Айтыстар, аралық сөздер, мысалдар, хикая-дастандар
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы – поэзияға мысал өлеңмен қадам жасаған ақын. Келеңсіздікті өткір әшкерелеп, адамгершілік қасиетін дәріптейтін шығармалары өз алдына. Сатиралық бояуды күшейту мақсатында туындыларында теңеулерді жиі пайдаланған.
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ІІІ
АЙТЫСТАР
(1906-1934)
Қабанға қарсы ұмтылма "ер" дегенге,
Сортапқа тұқым шашпа "жер" дегенге..
Бағаңды білген ерге басыңды бер!
Дүр шашпа шапшаңдатып термегенге!..
ТҰРМАҒАМБЕТ ПЕН ШӘДІ ТӨРЕ
Тұрмағамбет:
Аралап таттым тұзын талай жердің,
Барлығын айта алмаймын, көргендердің.
Көп жерін кезіп жүріп бұл жаһанның
Ғаламда бір ғажайып патша көрдім.
Бір түстес өскен бақта үш-төрт гүлі,
Және бар бесеу-алтау шыққан түрі.
Олардың ортасында сайран етіп,
Сайрайтын ертелі-кеш бар бұлбұлы.
Мешітте жеті кісі молдасы бар,
Қасында сегіз-тоғыз жолдасы бар.
Патшаның хұзырында олар үшін,
Он жерде тағлым берер ордасы бар.
Бар екен қызметінде он бес кісі,
Олардың өзгелермен жоқ жұмысы.
Барлығын бақылайтын жаллаттардың
Жұптасқан алты жерге он екісі.
Желқабыз1 жиырма жігіт атқа мінген,
Көргендер қылуасына сырттан күлген.
Күндіз-түн жортуылдап жүрсе-дағы
Істері тиянақсыз істеп жүрген.
Жиырма бес айдаһар бар сарайында
Тұрақтап тұрмастай жан маңайында.
Және бар ордасында отыз қабылан
Халқының қан қақсатқан талайын да.
Бар екен қырық уәзірі ақылы кәмбіл,
Адамға айтқан сөзі ұнамды әрбір.
Халқына халиялы2 қалдырған із,
Адаспас керуен жолдай салған даңғыл.
Кеңесші қырық уәзірге елу кісі,
Кем емес бөрі саңлақ ешбірісі.
Басқарып байтақ елін олардың да
Басқаға үлгі етерлік бар жұмысы.
Айдалған ақ мақтаға алпыс атан,
Ақ қаптал барлығы да сары тіс атан.
Сөз парқын аңдайтұғын ақылдылар
Айтыңдар алжас кеткен болса қатам.
Қазылған жетпіс жап бар ордасында,
Бау-бақша еккен миуа ол басында.
Бұл кезде су тартылып, сөлі кепкен,
Із қалған атыз-жаптың формасында.
Сарайда сексен дарақ құлап жатқан,
Ысрапыл3 соққан дауыл ғаламаттан.
Оларды "тұрғызам" деп тоқсан кісі,
Әуре боп сілелері әбден қатқан.
Зынданда жүз кісіні байлап салған,
Олардан жоқ шығар жан тірі қалған.
Мен де оның жай-жағдайын білерліктей,
Ешкімге кеңеспедім хабар алған.
Бұл жұмбақ жабылды аузы тас бекіліп,
Тоқталды толымды боп нашты етіліп.
Жолдаушы қармақшылық Тұрмағамбет,
Келеді жаңа түлек жас жетіліп.
"Ашсын, – деп, – ақылы толық кілтін тауып",
Көмкердім күміс қаптап, алтын жауып.
Шешуін кешіктірмей қайтарарсың,
Шағыңда тұр ғой, төрем, атың шауып.
1906
Шәді төре:
Хабар ал, Тұрмағамбет, жазған хаттан,
Бір жұмбақ жобалапсың көңіл шаттан.
Жариялап жалпы жұртқа таратыпсың,
"Шешуін таппас, – деп, – жан бұл елаттан".
Қарайтын қаншама елден Ақмешітке,
Аз емес сені сырттан мақтап жатқан.
Алдынан өз еліңнің өткерген соң,
Бұл жаққа Мансұр4 сөзіңді аралатқан.
Әулігіп, асқар белден аса соғып,
Сен бопсың айдалаға бір оқ атқан.
Өзің де ойлай қойсаң, ұяларсың,
Ағалық, бұл айтылған насихаттан:
"Ғажайып патша көрдім" деген сөзің,
Ол — туған бала емес пе адамзаттан?
Өткенше екі жастан от басында,
Уыстатып күл-топырақ қармалатқан.
Үште — гүл, төрт-бес жаста — ата-анаға
Бұлбұлдай бала шырын тіл сайратқан.
Жеткен соң жеті жаста мектеп көріп,
Он жаста ол ғылымның дәмін татқан.
Он екі адамзаттың ағзалары,
Жұбынан алты орынға тұрақтатқан.
Он бесте орындап іс басқара алмай,
Дәметкен албырт көңіл әр талаптан.
Желқабыз жиырма жастың кезіндегі,
Әсері жігіттіктің нені аңдатқан!
Айбаты айдаһардай жиырма бестің,
Талғамай тура келсе, леппен тартқан.
Қайтпайтын қабылан мысал отыз жаста,
Тайынбай талайларды қан қақсатқан.
Қырық жаста ақылы кәмбіл уәзір заңды.
Кеңесін халиялы халық ұнатқан.
Елуде ер ортаға жеткеннен соң,
Ылайқат алар үлес инабаттан.
Ақ қаптал атандай-ақ алпыс жаста,
Қарттықтың нышаны сол абайлатқан.
Жетпіске жеткеннен соң, кетер жайтың,
Кеселдей жазылмайтын жанға батқан.
Секілді сексен жасқа келген кісі,
Дарақтай дауыл соғып жел құлатқан.
Тоқсанда тұла бойыңды игере алмай,
Аяққа тырп еткізбес түскен қақпан.
Жүз жаста зындандағы тұтқындайсың,
Жатқан тек күтіп кезек тар лахаттан5
Кілтсіз-ақ ашылды аузы жұмбағыңның,
Десең де: "Тас бекініп, мықтап жапқан".
Сөзіңнің соң жағында келекелеп,
Айтыпсың: "Төре едің, – деп, – атың шапқан".
Деген бар: "Әлін білген әлек болмас",
Сондай-ақ сен де әліңді білсең, мақтан.
Өзіңе-өзің сенсең тағы да жаз,
Мұныңды Шәді төре шешіп тапқан.
Январь, 1907.
Мардан Байділдаевтың жинаған мұраларынан осы жұмбақ айтыстың тағы бір нұсқасы табылды. Оңда Тұрмағамбеттің жауабын Майлықожа ақын шешеді. Ол нұсқаны да алдарыңызға тартып отырмыз.
Тұрмағамбет:
Құрметті жүз төмендік Николайға,
Жасыңнан кетті даңқың бірталайға.
Бір ауыз газетіне жұмбақ жазсам,
Мүмкін боп газетіңе сыйса жайға.
Аралап, таттым тұзын талай жердің,
Тауыспан баян етіп, көргендердің.
Сайратып жер жаһанды кезіп жүріп,
Тамаша бір ғажайып патша көрдім.
Шарбақта үш гүлі бар, бір бұлбұлы,
Жаһанда жан бар ма екен көрген мұны?
Үш гүлдің иісі баурап өн бойыңды,
Бұлбұлдың өте нәшті салған үні.
Мешітте жеті-сегіз молдасы бар,
Қасында тоғыз бала жолдасы бар.
Қарасам назар салып ол патшаға,
Он жерде тағлым берер бөлмесі бар.
Бар екен қызметінде он бес кісі,
Болмайды ешкімменен мұның ісі.
Он екі қызметкер бар алты жерде
Рахымсыз, еш қарарсыз іші-тысы.
Және бар жиырма жігіт атқа мінген,
Адамзат күлмей қалмас мұны көрген.
Адамды жақсы-жаман парық қылмай
Өз ісі өзіменен болып жүрген.
Жиырма бес айдаһар бар сарайында
Жан тұрмас ол тұрғанда маңайында.
Және бар қызметінде отыз қабылан
Адамның қан қақсатқан талайын да.
Бар екен қырық уәзірі ақылы даңғыл,
Адамға айтқан сөзі бәрі қабын.
Қырқы бір ауыздан сөз шығарса,
Болмайды еш нәрсенің көңілі мәліл.6
Бар екен елу жігіт ақылы толық,
Ақылға бәрі бірдей қалған толып.
Өнерлі бұдан артықжан болмайды,
Не керек басқа жаққа әуре болып.
Айдадым ақ мақтаға алпыс атан,
Ақ тұмсық бәрі бірдей сары тісті атан.
Молдалар білім білген, пайымдаңыз
Әр сөзден кешіре көр, болса қатам.
Қазылған жетпіс арық ордасында,
Қате көп жұмбақ жаздым жолдасыма.
Су түгіл, арығында ылғалы жоқ,
Пенденің ісін Құдай оңдасын да!
Сарайда сексен дарақ құлап жатқан,
Сұраймын медет бер деп Жаппар Хақтан.
Және бар қызметінде тоқсан жігіт,
Бекітіп бәріне де салған қақпан.
Зынданда жүз адам бар байлап салған,
Болмасын ешбіреуі мұның жалған.
Неше ай, неше сағат, неше мезгіл,
Бар ма екен бұ зынданнан хабар алған?
Ауызын жұмбағымның тас бекітіп,
Ашуға кілтін тап деп еттім тамам.
1906.
Майлықожа:
Хабар ал, Тұрмағамбет, жазған хаттан,
Бір жұмбақ жобалапсың көңіл шаттан.
Бастырдың Николайдың газетіне,
"Жақында жан таппас деп мәмлақаттан".
Қараған Ақмешітке қанша ел бар,
Адам көп сені қымбат етіп жатқан.
Алдынан өз еліңнің тегіс өтіп,
Онан соң Мансұр халықты аралатқан.
Әулігіп, асқар белден аса соғып,
Сен бопсың айдалаға бір оқатқан.
Өзің де ойлай қойсаң, ұяларсың,
Ағалық, бұл айтылған насихаттан:
Әуелі патша көрдім деп айтыпсың,
Бұл — туған бала емес пе адамзаттан?
Келгенше екі жасқа жас баланың,
Ісі жоқ айқай, жылау, басқа гәптен.
Үш гүлі — ата-ананың сүйеріне,
Төрт жасқа шыққаннан соң тіл сайратқан.
Келгенде жеті-сегізге мектеп көріп,
Ғылымның он жасында дәмін татқан.
Он екі әр пенденің ағзасы бар,
Тұтас боп әрбір жерде қарар тапқан.
Он бесте сол секілді сылқым су ғып,
Білдірмей не қыларын бұлаңдатқан.
Жиырмада жігіт болып атқа мініп,
Әсері жігіттіктің нені андатқан?
Жігітке жиырма бес жас айдаһардай,
Кез келсе кезеңіне, леппен тартқан.
Жігіттің отыз жасы — мысал, қабылан,
Соқтығып көрінгенді қан қақсатқан.
Қырыққа келгенінде ақылың толық.
Секілді патша уәзірі сөз ұнатқан.
Елуге келгеннен соң кәрия боп,
Тұрарсың қатар еніп инабаттан.
Алпыста ақтұмсықты атандай-ақ,
Кәрілік сақал менен шашты ағартқан.
Жетпіске жасың келсе, денең солып,
Сәл қалмас, тамам ағза зәре атқан.
Сексенде түбі босап, мысал дарақ,
Тоқсанда ажал-әке салған қақпан.
Жүз жасқа келген адам, елікпен тең,
Жақсы ғой орын алмақ тар лахаттан.
Қатесі болса сөздің қайта жазғын,
Шымкенттен әкең Майлы мұны тапқан!
ТҰРМАҒАМБЕТ ПЕН ШАХАР АҚЫННЫҢ ҚИЯЛ ЖАРЫСТЫРЫП АЙТЫСУЫ
Тұрмағамбет:
Қарыштың7 кемдігінен өспеді ойым,
Елу мың ең азында болса қойым.
Жеті мың жылқы, түйе жатса қаптап,
Байтаққа болар еді күнде тойым.
Пұл жатса қалта емес, қанарларда,
Қағаздан қара қасқа, емес шойын.
Шашқанда бауырсақтай басса тегіс,
Мың пұттық мидей дала, бір көл бойың.
Һаж барып, ғылым оқып, мешіт салып,
Алар ем аһиреттің абыройын.
Үмітім мұнан да зор, Маулам, сенен,
Әзірге сұрап мұны сұндым мойын.
Шахар ақын:
Я, Алла, қондыр басқа құсын бақтың,
Өзіңсің үкім егесі — нүн мен көптің.
Алдыма айқын етіп түсір озат,
Тәжік, ноғай, түрікпен, өзбек, көп қазақтың.
Шын беріп шаһіліктің даражасын,
Шерлерін тарқат іштің көңіл шаттың.
Бай ет деп жүз қойлыдан пұл сұраймыз,
Ырзалықпен тауысып бәрін жағдаяттың.
Егесі екі жаһанның Жаппар Ие,
Асылдым жанабына пәкизаттың.
Ұл беріп алпыс алты, отыз бес қыз,
Үстінде жатса бәрі құс мамықтың.
Жүз мың қой, бес мың түйе, он мың жылқы
Жүз бөлім болса үйірі қысырақтың.
Тудырсам үш мың түйе, бес мың бие,
Суындай болса қымыз шығанақтың.
Жез құрық, жібек шәйі, мақпал ноқта,
Тұтқасы болса күміс жел тоқпақтың.
Алтын ер, күдері тартпа, күміс сулық
Жақұттан болса ақыры арғымақтың.
Айтылған жоғарыда алпыс алты ұл,
Үстіне мінсе тегіс топышақтың.
Кетпесе жерден төсек, белдеуден ат,
Үйімде болса бәрі не бекзаттың.
Жүз өгіз, бес жүз сиыр қалса егінде
Ырашы болса қыштан отыз жаптың.
Патшалық медресе салдырсам жай,
Бір жүзі болса ішінде шамшырақтың.
Әзірет біләл құсап көп молдадан
Азаншы қойсам бірін кең тамақтың.
Намазға ертеңгі кеш жиналғанда
Шетіне жетпесе көз тұрған саптың.
Жол талып жүзге жақын жүрерге жол,
Әнжамын алмай қолдан жау-жарақтың.
Құтқарып қаннас атты ғайыр діннен,
Сауалын айла, Асан, екі малаттың.
Таразы тартылғанда қиямет күн,
Намасын келтір Алла оң талаптың.
Өткізіп ысыраттан атқан оқтай
Дидарын көрсем көзбен Жаппар Хақтың.
Арасат майданында салып айхай,
Көкесін көркетсем бір мақтанбақтың.
Үр беріп бір басыма мың да бес жүз
Кездестір кәмалына тарбиаттың.
Мақсатым айта берсем, толып жатыр,
Қызығын көрсем көзбен ұжмақтың.
Ақымақ көп айтар біреу "Не қалды?" деп,
Мұншама сұрағаны не деп бұл әнсаптың.
Мен — пенде, беруші — Алла, миассар ол,
Емес ол ұқшасына адамзаттың.
Есіміңнен Рахман атты үмітім көп
Сөзіне етпе қаһар мен — ғаріптің.
Ішерге ас, құшарға әйел, киер киім,
Мұқтажын көргенім жоқ мінер аттың.
Зор тәубе сансыз шүкір бұларыңа,
Қожасы еттің мұнша мәмлақаттың.
Сенің көп дәулетіне мас болған соң,
Шалықтап бекер босқа шалқақтаппын.
Өзіңсің мүлік егесі, ая, Алла,
Қондырсаң кімді үстіне алтын тақтың.
Мың тоғыз жүз он үшінші жыл сарқырап,
Қалмырзаұлы Шахар молла сөз тараттым.
1913.
Ескерту: Тұрмағамбет ақынның бұл секілді өлеңдері жинақтың бірінші томында "Мәнажат жырлар" бөлімінде бірді-екілі жерде ұшырасады ("Қызығын қияметтің Құдай берсе", "Тілек"). Ол өлеңдерінің жазылған жылдары, шамамен, 1901 жылдардан басталады. Мәселен, ақынның ондай өлеңдері:
Қызығын қияметтің Құдай берсе,
һүрлерден саны бес жүз жұбай берсе.
Кәусардың гөлайтына барғанымда,
Соңымнан сылдыр қағып шұбай берсе...
— деп басталып, кете береді де, өлеңнің соңында діни мазмұндағы салмақты ой айтылып, мінажат түрінде аяқталып отырған. Біздің шамалауымызша, ақын әр кездері өзімен тұстас өзге ақындардың қиялдарын ұштап отыру үшін осылайша бас жағы әзілмен басталып, соңғы жолдары Алла Тағалаға тәу етіп, жалбарынумен аяқталатын мәні зор, мағынасы терең өлеңдерді әдейі бастап беріп отырған сияқты. Бұл өлеңдер айтыстан гөрі бір тақырыпта кезектесіп жырлау дәстүріне келеді.
АЛТЫ АҚЫННЫҢ ӨМІР ТУРАЛЫ АЙТЫСЫ
Шораяқтың Омарының ауырып жатқанда "Бұл науқас, сірә, менен үзбеді қол" деген өлеңін оқығаннан кейін Тұрмағамбет ақынның жазғаны:
Келтірмес өлімді ойға, нәпсіге ерсең,
Нәпсіге ер емессің, ерік берсең.
Тастайды ара шөлте адастырып,
Алдыңа "әуес" атты қойып көрсең.
Қанағат сол уақытта етпес көңілің,
Бар мүлкін бұл жаһанның жинап-терсең.
Олардан асылы пайда көре алмайсың,
Санаулы сарқылып дем, өліп көрсең.
Жеріңе көңіліңе алған жеткізе алмас,
Нарқы арзан нәпсі — жабы, нағыз тершең.
"Семіз, – деп, – сере шығатын қабырғасы",
Біз жүрміз тепеңдеумен мініп ершең.
Омардың Тұрмағамбетке берген жауабы:
Қайғысын бұл жаһанның қабат ойлап,
Қайтеді ақылыңды екі бөлсең?
Еңбектің іске аспағы екі талай,
Табандап тас кенеше аттай желсең.
Ей, інім! Ақылың ағла8 андауымда,
Тұрықсыз туысыңа жүрген дөңсең.9
"Әр түрлі хикая мен дастан" жазып,
Болмай ма қатарыңды жалпы жеңсең?
Атынды халайыққа мәшһүр етіп,
Журналға сөз беруге енді белсен!
Сөзіңді шайырлармен салыстырып,
Алдыңа жан салғызбай озып келсең:
Өлсең де кейінгі ұрпақ сені іздеп,
Жылар еді: "О, дарих!" – деп, кемсең-кемсең.
Кете Жүсіптің Тұрмағамбет пен Омарға жазғаны:
Кең ойлы кемеңгердің өздерісің,
Жарастық жақсы жолды иеленсең.
Өлеңмен ойларыңды білдіріпсің,
Айтылған әпсанаңды аңдап көрсем,
Бедеудің — иман атты беріп жемін,
Жалғанда жарастық сол — жалын өрсең!
Секілді тағат — атаң, сауап — анаң,
Аштық жоқ қанағатпен сүтін емсең.
Тоныңды топқа ұнарлық бос тоздырсаң,
Болады неге тосқау киген жеңсең?
"Ат кейін қалдырам" деп арамдық қып,
Тұрса ұят ақыретте түсіп еңсең!
Аз өмір жалғаншыға әуреленіп,
Шіркінде, не қызық бар, бір күн өлсең?!
Кете Шахар ақынның Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп үшеуіне жазғаны:
Есебін өткізерсің бір күн қолдан,
Орынсыз опасыз да ойнап-күлсең.
Басында, пенде болсаң, тотия жоқ,
Сұлтан боп Сүлеймендей бұлтқа мінсең,
Жалғанда ат шығару қиын емес,
Біраз жыл Қарабайша томар үйсең.
Жорғаң бар, жортақың бар, жүйрігің бар,
Айтар ек біреуіңді, біліп берсең.
Келмесін, "кекетті" деп, көңіліңе,
Ақиқат, расым бұл, маған сенсең.
Керейт Шәді ақынның Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп, Шахар төртеуіне жазғаны:
Данаң бар, дарияң бар, ақылдың бар,
Кетенің сөз жазыпсың дүрлері өңшең.
Бір кетсе, екі келмес енді айналып,
Қараша үй қазақшылық, тіккен кеңсең.
Бағдары — баяғы өткен бабамыздың
Тоны мен тоқты тері киіп сеңсең.
Отырып орыныңа уақытындағы,
Қазаққа айтарлықтай белгіленсең.
Ежелгі ер дұшпаны — нәпсі мұндар,
Жерің сол — озған мықтап, соны жеңсең!
Нәрсе жоқ табылмайтын — талапты ерге,
Жалығып жапасына жатпай, көнсең.
Асылы, әділ жолдан қия баспай,
Миуасын тіршіліктің тынбай терсең.
"Күнә", — деп кім айтады, күнелтуді?
Алжаспай, адамдықты өтей білсең.
Сауапты іс — сарқылмайтын оман10 дария,
Қайғырып халқың үшін жортып-желсең.
Жолбасшы жомарттардың маңызымен
Жар-достық жатса шықпай, түсіне енсең.
Ит жайдақ ыржақтаған ілім сізге
Шірісін, шешілмей-ақ оған теңшең.
Өлгенше өзіңменен кетер бірге,
Жасыңнан дағдыланып, неге үйренсең.
Насихат кейінгіге сен де айтарсың,
Ұялып үлкендерден көп именсең.
Қатеңді қатар жүрген дос кешеді,
Өсек пен өтіріктен шын жеркенсең.
Шайтанның сүйер асы — арақты ішпей,
Қар бойы қазып терең, жерге көмсең.
Нардан да нағыз көсем болар сонда,
Талапқа тайлағынан мінген жеңшең.
Ерлікке екі дүние бірдей ашық,
Жауың да жамандамас, жанып, сөнсең.
Айтылған артындағы сөзің өлмес,
Шешіліп қалса үстіңнен киген жеңшең.
Ерлерше ел-жұртыңа еңбек сатпай,
Жетерсің жеңсігіңе, тура ізденсең!
Көсемдер көпшіліктің салын сүйреп,
Мақсатқа жеткен талай матыныленсең. 11
Мысалға білімді ердің бірін алып,
Тарихын тәрбиелі оқып көрсең...
Маңызды мамандардың жолыменен
Табарсың талай нәрсе іздей берсең.
Capықасқа Молдағали ақынның Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп, Шахар, Шәді бесеуіне жазғаны:
Меніңше, бәрінен де бұл айтқаннан,
"Ақ жүзді болса, – деймін, – жақсы жеңешем!"
Қасында домбыра шертіп сен отырсаң,
Алдында ақ жеңгейдің болып үншең.
Міндет қып өрелігін өлеңіңнің,
Алтын мен күміс тауын белден кешсең.
Жақсы ғой ойдағының бәрін істеп,
Мың жасап Ұлықпандай дәуір сүрсең.
1922.
ТҰРМАҒАМБЕТ ПЕН ӘБДІКӘРІМ
Әбдікәрім Оңалбаевтың Қосым, Түспембет дейтін кісілердің ауылында бала оқытып жүргенде сол ауылға қыдырып барған Тұрмағамбет Ізтілеуұлына жазған өлеңі:
Әбдікәрім:
Алашқа атың шыққан ақын едің,
Шәрбатын әр ғылымның татып едің.
Жар-жолдас жасыңызда және де ертпей,
Бәйгіге бағасы мол батып едің.
Тәліптер тағлым оқып алатұғын,
Көне сөз көп жазылған кәтіп едің.
Беріңіз бізге жазып бір насихат,
Ей, ерім, сахауатты сахип едің.12
Тұрмағамбет:
Білгірдің байтаққа бас баласысың,
Өзің де қатарыңның данасысың.
Әр түрлі түркі де13 бар дүкенінде,
Көтерме қалай бізден аласысың?
Үйреткен өнегені Кіші жүзге,
Және де Қосымханға қарашысың.
Базарын балалықтың араласаң,
Қойнына қыз-келіншек барашысың.
Бұл ісің жұртқа жайылып кеткенменен:
"Ақиқат, аманмын" деп танашысың.
Әбдікәрім:
Ол рас, болды атамыз байтаққа бас,
Халыққа аты мағлұм, сөздері — паш.
Дұшпандар жүзі шыдап тұрмайды екен,
Бейне бір әпсанасы14 атқандай тас.
О, тарих, ондай ерден арманда боп,
Қалыппыз үлгі ала ал май қалайда жас.
Даналық бізге қайда, данышпаным?
Келемеж бұл сөзіңіз, кәмбіл сарас15.
"Хан Қосым қарашысы" депсіз және,
Қай уақыт халық биледі ол жайып палас!
"Әл ғайбат әш-әлду міна — зіна"16 деген,
Шығуға бұл сөзіңіз, емес жалас.
Тұрмағамбет:
Жігіттік әркімнің де алады еркін,
Сонан соң қыз-қырқынға тиер елкің. 17
Сопысып, сонша неге шегінесің?
Көңіліңнің байқадық қой, босаң, беркін.
Онан да сүйгеніңмен ойнап-күліп,
"Айқай!" деп, төбе үстіне барып желпін!
1925.
ТҰРМАҒАМБЕТ ПЕН ЖҮРСІН
Тұрмағамбет:
Жарайды жазған хатың, інім Жүрсін,
Қиғаш қас, құралай көз нағыз һүрсің!
Баласы Алтынайдың болғаннан соң,
Айбынба, білімге бай, анық дүрсің!
Жүрсін:
Қошемет сөз ғой, Төке, "дүр" дегенің!
"Қиғаш қас, құралай көз һүр" дегенің.
Бұл айтқан сөзіңізден байқалып түр:
"Жазуды жөндей алмай жүр", – дегенің.
Тұрмағамбет:
Қошемет емес мұным, анық еді,
Зейілім сүйегіңді танып еді.
Сөзіме сенбейтұғын сияғың бар,
Неліктен кеулің маған қалып еді?
Жүрсін:
Сөзіңе сендім, Төке, десең ондай,
Інің ем мақтағанмен жүрген оңбай.
Сөзіңе "дуа дарыған" адам едің,
Басыма кетпес онда бақыт қонбай.
Тұрмағамбет:
Басыңа ықпал орнап, бақыт қонса,
Қайырсыз қатарыңа болма онша.
Қазаның халық біткенге қайнап тұрсын!
Жаз салқын болсын үйің, қыс күн монша.
Жүрсін:
Осы айтқан үгітінді ескерермін,
Дүр сөзін өзіңіздей ес көрермін.
Бетіме өз ойыммен кете берсем,
Халық болып қалайынша көшке ерермін.
Тұрмағамбет:
"Көп жаса!" олай десең, деймін, інім,
Ағаның іні азбайды алған тілін.
"Шығады асыл — тастан, ақын — жастан",
Қалай да қайрат қыл да, халыққа білін!
Жүрсін:
Өзім де ұнатамын "білінгенді",
Алармын әрқашанда тілінді енді.
Ойыңнан шықсам, жақсы болар еді,
Болдың ғой сынайтұғын ініңді енді.
Тұрмағамбет:
Мен саған дұшпан ба едім "сынайтұғын?"
Айтпайсың, сірә, сөзді ұнайтұғын.
Ағаңның ақ көңіліне "ит қосасың",
Әрқашан саулығыңды сұрайтұғын.
ТҰРМАҒАМБЕТ ПЕН СӘНБАЛА
Тұрмағамбет:
Алтайы көз алдымда, көрдім түлкі,
Боларын біле алмадым кімнің мүлкі.
Қуғанмен, қолға түспей, қалсам босқа
— Сақтандым: "Болармын, – деп, – жұртқа күлкі".
Сәнбала, сол туралы серлеттім сыр,
Сенде тұр бұл мүшкілдің ашсаң, кілті.
Сәнбала:
Алтайы қарсы алдыңнан қашса тұрып,
Қалайша ұмтылмайсың алмасқа ұрып?
Қуғанмен жете алмасаң, кінә өзіңнен,
Шараң не, қалған болсаң діңкең құрып.
Онан да өз жөніңмен жүре бермей,
Қайтесің жан-жағыңа мойын бұрып.
МОЛЛА ЕРМҰРАТТЫҢ ЖҰМБАҒЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Мәктубың,18 молла Ермұрат, келді мұнда,
Оқыдық өлеңіңді мағал ғұнна. 19
Дананың дара заңды біреуі едің,
Көрсетер кеуілге ұнар, көпке ымла.
Басыңа бақ орнығып, болып тұрсаң,
Бедеудей бәйгі бермес болса мында.
Боламыз, көп сөкпей-ақ, көз алартсаң,
Қояндай қорыққаннан болған жымда.
Елеуреп, екі-үш ауыз әпсанаға,
Айтыпсың білгеніңнің бәрін жұмыла.
Айыбын бір-бірінің айтамын деп,
Масқара болған жоқ па ед Сәкбен құрбы.
Сенді жұрт сен айтқан соң сол сөздерге,
Демектің дәркәріне 20қасам біллә.21
Мәламат сабына ердің деген болса,
Көркейдік кір жуылып шүкір, Алла.
Пенһанша22 болғай да деп бұрқасыннан,
Қаратып, қол көтердік, бетті құбыла.
Мұстажап айлап өшпу мынажатты,
Әжуалата23 қылғай сансыз құрба.
Жәрдемің ұлу жылғы ойымда бар,
Аштықта ұмытылмасын жеген құрма.
Ұнамды заманында болып тұрсың,
Ілім атты іші, бауырың толып нұрға.
Оқуға ойымыз бар ақайыттан,24
Өзіңе шәкірт болып отыз, жиырма.
Құлаққа күні бұрын кіре берсін,
Бәрін де өзгертіп қой өлең, жырға.
Мысалы миуалы молла – дарақ,
Жесін жұрт жемісіңнен, өзіңді ырға.
Тата алмай ілім, ікімат біз ләззатын,
Науқастан нан жеп жүрміз, ашып құрға.
Түтігіп, тау басына тәкия25 салып,
Біз мысал қаріплерге қолды бұлға.
Өзіндей ойлы ерлерден үлгі ала алмай,
Аз өмір, уақ, дариға, кетті құрға.
Кемді құн кейініңе ерер едік,
Бел бусаң, бұл айтқанды Әли асырға.
Өкпе көп өле қойсаң өмір бітіп,
Таттырмай тасқынынан бізге шұрба. 26
Он тоғызда хатыңды орындайтын,
Қылықты қыз да емеспін салған сырға.
Ер болып, оларға елші болуыма,
Қинама, қыла алмайды жүрек жырға.
Айтайын мен де жұмбақ жұмбағыңа,
Бас салып бақсылардай, бірақ, ұрма.
Тұтқан тең Тәңірі әмірін тұтпағанмен,
Депті ерлер қиянатты, дүрім, тыңда!
Тәңірі әмірін тұтса да асы, тұтпаса да,
Асы деп аңдатқан-ақ барша құлға.
Тәңірі әмірін тұтқанынан тұтпағаны,
Артық деп бұйырып тұр Саһып шарға.
Тәңірі әмірін тұтсын біреу, я тұтпасын,
Кәпір-дүр біл ахыпха27 ошал құмра.
Бар болса ахайытта бұлар шәрһы 28
Өлең ғып отырма тек, басты шырма.
Ерінбес үйретуден ұстаз болған,
Қойшы, деп қоқыраймай, мойның бұрма.
Сөзіңе сөз теңгеріп қайтаруға,
Білімнің көкіректе кілті тұр ма?
Ойымды айтпасам да, аңғарарсың,
Мұсаның мысалында шыққан Тұрға.
АРАЛЫҚ СӨЗДЕР
"Сіз", "біз" деп бір-біріңді сыйласпасаң,
Маған кел күні ертең ең баспасаң!
Күйсіздер күн аязда күнін елтер,
Өрт тиген ыстай қараспасаң!..
ОМАР МЕН ТАУБАЙДЫҢ ЖҮСІБІНЕ АЙТҚАНЫ
Бектерім, бір-біріңмен болсаң тату,
Тарығып, тартпассыңдар тіпте қату.
"Жемейді біріккенді бөрі" деген,
Бұрынғы қариялардан қалған ату.29
Қайраты қатарынан асқанменен,
Ерлерге емес оңай тау құлату.
Жақсыға жарасарлық жұмыс емес,
Бурадай шашып көбік, бұрқырату.
Ішінде аз өмірдің араз болып,
Айып іс — аға-ініні сөзге шату.
Жау болған жақынымен — жатқа жем боп,
Еркімен ете алмайды сауда-сату.
Жастарға жаңа өспірім жаздым үгіт,
"Жөн айтпай, жарамас, – деп, – жайға жату".
Болғанмен аспандағы Ай мен Күндей,
Уа, дарих, өмір бітсе, бір күн бату.
Мақсатым — мысал айтып мұндайынша,
Ойласып ойлы ерлермен, сөз сынату.
"Ишарат — ақылы барға" деген нақыл,
Шешенсіп, келіспейді көпті ұзату.
Қармақшы, 1913.
ОМАР МЕН НҰРМАХАНҒА
Көп ойланған өте артық
— Көп сөз айтып көпіргеннен.
Мәнді болса, аз сөз артық,
— Мәнсіз болып, сетілгеннен.
Ауызбірлік, тату артық,
— Тоз-тоз болып түтілгеннен.
Не де болса, ортасы артық,
— Жалғыз озып жетілгеннен.
Қалпи шауып, қалған артық,
— Сорға шауып кетілгеннен.
Тура сөйлеп тұрған артық,
— Өтірік айтып өтінгеннен.
Халық алдында қадір артық,
— Көкке мойын көтергеннен.
Кімге бол сын, жай сөз артық,
— Қабақ шытып жекіргеннен.
Табыс болса, баяны артық,
— Масаттанып лепіргеннен.
Әр жұмысқа — сақтық артық,
— Артын алып, бекінгеннен.
Сабырлықпен байқау артық,
— Қапыл шошып, секіргеннен.
Құр қылжақтан — тоқтау артық,
— Қадіріңді кетіргеннен!
ҚАҢЛЫ ЖҮСІП ПЕН КЕТЕ ЖҮСІПКЕ
Бірінші айтқаны:
Аппазға, абайласаң, көз едіңдер,
Келісіп, кекиіспей, дегенін бер.
Екеуің екі жаққа ақырайсаң,
Ағаңды, әркім: "Қитар — гөзелім" — дер.
Сөзі оның сыйланбаса сендерге айтқан,
Өкініп: "Осынымның өзі — өлім" — дер.
Болсаңдар екі кеміс, егесумен
— Мылтықты мұрын үстінен кезеніңдер!
Қот-қоттап қомпаңдатқан сөзге мәз боп,
"Келсең, кел, — дей бер онда, — кезегім бер!"
Десеңдер, ес бүтін боп: "Осы ұят",
Табысып, тақас сөзді тежеріңдер!
Айтқанын аға-інінің құрметтерлік,
Деп жүрген "дәмелі ердің" өзі едіңдер.
Тұсаулап тыпыршыған тіл бедеуін,
Қаңтарып ауыздыққа бежеріңдер!
Түйеден кішіпейіл тағлым алып,
Тартпа бас, тартты досың тез еріңдер!
Жазушы жағдайлатып Тұрмағамбет,
Қисаңдар, аз сөзіме тез орын бер!
Қармақшы, 1913
Екінші айтқаны:
"Сіз", "біз" деп бір-біріңді сыйласпасаң,
Маған кел, күні ертең қи баспасаң!
Күйсіздер күн аязда күнін елтер,
Өрт тиген қу қамыстай қираспасаң.
Кепілмін кетуіне бірлігіңнің,
Көніспей бір-біріңе қиғаштасаң!
Бірігіп бір шұқырда отырмайсың,
Жоғыңды бір-біріңнің жинаспасаң.
Бақ құсы бастарыңа баяндамас,
Жұрт үшін жандарыңды қинаспасаң!
Осындай үлгі-үгіт айтар едім,
Басымнан байқаусызда ми қашпасаң.
Қайткенмен көптің көңілі қожырайды,
Бұлбұлдай бостандағы ұйқы ашпасаң.
Қармақшы, 1915.
Соңғы билігі
Жөнделмес, ерлер, жұмысың,
Кең ойлылармен кеңеспей.
Кеңеспен сепкен күрмегің,
Болмайды жеміс жеместей.
Арнаның суы әл бермес,
Жұрт жиналып, бөгеспей!
Бөгескен соң — тұрмайды,
Түрленіп шалғын көк өспей!
Бастарыңа бақ қонбас,
Әлсіздерді демеспей!
Олардың алсаң алғысын,
Боларсың биік дөңестей.
Сескенер сонда дұшпаның,
Сенімен бойын теңеспей.
Мал-мүлікке масықпа,
Өзгелер адам еместей!
Талайлар толып, төгілген,
Төңкерілген тегештей!
"Тойған сайын тәубе қыл!"
Айтқаныма егеспей!
Қайратың қау болғанмен,
Қазаң жетсе — қоймайды,
Орыныңнан жел еспей!
Аз өмірдің ішінде,
Бір біріңнің айыбыңды,
Жүріңдер, бектер, елеспей!
Әр кезде ырза емеспін,
Барлығың да бас изеп,
Айтқаныма: "е" деспей!
Көріңдер, көптер, бұл сөзді
Қызылсырап келгенде,
Сойдырып жеген шинештей .30
Ақмешіт, 1915.
КЕТЕ ЖҮСІП ПЕН ДАҢМҰРЫНҒА АЙТҚАНЫ
Татулық — таусылмайтын кен секілді,
Кен сақтау – шама келсе, шен секілді.
Ортаңда татулықтың тұрса туы,
Дос, дұшпандемес сені "кем секілді".
Осы айтқан үгітімді үлкен, кішің
— Көріңдер ауруыңа ем секілді.
Өмірің өтіп кеткен, ойласаңдар,
Кірмейтін, шықса, қайтып дем секілді.
Жігіттің жақсы-жаман мінез құлқы
— Салынған сара тілік ен секілді.
Көрікті көп көзіне көрінетін,
Ізді ауыз, өздеріңе оң секілді.
Кетпесін көңіліңнен көргендердің,
Мағашықтың31 бетіндегі мең секілді.
Келгендер, кідіре алмай кетіп жатқан,
Шөлдегі, шіркін, дүние – көң секілді.
Масығып мәртебе мен мал-мүлікке,
"Кім бар,– деп, – кеуіп-іспе мен секілді!"
Қуанып қу бас пенен қуыршаққа,
Болмаңдар, босқа қалған жын секілді.
Мекерге мұндайынша мойынсұнып,
Құр қалу құлшылықтан мін секілді.
Дін менен дүнияны қатар қойған,
Жұмысы Саттар Хақтың сын секілді.
Жаһанда жауға өзіңді жаралатпай,
Болып кет, бойың бағып, тың секілді.
Әр түрлі ақуа пысат, пасық пытна, 32
Бөлетін ақылыңды жын секілді.
Ойланып өз қамыңды, уақытың барда,
Дуал соқтұралыққа шың секілді.
Жалғыздық — жан шығарда түсер басқа,
Тіріңде болғаныңмен мың секілді.
Тимейді туысқаннан титтей жәрдем,
Құбарса қызыл бетің құм секілді.
Саянда саулығында жататындар,
Сескеніп, сені көрер сұм секілді.
Бетіңе бөрен салып баса көмер,
Жер кеулеп, кісі бойы ін секілді.
Қақ жарып құлағыңды түр ғой өлім,
Тынықта таңертеңгі үн секілді.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Аңғарсаң, ақыры әлің түн секілді.
Қысқасы, құрт пен шаян құмырсқаға,
Тән шіріп, түтілерсің жүн секілді.
"Қалайда ғапылатта қалмайық", – деп,
Бұл сөзім бәріңе айтқан мұң секілді.
Айтайын тіріліктен тағы да сөз,
Татаусыз тартылынған сым секілді.
Айтқаның ақылдыға әсер етер,
Көгалға көктемдегі дым секілді.
Ессізге есіл сөзің еш болады,
Кереңге көзбен еткен ым секілді.
Тыңдаңдар, топ тарқатқан төрелерім,
Дерсіңдер: "Өтірік, иә шын" секілді.
Қыс күнгі қонысыңнан қуалайтын,
Араздық — аяздағы сең секілді.
Сен буып, буы аспанға бұрқыраса,
Көрінбес көзге дала кең секілді.
Бұртиып, бір-біріне қырын қарай,
Көмпиме күнге күйген көң секілді.
Тұрмысты тірілікте ол сияқты,
Дей көрме өзіңе-өзің "жөн" секілді.
Жақтырмас жан аяспас жар-досың да,
Жаһанда жарымес жоқтай сен секілді.
Ортаңа оты түссе араздықтың,
Боласың жат пен жауға жем секілді.
Жатқанда бүйіріңді бөрі ойып,
Болмайды бір туғанмен оң секілді.
Әл бермей артқан түйең тулағанмен,
Біршілік — аумайтұғын тең секілді.
Қамқор боп қарындасқа қоғамдасу,
Қолыңды қорғайтұғын жең секілді.
Жан кеулін жабырқатпай, жаныңа тарт,
Болғанмен, білдірмей сыр, "нең секілді!"
Бірліктен барлық пайдаң түгелденіп,
Боласың бұлт шөгетін дөң секілді.
Бұйдасын біршіліктің белден үзіп,
Болмаңдар бақырауық жөн секілді.
Қиналтар қыңырлығың қылған ондай,
Жанбастан жарып шыққан сом33 секілді.
Орынға ойына алған жеткеретін,
Ерлерге ықпал, ырыс — қоң секілді.
Ер қолын емін-еркін батырмайтын,
Жоқшылық — тоқсандағы тоң секілді.
Кигенмен, күннен-күнге түрленетін,
Тозбайтын, толымды ақыл тон секілді.
Кебіңкі, көкірегі кем ойлылар
— Қу дала, құс қонбайтын жөн секілді.
Көңілінде қанағаты бар құлдарға
— Бір малы көрінеді он секілді.
Толғанмен қора малға, қалта пұлға,
Қақыңдар, қас ақымақтар зоң34 секілді.
Дегендей "дәурен кезек" дәусінгеннің
— Белінен басты еңбекшіл шом35 секілді.
Өксімей, өткен күніңді, өңшең шонық,
Кезегің, кідіре түр, соң секілді.
Қармақшы, 1920.
МЫСАЛДАР, ХИКАЯ
ДАСТАНДАР
(1896-1939)
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім? — деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектен көгені едім...
ҚАРА ҚОҢЫЗ
Жер жүзін қара қоңыз қаптайды жаз,
Бір боққа қырық-елуден қонбайды аз.
Кетеді бірінікін бірі алып,
Еркелеп, енелеске еткендей наз.
Біреуі қуып барып алысады,
Тым тату өзге жерде, мұнда араз.
Таласып тап уәлидің36 сарқытындай,
Етеді өте құрмет көп ағызаз. 37
Итеріп бірін-бірі тыраңдатып,
Қылады бір мереке өзіне саз.
Бәрін де жеңгеннен соң, жөнеледі,
Бір мықты домалатып алы, сабаз!
Бір жерге көміп оны, жайластырып,
Қуанып, қожырайып болады мәз.
Бұлайша жүреді ылғи тезек жиып,
"Қыс болса болам ба,– деп, – өте мұқтаж".
Тезегін бұрын көмген таба алмайды,
Көп қарап, шаршап-жүдеп шабандайды.
Қыс болса, жиғанының жартысын жеп,
Ендігі жаз болғанша амалдайды.
Мысалы сол секілді бұл күнгілер,
Дүния үшін бірін-бірі жамандайды.
Әлдісі әлсізінен тартып алып,
Ақ малын оныменен арамдайды.
Қыс қатты болған жылы — қырып алып,
Сып-сидам, басын сипап алаңдайды.
Он шақты ешкі менен қойды бағып,
Тон киіп, тамақ ішпей жалаңдайды.
Ақыры ат, атанның бәрін құртып,
Аяғы, өгіз мініп, салаңдайды.
Жинаған өліп-талып мал-мүліктің,
Ешбірін іздеп-тауып ала алмайды.
Адамға, кәні, жолдас болғаны мал?
Бұл қалай ара тұрар, келсе ажал?
Қоңыз да осы өзіміз айтып жатқан,
Және де осылайша бар бір мысал.
Дарияның Маһит атты ар жағында,
Жазира, "Бағыбақ" деген бар еді арал.
— Жайылып жазы-қысы жүретұғын,
Бір бөлек ат бар әндә, – деді, – ошал һал.
Иісі тезегінің ол аттардың
— Жұпардың иісіндей деп, айтады дәл.
Есітіп қоңыз біткен бұл жақтағы:
— Кел соған барайық,– деп ұшады, ал.
Арада ай мен апта өткеннен соң,
Бойлары божырайды болып дел-сал.
Қарны ашып, күш пен қуат құрыған соң,
Бәрі де бұлайынша ойлар қиял:
— "Бағыбақты" барғанменен, табамыз ба,
Я таппай, құр далада қаламыз ба?
Кешегі, кең далада тастап кеткен,
Тиюші ед таудай тезек дарамызға.
Әр жерден аяқ аузы үңгір қазып,
Толып ек күн-түн тасып шарамызға.
Бұл жерде бір тезек те көрінбейді,
Осынша олжа етерлік қарамызға.
Қанағат қолдағыға қылмаған соң,
Мінекей, кірді өштік арамызға.
Қадірін қара қидың білмеген соң,
Жатқаны жер күңіреніп наламызға.
Қонысқа қайтайық! — деп қарар жасар,
Қатын мен қылмай зорлық баламызға.
Аянбай әуелгіден парлап ұшар,
— Қиы көп, барайық, — деп, – саламызға!
Жете алмай, жолда шаршап, бәрі де өлер,
Өлмеске қоңыз қайтіп тапсын өнер?!
Сопысып, сол сияқты бір паралар,
Кемді-күн дін жолына көңілін бол ер.
Жөнінен ақыреттің айтса үгіт,
Жас ағып көздерінен, дөңгеленер.
Шарттарын шариғатың сұрамаққа,
Жазы-қыс жатпай-тұрмай жортып, желер.
Молла ұстап, мешіт салып, намаз оқып,
Қаріпке қорыққанынан қайыр берер.
Бұзылып өз-өзінен тұзсыз еттей,
Істерін етіп жүрген зиян көрер.
Ібілістің еріп анық алдауына,
Дүнияның қайтауылдап соңына ерер.
Әуресі "екі дүнияның" болып бірдей,
Қоңыздың осы айтқан кері келер.
ЖОЛАУШЫ МЕН ДАНА
Жолығып бір жолаушы бір данаға:
– Жетемін, – деді, – қашан мен қалаға?.
– Барасың асықпасаң бір-ақ күнде,
Қонасың асықсаң бес екі араға.
Деп дана, езу тартып қала берген,
Ақылсыз, айтып жұмбақ бейшараға.
– Бес қонып күндік жерде кім жүред? – деп,
Кейіген көнді кетіп бір салаға.
– Сағатта-ақ, шаба берсем, барармын, – деп,
Соқтықты өз-өзінен бір қараға.
Қамшы ұрып, қатты шапты қағынғандай,
Әр түрлі ой жіберіп мажыраға. 38
Қара тер болып аты, қалды жүрмей,
Тастауға өлімтігін күр далаға.
Жаяулап "жануарым не қылдың?" деп,
Жетектеп жеткізді атты бес қонаға.
Жай жүрсе, жалғыз күнде-ақ баратын еді,
Асығыс, асылында еткен іс оңа ма?
"Артқа қой асығысыңды" деп даналар,
Кейінге кеткен жазып ырсалаға. 39
Кездессе, кейір ем мен сол данаға:
– Еттің, – деп, – еңбегіңді еш кем санаға.
Табылса тәтті сөздің төгіндісі,
Ер бермес есі бүтін мың сомаға.
"Арбамен асықпаған қоян алар"
– Деп айтқан құлағыңды қой жобаға.
Сақтаулы саспағанның сыбағасы,
Асыққан ұшырасар бір тобаға.
Басына ой құсының орнықтырып,
Тұрекең тігіп берді бір томаға.
Екінші нұсқасы:
Кездесіп бір жолаушы бір данаға,
Жетемін депті қашан мен қалаға.
Барасың асықпасаң кешке дейін,
Асықсаң бес қонарсың екі араға.
Деп дана езу тартып қала берді,
Аз ақыл айтып жұмбақ бейшараға.
"Бұл қалай мені мазақ еткені?" деп,
Шамданып қашырды ойды ол әр салаға.
Ақылы ауышқансын, айтқан шығар,
Қартайып жас келгенсін соншамаға.
Данадан дария заңды шыққан сөзге,
Абайлап, ақылы кемдер сер сала ма?
Бес қонып күндік жерге кім жүрсін деп,
Қасты етіп қашты осылай ой шамаға.
Шу-шулеп қамшы басты үсті-үстіне,
Жетуге көп ұзамай тез қараға.
Қара тер болып аты қалды жүрмей,
Тастауға өлімтігін күр далаға.
Жаяулап "жануарым не қылдың?" деп
Жетектеп жеткізді атын бес қонаға.
Жай жүрсе жалғыз күнде-ақ жетер еді,
Асығыс, асылында, еткен іс оңа ма?
Ақымаққа айтқан ақылың кетер босқа,
Көзі сау, көкірегі көр томаға.
Өткізер өкінішпен өмірін босқа,
Кездесіп қайда жүрсе қамтамаға.
Кездессем кейір ем сол данышпанға,
Еттің деп еңбегіңді еш кем санаға.
Сол үшін соңға нышан данышпандар,
Қалдырып кеткен жазып рысалыға.
Сақсаулы саспағанның сыбағасы,
Асыққан ұшырасар мұң, тобаға.
Табылса тәтті сөздің төгіндісі,
Ер бермес есі бүтін мың сомаға.
Басына ой құсының орнықтыр деп,
Тұрекең тігіп берді бір томаға.
МҰХАММЕТ ПАЙҒАМБАР ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Мұхаммет атты Мұрсалың,
Жас қалды ата-анадан.
Жабыр, жапа көп көріл,
Айлады раһлат панадан.
Тілегін тілеп үмбеттің,
Тынбады тілі бір сағат,
Таспиһ, Таһіл, санадан.
Недей көрген меһнаты,
Нұсқа болып қалынды,
Бұрынғы өткен данадан.
Кәпірден қашып қанша жыл,
Табандарын тас қағып,
Башпайлары қанаған.
Ықырар40 болып пазылына,
Қосшылыққа сол күнде,
Хахаптың41 ұлы жараған.
– Бұл бұзық елді бұзар, – деп,
Өлтірмекке ой қылып,
Әбужәһіл арнайы,
Көпірлермен қираған.
"Бір жәдігөй Мәккадан,
Шықты" – деген ақпарат,
Әр тарапқа тараған.
Осыдан қорқып Сәруар,
Әбубәкір Сыдықпен,
Қашып барып тығылды,
Бір үңгір тауып һұрадан.42
Ішіне кіріп Әл Әзірет,
Ұйықтап қалды битап 43боп,
Тікен кіріп, тас қаққан,
Тәніндегі жарадан.
Жылан, шаян көбінен,
Қауіп етіп араб елдері,
Жүрмес еді осы арадан.
– Сыдық, жылан шағар, – деп, һақ
Хәбибі Нәбиді,
Күзетуді қалаған.
Жан-жағына қаранып,
Ал үңгірде болатын,
Жыланның інін санаған.
Қымбат баһа үстінде,
Шекпені бар еді Сыдықтың,
Тіктіріп киген жаңадан.
Сөгіп сондай шекпенді,
Әр жыланның жатағын,
Тығын қылып бекітті,
Бір жапырақ парадан.
Бір жыланның ініне,
Шүберек жетпей қалған соң,
Табанын қойып қадаған.
Сондағы жылан шыдамай,
Һазірет Сыдық пазылдың,
Аяғын тістеп талаған.
Көзінен жасы мөлдіреп,
– Я, Расулі, жылан шақты, – деп,
Пайғамбарды оятты,
Кетейін, әй, садағаң.
Мүбәрак басын көтеріп,
– Ешнәрсе етпес, достым, – деп,
Шаққан жерін жыланның,
Тіліменен жалаған.
Сәһат44 тауып аяғы,
Сол сағатта тарқады,
Ашытқан зәрі манадан.
Пайғамбар дұға қылған соң,
Осы шаққан жыланның,
Тілдері болды абадан.
Уәзір қылып, бас ұрып,
Деді: – Ая, Расулым,
Исаның уақыты ед заманым.
Сол Исадан өміріме,
Көрмекке Сізді дұға алдым,
Қатыным жоқ, я балам.
Сонан бері осында,
Күтумен күн-түн жатырмын,
Айырылып ата-бабадан.
Өзімнен басқа бұл күнде,
Еш нәсілім қалған жоқ,
Қасымда бала-шағадан.
Шыдай алмай, шағып ем,
Аяғын осы Сыдықтың.
Асқансың ышқым45 қанадан,
Кінәмді осы кешіріп,
Үмбеттікке қабыл қыл,
– Деп бейшара зар жылап,
Басын тасқа сабаған.
Апу етіп айыбын,
Қалиманы үйретіп,
Үмбет қылдым мақшарда,
Боларсың,– дейді, – дар аман. 46
Қуанып жылан, әһі ұрып,
Жанын Хаққа тапсырды,
Дүниядан айлап аламан.
Мұхамбетті тапқанға,
Жүз қызыл нар бермекке,
Айтысып уағда, ант ішті,
Меккедегі бар адам.
Бұл хабарды есітіп,
– Мен табам, – деп, – ол жоқты,
Бір ізші келді сарадан.
Басшы қылып осыны,
– Кетті, – деп, – қайда кәпірлер?
Із кестірді даладан.
Ізін тастан шығарып,
Бастай ала жөнелді,
Бұларды ертіп қаладан.
Тіп-тіке һұра тауының,
Үңгіріне апарып,
– Табылар,– дейді, – бұл бетпақ,
Мұхамбет осы шамадан.
– Осыған кірген шығар,– деп,
Қылыштарын қолға алып,
Айнала ауызын қамаған.
Осы үңгірдің аузына,
Бір өрмекші тор тоқып,
Шатастырып, жамаған.
Бір көгершін бұл жерге,
Ұя салып және де,
Екі, үш күн жұмыртқалаған.
Мұхамбет кірсе осыған,
– Бұзылмас па еді бұлар, – деп,
Сенбеді бұлар анаған.
Сол жерден кейін тарқады,
Ертіп келген ізшінің,
Балшыға сөзін балаған.
– Асыққа, Сәруар, сабыр қыл,
Жетерсің, – дейді, – мақсұтқа,
– Жебірейлі келіп самадан.47
Жинап алып қауымыңды,
Мәдинаға қаш, – дейді,
Бұл Мекке мұғазамадан. 48
Қауіп-қатер көп еді-ау,
Сақтаса, тіпте, бәле жоқ,
Құдірет Тәңірі тағалам.
Ол ерлер де осындай,
Машақатты көрсе де,
Сабыр айлап ақыры,
Дүниені алған ва-тамам.
Біз — ақымақтар, зәредей,
Машақат көрсек мұңая,
Жер бауырлап құлаймыз,
Өгізшедей жатаған.
Алла назар салмаса,
Қаңғалап жүрміз қаңбақша,
Аша алмай көзді қатадан.
"Көп тілеуі — көл" деген,
Тыңдаушылардан тілегім,
– Қалдырмас, – деп, қалайда,
Тұрекеңді алғыс, батадан.
1900.
ШАҒАЛА МЕН ТАСБАҚА
Бетінде айдын көлдің асыр салып,
Жүруші ед бір шағала аулап балық.
Қайраты — қолтықтағы қос қанаты,
Сермесе, желдей зулап, судай ағып.
Көріп бір көкте жүріп, тасбақаны,
Жанына жақынырақ қонды барып.
Тасбақа шағалаға деді сонда:
— Мүсәпір, мен бір жүрген едім ғаріп.
Құмар ем сенімен бір сөйлеспекке,
Сыртыңнан сипатыңа мейірім қанып.
Айтайын бір әңгіме, құрбым, саған,
Құп десең, қиғаш тартпай, тілімді алып.
Сыйласып, бұдан былай кеуіл қосып,
Қол алып, құшақтасып, дос болалық.
Ойлама қауіп етерлік қандай сөзден,
Ақиқат адал сырым, айтқан анық.
Шағала: — бұл айтқаның,– деді,– мақұл,
Дос болсаң адасқанда, айтар ақыл.
Кетейін дос болудан қашып сізден,
"Шалқайма — еңкейгенге" деген нақыл
Дұшпанға душар келсек қай кезде де
Қалмайық қамдестікпен деді ғапыл.
Шат болып шағаланың қолын алды,
Тарбаңдап, бақа байғұс, апыл-тапыл.
– Сөзіңнен жоқ ешқандай мінің деді,
Ақиқат азаматтық — мұның деді.
Тамақтат мейман болып, біздікінен,
Мінекей, мынау менің інім деді.
Қам қылма мен тұрғанда ешбір жаннан,
Дұшпанның тигізбеймін бірін деді.
Қиянат жасаушылар болса егер,
Айт маған өшіремін үнін, – деді.
Шаттанды шағала да онан сайын,
"Сәл жерде табылды, – деп, – менің жайым".
Формына қарап тұрып, деді ішінен:
"Ерлікке ер ебдейлі біткен қайым".
Бірлесіп бақаменен бірнеше күн,
Достықтың тамылжытты әбден майын.
Кеткенмен күндіз бөлек тамақ аулап
Бақамен бірге түнеп жүрді дәйім.
Бір күні бақа тұрып деді: – Достым,
Дос болып меніменен көңіл қостың.
Болғанмен түнде бірге, күндіз бөлек,
Аспанда асыр салып, желдей естің.
Бірге бол, күндіз, түні, кетпе бөлек,
Келсе егер шыныменен көңіл қосқың.
– Дос болдық, – деді, – бақа көңіл жанап.
Күндіз мен кетуші едім іздеп тамақ.
Қасында отырамын өлсем де аштан,
Олайша сен ренжіп, шытсаң қабақ.
Ойымша, ұшпай жүру жараспайды,
Қойған соң Құдай беріп:
"Үш!", — деп қанат.
Достықтың лайқатын өзің айтшы,
Әгар да ұшпауымды етсең талап.
Бақа айтты: — Қанатынды таста, – деді,
Қалам деп, тамақ таппай, саспа деді.
Күн көріп жүр ғой өлмей, қанатсыз-ақ
Алашы аюанаттар басқа деді.
Достықтың лайқаты — бірге жүрмек,
Бұл саған сөзім емес қаста деді.
Өзімде сыр бермейтін кейбір надан,
Бой ұрып, қол созбаймын насқа деді.
Шағала дос тілегін қабылдады,
Кеулінен келіспестік табылмады.
Пәлен деп дос сөзіне дәлел айтып,
Араға сөз алысып, сабылмады.
Жұлдырды қиналса да, қауырсынын,
Тәртібін татулықтың жаңылмады.
Айрылып қанатынан қапелімде
Қалғандай ылай сазда сабырлады.
Солайша жерде жүрді өмір сүріп,
Жемеген жерден бұрын шөбін жұлып.
Нашақ қып көрген құстар әжуалап,
"Ақылсыз, ақымақ" деп, кетті күліп.
Кез келіп бір қарақұс қапылыста,
Байғұсты шырқыратып, кетті бүріп.
Өзінше өмір сүріп жүрген жанға
Тасбақа дос болам деп, салды бүлік.
Қара құс етін жеді қанын шашып,
Қашаннан сондай іске болған машық.
Бақаның болысарлық дәрмені жоқ,
Досына тұрса-дағы жаны ашып.
Айбат қып арашалап алмақ түгіл
Тарбаңдап, бас сауғалап, кетті қашып.
Әмпай боп ақылсызбен, шағаланың
Аңламай еткен ісі қатты адасып.
Бұл қастық еткені емес тасбақаның
Демеді ол өзін ғаріп тасбақамын.
Бәрің де тап осындай боласыңдар,
Бірімен душар болсаң пәс баһаның.
Кең ойлы кездессеңдер ақылы қамға
Қаласың аласұрып, атпас таңға.
Әркімнің айтқандарын жөндеп тұтсаң,
Болады жаңа тоның жалба-жұлба.
Көмпиіп кейбіреулер кеуде керер,
Сасқанда болмаса да жанға далға.
Кеңесін кем ойлының тыңдай берсең,
Арқансыз мінгізеді ыққан салға.
Аға-іні, аңлағанға, бұл бір кеңес,
Кең ойлы өз білгенім жетер демес.
"Алмаңдар жанның тілін жалғыз отыр,
— Деген бұл, — дос болмаңдар" сөзім емес.
Тау деме төмпешікті көлемі кем,
Сағыммен болжай алмай елес-елес.
Абайлар ақылдылар өз парасын
Бой жазып жерге шығып дөңес-дөңес.
Өзгемен өз шамасын өлшестірген,
Қашанда қамдестікпен қайғы жемес.
Өткіздім алдарыңнан белес-белес,
Насихат нәп алғанға нәр бергендей
Болғанмен көлемі кем, көзге көмес.
ЛӘК-ЛӘК ПЕН ШЫМШЫҚ
Сүлеймен сұлтан болып сүрді дәурен,
Есепсіз бар еді пәйкі49 пері, дәуден.
Мәжмұғы50 мақұлы қатты мұтыйғы 51айлап,
Оздырды қатарынан Қадыр Мәулен.
Бір күні көтергізіп тақтың желге,
Гүлстан, көлайттауға шықты, зәумен.
Орнаған ол тараптың жерлеріне,
Тағзымға келді таман тастар, таумен.
Солардан соңға нышан қалмағансың,
Болад да дүниеге осы еткен әурең.
Батарсың бітсе уақытың ақырында,
Айдай боп атырапқа түссе сәулең.
"Ошалша шәжіра тіл қылап"52 деген,
Дараққа келді әр күйде таңырқаумен.
Сағаттай саясында тұрды тақта,
Таусылмай тамашасы бір қараумен.
Бір шымшық және бір құс деген "ләк-ләк",
Осыны ұялаған екен жандап.
Күнелтіп көптен бері екеуі де,
Тұр екен бір-бірінің әлін аңлап.
Бір күні болмашыға араздасып,
Кінәні бір-біріне жатыр қамдап.
Бұлардың осы түрлі біліп сырын,
Таң көріп Дәуіт ұлы тыңдады арнап.
Шымшыққа ләк-ләк құсы:
– Ей, надан!
Әліңді андамайсың неге барлап?
Менімен көптен бері бірге тұрдың,
Мен сені "қоңсым ғой" деп, қамың құрдым.
Өзіңнің жісмің — кішік, есімің — шымшық,
Қарашы тұмсығыңа, титтей мұрның.
Жылан көп шаға қойса, бірін аман
Қояр ма болса-дағы балаң бір мың.
Әр түрлі осы арада дұшпандар бар,
Солардың бәрінен мен сақтап тұрмын!
Жарбиып, жадыңа алмай жақсылықты
Саласың көңіліме қалай кірбің?
Шымшықтың сөзі мынау айтқан оған:
— Қоңсыға қолайлы іс — тартпақ қоғам.
Меніңде бақадар һәл53 бар қызыметім,
Деп міндет ете берме: "Қамың соғам".
Тұмсығың лайқатсыз ұзын үшін,
Қаптаған құмырсқаға болмас тоған.
Шақса әгар шиедей қып сирағыңды,
Алатын арашалап осы жораң.
Сен ондай айтпа маған ұнамсыз көп,
Кел бері бірігейік, болмайық шет!
Таптырмас татулықты қолдан беріп,
Қалмайық қапияда өкініш жеп.
Біреуге біреу себеп шамаласаң,
Әммеге асылында бір Құдай сеп.
Тамамы тіршіліктің — біршілікпен,
Лайық бірін-бірі тұрмақ демеп.
Шымшықтың осы айтқанын аңдады да,
Ашудан қайтты ләк-ләк: "Солай ма?" деп.
Ақырын ойлап бұған күліп сұлтан,
Тақтымен жел көтерген кетті жөнеп.
Әлсізді аяқ асты етпей онша,
Ғибрат мұнан әркім алу керек.
Асауды ұсталмаған абайласаң,
Жарайды жүруіңе жіп жетелеп.
Созуға сөз шамасы шақ болған соң,
Тоғардым бұл сөзді осы жерге тіреп.
СОҚЫР МЕН АҚСАҚ ХИКАЯСЫ
Бағдатта патша өткен Рашид-һарун,
Бақ орнап бағындырған жанның бәрін.
Шарттарын шариғаттың айлап бажай,
Сұлтан боп саясаттың құрған дарын,
Данышпан дариядай ақыл-ойы,
Бар еді Жағыпар атты уәзірі әнің.
Жағыпардың жомарттығы анасының,
Жамиғы болған еді жұртқа мәлім.
Сарп айлап сары алтынды су орнына,
Сүбһі54 ошал сұраушы еді ғаріп әлін.
Көшеде көлайт айлап келе жатып,
Есітті ол екі адамның аһы, зарын.
Біреуі ақсақ екен, жол үстінде,
Отырып бұлай деді: – Ая, Кәрім!
Жеткеріп жетерлік жем өз пазылыңнан,
Кеуілден кедейліктің ал мұнарын!
Бәндадан бәвда сұрап, жал аса алмас,
Сұрауға сен лайық ер сауалын.
Саңлаусыз шамды көрмес соқыр — бірі,
Тәңірінің тілге алмайды тіпте намын.
Дейді тек: – Ей, анасы Жағыпардың!
Соқырдың сен бермесең жейтін нанын.
Әлатқа55 өлетұғын анық жеттім,
Қыл шапқат, қимылдарға жоқ мажалым. 56
Айтқанын осылайша есіткен соң,
Соқырға салмақ болды шын назарын.
Мауыздап бір тауықтың ішіне жүз
Тілланы тығып сахия57 ол заманның.
Уақытында осы біткен өзіме кел,
Деп берді тауық, тілла әммаларын.
Ақсаққа бір теңге мен бір нан беріп,
Етуге жүріп кетті өз анжамын.
Ақсаққа ошал уақта соқыр айтты,
– Саған не берді жаңа кеткен ханым?
– Шағындау шикі тауық берді маған,
Миясар58 мәрттік деймін бұл қылғанын.
Сұраушылар алар да мұңайысар,
Ақсақ та айтты еткен әһсанын .59
– Көр сонда көп жалынып, – деді, ақсаққа,
Көзің бар кел қасыма сенің, жаным.
Теңгеңді наныңменен маған бер де,
Тауықты тап пісіріп жеудің қамын.
Теңге мен нанын беріп тауықты алды,
Соқырдың суық көрмей бұл айтқанын.
Ішінде үйіне әкеп сойып көрсе,
Ділла бар есебі жүз тола қарын.
Бай болып беріп Алла бір сағатта,
Әр түрлі ойына алған жиды малын.
Соқырдың Сыр суындай соры өрлеп,
Жоқтықпен жойды қолдан ықтиярын.
Ібарат ақылы барлар алмақ үшін,
Еттім сөз ертегінің бұл мысалын.
Тәңірден тіле тілек, көтер білек,
Оңалды ақсақ қалай үзген жалын.
Жан қайда Жағыпардың анасындай,
Жұмсаған жомарттыққа ой қиялын.
Шапағаты соқырға еткен оның дағы,
Болған жоқ жуыр60 қанша жүні қалың.
Жаманның жақсылығы жасартар ма,
Келелік күжімдейін кессең талды.
Асылында ықыласпен "Алла" десең,
Байлықтың бек боларсың ішіп палын.
1905.
ЕСЕР МЕН ЕСТІ
(Түрік хикаясы)
Бар еді баябанда61 бір бай түрік,
Жинаған жұрт таңырқар мал мен мүлік.
Болғанмен сондайынша салтанатты,
Тұрар ма түпкілікті түспей бүлік?
Қартайып, қара шашы қардай болып,
Жүруге жарамайтын болды жілік.
Бойында бара-бара қуат қалмай,
Көзден нұр, кеуілінен кетті білік.
Күрілдеп көкірегі күннен-күнге,
Табылды табиғаттан тағы да ілік.
Келмеске көзді жұмып көшті ақыр,
Санаулы сарқылып дем, бітіп сүрік.62
Тамаша талай жылғы сүрген дәуір,
Сияқты болып қалды өп-өтірік.
Бар еді екі ұлы, үй салдырды,
Үстіне жұмсап малды неше түлік.
Ұзамай екі мырза еншілесті,
Басына ерік тиіп, белді шешті.
Туғанмен о басында бір атадан,
Кішісі үлкенінен еді есті.
– Атамдай айдалада өлмейін, – деп,
Қалаға қасындағы тұра көшті.
Кешікпей көп малымен келіп жетті,
Екі-үш күн тікті-дағы жолға қосты.
Солардың сатты бәрін қалдырмастан,
Қойды да сауындығын төртті-бесті.
Салдырды сарай мен жай, бау мен шарбақ,
Жалға алып жігіттерді небір күшті.
Орындап ойына алған жұмыстарын,
Шарапты шалқасынан жатып ішті.
Ағасы бір күндері базарлап кеп,
Көрді де бұлай деді, қайрап тісті:
– Жүретін малдарыңды жерді шарлап,
Саттырып, салдырыпсың сарай, шарбақ.
Жан-жаққа жаза қылса жібермейтін,
Бұларың етегіңнен ілер қармақ.
"Алланың добы, – деген, – адам басы",
Бір жаққа дүз-дәм айдап болсаң бармақ,
Еш бірін артып-тартып жүре алмайсың,
Жеккенмен арбаға өгіз неше парлап.
Өкініп өз-өзіңнен сол уақытта,
Тартарсың қайғы-қасірет, "гөй-гөй" сарнап.
Бір пұлдық пайда таппай бұларыңнан,
Кетерсің ылажың жоқ жылап-зарлап.
Қаласың қалайда да құр алақан,
Отырып ойлағанда байқап, барлап.
Ізіңе еріп мүлкін жүретұғын,
Жұмысты көрсетейін көзіне арнап!
Деді де, бір кемені сатып алды,
– Өзіммен жүргізем,– деп, – мүлік-малды.
Теңізге түсірді де түбі терең,
Парыжға байлаттырды ескек талды.
Қалдырмай қазынасын қанша жиған,
Ішіне алдырды да оны салды.
Шамасы шөккен нардың шоқшақтай,
Үстіне орнатқандай болды жалды.
– Қайығың қалайда да қарық болады! – деп,
Жаны ашып жан-жағынан жұрт жиналды.
Тыңдамай айтқандарын: "Ал, жүргіз!" – деп,
Қышқырып қайықшыға, керней шалды.
Бармай-ақ есік пенен төрдей жерге,
Шым батып сол бойынша кетіп қалды.
Інісі бірге туған былай тұрсын,
Бұл қылған қылуасына халық ұялды.
ӨГІЗ БЕН ЕСЕК
Бір диқан келіп хазірет Сүлейменге,
— Арза бұл айтатұғын, – деді менде.
Үйретсең хайуанаттың тілін, тақсыр,
Болар ем кездескендей көңілім кенге.
"Әлемнің әкімі" деп келіп тұрмын,
Жұрт сыйып жатқаннан соң сіздің жеңге.
Ол айтты: – Қиын емес бұл айтқаның,
Білесің Баһайымның63 тілін демде.
Өлесің өміріңнен бірақ бұрын,
Адамға егер сыр ғып айтсаң өңге.
Ант ішіп айтпасына, етті өтініш:
"Көз сал, – деп, – қайтсең-дағы мендей кемге".
"Болмас, – деп, – болса олай", – берді тағлым:
"Өкшеңе өкінбе, – деп, – кірсе шөңге".
Шат болып, шамадан тыс шалықтады,
Шыққандай бұлт шөгетін тау мен дөңге.
Үйіне айналмастан келді жетіп,
Көпестей көп асылды буған теңге.
Бар еді бір өгізі, есегімен,
Қорада қойған байлап сабан, жемге.
Есекке өгіз айтты: – Осы бүгін
Апарып қожайыным қосты жерге.
Шаң жұғып шала-жансар болып тұрмын,
Шомылып сүмелектеп бойым терге.
– Оттама, болса олай, – деді, есек,
Күрсініп, көзің жұмып, бойың кер де.
"Шығар,– деп, – шын зорыққан осы өгізім",
Тақ тұрар тәрбиешің, тұтып перде.
Мақұлдап су ішпеді, оттамады,
Түскендей тіксіндіре ішкі зерде.
Есекке ертеңіне мінбек болды,
Қожасы оны есітіп жатып төрде.
Тұрды да таң атқан соң деді: – Балам,
Өгізім ауырып тұр, есекті ерле.
– Жылын, – деп, – өз отыңа өзің жаққан,
– Шаршатып, шапты аямай ойдан өрге.
Болған соң өгіз үшін өзі өлетін,
Жалған еп жадына алды және дерге.
Өгізге есек айтты өңін бұзып:
– Сен үшін келді толып ішім шерге.
"Өгізім өлетұғын болып тұр", – деп,
Келді иең хабар айтып байтақ елге.
Қасапқа сойдыратын сияғы бар,
Жіліктеп қол-бұтыңды жүлге-жүлге.
Өкінді: "Еткен тәсіл — тап болды-ау, – деп,
Жол табам енді қалай басқан мөрге?"
Қорыққаннан өгіз оттап, жей бастады,
Жұлқынып жануардай болған делбе.
Шыдамай қожа бұған күліп еді,
Қатыны: – Толды ма , – деді, – ішің желге?
Күлкіңнің көп кешікпей себебін айт,
Болмаса бер рұқсат, жібер жөнге.
Араздық арасына араласты,
Айтылып едәуір сөз бармай демге.
Біле алмай не қыларын ойға қалды,
Кезігім 64кездесер, – деп, қайткенде емге.
Үш күнге рұқсат етті тәлпіш қатын:
– Айтпасаң айналма, – деп, біздің көңге.
Отырды үш күн диқан ұйықтамастан,
Өмірге қайғырмас кім, соқса сеңге?
Өлімге мойынсұнып отырғанда,
Тілегі қабыл болып тапты көмбе.
Құмарын тарқатпаққа қоқиланып,
Ұмтылды ата қораз мекиенге.
Қоразға ит қызарақтап ашуланды,
– Зәредей жоқ екен, – деп, – ақыл сенде.
Баярың отырғанда өлейін деп,
Жөн бе еді жыртақтауың жаман көнге?
Қораз да қоқырайып итке қарап:
– Маған жөн сілтейтұғын, – деді, – сен бе?
Болғанмен бір уыс жүн, бас боп жүрмін,
Оншақты мекиен мен ерген төлге.
Оларға ашуланып айқайласам,
Кіреді қорыққаннан көрден-көрге.
Мен ғұрлы бір қатынды қорқытпаса,
Мейлі ғой, өле берсін қаңғып шөлге.
Табылар қатынға бай, біздерге жай,
– Елермей,– деді, – бел бу тәуекелге.
Қораздың қайрат болып осы айтқаны,
Қамшысын қыстырды ол енді белге.
Үйіне түйіп қабақ кіріп еді,
Қатыны: – Келдің бе, – деді, біздің көнге?
Күйеуі тілге келмей төпей берді,
– Қарсылық қыласың, – деп, – қалайша ерге?
Қорыққаннан қол қусырып етті тоба:
"Шықпайын айтқаныңнан енді өмірде!"
Болған соң асылы әйел айқайласын,
Алысып әлі бар ма тіресерге?
Қатерден қатынды ұрып қалас болды,
Өнермен жайылды аты өзге жерге.
Басынар дұшпандарың бәрінді де
Көрсетсең өзіңді осал өңгелерге.
Сескентер сенің сыртты сұсың болса,
Дос күліп, жолай алмас дұшпан шенге.
"Жау қорқар — сен қорықпасаң" деген нақыл,
Байқасаң бар ғой, бектер, ережеңде.
Кең ойлы кемеңгерге көп өтініш:
Неқолай сөздерімнің жерін өнде.
Кен көріп көңілімді, келіп әркім,
Өтіне еткеннен соң: "Бер, – деп, – бөлме".
Жастарға "жаттаңдар" деп жазып бердім,
Назымның нашын артық білмесем де.
Жазушы Тұрмағамбет Ізтілеудің,
Ат-ісмім артық болмас білдіргенге.
ЖАРЛЫ ХИКАЯСЫ
Жарлыны жаныңдай күт, тұтпа жарым,
Тартпайын десең жаным, жоқтың зарын.
Масыққан мал-мүлікке миы аздардың,
Дауамат қолында Алла қоймас нанын.
Құлпының қырық қашырға кілтін артқан,
Ес болса, ескеріңдер қайда қарын.
Қайыр, ықсан ғаріптерге қылмаған соң,
Қара жер қоса өзімен жұтқан малын.
Оқыдық ісі таптардан көзбен көріп,
Ұзатпай үш нәрсені өртер жалын.
Біреуі — залым патша, бірі – уәзір,
Себепсіз сөгетұғын халықтың бәрін.
Біреуі — қара кеуіл қайырсыз бай,
Асының таттырмайтын жұртқа дәмін.
Жетімге жесірменен берсе қорлық,
Қуратар қорлықпенен шаш, сақалын.
Ақ берсе халыққа беріп, қайыр ойлап,
Ақылды ақыреттің ойлар қамын.
Есіттім ел басқарған ерлерден көп,
Өткеннің осылайша бір мысалын.
Бір байдың қасындағы қоңсысы көп,
"Май бер,– деп, ас қатықтық" айтқан әлін.
Берген ол масқаралап "міне май" деп,
Сигізіп бір шыныға тек ауарын.
Шын біліп "шыны тола май берді", – деп,
Қуантқан қатын менен балаларын.
Аңламай астарына әні құйып,
Ішкен соң біліп байдың қорлағанын.
Көтеріп көкке қолын қылып нала,
Деді: – Алла, дәулетінің бер зауалын!
Наласы аш-арықтың ара мысал,
Кімдердің күжім өскен кесер талын.
Мақұл боп мінәжаты осы қылған,
Жарлылық жыл айналмай кетірді арын.
Тентектің түстен кейін есі енгендей,
Байқаған бұл дүниенің кең мен тарын.
Құрт түсіп тісіне оның зақым тартып,
Тарыққан, тата алмай астың дәмін.
Қоймай һақ үрерге ит, сығарға бит,
Көрсеткен күннен күнге зор қаһарын.
Таба алмай тіс түбіне жүрді дәрі,
Дүниенің қолындағы кетіп бәрі.
Қайырсыз о басында болғанынан,
Жанына жоламаушы еді жас пен кәрі.
Жат түгел жақыны да барғанымен,
Үйіне кіргізбеуші еді "кет!" деп әрі.
Жегіліп жұмысына әркімдердің,
Қатын мен қаңғып кетті балалары.
Кімді қор тұтсаң, соған зар боларсың,
Мінекей қоңсысына айтқан зары.
Бермесең құртқа дәрі, Құдай үшін,
Өлуге баярыңның жетті һәлі.
– Берейін бір дәріні кідіре тұр,
Жадымда жақсылығың бар, – деп, әлі.
Мақтаға бедеуінің боғын орап,
– Шайнасаң шабыттанып, ердің нары,
Зақымнан құрттың қалас боласың, – деп,
Жіберді балалардай аңдап әні.
Аузына алып барып салған сағат,
Білініп бұзық исі, боқтың дәмі.
Сұрады қайтып келіп: "Әлгі берген,
Дәріңнің не еді, – деп, – ісмі-намы?".
– Майыңның өзің берген күнжарасы,
Реңі өзгеріліп болған сары.
Деген соң: "Келді алдыма қылғаным" деп
Қинады құрттан да артық қайғы-қамы.
Сондайша сыйымсыздық сыйлады сол,
Іс болар ұнамайтын беттің шаңы.
Құдыққа "құриын" деп, кетті ол түсіп,
Көркейді кедей көңілі, атып таңы.
Қарасып жетім-жесір, жүдеулерге,
Тойынсаң тоба қылып, Ақты таны.
Бітсе мал бейақылға бермес қайыр,
Тыңайып тартса айыл, тулар жабы.
Өкініш ойланбаған көрер ақыр,
Мағынасыз сөзден қайтар ердің бағы.
"Ойлап ет, ойнап етсең де" деген нақыл,
Мизаны65 милы ерлердің бұрындағы.
Создың деп сөз аяғын сөкпе, халқым,
Жүйріктің кездірілмей келмес табы.
ӘКІМ ҰЛЫҚМАННЫҢ БАЛАСЫ ТУРАЛЫ
Базарға Ұлықман ұлын ертіп шықты,
Аямай, көп ішінде ұрып жықты.
Перзенті, пардасынша зар еңіреп,
Жалынып "жан ата!" деп жерге бұқты.
Қояңдай, қорқып бұта қорғалаған,
Бұтының арасына барып бұқты.
Есітіп атыраптың адамдары,
Таңырқап тамашаға жиылыпты.
– Кінәм жоқ, алжасып жүр атам менің,
Мұнша ұрып, мен сияқты ісі нықты.
Серейтер, сендер кетсең сірә, мені,
Қоймаңдар, қолындағы ал құрықты.
– Өзімнің әрбір істі айтымымша,
Тапжылтпай орындайды тыңғылықты.
Сондықтан, толымына толмай көңілім,
Сарсылтып, салды ойыма сансыз дықты.
Мағынасын бұл хиқматтың түсіне алмай,
Дағдарып, келген халық кідіріпті.
Әрине, Ұлықманның баласының,
Мән-жәйі өзі айтпай-ақ табылыпты.
Сурылып, сонда бір қыз көп ішінен,
Өзінің озаттығын білдіріпті.
– Әр істі айтса істеп, айтпаса жоқ,
Мойынға, ол мұсалдат мінген мықты.
Еткенше, өзі біліп ұра берсін,
Мойнына ауыр салмақ артып жүкті.
Сол сағат, қызға Ұлықман риза болды:
– Балама сен боларсың, – дейді жұпты.
Алдырып ата-анасын, алтын беріп,
Шақыртты, құтпа оқуға қазы, мұпты.
Той етіп, ту бие мен қойлар сойып,
Ту байлап, тұлпарларға бәйгі тікті.
Осындай сансыз үлгі тастап кейін,
Мың жасап, мезгілінде тізе бүкті.
Еш адам іш сырына жете алмайтын,
Теңізбен тең ғой олар терең түпті.
Ыбарат алып бұдан, санаң болса,
Сұлуға қос басынды бір білікті.
Отырса ол ойдан шығар өкініш ғам,
Көрсетіп, күнде мінез әр қылықты.
Алғанның жаман қатын жауы үйінде,
Кеюмен өткізгенің аз срөкті.
Сол үшін, сөзді ұзайту қажет емес,
Қысқа сөз, тыңдаушыға қызғылықты.
Деп молда Тұрмағамбет қолым қойып,
Тамамдап осылайша сөзді ірікті.
ЛҰҚПАН ХАКІМ
(Рабғузидан)
Ұғлына үш насихат айтты Лұқпан,
Олардың оңалмас жан сөзін жыққан.
– Бұларды болма өмірде ұмытушы,
Сүйіклі, – деді, – ей, ұғлым, іштен шыққан!
Жасырын сырыңды айтпа әйеліңе,
Жаңа мал біткеннен қарыз алма, мықтан!
Патшаның жаллатымен66 жақын болып,
Жаныңа зақым қылар, жүргізбе ықтан!
Атаңның арнайы осы артқан жүгін,
Түсірме, тартарсың дақ, тіпті, иықтан!
– Бұлардың барлығын да байқайын,– деп,
Бір қойды қақтап сойып, қапқа тыққан.
Күн батып, көз байланып, болғансын түн,
Көшеден әулісіне67 қарай ыққан.
Үйіне арқалаумен алып келіп,
Сұрланған, секілденіп шынттап қорыққан:
– Қатыным, қапияда қанын төктім,
Адамның жаңа жолда бір жолыққан.
Көмейік, көрсе біреу, көрсетпес күн,
Осы үйдің ортасынан ашып оқпан. 68
Қатыны қалбырақтап, қатты қорқып,
Жер қазып, жасырудың жәйтін соққан.
– Кім білер? Кеуіліңді бірле, байым,
Саспа енді, тасып, шығып жатқан жоқ қан,
– Деп қатын кеуілін хәкім баласының,
Басқандай, баса сипап, қылды ылыққан.
Жүргеннен жаңа байып және ақша алды,
Тілләлі тапса-дағы байды тоқтан.
Дәруха деген патша жәндатымен,
Дос болды, "Аларсың,– деп, – мені шоқтан".
Шарт қылып шыныменен, деді ол да:
– Кезеулі, мен тұрғанда, қорықпа оқтан!
– Бағасын білімді ердің білмейді ешкім,
Ажарлы айуан артық ақылы жоқтан.
Сылтаумен сөз қылуға бір күндері,
Қатынға берді екі, үш жұмырықтан.
Шаптыға шашын жұлып салды ойбай:
– Кеуілің жоқ па әлі де, – деп, – тұрыққан?!
Келген соң аға-інісі айқайымен,
Өрледі, әлгілері екен бұққан.
– Барыңдар падышаға біреуің тез!
Қорқамын, қан жүктеуге бұл құныққан.
Өлтірген әнеугүні бір адамды,
Деп бәрін баян етті іште быққан.
Бұлайша барып бірі берді шағым:
– Жан түгіл, жерге де біз емес сұққан.
– Жазасын жан өлтірген жүктетейін,
Келтір, – деп қылды, – бірің! – бұйрық хан.
– Мен шапшаң келтірем! – деп, кетті досы,
"Азат ет, – демей, – оны бұл құрықтан".
Қылышын қынабынан суырып ап:
– Өлетін етіпсің сен іс былыққан!
– Жан достым, жіберсейші! – деп, жалынса да,
– Жүр, – деп, – тез! – жағасынан көп жұлыққан.
Жабысып жаңа бай да: "Ақшам бер!" – деп,
Жаң-жұң боп, базар бүтін жаңғырыққан.
Бұл халмен келді ханның құзырына,
Пайдасы осы еткен үш қылықтан.
Танып шах: – Сүбһан Алла, себеп нешік?
Мұндай іс шықпайтын еді Сіз ұрықтан!
"Оқ жонар — ата көрген" деген қайда,
Хилапсыз халис69 ендер халық қызыққан.
– Ікіматын70 әкім ұғлы айт, – деп, мұның,
Пікірге басын салып, хан тыныққан.
– Өлтірген адамымды алдырып көр,
Шаршадым, жоқпын әлі мен тыныққан.
Сөйлейін сонан соңырақ, шәһім, жауап,
Мақтаулы шығып сынық тұр сырықтан.
Деген соң бір жендетке бұйрық қылды:
– Келтір, – деп, – кешіп жүрген қан жұлықтан!
Арқалап, айтқан сағат келтірді ол,
Қабымен ашып алып тез құдықтан.
Сөктіріп шуал71 аузын көрсе, семіз
Қой еті, қатып-кеуіп құр шыныққан.
Болған соң патша қайран: – Бұл қалай? – деп,
Тымсалмен тебірентті тіл тұғырлықтан .72
– Қоянның көжегіндей ғаріп едім,
Бұғатын "бүркіт пе?" деп бұлдырықтан.
Ащыны тұщыменен аңлайды анық,
Сынаса, сұрап әркім, сөзді ұлықтан.
Атамның етпе деген үш түрлі ісін,
Сынап ем сақтануға соңғылықтан.
"Үлгісіз іс — күлкіге тұс" етеді екен
Болып тұр басым топта, ішім лыққан.
Бәрін де бастан-аяқ байқатқан соң,
Күлді де көтеріп бас хан миықтан;
Деді: – Ей, дана ұғлы диянаттар, 73
Құтқардың қолым тұғып қапырықтан.
– Азды-ау, – деп, – азаданың74 зүрияты,
Болып ед қайғым қатты ағырықтан. 75
Біліміңе, бәрекелде, болдым қайыл,
Жолыңнан жоқ екенсің асылы ауыққан". 76
Әлқисса, алып сыйлау ақырында,
Құтылып қайтты осы дабырықтан.
Білді де бәрінен де басын тартты,
Тарыдай бола жаздап нақ бауыққан.77
Көнеден көпті көрген қойып ықылас,
Жақсы сөз жаттамаймыз жабылықтан. 78
Жылында бір мың үш жүз жиырма төрттің,
Бітілді бұл сұрасаң тарихтан .
1906.
Екінші нұсқасы:
Ұлына үш өсиет айтты Ұлықпан,
Айт соның болмапты ешкім сөзін жыққан.
– Мұнымды ұмытушы болма, – депті,
Сүйікті перзентім ең іштен шыққан.
Жасырын сырыңды айтпа әйеліңе,
Жаңа мал біткеннен қарыз алма, мықтан!
Патшаның жаллатымен жақын болып,
Жаныңа зақым қылар, жүргізбе ықтан!
Атаңның арнайы осы артқан жүгін,
Түсірме, тартарсың дақ, тіпте иықтан!
– Бұлардың барлығын да байқайын,– деп,
Бір қойды қақтап сойып, қапқа тыққан.
Күн батып, көз байланып, болғансын түн,
Көшеден әулісіне қарай ыққан.
Үйіне арқалаумен алып келіп,
Сұрланған, секілденіп шынттап қорыққан:
– Қатыным қапияда қанын төктім,
Адамның жаңа жолда бір жолыққан.
Көмейік, көрсе біреу көрсетпес күн,
Осы үйдің ортасынан ашып оқпан.
Қатыны қалбырақтап, қатты қорқып,
Жер қазын жасырудың жәйтін соққан.
– Кім білер? Кеуіліңді бірле, байым,
Саспа енді, тасып, шығып жатқан жоқ қан,
Деп қатын кеулін хәкім баласының,
Басқандай, баса сипап, қылды ылыққан.
Жүргеннен жаңа байып және ақша алды,
Тілләлі тапса-дағы байды тоқтан.
Дәруха деген патша жәндатымен,
Дос болды: "Аларсың,– деп, – мені шоқтан"
Шарт қылып шыныменен деді ол да:
– Кезеулі, мен тұрғанда, қорыққа оқтан!
– Бағасын білімді ердің білмейді ешкім,
Ажарлы айуан артық ақылы жоқтан.
Сылтаумен сөз қылуға бір күндері,
Қатынға берді екі, үш жұмырықтан.
Шаптыға шашын жұлып салды ойбай:
– Кеуілің жоқ па әлі де, – деп, – тұрыққан?
Келген соң аға-інісі айқайымен,
Өрледі, әлгілері екен бұққан.
– Барыңдар падышаға біреуің тез!
Қорқамын, қан жүктеуге бұл құныққан.
Өлтірген әнеугүні бір адамды,
Деп бәрін баян етті іште быққан.
Бұлайша барып бірі берді шағым:
– Жан түгіл, жерге де біз емес сұққан.
– Жазасын жан өлтірген жүктетейін,
Келтір, – деп қылды, – бірің! – бұйрықхан.
– Мен шапшаң келтірем! – деп, кетті досы,
"Азат ет, – демей, – оны бұл құрықтан".
Қылышын қынабынан суырып ап:
– Өлетін етіпсің сен іс былыққан!
– Жан достым, жіберсейші! – деп, жалынса да,
– Жүр, – деп, – тез! – жағасынан көп жұлыққан.
Жабысып жаңа бай да: "Ақшам бер!" – деп,
Жаң-жұң боп, базар бүтін жаңғырыққан.
Бұл халмен келді ханның құзырына,
Пайдасы осы еткен үш қылықтан.
Танып шах: – Сүбіһан Алла, себеп нешік?
Мұндай іс шықпайтын еді сіз ұрықтан!
"Оқ жонар ата көрген" деген қайда,
Хилапсыз халис ендер халық қызыққан.
– Ікіматын әкім ұғлы айт, – деп, мұның,
Пікірге басын салып қан тыныққан.
– Өлтірген адамымды алдырып көр,
Шаршадым, жоқпын әлі мен тыныққан.
Сөйлейін сонан соңырақ, шәһім, жауап,
Мақтаулы шығып сынық тұр сырықтан.
Деген соң бір жендетке бұйрық қылды:
– Келтір, – деп, – кешіп жүрген қан жұлықтан!
Арқалап, айтқан сағат келтірді ол,
Қабымен ашып алып тез құдықтан.
Сөктіріп шуал аузын көрсе, семіз
Қой еті, қатып-кеуіп құр шыныққан.
Болған соң патша қайран: – Бұл қалай? – деп,
Тымсалмен тебрентті тіл тұғырлықтан.
– Қоянның көжегіндей ғаріп едім,
Бұғатын "бүркіт пе?" деп бұлдырықтан.
Ащыны тұщыменен андайды анық,
Сынаса сұрап әркім сөзді ұлықтан.
Атамның етпе деген үш түрлі ісің,
Сынап ем сақтануға соңғылықтан.
Көрмекке хайыл болып бұл бейнетті.
Атамның айтқан ақылы даналығын,
Көрдім де көзбен әбден зейілім жетті.
Бұл істен басқалар да үлгі алсын деп,
Мойынға алдым, тақсыр, бір міндетті.
Тәптішке түсерімді білсем-дағы,
Тартпай бас тәуекелмен келдім, – депті.
Үш түрлі өсиеттің ғаламаты,
Басымнан бәрі тақсыр бір күнде өтті.
Бағдарын бәрінің де байқаған соң,
Бас тартып бұл бағыттан бұрдым бетті.
Асылында алмаспаймын дегенменен,
Басынан бір білместік кімнің де өтті.
Болғанмен сыртым бүтін, ішім түтін,
Ар көрдім әркімге сыр білгізбекті.
Бұл жағдай бір мен емес, байқағанға,
Талайдың кірсіз көңілін кірбіңдетті.
Анықтап ашпақ үшін істеп едім,
Арасын өтірік пен шынның, – депті.
Баяндап бар қылмысын Халифаға,
– Ырзамын үкіміңе еткен тұрдым, – депті.
Халифа хайыл болып біліміне оның,
Айлапты етіп тағзым, зор құрметті.
– Рахмет үлгі үйреткен ұстазыңа,
Атадан сендей туған ұлдың, – депті.
– Тентек пен жөн, теріс пен оң нәрсенің,
Мен де әбден байқап, парқын білдім, – депті.
Сарқылып санаулы дем солардан да,
Сүргенмен сан жыл дәурен бір күн кетті.
Тірлікте түгенделмейді кем-кетігің,
Аз өмір әркімдерді сүргіндетті.
Талайлар "таңлақ тимейді" деп жүргенде,
Бастан бақ, қолдарынан тізгін кетті.
Тағдырдың тақсымы ажап, аңдағанға,
Жазбаған бір туғанмен бір жүрмекті.
Сондықтан соңғылыққа мысал үшін,
Ұсындым алдарыңа мен бұл кепті.
АТА МЕН БАЛА
"Жассың" деп жан кемітпес, тусаң бүтін,
Секілді сен бір гүжім көкке сүтін.
Дәуіттің уақытында бір қора қой
— Түнде өріп, түсті егінге, болмай күтім.
Егінді емін-еркін түніменен,
Бүлдіріп, шығарды әбден быты-шытын.
Көрді де күн шыққан соң егін иесі,
Дәуітке айтады арыз көрген жұғын.
Шақырып қой иесін, қаһар етіп,
Деді: – Сен, осы егіннің орнын тұғын.
Қойындың бәрін тегіс бер қалдырмай,
Жеп, жұмсап, жинап, жайып, көрсін құтын!
Өз жазаң: ертелі-кеш егін үшін
Күт те жүр су тасуын, күннің бұлтын.
Мал иесі бұл үкімге іші күйіп,
Тек зорға шықты ылажсыз, сырты бүтін.
Сүлеймен сол сағатта атасына:
– Бұл істің мен табамын, – деді — ыңғысын .79
– Сен тапсаң, сансыз шүкір, бердім саған,
Халқым мен қазынамның қолға ал кілтін!
Құлшылық етсін атаң Қадір жаққа,
– Деп Дәуіт, етті мақсат көр-кібітін.80
Сүлеймен айтты онан соң қой иесіне:
– Үзбесін егісінен ол да үмітін.
Абзалдап атыз, жабын жаздай күтіп,
Қалдырмай қырмаңдап бер, ішетінін.
Қойыңның соған дейін сүтін ішіп,
Қайтарсын қырқар кезде жүн-түбітін.
Дәуіттің толып көңілі баласына,
Тапсырды байтақты81 мен елі-жұртын.
Айтумен онан кейін һәмду сана, 82
Шөкті күрт, нар ғой олар нарқы бүгін!
Он бір мен он екіге басқан аяқ,
Кез еді гөзәлдің ол дәрпі бүтін.
Бек тұғын "бала" демей, білім барды,
Ағартқан ақымақтар көп алқым, ұртын.
Оларды төрге отыртып, төре еткенмен,
Кеңестің кеміс ойлар, ақыры, бетін.
Келмесе орынға ісің, өкінішпен,
Көрерсің екі жаһанның ақыретін.
Нендей бір тартып қасірет, шегіп жапа, 83
Жағарсың ақылды ердің ақыры отын.
– Жас демей, ақылы барды аға түт, – деп,
Данышпан айтқан Лұқпан, Аплатон.
КӨТЕНШЕК ХИКАЯСЫ
Шөлетан мекен еткен бір бай арап,
Жол жүрді Рай деген кентке қарап.
Кеш қонып, ерте көшіп, көп күн жүріп,
Келді де көшелерін көрді аралап.
Қасапқа қарны ашқансын қарсы келіп,
– Тоярлық, – деді, – етіңнен бер бағалап.
Аңқауын осы араптың аңғарды да,
– Ал, – деді, – ұнамдысын өзің қалап.
Сол кезде көтеншекке көзі түсіп,
"Ағни һаза"84 деді арапшылап.
Кез бойы көтеншектен кесіп беріп,
Тиісті алып қалды пұлын санап.
Қысып ап қолтығына былай барып,
Жемекке зейілі кетті бір жапырақ.
Ойына өз жеріндей деп жүр сорлы,
Таң болды отыруға таппай алап.
Ерік бермей қысқанына қыштаған соң,
Бір бұзық отыра кетті там тасалап.
"Көрер" деп көшедегі көп халайық,
Қашты тез, қалды орнын иттер қамап.
Қараса қолтығында дән нәрсе жоқ,
Көшеден қайтты кейін санын сабап.
Көтеншек көше үстінде қайтіп жатсын,
Отырды есінен танып, ернін жалап.
Жанында жана алуға жалғыз пұл жоқ,
Күйінді "гөй-гөй" тартып, көп азалап.
Сатпай су шаһар халқы бермейді сыртқа,
Таныс жоқ қылмағына тағам талап.
Сұрауға көтеншектің білмей атын,
– Ойланды іздеймін, – деп неге балап.
– Кескіндес кертік баспен еді ғой, – деп,
Көз салып көріп оны, көп шамалап.
Тұғамдап тап түбінен түрі оңбай,
Қолға алып келіп көпке жалаңаштап.
– Мынадай мұсылманы нәрсе Райдың,
Бар ма, – деп, тапқандарың, жүр жағалап.
Әшепкі85 іс едәуір боп кеткеннен соң,
Қашты халық қарай алмай көзін қадап.
Өз басын өзі етіп бір пұлға арзан,
Еліне қайтып келді жүдеп, жадап.
Қолайсыз қылсаң жұмыс қор боларсың,
Ыбырат ал осыдан ей, әлижанап! 86
Жатық бол жар көкірек, жарым болма,
Қарсыға қадам қойма, шық қиялап.
Үйреніп білім, әдеп білгірлерден,
Тұрған тап дарақтай бол миуалап.
Жылында мың тоғыз жүз алтыншы анық,
Жетіге жетпей тұрғанда азғаналап.
Дамолла Тұрмағамбет бұл тымсалды,
Балаларға бітіп берді тәржімалап.
Сол форма надандықтан сақтап
Саттар, Атағыл87 ілім-ікімат фазыл шарап.
1906.
ИТ ПЕН СҮЙЕК ХИКАЯСЫ
Ерлерді еттім дастан ертеде өткен,
Жерімді аңғартыңдар алжас кеткен.
Сәулені суға түскен нәрсе санап,
Дегенге емес шығар зейілі жеткен.
Ойласам шәһім баян салып құлақ,
Ескерер, ер болмаса есі кеткен.
Бір көпек күні бойы кезіп жүріп,
Тістеген бір сүйекті тауып шеттен.
Ойнақтап оны алып келе жатып,
Бір судан өтейін деп қиял еткен.
Сәулесі сүйегінің суға түсіп,
Көрінді көзіне иттің бергі беттен.
Қараған қайтауылдап көзін тігіп,
Қызығып болатындай ат пен шекпен.
Таңырқап тапжылмастан тұра қалды,
Сүйек деп су түбінде мынау неткен.
Алсайшы ананы да байғұс-ау деп,
Ол итті алдауына нәпсі еріткен.
Суға енді сүңгіді ит соған мәз боп,
Ұрғандай өтпес тасқа балта, кетпен.
Айырылып аузындағы сүйегінен,
Еңбегі еткен иттің босқа кеткен.
Су жұтып сүмеледей болып шығып,
Көп ұлып көлдің шетін күңіренткен.
Жүгіріп және сүйек табамын деп,
Әлсіреп айдалада іші кепкен.
Ісіне өзі еткен өзі өкініп,
Тырналап топырақты, жерді тепкен.
Сондай-ақ саһар тұрып, сана айтып,
Сақта деп сыйынамыз ондай өрттен.
Көбіне дүнияға ауып кетіп,
Қаламыз бүк түсіріп, белді меріттен.
Талтақтап түс сияқты тірілікке,
Таяқты тыңдамаймыз басқа шеріткен.
Ыбарат ақылың болса алып мұнан,
Өзіңді қапылат атты сақта өрттен.
Жасағың көп болғанмен жасың жетсе,
Құларсың қу ағаштай түбін керіткен.
Бәнделік бажай қылған бәндалардың,
Байқаңдар мәртабасын Ақкеңіткен.
Қарсылық үкіміне қылғандарды,
Шығарған шермәнде етіп дүние кенттен.
Таптырмас таңдаулы сөз тіллаға ұқсас,
Сыналар көңіл — сандық, тіл — кілттен.
Бұл сөздің мазмұнына түсінгендер,
Кісідей мәз болады майға еліткен.
Не шара надандарға сөгер мені,
Мылжың деп миы кеміс сөзді іріткен.
"Мәламат88 — сабыны ердің" деген болса,
Ол артық ойлауымша маған минттен.
Қолайлы халық тыңдайтын сөз бар ма деп,
Едім мен ертелі-кеш кітап тінткен.
Екі ердің ертегісін айтып едім,
Ерлерге есі бүтін жоқ кеміткен.
Сөйледім соның үшін назым ойлап,
Болмаса емес сөзге ішім дерткен.
Жалығар жалғай берсең жұрт тыңдауға,
Кел, тілім, көпті тоғар, кетпе еріктен.
Деп молла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Бол сын деп бұл жая белгі бектен.
1906 жыл
СҮЛЕЙМЕН МЕН КІРПІКШЕШЕН
Ісі жоқ, кең ойлының кеңеспенен,
Кең ойлы: "Кеңес шығар, – демес, – менен"
Білсе де, былайғыдан білім сұрап,
Өзімен үзеңгісін теңеспеген.
Сынатар жаратылған жүйрік аттай,
Жүргізіп өзін-өзі дөңеспенен.
Болса да құл баласы, қол қусырып,
Ел билер жөнді сөзге егеспеген.
Жарымды жар көкірек жан деп білме,
Құр кеуде, көпті жеңген өңешпенен.
Бетінше беймәслихат етпе жұмыс,
Қатты ұят қарқын суды бөгеспеген.
Көп емес көздеп сөзді көрсетейін,
Майлы еттей тартылынған тегешпенен.
Кедеймін, келсе қонақ жөнелтетін
Азырақ күймей піскен көмешпенен.
Өмір — жар омырылған, өлім — құрдым,
Біз — керуен, келе жатқан кемешпенен.
Дұғадар, болыңыздар кетсек тайып,
Фанидің сарайынан кім көшпеген.
Мысалы көп тілеуі көл секілді,
Жаумаса күн күркіреп, көк өспеген.
Үмітім, осылайша, өздерінде,
Бұл ертек еріккеннен емес менен.
Жебірейіл Сүлейменге келтіріп су:
— Су, — дейді, — өлместікке берілген бу.
Сарқып іш, саған достың сыйлау етті,
Дайымы, тұрсын десең қолымда ту.
Өлімге мойын ұсынған, – десең , – құлмын,
— Онда да, тақпайды ешкім саған бір мін.
Сүлеймен Жебірейілге дейді: — Тоқта,
— Бермеймін саған жауап жұртым жоқта!
Кеңесіп кешіктірмей сөз берейін,
Бар еді ақылдасым әр ұрықта.
Деп жиды жын мен айуан, ұшқан құсты,
Білдіріп бастан-аяқ өшпеу істі.
Жұмыла жан жер мен көктің арасында,
Бәрі де білді тегіс бұл жұмысты.
Ішкенін барлығы да тәуір көрді,
Өлімге неғып қисын ондай ерді?
– Келмеген қол астымда кім қалды? – деп,
Жан-жаққа көтеріп бас, көз жіберді.
Жоқ екен ол жиында кірпікшешен,
Кемсінбей кеуліне оны көріп көсем.
Ат пенен қаршығаға етті бұйрық,
Жеделдеп жеткеруге аман-есен.
— Бітір! — деп бұйырғансын осы істі,
– Болад! — деп ат шоқыртты, қаршыға ұшты.
Көз салып бірі — көктен, бірі — жерден
Үстінен ұясының келіп түсті.
Айтқанмен, қасарысып, қолды ермей,
Дұрыстап, ермек түгіл, жауап бермей.
Бір итке сол арада етті бұйрық,
— Келтір, – деп, — жылдам барып, көп кідірмей.
Ісі жоқ, кең ойлының кеңеспенен,
Кең ойлы: "Кеңес шығар, – демес, – менен".
Білсе де, былайғыңан білім сұрап,
Өзімен үзеңгісін теңеспеген.
Сынатар жаратылған жүйрік аттай,
Жүргізіп өзін-өзі дөңеспенен.
Болса да құл баласы, қол қусырып,
Ел билер жөнді сөзге егеспеген.
Жарымды жаркөкірек жан деп білме,
Құр кеуде, көпті жеңген өңешпенен.
Бетінше беймәслихат етпе жұмыс,
Қатты ұят қарқын суды бөгеспеген.
Көп емес көздеп сөзді көрсетейін,
Майлы еттей тартылынған тегешпенен.
Кедеймін, келсе қонақ жөнелтетін
Азырақ күймей піскен көмешпенен.
Өмір — жар омырылған, өлім — құрдым,
Біз — керуен, келе жатқан кемешпенен.
Дұғадар, болыңыздар кетсек тайып,
Фанидің сарайынан кім көшпеген.
Мысалы көп тілеуі көл секілді,
Жаумаса күн күркіреп, көк өспеген.
Үмітім, осылайша, өздерінде,
Бұл ертек еріккеннен емес менен.
Жебірейіл Сүлейменге келтіріп су:
— Су, — дейді, — өлместікке берілген бу.
Сарқып іш, саған достың сыйлау етті,
Дайымы, тұрсын десең қолымда ту.
Өлімге мойын ұсынған, – десең , – құлмын,
— Онда да, тақпайды ешкім саған бір мін.
Сүлеймен Жебірейілге дейді: — Тоқта,
— Бермеймін саған жауап жұртым жоқта!
Кеңесіл кешіктірмей сөз берейін,
Бар еді ақылдасым әр ұрықта.
Деп жиды жын мен айуан, ұшқан құсты,
Білдіріп бастан-аяқ өшпу істі.
Жұмыла жан жер мен көктің арасында,
Бәрі де білді тегіс бұл жұмысты.
Ішкенін барлығы да тәуір көрді,
Өлімге неғып қисын ондай ерді?
— Келмеген қол астымда кім қалды? – деп,
Жан-жаққа көтеріп бас, көз жіберді.
Жоқ екен ол жиында кірпікшешен,
Кемсінбей кеуліне оны көріп көсем.
Ат пенен қаршығаға етті бұйрық,
Жеделдеп жеткеруге аман-есен.
— Бітір! — деп бұйырғансын осы істі,
— Болад! — деп ат шоқыртты, қаршыға ұшты.
Көз салып бірі — көктен, бірі — жерден
Үстінен ұясының келіп түсті.
Айтқанмен, қасарысып, қалды ермей,
Дұрыстап, ермек түгіл, жауап бермей.
Бір итке сол арада етті бұйрық,
— Келтір, – деп, — жылдам барып, көп кідірмей.
– Ат пенен қаршығаға неге ермедің,
Білдің бе, – дейді, – олардың сөзін жалған?
Тікірейтпей тікенін де тұлабойын,
Аптықпай айдақ-жайдақ ашып қойын,
Әдеппен адамдай-ақ иіп басын,
Бұлай деп Сүлейменге салып мойын:
Опа жоқ қаршыға мен қалайда атта,
Қылмаңыз маған қаһар бұл халатта. 89
Есігін егесінің күзететін,
Ит артық, өз ойымша, инабатта.
Итке еріп соның үшін келдім енді,
Шақырдың не жұмысқа мендей кемді?
Жолыңа жаным құрбан қай кезде де
Аяймын, айтшы өзің, сенен немді?
Кісіге отырғанмен ойы ауып,
Бергенсін бұлайынша дәлел тауып:
– Кінәңді, кеш келсең де кешірдім, – деп,
– Етпе, – деп, қасына алды, – ешбір қауіп.
Білдіріп бастан-аяқ істің түрін,
Кеңесін көптің-дағы айтқан бұрын.
– Қаратып халық біткенді қойдым саған,
Анығын айт осының, – деді, – дүрім.
Білсең айт, өтірік пен өлім қандай?
Бей опа, жалғаншыға сенім қандай?
Басқаның бәрі де өлмей, қал деп отыр,
Айтарлық ақылың бар сенің қандай?
– Бұл суды, – кірпікшешен дейді, – ішпе,
Сол болар іше қойсаң, күйік ішке.
Кеуліңнен кетпес қайғы, көзіңнен жас,
Қатарың қадір білер түсер еске.
Қатардан қате, – деймін, – қалмағынды,
Кейінгі білмейді ауыр салмағынды.
Жабырқап, жалғыз қалсаң ақырында,
Өтерсің тістеуменен бармағыңды.
Кідірмей келген қайтып кетіп жатыр,
Ойланып, серлеп қара жан-жағыңды.
Кеңесім осы, – дейді, – менің білген,
Тәубесін ойлап тақсыр сонда күлген.
Айтқаны ақылына ұнағасын
"Кірпі би" атандырып, сыйлау берген.
Бәрің де алып ғибрат осы сөзден,
Жерінді абыройлы болар көзден.
Білімнің болғанымен көңілің кені
Кемсінбей, кімнен болсын кеңес ізден.
Сүлеймен Дәуітұлы даражада,
Қалай кем, қара байқап, сіз бен бізден!
Қомсынбай, қол қусырып қызмет етті,
Келтіріп кірпікшешен құла түзден.
Қайқы ағаш қажетіңе жарамайтын
Құрулы қолайлы боп шығар тезден.
Дамолла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Кетірме бұл мысалды көңіліңізден.
ІСКЕНДІР ХИКАЯСЫ
Бектерім "Сөйле!" дедің мәжіліс құрып,
Мәжіліс мысалында — алтын тұлып.
Олжаға ойдағы жоқ ұшырасып,
Жүрегім етіп отыр "дүріп-дүріп".
Төгіңдер Тәңір берді, тап ортаға,
Болмайық басқаға алаң басты бұрып.
Тарқасу табылғанды тең бөліп ап,
Қашаннан халық ішінде қалған үріп.
Алайық ретпенен ренжіспей,
Қасаңсып қалмайық құр қаша жұлып.
Құр қалған қызығынан мәжілістің бұл,
Күйінер қой таппаған қасқырша ұлып.
Кездестік кейінін Тәңірім келістіргей,
Сіздер — кілт сықылында, біздер — құлып.
Кібіттен кеуіл атты керегіңді ал,
Қалатын қас жомартпын жайда тұрып.
Дұғадан алайда да үмитдармын,
Ажал күс алып ұшса бір күн бүріп.
Жарықтық жатқанымда болар еді,
Есіксіз, терезесіз үйге кіріп.
Болмаса бұл жаһанды билегенмен,
Қолына кетер бәндә нені іліп.
Ерлерге еткен ісі еске түссе,
Дүниені дос демеймін, ішім жылып.
Жіберер жетсе уақыты жапанға айдап,
Жазы, қыс жауыр қылып, жайдақ мініп.
Жығылып, жасадыңнан90 жаның шықса,
Кеудеңнен көніңді алып тастар сылып.
Таптырмас болғанменен таза гауһар,
Топырақпен тең боларсың бір күн сылып.
Әзірет Іскендірдің жүрген үкімі,
Машыруп, Мағыруп пен Шамал, Жүніп,
Басына алтын мүйіз әнің шыққан.
Жер жүзін екі келген көлайт қылып,
Яһжүз, Маһіжүзді кеткен қамап.
Қой мысал қоймағансын халықты қырып.
Болады олар шықса ақыр заман,
Қолалы қорғанынан қай күн жырып.
Ол сұлтан дүниядан өтерінде,
Аспанға алақанын жатқан ұсынып.
Біле алмай не ишарат екендігін,
Дал болып данышпандар қалған тынып.
Есітіп ел біткеннің дағдарғанын,
Күн мысал қызы келген халыққа күліп.
Деп айтқан: "Даналарым, дағдармаңдар",
Атамның ішаратын тұрмын біліп.
– Қолымда қара, халқым, не бар? – дейді,
Мұндайша өткеніммен дәурен сүріп.
Айтқаннан осылай деп ошал шәһізат,
Ескендір сарт еткізген санын ұрып.
Еңірескен еңіз-теңіз етіп әжуа,
Кеуілі кең ойлылардың көп бұзылып.
Сарсылтар дүния сондай сан ерлерді,
Уақытында сағат біткен сабынша іріп.
Айта бер бақыдарһал білгеніңді,
Соңында сөзің қалар, сүйек шіріп.
Қалмайды онан өзге бектен белгі,
Табытқа таңса елатың кепек сырып.
Ақырет — соңғы сапар, өмір — базар,
Күн бітсе көшпей қалар кім кідіріп.
Сайманын сапарыңның түгендеп қой,
Өкінбе уақытыңды күр бітіріп.
Халқынан қалайтыны Тұрекеңнің,
Ықылас тыңдалса тек, құлақ түріп.
ҮШ БӘҢҚОР ХИКАЯСЫ
Үш бәңқор91 отыр еді тамақ жесіп,
Құйқалы қой етіне қолды көсіп.
Сипалап сақал, мұртты сыбап майға,
Кәйіп етіп, күліп-ойнап желдей есіп.
Ойынмен отырғанда ұмытқан да,
Қараса, қалған екен ашулы есік.
Адамдар оңды-солды өтіп жатыр,
Жабырлап жазғытұрғы елдей көшіп.
Қыдырма көре қойса келіп қалар,
Отырды бір-біріне: "Жап-жап!" десіп.
– Мен неге сен тұрғанда жабамын?– деп,
Қалысты қапелімде ерегісіп.
"Ерегіс ерге пайда бермес" деген,
Байқаңдар, болар екен кімге несіп?
"Иесі — шығасыға басшы болад",
Теріске айналғанда еткен кесіп.
Орнынан үшеуі де қозғалмастан,
Отырды малдас құрып, белді шешіп.
– Есікті кім сөйлесе, сол жапсын! – деп,
Келісті кейінінен кеуіп-ісіп.
Есіктен сол сағатта бір ит кірді,
Көшенің лай суын белден кешіп.
Тамақты даяр тұрған жеп алды да,
Сорпасын сылпылдатып, түгесті ішіп.
Сөйлесе, көз көрмеске кететіндей,
Тырп етпей отырысты үндері өшіп.
Жек көріп, жеп қойғанын тамақтарын,
Көздері жайтаң қағып отыр тесіп.
Жан-жаққа және де ит жалақтады,
Тойса да тұлыптай боп іші өсіл.
Аузына біреуінің тұра ұмтылды,
Жеген соң жердегіні ит түгесіп.
Қалай да ит иттігін қылмасын ба,
Тұрған соң сақал, мұртта май сіресіп.
"Тілімді тістер-ау!" деп түшіркеніп,
Жығылды шалқасынан бәңқор шошып.
Ұнатпай иттің лебін "үп!" деп еді,
Сөзі жоқ, шынында, айтқан оған қосып.
– Сөйледің, сен есікті жабасың! – деп,
Жалғаннан ана екеуі тартты қошық.92
Қамшымен патырлатып ұра берді,
Арқасын бейшараның кетті осып.
Жапқанмен енді есікті не пайда бар?
Үшеуі үш айырылып, кетті босып.
Олардай ортаға үйіп мал мен пұлды,
Отырма есікті ашып, жолды тосып.
Жегізіп жауыздарға, жан сауғалап
Кетпендер айдалаға айдап-жосып.
Сөз болмай соңғыларға сол сияқты,
Егеспей, еңбегіңді ал үлесіп.
1910.
ЗАЛЫМ РАСНАЙ ХИКАЯСЫ
Карамдік93 Құдай — патша, пәнда — малай,
Қаталық кешірмесең өтер талай.
Кемшілік қызметінде көп кешеді,
Үкіміне ризамыз, етсе қалай.
Атынан Жаббар зінун94 деген оның,
Үміті бәнданың өкпе болса әлай.
Ақына осы атының, етпесе азат,
Қылша бар қимылдарға кім мажал-ай.
Бар еді Шам Шариптың бір сұлтаны,
Әрқашан аз бен ашқа болған пана-ай.
Әмірін елге ағлам 95айлау үшін,
Сайлады ол бір жігітті етіп Раснай.
Ол жігіт наһаяты96 залым болып,
Қылығы көрінбеді көпке ұнай.
Әр түрлі жабір-жапа, зорлықпенен,
Халықтың азар берді біразына-ай.
Кеңесіп, жұрт жиылып, патшаға айтып,
– Орнынан түсірейік,– деді, – мұны-ай.
Арнайы арзы үшін жіберісті,
Дүрлерді, құтылмайтын сөздің құны-ай.
Барғанмен бәріне де ашуланып,
– Тек тұр,– деп, – тақсыр сұлтан қылды ым-ай.
Шығысып мекемеден, сыртқа кетті,
Қаһарлы хан қасында тұрсын кім-ай.
Патшаның жанабынан жәрдем тауып,
Забыры жұртқа жаман өтті тым-ай.
Дағатсыз әйел, еркек қол ұстаса,
Бір күні падышаға келді шұбай.
Деді: – Ей, шапағатты сұлтанымыз,
Осыдан халқың қарап болады ма-ай.
Орнынан осыныңды түсірмесең,
Жұрт болып жүре алмаспыз бұрынғыдай.
Біз түгіл, басыңызға зиян етер,
Қорқамыз, тез құртыңыз, қоймай ұдай.
Арзамыз айтатұғын анық осы,
Зұлымына мына еткен болдық шыдай.
Еш жауап іш жылитын болынбады,
Патшаның құлағына жақпай бұл да-ай.
Күңіреніп келгендердің бәрі кетті,
– Сұлтанға не болды, – деп, – Жаппар Құдай?!
Күллият ертеңіне жұртты жиып,
Мінекей, ол сұлтанның айтқан сыры-ай:
– Мен өзім жас уақытымда жарлы болдым,
Басара шәһарінде болдым бір ай.
Дос болдым қияметтік, құшақтасып,
Бір баймен қазынасы көп сонша ірі-ай.
Ол маған мал-мүлкінің бәрін берді,
– Іншалла көрермін, – деп, – жүрсем тірі-ай!
Мен келіп осы Шамның шаһы болдым,
Табысқан жоқпын әлі көріп шырай.
Сарғайып сағынғаннан, сонан бері,
Қапамен қайғы үстіне қайғы құрай.
Қанша іздеп сол достымды таппасам да,
Күні-түн көрінгеннен тұрмын сұрай.
Мысалы сол сияқты, шамаласам,
Жігіттің Раснай болған өңі-түрі-ай.
Дос тұтып сол себептен осыны да,
Жібердім, жанабымнан келмес бұлай.
Жүргенмен жұрт біткенді жабырқатып,
Көрінеді көңіліме өте қолай.
Асылында бір тентектен ел бұзылмас,
Халық бұған шікаятын97 қойсын бұлай.
Үзір бар осылайша, амал қанша,
Арыз ашып келіп қайттым неше жолай.
Деген соң дәлел таппай, дағдарысып,
– Қойдық, – деп, – халық тарқасты, болса олай.
Жолында жүргенменен жамандықтың,
Осыған қарағанда үміт мол-ай.
Суреттес Саруармен болғаны үшін,
Болармыз Аққа жақын біз де солай!
Достымен формамыз бір болғаннан соң,
Мүміндік даражасын берсе, оңай!
Бәндасы жаһаннамда қалмағай да,
Сарт, қазақ, өзбек, арап, естек, ноғай!
Шаш алып, мұрт қақтырған мұсылманның,
Шакілі98 бір Мұхаммедпен парқы жоғы-ай.
Амалы аз, қатасы көп құмралардың,
Осы еткен тек үмітім мақұл болғай.
Кемісі болса сөздің, кешірерсің,
Данышпан дария заңды ақылы сығай.
Кемісіне бұл назымды таһрип 99қылған,
Айлайды тыңдаушыдан тамғы дұғай.
1910.
САР ТАРАШ ХИКАЯСЫ
Лайық ер жігітке бағу басын,
Ойланып андау дұрыс өз шамасын.
Ретсіз ілгергіні еліктеген,
Кемітер көпке шет боп өз мағынасын.
Ақылдың көкірегінде көзі барлар,
Қайткенмен таба берер іс ыңғасын. 100
Қылғанмен суретін бір, сүтін басқа,
Ежелде етсе Алла, не қыласың?
Ителгі "Аң құсы ед, – деп, – менің де атым",
Болар ма ұшқанменен, айтшы, лашын.
Қамалға "қайратты ер" деп қорқақ кіріп,
Табжылмай тартар ма оның нұғырасын. 101
Нар жүгін нарқы арзан тартпайды айыр,
Сондай біл, бір-біреудің шекарасын!
Аптықпа, аяғыңды абайлап бас,
Ізденбе таптан озбай тау қиясын.
Ер болып ертеде бір Шам Шарипта,
Жаһанның тапқан тамам даражасын.
Мал-мүлкін маңайына сыйғыза алмай,
Қойды отар қызметкердің бір парасын.
Хан-құлдың қадірі артса құлындай да,
Сақшы еткен соларға шам падышасын.
Бір кезде көңіліне оның кіріп тауба,
Тапсам деп талап еткен Ақ ризасың.
Сол айтқан сансыз малды садақа айлап,
Таппаған діллә түгіл, нан паршасын.
Бір кеште келіп бір қарт түсінде анық:
"Жаннаттың жерсің теріп миуасын.
Сүйікті Саруардың жараны боп,
Жаңа да жай қыларсың жақын қасын.
Саны жоқ саған болар жақсылықтың,
Ете бер, – деді, – енді шүкіранасын.
Озипаң102 бұл жаһанда, мінекей, мен,
Ізде ертең бұл шаһардың сартарашын.
Болған әл шашыңды алып Шайхылардың,
Барармын басқа киіп мен гүлласын .103
– Көрінбей көзіме осы жүр едің, – деп,
Сол сағат сойылменен сен ұрарсың.
Болармын сонда өліп сап-сары алтын,
Бітіріп сартараштың мұддығасын.
Апарып сарайыңа сақтап қойсаң,
– Жаһанның көрмессің, – деді, еш жапасын!"
Көзінен көзі ұйқыда ғайып болып,
Оянып есітті азан ауазасын.
"Алла!" деп, орынынан түрегеліп,
Я, шынын білейін деп, я қатасын.
Сәскеде сартарашты тауып алып,
– Берем, – деді, – шашымды ал, соң бағасын.
Әлгі қарт айтқанындай, ұзамай көп,
Күллалы, келді алып қолға асасын.
– Құдайым қолға берді, құтылшы, – деп,
Көтеріп келтек, ұрды бұл құлашын.
Қарт құлап, қол-аяғын қыбырлатып,
Айтты да, көзін жұмды кәлимасын.
Ет кесіп бір жапырақ, беріп оған,
Арқалап келді үйге Ақ зияпасын. 104
Алтын боп айтуындай, алып жұмсап,
Жаһанның жана сүрген зауық-сапасын.
Ондай ер орын табар, ұмыт бол мас,
Есітті сартараштан 105сөз інтаһасын. 106
Қараса қолына алып, қызыл ділла,
Таңырқап, таба алмай ет нышанасын.
Ойына осы ұқшасты өлтірсе адам,
Ойланды "табады-ау" деп мал тазасын.
Қасты етті "Қартты осындай мен де өлтіріп,
Берсем де, бай болайын, – деп, – соң жазасын".
Сол оймен сопы нақыш адамды аңдып,
Жүргенде тапсам деп бір оңашасын.
– Бұл кешке келіп бізге кетіңіз, – деп,
Шақырды Шам Шариптің мұқтадасын.107
– Шара жоқ шақырсаңыз бармасқа, – деп,
Үстіне жүрді киіп шайхы жамасын.108
– Молайып мал-мүлікке қалам ғой, – деп,
Қуанып келіп, ашып дарбазасын.
Апарып адамнан бір аулақ жайға,
Өлтіріп орындады өз уағдасын.
Жанына жан шыққасын барып көрсе,
Болмайтын алтын түгел, ол қорғасын.
"Халық білсе қалай мені құтқарады", – деп,
Бишара болды ішкендей у тортасын.
Сасқанда сай таппайтын сорлы еді ғой,
Ондайдың бермей кетер кім қолқасын.
Таң ата тамам халық хабар тауып,
Ессізден келіп көрді іс омпасын.
Жұрт біліп жарым естігін жапса, болмас,
"Жесін, – деп, дарға астырды, – ит жаңқасын".
Сөз болып соңғыларға сол себептен,
Күлкі еткен кеші-күндіз көп ортасын.
"Әлемге әл білмеген, таң болад" деп,
Халық айтқан қариялардың нақылиясын
Дейтін ек: "Әшейін сөз, айтпай-ақ қой",
Тәңірі тар жаратқан соң көңіл ұясын.
Асылын анық білдік, енді ойланып,
Жайыңа жай жүріп-ақ қом жиясың.
Әл білмес — бұл дүнияның бәрін білмес,
Кел, қысқарт, қаламыңның сарық сиясын!
ҚАНАТТЫ АТТАР ХИКАЯСЫ
(Қиссасул Анбиядан)
Билеген Дәуіт ұлы көп мәмлакат,
Етпеген орны жоқ ед ол үкімат.
Перілері бәйек болып қызметінде,
Тұтысты төбесінде құстар қанат.
Тау мен тас, жел менен бұлт, жер менен су,
Келділар жанды-жансыз мақұлықат.
Әмірінде ешбір ісі болып бұлай,
Тұрмаған теріс бағып түйттай замат.
Атамыз Адам Сәпиден бері қарай,
Жер жүзін жан қылған жоқ ондай абат.
Ол сұлтан салтанатпен сахараға,
Шығып еді сайыр109 етуге бірер сағат.
Орынға серуендеген көзін салса,
Жүр екен жеті мыңнан көбірек ат.
Қарасын қанат түзеп көріп шәһінің,
Һаммасы ауаға ұшты ошал һалат. 110
– Тұт, – деді Кәуіс деген бір диюге,
Айлап көп осыларға рахобат. 111
Жырау боп жауабында айтты дию,
Жоқ менде әміріңді етпеске һат. 112
Қолымнан, қиналмас ем, келмейді бұл,
Дию бар менен басқа бір пақуат.
Сәмандун аты әнің, қашып сізден,
Жүр тақтылар арасында неше қабат.
Ұстайды осылардың бірін қоймай,
Қолға егер Құдай ондап, түссе шаят. 113
Қашақ жоқ бұл уақытта ол секілді,
Бұлтқа енер, жерге кірер тұта алмас зат.
Айласы осы болар, өзің тақсыр,
Көп күндер қаста болып ауырып жат.
Ауазаң әр тарапқа жайылынсын,
Сүлеймен етті деген раһлат.
Мен айтсам ол хабарды оған барып,
Шек қылмайды, сөздеріме шынттап нанады.
Етеді алыс-беріс әр уақытта,
Өзге емес өзімменен дос дауамат.
Жасырып жүз періні бір майданға,
Үстіне алып келсек ұстау әнсат.114
Осыны көріп мақұл ауру болып,
Панидан болған болды бір күн опат.
Інсі жүн, қанатты күс, андар тарап,
Жетідей жер үстінде жүрісті шат.
Сәмандүн Кәуіске кеп бір күндері,
– Рас па, – деді, – достым бұл башарат .115
– Сүлеймен болмаса егер күліп Кәуіс,
Болар ма еді, – деді, маған бұл парахат. 116
Еркімше өлген үшін үстіп жүрмін,
Қылайық майдан117 хали маһамалат.
Шат қылып Сәмандүн де солайша деп,
Жатқан жүз періге әкеп ұстап, матап.
Келген соң Сүлейменге сықылмен бұл,
Қалтырап қатты қорқып қылмай тақат.
Ей, тақсыр ерік өзінде идім басым,
Азат ет, – деді, мейлің, я ақыбат. 118
Бұйырсаң бір жұмысты бітірейін,
Болса да мойынында қанша зұлмат.
Білдіріп бастан, аяқ бірін қоймай,
Сөйледі Сәмандүнге ол әділат.
Қылдыңыз жаным сауға, сансыз тауба,
Бітірем қайғырмаңыз қылып жаһат.
Жүз батпан жүн табыңыз, жүз тай арақ,
Пері бер жана-дағы мың баһаят. 119
Даярлап тамамында алғаннан соң,
Бір бұлақ бар еді аттар еткен суат.
Келді де, көзін байлап жүндерменен,
Қосты етіп арақ құйып, суын сағат.
Жанында жасырынып мың перімен,
Ұстауға жата берді жиып әлат. 120
Алған соң аттар келіп, арақ иісін,
Су ішпей сескенісіп бөрі тарады.
Тыңдамай ертең иісін ұзақ ішті,
Болған соң бәріне су бек зәрарат. 121
Биһүш122 боп босаған соң қанаттары,
Ұстады бәрінде оған раһмат.
Келтіріп хұзырына Сүлейменнің,
Сәмандүн сонша мақтау алды інаят 123
Болып еді келгенде аттар намаздыгер,
Хақында осының бар енген аят.
Жүргенде бірін мініп, бірін түсіп,
Күн батты анығынан емес қалат.
Көрген соң күн батқанын, кетіп есі,
Секілді солып жатты жансыз жасат.
Бір кезде есін жиып түрегеліп,
Тіледі Жаппар Құдай істі әһанат 124
Күніңді қайта шығар, күнәмді кеш,
Жылады жеткізбе, – деп, дініме апат.
Бәрін де осы аттардың үлестірді,
Мүскінге мұңлы болған таппай һажат. 125
Көз жасын қайырменен қылып қабыл,
Шығарды қайтадан күн: "Қыл, – деп, тағат".
Шүкірана Саттар Хаққа айлап сансыз,
Әнден соң ақыретін етті рабат.
Пайғамбар патшалығы былай тұрсын,
Оларға зауал иман жоқ һалакат. 126
Ісіне осы еткен қарағанда,
Тұтамыз дінімізді қолай сағат.
Қатадан қазасы үшін бір намаздан,
Қауып етіп жеті мың ат қылды қайрат.
Қаза етіп жеті пұлға бір намазды,
Көрмейміз күні-түні әсте рахат.
Бірақ Хақына һәмма еткен әнбияның,
Сәруардан соңыра нәсіл қыл шапағат.
Жылында бір мың үш жүз жиырма төрт,
Назым етті мұны молла Турмухаммад.
МЫСЫҚ ХИКАЯСЫ
Кең болсаң кем болмайсың, боларсың кен,
Әр түрлі кездесерсің хайриятпен.
Мүміннің ұяларлық айыбын жапсаң,
Көреді жатты жақын, жақынды — дос,
Тақыстық таптырмайды кемеңгерден.
Тымсалад тарихында тыңдасаңдар,
Айтайын бір ікая өткендерден.
Жәһәннан Ідрис, Нәби жөнелген соң,
Бұзықтық бас көрсетті әрбір жерден.
Теп-тегіс жердің жүзі кәпір болды,
Жан қалмай дін жақтайтын әйел, ерден.
Нұһыға: – жұртыңды жый, күнадан тый,
– Деп жарлық жіберді Хақ Жебірейілден.
Әмірін осы айтылған орындауға,
Не асқар асты жаяу, биік белден.
Ренжу есебі жоқ тартты талай,
Ел іздеп айтуға үгіт кент пен шөлден.
Қырық жыл тынбай дінге шақырғанда,
Сексен жан ықырар болды осынша елден.
Халқына көңілі қатты қалғаннан соң,
– Бұларға бер, – деп, – азап, – шықты тілден.
– Қайғырма қылармын, – деп, – сумен қарап,
Сол сағат сәлем келген Хақ Жәлилден.
Мінуге өз қауымыңа кеме жаса,
Деп және жақын кезде жарлық келген.
Үйреткен Жебірейлі жөн-жобасын,
Жасауын жоқ ед бұрын ешкім білген.
– Ақыры ағашты ермек еттің бе, – деп,
Кәпірдің кәрі-жасы көріп күлген.
Бірі — астын, бірі — үстін, бірі — орта,
Бұл кеме болып үшқат түзетілген.
Арада ай мен апта өткеннен соң,
Хақы айтқан: "Уағдалы күн бітілген".
Атылып әр орыннан сулар қайнап,
Тең болды тау мен төбе, ылди, өрмен.
Қырық құлаш Қап тауының үстіне су,
Алланың әмірімен жүгірілген.
Қоймаған көңілін Хаққа кәпірлердің,
Қарық болып бір минутте бәрі бүлінген.
– Қалсын, – деп, жер жүзінде нәсілі Нуһі,
Әр түрден кемеге екеу алып кірген.
Құданың құдіретімен кеме ішінде,
Қой, бөрі араласып бірге жүрген.
Ешбір жан жар шақыртқан және-дағы,
– Жақындық қылмасын, – деп, – бір-бірімен.
Бәрі де бұл бұйрықтан бұрмай басын,
Алты ай артылыспай күн кешірген.
Шыдамай шүметейін шығарып ит,
Бір күні қаншығының соңына ерген.
Осыны көріп мысық кідірместен,
Қамалды қақ жарып кеп, хабар берген.
– Нуһіге көрсетем, – деп, – келсе ертіп,
Қауіп етіп қалған екен, кетіп мерген.
Ықырар ұрлығына етсін бе ит,
Ұялып, терлеп мысық тірі өлген.
Бұл ұмыт бола берген уақытында,
Осындай иттің айыбын тағы көрген.
– Екеуін айырма, – деп, – келгенімше,
Құдайға қылып нала, қол көтерген.
Мұстажап мінажатын айлап осы,
Әндәмін екеуінің іліндірген.
Алынбас атылған оқ күн бұрын қорық,
Осындай ит, сондықтан, сапа сүрген.
Кінасын көргеннен соң көзімен Нуһі,
Болғандай болды бұлар жерге кірген.
Әр түрлі айуанаттың арасында,
Мойнына екеуінің құрым ілген.
Шерменде шаршы топта еткеннен соң,
Ыза боп, еңіреп, жылап ит те үрген.
Әшепкі әшкере еттің ісімді Алла,
Мұны да мұптала 127ет басқа түрмен.
Қабыл боп қарғысы оның мысықтағы,
Тап болды мәуілдейтін тахғаззүрмен. 128
Пазылы артық патшахының байқа бәндә,
Жалынсаң жабықтырмайды жаны-ділмен.
Ғибрәт азаматтар алып мұнан,
Ашпа айыбын адамзаттың айтып тілмен.
Нәсілсіз нәжәсәтті қарға ашады,
Пәк болар пәлид129 нәрсе ағып Нілмен.
Әр түрлі астындағы асылдары,
Таусылмас тасысаң да тәмам пілмен.
Сын тақпа, сынық табар сенен біреу,
Сәпидің сөзін есіт әзәзілмен.
Шименен шыбық тимес шертіп еді,
Сазасын берді саттар сырғауылмен.
Көтеру көкке кеуде керек емес,
Бәндеге болған бінә130 абыгілмен. 131
Сәруәрдің санасына болған екен,
Мың үш жүз жиырма төрт осы жылмен.
Сүннәтін сүйенерлік сүтін қылсақ,
Жәһәннан жөнелер ек иман гүлмен.
Кел енді сөз аяғын соза берме,
Данышпан дегендей боп жалғыз бір мен.
1910.
ӘНБИЯ МҰРСАЛ МАШАЙЫҚ ХИКАЯСЫ
Әнбия Мұрсал машайық,
Жөнеді жұмла жаһаннан.
Білінер белгі қалған жоқ,
Небір асқар мәкәннан.
Қалар дейсің кім аулақ,
"Ажал" деген наһаннан?
Тағдыры бітсе, қоймайды,
Жаның үшін жалынып,
Пұл берсең артық бағаңнан.
Ойланбаған осыны,
Адасып қалған аңғыртпыз,
Парасат пікір паһамнан. 132
Ғапыл пәнда қамданып,
Сапар ұзын, азық ал,
Ұстамай жаллат жағаңнан.
Бәсі мүшкіл байқасаң,
Мал, мүлкіңе мас болып,
Айрылсаң иман — сақаңнан.
Жағасыз, жеңсіз жейдемен,
Ат қылып мініп асарсың,
Ит кірмес ескі бақаннан.
Жер ошақтай жер қазып,
Жатқызып жалғыз ішіне,
Қайтады халқың апарған.
"Аһ" ұрарсың айрылып,
Ата-ана, аға-іні,
Қарындас, қатар, апаңнан.
Бір Алла "бондам" демесе,
Тартарсың зарлап, зарарды,
Орынсыз сүрген сапаңнан.
Сауалшы келсе, қаһармен,
Жүрегің піскен нандай боп,
Айрылар көңіл — тапаңнан.
Әждаһа көзді, сойдақ тіс,
Албасты шашты, салпы ерін,
Бойлары биік қаһаннан.
Шартарапқа шалқиды,
Жайнаған жалын жап-жасыл,
Ауыздары әйдік апаннан.
Жаңбырлы бұлттай күркірер,
Деп айтады кітапта,
Шығарса, дауыс мақамнан.
Мұрсалың кім, дінің не,
Құданы — бір білуге,
– Бар ма,– деп сұрар, – опаңнан.
Жауабын дұрыс бере алмай,
Тап-тақатың таусылар,
Он екі мүше шақаңнан.
Ол уақытта олардың,
Тікірейер түктері,
Түсіне қылған қаһардан.
Гүрзімен күштей ұрғанда,
Ұсатылған бордай боп,
Жоқ боларсың капаннан. 133
Айуанаттар тітірер,
Ащы дауысыңды есітіп,
Жақын емес захардан.
Нешік сауда болды деп,
Бәрі-дағы қауіп етер,
Сенің көрген жапаңнан.
Көрмейін десең соларды,
Пайдалы іске бас бұрып,
Бек сақтан лапсі-лақаңнан.
Ей, жарандар, андасаң,
Адам — ит тапқан өлімтік,
Кезіп жүріп жапаннан.
Басында қақ жоқ, көл түгіл,
Айналасы — анық шөл,
Асылында, маған нан.
Жан жоламай жалтарып,
Анадайдан өтеді,
Сасығы сонша жаманнан.
Тырайып өліп қалыпты,
Қарап тұрсаң заманнан.
Бауыр қылмай бұларды,
Келгенге күш көрсетер,
Жүрме деп менің шамамнан.
Етті жеп сасық сондайша,
Салбырап тілі сандалар,
Су таба алмай ол маңнан.
Қарағанмен де ойланып,
Опасыз дүние осындай,
Келе жатқан қалып тәмамнан.
Малғұнға мұндай ісінген,
Һаюан абзал, андасаң.
Осы күнгі адамнан,
Ақылдылар азайып,
Дүние парас134 бәтпығыл, 135
Толды ғой жаһан наданнан.
Түзелер еді дініслам,
Райыс, мупты, күс бегі,
Қойылса патша араңнан.
Шариғат шартын жүргізіп,
Саясаттарын құрғызып,
Қорғаса халықты арамнан.
Жол тимесе жүруге,
Сары боздай шұбырған,
Ақ сәлделі жараннан.
Дағуа, жанжал үкімі,
Шаһналық мөрменен,
Бітілсе хасы136 Кәләмнан.
Қатым кәрда137 молдалар,
Мағына айтып отырса,
Бұрқан, Әзим Кәләмнан.
Медресе, мешіт салынып,
Шам сәһәр уақытында,
Күңірінсе азан қалаңнан.
Айт намазы кезінде,
Атты, жаяу жамағат,
Келіп тұрса далаңнан.
Мүшкілат мантық,138 ақайыт,
Ілімдерін ақырлап,
Ақындар шықса балаңнан.
Азығыңды үсірлеп,
Әр жылда зекет шығарсаң,
Қой, түйе, сиыр, танаңнан.
Қазынасы көп қани139 боп,
Қағба барып, хаж қылсаң,
Дұға алып ата-анаңнан.
Бітіріп бәрін бұлардың,
Демің біткен уақытта,
Жөнелсең дүние — шалаңнан.
Жарық болып күндізден,
Қабырың іші нұрланар,
Тіріңде айтқан санаңнан.
Пейіштен есік ашылып,
Жәһанның жамғы қайғысы,
Жойылар көңіл қанаңнан.
Құдайым — бір, дінім — хақ,
Пайғамбарым — Мұстафа!
Деп қатыр жам боларсың,
Құтылып жауап, намаңнан.
Мүңкір-Нәңкір — досындай,
Қызмет қылып қасыңда,
Асыла кетпейді панаңнан.
Неше түрлі жақсы иіс,
Мұрныңа кіріп, шат болып,
Шығарсың тасып шараңнан.
Көрініп тұрар көзіңе,
Һұрғайынның қыздары,
Тотыдай бойын таранған.
"Біздер – Сіздің жұптың", – деп,
Шырайлы сөз айтылар,
Олар сынды жараннан.
О, дарих, қазақ елаты,
Лаулаған өрттің ішінде,
Шыға алмай қалдың табаннан!
Қала түгіл, қыстақ жоқ,
Бөлініп қалған қойдай боп,
Жәй алдың мұндай қараңнан.
Білмейтін Құдай бірлігін,
Әкіміміз — ғайыр дін, 140
Соятын соғым — қабаннан.
Закүні мұның машһүр боп,
Шариғаттың шалғыны,
Қадырсыз болды сабаннан.
Шабысына шаң ермес,
Тұралап тұлпар қалайда,
Кейіндеп қалды шабаннан.
Сырдарияны жағалай,
Темірден тартып кермені,
Қарақшы қойды бағаннан.
Басқасын айтып не керек,
Жан сауғалап, тек тұрмыз,
Қол көтеріп аманнан.
Зеңі141 жұғып осының,
Пасық-пысат көбейіп,
Береке кетті тағамнан.
Әмірі Мағұрып мансұқ боп,
"Мәжнүн ба?" деп, қашады,
Аса алып, "Аллалағаннан".
Таубаның жолы тәрік болып,
Құлдыққа қадам қоймайды,
"Жоралғым – бұл, – деп, – бабамнан!"
Бастан-ақжаһил жұрт едік,
"Мұсылман" аты болмаса,
Бұзықтығы асқан аламнан.
Пазылың кең, бірақ, біздерді,
Қорқынышты кәтерден,
Сақтай көр өзің, я, Маннан!
ӘБИБУЛЛА МЕН АЛЛАЯР ХИКАЯСЫ
Халық болып қатыра судан келдік мұнда,
Нәпсінің ойлап қамын дедік: "Іңга!".
Ананың алдын жайлап отыз айдай,
Емшектің еміп сүтін сарықтық жұмыла.
Қаз тұрып қабырғаны қатайтып ап,
Ойынның әр түрінен алып ымыла.
Жүргенде көл жағалай, етекті ашып,
Ерік бермей ертелі-кеш, ертіп жиырма.
Қылдырып жат, жақынға жаман жұмыс,
Неше рет жанға батар жықты дырға.
Кеңесін көңілменен қой мұны деп,
Ұяттан отыз жаста алып форма.
Қамданып қалың беріп, қатын алып,
Ай жүзді ата болдық қыз бен ұлға.
Оларды асырауды ауыр көріп,
Шақырдық сұм дүниені тастап шырға.
Мал қылып артылғанын айдап бардық,
Жаюға қай орында болса мырға. 142
Ағарттық сөйтіп жүріп сақал, шашты,
Адамдай алатын жас сатып пұлға.
Бел босап, бас бұлғақтап баяу тартып,
Еш болып есепсіз күш кетті құрға.
Қолына түссе өлімнің өкінеміз,
Жан атты жасат деген жалғыз құрма.
Қабыр атты халқың қазып, қар бойы жер,
Дегендей етер жұмыс енді тұрма.
Жазы-қыс жанды қинап жүргеніңмен,
Көретін дүниеден сыйың бұл ма?
Табылмас сағымнан су, мұнан – опа,
Өкініп, өз шашынды өзің жұлма.
Сәулені суға түскен нәрсе санап,
Абайла аузыңды ашып, өзіңді ұрма.
Ада ойлап мойнындағы міндетіңді,
Кібітін көңіліңнің толтыр нұрға.
Адал жеп үкіміне мойын қойып,
Ұялтар ақыретте істі қылма.
Сүндетін сәруардың сайбағыштап,
Кісідей кетір кірінді түскен сырға.
Міндіріп меһішәһарда143 мәулаң пырақ,
Қожайын қылар сені ойылдан һұрға.
Тұрғанда азғана өмір өтіп кетпей,
Шығарға шын қайрат қыл ойдан қырға.
Бирубар білер ме деп бірлігімді,
Бейысап бақ пен ырыс берген құлға.
Келгенде күн төбеге найза бойы,
Болады бәріңе де иман тұлға.
Сөйлейін шекерден де шырын бір сөз,
Ықыласпен, аға-інім, енді тыңда.
Жылында һижыраттың мындағы жүз,
Елаты Бұхараның жылдан жылға.
Намаз бен рузаны одан жойып,
Бұзылып, бұл күллия болған күміра.
Салдырған мұнаралы мәдрәссәлар,
Жаңғырықты майданы боп жаң мен жыңға.
Ұмыт боп Алла ұраны — азан, тәкбір, 144
Байлардан бермей қайыр, кетті ыңға.
Үгітті ерте ақшам айтқанменен,
Тұтпайтын түрі болды ешкім шынға.
Қылар деп шылымға қап қағаздарын,
Қорыққаннан кітаптарын көмді құмға.
Бар еді Әбибулла деген бала,
Қайғырып қылушы еді күн-түн нала.
Бір апат Бұхараға болады-ау деп,
Кетіп еді кенттен шығып, кезіп дала.
Кешіне сәрсенбінің бір күндері,
Қабырына Баһауадиннің барып жана.
Сыйынды шырақ жағып, шашып қайыр,
Көрсет деп кәраматпен бір нышана.
Қатым етіп Кәламалла көп жылады,
Елімді ет деп аман һақ Тағала.
Көк көзді, орта бойлы, қызыл мұртты,
Шайық келіп көзі ұйқыға барған шама.
Деді ей, жігер парам145 жылама енді,
Берермін Бәзу Алла мен айғана. 146
Тұрма енді Бұхарада, бар Самархан,
Онда бар бір мүридім менің дана.
Әндіжан аты оның сиыр бағып,
Саһарада Аққа айтады һәмду сана.
Тапсырып оған қолыңды қайтып келсең,
Ізіңе елің ұғлым ерер һәма.
Түсіне осы кірген өте шат боп,
Оянып ұйқысынан ол замана.
Самарханд шәһәріне сапарланды,
Болар деп жолдас ертпей Жаппар пана.
Айнытпай айтқан жерден тауып алып,
Жығылды аяғына жылап қана.
Үйретті тарихаттан талай жолды,
Емшекті ондай болмас берген ана.
Пісірмей қалайынша қам қояды,
Болған соң іштегі асты елге астана.
Шақырып шайқы бір күн мүриттерін,
Бәріне деді болдым пәруана.
Мекені ілім—ікімат мынау Бұхар,
Шәһар еді шарапатты зор баһана.
Бұл күнде бәддиянат болып халқы,
Жазы, қыс жүргенге ұқсайды ғапылана.
Біреуің барып тәлім беріңіздер,
Сабырлы, саслайтұғын пақырана.
Болмады бәрінен де бұған жауап,
Суы жоқ сілтегендей сахыраға.
Отыр еді ең шетінде Әбибулла,
Әндіжан айлап назар ақырына.
Сен бітір осы айтқан қызметті,
Қиналып деді бұған "аһылама".
Ол хәлда Әбибулла деді жылап,
"Жүгіңе нарың біздей бақыра ма".
Бірақ жоқ ілім менен кәрәматтан,
"Кеуіл" атты кеудедегі қақырада.
Жарлымын, жиырмаға жаңа жеттім,
Қазансыз халықты адам шақыра ма.
Болмаса, бас тартпас ем бұйрығыңнан,
Жабыны жол аспайтын "маһылама".
Шайхы басын айтқан төмен салды,
Сыр бермей, суша олар сапыра ма?
Мүбарак көтеріп бас, көптен кейін,
Жетерсің деді ілгергі ғапылаға.
Үр құлаш теңізіне тәуекелдің,
Осы рет Алла зәмін Ақ һақында.
"Ер ұшар һүмматпенен, құс қанатпен",
Делінген бұрыннан бар нақылана.
Қырықтағы қылды Алла адамға ұқсас,
Буына кәраматтың айлады мас.
Ілімнің көңілінен көзі ашылып,
Айлады шынжыр қатар шын қасыл—қас.
Қам қылып шырайлы жүз, шырын тілді,
Уағызды айтты еритін тау менен тас.
Кідірмей күн-түн жүріп келді Бұхар,
Айлауға айтып уағыз ілімін паш.
Орнынан ойдағы жоқ жетісіп пұл,
Тарқатып жұртқа шүлен жегізді ас.
Қандырып халықтың мейірін, айтып үгіт,
Сайрады сәһардағы бұлбұлға ұқшас.
Жайылып ауазасы жұрттан жұртқа,
Атанды "атақты пір" шын зәбардас. 147
Бір алым Бұхараның ханына айтты,
Бар дейді Әбибулла деген бір "кәс".
Жәһілдің жиып бәрін мүрит етіп,
Тұтады дейді өзін биік, өзгені пәс.
Сол үшін арыза айтып келіп тұрмын,
Келтіріп күйінгеннен көзіме жас.
Бір күні бізбен бірге шақыртып ал,
Ұялтып ортаға алып етелік наш.
Шәһардан шығындырып жіберейік,
Мойнына мекерлігі қойылса рас.
Мақұлдап молдалардың жиып бәрін,
Жайдырды шәһіналық жайға палас.
Алдырып үстеріне Әбибулланы,
Қысты көз қылмаңдар деп бұған талас.
Біреуі молдалардың айтты отырып:
— Білетін болды, тақсыр, атынды алаш.
Білімді бәрімізден көрінесің,
Құдайдың зат, сипатын айтып қараш.
— Айтайын зат, сипатын деді һахтың,
Білмейтін барлығың да болсаң мәгас.
Қаларсың от ішінде ойбай салып,
Сынауға сылтауратып айтсақ оғаш.
Бәрі де жауап таппай жалтақтасты,
Кісідей төбесінен тиген томаш.
Біреуі молдалардың мұны айтты,
Бұл айтқан болынған һәл сөзден толас.
Сұрасын Жүсіптің мен таппай жүрмін,
Құраннан қылмаңдар көп сөзім порас.
Балаларға беріп сабақ, жаңа келдім,
Көзіңе көрсетейін, айтсаң рас.
Деп бірі Құранды алып қолына енді,
Ұрғандай енсіз суға болды құлаш.
Таба алмай тағы берді біреуіне,
Молданың менменсіген ойы лас.
Ол-дағы таппаған соң біреу алды,
Досыңның деген бар деп жоғын сұрас.
Таба алмай болды қайран барлығы да,
Молданың білгірсіген бәрі тыраш.
Құранды қолына алып Әбибулла,
Сіз-дағы дегеннен соң тақсыр бір аш.
"Биссымылла раһиман раһим" деп,
Көрсетті ол сүрені Алла үшін аш.
Таңырқап бұл ісіне барлық молда,
Қойғандай қол қусырды шын ықылас.
Қорласаң ас құстырар, ер тыштырар,
Деді хан молдаларға көздеріңді аш.
Жетіде хан бұларды жиды тағы,
Артылар ал байқаңдар кімнің бағы.
Қара есек Әбибулла келді мініп,
Басқаның бар астында арғымағы.
Кіргізіп шәһіналық сарайына,
Ac әкеп амандасып болған шағы.
Алдына молдалардың қойдырып хан,
Жәһанның жеңіздер деді шам шырағы.
Қол салды молда Нияз деген кісі,
Дегендей мен бұлардың баһырағы. 148
Артынан бәрі-дағы ұрды қолды,
Қалмас деп қарап қалсақ жылтырағы.
Қол ұрмай Әбибулла қалды отырып,
Аң көрген ақсұңқардай қырымдағы.
Хан айтты қатарыңнан қалдың неге,
Көңілінде кегің бар ма бұрындағы.
Құлақ сал Әбибулла деді маған,
Айтайын әпсананы сырымдағы.
Моллаңның бәрі пасық, асың һарам,
Жоқ қылған көңіліндегі нұрын-дағы.
Тәбарік тастағанын көретұғын,
Бұлардың сенсің көпек ырылдағы.
Молдалар сол уақытта ашу қылып,
Лайық деді осының ұрылмады.
Бересің көпті сөгіп көрмей пәтуа,
Мақұл ма мәжнүн сенің мұның-дағы.
Һарамнан ас ішінде нені көрдің,
Ессізсің иісті білмес мұрындағы.
Өлтірсек осы ретте обалың жоқ,
Түспейді халыққа қысас құнындағы.
Деп бәрі ұруға анық айналып еді,
Тоқта деді өңшең Бұхар дырылдағы.
"Құлым!" – деп, Құдай маған берсе жәрдем,
Жүз түгел жұмыс емес мыңын-дағы.
Құдыққа тауық түсіп өліп қалған,
Патшаның сарайының ығындағы.
Шорыға су таситын қиын болған,
Тауықтың ол құдықтан шығылмағы.
Айтпаған қаһарынан қорқып ханның,
Қамырдай қалар ма деп сығымдағы.
Болды үш күн ол тауықтың өлгеніне,
Қонбайды сасығына шыбын-дағы.
Есегім ол құдықтан ішпейді су,
Қоймайды өзге судың дымындағы.
Сынауға сол құдықтан су әкеліп,
Есекке берді халық ол жығындағы.
Тастады аяғымен теуіп төгіп,
Бастағы үзе қашып жібін-дағы.
Құдықтың басқасынан қанбас болды,
Ығалын жалап жердің жымындағы.
Десіп еді бұл қалайша деді күліп,
Есегім бәріңнен де нығымдағы.
Шоры да шынын айтып деді ханға,
Кешпесең шыбын жаным шығындағы.
Ашуын Әбибулла алды сұрап,
Жәрдемі жақсылардың тығындағы.
Бастығы патша болып қол тапсырып,
Бұлардың ел жығылды ымындағы.
Бұзықтық бұл күллия қойылады,
Шәһардың іш пенен сырт құмындағы.
Һақ діннің Әбибулла жақты шамын,
Ақына талапты ердің алла зәмін.
Айттырып азан тәгбір әр орыннан,
Қарық қылды бұрынғыдай діннің қамын.
Суымен саумы салады сақауаттың,
Көгертті көңілінің әркім бағын.
Береке Бұхараға берді Алла,
Шығарып ойдан қия, қырдан ағын.
Әуелде Мыңлан деген ер бар еді,
Темірияр дейтін еді оның нәмін.
Баласы бар еді оның аты Аллаяр.
Жасынан ілім, ікімат ашқан бабын.
Қатым етіп жиырма бесте ханға барып,
Қыл деді қызметке мені тағын.
Бол деді бәжға төре барып онда,
Сындырмай ол сияқты ердің ағын.
Қиянат қатаң түрде қылып халыққа,
Қоймады етпей тіпте ойлағанын.
Бір күні Түркістанның базарында,
Ұстап ап Әбибулланың бір адамын.
Нәрсеңді сатып алған таңба ұрғызбай,
Жүрсін деп жұлып алып қолындағын.
Даурығып дәшіне құлақ қоймай,
Қамшының шекесіне ұрды сабын.
Жарылып басы судай ағып қаны,
Сол жердің жосадай қылды атыз, жабын.
Ақыры Әбибуллаға жылап келіп,
Аңғартты Аллаярдың осы ылаңын.
Шайхы айтты ақына оның дұға етейін,
Деңіздер қол көтеріп бәрің "әмин!"
Я, алла, бұл төреге беріп таупиық,
Көңілімнің кетір деді дәрһал шаңын.
Сол сағат сабыр кетіп Аллаярдан,
Опасыз ошпу жәһанның ойлап заңын.
Жүргенім жарамас деп мұндайынша,
Етуге ой жіберіп дін талабын.
Жүгірді жылауменен Шайхыға дәрһал,
Тәбәрік тұтайын деп ұлтарағын.
Хан, қара тізін бүгіп тітіреді,
Толтырып қорқынышпен көңіл қабын.
– Ей, тақсыр, тағлим бер тарихаттан,
Білдім деді алдымдағы жол ұзағын.
Шайхы айтты сынамаққа сіздер төре,
Біз пақыр бола аламыз қалай шағын.
Теңің шеш теңдесіңе терең ойлы,
Қайтесің бұл араның қол мен қағын.
Есітіл осылайша айтқан сөзді,
Зар жылап жерге ұрып бет пен жағын.
Жастанып жатам деді босағанды,
Алдыма ұстағанша ажал жамын.
Ендеше екі түрлі уағдаменен,
Алуға қызметіме ризамын.
Әуелі тіленшілік етіп төрем,
Бұхардың түгендейсің үй мен тамын.
Екінші бас, сирақ пен қарнын қойдың,
Тамызбай әкеп жерге жын мен қанын.
Деген соң дереу шығып дірілдеумен,
Жоқ қылды төреліктің бар нышанын.
Таубамды Тәңірі қабыл қылар ма деп,
Үйдегі үлестірді елге нанын.
Тіленші "Аллаһу!" деп, болды анық,
Халықтың таңырқасты бәрі танып.
Аллалап арт жағынан қуатын еді,
Кеткенді көз ұшында көзі шалып.
Жын ұрды ел басқарған ер еді деп,
Жыласты жар досының бәрі налып.
Бар еді екі қызы, бір ұғлы,
Жалынды жүр үйге деп бұлар барып.
Олардың айтқанына құлақ қоймай,
Кеші күн кезуге енді кетті ғаріп.
Халықтың қылған қайыр ықсанын,
Қапшыққа қарына ілген жүрді салып.
Тауысып тамам үйді түтін шыққан,
Қасапқа келді Аллаяр көпті жарып.
Бас, сирақ, қарнын қойдың сатып алды,
Пұлына тапқан кезіп Бұхар шарип.
Алды да бас, сирақты екі қолға,
Қарынды қаптап қойды басқа шанып.
Тұп-тура келді шайықтың мәжілісіне,
Алғандай бет пен иекті боққа малып.
Уәлилік жартысына жетісіп еді,
Қасаптан келгенінше ошпу жанып.
Отырып он екі жыл етіп қызмет,
Шайхыдан шарапатлы алып қалып.
Шығарып шәкірт-мүрит ақырында,
Ол болды Уәли алла Мәрдіғарып.
Төрт кітап тірлігінде тәліп айлап,
Қалдырды халық таңырқар ат пен дәріп.
Ол айтқан кітаптардың бәрінен де,
Табылар тыңдайтұғын мейірің қанып.
Жұрт үшін жақсы туар дегендей-ақ,
Ел үшін етті олар өмір сарып.
Бұл күнде заң бұзылып, заман айнып,
Барамыз бұзылуға ыңғайланып.
Қанеки кәраматты ондайша пір,
Елатын шығаратын оттан алып.
Жиғанмен кітап, құран күміра болып,
Нәпсінің айтқанына жүрміз нанып.
Опа жоқ бұл жаһанда, "бар әнда!" деп,
Жіберді керегеге көпті таңып.
Кім себеп күн таусылмай болар екен,
Тұруға екі көзден жастар тамып.
Жаралыс жармасуға түбі терең,
Суына шерменделіктің кеттік ағып.
"Үмитті раһімәтімнен үзбе!" – деген,
Әй, Алла, аятыңды жүрміз бағып.
Екі ердің ет бәндәнді біріне ұқшас,
Шағынан шапағатыңның жеміс қағып.
Атың бар кәламында Кәрим деген,
Тастайсың таршылыққа бізді нағып?!
Кеңшілік күн ертерек көрсетпесең,
Әһіліслам қараңғыда қалды ылағып.
Басыңа-ай, Бәһауаддин, бармағанмен,
Сен үшін шықтық Құран шамын жағып.
Сыйындық сол сияқты көрсет нышан,
Халықтың қайғырғанда хәлін шағып.
Құдайым қылды биік мартабаңды,
Иніңе шарапаттың шенін тағып.
Жәрдемсіз жатқаныңа жабырқаймыз,
Жұрт тегіс жүргенінде жүзің жауып.
ТӨРТ ДОС
Болады бақ, ықпалдың — бірлік кілті,
Болмайды бір болғанның жаннан мүлті.
Мысалы мұндайынша еттік өлең,
"Халықтың қолданар, – деп, – қай бір ұлты".
Ертегі өтіп кеткен заманында,
"Дұшпанның қалмайық, – деп, – табанында".
Тасбақа, түлкі, қарға, киік — төрті
Дос болды, бастарының аманында.
Сыйласты шын көңілмен бірін-бірі,
Болмады ойларының татау, кірі.
Бір күні киік ауға кез кеп қалып,
Шырмалып шыға алмайтын болды түрі.
Қарқындап көре сала қарға ұшты,
Келді де, түлкіге айтты осы істі.
Япыр-ай, енді қалай қыламыз? — деп,
Түлкі де түйіп қабақ, бұзды түсті.
Түлкі айтты: – Мен қашайын болып ақсақ,
Соңымнан сен-дағы үш жорта қақсап.
Ау құрған адам мені көре қойса,
Қуалар қызыққан соң оны тастап.
Ертіп кел тасбақаны, қисын ауды,
Кетейік алдап, ертіп, адам жауды.
Жатқанда киік ондай ауға оралып,
Жарамас жүруіміз кезіп бауды.
Деді де, ақсай басып қашты түлкі,
Түлкінің тұтынарлық тәсіл-мүлкі.
Киікті қойды да аңшы, мұны қуды,
"Ұрып ап етейін, – деп, – көпке күлкі".
Кідірмей тасбақаға қарға келді,
– Аңшының ауын барып қи, – деді, – енді.
Ес кетіп есіткеннен, тарбаяқтап,
Ала алмай сасқанынан қалды демді.
Тышқаннан тасбақаның бар ед досы,
Жоқ еді іні бірақ маңайда осы.
Соны "алып келейін" деп тұра ұмтылды,
Тарбаңдап тас пен құмға тиіп төсі.
Қарға айтты: – Ебедейсіз үлкен ішің,
Жетуге жеделдетіп келмес күшің.
Тышқанды өзім барып әкелейін
Қия бер ауды барып, өтсе тісің.
Тарбаңдап тасбақа да келіп жетті,
Қарға да бара сала тышқанды ертті.
Екеулеп, әрлі-берлі ауды қиып
Берген соң, босанды да киік кетті.
Өлімнен киік кетті болып бостан,149
Солардай жәрдем, көмек тиіп достан.
Береке болмай қалмас қай күнде де,
Бірлікпен осылайша басты қосқан.
1916
ДАРАҚ ПЕН САЯ
Дараққа сая бір күн өкпеледі:
– Айналдың андауымда епке, – деді.
Күн түрін көрсетпеске күні бұрын,
Жаясың жапырағыңды шепке, – деді.
Жолына жолдастықтың жөн бе осының,
Екеуміз сынатайық көпке, – деді.
Күлді де көлеңкеге деді дарақ:
– Орынсыз өте кейіп, кеппе, – деді.
Көрінген көзге бұрын гөзалыңды,
Тайдай-ақ тапырақтап теппе, – деді.
Тікемнен тілеп күн-түн тұрмын, міне,
Жатырсың сен шалқаңнан текке, – деді.
Кеудеңді кеші-күндіз көтермейсің,
Ұқшатып өзіңді-өзің бекке, – деді.
Көресің күннің түрін түрегеліп,
Көз салсаң күңкілдемей көкке, – деді.
Күн шығып, күллі әлемге нұрын шашып,
Келіп түр осы уақыт екке, – деді.
Қиянат қай уақытта қылмасыма,
Келтірме көңіліңді шекке, – деді.
Көзіңді аш, көрем десең көтер басың,
Сын тағып серігіңді сөкпе, – деді.
Тамсанып таба алмай сөз айтатұғын,
"Қойшы" деп, қолын сермеп жек көреді.
Әдетін о баста еткен қоя қойып,
Тұруды тағы ар-намыс, кек көреді.
Жолдасың жарым болса сол сияқты,
Оң келмей өзіңменен шеп келеді.
Мойнына өз ұятын өзі алмай,
Қыңқылдап құлақ құртыңды жеп келеді.
Қандайша қамқоршылық қылғаныңмен,
Кемісін сенен көріп шектенеді.
Талапсыз табылатын ешнәрсе жоқ,
Дегенмен Жаппар Алла жеткөреді.
"Бекерден Тәңірім безер" дегендей-ақ,
Өмірін өкінішпен өткереді.
Таңырқар тәбіп150 біткен таппай лаж,
Дауасыз, дәрі қонбас дерт көреді.
Күдерін үлкен-кіші үзгеннен соң,
Абыройдан оған есік бенттеледі. 151
Ұйқыда өне бойы жата берсең,
Үстіңе ұйтқып жанған өрт келеді.
Жолыңды қашатұғын қамданып қой,
Маңдайға нендей меһнет дөп келеді.
Тереңге тұңғиықты түсіп кетпе,
Сасқаннан деп: "Осы ара өткел еді".
"Қауіп-қатер қай жағымнан қаптайды?" деп,
Талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі.
Ойласаң ер — шабандоз, талап — бедеу,
Мақсұдың көңілдегі — көкпары еді.
Беретін бәйге алып бедеуіне,
Жем, суды жетерлік қып көп береді.
Күтініп сен де сондай күшіңе кел,
Тұс-тұстан тұтысар ер көп келеді.
Оларға амалын қыл ұстатпаудың,
Деп жүрме: "Дала майдан кеп-кең еді".
"Осының, өй, несі бар?" дегендердің,
Олжасы көпке түсіп кеткен еді.
Қайтадан қолға еш нәрсе түсіре алмай,
Қан жұтып қайғы-қасірет еткен еді.
Білгеннің, білмесе де, тілін алған
— Ойға алған орынына жеткен еді.
Жақсыны жат санама, жатта сөзін,
Деу қате: "Шегі басқа, шеттен еді".
Ленин о, дариға, кешегі өткен,
Ізіне ел біткенді еріткен еді.
Қадірін қалайда да білмегендер,
Тарыдай тап бауыққан бөрткен еді.
Ізіне енді зар боп басып кеткен,
Деп отыр: "Ол ұқшасты мерт кем еді!"
Өлімі дария заңды152 даналардың,
Халыққа қаптап келген өрттен еді.
Өкінбе, оның салған жолымен жүр,
Ағаш ат153 әркімдерге ерттеледі.
Отырған орнына оның шәкірттері,
Табылар не керегің кенттен еді.
Ізіне ертелі, кеш ер осының,
Ойлы ерлер кендікке елді еліткен еді.
Дамолла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Алғаусыз айтқан сөзім женттен еді.
1924.
АРАМ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Бухара Шәриф шәрінде,
Бар еді бір һарамы.
Кеші-күндіз іздеген,
Ұрлық еді талабы.
Әзіреті Бәһәуеддинге,
Жығылып тұр ед сол кезде,
Жер жүзінің адамы.
Мен-дағы барып зиярат,
Қылайын деп көңіл етті,
Кәсібінде жүріп манағы.
Барып Бәһәуеддинге:
– Ететін ісім – ұрылық,
Мен адамның салағы.
Қысылғанда қол берсең,
Алып келіп берейін,
Деді бір тайдан тананы.
Қолжазба қылған кәсібіңнен,
Ескерермін екінші,
Деп күлді ошал заманы.
Шат болып сөзге осы айтқан,
Ұрылығын ұлғайтты,
Таптым деп таудай пананы.
Жол күзетіп жарақпен,
Жолаушыны жоқ қылды,
Қан қылып қызыл даланы.
Жолдан жаран жиып ап,
Үй бұзып, аспап, мүлік алып,
Бүлдірді кент пен қаланы.
Отырып бір күн ойланды,
Беріп еді пірім рұқсат,
Ұрлықтың жоқ деп залалы.
Бәһәуеддин бұл күнде,
Сияқты шексіз болып түр,
Коһиқаптың маралы.
Мен, мысалы, мерген ем,
Кеуілімді — киік қылар,
Қылмасам оны жаралы.
Жайнамазын ұрлап ап,
Үстінде оның айтайын,
Жан-ділмен Аққа сананы.
Осыған қойып көңілін,
Қараңғыда қадақтап,
Деп шықты үйден баралы.
Құбылаға қарап ол Уәли,
Отыр екен шығарып,
Сұбхан Алла сананы.
Бойраның жатты астында,
Келістіріп, кеткен соң,
Ұрлаймын деп ананы.
Сол сағатта самсаған,
Сәлделі өңшең келді адам.
Саны отыз, қырық шамалы,
Бір-бірлеп Бәһәуеддиннің,
Қолын алып болған соң,
Бірі айтты осы наманы.
– Ей, тақсыр, тауып беріңіз,
Біздерге керек бір адам,
Көп бол сын қылған амалы.
Жасырынып жатса да,
Қожайын Бәһәуеддиннің,
Болып еді мұнан хабары.
Сұрағандарың сол болса,
Астында жатқан бойраның,
Деді ашып ал ананы.
Біреуі барып қараса,
Белгілі бейбақ баяғы,
Күнәмен толық қанары,
Біз біз мұнда жатқандай
Тәлтіректеп тар жерде,
Көргендей, үрікті, араны.
Тәбессім154 таһқиқ155 еттіде,
– Әкел, – деді, етейін,
Сіздердей сол бейшараны.
Отырғызып алдына,
Арқасына ұрып еді,
Жоғары ұры қарады.
Жеті қат аспан үстінде,
Әмірімен тұрған Алланың,
Көрді аршы ағланы.
Қарап еді төмен көк өгіз,
Көрінді оның көзіне,
Көтеріп тұрған сараны.
Пір назары түскен соң,
Тәуба етіп тамам ісіне,
Құдаға қылды наланы.
Осы келген адамдар,
Қырық шілтен екен кәдімгі,
Қолдайтын хан мен қараны.
Болады екен бір адам,
Толтырған тасбиһ таһлилге 156
Қан менен көңіл тәнәны.
Сүйтсе өліп орнына
Ылайықты ер іздеп
Қыдырған екен саланы.
Дағдарған соң дәл сол түн,
Келген екен кеңесіп,
Уәлидің ғой деп таланы.
Қысқасы сөздің, сол жерде,
Қасылқастың157 өзі боп,
Солардың болды жараны.
Не болар деп болмайды,
Адамизаттың баласын,
Көтерілсе таланы.
Жазық — көп, жеткер өзің,
Хақ, Шапағатыңнан сондайша
Майданында махшардың,
Қан қылмай жігер параны.
ҚАМЫС МІНГЕН ХИКАЯСЫ
Өмірі соққан желдей адамзаттың,
Қызығы түс сияқты көңіл шаттың.
Жүз жылғы "айшы әшірет"158 аңғарғанға,
Болмайды шамасындай бір сағаттың.
Мал, мүлік, мәртабаға мәз боламыз,
Мағынасын ойламастан бұл ікіматтың.
Бәндеден бұл сияқты, бей опадан,
Ылайық шама келсе қалмағы аттың.
Нішана аз болса да бола ма, – деп,
Мазмұнын өлең қылдым бұ ікаяттың.
– Бар еді баяғыда бір жақсы адам,
Ақыл мен жұртты билеп алған тамам.
Шарт қылды ол жүз адаммен ақылдасып,
Бір сұлу іздеп жүріп, қатын алам.
Әр күнде бір адамнан ақыл сұрап,
Өткізді неше уақыт, неше заман.
Бірі оны, бірі мұны айтқан болды,
Ойынша өздерінің жақсы, жаман.
Кісімен тоқсан тоғыз кеңес қылды,
Шарты бар жүзді тегіс түгендеуге,
Біреуін үйден шықты іздеуге енді.
Бір қатын бітсе шартым,– деді, алайын,
Кеңесіп көше үстінде көрсем кімді.
Балаша қамыс мініп біреу келеді,
Адамдай адырайып болған жынды.
Деп айтты келе жатып: – ая, адам,
Ат басар аулаққа қаш алып білді.
Ойлады "жынды екен,– деп, жарым есті",
Айтайын бұғандағы бұл кеңесті.
Берсе де не деп жауап, "жарайды" деп,
Қояйын, қатын алып, бұл жүрісті.
Мақсұтын ойындағы білдіруге,
Жындыға жақын келіп жолығысты.
Тайрақтап олай, бұлай жүгіріп жүр,
– Атымның тоқтамайды,– деп, басы күшті.
Тоқтады жақсы жігіт, "не дейсің?" – деп,
– Кес-кестеп неге алдымды бөгейсің, – деп.
– Арнайы айтатұғын болса сөзің,
Қасыма неге жақын келмейсің, – деп.
– Мен өзім інабатсыз диуана едім,
Сен мені адам біліп елейсің, – деп.
Көңілі жолыққанға жүдә қош боп,
"Тұқымың, – дұға қылды, көбейсін!""деп.
Жігіт ем жеке жүрген, алмай қатын,
Сал менің сауалыма ілтипатың.
Бабында қатын алмақ жүз адаммен,
Бар еді ойласуға уағда, антым.
Кісімен тоқсан тоғыз кеңес қылдым,
Данышпан, не бір дана баққан халқын.
Жындыдай көрер көзге көрінсең де,
Тимейді құлағыма сөзің салқын.
Сөйлессем сеніменен шартым бітер,
Қатынның баян айлап білсең парқын.
Қатынның білем деді, неше түрін,
Талайды көрген ермін сенен бұрын.
Іс қылмақ маслихатсыз — мәжнүн ісі,
Көппенен кеңескенің жақсы, дүрім.
Ақылдың артық баға сабынымын,
Мен сенің кетірейін кеулің кірін.
Жүрісім көзге мұндай көрінсе де,
Артықша андағанға сөзім шырын.
Үш түрлі әйел болады анда, жаным,
Осының тәуірін ал, болса малың.
Басыңа біреуінің пайдасы бар,
Пайдасыз біреуі қаш, келсе хәлің.
Бірінің пайдасы мен залалы тең,
Осыдан хабардар бол, берсең қалың.
Болады құдай қосса пайдалы қыз,
Бір қыз ал қалың малы болса да жүз.
Біледі қадырыңды болмаса ақымақ,
Өзіңді сыйлап күтер кеші-күндіз.
Балалы, байды өлтірген қатын алсаң,
Көрмейсің одан пайда, күдеріңді үз.
Қаншама тәрбиелеп баққаныңмен,
Жәй сөзің жүрегіңе болады мұз.
Мүбада, баласы жоқ болса-дағы,
Оны да ала қойма "болар, – деп, – түз".
Бірде жөн, бірде қисық, бұраң болар,
Әйелдің неше түрін сынағанбыз.
Ықтымал тигеннен соң, туса бала,
Ылажсыз онда жүрер сыйлап қана.
Баласыз тұрғанында тулап тайдай,
Болады қайткенменен кеулі ала.
Ойына өліп кеткен ері түссе,
Ісіңді я бітіреді, яки шала.
Түсінсең осылайша болар, жаным,
Үш түрлі әйел шәрһи айтқан мына.
Деп айтты: – Бәрекелді, екенсің дүр,
Сыйлайын сені апарып үйіме жүр.
– Жоқ, – деді, бұл ақылды айтқан іш кім,
Үстіңе Жаппар Алла жаудырсын нұр.
Я патша, я беклікке ылайықсың,
Себеп не мәжнүн болып жүруге құр?
Мен сені тегін адам демей тұрмын,
Мұныңның мағнасын айт, тыңдайын бір.
Мен өзім шын тазайым едім әулет,
Бұрынғы бабаларым әкім болып,
Салтанат көрсетіп еді көпке сәулет.
Дүниядан солар сапар шеккеннен соң,
Біздерге қол ұсынды келіп нәубет.
Падыша бұйрық қылды бол,– деп,– қазы,
Қарыжың қазынадан қысы, жазы.
Халыққа шәрһи үкімді жария айлап,
Үйінде жал-жая жеп, отыр мәзі.
Шарласам шаһі әмірін, шерменде боп,
"Қалармын,– деп, – болмадым мен біразы".
"Тұтпасаң әмірімді өлтіремін,
Атаңның келе жатқан бұл мұразы".
Деп қатты ықтиярсыз қылды қысым,
Аңладым айналғанын теріске ісім.
Ойладым өз-өзімді жынды қылып,
Осыдан құтылайын, келмес күшім.
Қамысты балаларша ат қып мініп,
Жынды боп жүрмін, жәнім, әнің үшін.
Мұнымның себебі сол, сауал қылсаң,
Болмаса топ-толы ақыл іші-тысым.
Сөзіне осы айтқан қалды аң-таң,
Таңданды "бар екен деп мұндайша жан".
Биліктен бүгінгілер қашу түгел,
Ант айтар "таласам, – деп, – келсе шамам".
Жаһанның айуанын159 кең десек те,
Енді жоқ іздегенмен ондай адам.
Үйіне алып барып, құрмет етті,
Астына ат мінгізіп, жауып шапан.
Осының айтуымен алып бір қыз,
Туады нәсілінен талай ұғлан.
Тамаша айша әшірет қызық көріп,
Айлады сосын раһлат бұл дүниядан.
Қатынның тұл боп қалған жоқ пайдасы,
Болады жеңуге ерді көп айласы.
Қызбенен ерден қалған қатынды алып,
Нанбасаң бұл сөзімді абайлашы.
"Бесік көргенді ал, есік көргенді алма" деген,
Қазақтың қата емес нақылиясы.
Муапық160 осы айтқанға ойға келді,
Өткеннің және де бір ікаясы.
Егесі парасаттың бар еді алым,
Қамала қай жердегі халыққа мәлім.
Пәк нәсіл бір жақсының қызын алды,
Неше мал, неше мың сом беріп қалың.
Қыз-дағы көп оқыған молда еді,
Ылайық бір перизат деуге "ханым".
Арамға өз еркімен жоламайтын,
Тамиғы өзімен тең анық әнің.
Бір күні ауырды қыз болып қаста,
Жақындап жазылулы тағдыр баста.
Ол қыздың алым келіп әлін сұрап,
– Айтатын сөзің бар ма,– деді, басқа?
Баяғы өз үйімде жүргенімде,
Далаға шығып едім ойнай жаста.
Қойшысы бір араптың ұшырасып,
Қоймады көп қорқытып, тіл алмасқа.
Ақыры зорлық етті бермей ерік,
Мені онан айырмады ешкім көріп.
Үйіме жіберген соң, жылап келдім,
Ылажсыз аманатты соған беріп.
Бетбақтың сондағысы түссе ойыма,
Сүйегім қорғасындай кетеді еріп.
Қызығы көңілімнен кеткен емес,
Болса да ықтақатым161 сізге берік.
Мен өлсем қыз алыңыз, алма қатын,
Сізге айтар менің осы нахылиятым.
Дүниядан уақытым бітті, енді өлермін,
Біреудің кәйтсең де ал пәкізатын.
Биуа162 байды өлтірген қатынды алсаң,
Күннен күн күңгірт тартар көңіл шатың.
– Айтатын мұнан басқа сөзім жоқ, – деп,
Айлады Аққа тәсілім аманатын.
Сопия163 әйел еді жақын Аққа,
Көп аса көз салмаған арам жаққа.
Көңілі сол жігітте жүреді екен,
Алымды, сырын айтып, қойды даққа.
Жақындық зорлықпенен болса-дағы,
Сонда екен ықыласы әр уақытта.
Қалайша кісінікі қатын болар,
Ойлашы, есің болса, бұған бақта.
Қыз алмай, қысқасында әйел алсаң,
Алғаның сау басынды машақатқа.
Мүбәда, қыздай алған жарың өлсе,
Талабың болсын тағы қыз алмақта.
Болғанмен асылы әйел қанша айтқанмен,
Болмайды онан артық еш уақта.
Ерлерім, етпей күмән, есің болса,
Осы айтқан үгітімді ойға сақта.
Қиялым қысқартуды қылды талап,
Шұбалтпай сөздің соңын көп ұзаққа.
ЖЕСІР ҚАТЫН ХИКАЯСЫ
Ей, тілім, сөйле шірін, тапсаң тымсал,
Тірілік тұрмас дауам, тербеніп қал.
Асылың, абайласам, гүл сияқты,
Бір салқын, сап боларсың, соқса шамал.
Қамың қыл, қалдыр нішан кейінгіге,
Қашсаң да қай тарапқа, қоймас ажал.
Онан да өткендерден бір ікая айт,
Тіліңнен, татар әркім, тамызсаң бал.
Жауһар кітабынан назым етіп,
Жақсылар, сөз толғадым қулағың сал.
Бар еді ілгеріде бір жесір қатын,
Пәк еді пәдібештен зәһірбатын. 164
Дауамат тұғырлықты талап айлап,
Тұтушы еді шаһдіннің шариғатын.
Ол өзі ұғылына қауақ беріп,
"Су әкел, – деді, – жылдам, қолқанатым".
Жүгіріп суға қарай кетті бала,
Қош көріл анасының мархаматын.
Ойнаған балаларды көріп жолда,
Қауағын қойды жерге тұтқан қолда.
Бас ұрып балалықтың базарына,
Киіктей, кетті жосып, тапқан орда.
Көппенен күн батқанша күліп-ойнап,
Қауағын алып кешке, қайтты зорға.
Айтқанын орындамай келгеннен соң,
Анасы ашу айлады ошбу порма.
Деді: "Ей, Ақтан қорықпас бәткәр165 балам,
Ойлашы, не деп еді, мана анаң?
Анамның айтқан әмірін орындамай,
Болмай ма, – деп ойласаң, – не деп барам?
Қауақты құр әкеліп құтыңдайсың,
Көзіме көрінбей кет, құрсын қараң!
Тілазар, теріс тамыр, сен сияқты,
Баладан безсе болар туған арам.
Мен безер, мұнда тұрма, далаға кет,
Баланың керегі не етпесе үрмет?
Тәрбие сен етпесең, Тәңірім етер,
Бар енді, өз басыңның өлмесін ет.
Шарманда шаршы топта болуменен,
Боларсың арасатта Аққа да шет.
Ол бала бір тарихта үзір166 ойлады,
Қарсы алып, қалмаса да қарауға бет.
Өзің біл, идім басымды, ей меһрібан,
Қаншама қызметінде қинасам жан.
Ақыңның мыңнан бір ада болмас,
Етпесең ақ сүтіңді өзін, ихсан.
Айыбым айтарға жоқ болса-дағы,
Тыңдаңыз дадымды осы, тоқтап заман.
Мен сізді кейітейін деген жоқпын,
Болса да бұйрығыңыз бітпей қалған.
Жолымда балдар көрдім өзім теңді,
Әннен соң ұғландықтың күші жеңді.
Кетіпті айтқаныңыз ойдан шығып,
Алдыңа ұялумен келдім енді.
Өтініш, осы еткен кеш кінәмді,
Қауағың қалайда да сынбай келді.
Баласы бұлайша сөз айтқаннан соң,
Бауыры бордай болып егітілді.
Айтқаны ұғылымның екен мақұл,
Көп екен кәйткенменен кеулінде ақыл.
Ұмытып ойынменен кетпегенде,
Жоқ екен жарлығымды көрген сәһіл.167
Қайтер ем ессіз бала есеңгіреп,
Қиратса қауағымды, жүріп қапыл.
"Садақа бастан құлақ" дегендей-ақ,
Айтыппын аңламай сөз, болдым пәһіл. 168
Деп дереу баласының сүйді бетін,
Перзентін кім жек көрер — бауыр етін?
Басынан пәруана бола берді,
Әйел ед ақылы кәмбіл, жөн білетін.
Алдына неше түрлі қойып тағам,
Исініп есіркеудің етті іретін.
Қауағын берді иманның бізге Сүбһан,
"Толтырып тағат суын күй", – деп оған.
Жүргенде һай-һаусатың базарында,
"Ет!" деген пәрманы Хақтың ұмытылған.
Күтініп күн ілгері ол қауаққа,
Суынан сақауаттың жоқ құйылған.
Құдай – бір, Құраны — шын, Пайғамбар — һақ,
Дегенге, "Жоқ, – деп жүрміз, – қауақсынған!".
Болмаса орындалған қызмет кем,
Қате көп ешнәрсемен толмастай тең.
Дегенмен әлгі ұғланның анасынан,
Не сөз бар, Пәруардигәр169 қаншама кең!
Қатесін құлдарының алу айлап,
Десе егер, ғажап емес: "Ұжмаққа ен!"
"Үзбе, – деп, үмітіңді раһматымнан!"
– Өзіңнің Кәләмінде айтып ең, Сен?!
"Қалайда тасқыннан құр тастамас", – деп,
Разылығынан Хақтың үміт қыламын мен.
Деп молла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Оншама өлең сөзге емеспін кен.
ДӘРУІШ ХИКАЯСЫ
Кидіріп бір кедейге бейбәһә тон,
Сұлтаны Шам Шәриптің беріп ет шен.
Соны да тыңдасаңдар сөз қыламын,
Дертіне қасталардың болғандай ем.
Шам шаһі отыр еді мәжіліс құрып,
Бір дәруіш "Алла һу" деп келді кіріп.
Көтеріл дүршілікте дәрәжасын,
Ортадан орын берді, бәрі тұрып.
Үстіне отырғансын көзін салса,
Киімі кір-кір, көне, тұрған іріп.
Жерінің жүзден артық жамауы бар,
Құрымдай құрастырып, қойған іліп.
"Келдің деп кір киіммен қалайынша?"
Шам шаһі шамырқанған ашу қылып.
Айбынбай айбатынан ондайынша,
Бұлайша берген жауап дәруіш күліп:
– Қисынсыз маған қаһар қылма, – деді,
Арзамды айтатұғын тыңда, – деді.
Дарақтай миуалы болғаннан соң,
Келіп түр көлеңкеңе жұмла, – деді.
Берген соң береке Алла, беріліп тұр,
Миуаң минөтінде мыңға, – деді.
Сүйретіп қуанғаннан құрымымды,
Бар ма айыбы келуімнің мұнда?– деді.
Қасыңнан қалпымда осы қайтып шықсам,
Қаларсың қалайда да сынға! – деді.
Сөзіне осы айтқан езу тартып,
Уәзірдің біреуіне ымдады енді.
Шықты да уәзір келді бір тон алып,
Түріне таңырқайтын көрген халық.
Тастатып кір киімін, кидірді оны,
Иініне қадатып шен, зор бәһәлық.
Тарлық тон тәрізінде, кендігі Ақтың,
Көз жетпес көл сияқты шәһіналық.
Шырайы шыққан күндей тасып оның,
Тарқады көңілінен бар қапалық.
Басына бақыт қонып, орнап ықпал,
Өлгенше өтті "Тойған марка" атанып.
Кигенмен күнә киімін, көп шошынар,
Бұлай деп бастан тұман тарқатамын.
Үмитхор, ойлағанға, қауіп, — қорған,
Ие бол екеуіне де, берме қолдан.
Қауіп, үміт ортасында өте қойсаң,
Болады ақыретте ұжмақ — ордаң.
Қалатын төрт-бес күнде тегістеліп,
Салынған үй сияқты өмір бордан.
Тағдыры тәмам болған уақытында,
Жан бар ма аман қалған түспей тордан?
Дүния қарары жоқ қар қатындай,
Құтылған қылып тәсіл талай зордан.
Бәдбаққа бұл сияқты берсең кеуіл,
Болғанмен бәһайымсың, адам пормаң.
Мал, мүлік, дәулет пенен дәрәжаның,
Мазасы, андағанға, ащы сордан.
Төрк етіп Тәңірі әмірін талтақтама,
Тілләға толғанменен қап пен дорбаң.
Ырза бол, әзіріне осы болды,
Сендерге сөз сұраған берген шорнам .170
СҮЛЕЙМЕН ХИКАЯСЫ
"Ер" деме елге зұлымдық еткендерді,
"Бай" деме бейсахауат171 өткендерді.
"Дана, – деп, – дария заңлы" дәріп етпеңдер,
Соңына сөз тастамай кеткендерді.
Байтаққа баласынбай, басшы етіңдер,
Ақылы әр орынға жеткендерді.
Қойсаңдар, халқым, құлақ, сөз қылайын,
Ізіне ел біткенді ерткендерді.
Дүниядан Дәуіт мұрсал көшерінде,
Жұртының жинап ақсақ, мешелін де.
– Өт, – деді, барлығың да болса ақың,
Тәңірінің таңыла қоймай есебінде.
Бәрі де болып ырза, жасын төкті,
Олармен кім бар дейсің болған кекті?
Қалипа қай баламды қыласыңдар,
Деп жиды жана-дағы уәзір, бекті.
– Ой, пікір бәрімізде қысқа, – десті,
Шықпаймыз бұл тұғырда тысқа, – десті.
"Балаға, асылында, ата сыншы",
Өзің біл, өзге жанды қыспа, – десті.
Дәуіттен он екі ұғыл өріп еді,
Анасы он бірінің бөлек еді.
Сүлеймен бір анадан жеке туып,
Болғанмен бәрінен жас, зерек еді.
Бәрінен Беһішуха үлкен еді,
Ел біткен айбатынан үркер еді.
– Орныма осы ұғлым отырсын, – деп,
Бектерге беріп ұрықсат бүркенеді.
Анасы Сүлейменнің көнбей бұған,
– Келіссіз кеңесіңнен, – деді, – шығам!
Үлкені бәрінің де болғанменен,
Ылайық емес оған алтын жығаң.
Сұлтан қыл Сүлейменді, ақылы артық,
Ақылмен аспандағыны алар тартып.
Иелік елатыңа ете алмайды,
Миы аз меңіреусіген ондай мәртік.
Кәйткенмен кеңестері келіспеді,
Айтқанын бір-бірінің "теріс" деді.
Қайтадан хабар тауып, халық жиналды,
"Екеуін қоймайық, – деп, – керіскелі".
Алла үйген Дәуіт асқар дөңес еді,
Білімсіз бибісі де емес еді.
Кеңесіп кеші-күндіз кең ойлылар,
"Ылажы осы істің не?" деседі.
Бес сауал екеуінен болды сұрамақ,
Тапқаны отырсын, – деп, таққа орнап.
Өкпеге ой қылысты, қалармыз, – деп,
Сөз айтсақ бірін сыйлап, бірін қорлап.
Әуелі Беһішухаға болды бармақ,
Ер ед, – деп, – небір нәһанға салған қармақ.
Барғанмен бесеуінің бірін білмей,
Секілді сөздер айтты арпа, жармақ.
Көп көңілі Беһішухадан тоқайрады,
Болғансын жұрт қандырар жоқ айраны.
Әулеті атақты ердің болғанымен,
Әрқашан ақылы аздар қоңаймады.
Келді олар: – Сүлейменнен сұрайық, – деп,
Мұның да байқап, тегін сынайық, – деп.
Бесеуін берсе тауып, баласынбай,
Қалипа қалайда да қылайық, – деп.
Тіккені Сүлейменнің шатыр еді,
Шалжиып шалқасынан жатыр еді.
Болғанмен мөһерлі172 би, қаһарлы хан,
Жасқанбас жас та болса батыр еді.
Үстіне кіріп келді өңшең ұлық,
Оларды көрген заман тұрды күліп.
– Қайырлы қадамдарыңды Алла етсін, – деп,
Көрсетті төрден орын, тағзым қылып.
Бәрі де, балалықпен күлер, – деді,
Ұятын үлкейген соң білер, – деді.
Сұрайық сайлап келген сауалдарды,
Үзбей-ақ күлді ғой деп, күдер, – деді.
Кәпір мен қайсысы көп мұсылманның,
Өзісің жардан жаңқа ұшырғанның.
Білгірсіп, бәріміз де жүрсек-тағы,
Таба алмай, тап өзіміз, қысылғанның.
Тағы да еркек көп пе, әйел көп пе,
Мұны да айт, "білмедің", – деп, бізді сөкпе.
Нәрсенің жаһандағы жақсысы не?
Кептірдік көп таласып бұған да өкпе.
Жаман не бұл дүнияда баян айла,
Шірін тіл, шәһізадасың сөзің майда.
Үшінші нәрсе үстіне қосылмаса,
Нәрседе екі түрлі жоқты пайда.
– Уа аликумүссалам!, – деді сонда,
Кісі жоқ кіріп үйге келген онда.
Қарасты бір-біріне "бұл қалай?" – деп,
Болды-ау, – деп, тұтынғандай бізді қорға.
– Сол ма, – дед, – сауалдарың? – онан кейін,
– Тыңдаңдар, – деді, – Айтайын, қойып зейін.
Кәпір көп мұсылманнан байқауымда,
Десеңдер дәлеліне көрсетейін,
Шын кәпір мұнапықпен арақ ішкен.
Болмаса сақтанар еді арам істен.
Білдің, – деп, бәрі-дағы басын иді,
Ерлердің әдеті ондай сөзге түскен.
Екі есе еркектерден болар қатын,
Қатынның қолға алса кім мәслиһатын.
"Қатын" деп оған-дағы қол қойыңдар,
Кетіріп кек тұтса да еркек атын.
Қатынмен бірдей болар жалған айтқан,
Ажарлап анық сөзді жалғап айтқан.
– Рас,– деп, мұның-дағы қол қусырып,
Құрметтеп, қошеметті арнап айтқан.
Жақсысы бұл жәһанның — адал қатын,
Шығарар шын асырап ердің атын.
– Таптың, – деп, мұқны-дағы түрегеліп,
Айтысты тапқан мақтап марһаматын.
Кәпірлік бұл дүнияда жаман, – дейді,
Жұрт оны жек көреді, тамам, – деді.
Болғанмен дүнияда бектің бегі,
Ақ қылар қияметте қабан, – деді.
Деген соң барлығы да мұның мақұл,
Пайда жоқ, – деді, ажарда, болмаса ақыл.
Екінші мал, мүлікте манпағат173 жоқ,
Ішіп, жеп тойынбаса міскін, пақыр.
– Бәрін де, бәрекелді, таптың, – десті,
Берген соң Алла артықша ақыл, – десті.
– Дәуітке мұны мағлұмет етелік, – деп,
Дүркіреп, дүрін шаша, дүрлер көшті.
– Сүлеймен барлығын да,– деді, – білді,
Орынсыз, біз барғанда, бірақ күлді.
"Уа әликумүссалам!" деп жана да,
Отырып өз-өзінен шығарды үнді.
Осы еткен екі ісін көрдік айып,
Болмаса, болар сізге анық найып.
Орынсыз неге ондай етті екен, – деп,
Отырды Әзіреті Дәуіт көп мұңайып.
Алдырып, Сүлейменге деді: – Балам,
Біліміңе, бәрекелде, таңданды алам.
Болыпты екі айыбың, себебін айт,
Есітсін осы отырған дос пен жаран.
Себебі күлгенімнің, – деді, онда,
Жүгіріп бір құмырсқа түсті жолға.
Артынан бір құмырсқа айқайлады,
Сөз айтып сүйсінерлік ошпу порма:
– Тоқтай түр, Сүлейменге бір жетелік,
Шүйінші сұрап, оны ырза етелік.
Айтқанын осылардың тауып берсе,
Жаһанға патша қояр "пір" көтеріп.
Қуанып, оны есітіп, езу тарттым,
Еріксіз ол ұятты үстіме арттым.
Шара жоқ шақырған соң келдім енді,
Өзіндей қаһарынан қорқып қарттың.
Бұларға отырғанда "не деймін?" – деп,
Алдыма тағы да бір құмырсқа кеп:
"Ассалаума әлейкум!" деді-дағы:
– Несіне отырсың, – деді, – уайым жеп?
Жауабын бәрінің де мен беремін,
Мүшкілді мұндай неше меңгеремін.
Бес түгіл, бес мың сауал сұрағанмен,
Алдыма аблықпай-ақ өңгеремін.
"Уа әликумүссалам!" дедім оған,
Тартқансын тәуір көріп мені қоғам.
Болды оның айтуымен, асылында,
Олардың сауалына берген жобам.
– Жүр едің құмырсқаға,– деп ем, – қайда?
Мен таптым сен кездесіп, сансыз пайда.
Ол айтты: – Өткен кезде көп лашкермен,
Қылып ең көріп мазақ пәлен жайда.
Жүр едім ондағы ойлап азарыңды,
Болған соң бұлар бұзар назарыңды.
Жақсылық жамандыққа етейін, – деп,
Кіргіздім арашалап ажарыңды.
Құмырсқа "қош енді!" – деп, қайтып кетті,
Айыбымды өткендегі айтып кетті.
Қор көру қай нәрсені болмайды екен,
Білімге бұлайынша байытып кетті.
Еміреніп, есіткен жұрт таңырқасты,
Сәждеге Дәуіт нәби қойып басты.
– Болсын, – деп, – балам құтты
Халифалық, Көрсетті Сүлейменге ықыласты.
Ырза боп, ықлас қойып, иді басты.
Есітіп Беһішуха бұл сөзді енді,
– Бұл іске көнбеймін, – деп, көпке келді.
Ініге аға барда бар ма рет? — деп,
Үркітіп ұрысып, сөкті осынша елді.
– Берсеңдер қандай сауал одан өзге,
Шешер ем кідірместен, – депті, – ілезде.
Беһішуха көнбей көпке жатқанында,
Жебрейіл жетіп кепті тап сол кезде.
Қолына Беһішуханың беріп қарман,
Деп айтты болды бұйрық Хақтан парман.
Қарманда не зат барын таба қойсаң,
Бол, – депті, – елге патша етпей арман.
Біле алмай бұл қарманда ненің барын,
Боп қалды Беһішуханың көнді жарым.
– Сен тап, – деп, -Сүлейменді ортаға алып,
Өтінді уәзір мен бек өңшең алым.
– Ішінде Ақтан келген хат бар, – деді.
Бес түрлі онда айтылған ақ бар, – деді.
Кімде-кім ол бесеуін берсе тауып,
Халық оны Халипа ғып мақтар, – деді.
Ол бесеу — бүтін қайсы, жарты қайсы?
Нәрсенің нәрсе емеспен парқы қайсы?
Мысалдас ешнәрсеге болмайтұғын,
Нәрсенің аламға айқын шарһы қайсы?
Қарманды онан кейін көрді халық,
Оқысты ішіндегі хатты алып.
Сөздері Сүлейменнің шын болған соң,
Деді олар отыртайық таққа апарып.
– Бұлардың, – өтіністі, – шәрһін шеш, – деп,
Бас ұрды Беһішуха да айыбым кеш, – деп.
Екеуі ең соңында құшақтасты,
– Болмайды туысқанда араз, өш, – деп.
Сүлеймен депті: – Айтайын, тыңда, халқым,
Бүтін сол — әр нәрсенің білген қалпын.
Жамандар жар көкірек, парасатсыз,
Жарты сол — ешнәрсенің білмес парқын.
Нәрсе сол — орындаса сертін айтқан,
Нәрсе емес — айта салып, серттен қайтқан.
Мысалдас ешнәрсеге емес құдірет,
Не қажет ретсіз құр сөзді ұзайтқан.
Еміреніп, есіткендер таң қалысты,
Халифа етпекке оны қамданысты.
Талапкер туыстары бір ауыздан,
– Қойдық, – деп, – қол көтерді ар-намысты.
Отыртып пайтақтыны Дәуіт ағзам,
Тапсырды Сүлейменге алдағы істі.
Халық тегіс Халифаның тілегінде,
Жалыньш жаратқанға жалбарысты.
Қызметке бек пен уәзір, білімпаздар,
Міндетке олар да арнаулы алған істі.
Атаның ауытқытпай, ұстап салтын,
Алжассыз атқарды әрбір аңлап істі.
Жайылып жаһанға аты шаһы Сүлеймен,
Қырандай жаңа түлек парлап ұшты.
Аға-іні, алдарыңа ұсынылды,
Азсынбай етіңдер, – деп, – алданышты.
Жолдаушы жазған жұртқа Тұрмағамбет,
Дәуіттің кезінде бір болған істі.
НУШАРУАН ХИКАЯСЫ
Бақ құсы баяндаса бастарыңа,
Жұмыс қыл, жарасарлық наштарыңа.
"Жаспын" деп, жауға қарсы шаба берме,
Ақ кірер әлі-ақ бір күн шаштарыңа.
Сор жерге шөп шықпайтын шығыр құрып,
Егінді өкінерсің шашқаныңа.
Ата-ана, ұл менен қыз, аға-інінің,
Күндер бар көз сала алмас сасқаныңа.
Тұтқында тұтынсаңдар қалмассыңдар,
Сәруардың салған жолын асхабына.
Достының дінін абат қылғандардың,
Жеткізер Жаббар қолын аспанына.
Миуалы бітсе дәулет дарақтай боп,
Кем-кетік көздерің сал аштарыңа.
Аларға қылсаң, Хаққа қылған қайырың,
Түседі таңда меһшар тастарыңа.
Жетімді жесір менен жұбатсаңдар,
Гүл көктер көзден тамған жастарыңа.
Әлбетте, ақыреттің ойлап қамын,
Қауағын қайырияттың ас қарыңа.
Қарындай қайыриятқа қарсы тұрып,
Кетпендер жәһәннәмнің аспалына. 174
Жәһанға жақсы аттарың жайылғансын,
Халық қонар қоңсы болып қастарыңа.
Ер болсаң, елатыңа тисін пайдаң,
Ит те еңбек етеді өз бас қамына.
Масығып мал-мүлік пен мәртабаға,
Кеуілдің кір жуытпа астарына.
Әдеті әзәзілдің абайласаң,
Ұқшату өзін жаудың асқарына.
Жаббар Хақжанабынан жырақ қылған,
Әлінен айлап қаһар асқанына.
Санасаң өзіңді зор, өзгені — қор,
Күнәнің кездесерсің асқанына.
Бұл сөзді күшейтетін көп айтпасақ,
Құр сөзді қойды, – дер халық, – бастады да!"
Нушаруан жиып бір күн жұртын тегіс,
Жібектен жайған кілем астарына.
Сұраған қол қусырып не жақсы деп,
Жәһәннің біз сияқты мастарына.
Кең ойлы, көп оқыған бар еді алым,
Жазылған аят-хәдис дәстарына. 175
Ол айтты: – Қатын, өлім, жоқтық жақсы,
Мағынасын осылардың десең тапшы.
Анаңнан о, басында тумағанда,
Көзіңе көрінбес еді дүние нақышы.
Отырса атаң өлмей өлі күнге,
Жүрер ең мал-мүлікке болып сақшы.
Жұртыңның бәрі өзіндей бай болғанда,
Болар ең қатынға бай, құр қарақшы.
Болған соң әзел тағдыр әмір солай,
Болып жүр біреу ақсақ, біреу аңшы.
Сондықтан саған келіп кеші-күндіз,
Болып тур халық қажетін сұрамақшы.
Бітіріп бәрінің де мұқтажын,
Тартылма, тасқан судай өрге шапшы.
"Кішік бол — ұлық болсаң" дегендей-ақ,
Емпеңдеп, еліңе бол ұлтарақшы.
Ырза боп осы айтқан жауабына,
Тақтынан болды иіліп құламақшы.
Сұлудай сұңқар мойын, сүмбіл шашты,
Айтқан сөз ақылы барға ұнамақшы.
Жібектен бергенің — бір бет орамал,
Ойсыздар ұнатпас, – деп, – сені тапшы.
Ақылгөй бір уәзірін шақырып ап,
– Үстіне алтыннан тон, – деді, – жапшы!
Өлгенше ол ғалымды өте күтіп,
Тәуба етіп, дін жолына ауды нәпсі.
Солардай салтанатты болғаныңмен,
Сайлап қой сыршыларыңнан бір сынақшы.
Ақылға, асылында, тойдым демей,
Үлгі-үгіт ойлы ерлерден бол сұрақшы.
Кеңесіп кеуіліңмен көргенінде,
Секілді сен — гүлістан, олар — бақшы.
Реттеп от пен суын ертелі, кеш,
Тұратын тұлпарға да керек бапшы.
"Қолыма қалайынша түсірем?" – деп,
Аңдып жүр "ажал" атты бір дұзақшы.
Ешкімге ететұғын опасы жоқ,
Қар дүния қарары аз, құр мазақшы.
Қосылып қаннас пенен нәпсі найсап,
Бұзуға бір басынды болды уақшы.
Бермесе Тәңірі таупық, қалайда да,
Алақтап ақылдың да құрыды апшы.
Аблықпа, ал тілімді, алдынды ойла,
Күлкі-ойын көрген дәуір — көз бояқшы.
ҚАҢБАҚ ХИКАЯСЫ
Ілгергі өткен заманда,
Көріпті біреу қаңбақты.
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүреді деп қалай таңлапты.176
– Шын әулие шығар,– деп,
Ізінен еріп қалмапты.
Қасыд177 етіпті қаңбақтан,
Тарихат,178 тағлым алмақты.
Кетіпті қаңбақ домалап,
Емес қой ондай салмақты.
Жүгіртсе де, жел айдап,
Ойлапты оған бармақты.
Тығылыпты ол қаңбақ,
Тауып бір шұқыр, қарнақты.
Таба алмай тіпті дағдарып,
"Айрылдым!" – деп, аңырапты.
– Медет бер менің пірім,– деп,
Айқай салып, сарнапты.
Ақыры тауып бір шұқыр,
"Мұнда ма?" – деп, барлапты.
Жатқанын көріп түбінде,
Шыр айнала шарлапты.
– Ұйықтап жатқан шығар,– деп,
Қаттырақ қадам салмапты.
– Әдепсіздік болар,– деп,
Қасына жақын бармапты.
Ішінен шығып шұңқырдың,
Бірталай адам андапты.
– Мүриттері ме,– деп, – пірімнің,
Көзін тігіп, аңлапты.
Шілтеңдер екен осылар,
Отырған ішіп шарбатты.
Ортаға алып "һу-һулеп",
Зікір айтып маңырапты.
Шарабынан ішкізіп,
Көрсеткен оған әр бапты,
Әулие болып сол жерде,
Құнаның құрымын жалмапты.
Бұрын, соңды байқасаң,
Шын ықылас қылғанның,
Ауырып белі талмапты!
АҚҚҰС ХИКАЯСЫ
Осындай қауышқанда қатар-құрбы,
Қайтесің, кеуіліндегі шашпай дүрді?!
Жаһанға жаратылып келгеннен соң,
Әркім өз шамасынша дәурен сүрді.
Санаулы сарқылған соң демі олардың,
Қара жер қарынына бәрін бүрді.
Солардай соғып қазан, солса гүлің,
Жатарсың жай қылып ап бір үңгірді.
Бел буып бәнделікке, білімің болса,
Бұлттай біл баста тұрмайтын бұл өмірді.
һәм және бектен белгі болатұғын,
Кеп бар ма көпке ұнар, көтер дүрбі?!
Ікая Хазіреті Муса Юшаменен,
Көлайтқа қол ұстасып бірге жүрді.
Тағажып таңырқайтын көрді көп іс,
Ойқастап орындарды ойлы-қырлы.
Сап тартып, сәлем беріп тарқап кетті,
Аң келіп алдарынан неше түрлі.
Бір аққұс баябаннан болып пайда,
Қойнына Кәли мулланың179 келіп кірді.
– Қорықтың, – деп, – қай нәрседен жануарым?
Сұрап еді, бұлайынша айтты сырды:
– Қоймастан қуып келеді бір лашын,
Гүжім ең көлеңкелі сен бір бүрлі.
Мәруәтіңмен180 мәзлүмға181 айламасаң,
Қуат жоқ құтылуға, сілем құрыды.
– Жата бер жасырынып жеңімде,– деп,
Тәбәссім182 етіп, қылды жүзін нұрлы.
Кешікпей келіп сонда лашын да,
– Қылма, – дейді, – қымтап жемімді, көңілім кірлі.
Ақым бер ақтық досты болсаң анық,
Мұңайтпай мен сияқты мүсәпірді.
Шаң жұтып, шала жансар болып тұрмын,
Табым жоқ ізденуге тағы бірді.
Оған да іші, бауыры кетті елжіреп,
Есіркеп: "Екен-ау деп бұл да мұңды".
– Қой мұны, қой етінен тоярсың,– деп,
Жалынып жауырынан сипап тұрды.
– Қой етін қоқырайып, жемеймін,– деп,
Мұңайып, балалардай мойнын бұрды.
– Қоңымнан олай десең, тоят же,– деп,
Көрсетті Қали мулла көп үзірді.
– Жеймін,– деп, – ендеше, ойып екі көзің,
Түктерін тікірейтіп, бұзды түрді.
Ашып көз шалқасынан жата кетті,
– Қидым,– деп, бәдәнімнің бәрін күллі!
Шыдамай әзіреті Юша Аққа жылап,
Шаздеге сол сағатта басын ұрды.
– Досыңды,– деді, – осындай лайық па,
Құсыңа қор қылуың құрттай мұрынды.
Қалас қыл, қалайда да, қамықтырма,
Жоқ менің білерім де ешбір жүрмі.
Құс үшін қорғалаған кешті жаннам,
Жомарт сол — аямаған жанын аңнан.
Лашын аққұспенен айдан нұрлы,
Сілкініп сол сағатта боп адамнан.
Екеуі екі жаққа жүре берді,
– Риза,– деп, – ерлігіңе еткен Мәннан.
Шат болып шүкірана қылды Юша,
Құтылып бұл сияқты басы даңнан.
Жебірәйіл Макаайылмен екеуі екен,
Сынауға келген сондай осы маңнан.
Іздемек ізгілердің ісі болар,
Дауамат дариядан дүр, гауһар кәннән. 183
Әр жұмыс әнін дайын етті олар,
Дүнияның опасызын аңдағаннан.
Жетісіп ол да ләзім мақамына,
Болды айдай, он төртінші озып саннан.
Құрметтеп ғаріптерді қорғау түгел,
Жүр дейміз жеп отырған аулақ наннан.
Жазасын жаһаннамның тартсаң керек,
Жан құсы ұша қойса берген тоннан.
Бас тартып бақадарһәл бұл әдеттен,
Аларды ажыратсақ қайғы-ғамнан.
"Құлым!" – деп, қияметте қуандырып,
Сақтар Хақ соңырағы күні бізді шаңнан.
Я, Алла, баршамызға беріп таупық,
Қалыс қыл қаннас малғұн құрған жаңнан.
Дамолла Тұрмағамбет болады атым,
Бейхабар болмаңыздар бізің намнан.
Тілектес әрқашан да болыңыздар,
Оқ тиген оңалуға оқырамнан. 184
Қап, шекпен қатарында болды бұл сөз,
Шанды күн шай шаңдатып тоқып алған.
Болмаңдар сауысқанның сияғыңда,
Жауырын жаман аттың шоқып алған.
Реуін алып тастап, реттеуді,
Өтінем осы намды оқығаннан.
Жастарға жалынған соң, жазып бердім,
Бедеудей бөте сұрап оқыранған.
1927.
ҚАТЫН ХИКАЯСЫ
Үйіне бір қатынның қонды Иса,
Үйіне қой демейтін қонақ сыйса.
Төріне тұра сала төсек жайын,
Болды ойы — Иса үшін жанды қиса!
Тандырға тұрды-дағы отты жақты,
Боп қалды нан жабуға намаз уақыты.
Қамырын қалыбынша қойды-дағы,
Жаратқан жадына алып Жаббар Хақты.
Намазға қол қусырып тұрды жеңгей,
Ниеті өлуде емес нәпсін жеңбей.
Баласы ұйқысынан оянды да,
Жылады ашыққан соң емшек ембей.
Жайтаңдап, жан-жағына алақтады,
"Бай-байлап" екі қолын тарақтады.
Шыдатпай шешесінің келуіне,
Қу нәпсі қалайша да қаратпады.
Есіктен шығып бала еңбектеді,
Ойы оның шешесіне келмекте еді.
Жығылып алдындағы жанған отқа,
Мазасын тәтті ауызының кермек деді.
Намазын оқи берді бұзбай оған,
Деді: – Алла, ол балаға менен қоғам,
Арман жоқ, отқа жанып өртенсе де,
Қабыл боп, "Құлым!" – десе, қылған тобам!
Баланың арт жағынан Иса ере,
Шықты да, шошып кетті отты көре.
– Өртеніп осы бала өледі-ау,– деп,
Ұмтылды ұшар құстай қанат кере.
Келсе отыр жан-жағына шоқты шашып,
Қояды бетін сыйпап, басын қасып.
Түрі жоқ күйетұғын күлімдейді,
Таңырқап, тұра қалды аузын ашып.
Намазын өтеген соң, қатын тұрды,
Тандырға нан жабуға қадам ұрды.
Баласы от ішінде ойнап отыр,
Ажары аспандағы айдан нұрлы.
Қатынға Рум Алла деді қарап,
Таңырқар болды жұмыс ажам,185 арап.
– Қандайша қасиетің бар еді, айт,
Хақ берген жан екенсің пазылы жарап.
– Жоқ,– деді, – мақтанарлық менде қылық,
Күнәм көп кешпесе Алла бұзық қылық.
Сонда да дін мен дүния қатар келсе,
Бітірем дін бұйрығын бұрын қылып.
Екінші — ертелі-кеш ерім күттім,
Алдына ашуланса, арқам тұттым.
Сақтадым аманатын сонша таза,
Сұлтаны сұрағанмен сонша ұлттың.
Үшінші — бітсе дәулет, еттім шүкір,
Келтірмей кеуіліме бөтен пікір.
Шамамша аш, арыққа қайыр қылып,
Құныстай қол қусырып, болдым бүкір.
Төртінші — ететұғын тағы да ісім,
Көргенмен қиыншылық, қандай қысым.
Қайғырып қабақ түйіп: "аһ-уһ" деп
Айтпадым, өртенгенмен от боп ішім.
Қызметім Құдайға жоқ қылған басқа,
Орасан ұятым көп түсер тасқа.
Қылмаса өзі алу, "Әлі мүшкіл!" – деп,
Отырды екі көзі толып жасқа.
– Жарайсың! – Рум Алла деді, – жаса,
Көрерсің соңырағы күн сансыз наша.
Ер болсаң елатыңа пайғамбар боп,
Жүрер ең жол көрсетіп, жарлық шаша.
Күнінде қияметтің гүлдей жайнап,
Тұрарсың хабарыңнан нұрың таса.
Сарайын сегіз пейіштің сайран қылып,
Аларсың ат жүзетін ағысты аша.
Осыдан әйел тобы ібірәт алып,
Құдайдың құлдығынан қойма қаша.
Қосылған қияметтік қосағыңның,
Аяққа аманатын жүрме баса.
Азды-көп айран менен шалабыңды,
Қызғанып, қылма ешкімнен жүзді таса.
Қай түрлі қиындыққа кездескенмен,
Күліп жүр қалтаң қағып, қалма саса.
Тұрмысың тірілікте түзу болса,
Шақпайды ұл-қызыңды шыбын, маса.
Артады абыройың, атың шығып,
Халық біткен қылығыңа таңырқаса.
Бес күндік бейопаға шалқақтама,
Болады әркім әлін шамаласа.
Қайткенмен санаулы өмір сарқылған соң,
Кетеміз ағаш мініп, алысқа аса.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Жан тапшы жасайтұғын ақырғыша.
Орнайды кеуіліне иман нұры,
Кімде-кім бұл айтқанды мақұлдаса.
Айтыңдар алжас жерін аңғарғаның,
Бұл жазған сөз жалпы жұртпен ақылдаса.
ӨТІРІК ХИКАЯСЫ
Шынкөйдің шырайы артықшамнан-дағы,
Жүзі кір жалғаншының шаңнан дағы.
Ту ұстап туралардың топ бастауы,
Ататын анық бектер таңнан-дағы.
Ұяты өтіріктің өте күшті,
Күллият күнә болар заңнан-дағы.
Болмаңдар өтірікке онда үйір,
Күтін боп, қуғын көрген аңнан-дағы.
Білгенге бұл сөзімнің мазасы артық,
Қант қосып сүтке илеген наннан-дағы.
Болатын бұған дәлел бұрынғыдан,
Тымсал айт, Түреке, енді қамдан-дағы.
Бір жігіт Пайғамбардың алып қолын:
– Пейіштен бар ма, – деген, – маған орын?
Әдетім арақ ішіп, зына қылып,
Айтамын өтірікті неше порым.
Пайғамбар:– өтірікті,– деді,– қойсаң,
Шайтанның шын сөз сөйлеп, көзін ойсаң.
Күнәңнің кешіріліп барлығы да,
Боларсың бәрінен де халықтан бойшаң.
Іше бер зияны жоқ арағыңды,
Ойнап-күл тауып сұлу қарағыңды.
Қалайда қылып тауба өтіріктен,
Ойдағы өсір алма – дарағыңды.
– Өйдесең өтіріктен, – деді, – бездім,
Өзіңсің ұқшасында алтын тездің.
Атымды еркек деген өшіртермін,
Ізінен шыға алмасам осы сөздің!
Айтпасқа өтірікті алысып қол,
Сөз айтып сендірерлік бірнеше жол.
"Тілектес талабыма бол, тақсыр!" – деп,
Кідірмей кете берді шықты да ол.
Арақты былай барып болды ішпек,
Қай кезде үйренген іс ойға түспек.
Шын айтсам сексен дүре ұрады-ау деп,
Бармағын біраз заман тұрды тістеп.
Жасырсам жалған айтқан болам жәна,
Ұмытып уағдамды қылған мана.
Болмас деп бұл әдеттен басын тартып,
Қайткенмен көңіліне кірді сана.
Бір қызға онан кейін көзі түсті,
Ететін ол да болды ойдағы істі.
Мұны етсем саңсар болып өлермін деп,
Жанына жолау түгіл, зәресі ұшты.
Үзірін осылайша айтып қызға,
– Жолына жамандықтың, – деді, – қызба.
Көп енді екеумізді көре қойса,
Қазыға алып барып қақтар тұзға.
Қарағым, қаш үйіңе, – деді, – шапшаң,
Отырып ойдан қалмас ұят тапсаң.
Өткеннің айыбы жоқ деп айтқаны бар,
Ашылған етегіңді өзің жапсаң.
Қысқасы, үш әдеттің бәрін қойды,
Жан бар ма пайғамбардай өте ойлы.
Атақты әулиенің бірі болып,
Халыққа ашық қай кезде де тұрды қойны.
Саттар Хақ сақауатты ұлық сұлтан,
Иілсе есіркейтін ердің мойны.
Асылында, аулақ жүрген өтіріктен,
Ұяттың сатпағынан сақтар бойды.
Сенімді сөзің сыртқа бола қойса,
Қыл да тур қуаныш қып күнде тойды.
"Өтірік — күнәлардың анасы" анық,
Алған кем, айтып жалған, абыройды.
Ойлаңдар ұятыңды ол күндегі,
Тірілік түс сияқты, я бала ойыны.
Кетпестей кеуіліңе көрме өзіңді,
Бұл жәһән барша ерлердің басын жойды.
Сол ісін саған да етер, сақтан бұрын,
Шаптырмай шартарапқа ақыл ойды.
Риза бол үлкен-кіші, үй егесі,
Бағулы бұл сияқты бағлан сойды.
МӘРДІ ДИХАН
Тіл — тілмаш, ақыл — уәзір, көңіл — сұлтан,
Нәпсі — тақ, кеуде — сарай, жығасы — тән.
Қол — жендет, көз — қарауын, құлақ – тыңшы,
Аяқ — құл, мұрын — дәрігер, шамшырақ — жан.
Еге етіп осылардың барлығына,
Бізге көп ыһсан186 етті Кәрим Мәннән.
Мал, перзент, бақ, дәреже, өнер, ғылым,
Беріп тұр наз-нығмет187 неше мың сан.
"Шүкір" деп осыларды өтемекті,
О, дарих, ойласақшы біздер — надан.
Демесе пазылыменен "пендем ғафу",
Орнына жақсылықтың еттік ғысиян. 188
Пұрсатты қолдан бермей лазым ерге,
Іздену тәуба жолын, ұрмай қазан. 189
Үмит көп қанша айтқанмен, өмір қысқа,
Баянсыз бір күн өтер пәни жаһан.
Сондықтан бір нішана тастау керек,
Себепші дұға етуге досты, жаран.
Мен ғарып сол ниетпен назым еттім,
Деген бір кәминаны "Мәрді дихан".
Кедей ед кәсібі егін осы кісі,
Жолдас еді машақатпен жазы, қысы.
Жер айдап жүргенінде соқасының
Тоқтады бір нәрсеге тиіп тісі.
Қараса, қымбат баға гауһар екен,
Әркімнің сондай болар оңдалса ісі.
"Сәрмая сатсақ қаржы болады" деп,
Шаттанды үй-ішінің жамиғасы.
Байлардың, қазынасы көп, бұл гауһарды
Ала алмад пұл жеткізіп, еш бірісі.
Жақын жар, бірге туған аға-іні мен:
– Қалай, – деп, кеңес қылды, – жағымдысы?
Деп айтты бір парасы: – Ая, міскін,
Ала алмас пұл жеткізіп мұныңды ешкім.
Бұл тапқан гауһарыңның ауазасы,
Халқына кетсе керек әрбір тұстың.
Ықтимал осы қисса құлағына
Тиіссе, бір патшаның қуаты үстін,
Қолыңнан, қаһар ойлап, тартып алса,
Өкінер ұзағынан артқы паштың.
Яки, "сен қазынадан ұрладың" деп,
Қор қылар көшесіне салып күштің.
Өкініш уақыты өткен соң, орынға аспас,
Ақылың болса, ойла артын істің.
Ұнатсаң, мақұлы бұл мұның ғарып:
Румнің сұлтанына бер апарып.
Жолында шариғаттың сәбит қадам,
Ол бір ер әділетті заты шәріп.
Ол саған артықша көп ынғам қылар,
Шаяткі шапағатымен назар салып.
Қолайлы бұл кеңесті көрді-дағы,
Гауһарын жолға шықты қолына алып.
Алдынан үш жаһанкез кездей болды,
Жан емес бәрі-дағы жүрген танып.
"Жолға түс, жолдас тауып" дейтін ед, – деп,
Мәз болды Мәрді дихан бек шаттанып.
Гауһарын көрді мұның үш жаһанкез,
Зат еді қымбат баға, қызығар көз.
"Осыны ебін тапсақ алайық" деп,
Жасырын бір-бірімен айтысты сөз.
Пәнидің бір сағаттық базарында,
Бенде аз, байқағанға баспаған қоз.
Әмма, бұл гауһар иесі — егіншінің,
Көңілі халис еді қағаздан боз.
Ойында бейшараның еш нәрсе жоқ,
Жол жүрді жолдас болып кеші-күндіз.
Төртеуі түнге дейін жүріп келіп,
Бір жерге келіп жатты бір құла дүз.
Хабарсыз қалды ұйықтап дихан
Мәрді, Деген шын "Сахармен тең сапар дерті".
"Бұл қалай қолымызға түседі?" деп,
Олардың ойында бар еткен шарты.
Гауһарын қойнындағы ұрлап алды,
Ойламай не болар деп істің арты.
Оянса ғарып дихан, гауһары жоқ,
Қайғымен бүтін көңілі болды жарты.
Алғанын осылардың білсе-дағы,
Айла не үшеуіне, келмес қарты.
Сыр бермей сабыр айлап, ой ойлады,
"Сұлтаннан шешілер, – деп, – мұның шарһы".
Деп айтты тура сала: "Жолдастарым,
Кешегі қойнымдағы жоқ гауһарым.
Қалыпты жолда түсіп, келе жатып,
Ақылсыз ақымақ бар ма мендей жарым?
Қайтқанмен, біреу алып кеткен шығар,
Есесін жеткерер де Жаппар Кәрім.
"Бітеді жол жұмысы жүрсе" деген,
Даярлан, таң атыпты, тұрып бәрің.
Күлісіп бір-біріне көзін қысты,
"Аңқауын қарашы, – деп, – бейшараның".
"Еркіміз мұнан былай сенде, – десті,
Шықпайы қайтқаныңнан енді жаным".
Алдады Мәрді дихан осы сөзбен,
Қуларды алатұяқ жаһан кезген.
Емпеңдеп іздерінен ере берді,
Түрі жоқ үшеуінен тіпте сезген.
Болмаса кәшкі мұның кедейлігі,
Кең ойлы кемеңгер еді озар жүзден.
Саяхтар шәді-хұррам қуанады,
"Гауһарын көреді,– деп, – қалай бізден?".
Тай қылып көп мәнзілді бұл төртеуі,
Румге келіп кірді бір мінезбен.
Қисықты тақысы бар түзетуге,
Бара-бар патша алды алтын тезбен.
Деп дихан келе жатыр ойлап бастан,
Сұлтанға қылмақшы боп мұны дастан.
Сазандай суға кірген суырылып,
Сыр бермей сырттай берді үш мәгастан .
Гауһардың жағдайынан айтуға арыз,
Мекеме барып кірді тоқтамастан.
Алдаумен, арбап оның келгендігін,
Ұрылар осы кезде абайласқан.
Бұл қылған қылуасына таңырқасты,
"Қу екен бізден де, – деп, – дардан қашқан".
Ол Мөрді неше науғы әдеппенен,
Жер өбіп былайынша аузын ашқан:
– Ей, шаһым, құтты болсын тәжі-тақтың,
Дауамат арта берсін дәулет, бақытың.
Жаһанға әділетіңді жарып айлап,
Пәрманын паш айладың Жаппар Хақтың.
Әліне ғарыптердін, қамқор болған,
Ауазаң жетті еліне әрбір жақтың.
Шаһарым осы арадан бірталай жер,
Емеспін бұқарасы мен бұл жақтың.
Кедеймін, кәсібім — егін, жерімді айдап
— Жүргенде, жұрт таңырқар гауһар таптым.
Тас екен таптырмайтын, шын асылзат,
Үйіме алып бардым, ошал сағат.
Көңіліме қуанышым сыймай сонша,
Ойладым кеші-күндіз көп қиялат.
Көрмекке дидарыңды құмар едім,
Сұлтан деп естіген соң пәк қиянат.
Кел дедім бәһана айлап, бұл гауһарды,
Қылайын қалипамды бір зиярат.
Ол тапқан маслихатты мақұл көріп,
Бұл тарап жүріп кеттім тұрмай замат.
Жолығып жол үстінде, жолдас болды,
Алдымнан жаһан кезген үш саяхат.
Ұры екен үшеуі де дүние парас,
Қаңғырған жаһан кезіп, қорғаған бас.
Аса бар қолдарында, баста сәлде,
Түрлері секілденген шын қасыл-қас.
Бір түні соларменен жатқанымда,
Қойнымнан жоқ боп шықты ол гауһар тас.
Ақиқат гауһарымды алды үшеуі,
Арзамды тыңда тақсыр, ва-ықылас.
Алдырып алдыңызға тәтпіш етсең,
Менімен келді олар да болып жолдас.
Марқабат бұл турада ойламасаң,
Көңілімнен қайғы кетпес, көзімнен жас.
Диханның дадын дұрыс тыңдады хан,
Ешкімге емес жала жабатын жан.
Мұңлыға жылап келген жәрдем бермек,
Иманның миуасының кәмалынан.
Осындай өлсіздердің қамқоры үшін,
Сарп еткен неше сұлтан мал түгіл, тән.
Иншалла, болар осы қайриятым,
Кіпарат күнаһыма неше мың сан.
Бұлайша хан кеуліне қиял кіріп,
Қылайын, – деді, – шапғат енді бұған.
"Кешікпей жаһанкездерді табындар" деп,
Жіберді жендеттерін ошал заман.
Жендеттер саяхтарды келді алып,
Сұлтанға табыс етті, ішке апарып.
Диханның жоғарыда айтқанындай,
Әлжуаз ыбылжыған өңшең ғарып.
Падыша қайран болып, осылардың
— Пормына қарап тұрды көз аударып.
Ғылымның әр түрінен тағлым алған,
Тілдері кетер тасты судай жарып.
Сырттағы суретіне салғанда көз,
Дертті адам дұға алатын іздеп барып.
Асылында жаһан кезіп жұртты жеуге,
Бәрі қу, күнәға еткен өмір сарып.
"Шығар, – деп хан да ойлады, – бұлар кәззап,
Күнелткен осылайша елді алдап.
Тәртіппен тәптішта етіп тергегенде,
Берді олар "алған жоқпыз" деген жауап.
Диханның дағуасына куәсі жоқ,
Дақ болды "бұл қалай?" деп, бек таңырқап.
Осы үкім ашылғанша, жендеттерге,
"Зынданда жатсын" деді ойлап, қарап.
Үшеуін мірғазаптар айдауменен,
"Шаһының" салды ішіне апарып тап.
Арадан ай мен апта өткеннен соң,
Бұлайша қорықты сұлтан көнді жұмсап.
Мүбәда, жаһанкездер болмаса алған,
Диханның бола қойса сөзі жалған.
Күнінде қияметтің, не деп жауап,
Беремін, забырыма зындан салған.
Жіберсем азат айлап осыларды,
"Өтіңдер, – деп, – азарды бұл қамалған".
Мүбада, Мәрттің сөзі рас болса,
Ақысы болар оның менде қалған.
Етерін қай "тәриха" байқай алмай,
Отырып өз-өзінен қапаланған.
Ұлы жоқ үлкен түгіл, кішкентай да,
Бір қызы бар еді Меһирша атанған.
Есітті бұл хабарды ошал ханша,
Мүшкілді жібермеуші ед шешпей онша.
Алдына атасының қол қусырып,
Толғанып тұғырдағы тап қыранша:
– Ей, ата, бұл үкімді мен ашайын,
Шыдаңыз сабыр айлап, бір заманша.
Қарасын ағыменен айыратын,
Іс етіп өз ойыма ұнағанша.
Хан айтты: – Арызыңды қабыл қылдым,
Сүйікті шырағымсың, шырын жанша.
Тасаттық тәжі-тақтым бәрі саған,
Іркілме, іс ете бер радаңша.
"Құлдық!" деп қуанғаннан қайтты пәкізат,
Тиген соң атасынан бұл мархабат.
Зынданда жатқан жаһан кезанденің,
Барды да бәріне де берді ұрықсат.
Шақырып сарайына, сыйлап жана,
Айлады айтып болмас зор зияпат.
– Ақымақтың ақылы жоқ айтуымен,
Іс етті,– деді атам, – артықша ұят.
Мен білдім, ақтың әмірін мекем тұтқан,
Қылмайтын хас құлдарсыз еш қиянат.
Әрқашан болыңыздар болып қонақ,
Мұнан да құрметтермін артығырақ.
Сендерге мен сақтаушы боп тұрғанда,
Тікелеп қарай алмас, ешкімдер-ақ.
Шапғатың шілтендердің саялаған,
Уәлисід үшеуің де анық шырақ.
Тұрайын дұғаларыңды алып дайым,
Кетпендер жанабымнан жұда жырақ.
Шырайлы кісіден сөз есіткеннің,
Көктейді көкірегіне көк жапырақ.
Меһирша мұндайша сөз айтқаннан соң,
Саяхтар шат болысты артықтым-ақ.
Болды ұмыт ойларынан өткен қайғы,
Алжасып үшеуінен ақыл тайды.
Арбауға Меһиршаның айтқан сөзін,
Пәм етіп барлығы да байқамайды.
"Жатсаңдар жазы, қысы мінекей" деп,
Көрсетіп шаһналық қойды жайды.
Ерте-кеш үйлеріндей келіп, кетіп,
Осылай өткізді олар бірталайды.
Ханшаның құдай берген құзырында,
Бағасыз керегінің бәрі сайды.
Бір күні мәжіліс құрып отырғанда,
Меһирша мұндайынша сөз толғайды.
– Ей, хақтың әмірін тұтқан үш хасил хас,
Достым жоқ осы күні сендерге ұқсас.
Артықша ықыласым ауғаннан соң,
Дайынмын тілесеңдер беруге бас.
Інжу, дүр есебі жоқ алыпсыңдар,
Теңіздің тереңіне ұрып құлаш.
Бабында білгірліктің жеке шыққан,
Әрбірін, асқар таусың анық, рас.
Есітіп бір ікая өткен кезде,
Дақ едім қиын жерін таба алмағаш.
Берсеңдер, бұл мүшкілді баян етіп,
Бостандай болар еді, кеуіл қапас.
– Айт, – деді, – үш жаһанкез мүшкіліңді,
Жабықпа, жаз қылармыз, қыс күніңді!
Көрпесін көңіліңнің күйдіретін,
Сағатта сап қылармыз ұшқыныңды.
Бәйгеңе қай жердегі қос-тағы тұр,
Біздердей өте жүйрік ұшқырынды.
Алмасша "ә" дегеннен алып түсер,
Тас пенен темірге сал үшкірінді.
Шеберлеп шиелгенді шешпек үшін,
Етпейміз, сірә, жолдас ешбіріңді.
Тәпсір ет бұл турада, біз тыңдайық,
Қоймаспыз көңілінде еш кірінді.
Ханша айтты: Дымшықта бір бар еді бай,
Саудагер сомасы көп, түлікке сай.
Асыл зат, алтын, күміс, гауһар, дүрмен,
Лапкі, үй, әмбар, қора, толған сарай.
Отырып ойын-күлкі ортасында,
Жұмсаған көп піркәншік, құл мен малай.
Діләпруз деген қызы бар еді оның,
Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай.
Әусапын айтып ада ету қиын,
Кетпес ед көрген кісі таңырқамай.
Сұлудың сол кездегі нақ өзі боп,
Төндірген нешеулерді әр мухамға-ай.
Бір күні Ділапруз қыз барды баққа,
Гөлайттап ішін кезіп, қарамаққа.
Құрғызып қасындағы қыздарына,
Отырды алтын үстел мініп таққа.
Бір гүлге биіктегі көзі түсті,
Қаранып отырғанда әрбір жаққа.
"Иіскейін осы гүлді алып бер!" деп,
Қыздар мен әмір етті кәнизакқа.
Шыға алмай, шындап жәһат қылғанменен,
Бәрі де қарап тұрды, қалып даққа.
Бұйрығын бұлар бажай етпеген соң,
Толқиды жел тигендей тап шыраққа.
Отырды осы іске болып қайран,
– Табылар мұны алатын адам қайдан?
Мақсатын әпергеннің бітіремін,
Талапкер бар ма, – деді, – бұл маңайдан?
Есітті осыны, өтіп баратқанда,
Бағбан бақты баққан анадайдан.
Айнымай әуелгі айтқан уағдасында,
Тұратын табылар жан рабайдан.
"Банудың бұл айтқанын байқайын" деп,
Басты-аяқ бері қарай тұрған жайдан.
Шешініп үстіндегі киімдерін,
Дараққа шыға берді келіп майдан.
Басына машақатпен ақыр шықты,
Бануды шат қылуға болған дықты.
"Жамал бар, һәм қамал бар, һәм парасат,
Қалайша айтады, – деп өтірікті!"
Бұл гүлдің бір бөлегін үзіп алып,
Алдына келіп қыздың тізе бүкті.
Есекше асылы жоқ, амал таппай,
Үстінен аударуға артқан жүкті.
"Білдір, – деп, – ойындағы арманыңды",
Бағбанға көңілі бітіп, көзін тікті.
Айтуға радасын ыңғайланып,
Қыздан сөз есіткен соң қызғылықты.
Деді: – Ей, дана ұғлы, диянаттар,
Боп жүрген пәруанаң ем, бек ынтызар.
Болуға әлім харап айналып еді,
Аш жартып әсіретіңе, татпай нәһар.
Осы күн бұл тариха баһанамен,
Арман жоқ, жүзің көрдім, шүкір Жаппар.
Мағшұғым, ойымдағы мүддеғам бұл,
Айтқаның рас болса, онда аңғар.
Күйеуің құда ертіп келсе қай күн,
Ат мініп, аспап әнжам атың қамдар.
Ғажайып алтын, күміс, інжу шашып,
Той қылар тамашалы жұрт таңырқар.
Ат шабар, ойыншы ойнар, палуан тұрар,
Кеші-күн халық жиылып, мәжіліс қурар.
Әйел, ер қызық көрер, үлкен-кіші,
Шаңынан күн көрінбес болып мұнар.
Әркім өз шамасынша алып олжа,
Тарқатар тағажуп пен қайғы, құмар.
Әзірге ауазаңа өлшегенде,
Осыңдай болатыны анық шығар.
Қайтысар хан мен қара мекеніне,
Таусылып болғаннан соң тамам бұлар.
Алысқа асылы әйел ұзатылмақ,
Судай саф көңіліне түсіп шұбар.
Указнай түн болған соң келер молда,
Бұл дәурен өтер бастан, тұрмай қолда.
Хұтпа оқыр, ризалық бергеннен соң,
Отырған жамиғаттар оң мен солда.
Өлгенше үлпатыңа екеуіңнің,
Қол жайып жай-жайына қайтар ол да.
Жан ертпей жалғыз өзің келіп жолық,
Бармастан күйеуіңе онан соңыра.
Киінген қымбат баға киіміңмен,
Таң атыр ошал түні бізбен бол да.
Ділапруз: – Бұл айтқаның болады, – деп,
Бағбанға берді уәде осы жолда.
Кешікпей қайтты үйіне аралап бақ,
Гүлді иіскеп көңілінде қалмады дақ.
Қосшы ертіп, құдасымен көп ұзамай,
Күйеуі келді бір күн айтқандай нақ.
Той қылып, алыс жерден ел шақыртып,
Сәудегер сарып айлады бергенін һақ.
Халықты қаздай қатар отырғызды,
Майданға палас төсеп, құрғызып тақ.
Лағыл, дүр, меруерттен шашу шашып,
Әркімнің ынғам етті, әліне шақ.
Қойылып мерекесі қайтты кейін,
Аң алған ақсұңқардай ілдіріп зақ.
Келді указ кеш болған соң шаһналық,
Орындап осындайға қойған халық.
Шартынша шариғаттың құтпа оқыды,
Берген соң бәрі-дағы ризалық.
Жайына жай боп көңілі қайтып кетті,
Ат алып, шапан киіп зор бағалық.
Оңаша қыз бен күйеу әзілдесті,
Кезгендей қапырықсыз көлде балық.
Тағам жеп, қолды жуып, жамғы ділмен,
Деп енді отырғанда, "ал, жаталық",
Айтқаны әнеукүнгі ойға түсіп,
Ұялды "іс болды-ау, – деп, – бейопалық".
Таба алмай жолығудың тарихасын,
Дақ болды, бұл ісіне шайқап басын.
Шаттығын шаталанған шәргез қылды,
Өкініп ұмытқанға уағдасын.
Ва-тамам бастан аяқ бірін қоймай,
Еріне айтты өткен хикаясын.
"Осындай ұятқа кез болып тұрмын,
– Деді: – ей, сүйікті жар, не қыласың?"
Ұялып осылайша өтінген соң,
"Қой" деуге көңілінің радасын.
"Барсаң бар, бұзықтыққа бас бұрма" деп,
Қыздың бұл қабыл қылды ілтімасын.
Қуанып, көз көрмеген киді киім,
Түлкі мен құндыз да емес, жанат, тиін.
Інжу, дүр тамағына тастар тізді,
Бағасын бәрінің де білу қиын.
Мысалы Мәһуадағы һүрдей болды,
Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, қақпақ иін.
Бұл халде қыздың көркі көрушінің
– Ес түгіл, кетірер ед бастан миын.
Сылдырап сырға тағып, шұбалаңдап,
Аралап жүре берді жұртты жиын.
Тұп-тура гүлістанға қадам қойды,
Бел байлап бермектікке бағбан сыйын.
Адасты, қиғашырақ кетіп бақтан,
"Жөнім" деп жөйтки берді жүрмес жақтан.
Жем үшін жортып жүрген көкжал бөрі,
Есітіп сылдыр даусын, тұрды ұзақтан.
Мүбәда мұнда қалған мал шығар деп,
Жал тауып жасырынды жапырақтан.
Келген соң қызға қарсы, тұра ұмтылды,
Аш еді әлің үшін көп уақыттан.
Бөтенді бөрі асылы ойламады,
Өлтіріп жеуге рада ойламақтан.
Басынан бейшараның еркі кетіп,
Жылады жанын тілеп Жаппар Хақтан.
Бөріге деді Бәну: "Ей, жануар,
Жөнің бар, сенің менен тамғы қылар.
Келейін көп кешікпей, кідіре түр,
Бағбанға берген бұрын уәдем бар".
Өтініш осылайша айтқан кезде,
Қозғалтты қасқыр кеуілін пәруардігар.
Ойына шамасы жоқ шапқат түсіп,
Қайырылып қайта берді, қылмай зарар.
Қуанып құтылғанға келе жатып,
Ұшырады алдынан бір ұғры аяр.
Бұл сынды баукеспені көргеннен соң,
Жан қалды жасатында тек қимылдар.
Қорықпасқа қайрат қайда, ұзын шашты,
Тілінде жалыну бар, көзде жасы.
Иә өзін, иә киімін алуға түр,
Бос кету емес ұрының радасы.
Қыз — ғамзак, ұры — пәрзак шат болып
Кездесіп кеуліндегі мүддағасы.
Қасқырға қатар қойып қарағанда,
Асылы адамизат бір баласы.
"Жіберер, жалынайын, – деді, – бұған"
Ойлаған осы болып бар шамасы.
Ілтімас ұқсасында ұрыға айтқан,
Мінеки қыз сөзінің тәржімасы.
– Ей, жігіт, асылымыз бір, ата басқа,
Мал да етер мейір, шапқат мысалдасқа.
Өзгеден ізгілігі артық үшін,
Еге етті адамды Алла бұл қапасқа
– Сен түгіл, тұқымы бөтен бір бөріге,
Жолықтым жем таба алмай жүрген ашқа.
Жемекке жүгірген соң жылай бердім,
Қылатын қару-қайрат жоқ, таласқа.
Көрді де ол көз жасымды, кеңшілік қып,
Қойды да қайта берді сахра — дәшқа.
"Ерлігім онан да артық!" дей қоймасаң,
Қайтсең де кездей болдың қиғаш қасқа.
Бар еді уәдем бірақ бағбанмен,
Киінген жолығуға киіміммен.
Келейін бір сағаттың шамасында,
Осында аямасаң, тоқтай тур сен.
Тағдырға тәбділ болмас, тәслім қылдым,
Ісінді ет онан кейін өзің білген.
Ақына әмбе өткен әнбияның,
Айтқаным иншалла болмас бөтен.
Ұғрыға қайтып опа қылмағына,
Көрсетті көп дәлелдер неше түрден.
Дағдарып Ділапруз қыз қарап турды,
Ақырлап әпсанасын осы сөзбен.
Ойлады ұры отырып осылайша:
"Ақымақтық ойламайын мен бұлайша.
Сары май — шырайлы сөз, ой — қорғасын,
Тұрмайтын тәтті тілге толқымайша.
Жат жыныс сонша шапқат еткен екен,
Өлтірмей, аш болса да, кетіп жайша.
Мен қайта бұл ғаріптің қамқорымын,
Қалмайтын қиындықта қорғамайша.
Рауа нендей етсем болар еді,
Уақытында өтінбеген бұл мұндайша.
Мәруат мен де бұған, мен де етейін,
Қорқытып несін бермес, жүрек шайса".
Деп қызды азат етті әлакаттан,
Қорғаса, құтылмас кім әр апаттан.
Ыждағат іздемекке бағбанды енді,
Құтылып қайты-қасірет, машақаттан.
Көп жерін гүлстанның кезіп жүріп,
Мағшұғын зорға тапты бір қабаттан.
Шамасыз шаттық кірді ойына оның,
Болған соң дидар нәсіп пакзаттан.
Көп үзір кешіккенге көрсетті де,
Ақпарат айтты әлгі ғаламаттан.
– Құтылдым сау-саламат, сансыз шүкір,
Деді, ет болса да ойың қай қажаттан.
Бағбан берді жауап жылап, сонда,
– Арттырсын дәулетіңді құдауәнда.
Құл едім, мені атаң сатып алып,
"Тұр,– деді, – күзетші боп гүлістанға".
Сүбі-шам, бәлки дауам тілектеспін,
Баярдың болуына мүлкі аманда.
Қиялым: қызметті халистікпен,
Атқарып абырой алу бұ жаһанда.
Көңілдің көшесіне көз жіберіп,
Бақ — сенсің, бағбан — менмін ойлағанда.
Қиянат қастықпенен етсем саған,
Не болар арасаттай зор майданда.
Сақтасын сұбхан өзі ондай істен,
Етемін қолмен — қызмет, тілек — іштен.
Жан жолдас жаманатты болынбай тұр,
Келмесе һүрдің қызы нақ пейіштен.
Сап-сары сырты алтын болғанменен,
Болып жүр көп нәрсенің асты мыстан.
Сынауға саған бұлай айтып едім,
Рахмет дүр екенсің бір тегістен.
Уәдеңе өткенде айтқан опа еткен соң,
Ар жағың өзгерілмей шықты түстен.
Таппаққа туралықты келе жатып,
Ұры мен құтылыпсың жат жыныстан.
Бар енді, күйеуіңмен бол сапада,
Күн кешір, айыш-ишрат тамашада.
Жапаңа жап-жаңағы жолда көрген,
Бас ұрды: "бақыл бол, – деп, – ей, ақ зада!".
Бағбанға бағасы көп заттар беріп,
Шат болып қайтты Бану бек зияда.
Саламат саһар кезде сарайдағы,
Жолығып жұптыменен болды ол да.
Тәпсилан түсіндіріп тәпсір қылды,
Істерді өткен осы екі арада.
Үйінен ертеңіне шұбатылып,
Бақ қонып болды басы доражада.
Меһирша айтты да бұл хикаятты,
Жылы ұшырап, жаһанкездерге жүз қаратты.
– Осының алжас жерін ашамын, – деп,
Көп әуре етіп көрдім көңіл шатты.
Қайнаған қара тастан қатты болып,
Зейілімді жүдә жетік жабырқатты.
Ғылымның әр түрінен тәлім алып,
Ақылмен оздырдыңдар парасатты.
Сендермен сырлас болып, сұхбат құрып,
Шамасыз көрдім мен де көп ләззатты.
Ерлік пе үшеуінікі, ақымақтық па,
Ашыңдар деді осы мұшқалатты?.
Үлкені айтты сонда жаһанкездің:
– Ойы бұл осы кезде көңіліміздің.
Қасқырдың қарттығынан қалмай күші,
Бар шығар тек айбаты суық жүздің.
Алжасып әуреленіп жүрген шығар,
Соңына тышқан жортқан түсіп іздің.
Жағында жалғыз тісі жоқ болған соң,
Кеткені еш жеріне тимей қыздың.
Әрі аш боп, әрі жас боп, болса арыған,
Не табады тарапына ол кетіп түздің?
Қасқырдың қалайда да қалмайды аты,
Бұл ерлік емес, ісі ақылсыздың.
Ортаншы саят айтты онан соңғы:
– Ақымақ жоқ ол ұрыдай бұрын-соңды.
Қиянат, қылғанының бәрі күнә,
Аямай өзін-өзі ойып қонды.
Кеші-күн көрінгеннің малын ұрлап,
Кешіп жүр лай-батпақ, жарып тоңды.
Нажастан сөл арада сырттағанмен,
Халас,– деп, – халық айта ма қара зонды?
Бір қызды қолға түскен қоя беріп,
Қалды ма асқар биік алып дөңді?
"Етті, – деп, – қасқыр ерлік" есіркеген,
Демеймін — ақылы бар оны да онды.
Кішісі айтты: – Есі жоқ бағбанның,
Болса есі өйтер ме еді, ол наданның.
Парасат көңілінде пәһам болса,
Тұрар ма еді күзетінде гүлістанның?
"Туралық баярыма етемін" деп,
Қарашы, қылған ісін ол жаманның.
Һүр сипат саһыпжамал сұлуменен,
Арманы бар ма сұһбат айлағанның?
Ол баста ол тарихта уәде етіп,
Еңбегін еш етті-ау ол Бәнужанның!
Қайратсыз күйеуі де көрім екен,
Асылында адамы азған сол заманның.
Меһирша сөздерінен білді сырын,
Бәрі ұры, жүрген текке түзеп түрін.
Артықша айбаттанып, ашу етіп,
Суытып сол сағатта беттің нұрын.
Деді: – Ей, шариғатқа шар салғандар,
Табындар тез заматта дихан дүрін!
Ойлатып осы айтылған әпсананы,
Аңдадым істеріңді еткен ұрын.
"Көңілінен кім сөйлесе хабар берер",
Деп дана ақылды ерлер айтқан бұрын.
Жалдатқа бұған ықырар болмасаңдар,
Әшепкі еттірермін, кесіп мұрын.
Тітіреп жаһанкездер жапырақтай,
Қорыққаннан қақ жарылды жүрек тоқтай.
Көріксіз кеуіңдері болып қалды,
Миуасын қазан ұрып кеткен бақтай.
Гауһарді Меһиршаға бере берді,
"Бір қате болынды" деп лаж таппай.
Әнекей данышпан боп ақылменен,
Айырған ақ-қарасын атпай-шаппай!
Андатты атасына істің асылын,
Қоймастан қайсыбірін айтып, жаппай.
"Бердің, – деп, – мұндай перзент" бір
Құдаға, Тақтынан сәжде қылды құлап "ләппай".
Жидырды ертең сұлтан көп елатын,
Атқарған бектер келді үкіматын.
Саясат майданында саяхтарды,
Тарттырды дарға біліп қиянатын.
Неше есе гауһарындай ынғам беріп,
Диханның бек ұнатты зияратын.
Патшаның еткен осы ықсанымен,
Бай болып, тапты дүние сағадатын.
Райыс, қазы, мүшы, уәзір, ғалым,
Тамам халық таңданды қыз парасатын.
Дауасыз сол ерлер де дертке ұшырап,
Кейінге кетті тастап тауарих тастап атын.
Мақсатым — насыр сөз еді, назым етіп,
Сөйледім "Мәрдідихан" маслихатын.
Қайрылып қанша уақыт қарағанмен,
Біреудің біреу білмес көзбен затын.
"Ердің өзіне қарама, сөзіне қара",
Өткеннің ойла осы нақылиятын.
Уәләкін, ой — тап-тайыз, тәкәппар — аз,
Ақмақтық тартып жүрміз машақатын.
Солардан соңғы нұсқа қалдырмаққа,
Бұл сөзге бір себеп сол тасталатын.
Ерлердің өзі өлгенмен сөзі өлмейді,
Тыңдарлық болса әсерлі, сөз қалатын
Кемісін кемеңгерлер кешіріңдер,
Сөз парқын өлшестіріп аңғаратын.
"Көкелташ" тәлібілімі Тұрмағамбет,
Доғарды "Мәрді дихан" хикаятын.
Бұхар, 1900.
ДАНЫШПАН ҚАРТ
Ажалдан адамизат қалмайды cay,
Қайраты — еш, қаза жетсе, құлатқан тау.
Санаулы бітіп сүрік сарқылған соң,
Етерсің өрт кездескен қамыстай лау.
Осыны ойға алмай ертелі-кеш,
Дүниені діннен безіп қуамыз-ау.
Ойлауға хақтан жырақ жұмламызды,
Самсап жүр сыртымызда саны жоқ жау.
Олардың асылында абайласақ,
Жемі екен жаң шетіне қойған мынау.
Кіріптарлық және олар ете қойса,
Балтырға бағындырар байлап ап бау.
Айырып "иман" атты арғымақтан,
Жаһаннан жөнелтеді, бәлки, жаяу.
Жақсылық жастан еткен жаның үшін,
Құр ыдыс қалар мұнда төгіліп зау.
Бұл сөзді күшейтетін кеп айтайын,
Таусылмас доғармаса басқа тарау.
Ер бар ед ертеде бір еккен егін,
Кәсіпсіз кісі нан жер қайтіп тегін?
Жиналып жазғытұры, жерді бөліп,
Айырып алғаннан соң әркім шегін.
Сайманын саһар тұрып сайлап алып,
Жерінің келіп айдады бір бөлегін.
"Табынан таудай қырман қатарлармын,
Қара жер қырық жыл күтсе ер қорегін",
– Деп қатты қуаныш қып жүргенінде,
Tіc тартты бір темірдің дөңгелегін.
Есіктің, андап көрсе, тұтқасы екен,
Алды да, аша берді, бел күрегін.
Қақпа екен, қарап тұрса салған мықтап,
Тұрғандай, асты үңгір, ел-жұрт ықтап.
Адамның, ірілігі — жұмырығындай,
Қып-қызыл бидай көрді қойған нықтап.
"Боз қасқа барып үйге берермін" деп,
Аударып көре берді жылап-сықтап.
Байтақтан бір сағатта байлығы асты,
Жарлы еді жарма ішетін жалап-жұқтап.
Кетігі тұлпар аттың тұяғының,
– Жер тұрса, жетіледі жеті шықтап.
Салдырып шаһналық жай, жұмсап малай,
Кәйіп етіп күні-түні жатты ұйықтап.
Ел көріп ірілігін бидайдың бұл,
Таңданды "екті екен, – деп, – қандайша құл?"
"Көрсетіп көп жерлерге келейін" деп,
Жанына сапар шықты салды да пұл.
Бір кісі кездей келіп көріп мұны,
– Бір қарт бар, халқы кетіл қалынған тұл.
Сол шешер, шарқын осы сауалыңның,
Болып тұр туғанына неше жүз жыл.
Деген соң кәласына қарттың қарай,
Бет қойды бұрылды да болып қош діл.
Кісі екен, келіп көрсе, кәріліктің,
– Тәніне қазан ұрып, түсірген зіл.
Көздерін кеткен екен қаптап қасы,
Теп-тегіс аппақ екен сақал, шашы.
Сұрады сұрасқан соң әл-ақуал:
– Мұндайша көріп ең, – деп, – бидай басы?
Асылын осынымның білмеді ешкім,
Ашпаса өзіңіздей ел данасы.
Жол жүріп, жүдеп-шаршап, келіп тұрмын,
Ашып бер ақиқатын пиілжұмласы.
Таңырқап бұл бидайды, деді бабай:
– Шешілмес менен мұның тәржімасы.
Жасы үлкен, менен миы толығырақ,
Біздің бір қарсыда бар отағасы.
Бар соған, сауалыңды берер ашып,
Білімде бәйге алмас жан одан асып.
Кем оның көрмегені бұл жаһанда,
Келілсің көлік қинап, мұнда адасып.
Әусапын осылайша есіткен соң,
Бармақты көріп онда бек мінәсіп.
Жол жүріп, жүдеп-шаршап, неше күндей,
Қарсыға келіп кірді түсі қашып.
Аралап, үйін тауып, айтты сырттан:
– Кім бар, – деп, – кетуге үйде ұшырасып.
Шамалы шаш, сақалы шалғарт тартқан,
Шырайлы шығын адам маң-маң басып.
Түсірді: – Тамақ ішіп, бол, – деп, – мейман,
Келгенді күтпесін бе, олардай жан.
Тап соның таныған соң өзі екенін,
Бидайдың себебінен сауал қылған.
– Келдім, – деп, – көрсетті оны сонша жерден,
Жауапқа жари алмай ешбір жаннан.
Кім еркін көрмегенге бола алады,
Шыға алмай ол-дағы осы қалды шаңнан.
Біле алмай бидай асылын аң-таң болып,
Айрылған қалды отырып құстай аңнан.
– Талайды өткеріп ем, – деді, – бастан,
Жар-жора жақсылармен болып жастан.
Бидайды бұл тәрізді көргенім жоқ,
Басың тарт, білмес ешкім бұл бақастан.
Сәл нәрсе сондай болар алғыспенен,
Асылында болған шығар бір напастан.
Бар бірақ пәлен жерде менің ағам,
Сөйлесем саған жайым болар дастан.
Барып қайт, бітсін көңілің, білер бәлкі,
Басқаға болып алаң бұрылмастан.
Сол жерден сілтетіп ап, соған кетті,
Басты аман қылайын деп бұл шатастан!
Ағасын айтқан жерден барып тапты,
Жігіттей жиырма жасар екен әпті.
Шаш пенен сақалында бір нышан жоқ,
"Хикімат бұл қалай?" деп таңырқапты.
"Білдіріп бидай жөнін болғаннан соң,
Себебін сұрармын",– деп ой ойлапты.
"Жолаушым, жұмысыңды айт",– дегеннен соң,
Ағызып сауал суын, жығын жапты.
– Бір бидай құзырыңа, – деді, – әкелдім,
Білгір, – деп, – біле қалған түрлі бапты.
– Ашуға, ақыл жетсе, ауыз айтар,
Деп бидай басын көріп, көз қадапты.
Көп жасап, кісі екен көпті көрген,
Жүр екен киікке кез келмей мерген.
– Ынсапты әр елаттан болғаннан соң,
– Деді: – Бір халыққа мүны тәңірім берген.
Жолынан шариғаттың шықпай сыртқа,
Дауамат диянаттың дүрін терген.
Көп заман болды олардың өткеніне,
Дүниенің жоқ еді асылы ізіне ерген.
Сияқты суы кетіп, сайы қалған,
Жоқ әлі көрген оларды көз көнерген.
Құп тыңда, хикая етіп мен айтайын,
Жерлерін дүниені алмай жеріген.
Олардың сатты бірі біріне там,
Керпіштен келістіріп істеген қам.
Той қылды тамашалы, ат шаптырып,
Үй алған етті дағы ел-жұртын жәм.
Сыпырып кеш кезіңде жүргенін де,
Қараңғы үй, жарық болды, жаққандай шам.
Қараса ұйып жатқан алтын екен,
Бейшама бай болатын алған адам.
Ошал һәл, үй сатқанға барды-дағы,
Айтты бұл оқиғаның бәрін тамам.
– Барып ал алтыныңды, біреуді ертіп,
Болсын, – дед, – зәредейін алсам арам.
– Алтынды мен алмаймын, – деді үй сатқан,
Арамға жоқпын әлі қол ұзартқан.
Ол алтын, ойлап тұрсаң, өзіңдікі,
Алланың өмірімен ұйып жатқан.
Адамның ақылы жоқ өзісің ғой,
Сөз қылып сау басымды, сөзге шатқан.
Кісі ақы керек емес, кет көрінбей,
Бұрынғы болар батпақ белден батқан.
"Қарыз ғып қияметке кет" дегенді,
Бар ма адам бұрын-соңды, айтшы, ұнатқан?
Ол үйді жеріменен сатқаннан соң,
Диялам жоқ, – деп сөгіп, жабырқатқан.
Бұл айтты: – Алтыныңды ал, етпей ұрыс,
Болады сенің мұның қалай дұрыс?
"Ішінен шықса да алтын сенікі" деп,
Басында беріп пе едің қылып бір іс?
Соп-солпы сүйкімі жоқ сөз айтасың,
Жын ұрған жан екенсің тіпте тырыс.
Құдайдан мен де қорқам, үмітім бар,
Шеккенмен мың жыл өмір, бір күн жүріс.
Алып қайт алтыныңды ақыраймай,
Үстіңе өлмей тұрып, ойнап қылыш.
Бұлайша бір-біріне жанжал сайлап,
Көп күндей болды айқай, бір көп сүріс.
Алтыннан екеуі де бірдей қашты,
Жанжалы жаңағыдан әбден асты.
Қайтерін халықта білмей, ханға апарып,
Бұлайша бәрі қылған ілтімасты.
– Ей, тақсыр, татуластыр осы екеуін,
Дау, сірә, бола бермес бұл ұқсасты.
Мазасын май ішкендей етіп жұрттың,
Ауыртты айқай салып күн-түн басты.
Есебін елің таппай осы істің,
Біле бер біліміңмен, бек алжасты.
Хан-дағы "қалай мұны бітірем?" деп,
Отырып өз-өзімен ақылдасты.
Хан айтты: – Екеуіңнің бар ма балаң?
Бірталай қылыпсыңдар халықты алаң.
"Тентек" деп ешбіріңді айта алмаймын,
Қышынтар, қашпасаңдар, дүние шалаң.
Күнәдан күні бұрын күтінбесең,
Пайда етпес ол күндегі еткен налаң.
Қоршылық қияметте көрмессіңдер,
Жүрсеңдер жолмен салған Хақтағалаң.
Біріңде ұл, бірінде қыз бола қойса,
Құда бол қылмай кекті құр шұбалаң.
Сарып қыл керегіңе екеуің де,
Болмаса, бүлінерсіңдер бүгін қалаң.
Бар екен бірінде ұл, бірінде қыз,
Деп: "құлдық, – етті екеуі де, – ризамыз!"
Қақ бөліп, қуда болып алтынды алып,
Тату боп үзір-мәзірге болды олар тұз.
Сарып етіп бірі жасауға, бірі қашауға,
Той қылды тамашалы кеші-күндіз.
Сол халықтың егіп кеткен бидайы бұл,
Деп солай егіншіге қаратқан жүз.
"Кеңге-кең несібе" деп қарттар айтқан,
Нақылды ойлайтын ек қате деп біз.
Ол тіпті анық екен, қойыпты айтып,
Кітаптың көбісінен көрсеңіз сіз.
Ынсапқа несібені берер шақтап,
Рас сөз айтқан емес мұны мақтап.
Иегінен езілгеннің бір сүйемей,
Жүреміз таршылықтың жолын жақтап.
Береке былтырғыдан биыл төмен,
Боп барад, жүргенменен құр жалбақтап.
Бәрі де біздің қылған кесапаттан,
Білмейміз көрсетсе де көзге нақтап.
Бұл қалай, мал көбейіп, мейірім кетті,
Кәріпті қуалаймыз жүрген ақтап?!
Жеп-ішіп жұмсамаймыз, иә пайдаға,
Ит болдық үретін тек, пішен сақтап.
Әқисса, әлгі егінші елатына,
Қайтуға қамданғанда азық тақтап.
"Қалайша қартаймаған?" себебінен
— Сұрармын деген ойға келді аяқтап.
Деп айтты: – Дұға кеткен, ей, данышпан,
Жүретін жігіттейсің нақ бұлғақтап.
Бір ақ жоқ шашың менен сақалында,
Тастапты кенже ініңді қарттық қаптап.
Адамдай ортаншы інің орта жаста,
Себебін сөйле, кетпей мен ұзақтап.
Дейсіз бе: "Ел таппасты енді ашар",
Дүниеге өзіңіздей ер тұрақтап.
– Сөзімді тыңда, – деді, – салып құлақ,
Сұрадың сауалыңды тауып, шырақ.
Олардан жасым үлкен болса-дағы,
Көретін мехнатым аз менің бірақ.
Әйелім кеші-күндіз пәруана боп,
Кетпейді жанабымнан жүдә жырақ.
Еңсеңе еңбек мініп, күтпесе әйел,
Зындан біл – жаманымен етсең тұрақ.
Жастағы жаға буды мінезім мол,
Кәрілік білдірген жоқ әлі азырақ.
Әйелі ортаншы інім — нағыз адал,
Еш кезде ренжітіп етпес мәләл.
Уәләкін орынға ісі келмей асылы,
Тартады кәсібінен күллі залал.
Шамалы шаш, сақалы сол себептен,
Ағарған, есіркесін ақзұлжалал.
Көңілі адамзаттың гүл сияқты,
Солдырар суық болып соқса самал.
Я, алла, дәреже мен дәулет беріп,
Душар қыл адал әйел сахыпжамал.
Жас жетпей жәбір-жапа тартармыз да,
Мехнат пен берсең қатын сөзге доғал.
Әйелі кенже інімнің жүдә жаман,
Көңілі көркеймейді ешбір заман.
Көргені күні-түні бірдей мехнат,
Ол болсын кәріліктен қайтіп аман.
Екі дерт бір адамға кездескен соң,
Қалмай ма, сияқтанып дәнсіз сабан?
Сарайда шаһналық не сын қалар,
Төбесін тіреп тұрған сынса баған.
Жазы-қыс жауыр қылып, жайдақ мінсе,
Тұлпар да топтан озған тартар шабан.
Доғарып сөзді осылай, деді ол дана:
– Шарқы осы сауалыңның бұл сұраған.
Берген соң шарқын шешіп, болды ол шат,
Көңілінен көтерілді қайғы-күлпат.
Бейесеп дүние беріп дұға алып,
Жол жүріп келді еліне сау-саламат.
Еліне есіткенін айтқаннан соң,
"Таңданды бар екен, – деп, – ондайша зат!
"Кем болмас кеңнің ісі" қалайда да,
Қате емес қарттар айтқан нақылият.
Биік тұт бенде болсаң бір-біріңді,
Тарихын таршылықтың ойла ұят.
Дамолла Тұмағамбет Ізтілеуов,
Айтылды андасаңыз осы әбият.
Дауамат дұғада бол үлкен-кішің,
"Дәулетін етсін, – деп, – Ақ әр құн зият!"
Шалқақтап шамалы күн жүргенменен,
Желкенді жетіп бір күн өлім қиял.
Кигізіп үш қабат бөз көрге қойып,
Көзіңе көп жиналып құмды құят.
Жер жүзін жетегінде жүргізгендер,
Жетсе уақыт жер ошақтай жерге сияд.
Алданбай арбауына дүниенің,
Шын білгір шылбырының ұшын жияд.
Бел буып бенделікті бажай қылып,
Күнадан күні бұрын нәпсін тияд.
Бейысап дүние беріп, дұға алып,
Еліне келді қайтып сау-саламат.
Еліне естігенін айтқан шақта,
Таңданды "бар екен, – деп, – ондайша зат
Кең болса несібесі ынсапты елдің,
Біз де сол болайық", – деп, етті ыждаһат.
Баршасы бұл бірлікке бірдей кіріп,
Солардай сүрді дәуір айшы-ишрат.
Біз күн-түн беретінді ебін тауып,
Алсақ деп ашынадан етеміз дат.
Кендіктен кемдік көрген ешбір жан жоқ,
Мәрт болсаң, мейірім үшін өзіңді сат.
Жеткерер Жаппар Алла қазынасы кең,
Барыңды судай сарп ет, тек қалсын ат.
Жасаттан жанның құсы ұшқаннан соң,
Тек қалар бектен белгі, молдадан хат.
Сөз еді деп соңырағылар сөйлеу үшін,
Назым етті мұны молла Тұрмұхаммад.
РАУА БАНУ
Тоқталмай топ ішінде, тілім сөйле,
Дауамат тұра алмайсың мұндай кейде.
Жаһанның опасызы ойға түсіп,
Қалмай ма қапаланып көндің кейде.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Киерсің үш-ақ қабат бөзден жейде.
Әлің біл һақ үкіміне мойның сұнып,
Ерте, кеш ет бенделік едірейме.
Жатпа тек және-дағы жаз хикая,
Айтылып жүретұғын әр кірейде.
Есіркеп есіткендер есіне алар,
Жан жортпас жатқанында бір түлейде.
Наһанын сенен сөздің сұрап тұр жұрт,
"Отыр, – деп, – өте терең бүркемейде".
Шешенсіп, шелиюдің керегі не,
Сөзіңді сақтап қойып құр көмейде.
Елінде Ысрайылдың бар еді қатын,
Деуші еді "Рауа бану" оның атын.
Жазы-қыс Жаппар ақтың жатын айтып,
Уәли еді өне бойы отыратын.
Артықша әйел еді біткен көрік,
Көргеннің кетуші еді кеулі еріп.
Жанында жарты сағат отырғандар,
Бар мүлкін бергендей еді жинап, теріп.
Кемі үшін киер киім, ішер астан,
Ері мен Рауаны қайғы басқан.
"Қалайша қаражатты табамыз?" – деп,
Отырып оңашада ақылдасқан.
Ері айтты: – Жоқтық, жүдә, жаман екен,
Бай болсаң, бар жұмысың тамам екен.
Болмаса қалтаңда пұл, қораңда мал,
Демейді ешкім сені "адам екен".
Құр сипай отырғанша сақалымды,
Жейде, ыстан жаңартайын, шапанымды.
Ат-арба, алатын пұл әкелейін,
Оңғарса Алла егер сапарымды.
Тілектес отырарсың болып сен де,
Бар ма еді сен дегенде сабыр менде?!
Қауышсақ саулықпенен болады да,
Көрмейді тіршілікте нені пенде.
Ақыры алысқа ері болып жүрмек,
"Кеуліңді келгенше отыр,– деді, – бірлеп".
Құшақтап мойынынан, қош айтысып:
– Отыра тұр,– деді, – енді отынды үрлеп.
Қоймады кедейшілік кетпесіне,
Қызметті халықтан шығып етпесіне.
Өтінді інісінен бірге туған:
– Жеңгеңнің жәрдем бол,– деп, – жетпесіне.
Інісі: – Аға, мұның мақұл, – деді,
– Менен кім, сірә, саған жақын? – деді.
Жүре бер, жолың болсын, Рауадан,
Болмаспын қай уақта қапыл, – деді.
Ырза боп інісіне кетті жүріп,
Емпеңдеп, екі етегін белге түріп.
Ағасы кеткеннен соң Рауаға,
Бұлай дед, отырғанда мәжіліс құрып:
– Ей, жеңге, жан-діліммен едім ғашық,
Кетті ағам келе алмайтын жолға қашық.
Өткізбей өмірді бос балалықта,
Тұрайық татулықпен араласып.
Етейік енді ұзамай ойын-күлкі,
Жанбыз ғой араласқан мал мен мүлкі.
Етті,– деп, – тілегімді тәңірі қабыл,
– Айтты сөз ұнамайтын үрпі-түрпі.
– Сөйлеме сүйкімсіз сөз, – деді, – қайным,
Бір туған інісісің біздің байдың.
Ұят сөз ондайынша аузыңа алма,
Біледі Ақ бәндалардың барлық айыбын.
Ағаң жоқ болғанменен Алла дайын,
Аз өмір әлі-ақ заман батар айың.
Қатынды қасиетсіз қайдан таптың,
Батпаққа батыратын белден байып?
Өмірімше отырамын сақтап хақын,
Отырма, олай десең, маған жақын!
– Көзіме көрінбе енді, кет үйімнен,
Денеңе диуана екенсің ұрған зақым!
Жеткізер Жаппар жейтін несібемді,
Алма асылы "мен бағам" деп, есіңе енді.
Кеуліңнен бұл ниетті шығармасаң,
Ашылмас, аулақта жүр, есік енді!
Ұялып, үміт үзіп шықты үйден,
Бұлайша қапа болып, қабақ түйген.
Келді де төсегіне аунай берді,
Адамдай "аһы-уһі" деп, іші күйген.
Артынан әзәзіл де оның жетіп,
Өз-өзін үйреніскен жар-досы етіп.
Жамбастай жанына кеп отырған соң:
– Жатыр,– дед, – жағдай, күйің қалай кетіп?
Бәрін де баяндады бастан-аяқ,
Жасырып ешқайсын тастамай-ақ.
– Тұзың сор, еңбегің еш болыпты-ау, – деп,
Баяулар болып бетбақ хастадай-ақ.
– Қорқытсаң айтқаныңызды етер, – деді,
– Жігіттік желдей заулап өтер, – деді,
– Барыңда базарыңның құдай шалқы,
Қайтып бар тұрмай мұнда бекер! – деді.
Рауаға оны айтқансын барды қайтып,
– Хош десең, – деді, – қоям пұлға байытып.
Болмаса "жеңгең зінә етіп жүр" деп,
Қаныңды төктірермін қазыға айтып.
Рауа: – Арманым жоқ, – деді, – өлсем,
Жолында жарым үшін жаным берсем!
Боламын қияметте қара жүзді,
Егер де айтқаныңа сенің көнсем.
Айтқанын етпеген соң ашу қысты,
Үрлеген мес сияқты кеуіп, істі.
Жалғаннан жалдап алып төрт куәні,
Жортақтап жын ұрғандай жолға түсті.
Қазыға барып бәрі берді шағым:
– Рауа болмады, – деп, – дінге бағын.
– Көрдік, – деп, – көзімізбен бұзықтығын,
Сұрлантып, суалтысты бет пен жағын.
Сол сөзге қапияда қазы нанды,
– Шақыр, – деді, – олай болса, осы манды.
Шығарып саһараға саңсар қыл! – деп,
Жіберді жендеттер мен осыларды.
Рауаны алып келді бұлар барып,
Топырақ қайтіп шашсын көпке ғаріп.
Шығарып сахараға саңсар қылып,
Тастады таспен көміп, басын жарып.
– Шығар, – деп, – кеткенсін көп, – анық өлген,
Сол жерге шаруа бір араб келген.
Кідіріп, тыңдады да тұра қалды,
Шыққан соң шамалы ыңыл осы жерден.
– Дыбыс, – деп, тұрды қарап, – қай жақтағы?
Қолында бар еді оның таяқ тағы.
Түрткілеп тасты аударып көре берді,
Итеріл етігімен аяқтағы.
Ішінде жатыр қатын көркі күндей,
Қан болып тұла бойы, есін білмей.
Едәуір аяғаннан жылап алды,
Еңкілдер егізімен болып бірдей.
Отырды сөйлесуге, есі кірсе,
Үйіне әкетуге еріп жүрсе.
Түрі бар тұратұғын түпкілікті,
Сабыр етіп сол араға сәл кідірсе.
Түс қайтып болғаннан соң, анық бесін,
Көтерді басын жерден, жиып есін.
Есіркеп іші-бауыры елжіреді,
Айтқан соң әлгі өткен әңгімесін.
Арқалап, үйіне алып келді кешке,
Алланы адам еді алған еске.
"Көп сауап табамын, – деп, – тасқындап жүр,
Оңалып осы ғарып ерсе көшке".
Әр түрлі жарасына дәрі септі,
Кісі еді көнді білгір, қолы епті.
Сауалып шамалы күн жатқаннан соң,
Жамалы таңырқатты тағы көпті.
Рауаға оның-дағы кетіп ышқы,
Қалжыңдап, қиқарсып кеп қолын қысты.
Тітіреп тұла бойы қорыққаннан,
– Ойла, – дед, – ақыретте болар істі.
Еңбегің етсең күнә еш болады,
Едәуір соңырағы күн кес болады.
– Деген соң, "олай болса тауба еттім" деп,
Рауамен ақыреттік дос болады.
Ерте-кеш етіп қызмет, енді күтті,
"Қылсын, – деп, – қадамыңды Құдай құтты!"
Хан, қара болсын яки құл мен құтан,
Ұйтқытар азған күн әркімді ірткі.
Бір қара құлы бар ед қоңқақ мұрын,
Көрген жан "құртсын" деуші ед оның түрін.
Оның да Рауаға ышқы кетіп,
Сүбі-шам салып жүрді көздің қырын.
Рауаға оңашада айтты жайын,
– Тұрам, – деп, – қызметінде әр кез дайын.
Сөзімді осы айтқан орындасаң,
Өлгенше кем болмас, – деп, – ет пен шайың.
Күдерін үздіреді кейіп құлдың,
Сабырына сансыз рахмет ондай гүлдің!
Кеуліне кейігенін кек тұтынып,
Осы күл ортасында тұрып түннің.
Баласын баярының барып шалды,
Ұйықтап ед ол уақытта жұрттың алды.
Десін деп "осы өлтірген" үйдің іші,
Үстіне Рауаның жақты қанды.
Мысықтай маймалаңдап барып қана,
Пышағын бас жағына тықты жана.
Кеуліне келді едеуір мақтандық,
"Кегімді алдым ғой, – деп, көрген мана!"
Орнына қайтып жатты, мұны етті де,
Ол құлдың мұны еткені ретті ме?
Баланың қырқыраған дауысымен,
Анасы түрегелді дір етті де.
Ойбайлап тура сала, жақты шамды,
Жаққан соң ағып жатқан көрді қанды.
"Өлтірген бұл баланы кім болад?" деп,
Бәрі де болып у-шу, естен танды.
Рауаның қан болған соң киген киімі,
– Осы қан, – десті, – үстіңе қайдан тиді?
Баланы бауыздаған анық сен, – деп,
Ұйғарып, бейшараға бәлені үйді.
Рауа: – Ұлық-кішік отыр, – деді,
– Тыңдаңдар, қылмай сөзімді топыр, — деді
Құдайдан қорыққан үшін саңсар болып,
Қылып ем үсті-басымды қотыр, – деді.
Қалайша бұл баланы бауыздайым,
Үстімді қанға бояп сауыздайым?
Өлтірсем, өздеріңде ойланыңдар,
Үстіме зәредей қан тамызбайым.
Қоямын бас жағыма қалай пышақ,
Өлтірген бұл баланы өзім ұсап?
Осыдан өздерің де аңғарыңдар,
Даурығып қорқытпай-ақ қысып-қышап.
Бәрі де: – Бұл айтқаның дұрыс, – деді,
– Жаламыз біздің қылған бұрыс, – деді.
– Кешіріп қатемізді осы қылған,
Ал бізден төрт жүз теңге күміс, – деді.
Рауаға беріп баяр төрт жүз теңге:
– Күніңді елт, келгенше ерің шығып кеңге.
Біреудің кесапаты тағы тиер,
Деп жылады, емес еді,– деп, – ойым өңге.
Рауа кетті алғысын бере-бере,
Берген соң біліп айыбын, дұрыс төре.
Жақындап бір базарға барып еді,
Алдынан андады адам өре-өре.
Жиналып жатыр халық, тұрса қарап,
Көмулі ортада түр күжім дарақ.
Басына бір жігітті қойыпты асып,
Еттіріп аяқ-қолын алақ-салақ.
Таңырқап тұрғандарға: – Бұл не? – деді,
– Таптыңдар мұнан нендей іле, – деді.
– Борышы үшін 400 теңге асулы тұр,
Аясаң, бер, – деп бәрі күледі енді.
Бұл жігіт 400 теңге бересі екен,
Алатын ол шаһардың төресі екен.
Уақытынан уәделі қалдырған соң,
Асылып осы дарда өлесі екен.
Жігіттің екі көзі жасарып тұр,
Ал төре өлтіруге қасарып тұр.
"Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім",
Дегендей басы саулар наша ғып тұр.
Рауаның ол жігітке іші күйді,
– Мұндайды көрер ме ед,– деп, – болса күйлі.
Жанынан төрт жүз теңге санап беріп,
Құтқарып қылды дардан басын сыйлы.
Кідірмей жүре берді шығып кенттен,
Құтқарып Құдай үшін қалың өрттен.
"Еңбегің ессізге еткен еш болар" деп,
Қарттардың айтқаны шын бұрынғы өткен.
Құтылып алғаннан соң жігіт дардан,
Артынан "кім екен?" деп қуып барған.
Көркіне құн сияқты көзі түсіп,
Ақымақтың ашты ойы анықтарлан.
Жалынды: – Жүр, – деп, – жеңге, біздің үйге,
Көркіңді көргеннен соң түстім күйге.
Ықыласың ұқсайды анық маған ауған,
Тып-тыныш отырып ал, маған ти де.
– Жоқ,– деді, – ықыласым саған кеткен,
Жаныңа жас болған соң зақым жеткен.
Есіркеп, ел шетінен келсем-дағы,
Ғарыппын халысан һақ қайыр еткен.
Түрі жоқ тыңдайтұғын айтқан кепті,
Жер түгіл, көрер емес көзі көкті.
– Ғашықсың, аярлықпен айтасың, – деп,
Едеуір Рауаны ұрсып, сөкті.
Жалынып екі көзден төгіп жасты,
– Ал, өзің біл, – деді, – онда, иіп басты.
Онда да жіберетін болмаған соң,
Теңізге туралап бет тура қашты.
Қашумен бір кемеге келіп кірді,
Кідірмей келісімен кеме жүрді.
"Шорым, – деп, – мынау менің қашып жүрген"
Айқайлап жар басында жігіт тұрды.
– Бағасы, – деді, – алсаңдар, бір мың теңге,
Бермеймін қанша айтқанмен одан кемге.
Сатамын алғаныңа анығында,
Шорым көп болғаннан соң одан да өңге.
Сатуға келіп едім алып базар,
Жұрт біткен жамалына бөліп назар.
Таласып "мен алам" деп бір-бірімен,
Қуалап көше үстінде көрсетті азар.
Сондықтан келіп еді қашып мұнда,
Кеменді кідірт-тағы сөзім тыңда.
Қайтамын алмасаңдар үйіме алып,
Шығарып жіберіңдер асылында.
Артықша Алла оған берген көрік,
Қалмайды көрген жанның көндінде ерік.
Байы едім миллионшік шорылардың,
Сұлуын әр шаһардан алған теріп.
Рауаны ортаға алды: – Көрелік, – деп,
– Ұнаса айтқаныңды берелік, – деп.
Көрген соң бәрінің де кетіп ышқы,
"Жолында, – ой қылысты, – өлелік" деп.
Ақыры мың теңгеге алды бірі,
"Екен, – деп, – жамалға бай жаһан һүрі".
Кемемен кең теңізге кетті жүріп,
Қарай қал, қалай болар істің түрі.
Кемеде келе жатып болған соң кеш,
Алғанда Рауаны қалмады ес.
Мойнына қолын салып, сүйіп бетін,
Кеуде артып, келіспейтін көрсетті пеш.
Жайып қол жалбарынып, жылады һаққа:
– Осыдан, – деп, – пазлыңмен мені сақта.
Күркіреп көктің бетін, басып бұлт,
Бұрқырап, соғып дауын сол уақта,
Тербетті теңіз суын астын-үстін,
Ақылынан алжаспаған қалмады ешкім.
Рауаның аяғына бас ұрысты,
– Лажын ете гөр, – деп, – осы істің.
Көтеріп қолын көкке, қылды дұға:
– Тоқтат, – деп, – толқыныңды Қадыр Құда.
Аспаннан бұлттар тарқап, басылып жел,
Тып-тынық, жайма шуақ болдыс, жүдә.
Қуанды халықтың бәрі қайықтағы,
Қалған соң рахатқа байып тағы.
Уәдеге өткендегі айтқан опа ете алмай,
Әшепкі іс шығарысты айып тағы.
Шуласып, Рауаны ортаға алды,
Азайып ақыл, ойы орталанды.
Еркінсіп ерік бермей баратқан соң,
"Болды,– деп, — бұл қалайша?" қорқа қалды.
Қасқырдай қамап алып айналасын,
Шуылдап салғаннан соң шарға басын:
– Құтқара көр, – деп, – өзің осылардан,
– Жалбарды Жаппар һаққа төгіп жасын.
Қайтадан қарғыны зор соғып дауыл,
Ғарық болды барлығы да бұзып қауып.
Ол қайық ортасынан қақ айрылып,
Рауа аман қалды болмай ауыр.
Рауамен бірге еді салынған жүк,
Жүктерден су ішіне кетпеді түк.
Қалқумен бір қаладан келіп шықты,
Жүдеуге Жаппар алла жеткеріп ық.
Тақтаны су шетіне қойды байлап,
Шығарып жүктің бәрін буған тайлап.
Еркекше киім киіп айтуға арза,
Бұл кенттің падшасына келді айдап.
Тұп-тура мекемені сұрап, тапты,
Қақ жарды, қарсы алдында тұрған сапты.
Қалады күзетшілер кідірістеп,
Болған соң өте сұлу оның әпті.
Кідірмей падша үстіне келді кіріп,
Қасында бектер бар ед небір ұлық.
Бәрі де талғатына таңырқасты,
– Қыздан да таптырмас, – деп, – мұндай қылық!
– Кетті, – дед, – жолдасымның бәрі суға,
Қалған жоқ бәрінен де бірге тума.
Малдары меніменен аман қалды,
Алдыңа соның үшін келдім тура.
Шығарып су шетіне, келдім үйіп,
Алған жоқ зәредейін ешкім тиіп.
Түсетін күндік жерге көлеңкесі,
Күжім ең миуалы біткен биік!
Алдырып, аш-арыққа, тақсыр, тарат,
Болмаса орынына өзің жарат.
Тауып бер тынығатын өзіме орын,
Ғаріпке болған болсаң құйрық, қанат.
Рауаның өте тыңдап осы сөзін,
Салмақ боп шыныменен шапқат көзін.
Жіберді жүктеріне жігіттерді,
"Отыр, – деп, – өз қасымда енді өзің".
Алдырып аш-арыққа берді бөліп,
Патша еді фазылатты дінге берік.
– Біреуін отыруға ұнат, – деді,
– Шаһналық жайларымның бәрін көріп.
Қолайлы бір сарайды алды қалап,
Алған соң, ақыретті етті талап.
Отырды ертелі-кеш етіп шүкір,
Жылаумен: – Жарылқа,– деп, – енді,
Падиша Рауаны тутынды пір,
Кеуліне жан екен, – деп, – орнаған нұр.
– Дауамат дұғаңыздан тастама, – деп,
Беруші ед күміс, алтын, гауһар мен дүр.
Келуші ед әр тараптан науқас, кесел,
Құрт ауру, құныс, соқыр, ақсақ, мешел.
Бірі емес, бәрі-дағы шипа тапты,
Жын ұрған және-дағы не бір есер.
Қысқасы, халық біткеннің болды пірі,
Қол берді кемеңгерлер не бір ірі.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Қояр ма Қадыр Құда жанды тірі.
Падыша бір күндері болды хаста,
Жақындап жазылулы тағдыр баста.
Орнына отыратын ұлы жоқ ед,
Сол үшін түсті уайым кәрі, жасқа.
Бәрі де бек, уәзірдің деді жылап:
– Күжім ең көлеңкелі, тұрсың құлап.
Иелік ел атыңа етеді кім?
Халық болып келдік, міне, басты құрап.
Падыша: – Жыламаңдар, – деді, – халқым,
Шәрбатын бұл өлімнің татады әркім.
Орныма осы жігіт отырсын, – деп,
Жаһаннан жұмып көзін, болды марқұм.
Жұрт біткен жылап, еңіреп, тұтты аза,
Біткен соң шара нешік тағдыр қаза.
Болғанмен асыл, гауһар көмді жерге,
Намазын оқып болып, жуып таза.
Дүниеден өмірі бітіп өтсе де өзі,
Біздерге бар еді, – деп, – сондай сөзі.
Рауаны үлкен-кіші ортаға алып,
Өтінді: – Падышаның бол,– деп, – көзі.
Дағдарып Рауа мінді алтын таққа,
Қойғандар қор болмайды көңілін Аққа.
Жібер, – деп, – қыздарыңды құзырыма,
Бұйырды бек пен уәзір не бір наққа.
Қыздарын қуанғаннан киіндірді,
Үйретіп үлгі, өнеге иілдірді.
– Ұнатса әйелдікке алады, – деп,
Сыбырлап жүрерінде сүйіндірді.
Жиналып Рауаға келді қыздар,
Дейтұғын "Күйеу болса, міне, біз бар".
Келіншек келгеннен соң таңырқасты,
Солардай сұлулығы неше жүз бар.
Рауа ортада отыр болып һүрдей,
Жарқырап екі көзі гауһар дүрдей.
Шөпжелке шорылардай болып қалды,
Шүңкиіп бұл қыздардың бәрі бірдей.
Қорынып қыздар онда өздерінен,
Ұялып ажарлары өзгерілген.
– Қыжалат, қарақтарым, тартпаңдар, – деп,
Рауадан осы кезде сөз көрінген.
– Әйелмін, асылында ер емеспін,
Қорғайтын халықты жаудан шері емеспін.
Лаж жоқ еркектерге ұқсап жүрген,
Жұрты жоқ жүдеу тартқан келемешпін.
Айтыңдар аталарыңа біздің жайды,
Рауаның бар екен, – деп, – сондай айыбы.
Кең ойлы кемеңгердің келіп бірі,
Ертерек иеленсін тақтылайды.
Рауаның қыздар жайын айтып барды,
Айтқан соң, ашып қалды халықтың қарны.
– Жан ед, – деп, – жайтымызға қарайтұғын,
Жыласты жетім, жесір, жүдеу, жарлы.
Қатынды хан қоюға қоспайды заң,
Заң қосса, қоймайтұғын жоқ еді жан.
"Ер болса елді жауға бермес ед" деп,
Өкінді үлкен-кіші ұрысып сан.
Лажсыз бір адамды патша қойды,
Рауа елді жинап етіп тойды.
Бата алып бәрінен де барғандардың,
Жасырып жатып алды жұртқа бойды.
Ықыласы екі есе болды елдің,
Халқына кетті даңқы қайбір жердің.
Рауаны қоя тұрып, сөз қылайық,
Жайтынан жолаушылап кеткен ердің.
Қысы-жаз қылып қызмет, шығып шетке,
Шаң жұғып, шекпен-шалбар киіп етке.
Арқалап алтын, күміс қайтты бір күн,
– Болар, – деп, – мұным тоқтау, жоқтық дертке.
Сағынып Рауаны, айтып өлең,
Деп келед: "Дидарыңды қашан көрем?"
Қуанып, қошық айтып келе жатып,
Теңізге түсіп кетті-ау түбі терең.
"Алдымнан шығар-ау, – деп, келеді ойлап,
– Киіктің баласындай көзі ойнап".
Арманы — Рауаның бетін сүйіп,
Ойдағы уайымның бәрін жоймақ.
Жол жүріп жетті үйіне неше күндей,
Келген соң кеулі қалды болып түндей.
Рауа жоқ, інісі отыр, "бұл қайсың?"– деп,
Үңірейіп екі көзі, болып індей.
Деді: – Інім көретұғын көзің қайда?
Есепсіз келіп едім етіп пайда.
Рауа қаза жетіп қалды ма өліп,
Отыр ма иә болмаса басқа жайда?
Інісі таныды да, деді жылап:
– Ақыңа адал жұптың етті хилап.
Қылған соң, қарлық, қазы қаһар қылып,
Өлтіртті тас аттырып, халықты құрап.
Дос күліп, дұшпандарым табалады,
Ерте-кеш иттей шулап, абалады.
"Қылды, – деп, – қалайынша жеңгең қарлық?"
Үйімді қатын-бала қамалады.
Шыдамай сол азарға жылап едім,
Көл қылып көзім жасын, бұлап едім.
Қарайтын халыққа жүзім қалмаған соң,
Саттардан соқырлықты сұрап едім.
Тілегім қабыл болып, болдым соқыр,
Күнелтер күй мен дәулет, кетті қоқыр.
Білмеппін, көз артықша керек екен,
Ізде, аға, елде молда болса оқыр.
– Көңілімнен кетпес,– деді, – мынау күйік,
Рауадан шықпас деуші ем аспан қиып.
"Әйелде опа жоғы" рас екен,
Мен ақымақ, ол үшін пұл келген жиып.
Кесірі тиген екен саған-дағы,
Сен үшін пул құдайы ағаң-дағы.
Жияйын дұғахан мен дәрігерді,
Ырза бол, інім, осы шашам-дағы.
Деп, жиды дұғахан мен дәрігерді,
Бәрі де дұға оқып, дәрі берді.
– Болмас, – деп, – бізден себеп, бәрі қашты,
Бағысып көрді-дағы әрлі-берлі.
Ойы жоқ аянатын інісінен,
Айрылды ұйқы менен күлісінен.
Қатынын қарғауменен отырады,
Болғанын білсін қайдан жүрісінен.
Есітті, "бір әулие бар,– деп, – қатын,
Барады, – деп, әркім алып нар мен атын.
Батасын бере қойса ықыласымен,
Дерттілер табад,– дейді, – тән сағатын.
Інісін: "Жүр, – деп, – жаным", жетеледі,
Жетуге жатпай-тұрмай төтеледі.
– Қарағым, қалды ма, – деп, – өкпең өшіп,
Әлпештеп анда-санда көтереді.
Бір үйге, болған соң кеш, келіп қонды.
Жоқ екен, ол үйдің де, мазасы онды.
Бір соқыр онда да отыр ойбай салып,
Төңбекшіп "көзім-ай!" деп, онды-солды.
Қасында қарт атасы жылап отыр,
Тынбастан тұла бойын сылап отыр.
Сыйынып әулие мен әнбияға,
Саттардан сауалуын сұрап отыр.
Бұларға біраздан соң айтты жайын:
– Жанбыз,– деп, – заманасы болған қайым.
Көзіне жалғызымның зақым жетіп,
Ұйқы жоқ отырамын зарлап дәйім.
Бұл соқыр жігіт еді тұрған дарда,
Сол күні шұқитын ед көзін қарға.
Айырып Рауа оны өлімінен,
Кетіп ед борышын өтеп, айтып арма.
Жамандық жақсылыққа ол етіп еді,
Сол үшін көрер көзі кетіп еді.
Басқасын баян қылып не қылайын,
Әркім де әліне оның жетік еді.
Баяндап басындағы болды мұңын,
– Жүр, – деді, – баланды ертіп, бізбен бүгін.
Бұл жақта қасиетті қатын бар, – дейді,
Күні-түн болып жатқан алды жығын.
Батасын біздер алсақ, барып оның,
Қайғының жазар Жаппар бізден торын.
Оңалып екеуі де ауруынан,
Саулықтың саясынан алар орын.
Қуанып, "иә, құдайлап" жүрді ол да,
Ниязға алып пұлын, болған қолда.
Алатын Рауаны тас ішінен,
Құлы мен кездей болды арап жолда.
Көзі көр ол құлдың да екен болған,
Арап та емін істеп келген қолдан.
Дауасы бәрінен де болмаған соң,
Қылам, – деп, – қалайынша халықтан сорған.
Халық айтқан: – Қатынға бар, құлыңды алып,
Ниязға беретұғын пұлыңды алып.
Шынымен шипа табар дұға қылса,
Қоймаса Құдай егер қырыңды алып.
Деген соң келе жатқан түнемекке,
Құлының сауалуын тілемекке.
Ұшырасып өңшең бұзық жол үстінде,
Жыласты "Түстік-ау, – деп, – тірі әлекке".
Бұзықтар білмей айыбын, мұңдасады,
Есіркеп есіткендер тыңдасады.
Өнерлеп өтірікті айтқанменен,
Көзіңді көп ішінде құм басады.
Жол жүріп жүдеп, шаршап, бұлар жетті.
Рауа отыр еді бүркеп бетті.
Саттарға сансыз шүкір айлап іштен,
Бұларды бірнеше күн құрмет етті.
– Ықыласы әулиенің түсті, – десті,
– Құдайым енді оңғарар істі, – десті.
Қайтармыз қалайда да қуанысып,
Қайткенмен кереметі күшті, – десті.
– Бар ма, – дед бір күндері, – жұмыстарың
Тең екен ауруың мен дұрыстарың.
Айтсаңдар шындарыңды шипа тауып,
Қайта орнар қайтқан бақыт, ырыстарың.
Сөйле, – деп, – ертеде еткен істеріңнен,
Шын айтпай шықпас қайғы іштеріңнен.
Қатесіз қалайда да пенде болмас,
Ұялып айнымаңдар түстеріңнен.
Лаж жоқ, үшеуі де айтты сырын,
Есіткен, "түпә!" деді, қарап қырын.
"Өлімнен ұят күшті" екені рас,
Түстері болып кетті қара құрым.
– Рауаға рахмет! – деп жатыр халық,
– Екен, – деп, – ердің ақын күткен анық.
Мінажат Қадыр Аққа қылмақ болып,
Осынша етсе де олар бейопалық.
Деп айтты, қол көтеріп: – Ая, Саттар!
Қайткенмен Карим деген өзінде ат бар.
Айыбын aлy айлап осылардың,
Қасымнан қуандырып бәрін де атқар.
Сол сағат сәуле кірді көздеріне,
Түрлері қуанысты өзгеріле.
Құданың құдіретінен қиын іс жоқ,
Оңалып келді үшеуі өздеріне.
Құлдық, – деп, қусырысты қолын бәрі,
Көркейіп, кеуілдері, кірді әрі.
Керемет көрсеткен соң бұл сияқты,
Хан, қара қалды қайран, жас пен кәрі.
Рауаның жығылды олар аяғына,
Ойда жоқ, еткендері баяғыда.
Ерінің қолын ұстап "кіммін?" деді,
Бетіне бетін ашып таяды да.
– Ұқсайды Рауаға, – деді, – түсің,
Жаныма жағып барад еткен ісің.
– Солсың! – деп, соңыңа анық ерер едім,
Өлмесе өмірі бітіп ондай мүсін.
Обалы осы інімнің мойынына,
Қас болып алмаған соң қойынына,
Жалғаннан жалдап алып төрт куәні,
Қалдырған халық біткеннің сойылына.
– Рауаң "өлді" деген менмін! – деді,
Сен үшін сансыз бейнет көрдім, – деді.
Жетістім мәртебеге бұл сияқты,
Өзіндей сақтап хақын ердің, – деді.
Алжасып ақылынан, қалды құлап,
Рауа басын сүйеп тұрды жылап.
Бір кезде есін жиып, түрегеліп,
– Сен бе? – деп сүйді бетін, – сөнген шырақ?
Шат болып шамадан тыс, шүкір қылды,
Тапқан соң тап формында солған гүлді.
Қайтадан қосып Алла осы екеуін,
Тудырды ізді-ізімен төрт ұғылды.
Бақытты төртеуін де етті тәңірім,
Жүргізді әділдікпен халыққа әмірін.
Зиярат жұма сайын етіп жұрты,
Құрметтеп тұрад дейді әлі қабірін.
Ұқсатқан Рауаны Алла асқар тауға,
Келді өзі қор тұтқандар қорғалауға.
Басына бақыт қонған білімді ерлер,
Алдырмас қорған болып, халқын жауға.
Рауадай артым абат болсын десең,
Сайраған сары жолдан асылы аума.
Қолына туралықтың тұтса туын,
Ел-жұрты етер құрмет ардақтауға.
Осындай кейінгіге үлгі кеткен тастап,
Болмайды өткендерді еске алмауға.
Әлгі айтқан үш бұзықтан ыбрат ал,
Қашырмай қиялыңды әр тарауға.
Тапжылтпай тағдыр құрық салған күні,
Ерік бермес етерліктей жанға сауға.
Нені еккен соңғылықта соны ормақшы,
Күтін бол күні ілгері бос қалмауға.
Жол қуған жолығады дейді қазынаға,
Кездесер бәле іздеген бітпес дауға.
Ылайын ғысиянның кешкенменен,
Ізденбек ерге ләзім таупық-тәуба.
Гүлденген көңілімнің бостанынан,
Риза бол беглер осы берген бауға.
Үмітім "көп дұғасы — қол" деген бар,
Балықтай бітіп тағдыр, түссек ауға.
Жазып ем Рауаның ікаясын,
Жарар, – деп, жиын-тойда бір тыңдауға.
Менің де тілейтінім айтушыдан,
Сөзімді шала жаттап қор қылмауға.
Түгел сөз тура айтпаса болар жарты,
Сол үшін ескерткенім көп жырауға.
Баласы Ізтілеудің Тұрмағамбет,
Білмекке болса көңілің жөн сұрауға.
Сөз соңын соза бермей қысқарталық,
Іреті келмес бұдан енді ұзауға.
1911.
ТҰТҚЫН ҚЫЗ
Бәденнен жан бұлбұлы ұшса қай күн,
Бөз болар үш-ақ қары алар бәйгің.
Апарып айдалаға аға, інің,
Көрсетпей көміп тастар бардай айыбың.
Басында бір күн бағып отырмайды,
Туысқан, бала-шаға, адал зайыбың.
Ойлайды өз пайдасын ертеңіне,
Орныңа отырғызып кеткен найбың.
Осындай боларыңды біле тұрып,
Тарқайды қалайынша қам мен қайғың.
Бес күнгі бақ, дәулетті көтере алмай,
Келеді кеуіп, ісін адырайғың.
Тұтқасын дүнияның қолмен ұстап,
Тақтынан тіріліктің келмес тайғың.
Ол ойың өте ұят, ойла онан да,
Ішінде аз өмірдің не лайығың?!
Қамың же, қарның сипап жата бермей,
Келмесе қияметте құр мұңайғың.
Кеңесіп кеуліңменен көре қойсаң,
Аз емес азаматтар көп уайымың.
Алдайды дүния-бетпақ бәрінді де,
Ішінен алтайыдай қашқан сайдың.
Жүргенмен желкесінен жетіп ұстап,
Айналар арты ойбайға алақайдың.
Жүз жылғы жорға мініп сүрген дәуір,
Түстеніп тәрізінде ішкен шайдың.
Саулық — сыр сияғында, кеуде — сарай,
Жан — нілте ұқсасында, өмір – майдың.
Өлімді уақытың барда ойыңа алып,
Бұйрығын бажай айла бір Құдайдың.
Сүннәтін Сәруардың сай бағыштап,
Соңыра бол сықылында туған айдың.
Жазмыштан озмыш сірә болған емес,
Келгенмен керіп қадам құлаш жайғың.
Бастасын Тұрмағамбет бір хикая,
Келсеңдер бірі едің деп сөзге байдың.
Самұрық сұлтаны еді барлық құстың,
Жоқ еді есебі оған біткен күштің.
Қорғанды қабат-қабат тастан салған,
Етуші ед ашуланса астын-үстін.
Бір кеуде, екі басы бар еді оның,
Сөйлеуші ед біреуімен адам форым.
Құстарға біреуімен үгіт айтып,
Беруші еді бәріне де тауып орын.
Қасында Сүлейменнің болушы еді,
Қызметін недей қосқан қылушы еді.
Жеті мың қатар болып қанат жайып,
Құс біткен төбесінде тұрушы еді.
Сүлеймен бір күндері жиды жұртты,
Ұшар құс, жүгірер аң, әр түрлі ұлтты.
"Қалқан боп халық біткенге тұрындар" деп,
Кідіртті кетіп бара жатқан бұлтты.
Кең ойлы кемеңгерлер келді неше,
Беретін барлық істің шарқын шеше.
– Тағдырды Тәңірі жазған тәсіл тауып,
Бұза алмас, – деді, – ешкім тұрып кесе.
Осыған мақдұқтың бәрі нанды,
– Қойдық, – деп қол қусырып, – бұған тәнді.
– Ақылың бәріңнің де жоқ екен, – деп,
Самұрық сенбей оған ашуланды.
– Тағдырды тіпті оңай, — деді, – бұзу,
Көңілге бұл туралы келді қызу.
Күні ертең көздеріңе көрсетейін,
Бәрің де көрмесең де мені түзу.
Отырып жанға болмай жанжалдасып,
– Болад,– деп, – кім білімді менен асып?!
– Егессек өлтірер, – деп, – бізді бұрап,
Қорыққаннан халықтың бәрі кетті қашып.
Сол сағат Жебірейлі жетіп келді,
Шақырып, Самұрықты қасына енді.
– Тағдырды Тәңірі жазған бұзамын, – деп,
Сөйлетпей тұрған болсаң осынша елді.
Патшадан Батыстағы бір қыз туды,
Бибісі бұл уақытта оны жуды.
Жөргекке орайын деп ыңғайланып,
Сипалап сарқып жатыр жуған суды.
Патшадан және ұл туды Шығыстағы,
Болды азат барлық адам жұмыстағы.
Қуанып әйел, еркек, шашып жатыр
— Шашу ғып ақшаларын ыдыстағы.
Болады осы екеуі ерлі-байлы,
Бір тұрып түзеп алар үй мен жайды.
Тұрғанда некеленбей, екеуінен
— Ұл туар тиетұғын халыққа қайыры.
– Қолыңнан, – деді, – екеуін келсе қоспа,
Жұмыста, қосып алып, жүрме босқа.
Асылында ел біткенмен ерегіспе,
Боларсың дұшпанға мат, күлкі досқа.
– Қайтпаймын қапайда да, – деп, – райдан,
Отырып одан жаман одырайған.
– Осыны олай десең орындауға,
Кет, – деді, – күн ілгері бұл маңайдан.
Тауып бер бұған, бірақ, кепіліңді,
Жалпылдат онан кейін кекіліңді.
Шарасын бұл жұмыстың шапшаң қолдан,
Орныңа отырғыз да өкіліңді!
– Кепілім – үкі менен, – деді, – қарға,
Шабатын шабандозым намыс, арға.
Шарт қылып, Сүлейменмен қол алысты,
– Бұлардың салмаспын, – деп, – басын шарға.
– Мен кепіл болмаймын, – деп, қарға қашты,
Қай кезде халыққа тентек алға басты.
– Болам, – деп, – сен қашсаң да, өзім кепіл,
Байлады үкі отырып арға басты.
Мархамат ол үкіге айтты өте,
– Жүретін досымсың, – деп, – жүдә, төте.
Қарғаға қатаң түрде қалды өкпелеп,
Жек көріп, "жоқ екен, – деп, – сенде жете".
Самұрық сонан кейін жатты да ұшты,
Орнына отырғызып өзге құсты.
Тағдырды Тәңірі жазған талқан қылып,
Көнді боп көрсетуге көпке күшті.
Батысқа түзеп алып бетті тура,
Жеделдеп жер тамырын ұшты суыра.
Сияғы сол уақытта Самұрықтың,
Жараған қаңтардағы бейне бура.
Батысқа тынбай ұшып жетті зорға,
Ойланды түсіруді қызды қолға.
Ханшаны ортаға алып, өлең айтып,
Адамға отыр екен толып орда.
Аспанда қанат жайып, тұрды қарап,
Кеткен соң үйлеріне олар тарап.
Келді де, бесігімен ала қашты,
Деді де қалды ханым: – Бұл не, я, раб?
Неше күн, неше түндей тағы ұшты,
Жай емес, жанталасып жұмсап күшті.
Бір жерге жеткенінде, жан бал асы
– Көнді боп, келмес деген қиял түсті.
Ол орны — арал еді, қонды келіп,
Қартайдық, қиялымен қызды қорып.
Бар еді көлеңкелі гүжім дарақ,
Басына ұя салып жүрген қонып.
Әкеліп ұя үстіне қойды қызды,
"Тағдырды тап осы, – деп, – деген бұзды".
Асырап анасынан артық қылып,
Өткізді неше уақыт жаз бен күзді.
Ержетіп, едірейіп емшегі өсті,
Өткізді ұя үстінде ерте-кешті.
Керіліп кер маралдай анда-санда,
Ыңырсып, отырады сипап төсті.
Көктегі көркейді қыз толған айдай,
Бедеудей, көзі ойнап, қойған байлай.
Ықыласы Самұрықтың сонша кетіп,
Еруші ед еміреніп іші майдай.
"Тудым, – деп, – тап осыдан" ойлаушы еді,
Еркелеп, ойнағанын қоймаушы еді.
Қылғансын төсін төсек, иегін жастық,
Гүлдей-ақ күнде өсіп бойлаушы еді.
Кетуші ед Сүлейменге шыққасын күн,
Келуші ед қыз қасына болғасын түн.
" Қайткенде көңілін мұның көркейтем" деп,
Әр түрлі үйренуші ед ән менен үн.
Самұрық қызды бағып тұрсын мұнда,
Патшадан Шығыстағы сөзді тыңда.
Орнына атасының патша болып,
Ізіне ел біткенді ертті жұмла.
Көңіліне қоймады етпей келген ісін,
Көрсетті көп таңырқар қайрат-күшін.
Табылып барлық өнер бір өзінен,
Табылмас танысы жоқ, болды мүсін.
Шаһзада бір күндері жұртты жиды,
Бек, уәзір, патша мен бай, датқа, биді.
– Халқыңды қандай іске қосасың? – деп,
Бәрі де қол қусырып, басты иді.
– Сендерге бұйыратын, – деді, – жұмыс:
Алайық қазынадан алтын, күміс.
Жасатып жақсы қайық ұсталарға,
Гөлайттап судың үстін келген дұрыс.
"Мақұл" деп, ұста біткен соғып қайық,
Көрсетті су үстінде, бәрін жайып.
Жолдас қып көп адамды, жүріп кетті,
Орнықты өз орнына қойып найып.
Көп жүріл бір аралдан келіп шықты,
Андарды неше түрлі атып жықты.
Гөлайттап көңілдері біткеннен соң,
"Кел, енді, көшелік" деп, қойды жүкті.
Жел соқты жүрісімен сегіз күндей,
Бәрі де күн мен түнді қалды білмей.
"Ғарық болып осы суға өлеміз" деп,
Соншаның сұры кетті, бәрі күлмей.
Тынды жел сегізінші күн дегенде,
Тәңіріде іс тиегі, мың дегенде.
Аралдан асқар таулы келіп шықты,
Кететін күңіреніп, үндегенде.
Жіберіп жолдастарын аң мен ауға,
Жаяулап жалғыз өзі шықты тауға.
Ұялы ортасында дарағы бар,
Ғажайып көзі түсті бақ пен бауға.
Шаһзада таудан түсіп, бауға келді,
"Гөлайттап көрейін" деп ішіне енді.
Ұяда туған айдай бір қыз отыр,
Ашық боп жолдас, жаран, ұмытты елді.
Қыз-дағы қарады да, қайран қалды,
Ойланып өзіне де көзін салды.
Тұрпаты тап өзіңдей болғаннан соң,
Дағдарып, диуана боп, естен танды.
Шақырып Шаһзаданы қолын бұлғап,
Сөйледі бұлайынша, басын ырғап:
– Қорықпа, қасыма кел, тілдесейік,
Тұрғанша түу недейде, аузың құрғап.
Қуанып, қыз қасына келді жетіп,
Жағдайын түсіндірді баян етіп.
Ылаж жоқ бірі жерде, бірі қырда,
Тұрысты бір-біріне ышқы кетіп.
Қызға айтты: – Асырайтын анаң қайда?
Қалайша келіп тұрсың осы жайға?
Шыныңды айт, адамбысың, перімісің?
Суретің сонша сұлу, сөзің майда?
– Ұшатын анамда бар, – деді, – қанат,
Күніне неше айшылық жерге барад.
Бұл күнде Сүлейменнің қызметінде,
Сағатта, қайта қойса, келіп қалад.
Болғанмен анам ондай, өзім мұндай,
Отырмын осы ұяда неше жылдай.
– Не екенін негізімнің білмеймін, – деп,
Жағдайын жасырмастан айтты шындай.
Андады Шаһзада бұл сөзінен,
Ұяға келмегенін қыз өзінен.
Көркейді көңілдері гүлдей жайнап,
Пәр алып бір-бірінің мінезінен.
Қыз алып қолға алтыннан бір пиала,
– Шарап іш, – деді, – шығып осы ұяға.
– Қасыңа қанатым жоқ ұшып барар,
Салма, – дейді Шаһзада, – құр қияға.
Құс емес, қысқасында, сенің анаң,
Тұрпаты тап өзіндей болады адам.
Қанатың, одан тусаң, қалай болмас,
Неліктен ескермейсің, жоқ па санаң?
Анықтап сұра анаңнан асылынды,
Туған жер, тұқым, тек, зат, нәсіліңді.
Егер де айтқаным шын бола қойса,
Құтылар қамдана бер тәсіліңді.
Соны айтып, Шаһзада жатты бұғып,
"Көрініп қалам ба, – деп, – шиім шығып".
Самұрық күн батқан соң ұшып келіп,
Отырды ұясына түгін жығып.
– Шырағым, саумысың? – деп, сүйіп бетін,
Әкелген беріп жатыр нан мен етін.
Ісіне етіп жатқан қарағанда,
Түрі жоқ қылатұғын қызды жетім.
Еркелеп мойынына асылды қыз,
Айласын алайда да асырды қыз.
– Бірнеше сұрайтұғын сауалым бар,
Анығын айт, – деп, – ана, бас ұрды қыз.
Қырындап қызға қарай басын бұра,
– Шырағым, сауалыңды, – деді, – сұра.
Берейін біженімше жауабыңды,
Емеспін өтірікті айтқан, сірә.
– Тудың ба, – деді, – ана, мені өзің?
Айтатын анығында осы сөзім.
Өзіңнен о басында туған болсам,
Қанатсыз қалайынша болдым өзім?
Самұрық сөйлеп сөзін, шарқын шешті,
Қуанып қыз да жинай береді есті.
"Қалайша қосылам, – деп, – ғашығыма",
Өткізді ойланумен осы кешті.
Таң атып, тарқап жұлдыз, болып жарық,
Күн көзін ашқаннан соң шығып шарық.
Самұрық қанаттарын қомдады енді,
Келуге Сүлейменге енді барып.
– Түсір, – деп өтінді, – онда, мені жерге,
Келген соң, шығарарсың алып өрге.
Отырсам өне бойы үй үстінде,
Түрі бар толатұғын ішім шерге.
– Мақұл, – деп, – мұның, – жерге алып қойды,
Ойы жоқ келед деген бөтен ойлы.
Қосылып екі ғашық бір-біріне,
Ойдағы уайымның бәрін жойды.
Болды қыз түнде ұяда, күндіз бақта,
Сандалып Самұрық жүр екі жақта.
– Соқтырып бір сандықты бер, – деді, – енді,
Қолайлы құлаш жарым тауып тақта.
Етейін бақ ішінде оны ермек,
– Мақұл, – деп, болып кетті әкеп бермек.
Жетісті мұндайынша себеппенен,
Жазуды о бастағы әркім көрмек.
Бір сандық айтқанындай келді алып,
– Нәрсеңді қоя қой, – деп, – бұған салып.
– Құлдық, – деп, – құрметіңе қылған, ана,
Қыз-дағы қол қусырып қойды ырғалып.
Балаға баяғы айтқан болып жүкті,
Көркейіп күннен-күнге, іші шықты.
Қаупі жоқ, қуанатын болды Самұрық:
"Болды, – деп, – қалайда да қызым мықты".
Ханшаның туатұғын толды күні,
Құс та жүр "қорыдым, – деп, – күндіз-түні".
Елшісі екі жаһанның Жебірейіл,
Келді де Сүлейменге айтты мұны.
Сол сағат Самұрыққа қылды пәрмән:
– Қызынды алып кел, – деп, – ұрлап алған!
– Ойланып өзім-дағы жүр едім, – деп,
Қанатын қағып-сілкіл, қайымдаған.
Бірнеше қосшылыққа ертіп құсты,
Сол сағат кідірместен жатты да ұшты.
Мақтанып бәріне де келе жатыр:
– Қанекей, көріңдер, – деп, – біздің күшті!
Есітіп қанатының бұлар даусын,
Қорыққаннан "болады, – деп, – қандай мәусім?!"
Сандыққа Шаһзада жасырынды,
Көндімен "көрмес, – деген, – келген аушым".
Құс еріп қасына көп, келді күліп,
Көргенсін қыздың да іші кетті жылып,
Мезгілсіз келгеннен соң "бұл қалай?" деп,
Қалып ед қалайда да олар қауіп қылып.
Келді де: – Мін арқама, – деді, – балам,
Қорықпа, Сүлейменге алып барам!
Жазғанын Жаппар Хақтың бұзғаныма,
Бір талай көп алдында сыйлау алам.
Қыз айтты: – Жоғарыға шықсаң ұшып,
Қорқамын, тамағымды жеген құсып.
Арқаңда асылында отыра алмай,
Өлермін есім ауып, жерге түсіп.
Жатайын бұл сандыққа енді кіріп,
Алып ұш аяғыңмен мені бүріп.
– Балаңның бұл айтқаны дұрыс қой, – деп,
Қоштады қыздың сөзін құстар тұрып.
Сандықтың кірісімен жауып аузын,
– Ұша бер, – деді, – енді тап та төзім.
Қуанып қарбаң-құрбаң алды да ұшты,
Ақымақтай артық көрген дәннен қауызын.
Уақытта келе жатқан көкте ұшып,
Ұл туып, бауырында жатты қысып.
"Келетін қыздың көркін көреміз" деп,
Жұрт біткен жатыр еді жиылысып.
Алдына Сүлейменнің алып келіп,
Мәз болып, мақтаншылық кеуліне еніп.
– Тағдырды тәңірі жазған бұздым, міне,
Бер, – деді, – сыйлауыңды, ашып, көріп.
– Өзің аш, – деді күліп, – көрсін халық,
Тағдырды, аларсың, – деп, – бұзсаң анық.
Ұятың өміріңше ұмытылмас,
Деп қалсаң өкініш жеп: "Оһ, дарих!"
Сандықтың Самұрық кеп аузын ашты,
Ішінен екеуі де тұра қашты.
Орнында туған бала тулап жатыр,
Жарқырап туған айдай, алтын шашты.
Сол сағат сұп-сұр болып танды естен,
Тырп етпей жануардай жаны кешкен.
"Өлімнен ұят күшті!" деген рас,
Байланып тіл мен жағы, үні өшкен.
Қорыққаннан қу далаға қашты үкі,
Тартпайды ондай күйде кімдер мүкі?
Қарқылдап, қарға артынан тұра қуды,
– Кірсін, – деп, – көтеніңе сенің шүкі.
Бұзылған барып кірді молаларға,
Ем таппай ауруынан оңаларға.
Қолына елдің үкі түсе қойса,
Айналды ақырында тоналарға.
Самұрық сұлтандықтан қалды түсіп,
Жабысып жатып алды, жерді құшып.
Болған соң халық біткенге қара бетті,
Кешікпей Қап тауына кетті ұшып.
Көрінген сонан кейін емес көпке,
Көтеріп, көптен шықты, кеулін көкке.
Берген соң Алла өмір, осы кезде,
Әлі отыр ұялумен, өлмей текке.
Жетісті екі ғашық мұрадына,
Жазған соң жетіспей-ақ тұрады ма?
Себеппен Самұрықтың өзі қайта,
Қолымен қосып кетті, құрады да.
Үкіміне қоймағанның Хақтың мойын,
Төбесі тесіледі тиіп шойын.
Айрылып абыройдан ақырында,
Мал-мүлкі болып кетер қара қойып.
Сыналар қақпайтын қас қайбір іске,
Табады екі дүние абыройын.
Гүжім боп көлеңкелі көп таңырқар,
Үй тігер ел түбіне өне бойын
Отырып саясында, салып төсек,
Тарқатар тамашалы жиын-тойын.
Кеңесіп, көптің салған көміп жолын,
Кең ойлы кемеңгерлер етпе ойын.
"Жол табам жалғыз өзім" дегендердің,
Өсірмес, өшірмесе, Алла бойын.
Жаздырып жақсы жаман жұмысыңның,
Қалдырмайды қалайда да сіркедейін.
Біледі ниетінде ненің барын,
Дегенмен бұзықтық қып бүркенейін.
Ерік жоқ ер басында, ет қамыңды,
Десе өлім күнің бітті күркелейін.
ӘШКӘБУС
("Шахнамадан ")
...Сап тартып екі жағы, тұрды қарсы,
Асықпай ай тақырға қойған алшы.
Тұстың Риһамға көзі түсіп:
– Майданға бедеу мініп, – деді, – баршы!
Риһам ат ойнатып барды майдан:
– Арманым жоқ, – деп, – жұртқа тисе пайдам!
Тұраннан шықты Әшкәбус деген батыр
Үш жүз кез ұзындығы, өте тайлан!
Тымағы басындағы елу тері,
Болмайды деуге ернін пәлен елі!
Құлағы — киіз үйге үзік болар,
Түктері — болатұғын тартса желі!
Саусақтары — шынардың ағашындай,
Тырнағы — тұлпарлардың тағасындай.
Аузы — үңгіріндей асқар таудың,
Мұрны — үлкен шоқат шамасындай!
Көзі ала, кейпі жаман, сондай суық!
Жанына барар емес адам жуық!
Көргендер көпке дейін таңырқайтын:
"Дүниеге келді екен, – деп, – қалай туып?!"
Жук еді қарулары жеті пілге,
Мінуші ед тоқсан атты кезек күнде.
Болмаса белді бедеу, толық тұлпар,
Жаман ат жарамаушы ед, жабы мүлде.
Риһамды адамсынбай тұрды күліп,
Оқ атты өкпеліктен, оны біліп.
Жіберіп қолмен қағып келген оқты:
– Және ат! — дед ат үстінде күліп тұрып.
Тұрсын ба, "тәуекел!" деп тағы да атты,
Садақты сықырлатып қатты тартты!
Қолымен ол оқты да қағып тастап:
– Атқаның осы ма! — деп көз алартты.
Қызарып енді Риһам ұялғаннан:
"Гүрзімен ұрайын!" – деп, қиялданған.
– Тарт! — деді, – атың басын, әліңді біл,
Мұныңнан бола алмайсың сый алғаннан!
Емессін, қайткенменен, менің теңім!
Қалай да қышымасын бұған иегің!
Сәлем айт, Рүстемнің өзі келсін,
Бұрыннан соғысуға болған жегін! —
Деді де "қайт әрі!" – деп, атын атты,
Жай емес, жай садағын батыра атты.
– Бармасаң, басынды енді кесемін! — деп,
Алартып екі көзін шатынатты.
Атқаннан — ат құлады аузын аша,
Жөнеді жан сауғалай жаяу қаша.
Артынан Әшкәбустің Әшкәш келіп,
Өте ауыр гүрзіменен ұрды баса.
Қайрылып: – Мұның не? — деп қақты қолмен,
Алысып кім бәйге алар күші зормен!
Өлтіріп, оның-дағы атын атап,
Қуалап жүргенінде әрмен-бермен.
Барақ кеп Әшкәбусқа ұрды қылыш,
Етіне өтпеген соң қылыш дұрыс.
Қуалап үшеуін де тықты тауға,
Оралған тұйғындардай түсіп ауға.
Шыдамай Тұстың өзі шықпақ еді,
Бұлардың қылғанына жанын сауға.
Рүстем шауып келіп, деді: – Тоқта,
Бата бер, басшы едің барлық топқа!
Өлтіріп, басын кесіп Әшкәбустің!
— Қасқырдай келейін жеп бір қан соқта!
Шешінді саймандарын, түсіп аттан,
Бар еді бір саржасы бес жүз батпан.
Оғының он бір батпан ауырлығы,
Сыйлау қып Шаш патшасы әкеп тартқан.
Иініне оқтарымен оны салды,
Қолына умен суарған қылыш алды.
Тапсырып Тұсқа дереу Рахышты,
Алдына Әшкәбустің жаяу барды.
– Өзіңнен, – деді, – екен-ау аяулы атың,
Жүреді атпенен — ер, жаяу — қатын.
Баласы Залдың Рүстем болғаныңмен,
Ізіңнен қалмас, сірә, осы ұятың.
Күлімдеп, мазақ қылып, қысып көзін,
Қайткенмен тұрды санап артыққа өзін.
Қаманды қаһарлана қаны қайнап,
Рүстем де есіткен соң осы сөзін.
– Артығың атың болса астындағы,
Міне, аттым, кіріске оқты бастым-дағы.
Деді де Әшкәбустің атты атын,
– Жаяулап, сен де өзімдей бол, – деп, – "қатын".
Бүкшие бөксесінен аты құлап,
Аяғын болды уатып сындыратын.
Аяғын алды астынан тартып зорға,
Тұтам деп Рүстемдей ерді қорға.
– Сирағым сынып қала жаздады-ау! — дед,
Атандай ақсай басып түскен орға.
Жақындап Рүстем де, ұруға ептеп,
Білген соң айыбын, ашу кетті кептеп.
Садақты тұра сала қолына алып,
Тұсынан өкпеліктің тартты өктеп.
Әшкәбус көрді-дағы тұтты қалған
Қалқанын қақ айырып қылып талқан.
Өкпеден өтіп барып, жерге батып,
Бастырды аяқтарын арпаң-тарпаң.
Құлады қуат кетіп мұнарадай,
Басынан қалпағы ұшты, түу анадай!
Өлгенін Әшкәбустің иран көріп,
Бастырды аяқтарын арпаң-тарпаң.
Көргендер Рүстемнің мынау ісін,
"Жарайды, бәрекелді, – деді, – күшің!
" Қара құс қыранға қыр көрсетем деп,
Бүріліп, болып қалды бір-ақ қысым.
Таңданды періштелер аспандағы,
Қайратын көріп — қартаң ашқандағы!
Рүстемнің Әшкәбусқа еткен ісін,
Көрсеткен көп таңырқар қайрат-күшін.
Фирдоуси өлең етіп, ұйықтап еді:
– Және ертең жазармын, – деп, – ендігісін...
Түсінде: бір ирандық жігіт келді,
Таңдантар тұрпаты мен ажары елді.
Қып-қызыл киімдері, кілең алтын,
Гауһарлы кемерменен буған белді.
Басына қос гауһарлы тәжді киген,
Қарында садағы бар шаңыракща иген.
Қырлаған құрыш болар бәрі оғының,
Кететін талқан қылып тасты тиген.
Отырар әр иініне жиырма кісі,
Күрессе, шыдар емес жанның күші!
Сүмбілдей сакэл-мұрты ширатылған,
Жауһардай жалтырайды отыз тісі.
Қасына күлімсіреп түрды келіп,
Көтеріп көкірегін, бойды керіп.
Бұрыннан жан аяспас жар-досындай,
Көңілі де Фирдоусидің кетті еріп.
Фирдоуси: – Кім болады, – деді, – атың,
Және де ата-баба, асыл затың?
Ешкімде, байқауымда, болған емес,
Бұл түрлі сипатын, мен салтанатың!
Көзінің төгіп түрып сонда жасын,
Бұлайша бастады сөз, шұлғып басын:
– Өлтірген Әшкәбусті Рүстеммін,
Осы – өзің жазып жатқан "Шаһнамасын".
Кіршаш ед арғы бабам, бергісі — Сам,
Халық біткен қайратына қалысқан таң.
Атам — Зал асыраған Самұрық құс,
Аспан-жер арасында тигізбей шаң.
Туған соң қатарымнан өзім де озып,
Рахышпен жеті ықылымды көрдім кезіп!
Арыстан мен айға шабар айдаһардың
Тастадым талайларын қолмен езіп!
Астында қылышымның жүрді халық,
Туралды тегісінен, тартсам шалып.
Кей-Қабат, Кей-Қауыс пен Кей-Қысырауға
Тәж-тақтын көп патшаның бердім алып.
Болғанмен тірілікте біздер ондай,
Жатырмыз жер астында қатқан тондай.
Мақтаған мұнан бұрын емес еді:
Етті деп уақытында солар сондай!
Мың рақмет, мені мұндай өлең еттің!
Айтылар ел аузына өнеге еттің!
Сүйекке қурап қалған қызу кіріп,
Қозғалып, қабірімнен өлең еттім!
Болған соң өте разы осы ісіңе,
Әдейі кіріп тұрмын мен түсіңе.
Барабар, байқағаңда, болмайтұғын
Алтын, дүр әр сөзіңнің бітісіне.
Уа, дүние! Жеткеніме осы кезге,
Жар-жосым болмас еді, сенен өзге!
Қайтейін, өмір бітіп, қалдым өліп,
Төрт мың жыл өлгеніме қалды толып.
"Шай-пұлды сонда-дағы берейін", – деп,
Қолың бер! Қалайда да тұрмын келіп!
Деді де Фирдоусидің қолын сүйіп,
Көзіне сүртіп және жасын тыйып.
Жетектеп жас баладай жүре берді,
Қаратпай алуға да киім киіп.
Сырттағы бір төбеге барды алып,
Көнеден қу түбір бар тұрған қалып.
Қасында сол түбірдің тұрды-дағы:
– Тыңда, – деп, – сөзімді осы құлақ салып.
Бұл жерде баяғыда жоқ еді ел,
Қу дала құс қонбайтын еді бір бел.
Өлтіріп осы арада Әшкәбусті,
Ағызып қтіп едім қанын ел-сел.
Бар екен омырауында алтын алқа,
Үш гауһар ортасына тізген тарта.
Оны алып, осы жерге көміп едім,
Салатын болмаған соң оны қалта.
Бұл түбір — оған қаққан еді қазық,
Ашып ал оян-дағы, ертең қазып.
Жатқанмен жер астында әлі күнге
Көрерсің, кеміген жоқ, іріп-азып.
Сияқты сөз айтқан соң иісті гүл,
Шамамша, саған берген сыйлауым бұл!
Аяғы айтқаныңның бұған тоқтап
– Өлікпін, пұл беруге көп қып, шоқтап.
Қош бол! — деп қолмен сермеп, ғайып болды,
– Дұғаңнан жүрерсің, – деп, – мені жоқтап.
Оянып Фрдоуси де, ұшып тұрды,
Айтпастан үй-ішіне осы сырды.
"Анығын әбден байқап білейін!" деп,
Төбеге түсте көрген, бетті бұрды.
Тұп-тура тапты, барып бұрылмастан,
Қазық қып қаданы да қағып басқан.
– Шәк-шүбһа бұл түсімде жоқ екен, – деп,
Бұлақтай қуанғаннан кдйнап, тасқан.
"Сұлтанға сөйлейін, – деп, – осыны енді",
Махмұдтың ордасына кіріп келді.
Көрсетіп төрден орын, түрегеліп,
Бәрі де қол қусырып, бүкті белді.
– Отырып, тыңдаңдар, – деп, – үлкен-кішің!
Қалдырмай баяндады барлық түсін.
Білдірмей барып, бірақ, қайтқандығын,
Тоқтады доғарды да сөздің ұшын.
– Төбені табайық, – деп, – болса олай,
Баруды сұлтан Махмуд көріп қолай.
Басшы етіп Фирдоусиді, шықты сыртқа,
Ұшыраған адамдарды ертіп жолай.
– Төбесі осы еді, – деп, – айтқан анық,
– Бас болып, барлығын да барды алып.
Адамдар еріп барған көпті-азды,
Түбірдің "көрейік!" деп, түбін қазды.
Жарқ етіп алтын алқа шыға келді,
Аударып жатқанында құм мен сазды.
Үш гауһар күн сияқты жатты жайнап,
Көргендер болды аң-таң бармақ шайнап.
Махмұдтың махаббаты Фирдоусиге
Бұрқырап бұлақтай-ақ тасты қайнап!
Фирдоуси Махмудқа деді сонда:
– Бұл — белгі, сол ерлерден қалған соңға.
Мен қидым қазынаңа, қос апарып,
"Шаһнамам" болады тек айналса оңға.
– Мақұл! — деп Махмуд сұлтан алқаны алды,
Қалпынша қазынада жатып қалды.
– Қалғанын, қайтарында аларсың, – деп,
Қолына он мың теңге әкеп салды.
Сыр бермей сыпалықпен: – Болады, – деп,
Фирдоуси басқа түрлі айтпады кеп.
Махмұд ол уәдеден шығу түгіл,
Өкінтті Фирдоусидің еңбегін жеп.
МАҚТА
Арықтың жиегінде жатқан қонып,
Большевик келді ауылға қонақ болып.
Түркістан темекісін тартты дағы,
Сөйледі жайылым қырды көзбен шолып.
– Қырларым неткен көркем байлық бөккен,
Жерлерің құнарлы екен балып төккен.
Мақта ексе қандай пайда болар еді,
Күндерің күлімдейді нұрын сепкен.
Өткізіп қысқы түнді, қысқа күнді,
Мақсатын кеңес қылдық түрлі-түрлі.
Сіресіп жатқан қарға қараған жан,
Қар емес, халық мақта көріп жүрді.
Ниетті біз ойлаған бай да сезді,
Паңданып бәйбішедей айтты сөзді.
– Қырыңа сорлы кедей екпе мақта,
Бағдат жоқ, бола алмайды еңбек езгі.
Ақырып кәрі болыс буырыл тартқан,
Қорқытып сөздер айтты неше батпан.
Мақта егіп, егіндіктен айырыласың,
Не жейсің ұзақ қыста келе жатқан.
Күңіреніп түлкідей қу, дүмше молла,
Құраннан сүре оқып, құл қу алла.
– Жеріміздің топырағы жұмақтікі,
Бұл жерге мақта егуді қоспады алла.
Байлардың қымызына тойып алып,
Шекеге тақиясын қойып алып.
Молла мен байдың сөзін екі қылмай,
Сөйледі атқа мінер топты жарып.
– Жадырап жаз бөледі жерді нұрға,
Жол ашық, отырмадық бекер құрға.
Сезікті қауіптерді былай қойып,
Әкеліп ақ мақтаны ектік қырға.
Уа, неткен қызық болды осы бір жыл,
Мақтаның көрінуін жұрт күтіп жүр.
Тұрса ойда, жатса түсте көрінеді,
Даланы үлбіреген басқаны гүл.
Лүпілдеп қуанышты күтті жүрек,
"Нұр төк!" деп жерімізге күннен тілеп.
Уысын кедейлердің толтырса игі,
Аққудың мамығындай мақта үлбіреп.
– Бұл мақта!, – дедік сонда көңіл тасып,
– Бұл мақта!, – дедік тұрған қойнын ашып.
Көсілген қырда қысқы қардай болып,
Ақ мақта үлпілдеген жатыр басып.
Қуаныш көңілді алды жанған шамдай,
Ұлғайып мерейі өсті, қайғы қалмай.
Шаттықтың сол кездегі күш қуаты,
Секілді еді түнді жарып атқан таңдай.
Бекіндік бойымызға қайрат кіріп,
Марқайдық-масаттандық жайнап-күліп.
Жеркеніш тап жауына лағнат айттық,
Азғырған бізді қыстай иттей үріп.
Қайдасың молла мен бай қарнын керген,
Өмірге сендер мазақ болып өлген.
Тұрмыстың сықағына шыдай алмай,
Жыландай сүйретіліп шықтың елден.
Сендерсіз орнатамыз қолдан бақыт,
Мақтаны өлеңдетіп сұңқылдатып.
Ақ қардай үлпілдеген біздің мақта,
Болады бізге бақыт, саған — лақыт.
САМ, ЗАЛ БАТЫР
1-БӨЛІМ
САМ БАТЫР
Сам батыр "Саудагер" деп өзгертті атын,
Әр түрлі сатушы еді жауһар затын.
Жеті ай Қытай жерін қоныс етіп,
Танитын болды тегіс еркек, қатын.
Қытайдың патшасымен болып таныс,
Етісті бір-бірімен беріс-алыс.
Бір сұлу бұл патшаның қызы бар ед,
Әркімдер етіп жүрген атан жарыс.
Бар еді қызметкер үш жүз қызы,
Бәрінің жаңа туған айдай жүзі.
Болған соң нөкерлері осыншама,
Байқаңдар, болатынын қандай өзі!
"Сұрата неше патша кісі салды,
Бұл қызын бәріне де бермей қалды",
– Дегенді есіткен соң Сам палуан
"Көрсем, – деп, – сол сұлуды!" ойына алды.
Бір күн қыз аралады көшелерді,
Теңселтті ғашық етіп нешелерді!
Болмайды баяндауға түр-тұрпатын,
Көркейтті көркі күндей неше елді.
Бір емес, көпшіліктің онда көзі,
Бәрінің "Бәрекелді!" айтар сөзі.
"Көрер, – деп, – мені тәуір!" талайлар түр,
Кемдікке санай ма адам өзін-өзі?!
Сам-дағы бір жағынан келді жетіп,
Көркіне қамшы басып, екпіндетіп.
Барды да бір биікке тұрды жалғыз,
Алдынан Мәликенің кесе өтіп.
Сам сонда жігіт еді отыз жасар,
Сәулеті сұлу еді жұрттан асар!
Шоқпары — төрт мың батпан қолындағы,
Көтерсе, жұрттың бәрі тұра қашар!
Екі мың, қылышы оның, батпан еді,
Белдегі белбеуіне таққан еді.
Шапқанда, қара тасты қақ айырып,
Сынаптай сылт еткізбей аққан еді!
Қанжары – өте өткір, бір мың батпан,
Қамырдай кідірместен тасқа батқан!
Жәбектен үш мың батпан бұғауы бар,
Мойнына не асаудың салып тартқан!
Гауһарлы басында бар алтын қалпақ,
Есіктей — омырауы, төсі — жалпақ!
Таңырқап тұрпатына Мәлике енді,
Қызығып қарай берді жалтақ-жалтақ.
Қыздарға қарап тұрып қасындағы,
– Қытай мен қытан, шын мен машын-дағы.
Бәрінде көзімменен көріп ем, – деп,
Халқының кәрісін де, жасын-дағы.
Жоқ едім бұл сияқты жігіт көрген,
Бұл жігіт екен, сірә, қайдан келген?
Қалайда халық қорғаны бір ер шығар,
Көргеннің көркі мұндай көңілін бөлген!
Бәрі де болды аң-таң, Самға қарап,
Кетті ышқы көбісінің, көңілі қалап!
Мәлике онан бетер теңселіп түр,
"Екен, – деп, – анық теңім" көзді қадап.
Өтінді қасындағы қатындарға:
– Ісімді епті едіңдер, – деп атымдарға.
Осы түн бұл жігітті әкеліңдер,
Жолына жүретұғын жатындар да.
Сұрайын өз аузымнан жағдай, күйін,
Көңіліме, көркін көріп, түсті түйін.
Өздерің енді есебін таппасаңдар,
Дерт болды жазылмайтын бұл бір қырын.
Жүзігін қолындағы берді жаңа,
"Белгі етіп барыңдар, – деп, – осыны ала".
Қалған соң кеш жақындап, кейін қарай,
Көз қырын кетті ханша сала-сала.
Лаж жоқ, көңілі кетіп қайтты Сам да,
Бұл-дағы арылмаған қалды қамда.
Ұйқысы ойлағанда келер емес,
Көрмесе қыз дидарын келер таңда.
Басқаның барлығы да шықты ойдан,
Ерік кетіп ер де болса тұла бойдан.
Мең-зең боп мас адамдай келе жатыр,
Жүйріктей бәйге ала алмай қайтып тойдан.
Алдынан екі қатын түрегелді,
Жанаса жайлап сөйлеп жүреді енді.
– Сәлемі бір адамның бар еді, – деп,
Ыржиып екеуі де күледі енді.
– Кәнеки, айтыңдар, – деп, – есітейін,
Сам-дағы құлақ салып, қойып зейін.
Ыңғайлап екеуін де ішке тартып,
Кідіріп, көп адамнан қалды кейін.
– Мәлика, – деді, – саған болды ғашық,
Біз келдік оның айтқан сөзін тасып.
Белгісі бізге берген мінеки, – деп,
Жүзікті жарқылдатып көрсетті ашып.
Қуанып Сам жүзікті алды қолға,
Ісінің айналғанын андады оңға.
Ғашығы шақыртқан соң шығасын ба?
– Жеңгелер, жүріңдер, – дед, – ертіп онда!
Қыздарша Самды дереу киіндірді,
Ұялшақ етіп темен иілдірді.
Таққан соң алтын шықпау, асыл киіп,
Көргенді көркі Самның сүйіндірді.
Қыз болып, екеуіне енді еріп,
Келеді күлімсіреп қасты керіп.
"Құдайым, қоспады-ау, -деп, – қызды осындай"
Қатыннан, қарағандар, қалды жеріп.
Мәлике отыр еді күтіп жолын,
Келгеннен ұстай алды Самның қолын.
Жетектеп, ордасына алып кіріп,
Төрдегі тақ үстінен берді орын.
Келтіріп алдына ас неше түрлі,
Үстіне өз қолымен шашты дүрді.
Байласын бір-біріне махаббатты,
Тамаша таң атқанша мәжіліс құрды.
"Қыз етіл" таң атқан соң қоя берді,
Ғашықтық әр күйлерге салмай ма ерді?
Қырық күндей сол қалыпта жүргенде ойнап,
Қараңғы тау патшасы келді енді.
Қасына келді еріп бес жүз зәңгі,
Ала көз, ақылы аз, бәрі де әңгі.
– Қызынды бермегенмен тартып алып,
Өзіңді етемін, – деп, – мисыз мәңгі.
Келді де, Қытай халқын қамап алды,
Сойдыртты сыртта жүрген жинап малды.
– Бұларға қандай лаж қыламын? — деп,
Падыша ақыл таппай, қорқып қалды.
Мәлика есіткеннен көрмеді ұйқы,
Болды ойы — уайыммен ұйқы-тұйқы.
Сам келсе кешке таман, көзін сипап,
Жабығып, жылап отыр, жаман сиқы.
– Отырсың, – деді, – неге, болып қапа?
Жыларлық кімнен көрдің зорлық-жапа?
Келіп ем күндегідей күліп-ойнап,
Етуге өзіңменен зауық-сапа.
Қалдың, – деп, – қалыбыңнан қалай тайып?
Қипаңдап, қасына кеп құшақ жайып.
Мойнына қолын салып, Сам өтінді:
– Табылып қалды ма, – деп, – менен айып?
Мәлике онан бетер төгіп жасын:
– Кетіп ед саған өте ықыласым,
Етпед, – деп, – ол ойымды тәңірім қабыл,
– Қарата құлай кетті Самға басын.
Қараңғы тау патшасы болып ғашық,
Келіпті әскер алып, судай тасып.
Атама қысымшылық қылып жатыр,
"Бермесең, аламын деп тартып, басып".
Ғуаждың ұрпағы еді бұлар күшті,
Бойлары мұнарадай, бұзық түсті.
Көргендер тұрпатынан тұра қашар,
Қалың бет, қыртыс қабақ, қабан тісті.
Қасында жолдасы бар бес жүз зәңгі,
Көздері бұл қатарғы көрмес жанды.
Құдаймен жүз айтқанда жұмысы жоқ,
Ойламас ұятпенен, әрі заңды.
Қайткенмен ол бәленің мен де қасты,
Сол үшін көңілім қапа, көзім жасты.
Еріксіз атқа артып алып кетер,
Жеңіліп болса жұртым аяқ асты.
Отыр, – деп, – осы уайым өте батып,
Аузынан "аһ" деп жалын жіберді атып.
– Қалайда қоймас, – деп, – ол екемізді,
– Жамбастап жылай берді жерге жатып.
Шамасыз Самды енді қайрат қысты,
Үстінен алтын тақтың ырғып түсті.
– Ол болса уайымың, – осы түнде
Оларға көрсетейін, – деді, – күшті!
Жауларды жоқ қылғанмын ондай неше,
Олардан күшім артық әлденеше!
Тамаша, таң қаларлық көрсетейін,
"Алам" деп келсе сені, көнді өсе.
Болады асылым – Иран, жайым – Систан,
Оғынан бабам Кіршаш тау-тас ұшқан!
Нариман туған атам, ердің нары,
Бармаған маңайына қорқып дұшпан!
Саудагер емес атым, Сам болады,
Мұрны-аузы егескеннің қан болады!
Жылама, жаным, енді жасыңды тый,
Бізбенен олар қайтіп пар болады?!
Сам сөйлеп бергеннен соң сырын анық,
Болған соң бәріне де бастан қанық,
Қуанып, қол шапаттан түрегелді,
"Қосылған екенмін, – деп, – теңім танып!"
– Орныңа олай десе, – деді,– отыр,
Түн барып, етпей-ақ қой опыр-топыр.
Күшіңді күндіз көпке көрсетерсің,
Қиратып қырып-жойып, қылып нөпір.
Шықпаған дерт сияқты сыртқа тыстап,
Шыдатпай бара жатыр қайрат қыстап.
Үстіне отырғызып алтын тақтың,
Өтініп, бұлай деді, қолын ұстап:
– Шығады ертең атам алып қосын,
Қалдырмай жан ашырлық жар мен досын.
Халық біткен қайратыңа қанық болар,
Олардан бергеннен соң алып өшін.
Күшіңді түнде еткен ешкім көрмес,
Көп, саған көрмеген соң көңілін бермес.
Жүрегім жүйткіп тұрған түсті орнына,
Сен барда маңайыма ешкім келмес!
Екеуі отырысты күліп-ойнап,
Көркейді көңілдері гүлдей бойлап.
Сам сыртқа таң атқан соң шығып кетті,
Көрінбей көп көзіне ұятты ойлап.
Саймандап келе сала көркін міңді,
Жауларға тудыруды қара күнді.
Темірмен тұлабойын қаптап алып,
Қалдырмай қарударын бойына ілді.
Сол кезде дабыл қағып, керней шалып,
Патша да қырық мың қосын шықты алып.
Дегендей: "ауылдастың жоғын жоқтас",
Қосылды бір жағынан бұ да барып.
Сап тартты, қатарласып зәңгі, қытай,
Зәңгілер өрт сияқты тұрған тұтай!
Қамыстай қытай халқы қалтырап түр,
"Кетер, – деп, – келе қойса, бізді бұтай".
Зәңгіден біреу шықты қылыш ала,
Қылыштың жалпақтығы – тақтай – мала!
Өлтіріп тоғыз жігітті, бір шапқанда,
Майданды етіп кетті дала-дала.
Батпады мұны көріп баруға жан,
Барғанмен бәрі сондай болатын қан.
Қолына төрт мың батпан шоқпарды алып,
Шыдамай, керікпенен ұмтылды Сам.
Бұғау бар бір қолында тоғыз буда,
Зәңгіге заулатумен барды тура.
Қылышын жаңағы айтқан көтеріп ед,
Шабынған сияқтанып шатас бура.
Мойнына оқтан шапсаң тастады атып,
Қылғынтып қыл мойнынан, алды шатып.
Керікке қамшы басып, тақым қысып,
Сүйреді атыменен тапырлатып.
Аяғы тиді атының аннан-саннан,
Патшаға сол бойынша сүйреп барған.
Алдына: "ал, тақсыр!" деп тастай берді,
Буынып, екен зәңгі өліп қалған.
Бұғауын мойынынан жазып алды,
Майданға және шауып кетіп қалды.
– Ей, жігіт, ат-жөніңді айта кет!– деп,
Қуанып, патша артынан айқай салды.
– Қылма, – деп, – бара жатқан мені алаң,
Жауынды қырып болып, қайтып барам.
Сөйлесіп, сол уақытта сырласармыз,
Қызметкер, әзіріне мен бір балаң,-
Келіп ед Мәлика де бірге еріп,
Еркекше киім киіп, көріктеніп.
"Тусаң – ту, жан ғашығым, жарайсың!"– деп,
Бір көңілі кетті мың боп, мұны көріп.
Сам шауып сол бойынша барып майдан,
Одақтап, орағытып анадайдан,
Шақырып зәңгілерді, айқайлады:
"Ал, хабар алыңдар, – деп, – біздің жайдан!"
– Болады бабам Кіршаш жеңген жұртты,
Уақытында мұзды бүріккен, шайнап бұлтты!
Нариман – туған атам, өздеріндей
Бояған жау қанымен сақал-мұртты!
Өз атым – Сам болады, онан туған,
Сендердей зәңгілерді қойдай қуған!
Келіндер кезегіңмен, кідірместен,
Болсаңдар батырлыққа белді буған!
– Тұрғанын қарашы, – деп, – етіп мақтан,
Шапқылап екі зәңгі екі жақтан,
Ұруға оңтайланып найзаларын,
Келіп ед керіп құлаш, ұстап саптан.
Шап етіп, шабыттанып қыран құстай,
Омыраудан екеуін де алды ұстай.
Бастарын соғыстырып, миын жарып,
Өлтіріп заманасын етті пыштай.
Төрт зәңгі мұны көріп тұра шапты,
Дегендей: "бұл қайратты қайдан тапты?"
Керікке Сам палуан да қамшы ұрды,
Аттата алдындағы атыз, жапты.
Шоқпармен ұрды бірін төрт мың батпан,
Өкіре аузын аша, құлады аттан.
Айнала беріп және салып кетті,
Ентелей біреуін де келген арттан.
Ол зәңгі қисайғанда аттап құлап,
Желкеден жолбарыстай ұстап бұрап,
Көтеріп үшіншісін қойып кетті,
"Зәңгіңді ала той, – деп, – келген сұрап".
Екеуі құшақтаса жатты жерге,
Не сөз бар, күші артық туған ерге?!
Біреуі жан сауғалап тұра қашты,
Тығылып қорыққаннан көрден-көрге.
Сам жетіп, арқасынан найза ұрды,
Көкіректен кере қарыс шығып тұрды.
Ойнатып найза ұшына маймылдай ғып,
Көтеріп кейін қарай алып жүрді.
Патшаның алдына әкеп, тастады атып,
Сол жерде жан тапсырды, талып жатып.
Кідірмей, керікпенен және кетті,
Күшіне көргендерді таңырқатып.
Мәлике сонда тұрып, деді: – Ей, ата,
Бұл жігіт – көрсетті-ау іс таңырқата!
Сондықтан жау жүрегі жаңқаланып,
Қорғалап, тие алмай тұр бізге бата.
Лаңды бұл болмаса салар еді,
Қалдырмай қазынаңды алар еді.
Мені де атқа таңып алып кетсе,
Үй ішім еңіреп жылап қалар еді.
Есіңе ал еткен ісін, қылған күшін,
Бұл болды алмас қылыш, қыран құсың.
Қайт етпе қалағанын қай кезде де,
Безіп жүр бір жанынан біздің үшін.
– Аяймын, – деді, – балам – онан нені?
Келіп түр күйеу қылғым, беріп сені.
Бала ғып қияметтік ала қойсам,
Тұрар ед әрқашан да қорғап мені.
Қуанып Мәликенің бұған іші,
Шамдай-ақ шырайланып кетті түсі.
Ал, енді зәңгілер ат қойды тегіс,
Аз барып жетпеген соң Самға күші.
Нe қайрап, қайраттанып, қырды, жойды,
Қирата кездескенін жарды, сойды.
Қалмастан қытайлар да керней шалып,
Түс қайта тұс-тұсынан атты қойды.
Сам жүр ед зәңгілерді қуып қойдай,
Жеткенін жерге жастап, тірі қоймай.
Патшасы зәңгілердің кездесті өзі,
"Қай жақтан табамын?" деп жүргенде ойлай.
Суырып қынабынан қанжарды алып,
Бүйірінен бара сала кетті салып.
Аларып ей көзі, аузын ашып,
Қансырап, құлады аттан естен танып.
Қырқырап құлағаннан шықты жаны,
Зәңгілер қырылып ед теңі жары.
Өлгенін патшасының көргеннен соң,
Қорыққаннан қаша берді қалғандары.
Жалақтап жетті оларға аш қасқырдай,
Көргенін кескіледі көзді аштырмай.
Кейбірін көк желкеден өкірте ұрды,
Аяғын ататтырып бір бастырмай.
Бірі емес, біразының басын кесті,
Не табад қасқыр мен қой болып өшті?!
Қалғанын келместей ғып шегіндіріп,
Қан қылып қайтып келді қар мен төсті.
Алдынан бәрі шықты уәзір, бектің,
Берген соң бәрін де алып ар мен кекті.
Құрметтеп, падышаға алып келді,
Әулетін атағы зор асыл тектің.
Құл болып қытай халқы қойып мойын,
Мал сойып, Самды сыйлап, етті ойын.
"Аярлық сенен, сірә, нәрсем жоқ", – деп,
Патша да риза болып, ашты қойын.
Қысқасы, халықты жинап, жасап тойды,
Ту бие, түйе, бағлан, сиыр сойды.
"Біріңе — бірің құтты болыңдар!"– деп,
Екеуін Мәликемен қосып қойды
Жұрт тегіс тараған соң тойды тойлап,
Отырып бірнеше күн күліп-ойнап.
Сұрады Сам рұқсат атасынан,
Сағынып Систандағы елін ойлап.
Уақытыңда ұшырасқан қайғы-қамға,
Етіп ең ойымды ұқсас жанған шамға.
Болмас, – деп, – бермей, батыр,тілегіңді,
Рұқсат ықыласпен етті Самға.
Падыша Мәликеге бөлді енші,
Көп еді қазына, мүлік, жиған кенші.
Бәрін де қалдырмастан тайлаттырды,
Жомарттық көрсетпек боп тіпті ерсі.
Көп қылып жүк артуға берді түйе,
Сансыз қып сауарына берді бие.
Шамасыз шор мен құл және берді,
"Болсын, – деп, – жұмысының бәріне ие".
Көп күндер жүріп Систан келді көшіп,
Халқының қалды көңілі көріп өсіп.
Сам-дағы тамашалы етті тойды,
Кең ойлы кісілердің басын қосып.
Орындап ол күндегі жоба – жолды,
Бата алды жақсылардан жайып қолды.
"Оңғар, – деп, – талабымды енді менің!"
Сам батыр өзіменен өзі болды.
ЗАЛ БАТЫР
2-БӨЛІМ
Мәлике көп ұзамай бір ұл туды,
Жасады ел "ұл туды" деп ұлы дуды.
Түк басқан тұла бойын бір ғажайып,
"Бұл не?" деп көргендердің көңілі суыды.
Қара емес, қардай аппақ шыққан шашы,
Сап-сары, салпы ерін, жік-жік басы.
Әрмен көз, бермен маңдай, бірақ оның
Көзінің жамған шамдай шұғыласы.
Кетіп ед құлан аулап сол кезде Сам,
Сәскеде Систан жақтан көрінді шаң.
"Мәлике ұл туды" – деп біреу келіп,
Әкетті сүйіншіге бірталай аң.
Аң аулап айдалада алты ай жүрді,
Ойлады ой – қуанғаннан осы түрлі:
"Той қылып, елден бата алайын" деп,
Жинады төбе-төбе етіп сүрді.
Систанға сол сүрлерді келді алып,
Қуанды, – "той болар" – деп көрген халық.
"Баланды, – Мәликеге, – әкел, – деді,
Көрейін қандай екен көзім салып?"
Көргеннен кетті шошып сам баланы,
Ес кетіп, өз-өзінен таң қалады.
"Құртсын, – деп, – бұл баланың тәңірім түрін"
Делбе боп, дегбір кетіп сандалады.
Қайтып кеп Мәликеге, деді:
– Ей, қатын, Салмаған шығар, сірә, тәңірім сәтін.
Шайтанның баласы бұл берген алдап,
Баланды жасырып ап туған тандап.
Әуре боп, "осы өзімнің туғаным" деп,
Жүріпсің байқамастан көріп андап.
– Ей, батыр, олай деме, тудым өзім,
Қарашы қандай нұрлы мұның көзін!
Кем болмас, қатарынан қайратты боп,
Тыңдатар дәлдеп айтқан елге сөзін.
Шүкір қыл бергеніне бір Құдайдың,
Болмасын бұл туралы тіпті қайғың.
Болмаса білім мен күш не пайда бар?
Әлпіне қонғанменен ажары айдың.
"Баланың түсі сары, қара көзі
– Рас болса бұрынғының айтқан сөзі:
Қайтпайтын қара тастан қасқыр жүрек,
Болады баһадүрдің нағыз өзі".
– Шыныда, осы болса туған балаң,
Қылам деп мұны бала болма алаң.
Көпке ұят көрсетуге, көміп кел, – деп,
Бұйырды шақырап бір-екі адам.
Баланы ол екеуі кетті алып,
Мәлике қала берді жылап, талып.
Баланы өлтіруге көзі қимай,
Тастады бір тоғайға алып барып.
"Көмдік" деп көптен кейін қайтып келді,
Сам сеніп ол айтқанға отырды енді.
Бар еді сол тоғайда бір жолбарыс,
Жүретін баласы өліп етіп налыс,
Баласы еметұғын болмаған соң,
Емшегі кетіп еді өсіп қарыс.
Ол келіп баланы иіскеп еміренді,
Түскен аузына емшек бала да емді.
Емгені жолбарысқа жағып кетіп,
Жайласып ана көңілі қала берді.
Емген соң жолбарысты қарны тойды,
Елжіреп жолбарыс та көңіл қойды.
Емізіп ертелі-кеш тұрғаннан соң,
Тыңайып, тіктеп алды бала бойды.
Еңбектеп жүгіруші ед, қорқып қашпай,
Емуші ед сүтін сарқып, асып-саспай.
Болмаса негізінде оның ерлік,
Жатар ед жылауменен көзін ашпай.
Самұрық келіп бір күн сол жерге ұшып,
Балаға осы жатқан көзі түсіп,
"Жесін, – деп, ұядағы балаларым",
Бүріп ап тырнағымен кетті қысып.
Апарып балаларына берді мұны,
Аңдардай үстінде бар шыққан жүні.
Таңырқап тұрпатына, тыңдаушы еді
Ыңырсып анда-санда шықса үні.
Деді олар:– Осыны,ана, асырайық,
Келсе де біреу іздеп, жасырайық.
Балалар асырауды көрді қызық,
Жылайтын болды өлтірсе көндің бұзып.
Амалсыз "айтқандарың болсын" деді,
Бәрі де тұрғаннан соң көзін сүзіп.
Адамның болғаннан соң белгілі ісі,
Ұнатпай самұрықтың қалды іші.
Ақылын үйреткенмен ұната ма,
Бірігіп алғаннан соң кілең кіші.
Баланы – балапандар бағып күтті,
Баққанмен бере алмады тауып сүтті.
Амалдап ауызына қанды құйып,
Майдалап, майлы еттерден әкеп тықты.
Құнықты қан мен етке бала-дағы,
"Берсе деп, тілеп жатты және дағы".
Самұрық күн шыққан соң қашып кетіп,
Андардан алып келед даладағы.
Ілінді үш жасына сүйтіп бала,
Тіл шығып самұрықты тұтынды ана.
Еркелеп самұрықтың сипап үстін,
Айтатын күлдіргі сөз болды жаңа.
Ықыласы самұрықтың ауды анық,
Тұрған соң "мамажан" деп көзі жанып.
Алдымен беретұғын болды оған,
Артығын андарының келген аулап.
Самұрық бала атын қойды "Дастан",
Болған соң сөйлеп көп сөз көңілін ашқан.
Сырласы самұрықтың болып Дастан,
Деуші еді: "Керек емес мұнан басқаң".
Ойлаушы ед балалары да мұның қамын,
Өздері нәр татпай-ақ қалса да аштан.
Жасырса балалары егер ойнап,
Шыдамай болушы еді қырып-жоймақ.
Мысалы, ғашық пенен машуқтай боп,
Жоқ еді қылығына, сірә, тоймақ.
Самұрықтың балалары алтау еді,
Ақылы аз, алтауы да аңқау еді.
Таласып қапияда бір нәрсеге,
Жанжалмен, жағаласар шаққа келді.
Алтауы ыңғайласып бірікті енді,
Бәрі де болмаған соң білікті енді.
Түрткен соң тұс-тұсынан тұмсығымен,
"Бұларға салайын, деп, бүлікті енді..."
Орнынан ашуланып тұрды Дастан,
Бәрін де бір жілікпен ұрды бастан.
Бастары быт-шыт болып, миы ойылып,
Бақадай жан тапсырып ауызды ашқан.
Өлгенді көрмеген соң мұнан бұрын,
Өкініп, бұзған да жоқ Дастан түрін.
Бәрін де орын-орнына жайғастырды,
Алсын деп біраз ғана көз шырымын.
Қояды "тұрыңдар" деп оқта-текте,
– Кетті-ау, – деп, – ұйқыларың ұзап көпке.
Болған соң намаздігер бесін өтіп,
Бұлардың ұядағы қамын етіп,
Шеңгелдеп жолбарыстың бір арланын,
Самұрық баябаннан келді жетіп.
Оларға қонбай жатып тастады енді,
– Жетеуің же, – деп, – бөліп мынау жемді.
Аңғарса, алтауы да аузын ашып,
Аңқайып, өліп жатыр алмай демді.
Дастаннан болғандығын біліп еді,
"Осы-ay, – деп, – адамзаттың етер ісі",
Өкініп өлгеніне әрі олардың
Құбылып құм сияқты өңіп түсі:
– Қалды өліп қапияда бұлар кімнен?
Ерте-кеш ермегің ед ойнап-күлген.
Өзіңнен өзге мұнда бөтен жан жоқ,
Айт, – деді, – расыңды өзің білген?
– Тартқылап түктерімді көрсетті азар,
Бірігіп түрткіледі тістеп, қажап.
Қашсам да олай-бұлай, құтқармады,
Өшігіп, ортасына ап, етіп мазақ.
Жілікпен мынау жатқан жаттым да ұрдым,
Ұрғаным құлай берді, қарап тұрдым.
Көтеріл көкке мұрнын, ұйықтап қалды,
Мәнісін түсіндім бе мұңдай сырдың?
– Ұйқы емес, өлді деген — осы, балам,
Күткенмен тірілтуге келмес шамаң.
Деді де алтауын да лақтырды,
Өкініп оған Дастан жылап тұрды.
"Артынан мен де олардың өлейін" деп,
Ұядан жерге өзін атып ұрды.
– Орныңа, – деді Самұрық, – отыр, балам,
Баланы тағы олардай тауып алам.
Анаңның сен тұрғанда арманы жоқ,
Өзіңсің, жаным сүйер жалғыз қарам.
Самұрықтың сол айтқаны келіп туры,
Келер жаз екі бала тағы туды.
Дастанның оларға өзі бақташы боп,
Қондырмай шыбынды да қорып қуды.
Отырды үшеу болып ойнап-күліп,
Қадірін бір-бірінің әбден біліп.
Он бір жыл ұя ішінде өмір шекті,
Көрместен қайғы-уайым, ешбір ілік.
Бетінен басқа жерді ақ жүн басты,
Түсіре тарап қойды белге шашты.
Кейде адам, кейде құсша сөздер сөйлеп,
Күлдіріп отырады, қағып қасты.
Бар еді бір саудагер Асфаһанда,
Тиетін жақсылығы жұмла жанға.
Таңдаулы қырық адамды қосшы қылып,
Арттырып асыл бұйым көп атанға.
Арада ұзақ жүріп, барды Үрім,
Малының Үрім халқы көріп түрін.
Үрімнен мүлік алып, Пәрәң кетті,
Онда да ойдағыдай пайда кетті.
Мұхиттың теңізінен бері қарай,
Қайтуға қайықпенен қойды бетті.
Жүктерін бір кемеге үйді жайлап,
Өздері бір қайықты мінді сайлап.
Теңізбен "тәуекел!" деп кете берді,
"Сау шықсақ болар ед?" деп, я, Құдайлап.
Кемеден жүк жайлаған тауып тесік,
Су кетті кеме ішіне ашып есік.
Шым батып, су түбіне кетті кеме,
Адаммен келе жатқан өзін есіп.
Бәрі де у-шу болып қорқып қалды,
Қайғырып, қорыққан соң, қайтсін малды.
Жылады Жаппар Хаққа жалбарынып,
Қорғаштап кеудедегі шыбын жанды.
Қалмады біреуі емес, бәрінде ес,
Еңіреумен келе жатыр ертелі-кеш.
Есен-сау ығып келіп, ақырында
Теңіздің жағасына тоқтады кеш.
Келген соң жарға жақын кеме ығып,
Қуанып, секірісіп сыртқа шығып.
Бой жазып олай-бұлай, жүріп келіп,
Сол жерге ас-су ішті шатыр тігіп.
Болған соң ас-су ішіп бұлар тұрды,
Көрінген бір ұяға беттеп жүрді.
Бұл бала, баяғы айтқан еді Дастан,
Адамды өскеннен соң көрмей бастан.
Келген соң қырық бір адам андағайлап,
Аң-таң боп көзі алақтап, өңі қашқан.
– Тұрыңдар, – деді, – әрі, келмей жақын,
Сендердің біздерде жоқ алар ақың.
Өлтіред анам келсе бәрінді де,
Қашыңдар, қапияда көрмей зақым.
Екенін оның адам бұлар білді,
Ұғатын түрі де бар айтқан тілді.
– Шошынба, сені алып кетейік, – деп,
Жақындап, жарқын жүзбен бәрі күлді.
"Түр ғой, – деп, – жеуге мені бұлар алдап"
Бір тасты, – кетіңдер! — деп атты арнап.
Тас емес, тұрса аңғарып, анықтауһар,
Жығылып жатыр алып, жорта зарлап.
"Біреуін жықтым ғой" деп және атты,
Жалп етіп жығылған боп ол да жатты.
Бәрі де жарынған боп жүгіріп жүр,
– Ұрма, – деп өп-өтірік, – енді қатты!
Өшігіп, үсті-үстіне ата берді,
Бай-байлап барлығы да жата берді.
"Себеппен бізді Құдай жеткерді-ау" деп,
Қызыққа қарқ-қарқ күліп бата берді.
Тауысты ата-ата гауһар тасты,
Отырды одырайып, сипап басты.
– Қылмас, – деп, – осы гауһар бізге аздық,
Теріп ап, тырағайлап бұлар қашты.
Мәз болып, "қашырдым" деп бала қалып,
Қуанып кетті бұлар гауһарды алып.
Соншама қымбаттығы ол гауһардың
Бағалар табылмас ед оған нарық.
Самұрық "отырсың, – деп, – ойнап Дастан"
Қойған ед көп әкеліп гауһар тастан.
Мүлкінен саудагердің суға кеткен,
Гауһардың екеуінің бағасы асқан.
Орасан олжа болды қалғандары,
Артық зат, қымбат зейнет алғандары.
Қайыққа саудагерлер қайта мінді,
Дүниеден бітіп анық армандары.
Теңізбен "тәуекел" деп тағы ықты,
Алты айда Асфаһаннан келіп шықты.
"Аралап базарлап, байқадық" деп,
Көрсетпей гауһарларын жанға тықты.
Біреуін ол гауһардың әкеп сатты,
Пұлына алды оның қырық бір атты.
Тағы да тамақ пенен киімінен
Артылған алып қайтты асыл затты.
Құбырой саудагердің еді аты,
Ақыл мен артық елі парасаты.
– Көрінбей кете берсек падышаға,
Болар, – деп, – кейінгі күн бір ұятты...
Падышаға Мәнушаһар сәлем берді;
– Көруге келіп ем, – деп, – сіздей ерді.
"Сауқат" деп тоғыз гауһар алып қойды,
Патшаның көрген замат көңілі тойды.
Шерой мен Нузар оған қарап еді:
– Бұл не? — деп, көтеріліп, тастап ойды.
Оларға екі гауһар және берді,
Екеуі қуанысып қала берді.
– Гауһардың кенін тауып алып па ең? — деп,
Құбыройға күліп патша қарады енді.
"Екен, – деп Мәнушаһар, – мұны білген",
Баяндап бастан-аяқ берді бірден.
Есітіп барлығы да болды қайран,
"Бала, – деп, – ол ұяда не ғып жүрген?"
"Самға" деп торт гауһарды тағы берді,
"Болмас, – деп, – ескермесек ондай ерді".
– Берсеңіз бізге рұқсат, жүрейік, – деп
Алдырып ат-сайманын, жинап-терді.
Көп сыйлау беріп патша Құбыройға,
Қайтарды қызметін алып ойға.
Құбырой аман-есен үйіне кеп,
Аяғы жалғасқандай болды тойға.
Құбырой тұра тұрсын елге барған,
Сөйлейін есітіңдер енді Самнан.
Түсінде бір шырайлы жігіт көрді,
Ажары андап тұрса артық таңнан.
Есепсіз келе жатыр ертіп қолды,
Көркіне көргендердің көнді толды.
Біреудің сол арада сұрады Сам:
– Мынау кім шырайлы жүз сияқты шам?
Анығын біле қойсаң айтып берші,
Көрікті көргенім жоқ мұндайша жан.
– Атасы жаман көріп мұның түсіп,
Үйіме көрмесін деп келген кісім.
Апарып айдалаға тастатыпты,
Қойдырмай қасына су жалғыз інім.
Сау сақтап сонда-дағы мұны Құдай,
Жүргені жұртты бастап енді бұлай.
Он бірде осы күні, өсе келе
Теңселтіп теңіз суын етер лай.
Осыны көре салып, оянды ұшып,
Толғанды түрлі қиял ойға түсіп.
"Көргенім түсімде осы, не екен?" деп,
Жабығып жатып алды жерді құшып.
Кеткен соң түс ақылдан адастырып,
Жан-жақтан жорушыны қарастырып,
Баяндап бәріне де бергенменен,
Анықтап айта алмады жанастырып.
Үйінде отыра алмай көңіл бірлеп,
Шаһарына Асфаһанның болды жүрмек.
Сондағы үкаманы жинап алып,
Жұмысы — түс жоруын сұрап білмек.
Қиялды ойлаған соң осы түрлі,
Кідірмей ертеңіне енді жүрді.
Үйіне Мәнушаһардың келіп түсті,
Шаршаған сарғайып жүз, шаң-шаң үсті.
Көрісіл, көңілі өсіп Мәнушаһар,
Сыйлады сипағандай қыран құсты.
Болған соң Мәнушаһар күтіп, сыйлап,
– Бер, – деді, – үкеманды маған жинап.
Солардан сұрап сауал, бал аштырып,
Қайтуға келдім арнап атым қинап.
Бар еді бес жүз хакім — бәрін жиды,
Сам үшін сойып бағлан қылды сыйды.
– Сауалын шешіп ишапшаң беріңдер, – деп,
Босатып бәріне де берді үйді.
Кашуат барлығының білгірі еді,
Сөйлесе, адамзаттың бұлбұлы еді:
– Гауһарын Құбыройдың берейік, – деп,
Сыбырлап падышаға білдіреді.
– Мақұл, – деп, Кашуатқа алдырады,
Гауһарлар күннің көзін талдырады.
Алдына алып келіп қойған замат,
Исініп Самның бойы балбырады.
Ұстап ед төрт гауһардың қолға бірін,
Білінді бала исі сондай шырын.
Сорғалап көзінен жас, көл боп ағып,
Кеткендей болды алып көңіл кірін.
– Жылайсың, – деді патша, – мұнша неге?
Орасан осыншама жасты төге.
Бұл қалай, тоймады ма бұған көзің,
Я бар ма, басқа түрлі айтар сөзің?
Себебін не де болса, баяндап бер,
Отырсың қапаланып қалайша өзің?
– Бұл түгіл, берсең топырақ жалғыз қысым,
Толғандай қуанамын нұрға ішім.
Білмедім, бұл гауһарды көрген замат,
Ел-сел боп еріп кетті іші-тысым.
Ойлама азсынар деп бергеніңді,
Көп дәулет деймін жүзің көргенімді.
Гауһарды қолға алғаннан бойым балқып,
Білмедім қалайша ойды бөлгенімді.
Ал маған ашыңдаршы, – деді, – балды,
Жас шіркін талай жерге келіп қалды.
Бар ма екен беретіні бір Құдайдың,
Тастай ма я иесіз жиған малды?
Есітіп үкамалар осы сөзін,
Мүсіркеу бұларды да билеп сезім.
Қарасты қарсы алдына қатарласа,
Бәрі де балға тігіп екі көзін.
Болған соң кітап ашып, балын салып,
Отырды үкамалар қайран қалып.
Кашуаттың алдына әкеп бәрін қойды,
Сіз айтып беріңіз деп көзі танық.
Кашуат: – Талғатыңа, – деді, – бақтым,
Бар екен бір баласы берген һақтың.
Әдейі жіберіпсің екі адам,
Солардың қолдарына кеткен балаң.
Апарып бір тоғайға тірі тастап,
Теріп жеп келіпті олар пісте, бадам.
Балаға бір жолбарыс тап болыпты,
Сүт симай емшегіне қап болыпты.
Исініп емізген соң ол баланы,
Сарқылып түссің бәрі сап болыпты.
Шалықтап отырғанда ойнап-күліп,
Самұрық аспанға оны кетіпті іліп.
Өзінің алып барып ұясына,
Асырап-есіріпті, бала қылып.
Түсінде таңырқапсың оны көріп,
Көргеннен — тұла бойың кетіпті еріп.
Жоруы — сол түсімнің не екен? — деп,
Әдейі тұрсың бүгін мұнда келіп.
Рас па осы айтқаным, яки жалған?
Сөз осы кітаптағы біздер салған.
Көргендей көзіменен білгеннен соң,
Сам палуан "рас ед" деп, аң-таң қалған.
Сонда да сенбей: – Балам, – деді, – өлген,
Жіберген жігіттерім көміп келген.
Анығын ашайық, – деп, – олай болса,
Іздетіп екеуін де алдырды елден.
Кашуат: – Кәне, екеуің сөйле, – деді,
Қалып ел бала қандай күйде? — деді.
– Өлтірмей, – деді олар, – кеттік қойып,
Жеміс жеп, біз тоғайдан қайттық тойып.
Өтірік "өлтірдік" деп айтып едік,
Тастар деп төбемізді таспен ойып.
– Не дейсің, – деді Кашуат, – енді маған?
Ол балаң байтақ елге болар баған.
Тауып ал, ұлың тірі, түсінде де
Түс-түрін көрсетіпті Тәңірім саған.
Өзіңе гауһарларды осы берген,
Кәдімгі Құбырой ел алып келген.
Үстіне ұясының самұрықтың
Ақ шашты, қара көзді бала көрген.
Атыпты ол құрал етіп гауһар тасты,
Бұлардың бар шығар деп менде қасты.
Қалдырмай атқандарын әкеліпті,
Асылды етпейік деп аяқ асты.
Беріл ед "базарлық" деп сонан бізге,
Төртеуін қойған едік сақтап сізге.
Ол бала өзге емес, өзіңдікі,
Бар соған болмай алаң бөтен сөзге.
Көрген соң балаң берген гауһар тасты,
Көңіліңнің ол тас жуып, кірін ашты.
Білдіріп балаң иісін таста қалған,
Ағызды екі көзден ыстық жасты.
Ойлама "осыларда қате бар" деп,
Қайғымен қалай мұндай жата алар? — деп.
Сол кезде Құбырой да келді жетіп,
Сөйледі Самға бәрін баян етіп.
Толғанып хабарына, қуанғаннан
Отырды ауып есі, ақыл кетіп.
– Баламды бар ма екен, – деп, – көрер күнім?
Қайтасыз қолыңа алып барған заман.
Атақты бұл балаңнан біреу туып,
Жер жүзін жеңіп жалғыз алар тамам.
Берген соң бәрін де айтып, сілтеп төте,
Қуанып, "я құдайлап" оған өте,
Қанаты болмағанмен, қалбырақтап,
Жаздады өз-өзінен ұшып кете.
Есітіп өткендегі Самның ісін,
Отырды Мәнушаһар қайрап тісін.
"Өлтірткен осынікі қалай? — деді,
– Жаман деп баласының түр мен түсін".
Болғанмен түрі жаман, қара емес пе?
Балаға әркімдер де зар емес пе?
Бәрінде палуанның ес болмайды-ау,
Іздену енді өзіне ар емес пе?
Бәрі де бек, уәзірдің "не, – деп, – оның?"
Ұнатпай өңін бұзып, ұстап қолын.
"Адасқан асылында екенсіз" деп,
Көрсетіп жүретұғын жатыр жолын.
Уһілеп, өзі-дағы уайым жеп,
Ісінен өткендегі ұялып көп.
Айыбын ақырында мойнына алды:
"Менен де мал жақсы, – деп, – жейтұғын шөп".
Осындай ұялғаннан өте қатты,
Шіреніп шері тарқап, көңіл шатты.
Баламды барсам алып қайтам ғой деп,
Қойнына қуанышы симай жатты.
Баланы түсінде Сам көріп жаңа,
Тұрғанда құшақтауға енді ғана.
Ай жүзі ақсақалды адам келіп,
– Емес, – деп, – бұл баланың шашы қара.
Бермеймін мұны саған, алам өзім,
"Алам" деп алармастан бұған көзің.
"Көрмеймін, көміп кел" – деп о басында
Ойыңнан болды ма ұмыт айтқан сөзің?
Баланы тауып ал, – деп, – шашы қара,
Болды ұрыс ұйқы ішінде екеуара.
– Қалайша бермейсің, – деп, – бұл баламды?
Ұмтылды ақырып Сам алмасты ала.
Оянып өз даусымен ұшып тұрды,
Ойына түр-түрпаты түсіп тұрды.
Қалған соң қанбай мейірі қатты өкініп,
Едәуір астыңғы ернін қысып тұрды.
Баланың барын көзбен көргендей
Сам, Отырып ұйықтамастан атқызды таң.
Құбыройды бастық етіп көріп келген,
Жасады қайықпенен жүруге қам.
Толтыра бір кемеге азық салды,
Алты мың Аспаһаннан адам алды.
Тынбастан су үстіне алты ай жүрді,
Көрді Сам ғажайыпты неше түрлі.
Тоқтатып жетінші айда кемелерді,
Құбырой қарады енді алып дүрбі.
"Келдік" деп, кемелерді байлатты енді,
Шығарып сыртқа жүкті жайлатты енді.
Бәрі де қостар тігіп, құрып шатыр,
Пісіріп ас-суларын қайнатты енді.
Сам айтты: – Сендер тоқта, мен барайын,
Бар ма екен балам, байқам аңғарайын?
Көп болып барсақ — самұрық ашуланып,
Өлтірер осы адамның бірталайын.
Кетті Сам асынды да қару-жарақ,
Ұяға жақын барып тұрды қарап.
Түсінде түнеугүнгі көрген бала,
Шаштырып салбыратып отыр тарап.
Есі ауып, енді ерден кетті ерік,
Сүйегі қорғасындай балқыды еріп.
Көзден жас қуанғаннан аға берді,
Баласын "өлді" деген тірі көріп.
Жинап ап ақыл, есін көптен кейін,
Құлауға қаңғалақтап болып бейім:
– Атаңмын арнап іздеп келген сені,
Түс, балам, мен бетіңнен бір сүйейін.
Келе алмай қалды елде анаң жылап,
Алты ай асыраған сипап-сылап.
– Сөйлемей, – соңда Дастан, – кет, – деді, – әрі,
Ала көз керек емес сендей кәрі.
Өзіндей өткен жолы адамдар кеп,
Әкеткен көп гауһарым алдап бәрі.
Оларды таппай қалды іздеп анам,
Тапқанда таптайтын ед бәрін тамам.
"Мен-дағы алдап гауһар алайын" деп,
Тұрсың-ау түрің құрсын, келіп маған.
Атым кім, атам болсаң, білесің бе?
Ағаштың басына әкеп ілесің бе?!
Шынында сенен туған бала болсам,
Мұншама менен аулақ жүресің бе?
Айтпа ондай өтірікті нанбайтұғын,
Кет аулақ, ақымағың жоқ алдайтұғын.
Қоздырып құлағымның құртын мұнша,
Ізімнен нендей жансың қалмайтұғын?
Сам бұған айта алмады жауап тауып,
"Тұр-ау, – деп, – алдамаққа", қылып қауіп.
Айқайлап "әрі кет" деп екі-үш рет,
Бала енді жатып алды бетін жауып.
Көрсе де Сам баласын көзіменен,
Нандырып ала алмады сөзіменен.
Сүйеніп бір шынарға ұйықтап қалды,
Самұрықтың сөйлесуге өзіменен.
Сол кезде бір аждаһа болып пайда,
Шынарға шықты тұрған анадайда.
Салды айқай сасқанынан бала Самға,
Болған соң кездескендей ала шаңға.
Түрі жоқ тіпті оған оянатын,
Сұқпаса қылыш, қанжар қара санға.
Сүйекпен ұядағы Самды ұрды,
"Бұл не?" деп ұйқысынан ұшып тұрды.
Көрген соң аждаһаны жүгірді енді,
Қанжарын суырып ап екі қырлы.
Бала айтты: – Қанжарды қой, садақ ұста,
Қанжарың қанша айтқанмен жетпес, қысқа.
Оқпенен атсаң лаж етерсің, – деп,
Көрсетіп Самға қайта берді нұсқа.
Садақты тартып қалды салып оқты,
Кетуші ед атқан оғы бұзып топты.
Анадай жерге басы ұшып түсіп,
Кеудесін сонда жылан жерге соқты.
Қанжармен үш бөлді де, тағы жатты,
Болған соң уақытында ұйқы тәтті.
Өлтіріп осы жауын бергеннен соң,
Қуанды алақайлап бала қатты.
Сол кезде самұрық та келді ұшып,
Ұйқыда жатқан Самға көзі түсіп.
"Келді-ау, – деп, – алдау үшін осы адам да",
Барады самұрықты ашу қысып.
Бір үйдей ұшып барып, бүрді тасты,
Ұруға Самды онымен болып қасты.
Көрсетті аждаһаны жатқан өліп,
Қанжармен тастағанын екі-үш бөліп.
– Біздерді жатқанында жұтайын, – деп,
Жан ашып, айырды, – деп, – осы келіп.
Есітіп "баласының" осы сөзін,
– Жарайд, – деп, Самға назар салып көзін.
"Жақсылық балаларыма еткен болса,
– Ойланып, бағайын, – деп, – мұның өзін".
Үстіне бір қанатын қылды қалқан,
Қалайда қылайын деп мұны дарқан.
Түсірді қанатының көлеңкесін,
"Қонағым, күймесін, – деп, – күрге арқаң".
Самұрық келатқанда бір күн ұшып,
Қалып ед бір қауырсын Шынға түсіп.
Ұзыны үш жүз аршын болып еді,
Шын халқы қарағанда өлшеп-пішіп.
Үш құлаш болып еді әрі ені,
Нақыштың неше түрлі бар ед кені.
Үлгі алып ол маңдағы ел әлі онан,
Ажарлар әр қалайда етсе нені.
Таусылмас оныменен ондағы өрнек,
Күні-түн көп жұмысы келіп көрмек.
Жәміштің заманынан бері қарай,
Қытайдың болған еді еліне ермек.
Болған соң қанатының түрі сондай,
Сұлу үй бүркенгенде бола ма ондай.
Бір кезде Сам оянып көзін ашты,
Ішінде жатыр үйдің сондай нашты.
"Үй, сірә, бар ма екен, – деп, – мұндай сұлу?"
Отырды аң-таң болып, сипап басты.
Аңғарып қанаты екен көрсе құстың,
Білетін байқамаса емес ешкім.
Самұрыққа қол қусырып, берді сәлем,
Орнынан ұшып тұрып қағып үстін.
Сәлемін алып, самұрық амандасты,
Көрсетті "қош келдің" деп ықыласты.
– Кәнеки, жұмысыңды айта бер, – деп,
Отырды етіп ізет, ырғап басты.
– Сөзімді тыңда, – деді, – ей, Шаһ мұрған,
Жұмысым менің — бала мынау тұрған.
Ұяңнан осы бүгін тауып алып,
Отырмын етейін деп жаным құрбан.
– Ей, адам, маған жақпас айтып сөзді,
Болма, – деп, – меніменен ал көзді.
Орынсыз, ұят істі етемін деп,
Арындап ардан аттап, жұмба көзді.
Мен сенен аямайын гауһар, дүрді,
Алқызыл, жасыл, күлгін неше түрлі.
Бермеймін жалынғанмен жанға, өлмей,
Жанымдай Дастанымды көңілі нұрлы.
Ғажайыптан берді маған мұны Құдай,
Бауырыма басып күн-түн бақтым ұдай.
Сен болсаң анығында балаға ата,
Тастадың неге түзге беріп жапа?
Он бір жыл өзің үйде ұйықтап жатып,
Жалдап па ең қызметіңе мені нақа?
Сам айтты: – Сөйлеме көп, баламды бер,
Көңілімнен баламды алмай, тарқамас шер.
"Бір уыс жүннен" қорқып қайтатұғын,
Көзіңді аш, мен сияқты болмайды ер!
Бермесең еркіңменен, алам күшпен,
Көргенмін талай ойнап сендей "күспен".
Самұрық осы сөзін есіткен соң,
Артықша ашуланып кеуіп-іскен.
"Күшіңді көрейін" – деп, дереу ұшты,
"Қолыңнан қыла ғой, – деп, – келген күшті".
Мың батпан барып таудан тас лақтырды,
Ол Самның төбесінен бір-ақ түсті.
Қалқанға тұтып тұрған тиген соң тас,
Сау қалды, сақтап Құдай, жарылмай бас.
Аяғы асығынан жерге кіріп,
Шыдамай, шып-шып шықты көзінен жас.
Алған соң аяғын Сам тартып жерден,
Екі мың батпан тасты тағы ап келген.
Көтеріп таудай тасты алып келіп,
Тұп-тура төбесіне тағы перген.
Қалқаннан жарқ-жұрқ етіп шығып жалын,
Болған соң сынбай қалды қалқан қалың.
Аяғын жатқанында тартып алып,
Самұрық үш мың батпан тасты алып.
Ұрғанда тағы келіп төбесінен,
Күңіренді жер менен көк сарын салып.
Сам сонда тізесінен кетті батып,
Жалп етіп қала жаздап жерге жатып.
Қалқанның асты-үстіне аударылып,
Сәл болса қала жаздап сеспей қатып.
"Шынымен өлем бе, – деп, – осы құстан?"
Шамасыз Сам палуанды ашу қысқан.
Аяғын тартып алып тұра ұмтылды,
Кезінде самұрық — күс тасқа ұшқан.
Қопарып он шынарды келді алып,
Дастан түр мұнысына аң-таң қалып.
Көтеріп тамырымен бір шынарды,
Ұясын самұрықтың кетті салып.
Ұяны он шынармен бұзды ұрып,
Өзіне жақындатып алды бұрып.
Білген соң жығыларын жерге қарай,
Салды айқай самұрыққа Дастан тұрып.
Есітіп Дастан даусын қайтып келді,
Ұя түр құлайын деп құшып жерді.
Аң-таң боп, бұл қалайша күшті адам деп,
Ала алмай түр самұрық сасып демді.
Самұрық көргеннен соң ердің ісін,
"Жай адам емес қой" – деп, тартып ішін.
Сөйледі келіспек боп Самға қарап:
"Мол екен, жау да болсаң қайрат, күшің".
Кәнеки, кім болады ата-бабаң?
Баяндап барлығын да берші маған.
Қанағат қайратыңа қылғаннан соң,
Отырмын көңілімді қойып саған.
Сам айтты: – Бабам Кіршаш ертеде өткен,
Нариман — атам халыққа дәрпі кеткен.
Сам-суар – өзім атым, Иран елін
Игеріп, ертелі-кеш ізіне ерткен.
Самұрық есіткен соң Кіршаш атын,
Жайды енді, "жаным, кел" деп, бар қанатын.
Көрісіп, көкірегіне Самды қысып,
Көп жылап, көрсетті анық марқабатын.
– Болып ед бабаң маған, – деді, – бала,
Жүруші ем әр уақытта ойыма ала.
Көп қылып гауһар, дүрді беріп едім,
Салдырып аларсың деп күмбез, қала.
Кіршаштың нәсілінен болсаң анық,
Екенмін Дастанжанды алған танып.
Ризамын еңбегіме он бір жылғы,
Бара ғой, бердім енді, еліңе алып.
Дастанды ерегісіп бермей қалсам,
Қамығып өз еліңе қайтып барсаң.
Ұялтар соңырағы күн Кіршаш мені,
"Қылдың, – деп, – немеремді әуре-сарсаң?"
"Құлдық" деп, самұрыққа Сам бас ұрды,
Риза боп ықыласына жылап тұрды.
Бармасқа тұрды бала буып белді,
Самұрық "түс, жаным" деп неше келді.
Болған соң бетін тырнап алатұғын,
Батпады "барсайшы" деп айтуға енді.
Айтқанға болмаған соң бала көнер:
– Қылайық, – деді самұрық, – бұлайша өнер:
Керісіп кеткен бол да меніменен,
Көрінбей түр, бір жерде дауыс келер.
Кеткен соң, "әлгі адам сені танып,
Мен жоқта әкетер, – деп, – алып анық".
Төменге алдап-арбап түсірейін,
"Қойдым, – деп, – өзге жерден ұя салып".
Дастанды, түскен кезде, кел де ұста,
Қаша бер қолтығына мықтап қыс та.
Қорбаңдап қуған болып мен қалайын,
Кетті деп әлгі ұры қайсы тұсқа?
Екеуі енді жорта жанжалдасты,
Самұрық тұра ұмтылды толғап басты.
Сам сонда сасқан болып, көзі алақтап,
Жалт беріп, жас баладай тұра қашты.
Ағаштар арасына кетті кіріп,
"Бекерге өлермін, – деп, – мұнда тұрып".
Қасына қайтып келіп ұясының,
Жалтақтап жан-жағына басын бұрып.
Түсірді алдыменен өз баласын:
– Қайткенмен, – деп, – ұядан қозғаласың.
Тұрғанда ең артынан Дастан түсіп,
Сам сонда келе сала құстай ұшып.
Құшақтап, "қарағым" деп, бетін сүйіп,
Бауырына балапандай алды қысып.
Шырылдап баласындай Дастан құстың,
Ашынып, жұла берді тырнап үстін.
Самұрық айтқандай қып ала қашты,
"Өлмесем, ала алмас, – деп, – енді ешкім".
Самұрық қанат қағып құрбаң-құрбаң,
Сам батырға Дастанды ұстап тұрған:
– Баламды барасың, – деп, – қайда алып?
– Өтірік өкінісіп аласұрған.
Адамдай ұстатпаған тұра қашып,
Ағаштың арасымен кетті асып.
Қанатын қалбаң-қалбаң қаққан болып,
Жоп-жорта құс қуалмай қалды сасып.
Артынан аздап кейін барып Самның,
Жалынды, – жайын қыл, – деп, – Дастан жанның.
Есітіп бала құстай шырқырады,
Қалғандай қапасына мына адамның.
– Еліңе барғаннан соң етсең тойды,
Тойыңның болатұғын күнінде ойны.
Шақыр, – деп, – мені ұмытпай, түтеттіріп,
Түгінен бір уыс қып беріп қойды.
Әр түрлі Дастан үшін айтып ақыл,
Самменен қош айтысып, қайтты ақыр.
Сам, сірә, бақырғанмен айрылар ма?
"Жаным" деп жатыр көңілін жай қыларға.
Құшақтап құмарлана сүйіп отыр,
"Сен ең, – деп, – салған сансыз қайғыларға".
Жетелеп ақырында алып қайтты,
Қалдырмай білгенінің бәрін де айтты.
Шеңгелдеп әке мұртын жұмғанменен,
Аузынан шығармады, қой деп тәйтті.
Қосына Сам палуан алып келді,
Ол жатқан алты мыңдай қуантты елді.
Топырлап тұс-тұсынан жүгіріп кеп,
Қалмастан "құтты болсын" айтысты енді.
Жуасып, күннен-күнге басылды енді,
Үйір боп, әркімдерге асылды енді.
Дастанды ортасына алып бәрі,
Жүргізіп қайықтарын қашырды енді.
Қырық күнде адамдармен араласты,
Еркелеп, әр нәрсені ала қашты.
Қайтадан беретұғын болды әкеліп,
Сам, "балам, қылма, – десе, жарамасты".
Қоймады алты ай, бірақ "мама" деуді,
Қан ішіп, етті шикі шала жеуді.
"Ол ұят болады", – деп, Сам айтқан соң,
Ұялып онан-дағы қайтты кеулі.
Сам: "Шығып Асфаһаннан сау-саламат,
Келдік" – деп, падышаға жолдады хат.
Көп адам алып барып арба мен ат,
– Палуан, келдің бе, – деп, – сау-саламиат?
Болсын, – деп, – балаң құтты, алып қайтқан!
Етті ердің, уақытын қош, көңілін — шат.
Дастанды арбаменен жүрді алып,
Шашына көргендер жүр қайран қалып.
Теп-тегіс тұла бойы түк болған соң,
Көргендер "киік пе осы?" деуші еді анық.
Отырып арбаға Сам, жортып-желіп,
Ордаға баласымен түсті келіп.
"Ап келген балам менің, мінекей", – деп,
Мақтанды Мәнушаһарға сәлем беріп.
Көрген соң Мәнушаһар шыққан түгін,
"Жаным-ау, киік пе әлде, – деді, – бұл кім?"
Қалмастан қатын-еркек, үлкен-кіші,
Тамаша таң қаларлық қылды жығын.
Ордада асыраулы бар ед киік,
Жүруші ед келгендерге ойнап тиіп.
Таңырқап тұрпаты мен түтіне ол да,
Дастанның келді алдына басын иіп.
Киікті келісімен алды ұстай,
Бауырына бүгерледі, басып құстай.
Тырналап тырнағымен, тіспен тартып,
Жұмарлап түтіп жатыр тарамыстай.
Бауыздап, тырнап, тістеп, ішті қанын,
Шығарды шырқыратып шыбын жанын.
Көргеннен күлді шулай мұны халық,
Қылығын қылғаннан соң құстың анық.
"Ұяда нені көрсе — соны алады",
– Деген сөз, нақыл болған сонан қалып.
Дастанның үкамалар алып шашып,
Қырдырып қираланған кірпік-қасын.
Қылатын шашты қара дәрі жағып,
Оратып орамалмен қойды басын.
Шаш шықты жетіден соң қаптап қара,
Құлпырды құндыздай боп бара-бара.
Көргеннің көңілі еріп кететұғын,
Сол кезде сұлулықпен озды дара.
Қайтадан "Зал зер" деп, атын қойып,
Атына алтыннан мөр берді ойып.
Халықтан Сам палуан бата алды,
Той қылып тамашалы көп мал сойып.
Болған соң тілге шешен, білімге бай,
Бас уәзір етіп Залды, өзіне сай.
Билігін Мәнушаһар беріп қойды,
Қылған соң жұмысының бәрін де жай.
Қымбат баға гауһарды,
Қадірсіз ешкім ете алмас...
Суарсаң да сүтпенен,
Тұрып миуа тұщы боп
Түзелуге бет алмас.
Мәніссіз сөз мысалы —
Арманы бітіп Самның ойына алған,
Систанның шаһарына қайтып барған.
Отырып ер Кіршаштың сарайында,
Өткерді өмір жасты енді қалған.
Алматы, 1936 ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру