Шығармалар жинағы 7 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Қалижан Бекхожин
Қалижан БЕКХОЖИН ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ Пьесалар, өлеңдер, сын-мақалалар 7-ТОМ Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Б 39 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Құрастырушылар: Зайда Бекхожина, Мирасгүл Бекхожина БЕКХОЖИН Қ. Шығармалар жинағы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.7. - 380 б. ISBN 978-601-03-0259-4 Қазақтың белгілі ақыны Қалижан Бекхожиннің бұл жинағына автордың лирикалық өлеңдері, ел мен жер жайлы публицистикалық толғаныстары, драмалық туындылары еніп отыр. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44
ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2014 ISBN 978-601-03-0259-4 Б 39
І БӨЛІМ ӨСЕ БЕРСІН Ақ қыраулы шашымды сілкіп тастап, Бақ ішінде толғанып жүрдім асқақ. Бабалардай ой басқан ертедегі, Басы қарлы теректер теңселеді. Теңселеді тіл қатпай құрдастарым, Мен де оларға ағытып сыр ашпадым. Түсінеміз уақыттың тұңғиығын, Жадыраймыз түсірсе күн қиығын. Сезінеді теректер – ертең көктем, Оралмайды борандар бұрқап өткен. Ертең шешек атады атырабы, Жайқалады толқындай жапырағы! Бұтағына сыңсыған құс қонады, Тәж кигендей қарт терек сұстанады. Мен де сезіп келемін көктем иісін, Көктің нұры жеріме көп төгілсін, – Деп қараймын аспанға, орманыма, Бәйшешектер шоқтайды гүл бағында. Бұлбұл сайрап гулейді көбелектер, Мәуелер мен бөбектер бірге көктер.
Ақша гүлдей желкілдеп аппақ шашым, Сәбилердің көремін гүл бақшасын. Бөбектердің естіп мәз үндерін, Сезінемін өмірдің жазғы лебін. Сәби күлсе – ериді ата пейілім, Бабай Түкті әзіздей батагөймін. Адамзаттың көктемі, миуалары, – Бөбектердің жайнасын гүл алаңы. Өлеңімде сәби мен гүл мақталсын, Нәрестелер гүлдермен құндақталсын. Сәбиге әлем – бесік боп тынышталған, Шошымасын үрейлі дыбыстардан. Жер бетінде сәбиге ая таңда, Күліп тұрсын бөбектер оятқанда. Гулей берсін өмірге сый, жас үндер, Өсе берсін бағында МИРАСГҮЛДЕР. АРХИТЕКТОР МЕН ТАРИХШЫ Басталды да соққан дауыл әлгіде, Бір төбеде өршіп кетті әңгіме. Шарлап келіп шөл даланың өрлерін, Барлағыштар айтып жатыр көргенін. Сарыадырдың топырағы тамаша, Кірпішінен сарай салып қаласа! Өзгертуге құмның құйын ойнағын, Әркім солай айтып жатыр ойларын.
Тұрды кенет тарихшы бір маңызды, Құрметтейтін ертегіні, аңызды. Хорезмның сарайлары, қорғаны, Жыр боп оған, әңгімесін толғады: «Үргеніштің ордаларын көріп ем, Талай шебер өткен екен өмірден, Көзің тоймас қарасаң да мың рет – Үргеніште бар ғажайып минарет, Тұр шағылтып жалтыр тасы күн көзін, Көрсең анау Шайхы-Шараф күмбезін. Төккен екен аямай-ақ өнерді, Үлкен сарай дуалдары мәнерлі. Мұнарасы күндік жерден қарайған, Пирамида секілді бір қаланған. Нақышталған, қыштары да сан қырлы, Бояуы да мені қайран қалдырды. Көне – Үргеніш сарайларын қалып таң Көрді көзім, білуші едім тарихтан. Мұрасы ғой замандардың талайы, Салайықшы солардай ғып сарайды. Демекпін мен үлгі болсын бұл-дағы Салынатын қалаларға құмдағы». Архитектор, жүзі қоңыр жас жігіт, Тарихшыға сөйлеп кетті қасқиып: – Тарихшым-ау, осынша таң қаласың Көріп көне Шайхы-Шараф моласын. Ол жұрнақ қой қалған жұрдай заманнан Құр сорайған қалың құмнан, тозаңнан.
Жапан дүзде жалғыз біткен жартастай, Қу күмбез тұр босағасын жан баспай. Көне дүние келбетіндей сүреңсіз, Қирап, құлап, сол бір орда тұр өңсіз. Қызығы емес, сәулеті емес халықтың, – Ол бұлдыры, ертегісі тарихтың. Көрші барып шөлдің анау қаласын, Түрлендірген жаңа өзеннің жағасын. Жан көрмеген салтанаты бар анық, Жатыр әне қат-қат сарай қаланып, Жалғыз емес, қалың құздай топтала, Шөл далаға орнап жатыр көп қала. Барма сенің, сірә, де бір көргенің, – Жаңа салған сарайлардың өрнегін? Көрдің бе сен, Москваның зәулімін? Шатырына қанаттарын жайды күн, Төбелері асқақтаған аспанға, Теңелгендей заңғар биік асқарға. Отыз бес қат! Берік бәрі қамалдан, Ірге тасы мрамордан қаланған, Шар болаттан дуалдары өріліп, Бағандары қия тастай – бәрі нық. Сол сарайлар секілді бір құзар тас, Ешбір дауыл оны мәңгі бұза алмас! Нақыштары сұлу сырмен жалтылдап, Қойғандай бір қабырғасын алтындап. Төбесі де құз басындай биік шың, Мақтанамын зәулімдігін сүйіп шын: Басы айналып құлар еді шынында, Шайхы-Шараф шықса сарай шыңына.
Қаңқаланған қызықпа, дос, көнеге, «Шайхы-Шараф» болмас бізге өнеге. Сауаты асқан сарайлары нұрлы кең, Самсатамыз салып жаңа үлгімен. Өйткені біз сол сарайға иеміз, Бақыттымыз – салтанатты сүйеміз. Орнап қала, елсіз құмда жаңғырып, Сарайымыз жасар біздің мәңгілік!.. *** Сәулетшінің сөзі сырлы, ашық, шын, Ұялды да, үн қатпады тарихшым.
ЖЫЛ КЕЛЕДІ Қағып аппақ қанатын жыл келеді, Қарлы мамық қаусырған қыр белеңі. Қаз бұлттарға кестелі тосты төсін, Қыспен бірге құйындап жыр келеді. Жыр келеді Тербеліп бірге мені, Толқындады даланың тың өлеңі. Миллиард пұт жеңісі қыр туғызған, Дастан болып бұл жылға тіркеледі. Жылжыды жыл жыры көп, өмірге тың Кестеледі дәнменен қырдың бетін. Жапанға да жан берді, әр тынысы, Жүйткіп келер жылдарға жыр беретін. Келдік жүзбен жалындап жыл басына, Ән шырқалды шығанның қырқасында.
Құйын қарда жүз мың жас шықты жайнап, Жаңа жылмен жапанда сырласуға. Келген олар, Қасымен қағып қарды, Дүбірлетіп ақ таулы адырларды. Борандарды бұқтырып лебіменен, Басып қырға, батпан күш адымдарды. Қырда жеміс гүлдеген сол іздерден, Жыл табысы теңелер теңіздермен. Жаңа жылға тосамыз ыстық бетті, Сәулет берген өмірге, Жеңіс берген. Заводтарда, Қалада, Қиырларда, Жеңістердің жалынын түйіп жанға. Күле қарап қыраулы көк күйіне, Даусымызды қосамыз құйындарға, Шығандарға шырқасын құйындар ән, Жас дауыстар жеткізсін жырын маған Жаңа дастан бастаймын жыл сырынан, Жаңа күймен алдымда биле, боран! ҮКІЛІ БАСТАР ҚАЛҒЫҒАН Келемін бұйратта Кеудемді керіп, желпініп. Аспанда бір жақта Ағылды бұлттар жөңкіліп. Теңселді ырғалып Сары бұйра жайсаң алдымнан.
Керіл бұлданып Үкілі бастар қалғыған. Жел шіркін шалдуар Шайқауға соны құмар-ақ. Ала толқын жалы бар Бұлттарды келді қуалап. Әне, дауыл ысқырды, Аспан сермеді қанжарын. Үйірлі жәуміт ышқынды, Сілкінтіп сұп-сұр жалдарын. Жүгірдім дуылдап Көтеріп дөңдей кеудемді. Өлеңмен дүбір сап Оятып дәнді белдерді: Ей, долуыр, сап-сап! Нажағай жалт бер қыныңа! Жайна күн, нөсерді жасқап, Тұнып тұр гүлнәр қырымда. Үзіл, жаңбыр сымдары! Өрбіген сенен несібе – Шалқан дән сабағы, Даламның алтын төсінде Самса мың-мың саусақтар, Моторлар бас әлдиге! Билесін үкілі алқаптар, Шолпысын қақсын дән Бике. Жырларым желдей есіл де, Шерт миллиард дабылын. Үркіт лайсаң жасағын, Отанның күмбез төсіне Тағамын жұлдыздар етіп Дәннің алтын шашағын.
ЕРУЛІК Түлегендей бүгін жаңа тұл адыр, Үстіндегі тіршіліктің тың бәрі. Жас өмірден құйылғандай тыңға нұр, Далам жаңа жастық жырын тыңдады. Қалалы көш келіп қонды қырыма, Масайрады май айында сар өңір. Ел қонбаған иен жазық қиырға, Өздерімен келді бірге бар өмір! Платформа үстерінен гуледі Машиналар Күйге басты баяны. Қастарында артып жүрген үйлері – Көшкен қала, көшпелі емес баяғы. Орнап қала, Ақ шатырлар тігілді, Бұл қауымның айналаға таң ісі. Ауылыма алып келді тың үнді, Жүз мың жастың жаңғырыққан дауысы. Естіп соны Ерейменнен жүгірді, Біздің Малқар ар жағына Есілдің. Мен де шықтым айтып жаңа жырымды, Жырмен қақтым тың қоныстың есігін. Әжем келді күлімсіреп тау жақтан Құшақтауға қырдың жаңа ұл-қызын. Ұрпағына, Жазықтарын жайнатқан,
Сыйлап жатыр сары майы мен уызын. Келіп еді ол қуанышпен ауылдан, Есіңде бұл құба жондар: Күйеуі Ертеде кеп сонау Ұлы тауынан, Астық іздеп, жортқан мініп түйені. Қара жондар жатушы еді түксиіп, Аңның ғана аузы тиіп түгіне. Қайран қырда ол кезде жоқ түк сиық, Ата-баба өткен екен түңіле. Көрді әжем: Жаңа қоныс, Соны қыр, Даласына жатыр жаңа күй беріп. «Жастарым – гүл, Ауызында сұлу жыр, Жапанды да идіреді игеріп!» Далама құт – әрбір дәні егілген, Бұл жемістер халқымызға – өмірлік. Соны қырдың ерлеріне елімнен, Ана уызы, Жүрек лебі – ерулік! КЕЗДЕСУ Кездесті бұл екеуі Түн ішінде құмда бір. Бұрылып қалай өтеді! – Қалың обы, сұр дауыл. – Ей, бұрыл да, тұра тұр, Мен өтейін, жолды бер.
– Жоқ, өзің-ақ бұра тұр, Асығыспын, бол, жібер. – Бұрыл, уақыт кетірме, Суыт жүрмін мен тіпті. Мал жайылымы шетіне, Алып келем бұл жүкті. – Я, мен де солаймын... Бетпақ шөлдің өрінен, Жүріп келем талай күн, Моторлармен, темірмен... – Таныс маған дауысың, Айтшы, досым кім едің? Құмда шофер танысым, Жоқ еді ғой, білемін. – МТС-ке келдім мен, Шофері едім қаланың. – Мен де келіп Сібірден, Жайлау жолын қаладым... Майданда сен болып па ең? – Біз ғой, өткен бұрын кеп – Гвардия полкпен, Днепрден дүбірлеп. – Мен де өткемін, тап сол түн Қисайған тар көпірден. Днепрге – қан толқын, Ар жағы жау бекінген. – Уа, Колеяка! – Бекенім! Майдан досым, кел бері! – Құшақтасты екеуі, Кең көтеріп кеудені.
Қоса шегіп шылымды, Машинаны суарып... Достық кеңес құрылды, Жол сырлары сұралып. – Онда майдан... Мұнда да Шоферге әлі жол ауыр. Жүргізбейді бұл дала, Бұрқап кейде құм дауыл. – Жорту қызық жапанда, Іздеп алыс жайлауды. Келсем жүйткіп отарға Қойшы жүзі жайнайды. Мен де қырға қызығам, Бұл бір рақат іс мүлде, – Толқып жатса қызыл дән, Машинаның үстінде. – Ендеше дос, қимылда, Уақытты бос кетірме. Шұғыл, шапшаң бұрыл да... Бұрылғандай көпірде. Екеуі де бұрылды, Өтті жарып өр белді. Тездікпенен бұрынғы, Құйындата жөнелді...
БАҚТАШЫ ДОСТАРЫ Шығандап қарды, жамылып сағым, Бақташы жүрді қаптатып малын. Алдынан жалын аптайды желмен, Қайырып малын, асады белден, Шолады кейде Қолбасы сынды. Жапанды бейне Тұйық жау сырлы. Кейде асау құмы Құйындап, тулап, Түтіліп түгі, көмірлер бұлақ. Шөліркеп малы, Бата ма құмға? – Кім ашып жаны – Келеді мұнда? Сұр жапан дүлей, Жалыны – түтек. Салады үрей, Дауылы түтеп. Түлегі қырдың Далада дара, – Мал бағып жүрмін, – дейді, – мен ғана. Малымен көшіп,
Асты бір белден, Сар құмды кешіп, Анау кім келген? Қалпағы шаң-шаң, Жас жігіт нұрлы, Адымдап шапшаң, Қырқада жүрді. Ұстап көріп Қоламта құмын, Алып жүр теріп Даланың түгін. Көрді де жігіт Бақташы шалды, Жүгірді күліп, Көтеріп шаңды. Малшы ата, сәлем! Аман ба малың? Білуге келем Малшымның халін. Малшының жері – бұл жапан дүзге, Москва мені Жіберді сізге. Зерттейміз сырын, Түлейді бұл жер, Қуамыз құмын, Қонады гүлдер. Малыңыз сонда... – Ол рас, достым. Айталық соңыра, Ішінде қостың... Естілді дүбір, Тағы бір жақтан, – Тақырды кім бұл
Бұрғылап жатқан? Қозғалып қоймен Тұспалап түгін, Терең бір оймен Толғанған бұл кім? – Мені де мұнда, Жұмсады ғылым... Өзіңдей қырда Малшымын бүгін... Қостары – дала, Аясы – кең кеш, Достармен жаңа Қозғады кеңес. Бір малшы – ғалым, Инженер – бірі, Тербеткен бәрін Малшының жыры. Шуыл сап жапан, Шертеді құм күй, Тыңдайды сырын Малшылар ылғи. Жаңарып далаң, Кең жайлап малы, Ескендей шат ән, Шалқиды бәрі... БРИГАДИР ТУРАЛЫ ЖЫР Жапан түзге жасап жатыр қыс бүлік, Қар жасағы ойнақтайды ысқырып. Қиян қырдың аспанында жүр жосып Ақ шудалы аппақ бура түсті бұлт. Қар тынымсыз белестерге борайды.
Ақша таулар басты жазық маңайды. Белуардан қарға батқан жас жігіт Бұрқасынға күлімсіреп қарайды. Қамаласа қалың құйын жасағы, Ұмтылып жас, құшағын кең ашады. Қабағы мұз, Мұрты қырау сол жігіт Қар құрсанып қырда нығыз басады, Ұмтылады боранға қыр серісі, Құйын дала – Бейне майдан өрісі. Боран – дабыл Ұрыстарға қағылған, Бұл басталған – Қырдың жазғы жеңісі. Алды оның қалың қорған аққала, Тұр сыртында тракторлар топтала. Айқайлады ол: «Ей, құйындар, лақпа сен, Аспан нұрын төк жеріме, қапта да. Көрсін аспан Қар моншақтың ізінен Қыр жұлдызын қызыл дәнмен тізілген. Қар астында өрнегім бар оюлы, Соның буы қыздырып тұр бойымды. Соқ, соқ боран, Жүгір, құйын, ойнақта, Күміс қарды қырларыма жайнат та, Қар маялар орнына дән мая Орнатамыз мынау маңғыт аймақта!» - Деп қайсар жас, Қар боратып төсіне Басты алға,
Келді жайнап есіне. Дулы көктем кестелеген барқыт қыр, Алтын күзде толқындаған несібе... ҚАРАҚҰМ Қара сұр қалың мұздай қуқыл жазық, Үстінде аласапыран құм құлазып, Жөңкіген жойқын тобыр секілденіп, Тас бұрқан сұрапылын қырға жазып. Дауылы жоталарды жүндей түтіп, Қаңғыған құла түзде құм құтырып. Жандырған селдір-селеу дала түгін Жалақтап қызыл жалын жел жұтынып. Жәндік те, жануар да, шошып аң да Тынып ап тұра алмаған осы маңда. Асыр сап алапат құм жөнелгенде, Бәрі де олжа болған тас боранға. Бұл жерде бота боздап, аң азынап, Ұйтқытып құм құйынды жел аңызақ. Баяғы баяу бұлдыр заманадай Қарақұм қарауытып жатқан ұзақ. Нәлетін айтып ылғи аң да, адам да, Жоламай кеткен бәрі сұр жапанға. Ғасырлар керуені күңіреніп, Басыпты Қарақұмға қарғыс таңба. Өріне сол жапанның барып тұрмын; Қозғалды құмда жаңа тарих бүгін:
Қалың жұрт Қарақұмда шабуылда Жүр екен жоталардың жарып құмын. Көрдім мен – самолеттер ұшты самғап, Тілімдеп Қарақұмның көгін шаңдақ. Жалын бет жауынгердей жорықтағы Кезіп жүр инженерлер құмды шарлап. Адырлы құмның заңғар асулары, Әлі де құлан ойнақ асыр маңы. Теңізді тітірентіп крейсердей, Барады гулетіп жұрт машинаны. Бұрғысы сүңгіп терең бұрғышының, Толғанып топырақтың түрлі сырын. Алқымдап жатыр эксковаторлар Басуға айқай-сүрең құмның шуын... АДАСҚАН ӨЗЕНМЕН ӘҢГІМЕ (Үзінді) Көп ойлап тағдырыңды келем Әму, Солай ойым түбіңнен де терең Әму. Берді КЕРБАБАЕВ. Сағына кеп қарасам, Сел атасың бұрқанып. Асау күшпен орасан, Қайда қаштың бұлтарып?
Білем, басың қалың мұз Бұлт бүркеген Памирдан! Шайқап сені алып құз, Толқыныңды тау ұрған. Сені ақтарып асқардан, Құйды құмға долы күш. Бола қалдың тас-талқан... Таудан тауып соғылыс. Жерді жарып жөнелдің, Селің орғып аулаққа. Таппай жердің тереңін, Жаутаңдадың жан-жаққа. Сонда саған қойынын Сұлу Каспий кең ашқан. Аптығып сел құйының, Толқынымен жымдасқан... Кенет бір кез кесірмен, Құмды қуып күркіреп. Көк теңіздің төсінен, Кеттің қырға тентіреп. Қалды Каспий күрсініп, Түйіліп жар қабағы. Қалды өзегің қушиып, Құр құлазып алабы. Нәрсіз қурап қырың да, Құлазыды Узбойың Еміренген суыңа, Ел-жұртыңның бұзды ойын. Сен қалдырған Қарақұм Ғасырларға мұң салды. Жайлаған жұрт алабын, Тілін жалап тамсанды...
Ал сен болсаң, Бетіңше, Бұрқ-сарқ етіп тынбадың. Ерініңе құм тисе, Құтырына туладың. Талай қала, қорғанды, Бұлқан-талқан қиратып, Салдың жойқын ойранды, Тас-телегей тулатып. Енді, өзенім, құбылма! Қаша берме бүлікпен. Құмар сенің нұрыңа Қарақалпақ, түрікмен. Толқыныңды тербетіп, Самсады, әне кемелер. Шалқыт соны өрлетіп, Енді ырқына көне бер. Қалап сенің жағаңа, Граниттен алқаны – Егіндікке, далаға, Толқыныңды тартады. Саған ғашық Қарақұм, Жасарады, көр өзің. Миуа басып алабын, Жайқалады Хорезм. Сені құмнан айырып, Біз бөлейміз бетонға. Қырға суың жайылып, Нұр себеді Отанға... Өзен түгіл, бұрдық біз Ғасырларды адасқан. Екпініміз мұхиттай, Мәңгілікпен ұласқан...
ҚАРИЯ МЕН ДАРИЯ Алтын сақал омырауын алқалап, Қария тұр қабағынан ой тарап. Күркірейді орғып долы дария, Аласапыран толқындарын арқалап. Шал сөйледі күліп қана мұртынан: «Уа, бүлікшіл, жарға сыймай бұлқынған, Білмейсің-ау... Батыр қолдар түйіліп, Келе жатыр төніп сенің сыртыңнан». Саған шоқ-шоқ! Неге есіріп тасыдың? – Батты маған сенің кесір-асырың. Әлек салдың талай апат нөсермен, Мені тіпті жан демедің, басындың. Ту-телегей толқыныңды тулатып, Талай кеттің қырларыма құм атып. Талай менің лашығымды әкеттің, Талай бұздың қорғанымды қиратып. Ал далада, шөлдегенде көрмедің, Үркіп менен өз бетіңше өрледің. Уа, дариға, бұл асауға бар тұсау – Болар ма деп, баяғыдан шерлі едім. Енді өрмін, тұрмын тіпті қуанып, Тентек шіркін, биле алдымда бұралып.
Құрыш қолын өрендерім сермеді, – Қыл мойныңа түседі енді бұғалық...» ТАҚИЯ - ТАС Қала да орнар өңірге, Білемін – Гүлдер бақша да. В. Маяковский Сұрғылт жар құмдарынан қаққан елес Қызықты аңыздардың аттары емес: «Қызкеткен», «Тақия-тас», «Долы дария»... Алыста «Барса келмес» жатқан белес. Бар шығар сырлары да аңызының, Құм жаға сөйлегендей қағып ызың. Сүйемін, Тақия-тас, қазір сенің Үстіңде жарқыраған таң қызығын... *** Келешек кереметтің басы ғана, Таң болып дүбірлеген осы арада. Тірілді өлі жаға, құм қунақтап, Жан кірді сұп-сұр мақта тасына да. Сұрғылт құм кеше ғана елсіз өңір Жарқ ете қалды шапшаң қызулы өмір – Бұл кезде құрыш-болат гүріл қағып Тас құмның зіл ұйқысын бұзды темір. Өзенде өріп кеме толқынды ұрып, Ашуын айдағандай жойқын бүлік. Жағада құж-құж өрен шойын күштер, Қосылып кетіп жатыр жорық құрып. Шаңқылы тас, гранит, бетондардың,
Майданның көрсеткендей төтен алдын. Бұл ара шабуылдың алғы шебі, – Жеңіске бұл арадан кетер қарқын. Басталды осы жерден құмға жорық... Бәрін де биік жардан тұрмын көріп: Қалың құм қырқасына қаптап адам, Құйындай машиналар жөнелді өріп. Мұнара мойындарын сілкіп асқақ, Жүр экскаваторлар құмды тастап, Ауызы тиген белде апан қалып, Барады зор өзектің жолын бастап. Түнерген қу жапандай құм жағада, Тез ғана таң-тамаша туды қала, Қаланың қат-қат үйлер, орман гулеп, Сән берген сәулетімен айналаға. Тұр қала құмға қарап, орман гулеп, Қуаныш жарқын сенім бар ісінде. Екпін бар толқыннан да шапшаңырақ, Асығыс жандарының жүрісі де. Көз тартып түкпірдегі тұйық алқап, Отанның өрлерінен ұлан-байтақ, Ағылған мұнда халық, самсап келіп, Жосалып айдын құмды жатыр шайқап, Тың қоныс адамдары қандай ғажап! – Бәрі де қосылғандай сүйіп қалап. Құлшынған орыс, өзбек, украин, Түрікмен, қарақалпақ, тәжік, қазақ... Аты бір естілмеген тас мүйістің, Зор даңқ, зулағандай басып үстін. Тасынан жалын атты Тақия-тас, – Бастауы құмға шапқан тасқын күштің. Бас арна басталады осы жерден, Айқасып мұнда дүлей долы өзенмен,
Саламыз бұғалықты жойқын күшке, Асамыз тасқын селмен қалың белден. Темірлі, мраморлы соғып арна Өзенді жөнелеміз тартып алға. Толқыннан алтын отты жайнатамыз, Сәулесін жеткіземіз мың жылдарға. Үстіне Қарақұмның жатқан алшақ, Бұл жерден құйылады толқын моншақ. Сол күннің салтанаты осы арада, Шың қақты міне, құмда өсіп қала. Дүбірі сол қаланың келешекке Кеткендей қазірде де өсіп – дара. Басыңа алып маяк нұрын жағып, Жанып тұр келешекке дабыл қағып. ТАШАУЫЗ Шөл дала... Талай құм белді Зулап тағы асамыз. Құмды жарып үн берді, Алдымыздан Ташауыз. Шықты халқы нұрлана, Күткендей бір той бізді. Көрді бүгін бұл қала, Ең бірінші поезды. Шалқыды шу поезбен Ташауыздың құмында. Бірінші рет өзіммен Келді бірге жырым да.
Қала әбігер, жыр түгіл, Көрген де жоқ өзімді. Келелі сөз көлкіп бір, Кең көшеге созылды. – Көп күтіп ек құмартып Жатып құмды аралда. Поезд келді жүк артып, Біздің жаңа каналға... – Әке, әзір бол енді, Құмдағы бұл майданға. – Ертең канал келеді, Су шалқиды сайларға. – Қанша арық, қанша яб Қазылмақшы ауданда? – Көзбен көріп кел қарап, Бар агроном, ойланба! Мына жоспар дұрыс па, Жолдас бастық, не дейсің? – Сай боп жаңа құрылысқа, – Мақта өрісі кеңейсін! – Қат-қат үйлер тізілсін, Жаңа жоспар жасаңыз. «Ескі шаһар» сырылсын, Жайнап жаңа Ташауыз. Қуанышты үндері Кезді осылай көшені. Құлағыма гуледі, Шаттық үннің нөсері.
Шықты даусы поездың Жаңғырта бір тағы да – Тартты құрыш жол ұзын Амудария жарына. Құм белдерден дүбірлеп, Зулап тағы асамыз. Қуанышпен күлімдеп, Қала берді Ташауыз. МЕНІҢ ҚЫЗМЕТІМ – Шырағым, қызметің не, бастықпысың? – Жоқ, ақсақал, өлеңшімін. Жоқ, бастық емеспін мен, өлеңшімін! Сүйемін өлең деген өнер шыңын. Жыршымын тіл безеген жыр етуге Заманның ағып жатқан өзен сырын. Өзімше министрмін сөздерге мен, Әмірді ойларыма өзім берем. Сегіз сағат қана емес, тәулік бойы Тартысамын сірескен сөздерменен. Сөз – қыңыр, қатты кейде теміріңнен, Отты ойдың шығар қызып көрігінен. Заводтай зор заказды орындаған, Қуанам үндессе жыр өміріммен.
Қазір жыр көтермейді қыңырлықты, Бұлтыңнан, дауылыңнан өмір мықты. Өр болса ақын жаның, көтер көкке Өлеңге өмір артқан ауыр жүкті. Заманның өзенінде есіп қайық, Кел досым, бар дауыспен қосылайық. Өзендей өршіп аққан өлеңіміз Өмірдің өр даусына болсын лайық! РАЗЫМЫН Осы мен кейіп едім кеше неге? Жүрегім, өкінішті еселеме! Әркімнің қилы-қия соқпағы бар, Разымын әжімі көп пешенеме. Албырт кез, алаңы жоқ тәтті думан Алаңсыз, өкінішсіз өтті жылдам. Не пайда, кешең қалып жүгіргенмен, Жаяудай жапан дүзде жоқты-қуған. Сенім – дос, ердім саған, сендім саған, Құлшындым үміттерге сен жұмсаған. Сендім мен жырыма да, досыма да. Жан сенім, дүниедей кеңсің маған! Тағдырым, десең мейлі, мін өзімде, Мүлті көп, өкінем бе мінезіме? Аязда, аңызақта, нөсер шақта Сол сенім жетектеген күн көзіне.
Разымын әжімі көп пешенеме, Жүрегім, өкінішті еселеме! Налимын өзіме тек кінә тағып, Өмірім ұмыт соны, кеш, елеме! АЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ Таң болған күллі дүние әлеміне, Еркесі жұлдыздың да, әуенің де, Тәңірі арулықтың, Ай сұлуым, Тағы да көрік бердің өлеңіме. Ақындар тебіренген жер бетінде, Табынған бәрі сенің келбетіңе. Менің де сонау сәби қиялымды, Шақырдың аспаныңда тербетуге. Алтын бас, ая көзім, айгөлегім, Дөңгелеп тас төбемде жайнап едің. Қаңбақтай қағып сені ұстаймын деп, Сәулеңе саусағыңды жайған едім. Қалықтап ауылымның төбесіне, Әдейі арбағалы келесің де, Аспанның теңізіне сүңгіп әрі, Кетуші ең еліктіріп елесіңе. Солай бір ұстатпайтын бақ туындай, Болар ма көк сәулесі әккі мұндай! Қыр көңілім құлазитын сен кеткенде, Көлімнің үркіп ұшқан аққуындай.
Уа, Айым, тұңғиықта өрмеледің, Жеткізген әлем бар ма жер сәлемін? Арманы адамзаттың асқынса да, Жүзіңнен жылы шырай бермеп едің. – Ал аспан, серпіл енді, күл масайра! Жұлдыздар жерге табын, биле, жайна! Дүние теңселе бір қалды қарап, Жасарып қайта жаңа туған айға. Керемет бір сәуле тұр ай бетінде, Сол сәуле аспан сырын әйгі етуге, – Белгісі айға таққан Отанымның, Көрсетіп құдіретін де, сәулетін де. Қиялдың, армандардың тұңғышындай, Жетті айға хабарымыз жыл құсындай, Ай – жұмбақ, аян болды енді сырың, Ашылған Арктикадан мұзды шыңдай! Сен әлем, Отанымның айғағына, Ай – айна, – келбетіне, айбарына. Қадама, Күн, жалынды кірпігіңді, Елімнің еркесі жүр ай маңында. Уа, Күнім, Ай мен Жерді егізі – де, Жетті айға адамзаттың лебізі де, Қиялдың қайығымен жүзейін мен, Айымның Москвалық теңізінде.
ЖАСЫЛ БЕЛДЕ Жасыл белде желпіндіріп келем мен, Жаңа туған жан самалы өлеңмен. Өлең өзі жүрегіме құйылды, Жұрт даусынан жаңғыртқан сол қиырды, Өрнек сызып, Сарыадырдың жазығы Жаңа жырлар тың бетіне жазылды. Жорғаласа арқаның жел-самалы Желкілдейді жасыл егін сабағы. Қиялымда ғажайып жыр көктеді, Бұл жондарға болушы едім өкпелі. Жапан дүздің түндеріндей көңілсіз, Бұл белдерден көшкен бұрын ел үнсіз. Адырларға әжім салған кәрі із көп, Атам менің жортқан екен дән іздеп, Көрдім міне, сол іздердің беттері, Аталардың арманындай көктеді. Ту төбенің ылдиында, төсінде, Толықсиды тыңнан туған несібе. Жасыл белді желпіндірдіп келем мен, Жаңа туған жан самалы өлеңмен... ЖЕР Қалың қара толқындай, Қалқиды бұлт қасымда. Үн қосады жел тынбай, Көктегі ұлан-асырға.
Мен де келем әндетіп, Бірақ дүлей көкті емес. Қиялымды өрлетіп, Қиядан жер қақты елес. Пропеллер зіркілдеп, Жарды көктің бұлттарын. Көк даусынан күштірек Жердің үні – ұққаным. Жұлдыздан да жап-жақын Алтын жерім көрінді. Сүйем отты сезіммен Жердегі ұлы өмірді! Көкке шығып айқайлап, Көтерем жер атағын! Туған жерді танимын, Юпитерде тұрсам да! ЖАЗ ӘУЕНІ Тоқта, бұлбұл! Шырқаймын әуелі мен, Бақтың жырын, Құлпырған мәуелі, кең. Бақ емес пе, Байтағы Отанымның, Дүниені тербеткен әуенімен. Жаздың даусы жаңғырған, Құлақ жарған, Дән түлеген, Даладан, қыраттардан.
Құз басының кеусерін Күйдей тартып, Көкмайсаға бұлаңдап Бұлақ барған. Жаз гуледі Еркіндеп егіншімен, Самал желмен, Бағбанның лебі сіңген. Космонавтың Айбынды ағынымен, Солар ұшқан Әлемнің кеңісінен. Жаз әуені еседі Шатқал құздан, Шаттық әні шалқыған Шопан қыздан. Заводтардың Латын көз пештерінен, Жаздың жырын, Маздатып шоқтар қызған. Өзендер де тасиды, Жаз үнімен, Ормандар да жайнайды, Наз гүлімен. Отан даусы, Жаз даусы, Бейбіт даусы, Дүниеге дүбірлеп жазылды кең. Тоқта, бұлбұл, Жаз жырын мен жырлаймын. Жаз аясы – Жайнаған кең бір айдын. Болса шіркін күллі әлем – Мәңгілік жаз,
Жарқыраса сұр бұлтты Жамылмай КҮН! ЖЕЛ Сен кезбе жел, еркесің, Неткен бұндай? Кездің қазақ өлкесін – Ерке ұлындай. Шымшып өтіп бұралған. Өзендерін, Сүйдің гүлін нұр тамған, Бізден бұрын, Серуендеп кең дала Шығандарын, Шалқып басқан сен ғана Шыңның бәрін. Мен серіні көрмедім, Сылқым сендей, Бір әнің жоқ гүлдерің Сүйсінгендей. Қызғанамын сенен жел, Даланы мен. Озам сенен, жолды бер, Дауыл үнмен. Құйындаған үніммен Толғап әнді, Сүйем сенен бұрын мен Кең даламды!
ТЕҢІЗ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ Көк телегей кең айдында, Көк бұлтындай шұбай өрген, Тасып толқын, тынбай мұнда Өз бетінше шу көтерген. Сонда құмнан алыс шеткі, Телміріп тек тұйық жатқан, – Келді жігіт жалын бетті, Бұйрықпенен құйындатқан: – Ей, жүгенсіз, елсіз мұнда Тасып текке үдей берме! Жүр соңымнан, жүгір құмға, Гүл егеміз дүлей белге! – Тулады да теңіз алып, Толқындарын атты түйдек, Көрдім, барып батыр халық Көк жалыннан жатты сүйреп... AЛАТАУҒA Тусам да теріскейде, қыр бетінде, Тау-бесік, қиялымды тербетуге. Күн сайын асқарына Алатауым, Қараймын ойларымды өрлетуге. Жалғанның жартысындай алып тұлғаң, Құз басың қарағанды қызықтырған, Күн сүйген, күміс төбең ақ күмбездей Аспанды мұнарасы сүзіп тұрған. Шығысқа шұбата сап зор жотаны, Қамалдай қарлы құзың өр жатады.
Құж-құж тас, құламалы шатқалдарың, Тасқындай күркіретіп су атады. Баурына бура түсті бұлттар шөгіп, Кенет бір ақ көбігін кетер төгіп. Ақша гүл, алма ағашы – тау алқасын, Қуанам жас баладай тұрсам көріп. Қуантқан емес мені тастар ғана, Атағың шықты сенің аспанды ала. Өр биік республикам кеудесіндей Алатау, сая болдың астанама. Ағылып күнбатыстан, күншығыстан, Жас қазақ түлегіндей саған ұшқан. Аңғарың арнасындай ой мен сөздің, Төсіңде жыр тоғысқан, ән табысқан! Келіп ем қанат қағып асқарыңа, Күй салдың менің-дағы жас жаныма. Қымсынған менің бала дауысымды, Көтердің дауылыңмен аспаныңа. Күркіреп өзенің бар құздан атқан – Өр дауысын құлағыма құйып аққан. Көкпенен гуілдескен бәйтерегің, Ойыма өршілдікті ұялатқан. Оранып гүлдеріне Алматының – Атпенен ақын деген қайта тудың. Көріп мен адамыңның күн келбетін, Бақыттың жыры болдың айтатыным. Алсам да дала нұрын, өзен демін – Тау тербеп көтерілді кеудем менің. Шыңынан шалқып ойым, осы таудың Өршіген өзегінен өлеңдерім. Санаймын Алатауды сырласыма, Уа, тауым, көтер мені шың басыңа, Құзыңды басып тұрып қарайын бір Даламның айдыны зор тұлғасына.
Қараймын жазығына, ең шетіне, Жарқын жүз жандарының келбетіне. Айбын бер дауысыма, Алатауым, Соларға өлеңімді өрлетуге! МЕНІҢ ҚАЛАМ Керекуім, сенің ақын ұлыңмын, Бесігісің, сен балалық жырымның. Жат қаланың жалтыр гауһар тасынан, Артық көрем қиыршығын құмыңның. Шет елдегі зор қаланың ығында, Қарай жүрдім аңсап саған бұрыла, Жүрегімді жалындатып тарттың сен, Бір от бардай сенің ыстық құмыңда. Зор да емессің асқан биік үйлермен, Көшеңде жоқ тым сұлулық түрленген, Бірақ менің ата-анамдай көзге ыстық, Сенің қоңыр үйлеріңді сүйем мен. Сенсің, менің тербетілген бесігім, Сенсің, ашқан маған бақыт есігін. Мені әлдилеп толқынымен Ертістің, Өзің қалам, өр кеуде ғып өсірдің. Еске түсті сол балалық кездерім, Құйындатып құм көшеңді кезгенім. Көріп тұрмын сенің әрбір көшеңде, Жатыр менің асыр салған іздерім. Мен білемін әр үйіңнің сырларын Кімнің өсіп, кімнің сонда туғанын. Сол үйлерде өскен асыл достарым, Бүгін сенің арқа тұтқан ұлдарың. Ұлы емессің, бақыттысың сен, қалам, Кең көшеңде жайдары жүз жүр адам. Бәрі менің я туысым, танысым,
Көріп соны жас баладай қуанам. Құшақтайын бауырымдай мен бәрін, Сүйейін бір, балқып менің тұр жаным. Ақын болды сенің балаң, сен де сүй, Саған шашу – сағынышты жырларым. Керекуім өр ұлыңмын сүйген мен, Көркейші сен, жаңа биік үйлермен. Мен жырлайын сенің көшең көгеріп, Тұрсын жайнап ағаштармен гүлденген. Ақ күмістей тас көшеңде жүрсем мен Ақса бұлақ сенің гүлді көшеңнен; Тағы жырлап, сұлу қалам, сонда мен Көтеремін атағымды ел сенген! ЕДІЛ СӘУЛЕСІ Асыққан алдымдағы Ағып жатқан өмірге, Ойымды алып толқындары – Қарап келем Еділге. Жатыр екен тасып өзен – Қиялындай халықтың. Ағысында аққан өлең, Тыңдай соны қалыппын. Жатыр ағып толқынында Хикаялар таң қылып. Өмір томын толтыруға – Жетер жыры мәңгілік. Сырларына бұл өзеннің Заманалар басты иген. Дауысындай алып елдің Күркіреген Каспийден. Толқындары ер туғызған, Бесігі – орыс халқының.
Мұнда талай майдан қызған Сөндіріп жау шарпуын. Дүбірлеген даңқпенен, Бұл өзеннің жағасы. Тұр басында – алып берен Еділдің зор қаласы. Ұлы дария – зор сырлары Шертілмеген әлі де. Тартып шуы басындағы Қарап келем Еділге. Бұрынғыдан бұрқап ағып, Тулап өзен бұлқынған. Тартып жатыр батыр халық Тасқын күшті толқыннан. Тербелді де сол сырына Шертті күйін ағашы. Жайнатады нұр-шұғыла – Еділдің бұл қаласы. Жамырасты жағалары, Жаңа толқын күй құшып. Жарқыратып замананы, Сәуле шашпақ Куйбышев. Маржан атып ақ Еділден, Ойнақтап су құйыла – Елестейді гүл егілген, Сар даланың құмына. Сайран етіп, ой асыға Келе жатқан кештерде, Көзім түсті жағасында Жарқылдаған ГЭС-терге. Алып елдің бейнесіндей Уа, өзенім, шалқуың. Коммунизм сәулесіндей, Жаққан шамың – тартуың!
МЕНІҢ ЗАМАНДАСТАРЫМА Қайран менің замандастарым! Сендермен бірге көріп келем, Бұл заманның жарқын аспанын. Октябрьдің ұланымын, Өмірімнің ұлан-асыр сапарын, Октябрьден бастадым. Таң сәріде гүрс еткен Зеңбіректің даусымен ояндым да Айналама қызыға көз тастадым: Маңдайында қызыл жұлдыз бар Көзі шоқты ағалар. Ескі сұм жалғанды алқымдап Көрдім дұшпандарын қуып, Заңғар обадан асқанын. Көрдім сол ерлердің Ауылымды оятып, Жаңа заман түндігін ашқанын. Қазір сиреп қалдыңдар-ау, Есіл сол бір замандастарым. Сендер жайлы менің – Тебіренді тұңғыш дастаным. Мен жүрегіме сақтадым, Отызыншы жылдар жастарын! Есімде – нөсерлі шақтарда, Сол өрендермен бірге кетіп мен Колхоздың сазды қырларын. Жұлығы тозған етікпен Толарсақтан кеше басқаным. Алғашқы темір тұлпарларды тұмшалап,
Тулақ сауырларды тілдік біз, Тілігіңдей қайыс таспаның, – Сол бір шулы тостарым! Есімде – дулы ұранға, Даусымды нәштеп қосқаным, Қайда жүр сол замандастарым? – Солар жайлы толқыды Менің албырт дастаным. Айбынды замандастарым! Алапат бұлттар басқанда Отанымның аспанын, – Есімде менің сендердің Кеуделеріңмен оқ қағып, Табандарыңмен от басқаның. Сонау сойқан сұрапылда Жандарыңа темір түйіп, Аршыдыңдар жаудың шеңгелінен, Отанымның орманы мен асқарын. Жанталаста қан кешіп, Құрбан болған достарым, Өзіммен күнде тілдесіп, Мұңдасқан замандастарым, – Жүрегімнің қайнарынан бұрқанды, Сендерге шеру дастаным! Басы қарлы бәйтеректей, Тарлан замандастарым! Сендермен сонау жігіт кезімнен, Өмір белестеріне бірге ентелеп, Бір сапта ұрандасқамын. Білімнің де қиясына өрмелеп, Құздардан бірге асқамын. Біздер шуақты күнде жалындап, Борандарда басымызды ақшалап, Еркін бастық уақыттың қилы тастағын.
Шүкірәна! Мақтан достарым. Біріміз ғалым, Біріміз заржақ ақынбыз, Біріміз еңбек еріміз. Біріміз кешегі әкімбіз, Ардагерміз – бәріміз Сыйлымыз, замандастарым. Рас кейде күрсінеміз Ойлап жақсы күндердің Келмеске зулап қашқанын. Кеудемізде көкей – кескендей, Күңіренеді жастық шақ – сол жазғы елес, Әлі де бізге тең емес, Біреулер бізбен егескендей, Сексенде де Бізді күндейтіндер аз емес. Мен жүрегімнен – Сол зілдерді сілкіп тастадым. Сендерді мүсіркесін деп, Сабаз замандастарым, Шалқиды менің Шадыманшыл дастаным... *** Жырларымның бәйшешегіндей, Әйел замандастарым! Санамда сақталған пәк сезімдей, Жан сырларымды, Сендерге ғана ашқамын. Құрбы қыздарым қуансын деп, Ақша гүл моншақтарын Қара шаштарыңа шашқамын. Мәз үндерің, наз үндерің
Жүрегімді қытықтап, Қозғаушы еді-ау, Арманымның аспанын. Енді кездескенде күлгенсиміз, Жасырғандай әжімдердің астарын. Шаштарыңды қылау бүркепті, Қалқаларым-ау, бозарып кеткен бе, Мен сипаған қара қастарың? Не шара? Кәрілікті алғамыз жоқ біз қалап. Уақыт дауыл әкетті, Гүл күндерімізді жұлмалап Мен де ата жастамын. Разымын бұл шаққа да, – Жар құштық, өрімдер өсірдік... Өкінішті ойға сақтама, – Десек те – жоқ па бізде басқа мұң? Арман жоқ па жүрген әлі жанасып? Кейіміз адал жарды, дәл таппай, Кейіміз шын ғашықтан адасып Қармағына түстік басқаның. Сендердің сол мұңдарыңды Көздеріңнен көрем де Сыры кетсе де, сыны кетпес Аяулы замандастарым, Сендер үшін төгілді Махаббатшыл дастаным. Мен ұлы дәуірдегі ақсақалмын, Даңқтылар менің замандастарым! Папаниндер Арктиканы барлағанда, Мен шарлауды аңсағанмын, Әлемнің түпсіз аспанын. Көрдім енді, Менің армандастарым, –
Гагариннің Ғарыштан әрі асқанын, Қиялымыз зымыран – Космонавтың кемесіндей, Қусырып келеміз Уақыттың жүйрік шақтарын. Кремльде кеңесіп, Коммунистер сызды, Коммунизмнің Ұлан-ғайыр жоспарын. Кемеңгер партия шақырды бізді биікке, Дарқан далама жар сап, Мен жырыммен қостадым. Бұл ғасырды барады алға жетелеп Коммунистер – Менің замандастарым! Бүгінгі асыл жастарым, – Менің ғасырластарым! Қуанамын өрендерім шыңға шықса, Жырлаймын Солардың басқан асқарын. Күлімдесе қыз-жігіт, Күбірлесе – жас сырластарым, Рақат табамын солардың лептерінен, Солар менің жас шағым, Жас ақындарыма жаным ырза Мен бәйге көкпен, Жыр жарысын бастадым Қайрат пен Фариза, Менің гүлдей достарым, Сендер, зымыраңдар, космонавтай, Поэзия көгінде жазып, Дәуірдің жаңа дастанын, – Ырза болсын сырластарың, Ырза болсын – Менің замандастарым!
ӨЛКЕМЕ БАРДЫМ СОНЫРҚАП Өлкеме бардым сонырқап, Өрінен жыр таңдадым. Теңіздей дала толқындап, Өріске жайған тың дәнін. Тауыма бардым таңырқап, Ұқтым сырын тасынан. Қуатын қырға тау шырқап, Шамшырақ атқан асылдан. Асып талай қырқадан, Асыға кездім ой-шыңын. Шаттық өлең шырқаған Естідім даусын қойшының. Сол бір қырды тұл жатқан Көргенмін жылда сонау бір. Қонып қала, гүл атқан, Құлпырыпты сол адыр. Менің туған өлкемнен Жаңғырығып үн шыққан. Қонысқа тың, үлкен, кең Қонуға тез ынтыққан. Ғажайып үні ғасырдың Көктей өтті тың үстін. Сол дауысқа қосылдым Дабылымен туыстың.
Шаттан, далам, ән шырқап Жарқыраған жол үшін. Күтіп тұр алда болашақ, Коммунизм – қонысың. ҚОШ КЕЛДІҢІЗ, КӨРІҢІЗ! Қош келдіңіз, көріңіз, Аралап түгел қараңыз – Таң-тамаша жеріміз, Қырында талай бар аңыз. Аталар өтсе тарығып, Түнекті дала төрінен. Заманадан зар ұғып, Күңірене көшсе керуен. Дауылдан күткен үмітті, Тебірене туған ұл-қызы. Жайнатты қара түндікті, Октябрьдің жұлдызы. Көріңіз сол ту желпілдер, Жайлауда қырын гүл басқан. Малшы қазақ серпілер, Сырларын шертіп мың дастан! Төсейді сізге кең жайып, Бәйшешектен кілемін. Көрерсіз көркі ғажайып, Құлпырған дала түлегін.
Соғылған мәңгі мәрмәрдан, Сарайлар ашар қақпасын. Шашу қып терең заңғардан, Шашар гауһар – ақ тасын. Ғалымы шығып мінберге, Тұнығын толғар өлкенің. Толқындай толы өнерге, Республикам – өркенім! Жүйріктей түскен жарысқа Ақыны шығар аңқылдап. Атағы кеткен алысқа, Республикам – алтын бақ! ТОЛҒАУ - ЖЫРЛАР ТОҚСАН ТОЛҒАМ Бұл жырымның өрім талдай жолдарын, Тоқсан бұрап, тоқсан рет толғадым. Дүбіріндей менің түкті кеудемнің, Замандасқа жан сырымды жолдадым. Басын имей борандарға қыстайғы, Бәйтеректер тұлғасын тік ұстайды. Сол теректер сұрапылды көп көрген, Ақша басты достарыма ұқсайды. Аспандаған қанатымды бұлт іліп, Құламада жүрмін қазір бұлқынып,
Деңгейіне дүниенің жеттім-ау, Алпыс құлап, алпыс өрге ұмтылып. Тыныштық қой менің дарқан дәуренім, Несіне мен дамылдамай әуремін? Мұқалмаған мысқал бір сөз табылса, Қуанамын тапқандай тың тау кенін. Өлең ғана бұл күндегі ғашығым, Суаты сол қуаныш пен ашудың. Кейде шалқып, кейде сілкіп аламын Жүрегімнің тұңғиығын жасырын. Жаным шөлдеп құлазыған дүздеймін, Аңызақтан әлі сусын іздеймін. Қуарса да жапырағы бұтамның, Күдерімнің собықтарын үзбеймін. Мен үшін бұл тіршілігім күз әлі, Жарқын күзді кенет дауыл бұзады. Кейде солай көңілімді түнертіп, Кейбір топас келтіреді ызаны. Топастарға кейде сонша бас ұрып, Мадақтаймыз мәртебесін асырып. Қылымсыған әйел сынды уақыт-ай, Жымиясың сырқатыңды жасырып.
Болдырды ма бойымдағы бар талап, Тегеурінім қайтып қана тарқамақ? Бұрын өзім тіршілікті сүйреп ем, Енді мені тіршілік жүр арқалап. Күндерім көп жоғымды іздеп сабылған, Безектеймін қашқан күннің соңынан. Жеткізе ме желдей ескен дүние, Аңшыдаймын түлкі көрген сағымнан. Арық аттай болдырған бір шалғайда, Кәрі көңіл кейде жасып қалмай ма? Сусындаған аттай сергіп кетер ең, Сырлас досың келе қалса сондайда. Өшкен жолдай дәптерімнің бетінен, Зая кеткен минутыма өкінем. Меңгерем бе мезгілімнің ырғағын, Жүрегімнің соңғы сырлы отымен. Тау кәрілігін ағашымен жасырар, Тот басса да жасымайды асылдар. Ләззат жыры енді желеу болар ма, Сұр емендей ақшаланған басым бар. Бейуақытта неге шықтым көшеге, Жас кезімнің дыбысы бір есе ме?
Жас қайыңға сүйеніп тұр қыз-жігіт, Тау соларға самалыңды еселе! Алатаудың асқарынан асып ем, Жарқырады арман сайлар жасыл, кең. Ойлап кеттім қалды-ау сонау еңісте, Қызық шағым, қайран албырт жасыммен. Көрмесем бір жүзін айдын даланың, Тасадағы жандай жүдеп қаламын. Сұңқарындай шарықтағым келеді, Дарқандық пен еңбектің кең ғаламын. Жарық күнге қарсы түндей қараңғы, Өтірік те шындыққа қас жаралды. Екі бақас келеді ғой жарысып, Шындығым – оз, өшір – жалған, қараңды! Аңсап сонау өткен қызық жаздарды, Жас дәуренім көз алдымда қозғалды. Алда тіпті талай қызық бар шығар, Әттең соны көрер күнім аз қалды. Талай жұлдыз зымырады төбемнен, Талай балық ілдірмеді тереңнен. Үмітпенен тағаланған тарланмын, Жоталардан таймай әлі келем мен.
Көңілім – бақ, өскен гүлім – өлеңім, Сол гүлімнен жұпар жұтып келемін. Бағы солса құлазиды бағбан, Жырым солса мен де бірге өлемін. Жоғалғандай керегім бар ақшамда, Абыржимын тыным тауып жатқанда. Абыржимын ауырсам да, асау жыр, Құрығыма түспей қырға қашқанда. Жұлдызымдай жарқыраған қалқашым, Енді маған неге салқын тартасың? Жалын атса күйдірмей ме жай оты, Талай жылғы мұздап қатқан тау-тасын. Түңілме сен, көріп аппақ шашымды, Мұқала ма тот басса да асылды. Жани білсе қайрап ескі қанжарды, Жарып өтер әлі талай тасыңды. Әйел жұрты – өздерінше бір ғалам, Мінездері – қилы таудай шырғалаң. Жүрегіңе бал тамызса ләззаты, Ашуланса – егеудей ғой қырнаған. Мейлі әйел, сүйсін сені сүймесін, Албырт шақта тез табылар үйлесім.
Ұлғайғанда мейірлі бір көздерден, Нәзір күткен бір бейшара күйдесің. Аққу-қаздар алыс жақтан ән шырқап, Оралды әне, айдын көлін сонырқап. Уа, дариға, мен де бірге ұшар ем, Елестесе өткен қызық сол бір шақ. Әжелерге мүсіркеп мен қараймын, Солар құрбым, бір кездегі аяулым. Мейлі өзім, шал болсам да, бірақта, Сол қартайған сұлуларды аяймын. Зайдахан-ау, қызғанба сол апаңнан, Сырласым ғой бұрын сұлу атанған. Күлімдесе елестейді мәз күндер, Жас махаббат жаңа ғана от алған. Өткенімнің өтсе бәрі арманда, Несіне мен телміремін жалғанға? Өткенімді медет көріп қуанам, Кейде шаршап, кейде кейіп қалғанда. Сұқсырым-ау, мұнша неге сыпсидың? Мұндай ма еді анайы жас шын сиқың? Көзің тұздай, күкірттенген кірпігің, Ернің айғыз, бұл бетіңнен кім сүйсін?
Менің әлі мұқалған жоқ азуым, Қаттыларды қайзауға да әзірмін. Бірақ әлгі суайттардан безініп, Артық көрем достарымның әзілін. Туған жерің ыстық сірә несімен? – Туысыңмен, жастық күнгі досыңмен. Оларсыз сен жетім жалғыз жандайсың Ескі жұртта қалып қойған көшінен. Тусам да сол төбелдей бір қиянда, Асқақ құздар ұялады қиялға. Алатауым – қырандарға аян ғой, Қыран, сірә, Баяныңа сияр ма? Көңіл жақсы сұхбатпенен қосылған, Мұңайғанда мейір таптым досымнан. Не ғанибет туысымнан сол топас, Менің биік мәртебемді басынған? Шартарапта сыйласып көп қадірлі, Көрдім талай жүзі жылы қауымды. Іздеймін мен ағайынды несіне, Сұрамаса ауырғанда халімді? Пендеміз-ау, тірлікке бір таупықсыз, Талай таудың асқарынан аудық біз.
Ентелейміз құз сыртында не бар деп, Ғапыл оймен қапысы жоқ, қауіпсіз. Сүңгігендей түнегіне қиянның, Самолетте ауқып бір сәт қиналдым. Бірақ ойлап, түпсіз терең аспанда, Зымыраған космонавтан ұялдым. Көргемін жоқ өр өзеннің құрдымын, Жырым, сондай іркілмей-ақ ырғыдың. Енді қашан, қай қырқада тынасың, Жүрегімді сол толқытып тұр бүгін. Естігенде екі шектің зар үнін, Дірілдейді алпыс екі тамырым. Күй құдайы – Құрманғазы кетіпті, Күңірентіп аталардың сарынын. Уақыт сырын жырмен талай барладың Енді нең бар күйде сенің, заржағым. Күйші болсам, қайран Құрманғазыдай, Тебірентер бұл ғасырдың арманын. Істен ада, пенсионер тобынан, Қаракетсіз көп жандарға жолығам. Бәрі мең-зең. Көз жұмғанша тәңірім, Қаламымды жұла көрме қолымнан.
Жоқ, біткен жоқ әлі менің шеруім, Сапқа тізіп тұстасымның өр үнін, Самсап жырым асар ұлан асудан, Жаңғыртуға уақытымның жорығын. Уа, байғұс шал! Кінәлайсың ол кезді, Ойла өзің, жастық шақтан кім безді? Ұмыттың ба оттай ыстық ләззатты, Ұмыттың ба күндей жарқын мінезді? Арғымақта көп сабылса сын бар ма? Көрсең мені отызыншы жылдарда. Жұлқынып ем, құздарға да, қызға да, Кеуде керіп жалынға да, ызғарға. Сол жылдарда қалды менің қызығым, Мұзды еріткен, қызды еріткен қызуым. Кейде бір сәт сол кезім деп қаламын, Естігенде наз күлкілі қыз үнін. Табиғаттың – әйел әсем әлемі, Бұл өмірдің солар гүлді желегі. Генералға ізет еткен солдаттай, Сұлу көрсем басымды игім келеді. Бауырым, маған мінезің жоқ ұнайтын, Неге керек көлгір сөз бен суайт үн?
Ақын болсаң тура жүгір тұғырға, Мөлдір, пәк бол, тас бұлақтай тұнбайтын. Ол өлеңді менен артық жазбайды, Шала болса, шоғы қайтіп маздайды? Өзің жебеп мінгізіп ең «Волгаға», Енді өзіңді басып кете жаздайды. Сервантта тұр самсап ылғи хрусталь, Көрсем соны кейде денем құрыстар. Шыны ма сән, сиқы сынық келінім, Әуелі өзің, мінезіңмен дұрыстал. Шәкірттей бір кейін қалған сабақтан, Жыр жазбасам шыққандаймын санаттан. Құлақ тосам, ұғамын деп тың сырды, Атқан таңнан, шылдыр қаққан сағаттан. Жалбыр шашты бәйтеректі жапса қар, Еске түсер қойды баққан ақсақал. Әлде жүрме іздеп ыққан отарын, Әлде жаурап құлады ма тасқа шал? Мұртты сылқым сілтеп отыр сыраны, Сымпыс қызбен сусытар көп сыр әлі. Ал әкесі қойды қорғап ашығып, Алысып жүр ақ боранмен қырдағы.
Ғанибет қой айтса бетке мініңді, Солай едік сындарда біз бұрынғы. Таң қаламын – қалайша мен үйрендім, Шүбәлардың бәрін ішке бүгуді. Көп мақтауды тілемеймін досымнан, Шын пейілге жылы леппен қосылам. Сақтанамын – досың, ыстық көңіліңе, Тастар ма деп мұздай зілді тосыннан... Мұз да балқыр жылы ессе желге де, Тас та жібір нұрын төксе сәулеге. Іңкәрімді елжіретіп айттым ғой, Туысым-ау, еміренбейсің сен неге? Сайысқанда керек көзсіз батырлық, Сынасқанда – керек шығар батылдық. Түсінбеймін, дарынына сенбей ме, Жараса ма ақындыққа – әкімдік. Ырыс далам! Асылы мол ақ далам! Кендерің мен кеңдігіңе мақтанам. Таң қаламын – мұнша байтақ бай дүзді, Бабаларым жаудан қайтып сақтаған? Гауһарларын сақтап жерге жасырын, Көкейіне тоқып сөздің асылын,
Кер заманнан келген дана жұртыма, Жүз иіліп, жүз мәртебе бас ұрдым. Жапан дүз деп кім кеміткен даламды, Көрсетер ем мұнда қызық ғаламды. Жаһандағы нелер жиһаз бұл қырда, Асылдар бар жайнатар бұл заманды. Сол мекенім кәрі жұрты қу қақтай, Құлпырыпты-ау оюланған сырмақтай. Мұндағының бәрі жаңа, бәрі жас, Ескі – тек мен, содан қалған жұрнақтай. Өседі гүл өрт жайлаған орманға, Қайту бар ма сол қырылған жандарға. Өшсе мәңгі соғыс деген топалаң, Қанын шашпай жарқыраған жалғанға. Мақтанды деп ақындарды күндеме, Менменсінген дандақ аз ба дүниеде? Ақын көңілі асқақтаған қыран ғой, Қыран шіркін сұқсырларға иіле ме? Міне мейлің, ақын ғой деп ұшқары, Тек мінезім көлгірліктің – дұшпаны. Жасық жырды асыл депті бір дүмше, Соған бола кәрі жыным ұстады.
Ал, білгірім, пьесаңды жетістір, Театр мен көрерменді шекістір. Шенеп солай сынар едік бәрібір, Арамызда жүрсе қазір Шекспир. Батар күнде тасқа жаяр шапағын, Керең түнге үнсіз қайтып батамын. Зайдахан-ау, абыржыма, ұйықтармын, Көз жұмғанша жырымды айтып жатамын. Өлең шіркін шықпай қойды қырсығып, Күйіркеймін, әлденеге күрсініп? Махаббаттың тамырлары тоңазып, Отырмын ғой салқын сөзбен бүрсиіп. Қалқа бала, мені аясаң ән салшы! Әуеніңе қам жүрегім алдансын. Бұл фәнидің күйбеңдерін ұмытып, Жанымда тек назды ғана ән қалсын. Әйел күлсін, сыры сиқыр болса да, Ақау бар ма жұпар атса аршада? Аңқаулар тек аңғармайды, ал өзім Әйел күлсе ләззат алам қаншама! Уа, уақыттың от мінезді қыздары! Қандарың бар қайнар судай қызбалы.
Сайрандаңдар, әдеп жібін аттамай, Әдет деген бөгесінді бұз-дағы. Махаббаттың қызығына кәнікпін, Әттең шіркін ерте туып қалыппын. Бір сұлуға мың садақа етер ем, Желеулерін атақ пенен даңқтың. Сымбатың бар мүсініндей киіктің, Алшандамай, қалқам, неге бұйықтың? Ерке жасың өте шығар елестей, Арулық па, тұнжыраса тұйық тым? Әйел заты елікпеген сән бар ма? Бірақ бәрі қазірде бір арманда. Тұлғаларын жауып тері-терсекпен, Ұқсау мода – жалбыр түкті аңдарға. Тас жоқ шығар мен тағандап баспаған, Тау аз қалды мен шыңынан аспаған. Енді неге, кейде шағын үйлердің, Баспалдағын басуға да жасқанам. Бұл дәуірде білікті мен әкім көп, Бәріміз де сәуірлейміз батыл боп. Бірақ сірә, бір данышпан керек-ау, Бәріміз де бас иетін мақұл деп.
Сарапшылар өз өлшемін жақтайды, Сөз безбені бізге кейде жақпайды. Бір ғажабы – желеу етіп ақынды, Сыншылар да бірін-бірі мақтайды. Ұшпа бұлтпен өткізіп ем әр қысты, Шоқысына жырларымның қар түсті. Аяздың да шипа демі бар шығар, Алқынсам да өргітпекпін алпысты. Бір секіріп, бір жығылып жапалақ, Әлі де жүр биік жарды жағалап. Лауазымның жотасына бір шыққан, Құламайды қойған аттай тағалап. Қайран мансап, ширықталған тізбегі, Шыңнан аға, қырдан баурын іздеді. Іні тауға ала келді белесін, Ол шақырды құзға қызын дүздегі. Бұл екеуі кеше ғана керісті, Бүгін тағы бұл екеуі келісті. Түсінбеймін, не жетпейді бұларға, Тарылтқандай тынысы кең өрісті? Ақындарды егесті деп сынама, Шақпақ тастар шағылыспай тұра ма?
От түспесе ортасына олардың, Жайшылықта бірі – іні, бірі – аға. Ақ шашымдай көкжал толқын Ертісім, Ана-жердің алқасындай көркісің. Әлдилеген бесігімдей тербелші, Бала болып жырым қайта серпілсін. Мен де бір кез бала болдым дегенге, Жас ұрпағым қазір маған сенер ме? Ертісім-ау, бөбек ем ғой, айтшы өзің, Өсірдің ғой сүйреп мені тереңге. Шарласам да кең жапанның жазығын, Естілер ме бала күнгі мәз үнім. Керекуім, бір сәт сәбиің тіл қатса, – Аумаған сол өз үнім деп разымын. Мені, мүмкін, бір шады ғой дерсің де, Алпыстағы ақыл бермес еншіге. Ойла шырақ, әлі жаспын десең де – Өз шағыңа сол жасыңмен теңсің бе? Саудагердей мадақтайтын сатарын, Ақындар бар бұлдайтын да сақалын. Өзім мынау ақ қылаулы басыммен, Бастап келем жырдың жаңа сапарын.
Бұл заманда құрмет көп қой кәріге, Ардақты ма сақалдының бәрі де. Сақта құдай, кәрілерден малта езіп, Мылжыңдайтын дарынының төрінде. Жүйрік жасқа жүлдені де қиярмын, Бірақ қайтіп жыр нәпсісін тиярмын? Самғамаса биікке сөз сұңқары, Өз қолыммен топшыларын қиярмын. Жүйтки берсем – ұшқырмын деп сый күтпе, Құйындайтын даңғыл бар ма жүйрікке? Ақын жолы қия тастай тайғанақ, Қайсар ғана қарғып шығар биікке! Менің әлі бұлттанған жоқ аспаным, Қар шалмайтын асқар деген жастамын. Қарыздыдай ертеңгіден қысылам, Ұнар ма деп жазар жаңа дастаным. Тоқсанымда жетер бәлкім толымым, Тоқсан ойдың түйдім бе әлде тобығын? Асау өзен теңізге кеп тынбай ма, Сол теңізде толастайды жорығым...
ТЕРМЕ Арғымақтың ізімен Кейде есек жортады. Дүние толқын тізілген. Ырыстың көп ортағы. Толқын атқан жақұтты Табар кейде тоғышар. Кейбір сырдаң бақытты, Бейнетсіз-ақ толысар. Гауһар іздеп тереңнен Кейбір сабаз тас алар. Кейбір жылпос өлермен Қашқан бақты бас салар. Мақтауды көп тілеген Өз мінінен қаймығар, Досын ылғи мінеген Достықтан тез айрылар. Сырлас болса суайт жан, Сырыңда не баға бар? Күншіл досқа сыр айтсаң, Аяғансып, табалар. Бір сүрінген адамға Сынаушылар батыл-ақ, Жомартсынсаң сараңға, Санар сені ақымақ.
Дос табылмас сыйыңа, Шын сырыңды ұқпаса. Беделдіге сыйынба, Өз талайың ұтпаса. Шықсаң да бір құз тауға, Суық болса не пайда? Мансап төрің құлауға Жуық болса не пайда? Сенесің бе өзгеге, Өзіңе-өзің сенбесең. Жеңіл бақты көздеме, Қиындыққа көнбесең. Ақынға не әулие – Турашылдық, бір шындық. Ақынға қас дүние – Менменшілдік, күншілдік. *** Егер шықсаң асқарға, Төменге бір қарап ал. Құлағанда саспауға Соның болар бір амал. *** Шөлдедім деп шарқ ұрып, Батпас болар тереңге, Ақынмын деп аптығып, Айтпас болар кереңге.
*** Шолақ өзен тасығанмен, Биік қырды басар ма? Тоғышар көп ашынғанмен, Дарындыдан асар ма? *** Өз қанатың болса қысқа, Ентелеме аспанға. Шыңда, түссең арпалысқа, Шегінуден жасқанба. *** Дос дегендер жасыңда көп болады. Үлкейген соң көбі тез жоқ болады. Егер өлсең, тірлікте күндегендер Қабырыңның басында топталады. *** Жас кезінде тірліктің бәрі қызық, Қартайған соң, аяғы – быжықтыжық. *** Елітіп жұтқан арақтан Шөлдеп ішкен су артық. Баяны жоқ атақтан Бір күні көрген сый артық. Алыстағы күмбезден Өзің тұрған үй артық. Жиындағы көп сөзден Жазған жалғыз жыр артық. Жеген еттен түйіле Бөтен үйде бой тартып
Қандай рақат үйіңде Ішкен шайың құмартып... БІЗДІҢ КӘРІ ЖОҢҒАРДА Біздің мынау құз-құз кәрі Жоңғарда Әппақ шашты аталардай ақ шың көп. Мүсіндерін бабалар соғып қойған ба? Ұрпағымды мәңгілікте бақсын деп. Түксиіп тұр сонау сопақ құз тастар, Ойға батқан өкінішті бабадай. Тас боп қатып қалған ер ме қол бастар, Қайран тауын жау басқанда жағалай. Шыңға қадап сүйрік найза тастарды, Қойған шығар жауға сұсты айбар деп. Дуал-сынды кең аңғарлы асқарды Соққан шығар ұрпақтарым жайлар деп. Сонау шақпақ қайрақ-сынды шатқалды Орнатты ма қайрау үшін қылышын, Ер кешкенде ереуілді шақтарды, Жау бұзғанда ел-жұртының тынышын? Көз жастары аққан шығар селдей боп, Жақпарында жыра-жыра ажым бар. Үдере бір шөлге көшкен елдей көп, Жатыр шұбар қара нардай адырлар. Кәрі құздар баяғыдан мұз-қарлы Еріместей мәңгілікке қатқан ба?
Баба басын шалып қырау ызғарлы, Сол сұсы ма жауға қарсы шапқанда? Қошқар тас бар күжірейген тәңірдей, Сорлы баба зарлап соған табынған. Жоңғар тауы мыж-мыж көне дәуірдей Қазындының қатпарынан табылған. Кескіндер тұр тас бетіне сызылған, Садақ тартып мерген де тұр қасқиып, Арқар қашқан Алатаудың құзынан, Көшпендіні паналаған жас киік. Шың басына шынарларды тізген бе, Сақшылардай күзетсін деп даланы? Есіл баба тастай қатып, біздерге Тау қалдырды исі жұпар дауалы. Біздің осы атамекен Жоңғарда Аңыздар бар, әр құзында бір дастан. Ұлан-асыр ойран болған қорғанға Ұқсар құздар баяғымен сырласқан. Қойшы да жүр, жотасында ән шырқап, Қоймен бірге қыбырлай ма қойтастар? Баурайында жаңа толқын жас ұрпақ Қарап соған толғанып тұр ойлы асқар. Таңырқаймын, жолаушылап өтерде, Көзімді сол көнелерден айырмай. Ата тауға, асқар кіндік мекенге, Бас иемін баурындағы қайыңдай...
КҮЗГІ КҮБІРЛЕР (Көңіл дәптерінен) Көріп тұрмын қайтқан құстар тізбегін, Солар, сірә, алып қашты түз лебін. Самалдардан ескен мынау қиырға Даламдағы дәннің иісін іздедім. *** Маған шипа – орман, Ойды толғаған. Шипа-шулы, тас бұлақты тау маған. Бауырын жазған бәйгі көктей сергимін, Көлбей қалса көз алдымда кең далам. *** Тас төбемде күркілдеді көксау бұлт, Мейлің селдет, айналам күз, көк сауыт. Бас буырлым! Күбіріңді тыңдайын, Тау мен судан жүрмін қазір дос тауып. *** Айдаламда жарқылдады алтын күз. Жарқын күзде дән толқыту салтымыз. Кезбе бұлттар көкте, мейлі, түнерсе, Ақ бидайдай ақша белде жарқынбыз. *** Бәйтеректер шайқалса – мен тербелем, Дауылды мен өр шабытқа тең көрем.
Шайқаса ғой дәйім солай долы күш, Қозғап жырды, тұл бойымды кернеген. *** Қайран шабыт! Сені ғана пір тұтам. Сен дарысаң – дүниені ұмытам. Тұңғиыққа сүңгіп кеткім келеді, Тіршіліктей ісі ғажап, сыры таң. *** Күрсініп қалдым күзгі мен бөктерде, Аққу-қаздар сыңсып көлден кеткенде. Естимін де наз үндерін енді мен, Оралағанда солар қайтып көктемде?... *** Тұр сұстанып қырау қабақ, төтен күз. Жас шынарлар қатер қыстан қаперсіз. Боран шайқап кете ме деп біздерді, Түнерген тек сүр бәйтерек екеуміз. *** Қарт терегім, көріп сені иілгем... Сол бір кезім еске түсіп күйінем. Есіңде ме, жас бұтаңның ығында Бірінші рет балғын қызды сүйіп ем? *** Маған биік – басып өткен әр төбем. Шөгірлерді басқан едім ертеден. Өрге шапса менің өлең тұлпарым, Көтерілер көкке менің мәртебем.
*** Күнді зая кетірмеуді үйрендім. Өткен іске өкінбеуді үйрендім. Сәтсіздікте бүйрегі тас топастан Сеп тигіз деп өтінбеуді үйрендім. *** Күн шуақта қиялдарға өрледім. Мұнары жоқ тауды бірақ көрмедім. Сайды кездім – түрткіледі тікендер, Бірақ бақтан мәуе болды тергенім. *** Сүмбіледе әлі көңілім жайдары. Ашық әлі үмітімнің аймағы. Тасқа тиіп мысым кейде мұқалса, Қайрақ – уақыт жігерімді қайрады. *** Сия еріп – тамшылары жанымның, Ақ қағазға төніп талай сарылдым. Әріптерім, мүмкін, шалыс түсер де, Бірақ сөзім мөріндей шын арымның. *** Қандай жедел жүгірісі уақыттың! Шуақ еді – Шапшаң, міне, батты күн. Ұнатам мен күнді өтсе сездірмей – Секундтарын сәтсіздік пен сәттінің.
*** Бұл тірліктің тауысыпты кім өрін? Белестерде қалды жарқын күндерім. Сүрінсем да қияларға өрмелеп Үзбей келем үмітімнің күдерін. *** Бұраң жолда бүгілмедім қалжырап, Жүріп келем шуда шашым жалбырап. Креслодан құлап түскен әкімдей, Жүрмеспін-ау еңсем түсіп салбырап. *** Жырды тұсап, Мансап қусам деп едім. Шүкір, соның көрмегенге әлегін. Қияндардан сүйеп мені келеді. Сол баяғы кәрі досым – өлеңім. *** Тауды кезіп, тас басуды үйрендім. Боран соқса – бас тосуды үйрендім. Дулы шақта шоқ тасып ем сойқанға, Енді қаспен достасуды үйрендім. *** Әріптесі жоқта басын ол шайқап «Ол оңбаған!» – деп зілденді айғай сап. Бүгін шарап жұтып еді онымен, «Сен данасың!» – деп құбылды сол найсап. *** Топастардың көкірегі тас келер. Оларда жоқ күншілдіктен басқа өнер.
Сұқты көзі жарық күнді сүзердей, Жайнағанға қара бұлттай қас келер. *** Бауырым, сен айтыспашы арсызбен, Ол кесір ғой мұрынымен жар сүзген. Кесепаттан машайық та қашады, Жеңіле сал сол содырдан даусыз сен. *** Адал досқа күндей жарқын райым бар. Пейілімнен ақ толқындар жайылар. Самал желдей сырласқаннан леп ессе, Көңілімнің көлеңкесі айығар. *** Қарт терекке иемін мен басымды, Борандардан көрген талай асырды. Иіл, бауырым, бурыл басты қарттарға, Аршып келген сен асатын асуды. *** Әркімнің бар дәуірлейтін мезгілі, Өтсе шағың, екіленбе, сез мұны. Шырқап ұшқан күйкентайға таңданар Қыран өтсе, жарқылдайтын өз күні. *** Маған жылы сырласқанды дос көрем, Досқа күдік сақтамадым әсте мен. Бірақ кейбір қара мысық сияқты Күстанадан ытырана сескенем.
*** Поэзия теңізі ғой ғалам. Тұңғиықтан тамшылайды жыр маған. Шарықтай бер ұшқыр қиял әлемге, Космонавтай түпсіз көкте зымыраған. *** Өзен бар ма толқынсыз, не ағынсыз? Жаңғырықпай тұрмас тіпті тау үнсіз. Ақын ба сол ыңырсыған ырғағы, Лебі шала – адуынсыз, жалынсыз. *** Қызығамын көбелекке, гүлге де, Ормандары кезіп неге жүр деме. Бұлбұл үні, орман шуы, көк иіс, Бәрі ғажап – мынау сырлы дүниеде. *** Жұпар атқан нулы, тыныш тоғайым! Бағынбайды сәулетіңді бағайын. Бұлғаңдаса аршаларың арудай, Домбырадай ырғайыңды қағайын. *** Асау желдің асыры боп шырын бақ, Жапырақтар түсіп жатыр сыбдырлап. Меңіреу бағым, шынарыңды тербеткен Жыршы құстар жылысқан ба сыр ұрлап? *** Бұлбұл қайда? Жатыр гүлді шық сүйіп, Бәйтерек тұр қарт бурадай түксиіп.
Некесіздер сүйіскенде алдында, Қартым, солай қарайсың тек сықсиып. *** Зор бәйтерек жерге түсті бас ұрып. Бұталары күйреп, шөптей шашылып. Найзағай ма, не дауыл ма? – Жоқ, мұны Кескен сойқан, есерлігін асырып. *** Тоқта кезеп, шаппа жасыл аршаны! – Жас ұрпақтың жан саясы, аңсары. Балталауға қайтіп соны қиясың, Бұл ару ғой – көздің көркі, тау сәні!... *** Тыныш орман, манаурап тұр дымқыл көк. Жыр толғаймын көмекейім бүлкілдеп. «Бұл нақұрыс неге жүр?» деп қарайды Саңырауқұлақ терген кемпір күңкілдеп. *** Қоңыр орман, тұрсың неге томсарып, Сұрғылт күнде маған күңгірт ой салып? Теректерім, тербел маған жыр шертіп, Шанарларым, қара маған тамсанып. *** Күзгі көкте сыңсып ұшқан құстардың Сарындарын түсінуге құштармын. Оқ құлатқан үбірлерін жоқтай ма? Зар ма шыққан зәбірінен дұшпанның?
*** Бұзып менің жыр тұндырған сәтімді Неден үркіп көк толқындар секірді? Асыры көп мынау сүрген әлемде, Теңіздер де ашынатын секілді. *** Уақыт мүжіп, кетіледі тастар да, Қайран шақпақ, – қыран қонған асқар да, – Құлап түсіп, жатыр енді шыңырауда, Үгітіліп құмырсқалар басқанда. *** Қайран қалдым көріп қия тауларды. Жартастары қас батырдай қанжарлы. Оймен шөккен бабалардай кей құзы, Құж тастары арыстандай айбарлы. *** Қандай рақат сауық, сайран адамға. Дем алған жұрт масайрап жүр алаңда. Тек мен ғана үйде жалғыз бүкшиген, Өлең мені матап қойды қаламға. *** Уа, музыка, құдіретсің не деген! Кәрі, жасты ойнақтауға дәмеген. Селкілдейін селеу шашым желкілдеп, Жүрші, қалқам, қозды кәрі делебем. *** Кімдер маған қызық әнді қимайды? Жабырқасам – айтам «Қызыл бидайды».
Қайран жігіт кезімде мен бұл әнді Шырқап едім өзім сүйген қыз жайлы. *** Кезіп тауды кездерімде рухтанған, Мезі болдым су бүріккен бұлттардан. Ал кейбір сәт, тыным табар шағымда Мазам кетті көбік ауыз қарттардан. *** Кештім талай сөз ұқпайтын салғыртты, Үйімде да талай даңғой даурықты. Бәрінен де қиын екен, саңырауға Қақсаймын деп қайран даусым қарлықты. *** Сортаң көлдің тұрар беті шымырлап, Сортаң көлдің бақалары шуылдақ. Ұшқан құстың сыбдыры бір естілсе, Үндеседі жау тигендей шырылдап. *** Қайран жүрек. Соққан ұшқыр сағатым, Таптырмайсың өмірдің бір тағатын. Айхай, бір сәт қыл тамырың түйілсе, Зергер қайда, тетігін дәл табатын? *** Жалғыз жүрсең ақылдысың, ойлысың Шартарапқа шарықтайды ой құсын. Егер бір сәт көңіліңе қонса бұлт, Жапандағы жетім жандай сорлысың.
*** Жас бөбектей ойыншыққа алданған Аңқау көңіл арылмайды арманнан. Асығамын ертеңгіге үмітпен, Ақым бардай алар әлі жалғаннан... *** Бұл дүниенің тасқынға тең айдыны, Мейлі кемең тоқтаса да қай күні, – Сұрапылда желкеніңді есе бер, Күтпе алдан қатерді не қайғыны. *** Жұпар жұттым ормандардан, гүл ұстап. Тауды кездім, аясында тыныстап. Қайран, далам! Жазығыңа шығып ем, Кеңіп кетті арқам жүрген құрыстап. *** Қызықсың-ау, таулы, сулы шаңқан қыр. Бір төбеңде – нулы орман, асқар тұр. Дөңге толы кең жазығың,бір төбең – Төбеліндей данышпанның жап-жалтыр. *** Тең тиеген түйелердей қайқиып Белдер жатыр – асылы бар маң, тұйық. Аталардай ойға батқан баяғы, Боз атан тұр бір төбеде маңқиып. *** Мейлі уақыт маған гүлін қимасын, Көп көрді ғой қызықтарды бұл басым.
Мұнарадай биік менің мерейім, Күлімдесе балапаным – МИРАСЫМ! *** Қалды артта, қайран біздің жазымыз! Сонда да біз заманаға разымыз. Сақалды деп кимелеме жұртты жас, Әлі де біз жарысуға әзірміз. *** Күндер деген – беттеріндей кітаптың, Сырларын тек шертіп өтер бір сәттің. Күн – парақты ақтарғандай ойла сен: Өткен күннен не іздедің, не таптың? *** Мен еңбектің ардагері атандым, Қарт кеншімен, егіншімен қатармын. Дәндей теріп, сөзді мыстай шыңдадым, Мәресіне жеттім ұзақ сапардың. *** Ағыттым-ау шабытымның шідерін. Шарықтадым қиялымның шың-өрін. Шіркін, солай өрши берсе қайнарым, Дәйім солай жалын атар жігерім! –
AҒAЛЫҚ ШAҚ ӘУЕНДЕРІ ЖАРҚЫРАП ЖАТҚАН ЖАҢА ЖОЛДАРМЕН Жарқырап жатқан Жаңа жолдармен, Сонау алға Зымырауға құмармын... Жарысып келем От қанатты жылдармен, Бүгіннен де Жылы тартып туар күн! Сайран жолдар! Бір шетің ай, жұлдыз да, Аспанды да Жарып өтті даңғылың. Біздің мынау Жалындаған ұл-қызға, Жатыр жайнап Жолы шалқар мәңгінің. Ол жылдарда Көзіміздің нұры мен Жырымыз бар Дүние қайран қалатын. Жетер едім, Жігіт болсам, Бәріңнен де, Бұрын мен,
Қағып жылдам, Ракетаның қанатын. Сапарымыз _ Адамның аңсар мекені, Көрініп тұр Таңғажайып орманы. Асыққандар Жылдан да тез жетеді, Жалын атса, Жастық шақтың арманы. Сендерге Тылсым етіп жұлдызды, Айды ашты Кітаптай бір данышпан. Дана партия Мәңгілікке жол сызды, Қандай бақыт Жүйрік жолда жарысқан! Мен де жарысамын! Қарамаңдар ақша шашыма, – Ақша бұлт та Кеңістікті шарықтар. Ұмтыламын Келешекке асыға, Жырларым менің, Көтер мені – алып бар! Жолымыз тура, Белестерім – өргелең. Шамшырақ тұр Биігінді жотаның. Жалғастырып
Аспан жолын Жерменен, Асқақтап тұр, Асқар таудай Отаным. Жас өрендер, Толқынындай теңіздің, Сендер, Серпілгенге – дүние таң. Кел шырқаңдар, Келешектің лебізін, Мен сендерге, Үн қосуды ұнатам! Ұзақ жолға, Сендермен бір шарқ ұрып, Шат күлкіні Естуге мен құмармын. Коммунизм ұрпағы! Зымырайық сап құрып, Алдымызда Қандай ғажап туар күн! БІЗДЕР ӨТКЕН ЖАСТЫҚ ШАҚ Біздер өткен жастық шақ, – Жайнап тұрған күнге тең. Жайылғанда жас құшақ, Шешек атқан бұл – мекен. Біздер өткен жастық шақ, Жаз айындай әсем де.
Дауылдарда асыр сап, Кеуде тостық нөсерге. Біздер өткен жас дәурен, Бұл ғасырдың басы да. Біз жарыстық достармен, Бұл күндерге асыға. Біздің жастық лебіміз, – Толқынға тең топтасқан. Күрестерге теліміз, Өрендерміз от басқан. Менің жастық дәуірім, Өтті жолда – түзу, кең. Өстік біз де, бауырым Ағалардың ізімен. Мақтанды деп қызғанба, Жарыс қайта тең іспен. Саған таяу құздарға, Біз ұмтылдық еңістен. Саған қызық – зор уақыт, Жайна жастық күніңде. Ағаларға сол бақыт, Із қалдырса ініге.
ӨЗЕНДІ КӨРІП ӨРШІДІМ Тұнжырап бір тұрып ем, Өзенді көріп өршідім, – Толқындардың тілінен, Тыңдадым мен жер сырын. Көріп тауды тәкаппар, Өзімді өрге шығардым. Биіктерде атақ бар, Сол биіктен сыр алдым. Кейде мең-зең басымды Жел соқты да сергітті. Дауылдардан ашулы, Үйрендім мен өрлікті. Келе жаттым жабырқап, Салғырт ойға ердім де. Кеттім бірақ жадырап, Күлгендерді көрдім де. Шаршап жаяу жүргенде, Ұшқан құсқа қуандым. Кейбір күңгірт түндерде, Күлімдеді туар күн. Уа, табиғат, сұлусың, Жүзің ыстық, жарқын-ақ. Қайтып жүрек суысын, Әлем тұрса жарқырап.
МАХАББАТҚА Махаббатқа ғазиз басын имеген Бұл дүниеде, айтшы қандай ұлы бар? Албырт шақта қызғанышпен сүймеген, Қартаймай-ақ махаббаттан суынар. Махаббатқа іңкәр жас та, үлкен де, Бәрінің де жүрегінде бір наз бар. Сүймеген жан тіршіліктен тұл пенде, Шын жар үшін жанын қиған сабаздар. Ізгі ләззат – сатып алар бал емес, Жүрек тозар көрсе қызар көңілден. Сағым-сынды сұлусынған көп елес, Алтын болмас ылғи қызыл көрінген. Өмір өзі махаббат қой, сүйе біл, Қартайғанда от сөнбесін кеудеңде. Ойла бірақ, екі келмес сый-өмір, – Екі жар жоқ, екі жаққа сенделме. ШЫҚҚАН КҮНГЕ ҚУАНАМ Шықты шыңға жарқырап күн ақ маңдай, Дүниеге туды бүгін бақ қандай?! Ерте тұрып күнге қарап қуанам, Жаңа өмірім күліп келе жатқандай. Өткен күннің әбігері таралып, Тірлік ісін келер қайта таң алып.
Жаңғырғандай тез жылжыған өмірім, Шыққан күннен күтем тағы жаңалық. Мейлі, түнге өкініштер сүңгісін, Ардақтаймын құдіретті күн күшін. Жаңа шыққан күнге қарап қуанам, Келгендей бір жаңа жаршы – жыл құсым. ЖІГЕРІМДІ ЖҰМСАДЫМ Жігерімді жұмсадым, Қиясы көп жыр үшін. Қияда көп сусадым, Сонда да кең тынысым. Жүрегімді жұмсадым, Махаббат пен жар үшін. Өзіме ыстық сол шағым, Өзімнің пәк ар ісім. Жүрегімді жұмсадым, Кешіп солдат сапарын. Жырымда бар сол сарын, Жырымда бар қатал үн. Жігерімнің шығынын, Ақ шашымнан есепте. Жүрегімнің сыбырын, Жорыма тек өсекке. Шығындалған жігерім, Жасыма да тең шығар.
Жасыды ма жүрегім? Жоқ, өмірде еншім бар. Жігерім босқа жел-сынды, Жұмсалды деп өкінбен. Өмір, қалған еншімді, Еркін бер деп өтінем... ҚҰМАРМЫН Құмарым бар кеудемде, Сірә, неге құмарсың? Түссем солай тергеуге, Айтайын, сен ұғарсың... Шағымым жоқ шарапқа, Шалқыған да шығармын. Бірақ сондай сағатта, Достан жылы сыр алдым. Жоқ ғашықтық іңкәрім, Парызын да ақтадым. Сарқытын сол ынтаның, Жырыма тек сақтадым. Қызыққа зар емеспін, Тапсам достың ұғарын, – Келер адал кеңескім, Тарқар сонда құмарым.
ҰМЫТСАМ БІР... Кейістің енді күллісін, Ұмытсам ғой біржола. Есімде қалса жыр үшін, Өткен ізгі сыр ғана. Жадымнан мәңгі жоғалса, Досқа өкпем, ренішім, Ойыма тек оралса, Достық пейіл, келісім. Өкініш пен сәтсіздік, Өшсе тіпті есімнен. Есіме келсе шат қызық, Өмірден алған несібем. Ұмытсам сондай құрғырды, Жырды тыныш толғасам. Қызық қой ғұмыр бір күнгі, Беймаза тек болмасам. БӘЙТЕРЕКТЕН ҰЯЛДЫМ Есігімнің алдында Бәйтерек бар тым биік. Тәкаппар бір қалпында, Жайқалады дүрдиіп.
Осы терек тегінде, Құрдас шығар менімен. Бірақ қарап көгіне, Дәйім асқақ керілген. Құрдас жылдар өткен бе, Бурыл тартты бұл басым. Жапырақ жайып көктемде, Жасарады құрдасым. Ол тұр асқақ сипатпен, Биігіндей қиялдың. Ақ шашымды сипап мен, Бәйтеректен ұялдым... ӨКІНЕМ Енді неге өз-өзімнен ұялдым, Желігіне беріліппін қиялдың. Албырт кезде өкпелеткен досымды, Қайтіп енді араздыққа қиярмын? Ағысында қызу талас шулардың, Кейбір жанды кейіткен де шығармын. Кейбіреуді қағытам деп егеспен, Өзім сірә, одан бетер сыналдым. Ақ шашымды сипап енді өкінем, Ойлап соны от шығады бетімнен. Кейде көрсем өкпеліні өзіме, Жаутаң көзбен: «Кеше гөр» деп өтінем.
КӨЗІМДІ МЕНІҢ ҚЫЗҒАНБА Көзімді менің қызғанба, Қызықтарды көрейін. Қызғанба тіпті қыздан да, Жырыма сыр терейін. Қараймын қызыл гүлге де, Иіскейін жұпарын. Қарап шыққан күнге де, Таңғы нұрын жұтамын. Көрейін жылы жүздерді, Көзімді менің күндеме. Толқынға қарап жүзгенді, Адасып суда жүр деме. Қызғанба менің көзімді, Пәк дүниені көрейін. Жаным естіп наз үнді, Көтерілсін мерейім. Қыран нұры қарайған, – Көкке қарап жығылар. Қызғанба мені қараудан, Көзім де бір күн жұмылар...
ҚҰШАҚТАҒЫМ КЕЛЕДІ Гүлі сұлу орманды, Сусатпағым келеді. Жүзі жылы жандарды, Құшақтағым келеді. Шулап аққан өзенге, Бұлақ қосқым келеді. Сыр толқыған тереңге, Құлақ тосқым келеді. Басы биік ақ шыңға, Шынар болғым келеді. Жаны биік жақсыға, Сыңар болғым келеді. Жұлдызы көп әлемде, Сайрандағым келеді. Айдай ару әйелге, Жұпар сепкім келеді. Жапан дүзге өзгерген, Жауын құйғым келеді. Жанары шық көздерден, Жалын сүйгім келеді. Дулы-дарқан жастармен, Жайраңдағым келеді. Талай қырдан асқанмен, Сайрандағым келеді.
Балқып доспын дегенге, Балдай жаққым келеді. Бауыры тас еменге, Балта шапқым келеді. АРТЫҚ КӨРЕМ Ақсақал боп мүжгілеген бастан да, Бала кезде жеген құлақ сүйкімді. Атақтан да дер шағыңнан асқанда, Артық көрем жалбыр бала сиқымды. Өзімнен де әке даңқы зор маған, Үлкендіктен балалығым сымбатты. Бұл күндерде – өзімде бар «Волгадан», Артық көрем әкем мінген сұр атты. Маған ыстық зор сарайдан іші кең, – Балалыққа – ұя, киіз лашығым. Қандай қызық, қазіргі сәт ісімнен, Бала кезгі алшы түскен асығым! Ақ қоғадай дударланған шашыңнан, Сүйкімді ғой, бала күнгі тұлымшақ. Артық не бар сол балауса шағыңнан, Ұлан-асыр, өмір – ойын, көңіл шат. Бұлтты тауға таянғанда қарайсың, Сонау артта, дүзде қалған сағымға. Сол сағымды алтын көлге балайсың, Жүзіп өткен кеше сайран шағымда. Дерсің мүмкін: күйрек болар ақындар, Етер тіпті оралмасты әңгіме.
Жоқ, көксеуге балалықты хақым бар, Адам сүйер сәбилігін мәңгі де. ЖАҚСЫ БОЛСА СҮЙГЕНІҢ Көрсең мейлі, күйінбе, Тұрмыстың көп күйбеңін, – Жадыратса үйінде, Жақсы болса сүйгенің. Мейлі, безіп досың да, Өсекке де күйгенің. Сырыңды тек қасыңда, Ұқса болды сүйгенің. Мейлі, тайып бағың да, Бітсе мүлкің үйдегің. Сондай сәтсіз шағыңда, Сүйеу болса сүйгенің. Мейлі жұрттан асқан бол, Арсыз болса сүйгенің, – Арылмай сол басқан сор, Жаныңа дерт үйгенің. ҚҰЗДА ТҰРЫП ШАЛҚАЙМА Құзда тұрып шалқайма, Құларсың бір тереңге. Төңіректі байқауға, Тұғыр да көп төменде.
Аз ба сірә, жел, ызғар, Күнге жақын құз тауда? Алыста ғой жұлдыздар, Гүл жақын ғой ұстауға. ...Уыста да жер гүлін, Бас аяқты жайыңмен. Кішілігің – ерлігің, Кеудең сонда дәйім кең. Құздағыны күндеме, Мейлі мұрнын көтерсін. Қызық көп қой дүниеде, Қызғанбай-ақ жетерсің! ТАРЛАН ШАПҚАН ЖОЛМЕНЕН Тарлан шапқан жолменен, Жортар кейде құнан да, – Жар кездесер көлденең, Аспай жатып қуанба! Сұңқар ұшқан қиядан, Самғар кейде кептер де, – Шыңдалмасаң ұядан, Өжеттікті еп көрме! Жарау тұлпар майданда, Сан жүйріктен айбынды, – От басында айналма, Алыстан тап бәйгіңді!
ТУЫСЫМА Уа, туысым, неткен қатал жан едің, Сезбеймісің, жүрегімнің әлегін? Сырласуға іздеп сені сағындым, Болса да кең сенен достық әлемім. Алдыңда мен кішірейдім, кешірдім Өкпеңді сен сонша неге өсірдің? Кек сақтауға кеудең қалай төзеді, Қасың емес, туысыңмын, досыңмын. Уақытымыз өтті думен парықсыз, Бәріміз де кінәсі көп ғарыппыз. Бірімізден сынық іздеп жүргенде, Жарылатын шаққа жақын қалыппыз. Туыс түгел, досың болса көбірек, Әкелердің ынтымағын көріп ек. Неге сонша иілмейсің емендей, Бір ағаштан өскен бірге өрім ек. Жаның сенің не темір ме, не тас па? Мейлі тіпті туысыңмен отаспа. Жақсы кегі кетер көйлек кепкенше, Қатігездік лайық тегі топасқа...
АҚЫН ІНІМЕ Бәріміз де достыққа пейілдіміз, Таптық қайдан тарылып кеюді біз? Өздерінше үлкендер өте берсін, Күншілдіктен сау болсын кейінгіміз. Салындыдай шықпаған иірімнен, Өнер ме сол үндесу үйірімен? Ақын ғой деп кеудеңді ашып тұрсаң, Сырт айналып түртеді бүйіріңнен... Жан емеспін солардың тобын қуған, Жалғыздық жоқ, аулақпын торығудан! Кейде ызаң келеді күйбеңдерге, Ұзамаған аулының қорығынан. Жазушы ма жаныңа күңкіл тізген? Аулақ жүрсін «ауылдық құлқын» бізден. Ақын інім, мейлі, олар күндей берсін, Айрылмайық ақ сырдан, күлкімізден! ЖЕЛ ЖАМЫЛЫП, ТҮН ҚАТҚАН Жел жамылып, түн қатқан Жылқышымын жау жүрек. Алдаспаным – ақ сойыл, Астымда – атым қара көк.
Ат үстінде ас ішіп, Күндіз ұйықтап, түн кешкен. Менің досым – тай-құлын, Күмбір-күмбір кісінескен. Желсіз түнде жабырқап, Жаңбыр болса көңілім жай, Аспан бұлты жел бұрқап, Шартылдасын нажағай! Жел мен түннің ұлымын Білмейтұғын қорқуды. Дауылды түн жүйрікпен Сүюші едім жортуды. Қап-қара түн далада Алалы жылқы айдадым. Желге қарсы құйғытып, Желкілдетіп айдарын. Енесіне шұрқырап Жабысқанда жас құлын, Ақ сойылмен соғамын Арсылдаған қасқырын. Таң алдында топ жылқы Тау бөктерлеп жайылып, Қия шауып жүрсем мен, Қашағанды қайырып! Қандай қызық тамаша, Сонда менің көңілім шат! Осылай өткен зымырап Асау тайдай жастық шақ...
Бірақ сонда баққаным Жылқысы еді бір байдың. Түн болмаса, күн қарап, Рақаты жоқ құдайдың. Неге жүрек жалындап Білмедім мен қызғанын. Кейде аңдып жортушы ем Шеткі ауылдың қыздарын. Кетті ол заман дауылдай Түннің ашып ұйқысын. Айдап келдім колхозға Даланың көп жылқысын. Алалы жылқы алдымда, Қуанышым ол менің. Түнде жарық болғандай Кеудемдегі орденім. Жаста сүйгем, бұл жылқы Өзімдікі, білемін. Аң мен адам қасқыры Алқымдамас біреуін... ШИЕ МЕН ШЫРМАУЫҚ Шие бар менің бағымда Өзім бағып өсірген. Тұр толықсып бабында Мөлдір шырын несібем.
Суарамын түтікпен, Сабағын да тараймын. Жас бөбектей күтіп мен, Ертелі-кеш қараймын. Қарасам бір күн шиемді, Көк шынжырлар тұр жауып. Собыққа салып шідерді, Қадалыпты шырмауық. Көк жыландай шұбалған, Шырын іздеп, гүл аулап. Неткен пәле-шырмалған Жас мәуемді бұғаулап? Уа, бағбан, әрдайым Бағыңда да сақ тұршы. Мәуеңе де мүләйім Бар екен ғой шапқыншы. Шырмап менің бағымды, Шырынымды бүлдірген. Сол шырмауық залымды Түбірімен жұлдым мен. Көрмесін деп бүршікті Мәуелер мен гүл қысым. Жұлса шіркін қырсықты Шырмауықтың күллісін.
ИСПАН ҚЫЗЫНА Қиялдың қия кезген сапарында Шарықтап шықтым талай құзар шыңға. Көрінді гүл шоқылар арасынан Арулар ай сымбатты, әсем тұлға. Солардың бәрінен сен күндей астың, Алыстан күлімдеген қиғаш қассың. Сездім мен жүрегіңнің жанған отын, Қоңырқай жалын жүзді қарындассың. Көрдім көп сұлуларды үлбіреген, – Ыстық қан дидарынан білінбеген. Сүйемін испан қызын отты жүзді Майданда ерлік даңқы дүбірлеген. Жайнаған Европаның таңжұлдызы – Па, шіркін, сүйкімді ғой испан қызы. Қадалса оқты көзі өштескенге, Қаймығар айбатынан дұшпан жүзі. Тамаша көркің жайнап, тұман кештің, Ішінде дүлей өрттің желдей естің. Естілді құлағыма ерлік үнің, Айбынды ұранындай Долорестің. Әсілі сұлулыққа құштар жаным, Ару ғой құшағына құшқан жалын. Еркіндік әлемінен сәуле серпіп, Жырлаймын өр сипатын испанканың!
ДОМБЫРА Тиер жылы жүрекке үнің сенің, Туған күні даусыңды естігемін. Атам, анам өсіпті сеніменен, Саған айтып кетіпті ескі кегін. Мені де маужыратқан – сол бір күйің, Үніндей сонау сырлы дүниенің. Ұйқы орнына жас жүрек дүрсіл қағып, Жалындатқан жанымды сол әлдиің. Ой-қиял сырласқанда сеніменен, Жорғалап сазбен талай шыққан өлең. Барармын сені шертіп майданға да, Өлсем егер, мен сені шертіп өлем. КӨК ТҮНЕРСЕ Көк түнерсе Түнеремін мен бірге, Күн жайнаса, Күлімдеймін өмірге, Бірақ көктің Ұнатамын ашуын, Нажағайлар Жарқылдатса жасылын, – Төксе шіркін Нөсерлетіп көк селді, Бәйтеректей көтеріп мен еңсемді, –
Жазамын да тұла бойды құрысқан Көңілімді көтеремін жыр қысқан. Айхай, сонда Жүйкемнен тер тамшылап Жыр тұлпарын жүйткітемін қамшылап! Жаратпаймын түнек түнді тымырсық, Жалында күн, жер апшысын қуырып! КӨЛ ҚЫЗЫҚТЫ Көл қызықты, – жайқалса Жағасында жас құрақ. Қайың сұлу – шайқалса Бұтасында жапырақ. Тамаша ғой ну орман, Сайраса наз бұлбұлы. Құба талды бұралған Аймаласа гүл нұры. Бәйтеректен не пайда, Нәрсіз болса түбірі, Ер де солып қалмай ма, Ез боп өтсе ғұмыры... ҚAРАЙМЫН Қараймын сонау асқарға Құзар басын қар шалған. Бурыл бүркіт аспанға, Ұшар ма деп қарсаңнан.
Боранды жарып шүйіліп, Асар ма құз-құз құзардан? Әлде түтек үйіріп, Қайраңдар ма боз тарлан? Қия жартас тұғырдан, Мұз топшысы сықырлап, Самғап еді-ау, зымырап, Жай астында қиқу сап. Қайран көктің серісі, Қаншама сүргін тау астың? Кереметтің өрі үшін Сұрапылмен таластың. Көгінде тағы зулар ма, Кезер ме шулы қияны? Соғылып әлде құздарға, Мұқалды ма қияғы. ҰНАТАМ ТОЛҚЫНДАРДЫҢ ҰЛАСУЫН Белең жоқ тағат таппай біз өтпеген, Кетті ғой жылдар жылдам тізбекпенен. Мазасыз қиялдармен аптыққанда, Сабырын тұңғиықтың іздеп келем. Теңіз бір құдірет қой ырқы күшті, Білмейді қасіретті, қорқынышты. Тез тасып шолақ сайдай лепірмейді, Өрлікпен найқалады, тұрқы сұсты.
Ырғалса баяу ғана серпіндері, Сыңсып күй тынысынан шертіледі. Өзінше кең ғалам ғой телегейі, Сыйғандай жүзсе күллі жер түлегі. Күн сүйсе шымырлатып кенен төсін, Төсінде билетеді жел еркесін. Аршалы шашын жайып төндіреді, Арманды асқақ таулар көлеңкесін. Ісі жоқ дүниенің дабырында, Терең ой толғатқандай сабырында, Данадай теңселеді, Сондай толғам, Болсайшы ақындардың дарынында. Ал бір сәт бұлттар тулап сұр аспанда, Аясын қара тобыр жау басқанда, Күркіреп нажағайлар жасын атып, Айдынмен айқай-сүрең арбасқанда. Тұңғиық сұрапылын шақырады, Көкжалдар арыстандай атылады. Үдере толқындары ұрандасып, Шулайды көк майданның атырабы. Жай тастап жарқылдаса бұлт жарағы, Нөпірі көкке шапшып бұрқанады. Кеудесін бұлттар құшқан жартасты ұрып, Тұманды тықсырады қырқадағы. Бойдағы ашу шіркін осындайда, Бұрқырап алса бір сәт басылмай ма?
Тегеште тез көпірген сүтке теңбіз, Теңіздей бұрқан-сарқан тасу қайда? Іздейді айғай-шуды, ұрысты кім? Теңіз де тілер күннің тыныштығын. Жыр – айдын, Жүзе білсең тереңінде, Елемей жыр сыбырын, күн ыстығын. Көп естіп сармасаның ызыңдарын, Білмеймін, суыды ма қызу қаным? Қайтемін сұрапылын телегейдің, Толғампаз сабырына қызығамын. Қайтемін тұңғиықтың сел ашуын, Сүйемін ырғағының ұнасымын. Күй шерткен серпіні бір оркестрдей, Ұнатам толқындардың ұласуын. КӨРЕРМІЗ «Бақ-бақ еткен текені, Қар басқанда көрерміз», – Кімнің демеу екенін, Тауды асқанда көрерміз. Төрешінің ақтығын, Бәйгі аларда көрерміз. Туыстардың шаттығын, Той боларда көрерміз. Көп мақтаған достарды Қызу шақта көрерміз.
Жарқырайтын аспанды Жығылсақ та көрерміз. ТӘЙКЕ ТҮССЕ Алшы түспей ақ сақам, Тәйке түссе тәуекел. Кейбір қораш қақсаған, Атақ іздеп, дау етер. Тарлан жолы өргелең Тақсымы жоқ жабығар. Әлін білмей кеудемен Жұлқынатын жабы бар. Дарыныңның отымен Түс бәйгеге, іркілме. Күлкім келер, көкіген, Даңғазашыл шіркінге. ҰҚСАТПА Бір қауымда, бір сапта, Бір аулада тұрсақ та, Өзгеден бөлек үйім бар, Өзімше шығар үнім бар, Сыйласаң досым, өтінем, Соларға мені ұқсатпа. Бөленіп бір құрсақта Бір анадан тусақ та,
Өз атым бар, түсім бар, Өз тірлігім, ісім бар, Сыйласаң досым өтінем, Туысыма ұқсатпа. Гулесек те бір шақта, Жыр думанын құрсақ та, Тіл безеген ділмар көп, Өзінің сөзін бұлдар кеп. Өзімше менің даусым бар, Өзгеше жырым бар шығар. Сыйласаң досым, өтінем, Соларға мені ұқсатпа. КЕЙБІР Еркін жүзе білмесең көлде нең бар? Адымы тар кей жігіт өрге құмар. Ебедейсіз кей сабаз шалқаям деп, Қапелімде теп-тегіс жерден құлар. Кейбір қартың өңмеңдеп төрге құмар, Жалаңдаған кейбір жас шенге құмар. Кей жылпосқа әркімнің аузын аңдып, Өсек-шөпшек сөздерді терген ұнар. Кей туысың жығылған жерде сынар. Аттап сені, жоғары белге шығар. Кей досыңның сөзіне бір мін тақсаң, Ретін тауып, алдымен сені сыбар...
МЕН ӘЛІ ДЕ... Дерсің: Жігіт, қайда сен, ентеледің? Жас дәуренім өтсе де ерте менің. Қызуымен сол шақтың өткенімді, – Тоқсанымда толқындап шертер едім. Біл жігітім, уақыттың өр билігін, Өлшеулі әр тынысың, әр қимылың. Секундтармен жарыса жүгірмесең Сездірмей-ақ басыңнан қарғиды күн. Бұл дәуірден әлі де аласым бар, Сондықтан да себебім бар асығар. Менің мәрем жақын ғой... өлең – жарыс, Ал өрендер, жүйткіңдер, таласыңдар! Мен әлі де бәйгеге қосқан аттай, Аршындаймын биікке, босқа лақпай. Поэзия кеңісін шарықтаймын, Аспан сырын барлаған космонавтай. Албырт жасқа Теңеймін өз жырымды, Мерейімен жаңғыртқан мезгілімді. Үн қоссам да өнерлі өрендерге, Мүсіркеймін сонау жаз мәз күнімді. Ал, бауырым, Жырдың тұңғыш сапарында
Озбай жатып өзіңді сақа қылма, – Өршіп кетсе өнерің шық алдыма Қарама, үлкендердің сақалына. Сондай жасқа сүйсініп таң қалар ем, Дарындыға ашылған дарбаза кең. Ексімдей бер! ал өзім үйлеспеймін, Кеңкелеспен, кейбір жас даңғазамен... Бұл табиғат Бұл табиғат қалай шебер жасалған? Әсемдікпен асқақтаған қашаннан. Күмбез таулар, Тас тұлғалар, Қиялар, Мүсіншінің сымбатындай қашалған. Бұл табиғат қалай әсем жасалған? Ну ормандар құлпырады қашаннан, – Бұлбұл сыңсып, қыз қайыңдар бұлғаңдап, Аршалары аясында жасарған. Бұл табиғат неге сұсты жасалған? Батырлардай құздары бар қасарған. Шыңнан атқан бұйра жалды бұлақтар Айнымайды үрке қашқан асаудан. Бұл табиғат неге дүлей жасалған? Кейде долы, кейде тымық қашаннан? Соны жеңген құдіретті адамзат Жас ұрпақпен жылда қайта жасарған.
ЖЫР ЖАЗБАСАМ Жыр жазбасам күйінем ұтылғандай, Алшы түспей, ақ сақам иірілмей. Күйінемін сөз менен құтылғандай, Қысырақтың үріккен үйіріндей. Жыр шықпаса түйіліп, құрыстанам, Қабағынан қар жауған қазымырдай. Сөз толқыса Кеңимін, тыныс табам, Шалқар жырдан Тәттімбет жазығындай. Көрсең мені ашулы сондай шақта, Сәлем берме, тіл қатпа, інішегім. «Кәрі жыны» қысты деп ойға сақта Ондайда біл: Тұтығар тыныс, лебім. Тарылмай ма тотығып сыр-дүнием, Қаршығасы көңілдің – жыр ұшпаса? Не пайда бар. Қартыңнан құр түйілген, Бір ләззатсіз тұл бойы құрыстаса... Жыр шалқыса Қуанам басып алшаң, Пейілім кең кезіккен достарыма. Қуандық-ау, сондайда келе қалсаң, Шарабымды ауызыңа тоспадым ба?
КҮРСІНЕСІҢ СЕН НЕГЕ? Күрсінесің сен неге, Бурыл басты досым-ау, Шер бітті ме кеудеңе, Шалқар жаста осынау? Тірлік тауын қиялап, Басып өттің алпысты. Басыңа бақ ұялап, Алдың талай алғысты. Әкім болдың әйгілі, Кеуделедің асқарға. Білдің бе сен қайғыны, Бұрын алшаң басқанда. Бойын мұзға шалдырған, Мендей безгек емессің. Жұлдыз жайнап алдыңнан, Жел тигізбей сен өстің. Ұрпағың бар, жарың бар, Сырқат емес, сау денең. Шағың ғой бұл дамылдар, Безетін бос әуреден. Күрсінесің неге сен, Бар ма әлі арманың? Ажал бар деп елесең Тез құшарсың қармағын.
Әлде қызмет төрі ме, Кетпей жүрген түсіңнен? Әкімдердің көбіне Сол бір дерт қой, түсінем... Босап қалса сондайлар, Әкімдікке табынған. Қасіретпен соны ойлар, Айрылғандай тағынан. Сұсты жүзі өзгерген Сары аурудан азғандай. Төрелікті әзелден Маңдайына жазғандай. Достарынан сыйласқан, Бойын аулақ ұстайды. Кеудесін бір кір басқан Кінәліге ұқсайды. Ешбір жанға тіл қатпай, Шырмалады зар-мұңға, Өз өмірін ұзартпай, Шалдығады ауруға. Сондайларды көрем де, Аяймын да қысылам. Аяп сәлем берем де, Әрең өтем тұсынан. Апыр-ау, сонша күйреуге, Айтыңдаршы, жөн бар ма? Қынжыламын, құр кеуде, Шенқұмар сол жандарға.
Әкім қойса тартынба, Ел біледі бағаңды. Сөз ермесін артыңда, Сыйла жұртты, адамды... Маған тағдыр әуелден, – Әкімдікті қимады. Кем етпеуге беделден, Ақындықты сыйлады. Күрсінесің сен неге, Айтшы досым, қайғырып? Шер бітті ме кеудеңе Әкімдіктен айрылып? Көтер досым, еңсеңді Күйретеді ауыр ой. Күнді көрсең ертеңгі, Саған бақыт, абырой... ҰНАТАМЫН Ұнатамын ерлердің өр бітімін, Көңілдердің көк егіндей бітігін. Ұнатамын туыстар мен достардың Ала болмай бір үйлідей бүтінін. Ұнатамын әйелдердің гүл түсін, Наздылығын, күміс үнді күлкісін. Ұнатпаймын өңі қашып ілмиген, Шолақ шашты, Сұқсырлардың сымпысын.
Ұнатамын жарқын болса туысым, Дос мейірге Кеңейеді тынысым. Өзім сынды пейілдіге әрқашан, Әзір менің ықыласым, ырысым. Ұнатпаймын көңілдестің кесірін, Бір мерзімге Тілейтін он өсімін. Дос па тәйірі ауытқыған сынаптай, Сәл кейіске болмаса тез кешірім?! Ұнатамын найзағайдың жасынын, Өзендердің бұрқан-сарқан тасуын. Ұнатпаймын бейуақытты тымырсық, Бейуақыттай адамдардың пасығын. Ұнатамын ұландардың жас үнін, Мәз-мереке айғай-шуын, асырын. Ұнатпаймын тартымы жоқ әйелдің Көк дауылдай алай-түлей ашуын. Ұнатамын асқар таудың айбынын, Теңіздердің ұлан-асыр айдынын. Жаратпаймын – кеудесі тар жандарды, Еш пендеге түсірмейтін қайырымын. Ұнатамын дәйім жылы түстіні, Жұртқа түссе – жүрегінің ыстығы. Жек көремін – зердесінде сәуле жоқ, Мұзды тастай қатып қалған сұстыны.
ОРМАН ЕДІК... Тағдыр деген сұрапылға соғылып, Теректерім сиреп жатыр сөгіліп. Орман едік өскен бірге қаз-қатар, Мәуелері шешек атқан төгіліп. Боз қырауға, шайқалуға көніктік, Өскен едік кеудемізді керіп тік... Мүмкін қазір майысқан да шығармыз, Шұғыл шақтың жүгін тасып зорықтық. Тұрғыласым орын тапса қабірден, Теңселемін, сөгілгендей қабырғам. Күрсінемін шаян шақса досымды, Біз сұққандай, бауырыма ауырған. Жүргендейміз қатерлі бір сынақта, Күйреймін деп, Күңіренбеймін бірақ та. Тірлік нұрын жұтып қалғым келеді, – Жүз жыл жанса, Сөнер бір сәт шырақ та... МИҒA – МAДAҚ! Әлем жайлы қилы-қилы қисын бар, Болды кездер көп құдайға құлшынар. Ал меніңше бұл ғаламды жаратып, Тәртіп берген құдіретті ми шығар.
Шұғыласымен нұрландырған күн-жерді, Адамзатқа ұлылықты ми берді. Бетінше аққан бей-берекет дүние Милылардан ізгілікті үйренді. Бір данышпан – барлап жердің қимылын, Бір данышпан – ашты көктің тұйығын. Көп даналар буырқанды миымен, Адамзаттың түзеу үшін пиғылын. Бір данышпан, бақыт іздеп адамға, Қарсы шықты азабы көп заманға, Сол дананың күндей отты миынан, Нұр төгілді біздің жаңа ғаламға. Кемеңгер бар сөзден соққан асылды, Асыл оймен тебіренткен ғасырды. Мен жасымнан ақыл теріп ойлыдан, Милыларға иіп келдім басымды. Дана болып көрінді де өз әкем, Сол кісіден білгеніме мәз екем. Есейген соң даналардан ұялдым, Әлі күнге білгіштігім аз екен. Бұл дүниеде аз ба, сірә, мисыздар? Жандар көп қой, Басы бақыр, ойы ызғар. Даналықтан туған атом отымен, Адамзатты өртемекші жауыздар. Дана мидың кетірдік пе титығын? Бұлдаймыз ба электрон сиқырын?
Жоқ, адамның миына Мен табынам, Ми құдіретті, тіршілікте ми-пірім! CОЛ БІР КӨЗДЕР Асыл көздер... Экраны ғой жаныңның, Айнасы ғой – ақылың мен арыңның. Көзден сезем – ізгілердің мейірімін, Көзден білдім Аярлығын залымның. Көз тигеннен сәбиімде ауырдым, Талай көздің ұқпай сырын аңырдым. Нұрлы көздер маған жайнап қараса, Уыз сырмен мен де ағымнан жарылдым. Шұғылалы көздеріндей жарымның, Сүйсіндім мен, көріп аспан жарығын. Дір еттім де, көріп – талай жанарын Кірпігінен жалын атқан арудың. Шипасындай жан сергітер дәрінің Таптым талай отты көздің дәруін. Қарашығын қадай қалса қалқалар, Әлі менің сарқылады сабырым. Сәулесіндей жарқын жастық шағымның, Күн көздердің шұғыласына шағылдым, Қара көздер, Жаутаң көздер, қайдасың? Мен солардың ұшқындарын сағындым.
Көп көрдім-ау, шадыр көздің зәбірін, Сырлы көзге мен әлі де зәрумін. Қарасаңдар маған жылы пейілмен, Айналайын көздеріңнен бәріңнің! Мін тақпаймын қарасына кәрінің, Жаратпаймын тек солардың шағырын... Жиындарда атыстым-ау арбасып, Сығырымен бұқа көзді сарының. Байғыз көз бар, сөнер шамдай сықсиған, Бұзау көз бар, ынта шоқтан сып-сидаң. Мысық көздер, Теке көздер аз емес, Көздер де бар қабар иттей шақшиған. Қайран көзім көруге бір талмайсың. Әлем көркін ашқан күнде таңдайсың. Жайнатып сен тіршіліктің сипатын, Жүрегімді әсемдікпен арбайсың.
ЕСІЛ ЖҮРЕК Уа, жүрегім, Сен – менбісің, мен – сен бе? Бір сен ғана Бар иманым десем бе? Сенің әрбір лүпіліңде – тірлігім, Бар тынысым Қимыл қағып тұр сенде. Жорғалаған бөденедей бітімнің, Күні-түні таппайсың-ау бір тыным. Қайнарымсың қан жүгірткен жаныма, Тұл бойымды шымырлатып дүркінің.
Шырағымсың Жанып тұрған кеудемде, Пәрмендісің – зіл денемді тербеуге. Бір лебіңнен күндей жайнап дүнием, Сен түнерсең – зілзәләмін әудемде. Тарыққанда, тар кезеңде бұл басым, Жалғыз ғана өзің болдың мұндасым. Сондай шақта сенім бердің, дем бердің, Айықтырдың талай шердің тұнбасын. Күндерімнің шалыс басып ырғағын, Беймаза көп ойларымнан тынбадым. Қапияда аласұрған жүрегім, Дүбіріңді үнсіз жатып тыңдадым. Қуанғанда елпілдейсің сәбидей, Жадыраймын, өкінішім сезілмей. Адал досқа шоғын ашқан гүлдейсің, Көп іздейсің жүректерді өзіңдей. Қатыгезден қаймықпаған ер жүрек Мұңлыларды мүсіркейсің елжіреп. Тамырыңда қан тебінген шығар-ау, Мен күрсінсем, – Аяулым бір өлді деп. Жұтқандай бір жұпар атқан гүл исін, Сырлы саздар сыңсығанда мүлгисің. Тебіренемін мен де сол сәт, жыр аңсап, Бұл жалғанның ұмытамын күллісін. Албырт кезде ләззат отын іздедің, Бұл ғұмырда аз жұтпадың қыз лебін.
Көрер едім өзегіңді ақтарса Махаббаттың ирек-ирек іздерін. Билеп мені, Қасиетіңді бұлдайсың, Арманымды сілтеп алға тынбайсың. Қанбадың ба ләззатіне тірліктің, Арманың не, енді неге тулайсың? Жоқ соға бер, Кеудемдегі қанатым! Асқарым бар әлі самғап баратын. Замандасқа ақтарсың сен, Жүрегім, Жанымдағы Адам атын, ар атын! ҚЫЗ ДАУСЫ Тұрды ма тау таң сәріден ән күтіп? Кетті ме әлде тас бұлаққа жан бітіп? Неткен қызсың өр дауысты мұншама, Ән шырқаған Алатауды жаңғыртып? Жауап шықты ар жағынан қырқаның: – Шопан қызбын, әнім айтқан – іңкәрім. Сонау сайда жылқы баққан жігітім, Естісін деп әнді қатты шырқадым. Әлде құздар теңселді ме сықырлап? Тасыды ма тас бұлақтар сылқылдап? Бейуақытта тау баурында мәз болып,
Күлген қай қыз мұнша қатты сыңқылдап? – Абыржыма, ақсақалым, мен өзім, Білмейсің бе ерке қыздың мінезін? Құрбы жігіт қолтығымнан қытықтап, Мәз күлкіге шын берілген бұл кезім. Енді шу жоқ, наз күбір бар бір ғана Сыбырлассақ, сырымызды тыңдама! Мен қақшидым, Жым-жырт болды жапан дүз, Қой қорада, қайда кетті шопан қыз? КҮН БАТАРДА БОЗ ТҰМАН Күн батарда боз тұман, Таудың төсін алқалап. Жемісіне көз тұнған, Жасырынды алма бақ. Торғын бұлтты ақ аспан, Толқынына батқан ай, – Мамырлап жүр, адасқан Айдындағы аққудай. Мұнар басқан бұл маңда Көрінбейді шыңда қар, Қараңдайды тұманда, Түнгі ұрыдай шыршалар. Тауда жел жоқ, тым-тырыс, Боз буалдыр тұсында.
Естілмейді бір дыбыс, Бұққан аң да, құсы да. Ал жылғада дүркіндеп, Тулап жатыр тас бұлақ. Тауға тұман тұнды деп, Ақпасын ба тасқындап. Мейлі, қилы кезеңде, Тұман басса тау-шыңды, Күркіреген өзенге, Қосамын мен даусымды. ЖІГІТ БОЛСАҢ... Алатаудың шың басына шықпасаң, Жігітпісің қыз қасында Қыздың сырын ұқпасаң, Қасқимасаң Құйындарда асқарда, Жігітпісің Биік үйдің бауырын тек ықтасаң. Тау басында Бұраңдаған шынардай, Қалқашыңды Сеңгірге бір шығармай, – Жігітім-ау, жүрсің неге көшеде, Сол шынардың саясынан сыр алмай? Құзда тұрып, Айналаңа қарашы! Көк айдындай көк пен жердің арасы. Жасыл желең жамылғандай көлбеңдеп,
Көрінеді Алматының қаласы. Шатқалдарда қыз бейнелі шыршалар, Көлеңкеле – сәулең бетін күн шалар. Тыңда, – сылқым тас бұлақтың сыңсуын, Жүрегіңе жұмбақ үні ой салар. Боздақ інім, өрле биік асуға, Әлем қызық асқар таудың басында. Бақыттысың жас шынардай желеңдеп, Қолын артып қалқаң тұрса қасында... СЫБАҒАМДЫ БҮГІНГІДЕН ІЗДЕП МЕН... Сыбағамды бүгінгіден іздеп мен, Өткен күннің ұтылысын ұмыттым. Талай ертең өтті солай тізбекпен Ертіп мені шылауына үміттің. Табындым да үмітіме ізетпен, Сәтсіздіктің сарабында шынықтым. Сақшыдай бір шыққан түнгі күзеттен, Күлімдедім, көк жиектен шығып күн. Маған бірдей көрінді де күз, көктем, Жұттым лебін ыстық пенен суықтың. Енді бүгін есімді сол іздеткен, Үмітімнен озуға да жуықпын. Жоқ, үміттен арылмаспын өлгенше, Үміт – жұлдыз, көз шырағың сөнгенше.
КӨҢІЛ ШІРКІН... Көңіл шіркін баяғыдай бір шақта, Әлденеге әуестеніп қызығар. Қырау басқан мұртты сипап тұрсақ та, Албырт кездің жүрегімде ізі бар. Делебемді қыздырғандай ошаққа, Кейде маздар бойымдағы қызулар. Бурыл бастың сыңайына сол шақ па? Ойлап соны ынтам қайта бұзылар. Еске түссе гүл толған кез құшаққа, Жүрегімде сора терең сызылар. Қайран көңіл, ая мені, сыр сақта, Қызық аз ба, бұл дүниеде қызығар. Мәз-мереке теңізінде қызықтың Жас қалпында шалқыр мәңгі жүзіп кім? ЖАЗБАЙ НЕГЕ Жазбай неге жаным сүйген өлеңді, – Бейуақытта ойлап нені сарылдым? Қарғыстадым сонау қырсық әлемді, Даусын естіп зорлық пенен зәбірдің. Қанжарым жоқ, қаламым тек кезенді, Желкесіне жауыз бенен жебірдің. Үн қосуға мұң-зарына әзелгі, Ащы даусын жаңғыртуға негрдің.
Жалын атып шоқ еріндер кезерді, Өршіп ыза дауылындай дәуірдің. Мойыл қолдар темірлермен тежелді, Күс кеудеде күңіренді ауыр мұң. Берілерсің қайтып тыныш өлеңге? Алаңдамай аласапыран әлемге. ЖАДЫРАЙМЫН Жадыраймын жарқын күндей жазда мен, Жастық шағым жайнап бір сәт келгендей. Ағындайды жүрегімде назды өлең, Бар сұлулық құшағыма енгендей. Жас қайыңның желеңдеуін мәз көрем, Сонау кезде сылаңдаған жеңгемдей. Жасыл қырға қарап құмар көзбенен, Қуанамын қызғалдағын тергендей. Қырым бар ма жазда еркін кезбеген? Көңілім өсті кербестімен желгендей. Ақын ба сол жаз әуенін сезбеген? Қызғанба сен, сүйші жазды дәл мендей! Көп болса да жаз дидарын көргенім Келем жырда жеткізе алмай өрнегін.
БІЛІМ ТУРАЛЫ СӨЗ ...Сүйемін мен, білім, досым, Ол – сөнбейтін идеалым. Ол – шаттығым, көңіл қошым, Ол – өршіген жас қиялым. Баласы едім ұйқылы ояу Жатқан сұлап сар даланың. Мен ауылдан келдім жаяу, Аңсап көркін өр қаланың. Онда білім бар океан, Айбыныңа балқыдым мен. Білемін деп сырын жаһан, Кеттім жүзіп толқынымен. Океаннан тердім маржан, Ақылдастым талай томмен. Тердім жеміс ғасырлардан, Сөйлестім де Платонмен, Оймен шолып, көрдім көзбен, Көлеңкесін жер жаһанның. Қария білім айтқан сөзден Білдім сырын шаттық таңның. Жас өмірім – шаттық таңым Мені әлдилеп аймалаған. Қуанышқа толы жаным, Ол бақытты берді маған. Білім бейне қиын қамал, Бұзар оны ерінбеген. Айтқан көсем:– Қамалды ал, Жас ұрпағым, ұмтыл!– деген. Міне. біздер, жас жүректер, Сол қамалға атой салдық.
Қилы-қилы білім тауып, Ой-жігермен қамап алдық... Өнер-білім гүліменен Масайрайды жастық әлем. Миллиондардың жүрегінен Отаныма берем сәлем: Құшағына еркін еніп, Жүрегімді тербеткенмін. Қуанышқа мен бөленіп, «Сүтіңді еміп ер жеткенмін.» Шұғылаңнан енген сәуле Өр кеудемде жалындаған. Ой-жігерін сол кеудемнің Отан, бәрін берем с а ғ а н! ДАЛА ӘНІ Далаға бір күн шықтым жырды шырқап, Көтерді дауысымды жел шуылдап. Көгорай қызыл гүлдер айналамда, Тұр екен сол әнімді кімдер тыңдап? Алыстан жалтылдаған күміс өзен Ішінен көк торғынның күлімдеген. Шолпысын сылдыратып сыр бергендей, Күткен бе сұлу әнді ол да менен? Көрдім мен сол бір жерден қызық істі, Айналам – торғын жібек қызыл түсті. Соларды кестелеген керемет жұрт, Үндері екпіндеген, қызу күшті.
Көрінді баяу менің шырқағаным, Өзінен өрен жұрттың жыр қаладым. Ән салды сонда дала өзі маған Жаңғыртып жайнап жатқан қырқаларын. ТЕҢІЗГЕ ҚАРАП Адамдардың ежелгі сұр ашуын Толқын етіп, теңіз тартып алған ба? Бұрқанады салып шулы асырын, Ұқсап селі мәңгі кек пен арманға. Адамдардың ежелгі мол сабырын Тұңғиыққа теңіз тартып алған ба? Томсарады, тыңдап дүние дабырын, Данышпанша ойлы қарап жалғанға. Теңіз де – өмір, оған да қас, қарсы бар. Мейлі, кейде ашумен де шалқысын. Өзімде де ашу шіркін бар шығар, Берші, теңіз, сабырыңның жартысын. ШАҒАЛА Жауынды күн, тұрмын мен, Телегейлі жағада. Төбелесіп толқынмен, Сыпсыңдайды шағала.
Көк нөсері қамшылап, Құтырады көкжалдар. Ықты кеме қалшылдап, Айдында зор жанжал бар. Өзге құс жоқ бұл маңда, Аласапыран – ер ісі. Шүйіліп жүр ойранға Сұрапылдың серісі. Қызықтым сол күштіге Нөсерде шың қағатын. Майдан теңіз үстінде Жарқылдатқан қанатын. Қорып қаздай жайлымды, Жүрсін бе ол жем іздеп? Оған ая – айбынды, Буырқанған теңіз тек. Үй айналып үйрекше Жүрсін бе ол күйбеңдеп? Оған рақат күй төксе, Селебелі құйғын көк. Сұрапылдан күй тыңдап, Сері құсым шағала, Шүйіл, көктен қиқулап, Көкжалдарды сабала! Сенімен бір шағала Самғар ем, жоқ қанатым. Емендеймін жағада Мүлгіп қатып қалатын.
ТҰҢҒИЫҚ ШІРКІН ЖАСЫРАР... Тұңғиық шіркін жасырар, Түбінде бар ой терең. Толқындарда не сыр бар? Тілін білсем, айтар ем. Жатыр шалқып көк айдын, Ой сапырып толғанып. Телегейге қараймын, Тебіренсе, таң қалып. Әлемнің күллі ойлары Толқындаған тәрізді. Тіршіліктің майданы Теңселткен бе теңізді? Қарап үнсіз мен тұрмын, Тасып жатыр ой терең. Тілін білсем толқынның, Шалқып бірге кетер ем.
ІІ БӨЛІМ АТАҚТЫ АҚЫННЫҢ АТАМЕКЕН ЖЕРІНДЕ Бұл әңгімені әуелі бастаған – мен. Қазір совхоз орнаған Торайғыр көлінің айналасындағы көріністер осыдан отыз-қырық жылдар бұрын қандай еді, білесің бе? – деп сұрадым мен Қабиденнен. Шымыр денелі, ақсары жүзді, ойлы жігіт жауапқа ыңғайланып еді, мен сөзімді жедел жалғастырып кеттім. – Сен ол кезде тіпті тумаған да шығарсың, әлде Ақбеттің ар жағында жүгіріп жүрген сәби боларсың. Мен бастайын... Торайғыр көлін мен 1939 жылы тұңғыш рет көрген едім. Сол жылы, жаңылмасам июль айында, ақын Қасым Аманжолов, әдебиетші Төлеутай Ақшолақов және мен Павлодардан Баянауыл аясына сапар шектік. Сұлу Баянға мен бала шағымнан таныспын, кейінгі жырларымда Баянның Ақбеттей асқар биігін, Жасыбайдың жасыл көлін еліге жырладым да. Ал, албырт Қасымның қиялында Баянның аршалы-қайыңның нулы тауларына, арудың көзіндей жаутаңдаған мөлдір көлдеріне қарап таңырқай күбірлегені есімде. Баянауыл қалашығынан бізге жолбасшы болып атақты Жаяу Мұсаның баласы Салық ағай қосылды. Біз пар ат жегілген қос күреңді желдетіп Баян атырабын аралап шықтық. Бұл сапарда
Сабынды мен Жасыбай көліне сүңгіп өтіп, сонау Далбадағы Жаяу Мұса қабырына, Жаңажолдағы Мәшһүр Жүсіп бейітіне зиярат еттік. Торайғыр көліне үшеуіміздің алғаш келуіміз де сол жолы. Әрине, мұнда біз Торайғыр көлін тамашалағалы келгеніміз жоқ, біздің ақындық жас қиялымызға жарқырап «Қараңғы қазақ түнінен көкке өрмелеген» поэзиямыздың жарық жұлдызы Сұлтанмахмұттың аруағына тауап еткелі келдік. Сұлтанмахмұт шығармаларын мен бала кезімнен сүйсіне оқыған едім. Асқан ақынның терең-терең тебіреністі жырлары менің ақындық әуенімді қозғауға зор әсер етті. Ал Сұлтанмахмұт арғы атасы Торайғыр бидің де келелі толғауларымен таныс едім. «Сүйіндік Торайғыр бидің толғауы» деген шумақтарды өсе келе «Таң» журналынан оқығаным бар. Арғымақ жабы көрінер Аса шауып буланса. Айдын көл – батпақ атанар, Айдыны құрып суалса... – деп толғапты сонда. Ақынның бұл бабасы заманында атақты шешен, әділ би, ділмәр жырау болыпты. Осынау мекен жоңғарлардан босатылып алғаннан кейін Торайғыр бидің еншісіне тисе керек, содан Торайғыр көлі атанып кеткен. Сүйіндік тайпасындағы ірі рудың бірі Айдабол, Айдаболдың ішіндегі үлкен ата Шоң, Торайғыр ұрпақтары. Торайғыр сынды Шоң да бала жасынан ділмәр шешен «қара қылды қақ жарған» би болса керек. Бұл екі атадан кейін көптеген зиялылар, өнерпаздар шықты. Торайғырдан тараған
ұрпақтың әйгілісі – жалғыз ғана Сұлтанмахмұт. Ал Шоң тұқымынан белгілі Аймановтар тарады. Біз Торайғыр көліне беттеген сол сапарда жолшыбай ақын Дихан Әбілевтің балалық шағы өткен Мойылдыдағы ескі жұртын басып өтіп, Айман бұлағына келіп сусындадық. Дарыны дархан Шәкен де ағасы Сұлтанмахмұт сияқты осы бір белесте Баянның биіктеріне өрлеп өссе керек... Енді Торайғыр көліне оралайын. Би атаның заманында қандай сипатта болғаны еш кітапта жазылмаған, алайда Торайғыр көлі менің қиялыма баяғы толықсыған қалпында болып көрінді. Ақын өссе өскендей мекен екен. Шығыс жақ аспанында шығар күнмен шағылысып Баян таудың ең биігі Ақбет тұр. Алып заңғардай мөлдір көлдерді құшағына айқара сұлаған Баянның өркеш-өркешті арқаларын қаптай басқан қарағай, қайыңдар, арша менен шыршалар алыстан бұраң бел сұлулардай бұлғаңдайды. Торайғыр көлі – тау бауырындағы тас тегенедей, мөлдіреген жауһардай жайнап тұр екен. Сол көргеніміз де атақты ақынның ата көлі – тұнық поэзиядай тереңінен мол сыр шертер қалпында еді. Екі ақын осынау көрініске тебіренгендіктен тау жаңғыртып айғай салғымыз да келді. .Торайғырдың табиғи сұлулығы бізді осылай тербетсе де, көл маңының тіршілік пішіні бізді мейлінше жүдетті де. Торайғыр көлінің маңына, расында, тірлік дүниесінен ешбір нышан жоқ, аяулы ақынмен бірге бар тіршілік келмеске кеткен секілді болып көрінді бізге. Япырмай-ау, бұл мекен жұрттан жұрдай болғанына қанша жылдар өтті екен? Ақынның әкесі Шоқпыт, арғы атасындай атақты емес, жарлы, жұпыны кісі болғаны мәлім. Кедейлік ауыр тұрмыстан күйзеліп Шоқпыттың
Көкшетау жақтағы бір жұрағатына көшкені де белгілі. Бұл маңда бүкіл Шоң-Торайғыр әулетінен ешбір шаңырақ қалмағанға ұқсайды. Тек аяулы ақынның өзі қалыпты, көлден аулағырақта жалғыз ғана мола тұр. Бұл Сұлтанмахмұттың қу қабыры, басына бір белгі қоршау да бұйырмапты. Бабасының тауында, осыдан аз жылдар бұрын Совет үкіметі үшін кедейлеріне кеңес айтқан жалынды азаткер, айбынды таумен, мөлдір көлмен сырласып жалғыз ғана ақын жатыр екен. Аяп кеттім, көзіме жас келіп, сол тебіреністен туған өлең былай басталды: Жалғыз мола, жол үсті, Жолаушы өтер көз салып. Өте бере ой түсті, Тұра қалдым томсарып, Қурай басқан қу қабыр, Жел ескендей дүбірлеп, Күңіренгендей сонда бір, Өлген адам күбірлеп. Жүрегімді өртеді. Қайғы-ызасы аралас, Қабырына домалап, Ағып кетті көзден жас... Иә, біз онда ескерусіз жалғыз қалған ақын моласын мүсіркеп қайттық. Бірақ, ақынның тұқым-әулеті алысқа ауып кеткен жоқ екен. Қақаған боранда пана болатын кең ауладай алқалы тау бауырында тұрақтамай, бұл көлдің төл тұрғындары жайылымы мол Қызылшілік, Сарқияқ, Қарасу қырларына қоныстанса керек. Кейініректе бұл атыраптың шаруашылықтарының
негізінде Александровка деген совхоз құрылыпты. Ол кезде Александровка деп аталатын совхоздың орталық қонысы – Торайғыр көліне мен алғашқы сапардан кейін 27 жыл өткен соң, 1967 жылы оралдым. Бұл жолы творчестволық сапармен бір топ ақын Баянауыл атырабының сұлу көркімен, еңбектегі өжет жандармен танысқалы келіп едік. Расын айтсам, совхоз орталығына бармастан бұрын біздер алдымен атақты ақынның зиратына барып тәжім еттік. Жолшыбай Айман бұлағының жиегіне өсіп жайқалған қырмызы гүлдерді тере келіп Сұлтанмахмұт қабырының үстіне жаптық. Бір қуанғаным – баяғыдай жадағай қабыр емес, ақынның басына тас мүсіннен ескерткіш қойылып, айналасына қоршау орнапты. Көлдің бас жағында, Ақбет таудың дәл бауырында, совхоз орталығының аз да болса әсем үйлері жайнап тұр. Ақындарымыз толқындаса тауға шапшитын Торайғырдың тұңғиық көлін көріп тербелуде. Қадыр Мырзалиев көл жағасындағы биік текше тасқа шығып алып, тап осы тау тастың үстінде Сұлтекең толғанған шығар, – деп Ақбеттің шынына қаршығадай қадалып қарап қалыпты... .Біз онда Торайғыр көлінің басына жаңа ғана орнаған совхоз орталығын көрген едік. Ол кездегі директор Қабиден Әубәкіров болатын. – Ал, директор жолдас, содан бергі совхоз өзгерістерін өзің баянда. Есіңде болсын, бұл совхоздың игі істеріне, шаруашылық жетістіктеріне, - әдебиет жұртшылығы айрықша назар аударады. Өйткені совхоз орнаған жер, атақты ақынның атамекені ғой, дедік. Қабиден Әубәкіров осы маңның тумасы, 1961 жылы Алматының ауылшаруашылық институтын
бітірген. жылдан бері осы совхозың директоры, бабаларынша баппен сөйлеп кетті. – Бұрын Александровка болып аталатын біздің бұл совхоз Торайғыр көліне 1963 жылы орнай бастады. О баста кішігірім мешеу колхоздардың негізіне құрылған бұл шаруашылықты төрт аяғынан тік тұрғызу оңайға соққан жоқ. Тіпті совхозымыз әйгілі ақынның атамекен жерін жайласа да, айнадай көл мен асқар таудың өзі де «Торайғыр» деп бұрыннан-ақ сайрап тұрса да, совхоздың Сұлтанмахмұт Торайғыров атына көшіру де ұзақ кідіріс тапты. Айтқандайын совхозымыздың атына айдар тағып жабысқан Александров деген кім екенін кейін білдік, Баянауыл маңын алыпсатарлықпен сүліктей сорған бір байшікеш болып шықты. Сол кезеп мекендеген Александров селосының атын совхозымызға жапсыра салыпты ғой. Совхозымыз мекендеген жер – Баянауыл айналасының аса бір әсем, шұрайлы тұсы. Сұлулығын жаңа өзіңіз аздап сипаттап кеттіңіз. Совхоз жайлаған ұлан-байтақ атырапта – Торайғыр көлі, Айман бұлақ, Сарытау – Мойылды, Әулие бұлақ, Найза тас, Сарыадыр сынды атам заманнан бері ардақталған таулы-сулы, шүйгінді өңірлер. Жүз алпыс мың гектардай көлемі бар жеріміздің бір шетін батысымыздағы сонау Бөгембай адыры мен Сарқияққа қарай тартады. Осы таулы, адырлы қиыр-қиыр белестердің ден бойы мал жайылым, шөбі шүйгінді шабындық. Баға білсек, мал мыңмыңдап өрбитін өңір. Әсіресе қой өсіруге құнарлы. Торайғыр түлектері қазіргі 22 мың саулығы бар Еділбай тұқымды қой малын осы бесжылдықтың ақырында 41 мың бастан асырамыз деп серт беріп отыр. Бізде қазір екі мыңға тарта жылқы, соған
жуық сиыр малы бар, бұл жануардар да бесжылдық ішінде айтарлықтай өрбімекші. Әр төбесі маңырап тұрған маңғыт өлкеде әрине, мұншалық қана мал басы болуы мақтанарлық жайт емес екенін сеземіз. Әйтсе де биыл өсіп-өнген малымыздың мемлекет тарапына он мың қой, үш жүз сиыр, төрт жүз жылқы жөнелттік. Өткен жылы шаруашылығымыздың еңсесі едәуір көтеріліп қалды. Он жарым мың гектар егін алқабынан (соның төрт мыңдайы дәнді дақыл) көп жылдардан бері болып көрмеген айтарлықтай артық мөлшерде өнім жинадық. Өткен жыл бір несібелі жыл болды. Бүкіл Баянауыл адырларының қара тасы жібігендей жер ана еміреніп, ауданымыз өмірі болып көрмеген мол дән ырысына қарқ болды. Әрине, несібені өндіруге өрендеріміздің ер еңбектері себепкер екенін айтып, айрықша сүйсінеміз. Бұрын гектарына төрт жарым центнерден өнім алудан аспай келген біздің совхоз диханшылары өткен жылы гектарына 12 центнерден астық жинады, оның үстіне біз былтыр белгіленген межеден тыс жеті жүз гектар жерге дән сепкен едік, берекелі шығымның нәтижесінде мемлекетке жоспардан 25 есе артық астық тапсырдық... Қазір тұқым қоры, мал азығы қоймаларымызда үйме-жүйме болып толып тұр. Егіншілік кәсібіне лайықты түрлі агротехникалық шараларды қамтамасыз етіп қойдық. Ал, ұйықтай қалсақ, қазір түсімізде беймаза ететін мәселе – қысқы мал күтімі. Өзіңіз білесіз, Сібірмен етектес Баянауыл өңірінің қысы қандай қаһарлы! Өткен қыстар үш ұйықтасақ есімізден кетпейді. Әсіресе, бұрынғыларша айтқанда өткен доңыз (ежелден жұтқа ұшырататын) жыл өзінің айдаһардай
ысқырған сұрапыл боранымен Торайғыр тастарын да шайқап кеткендей болды. Қаншама күн қақаған түтек аязында арыстандай қасқиған малшыларды да көз ашқызбай теңселтті. Бұрқасынға шыдамай қыруар мал бықпырт тигендей бүрсеңдеп ықты. Басқа сергелдеңді айтпағанда ата қойшымыз Жеріс ақсақал 650 бас қойымен бірге зым-зия жоғалды. Қас қарая қатал бораннан қалың қойы ыққанда, қайыруға ырқы жетпей малжанды қартың соңынан ере кетсе керек. Біз, совхоздың ығай-сығай ер жігіттерінен жасақ құрап, он төрт жүк машинамен екі топ болып ығар жаққа қарай жөнеп бердік. Бір топты ферма бастығы Сұлтан дейтін бастады. Боран қақап тұр. Мінген аттың құлағы көрінбейтіндей қабақат түтек. Бірақ біз машинадамыз ғой. Бұл шіркін де әр жыраға бір сүңгіп жүріп, ақыры жолсызбен шымқай бұрқасынды қырда адасып талай өзекті шыр айналды. Не керек, ақыры таптық-ау. Сонау Шашқан бекетінің ар жағындағы бір төбенің ығында қой тастардай домаланып қойлар жатыр, мұз құрсанған емендей қатып қартымыз тұр екен. Алдымен моторға әкеліп жылытып, беті-қолы домбыққан, аяғы ісінген шопан атаны сау сақтап қалдық, азғана шығынмен бір отар қойды машиналарға тиеп ауылымызға аман әкелдік. Өткен жылы қаңтардың қақаған сұрапылында екі мыңдай жылқымыз ығып кетті. «Қар тебінгіге қажымас қайран жылқы» қойдай ілбіп ықпайды, басын тұқыртып алып, бөкендей жөнеледі ғой. Біздің Баян даласының, жонның бораны сұмдық қатты болады, сұрапылы ересен сондай алапат қыстарда осы маңды қоныстанған совхоздардан талай жылқы үйір-үйірімен зым-зия жоғалып кетті. Ықтап адасқан көп жылқыны поезд
басып, көбін ық жақта тұратын ағайындар да ізін білдірмей жоғалтқанға ұқсайды. Біз жылқымызды қайтсек те аман сақтап қалу үшін жанталаса аттандық, машина алдына көсемше салт аттыны шолғыншы етіп жүргізіп ақ боранмен жарысып аға бердік. Алты күндей айдаладағы ойды-қырды шарлап ақыры жануарларды аман таптық-ау... Мұндай арпалыстарда қажырлы қайрат шеккен Малтабай, Қабден, Жеріс, Аман, Насреддин, Садық, Мұқсын, Әйтім сынды байырғы шопандар мен зоотехник Жұмабек, Әндәр секілді жастарды, Мәжит сынды жылқышыны, сұрапылда ыққан малды аман табуға көмектескен Тілеубаев Қайырды, Садықов Әйтікенді сүйсіне айтар едік. Бұлардың қырғын боранда мал басын аман сақтап қалу күресінде көрсеткен ерлік істері – ақын-жазушыларға нелер әңгіме, жыр боларлық жайттар... Өткен алап қыстардағы қиын жағдайларды еске алып, совхозымыз қазір екі жылға жетерлік азығын әзірледі. Ақын атындағы совхоздың мәдени-тұрмыс күйлері де жылдан-жылға көркейіп келеді. Жаңадан салынған жеке-жеке үйлерден құрылған жаңа орталығымыз екі жүз үйлік қыстаққа айналды. Қыстақта зәулім онжылдық мектепинтернат пен жуықта салынған төрт жүз адамдық кең залы бар Мәдениет сарайы сән беріп тұр. Бұларда кітапхана, спорт залы, Сұлтанмахмұтқа арналған музей бар. Музейді құруға, оны жабдықтауға айтарлықтай жігер жұмсаған әдебиетші ғалым Омаров Аманды ерекше атаймыз. Барлық совхоздағыдай біздің жасаң шаруашылығымызда емхана, балалар бақшасы,
монша, дүкен, шеберхана, гараждар баршылық. Техника құралдарымыз әзірше жеткілікті, механизатор кадрларын негізінен өзіміз оқытып әзірлейміз, бұлардың көпшілігі Торайғыр ұрпақтары, біздің совхоз оқыған мамандарға кенде емес. Ақын атындағы совхоздың тумалары қазір Алматыда, Павлодарда және жан-жақта шаруашылықтарда түрлі салада көрнекті қызмет атқарып жүр. Торайғыр топырағынан
таралғандардың ішінен белгілі ғалымдар Шапық Шокинді, Серікбай Бейсембаевты, Сәлкен Сұбханбердинді, Аймановтар әулетінен – өнер қайраткері аяулы Шәкен Аймановты, белгілі артист Кәукен Кенжетаевты, ағарту қайраткерлері Айдархан, Әйтікен Аймановтарды, көрнекті ақын Дихан Әбілевті мақтаныш етеді. .Торайғыр көлі, Сұлтанмахмұт мекені ертеден жұртшылық назарын ерекше аударған бір тамаша ая ғой. Революция жылдарында Колчак сойқандарынан қуғын-сүргін көрген атақты Сәкен Сейфуллин де нағашысы Мұқайды іздеп осы маңда болыпты деседі. Айтқандайын, Сәкеннің Баянауыл бауырында жүргенде киген күпісі біздің совхоздың тұрғынында сақталыпты. Сәкенің нағашысы Мұқайдың келіні Ескен жеңгейден Сәкен киген сол күпіні қолқалап сұрап әкетті. Сол күпі қазір Қарағанды музейінде сақтаулы. Ал Сәкеннің нағашысы Мұқайдың немересі Төлеген Мұқаев КазГУ-дің филология факультетін бітірді, өлең жазып жүрген жас ақын, қазір Баянауылдың аудандық газетінде қызмет атқарады. Атақты ақынның атындағы совхоздың мұратмақсаты, мәдени, шаруашылық мүдделері әлі
мол. Совхозымызды мұнан аса жетілту, көркейту жолында ұлы ақын есімімен үкімет тарапынан басшылық, көмек болатыны сөзсіз, сонымен бірге ақын менен ғалымдар, өнер қайраткерлерінің де назары көбірек түссе тіпті ғанибет болар еді. Торайғыров атындағы совхоз аясына ақындар, артистер, ғалымдар, суретшілер жыл сайын жазда көптеп саяхат жасайды. Өткен жылдарда ақынның атамекен жеріне ақын-жазушылар Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Дихан Әбілев, Сырбай Мәуленов, Темірғали Нұртазин, Зейтін Ақышев, Мұхтар Жанғалин тағы басқалар болып кетті. Ертеректе Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов та арнайы келіп кеткен. Бір топ ақын-жазушылардың, Қалеке, сізбен бірге творчестволық сапармен біздің совхозбен танысып кеткені жоғарыда айтылды. Кейінгі жылдарда Торайғыров көлінде Әлкей Марғұлан, Сақтаған Бәйішев, Мұхаметжан Қаратаев, Серікбай Бейсембаев, Өмірбек Оспанов сынды ғалымдар, өнерпаздардан – Шолпан Жандарбекова, Елубай Өмірзақов, Шабал Бейсекова, Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Бақыт Әшімова сияқты белгілі артистер, әншілер болды. Жерлесіміз атақты Шәкен Айманов біздің совхоздың таңғажайып тұлғалары мен көлдердің маңайында «Бір ауданда», «Алдар Көсе», «Найзатас» кинофильмдерін түсірді. Белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев пен суретші Сахи Романов та Торайғыр көлінің әсем табиғатын тамашалап, келіп қайтты. Бұл білімдар, өнерпаз адамдарды біздің совхоз еңбеккерлерінің жомарт пейілімен сый-құрмет көрсеткені – қадырлы жолаушылардың баршасына мәлім. Тек дәметеріміз, келіп-кеткен өнер, білім иелері,
ақын жазушыларымыз Баянауыл мен Торайғыр көлінің ғажап табиғаты мен жаны сұлу жандарды, еңбеккерлер жайында тамсанарлықтай өлең-жыр жазса, ән тудырса, суретшілер атақты ақынды бауырына бөлеп өсірген Торайғыр көріністерін бейнелесе, ғалымдар мен жазушылар ардақты есіммен совхоздың жетістігі, олқылығы, тілек мүдделері жайында сөз қозғаса қандай ғибрат іс болар еді. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 80 жыл толғалы отыр. Әйгілі ақынның бұл мерекесін жұртшылықпен бірге, бүкіл халқымызбен бірге біздің совхоз еңбеккерлері жақсылап тойламақшы, ақынның атына ие болған бұл мерекеге еңбектегі айтулы табыстармен, игілікті істермен келуге құлшына әзірленуде. Ал, совхоз еңбеккерлерінің мәдениет-өнер қайраткерлерін, әсіресе Қазақстан Жазушылар одағынан өтінер тілектері де бар. Алдымен ақынның зираты да көз тартарлық емес, қабыр басына қойылған белгі де ақынның қайсар, ірі тұлғасына сай емес. Күйкілеу. Осы бейітті, белгіні қайта жасап жақсы қалыпқа келтірсе, совхоз орталығында ақынның көрнекті мүсіні бейнеленсе, ақынның қазіргі шағын музейі кеңейтіліп, оған жаңа экспонаттар, кітаптар, суреттер көбейтілсе, суретшілер бір кезде кемеңгер ақын қасында толғаған кертеш тастарды, жасыл көлді полотноға түсірсе - қандай абзал, өнегелі іс болар еді. Ақындар, сыншылар, Жазушылар одағының ынта-назарымен мұндай игілік істерді ақын мерекесі алдында қазірден бастаса, іс сәтті болар еді. С.Торайғыровтың 80 жылдық мерекесін өткізу алдында жоғарғы басшы орындарға мәселені келелі
етіп ұсынса, нәтижелі болар еді деп сенеміз. Біздің ойымызша Сұлтанмахмұт мерекесі Павлодар қаласында, Баянауыл ауданының орталығында және біздің совхозда ақынның атамекен жері Торайғыр көлінде орақ науқанының алдында июль айында өтсе – қызықты болар еді. * Қабиден совхоздың қазіргісі мен келешегі, мұрат-мүдделері жайында және Сұлтанмахмұттың 80 жасқа толуына байланысты мерекені өткізу жайында байсалды пікір қозғап, беріле сөйледі. Ақынның атағын ардақтап, өзі басқарған совхоздың мәдени-шаруашылық салтанатын көтеруді де мақсұт етеді жас директор. Менің есіме өзге бір ардагер адамның есіміне байланысты бір жайт түсе кетті. Осыдан аз жыл бұрын Аягөз ауданындағы Бейімбет Майлин атындағы колхозға, Семейге бара жатып жолшыбай аялдағаным бар. Колхозға бастық болып жаңа келген жас жігіт сонда маған қынжыла бір сыр шертті. Бұл шаруашылығымыз көп салада кейін қалып келеді. Оны көтеру үшін бар жігер-күшті жұмсап-ақ жатырмыз. Ал менің жаныма батып жүргені белсенділеріміздің жиылыстағы әрдайым айтатын сөздері «Майлин» шегіншектеп кетті», «Майлин» көтерем болды», – деп асқан жазушының атына лайықсыз жамауларды жапсырғандары. Сондай-ақ, директор бауырым, Қабиден, ардақты ақын атына жағымсыз атақ жаппау үшін совхоз еңбеккерлері мақтанарлықтай қайрат шегетін болсын, өнегелі іс көрсетсін, ал сенің жерлестерің атынан білдірген әлгі тілектеріңді жазушылар қауымына жеткізуге әзірмін.
Бай жағы мың жүз болса, Кедей жалғыз, Қорықпай жалғыз жақта қалар едім, – деп қилы кезеңде жар салған жарлы жұрттың жалынды жыршысы қазақ поэзиясының классигі, аяулы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ардақталуға, мерекесінің салтанатпен өтуіне әбден хақысы бар. Біздер, ақынның мирасқорлары – Сұлтанмахмұт мерекесін поэзия тойына айналдырып, кемеңгер ақынның есімін жаңғырта түсуге күш жұмсаймыз. .Мен сөзімді аяқтап Қабиденге қарасам, ол, біз демалып жатқан төбеден асқар шоқтығына көз жіберіп келеді екен. Сонау ақ сеңгірге орап қар бұрқырап тұр екен. – Біздің Ақбетте қазір боран құтырына соғып тұрған шығар, көзіме өткен жылғы сұрапылдар елестеді, сірә ертең жеріме қайтқаным жөн болар, – деп айрылысты бізбен, ақын атындағы совхоздың албырт директоры... Сұлтанмахмұттың творчествосы жайында мен ҚазПИ-де оқып жүрген студент кезімде-ақ сөйлеп, Сұлтанмахмұтты теріс кінәлайтын керауыздармен талай айтысқа түскенмін. Атақты ақынның творчестовсы туралы бірнеше мақала жаздым, юбилейінде баяндама да жасадым, бір-екі өлең арнадым. 1983 жылы октябрь айында менің жетпіс жылдығыма байланысты – менімен бірге жазушы Сайын Мұратбеков, ақын Аманжол Шамкенов үшеуміз Торайғыров атындағы совхозға барып, тұрғындармен кездесіп, ақынның аруағын жаңғыртып қайттық.
ӨТКЕН ЖЫЛ ТУРАЛЫ ОЙЛАР Алатау асқарына ерте тұрып қарай қалып едім – ұлпа мамықтай әппақ қарды молынан жамылып, маңқиып әсем тұр екен. Алатаудың шың-құздары жылдағыдан да биігірек, жылдағыдан да ұлырақ болып көрінді. Биік шоқтықта тұрып айналаға көз жіберсем Алматының зәулім-зәулім үйлерімен қат-қабат сарайлары да қасымдағы заңғар жартастардай ақша қарды жамылып асқақтап тұр, тіпті зор сарайлары көп аппақ қала мен құзқұз шыңдары шұбатылған Алатау арасын жіктеп айыру қиын. Жаңа жыл алдында жауған мол қар Алатау күмбездерін алтынмен аптағандай ерекше жайнатып кетіпті. Мен Алатаудың бір биік шоқысында тұрып, жанжағыма, аппақ айдындай қия-қырларға созылған ақша қарлы жоталарға сақшыдай көз жіберіп тұрмын. Қаланың өзі де құж-құж таулар секілді тәкаппар пішінде, ағараңдап, асқақтай түседі көзге. Менің қиялымда басқа бір елес сағымдай жарқ ете қалды. Жуықта ғана, өткен күз айында мен Чехословакия республикасының жерінде болып қайттым. Чехословакияның ежелгі астанасы Прага қаласында болдым. Айтқандайын бұл елде мен азаткер, айбынды Совет Армиясының қатарында жылдың жеңіс айларында болғанмын. Алтын Прага деп аталатын шара өткен бұл салтанатты қаланы мен Карпат тауының бір биігінен өткен күзде тамашалап қайта қарадым.
Ежелден сән-салтанаты әлемге әйгілі бұл кербез қала баяғысынша алтын басты мұнаралармен, заңғардай асқақ, қат-қабат ордаларымен жайнап тұрды. Чехословакия жерінде талай зор құрылыстардың, өнеркәсіп орындарының орнап қалғандығын, мен жол үстінен байқаған едім, ал сұлу Прага осыдан отыз екі жыл бұрын мен көрген өзінің әсем де асқақ қазқалпында екен. Сол әйгілі шаһардың көшелерінен соғыс құйыны ойнақтап өтсе де, Прага ойранға ұшыраған жоқ, қабырғасы қисаймай сау қалпында қалды. Ол қаланы жау алапатынан сақтап қалған біздің Совет Армиясы, азаткер совет жауынгерлері, сол ерлерді мен сонау 1945 жылдың май айында өз көзіммен көрген едім. Чехословакия халқы, өздерінің атақты астанасының қиратылмай, шытынамай сау қалғанын сүйініш етіп, азаткер Совет Армиясына ыстық ықыласпен айтқан алғысын да мен өз құлағыммен естідім. Сол Прага тауларының шыңында тұрып, мен сапарға шыққаныма аз күн болса да сағынып қалған өзімнің Алатауымды еске түсірдім. Нулы орманға оранып асқар тауды алқалап тұрған аясы пейіш Алматымды мақтаныш еттім. Алатау жоталарын жартастардай ақша зәулімдер басып, биікке, шартарапқа өрлеп барады, сірә, шексіз өрлей беретін сынды. Алматы десе қазір бүкіл әлем елең ете қалады. Алматы деген атаумен бірге қазақ деген ел аты да жарыса жүргендей. Сол өткен күзде Чехословакиядағы Карловы Вары атты курортта дем алып қайттым. Совет халқымен ізгі ниеті бір бұл бауырмал халық біздің елдің адамдарына ерекше
ықылас, мейір сездіреді екен. Емделушілердің арасында мен секілді бірлі-жарым ақындар, журналистер де болды. Қалалық партия, баспасөз ұйымдары сол қаламгерлерді бір күні кездесу кешіне шақырды. Сол кеште мен және сол тұста жұбайымен бірге дем алуға келген белгілі ақын Тұрсынхан Абдрахманова жиналған чех жұртына арнаулы өлеңдерімізді оқыдық. Айтайын дегенім бұл емес, «Мен қазақпын, мен алматылықпын! – деп оларға бұрын бейтаныс өзімді таныстырғанда – баяғы Карл патшаның алтын сарайына жиналған жұртшылық ду қол шапалақтағанда, шынымды айтсам, қатты толқыдым». Мені айрықша толқытқан тағы бір елеулі жайт сол жергілікті жауапты партия қызметкерлерінің сөзі болды. Осы жиналысқа Чехословакия Компартиясының Карловы Вары қалалық комитетінің бірінші секретары Мирослав Новатный жолдас қатысып, сөз сөйледі. Бұл келісті келген әлі жасаң жүзді мүбәрак кісі аса бір разылықпен сөзін Қазақстан жайынан, Алматы жайынан бастады. Өткен жылдардың бірінде достық сапармен бұл кісі Қазақстанда, біздің Алматыда болып қайтқан екен. «Мені Алматы қайран қалдырды. Бір бағыстан қала екен. Мен Жамбыл ауданында қонақта болдым. Жылы жүзді, еңбеккер қазақ халқының меймандостығы, ежелгі қонақжайлы салты мені өте сүйсіндірді. Жергілікті партия-совет қызметкерлері, әсіресе, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдас біздің делагациямызға ерекше сый-құрмет көрсетті – бұл менің есімде ұзақ сақталады», – деп маған
қарап қайта күлімдеді. – Естіген боларсыз, сіздің Алматыда кеше республикалық партия шаруашылық активінің кеңесі өтті ғой. Сонда Л.И.Брежнев сөйлеп, Қазақстан биыл мемлекетке бір миллиард пұттан астам астық береді деп сенім туғызды. Біздер, Қазақстанның шетелдік достары да бұл сөзге әбден сенеміз. Қазақстан – сондай зор табысқа ие болатын орасан зор өлке!» – деп сөзін аяқтағанда орнымнан кенет қозғалып кеткендей болдым. Республикамыз үшін, астанамыз үшін жыл сайын мақтанышымыз ұлғайып, мәртебеміз биіктей түсіп келеді. Біздің атақты астанамыз Алматыда кейінгі жылдары жержүзілік мәні бар уақиғалар өткендігі де бізді қуантты. Азия-Африка жазушыларының қазіргі заманғы қажетті зор мәселелерді қараған конференциясы, әр елден тоғысқан музыка қайраткерлерінің келелі жиыны, Совет әдебиетінің айтулы апталығы, баба жерлесіміз Әл-Фарабидің мереке күндері, Менделеев ғалымның салтанаты – тағысын тағы тамаша жиындар біздің атақты астанамызда дүниеге дүбір салып өтіп жатса, біздер қалайша мақтанбай тұра аламыз?! Ал, Қазақстан үшін, қолы құтты егінші ерлеріміздің мемлекетке миллиард пұт астық тапсыруы бүкіл халқымызға ерекше мақтанышты, тіпті кереметті уақиға болды. Керемет демей не дерсің, құдіретті қолдар мәпелеп өсірген сол ұланасыр мол несібені табиғаттың аласапыран лайсаң шағында қауырт жинап алу қандай қиындыққа түскенін қиялға келтірудің өзі қиын. Біздің социалистік қоғам құрылысының шарапатымен кейінгі кезде тағы бір игі дәстүр
дүниеге келді. Қазақ даласына мол біткен дәнді жинасуға Отанымыздың шартарабынан туысқан совет адамдарының көмекке келуі дәуірімізге сай қуанарлық салтқа айналды. Туысқан республикалар мен түрлі өлкелерден келген шебер механизаторлар, өз жеріміздің ысылған ер егіншілері тың даласына ұлан-асыр дүбірмен атой беріп, шағын мерзімде телегей-теңіз дән толқынын Отан қоймасына шашаусыз тоғытуы – дастан, эпопея боларлық қаһармандық уақиға емес пе?! Жуықта мен Нарынқол ауданында болып қайттым. Н.К.Крупская атындағы колхоздың клубында мен егіншілермен, шопандармен кездестім. Еңбекқор қариялар да, жас еңбеккер жеткіншектер де клубқа көп жиналыпты. Еңбек адамдарының әдебиетке деген мұнша ықыласына мен өте разы болдым. Қазіргі әдебиетіміздің өскелең жайы туралы айта келіп, Д.,А.Қонаев жолдастың есімі аталған өлеңімді оқығанда жұртшылық ризалық көңілмен ду қол шапалақтап тұрып алды. Бұл жайдан мен халқымыздың партияға, партиямыздың елеулі қайраткері республикамыздың игілігі мен өркені үшін аянбай басшылық қызмет атқарушы Димекеңе арналған ыстық мерейді, зор құрметті сезініп, өз мәртебем де көтеріліп қалды. Партия меңзеген бағыттарға барша халықтың аса бір шабытпен, екпіндеген жігермен ұмтылып жатқаны әр еңбеккердің ісәрекетінен айқын сезіледі. Нарынқол ауданындағы Н.К.Крупская атындағы колхоздың маңдайалды еңбеккерлерімен сөйлескенімде бұл жайды мен анық байқадым. Колхоздың председателі Рауан Арипов, іскер де білімді жігіт екен. Биология
ғылымының кандидаты Рауан Арипов өз колхозы асылдандырып жатқан арқар-меринос қой тұқымы жайында жерден жаңа асыл тапқан инженерше қызу сөйледі. – Республика ғалымдарының қой тұқымын асылдандыруға көп ғылыми басшылық еткені рас. Әсіресе, бізге белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әндижан Есенжоловтың ғылыми жетекшілігі зор көмек етті. Ал түптеп келгенде қойды асылдандырудың асқан мамандары өзіміздің тәжірбиелі шопандар – кәрілер мен жастарымыз. Олар будандастыру тәжірибесінің нелер сиқырын жақсы біледі. Елу мыңнан астам асыл тұқымды қойды, біздің шаруашылығымыз жыл сайын шығынсыз өсіріп, қыстан күйлі сақтап келеді. Мемлекетке ауыл шаруашылық өнімдерін тапсыру жоспары да дәйім асыра орындалып келеді. Мына қызыл тулар сол жеңістеріміздің айғағы, – деп Рауан бізге кабинетінде ілулі тұрған туларды көрсетті. Бұлар социалистік жарыста озып шыққан өнегелі шаруашылыққа берілетін құрмет жалаулары екен. Сол колхоздың озат механизаторы Қажымұқан Диханбаевтың ерлік істерімен танысқанымда менің көзіме оныншы бесжылдық осындай өрендері елестеп қалды. Социалистік Еңбек Ері, өзге де бірнеше ордендері бар, партия мүшесі бұл қажырлы қайсар азаматтың сөзі мен ісінен мен қазіргі кезеңдегі біздер іздеген ерлер бейнесін көріп сезінгендей болдым. Қажымұқан Диханбаев партиямыздың ХХV съезінің делегаты екен. Съездің елеулі шешімдерін жүзеге асыру тарапында коммунист Қажымұқан өткен жылы астық жинау жоспарын жүз елу процент орындап, әр гектардан 34 центнерден алтын дән алыпты.
Қазіргі шақта ол өзінің шәкірт інілерімен бірге мал қыстауларына мал азығын тасуға шұғыл кіріскен екен, өзі жайлы шағын сөйледі де шаруасына асығыс жүріп кетті. Біз атақты Хан-тәңірінің көсілген аппақ бөктерінде келеміз. Нарынқол аудандық партия комитетінің секретары Шайхислам Баймұхамбетов жолдас пен колхоз бастығы Рауан Арипов маған ырыстың кені болған көз алдымыздағы асқақ таулы, нәрі шұрайлы осынау атамекен жайында екеулеп әңгіме шертіп келеді. Олардың айтуынша бұл киелі құт өлкеде ағын сулар, алуан түсті гүлдер, пейіштей кең әсем жерлер көп. – Бұл тауды түрлі жануарлар мекендейді екен, тіпті, арқар-меринос қойларымызбен қосыла арқар, киіктер бірге жайылып жүреді, нәсілі бір хайуандар ғой, – деп күлдіреді Рауан. Кеше ғана ұшқындап қар жауған екен, айнала әппақ қылаң, төбе-белдер қатқылдау екен. Мен қанша ентелесем де тәкаппар Хан-тәңірі айқын көрінбеді, тау басы бұлыңғыр еді. Біз Жабыр тауының бауырындағы қыстауға келдік. Мұндағы отардың иесі Тоқтамхан Жақыпақынова қой өрісінен жаңа ғана оралып, үйіне келіп от жағып жатыр екен. Тоқтамханның іскер, ақылды әйел екені сөзінен, жүріс-тұрысынан-ақ сезіліп тұр. Омырауында Еңбек Қызыл Ту ордені бар бұл озат шопан бірнеше жылдан бері жүз саулықтан жүз елуден, жүз сексенге тарта төл өсіруде. Төл болғанда түгі алтындай жарқырайтын арқарға тартқан асыл қошақандар. Бұл озат, іскер әйелдің әңгімесі өзінше бір хикая. Оны кейін жазармын да. – Біздің колхозымыз аудандағы ең озық колхоз болуға әбден лайық, – деп аупартком секретарына
ойлы көзбен қарағандай болды, колхоз председателі Рауан Арипов. – Расында, кейде сіздер, – деп Баймұханбетов жолдасқа сөзін қарай сөйледі, – кей шаруашылықтың малының, жерінің егін көлемінің мол мөлшеріне қарап, бағалайсыздар, ал біздің колхоз жері, малы жағынан шамалы болса да өнім, сапа жағынан солардың көбінен ілгері ғой, – деп өзі басқарған шаруашылықты мақтаныш ете сөйледі. .Рас, оныншы бесжылдық – зор өніммен, асқан сапамен дәуірлейтін кезең. Біздің ардақты партиямыз коммунизм құру жолындағы бұл асулы белеске барша халқымызға тегеуріні толқындай жаңа қарқынды, нәтижесі өнегелі, жаңа шабытжігерді шарт етіп отыр. Біз совет халқының құдіретті күшіне, партияға берілген шалқыған мерейіне кәміл сенеміз.
БАҚАЙ ТАУДЫҢ БАУЫРЫНДА Мал өсірсең – қой өсір, Өнімі оның көл-көсір. Қой семізі – қойшыдан! Қой – жерге бітеді. (Халық мақалы) Құз тастар қозғалған ба Таусүгірде, Алқабы алашоғыр асыр мүлде? Бақай мен Матай әлде үндесті ме, Қос таудың жаңғырғандй даусы бірге.
Самсаған салт аттылар самаладай, Жиын жұрт, толқындай деп шамала жай! Бөктерге күмбез үйлер қаздай қонса, Қой өрген көк жайсаңда шағаладай. Қол бұлғап қызыл тулар шаңырақтан, Қыз қойшы әсем әнді аңыратқан! Апырау, бұл неткен той? – Таусүгірге, – Жарықтық машинамен шаң боратқан. Қой толқып аңғар тауға ала құрған, Ауылға, әзір тойға, алда тұрған, Малшының, егіншінің, арасында, Ақын мен әнші келеді Алматыдан. Расында да, үлкен той екен. Бақай таудың бауырына, Таусүгірдің бұйра бөктеріне бүгін, 24 май күні Шелек ауданына қарасты бел-белестен, сай-саладан, жас-кәрісі аралас нелер саңлақтар жиналыпты. Баяғыда Бақай батыр мен Матай батыр осы өңірдегі бірі түстікке, бірі терістікке жантайған сонау заңғар екі тауға көктем сайын келеді екен де – ел амандығын, мал амандығын сұрастырып, алыстан айғай салып үндеседі екен, мал баққан елін жаудан қорыған екі ер осылай сұс көрсетіп Таусүгірді зор айғаймен көктем сайын жаңғыртып кетеді екен. Сол Матай мен Бақай ұрпақтары, қазіргі қой өсірген совхоз марқасқалары да көктем сайын осынау бір киелі бөктерге келіп, қыңыр қыстан шетінемей аман шыққан мал жайында, өсер-өнер төл жайында, мемлекет алдындағы парыз-қарыздары жайында мәслихат құратын болыпты. Жақсы дәстүр емес пе?!
Міне, мерекелі күнге лайық көрікті киімдер киген кәрі-жасы аралас шопан ағайындар орта алаңдағы биік төбеге жиналды. Мұнда қолма-қол, жаңа ғана жасаған дала театры тұр. Кәдімгідей сахналы, қатар-қатар орындықты. Мәслихат жедел басталып кетті. Жиналыстың қақ төріне, алдыңғы қатарға ең озат шопандар отырғызылды. Басқарма мен партия басшылығындағы жолдастар сол игі істің өнегелі иелерін мақтан ете таныстырып жатыр. Ер шопандарға жарыса шыққан әйел саңлақтар да аз емес екен. Қажырлы қартта мен әлекедей жаланған ер жігіттер де ексімдеп сөйлей берген соң, бір кезде мінбеге «Жарсу» совхозының қой бастаған серкесі – Кіртаева Күләйім шыға келді. Жай отырғанда момын пішінді қара қоңыр әйел, мінбеде ағытыла сөйлеп тұр: .– Әу, еркек жолдастар, мен қайсыңнан кеммін, он жеті жыл қоралы қойды мәпелеп өсіріп келемін. Бір жыл жаманатқа ұшырадым ба? Жақсы, озық дегеннен басқа атаққа ие болдым ба? Біздің «Жарсу» совхозының жұлдызы болған, жүз саулықтан 114 қозы өсірген Мариямханды неге алдымен атамайсыңдар? Солар жаңағы мадақтаған Омаржаннан, Мажаннан, Тұрыскеннен кем бе? Мына «Масақ» бойындағы арық қойларды көргенде біздің ызамыз келеді, қыстан көтерем болып шыққан қортықтарын санап мақтанғанша, біздің «Жарсу» жайылымындағы семіз қойларымызды көріп, көңілдерін тоғайтпай ма? – деп әзілдеп қағытып өтті. Отырғандар толғанып та, қозғалып та қалды.
«Жарсудың» жер түлеген аймағында, Кең жайлау ен өріс бар қой бағуға. Асының ассаң сонау асқарына, Барасың қалың қойдың қайнарына. Қойлар ма, қойтастар ма қыбырлаған? Арқар ма, қошқары ма, қырындаған? Қызығып қой мыңғырған «Жарсуыма», Қой сүйсе, жолаушы жоқ, бұрылмаған. Асының ақша қарлы ала шыңын, Айналып айдап қойды аласұрдым. Разымын еңбегіме, жүр соңымда, Қозыны бағып бірге балашығым. Жазда бұл иісі жұпар гүл айында, Көшкенде Асы сынды ну айдынға. Іздесең сезімдерді, егіздерді, Бара гөр Мариямхан мен Күләйімға. Жүлдеге қосамын мен «Жарсуымды», Қалаймыз бәйге атындай жарысуды. Құзына Асы таудың қой өрмелеп, Өтеді өткел бермес жарып суды. Қой қасы – қарлы қақбас қыс айыңды, Жеңген бұл қойшыңда бар күш айбынды. «Жарсудың» сертін айтсын астанаға, Ұсындық өкілдікке Құсайынды. Күләйім солай толғанды. Еркін, шалқи сөйлеп тұрып, сыйлық ретінде үстіне жабылған жібек жамылғыны да аңдамай қалды. Күләйімнің жоғарғы сөздері қозғады білем, мінбеге «Асы»
совхозынан Рақышев ақсақал асыға шықты. Отыз жылдай қой өсірген майталман, құтты қарттың алдынан қотан толған қойлар өріп, Отан игілігіне мыңдаған пұт ет пен жүн тартылған да болар. Өзіне социалистік мал өсірудің шебері деген атақты даңқты атақ беріпті. Бірақ қарт өзін мақтап сөйлемеді. Сарғыш сақал-мұртын шапшаң қимылдатып, жұпыны жүзінің түктері түріле, тікірейе сөйледі. .– Садағаң кетейін, Асының жайлауындай Жетісуда жер бар ма? Жер шұрайлы емес пе? Асы – тек «Жарсу» совхозының ғана жайлауы ма? Тек Шелек ауданының өрісі ме? Сонау Есік, Іле бойларындағы қалың колхоз, совхоз бен осы Шелек өңіріндегі мыңғырған сансыз малға иен шүйгін қоныс емес пе? Ал осы құт жайлауға біздің осы Шелек маңы мандытып қой өсіріп отыр ма? Жаңа осында сөйлеген бір мейман анау Алтай-Тарбағатай атыраптарында әр совхоз жүз мыңдап қой өсіреді екен деді. Ал біздің совхоздарда қой малы әлі аз. Бүкіл Шелек ауданында үш жүз елу мыңдай ғана қой бар деседі. Тіпті бұл мақтанарлықтай көп қой емес. Шіркіндер-ау, әрқайсың өз істеріңе мақтанғанша, келесі жылдары аудан көлемінде қой басының өсімін екі есе, үш есе көбейтеміз деп серт етпейсіңдер ме? Тағы бір айтарым – «қой еті – қоян еті» деген ескі мәтелді естуден енді құтылар кез жетті. Қойларың құнан өгіздей болсын – міне, менің тілегім. Қойды баққаннан гөрі, тойды бағатын желікпелер аз емес, осыларды неге мінемейсіңдер? Олардың қырыс мінездерін не деп сипаттар едік?
Бұлар саңлақ емес, Сылаңдар еді. Жиын сайын қылықтары сыналған еді. Бұлар қойды тастап, той іздейді. Қымызға емес, «қырсық суға» тойғыз дейді. Мұндайлар ән айтпайды, бақырады. Жас баласына қойды сен бақ деп ақырады. Мұндайлардың төлі дүзде қалады, Бұлар қойын – Жұрт көшкен ізге бағады. Өздері қойларынан семіз келеді, Кемшілікте төзуге негізделеді. Бұлар семіз қойдың тонын жамылады, Ал, арық қойдың санынан жаңылады. .Ендігі бір кезекте мінберге қызыл шырайлы, ұяңдау бір жас қыз келіп қалды. Мүләйім қыз үнсіз ғана ойланып тұр. Тап қазір мектепте, сынақ алдында айтар сабағын пысықтап қалған тәрізді. Өзі де мектеп жасындағы қыз екен... – «Қызыл жиде» совхозының шамшырағы, жас шопан Тұрахан Үмбетқызы, – деп таныстырды жиындағыларға аудандық партия комитетінің секретары Садыр Әбішев. Тұрахан? Осы есімді мен қайдан естідім? Айтқандайын, аудандық «Еңбек туы» газетінде басылған хабар арқылы Тұраханмен танысқан екенмін ғой. «Жарсу» совхозының аға шопаны Ботагөз Бекбатыроваға Тұрахан хат жазыпты. Ботагөз өзінің газетке жарияланған сәлемін бұл хаттың жайын былай баяндайды: маған бейтаныс
адамнан хат келе қалды. Тұрахан Үмбетовадан Ботагөзге, – деп жазылыпты конверт сыртында. Хатты ашып оқысам, сәлем жолдаушы «Қызыл жиде» совхозының қыз шопаны өзімнің әріптесім екен. Жас болса да, бір отар қойға ие болған талапты қыз екен. Хатында Тұрахан өзінің қарт әкесінің жолын ұстап қой өсіру ісіне өзі қалап келгендігін айтады. Сегіз класты бітірген сауатты қыз жақсы шопан болуды саналы түрде мұрат етіпті. Өзі сөзге шебер қыз екен, хатында мені былай толғандырды: «Есіміңізбен газет бетінен таныспын, еңбегіңіз жемісті болып, мерейіңіз өсе берсін! Шопан болу – зор абырой. Кел, Ботагөз, жарысқа түсейік, жүз саулықтан жүз жиырма төл өсірейік», – деп тұжырымдапты сәлемін. Қойшылар құттықтаңыз қыз баланы, Әрдайым құтты болсын із-қадамы. Бақшаға қауын еккен бағыбандай, Көркейтсін баққан қойы дүз-даланы. Ұқсайды малжандығы әкесіне, Әкенің аманатын өтесін де. Тұрахан бағыландай бұлаңдаса, Жігіт-ау, қой соңынан жетесің бе? Тұрахан – «Қызыл жиде» жемісіндей, Өрісі – аспанның көк кеңісіндей. Әкесі әлпештеген қыз болса да, Еңбегі майдандағы ер ісіндей. Құз күтіп, қыздың қойын тосар аңғар, Маңырап ерер оған қошақандар.
Басынан Бақай таудың ән шырқаса, Даусынан үркіп қырға қашар аңдар. Ей, жігіт, жөнел жылдам сонау жаққа, Қосыл сен, қыз даусына сол аулақта. Секірген серкелердей таста билеп, Қиядан қойды қайыр самал баққа. Күмпілдек көп жігіттің бірі атанба! Ұқсап көр еңбек сүйген Тұраханға. Осылай қарт айтады, Ұмтыл жігіт, Жаумай ма талаптыдан нұр Отанға. Әскерде көрген едім, жорықтарда жауынгерлік жасап қайтқандарды, қатарланған саптан үштөрт қадам ілгері шығарып тұрғызар еді де, оларға айрықша алғыс жариялар еді. Сондай-ақ өндіріс басқармасының басшылары мен совхоз директорлары қалың жиынның қарсы алдында көптеген адамдарды атап шақырып, алға тізді. Бұлар Шелек өндіріс басқармасына қарасты шаруашылықтардың ең озық, өнегелі шопандары екен. Көз қызығарлық көрініс пайда болды. Сол игі, берекелі еңбек иелеріне, марқасқа қойшыларға совхоздар тарапынан тарту сыйлықтар әкелінген екен. Үлде мен бүлде, жиһаз жасаулар жүлдеге тартылып жатыр. Бақай таудың бауырындағы еңбек иелерінің бұл салтанаты ақынды да, әншіні де қоса тербеткендей. Сол бір сәт масайрады марқасқалар, Кез еді күй шертілер, ән басталар.
Бақай тау алдымызда асқақтады. Батырдай айбатынан жау жасқанар. Жұртына қойды баққан сыйлы шопан. Маңқиып мәуітіден киді шапан. Асының шешегіндей гүл кілемге, Отырды қой бағуды сүйген апаң. Жамылып қыжым жібек киімдерді, Жұртының келін қойшы сыйын көрді. Қарайды сағатына Марияхан, Сағатпен санайтындай қиыр белді. Жүздерден нұр шалқиды күлімдеген, Жас шопан сақпан қызға күбірлеген. Костюмі алған сыйға қандай әсем, Тіккендей өз қойының түгіменен. Жәрмеңке ашылғандай бұл бөктерде, Дүкендер машиналы, көлбепті өрге. Бұйымдар әлем-жәлем тұр тізіліп, Қойшы жүр көргендей бір ғажап көрме. Қуантып қойшылардың қызық ісі, Келіпті күй пернесін сызып күйші. Самалдай күй ескенде домбырадан, Аңқыды ақбоз үйден қымыз иісі. Өткеннің өкінішті құрған назы – Бір кезде тебіренді Құрманғазы. Оркестр келген екен осы тойға, Қойшының қозғасын деп сыр мен сазы.
«Сарыарқа», «Саржайлаулар» саңғырады, Сол күймен қойлы дала жаңғырады. Теңселіп Шопан-ата күйге балқып, Сыңсыды Таусүгірдің сал бұлағы. Сұңқылдап бұлбұл даусын қиды кімге? Кәрі-жас ынтызарын иді мүлде. Тәтті ән таңдайынан төгілгенде, Тамсанып телмірді жұрт Бибігүлге. Қойлы ауыл, құрт орнаған өрісіне, Сүйсінген қой өсірген әр ісіне. Әнші мен ақын қосты әуездерін, Шалқыған шопандардың жеңісіне... Бақай таудың бауырындағы қойшылар салтанаты осылай дүркіндеді. Мейлі, масайрай берсін, мал құты болған игі жандар! Олардың берекелі, өнегелі істеріне баршамыз да қуаныштымыз. Бірақ айтар тілек-талабымыз да бар. Бұл талапты осы жиында пікір-кеңес айтқан кәрілі-жасты шопандар да, облыстан келген меймандар да мерей-тілек ете сездірді. Бұл талап алдымен өндіріс басқармасының басшыларына, партия комитетіне, совхоз директорларына арналды. Бұл басқарманың шаруашылықтарының жалпы табыстарының ішінде қой малынан түсетін табыс 52 процент орын алады екен, ақшаға шаққанда жылына қой малынан бір жарым миллион сом пайда келеді екен. Аудан бойынша үш жүз елу мыңдай ғана қой барын аңғардық. Бұл Асыдай жайлауы бар, асқар таулары мен жазық жайылым бар, Шелектей арқыраған өзендері бар ауданға аз мал. Совхоз бастықтары қой малының
басын бірнеше есе көбейтуді неге мұрат етпейді? Мұндай міндерді енді болдырмаймыз, деп уәделесті жиылған шопандар. «Қой семізі - қойшыдан». Осы жылы мемлекетке беретін қой басының салмағын 60-70 килограмға жеткіземіз, әр жүз қойдан төртбес килодан жүн аламыз! – деп серт етісті Шелек ауданының қой өсіруші майталмандары. – Талап-мұраттарыңыз сәтті болып, ойдағыдай орындалсын, сіздердің игі істеріңіз біздің сүйсіне толғайтын жырымыз болсын, қадірлі шопан достарымыз! ЕРТІС АЛҚАБЫНДА Біз «Волгамен» зулап келеміз. Алдымызда құйынды қар иірім толқындай, немесе жөңкілген қалың жыландай мың бұралып асыр салып жүр, ысқырып, ойнақтап келіп біздің машинамыздың доңғалақтарын айқара қауып қояды, моторы күйлі «Волга» дала тентегінің бұл ажуасына көнсін бе, қарлы бөгесіндерден ырғып өтіп, әдетінше жүйткіп келеді. Алдымыздан, бұрқасын торлаған буалдыр көктің арасынан тұманды таудан жалтылдаған найзағайдай қалың сәуле жарқ ете қалды. Ертіс өңірінің бұл атырабы өзіме бұрыннан таныс болғандықтан, жалыны аспанға будақтаған алдымыздағы қалың шоғырдың Ермак қаласы екенін сезе қойдым. Сонау бала шағымда, қазақша Жармақ атанған бұл шағын селоға кейде атпен, кейде өгіз жеккен шанамен келгенім бар. Шыған түзден талығып келе жатқан көзімізге алыс қырқадан осы селоның ақ шіркеуі ғана сорайып көрінетін. Сол шіркеумен ауқатты адамдардың
өзінше ұқыппен салынған он шақты ағаш үйлері болмаса, бұл селода көз тоқтатарлық ешқандай сарай-жабдық жоқ еді. Сол шақта, сонау отызыншы жылдардың өзінде бұл деревняға қиырдан түнде талмаусырап келе қалып, қоналқа іздегенімізде терезесінен шамы жылтыраған бірен-саран хұжыраны әрең табар едік... Міне, біз Ермак қаласының ортадағы тас көшесімен жылжып келеміз. Биік жартастай қатқат зәулім үйлер. Осыдан азғана жылдар бұрын бәз қалпынан өзгере қоймаған Ермак, таң қаларлық зор қала болып кетіпті. Асау Ертістің жағасында елеусіз жатқан бұл Ермакты жаңғыртқан мұндағы алып құрылыс ГРЭС пен ферросплав заводы. Қазір әлемге аян Ермак ГРЭС-інің от қуаты шартарапқа шұғыладай шашырап отыр. Түнектерге сәуле беретін бұл құдіретті күш – менің туған Ертісімнің ересен тегеуріні – мұны мен іштей мақтаныш етіп келем. Дегенмен сезімге ғана берілу – әрдайым абзал емес. Ойлап қарасам, Ертіс сарқырап аққалы қанша заман? Толқынынан өз бетінше от жарқылдатпай-ақ баяғыдан бері бетінше ақты-ау? Ермактағы зәулім сарайлар мен кереметті күштер – кейінгі бесжылдықтар орнатқан асқар таудай белгілер, өмірі өшпес халық игіліктері. Бала кезімде шығыс ертегілерінен естігенім осы тұста есіме келе қалды: қаһарлы бір падиша айдай асқан сұлу қызына ғашық болған бір сиқырлы шеберге шарт қойыпты: таң атқанға қиырдағы шөл жазираға күмбездері алтын шаһар орнатасың, орната алмасаң, басыңды қағып тастаймын, – деп әмір етіпті. Шебер Жамшид сол айтылмыш шаһарды сиқырлы өнерімен бір түнде ай далаға орнатып шығыпты, деп аңыз ететін ескі ертегі.
Осы он бес жыл бұрын село пішіндегі Ермактың зор құрылысы бар әйдік қала болып кеткеніне сол бала кезімдегі ертегіге елтігендей таңдандым. Әлбетте, бұл бір «сиқырдың» ғаламаты емес, бұл – ұлы партиямыз бастаған құдіретті еңбек ерлерінің кереметі. Соны сезініп, хош қиялға беріліп, көмекейім бүлкілдей бастап еді, бірақ өлең шіркін ағытыла қоймады, мені өткендегі басқа бір жәйт толқытып кетті... Павлодардан аттанғанымызға сағаттан асса керек, борандатып әлі гулеп келеміз, машинаның орындығында отырған екі жігіт көп жылдар алшақ кетіп, қайта табысқан ғашықтардай, тіпті жол-жөнекей көріністерге де, жан-жағымыздан жыланша ысқырған құйынға да назар аудармай, бір-біріне иек таяп, беріле сұхбаттасып келеді. Мұның біреуі – өзіміздің белгілі ақынымыз Әубәкір Нілібаев та, екіншісі – «Қызыл Ту» газетінің жауапты қызметкері, журналист Бақи Әбдіқадыров. Бұл екі қаламгер бір кезде Ұлан, Зайсан аудандарында қызметті бірге атқарысқан екен, сол шақтардағы көрген-білген қызықтарын айтып екеуі мәз. Олардың ойлары сонау Қара Ертіске қарай ауған секілді, ал менің қиялымды анамның ақ сүтіндей маған қасиетті көрінген өзімнің ақ Ертісім билеп келеді. Қайран қасқа Ертісім, кенерең кенен дархансың-ау! Баяғыдан бері ексімдеп ағып келесің. Бұқтармаға теңіз орнатса да бұқпадың, енді бір толқын қанатыңды Нұраға қарай жайып, жалынды Қарағандыны кәусәріңе қарқ етіп отырсың! Біз, Павлодар қаласынан түс ауа шыққан едік. Ертістің кең арнасының үстіне салынған зор көпірден өте бергенде машинаны сәл кідіртіп,
сағынышты өзенімнің ұзына бойына көз жіберіп едім, қайран қалдым. Ертісім қақ жарылып екіге бөлініп кеткен сияқты, бір жартысын қар мен көк мұз басыпты да, екінші жартысында буы бұрқыраған ыстық қара су көлкіп жатыр. Қапелімде, аңқау басым, қасымдағыларға: «Жігіттер, Ертістің мұзын ерітетін жаңа бір техника шыққан ба?» – деп қалыппын. – Бұрын көрмеп пе едіңіз, бұл будақ су мына Ермактағы ГРЭС-ті тоғытып шыққан Ертістің өз нөпірі, қайтадан арнасына қайнап келіп қосылып жатқаны ғой, – деді. Бұл журналистің жүзіндегі шырайдан не ризалықты, не қынжылғандықты айыра алмадым. – Нөпірдің от қуатын шымырлатқаны кереметау, бірақ қатпар-қатпар қаншама шойын тетіктерді ысқылап шығып, өзінің ана сүтіндей ақ Ертісті лайлағаны өте өкінішті екен, – деп күрсіндім мен. Машинаны жүргізіп келе жатқан мосқал шофер: – Осы жақтың кейбір тұрғындары өзімізге қайнап келіп қосылған мынау ыстық су бізге жаз бойы ванна секілді, күн сайын рахаттанып шомылып аламыз, деп масаттанды ғой, – деп мысқылдағандай болды. «Ертісімнің аппақ мөлдір суы шалқып жатқанда зәмзәм болса да мынадай мұнай түсті лайсаңға әсілі шомылмас едім»,–деп үнсіз қынжылдым. Бұл неше қилы айғыздарды аралаған су ғой. Ақ қартысты мұз жолағының қасында қап-қара бұлттай тұмандата жылжып жатыр. Химия элементтерінен менің бір ғана білетінім – АШ– ДВА–О формуласы. Ертіске бұрқырап қосылған бұл лайсаң судың химиялық қосындысы жайында мен бейхабар адаммын. Ал осы мұнай түсті су Ертістің суымен жазда араласып, ағады-ау, қазір
мұз астымен жымдасып жатқан шығар. Ертіс – электр қуаты, жан-жануардың нәрі де емес пе? Мүмкін бұл шайынды судың кеселі жоқ па екен? Шоферіміз Иван Петровичтің айтуынша – бұл лай суды Ертіске қарай көлкіте салмай, құрғап жатқан арғы жазықтарға қарай жосытуға болмас па? Менің қиялыма сар аязда Ертістің көкше мұзында темір тоғанмен сырғанақ теуіп асыр салған шақтарым, жазғы нөсер боп аққан мөлдір суында қасқалдақтай сүңгіген жас кездерім елестей қалды. Көкейіме түйіліп жүрген өлең шумақтары ағытыла қалды: Есіме кеп өткенім, Ертісім, сені сағындым, – Сағынғандай көктемін Ерке жастық шағымның. Жағаңда мен ержеттім Естіп толқын дауысын. Бесігімді тербетті Әлди болып ағысың. Айғайлап ем сүйсініп, Өрсе селдей тасқының. Дүбіріңді түйсініп, Құдіретіңе бас ұрдым. Балаңмын ғой, мен сонда, Ақ төсіңде аунап ем. Ол жылдарым Ертістің лек-лек толқынындай ағылып, кезегімен алысқа зымырап кеткен. Бірақ осы өңірде өткен бір жайттар көз алдымда, боранды жолды жырып, тап кешегідей жарқырайды. Осыдан қырық жеті жыл бұрын, тап осындай сұрапыл қыста Ертістің осы жағалауында келе
жатқан едім. Бірақ онда мен қазіргідей жеңіл машинамен емес, өгізбен ілбігенмін. 1930 жылдың январь айы болса керек, Павлодар аудандық комсомол комитетінің пәрменді жолдамасы бойынша жеті жылдыққа жетержетпес білімім бар, он жеті жасар мен Ертістің осы өңіріндегі Шыған ауыл советіне мұғалімдік қызметке сапар шектім. Керекуден әлдекімнің ат жеккен шанасына отырып жол тартқан едім, Ермак ығындағы «Еңбек» колхозынан әрі өгіз жеккен шанаға тап болдым. Ол бір қиындығы мол қилы кезең ғой. Қазіргідей машинамен тербелетін ерке шақ емес. Қазір машинамен зулаған жағада өгізді шанадағы, бензинді бөшкеге сүйеніп, қалтырап бүрсиіп келе жаттым. Киген киімім де берекесіз, жұқалаң. Боран әлегін сонда көрген едім. Ертістің қалың тоғайына қарай қиыр жоннан үрке қашқан үйірлі аңдай топан құйындар құтырына, ышқына лап береді, сірә, ашыққан, арыған қос өгіз де ексімдеп соққан бораннан шайқалып, тәлтіректеп аяғын әрең басқан болар. Боран сәл саябыр тапса мен жылыну үшін өгізден озып біраз жүгірсем керек. Сондағы тоқталар нысанам Шыған ауылына қарасты «Қызыл құрама» колхозы. Онда мен Керекуден жүз шақырымдай сол жерге арада төрт күн қонып жеткен едім... Міне, сонау кезеңге қырық жеті жыл өткеннен кейін бүгін, сол «Қызыл құрамаға» қайта бет бұрдым. Енді өгізбен емес, жылы, жүйрік «Волга» да боран дегенді елең қылмай, жүйткіп келемін. Қиын кезде осынау Шығанға келіп, өз білімімді бауырларыма бөліп берген – ең алғашқы қызмет мектебімді көргелі асығып та, қуанып та келемін...
ІІ Мен аңсап келе жатқан «Қызыл құрама» совхозым жолымызға таяу болса да, біз одан әріректегі аудан орталығы Белогорье селосына алдымен баруды мақұл көрдік. Белогорье деген бір кезде мен көргенде азын-аулақ жұпыны үйлері бар шағын ғана мекен еді. Ермактай асқақтаған үйлері самсап тұрмаса да бұл қиянға жолаушының көзі тартқандай бірнеше қат-қат үйлер, көрнекті еңсесі биік мектеп, мәдениет сарайы, әсем магазиндер пайда болыпты. Біз, Май ауданының партия комитетінің кеңсесіне келдік. Кабинетіне енсек, аупарткомның екінші секретары Рашид Шугаев жолдас телефонды аузына тақай түсіп, алыстағы әлдекімге зеки сөйлеп жатыр екен. Менің жол серігім Бақи бұл кісіні маған сырттай таныстырғанда, білімді, парасатты, байсалды қызметкер деген еді. Тегінде түр-тұлғасы келісті болса керек, бірақ оның абыржыған сұсты жүзінен, телефонда дірілдетіп безілдеген даусынан байсалдылықтан гөрі, төтенше бір ашудың ызғары сезілгендей. Бізге бас изеп амандасты да, телефонға шұқшия түсті: – Ақшиман! Ақшиман! Бес жүз жылқы түгелімен ауып кетті ме? Қайда? Жылқышыларың не бақты? Өзің не бітіріп отырсың? Қалмаққырған тауы да бірге ауып кетті ме? Әй, сүмелектер-ай... Бұдан батымырақ белді бір сөздерді айтып қала жаздады білем, жазығы жоқ телефон бейбақты дүңк еткізіп қоя салды да бізге, жүзін сәл жылыта сөйледі: – Кешіріңіздер... Қош келіпсіздер... Байқаған боларсыздар, боран үдеп тұр ғой. Ал сонау жонда, Қалмаққырған тауының айналасында бір-екі
күннен бері көз көргісіз сұрапыл. «Ақшиман» совхозының бес жүз жылқысы ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Қалай қарай ауғаны белгісіз, – деп демін әрең алып бөгелді. – Боран тұтқиылдан түтеп, жылқышылар адасып қалды ма екен, әлде қадағалап бақпағанның кесірі ме? – деп қалды Бақи, газетшілік әдеті бойынша, қолына қаламын алып... – Сұрапыл «мен соққалы тұрмын, сақ болыңдар!» – деп қай заманда хабар берген еді? Кінәнің алды жылқышылар да, көпшілігі жастар, анау қыратта жылқымыз тебіндеп жатыр, солай жусай берер, деп жайбарақат бетінше ләйліп кететіндері бар, әйтпесе он бес, жиырма бас емес, осыншама жер қайысқан жануардың бір бұрқасында зым-зия жоғалуы ақылға сыймайды, масқара! Жердің бір тесігіне еніп кетсе де ауған жылқыны табуымыз керек! – Әлгі ауа райын зерттейтін бір болжағыш мекеме бар емес пе? Қатерлі боран болар күнді солар ескертпеді ме? – деп қалдым, ғылым негізінен сүйеніш іздегіш мен. Рашид мырс етті. Ол мекеменің де сәуегейлігі шамалы, мезгіл райының құбылысын алдын-ала болжап білетін тәжірибелі қариялар бар еді бұрын, олар дүниеден біржола ауған... Ондай болжамға сене қоятын жастар бар ма осы кезде... Рашид енді маған қарап: – Сіздерді «Қызыл құрама» күтіп отыр. Облыс маған хабарлаған еді, сіздердің келетіндеріңізді совхоз, мектеп басшыларына жеткізгенмін. Қазір жүріп кеткендеріңіз мақұл. Бірге барар едім, мынау сұрапылдың зобалаңын қарашы! Іргелес
аудандарға, жан-жақтағы шаруашылықтарға «Ақшиманың» ауып кеткен жылқысы жайлы жар салуым керек. Облыстан самолет, вертолет сұрауым керек! – деп Рашид аласапыран ойын асыға айтып, алқына тоқтады. * Біз «Қызыл құрамаға» кешең келдік. Мен ерте тұрдым да өзім сағынып келген бір кездегі колхоз жерін аралап кеттім. Осыдан қырық жеті жыл бұрын мен сабақ берген мектеп биігіректе жар басында еді ғой. Сол белесте қазір қаз-қатар тұрған аппақ үйлердің арасынан ескі мектептің жұртын табу да қиын еді. Мен мектеппен қоса, осы Ақсу ауданындағы ескі досым Шәймен Ысқақовты да іздеп келген едім. Өмірде талай досым бар шығар, солардың ішінде бұл кісі менің жас шағымда маған өзінің ыстық мейірімімен, адал көңілімен ұнаған абзал дос еді. 1930 жылдың январында, сақылдаған сар аязда мен осы «Қызыл құрамаға» өгізбен қасқарая қарсы алып, үйіне паналатқан осы Шәймен Ысқақов болатын. «Қызыл құрама» ол кезде берекесі кетіңкіреп тұрған колхоз еді. Шамасы елу шақты шаңырақтан құралса керек. Азғана малының көктемге көтерем болып шығынға ұшырағаны да есімде. Ертістің шалғыны мол алқабынан мал азығын жинап алуға колхоздың шамасы келмегені ғой. Тағы бір есімде қалғаны – көлемі жүз гектарға жетпейтін егістікке тұқым қоры тапшы болғандықтан, біз комсомолдар, үй-үйдің кебежесін ақтарып, қадақтап дән жинаған едік. Шәймен – сол тұста колхоздың бригадирі, әрі комсомол ұйымының
жетекшісі. Мені алғаш белсенділікке баулыған осы Шәкең еді. Менен үш-төрт жас үлкенірек болса керек. Адал белсенді, іскер жігіт болатын. Шәймен маған ауыл жастарын жинастырып, егістікке жиналған тұқым қорын жаяу тасуды ұйымдастыр деп нұсқау берді. Жетекшіміздің бұл тапсырмасын бұлжытпай орындадық. Көктемде ауылдағы бұзаулы сиырларды айдап барып, арыған өгіздер мен аттары саптан шыққан соқаларға сиыр жегіп бергеніміз де есімізде, мұнымыз әпербақандық болып көрінуі де мүмкін, қазіргі жастарға. Жоқ, мен сол бір қиындығы мен қайшылығы астасқан кезеңде клохоз жұмысына жан аямай берілген отызыншы жылдың комсомолдарын ардагерлер санатына қосқым келеді... Осыдан үш-төрт жыл бұрын мен Шәймен досыма сағынышты хат жазып, мынадай өлең жолдаған едім: Есімде сонау бір қыс, досым Шәймен, Ертістің ықтап ұшқан құсындай мен. Қалшылдап үскірікте келгенімде, Мүсіркеп жылытып ең ыстық шәймен. Есімде жарда тұрған күйкі мектеп. Әбекең сабақ берген күйбелектеп. Мен-дағы мамырладым, төрт амалмен Жалғауды жұрнақтарға жамай көктеп. Жаутаңдап көген көздер отыратын, Сабақ та бала миын қатыратын, Өзегі құлазыған қыршындарды, Түйір нан – мүшкіл ойға батыратын, – Есімде, аяз мені сол шыңдаған, Белсенді болып мен де ердім саған. Топтасып су мұрындар мен құсаған.
Ал, достым! Баяғыша жай құлашты, Суытып, сонау жастық қайда қашты? Япырау, шашың қара, көзің нұрлы, – Басымды менің қалай қырау басты? Разымыз – ата болдық жас ұрпаққа. Өмірді сайға қарай бастырсақ та, – Сағымдай көзімізге елестейді, Сол дәурен зулап өткен жастық шақта. Сол досымды көріп сонау өткенді еске алса деп, құмартып келе жатыр едім, мені совхоз директоры Нәжімеден Дуғалов қуып жетті. Балуанға біткен денесі бар, кеудесі де сондай кең бұл кісімен мен бұрыннан таныс едім. Сәлемдескеннен кейін мен Нәжімеденнен Шәйменнің үйін іздеп жүргенімді айтып едім, ол кісі күрсіне басын шайқады. – Кешіктіңіз, жуықта ұзақ науқастан қайтыс болды. Марқұм, өзіне арнаған сіздің өлеңіңізді бәрімізге оқып беріп: «Міне, мен қандай комсомол болдым!» – деп мақтанатын. Мен тұнжырап кеттім. Сағынышты досымды көре алмай қалғаныма өте күйіндім. Артынша совхоз орталығының сыртындағы Шәйменнің қабырына барып, басына тауап еттім... Бүгін, боран тыныстап, аспан ашық еді. Совхоз орталығы орнаған дөңестен сол маңдағы Ертіс алқабы айқын көрінеді, танып тұрмын – әріректе қара тоғай, арасынан ақ қарлы мұздары күнмен шағылысқан Ертістің өз арнасы, беріректе жылға – Ертістің айрығы Ақсу. Сол атырапқа бұрынғы мыжырайған қора-қопсының орнына, мал қыстайтын аумағы үлкен базалар, шаруашылыққа, техникаға қажетті жайлар, еңбеккердің жаңа
тұрғын үйлері жайнап көрініп тұр. Директор өз совхозының игіліктері жайлы маған ықыласпен әңгіме шертіп келеді. Екеуіміз совхоз орталығын аралап жүрміз. Бұл совхозда бес жүзге тарта семья болса, солардың көбінің босағасы биік, төрі кең екі-үш бөлмеден жақсы үй жайлары бар. Баяғы сүреңсіз колхоз, бұл кезде аудандағы ірі шаруашылықтың бірі. Совхозда төрт мыңдай қара мал, он сегіз мыңдай қой, мыңға тарта жылқы бар. Отыз үш мың гектар жерге дән себетін бұл шаруашылық жыл сайын мемлекетке он тоннадан аса астық тапсырады екен. Совхоздың кірісі де айтарлықтай. – Біздің мал азығымыз да жеткілікті. Ырысы мол Ертістен жазда көк майсаны көбірек үйіп алғанбыз. Малымыз күйлі. Партия ұрандап отырған қызу жарыста озаттар қатарында боламыз деген сеніміміз зор... Көріп келеміз. Екі қабат үйлер, балалар бақшасы, мектептің зәулім жатақхана интернаты тұр, жаңа салына бастаған мәдениет сарайының дуалдарды да көзімізге шалынды. Мен ескі мектебімізді есіме қайта түсірдім. Нәжімеден шетендеп тұрған шағын бір үйді көрсетіп: – Міне, сіздің бала оқытқан мектебіңіз, – деді. Қарасам, мен көрген мектепке ұқсамайды. Ол кезде екі бөлмесі бар, алғы коридоры бар, шатырлы бұл үй онда еңсесі биік секілді еді, енді терезесі бекітулі, шатыры қисайған, іргесі жерге шөгіп кетіпті, сылақтары түсіп, бөренелері менің шашымдай болып, қуарып қалыпты. Бұл, сірә, бір болымсыз заттардың қоймасына айналған секілді. Осынау жұпыны үйдің ішінде, ол кездегі он жеті жасар бала мен, талма өзек шақта жаутаң көз
ұландарға сабақ оқыттым-ау... Өзімнің де білімім жеті жылдық оқудың сатына жетер-жетпес еді ғой... Нені үйреттім екен? Бірақ қиын болса да ширығы күшті албырт шағымның сол кезеңі де жақсы еді! – Сол кезіңізді көрген, білгендеріңізді еске алысып әңгіме неге жазбайсыз? – деп қалды маған Нәжімеден. – Жазуға тиістімін. Отызыншы жылдың көктемі, сол шақта алдымнан өткен қилы-қилы уақиғалар менің жадымда өшпестей сақтаулы, сол елестер көкейімді күйдіріп жүрген тақырып, мұны кешікпей жазармын... – Міне, мектепке де келіп қалдық, осында сізбен кездесеміз деп мұғалімдер, шәкірттер күтіп отыр, біраз ауыл ақсақалдарын да шақырық, жүріңіз, – деп, мені мектепке жебеледі Нәжімеден. Біз мектепке ендік, мектеп директоры Зайдолла Құрманов өз мектебімен таныстыра бастады. Амангелді батырдың есімімен аталатын бұл мектеп өзіміз көріп жүрген астана мектептерінен кем емес, қат-қат болып кең әсем салынған екен. Онжылдық бұл мектепте қазір қырыққа тарта мұғалім бар, солардың тек тең жарысы жоғары дәрежелі білімі барлар. Мектептің клубының кең залына жиналғандар – оқытушылар, оқушы балалар, солардың ата-аналары, қариялар. Маған жүздері жылы көрінген жерлестеріме мен, осы жердің топырағында сонау отызыншы жылда, өмірден алғашқы сабақ алған шақтан бері өзім өткен уақыт белесін шолып, есеп беріп тұрмын. «Қызыл құрама» колхозшыларының сол жылдардағы ауыртпалықты жеңіп шығу үшін қандай қиындықты бастан кешкендерін
баяндап, тебіреніп те кеттім, менің бұл естелік сырымды осы жердің төл тумасы, 1924 жылдан комсомолға мүше болған, бұрын партия совет қызметінде елеулі қызмет атқарған, қазір пенсионер Смағұлов Сағидолла ағай да қостап кетті. Қысқы каникулдан кеше ғана оралған жасөспірімдер көздері жайнап, өткеннің әңгімесін тыңдап, өздерінің қазіргі бақытты шақтарын жыр еткенімізде, серпіліп қуанып қалысты. Осы мектепті ертеректе бітіргендер, осы ауылдың тумалары қазір Алматыда, тағы басқа қалаларда ғылыми немесе түрліше қызметте жүр. Совхоздың өзінде мұғалімдерді қоспағанда, жиырмаға тарта әртүрлі саланың мамандары бар. Мынау залда отырған жасөспірімдер де ертең білімді, туған жеріне пайдалы жақсы азамат болып шығадыау деп, мен олардың жүздеріне, әкелік мейірмен сүйсіне қарай бердім. Осы совхозда жақсы әнші, музыкант жастар да бар екен. Совхоздың жас мамандары Қуат Есімханов пен Нығымет Қалышев гармонға қосылып атақты Естай мен Майраның әндерін шырқағанда, біз Алматының белгілі артистәншілерін естігендей ерекше серпіліп қалдық. Бұл жас әнші Бөтес Шайхинамен бірлесіп жуықта облыс орталығында концерт қойыпты, өнерлеріне көрермен жұртшылықтан жақсы баға алып қайтыпты. Бұл өнерлі жастар (бұл ауданда ондайлар аз емес) бұрынғы халық әндерін де, қазіргі жаңа әуендерді де өздерінше әсірелеп, нақышына келтіріп әсем орындайды. Ешкімнің нұсқауынсызақ бір сәт ұйыса қалған үйірмесіне бұлар «Әнші Майра» ансамблі деп ат қойып алыпты. Іске сәт! Мен осы жастардың тамаша өнерлеріне таң
қала отырып, іштей өкінішті ойға да шомылдым. Өкінішім сол, бір заманда осынау өлкеден Жаяу Мұса, Иса, Жарылғапберді, Майра сынды өнерпаздар атағы қазақ жерін жаңғырта шыққан еді-ау, енді сол атыраптан, әсіресе Баянауыл мен Ертіс жағаларынан ән дүбірі неге шырқап еспей қойды? Мынау Семей, Қарақалпақ, Өскемен айналасынан, сонау Гурьев, Орал, Арқалық аймақтарынан шыққан жас өнерпаздардың дүбірлері, қалса бүкіл Республикаға, асса күллі Одаққа, тіпті кейбірі шетелдерге де масайрап жетіп жатқан жоқ па? Бұл облыста айтарлықтай өнер ансамблі жоқ, Баянауыл мен Лебяжі аудандарында халық театрлары бар екен, мен көргенде олардың театр үйлері отызыншы жылдың басындағы жүдеу барақтарға ұқсайды, дуалдары шіріп құлағалы тұр еді. Әлі де өзгермепті. Сол театрларға да (мен театр жетекшілерімен сөйлескен едім) облыс, аудан тарапынан қамқорлық, жанашырлық сезілмейтін көрінеді. Менің қадірлі жерлестерім, басшы азаматтар-ау, кешірерсіздер, мұндай қырсыздық, немқұрайдылыққа өкінбеске, күйінбеске болар ма?! ІV Біз Ертіс аңғарын кесе-көлденең өтіп келеміз. Бетіміз Ертістің арғы жағасындағы Лебяжі ауданы. Таңертең қылауланып, бозарып тұрса да, қазір аспан ашық. Ертіс мұзын айқара жамылған аппақ қар күннің селдір шұғыласымен шағысылып жалтжұлт етеді. Жан-жағымызда бұталары боз айғырдың жалындай жалбыраған ақша қарлы ағашы қалың тоғай. Алаңқайларда ақ түндікті күмбез үйлердей, төбесін қар басқан көптеген маялар. Сол
аралықтардан, шошақтар қалтарысынан кейде аяқ қояндар, кейде қызыл түлкілер бұлаң етіп жорта жөнеледі. Машинамыздан сескенбесе, сірә біздің мылтығымыз жоғын шіркіндер сезетін секілді, кердеңдеп баяу ығысады. Ертістің бұл тұстағы алқабының ені он шақырымдай болатын. Жас кезімізде байқайтынбыз, жазғытұрым мұзы жарылып, Ертіс бұрқан-сарқан тасығанда оң жақтағы жағадан, алабы он шақырымға жетерлік сол жиегіне дейін нөпірі көл-көсір жайылатын. Сол су жайылған алапқа Ертістің ұзына бойына күзге таман арасынан салт атты адам көрінбейтін қалың телегейдей көк шалғын шалқитын. Көптен бері Ертіс көктемін көрмегеніме кінәлімін. Қазір де кенересі кең Ертіс шабындыққа бай секілді. Жолдағы мынау тау-тау маяларды көргенде, мен осынау ақ торқа маңнан маған өзен иісі, қар иісі, пішен иісі аңқығандай болды. Ертісіме разы болып келемін. Ертіс алқабының малы ықпайды да жұтамайды... Лебяжі аудандық партия комитетіне келсек, бірінші секретары Темірболат Шарафиденов жолдас бөлмесінен шығуға ыңғайланған екен. Бізді көріп бөгелді. Бұл кісімен бұрын аздап таныс едім. Жайшылықта мінезі сабырлы, пайымды бұл адамның жүзінде де абыржығандық сезіледі. Тегінде партия қызметкерінің жайбарақат күні бар ма? Беймаза ойын айта бастады: – Сонау Баян, Қалмаққырған жақта соққан сұрапылдың сілемі бізге де жетті. Облыстан бұйырып жатыр! Баянауыл ауданының бірер совхозынан мал алып, қыстай күтіп сақтап беріңдер. Ол жақтың жем азығы жетіспей, малдарының жұтауы да мүмкін деп.
– Қыстың басы январьдан-ақ мал азығы жетіспегені ме? Жоба-жоспар деген бар емес пе? Келер қыстың ертерек түсуі мүмкін, төтенше сұрапылы болып қалуы мүмкін дегенді ауданды басқарып жүрген азаматтар ойламады ма екен? – деп әдетімше шапшаң күйіндім. Темкең маған ойлы көзбен қарады да: – Шындықпен жоспардың кереғар түсетін кезеңі де болады. Оларды қазір сынап жатуға мұрша жоқ. Социалистік жарыс бар жерде, социалистік көмек те болмақшы. Баянға қалай да көмектесуім керек. Екібастұз ауданы да мол қыстау жөнінен сондай жүдеу күйде көрінді. Аудан болып өзіңіз өлеңдеріңізде мадақтай беретін сол Баяныңызға көмектессек дейміз. Өзіңіз Ертісте тусаңыз да бүйрегіңіз Баянға бұрыла береді, – деп аупартком секретары мені аздап әзілдеп де алды. Ертістің осы жағасына сонау үш жүз шақырымнан астам алшақтан қақаған боранда арық-тұрық малдарды жеткізу де бір жауынгерлік жорыққа пара-пар. Әкеле жатқан бейшара жануарлар қиырсыз құйынды жонда мерт болса, кім жауапты? – Сол үшін, – деді Шарафиденов жолдас, – бірнеше жүк машиналардан керуен ұйымдастыруға совхоздарды аралауға шыққалы тұр едім жаңа. Және де бұл бөгде малды қандай совхоздарға жайғастырсақ екен? Ауданымыздағы шаруашылықтардың мал азығы артығымен жеткілікті. Берекелі Ертіс алқабының мол несібесін керегінше жинап алғанбыз. Боранға бұғатын малшымыз, құйынға ығатын малымыз жоқ. Ал мынау төтеннен қосылғалы тұрған түліктерді қалай сақтап шығамыз? Бізге әбден титығы жетіп келеді ғой. Ол жануарлар келе сала
өрем қапса қайттық? – Темкең біраз ойланды да: – Малын баға алмаған аудан осы малдарын бізге біржолата берсін деп облыс басшыларының алдына мәселе қойғалы отырмын, – деп бөгелді. Шарафиденов жолдастың абыржыған асығыс күйде екенін сезіп, біз сапарымыздың жөнжосығын хабарладық. – Еңбек адамдарымен танысқыларыңыз келсе, сіздер алдымен Бесқарағай асыл тұқымды қой заводына барыңыздар. Онда бірнеше атақты еңбек ерлері бар. Бұл асыл тұқымды, биязы жүнді қой шаруашылығы аудан түгілі, бүкіл облысымыздың бекте ұстар мақтанышы. Сондағы омырауларындағы алтын жұлдыздар жарқыраған қариялармен, олардың ізбасарлары өсірген мүйіздері емендей, ірілігі арқардай асыл қошқарларды өзге атыраптың шаруашылықтары таласа сатып алады. Ал, біздің ХХІІІ партсьезд атындағы совхозымызда аналы-балалы екі даңқты адам бар. Социалистік Еңбек Ері Күләй Шарбақбаеваны бүкіл республика білетін шығар. Ері ертеректе қайтыс болып шиеттей төрт баламен жесір қалған сол әйел, жиырма бес жылдан бері осы совхоздың қойын бағып келеді. Өнегелі озат жұмыстары үшін бірнеше рет үлкен ордендермен наградталып, кейін Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Ал, баласы Қабдінәсір Шарбақбаев қойын күйлі етіп төл өсіру, жүн өнімін асыру жөнінен социалистік жарыс майданында ең озық көрсеткіштерге жеткені үшін Республикалық сыйлықтың лауреаты болды. Бұлардың өмірі мен істері қандай қызық тақырып. Міне, осыларға барып, соларды жазыңыздар! – деп кеңес берді бізге аупартком
секретары... Екі күндей осы маңда болып, біз Темкең нұсқаған совхоздарды аралап шықтық. Малдары күйлі, бәрі де бабында. Асыл тұқым қой заводының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Сыздықов Жанпейіс ақсақалмен сәлемдестік, оның ізбасары Жанғожин Жұмабекпен қой отарында кездесіп ұзақ әңгімелестік. Атырабына әйгілі аналыбалалы Шарбақбаевтардың да еңбек ерліктерімен танысып, жаңа бір дастанның бетін ашқандай болдық. Өмір өрістері түрліше еңбектегі ерен істері ғанибет – бұл тамаша адамдар сипаты расында да ұзақ жырмен, келелі әңгімемен толғануға тиісті. Керекуге қарай беттеп келеміз. Ертістің арғы бетіндегідей емес, бұл өңірде бүгін төтен сұрапыл жоқ, жол үстінде жеңіл шаңдай ғана қар жорғалап жүр. Мен тағы да ойға батып келемін. Баяғыда боран көбінесе терістіктен, Сібір жақтан бұрқырайтын секілді еді, бұл кезде Ертістің күнгейі мен батысынан лап беретін болған. Алдымыздан қорабшасы кенеппен қапталған жүк машиналар ағыла бастады. «Волгадан» мойнымызды соза қарап едік, артқандары мал екен. Іле-шала түсе қалып, келесі машинаны бөгедік. Қарасақ, тілерсектеріне мұз қатқан сиыр жануарлары екен. Тоңған да шығар, ашықққанда шығар, қалтырап дір-дір етеді. Біз «Қайдан?» –деп едік, ашулы шофер «Баяннан!» – деп машинасын гүр еткізіп қозғалып кетті. Павлодар қаласында, зәулім үйлердің арасында ерекше сәулетпен салынған асқар таудай «Ертіс» атты мейманханада менің пешенеме жазылған бір бөлме болатын. Сапардан шаршап келген басым, бөлмеме шешініп жата қалдым. Басқа жолаушының
басына бермесін. Бөлме мұздай суық. Ертістің арғы бетіндегі ақ боранның үскірігі осынау бөлмеге баса кіріп кеткен секілді. Терезелері мұзды әлеміштен шытынап тұр. Есіктерінің асты көртышқан кіріп кеткендей ашық екен, ызғырық жел гу-гу етеді. Жаурап, құтым қаша бастады. Мүмкін, осының батереясына ыстық су келмей жатқан шығар деп, сипалап едім, аздап жылу бар екен, бірақ батареясы қандай десеңізші! Біздің Алматы үйлеріндегі батареялар – түйенің тоқпақ жілігіндей толықтау болушы еді. Ал мына мейманхананың ыстық беретін батареялары – ешкінің қабырғасындай жіңішке екен. Сірә, бір білгіш шойынмен қоса Ертіс суын үнемдеуді де тапқырлық қисынға алып, су түтіктерін осылай нәзік жобамен жасаған болу керек. Денем сырқырап, бойым мұздай берген соң бар киімімді киініп алдым да ойға батып қалшиып отырдым да қалдым. Менің қиял жазығымда Қалмаққырған тауын айнала соққан ақ сұрапылмен ауған жылқы ойнақ салғандай болды. Мен таңды өлеңмен атырдым. Ертерек тұрып, бөлмеден шыға қалып едім, мейманхана ішінен маған Май аупарткомының өзіме таныс екінші секретары Рашид Шугаев кездесе кетті. – Сүйінші! – деді Рашид, разылықпен күлімсіреп, – жоғалған жылқылар табылды! – Сүйіншіңе бір өлең! Түгел аман ба, шығынсыз ба? – дедім мен шынымен қуанып. – Сұрапыл да майдан ғой. Шығынсыз майдан бола ма? – деп жауабын келте қайырды. Мен бөлмеме қайта оралып, өлеңімді қайта жалғастырдым. Сол жырым былай толғанды:
Қонақ үйде жаттым түнде құлазып, Қиялымды құйын басқан құз жазық. Соққандай-ақ сол сұрапыл бөлмемде, Аунақшыдым тұла бойым тоңазып, Кеше ғана қайтып едім Ақсудан. Мазамды алды түні бойы Ақшиман. Құйын қуған, қалың жылқы кісінеп, Қасқыр ұлып, азу тісі ақсиған. Қайран жылқы, серісі ғой даламның, Талай заман, өрген қыста талай мың. Бомбасы бар боран ба бұл, қалайша? Ықты жануар! Ойлап соны алаңмын. Ырық бермей сұрапыл мен дауылға Ата-бабам «Қалмаққырған» тауында, Сақтап қалған ұрпағын да, малын да, Қуып шығып, ақ борандай жауын да. Дүбірмен быт-шыт ауған жылқыны Беймаза боп, өтті менің бұл түнім. Ерте тұрдым, құрағынан шыққандай, Ақ борандай алай-түлей ұйқының. Отырдым мен, әлде не деп күбірлеп, Малы ауған жылқышыдай дірілдеп. – Сүйінші, – деп келді Рашид сол сәтте, Қырау басқан қас-қабағы күлімдеп. – Ыққан жылқы бәрі аман табылды, Жеңдік білем, тобыр аңдай дауылды, Сұрапылды жеңгендерді жырлаңыз. Мадақтаңыз, біздің малшы қауымды. Көрген едім бұл жігітті бір шақта, Майдандағы командирдей штабта, Бұйрық беріп, біреулерге штабта Хабар беріп, жер-жердегі қыстаққа. Енді бүгін сұсты емес айдары, Жүзінде жоқ сол ашулы айбары.
Ойла, бауырым, алапат жау қыстың бұл Әлі де бар алда талай майданы... СҮЙІКТІ БЕЙНЕЛЕР МЕН ТАМАША ТАЛАНТТАР Қазақ әйелдері жайында ресми сөз бола қалса, әдетте біз бұл қауымның бұрын күңдік халде, теңсіздік күйде болғанын айтып, тебірене сөйлейміз. Бұл талассыз шындықты кәзір қазақ әйелдері еркін өмір құшағына бөленген шақта қайталап айту артық та болмас. Қайта бүгінгі күннің бақытты әйел жасына, бөбек қыздарына сонау тынысы тар қапырық заманда теңсіздік, өктемдік торына түсіп, тұтқыннан бетер зар илеген апаларының аянышты халдерін елестетін күрделі дастандар мен романдардың, пьесалар мен кино суреттердің әлі де қажеттігін мойындаймыз. Алайда әңгіме күңдіктің ғана мұңын шерту туралы емес. Бүкіл қытымырлық кесірді, тағылық әдетті мирас еткен қаһарлы хан мен тантық төрелер, топас байлар билеп-төстеген замандардың өзінде де қазақтың бұқара халқы әйел жұртын азамат санатына қоса ұстағандығын байқаймыз. Рас, халқымыздың тарихи тағдырына байланысты мешеулікте, түнекте жүріп азап тартқанына орай, қазақ әйелдері де тұлан тұтарлық күйлерді бастан кешті, мәдениет сәулесі түсіне де елестемеді. Ал мұсылман шығысының, Азия жұрттарының дүлей дәстүрінде бар гарем, паранжа секілді нәлет ғұрыптардан, қанша сорлы болса да, қазақ әйелдері ада еді. Көшпелі ауылда әйелдер мен ерлердің аралас тіршілігі, жиын-тойда аралас
сауық-мереке құруы, қыз-бозбаланың қауымдас думандары оларды мұңдас, сырлас етіп өсірді. Солай болғандықтан да халық салты жиынтойларда, үлкенді-кішілі топ арасында отырып, жігіт пен қыздың батыл, еркін айтысуын, өлеңмен тіл безесуін ерсі көрмеді. Өлең өнерін зор қасиет тұтқан ел ділмәр, ақын қыздарының ұзатар тойында тебірене жырланған наразы, өкпе мұңдарына да, ғұрыпқа жат мінездеріне де тосқауыл құрмады. Халық арасында қытымыр ханды да, шешен биді де, айбарлы батырды да, албырт ақынды да асқан ақылмен, өнермен, сырбаз мінезімен жеңген, немесе оларды жақсылыққа жебеген талай абзал әйелдер, тапқыр қыздар болды. Зымыстан ханның сұмдық пиғылын масқара етуші ақылман Қарашаш та, аңғырт батырға билік, кеңес беруші қамқор Құртқа да, әкелері хан болса да, ерге шығуда өз басының еркіндігін мұрат көрген батыл қыздар Ақжүніс, Назымдар да халқымыздың аңыз еткен аяулы арулары. Адал махаббатын әулие тұтқан мұңды жүректі Баян, Қыз Жібектер де ел қиялында қадірлі жандар болып бейнелеген. Ал халықтың ауыз әңгімелерінде өлең-жырларында ер-азаматпен бірге жорыққа, сүйгенімен қосыла қиын сапарға аттанған батыр қыздар мен жиынтой бастаған немесе айтыс-тартыста тілмен төреші болған ақын қыздар жайында да нелер аңыздар бар. Бұлардың бәрі шындық өмірдің дәлелі. Қазақ әйелдерінің теңсіздік, еріксіздік мұңын шерткенде де біздің өткендегі ақындарымыз қатал тағдырына бағынғысы келмейтін өр, қайсар қыздарды дәріптей жыр еткен. Қаһарлы және кәртеміш ханның қалыңдығы болып тұтқындалған ызалы қызды:
Етімді шал сипаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға...– деп кемеңгер Абай қаһармандық шешімге апарады. Ал теңі емес, топас біреуге сатылып бара жатқан мұндар қызды қайрап: Бидайыққа лайық қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба? – деп тебіренеді атақты Ақан сері. Қазақ совет әдебиетіне де еркіндікті, ізгілікті салт еткен тамаша әйел бейнелері мирас болып келеді. Еңлік, Сұлушаш, Ботакөз сынды әдебиеттің кейіпкерлердің сырларына, мінез әрекетіне үңілсек, бұлардың тұлғаларынан ескілік шырмауға қарсы, қашанғы қалыптасқан ғұрып қырcықтарына қарсы өзінше ереуіл көтерген қазақтың батыл, қайсар қыздарын көреміз. Әуезов Мұхтардың Абай жайындағы эпопеясындағы әйел бейнелерін еске алайықшы, мұнда қандай-қандай ізгі жандар суреттеген. Олардың абзал жүректерінде халқымыздың ақпейілі, ыстық мейірі, даналық қасиеттері түнгі бұлттардың арасынан жайнаған жұлдыздардай сүйкімді елес беріп тұр. Мүсірепов Ғабиттің сыршыл әңгімелерінде өмір сапарында ашынған ер аналардың кейіптері, қайрат жігері, адуынды мінездері сипаталады. Түнекті, тар заманда бас бостандығын, махаббат еркіндігін іздеп, арпалыс азап шеккен өжет қыздардың тұлғалары бұрынғы әдебиетімізде, Көбеев Спандиярдың «Қалың мал» повесінде және Торайғыров Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлу» атты өлең романында әсерлі көрінсе,
бертінгі әдебиетімізде бұл секілді өрен мұндар қыздар бейнелері Байзақов Исаның «Ақбөпе» дастаны мен Саин Жұмағалидың «Күләнда» атты поэмасында сырлы, назды жырланған. Жоқ, бұл бейнелер тек «от басы, ошақ қасы» күңдікті немесе қалың мал құрбаны болған зорлықты, надандық пен бұйығылықты ғана жыр етпейді, бұл бейнелер – қазақ әйелдерінің ежелден ер-азамат қатарында халықтың қасіретіне де, қуанышына да ортақ болғандығын, халықтың ақыл-ойға да, өнерге де өзінше үлес қосқандығын дәлелдейтін тамаша, кереметті тұлғалар... Әдебиетімізде революция азат еткен, теңдік берген дәуірдегі қазақ әйелдерінің жаңа бейнелерін сипаттайтын шығармалар көп. Бұл шығармаларда қазақ қыздарының советтік заманда теңдік алып, бақыт тапқандығы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік саяси ұмтылыстарда, өмірді қайта өзгертуші құдіреттің еңбек майданында қажырлы қайрат шеккен бейнелері жыр болады. Бұл ретте мысалға соңғы жылдарда жазылған үш шығарманы алсақ, оларда қазақ әйелдерінің үш түрлі жаңа бейнесін байқаймыз. Әбілев Дихан өзінің өлеңмен жазылған романында революциядан кейін Риддер кенін қалпына келтіру күресіндегі еңбекте бастаушы болған Зейнеп сынды қажырлы ер әйелдің тұлғасын елестетеді, ал Ерғалиев Хамит «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің атты белгілі дастандарында ежелгі даланы жаңартуға өнер-білімімен өнеге көрсетуші, жаңалыққа батыл ұмтылушы үлгілі қыз Гүлжанды жыр етеді. Советтік қоғамның адамгершілік салтын, семьялық-достық қасиетін ізгі сақтаған абзал әйел кейіпкері Әбішев Әлжаппардың «Кім менің әкем»
атты соңғы пьесасынан айрықша көрінген. Қазақ совет әдебиетінің біздің заманның теңдік құшағында өскен жаңа қазақ әйелдерінің сыр-сымбаттарын елестететін шығармалар аз емес дедік. Алайда советтік өмір шындығымен өлшегенде қазақ әдебиетіндегі жаңа әйелдер тұлғалары әлі шамалы, бұлдыр ғана елес береді. Коммунистік партия мен Совет үкіметі қазақ әйелдерінің тек ерікті, бақытты болуына ғана емес, олардың ардагер халық азаматы, білім-өнер иесі, мемлекет қайраткері, еңбек қаһарманы болуына да дархан кең жол ашып берді және сол абырой атаққа баулып бөледі де. Қазақ әйелдері қауымынан кәзір біз іс-өнегесі Құртқадан артық жыр боларлық, өмірді жаңартушы, даңқты еңбек ерлерін көреміз. Даналықтары Қарашаштан асқан аңыз боларлық атақты әйел ғалымдарды, профессорларды, докторларды, инженерлерді, педагогтарды, мәдениет саласындағы тамаша өнерпаздарды көреміз; қазақ әйелдерінің шетелдерде – Индияда, Аравияда, Қытайда, Европада әлемді таңырқата сөз сөйлегенін көреміз. Бұлар бірер ғана емес, бұлар біздің жүздеген, мыңдаған ардагерлеріміз, сүйіктіміз, мақтанышымыз – советтік бағыстанда өскен бәйшешек гүлдеріміз. Заманымыздың осындай даңқты, ардақты әйелдерін мақтаныш еткенде солардың ізгі сыр-сипаттарының біздің әдебиетімізде әлі жарқын және мол көрсетілмегендігін өкінішпен ескертуіміз міндет. Тіпті, ерліктері бұрынғының батырларынан әлдеқайда артық аңыз боларлық, қазақтың екі қаһарман қызы, Совет Одағының Батырлары – Мәметова Мәншүк пен Молдағұлова Әлия жайында күрделі, келелі шығармалар
жасалмауы – біздің зор ұятымыз. Ал біздің кейбір ақындарымыздың өлең-жырларында қыз – тек жігіттің жас көңілін жұбатушы болып қана суреттеледі. Н.Шәкеновтың бақта былғанып жатқан кір орамалды бір «Аянышты махаббаттың белгісі» деп зарлана жырлауы – мещандық-вульгарлық «лирикалардың» әуесі ғана демекпіз. Біздің заманымыздың ізгі сыр-сымбатын, қыз бейнелерін мұндай кірлі жырлардан таза сақтауымыз керек. Қазақ халқы талай тамаша талантты қыздар туғызған халық. Бұрынғы көшпелі ауыл өміріндегі қыз-әйелдердің өнері, ою, кесте тігу, кілем тоқу секілді қол шеберлігінде, әсіресе тіл өнері – өлеңжырда айқын көрінген. Тамаша ән-күйлері, асыл сөздерді халқымызға даңқты болған ақын Сара, әнші Майра, күйші Дина ғана емес, бұлардан бұрын да өз өлкесіне атағы жайылған нелер ақын қыздар өтті. Солардың ішінде өлеңдерімен бізге аты мәлім: Ұлбике, Жекей, Қадиша, Күйкентай, Манат, Ажар, Ақсұлу, Дәмелі, Шәріпжамал, Рысжан секілді ақын қыздар. Бұл дарынды қыздар заманында белгілі ақындармен алқалы топта айтысқа түсіп, тапқырлықпен олардың талайын мүдірткен бұлбұлдар. Совет заманында көркемөнер саласында қазақ қыздарынан тамаша өнерпаздар шықты. Бүкіл Отанымызға даңқы жайылған қазақтың асқан бұлбұлы, зор мақтанышы еді. Біздің тамаша сахна шеберіміз, сүйікті әншілеріміз – Қадиша, Жамал, Шара, Роза, Бибігүл, Шабал, Шолпан, Рахия сынды өнерпаздар халқымыздың жаңа мәдениетін өркендетуге баға жетпес үлес қосып келеді. Көркемөнер майданындағы әйел қайраткер-
лерінің өскендігіне, олардың игі өнерлеріне сүйсінген шақта біздің ойымызды әдебиет саласы алаң етеді. Бұл арнадағы талант, кадр мәселесі өзге күйде. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары баспасөз майданында бірнеше көрнекті әйел қайраткерлері болды. Солардың ішінде ақын Иманбайқызы Шолпан, әдебиетші Мамыткеліні Әмина, журналистер және қоғам қайраткерлері Есқызы Сара, Арыққызы Нағима сынды апайлардың есімдері жұртшылыққа кең мәлім еді. Кейініректе бұл қатарға ақын Хакімжанова Мариям, журналист Серғазина Ләзиза сияқты талаптылар келіп қосылды. Қазір әдебиетшілер мен журналистер қатарында айтарлықтай бірнеше әйел қайраткерлері, ғылым кандидаттары, газетжурнал қызметкерлері, әдебиетші мұғалімдеріміз бар. Қазақстанның ғылым мен жоғары оқу орындарында бірнеше әдебиетші әйелдердің көрнекті қызмет атқаруы – сүйсінерлік жағдай. Ал біздің газет-журналда, баспа орындарында жауапты қызмет атқаратын қазақ әйелдері өте аз. Біздің әйелдерде сыншы, аудармашы кадрларды да баулып өсіруге ынталы көңіл бөлінбей келеді. Баспасөз бен әдебиет орындарының жауапты қызметтерін қазақтың әйел кадрлары атқаратын кез жетті. Әдебиеттегі әйел кадрларын баулып өсіруге шын ынта, кең пейіл болу – Қазақстан Жазушылар одағының, баспасөз орындарының аса ардақты борышы. Өткен ауыз әдебиетінде таң-тамаша әйел бейнелерін аңыз еткен, батыл және дарынды қыздар туғызған, кәзіргі қыздарынан өнегелі қайраткерлері бар қазақ халқының жаңа
мәдениетінде әлі де жыр боларлық талай әйел тұлғалардың топтала беретіндігіне сеніміміз мол. АЙТЫС ӨНЕРІ ТУРАЛЫ Халқымыздың әдеби-дәстүрінде айтыс – ақындық өнердің ең биік таразысы, өлең-жырға деген халықтың сын-төрелігінің қатаң және аса тамаша көрінісі болып табылады. Сонымен қоса айтыс – сахналық сәулеті жоқ бұрынғы дала жұртының өзінше бір сауығы да, «әдебиет кеші де». Алайда, өткен замандардағы айтыстарды барлап қарасақ, жұртшылық айтыстарда ақындардың өнер дәрежесін сынап байқау жасаудан да көрі, сол айтыстардан өз ортасының немесе өзіне бөлек басқа қауымның бойындағы әлеуметтік міндердің, жат қылықтардың әшкере болуын мұрат еткен секілді. Ақындар үшін айтыс – шын сөз сайысы, ең қатерлі майдан болған. Жалғыз шапқанның бәрі жүйрік дегендей, әрбір ақын жеке отырып жырдастан толғаса, поэма жазса өзінше дара жүйрік, тіпті, дана да болар. Ал қалың жиын, шаршы топ алдында бетпе-бет келіп безеңдеген екінші бір ділмар жыршыға жауап ретінде қапелімде әрі мәнді, әрі өткір ойлы, әрі тосын, тың теңеулі, әсерлі өлең жолдарын «ойдан шығара» қойып, оған іркілмей ұйқас табу сөз қадірін білген кісіге аса азап та және құдіретті тапқырлық. Айтыс – импровизацияның яки қапелімде өлең шығарымпаздықтың ең асқан дәрежесі. Бүкіл өнер мәдениетінің ішінде халқымыздың ежелден ата мирас еткен, пір тұтқан өнері – өлеңжыр болса, бұрынғы айтыс ақындарында бұл дарындылықтың кереметті түрде даңқ алғандығын
байқаймыз. Алайда, бұған қарап бұрынғы-соңғы жазба ақындар айтыс-импровизация ақындарына қарағанда, дарындылыққа тапшы екен деу әбестік болар еді. Хат, сызу жоқ заманда, немесе жазуға әдеттенбеген жағдайда домбыралы ақын ән сазымен ырғақ табуға, сөз бейнелерін құрауға машықтанады. Әрбір айтыс көп ақынның, немесе импровизатор ақынның ой-сезім толғағында «өлең туғызар» алдында өзінше бір «репетиция» жүріп жатады. Мұның өзін бұрын әлденеше қалыптасқан дағдыланған «іздермен», кейде тосын айналыстармен толғанып шығады. Домбыра әуені сол толғақты демеуші, өлең ырғағын бастаушы сиқыр секілді. Айтыс ақынның құдіретті жадына жайшылықта толқығандар, машықталған ұйқас, бейне тәсілдері айтыса кеткенде ағытыла түскендей болады. Бірақ нағыз шеберлер сайысу үстінде нелер тосын, таң-тамаша теңеулер, әсірелеулер, мысқылдар тауып бастырмалатып, аруақтанып кетеді. Айтыс өнері – қазақ жерінде ерекше орын тапқан мәдениет. Бізде туыстас қырғыз, қарақалпақ халықтарында да айтыс жақсы өрістеген. Ал шығыс елдеріндегі «мүшәйра» біздің айтыстардан бөлек және біздегідей құдіретті, қызықты емес. «Мүшәйрада» әр ақын өзінше жазған бірер өлеңдерін оқиды да, соның көркемдігін, наздылығын, мәнділігін, оқу нәшін сынға салды. Ал біздің айтыс – нағыз дарынды тартыс, әлеуметтік сөз сайысы. Бұрынғы айтыс өнерінің жүйріктері Біржан, Сара, Шашубай, Орынбай, Әсеттер болса біздің замандағы айтыстың асқан шебері Иса Байзақов еді. Иса сөз сайысында алдына жан салмаған шын
шабандоз, нағыз майталман ақын. Исамен өкшелес шыққан Нартай, Нұрлыбек сынды ақындар да айтыстың тамаша жүйріктері болды. Соғыс жылдары айтыс өнері әжептәуір дәуірлеп еді. Кейін біраз жылдар айтыс атымен ұмытылып кете жаздады. Ұлы Октябрь социалистік революциясының қырық жылдығына арналған жер-жердегі айтыстар – өте жемісті, игілікті өтті. Қазақстанның көптеген атыраптарында облыстық, аудандық партия, совет ұйымдары ақындық өнердің бұл түріне әлеуметтік баға беріп, шын ынтамен айтыстарды жақсы ұйымдастырды. Ырзалықпен айта кеткенді мақұл көрсек, ақындар айтыстарын жақсы ұйымдастырған Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Семей, Шымкент облыстары. Осы облыстардың басшы ұйымдары мен мәдениет жұртшылығы бұл істе басқаларға өнеге боларлық. Ал Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Ақтөбе секілді облыстардың бұл секілді әлеуметтік мәні күшті өнерге мән бермей, селсоқ қарауы қынжыларлық хал. Ұлы Октябрьдің қырық жылдығына арналған айтыстардың саны аз болса да берекелі де. Бұл айтыстарға республикамыздың түкпіртүкпіріндегі нелер қарт, әр қилы жас ақындар да сайысқа түсіпті. Айтыс өнерпаздарының ішінде аты белгілі қарт ақындарымен қоса қаламын қолға ала тіл безеген жастар да бар. Бұл қатарға Шекербек, Мағираш, Дулат, Мыңатай, Өкімдер жатады. Бұлар ауыл-қыстақтардағы мәдениет қызметкерлері. Бұл айтысқа бұрын аты мәлім ақындардан Нұрқан, Шәкір, Игібай сынды ділмарлар да қатысты. Біздің бұл әңгіме етіп отырған жинағымыз қырық жылдыққа арналған
айтыстардың тек бір өрнектері, қиындылары ғана. Бұл секілді әдеби және әлеуметтік мәні бар мұраны түгелдестіріп бастырып шығару, әдебиғылым зерттеу мекемесінің міндеті. Осы шағын жинақта қазіргі айтыс өнерінің тамаша үлгілері бар. Республикамыздың алдағы қырық жылдық мерекесі қарсаңында жаңа айтыстар бұрқ ете қалса, бұл жинақты сол жарысқа өнеге етіп ұсынбақпыз. Бұл жинаққа айтыс өлеңдері енген ақындар кешегі Біржан салдардың салтынша сөз жарысына рухтана, айбат шеге кезенгендігін байқаймыз. Қостанай облысының жүйрігі атақты Нұрқан ақын былай асқақтайды: Топ көрген тоты құстай таранамын, Қырандай қиқу шықса қаранамын. Желдетіп жыр нөсерін төге салсам, Көлдетіп толтырамын жыр алабын. Самғасам қиялыммен көкті шарлап, Басыңда бұлғыр шыңның дем аламын. Семей облысының кәрі майталманы Шәкір былай шалқиды: Ақын ба ақындығы ақталмаса, Қазынасын асыл сөздің ақтармаса, – Аузыма а дегенде сөз түспейді, Алдымен ақын шалқып мақтанбаса. Арқада ағынды өзен Есіл деймін, Керілсем Алатаудың төсіндеймін. Түйінмін тоқсан түрлі тетігі бар, Ой жарып, ми қорытпай шешілмеймін...
Алдарында отырған ақындардан мұндай асқақ, аруақты сөздерді естіген жиын жұрт енді айтыса кеткенде қайсы жеңер екен деп құштар болатындығы түсінікті. Қазіргі ел ақындарының айтыстарында әр ақын өз аудан, облысының игі жақсы жетістіктерін, өз ортасындағы даңқты адамдардың еңбек ерліктерін мадақтап, халықтың салтанатын, ел сәулетін мақтан етеді, бастаушы ұлы коммунистік партияны мадақ ете жырлайды. Бұл секілді әуендер семейлік Тәңірберген ақынның сайыс жырынан айқын байқалады: Партиям десем бойды қуат кернеп, Жүректен ел шаттығы шығар тербеп. Шарықтап, шалқып, тасып бір кетейін, Қырандай қияға ұшқан қанат сермеп. Алдыңа мен салайын табысымды, Әлеумет көрсін тұрып шабысымды. Семей мен Қарағанды айтысқанда, Табыстан жібергем жоқ намысымды. Ақындар айтыстарының жырлары туған, өскен ел, жер байлығын, колхозды ауыл, кенді қала салтанатын шалқи жырлайтын осындай асқақ, әсем өлеңдерге толы. Бірақ ақындар айтысы – жаңа өмір шындықтарын, тамаша игіліктерді мақтап жырлаумен ғана қадірлі емес, ақындар айтыстарының аса бір құнды, әлеуметтік ықпалды қасиеті – өзара сын, мін тағылып, кемшіліктердің де әшкере, паш етілуі. Ақындар мадақ жырларымен өз қауымын шалқып көтеріп отырса, кемшіліктерді, міндерді әшкерелеген шақта екінші жақтың қауымын ұялтып, қымсындырып
та қояды. Бұл жайлар жас ақындардың сайыс өлеңдерінен жақсы сезіледі: Кемшілік сізден-дағы табылады, Көмекке қала ылғи жабылады. Бөлектеп жинайтұғын егінді айтсам, Тапжылтпай табандатып дәл ұрады. Қасында алтын арна Ертіс жатыр, Ауданың әлі аспанға табынады, Шаншылған шыбықтарды тоғай қыпсыз, Парқына Алматының орай қыпсыз. Қала орнатып, маздатып электрін, Ауызбен бәрін-дағы оңай қыпсыз. (Қалиқан) Мен бұрын Қармақшыны көрген едім Өзінше тұрсын былай шөлдегенім. Ауданнан көлеңкелік тал таба алмай, Ойпырай, естен кетпес терлегенім. Сөзіме менің құлақ саласың ба? Болсаң да Сырдария жағасында, Суға тапшы екенсің Мағираш-жан, Қарызға Таластан су аласың ба? Еріксіз әрине бір ой келеді, Меркенің көп қой сұлу бәйтерегі, Ауданның берекесін кетіргенше Біздерден көшет алсаң қайтер еді? (Шекербек) Бұл жырлардан айтыс ақындарының ауыл мәдениеті үшін күрескер, озат ойлы адамдар екені, кемшілікке, кертартпалыққа төзбейтін өршіл жандар бар екені аңғарылады. Мұндай мәдени
кемшіліктер ғана емес, айтыс ақындарын аудан, облыс, колхоз басшыларын да, жеке адамдардың іс, мінез кемістіктерін өткір өлең сөздерімен тайынбай мінеп-сынап береді. Ақындар айтысы – қадірлі өнер. Бұл өнерді біз құрметтеп, біздің заманның игілігіне, әлеумет және әдебиет кәдесіне жаратуға, оны ілі де өрістете беруге тиіспіз. ҚАДІРЛІ ҚАЗЫНА ЖАЙЫНДА Халқымыздың өткендегі рухани өмірінде өлең-жыр, жаңа ән мен күй көне әдебиетімізден келген қадірлі, мәңгілікті мұра. Тарихи тұрмыс жағдайларының себептерінен көркемөнердің алуан қилы өзге өрнектерінен көрі, өлеңжырда, ән-күйде біздің халықтың рухани қуаты кереметті әсермен көрінген. Қазақтың халықтық ән-күйлерін тұңғыш жинаушы – біздің музыка мәдениетімізге қамқорлықпен, зор құрметпен баға жетпес еңбек еткен ардақты ақсақалымыз Александр Затаевичтің сол ән-күйлер жайында біздерге: бұлар – сендердің асыл мұраларың, бұларды қадірлеп сақтай біліңдер деген сөзі аса жоғары баға да, ақиқат пікір. Затаевич жинаған қазақ әндерімен танысқаннан кейін ұлы Горький, сол әндерге сүйсіне былай деп жазды: «Мінекей, менің алдымда қазақтың 1000 әнінің жинағы жатыр. Бұл әндер нотаға түсірілген. Бұлардың ішіндегі өзіндік өзгешелігі күшті көркем әндер болашақ Моцарттар, Бетховендер, Шопендер, Мусоргскийлер, Григтер үшін бай материал
болмақ...» – Кемеңгер жазушы өзінің осы жылы, терең сезіммен жазған сүйініш сөзінің соңында қазақ халқы туғызған (және басқа да ұлттар жасаған) бұл секілді көркем әндер еліміздегі бүкіл еңбек адамдарының ортақ игілілігі болуын өсиет ете кетеді. Ұлы жазушының сол тілегін кешікпейақ жүзеге асқанын көзбен көрдік. Қазақ халқының дана, тапқыр ой қиялынан, ұшқыр сезімдерінен туған ән мен күйлер – бұрын тек ауыл үйде, алқақотан ортада ғана айтылса, енді қазір, біздің заманда республикалық, бүкілодақтық зор сахна төрлерінен, радио толқындарынан мол шырқалып, орыс және басқа туысқан халықтардың да рухани ортақ игілігіне айналды, тіпті шетел халықтарына да таралып келеді. Көркем өнер салаларының ішіндегі көпшілікке ең көп тараушы – халықтық ән-күйлер. Солай болғандықтан халқымызға әлі де рухани азық болып келе жатқан осы қадірлі мұраны қасиеттеп пайдалану, құнттап зерттеу, меңгеру мәселесін жоғары көтеруіміз қажет болып отыр. Музыкалық фольклорды жинап зерттейтін республикамызда дербес ғылыми мекеме бар, ол Қазақ ССР Ғылым академиясының өнер зерттеу секторы. Ал қазақ ән-күйлерінің музыкалық ерекшелігі, тарихи спецификалық мәселелері жайында, саздарының, сөздерінің әлеуметтік мәндері жайында, көп ән-күйлердің шығуы, тууы туралы, оларда жыр болатын кейіпкерлер туралы, ақыры сол ән-күйлерді шығарушылар кімдер міне осылардың бәрі жайында ғылыми-зерттеу еңбектері мен қалың көпшілікке арналған очерк, кітапшалар қажет-ақ. Бұл мәселелерді өнер зерттеу секторы орнынан қозғай алмай келеді. Затаевич
өрнектеп кеткен қазақ ән-күйлерін өздеріне азық етуге құштарлары соншама көп болса да, оларды зерттеуге, олардың қасиеттерін көпшілікке әйгілеуге талаптанғандық жоқтың қасы. Бұл ретте тек қазақ музыка тарихын зерттеуге шұғыл зер салып, келелі еңбек етіп жүрген профессор А.Жұбановты ғана және қазақ музыка фольклорын жинастыруға пейіл қойған Б.Ерзаковичті ғана айтамыз. Біздің музыка мәдениетімізде шешуді немесе келісуді керек ететін екінші бір мәнді мәселе – халық мұраларын пайдалану мәселесі. Бізге кейбір музыка біліктілері – советтік музыка, советтік опералар халықтық болуы керек, осыған сәйкес халықтық ән-күйлерді опера және балеттерге және музыкалық шығармалардың өзге түрлеріне де пайдалана беруге болады, – деп иландырады. Ал біздер, әдебиетшілер, халықтық дегенді халық шығармаларын бүтіндей пайдалану деп түсінбейміз. Біздіңше, халықтық шығарма – халықтың белгілі бір дәуірдегі әлеуметтік қалпын, мінез-құлқын, қалың бұқараның арман-тілегін, ұлттық рухани қуатын арқау етуші, соларды сипаттаушы шығарма болмақ. Бұл қасиеттер халық шығармаларын солайынша бүтіндей олжаланудан шықпайды, олар әрбір жазушының творчестволық негізінен туады, ақын-жазушылар фольклорды осы творчестволық жолмен пайдаланады. Мысалы, жазушы Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларынан сахналық шығарма жасағанда, оларды фольклорлық тұрғысынша пайдаланбай, идеялық және мазмұндық желілерінен өзгерте, жаңарта отырып, өзінше жаңа шығарма етіп шығарған. Мұнда
фольклорлық шығармалар тек материал есебінде ғана пайдаланылған. М.Горький қазақ ән-күйлері жайында жоғарыда келтірілген пікірінде: «Бұл көркем әуендер келешек Моцарттар, Бетховендер үшін бай материал болатынын» атап көрсеткен еді. Солай болғандықтан біздің композиторлар халық ән-күйлерін материал ретінде негізге алып, өз шығармаларына, әсіресе опералық шығармаларға сол халықтық сарынды, ұлттық әуенді бере білсе, орынды да игі іс болар еді. Мәселе халыққа мейлінше сіңіскен, өзінің белгілі тарихы, мәні бар ән-күйлер мен белгілі авторлары бар шығармалардың тағдыры туралы болып отыр. Қазақ операларын жасаудағы осы кезге дейінгі болып келген тәжірибелер өрістей берсе, таяу жылдарда халық сыбағасындағы ән-күйлер құлдырап, әркімнің олжасы болып кетпекші. Біз кейбір операларда орынды, жанасымды етіліп пайдаланылған кейбір ән-күйлерді сөз етпейміз, мысалы: «Біржан – Сара» операсында Біржан әндерінің, «Абай» операсында Абай әуендерінің, тіпті «Қыз Жібекте» «Гәкку» секілді белгілі әндер мен биге лайықты кейбір күйлердің болуы қонымды да көрікті. Халықтық шығармаларды пайдалану жөніндегі екінші бір мәселе пайдаланылған ән-күйлердің сол операдағы образдардың характеріне жасаған кезеңіне сай келуі. Өткен өмірдегі әлдекімнің ғашықтық назын сездіретін белгілі әннің операда бір батырдың немесе ханның ыза әуендері болып естілуі немесе патша заманында ұлықтардың байлардан қуғын көріп жан ызасын толғаған белгілі ерлердің (халық әншілерінің) әндерінің, қайдағы бір жыраулардың, қарақшылардың ауыздарынан
шығуы да ұнамсыз секілді. Осыған сәйкес советтік тақырыпқа жаңа опералар жасағанда, халық ән-күйлерін пайдалану тәжірбиесі қалай өрістемекші деген мәселе туады. Ән-күйлерді зерттеу, халықтық сарындарды меңгеру, кейбір ән-күйлерді өңдеп, творчестволық жолмен кәдеге жарату, әсіресе сөзі, үні жоғалып бара жатқан бірқатар әндерді қайта жаңарту – біздің композиторлардың игі ісі. Ал жоғарыда көтерілген мәселелер жеке адамдардың пікірі емес, жұртшылықты ойландырып жүрген мәселе болғандықтан, біздің музыка мамандарымыздың сол талаптарға жауап, түсінік бергені мақұл. Аса бір көңіл бөлерлік мәселе – халық әндерінің сөздері – текстер жайында. Жоғарыда аталған өнер зерттеу секторы бұл туралы берекелі ештеңе істеген жоқ. Ал халық әндерінің сөздері бейберекет бүлініп, шатастырылып айтылып жүргені халықты да, мәдениет жұртшылығын да әбден қынжылтады. Бұл мәселедегі тәртіпсіздік шегінен асқан деуге болады, радиодан, әншілер аузынан, филармония концерттерінен халықтық ғажап әндердің әуендеріне, сырларына сай келмейтін бұрмаланған, бытысқан текстерді көп естиміз. Қазақтың халықтың ән-өлеңдерін тереңірек сезіне қарасақ, сол таң-тамаша мұраларды жасаушылардың әрі композитор, әрі жақсы ақын болғандығын аңғарамыз. Ақын біздерге аты-жөні белгісіз көптеген халық таланттары өздерінің әсем сырлы ән саздарына лайық мағыналы, әсерлі сөздер де таба білген. Кереметті, қуатты музыка толқынды ой сезімнен туса, оның сөзі де сондайлық өткір, терең сырлы болмақ.
Жасым бар жиырмада жасырмаймын, Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын. Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе, Сен түгілі, патшаңа да бас ұрмаймын. (Біржан) Ауылым қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым Ақсұңқар баласына, Бидайыққа лайық қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба? (Ақан сері) Өткен соң көрген қызық көрмегендей, Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей, Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе, Қайрап ап қалың жауға сермегендей. (Мәди) Бұл сөздерден зорлық күштерге, тіпті патшаға бас имейтін, қалың жауға көк семсердей сермелетін, тәкаппар өр жандардың, шын сүйіскен ғашық жардың, қорлық орына түскен аруларға арашашы болып шығатын ақындардың үндері еседі. Мұндай өткір көркем бейнелі сөздерсіз бұл әндердің сырларын да ұғу қиын болар еді. Сол секілді қазақ ауылының ескі тұрмыс күйлерін шертетін, теңдікті, еркін махаббатты аңсаған жастардың үміт сезімдерін қайғыармандарын сездіретін мына сынды әндердің өздері де әсем емес пе? Ей, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген, Артыңнан мен ақ тұйғын жетем деген.
Ойымда жатсам, тұрсам бар ма менің. Айрылып сенен, сәулем кетем деген. («Ардақ») Жазайын ақ қағазға сызылдыртып, Еркеме сөз сөйлейін үзілдіртіп, Отырсаң ақ боз үйде маслихатпен, Шіркіннің екі көзін сүзілдіртіп. («Назқоңыр») Бұл өлеңдерде нағыз халықтық, ұлттық көркемдік қасиет бар. Бұл лирикалы әндерді естігенде соларды шығарған белгісіз ақынәншілердің, зергер қиялына, сөз дарындылығына, бой тебірентер күшті әуендеріне қайран қаласың. Осылар сияқты халықтың сүйікті әндері «Қызыл бидай», «Аққұм», «Шилі өзен», «Гакку», «Көкжендет», «Қамажай», «Жайқоңыр», «Шәпиябану», «Жеңеше-ай» сияқты өлеңдердің де әндеріне сөздері сай. Көптеген халықтық әндердің қазіргі айтылуында сөздерінің әуеніне сай еместегін, бүлінгендігін, өзгергендігін көреміз. Бұған басты себеп, халық әндерінің әуелгі, түп сөзі келе-келе ұмытылып жоғалған да оларға кейін әр әнші әртүрлі тіркеп, өзінше айта бергендіктен болған, екіншіден, кейінгі кездерде музыка орындарының жеке айтушыларының, дүмше ақындардың, ежелгі халық өлеңдерін жаңалап, өз тұстарынан сөз қосудан шыққан кесір. Бұл ретте ән сөздерін көбірек шатастырушы, өзінше бұрмалаушы – Қазақстанның радио хабарлау басқармасы, оның музыка тарату бөлімі. Халықтың асыл әндерін жұртшылыққа кең
таратушы қазіргі біздің атақты әншілеріміз – Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, ағайынды Абдуллиндер, Байғали Досымжанов, Манарбек Ержанов, тағы басқалар халық әндерін қасиеттеп сақтап, олардың қадірлі сөздері мен әуен нақыштарын халыққа жырлап жеткізіп келеді. Бірақ бұл әншілердің кейбіріне өкпеміз де жоқ емес. Біздің белгілі әншілеріміз өздері айтып жүрген халық әндері сөздерінің бұрмалануына және кейбір халық әндерінің қазіргі композиторлардың олжасына кетуіне төзе береді. «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жуықта Ақан сері әндерінің сөздері бұрмаланып жүргені сөз болып өтті. Ондай мысалдар көп. Оларға тоқталмастан, мына бір келіссіз жайды айта кетейік. Біздің тамаша әншілеріміздің бірі, Қазақстаның халық артисі Мүсілім Абдуллин жуықта радиодан былай деп ән шырқады: Өлсем орным қара жер сыз болмай ма, Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? Махаббат, ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма, Үкілім-ай, жеңеше-ай, Сағындым сәулем өзгеше-ай. Бұл өлеңнің алғашқы төрт жолы Абайдың атақты өлеңі екені баршаға мәлім. Бірақ ақын өзінің бұл өлеңін жеңешесіне арнамаған секілді. Бұл терең мағыналы өлеңде Абай тарихтағы өзінің ақындық орнына, «Мыңмен жалғыз күрескен» тартысты өмірін кейінгі қауымға, біздерге жыр етіп ескерткен. Ал Мүсілімнің ұлы ақынның бұл секілді терең мағыналы өлеңіне «жеңешемді»
жалғастырғаны сөкет-ақ іс. Мысал, Пушкиннің «Я памятник себе воздвиг нерукотворный» деген даңқты өлеңін орыстың бір халық әніне қоса айта салып, қайырмасында «О, Дуня, Дуняша» деген секілді бірдеңені тіркестірсе, орыс халқы қандай ұят көрген болар еді? Бірақ орыс әншілерінде ондай ағаттық сезілмейді, жалғыз Мүсілім емес, мұндай әдет біздің басқа әншілерімізден де кездеседі. Ән сөздерін жинастырып, бастырып шығару ісі де дұрыс қолға алынбай келеді. Өткен жылы Қазақстан көркем әдебиет баспасы «Қазақ әндері», «Қазақстанның халық әндері» деген екі жинақ бастырып шығарды. Мұның соңғысын Қазақ ССР Ғылым академиясының өнер зерттеу секторы әзірлеген де, алғашқысын Көркем әдебиет баспасының өзі дайындаған (құрастырған С.Бақбергенов, редакторы Ж.Өмірбеков). бұл екі жинақтың айырмасы – «Қазақстанның халық әндері» (ред.Ерзакович) ноталармен шығарылған, мұнда бұрынғы халық әндерімен қоса совет заманында туған халықтық әндер де берілген. Ал екі жинақтағы халық әндерінің сөздері бірдей дерлік және бұрмалаушылықтары да түстес. Рас, бұл екі жинақта да дұрыс, толық берілген бірнеше ән текстері бар. Бірақ кемшілік пен қателіктері де аз емес. Халықтың белгілі әзіл өлеңі «Бипыл» Бақбергенов құрастырған жинақта былай берілген. Мен жылқышы бипылым, сен сауыншы, Қай уақытта табылар жан тынышы. Байдың көзі жойылса дүниеден. Сонда бізді көтерер еңбек күші... Ақау тәнім-ай,
Талма менің жаным-ай, Ей, күлди, күлди күнжан-ай, Күнде базар үйім-ай. Бипыл, бипыл, бипыл-ай, Қаулап дәурен келеді-ай. Ертеректе біз естіген «Бипыл» болса, бұлай болмасқа керек еді. Мұнда халық әнінің әзіл сөзін алып тастап, бір кезде біреудің «жаңартқаны» айқын сезіліп тұр. Бұл текст, сірә: Ауылыңның тұсынан шығарып сап, Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр, – деген халық өлеңі. Колхозының тұсынан аттандырып, Тракторға сүйеніп қара да тұр. – деген секілді. Бипыл, Бипыл, Бипыл-ай, Бес қалампыр, бір шай-ай... дегенді «Қаулап дәурен келеді-ай», деп жаңартудың ешбір жарастығы жоқ. Сол секілді «Бір бала» деген әнді былай «өңдеген»: Талдан таяқ жас бала таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды. Білім – түлкі болғанда, бүркіт – бала, Талап етпеу жас шақта жарамайды.
Ән салшы-ай, бір бала, Жан құрбым, бұраң бел, Оқиық бірге кел. Расында бұрынғы қайырмасы: Қос етек бұраң бел, Қуалай соғар қоңыр жел, – деп айтылатын еді, мұны да ән сырына жанаспайтын бір жасанды сөздермен «жаңартқан» тәрізді. Ақан серінің белгілі «Маңмаңгер» әнінің қайырмасын жаңашалап: Ақау, туған елім. Бала едім. Өзіңе осынау әнді Сала келдім, – деп өзгерткен. Ал, дұрысы: Ақау, хаула-ләйлім, Хаула-ләйлім. Деп салған Маңмаңгерге – Ақан серің! – еді. Әнші Майраның да атақты әнінің сөзі бүліншілікке ұшыраған. Қызы едім мен Уәлидің, Майра атым, Тартады бозбаланы магнитім. Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында Үш жүздің араладым азаматын!–
дегеннің соңғы екі жолын әлденендей сақтық оймен бір «шебер» өзінше түзетіп: Құрбылар жастық шақта ойна да күл, Қартаяр, күлкі қашар уақыт жақын, – деп бүлдірген. Мұндағы түзетушінің қашқақтап отырғаны – «Үш жүздің араладым азаматын» деген сөздер. Ал шынында бұл сөздерден үркетін дәнеме жоқ. «Үш жүз» деген сөз қазақ руларының тарихи бір кезеңінде, топтасу дәуірінде шыққан этникалық атау. Сол секілді белгілі «Жалғыз арша» әнінің: Қарқаралы басында жалғыз арша, Хатқа жүйрік сол сәулем мұсылманша, – деп жалғанатын соңғы жолы – «хатқа жүйрік сол қалқа зерек сонша» болып өзгертілген. Мұнда «мұсылманша» деген сөзден қашқан. Ал бұл сөз бұл арада революциядан бұрынғы ауылдағы оқу түрін ғана аңғартып тұр. Тамаша әннің бірі «Қызыл бидай» да осындай өзгеріске ұшыраған. Біз білетін «Қызыл бидайдың» қайырмасы: Ақау айдай, Қызыл бидай. Болғанша жарың жаман... Уа, шіркін. Алсын құдай... Оны «құдайдан» қорыққан сақ қол: О, шіркін, көзім қимай, Қызыл бидай.
Көрген соң ақ жүзіңді, Жүрмін қимай! Уа, шіркін, жүрмін қимай, – деп бұрынғы мәнін бұзып, сылбырыңқы етіп жіберген. Жинақтағы ән сөздерінде бұл секілді бұрмалаушылықтар толып жатыр. «Халық әндері» жинағындағы екінші бір топ әндердің сөздері әндеріне байланыссыз, өзге сөздермен бытысып кеткен, өзіне тән шын сырлы сөздерден айрылған. Халыққа мәлім «Жеңеше-ай» әні «Айдап салдым жылқымды тепсең жерге» деп басталатын еді, бұл жинақта ол – «Арғы жағы Еділдің, бергі жағы», – деп басталып, басқа бір ән текстімен шатастырылған. Атақты «Ағаш аяқ» әнінің «Атандым мен жасымнан Ағаш аяқ» деп басталатын сөзі айтылмай, «Сал қара ат жем жейді пүш дегенде», – деп әлдебірдемені тықпалап қойған. Бұл жинақта кейбір шумақ өлеңдер бірқатар әндердің сөзі болып қайталанады. Мысалы, «Айналайын қарағым, алтыным-ай» деген төрт жол өлең – «Ақау керім», «Майда қоңыр», «Хайлайлім», «Ауылың сенің» деген төрт әнге текст болып тұр. Сондай-ақ «Домбырам екі шекті қолға алайын», «Қарағым, сенде ақ маңдай, менде ақ маңдай», «Базардан алып келген күміс құман» сияқты жалпыға мәлім өлеңдер әуендері, сырлары басқа әр әндерде қайталана берілген. Жинақтағы бірқатар әндердің бастаушы жолдары мен қайырмалары бір-біріне байланыссыз. Мысалы, «Ағажан Ләтипа», «Маусымжан», «Ақжалмаш», «Геккугай», «Ауылың сенің» сияқты әндердің басқы шумақтары басқа бір сырды жыр етсе, ал қайырмалары әлдебір қыздардың
аттарын айтып, махаббат күйін шертіп кетеді. Халыққа белгілі, жер-жерде айтылып жүрген бірқатар жақсы әндер бұл жинақта қамтылмаған. Халық әндерінің жинақтарынан сезілген бұл өрескел міндер тек сол жинақты құрастырушы мен редактордың ғана кінәсі емес, бұл алдымен сол бұрмалаған күйде айтқызушы, музыка орындары мен сол әндерді айтушылардың да айыбы. Бірқыдыру әндердің сөзі бір шумақтан ғана сақталыпты. Ал тыңдаушы қауым бірауыз өлеңді әсте қанағат етпейді, солай болғандықтан әрбір ән айтушы келсін-келмесін екінші шумағын басқа бір өлеңмен әндете бермекші. Халық әндерінің сөздерін тәртіпке келтіру жөнінде зерттелетін, келісетін біраз мәселелер бар. Алдымен көп әндердің авторларын ізестіріп анықтау керек. Жазықсыз кінәланып аты бүркеліп жүрген «Қаракесек», «Мәди әні» секілді тамаша әндер қалдырған Мәдидің есімін жария еткен жөн. Сол секілді әндері айтылып жүрген Құлтума, Жарылғапберді, Сәтмағамбет секілді әндер тек бір ауыз өлеңмен ғана құрылса, оның екінші шумағын іздеп табу шарт. Сөздері мүлде ұмытылған әндерге әннің сырына қарай бүтіндей текст табу керек. Мысалы, «Әсет» деген әннің қазіргі айтылуындағы негізгі өлең сөздері қайырмасына мүлде қайшы. Бұл ән қазір «Әсеттей сал ән салсаң әсемдетіп» - деп басталады, мұнда Әсет ақын мақталады. Ал қайырмасында «Қозы Көрпеш – Баяндай бір молада өлсем-ай» – деп адал ғашықтық зары естіледі. Бұл ән Әсетке емес, ғашыққа арналғандықтан, әннің барлық сөзі де махаббат болуға тиіс. Бірқатар тамаша әндердің қазіргі сөздері
тартымсыз, сәлдеу секілді. «Япурай», «Тілеуқабақ», «Екі жирен», «Ләйлім» сияқты әндер бұрынғы айтылуынан өзгеше, халықтық лирикалық әсем сөздерді тілеп тұр. Қазақстан Жазушылар одағы жоғарыда айтылған жайларды ескере келе үстіміздегі жылда халық әндерінің жинағын толықтырып, қайта шығармақ болып отыр. Бұл игілікті іске музыка мамандары, әншілер, ақындар және барлық өлеңді қадірлей білетін жұртшылық қызу ынта бөлуі қажет. 1956.
ІІІ БӨЛІМ ПЬЕСАЛАР ЖАМБЫЛ МЕН АЙКҮМІС (Бір актілі музыкалық драма) Қ а т ы н а с у ш ы л а р: Ж а м б ы л – ақын, 30 жастарда. А й к ү м і с – ақын қыз, 18-де. С ә л і м – бай жігіт, Айкүмістің айттырған күйеуі. М а н а п – күйеу жолдасы, ақын, 25-те. Ә с е м к ү л – Айкүмістің жеңгесі. Б ір топ қыздар, Жамбылдың серіктері, шабарман. Алатау бөктері. Әріректе киіз үйлер. Еңісте алтыбақан, қыз ұзату тойына жиналған қызкеліншектер, жігіттер ән шырқасып жатады. Арасында Айкүміс пен Әсемкүл. Ән шырқалады. Ажарың ақ түлкінің ажарындай, Салма құдай, жаманға назарымды-ай. Қыз кеткен соң аулыңнан қызық кетер-ай, Жәрмеңкенің тарқаған базарындай. Келдің қайдан, ей, бүркіт, келдің қайдан, Алма мойын ала үйрек ұшар сайдан-ай.
Мекеніңді, ей, қалқа, айтып кетші-ай, Жат болмағы адамның осындайдан. Ә с е м к ү л: – Еркешім, мына ән саған айтылған секілді, аулымыздың мәз-мереке жәрмеңкесі едің, кеткенің бе шыныңмен? А й к ү м і с: – Жеңгетай-ау, бар сырым өзіңе мәлім ғой, еркіммен ергелі тұрмын ба? Аңсағаным Сәлім бе еді? Бай тұқымы шырмауықтай матап алған жоқ па? Әке-шешенің мейірімсіз көңіліне амалсыз көнгенім де. Бірақ құштар болып емес, құса болып барамын. Жеңгей, күйеуді есінен қалмастан есеңгіретіп жөнелтіңдер, Жамбыл ақын қайда? Сырласымыз еді ғой, шақыртыңдар тойға! Ә с е м к ү л: – Шақырттым, Еркешім, неге кешікті екен, ойын-той десе құлпырып кететін сабазың... Ол келсе, Сәлімнің күпінген кеудесін басар еді... Еркем, сен онша-мұнша күйіне берме, әкем, тегі, ағаңа мен де әуелде көңілсіз келген едім, ал кейін... әкем, тегі... тіпті... Күліп ишарат сездіреді. Енді бір шетте сөйлесіп тұрған Сәлім мен Манапты көреміз. С ә л і м: – Ей, Манап! Мына Екейдің ерке қызы неге сонша кергиді? Әлде, мені менсінбей ме? Жетісуда мына мендей өзі бай, өзі сылқым, өзі сері бар ма, тегі? М а н а п: – Сәлім мырза, қыз біткеннің кесірі емес пе алғашқыда бұлданатын, құрығыңа бір іліккен соң бұлқынушы ма еді, тәйірі! С ә л і м: – Екейдің қыз бен жігіттерінің мені қалай қағытқанын естідің ғой, ақын деп сені әдейі ертіп келдім. Әншейін тамағыңды қырнап, мұртыңды сипай бергенше, соларды шенеп бірдеме демейсің бе? Әсіресе Айкүмістің алдында менің мерейімді көтеріп... мадақтап... М а н а п (тамағын қырнап): – Әкем-ау, қыздарыңа мен қырғидай шүйлігейін, тек жөні келсе... және бір
пәледен сақтанып тұрмын. С ә л і м: – Жамбыл? Е, түсіндім. Жар-жар айтуды бөгегені сол екен ғой. Әлде мына сайтан қыз Жамбылға ғашық па екен? Жамбыл секілді ел кезген саяққа мендей аталының атастырғанын азғыру оңай болмас. Әй, Манап, сен ол заржақты келген беттен тіліңді безеп бастырмалатып таста. Кедейлігін айт, кезбелігін айт! М а н а п (домбырасын безектетіп): – Е, қорқамын ба мен, сол қу таңдайдан. Қырандай бір қадалайын келсін өзі! Аха-ау, келсін өзі, келсін өзі! (Әсемкүл сылқылдап күле келіп.) Ә с е м к ү л: – Күйеу мырза, мына ақыныңыз оңашада неге бақырып жүр? Бақсы емес пе жынын шақырып жүрген? М а н а п (сасқалақтап): – Мен бақсымын ба, айтшы, әкем, тегі? Мен... С ә л і м: – Бұл біздің Талас бойының тарлан ақыны. Тұла бойын өлең кернеп, айтысарға жан таппай, бұлқынып тұрғаны ғой! М а н а п (кіжініп): Ахау, келіншек, аха-хау! Ә с е м к ү л: – Әкем-ау, қырға қарап бесті айғырдай азынағанша, анау қыздарға көрсетсейші өнеріңді. С ә л і м: – Манап, алдымен Айкүмісті қағытып қал, бас деймін айқайға! М а н а п: – Жүріңдер ендеше, қыздарыңа қырғидай шүйілейін бір! Бұлар қыз-жігіттер жағына кетеді. Манап домбырасын дүмбірлете бастайды. Тамағын қырнап жөтеле түседі. А й к ү м і с: – Мына бақсы сарынын шақырғанша, бір зарымызды айтып қалайық, кел, қыздар, қостаңдар. (Өзі бастайды.) Әнге басам, замандас, әнге басам, жар-жар! Бұрынғының салтынан қайтіп асам, жар-жар!
Аулыңнан айрылу қандай қиын, жар-жар! Кетер ме едім елімнен қыз болмасам, жар-жар! Қ ы з д а р: – Ай-хай, заман-ай! – Айкүмістен айрылғанымыз ба? – Атастырғаны сүйкімді болса игі еді. М а н а п (лепіріп): – Ал жігіттер, кәне, мені қостаңдар! Ж і г і т т е р қ о с ы л а д ы: Той қыласың сен неге, той қыласың, жар-жар! Аулыңнан бүгін-ақ айрыласың, жар-жар! Жаулық түссе басыңа, ерке сұлу, жар-жар! Еркелікті ұмытып, қойдырасың, жар-жар! Айт дегенде айтайын, той қылған қыз, жар-жар! Семіз бие тойыңа сойдырған қыз, жар-жар! Ата-ананы қалдырып туған елмен, жар-жар! Кетемін деп жат елге ой қылған қыз, жар-жар! Жігіттер қостап даурығып қалады, қыздар ұнатпай шуласады. Б і р і н ш і қ ы з: – Мынауың қалай сәуерлейді! Е к і н ш і қ ы з: – Көргені жоқ елдің кер саяғы ғой өзі, не деп тұр? Ү ш і н ш і қ ы з: – Айкүмістей асылымызға тіл тигізбекші ме? Ә с е м к ү л: – Қыздарға кегі кеткен қырқылжың емес пе, әйтпесе әкем-ау, қыздарды қызықтырып, мына Айкүмістей еркемізді ардақтап жыр айтпай ма? А й к ү м і с: – Күйінбеңдер, қыздар, күйеу мырзаның баптап әкелген жүйрігі шығар, білгені сол да. Қыз біткенді қастерлеп, көмейінен бал төгілетін Жамбыл дейсің бе бұл...
С ә л і м: (қалыңдығының қасына барып) – Айкүміс, қарашыл жабыдай аулыңа үйірсек Жамбылды сағынып тұрсың ба? Таластың тұлпары содан кем бе? Жүйрігім, шырқа кәне, көрсет шабысыңды қыздарға! Ә с е м к ү л: – Жүйрігіңіз күйбік емес пе, мырза, неге қиқылдай береді? (Қыздар ду күледі.) М а н а п (екіленіп дауыстап, домбырасын қаға жөнеледі.) Ал сөйлейін, сөйлейін, Тақылда, тіл мен көмейім. Секеңдеген қыздардан Сескенейін демейін. Алды-артыңа шығайын, Әй, бөгейін, бөгейін! Ай-хай! Қыздар-ай, қыздар-ай! Қиқылдап бөгеліп қалады. Қыздар ду күліседі, жігіттер «әу-ей!» деп көтермелейді. Манап домбырасын қаққылап айғайлай түседі. Бірақ аузына сөз түспей сасқалақтап қалады. М а н а п: – Ал бөгейін, бөгейін, Тақылда, тіл мен көмейім. Мазағына қыздардың Қайтып қана көнейін? Мынау Сәлім мырзаның, Көтерейін мерейін. Ханзададай көрікті, Сырын айтып берейін. Ай-хай! Қыздар-ай! Айтыңдаршы, не дейін, не дейін? Ә с е м к ү л: – Әкем-ау, не дейтініңді білмесең, несіне күжілдейсің?
Қыздар күліседі, жігіттер: «Бас, Манеке!» – деп қояды. М а н а п: – Мен не дермін, не дермін, Мен талайды көргенмін. Сыпсыңдаған қыздардың Сыбағасын бергенмін. Жиын-тойда масайрап, Мен жорғадай желгенмін. Сенбейсің бе, ей, қыздар, Жамбылыңды айтыста Әлсірете жеңгенмін! Д а у ы с т а р: Мынауың қалай бөседі-ей? Ақынмын деп лақпа, Жамбылды жеңу саған қайда саған! Ә с е м к ү л: – Көп піспектелген торсықтай тым күмпиіп кеттің, әкем-ау, тегі, Жамбыл қазір келіп қалса, көбігің басылып қалмасын! (Күліседі.) А й к ү м і с: – Жамбыл жел жетпейтін жүйрік, қағып түсер қырғи ғой, кім бар дейсің оны жеңетін... Сәлім: ؎ Иә, естіп едім. Жамбылға үн қосып талай тербеліпсің. Құлағыма түскен соң тақылдауың қиын болар. Айкүміс, кәне, лебізің болса шығарып қал өз аулыңда. Айтыс мына менің ақыныммен! А й к ү м і с: – Рас айтасың, мырза менің тілдесер теңім де Жамбыл, қағыссам мұңымды да соған шығарамын, жүйрігіңді арамтер қып қайтесің. М а н а п – (өкіне түсіп): Таластың тұлпарымын-ей, атым Манап, Бұл тойға мені әкелді-ей, Сәлім қалап, Айкүміс, торға түскен-ей, сен торғайсың, Қыран тұр тап бергелі-ей, саған қарап. Ертең-ақ ілінерсің-ей, тырнағына, Сөйлеп қал бойыңда бір-ей, болса талап. Ертең-ақ басқа жаулық-ей, бүркенесің,
Алдыңда мырзамыздың-ей, құр жорғалап-ей, ей, ей! ей! Жігіттер: Уа, пәлі, мына салың не дейді-ей?! Ә с е м к ү л: – Мына байғұс не деп желдеп кетті, еркем Айкүміс, мысын басып жіберші бір? Қ ы з д а р: – Айкүміс, Айкүміс айтсын! А й к ү м і с (қолына домбыра алып): – Мырзабектің қызымын-ей, еркелеген, Талай сылқым сыртымнан ентелеген. Қыз болсам да бір елдің-ей, еркесімін, Тоты құспын бағында мен түлеген. Көлеңкеме көп жігіт болған құмар. Жақсы болса қосағы сүйсінбей ме, Қандай жігіт бұл тойда мені сынар? Кеудесіне мына ақын-ей, жалаңдайды, Бір аңшыға тазыдай еріп келген! Бәрі ду күліседі, Айкүмісті қошеметтей түседі. Әсемкүл: – Ал ақыным, тақылда, әкем, тегі, екпінің басылып қалды ма? Бір қыз: – Мойныңа су құйылғандай неге мүлгисің, жаңа ғана лепіріп тұр едің ғой? Сәлім: Манап, неге мелшиіп қалдың, сөйле! Манап (сасқалақтап, домбырасын қаға беріп): – Әй, әй, мен не ойладым, не ойладым, Айкүміс-ау, сендей қызбен жасымда көп ойнадым, әй, әй. Сен тегінде, әкем-ау, жақсы жансың, Жаңа ғана соны мен абайладым-ей!
С ә л і м (ашуланып): – Әй, не деп міңгірлеп тұрсың? Босқа семірткен екенмін сені, тұлпар десем, мәстек екенсің ғой, жоғал әрі! Манап Сәлімге адырая қарап кетуге ыңғайланады. Жұрт ду күліседі. А й к ү м і с: – Сабыр етіңіз, Манап аға! Сізде айып жоқ, алыстан ат терлетіп келдіңіз, менің сыйым болсын. Қасындағы қыз ұстап тұрған шапанды Манапқа жабады. М а н а п: – Өркенің өссін, қарлығашым! Ай десе ай екен ғой, тек алғаны аялай білсе. Сәлімге адырая қарайды. Қыз-жігіттер мақұлдап қошемет көрсетеді. Ә с е м к ү л: – Айкүмісім абзал еркем емес пе, бәсе, мырзалығын да көрсетті. (Манапқа). Әкемау, енді еңсеңді көтеріп, серпілші бір! Қыздар, биге әзірмісіңдер? М а н а п (көтеріліп): – Кеудем жаңа кеңіді ғой! (Көмейін қырнап). Ей, шалқиын, шалқиын... ахау... Кенет бір жігіт келіп кіреді. Ж і г і т: – Алатаудың ақиығы алғыр ақын Жамбыл келді!.. Манап (кенет бөгеліп): – Не дейді, бұл көкжал қайдан келіп қалды? Азуын бір басса нем қалады, кетсем бе екен? Қыз-жігіттер дабырласып тоқталады, домбырасын күйлете келген Жамбыл өлеңдете жөнеледі. Ж а м б ы л: – Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда, Әдейі ат терлетіп келдім тойға. Арыны басылмаған албырт едім, Асығыс айтқаныма кінә қойма.
Ә с е м к ү л (Айкүміске): – Еркем, күткенің келді, сыр бермей, жадырасаңшы! А й к ү м і с: – Атастырғанымды сынағалы келген ғой, жасымнан жанашыр жанның бірі еді, қайран ақын... С ә л і м: – Сері қыз, сенің де сыналар жерің осы, сайра... Ә с е м к ү л: – (Жамбылдың алдына барып тәжім етіп): – Қыздар, құрбылар, ақын ағаға құрмет көрсетіңдер. Қош келдің ардагерім! Хор (қыз-жігіттер қосылып): – Дабысымен тау жарған, Дабылдата ән салған, Ақын аға, келіңіз, Міне, Сізге төріміз. Сұлу көрсе сыланған, Жиын көрсе қуанған, Ақын аға, келіңіз, Тамашаны көріңіз! Айкүмістей арудың, Қасындағы жарының Қызықтарын көріңіз, Міне, сізге төріміз! Жамбыл Айкүмістің қасына келіп, Сәлімге қадала қарайды да толғап кетеді. Жамбыл: – Несіне, ерке сұлу, той тойладың? Жасымнан жақтаушы едім қызойнағын. Сайраған бағындағы сен бір бұлбұл, Бір құзғын қаға ма деп сені ойладым... Бәрі шуласып көтермелейді, сабазым-ай қарындасын жатқа қимай тұр ғой, «бас, Жәке»
деседі. С ә л і м: – Не деп тұр мына қу жақ ақын?! Манап, тілің күрмеліп тұр ма, жауап бер! Манап(қипалақтап, екіленіп): – Ей, Жамбыл, мына тойға неге келдің? Жасыңнан желік сөздің желіне ердің. Құзғын ба мына тұрған Сәлім мырза, Өзі бай, ардақтысы біздің елдің, Неге келдің, ей, Жамбыл? Жігіттер көтермелейді. С ә л і м: – Жамбыл мені білмей тұр дейсің бе? Айкүмістің алдында қасақана қыр көрсетіп тұр да. Жамбыл: – Қарақұс лашын көрсе жем көреді, Қай мырзаң Айкүміске тең келеді? Жасынан ерке өскен ақбөкенім, Қай қасқыр сені, қалқам, өңгереді?! Мынау кім әу дегенде қиқылдаған, Жағынып мырзасына қипыңдаған. Бір аяқ ас бергенге аузын сатып, Қалайша кептіреді ұртын маған? Жұрт ду күлісіп көтермелейді. С ә л і м: – Манап, бөгелме, ал тез жауап қайтар! Манап (сасқалақтап): – Не дейін, Жамбыл, не дейін, Домбыраммен жебейін. Тақылда, тіл мен көмейім, Жалындаған Жамбылдан Жеңілемін демейін, Талас деген суым бар, Таусылмайтын буым бар,
Тауда толған құлжам бар, Таласта талай мырзам бар. Бәрін айтып берейін, Берейін-ай, берейін!.. Д а у ы с т а р: – Мырзаларыңды тізіп қайтесің! – Алғанын ақтағалы тұр ғой, одан да Жамбылға жауап бер. Манап (қысылып): Жауабыңды берейін, Жамбылыңды көрейін... Тақылда, тіл мен көмейім, көмейім... Аузына сөз түспей қалады. Ж а м б ы л: – Күрмеліп қалды білем тіл-көмейің, Қайтейін, жұрт алдында тілдемейін. Ақыны мынау болса, мырзаң қандай? Айкүміс, мақтасаң сен, күндемейін. .– Бәрекелді, ақын аға! Енді қыз не дер екен? – деген дауыстар. Ә с е м к ү л: – Қыраным, қалады ғой. Еркем, сен де сағын сындырма, айт, әкем, тегі... Қыз-жігіттер дабырласып көтермелейді. Манап қипақтап шығып кетеді. Айкүміс (домбырасын күйлетіп): – Ақын-ау, амандығың сенің қайда? Аптыққан мінезің бар осындайда. Асығып жын қуғандай келдің қайдан, Не сыйлық алып келдің біздің тойға? Құрбыға жөн емес пе амандасқан,
Бұл Жамбыл асыққандай неден сасқан? Несіне келмей жатып айғай салдың, Әуелі жөн сұрамай қарындастан. Бәрі ду көтермелейді. Сәлім: – Бәсе, солай деші, сүйіктім! Жамбыл: –Айкүміс, асықпауға шара бар ма? Ақындық ұрындырдың талай жарға. Сені ойлап ат сабылтып келген едім, Жем болып кете ме деп жамандарға. Желікпен елді кезген мен бір сері, Қыз десе тасымай ма жырдың селі? Арыны басылмаған асау едім, Алыстан келдім жетіп аңсап сені. Жігіттер (көтермелей қошеметтеп): – Қыранның көзі түлкіде, қалай шүйіледі! – Бас, Жәке! Қызық енді басталды! С ә л і м: – Тантыған дуана, не дейді? Арманы бар екен ғой сенде! Ал сөйле, Айкүміс! .Ә с е м к ү л: – Күйеужан, аққұла алқынба, әкем, тегі, еркем жауабын өзі береді. А й к ү м і с: – Жамбыл-ау, күмпілдейсің неге сонша, Құтқарып қыз біткенді жүрген жанша. Қолдағы бұлбұлыңнан неге айрылдың, Әуелде аялатпай, дәмең болса! Жасыңнан желбастыққа болдың құмар, Ақынсың қыз біткенге көрсеқызар. Биікке қол жетпейтін қолың созба, Жат жұрттың тауындағы мен бір шынар.
Қ ы з д а р (көтермелеп): – Әй, еркешім-ай, бұлбұл десе бұлбұл ғой! Ал ақын, бұған не дейсің? .С ә л і м (өзіне): – Мына қыз бетін жаңа түзеді, иә, сәт! Сүйіктім! Сайра, сазайын бер мына серінің. Ж і г і т т е р: – Әй, мырза, сен көкіме, Жамбыл ағаның қызға ақысы кетіп жүрген жоқ, Жәке, бас! Жамбыл (көтеріліп шалқи түседі, «Угай-ай» әнімен): – Алатаудың әйгілі Жамбылымын, Жамбылымын, Өлең сөздің жасымнан даңғылымын, угай-ай, угай, угай, әй-угай! Шыңға біткен шынардың гүліндей боп, гүліндей боп, Өзің неге тербеттің таң бұлбұлын әй-гәй... Болушы еді қыз біткен маған құмар, Басылмаса жел көңілім қайтып тынар? Кетер болсаң, Айкүміс, айтып кетші, Бөктергіге болдың ба шын ынтазар?! С ә л і м: – Қаңғырған бақсы, не деп сарнап тұр, мені кемітпек пе? Айкүмісті қазір әкетемін, доғар жел сөзіңді! Ж і г і т т е р: – Әй, мырза, сен кеукеулеме, ақын ойындағысын айтады. Немене, саған еркемізді үнтүнсіз жібереміз бе? Сөйле, Жәке! Ә с е м к ү л: – Жігіттер, неге шулайсыңдар? Әкем, тегі, еркем жауабын өзі қайырады.
А й к ү м і с: – – Өлең десе ақынсың өрге құмар, Өзің сылқым, өзің сал, сен кімге зар. Торға түскен құсымын мен біреудің, Жабысқандай, Жамбыл-ау, менде нең бар?
Жамбыл: – Тоғыз емес, түйе емес тілегенім, Жеке болсаң Айкүміс, білер едің. Кетеріңде жылы сөз айтып кетші, Барып-кетіп аулыңа жүрер едім. Жайлап отыр аулым Көксеңгірді, Қарап саған, көз сүзіп, еңсем құрды. Бәрі күліседі. «Пәлі, пәлі! Дәл айтты! Тағы да, тағы да, ақын аға!» – деп шуласады. С ә л і м (ерсілі-қарсылы жүре сөйлеп): – Бұл әншейін өлең емес, бұзық сөз ғой, кімді басынады мына қу аяқ? Жігіттерім, қайдасыңдар?! Ж а м б ы л: – Несіне аласұрды мына мырза, Қандай қыз болар екен бұған ырза. Алтындай Айкүмісті саған беріп, Айтпай бір сырымызды қаламыз ба? Ж і г і т т е р: – Е, бәсе, қыздан айрылу оңай ма? Бәріміздің мұңымыз ғой, ақын аға дәл айтты. Ә с е м к ү л: – Мырзам, сен сабыр ет, қыз сенікі. Ақпа ақын ғой, ағар да кетер. Сыйлық беріп, тез құтыл! А й к ү м і с: – Жамбыл аға, сен де сыр сақта, екеуміздің жүрегімізді жұптаған жыр еді ғой, менің саған тартуым осы әнім болсын, қабыл ал. Жамбыл мен Айкүміс жарыса айтады «Шилі өзен» әнімен. А й к ү м і с: – – Қыз байғұсқа, ақын-ау, кінә қойма! Тар кезеңде кез болдың мына тойда. Ұялаған жаныма жақсы сөзің, Жүрегімді жайлатып жүрсің ойда.
Өрен жүйрік өлеңге сен бір сері, Кемітемін, Жамбыл-ау, қайтіп сені? Тоқталамын тар жерде сырымды ашпай, Еске ала жүр, ұмытпа сен де мені! Ж ам б ы л (жарысып): – Шилі өзен, қамыс-ай, Бізді ойлай жүр, таныс-ай! Амалым жоқ, Айкүміс, қош ендеше, Құштар едік екеуміз өлең десе, Түсер сенің есіме ақ дидарың, Жалғыз жұлдыз аспаннан елеңдесе. Тәтті сөзің көңілімді кетті басып, Ауылымнан кетесің енді қашық. Бақытыңды тілеген ағаң едім, Қоштасайық, кел бері, құшақтасып. Ж і г і т-қ ы з д а р: – Қайран ақын-ай! Қайтсын-ай, қимай тұр ғой! Жамбыл Айкүмісті құшақтап, маңдайынан сүйеді. Сәлім келіп, Жамбылдың қолын алады. С ә л і м: – Ал алғыр ақын, «Аталы сөзге арсыз таласар» – деген. Ақын ел еркесі дейді ғой. Асыра айтқаным болса кеш! Айыбым ба, тартуым ба – белдеудегі атымды жолыңа байладым. Айкүмісті аясаң – менің жарым болсын, батаңды бер! Ж а м б ы л: – Сен түгіл, ханға қимайтын аруым еді, бақытты болсын Айкүміс! Б а р ш а с ы: – «Бақытты болсын Айкүміс!» – деп шуласады. А й к ү м і с: – Ал құрбыларым, Жетісудың дүлдүлі Жамбылға арнап тойды қайта бастаңдар! Кәне, ән шырқап, би билейік. Музыка. Кенет шабарман келеді.
Ш а б а р м а н (ентіге сөйлеп): – Айып етпеңдер, құрбылар, асығыспын, Қожахан бай жіберді, іздеп келем... Ж ам б ы л: – Ау, бауырым, аптықпай айтсаңшы, іздегенің кім? Ш а б а р м а н: – Жамбылды іздеп келем. Қожахан бай: – Жердің тесігіне еніп кетсе де Жамбылды тауып әкел! – деп жіберді. Сен Жамбылмысың, тез ендеше! Ә с е м к ү л: – Тегі, тегі, әкем-ау, дегбірімізді алмашы сен. Жамбылға тартар сыйымыз, айтар жырымыз бар. А й к ү м і с: – Қожахан бай неге шақыртыпты Жамбылды, құрбым, айтшы ентікпей?! Шабарман: – Атағы жер жарған құлан аяқ Құлманбет деген ақын келіпті. Жамбылды іздеткен де сол. Жамбыл: – Құлманбет пе? Менің де іздегенім сол еді! Айтыста алдына жан салмаған аты шулы Құлманбет қой. Апшысын бір басып көрейін! Тәуекел, кеттім. (кетуге ыңғайланады). А й к ү м і с: – Ардагер аға! Әттең басым байлаулы, бұл сайысқа даусыңа дем беріп, бірге кетер едім, дәйім тілектпеспін, қыранша самғап, қиядан шалт қағысқанда сөздерің Жетісудың нөпіріндей нөсерлесін! Атағың күллі жұртыңа жайылсын, ақын! Хор (баршасы қосылып): – Қыраны Жетісудың Жамбыл ақын, Ән салсаң, Алатаудай жаңғырасың. Дүлдүлсің, түсе қалсаң сен жарысқа, Артыңа сан жүйрікті қалдырасың. Қайырмасы:
Аттан, ақын, сайысқа, Шеру саған тартылды. Озып шығып жарыста, Көтере бер даңқыңды! Тұсыңда асып туған сен бір өрен, Көтерсін қанатыңды сенің өлең. Жаңғырған даусыңмен сан жылдарға, Жырларың алып барсын бізден сәлем. Қайырмасы: Аттан, ақын, сайысқа, Шеру саған тартылды. Озып шығып жарыста, Көтере бер даңқыңды! Соңы.
ҰЛАН АСУ Үш бөлімді халықтық драма (соңғы түзетілген нұсқасы) Қатысушылар: А б ы л а й – /алғашқыда белгісіз батыр, сұлтан, кейін Орта жүздің ханы/ Б ұ х а р – жырау. Б ө г ем б а й – батыр, қолбасы. Ж а н а т а й – батыр. Ж ә н і б е к – батыр. Ә б і л м ә м б е т – хан. З а й д а х а н – оның ханымы. А й т о л қ ы н – Әбілмәмбеттің қызы, ханша. Б о т а ш – батыр. Б а р а қ – сұлтан. А р ш а – жесір әйел. Т о м а ш а – оның баласы, кейін хан нөкері. Ә м і р с а н а – жоңғардың нояны. Д а б а ч и – жоңғардың нояны. С ү ж д е – Галдан-Шереннің қызы, ханша. Қ а р а с а қ а л – қашқын, арандатушы. С а и д – ғ ұ л а м а – Бұхар әмірінің елшісі. Г у н М о – қытай әскерінің қолбасшысы. Р о ж к о в – орыс патшалығының елшісі. Г р и г о р и й – оның атқосшысы. Б а б а қ х а н ы м – Абылайдың әйелі. Д а х т а - Абылайдың ханымы. Т о п ы ш – Абылайдың ханымы.
Жауынгерлер, жасауылдар, қытай елшісі, ханымдар, халық. ПРОЛОГ Қап-қара бұлтты Қаратау. Босқын жұрт есі кете қашып жатыр. Артында қуғындаған жау – бір топ жоңғарлар. Найзаларын жарқылдатып, жұртты ұрып-соғып айдап жүр. Еңіреген, зарлаған, ойбайлаған, шулаған қатын-қалаш, бала-шаға. «Елім-ай» зары естіледі /жазылма пластинкадан/. Тау жақпарында ақсақал қария – қашқан жұртқа айқайлап, безілдеп тұр. Қолында аса таяғы, алпамса қарт Әнет бабаң тұр. Ә н е т. Ей, ұлым, қайрыл бері. Ей, азамат, тоқта! Тосқауыл бол жауыңа! Қ а ш қ а н д а р д ы ң б і р і. Артында анам да қалып қойды! Қария, жан сауға! /кетеді/. Е к і н ш і б і р і. Жүріске ере алмай, әкем қалды артымда, қайырылуға дәрмен жоқ, қария жоңғарлар тірідей жұтады... Б і р ә й е л. Ойбай келіп қалды!.. ойбай, ойбай! / бәрі де қаша жөнеледі, теңселіп кетті қария. Кейуана көз, кер заман, Ел – ебелек, ер – тозақ. Бықпырт тиіп бүйірден, Аза кебін киінген, Опырық жаудан шошынған, Орылып шөптей шашылған Топалаң қойдай топырыш, Неткен жұртсың жосыған? Жай оғындай оқ атар,
Жауын жайпап құлатар, Қан шықпас тастай түйілген, Қан кіреуке киінген, Қас дұшпанға қасарып, Қарсы соғар найзасын, – Жаудың басар айласын, Қас батырлар қайдасың? Хандар қашты қиырға, Билер түсті шиырға, Қорғаны жоқ қайран ел, Ұлан-асыр ұлысым. Қашқаның ба қиянға?.. Қайрылсайшы ұяңа... Тоқта, ей, тоқта!.. Қилы кезең қиямет! Ей, қиянға қашқан азамат, Жұртқа мені қалдырмай, Мына аппақ басымды, Өз қолыңмен қия кет! /Ешкім қайрылмайды. Қаратауда дауыл тұрып, музыка күңірене түседі. Қар себелейді. Қарияның тұла бойын қар басады. Қолын көкке сермеген қария мұз құрсанып қатып қалады./
БІРІНШІ БӨЛІМ Бірінші сурет Прологта көрінген таудың екінші қалтарысы. Жоңғарлардың айғайы үрке қашқан босқын жұрттың ию-қию дауыстары естіледі. Бұл араға алыстан алқына келген, үстінде жыртық шекпен, шашы жалбыр Сабалақ келеді, қолында айбалта, көзі шатынап тұр. С а б а л а қ. Жеттім-ау, әрең, мынау ойран-топыр сорлы өлкеме! Неткен берекесіз жұрт едің? Қасқыр талаған қойдай быт-шыт болып жосып барасың, әнеәне, қорқақ қояндай босып барады... зытып барады. Қайран жұртым-ай, елдік қалпың тозып, ебелек болдың ба, жау таптар, арқа тұтар асқарың жоқ – жер-жексен болған жетім жұртпысың? Кешегі Тәуке ханның тұсында арыстан жаудың тісі батпайтын бас қамалдай берік ел едің ғой! Бөстектің құрағындай қырық ру құрама қазақ! Арыстандай ақырған алапат ханның тырнағынан сендерді құтқарған кім еді? Аруағыңнан айналайын баяғы Жәнібек пен Керей сұлтан еді ғой. Өз басыңа орда тігіп қазақ деген ел атандырған солар емес пе? Солардың тұяғынан садаға кеткір Әбілмәмбет елдің беріктігін ойламай, малтасын езген алжыған хан! Бұл қазақта ел қорғайтын хан бар ма? Батыр емес – бәрі қатын сияқты қорқақ! Бар болса, қайда болар, мынау жұртымызды бөрідей бүрген тасқын жауға тосқауыл болар өр қайда? Жоқ, мен ез емеспін, кеудемдегі ата намыс жауға қарсы жалындап тұр! Сұрапылда ұшқан қас қыран – шүйілгенін жайратпай қайырылмас. Ез емес, өңшең
ер де туған шығар бұл қазақ. Қайдасыңдар, қосыл маған! /Сасқалақтап Жәнібек 3-4 дүрбітпен найзаласып келеді. Жәнібек қорғалақтап бейтаныс жігітке қарайды. Соны сезген Сабалақ жалма-жан қолындағы айбалтасын ақыра сілтеп дүрбіттердің екеуін жайратады да, екеуін әрі ығыстырады. Жәнібек жалбыр шекпенді бұл ер жігітке таңдана және қызғанышпен менсінбей де қарап қалады/. С а б а л а қ. Армысың ағай, дұшпаныңнан бір өшіңді алдың, сақта сені мүмкін батыр шығарсың? Жәнібек /шылымын шегіп, тәкаппар пішінде, аяғын алшаң басып/. Әй, жалбыр шаш бала сен кім едің? Мұнда сені кім шақырды? Бұл төрт сүмелекті өзім-ақ жампоздаушы ем, сен қаңғыбас қайдан кездестің, осы? С а б а л а қ. Әлпетіңе қарағанда жақсы аға, айбынды батырға ұқсайсың. Бірақ айбатың бар да, қайратың аз ба деп қалдым... Ж ә н і б е к. Не оттап тұрсың өзің, әй жалбағай неме? /дандайсып/, білесің бе, мен кіммін. Мен алты алашқа атағым шыққан – Шақшақ Жәнібек батырмын. Ата некес дүрбіттің қабырғасын талай қайыстырып едім, енді қапыда басымызға қара бұлттай қалың пәле қаптай қалып, есімізді шығарған жоқ па? Быт-шыт болып бытыраған жұртымды Хиуадан қайырып, қалың қолын жасақ құрмақ едім, сөйтіп жүргенімде әлгі бір төрт жоңғар тасадан тап бергені. С а б а л а қ. Бәсе, Жәнібек батыр сен екенсің ғой. Батыр аңғал деген осы екен де. Ел қамын ойлаған ер сен болсаң – ата некес жауға қарсы күні бұрын неге қамал құрмадың? Ж ә н і б е к. Ей, сүмелек, тіліңді тарта сөйле! Үш жүздің баласында менің бетіме қарсы қарар пенде жоқ, енді тіл безесең басыңды қағып тастармын /
ойланып/. Әй, жігітім сен, Жәнібекті төрт қалмақтан қорғап қалдым деп біреулерге мақтанып жүрме! Тісіңнен бұны шығарсаң тісіңді қағып тастаймын. / Жүгіре басып Айтолқын келеді. Жауынгерше ықшам бешпент, шалбар киінген, қолында садақ/. А й т о л қ ы н. /Жәнібекке/. Батыр, әрең таптым ғой сені іздеп... Ж ә н і б е к. Асыл ханшам, сен іздесең жердің астына түсіп кетсем де табылам ғой. Қандай назың бар айтар, қалқам. А й т о л қ ы н. /Сабалаққа таңдана қарап./ Мына бөгде жан кім? Шашы сабалақ болса да көзі шатынап тұр екен өзінің. Ж ә н і б е к. Кім болушы еді? Босқын билердің бірінің жалшысы да. Әй, жалбағай, осы мен сені қайдан көрдім? Алатауда түйе қуып жүрген жоқ па едің сен? А й т о л қ ы н. Бейтаныс аға, айтыңызшы кім боласыз? С а б а л а қ. Мен бе? Мен – Мен бәйтеректен сытылған қисық бұтақпын, Мен үйірінен безе қашқан саяқпын. Бөктергіні бүре алмай жүрген бүркітпін. Қайран жұртым үшін – Аясы құт ұям, еңсені бейберекет еткен Өңшең тантық төрелер Батырсынып үй айналған тентектер, Мен солардың – қылша басын қияр ем! Мына сен де жүрсің бас сауғалап, Мен өзімді найзаменен танытам. Біліп қой – менің атым Сабалақ! Босқындардан ер жинап, Ата жауға – Найзағайша атылам! /көзі шатынап жұлқына кетеді/.
А й т о л қ ы н. Батыр аға, қалай өктем сөйлейді мынау? Қияпаты тектіден шыққан марқасқа болмасын, көзінде – от, сөзінде адуын бар екен... Ж ә н і б е к. Әй, ханшам-ай, қайдағы бір қаңғырған қарасираққа іңкәр болып қалдың ба? Аузымен орақ орған бір есалаң да. Ал, абзал ханшам, серуендеп мені іздеп келгеніңе мәртебем өсіп қалды? Айтар назың не? А й т о л қ ы н. Батыр аға, бұл наз айтар шақ па? Мынау алапат, астан-кестен кезеңде естен танбаған кім бар? Өзімнің ханша екенімді де ұмытып кеттім. Қалпым мынау, жылқы ұрлайтын жортуылға ұқсаймын. Ж ә н і б е к. Айтолқын қалқам, мен туын көтерген. Алдияр ханның алтын жұлдызысың. Сен менің маңдайымда жарқырап тұрсың деп іңкәр едім саған.. А й т о л қ ы н. /сұрланып/. Батыр, сергелдеңде саппас қана сайрандар. Басқаға көз тігем деп жүргенде Қаратаудағы қос әйеліңді қалмақ іліп кетіп жүрмесін. Мен әкемнің әмірін әкелдім. Сонау Ордатөбеде ру-рудың билері мен батырлары бас қосып, жаудан қалай кек алудың кебін кеңесіп жатыр. Сен де соған қазір, жөнел, батыр! Ж ә н і б е к. Әсілі қатын бұйрығын құлағына қыстырмаушы едім, хан әмірі деген соң амал не? – Барайын. ./Асыға басып Боташ келеді, жауынгерлік пішінде киінген/. А й т о л қ ы н. Боташ! Қайда болдың? Сені іздеп ем. Боташ. Жәнібек аға, армысыз? Мен сізді іздеп келдім. Батыр Бөкең дүрбіттерден қашып әр төбеге бытыраған жігіттерден қалың жасақ құрып жатыр. Сізге тез келсін, бір жақ қолды жауға қарсы бастасын демекші /Айтолқынға/ Ханша, саумысыз, сіз де Жәкеңнің қасында екенсіз ғой.
Ж ә н і б е к. Не дейді? Бөгембай батыр өз бетінше жасақ құрып, жауға жеке аттанбақ па? Хан-төрелер тұрғанда қарашаға тізгін тиер ме? Несіне күбінеді Бөгембай? Қанжығаға жабысқан күзендей азғана қанжығалысын арқа тұта ма? Күллі арғын-қыпшақ мен ақырсам – уысымда. Сонда да мен хан-төрені жақақтаймын. Бұл қырық рудан құралған қырық пышақ қазақ, азулы бір хан билемесе бірін-бірі қасқырдай талайды. /Алшаңдай басып жүреді./ Айбарлы хан бар ма, бұл заманда? /Айтолқынға қарайды/. Әбілмәмбет ханның өмірі екіндіге таянды. Кім билейді енді бұл бейберекет сорлы жұртты? Ханның жалғыз қызы сенсің ханшам, ерге біткен өрлігің бар, әлде хан боларсың бұл шаңырағы шайқалған сорлы қазаққа? А й т о л қ ы н. Жоқ, батыр аға, арманым, хандық емес, сіздей мына Боташтай ел қорғайтын ер-азамат болсаң – мүддем сол... Боташ. Бірақ кейде ханшалығың ұстап, шайпаулықты да сездіресің-ау. Ал, батыр аға, шешіміңіз қалай болды? Ж ә н і б е к. Бөгембай тобына мен бөлініп бара алмаймын. Мен сонау хан-төрелер, билер бас қосқан, Ордабасыға жетемін қазір. Онда дүрбітке қарсы шабуылды бастайтын қолбасы сайланады. Менің өз пікірім бар... Б о т а ш. Жолыңыз болсын, онда мен өзім жинаған жігіттерімді Бөкеңе бастап барайын... А й т о л қ ы н. Боташ, мен де сенімен бірге кеттім / Боташ, Айтолқын кетеді/. Ж ә н і б е к. Қарай гөр, мына сайқалдың кесірін... Қаңғып келген қарашы Боташқа бүйрегі бұрылыпты. Арғын-қыпшақтың талай сұлуларын бөктерген едім. Хан қызы періште ме маған. Тек керегі сол – ханға жекжат болу, бүкіл қазақты уысымда ұстасам деп жанталасу...
А й т о л қ ы н. Қорқып қорған іздесем – жорыққа шықпас едім. Жау жүрек жігіт болса жанталаста серікпін. Қосшы болайын Боташ! Б о т а ш. /қызға таңдана қарап/. Ордаңда үлде мен бүлдеге оранып отырмай, бұл сергелдеңге неге түстің ару қыз? Жауынгерлеріме барайын. /Бұларды тасада тыңдап тұрған Барақ көрінеді./ Б а р а қ. Ханшам, кешір, кеңеспек едім. Бөгенбай жорығында төре әулетінен екеуіміз ғана, саған серік болсам деп едім. Б о т а ш. /кекетіп/. Дұрыс меңзеп тұр Барақ төре. Ақсүйектің затысыңдар ғой, қабырғалас жүргендерің мақұл. Ал, ханша, екі төре оңаша сырласыңдар, мен кеттім. /кетеді/. А й т о л қ ы н. Жорыққа шықпай жатып жалғызсырап қалдың ба? Төре, төре? Жауға батыл шабар төре бар ма? Ауыл үйді айналған делбе тайынша секілді бәрі де... Б а р а қ. Жоқ, мен ондай жадыбас төре емеспін, наймандардан құрған жортуылдарым бар, мен соларды бастап жауға ойран саламын... тек хан қызы қасымда жүрсе – мәртебем... А й т о л қ ы н. «Бақ-бақ еткен текені – қар басқанда көрерміз, батырсынған төрені – жау басқанда көрерміз!” – Боташ! Боташ! /жүгіре басып кетеді/. Б а р а қ. Мына сайтан не деп кетті? Қарашыға қарын созады, төреге төбесін көтереді. Не төресі, не батырға санатқа қоспай-ақ қойды-ау мені... Әлде Әбілхайырға ауыссам ба екен? Алты бақан алауыз – бұл Орта жүзде береке бар ма? Орта жүзді қамшы беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой, – деп тегін айтылмаған. Ойлан, Барақ! /Кетеді. Сахна айналады/.
КӨРІНІС Жауға шабуыл жасауға аттанар жауынгерлер найзаларын, садақтарын жарқылдатып топталып келіп жатыр. Бұларды Боташ оң жаққа, сол жаққа! – деп бөліп сап құрап жүр. /Бөгенбай, Жәнібек артынан Бұхар жырау келеді./ Б о т а ш. Жігіттер, тынышталыңдар! Қолбасы батырлар келді, міне. Б ө г е н б а й. Батагөй аталарың – Бұхар жырау келді, иіліп сәлем беріңдер. /Баршасы иіліп Бұхарға сәлем береді/. /Бұхар жырау толғанып/. Б ұ х а р: Қаратауда қақырап, Құлама болған, жұртым-ау, Алқакөлде бытырап Сұлама болған, жұртым-ау, Мысың құрып қалмақтан, Ақ табанын қандатқан, Шұбырынды, жұртым-ау... Анасынан айрылып, Бала қалды шеңгелде, Аруандай майырылып, Ана қалды шеңберде. Жұртым төккен зар үшін, Қорғап елдің намысын, Жауға шабар кез келді. Жалаңаш еніп майданға Жанды салар кез келді. Бұлтқа басын торлатқан,
Тау көрінбес демеңдер. Жағасына қан қатқан Жау жеңілмес демеңдер, Ер Бөгенбай бастасын, Өр Жәнібек бастасын. Ата некес дүрбітке Шүйіліңдер, өрендер. Д а у ы с т а р. Әзірміз, ата жырау! Батыр бөке, баста бізді! /Бұхар, жауынгерлер кетеді. Айтолқын қалады./ Б ө г е н б а й. Асыл затым ханша! Осы қанды жорыққа бармай-ақ қой. Хан әкең жалғыз жұлдызымды қан қырғынға апара көрме деп зар қағып отыр! А й т о л қ ы н. Батыр аға, мені бір түсікке санайсыз ба? Барақ құрлы сайыса алмаймын ба? Жоқ, мен бұл жорықтан қалмаймын! Б ө г е н б а й. Ханның қайсар қызысың ғой, қалқам! Болмас. Барсаң мына Жәнібек батырдың қасында боласың! А й т о л қ ы н. Жоқ, батыр, мен өз қасыңда немесе Боташпен бірге болайын. /Жәнібек оралады/. Ж ә н і б е к. Дұрыс ханшам! Сол Боташтың етегінен ұста, айрылма. Ал жорыққа әйел өңгеріп барған батырды естіген емен. «Байтал шауып бәйге алмас» деген нақылға кәміл сенемін. Б ө г е н б а й. Әй, қыңыр сөйлемесең аузың қисая ма? Ертең хан олай-бұлай болса тақтың мирасқоры осы ханша емес пе? Ж ә н і б е к. Ресей жұртында ақылды қатын патша бар деседі. Ал қазақта қатын хан болды дегенді естісем құлағым керең болсын. /Айтолқын сұртаңдап ашулана кетеді, Сабалақты ертіп Томаша келеді, Сабалақ батырларға сәлем береді./
Т о м а ш а. Бөке, сізге мәлімдеп ем ғой, құба жонда кездескен мына жалқы жігіт майданға бірге барамын деп жұлқынып тұр. Б ө г е н б а й. /түр-тұлғасына қарап/. Барса – барсын! Көзінде от бар екен, өзінің! Боташ, сенің тобыңда болсын бұл бөгде жігіт. Б о т а ш. Бұл жалбағайды масыл қып қайтемін – мен. Жолбарысша жортқанда, бұл жабыдай жалбаңдап жайрап жүрер бір жерде. С а б а л а қ. Кімнің жолбарыс, кімнің мысық екенін майдан танытар. Сендей лепірмеге ерейін деп жүргем жоқ мен де. /Жәнібекке/ Батыр, танымай қалдың ба? Кездесіп едік қой. Мен Сабалақпын. Б ө г е н б а й. Сені танып тұр ғой, қос мұны тобыңа! Ж ә н і б е к. /сасқалақтап/. Ар жағын айтпай-ақ қой білем, есімде. Жарайды, менің қасымда болсын. Томаша, дүрбіттер мына қалпында мынаны қайыршы екен деп қалар, бар қару-жарақ бер, жауынгерше киіндір. /Томаша мен Сабалақ кетеді/. Б о т а ш. Батыр, барша жасақ дайын. Баста қолды! /Шеру күйі тартылады. Жауынгерлер лек-лек өтіп жатады. Бұхар келеді/. Б ө г е н б а й. Өрендерім, ата қазақ жұрт үшін, ата некес дұшпанға қарсы лап беріңдер! /екі жауынгер дағрамен, кернеймен шеру тартады/. Б ұ х а р. Ұландарым! Обыр жауды ойрандап қайтыңдар! Буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып, жау төбесіне жай түсіріңдер, ерлерім! /Шымылдық./
БІРІНШІ БӨЛІМ Үшінші сурет Жоңғарлар басып алған қазақ жері. Жоңғар жасауылдары қазақтың боздақтарын көгендеп, қыздарының шашын кесіп айдап әкетіп жатыр. Бір жасауыл айбат шегіп қарсылық білдірген шалдың сақалын отайды. Бұлар айналма сахнадан өтіп жатады. /Күңдікте, құлдықта жүрген бейбақтардың зары радио жазбасынан естілсін/. Мынау заман, қай заман қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Ай, елім-ай, елім-ай! Дүбірінен дүрбіттің дірілдейміз, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. Ай, елім-ай, елім-ай! Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ай, елім-ай, елім-ай! Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, Ай, елім-ай, елім-ай! Мынау заман, қай заман, қилы заман, Басымызға қайғыны үйді заман, Ай, елім-ай, елім-ай! Қорлығында қалмақтың өлеміз бе? Өлеміз бе құлдықта қайғы-ызадан, Ай, елім-ай, елім-ай!
/Зарлаған жұрттың қасына сырттан Дабачи, Әмірсана, Сүжде, Дахта келеді./ Д а б а ч и /жасауылдарға/. Әрі айдаңдар, мыналарды зарлатпай. Ұлы Қонтайшы ГалденШереннің құлы мен күңі болу да бұл жаман қазақтар үшін үлкен бақыт. /Жасауылдар қыздарды, боздақтарды жұлқылап айдай бастайды./ С ү ж д е. Аштықтан қалжырап біткен мүскіндерді несіне желкелейсіңдер? Бүйте берсеңдер Хоңтайшыға жетпей-ақ жолда қырылар. Ә м і р с а н а. Әй, жасауылдар. Д а б а ч и. «Жауын аяған жаралы болар» деген ғой, Сүжде? Әкең Галдан-Шерен егескен жауы қолға түссе тірідей қанын ұрттайды. Сен мейірімді екенсің. Д а х т а. Мына сорлылардың қандай жазығы бар, ноян? Қаһарыңды қазақтың төрелеріне көрсет! Ә м і р с а н а. Жазығы біреуі де сұлу емес екен, Дабачи мырзаға ұнамай тұр... Әбілмәмбет ханның Айтолқын деген сұлу қызы бар деседі. Сол қолға түссе, Дабачи оның шашынан сипар еді. Д а х т а. Ноян, қазақтың сол ханшасына ғашықпысың? Д а б а ч и /ашуланып/. Әмірсана, қағытуды қоймадың ба? Маған басқа жұрттың қызы қажет емес, өзімнің Ұлы Хонтайшымның айдай ару қызы қасымда тұрғанда.. Ә м і р с а н а /кекетіп/. Ал Сүжде құшағыңды жая бер!.. Д а б а ч и. Несі бар, Галдан-Шереннен кейінгі бас ноян өзіммін. Күллі жоңғар патшалығын және бүкіл қазақ хандығын ұлы Қонтайшыдан кейін билейтін мына менмін. /Ыржия күледі, нашасын тартады./ Ә м і р с а н а. Мастанба ноян, қазақ әлі мүлде жеңілген жоқ. Байқа, Сүждені ойлап жүргенде, ойраныңды қазақ шығармасын!
Сүжде /тіксініп/. Нояндар неге мені саудалап тұрсыңдар, мен – Ұлы Хонтайшы Галден-Шереннің қызымын! Әкемнің ығында жүрген сендейлер қажет емес маған. Шығыс шаһзадалардың бірін таңдап аламын өзіме! Ә м і р с а н а Қытайдың Бөгде ханына тиерсің мүмкін?.. Д а б а ч и. Әмірсана, доғар сөзді. Ұлы Хонтайшының атынан бұйырамын. Сен қол бастап Аякөз маңына барасың. Сол жаққа қазақтардың қалың әскері бара жатыр. Бар да соларды ойранда! Талас пен Іле бойына өзім қожамын! Ә м і р с а н а. Өзің бар! Сен қолбасы болсаң, мен Галдан-Шереннің немере інісімін. Хонтайшының мирасқоры мына Сүжде екеуміз. Д а б а ч и. /ашуланып/. Аңғырт ноян, сен түсік, Хонтайшының тағына ие болмақсың ба? Қандай айбатың бар сенің? Сүжде, қара, қайсымыз қайраттымыз. /Найзасын алып Әмірсанаға кезейді./ Ә м і р с а н а. /найзасын кезеп/. Келсең кел, есірік ноян! Қайрай бердің ғой қанымды қайнатып. /Екеуі найзаласады/. С ү ж д е. Нояндар, мырзалар, не болды сендерге? Ұлы Хонтайшының атымен айтамын, егесті тоқтатыңдар! Әмірсана, жүр, Аякөз маңына мен де бірге кетемін. Дабачи мырза даңғаза болмай, қазақтардан тартып алған жерге ие бол! Д а б а ч и. Жоқ, олай болмайды, Әмірсана осында қалсын, ханшам, менімен бірге сен жүр! Жұлдызым бол жорықта. Мен айдап әкелген мына қара тобыр қазақтар сенің күңің мен құлың болсын, тоналған дүние де сенікі. С ү ж д е /Әмірсанаға/. Жүр, ноян, жеңісімізді тойлайық. /Әмірсана бөгеледі. Дабачи, Сүжде кетеді. Дахта қалады. Масайраған қалмақтардың дауыстары/.
Ә м і р с а н а Жеңіске мына сойқан ие болмақшы ма? Қараңғыда қазақтың бейқам ауылдарын ойрандаған сұмырай. Түркістанды басып алған мен. Бірақ жұртын қырмадың ба? Бұл қара бұқаның мойнын қайтіп бұрасам екен. Ханымыз Галден-Шерен ауру, жақын туысы менмін. Сүжде мына төбетке бұрылмас. Жоңғар патшалығын билейтін енді мен емес пе? Мен... мен... Д а х т а. Ноян, тым мейірімді екенсің қазаққа. Хонтайшы болсаң қазақ ханының қызын аларсың. Әкем жорықта жүргенде қапыда қаза тапты. Жетім қалған маған – сен, өзің пана боламын дегенің қайда? Ұмыттың ба, ноян? Ә м і р с а н а Бүліншілік кезең ғой. Қаз-үйрекке шүйілтер сұңқарыңды да ұмытып кетесің. Келші, киігім құшағыма! Д а х т а. Әмірсана! Қорғаным! Сенен бір тілегім сол – мына жетім-жесір қазақтарды ұрып-соға бермесін деп бұйыршы, аяшы! /Әмірсана мақұл деп басын изейді/. Екеуі құшақтасып сүйіседі. Айналма сахнадан сырнай тартып, би биелеген, ән шырқаған дүрбіттер көрінеді. Бұлар жеңістерін тойлап жатыр. Сол сәтте жүгіре басып бір жауынгер келеді/. Ж а у ы н г е р. Жау келді! Қазақтар! Аттан! Аттан! /Әмірсана Дахтадан сүйісе айрылып, найзасын жалаңдатып кете барады. Бұлқан-талқан болып бұрқанып Дабачи шығады/. Д а б а ч и. Доғар тойды! Сүжде, тоқтат мына әулекілерді! Көкжалдарым аттан! Аттан! Қиқылжың қазақтың қанын селдей ағызармын! Аттан! /Шымылдық./
БІРІНШІ БӨЛІМ Төртінші сурет Биік төбе, ар жағы жазық дала, ойпат. Әріректен майдан дауысы, шұрқыраған аттар, шайқас дүбірлері естіледі. Шеру күйі өршелене ексімдеп тұр. Айналма сахнадан дүрбіттерді найзаласа ығыстырған қазақ жауынгерлері, ақыра айғайлап Бөгенбай шығады. Б ө г е н б а й. Өрендерім! Соқ! Түйре! Боташ! Тез атой бер! Сонау белестегі бері қарай лап берген дүрбітке! / Жүгіре, алқына басқан Боташ келеді/. Б о т а ш. Қаптап келеді сұмырайлар! Ентелеуін қарашы! Дәндеген ғой бейбіт қазақты шауып. Көрсетейін көкесін! Бөке, жанымды түйдім шүберекке /Айтолқын келіп қалады/. А й т о л қ ы н. Боташ, жаныңды түйетін шүберегің мен болайын. Міне садағыңда жебең оқтаулы. / қорықпаймын/. Б ө г е н б а й. Ханша, бөгеме Боташты, жөнел! / Боташ кетеді/. Ханшам, жігіт екенсің. Жеті дүрбітті садағыңмен жайраттың. Мен жаудың бас қолын сонау тау түбіндегі тосқауылдан тосамын, жүр бірге шолушым боласың. А й т о л қ ы н. Айтқаның болсын, батыр аға, құп! /жан-жағына алақтап үрейлі Барақ келеді. Айтолқынды көріп қипақтап қалады/. Б ө г е н б а й. Ал, төрем, бүркіт қуған түлкідей қайдан қаштың алақтап. Б а р а қ. /алқына сөйлеп/. Батыр, жүрегім нашар. Қарауымдағы азғана найманмен қоршауға түсіп
қалдым... Жан сауғалап әрең құтылдым. А й т о л қ ы н. Әй, сымпыс төрем-ай. Төренің сүйегін сен-ақ қорлап біттің-ау. Жалған айтып жан сақтамай жайрамайсың ба? Мен тасада садақ тартып жатып байқап қалдым ғой. Бір төбеден бір топ дүрбіт көрініп еді, жігіттеріңді жауға тастап, қояндай зытып бердің. Әйел көрсең қораздай қоқиясың, жау көрінсе жапалақтай жалп етесің! Сұлтаным! /Барақ үнсіз теріс айналып кетеді/. Б ө г е н б а й. /Дүрбісімен майдан алабын шолып/. Айтолқын, қарашы! Әне, анау шегінген Жәнібек жасағы емес пе? Әлгінде ғана Жәнібек бастаған жауынгерлер қалың дүрбітті дүркірете қуып кеткен еді ғой. Сірә, тұтқиылдан басқа бір топ дүрбіт атой берген ғой! А й т о л қ ы н. Бөке, қараңыз Жәнібек жігіттері бері қарай қашып келеді. Жәнібек өзі қайда? Б ө г е н б а й. Өр Жәнібек шегінбес еді, тасада тосқауылдап лап берді бір топ жігіт. Әне, бір сарбаз айғайлап соларды бастап, атой берді жауға. Алақай, я аруақ! /Атой берген жігіттердің айбынды айғайлары ес тіледі. Солардың арасынан Абылай! Абылай! деген ұран ексімдеп естіледі. Бұл Сабалақтың ұраны/. Б ө г е н б а й. Абылайлап атой берген кім болды екен бұл? Кім болса да ата қазақтан айбынды туған ер болар! Ханша, қара, барша батырлар жан-жақтан шабуылға шықты. Бізге тап-тап берген қалың дүрбіт сала-саладан есі кетіп қаша бастады. Жүр, ханшам, тосқауылдағы түпкі қолды қозғап біз де дүрбіттің дүрбелеңін шығарайық! Ендігәрі, бәлем, дүрбіт атамекен жерімізге қара табанын баспайтын болсын! Уа, аруақ! Ата-бабам қолдай гөр! А й т о л қ ы н. Қолдай гөр арқар ұранды аруақ! Абылайлап, айғай салған ер, әне дүрбітті найзасымен түйрелеп қуып барады. Қара-қара, батыр Боташ
та жауға бір бүйірден қадалды. Ойбай, Боташ атынан құлап түсті. Сақтай гөр тәңірім! Батыр, тез жөнелейік! /Бөгенбай, Айтолқын асыға жөнеледі. Төбеден төменде үрейлі тасаға ығысып кетеді. Сахна айналғанда сырттан Абылай! Абылай! – деп айғайлап атой берген Сабалақтың сұсты бейнесі елес береді/. /Шымылдық./
ЕКІНШІ БӨЛІМ Бірінші сурет Жоңғарлардан босатылған Аңырақай тауының баурайы. Өзен. Әріректе шалқар дала. Шайқастан кейінгі көріністер, қырылған дүрбіттер елесі. Мұнда қайтарылған қонысқа тігілген шатырлар, қостар, масайраған халық. Ығысқан дүрбіттерді қуып кеткен жауынгерлерді, батырларды күтіп отыр. Шадыман күй, музыка. Қ а р т а ң ә й е л. Садағаң кетейін, қайран ата қонысым-ай. Құтылдың ба албасты жаудан. Суыңнан бір жұтайыншы, жарықтығым. /Қыздар шелекпен өзеннен су әкеледі, кесемен су жұтады/. Е к і н ш і ә й е л. Ақтабаным тарс айрылып емшегім тастай қатып еді иіп кетті ғой, қайдасың емізетін, боздағым? Сен ойнаған топырағымның гүлін иіскейінші. /гүл иіскейді/. К е л і н ш е к. Бұл жорықтан енемнің баласы сау келсе, шіркін, құшағыма орап қысар едім. Қайда өзі? Қ а р и я. Есіл жұртым-ай, еңсеңді көтерер кез келді ме? Уа, аруақ! Е к і н ш і ш а л. Ей, шуламай қарашы, жортуылдар көрінбей ме? Д а у ы с. Хан келеді, қасында ханымы бар! / Әбілмәмбет, Зайдахан келеді, барлығы иіліп сәлем береді. Бір бала ханның кішкене тағын әкеліп қояды, хан таққа қайқиып отырады. Ханымы қасында./ Ә б і л м ә м б е т. Есенсіңдер ме, ел-жұртым. Арқар ұранды аруаққа сүйеніп, атамекен қонысты жаудан қайтарып алдым, разысыңдар ма, түге? /Жұрт
шуласып жауап береді, асыға Айтолқын келеді/. А й т о л қ ы н. Әке, апа, сүйінші! Жұртым, сүйінші, жауды жеңген ерлер келеді. З а й д а х а н. Айналайын, ақ тотым, келші аққуым, жалғызым /құшақтап сүйеді/. Ә б і л м ә м б е т. /сығырая/. Мынау кім? Жасауыл ма? Айтолқыннан екен ғой. Сау келдің бе, бассирағың аман ба, еш жеріңе жара түскен жоқ па, ақ бөкенім! А й т о л қ ы н. Саумын әке, жауыңды жеңіп қайтқан ерлердің алдынан неге шықпадың? Ә б і л м ә м б е т. Солай ойлап ем, көптен бері намазым қаза болып жүр еді, өзенді көрген соң дәрет алып, намаз оқып және бір ауылдан саумал ішіп едім, ішім бұзылып... З а й д а х а н. Жарайды, ар жағын көйітпе. Бөгенбай батыр қайда, Айтолқын? А й т о л қ ы н. Бәрі де қазір келеді. Мен хабар беруге әдейі озып келдім. /Томаша келеді/. Т о м а ш а. Батырлар келді, алдияр хан ием! /шеру тартылады, Бөгенбай, Жәнібек, Боташ, Сабалақ, жауынгерлер келеді/. Б ө г е н б а й. Алдияр тақсыр хан ием, халық қаһары қамал бұзар деген рас екен. Аждаһадай көрінген атанекес дүрбітті бықпырт тиген қойдай тым-тырақай етіп оралдық, тақсыр, сізге мың сәлем! Д а у ы с т а р. Қайран, Бәкең, құт-қорғанымыз! – Арыстандай айбатыңнан айналдық. – Мың жасасын жау жүрек өрендер! Ә б і л м ә м б е т. Батырым, көп жаса! Әрқашан айбатыңнан асқар еңкейсін. Жәнібек, Боташ ерлерім, мейірлерің үстем болсын. Өзім де атам Шыңғыстың аруағына сиынып солай болар деп едім. Енді атадан қалған ақ ордам шайқалмас. Б ө г е н б а й. Хан тақсыр, алғысты жолбарыстай
жұлқынып, жауды қуған мына өрендерге айтыңыз! Ә б і л м ә м б е т. Ел үшін найзаларын кезеген ерлерге мың алғыс! Зайдахан шөлдеп кеттім, қымыз алдыршы! /Бұхар мен Барақ келеді/. Б ұ х а р. Еңсесі түскен елімнің, Есесін қайырған, ерлерім! Атанекес жауымның – Місесін құртқан ерлерім! Ата қазақ жұртыңның Алғысын айтам сендерге! Армысыңдар, ерлерім! Ж а у ы н г е р л е р /шуылдап/. Армыз, бармыз, ата жырауға ақ сәлем! Әбілмәмбет. Ханым, саған саумал алдыр дедім ғой. З а й д а х а н. Жарықтық, саған не болды, әуелі ішіңді тисайшы! А й т о л қ ы н. Батыр, Бәке, тұтқиылдан жауға атой берген әлгі белгісіз ер жігіт қайда? Ж ә н і б е к. Ондай ер аз емес, ол менің нөкерім ғой. Б ө г е н б а й. Айтқандайын шын ер сол боздақ. Дүрбіттер қайта дүрліккенде тосыннан қайта атой беріп, жау бетін қайырған сол қайсар, қайда өзі? / Сабалақ айбаттанып хан алдына барады/. С а б а л а қ. «Алдияр тақсыр, хан-аға! Тауыңнан шатынап, ұшқан бір шақпақ таспын. Жеті атадан бері қарай билеп өскен жұртыңа бүлгін салған жауға жалын шашып атылған өреніңмін, хан ата, атадан мирас тағыңа қорған болуға дайым әзірмін! Алдияр тақсыр, алдияр ханым. Б о т а ш. Мынау қалай, қалай ірі сөйлейді. Ж ә н і б е к. Осы кесірге қалай кездестім? Б ө г е н б а й. Өркенің өскір боздағым, ризамын
ерлігіңе! Сендей ұл туған анаңнан айналайын! С а б а л а қ. Ел алғысы – қол бастаған батыр аға сізге арналсын. /Басын иеді/. А й т о л қ ы н. Тұтқиылда ту көтерген ер жігіт, мен ханшамын, сәлем алыңыз. С а б а л а қ. Сәлем саған да, қарындасым ханша! Б о т а ш /қасындағыларға/. Ханшаны қарындасым дейді. От атады жанары, мынауың не бір сайтан, не бір сойқан шығар. Б а р а қ. Сөзінде ерлік бар. Пішіні төре тұқымына ұқсайды. А й т о л қ ы н. Жә, өзеуремей, саған ұқсамаса болды. З а й д а х а н. Батыр жігіт, өркенің өссін, ханның қасына кел, кімсің? Қай рудың ұланысың, бауырым? А й т о л қ ы н. Батыр аға, жөніңді айт! Б ұ х а р. Келбетіңде ер кейіп бар, кімсің арысым? С а б а л а қ. Армысыз ата жырау? /иіліп сәлем береді/. Мен бір сыртқа шыққан саяқ ем – үйірімді іздеп жаңа таптым, шынымды айтсам, білерсіз. Ж ұ р т. Шынын айтсын, шынын айтсын, өзі кім? С а б а л а қ /хан алдына барып тебірене сөйлейді/. Алдияр, тақсыр, жан аға! Есіңде ме қарт жырау? Парсының ханы Надыр шаһ Түркістанға түйілді. Сұлтан әкем сол шаһарға әкім еді, бас имеді өр әкем, Надыр шаһқа көнбеді, алым-салық бермеді. Өшіккен Надыр шаһ айламенен әкемді Бұхараға шақыртты. Балғын жас едім онда мен, ере кеттім әкеме. Бағынбаған әкемнің басын кесті Надыр шаһ. Зынданға мені қамады. Жүрегіме шер батты, көкірегіме қан қатты. Бұл қазақта туысын жоқтар жан бар ма, төресін іздер хан бар ма? Сәті түсіп бір күні қашып шықтым тұтқыннан. Үйсін Төле биге келіп түйесін бақтым. Ақтабан шұбырынды болған жұртымның
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру