TELEGEI

Home

Жалғыз шамның жарығы

С.Қадыр

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жалғыз шамның жарығы

Жалғыз шамның жарығы

БІРІНШІ БӨЛІМ

KІMMІH МЕН?

Кеттім шығып іздеймін деп өзімді.

ЕСЕНҒАЛИ

Жүргенменен жер басып аз күн сынақ,
Ғазал оқып ғаламға сарқыншылап,
Жүміле жұртым болғанмен, жалғызсырап,
Жаманатым болғанмен, алғыссырап,

Бүйірімнен тыз етіп ар шымшылап,
Мазамды алып жүреді жалғыз сұрақ

- «Мен кіммін» деп бардым да, бабаураған

Күн нұрына ернімді алдым шылап.
Күнім - қаған, күн асты - қағанатым,
Білетінім бар менің, - Адам атым.
Орындай алмай Алланың аманатын,

Мойындамай ғасырдың ғаламатын,
Тентіреген жанмын мен өзімді іздеп,
Тоқтатпаған мені ешбір төзім тіздеп.
Жалғыз серік бар менде, ол да үнсіз,

Жұлдыз сыңсып жататын далада - түн.
Өзін іздеп жүретін - өзгелерден,
Туды, білем, тағы да жаман ақын.
Мың адасқан кіммін мен? Қайдан келдім?

Түн толғатқан бейнемді айдан көрдім.
Тұмарымды жоғалтып тайған көркім,
«Айдайына» жылаған «айнам-көздің»
О, жасаған, кім едім? Тыныштықта

Күнің кешем қан жоса майдангердің.
Жүрегімде жыр қалып ыңыранған,
Күтпей сезім, мөлдіреп тұнық алдан,
Сол бір сұрақ сезімді жұлып алған,

«Сен кімсің?» - деп жат дауыс қырына алған,
Таусылғанда амалы, ізін шарлап,
«Табамын» деп, қолына құрық алған.
Құтыла алман, өйткені бұл сұрақтан

Жеті атамның озалдан құны қалған.
Ай түнеген басына арман болып,
Таста қалған таңбасы аң-таң болып.
Құрық сүйреп кеткелі көп болыпты-ау,

Қанжығасы атамның қан-қан болып.
Оның ізін жасырып безерді мүк,
Алақанмен сипасам, тез өң кіріп.
Өздерімен табысқан орындарын

Құлпытаспен кетіпті безендіріп.
Жорытқанмен жолықпай жолы Хақтың,
Жұлдыз тердім ермегім болып ақ түн.
Соқпағына түстім де соқыр аттың,

Құс жолының бұрымын қопыраттым.
Тимесін деп төсіне қолы жаттың,
Жауы болса, жолынан торып аттым.
Тау күрсінсе, тәкәппар жүзі сынып,

Етегінде отырып оны бақтым.
Ақжайық боп еркелеп алып кейде,
Атыраудай арнама толып ақтым.
Маңғыстаудай содан соң қалғып кетіп,

Айдынымнан аппақ боп ар лүп етіп,
Тұра келіп:
«Кіммін?» деп айқайласам,
Дәмі келед ерніме топырақтың!

ЖОЛҒА ШЫҚТЫМ

Сырығымды сүйретіп сия тамған,
Жыр-атамнан жол сұрап, күй-атамнан;
Жолға шықтым, білмеймін не күтерін,
Бұлдыр-бұлдыр жол тартып мия-таңнан.

Жыр-атамнан сұрап ем: «шермін» деді,
Елдің зары есетін, көрдің лебі.
Күй-атама барып ем, боздай ерген
Көш артынан бір тайлақ көрдім деді.

Жалған - жырға айналып көз алдымда,
Елдің зары есетін тозаң мұңға,
Сия тамған сырығым - сапарласым,
Тарғып бара жатырмын бозаң қырға.

ШЕМЕН ЖЫР

Қарғыс ал қара түннен, ғұрыптан шық,
Үздіккен ішін тартып ұлып қаншық,
Өлшемі қамшыға сап қысқа ғұмыр,
Ол әнді қайталама - көріп таңсық!

Серіге салмақ қылып сылқым ойын,
Наз кетсе қылау шалып қыздың бойын,
Періште шаршағасын, шайтан желіп,
Ал мені мазалайды күн-түн ойым.

Бабалар – Мәңгілікте!
Басында - айы.
Ай-дағы аруақсызға асылмайды.
Қайтейін, сағынышым - сары уайым,

Өлгенше жұтқаныммен басылмайды.
Жеңгеге жақындасам, «жынсың» деді,
Ағаның түсінікті күрсінгені.
Желкесін көріп қалам замандастың,

Ақымақ, ішпегесін білсін нені?
Шемен жыр!
Сартап болды шеке, міне..
Құл-базар құрық салып меселіме,

Жалдаған жалғаншыға зар-жақ қылып,
Соры әлде маңдайымның бес елі ме.?

ТҮС

Түнерсе түндер, айналып,
Мен жүрген әлем басқа бір.
Шешеміз жоқтау жырға айналып,
Әкеміз қырда тас қабір.

Дүдәмал, солғын өмірім,
Дарияны кешіп тобықтан,
Жыр оқып жүрдім масқа кіл.
Мұқағали, Омар Хаямның

Шарабын жұтсаң, ас қабыл.
Обал-ақ болды жырына. –
Өйткені өрттей жыр менен
Қарашықтан тамған жас та бір.

Жалғанды жалғыз қуғаным,
Қиын-ды маған, әйтсе де.
Енеден жалғыз тумадым,
Қамығып жүрдім қайтсе де.

Айықсам бір сәт мастықтан,
Тартады келіп терең ой.
Бас алмай жатып жастықтан,
Тірілсем дейтін келеді ой.

Тірілсем, шіркін, деп жатып,
Ілініп көзім кеткен шақ.
Шытырман ойға шырмалып,
Көзімнен дәурен көшкен шақ.

Білтесіз ғұмыр-шамымды
Кеткенде тартып тұңғиық,
Түсімде дертке шалындым, -
Ғайыптан бір күш кеудеме

Жіберді білем жыр құйып.
Жарқ етіп кенет түсімде,
Жап-жарық сәуле кірді үйге.
Сен мейлі түсін, түсінбе,

Бізден бір көшкен бұл күйге.
Мақпалдай дауыс нәрі үстем,
Сол түсім әлі есімде.
Кекілбайұлы Әбішпен

Кездескем сонда, білесің бе?
Үн қатты сонда ғұлама,
Үркердей көзі мөр басып.
Кәдімгі Қашағандарыма

Қара шалдай кеткен жолды ашып.
Санамнан көшіп қара мұң,
Бір нұрдан жұттым құнығып.
«Өзіңді тапшы, қарағым», -

Деді де, кетті бұрылып.
Оянсам, сол сәт баяғы,
Балгерім ғана бар екен. -
Сыбдырсыз кесе-аяғы:

«Құр емес қой» - дейді, - Әбекең,
Алланың бізге жіберген аяны шығар, аяны.

2

Құр болсын қайдан?! Құрыққа түскен екенмін,
Дүйімғаралары оның «Даукескен» шапқан кілең дүр.
Маңғыстау деген машайықтар басқан мекеннің,
Түндігін түрсең, төгіліп жатыр Түмен-жыр.

Берем деп келген белін бір буған шекпендім,
Түндігімді түрсең, тартқаның шығар қаныңа.
Қара сөз емес, қара өлең тартып кеткен күн,
Жебеушім болсаң, тарыла көрме, тарыла.

Қырмызы бітіп, қызылына күннің боянып,
Кешегі менің Қызырдай жеткен аяным.
«Ұйқыдағы ару» кетердей қазір оянып,
Маңғазы нардай басады жаймен аяғын.

Қанына біткен болады тұлпар тұтымы,
«Үркердей» кітап жазбаспын, сірә, анық ол.
Үмітім болар үркердей жырым жұпыны,
Дегенмен, дертім - данадан жеткен шалық ол.

Баз біреу үшін пенде атанармыз сөзі көп,
Түс деген сонда, - түлкінің арты, кіл елес...
Оятып кеткен Әбекеңдердің өзі кеп,
Дегенмен біз де құр емес шығармыз, құр емес.

ЖЫРЫМ МЕНІҢ ҚАРАШАЛДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ

Сенің жырларыңнан
қарашалдардың иісі шығады.

РӘББІМ

Көңіл жүйрік, айыға алман дертімнен.
Өлексеге ұлағат жоқ өр тілден.
Жырым менің-қарашалдың қайғысы
Күйім болса кеудесі ғой шер-тілген.

Ақ қаршығам, жүрегімде жыр болып,
Маңғыстау боп, мұнарланып тұр толып.
Құлан қашып, киік өрген даламнан,
Өлең болып ағылады мың-жорық.

Мен өлеңнің қаршығасы шығармын,
Таппай жүрген көлеңкесін шынардың.
Кіріп алып қара шалдар түсіме,
Ішектерін үзіп жатады шыдамның.

Ішектерін үзіп жатқан шыдамның,
Бағзы жырға баяғыдан құмармын.
Мен белдіктен түсіп қалған үзік жыр
Қарашалдан қалған қамшы шығармын.

ӘКЕ АЛДЫНДА АҚТАЛУ

Көп көтерген төбеңе «көкеңмін» ғой,
Бүгін мені көтерген бөтен мұңды ой.
Әкесізге «әләйім-жалған» екен,
Өзің айтқан салмақты көтердім ғой.

Тәркі дүние тар екен тайраңдауға,
Тайраңдап ем, соқтықтым майдан-дауға.
Қаймықпастан жүзетін қарсы селге
Қайығымыз бұл күнде қайраңдауда.

Қызық енді төбеңе көтергенің,
Көтергенмен қоймадың «көкем» дедің.
Сонша неге биікті меңзеп кеттің,
Көкең болып көгіңде өтелмедім.

Жеткіз бесі белгілі айдың қолды,
Нұрға шайып жатқанмен айдын көлді,
Бұлдыраған биікке қарай-қарай,
Құлдыраған кеудемді қайғым көмді.

Қайығыма қайғымды желкен етем,
Иесіз тұл аралға - елге жетем.
Елестермен кездесіп кеңестерде,
Қайтем енді, өлеңді ермек етем.

Не береді білмеймін таң алдағы,
Қайығыма мінгелі барам тағы.
Жатырғандай иесіз арал жақта,
Адам-Ата, Хауанам жаралғалы.

Маған деген үміт бар қарасында,
Түсіме көп кіріп жүр анашым да.
Көкесін көкке ұшпай, өлең болып
Қалсам деймін ілініп қара шыңға.

МЕДЕТКЕ

Досың үшін дүлейге кірдің жарып,
Тағы толқынды басыңмен ұрдың барып.
Бозторғайдай жаныңды шырылдаған,
Кетті теңіз-аждана құрдымға алып.

АЙТ-МАН

Өн бойымды шарпып өтіп ғазал от,
Өртенемін тұла бойым қаза боп.
Қарашықтан тамып кеткен жаспен жыр,
Айдыныма құйылады аза боп.

Мен от болсам – мәртебелі жалыным,
Жалтқа айналсам найзағайдай жарығым.
Ойлап па едім, азанама жазам деп,
Көшіп келіп, қобыз үнді сарыным.

Деп жүруші ем, аманат қой, алды бақ,
Кеткенің не, жүрегіме қан шылап?
Мақтау емес, жоқтау жазып отырмын,
Қалт-құлт етіп қаламұшым қалтырап.

Келіп қалған ытқып-ытқып қас қағып,
Жоқтау жырдан қалса кейде жасқанып.
Тұрып қалған қаламымның ұшына,
Өлең емес, кетігі жатыр жас тамып.

Сөккенмен қайғы-қылыш сыналап,
Бір үміт бар ту алыста нұр алап.
Мәңгі туын тігіп кеттің достықтың,
Жасықтарға өлімің де ұлағат.

Жартас толқын соя ма әлде ірей ме,
Қарамадың қара ажал дүлейге.
Шырылдаған дауыс жетіп құрдымнан,
Қойып кеттің досың үшін дүлейге.

Тал құрақтай құрбың сенің сол мезет,
Жүгірген-ді «сен де өлесің, өлме» - деп.
Өзге десе жанын түйіп ұшатын,
Әуелден де, ол - Медет қой, ол - Медет!

Лүп-лүп еткен жүрегіңде жан тамшы,
Еріп кетті-ау, бір үмітке алдамшы.
Құдай салды, көнемін ғой қайтейін,
Кімге опа беріп едің жалғаншы.

Солай сенің бір күн дүниең кем келіп,
Өзекте жыр өшер емес өртеніп.
Жат сыншы деп мәңгі көктем құшақтап,
Қабіріңді гүлмен қойдым көмкеріп.

Сияға емес, қалам жанға малынған.
Аза жұтып ақ бозамық таңымнан.
Шыққан жыр ғой, өксіп-өксіп кеудемнен,
Сенің шейіт жаның үшін табынған.

Құлыным!

АҚЫН КЕШІ

Көкем солай патшаға айналғанда,
Мен уәзір болмасқа айлам бар ма?
... Күтпеген жерден.

ЕСЕНҒАЛИ

Аға, бұл өлең де емес, арнау да емес,
Немесе жырдың соңын жалғау да емес.
Сәл ғана тіл сындырдым қара сөзге,
Болсын деп, қош-қайырлы құрма-кеңес.

Әлқисса, сөз болған-ды тілге тиек,
Сөйлейді баба көрген ділге тіреп,
Сарқылмас қауғаласа дариясы,
Ағасы, сізден көрдім жыр-көкірек.

Бал іштім, өксік жұтып, у да таттым,
Сезімге сырқыраған шуда тарттым.
Шалқарлы Сам құмынан сағым қуып,
Шөліркеп құс сайраған нуға тарттым.

Шер ме едің кек қысқанда айқайлатқан,
Түн кезсең несібеңді айдан тапқан? –
«Кесікбас» кеудеңдегі күрсінгенде,
Сүгірін Маңғыстаудың маймаңдатқан.

Сен мінген қос арналы жыр кемесі,
Бұлдырап көз алдымда жүрді елесі.
Ғайыптан Қызыр күткен жолаушыдай,
Ағасы, мына бала кім демеші.

Қандаспын десем саған, таласар кім,
Бетегеден биік, жусаннан аласардым.
Білетіндер айтады, мешін жылғы,
Көзі деп Самнан кеткен қарашалдың.

Бұрқырап жусан иісі бозаң қырдың,
Мен дағы бабам жайлы жазам бір күн,
Шарабын тартқан күні жұта салам,
Сағдиша сүйем деген, - гөзәл құрбым.

Жеткізер қырда күткен Қызыр бабам,
Жыр-құсын әлі ешкім ұшырмаған.
Қазірше, қара өлеңмен қауыштырып,
Ұшықтап бер қаламның ұшын маған –

Күтпеген жерден...

МҰҚАҒАЛИҒА

Пан Алатау басынан түртіп аспан,
Бұлты қашса көгіне нұр тұтасқан.
Аспан жақтан шолып ап, жыр әлемнің
Ақын едің жағасын жыр ғып ашқан.

Саз қауырсын жыр едің, аққу канат,
Құзарына шыңдардың ақ ту қадап;
Пәктігіңді тербетіп жүруші едің,
Айдыныңның кеудесін ақ бу қамап.

Ақбас шыңға айналып аңсағанда,
Бауырыңды ұсындың барша адамға,
Жапырақтай жыр жазып жүрегіңе,
Аққайыңға мұң шақтың шаршағанда.

Ажал қанша тұтқанмен бөз кебінін,
У жұтқаннан жоқ еді-ау өзге мінің.
Тоз-тоз болған сенің сол тағдырыңа
Аққайың да қимады өз өмірін.

Көп күрсіндің, білемін, тек тұншығып,
Иманыңнан аттамай беттің сылып.
Ақын қызға астарлап жеткіздің де,
Есігінен жалғанның кеттің шығып.

Қарасазды қалдырып қара шалғын,
Қара түннің астына дара салдың.
Жыр шыңында ту тіккен Сенің айың,
Хантәңірі басына таласар кім?!

ӨТКІНШІНІҢ ӨМІРІ

Кер дала, кетіпсің ғой құлазып тым,
Жаныңды жұбатпады жыр жазып кім?
Ақындардың арманы, ақбөкен жыр,
Төсінен сен де кеше тұра зыттың.

Өткіншінің өмірі секілденіп,
Әудем жерден мен жаққа тесілді елік.
Мен даланың көркіне ғашық едім,
Алар едім таба алсам, бәсін беріп,

Құлазыған қарт жырау - дала міскін,
Сары селеу оятып аяныш, мұң.
Сағымданған санасы сары далам,
Самайынан сипаған баялыштың.

Көкжиектен қол созды кеш күрең мұң,
Келте ғұмыр, сен неден кескілендің?
Дегенменен қалаға барғым да жоқ,
Тимей жүрген дауасы ешбір емнің?

Ымырт төнед жай басып ана жақта,
Күрсінемін құл болып қанағатқа.
Енді аттаса кететін белден асып,
Тұсаулы інген бұрылып қарады артқа...

Бүкіл ой, сана-сезім, жан-тәніммен,
Шаршадым, шыныменен шаршадым мен.
Өлең деп кеткен өшіп шошынамын,
Елеңдеп аққан жұлдыз тамса түннен.

Бүгін түн періштелі ақ түн емес,
Құрғандай жұлдыз-жырға хақ бір егес.
Шыға алмай құрсауынан қап-қара түн,
Қарманып қараңғыдан бақтым елес.

Аппақ түн - бір серігім, тылсым еді,
Құятын айдан сәуле жыр сілемі.
Көтеріп маған төнген қара мұңды,
«Күйкен» тау ол да жайлап күрсінеді.

Сияқты пері түнде қаққан ақын,
Шоқ түсіп өртеп тынған ақ қанатын.
Шығып ап «Күйкен» шыңға айқайласам,
Қақырап кетер ме екен қап-қара түн?..

КЕЗБЕ ОЙДАН ТУҒАН ЖЫР

Дала, дала,
Ылғи дөң, қырат, дөңес.
Мұнар шалып алыстан құмақ белес.
Құмақ белес құрдымға тартып жатқан

Ғұмырымның бейнесі сияқты елес.
Дүбірлі жыр даланы жақсы көрем,
Киік кетті ізінен қашты да өлең.
Шалды қыран, қиядан қиқу шықты,

Бір пернесін күйімнің басты дер ем.
Жел де кірді, кеудені желіктіріп,
Желіктіріп, сезімді серік қылып.
Қырдағы елдің тойына қыз ұзатқан,

Шұбырады көп інген өріп тұрып.
Жырға айналса даланың өрнектері,
Қоса соғып заманның кермектері...
«Уазик» өткен кідіріп құм-бастаудың

Сәнін бұзды-ау, арақтың шөлмектер!
Кезбе қаңбақ қыр асты жанға тұрмай,
Зауалдардың зарыққан жалғасындай.
Жайрап жатыр көп шиша - мешін жылғы,

Ақ мундирлі орыстың солдатындай.
Кейде осындай соғады соғыс лебі,
Қазақ өлді немесе орыс өлді.
«Атаукерең» болса да көрсетпеші.

Әулиеден қалған бұл қоныс еді.

ҚЫРАН МЕН ҰРАН

Біз деген, балам, дінсіздер деген қоғамнан,
Оралғандармыз ордадай болып тоналған.
Тоналғандармыз тұрымтай тепкен торғайдай,
Бетпаққа келген бөкендей болып оралған.

Бетпақтың шөлі, Қайдақтың соры қаңғытқан,
Қорымдарын қыры қойындарына алып қалғытқан.
Қырандарым кілең камығып жатыр қапаста,
Жалғаннан мынау жүздеріне күрең қан жұққан.

Тәрк еткен тексіз тағына мініп басқаның,
Талай көргенбіз тақымын қысып қашқанын.
Түкті кәпірдің ұранын айтып тұрғанмен,
Құнарын оның қаныма, сірә, қоспадым.

Жетпіс жыл жылап зорлықпен салған сол үннен,
Құтқарған күні құтылғандай болып өлімнен.
Шығып кетпесін деп шыңғырғанда менің өз үнім,
Жүрегімді ұстап тұрушы едім қолыммен.

Ана жыл менің Аспантау асқан қыраным,
Айналып ұшып, айқара құшып Тұранын;
«Барсакелместің базарына кеткен» баяғы
Оралды «Менің Қазақстаным» деген ұраным.

Аспантау-көктен ноқаттай болып көрінген,
Қыраным менің қанаттанады сол үннен.
Бұл күнде енді алып-ұшпасын деп өзімді,
Жүрегімді зорға ұстап қаламын қолыммен.

«КҮЙКЕННІҢ» БИІГІНДЕ

«Артында Сауран қалып, Қарнақ қалып»,
Жұртым бұл, - жеткен адай аруақтанып.
Күй өліп пернесінде бармақ талып,
Тұраннан тапқан елім таңды ақтарып.

Бейнеуді берекелі дер баталы,
«Бекеттің бел жайлауы» дөң-жоталы.
Астында алашұбар атқан таңның
Керіліп әруағымдай шер жатады.

Күзеткен Атағозым адырналы,
Баяғы ен жайлаулы ел жатады.
Таратқан несібесін таңда Қызыр,
Бекетім бұл қонысқа болғалы пір,

Бұлқынған жолбарысым - тордағы жыр –
Аршылан Амантұрлы әруағы дүр.
«Жетіқақ» жеті жұрттың белгісіндей,
Кең адай кең дүниеге келді сіңбей.

«Көлтабан» көзден аққан жасым ба едің,
Кеудеңе көп қыршынның серті сіңбей?
Шешкенде шежіресін қырағы жыр,
Құлшар-күй, Абыл-жырдың тұрағы бұл,

Қайыптың «Құландының» құздарында
Шыңғырып «Ақбөбектей» бір әні жүр.
Жолбарыс ала-шұбар шерім едің,
Жыр болып жүрегіме еніп едің.

Алтай мен Атыраудың арасынан
Бүгін мен бұлтты аршыған сені көрдім.
Әлқиссам, «Бейнеуім» деп басталғанмен,
Ұштасып жатыр ізгі басты арманмен.

Қазақтың қайғысында үлесім бар –
Бөлісем намысы бар қас тарланмен.
Бұйырса, арылып бір бас қамынан,
Қараймын, «Күйкен», сенің асқарыңнан.

Басқа бір ән гүлдетіп тастарыңнан,
Мен сенің жыр құямын аспабыңнан.

АҚПАННЫҢ АЯҒЫ

Бастаңғыға боранды шақырып қыр,
Қойыртпақсыз көжесін сапырып бір;
Ығып кеткен келесін қайтарам деп,
Ақ буралы ақпан-шал ақырып тұр.

Келгенменен келесін жайратқысы,
Ақпан шалдың қайтқандай қайрат-күші,
Соңғы демін жиып ап ышқынғанмен
Жылулықтың басады жайлап мысы.

Қаңтардағы қақшиған тағын іздеп,
Мұңаяды ақпан-шал кәрі қыс боп.
Шашырап тұр шатырда мұз-кірпіктен
Көктем-қыздың көз жасы сағыныш боп.

ДЕРТІМ - ҚЫР ЖАЙЛЫ EPKІH ЖЫР

Беу, Маңғыстау!
Құба дөң, қиян өлкем! -
Құзар шың, қиял, арман қияда өлген.
Маңғаздым - өр «Маната», кәрі «Күйкен»,

Құсың ем жая алмаған ұяда өркен.
Азайса шабыт бойдан – мәңгі аңсарым -
Қалайша құм-белдерді қиям ертең?!
Қайран Қаратаулар-ай, камыққанда,

Қызылға малынады қанып таңда.
Күрсініп жатады екен зар ұққанға,
Төстері шуда бұлттанып,
Арзу боп көшіп кеткен алыптарға.

Ақыр аңыздарының,
Асыл абыздарымның,
Мекені, шіркін, марғасқа
Аралбай, Қашағандарыңмен мақтан дер едім,

Ақтан, Нұрымдары-ай, ақтаңгер едің,
Жырлары түйіндеген –
Әлемнің кереметтерін -
Пендесіне тікелей Хақтан келерін.

Көктердің көтеріп тастап түндігін –
Абыл-ыңдарың мен Құлшар-күмбірің,
Ай құлайды дейді сонда теңізге,
Тарқатып тастап толқындап өрген бұрымын,

Бағзыны аңсап, бақсылық құрса мың ұлың,
Мен дағы соның бірімін.
Беу, менің қайран, құтты үйігім,
Жаныңа жуытпаспын жат биігін. –

Деп едім, дегендей-ақ сағыныштың,
Жаратқан-ау, жараттың ба, тарт күйігін!..
Аңыз боп кеткен аңсасап бабакүлдікті,
Бақилықтар маған бұрылып назарын тікті.

Бұрылып кетіп, бір ұлың шарасын сықты.
Асалы абыздарым мен дулығалы дүрлерім кілең,
Сыпырып алған төбемнен қара түндікті.
Қағидаң сол, қанымда қалған сақталып –

Басыңда тұрам, бар білгеніммен ақталып,
Басыңда тұрам, бар білгеніммен ақталып,
Күмбездерің болса, күмбірлеп кетуге шақ қалып,
Қамыққан ұл тұр қабағыңа қарап қақталып.

Құлпытастарыңнан Құранның сырын ақтарып.
Бабаларымнан бал-бал тас қалған әр төбе,
Қырандар қалғып, шөгіп бір қалған нар-төбе,
Тайлағың сынды тайраңдап кезіп далаңды,

Жаныңа барып, жантая кетсем – мәртебе!

ОЙДА ЖОҚ ӨЛЕҢ

Ой, заман-ай, болайыншы түріңе,
Балпаң үйрек бағылған, оралмадың күніңе.
Қазақ-Созақ деуші едің, арғы атасы бұл елдің,
Қалпақ жетті бір күні етегіне сүріне.

Оралғандай мешін жыл тамыр қазған талғауға,
Тоналғандай бесік жыр, мал - садақа, жан - сауға.
Дөңгеленген дүние,
Кездестік-ау, тау-тауға.

Қарынды бір ағамыз: «қалпақ тауып бер, - дейді, -
Қамал салып алатын уақыт болды», - дейді енді.
Адыра қалып мекенім көзден ұшқан кешегі,
Масақ теріп кеткенім бүгін емес, кеше еді,

Айтып еді-ау біреулер келмейді деп, келмейді.
Тамыр қазған талғауға оралды ма мешін жыл,
Мал - садақа, жан - сауға, тоналды ма бесік жыр.
«Қалпақ тауып бер», - дейді, Қарынды ағам бөсіп жүр.

ҚАРА НАР КЕРЕК БҰЛ ІСКE

Балпаң бір басып Балқанға қарап аттанған,
Бақ тайған күні бозарып барып атқан таң.
Басы бір шорлы бұйдасы ала нар көрдім,
Бадана көзден бауырына дейін аққан қан.

Көремін-дағы көз салып өткен қиырға,
Соқтығып жүрем үйіріп соққан құйынға.
Тағдыры, білем, кешегі қара нарлардың,
«Тәуба!» десеңші Аллаға енді сыйын да.

Асса да Балқан, көрмедім аласарғанын,
Ауыттап нарға аламан алаш арманын.
Ағасы, менің есімнен, сірә, кетпей жүр,
Кешегі менің қара нар - қара шалдарым.

Шерлі ақын бүгін мен емес шығар боздаған,
Замана мынау кімдерден өтіп, озбаған?!
Маңғыстау-дағы гүлденді кеше қайтадан,
Қош келген күні келесі, сірә, тозбаған.

«Бозашы» мынау, бауырын төсеп «Сам» жаққа,
Балуанияздарын бөлеп бауырына басып алмаққа.
Қара нардан жеткен қара тайлақтар болса кешегі,
Аунап жатыр аңқасы кепкен шаңдақта.

Атадан қалған күлдігім болса күмбірлеп,
Құлшардың күйін тұмар ғып тақты бір-бірлеп.
Мен-дағы кейде оралып бала-арманға,
Қуанып жатам, «Сүгірден қалған жырмын», - деп.

Тегімнен қалған тізгінін тартып арманның,
Бөрінің-дағы аузына барған бағланмын.
Қара нарым бол, Ағасы!
Қара нар керек бұл іске! -

Бозторғай басын тұрымтай келіп шалған күн!

«ҚАЖЫЛАР» ХАҚЫНДАҒЫ ХИКАЯ

Қосарланып шауып отыр қос қажы,
Алатындай аңға қоссаң - қос тазы.
Даңқ қуам деп, дара шауып «қажылар»,
Жүректегі шемен жырды қозғады.

(Осы шығар заманыңның тозғаны).
«Иманды адам - кішік» деуші ед өткендер,
Ал бұларда жай, әйтеуір, бет-перде.
Құпқыны - көр, көздері - ор қомағай,

Көкірегі таласардай көкпен де.
«Тәкаппардың қабыл емес тобасы»,
Деген кеше шайырлардың данасы.
Құдай білед, осы күнгі «қажының»

Мұсылманнан бөлек тұрар моласы...
Қажы болса неге нәпсі тыймайды? –
Мыналардың тілі аузына сыймайды.
Кеуделері - күпірліктің түтіні,

Халықтан да, Хақтан да айыл жыймайды.
...Үндемедім, екі қажы сөйледі,
Қажап жатты қақыратып ой мені.
Қыза-қыза қажылардың біреуі:

«Әкім - артық, ақыныңды қой!» деді.
«Қайыршы ғой, ақын деген кім?!» дедің,
Шын ақынды таптау болды ділгерің.
Ақын деген -

Сара жолдың сардары,
Халық үшін хан алдына барғаны
Заңғарлығы -
оны неге білмедің?!

Ақын ағам ақындардың арлысы,
Халық үшін сарп болған бар күші.
Ақын деген - дегелекті Отпан тау,
Жете алмаған құзғандардың қарғысы.

Мүмкін сенің артық шығар бір бағың.
Бұл дүниеде былғағаның - қылғаның.
Құзғындарға шыңды армандау бос қиял,
Сенің сөзің - сиыр-сідік, мұндарым!

Менің тіпті келмей отыр тыңдағым.
Надандықтың көксейтіні - қастандық,
Көңілін шайтан жасап қойған астам ғып.
Жалған даңқ - көздегені «қажының»,

Ал ақынның аңсағаны - Бостандық!
«Құл» деген сөз өлтіреді құлды ақыр,
Дүниеге күл болған жан жынға - пір.
«Елім!» - деген ақын даңқы шыңда тұр,

Атақ үшін қажы болған - шын кәпір!
Тұлпар шапса, «есек» жыны қозады,
Қыран ұшса - қарғалардың тозағы.
Ақындардың аспанда тұр атағы,

Ал... талайдың жоқ дүниеде тозаңы!..

ҒҰМЫР ЖОЛЫ БАҒДАРШАМҒА БАЙЛАНҒАН

МАИ: «Аға, не ойлап тұрып қалдың?»
Әй, ГАИ бала, МАИ бала!
Жырға тұнып тұр ғой бүкіл айнала.
Үміт оты сарғайғанда алдымнан

Өмір әні басталады жәй ғана.
Басталады жүрегіңде бір лүпіл,
Құйылғандай құрсағыңа күллі нұр.
Кекшіл дүние, көкшіл дүние ашылып,

Тартады алға «тағдыр» дейтін бір ғұмыр.
Ғұмыр жолы бағдаршамға байланып,
Тынымды алды кіл сәйгүлік шамданып.
Қызыл іңір үміттерін өшірген,

Ұлы көшке жататұғын жалғанып.
Көшкен дәурен іңір қонды, сәл кідір,
Үміт-үміт, сағынтасың әнді бір.
Өмір-өзен көк аспанға ұласқан,

Көгім ашық, көңіл-дөнен ал, жүгір.
Оранып ап сап-сары үміт сағымға,
Көкшіл дүние сіңіп кеттім қалыңға.
Қызыл жанып, қалса да үміт қылғынып,

Қызыл қаным, тоқтамашы тамырда.
Бағаласаң, бағдаршамда сыр жатыр,
Сен, мысалы - «құз басында құлжа тұр».
Дүниеге қарау керек биіктен,

Жүректерде жазылмаған жыр жатыр.

СҮГІР ЖЫРАУ ЖАЙЛЫ КІТАП ЖАЗҒАН «СӘБЕТСКИЙ САРЫ БАЛАҒА» СӘЛЕМДЕМЕ

Тіршілігің кімге дәрі тырбынған,
Тесік қалтаң қағылғанда шыңғырған.
Тілің сенің тыйынсырап таттанып,
Тәубаң қайда, кәлималап сындырған?

Қол созбақ боп кітап деген асқарға,
Қорқасоқтап қалтырайсың бастарда.
Қотыр қоғам құрық салмай құлқынға,
Қайран Сүгір, азық болған аштарға.

Төсін жырғар сәурік неме төркіннің,
Көтіңді сүрт пұшпағына бөркіңнің.
Жазғаныңмен тұрмай ақыр, зар жылап. –
Сені қойшы, өлеңді сен өлтірдің.

Шабыспайды-ау, шайтан сөз де ұйқастап,
Жазғанменен тілемсектеп, мипаздап.
Қаржы тауып, қажы бару - бұ да ерлік,
Қашып жүр ме қатынды ойлап ұйқы аздап?

Арылып көр енді кәне күнәдан,
Құдайыңнан қалқып ұшын сұраған.
Өңешіңе өлең тығып өлтірсем,
Атар ма екен, Бір ағаң мен Қыр-ағаң.

Өресізге салдырмайтын құрығын,
Білмедің бе? -
Өңеш түбі - құрыдым.
«Қырың мыңға» қарсы тұрған бұл өлең:

«Қобыландыда нең бар еді, құлыным».

АРДАГЕРЛЕР РУХЫНА

Бұл жыр – Фәниден Бақиға қосақтарының ізін ала кеткен,
Соғыс ардагерлері Мелкеев Қибастың,
Шоқарбаев Қалаудың, Шыңғысов Шүйіштің,
әкем Қадыров Жұмабек-тің рухтарына арналды

Отаным деп барып, оранып жалын от кешкен,
Омырауларын көріп - тажал да қашқан - оқ тескен.
Шалдарды көрдік, нарларды көрдік кезінде,
Белуардан келген қара бір сазды көп кешкен.

Мейірлене қалса, шаңырақтан шуақ төгіліп,
Қабағын қатса,
Қаратау сынды көрініп.
Бес жылғы бейнет өзіммен бірге кетсін деп,

Отырар кейде ойларға ауыр көміліп.
Ойсырап жүріп, жазылмас жанда жараға,
Жақтырмай қарап жын соққан содыр балаға:
«Арға бір шауып, атаға тартып ұл тумай,

Дейтін едіңдер, - тектілік одан садаға».
Тектілікті айтса тербетіп тұрып ордамды,
Көлеңкесі оның көліме орман, қорған-ды.
Орденін алып,орыстың жауын жеңгенмен,

Ақиқатында олар адайға кемел болған-ды.
Адайға кемел, Алашқа терең болған-ды,
Арына берен, ашықсам зерен болған-ды.
Аңқасы кеуіп, адасып жүрген біздерге –

Сонарда түскен соқпақтай ғана жол қалды.
Сонарда түскен соқпақтай ғана жол қалды.
Табаның тисе тектілігін айтып толғанды.
Тел өскен ұлдар соғыстан соңғы туылған,

Тымағын киіп, тұғырға қонып ол қалды.
Қарттарды көрдім қатары сиреп қамыққан,
Хаттарды сүзсем сарғайып жатқан сандықтан,
Адам бол деген, адал бол деген аманат –

Арыма менің, аманаттарынан қан жұққан.
Қанына тартып адалдан ішкен текті олар,
Арынан қарпып, намысқа жанған кекті олар.
Жазмыштағы періште қосқан некемен

Фәни жалғаннан Бақиға бірге кетті олар.
Берген бір нұрдан, келген бір жырға таңданба,
Аққу құстардың арманын қоссам арманға.
Періштелер егер пәмдесе аппақ некесін,

Сыңар қанаттар сыймайды екен жалғанға.
Бұл жырдан достым Фәнилік пікір ал дер ем,
Орындалмай кеткен оларды нағыз ән дер ем.
Олар бір көшкен - ой менен қырдың киесі,

Оларға арнап жазсам деп едім мәңгі өлең.

«ОРАЛМАН» ЕМЕС, «ОРАЛҒАН» ДЕЙ ГӨР, БАУЫРЫМ!..

...Мыйсыз төбе сәл тосырқап таниды,
Босып кетіп қайтып келген ұрпағын.

АЙТ-МАН

Паласы қиып найзағай оттың аспанды,
Ақтарып тастап наласын-дағы ақталды.
Еріксіз көріп ернеуден асып-тасқанды,
Қайғының сазы сыңсытып кезді шатқалды.

Жайылымдардың жанары өшіп, бұлт көшті,
Буыршын-боран етегін шайнап үзіктің.
Қаһарын төккен құрдымға бәрі «күп» десті,
Қараша қанды қарашығымнан алды үзіп мұң.

Жайыла жусап, тепсеңде жатқан үйірге,
Ұйығып келген қасаптың соқты тасқыны.
Ішегін тартып, іліне кетті шүйліге,
Ордасын бұзып, қиылып қалды-ау басқұры.

Қаймақтай ұйып, қайырын көріп отырған,
Қансоқтылардың хабары жетті далама.
Оқпандай көзің ойылып кетпей, о, Тұран,
Осының бәрін қалайша көрдің қадала?!

Тұсамыс өріп, тұсауын кесіп, түс жорып,
Ұзақты сүзіп, ұлдардың жолын болжаған,
Түсініп қалдым, күтеді алдан бір жорық,
Қасқа шалдарымды қапыда соғып бұл жалған.

Көндікті-дағы тағдыры салған талайға,
Қоштасты қимай, қошақан өрген құт дала.
Күбірлеп бір сәт, сыйынды шағыл шарайна,
Байғұстың көзі батысты сүзді сұқтана.

Құрығын сүйреп, әйкелге келіп үңілген,
Ұлдардың сүйді бір тамшы жасын шыңырау.
Шұбырған ізбен, шұбырып талай сүрінген
Еңселі елдің заманы болды қылбұрау.

Көкке бір сауып, кейуана жампоз желінін,
Қаспақты таңға қаталдау қарғыс жаудырып;
Жетекке алып, жас бала, ару келінін,
Сүрлеуін тартты астына күннің аулығып.

Түндегі жұлдыз түндікті тесіп ағарда,
Иегін айдан жұлып кеп алды Көкмойнақ.
Қарт абыз жатты аманатын Алла аларда,
Көрсетпегей деп, кәпірдің жүзін көк тайғақ.

Сағымдай тұнып, сағақта кеткен қиылып,
Қобыздың үнін құмыға жұтты тал-бесік.
Кермені қиып, көзіне жасы құйылып,
Көкмойнақ-күйім кеудемнен ұшты баз кешіп.

Жұлындай ұлың, жолында сенің өлем деп,
Белдігін буып, белінде кетті шоқпары.
Ымыртта күтті ындыны кеуіп келер деп,
Келмеді бірақ, ауылға қайта соқпады.

Оралсам ойға, от болып қайта жанармын,
Зарына ұлдың ұялап қайта қонармын.
Айналып уға сиясы кетед қаламның,
Қанығып кетіп қасіретіне бабамның.

Қоштасып мекен, жанары тала қарады,
Қорымға барып қолдарын жайған қандасқа.
Кербездік қалып, керенау тартып барады,
Шыңдары шөгіп, көз жасын бұлап тау-таста.

Қай жерге барып жерұйық енді табасың,
Алдың бір тұман, артыңда жатты қан сасып.
Кербұға-қарт та ақылдан қалды адасып,
«Елім-ай» жоқтау елімен бірге жалғасып.

Жеріне сыймай сарт пенен теке-жәуміттің,
Қызылбас асты қылғынып үміт алдынан.
Күндерін кешіп үйірден безген сәуріктің,
Өлекшін тағдыр өліктей сүйреп қаңғыған.

Мама-екем айтқан басуға көнбей алдамшы,
Қолаңшаш апам жоқтауын тыймай зарласа.
Қаһарлы шалдың қайғысын көрмей жалғаншы,
Көк қаншық ұлып ұйқысын бұзды таң аса.

Жел айдап қаңбақ, тұрағын таппай қаңғырды,
Санасыз ғұмыр, сарғайған ізін жасырдың.
Көзінің жасын, көшінің сәнін шалдырды,
Садақа қылып 73 жылын ғасырдың.

Бір уыс бидай ұсынып қалыңмалына,
Қан құсып жатты қайрансыз қырдың қасқасы.
«Пәруәрдігер!
Берерің осы бары ма?»

Жанығып кетіп, жалынды дейсің көшбасы.
Таулардан асты, табаны ыссы құм кешіп,
Талқанын талмап, ұйықтап жүріп күн кешіп.
Шығыста қалды бозторғай ғұмыр «шыр» десіп,

Отын боп кетті, орауын жазбай тұл-бесік.
Арайлап атып, күн туды қайта жадырап,
Қомданып кайта, қыраны ұшып шыңынан.
Шалқытып туын, көтеріп қайта шаңырақ,

Алаштың ұлы тағдырдың шықты сынынан.
Таулары жылап, құмдары сыңсып іздеген,
Қансырап жатқан жүрегі оның толы мұң.
Үкілеп алған үмітін, сірә, үзбеген,

Бауырың келді баса алмай жүрген солығын.
Желіге кайта оралар құлын, - теппегін,
Арғымақ сынды асылдан туған текті едің.
Суына тиіп, суырып қосып төк терін,

Қайтарып алсын қапыда кеткен кектерін.
Бұзбағай дауыл жазира дала сауығын,
Тірлігің орнап, толықты қайта қауымың.
Сағынып жатыр сапарға кеткен тау ұлын,

«Оралман» емес, «оралған» дей гөр, бауырым!..

АТАҒОЗЫҒА ТҮНЕТІП, ПІР БЕКЕТТЕН СҰРАЙ БАР

- Уа, ашынсам, ашынсам,

Төбемнен жақса ғасыр шам.
Түндігімнен ай туып,
Төрелігімді таңға асырсам.
Мен - кешегі өткен бабамның,

Құйындай көшкен заманның,
Зарына құлақ түргенмін,
Зауалын да білгенмін.
«Күйкентау», сенің шыңыңа

Ай болып барып асылған;
«Манашы», сенің сайыңа
Сор болып барып ашынған, -
Мен - Атағозы бабамның ары десем болар ма?

Мына менің көзімнен,
Асыл сойдың сөзінен
Ағып келе жатырған -
Артынып көшкен елімнің зары десем болар ма?

Қынаға бітіп қан жатыр,
Тарғыл да тастың бетінде.
Шеңгелдеп қысқан шер жатыр,
Түп жусанның түбінде.

Мына менің кеудемнің
Шанағында шыңғырып
Шерменде деген күй жатыр.
Қаратау, сенің құзыңда

Құрдымға қарап құлжа тұр.
Қиянды шалып қаршыға,
Қыземшектеніп қыр жатыр.
Жүрегімнің түбінде жолбарыстай жыр жатыр.

Есіл де, Есіл, Есілім,
Аруағыңа сыйынып,
Мен жыласам несі мін?!
Толғаулы сөзге толғатып,

Айттырсаң маған кесімін,
Заманға біткен сойымның,
Тереңге біткен ойымның,
Атойлап аруақ шақырса,

Қырымнан қырық мың қашырған,
Қоралап бұлттай торласа,
Беркініп садақ асынған.
Сауыт бұзар тұсына

Үш әліп таңба қойдырған,
Адырнасын шын тартса,
Атағозы береннің
Жебесінің желіне

«Аллалап» ақ боз сойдырған.
Ерлігін әрі айттырсаң -
Ел шетіне жау келсе,
Атасы суын айғырға

Ай күміс таға қақтырып,
Тартпасын қайта тарттырып,
Алтын тоға, ақ басты
Емініп мініп еріне,

Адырна тартса керіле,
Сырғытады екен Еділден.
Жағалатып Жайықты,
Жасанып келген көп дұшпан

Өтпесін деп мына Үшқиянның төріне!
Шерленгенін айттырсаң
Шығыршықты сауытын
Саф алтынға шайдырған.

Қарағай сапты найзасын
Қанға ғана суарған.
Жебесінің ұшына
Айдаһардың тілінен

Тірілей ұстап у алған.
Салтанатын оның айттырсаң
Саназардың тұсында,
Салалы орда төріне

Сапыртып қымыз алдырған.
Ала-барыс терісін
Төсенішке салдырған.
Саумалының өзіне

Сексен бие байлатқан.
Ашықса Алаш - бір туған,
Қоралап соғым айдатқан.
Мен - Адайдың баласын

Серттескен күні керек деп,
Қайғысын қызыл тілге қайратқан!
Түнде тұрып түнерсе,
Аң-таң боп көкте ай жатқан.

Уа, бұл күнге, бұл күнге
Жете алмай кеткен талай бар
Маңғыстау барсаң - Адай бар,
Адайға барсаң, әулие...

Бекетке барсаң - Құдай бар!
Жалғызыңның тілегін
Жаббар Хаққа сыйынып,
Атағозыға түнетіп,

Пір Бекеттен сұрай бар!

БІЗДІҢ ҒАСЫР - АРҒА СЫН

(Толғау)
Келгенім жоқ өмірге
Шеңгелдеп қысып қан ұстап.
Берерім көп өмірге,

Зұлымдық, сенен қалыс қап.
Заманды сүйдім жаныммен,
Жалғанды бастым жаныштап.
Жаза бассаң, шара жоқ

Салсаң да шоққа сан ыстап.
Пенделік қиял кімде жоқ –
Бармақ сорсаң, бал ұстап.
Алдырар күні - жаздырар,

Деп пе едің торын аз құрар? –
Құрсауға салса құрыштан!
Қулықпен күлген қуыстан,
Ойының түбі зымыстан;

Түбі - жат, түйткіл туыстан
Туа да сала суысқам.
Си қымды менің ашам деп,
Түрткілеп мені тырыспаң!

Баянсыз, сені көргенде
Күй кештім жанып, шерменде.
ібіліс болды інішек –
Жын жайлап ағам желгенде.

Кімдердің сыйын көрмедім? –
Төбемнен теуіп төр менің,
Шайтанды көрдім, «ер» дедім,
Шалабын жұттым шөл едім,

Шерімді зәрге бөледім.
Шыңғыра жаным шыққанша,
Шыдамның көрдім көлемін.
Өмірді қиып кетерде

Өлтірмей қалған - өлеңім.
Солай да солай сапырып,
Санаммен сезіп у іштім;
Құлағын кесіп қулықтың

Сырғасына айналған ішін сездім туыстың.
Адыра қалып арманым,
Сен салмасаң - мен салдым,
Опасыздың қырына.

Сен қылғанға - мен қылдым,
Соның бәрі баянсыз –
Баянсызға ұлыма!
Уызы жоқ уытты

Төлеміңе кеткенім,
Өңешімде - тепкенің.
Таға алмадың сонда да
Сексеуіл-мінез сертке мін.

Сілікпесін шығардым,
Сүйретіліп өлер деп пе едің?
Кекті болған соң текті едім,
Текті болған соң кекті едім.

Талайым бастан ауғанда,
Төбемнен қарғыс жауғанда,
Табалдырығына тамұқтың
Табанымды тіредім. –

Сонымен мен кім едім?
Көзімнің түбі қан тұнған,
Артымда апан, алдым тар,
Арланды ертер антым бар,

Тұншыққан көмей түбінде
Бағзыдан қалған үн едім.
Күрсінген іштен түн едім.
Алқымнан алып ар-қысым,

Талықсып айтып таң сырын:
Талтайып тұрып сал деді,
Бабаңның айтқан жарғысын!
Тектісі едің Тұранның –

Көкжалды бөрі ұрандым.
Көктен ізде бостандық
Қағидасына - Құранның.
Отпанның шыңы –

Ордамның Орынын бер деп сұрандым.
Жер тіреуі - жер орта,
Ел тілеуі - ел орда.
Ұранын отпен суардым.

Жебеден таңба салдырып,
Намысын шоққа жандырып,
Атамның кеше асында,
Атағозы батыр басында

Қолыма қайта ту алдым!
Айттырсаң әлхам-шынымды,
Түрегелдім қайта, қуандым.
Сұқ көзден сақта, Жасаған,

Қайрасам тілмен-Қашаған,
Отпаным менің, Отпаным! –
Отпанда білдім от барын.
Орданың сәнін ойланып,

Отпантау, саған тоқтадым.
Нәр алып ақтан нұрланған
Шыңыңнан әлі шығар күн.
Шырылдап айтсам шындықты,

Жанымды менің ұғар кім?
Бір ұқса, білем, ұғады
Тектіден туған тұмарлым.
Қырандар ұшар құздарға

Жаныммен мен де құмармын.
Тұмарлым-ау, тұмарлым,
Тұмарлым, сенен сұрандым.
Қатар түзе, сапқа тұр,

Ордалы анау жыланның
Табанға басып саларда
Шоғына дем бер ұранның!
Жалғанның кетпей желіне,

Әркімнің кірмей өңіне,
Аң терісін жамылып,
Адамға жүрмей теліне;
Адал уыз-қан таза,

Намысы мен ар таза,
Тектіден тусаң телқоңыр,
Етегің жи, қам жаса!
Кіл жақсының қасында,

Қара таудың басында
Әруағым бұлттай тасынып,
Арғымақтай ашығып
Артыма бір қарармын,

Қатардан табыл, жасыма!
Сертіңді сынар күн жақын
Атадан туған асылға.
Жасаған ием-жан кием,

362 әулием,
Әулием һәм әмбием,
Пірдің соңы я, Бекет!
Демеп жібер қарт кием!

Машайықтар мекені
Мүлгіме деп, Маңғыстау,
Белді мен де шар түйем.
Қағидалым талай айтқан-ды

Қаратаудың қайғысын.
Көкмойнақтың үйірінен
Қалмағанын тай қысыр.
Заманнан зауал аунады,

Отпанға аруақ ауғалы
Қарадың ба артыңа?
Арландары айтып жатқан айға сыр,
Мынау өзі қай ғасыр?

Біздік ғасыр арға - сын,
Арлан үніп келер ұрпақ жалғасын.
Жалбарынам зар қылып,
Жаратқан, мендік жанды ұғып,

Шәлісі шарбы көгіңе
Неліктен бөрі барды ұлып? –
Отпанда біліп от барын
Сүрген де шығар соқпағын?

Соқпағы сара жол шығар,
Сорыңды сылар қап-қалың?
ішімде тегін бұғып жүр
Күндердің күні болғанда

Аспанда тұрып іс қылар,
Қанаты сусып ысқырар,
Дегелек құс, сені жоқтадым.
Жонымнан таспа тілсе де,

Жоқтамауға жоқ хәлім.
Маңғаздым-ау, маңғаздым,
Қадірі кетіп қандастың,
Жоқтау боп саған жалғастым –

Жамырай қосып үніне
Аспандап ұшқан нар-қаздың.
Анау жылғы айрықта,
Қаратау, сенен бұлт көшті

Қабағын түйіп күңіреніп,
Маңғыстаудан мән кетті,
Саршағыл Самнан сән кетті,
Қаройдан жылап ән кетті,

Шал құйрықтай ыңыранып.
Бұтаның түбі бұйыға,
Жапырағын бүріп мұз алып.
Жалғыздың жанын сыз алып.

Иманның жасап ишарасын
Күн батты тағы қызарып.
Бұлт шалып басын бура төс,
Шың жатты түзді ыза ғып.

Тікелеп келген ажалға
Жалғызың кетті сұранып.
Ақылшың қалды бүгіліп,
Ақ найзадан қайран жоқ,

Тие алмай жауға сыбанып.
Құс пірі көктен ауғанда,
Көкке ұлып ішін тартты да
Көшкенде жұртым құралып,

Бөрісі қалды бұралып.
Ошақтың орны қайтсе де
Отпанда, білем, тұр анық.
Түз қырандай түбегім,

Түрленсе қайта түлерім.
Түңіліп кетті түнеріп,
Түпсіз мұң бұзып іреңін.
Түнермей қайтсын түбегім? –

Отпанға шығар дәрмен жоқ,
Кәкемдер қалды қартайып.
Көкемдер болса бұл кетті,
Шыға алмай шыңға шалқайып.

Шабдардың жалын төгілтіп,
Шашақты найза, ажалды оқ –
Сүбесін жаудың сөгілтіп,
Шабалмай кетті-ау марқайып.

Көзінің жасын бұла ғып,
Соңында қалған бұ ғаріп...
Ошақтың орны қайтсе де,
Отпан тау, сенде тұр анық.

Дидар ғайып - бір ғайып,
Көзден бір ұшты бұл ғайып.
Содан кейін шанақ сынып, Күй тайып,
Шаңды қиян - шалқарлы ел,

Құлан-қыр менен арқар-бел
Қыстағымыз қызыл тулы аталып,
Сары аурудан жаңа тұрған баладай
Жатты жылан ордасына маталып.

Қан ұйыған қарашығы көзі - мұң,
Ана жылғы ұлуына бөрінің
Аруақты бұлт аунағанда ғасырдан,
Киесі бар құс оралып басыңнан;

Оғыландары Отпан барып бата алып,
Шоқтан жонып белгі қойдық тасыңнан!
Тәуба! - Дедім мен сонда, -
Рас екен, иншалла.

Тесік деуші ед қолтығы -
Саназардың суының құлыны.
Артық деуші ед, есіл-ай,
Ер Лабақтың шын ұлы.

Асыл деуші ед, шабазым -
Ер Шотанның ұрығы.
Шығар деуші ед Атағозы береннің
ізін жалғар ғұмыры.

Уа!

Тектілерден туған сыңарым,
Сыңарларға ерген құралым,
Отпанымның берік болғай тұғыры –
Осы менен бір Алладан сұрарым!

ТҮСІМДЕГІ БАТА

Құдай менің береді-ау несібемді,
Бермейтіндей бағымды несі кем-ді?
Сулығына сыр бүккен, тақымымда
Сүлікқара бір тұлпар түсіме енді.

Қара тұлпар астымда, қаумалаған
Кілең тобыр, алғандай жау жағадан.
Кенет бір шал келді де тізгінімнен
Тартты алға, Құтқармақ даудан аман.

«Не болған, - деп қараймын, - шалға мына? –
Кәкем қайтып келіпті-ау, жалғанына». –
Деп қоямын, содан соң тебінемін,
Көп тобырға көз салмай, жан-жағыма.

Бостандыққа қол созған құлдарымнан,
Кетпек болам сытылып түн-мұңымнан.
Өлдім-талдым дегенде,
Кәкем мені Алып шықты жетектеп шылбырымнан.

Білдірді ме кәрілік бір ыңғайды? –
Көз түбінен құштарлық құлындайды.
«Шабысыңнан жаңылма, шабандоз бол», -
Деген қартым елжіреп қолын жайды.

Кенет түнім айналды ақ бұрқанға,
Сүлікқара сілкініп тақ тұрғанда.
Қызыр бейне сағымға кетті сіңіп,
Кәкем байғұс бақиға бет бұрған ба?

Түс аяғы бітпеді, шатпақ болып,
Сілтеп қалдым қамшыны шаппақ болып.
Қараңғыдан шықты да ытырылып,
Қара тұлпар барады аппақ болып.

МАЗАРДАҒЫ СӨЗ

«Сақыпжамал, паһлаван нәм шапқыр қыран, дәріс оқушы молда еді. 17 жасында опат болды. Қосуыт Банадұрұлы Шұбартай мырза»

Мазар бардым, тұрысы, тұрпаты бар,
Қырық нарды жектірген қырда аты бар.
Қыран қонар күмбезі көкті тіреп,
Құдай қойып кеткендей ұлтқа тұмар.

Дала дауысы қайтсе де қайталанып,
Жоқтау болсын, зар болсын айтады анық.
Түн жарымда тұр-дағы, тыңдап қара,
Айдың басқан таңбасын байқап алып.

Жұлдыз күліп жатады, әлде жылап,
Ажалдысы барады жерге құлап.
Дәл осындай қара аспан тамғылары
Қорым болып қалады ертеңіне-ақ.

Мынау мазар, сол айтқан тұрған тұтас,
Тастан емес құлпысы - құранды қас.
Кейуананың көзінен құлап түскен
Мынау мазар - сол айтқан бар тамғы жас.

Күбірлеймін, әруағың жебегей деп,
Көкке атылды қас қыран мені өгейлеп.
Мен күмбезге қараймын, күмбез көкке,
Ұшам сосын күн көзін көлегейлеп.

Қалғып кеткен ұланы қай патшаның?
Құпиясын білсем деп жай таппадым.
Дала жайлы тұр қорым күңіреніп,
Тыңдай алсаң сырының айтад бәрін.

«Сақыпжамал, паһлаван, шапқыр қыран», -
Тарих тілін безейді тас-құлпыдан.
Оқушы ед деп дәрісін Кәләм-Шәріп,
Танушы ед деп ғаламды Хақ-тұрғыдан.

Ұқсаң тілін бағзының бал сауғандай,
Имани нұр, мысалы гауһар қандай!
Балуан білек, қыран ол қия салса,
Жанарынан жасын да жалтарғандай.

Түлей жағын сағалап, түз тағы өтті,
Тас артқан нар шың сөгіп құзға кепті.
Опат болған он жеті көктемінде –
«Қосуы тұлы Шұбартай мырза», - депті.

Сайын дала, бедеу бел, қырқа гүлдеп,
Сапар соңы санамды жұлқады жеп.
...Бір ағам тұр, - ұсқынын айта алмайсың:
«Бұл - Шұбартай мырзаның ұрпағы», - деп.

Әулиеге түнетіп, үшкірте алмай,
Бағзы баян қинала ышқынғандай.
Мен ағама қарадым, ағам маған. –
Олар қандай, біз қандай, ұсқын қандай?

Қобызым жоқ, әттең-ай, құлақтап ап,
Әруақ сесін табар ем бұрап қарап.
Мен орнымнан түргелдім шаршағасын,
Ағам менен балама сынап қарап.

Ғайбат айтсам, ғафу ет, жаршы ғалам,
Ғазал сырын моладан аршып алам.
Түлей жақтан сарнаған дауыс келед,
Кұлағың түр, сен соған баршы, балам.

Баршы, балам, бағзы үнін құндақта да,
Бағбан сынды бар ізді шындап қара.
Тоғай кезіп жүр ме екен әруақ сесі,
Кәрі діңгек сарнауын тыңдап қара.

Ұзай берсек қайтадан ажарланып,
Тас жүректер бұл жолы тазарды анық.
Түптегім кеп кеткені-ай сонда менің,
Мұқабасы мүжілген мазарды алып.

КӘКЕМНЕН ҚАЛҒАН КЕП ЕДІ

Кәрі батыр сөйлеп тұр қатты налып,
Қара көздің түбінен ақтұма ағып.

АЙТ-МАН

І

Табам деп түнді кезіп, таңды ақтардым,
Сарынын сағынғанда саңлақтардың.
Кәләмнің жеткізсем деп шарапатын, -
Азығы Құран деуші ед әруақтардың.

Салауат - пайғамбарға, Хақтан - аят,
Бағзы сөз басталғанда бастан-аяқ;
Бедерін бүгінімнің талақ қылам,
Аунаған әруақтарды жатқан аяп.

Бұл да бір күтіп жүрген істі сәтін,
езім бар көкірегімді күш қысатын.
Жалғанға сыймай кетем жалғызсырап,
Түртіп қап бүйірімнен ішқұса түн.

Естінің ескі сөзін бағаладым,
Тұлпарын тарих қарттың тағаладым.
ізінен ұлы көштің ем-дауа іздеп,
Қолыма бүгін тағы қалам алдым.

ІІ

Қоңыр күз.
Қыр сазарып, тартып ішін,
Ауылға беткейдегі салды қысым.
Көш көлік жыйып малын төскейдегі,

Ел бүгін бастады ерте барлық ісін.
Ай сол бір аспанында тұр ілулі,
Күшейтіп қайың қаншық түн ұғуды;
Оқыды «сапар-дұға» қайта-қайта,

Тақуа жайнамазға жүгінулі.
Құлаған құдығына төрт түлігі,
Сырттан-ақ көрінетін тектілігі –
Бұл ауыл аты Адайға белгілі ауыл,

Шаба алар ар-намысқа кекті күні.
Бектері бел шешсе де өң бермейтін,
Тентегі тексіздікті тең көрмейтін,
Мырзасы мейманына мал сойдырса,

Жолыңа тағы бірін өңгер дейтін.
Жылқысы - Саназардың сусынынан,
Күтері көкжал бөрі ұлуынан.
Ұланы мауытыдан шекпен киген,

Сойы өзге бәтшағардың, сұлуы пан.
Осы ауыл бес күн ұдай күбінулі,
Көшелі бәйбішесі сүрінулі.
Қарашасы қомдалып нар белінде

Қамшысы қатебінде түр ілулі.
Анау үй -
Бас ордасы осы ауылдың,
Кем емес хан ордадан, жасауы шым.

Көре алсаң көк орайға қонған елді,
Тұсында Бозойнағы асау ұлдың.
Көк тайып, сарғайыңқы жусан басы,
Енді арқаның белгілі бусанбасы...

Көшкен жұрттың орнындай қоңырайып,
Баба-тарих қалмағай құр шаң басып.
Жүрегіңнің шыдаса дірі кетіп,
Үлкен үйге қарасаң түріп есік,

97 жасында қарт Тұрманбет
Шаршап жатыр күні өтіп, түні жетіп.
Отты көз сауыт бұзардай,
Қарашық толған шел басып,

Сом шеке құж-құж құзардай,
Мың айрық салған сел тасып.
Сексеуіл білек, он саусақ
Ұстаса қамыт мытардай.

Бұғана бойлап жүгіртіп,
Бір қауға суды құйсаң да,
Ұнжырға сайы жұтардай.
Асыл да асыл, асылым,

Өткізіп бастан ғасырын,
Жай оғындай жасантып
Жауға да кірер жасыным –
Жатыр ғой бүгін камығып,

Жанары талып, жасып үн.
Құрметсіз таң атып, күн батпаған,
Қарт қадірі күн санап қымбаттаған.
Қош көлікке ат та емес, арба да емес,

Немесе желі қатты жорға да емес,
Атан керек қалып пен ырғақтаған.
Сүңгінің суын алған жатқа малып,
Жасында тоқсан жеті жатқан алып,

Қомына әкеп будырған қоңды атанның
Тұнжырайды кей-кейде баққа налып.
...Көрдің бе мені дегендей,
Көлденең келіп шөгердей,

Қомына атан буылып,
Ажалым жетіп өлердей;
Ақ кебіндеп арулап,
Арыма тиіп зәр улап,

Ағаш ат мініп қарулап,
Кім едім мен көмердей?!
Бұл енді қарт батырдың қаралы әні.
Кетпеген кегі жатыр тарап әлі.

«Ақшейіттік» арманы адыра қалып,
Ақ кебінді ажал кеп жағалады.
Бағылған мал ед атан тұмарланып,
Тең басты төрт аяғын нығарланып.

Бұйырған бақ деп біліп ел сенімін,
Көтерді ғасыр сүрген шынарды алып.
Ғасыр көшіп жылжиды сәніменен,
Алмағай тек тізбегі, сәні белен.

Үстінде ақ атанның тербетіліп
Келеді тамыр жайған алып емен.
Қырдың желі өзегін жұлады жеп,
Кешке қарай аңғарға құлады кеп.

Көшкен сайын - "Ебелек елу аңғар"
Тұрманбетті қайтсе де бұратын ед.
Құрдасы мен құла аттың басына кеп,
Жасайтын-ды ишара, дұға-тілек.

ІІІ

... Ғасырлардың тізбегін ғасыр жалғап,
Кәкем шерткен әңгіме басымда аздап.
«Бота-тайлақ айдаған көш соңында Жігітпін», -
деп қоятын қасын қозғап.

Лебінен бір дауыл соғар жойқып
Тұрманбеттің зарына салам дейтін.
«Уа»! - дегенде, жарықтық, қарт батырдың
Көз алдыңа әкеліп қояр кейпін:

- Қозы жауырын, көк жендет,

Қос жауырыннан оқ ендегі,
Опыра барып өтпедің!
Құла айғырдың басынан,
Құранды ердің қасынан

Шалқалап барып кетпедім.
Сауыт бұзар! Сертсіз бе ең,
Шарайна неге сөкпедің!
Аттың жалын құштырып,

У аралас қара қан,
Лақытып неге төкпедім?!
Уытына қанның шыдамай,
Алты да құшақ ат жалын

Қақырата қақ бөліп,
Алар болсаң, ажалым,
Аңырап неге жетпедің?
Әзірейіл періштем,

Алысып өлер арланға
Адал қызмет етпедің.
Қарағай сапты найзаны
Қара құйрық байлатып

Қаныма неге екпедің?
Қан майданда сұлатып,
Еңкейтіп ерге құлатып,
Қаралы ару жылатып,

Қанды жасын неге төкпедің?
Шелденіп көзім, шер ұйып
Шейіттікке, қолым, жетпедің.
Өзегімде от қалып,

Өңешімді өрт қарып,
Таппадым іздеп орынын –
Өзгеше еді-ау пошымың:
Амантұрлы, Қожалақ,

Есен, Сүгір, ер Балта,
Жауды да қуған қоралап.
«Қарасақау» - Өмірше
Шешпестен кеткен жеңсізін –

Оны да алды сұм ажал,
Ағалап қалдым аңырап.
Құлпытас қорым меңіреу –
Молаға толды атырап.

«Босағадан» үңілсем,
Балуанияз шақырад.
Жаудан өлу - арманым,
Оны да қабыл алмадың.

Уа, қайтейін, қайтейін,
Тістесіп өлер текті едім –
Қабыл болмай қалды ма,
Аллаға амал еткенім?...

ІV

- Әне, балам!

- Қарт бабаңның арманы

Еді, шіркін, көкжалдың да арланы.
Келген кезде «Қараобаның» тұсына
Ақ атанды шөгерді, әрі бармады.
Кәрі батыр үн шығарды ышқына,

Кәрі жүрек қалжырады қыстыға.
Сүргін дауыс аңғар бойын аралап,
Мүлгіді сай, жел басыла, тыс тына.

- Уа, Балуанияз! Құрдасым!

Мен келдім, міне, бұр басың! -
Қызғыш құсша қорыдым да көлімді,
60 жылдай сенсіз сүрдім өмірді.
Түсінбедім сұрғылт заман сылайын,

Енді сенің әруағыңды сынайын.
Ұсынып ем «ақшейіттік» өлімді,
Бұйырта гөр өз қасыңнан көрімді...
...Әмин! - деді періштелер, келісті,

Соңғы суын Хақ бұйрығы деп ішті.
Жұлдыз сөне сарқып барлық төзімді,
Кәрі батыр мәңгілікке көз ілді.
Ұғар жанға, өлімі де ұлағат,

ізгі арманын бауырына құлады ап.
«Қарағанды-Босағада» қамығып,
Құлпытас түр бір ғасырды сыналап.
Кәкем болса жыл қайтарып, ай санап,

" 15 жаста едім", - дейді қайталап.
Содан кейін аят оқып күбірлеп,
Бар міндеттен бір құтылып жай табад.

V

Құздарынан тұратын қыран қарап,
Аңғар бойлап ауатын тұман тарап.
Төрткүл төбе төрінде көп құлпытас
Кететіндей суырылып ұрандап ап.

Жебей жүрер, жебеушім-киелерім,
Тарыққанда түсіме жиі енерім.
Таусылғанда таяныш, сүйенерім,
Әулиелер қонысы - Маңғыстауға

Мәңгілік өзі қожа, иелерім...
Сезінсең жүрегіңмен осы араны,
Көрерсің қан шылаулы «Босағаны».
Қос арланы Адайдың «Босағада»

Қатар жатыр өлсе де қарауылдап,
Дұшпан келсе бір бөгет жасағалы.
Мына бір түс - Қалнияз-қарашанақ
60 ерді пернелеп дара санап,

Көңілі толған шақта ерлеріне,
Қараған жері, мүмкін тамашалап.
Содан кейін кетіпті дала тұнып,
Алпыс жерден намыс пен ар атылып.

Қимастықпен досына қарап кетті,
Жекпе-жекке Балуанияз баратырып.
Шежіремді қайтемін шимайға орап,
Қағазыма бәрібір сыймайды алап...

«Жау базарлы болсын!» - деп қалды дейді,
Ер Тұрманбет досына қимай қарап!
Сол шайқастың куәсі ту төбе тұр,
Ал «базардың» төрінде кіл «төре» жүр.

Есіне де алмайды есті сөзді,
Заман шаңы намысын бүркемегір!..
Тарқамаса аманат базарыңыз,
Сарқылмайды біздің де жазарымыз.

Оятады әлі де сан өлікті,
Мазарыңда жазылған ғазалыңыз!

АЛЫБАЙДЫҢ АЖАЛЫ

Поэма

1. Би мен батыр

Дарабоздың дабысын далам жұтып,
Қадай алмай қағазға қаламды тік;
Адасып қап ізінен бабалардың,
Шерменде күй шертем де, қалам күтіп.

Жүрер жолдан тағы да жаңылысып,
Жығыламын кеш бата жанып ішім.
Күйдің шері, бабамның айтар зарын
Ар киесі кетердей алып ұшып.

Көлдеуінде күй тұнған шалқымалы,
Белдерінде қайқының қалқып әні;
Қаройлы Маңғыстауым, қоңырым-ай,
Ғайыптан оралмай жүр салтың әлі.

Ол кездің оғыландары кіл дарабоз,
Құралай қарындастар - үр қарагөз.
Құндақтап немересін қарт әжесі,
Шалдардан шежірелі тыңдар әуез.

Ақ орда алтын уық, көмкермелі,
Түндіктен ай сығалар төңкермелі.
Шалқалап Қарағанда - шоқ жұлдызды
Сұлудың құс төсекте өртер демі.

Арудың миығынан күліп шуақ,
Текемет төрге төсеп, іліп сырмақ;
Оймақтың ойдағысын біліп-сезіп,
Сыбырлап сырғасы да сыр суырмақ.

Жинала көк шалғынға кіл киелі,
Шегіне ақ домбыра сыр түйеді.
Ақсақал абыздардың арқасында,
Киелі күт мекен бұл бір сүйемі.

Күйі бар шанағында мың бұраулы,
Замана зауалына мұң құраулы.
Сөкпеген мың зауалға ел қанатын,
«Ақорпа» - Алыбайдай ердің аулы.

Қолтығын қоңыр ауыл кім қасыған,
Айналып зәмзәм уға тұнбасынан,
Жақсылық, жамандығың алмағайып,
Дүние дөңгеленіп тұр басыңнан.

Заманның мың сауалы ми жадылап,
Бір нысан келе жатыр жалғыз құлап.
Көрінген көк атты емес, нақ сәскеде
Алқада кеңес құрған би Жанұзақ.

Алған бағыт - ауылы Алыбайдың,
Хан жарлығын орындау салып айбын.
Бұл жолы жанары иіс, би еді бұл,
Суырылған қылшығындай сары майдың.

Қанат жайған қарайлап сағым белде,
Салмағы бар ақ отау, салымды елге.
Ақбоз үйге кіру де мұң болып тұр,
Қиыстырар қиынды сабырлы ерге.

Қайрап өзін қояды: «би атым бар,
Қай үйден де алатын сыйақым бар.
Хан сенімін ақтау да - халқым үшін,
Уәде-иман, түюлі ұятым бар»

Дала-жырау үніне құлақ түріп,
Маза кетіп миға мың сұрақ кіріп;
Қара қазан, сары бала қамын ойлап,
Батыр жатыр байламды тұзақ құрып.

Шынтағында қос жастық мұз қабақтың,
Мұз қабақты жүзі де ызғар-ақ тым.
Хан ызғары барады халқын қысып,
Бір азап күн артында, бір мазақ түн.

Хан тірлігі қазақтың қоймасында,
Жан тірлігін шағады қой басына.
Ел есесі еңсесін езіп барад,
Оралып бір одағай ой басына.

Кер заманның кесірі ойын торлап,
Қос жастықтан көтерді бойын зорлап.
Бұйым емес жастығын алып өлу,
Тек арттағы ел қалады-ау кейін зарлап.

Соңғы түйе болады жүгі де ауыр,
Қабырғасы қақсайды, жаны жауыр.
Құлақ түріп қояды анда-санда,
Батыр жатқан ордаға бүгін ауыл.

Би Жанұзақ отауға аттап кірді,
Ұтқыр сөзін елі жүр жаттап күллі.
Желең көйлек иығын бір көтеріп,
Алыбай да өзді-өзін баптап тұрды.

— Ассалаумағалейкум, Ер Алыбай,

Қашсам - пана, ұшқанда - қонарым-ай.
Қатық қатып сорпаға, сүрге тойып,
Жатырмысың, шіркінім, демалып-ай...
Үндестік жоқ, үні де ішін өртеп,

Саптады сөз осылай, түсінер деп.
Жүйелі ойды тіліне түсірмей тұр,
Келіп еді түсі зор, ісі жер боп.
Қамшы тастап алдына, жүреледі,

Қатаң бұйрық әкелді, біле ме елі?
Сол заманның билігі сорға біткен.
Ортасында екі оттың жүрер еді.

— Жайлас, кәне, шаршапсың жолдан ұзақ,

Отқа түстің, болғалы сен Жанұзақ.
Білем, жүрсің екі елдің арасында,
Бірде сорға, бірде сен орға құлап.

— «Ханда қырық кісінің ақылы бар»,

Батыр - аңқау, ер - көдек, қапы қылар.
Би турашыл болса да, хан - қарашыл,
Ындынында қалың ел зақымы бар.
Қатты болды Құдайдың сыйы маған,

Ат арытып келдім мен Хиуадан.
Тез жеткізу өзіңді хан алдына,
Әйтпесе елдің болардай күйі жаман...
...Қыр еліне ол кезде заң қатал-ды,

Хан қаһарлы қашанда, ер матаулы.
«Жүз аруана Алыбай ұрлады» деп,
Теке-жәуміт шағымын ханға апарды.

— Жүз аруана жүк па екен құрсағыма,

Соған бола барам ба кісі алдына?! –
деген кезде, Жанұзақ жанып кетті:

— Мазақ қылма сен ханды. Түс, алдыма!

Бөлек еді батырдың тынысы әр кез,
Қандасына қадалды шығысар көз:

— Ханыңа айт, қыртпасын,

Шаруама қол сұқпасын,
Жақындады мен білсем тұрысар кез!
Артық емес анасы сарттың менен,
Мен-дағы сарттан қалған сарқыт жемен.

Заман ерді бөрі ғып жаратқанда,
Азығымды борбайдан тартып келем.

— Сап, сап, батыр, сап енді, сен де түсін,

Қайратына мың жігіт телінді ісің.
Тіл ұшында білесің, менің күшім,
Менде дағы бір арман: ел тынышы,
Елің үшін бар ханға, қолыңды ұсын.

Қарақұстың тамағы - көп өлексе,
Хан қарғыстан семірер, ел - өңеште.
Базынасы бауырдың салды салмақ,
Шешілмейді ел зары ерегеске.

— Мендегі шарт - тыңдағын, сен қанып ал.

Елім үшін барайын, мен ханыңа, ал.
Егер кезек берілсе тілдесуге,
Менің тілім - алдаспан кек жанылған.

— Заман бұлты бұл елге төнуде ерек,

Бұйрығына патшаның көну керек.
Арыстандық, әрине, алмас қылыш,
Біздікі сол - тіліңді өлу безеп.
Хан алдында сөйлеу, ол - мендік шаруа,

Қызыл тілге сұратып тендік сауға.
Басыңды бақ, байламын өзім айтам,
Елім үшін бас тіктім сендік дауға.
«Ырзамыз, деп, ұсынса не талайым», -

Ат ерттеді асығыс екі ағайын.
Біреуінің түгінен от шашады,
Біреуінің мінезі өте мәйін.
Елге керек ерді хан кешіргені,

Сыр бермейді, ал ердің кесімді өңі.
Құбылаға құлайды шеше байғұс,
Дұғаларын бағыштап бесіндегі.
Ат та білді, жүзінде ызғар тұрды,

Айыл тартты, от тұяқ із қалдырды.
Енді қандай күтеді кесапатың,
Бөрі тектес ұлыңды тұз тағдырлы?
Күн астында жасырын мұң тұрғандай,

Бодан қылған басқаға ғұрпың қандай.
Мызғымайсың, жалғаншы, мылқаумысың,
Сол баяғы керіңнен тұрсың танбай.
Хан базары тартады қайғылыны,

Хан мәзірі қазақтың тай-құлыны.
Шырт түкіріп Алекем, мінді атына,
Өз ісіне, біледі, сай қылығы.
Артта қалып аз ауыл, күрең күнес,

Атқа тақым басты екі үзеңгілес.
Тездетпесе болмайды, шаруа қауырт,
Күтіп жатыр тақта бір іреңді мес.
Белден асып барады екі тарлан,

Күн де батып барады өңі қан-қан.
Томсырайып соңынан қалды қарап,
Қозы баққан айдарлы ұл болып аң-таң.
Шаңды тозаң белеске қалды асылып,

Екі қара келеді жолда сүріп.
Көне сүрлеу күбірлеп жатқан сынды,
Шежіресін шыжымдап сан ғасырлық.

2. Хан алдында

Хиуа шәрі у да шу күл базарлы,
Қатар қойып қайнатқан мың қазанды.
Сайқымазақ өзбек-сарт сырнайлатқан,
Не күй тапсын бұл жерден қыр қазағы.

Сынық алтын қашанда дара жезден,
Жақтырмайды, қарайды ер ала көзбен.
«Әкәлаған» кілең қу арасына
Кірді келіп қос бөрі дала кезген.

Түкті қабақ, шағыр көз, шарасы қан,
Пошымынан тіксініп, қарасынан;
Тік қарамай көзіне тайсақтайды,
Тас тақия жылмақай қап асынған.

Қызықтырмас, сарт-сауан, мың керімің,
Қулық - сенің айрылмас шын серігің.
Бөлек пошым қос атты ортасынан
Тіліп өтіп барады жын-перінің.

Өтті өзбектің сыналап ортасынан,
Қос тұлпарлы жаңылмай жорғасынан.
Қоржындағы малтасын тауыса талмап,
Ауыз тимей сарттардың сорпасынан.

Алты малта ас еді жүрек басар,
Ханды Құдай атып па сүр ет те асар.
Адай-қиял Алыбай неге сассын,
Алмас қылыш сенгені, бір епке асар.

Кесіп өтті көшені жылан ирек,
Көрінді әне хан сарай, тұман сиреп.
Құшырланып Алекең қысса балдақ,
Ойға шомды Жанұзақ сылап иек.

Бұлт айналып көгілдір мұнараны,
Сарқылмады мидағы сұрақ әлі.
Қиығында көздінің сұрқы жаман
Дар ағашты өлімнің тұр алаңы.

Өтірік пе, рас па - ізет бөлек,
Аттың басын тіреді күзетке кеп.
«Әссалау» да «әссалау» болып жатыр,
Күзет құлқын нән қоржын реттемек.

Құлқын жүрген жерлерде қарпу жүрген,
Хан тағында отырса, тарту жүрген.
Қарпуы мен тартуы - бас садақа,
Аман шығар топаннан малту білген.

Хан сарайы. Қас сұлу. Көркінде ылаң.
Сыбызғы үні билеткен ертіп жылан.
«Ақымаққа жалғаншы, - деген, - жәннат»,
«Жәннатының» буына елтиді хан.

Хаққа риза, момынның келбеті тік,
Таққа риза хан отыр тербетіліп.
Көкке ұшардай кеудесі шіріп-ісіп,
Таусылғандай шаруасы жербетілік.

Аш көздерге арудың ары мазақ,
Көлгір көздер салады жанына азап...
У да шу боп жоғалды күйші-биші,
Көрінгенде бота ерткен нардай қазақ.

Тақтан таймау - хан үшін жалғыз арман,
Текті ұлыңа қымбат жоқ намыс-ардан.
Тас сарайға арлан боз сия алмай тұр,
Тар апанда туылған нағыз арлан.

Нардай қазақ үнсіз тұр. Ал Жанұзақ
Тәжім қылды тақсырға омпа құлап.
Сарай заңы - машықты қызыметі,
Бірақ оны ұқпайды арда Қазақ.

Бөрі соңы бұл емес - туар дала,
Жұт қыларлық түркпенге жүз аруана.

— Уа, хан ием, жарлығың орындалды...

Алыбай тұр сықылды шынар дара.
Хан қарады жүзіне Алыбайдың,
Арлан екен мың жортса арымайтын.
Түрікпен соры осы ма, көр құлқынды,

Жүзден бергі қараны танымайтын.
Мәс көңілін көтеріп құлханасы,
Өзбек-сарттың сенімді бұл панасы.
Өр тұлғаның кеткендей пысы басып,

Бұлт шайқардай зор екен құлжа басы.

— Сөйле, батыр, бұл жұртта не кегің бар?

Бүлдіргенің биылғы, кешегің бар. –
Деп Жанұзақ уәдеден кетті тайқып,
Амал қанша, бауыр ғой, не дерің бар?!
Тұнып қалды тыныштық кең сарайда,

Сезімінде сілтеніп семсер айға.
Алыбайдың барады қаны өртеніп,
Қол жақындап семсерге сертке шайған.

— Жатқанымда жайыма жармасқан кім? -

Хан алдында серт бұзу қандасқа мін.
Менің тілім, ескерттім, сол баяғы
Кекке жанған қанды жүз - алдаспаным.
Мен бе, сен бе ел-жұртқа запы берген,

Антың қайда татулық хаты келген?!
Инеліктей ілмиген жүз жайрағыр.
Жүз ерімнен артық па қапыда өлген?!
Қап! - деді де, көтерді алдаспанды,

Қиып кете жаздады шамды аспалы.
Зып берді хан астына алтын тақтың,
Құрып кеткір, сыймайды жамбас жағы.
Жапалақтың жарлығы жар астында,

— Кештім, - деді шырылдап, - бар, ас қырға!

Жүз аруана садақа сау басыма,
Тақ қасында, батырым, талас қылма!...
Өңешінен сол сәтте өксік кетті,
Жанұзақтың осы еді көп күткені.

Хан аузынан сөз алу «кештім» деген,
Арасында екі елдің кек біткені.
Көрінбеді көзіне айғағы көп,
Алдаспанды айғайлап айға білеп,

Адымдады есікке ер Алыбай,
Шықса алдынан кетердей жайратып жең.
Бір жамандық шығады жасықтан да,
Бөрі көзі көрмейді ашыққанда.

Алмағайып түсіп пәс сәтте мынау,
Өмір бәсі айналып қасық қанға.
Жатырқайды жалғанды жандар дана,
Қыр канаты тұлпарға арман-дала.

Ер серігі елеңдер дарбазаға,
Жан серігін жұтардай жалған жала.
Секем алған тұлпар тұр үрке түскен,
Көзін алмай қамалдан - кіл тесіктен.

Тыпыршуы тұлпардың күшейгенде,
Алыбай да адымдап шықты есіктен.
Жалбарынса, Құдай жақ жалғызына,
Аяры жоқ алса егер жанды мына.

Ажал - қамыс қоянға, намыс - ерге,
Атқа салды тақымын қан қызына.
Басын бұрды артына шайқап тұрып,
Жеріндіріп тас қамал сайқал ғұрып

«Шүу» деді де, тұлпарға басты қамшы,
Ирек-ирек көшені шаң қаптырып.
Аң-таң күмбез ай қадап тұғырына,
Хиуа шәрі түсінбей қылығына.

Қуғын қайда қашқанның ізін алар,
Ұқтырмайды шаһардың сыры, мына.
Қашу емес, бұл бірақ, ашу еді,
Ат желдіріп ашуын басу еді.

Хан сарайдан көңілі қатты қалып,
Құба бел, құла дөңге асу еді.
Күн құбылтса қынасын - тасқа олжа,
Бұлақ көзін ашатын жасқа толса,

Қаратаумен асығып қауышуға,
Аттың басын тіреді «Қасқажолға».

3. Таралғы-тағдыр

«О, қасқа жол, қасқа жол,
Арманыма асылған,
адыра қалғыр аспа жол.
Ен жайлауым емес-ті -

тексіз туған сартқа қол.
Ат үстінде өлуден
Бөрі тектес ұлыңа
Қалмады ма басқа жол?

О, қасқа бұлақ, қасқа жол!
Түн-талауға құнығып,
Ажалға сен ашпа, жол.
Қаратауым-ай, қоңыр қобыз-Қорқыт үн,

Ұлыңды неге толқыттың?
Қадірін білер қастерлеп,
Өзіңе қонған ол кұттың».
Ат шалдырды азырақ тау басына,

Еске түсіп серігі, қандасы да.
«Өртенермін мен өзім. Бірақ бәле
Салмадым ба бауырдың сау басына?»
Аһ ұрады Алыбай жалға құлап,

Түскендей боп ақаусыз арға бір дақ.
Қитұрқы, қиянкескі мынау жалған,
Жанұзақты жазғырма, алдағы ұрпақ!
Аһ ұрады Алекем жалға құлап.

«Қылбұрауын заманның
Қиямын деп қармандым.
Шылауында жалғанның,
Шылбырына жалғандым.

Қазыналап халқыма –
Қырдан құмға сандалдым.
Шаңды да болса қияным,
Шалқарыма құятын

Шалмасыз еді-ау күй-әнім.
Ұлан ғайыр ұлы бел,
Уызды көлдің ұланы –
Ұлысты еді-ау ұраны.

Жампозы айыр ұрығы,
Қара ішінде қылаңы.
Ұстасатын жерінде
Ұзын да еді құралы.

Өктемді өрттің дауылын,
Көтерген жүктің ауырын;
Келешек үшін кетісіп,
Болашақ үшін барысқан;

Қаһарымен хандардың,
Ақылменен аңдысқан.
Есесі кеткен ел үшін
Сылған бір сырып сауырын,

Жанұзақ едің бауырым.
Ханның қайқы кесімін
Айттырып, алып кешірім,
Қайтарған селдің жауынын;

Ақылыңа сенгеннен,
Билігіңе көнгеннен
Төбесіне көтерген
Қалың Адай қауымың», -

деп Алыбай аһ ұрды ат жалында,
Құрсау салып қалың ой қас-қағымда.
Ат тұяғы тағдырға қарғыс айтып,
ізін жазып келеді тасқа, кұмға.

Бара жатты бір мезгіл көз бұлдырап,
Көшті айнала, төбелер тез құлдырап.
Секем алды сол мезет сезімінен,
Таралғыда тұрғандай тағдыр жылап.

Айналаның бәрі де қараң-кұраң,
Өткізіпті бойына у һарам жылан.
Ұқты кенет: барады өрттей алып,
Тараған у үзеңгі, таралғыдан.

Ат та сезді, бас бұрды ала дөңге,
Дегендей ол «жеткізем, далада өлме»
Қан жорықта қалдырмас хас серігін,
Я, Жаратқан, жонында ала көрме.

Жүрген жан ед кеудеде кекті кезеп,
Ажал алды алқымнан, жетті кезек.
Балалық пен ағалық арасы тез
Көз алдынан жүгіріп өтті кезек.

Тоқтағандай болды да төзім тынып,
Жоқтағандай бейне бір көзін жұмып.
Бір оқиға шырмалды санасына,
Бүгінгідей барлығын сезіндіріп.

...Қиялына жошып үн қосты дала,
Қасына алып қарайлас қосшы бала;
Көк шалғынға көміліп жатыр еді,
Қосшысының марқайып достығына.

Деген кезде ұйқыға кетті-ай анық,
Дауысынан баланың кетті оянып.
Шырылдаған дауысы қандай ащы,
Тажал оғы қалғандай кеп таянып.

Тігісінен шалғынның тысын жарған,
Жақындады бір дыбыс ысылдаған.
Екі айрылып ен жусан жол береді,
Айдаһарға арбаған түсі жаман.

Бұлт көшеді төбеден тамашалап,
Қала алмайды әрине ол арашалап.
Адам-шері аруағы асып жатыр,
Кесіртке деп, - ысқырған жыланшалап.

Көрді бала ғажайып жат іс мүлде,
Аң-таң болды абдырап ат үстінде.
Бейжай батыр шалқалап, ой пюлады,
Түк мән бермей жыланға қатысты үнге.

Кеудесіне көз тігіп көрік демді,
Құлаш жарым құбылып төніп келді.
Төстігіне шықты ол шұбатылып,
Ажал болса тікелей ерік берді.

Көрді ажалдың кекті оғын шерім талай,
Қазамын деп келген ол көрін қалай!
Кенет келген тікелей сұр аждаһа
Сырғып жылжып баратты кейін қарай.

Шалғын көлдеу, қырат бел, құба тымық.
Әудем жерге барды да шұбатылып,
Зәрі сынды, жасады жантәсілім,
Ер киесі емес-ті құр батырлық...

...Кетті сана сансырап...желі үзіліп
Шым-шытырман шырмауға көзі ілініп.
Елестей ме, құдай-ау, еркелік шақ,
Көген ілген кездері, қозы қуып.

Өтіп жатыр көзінен өзге бір шақ,
Жанға сіңіп жылылық, жел де жұмсақ.
Аттап кіріп, қарап тұр кірпігінен,
Анау жылғы қырғында өлген ұрпақ.

Ұйықтап кетті өр тұлға ер үстінде,
Шаршатқандай арпалыс, желіс күнде.
Жасырынған жартылай көкжиекке,
Кемсеңдеумен батады кеміс күн де.

Дүние-жалған сығалап мұң-сағымнан,
Қызыл талау жалғаншы құрсағы қан.
Қоштасқандай қол бұлғап қылаулы өмір,
Құрдым тартып барады кұм шағырдан.

Таралғыға байланған құнсыз тағдыр.
Қарғыс, әлде алды ма қынсыз қалғыр!
Шаппас болсаң несіне шарға салдың.
Аяушылық білдіріп арсызға бір.

Я, жаратқан, болмағай бұл күпірлік,
Жоқтап жатты жабылып түзгі тірлік.
Басын сүйеп баялыш боз жусанның,
Боздауына қосып үн күзгі тырбық.

Дала мүлгіп саябыр, жортпады аң,
Ат жаңылмай келеді соқпағынан.
Иен өлке сезгендей иесінің
Тағы бірі тайғанын бақ-тағынан.

Таусылғандай төзімі түн сыр беріп,
Ай да алыстан жете алмай сыңсиды еріп.
Ескі сүрлеу тарғады қараңғыға,
Ұйқыдағы аттыны тылсым көміп.

Тартып тылсым, жарығын қараң қылды,
Қакпан болып қапқандай таралғы улы.
Шоқ жұлдыздар шоғыры шыңғырғандай,
Көрге қалай қидың деп қалаулыңды?

4. Сөз соңы

Ерлігін тағы танытқан,
Қылышын кекке жанытқан;
Елі үшін қару асынып,
Жанарын жұмған жарықтан;

Тіріні тақтан тайдырып,
Өліні қуған табыттан;
Шалқарлы айдын көлдерін
Кептіріп кетті суалтып.

Жайдарлы жардың көздерін
Солдырды кенет қуартып.
Салуалы анау Орданы
Бүгілтіп кетті жүк артып.

Жауға да мінер жануар
Жайылды жалғыз тұлданып.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Зарлама, елді табалай!

Алқыны толқып, тулаған,
Толқыны шалқып, шулаған
Алтынды кемер дала бар.
Өтіне арлан жерігіп,

Өмірге құштар емініп,
Елім деп келер тебініп,
Ұл әкелер ана бар.
Ұланғайыр далама

Келген ұлды сақтайтын,
Қаршығадай баптайтын
Кемеңгер дархан дана бар.
О, зарлама, замана,

Түсе гөр қайтып сабаңа! –
Қайта шықты сапарға
Қазақ деген қара нар!
Зарына Қаратаудың құлақ түріп,

ізіңді көп іздедім жылап тұрып.
Көп болды көзден де жас сарқылғалы,
Кірігіп кеудемізге жырақ ғұрып.
Сырласым - мылқау мола, зағип бұлақ,

Мұңдасым - сырқау дала, ғаріп қырат.
Сезеді нені жоқтап тұрғанымды,
Мың қорым... Көзден жасы ағып тұрад.
Көп қорым: кілең шейіт, есіл дейді,

Есілдер ездігімді кешірмейді.
Көз жұмсам, аппақ әруақ оятып ап,
Бойыңнан сіңген уды көшір дейді.
Жат ғұрып көшер менен, жанымнан мұң –

Тектілер төрімізден табылған күн.
Ұрпағың әруағыңа бас иеді,
Нұрына ақиқаттың малынған күн!

КЕЙКІНІҢ КЕГІ

баллада

Әулие халқымның ауызында Ескелді Бердалы батыр туралы ақиқатқа бергісіз аңыз, аңызға бергісіз ақиқат бар... Қалың Адайдың ойдағы елге жіберген елшісі, дұшпан қолынан қаза тапқан Бердалының қаны - Маңғыстау жеріне, Атажұртқа қайта айналып келгенде төгілген алғашқы қан, денесі сол жерге жерленген алғашқы жан болған! Тумасының жауға кеткен кегін інісі Кейкі батыр жалғыз жүріп қайырған. Жалғыз жүруінің себебі, - арттағы елге қырсығым тимесе дегені екен!..

Баяны айтарымыз бәз даланың,
Тұр маған талып жетіп боздаған үн.
Бұйыққан боз жусанға бауыр басып,
Көп болды, көріспедік, боз дала-мұң!

Кейкідей кермиықты ер бабадан,
Бағзыдан қозғағалы сөзді аламын.
Шеріксіз, шеру тартқан дала тағы,
Дарабоз жалғыз жортып баратады...

Бозамық таң ауғанда ала дөңнен,
Бетке алды бура төсті Манатаны.
Манатау құлазытып мұнарланса,
Көзінен Кейкі дүрдің қан атады.

Баянды ұғар болар озалды ұққан,
Бұл төбе талай дүрді қобалжытқан.
Дауысы талып жетсе боздаланың,
Шерудің шудасынан шаң атады.

Бурасын бауырынан жаратады,
Мүлгітіп мекенінде Ман-Атаны.
Аруағы атажұрттың тартып үстем,
«Кеудеге кектің үнін сал қылышпен».

Аттанарда қанды ауыз «Қаскажолға»,
Хақтан аят оқыды антына ішкен.
Күрсініп күңіренсе беглер бегім,
Дер едім: дарабозым, сен шерлі едің!

Жау неме жуар екен несіменен,
Бегзадам Бердалының кеткен кегін?
Бұл күнде мекен қылдық Маңғыстаудай
Бабамның белін буып жеткен жерін.

Кең Адай құт-қонысқа қонарында
Құрбандық Құдай жолы еткен елім!
Күбірлеп ер Кейкі отыр: «қан майданда
Жуар ма терім қанды төккен менің?!

Қолпаштап үш жүз алпыс әулие, пір,
Қуғанбыз құба дөңнен жауды нөпір,
Құрсақтан құшақтасып туғаным-ай,
Жүрегім жай таппады-ау, жау тілегір»! -

Деді де, тартты батыр таң астына,
Шапаққа дулығасын таластыра.
Боз дала баяу ғана тербеткендей,
Шырылын бозторғайдың жарастыра.

Шың да тұр, шабыттанса көк тіреген,
Қызылға малынады кек тілеген,
Аллалап аруағын шақырғанда,
Дауысы жер астынан жетті ме екен!

Құлпы тұр қара дөңде қарт абыздай,
Құлыным мерт болмағай деп тілеген.
Жер үйде жермай жағып, жыр ұқтың ба?
Ендеше басты маған бұрып тыңда!

Құрсанып мұздай темір кетті аттанып,
Қан тартқан серт-қанжарын ұрып қынға.
Жау десе жанарына жалын бүріккен,
Қабағы қара бұлт боп қалың түктен,

Кешегі кең түбекте кетісетін,
Күтеді жар астында жауын түрікпен.
Ащы тер сауырынан сұлатқасын,
Тұлпармен «Қасқажолда» түн асқасын,

Алдына жалғыз барды қалың жаудың,
Құдайым жаудан сауға сұратпасын.
«Шығар, - деді, - жекпе-жек бір еріңді,

- Келе бастар киелі үлегіңді.

Құрсақтастың жуамын кегін қанмен,
Содан кейін айтамын тілегімді».
Қан майданға айдады хан «үлегін»,
«Көрсет, - деді, - көзіне қаны-кегін.

Сен жеңілсең болмайды,баһадүрім,
Жау жағымды жайнатар жалын едің.
Талабына бас иіп Кейкі дүрдің,
Жауға таба болмасын қалың елің!»

...Екі тұйғын соққанда бұлт ыдырап,
Бара жатты түркпеннің шырқы ыдырап.
Көрген кезде шаң қапқан шөгермені,
Жау кеңесін шақырды, ырқы құлап.

Қабыл болып батасы әз бабаның,
Әруағы асып түсті боздараның.
Жалғызын жебеп кетті жекпе-жекте,
Әулие, шайхы-пірі боздаланың.

Қайтарды қанды кегін қанмен ішкен,
Талабын тарту етті хан келіскен,
Үстіне ақал-теке - қалы кілем,
Қарқара – сұлу мінді сән кебіспен.

Өңгеріп он иыққа оқ жарағын,
Жетекке ап тартып кетті олжаларын.
Қарғысты қанша айтсаң да, қаралы ару,
Кегінен Бердалының у жаладың.

Қиылмай топшысынан сау қанаты,
Күтеді қаршығасын тау Манаты!
Келеді тура тартып олжасымен,
Жарасып сән-санаты, салтанаты.

Қанға - қан, қан майданда қандас үшін,
Әрине, ол да тектің аманаты!
...Шығарам деп ойымның шырғалаңын,
Жүрегімнің тұсында жүр қаламым.

Ақбозыма қайтадан қамшы салып,
Жырдың соңын былай деп құрмаладым.
Боз белдеуге нұр шашып аялы аспан,
Кен Маңғыстау, кең ием ұя басқан.

Текті болса, жоқ менің аянарым,
Емшектестен, туғаннан, ұяластан!
Сұхбаттасқан ағайын! Сауалым бар,
Сертсіз тумам сөзімді ауа тыңдар.

Қанға тартып өлмесең қан майданда,
Болады екен көрің де баратын тар!
Сауалыма жауап жоқ сенделемін,
Сен не дейсің сорыма енді, өлеңім?

Ет жегенде етбауыр болып жатып,
Дей алмайды-ау, ер үшін мен де өлемін!
Төртеу түгел бола алмай, түбі қара,
Алтау ала боп жатса ізін ала,

Ұялас боп туғанмен, ұғымы жат,
Арға шаппас жігіт те - жүзі қара!
Жасқа толып жанардың тас табағы,
Осы жолдан жоқ дейді басқа амалы.

Құдайшылық, қайтсе де, қандастарға –
Бірін-бірі сүюден басталады.
Селт етпейді иығы ін боп талған,
Немене бұл жүрегің күйреп қалған?

Ар емес пе кешегі қаршығаның,
Қанатын қанға малып сүйреп барған?!
Өз жыры бар айттырсаң озалдың да,
Дастаны бар жазылған бозаң қырда.

іздеп кетсем тереңнен тектілікті,
Кейкі батыр тұрады көз алдымда.
Тәңіріден тағдырын тосқан, сірә,
Жоқтап оны шың үнін қосқан, сірә.

Барады ұзап дарабоз тозаң тартып,
Иығына қондырған қос қаршыға.
Көзден бұл-бұл ұшты да қыр астына,
Қайғырғандай дүние тұтас мына.

Бес қаруым белге асып, кейде мен де,
Жортып кеткім келеді күн астына!..
Тірескеннен таспа алған,
Семсер тілі тас жарған.

Ерлігі һәм билігі
Асып бір туған қас тарлан.

«ТАСТАҒЫ ЖАЗУ»

Қара өлең, қаршығама ұшар бағыт,
"Қара оба - қалмақ үйген" - ұшарланып.
Бөрідей аспандағы айға ұлыған,
Төбеңе тағы шықтым құшарланып.

Тас қорым жатқан сынды күңіреніп,
Жүректен қан тамады мұны көріп,
Шыйрығып шығып кеткен кірісінен
Көп жебе бірі кетіп, бірі келіп.

Басында - Балуанияз, іргесінде –
Тұрманбет бұл да қырдың түр төсінде.
Тұлпардың тұяғында өлген күйдей,
Үзіліп Қалнияздың пернесінде.

Шіренсе тас тұғыры ерлігім ед,
Үш әліп төсіндегі елдігім ед.
Ал мынау - Маңғыстаудың Майлыбайы,
Жатырған кеудесімен жерді тіреп.

Таң жарған дауысына тас жаңғырып,
Тау кезген қарт қыраным аң шалдырып.
Жау келсе жар астында жалғыз күтіп,
«Қырлымен» қызық құрған алшаң тұрып.

Ақырса қамшы сабын бір сығымдап,
Жар бермес желкеңдегі қырсығыңды ап.
Жаудың да бесіктегі бөлтірігі,
Сес жармай қалады екен бір шырылдап.

Майлыбай - батыр, би.
«Қалмақ үйген қара оба» ескі қорым.
Балуанияз, Тұрманбет -халық батырлары.
Қалнияз - батыр, дауылпаз жыршы.

Қырлы -мылтық.
Аңыздай бүккен сырын дала-дастан,
Сырыңнан жыр түзгендей қаралы аспан.
Бір шыңы Қаратаудың құлады деп,

Құлпыңды қойған екен қара тастан.
Жұлқынып соқтығып жүр жел түсінбей,
Қакпақтай қара тасқа серті сіңбей.
Бұл енді не де болса адам емес,

Тәңірдің өзі қойған белгісіндей.
Ғафу ет артық айтсам, мен түсінбей,
Көзіңе күпірлікпен қан түсірмей.
«Әулие - Құдай да емес, былай да емес», -

Деген сөз санасызға келді сіңбей.
Тіксініп қақпақ тастан былайғылар,
Ыңырсып тарта алмаса жылайды нар.
Тіреген шыңды апарып көк аспанға,

Әулие Байәділ шал - «Кұдай» шығар.
Тілдессем тас тұғырмен ұғынысып,
Тылсымның тәп-тәтті ғып нұрын ішіп.
Наласы - найзағайдан соққан жасын,

Жарасы - кеткен сөзді сынып ұшып.
Шым еткен жүрегімді басып тұрып,
Таусылсам төзіміме тас үктіріп.
«Жаласын жалғаншының айтып» кет деп,

Соғып жүр сұрапыл жел асықтырып.
Айттырсаң, Алламыздан айырған шын,
Жағама жөйіт-жол жайылған шын.
Майлеке-ау, бірлікті айтса, быт-шыт болдық,

Тілмей бір арқамыздан дойыр қамшың.
Айттырсаң, намыс шөгіп, ар қашқалы,
Ағамыз албастымен арбасқалы;
Көп болды көзін байлап көк қағазбен,

Ібіліс ерттеп мінді нар қасқаны.
Айттырсаң, бұрынғыны аңыз біліп,
Кетеді тура жолдан әр із бұрып.
Шаптырсаң, бәйгісінен байтал келіп,

Сап құрсаң, қырт сөйлеген, - абыз тұрып.
Зымиян, бақай есеп, ар саудалап,
Зұлым жүр жақсы болып жан сауғалай.
Біреуі іні болад итімсініп,

Бұрылсаң, ту сыртыңнан қанжар қадап.
Ұшар ма қара аспанға қарсы қыран,
Қара құс ұя басса тау шыңынан.
«Исламшыл» жамағатқа имам болды,

Ит азып, қорқау туып қаншығынан.
Айтқаным мың зауалдың бірі шығар,
Шайғаным жүрегімнің кірі шығар.
Мүлгіткен Маңғыстауды мұнарында,

Айбарың жаратқанның нұры шығар.
Табар деп қайран жұрғым қай «құдайды»,
Күмбездің көгіндегі ай жылайды.
Көрмейін - көзім шықсын, шыдаймын да,

Білмейін - бүк түсемін, құлаймын да.
Қайтесің, әй, Қаратау, сен де шыда,
Маңғыстау туғанша бір Майлыбайды!
Тіккенмен бәсім бар деп басты көпке,

Шалдырмас түлкі - заман қасқыр-епке.
Адасып жүріп ылғи жыр жазамын,
Астында айсыз аспан - тас түнекте.

АЙ ЖЫЛАҒАН ТҮН

Діңгегі - алтын, ділі - саф, тілі - балғын,
Тірегі – Тәңір, діні - хақ, күні - жарқын.
Данасы - кішік, кішігі - ұлық, даңқы - ұран,
Кеше бір ұрпақ көрдім, ұмытар кім?

Атасы - асқар, әжесі - бесік, ағасы - ақыл,
Қарындас - қамқор, жеңгесі - жібек, інісі - дабыл.
Көргені - көсем, білгені - би, айтқаны - шешен,
Кеше бір ұрпақ көрдім батасы қабыл.

Даласын көрдім, қырынан гүл тердім,
Шыңдары, шіркін,
Сұлулығына тамсанған үркердің.
Арманы - биік, намысы - шоқ, ары - от,

Ұлдары ыңғай,
Демінен біткен Шілтеннің.
Бүгін мен адасып қалдым, алдандым,
Қандасыма қарап, арландым.

Ай жылаған түні аспаннан Сор көрдім,
қанды жасына біткен арманның.
Адасып келем, қолыңды созшы,
Сол ұрпақтан қалған кім?

Суырып ал мені мынау қара түнектен,
Жібермеңдерші, жын-перілерін, үдетпең!
Әулием қайда, әруақтым менің, киелім,
Толғатқанда барын, анамды менің түнеткен?

Бауырларым да болдырып қалған, байқаймын,
Ғашықтық деген жалғызға біткен жүректен.
Жалғыздың үні жетпеді жанға жаралы,
Бақсыларың да басқаның сарын салады.

Бабамнан мұра- мешіттің орны мұңайып,
Зікірсіз ұлға зілімен ғана қарады.
Қарадың-дағы, жылаттың.
Кім екен көзіне құм құйған бұлақтың?

Үзбедім күдер.
«Бағзының үні сарқылмас», -
Дедім де, өзімді-өзім жұбаттым.
Енді мен еншісін сұраймын Алладан,

Жағама біткен анау жасыл құрақтың.

ТҮРКІ-ҰСТЫН

Мәдинада Мухаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет - Жолын қудық мұралық.

Түмен БАЛТАБАСҰЛЫ

Аспаны көк, туы көк, күмбезі көк,
Саф алтынға шайылып күн көзі тек,
Астында сол аспанның Ару жұртым,
Көшетін керуен дәурен тізбегі боп.

Қосатын қаздай даусын құт аспанға,
Тосатын Тәңір даусын тұтас таңға.
Көк күмбез көктен хабар айтушы еді,
Түркі боп Түркі-ұстынға тұтасқанда.

Тәңір даусын жеткізсе мұңсыз таңы,
Хикметпен дәрулеп жыр сұлтаны,
Ақ тұмарлап Алланың аппақ нұрын,
Ұшады екен ұстыннан кіл сұңқары.

Ай шашып аппақ нұрын түн күзеткен,
Ал ғашық болса жүзін жұлдыз өпкен.
Ұлыса көкке қарап көк бөрісі,
Тағзым деп, Түркістанға түркі жеткен.

Қауышып сонда түркі тәңіріне,
Аллаға асық қылған әні бірге,
Бұлтты аршып - тұмшалаған жүрек нұрын,
Жаны бірге түркінің - қаны бірге.

Бұлт басып тұмшаласа жүрек нұрын,
Көк бөрі көкке қарап тілеп бұрын,
Түбі бір түркі тұтас Тәңіріне,
Жеткізген Түркі-ұстынның тілек-мұңын.

Жеткізген Алла досы тілегіне,
«Ахмет сани» еді ол, пір - еліме,
Мүбарак Мұхаммедтен мұраны алып,
Бекіткен нұрға шайып жүрегіне.

Болғанда ұстын бірге адаспадық,
Тегі бір Түркі туған қара аспаны ық,
Үш бұттап Тайқазанды төрге қойып,
От салдық ошағына Алашқа құт.

Тапты Алаш Түркі-ұстыннан нұр-акиқат,
Тапты Алаш Түркі-ұстыннан дін-шариғат,
Толсын деп гүлзарына, бұл фани бақ,
Тартты Алаш Түркі-ұстыннан жол-тариқат.

Нұрлы жол, құс жолындай ұшардағы,
Хақ жолдың түбірі мың мысалдағы,
Ұлы жүз, Орта жүз бен Кіші жүз боп,
Алты Алаш ант бекіткен, үш арналы.

Ол жолда торламайды аспанды мұң,
Қас шайыр жазар ертең дастан жырын.
Күзетем ұлы жолдың босағасын,
Қазақ деп ақ құшағын ашқан бүгін.

Ғашықтай асыл нұрға иіп барған,
Пендесін періштем деп сүйіпті Аллам,
Мұхаммед, Қожа Ахмет пен Бекет нұр боп.
Мекенім Маңғыстауда тұйықталған.

Нұр нәсіп Жаратқаннан Мұхаммедке,
Жеткізген жолын ашып құл Ахметке;
Ұстыннан ұшқан сұңкар сәруәрлар, ішкізген
Оғландыда Пір Бекетке.

Ағылып Алатаудан қаптаған көп,
Шұбырып Қаратаудан ақтабан бон,
Шашылып Маңғыстаудан оқ боран боп
Жатса да ата жолдан аттаған жоқ.

Дей көрме, жол-шыраған тапты аңыздан,
Бұл бір нұр кеудемізге Хақ тамызған.
Хақ жолы -
түбі тұтас түркі жолы,

Даналық далалыққа жетті абыздан.
Оралып айдынына казақ болып,
Ай туды аспанына ғажап толып.
Аңқыған аспан асты алты қазым,

Қанатын сол айдынға жазад қонып.
Сарыарқам сахарадай ақ айдыным,
Өр Алтай, өріңнен жыр тарайтыным;
Маңғыстау, Еділ, Жайық- есіл мекен,

Көк туың төріңдегі бар айбының.
Ашылып пердесінен тасып нұрың,
Егілер жүрегіңе ғашық жырың.
Бір толсын аспан асты Алты Алаш боп,

Ата-Қазақ, ақ жолың ашық бүгін.
Сел болып көктен Хақтың нұр дидары,
Қанында қазағымның жылжиды әлі.
Тұрады сонда жұртым: «Я, Құдай-лап!»

Төгіліп жүзінен гүл - түркі иманы.
Күзетіп көк күмбезді күндіз-түнің,
Ұғынып жұлдыздардың үнсіз сырын
Көгіңде Үркер тұрсын үкілеген,

Түркістан, аман болсын Түркі-Ұстының.

ЖЕТІ АҚҚУ САЗЫ

(«Яссауи» вокальды тобына)
Заман көші Зауалынан ауғанда,
Хан қаһарын қабағынан сауғанда,
Қамықпаған халықпын.

Қабыланның жүрегіне жерік болған анадан
Ұл туыпты Зарық-мұң.
Бұзылғанда шартты үкімі Алланың,
Дат сұрауда қапы кеткен ардағым.

Құм Нарында, Қараойда
Көз алдымда тұр әлі,
Бассыз сенің қалғаның.
Бассыз сенің қалғаның -

Бассыз менің қалғаным.
Толғап тартар сұр жебем,
Жау жағымда қалқаным.
Қара ажал мені де

Қараой жаққа шақырад,
Біле-білсең, мен де бассыз ақымақ.
«Дат» сұрадым.
«Дат, тақсыр!»

Датым бар, дүбәра жұрттың атынан,
Басқаны емес, болмысымды сұрадым,
Болмысымды сұрадым,
Дүрлігіп ерген артыңнан.

Дүмбілез ойлар жерітті
Тектіліктің отаны еді Тұраным.
Әлгі қаптап жүрген жастардан
Естімеймін Тұранымның ұранын.

Не болды деп, ант ұрған,
Кездерім көп шарқ ұрған.
Мәртебелім, осы менің сұрағым.
Шатқаяқтап шындығы,

Жыйып алып кілең түкті жындарын,
Неғып отыр ділмарым?
Шарғысының саясына қан тұнған
Уағыз айтты, алшақ - ата салтымнан.

Мен бірлік емес, тірліктен де адастым.
Таспихтың тасын санап сәрімде,
Үшкіремін сауабына қандастың.
Уа, дат, тақсыр, дат, тақсыр!

Қараорманда кіл қорқаулар қаптап жүр.
Шибөрілер шариғаты шаршатқан
Қазақы ұлың қамығады жаттап жыр.
Хан тілегін бермесе,

Қараорманды батырады батпақ сұр.
Әттеген-ай, аз болды ма бабамның
Артынып таңда көшкені,
Көкірегін көрдің үні тескені?!

Ордам өтіп еншісіне байғұстың,
Шұқымады өлігімді қай құзғын?!
Бөрілерің бөтен жұртқа аттанды.
Хал сұрарға қалмағасын айда ұсқын.

Зар болғанда арзуына Алланың,
Ай құлады күмбездерден күрсінген.
Кәрі байғыз шеңгел салып шеріме,
Өз даусына құнығады түн сіңген.

Қабырғамды сөгіп жатқан жігінен
Қасіретімді түсінбесең. кімсің сен?!
Уа, дат, тақсыр!
Көлеңкесі Құдайдың

Болад деуші ед - көкірегі аппақ Нұр.
Назарыңды тіккен күн нағыз
Хақтың жолына,
Бабалардың үнінен кеудеңе ал хаттап сыр.

Менің соңғы жырларымның арқауы –
Жеті аққу боп ұшып өтед төбемнен.
Соңғы Пірдің әруағы ма, ол, әлде,
Сұңқыл даусын орап салған өлеңмен.

Тобын жазбай қатар ұшсын ақ кием,
Тілегіңді тілеуменен келем мен!
Бұрында да өлгенмін,
Аққиемнен айырылған күн өлем мен

Ұзамаңдар, аққуларым, төбемнен!
Уа, тақсыр!
Енді менің датымның сырқатына құлақ тұр,
Атамыз Адам пайғамбар

Жеті сазбен күй шертіпті деген бар.
Мына мылқау қоғамға
Одан артық не ем бар?!
Жеті аққудың сазына еріп мұңайдым

Зарын қылып Құдайдың.
Әруағы ұшып кетпегей деп бабамның,
Киесі ұшып кетпегей деп даламның,
Құптанымда Құдайымнан сұраймын!..

САРЫАҒАШ

Көмкерген көлеңкесін қарағаштың,
Шипажайы осы ма - Сарыағаштың,
Не құдірет бар екен қайнарында
Басын қосқан бастауы бар алаштың?

Қайнар басы мысалы - құс базары,
Пенде ғұмыр тірлігің тысқары әрі.
Естілмейді желкеңнен жалғаншының
Жылап салған кәнігі тыстағы әні.

Жүйрік көңіл көк дөнен ала қашқан,
Арасынан ағаштың қарады аспан.
Жеңгей отыр аңқасы кеуіп қалған,
Ағам бөрі аранын жалап ашқан.

Қыз қайыңның су шашпақ бүріне нәр,
Қызыл түлкі індеткен іні де бар.
Арасынан аршаның сығалаған,
Кәрі қайың құлпырған күніне зар.

Қыз қайыңға телмірген кәрі қайың,
Күндемейін, мен сені не қылайын?
Қайта оралса аққұсың көктемдегі,
Сен сөйлеші, жанныммен сені ұғайын.

Антым берік, білмедім, сертім көп пе,
Ұйқым қашса себепсіз, ол - түнге өкпе.
Биші қайың қалса егер бұратылып,
Құлбек маған қарайды, мен -Құлбекке.

Біз осылай тілсіз-ақ ұғынысқан,
Жүрек үнсіз құс болып бұғып ұшқан.
Желік қуып кеткенмен жігітсініп,
Жалт береміз көз көрсек бұрылыстан.

Жастығыңның шыркаса әні келіп,
Қуат берді зәмзәмнің нәрі делік,
ішсе екен деп тілейміз Жаратқаннан,
Қазағымның шіркін-ай, бәрі келіп.

Тәмәм сөздің қайткенмен шыны керек,
Құлым десе, Құдайдың сыны бөлек.
Құдіретке табыну керек ақыр,
Аққайыңның құлпыртқан бүрін ерек.

Ыстық атам ынтық боп Алласына,
Саһар тұрып нұр ішкен таңғы асына,
Алты Алаштың жетеді баласына,
Әулиенің берген су - көз жасына.

ЖАҢА ЖЫЛ

Жаңа жыл келді, жаңарып күндер, апталар,
Құттықтауменен жетіп те жатты хат-хабар.
Сарғайған сана, көмескі кеуде қайткенде,
Алғашқы жауған ақ қардай болып ақталар.

Келетін жылғы гүлдеген күндер қайтадан,
Жұпарсыз гүлдеп, санамды қайта шайқаған.
Ақ боран соғып арымды шайса алтынға,
Жаңарған сені жаңа жылым деп айта алам.

Қош енді, қош бол, жаңа боп қайта ескірген,
Жылжыған жылдар, барлығын дағы кештім мен.
Пенделік сенен періштелер қашып кеткендей,
Жаңалық таппай жалғаншы деген бес күннен.

Жаңалық таппай жалғаншы деген бес күннен,
Періштелердің үні пейіштен ғана естілген.
Адалға тартып Алланың нұрын аңсамай,
Жаңалық іздеп жалғаннан үміт кес мүлдем.

Жаңа жыл келсе жаңарсын барлық жүректер,
Жаңарсын барлық жаңаша болып тілектер.
Қырықтың бірі Қыдырдан берсең қаңтарда,
Ұл менен қызға уыздай аппақ жүрек бер.

Ұлтыма - Ұран, әніме - Құран қаттырып,
Қырандарыма Құдайдың нұрын тап қылып.
Еншісін алған ел болдық кеше Алладан,
Не керек енді шампаннан тығын аттырып.

Қазақ боп ертең әлемді барша таң қылып,
Тігеміз туын тектіліктің біз мәңгілік.
Салют боп жауып ақперіштелерім сонда түндерден,
Мен күткен ертең жаңа жыл келед жаңғырып.

АҚБОЗАТ АТТАП МЕНЕН БАРАТҚАНДА...

Жалғаннан жанар тіксем көкке налып,
Кетемін өлең емес, өртке оранып.
Дүрбелең дүниеге көзін тігіп,
Талайлар баянсыздан өткені анық.

Айналып алты қазға көшкен дәурен,
Төсінде Төлегеннің өшкен дәурен.
Жегпесе жалқы даусым, жалған, саған,
Жібектің Ақбозаты бос келді-ау дең.

Бекежан тізе бүккен босағада,
Қалдырма мені, Құдай, Қособада.
Дегеннен алты қаздың үні жетті,
Ақбозым күмбір етті осы арада.

Өртке орандым лап етіп сезім бөлеп,
Түнге оралдым сағынған кезімде тек.
«ІІІын ғашықтың шырайын шығармаған»
Ақыр түп - Қособадан безу керек.

Пендеге фәни жалған болса да сын,
«Алам» деп арманыңа қол саласың.
«Қодардың қорағашы тиген кезде»,
Кетесің шығып тастап Қособасын.

Өтеді түнге оранып аспан жалған,
Кетеді құстар ұшып бақтарыңнан.
Гүліңді қаныменен суарасың,
Ұртынан Төлегеннің ақтарылған.

Қаршыға биігінен құлайды өлең,
Мен сонда Жаратқанға былай дер ем:
«Ақбозат аттап менен баратқанда,
Аузымда сөз қалғай да «Құдай» деген».

ПЕРІШТЕМ, МЕНІ АСПАННАН ІЗДЕ

Көңіл дәптеріңде жананның сыры болсын.

О.ХАЯМ

Небір зауалдардың ер ішпеді-ау зәрін,
Шайырлардың жұтып ғазалынан жұғын.
Көрсем деп едім көгімнен періште жауғанын,
Үзілмей жұлдыз ажалынан бұрын.

Жалқы жұлдыз қарагөк түнде,
Тұнып қап қарашығыма, дір еткен күні,
Періштем, маған қарап өттің бе,
Естіліп жанның шыр еткенде үні?

Оқып ем сонда шайырдың ғазалын,
Шалықтым дертке, пірлі өлең.
Адасып қалып айырдым азабын,
Тентіреп жүріп түнде мен.

Құс жолы - оның шідерлі мұңы,
Қарагөк тұлпар - қара түн анау.
Кісінеп тұр ғой, не дерсің мұны,
Мүмкін бе енді жыламау!?

Зікірін тартып қарагөк аспан,
Жамырап кетті-ау жұлдыздар.
Пернесін түннің мен емес басқан,
Ай деген ару үр қыз бар.

Алланы аңсап түн жүрегінен шыққан,
Шоқ қой ол өрттей жұлдыздың үні.
Қып-қызыл екен күн құреңінен жұққан,
Алмадай жүзді үр қыздың үні.

Пердесін түннің ай күледі ашып,
Көрдім мен сонда пәктің иманын.
Мәжнүндей мен де Ләйліге ғашық,
«Көрсем» деп едім «Хақтың дидарын».

Таусылып оқып шайырдың ғазалын,
Зерендеп жұттым жұлдыздан сарын.
Шайырдың ғазалын, әй, бір күн жазармын
Ғашықпын мен де, үр қызды аңсадым.

Ғашық боп өлу -
соңғы арман делік,
Махаббат жайлы дастаннан ізде.
Мен кеткен күні жалғаннан безіп,

Періштем, мені аспаннан ізде.

МЫҢ СЫРЫ БАР ҚАРА ТҮНДЕ

Мың сыры бар қара түнге,
Қыңсылы зар нала түнге.
Мен де, достым, көп барғанмын,
Тың жыры бар дала-түнге.

Жұлдызға іліп тербеп қойған
Сыңғыры бар ғана түнге.
Жалғыз қара жарық түнде адасқан,
Нені біліп, күрсінді екен ана аспан?

Айға қарап айқара ашты кірпігін,
Жалғыз қалып жұлдыздармен жарасқан.
Ғашықтықтан кірпігіңе тұнса шық,
Қиып түсіп қараңғыны нұр шалып.

Аппақ болып айдан иман шашырап,
Шүпірлейді жұлдыз біткен шын ғашық.
Отқа түсер көбелектей дірілдеп,
Ғашықтардан арылмайтын бұл індет,

Қанаттарын өртеп тынар шамдалға
Жұлдыздарды бақытты деп білің тек.
Көп көбелек дидар-талагі аңсарлы,
Жалғыз қара жарық түнге тамсанды.

Шамдал түбін шыр айналып кеткендей
Құс жолында қоп-қою боп шаң қалды.
Жарығымды бөлісетін жан бар ма?
Қанатымды өртеп алдым шамдалға!

Зарлы түннің,
Сырлы түннің,
Жырлы түннің сыңғырын Байлап,
матап аппақ бөздей арманға.

Айға ынтығып Хақ дидарын талап қып,
Алмақ болдым қу нәпсіден азаттық
Өсектерін, төсектерін тәрк етіп,
Бар байлығын жалғаншының талақ қып.

Жылай-жылай қарашықтан көл кеміп.
Жар жамалын құшады екен көмкеріп.
Ай дидарға арзу болған жұлдыздар,
Өлерінде ағады екен өртеніп.

Ұқтым солай қара түннің мың сырын,
Ұқтым солай нала түннің қыңсылын.
Тыңдап алып жұлдыздардың сыңсуын,
Айды аңсаған жазылды бір тың жырым.

АРУАҚ CECІ

Есіл дәурен, ессіз өмір сүргенім,
Еншім қайсы, еру қайсы, білмедім.
Екі әлемнің арасында елеуреп,
Есімде әлі есеңгіреп жүргенім.

Қоңыр кеште тау етегі қоңыр мұң,
Қобыз үні тартып бардым қорымның.
Кенет айдан кетті сәуле төгіліп,
Жарық құйып көмейіне көріңнің.

Сызып сәуле жер мен ғарыш арасын,
Жалғап жатты, тамсанады дара шың.
Тіліп түсіп қоюлықтың тігісін,
Абыздайын жанға айпалып барасың.

Сол бір бейне ұзай берді кірпіктен,
Жұлдыз біткен, жалғыз айды үркітпең.
Күбір-күбір етем сосын күрсініп,
Әруақ сесі осы, бәлкім, мен күткен.

Ұғар дейсің әруақ сесін бірақ кім?
Күбірлеумен... оны алысқа ұзаттым.
"Арызым бар" дегім келіп ұмтылсам,
Үнім өшіп дауысымды жұтат түн.

Ей, дүние, мәңгіліксіз мұралым,
Мұң мен зардың мекені екен тұрағың.
Бақидағы бақтарыңнан дәметем,
Батпағына батып тұрып күнәнің.

АШЫЛСА ГҮЛІҢ РАЙХАН

Зарла сахар болғанда.

К. А.ЯСАУИ

Сахарды тербеп бұлбұлдың үні,
Ашылса гүлің Райхан - Білсеңдер енді,
бұл жырдың мұңы Ғашықтық еді, шын айтам.
Райхан гүлдің жұпарын жұтқан

Құшсаң бір таңның жамалын,
Тамып бір кетсе, тұтасың шықтан
Көз жасын ғашық-наманың.
Ыссы еді неткен, ғашықтың жасы

Күйдірген алақаныңды.
Кеудеңді сен де ашып тыңдашы,
Ағызып қара қаныңды.
Тазарып тәнің тамшыдан болған,

Илхам бір жеткей Құдайдан –
Саялы бағын "қаршығаң" қонған,
Ашылсын гүлің Райхан.
Сондағы сенін Райхан гүлің

Бұлбұлдың зарын тыңдайды.
Жетеді жанға Құдайдан бір үн,
Жүрегің кенет тулайды.
Жүрегің кенет тулайды аңсап,

Тіреп қап таңды кірпігің.
Шырқайды сосын әлемге жар сап,
Бұлбұлың, гүлің, жыр-тілің.

ШАЙЫР-ШАЛЫҚ

Бұл өлеңім махаббаттың уы емес,
Бұл өлеңім мархаббаттың туы емес.
Бұл өлеңім анау теңіз бетіне
Тұнып қалған, тұрып қалған бу-елес.

Бу елесі пердесіндей перінің.
Арқам мұздап күбір-күбір ерінім.
Шыққан аттап шымылдықтан пері қыз
Белдемшесін сыпырады белінің.

Қолын созад саусақ ұшы жезтырнақ,
Бет пердесін ашпақ болад жел тырнап.
Сырғасынан шашқан сәуле сыңғырын,
Әпенді боп әулігемін мен тыңдап.

Қолым созсам, құритыным білемін,
Өлең-шалық, табылмай жүр бір емім.
Бұға айналып жоғалады ақ балық,
Жұтып қойған сұлу қыздың жүрегін.

Келген кезде дәл төбемнен күн тесіп,
Жақындайды буым суға ілгесіп.
Пері емес, періште қыз шығар деп,
Мен тұрамын теңізбенен тілдесіп.

Қала жақты қара түнек басқанда,
Пері қыздар уылдырық шашқанда,
Періште қыз перде артына тығылып,
Терезеден телміреді аспанға.

Пендемін ғой, адам деген атым да,
Пәктік іздеу әуелден бар ақында.
Шалық қаққан шайырларды, пері қыз,
Күн батқанда су астына шақырма.

ЖАЗЫМЫШ ЖАЛҒАН БОЛДЫ-АУ

Тұнып қап, әлсін-әлсін жалған мұңға,
Білмеймін не айтарымды қалған жырға.
Әлде мен аңсарына ай құлаған
Ұлыған ішін тартып арланмын ба?

Білмеймін не айтарымды қалған жырға,
Жазымыш жалған болды-ау, жазған құлға.
Жарылыс жасап жатқан жүрегімде,
Жырларым ғашық сынды, тамған нұрға.

Мұң жалған, құтылсамшы құрсауынан,
Қыз мұңлық, қалмай қойдың қыр соңымнан,
Сипасам қара зілдей бұрымыңнан,
Кетеді тамып жасың түн сорыңнан.

Бүркенген қара жаулық түбіт түннен,
Қыз-мұңлық жалғаншыға күліп кірген.
Ұшынан кірпігіңнің тамған шықты
Ұйытып жүрегімде тірілттім мен.

Құшсам бір аш беліңнен, елес-құрдым,
«Ей, Мәжнүн, шалқансың» демеш, құрбым.
Мұңлықтың ерінінен сүйіп тұрып,
Бақшада хор қыздармен кеңес құрдым.

Кілт салып сыр сандықтың құлыбына,
Арманның шықпақ болам тұғырына.
Ләйлінің жанарынан жұлдыз алып,
Тақсам деп қыз-мұңлықтың бұрымына.

АЛЛАҒА ӘУЕЗ АРНАҒАН

Адалдық, сені аңқасы кеуіп іздеген,
Арамдық десе, арқасы буып тіздеген.
Құдай да емес, Құдайдан былай да емес,
Әулие шалдар ұрпағы едік біз деген.

Әулие шалдар ұрпағы едік біз деген,
Тұманды шақта Құдайдан күдер үзбеген.
Уркерге қарап үмітін жаққан үкілеп,
Иран бақ еді иманды далам түз деген.

Жаһанға тарап аңқушы ед жұпар
Алладан, Жүректен шыққан
Аллаға нұрын жалғаған.
Аманаттап алып, Адайдың барлық арманын –

Аманбай атам Аллаға әуез арнаған.
Аманбай атам Аллаға әуез арнаған,
Салауат айтып, саһарда тұрып сарнаған.
Кетеді екен мешіттер гүлдеп даусынан,

Жетеді екен құстар да шөлі қанбаған.
Көріпкелдігіне куә боп анау қара шың,
Абызға таман аңыздан аттап барасың.
Иманға кейде оранып алып аппақ боп,

Сәуледей тіліп өтеді екен даласын.
Нұрынан Хақтың арзу боп таңда көп ішкен,
Дидарына қанып жамалын құшып көріскен,
Абыздай бейне тұрады ылғи санамда –

Сапарға шықсам серігім сынды періштем.
«Сұпы ата» дейтін әжеміз біздің сүрінсе,
«Я, Бекет» дейтін кәкеміз жолға күбінсе,
Пір атамнан қалған пірлі өлең білем біздікі,

Тұмарлы жырым кірпігіме келіп ілінсе.
Еңкеймес дейтін еңсемді заман езгенде,
Елеске еріп түндерді жалғыз кезгенде,
Тұрпатыңа барып тәу етіп қайтам қамығып,

Дүмбілез ойлы дүмшелерден-дағы безгенде.
Ұласып нұрға кеудеме өзің жаққан шам,
Сәулесін шашқан ізіңе қарап аттансам.
Кәләмнан хатым, шарғыдан сая болар ма,

Бір тамшы жырым жүрегімнен алып ақтарған?!

ҚАРА ӨЛЕҢГЕ БАС ИЕДІ ПЕРІШТЕ

Жаратқан ием, жарлығыңа сүйенем,
Қауышарда өлең атты киемен.
Қуансам да, қайғырсам да қамығып
Өзің едің сүйеген.

Жетті жырым қанаттанған ғазалдан,
Төкті нұрын періштелер азаннан.
Мәре-сәре болып жатты аулам да,
Шешем бүгін оралғандай базардан.

Неткен жұмсақ мөлдір мейірім төгілген,
Емінгендей ботасына бозінген.
Шашқан жеңгем шымылдыққа шашуын,
Шым-шым етіп шық құлады-ау көзіңнен.

Жыл құстарым оралды әлде көктемде,
Жаным менің жырға айналып кеткенде.
Қара өлеңге бас иіп жүр періште,
Ақ орамал арнап сәлем еткенде.

Ал пейілім шөліркеуден қанған ба,
Мен өлең боп өртенемін таңдарда.
Жаңалығын көрсем деуші ең жалғыздың,
Әке, бүгін тағы оралдың арманға.

Аманатын тапсырдың ба балаңның?
Көрімдігін сыйладың ба анамның?
Сәл сарғайған тағзым етіп тасыңа,
Қабіріңнің қол жайғанда басына,

Қос құлының ізіне ерген қаранный.
Жырға арқау үзілгенше нұр лебі,
Қос құлының өлеңімнің өрнегі,
Мінәжат қып отырамын таңдарда,

Қолдай көр деп, ғашықтардың пірлері.

АППАҚ ӘЛЕМГЕ ӨТЕМІН

Жыр болып жанса менің боз бұлаулы арым,
Кеудеңді тос өртіне омыраулы дарын.
Фәниден налып бағзының сырын бөктеріп,
Қобызын артып жеткенде менің қоңыраулы нарым.

Қобызды алам сонда қолыма күйін келтіріп,
Күйін келтірсем, бір алапат құйын жел тұрып,
Кетемін қалғып, тәрк етіп барлық жалғанды,
Түпсіз арманым аранға құлап, миым мертігіп.

Айналып кетіп Қорқытқа кейде қобызбен бірге,
Дауасын таппай ажалдың қол үзген мүлде,
Тоғысып қаламын барып бал-бал тастармен,
Өшіп кеткен жыр мен көз ілген мүрде.

Жел болып сосын желігіп жел маяға ерген,
Жұртыма қоныс қараймын ұжымақтай жерден.
Жоғалтқан сақам табылып «Боркұдықта» қалған,
Жырымды жазамын ұжымақтай түндерден келген.

Бағзыдан жеткен жырларым менің аңыздай өріп,
Ақырғы демін кеудеме кетеді тамызбай сөніп.
Қоңыраулы нардан құмдарда қалған адасып,
Қобыз құшақтап қаламын түзде Абыздай болып.

Кетпегей деп қорқып үнімнен күлдігім жасып,
Аппақ қойдырам қобыздың кіндігін басып,
Аппақ әлемге өтемін түндігімді ашып.

АҚМЕШІТ - ПІРДІҢ БЕСІГІ

І

Ақ таңдағы бұйырмысты бақ десіп,
Жем бойында Хақ жамалы жатты есігі.
Жеті аққудың мақамына ел ұйып,
Жетім жұртқа болған кеше Жерұйық,

Толғатқан-ды пір бесігі - Ақмешіт.
Толғатқанда сазды сырды ішкен.
Машайық-дүр құрсағына күн түскен,
Қалжасына Тәңір сыйы нұрды ішкен,

Жөргегінде жеті ықылымнан жыр келіп,
Жүрегімен жеті дүниеге пір келіп,
Құдай алды дәрежесін қылды үстем.
Ей, Ақмешіт, Ақмешіт!

Құйып сонда нұр сәулесін таңға шың,
Тағзым еткен десе нанам, олла, шын.
Он сегіз мың ғалам сонда толғатып,
Жатқан дейді зікір етіп Алласын.

Ықылас құлап машайыққа ақтулы,
Ниет қылар Қағбасына бақ туды.
Көрдім сонда аспанынан Алаштың,
Жеті сазды пір киесі Аққуды.

Шайқы имамдар: «Я, пірім!»-деп сап кұрды.
Аққу үні құс жолына жетті асып,
Періштелер пәк нұрына боп ғашық.
Атты сонда алты Алаштың ақ таңы,

Ақ түніне айдан жауһар шоқ басып.
Жетіп көктен пендесіне тегіс үн,
Кеудесіне кәләм тұтты ел үшін.
Аппақ қанат періштелер жетпіс мың

Сәжде қылды Оғыландыда сен үшін.
Пайғамбарлар падишасы - Мұхаммет,
Сәруарлар пір сұлтаны –
Құл Ахмет, Тартты алдыңа

Тәңірінің жемісін,
Таңдайыңа даналықтықтың егісін.

ІІ

Жырмен түйіп қарт тарихтың дастанын,
Кезіп кетіп періштелер аспанын;
Ақмешіттің ақ түндерін сағынып,
Жеті түнде жоқ іздеген қасқамын.

Бұлттай көшкен ілесем деп қай мұңға,
Жалған кездім қанатымды жайдым да.
Талай таңда шошып тұрғам ұйқымнан,
Тентіреп қап аққуы жоқ айдында.

Жетпіс жылғы жын жайлаған жат төсек,
Жеріткенде жөргегімнен от көсеп,
Ақ құсыма қара түнде жалт түсті,
«Бекет» десек, «Құдай» десек, «Хақ» десек.

Таң астына аққу көшіп дүрлігіп,
Қап-қара түн көздің жасын тұрды үгіп.
Шайыр тұрды шың басына тамсанып,
Кірпігіне жұлдыз жаққан нұрды іліп.

Шыңға шықтым,
Құс жолынан нәр сордым,
Шын ғашықтың дерті жұғып, дәл сол күн.
Ақ түнімнен адасып қап, қалжырап,

Құлаған шақ, Құдай, өзің қол создың.
Ақ түнімді ашып кеше ақ пірім,
Ай астынан Аллалаған жетті үнің.
Жемнен ұшқан жеті аққуды көрдім мен,

Жеті айналып Оғыландының ақ түнін.
Кәусар жұтып ақ түнімді ашқаннан,
Толтырғанда құрсағымды бос қалан.
Осы жырды тәмәмдарда таң алды,

Ақ қауырсын құйып тұрды аспаннан.
Сарқып барлық мына мендік төзімді,
Соңғы жұлдыз тас төбемде көз ілді.
Кезіп қайтқан періштелер аспанын,

Қанатты аттай сезіндім мен өзімді.
Ей, қара түн, енді қайта өшірме,
Құс жолына түскен менің ізімді!

ТЫЛСЫМНЫҢ ҮНІ

Қандай тәтті еді тылсымның үні,
Жұп-жұқа самал пердесі.
Айтпағым тағы мың сырдың бірі,
Жаныңның зарын емдеші.

Аллаға асық гүлдің «дауысы»
Қауызын жарып жұпар боп,
Ынтық боп оған біздің «бау іші»
Жұтады қыздай құмар боп.

Бұлбұл ғой анау бүр жарған таңда
Сазына қарай шырқаған.
Бау тапқан құсым бұл жалғаннан да
Жақын боп Жарға бір қадам.

Шалыққан шайыр сенделіп кеткен,
Телміріп қарап тұр айға.
Өлеңмен бірге өртеніп кетсем,
Шіркін-ай, жетіп - Құдайға!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙