Ақымет пен Нүрилә
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
"Бабалар сөзі" сериясының 26-томына "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Қыз Жібек", "Дандан мен Нәркес", "Ахмет пен Нүрилә" атты ғашықтық дастандар енді.
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ҒАШЫҚТЫҚ ДАСТАН
Айтайын бір қиссаны, жұртым, қара,
Әр неге өзі ие Құдай тағала.
Дейтұғын Қысан патша заманында,
Жасапты бір мүсәпір жетім бала.
Ол бала ата-анадан жетім қалған,
Жалшы боп талай байдың малын жайған.
Бәрінде ақ таяғы құт боп оның,
Байлар да онан әрі байып алған.
Бірақ ол ақы алып жарымады, 10. Қай-қашан бай ырқына бағынады.
Кейде аш, кейде үстінде ылпасы жоқ,
Тағдырға тәуба етіп жалынады.
– Апырай, мен де байып ұлы болсам,
Ел құсап осындағы күйлі болсам.
Өмірде шығып, әттең, шер-құмардан,
Алдында өз елімнің сыйлы болсам, –
Деп кеште шаршаған ол түс көреді,
Түсінде тотыдай бір құс көреді.
Ол құс сайрап алыстан ұшып келіп,
20. – Мен сенің бақ қолыңмын, – деп береді.
Сен әзір байға жалшы адал жансың,
Жатса да жерде алтын қарамайсың.
Тәңірім осы ісіңді жақсы көріп, –
Деп айтты, – періштеден маған барсын.
Сонымен келдім ұшып бағың болып,
Жанамын төбеңдегі шамың болып.
Сен әлі патша қызын аласың да,
Қалады алтын орда тағың болып.
Ол қыздың аты, бәлкім, Нүрилә дүр, 30. Айтсаң сен бір ауыз сөз бұрылар ол.
Оған да Тәңірім сені табыстырған,
Сен үшін аямайды бәрін де ол.
Сен бұнда жүре берме, ізде соны,
Серпілген жанның, сірә, болар жолы.
Бата ал жалшы жүрген қожайыныңнан,
Ол дағы шарапатлы Тәңір құлы.
Ойлы бол, талапты бол, жігерлі бол,
Жақсы сөз жарым ырыс, тілеулі бол.
Аяңдап топ ішінен патшаға бар, 40. Сөзіңмен оған дағы елеулі бол.
Сонан сен ол не десе болады де,
Қазына еңбек етсе толады де,
Тек қана жамағаттан айырылған жан,
Қырқылған шөптей оңып солады де.
Оянды бала ұйқыдан ыңыранып,
Таң атып, күн шығыпты арайланып.
Баланың қуанғаннан өңі кіріп,
Кетіпті бет әлпеті ажарланып.
“Япыр-ау, түсім өңім болса екен, 50. Іздейін патшаны мен тырбанып”.
Сонымен бала талай күн өткізді,
Ойланса ақ жүректі дір еткізді.
Кеткенше осы байдан асықпастан,
Тағы да әйтеуір бір жыл өткізді.
Бір күні қожайынға айтты кіріп,
Сәлем беріп алдына көп иіліп.
– Шығайын, малдан мені босатыңыз,
Табайын тағы бір жол іздеп жүріп.
Қожайын оған қарап былай деді:
60. – Жүргенің тура төрт жыл, бір ай, – деді.
Мал бағып қажығаның рас-ақ қой,
Әйтеуір жүрме қарғап жылай, – деді.
“Кетсем” деп көңілің енді бопты алаң,
Бар екен жігерің мен арың, балам.
Толықсып бір байымай кеткен емес,
Қолымнан батамды алып шыққан адам, –
Деді де, қолын жайып берді бата:
– Бата алса ықылас болмас қата.
Бақытты бол, патша бол, ұрпақты бол, 70. Өзіңді сүйеп жүрсін Қызыр ата.
Батасын алып бала үйден шықты,
Көңілінде қуаныш бар оймен шықты.
Ол енді патшаны іздеу үшін,
Сиынып Алласына жолға шықты.
Жүрді ол талай жолды тау-тас басып,
Қалмады қиындықтан биттей жасып.
Патшаны Қысан атты іздей берді,
Көңілі көктемдегі судай тасып.
Бір күні келді жақын бір шаһарға, 80. Көзіне көрінді оның биік там да.
Түбінде отыр екен бір топ адам,
Бұрылды солай таман сөз сұрауға.
Әдеппен көпке келіп берді сәлем,
Ішінде отырыпты патша ғалам.
Ол кісі алдыменен сәлем алып,
Үн қатты бұрынырақ басқалардан:
– Ей, жігіт сыртың жұлма, өңің ашық,
Келесің қай жерлердің жолын басып?
Көрмеген жан екенсің, таныстық бер,
90. Ауылыңның болар бәлкім мойыны қашық.
– Мүсәпір жетім едім Құдай деген,
Үш-төрт жыл дәмдес болдым бір байменен.
Қысан деген патша бар дегеннен соң,
Шығып едім мен іздеп алыс жерден.
– Ей, бала ұғындыршы жөніңізді,
Көріп тұрмыз мүсәпір тоныңызды.
Қалайша сонша жерден келіп едің,
Қысанға бермекші ме ең қолыңызды?
– Ол өзі патша болса, қол ала ма,
100. Қол алса, қол бергеннен жол ала ма?
Білмеймін оның жөнін, мен бір ғаріп,
Қол бермесем оған жақын бола алам ба?
– Ей, жігіт, Қысан патша мен боламын,
Бермесем қолымды елге кем боламын.
Сәлеміңді алдым да ауыз аштым,
Ал, қарақ, жөніңді ұқтыр, не арманың?
– Қысанның пейілі кең деген еді,
Әркім ішіп малдарын жеген еді.
Осыған бола іздеп келдім, тақсыр,
110. Жетімге іздеп келген не береді?
– Келіпсің іздеп мені ашып-арып,
Келгендер осы араға кеткен жарып.
Түйе бақ, жапанда ол сыңсып жатыр,
Табан ет, маңдай терді түгел алып.
– Бағайын мақұл, тақсыр, түйеңізді,
Кейде келіп көрейін төбеңізді.
Түйе малда бар дейді ұлы кие,
Шапағатшы бола көр, Ие, бізге.
Сонымен бала қалды түйе бағып,
120. Әр күні жейді шақпақ құртын шағып.
Жүреді жапан түзде желмаямен,
Аз күнде-ақ қалды оның ізі жағып.
Кейде бота ойнақтап бақылдайды,
Бала да түйе мініп жақындайды.
Олардың асыр салған ойнын көріп,
Ішінен “болады” деп мақұлдайды.
Жатады кей кездерде жалға барып,
Жотаның биік жерін таңдап алып.
Кейде ол зеріккеннен өлең айтса, 130. Кей кезде көзін жұмар мызғап алып.
Жатыр еді төбеде түйе көздеп,
Басқандай бір тәтті ұйқы кетті меңдеп.
Ілініп кетіп еді қос кірпігі,
Бақ құсы келді тағы ұшып желдеп:
– Табысар күнің жақын Нүриләмен,
Оған да жаңа ғана бұрылған ем.
Түсінде сені көріп сағыныпты,
Оған да талабыңды жалғадым мен, –
Деді құс, кетті ұшып, көрінбеді,
140. Бір сұлу қыз шыға кеп күлімдеді.
– Апырай, Нүриләмаең, келші маған,
Жайнашы шамым болып өмірімдегі.
Бақ құсым атыңды айтқан маған келіп,
Жүрегім содан бері кеткен еріп.
Сен менің ғашығымсың Құдай қосқан,
Туғанда-ақ қойған екен бізді теліп.
Келемін босағаңа жақындасып,
Ісім көп сөйлесетін ақылдасып.
Қорынбай маған таман жақын отыр,
150. Тәңірім қойған бізді мақұлдасып.
Сонда қыз күлімсіреп артты білек:
– Соғады сен дегенде қатты жүрек.
Түсімде сені көріп ғашық болғам,
Артулы бір өзіңе барлық тілек.
Мен сені терезеден байқағанмын,
Таңғалып нұрыңа бас шайқағанмын.
Сол күні түсімде сен келіп маған,
Лебізіңді білдірген соң алқағанмын.
Сен менің ғашық жарым Тәңір қосқан,
160. Естігем мұны мен де көркем құстан.
Бәлкім, ол саған қонған бақыт шығар,
Өмірде хабар алған ғашық достан, –
Деп еді қыз жүрегін бір-ақ ашып,
Бала да құлай берді құшақ ашып.
Осымен мауықтары басылғанша,
Өбісіп қала берді екі ғашық...
Бір кезде ақбас атан бақ деп еді,
Селк етіп бала оянды, жатқан еді.
Өңі оның онан арман нұрланыпты, 170. Түсінде бар ләззатын татқан еді.
Түрегеп түйесіне жүріп кетті,
Айдала шеңгелдікке кіріп кетті.
Елестеп көз алдына Нүрилә қыз,
Тұрғандай құшағында сүйіп бетті.
Жинады ол түйесін бір ыңғайлап,
Аспанда жел бұлтты түріп айдап.
Келеді бір нөсерді бошалатып,
Неше күн жауар екен жерді лайлап.
Шынында жауды нөсер неше күн-түн, 180. Мал қарап жапан түзге шықпады ешкім.
Тек қана түйе мініп, қап бүркеніп,
Бала жүр түйе артында көрмей тыным.
Бір кезде Нүриләні есіне алды,
Ағаштан бір таяқтың кесіп алды,
Жүгірді сарай жаққа қыздар жатқан
Тастай сап ойсыл қара – есіл малды.
Нөсер де бала тамға қорғалады,
Үстіне жаңбыр өтіп сорғалады,
Бейшара дірдек қағып пана іздеп, 190. Түбінде терезенің жорғалады.
Баладан өзге жан жоқ бұл арада,
Нөсерден бекер жандар шыға ала ма?!
Барады қарны ашып, қалжаурапты,
Дауыстап айғай салды, тыңдалар ма?!
Ол жүріп әрі-бері көп ойланды,
Ойланса ойы ашылып көп толғанды.
“Жаратқаннан бір тілеу тілейін”, – деп,
Баяулап құс даусымен әнге салды.
– Апырай патшаға кеп қызмет етсем,
200. Сіңісіп ордасына терді төксем.
Мен дағы бас уәзір болып алып,
Сапарлап аймақтардың бәрін кезсем.
Жұрт сұрап әділдікпен атым шықса,
Көп істі дұрыс шешіп даңқым шықса.
Сонымен мен де осылай патша болып,
Алдымнан қуанып көп халқым шықса.
Жақұттан діңгегі бар сарай салсам,
Сарайға қарайтын көп малай алсам.
Байлығым, мал мен мүлкім асып-тасып, 210. Еркімде болса өзім қалай барсам.
Мың түйе алтын артып Қазан барсам,
Саудамен көп нәрсені арзан алсам.
Қалыңға он мың гауһар санап беріп,
Қысанның Нүрилә атты қызын алсам.
Кездеме жүздеп лапка-дүкен салсам,
Дүкендер көрген елге көркем болсаң.
Ішіне сан мың адам сиятұғын,
Лапкамның кейі сондай үлкен болсаң.
Байлықпен медіресе, мешіт салсам, 220. Оқытып көп адамның көзін ашсам.
Тамағын Тәңір үшін өзім беріп,
Оларға білімменен хат жаздырсам.
Орнатсам көз тартатын ақ орданы,
Болса ол маңайдағы ел қорғаны.
Бәйгеге неше жүзді қоя беріп,
Салдырсам мыңдаған боз су жорғаны.
Соқтырсам зергерге алтын түйме,
Келісті мінгеніміз болса күйме.
Тәңірім айтқанымды түгел беріп, 230. Нүриләм бірге жүрсе, әттең, дүние!
Бақ құсым ұшып жүрсе көкте шолып,
Барлық ел одан бақыт алса бөліп.
Бәрі де байып кетсе кедей болмай,
Апырай, қуанар ем қалсам да өліп.
Нүриләш естісеші тілегімді,
Ол онда түсінер ед жүрегімді.
Апыр-ай, арқан етіп тастасаңшы,
Жұп-жұмыр аппақ қардай білегіңді.
Қолдашы, Қызыр ата, талабымды, 240. Әр күні аралайсың ғаламыңды.
Жетейін мен де ойдағы мұратыма,
Атымды жазушы алып қаламыңды.
Ілінсем тізіміңе ұмытылмаспын,
Нөсерде жылап, қақсап мен тұрмаспын.
Құдайым тілегімді берер болса,
Бас қоспай ғашық жарға мен тынбаспын.
Жетім солай тілегін айтты зарлап,
Дауысы бейне тоты құсша сайрап.
Қыздар ашып терезе тыңдап тұрған, 250. Білмейді кім екенін тұрған сайрап.
Нүрилә неше жерде атын естіп,
Өң-түсі кетті оның мүлде жайнап.
«Апырай, бұл жан менің ғашығым ба,
Кеп жүр ме үйімді іздеп мені шарлап?
“Бай болсам, патша болсам, уәзір болсам,
Нүриләш бірге жүріс», – дейді зарлап.
Ғашығым болмаса ол неге айтады,
Неге тілеу тілейді маған арнап?
Осының қайтсе де бір сыры бар ғой, 260. Үйіме кіргізейін қолым жалғап.
“Жақсы сөз жарым ырыс” деуші еді ғой,
Тілегі жақсы-ақ екен айтқан талғап...”
Қыз ойлап осылайша, терезе ашты,
Салдырдан бала баста біраз састы.
– Қорықпа, үйге келіп жөніңді айт, – деп,
Шақырған еді, сонан жақындасты.
Қыздар кеп тартып алды терезеден,
Жігерлі жігіт қорқар неменеден.
Қыздардың ортасына түсті дағы,
270. Қарады әрқайсысына бірден-бірден.
– Айттыңыз көп тілекті зарлап тұрып,
Бейне бір қос дауыспен сарнап тұрып.
Не қылған, қайда жүрген пенде едіңіз,
Сырыңды мәлім етші жалғастырып?
Айттың сен жақұт діңгек үй салам, – деп,
Көп малмен Қазан жаққа бір барам, – деп.
Қысанның Нүрилә атты қызын атап,
Айттың ғой оны да мен аламын, – деп.
Қалыңға он мың гауһар берем, – дедің,
280. Соншалық қазынаң бар ма тегі сенің.
Қайдан кеп, неғып жүрген жан боласың,
Түбінде қалай еді тегің сенің? –
Деді қыз жауап сұрап бұл баладан,
Бала тұр үсті-басы жұлмаланған.
Өңінен бір керемет нұр шашады,
Әрқандай ғашық болар қыз қараған.
– Апыр-ай, шын күйінер жан екенсің,
Қыз да болсаң өзің бір хан екенсің.
Үстімнен жауын өтіп қорғалап ем,
290. Далда қып сарай үйдің керегесін.
Падиша Қысанның бір жалшысымын,
Жапанда түйе баққан малшысымын.
Құдайым өзі қосқан ғашығым бар,
Мен соның зарлап жүрген жаршысымын.
Тұрғанмен үсті-басым дал-дұл болып,
Жанады жанарларым бал-бұл болып.
Бақыттан хабар берген бақ құсым бар,
Ілінсе-ақ көзім менің келер шолып.
Атадым сол ғашықты аламын, – деп, 300. Ол айтқан бақ шамың боп жанамын, – деп.
Жауса да қалың нөсер ойымда сол,
Шығып ем іздеп оны табамын, – деп.
Сол үшін тілеу тілеп мұнда тұрдым,
Терезе салдыр етті, мойын бұрдым.
Қолымнан тартып алып шықтыңыздар,
Қарасам көрінесіңдер бәрің құрбым.
Өздерің не қылатын қыз едіңдер,
Қалайша бұл арада тұр едіңдер?
Іштеріңде іздеген кісім бар ма, 310. Әйтпесе, мені неге іздедіңдер?
Айта бер сауалыңды, ойларыңды,
Бәлкім, мен тапқандаймын ойдағымды.
Жүрегім мұнша неге қуанады?
Боп тұр ғой сарқылғандай бойдағымды.
– Қанеки, сөйле, жігіт, жасырмастан,
Сөзіңнен қуанышым асып тасқан.
Тілегің неткен жақсы, неткен биік,
Шыққандай асыл тастан, ақыл жастан.
– Құдайым берсе алдымен, жарым берер,
320. Ілесіп ол келген соң бәрін берер.
Пенденің шын тілегін берсе Алла,
Өмірде болар істің бәрін көрер.
Ұқсайды түсімдегі өң порымың,
Сенбісің, бәлкім, менің айым-күнім.
Түсімде Құдай өзі қосып еді,
Жүргенде түйе бағып үш жыл бұрын.
Шын сөйлеп жасырмаңыз өзіңіз де,
Мен көрген жанға ұқсайды көзіңіз де.
Түсімде Нүриләшті әбден көргем, 330. Ұқсап тұр тіпті айтқан сөзіңіз де.
Апырай, бұл жүрегім неге соғад,
Құдайым, тілегімді етпе ағат.
Ғашығым Нүриләні көрсете гөр,
Уайым, тартқан азап жолымды оңап.
– Ғашығың, Нүриләшің мен боламын,
Көрген-ақ өң-түсіңді ойлағанмын.
Аһ! Менің Алла қосқан қосағым, – деп,
Зарланып енді неден қорғанамын, –
Деп келіп Нүрилә қыз құшақ жайды,
340. Бұлттай жел төңкерген кетіп қайғы.
Нөкерлер көздерінен жас ағызып,
Хош болды көріп, міне, күн мен айды.
Құшақтар сағынысқан қалды қатып,
Махаббат ләззатына терең батып.
Нөкерлер қуанып жүр аң-таң қалып,
Көргендей ғашықтықтың дәмін татып.
Бір кезде жазды құшақ ол екеуі,
Шұбырған езулерден сілекейі.
– Балаға жуындырып киім бер, – деп,
350. Жүгіртті нөкерлерден бірнешеуді.
Ол бала киім киді ажарланып,
Көрген жан өң-түсінен қалар талып.
Мұңдасыпты Нүриләмен неше күн-түн,
Шығармай сыртқа ешбір хабарды анық.
Айтысып барлық сырды шертісті олар,
Сөзіне бір-бірінің көңілі толар.
Келтірсе өз қисынын Тәңірім тауып,
Қиюсыз істер дағы оңды болар.
– Нүриләш, сен Шолпансың аспандағы,
360. Нұрымсың арайлап таң атқандағы.
Түсімде періште әкеп қосып еді,
Осы, – деп, – өміріңнің жаққан шамы.
Әкеңнің ие болдым түйесіне,
(Жолығар қорлағандар киесіне).
Құдайдың құдіретіне таң қаламын,
Мені әкеп жолықтырды иесіне.
Сізді мен осында деп ойлағам жоқ,
Ғашықтық теңізіне бойлағам жоқ.
Шын жарым, Тәңірім қосқан бір өзіңсің, 370. Сенсіз енді бұл жаным бойымда жоқ.
– Күнімсің сен де менің жарқыраған,
Табылмас маған сендей жарқын адам.
Мені де саған теліп қосқан Тәңірім,
Түсімде көргем үйден алтындаған.
Енді сен қайтып барып түйе жайма,
Айтылған уәдеден, сірә, тайма.
Менің де енді сенсіз күнім қаран,
Патшадан шығып кеп, ал осы жайға.
Сырымыз екеуміздің құпия ғой,
380. Көрінген жерде айтып елге жайма.
Әкемнің мінезі шорт, қоспас мені,
Өйткені “қолда жалшы” дейді сені.
Ісіміздің кілтін өзім табам,
Бақыттың ашылады енді кені.
Осылай десіп, олар қош айтысты,
Қуаныш екеуара асып-тасты.
Түстегі іс өңіне айналған соң,
Бала келді патшаға қойып басты.
– О, тақсыр, мен шығайын рұқсат ет,
390. Көп жылдан бері тарттым қайғы-қасірет.
“Жүргенге жөргем ілінер” деген бар ғой,
Көрейін басқа жерден алып абрет.
– Е, бала, баққан малың жоғалған ба,
Шығам деп неге айтасың оңалғанда?
Ақы бермей ренжіткен жерім бар ма?
Не уәзір ұрсып жүр ме өз алдына?
– Падиша, ондай істер болғаны жоқ,
Жүрсем де өзім жалшы, көңілім тоқ.
Әлем кезіп Тәңірден тілеу тілеп,
400. Жүрсем бір күн қалармын падиша боп.
– Ей, бала, сөз айтасың оқығандай,
Көңіліңе ұлы істерді тоқығандай.
Әкең сені молдаға беріп пе еді?
Сөз айтасың оқыған шошығандай.
– Әкем мені оқытқан бес жасымнан,
Азырақ білім алғам ұстазымнан.
Әке-шешем өлген соң кеттім шығып,
Әр жерде тер ағызып пұшпағымнан.
Падиша ойлап кетті бала сөзін,
410. Көңіліне түйе қалды дана сөзін.
Шығуына рұқсат етті дағы,
Кеткенінше қарады қадап көзін.
Қуанды бала рұқсат алғанына,
Қарай ма ол енді дүние жалғанына.
Жүгіртіп қыз қасына қайтып келді,
Жеткендей болып ізгі арманына.
Қыз айтты: – Патша рұқсат етті ме шын,
Сол болды келгеніңше есіл дертім.
Тілеуімізді періште жазсын оңға, 420. Иә, Құдай, бізді арманға жеткізерсің.
– Падиша зорға берді рұқсатын,
Ағат сөз айтар болсам жұлқысатын.
Келтіріп қисынды сөз айтып едім,
Бір мінез байқатпады бұлтиятын.
Бақ құсым түнде ұшып келіп еді,
Осы істен маған хабар беріп еді.
“Алдымен сарай жаса, онан қызды ал”, –
Деген соң, көңілім балқып еріп еді.
– Ғашығым, мен айтайын сөзіме бақ,
430. Тәңірім қосқан бізді әуелден-ақ.
Әкем саған бермесін бұрын білгем,
Сонан соң етші дегем басымды азат.
Сонда әкем “Мен рұқсат бердім”, – деді,
Кімге тисең өзіңнің еркің деді.
“Жалшы болса бола ма?” – деп едім мен,
– Мейлің білсін, бұ да шын сертім, – деді.
Болса дағы осындай менің жөнім,
Сөзінде кейде әкемнің болмайды өнім.
Өйткені оны аңдыған уәзірлер көп,
440. Солардың қия алмайды кейбір сөзін.
Қолыңа жүз мың гауһар берем санап,
Салуға алтын сарай қып көр талап.
Әуелі дайындап ал ұста жинап,
Содан соң шықсын олар бірден қалап.
Ұғысқан, сұрағанға ләм-мим деме,
Кетеді кейбіреулер тым шырғалап.
Келтіріп көрсетті оған жер мөлшерін,
Әр үйдің айтып сарай өлшемдерін.
Тапсырды сарай бетін, діңгектерді, 450. Жақұтпен мейлінше мол көркемдеуін.
Ақысын мол берген соң ұсталардың,
Уақыттың тапты есебін қысқалаудың.
Жарты жылдай болғанда бітті сарай,
Назарын тартып көрген жамағаттың.
Сарай бітіп тасынды осы жайға,
Шүкірлік етті олар бір Құдайға.
Молда әкеп некелерін қидырды да,
Айналды ерлі-зайып бір жұбайға.
Ел көрді жалтыраған зор сарайды, 460. Өткен жандар тесіле бір қарайды.
Кейбіреулер патшаға жеткізіпті,
Бірді он қып әртүрлі сұм хабарды.
Патша жиып алып уәзірлерін
Сұрапты бұл сарайдың барлық жөнін.
Ешқайсысы жөнін анық білмеген соң,
Ертіп ап көрмек бопты бәрін оның.
Патша көп адаммен шығып жолға,
Көріпті бұл сарайды тұрған жолда.
Ішіне кіріп аң-таң қалған шақта, 470. Ақырын жел беріпті жүрген молда.
– Бір жалшы қайтіп салсын бұл сарайды,
Қызыңыз берген оған қазына-малды.
Өйтпесе қайдан алған бұл байлықты,
Көрген соң көңіліміз тым қарайды.
Падиша қаһарланып осыменен,
Ақыл қосып уәзір досыменен.
Соғыс салып сарайды жоймақ болып,
Шығыпты көп қарулы қосынменен.
Падиша хабарлапты баласына,
480. Сеспенен алмақ болып таласуда.
Қыз дағы ел хабарлап қол жиыпты,
Шығыпты сан мың адам қарасуға.
Сонымен патша келіп майдан ашты,
Күйеуді сөйлесем деп байлап апты.
Нүрилә мұнан хабар тапқаннан соң,
Қаптатып қалың қолын аттаныпты!
Қыз қолы падишаның бес мың қолын,
Бір демде бас идіріп тосқан жолын.
Падиша қоя беріп күйеу ұлды, 490. Қорыққаннан бола қалды қойдан момын.
Осымен елі болып жөн айтыпты,
Патшаға “ашудан қайт” деп айтыпты.
Ақыры Қысан патша жөнге келіп,
Қызға бердім раздық деп айтыпты.
Сонымен Қысан патша елді жиды,
Қызы мен Ахыметтің тойын қылды.
Көпшілік алуан түрлі тамаша қып,
Неше күнге жалғасқан ойын қылды.
Той кезі патша бетін бұрып оңға, 500. Көпшілік ұнататын жүрді жолға.
– Әкең мен өз атыңды айтып, жігіт,
Ханзада болса тегің оны қойма. –
Деп патша сұрау қойды білейін деп,
Күйеуден өз тілеуін тілейін деп.
– Шайсұлтан – әкем аты, өзім – Ахымет,
Өмірге зейін қойдым білерім көп.
Қысқаша ата тегін айтып өтті,
Қайғысы басындағы бір-ақ кетті.
Падиша разы болып айтқанына,
510. – Некесін қиыңдар, – деп әмір етті.
– Некесін қиып едік, – деді молда,
Тегінде бұндай іске болған жорға.
Тойдан соң патша Қысан орнын беріп,
Деді ол: – Баламызды, Тәңірім, қолда!
Ахыметтің отырғаны – алтын тақыт,
Құдайым берді оған шексіз бақыт.
Ғашығы Нүриләнің көмегімен
Қысқарды арадағы талай уақыт.
Бақ құсы келіп оған көп сөз айтты,
Сұра елден білмеген әрбір жайды.
“Тамшыменен көл толса, патша елмен”,
Деген сөзді ұмытпа, – деп те айтты.
Екі ғашық қосылып бақытты өтті,
Олардың әңгімесі көпке жетті.
Жақсы тілек, өр мақсат, адал ниет,
Екі жастың арманын жарқын етті.
Қиссасы Ахымет пен Нүриләнің,
528. Мінеки, осылайша тамам бопты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру