Мазмұнға өту
Home

Ұршық

Нұргүл Маулина

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ұршық

Авторы: Нұргүл Маулина

НҰРГҮЛ МАУЛИНА ҰРШЫҚ

(Өлеңдер) Алматы УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз)-5 М 30 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды

МАУЛИНА Н. ҰРШЫҚ. – Алматы: Хан Тәңірі, 2014. - 190 б. ISBN 978-601-03-0222-8 Нұргүл Хасанқызы МАУЛИНА – Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технология және ин­ жиниринг университеті «Экономика және құқық» институтының «Қаржы» кафедрасының доценті, эконо­ мика ғылымдарының кандидаты. Мамандығы басқа бол­ са да, бала күнінен-ақ өлең-жырға ғашық боп өскен іңкәр жүрек қолы қалт еткенде көңіліндегі көрікті ойды қағазға түсіріп, әдебиет әлемінде өзінің ізін қалдыруға ұмтылады. Қолдарыңызға тиіп отырған бұл кітап – жас таланттың тұңғыш жыр жинағы. Өлең өлкесіне енді ғана қанат қаққан жас ақынның са­ парына сәттілік тілейміз! .

УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз)-5 ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2014 М 30

АҚ ЖОЛ, АЙНАЛАЙЫН НҰРГҮЛ! Әдебиетке жаңа есім келді! Және қалай келді десеңізші! Төрт аяғын тең басқан жорғажырмен асықпай-аптықпай, алқынбай, сабыр­ мен, салмақпен келді. Поэзия деген патшалыққа ол біз білетін көжедей көп жазғыштар секілді алып ұшқан жастық желікке толы жалаң сезімге суарылған жадағай шатпақтарымен емес, әбден қалыптасқан, ақылы да толысқан, ақындық қабілеті де шыңдалған, нағыз дер шағында келді. Жас кезінде жарқ етіп көрініп, кейін келе шаршапшалдығып, басқаларға ере алмай барлығып, отыз­ дан өте өлең жаза алмай қалатын кейбір кемта­ ланттар секілді емес, әбден пісіп-жетіліп, қандай қансорпа бәйгеге де дайын күйде келу – кез келген дарынның маңдайына жазыла бермейтін сирек бақыт. Шынымды айтсам, көптен бері саф таза сезімге толы мөлдір өлең тыңдамаған мен осындай арнасы бар ақынды тапқаныма қуандым. Ол – қасиетті Маңқыстаудың Бейнеу өңірінде дүниеге келген Нұргүл Маулина есімді қарындасымыз. Өткен жылдың соңындағы өксікке толы оқиғалардан ес жия алмай, көптен бері көбеңсіп жүрген көңіліме сәуле түсірген биылғы жылашар жаңалық мен үшін осы Нұргүлдің жырлары бол­ ды. Мен бұл ақынды алғаш рет 2011 жылдың 1 қарашасы күні облыстық драма театрда өткен, қазақтың маңдайына сыймай кеткен қайталанбас дарыны Табылды Досымов ағамызды еске алу

кешінде арнау өлеңін оқығанда көріп едім. Ар­ тынан тастай бір ай өткен соң, 1 желтоқсан күні Ш.Есенов атындағы университеттің жатақханасында өткен студент жастармен кезде­ суде екінші рет көрдім. Сол жолы ол «Мен туған өлке» атты ауылдың исі аңқыған, аппақ сезімге толы тап-таза, тамаша жырын оқыды. Ұйқасы да, ойы да орнықты, ақынға тән алғаусыз сезімі де тұнып тұрған табиғаты бөлек жырды тебіренбей тыңдау мүмкін емес еді. Нұргүл ақынмен таныстығым осы күннен басталды. Өзінің айтуынша, ол әжесінің тәрбиесімен өскен қарапайым қазақ қыздарының бірі екен. Айтса айтқандай, есіктен имене аттаған ина­ батты қыздың өн бойынан қазақы тәрбиенің қайнарынан қанып ішкен, ата көрген, әже көрген ауылдың баласы екені бірден білініп тұрды. Осы бір алғашқы әсер, өнерге деген адалдық оның барлық өлеңдерінен ақ самал желдей аңқып есіп тұратынын байқадым. Қазіргідей қайырым мен мейірімнің, қанағат пен парасаттың сұйылып, сезіміміз қасаңданып, семсермен түртсе де оянбақ түгілі, селт етпейтіндей болып кеткен қатыгездеу заманда бойында ананың сүтімен, атаның құтымен сіңген ақуыз адалдықты, кіршіксіз пәк ойды, кінәз сезімді сақтап жүрген қазақтың осындай қыздары бар екендігі қандай ғанибет! Естуімше, Нұргүл осыған дейін өлеңдерін бірде-бір басылымға беріп көрмепті. Онысы өзөзіне деген сенімсіздіктен емес шығар. Мен мұны бүгінде кім көрінген ат ізін салып, кірлетіп кетіп жүрген Өлең деген киелі өнерге деген адалдығына баладым. Әйтпесе, «Айтасың қандай білекпен өрген биге сын?!» («Ұршық»), «Ей, өмір сенде

бар шығар, Менің де жырдан несібем!», «Көгінде көңілімнің киіз үй тұр, Көмкерген әсем жырмен басқұрларын» («Киіз үй»), «Қалауын тапсаң, маз­ дайтын, Шырақ деп мені таныңдар!», «Досымнан жақын көрем, Өлең, сені, Аялап, әлдилеумен ке­ лем сені», «Иінағаштың салмағын сезбес иықтар, Тұрмыстың аз-маз салмағын кайдан көтерсін?!»; Түсінген жүрегімнің жарасын кім?! Жамаған көйлегімнің жағасын кім?!. Көл-көсір сіздердегі мейірімнен Аңғардым биіктігін аласа үйдің! Немесе: ...«Ақжігіт» деп аталатын ауыл бар, Сар даланың сағымына оранған. Мен туғанда топырағы бір уыс Кіндігімнен тамған қанға боялған. Тербетіліп осы маңғаз далада, Мен өлеңге ғашық болып оянғам... Сондай-ақ: Басына керегенің жанатты іліп, Қиялмен бұрымымды тарап тұрып; Өшпеуін түтінімнің тіледім мен, Маздаған жерошаққа қарап тұрып, деген жасандылықтан ада, жан-жүрегіңе жыпжылы болып құйылып барып, жата қалатын

жақсы жырларды нағыз ақын ғана жаза алса ке­ рек. Асылы, Нұргүл – анадан ақын болып туған, ар жағында Алла Тағала ақ нұрын құйып, ақын етіп жаратқан қыз. Өзі айтқандай, поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын эконо­ мист мамандығын меңгерсе де, жүрек түбінде жатқан жырға деген ғашықтық, сөз өнеріне де­ ген ынтызарлық арада он шақты жыл уақыт өткенде бәрібір өлеңге жетелеп алып келді. Және бұл жолға ол көп қиыншылық көріп барып кел­ се де, ақыр түбінде айнымас алтын қазығын ада­ спай тапқандығына қуануымыз керек. Өйткені, мынадай отты жырларды оянбай жатып сәби құндағында өлтірер болса, берісі өзіне, әрісі өлеңге обал болар еді... Асыра мақтап, артық бағалағаным емес, егер мен талант тани білетін болсам, бұл ақынның бойында үлкен поэтикалық қуат, түптің түбінде кемелдікке жеткізетін кең тыныс бар. Рас, әлі де болса, өлеңнің техникасын меңгеріп, іздене түсу керек. Дегенмен, ең бастысы – оның бой­ ында шын ақынға тән тас жаратын талант, шы­ найы мөлдір сезім, ештеңеге айырбастауға бол­ майтын еліне, жеріне деген маздаған махаббат, Ардың туын биік ұстаған азаматтық көзқарас, айналадағы өмірді, қоғамда болып жатқан құбылыстарды суреткердің көзімен көре алатын сұңғыла қасиет бар. Ал техника мен терең білім – келе-келе жетіліп, жинақталатын нәрселер. Оған енді «Осымен болдым-толдым» деп тоқыраптоқтап қалмай, өзін-өзі жетілдіріп, іздене беру керек. Өйткені, талабы тау қопаратын талай та­ ланттарды құрғақ мақтау мен құр даңғаза көпшік

қою құртқан. Мен Нұргүлдің ондай ойсыздыққа ұрынбайтынына сенгім келеді... Қазақтың жүрегі нәзік, жолы жіңішке қыздары түгілі, қара нардай жігіттерінің өзі қайыспай көтеріп кетуге шыдас бере алмайтын Жырдың жүгін иығыңа артқан екенсің, Нұргүл қарындасым, енді сол мехнаты мен ләззаты мол ұзақ сапарыңда саған Алла Тағала өзі жар болғай! Өйткені, отызында он сегіз мың ғаламға жыр тер­ беген мұңды ақын Мұқағали айтқандай, «Өмірде ақындардың бәрі – жалғыз»... Ал қашанда «Жалғыздың жары – бір Құдай!»... Ақ ниетпен: ағаң Рахат ҚОСБАРМАҚ. 2012 жыл, 12 қаңтар, бейсенбі. Ақтау қаласы.

Мен осы тырнақалды туындымды тал бесікте тербетіп, мейірім шуағын төгіп, алақанына салып өсірген аяулы анам Шырынның рухына арнаймын. (Автор) *** Көңілдің тағып моншағын, Кеудемде жатыр қанша мұң? Жаныма менің үңілер Жандарды күтіп, шаршадым. Өлеңнен өрнек тағынған Айтатын әсем әнім бар. Жырменен желек жамылған, Жібектей жұмсақ жаным бар. Жаным бар жұмсақ жібектей, Ән менен жырды ту еткен. Түсінсе мені жүректер, Жырымды нәзік жүдетпей. Жүректен шерді қозғайтын, Жанымда менің жалын бар. «Қалауын тапсаң, маздайтын Шырақ» деп мені таныңдар!

*** Қыранша шырқап қияға, Тұлпарша кейде көсілем. Алаңсыз жүрмін ұяда, Еркелеп кімге осы мен?! Көңілімде – бір күй домбыра, Пернесін бассаң – шешілем. Жүрегімдегі жыр-бұлақ – Мендегі ойдың бесігі ең. Тербетілумен сендегі, Толқынға қарап өсіп ем. Ей, өмір, сенде бар шығар Менің де жырдан несібем!

*** Өлең-өмір, ән-дүние, күй-ғалам, Қызғанбастан, қызығыңды қи маған! Мен әніммен ғашық еткім келеді Күллі әлемді қауызына сыймаған! «Шәрбатың мен шекеріңді ұқсам» деп, Бар тәттіні уысыма жинағам. Тезге шыдар темірдейін төзім бер, Сабырымды салмақтайтын жинаған. Парызым мен қарызымды өтейін, Анам үшін маған өмір сыйлаған. Жүректегі жырымды айтып кетейін, «Жарық дүние көремін» деп қинаған! Жауазын-жыр бүршік жарып кеудемде, Тыным бермей жүр маған!

*** Көктем де келді далама, Бусанып жатыр түлеп қыр, Тыңдашы мені, Жер-ана, Қызыңнан күтсең жыр өткір. Адуын көңіл арғымақ Ауылдың қырын тілеп тұр. Сырларың көп қой сан жұмбақ, Несібең болса, үлестір! Дөңгелеп жатыр дүние, Жүргендей күтіп күрес бір. Құлағын тіксе үніме, Алатау шыңы жыр естір. Сылдырап ағып бұлақтар, Қосқандай ғажап жүрекке үн. Сыр болып сұлу шумақтар, Жаныма құйды бір екпін. Тазалығымен даланың Көңілге кәусар жыр ектім. «Көктем» деп ұққын сен мені, Жаршысы жаңа тілектің! Алматы, 1997 жыл.

*** Ертеңгі күнге жалғанған Мендегі аппақ армандар. Самалы сипап бетімнен, Карсы алар алда таңдар бар. Куансам – асып-тасыман, Қайғырсам – жылап, жасыман. Бақытқа мені жетелер Ертеңдеріме асығам. Сергелдең етсе сенгенім, Жауабын таппай, тосылам. Дұшпаным күлсе табалап, «Досым бар ғой» деп басылам. Қоңыраулы көшке қосылам, Айтпаса тағдыр тосын ән – Кыздарым жүрсе құлпырып, Ризамын, өмір, осыған!

*** О, ғажайып, тылсым сырлар мекені! Мәңгі саған табынумен өтемін. Мені ылғи жетелейтін биікке Сезесің бе, саған деген Махаббатым екенін?! Келер күнге сенбей жүрсем, «Алдамшы» деп барлығын... Таусылмаған екен әлі шекерің! Саған деген кір шалмаған сезімім Келе жатыр мені көкке көтеріп...

*** Досымнан жақын көрем, Өлең, сені, Аялап, әлдилеумен келем сені. Жабыққан сәттерімде жадыратып, Жоясың көңілімдегі көлеңкені. Жан едім, артып жүрген жырға сенім, Өлең, сен өміріме сырлас едің. Көңілдің шемен-шерін тарқататын Жаралы жүрегімнің мұңдасы едің. Бар асыл маржанымды ақтаратын, Жандарға жыр түсінер құрдас едім. Жүретін мені қолдап, сен болмасаң – Жақын боп тумас едім... 11.02.1999 жыл. Алматы.

МЕН ТУҒАН ӨЛКЕ Биік маған өзім шыққан әр төбе, Бұл жерде өмір сүру де – үлкен мәртебе. Дүниенің мен ашыппын есігін «Маңғыстау» деп аталатын өлкеде. Жомарт көңіл, жайсаң жандар тұрағы, Жан аңсарым ауып әркез тұрады. Ес білгелі ауыл деген – мен үшін Көзім көрген жер бетінің жұмағы. Көңілдерде, жүректерде толы арман, Күтер екен мені қандай жол алдан?! «Бейнеу» дейтін берекелі өлке бар, Елін сүйген ерге қоныс бола алған.

«Ақжігіт» деп аталатын ауыл бар, Сар даланың сағымына оранған, Мен туғанда топырағы бір уыс Кіндігімнен тамған қанға боялған. Тербетіліп осы маңғаз далада Мен өлеңге ғашық болып оянғам. Өсер ұлы тек биікке қараған, Жас өркені бата алған данадан. Ырыс пенен ынтымақтың ұясы, Бір жеңнен қол, бас шығарған жағадан. Ата сөзі, арсызы жоқ таласар, Азаматы ауылына жарасар. «Ауыл» десе, ақ сақалы желбіреп, Елестейді мені өсірген қара шал. Туыс онда тұрғандардың барлығы, Сезілмейді онда көңіл тарлығы. «Ауыл» десе, мені өсірген арқалап, Елестейді анашымның жаулығы. Бір жұдырық қылып түйген уысын, Мұндағы жұрт – менің тума-туысым. Бір-бірі үшін жататын шын қуанып, Жүгіретін тастай салып жұмысын. Тентектерін тезге салған үлкендер, Ажыратып дұрысы мен бұрысын.

Aнам жүрген адырлардан естілер «Айналайын!» деген қоңыр, күміс үн. Ауасы да бұл өлкенің мөп-мөлдір, Тазалайды жан-дүниенің тынысын. Ағаларым cенімменен қараған, Жеңгелерім мені алтынға балаған. «Құлыным» деп сипап мені самайдан, Самал желі бұрымымды тараған. Көріскенде көңіліміз босаған, «Болсыншы, – деп, – ағайын сау, дос аман!». Жыл құсындай саған аман жетейін, Түлеп ұшқан менің алтын босағам!

КИІЗ ҮЙ Дүние көктем келсе, құлпырады, Жаз келіп, жайнауы да мүмкін әлі. Жанымның жазиралы жайлауында Ақ орда алты қанат үй тұрады. Тербейді бүгін мені тас құндағым, Жүрсек те жиі ойлап бастың қамын; Көгінде көңілімнің киіз үй тұр Көмкерген әсем жырмен басқұрларын. Ақ ордам күмбезденіп тосар алдан, Тосар алдан, қиялға қосар арман. О, шіркін, қазағымның қараша үйі, Еңкейіп енген бәрі босағаңнан! Бұрышсыз, алқасы жоқ жайды аңсаған Басқа жұрт жете қойсын қайдан саған?! Киіз үй – әсемдіктің мұражайы, Басталған табалдырық, маңдайшадан. Паш еткен ынтымақ пен бірлігіңді, Басталған ала таңнан тірлігіңді; Күміс күн шаңырақтан төксін шуақ – Жеңеше, ашшы ертерек түндігіңді!

Киіз үй – менің тірек, тұғырым ең, Өзіңнен сұлулықты ұғынып ем. Көздерін керегенің жасыратын Мүйізі қарағайдай бұғы кілем. Іргеңде ақтарушы ем көңіл шерін, Өремді биіктетер төрің сенің. Келемін өмір бойы мойындап мен, Өзіңде туған жырдың өміршеңін. Жалғанған оюлармен үзік арман, Маржанын сұлулықтың сүзіп алған; Ораулы шилері де қандай әсем Анамның саусағының ізі қалған. Басына керегенің жанатты іліп, Қиялмен бұрымымды тарап тұрып; Өшпеуін түтінімнің тіледім мен, Маздаған жерошаққа қарап тұрып!

ҰРШЫҚ Көңілің – көмбе, сақтаған іште шын сырын, Аяқтай сырлы кетсе де сырың, тұр сының. Түсімде көрдім: ұстап тұр екем аялап Алақанымда анамның аппақ ұршығын! Алып ем қолға, жүрегім кетті дүрсілдеп, «Қалдырып ем ғой, еңбектің дәмін білсін деп». Қабағың шыттың: «Құлыным-ау, сен қалайша Ұршығымды менің ұстамай неге жүрсің?» – деп. «Есімде, ана, құлының қалай білмесін?! Тіршілік мынау, бұрғызбай мойын жүргесін, Ұмытыппын-ау». Ақталған болам өзімше, Кінәні тағып, пенделік жеңген күнге шын.

Отырушы еді баппенен созып шүйкесін, Айтасың қандай білекпен өрген биге сын?! Ақ марқа жүні айналып аппақ дестеге, Шебер қолменен жататын тауып үйлесім. Күмбірге көміп қоңыраулы көңіл күймесін, Ағытушы еді әңгіме-жырдың түймесін. «Айналайыным, күнім, – деп, – жарық, алтыным», Алушы ем барлық мадақтаулардың жүлдесін. Түсімде көрсем, сағынышым ғой ол менің! Ұршықтар бүгін – экспонаты көрменің. Бейнеңе сенің ұқсас суреттер іздеп ем, Орамал тартқан жаулықты кемпір көрмедім. Көрінбей кетсе, құдіреттің де көзі өлер, Ұрпағың қайда тарихын елдің ежелер?! Оймағың қайда қызыңа кесте үйретер, Ұршығың қайда, жаулығың қайда, әжелер?!

АУЫЛДЫ АҢСАУ Бұл күнде адам азайып барад күй ұғар, Көңілде бірақ сыйласқан жанның сыйы бар. Ауылды аңсап, сағынып жетем Бейнеуге, Ақ мешіт болған ағамның мұнда үйі бар. Ерекше мұнда жанарлар төккен мейірім, Ұғасың қамқор жүректің ыстық пейілін. Қалбалаң қағып шығады ағам алдымнан, Ақтарып тастап ақ сүттей болған көңілін. Сыйластық барда жүрер-ау түзу ел көші, Сағыныш толы жанымды менің емдеші! Мен аңсап жеттім, ауылдың исін, жеңеше, Жерошақ құрып, шайыңды шоққа демдеші! Көлеңкеленіп, күн кейде шуақ төкпей жүр, Өзіңдей болып маңдайдан ешкім өппей жүр. Жарысқан желмен жаз күнім өткен бұл жерде, Балалық дәурен, бал күндер қалған беткей бұл.

Елесіне ертіп өтіп бір кеткен сағым күн, Естеліктерін тартты алға бала шағымның. Қып-қызыл күрең, жаңадан туған ай сынды Табаға көмген наныңның исін сағындым. Сағындым кешті желіде бота боздаған, Боздаған даусы жан-жүйелерді қозғаған. Кербездік пенен паңдықты аруаналардан Үйренсе, шіркін, сабыр мен салмақ аз ғалам. Ауылдың қызы ем, «Ауыл» деп жүрек соғатын, Қиялдың құсы қияға ғана қонатын. Өрістен қайтқан қоралы қойдың соңынан Қамшылай сипап келетін әкем торы атын. «Ауылым» десем, кеудемде жалын, жанады от, «Анам» деп сүйем, балаңа мені балап өт! Киесін ұғып табаным тиген мекеннің, Жүрегім менің соғады мәңгі «Дала» деп!..

АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ Жүрегіме жыр, Көңіліме гүл сыйлаған, Ақ сағымдарың – көкірегімдегі сағынышымдай тулаған. Оралдым саған, Ақтаудың аңыз өлкесі, Сағынып келдім, Жаныма жұпар құй, далам! Сағынып келдім, Жаныма жұпар құй, далам! Ұғасың ба сен Жүрегімдегі жойқын сезімді тулаған?! Өзіммен бірге қосыла толқып тұрғандай, Домбыра-дүние шанағындағы күй-ғалам. Бойыма әлі тұмар ғып тағып келем мен, Дарытқан өзің, қасиеттеріңді сыйлаған. Жазира далам, Байтақтығыңнан осынау Жаныма дархан, кеңпейіл мінез жинағам. Күн санап күткен, Сарғайған сезім басшы боп, Сағынып келдім, Жаныма жұпар құй, далам!

ТАМШАЛЫ Өзіңде өстім, өзіңде өтті жас күнім Санамда менің бір сенің атың – басты ұғым! Маңғыстау деген мамыражай маңғаз өлке ғой! Мұражайы деп аталған аспан астының! Ұл менен қызын өсірген далам ай маңдай Дәстүрі жомарт, баршаға құшақ жайғандай, Шерқала, Шайыр, Жармыш пен Ақмыш мекені Табиғатына қарай алмадым таң қалмай! Тән емес бізге, қанағат етпей жоқты аңсау! Ғасырлар сырын қойнына бөгіп жатқан тау Намысты қазақ, арыңмен биік емес пе Алыстан асқақ мен мұндалаған Отпан тау!

Кетіктен ассам өлеңге толып жыр арнам Кеудемде менің желкенін керген мың арман, Тамшалы деген жаннаты жердің осында Тас жарған тамшы әуендерінен құралған. Тамшылы мекен – ғажайып мекен – Тамшалым Тұрады саған жиірек ауып аңсарым, Өзіңе келем өмірдің іздеп жұмағын Бір серпіп тастап тірліктің әуре сарсаңын. Киелі далам, ашылмаған көп тылсымың Перзенті адал, тарихқа жүгін, біл сырын! Қара тасыңа да өлеңнен өрнек салмақшы Жерім деп соққан дүрегімдегі дүрсіл үн – Тамшылы мекен, құшағыңды аш, келдім мен Сағынып, аңсап, тамшыларыңның тырсылын!

ЖУСАН Күмбірін естіп күйсандығымның, Бозғылт белдердің бусанды құмы. Сексеуіл өскен сары даладан Жаныма жақыны – жусанның үні. Сезімнің мөлдір мұнда бұлағы, Сондықтан аңсап тұрғаным-дағы. Жусан исіне мас болып жүрем, Сәби-сезіммен құндағымдағы. Көлеңке-көңіл, күйге еріп, шаттан, Арсыздық деген дүлейден сақта! «Табиғилық» деп танимын сені, Жасандылықтар көбейген шақта. Сағыныштан сары күз боп реңім, Елеңдеп тұрар түзге күреңім. Жұпарын шашар жан сарайыма Жусанның исін іздеп жүремін.

*** Ажарым – ай да, көркім – күн, Ерекше мінез, еркінмін. Үстемдеу басқа баладан, Еркесі едім кемпірдің. «Қарғама жетпес, - деп те, - адам», Тең таппаушы еді «Ақ Мамам». «Құлыны, қоңыр қозысын» «Сүттен де ақ» деп мақтаған. Желбіреп жібек тұлымым, Еркелеу еді қылығым. Отырушы еді іздеумен «Келдің бе, – деумен, – құлыным?!». Келер-ау көктем, күз, мейлің, Күндерден күдер үзбеймін. «Келдің бе, – деген, – жарығым?!» Шешемнің даусын іздеймін.

Мен өскен қара шанырақ, Тұрады орның қаңырап. Асыр да салып он бала, Жатушы едік жамырап. Қауызын жарып, бүршігін, Жалғасар жаңа тіршілік. Иіріп аппақ ұршығын, Отырушы едің күрсініп. Мұра боп қалған ежелгі, Шешемнен қалған көз енді. Тауып берші, апа, қайда екен Ұршығы аппақ әжемнің?!

*** Бар екен шығар биігім, Ақылыңа ерек ұйыдым. Есіме салар өзіңді Ұстаған әрбір бұйымың. Еңбегің қалай өтелед? Тұрушы ең төрге жетелеп. Шешемнің шебер қолымен Басылған киіз текемет. Паш еткен халық дәстүрін, Иірген өзің бас жібін; Шаңыраққа шырай беретін Тоқыған теріп басқұрың. Түріп бір тастап іргені, Жайқалып жанның гүлдері; Сексеуіл шоғын маздатып, Шәй ішкім келіп жүргені! Жүзімді тосып сәулеңе, Мұңдасқым келіп жүргені. Басымды қойып кеудеңе, Сырласқым келіп жүргені. Түсінер кім бар жанымды, Тындайтын салған әнімді?! Сағындым аппақ әжемді, Сағынып кеттім ауылды!

АНАМА Салмағын сағыныштың жүз ұқтырып, Төзімді тежей алмас сынық құлып. Көңілім алып-ұшқан су сепкендей, Алдымнан шықпасыңды біліп тұрып. Ағайын ұсынса да төрін, мейлі, «Көзді ашып-жұмғаныңша өмір» дейді. Орамал тартқандардын арасынан Жаулығың сенің аппақ көрінбейді. Жандар бар бүкіл ұрпақ үшін үлгі, «Төрле!» деп маған орын ұсынулы. Маңдайдан сүйгендердің арасынан Іздедім елден ерек пішініңді. Теріп жеп нәпақасын ақ таңдардың, «Айналайын!» деп арқа қаққандардың;

Іздедім арасынан қоңыр даусын Аялап, құлын күннен баққан жанның. Кейде ұқсас көрінеді өлең мен от, Көңіліме өзің жүрген әлем керек. Жалтақтап қарап жүрем жан-жағыма: «Бір бейне саған ұқсас көрем бе?!» деп...

НАҒАШЫЛАРЫМНЫҢ ҮЙІНДЕ Ерекше сәуле шашып, арайлар күн, Ежелгі атақонысы адайлардың; Атанған Маңғыстау деп бұл мекенге Іздеп мен нағашымды талай бардым. Аялап, еркелетпес баласын кім?! Шешемдей болар маған жанашыр кім?! Тұрады мұнда жаны жайсаң жандар, Өзінен аумай қалған анашымның. .Асырған бір басыңның бағасын мың, Деп менен сұрар болса нағашың кім?! Мейірім ұялаған жанарына, Бар мұнда туыстары анашымның. Үлгісі сыйластық пен жарасымның, Хандары тұрар мұнда қараша үйдің. Еркелеуге хақым бар еш қысылмай Өйткені, бұл–шаңырағы нағашымның!

Түсінген жүрегімнің жарасын кім?! Жамаған көйлегімнің жағасын кім?! Көңілдегі жазуды көзден оқыр Бар мұнда тұлғалары дара сырдың. Тілектің тоғыстырар саласын мың Осында жиынтығы бар асылдың! Көл-көсір сіздердегі мейірімнен Аңғардым биіктігін аласа үйдің! АНАМА Көңілім аумай басқаға, Жанымнан таппай жақсы аға; Жүргендей жалғыз әлемде, Жабығып жүрмін, Ақ Мама! Кедергісінен жарлардың Жете алмай жүрмін жағаға. Ағысыменен арманның Алыстап кеттім, жан ана! Мені алып кетті жыраққа, Арнасы асқақ ағынның. Даусы тұр сайрап құлақта Ұшырған бұлбұл бағыңның. Ойлардың қуып елесін, Ішінен сансыз сағымның Естеліктерін іздедім Сонау бір сәби шағымның.

«Алсам, – деп, – үлес жыр күннен», Жасыдым қанша, күлдім мен! Жылаған сәтте жұбатар Әлдиіңді аңсап жүрмін мен. Саясы менің жанымның, Аясы менің әнімнің – Жасыған сәтте дем берер Алақаныңды сағындым!

ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВҚА Жүректің қылын жататын шертіп жаның – жыр, аға, Аққулар жүзген айдын бетінде әнің жүр, аға. Пернелерінен әуен тудырған қобызкеудемнің Сырнайдай сазды сұлу даусыңды сағындым, аға! Сағындым, аға, үніңді қоңырау сынды, Кең даламенен үндескен қоңыр даусыңды. «Бұрышта қарап елеусіз гитараң қалған», Домбыра-шанақ дүниеде күй тарамдалған. Өлең өлкесін оятқан жарқын тұлғасың, Әндеріңді, аға, тына қап, толқын тыңдасын. Жырларың – аға, мұңдасым, жақын сырласым, Жайып салатын жаныңның партитурасын. Жырларың, аға, жалынды, жанымды емдесін, Ақжелкен, аппақ армандарымды әнің тербесін. Асқар шыңға емес, аспанға қол созған ұлдың

Нарын құмдары сағынар сағым бейнесін. Танытпас түсін қызыл да-жасыл боялған жалған, Жалт еткен ғұмыр Қозы мен Баяннан қалған. Қарлығаш-қиял қанаттарында жүрсің бе әлде, Махамбет сынды нар туған елде оянған арман?! Заманаменен жарысып мәңгілік көшің, Әннің шырағы сөнбейді, «Заңдылық» дерсің. Дала төсіне алтын әріппен жазылған жырсың, Ешқашан ешкім қоя алмас соңғы нүктесін! 2011 жыл, қазан, Ақтау.

ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ «Мереке» дейміз, қиялды көкке жүздіріп, Ақиқатты айтар ауыздарда тұр жүз құлып. Тәуелсіздікке шығатын баспалдақтарда Тоңдырған елді Желтоқсан желі ызғырық. Желтоқсан – тарих. Шындығы жетпей жүр елге, Жасарып елім, жаңғырып, қайта түлеуде. Ұрпағы үшін ағалар қолға ту алған Еркіндік деген күреспен келген бұл елге! Босатқан елді, халықты бұғау-шідерден, Тарихты танып, Рухтан, жастар, жігерлен! Ел үшін туған ұл-қыздар қиған өмірін,

«Желтоқсан деген – қаралы күн» деп білем мен! Ерлігің – үлгі, шырақ боп елге жанғандар, Ел болып оны дәріптер жарық таңдар бар. Сан жылдар күткен азаттық таңын атырып, Көре алмай кеткен, көктей боп солған армандар! Аңсатып жеткен халықтың күткен көктемі, Боялған қанға Алатауымның бөктері. Желтоқсан бізге сый болып келе қойған жоқ, Куәгер оған тарихтың қанды беттері. Барымызды оқып, бағасын бермей жатамыз, Ортада бүгін тұлғалар отыр аты аңыз. Олардың бірі – отырған қайсар ағамыз, Олардың бірі – Айшадай батыр апамыз.

Қаншама биік жеңіске куә мына бел, Егемен елім, белеске талай шыға бер! Осынау бізге Отпандай биік ағалар – Жеңіске жеткен күндерге тірі куәгер. Осылай елім қарсы алған желді тоқсанын, Сіздермен нұрлы, сіздермен сұлу аспаным. Қайнаған қайрат, жігерлеріңізге бойдағы Намысын жанып алсыншы мынау жастарым! Тәуелсіздігім, егемендігім, елдігім Жолында қиын төкпеді дейсің терді кім?! Сіздердің жарқын істеріңізді ұрпаққа Танытып терең, насихаттайтын келді күн. Жыр дәптерінен арнайды бүгін ақын ән, Егемен елде таңымды күліп атырам. Ел үшін туған халықтың қаһармандары, Бас ием сізге жас ұрпақтардың атынан!

АТА ДӘСТҮРДІ АҢСАУ Білуге деген жақсы мен жаман арасын, Ескілеу менің заманауи көзқарасым. Ата дәстүрді аяққа таптап, ұлтым-ау, Түсінбей жүрмін, қай жаққа кетіп барасың? Қай жаққа барып, кім болғың келеді, келіндер?! Табиғилығын жоғалтқан шие еріндер, Сояудай тырнақ, ұйысқан шашпен сән қуып, Жалғасқан кешке сендердегі гүл-өмірлер. Сыйламай жүрсе сақалы аппақ атасын, Сыйламай жүрсе ақ жаулық тартқан анасын; Ұстауға ине икемсіз, аппақ саусақтар Көңілдердегі жыртықты қалай жамасын?

Жылытқан су мен жарығын мұндай жайың тұр, Сонда да жүзде қиналған түрлі уайым тұр. Сабаудай кірпік қолменен қойған жапсырып, Енесіменен ұрсысайын деп дайын тұр. Айтқызып қойса – көсемсің өзің, шешенсің, (Білігі жоққа айтылған ақыл – бекер, шын). Иінағаштың салмағын сезбес иықтар Тұрмыстың аз-маз салмағын қайдан көтерсін?!

РАХАТ АҒАҒА «Арқа сүйейтін асқар тауым» деп сенгенмін, Сіз өскен елден көгеріп, көктеп, өнгенмін. Шөлдесем де, аға, жырыңмен сусындадым мен, Ауырсам да, аға, жырларыңды оқып, емделдім. Қуансам да, аға, жырыңды жүрдім құшақтап, Мұңайсам да, аға, жырларың жүрді құшаққа ап. Тербеткен менің өлеңге ғашық жанымды, Бесігім – арман желкенін керген түсі аппақ. Сіздегі жанға шашатын жарық сәулелі ой Үлесін қосты кетпеуім үшін ұсақтап. Арманым тербеп, қиялым көкке көсілді, Жыр-кемем теңіз айдын қып жүзген Есілді. Сіз өскен дала, сіз өскен ауыл, ақ мекен Сая боп маған, бауырына басып өсірді. Сіз арқау болған өлең мен жырдың мектебі

Қатайтып қанат, түзеген менің көшімді. Сіз айтқан ақыл, сіз берген ой мен кеңестер – Жыр жазып жүрсем, ой айта алсам кесімді. Көгінде мәңгі жыр болып тулап, аққан ән, Өлең ордасы, өзіңнен жақын жоқ маған! Тілеген ақ жол, бата алып, аға, өзіңнен Жүрексіне басып, табалдырығын аттағам. Өрелі ұрпақ, зерделеп қара, танып сүй, Өлеңнің жалын-өртіне шарпыл, жанып күй! Мұқағали, Қадыр, Мұхтар мен Рахат әлемі – Жетелеп мені, жырға алып келген әліпби. Сіз өскен топырақ, ерекше мұнда кие бар, Кие бар мұнда, түсіме кіреді жиі олар. Таланттың талай тұғыры болған құт мекен, Көргенде сені, жүрекке жылу ұялар.

Сырлассам сізбен, жоғалар жүзден күмән-ой, Жатады мөлдір арнасын тауып бұлақ-ой. Киелі жердің кіндігінде туған жандарға Ақын боп келіп, жыр жазбай кету – күнә ғой! 2012 жыл, ақпан, Ақтау.

АҒАМЕН СЫРЛАСУ І Тамырларын терең жайған ой неткен! Түкпірлерде жатқан шерді сөйлеткен. Алып ұшып жетсем аға, қарсы алдың Аңқылдаған аппақ көңіл көйлекпен. Қазақы ою нақышталған өрнекпен Сіз отырған жерді ұғамын төр деп мен. Сіз өмірге келген Самның құмдары Мені бесік құндағымда тербеткен! Ақбөбек пен армандары Қайыптың Сырластырған, мұңдастырған жер-көкпен. Сарайымды ашып Самның ауасы Сіз естіген әнмен бірге ер жеткем! Сырларымды үнсіз тыңдап сексеуіл Ойларымның салмағымен екшедім. Сыңғырлаудың жағасында отырып Елестеттім сексен көлін Көкшенің Арманымды тілсіз ұққан раңы Сар далада жанған үміт шырағы, Ақжігіт боп, Сарға болып сарғайған Менің жаным сағыныштан тұрады.

Еске салар Самның сырлы кештерін Қара өлеңің жүрегіме дос менің Бата бердің белестерге аттансам, Әке көрген шаңырақта өскен ұл. Шабытыңа шырай қосқан жыр бестің Жолдас емес аға, бізге күндестік Ата жұртқа деген ыстық жырыңнан Таптым аға, бір тамаша үндестік. Қол бұлғаса алдан талай бұла бел От жырыңмен оза шауып құлагер, Жаз мінезді жеңгеммен қол ұстасып Асқар тауым, аласармай тұра бер!

ІІ Сұлулығына сұқтана қарап гүл-жаздың Әдемілікті әспеттеп жүрер сырбазбын Қара өлең менің досымдай жақын сырласым, Қуансам да аға, мұңайсам да аға, жыр жаздым. Шеккенде жапа, жабығып кейде жат үннен Жайыма мені қалдыршы жалғыз! (өтінгем) Күйзелсем... көріп, жаныма жетіп келед те Жақын жан болып сипайды менің бетімнен. Шақырса кейде жастықтың жалын от әні Тап басып тұрып жүрегімдегі нотаны Тамырларымның түйіндеріндегі әнді естіп Бозінген болып бауырына басад ботаны. Оқысам өлең, жырменен шалқып арайым Арманыма асқақ шыңдардан биік қарайын

Қуанышым да, қайғым да менің сол жырда Сол өлеңменен ашылады жан сарайым. Жыр мені аға, сағындырады таңдар боп Ұйқастар болып ұйықтатпай жүрген арман көп Түсінігі жоқ, түйсігі таяздықтан ба «Сол өлең саған не беред»– дейтін жандар көп. Қай жаққа барсам өлең мен өмір жағалас Жүрсе де аға қарында толып бағалы ас Өлеңсіз менің жүрегімде жоқ қанағат Өлеңсіз, аға, жаным да менің жалаңаш.

СЕЗІМ ИІРІМДЕРІ *** Сені мәңгі сүюмен өтем, күнім, Сағыныштың сарғайтып жетем гүлін. Болашаққа сәулелі жетелейді Бұл әлемде сенің бар екендігің. Жыр тұнады жүрекке, сыр тұнады, Ашылмай жүрсе көңіл бұлты да әлі. Көңілімді көлеңке мұнарласа, Өзіңді ойлап, қайтадан құлпырады. Мен шықпаған биіксің, шыңсың әлі, Асқарында арманның тұрсың әлі. Жұрт көзінен жасырып, сені сүйген Астарында сезімнің тұншығамын. Аңсап күткен арманым, аяулым-ау, Құлай сүйген сенсің ғой шын сыңарым. Бірге жүрсем өзіңмен, шешілер-ау Мені ойлантқан өмірдің мың сұрағы.

*** «Болмай қалар ма екен, – деп, – еш керегім», Бойымдағы ойлардан сескенемін. Кешіп жүрген ғажайып мына күйді Қаламымның ұшында кестеледім. Ауып тұрса аңсарың ақ арманға, Мәнісіне бармайсың ештеңенің. Құлай сүйген сезімге еріп жүрмін, Ұстай алмай тізгінін көш-кеменің. Сыймайтындай ақылға бұл шақтарды Түсіне ме кешіріп, өскен елім?! Шын аңсаған, көп күткен пәк махаббат Кеш келсе егер басыңа, не істер едің?!

*** Ойымды кезіп жүр бейнең, Жүрегімді жайлаған. «Арманға бастар айқын жол Адастырмас» деп ойлағам. «Адастырмас» деп ойлағам... Арманым екен алдаған. Мейлі, сен қандай болсаң да, Жүректе бөлек, жеке елсің, «Елес пе едің» деуші едім, Шынымен елес екенсің! Көгімде неге жүрдің сен, Қолыма келіп қонбасаң?! Көріндің неге көзіме, Бәрібір мәңгі болмасаң?! Сезімнің дерті ушығып, Шаншиды жүрек шыдатпай. Жайыңа кетсең қайтеді, Жанымды менің жылатпай?

*** Түсінесің бе, арманым, Жанымды жүрген жүдеп бір?! Өлеңге ғашық жанымды Қарып бір өтті жыр өткір. Көңілің толы күншуақ, Жүзіңді көріп, дір еттім. Байқадың ба сен дүрсілін Өзің деп соққан жүректің? Сендей-ақ болар Төлеген Арманы болған Жібектің!

КӨҢІЛІМНІҢ КӨКТЕМІ Мен осы ғажайыпқа сенем-ау көп, «Қуаныш пен шаттыққа бөлер-ау» деп. Сол күнді сағынышпен тосам жиі, Көктемін көңілімнің «Келер-ау» деп. Мұңайып, жүрек қанша сыздамады, Жанымда жүр сол шақтың ызғары әлі. Мен аңсаған бір көктем келеді әлі, Ауыспай ма, Қашанғы күз болады?! Қарсы алсам қуанышпен таң нұрларын, Күтемін көктемімнің жаңбырларын. Сол көктем жеткізеді кеудемдегі Керемет күйсандықтың сан жырларын. Жүректе аялаған ән құндағын, Тербеткен жыр желкенін тағдыр барын!

Салатын ол көктемнің әні ерекше, Оранған жасыл желек сәні ерекше. «Тамаша құбылыс» дер көктем деген, Көңілдің періштесі елең етсе. Сылдырап жылғалардан су ағады, Су ағады, естіліп бұлақ әні. Даланы көріп тұрып гүл жайнаған, Менің қос қызғалдағым қуанады. «Көрсем, – деп, – жайқалғанын жасыл жырдың», Сенімнің сан моншағын қасыма ілдім. Бір сурет көз ұшында сағымданып, Көктемді көңілімдегі тосып жүрмін.

*** Жыладым тағы. Арманым тағы алдады, Алдады сезім, Жоғалды сенім алдағы. Көнілім гүлдеп, көктемді күтіп жүргенде, Сабағы солып, гүлімде көрік қалмады. Қимады ма әлде қызғаншақ тағдыр бақытын, «Қаршадай қыздын биік, – деп, – неткен арманы?!». Жүрегім менің еркіндік сұрап басына, Бұлқынып отыр тотықұстайын тордағы!

*** Шаршап кеттім, жаным-ау, қайда барам? Самал едің «Айнам» деп аймалаған. Мәнді еді ғой сенімен бар ғұмырым, Енді өмір сүрер күшті қайдан алам?! Шығады көмескілеу күлкім бүгін, Туар деп ойлады екен бұл күнді кім?! Бақыт боп талайларға қонған тағдыр Бермепті маған таңдау мүмкіндігін. Көңілдің көшетұғын болды уағы, Шау тартып, шаршаған ой болдырады. Көңілдің шұрық-тесік киіз үйін Ақ толқын айдынға кім қондырады?! Асығушы ем «Әдемі ән салам ба» деп, Енді әуен ойнамайды маған қажет. Жүректі қарып бара жатыр бүгін Қып-қызыл қызғанышқа оранған от... Әлде де үміттенем жарық күннен, «Бір таныс сәуле көріп қалам ба» деп...

*** Сезімнің сұлу сарайы, Мәңгілік маған мекенсің. Ғашықтық деген ғаламат, Ақын боп кетеді екенсің! «Жастық шақ – ғажап кез» дейді, Бара да бермес байыпқа. Көңілім аңсап өзіңді, Сағынып жүрсем, айып па?! Тербеліп әсем сазбенен, Айналып жүрек Жайыққа; Шарқ ұрып сезім-шағала, Шәмші боп жүрмін «Қайықта». 15.12.1999 жыл, Алматы.

*** «Жаныма жар, серік қой» деп санағам, Жүрекке жұп, арманыма балағам. Мынау байтақ дүниенің барлығы – Саған деген сезімімнен садаға! Бір ғажайып күш бар менде – табынсаң, Сенім – семсер, серт емес пе, бағынсаң?! Санам менің сарғайып жүр сені ойлап, Түсінерсің, сен де мендей сағынсаң. Сезім сұлу – мөлдір моншақ, тағынсаң, Арым адал, алдыма кел – шағынсаң, Көңіліме мәңгі орнаған жансың сен, Жүрегіңнен маған орын табылса.

*** Жүректің жырын, Сезімнің сырын, Көңілдің мұңын ақтарған. Бір сендік ән боп, Кеудемде жанды от, Өзіндік таң боп атты арман. Түсімде көріп, Арманға еріп, Қиялға еніп жатсам да; Жаңғырып тау-шың, Оятты даусың, Бұлбұл боп сайрап бақтардан. Сені аңсап, жаным, Тулайды қаным, Санамда бейнең сақталған. Үміт алдай ма? Ұмытылмайды, ә, Жүректе жырың жатталған.

Таппай еш емін, Іздейді көңіл, Шарқ ұрып әркез өзіңді. Санаумен сағат. Таусылды тағат. Сағынышымен де тәтті арман. Ойымда өзің, Өшпейді сезім, Лаулайды жанып мәңгілік. Санама қазір Күй болып жазыл, Өтейін жырлап, ән қылып. Өр көңіл теңіз, Тілек пен лебіз, Жүректер егіз болған соң; Өткінші жалған, Өмірде арман, Сыңарыңды іздеу – заңдылық. *** Сағыныш тербер әлі, Мен өскен сар даланы. Өзіңе деген сенім Үмітке жалғанады. Қарлығаш-қиял сезім Көгімде самғар әлі. Жүректен ұшқан әнім Өзіңе арналады.

*** Өзіңді көрмесем мүмкін, Бұл сырды сезбес те едім мен. Нұр толы жарқын жүзіңмен Неге ерте кездеспедім мен? Гүл-сезім құдіреттеріне Мен мәңгі табынып жүрем. Қасымда жүрсең де күнде, Мен сені сағынып жүрем! Мен сені сағынып жүрем! *** Келіпті-ау күздің күндері, Әдемі еді бақ қандай! Сағыныш толы жанымды Сары түске бояп жатқандай. Мазалап талай ой мені, Өзімше жұмбақ күй кешем. Жалғызсыраған сәттерде Табиғатпенен тілдесем. Сырымды айтып қайыңға, Жапырақтарға мұң шағам. Салынып сары уайымға, Дәл мендей боп жүр қанша жан?! Махаббат – күрес, тартыс та, Әйтеуір қамал алдырмас. Сағынса, енер сары түске Тағдырым күзбен тағдырлас.

(БҰЛ ЖЕРДЕН КӨШСЕК ҚАЙТЕДІ? АЯҚТАЛМАҒАН ӘҢГІМЕДЕН) Жүрегімжыр, тілегім – жыр, жаным – ән Мен далама тәңірідей табынам! Көшу жайлы ой келмепті санама, Маңғыстаудың сар даласын сағынам. Ойыңды енді тоқы, сырлы кестеге Маған енді өз елімнен көш деме! Туған елім, туған жерім өзіңсіз Маған құнды емес жаным, ештеңе! Маған талай қуат берген далам мың Маған талай шуақ төккен ғаламның Мейірімі мен ықыласындай ып-ыстық Қақ төрінен орын алған санамның– Бұл далада ізі жатыр анамның Бұл далада ізі жатыр бабамның. Бұл даладан көшу деген маған – мұң. Елге деген шексіз махаббатыма – Сүйесің деп мін таға алар маған кім?

*** Дүние жым-жырт. Жалғыз мен ғана ояумын, Өзіңді ойлап жатырмын тағы, аяулым. Мен сені сүйем ақ қардай аппақ сезіммен, Ақ қардай аппақ, керегі жоқ еш бояудың. Батырып күнді, өзіңді ойлап ояндым, Таппаған тағат сезімді қайда қоярмын?! Мұң менен шаттық алмасқан күнде тұрлаусыз, Дүниеде мынау бақытым болшы баянды! Бір сені сүйген санамда тұрақ тапты ұғым, Жадымда, сірә, сағыныш тұнған тәтті мұң. Жаным-ау,мені жалғызсыратпай, жетсеңші, Өзіңді көрмей, басылар емес аптығым...

*** Көңілдің сырын ақтарған, Өзің деп таң боп атты арман. Сыр шертіп, саған отырмын, Жарияланбайтын хаттардан. Жаным-ау, қайда жүрсің сен? Ойымда – өзің, күрсінсем. Бақытты менен жоқ ешкім, Жымиып қарап, бір күлсең. Жаныма жалын жағардай, Не күйге салдың тағы, Алла-ай?! Санам жүр менің шарқ ұрып, Жүректің емін таба алмай... Алматы, 1997 жыл. *** Құлақ күйі келмей көңіл-перненің Арқау жібін шатыстырды-ау өрмегім. Аман жүрсең, оған да ырза көңілім, Қай дегені болып жатыр пенденің?! Ащы жастың сезем кейде кермегін, Қай кезде де өзің едің сенгенім. Алақанның аңсап ыстық аясын, Мейірімнің шуағына шөлдедім.

*** Жоғалттым-ау деп өзіңді, Жүрегім қанша шаншыды. Сергелдең етіп сезімді, Мұңайттың неге Шәмшіні?! Жемісін ұрлап жыр-бақтың, Қинады-ау мені жан сыры, Самал боп келіп, құрғаттың Жанарымдағы тамшыны. Жүректің нәзік талшығын Оятар сәттер бал шырын. Сезімге мас боп оянған Күндерді сүйем! Бар шыным!

*** Жаным жүр ед сергелдеңде, Жаным менің, сен келдің де; Сәуле құйдың, Сезімімнің Әуенімен тербелдім де. Шаттандым мен шуақтардан, Нәр алып жыр-қуаттардан. Арманым-ау, жанымның ақ Періштесі сияқтанған. Құралған сан сұрақтардан, Жүрегімнен сыр ақтарған. Аялаумен, аямаумен Күлдірді де, жылатты арман. «Тағамын, – деп, – жақұт гүлін», «Жеңемін, – деп, – уақыт мұңын»; Үміт күткен болашақтан Сеніміммен бақыттымын!

*** Куанып, қанша тасып та, Күндерім алға асыққан. Алдама мені, арманым, Жігерім, мені жасытпа! Сенімім менің еңселі, Сезімнің өткір семсері. Алдама мені, арманым, Өзім деп ұққам мен сені! Көңілдің басып пернесін, Шағала қанат сермесін. Мен, жаным, сүйем өмірді, Ішінде өзің жүргесін! Жаныма нәзік гүл еккен, Сағынышым ол самғаған. Өзіңді сүйген жүректе Күтуден басқа бар ма амал?!

*** Кездесіп нұрлы бейнеңе, Жаным да нұрға бөленді. Өзің деп сүйем өмірді, Өзің деп сүйем өлеңді! Алтайға әкеп сүйедің Аласа жүрген төбемді. Кеудемді кернеп тылсым күш, Қуанып жүрем мен енді! Жаным жүр жақсы тілекте: Өзіңмен жанды бір етсе. Кездескен кештеу арманым, Жүрегімді енді жүдетпе! *** Еркелетсеңші, елітсін жанды нәзік үн, Адастырмайтын сенсің ғой Темірқазығым! Осынша неге жанымды менің қинайсың, Құлай сүйгенім бе жазығым?!.

*** Ой күзеткен күндердің ағысымен Келе жатыр әйтеуір аман денем. Жолығамын кейде ойдың тағысымен, Бірақ, жаным, әйтеуір саған сенем. Өзіңді аңсап атады құла таңым, Мен сені жан-дүниеммен ұнатамын. Кейде жалғыз қалғандай сезінсем де, Сеніміммен көңілімді жұбатамын. *** Көңілде көп-ау көлеңке, Күндерім неге көңілсіз? Мұңымды шақтым өлеңге, Мәнді ме өмір өзіңсіз?! Жүрегім іздеп сыңарын, Сезімім аңсап шырағын; Арайлап атқан таңдардан Өзіңді күттім, шуағым! Кеудемді бір күй кернеген, Төгіліп жүрек пернеден; Жаным-ау менің, дәл сендей Ешкімді сүйіп көрмегем! Өзгеше арнау, бүгін ән, Мен соны іштей ұғынам. Жадыратады жанымды Тек сенің жарық шұғылаң!

*** Өтуде күндер, кеудеме мұңнан тағып гүл, Сағындым, жаным, аңсадым, күттім, зарықтым. Мағынасыз, мәнсіз өтуде уақыт, Жалықтым, Қараңғы мүлде, Шуағың қайда, жарық күн?! *** Менің нәзік жанымның мұнарасы, Тұршы мәңгі биікте, Құламашы! Құламашы, Онсыз да қайғысы көп Жанарларым жазықсыз жыламасын! *** Қасымда жүрші, жаным, аян маған Бақытты сенсіз, сірә, бола алмасым, Сен – таза сезімсің ғой боялмаған, Тек, жаным, өтінемін, жоғалмашы!

*** Ақпанның аппақ ақ мамығына оранған Аппақ дүние, Ақ қарға енді толар маң. Кіршіксіз таза сұлулық тұнған дүние, Осындай аппақ күтер ме екен жол алдан?! Санамда менің өзіңді күткен ақ арман, Тұрады бөліп ойымды менің қоғамнан. Өзіңді аңсап, сағына күткен жүректе Жоғалса сенім, бақытты мен де бола алман!

*** Өзегімді өртеп, өкініш салып өрнегін, Ерніме келіп татиды ащы, кермек үн. Сезілмей тіпті түскені жарық сәуленің, Бозғылттанып тұр бұрыштары да бөлменің. Дүниені жарық, сен болмағасын, көрмедім, Әуендері де таныс емес шерткен перненің. Сағынышымды сарытап қылып, демдедім, Өзімше солай жаралы жанды емдедім. Неге сен, жаным, Неге сен, жаным, келмедің? Кірпігі жасқа шыланған көзді көрмедің?!. Жыл бойы күткен, Ғасырлап күтер сарғайып, Сағынышымсың сен менің! *** Сарыуайымға боялған Тағы бір таңнан ояндым. Ажырамайтын өзіңнен Сезімді қайда қоярмын?!.

*** Мен сені сүйдім, нұрлы арман, «Бақытым болсаң екен» деп. Адасып тіке жолдардан, Тасқа да тиді шекем көп. Биік шың тұрса алдымда, Талпындым тағы «Жетем» деп. Өзіңді сүйіп қалдым да, Санамды алдың мекендеп.

*** Ой-жарыстарда талай да-талай жүлде алғам, Сансыз сұрақтар шығады неге күнде алдан?! Өзіңді ойлап, өзіңді ойлап тағы да, Түбіне жетпей, жынданғам. «Келер-ау» деген құр үміттерге алданған, Алыстап бара жатырғандай ма нұрлы арман?! Басқаға айтқан жылы сөзіңді естіп ап, Ішімді талай қызыл ит тырнап, қызғанғам. Біреудің жарты бақытын ұрлап, күзеткен, Қызығың сол ма, бұл жалған?! Сезімнің зеңгір көгіндегі асқақ шыңды алған, Сенімімменен шыңдалған, Көрсетіп тұрып елесін, Адастырмаған кімді арман?!

*** Сарыуайымдармен көмкерілген бұл күндерім, Сағым-елестермен сарғайған сансыз түндерім. Бар екеніңді сезіну қандай бақыт ед! Көңіліме медеу – тек сенің аман жүргенің. *** Дүние ақ қар жамылған шақта, ақпанда Жаралы жаным жалғыз қап бара жатқанда; Сан түндер күткен сағынышымнан нәр алдым, Жанымды орап махаббатыммен мақпалға. Дүниеде мынау сезімнен ыстық от бар ма?! Гүл-көктем келіп, Жер-ана ояу шақтарда – Жанымды кейде қоярға еш жер таппадым, Сағыныштарым сарытап болған шақтарда. Сезімім лаулап, өзіңсіз кірдім бақтарға, Жүректе үміт, сенімімді ол ақтар ма?! Кеудеме тағы қуаныштан гүл тақтың сен, Үмітім сөніп, күл болып бара жатқанда...

*** Асығам «Арманға жетем» деп, Ойланам «Қалайша өтем?» деп. Санамның ішінде сен жүрсің, Жанымның сарайын мекендеп. Мекендеп жанымның ұясын, Көңілге сан түрлі ой жиясың. Мендегі жаралы жүрекке Ғажайып бір сәуле құясың. Мен талай ұйғардым, (Сезім – сыз), «Күндерді ұмытсам ба екен?» деп. Мен талай қиналдым – Өзіңсіз Сан тарау жолдардан өтем деп... ...Қиялға берілем тек үнсіз, «Түсімде кездесер ме екен?!» деп...

*** Көтере алмаймын-ау сынағанды, Ей, өмір, дауылыңа шыдағам-ды. Алданып елесіңе келем бе әлде? Сыртың ғана әдемі. Ұнаған-ды. Білмедім, таптым қандай пейілімнен, Бір тамшы бақытыңды сұрағам-ды. Жұбатқым келіп тұрады жылағанды, Сүйегім келіп тұрады құлағанды. Болмаса да басымда анық қайғы, Неге мендік жүректі жан ұқпайды?! Таз басқа тақия боп қонған бақыт Неге маған ертерек жолықпайды?! Неге бәрі алдамшы, уақытша, Шын бейнесін қалайша танытпайды?! Неге маған кездескен бақыт құсы Аспанында басқаның қалықтайды?

Сертке жанып семсерін сөйлеген жан Ертең берер жауаптан қорықпайды. Мен көзсіз көбелектей отқа түсем, Көз жетсе де, көңілім торықпайды. Сұмдық. Сұмдық! Басыма сияр емес, Ақылын жоғалтқан ес жияр емес. «Өзімдікі» деп қалған көңіл шіркін Өз иесін ешкімге қияр емес.

*** Сен маған: «Бақшамдағы гүлсің», – дедің, «Сені сүйем, шын ұнап жүрсің», – дедің. Түсінбедім, Неліктен жалт бұрылдың? Естімейсің жанымның күрсінгенін. Мен: «Шықпаған биіксің, шыңсың», – дедім, «Бақытқа лайықты ұлсың», – дедім. Алақан болып мені аймаладың, Жүректің қағысы боп дүрсілдедің. Көзімді жұмсам болды – елестейді «Жаным!» деп мені еріткен тылсым демің. Атырдым сені ойлаумен талай таңды, Өзімді іштей мүжіп, құр сүлдерім. Мен сені ұмытамын енді қалай?! Жазулы жанарымда тұрсың менің.

ТЫНЫС БЕЛГІЛЕР ТЫНЫСЫ Астарын небір жұмбақ ой көмкерген, Тағдырым тұрады сан теңдеулерден. Өмірім салаласып, байланысқан Сабақтасып құрмалас сөйлемдермен. Арманым жақындатты жырақтарды, Қағазға құпиямды жыр ақтарды. Көмбесі көңілімнің тосады ылғи Алдыма шешілмеген сұрақтарды. «Лүпілі тоғысса, – деп, – жүректердің», Қиялдан қарлығаш-ой түлеткем-ді. Жанымның желбіреген жалауы ол – Ойымды аяқтаса леп белгі! Сан арман қанат қақпай тұр жақшада, Салса да бұлбұл ұя жыр-бақшаға. Жете ме сынған көңіл сыңарына, Сезімі қалып қоймай «тырнақшада»?!

Күндерім құралса да күтулерден, Көңілім сеніменен бүтінделген. Бақытты менен, сірә, жан болмас-ау – Жалғасса қуанышым үтірлермен. Гүл-сезім шешек атып, тіктесін бой, Қалмасын жүректердің бүкпесінде ой. Сарғайып сағыныштан жүргендігім – Өзіңді аңсап, жаным, күткесін ғой! Көңілімдегі көп сұрау белгілердің Өзіңе сендім, жаным, нүктесін қой!

МЕНІҢ ТУҒАН КҮНІМДЕ Дәл бүгін – менің туған күнім анық, Армандар асқақтайды шыңы жарық. Ойыммен бірақ менің санаспайды, Келмейді мен күткен жан гүлін алып. Кетпейді бір ой естен тұрып алып. Керегі – гүлің емес, өзің едің, Мен сенің сеніп келгем сөзіңе мың. Өзіңсіз көмескі ғой мына жалған, Жандай боп жалғыз қалған сезінемін. (Таппасаң өзің емін). Маған еш керек емес көрік, мүлік, Өзіңе сыр айтушы ем сеніп тұрып. Сағым боп енді бәрі бұлдырайды, Қайтадан келмесіңді көріп тұрып. Күн кешем елесіңді серік қылып.

Ой деген – сағым сынды көш-көлік боп, Сырт көзден жасырушы ем сескеніп көп. Мауқымды басар ма едім қарап тұрып, Қалмапты суретің де естелік боп. Ауыр жүк – Сенім деген иығымда, Қалмапты естелік боп бұйымың да. «Тағы да сеніміңді сына» дей ме, Тұр, міне, мысқыл күлкі миығымда...

ЖАҢА ЖЫЛҒА ТІЛЕК Айтар ойды әсем әнмен саптағам, Ақ тілекті ақ маржан қып ақтарам. Әріптестер, құтты болсын бүгінгі Жаңа жылым табалдырық аттаған! Туы биік туған жердің, төсі кең, Кейін қалмай уақыттың көшінен; Осы жылда берекелі, мол болсын, Теріп жейтін ырысым мен несібем! Бұл жылдардың желтоқсанын, ақпанын, Бірге көріп, алғыстың ақ мақпалын; Бір жамылып, өрге шықсын тастарың, Өрлей берсін, жана берсін бақтарың! Қауыз жарып тіршіліктің бүршігі, Түтініміз түзу шықсын бұл күні. Шұғыласына шаттықтың нұр шомылған Езуіміз көп жинасын күлкіні.

Білім – теңіз, жүргізіп өр кемені, Еткен еңбек, төккен терің еленіп; Ұстаздардан шәкірт озған күндердің Жүрейікші шуағына бөленіп. Қуанышпен көмкеріліп үніміз, Көкжиектен күлімдесін күніміз. Амандықпен жолығайық әрқашан, Бақыт сыйлап әрбір Жаңа Жылымыз!

ҚЫЗДАРЫМА Көкейімнен құйылады мақпал ән, Жүрек қылын тербететін шақтар ән. Бар тілегім – амандығың сендердің, Одан үлкен менде арман жоқ, балам! Мендегі ой, мендегі арман еңселі, Жақсы болсаң, күтер талай төр сені. Маған тұңғыш ана атын сыйлаған Жүрегімнің бір кішкентай бөлшегі! Қызығынан қиыны көп тірлікте Сендерсіңдер – бақытымның өлшемі. Бала шақтан болашаққа беттеген Қайда, қалай апарады жол шегі?! Тағдыр тоқсан тараулардан тұрады-ау, Осы – менің күй-кеудемнің кемсеңі. Бұл өмірде жылда өзгеріп, түлеген Кездеріңді көрмейінші жүдеген.

Езулерің күлкі тұнған балдәурен Оның өзі – анаң үшін бір әлем! Бала сүйдім, ана атандым, дүние! Қызығыңа тояр ма екем, сірә, мен?! Менен «Үлкен бақыт не?» деп сұраса, Екеуіңнің саулығыңды сұрар ем. Менің титтей егіз қызғалдағыма Шуағыңды аямай шаш, Күн-әлем!

ІНІМ НҰРСҰЛТАНҒА Қуаныштан жүзімде арай тұнып Сеніміме сәуле боп тарайды үміт Той болады деп ауылда жеттім, күнім Желбіреген жанымды жалау қылып. Тәттімен бірге жүрер сірә кермек Бәйгеден келсін атың құлагер боп, 5 қыздан кейін келген қуаныш ең Шаттандық сен туғанда мұрагер деп. Қуанышты хабар боп үйге енген ең. Сақтағанын шығарып сый көмбеден, Қуанғаннан мамам байғус орынынан Бірден тұрып кете алмай күйбеңдеген! Күтетін алдымда көп тойым бар деп Өскесін азамат боп мойындар деп Үміт күткен кішкентай шаранадан Президенттің есімін қойыңдар деп.

Артып кеткен әжең мен атаң сенім Қолдаушың болсын әркез батасы елдің! Ақ мамам мен ақ папам атың қойған Хақың жоқ осал болуға ботам сенің! Інім менің, кішкентай күнім менің, Сен қуансаң – шаттанып, күлімдедім. «Тартып мінер ат жалын інім бар» деп, Сенімменен шығады үнім менің!.. Соңыма ерген, серігім, інім менің Елесін көрсетпесін түріңде мұң, Өмір деген осынау аламанда Көрмейінші табаның сүрінгенін! Тілекшімін, қанатың талмауыңа, Талмауыңа, тек биік самғауыңа, Қызықтан қиыны көп жолда мына Жел менен шаң тимесін маңдайыңа! Алғысың елден алған ақ болсын деп Қыдыр дарып басыңа бақ қонсын деп Анама тілектес боп келем іштей, Адал сүт емген келін тап болсын деп.

Анашың көгіңдегі дара шыңың Түсініп, ұға білсе жанашырың, Атадан мирас болған шаңырақтан Көрсем деймін сыйластық, жарасымын. Өзің деп жинады анаң бар асылын, Жарқырап жүруі үшін баласының. Қуанышын күтіп жүрген сағат санап Көзінің ағы менен қарасының. Келінім, айналайын Гүлданашым! Қалайша апаң бүгін жырламасын? Інімнің сенім артар серігі бол Қызығып екеуіңе күн қарасын! Жанымыз екеуіңнің үстеріңде Екеуің біздер үшін бір баласың! Бастарыңнан базарың тарқамасын Тосын сәт бақытыңды ұрламасын! Еркелеу қыз дәуренмен қол бұлғасып Ененің мектебінде шыңдаласың. Қолдан түспей шәйнегің, ақ құманың Бұл үйден күнде қонақ құрғамасын.

Ана барын, бұл елде ата барын Ақ батасы алысқа апарарын, Түсініп, ұғып біліп жүрің жаным Тілектес соған барлық апаларың. Қайрылмауын тілеумен қанатыңның Бауырға тілекші боп жаратылдым. Ұмытпаңдар, жүрсек те қай қиырда Жүрегіміз сендер деп соғатынын!

СІҢЛІМ АҚТІЛЕКТІҢ ҰЗАТЫЛУ ТОЙЫНА (Анамның атынан) Қызым менің! Қызғалдағым жайнаған, Өмір деген – асау толқын ойнаған. Сенің сұлу, назды, ерке жүзіңнен Жас күнімді көргендеймін айнадан. Үйден ұшып, басқа ауылға жеткесін, Бойыңдағы еркелікті қой, балам! Барға шүкір, ету керек қанағат, Пенде шіркін қуанышқа тоймаған. «Алдан қандай жол кездесер екен?» деп, Ертең атар таңың үшін ойланам. Екеуіңнің аман-есен жүргенің – Әкең менен анаң үшін той, балам. «Гүлдей жайнап, айдай тасып толсаң» деп, «Жақсы келін боп ұяңа қонсаң» деп; Өмір бойы тілекші ғой анашың, «Өз қалаған асуыңды алсаң» деп.

Келген жерің сенім артар саған шын, Бойыңда күш, жалын барда жанарсың. Сенім артқан серігіңді бөлмейін, Күйеу балам, сен де – менің баламсың. Жақсы көрсін, сүйсін сені бағалап, Жүрің әркез жақсыларды жағалап. Арқа сүйер азаматы – өзіңсің, Күйеу балам, қызым саған аманат! Айтар ойдың негізгісі, бастысы – Ақыл қосар қате басса жас кісі; Тәлім менен тәрбиенің бесігі, Сіз – құдағи, жанұяның басшысы. Әке жолы – бала үшін өнеге, Жолаушымыз өмір атты кемеде. Келер күннің таусылмасын қызығы, Күн кешейік қуанышқа кенеле!

КЕЛІНІМ ГҮЛДАНАҒА Өмір алдан көп ұсынып гүлдерін, Бізге бақыт тату-тәтті жүргенің! Нұрсұлтаным және аппақ келінім, Той боп өтсін мәңгі туған күндерің! Қызық пенен қиындықты тең бөліп, Ақ тілекпен ақ батасын ел беріп; Шуағы мол ғажап күндер кешіңдер, Бақыт, бақтың бесігінде тербеліп! Келген ортаң – ақ босаға, алтын бақ, Жүрейік тек қуанышты ән тыңдап. Жыл құсымен бірге оралсақ көктемде, Алдымыздан шықсаң, күнім, жарқылдап! Керегі сол маған және басқаға, Ағайын мен ауылдасқа, досқа да. Сыйластықпен сүртіп көңіл айнасын, Үлкендердің сөзін жерге тастамаң!

ШЕБІРГЕ АРНАУ (Айнұрдың ұзатылу тойында) Өсіріп ұлын, үкілеп қызын түлеткен Киелі мұнда тылсым күш бар ау бір өктем, Аталған Шебір, ата-бабамның мекені Кеп тұрмын саған, жеріме ғашық жүрекпен! Шабыт та сыйлап, көңіліме менің гүл ектің Сол сезімменен топырағыңды жыр еттім, Қаймағын бұзбас қазақтығының өлшеміМаңғыстау деген қойнауы құтты түбектің. Айтушы еді өзгеше мұнда өмір деп Несібем болса, шығатын биік төрім көп, Тосырқамасын, табаным тиген топырақ Жатсынба мені, мен келдім саған елім деп. Қадір-қасиетің қашанда биік өлшенген Бауырыңа басшы, ауылды аңсап келсем мен, Ақ жаулық салған ақ мамам еске түседі Орамал тартқан ақ сары кемпір көрсем мен.

Ауыздығы асау, тайпалтып өлең-жорғамды Арнасы жырдың алысқа құшақ жайған-ды, Әкемнің асқақ бейнесіменен қауыштым Қаратау сынды көргенде қара шалдарды. Көңілге қонбас етпедім серік жат әнді Толқыдым біраз көргенде алтыбақанды, Қырмызы киген өрімдей жап-жас ұл қыздар Көңілді көктем он сегіз жасқа апарды. Қадірі менен қасиетін ұғам жырдың мен Астарында ерек жұмбағы көптеу, сыр жүрген, Көргенде аппақ, ақ шаңқан киіз үйлерді Сағынышымды салмақтап, біраз тұрдым мен. Сұлулығыңды қолменен тізіп, өргендей Куә болған жан бақытты шығар дәл мендей! Арнадан асқан ақ тілектерден сезіндімТөлеген күткен тарқамас тойға келгендей. Бәйгені көріп, көңілім көкте жүзді көп Армандарымды аялағандай жазғы леп, Қиялды елткен сұлулық сыры неде екен? Той ма екен мынау армандап өткен қыз Жібек?

Киелі мекен, өлеңнен желек кигіздім Асылы менен маржанын сөздің жиғыздың, Сәлемнің сәті бүгінге түсіп, дархан ел Самал желіңе бетімді тосып, сүйгіздім. Босағаңа кеп, тұлпарын жырдың байладым Салтанатымен жарасқан жасыл жайлауым, Берекелерің, ырысың мәңгі бақ болып Мерекелерің тарқамасыншы, тойлы ауыл! Күні де көркем, шашатын шұғыла ай күндіз Сапарың сәтті болсын деп тілеп, Айнұр қыз, Жер жаһандағы жақсылық жолдас болсыншы Қыз дейтін қысқа, қызғалдақ ғұмыр тағдырмыз. Ата-ана үшін бала деп түсер отқа сан Арманы бар ма ақ сүтін адал ақтасаң! Арман жоқ менде, Шебірдей шежіре мекенім Табалдырығыңды той үшін ғана аттасам!

Маңғыстау ауданының 85 жылдығына арнау ҚАРА ШАҢЫРАҚ Жел берген дарыныма жан қыстауым Өзіңде күймен шалқып, ән құшқаным, Қара өлең қанатында қалықтаған Қара шаңырақ, қазыналы Маңғыстауым! Құрасам деп ем бүгін жыр тақталы Келіп ем кеуделерге гүл таққалы, Тоқсан сөзден тобықтай түйін түйген Ермембет, Мәтжан бидің ұрпақтары! Кеудеден шежіре жыр қозғағасын Толғамас ақын қалай боз даласын, Қай қырын Маңғыстаудың шарласаң да Жердегі мұражайға кез боласың! Еңсесі биік елге тұлға қылар Ұлдары жорға мінген жырға құмар, Нұн, Естөре, Берекет, Әмин сынды Әбіштей кемеңгер өр ұлдары бар! Жүрекке қара тасы еккен өлең Киеңе басымды иіп, Мекке дегем! Топырағын басқанға бақ дарыған Шежірелі мекен ғой Шетпе деген!

Есір күймен ұққызған тау сарынын Қандай мөлдір тұнығы Аусарының Аманбұлақ, Көгездің суын ішсең Таңдайда қалар дәмі кәусарының! Сырыңды он күн жырлап, тауысқан кім Сағым боп сар даламен қауышқан құм Құлан жортқан құла дүз, құба дала Құпия қойнауында, Сауысқанның! Басынан ұлар ұшса Ұланақтың Қаратау бөктеріне қиялап күн, Бөлейді шуақ нұрға, Балдай күйге Ұясын ұлылық пен ұлағаттың. Қаратау шыңдарыңда құс тілегін Самғатқан жыр қиялым ұшты менің Дертіне дауа болған зәмзәм суы - Жарық дүние жаннаты -Тұщыбегім! Жігерді қуат беріп ұштаған үн, Жырласам сені ерекше күш табамын! Бұлбұл мен дүлділдердің ізі қалған Ақшымырау,Қызан, Шебір,Үштағаным! Төріңде жығылмаған ту бар екен Ұлдарың ел намысын қуған екен Мені өсірген қара шал, жаулықты ана Жармыштың топырағында туған екен.

Мені сәби сезіммен құндақтаған Тіл тоқтап, жақ семгенше жырлап бағам Маңғыстаудың қара ойы, құтты мекен, Әкем жортқан боз белдер қымбат маған! Қоңырау тақпайын мен әнге неге Күміс шашбау күймеме сән бере ме Анамның қыз күнімен жолығам ба Қашаған ат шалдырған Әндемеде? Секілденген айшықты сырғалары Нулары кербездене ырғалады Бесшоқы, биігіңнен көріне ме Тізіліп Қыдырбайдың «Тырналары?» Ақ желкен армандарым айды аңсауда Жеті жұрттан мұра боп қалған, тәуба! Бұл дәурен баянсыз ба, бақ тұрақсыз? Жыр жазып кетейінші Жалған тауға!

ОТПАН ТАУДА ОҚЫЛҒАН ЖЫР Жер ана күліп, аймалап сүйсе күн көзін, Аялай қарап, отырсам асқар шыңға өзім. Алыстан асқақ мен мұндалап көз тартатын, Отпан-тау - менің жыр биігімдегі күмбезім! Келгенде амал, өлеңмен құрап жүз өрім, Биіктігіңмен еңселі ойды түзедім. Жөргегім – жусан, бесігім – туған мекенім, Жаратылысымнан далаға ғашық қыз едім. Тұлпарын мақтап, сұңқарын баптап түлеткен, Дәт берер жанға тылсым күш мұнда бір өктем, Аталған Отпан ар-намысымның өлшемі, Кеп тұрмын саған жерімді сүйген жүрекпен!

Әз наурыз туса, өзгеше мұнда өмір, леп, Атамыз – Адай малдасын құрған төрім деп. Иіліп тұрып тіледім әппақ көңілмен, Еңсесі биік Отпандай болса елім деп. Мирас боп елге, бабамнан қалған мұра боп, Көк сүйген сеңгір, қанатың талып қыран өт! Жалыны жігер дарытып жетсін ертеңге, Бүгінгі батыр – Жеменей жаққан ұран от! Таңдайым әнге, уысым жырға тола гөр, Ерменбет бабам, додадан озған қарагер. Қарлығаш жырдың қанатындағы қызыңа, Салмағын сөздің саралай білер сана бер! Киелерім-ау, дарығаны ғой батаңның, Шау тартса шабыт, өзіңе келіп от алдым. Артыңда қалған жолыңды жалғар ұлыңа, Қайсарлығын бер Кенже мен Жомарт атамның. Кеудемнен менің қалықтай ұшса арман ән, Әділ мен Әбіл ән қанатында самғаған! Жалындап тұрса елімнің отын жағатын, Азаматтарым Сайынның ізін жалғаған.

Құдіреті күйдің – Сержанды көріп толқыдым, Роза күймен толтырдым орнын олқының. Анашым таққан ай мүйіз айшық елестеп, Естідім даусын күй күмбір күміс шолпының. Қызыға қарап, қазыналарыңа үңілдім, Тобанияз ата, алдына келіп жүгіндім. Көңілдің көгін көлеңке кейде торласа, Өлеңдерімен сырластым Жандос інімнің. Төркіндеп келіп, тұлпарын жырдың байладым, Босағасына бақ қонған жасыл жайлауым! Атамыз Адай армандап өткен аһ ұрып, Берекелерің тарқамасыншы, тойлы ауыл! Бабамыз батыр, жерім деп түскен топқа сан, Анамыз – ақыл, тамызық болған шоққа сан. Келгенде амал ақ тілектерге шомылған, Арман жоқ аман табалдырығыңды аттасам!

ТІЛЕК Сыйласаң сөзін атаның – Таусылмас дәм-тұз, татарың. «Асқар тауым» деп сыйынсаң, Болғаны қабыл батаның. Сыйласаң сөзін ененің – Көп көрмес Алла бергенін. Ол – сенің әке көргенің, Ол – сенің ана көргенің. Сыйласаң сөзін ағаның – Кірлемегені ол жағаның. Оңдалғаны ол талабың, Бұзғаның жаудың қамалын. Сыйласаң сөзін інінің – Жарқырағаны ол күніңнің. Тынысы ғой ол жаныңның, Білмесең оны, сүріндің. Сыйласаң сөзін апаның – Оңдалар әркез сапарың. Түндерің тілеп тыныштық, Таңдарың күліп атады.

Сыйласаң қатар-құрбыны – Ауыл мен аймақ бірлігі. Жарасар әзіл-қалжыңың, Желпілдеп шаттық түндігі. Сыйласаң сөзін жарыңның – Жанғаны де ол бағыңның. Аясы деп ұқ әніңнің, Саясы деп ұқ жаныңның. Жандарың тауып үйлесім, Ағайын «Тату үй» десін. Табаныңа тас батпасын, Маңдайыңа шаң тимесін! Тілектен тасып дария, Жақсы ісің болып жария; Бесігіндегі бақыттың Болыңдар жақсы жанұя!

АҚТАУҒА КЕЛСЕҢ... Өлеңмен ерке жүруші ем өріп сан десте Көркіңе көрік қоссыншы тағы ән кесте, Ақжарма күймен арнадан асып төгілген Ақтауға неге ақ тілек айтып келмеске?! Жыл өтер жылжып, жадымда жүрер жаттала Жырлаймын сені, шабытпен шалқар шаттана Айнасы сенсің, керілген кербез даламның Шағалалардың қанатындағы ақ қала! Атымды байлар келгенде озып кермеден Қазығым алтын, қара шаңырағым сен дегем, Шөлдесе жаным, таңдайыма жыр тамызып Ақ бесігімсің, уыз сезіммен тербеген! Сарғайып жетсем, көңілдің бастың аптығын Перзентің болып, кеудеме тақтым бақ гүлін, Адалдық пенен пәктіктің өзің үлгісі– Айдынды көлде қалықтай жүзген аққуым! Салтанат –сәнің еріксіз көзді бұрғандай Келбетіңе сын айта алар сірә, кім қандай? Сезіммен іңкәр қараймын саған, аруым Сұлулық сыры өзіңде ғана тұнғандай!

Толқының тулап, сезімнің тербеп тұнығын Аймалап өпкен сұлудың сылқым бұрымын, Көк айдыныңды көкжиек болып көмкерем Көзбенен жинап күніңнің күміс сынығын! Арайын шашқан ақ таңдарыңмен гүл атып Алқасын жырдан тағар ма екен күз ақық, Жағалауыңда отырам ойға шомып мен Армандарымды ақ толқындарға ұзатып!

БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛАҒА Ақ желкен арман, құшағын көкке жайып күн Ақбөбек болып, сыңсиды ерке ғайып күн Арыны асқақ, бас білдірмеген асаудай Жырларын жазған толқындарына Жайықтың! Замана желі маңдайын қарып ескен ұл Нарынның құмы тұсауын жырдың кескен ұл Наркескен намыс, семсерін сертке суарған «Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ» деп өскен ұл! Саусаққа киген сақина сынды сырғып күн Төнгенде түнек, түндігін жауып тірліктің Еліңнің жүгін арқалай білдің, ақыным Түскенде жерге желегі сусып шындықтың! Салады бір ой, бұрымын сипап өткеннің Жүрсең де қайда, сөйледің сөзін текті елдің! Қан жауған күні халқыма ара түсті деп Батылдығыңа басымды исем деп келдім!

Мінгенде тартып, арғымақ аттың жалын ер Талайы менен ерінің тілер бағын ел Анаңдай аппақ тілегін төсеп жолыңа «Ұлым» деп сүйген Маңғыстаудағы қалың ел. Найзағай өлең, жанарда ойнап жалт күнің Ақын боп тусаң, ақиқатты айту – салт бүгін Бойыңнан сенің жоғалып кеткен кешегі Көргендей болам бабаларымның мәрттігін. Алаштың арын ту еткен ақын ұлысың Құлагер шабыт, бәйгеде ашқан тынысын Тірескендерді тіліп түсетін тілменен Махамбеттердің қындағы қайқы қылышы! Мәренің алдын өткенде кесіп, жал түйіп Жырыңнан нәзік кеуделер жүрсін ән сүйіп Қорамсағыңда қорғасын сөздің жебесі Атылған оғың нысаналарға дәл тиіп!

АНА ҚАБІРІ БАСЫНДА Жайқалып тұрушы еді бақта гүлім.. Бұл өмірдің сағынтар шақтары мың Аяулы ана, аңсатты алақаның, Алақаның, төсейтін ақ мамығын! Желісін үзбей жалғап моншақ жырдың Өзің деп ардақтым-ау, ән сап жүрмін Таңдайыма тамызған мейірімнің Сүт дәмін әлі күнге тамсап жүрмін! Көктем өтті, білемін жаз өтерін Күз көңіл сағыныштың сазы екенін Сәт сайын мойындатып жатыр күндер Өзіңдей асыл жанның аз екенін! Өзің салған ұядан түлегесін Сыйынам ана атты киеңе шын, Алыстан мен мұндалап, ақ жаулығың Түсіме де анашым, жиі енесің! Ізің қалған өмірдің өткелінде Нұр жүзің - менің жүрек дәптерімде, Мына пәни жалғаннан қалған мекен Бейітің – сонау қырдың беткейінде.

Желеп-жебеп жүрсің бе аяулы жан Жапа шегіп, жабыққан сәттерімде, Бір аунап түсті ма екен ғазиз жаның Алыстан алып-ұшып жеткенімде. Жатырсың қос төмпешік жерде екеу боп... Кеудемді өксік толы жыр мекендеп Тұрып қалдым.. ақ мама, папам мені Сұрай ма аман-есен жүр ма екен деп? Қиялым күте ма әлде тосын әдет Қарағым, айналайын, жасыма!-деп Орыныңнан тұрып келіп, жұбатардай Мұңымды шағып тұрмын басыңа кеп!

ХАНЫМ АПАМНЫҢ РУХЫНА Тағдырым тұзын сеуіп жарама құр Сағыныш сазын төгіп дала жатыр. Анамның көзін көрген әзіз жандар Жылдар санап азайып бара жатыр. Сүреңсіз тағы да бір күзді өткеріп, Құстар қайтып барады тізбектеліп. Ауылдан дәм бұйырар сәт туса егер Сәлем беріп кетуші ем іздеп келіп. Шомақтай нағашымның шаңырағы, Тұратын кестелермен өрнектеліп! Шүйкедей қара кемпір жаулығы аппақ Отырушы ед бау тоқып, өрмек теріп. Мұңдылау бүгін салар әнім, апа, Қимадым қара жерге жаным, апа! «Апамның кенжесі кеп қалды ма?» – деп Сүюші ең маңдайымнан, Ханым апа. Құрбым өскен үй ғой деп, алып-ұшып Ауылға жеткенімде сағынысып, Мауқымды басып, апа, қайтушы едім Ардақтың қаймақ қатқан шайын ішіп.

Сусындап мейірімдей кәусарыңнан, Сырлассам арылушы ем қанша мұңнан. Тағдырдың тартқан ерек сыйы шығар, Шебер ең бармағыңнан бал тамызған. Бір алла боп әуелден сыйынғаның, Уақыттың елемеуші ең құйындарын. Текемет, анау жатқан ала теру– Өз қолыңнан төгілген бұйымдарың. Бәрі де еске салып тұр өзіңді, Кеудеме өксік тығылып, жыр өрілді. Адарғың мен қылышың қайда жатыр Бір жанып алсам деп ем жігерімді?!

*** Қиялыммен кезіп қия, шыңдарды, Арман болып артта қанша жыл қалды. «Ертелі-кеш табыстырар, – деп, – үміт», Құмға көміп кеткем сыңар сырғамды. Айтылмаған арамызда сыр қалды, Жазылмаған жүректерде жыр қалды. Сол алыстап кеткен күннің күмбезін Қайтсем екен, көзі шалған ұл бар-ды. Алда тарау жолдар жатса жүздеген, Сері күндер жолыға ма бізбенен?! Арманның ақ желкеніне қонып ап, Қиялыммен мұнда күнде жүз келем. Сері көңіл, саған қандай сын бар-ды?! Ой көмкеріп, ұйқым қанша ұрланды; Жұмсам болды, көз алдыма елестеп Жанарымды сүйіп тұрған тұлғаңды. Қол бұлғап ем көк майсалы көктемге, Айтшы, құрбым, не айта алам өткенге?! Самалына аймалатып кеудені, Жүрші, құрбым, гүл терейік бөктерден!

Жүрегімді тырнаса да жыр кермек, Бір ғажап күй көңілімде тұр төрлеп, Ғашық болып жүрмін тағы, құрбым-ау, Жанарымды сол бір сиқыр, күй кернеп. Жолықпаған көктемі алау кезімде Не айта алам мынау соқыр сезімге?! Көңілімді жүрген жайға мазалап, Кінәлі кім, ол ма, әлде өзім бе?!.

*** Шау тартқан шабыт тұстарым ерен Сайрамай бұлбұл құстары менен Жырақтап кеткен жалған күндерде Бағыма қондың қыста гүлдеген. Сезім боп тұнған шақтар бойдағы Мына гүлдердің мақпал ғой бәрі Бұл жерге көктем неге ерте жеткен, Таң қалдың сірә, ақпан ғой әлі! Күн болып сүйші, ызғарды ап қал да Әкетші алыс, сызды аулақтарға Көктемнің көркі жайқалып тұрған Қарашы мынау қызғалдақтарға! Жайнады жаным бір жарық нұрдан Еркелей қарап, ырғалып тұрған Жасыл әлемнің жаршысы мынау Бақ гүлім бе екен бүр жарып тұрған?

*** Жанарымда тұр ғой тұнып түйдек сыр Жан сарайың кеудемдегі күйді естір! Жүрегімді жайып салып алдыңа, Келіп отыр өзіңменен тілдескім. Баяны мен бағы жесір ғұмырда Дәл өзіңдей мен ешкімді сүймеспін. Қырық жамау құрағы бар жүректің Бүтіндейтін бөлшегі боп үйлестің! Тас түнек ед, сәуле түсіп ойыма Аппақ шуақ шашып тұрды күлмес күн Бағбаным боп жүрші жаным, қасымда Жұлмасыншы бағымдағы гүлді ешкім! Қара түнді серпіп тастап көңілден Басқада жоқ, өзгеше бір күй кештім Ақ бояумен жыр жазуға үйретші! Қыл қаламым сенде менің, суретшім!

*** Сабырға көп шақырады өктем үн Сүйген жүрек мазасыз тым, сөкпегін, Жайдары жаз алыстаған сәттегі Бәлкім мынау, мүмкін...соңғы көктемім. Көңілімнен солғын тартқан., ызғар қап Ой аулайды сана тастап жүз қармақ Куәсі ғой сырға толы шақтардың Сол көктемде сен сыйлаған қызғалдақ. Жанарымның шарасында шық тұнып Мөлдіреген сезім қандай тұп-тұнық! Өзің жақтан желі еседі сәуірдің Жүрекке әжім түспейтінін ұқтырып!

*** Мүмкін бе екен өзің жайлы ойламау Астарында бір құпия жай бар-ау! Мен өзіңнен өз бейнемді таныдым Жанарынан жарық шашқан айнам ау! Басу айтып көңілдегі мұңдарға Жылу төккен жүзің келіп тұрды алға Ризамын жүрегімді жырға орап Өзіңменен жолықтырған жылдарға! Сырымды айтып боз жусанға, бүргенге Қызығушы едім қырмызыдай гүлдерге Ризамын мұң моншағын шешіп ап Өзіңменен кездестірген күндерге! Қандай жолдар күтер екен алдымда Ойлар мені талай сынға салдыңдар! Ризамын соқпағында өмірдің Өзіңменен табыстырған тағдырға! Тірліктен баз кешіп жүрген кезімде Дауа іздеген жүрегіме езілген Ризамын сағындырып, сарғайтып Бір өзіңе ноқталаған сезімге!

ШӘЙ (Жеңгем Жанатқа) Жаны жайсаң, жүрегі – нұр, ай қабақ, Шабыт сыйлар ақ күлкімен аймалап; Ақ жеңеше, жеттім сені сағынып, Шәйіңді аңсап қызыл күрең, қаймағы ақ, Шәрбәт дәмі ынтықтырып қойған, ә? Одан артық сусын бар деп ойлама. Жүрегімнің жүз дертінің дауасы – Жеңгем құйған қою, мақпал шәй ғана! Қажытады, жолдарда көп жарқабақ, Жүрмін, міне, сонша жүкті арқалап. Бір жеңілдеп қалайыншы, ақтарып Сырларымды, ақ құманды ортаға ап. Шәйді көңілім жиі аңсайды, себебі, Шаршағанда жаныма нәр егеді. Жұмақтың қақ төріне кеп жайғасып, Жан дүнием кеңіп сала береді. Несібесін татып жүріп жер-көктің, Сездім дәмін ащы-тұщы, кермектің. Шөлдегенде жаныңа рахат сыйлайтын Шәйдан артық зәмзәм суын көрмеппін!

Алыс емес көрінеді-ау ай да аса, Жан жайлауын бұл қуаныш жайласа. Балқаймақпен баптап іше білгенге Шәй да рахат, сексеуілге қайнаса! Жарқырайды сонда жанның айнасы ән, Қазақ үшін шәй қадірін жоймас-ау! Ұмытып бар күйбең, күйкі тірлікті, Самаурынның жанына кеп жайғасам...

ҚЫЗЫМ ЖАНСАЯҒА Кеудеме әкеп кәусар сезім құйған ең Менде талай тартылмаған күй бар ең! Беу, дүние сендегі бар ғажапты Қолым жетсе, өздеріңе сыйлар ем! Жабырқасам, жалау болып жаныма Көрік берген күзде солған бағыма Сүрлеуі де сүреңсіздеу тірліктен Өздеріңмен тапқан едім мағына! Ұғынарсың, бұл өмірдің сыры мың Ұзын шашың – ұзын, ұзақ ғұмырың Ырым қылып өсірген ем, құлыным Ақылыңа сәйкес болсын бұрымың! Көкжиегі көп арманға толады ой Жаныма арай, жыр боп келіп қона ғой! Бұл өмірде бақыт бары шын болса, Жүрегім-ау, сен бақытты бола ғой!

Өзің ғой деп аймалаған таң нұрын Сезінгесін менен шеттеу қалды мұң Маған титтей қуанышын қиса өмір Ойланбай-ақ сен ала ғой барлығын! Қызым менің, тәңір тартқан сыйымсың Жемісті ағаш жерге қарай иілсін, Бар шыжығын мен татайын өмірдің Бар қызығы екеуіңе бұйырсын! 10.05.2014ж

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВКЕ Дүниені әнге, көңілді күйге бөлеген Құдіреті жырдың ғаламат еді не деген! Көгінде жырдың көк сеңгір аспан сүйеген Асқар тау болып асқақтап тұр-ау Төлеген! Сағынсаң елді, бетіңнен самал жыр өпкен Баурайтын жанды тылсым күш мұнда, бір өктем! Әлемнен мынау жоғалар ма еді жауыздық Сыйласа білсек, сен сүйген ғашық жүрекпен! Жырыңды оқып, кеудемде тұнып бұлақ ән Мұңыңды сенің, сырыңды сенің ұға алам Шабытқа мендік, сыйлайтын шалқар биіктік Арманымды асқақ аспанға жалғар мұнараң! Сазымды жырға, назымды жырға ақтарып Жігерді жалын, жасындай жарық от қарып Тарқамас тойға, келемін жиі мен аға Сіз мекендеген сарайын жырдың бетке алып!!!

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАҒА Менің асқақ, әм мұңды жырларымды Іздеуі хақ солардың сағынары....... (Ф.О) Шабытпен шалқар желписің жырдың түндігін Семсері ең сөздің, заманның айтқан шындығын Үнің бар ерен, ғасыр керуені жалғайтын Қоңыраулы көште күмбірін! Найзағай-өлең, бесігін жырдың түзедің Жазира дала аймалап өпкен жүз өңін Жаныма жауһар жұпарын шашқан жусан-жыр Даланың мен де қызы едім! Арғымақтардың жабыға жауып тоқымын Жасытқан сәтте өкініш айтып өкімін Отты жырыңмен жігерді жанып, тарадың Бәйгеге қосар құлагер жырдың кекілін!

Жырыңмен нәзік, сезімнің отын түлеттің Пернесін басып, әуенін ғашық жүректің Шерткен саздарың құрғатқан мөлдір тамшыны Желегіндегі Жібектің! Сезімнің селі арнаға сыймай ән қайнап Мінезбен жомарт – даламның дархан салты айғақ Жасыса жігер, жырларыңды оқып қайралдым Жанарларымда жалт ойнап! Оқалап, зерлеп, өлеңнің тәжін кигесін Саф алтын жырдың кеудеңе тақтың түймесін! Заманаларға жарқын даусыңды жалғайды «Шабытқа еріп зулаған жырдың күймесі!»

ҚЫДЫРБАЙ ТҰРМАҒАМБЕТҰЛЫНА Ән ғұмыр тұлға жыр тербеп жатқан жұмақта Әуенін қосып сылдырай аққан бұлаққа Күн көзін кейде көлеңке көлегейлесе Жылындық өзің маздатып жаққан шыраққа! Өлеңіменен өлшеген өмірдің құнын Сыр болып тұнып жыр болып төгілдің бүгін Сезіммен сұлу жатырсын тербетіп мәңгі Кіндігіңді кескен мекенің - Шебірдің құмын Қоңыр кештерде сыңсумен жапырақ әнін Сағыныш толы бақтарға шақырады әлі Бала боп келіп өмірге, бала боп кеткен Іздейді елің жаны пәк ақын ағаны. Сыбызғы сазы шертеді ырғала мұңын Сазына қосып сыңғырын сырғаларының Сенің дауысың ба деп қалам қоңыр күздегі Тізіле қайтқан тыраулап тырналар үнін.

АҚ ЖАУЫН Талғат Атшыбаевқа Даланың дархан дүлділі Тоқтады күйін тауысып, Іздейді жүрек күмбірі «Құралай» әннің дауысын. Шаттық пен мұңды тел емген Сезіммен сұлу сарайсың, Арқау боп талай өлеңмен Ән болып жаңа тарайсың! Жүрегің салған әуенмен Тербедің жерді, жаханды, Тал бесік болған далам кеңҚосарқан менен Шаханды! Сен өскен Шайыр, Жыңғылды Көгінде жыр боп қалқыған Сезімге күмбез тұрғызды Сағынышың мен Шалқымаң.

Жабырқап жүрген жандарға Жарық нұр шашқан арай сен, Адасып жүрген арманға Жұбаныш болдың талай сен. Жалындай маздап бір ізгі от Жалт етті дүние бес күнде, Жалғаннан жарық нұр іздеп «Күнбағыс ғұмыр» кештің бе? Жүрекпен жомарт, нар кеуде Аттанып аға, барасың, Сағыныш қонған сар белде Саз болып тұнып қаласың. Сәулесін сүйсін жанарың Пейіштен тамса аппақ нұр, Көз жасын қара даланың Ақ жауын бірге жоқтап тұр... 3.12.2013ж

АМАЛ КЕЛДІ... Көңілдің көк дөнені көсіл енді Көктемнің ілесейін көшіне енді! Амал келді, бақ келді, ырыс келді! Таңнан теріп жейінші несібемді! Ақ боз үй анам тіккен, орының биік Қадір мен қасиетінді тердім жиып, Қызығып қырмызыға күн қарасын Төгілтіп шығайыншы торғын киіп! Бұла күшпен бойыма толар арын Бұл өңірге мен талай ораламын Самал соқса желпитін желегімді Қайда екен менің қызыл орамалым? Сұлудың сұқтандырмас сыры кімді Қалт жібермен қазағым ырымыңды: Ұзындығы – өлшемі ғұмырымның Өрейін желмен тарап бұрымымды! Жасынды жанардағы жалт ұрлай ма Кеудемді көктем гүлі толтырмай ма? Қоңырауы көркіме сән қосатын Үмітімді үкілер шолпым қайда?

Сақтасын сұлулықтың түзіп төрін Салайын саусағыма тізіп керім! Тіл көзден таса жүр деп анам таққан Қайда екен менің күміс жүзіктерім! Қосатын салтанатпен салтыма сән Қасиет жиған бойға халқыма тән Ән салсам әуеніме қосыл құрбым Тербесін арманымды алтыбақан! 14.03.2014ж

САҒЫНЫШЫМ САРЫ КӨЙЛЕККЕ ЗЕР ТӨГІП... Елесі жастығымның – жазым менің Жырақтан естіледі сазың керім! Байқамай өткеніңді қалыппын-ау, Бар еді саған айтар назым менің! Елемей ерке назды қыз қылығын Тоңдырды өкпек, суық, ызғырығың Жел соқса қалтырайды сабағында - Сарғайған жапырақтай күз-ғұмырым! Қыраулы қаңтарларым, ақпандарым Ақ қарға жасырынған мақпал бағым... Сендермен әлі талай беттесемін Ақ түтек адастырып, соққанда мұң. Қырмызы қызғалдақты бөктерлерім Көкорай, көк майсалы көк белдерім, Алыстап кеткен күннің әнін айтып, Кешігіп жетесіңдер, көктемдерім!

ӘНІМ – СЕН ЕДІҢ! Бір өлең жазып бастап ем... Не деген нұрлы аспан ең! Көкжиегімді көмкеріп Көре алмай қалдым басқа әлем! Көгімнен тамған нұр болып Сағыныш сазды сыр қонып, Алдымдағы аппақ параққа Тізіле қалдың жыр болып! Әнімсің мәңгі салатын Бейнең де биік, дара тым Шарқ ұрса сезім шағала Өзіңнен сая табатын, Қиялымдағы қанатым – Жанымнан жыр боп таматын Дүрсілі - өзің кеудемнің Тынғанша жүрек-сағатым!

*** Ғазалым, Өзің жайлы ғажайып жыр Жазамын, Басқа амалым азайып жүр. Ғарыштан түскен ғайып сәулесінде Азабым, тарқамаған базарым жүр. Жазира жамалымның оты ма едің? Жалғанға жарық шашып жетіп едің! Назды әнін сағыныштың тиек қылып Төгеді жеті сазын жетігенім! Көктемім еске салып сол бір әнін Аңсатты мөлдір әуен, мөлдір әнін! Шеменнен шер толғатып шанағында Шектері шертеді сыр домбыраның! Жаныма шуақ құйса жыры ізгінің Жырақта мұнартады уыз күнім Ақ бұлтты сүйген аппақ армандарым Сыңсиды сағасында сыбызғының!

Тербеткен кеудемдегі күй қаламын Жәудірін жанарыңның қи қарағым! Жүректің нәзік қылын сипап өтіп Әуені елітеді гитараның! Көңілдің көрік қосып көрмесіне Әуен боп қалықташы, енді есіле! Ессіз-түссіз ғашықпын мына әлемнің Ән тұнған өзің жайлы пернесіне!

*** Жыр кеудем өзің жайлы таратып ән, Ай сүйіп, талықсиды таң атыра... Алты қаз айдынына қонды ма екен, Хат жазып, ұшырып ем қанатына?.. Бақ гүлім, өзіңді ойлап жайқалды да Тақты мұң, кеудеме әкеп. Байқалды ма? Жіберген ақ сезімнен алқа тағып Ақ құсым арманымды айта алды ма? Мейірім, мөлдіреген төр алдында Жасымды сүрту үшін оралдың ба? Жазықсыз жәудіреген жанарынан Мендегі іңкәрлікті көре алдың ба? Өр тағдыр танытса да тағы күшін Жетеді күресуге әлі күшім... Жолдадым ақ парақпен сәлемімді - Сорғалап қаламымнан сағынышым...

САҒЫНЫШ Сырымды айтқызбай –ақ түсін менің Тынымсыз сені іздейді ішімдегі үн, Сабырымды сарықты сағынышым Сағынбауға жетпеді күшім менің! Жырымды оқы, сен менің жалын буып Оймен құшып ататын таңым күліп... Сүйем деп мазалайтын жанымды үгіп.. Сүймей тағы тұра алман, әлім құрып! Жүрегім сені аңсайды – ұлы арманым Тұнбасақ та сазы боп бір арнаның - Жанарымда мөлтілдеп тұрады үміт Мен оны да жасырып тұра алмадым! Аттансам мұңы тәтті мекенге кең Тағдыр тағы тосады у – шекер ма екен? Сынық қанат сағымның жетегінде Сені мәңгі сағынып өтер ме екем?

*** Қиялымда жүр қадамым жетпес бір биік Сыйластық деген сыпайылықпен сый бүгіп, Тылсымың тартып, барады баурап өзіне Көгілдір аспан көкжиегіндегі тұңғиық! Қарашығыңда қырмызы күндер құбылып Жанашырым-ау, жанымнан жүрген жыр ұғып Көзімді жұмсам, кірпігімді кеп сүйеді Жанарыңдағы нұрыңа бөккен жылылық! Сағынышым-ау, санамда жүрген сағымың Ақ қанат арман, арнасы толған тағы мұң Алақан болып аймалап оятасың ба Үмітке үркек ұлпадан төсеп мамығын?

АҚҚУЛЫ МЕКЕН... Аймалап алтын ақ сәуле айдың нұрымен Сезімнің мөлдір айнасы болған тұнық ең... Жүрекке түскен жанымның жазып жарасын Аққулы мекен, арманымды өзің ұғып ең! Қоңырқай кеште қондырып көңіл қаздарын Сыр айттым саған, азабым болған аз ба мұң? Сәт санап күтіп, сарғайған сезімдеріммен Өзіңе шерттім сағынышымның саздарын! Дертімнің жалғыз дауасын іздеп өлеңнен Жүрегімменен махаббатыңа бөленген Жанымның жалқы сыңарын іздеп, егізім - Аққулы мекен, өзіңе талай келем мен. Аруым аппақ, сындырмай көңіл айнасын Алдымнан шықшы, көңілім жаздай жайнасын Жүрегімдегі жырымды оқып жүзімнен Аққуым менің, қарсы алмайсың ба, қайдасың?

Жалғанда мынау, жанарларынан күн күлген Армандарым-ау, ақ қанатында сыр жүрген Аққу дәуренім, базарыңды ерте қия алмай Айдыныңды әлі айналып ұшып жүрмін мен....

Қиялым болсаң, қас-қағым сәтте жетем бе? Сезіне алсаң, сезімнің уын шекер де Аңсарым жиі ауады, махаббатымның Тербеген аппақ бесігі болған мекенге! Шағалам менің, шарықта көңіл Шәмшісі! Ән едім шалқар, табылса шырқар әншісі Сөкпеші мені, жанарым жасқа шыланса Ол менің мөлдір сезімдерімнің тамшысы! Емші ме уақыт, ілестірмей ме көшке мұң? Өзіңде менің керімсал, қоңыр кештерім Армандарымнан алыстау жатқан жағаға Жете алмаймын ғой, өзіңде қалған ескегім! Жыр күмбезінде өзіңсің жүрек Меккесі Қанатым талай күйген-ді, жаным, от кешіп Сыңарсыз аққу қаншалық ғұмыр кешерін Білесің ғой сен, жанымнан жырақ кетпеші!

*** Жүрегім жалғай алмай дауылды әнін Өзіңсіз жаным қасаң, жауыр жаным Түсінші, жаным тағы сыздайтынын, Түсінші, жүрегімнің ауырғанын. Мазалап, жанымды ерке бермей тыным Түсінші жүрегімнің шөлдейтінін Тағдырым тауып қосқан сыңарымды Сенемін, ажалдың да бөлмейтінін! Моншағын мөлдірліктің тағып арым Түсінші, өзіңді іздеп сабыларын «Жаным» деп жыр жазатын бір жүректің Түсінші сені мәңгі сағынарын!

*** Мұңмен ғана өріліп жаным әні Таңдарым сары желек жамылады Мәні жоқ мынау сұп-сұр тіршіліктің Бір тарауы өзің ең мағыналы! Арманын аман алып қала алмаған Тағдырдың тартуы да сараң маған... Өзіңе арнап жырымды жаза алмасам Неге керек жаным-ау қалам маған? Тап басып таныса да таным шыңы Тірліктің азабы көп, ауыр сыны...... Қалықтап ұшып бар жатыр әне, Жыр жазған қаламымның қауырсыны...

САҒАН ДЕГЕН САҒЫНЫШЫМ... Жылуына шомылдырып, елжіреп Айтары да журегімнің сол жыр ед Саған деген сағынышым жас болса Жанарымда тұрад тұнып, мөлдіреп! Саздарымен сары көйлекке зер төгіп Төзіміме наз айтады еркелік Саған деген сағынышым от болса Жалыныңа кеткім келед өртеніп! Өзің жайлы әнім барда тербеген Жаным жүдеп, мұңаямын мен неге? Саған деген сағынышым дерт болса О тәңірім, өтінемін, емдеме!

*** Күндерде мынау аспаны бұлтты, нұры кем Жүрегімдегі жұбаныш болған жырым ең, Өзің екен деп сыбдырын сүйіп самалдың, Көз ілмей шықтым түнімен. Көңіл-ай, осы жүретін күтіп күзден гүл Аққу армандар, айдында шалқып жүзген жыр.... Жайымды сірә, айтқызбай өзің ұғарсыңӨлеңім сені іздеп жүр!

МҰНАРА Ән едің сен, жүрегіме ұнаған Ғашық көңіл сұлулыққа құмар ә? Көркемдігі көздің жауын алатын Саған арнап орнаттым жыр-мұнара! Ажарына ай сәулесі тамсанып Ақ сезіммен жарты әлемге жар салып Ақ жол тілеп аттандырып үнемі Тұрса дегем сапарлардан қарсы алып! Бар сұлулық – сезімімде сүйіктім Шуағын да төгеді оған сүйіп күн, Қырандардың қанаттары талатын Менің асқақ арманымдай биік тым! Көкжиектен хақтың өзі төккен нұр Аялаумен, аймалаумен өпкен жыр Терезесі – көңілімнің айнасы Саған деген сезімімдей мөп-мөлдір!

Күнәдан пәк, кәусар сезім аралы Адалдығың, арың ғана бағалы Нәзіктіктің қылыменен арқандап Тұрады есіп сағыныштың самалы! Мен мұндалап шақырса егер төріңнен Махаббатың күмбезі де көрінген, Сезімдердің бұлағына қанығып Төзімдердің тіндерімен өрілген! Тұғыры да, ғұмыры да мәңгілік Бір мұнара бой көтерді көгімнен!

*** Сол жағалау... Келуші, кетуші көп... Жырақтасың, жаным жүр жетімсіреп, Сонау жерде, мүйісте өзің жаққан Жарығы көмескілеу отым тұр ед, Сол жарыққа жүректен жыр арнадым Сол шырақта сөнбеген жүр арманым О тәңірім, өшіре көрме, өтінем! Кеш тұтанған үміттің шырағданын! Ұмытып өксіп атқан таңдарымды Жақсы көріп кетіп ем жалғанымды! Ақ періштем, аймалап жұбатып ең Аялап менің соқыр арманымды. Шығарып сап батысқа күнді ұялы Таң қанатын тербейді түн қиялы Белгісіз бір жылылық жанарыңнан Құлазыған көңілге нұр құяды... Сол жанарда мейірім, мағына бар Сол жүрекке көңілім, жаным алаң Тек ӨЗІҢДІ осылай сүйе аламын, Тек ӨЗІҢДІ осылай сағына алам!

ӨМІР ЖАЙЛЫ ШЫҒАРМА Күз мұңайтып, тұңғиыққа батырып Жаз қуантып, айдынына шақырып Күреспенен өтіп жатқан күндерден Таптым Жаным, бір тамаша тақырып! Өмір мынау, жатқан ағып ұлы арна Қатал ғой ол, мендік мұңды ұғар ма? Өзің жайлы басталатын сөйлеммен Өмір жайлы жазғым келген шығарма! Менде мәңгі айтылатын жыр – Өзің! Менде мәңгі шертілетін сыр – Өзің! Екеуі де жүрегімнің серігі Шығармада – Бас кейіпкер сірә Өзің! Есіме алсам, елжіретер езіле Ойларымды – жүрегімнің сөзі де! Өмір өзі – сөйлем екен сұраулы Жауабын да қалдырайық өзіне!

Аққу сазды арманымды ай теліп Алыстарға жетелейді ой кені, Үлбіреген үміті көп сөйлемнің Үтірлерін өзің қойсаң қайтеді? Жыра, жықпыл, жартасы көп, жол мейлі Көңіл шіркін, әміріңе көнбейді! Өзің жайлы жыр-керуеннің көшіне Мен ешқашан нүкте қойғым келмейді! Жүрегім де сүйікті әнім-сен дейді Ән үзілсе – жарамды кім емдейді? Жо-жоқ, жаным, ән үзіле көрмесін, Басқа әуенді тыңдағым да келмейді!

СЫР-СЫРҒА Қиялыммен кезіп қия, шыңдарды, Арман болып артта қанша жыл қалды. Ертелі-кеш табыстырар деп үміт, Құмға көміп кеткем сыңар сырғамды. Айтылмаған арамызда сыр қалды, Жазылмаған жүректерде жыр қалды, Сол алыстап кеткен күннің күмбезін, Қайтсем екен, көзі шалған ұл бар-ды. Алда тарау жолдар жатса жүздеген Сері күндер жолыға ма бізбенен? Арманның ақ желкеніне қонып ап, Қиялыммен мұнда күнде жүз келем. Сері көңіл, саған қандай сын бар – ды, Ой көмкеріп, ұйқым қанша ұрланды? Жұмсам болды, көз алдыма елестеп, Жанарымды сүйіп тұрған тұлғаңды. Қол бұлғап ем, көк майсалы көктемге, Айтшы құрбым, не айта алам өткенге, Самалына аймалатып кеудені, Жүрші бірге, гүл терейік бөктерден.

Жүрегімді тырнаса да жыр кермек, Бір ғажап күй көңілімде тұр төрлеп, Ғашық болып жүрмін тағы құрбым-ау, Жанарымды сол бір сиқыр, күй кернеп. Жолықпаған ерке-бұлаң кезімде, Не айта алам мына сокыр сезімге?!, Көңілімді жүрген жайға мазалап, Кінәлі кім, ол ма әлде өзім бе?

СУРЕТШІГЕ Жан досым ақ парақ пен қалам дейсің, Әрбір жаңа туындым - балам дейсің. Тақырып менен басқа таппағандай Сен менің кескінімді салам дейсің. Жан жарасын жасырып қоя алмадым. Қараңғылық. Жанымда қаяу барын Бейнелей аласың ба, жарығым-ау Тап басып көңілімнің бояуларын? Айыра алмай уақытты күн бе, түн бе? Нұр бейнем дірілдейді су бетінде. Талайсыз тағдырымның таңбалары Сүреңсіз өмірімнің суретінде. Шаттықтың шағаласы тым кейінде Ұша ма, әлде оны да білмеймін бе? Ашық бояу тым сирек кездеседі Көлеңкелі өмірдің күнгейінде.

Қайда екен бойымдағы асау қылық Төзім мен шыдамымды қашап жүріп, Мінезім – селт етпейтін меңіреу түн, Қас жауы жүрегімнің– жасандылық. Тербеттім жүрегімде тұнық мұңды, Күлкіні уақыт маған ұмыттырды. Ұршығы уақыттың дөңгеленіп Жігерімді түтіп жүн, түбіт қылды. Езуіме таңбасын қоя салшы Келеді суретімде күліп тұрғым!

*** Өзіңменен бір болсам деп тілегім Мен даланың қауыз жарған гүлі едім Сенің ғана көңіліңнің төрінен Табылсам деп жүр едім. Басымды иіп сендік дара танымға Өлеңіңді ән қып таратамын да. Арманым жоқ, тұрсам жайнап үнемі Сенің алақаныңда! Жараса егер жан жарасын емдеуге Сеніміме сезімімен төрлеуге Лүпіл болып соғып тұрсам арман не Сенің жүрек-кеудеңде! Жырларында жалт етер нұр жасыны Жан сырларын сақтап келген жасырын Сенің әнің жүрегімнің әуені Сенсің – ұлы ақыным!

АҚ БЕСІК Құлдыраң қағып, Өзіңде өткен құлын күн Балалығымның базары қалған мекенім, Бозінген ұғар Боздаған бота мұңымды, Тарқатайын деп Өзіңе ұшып жетемін! Ән тыңдап әсем Мақпалдай тұнық кешіңнен, Жайнадым гүлдей Өзіңдей жаннат бақта өсіп, Анам да мұнда Орамалына орап өсірген, Армандарымның Құндағы болған ақ бесік!

ЖЕР БЕТІНІҢ ЖҰМАҒЫ Биік маған өзім шыққан әр төбе, Бұл жерде өмір сүру де – үлкен мәртебе. Дүниенің мен ашыппын есігін «Маңғыстау» деп аталатын өлкеде. Жомарт көңіл, жайсаң жандар тұрағы, Жан аңсарым ауып әркез тұрады. Ес білгелі ауыл деген – мен үшін Көзім көрген жер бетінің жұмағы. Көңілдерде, жүректерде толы арман, Күтер екен мені қандай жол алдан?! «Бейнеу» дейтін берекелі өлке бар, Елін сүйген ерге қоныс бола алған. «Ақжігіт» деп аталатын ауыл бар, Сар даланың сағымына оранған, Мен туғанда топырағы бір уыс Кіндігімнен тамған қанға боялған. Тербетіліп осы маңғаз далада Мен өлеңге ғашық болып оянғам.

Өсер ұлы тек биікке қараған, Жас өркені бата алған данадан. Ырыс пенен ынтымақтың ұясы, Бір жеңнен қол, бас шығарған жағадан. Ата сөзі, арсызы жоқ таласар, Азаматы ауылына жарасар. Ауыл десе, ақ сақалы желбіреп, Елестейді мені өсірген қара шал. Туыс онда тұрғандардың барлығы, Сезілмейді онда көңіл тарлығы. Ауыл десе, мені өсірген арқалап, Елестейді анашымның жаулығы. Бір жұдырық қылып түйген уысын, Мұндағы жұрт – менің тума-туысым. Бір-бірі үшін жататын шын қуанып, Жүгіретін тастай салып жұмысын. Тентектерін тезге салған үлкендер, Ажыратып дұрысы мен бұрысын. Aнам жүрген адырлардан естілер «Айналайын!» деген қоңыр, күміс үн. Ауасы да бұл өлкенің мөп-мөлдір, Тазалайды жан-дүниенің тынысын.

Ағаларым cенімменен қараған, Жеңгелерім мені алтынға балаған. «Құлыным» деп сипап мені самайдан, Самал желі бұрымымды тараған. Көріскенде көңіліміз босаған, «Болсыншы, – деп, – ағайын сау, дос аман!». Жыл құсындай саған аман жетейін, Түлеп ұшқан менің алтын босағам!

АМАЛДЫҢ АҢСАРЫ Көңілдің көк дөнені, көсіл енді Көктемнің ілесейін көшіне енді! Амал келді, бақ келді, ырыс келді! Таңнан теріп жейінші несібемді! Ақ боз үй анам тіккен, орның биік Шық тұнған шұғыласын таңның жиып, Қызығып қырмызыға күн қарасын Төгілтіп шығайыншы торғын киіп! Бұла күшпен бойыма толар арын Бұл өңірге мен талай ораламын Самал соқса желпитін желегімді Қайда екен менің қызыл орамалым? Сұлудың сұқтандырмас сыры кімді Қалт жібермен қазағым ырымыңды: Ұзындығы – өлшемі ғұмырымның Өрейін желмен тарап бұрымымды! Жасынды жанардағы жалт ұрлай ма Кеудемді көктем гүлі толтырмай ма? Қоңырауы көркіме сән қосатын Үмітімді үкілер шолпым қайда?

Сақтасын сұлулықтың түзіп төрін Салайын саусағыма тізіп керім, Тіл көзден таса жүр деп анам таққан Қайда екен менің күміс жүзіктерім?! Қосатын салтанатпен салтыма сән, Қасиет жиған бойға халқыма тән. Ән салсам әуеніме қосыл, құрбым, Тербесін арманымды алтыбақан!

НАРКЕСКЕН (Бауыржан Халиоллаға) Ақ желкен арман, құшағын көкке жайып күн Ақбөбек болып, сыңсиды ерке ғайып күн Арыны асқақ, бас білдірмеген асаудай Жырларын жазған толқындарына Жайықтың! Замана желі маңдайын қарып ескен ұл Нарынның құмы тұсауын жырдың кескен ұл Наркескен намыс, семсерін сертке суарған «Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ» деп өскен ұл! Саусаққа киген сақина сынды сырғып күн Төнгенде түнек, түндігін жауып тірліктің Еліңнің жүгін арқалай білдің, ақыным Түскенде жерге желегі сусып шындықтың!

Салады бір ой, бұрымын сипап өткеннің Жүрсең де қайда, сөйледің сөзін текті елдің! Қан жауған күні халқыма ара түсті деп Батылдығыңа басымды исем деп келдім! Мінгенде тартып, арғымақ аттың жалын ер Талайы менен ерінің тілер бағын ел Анаңдай аппақ тілегін төсеп жолыңа «Ұлым» деп сүйген Маңғыстаудағы қалың ел. Найзағай өлең, жанарда ойнап жалт күнің Ақын боп тусаң, ақиқатты айту – салт бүгін Бойыңнан сенің жоғалып кеткен кешегі Көргендей болам бабаларымның мәрттігін.

Алаштың арын ту еткен ақын ұлысың Құлагер шабыт, бәйгеде ашқан тынысын Тірескендерді тіліп түсетін тілменен Махамбеттердің қындағы қайқы қылышы! Мәренің алдын өткенде кесіп, жал түйіп Жырыңнан нәзік кеуделер жүрсін ән сүйіп Қорамсағыңда қорғасын сөздің жебесі Атылған оғың нысаналарға дәл тиіп!

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР (Қуантқан Ыбанұлына) Ой менен өре, ақыл мен қайрат нар тұста Сынаса жылдар, дайынсыз қандай тартысқа! Қазыналы ғұмыр уақытқа салып үзеңгі Қуантқан аға, келіпсіз бүгін алпысқа! Заманда мынау күн сайын түлеп-түрленген Сайқал билікке сақалын сатып күн көрген, Ақсақал атын шапанмен жүрген бүркеніп Сахнаға шығып, сайрайтын алтын мінберден, көбейді шалдар, соларға «анти» – тұлғасыз, Жалғандықтардан бөлектеу аққан жылғасыз, Өтірік, өсек, тақ пенен баққа қызықпай Заманның желі лайламаған тұнбасыз!

Қоғамда бүгін өзгеше өңі жаңа күй Тәртіп те өзге, тәрбиелемейді баланы үй, Математика, тіл және өнер саласын Трактаттарымен табындырған әл-Фараби. Білімді іздеу – пайғамбарлардан аманат Болсыншы биік Сіз құрған ғылым-қағанат. Әлі талайға оқулық болар Сіз жазған Әл-ғибрадан ғибрат қылған ғаламат. Қоғамның бүгін жақсыны жығар жары көп Ел едік бірақ кетпеген суға салы көп, Есімің қалар тарихта алтын әріппен Елімнің нары, феномен-ғалым шалы деп! Өлшемей пішіп, желбаусыз жапқан түндіктен Мұржаларынан қисайып шыққан түтін көп, Тұрымтай тартып, тоз-тозы шыққан тірлік пен

Еліңнің тұтас бірлігін жүрсіз бүтіндеп. Қаймықпай қарап, шындықтың ішсең, уы мың Ақиқат, алыс, жығылып жүрген туы мың, Қиюы қашып, иіні түскен қоғамның Иықпен тіреп, түзеймін дейсіз уығын. Ағыны кері, ағымы теріс заманға Қарамай үнсіз, жүресіз айтып күнде сын, Санаңыз санға, ойыңыз онға бөлінді Жарасын жуып, бекітем деумен іргесін. Саңылаусыз сана, шатастырғанда зат есім Үндестік заңы жетістіре ме жетесін? Қасқыр қоғамды тазы боп шалып өтесің... Жөндеймін дейсің «мүгедек» тілдің қатесін. Сырласың өлең, жазбасаң қасаң, сезім сыз Сағынбағанға қонбайды бақыт төзімсіз,

Бағындыратын биіктер алда көп, аға! Тұғырдан тайма, күрессіз өмір көңілсіз! Ұланақ тербеп, өсірген шыңға ғашық қып Еңсеңнен биік танылып ерен ел кейпі Еленіп еңбек, зейнетпен зерлеп ғұмыр кеш Маңғаз даланың ерекше туған перзенті!

мазмұны Ақ жол, Айналайын Нұргүл......................3 Көңілдің тағып моншағын........................8 Қыранша шырқап қияға.........................9 Өлең-өмір, ән-дүние, күй-ғалам...............10 Көктем де келді далама..........................11 Ертеңгі күнге жалғанған........................12 О, ғажайып, тылсым сырлар мекені.........13 Досымнан жақын көрем, Өлең, сені.........14 Мен туған өлке.....................................15 Киіз үй................................................18 Ұршық................................................20 Ауылды аңсау.......................................22 Ауылға келгенде...................................24 Тамшалы..............................................26 Жусан..................................................28 Ажарым ай да, көркім-күн.......................29 Бар екен шығар биігім...........................31 Анама..................................................33 Нағашыларымның үйінде......................35 Анама..................................................37 Табылды Досымовқа..............................39 Желтоқсан күресіне қатысушылармен кездесуде..............................................41 Ата дәстүрді аңсау.................................44 Рахат ағаға...........................................46 Ағамен сырласу....................................49 Сезім иірімдері.....................................53

Болмай қалар ма екен, – деп, еш керегім.....54 Ойымды кезіп жүр бейнең.......................55 Түсінесің бе, арманым............................56 Көңілімнің көктемі...............................57 Жыладым тағы.....................................59 Шаршап кеттім.....................................60 Сезімнің сұлу сарайы.............................62 Жаныма жар, серік қой деп санағам..........64 Жүректің жырын..................................64 Сағыныш тербер әлі..............................66 Өзіңді көрмесем мүмкін..........................67 Келіпті-ау күздің күндері........................68 Бұл жерден көшсек қайтеді?...................69 Дүние жым-жырт..................................71 Көңілдің сырын ақтарған.......................72 Құлақ күйі келмей көңіл перненің...........73 Жоғалттым-ау деп өзіңді.........................74 Жаным жүр ед сергелдеңде....................75 Қуанып, қанша тасыпта..........................76 Кездесіп нұрлы бейнеңе.........................77 Еркелетсеңші, елітсін жанды нәзік үн......78 Ой күзеткен күндердің ағысымен.............79 Көңілде көп-ау көлеңке..........................80 Өтуде күндер, кеудеме мұңнан тағып гүл..81 Менің нәзік жанымның мұнарасы...........82 Қасымда жүрші, жаным, аян маған.........83 Ақпанның аппақ ақ мамығына оранған....84 Өзегімді өртеп, өкініш салып өрнегін.......85 Сары уайымға боялған...........................86 Мен сені сүйдім, нұрлы арман.................87

Ой-жарыстарда талай да талай жүлде алғам.........................................88 Сары уайымдармен көмкерілген бұл күндерім.........................................89 Дүние ақ қар жамылған шақта, ақпанда....90 Асығам арманға жетем деп......................91 Көтере алмаймын-ау сынағанды..............92 Сен маған: “Бақшаңдағы гүлсің” – дедің....94 Тыныс белгілер тынысы.........................95 Менің туған күнімде..............................97 Жаңа жылға тілек.................................99 Қыздарыма.........................................101 Інім Нұрсұлтанға.................................103 Сіңлім Ақтілектің ұзатылу тойына........107 Келінім Гүлданаға...............................109 Шебірге арнау.....................................110 Қара шаңырақ.....................................113 Отпан тауда оқылған жыр.....................116 Тілек..................................................119 Ақтауға келсең....................................121 Бауыржан Халтоллаға.........................123 Ана қабірі басында..............................125 Ханым апамның рухына.......................127 Қиялым кезіп қия, шыңдарды...............129 Шау тартқан шабыт тұстарым ерен........131 Жанарымда тұрғой тұнып түйдек сыр.....132 Сабырға көп шақырады өктем үн...........133 Мүмкін бе екен өзің жайлы ойламау.......134 Шәй..................................................135 Қызым Жансаяға................................137 Төлеген Айбергеновке..........................139

Фариза Оңғарсыноваға.........................140 Қыдырбай Тұрмағамбетұлына...............142 Ақ жауын...........................................143 Амал келді..........................................145 Сағынышым сары көйлекке зер төгіп.....147 Әнім-сан едің!.....................................148 Ғазалым.............................................149 Жыр кеудем өзің жайлы таратып ән.......151 Сағыныш............................................152 Қиялымда жүр қадамым жетпес бір биік.153 Аққулы мекен....................................154 Жүрегім жалғай алмай дауылды әнін.....157 Мұңмен ғана өріліп жаным әні...............158 Саған деген сағынышым......................159 Күндерде мынау аспаны, бұлты, нұры кем.................................160 Мұнара...............................................161 Сол жағалау........................................163 Өмір жайлы шығарма...........................165 Сыр-сырға..........................................167 Суретшіге...........................................169 Өзіңмен бір болсам деп тілегем...............171 Ақ бесік.............................................172 Жер бетінің жұмағы............................173 Амалдың аңсары.................................176 Наркескен..........................................178 Ғибратты ғұмыр..................................181

Нұргүл МАУЛИНА ҰРШЫҚ Редакторы Әлсейіт Оспан Қате түзеуші Қазына Нұрмаханова Көркемдеуші редакторы Асия Жумадуллаева Техникалық сарапшы Нүркен Сүйеубеков ИБ №28 Басуға 06.08.2014ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 1/32. . Офсеттік басылым. Қаріп түрі “MM Mekteptik”. Көлем 10,0 шартты баспа табақ. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №28 “ҚАЗақпарат”баспа корпорациясының баспаханасы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙