұрмағамбет ақын» деген мақаласында «Оның өзі шығарған мақал-мәтелдері де мыңға жуық», [61. 3 б.] - деп көрсеткен болатын. Біз мақалдарды халықтық шығарма деп түсінеміз. Ал авторы бар тұспалдарды нақылдар деп қарастырамыз, сондықтан Тұрмағамбеттің жоғарыда Р.Бердібаев, М.Байділдаев көрсеткен туындыларын мақалдары деуден гөрі, аталмыш шығармаларды дидактикалық нақыл деуді жөн көрдік. Абай Құнанбаевтың көптеген тұспал, нақылдары бар, бұлардың авторы бар болғандықтан Абай мақалы демейміз. Абайдың тұспалы, өсиеті, тәлім сөздері дейміз, себебі иесі бар сөздер. Сондықтан Тұрмағамбеттің нақылдары деу керек. Мақал не мәтелге берілген анықтамалар классикалық тұрғыда ешбір талас туғызбайды. Мақалдың ауыз әдебиеті жасаған тамаша философиялық, поэтикалық туынды екені, оның өмірден алатын маңызы, тәрбиелік мәні С.Сейфуллин, М.Әуезов сияқты классиктеріміздің айтқан пікірлерінде де толық ашылған. Оқулықтар мен зерттеулерде де аз емес. Солардың бір екеуінен мысал келтіріп кетуге де болады. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да, - дейді С.Сейфуллин – сол заманның тұрмысының қандай болғанын, тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұқсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді. «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі», «Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі», - деген ереже сөздер әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол заман тұрмысынан туған мұрадына ұсай туды деген сөзді қуаттайды». [62. 295 б.] М.Әуезов: «Мақал-мәтелдің молдығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық мән-мағынасы – осындай тамаша үздік шығармалар тудырған қазақ халқының өзінің де асқан ақындық дарынының, оның сарқылмас даналығының анық айғағы», - деген. [63. 334 б.] М.Ғабдуллин: «Ең алдымен әлеуметтік жағынан алғанда, мақал – үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой-қорытындысы болып келеді» [64. 79 б.] - дейді. Мақалдар өмірдің әліппесі сияқты десек, Тұрмағамбет ауыз әдебиетінің осы сөз үлгісін дамытқан, жаңа өзіндік тұспалдар шығарған. Оның қысқа қайырып, түйін жасаған нақылдары бұған дәлел бола алады. Ақынның үлкен мектебі Шығыс әдебиеті шешен ғақлияларға бай, оны да жақсы игеріп, адамгершілікке толы өнегелік сөздерді Тұрекең де маржандай тізбектеген ретті жерінде қазақтың мақал-мәтелдерін сөз кестесіне сыйғызған. Ақынның өткір де қанатты сөздері, даналық, тұспалдары қазір ел аузында, халыққа кең тарап кеткен. Халқына, жеткіншек ұрпағына қалдырған өсиетті өнегесі осы нақылдарын былай сұрыптап, мынадай түрге бөлдік: 1. Нақыл сөз – бұл мақалға ұқсас дәлелдеу мен қорытынды пікірі бірдей. Онда автор ананы істе, мынаны істе деп айтпайды. 2. Қанатты сөз. Бұл елге жаттанды болып, үгіт-насихатқа құрылады, қысқа бейнелі түрде айтылады, өсиет сөз.
3.Ақылгөйлік сөздер. Кеңес беріп, ақыл айтуға құрылады.
Мысалы: Ғылым – іштегі нұр,
Өнер – сыртқа салынған түр.
Білім – арзан,
Білу – қымбат.
Өнер-білім төңірегінде тікелей кеңес бермейді, жанамалап ақыл айтады. Яғни, ғылымды, өнерді игеру әркімнің жеке жұмысы, қалауын өзің біл деп көрсеткен.
Ақылсыз адам –
Ауыздықсыз ат.
Ақылдыға біткен сақал – жөн,
Ақылсызға біткен сақал – жүн.
Ақылдылық адамның асыл қасиеті, азамат болып өсуге, жоғары адамгершілік сезімге ие боп өсуге үндейді. «Жақсы ер – елдің туы», - деп қамын ойлап, кішіпейіл, ар-намысты ұста, жақсыдағы қасиет – ел-жұртын қадірлей білу екенін аңғартады. Қандай іске болса да ақылдылықпен қарауға дағдылан, асығыс соңы өкінішке тірелмек деп:
Сабыр – күн түсірмейтін сая,
Асығыс – аунатып кететін мая.
Саналы, сабырлы болу ақылдың көрігі деген түйіндеу жатыр. Ақыл иесі болу үшін азамат болу керек, сондықтан айтар сөзі жоқ адам ақылсыз демек. Айтар нақылы жоқтың – табар ақылы жоқ, - деп өмірдің әр қырынан ой түйіндейді.
Әйел жерден шыққан жоқ –
Ол да еркектің баласы.
Ерлер көктен түскен жоқ –
Әйел оның анасы.
Осындай ақын нақылдарының эстетикалық мәні де зор. Тәлім-тәрбиелік, насихаттық, өнер-ғылымды игеруге үндейтіні де көп. Жастарды адамгершілікке, гуманизмге тәрбиелейді. Еріншектік пен жалқаулықтан сақтандырып, еңбек етуге үндейді, өткір де, тапқыр ойлы сөйлеуге үйретеді. Өмірдегі барлық жақсылықты көңілге тоқып, зердеге сіңіруді көксейді. Қорыта айтқанда, терең мазмұнды, түйінді өмірдің өзінен ойып алынған қорытындылары көп. Біздегі мақсат ақынның өзіндік сыры мол, сөз асылы нақылдарын оқушыға таныстырып өту еді. Тұрекеңнің өз сөзімен айтқанда: «Адам баласы үш түрлі: Ел үшін, мал үшін, қатын бала қамы үшін». Осы нақылда дәлелдеу де қорытынды да бар. Тұрмағамбет тыңдаушыға олай істе, былай істе деп те көрсетпейді, оқырман бұл сөздерден өздері қорытынды шығарады. Сондықтан ақын тұспалдарын халықтық мақалдарға шатыстыруға болмайды. Өзіндік афоризмдер деп таныған жөн. Ғибратты, тағлым берерлік мәні бар, ойлы ықшамды, ұтымды түрде жеткізген, ойға құрылған мағыналы сөздер екені даусыз.
2.8 ШАҒЫН ШУМАҚТАР МЕН ТАҚПАҚТАРЫ
Шешендік сөздердің бірі – шешендік тақпақ. Тақпақтан сөйлеу, ойды нақты жеткізудің бір құралы болып табылады. Халықтың салт-санасына сәйкес, ойыңды, пікіріңді қысқа қайырып, өлең түрде ұйқастырып айтуды тақпақ өлең деп жүрміз. Тұрмағамбеттің қандай шығармасын алып қарасақ та, гуманистік, адамгершілік, ағартушылық мотивтерді байқаймыз. Надандық, қараңғылық адам бойындағы түрлі қасиеттерді сөз етеді. Ол шығыс поэзиясының үлгілерін қазақ халқының ұлттық қабылдау дәрежесіне, ұғымына бейімдеп жаза білді. Шығыс үлгісіндегі әдебиеттерде көтеретін басты идея – саналылық, ізгілік, мейірімділік, достық сияқты адамның абзал қасиеттерін қастерлеу. Тұрмағамбет мұрасының шұрайлы да, тартымды жазылғандары – тақпақ, рубаи, шағын шумақтар. Онда қысқа қайырылып, түйінді ой айтуға негізделген. «Атақ», «Насыбай», «Шылым», «Ұрпақ», «Тәржіма», «Кәрілік белгісі» деген шығармалары – шағын шумаққа құрылған өлеңдер. Бұндай өлеңдерді 6-8 жолдан асырмайды. Өлеңдерінде ерлік, ғылым игеру, әділдік, адалдық, надандыққа, қараңғылыққа, күншілдік, мансапқорлық, дүниеқор, сараңдық, жалқаулыққа қарсылық білдіреді. «Атақ» деген өлеңінде атақты адамның аға-ініге көлеңкесі түсуі орынды, ешкімге көмегің болмаса көп сені керек етпейді. Қалайда халқыңа көмек көрсету ердің ісі екенін:
Қалады қалайда да артыңда атың,
Емпеңдеп елдің атын ерттеп өтсең, - деп ой түйеді.
Ал, надандыққа қарсы «Насыбай» деген өлеңінде мынадай пікір қозғайды:
Атпаңдар, тіл алсаңдар насыбайды!
Нас атсаң – нас боласың басыбайлы...
Желді күн «түп» деп жерге түкіргенде,
Боқтай-ақ бет-аузыңа шашырайды.
Аптықпай ақылы толық азаматтар,
Өз-өзін таза етіп асырайды. «Шылым» атты қысқа шумақты өлеңінде де осы ойды онан әрі тереңдетеді. Орынсыз, жағымсыз қылықтарға әуес болғанша, жақсыға бой ұр, жақсыдан үйрен демек. «Ұрпақ», «Тәржіма», «Кәрілік белгісі» сияқты шумақтарында адам барлық жақсылықты көзінің тірісінде жасау керек, өлген соң ердің орны толмайды. Өлсең орның қара жер, сондықтан тірлікте өмірдегі өз орныңды таба біл, артыңда ақылды ұлың қалса, ол артқа қалдырған өткір алмасыңдай болады дейді.
Өлгесін ердің орны төлене ме?
Қу мола сау күнгідей елене ме?
Орныңа мың тал шыбық бітсе-дағы,
Бұрынғы гүжімшілік көгере ме?
Артыңда ақылы артық бала қалса,
Қалғандай кескір алмас керегеде.
Кейінгіге осындай қысқа шумақтармен де ұстамды үлгі-өсиет айта біледі. Кейбірінде ол жастық дәурен туралы да үлгі болар түйіндер түйеді. Адам өмірінің кезеңдері, әсіресе, кәрілік туралы жазған қысқа шумақтары да өз алдына бір көңіл аударар әдемі жолдар. Халық лирикасында өнеге аларлық өлеңдер көп. Бұл өлеңдер дидактикаға құрылады. Осылардың бірі – тақпақ. Бастан-аяқ бір ұйқасқа құрылып, маржандай тізіліп шығады. Тұрмағамбеттің әдеби мұраларында мұндай өлеңдер баршылық. «Тақпақ», «Құлжан биге», «Не қызық?» «Не артық?», «Тәлім», «Жақсы мен жаман», «Мырзаның мінезі», «Опа жоқ», «Өмір толқыны» т.б. өлеңдері тақпақ өлеңдерге жатады. Бұл өлеңдердің кейбіреуі тақырыбы жағынан алдыңғы тарауларда талданған. Біз бұл жерде жанрлық тұрғыдан қарамақпыз. Мысалы, «Не қызық?» деген тақпақ өлеңінде:
Ұл мен қыздың қызығы –
Тілі анық шыққанша.
Мергендіктің қызығы –
Көздеген аңын жыққанша.
Жүйрік аттың қызығы –
Шомылып терге лыққанша,
Татулықтың қызығы –
Кеудеңнен жаның шыққанша.
Жұртшылықты мейірімділікке, татулыққа шақыра отырып, сөздің жүрекке жетерлік татымын, төте соқпағын іздейді. Өлең бастан-аяқ бір ұйқасқа құрылған. «Не артық?» тақпақ өлеңі де осындай. Тақпақ өлеңде ақын ойын көркем кестелеп, оқушысын еріксіз еліктіреді, мағыналы ой, түйсік тастайды. Халықтық шығармаларда термеге ұқсас айтар сөзін тақпақтап айту бұрыннан бар, айырмашылығы түр жағынан қысқа, ой-пікір, нұсқа дерлік сөздер. Тұрмағамбет тақпақ өлеңдерін екі нәрсені қарама-қарсы қойып шендестіру тәсілінде жазады. Шебер ақын шешендік дәстүрмен байланыстырып, мәнерлеп айтуға лайықты сөз нұсқасын жасаған.
2.9 ЖОҚТАУЛАРЫ
Тұрмыс-салт өлеңдерге жататын халық лирикасының бірі – жоқтау өлең. Жоқтау - салт өлеңдерінің ең ескісінің бірі. Оның ескі көріністері Орхон, Енисей жазбаларында сақталған. Академик Ә.Марғұлан: «Жоқтау – бұл әдебиеттің ескі түрі. Оның шығуы ел ішінде, қауым ортасында болған игі адамдардың дүниеден көшкеніне өкініп, оларды еске түсіру ретінде айтылған жыр. Жоқтау жазбаларының түбегейлі аялғысы» [65. 97 б.] - деген. Жанашыр жақын – әке-шеше не бауырлары, баласы, жары және елге танымал, батыр, көсем, хан, ақын, жырау т.б. сияқты қадірлі адамдар қайтыс болғанда айтылатын мұң-шер өлеңді жоқтау дейміз. Бөгенбай батырды, Үмбетей мен Бұхардың жоқтап, Абылайханға естіртуі, Зейнептің Шоқанды жоқтауы, т.б. сияқты мәртебелі адамдарға арнап ақындар жоқтау жырларын шығарған. Жоқтау өлеңдердің мазмұны өлген адамның ел ішіндегі абыройы, халыққа тигізген пайдасын мадақтап жырға қосып, жақын-жуық, ағайындарын сабырлыққа шақырып, дүниенің мәңгілік емес екенін жырға қосып, пәлсапалық ой түйеді. Жоқтау туралы ғалымдар өте ертеден бастап тұщымды пікірлер айтқан. Ш.Уәлиханов «Қазақ халық поэзиясы үлгілері жөнінен» деп аталатын еңбегінде: жоқтау өлеңді жылау», - деп атаған. [66. 260 б.] Ал Х.Досмұхамедов жоқтау өлеңдерді: кісі қайтыс болғандағы жоқтау, ата жұртты жоқтау, жастықты, сүйгенін деп бөліп, көңіл айту, жұбату, жылау-сықтау өлең деп бөлген. [67. 34 б.] Ал Ахмет Байтұрсынов жоқтаудың тек кісі өлгенде айтылатын өлең екенін: «Жоқтау – өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбіне белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның қатыны, иә қызы, не келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына түскен қайғы-қасіретін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз – жоқтауды көбіне ақындар шығарып береді», [68. 428 б.] деп ғылыми қорытынды жасайды. М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Диваев, Ә.Қоңыратбаевтар осы пікірді қуаттап жоқтаудың қазаға байланысты айтылатын мұң-шер өлең екенін айтып, салт өлеңдерінің бір түріне жатқызады. Жоқтау өлең Т.Ізтілеуов шығармашылығында да бар. Ақынның «Мен қалдым қайғы-қасірет қапасында» деген өлеңі – баласы Әбілхамит өлгенде соған арнаған көңіл-шері.
Аталық ақымды мен кештім балам,
Өкшелес өзімменен өстің балам.
Халқыңа, қатарыңа қамқор болып,
Сәуірдің самасындай естің балам, -
дейтін өлең кестесі бұған дәлел болады. Жоқтауда одан әрі өлген баласының өмірін, жан сүйсінтер жақсы мінез қасиеттерін айтады, орны толмас қазаға қайғырып, қажыған бауырларының күйзелісін сөз етіп, дегеніне жете алмай кеткендігіне өкінеді. Жоқтаудың соңында тағдырдың салғанына көнеміз:
Амал жоқ, тәнті болып төзбесіме,
Уақытсыз өкпе, бауырымды остың, балам.
Қалдырып қайғы-қасірет қапасында,
Шамдай-ақ самал тиген өштің балам.
Заңына жаратылыстың сабыр етіп,
Пұшпағын бекітейін местің балам, -
деп бітіреді. Бұл – ақынның зары, көз жасынан шыққан шер өлеңі. Бұл сияқты жоқтаулары бірен-саран. Бірақ өлең түрінің бірі ретінде келтіруімізге дерек боларлық шығарма. Осылай сөзге тоқтаған Тұрмағамбет жоқтауы оның ақындық шеберлігін де көрсетсе керек. Тілі мейлінше ажарлы айшықты, суретті тіркестерге құрылған. Ақынның Әбділхамит, Әбділәзиз, Әбділхай, Сахи деген балалары қайтыс болғанда жазған көңілқостары да бар. «Қарағым, қалқам, Әзизжан» атты жоқтау өлеңі 25 жасында өмірден озған баласының тірліктегі қадір-қасиетін айта келіп, өз басындағы ауыр қайғысын жырмен төгеді:
Бағыңнан ұшып беймезгіл,
Тарттырып қайғы-налаңды
Еңіретіп бізді қинадың.
Шаһналық шамдай ең,
Оғы тиіп өлімнің,
Қапияда қинадың, - деп жоқтаса, [22. 206 б.]
«Ит дүние біле алмадым тұрағымды» атты жоқтауында өмірден өткен Сахи атты ұлына арнап, -
Тауықша таң сахарда шақырамын,
Салып жат сарыныма құлағыңды, -
деген жолдар кездеседі, демек ақынның қайғылы қаза, қимастық қоштасуы осындай мұң-шер өлеңдері арқылы көрініс тапқан «Күйігің кетті, балам, өртеп мені» атты өлеңінде адамның тіршілік ғұмырының ең соңы-өлім, қазақ салты бойынша өлімді жоқтайды деген ой жатыр.
Қазақтың ұлы ақыны Абай:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңменен жер қойнына кірер денең, -
дегендегі өлең – осы жоқтау өлең.
Жоқтау өлеңдерінде ақынның әлемге, өмірге, адам тағдырына деген көзқарасы, жан толқынысынан хабар беретін үні естіліп тұр. Ақынның жоқтау өлеңдері жоқтау жанрының ерекшелік, жасалу сипатына сай тілі орамды, ойлы, отты оралым автор тілінің даралығымен ерекшеленеді. Тұрмағамбеттің балаларына арнаған жоқтау өлеңдерін тіл өрнегі, айшықты теңеу мен эпитеттер арқылы шерге толы жүрегімен жырлаған.
Мысалы:
«Халқыңа, қатарыңа қамқор болып,
Сәуірдің самалындай естің балам»,
«Ит дүние біле алмадым тұрағыңды,
Жойылттым, із жоқ, түз жоқ қырағымды»,
«Бұзылмас бөгет болып бұл шамада,
Арнадай ақылымды кестің балам»,
«Қолымнан жібек баулы қашты тұйғын,
Күллият келмеуші еді жанға қиғың» т.б. жолдарда образды тілмен айшықталған. Ақын қайғысы мен отбасының қайғысын, өз басынан өткізіп, қаза күйігі өртеген жүрегімен жырлайды. Тұрмағамбет діни-исламның негіздеріне сүйене отырып, Алла ісіне еш шара жоқ деп:
Дүнияң екі бірдей абат болар,
Алла әгар «Ал құлым!» деп етсе мейірім.
немесе
Арман жоқ Алла ісіне дегенменен,
Уақытсыз өкпе-баурымды остың, балам деп ой түйеді, яғни, ақын жоқтауларында Алла ісіне тоқтау керек деп өзін жұбатады. Оның жоқтау өлеңдері халықтық фольклор – үлгісімен және жазба әдебиеттің де дәстүрімен жазылған. Т.Ізтілеуовтің жоқтау өлеңдері өзіндік ерекшелігімен, қаза болған кісінің өмірін баяндай келе, жоқтаушы ретінде өзінің жан тербенісін, күйік зарымен айтылған үздік өлең үлгілері болып отыр.
2.10 РУБАИЛАРЫ
Рубаилар – лирикалық жанрдың бір түрі. Ғалым Рипка Ян «История персидской и таджикской литературы» /М., 1970/, Луконин В.Г. «Искусство древного Ирана» /Москва, 1977/ атты еңбектерінде бұл жанр Шығыс әдебиетінде ертеден бар дейді. Поэтикалық форма жағынан тәжіктің төл жанры ретінде қалыптасып, тәжік халқының мәдениет-байлығын көрсетеді. [69] Бірақ парсы поэзиясында өте күшті дамыған деген пікірлер айтылады. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі және Р.Ходизода, М.Шукуров, Т.Абдугаббаров «Фарханчи забони точки» деген еңбектерінде: «Рубаи – одна из стихотворных форм лирической поэзии, состоит из четырех строчек / двух бейтов/ и поэтому иногда ее называют дубейти. Дубейти – стихотворение, включающее в себя два бейта/ четыре строчки/, но имеющие специфическую метрику хазаджи мусаддасти, махзуер и максур. Основным содаржанием дубейти являются любовные темы. Иногда дубейти назыбают рубаи», - дейді. [70] Рубаи жанрына тән нәрселер мыналар: өлеңнің бірінші және екінші жолы нақыл-ақылға құрылады. Үшінші жолда сол ойды толықтыра отырып, көбіне қарама-қарсы ой айтылады. Төртінші жолда қорытынды философиялық ой түйеді. Рубаилар түрік тектес халықтардың бәрінде де болған. Қазір барлық әлем халықтарының әдебиетінде бар жанр болып есептеледі. Әлем әдебиетінің идеялық-эстетикалық жағынан байланыста екендігін көрсетеді. Шайыр ақын Тұрмағамбет те Шығыс әдебиетінде көп қолданылатын төрт жолдық өлең рубаилар жазған. Төрт жолдық өлеңде ақын үлкен ой түйіп, өмір мен өлім, қуаныш пен қайғы, адалдық пен жауыздық, махаббат пен достықты бір шумақ өлеңге сыйғызады. Төрт жолдық рубаилар да белгілі тақырыпты қамтыды. Мәселен,
Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
«Көре алмай кейінгіні кетті-ау!» - деп,
Арманда болмай-ақ екі көзім! / «Өмір»/.
Рубаи төрт жолдан, екі бейттен тұр. Бірінші және екінші тезис айтып, афоризмге құрылған, ал үшінші жол бірінші-екінші жолға қарсы антитезис, төртінші жолда үлкен философиялық ой жатыр. «Өлім оқ» деген рубаиында:
Жасында жаңа соққан пышақтайсың,
Қажалып қартайған соң ұсақтайсың.
Өкпеңнен өлім оғы өткен күні –
Көз жұмып, қара жерді құшақтайсың.
Рубаилары эстетикалық, дидактикалық, моральдық тақырыптарда жазылған. Сондықтан кәсіпқой ақын творчествосында өсиеттік, бата-тілек мағынасындағы рубаилар өте көп, өмірге құштарлық – ақын поэзиясының негізгі көзі. Өмір өзгермелі, дүние мәңгі қозғалыста жаңарып тұрады. Өткен күн қайта оралмайды, тіршілік тез өтеді, қысқа екенін ескертіп, сол қысқа мерзімде өмірден сыбағаңды алуға тиіссің, көрер қызығың тіршілікте, кейін өкінгенмен орны толмайды деген ойды аңғартады. Яғни, рубаиларынан материалистік көзқарасты байқаймыз. Тұрмағамбет шығармашылығындағы мұндай шеберлік, шығыс әдебиетінің әсері болса керек. Рубаилары бүгінге дейін ұмытылмай ұрпақтан-ұрпаққа тарап отырған. Өз заманының жоғары дәрежелі сөз зергері әрбір сөзін нақыштап, мүсін жасауға ерекше мән беріп, оған жан бітіреді. Мысалы, «Ой» атты рубаиын алайық:
Негізінде, Нәпсім – бөрім, ойым – қойым,
Нәпсіге ойды «жемей» жоқ қой тойым.
Біле алмай қайсысына қарарымды,
Болып жүр осы уақытта дел-сал бойым.
немесе «Түс» деген рубаятында:
Жаманнан жақсы көрем таяғымды,
«Артық, - дейім, - арық аттан аяғымды».
Ойласам, ұйқыдағы түс сияқты:
Күлкі, ойын, жастық дәурен баяғымды.
Ақынның рубайларында нақылдар халықтың мақал-мәтелдермен, яғни, халық шығармашылығымен жақындық та байқалады. Енді бір өлең жолдарын адамның жан-жақты қоғамдық ортада және жеке бастың дамуына үлкен әсер ететіндей сарында жазған. Мысалы, «Мінез» деген рубаятында:
«Қоям, - деп, - халықпен қарсы» - бір өзіңді,
Байқамай болып жүрме тірі езінді.
Әрқашан алам десең – төрден орын,
Түзеп ал, татаусыз қып мінезіңді», - деп, ақын адам және жеке бастың түзелуін, жекенің жалпымен бірге дамуын көрсетеді. Осы өлең жолдарынан халықтық философия ақынның негізгі идеялы, гуманистік концепциясы екенін аңғардық.
2.11 Т.ІЗТІЛЕУОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ БЕЙПІЛ, АНАЙЫЛАУ (ЭРОТИКАЛЫҚ) ӨЛЕҢДЕРІ
Қазақ әдебиетінде эротикалық фольклорды халықтың төлтума мұрасы деп қарастырып жүрміз. Бұндай өлеңдер адамдар арасындағы ашық әзіл-қалжыңды білдіріп қоймайды, толып жатқан қарым-қатынасты танытады. Зерттеуші ғалым А.Сейдімбек: «Қазақ фольклоры өзінің эстетикалық қызметіне қоса, қоғамды реттеп отыратын белсенді әрекет әсерімен де ерекшеленеді. Мұндай қасиеттерден қазақтың бейпіл сөздері де шет емес. Ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас, жыныстық қарым-қатынасқа байланысты таным-түсініктер, бейпіл әзілдердің шек-шекарасы әрбір этникалық мәдениеттің төл сипатымен шендесіп жатады. Мәселен, славян жұртында енесі мен күйеу баласының арасындағы жыныстық қатынас эротикалық фольклорында жиі көрініс тапса, мұндай әрекет қазақ фольклорында ұшыраспайды. Былайша айтқанда, эротикалық фольклор да этникалық мәдениеттің бір айғағы болып табылады. Демек, мәдениет эротикалық фольклор арқылы да құндылықтар жүйесін, тыйым мен тәртіп нормаларын қалыптастырады», - деп көрсеткен. [72. 300 б.] Ғалымның осы пікірі кез келген халықтың эротикалық фольклоры ұлттың болмысын танып-түсінуде, адам мен қоғамды танып білуге қажетті мағлұматтар беретінін аңғартады. Эротикалық фольклорды зерттеп, жинау әлем елдерінің бәрінде бар дәстүр. Грек философы Аристотель «Поэтика», «Риторика» еңбектерінен бастап Германия, Франция әдебиетін зерттеушілер бұл мәселені қарастырған. Эротикалық фольклорды жинақтап, жүйелеуде славян зерттеушілері біршама еңбек жасаған. А.Н.Афанасьевтің «Русские зовестные сказки», В.И.Дельдің «Русские зовестные пословицы и поговорки» еңбектерінде эротикалық фольклордың үлгілері берілген. Ал қазақтың эротикалық фольклоры ХІХ ғасырда жинақталып, зерттеле бастаған. Ә.Диваев 1900 жылы Ташкентте «Қазақтың боқауыз мақалдары» деген атпен тұңғыш рет қолжазба күйінде жарияланған. Б.Кенжебаев, М.Дүйсенов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Шаңғытбаев, Ш.Мұртаза т.б. белгілі қаламгерлері де қазақтың бейпіл сөздеріне назар аударған, эротикалық фольклор үлгілері барлық жанрда кездесіп отыратын болған. Мәселен, айтыстарда жеңу үшін астарлы сөздерге бейпіл сөздерді қосып жібереді. Жұмбақ арқылы бейпіл сөздің шешімін табу үшін бірнеше жауап нұсқа ұсынады. Бейпіл сөздер шағын ортада, жастар арасында, құрдастар арасында, қыз-жігіттер жиналған жерде, айтыста туып отырған. Әзіл-қалжыңды бағалай білетін халық шынайы қабылдап, халық болмысын танып-түсінудің мәнді айғағы ретінде қабылдайтын болған. Қазақтың ежелгі тарихы ұрпақтан-ұрпаққа ауыз әдебиеті, шежіре арқылы тарап отырған. Мәдени-рухани бай мұраларымыздың ішінде анайылау, бейпіл сөздермен берілетін өлеңдер де кездеседі. Зерттеу барысында Тұрмағамбет айтқан екен деп жүрген «Эроттық сөздер» көп екенін байқадық. Олардың қайсын ақын айтты, қайсын айтпаған деп жатудың өзі орынсыз. Нақты дерек көздеріне сүйене отырып, өлең түрі ретінде солардың кейбіреулерінен мысалдар келтіріп отырмыз. Әдебиет зерттеушісі С.Қасқабасов: «Ешбір жанр саф алтындай таза күйінде болмайды. Өйткені, жападан-жалғыз өмір сүрмейді, ұзақ көркемделу процесінде жанрлар бір-бірімен тығыз байланысқа түседі, олар бір-біріне ықпал жасап кірігіп, тіпті жаңа жанрға негіздес болады, бірақ олар қосылып кетпейді, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді», [73. 22 б.] дегендей бейпіл сөздерді өз алдына жанр деп тұжырым жасаудан аулақпыз, десек те қазақ ақындары анайы естілетін өлеңдерді ретті жерінде қолданғанын өлең түрі ретінде беріп отырмыз. Қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым А.Сейдімбек «Қазақ фольклорындағы бейпіл сөздер» атты еңбегінде және С.Қасқабасовтың «Бейпіл сөздер» деген еңбектерінде бұндай шығармаларды ғылыми негіздеп, қазақтың эротикалық фольклоры тұрғысынан қарап, бағаланған. Бұл – сөз жоқ, қазақ әдебиетінде сақталып, туып, қолданылып анайы өлең, бейпіл өлең, боғауыз өлең, эротикалық өлең деп жүрген сөз өнерінің бір түрі. Сыр елінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бірінші жарытысында айтыс өнері кеңінен дамиды, ақындар қыз бен жігіттің әзіліне құрылған айтыстарда анайы сөздерді ретімен қолданған. Мәселен, «Күдері ақын мен Ұлбике, «Ырысты қызбен он алты ақынның айтысы» т.б. Сыр бойына аты мәлім ақындар Күдеріқожа Көшекұлы мен Ұлбикенің айтысында анайы сөздер көрініс береді. Көрші ауылдың жігіті Күдеріқожа аңнан келе жатса, Ұлбике есік алдында күбімен айран пісіп тұрады. Бір-бірін көрген ақындар сәлемдесуді қалжың өлеңмен бастайды. Алғаш өлеңді Ұлбике анайылау сөйлеп:
Жылқының мінесін-ау бестісіне?
Жігіттің сөз айтамын естісіне.
Қожам-ау, адамзаттан қыз бұйырмай,
Киіктің қосылдың ба, ешкісіне?, - деп анайылау сөз тастайды, сонда Күдеріқожа:
Егіншінің қырманы көп, қызылдаған,
Жаз болса, сонда – шыбын ызылдаған.
Қожамен киік алған, бір түнесең,
Тумас па ед балаң жүйрік, дызылдаған, - деп өлеңді өрбіте түсіп,
Ұлбике –ау сөйлейсің-ау, сөзді кері,
Жігіттің қайда қалмайды, ащы тері.
Үлкені үш әуреттің жалаңбас ед,
Бөркіңді кигізейін әкел бері, - деген [74. 5-7 бб.] ақынның бейпіл сөйлеп, қызды қалайда да тайсалмай бейпіл сөздермен жауап беріп, жеңу үшін ұтымды сөздерді қолданған. Күдері мен балдызының әзілдесуінде де осындай анайы, бейпіл сөздер көп кездеседі.
Күдері:
Мен өлеңге келгенде мұрдарақпын,
Екі енегім тырысып, зырлар-ақпын.
Осы бүгін ауылың қатар қонса,
Түнде келіп дамбалыңды ұрламақпын.
Балдызы:
Айтып ем, жайлап қайтқан тауларына,
Күдеке, несібеңнің қауларына.
Түнде келіп дамбалымды ұрлап алып,
Талқан түйіп, жеймісің ауларыма? [74. 8 б.]
Сыр елінде өткен небір көсемдер мен шешендер, ақындар мен жыраулар шығармаларымен танысып отырып, жоғарыдағыдай анайы сөздерді кездестіріп қаламыз. Халық бар жерде, өлең-сөз бар жерде, әрине, ондай бейпіл, боғауыз, анайы сөздердің болуы да заңдылық. Т.Ізтілеуов шығармаларында ара-тұра осындай анайы сөздерді байқап отырамыз.
Мәселен,
Сұлу жардың қызығы –
Піскілеп бір ай сұққанша
Татулықтың қызығы –
Кеудеңнен жаның шыққанша.[22. 170 б.] Өлеңде адамдар арасындағы эротикалық қатынас ашық әзілмен айтылғанмен, қатынастың танымдық сипаты мәдени-рухани айғақ болып табылады.
Жақтырмай жазып жауап назымменен,
Тастадың жүрегімді жүдә шайып.
«Бай болады көтін қысқан», - дегендей-ақ,
Сен жықтың осы ретте мен болдым майып. [22. 167 б.]
Сөз өнерінде қарсыласын жеңу үшін астарлы сөзбен, ашық бейпіл сөзге құрып, жеңудің негізгі құралы ретінде пайдаланған.
Қолайлы бір қатынның қойнына апар,
Біз – ұста, олар – бейне көрік еді.
Жек көрмес, жөнін тауып түсіндірсең,
Ойнауға олар-дағы жерік еді. [22. 170 б.]
Бұл өлеңде ақын астарлы сөзбен көңіл сезімін жырлайды. Ер мен әйелдің арасындағы моральдық-этикалық қарым-қатынас қалыптары ретінде ғана көрініс тауып қоймай, адамдардың қоғамдағы және өз арасындағы орнын айғақтауға септігін тигізуді көрсетпек. Алматы «Мұрагер» баспасынан 2006 жылы шыққан «Қазақтың қайымдасқан өлеңдері» (Сыр ақындарының анайы жырларынан) атты кітаптың құрастырушысы Т.Дайрабай: «Жинақта ел аузында айтылып жүрген әңгімелер мен түрлі жинақтардағы өлеңдер пайдаланылған. Сыр сүлейлерінің қай-қайсында болса да боғауыз өлеңдер көп қолданыста болған», - дейді. [74. 4 б.] Т.Ізтілеуовтің ұлттық әдебиетімізге қосқан мол еңбектерінің ішіндегі анайлау сөздерді қолданып жазған өлеңдері суреткердің ұстаған бағытына, әдеби үдеріске және ақынның жеке стилі мен сөз қолданысына да байланысты туып отырған. Ақын бірде эротикалық көңіл-күйді жырласа, бірде әзіл-қалжың, енді бірде ашулы ызасын, кейде замандас ақындармен сөз қағыстарын көрсеткен. Импровизатор ақынның табан астында қарсыласын сөзден тоқтату мақсатында бейпіл сөздерді қолданғанғаны байқалады. Әрі қысқа, әрі нұсқа айтылған өлеңдерінде осы айтылған мәселелер жиі көрініп отырады. Ақын суретті, бейнелі сөздерді арулардың түр-тұлғасына, бет-пішініне, лебізіне арнап, көркем сөз жасаудың құралына айналдырған. Жолаушылап жүріп бір ауылға келіп түскен Тұрмағамбет киіз үйдің түндігін ашып жатқан келіншекке:
Жеңгейдің жүрісін-ай ырғатылып,
Тартады турлықты ширатылып.
Үстіне ақ төсектің шығып алып,
Жатарма ед бір суырып, бір батырып, [24. 8 б.] деп төрт жол өлеңмен ойын айтып тастайды. Бір қараған кісіге өлеңнің анау айтқандай мәні мен мағынасы жоқ сияқты көрінгенмен, ақын өзінің белгілі бір ойын, сезімін қалт жібермей жеткізген. Тұрпайы, анайы өлеңдерін көне көз қариялардан жинап, өлең түрі ретінде баспадан кітапша етіп шығарған. Тынышбай Дайрабай дерек көздерін, кімнен жазып алғанын нақты көрсетпеген, десек те Тұрмағамбеттің көзі тірісінде де мұндай өлеңдері халық арасында айтылып жүрген. Оның үлгілерін қазір де айтып, езу тартып күліп отыратын жәйттардың табиғи шынайылығын ұғу жөн. Бейпіл сөздерді қолдана отырып, қысқа қайырып, өмірдің гүлі сезім қиялдың жемісі екенін барынша әсерлі, көркем, өзгеше лебізбен жырлайды. Жыныстық қарым-қатынасқа байланысты таным-түсініктер бейпіл әзілдермен беріледі.
Екі бұттың арасында жайнап бір шоқ қара гүл,
Ортасында өмір бойы, жазылмастай жара тұр.
Емпеңдесең, еңбек етсең, ерінбесең жігітім,
Аржағында дәл өзіңнен айнымайтын бала тұр. [74. 8 б.]
Ақын кейде өлеңді жұмбаққа құрып, тыңдаушысына ой тастайды. Жұмбақтың шешуі көп нұсқалы шешуі бейпіл сөз болғанмен, екінші нұсқасын да ұсынған.
Қайырып, шляпысын шекесіне,
Еріп жүр, екі інісі көкесіне.
Есікке екі інісін тастай салып,
Көкесі қойып кетті кепесіне, - деп шешуі қос нұсқалы жұмбақ айтқан.
Түрме жырларында елді сағынып, сүйген жарына құштарлық сезімі артып жазған кейбір жырларында да осындай өлеңдер кездесіп отырады. Соның бірі ақын түсінде ләззат-сезімге рахаттанып жатып, эротикалық жағдайды көрген екен. Ояна салып, түсіндегі оқиғаларды бір шумақ өлеңге қосыпты.
Үздіксіз неге қозып қоқаңдайсың,
Өзің де қарыс сүйем бақандайсың.
Құмартып а..ға тіке жібергенде,
Түбіне неге бірақ тақалмайсың, - деп өзінің сезімін танытады.
Айырықша стильдік ерекшеліктерге ие ұлттық поэзияда мейлінше қолданылған бұндай өлеңдерді халық ұғымды, түсініп, езу тартып, күліп қабылдайтын болған. Қазақта «Әзілде кек жоқ, өсекте шек жоқ», - деген сөз бар. Әзіл-қалжыңға құрылған кексіз мысқылды досқа, құрбы-құрдасқа, балдыздарға арнап отырған.
Мысалы,
Көк қарынға, көктеп келіп зулаған,
Өткен айда өзіңменен танысып,
Ақ төсіңде ағаң, аздап, аунаған.
Жан баспаған шалғыныңды жапырып,
Шап теріңді шылқылдатып сулаған.
Ақын поэзиясындағы бұндай өлеңдерді интимдік лирикаға да, жатқызуға болады.
Орыс әдебиетінде А.С.Пушкин орыстың махаббат, сүйіспеншілік, интимдік лирикасында жаңалық ашқан. Оның осы шексіз нәзік сезіммен жазылған жырларын әлем халқы мойындап, сүйіспеншілікпен оқиды. «Красавица, которая нюхала табак», «Монах», «К Наташа» деген өлеңдері «жеңіл поэзия» жанрына жатады. А.С.Пушкин грек ақыны Анакереонның эротикалық өлеңдерін үйрене отырып, қуану, сезіну, ләззат алу арқылы қайта өрледі. Пушкиннің интимдік лирикасы кезінде сынға да ұшырады. Ашық айтылатын өлеңдер арқылы шынайы өмірді танытып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты түзеуге арналды. Пушкин өмірді, сұлулықты танып білуді әйелдер арқылы көруге ұмтылған Шығыс әдебиеті мен орыс әдебиетін жақсы білетін Тұрмағамбет поэзиясында да интимдік лириканың болуы ғажап емес.
2.12 ТҰРМАҒАМБЕТ ШАЙЫРДЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Құрманбай ақсақал кете Тұрмағамбет шайыр жайлы әңгімесінде:
- Тұрмағамбетке жас шағынан бастап Алла тапқырлық дарынды бойына құйған екен, - деді. –Жас шағында Бұхардағы Көкелташ медресесінде оқып жатқан кезі екен. Медреседе ғұлама, оның отбасылары, оқып жатқан шәкірттері шайылып тазаланып тұратын хауыз болады екен. Оған дариядан тастан қаланып жасалған салма мен су құйылады. Су жүретін салманы жеті сайын тазартып тұрған. Өйткені салманың ішін ылай, қайыр басып қалады. Су жүретін салма тайызда емес, су тізеліктен асады екен. Бір күні шәкірттер салма тазалап жатса, Тұрмағамбеттің алдынан дариядан келген үлкен қыр бойы сүген (қаяз) кездесіпті.
Тұрмағамбет сүгенді әрі-бері қуса да, ұстатпапты. Сүгеннен айрылып қалатын болған соң Тұрмағамбет қасындағы балаға:
- Шешін, қазақта көттұтпай деген әдіс бар. Екеуміз екі жақтан қаусырмалап көттұтпай жасамасақ, сүгеннен айрыламыз, - дейді.
Жолдасы Тұрмағамбеттің айтқанын істеп осы айтқан әдіспен қаусырмалап сүгенді ұстап алыпты. Хазірет мінберде отырып балалардың судан сүген ұстаған әрекетін қарап отырған. Хазіреттің қарап отырғанын көріп, сүгенді Хазіретке тартуға әкеліпті.
Хазірет:
- Балам, ұстаған сүгеніңде шыпа жоқ па? Таза ма, қалай ұстадың? Еттеріңе тимеді ме?
Сонда Тұрмағамбет:
- Тақсыр, сүген ұстатпаған соң қазақтың көттұтпай деген әдісімен ұстадық. Су тазалайды. Таза, - деген. Хазірет:
- Еттеріңе тиген шығар. Суға шайып, тазалаңдар, - депті.
Хазіреттің сөзін орындау керек, қайталауға болмайды.
Тұрмағамбет сүгеннің құйрығынан ұстап, хауызға барып олай-бұлай шайқағанда, сүген Тұрмағамбеттің қолынан бұлқып шығып, суға кетіп қалады.
Сүгеннен айрылған Тұрмағамбет Хазіретке келіп:
- Тақсыр, дидар – ғайып, нәсіп – ғайып, ажал – ғайып, сүген кетті қолдан тайып. Сіз шай дедіңіз, мен шайма дедім, ал енді шопайымды жей ғой суға шайып, - депті.
Шариғат, діни жолмен ұстап айтылған тура да әділ сөзге Хазірет тоқтап, жауап айта алмай үнсіз отырып қалған екен. 1927 жылы туылған Қазалылық Тілеуберген Төребеков деген ақсақалдан 26.05.2005ж. жазып алынды. (ф.ғ.к., профессор Ұ.Жанбершиева)
2.13 МЫСАЛДАРЫ
Бір халықпен екінші халық жақындасып араласа бастағанда, өзінде жоқ өнерді көрші елден алады. Осы ауысудың тиянақты тірегі аударма, өйткені, «Аударушылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттары», - деп А.С.Пушкин тегін айтпаса керек. Аудармаға көңіл бөлу бүгін ғана туып отырған жоқ, бұл - ежелден келе жатқан тиянақты дәстүр. Ол ауыспай, мәдениет кенересі көтерілмесе керек. Біздің ойымызша, аударма екі түрлі салаға бөлінеді. Соның біріншісі бір халықтан екінші халыққа ауысқанда, мезгіліне, сол елдің ұғымына сәйкес аударылады. Бір халықта айтылған ой өңделіп, өз елінің ұғымына бейімделіп, түп нұсқаның ұзынырғасы беріледі. Ендігі әңгімені ауызша да, жазба түрінде де кең таралған мысалдарға қарай аударалық. Мысалдардың алғашқы шығуы үстіміздегі дәуірдің 6-8 жүз бұрын грек елінде болыпты. Бұл кезде грек қалаларындағы ақсүйектер мен қара бұқара халық (демос) өзара ашық күреске шықты. Сонда езілген бұқара халық мысал шығарып, ойларын бүркемелеп айта бастаған. Мысал – орысша басня негізгі ойды тұспалдап білдіретін әдеби шығарма, көбінесе өлеңмен жазылады. Мысал – эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатриалық сипатта, сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуеметтік ортадағы кемшілік күлкіге, келекеге, мазаққа айналдырылып, идеясы астарсыз, ашық, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма шымыр келеді. Ежелгі Грециядағы аты шулы Эзоп (б.э. VІ ғ.) шығармаларын өз алдына қойғанда мысал көне дүниеден күні бүгінге дейін көбінесе өлеңмен жазылып келеді. Италияда Федр, Францияда Лафтон, Германияда Геллерт, Англияда Мур, Россияда Крылов – бәрі солай жазған. Орыс әдебиетінде мысал жанрын биік сатыға көтерген ұлы мысалшы жазушы И.Крылов. Оның көптеген мысалдарын Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов қазақ тіліне аударып, қазақ тілінде мысал үлгісінің туып өркендеуіне жол ашты. Қазіргі мысалшылардан Сергей Михалков пен Асқар Тоқмағамбетовті атауға болады. Әдебиет майданында Абайдан 3-4 жыл ғана бұрын шыққан Алтынсарин орыс ақыны Крыловтың бірнеше мысалдарын аударған. Сонымен байланысты, аллегориялық образдар да бұл кездердегі өлеңдердің тілінен орын алды.
«Көзіме күні бойы көрінбеп ең,
Келсең сөйле, - деді, - сен қай жақтан.
Сонда бұл мұрынын көкке көтерді,
Адамсып маңызданып жетеледі.
Жер жыртып күні бойы шаршап келем,
Мазалап, сұрап саған не керекті»
Алтынсариннің басқа аудармалары да сол сияқты. Алтынсарин Крыловтан 3-4 мысал ғана аударады. Әйтсе де, осының өзі Абайдың болсын, не өз кезіндегі басқа ақындардың болсын мысал жазуына мұрындық болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Алтынсариннің қолға алған игілікті ісін дамытып, ілгерілеткен де, Крыловтың мысалдарын шебер түрде қазақтың ұғымына жатық етіп бере білген де – Абай. Абайдың аудармасын тіл жағынан салыстырсақ, айырмашылығы жоқ. Дегенмен де, Абайдың бұл туралы да орны бөлек тәрізді. Мысалға тән ерекшелік, қып-қысқа өлеңге бірнеше жануарларды қатыстырып, оларды өзара сөйлестіріп, қысқа сюжетке құру. Бұл жөнінде негізгі орын алатын суреттеу емес, аз сөзге көп мағына сыйғызылып құралатын қысқа-қысқа диалогтар. Диалогтың мұндай түрі Абайға дейінгі әдебиетте тек Алтынсариннің аудармасында аз-маз кездеседі. Бекет Өтетілеуов И.Крыловтың «Котенок и скворец», «Мирон», «Соловые», «Лев», «Мешок», «Лиса и виноград», «Слон и моська», «Кукушка и горлинка», «Крестьяне и река» т.б. мысалдарын аударған. Мысалы И.Крыловтың «Мұжықтар мен өзен» деп аталатын мысалында өзен шектен тыс қатты тасып, сай-саланың бәрін су алып кетеді де, мужиктердің шаруасы бүлінеді. Дирмендер бұзылады, егіндер суға кетеді, не керек мужиктердің еңбегімен істелген нәрселердің бәрі де тасыған судың әлегімен қирайды. Мұны көрген мужиктер өзенге барып арыз айтып, шағым жасамақ болып келіседі. Өйткені өзеннен аққан судан келер зиян жоқ, өзен үстінде де қалалар, ел бар деп еститін-ді. Сонымен олар өзара кеңесіп, келісім бойынша өзенге келсе, қираған суға кеткен мужик мүліктерінің бір қатары тасыған өзен үстінде жүргенін көріп енді өзеннен де қатты түңіліп кейін қайтады. Осы мысалда әңгіме болып отырған И.А.Крылов заманадан замана басшыларына қатты түңілген мужиктердің аузына мынадай сөздер салды:
«Байғұстар мүлікке қарап тұрып-тұрып,
Айтады қайтейін деп бетін бұрып.
«Жалғыз-ақ сайлар екен деп ойласақ,
Мұны да жүр екен ғой құдай ұрып».
Деседі: «Барып болмас мұны көріп,
Көп болса мүлік шығар қалғаны өліп
Кішіден теңдік алу қиын болар
Алған соң үлкені де олжа бөліп»...
Қазақ еліндегі өмір шындығының бірқатарын халықты талап, тонап отырған үлкенді кішілі патшалық ұлықтар мен қазақ әкімдерінің ар-ұяттан безіп, момын еңбек адамына істейтін осындай озбырлықтарын күнбе күн көріп отырған Бекет. Бұл мысалды қазақ өміріне барынша жақындатып жарасымды аударды да, мынадай қорытынды мен аяқтайды.
Сайларды ұқсатайық ауылнайға,
Қанайтын қара халықты жүрмей жайға
Ұлыққа шағайын деп бара қалса,
Жоғарғы өзендей ғой волостнойда.
Орыстың классик әдебиетін, әсіресе, И.А.Крылов мысалдарын, қазақ тіліне көп аударған, оларды жинап жеке кітап етіп шығарған Спандияр Көбеев болды. Ол Крыловтың көптеген мысал өлеңдерін аударды. Олар «Өтірікші», «Аң ауласқан қоян», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Қасқыр мен өлім», «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан һәм шаян», «Шымшық пен көгершін» т.б. Біздің туған тарихымызда да аударманың түп негіздері ерте заманнан басталады. Мысалы, ежелгі Шығыс әдебиетінің «Мың бір түн» сияқты көне мұралары, Фердоусидің «Шаһнамасы», Низамидің «Фархад-Шырын», Науаидың «Ләйлі-Мәжнүні» және т.б. інжу маржандар не аударма, не нәзира түрінде халқымыздың төл мұрасына айналған. Ал бергі кезеңге жазба көркем аудармамызға келсек, оған бір ғасырдан асты. Орыс әдебиетінің ұлы классиктері Л.Н.Толстойдың, И.А.Крыловтың, А.С.Пушкиннің жекеленген шығармалары өткен ғасырдың аяғында қазақшалана бастағаны белгілі. Ал, бізде шындығында, көркем аударманың мақтан етерлік үлкен мектебі бар. Оның бастауында ұлы Абай мен Ыбырай тұр. Мысал деп, көбіне, өлеңмен жазылған көлемі шағын бір-екі кейіпкері бар адам өмірінде болатын оқиғаны жан жануарлар, өсімдіктер, құстар тұлғасымен аллегориялап баяндайтын шығарманы айтамыз. Мысалда лирика мен сюжет элементі қатар келеді. Өлеңнің соңында автор атынан не кейіпкердің сөзі арқылы қорытынды жасалады. Кейде мұндай түйіндер мысалдың тұтас мазмұны арқылы беріледі. Мысал-өлеңмен жазылатын шығарма мысалдың не басында не аяғында автор пернелеген нәрсе мысалға мазмұн болады. Көркем аударманың одан кейінгі дамуы арамызға қайта оралған жан-жақты үлкен талант иелері Шәкәрімнің, А.Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, Т.Ізтілеуовтің есімдерімен байланысты. Иә, Ізтілеуов – ХХ ғасыр әдебиетінде мысал жанры мен дастандар жазуда өз ерекшелігімен көрінетін ақын.
2.14 Т.ІЗТІЛЕУОВ МЫСАЛДАРЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ИДЕЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мысал – әдебиеттің көне жанры, сонымен бірге бүкіл дүние жүзі әдебиетінде кең тараған жанр. Мысалдың байырғы нұсқасы қай халықтың болсын ауыз әдебиетінде кездеседі. Демек, алғашқы мысал түрлерін шығарушы халықтың өзі болып табылады. Мысал арқылы пернелеп, тұспалдап айту арқылы халық өзінің хал-жайын, көкейкесті армандарын білдірген. Эпостық шығармалардың ішінде ең қысқа түрі көбінесе өлеңмен жазылатын мысал жанрын Т.Ізтілеуовтің таңдауында көп мағына бар. Мысал жанры қазақ халқына да жақын, таныс дүние-ғибрат айтып дұрыстыққа, жақсылыққа шақырудың ең бір түсінікті амалы. Қалайда, халықтың сана сезімін оятудың, жүрегіне, сезіміне әсер етудің жолдарын іздеген ақын Шығыс әдебиетінде бар үлгілерді пайдалану арқылы жаңа өлеңдік форма мысалдармен қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқан. Т.Ізтілеуов поэзиясын тақырыптық, идеялық жағынан қарасақ, ақын өзі жасаған дәуірінің шындығын қамтып, замананың талабына жауап беруді өзіне мақсат санаған. Ақын халықтың тұрмысын, қоғамдық қайшылықтарын, әлеуметтік тіршілігін мысалдарында барынша мол қозғайды. Бұның өзі оның өлеңнің қоғамдық эстетикалық мәнін жақсы түсіндіргендігін көрсетеді. Оның өлеңдері көп тақырыпты - сан салалы, маңызды да мәнді. Халқының мұңын, талап тілегін кең қамтитын көркем туындылар. Ақын қазақ өміріндегі әлеуметтік өзгерістер мен қоғамыдық қайшылықтарды суреттеуге, еліне адамгершіл тәлім беруге өз үлесін қосты. Зұлымдық пен озбырлыққа қарсы әділеттік идеясын қоя білді. Оның шығармалары бастан-аяқ халықты асыл армандарға жетелеп, адал еңбекпен күнелтуге шақырып, жақсылық жолын нұсқайды. Туған елінің ақындық дәстүрін дамыта отырып, оны жазба әдебиетке етене жалғастырады. Тұрмағамбет шығармаларын оқи отырып қазақтың өзіне ғана тән мінез-құлқы, салт-санасы, дүниетаным түсініктері, наным-сенімдері, атадан балаға ауысып жатқан дәстүрлері, кәсіптері кино ленталарын көріп отырғандай көз алдыңнан өтеді де жатады. Кейбір адамдардың өнімді кәсіппен шұғылданбай, жұмыссыз бос жүріп, қымбат уақытты бос өткізетіндігін сынайды. Дүниемен ісі жоқ, еріншек, жалқау жандардың, жеңіл табысын, сұрамсақтық, сұқтанғыштық келбетін келеке етеді. Олардан жастар қауымын сақтандырады. Сондай-ақ үстем тап өкілдерінің халықты әділ жолға бастаудың орнына әрқайсысы өзінің жеке мақсатын көздеп, әртүрлі жағымсыз істермен айналысып жүретіндерін әшкерелейді. Бұл ретте бай, би, болыс, дін иелеріне тән кейбір қоғамға қарсы әрекеттердің де бетін ашады. Сондықтан ақын заманындағы келелі мәселелерді таңдай да, талғай да жырлай білген. Ақын өз шығармаларында қандай мәселелерді көтермесін әр тұста адамгершілік идеяны басым ұстайды. Әрқашан әділет жолын нұсқап, жымысқы жат қылықтарға соққы береді. Халық арасында жайылған өзімшілдік, тәкәппарлық, бұзықтық әшкереленіп, бұл қылықтардың елдің берекесін кетіріп, қасиет-қайғысын молайтып жатқанына күйінеді. Адамгершілік түйіндер түйіп, ақыл-нақылдар жазады. Ел бірлігі, адамдар достығы-берекелі халықтарға тән ең жақсы қасиеттер деп патриоттық ойларын уағыздайды. Ел-жұртының жаппай өнерлі, білімді, азат болуы көксейді. Білімді, мәдениетті, әділ басшы билеген берекелі мемлекетті аңсайды. Өзінің атамекенін, кең байтақ өлкесін қоныстап, оған толық ие боп дәулетін зорайтса, жоқ-жітік, кем-тарлық та жойылар еді деп, өзінің озық ойларын жыр кестесіне бөлей біледі. Халық батырларының ерлігін, ел тірлігіне ұштастыра біледі. Осыдан болса керек, ақынның шығармаларында эпостық, батырлық дәстүр қалыптасады. Тұрмағамбеттің Рүстем ерлігін жырлаған Фирдоусиге көңіл бөлуі және оның тамаша образын қазақ жастарына үлгі етуі жайдан-жай емес. Бұл-дағы ақынның үлкен бір өзінің түйін толғамының жемісі. Талантты ақын әрқашан заманы талабынан шығып отырады. Ел өмірінің, қоғамның диалектикасын бейнелейді. Медресені үздік бітірп, шығыс тілдері – араб, парсы, түрік-шағатай тілін емін-еркін меңгерген Тұрмағамбет осы тілдерде жазылған. Шығыстың классикалық шығармаларын өз халқына жеткізуді алдына мақсат етіп қояды. Кеңес дәуіріне дейін жазған көп шығармаларының ішінде: «Мәрді диқан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа Бану», «Әшкәбус», «Лұқпан Хакім», «Сүлеймен мен кірпікшешен», «Ата мен бала», «Төрт дос», «Өгіз бен есек», «Ескендір», «Үш бәңқор», «Білімсіз бай», «Есер мен есті», «Соқыр мен ақсақ», «Әділетсіз әкім», «Көкқұтан мен шымшық» және басқа мысал, хикая, дастандары шығыстық көркем әдебиеттің атақты шығармалары – «Шаһнама» мен «Тотынаманың», «Мың бір түн» мен «Ескендірмананың», Рабғузи мен Мақтұмқұлы кітаптарының бөлімдері. Тұрмағамбет ақын сол кітаптарды оқып, өзін қызықтырған сондағы сюжеттерді негізге алып, қазақтың өз өлеңіндей, тыңдаушыларын тамсандыра оқиғалы мысал, хикая, дастандар жазады. Өмірін дін жолы емес, дүниетану ғылымына, өнер жолы ақындыққа арнайды. Өзі шыққан езілген тап – өзегі талған кедейдің мұның мұндап, жоғын жоқтайды. Қытымыр заманның қыспағында жүріп, ондаған хикая-дастан, жүздеген жыр-өлеңдерді тудырса да, ақынның қазан төңкерісіне дейін еңбегі баспа бетін көрмеді. Бірақ қалың ауылдың қақ ортасында өсіп, ел өмірімен етене боп кеткен Тұрмағамбеттің жырлары жыраулар арқылы қалың елге кеңінен таралған. Тұрмағамбеттің шығармалары да қажырлы, табанды, саналы еңбегінің жемісі екендігін танытты. Оның ақындық талғамын айтқанда, ең алдымен, өнер-білім еңбек, адамгершілік идеяларының мәнін құлшына жыр етуін атаған жөн. Өлең, яғни, поэзия – өмірдің, өнердің әрі мен нәрі тектес. Тұрмағамбет мысалдарында шығыс сюжеті көбірек, этикалық ғибраты аса зор. Тұрмағамбетте аздаған айтыс өлеңдерінде бар. Мысалы, Шәді төремен айтысқанда, ол әңгімені жұмбақтан бастайды. Сыр ақындарына аралық айтқан кездері де бар. Сыр бойында Тұрмағамбет стилін бастап қолданған ақын қаңлы Жүсіп болған еді. «Түрки» деп аталатын бұл стиль Сыр айтыстарында классикалық дәрежеде көрінеді. Тұрекең фольклор стилінен бір қадам ілгері басу үшін шағатизмнен қашуға болмайды деген. Бірақ соның бәрі де қазаққа майдай жұққан. Сол үшін Тұрмағамбет толғауларын ел іші осы күнге дейін домбырамен айтады. Жастарды жақсы мінезге, халықты қадірлей білуге шақыратын мысалдары керемет ғажап. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», бірлік жақсы, «Кейбіреу сәл бақытқа мас болады, шабақтай шалпылдаған қайрандағы» деген қағиданы ұстап, ол болыс-билерді сынайды. Ақын барлық мысалдарында гуманистік идеяны ұсынады. Ә.Қоңыратбаев: «Тұрекеңді мен 1929 жылы көрген едім. Ауылына барып қондым. Қасымда Қармақшы жер бөлімінің бастығы болды. 10-15 ешкісі бар екен. Үй тірлігі өте жұпыны болып шықты. Содан соң Алматыда кездесіп, көп істес болдым. «Шаһнамадан» күніне 250 жолын аударады екен, бастапқы дәптерді қарандашпен жазған екен. «Сиямен жазыңыз» дедім. 1934 жылы мен Тұрекеңнің Ленинге арналған өлеңін «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияладым. «Шаһнама» аудармасынан үзінді беріп, Тұрекеңе сол номерде үлкен мақала арнадым. Оқу министрі, жерлес ағамыз Т.Жүргенов маған «Осы кісінің ісіне болысып тұр» деген еді. Тұрекең бір бөлмелі жатақханада тұратын. Үйіне жиі барып, аудармасына араластым. Үзінді алдым. Сондағы байқағаным Тұрекең өте кішіпейіл, момақан, кемеңгер адам еді. Мен ішімнен қазақ жабағының жалы қарыс, жүйріктің мойыны ойық болда деуші еді, Тұрекең мыңнан озған шын жүйрік екен дедім. Мінезі баладай жұмсақ болатын». [16. 2 б.] Ақынның біз білетін «Лұқпан хәкім», «Ата мен бала», «Сүлеймен мен кірпікшешен», «Төрт дос», «Дарақ пен сая», «Жолаушы мен дана», «Сүлеймен хикаясы», «Ақ құстың хикаясы», «Пайғамбар мен киік» т.б. мысалдары бар. Мысалда бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан қазақ тұрмысына жақын тұстарын ұлғайтып, кейде ғибрат айтылатын жолдарын өзінше әрлеп отырған. Сонымен бірге үлкен әдебиеттегі мысал жанры қай халықтың болса да ғасырлар бойы жинақталған даналығын танытатындығы, ондағы жасырын астар, жымысқы тұспал, ащы ажуа, мірдің оғындай мысқыл, ойнақы күлкі сол халықтың табиғи ерекшеліктерін білдіретіндігі, солардың бәріне бірдей ортақ белгі оның айнымас бұқарашылдығы, қарапайым халық пейілімен үндестігі болса керек. Ендеше, Тұрмағамбет Ізтілеуов мысалдарында Шығыстық сарынды қазақ елінің табиғатына жақындатады. Тұрмағамбет шығармалары ең алдымен халыққа ауызша жайылып отырған. Біздің әкелеріміз, біздің өзіміз «Тұрекең айтыпты» деген сөзді көп естідік, көп тыңдадық. Сол бір қуатты сөздер мірдің оғындай көздеген жерге тиіп жататын. Біз ол кезде атақты «Шаһнама» жырының Фирдоусиден басталатынын білмеуші едік. Біздің Фирдоусиымыз – Тұрмағамбет Ізтілеуов болатын. Оның мысалдарын бала кезімізде жатқа айтып, ғибрат алып өстік. Мысалдың мазмұны бүкпелі болғанымен, идеясы астарсыз, ашық, тура, тілі өткір, шымыр келеді. Ақынның қай мысалын алып қарасаңыз да өзіне тән ерекшелік аңғарылады. Сонымен қатар мысалға тән ерекшелік, қысқа өлеңді сюжетке құру, қысқа диалогке құру да сақталады. Мысалдың арқауы – хикая, мәні – көздейтін нысанасы, ал қолданатын қаруы әжуа мен мысқыл. Тұрмағамбет өзінің суреткерлік түйсігімен мысалдың эстетикалық заңдарын тап басып, игерген. Соның бірі - 1906 жылы жазылған «Лұқпан хакім». Мысалдың сюжеті шығыс халықтарының көбіне ортақ. Лұқпан хакім өзінің сүйікті ұлына өмірде ұмытылмастай үш насихат айтып, оны есінен шығармауды талап етеді. Жасырын сырын ешуақытта әйеліне айтпау, жаңа байыған адамнан қарыз сұрамау, патшаның жендетімен дос болмауын ескерткен. Әкесінің осы айтқандарын сынайын деп жаңадан сойлыған қойды қапқа салып әйеліне адам өлтірдім дейді. Оны жасырып қояды. Жаңа байыған адамнан қарыз алады, Дәруха деген патша жендетімен дос болады. Бір күні әйелін сылтаумен екі-үш жұдырықтап қалғанда, ол айқай шығарып, оның сырын жария етді. Хан адам өлтіргенді алдыма әкеліңдер деп бұйрық бергенде, баяғы дос алдына жүгіріп келіп, ханға тез жетуін талап етеді. Сол кезде жаңа байыған ақшасын сұрап қысады. Ханның алдына келгенде:
Танып хан: - Сүбіхан алла себеп нешік?
Мұндай іс шықпайтын ед сіз ұрпақтан!
Оқ жонар, ата көрген, - деген қайда?
Хилапсіз халис ендер халық қызыққан
Хикметін хакім ұғылы айт, - деп мұның, - дейді.
Халыққа әділдік, адамгершілік, достықтың беріктігін айтпақшы. «Лұқпан Хакім» - Рабғузидың қиссаларында сюжеті бар шығарма. Профессор З.Ахметов: «Тақырып – әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылған жағдайлардың бағыт-барысы», - дейді. [19. 103 б.] Осы тұрғыдан қарағанда «Лұқпан Хакім» мысалының тақырыбы да не жайында айтылатын, нендей мәселелерді қозғайтынын анықтауға болады. «Екі көздің бірі жау», - деген халық мәтеліндегі ойлар есіңе түседі. Адамның көңіл түкпірінде ешкімге айтылмайтын сырлар жатады. Мысал тақырыбы да адамгершілік, адалдық, досқа беріктікті көрсетіп тұр. Мысал тақырыбын бірнеше қырынан ашуға мүмкіндік бар. Суреттелетін оқиғаның шеңбер шегі, маңызды мәселесіне мән бердік. Сондықтан адамгершілік пен адамдық көркемдік шешімін тауып тұрғанын байқадық. Мысалдағы белгілі бір жағдайлар, кейіпкерлердің таңдауы, оларға ерекше назар аударып ақынның мақсат-міндеттерін айқындайды. «Лұқпан Хакім» мысалының негізгі идеясы тақырыптық шешіммен тығыз байланысты, яғни, шығарманың көркемдік идеясы да бөлек емес, тақырыптан туындайды, сол тақырыпты қорытындылайды. Мысал идеясы сол суреттелген оқиғаға автордың көзқарасы, қатынасы оны ақын дәлдеп айтып бермегенмен, оқырман түсінеді. Мысал кейіпкерлері арқылы өз көзқарасын білдіреді де оқырманға ой салады. Адамгершіліктің биік нысанасы – шын достық, ауыз бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық, тілектестік, ағайыншылдық дей келе, Тұрмағамбет мысалдарының ең биік талғамы, идеясы да осы болмақ. Мысалдың негізгі тақырыбы – адамгершілік, достықта қамтиды. ақын халық тағдырының шынайы көрінісін, ұлттық мүддемен болмыс-бітімін айшықтап береді. Жүрекке жылы тиіп, сезімді қозғайтын Тұрмағамбеттің бұл мысалы – ұлттық поэзиямыздың елеулі қазыналарының бірі. Ақын аңыз негізінде жазылған шығармада сөз майын тамызып, адамгершілік түйіндер түйеді. Мысалда көтерген бастя идея адамға тән абзал қасиеттерді мойындау демек. Сюжеті қысқа мысалдың барлық түйіні:
Атамның «етпе», - деген, үш түрлі ісін»,
Сынап ем сақтануға соңғылықтан
Үлгісіз іс, күлкіге түс етеді екен,
Болып тұр басым топта, ішім лыққан, - дегн жігіт сөзінде жатыр. Идея мысалдың өн бойына, бітім-болмысына ажар беріп, әр кейіпкер арқылы ашылып тұр. «Ата мен бала» атты мысалында ақын адамгершілік, әділдік, кісіге қиянат жасамау бәрі, автордың жас демей, ақылдыны аға тұту керек екенін байқатады. Мысалдың негізгі сюжетіне қоса, нақыл түрінде қорытынды, пайымдаулар жасаған. Әдебиет зерттеушісі Ө.Күмісбаев: «Мысалдың тақырыбы сан алуан кейіпкерлері аң, құс, балық, өсімдік дүниесі, кейде оқиғаға адам да қатыстырылады. Негізгі сюжетке қоса нақыл түрінде түйіндемесі де болады», - дейді. [19. 145 б.] Көркем шығармадағы идеяның атқаратын қызметі өмірдегі оқиғалар мен адам тағдырларын баяндағанда, суреттегенде ақын не жазушының сол мәселеге қатынасын, көзқарасын аңғартады. Тұрмағамбет өз мысалдарында өмір туралы ғибрат айтқысы келген ойы мен бағасын білдіріп отырған. «Сүлеймен мен кірпікшешен», «Лұқпан Хакім», «Төрт дос» т.б. мысалдарында адамгершілік, этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасын білдіріп отырған. Идеялық тақырыптық ерекшеліктерді мысал өлең арқылы ашып өз ой пікірімен оқырманға ой салады. Оның мысалдарынан күнделікті өмірде кездесетін оқиғалар көзге елестейді. Идеялық мазмұны, оқиғалық табиғаты мен тақырыптық маңызы көңіл бөлерлік дәрежеде жазылған деуге болады. Т.Ізтілеуов мысалдарын талдай отырып, бір ғана тақырып, бір ғана идея бар десек қателескен болар едік. Әр мысалында өз алдына бөлек, жеке-жеке мән-мағына бар деуге болады. Ақын мысалдың бәріне ортақ желі, бәріне ортақ дәнекер бар, ол идеялық бірлік. Тұрмағамбет мысал жанрының ерекшелігіне сай кейде кейіпкерлерді сөйлету тәсілін жиі қолданады. Қандай мысалын оқысаңыз да, баяндауы ширақ, жинақы, тілі қарапайым келеді. Т.Ізтілеуов мысалдары ислам –мәдениетіне тән заңдылықтар көлемінде жырланады. «Лұқпан Хакім» мысалында «Лұқпанның ұлына айтқан үш насихаты мысал етіледі. Ақынның ұсынып отырған қағидасы – Құрандағы 31-Лұқпан сүресінің кейіпкерлері дананың өсиетін насихаттау. Сол арқылы ислам дінінің адамзат тәрбиесіндегі ықпалы қуатты құрал екендігі дәлелденеді», - дейді зерттеуші Ұ.Байбосынова. [77. 20 б.] Мысал оқиғалы қызық, қысқа жазылған. Дүниенің өткіншілігі дәулеттің тұрақсыздығын ескеріп, санаға жетер тақырыпты ақын толық аша біледі. Сөз болатын басты мәселе шығарманың мазмұнының негізгі арқауында айталыда. Шығарма тықырыбы достардың ынтымағы болса, идеясы ұрпақты досты құрметтеп, қадірлеу, достыққа шақыру еді. «Төрт дос» деген мысалының сюжеті былай өрбиді. Ертеде тасбақа, түлкі, киік төртеуі дос болады. Бір күні киік торға түседі. Бұны көрген қарға түлкіге айтады. Сонда түлкі аңшының алдынан қашайын, сол кезде тасбақа торды тісімен қисын дейді. Түлкіні қуған аңшы киікпен шаруасы болмайды, тасбақа келіп, торды қиып, киікті құтқарады. Мысал соңында:
Береке болмай қалмас қай кезде де,
Бірлікпен осылайша басты қосқан,
Өлімнен киік кетті болып бостан,
Солардай жәрдем, көмек тиіп достан, - деп ақын достықтың құдіретін, үлгісін көрсетіп отырып, қазақы ой кешу дәстүрінде мәнді мәселелерді уағыздайды. Мысалдың идеялық мазмұнындағы бір құндылық адамды адамгершілікке баулу, достықты қадірлеу, ақын ұстаған позиция да осы еді. Шығарма басталар алдында алдын-ала болжамдар арқылы ой қозғау, оқырманға қандай насихат айтатынын ескертеді. Тұрмағамбет сатирасының темірқазығы адам табиғатындағы және ұлттық писхологиядағы батпандап кіріп алған жұқпалы ауру секілді жамандық атаулымен күрес – соның алдын алу, емін табу. Мұның өзі Тұрмағамбет дүниетанымындағы диалектикалық тереңдікті танытса керек. Осы негізде ақын мысал жанрына көбірек қалам тартқан. «Көкқұтан мен шымшық» мысалында бақай есеппен күн кешетін, рухани жарымжан адамдардың образын береді. Бір ағашқа ұя салып, тату-тәтті дос болып өмір сүріп жатқан шымшық пен ләйлек болмашыға араздасады. Екеуі енді бір-бірін жамандай бастайды. Көкқұтан (Ләйлек) мансапқор, даңғой шымшықтан үлкендігін дәреже көріп: «Сені жаудан қорғап жүрген менмін, менің арқамда сайран салып жүрсің. Мен болмасам жылан келіп, бала-шағаңмен қоса қырып тастар еді. Сол жақсылығымды бағаламай, ренжітесің», - деп кердең мінез көрсетеді. «Өзіңнің жынысың – кішік, атың шымшық, қарашы тұмсығыңа, титтей мұрның» - деп шымшықты менсінбейді. Ал, шымшық кішкентай ғана құс болса да, көкқұтанға үлкен ой айтады. Бірге тұрған соң көмектесу әркімнің парызы. Мен де шамамның келгенінше саған көмек берудемін. Тұмсығың ұзын болғанмен құмырсқаға кедергі бола алмайды, құмырсқадан қанша құтқардым, сондағы сенің тәубең қайда? – деп ләйлекті сабасына түсіреді. Сен ондай бос сөз айтып досыңды қаралама, татулықтан айрылып, кейін өкініп жүрмейік дейді. Ой жіберіп қарасақ бір-біріне көмек беріп, бірлесіп өмір сүргендер озады. Бірлікпен барлық істің түйіні шешіледі. Сондықтан істеген жақсылығымызды міндетсінбей, бір-бірімізді демеп жүрейік, татулықты бұзбайық, деп ақыл айтады. Ақын бұл жерде татулық, бірлік туралы кең құлашты, іргеліде алымды насихат сөздерін шымшықтың тілімен бір жеткізсе, «Әлсізді аяққа сап тебе бермей, Ғибрат мұнан әркім алу керек» деп ордалы ой, парасатты пайым айтады. Тұрмағамбеттің бұл мысалы өзі тұстас С.Торайғыровтың «Арыстан мен тышқан» атты мысалымен сарындас. Сұлтанмахмұт мысалында өзін ұстап алған арыстанға тышқан өзін өлтірмеуін, тірі жүрсе пайдасы тиетінін айтып жалынады. «Сорлы тышқан не жақсылық қайтады сен байғұстан, саған қараған күнім құрысын» деп, арыстан оған әбден күледі де, жібере салады. Кейін тұзаққа түскен арыстанды, тышқан торды тісімен қиып, құтқарып алады. екі мысалдың оқиғасы екі түрлі, бірақ айтар идеясы бір. Өзің қанша күшті болсаң да басқаны кемсітпе! Әлсізден де дос жараның болсын. Ондайлардың пайдасы тимес деп ойлама, олар да жақсылыққа жақсылық істей алады. Осыны білмейтін өркөкіректерді ақындардың бірі арыстан бейнесімен, екіншісін көкқұтан бейнесімен берсе, қарапайым, қатардағы көптің бірін тышқан, шымшық бейнесімен бере білген. Тұрмағамбет бір-біріне сеп болып жүрген, табиғаттың екі әлсіз құсын әдейі таңдап алып отыр. Көкқұтан сондай үлкен істерді бітірмесе де шымшыққа тигізген аз көмегіне көңілінің кесесі тасып – төгіліп, шымшықты құс құрлы көріп отырған жоқ. Өмірде мұндай адамдар жетерлік. Олардың есте қалардай ұлы істер істеу қолынан келмейді. Сондықтан қолынан келген кішкене елеусіз істі көпіртіп, әсерелеп көрсеткісі келеді. Ал шымшық болса өз орнын біледі. Орнымен сөйлеп көкқұтанға ой тастайды. Автор адам күшімен немесе мансабымен бағаланбайды, адамдық қасиетімен, ізгі ісімен бағаланбақ деген ойды тағы да шегелеп түсіндірген. Осы секілді «Өгіз бен есек», «Төрт дос» т.б. мысалдарында ақын табиғаттың кез-келген құьылысынан, сол табиғаттың бір бөлшегі хайуанаттардың өзінен ғибрат алу керек деп насихаттайды. Тұрмағамбет ақынның «Үш бәнқор» аталатын мысалында суреткерлік түйсігімен тап басып жалқаулық пен ерігестен пайда жоқ екенін баяндайды. Мысал басында: «Ерегес ерге пайда бермейді»,- деген
Байқаңдар, болар екен кімге нәсіп? деген ғибраттық сөздерден бастайды. Мысалдың қысқаша сюжеті мынандай. Үш бәнқор семіз етті жеп отырып, ашық тұрған есіктен біреу кеп қалар есікті жауып қоялық дейді. Осы тұста біріне-бірі сілтеп есікті жаба қоймайды. Сонан ерегес басталады, кімде-кім сөйлесе есікті сол жабады деп уәделеседі. Сол сәтте бір ит кіріп келіп табақтағы етті жеп, сорпаны ішіп қояды да бәнқордың майлы ұртын жалай бастайды. Иттен түршіккен бәнқор «уф» деп дауыс шығарады. Уәде бұзылды, сен сөйледің, есікті жабасын деп екеуі қамшымен ұра бастайды.
Жапқанмен енді есікті не пайда бар?
Үшеуі де айрылысып кетті босып.
Олардай ортаға алып мал мен пұлды,
Жегізіп жауыздарға, жан сауғалап,
Кетпеңдер айдалаға айдап жосып.
Сөз болмай соңғыларға сол сияқты,
Егеспей еңбектеріңді ал үлесіп, - деп аяқтайды. [22. 312 б.]
Мысалдың көтерген тақырыбы – адал, еңбек, бірлік, береке болса, идеясы ауызбіршілікке шақыру, адалдық пен достықты насихаттау. Бәнқорлардың істеген әрекеттері арқылы надандық, алауыздық, ерегес адамға пайда бермейді демек. Мысалға тән негізгі түйін де осында жатыр. Мысал тақырыбы оқушысына бірден таныс, идеясы да нақты. Оқырман терең ұғынып, бәнқорлар сияқтылардан жиренеді. Бәнқорлар арқылы адамдар арасындағы алауыздық пен ерегес, ақылсыздықты тұжырымды образдар арқылы беруге ұмтылған. Ақылсыздық – адамның жауы, ерегес пайда бермейді деп келе, өмірдің әліппесі сияқты өзіндік тұспалдар жасайды. Оны қысқа қайырып, түйін түйеді.
Мысалы: 1. «Ерегес ерге пайда бермейді». 2. «Иесі шығасына басшы болды». 3. «Ерегеспей еңбектерінді ал үлесіп» т.б. [22. 312 б.] Ақынның қай мысалын алып қарасаң да, терең мазмұнды түйін, өмірден алынған қорытындылар көп. Зерттеу жұмысымызда ақын мысалдарындағы өзіндік сыры мол, сөз асылы нақылдарын да таныстыра кеттік, Тұрекеңнің өз сөзімен айтқанда: «Адам баласы үш түрлі: ел үшін, мал үшін, қатын-бала қамы үшін. Міне, осында дәлелдеу де қорытынды да бар. Ғибраты мол, тәлім берерлік мәні бар ойды ықшамды, ұтымды түрде жеткізген мысалдары қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының алтын қорына қосылады. Адамдардың мінезіне, өмір ағысына, тағдыр сабағына, заманына қатысты көптеген жәйттерді, әсіресе, надандық, алауыздық, үстемдердің тепкісіне, халықтың азып тозуына байланысты ойларды Т.Ізтілеуов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. Өз заманында да, қазіргі уақытта да Тұрмағамбет мысалдары ел арасында кең тараған еді. Сөз таласында, алқалы топта ақын мысалдарына жүгіне сөйлеу тіпті әдетке айналған-ды. Біз Т.Ізтілеуов мысалдарының тақырыптық, идеялық ерекшеліктеріне шартты түрде болса да екіге бөліп қарастыруды жөн көрдік. Тұрмағамбет мысалдары құрылысы, баяндалуы жағынан дәстүрлі мысал жанрының шеңберінен шығып, сюжетті әңгіме-новеллаға ұқсап кетеді. Сонымен қатар кемеңгер мысалшы ақынның да, мысалды келістіріп жаза отырып, оқушысына аңғартпауында тағы да бір ойы бар секілді. Ол – көркем әдебиеттің, сөз өнерінің ұзақ жасайтыны болса керек. Ақын өзі өлгенмен оның мысалдарынан халық үлгі алып отырған. Біздің байқауымызша мысалға тән, негізгі түйін жоғарыда айтылғандардан мынандай қорытындылар тудырады:
Біріншіден, ақын мысалдарында тақырып кеңінен ашылған идяесы да нақты;
Екіншіден, оның мысалдарын халық терең ұғынып, үлгі алады;
Үшіншіден, ашық айтылмаған қорытынды жоқ жағдайда, өзінше қорытынды жасай білген; Төртіншіден, Шығыстық сюжетке құрылған мысалдарын қазақ елінің тұрмысына бейімдеп, образдардың нақтылығын арттырады. Міне, Т.Ізтілеуовтің мысалдарының тақырыптық, идеялық ерекшелігі сонда оқырман жүрегіне ұялап, оларға жақын, етене әдеби дүние болып кеткендігінен айқын көрінеді. Мысалда сатиралық сипат басым болып, көбіне аң-құс, хайуанаттар арқылы адам бойындағы кемшіліктер келекеге, мазаққа айналады. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан қазақ тұрмысына жақын тұстарын ұлғайтып, кейде ғибрат айтылатын жолдарын өзінше әрлеп отырған. Сонымен бірге үлкен әдебиеттегі мысал жанры қай халықтың болса да ғасырлар бойы жинақталған даналығын танытатындығы, ондағы жасырын астар, жымысқы тұспал, ащы әжуа, мірдің оғындай мысқыл, ойнақы күлкі сол халықтың табиғи ерекшеліктерін білдіретіндігі, солардың бәріне бірдей ортақ белгі – оның айнымас бұқарашылдығы, қарапайым халық пейілімен үндестігі болса керек. Ендеше, Тұрмағамбет Ізтілеуов мысалдарындағы Шығыстық мотивті қазақ елінің табиғатына жақындатады. Шығыстық сюжеттегі мысалдарында этикалық ғибрат көп. Мәселен, «Лұқпан Хакім» мысалында негізгі идея-адамның орынсыз сыр шашпауы, азулы әкімдерден аулақ жүруге, саудагерлерге қарыздар болмауға шақыру. Өмірде кездесетін оқиғаларға берілген баға, байсалды тұжырым екендігін дәлелдеу, оның мәнін ашу болса, оқиғаның композициялық, сюжеттік желісіне шығарманың әуелгі тармағаныдағы достық, қастастық шарттылығы болады. Патшаның ұлына айтқан үш насихаты эпикалық баяндауға негіз болады.
Жасырын сырыңды айтпа қатыныңа,
Жаңа мал біткеннен қарыз алма.
Патшаның жендетімен жақын болып,
Жаныңа зақым қылар, жүргізбе ықтан. [21. 114 б.]
Ол тәжірибеде сыналады. Берілген ант, достыққа берік болып, ешуақытта бұзылмауы сөз болған. Ертең сені ұстап беретін әйел, хан уәзірі де сатқындар болатыны, реті келгенде ешкімді, аямайды, халықты осындай әркеттерден сақтандырады. Ақын осыны халыққа ескертіп отыр. Халыққа әділдік, адамгершілік, достықтың беріктігін айтпақшы. Мысал 1900 жылы жазылған. «Ата мен бала» мысалында адамгершілік пен әділдікті уағыздауды мақсат еткен. Мысал басында автор пернелеген мына жолдар:
«Жассың» деп жан кемітпес, тусаң бүтін, Секілді сен бір гүжім көкке сүтін (тіреу) және соңында былай аяқтаған жолдар:
«Жас» демей, ақылы барды «аға тұт» деп, Данышпан айтқан Лұқпан Аплатон, - деген жолдар осы мысалдың негізгі мазмұнын ашып тұр. Бұл мысалда да адамгершілік пен әділеттікті уағыздауды мақсат еткен. Негізгі идеясы «Ақыл жастан шығады» деп әкесінің тәрбиесінде өскен Сүлейменге әкесі Дәуіттің піскен егінге байқаусызда қойын түсіріп алған қойшыға қойған шарты ұнамайды. Егер маған салса бұл істің ыңғайын былай шешер едім деген.
«Үзбесін егісінен ол да үмітін,
Абзалдап атыз-жабын, жаздай күтіп,
Қалдырмай қырмандап бер ішетінін,
Қойыңның соған дейін сүтін ішіп,
Қайтарсын қырқар кезде жүн, түбітін, - деп әділ бағасын айтады. Мысалдың негізгі идеясы қандай қасірет, қиындық көрсе де, ақылды ер ақырғы отын жақса да, қиындықтан алып шығады деп, жас демей, «Ақыл жастан, асыл тастан шығады», ақылы барды аға тұтындар деген идеяны айтпақшы. Бұның тәрбиелік мәні өте зор, ғибраттық үлгіге құрылған. Ал, «Сүлеймен мен кірпікшешен» деген мысалында хайуанаттар мен құстарды қатыстырады. Керек жерінде оларды сөйлетіп, сол арқылы түрлі әрекеттерді шешеді, мысал Шығыс сюжетінен алынған. Кіріспе бөлімінде өз заманының шындығын түсінген; түрлі қайшылықтар мен тартыстар түбірін көре білген ақын елді тұңғиықтан сақтандырудың емін іздейді. Сөйтіп, өмір ережелерін ұсынады.
Ісі жоқ кем ойлының кеңеспенен
Кең ойлы: «Кеңес шығар», - демес, - менен»
немесе мына жолдар:
Жаманды жар көкірек жан деп білме,
Құр кеуде көпті жеңген өңешпенендеген жолдар мысалдың негізгі идеясын – мазмұнын ашады. Мысалдың қысқаша мазмұны былай: Жебірейіл Сүлейменге өлместікке су беріп, бұл суды ішпес бұрын, халқын, ұшқан құс, жүгірген аңды жинайды. Жиналғандардың ішінде тек кірпікшешен ғана болмайды. Келгендер Сүлейменнің суды ішуін мақұл көреді. Сүлеймен кірпікшешеннің келмегенін біліп, ат пен қаршығаға тез әкелуге бұйрық береді. Оған да келмейді. Сонан соң итті жібереді, кірпікшешен итпен еріп келеді.
Ат пенен қаршығаға неге ермедің?
Білдің бе, - деді, - олардың сөзін жалған? -
деген Сүлейменнің сұрағына әдеппен бас иіп былай деп жауап береді.
Опа жоқ қаршыға мен қалайда атта,
Көрсете көрме қысым бұл халатта.
Есігін иесінің күзететін,
Ит артық, ойыма, инабатта –деп шақырған жұмысын сұрайды. Істің мән-жайын түсінген кірпікшешен суды ішпеуін өтінеді. Көппен бірдей болуын айтады. Шығыс әдебиетіндегі жынды су жұрттың бәрі жынды болудан өзінің аман қалғанның керегі жоқ деп Абайша қорытынды жасап отыр. Ақын кейінгі ұрпақтарын адамгершілікке, қанағат пен шапағатқа баулиды. Халықпен бірге болуды, елмен су ішсе су ішіп, у ішсе ішуі керек, у ішсең руыңмен, халқыңмен жалғыз тірі жүргенде тірлік болмайды деген сияқты ойды айтпақшы. Бұл шығарма Шығыс әдебиетіндегі «Кәлила мен Димна» шығармасының нәзираланған үлгісі 1916 жылы жазылған «Төрт дос» деген мысалында адамдарды береке, бірлікке шақырған. Достың достық әрекеті басына қиыншылық түскенде көрінеді демек. 1924 жылғы «Дарақ пен сая» деген мысалының ғибраттық түйіні дарақ сынды абыройы асқақтаған адамды күндемеу. «Жақсының жат санамай, сөзін жаттау керек, білгеннен, үйренгеннен, ойға алғанның орындалатынын көрсетеді. Адамдар арасындағы күншілдік, біреуді көре алмаушылық, пасықтықты мысалмен тұспалдаған.
Жолдасың жарым болса сол сияқты,
Оң келмей өзіңменен шеп келеді.
Мойнына өз ұятын өзі алмай,
Қыңқылдап құлақ құртын жеп келеді.
Қандай бір қамқоршылдық қылғанменен,
Кемісін сенен көріп кектенеді.[21. 126-127 б.]
Ақынның «Жолаушы мен дана» атты мысалы да нысанаға дәл тиетін ғибратқа құрылған. Бір жолаушы дана кісіден қалаға қашан жетемін деп сұрапты. Дана оған: «Асықпасаң бүгін, асықсаң екі араға бес күнде жетерсің» депті. Дана қарттың сөзіне түсінбеген бейшара жолаушы сағаттап шаба берсем тез барамын деп, атын қамшылап шаба жөнелген. Аты зорығып, өліп, өлімтігін тастай алмай, араға бес күн қонып әзер жетеді. Мысал мынадай сөздермен тамамдалады:
Сақтаулы саспағанның сыбағасы,
Асыққан ұшырасар бір тобаға.
«Арбамен асықпаған қоян алар»
Деп айтқан құлақтарыңды қой жобаға
Тұрмағамбет мысалдары көбінесе ықшамды, үйлесімді, жатық келеді. Даналардың айтқан сөздері айна қатесіз деп, «Орынсыз қимыл орға жығады», - демекші, адам мінезінің тұрақтылығын, жайлылығын, бірқалыптылығын есепті болуын керек етеді. Ескертусіз, асығыстық, ұшқалақтық, оның аяғы жақсылыққа апармайды деген ойларды аңғартады. Мысалдың шиеленісу, шарықтау шегінде халық даналығын: «Асыққан шайтанның ісі», «Сабыр түбі – сары алтын», «Сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», - деген өмір сүру ұлағатын ұғындырады. «Көкқұтан мен шымшық» атты мысалында адамдар мен адамның теңдігін, бірлігін, мейірімділігін қамқорлық лебін ескісі келген Тұрмағамбет кішкентай шымшықты жеңілдірмейді. Өз күшін асыра бағалайтын мақтаншақ, менмендерді әшкерелеуді мақсат еткен. Аллегориялық мысалға жатады. Құстар арқылы адамдар арасындағы түрлі мінездерді көрсетпекші. Шымшықтың Көкқұтанға айтқан мына сөздерінде:
Сен маған айтпа ұнамсыз кеп,
Онан да бірігейлік, болмайық шет!
Таптырмас татулықты қолдан беріп,
Кетпейік қапелімде өкініш жеп.
Татулық керек нәрсе, тәкәппарлық көрсету жөн емес. Шымшық кішкене болғанымен ойлы, ақылды екенін айтады. Көкқұтан достықты кемітеді, жәбір жасайды. Сондайларға ақыл айтып, ой салады. Ақынның «Өгіз бен есек», «Соқыр мен ақсақ» сияқты мысалдарынан түйетін өмірдің шұрайлы тұсын ғана іздемей оның шытырман шатқалдарын түсіндіру, адам білімдар болу үшін ерлік, ыждаһат, еңбек, инабат керектігін түсінуге болады. Сонымен, мысалдарында ақын көп нәрсені тұспалдап, пернелеп айтады. Хайуанаттар адамша іс қылады, бірі әділдікті аңсайды, бірі әділетсіз, бірі ойлы, бірі ойсыз. Осындай қарым-қатынас арқылы адам бойындағы, мінез-құлықтарымыздағы оғаш қасиеттерді сынайды, жақсыларын үлгі етті. Мысал жанрларының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысын әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. Адамдардың мінезіне, өмір ағысына, тағдыр сабағына, заманына қатысты көптеген жәйттерді, әсіресе, надандық, алауыздық, үстемдердің тепкісіне, халықтың азып-тозуына байланысты ойларды Т.Ізтілеуов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. Т.Ізтілеуов мысалдарын байыпты зерттеу үстінде ақынның жаңа қырларын ашып, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған бай рухани қазына екенін дәлелдегендей болдық.
2.15 ТҰРМАҒАМБЕТ МЫСАЛДАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Ақындық поэзияның даму сипатында әдебиет теориясын құрайтын поэтикалық заңдылықтар жүйесі сараланып көрінеді. Ақын Т.Ізтілеуов мысалдарының көркемдік ерекшеліктері ұлттық әдебиетіміздің дамуындағы зәру мәселелердің бірі болып саналады. Мысал жазудағы ақынның тақырып, идея, композиция мен сюжет, стиль, тілдік, көркемдік ерекшеліктері әдеби даму қозғалыс аясында қарастырылғаны жөн. Сондықтан, ХХ ғасыр әдебиетінің көрнекті өкілі Т.Ізтілеуов мысалдарының да көркемдік кестесін арнайы қарастыру арқылы жұмыстың сипаты ашылады. Көркем шығармада әр дәуірдің тілдік суреткері өзінше қолтаңба қалдырып отырғандығы белгілі. Бұл жөнінде В.В.Виноградовтың: «Писатель – носитель и творец национальной культуры речи. Пользуясь общенародным языком своего времени, он отбирает, комбинирует и в соответствии со своим творческим замыслом – объединяет разные средства словарного состава и грамматического строя родного языка» деген сөздері өте орынды айтылған [78, 183]. Олай болса, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы да ұлтымыздың тіл мәдениетіне өз заманының өрнекті, айшықты жалпы халықтық тілдік қолданыстары мен өзіндік тілдік ерекшеліктерін өте шебер енгізе білген суреткер ақын. Сондай-ақ ақын шығармаларынан оның өмір сүрген ортасының, сол кезеңдердегі халықтың тіршілік тынысы бейнеленіп, субъективті және объективті дүниенің ақиқат болмысы аңғарылады. Ақиқатты әр адамның қабылдауы, түйсінуі жекелік, даралық сипатқа ие. Ал Тұрмағамбет сынды дарынды адамдардың сезіну, түйсінуінен туған шығармашылық толғаныстары шабытты жыр арқылы сыртқа шығады. Даралық сипатқа ие болған шабыт, жаңаша толғаныс, жаңа салыстырулар сөздердің бұрын кездеспеген жаңа да көркем тіркесімдерін дүниеге әкеледі. Қолына қалам ұстаған әрбір ақынға тән сөз құпиясын меңгеру тәсілі, әдісі оның ішінде образдылық, бейнелік құпиясын, айту, сөйлеу мәнерінің еркіндігі, дыбыстардың дыбыстық үйлесімділікпен жымдасуы сияқты суреткер шеберлігінің, танымның деңгейін білдіретін өзіндік тілдік ерекшеліктері болады. Қазақ шешендік өнерінің негіздері мен тілдік танымына барынша барлау жасап, толыққанды ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы салада докторлық диссертация қорғаған ғалым Г.Қосымова: « Ақындардың ішінен шешен тілді ақындарды іздегенде қойылар талаптар мыналар болмақ: қоғамдық үлкен сана, философиялық терең ой, халық өмірі мен әдет-ғұрып, салт-сана дәстүрлеріне мейлінше жетіктік, жеріне жеткізіп айтатын уытты тіл, қиял мен сезімді баурайтын әуезді тіл. Бұл ақындардың өлең-толғауларының да негізгі белгісі – ой, толғаныс, түйін, мораль» [79. 18 б.], - деп шешен тілді ақынның бойынан табылуға тиісті қасиеттерді санамалап берген болса,осы талаптың үдесінен шыға білген ақынның бірі – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Олай болса, Тұрмағамбетті шешен тілді ақын десек те жаңылыспасымыз хақ. Қандай бір көркем шығарманы көркемдік әлеміне қарай талдасақ әрбір ақынның өзіндік ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі болады. Ақындық құдіреті, көркемдік тәсілін, суреттеу шеберлігі, тілдік өрнектерін танытатын өзіндік ерекшелікті байқап отырасыз. Тұрмағамбет ақынның да өзгеге ұқсамайтын өзіндік өрнек, бейнелі сөз қолданыстары ақындық бетін ашып береді. Біз сөз етіп отырған мысал өлеңдері де қазақтың небір шұрайлы сөздерімен өрілген. Халықтың теңеулер мен эпитеттер, ауыстырулар мен салыстырулар, балама сөздер жиі ұшырайды. Шығыс әдебиетін жете меңгерген оның шығармалары шығыстың поэзиясымен сабақтас. Шығыс поэзиясына тән небір айшықты образ, дәстүрлі қалыптасқан теңеу, эпитет, әсірелеу мол. Зерттеу жұмысын жазу үстінде байқағанымыз, Т.Ізтілеуов мысалдары түр, стиль, тілдік ерекшеліктерімен де оқшауланып тұрғанын байқадық. Сөз қолданысы түгел өзгеше түлкі тамақ, қоянның көжегіндей, құлдарша қол қусырып т.б. тіркестер - ақынның жаңалығы. Сөз қолданысы түгел өзгеше өзіне ғана тән сөз сияқты. Біздің байқауымызша, ақын мысалдары да өзіндік ерекшелігімен танылады. Шығыстық поэзияда жиі кездесетін небір образды айшықтау, тың теңеу мен эпитеттермен қатар қалыптасқан әсерелеу көп. Академик З.Кабдолов: «Троп шындықты бейнелеп, кейде пернелеп, кейде өңін айналдырып айту үшін, яғни әдеби тілді құбылту үшін керек болса, фигураның тілдері әдеби тілді ажырату үшін керек. Әдебиеттегі тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлт күнді-бадам болуда емес, сөздің табиғылығы мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады»-дейді.[33. 164 б.] Осы пікірге орай,ақын әдеби тілді құбылтып, сөз табиғатына да мән берген. Ақын қолданған көркемдегіш элементтер шешендік сөздерді жай сөзбен ажыратып тұрады.Ол әрбір қанатты сөздерді орнымен қолдану, ойлы бейнелі және түйіндеп жеткізеді.Өмір шындығын, құбылысты кісінің көз алдына елестететіндей етіп суреттейді.
Мысалы: Бағасын білімді ердің білмейді ешкім
Ажарлы айуан артық ақылы жоқтан. (эпитет)
( Лұқпан Хакім)
1) Өлеңге ажар беріп тұрған эпитеттер білімді ер, ажарлы айуан заттың өзгеше белгісін аңғартады.
Қоянның көжегіндей ғаріп едім
Бұл қатын бүркіт пе-деп,-бұлдырықтан
(Лұқпан Хакім)
Қанша артық, қара байқап, сіз бен бізден!
теңеу
Құлдарша қол қусырып қылды айтқанын.
Өлеңдегі көжегіндей, құлдарша деген сөздер әдебиетте қолданылатын дәстүрлі теңеулер болса да, ақын өлеңге орынды қолданып отыр.
2) Мысал жанрының бір ерекшелігі оқырманға мораль үйретеді. Осы тұста Тұрмағамбет те әрбір мысалында ақыл-нақыл айтып, ой түйіп отырады.
1. Нендей бір тартып қасірет, шегіп жапа,
Жағарсың ақылды ердің ақыры отын.
“Жас” демей, ақылы барды “аға тұт”,- деп
Данышпан айтқан Лұқпан, Аплатон.
(Ата мен бала)
2. Болады бақ, ықпалдың – бірлік кілті,
Болмайды бір болғанның жаннан мүлті
(Төрт дос)
3. Жолдасың жарым болса сол сияқты,
Оң келмей өзіңменен шеп келеді
(Дарақ пен сал)
4. Ұйқыда өне бойы жата берсең,
Үстіне ұйтқып жанған от келеді
Қауіп-қатер қай жағыңнан қаптайды?-деп
Талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі.
(Дарақ пен сал)
Сақтаулы саспағанның сыбағасы,
Асыққан ұшырасар бір тобаға
Ер бермес есі бүтін мың сомаға,
Арбамен асықпаған қоян алар.
(Жолаушы мен дана) Т.Ізтілеуов қысқа тұжырымды нақыл айта отырып, кейінгі ұрпақты тәрбиеге шақырады. Терең мазмұнды, түйінді өмірден алынған мысалдарында өзіндік сыры мол, белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән көп. Ол қысқа түрде мәтіннің басында немесе аяғында беріледі.
3) Тұрмағамбет мысалдарындағы тағы бір ерекшелік екі адамды немесе хайуанаттарды сөйлету, яғни диалогқа құру бар. Мәселен,
Сүлеймен сол сағатта атасына;
- Бұл істің мен табамын,- деді ыңғайын
- Сен тапсаң , сансыз шүкір, бердім саған.
(Ата мен бала)
Өмірлік шындықты жан-жақты терең ашып көрсетуге, кейіпкерлердің сырларынының ашылуын байыптайды.
- Ат пенен қаршығаға неге ермедің?
Білдің бе, деді, - олардың сөзін жалған
- Опа жоқ қаршыға мен қалайда атта,
Көрсете көрме қысым бұл халатта
Есігін иесінің күзететін,
Ит артық, өз ойыма инабатта.
(Сүлеймен мен кірпікшешен)
Диалогтарды ақын адамдар әрекетіне, қарым-қатынасына, мұраттарына байланысты туындатып отырады.
Жолығып бір жолаушы бір данаға:
- Жетемін қашан, - деген, - мен қалаға?
- Барасың асықпасаң осы бүгін,
Асықсаң, бес қонасың екі араға.
(Жолаушы мен дана) Оқиғаларды суреттеуден гөрі диалог арқылы ойды өрбітіп, мысалдарында диалог арқылы алда болатын оқиғаларды болжап отырады. Осылай мысалда екі кейіпкерді немесе бірнеше адамдарды сөйлете отырып, қарым-қатынасының қалай шиеленісетінін, қалай өзгеріп отыратынын аша біледі. Әрбір диалог арқылы кейіпкердің мінез-құлқын, тағы бір қырынан ашып көрсетеді. Әсіресе, кейіпкерлердің қиын жағдайлардан шығу үшін әртүрлі әрекеттерін сөйлету арқылы аңғартады. Зерттеуші ғалым З.Ахметов: “Жазушының шеберлігі де оның әр кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді”, - [26. 60 б.] десе, Т.Ізтілеуов мысал кейіпкерлерін сөйлете отырып, оның ішкі сырын, ой-өрісін ашады. Ақын мысалдарындағы диалогтар өмірдің үлкен шындығын, адамдар арасындағы болатын әртүрлі жағдайлардан хабар береді. Мысалда автор атынан айтылған сөз кейіпкерлер атынан айтылатын сөзге ұласып отырады. Әр кейіпкер сөзі іс-әрекетіне қарай түрлене береді. Автордың сөз қолдануына қарай, өлең жолдарының құбылуы оқырманды бурап алады. Көркемдеу тәсілінің тағы бір түрі параллелизм ақын оны адам психологиясында болатын өзгерістерді суреттеуде табиғатпен қатарласа жүргізеді.
“Дарақ пен сая” мысалында:
Дараққа сая бір күн өкпеледі.
“Айналдың аңдауымда епке”,-деді.
Күн түрін көрсетпеске күні бұрын,
Жаясың жапырағыңды шепке,-деді.
Жолына жолдастықтың жөн бе осының?
Екеуміз сынатайық көпке, - деді. [21. 98 б.]
Дарақ өскен ағаштың көлеңкесі ешкімге түспейді, халыққа сая болмасаң неге қажет дей келе, адам басындағы түрлі психологияны қатарластыра суреттеген. Мысалдағы тағы бір ерекшелік жазба әдебиетте қолданылатын сөз басында не сөз соңында бір сөз қайталанып келу арқылы сөйлемнің әсерлілігін күшейту тәсілін қолданған Жоғарыда берілген үзіндіде “деді”,-деген сөз бірнеше рет қайталанып, алдыңғы соңғы пікірге қатыстырып отырады. Өлеңде ойды сонғы ой, алдыңғы оқиғаны, соңғы оқиға оқиға күшейтіп тұр. Өлең тартымды, әсерлі болу үшін, сөзді дамытып, екпіндетіп ағыл-тегіл төгіп отырады.
4) Мысал жанрында аллегориямен баяндау әдісі де бар. Тұрмағамбет өз кейіпкерлерін аң, құс, жан-жануарлар арқылы да ондағы суреттеп отырған жан-жануарлары кімдердің бейнесі, оны қалай түсінуге болады?
Тұспалдап, астарлап айту арқылы ақын адамдар образын батыл әшкерелеп, халық талқысына салып отырады.
Тұрмағамбет ақынның бағыты айқын, көбіне халықтың арман-тілегін, адамгершілік қасиеттерін, адалдығын көрсетеді. Сондай мысалдың бірі – “Сүлеймен мен кірпікшешен”. Мысалда кірпікшешенді адалдықтың бейнесі ретінде берсе, ат пен қаршығаны опасыз адамдар, ал итті достықтың үлгісі деп түсінеміз. Әрине, бұл мысал өлең сапасы жағынан көркем болмағанмен де, мұнда адамдар арасындағы ащы өмір шындығы айтылып отыр.
5) Мысалдың мазмұны әңгімеленіп болғаннан кейінгі жерде ақын оған түсінік берді. Шығарма қорытындысы тұжырымды болуға тиіс демек.
Кеңесім осы, - деді, - менің білген,
Тәубасын ойлап, тақсыр, сонда күлген.
Айтқаны ақылына ұнағансын.
«кірпі би» атандырып сыйлау берген.
(Сүлеймен мен Кірпікшешен) Өмір мағынасын терең ұғынып, соңы келер ұрпаққа жеткізіп айта білген ақын: «Барға қанағат ет, достықты бағала, кең болсан, кем болмайсын, әлін білмеген әлек, ақылы барды, аға тұт» деген ғибраттық ойлар айтады.
6) Ақын мысалдарында араб, парсы сөздерін көп қолданған, дегенмен бұл сөздердің мағынасына түсінік беріп отырады, ол мысалдың мазмұнына нұқсан келтірмейді.
Мысалы: «Лұқпан Хәқім» мысалында:
Хаулі – аула, қора, үй
Хикмет арабша – керемет
Шуал түрікше – үлкен қап
Тымсал арабша – мысал
Ұғыл түрікше – бала [27. 134 б]
«Ата мен бала» мысалында:
Гүжім – байтерек
«Сүлеймен мен Кірпікшешен»
Пәрман арабша – бұйрық
Халат арабша – қате
«Жолаушы мен дана»
Мажыра арабша – уақиға, талас-тартыс
Ырсалла арабша – қағида
Ақын мысал жазуда араға енген бұралқы сөздерді түрік, араб, парсы қоса өз дана тілінің мол байлығын ойдағыдай игергендігін көрсетеді.
7) Аллитерация - дауыссыз дыбыстардын үндестігі жиі кездеседі. Бұл стилитикалық айшық барлық елдердің әдебиетінде бар. Сөзді ажарлап, реңін келтіретін осы тәсілді орынды қолданған. Мысалы: «Лұқпан Хакім» мысалында сөз басында дауыссыз дыбыстың үндесуінен жасалған сөз өрнектері оқырманға әсер етіп, тыңдаушысын баурап алады.
Жаңа мал біткеннен қарыз алма мықтан
Жаңына зақым қылар, жүргізбе ықтан!
Бір қойды қақтап сойып, қапқа тыққан.
Дәруха деген патша жендетімен.
Дос болды, «Аларсын», - деп мені шоқтан «Ата мен бала» мысалында да дауыссыз дыбыстардың үндесу арқылы өлең өрнегін таратады. Бұл әдіс қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясында көп кездеседі, Тұрмағамбет жыраулық поэзиясының үлгілерін де жақсы меңгергендігі байқалады.
Қойының соған дейін сүтін ішіп,
Қайтарсын қырқар кезде жүн, түбітүн, -
Келмесе орынға ісім өкінішпен
Көрерсін бұл жаһанның ақыретін
Стильдік, тілдік өзгешелік сөйлемнің әсерлілігін күшейтуде қолданылатын бұл әдіс қазақ ақындарында көптен кездеседі. Ақын өлең тартымды болу үшін сөзді күшейтіп дамыту әдісін қолданған. Мысалдарында жануарларға, аңдар мен құстарға тіл бітіреді.
«Сүлеймен мен Кірпікшешен»
Сүлейменге Кірпікшешенді ит ертіп келеді,
Сол кезде адамша бас иіп, былай дейді:
Итке еріп, сонын үшін келдім енді,
Шақырдың не жүмысқа мендей кемді?
Жолына жаным құрбан қай кезде де,
Аяймын, айтшы өзін – ақ, сенен немді.
Мысалдарында т.б. шығармаларында ақын кейіптеудің жаңа түрін пайдаланады. Табиғатты суреттеуде Абай және орыс әдебиетінің әдісін үлгі етті.
8) Троптың тағы бір түрі аллегория болса, ақын шығармаларында астарлап сөйлеудің әр түрі кездеседі. Аллегорияны көбінесе мысал өлеңдерінен көп кездестіреміз. «Көкқұтан мен шымшық» өлеңінде ақын көкқұтан мен шымшықты сөйлету арқылы адамдар арасында әрекеттер, яғни, татулық, бірлік керек екенін екі құстың арасындағы болған оқиғада суреттеп, образ жасау үшін қолданған.
Көкқұтан бұлай дейді:
- Өзіңнің жұмысың – кішілік, атын – шымшық,
Қарашы тұмсығына, титтей мұрның.
Жылан кеп шаға қойса, бірін аман
Қояр ма болса балаң бір мың?
Әр түрлі осы арада дұшпандар көп,
Солардың бәрінен мен сақтап тұрмын!
Сонда шымшық:
Сен, маған айтпа ондай ұнамсыз кеп,
Онан да бірігейік, болмайық шет!
Таптырмас татулықты қолдан беріп,
Кетпейік қапелімде өкініш жеп.
«Өгіз бен есек» мысалында да осындай адамдар арасында зорлықшылдықты, айла-тәсілдерін өгіз бен есектің арасындағы оқиға арқылы суреттеген.
Есекке өгіз айтты: - Осы бүгін
Апарып қожайының қосты жерге.
Шаң жұтып, шала жансар болып тұрмын,
Шүмектеп шомылғандай қара терге.
Деді есек: - Олай болса, шөп жемей қой,
Күрсініп, көзің жүмып, бойын кер де.
«Жануар, шын зорыққан екен ғой» - деп,
Тақ тұрар тәрбиешінің тұтып перде.
Жануарлардың арасында бұл тәрізді әңгіме болмайтыны жұртқа мәлім. өгіз де есек те адамдар арасындағы дөрекі, ақылсыздар, ақын соны тұжырымды образ арқылы берген.
9) Ақын поэзиясындағы ерекшеліктің бірі - өмір шындығынан қорытынды түйін жасаған ақыл-нақыл, ғибрат сөздерді орынды пайдаланған.
( Сүлеймен мен кірпікшешен)
Болмайды бір болғанның жаннан мүлті.
( Төрт дос)
Оң келмей өзіңменен шеп келеді.
(Дарақ пен сая)
(Жолаушы мен дана)
(Лұқпан Хакім)
(Ата мен бала)
Міне, осылай тізе беруге болады, десек те ақын мысалдарын жазуда да негіз болған тәлімдік мәселе екенің айту керек. Тұрмағамбет мысалдары шығыстық аңыздар, халықтың ауыз әдебиеті мен өзіндік ой талғамдарынан тамыр тартып жатыр. Барлық мысалдары қазақ ұғымына жақын, түсінікті, ойды пернелеп бере отырып, тұжырым, қорытынды жасауды оқырманға қалдырады.
10) Тіл құдіретін жетік меңгерген ақын өлең құрылысына да өзіндік ажар, көрік береді. Өленнің буын жайын сөз еткенде, өлең жолындағы заңдылыққа назар аударамыз. Мысалдары 10-11-12 буынға құрылады.
“Сүлеймен мен кірпікшешен”
1 1 1 3 4
Ісі жоқ кем ой/лы/ның кең/ес/пе/нен =10
1 2 2 2 2 2
Кем ойлы: “Кеңес шығар, - демес, - менен,”=11
2 1 4 2 2
Білсе де, былайғыдан білім сұрар, = 11
3 4 4
Өзімен үзенгісін теңеспеген = 11
[12., 93 б.]
Өлең құрылысы толық сақталмаған бірінші жол 10 буын, қалған 3 жол 11 буыннан құралған. Қазақ поэзиясында жиі қолданылатын өлең өлшемі. Өлең тармағы 3-5-6 бунақтан 10-11 буыннан тұр. Он бір буынды өлеңнің тағы бір өлшемдік үлгісі бар. Өлең сөзде қолданылатын өлшем жасалу жүйесі, оның ырғағының, дыбыс үндестігіне тән болса, ол түгелдей сақталған.
2 1 1 3 2 2
Мысалы: Жас/сын деп жан кем/іт/пес, ту/сан бү/тін,
3 1 1 2 2 2
Сек/іл/ді сен бір гүж/ім көк/ке сү/тін,
Дәуіттің уақытында бір қара қой –
Түнде еріп, түсті егінге, болмай күтіп
(Ата мен бала)
11 буынды өлеңге құрылған, мысалдың әрбір тармағы 6 бунақтан тұрады.
Ұйқасы а-а-б-а - қара өлең ұйқасына жатады.
2 1 3 2 2
10 буын Ұл/ына үш на/си/хат айт/ты Лұқ/пан
3 3 2 2
10 буын Ол/ар/дың оң/ал/мас жаң сөз/ін жық/қан
2 2 3 3
10 буын Бұл/ар/ды бол/ма, өм/ірде ұм/ыт/ушы
3 2 1 2 2 2
12 буын Сүй/ік/ті, - де/ді, ей, ұл/ым іш/тен шық/қан.
(Лұқпан Хакім)
Өлеңнің жолдарында буын саны сақталмаған бірде 10, бірде 11, бірде 12 болып келе береді. Бұл мысалда 4,5,6 тармақ бар, ұйқасы а-а-б-а- қара өлең ұйқасы өлеңінің 1-2-4 жолдары ұйқасады да, 3-жолы ұйқассыз бос қалып отырады. «Дарақ пен сая» атты мысалында ақын өлең жолдарының аяқтағы дыбыстары не бірнеше буындардың құлаққа бірыңғай естілетіндігін өлеңнің ұйқасы десек-ондай берік сақталмайтын ұйқастар Тұрмағамбет мысалдарында жиі кездеседі.
Күлді де көлеңкеге, - деді дарақ:
«Орынсыз өте кейіп келпе!» - деді.
Көрінген көзге бұрын гозалында,
Тайдай-ақ топырақтың тепе – деді.
Өлең жолындағы ырғақтың айқын сөзімді тек қана бунақ қайталанатын жол бөлшектері буындардың бірыңғай келуі жиі кездеседі.
Бір ғана емес, бунақ буын жасайтын дыбыстарға да байланысты құбылып тұр. Ұйқасы а-б-в-а ерікті ұйқасқа жатады. Өлең құрылысына, ұйқасына, ырғағына қарап осылай таңдай беруге болады. Шағын сюжетті ойды тұспалдап айтатын шығармада ақын сан алуан тақырыпты қамтыған. Негізі сюжетке қоса нақыл түрінде келетін түйіндемесі де бар. Кейіпкерлерді сөйлету арқылы диалогқа құра отырып, ширақ баяндалады. Тілі қарапайым, дидактикалық әдебиет үлгісін жасаған. Жалпы мысал жанрына тән ерекшеліктердің бір кейіпкерлердің аз болуы болса, ақын мысалдарында да 2-3-4 кейіпкерден аспайды. Оның мысалдарында лирика мен сюжет элементі қатар келіп отырады. Соңында автор не кейіпкер сөзімен түйіндеп ақыл-нақыл, ғибраттық сөздермен аяқтайды. Ақынның көркемдік ерекшелігін сөз қолданыстарын атап айтсақ: Біріншіден мысал жазуға шеберлігі, ақындық дарындылығы молдығы байқалады; Екіншіден ұлттық әдебиетімізді мысал жанрмен толықтырды; Үшіншіден мысалдарында ой тереңдігі мен мазмұндылығы тіл құнарлылығы, өзіндік сөз саптауымен ерекшеленеді; Төртіншіден оқиғасы баяндау шеберлігі, үйлесімді етіп жазуы; Бесіншіден өлең құрылысымен троп пен фигураның түрлерін мысал мазмұны сай қолдана біледі. Өлеңге әуенді ырғақ беріп отырады; Алтыншыдан араб, парсы сөздерін мағынасына сай өлең ұйқасына орай қолдана біледі, түсінік беріп отырады; Жетіншіден ақынның стильдік даралығы, яғни, талғам байлығы, молдығы байқалады. “Пейзажды біз әдетте, көркем шығармада суреттелген табиғат көріністері дейміз. Рас, пейзаж – табиғат. Бірақ бұл жеткіліксіз. Нағыз пейзаж – бұл поэзия! Бұл характер, бұл адам. Неге? Неге десеңіз, адамның тағдырынан, сезімінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті – пейзаж жоқ. Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал стиль – адам” [33. 366 б.]- дейді З.Қабдолов. Расында да, Тұрмағамбет мысалдары түрлі елдердің дүниесімен үндесіп, жанды адамдармен байланыстырыла суреттеледі. Қазақ әдебиеттану ғылымында да стильдік ізденістер туралы мол пікір, тұжырымдар айтылған М.Әуезов: “Әдебиеттің ұлттық түр мәселесінің бір іргелі үлкен мәні-стильде. Теңеу тілі, әр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел құрала келіп, жазу стилін қалыптастырады” [11. 230 б.].,-десе, Тұрмағамбет мысалдарында да көркемдік шеберлік, жазу стилін қалыптастырған. Тұрмағамбет стиліне тән тағы бір ерекшелік- теңеулердің молдығынан көрінеді. Әр нәрсені салыстыру негізінде бейнелі сөздер, құбылтуларды көптеп пайдаланады.
АЙТЫСТАРЫ
Т.Ізтілеуұлының қазақ әдебиетінің тарихындағы елеулі орны айтыс жанрымен сабақтасып жатыр. Айтыс – халықтық өнер, әсіресе, қазақ халқының арасында көп дамыған, ерекше бағаланған жанр. Айтыс өлеңдері туралы М.Әуезов былай дейді: «Айтыс» деген атау – айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады. Ақындар айтысы – өлең жарыс, өнер жарысы есебінде қолданылады. Тыңдаушы жұрт жиын-тойда айтысушы ақындардың әншілік, домбырашылық жарыс-керісін, орындаушылық өнерін де бақылап, бағалайды. Сонымен қатар, бұрын айтылмаған өлең өнердің сол арада, өздерінің көз алдында, жаңа туып отырған тыңдаушысын да бақылап аңдиды. Жарысқа түсуші ақындар тапқырылықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл жасап, қақтығысулары арқылы, тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады. Оның үстіне көбінесе тыңдаушы жұрт екі жақ болып, екі ақынның туысы, тілеулесі, жақын ортасы болады». [8. 318 б.] Халық ақындар айтысын қашанда үлкен өнер ретінде жоғары бағалаған, оны өнер жарысы, ақындық талант пен ой парасатының таразысы деп қараған. Тұрмағамбет басқа жанрлармен бірге осы айтыс жанрын да шын құмарта қолданған. Оның Шәді төремен, Әбдікәріммен, Жүрсін, Сәнбала мен Ермұрат және алты ақынның өмір туралы айтыстары бар. Осы айтыстарынан айтысқа қабілетті, сөз тапқыш, шешен де ойлы ақын екенін өзіне тән кейбір ерекшеліктерін байқадық. Т.Ізтілеуов айтыстарының ішіндегі көңіл аударатын айтыс түрінің бірі – жұмбақ айтыс. Бұл айтыстары арқылы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда өркендеген жазбаша айтыс дәстүрін қалыптастырған. Тұрмағамбет жазысып айтысу дәстүрін де халық ауыз әдебиетінің мейлінше кең тараған және көне түрі жұмбақ айтысын да пайдаланды. Жұмбақ – бұл қашаннан-ақ адамның дүние тануындағы ой-өрісі мен тапқыр қиялының жемісі болып табылады. Тұрмағамбет пен Шәді төренің айтысы екі ақынның нағыз шабатты шағында болған. Алдымен Тұрмағамбет хат арқылы Шәдіге жұмбақ жасырады.
Аралап татым тұзын талай жердің,
Барлығын айта алмаймын көргендердің.
Көп жерін кезіп жүріп бұл жаһанның,
Ғаламда бір ғажайып патша көрдім.
Бір түстес өскен бақта үш-төрт гүлі,
Және бар бесеу-алтау шыққан түрі,
Олардың ортасында сайран етіп,
Сайрайтын ертелі-кеш бар бұлбұлы, - деп адам баласының әр жастағы ерекшеліктерін тұспалдайды. [21. 133 б.]
Ақынның бұл сауалына Шәді төре:
«Ғажайып патша көрдім» - деген сөзін,
Ол – туған бала емес пе адамзаттан?
Өскенше екі жастан от басында
Уыстатып күл-топырақ қармалатқан
Үште – гүл, төрт, бес жаста – ата-анаға,
Бұлбұлдай бала шырын тіл сайратқан, [Назым. 1972. 133 бет] деп бұл сұрақтың жауабын дәйекті жауаптармен шешіп береді. Шәді жауап соңын Шығыстың ғазалдар формасына
Өзіңе-өзің сенсең тағы да жаз,
Мұныңды Шәді төре шешіп тапқан, - деп аяқтайды.
Тұрмағамбет өзімен теңдесе келген Шәдінің берген жауабына үлкен қанағат білдіріп, ризашылықпен одан әрі мазалап, хат жолдамайды. Ақындар бұл айтыста бір-бірін бағалай білетін өрелі, ойлы, сөз тапқанға, қолқа салмайтын ақындық биік парасатын көрсетеді. Мысалы: Тұрмағамбет Шәді төреге жазған жұмбағында адам өмірінің кезеңдерін суреттейді. Адамның балалық шақтан бастап, шөгіп қартайғанға дейінгі әрбір белесті кезеңін бір патшаның қызметіндегі уәзір жігіт желеңі мен сәулетті сарайы, үй жиһаздары, асулы дар, зынданымен қалт жібермес қаһарлы жендет-күзетшілері арқылы шебер ашып бейнеленген, әр жасқа лайық сын белгілерді жүйелегенде ол аз сөзге көп мағына арту мақсатын ұстанады. Ақынның жер-жиһан кезіп, саяхаттап жүргенде, көрген ғажайып, тамаша патшаның /жаңа туған жас бала/ бір шарбақта үш гүлі, сайраған бір бұлбұлы бар /тілі шыққан үш жасар бала/, мешітте жеті-сегіз молдасы бар /7-8 жаста молда алдына бару/, ол жерде тағлым берер ордасы бар /15-те шаруа иесі/, «өз ісімен өзі әуре атқа мінген бозбала/, сарайды күзетуші жиырма бес айдаһар /25-те айдаһардай айбарлы жігіт/, отыз қабылан /30-да қабыландай қайратты/, ақылды, даңғыл қырық уәзір /40-та ақылы кәміл азамат/, ақылы мен өнері тасқан 50 жігіт /50-де ақылы мен өнері толған дана/, ақ мақтаға айдалған алпыс атан /аппақ қудай 60 жас/, ордадағы ылғалы тоқ жетпіс арық /салған 70 жас/, сарайдағы құлап жатқан сексен дарақ /сал болған 80 жас/, қақпан салған тоқсан жігіт /өлім тұзағына ілінген 90 жас/, зынданда жатқан жүз адам /тірі өлікпен тең 100 жас/ бейнесі әлгі айтылған пікірдің айғағы. Мұндағы бір ерекшелік: ақынның адам өмірін жасына қарай бөліп жұмбақтағанда оны патшаның өзі мен сәулетті сарайдағы жансыз нәрселерге салыстырумен ғана шектеліп қоймай, кісінің он екі мүшеден тұратын сыртқы тұлғаларынан да ара-тұра хабар береді.
Он екі қызметкер бар алты жерде,
Рақымсыз, еш қарарсыз іші-тысы...
Адамды жұмбақтау кейде оның өз есімі мен әкесінің атын араб әліппесінің, яки сол әліппеден белгіленген сын-сипатына қарай /әбжау бойынша/ да түсіндіріліп келген. Бұл ескіше сауаты мол оқыған ақын тәжірибесінде кең етек алып отырған. Негізінен жұмбақ айтысы екі түрлі болады. Бірінішісі – екі ақын айтысып отырып, ара-тұра бір-біріне жұмбақпен сұрау береді, оған шешуін тауып жауап береді. Екіншісі – айтысты жұмбақпен бастап, жұмбақпен аяқтайды. Тұрмағамбеттің Шәді төремен айтысы осы екіншісіне жатады. Бұл айтыстың өзіндік ерекшелігі – айтыс жұмбақпен басталып, жұмбақпен аяқталады, басқа айтыстың саласы араласпайды. Айтыста жұмбақтың стилі сақталып, жұмбақ айтып, оның жауабын дұрыс шешу дәстүрін ұстаған. Қазақ әдебиетінің тарихында жұмбақ айтысын дамытуда еңбек еткендер Нұржан Наушабаев пен Сапарғалилар еді. Осылардан кейін жұмбақ айтысын жазба әдебиетке енгізген Тұрмағамбет Ізтілеуов болды. Тұрмағамбет айтыстары туралы сөз еткенде түре және сүре айтысы жайында түсінік беруді жөн көрдік. Түре, сүре деген айтыстың оқшау түрі емес. Айтыстың түрлерін топ-топқа, жеке-жеке бөлетін атауы. Мұның мән-жайын М.Әуезов былай саралап түсіндірген. «Айтыстың бірінші түрі – әдет, салт айтысы. Бұл көпшілік болып, топ-топқа бөлісіп айтысу. Екіншісі, ақындар айтысы болады. Халық ақындарының жіктеуі бойынша, ақындар айтыстың барлық тобы, сыртқы көлеміне қарай, екі жікке бөлінеді. Мұның біріншісі – түре айтыс, екіншісі – сүре айтыс. Түре айтыс – бір-екі ауыз өлеңнен қысқа әрі шапшаң жауаптасып отыратын, көбінесе, ақындармен қатар, жалпы көпшілік қолданатын, жалпылық түр. Сүре айтыс – тек суырып салма өлеңге әбден төселген, ысылған ақындардың әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын түрі болады». [8. 225 б.] Демек, бұл екеуі де айтыстың түрі емес, айтыс түрлерін жіктеген атау екен. Бұл пікірді білікті ғалымдар М.Ғабдуллин, Е.Ысмайлов та қолдаған. Бізде осы пікірді басшылыққа ала отырып, Т.Ізтілеуов айтыстарын түре және сүре деп атауды жөн көрдік. Біздіңше, жоғарыдағы ғалымдардың пікірлері тұжырымды орнықты. Ақынның айтыстарын жіктеп мынадай түрлерге бөлуге болады: түре айтысына «Тұрмағамбет пен Жүрсін», «Тұрмағамбет пен Сәнбаланың» айтысын жатқызуға болады. Ақынның түре айтысы қысқа шумақтарға құрылып, бірнеше жолдардан ғана тұрады. Ақын қарсыласына жауабын сатираға, юморға, әзіл-оспаққа, тапқырлыққа құрады. Бұған айтыстардың ішінен «Тұрмағамбет пен Сәнбаланың» айтысын мысалға алуымызға болады. Мысалы:
Алтайы көз, алдымда көрдім түлкі,
Боларын біле алмадым кімнің мүлкі.
Қуғанмен қолға түспей қалсам босқа,
Сақтандым «болармын», - деп жұртқа күлкі.
Сәнбала сол туралы серлеттім сыр, Сенде тұр, бұл мүшкілдің ашсаң кілтін, - деп Тұрмағамбет Сәнбалаға әзіл тастайды. Ақынның әзіліне орай Сәнбала да тапқырлықпен:
Алтайды қарсы алдыңнан қашса тұрып,
Қалайша ұмтылмайсың алмасқа ұрып?
Қуғанмен жете алмасаң, кінә өзіңнен,
Шараң не, қалған болсаң діңкең құрып.
Онан да өз жөніңмен жүре бермей, Қайтесің жан-жағыңа мойын бұрып, - деп Тұрмағамбеттің әзіліне орай тұшымды жауап береді. Көлемі жағынан ұзақ шумақтарға құрылатын сүре айтысын да Тұрмағамбет творчествосынан кездестіреміз. Мұндай айтыстарында ақын адам бойындағы алуан түрлі жақсы қасиеттерді шаттана жырлайды. Айтыста ақын сынды негізгі нысана етеді. Айтатын ойы – адамдардың бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда айтысты үгіт қаруы ретінде пайдалану керектігі айтыстың мазмұндылығын байыта түседі. «Тұрмағамбет пен Әбдікәрім» және «Тұрмағамбет пен Жүрсін» айтыстарын сүре айтысы деп қарауға болады. Айтыстардан өлеңге әбден төселген екі ақын ұзақ сөйлеп, жыр төгіп, бірнеше шумаққа құрған, яғни көсіле сөйлегенін аңғару қиын емес. Мысалы, «Тұрмағамбет пен Жүрсін» айтысында Тұрмағамбет ағалық насихат айтып:
Жарайды жазған хатың, інім Жүрсін!
Қиғаш қас, құралай көз, нағыз һүрсің!
Баласы Алтынайдың болғаннан соң,
Кемеңгер, білімге бай анық дүрсің!
Жүрсін:
Қошемет сөз ғой, Төке, дүр дегенің!
«Қиғаш қас, құралай көз, «һүр» дегенің.
Бұл айтқан сөзіңізден байқалып тұр:
«Жазуды жөндей алмай жүр», - дегенің. Айтыс осылай жалғаса береді, ұзақ сөйлеген екі ақын көсілте жыр төгеді. Бұл айтыстың да өзінше көркемдік-эстетикалық дәрежесі бар. Айтысқа қатынасқан екі ақынның да ақындық, тапқыштық, суырып салмалық қабілеті мен айтысу мәдениеті бір-біріне берген сұрақ-жауаптарынан көрініп тұр. Айтыс қазақы қалжыңға құрылып, хат арқылы жауаптасады. Тұрмағамбеттің жазба айтыстарының ішінде ерекше тоқталатынымыз оның ақындарға айтқан аралық сөздері. Бұл сөздерде дидактикалық сарын басым. Мысалы, «Омар мен Таубайдың Жүсібіне айтқаны», «Омар мен Нұрмаханға», «Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке», «Кете Жүсіп пен Даңмұрынға» т.б. аралық сөздері бар. Әсіресе, Шораяқтың Омары мен Нұрмаханға айтқан аралық сөзі ерекше. Онда аз сөзбен көп сөзді, татулық пен араздықты, жалғыздық пен көпшілікті, шыншылдық пен өтірікті, мейірімділік пен қатыгездікті салыстыра отырып, әрбір ақын айтар сөзін өз ой елегінен өткізіп, құр қалжақтан гөрі мән-мағыналы пікір айту керектігін сөз етеді. Ақынның мынадай сөз өрнегі дәл басып тұр.
Қайраты қатарынан асқанмен,
Ерлерге емес оңай тау құлату.
Жақсыға жарасарлық жұмыс емес,
Бурадай шашып көбік бұрқырату.
Ішінде аз өмірдің араз болып,
Немесе Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке айтқан мына аралық сөзінде:
Десеңдер: «Ес бүтін боп, осы ұят»,
Табысып тақас сөзді тежеріңдер!
Айтқанын аға-інінің құрметтерлік,
Деп жүрген «дәмелі ердің» өзі едіңдер.
Кете Жүсіп пен Даңмұрынды бірлікке шақырып, айтқан сөзі былай басталады:
Татулық – таусылмайтын кен секілді,
Кен сақтау – шама келсе, шен секілді.
Ортаңда татулықтың тұрса туы,
Дос-дұшпан демес сені «кем» секілді.
Қайсы бір аралық сөзін алып қарасақ та, өнердің қадірін кетірмей, айтысқа түссең тек мінді айтып, қалжақтамай, өнердің қадірін кетірмейтін, халыққа үлгі болар, есінде қалар, тағлым болар сөздермен сөйлеуді ескертіп отырады. Кейде әділ қазы болып өнерге баға беретін тұстары да бар. «Айтыс өнері – қашаннан халқымыздың қанына сіңген қасиетті дәстүрдің бірі. Ауыз әдебиетіміздің «Алтын жанры» болып саналатын поэзиямыздың бұл түрі бір ғана сөз сайыстыру шеберлігімен емес, өткен заманның айнасы тақылетті, еліміздің салты мен санасын, кәсібі мен әлеуметтік жағдайын, бүкіл тірлік-тіршілік тынысын бейнелейтін тарихымыздың бір тұтас биологиялық жанды бөлшегі» [8. 319 б.] - делінген. Сол сияқты Х.Сүйіншәлиев: «Атадан балаға мирас боп, ұрпақтан-ұрпаққа табыс етілетін материалдық және рухани байлықтар көзі халықта. Оның жасаушысы да, сақтаушысы да жетілтіп дамытушысы да, ие болар қожасы да сол халықтың өзі өткен дәуірге көз жіберіп, оның салиқалы саңлақтарын сарапқа салу, ел алдындағы бағасын беру – ойға салмақ салар жауапты іс», - деген. [80. 5 б.] Айтыстың дамуы екі түрлі дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жетіп отырған. Оның бірі – жазба айтыс, екіншісі – ауызба-ауыз /суырып салма/ айтыс. Жазба айтыс дегеніміз – хат арқылы жазысып айтысу дәстүрі. Бұл дәстүрді ұстаған ақындар өмірді әр қырынан суреттей отырып, оның мәнін ашуда өзінен бұрынғы ақындардың пікірін дамыта отырып, суреттеу арқылы ақындық тәсілдің жаңа бір сипатын құрып отырған. Жазба айтысына тән ерекшелік: Ал, суырып салма ақын көзі көргенін тез сезіп, заматында жылдам жырлап кетеді. Импровизацияның, айтыс ақындарының керемет күштілігін академик М.Әуезов былай бағалаған: «Айтысқа шеберлік – жалпы ақындық өнерінің өзгеше бір биік белгісі. Шабыты келген ақпа ақын бабындағы аш қыранға теңдес. Томағасын тарқанда, алғыр қыран бір өңірді бір сәтте көріп, шолып өтіп, қимыл еткен шөп басын, қылт етіп бұққан түлкі түгін шалғандай, айтыс ағымындағы ақын да сондайлық көмескіні көргіш, бұлдырды білгіш болмақ шарт» - дейді. [7. 360 б.]
Т.Тебегенов ақындар айтысын үш түрге бөліп қарастырады: 1.Мұсылмандық ағартушылық айтыс;2.Еларалық-ұлтаралық айтыстар;3. Жаз-баша айтыстар. [81. 8 б.] Тұрмағамбет осы айтыс дәстүрінің бәрін де қолданған. Тұрмағамбеттің жазысып айтысу дәстүрі әдебиетте елеулі орын алады. Мысалы, «Тұрмағамбет пен Шәді төре», «Алты ақынның өмір туралы айтысы» атты айтыстары жазысып айтысу дәстүріне жатады. «Алты ақынның өмір туралы айтысында» ең алғаш жарыс отына май тамызған. Т.Ізтілеуов өмірде арзанға алданып, мақсатсыз өмір сүрген, тойымсыздықты сын садағына іліп, «Адам өмірінің мәні неде?» деген күрделі сұраққа толғамды жауап іздестіреді.
Келтірмес өнімді ойғ нәпсіге ерсең,
Нәпсіге, ер емессің ерік берсең,
Жеріңе көңіл алған жеткізе алмас
Нарқы арзан нәжі-жабы, нағыз тершең.
«Семіз», - деп – сере шығар қабырғасы
Біз жүрміз тепеңдеумен мініп ершең.
Айтысқа түскен кейінгі ақындардың бәрі де өлеңдерінің бастапқы құрылымын /буын, ырғақ, ұйқасын/ толық сақтап, ойын сол ұйқаспен жалғастырған.
Шораяқтың Омары:
Қайғысын бұл жаһанның қабат ойлап,
Қайтеді ақылыңды екі бөлсең.
Еңбектің іске аспағы екі талай,
Табандап тас көшеде аттай желсең.
Кете Жүсіп:
Секілді тағат – атаң, сауап – анаң
Айталық жол қанағатпен сүтін емсең,
Тоныңды топқа ұнарлық бос тоздырсаң,
Болады неге тосқау киген сеңсең.
Кете Шахар:
Есебін өткізерсің бір күн қолдан,
Орынсыз опасызда ойнап-күлсең.
Басында пенде болсаң, тотия жоқ
Сұлтан боп Сүлеймендей бұлтқа мінсең.
Керейт Шәді:
Ерлікке екі дүние бірдей ашық,
Жауың да жамандамас жанып сөнсең.
Айтылған артыңдағы сөзің өлмес
Шешіліп қалса үстіңнен киген жеңшең.
Молдағали:
Міндет қып өрелігін өлеңнің,
Алтын мен Күміс тауып белден кешсең.
Жақсы ғой ойдағының бәрін істеп,
Мың жасап Ұлықпандай дәуір сүрсең. [22. 138 б.] Үзінділер орынды ұйқастарды көрсету үшін келтірілген тізбек емес. Терең ойға құрылған, жарқын идеяны білдіретін шынайы поэзия екенінің дәлелі. Бұл өзі – өлеңмен тіл қағысу. Мұны айтыс деп шартты түрде айтамыз. Қысқа тіл болғанмен, ақын шығармашылығынан орын алған. Жазба айтысы жазба әдебиет жанрына жатады. Оның өзіндік белгілері де болады. Айтыстың авторы болу шарт. Өзіндік стиль өрнегі де қажет. Тақырып пен идея бірлігі, көркемдік талаптар керек. Тұрмағамбет айтыстарынан осы жағдайларды айқын көреміз. Жазба айтысы – дәстүрлі Шығыс әдебиетінің ықпалымен қалыптасқан жазба әдебиетінің бір түрі. Кеңес дәуірі тұсында жазба әдебиетін бастаған Қызылорда ақындары болған 1939 ж. Қармақшылық І.Байсүгіров пен Жалағаштық У.Қалжанов айтысады. Қазақ әдебиетінде Т.Ізтілеуовтің жазба айтыстары өсу, даму тарихы бар туындылар деуге толық мүмкіндік бар. Өлеңдегі ырғақ пен ұйқас бірқалыпты сақталып отырады. Сондықтан бірнеше қатысушы ақындар айтысын тұтас бір көркем шығармаға балау орынды. Тұрмағамбет шығармаларын әр қырынан алып қарауға болады. Қай қырынан көз салсақ та ақын тұлғасы даралана, биіктей түседі.
М.Әуезов ақындар айтысын мағына жағынан төрт түрге бөледі. 1. Ру күндестігі, ру жарысының, ру мақсатының өлеңдері 2. Бас мінеуге арналған өлеңдер 3. Рулардың арасындағы жуандық, зорлық өлеңі 4. Білім таласы \8.280\ Тұрмағамбет айтыстарында осылардың бас мінеуге арналған өлеңдер мен білім таласы түрі кездеседі. Ойымызды түйіндей келе, Тұрмағамбет ақыннан бізге жеткен бес-алты айтыс өлеңіне қарап, ірі айтысқа түскен айтыскер деуден аулақпыз. Десек те, айтыс өнеріне біршама үлес қосқандығы байқалады. Ол – қызыл тілдің майын тамызған суреткер, ел мен жер тарихын жетік білетін зор талант иесі. Тұрмағамбет ақынның айтыс өлеңдері де ұрпаққа қалдырған мол мұралардың бір саласы. Сондықтан ақынның бұл саладағы еңбектерін арнайы сөз еттік. Ақын айтысты өнер, әлеуметтік күш ретінде таныған, тағылым, тәрбиелік мәніне назар аударған. Айтыс барысында адамдар белгілі бір қатынастар жүйесіне түскен. Әрқайсысы өз бойындағы өнерді, талант көздерін таныта алған, - деп бағалаған. Халқымыздың қай өнері болмасын үлкен белеске көтеріліп, эстетикалық идеяны кеңінен насихаттауға, адамды биік мұратқа, асқақ патриоттық сезімге, шыншылдыққа, көркемдікті сезінуге тәрбиелеуде айтыстың ролі зор. Қазақ халқы әсемдікті жасай да білді, сүйе де білді. Ұлттық рухани байлығымыз айтысты мақтан тұтып, қызығымыз деп бағалаймыз. Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр бар. Әр халықтың туа бітті болмысына, өмір кешу жағдайына орайлас қалыптасқан осы дәстүрлердің тозығын уақыт өзі екшеп, озығын ел кәдесіне жаратып жатса, мұның өзі адамзат көшінің жарысымымен ілгері озуына септігін тигізбек. Үшінші мыңжылдықтың аясында өз кемесінің желкенін керіп шыққан қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын бітімі мен болмысын ажарлайтын ұлттық қадыр-қасиеті аз емес. Соның бірегейі есте жоқ ерте замандарда туып, қалыптасып, дамып-жетіліп, бүгінгі күннің де қажетіне жарап отырған халық ауыз әдебиеті. Бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетінің қарыштап дамуының бастау көзі қазақ халқының ауыз әдебиеті екені баршаға аян. Әдебиетіміздің арғы атасы негізгі іргетасы осы халық ауыз әдебиетінің мұрасы. Оның ең бір өміршең жанры – айтыс та ұлттық ескірмес рәміздерінің қатарында жаңа ғасырдың табалдырығынан аттап отырғаны талас тудырмайды. Ұлы ойшыл М.Әуезов: «Айтыс заманында өзге елдерде де болған. Парсыда «мүшайра», арабтарда «мұгәләхәт» деген. Арабтардың көшпенді бәдәуилері қара сөзбен емес, үнемі өлеңмен сөйлескен, қазақ халқының аса бір ұлы қасиеті сол қынаптан суырып алған қылыштай қолма-қол қиып айтатын айтқыштығында, айтыскерлігінде. Бұл қай халықтың алдында да мақтануға тұрарлық өнер», - деген еді. Әсіресе, қазақ ішінде үздіксіз дамып келеді.[8. 294 б.] «Айтыс» - қазақтың төл сөзі «айт» етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда «айтыс» екі кісінің сөйлесуі. Ежелден айтысу, сөз жарысы, пікір таласы деген ұғымда қолданылып келген. Қазақта айтыс шешендік қара сөзбен де, өзара күй тартысу арқылы да, кезектесіп айтылған суырып салма өлеңмен де болуы мүмкін. «Айтыстың» мағынасы кең болғанымен, «айтыс» ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы өлеңмен айтысу. Мұның қай түрін алсақ та аса сезімтал тапқырлық пен алғырлықты, қиыннан қиыстыратын шеберлікті керек етеді. Ерте заманнан-ақ «өнер алды қызыл тіл» деп сөз өнерін қадір тұтып қастерлеген қазақ халқы жалпы әдеби мұраға, оның ішінде өрнек-айқышы мол ақындар айтысына айрықша мән беріп, оны өзінің рухани мол өмірінің жарқын көрінісі, көнермес асыл мұрасы тұрғысында буыннан буынға жалғастырып, үлгі етіп отырған. Ақындар айтысының бәрі жұрт бас қосқан ойын-сауық, үлкен жиын, ас тойларда қолма-қол суырып салып айтылатыны мәлім. Сол шаршы топта бәсеке сайысына түскен екі ақынның сөзін сарапқа салып, әділ төрелік айтушы да халық. Сондықтан төрелік айтушылар да, айтысқа түскен ақындар да «сөз тапқанға қолқа жоқ», «аталы сөзге арсыз таласады» дейтін әділ де көне принципті берік ұстанған. Қалың дүйім жұрт алдында үлкен міндет, ауыр жүк арқалаған ақындар жекпе-жек майданға шыққан қос батырларша біріне-бірі сөз найзасымен аямай түйреп, сан-қилы әдіс-айламен шарқ ұрып нысаналы жеңіске жетудің жолдарын іздестіреді, ретін тауып қарсылас ақынның ең бір әлсіз, жанды жеріне тиіп, бұлтартпай бас игізуді көздейді. Сөз жоқ, бұл жайт айтысушы екі ақынның да суырып салмалық дарынымен қатар, өз заманының тоқығаны мол, білімді, зерделі адамдары болуын талап етеді. Қазақ даласына аты жайылып, халық құрметіне бөленген Жанақ, Түбек, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Әсет, Күдері, Бұдабай, Мұсабек, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді майталман жүйріктер өз дәуірінің білікті адамдары болғаны анық. Айтыс өнері – халқымыздың ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің мұрасы. Айтыс дәстүрі дүние жүзінде тек қазақтар арасында молынан сақталып, осы кезге дейін дамып келді. Бұған жыл сайын өтіп жатқан ақындар айтысы, телевизиялық фестивальдар, тіпті, биылғы жылғы облыстық газетте жарияланып жатқан ақындардың жазба айтысы да дәлел. «Айтыс» деген атау қазақ ұғымында өлеңмен айтысу, өлең сайысына, жарысына түсу мағынасында қолданылып келген. Айтыс дәстүрі тек қазақта ғана емес, Иран, Индия халықтарында да, арабтың бәдәуилер деп аталатын көшпелі тайпасында да және түркі тілдес өзбек, түрікпен, қарақалпақ, қырғыз сияқты шығыс елдерінде де болған. «Айтыс» әр елдің өз тілінде аталған. Мысалы: арабта «мағаллақат», өзбекте «лафар», қырғызда «айтуш» деген атаулармен белгілі. Айтыстың диалогтық кейбір жолдары V-VІІ ғасырлардағы Орхон-Енисей жазуларындағы Иоллы ақынның «Күлтегін» дастанынан да кездестіруге болады немесе ХІ ғасырда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құдадғу біліг» шығармасының бірнеше өлең шумақтары айтыс үлгісінде құрылған. ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ұлығ жыршының Шыңғыс ханмен өлеңмен жауаптасқаны да айтыс түріне жатады. Бұған қарағанда, жазу-сызуға түскен айтыстың кейбір шағын түрлерінің өзі де, тіпті, әріден, көне дәуірден келе жатқанын аңғаруға болады. Ал айтыстың топтасып айтылатын кейбір түрлері бұдан да арғы заманға барып саятыны өзінен-өзі белгілі. Адам баласының өзінен жоғарғы күштердің бәрін де «тәңір» деп танып, табиғатқа табынған сәбилік дәуірде туған бәдік, тағы басқа сондай жырлар айтыс өлеңдерінің ең көне түрі болып табылады. Айтыс өзінің тыңнан туған тапқырлығымен жұртты тез баурағыш, тартымдылық сипаттары арқылы қазақ өмірінің әр саласымен-ақ ертеден біте қайнасқан жанр. Арғы түбі сонау көне замандардағы топталып хормен айтылатын «Наурыз», «Бәдік», «Жар-жар» секілді тұрмыс-салт жырларынан басталып, дамуында қайымдасудың сан қилы белестерінен өткен бұл жанр бірте-бірте әдебиетіміздегі кең арналы ақындар айтысына келіп ұласқан. С.Мұқанов бұл жанрды көлемі жағынан ауыз әдебиетіндегі батырлар жырынан кейінгі көбі, әрі әлеуметтік шындықты терең ашу жағынан көрнектісі деп таниды, ал ғалым М.Жармұхамедов айтыс жанрын батырлар жырымен кезінде иық тірісе дамып, тіпті, оған кей тұста елеулі ықпал жасап отырған жанр екендігін айтады. Біз жоғарыда айтыс жанрының ең алғашқы туыс–бітімінде көптік жанр болғандығын айттық, олай болса, айтыстың әуелден кең өркендеп дамуына әр кез бүкіл халық болып ат салысып келген. Халық бойындағы осы поэтикалық дарындылықты қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов та айрықша атап көрсеткен. Ол Сахарадағы мал баққан қазақ пен араб (бәдәуи) поэзияларының өзара ұқсастықтарына үлкен мән бере отырып: «Поэзияға, әсіресе, суырып салма өнерге деген бейімділік барлық көшпелі халықтарға тән бәдәуилердің ұшқыр қиялды суырып салма ақындары европалықтарға қашаннан жақсы таныс. Арабияның шетсіз шөлдері мен ондағы жұрттың баспана шатырларын өз көзімен көрген саяхатшылардың бәрі де жартылай жалаңаш араб балаларының өздеріне қойылған сұрақтарға төрт тақтасы жатық өлеңмен мүдірмей жауап беретінін сұқтана жазып жүр. Бұл моңғол – түркі ұрпақтарына да тән қасиет» - десе, [3, 192 б.]. Қазақ халқының әдеби мұраларын көп жинап зерттеген академик В.В.Радлов: «Қырғыздар (қазақтар) өзі тектес басқа халықтардан айрықша сөз мәнерлілігі, ғажайып шешендік тапқырлығымен дараланып көре түседі», - дей отырып, ол өз ойын былай жалғастырады, - қазақтар қашан да мүдірмей, кідірмей ерекше екпінмен сөйлейді. Өзінің ойын дәл және айқын ұғындыра біледі. Тіпті, ауызекі сөйлесіп отырғанның өзінде оның сөйлемі мен ой кестесі, өлең жолдары мен шумақтары секілді ұйқасып, үйлесіп келетіндігі сонша, нағыз өлең екендеп таңқаласың», - дейді. [3. 5 б.]. Сөйтіп импровизация дәстүрінің көшпелі өмірмен тікелей байланысты екендігін алғаш дәлелдеп берген ғалым Ш.Уәлиханов еді. Ақын мен импровизация қашаннан егіз, бірінсіз бірі жоқ. Импровизация дәстүрін ұстанған ақындар кез-келген тақырыпқа қолма-қол жыр тудырумен бірге, соны халық алдында домбыра не қобыз сүйемелдеуімен әуенге қосып орындаушы да болған. Әсіресе, айтыс қазақ өмірінде ақын болып танылудың бірден-бір дәстүрлі мектебі саналып келген. Импровизация өнерінде синкреттілік бар. Оның мәнісі ең алғаш саз, ән-күй, би бөлінбей бірге жүрген. Профессионал айтушылардың басы бақсылар (VІІІ-ІХғ.ғ.) мен жыраулар (Х-ХVғ.ғ.) болған десек, оларда төрт түрлі өнер бірлескен. Олар сөз импровизациясы, ән-күй импровизациясы (қобыз, домбыра) биік орындаушылық шеберлік (сахна өнері) және ел қамын жейтін үлкен ойшылдық сана. Осы импровизация өнері кейін айтыс ақындарына өткен. Бірақ, айтыс поэзиясы салт жырларынан туған лирикалық форма болғандықтан, ол жыр емес, 11 буындық қара өлең өлшеуімен айтылған. Айтыс эпостан гөрі күнделікті өмір құбылыстарына жақын болады. Айтыста эпизм сарын жоқ. Айтыс- лирикалық форма, оның бір жағы – мадақ, бір жағы – сатира болып келеді. Қазақ айтыстары туралы жазылған зерттеулердің бәрінде дерлік айтыстың әдеби ірі жанрдың біріне (драма, роман, поэма) теліп талдау жиі ұшырайды. Б.Кенжебаев «Біржан-Сара» айтысын өлеңмен жазылған роман десе, Е.Ысмайлов жалпы қазақ айтыстарын түгелдей сюжетті поэмаға қосуды құптайды. Ал, М.Әуезов қазақ айтыстарының екі ұдай тыңдаушысы, сыншы жұрттың алдында туып, орындалатын ерекшеліктеріне орай оның театрлық сипатын белгілерін баса айтады. Айтыс жанрын зерттеушілер С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Е.Ысмайлов, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, Т.Нұртазин, Ы.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, И.Смирнова, тағы басқалар болды. Міне, осы ғалымдар пікірлерін, айтыстың түрлерін топтастырғанда айтыс жанрының даму, қалыптасу кезеңдерін арнайы зерттеген ғалым М.Жармұхамедов әдебиеттану ғылымындағы жанрлық өлеңдерін: 1.Тұрмыс-салт айтысы: а) бәдік, ә) жар-жар, б) қыз бен жігіт қайымдасулары, в) төрт түлік мал туралы айтыс, г) дидактикалық (тәлім-тәрбие) айтысы. 2. Ақындар айтысы: а) жұмбақ айтысы, ә) ру айтысы, б) дін айтысы, в) жазба айтыс деп топтастырып бөледі. [84]
2.17 Сыр сүлейлері жазба айтысының даму жолдары мен ерекшеліктері
Сыр сүлейлерінің ортасында қалыптасып, дамыған әдеби дәстүрдің бірі – жазба айтысы. Жазба айтысындағы даралық сипат – ақындардың бір-бірімен хат арқылы жауаптасып айтысуы. Жазып айтысу дәстүрі қазақ ақындарында да елеулі орын алып келген. Бұл, әсіресе, шығыстың классикалық әдебиетінен нәр алған білімді ғұлама ақындар тәжірибесінде жиі ұшырайды. Шығыс әдебиеті үлгілерін жете игерген ақындар жазба айтысының ерекшеліктерін меңгерген. Жазба айтысы – талабы басым өнер. Көбіне жазба айтыстағы уәж нақты деректермен өлшенеді. Қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдар Сыр елінде өткен жазбаша айтыстарды танымдық, жұмбақ, мысал айтысы деп топтап жүр. Зерттеуші ғалым Е.Әбдіхалықова: «Сыр сүлейлерінің жазба айтысын мазмұны мен стиліне қарай бірнеше топқа бөлеміз. Жұмбақ, мысал, дастан, көңілқос айту», - дейді. [85. 10 б.] Сыр бойы шайырларының жазба айтысы мағынасына қарай, шартты түрде үлкен-үлкен екі топқа бөліп қарастыруға болады: Дін айтыстың атауы дін болғанмен, аясы кең, атқаратын міндеті де көлемді. Оның көркем нұсқасы деп жоғарыда көрсетілген екі Жүсіптің айтысының мазмұнын әу баста дін болғанмен, бара-бара үлкен дау-жанжалға ұласуы, білім жарысына, нағыз өнер сайысына айналуы, жазба айтыстың жан-жақтылығын тануға мүмкіндік береді. Айтыстың жалпы тууына себеп болған жағдайларына орай, болмаса, сол айтыстың өн бойында көтерілген мәселелердің ең көп талқыға түскенін ғана айтыстың негізгі сипаты деп танитындығымызды айта кетеміз. Мысалы, Тұрмағамбет пен Ермұрат айтысының негізгі бастауы Ермұраттың көпке таратқан жұмбағынан басталады. Айтыста Шығыстық әдебиет «Мүтәжил-Жәлел» кітабындағы мысалды келтіреді. Мысал оқиғасында біреуге жақсылық жасасаң, ол саған жамандықпен жауап береді деген идея басым. Адам мен шаян арасындағы сюжет айтысқа желі болған.
Ермұрат:
Үшеу бар ақыл иесі ойлайтұғын,
Білгендер ләззатына тоймайтұғын.
Үш басқа үшеуінің білсең нарқын,
Біреуі імкәні жоқ болмайтұғын.
Біреуі біл, күллиясы болуға жоқ,
Оны кім болдырам деп зорлайтұғын?
Біреуі болса да імкән, болмаса да,
Білместің түбі өкініш толмайтұғын.
Азсынып қалма аңсызда, азаматтар,
Ұсталып аздан әркім сорлайтұғын.
Тапжылтпай табар мұны толымды ерлер,
Кеуілге дәлелімен орнайтұғын.
Бұл түйін түбі қымбат, шыққан дүрден,
Шешуін жүйріктерге жолдайтұғын,
Баласы Үмбетайдың молла Ермұрат,
Сөз қылып, назым жұмбақ толайтұғын. [22. 254 б.] Осы жұмбаққа алғаш жауап жазған Тұрмағамбет жұмбақты шешуге көп ойландым, «бос сөз» сияқты мен де өз жұмбағымды ұсынып көрейін деп хат жолдайды.
Үшеу бар: бірі бүтін, бірі жарты,
Біреуі бос қалмайтын бекер форма.
Үшеуді үшеуіне қатар қойдым,
Азсынып ақырында түспе орға.
Сөзімді келіспеген кек тұтпаңыз,
Емеспін назым сөзге сендей «жорға», -дейді.
Тұрмағамбет жауабына риза болмай, 10 жасар баладай қайта жұмбақ жасырдың деп Ермұрат:
«Үш басқа, үшеуінің білсең нарқын
Біреуі – бос қалмайтын, -депсің форма».
Ғаламға – ғылым бүтін, жәһил жарты,
Қалмайтын сендей жан бос жүрген құрға, - деп тағы бір жұмбақ жасырып жібереді. [22. 254 б.]
Ермұраттың екінші жұмбағы:
Он тоғыз әйел он бір ерге,
Бір әйел ер басына тиер сонда.
Шешерсің шебер болсаң орныменен
Тағы да үй басына салып димға.
Тұрмағамбет:
Он тоғыз қатыныңды орындайтын,
Қылықты қыз емеспін салған сырға.
Ер болып, оларға елші болуыма,
Қиналма қыла алмайды жүрек жырға. [22. 256 б.]
Одан әрі Тұрмағамбет қайта жұмбақты былайша жасырады. Осы жұмбақты Ермұрат шеше алмаған, сонымен айтыс тоқтайды.
«... Тұтқан, тең – тәңірі әмірін тұтпағанмен –
Депті ерлер диянатты, дүрім, тыңда!
Тәңірі әмірін тұтса да асы, тұтпаса да
«Асы» – деп аңдатқан ақ барша құлға.
Тәңірі әмірін тұтқанынан тұтпағаны,
Артық деп бұйырып тұр сақып шырға.
«Тәңірі әмірін тұтсын біреу, не тұтпасын,
Күпір дүр айтыпты анық ошал құрма.
Бар болса «Ақайыта» мұның шарқы, Өлең қып отырма бос, басың шырма...» деп [22. 258 б.], айтар сөзінің мән-мағынасын дінге жақындатады. О баста жұмбақпен басталса да, діннен жауабын тапқан айтысты осы дін айтыстардың қатарына жатқызуға әбден болады. Сыр еліндегі өзге жазба айтыстардан бұл айтыстың мәні-мазмұны түрі де ерекше. Жалпы жазба айтыстарды ру, дін деп шартты түрде бөлгенімізбен жұмбақ, мысал сынды жазба айтыстың түрлері де осы үлкен салалардың тобына кіретіндігін ескеруіміз керек. Жоғарыда атағанымыздай, Тұрмағамбет пен Ермұрат айтысының жұмбақтан басталып, жұмбақпен аяқталғанда да ақындардың діни көзқарасын сақтай білуі, айтыстың деңгейін арттыра түскендігін көреміз. Кейде айтыстың тууына да осы дін жолының әсері болып отырады. Мысалы, Кете Жүсіп, Нақып қожа, Қаңлы Жүсіп айтысының басты мәселесі де, дауы да сол – дін, яғни, қожа аталығынан шыққан Нақыптың молдалық үрдісін жасамай, өнер жолында жүруі Қаңлы Жүсіп тарапынан сыналады да, сол сөзінің аясында Кете Жүсіптің дін-исламның «егесі – қожаға» тіл тигізген Қаңлы Жүсіпті сынауынан өршиді. Соның нәтижесінде үлкен әрі айтулы жазба айтыс дүниеге келеді. Жалпы жазба айтыстың тууына, жоғарыда айтқандарымыздай, аса бір дайындықтың, саяси талап-тілектің болуы шарт емес. Мәселен, Жүсіп Кәдірбергенұлы, Жүсіп Ешниязов және Нақып Кенесарыұлының айтысының туу себебі тіпті қарапайым, күнделікті тіршілік аясынан шығады. Жазба айтыста жеңу, жеңілу дейтін шешімдер бола бермейді. Өйткені, он ойланып, тоғыз толғанып жазылған өлеңнен барлық поэзияға қатысты шарттар табылса керек. Ақындар көркемдік, теңеу, образдау, тереңдік, т.б. сөздің қуаты мен шеберлігінің деңгейін танытуға тырысады. Мысалы, ә дегеннен-ақ Қаңлы Жүсіптің «Белгілі бектің мінер бедеуісіз» деп Нақыптың арғы тегі қожа, ақсүйек екенін мегзесе, артынша-ақ, «Құр қодас құнанын да тайдан озған» деп қодас сөзін мақтаншақ мағынасында қолданып, Нақыптың жеке басына сын тағады. Бұндай тосыннан шүйліге түскен сынға мына жауабынан оның абдырап қалғаны байқалады:
«Қожаңды қапияда бір шошынттың,
Жылқыдай қалыңдағы үріккен тазыдан...», тіпті,
Атыңды кім де болса, білдіріңіз,
Өзіңдей үлгі алайық өнерпаздан» - деп кекете кішірейіп, сабасына түскендей болады. Бұл Қаңлы Жүсіптің дәл, анық сын таға білуі, сөз қуатына сенген жүйріктігін танытады. Жүйесін тауып айтылған ой айтыстың әрі қарай дамуына ықпал етеді. Жазба айтысы – айтыс өнерінің ең қиын саласы. Олай дейтініміз ауызша айтыстарда шабытты ақындар қызды-қызды үстінде бетің-жүзің бар демей, кемшіліктерді айтып тастайды, ондайда ұйқас, ырғақ, сөз құдіретті тапқырлыққа құрылмай, біршама олқылықтар кетіп жатады. Ал жазба айтысында ақындардың ойды нақты жеткізіп, қиялмен жарыса отырып, білім деңгейін көрсетеді, кейде ақынның жеке басы дауға да қалады. Бұған дәлелді жоғарыда талдаған Ермұрат пен Тұрмағамбет айтыстарынан көруге болады. Жұмбақты дұрыс шешпедің деп, бір-бірінің діни сауатын сараптап, шешен болсаң, жұмбақты шешіп көр деп уәж айтады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында Сыр өңірінде айтыстың өрістеген шағы болды. Ұлттық мінез-құлық психологиясы ауызша сөз өнері арқылы халықтың сүзгісінен өтіп отырған. Ақындар өз заманының мұқтажын айтыс арқылы нақты әйгілеп, ұлттық әдебиетімізде ұлттың серпіліс көрсеткен. 1922 жылы алты ақын хат арқылы сөз сайысына түседі. «Алты ақынның өмірі турады айтысы» Т.Ізтілеуовтің Шораяқтың Омарына жазған хатынан басталады. Айтыс хат үлгісінде жазылып, адамгершілік түйін жасауға құрылған. Нәпсіні тыю, барға қанағат жасауды, адам өмірінің мәнін ашады. Омар жауабында Тұрмағамбеттен үлкен аға екенін айтып, атың Мәшһүр ақынсың, шығармаларын баспаға беріп, жұртқа белгілі болуын:
Өлсең де кейінгі ұрпақ сені іздеп, Жылар ед: «О, дарих», - деп кемсең-кемсең деп аяқтайды. Айтыстың ерекшелігі – ақындар өмір белестерін нақтылы суреттеп, өмір құбылыстарын шебер баламалап байланыстырады.
Айтысты әр қарай Кете Жүсіп жалғастырып:
Аз өмір жалғаншыға әуеленіп,
Шіркінде не қызық бар, бір күн өлсең?! – деп қорытады. Бұл жазба айтыстың бірден көзге түсетін ерекшелігі, өмір адамға бір-ақ берілетінін, оны мәнді өткізу қажеттігіне зер сала қарап, толғана көңіл бөлгендігі. Әсіресе, мәңгілік ешнәрсе жоқ, - деп философиялық тұжырым жасай отырып, қазақтың ұлттық болмысын, танымын көрсетеді. Айтысқа қатысқан Кете Шахар хатында дүние, байлық бәрі баянсыз, патша да, би де, бай да, кедей де өмірден өтеді. Қысқа өмірде бір-біріңмен тату, сыйласып өткен жөн деген азаматтық лебіз еседі.
Хат соңында:
Келмесін «кекетті» деп, көңіліңе,
Ақиқат, расым бұл маған сенсең.
Жоғарыдағы аталған төрт ақынға Шәді төмендегідей ой жарыстырып, ақындық шеберліктің жаңа үлгісін ұсынады.
Жасыңнан дағдыланып неге үйренсең,
Насихат кейінгіге сен де айтасың.
Айтылған артыңдағы сөзің өлмес,
Шешіліп қалса үстіңнен киген жеңшең, - деп шындыққа қоса сөз құдіретін, тапқырлықпен шешіп, айтысқа қатысқан ақындардың сөзін есепке алып, бағалап отырған. Айтыстың соңғы шешімін Сарғасқа Молдағали қояды. Ол айтыс төңірегінде жүріп жатқан ойлар жүйесін дөп басып, бейнелі сыншыл өрлімдермен жеткізген:
Жақсы ғой ойдағының бәрін істеп, Мың жасап Ұлықпандай дәуір сүрсең, - деп азаматтық парасат тілімен жеткізген. Бұл айтыс Сыр елінде дәстүрге айналған ақындардың топтасып жыр жарыстыру үлгісінде өткен. Ақындар өздерінің жырларын халқына мәңгілік рух, азық демеу болуын ойлаған. Ата-бабаларымыздың өр рухын ұластыратын дәстүрлі танымдық айтыстың жаңаша үлгісін жасаған. Ақындар өнер сайысында жеңу-жеңілуді мақсат етпей, шеберлік шыңын байқауға құрылады.
Тұрмағамбет:
«Келтірмес өлімді ойға, нәпсіге ерсең,
Нәпсіге ер емессің, ерік берсең.
Тастайды ара шөлге адастырып,
Алдыңа «әуес» атты қойып керсең.
Қанағат сол уақытта етпес көңлің,
Бар мүлкін бұл жаһанның жинап-терсең,
Олардан асылы, пайда көре алмайсың,
Айрылып денсаулықтан азап көрсең.
Жеріңе көңілге алған жеткізе алмас,
Нарқы арзан нәпсі-жабы, нағыз тершең.
«Семіз - деп, - сере шығатын қабырғасы»,
Біз жүрміз тепеңдеумен мініп ершең» [22. 137 б.].
Сыр бойындағы ақындық, шайырлық һәм жыраулық дәстүрдің өріс алуы мен дамуының бір қанаты – шығыстың классикалық шығармаларын қамтып, түрлі дастандарды жырлап, өрістетсе, бір көрінісін беретін үлкен мектеп – айтыс саласы. Шайырлар осындай өнерді өрістетіп қана қоймай, жұртшылықтың қанында бүлкілдеп, қасиетін айшықтайтын дәстүр қалыптастырған. Сол арқылы бүкіл Сыр еліне ортақ рухани тәрбиенің ізін сала білген. Жазба айтыстар мысал арқылы да өрбіп, айтыстың жаңа үлгісін көрсеткен. Сыр сүлейлері айтыстың осы түрін де жиі қолданған. Мәселен, «Жұманазар мен домбыра», «Темірбай мен сиыр», «Бұдабай мен ат», «Шораяқтың Омары мен қасқыр» т.б.
Сыр сүлейлерінің жазба айтысын зерттеген Елена Әбдіхалықова. «Мысал айтыста ақындар адам тіршілігінде кездесетін әр түрлі жағдайлардағы адамгершілік, досқа адалдық, қайырымдылық, мейірімділік т.б. жақсы қасиеттердің үстем болуын сөз етіп, кедергілерді салыстыра сипаттайды. Жақсылыққа жаманшылық жасаушыларды әжуалайды, келемеждейді. Жалпы, әрқашан әділдік пен шындық жолынан асқан тазалық жоқ екенін ұғындырады. Мысал айтыстардың көлемі кең емес, әрі сюжеті де қарапайым, тақырып аясы әртүрлі» - дейді. [85. 71 б.] Мысалы, Шораяқтың Омарының «Көкқұтан мен шымшық» атты мысал айтысы бар. Айтыста ақын құстарды сөйлете отырып, татулық, бірлік идеясын ұсынады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», - демек. Көкқұтан өзінің еткен еңбегін пұлдап, шымшықтың көңілін қалдырады. Оған шымшық қарсылық білдіріп, ашына жауап береді, сөйтіп екеуі біраз жауаптасады. Айтыстың соңында көкқұтан өз қателігін мойындап, шымшықтан кешірім өтінеді. Ақын құстарды айтыстыру арқылы адамдар арасындағы келеңсіз әрекеттерді мысқылдайды. Адамға қажетті нәрсе ауызбірлік, татулық екенін ескерте отырып, айтыс соңында:
Таманы тіршіліктің – бірлікпенен, Сондықтан лайығы – тұрмақ, демеп, - деп қорытады. Айтыстың негізгі идеясы – татулықты сақтау, бірлікке шақыру. Мәселен, Сыр еліне кең тараған мысал айтыстардың бірі – Омар Шораяқұлының (1878-1924) «Қарашекпен мен қасқыры». «Дүр» атанған Омар ақынның бұл мысалын Сыр халқы айтыс деп емес, шағын дастан ретінде қабылдайды. Олай болуының себебі де жоқ емес. «Айтыс» жинағында алғаш жарияланғаны бұл шығарманың мәтіні емес. Екіншіден, мұнда тікелей айтыс нормативті сақталмай, баяндау түрінде жазылған. Сондай-ақ, онда «Қарашекпен мен қасқыр» деп аталса, кей әдебиетте «Қарашекпен» дастаны деп беріледі. Дегенмен, шығарма негізінен мысал түріндегі Қарашекпен мен қасқыр, түлкі аралығындағы әрекет пен диалог болып өрбігендіктен, біз мұны мысал айтыс жанрына да қоса аламыз. Сыр бойы ақындары 1943 жылғы ауыз екі айтыста үздік көрінуімен қатар жазба айтысты да жаңа түрде қалыптастыра бастайды. Әрине, ауыз екі айтыстың дайындық әсері жазба айтысқа да жетті. Оған жергілікті баспасөз орындары мұрындық болып отырды. Олар да уақыт талабына сай, тылдағы еңбек қарқынын, жеңіс сипатын паш етті. Ол туралы әдебиет тарихында «Соғыстың сұрапыл күндерінде әр ақын өз жерінде, өз елінде жанқиярлықпен еңбек етіп, барлық ақын бір жерге жиналып, айтыс өткізу жағдайы болмаған кезде ақындар айтыстың осы ежелгі, бұрыннан белгілі түрін мол қолданды», - деп атап көрсетіледі.
2.18 СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ ЖҰМБАҚ АЙТЫСЫ
Ақындар айтысының ең күрделі түрі - жұмбақ айтыс. Онда ақындар айтайын деген ойын тура, дәл мағынасында емес, астарлап, екінші бір нәрсемен немесе өмір, қоғам, табиғат құбылыстарымен алмастырып, жұмбақтап, жасырып көрсетеді. Жұмбақ айтысында ақындардың білімділігі, өмір тәжірибесінің молдығы, тапқырлығы әрі жүйрік шешендігі танылады. Сондықтан да жұмбақ айтысқа кез-келген ақын түсе бермейді. Ақынның ақыны ғана өзгеден озып суырылып шығады. «Сапарғали мен Нұржан», «Әсет пен Ырысжан», «Саяділ мен Майса», «Қожахмет пен Әбубәкір» айтыстары – жұмбақ айтыстың озық үлгілері. Жұмбақ айтыстар екі тәсілде айтылады. Бірі импровизация жолымен қызу айтыс үстінде – ауызша, екінші - жазбаша шығарылады. Хат жүзіндегі жұмбақ айтысы Сыр ақындарында көп кездеседі. Хат арқылы жұмбақтасқан Кете Жүсіп пен Қуаныш Баймағамбетов, Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет пен Шәді төре, Тұрмағамбет пен Ермұрат айтыстары бар. «Ырысты қыз бен он алты ақынның айтысы», «Шәкей Сал мен он алты ақынның айтысы» т.б. «Ырысты қыздың он алты ақынмен айтысы» жазба айтыстардың ішінде өте күрделі жұмбақ айтысы болып табылады. Қыз жұмбағының негізгі тақырыбы – әлеуметтік теңсіздік, әйел теңсіздігі. Қыз өзінің өмір жолын, теңіне қосыла алмағанын жұмбақтап өлеңге қосқан:
Керуен түйең бар ма қос артқандай,
Қос артып, жүк түйесін бос артқандай.
Өзің де қартқа басқан кісі екенсің,
Кәріні бар ма амал жасартқандай, - деп жұмбақтаған. Айтысқа қатысқан ақындар: Кете Ешнияз, Алшан Әзілкеш, Алаша Садық, Оңғар жырау, Қарасақал Ерімбет, Кете Шегебай, Балқы Базар, Әлім Сайын, Сарыбай Құлназар, Керейт Қалмағанбет, Кете Жүсіп, Кете Есенжол, Кете Есімтай, Жаппас Кеншімбай, Шобдар Сәрсембай, Кете Аманжол ақындар жұмбақты саралап, бірнеше нұсқа ұсынады. Бірі – адам өмірінің кезеңдері суреттелген десе, енді бірі «жұмбақты шешкен адамға тұрмысқа шығамын», - дегені немесе ер жеткен ұлы бар адам қартамайды, кәрі кісі қайтадан жас болмайды т.б. тақырып аясында сөз қозғайды.
Айтыстың соңында Аманжол ақын мынандай шешу ұсынады:
Сұлу қыз ішпей, жемей көңілге тоқ,
Жас жетіп, өткен өмір атылған оқ.
Мақшарда көрден тұрмай жігіт болмас,
Кәрінің жасаратын амалы жоқ,
Жол жүріп, керуен шаршап келген екен,
Жол шегіп қартайғанда неғып жүрсің,
Ер жеткен балаң жоқ па деген екен.
Бұл жұмбақ қыздың келген біздің жаққа,
«Шешуі – осы ма», - деп жаздым хатқа.
Сезімін ақындардың қатар тіркеп,
Жібердім Ешкеме сынатпаққа.
Шешпейтін түйіні жоқ ақыл-ойдың,
Жігіттік – базарындай жиын-тойдың.
«Мәжіліс болған жерде оқыңыз», - деп
Артында Кете Аманжол қолын қойдым, - деп аяқтайды. [86. 203 б.] Әрине, ақындар жауабының бәрі бір арнаға саяды, десек те Рыстының өзі мойындағандай, теңіне қосыла алмаған қызға ақын ағалардың, замандастарының көңілін көтеретін жыр үлгісі болған. Сыр еліне белгілі Шәкей сал атты қыз да жұмбақ өлеңмен жыр жазған. Оның жұмбағын шешуге қатысқан ақындар сөз қуып, арты дауға ұласқан. Кете Жүсіп пен Керейт Даңмұрын арасында ұзақ дауласу жүріп, өлеңдерін сынап-мінеп, айтыс қыза түседі. Ру арасында араздық тудырған бұл айтысқа Шораяқтың Омары мен Тұрмағамбет аралық сөз айтып, өлеңмен хат жолдаған. Хат 94-95 жолдан тұрады, ауыз бірлік, татулық елдің елдігін, азаматтың азаматтық тұлғасын танытады деп:
Араздық аяздағы сең секілді,
Бір туып бір-біріңе қырын қарай,
Көмпиме күнге күйген көң секілді.
Тұрмысты тірліктегі ол сияқты,
Дей көрме, өзіңе-өзің жөн секілді.
Ортаңа оты түссе аяздықтың,
Боласың жат пен жауға жем секілді, - деп дауды тоқтатқан. [22. 262 б.]
Демек, айтыстың қандай түрі болсын айтысқа түскен ақындардың тапқырлығын танытып қана қоймай, талантын аңғартады. Қажетті жерінде бітімгершілікке шақырып отырған. Сыр сүлейлері дәстүрлі жұмбақ айтысының ең биік шыңына шығып, жұмбақ айтыс арқылы ұрпақтарымызды тапқырлық, ұшқыр ойлылыққа баулып, ұлттық тәрбие мектебін құрған. Сыр сүлейлері қалдырған жазба айтыстардың қай-қайсын алып қарасаңыз да ұлттық беріктік ынтымаққа, ата-салтты қастерлеуге, дін мен тілін, ұлттық мұра мен мәдениетін қорғауға тәрбие беріп, жаршылық ұйымдастырушылық, тәрбиелік рөл атқарып келгенін көруге болады. Сыр сүлейлерінің жазба айтыстағы тәсілдері сан алуан. Олар өнердің сырын жете меңгерген жүйріктер өз басының не рудың абыройын көкірегінде сақтап жүреді. Сөйтіп табан астында бұлтартпас жеткізіп отырады. Жоғарыда атап кеткен «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Ырысты қыздың он алты ақынмен айтысында» ақындар жұмбақтың жауабынан гөрі сөз өнерінің, қиялдау қабілеттері мен білім деңгейлерін жарыстырған. Ғалым Т.Кәкішев: «Сыр бойы ақындары көбіне жазысып айтысқандықтан және екеуара емес, бірнеше адам сөз сайысына түскендіктен жазба поэзиясының ілімдері, эстетикалық сынның элементтері байқалады. Шығыс дәстүрінің ықпалдары көбіне сюжетті әңгіме-аңыздары, жұмбақтары араласып, оның шешуін іздеуде, сондай-ақ өздерінің өмірін сынауда айтысушыларға төрелік айтуда айтыстың жаңа бір түрі ғана емес, халықтық эстетиканың бір саласы болып көрінді», - дейді. [87. 14 б.] Ермұратпен айтысында нақты дәлелін тапқандай. Айтыста жұмбақталған Шығыстық әдебиеттерде сөз болатын Шаян мен адам арасындағы сюжет. Судан аман алып өткен адамды шаян шақпақшы болады, жақсылыққа жамандық жасайтындарды әшкере ететін «Мүтәжил-Жәлел» кітабындағы мысал-екені ақындардың білім деңгейін саралайтыны айтыстағы мына жолдардан көрінеді:
Ермұрат:
Ғаламға-ғалым бүтін, жаһил-жарты,
Қалмайтын сендей жан бос жүрген құрға,
Себебі білмесе өзі, иә, тұрмаса,
Алмайды ол адамды кітап дымға.
Молдеке, мейлің ойна, мейлің шында.
«Мүтәжил-Жәлел» атты бір кітаптың,
Айтылған бір хикаят нақылында.
Бір адам бір шаянға душар бопты, Бір өзен ақын судың жақында, - мысалдың қорытынды түйінін Ермұрат ақын айтыста:
Жамандық келтіретін жақсылыққа, Сол мысал адамдар бар, жүрген жанда, - деп поэзияны сол жолдағы құрал ретінде пайдаланады. Айтыста Тұрмағамбеттен гөрі Ермұрат басымдылық танытады, десек те Тұрмағамбет аз сөзбен алғыр ой айтуға шеберлік танытқан. Шағын сөзбен әдемі көркемдік, ұтымды, қимыл-әрекет жасайды.
Дананың дария жанды біреуі едің,
Қояндай қорыққаннан жатқан жымда.
Елеуреп екі-үш ауыз әпсанаға,
Айтыпсың білгеніңнің бәрін жұмла, - деген
немесе:
Ерінбес үйретуден ұстаз болған,
«Қойшы» деп қоқырайып мойын бұрма.
Тұрмағамбет сөзінде өзін асыра мақтау көрінбейді, әйтсе де ол өзіне дейінгі халық поэзиясы мен Шығыстың озық дәстүрлерін шебер меңгерген ақын. Айтыс өнерінде ұрымтал сөз, ұтқыр ой жүйесін табу арқылы кімді болса да аяғына жығады. Айтысқа түскен ақындармен сөз, қиял-ой жарыстырып отырған. Табиғат берген дарыны мен Шығыстық мектептен алған білімімен өлеңді осындай құрмет дәрежесіне жеткізді. Оның айтыстарын заман талабын өтеуге, өмір шындығын көркем шежіре ретінде беріп, уақытпен үндестік тауып отырады. Көркем сөзбен орынды байламды айта білген ақынды халық бағалап, қадірлеген. Тұрмағамбеттің әдеби мұрасын зерттеуде айтыстары негізі нысана болмағанмен, Сыр сүлейлерінің жазба айтыстарын зерттеушілердің назарында болып отырғаны белгілі, ақындық тұлға стилі туралы айғақтамалар жасауды қиындататыны рас екенін есте ұстай отырып, сонда да болса қайсыбір мәселелерді нақтылы айтуға ұмтылдық. Т.Ізтілеуұлының әдеби мұрасын құптауға өзіндік үлес қосатын жаңа тоқтамдар айтылды. ХІХ-ХХ ғасырларда айтыс өнерінде елеулі өріс алған діни желілердің таралып, орнығуында елеулі орны болғаны арнайы аталып көрсетілді, негізделе түсті. Сыр сүлейлерінің жазба айтыстары әуелде хат арқылы жазылып, кейін мерзімді баспасөздерде жариялана бастайды. Кейін ұлттық өнерге мән беріп республикалық ақындар айтысы өткізіле бастады.
Сыр сүлейлерінде дастан айтысы дәстүрі де үрдіске айналған.
Т.Тебегенов: «Жазбаша айтыстардың кейбір үлгілерінің жанрын шартты түрде айтыс-дастан деп атауға болады. Себебі, жазбаша айтыстардың кейбірі қисса-дастан жанрына ұқсастық жағдайында жазылады», - дейді. [81. 32 б.] Айтыс – дастан Разақ Мыңжанұлының «Қапиза» дастаны төңірегінде жазылған Әбдіразақ пен Қапиза қыздың арасындағы хат арқылы диалог ретінде өрбіген. Айтыс оқиғасы Ақтөбе түрмесінде жатқан Разақ Қапиза атты қызбен хат арқылы жауаптасып тұрады. Хат қара сөзбен жазылғанмен кейін ақын поэзияға айналдырып, айтыстың сұрағын да, жауабын да өзі шығарады. Айтыстағы Әбдіразақ Разақтың өзі екенін інісі Қасымға баяндаған, сол себепті айтыс «Қасымға» деген хатпен басталған. Дастанның екінші тарауы Қапиза мен Әбдіразақтың айтысын құрайды. Әлиакбар Жұматаев та хат-өлең үлгісімен пікір жарыстыру сайысының үлгілерін көрсеткен. Оның «Әлиакбар мен Мұзарап», «Саудагер Оспан мен жетім қойшы» т.б. айтыстары.
Ғалым Т.Тебегенов жазба айтысты мынадай топтарға бөліпті:
Жазба айтысының қазақ әдебиетінде даму, қалыптасу кезеңдер.
Айтыс жанрының пайда болуы мен дамуына тән басты ерекшелік – бастапқы кезде бірнеше ақындар сөз таластырып, жеңілген ақын айтысты халыққа таратып отырған, одан әрі жыршылар жаттап алып тарататын болған. ХІ ғасырдағы М.Қашқари мен Қ.А.Ясауи жинақтарындағы табиғат (жаз бен қыс) айтысы, Ясауи шәкірті Бақырғани ұстаз үлгісімен «Жұмақ пен Тамұқ», «Нәпсі мен рух» атты хикметтер жазған. Қ.А.Ясауи шығармаларын арнайы зерттеген М.Жармұхамедов: «Алайда, бұл екі «Диуанда» да «айтыс» деген атау айтылмайды. М.Қашқари оны «ұрыс» «тоқуш» деп берсе, Қ.А.Ясауи «талас» (талаш) деп атаған. Дегенмен бұл атаулар мазмұны жағынан алыс кетпейді» - дейді. [90] Айтыс – жанрлық ерекшелігі жағынан әркелкі синкретті өнер (өлең, мысал, діни-рухани туынды-хикмет, баллада, поэма, драма). Кей жағдайда осылардың бәрі қатар көрініп отырады. Сол себепті де айтыс үлгісіндегі өлең-жырларды жанр немесе жанрлық түр деп ұғынғаның өзі дұрыс емес, тыңдаушы назарын аударатын көркемдік тәсіл десек те болады. Сонымен, жазба айтыс – өнер жарысы. Ал, ондағы білім мен қиялға шек қойылмайды. Сол төңіректе сөз қозғау айтыстың негізгі сипатын, мақсатын, жалпы, Сыр бойы жазба айтыстарының ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік береді. Оларды мазмұны мен стиліне қарап бірнеше топқа бөлеміз: Жазба айтыс – жазба әдебиеттің жанры. Сондықтан, оның жазба әдебиетке тән мынадай белгілері бар. Біріншіден, жазба әдебиеттің авторы белгілі, өзіндік стиль өрнегі болады. Екіншіден, тақырып, идея, сюжет, композиция, көркемдік талаптармен шешіледі. Бірақ, жазба айтыстар Шығыс әдебиетімен қаруланғын шайыр ақындар өнері болғандықтан, бұларда жазба әдебиетке тән мынадай дара белгілері болады: 1. Тақырыбы белгілі, дәл болады. Ауызша айтыста көбінесе бір айтыстың өзінде әр түрлі тақырып төңірегінде сөз болады. Ал жазба айтыста тек бір ғана мәселе тақырып ретінде алынады. Мысалы: «Алты ақынның өмір туралы айтысында» тақырып біреу – әркім өмір туралы өзінің білген, түйгенін ортаға салады. 2. Көркемдік ерекшеліктері жағынан. Ауызша айтыста өлеңнің ұйқасы мен ырғағы қатаң сақталмайды. Табан астында асығыс шығарғандықтан, көркемдігі жағынан әлсіздеу тұстары да, кейде қисыннан қиыстырған, төтеннен көркем образды шумақтар да айтылып жатады. Ал жазба айтыстарда керісінше, өлеңдегі ұйқас пен ырғақ бірқалыпты сақталып отырады. Сондықтан бір айтысқа қатысқан бірнеше ақынның айтысын тұтас бір көркем шығармаға балауға болады. М.Әуезов «Әр жылдар ойлары» еңбегінде Молда Мұса мен Манат қыздың айтысын (М.Әуезов «Шәді мен Манат қыздың айтысы») деп аталады) ауызекі айтыстармен салыстырғанда: «Бұл айтыстың бірсыпыра табиғи ерекшеліктері бар. Шәдінің сөзі – орынды, салмақты, сыпайы, өлшеп-пішілген. Бір желіден аумайды, ауызша айтыстағыдай ауа жайылып, әр жайды өлең қылмайды. Жазба айтыс адамның ой-өрісін кеңітерлік тарихи, мәдени мағлұматтарды да ала келеді», [7, 343 б.] - деді. 3.Ауызша айтысқа екі адам ғана қатысады, ал жазба айтысқа екі немесе бірнеше адам қатысады. Айтысқа түскен ақындар күреске түскен балуандардай өнер жарысына түседі. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде етек алған жазба айтысқа тән бір ерекшелік – бұл айтыстарда, көбінесе өнер жайлы үлкен философиялық ой-түйіндеулер жасайды. Мұндай философиялық ой-түйіндеулер айтыс ақындарының ішінде, әсіресе, Тұрмағамбетте мол кездеседі. Мысалы: «Шәкей сал мен алты ақынның айтысында» Тұрмағамбеттің керейт елінің азаматтарына жазғаны:
Татулық - таусылмайтын кен секілді,
Кен сақтау – шама келсе, шен секілді.
Ортаңда татулықтың тұрса туы,
Дос-дұшпан демес сені «кем » секілді.
Осы айтқан үгітімді үлкен-кішің –
Көріңдер ауруыма ем секілді.
Өмірің өтіп кеткен,ойласаңдар,
Кірмейтін, шықса қайтып дем секілді.
Мұнда дидактикалық сарын Қазан төңкерісіне дейінгі жазба айтыстарға тән. Себебі: ол жоғарыда айтқандай, Шығыс әдебиетінің әсері болса керек. 4. Ауызша айтысқа импровизаторлық өнер міндетті, ал жазба айтысқа бұл қасиет міндетті емес. Хат айтыста (жазба айтыста) тек сауатты ақындар айтысады. Хат айтыс – халық ақын – жырларының импровизация жолымен және жазып шығару жолымен (екі өнердің бірлескен) тәсілімен дүниеге келетін поэзиялық туынды. Мұның басқа айтыс түрлерінен өзгешелігі де осы жағында. 5. Қай мазмұнға арнайы жазылып айтысса да, жеке ақындар айтысында ең алдымен айтыстың бас қаһарманы – ақындардың өздері туралы сөз қозғалады. Әр ақын өзі болып бағалай сөйлеуді жалпы айтысқа тән ерекшелік десек, бұл жазба айтысқа тән. Мысалы: Сыр бойының белгілі ақыны «Таубайдаң Жүсібі мен Шораяқтың Омарының айтысында» (1913) Таубайдың Жүсібі Шораяқтың Омарына ренжіп, былай деп жазады.
Тәлтиме, талма жүрек, тапал Омар
Осқырма ,орма мінез орға жығар.
Ашуың ақылыңмен араласқан,
Шелтиген неме екенсің сөзге құмар[103. 69 б.]
Оған Шораяқтың Омарының қайтарған жауабы:
Бар еді менде не ақың кеткедей-ақ?
Тиеді мына сөзің кетпендей-ақ.
Аузыңнан қандай-қандай сөз шығады[103. 69 б.]
Тұлпарды есек келіп тепкендей-ақ немесе, керісінше, қарсылас ақынды мадақтай,тарапаттай отырып, өзін кішірейте сөйлеу де кездеседі. Кейде осылай қарсыласын мақтай оытрып, оның осал жеріне дөп тию де ауызша және жазба айтысқа тән ерекшелк. Мысалы: «Тұрмағамбет пен Әбдікәрімнің айтысындағы» Әбдікәрімнің Тұрмағамбетке айтқан мына өлең жолдары сөзімізге дәлел.
Алашқа атың шыққан ақын едің,
Шәрбатын әр ғалымның татып едің.
Жар жолдас жасыңызға және де етпей,
Бәйгеге бағасы мол батып едің.
Әбдікәрім - Тұрмағамбет ашқан мектепте оқитын сол кездегі оқушы. Бұл арада ұстаз бен шәкірт, яғни аға ақын мен бала ақын сөз қағысады. Тұрмағамбет сонда былай деп жазады:
Білгірдің байтаққа бас баласысың,
Өзің де қатарыңның данасысың.
Әртүрлі түркі де бар дүкеніңде.
Көтерме бізден қалай аласысың?
Қарсыласын марапттай сөйлеуде ақындар тамаша эпитет, теңеу қолдана білген. «Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омарының айтысында» да Қарасақал Ерімбеттің Омарға жазғаны:
Бұл күнде ешкі қойдан озған заман, Шалыға теңелгендей қап пен дорба-ақ, - деп, Омарға тиісіп, кішірейтіп алады да, өзін қырғиға теңейді.
Тершіп, тез қайтарсам, «у» шығар деп,
Жұмбақтың қырғиымын болсаң да даң.
6. Жазба айтыстың уақыты бірнеше күндерге, айларға, кейде жылдарға созылған, ал ауызша айтыстың уақыты ұзақ емес. Сондықтан да ұзаққа созылған жазба айтысты көбіне екі жаққа да қадірлі ақын бітістіріп отырған. Сыр бойы ақындарының жазба айтысында, көбінесе, бітістіруші ақын Тұрмағамбет болған. Кеңес дәуіріндегі жазба айтыстардың өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, бұл Кеңес дәуіріндегі жазба айтыстарда Шығыс әдебиетіне тән дидактикалық сарын байқалмайды. Екіншіден, араб, парсы сөздері Кеңес дәуіріндегі жазба айтыстарда ұшрамайды. Сонымен, біз жазба айтысты жазба әдебиеттің жанрына жатқыздық. Ал, жанр дегеніміздің өзі – тарихи категория. Сондықтан, ол барлық заманға бірдей қатысып – семген дүние емес, заман талабына сай өзгеріп, жаңарып отыратын құбылыс. Олай болса, жазба айтыс та, идея, мазмұн жағынан өзгеріп отырады.
ДАСТАНДАРЫ
Әрбір ақын өзінің шығармаларының мазмұны мен мәнін ойдағыдай шығару үшін жай, қарапайым сөз, сөйлемдермен баяндамай, қолынан келгенінше бейнелі, бояулы суреттер арқылы танытуға күш салады. Сол өзінің шығармаларының бейнелілігі, суреткерлік дәрежесінің сатысына қарай тиісті бағасын алады. Әрбір шығарманың мазмұны мен мәні қаншалықты өзекті болса да, оны келісімді көркем бейнелер арқылы суреттей алмаса, ол солғын шығады. Сондықтан ақын шығармаларына баға бергенде оның образ нақыштарын, суреттеу әдістерін ерекше еске алып, соған қарай өзіндік жаңалықтарын танимыз. Т.Ізтілеуов – шығармаларын белгілі дәрежеде көркем образдармен айшықты тіл, тартымды суреттермен бейнелей білген талантты ақын. Оның лирикалары мен поэмалары, айтыстары, мысалдары бәрі де образдылығымен, нәрлі суретімен көз тартады, оқушысын баурап алып отырады. Ақынның ақындық құдіретін танытатын негізгі белгі оның образ, сурет, бейне жасаудағы өзіндік ерекшелігі болу керек. Ал, өмірді, болмысты бейнелеуде белгілі тақырып, сюжеттерді ашуда тек сырттай өз атынан баяндау көркемдікке әкелер жол емес, реалистік әдебиеттің талап ететіні, ақынға қояр шарттары одан өзгеше. Асылы, реалист ақын өмір көріністерін өз атынан баяндай бермей, /ондай да болады/ сол мәселені бейнелі образ арқылы меніз-құлық, іс-әрекеті ретінде баяндауға тиіс. Көркем шығармаларда ақын барынша суреттер жасап отыруы жақсы нәтижеге жеткізеді. Осы ретте біз Тұрмағамбеттің шығармаларын оқи отырып, оның суреттеуге, бейнелеуге ерекше назар аударған нағыз суретші екенін танытуға көңіл бөлеміз. Шығарманың суретті, образды шығуы үшін оның тақырыбы, идеясы, сюжеті, композициялық құрылысы, тілдік құралдарының жетілгендігі керек болады. Әрбір шығарманың сюжетін жазушы белгілі образдардың өміріне іс-әрекетіне негіздей отырып тұжырымдайды. Нағыз толыққан образ үлкен, салалы шығармаларда жасалады. Сюжетті, өрісті шығарманың образдары да күрделі, көркем шығуға тиіс, сондықтан образ, көркемдік мәселелерін сөз ету үшін ақынның сюжетті шығармаларына талдау жасалды. Шығармадағы адам бейнелерінің ойдағыдай шығу-шықпауын көрсетудегі шеберлігін таныту мақсатында оның ең алдымен дастандарын т.б. сюжетті шығармаларын талдау қажет болады.
ДАСТАН ЖАНРЫ НЕМЕСЕ ПОЭМА
Поэма – бұл сөз ертедегі грек сөзінен шыққан. Ол «эпос» текті көбіне өлеңмен жазылатын шығарма. «Дастан» деген сөз парсыша баяндау, жырлау, айту деген ұғымды білдіреді. Дастандар Шығыс әдебиетінде романтикалық дәстүрде дамыған. Ғашықтық – лирикалық қисса, ерлік, аңыз, хикая түрлеріне келеді. Бұрын-соңды айтылып жүрген маңызды оқиғалардың сюжетіне құралады. Қиссалар мен дастандар көбіне қиял аралас, бірақ өмірге жанасымды мәселеге негізделеді. Сюжеттері тосын оқиғалы әртүрлі ғажайыптармен аралас болады. Дастандар мен қиссаларды соңғы кезде қолданып жүрген поэма деген атаумен қатар ұстауға бола бермейді. Поэмада бірен-саран адамдардың басынан кешкен оқиғаларға, қоғамдық, әлеуметтік мән бере жырлайды. Поэмада оқиға жан-жақты қамтылады. Ол көбіне өмірдің өзінен туып отырады. Оның қаһармандары күнделікті тұрмысқа не тарихи оқиғаларға қатысып жүрген таныс, бейтаныс адамдар. Дастан мен қиссалардың мазмұны қиялға негізделіп, оның геройларын адамға тиісті де, тиісті емес те нәрселермен араластырып отырады. Түрлі ғажайыптармен де кезігеді. Қаһармандары әлдеқайда жоғары, адам әрекетінен тысқары көбіне әулие-әмбилермен тілдесіп тұратын, соның сүйемелінде жүретін, сондықтан дегеніне жетіп тынатын күш иелері. Сюжеттері де сол қаһармандар әрекеттеріне сай түрлі ғажайыптарға толы және тосын. Сол себепті дастан, қиссалар романтикалық стильде жазылады. Біз сөз еткелі отырған – Т.Ізтілеуовтің дастандары да Шығыстық дастан-қиссаларға ұқсас романтикалық стильге сай, ғажайып оқиғалы, тосын сюжетті шығармалар. Тұрмағамбет – Шығыс классик әдебиетінен еркін сусындап, соның жақсы дәстүрін меңгеріп, қазақ поэзиясына енгізген жаңашыл ақын. Ол Шығыс классиктері мен елге көп тараған дана шығармалар сюжетін қазақ тілінде қайта жырлап, назира әдебиетімізді негіздеушінің бірі. Шығыс үлгілі әдебиеті көтерген ең басты идея – адамға тән абзал қасиеттерді мойындау, қастерлеу. Адам өмірден өз бақытын табу жолында күресу керек деген пікірді қолдау. Отанды сүю, жан сұлулығы, ғашықтыққа беріктік, ерлік, ғылым үйрену, әділдік, достық, адамдық осының бәрі арманға жету жолындағы баспалдақтары екенін ескертеді. Адам бойындағы жақсы-жаман мінез-құлықтардың бәрі шығыс әдебиетінде жетімді дәрежеде жырланғаны мәлім. Тұрмағамбет мұсылман қауымына кең тараған керемет сюжеттерді қайта жырлағанда оған жаңа идеялық-көркемдік мән беріп, өзінің адамгершілік, гуманистік, ағартушылық бағыт-бағдарын, прогресшіл ой-пікірін дамыта түсті. Дастандарының бәрі дерлік шығыс стиліндегі Нәзира туындылар. Шығыстық классикалық әдебиетте халық арманы – әділдік, гуманистік ойлар негізгі мотивке айналған. Өз геройларының образын көркемдеуге ақын жаңа идеялық эстетикалық шешім, түйіндер іздестіреді. Қисса-дастандарын жанрлық-сюжеттік жағынан қарасақ, шығыс әдебиетіндегі дастандардың әсерімен жазылып, жазба әдебиетіміздің нәзира дәстүрін дамытқан. Оның бізге белгілі үлкенді-кішілі жеті дастаны бар. М.Әуезов: «Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша, шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында, тағы бір шығыс ақыны қайталап, әңгіме ететін, тың дастандар шығаратын дәстүр бар еді... Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғалардың негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығатыны болады. Бұлайша әр тақырыптың әр ақында қайталануы еш уақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым сынасып, жырмен жарысу, есепті бір салт еді. Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәуірде «Нәзира», «Нәзирагөйлік» деп атау берген. [8. 150 б. ] Қазақ халық жырларының үлкен бір саласы – нәзиралық жырлар немесе әлемдік сөз өнеріндегі классикалық шығармалардың оқиға мазмұнын сақтап, өз ұлт тілінде қайта жырлауды нәзиралық сөз өнері деп атайды. Бұл сөз өнері ретінде ерте дәуірден басталады. ІV-ХVІІІ ғасырдан бастап түрік дәуірі, мұсылмандық дәуір, Алтын Орда дәуіріндегі сөз өнері, қазақ хандығы дәуірі деп жүйелеуге болады. Мәселен, тәжіктің ұлы ақыны Фирдоусидің «Жүсіп-Зылиха» дастанының негізінде Әли «Қисси-Юсуп» шығармасын жазған. Ал Низамидың «Хосрау-Шырын» дастанына Құтып «Хұсырау-Шырын», Сағдидың «Гүлстан би – Турки» дастандарын жазған. ХІХ ғасырда Әсет Найманбаев «Ағаш ат», Ж.Шайхысламұлының «Зарқұм», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір – Шәкрат» т.б. дастандармен толықты. Қазақ ақындары жырлаған нәзиралық дастандар саны өте көп. Соның бірі – ХХ ғасырда өмір сүрген Т.Ізтілеуовтің осы әдіспен жырлаған дастандары төлнұсқадан артық болмаса кем емес. Ақын дастандары мазмұны, тақырыптық, идеялық, сюжеттік-композициялық көркемдік құрылысымен ерекшеленеді. Шығыс әдебиетінде қалыптасқан дастанның кіріспеден басталып, негізгі сюжетінің жырлануы және ақынның өзіндік ой қорытындысымен аяқталуының өзі әлемдік әдебиет деңгейінде болуында деп білеміз. Өмірдегі барлық құбылыстардың құпиясы мен сабақтастығын суреттейтін поэзия десек, поэзияның тілі, бейнелігін ақын стилі, тілі, көркемдікпен поэзиялық образ жасайды. Сол себепті да ақынның дүниені, болмысты қабылдап, сезінуі, ойлау жүйесі образдық жүйе мен сюжетті беруімен бірлікте қарыстырылады. Сыр сүлейлерінің ақындық ортасынан кеңінен орын алған шығармашылық дәстүрдің бірі – нәзирагөйлік еді. Зерттеуші ғалым Н.Ғабдуллин «Нәзира – екі шайырдың бәсекесі емес, өнерге өнермен қайтарылған жауап. Нәзирада алдыңғы ақын суреттеген оқиғалар мазмұны қайталанғанмен, кейінгі ақынның сол оқиғаларды сипаттап айтуына, қаһармандардың бейнелеуінде осы шайырдың өзіндік сарынын танытатын ерекшелігі болады», - дейді. [88. 193 б.] Қазіргі уақытта қазақ әдебиетінің әлем елдері әдебиетімен сан ғасырлық байланысын танып білуіміздің мәні бар. Әлем халықтарының сөз өнеріндегі осындай рухани байланыстары нәзирагөйлік дәстүрмен жүзеге асқан. Бүгінгі күнге дейін нәзирагөйлік дәстүрде жазылған туындыларды аударма деп қарастырып, қазақ әдебиеті тарихынан тиесілі орнын ала алмады. Соның бірі Т.Ізтілеуовтің Фирдоусидің «Шаһнамасын» айтар едік. Т.Ізтілеуов ұлттық сананы жаңаша дамытуға ұмтыла отырып, шығыстың қисса-дастандармен, ертегі-әңгімелермен байытты. Бізге мәлім ақынның «Мәрді диқан» /1990ж./, «Данышпан қарт» /1907ж./, «Тұтқын қыз» /1910 ж./, «Рауа бану» /1911ж./, «Әшкәбус» /1936 ж./, «Мақта» /1930ж./, «Сам-Зал батыр» /1936ж./ сияқты дастандары бар. Бұл дастандардың қазақ әдебиеті тарихынан алар орындары өзгеше. Романтизм әдісінде жазылған тамаша туындыларда аңыздар сюжетін сөз майын тамыза жырлап, адамгершілік түйіндер түйіп, кесек образдар жасаудағы шеберліктері арнаулы зерттеуді ақтар шындық. Бір кезде В.Г.Белинский былай деген екен: «Романтизм – бір ғана көркем өнердің, бір ғана поэзияның үлесі емес: көркем өнердің қайнар көзі, поэзияның қайнар көзі, қайда болса, оның да қайнар көзі сонда – өмірде. Адам бар жерде – өмір бар, ал өмір бар жерде романтизм бар». [37. 75 б.] Т.Ізтілеуов дастандары арқылы қазақ әдебиетін әлемдік деңгейден көрсете білді. Таяу және Орта Шығыс ақындары, халық арасында «Шаһнаманы» таратып оқуды дәстүрге айналдырған. ХІV-ХІХ ғасырларда «Шаһнаманы» Иран, Ауғанстан, Пакистан елдерінде ауызша айтып, тарататын мектептер де болғаны тарихтан белгілі. Еуропа елдерінде Фирдоуси «Шаһнамасын» ағылшын, француз, неміс, итальян тілдеріне аударылған. Әдебиет зерттеушісі, ғалым Өтеген Күмісбаев: «Ағылшын оринталисі Вильем Джонс «Шаһнаманың» кейбір бөліктерін аударса, Хадемон деген ғалым «Шаһнаманың тарихи қайнар көздерін зерттеп, Жәмшид тарихына байланысты тұстарын аудара бастаған. Француз тілшісі Поль Гумберді арнайы бөліп алып зерттеген. Генрих Гейне өзінің атақты туындысы «Фирдосу туралы» балладасын жазады», - деп нақты деректермен дәлелді пікір айтады. [89. 7 б.] Патшалар туралы әпсана парсы әдебиетінің әлемдік туындысын алғаш қазақша жырланған Ораз Молда болды, 1888 жылы Қазан қаласында «Қисса-и Рустам» атты шығармасын М.Сералин бастырады. Ә.Тәжібаевтың анасы Айманкүл ақын «Шаһнаманы» қарасөзбен аударған. Кейін Қ.Әбдіқадыров, М.Дәулетбаевтар да «Шаһнамаға» көңіл бөлген.
Аудармашылар Б.Алдамжаров пен Е.Дүйсенбайұлы да біршама еңбек жасаған. «Шаһнама» - 120 мың жолдан тұратын өлеңмен жазылған шығарма. Иранның 50 патшасының тарихы жырланған. Көлемді шығарманы парсы ғалымдары мифологиялық, аңыздық, батырлық жырлар деп үшке бөледі. Асыл мұраны қара сөзбен де, өлеңмен де жазып ұсынушылар көп болды, десек те Тұрмағамбет жазған 40 мың жолдан тұратын «Шаһнаманың» қазақ әдебиетінде орны ерекше екеніне айтуымыз орынды. «Нәзирагөйлік әдеби әдіс арқылы Тұрмағамбет Фирдоусимен жарысады, бірі Иран жерінде екіншісі қазақ топырағында табан тіреп тұрып белдеседі. Мәселе жығуда, жығылуда емес, қазақ ақыны Иран елінің ұлы бәйіттеріне сүйеніп, қазақ дастандарының жаңа аспан әлемін тербетіп, толғатып шығарды», -дейді ғалым Ө.Күмісбаев. [134. 7 б.] Ғалымның осы пікіріне сүйенсек, «Шаһнама» сюжетін жырлауда Тұрмағамбет ұлттық болмыс, ұлттық бітімге лайықталып, өзінше өлең өрнегін тарқатқан. «Шаһнаманың» толық басылып шығуы да қиын болды. Сөз қадірін түсінетін ғалым-жазушылар Тұрмағамбет шығармаларының басылу турасында әркез пікір білдіріп отырған. Академик жазушы Ғ.Мүсірепов: «Шынын айту керек, бұл жөнінде Қазақстан жазушылар Одағы да түрткі салмаған, баспа орындарының алдына талап қоймаған, қадағаланбаған. Бұдан былайғы жерде бұл ұятымызды жууға тиіспіз», - деді. [91] «Шаһнаманың» тасқа басылуы күн тәртібіне қойды. Сол жылдардан бері Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» баспадан шықпай жата берді. 2004 жылы ғана толық нұсқасы баспадан шығып, туған халқымен қайта қауышты. Ақынның 125 жылдық мерейтойына арналып шыққан «Тау тұлға. Тұрмағамбетке - 125 жыл» атты еңбектің алғысөзін жазған М.Құл-Мұхаммед: «Шығыстың жеті жұлдызының бірі Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қазақша сөйлетіп, өзінің асқан дарын иесі, сөз мәйегін ағызған қас шебер екенін тағы бір дәлелдеді. Мұндай баға жетпес туындының қазақ поэзиясына қосылуы ұлттық әдебиетіміздің мерейін биікке көтерді, ұлттың ұлы қазынасына айналды», - деп құнды пікір айтқан. [136. 3 б. ] Дарынды ақынның бұл үлкен-үлкен үш бөлімнен тұратын әдеби мұрасын Қазақ ССР Орталық Атқару Комитеті Президиумы 1936 жылғы желтоқсандағы қаулысында ерекше атап өтеді.
Әрине, осыған дейін бұл дастан әлем тілдерінде аударылған болатын. «Шахнаманы» қазақ жұртына таныстыру мақсатында көп еңбек еткен Т.Ізтілеуов болды. Шығыстың әйгілі дастаны «Шахнаманы» қазақ ұғымына үйлестіре жырлап шығу – Тұрмағамбеттің ақындық өнеріндегі шоқтығы биік елеулі ерекшелігі.
ӘОЖ 316.477:374.7:894.342
Т.ЖҮРГЕНОВ ПЕН Т.ІЗТІЛЕУВТІҢ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСЫ
ЛИТЕРАТУРНЫЕ СВЯЗИ Т.ЖУРГЕНОВА И Т.ИЗТЛЕУОВА
T.ZHURGENOV AND T.ІZTLEUOV’S LІTERARY RELATІON
ЖАНБЕРШИЕВА ҰЛЖАН НАХАТҚЫЗЫ
ЖАНБЕРШИЕВА УЛЖАН НАХАТОВНА
ZHANBERSHІEVA ULZHAN NAHATKYZY
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Кызылординский государственный университет имени Коркыт Ата
Korkyt Ata Kyzylorda State Unіversіty
Әлем өркениеті кеңістігіндегі адамзат ұрпақтарының мыңдаған жылдар бойы жан дүние әлемін адамгершілік – имандылық ұлағатымен байытып келе жатқан рухани құндылық қазынасы – өнер, яғни әдеби-мәдени байланыстар екені көпшілікке мәлім. Әлемдік әдеби процесс Т.Жүргеновке де ой салмай тұра алмады, сондықтан ұстазы Тұрмағанбет Ізтілеуовпен рухани байланыс жасап, Шығыстық әдебиеттегі жаңа ойлармен туған халқын қауыштыруды өзіне міндет санады. Т.Ізтілеуов «Көкелташ» медресесін бітіргеннен кейін туған жерге оралады. Ата қонысынан алғашқы мектеп ашып, мұғалімдік қызмет атқарады. Ақындығы мен ғалымдығын, жазушылығы мен ұстаздығын ұштастыра білген. Т.Ізтілеуов осы жылдары Темірбек Жүргеновке ұстаз болады. Тұрмағамбеттен оқып, білім алу Жүргеновтің көкірегінде терең із қалдырады. Ол Шығыс поэзиясы саласында әрі жақсы, әрі терең білім алады. Көркем әдебиетке деген көзқарас пен эстетикалық мағлұматқа ие болады. Халық алдындағы азаматтық борышын да терең сезінгенді. Шығыс және Орта Азия мәдениеті, әдебиетінің идеяларымен шәкірттерін мол сусындатты. Кейін Т.Жүргенов Тұрмағамбетті есіне алғанда, ол жайында: «Тұрмағамбет ақын нәзік жанды, қайырымды адам болатын, ал оның ең басты қасиеті – күнделікті тұрмысқа байланысты мәселелерді шешудегі тамаша әділеттілігі. Ол тәкәппарлықты, өзінің әл-ауқатымен, шыққан тегімен, мансаптығымен босқа мақтанушылықты мейлінше жек көретін, ал адамды бағалайтын басты қасиет оның ақыл-ойы, білімі, адамгершілігі, өнегелі ісі мен мінез-құлқы екендігінде», - деп баса айтқан. Т.Ізтілеуовтен алған білімі, әсіресе, тәжік және өзбек тілін үйренуі Жүргеновке кейін Тәжікстан мен Ташкентте қызмет істеуге тура келген кезде өте пайдалы болды. Жүргенов ұлттық рухани жақындастыру мәселесінде аударма ісін жоғары бағалады. 1936 жылы онкүндікке орай Мәскеуден жарық көрген «Қазақстан» атты кітапта: «Классиктерді және Одақтық басқа да халықтарының шығармаларын аудару, қазақ халқын әлем әдебиетімен таныстырады, әдеби байланысты нығайтады», - деген. Ұлттардың рухани жақындасуында тәржіманың алар орны үлкен екендігіне мән бере білген нарком «Бұхарада оқыған, молда», - деп айып тағылған Т.Ізтілеуовті жаладан арашалап, Наркомпросқа ғылыми қызметкер етіп жұмысқа алады. Темірбек инициативасы бойынша тәжіктің ұлы ақыны Фирдоусидің «Шахнама» дастанын ақын Т.Ізтілеуовке көркем аударуға көмектесу үшін үкімет комиссиясы құрылады. Тұрмағамбетке «Шахнаманы» аударуына жағдай жасайды. Т.Ізтілеуов осы тұста Шығыс әдебиетін жақсы білетін С.Айнимен де ақылдасады. Дастанның Шығыс тіліндегі поэзиялық, прозалық үлгіде тараған нұсқаларын таңдап алып, оны Фирдоуси үлгісі бойынша қайтадан жырға айналдырады. Өзіне жасалған қамқорлық шабыттандырған ақын әйгілі дастанды он бір буындық өлең үлгісімен он айда тәржімалап нәзирагөйлік әдіспен жазып бітіреді. Дастанның кейбір тараулары 1934-35-36 жылдары баспасөзде жарияланған. Ол жөнінде Т.Жүргенов, Ә.Қоңыратбаев, К.Алтайскийдің жазған еңбектерінде біршама қамтылған-ды. Сол жылдары «Социолистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасаған Ә.Қоңыратбаев: «Шаһнаманың үзіндісін «Социалистік Қазақстан» газеті қаңтардың 28-індегі номерінде басып шығарды. Тұрмағамбетке үлкен консультация керек сияқты. Бұл жөнінде молда Ораз аудармасының да шолақтау кететін жерлері көп. Бұл ретте оқу комиссарияты «Шаһнаманы» аудару жұмысын басқаратын арнаулы ғылыми комиссия құрса жақсы болар еді. Мұнсыз Тұрмағамбеттің жалғыз өзі біздің ойлағанымыздай төрт жағы құбыла аударма бере алмайды», - деп сын айтады. [93]
Ақын:
«Қалай да қапыда өтіп кетем бе?» - деп
Кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек.
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сыйлап, шаршап терлеп.
Талайлар таға алмай сын тарқап кетті,
Қолына бергенмен де «оқып көр?» - деп.
Бұларым ойынындай боп балалардың,
Отырмын түзеу үйінде енді шерлеп, - [22. 148 б.] деген өлең жолдарынан ақын «Шаһнаманы» 1936 жылы аяқтап, баспаға ұсынады, сыни пікірлер де айтылады, бірақ кітаптың баспадан шығуына кедергілер болады, ақыры 1937 жылы оған «халық жауы» деген жала жабылып, қамауға алынады. Жоғарыдағы өлеңнен шынайы шындық зердеден туған, зергерлікпен толқыған бейнелі жолдар ой мен сезімді әсерлі, тартымды күйге бөлеген, жан жүрегінің толқығаны аңғарылады. Алайда, Т.Жүргенов 1937 жылдардың нәубетіне ұшырағаннан кейін «Шахнаманың» тасқа басылуы кешіктіріледі. 1961 жылы «Рүстем-Дастан» деген атпен жеке кітап боп шығады да, кітапқа М.Әуезов алғы сөз жазып, Тұрмағамбет дастанын құттықтай отырып: «Рүстем-Дастан» кітабы тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдоусидің «Шахнамасындай» болғанмен, мынау еңбекті сол Фирдоуси үлгісімен жазған халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты», - деп жоғары бағалады. [94. 3 б.] Бұл дастанды толық күйде жариялау мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінде болды. 2004 жылы А.Алматов қолжазбаның толық нұсқасын Р.Бердібай, Ә. Асқаров, И.Жеменей бастырып, Т.Қоңыратбаевтар сияқты ғалымдар шығарды. Тұрмағамбеттің «Рүстем-Дастан» поэмасы осындай дәстүрде әркімге мәлім эпопеялық дастан бұл жайында Ө.Күмісбаев арнайы зерттеп, ғылыми монография жазып, пікірлер айтқан. [95. 144 б.] Аталмыш «Рүстем-Дастанның» аудармасы туралы М.Әуезов пен Ә.Тәжібаев пікірлерін ескерте кетсек артық болмас. М.Әуезов: «Ерлікке бара-бар, алабөтен үлкен еңбегі деп «Шахнамаға» сіңірген еңбегін айтар едік. Бұл әрине «Шахнаманың» тұтас түрі емес және толық мағынасындағы аудармасы да емес. Бұл Рүстем батыр есіміне байланысты батырлық романтикалық қимыл әрекеттерді жинақтап сюжет желісіне тұжырымдап, қазақ ұғымына бейімдеп алған «Рүстем-Дастан» атты вариант [95], - десе, ал Ә.Тәжібаев: «Ораз ақын – «Шахнаманың» толық прозалық аудармасын Орта Азияда бірінші рет жасаған адам. Содан жүз жылдан соң «Шахнаманы» өлеңмен аударған Сыр бойының атақты ақыны Т.Ізтілеуов», [15] - дейді. Бүгінде «Шаһнама» толық жинақ болып шықты. Т.Ізтілеуовтің «Шаһнама» жырын зерттеп, зерделеу өз алдына үлкен жұмыс, сондықтан тұрмағамбеттанушылар мен әдебиет зерттеуші ғалымдар алдында қыруар істер күтіп тұр. Ақынның дастандарында Шығыстық сюжеттер эпикалық мол көлеммен жырланған. Ең бастысы ақынның Шығыс аңыздарын өлеңмен жазып, халыққа тарату дәстүрін қолданғандығында жатыр. Жыр үлкен екі желіге құрылады, яғни, жауынгерлік, батырлықты дәріптеу және патшалардың өмірі, қызметі. Дастанда суреттелетін кейіпкерлердің көпшілігі тарихи тұлғалар болып келеді. Мәселен, Априсиап Тұран-түркі елін басқарып, елін сыртқы жаудан сақтап қалуы т.б. оқиғалар дәлел. Сам, Зал, Рүстем, Сұһрап т.б. батырлар да тарихи тұлғаларды елі, жері үшін шайқастары, арқылы оларды дәріптеп көрсете білген. Дастандағы мифологиялық ерекшеліктер, өлеңнің он бір буынды қазақ қара өлеңі өлшемімен жазылуы, композициясы мен сюжетіндегі ақындық шешім, көркемдік ерекшелігін әдеби-теориялық тұрғыдан талдап, қарастыру үлкен бір ғылыми жұмыс екенін ескеріп, бұл дастанға толық тоқталған жоқпыз. «Шаһнаманы» зерттеп, зерделеу өзалдына бір үлкен жұмыс. Адамзат құндылығының асылы боп саналатын шығарманың байыбына бара бермей, кейінгі ұрпақтың арнайы зерттеу үлесіне қалдырдық. Біздің бұл тұстағы мақсат – Тұрмағамбет ақынның әлі де еш зерттеуші назарына ілінбей келген дастандарын талдап таныту, әсіресе, ақынның «Мәрді диқан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану». «Әшкәбус», «Мақта», «Сам Зал батыр» сияқты дастандары. Бұл шығармалардың /дастандардың/ қазақ әдебиеті тарихынан алар орындары өзгеше. Тұрмағамбет дастандары – романтизм әдісінде жазылған тамаша туындылар. Аңыздар сюжетін сөз майын тамыза жырлап, адамгершілік түйіндер түйіп, кесек образдар жасаудағы шеберліктері арнайы зерттеуді ақтарлық шындық. Көлемі жағынан шағындығына қарамастан дастан қатарына жатқызылған бұл шығармалар шығысқа мәлім аңыздардан алынған. Шығыс әдебиетінен үйрене отырып, сол аңыздардың тақырыбына дастан жазу шығыс медресесінен оқып, білім алған Тұрмағамбет шығармашылығына етене сіңіп кеткен ерекшелік, қазақ әдебиетінің алтын қорына келіп қосылған бағалы байлық. Мұны байыбына терең түсінген ақын:
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
«Өзімнен шебер кім?» - деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектен көгені едім.
Түбінен дарияның дүрлер теріп,
Алдына аға-інінің төгер едім, - дейді.
Тұрмағамбет дастандарының ішіндегі ең көлемдісі әрі көркем жазылғаны – «Мәрді диқан». Бұл парсының атақты «Тотынама» эпопеясының 21-22 тарауларында айтылатын уақиға. Осы сюжеттің негізіне сүйене отырып, 1900 жылы Бұқарада жүрген тұсында жазып шыққан. Осы тұста Европа, орыс поэзиясында шығыс сюжетінде романтикалы поэма жазу дәстүрі өрістейді. Қазақ әдебиетінде Абай, Мағауия, Ақылбай, Әсет, Шәкәрім, т.б. ақындар да романтикалық поэмалар жазған-ды. Қазақ әдебиетінде сюжетті оқиғаға құрылған романтикалық бірінші шығарма – Абайдың «Масғұт», «Әзім әңгімесі» дастандары болса, Абайдан кейінде көп ақындар осы дәстүрді жалғастырған-ды. Абайдың балалары – Мағауия мен Ақылбай дастандары – «Метғат-Қасым» мен «Қисса Жүсіп» осы дәстүрдің жалғасы еді. Бұл шығармаларда орыс әдебиетіндегі романтикалық дастандардың әсері мол. Ал Тұрмағамбеттің «Мәрді диқан» дастаны жазылуы жағынан бұлардан кейінірек және шығыс мазмұнында құрылып, оқиға өрісі түркі тектес халық дастандарындағы сюжеттермен өрбиді. Өз заманының шежіресі Т.Ізтілеуов дастанды мынадай ғибратты сөздермен ашады:
Тіл – тілмаш, ақыл – уәзір, көңіл – сұлтан,
Нәпсі – тақ, кеуде – сарай, жығасы – тән.
Қол – жендет, көз – қарауыл, құлақ – тыңшы,
Аяқ – құл, мұрын – дәрігер, шамшырақ – жан.
Ие етіп осылардың барлығына, Бізге көп ысқан /жәрдем, жақсылық/ етті табиғаттан, - деп үлкен философиялық ой түйеді. Адамның ішкі, сыртқы құбылысын бұлайша түгел қамтып, астарын, терең мағыналы, жарасымды теңеулермен сөз кестесіне сыйыстыру, сөз зергерлерінің ғана қолынан келетін шеберлік. Дастанда романтизм әдісімен жазылған оқиғалар дағдыдан тыс жағдайда пайда болады. Дастанның сюжеті еңбекті жолдас еткен Мәрді диқан жер жыртып жүріп, баға жетпес гауһар тас тауып алады. Оны Әзім Рум сұлтанына сыйға бермекші болады. Жолда үш жиһанкезге кездеседі, олар гауһарды ұрлап алады. Басынан өткен жайды патшаға баяндайды. Патша үш ұрыны зынданға салады. Арада апта, ай өтеді. Патшаның ақылды қызы Меһирша үш жиһанкезді зынданнан шығарып алып, оларға өткен бір мысал аңызды баяндайды. Дамаек-Шам шаһарындағы байдың қызы Діләпрузге қиянат жасамаған бағбан, зиян жасамаған қасқыр, ұры оқиғасын баяндап соңында жұмбақтап, сол жұмбақтың шешуі барысында олардың ұры екенін анықтайды. Дастанның бір бағалы жері Меһиршаның «Көңілінен хабар берер кім сөйлесе», - деп үш ұрының сөздерін танып, әкесінің алдына үшеуін жығып береді. Қыздың ақылды, тапқыр, адам танығыштығы - хикаяның сюжет арқауы. Ділләпруз басынан өткен қиыншылықтары, оның болашақ күйеуінің, ұрының, бағбанның әрекетін баяндау арқылы үш жиһанкезге сұрау беріп, ұрыларды анықтайды.
Сендермен сырлас болып, сұхбат құрып,
Шамасыз көрдім мен де көп ләззатты.
Ерлік пе үшеуінікі я, ақымақтық па?
Ашыңдар, - деді, - осы мүщкілатты /қиын іс/.
Сонда үш жиһанкез ұрының да, бағбанның да, күйеуінің де ісі ерлік емес, ақылсыздық дейді. Үлкені айтты сонда жиһанкездің:
- Әрі аш боп, әрі жас боп, болса арығын,
Не табад тарапына ол кетіп түздің?
Қасқырдың қалайда да қалмайды аты,
Бұл ерлік емес, ісі ақылсыздың, - десе,
ортаншысы:
Бір қызды қолға түскен қоя беріп,
Қалды ма асқар биік алып дөңді.
«Етті», - деп, қасқыр ерлік» есіркеген,
Демеймін, - ақылы бар оны да оңды, - дегенде,
кішісі:
Есі жоқ бағбанның,
Өйтер ме ед болса, есі ол наданның,
«Туралық баярыма етемін» деп,
Қарашы еткен ісін ол жаманның...
Қайратсыз күйеуі де көрім екен,
Асылы адамы азған сол заманның, - дейді.
Олардың осындай жауабын тыңдаған Мехирша қыз ашу шақырады.
«Көңілінен хабар берер кім сөйлесе»
Деп дана ақылды ерлер айтқан бұрын,
Жалатқа бұған ықрар болмасаңдар,
Әшепкі /қате, жөнсіз/ еттіремін кесіп мұрын», - деп үкім шығарады.
Дастандағы образдарға тоқталатын болсақ, басты образ патшаның қызы Меһирша. Ол қатардағы адамдардан дараланып суреттелген, оның мінез-құлқы, ақылы дастанда ерекшеленеді. Бұл - романтикалық кейіпкер. Өз кейіпкеріне романтикалық мінезді де шебер түрде бере білген. Қыз дастанда тапқырлығымен көзге түседі. Автор Меһиршаны ұнамды кейіпкер етіп көрсетуді мақсат етеді. Меһриша – өжет, бірбеткей, ақылды қыз. Дастанда өзінің ерекше істерімен басқалардан бөлек көрінеді.
Меһриша сөздерінен білді сырын,
Бәрі ұры, жүрген текке түзеп түрін.
Артықша айбаттанып, ашу етіп,
Суытып сол сағатта беттің нұрын, -
деп тапқырлығы мен ақылдылығын суреттесе, оның адамгершілігі мен қайырымдылығы және жауыздық пен ұрлық-зорлыққа жат әрекетке қарсы екенін былай суреттейді:
-Ей, шариғатқа шар салғандар,
Табыңдар, тез заматта диқан дүрін!
Ойлатып осы айтылмыш әпсананы
Аңдадым істеріңді еткен ұрын.
Меһирша – өте ақылды қыз тапқыр, жауыздық жасағандарға мейірімсіз және мейлінше қатал. Гауһар тасты ұрлаған ұрыларға тез арада мойындамасаңдар, қатал жаза қолданамын деп үкім шығарады. Бұл эпизодтың Меһирша образын ашуда мәні ерекше. Дастандағы келесі бір образ – Мәрді диқан. Ол – адал еңбегімен кұн көрген адам. Еңбек пен адамгершілік, ар-ұятты бетке ұстап, өмір үшін күрескен жан. Тауып алған гауһар тасты патшаға сыйға тартпақ болады. Еңбексіз табылған нәрсеге қызықпайды. Оның даналылығына халық та, әкесі де сүйсінеді. Мәрді диқан образы еңбекті өзіне жолдас еткен қарапайым адам бақытқа жететінін ұғындырғандай. Ақын жер бетінде тек әділдік пен шындық үстем болса деген ізгі ниет ұсынады. Дастанда ерекше аталатын жағымсыз образдар бар. Олар – диқанның гауһар тасын ұрлаған жиһанкез ұрылар. Дастанда «ұрлық түбі қорлық» екенін ұрылар әрекеті арқылы баяндаған. Жол жүріп келе жатқан жолаушылар шаршап дем алады. Диқан Мәрді қатты ұйқыға кетеді, ұрылар осы сәтті пайдаланып, оның қойнындағы гауһарды ұрлап алады. Ақын бұл жерді:
Гауһарын қойнындағы ұрлап алып,
Ойламай «Не болар?» деп істің арты.
Оянса ғаріп диқан, гауһары жоқ,
Қайғымен бүтін көңілі болды жарты, - деп суреттейді.
Күлісті бір-біріне көзін қысып, «Аңқауын қарашы, - деп, - бейшараның, - деген жолдар ұрылардың сұғанақтық әрекетін әшкерелеу. Дастанның соңында зұлымдық істері әшкереленіп, олар ел алдында үлкен ұятқа қалады. Дастанның идеялық мазмұнындағы бір құндылық – адамды адамгершілік іске, адалдыққа баулу, ақын ұстаған ұстаным үлкен адамгершілік тұрғыдан таймау, өз еңбегімен тапқан нәрсеге өзгенің қиянат жасамауын көрсету. Автор диқанның адал еңбегінің нәтижесінде оған гауһар тас тапқызды, оны патшаға сыйға тартуы, оқырманға еңбек қуанышқа кенелтетінін, рақатқа бөлейтінін ұғындырады. Ал, ұрлық адамды жақсылыққа апармайды деп, адал өмір сүруге, ұрлық-қарлықтан аулақ жүруге шақырады. Сонымен дастанның басты қаһармандары – өзінің тапқырлығымен, адамгершілігімен, ақылдылығымен көзге түскендер. Сондықтан да ақын Мәрдіні моральдық жағынан жоғары қойып, суреттеген. Ақынның айтайын деген түйіні – адамгершілікке, мейірімділікке, бауырмал болуға шақыру. Сараңдық пен жауыздық, ұрлық-зорлықты әшкерелеген. Тұрмағамбет дастандарының қолымыздағы енді біреуі – «Тұтқын қыз». Бұл дастан 1910 жылы туған ауылында мұғалім болып жүрген кезінде жазылған. Ақынның бір ерекшелігі қайсы бір дастаны болмасын кіріспесінде, оқырманға үлкен ойлар салады. Оқушысын тереңнен ойлауға шақырады және дастанның оқиға желісімен танысуға асықтырады. Бұл қазіргі үлкен сюжетті шығармалардың композициялық құрылымындағы пролог пен эпилогтар іспетті. Бұл дастанның идеялық желісіне негіз болады.
Мысалы: «Тұтқын қыз» дастанында:
-Тұтқасын дүниенің қолмен ұстап,
Тағынан тірліктің келмес тайғың.
Ол ойың өте ұят, ойла онан да,
Ішінде аз өміріңнің не лайығын?!
Автордың назарында әрқашан адам, оның мақсаттылығы, жеке күшке деген сенім, өмірлік қуаныш тұрады. Гуманистік пафоспен жазылған бұл дастан аңыздық сюжеттің мотивімен баяндалады. Дастанның тақырыбы – жаратылыс құдіретінің шынайылығы, идеясы жаратылыс заңдарына қарсы әрекеттердің зияндылығын дәлелдеу. Дастанның қысқаша мазмұны мынандай: Барлық құстардың сұлтаны – самұрық – Сүлеймен пайғамбардың айтқанын екі етпейтін, қиын істерін орындайтын қызметшісі. Күндердің күнінде Сүлеймен ұшқан құс, жүгірген аңды жинап алып:
-Заңына жаратылыс тәсіл тауып,
Бұза алмас, - деді, - ешкім тұрып кесе, - деген екен.
Бұл сөзге барлығы көнеді, тек самұрық ашуланып:
-Жаратылыс заңын оңай, - деді, - бұзу,
Көңілге бұл туралы келді қызу.
Күні ертең көздеріңе көрсетейін
Бәрің де көрмесең де мені түзу, - дейді.
Сол кезде Жәбірейіл келіп: «батыс патшаның әйелі қыз, шығыс патшаның әйелі ұл туады. Кейін осы екеуі некеленбей тұрып, олардан халыққа пайдалы ұл туады. Қолыңнан келсе, екеуін қоспа», - депті. Самұрық жаңа туған қызды ұрлап әкеліп, аралдағы ұясында асырайды. Бірнеше жыл өткеннен кейін Шығыс патшасының баласы Шаһзада әкесінің орнына патша болған. Нөкерлерімен қайықпен суда қыдырады, сол сәтте жел тұрып, кеме суға кетеді, бір аралдан келіп шығады. Сол жерде баяғы сұлу қызбен кездесіп, ғашық болады, қыз аяғы ауырлап, туатын мезгілі келеді. Сөйтіп, Сүлеймен самұрыққа қызды әкелуді бұйырады. Қыз Шаһзаданы сандыққа жасырған, өзін де сандыққа салып апаруды өтінеді. Патша алдында мақтанып, самұрық сандықты ашса, ішінен екі адам екі жаққа қашады. Сандықта жаңа туылған бала тулап жатады. Дастанда образ ретінде тоқталатынымыз тұтқын қыз. Оның бойындағы ең асыл қасиеті – жан сұлулығы, махаббат мөлдірлігі, достыққа беріктік, арманына жету үшін қиындыққа мойымайды. Автор оқушысына осы жайттарды ұқтырмақ. Тұтқын қыз – дастанның бас қаһарманы, ізгі махаббат иесі. Қыз жеке басы, махаббаты, бақыты үшін күреске шығады. Мәселен, дастанда мынандай бір көрініс бар.
- Қорықпа, қасыма кел, тілдесейік,
Тұрғанша туу тепейде, аузың құрғап, - дейді.
Немесе самұрық құсқа жерге түсір деп өтінуі ғашықтық, жігітке берген сөзіне тұрақтылығы. Сүйген жігітіне қосылу жолында қиыншылықтардың бәріне төзеді.
-Түсір, - деп өтінді, - онда, мені жерге,
Келген соң шығарарсың алып өрге.
Басқа ойы жоқ самұрық қызды жерге түсіреді, ғашығымен қосылып сырласады.
Қосылып екі ғашық бір-біріне,
Ойдағы уайымның бәрін жойды.
Сонымен қыз өзінің адамгершілік қасиетін, сезім беріктігін, махаббатын қорғай алатын әйел бейнесінде суреттелген. Дастандағы басты кейіпкердің бірі – Самұрық құс – жаратылыс заңдарына қарсылық көрсетіп, өзімшілдік, менмендік танытатын тұлға. Оқиға шиеленісі Самұрықтың батыс патшасының жас босанып жатқан әйелінің қойнынан сәби қызын ұрлап әкетуінен басталады. Ал шешуі шығыс патшасының ұлы мен батыс патшасының қызынан некесіз туған баланы самұрықтың патшаға өзі әкелуі, жаратылыс заңын бұзу жөнсіздік екенін дәлелдейді.
Сондықтан Самұрық кең аузын ашты,
Ішінен екеуі де тұра қашты.
Орнында туған бала тулап жатыр,
Жарқырап туған айдай алтын шашты.
Сол сағат сұп-сұр болып танды естен,
Тырп етпей жануардай жаны кеткен.
«Өлімнен ұят күшті», - деген рас,
Байланып тіл мен жағы, үні өшкен. [21. 199 б.]
Осы оқиғадан кейін Самұрық сұлтандықтан түсіп, Қап тауына ұшып кетеді, содан соң көрінбейді. Дастанның шешімі де, өзім білем дегеннің ісі өрге баспайды, жаратылыс заңына ешкім қарсы тұра алмайды, адамгершілік, адалдық сияқты моралдық ұстанымдар ұсынады. Дастанда Сүлеймен патша, Самұрық құс, қыздың сүйген жігіт Шаһзада образына да тоқталуға болады. Біз негізгі образ тұтқын қыз бен Самұрық болғандықтан, сол жайында ғана сөз қозғадық. Бұл аңыздық сюжетті романтикалық дастаннан Тұрмағамбет мынандай ой түйіп, қорытынды жасайды. Өзім білемін, мен күштімін дегендерге қарсы болып, кеңесіп істелген жұмыс нәтижелі болады деген пікір айтады. Дастаннан алынған төмендегі шумақ үзіндіден осы ой сезіліп тұр.
Кеңесіп, көптің салған жолын көміп,
Кең ойлы кемеңгерлер етпе ойын.
«Жол табам жалғыз өзім», - дегендердің,
Өшпесе, өсірмейді оның бойын.
«Тұтқын қыз» поэмасы – Т.Ізтілеуовтің бұрынғы дастандарына қарағанда шығармашылығының біраз өрлеп, жетілгендігін көрсететін терең мағыналы туынды. Идеясы өмірдің диалектикалық заңдарын ешбір күш бұза алмайтындығын көркем тілмен жеткізе білу. Бұл дастан да ақынның адамгершілікті жырлаған шығармасы. Дастан қарапайым халықтық тілімен, үлкен философиялық мазмұнмен жазылған. Негізінен шығыс нұсқасында болғанмен романтикалық, тіпті фантастикалық сарында жазылған ізгі ниетті шығарма. 1907 жылы ақын «Данышпан қарт» деп аталатын дастан жазды. Оның қай дастанын алсақ та, басталар жерде пролог тәрізді философиялық ойлармен мағлұмат тезис береді. Оқырман не туралы жазылатынын алдын ала болжайды. Өмірдің өткіншілігін ескермейтіндерге үлгі айтады.
Ажалдан адамизат қалмайды сау,
Қайраттың құлатқанмен тас бұзып тау.
Санаулы бітіп сүрік сарқылған соң,
Етерсің өрт кездескен қамыстай лау.
Осы үзіндінің өзі дастанның тақырыбын аша түскендей. Бұл да адамгершілікті уағыздай отырып, еңбекк баулу, тәрбиелік ойларға құрылған. Сюжеті шығыс аңыздарының желісінде үш бөлімнен тұрады. Қысқаша мазмұны былай. 1. Егін егіп күнелтіп жүрген диқан өзінің ғана жерін жыртып жүрсе, кетпені есікке тиеді. Ашып қараса жиналған адам жұдырығындай ірі бидайды көреді, таңданған диқан данышпан қартқа келеді. 2. Ол жұмбақты шеше алмай, ортаншы ағасына, ол ең соңына үлкен ағасына жұмсайды. 3. Бұл көпті көрген дана адам екен, бидай жөнінде бір хикаяны баяндайды. Ертеде екі кісі бір-біріне үй сатады. Біреуі үйді тазартып жүрсе, көп алтынды көреді. Сонан үй сатқан кісіге алтынды ал десе, алмайды. Екеуі де еңбексіз келген алтыннан қашып, ханға барып төрелік сұрайды. Хан екеуіне ұл-қыздарың болса татуласып, құда болып алтынды тойға жаратыңдар депті. Міне, бұл бидай солардан қалған. Диқан данышпан қартқа таңырқай қарап, екі інісіне қарағанда шашы ағармауының себебін сұрапты. Сонда данышпан қарт адамның жастық қуатын сақтап қалу үшін түрлі жағдай керек. Соның бірі өмірлік жолдасы адал болуы, адам өімірінде әйелдің орны ерекше. Әйел жақсы болса, жас боласың депті. Әйел біреуге ана, біреуге қарындас, біреудің қорғаны, ақылшысы, сүйген жары екенін данышпан қарттың мынандай сөзі арқылы берген:
Әйелім кеші – күндіз перуана боп,
Кетпейді жанабымнан жүдә жырақ.
Еңсеге биік мініп, күтпесе әйел,
Зіндан біл – жаманымен еңсең тұрақ.
Данышпан қарт әйелдердің ішінде, небір кесір, кесапат, мінезсіздері бар, ондай әйелдер ерлерін сыйламайды, еркектің көңілінің пәс болып ерте қартайатын себебі де осы деп көрсетеді.
Әйелі кенже інімнің жүдә жаман,
Көңілі көркеймейді ешбір заман.
Көргені күні-түні бірдей Мехнат,
Ол болсын кәріліктен қайтып аман. [21. 187 б.]
деп қарттықтың ертелеу келуі кенже інісінің әйелі мінезсіз, ерін күтпейтін әйел екенін шынайы болмыспен жырлайды. Сыр сүлейлерінің шығармаларында дидактикалық сарын басым. Дәстүрлі түрде жалғасын тапқан Шығыстық үлгідегі дастандарында да дидактика басым. Дастандағы басты образдар – диқан, данышпан қарт. Ақын дастанында бұл екі образды да жақсылықтың өкілі ретінде көрсетуді мақсат етіп қойған. Олардың екеуі де байлық – менмендікті ойламайды. Адамның байлығы – адал адамгершілігінде, еңбегінде деп түсінеді. Данышпан қарт көпті көрген ақылды кісі. Оның істерінің бәрі ақылдылыққа, сабырлыққа келіп саяды. Ақын оның сыртқы кескініне, мінез құлқына сай етіп суреттеген. Бұл образдың ерекшелігі мынада, типтік бейнені береді. Ақын кейіпкері арқылы адамгершілік идеясын танытады. Адамгершілікке жат мінездерден аулақтатады. Дастанның идеясы – адал еңбек етсең, еңбегіңнің өтеуі қайтады. Еңбексіз тапқан байлық баянсыз, оған қызығудың қажеті жоқ деген пікірмен ұштасып жатыр. Адамның артықшылығы дәулетіне байланысты емес, адалдығы мен мейірімділігіне байланысты демек.
«Кем болмас кеңнің ісі қалайда» да,
Қате емес, қарттар айтқан нақылият.
Биік тұт бір-біріңді пенде болсаң,
Кедейді кемсітудің өзі ұят! [21. 187 б.]
Дастанның тәрбиелік мәні зор, ақын адамгершілік, кең пейіл, жомарт жандарды кейінгі ұрпаққа үлгі етеді. Тұрмағамбеттің «Рауа бану» атты дастаны 1911 жылы жазылған. Бұл дастан шығыстың «Тотының тоқсан тарауы» деген шығыс аңызының 9-әңгімесінің сюжетіне құрылған. Тақырыбы әйелдің бас бостандығы, сүйіспеншілігі, еріктілігі. Озбырлықтың құрбаны, күңі болған әйелдердің тағдыры суреттелген. Дастан жөнінде Ә.Тәжібаев: «Тұрмағамбет – шығыс елдері мен әдебиетін терең білетін, осы саладағы маман кісінің бірі болып есептелетін қазақ ғалымы. Әсіресе, араб, парсы, түрік, шағатай тілдерін жақсы біліп, осы тілдердегі әдеби нұсқаларды көп оқыған, шығыс классиктерін үлгі тұтып, олардан әсер алған», - дейді. [15] Яғни, ақын шығыс тақырыбында көп жазған. «Рауа бану» дастанында шындық пен адамгершіліктің биік мұраттарын көрсете отырып, әлеуметтік үлкен мәселелерді көтереді. Әділ де еңбек сүйгіш Рауаның іс-әрекетімен феодалдық қоғамның болмыс бітімін қарама-қарсы қояды. Оның халыққа жасаған жақсылықтары бағаланып, хан болуды ұсынады. Ақылды қыз хан болып, билік айтудан гөрі халықты емдеуді мақсат етеді. Бұл шығармада да ақын тарататын игі идея – ылғи жеңіліс тауып отыратын жамандық, әрқашан үстем жақсылық деген оптимистік ой жатыр. Дастаннан алынған төмендегі шумақ үзіндіден осыны көреміз.
-Жазасы жамандықтың жетсе қуып,
Етерсің қорыққаннан жаның «сауға».
«Нені ексең, соны орарсың» деген анық
Болма үйір, бұзықтық қып өнбес дауға.
«Аққа – дос, халыққа – бас болам» десең,
Ерте ізде, емеуремей, таупық-тәуба, - дейді.
Тұрмағамбеттің дастандарында жырланатын мәселелердің түйіні адам баласының ең жақсы қасиеттерін ардақтау. Адамның асылдығы, оның жынысында не дәулетінде емес, жеке басының сапасында, оның ақылдылығында, жан дүниесінің байлығында, адамға деген ықыласының адалдығында, жайдары жақсы мінезінде деп түйеді. Оның басты қаһармандары тек қана еркектен шыққан дана емес, әйел әулетінен шыққан өте ізгі, ақылды, парасатты, образ болып тұлғаланады. «Рауа бану» осыған мысал бола алады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, ақынның сол кездегі ескі түсініктерден ерекшелігі байқалады. «Рауа Бану» дастанының сюжеттік желісі Рауа ақылды, көріпкел қыз және оның елге сыйлы, еңбекшіл күйеуімен тату-тәтті отбасылық өмірі суреттеледі. Кәсіп құрып, дүние табу үшін басқа елге күйеуі ұзақ сапарға кетерде Рауаны інісіне тапсырып кетеді. Рауа емдеп жазған араб жігітін дардан құтқаруы, зорлықшылар кемесінен аман қалуы, мейірімді патша елінде, емшілік жасауы, ең соңында өзінің адалдық ар-ұятын мәңгілік сақтап, күйеуімен қосылуы дастанның идеялық-композициялық біртұтас желіге құрылуында болып отыр.
Ақын ойын қорыта келе, Рауаның адалдығын кейінгі ұрпаққа үлгі етеді:
«Рауадай артық абат болсын!», - десең,
Сайраған сара жолдан асылы аума!
Қолыңа туралықтың тұтса туын,
Ел-жұрты етер құрмет ардақтауға. [21. 224 б.] Тұрмағамбет дастандарында әртүрлі адамдардың бейнелері арқылы мінез-құлық, тұрмыс-тіршілік, адамгершілік, асыл қасиеттерді бейне сурет салғандай бейнелеп, көз алдымызға әкеледі. Өмірдегі бірнеше адамдардың қасиетін бірдің басына жинақтап, типтік образ жасаған. Жастарды жақсылыққа үйретіп, халыққа қадірлей білуге шақыратын гуманист ақынның бұл дастандарының ғибраты мол, үлгілі. Шығыс әдебиетінің негізінде жазған бұл дастандарында, көбінесе өлеңмен мәнерлеп баяндау тәсілін қолданады. Тақырыбы шығыс шығармаларынан алынғанмен қазақ өміріне жақындатып суреттеген. Барлық шығармаларында да ол тәрбиешілдік, ақылшылдық бағыттан айнымаған. Қорыта келе, қазақ арасына мол тараған Шығыс әдебиетінен келген ғашықтық, эпикалық, батырлық сипаттағы дастандар мен қиссаларды Тұрмағамбет Ізтілеуов жақсы білген, кей сәтте өзінің шығармашылығында пайдаланып отырған. Жоғарыда сөз болған дастанмен қатар «Әшкәбус», «Мақта», «Самзал батыр», т.б. шығармасына өзек етіп, дамыта жырлайды. Әлемдік мәдениеттің мәңгі жасар ұлы мұраларының бірі – иран, тәжік халықтарының ақыны Фирдоусидің «Шаһнама» эпопеясы. Осы шығармадағы баяндалатын қызықты оқиғалар негізінде «Рүстем-Дастан» жазылды. Шығарма сан тараулардан тұрады (мифтік бөлім, батырлық бөлім, тарихи бөлім, махаббат тақырыбы). Ақын «Шахнамадағы» батырлық бөлімге тоқталған. Шығармадағы басты идея – жақсылықтың зұлымдыққа қарсы күресі, үнемі жақсылық, әділдік жеңіп отырады. Дастанның басты әуені – ерлікті дәріптеу. Байлықтан ердің ерлігі жоғары тұратынын тағы да дәлелдейді. Бұл дастанда адам баласының ең асыл қасиеті деп даналықты көрсетіп, ақылдың құдіретін мадақтау, ақылға еш күш қарсы келмейтінін ғажап шебер бейнелейді. Шығыстық сюжетке құрылған ақын дастандары шеберлікпен, қазақ ұғымына түсінікті тілмен жазылған. Оның дастандары халқымызбен бірге жасасып келген аса құнды нұсқалар. Бұлардың жақсы да таңдаулы үлгілері қазақ әдебиетінде дастан мен оқиғалы хикаялар түрінің дамуына әсерін тигізеді. Қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен тарихи тамырлас байланысын байқадық. Сондықтан Тұрмағамбет дастандарын саралап зерттеп, сыни сұрыптап, заман тілегіне жарайтынын анықтадық.
Аңдатпа Мақалада Тұрмағамбет Ізтілеуов «Көкелташ» медресесін бітіргеннен кейін туған елінде мұғалімдік қызмет атқарады. Сол кезде Т.Жүргеновке сабақ беріп, Шығыс жауһарларымен таныстырғаны сөз болады. Т.Жүргеновтің Т.Ізтілеуовтен алған білімі, әсіресе, тәжік және өзбек тілін үйренуі кейін Ташкент, Душанбеде жұмыс жасаған кезде пайдалы болғаны баяндалады. Т.Ізтілеуовті рухани ұстаз тұтқаны, араларындағы достық, әдеби байланыстар талданады. Т.Жүргенов Наркомпросты басқарған тұстары Т.Ізтілеуовті қызметке алып, тәжіктің ұлы ақыны Фирдокусидің «Шаһнамасын» аударуға жағдай жасайды. Т.Ізтілеуов 1936 жылы «Шаһнаманы» аяқтап баспаға ұсынады. Т.Жүргенов 1937 жылдың нәубетіне ұшырағаннан кейін «Шаһнаманың» тасқа басылуы кешеуілдейді. Т.Жүргенов пен Т.Ізтілеуовтің әдеби байланысы және қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен тамырлас екенін толыққанды ақпараттар беріліп дәлелденеді.
Резюме В статье расскрывается о том, как Турмагамбет Изтилеуов после окончания медресе Кокелташ работает у себя на родине учителем. Его учеником был в то время Т.Жургенов. Т.Изтилеуов знакомит своего ученика с произведениями великих мыслителей Востока. Отличается, что знания, полученные Т.Жургеновым, особенно по таджикискому и узбекскому языкам, впоследствии помогли ему в ходе работы а Ташкенте и Душанбе. Анализируются духовные, литературные связи, человеческие отношения между Т.Изтилеуовым и Т.Жургеновым. Будучи Наркомом просвещения, Т.Жургенов приглашает на работу Т.Изтилеуова и создает ему необходимые условия для перевода поэмы Фирдоуси «Шаһнамэ». В 1936 г. Т.Изтилеуов заканчивает перевод «Шаһнамэ». Однако в связи в отношении Т.Жургенова поэма не была опубликована. В статье убедительно обосновываются глубокие духовные и литературные связи между Т.Изтилеуовым и Т.Жургеновым, их вклад в мировую литературу.
Resume Abstract: The artіcle touches upon lіterary relatіon of T.Zhurgenov and T.Іztleuov After graduatіng from “Kokeltash” madrasal Turmagambet Іztleuov worked іn hіs natіve vіllage as a teacher. Whіle teachіng T.Zhurgenov, he wіth іnterest got acquaіnted wіth products of East wrіters, started serіously to try hіs forces іn lіterature. Hіs gettіng knowledge from T.Іztleuov, especіally learnіng the tadzhіk and ozbek languages helped much whіle he was workіng іn Tashkent and Dushanbe. T.Іztleuov’s poetry appeared to be really close to T.Zhurgenov, and subtly transferred the spіrіt of the translated poems and adapted for attіtude of hіs natіon. When T.Zhurgenov leaded People’s Commіttee he made an оpportunіty to T.Іztleuov the great tazhіk poet Fіrdousі’s “Shakhnama” to be translated. T.Іztleuov had fіnіshed translatіng “Shakhnama” іn 1936, but because of beіng repressed іn 1937 T.Zhurgenov, “Shakhnama” hadn’t been prіnted. The scіentіfіc studіes proved that the wents descrіbed іn them are closеly connected wіth the Kazakh lіterature.
Кілт сөздер: рухани ұстаз, кемеңгер ғұлама, бекзат болмыс, Шығыс поэзиясы, тәржіма, нәзирагөйлік әдіс.
Ключевые слова: духовный учитель, великий ученый, одаренный личность, Восточная поэзия, перевод, метод назира.
Key words: soul teacher, great scіentіfіc, talented person, Forіeste poem, translatіon, method “Nazіra”
2.21 Т.ІЗТІЛЕУОВ ДАСТАНДАРЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ САРЫН
Фольклор – халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы. Бұл сөздің ауқымы кең. Бұған ауыз әдебиетінің көптеген үлгілері жанрлары мен жанрлық түрлері жатады. А.М.Горькии: «Халықтың ауыз әдебиетін білмейінше, еңбекші халықтың нағыз тарихын білу мүмкін емес», - деп үйреткен. Осы пікір біздің зерттеуімізге де қатысты. Біздің алға қойып отырған мақсат – Т.Ізтілеуов шығармашылығындағы фольклорлық дәстүрлердің өзіндік мотивін, дәстүрін, сипаттарын анықтау. Импровизациялық поэзия дәстүрінің ақын шығармаларындағы орнын қарастыру. Тұрмағамбет поэзиясынан да фольклорлық дәстүр, мотивтерді байқаймыз. Ақынның дидактикалық, философиялық және романтикалық шеберлік үлгілері халықтың бай қазынасы фольклордан тамыр тартып жатқандығын байқадық. Әсіресе, шығыстық сюжетке құрылған дастандарында фольклордың дәстүрін, әсер-ықпалын жиі кездестіреміз. Сондықтан ақын ұзақ дәуірлер ішінде туып, өсіп келе жатқан мол фольклорлық дүниелерді игеру арқылы жат ел өміріне тұрмыс-тіршілігіне, ақыл-ойына, әдет-ғұрпына өз елін таныстырады. Ол үшін шығыстық шығармалардағы кейбір оқиғаларды қазақтың түсінігіне жақындатып қайта жырлайды. Т.Ізтілеуов дастандары шығыстық аңыздардың сюжетінде жазылғанымен шеберлік үлгілері қазақ халқының бай қазынасы фольклордан тамыр тартып жатыр. Өз замандастары арасында «шығыс тілінің тірі сөздігі» аталған Т.Ізтілеуовтің дидактикалық, философиялық және романтикалық шеберлік үлгілері халықтың бай қазынасы фольклордан тамыр тартып жатқандығын көруге болады. Әсіресе, шығыстық сюжетке құрылған дастандарында фольклорлық дәстүрдің, әсер-ықпалын жиі кездестіреміз. Сондықтан ақын ұзақ дәуірлер ішінде туып, өсіп жетіліп келе жатқан қазақтың фольклорлық дүниелерін игеру арқылы шығыс ел әдебиетіне өміріне тұрмыс-тіршілігіне, ақыл-ойына, әдет-ғұрпына барады. Ол үшін шығыстық шығармаларындағы кейбір оқиғаларды қазақтың түсінігіне жақындатып қайта жырлайды. Әдебиет зерттеушісі ғалым Р.Бердібай: «Қазақ әдебиеті тарихында орны бар, бірақ шығармалары бұл күнге дейін жеткілікті зерттеліп, танылып болмаған ақындар есімі аз емес. Солардың бір тобы Оңтүстік Қазақстанда жасаған шайырлар. Олар: Базар жырау, Шәді, Майлы, Шораяқтың Омары, Бұдабай, Т.Ізтілеуов т.б. десе Т.Ізтілеуов дастандарын зерттеп, зерделеу, халықты жаңа рухани әлеммен таныстыру болмақ, -деген. [9] Тұрмағамбет шығармаларына негіз болған халық ауыз әдебиеті екенін дастандарындағы халықтық көріністерден байқаймыз. Ақынның бізге мәлім «Мәрді диқан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану». «Әшкәбус», «Мақта», «Сам-Зал батыр» сияқты дастандары бар. Бұл шығармалардың қазақ әдебиеті тарихынан алар орны өзгеше. Ақын дастандары – романтизм әдісінде жасалған тамаша туындылар. Шығыс аңыздарының сюжетіне құрылған дастандарында сөз майын тамыза жырлаған ақын адамгершілік түйіндер түйіп халық поэзиясының дәстүрлі сипаттарымен үндестіреді. Оның дастандарында қазақ халқының ауыз әдебиетінде жиі кездесетін мотивтер көп. Оқиғаларды қазақ халқының әлеуметтік тұрмысымен де байланыстырады, сәйкестендіреді. Мысалы, дастандарында тұрмыс салт жырларынан әдет –ғұрыпқа байланысты қыз ұзату, тойбастар т.б. оқиғалар қазақ халқымен, тұрмысымен сәйкес келетін сюжеттерді ұштастырамыз. Халық тұрымысында қолданылатын мақал-мәтелдерді жиі де кездестіреміз. Сол сияқты қазақ ертегілерінде кездесетін көкжал қасқыр, самұрық құс, айдаһар және зұлымдық иелерінің адамша сөйлеуі – ертегілік мотивтің көрінісі. Батырлар жырындаға батырлардың достары, жары, тұлпар аты т.б. әңгіме ауыз әдебиетінің мотвтерімен үндесіп жатыр. Сұлу қыздың кескінін беруде ақын дастандарында ауыз әдебиетінде жиі қолданылатын халықтық тұрақты теңеулер мен эпитеттерді қолдана отырып ауыз әдебиетінің мотивтерін береді. Ауыз әдебиетіндегі оқиғаларды суреттеуден гөрі диалог арқылы ойды өрбіте түсу тәсілдерін қолданылады. Дастандарында түс көру арқылы алда болатын оқиғаларды болжау – ауыз әдебиетіндегі мотив. Халық ауыз әдебиетінде сұлулықты Күн мен Айға теңеу дәстүрге айналған болса, Тұрмағамбет дастандарында осындай суреттеу әдістері мол. Т.Ізтілеуов дастандары шығыстық аңыздардың сюжетіне жазылғанымен шеберлік үлгілері қазақ халқының бай қазынасы фольклордан алынған. Оның дастандарында тұрмыс-салт жырларынан әдет-ғұрпыңа байланысты халықтың эпитет пен теңеуді жиі кездестіреміз.
Мысалы, «Мәрді диқан» дастанында:
Діләпруз деген қыз бар еді,
Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай, - десе (эпитет)
Мәһуадаға һүрдей болады, (теңеу)
Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, қақпан иек, - деп сипаттайды, халық ауыз әдебиетінде сұлулықты осылай салыстыру дәстүрлі құбылыс. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында:
Гүлбаршын сұлу айдай боп,
Қысыр емген тайдай боп, - дейді.
Қыз ұзату, келін түсіру тойында қымбат тастарды шашу қазақ дәстүрінде ертеден бар. Осы дастанда бай қызы Діләпруздің ұзатылу тойындағы көріністі былай суреттейді:
Той қылып, алыс жерден ел шақыртып,
Саудагер сарп етті бергенін хак.
Лағылы дүр, меруерттен шашу шашып.
Әркімнің ынған етті, әліне шақ.
Қазақ салтында тойда қуаныштан асыл тастан шашу шашады. Бұл дәстүр ауыз әдебиетінің сюжетіне енген. Батырлар жырында қыз ұзату тойында осындай қымбат тастардан шашуға теңге шашылады. «Қобланды батыр» жырында Құртқаны Қобландыға ұзату тойында той көрінісі былайшы суреттелген.
Құртқа көріп батырды,
Шашу шашып басына,
Бұралып келді қасына,
«Алпамыс батыр» жырында Гүлбаршынды Ұлтан құлға ұзату тойында: Бек болған сұлтанымды мақтағанға көңіл келсе, Бадамша теңге тастар. 3. Қазақтың мақал-мәтелдерін қолданады. Өмір шындығынан қорытынды, түйін жасаған қазақтың мақал-мәтелдерін де дастандарында орынды пайдаланған. «Данышпан қарт» деген дастанында:
«Кем болмас, кеңнің ісі»қалайда да ,
Қате емес, қарттар айтқан нақылият.
Ал «Тұтқын қыз» дастанында :
«Жол табам» жалғыз өзім дегендердің
«Өшпесе, өсірмейді оның бойын»
«Ердің өзіне қарама, сөзіне қара»
«Өлімнен ұят күшті»
«Рауа бану» дастанында:
«Еңбегім есе сізге еткен еш болар».
Не ексең соны аларсың» т.б. мақал-мәтелдердің кездесуі ақынның дастандарын барынша қазақ ұғымына жақындату ниетінен туғаны анық. Қазақтың мақал-мәтелдерін уытты қолданған. 4. Түс көру мотиві. «Әшкәбус» (Шаһнамадан ) дастанында да халық поэзиясымен үйлесетін тұстар көп. Фирдоуси түсіне кейіпкері Рүстемнің кіруі оқиға сюжетіне арқау болған. Яғни түс көру сарыны барлық халықтарда бар десек, қазақ халқының ауыз әдебиетінде мол кездеседі.
«Түсімде жеді етімді екі ит талап,
Тамсанып қан-жынымды тұрды жалап,
Ол екі ит осы жақтан Сәлім мен Тур,
Өздерін өлмейтінге жүрген балап, - Ирадж екі ағасының қолынан қаза табатынын түсінде көреді. [96. 159 б.] «Алпамыс батыр» жырындағы Тайшық ханның түсі немесе Гүлбаршынның түсі т.б. Гүлбаршынның:
Гүбаршын: Мен бүгін түс көрдім,
Түсімде бір іс көрдім
Жібек баулы ақ сұңқар
Қондырыппын қолыма..., - деп суреттелсе,
«Мәрді диқан» дастанында патшаның ақылды қызы Меһирша ұрылардың жасаған опасыздығын беттеріне басады. Меһиршаның ұрылардың қылмысты әрекеттерін әшкерлеп, «Әшепкі еттіремін кесіп мұрын», - деген сөз бұған дәлел..
«Көңілінен хабар берер кім сөйлесе,
Деп дана ақылды ерлер айтқан бұрын.
Жанатқа бұған ықырар болмасаңда,
Әшепке еттіремін кесіп мұрын.
Эпостық шығармаларда жауыздық істеуші, алдамшы, опассыздардың қылмысты әрекеттері әшкерленіп, оларға түрлі жаза қолданып отырған. Мәселен, «Қамбар батыр» жырында өз пайдасын ойлаған Келмембетті Алшораз осылай әшекерлейді.
Құлаған отап, құнтитып,
Өткір қара кездікпен
Мұрнын кесіп шұнтитты,-деп жырланса, Тұрмағамбет осы мотивтерді дастанның сюжеттік желісіне қолданып, қазақ халқының ауыз әдебиетінің дәстүрлі кестелерімен байытады.
Қазақ халқы қиялшыл келешекті болжап отырған, халықтық шығармаларда ертегілік мотив те байқалады. Қазақ ертегілерінде көп кездесетін аңның бірі – қасқыр. Ділпәруз қыз қасқырға жолығады, көкжал бөрімен тілдеседі, яғни Т.Ізтілеуов дастандарында ертегілік сарынды қолдана отырып, қазақ әдебиетіне жақындатады. Бұл – ертегілік көрініс. «Шаһнама» дастанында Рүстемнің өмірге келуі Рудаба босана алмай, оған самұрық құстың қанын аузына тамызып, баланы әйел ішінен жарып алады.
Қараса жамбасында жатыр бала,
Айбаты арыстаңдай көзі ала. [96. 268 б.]
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде суреттеу, сипаттаудан гөрі диалог арқылы өрбіту тәсілін көп қолданады. Т.Ізтілеуов диалогтарды дастанның оқиғасын қиыстырудың бір әдісі ретінде тиімді пайдаланған. Мысалы, «Мәрді диқанда»: диқан мен жолаушы, хан қызы мен хан. Ал, «Данышпан қартта» егінші мен дана т.б. «Тұтқын қызда» самұрық құс пен Сүлеймен, қыз бен жігіт т.б. т.с.с. кейіпкерлердің күйініш-сүйініштері де осында суреттелген. Кейіпкерлерді суреттеуде де оны қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салтына бейімдеп, құндыз бөрік, қамзол, бүрме көйлек кигізеді.
Қуанып көз көрмеген киді киім.
Түлкі мен құндыз да емес, жанат, тиін.
Інжу, дүр тамағына тастар тізді,
Бағасын бәрінің де білу қиын.
Бұл үзіндіде түлкі, құндыз бөріктер де қазақтың ұлттық киімдері, сол арқылы қазақ ұғымына жақындатқан. «Әшкәбус» дастанында Әшкәбус пен Рүстем бейнесі қазақтың батырлар жырындағы Алпамыс пен Қобыланды немесе қалмақ батырларын суреттейтін жерлерге ұқсас. Дастанда Әшкәбус портретін былай береді:
Саусақтары шынардың ағашындай ,
Тырнағы – тұлпарлардың тағасындай.
Аузы – үңгіріндей асқар таудың,
Мұрны – үйген шоқат шамасындай!
Бұлайша суреттеу батырлар жырында батырлардың портретін беруде көп кездеседі. Бұндай әсірелеулер құбылысты шамадан тыс асырып көрсетіп тұрады. Келтірілген мысалда Әшкәбустың аузы асқар таудың үңгіріндей десе, ауыз әдебиетінде Ұлтанның аузы ошақтай деген. Бұл - өте үлкейтіп айту, яғни сол шығарманың идеясын ашуда қажет. Дастанда бұлай асыра суреттеу батырдың батырлығын мадақтау, соны дәріптеу үшін қолданған. Тұрмағамбет дастандарында қазақ фольклорының әсер-ықпалы батырдың көзсіз ерлігін суреттеуде де үндесіп отырады.
Батырлардың батырлық әрекеттерін ақын ерекше суреттейді.
Рүстем батырдың Әшкәбуспен жекпе-жекке шыққан жерін Тұрмағамбет былай көрсеткен:
Жақындап Рүстем де ұруға ептеп,
Білген соң айыбын ашу кетті кептеп.
Садақты тұра сала қолына алып,
Тұсынан өкпеліктің тартты өктеп.
Дастандағы батырлық әрекеттер қазақ батырлары жырында да өте мол. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:
Топтап тұрған кәпірге,
Қобланды жалғыз тиеді.
Бөлек-бөлек қылады
Бөлінген қойдай қырады,
Өлеңнің халықтығы,шынайылығы қазақ эпосының мазмұны өте нәрлі болса, соны ақын ауыз әдебиетінің сарынымен үндестірген. Ауыз әдебиетінднгі геройлардың іс-әрекеті, батырлығы халыққа мейлінше таныс, оқиғаны баяндауда халық тіршілігіне, салт-санасына жақындатқан.
Діни сенімдерге байланысты қазақ халқының әдет-ғұрпында нанымды береді. Қазақ халқында түрлі діни сенімге байланысты садаққа беру ауыз әдебиетінің сюжетіне енген. Ақын дастандарында халықтық әдет-ғұрыптарды қазақ халқының салт-санасына тіршілігіне, діни сенімдеріне ұқсатады. Мысалы,
«Боз қасқа барып үйге беремін» - деп
Аударып көре берді жылап-сықтап. (Данышпан қарт)
Сонымен қатар ауыз әдебиетінде жиі кездесетін қыз ұзату, құда түсу сияқты салттар да бар. Қызға құда түсуді суреттеуде де қазақ халқының тұрмысына сәйкестендіреді.
Бар екен біріңде ұл, біріңде қыз
Деп: «Құлдық, - етті екеуі де, - ризамыз!
Қақ бөліп, құда болып алтынды алып
Тату боп үзір-мәзірге болды олар түз (Данышпан қарт).
Болсын, - деп – бізге қылған қабыл, қайрың,
Кетсін, - деп, - көңіліңнен қам мен қайғың.
Бәрі де бата берді – боларсың, - деп,
Ұзамай бейнесінде толған айдың, деп бата береді.
Ақын дастандарындағы сөз қолданыстар қазақ халқында жиі кездесетін бата беру, яғни тілек айту, тілеу мағынасындағы ойларды еске түсіреді.
Арттырсын дәулетімді құдауәнда,
Құл едім, мені атаң сатып алып.
«Тұр, - дейді, - күзетуші боп гүлстанға»
Сүбі – шаш бәлки дауам тілектеспін.
(«Мәрді диқан», «Назым» 144-бет) Халықта бір-біріне сыйлық ұсынудың түрлері көп. Базарлық, байғазы, сүйінші сияқты ауыз әдебиетіндегі кездесетін түрлі салттарды да байқауға болады.
Бағбаны бағасы көп заттар беріп,
Шат болып қайтты бану бек зияды.
Мәлике ұл туды деп біреу
Әкетті сүйіншіге бірталай аң, - деп қуанышты хабарға сыйлық ұсынған.
Қазақ арасына кеңінен тараған шығыстық сюжетке құрылған дастандарын Тұрмағанбет Ізтілеуов қазақ ұғымына түсінікті тілмен жазып, әлем әдебиетімен тамырлас байланыстырады. Қазақтың бай ауыз әдебиетін жақсы игерген Т.Ізтілеуов дастандарында оны жиі қолданғандығы байқалады. Оқырманға түсінікті болу үшін қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қолданылатын сөздерді орынды пайдаланады.
Мысалы, «Мәрді диқан» дастанында:
- Діләпруз деген қызы бар еді оның,
Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай.
немесе
Мәһуадағы һүрдей болды, Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, қақпан иін, - деп сипатталса, халық ауыз әдебиетінде сұлулықты осылай салыстыру дәстүрлі құбылыс. Мәселен, «Ер Тарғын» жырында:
Бет ажарын қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай.
Қасы саржадай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген.
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелдегі бір сөзді...
немесе «Алпамыс батыр» жырында:
Гүлбаршын сұлу айдай боп,
Қысыр емген тайдай боп, - дейді.
Фольклорлық шығармаларда халықтық кейіпкерлердің сенімді достары да жанашыр адамдары да болады. Ақын дастандарында осындай оқиғалар көп. Кейіпкерлерді суреттеуде де оны қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салтына бейімдеген. Мысалы, Қуанып көз көрмеген киді киім.
Түлкі мен құндыз да емес, жанат, тиін.
Інжу, дүр тамағына тастар тізді,
Бағасын бәрінің де білу қиын.
Бұл үзіндіде түлкі, құндыз бөріктер де қазақтың ұлттық киімдері, сол арқылы қазақ ұғымына жақындатқан.
Құр сипай отырғанша сақалымды,
Жейде, ыстан жаңартайын шапанымды.
(«Рауа бану»)
Осы жолдар жоғарыда айтылған ойға дәлел болғандай.
Дастанда тағы бір ұқсастық батырдың көзсіз ерлігін суреттейтін жерлер. Бұндай суреттеулер батырлық әрекеттер ауыз әдебиетінің мотивтерімен үндеседі. Рүстем батырдың Әшкәбуспен жекпе-жекке шыққан жерін Тұрмағамбет былай көрсеткен:
Жақындап Рүстем де ұруға ептеп,
Білген соң айыбын ашу кетті кептеп.
Садақты тұра сала қолына алып,
Тұсынан өкпеліктің тартты өктеп.
Әшкәбус көрді-дағы тұтты қалған
Қалқанын қақ айырып қылды талқан,
Өкпеден өтіп барып жерге батып,
Бастырды аяқтарын арпаң-тарпаң.
Дастандағы батырлық әрекеттер қазақ батырлары жырында да өте мол. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:
Топтап тұрған кәпірге,
Қобыланды жалғыз тиеді.
Бөлек-бөлек қылады
Бөлінген қойдай қырады,
деген жолдар немесе:
Жалғыз өзі батырдың,
Жойып кетіп барады.
Қойға тиген қасқырдай,
Сойып кетіп барады.
Тұрмағамбет дастандарындағы сөз қолданыстар ауыз әдебиетінде жиі айтылатын мотивтерді еске түсіреді. Тағы бір айта кететін нәрсе қазақ халқында жиі кездесетін бата беру, яғни жақсы тілек айту, тілеу мағынасындағы ойлар да бар. Халықта бір-біріне сыйлық ұсынудың түрлері көп. Базарлық, байғазы, сүйінші сияқты ауыз әдебиетіндегі кездесетін түрлі салттарды да байқауға болады. Түйіп айтқанда, қазақтың бай ауыз әдебиетінің Т.Ізтілеуов шығармашылығындағы дәстүрлерін, мотивтерін, сипаттарын байқадық. Екінші бір арнасы шығыстың классикалық әдебиет үлгілері дедік. Фердоуси, Низами, Новоиді жақсы білген. Шығыс үлгісі әдебиетінде көтерген басты идея – адамға тән қасиеттерді мойындау, қастерлеу. Олардың басты қаһармандары адал, ерікті, өнерпаз, парасатты ақылды жандар болып келеді. Міне, Тұрмағамбет дастандарында да осындай жандар көп. Мысалы, «Мәрді диқан» дастанындағы Мәрді немесе патша қызы Мехирша адал еңбекті кәсіп еткен, адал, парасатты ақылды жандар. Дастандағы мазмұн байлығы, ойшылдық, ғибратшылдық, өсиетшілдік, адамға тән қасиеттерді мойындау, қастерлеу сияқты сарындар шығыс әдебиетінің әсері болса керек. Осы дастандағы патша қызы Мехиршаның үш жиһанкезге сұрау беріп, олардың ұры екенін анықтауы, өмір тәжірибесін қорытып, мысал етіп сөйлеуі де шығыстың ежелгі салттарында бар нәрсе. Ақын дастанды кіріспе-тезиспен бастауы, оқырманға не туралы айтатынын хабар беріп, алдын ала болжамдар жасайды. Оқушыға қандай насихат беретінін ескертеді. Адам өзінің бақыты үшін күресуі керек, адамның еңбек етуі қажет деген пікірді де Шығыстың гуманист деген ақындарынан көреміз. Бақыт үшін күресу керек, еңбек ету қажет деген пікірлерді айтады. Бұндай ойлар Тұрмағамбетте көп, яғни Шығыс әсерінен болса керек. Ақыннан шығармашылығында байқалатын тағы бір шығыстық әсер адамдардың моральдық таза, кіршіксіз, әдепті, арлы, өнегелі, ұстамды болуын, оны бұзғандардың әшкереленуі сияқты көріністер. Мысалы, «Мәрді диқан» дастанында патшаның ақылды қызы ұрыларды ақылдылықпен анықтап, егер мойындамасаңдар жаза беремін дейді. Дастандарында Шығыс поэзиясында тән бояу, өрнектер көп. Шығыстық әсерді өлеңдер үлгісін де байқаймыз. Отанды сүю, ғашықтыққа беріктік, достық, данышпан болуды армандау – Шығыс классиктерінің аяулы нәрсесі. Осындай көріністер де ақында мол кездеседі. «Тұтқын қыз» дастанында батыс патшасының қызы мен шығыс патшасының ұлы арасындағы ғашықтыққа беріктік оқиғалары, диалектикалық заңдарды ешбір күш бұза алмайды деген қорытындылар да бұған дәлел. «Данышпан қарт» дастанындағы диқанның тауып алған алтынын данышпан қартқа апаруы, сондағы қарттың бидай жөніндегі әңгімені баяндауы, адал еңбектің өтеуі қайтады деп ойын қорытындылауы, яғни данышпан болуды армандау сияқты ойлардан туған. Ал, «Рауа бану» дастанындағы әйелдің бас бостандығы, сүйіспеншілігі, еріктілігін суреттеу де Шығыс әсерінен болса керек. Дастанда Отанды сүю, халықты сүю, Рауаның хан болудан бас тартып, халқын емдеп, қолынан келгенше жақсылық жасауы арқылы суреттеген. Ақынның шығыс сюжетінде жазылған бұл дастандарын халықтың рухани қажетіне жаратуы оның суреткерлік тәжірибесінің молдығын, дүниетанымның биіктігін көрсетеді. Шығыс классикасы мен қазақ әдебиетінгің және фольклорлық мұраларының байланыстары мол және терең тамырлы. Ол біз сөз етіп отырған Тұрмағамбет шығармаларында, әсіресе, дастандарында айқын. Бұл тұста біз болашақ арнайы зерттелуге тиісті үлкен бір проблеманың өзекті көзін ашып отырмыз.
ІІІ тарау.
ДӘСТҮР ЖӘНЕ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР
3.1 Т.ІЗТІЛЕУОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ШЫҒЫСТЫҚ, ХАЛЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ИМПРОВИЗАТОРЛЫҚ ДӘСТҮР
Әлем халықтарының әдебиетінде ұқсас сюжеттер кездесіп отырады. Оның себебі әдеби байланыстар негізінде немесе сарындық қайталаулардың кездесуі халықтар арасындағы туыстық алмасулардан туғаны сөзсіз. Қоғамдық, танымдық, тұрмыстық тіршілігі ұқсас халықтар әдебиетінде мұндай тақырыптық және құрылымдық бірліктегі сарындар жиі кездесе береді. Зерттеуші ғалым Ш.Сәтбаева: «Шығыстық сюжетке құрылған қазақ дастандары және ондағы көркем мотивтер» деген еңбегінде ұқсас сарындарды мынандай етіп даралап көрсетеді:
- Перзентсіздік мотиві;
- Таңғажайып баланың туу мотиві;
- Аян, түс мотиві;
- Естен тана ғашық болу мотиві;
- Күйеуінің өз әйелінің тойына қайтып оралу мотиві: деп бұл мәселені әдеби байланыстар тұрғысынан қарастырады. Ғалым зерттеулерінде әрбір сарын жүйеленіп берілген. Мәселен, перзентсіздік мотивін Х-ХІ ғасырдан бастап көрініс берген дей келе, «Қорқыт ата кітабында», «Таһир-Зухра», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Ләйлі-Мәжнүн» т.б. түркі тектес халықтардың әдебиетінде ортақ сарын екенін дәлелдеген. [98. 56 б.] Сыр сүлейлерінің шығыстық сюжетке құрып жазған шығармаларының бәрінде де жоғарыда аталған мотивтер кездеседі. Мәселен, Базар жырау «Айна – тарақ», Кете Жүсіп «Сұрмерген», Қарасақал Ерімбет «Ахтам Сахаба» т.б. Ал Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Тұтқын қыз», «Рауа Бану», «Шаһнама» дастандарында Шығыстық сюжет сақталып, нәзирагөйлік әдіспен қайта жырланған. Ежелден тарихи тамырластығы бар Шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің байланысы ХІХ ғасырда ерекше дамығаны белгілі болғанмен Шығыстық дәстүрді игерген ақындар ұлттық поэзияны қатар ұстаған. Жазба әдебиетін зерттеудің тарихи жүйесін А.Байтұрсынов діндар, ділмар дәуір деп екі кезеңге бөліп: «Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған. Тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту орнына тілді бұзған, аздырған; қазақтың тұтынған тілімен жазбай, шығарушылар «кітаби тіл», «әдеби тіл» деп ноғай тілімен, яки сарт тілімен жазған. [99. 211 бет] Ғалымның ноғай тілі, сарт тілі деп отырғаны Шығыс шайырларының шағатай тілінде жазған шығармалары еді. Орта Азия қалаларындағы медреседен білім алып, кітапханаларымен танысқан ағартушы ақындардың бәрі шығыстық үрдіс, дәстүрлерді ұстаған, яғни, шығыстық классиканы, қазақ ұғымына жақындата жырлап, қазақ әдебиетіне жаңалық әкелді, сөйтіп шығыстық дәстүрді қалыптастырған. Шығыстық поэзиядағы адамгершілік-имандылық тақырыбын көркемдік ойлау жүйесі аясында дамытқан. Т.Ізтілеуов те шығыстық үлгіні ұстай отырып, адамгершілік-дидактикалық, гуманистік шығармалар қалдырды. Әлем әдебиетіндегі көркемдік ойлау жүйесімен үндес шығармалары оның шынайы шеберлік талғамын танытқан. Ақынның лирикалық өлеңдері бәйіт, ғазал, төртаған, эпикалық қисса-дастандары, шығыстық аңыз, ертегі сюжетіне құрылған дастандары, мысал өлеңдерінде шығыстық әдеби дәстүр сараланып, қалыптасты. Халық тағдырының шынайы көрінісі, ұлттық мүдде мен болмыс-бітімді айшықтап беретін Сыр сүлейлерінің шығармаларындағы шығыстық дәстүрдің әлі күнге дейін жігі ашылып, арнайы зерттелмеген. Ауыз әдебиетінен бастау алып, шығыстық үлгіні қолдана білген Тұрмағамбет қазақ әдебиетін жанр жағынан байытты, төл әдебиетімізге жаңалық әкелді. Сонымен қатар шығыс әдебиетіндегі үлгілі, өнегелі, тағылымдық өлең ретінде танылатын дидактикалық поэзия сарынында жырлап, қазақ әдебиетіндегі дидактикалық поэзия дәстүрінің негізін қалаушылардың бірі болды. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін сөз еткенде сөз өнерінің асыл тегін дүниеге әкелген небір ақындар мен жырауларды айтуға болады. Сыр бойында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырда өмір сүрген өнер саңлақтарының шығармаларын оқып отырып, олардың көпшілігінің шығармашылығынан Шығыстық дәстүрді ұстаған дәстүр сабақтастығымен үндес дүниетаным, көзқарастарды байқаймыз. Дәстүр дегеніміз – өнер, тарих, өмір атты үш бірліктен құралған өнер бесігі десек, Сыр бойында дүние кешкен ақындардың шығармаларындағы дәстүр жалғастығы осы арналар арқылы үндесіп жатыр. Сыр елінде Шығыстық дәстүрді қалыптастырған ақын-жыраулар классикалық әдебиет үлгісінде жыр жазып, халықтық дәстүрге негіздеп, ғибраттық, өнегелік сөз айта білген. Бәлкім, Шығыстық үлгіні әдебиетті үйрене отырып, жаңа дәстүр қалыптастырған Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Базар жырау, Шораяқтың Омары, Қаңлы Жүсіп, Ешниязұлы Жүсіп, Рахмет Мәзхожаев, Әбзәли Егізбаев, Әлиакбар Жұматаев, Әлімбай Әлиасқаров, т.б. халық келешегі үшін қаншалықты рухани мол мұра қалдырып отырғанын білмеген де болар. Бүгін зерделеп, зерттей бастасақ, осы өнер саңлақтарының тыңдаушысына орнықты ой айтып, адам бойындағы асыл қасиеттерді Шығыстық жауһар жырлар арқылы насихаттай отырып, қазақ әдебиетінде өзіндік өрнек қалдырғанын білеміз. Сыр бойы ақындарындағы Шығыстық дәстүрдің қалыптасуын шартты түрде болса да екі кезеңге бөліп қараған орынды: 1. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сыр бойынан Бұқараға, Самарқанға медреселерге барып, білім алып, Шығыстың классикалық әдебиетімен сусындаған, бүкіл ілгерішіл Шығыстық көркемдік жетістіктерді игерген, жаңалық дәстүрді Сыр бойына жеткізген, халықты жаңа рухани әлеммен қауыштырған ақындар болды. Олар Шығыстық медресе, мектептерде оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін игерген, Шығыс әдебиетімен, мәдениетімен танысып, оны қазақ даласына әкелген еді. 2. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір кешкен ақындардың үлкен шоғыры: Тұрмағамбет, Базар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Қаңла Жүсіп, т.б. Жоғарыда аталған бұл ақындарымыз Шығыстық дәстүрлі тақырыптарды өз заманына сай жырлап, қазақ даласына жеткізді. Шығыс әдебиетіндегі гуманистік, адамгершілік, ағартушылық мотивтерді көтеріп, қазақ елінің жағдайына, ұғымына сәйкестендіре жырлады. Мысалы, Т.Ізтілеуов «Мир-Араб» медресесінде арабша, «Көкілташ» медресесінде парсы, шағатай тілінде оқып, осы тілдерді жетік меңгереді. Елге оралғаннан кейін ұстаз болып, бала оқытады, осы орайда Шығыстық әдебиеттің үлгілерін насихаттайды. Тұрмағамбеттен білім алған шәкірттері ұстаз жолын ұстап, Шығыстық үлгідегі сюжетті қисса-дастандарды нәзирагөйлік әдіспен жазуды дәстүрге айналдырған. Сөйтіп Сыр бойы ақын-жырауларында ғасырдан-ғасырға жалғасып, Шығыстық дәстүрді ұстаған ақындар шоғыры қалыптасқан. Шығыс әдебиетінде нәзиралық шығармалардың тарихы ертеден бар. Белгілі бір сюжетті бірнеше ақын өзара жарысып қайта жырлау арқылы тың туындылар әкелетін болған. Осылайша шеберлік танытқан ақындар бір-біріне поэзиямен жауап беріп отырған. «Нәзира» сөзінің өзі арабша жауап дегенді білдіреді. Әлем әдебиетінде нәзира әдісімен жазылған туындыны ешқашан да аударма деп атамайды. Жалпы нәзира дәстүрімен жазылған шығармаларды зерттеуге түрік ғалымдары: Н.Банарлы, А.Инан, А. Рефик т.б. мол үлес қосты. Ал қазақ әдебиетінде Шығыс классикалық поэзиясында қалыптасқан нәзира дәстүрін М.Әуезов кезінде құнды зерттеулермен талдап: «Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша Шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында, тағы бір Шығыс ақыны қайталап, әңгіме ететін тың дастандар шығаратын дәстүр бар еді», - дейді. [8. 150 б.] Осы пікірге сүйене отырып, Сыр сүлейлері де нәзира дәстүрінде дастандар, мысалдар жазып, Шығыстық классикалық туындыларды жаңаша сөйлетті, сөйтіп әлем әдебиетіндегі гуманистік идеяларға өзіндік үлес қосты. Сан ғасырлық тарихы бар нәзира дәстүрінің табиғи байланысы осылай өрбіп отырған. Тұрмағамбет ақын Шығыстың әйгілі «Мың бір түн», «Тотынама» Фердоусидің «Шаһнамасы» сынды ғажайып шығармалардың негізінде жауап беріп, шеберлік танытқан. Бұл әдіс Сыр сүлейлерін әуелі жаңалық болып енеді де, кейін дәстүрге айналдырған. Белгілі ғалым Б.Кәрібозұлы: «Сыр өңіріндегі әдебиет өкілдері шығыс әдебиетінің дәстүріне ерекше деп қойып, шығыстың классикалық әдебиетінің үздік туындыларын нәзира дәстүрімен немесе Шығыс сюжетіндегі аңыздар мен ертегілерге өз жандарынан қосып, қисса-хикаяттарды дүниеге келтіріп отырған», - деп. [126. 30 б.] Сыр сүлейлерінің көркем сөз өнеріне қосқан үлесін нақты дәлелдеген. Дәстүр ұзақ уақыт өмір сүру арқылы өзіне тән барша өзгешеліктерді қалыптастырады, тұрақтандыра түседі, соның нәтижесінде белгілі дәстүр дәрежесіне жетеді. Дәстүрлер шебер суреткерлердің жаңашылдық ізденуі арқасында толысып, түрленіп отырып, жаңа дәстүрлер туады. Сонымен, ақындар поэзиясы халық ауыз әдебиетінің үлгісінде туып, ғасырлар бойы өзіндік жеке арнамен, үрдісімен дами келе бүгінгі кеңес дәуіріндегі халық поэзиясына келіп ұласты. Бұлардың бәрінің бірдей басын құрап біріктіретін бір ғана ерекшелік бар – ол импровизация дәстүрі. Ақындар поэзиясының қаны да, жаны да деуге әбден болады. Өйткені бұл дәстүрсіз ақындар поэзиясының кемелденіп, осы дәрежеге жетуі мүмкін де емес еді. Ақындық күш-қуат, суырып салма дарынның өмірде әр қилы болып келетіні секілді әр ақынның ұстанған жолы мен мұрат-мақсаты да, қалыпты дәстүрі де әр түрлі. Алайда, «Өз әлінше шабатын алуан-алуан жүйріктердің» басын құрап топтастыратын да, бірінен-бірінің өзгешелік, даралық қасиеттерін жіктеп саралайтын да қалыпты бір жүйе бар, ол ғасырлар бойы буыннан-буынға үздіксіз жалғасып келе жатқан өнер үлгісі – ақындық дәстүр мәселесі. Сыр өңірі ежелден жыр теңізіне бай. Сыр бойында өткен ғасырдың екінші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде жүзден астам атақты ақын жыраулар өмір сүрген. Біз Сыр бойы ақын-жыраулары осы аралықта ғана көрінді десек, қателесеміз. Оның бастау бұлағы әріде, ежелгі дәуірде жатыр. 8-9 ғасыр аралығында өмір сүрген ұлы ойшыл, асқан кемеңгер, атақты қобызшы Қорқыт ата Қайұлы жырлары мен күйлерін осы жерде толғаған. Сондықтан да дана халқымыз «Жыраудың үлкен пірі – Қорқыт ата» деп мақтан етеді. Зерттеуші ғалымдар әйгілі «Оғызнама» жыры да Сыр бойында туғандығын, Шығыс халқына кең тараған түркі тектес елдердің мақтанышына айналған атақты «Ақиқат сыйы» дастанның авторы Иүгінеки «Сыр бойында туып өскен» деген пікірді айтып, дәлелдейді. Демек, Сыр еліндегі атадан балаға жалғасып келе жатқан жыраулық, ақындық дәстүрдің төркіні ерте дәуірде жатыр екен. Сол сияқты түркі тектес халықтарға ортақ мұралар Сыр бойы ақын-жырауларына тиісті дәрежеде әсер еткен. Мәселен, Сыр бойы ақындарында байқалатын бір ерекшелік, қобыз не домбыра, не сырнайды қолға алып, әуез арқылы шабыт алып, жыр төгу өнері еді. Өнер-жырды құрметтеп, рухани байлыққа айналдырған халық оны атадан балаға жеткізіп дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, Сыр өңірі ақындарында дәстүрлі түрде қалыптасқан жазба айтысы да бар. Бір тақырып төңірегінде топтасып айтысу және жұмбақ айтысы, жазысып айтысу дәстүрін қалыптастырған. Сол сияқты дидактикалық сарын мол кездесетін ақындарға айтылатын аралық сөздер де дәстүрлік сипат алған. Осындай жүйрік, ерекше танылғандарды халық өнерде «дүр ақын, сүлей» деп атаған, яғни, «дүр» асыл тас болса, «сүлей» деп Сүлеймен патшадай, яғни жыр патшасы деп дәріптеген. Сыр сүлейлерінің өнері халықтық сипат алып, халықтық дәстүрге айналған. Осы орайда, халықтық дәстүр дегеніміз - өнер, тарих, өмір атты үш бірліктен құралған өнер бесігі десек қателесе қоймаймыз. Өнер дегеніміз – қай заман, қай ғасырда болмасын өмірге келген туынды жақсы болса ғана халық жүрегіне жол табады, шынайы халықтығымен ғана мәңгіге сақталады. Тарих дегеніміз – сол жазылған туынды жылдар бойы, ғасырлар бойы халықтың еншісіне еншіленіп, бірге өмір сүруі. Халықпен бірге тек қана замана сипатын, дәуір тынысын айқын көрсете алатын туындылар ғана өмір сүре алады. Тек қана өмір сүрген емес, өзіне сандаған жылдар, тіпті ғасырлардан кейін жаңа әдебиеттің бесігін тербеп, сол әдебиеттің бойындағы күш қуатын қозғайды. Қозғау былай тұрсын, өзінің жылдап, ғасырлап жинаған нәрін жаңа жарылған қауызға құяды. Сол арқылы өзіндік бар тылсымын, шеберлігін, мәрттігін, пәктігін, жомарттылығын өскелең ұрпақ бойына сіңіреді, ұғындырады, түсіндіреді тағы-тағысын. Шын мәнісіндегі, халықтық дәстүр дегеніміз осы. Ақын-өнер адамы тарихқа оның қашан туып, қай уақытқа дейін өмір сүру фактісі негізгі емес, шығарма берген кезеңі негізгі. Ақын тарихқа өзінің тудырған шығармаларымен ғана кіре алады, жалпыға белгілі болады. Ауызша поэзияда өлең тудырған ақынның аты ұмытылып, оның сөзі ғана, шығарма берген кезеңі ғана жетіп отыр. Оны былай қойғанның өзінде есімі әйгілі ақын-жыраулардың қай ғасыр, қай жылдарда өмір сүргенін оның шығармаларына қарап ажырату фактісі де аз кездеспейді. Дәстүр - өте бай ұғым. Ол адамзаттың өнеріне, өміріне біліміне қатысты құбылыс М.Әуезов дәстүр туралы: «Дәстүр тұлғасы тарих талқысынан өтетін болған, халықтың эстетикалық талғамына төтеп бере алатын бейнелеу нақыштары мен күллі ұлттың тіл байлығы арқылы көрінеді», - десе [6.2. 509 б]. Сыр сүлейлері Күдеріқожа, Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, Ешнияз сал, Балқы Базар, Әзілкеш Шымырұлы, Қарасақал Ерімбет, Бұдабай Қабылұлы, Дүр Оңғар, Құлан Алдабергенұлы, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Керейт Даңмұрын Кежебекұлы, Қаңлы Оспан Сүлейменұлы, Найман Жұманазар Үрімқұлұлы, Кете Есімбай, Кете Есенжол, Абахан Кете Аманжол, Керейт Нұрмағанбет, Жаппас Кеншімбай, Шабдар Сәрсенбай, Кете Шахар, Таубай Қыдырбайұлы, Әлібек Байкенұлы, Молда Бәйім, Әлім Сайын, Жақайым Еспембет, Нұртуған, Ырысты т.б. ақындар қалыптастырған дәстүр де әлі осы күнге жалғасын табуда. Осылайша, Сыр саңлақтары ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін ұштастырып, жаңа дәстүр қалыптастырған. Бұл дәстүрді жиырмасыншы ғасыр басында жасаған ақындар ілгері дамытып, шайырлар тобын, өнер мектебін құрған. Жер жүзі әдебиетінің тарихына көз салсақ, мәдени-рухани дамуында белгілі-бір, елеулі кезеңдері болады. Әр елдің әлеумет өміріндегі әр алуан тартыс, тап күресі, қоғам өмірінің жалпы даму процесі таптың немесе топтың ой-пікірі, тілек мүддесін жыр етіп жоғары көтеретін адамдарды да дүниеге ала келеді. Олардың кейбіреулері ескінің шырмауынан шыға алмай, өткеннің күнгейін, жаңа заманның көлеңке жағын көрсе, кейбіреулері ескіліктің сыншысы, жаңалықтың жаршысы дәрежесіне көтеріледі. Олар тарихты даттамай да, мақтамай да әділ бағалап, үмітті алдан, жарықты келешектен күтеді. Өз кезіндегі әр алуан мәселелерді терең толғап, кеңінен шолу жасайды. Айналасына көз тігіп, ел қамы, жұрт пайдасы деген нысананы алға қояды да, тарихтың үлкен сахнасында бой көрсетеді. Сөйтіп, олар өз дәуірінің ұраншысы, келешектің жыршысы болады. Тек Сыр бойы емес, түгел қазақ халқының рухани байлықтарының ішінен жыраулар поэзиясы маңызды орын алады. Сыр бойы ақындарының дәстүрлі поэзиясының өткенін сөз еткенде, оларда жыраулар да, термешілері де, төкпе ақындар да көп болғанын байқайсыз. Олардың ішінде елге тегіс танылғаны атақтылары, суырып салма өнерінің майталмандары да аз емес. Кейінгі ұрпаққа үлгі болар терең толғаулар, ерлік, эпик жырлар, ойнақы терме-тақпақтар, аталы ақыл-нақыл сөздер, жол-жора болар мәнді сөз қалдырған халық таланттары көп болған. ХХ ғасырда Сыр бойында аты мәлім, көпшілікке танымал, айтулы ірі ақын-жыраулар өмір кешкен. Олардың жыраулық өнері мен дәстүріне көз жіберсек, бәріне тән бір ортақ белгіні байқаймыз. Яғни, бір ғана жырау-жыршылық дәстүрдің төңірегіне топтасқандық және бірсарын әуенділік, ауызша да, жазбаша да (сауаттылары) өлең шығарғыштық (шайырлық). Олар көбінше өздеріне ғаны тән әуенділік, шешен сөзділік, қиссалы сюжетті жырлар, айтыс, толғау, нақылдау үлгілерін ұстаған жыраулардың сауаттылары көп болуы себепті кейде жазбаша түрде шығармалар қалдырған. Осылайша ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін ұштастырып, жаңа дәстүр қалыптастырған. Бұл дәстүрді ХХ ғасыр басында жасаған ақындар ілгері дамытып, шайырлар тобын құраған. Дәуір мен дәстүр туралы айтпас бұрын оның диалектикалық байланысына тоқталған жөн. Әрбір ұрпақ өзіне дейінгілерді саралап қарайды. Оның жақсысын үйренеді, жаманынан жиренеді. Әдебиет пен өренде де дәстүр мен дәуір, дәстүр мен жаңашылдықтың ара қатынасын ұрпақтардың ара қатынасына байланысты қараған орынды сияқты. Сонымен қатар, дәстүр үнемі жаңарып отырады, ал біз жаңаға қоса ескінің керегін таңдап қажетімізге жаратуға тиіспіз. Әркімге мәлім, ескісіз жаңа жоқ. Болашақты жаңа дәуірдің азамат перзенттері жасайды. Жасампаздық ізденімпаздыққа ұштасып, өткен-кеткенді игереді, жаңа болашаққа көз жіберіп, ой түйеді. Қазақтың жыраулық, ақындық өнер тарихына көз жіберсек, жалғасып жатқан біртұтастық байқалады. Ата жыраулардан орта ғасыр жыраулары, одан кейінгі кезеңдердің жыраулары мен ақындары туындайды екен. Бұлардың арасында тарихи жалғастық, үйлесімділік, дәстүрлі түрлері мен мазмұны өсіп, жетілу заңдылығы талассыз ақиқат. С.Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы Базар жырау», [7] деп бекерге айтпаса керек. Жыраудың да жырауы бар. Тарих олардың ұлыларын сақтап қалған. Батыс өлкесін жайлаған Сыпыра, Асан, Қазтуған, Жиенбет есімдерін кім білмейді. Халқымыз оларды ғасырлар бойы қадірлеп, әр сөзін бойтұмарындай қастерлеп, жадында ұстап жеткізді. Ұрпақ мүлкі, ел қазынасы ретінде сары алтындай сақталды. Олар қалдырған татымды терме тұтымды үгіт, адамгершілік өсиет әр кез ақын-жырауларын тебіренткен аса құнды туындылар. Бұқар, Дулат, Шортанбай, Махамбет, Шернияз, Базар, т.б. сол бір алып жырауларды жалғастырушылар, жыраулық өнерді жаңа сатыға көтерушілер, дәуірінің ұлы суреткерлері жоғарыда біз сөз еткен, әркімге мәлім әйгілі жыраулардың жаңа ұрпағын қанаттандырған жылы ұясы да солардың тамаша шығармалары. Аталмыш ұяда өсіп өнердің өріне қанаттанған жас жыраулардың кейінгі тобын біз Сыр өңірінен көптеп кездестіреміз. Қазақстанның басқа өлкелерінде жыраулар мектебі болмаған, тек Сыр бойында ғана тамыр жайған деп кесіп айту оғаш болар. Бірақ соңғы дәуірге жеткен қалың тобы Сыр бойын мекендеп өскенін біз атап айтуға тиіс болып отырмыз. Бұлай болуының біраз объективті себебі де болған сияқты. Сыр бойы – қазақ халқының ең ежелгі ата мекені. Тарихи адамдар, соның ішінде жыраулар мен ақындар қай тайпадан шықпасын Сырға соқпай, оның кең өлкесін қысы жазы жайламай өтпеген. Өңір тұрғындары жер өңдеу, бақ өсіру сияқты өнеркәсіппен де ерте шұғылданып, сауда-саттық базары, керуен жолы бар бай да байтақ тұрмыс шексе керек. Елдің тұрмыс тіршілігі жөнделген сайын оның өнерінің де өсуі заңды құбылыс. Басқасын айтпағанымыздың өзінде, атақты Қорқыт – атаны еске алмау күнә. Қорқыт қобызын Сырдарияның қасиетті суының үстіне кілем төсеп отырып, ұзақ тартқан. Қобыз үнінен жасқанған тажал өлім оны оңай ала алмаған. Тек қобыз үні өшкен кезде ғана шаршап-талған өнерпазға тап берген... Қобыз өнерінің атасы Қорқыттың зираты, оның үстіне қазіргі ұрпақ орнатқан зәулім ескерткіш те осы қасиетті Сыр бойында тұр... Қысқасы, Сыр өлкесіндегі жыраулар мектебінің тарихы тереңде жатыр. Өнерді өлтірмей жалғастырып келген сол жыраулар ұрпағы қазір өмір сүріп келеді. С.Сейфуллин еске алған Базарды одан кейінгі жалғасып жатқан Жиенбай, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіптер тобы қалдырған жыр-толғаулар қанша? Кете Еснияз, Қарасақал Ерімбет, т.б. жырау-жыршылар аға буынды жас буынға жалғастырып жатқан елеулі есімдер ғой. Әуелі жырау боп келіп, аяғын ақындыққа нық басқан өнерпаздардың мұралары әлі өзінің арнайы зерттеуін күтуде. Әсіресе, біздің жазба әдебиетіміздің дамуына үлестерін қосқан, ақын-жырауларға көңіл қоймау өкінерлік жай. Солардың ішінде: Құлыншақ, Нұралы, Бұдабай, Сарыбай, Ораз Молла, Нартай, Тұрмағамбет, т.б. өзінің арнайы зерттеушісін күтіп жатқан ұшан-теңіз қазына. Мысалы: Нысанбай, Жаңаберген, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Рүстембек, Сәрсенбай, Молдахмет, Жиенбайлар шығармаларын алсақ, бұлардың поэзиясы көбіне жыраулық салтында дамыған. Ал, Нұртуған, Қарасақал Ерімбет қисса-жырау сюжетті шығармаларға көңіл бөліңкіреген. Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Назым, Даңмұрын, Тұрмағамбеттер негізінен ақындар. Кейбірі айтыс жанрын дамытуға үлес қосқан. М.Әуезов: «Айтыстағы шеберлік – ақындық өнердің биік белгісі», - деген. [8] Сыр жырауларының дәстүрінде қалыптасқан жүйрік тілді, суырып салма, ақындық өнердің биігінен көрінген айтыс ақындарының шоғырын құрған. Бұл дәстүр осы күнге дейін сақталған. Қазір Сыр бойында осындай жыраулық мектептер көп. Сондай тамаша дәстүрдің жалғасуына халық ерекше мән береді. Мысалы: Арал, Қазалы аудандарында Нұртуған жырау мектебі болса, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында Жиенбай жырау мектебі бар. Шиелі, Жаңақорған аудандары Нартай мектебін құрған. Жыраулық өнер – ертеден келе жатқан өнер. Қазір бірнеше жыраулық мектептер өмір сүруде, одан сайын биіктеп, нығайып, Сыр сүлейлерінің, ақын-жыршыларының мектебіне айналды. Сыр сүлейлерінің көпшілігі Қармақшы өңірінде туып-өскен. Сұлу сазды, алуан мақамды, жезтаңдай термешілердің көбісі осы өңірді мекендеген. Қазір осындай асыл өнерді сақтау үшін бір ғана Қармақшы ауданында төрт ақын-жыраулар мектебі ашылған. Олардың мақсаты – халық шығармашылығының дәстүрлі үлгілерін дамыту, жетілдіру, атақты жыраулардың мақамын үйрену, ақындық өнерге баулу. Міне, ақын-жыраулық мектептер осындай мақсатта жұмыс жүргізеді. Қармақшы ауданында құрылған 4 мектептің екеуі Жиенбай жырау атымен аталса, бірі Тасберген, бірі Сәрсенбай жырау атымен аталады. Осы аталған жыраулық мектептер сол есімі аталған жыраулардың толғау мақамдарын насихаттайды. Ғалым Р.Бердібаев: «Қазақ әдебиеті тарихында азды-көпті орны бар, бірақ шығармалары бұл күнге дейін жеткілікті зерттеліп, танылып болмаған ақындар есімі аз емес. Солардың бір тобы Оңтүстік Қазақстанда жасаған шайырлар. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір кешкен мұндай ақындардың үлкен шоғырын атап көрсетуге болады. Олар: Базар жырау, Шәді, Майлы, Мәделі, Құлыншақ, Молда, Мұса, Шораяқтың Омары, Нұралы, Бұдабай, Тұрмағамбет, Кете және Қаңлы Жүсіптер, Ақберді... Бұл ақындар қазақ әдебиетінде бүкіл іргешіл шығыстың көркемдік жетістіктерін, ізгі дәстүрлерін жеткізген халықты жаңа рухани әлеммен қауыштырған ақындық елшілері бола білген. Осы іспеттес қайраткерлердің жазбаша және ауызекі жәдігерліктерін білмей, халқымыздың әдеби тарихы туралы түсінігіміз толық болмақ емес. [9] Жоғарыда аталған ақын мен жыраулардың әрқайсысы өз алдына арнайы зерттеуді қажет ететін көрнекі тұлғалар. Кейбірін зерттеп, шығармаларын баспаға шығару ісі жүзеге аса бастады. Дәстүр үнемі жаңарып отырады. Десек те, ескісіз жаңа болмайды. Жасампаздық, ізденімпаздық бастау бұлағын өткеннен алады. Дәстүр дегеніміз – еліктеу емес, даму – репродукция, яғни қайта жырлау деген сөз. Әдбеи дәстүр және Шығыстық дәстүр туралы айту үшін оның дамуы, қалыптасу кезеңдері қай ғасырда, қалай көрініс бергенін ашып айтуымыз керек. Сыр бойындағы Шығыстық дәстүрдің ерекше қарқынмен дамыған кезеңі ХХ ғасыр деп айта аламыз. Қайталау, көшіру десек, біз зерттеп отырған ХІХ-ХХ ғасырдағы Сыр бойында өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармаларында Шығыстық дәстүр көріністері қалай ашылған – біздің мақсат – соны анықтау. Сыр бойы ақын-жыраулары Шығыс әдебиетін қайталады ма, әлде үлгіге алды ма деген мәселеге келетін болсақ, әрине, Шығыстық шығармалардың сюжетін сақтай отыры, қайта жырлаған деген тұжырымға келеміз. Қазақ әдебиетіндегі Шығыстық үлгінің туып, қалыптасуын айқындау үшін төмендегі әлемдік әдеби-теориялық мәселені қамту қажет. 1. Синхрондық кезең. Зерттеу үшін айналымға түсіп отырған Сыр сүлейлері ұстаған Шығыстық дәстүр кезең-кезеңге бөлініп қарастырылады. Сонан соң белгілі бір дәстүр анықталады. Осы мақсатқа жету үшін бірнеше ақындарды салыстырып зерттеуді жөн көрдік. 2. Деморондық кезең. Сыр сүлейлерінің өзіне дейінгі өмір сүрген ақындармен байланысын қарастыру. Осыдан барып дәстүр туады, ол әдебиеттегі заңдылық. Дәстүрді үшке бөліп қарастырамыз: Дәстүрді айту үшін дәстүрді тудыратын пәрмен қалай туындайтынын анықтау қажет. Сыр сүлейлері шығармаларындағы Шығыстық дәстүрді үш түрлі әдіспен зерттеп түсіндіруді жөн көрдік: Сыр елі ақындарының ең алдымен бөліп айтарлық ұтымды концепциясы – қалыптасқан әдеби дәстүрге кенеттен шығыстық үлгідегі шығармалардың қосылып, әдемі айшықпен кестеленуі. Осылайша ақын-жыраулар өзіне дейін жазылған шығармалардағы шығыстық жаңалықтарды үйрене отырып, дамытты, сөйтіп дәстүрге айналдырды. Осындай ерекшелік бір сәт бәсеңдемей жалғасып, шығыстық сюжетке құрылған шығармалармен толысып, жалғасын тапты. Ал Сыр бойы ақын-жыраулар туралы сөз етер болсақ, шығыстық дәстүрді ұстағандары көп. Олардың шығармаларында бөлек-бөлек ойлар кесек-кесек болып көрінеді. Шығыстың әйгілі «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотынама» сынды ғажайып дастандарының негізінде адами асыл қасиеттерді басты кредо етіп алатын қазақы ұғым-түсінікке лайықталған дастандар дүниеге келді. Оған Ә.Егізбаевтың «Дат», «Төрт Дәруіш», Жүсіп Ешниязұлының «Шаһизада», «Сұрмерген», Әлиакбар Жұматайұлының «Жүз сұрау», Қаңлы Жүсіптің «Жүкті қыз», «Мәрді салық», Ә.Әлиасқаровтың «Қорқыт», «Төрт дәруіш», т.б. туындыларды мысал ете аламыз. Ең алдымен, жыраулар өз шығармаларында адамгершілік, махаббат, адалдық мәселесіне бара отырып, оны өз қырынан баян еткен. Ақын-жыраулар шығармашылығы өзінің көтеріп отырған жүгімен даму үстінде болмақ. Шығыстық дәстүрді ұстана отырып жазылған шығармалардағы жақсы мен жаман, өтірік пен шындық, екі жүзділік пен әділеттілік іспетті кісінің әрқилы қасиеттері адамзат қоғамында орын алатын әр түрлі әрекеттер арқылы жаңаша өрбиді. Ал ақындардың стилі туралы айтсақ, шығыс үлгісіндегі жырлар мен дастандарда кейіпкер мінезіне орай шалқып, төгіліп кететін тұстар баршылық. Әсіресе, ақынның сөз сиқырын түсініп, ойды қадап айтуы сөзге жан бітіріп, сөзді ойната біледі. Ақындардың мұндай ерекшелігі кейіпкерлер арасындағы диалогтарда тез-ақ байқалады. Жалпы ақын-жыраулардың образ сомдаудағы көркемдік тәсілі де өз алдына сөз етуге тұрарлық. Әсіресе, Тұрмағамбет, Базар, Кете Жүсіп, т.б. образ сомдау арқылы дастандарында Шығыстық шығармалардағы парасатты бейнелерді өзінше қазақ ұғымына жақындата білген. Онысы өз ретінде өте тартымды шыққан. Шығыстық әдебиет арқылы көркем дүние жазудың құпия кілтін меңгерген Сыр бойы ақын-жыраулары көркемдік биік дәрежеге көтерілген жырларының нәтижесінде қазақ әдебиетінің тарихында өлшеусіз із қалдырды. Ақын-жыраулар шығыс поэзиясындағы қалыптасқан дағдының ізімен халықты тәрбиелеудің ең жетімді құралы поэзия деп бағалайды. Яғни, адамгершіліктің ең биік сатысына жетуді білім алу деп, білім арқылы рухани сұлулыққа ие болу мүмкіндігі туралы философиялық ойларын шығыс ойшылдарының гуманизмімен үндестіреді. Адам атаулыны ардақ тұту гуманизмнің ең жоғары талабы екенін түсіндіреді. Оған жетудің бірден-бір жолы – өнер-білімді, ғылымды игеру, рухани баю, жан-жақты жетілген азамат деген атаққа ие болу. Бүгінгі ұрпаққа адамгершіліктің түпкі мақсаттарын таныту – ақындардың өмірлік кредосы – олардың бар шығармасының идеялық арқауы. Сыр сүлейлерінің шығыстық дәстүрді ұстанған барлық шығармашылық өкілдердің нақыл-өсиетінің түпкі ниеті халыққа адал қызмет ету деген түйінге тіреледі. Жастарды өнер-білімге, ізденуге ел алдында адал, ақ ниеттілікпен еңбек ету сияқты ізге ниеттерді насихаттауға арнайды. Мысалы, атақты ақын Тұрмағамбет поэзиясында адам деген ардақты атқа ие болу үшін адамға білімділік, ақылдылық, өнерпаздық, ыждағаттылық, ел-жұртына берілгендік керек деп түсінідіріледі. Ақынның өлеңдері – түгелдей дерлік адамгершіл ойларға толы шығармалар. Тұрмағамбеттің ойынша, адам өнер-білімге өзінің жас шағынан бастап икемделмек. Тәрбие мен білім, өнер адам бойына бірден емес, бірте-бірте сіңбекші. Ақын ұсынар ойлардың төркіні де осындай.
Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста,
Төрден жай аласыңдар, тұрмай тыста.
Төр түгіл, төменнен де тимейді орын.
Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы-қыста.
Өнерді осы кезден үйреніңдер,
Көңілді жарыстырмай ұшқан құсқа.
Жалқаулық қалайда да бола бере,
Жас жетіп, ұлғайғанда алған нұсқа [21, 25 б.]
Бұл тұста Тұрмағамбет ақын Абайдың «Жалқаулық адамды аздырады» қағидасын қайталайды. Әрбір оқыған адамның халқына қызмет ету – негізгі міндеті, өз білімін халқының қажетіне, өрелі мәдениетті ел ету жолына жұмсау – негізгі және ардақты мақсат. Тұрмағамбеттің қандай шығармасын алып қарасақ та, гуманистік, адамгершілік, ағартушылық мотивтерді байқаймыз. Надандық, қараңғылық адам бойындағы түрлі қасиеттерді сөз етеді. Ол Шығыс поэзиясының үлгілерін қазақ халқының ұлттық қабылдау дәрежесіне, ұғымына бейімдеп жаза білді. Тұрмағамбет «Адам» атты өлеңінде адамдық қалыпты надандыққа қарсы қоя отырып, оның бар болмысын ашып көрсетеді.
Қимаймын адам – «далын» надандарға,
Надан көп осы жүрген адамдарда.
Далаға далдың әрпін жібермеңдер
Ғылымға ойдың көзін қадаңдар да [21, 318 б.]
Өлеңіндегі «Дал» сөзі қазақ танымына түсініксіз көрінгенмен, жырдың мазмұны осы сөзбен байланысты. «Дал» араб әрпіндегі сегізінші әріптің сөзі. Ақын Шығыстық ілімге сүйене отырып, музамма тәсілін қолданған. Музамма жұмбақтау мағынасында ақындар өз атын, не шығармасының жазылған мерзімін өлеңдеріне астарлап береді. Бұл тәсілді көбіне діни медреседе оқыған Шығыстық іліммен сусындаған ақындар жиі қолданады. Т.Ізтілеуов «Әбжәд» іліміндегі төрт әріпке сүйене отырып, «Д» әрпі арқылы адамгершілік, адамдық деген ұғымның төркіні адам деген адам төрт әріпте жатыр демек. Шығыстық үлгілі әдебиеттегі гуманистік ойларды осылайша байланыстырады. Демек, адам деген ардақты атты надандарға қимайтынын жыр мазмұнынан тірек етеді. Сөйтіп шығыс әдебиетіндегі тәсілдерді қолданады. Сыр сүлейлері қалыптастырған ақындық мектеп, дәстүрлер көп. Шығыстық дәстүр қазақ әдебиетіне алдымен жаңалық ретінде келсе, кейін дәстүрге айналып кеткен, сөйтіп дастаншылдық оны шығыстық сюжетке құру да дәстүрге айналған. Жалпы дәстүр – латын тілінде берілу деген ұғымды білдіреді. Әр түрлі қоғамда ұзақ ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа сақталып жететін мұраның қалыптасып, дамуы өткенмен қазіргінің байланыстырушысы деп жүрміз. Дәстүр сабақтастығымен бізге жеткен әдеби мұраларымызды жеткізушілер, яғни, орындаушылық дәстүрді де айтып өткен орынды. Жыршылық, әншілік, күйшілік мектептері әр аймақта әр түрлі дамыған. Мәселен, Жетісуда Сүйінбай бастаған ақындар тобы, Семейде Абай бастаған жазба әдебиеті дәстүрі, Арқада Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ әншілік салт, Сыр бойында Шығыстың үлгісіндегі ақындар тобы мен термешілік, Батыста Асан, Сыпырадан тараған жыраулық, жыршылық дәстүрлер бар. Сыр елінде орындаушылық, қисашылдық дәстүр де қалыптасқан. Жаңалық жақсы дәстүрдің жетіліп, дамуына жол салады, оны тек талантты сол дәстүрді игерген өнерпаздар ғана жасайды. Сыр сүлейлері бұрын соңды болған дәстүрлермен қатар жыраулық, жыршылық, орындаушылық аспапқа қосып ән салу, қиссашылдық дәстүрді де ұстаған. Тұрмағамбет шығармашылығы туралы айтқанда орындаушылық өнеріне де тоқталған жөн. Төлтума мақаммен өз шығармаларын орындап, ұлттық өнерге өз үлесін қосқан. Тұрмағамбет те өзге Сыр сүлейлері сияқты «шайыр» аталған кісі. Шайыр (арабша шаир) жазбаша кітаби ақындарға берілген атақ. Ол – өзі жаттаған жыр-дастандарды жай орындаушы емес, жанынан жаңа желілер, тың айшықтар қосып жетілдіріп отыратын сөз зергері. Шайырларға тән қасиеттің бірі саз аспабымен өз әуенін сүйемелдеп отыру болса, Т.Ізтілеуов те барлық шығармаларын белгілі мақамдармен орындап, оны әуезді мақаммен елге таратып отырған. Сыр сүлейлері орындаушылық дәстүрді жалғастыратын шәкірттер тәрбиелеген. Мысалы, Нұртуған Жәметті тәрбиелеп шәкірт етсе, Жиенбай жыраудың жыраулық дәстүрі өзінен кейін төртінші ұрпаққа ауысты (Рүстембек, Көшеней, Бидас, Арнұр). Сыр сүлейлерін өмір мен өнердегі орнына қарай, орындаушылық дәстүрді игеруіне қарай топ-топқа бөліп қарастырамыз.
Біріншісі – арқалы ақындар
Екіншісі – жыраулар
Үшіншісі – жыршы, термешілер
Т.Ізтілеуов шығармашылық жолын, өнердегі өзіндік орнын деректей, зерттей келе, орындаушылық дәстүрді де игергендігі байқалады. Тұрмағамбеттің өзі ақындық өнерге айналды десек, дәстүр де түлеп дамыды, сөйтіп сүлейлер тобын құрды. Бұлардың біразы ауыз әдебиетімен бірге жазба поэзияны да, Шығыстық үлгіні де игерді. Соның әсері олардың шығармаларында із қалдырды. Өте ерекше дарындарды «дүр» деп бағалайтын болсақ, сондай дүрлер: Балқы Базар, Дүр Оңғар, Күдері қожа, Еснияз сал, Әзілкеш Шымырұлы, Қарасақал Ерімбет, Бұдабай Қабылұлы, Құлан Алдабергенұлы, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Керейт Даумұрын, Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Жұманазар Үрімқұлы, Кете Есімбай, Кете Есенжол, Абақан кете Аманжол, керейт Құлмағамбет, Жаппас Кеншімбай, Шабдар Сәрсембай, кете Шахир, Таубай Қырбайұлы, Әлібек Байкенұлы, Әлім Сайн, Жақайым Еспенбет, Нұртуған, Ырысты т.б. дүрлер тобын құрды. Түнді таңға жалғастырып жырлайтын сәйгүлік жыраулар Жиенбай, Тасберген, Сәрсембай, Жалғасбай, Құтбай, Мұзарап, Молдағали, Тұрымбет, Молдахмет, Рүстембек, Жәмет, Жаңаберген, Үбсұлтан, Ібаш, Дүйсен, Темірбай сияқты айтулы өнер саңлақтары орындаушылық дәстүрді жалғастырған еді. Міне, дәстүр жалғастығы, ой жалғастығы, орындаушылық дәстүрдің сабақтастығын осы өнер иелерінен көреміз. Жоғарыда аталған жыраулар, ақындар, жыршы-термешілер Сыр елінде жыраулар, дүрлер, жыршылық мектеп құрған. Дәстүр деген бірлікті, әрине, өнер өрісімен шатастырмау керек. Осы орайда ғалым М.Базарбаевтың мына құнды пікіріне мән беруді жөн көрдік. «Дәстүрдің берері көп, әйтсе де оның бар элементтерін талғаусыз, тұрлаусыз оп-оңай әкеп қондыра салу біреудің киіміне киюге бара бар. Бірақ, нағыз мін мұнда да болмауы мүмкін. Үлкен қате – оның қолдануында, жараспауында, модадан шығып қалуында», - дейді. [5. 38 б.] Яғни, Сыр сүлейлерінде қалыптасып, дамып келе жатқан дәстүрлерді кейінгі ұрпақ талғаммен танып, жетілдіріп отырған. Т.Ізтілеуовтен қалған тартымды терме, ұтымды үгіт, өсиет-ғибраттық ойлар жаңа ұрпақтың өнердің өзіне қанаттануға жол салды.
3.2 СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ шабыттану, рухтану, арқа қоздыру және Қисса дастандарды орындаушылыҚ дәстүр
Атағы жер-жаһанға мәлім Қорқыт ата дәуірінен тамыр тартқан жыраулық дәстүр сан ғасырдан бері Сыр бойы халқымен жасасып келеді. Әдебиеттегі дәстүр жалғастығы мәселесі – мәдени мұра туғызуда ақын, жыраулардың халық ауыз әдебиетінен пайдаланғаны, ұстартқаны, жаңадан туғызғаны, сол сияқты ақын, жыраулар жасаған ақыл-нақылдың халықтық мұраға айналғаны да аз емес. Мұндай алмасу бағзы дәуірден күні бүгінге дейін желісі үзілмей келе жатқан халық әдебиетін де, ақын-жыраулар шығармашылығын да байыта, құнарландыра түсетін аса қажетті үдеріс. Академик С.Д.Лихачев сөзімен айтқанда «Мәдени мұралардың жалғастығы – олардың ең маңызды қасиеті» [100. 352 б.] немесе зерттеуші-ғалым Ә.Дербісәлиннің «Әдебиеттегі дәстүр жалғастығы-кешегі тарихсыз – бүгіннің, бүгінсіз – ертеңнің болмайтындығының көрінісі» [101. 102 б.] Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне әдеби дәстүр де бұл күнде ұлтымыздың мұрасына айналған. Күллі тәлім-тәрбие, отансүйгіштік қасиет, өсиет-өнеге, адамгершілік атаулы осы бабалардың асыл мұрасынан бастау алады. Оның заңды жалғасы қай ғасырда да толастаған емес. Жыраулардың мақам-сазы, домбыра қағысы жағынан алуан түрлі қырлы болып, бәрі осы өңірдегі ұрпақтар ғибрат тұтқан жыр-дариясына құйылып жатты. Барлық ұлт пен барлық жастағы адамдардың жүрегіне жол табатын «мәңгілік» тақырыптардың бірі – дәстүрлі ұлттық өнер. Рухани байлықтың таусылмас кеніне, кәусар бұлағына айналған жыраулық дәстүр тарихшылар мен археологтардың, филологтар мен этнографтардың, фольклористер мен сазгерлердің назарынан тыс қалмай келе жатқанына таңғалуға болмас. Сан салалы қазақ өнерінің көп қырлы, синкреттік өнері – жыраулық дәстүрдің көмейімен жырлау үлгісі алтай, тува, якут, өзбек, әзірбайжан, түрікмен т.б. көптеген ұлттардың, яғни, түркі тектес халықтардың барлығына ортақ. Ал, бұл дәстүрдің қазаққа тиесілі үлесі бүгінгі таңда Сыр бойында сақталған. Елбасы, Н.Ә.Назарбаев бұл өлкенің маңыз-қуаты жөнінде өз сөзінде былай деп тұжырымдайды: «Сыр-Алаштың анасы, ерте тарихқа жүгінсек, бұл жерде қазақтың үш астанасы болған: Жент, Сығанақ, Қызылорда. Сыр өңірі – Қорқыт бабамыздың Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейлері мен ғұлама Тұрмағанбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, халық жазушылары Әбдіжәміл мен Қалтайдың және көптеген ардақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сонан да Қызылорда күллі қазақ үшін ортақ жер», -деуі де тегін емес. [6.31 б] «Жыраулар мекені» атанған Сыр бойында шынайы өнердің шыңына шығып жыр көрігін қыздырған жыраулар аз болмаған. Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау, Еспенбет, Молда Бәйім, Төремұрат, Мұсабай, Бітімбай, Жаңаберген, Жансүгір, Аққұл, Құламан, Рүстембек, Жәмет, Дәріғұл, Кәрібоз, Нартай сынды алыптар көзі тірісінде жыр мектептерін қалыптастырып, жырдан мұнара жасап, мақам-саздан мәңгілік өлмес мұра қалдырып кеткен. Жыраулық дәстүрді музыкалық тұрғыдан зерттеп, жинап, алғаш нотаға түсіріп, ғылыми айналымға енгізген музыка мамандары А.В.Затаевич, Б.Г.Ерзакович, З.Жанұзақова, Т.Бекхожина, Ә.Е.Байғаскина, А.Құнанбаевалар болатын. Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда жыраулықтың мақам сазы Сыр елінде, соның ішінде Қорқыт бабамыздың сүйегі жатқан Қармақшы жерінде жақсы сақталған. Мәселен, Қармақшы ауданындағы Тұрмағанбет (бұрынғы Ленин совхозы) аулынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында 100 жырау шыққан. Бүгінде дәл осы өңірде жыраулық өнер кеңінен қанат жайып келеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қармақшы ауданында төрт жыраулық мектептің негізі қаланып, оларға Шамшат Төлепова, Ілияс Рүстембеков, Алшынбек Сәрсенбаев, Сүйінбай Ақбаев секілді жыраулар жетекшілік жасады. Қазіргі кезде де жыраулық мектептер өз дәстүрін жалғастырып келеді. Ел ішінде заманнан-заманға, ұрпақтан-ұрпаққа кететін дәстүр-салт пен ғұрыптың талай түрі қазыналы халқымызбен бірге жасасып келеді. Ал, атадан балаға мирас болатын өнер түрі – халқымыздың арасынан сирек кездесетін құбылыс. Осы құбылыстың куәсіндей болып, жеті атасынан бері дәстүрлі жыраулық өнердің алтын арқау, күміс көгені жиналмаған шаңырақ та осы Сырда қоныс тепкен. Ақындық поэзияда көрініс беретін дәстүрдің бірі шабыттану, рух шақыру десек Сыр сүлейлері жырды орындар алдында, арқа қоздырып, рух шақырып, сілкініп, өлеңді түйдек-түйдегімен төгетін болған. Тыңдаушы ақындардың бұл қасиетінен ерекше ләззат алып, «па, шіркін» , «пәлі, жорғам», - деп демеп отырған. Мәселен, Базар жырау:
Әлім менен Шөменнің
Мен едім даңқты Шайыры [85. 42 б.].
Құмарын тарқап алқаның,
Ықыласын көптің қайтармай.
Кейінге қалсың кеңесің,
Үлгі қылып айтардай.
Сөз асылын теріп айт,
Ақын болсаң бал таңдай. [102. 23 б.]
(Базар жырау)
немесе
«Сөйле» десең, сөйлейін,
Көңіліңді сөзбен делбейін.
Жез бұйдалы мен наршаң,
Қосыңды артсаң жетелеп,
Елпеңдеп неге ермейін. [102. 41 б.]
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім – деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширақтан шым жібектей көгені едім [21.19 б].
Байтақтан басып озып бәйге алуға,
Кеуілдің кер бедеуін төбеледім.
Қас тұтып, қатарыма келгендерді,
Асаудай ұсталмаған тебер едім. [21. 19 б.]
Ашыл көңілім, жош ұрып!
Сөйле, тілім жосылып!
Тереңнен барып тер гауһар,
Ақыл мен білім қосылып! [103. 15 б.]
(Т.Ізтілеуов)
Пәлі, жорғам дұрыс-деп
Көңілімді, халқым, аулайтын,
Сөз сауалын ішіріп [43.16 б].
(Шораяқтың Омары) т.б
Нұртуғанның «Қанекей, сөйле, қызыл тіл» деп басталатын өлеңінде:
Қанеки, тілім сөйлеші,
Көрсетіп көпке өнерді.
Қызыл тілім жел сөзге,
Туғаннан-ақ шеберді.
Кім тыңдайды сөзіңді,
Қанеки, сөйле, қызыл тіл,
Өнеріңді көрем деп,
Жиналып отыр көп енді! [104. 223 б.] Көпшілік алдына шығып өнер көрсетер алдында ақындар шабыт шақырып, арқалары қозып, бәйгеге түскен жүйрік тұлпарлардың шабысындай үсті-үстіне, түйдек-түйдегімен жыр төгетін болған. Жиенбай жырау бұқара қауымның алдына шығар алдында даусын қалпына келтірер алдында «Бастау» атты толғауын орындайтын болған. Сол туындыны назарға ұсынайық:
Шалықтап, тілім, сөйлеп қал
Жан шіркіннің сауында-ай
Дауысым бірден ашылмайт,
Төгіліп терім ағылмай,
Болғанмен жүйрік шаба алмай
Сейісін тауып баға алмай,
Өлеңші жырау көбейіп,
Қаптап кетті қиян сөз
Жайылған қойдың шарындай
Сонда да тілім шалықта,
Төнек мінген тұлпарша,
Аузыңды аша арылдай,
Түйдектетіп төгілдір,
Біріне бірі ұласқан,
Бәйгі атының шаңындай
Осылай шабыттана жырлау, рухтану арқа қоздырудың бұл түрі де табиғи дәстүрге айналған. Аталмыш жыраулар үлкен шығармаларды орындар алдында кіріспе, шабыт шақыру дәстүрін қолданған. Рас, мағынасының ұқсастықтары біршама жақын болғанмен, Жиенбайдың шабыт шақыру өлеңдерінде өзіндік өзгешелік бар. Тіл өнері арқылы өзінің де, өзгенің де мәртебесін жоғары бағалайды. Мағыналық жағынан бұрынғы ақын-жыраулар шығармаларына ұқсас болғанмен, өзіндік теңеулер мен өзгеше түйіндеулерді кездестіреміз. Жиенбай суреткер, оның образды өлеңдеріне қарай отырып, шешендік сөз бен ғақлия көп екенін аңғардық. Жыраулық, әншілік, жыршылық дәстүрі басым Сыр өңірі өз ортасынан ақындарын түлетіп ұшырған. Оларды тапқыр, шешен болуға баулып, айтыс ақындарының тобын құрған. Жиенбай ұрпақтарында жыр бастау дәстүрі бар. Оның бірінші кезеңінде жыраулар белгілі мерзімде домбыра құлағын келтіріп 1 сағат көлемінде ән шақырады. Халық жиналып жыр тыңдағанша осы үнмен жыр тізбектеледі. Екінші кезеңде жыр бастауына түседі. Ол тұста жыраулар терме, нақыл сөз, өсиет, өлең топтамалармен жыр бастауға кіріседі. Тыңдарманды өзіне баурап алады. Үшінші кезеңде күрделі шығармаларды (толғау, арнау, айтыс, мысал, дастан, эпостық шығармаларды) орындайды. Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, Бидастар тыңдарманның ерекшелігіне қарай, әлеуметтік сипатына сай орындалатын шығармаларды іріктеп, бағыттап отырады. Сыр сүлейлерінде шабыттана жырлау, рухтану, арқа қоздырудың бұл түрі табиғи дәстүрге айналған. Жалпы Тұрмағамбеттің ақындық айналасы, ортасы, ақындардың ұстанған дәстүрі, олардың өзара қарым-қатынасы, бір-біріне ықпал әсерін шолу түрінде айтып қана қоймай, нақтылы түрде, ғылыми негізде тереңдей зерттеу қажет.
3.3 Т.ІЗТІЛЕУҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ Ұлттық және әдеби-мәдени байланыстар
Сыр өнері – әлем өркениеті кеңістігіндегі адамзат ұрпақтарының мыңдаған жылдар бойы жан, дүние әлемін адамгершілік-имандылық ұлағатымен байытып келе жатқан рухани құндылық қазынасы. Сыр елі қашаннан-ақ, жыраулар мен шайырлар, данышпан шешендерден қалған асыл мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. VІІІ-ІХ ғасырда өмір сүрген Қорқыт жырларынан бастап, бүгінге дейін ақын-жырауларымыз өнер-жырды құрметтеп, рухани байлыққа айналдырып отырған. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», - деп, ұлы ғұлама әл-Фараби айтқандай, адам тәрбиесі – орасан маңызды да жауапты іс. Ел тәуелсіздігін алғалы рухани құндылықтарымыз қайта оралып, аса қадірлейтін қымбат дүниелерге айналғаны мәлім. Өткенімізге көз жіберіп, жаңаша ойлау тұрғысынан қарасақ, Сыр сүлейлерінің шығармаларындағы үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиеге қатысты мәселелердің бағасын беріп, тәрбие көзіне айналдыратын маңызды істің бірі болып отыр. Қазақ халқы – табиғатынан ақын, ойлы, дана халық. Ел тарихының көркем шежіресін жасап, оны ұрпаққа жеткізіп, сөз өнерімен өнеге, өсиет қалдырған Сыр сүлейлерінің шығармаларындағы тәрбие мәселесін ғылыми негізде бағалау, зерттеп, зерделеу қажет. Сыр сүлейлері терең толғау, ойнақы терме, аталы ақыл-нақыл сөздермен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге қалдырып, жақсы дәстүрді жалғастырып отырған. Әлемдік педагогикалық теория мен тәжірибеде тәрбие үдерісі ешнәрсеге тәуелді болмау керек екендігі жөнінде пікір қалыптасқан. Тәрбие бастау бұлағын халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған құндылықтарынан алуы тиіс. Сондықтан Сыр сүлейлері шығармалары бүкіл тәрбие жүйесінің негізгі сипаттарына сай келеді. Жиенбай, Балқы Базар, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Бұдабай Қабылұлы, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нұртуған, Нартай Бекежанов, Рүстембек, Көшеней секілді жыр жампоздары артына тәлім-тәрбие, өнеге қалдырып, өсиеттік мәні бар ақыл-нақылдар жазған. Академик З.Қабдолов: «Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады», - дегендей [33. 255 б.], Сыр сүлейлерінің шығармалары бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінде тәлімдік мәнге ие болып, халықтың игілігіне айналып отыр. Ол адамдардың ізгі мұратына үлгі-өнеге ретінде қызмет етеді. Сыр сүлейлері толғау-термелерінде адамгершілік, гуманизм мәселесі тұлғаның өзіндік жетілуіне жол ашады. Қазіргі педагогика ғылымында гуманизация принциптері деп жүрген сөз ғасырлар бойы адамзаттың жасаған құндылықтарын танып білу, пайдалануынан басталады.
Аға буын қалыптастырған дәстүрді кейінгі буын үзбестен жалғастырып келеді. «Көп жанрлы көркем әдебиеттің өсіп, өркендеу тарихын зерттесек, оның өзіне дейінгі көркемдік тәжірибеге шынығып, шыңдалған дәстүрге сүйене отырып ілгерілейтінін білеміз», - деп жазылған «Қазақ поэзиясындағы дәстүр ұласуы» атты еңбекте [105. 30 б.]. Демек, көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан Тұрмағамбеттің де әдеби дәстүрі бар. Ол бір кезең емес, бір дәуірден астам уақытта ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, үнемі өзгеріп, түлеп, байып, дамып, рухани игілікке айналған. Қашан да әдеби дәстүр мен әдеби даму - әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз байланыстылығын құрайды. Сыр елінде өмір сүріп, аты үш жүзге мәлім болған ақын-жырауларымыз ұрпақ тәрбиесіне, инабаттылық пен ой-өрісінің дамуын, эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда ұстаған, сөйтіп барша шығармаларында рухани құндылықтарды арқау еткен. Бұл жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге ретінде жол салған. Атадан-балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өмір арқылы жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жастарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек етуге үндейтін толғау-термелерде игі қасиеттерді көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған. Сыр сүлейлері өмірдің өзінен алынған қорытынды, түйіндерді сөз асылымен тізеді. Мәселен Т.Ізтілеуов:
«Керіспеймін деп мақтанба,
Кек сақтамаймын» деп мақтан.
Ердің ісі – келіс
Жаманның ісі керіс, - деп, адамдардың мінез-құлқымен есептесіп отыруға кеңес береді. Тұрмағанбет қысқа тұжырымды, тұспалдап айтатын өсиет сөздері арқылы ұрпақ тәрбиесіне көіл бөлген: Оның өткір де мәнді қанатты сөздері, даналық тұспалдары ел ішінде жиі қолданылады. Ақын адамгершілік, мінез-құлық, адалдық, ғылымды игеру, еңбек етуге шақыра отырып, дидактикалық ой түйеді. Тәрбиесіз тәлім болмайды, ғылымды игере отырып, оны орынды жұмсау кажет демек.
Ғылым – іштегі нұр
Өнер – сыртқа салынған түр
Ақылсыз адам –
Ауыздықсыз ат, - деп [21. 49 б.], тәлім-тәрбие беріп, барлық жақсылықты көңілге тоқып, зердеге сіңіруге шақырады. Тұрмағанбеттің қай шығармасын алсаң да, ақынның өзіндік сыры мол, сөз асылдарын аңғару қиын емес.
Ақын «Тәлім» деген өлеңінде:
«Аға» деген ініні –
Жаным десе болады.
Ерін күткен әйелді –
«Ханым» десе болады.
Қызғалдақтай ұл-қызды
«Сәнім» десе болады, - дейді. [21. 59 б.].
Осы өлеңді оқыған әрбір жас жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге ұмтылады. Ақын өлеңде жүрекке жетерлік ой тастайды, жыр желісімен ғибраттық ой түйеді. Оқырман әрбір шығрамасынан қорытынды шығарып, өзіне өнеге алады. Өлең адамдар арасындағы қарым-қатынас нормаларын насихаттауға құрылған. Сыр сүлейлерінің шығармаларында ұлттық педагогикаға қосылған мол үлес даралана көрінеді. Олардың шығармаларында тәрбие, үлгі-өнеге басым келеді. Мысалы, Базар жыраудың «Өсиет» атты термесі басынан аяғына дейін тұнып тұрған тәрбие, өсиетке құрылады.
Тіршілікте талпынып,
Талаптан денің сауыңда.
Еш нәрседен жасқанба,
Атың бар да жер таны, – деген [21. 21 б.] терең мағыналы өсиетке бай жолдардан үлгі-өнеге ғибрат аласыз.
Шораяқтың Омары:
Әділ іс – ағын судың арнасындай,
Әділ сөз – болат семсер алмасындай,
Пайда етпе, өмір бойы өтірік айтып,
Жаласы қалмас бір күн жармасылмай, - десе [103. 27б.],
Т.Ізтілеуов:
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады,
Шабақтай шалпылдаған қайраңдағы.
Адамдық ісіңе жұрт аңсап тұрсын,
Не керек қарныңның құр майланғаны [21. 27б.],- деп жыр толғайды.
Бұл үзінділерде ақындар асқан адамгершілік үлгісін термелеген. Ер жігіттің ерлігі еліне көрсеткен қызметімен бағаланатынын шебер суреттеп, жастарға үлгі етеді. Жас буынды тәрбиелеу мақсатында жазылған нақыл, ғибрат сөздер жалаң үгітке құрылған құрғақ сөз емес, өмір шындығымен тығыз байланысты жазылған өсиет сөздер болып қалған. Гуманизмнің басты ерекшелігі адамды ең жоғары құндылық деп бағалап, өнер арқылы адамға қызмет етуді көздейді. Осы орайда надандық, қараңғылық адам бойындағы түрлі психологиялық ерекшеліктерді Сыр сүлейлері қазақ халқының ұлттық қабылдау ұғымына сай жырлай білген. Бірлік, татулық, адамгершілік қасиеттер қауымдастыққа әкелетін Сыр сүлейлері толғау-терме, ақыл-нақыл сөздері арқылы көрсеткені айқын. Келтірілген ұстанымдарға сай, Сыр саңлақтары шығармаларында тәрбие үдерісінің мақсаттарын нақтылап отырған. Сыр өңірі жырауларының өнер-білім тақырыбындағы өлеңдерінің қай-қайсын алсаңыз да, жастардың келешегі алдында екенін ескеріп, тәлімдік ойлар түйеді. Мәселен, Т.Ізтілеуов: «Ұстаз ұсынысы» өлеңінде:
Шәкірттер, бір-біріңмен ұрыспаңдар!
Мінездің мініп алып дұрыстаңдар!
Жолына жамандықтың жақын бармай,
Күтініп күні ілгері жылыстаңдар, - дей келе [21. 21 б.], адамның мінезді болуы да оның жан-жақты дамуына әсерін тигізетінін айтып, адам мінезін жоғары құндылық ретінде дәріптейді. Сол сияқты Жиенбай жырауда мәселеге көп көңіл бөледі:
Мал шіркін ердің сәулеті,
Басында сәулет тұрмаса
Халықтың көңілі жарымас
Еңбегі еткен еш болып,
Абыройға жалықпас [86. 60 б.].
Сыр бойы жыраулары адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, жастарды өзін-өзі танып білуге, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдыруға, мейрімділікке, сүйіспеншілікке баулып келген. Жастардың жан дүниесін байытып, ақыл-сезімін жетілдіруді басты мақсат тұтқан Сырдың сырлы сарынымен жырлаған Сыр сүлейлерінің толғау-термелерінен үзінді алып, дәлелдеме жасап, тізе беруге болады. Жан тазалығы ізет-тәрбиеден бастау алатынын, жыр жолдарымен жеткізген олар адам жанын рухани жағынан жетілдіру, адам жүрегіне ықпал ете отырып тәрбиелеуге көңіл бөлген. Оқушы мен тыңдарманға ой түсіретін асыл сөз термеленген. Демек, Сыр елінде өмір сүрген ақын-жырауларымыздың дүниетанымы халқымыздың ежелгі даналық үлгілерімен қабыса байланысып жатыр екен. Жаңашылдық ізденістердің арнасы, ең алдымен, жүйелі дәстүрді игеруде жатыр. Сүлейлер бір-бірінен үйрену, үлгі алу, тәжірибе жинақтау кезеңдерінен өтіп, соныға тартатын болған. Әдеби дамудағы жалғастық ұлттық әдеби байланыстардың жолдарынан өтеді. Әлем әдебиетінде адамзатқа ортақ дәстүрлерді байыта келіп, көркемдік жинақтаулар жасап, жаңа игіліктер туып отырады. Т.Ізтілеуовтің поэтикалық мектебі тек қазақ фольклорынан емес, оның ойшылдық, шығармашылығы Шығыстың шымыр бұлақтарынан тарап, қазақ әдебиетіне қосылған. Әлем таныған «Шаһнаманы» қазақша сөйлету арқылы әлемдік әдеби байланыс жасаған. Сыр елі ақын-жырауларының үздік үлгілерден үйренуге құмарлық, адамзат қалыптастырған дәстүрлерге ден қойып, туған елдің рухани байлығынан қол үзбеуі - әлемдегі барлық қаламгерлерге ортақ қасиет. Ұлттық өнер, әлемдік дүниелер тоғысуынан қазақтың арналы қазынасы көркем әдебиет жасалады. Көркем әдебиет әдеби байланыста дамиды. Р.Нұрғалиев: «Еш уақытта ешбір елдің әдебиеті, өнері томаға-тұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нәр алып байығанда ғана өркен жаймақ», - дейді [106. 92 б.]. Зерттеуші ғалымның әдеби байланыстар жөніндегі тұжырымы Сыр сүлейлері шығармаларына да қатысты екенін айтуымыз керек. Тұрмағамбет шығармалары арқылы туысқан халықтардың фольклорындағы ұқсас сюжеттер ортақ сарындар, орындаушылық жыраулық өнердің ыңғайластығын ұғу қиын емес. Ұлттық дәстүрді қастерлеген Сыр сүлейлері орындаушылық шеберлік, ұлттық әуенді сақтаған. Сыр елінде ғасырлар бойы қалыптасқан жыраулық, жыршылық өнер – халқымыздың рухани дүниетанымының көркемдік ойлау жүйесінің жемісі. Сөз өнері мұраларының фольклор мен әдебиеттің тұтастығы сипатындағы үлгілері халықтың ата-бабалар мен кейінгі ұрпақтар арасындағы табиғи сабақтастық сақталуы үшін маңызды қызмет атқарады. Жалпы адамзат руханияты өзінің бастау бұлағын өнер-жырдан алғаны да белгілі. Қазақ сөз өнері көркемдік жалғастығы негізгі өзекті арнасы болып саналатын ақын-жыраулар бір-бірінен үлгі алып, ықпалдасып отырған. Т.Ізтілеуов дәстүр жалғастығы арқылы қазақ әдебиетіне жаңа леп, тың екпін әкелді, оны байытты, өзгеше ажар берді. Сыр сүлейлері шығармаларындағы дәстүр жалғастығы, әдеби үрдісті үлгі тұтқандығы айқын. Олардың жыр үлгілеріндегі көркемдік тәсіл мен мазмұндық бірлік, ұқсастықтар дәстүрлі дамуымен ерекшеленеді. Сондықтан бұл арнайы зерттеу арқылы шешімін табуға тиіс. Күні бүгінге дейін Сыр бойында Жиенбай, Нартай, Сәрсембай, Нұртуған атымен аталатын төрт мектеп бар деген пікірдің де ғылыми негізі шалғай. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазіргі Сәрсембай жырау, Манап Көкенов, Тұрымбет, Тасберген жырау т.б. секілді жыршылық үрдістегі мектептер белгілі бір дәстүрдің аясында қалыптасқанын ескеруіміз керек. Біздің зерттеп отырған жұмысымызда жырау-ақын, жыршы-орындаушы, жыр айту, машық-мақамға сай бірнеше мектептердің ізін ашып, негізін жасауға болады. Ақындық, жыраулық дәстүрдің алтын шынжырын жеті атасынан үзбей жалғаған Жиенбай ұрпақтары Сыр елінде өнер мектебін құрды. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті жанрлық, көркемдік жаңа бағыттардың дамуымен жазба дәстүрдің жалғасып негізделуімен ерекшеленеді. Бұл дәуірде қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі ақындық, жыраулық, әдеби мектеп үрдісі де жаңа көркемдік сипаттармен толыға, айқындала түсті. Қазақ әдебиеті тарихында Сыр бойы ақындығының айрықша көркемдік орны бар екендігі белгілі. Дәстүрлі Шығыстық негізі де, халық әдебиетінің арғы бастауларынан жалғасқан көркемдік арнасы да айқын, жаңа жанрлық толығу, жаңаруды орнықтыруда дара ақындық, жыраулық қолтаңбалар айқын қаланған әдеби мектеп әдеби орталықтың айқын да ажарлы үлгісі болған. Әлемдік әдеби процесс, тіпті кез-келген қоғамда-саяси құбылыстар да өзгелерге ой салмай тұра алмайды. Әлемдік әдебиет ағымы әлемдік әдеби-мәдени дүниетанымнан хабардар етеді. ХХ ғасырда Сыр сүлейлері Шығыс, батыс әдебиеті арқылы біздің рухани өміріміздің өркениеттен кеш қалмауын қамтамасыз еткен. Шығыстық үлгідегі әдебиеттегі жаңа ойлармен қарулана отырып, тың идея айтқан.
ІV тарау
АҚЫННЫҢ ӨЛЕҢ ӨРНЕКТЕРІ
4.1 Өлең өрімінің көркемдігі
Әрбір ақынның өзіндік бетін, ақындық құдіретін, поэзиясының ерекшелігін көрсететін, оның көркемдеу тәсілі, суреткерлік шеберлігі, тілдік өрнектері көркемдік бейнелеу құралдары болып табылады. Басқа ақындарға ұқсамайтын, тек қана өзіндік тіл қолданыс, көркемдік өрнек, бейнелі сөз қолданысты біз Тұрмағамбеттің шығармаларынан да айқын көреміз. Біздің байқауымызша, ақын поэзиясы өзіндік поэтик образдарға бай. Ол қазақ тілінен небір шұрайлы сөздерін қолдана біледі. Соған қарағанда, ақын халқының тіл байлығын жете меңгерген нағыз шебердің өзі. Әсіресе, халықтық әсірелеулер, ауыстырулар, салыстырулар, балама сөздердің небір айқындары, анықтағыштары жиі ұшырайды. Соған қоса Т.Ізтілеуов – өте білімді, Шығыс классикасын жете меңгерген шын мәніндегі сөз зергері. Сондықтан болса керек, оның өлеңдерінің екінші бір арнасы осы Шығыс поэзиясымен сабақтас болып келетіні ақын поэзиясының тақырып, сюжет жағынан ғана көрініп қоймайды, соған қоса поэтик тілінен де мол орын алады. Шығыс поэзиясы мен халықтың поэзияға мәлім небір образды айшықтар, қалыптасқан классикалық теңеу, эпитеттер, әсірелеу, ауыстырулар Тұрмағамбет поэзиясында да мол. Зерттеу үстінде байқауымыз бойынша, Тұрмағамбет поэзиясының түр, тіл, стиль қорын осы бір екі арнадан ажырату мүмкін емес. Бұл тек ақынның осынша мол мұраны сөздің көркемдік құнын асыра пайдаланып, өзінше жаңа түр бере қолдана білуінде сияқты. Ақынның тіліндегі өзіндігі де, өзгешелі де осы айтылғандарға байланысты. Сөйте тұрса да, Тұрмағамбеттің ізденіштігі, білімділігі оның өзінше жырлап, жеке ақындық тіл ұстартуының бар екендігіне күмән туғызбайды. Қандай ақын болмасын биікке өзінің тіл шеберлігімен шығады дедік. Академик З.Қабдоловтың: «Сөз өнері» атты монографиясында: «Әдебиеттегі тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлт та, күлді-бадам болуда емес, сөздің табиғилығы мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады», - деп көрсеткен. Бұл пікір біздің зерттеу нысанамызға да дәл келеді. Тұрмағамбет те шығармаларында тілдің көркемдегіш элементтері троп пен фигураның түрлерін ұтымды пайдаланған. Тұрмағамбеттің бай мұраларының көркемдігін былайша таптастырып қарауға болады. Т.Ізтілеуов поэзиясының көркемдік жүйесін құрайтын негізгі желілерінің бірі – ақынның өз бейнесін көрсетуінде деп білеміз. Фольклорлық шығармаларды жетік білетін ақын дәстүрлі қыздың сынын, аттың сынын, батырдың тұлғасын, патша отауын, суреттейді. Халықтық даналыққа толы нақылдар, бата-тілек т.б. орнымен әдемі қолданады. Қазақ поэзиясында табиғатты сұлу қызға теңеу, көркем табиғат құшағына оралған ел тұрмысы бейнелі сөздер арқылы суреттеу бұрыннан бар. Осы дәстүрді сақтай отырып, ақын сұлу табиғатты, жыл мезгілдерін халық өмірімен салыстыра суреттеп береді.
Күлімдеп, қасын керіп келді жылым,
Сұлудай ақық ерін, алтын тұлым.
Көркейіп, көңілінен кетті кірбің,
Көргенде кім де болса мұның түрін. [21. 72 б.]
Жыл мезгілі көктемді қасын керген, ақық ерін, сұлу қызға теңеуі «сұлудай – теңеу, ақық ерін, алтын тұлым» - деп сөз шебері осынау табиғат көрінісін образдық тұрғыдан жырлайды. Әсіресе, ақын поэзиясында ару образына қатысты жеке – авторлық теңеулер өте көп. Мәселен,
Уылжып өне бойы отырасың,
Асылдай ұстағанда бір-ақ қысым.
Күмістей сымға тартқан саусақтарың,
Сүйріктей судан шыққан бәрі мүсін. [21. 72 б.]
«Сұлу қыздың кескіні», «Құлпы қыз», «Ақжібек», «Сымбатты сұлу» өлеңдерінде суретті бейнелі сөздермен сұлу қыздың түр-тұлғасын, пішінін суреттейді. Ақын арудың бетін, көзін, қасын, мұрнын, шашын, тісін, саусақтарын суреттеу үшін тың теңеулерді де қолданады. 1. Бетін: «Күндей ақ, шығып келе жатқан түсің», «Көркіңді көрген кісі көп ойлайды», жүз, күлкі толы «Сәулесі ақ бетінің жерге түссе», «Қарағым, қатарыңнан көркем түсің»; 2. Көзін, тісін: Мысалы, көзің – гауһар, маржан тісің», «Маржандай тізіліп тұр отыз тісің», «Сүмбіл шаш, сұңқар мойын». 3. Шашын, мойнын, мұрнын: пісте мұрын, «Жарқын жүз, түлкі тамақ, құралай көз; 4. Қасын, аузын, саусақтарын
«Күмістей сымға тартқан саусақтарың,
Сүйріктей судан шыққан бәрі мүсін,
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақық ерін», - деп образ табиғатын терең ашу мақсатында осындай бейнелі – суреттегіш құралдарды ұтымды қолданған. Қазақтың ару қыздарына тән ерекшеліктер сиқырлы, сұлу сымбатты мүсінді ақын осылай жырлаған.
Мысалы, «Ақ Жібек» өлеңінде:
Жарқын жүз, түлкі тамақ, құралай көз,
Маржандай тізіліп тұр отыз тісің,
Наз бенен қылығыңды көрген кезде,
Елжіреп қорғасындай кетті-ау ішім!
Осы бір шумақта өлеңге ажар беріп тұрған эпитеттер жарқын, құралай, түлкі деген күрделі эпитеттер заттың өзгеше белгілерін аңғартады, көз алдымызға сұлу бейнесін елестетеді. Бұл өлеңдегі «түлкі тамақ» ақынның жаңалығы. Сөз қолданысы түгел өзгеше ол ақынның ерекшелігі. Ал маржандай, қорғасындай деген сөздерде нәрсенің өзгеше белгісін көрсетпей-ақ, екінші нәрсемен теңеліп тұр. Сөйтсе де қорғасынның балқуы мүмкін де, ақын айтқандай елжіреуі қалай? Басқасы орынды-ақ, ал осынысы ақынның өзіне ғана тән сөз сияқты.
«Данышпан қарт» дастанының бір жерінде:
Шамалы шаш, сақалы шалғырт тартқан,
Шырайлы шығып адам маң-маң басып.
«Шамалы», «шырайлы» сөздері эпитет, өйткені ақын қартты өзгеше түрде, ерекше жекелеп көрсеткен. Шалдың портретін беруде шамалы шаш, сиреп кеткен шаш ұғымында айтылып отыр десек те, осы «шамалы шаш» сөзін Тұрмағамбет бірінші қолданып отыр, оған дейінгі және кейінгі ақындар бұл сөзді тап осы ұғымда қолданған емес. Жоғарыда келтірілген «түлкі тамақ» та Тұрмағамбетке дейінгі ақындарда кездеспейді. Оның жеке бұрыннан бар сөзге жаңаша мән беріп, күшейтіп жаңа эпитет жасау үшін қолданғаны көрініп-ақ тұр. Ауыз әдебиетінде жиі кездесетін халықтық тұрақты эпитеттерді ақын шығармаларынан кездестіруге болады.
Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, пісте мұрын
Беріпті иілдіріп айдай пішін.
(«Сымбатты сұлу»)
Осы өлеңнің бір жерінде:
Сүйріктей судан шыққан бәрі мүсін,
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақық ерін, - дейді.
Бұл жерде сүмбіл, сұңқар пісте, қиғаш, оймақ, ақық, маржан деген сөздер тұрақты эпитеттер. Бұл сөздер қандай жағдайда айтылса да ауыз әдебиетінде шаштың, мойынның, мұрынның, қастың, ауыздың, еріннің, тістің алдында кездесетін тұрақты эпитеттер. Осындай тұрақты эпитеттерді дастандарынан да келтіруге болады. «Мәрді диқан» дастанының бір жерінде:
-Діләпруз деген қызы бар еді оның,
Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай.
Ақын осындай баламалар арқылы әйелдің сұлулығы мен нәзіктігін халықта қалыптасқан эстетикалық түсініктермен білдіреді. Тұрмағамбет Ізтілеуов қандай өлеңде болсын сөз мәнерін күшейту үшін түрлі теңеулерді пайдаланған. Ой-шешімін сомдауда ұтқыр ақын теңеулерді орынды қолдана білген. Бұл да ақынның өзіндік шеберлігі мен ерекшелігі. Ақын өлеңді баяндаудан гөрі сөзді салыстыра отырып, поэтик тілге мән береді. Мысалы, мына жолдарды алайықшы, қанша теңеулер жатыр. «Сымбатты сұлу» өлеңінде:
Көзің – гауһар, маржан – тісің,
Күндей – ақ шығып келе жатқан түсің.
Беріпті иілдіріп айдай пішін.
Суреткер өлеңде заттың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен салыстырған. Адамды күнге теңеу, көрікті пішінді аймен салыстыра отырып, суреттеліп отырған нәрсені (сұлу қызды) көз алдымызға әкеліп, ол туралы нақты ұғым қалыптастырған, бұл теңеулер дәстүрлі әдебиетте қолданылады. Дегенмен өлеңнің мәнін, құнын күшейту үшін ақын орынды пайдаланған. Дастандарында ақын батырлар, олардың қару-жарақтары, астындағы тұлпар аттарын сипаттап, ақындық шеберлікпен жырлап көркемдік табыстарға жеткен.
«Әшкәбус» (Шаһнама дастанынан) шығармасында былай суреттелген:
Жүк еді қарулары жеті пілге,
Мінуші ед тоқсан атты кезек күнде.
Болмаса белді бедеу, толық тұлпар,
Жаман ат жарамаушы ед, жабы мүлде, - деп иран батыры Әшкәбустың қаруларын шамадан тыс әсірелеп, оның батырлығын:
Рахымды адамсынбай тұрды күліп,
Оқ атты өкпеліктен оны біліп.
Жіберді қолыменен қағып келген оқты.
Және ат – деді ат үстінде күліп тұрып,- деп суреттесе, оған қарсы Рүстемнің ерлігін, батырлығын былайша береді:
Шешінді саймандарын түсіп аттан,
Бар еді бір саржасы (садақ) бес жүз батпан
Оғының он бір батпан ауырлығы,
Сыйлау қып Шаш патшасы әкеп тартқан.
Рүстемнің қару-жарағын шамадан тыс үлкейтіп көрсету арқылы ақын гиперболалық мағынаны басым қолданады. Ал Рүстем батырдың ерлігін:
Жақындап Рүстем де ұруға ептеп,
Білген соң айыбын, ашу кетті кептеп.
Садақты тұра сала қолына алып,
Тұсынан өкпеліктің тартты өктеп.
Әшкәбус көрді-дағы тұтты қалқан,
Қалқаның қақ айырып қылып талқан.
Өкпеден өтіп барып, жерге батып,
Бастырды аяқтарын арпаң-тарпаң. [21. 288-289 бб.]
Бұл орайдағы ақынның көркемдік табыстарын ерекше атап, фольклордың бояу-өрнектерін кеңінен қолданғаны көрініп тұр.
Образ табиғатын терең ашу үшін әсерлі, сұлу теңеулерді молынан пайдаланған. «Шаһнама» дастанында Залдың дүниеге келуін тамаша портрет жасап, көркем өрнекпен өреді.
Қара емес, қардай аппақ шыққан шашы, (теңеу, эпитет)
Сап-сары, салпы ерін, жік-жік басы, (эпитет)
Әрмен көз, бермен маңдай, бірақ оның (эпитет)
Көзінің жанған шамдай шұғыласы (теңеу) [96. 212 б.]
«Данышпан қарт» дастанында:
-Жігіттей жиырма жасар екен епті,
«Назым» өлеңінде:
-Қас тұтып қатарына келгендерді,
Асаудай ұсталмаған тебер едім!
«Адамдық іс» өлеңінде:
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады,
Шабақтай шалпылдаған қайрандағы.
Теңеуді бірқатар жерінде басқаша таныған. «Мәрді диқан» дастанында:
-Алмасша «ә» дегеннен алып түсер,
Тас пенен темірге сал үшкірінді.
немесе
Сүйікті шырағымсың шырын жанша
Тасаттық тәпсі – тақтым бәрі саған,
Іркілмес іс өте бір раданша.
Үзіндідегі өткір теңеулер ақын бойындағы суреткерлік қабілетінің қуаттылығын аңғартады. «Сымбатты сұлу» өлеңінде кейбір бұрын белгілі сөздерге жаңаша мән беріп, өзіндік жаңа ұғымды теңеу жасап отырғаны да байқалады.
Сүйріктей судан шыққан бәрі мүсін,
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақық ерін.
Сұлу жас әйелдің бейнесін ақын судан шыққан сүйрікке теңеген. Сүйрік сөзін әйел бейнесінде қолдану да ақынның өзіндік ерекшелігі. Тіл қорына қосқан жаңа теңеулеріне мына өлең жолдарын да жатқызуға болады. «Тұтқын қыз» дастанының бір жерінде:
Көктегі көркейді қыз толған айдай
Бедеудей көзі ойнап, қойған байлай.
Халық ауыз әдебиетінде «бедеудей» деген теңеу бар болғанымен ақынның қолданысында мүлде басқа мағына береді. Сұлудың өзін емес, көзін «бедеудей» деп теңеу тек Тұрмағамбетке ғана тән нәрсе. Ақынның сөзді көркемдеуде қолданған теңеулерінен шығыстық сипаттарды сөз ететін болсақ, біраз шығармаларында бейнелеу, көріктеу құралдарын, образ жасау тәсілдерін, әдеби теңеулерді, сөздерді құбылтып, айшықтау әдістерін, өлең жүйесін, өлең құбылысын, ырғақ пен ұйқас заңдылықтарын Шығыс әдебиетінің үлгісінде қолданған. Шығыста ғашықтар арасындағы сүйіспеншілікті гүл, бұлбұл теңеуімен байланысты суреттейді. Шығыстық асыл сөздерді ақын жай өз мағынасында қолдана алмайды, оған барынша мән беріп отырады.
Мысалы, «Ақ Жібек» өлеңінде:
-Құлпырып бәйшешектей түрленесің,
Берген соң лайықтап құдай пішін.
Шайқалып қызыл гүлдей сен тұрғанда,
Менің де басқаменен жоқ жұмысым!
«Сұлу қыздың кескіні» өлеңінің бір жерінде:
Қол создым, құштар болып, құлаш жайып,
Миуадай дақ түспеген аспадағы.
Миуа – ағаш басындағы дәмді жеміс екенін көрсету ретінде қолданылатын сөз. Ал бұл өлеңде Тұрмағамбет қол жетпейтін биіктегі сұлусың деген мағынада қолданады. Бұл да сөз қолданысындағы өзіндік жаңалығы. Өлеңде жігіттің асқақ арманына айналған сұлу қыздың бейнесін, ажар-сымбатын суреттеуде асқан шеберлік таныта отырып, алуан түрлі теңеулермен әсерлі сипаттайды. Шығыс поэзиясында махаббаттың шынайылығы «Ләйлі-Мәжнүн», «Хұсрау мен Шырын», «Жүсіп пен Зылиха» т.б. ғашықтармен өлшенеді. Тұрмағамбет қыз сұлулығын осылармен қатар қойып, олардың үлгілі істерін паш етеді. «Көңіліме гүлі егілді махаббаттың» атты өлеңінде Ләйлі мен Мәжнүн шынайы ғашықтар ретінде бағаланып:
Тұрғанмен төбемде ай, алдымда күн,
Бұл жаһан сенсіз көзге көрінбес-ақ.
Ізденер бұлбұл – бақша, байлар –ақша,
Ғашыққа дидар әркез, патшаға тақ,
Мәжнүннің мысалында болып жүрмін,
Ләйлінің ұқсасында өзіңсің нақ. [21. 187 б.]
Ақын өлеңдері образдылық – метафоралық мағынаға ие сөздерге бай.
Рауа ортада отыр болып һүрдей
Жарқырап екі көзі гауһар, дүрдей,
Бұндағы һүр – сұлу, көрікті де, дүр – асыл тас (янтарь).
Сұлудай деген теңеу мен көзді гауһарға теңеу бар, ал «һүрдей» деген теңеулер Шығыстық әдебиеттің әсері болса керек. Дастандарда халық ауыз әдебиетінде кездесетін теңеулер мол. Сұлулықты – толған айға, күнге балау, қыпша бел, құралай көз сияқты тіркестер ауыз әдебиетінде дәстүрге айналған. Тілдің осындай көркемдегіш элементтерін ақын жиі қолданған, яғни, фольклор мен Шығыстық дәстүр тұтасып, эпикалық туындыға айналған.
Ішінде жатыр қатын көркі күндей,
Қан болып тұла бойы, есін білмей. [21. 177 б.]
Алдымнан шығар-ау, деп келді ойлап, -
Киіктің баласындай көзі ойнап. (Р.б.)
Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай.
Теңеулер мен эпитеттерді дастандарынан көптеп тізе беруге болады. Теңеудің сөзді ажарлауда, көркемдікті бұрынғыдан да ұштай түсетінін ескерсек, жоғарыдағы мысалдар дастанның көркемдігін арттырып тұр. Сонымен қатар, Тұрмағамбет өлеңдерінде сөзді зерттеу мағынасындағы қолданым екі нәрсенің ұқсастығына қарай бірі-бірімен ауыстырып суреттеп беру, яғни метафоралар жиі ұшырайды. Тұрмағамбет поэзиясының метофоралық жүйесіне ой-көзімізбен үңілмекке болмайды. Өзінің ой-пікірін көрікті жеткізу мақсатында метафораны орынды қолданған.
Ақыл – тон аңдағанға тозбайтұғын,
Ғылым – кең, күнде өніп қоздайтұғын.
(«Арқаның ауруы» не қозбайтұғын»).
Ой – терең, ойнар – нәһан теңізден де,
Тың тұрған тіл – сүзеген өгізден де.
(«Ой»).
Бұл өлең жолдарында метафоралар ақыл – тон, ғылым – кен, ой – терең сөздері ешбір жалғаулықсыз, жұрнақсыз бір нәрсені екінші нәрсеге балау арқылы жасалып тұр. Ақылды тозбайтын тон бейнесінде суреттеу де Тұрмағамбетке ғана тән сияқты.
Ал мына өлең жолдарында метафора басқа жолмен жасалған.
Жер – жаһанды гүл жайнатты, -
Ленин – Күнім, құштарым.
Күнім, құштарым деген метафоралар тәуелдік жалғауы арқылы жасалған.
Тұрмағамбет өлеңдерінде көмекші етістіктердің жәрдемімен жасалған метафоралар да бар.
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
«Өзімнен шебер кім? – деп кебер едім
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектей көгені едім.
(«Назым») Бұл жыр жолдарында ақын өзінің күшін «Шым жібектің көгенімен» байланыстыруын экспрессивтік мәні бар әсерлі ауыстырулар деуге болады.
Назым асыл дүр едің
Жаннаттың айни Ұр едің
Қиядағы сен сұңқар,
Қол жетпес жерде жүр едің.
(«Құлпы қыз») Бұндағы едім, едің деген көмекші етістіктер баланып тұрған екі сөзге әр беріп, метафоралық мәнін толықтырып тұр. Ақын творчествосында метафораның осы түрі көп кездеседі. Шығармаларында ауыстыру мағынасында қолданылатын поэтик тілдің бірі метономия жиі қолданылған.
Қатынды қасиетсіз қайдан таптың,
Батпаққа батыратын белден байын.
(«Рауа бану»)
Тұзың сор, еңбегің еш болыпты-ау, - деп,
Баяулап болып бетпақ хастадай-ақ (арудай-ақ)
(«Рауа бану»)
Сауалап шамалы күн жатқаннан соң,
Жамалы таңырқатты тағы көпті.
(«Рауа бану»)
Болғанмен асыл, гауһар көмді жерге,
Жаназа оқып болып, жуып таза.
Келтірілген мысалдарда ақын нәрсені бір-біріне баламайды да, теңемейді де, тек бірінің орнына екіншісін қолданған. Ал мына бір жолдардан автор бүтіннің орнына бөлшекті, жекенің орнына көпшені қолданған, яғни ауыстыру мағынасында қолданылатын синекдоханы пайдаланған.
Малдары меніменен аман қалды,
Алдыңа соның үшін келдім тура.
(«Рауа бану»)
Иә өзін, иә киімін алуға тұр,
Бос кету емес ұрының радасы.
Ақын творчествосында жансыз заттарға жан бітіріп, тілсізге тіл бітіріп суреттелетін ауыстырулар бар.
Күлімдеп, қасын керіп келді жылым,
Сұлудай ақық ерін, алтын тұлым, -
(«Жаз келді»)
деген жолдарда жадырап келген жылды, табиғат көрінісін қасын керген сұлу қызға ұқсата суреттеген. Мұндай жансызға жан бітіре ауыстыруды кейіптеу дейді. Күлімдеп, қасын керіп деп суреттеу ақынның жаңалығы, сөз қолданудағы ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі. Мысалдарында жануарларға, аңдар мен құстарға тіл бітіреді. «Сүлеймен мен кірпішешен» (мысал)
Сүлейменге кірпікшешенді ит ертіп келеді,
Сол кезде адамша бас иіп, былай дейді:
Итке еріп, соның үшін келдім енді,
Шақырдың не жұмысқа мендей кемді?
Жолыңа жаным құрбан қай кезде де,
Аяймын, айтшы өзің-ақ, сенен немді?
Шығармаларында ақын кейіптеудің жаңа түрін пайдаланады. Табиғатты суреттеуде Абай және орыс әдебиетінің әдісін үлгі етті. Троптың тағы бір түрі аллергория болса, ақын шығармаларында астарлап сөйлеудің әр түрі кездеседі. Аллергорияны көбінесе мысал өлеңдерінен көп кездестіреміз. «Көкқұтан мен шымшық» өлеңінде ақын көкқұтан мен шымшықты сөйлету арқылы адамдар арасындағы әрекеттер, яғни татулық, бірлік керек екенін екі құстың арасындағы болған оқиғада суреттеп, образ жасау үшін қолданған. Көкқұтан былай дейді:
-Өзіңнің жұмысың – кішілік, атын – шымшық,
Қарашы тұмсығына, титтей мұрның.
Жылан көп шаға қойса, бірін аман
Қояр ма болса балаң бір мың?
Әр түрлі осы арада дұшпандар көп,
Солардың бәрінен мен сақтап тұрмын!
Сонда шымшық:
Сен, маған айтпа ондай ұнамсыз кеп,
Онан да бірігейік, болмайық шет!
Таптырмас татулықты қолдан беріп,
Кетпейік қапелімде өкініш жеп.
«Өгіз бен есек» мысалында да осындай адамдар арасындағы зорлықшылдықты, айла-тәсілдерін өгіз бен есектің арасындағы оқиға арқылы суреттеген.
Есекке өгіз айтты: - Осы бүгін
Апарып қожайыным қосты жерге.
Шаң жұтып, шала жансар болып тұрмын,
Шүмектеп шомылғандай қара терге.
Деді есек: -Олай болса, шөп жемей қой,
Күрсініп, көзің жұмып, бойың кер де.
«Жануар, шын зорыққан екен ғой» - деп,
Тақ тұрар тәрбиешінің тұтып перде.
Жануарлардың арасында бұл тәрізді әңгіме болмайтыны жұртқа мәлім. Өгіз де есек те адамдар арасындағы дөрекі, ақылсыз адамдар, соны ақын тұжырымды образ арқылы берген. Біздің авторымыз тілдің көркемдегіш құралдарының ішінде гиперболаны жиі қолданады. Гипербола және оған қарама-қарсы қолданылатын литота ауыз әдебиетінде көп айтылады. Дегенмен, Т.Ізтілеуов те литотадан гөрі гипербола көп кездеседі. «Сам Зал батыр» дастанында Самның қолына ұстаған қару-жарағын өте асырып, шамадан тыс етіп суреттейді.
Шоқпары – төрт мың батпан қолындағы,
Көтерсе, жұрттың бәрі тұра қашар!
Екі мың қылышы оның, батпан еді,
Белдегі белбеуіне таққан еді.
Қанжары – өте өткір, бір мың батпан,
Қамырдай кідірместен тасқа батқан.
Батырды осылай етіп суреттеу оқушының ой-сезіміне бірден әсер етеді, суреттелген нәрсесін үлкейтіп көзге елестеткен. Оқушысын одан әрі, ынталандырып, қызықтыра түседі. Тұрмағамбет өлеңдеріндегі метонимия, синекдоха, кейіптеу сияқты көркемдегіш тәсілдер шындық өмірдің әр түрлі құбылыстарын жалаң нәрсемен емес, бір-бірімен ұштастырған. Сонымен қатар, Тұрмағамбеттің бұл көркемдік құралдарды қолдану жолдары әр алуан, олардың әрқайсысында үлкен шеберлік бар, әрқайсысы жеке талдауды керек етеді. Кейде ақын сөйлемді айтылып қолданылып жүрген қалпынан өзгертіп құрады немесе белгілі ұғымға назар аударту үшін бір сөзді бірнеше рет қайталайды. Сөздің бояу-нақыштарын, таза, өрнекті ойлармен беруде өлең сипатын күшейтетін поэзиялық қайталаулар көп. Образ жасауда, адамға әсер етуде, сөйлем сөз байланыстары туралы тоқталғанда, сөздердің қайталануын аңғарамыз. Ақын творчествосында халықтық стиль басым, ол негізгі арна болған. Мысалы, «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға!» - аға -деген сөз тармақ соңында қайталанған.
Қадамың құтты болсын, Кеңес аға,
Ешкім де ренжулі емес, аға!
Тең тұрып таразыдай тәрбие еттің,
Дұшпан да оны «бекер» демес, аға!
Сол сияқты «Назым» атты өлеңіндегі де осындай сөз соңында – едім – сөзі бірнеше рет қайталанған. «Не қызық?» өлеңінде – қызығы – деген сөзі бірнеше рет қайталанған «Не артық?» өлеңінде – артық – деген сөздер сөз соңында қайталанған. Ал «Мен қалдым қайғы-қасірет қапасында» - 39 жолдан тұратын өлеңде – балам – сөзі әр тармақтың аяғында 19 рет қайталанады. Бұл қайталанулар тегін емес, өлең әсерін, мәнін күшейтіп тұр.
Аталық ақылымды мен кештім балам,
Өкшелес өзімменен өстің, балам.
Халқыңа, қатарына қамқор болып,
Сәуірдің самалындай өстің, балам.
Ақын сөйлемнің әсерлігін күшейту үшін – балам – сөзін қайталайды, яғни эпифоралық қайталауларды да осылай тиімді қолдана білген екен. Енді бір өлеңдерінде алдыңғы пікірдің аяғын соңғы пікірге қатыстырып қайталайды. Яғни еспе қайталаулар да кездеседі. Мына шумақтар осыған дәлел:
«Бар мен жоқ», - «Ал» менен «Бер» бірге туған,
«Ал мен Бар» ажал жетіп өлген удан.
«Жоқ» пен «Бар» жұрт біткенді жүр аралап,
Жанына жолдас етіп ылғи қудан.
Тұрмағамбет шығармаларында сөз басында бір сөз қайталап келушілік (анафора) көп кездеспейді. Стильдік, тілдік өзгешелік сөйлемнің әсерлілігін күшейтуде қолданылатын бұл әдіс – негізінен жазба әдебиетке тән құбылыс. «Толымды жігіт» өлеңінде:
Хас масаты қағылса,
Күннен күнге құлпырар.
Шыны жүйрік, наз бедеу,
Шапқан сайын жұлқынар!
Толымды жігіт – тор бұзған
Жолбарыстай бұлқынар.
Өлеңде алдыңғы ойды соңғы ой, алдыңғы оқиғадан соңғы оқиға күшейтіліп тұр. Өлең тартымды, әсерлі болу үшін бір-бірінен сөзді күшейтіп, дамыту әдісін де қолданған. Мұндай сөз қолдануларды ақын өлеңдерінен көп келтіруге болады. Айтайын деген ойын бірте-бірте еселеп арттыру арқылы екпіндетіп ағыл-тегіл төгіп отырады. Поэзиялық қайталаулар ақынның ойлау жүйесінің метафоралық сипатын танытады. Көркем тілдің тағы бір түрі параллелизм болса, оны да кездестіреміз. Сондай-ақ ол параллельдік салыстыруларды да орнымен тиімді қолдана білді. Адам психологиясында болатын өзгерістерді суреттеуде адамдардың басындағы күйініш-сүйініш т.б. табиғатпен қатарласа жүреді. «Рауа бану» дастанында дарға асқалы жатқан жігітті Рауа қарызын төлеп, құтқарады. Сонан соң жігіт артынан қуып барып, ғашық болады, көңілін білдіреді. Рауа көнбеген соң жігіт ұрып-соғады. Әйел қашып жағада жүргелі тұрған кемеге мініп кетеді. Сондағы Рауаның басындағы күйініш, ішкі сезімін табиғатпен параллель қояды.
Жайып қол жалбарынып жылады хаққа,
«Осыдан, - деп, - хазалыңмен мені сақта».
Күркіреп көктің бетін басып бұлт,
Бұрқырап соғып дауыл сол уақытта.
«Тұтқын қыз» поэмасында Шаһзада нөкерлерімен қайықпен суда қыдырып жүреді. Қатты жел тұрып, суға кету, опат болу қаупі төнеді, осы жерді ақын:
Жел соқты жүрісімен сегіз күндей,
Бәрі де күн мен түнді қалды білмей.
«Ғарық болып осы суға өлеміз» деп
Соншаның сұры кетті, бәрі күлмей,
деп суреттейді. (Ғарық – суға кету, опат болу)
Ал, мына бір өлеңде синтаксистік параллелизмді қолданған:
Шаңнан шаң шал әкеңе кездескен соң,
Теңізін уайымның кештін балам.
Үшеуің ойға түссең, ендігі күн,
Көрінеді мысалында көштің балам.
Бірінші сөйлем құрылысындағы кейбір сөздер өзгертіліп, «кештің» балам сол қалпында қайталанып тұр. Біздіңше, Т.Ізтілеуов өлеңдерінің поэтикасы, өлең өрнектері көбіне дәстүрлі қалыптасқан әдеби үлгілерде жазылған. Бұл салада көп ізденістері көзге түсе бермейді. Асылы, ол әдебиетте бар формаларды іске асыруға көңіл бөлген. Тұрмағамбеттің өлең өрнектері жайлы айтқанда, алдымен Сыр ақындарының өздерінің өлең өрнектерінің, ақындық шеберліктерінің ұқсастығына назар аударуға болады. Тұрмағамбеттің өлең өрнектерінен де біз түйдек ұқсастықтарды кездестіреміз. Сыр бойының бір шоғыр ақындарынан айырмашылығы сол – Тұрмағамбет басқалар секілді формализмге ұрына бермей, мазмұн мен форманы қатар ұстаған. Тұрмағмбет өлеңдерінде ұйқастың дәл келуін қадағалаған. Сондықтан да, араға еніп кететін бұралқы сөздер мен мағынасыздыққа ұшырау кездеспейді. Бұл ақынның түрік, (ескі түрік), парсы, араб тілдерімен қоса өз ана тілінің мол байлығын ойдағыдай игергендігін көрсетеді. Сол тіл құдіретін жетік меңгергендіктен де ақынның өлең құрылыстары өз замандас ақындарынан әлдеқайда келісімді оңтайлы болып келеді. Сондықтан да Тұрмағамбет шығармаларындағы ажар көрік, сын шабыттың бірі – осы қиыннан қиыстыруында, сөз саралануында. Ізтілеуов шығармашылығының образдық, поэзиялық құрылымында нақты-ғибрат, бейнелі ойлы, қанатты сөздер өте көп. Олар моральдық-дидактикалық, пәлсапалық, өнер-ғылым, адамгершілік, еңбек т.б. тұжырымға құрылып, тәрбиелік, ғибратқа толы. Зерттеу жұмысымызда ақын шығармаларының түрі мен жанрын қарастыру барысында нақыл сөз, қанатты, даналық тұспалдар, өсиет, өнегелі өлеңдер деп біршамаларына талдау жасаған болатынбыз. Бұл тұста ақын шығармаларындағы образдылық, поэзиялық құрылымдарының қамтылуын сөз етеміз. Ақын шығармаларында халықтық ауыз әдебиетінің бір түрі мақалдар мен мәтелдерді орынды қолданған, сонымен қатар өзі жадынан шығарған қанатты сөздер де көп. Өткір ойлы, тапқыр сөйлеуге үйрететін терең мазмұнды, түйін жасап, қорытатын ғибратты, тағлымы мол, ықшамды жазылатын нақыл-ғибраттарын шартты түрде тақырыпқа бөліп қарастыруды жөн көрдік. Ұлт, ұрпақ тәрбиесінде үлгі боларлық бұл туындылардың бәрін қамту мүмкін емес, сондықтан олардың кейбіреулеріне ғана тоқталып, топтастырып мысал келтірдік.
Оқығандар дана-дүр
Оқымағандар шала-дүр
Білімді әйел басына қарайды,
Білімсіз әйел жасыңа қарайды.
Оқу білсең зор болдық,
Оқу білмесең қор болдың.
Ғылым-іштегі нұр
Өнер – сыртқа салынған түр.
Білім – арзан,
Білу – қымбат.
Ілім – бұлақ,
Ақыл – жағалай біткен құрақ.
Ақыл – аста, қайрат – жаста
Ақыл ауысады, ыдыс жұғысады
Ақылсыз жігіт – ауыздықсыз ат
Ақылдыға біткен сақал – жөн
Ақылысызға біткен сақал – жүн
Ақыл – тозбайтын тон,
Ғылым – таусылмайтын кен.
Айтар нақылы жоқтың
Табар ақылы жоқ.
Сабыр – күн түсірмейтін сая,
Асығыс – аунатып кететін мал.
Сабыр түбі –сары алтын
Сыпайылық ісі сабырмен бітеді.
Сабырлы салтанатқа болар ие.
Саспағанның сыбағасы сақтаулы.
Әрқашан алам десең – төрден орын,
Түзеп ал, татаусыз қып мінезіңді.
Удай ащы болсаң – түкіріп тастайды,
Балдай тәтті болсаң – жұтып жібереді.
Жақсы адам, жатық мінез кішік болар.
Жақсы ер - елдің туы,
Жақсы әйел – ердің туы.
Ердің ісі –келіс,
Жаманның ісі – керіс.
Көңілінен хабар берер кім сөйлесе
Жақсы жаныңа жолдас, жаман наныңа
Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
Жақсы өзін жан біткеннен кем көреді.
«Керіспеймін» деп мақтанба,
«Кек сақтамаймын» деп мақтан.
Ердің ісі – келіс,
Жаманның ісі – керіс.
Татулық – таусылмайтын кен секілді.
Келіңдер, кең ойлылар кеңеселік.
Ерлердің өзіне қарама, сөзіне қара
Біріккенді бөрі жемейді
Үлгісіз іс, күлкіге түс етеді.
Әйелдер жерден шыққан жоқ,
Ол да еркектің баласы.
Ерлер көктен түскен жоқ,
Әйел – оның анасы.
Адам баласы үш түрлі:
Ел үшін
Мал үшін
Қатын –бала қамы үшін
Екі әйел – ұрыс
Үш әйел – үш бұрыш
Бұрыштың тең-төртеу болғаны дұрыс
Әйелсіз тіршілік жоқ,
Әйел алсаң тыныштық жоқ. [21. 67 б.]
Тіл –қиялдың бұлағы.
Ақын шығармаларында өлеңнің екі түрі жыр және қара өлең үлгісін қолданады десек те, Шығыстық поэзияда бар шумақ пен ұйқасты сәнімен құлпырта өлең өрнегіне сыйғызған. Шығыс ухаммас, ғазел, бірыңғай ұйқасқа құрылған қасыда, меснева (маснави) сияқты шумақты өлеңдер көп кездеседі. Мысалы:
Есерлік естен қалмайды жасыңдағы,
Бақытты білу қиын басыңдағы.
Ерттеулі белдеудегі бедеу аттай,
Ініңнің қадірін біл қасыңдағы. [21. 60 б.]
Бұл төрт тармақты шумақ – рубай, ұйқасы ааба, өлеңнің әр тармағы аяқталған тиянақты ойды білдіріп тұр. Бес-алты жолдық өлеңнің соңғы ұйқасы біркелкі дыбыс үндестігіне құрылған мухаммас шумаққа мына өлеңді мысалға алуға болады.
Арғы атаң – Бекет еді,
Бекет емес бөгет еді.
Өзің әкең Базар – еді,
Базар емес, мазар еді.
Сен атың –Құлжан еді,
Құлжан емес, құр жан еді. [21. 57 б.]
Бұл шумақтың ұйқасы ааааа болып келеді. Ал қазақ поэзиясындағы өлең шумақтарына келетін болсақ халық лирикасында кең тараған орамды өлшем қара өлең шумағы, 7-8 буынға құоылатын жыр үлгісіндегі өлеңдер десек, ХІХ ғасырда Абай поэзиясында кездесетін алты аяқ, сегіз аяқ дейтін шумақтары, яғни, сегіз, алты жолдан тұратын, тармақтар өзара үйлесім тауып тұратын өлеңдер де бар. Демек, шумақ атауы оның құрылысынан, тармақ есебінен, мазмұн, ұйқасынан үн-дыбысынан, қай ақын тұңғыш қолданғанымен анықталады десек, Т.Ізтілеуов өлеңдерінде халық поэзиясындағы өлең-өрнек жүйесіне өзгерістер мен жаңалықтар енгізген. Көпті көрген қария, ақын, жыраулар, шешендер кейінгі ұрпаққа тағылым аманат ретінде өсиет өлеңдер қалдырып отырған. Сонымен қатар қазақтың тұрмыс-салтында қариялар, даналар, шешендер біреуге адал ниетін, тілегін, алғысын бата-тілек жырлары арқылы беретін болған. Бата жаңа туған сәбиге, биге, ханға, батырға, жаңа туған айға алдыға келген асқа, тойларда, ұстаздың шәкіртке т.б. беріліп, ол өлең түрінде айтылған. Қазақтың ескі дәстүр, салтына қанық Тұрмағамбет шығармаларында осы бір қазақтың рухани мәдени лексикасының тілдік көріністері мол.
«Шәкірттерге айтылған сөз» атты өлеңінде ақын:
Ғылымның құлпын ұстасаңдар,
Басқаның байқарсыңдар бар ақпарын.
Ғылымның кеуіліне Алла гүлін ексе,
Байлардан болар толық танаптарың.
Қысқасы ғалым болып үгіт айтып,
Бәрінен болғай, - деп, оң талаптарың.
Мінәжат мұстажаб боп осы қылған,
Дариядай тапсын фазыл шараптарың, - [21. 73 б.] деп ұстаз ақын шәкірттеріне дүниенің кілті ғылымда, ғылымды игеру қажет деп ізгі тілегін білдіреді.
«Балалар, бір-біріңнен ұрыспаңдар» деген өлеңде:
Үйреніп ерте бастан үлгі-өнеге
Ел билеп, ұлғайғанда тыныстаңдар.
«Болайын жақсы жігіт» дегендерің,
Үгітті осы айтқан шын ұстаңдар. [21. 91 б.] «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», - деген халық даналығы. Тұрмағамбет қолданысында тіл мен мәдениет сабақтастығы айшықты дәйектелген.
Болсын, - деп, - бізге қылған қабыл қайырың,
Кетсін, - деп, - көңілінен қам мен қайғың.
Бәрі де бата берді –боларсың, - деп
Ұзамай бейнесінде толған айдың.
Лажсыз, бір адамды патша қойды,
Рауа елді жинап, етіп тойды.
Бата алып бәрінен де барғандардың,
Жасырып жатып алды жұртқа бойды. [21. 217 б.]
«Көп жаса!» олай болса деймін, інім,
Ағаның іні азбайды алған тілін. [21. 144 б.]
Баталар оң және теріс деп екіге бөлінеді, теріс батаны қарғыс деп жүрміз. Т.Ізтілеуов баталарын адал ниетпен ақ батаға, яғни, оң батаға жатқызуға болады. Сонымен қатар мысалдары мен дастандарының негізгі сюжеті шығыстық болғанмен ақын қазақ ұғымына жақындатып салт-дәстүрлерді қазақ халқының тұрмысымен сәйкестендіреді. Сүйінші сұрау, сүйінші беру, сүйінші алу туралы ұлттық мәдениетпен сусынданған Тұрмағамбет «Мәлике ұл туды», - деп біреу келіп, немесе әкетті сүйіншіге бірталай аң. Қонақасы, табақ тарту, сарқыт сияқты дәстүрлерді қазақы ұғыммен береді. Мысалы: Беріңдер алып барып қонақасы,
Дұрыстап дастарханға орап деді.
Бекбауыл оларға да тартып табақ,
Тойдырды түрлі миуа беріп тамақ.
Жақсы адам жатық мінез, кішік болар,
Кигені кілең торқа ішік болар.
Халық біткен қай жерде де құрмет етіп,
Таласып сарқытынан ішіп болар. [21. 89 б.]
Ұлтымыздың мәдениетін танып білудің құралы тіл десек, ақын тілі арқылы халқымыздың мәдениеті, дәстүр-салтын танып білуге болады. Қазақ салтында үлкен тойларда, өлген кісіге ас бергенде ұлттық ойын бәйге ұйымдастырған. Ізтілеуов шығармаларында «бәйге» сөзін ауыспалы мағынада қолданған.
Шым тасып, шын ниетпен бөгеселік!
Бәйгені алу үшін ұран, салып. [21. 83 б.]
Бұл жолдардағы бәйге еңбек жарысы деген мағынада беріліп тұр.
Ол – ағаш тамырын көмбей тұрған әзір,
Ала алмас араз болып бізден бәйге.
Бәйге алып беретұғын бедеуіңе –
Жем, суды жетерлік қып көп береді.
Күтініп сен де сондай күшіңе кел,
Тұс-тұстан ұстайтындар көп келеді. [21. 127 б.]
Ежелгі әдеби мұраларда кездесетін нұр сөзін де көп қолданған.
Мысалы: Алтын, гауһар шамшырақ
Жарқыраған нұр едің
Шығыстық білімді жете меңгерген, шығыс классикалық әдебиетін жақсы білетін Т.Ізтілеуов араб, парсы, түркі, шағатай сөздерін шығармаларында қолданып отырған. Ел егемендігін алып, еңсемізді көтерген тұста Т.Ізтілеуов шығармаларына жаңаша көзқараспен қарап, ақынның мол рухани дүниелерін жаңа қырынан таныту қажет. Оның шығармаларында дінтанымдық лексика мол ұшырасады. Алла жалғыз, оған теңдес ешнәрсе жоқ екенін жеткізу үшін араб сөздерімен эпитет жасайды. Алла қайырымды, жомарт деген сөзді Маннан деген араб сөзімен жеткізген.
Кісінің жақсы жаманын –
Бір жаратқан Хақ білер
Сақтай гөр өзің, иә, Маннан.
Алланың 99 есімін Хақ, Жаппар, Кәрім, Зұлжалал деген эпитеттер арқылы:
Алла – Хақ (шындық)
Алла – Жаппар (құдіретті, күшті)
Алла – Кәрім (жомарт)
Алла Зұлжалал (ұлылық) иесі деп суреттеген.
Мысалы: 1. «Әй, Кәрім, кеуілін көркейт жұмла жұрттың,
Ішінен айдай болып шыққан жұрттың.
Әй, Кәрім, кеулін көтер мұсылманның,
Қуандыр қабіріңде қысылғанның.
Тауфик бер біреуі емес, бәріне де,
Кеуілінен иман нұрын ұшырғаннның. [21. 139 б.]
Өлеңде Алланың Кәрім жомарттығы кең, қысылғанға қол ұшын бер деп жалбарынады, тауфик бер – халыққа көмек, бақыт бере гөр деп тілейді.
Бұйрығын бітірсе жұрт оның қосқан. [21. 137 б.] Құдіреті күшті Алланы Хақ деп жер жүзіне бейбітшілік, бостандық беруін сұрайды.
Алланы арабша
Ғаффар – кешіруші
Қадір – бәрінен күшті
Мәулен – мырза, әулие
Рабб – тәрбиелеуші, асыраушы
Саттар – жаратушы ие деп, дінтанымдық сөздер тіркес түрінде қолданған.
Қазақылық, имандылықты мұрат тұтқан ақын дінтанымдық тіркестерді жиі пайдаланған. «Шығыс тілінің тірі сөздігі» аталған ақын шығармалары түгелдей тәрбие құралы екенін айтуымыз керек. Ол шығармаларында өлең ұйқасы үшін алынған араб, парсы сөздерінің көпшілігі діни сөздер болып келеді. Ақын шығармаларында халықтың шежіресі, тарихынан сыр шертетін халықтық мақал-мәтелдер де жиі ұшырасады. Халықтың әлеуметтік тіршілігі, әдет-ғұрпы, ақыл-ойы, даналығынан көрініс беріп, тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйін етіп беретін ұлтымыздың рухани мәдениетін білдіретін мақал-мәтелдер мол қолданған.
Мысалы:
Жақсыдан жаман озады.
Ат қадірін білмесең, жаяушылық берсін сазаңды.
Жарлы артық қайры жоқ байдан-дағы.
Белгілі мақсатты, ойды жүзеге асыру үшін, тыңдаушысына әсер ету үшін қолданған мақал-мәтелдерде игі қасиеттерге үндеу, уағыздау басым, бұл секілді мақал мен мәтелдерді оның әрбір шығармасынан кездестіреміз. Тұрмағамбет өлеңдерінің буын жайын сөз еткенде, ондағы жалпы заңдылыққа назар аудару керек. Шығармалары 7-8 буынды толғау, аралас буынды терме. 11 буынды қара өлеңді 12 буынға жеткізген. «Қайрама, халыққа тісіңді»
1 8 3 3
Жаз болғаннан жадыңа ал, = 8 а
4 3
Алдындағы қысыңды! = 7 б
1 2 2 3
Бақ құсы қонса басыңа = 8 в
2 2 3
Қадір тұт келген кісіңді = 8 б
өлеңі 7-8 буынға құрылған болса, «Адамдық іс» өлеңінде 11-12 буынды қара өлеңдер;
Күн шықса нұр қашады айдан-дағы, = 11 а
Жарлы артық қайыры жоқ байдан-дағы, = 12 б
4 1 1 3 2 1
Көңіліне: «Мен де адаммын! деп жүрген көп = 12 б
3 2 3 4
Кілегей майға ұқсаған айрандағы = 12 а
Дастандары, мысалдары, айтыстары кәдімгі 11 буынды қара өлеңге құрылған. Сөйтсе де ақын өлең құрылысын кейде бұзып өзінше өрнектейді. «Данышпан қартта»:
1 2 4 2 2
Бар соған сауалыңды берер ашып, =11
3 2 2 1 2 2
Білімде бәйге алмас жан одан асып. =12
1 2 4 1 3
Кем оның көрмегені бұл жаһанда, = 11
3 2 2 2 3
Келіпсің көлік қинап, мұнда адасып. = 12
Өлең жолдарының аяққы дыбыстарының не бірнеше буындарының құлаққа бірыңғай естілушілігін өлеңнің ұйқасы десек – ондай берік сақталатын ұйқастар Тұрмағамбетте көп. Мысалы, «Алты ақынның өмір туралы айтысында» жыр бәйгесіне түскенде, бірінші сөз кезегін алған Тұрмағамбет:
Келтірмес өлімді ойға нәпсіге ерсең,
Нәпсіге ер емессің, ерік берсең.
Тастайды ара шөлге адастырып,
Алдына «әуес» атты қойып көрсең, - дейді.
Өлең шығармаларындағы ырғақтың айқын сезілушілігі тек қана бунақ /қайталанатын жол бөлшектері/, буындардың бірыңғай келулері ғана емес, бунақ, буын жасайтын дыбыстарға да байланысты.
3 4 4
Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
3 4 4
Жақсыға жаман көзін ақырайтар.
3 4 5
«Тудым, - деп, өзін туған мен де атадан
3 4 4
Недәуір аузын көріп нақыл айтар
/ «Еңбегің ессізге еткен еш болады»/
Ырғағына негізделген, синтаксистік біткен бір ойды білдіретін шумақ.
Жолдарында буын, бунақтары дәл қайталанып, жол аяқтары ұйқасқа құрылатын өлеңдер Тұрмағамбетте жеткілікті. Ақын поэзиясында ұйқасты сөз тізбектер, дыбыс үйлесіміне құрылған өлең орамдары көптеп кездеседі. Зерттеуші ғалым С.Негимов: «Ұйқасты сөз тармақтың кез келген тұсында пайда бола береді. Ал ұйқастың өзі тармақ соңындағы бір тектес немесе үндес дауысты және дауыссыз дыбыстардың қайталауынан өріледі. Ол тармақтың шегесі деуге лайық. Және де поэзия тіліндегі негізгі ой-пікірді бөліп, күшейтіп, мәнерлеп, бейнелеп айтуға, әсіресе, шумақтың композициялық құрылысында қызметі ала бөтен, мағыналық салмағы орасан» - дейді. [107. 230 б.] Біз сөз етіп отырған ақын шығармаларында осындай үндестік бар. Т.Ізтілеуов өлең өлшемінде екі түрлі жыр және қара өлең ұйқасын көп қолданған, бұл өлшемдер үнемі саз, әуен тілеп тұрады. Өлең соңында ұйқасатын сөздер бірде зат есім, бірде етістік, есімдік сияқты сөз таптары болып үндесіп отырады. Өлеңдерінің ұйқасына келетін болсақ, қазақ әдебиетіндегі ұйқас түрлерін түгел дерлік кең пайдаланған. Мысал келтірелік: «Ұядан ұшқанда»: 1. Қара өлең ұйқасы
Пайда көп, өмір сүрсең, өнеріңде, а
Нәрсе жоқ өлетұғын өнеріңде. а
Ойыңа тіпті өлмейтін сияқтысың, б
Әр жаққа ауылыңды бөлерінде. а
Бұл ұйқас қазақ халқында бұрыннан бар қара өлең ұйқасы. Яғни 1-2-4 жолдардағы «өнерінде», «өлерінде», «бөлерінде» деген сөздер ұйқасады да, 3-жолдағы «сияқтысың» деген сөз ұйқассыз бос қалып отыр.
2.Шұбыртпалы ұйқас:
«Атақ» өлеңін алайық.
Орынсыз аға-ініңді өкпелетсең, -а
Өкінбес олар саған өртке кетсең, -а
Қалады қалайда да артында атың, -б
Емпеңдеп елдің атын өрттеп өтсең. -а
Көп сені «керексіз» деп кесіп тастар, -в
Ұзайып көлеңкесін көкке жетсең. -а
«Ақындарға айтарым»
«Топ жарған төрт тұлпарға» -а
«Келеді», - деп, - қай кезде? -а
Сендердің күттім жолында -б
Екі-үш рет оқып көр, -в
Танысаңдар қолымды -б
Айтқандарым асылында -б
Болуға тиіс толымды. -б
Өлеңде бір жол ұйқаспай, екіншісі ұйқасып келген. Өлең шумағы бірнеше жолдар тұрады да, тақ жолдары ұйқассыз қалып отыр. Бұл – кезектес ұйқас. Ақын творчествосында 1-жол мен 3-жол, 2-жол мен 4-жол ұйқастан шалыс ұйқастар да бар.
«Мырзаның мінезі» өлеңінде:
Ораза жоқ, намаз жоқ, -а
«Құдай» деген бір жансыз -б
Уайым жоқ, қайғы жоқ -а
Есалаң, ессіз ыржаңбыз -б
«Ленин күн» толғауы
Жер-жиһанды гүл жайнатты а
Ленин-Күнім, құштарым. Б
Көркейтіп көңілін сайратты, а
Біздердей бұлбұл құстарын. Б
Сөздің түбі табылар в
Бола қойса қостарың б
Ораза жоқ, намаз жоқ -а
«Құдай» деген бір жалбыз -б
Уайым жоқ, қайғы жоқ -а
Есалаң, ессіз ыржаңбыз. -б [21. 60 б.]
«Кейінге нені тастап кетемін?» деген өлеңінде егіз ұйқасты қолданған.
Дүниеге келгендердің мирас өлмек, -а
Өлген соң, екі бастан, жоқ қой келмек -а
Соны ойлап өз-өзіммен қайнап тасып -б
Қиялым көкірегімде кетті кернеп! -а
«Кейінге нені тастап кетемін?» деп -в
Ішкенім у сияқты болды кермек. -а
Өлеңде 1-2 жол «өлмек-келмек» болып ұйқасқан, 3 жолда ой бітпейді. «Қайнап – тасып» ашық қалған 4-6 жолмен ұйқасқан.
Ерікті ұйқас. «Сүлеймен мен кірпікшешен» мысалынан:
Сынатар жаратылған жүйрік аттай, -а
Жүргізіп өзін-өзі дөңеспенен. -б
Жаманды жар көкірек жан деп білме, -в
Құр кеуде көпті жеңген өңешпенен. -б
Болса да құл баласы қол қусырып, -г
Жұрт билер жөнді сөзге егеспеген. -б
Бұл өлеңде ұйқас бар, бірақ белгілі тәртіппен шықпаған, келтірілген үзіндіде 1-2-3-5 жол бос қалған, 2-4-жол мен 6-жол ұйқасады. Бұл қазақ әдебиетіндегі белгілі ерікті ұйқас.
Қас масаты қағылса, - а
Күннен-күнге құлпырар – б
Жонды жүйрік наз белеу – в
Шапқан сайын жұлқынар – б
Толымды жігіт тор бұзған – г
Жолбарыстай бұлқынар – б [21. 128 б.]
4. Қаусырма ұйқас
Күлді де көлеңкеге, дарақ а
Орынсыз өте кейіп кеппе! -деді б
Тайдай-ақ тапырақтап теппе, -деді б [21. 126б.]
Тармақтың соңғы буынындағы дауысты және дауыссыз дыбыстардың бірлесіп үндесуінен жасалған ұйқастарды жоғарыдай тізбектей беруге болады. Өлең мәнерлілігін ашатын ұйқаспен бірге тармақ пен ырғақ десек, ақын өлеңдерінде шымыр өрілген тармақтар ырғаққа саздылық беріп тұрады. Зерттеу жұмысымызда Т.Ізтілеуовтің творчествосындағы өлең құрылысын түгелдей дерлік жан-жақты қамтуды бұл тұста негізгі мақсат еткеніміз жоқ. Бұндай жұмыста ол мүмкін де емес, әрқайсысы өз алдына жеке зерттеуге тұрарлық дүниелер. Өнер аясындағы ақындық қуат Тұрмағамбет шығармаларында толығымен бой көрсеткен.
4.2 ӨЛЕҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Қазақ өлең құрылысын құрайтын негіздер: тармақ, шумақ, ырғақ деп жүрміз. Зертетуші ғалымдар Қ.Жұмалиев, З.Ахметовтер қазақ өлеңдерін буындық өлең, сондықтан силлабикалық өлең құрылысы жүйесіне жатқызады. 1. Тармақ – қазақ өлеңінің бір жолы екіден бастап – 36 жолға дейін тармақ құрады. Т.Ізтілеуов өлеңдері төрт одан көп тармаққа құрылады. Мысалы, «Жаманға жақсы адам ақыл айтар» өлеңі – 8 тармақ, «Болса егер көзің көкте» кеулің биік – 10 тармақ, «Молда Тұрмағамбеттің өзін баяндауы» - 88 тармақ, «Үгіт сөз» 66 тармақтан тұрады. 2. Шумақ – тиянақты ойды білдіретін өлең тармақтарының шоғыры. Ақын өлеңдерінің шумағы да әртүрлі болып келеді. Мысал өлеңдері мен дастандары төрт, сегіз, 12 жолдан шумақ құрған. Жыр үлгісінде жазылған арнау, толғауларында түйдек (трида) бойынша ой түйеді. Ақын тұтасып тұрған өлең бөлшектерінің үйлесуінен сурет жасап, шумақ құрайды. 3. Ырғақ – өлең тармақтарының ішкі мағыналық өрнегіне сай айтылатын дауыс толқыны. Ырғақ буынға тәуелді болғандықтан буын өзгерісіне қарай ырғақ та өзгеріп отырады.
Мысалы: Ұл мен қыздың қызығы –
Тілі анық шыққанша,
Мергендіктің қызығы –
Көздеген аңын жыққанша ...
Күн туса нұр қашады айдан-дағы,
Жарлы артық қайры жоқ байдан-дағы
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл
«Бұл сөзді таптың, - деме –қайдан тағы».
Міне, осы екі өлеңнің бірі жеті, бірі он бір буын болғанмен оқылуында да өзгешелік бар, яғни, оқылуы да буындық ерекшелігіне қарай екі түрлі оқылады. Тұрмағамбет өлеңдерінде кейде ырғақ буынға бағынбай, екі ырғақпен оқылатын жәйттер де кездеседі. Өлең ырғағына қарай жыр, ән мәтініндегі өлеңдер көп. 4. Бунақ – өлең тармағындағы дауыс екпінін түзетін аралық жік. Әрине, кез келген өлеңде бунақ буынға тәуелді болады. Тұрмағамбет өлеңдері де қазақ өлеңіндегі төрт буыннан, 8 буын, 2 бунақ, 9-12 буынға дейін 3 бунақ, 12-ден жоғары 4 бунақ болып келеді. Ақындық қуат, өнер аясындағы ерекшеліктері, өлең сөздің әрі мен ажары, көркі мен келісімі Тұрмағамбет шығармаларында осылайша өрілген. Ұлттық сөз өнеріндегі образдық жүйе мен бейнелі сөздер мақпалға түскен зер кестедей өрнектелген.
ТҮЙІН СӨЗ
Біз бұл зерттеуімізде Т.Ізтілеуовтің поэтикалық творчествосына, оның идеялық мазмұнына, ақындық шеберлігіне тоқталуды мақсат еттік. Аталмыш мақсатты белгілі дәрежеде орындап шығуға бар мүмкіндігімізді жұмсап, ақын шығармаларын жан-жақты талдап танытуға күш салдық. Тұрмағамбет – өлеңді өміріне өзек еткен, өлеңді өнер, өнерді өмір деп ұққан өзіндік беті айқын талант иесі. Т.Ізтілеуов туған халқымыздың терең тамырлы әдебиетінен, батыс классиктері мен шығыс шайырларынан мол үйреніп, әдебиетіміздің алтын қорын байытты. Ақын поэзиясы – өткір ой мен жылы да нәзік сезімнің поэзиясы. Ол өзі туралы былай дейді:
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім? – деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектен көгені едім.
Қазақтың бай, сұлу сөздерінен Т.Ізтілеуов салған тамаша бояулы суреттер оқушыны, шынында, тебірентпей қоймайды. Орыстың ұлы сыншысы Добролюбов лириканың әдебиетте алатын орнын бағалай келіп: «Расында да, біздің заттар мен құбылыстардан алатын әсерімізде шек жоқ, жанымызға солардан туатын өткір сезімдер де сан алуан. Міне, осы түйсік, әсерлердің әрқайсысы-ақ лирикалық өлеңдерге мазмұн. Бұл сияқты түйсік сезімдерді сипаттаған ақынның адамға жасаған қызметі ұшан-теңіз. Онсыз көптеген көрікті сезімдер мен ізгі ниеттер тез ұмытылар еді... Жүрек сезімін сұлу сипаттағыш ақын біздің кілең әсерленіп, бірақ тіршілік қамымен ұмытқан жақсы сезімдерімізді қайтадан еске салады», - дейді. [108 б] Ақын лирикасына тоқталғанда, ол сан тақырыпта жазса да, осы сыншы пікіріне сәйкес «жүрек сезімін сұлу сипаттағыш» ақындығымен қазақтың өлең әдебиетінде бірегейлігін біршама дәлелдеген секілдіміз. Зерттеу жұмысымызда ақын өлеңдерінің өміршеңдігі, ойлылығы, гуманизмі көбірек айтылады. Ақынның негізгі идеясы – адамгершілік. Оның шығармалары жанр жағынан да сан-салалы, ақыл-нақылдарға толы, пікірге бай. Тұрмағамбет, негізінен, лирик. Ол назымның оннан астам түрін қолданған. Оларға біз жетімді түсініктер берген сияқтымыз. Өзіндік ақындық ашық стилі бар, басқамен шатастыруға болмайтын, ақпа-төкпе ақын екені бірден сезіледі. Ол – қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін ұштастыруға күш салған ақын. Міне, қазақ поэзиясына өлең деген өнердің өзіндегі әдемі естілетін айрықша, қайталанбас, өзіндік үнімен келген, айшығы мен өрнегі бөлек сөз кестесін ұсынған. Әдебиет әлемінде өзіне тиіс үлесі бар, шын мәніндегі талант иелерінің бірі, ақын – Т.Ізтілеуов қазақ әдебиетіне көптеген түрлер мен жанрлар әкелді. Романтизм стилін енгізе отырып, Шығыстық үлгіде жырлаған. Ақынның өзіндік ерекше ақындық сипатқа жету үшін әрине, талай мектептерден үйренді, үлгі алды. Қорытынды тарауда мұны да атап өткеніміз мақұл. Бұл мектептің алғашқы бұлақ көзі – туған халқының бай ауыз әдебиеті; екінші көзі шығыстың классик әдебиеті, белгілі «Мың бір түн», «Тотынама» сияқты ұлы туындылар. Шығыстық дәстүрден рухани нәр алған қазақ ақыны өзінің ана тілінде сөз термелеп, өрнек өрбітеді. Ақын стиліне тән нәрсе – көп сөзділік емес, аз сөзбен көп мағыналы сөз теру. Көркемдік айшықтары, тіл ұстарту тәсілдері қайталанбас шеберлік. Т.Ізтілеуовтің қазақ әдебиетіне қосқан үлкен үлес салмағы – назирашылдық пен «Рүстем Дастан» сияқты классикалық шығарманы өзінің ана тіліне аударып, әлемдік асыл мұраны өз халқына тартуы. Бұл сияқты баға жетпес рухани үлес қосқан ақынның шығармаларын түгендей түсу, зерттей беру азаматтық борышымыз. Ақынның бұл еңбегін ерекше атау керек. Бұл – оның ақындық творчествосының шоқтығы биік екенін тапжылтпас дәлел. Тұрмағамбеттің назымдары – оның ақындық ерекшеліктерін бірден-ақ танытарлық туындылар. Ұрпақты, ұлтты тәрбиелеу мақсатында жазылған нақыл, ғибрат сөздері – жалаң үгітке, ресми – ережеге құрылған құрғақ нақыл емес, нақты өмір шындығына тығыз қатысты жазылған өсиет сөздер. Біршама өлеңдерін ескі дәстүр бойынша терме стилінде жазды. Стилінің бірыңғайлығы жеке адамның өзіне тән ерекшелігін жоққа шығармайды. Өлеңді мазмұнға құруға, сөйлемде ойға қатысы жоқ сөз болмау керектігіне, өлеңнің тақпақтап айтуға лайықталуына көңіл бөліп, өлең жазуда берік ұстанған. Бойындағы бар күшін халқы үшін түгел жұмсай алмай, озбырлық құрбаны боп арманда кеткен ақын арманын халқына жеткізу, түсіндіру бүгінгі біздің міндетіміз. Аяулы ақынымыз Мағжан Жұмабаев өзінің бір еңбегінде: «Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы бір болуында, қуаныш-қайғысы ортақ болуында. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында, тілегінің елмен ортақ болуында, ер өмірінің өрі мен көрімен бір болуында», - дейді. [76. 345 б.] Қандай дәл айтылған тамаша пікір. Мағжанның өзіне де осы сөзі тиесілі, сондай-ақ, оның тағдырластарына да, Тұрмағамбетке де арналған сөз сияқты. Тұрмағамбет жайлы зерттеулер жүргізіп, оның мұрасын толықтырып, халыққа тарату – баршамыздың борышымыз. Т.Ізтілеуовтің тіл байлығы, сөзді қолдану ерекшеліктері, шеберлігі, ой-жүйесінің тартымдылығы, оның шебер ақын болғанын аңғартады. Тілдің көркемдегіш құралдары – теңеу, эпитет, кейіптеу гипербола т.б. қолдануы ақынның халық ауыз әдебиетін жетік меңгергенінің дәлелі. Сонымен қатар ақын жаңа сөз қолданыс, жаңа эпитет пен теңеулерді орынды пайдалана білген. Дастандарының сюжеттік желісін образ нақыштарын қазақ әдебиетінің дәстүрлі кестелерімен ұштастырып, байытты. Кейіпкерлерді суреттеуде қазақ халқының салтына, тұрмысына сай жырлаған. Тұрмағамбет соңғы жылдары ақталып, туған еліне оның бай мұралары қайтарылды. Атақты ақтаңдақтар қатарлы қадір-құрметке ие болды. Артына 100 000 (жүз мың) жолға жуық жыр қалдырған ақын шабытының шарықтаған шағында өмірден кетті. Ол – ұлы талант еді. Адал, еліне, халқына берілген ақын қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік із қалдырды. Сыр елі ақындарының ішінде Абай шығармасына таңсық боп тұңғыш танысқан да, оның сөздерін қастерлеп айтып, елге таратқан да Тұрмағамбет болды. Туған халқының сөзі Тұрмағамбет поэзиясының стилін қалаған. Бұл стиль одан да бұрын Абай да, тағы басқа ақындарда қалыптасқан мәлім жай. Қандай ақынды алып қарасақ та, өзара ұқсастығы емес, ерекшелігімен қызық көрінеді. Әрбір ақында әдеби творчестволық ерекшелік бірте-бірте қалыптасады, әрине, бір немесе бірнеш ақынның идеялық көркемдік бірлігі немесе жеке өзіне тән ерекшелігі болуға тиіс. Бұл ерекшеліктер тіл, сөз, сөйлем құрылысында айқындалады. Шығыс әдебиетінен нәр алған Тұрмағамбеттің де өзіндік ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі бар десек, олар осы Шығысшылдығынан, назирашылдығынан әбден танылады. Ауыз әдебиеті мен Шығыстық поэзияның стиліне тән қасиеттердің бірі – сөз арасында философиялық ой-пікір, айту, қаһарманның өмір-тіршілігі туралы ойланып-толғануы болып табылады. Мұндай әдіс Тұрмағамбет поэзиясында молынан ұшырасады. Ақынның арқа сүйері, өлең арнайтыны, мұңын шағатын обьектісі – халық, халықтың ұл-қыздары. Сондықтан халыққа арналған өлеңдері «ұран» іспетті естіледі. «Қайрама халқыңа тісіңді», «Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл», «Қамын ойла халқыңның» деген жүректен шыққан сөздері – соның айғағы. Ол не істесе де, қалай еңбектеніп, қалай ізденсе де соның бәрі келешек ұлт, ұрпақ үшін екенін дәл басып айтқан, сезген суреткер. Жоғарыда айтқандай өлеңдеріндегі негізгі ойды ашып айту, сөз арасында қорытынды ой түю ақынға шығыс әдебиетінің тигізген әсері екені сөзсіз. Профессор Т.Қожакеев 1969 жылы шыққан «Қазақ мысалдары» еңбегінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ мысалшылдарының еңбектеріне талдау жасай келіп: «Бұл тұстағы әдебиетімізде екі бағыт, екі деңгейдегі ақын қалам тербеді. Бір тобы Шығыс поэзиясының мектебінен өтіп, соның үрдісін дәстүрін творчестволық стиль ретінде қабылдаған шайырлар еді. Олардың бүкіл творчествосының басты сарыны жұртқа үгіт-насихат, ақыл-өсиет айту болады», - [109] деген шешімі біздің пікірімізді нақтылай түседі. Адамның ішкі-сыртқы құбылысын бұлайша түгел қамтып, астарлы, терең мағыналы, жарасымды теңеулермен сөз кестесіне сыйыстыру, бұрын құлақ естімегенді тұспалдап санаға ұялату сөз зергерлерінің қолынан келетін шеберлік. Тұрмағамбет дастандарында оқиғаны жай баяндаушы ғана емес, өзінің лирикалық сөз мәнерін, философиялық ойларын дастандарының ретті жерінде орынды пайдаланады. Ол шағын шығармамен де шалқар шындықты танытып, көркем шығарма жаза біледі. Тұрмағамбет Ізтілеуов – қазақ өлеңінің шыншылдық, реалистік сипатын дамытушы ақын. Оның әлеуметтік астары қалың өткір арнау өлеңдері, айтыс, толғаулары, дастандары, мысалдары, Шығыстық үлгіде жазылған төрттаған, рубаяттары ақындық өрісінің құнарлы екенін аңғартады. Шығармаларындағы мәңгілік тақырып адамгершілік категориялары, ар-ождан, өнегелік, сенімділікті насихаттайтын, дидактикалық талғамы зор мұра ретінде бағалы. Тұрмағамбет ақыннан қалған бай мұра қазақ поэзиясының нақтылы бір дәуірдегі жаңа көркемдік сапаға ойысуы ретінде маңызды да мәнді деп бағаланды. Т.Ізтілеуовтің шеберлік тәсілдері, ақындық ұстанымы, бет-бағыты, өмірбаяндық деректері тұтас Сыр сүлейлерінің көркемдік өрісі ауқымында зерттелу арқылы келешек ұрпағына рухани құнарын құя беретіндігі зерделенді. Ақынның жалпы поэтикалық шығармаларының тәуірі, төмені, орташасы да бар. Ол ақынның поэзияда үнемі өсу жолы бар екенінің куәсі болмақ. Сондықтан оның да өсу-өрлеу кезеңдері болғандығын, ақындық кемелдікке жетудің барлық сатыларынан өткендігі сөзсіз. Ал, тұтас алғанда, ортамызға қайта оралған Тұрмағамбет мұрасы – біздің қадірлейтін қымбат мұраларымыз. Ақын туған халқы жайында әртүрлі қырынан қарап, әр түрлі тақырыптық ауқымдарда жырлады. Қоғам, уақыттың сана-сезімі жаңарған жаңа ұрпақтың талабына, толғанысына сай жаңа сипат табуға тырысты. Сондықтан ақын шығармалары – бізге туыс та дос. Ақын назымы – ұрпағына қалдырған назы, іші кернеген мұң-шері. Қазақ поэзиясының кең арнасына Абай ізімен еркінірек және етене күйде енген Тұрмағамбет шығармаларының лейтмотиві ағартушылық ой, халықты білімге шақыру, адамгершілік ізгі қасиеттерге баулу, өмірдің күнгей жақтарына жетелеу, елге қызмет етерлік азамат болуға үндеу, жақсы мінезге үйрету, адалдық, адамдық істерді аңсау болып табылады. Қазіргі күнде ақынның асқақ үні мен әуені жыр сүйер халық арасына құрметпен ауызға алынады. Ақынның тіл айшығы да ерекше түрленіп, түлеп түскен сөзден тұрады. Аз сөзге көп сурет, көп ой салып жеткізуде Тұрмағамбет шебер, шешен, тіл ұстасы ретінде бағаланды. Жаңаның өркені тамыр жаюы үшін, бой салып өсуі үшін, орманнан орман өсіп шығуы үшін оны сақтау керек. Біз бұндай ұлағатты сөздердің Тұрмағамбет мұраларын тани-зерттей түсуімізге жолдама ретінде қабылдауға тиіспіз. Т.Ізтілеуов поэзиясын байыпты зерттеу үстінде біз ақынның талай қырлары мен сырларын ашып, оны толық талдап, көркемдік мәнін, тақырып талғамдарын танытқандай болдық. Тұрмағамбеттің бай творчествосы өз туған әдебиетінің қорына қосылған зор байлық, қымбат қазына екенін дәлелдеп, ұлт мәдениетінің алтын қорынан алатын және әдебиет тарихында өзіндік, орнын белгілеп бергендей болдық.
ҚОСЫМШАЛАР
Барады өмір арбадай,
Төменге қарай дөңгелеп.
Шығу жоқ енді қайтадан,
Өр үстіне өрмелеп.
Балалық қалды, қалайда
Қатуланып көрем деп.
Кәрілік келіп қауқандап
Алып барады кеулелеп.
Істейтін жөнің түрі бар,
Бір басымның он бөлек,
Аз қалды адам аңғарсам
Айтатын аға, жеңге деп
Өз-өзімді нығайтам
Туралықтан төнбе деп
Жаратқанға жалынам
Ниетімді жөнде деп
Көгілімді көркейтіп
Ажарлар әбден өзде деп
Сонда жүрміз қысы-жазы,
Жортаққа бітті шөңгелеп
Ақылым үгіт айтады-ау,
Дүниеге көңіл бөлме деп
Нәпсім айтады әлі де
Құлашыңды серме деп
Азайып ақыл алайда
Барады нәпсім өнбелеп
Қайтерімді біле алмай
Ойымды жүрмін бөлмелеп
Айтқанын қыл деп осының
Ойымды жүрмін бөлмелеп.
Қосылды дүние оларға
Жүргізейік жөнгелеп
Жұлқынып жүрмін шамасы
Шығамын қашан дөңгелеп
Біткен соң тағдыр өлшеулі
Келеді бір күн өлімде
Іздегенім сен бе деп
Жақ қайта тәңірім көңіліме
Иманның шамын сөнбе деп
Тұрады-ау таңып теңде деп
Жер ошақтай жер қазып
Жат деді-ау жұртым сен де көп
Осыны ойлап өкінем
Ақыл жоқ-ау менде деп
Ауысқанмен ақыл-ес
Барамын кімге емде деп
Саламат күні сәттері хақ
Айт қайтарып пәнде деп
Өлмей тұрып он саусақ
Жаз қиялды жүрмелеп
Көрін көптің көзіне
Кигендей көйлек бүрмелеп
Сұңқар мойын сұлу бол
Көздерін қойған сүрмелеп
Тұлпарын айдың ұстап ап
Қайткенменен кермелеп
Баладай баптап бағыңдар
Бірге шешіп, бір бөлек
Не мамандар бар еді-ау,
Сөздері сұлу бір бөлек
Жатып алды олар бұл күнде
Әр төбені іргелеп
Отырғандай ойым бар
Жар басына мінбелеп
Көрінемін көңіліме
Жат адамдай бір бөлек
Азайып қатар қалған соң,
Болыппын қатар үркелек
Ұнамаса айтқаным
Қылады мені кім керек
Сүрінмелеп әр жерге,
Келе жатқандай түнделеп.
Іш қазандай қайнайды ау,
Тұрмаса шығып күмбірлеп.
Асыраңдар сәбиді
Үлде менен бүлделеп
Күлкі қыла көрмеңдер
Мылжың екен мүлде деп
Көремін көптің әл-жайын
Хор бергендей шөрелеп
Тілектес тегіс болыңдар,
Ұрпақ шашып көлде деп
Қазандай ішім қайнайды
Тұрмаса шығып күнде деп
Сондықтан сөге бермеңдер
Сөйлей бергін бұл мен деп.
Бұл ақын Т.Ізтілеуовтің 57 жасында жазған жыры. Баспада жарияланбаған. Өлең Қармақшы ауданы «Қуандария» совхозында тұратын Аяған Мейірмановтан жазып алынды. ӘӨИ институтындағы ақынның өз қолжазбасымен 875 папка, №1 дәптердегі нұсқамен салыстырылып, толықтырылады. (Түп нұсқа араб әріпімен жазылған.)
ДҮНИЕНІҢ ОПАСЫЗЫН КӨРДІМ КӨЗБЕН
Дүниенің опасызын көрдім көзбен
Қанбаушы ем опасыз деп айтқан сөзбен.
Қаншама халық басқарған хан болсаң да.
Шат болып, шалықтаудың жиырма, отызбен.
Уақытында осы өмірдің өрге ұмтылып
Хабарың білінбейді басқан көзбен
Қырық жас қыңырлықпен қойдыратын
Бара-бар байқағанда сөзім тезбен.
Жұмысыңды өткендегі ұят көріп
Болуға буасың бел бір мінезбен
Ел жас салмағыңды сәл кемітіп,
Табанды тайқаңдатар болып бетпен.
Әлсіреп алпысың да қалмасаң да,
Көшке ерген кісідейсің кәрі өгізбен.
Жетпіске жеткеннен соң жынсыз жұртты
Алдаған адамдайсың құр қобызбен.
Сексенге барғаннан соң сілең құрып,
Ұрысып отырасыз екі бізбен.
Тоқсанда тұрмастай ғып томар түйіп,
Басыңнан туысқаның бәрі безген.
Жүз жастың жарты тұлға керегі жоқ,
Балшықтай бала ойнап қолмен езген.
Аңлаңдар ақылы толық азаматтар
Мысалым менің осы біліп, сезген.
Өлеңді Қармақшы ауданы «Көмекбаев Т.» совхозының тұрғыны Жүсіпов Қасымнан жазып алдық. ӘӨИ институтының сирек қолжазбалар қорындағы Т.Ізтілеуовтің өз қолжазбасымен (875 папка, №2 дәптер) салыстырылды. Баспада жарияланбаған.
МАХМУТБЕККЕ
Махмутбек, ал қолыңа қаламыңды,
Хат үйрен, ойынға қой алаңыңды.
Хатқа ұста қатарыңнан бола қойсаң,
Білерсің жора-жолдас жанарыңды.
Көп оқып, көңіл көзін ашып алсаң.
Жүргізер жұртқа Алла араныңды.
Ұқтият сөз осылайша біз ағаңнан
Сен түгел алты алашқа тарамасқа
Айтатын маған ақыл сен бе демей
Ғылымға жастан жұмса бар әліңді.
Бұл өлең Қармақшы ауданы «Көмекбаев Т.» совхозының тұрғыны Жұматаев Мәрсадықтан жазып алынған. ӘӨИ институтының сирек қолжазбалар қорындағы Т.Ізтілеуовтің өз қолжазбасымен (папка 875, дәптер №2) салыстырылды. Баспада жарияланбаған.
ЖӘРІМБЕТ СҮЛЕЙМЕНГЕ
Бір тайлақ беремін деп бота алып ең,
Ер жігіт ел атыңа атанып ең.
Сол жылы Сүлейменнен аларсың деп,
Бір талай сырттан сатып мата алып ең.
Аяқсыз айтқан сөзің болып кетті-ау,
Үмітті уақытымдағы қатарым ең
Тайлақтың атын Тайрақ етерің бар,
Несіне уәдеге шаталап ең.
Өлең Қармақшы ауданы «Көмекбаев» совхозының тұрғыны Жұматаев Мірсадықтан жазып алынды. ӘӨИ қолжазбалар қорындағы Т.Ізтілеуовтің қолжазбасымен (папка №875, дәптер №2) салыстырылды. Баспада жарияланбаған.
1.Дос үшін меһнат тартқан қайғы
Қайғыңды қылар ұмыт бір талайын
Қан жұтып қатарыңа қуанттырсаң
Арман жоқ, атақ озып алдың бәйгі
Көңілі үшін көрмей рақат бір-бірінің
Ертеде өтіп кетті Мәжнүн-Ләйлі
Кейінгі кең ойлылар қалдырды атын
Жұрт үшін жалпақ кешіп басы байлы
Шамаңша шамдай жанып, шашып қайыр,
Сен дағы серігіңе бол ыңғайлы
Жұртыңа жүзден озып бәйгі алып бер
Атыңның берік кезінде артқы айылы
Жегізбей жолдасыңа жұлып алма,
Екен деп бұл жіліктің басы майлы
Ағаны ағасы зор арнадай біл
Би тауып беретұғын өте артық
Білгенге бұл сезімнің маңызы артық.
Кепісті кер биедей болған тайлы
2.Алпысты аңлауымша ақыл серік,
Болмайды ақылсыздық көңілі жүйрік.
Үстінен қазынаның құлатады,
Ізіне ер де отыр беріп ерік.
Әрқашан айтқаныңмен бас бұрмасаң,
Бітеді айдай ажар, күндей көрік,
Басыңа бақыт қонып, ықпал орнап,
Сияқты болар сөзің піскен өрік.
Көппен ит нәпсінің күн-түн баққанменен,
Қан-жынға халық ұмтылар болып жерік
Басыңды байқаусызда баққа былғар,
Бетіне қойыл берме, бойла берік
Сөзімнің мағынасына зейілің жетсе,
Кигендей көркейерсің, кәмшат бөрік.
Бұл екі өлең Қармақшы ауданы, «Көмекбаев» совхозының тұрғыны Жұматаев Мірсадықтан жазып алынды. Баспада жарияланбаған. Ел аузынан.
Ішінде Досмұхандай ағасы бар
Сон-соңғың менен кіші боларсыңдар.
Таласпай, татулықпен бөліп ішсең,
Самаурын кең көрінеді ғой қанасыңдар.
Шөменмен қонысым бір болғанменен,
Әліммен туыстық жөнінде таласым бар.
Самаурын күнде қайнап келіп тұрса,
Менің де бір шәйнек су аласым бар.
Өлеңді ақын Қазалы түрмесінде отырып жазған. Қазалы ауданының тұрғыны Баймырзаевтан жазып алынған. Баспада жарияланбаған.
ҚЫСҚА ШУМАҚТАР
Дос бол, жар бол, ашына бол,
Қызықпа дәулетіне басына бол.
Ат, атаның сай кезде әркім жолдас,
Ер болсаң тарыққанда қасында бол.
Жігіттік мысалы жаз құс келгендей,
Қар жауып кәрішілік қыс келгендей
Дүниенің өзі сыйқыр, көз бояушы,
Төсекте ұйықтап жатып түс көргендей.
Бұл өмір сүйтіп жүріп өте шығар,
Шай ішіп отау үйге түстенгендей.
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Бақырып әлекпе деп ешкі өлгендей.
Келін жан келе жатыр ырғатылып,
Жүйріктей топтан орап ширатылып.
Үстіне ақ төсінің бір мініп алып,
Жатырмын
Бөкенді қызығамын қырыдатсаң,
Барыңды болаттағы ырымдатсаң.
Қызығы қыздан кейін көрінбейді,
Кемпірдің көрігін шырылдатсаң.
Қармақшы ауданы, Жұматаев Мірсадықтан жазып алынған.
НАҚЫЛДАР
Дене дерті өзіңді қинайды
Мінез дерті өзгені қинайды.
Адам деген ұлы атақты атағанша
Көрсете білген артық
Тасыған өзен арнасынан асады
Жерді көгертеді.
Тасыған көңіл таудан да асады
Елді жиіркендірді.
Есерсоқ батырдан
Есті қорқақ артық.
Жігіттің басына
Бақ кейде тауып қонады
Кейде ауып қонады.
Сырты сылуды айтқанша
Іші сұлуды айт.
Сырты сұлуға көз қызығады
Іші сұлуға жүрек қызығады.
Түбінде тура болсаң, ту ұстарсың,
Бағыңды болсаң, бұзық ұстарсың.
Қармақшы ауданы «Ақжар» совхозы, Қосбармақов Біркебайдан жазып алынды. Баспада жарияланбаған.
Жазығым жоқ жатырмын.
Жасаңыз жолдас келгелі
Болғаным жоқ жағдайсыз.
Жақсы ма деп жай-күйің
Әр қашан бұрап аңдайсыз.
Жарқын жүзді жаз күнгі
Жарқырап атқан таңдайсыз.
Кездескен соң сіз келіп
Боламын қайтіп маңдайсыз.
Ақ-қараны ашайын
Ақылға диқан шамдайсыз.
Жазығым жоқ жатырмын
Қандай шара қолдайсыз.
Өтірікті айтпаймын
Сөзіме сеніп нанғайсыз.
Көптен бері боп жүрмін
Бірсүгін түнде ашқайсыз.
Қор қылдырмай қалайда
Қатарға қосып алғайсыз.
Жетіспеген жерімді
Беріп жәрдем жалғайсыз.
Мен түгіл мұнша жұрт сыйған
Кең салынған залдайсыз.
Қарағанда алыстан
Асқар биік жалдайсыз.
Таңдайдан дәмі кетпейтін
Тамылжыған балдайсыз.
Татауын тауып талдайсыз
Жақтырмасаң негізі надан малдайсыз
Жақтырсаң жайқыннан өткізіп саларсың.
ӘӨИ институтының қолжазбалар қорынан алынды. (875 папка, №1 дәптер Т.Ізтілеуовтың өз қолжазбасы) баспада жарияланбаған.
Бектерім болсын, Қызылорда,
Бақ қонсын бастарыңа қорда-қорда.
Ойлы өрлер өздеріңдей бас болған соң,
Құстар жүр көкте ұшып торда-торда
Аз бен көп жері бәрі бірдей біліп,
Ешкімнің емес енді...
Тұрсаңдар туралықпен осы жерде.
ӘӨИ ниститутының қолжазбалар қорынан алынды. (875 папка, №2 дәптер №69) Баспада жарияланбаған.
Ыбырай төреге айтылған сөз
Жасыңнан шаш қойып, шапкі кидің,
Сарп еттің заң – законға бәрін мидің.
Орысқа өлсем де ұқсас болмайын деп,
Арт баспай, көбесіне тұрып сидің.
Алса орын өзің мінді таппаған соң,
Еңбегім еш болды-ау деп жаңдың, күйдің.
Өтсін деп осыменен енді өмірім,
Талапты тәртіптіні тердің жидің.
Сыпайы сенен олар үшбу уақыт,
Ақыл айтып, алдында жүр болыс, бидің,
Төреміз төрге көпті шығарар деп
Шамасы барма шомын еткен сыйдың.
Көр десін көңілімді көркейтпекке,
Барып ем жапсар жақтан бір жай шықты,
Ризамын, ендігіңе айтшы жауап,
Иесін ит те қаппайды не үшін тидің?
ӘӨИ институты қолжазбалар қорындағы 875 папка, дәптер №2, №33 алынды. Баспада жарияланбаған.
ТҰРМАҒАМБЕТ ТАРТҚАН ТАУҚЫМЕТ
Сыр сүлейлерін зерттеуде елеулі еңбек еткен, республикаға танымал фольклоршы Мардан Байділдаев көзінің тірісінде «Сен ғой Тұрмағамбет Ізтілеуовұлының туысысың. Айтшы кәне, кешегі қуғын-сүргін жылдарында ол неше рет түрмеге қамалды?» деп сұрады. Мен бір-екі шумақ өлеңдері үшін түрмеге қамалғанын айттым. Туралығына келгенде, Тұрекең сол екі шумақ өлеңді онан едәуір кең көлемде Алматыда болғанда тағы бір жерде айтқан болып шықты.
- Бірде Тұрмағамбет дүр Алматыға барған сәтінде бірден Қазақ республикасының прокуроры Сүлеймен Есқараевтың үйіне аялдапты, - деп Мардан әңгімесін бастады. Кешкі асқа Республикалық Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовты, орталық партия комитетінің хатшысы Ілияс Қабыловты, тағы басқа біраз қайраткерлерді шақырған.
Қызылорда топырағының түлектері Ұзақбай мен Ілияс сыйлы қонақ – Тұрмағамбеттен елде, әсіресе Төрткөлде болған жаңалықтарды сұрағанда өлеңмен былай жауап беріпті:
Төрткөлдің көлі кетті де, шөлі қалды,
Төренің төресі кетті де, төбеті қалды.
Алымның алымы кетті де, залымы қалды.
Мал дегенде есек қалды,
Үй дегенде кесек қалды.
Ерлі-зайыптылар екі айырылып,
Құр қаңырап төсек қалды.
Белсенділер салық жинайды,
Құрым киіз,
Сүйек-саяқ,
Бәрі де есепке алды...
Бұл кезде И.Голощекиннің идеясы жүзеге асырылып, елді аштыққа тіреген кезең болатын. Зерделі ақын соның бәрін осы кішкене шумаққа сыйғызып еді. Тұрмағамбеттің бұл өлеңі НКВД құлағына қалай жеткенін кім білсін, ертеңіне дәл сол сөзі үшін ол түрмеге қамалды. Бұл кезде Тұрмағамбет «Шахнаманы» жазуға кірісе қоймаған, оған тек Темірбек Жүргенов ұсыныс алып, сол тірлікті бастандыру үшін астанаға әдейі келген сәті болатын. Республиканың Мәдениет халық комиссары, өлкелік партия комитетінің хатшысы болып табылатын Темірбек Жүргенов араға түсті, оны түрмеден әрең шығартып алады. Сол екі арада ол түрменің «дәмін» екі жуық татып шықты. Қуғын-сүргін жылдарында талай-талай боздақты елдегі НКВД тыңшылары әртүрлі айла-шарғымен ұстап, түрмеге қамай берген ғой. Ең әрісі біреуден өш алғысы келсе, НКВД тыңшысына барып, сыбырлаған. Ел арасындағы сондай тыңшылардың бірі Құрбан деген молда болыпты. Тұрмағамбетті өзіне шақырып ақынға ірілік танытып, жөнімен сөз тыңдамай қойыпты. Сонда Тұрекең:
Шақырдың мені молда Құрбан,
Есексің, ақыл-есің тым құрыған.
Әлемнің төрт бұрышын ұстағандай,
Отырсың столыңда ырғаң-ырғаң, -
депті де, шығып жүре беріпті. Әрине, Құрбан НКВД тыңшылығын «шебер» пайдаланып, өзі жайында айтылған бір ауыз өлеңді айтпай, Тұрмағамбетті кеңес өкіметіне қарсы өлең айтты деп НКВД басшысына барып сыбырлай қояды. НКВД басшысы жендет жіберіп, Тұрмағамбетті тағы түрмеге қаматады. Алматыдағы Темірбек Жүргенов пен Сүлеймен Есқараев араға түсіп, Тұрекеңді тағы да түрмеден босаттырған. Тұрекең үшінші рет түрмеге қамалуы – оған «Шахнаманы» жазуға ұсыныс қойған Темірбек Жүргеновтің «халық жауы» деген жаламен ұсталуымен байланысты болды. НКВД қырғилары оны бір-бірімен жерлес, туыс деп атады, Алматыда неше жерде дастархандас болғанына дейін тізбектелді. Осыдан кейін ақынды да тез қамауға алу жөнінде қаулы шықты. Қазалы уезінің түрмесінде Тұрмағамбет Ізтілеуұлының от жалынды, орақ тілді ақын екенін білген түрме надзирательдері оған оншалықты дікеңдей бермеген. Оның қасында аққошқарлық Күздеубайұлы Сүлеймен мүдәрістің Әбдіхалық атты баласы қайтыс болды деген хабар келеді. Сол күні Тұрмағамбеттің де сол аттас баласы қайтыс болғаны жайлы екінші хабар жетеді. Түрме қапасында отырған қос арыс бұл қазаға шыдамай, екеуі де мүрт кете ауырған. Ауырып жатып, Тұрекең баласына арнап мынандай өлең шығарады:
Аталық ақымды мен кештім, балам,
Өкшелес өзімменен өстің, балам.
Халқыңа, қатарыңа қамқор болып,
Сәуірдің самалындай көштің, балам.
Жасыңнан жақсылармен жолдас болып,
Татауын талай істің шештің, балам.
Азуы алты қарыс арыстанмен,
Айбындай сыбағаңды жестің, балам.
Шаңнан шаң шал әкеңе кездескен соң.
Теңізін уайымның кештің, балам.
Еңбегің ойдай еткен еске түссе,
Білмеймін қайда екенін естің, балам.
Тұрекең қатты сырқатын елемей, осы өлеңді сүт пісірімдей мезгілде жазып шығарған. Күздеубайұлы Сүлеймен мүдіріс болса, ол баласына арнап күңірене отырып құран оқиды да, Тұрекең мына өлең жолдарын таза қағазға қайталап көшіріп, надзиратель арқылы сыртқа беріп жіберді. Қос арыстың хат соңына қолы қойылып, бұрышына «ұлдарымыз Әбдіхалық Сүлейменұлына, Әбдіхалық Тұрмағамбетұлына тиісті болсын» деп жазды. Сыр бойының қос алымы атанған Тұрмағамбет дүр мен Сүлеймен мүдәрістің өмірі осы екі ұлдың өлімінен кейін едәуір өксіп, ұнжығылары түсіп кетсе керек. Түрме жазасына сүйікті ұлдарының өлімі қосылып, екеуі де денсаулықтарынан мүлдем айырылады. Тұрмағамбетті ату жазасына кесуді межелеген НКВД «үштігі» үкімін бірден шығара алмады. Біршама уақыт өтуі керек болды. Ақынның мынау қатты науқасқа тап болуы оны уақытша елге жіберіп алуға мәжбүр етті. Ауыр сырқатқа тап болған Тұрекең елге келісімен бірден төсек тартып жатып қалады. Бір жетіге жетер-жетпестен мәңгілікке көз жұмып, ауыл ел арасын ақ жуып, арулап көмеді. Тұрмағамбетті «ату жазасына кесу» жайлы жоғарыдан нұсқау келген күні НКВД қырғилары оны қайтадан ұстап әкелу үшін елге шабарман жөнелтті.
- Тұрмағамбет Ізтілеуұлы бұл пәниден көшті, - дейді ауыл ақсақалдарының бірі. Пәни деген сөзді түсінбеген олар:
- Қайда қашырдыңдар? Тап қазір оны тауып, қолымызға табыс етпесеңдер, бәріңді түрмеге атып ұрамыз, - деп қорқытады.
Жендеттердің жан алғыштай жалақтап тұрғанын сезген ауыл ақсақалдары оларды молаға ертіп барады да, Тұрмағамбет бейітінің алдында келіп құран оқиды. Әруағынан кешірім сұрап, көрді ашып, мүрдені көрсеткеннен кейін барып, НКВД қызметкерлері тыныш тапқан.
3 сәуір, 1997 жыл М.Исаевтан алынды.
ТҰРМАҒАМБЕТ ЖОРЫҒАН ТҮС
Тұрмағамбеттің ауылдасы Қыржықбай Нұрбайұлы (1918 жылы) түс көріп, көрген түсін өлең күйінше жаттап тұрыпты. Қуанған кедей Тұрмағамбетке көрген түсін жорытыпты. Бірі ақсақ, бірі соқыр кедейлер бірін-бірі демеп жетелеп жүріп мына өлеңді айтыпты.
Сататын сиырым бар өзі семіз,
Төрт айда бұзаулайды туып егіз.
Күйттесе сиырыма шақ келмейді,
Төрт бұқа, бір текауар атан өгіз.
Халайық бұл сиырдан қалма қапыл,
Ат түзеді айранына болып теңіз.
- Тұреке, менің түсімде есіткен өлең осы, - деп түс көруші Қыржықбай сөзін аяқтады.
Тұрекең ойланбастан іле түсін жорыпты.
Тоғайтар төрт айдан соң тәңірім халқын,
Және айлар әр нәрсенің арзан нарқын.
Орынға бас жетпеген аяқ жетіп,
Шарықтар шалабына ішкен әркім.
Алты алаш айлап шүкір бұл дәулетке,
Біршілік бүйте бермес болар бәлкім.
Адамды большевиктен әкім сайлап.
Айдай-ақ ашықтағы жүзін жарқын.
Көргенің қыдырменен Ілияс шығар,
Байқатбай соқырсымақ бұзып әрпін.
Ат керек, атан керек деп бұйырса,
Еріксіз етерсіңдер дүние тәркін.
Бар малың қазыналық болады деп,
Шошынып секілді сөз айтар әркім.
Боз торғай қой үстіне жұмыртқалап,
Олардан тәңірім білер қайтар қарқын.
Айттағы бұл түсінді оларға да,
Шын тыңдап шешер екен не деп шәрпін.
Халық сарай қалайды да аңғаратын,
Тұреке тоғар енді сөздің артын.
Ел аузынан жазып алған
З.Дәулетбаев
Ел аузынан
БАҚЫТТЫ ЖАНДАР ТӨРДЕ ОТЫР
Бірде Сыр бойының белгілі шайыры әрі молдасы Тұрмағамбет Ізтілеуов жолаушылап келе жатады. Ұзақ жолдан шаршаған Тұрекең түстенбек әрі аздап тыныстап алмақ болып жол жиегінен онша қашық емес, қазаны асылып, самаурыны есік алдында қайнап тұрған ақбоз үйге ат басын бұрады. Атын байлап Тұрекең үйге кіреді. Үйге кірсе, үй іші толы кілең ығай мен сығай – аудан, ауыл басшылары болса керек. Дастархан басындағылар қызара бөртіп, әңгіме-дүкен құрып, Тұрмағамбеттің сәлемін де жөнді ала қоймайды. Үй иесі Тұрекеңмен салқын амандасып, есік жақтан орын нұсқайды. Бір кезде асылып жатқан бағлан қозының еті пісіп, тамақ та дайын болады. Осы тұста үй егесі:
- Көрші шалды шақырып кел, мына кісімен табақтас болсын, - деп баласын жібереді. Көршісі сексен жасты алқымдаған қария екен, олда кейінгі жаққа Тұрекеңмен қатар жайғасады. Төменнен су құйыла басталады. Сонда әлгі қария су құйған жас балаға:
- Көп жаса, балам! – деп ишарат білдіреді. Осы кезде Тұрмағамбет орнынан қозғалып қойып, даусын көтеріп, төрдегілерді нұсқап:
- Кәрі қақбас, көп жасағанда не бітірдің! Міне, есікте отырсың! Балаға бақытты бол де! Әне, бақытты жандар төрде отыр! – депті.
М.Оразұлы
Қазалы ауданы
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру