TELEGEI

Home

Біз шадыман баламыз

Сұлтан Қалиұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Біз шадыман баламыз

Көрнекті балалар ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сұлтан Қалиұлының «Біз шадыман баламыз» атты кітабы балаларға арналған таңдаулы өлеңдерден, жұмбақтар мен жаңылтпаштардан, ертегі, өлеңдер мен поэмалардан тұрады. Кітапқа негізгі кейіпкер: Марат деген бала мен Шекербек, Асқар, Күсеп, Төлен, Нұралы, Дауыл сияқты достардың алуан түрлі күлдіргі іс-әрекеттері өзек болады. Туған ел, т

ЖАҢАРҒАН ҚАЗАҚ ЕЛІ

Ата өсиеті
Тәуелсіздік – төріңде,
Нұр құяды көңілге.
О, жас ұлан,

Еліңнің
Ертеңі үшін ерінбе!
Жақсы оқып, білім ал,
Саналылар ұғынар.

Жастайынан білімді
Болып өскен ұлылар.

Қазақстаным
Сәулетті әр қаласы –
Шырағындай өмірдің,
Кең-байтақ даласы –

Құшағындай елімнің,
Тұп-тұнық аспаны –
Байлықтың бастауы,
Замана дастаны –

Қазақстаным менің.
Жасындай айбыны
Ұл-қыздарды түлеткен,
Тұп-тұнық аспаны,

Байлықтың бастауы,
Замана дастаны –
Қазақстаным менің.

УДК 821.812.122-93

ББК 84 (5 Қаз) 7-4

Қ 26

Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ақпарат және мұрағат комитеті
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»

бағдарламасы бойынша шығарылды

Қ 26 Қалиұлы С. (70 жас)

Біз шадыман баламыз: Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар,
ертегі өлеңдер, поэмалар. – Алматы, «Өнер 21-ғасыр» қоғамдық
қоры, 2013. – 384 б.

ІSBN 978-601-209-208-0

Көрнекті балалар ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы-
ның лауреаты Сұлтан Қалиұлының «Біз шадыман баламыз» атты
кітабы балаларға арналған таңдаулы өлеңдерден, жұмбақтар мен
жаңылтпаштардан, ертегі, өлеңдер мен поэмалардан тұрады.

Кітапқа негізгі кейіпкер: Марат деген бала мен Шекербек, Асқар,
Күсеп, Төлен, Нұралы, Дауыл сияқты достардың алуан түрлі күлдіргі
іс-әрекеттері өзек болады. Туған ел, табиғат қызықтары, құстар,
сыныптастар, әже, ата туралы тартымды жыр-тақпақтар өз оқырманын

табады.
Кітап ақынның 70 жылдық мерейтойына орай шығып отыр.

ІSBN 978-601-209-208-0

© «Өнер 21-ғасыр» ҚҚ, 2013
© Көпіш Ә. (безендіру), 2013

УДК 921.512.122-93

ББК 84 (5 Қаз) 7-4

Ата заң
Ата заң бұл бағалы
Барша халық қолдаған.
Осы заңнан табады

Әділетті жолды адам.
Енді кейбір антұрған
Жүргізбейді үкімін.
Ата заңда қамтылған

Сенің барлық құқығың.
Бұл заңымыз ғажап-ақ,
Әрбір бетін көр ашып.
Енді нағыз азамат

Болам десең,
Жол ашық.
Астана – символдар қаласы
Астанадан тарайды нұрдың бәрі,

Қадам бассаң, қарсы алар символдары.
Тарихың да, салт-дәстүр, өнерің де –
Символдарда. Астана – бұлбұл бағы.
Араласаң – асылдың нелер кені,

Елестейді осында – ел ертеңі.
Оқығандай боласың том-том кітап,
Ұшан-теңіз білімге кенелтеді.
Менің елім

Бастау алған ежелгі дәуірлерден
Қазақстан дос, бауыр әрбір елмен.
Көрген талай жұтты да, қырғынды да,
Жаманның да, жақсының дәмін көрген.

Бүгін елміз жаңаша тұрмыс құрған,
Қойнауы кең, даласы – ырыс тұнған.
Қайсар халқы, сан ұлттың өкілдері
Тағдыр қосып бастарын, туыстырған.

Қазақстан әр таңы атқан күліп,
Нұр сәулесі санаға жаққан үміт.
Алға бастап барады Елбасымыз
Әрбір күннің шуағы шаттандырып.

Қазақстан жалауы
Көк аспандай көкпеңбек
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен-тек –

Елдің ашық қабағы.
Ақ ниеті – алтын күн,
Асқақ арман – қыраны.
Жалауы бұл –

Халқымның
Мәртебесі, туы, ары.
Бұлт шалмасын күнімді,
Тарылмасын өрісім.

Биік ұстау туымды –
Қасиетті борышым.
Елтаңбасы елімнің
Елтаңбасы елімнің

Неткен әйбат, әдемі!
Тұнығындай көңілдің
Ортада – аспан әлемі.
Құт, береке – шаңырақ,

Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ
Екі жақтан көмкерген.
Тәуелсіздік жолында

Талай-талай тер тамған.
Билігім – өз қолымда,
Еркіндігім – елтаңбам.

Тұңғыш қазақ ғарышкер
Әубәкіров ағаның
Даңқы көкке самғаған.
Тоқтар аға

Гагарин
Салған жолды жалғаған.
Тоқтар ағам – жан ағам
Бұрыннан да ер еді.

Менің батыр ағадан
Аумай қалғым келеді.
Ғарышкерлер – қырандар

Әнін жазған Темір Тайбеков
Ғарышкерлер,
Ғарышкерлер
Қиял құсын түлеткен

Ұлы Отанның,
Гүл Отанның
Мәртебесін ту еткен.
Тоқтар, Талғат –

Көкте самғап,
Биік ұшқан қырандар.
Ағаларға,
Қарап

Алға
Өсеміз біз ұландар.
Ән тербеген,
Даңқы өрлеген

Байқоңырдан самғаған
Ғарышкерлер,
Ғарышкерлер
Ерлік жолын жалғаған.

Тоқтар, Талғат –
Көкте самғап,
Биік ұшқан қырандар.
Ағаларға

Қарап
Алға
Өсеміз біз ұландар.
Жас түлектер жыры

Әнін жазған Бейбіт Дәлденбаев
Білімге біз, туған ел, құмар ұл-қыз –
Арман қуған жас түлек, ұланыңбыз.
Нұрағадай ертең-ақ талай-талай

Арамызда жарқырап тұрар жұлдыз.
Қайырмасы:
Нұрға бөлеп әрдайым тұрар маңын,
Арамыздан сан мыңдап шығар дарын.

Сеніміңді арт, туған ел, ұрпағыңа,
Алға батыл самғайды ұландарың.
Сан алуан мамандар еңбегін де
Лайықты өнермен тең көруге.

Озық ойлы ғылымның небір сырын
Асығамыз тезірек меңгеруге.
Қайырмасы.

Талпынбаса бұйырған өнер кімге,
Талаптыға шуағын төгер күн де.
Талпынамыз шыңдарға, асқарларға,
Талпынамыз табысқа кенелуге.

Қайырмасы.
Әрбір күнге жеңіспен аттағанда,
Кеуде соғар біз емес мақтағанға.
Қазақстан туған ел – ұлы анамыз,

Үмітіңді бола ма ақтамауға.

ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ

Қаңтар
Қаңтар келді ышқынып,
Сірескен қар жан-жағың.
Үдегенмен үскірік,

Күн ұзарды қарға адым.
Ақпан
Ақпанда
Қыс ызғары

Қайтпағанмен,
Күн жылып,
Айналаның мұз­-қары
Бір қатады, бір жібіп.

Наурыз
Наурыз келді шуақты,
Шаттанбаған бар ма алап?
Жылғалармен су ақты,

Бүрін жарды тал-дарақ.
Сәуір
Сәуір келіп жетті енді,
Дала гүл‑гүл жайнады.

Жырға қосып көктемді,
Әнші құстар сайрады.
Мамыр
Мамыр келді – ән-думан,

Көлде аққу қалқыды.
Орақ түскен шалғыннан
Жұпар иісі аңқыды.
Маусым

Құс көбейді көлдегі,
Маусым келді – жаз мейрам.
Асыр салып төлдері,
Жан-жануар мәз-мейрам.

Шілде
Шілде келді,
Бұл бір ай –
Жаз айы ғой ең ыстық.

Апамызға
Құлпынай,
Алша, шие терістік
Тамыз

Тамыз жомарт бұйырды –
Пісті қауын, алма, өрік.
Жүзім, алмұрт үйілді
Дастарқанға сән беріп.

Қыркүйек
Қыркүйек кеп,
Күз келіп,
Шопан көшті күздеуге.

Мектепке бет түзедік
Гүл құшақтап біздер де.
Қазан
Қазан келіп,

Көсілді
Аяқтап жұрт жұмысты.
Тал‑дарақтар шешінді,
Қыс қамына кірісті.

Қараша
Қараша кеп шіреңді,
Қара суық қысады.
Аспан жиі түнерді,

Сезіліп қыс нышаны.
Желтоқсан
Азынайды бораны,
Желтоқсан – бұл, қыс басы.

Әйнекке ою ояды:
«Осы, – деп, – қыс нұсқасы».
Біз шадыман баламыз
Әнін жазған Әсет Бейсеуов

Аппақ, аппақ, қар аппақ,
Қар жамылған дала аппақ.
Қырау-қырау тал аппақ,
Айналаның бәрі аппақ.

Аппақ біздің шанамыз,
Аппақ қырдан ағамыз.
Шырқатып ән саламыз,
Біз шадыман баламыз.

Жаңа жыл қарсаңында
Безендірдік
Аулада
Өсіп тұрған шыршаны.

Әсемдеуге әр бала
Бар өнерін жұмсады.
Жасап келді бірі – піл,
Бірі – барыс, арыстан.

Бірі – қораз,
Бірі – құр,
Бірі – бүркіт, сауысқан.
«Қырау» да бар,

«Қар» да бар,
Іліп жаттық тырмысып.
Төбемізде қарғалар
Әрі-бері жүрді ұшып.

Шыршамыз тұр жасарып,
Ойыншықтар тізіліп.
Көз алмай біз,
Тамсанып,

Қарап тұрмыз қызығып.
Қуаныстық:
«Шамдары
Тіпті ғажап болды», – деп.

Ал қарғалар
Маңдағы
Қарағайға қонды кеп.
Бізге де жұрт тамсанып,

Тұрсын дей ме қызығып,
Өздерінше
Жасанып
Күтіп отыр тізіліп.

Жаңа жыл кешінде
Жаңа жыл.
Жаңа жыл келеді,
Безенген елка,

Карнавал.
Қызықтар не деген көп еді,
Көргенде әркім-ақ таңданар.

Біреулер еліктеп өткенге,
Айналды гусарға, ноянға.
Біреулер киіп ап бетперде,
Айналды тиінге, қоянға.

Біреулер мысыққа, тышқанға,
Кәмшатқа, кірпіге айналды.
Біреулер диюге, мыстанға,
Қарсаққа, түлкіге айналды.

Біреулер айналды сауысқан,
Қаршыға, сұңқарға.
Біреулер айналды
Арыстан, сәйгүлік, тұлпарға.

Біреулер айналды табанда
Қоразға қып-қызыл айдарлы.
Біреулер борсыққа, қабанға
Аюға, маймылға айналды.

Төленді сүймейтін жан адам,
Сотқар-ды, түрі де сұсты еді.
Қасқырға айналу ал оған
Пәлендей қиынға түспеді.

Мінеки, әжетке жарады
Әдеті, дағдысы бұрынғы.
Жүгірді қанталап жанары,
Алақтап әркімге ұрынды.

Жолында тұрғанды ол қағып
Өтетін,
Не дауа тентекке!
Бір шетте лақтар жүр қорғанып,

Тығылып жүр Қызылтелпек те.
Қызыға қараймыз елкаға,
Қызды ойын...
Қарша қыз ән салды.

Ал Аяз атамыз – ортада
Биледік, білмедік шаршауды.
Біздерді шаттыққа бөледі,
Жаңа жыл қуаныш ап келді.

Келелі
Өнері
Көп еді,
Қызық кеш тарайтын шақ келді.

Міне, енді мысық та, тышқан да
Қоян да, тиін де, кірпі де,
Кәмшат та, дию де, мыстан да,
Аю да, маймыл да, түлкі де,

Сауысқан, қаршыға, сұңқар да,
Қораз да қып-қызыл айдарлы,
Арыстан, сәйгүлік, тұлпар да –
Қайтадан адамға айналды.

Сыпырып пердесін табанда,
Жалт етті Төленнің жанары.
Шешкенмен пердесін,
Адамға

Айнала алса ол, жарады.
Кім күшті, кім мықты
(Жаңа жыл мерекесіне арналған сценарийге қосымша)
Аяз ата:

Уа, балалар, барлығың
Тәртіптісің, білемін.
Орындалар дәл бүгін
Не тілесең – тілегің.

Орындалар бүгінгі
Алға қойған мақсат та.

Қояйық біз күлуді,
Артық кетіп жатсақ та.
Өз мақсатын, арманын
Айтар екен кім қані?

Құлағың сал ал,бәрің,
Тыныш тұрып тыңдалы.
І бала:
Ертеңім деп бізден ел

Күтіп отыр көп үміт.
Білім қуып, ізденер
Шағымыз ғой соны ұғып.
ІІ бала:

Ауызды ашып,
Қоймайық
Басқа жұрттан соң қап біз.
Осы бастан ойлайық,

Қайсымыз кім болмақпыз?
Аяз ата:
Ұсынысың орынды,
Сөз бастауға мақұл кім?

Қысылмай-ақ қолыңды
Көтере ғой батылың.
(Бір бала қол көтереді).
Аяз ата:

Ер екенсің! Жарадың!
Ал айта ғой, қарағым.
ІІ бала:
Бизнесмен болып мен,

Байып алу – тілегім.
Жүрмеймін жай көлікпен,
Иномарка мінемін.
Біреулердей,

Байысам,
Зып бермеймін шет елге.
Өндіріске ауысам,
Туған елден кетем бе!

ІІІ бала:
(Бизнесмен балаға қарап)

– Жүру үшін шіреніп,

Мен банкир боп аламын.
Саған беріп кредит,
Күреп ақша табамын.
Бабалардың әмбеге

Қастерлетіп суретін
Салдырып мол теңгеге,
Арттырамын құрметін.
ІV бала:

Мен бірінші нөмірлі
Елші болам әр елге!
(бармағын қайқитады)
Отанымды,

Елімді
Сыйлатамын бар елге.
Оқып жүремін сол үшін
Екі бірдей шет тілін.

Кеңейіп ой-өрісім,
Келеді үдеп екпінім.
V бала:
Толып тағам санына

Тұрсын дүкен, асханаң.
Сол үшін мен
Шаруа
Қожалығын басқарам.

Қарақ қылып, Бәріңнің Берекеңді арттырам. Отбасынан әр үйдің Үзілмейді шаттық ән. VІ бала: Пір тұтатын асылдар Мен тарихшы боламын. Заманалар, ғасырлар Қойнауларын шоламын. Бағаламай бабаны Дараламай дананы, Сүймей отан-ананы, Боламыз ба саналы?! Көне заман көшінің Көп іздері – ақтандақ. Әр шұңғылын осының Ниетім бар ақтармақ. VІІ бала: Ұялсаң бір-біріңнен Телевизор қойсаң тек. Сондықтан да жүрмін мен Режиссер болсам деп. Ұлылардың бейнесін Жасап шығам кинода, Қара да тұр, көресің Сырт қалмайды бір дана. VІІІ бала: Тыңдай алман таңданбай, Нұрағаның көп әнін. Мен Нұрғиса ағамдай Композитор боламын. Мен де отан орденін Омырауға тағамын. ІХ бала: Мен жұмыскер арадай Барымды елге арнаймын. Тоқтар, Талғат ағадай Зеңгір көкке самғаймын. X бала: Менің де бар мақсатым, Болса да көп басқа өнер, Болсам деймін жақсы ақын, Жазушы не баспагер. Айтарлықтай айт десе Кітапларды қаптатам. Дүкендерде әйтпесе Кітап деген жоққа тән. ХІ бала: Мен Сағадат ағамдай Қолбасшы боп әйгілі, Әскер берік қамалдай Артып жатса айбыны, Жау жолатпай шебіне Қорған болсам еліме, Халқым құрмет тұтпай ма, Қаһарман деп мені де. ХІІ бала: Мен Күн-түні демалмай, Ойлайтұғын ел қамын Дәл Нұрсұлтан ағадай Президент боламын. Ел сенімін ақтаймын, Бейбітшілік сақтаймын.

Бақыты үшін елімнің Бір сәт тыным таппаймын. Емеспін мен жай бала, Жиырма жыл мұрсат бер. Елбасы етіп сайла да, Содан кейін жұмсап көр... ХІІІ бала: Президент те, балалар, Мұғалімнен оқыған. Дәріс алар даналар Мен ұстаз боп отырам. Аяз ата: Сезіп отыр кім мықты– Балалардың өздері. Қандай жақсы Шындықты Айтқызбай‑ақ сезгені. Жақсы азамат бол бәрің, Мейірі мол Жаратқанның. Арман, тілек, ойларың Орындалсың, қарақтарым! Гүл Үйде тұрып өсетін Әкеп гүлдің көшетін, Топырақты салдым да, Отырғыздым қалбырға. Жел ысқырып, күз келді, Жапырақтар түсті енді. Жаурамасын біліп гүл Сыртқа қарап күліп тұр. Інім – Жат! – деп кешке ініме, Әжем әлек болады. Қарап сағат тіліне, Інім жатпай қояды. – Көрдің бе бұл жаманды, Сөзді қашан ұғасың? Ертең ерте Адамды Тұрмай, әлек қыласың. Шырағым-ау, жас бала Жатпай ма ұйқтап бұл уақта? Кешігеміз бақшаға, Қалдырасың ұятқа! – Десе де әжем қиналып, Інім оған көнбейді. Басын шайқап, Бұралып: – Сағат әлі он, – дейді. Мейлің сипа басынан, Ұйқтағысы келмейді. Мейлің кейі, ашулан, Дәнеңе де өнбейді. Әлек салып жылайды, Жылауға өзі бейім-ді. Көрем дейді ұдайы Киноны оннан кейінгі... Телевизор дегеннің Жетеді екен шатағы. Кино бітсе, Көргенін Оймен шолып жатады.

Серпіп інім көрпені,
Көз ілмейді көп уақыт.
Есесіне ерте оны
Алу қиын оятып.

Әжемнің дәл келеді
Күн ілгергі болжамы.
Жылап қоя береді,
«Тұр» десең-ақ болғаны.

* * *
Сипап қойып айдарын,
Алақайлап жүр інім.
Тауып апты

Айнаның
Алақандай сынығын.
Қолына алып олжасын,
Қайта-қайта қарайды.

Тыным таппай
Ол шашын
Жиі-жиі тарайды.
Әжем:

– Күнім жігіт! – деп,

Кемсеңдейді иегі.
Шешем де оны
Күліп кеп,
Маңдайынан сүйеді.

Әкем де көп мақтады,
Жақсы болды бұл өзі.
Сағатты енді бақпады,
Күрт өзгерді мінезі.

Өзгеше еді нақ кеше,
Киноға тым құмар-ды.
Сөйте тұра:
«Жат» десе,

«Құп» дейтінді шығарды.
Теріс қарап,
Оранып,
Дереу жата қалады.

Міне, енді ол анық
Жігіт болды, саналы...
* * *
Ал таңертең тұр-тұрлап,

Азан-қазан үй әлі.
Жарты сағат қыңқылдап,
Жасын әрең тыяды.
Көрінгенге ұрынды,

Ұйқысы бір қанбады.
Шала-шарпы жуынды,
Бұрынғы әдет қалмады.
Ұйқы жеңіп тәбетін,

Ішті асын «ән салып».
Енді осы әдетін
Өзгерте алмай шаршадық.
* * *

Отырып ем бірде мен
Сабағымды оқуға.
Бұрын көріп-білмеген
Болды тосын оқиға.

Көрші үйдің баласы
Менің інім екеуі
Әлденеге таласып,
Қызып-қызып кетеді.

Ересектер үйдегі
Құлақ түрсек ақырын,
Түнде болған киноны
Жыр етті-ай қос батырың.

– Анау қашты, бұл жетті,

Анау сосын бүй деді, ә?
Бетіне қол былш етті,
Сонсоң анау иледі, ә?
Содан кейін өздері

Сол екеуі бола қап,
Ұмытты да өзгені,
Алысты-ай кеп домалап...
Осылайша киноны

Ойнап шықты түгелдей.
Бақтық бар жан үйдегі
Бір ісін қалт жібермей.
Қайран қалдық ініме,

Көрген жоқ ол киноны.
Ұйқтап жатты іңірде,
Сонда қалай білді оны?
Мұның сырын біз ұқпай,

Жүрсек бір күн бақылап,
Батады екен қызыққа,
Теріс қарап жатып-ақ.
Көреді екен киноны,

Ыңғайлап ап айнасын.
Байқамаппыз мүлде оны,
Асырыпты айласын!
Ойын түбі

Сейітке мен ағамын,
Жасым үлкен шамалы.
Мен мектепке барамын,
Сейіт енді барады.

Мен – мұғалім, ол – шәкірт
Болып бірде ойнадық.
Жүрді мені шаршатып,
Жаза алмай қойды әріп.

Онысына көнбедім,
Қайталаттым қанша рет!
Талабыма ол менің
Әзер төзді әлсіреп.

Қиналсам да соншама,
Сөккенім жоқ тоқтап қап.
Тіліне ауыр болса да,
Жаттатқыздым көп тақпақ.

Ризамын ініме,
Ақталды істің азабы.
Он әріптің бүгінде
Басын құрып жазады.

Біледі енді санауды,
Мадақтаймыз біз оны.
Дұрыс ұстап қаламды,
Беске дейін тізеді.

Жатса сурет сала алмай,
Үйретемін бояуын.
Тексерем де,
Аямай,

«Төрт» пен «бесті» қоямын.

Бірақ сауат ашқаны
Маған пайда болмады.
Сөмкемді іздей бастайды,
Көзім тайса болғаны.

«Үштерім» мен «екімді»
Қояды үйге жеткізіп.
Қызартады бетімді,
Маңдайдан тер төккізіп.

Өзіме де сол керек
Өмірімде көрмедім
Інімдей мен еркені.
Мазамды алып ол менің,

Айтқызады ертегі.
Кітаптардан
Жүргенім
Ертегі іздеп күнбе-күн.

Мойнымдағы
Бұл менің
Тәрізді бір міндетім.
Қайталасам кей-кейде

Айтқанымды бұрынғы,
Басады ол гөй-гөйге:
«Айтқансың, – деп – мұныңды».
Күні бұрын ескерсең,

Дайындалып аласың.
Кейде ойыннан кеш келсең,
Қайдан іздеп табасың?..
«Ертегі айт», – деп, ол бірде

Қоймаған соң жылауын,
Құтылайын дедім де,
Одан-бұдан құрадым:

– «Тым ойынпаз

Ертеде
Екі бала болыпты.
Ойнап кетіп ертемен,
Көштен қалып қойыпты.

Екеуі сан тау асып,
Жер жиһанды шарлапты.
Арып-ашып, адасып,
Көрмегені қалмапты.

Құтылыпты амалдап,
Не аштықтан қауіпті.
Балық ұстап, аң аулап,
Кішісі жол тауыпты.

Үлкенінің ойына
Кірмейді екен ас-қамы.
Ылғи ұйқы соғудан
Білмейді екен басқаны.

Бірде аңға, алысқа
Кеткен кезде серігі,
Қиқуласқан дауысқа
Бөлініпті көңілі.

Түрегелсе орнынан,
Бір топ атты
Гулесіп,
Құс ұшырып,

Соңынан
Келеді екен ілесіп.
Ұшқан бойы құс келіп,
Қона кетсе басына,

Бала оған тістеніп,
Булығыпты ашуға.

Балға қонған арадай
Қаумалапты көп атты.
Ай-шайына қарамай,
Ақ киізге орапты.

– Ханымыздан айрылып,

Орнына оның хан іздеп,
Жүр едік біз қайғырып,
Көсем тапсақ нағыз, – деп. –
Құс кімге кеп қонады,

Ханымыз сол болады.
Хан болдың, – деп,
Баланы
Көтеріпті жоғары.

* * *
Тасып бала көңілі,
Мансап дерті меңдепті.
Аңға кеткен серігі

Есіне де келмепті.
Сонсоң елді билепті
Қылышынан қан тамып.
Бай, билерге тимепті,

Зар илепті ал халық».
Бітті осымен ертегім,
Төсегіңе зыт! – деп ем,
Қайдан зытсын ол тегін,

Сұрақ қойды күтпеген.

– Баяғыда сол бала

Өзің болсаң, қайтер ең?

– Хан болсам ба?..

Онда ма?
Құсқа алғыс айтар ем.
Қала салып, оңды, әсем,
Жұртқа білім берер ем.

Ол баладай болмас ем,
Жұрттың бәрін теңер ем.
Құс біткенді тордағы
Жіберер ем жайына...

– Осы ма бар болғаны,

Не істер едің тағы да?
«Құлақ етім жедің кеп,
Тақақтап тым қоймадың.
Қатырайын сені», – деп,

Қыңыр жауап ойладым.

– Канал қазып, дән сеуіп,

Бақытқа елді бөлер ем.
Таптырып ап ал сені,
Май құйрықтан тебер ем.

– Мен хан болсам,

Әуелі
Сені өзім табар ем,
«Маған салған әлегің
Көп болса да,

«Ағам» ең.
Әкем тақсыз күн көрді,
Мен де тақсыз күн көрем.
Бақытты етсең күллі елді,

Таққа сен-ақ мін», – дер ем.
Бұлай дерін білгенде,
Сөйлемес ем құтырып.
Тесік таппай кірерге,

Тұрып қалдым тұтығып.

Лаң І Есеп десе кіші інім Беріледі үрейге. Сәл ойланса, Күшінің Жететінін білмей ме? Калькулятор сұрайды Шығармақ боп қиналмай. – Жоқ, – десең-ақ жылайды, Айтқаныңа иланбай. Ойланудан қалмай ма, Бақырса да бермейміз. – Шығар өзің қалайда, Бас ауыртып көр, – дейміз. Содан соң ол жиі алға Қолын созып қарайды. Берілген боп қиялға: Саусақтарын санайды. Өз сауағы жетпесе, Ағам да әкеп қосады. Жиырма саусақ жетпесе, Анам да әкеп қосады. Бірлессе өстіп үй-іші, Шығады есеп оңай-ақ. Дұрыс емес мұнысы, Жүрем бірақ оны аяп. ІІ Бүгін үйде жоқ еді Атам, апам, анам да. Жұмысы тым көп еді, Кетіп қапты ағам да. Інім үйге келіпті, Реніш бар түрінде. Көп-көп есеп беріпті Жамал апай бүгінге. Тамақтанып болғасын, Есепке інім отырды. Сүйей-сүйей ол басын, Шығара алмай өкінді. Ойлай-ойлай ақыры, Таусылыпты шыдамы, Жалына атап атымды, Саусағымды сұрады. Бір рақым еткелі Қос қолымды төседім. Бірақ бұл да жетпеді Шығаруға есебін. Сосын екі шұлығын Лезде шешіп тастады. Сипап қойып тұлымын, Башпай санай бастады. Онысына мәз болды, Деп енді оңай шешемін. Бірақ бұл да аз келді Шығаруға есебін. – Шығар, – деп ем, – ауызша, Кеңесіме көнбеді. Көзінен жас ағыза, Бөледі «әнге» бөлмені. Айта-айта шаршадым, Кім көріпті мұндайды. – Аяғыңның саусағын Санатшы! – деп жылайды.

Сыр Қадағалап інімді, Тергеп тұрам кешке мен. – Бағаңды айт, – деп, – бүгінгі, – Күнделігін тексерем. Көрсетуге қысылып, Кей күні ол көнбейді. Кейде өзі ұсынып: – Мә, тексеріп көр, – дейді. Көрсетуге қысылса, Аян «екі», «бір» бары. – Тексерші, – деп, ұсынса, «Төрт» пен «бестің» тұрғаны. Мазақ сурет Мазақ сурет салуға Бейім менің қаламым. Жұрт көңілін табуға Тырысып-ақ бағамын. Жалқау, сотқар салақ боп Жақпай жүрсе кім көпке, Түзелсін деп сабақ боп, Салып қоям суретке. Сотқарлығы Төленнің Кеткеннен соң асқынып, Газетте оны шенедім Жалақтаған қасқыр ғып. Ақсиып тұр ол міне, Келтіреді күлкіңді. Өз суретін көрді де, Төлен маған ұмтылды. Қанаса да тұмсығым, Реті жоқ жылаудың. «Қасекеңе» бұл сыным Батқанына қуандым. Әжем бірде: – Үй толып, Тышқан қаптап кетті, – деп, Еркелеген сүйкеніп Мысекеңді сөкті кеп. Мысық, бірақ сөгістен Шығармады қорытынды. Бас тартқандай ол істен Бос өткізді он күнді. Сөгіс, сөгіс дегенше, Сын батар деп ойладым. Мазақ сурет Төленше Тулатар деп ойладым... Дайын болды суретім, Тезге салсын сын қысып: «Бұл – ұмытып міндетін, Сұлап жатқан сұр мысық. Шыға келген тұс-тұстан Төрт-бес тышқан шауып жүр. Үстінде де Үш тышқан Ойнап, асыр салып жүр». Міне, енді суретті Мұрша бермей қалғуға Тостым әкеп Құрметті Мысекеңнің алдына.

Күлдім:

– Сенсің мынау, – деп,

Ашып-жұмды ол көзін.
Нәзік үнмен:

– Мияу, – деп,

Суретінен көрді өзін.
Ашуланбақ түгілі,
Селт еткен жоқ мұрты да.
Қайта үдеп пырылы,

Қайта басты ұйқыға.
Енді қайттім?!
Бұл сыным
Санасына қонбады.

Үмітті үзді мысығым,
Төлен құрлы болмады.
Конкурс
Міне, тағы жаңалық:

Газет қапты ілініп.
Хабарларды қарадық,
Кезек-кезек үңіліп.
Қалдық біздер мәз боп тым,

Болды өзі бір оңды іс.
Бір шетіне газеттің
Жазылыпты конкурс.
Сурет етпек білгенін

Талапкердің барлығы.
Жақсы салса кімде-кім,
Сол алмақшы бәйгіні.
Өнерім бар менің де,

Несі қиын бұл істің?
Шыға үйге келдім де,
Жұмысыма кірістім.
Енді атамның торыдым

Аттылы көк шанасын.
Атам отыр тонының
Көтеріп ап жағасын.
Бояуларды

Жайлап мен
Әкеп қойдым үстелге.
Тұрып қалдым
Әйнектен

Көзім сыртқа түскенде.
Әнеки, тұр
Атамның
Көк шанасы жегулі.

Желбіретіп сақалын,
Өзі де енді көрінді.
Көк шанасын зулатып,
Аттанды ол сапарға.

Танауынан бу атып,
Аршындайды аты алға...
Ұзатып сап шананы,
Жеткенінше күшімнің,

Көріністі жаңағы
Қағазыма түсірдім.
Масаттанып, күлімдеп,
Мәз-мейрам боп тұр едім,

Сынаған соң інім кеп,

– Сен жөніңе жүр! – дедім.

Мектепке әкеп тапсырдым,
Алам енді жүлдені.
Балалардан жасырдым,
Мұнымды ешкім білмеді.

Жақсылары бәрінен
Қабырғаға ілінді.
Көрушілер алдымен,
Шеткісіне үңілді.

Ат құлағын ұзын қып,
Жаңылыппын есептен.
Боясам да қызыл ғып,
Аумапты ол есектен.

Есек болса несі бар,
Жегеді оны шанаға.
Мен болмасам,
Осылар

Мұндайды да сала ма?
Қарт ұқсамай қалса да,
Қарап өтті сан адам.
Айнымапты, ал шана

Көкпеңбек сол шанадан.
Мен өзімді білдірмей,
Тұра бердім шеткері.
Балалар көп кідірмей,

Өзгесіне беттеді.
Мұнда бұдан басқа да
Ілулі тұр көп сурет.
Біреулері – «Асхана»,

Бірін жазған «Шөпші» деп.
Бірін жазған «Түйе» деп,
Бірін қойған «Клуб» деп.
Бұларға жұрт үймелеп,

Өтіп жатыр күліп көп.
Көрушілер ақыры
Бір суретке тірелді.
Қандай өзі тартымды,

Мұны салған кім еді?!
Бір аққала тұр қалғып,
Аймалайды таң нұры.
Барлығымыз құр қалдық,

Осы алды бәйгіні.
Талай көздер сүрінген
Суретке сан үңілдім.
Кейін білдім мұны мен,

Еңбегі екен інімнің.
Боран
Тал-шыбықтар шайқалып,
Тентек боран ұлиды.

Ысқырады айналып
Айдалада бір үйді.
«Айтады өлең» құтырып,
Үрейлі тым «өлеңі».

Аппақ қарды сыпырып,
Үй іргесін көмеді.
Булыққандай ашуға,
Қорқытады кісіні.

Үйде Дауыл,
Қасында –
Жалғыз ғана мысығы.
Таусылды тым шыдамы,

Бойын үрей биледі.
Өксіп-өксіп жылады,
Ерніне ерні тимеді.
Қорқытты да жылатып,

Азынады үй тағы.

Мысығы оны жұбатып,
Құйрығымен сипады.
Медеу болар жоқ ана,
Көкесі жоқ қасында.

Жатқан қойға қорада
Кетіпті шөп шашуға.
Үй мен қора арасы
Қашық емес оншама.

Келмеген соң анасы,
Шықты Дауыл тоңса да.
Ұйтқып боран үрледі,
Алдын орап биледі.

Тартқылады ілгері,
Дедектетіп сүйреді.
Жүрді Дауыл бөгелмей,
Елемеді боранды.

Мысық «барма» дегендей,
Аяғына оралды.
Тоңды мұздап беті оның,
Кірді ұсақ қар шашына.

Жұлқылап жел етегін,
Адымдады асыға.
Қалды енді үй аулақ,
Алған беттен танбады.

Мысығы оның мияулап,
Ізінен бір қалмады.
Үміт күтіп ол алдан,
Мүлдем ұзап кетсе де,

Алай-түлей бораннан
Көрінбеді ештеңе.
Қора қайда, мал қайда,
Дауыл күдер үзбеді.

Қалды ма деп шалғайда,
Барар жолды іздеді.
Жүре-жүре омбылап,
Дәрмені де таусылды.

Табылмады жол бірақ,
Қара терге малшынды.
Мысығы да тұрып қап,
Дірілдеді, тоңды ма?

Қалмасын деп суықтап,
Қымтады оны қойнына.
Дауыл қайда барса да,
Айырылмайды ол бір елі.

Алыс кетіп қалса да,
Бірге еріп жүреді.
Дауыл жатса ұйқыға,
Көрпесіне кіретін.

Діріл қағып мұрты да,
Бірге көзін ілетін.
Бұл мысықта «ән-күй» көп,
Білмейді бір талуды.

Пырылымен әлдилеп,
Ұйқтататын Дауылды...
«Дрин-дрин-дрин» деп,
Сағат онды соғатын.

Тысқа шығып күлімдеп
Маңды екеуі шолатын...
Тағы жүріп ілгері,
Тың тыңдады жай ғана.

Не істерін білмеді,
Шулап кетті айнала.

Бірде ұлыды бөрі боп,
Бірде сыңсып қақсады.
Кеш батты ма, төңірек
Қарауыта бастады.

Тұрды Дауыл керіліп,
Азабын-ай бүгінгі!
Жүре алмай демігіп,
Омбы қарға бүгілді.

Анасы оның әлгінде-ақ
Келген шығар үйіне.
Қарады ол қалғып ап,
Қараңғыға үңіле.

Елестеді көзіне
Күйсеп жатқан қойлары.
Одан да мен тез үйге
Қайтайын деп ойлады.

Тағы тұрды талпынып,
Қамады ой не түрлі.
Төрт-бес аттап, алқынып,
Тағы қайта отырды.

Тағы тұрып үш аттап,
Тағы отырды азырақ.
Мысықты енді құшақтап,
Қалғып кетті қалжырап.

* * *
Ата-анасы оралған
Кештетіп тым қой жайғап.
Келсе, Дауыл жоғалған,

Шықты анасы ойбайлап.

– Дауыл қайда? Жоқ қой! – деп,

Тінтті бар бұрышты.

– Есікті іліп кетпей! – деп,

Көкесі оған ұрысты.
Іздеді үйдің маңайын,
Айғайлады сан рет.

– Дауыл! – деген тарайды үн,

Бірақ Дауыл әлі жоқ.
Екеуі де егіліп,
Құлақтары шулады.
Жүрген сайын демігіп,

Жүректері сулады.
Мұндай күнде көп қауіп,
Мына боран не етеді?!
Түн ортасы кетті ауып,

Ақылдасты екеуі.
Кетті әкесі:

– Ауылдан

Көмек ертіп келем! – деп.
Күдер үзбей Дауылдан,
Қалды анасы елеңдеп.
Аппақ болып таң да атты,

Тентек боран басылды.
Нұр сәулесін таратты,
Күннің көзі ашылды.
Түні бойы жан-жақты,

Кезген бүкіл ауыл боп.
Іздеп бір топ салт атты,
Айғайлап жүр:

– Дауыл! – деп...

Әлі іздеп жүр жұрт өріп,
Еш дыбыс жоқ,
Тыныштық.

Ақ көрпесін бүркеніп,
Жатыр дала тыныс қып.
Көрді аттылар осы сәт
Қараңдаған денені.

Төрт аяғын көсіп сап,
Қарсы жортып келеді.
Қарады Естай үңіліп,
Өз мысығын таныды.

Жанар ма екен бір үміт,
Қайда екен Дауылы?!
Мысық оның атына
Жақын кеп, тік бұрылды.

Қарай-қарай артына,
Қайта кері жүгірді.
Таңданысты барлық жұрт,
«Әсері екен бұл ненің?!»

Қылығына абыржып,
Ізіменен жүрді оның.
Қар үңгірге із жатқан
Кіріп кетті ол мәуілдеп.

Естай ағай түсті аттан,

– Осы жерде Дауыл, – деп.

Дәл жанында қос қурай,
Үңгірге тұр қалқа ғып.
Басқалар да бос тұрмай,
Қойды аттарын қаңтарып.

Дереу қаза бастады,
Ниеті ізгі бәрінің.
Ағай жаза баспады,
Тауып алды Дауылын.

Алды дереу тонға орап,
Оны сүйіп оятты.
Қайран қалды ол қарап,
Қасында тұр көп атты.

Алғаш түк те білмеді,
Сәлден кейін түсінді.
Алай-түлей түндегі
Боранды еске түсірді.

Башпайлары қышыды,
Денесі тым тоңыпты.
Құшағында мысығы
Бірге бопты,

Соны ұқты.
Шала есі бұл әлі,
Келді олар үйге алып.
Ахуалын сұрады

Басқалар да жиналып.
Жымияды бір атай,
Шешіп жатып жейдесін.
Ақ халатты бір апай

Тыңдап отыр кеудесін.

– Жақсы, жақсы,

өкпе аман,
Шалынған сәл суыққа.

– Рақмет, көп, балам,

Сауыға ма жуықта?
Қайран әке үнемі,
Бала қамын ойлайды.

– Дұрыс соқты жүрегі,

Әлі-ақ шауып ойнайды.

– Кіп-кішкентай өзі әлі,

Онша қалың кимеген.
Таңданамын,
Ғажабы:
Суық аса тимеген!

– Қардың асты салқын-ақ,

Бар ғой мұның бір сыры.
Құшағына жатып ап,
Жылытыпты мысығы...

– Денесінің бәрі аман,

Башпайлары үсіпті.
Кезек-кезек бар адам
Сипап жатты мысықты...
Ақын жүрегі

Іздеп бірде көкемді
Ақын досы келді үйге.
Төбем көкке екі елі
Жетпей қалды менің де.

Естілсе де әсем үн,
Сүйсінемін елеңдеп.
Көңілімде
Әсерім

Өріледі өлең боп.
Өн бойымды шарпып от,
Бір сәт тыным жоқ маған.
Болашақта ақын боп

Кетер ме екем деп қоям.
Боран ұйытқып кеудемде,
Әсерленем желге де.
Ендеше ақын келгенде,

Қуанбайын мен неге?!
Кетпейтіндей көкейден
Әңгіме айтып не түрлі
Ақын досы көкеммен

Сыр шертісіп отырды.
Әңгімеге
Сөз мәні
Өзек болды көбінде.

Бірде әңгіме қозғады,
Поэзия жөнінде.
Жатқа оқыды
Пабло

Неруданың жырларын.
Бойымды өртеп жалыны
Алабұртып тыңдадым.
Шоқтай жайнап жанары,

Таңырқады көкем де:

– Паблодай дананы

Жұрт сүйе ме бекерге?
Ой нөсерін селдеткен
Неткен ғажап жыр мынау!
Қазақша оны сөйлеткен

Фариза да бұлбұл-ау!
Айту қиын сөзбенен
Өлеңінің қуатын.
Ерекше екен өзгеден

Пабло ақын, ұлы ақын.
Әлемге аты әйгілі
Көшкенде ақын өмірден,
Газеттерде

Қайғылы
Қысқа хабар берілген.

Сол хабарды
Жабылып
Бір топ ақын оқыдық.
Оқыдық та, жабығып,

Үнсіз қалдық отырып.
Жазғырғандай біреуді,

– Жай емес, – деп, – бұл өлім, –

Мұқағали түнерді
Қолмен басып жүрегін...
Көп кешікпей ол маған
Қиялымды тербетіп,

Ақын жайлы толғаған
Поэмасын берді оқып.
Чили
Сөніп шырағы,

Опырылып өзегі,
Фашистердің лаңы
Өртке айналған кез еді.
«Ғайып болып алтын күн,

Басқан түнек гүл елін
Қанжар болып
Ақынның
Тілгілепті жүрегін...

Азан-қазан төңірек,
Гүрсіл құлақ тұнатын.
«Чили!
Қайран елім!» – деп,

Көз жұмыпты ұлы ақын.
Жауға қиын болмапты
Енді айқасу күштімен.
Оқ боратып қорлапты

Табытының үстінен.
Соттамақ па өлсе де
Ақынды үлкен жүректі,
Сілімтіктер көшеде

Үйін торып жүр», – депті.
Мұқағали болжапты
Өстіп ақын өлімін.
Бірлестіре толғапты

Тағдырымен елінің.
Оқиға емес белгілі
Ойдан алған дерегін.
Ұната ма ел мұны,

Қайтер екен деп едім...
Белгісіз-ді ақынның
Қаза болған себебі.
Өмірінің ақырын

Жазған хабар жоқ еді.
Ол жайында
Соңынан
Талай дерек басылды.

Мұқағали жорыған
Сырдың беті ашылды.
Тінтіліпті үйі оның,
Кітаптарын жағыпты.

Кетіпті ұрлап сүйегін
Талқандапты табытты.
Хабарлардың әрбірін
Оқып қайран қалдым мен.

– Ұлы ақынның тағдырын

Мұқаң қалай дәл білген?! –
Сөз қосқым кеп менің де
Жыбырлады көмейім.

«Бұл бір жайды көңілге
Түйгенің жөн, – деді ойым. –
Қай түкпірде жүреді,
Қайда болсын тұрағы,

Шын ақындар жүрегі
Бірге соғып тұрады.
Қашанда бір тілегі,
Қашанда бір жыр-әні

Шын адамдар жүрегі
Бірге соғып тұрады».
Жараса ма
Баланың

Ақылгөйсіп тұрғаны?!
Қайтем?
Сөзім қалады
Болып әдеп құрбаны...

* * *
Содан бері
Үнемі
Баққаным – өз жүрегім.

Дүрсіліне күнде оның
Құлағымды түремін.

Әй, жалқаулық, жалқаулық
Әй, жалқаулық, өткенді ойлап,
Қалай ғана қынжылмайын?
Досың азап шеккен бойда-ақ,

Жоғалдың ғой ізім-ғайым.
Бүгін мүлдем оңбады ісім,
Неге келдім тойға бүгін?
Күйсандықта ойнау үшін,

Керек еді ойлануым.
Мақтап еді көршім мені:

– Музыкант, – деп, – зор талабы,

– Бірдеңе ойнап берші, – деді,

Күллі қонақ қолқалады.
Мақтап, қолқа салса ағаң,
Қалай көңіл шалқымасын?!
Өтінгенде қаншама адам,

Қалай ғана тартынасың?!
Ә дегеннен қолым жүрмей,
Түстім бірден қара терге.
Ұялған мен өлген бірдей,

Менен байғұс жан өтер ме?
Клавишты саспай басып,
Ойнасам да жаңыламын.
Күйсандықты тастай қашып,

Келеді бір аңырағым.
Дәл осылай қысылғанда,
Түстің еске, жалқаулығым.
Құтқарардай күшің бар ма,

Келмейсің бе,
Қаңтарды кім?
Күйсандыққа отырсам-ақ,
«Таста оны, тынық» деуші ең.

Кітабымды оқысам-ақ,
«Оқыма!» деп, үгіттеуші ең.
Мені өзгеден бөле-жара
Аялаушы ең жымың қағып.

Қарсы тұрмай, неге ғана
Жүрдім екен тіліңді алып?!

Құтым қашып, мәңгірдім-ау,
Аяп, көмек берер ме ешкім?!
Ұятқа әбден қалдырдың-ау,
Әй, жалқаулық, көгермессің!

Қысқы көл
Жайдары еді жаз күні,
Таңы күліп ататын.
Айдын көлдің қаз-қуы

Думан құрып жататын.
Үйректер де сымпылдап,
Сызатын-ды су бетін.
Ақ шабақтар жылтылдап

Сайран салып жүзетін.
Құшаққа алып бұлақты,
Болатын көл әр күн мәз.
Желпіп қоға, құрақты,

Сүйсінетін жарқын жаз.
Жалын болып маздап ол,
Сепкен сайын қызуын,
Көрсететін жазға көл

Талай-талай қызығын.
Қысқаннан соң қыс келіп,
Өзгеріпті келбеті.
Қасарысып,

Тістеніп,
Қатып қапты көл беті.
Аққала
Қар жауғанда

Топ бала
Соқтық келіп
Аққала.
Мұрны – сәбіз үп-үшкір,

Көзі – көмір қап-қара.
Көне шелек – басында,
Сыпырғышы – қолында.
Мұз айдынды аршуға

Келгендей-ақ ол мұнда.
Бірақ та тұр жабығып,
Түйіп алып қабағын.
Таба алмадық жабылып,

Күлдірудің амалын.

– Тұра бермей құр қарап,

Аққаланың алдында,
Тебейік, – деп, – сырғанақ, –
Түстік келіп айдынға.
Көбейді тым арада

Тұрып қалған кезіміз.
Түнерген аққалаға
Түсе берді көзіміз.
Оның тұнжыр жүзінде

Тұнып тұрды ызғары.
Содан соң ба,
Біздің де
Ойынымыз қызбады.

Қарап тұрса бүйірден
Біреу
Жүзін мұң шалып,
Өзгеге де

Кім білген
Ауырлығын мұншалық...
Басын тежеп «атының»,
Түсті осы сәт інім кеп.

Аққалаға ақырын
Жақындады күлімдеп.

Қарады да анықтап,

– Сұлуын, – деп, – өзінің! –

Құлағына бағыттап,
Сызды екі езуін...
Әзірдей ән бастауға
Тұрды аққала шат күліп.

Қуаныстық
Аспанға
Бөркімізді лақтырып.
Күлімсірей қарасып,

Көңіліміз түзелді.
Ойынымыз жарасып,
Асыр салдық біз енді.
Қыс кетті

Шөкім бұлт жоқ аспанда,
Осы-ау көктем белгісі.
Терезені ашқанда,
Серпілді бір бөлме іші.

Көктейтіндей тасы да,
Назарым тұр тысқа ауып.
Алатаудың басына
Қонақтапты қыс барып.

Күшігім
Есті менің күшігім,
Жатырқауды білмейді.
Мазасын ап кісінің

құр бекерге үрмейді.
Тыныш жат деп орныңда,
Қойғам оған тапсырып.
Ал бұзақы болдың ба,

Күтпе одан жақсылық
8 НАУРЫЗ – Халықаралық әйелдер күні
Құтты болсын мереке
(8 Наурыз мерекесінің сценарийіне қосымша)

І бала:
Шырқайтындай ән қылып,
Апамның көп өнері.
Ас дайындап дәмді ғып,

Көйлек тігіп береді.
Жұмысынан
Мен үшін
Ерте қайтып келеді...

Бітірген соң көп ісін,
Ертегі айтып береді.
Жарқыратып еденді
Жуады анам – әмбабап.

Мен де анамдай
Өнерлі
Болсам деймін әлден-ақ.
ІІ бала:

Мезгілінде, тұс-тұста
Аяқтаса жұмысты ел,
Кеш келеді жұмыстан,
Менің апам тым іскер.

Мен ұйықтап жатқанда
Келеді ол – жаманы.
Оятпай,
Таң атқанда,

Тағы кетіп қалады.
Сенбі күні есіктен
Естіледі таныс ән.

Анашыммен өстіп мен Аптада бір қауышам. ІІІ бала: Тіршіліктің жүрегі Сіздерсіздер, аналар. Саулық тілеп жүреді Баршаңызға балалар. Топ бала: Тілейміз біз бәріміз – Орындалсын ойларыңыз! Сегізінші наурыз Құтты болсын тойларыңыз! Әже Ұл-қызыңа ерген Немерең – біз, әже. Немереңнен өрген Шөберең – біз, әже. Үйреткен сөз мәнін Тілімізсің, әже. Жарқыраған дәйім Күнімізсің, әже.

Шуағында сеуіп
Жайна, анамыз, әже.
Жұлдыздарың сені
Айналамыз, әже.

Сыйлық
Күнтізбеге қарадым,
Қарсы алыппыз наурызды.
Мерекесі анамның,

Жақын қалған тәрізді.
Әжем, жеңгем, анамды –
Бәрін тіздім дәптерге.
Ұмыт қалмай саналды

Қарындасым, әкпем де.
Құттықтаймын бәрін де
Мерекелі кұнімен.
Не істеу керек,

Әрине,
Қөп ойладым мұны мен.
Сыйлық берсем біріне,
Бірі қалар өкпелеп.

Сыйлықтың көп түріне
Ақша шіркін көп керек.
Ең оңайы бәрінен:
Қөп бәйшешек терсем бе?

Бөліп-бөліп, сәнімен

– Сыйлығым, – деп берсем бе?

Тұңғыш көктем гүлі үшін
Қуансын ақ әпкемдер.
Өкінішпен бұл үшін
Әжем, бірақ, «Әттең!..» – дер.

Ұнатпайды ол тіпті
Бәйшешекті үзгенді.
Былтыр талай қорқытты
Қарғайды деп біздерді.

Бала емес, шаға емес,
Қайтсін әжем гүліңді?
Сый таба алмай бағалы еш,
Өткіздім бос күнімді.

Сонсоң алдым фанерді,
Сонсоң алдым араны.

Істің кірді сәні енді,
Бұл ақылым жарады.
Жалтылдады қашауым,
Соқтым келіп балғаны.

Шағын жәшік жасадым,
Кейінге іс қалмады.
Бітірдім-ау, ой әрең!
Мерейім менің бір өсті.

Бүйіріне бояумен
Салдым қызыл кресті.
Жан-жағыма қарадым,
Қабырғаға ілдім де.

Атам керді қабағын,
Ұнап қалды бұл мүлде.
Сүп-сүйкімді жәшігім,
Ашылады қақпағы.

Іліп тұрып шашығын1,..
Әкем мені мақтады.

– Әкпе, жеңге, анашым,

Мұнда жедел кел, бәрің.
Әже, бері қарашы,
Құтты болсын мейрамың!
Сіздер үшін! – дедім мен –

Дәрі қойғыш бұл әптек.
Сүйді әжем бетімнен,
Құрақ ұшып,
Құлап кеп...

Қашып шығып әзер мен,
Зорға тыйып күлкімді,
1 Шашық – ыдыс-аяқ сүртетін шағын сүлгі.
Құтылып ем әжемнен,

Анамдар да ұмтылды.
Ырза еттім сәл бұйыммен,
Себі көп-ау ақылдың!
Кезек-кезек сүюден

Босана алмай жатырмын.
Наурыз мейрамы
Бір сөзі үшін Сарыға
Ренжіп мен қалып ем.

Сол реніш жаныма
Батып жүрген бәрінен.
Сәт туды бір ыңғайлы,
Ойлаған жөн кешуді.

Түсінер деп бұл жайды,
Іздеп келдім досымды.
Арқамыздан қағысып,
Татулассақ бөгер кім?!

Досымменен табысып,
Қуанышқа кенелдім.
Жұмбақ
Арқасында шалжиясың,

Түнейсің де әл жиясың.

(Керует)
Жаңылтпаш

– Ақ жайманы

Жаңыл жамылсын ба,
Жаңылсын жамылсын ба?

– Жаңылсын жаңылмасын,

Жаңыл жамылсын.

ҚҰСТАР – ДОСТАР

Құстар – достар
Орманға біз келіп енгенде,
Көре сап іздерді алыстан.
«Шық! Шық! Шық! Шық! Шық!», – деп сендерге

«Дұшпан!» – деп, ескертті сауысқан.
Құс достар!
Сауысқан жаңылды.
Сауысқан сөзіне ермеңдер!

Біз құрмет тұтамыз бәріңді,
Ешқашан бізді жау көрмеңдер!
Жаз бойы жұмысқа жегіліп,
Жүрдіңдер бір тынбай құрт қағып.

Зиянкеш жаулардан
Егінді,
Орманды қалдыңдар құтқарып.
Жатқанда жер бетін қар басып,

Құс достар қалмасын қиналып.
Жүрмесін жем таппай, қарны ашып, –
Деп жедел жеттік біз жиналып.
Сескенбей айнала қоныңдар,

Міне – жем,
Шашамыз,
Теріңдер!
Ашықпай, аман-сау болыңдар,

Жайқалсын ормандар, егіндер.
Торғай
Торғай, торғай, тондың ба?
Тұра алмайсың орныңда.

Бір қонасың, бір ұшып,
Дірілдейсің бүрісіп.
Үйге кірші, торғайым,
Сары аяздан қорғайын.

Үйшік жасап берейін,
Алдыңа жем төгейін.
Күн жылып, қар кеткенде,
Босатайын көктемде.

Жем шашқанда құстарға
Отырмай мен демалып,
Сары аяз қысқанда,
Тысқа шықтым жем алып,

Шашайын деп құстарға.
Көгершіндер
Дәніме
Қонды келіп жағалай.

Ал қарғалар
Әріде
Ұшып жүрді жоламай.
Ешкімге жоқ залалы

Көгершіндер батыл-ау!
Болғаннан соң саналы
Адамдарға жақын-ау!
Қарға сынды дұшпанды

Кім саналы дейді екен?!
Олар ұсақ құстарды
Аулап ұстап жейді екен.
Ләззат тапқан зорлықтан

Қылмысты жан оңар ма?
Адамдарға сондықтан
Беті жоқ-ау жолауға.

Қарғалар
Тысқа шықсам, аула – қар,
Басып қапты маңайды.
Тал басынан қарғалар

Тамашалай қарайды.
Бірі ұшып,
Асыға
Қонды келіп аулаға.

Қарады тал басына
Қарды кешіп, таңдана.

– Қар! Қар! – деп ол шаттанды, –

Әрине – қар, бар ма дау?
Жерді жапқан ақ қарды
Шекер ме деп қалғаны-ау!
Бақтағы «соғыс» ойыны

Отырып ем бірде кеп
Орындыққа бақтағы,
Ағаштарға үймелеп,
Сауысқандар қаптады.

Сақылдады
Мені кеп
Пулеметпен атқандай.
Сақ-сақ, сақ-сақ төңірек

«Соғыс» ойнап жатқандай.
Шошығам жоқ түк те мен,
Шоши ма екен солдат та?!
«Пух! Пух! Пух! Пух! Пух!» – деп ем,

Быт-шыт болды жан-жаққа.
Кірерге жер таппаған
Көрсең «жаудың» қашқанын!..
Қандаймын ә?!

Қаптаған
«Жауды» жалғыз жасқадым!
Жыл құстары келгенде
Жыл құстары көктемде

Шаршап бізге жеткенде,
Құшақ жая қарсы алсақ,
Ұя жасап, ән салсақ,
Бір ғаннибет емес пе?

Қоныстарын оңдасақ,
Сотқарлардан қорғасақ.
Бұзықтарды жолға сап,
Қонысына қонуға

Тек кедергі болмасақ...
Бұл да міндет емес пе?
Қыстаған тек шетелде,
Қайтқан ата мекенге

Жыл құстары – бұл құстар
Туған жерге тым құштар
Туысымыз емес пе?
Туыс бізге тым ыстық

Жасай берсін туыстық!
Аңсап бізді оралған
Неге оларға: «Міне – тау,
Міне – далаң, міне – орман,

Міне – көлің» демеске.
Көктем келіп...
Талдар көктеп, жер көктеп,
Көктемді ауыл қарсы алды.

Құстар келді лек-лек боп,
Келе сайрап, ән салды.

«Құс көктемде ән салып,
Жұп іздейді әнімен», –
Дегенді оқып,
Тамсанып,

Бірде мен таң қалып ем.
Ләззат сыйлап адамға,
Ән сап жатыр барша құс.
Көктем келіп,

Ағам да
Болып алды ән салғыш.
Бекер кекеп жүрміз бе...
Көкек десе безілдеп,

Мұнысына көкектің
«Шақырады өзін» деп,
Күлеміз-ау кекеп тым.
Елеп оның өнерін,

Неге көңіл бөлмеске.
«Көкек, көкек» дегенін
Неге талдап көрмеске.
«Жүрсін, – деп, – жұрт сүйсініп»,

Емес пе айтқан өлеңі?
Әлде бізге бұйырып:
Шығар «Көк ек!» дегені.
Бұйырса да ол өктем,

Неге тілін алмасқа?
Дәруменге
Көк еккен
Қарық болып қалмас па?!.

Шөжелер
Атам бірде жәшікпен
Алып келді бірдеңе.
Қайран қалдым

Ашып мен,
Апардым да іргеге.
Балапандар сап-сары
Қоя берді шиқылдап.

Біреуі де қашпады,
Өздері тым сүйкімді-ақ.
Ішінде бір момынын
Сипап едім бір рет,

Ескертті әжем:

– Қолыңның

Жайылады уы! – деп.
Дуылдады беттерім,
Кеттім білем қызарып.

– Қолымда у жоқ менің,

Қайтем, – дедім, – у жағып?
Келіп-ақ тұр жылағым:

– Сонда улы болдым ба?

– У болады, шырағым,

Әр адамның қолында.
Отын әкеп, су тасып,
Тұрмайды әжем орнында.
Көңілімді мұң басып,

Жүрмін енді соңында.

– Бар тауықты мен кеше

Ұстап,
Қамап жемдедім.
Солардың сіз, ендеше,
Көрдіңіз бе өлгенін?

– Ұқпайсың ба мұны да?

Тауық үлкен. Өлмейді.

Екі-үш айда
Уыңа
Шөже де бой бермейді...
Үш күннен соң анам кеп,

Кетіп қалғам қалаға.
Қайтып келдім
Алаң боп,
Екі ай салып араға.

Келсем,
Қызық,
Баяғы
Балапандар сап-сары

Ақ шөжеге айналып,
Аралап жүр бақшаны.
Атам инкубатордан
Әкелгені кеше еді.

Құс деген бұл «антұрған»
Қалай жылдам өседі?
Сағынсам да соншалық,
«Шеп-шеп!» – деп ем жай ғана,

Құйрықтары шошайып,
Қоршап алды айнала.
Жылт-жылт етіп көздері,
Таңырқаса қарады.

Сүп-сүйкімді өздері,
Сипағым кеп барады.
Алып-ұшып көңілім,
Қолым созсам күбірлеп,

Ойлады ма қолының
Жайылады уы деп,
Тып-тып етіп аяғы,
Қашқақтады тыңдамай.

Әжем сөзін баяғы
Ұмытпапты,
Қулар-ай!
Шөлдейді-ау

Жем шашып ем,
Шөжелер
Жеп болғанша кетпеді.
Тауысқан соң көшемен

Суға қарай беттеді.
Таңдандырды мені де,
Қызық екен істері.
Қайнамаған деді ме,

Дәмін көрді,
Ішпеді.
Олар енді қанбаса,
Шөлдейді-ау, әттеген!

Қазір...
Кетіп қалмаса,
Қайнаған су ап келем.
Сыйға – сый...

Жем шашсам күнде, күн ара,
Тауықтар әбден тояды.
Мен жасап берген ұяға
Жұмыртқа салып қояды.

Ренжиді

Ерте тұрып Шекербек,
Төрт тауығын ұстады.
Қамап, қашып кетер, – деп,
Туғызбақ боп қыстады.

– Мамам мұны көрсін тек,

Қуантайын әпкемді.
Бес жұмыртқа болсын,– деп,
Қоразды да ап келді.
Қораз оған араз ба,

Тыпырлайды кетем деп,

– Туасың, – деп, – қоразға,

Босатпай тұр Шекербек.
Дүрбі
Келді үйге бір кісі,
Сұрастырды хал-жайды.

Мойнында бар дүрбісі,
Теңізшіден аумайды.
Терең алып тынысын,
Ұлдар таңдай қағысты.

Сұрадық біз дүрбісін,
Қарайық деп алысты.
Қоймаған соң еркелеп,
Ұсынды ол жаны ашып.

Барлық бала ентелеп,
Қарап жатыр таласып.
Айрылып ем төзімнен,
Маған кезек жетті енді.

Сығаладым көзінен,
Шешіп тастап кепкемді.
Алыстағы алма бақ
Көз алдымда тұр, міне.

Сыландайды тал-дарақ
Таңданғандай дүрбіге.
Қараторғай тұрады
Үйшігінде ағамның.

Шіркейлерді қырады,
Көмекшісі адамның.
Әне, ол да қол созым
Жерде отыр алаңсыз.

Шіркін, сипап көрсе өзін,
Үңілемін амалсыз.
Қорықпай өзі тәртіппен
Жақындаса осылай,

Шоколадпен,
Кәмпитпен
Сыйлар едім досымдай.
Торлап алды мені мұң,

Ойландырмас мұң кімді?
Жақындығын көңілдің
Сездірсе ғой бұл дүрбі.
Тоғай

Ән салмай, шырқамай
Отырған мұнда құс жоқ тегі.
Мен білсем,
Бұл тоғай –

Ән салғыш құстардың мектебі.
Өзгеше бұлбұл
Бір музыка мектебінің
Ауласында – биік емен.

Шәкірттердің төккен күйін
Тыңдай-тыңдай ұйып емен.
Бір кезде ұшып бұлбұл келді,
Бұтағына қонды еменнің.

Іштен бір күй күмбірледі,
Жан сезімін тербеген кім?..

Бұлбұл бір сәт құлақ түріп,
Құйқылжытып сайрап кетті.
Сосын тоқтап, тыңдап тұрып,
Қайта өнерін жайлап төкті.

Орындалған әсем небір
Әндерден де қалмай енді,
Кенелді ме әсерге бір,
Бір тыңдап, бір сайрай берді.

Жас ұрпаққа өмір әнін
Үйретпесе, көктеп пе өмір?
Не оқушы, не мұғалім
Болсам дей ме мектепке бұл?..

Салыстырман тұстасымен,
Мұны дана санаймын мен.
Әйтпесе бұл құс басымен
Саз мектебін қалай білген?..

Уа, торғайлар
Уа, торғайлар, тойғандай
Қоныпсыңдар шынарға.
Жүзімдікте болған жай

Естен, сірә, шығар ма?
Сендер кіріп бір шеттен,
Жамсаттыңдар жабылып.
Мен де кірдім бір шеттен,

Қалыппын ғой сағынып...
Енді күйім бұзылды,
Қашты тіпті берекем.
Көзді арбаған жүзімді

Неге жумай жеді екем?
Аңқаулыққа жол бердім,
Бір ағаттық істедім...
Уа, торғайлар, сендердің

Бүрген жоқ па іштерің?
Әлмағанбет бауы
Тұрамын мен, бауырым,
Сендерден тым шалғайда.

Құм ішінде – ауылым,
Ыңғайлы жер мал-жайға.
Айнала маң – құм белдер,
Құм тебелер жетеді.

Сырын білмей жүргендер
Адасып та кетеді.
Сағым ойнап жөңкиді,
Қарап тұрсаң алыстан.

Нақ теңіздей толқиды
Толқындары жарысқан.
Жүрген сайын соңында,
Қалады ізің көміліп.

Оңыңда да, солыңда
Бел тұрады көрініп.
Төбе-төбе құм белдер
Бір-бірінен аумайды.

Құмның сырын білгендер
Адаспай аң аулайды.
Шыға қалсаң атпенен,
Ор қояндар қашады.

Топ-топ болып ақбөкен
Қырдан бір-ақ асады.
Сен де асасың сан белден,
Сан қызыққа кенеліп.

Өткен сайын әр дөңнен,
Жол іздейсің бөгеліп.

Әбден шаршап,
Ақыры
Шыға келсең бір дөңге,
Үйлері ақ шатырлы

Жатады ауыл іргеңде.
Зердеңе әбден түйіп ал,
Айналасы – жоса қыр,
Он бес шақты үйі бар,

Біздің ауыл – осы ауыл.
Мыңғырған мал көресің,
Қарай қалсаң қырларға.
Қелсең, бізге келесің,

Басқа ауыл жоқ бүл маңда.
Оң жағында ауылдың
Құдық көзге түседі.
Бүкіл ауыл, бауырым,

Осыдан су ішеді.
Төбесінде – мұнара,
Суы – шипа, дәмі – бал.
Дәл жаныңда ырғала

Өсіп тұрған бағы бар.
Әніне түр құлақты,
Қөркіне көз салып өт.
Атайды жұрт бұл бақты

Әлмағанбет бауы деп.
Қандай дәмді бұл бақтың
Шабдалысы, шиесі.
Міне, осындай жұмақтың

Жас ұландар иесі.
Әлмағанбет деген кім,
Бәлкім, соны сұрарсың.
Көрші ауданда ол менің

Тұратұғын құрдасым.
... Арғы күзде жеті күн
Болып қайтқам қалада.
Содан бері екі жыл

Өте шықты арада.
Сол жолы мен барып ем,
Облыстық көрмеге.
Ел көп екен бәрінен

Көкөністі бөлмеде.
Ортаға алып шулайды
Куақы бір баланы.
Түрлі сұрақ сұрайды,

Таңдайларын қағады.
Қарсы алдында баланың
Тұр кеседей помидор.
Қызыға мен қарадым,

Көрсеткенде алып ол.
Сөйлегенде шешіле,
Мақтан көрдім өңінен.
Помидорды өсірген

Осы бала-ау дедім мен.
Помидордың салмағын
Қерек екен білуім.
Ауылға айтып барайын, –

Деп, жазуға үңілдім.
Еңбегіне ырзамын,
Бала өнері артыпты.
Сол помидор бір жарым

Килограмм тартыпты.

Енді өзімен баланың
Келді біраз сейлескім.
Күттім елдің тарауын,
Бөлмеуі үшін ойды ешкім.

Сол жолы оны көріп ем,
Достасып ем танысып.
Содан бері онымен
Тұрамын хат алысып...

* * *
Елсіз еді осы маң,
Бүрын ешкім болмаған.
Біздің ауыл осыдан

Бес жыл бүрын орнаған.
Білмей кепті ағашты
Біздер келмей түрғанда.
Біз екенбіз алғашқы

Ағаш еккен бүл маңға.
Кейде еске аламыз,
Коныс тепкен кездерді.
Бірде Алмас ағамыз

Жетекшіге сөз берді.
Сөйлеп кетті ол желпініп,
Ұшқын атып көзінен.
Куат алып елтідік

Оның әрбір сөзінен.

– Осы маңға құрып шеп,

Ағаш ексек не етеді?
Барлығымыз біріксек,
Қайратымыз жетеді.
Тұрсақ күнде суарып,

Шелекпен су тасып-ақ,
Екі-үш жылда ырғалып,
Жайқалмай ма жасыл бақ.
Отырғызып көреміз.

Қара ағашты әуелі.
Содан кейін егеміз
Ағаштарды мәуелі...
Балабектің Әлені

Отыр еді құр қарап,
Естігенде мәуені,
Қоя берді «уралап».
Алақандар шартылдап,

Қуаттадық біз де оны.
Балалардың лапылдап
Бал-бұл жанды жүздері.
Жетекші қыз отты, өжет

Алып келді жас талды.
Орнатылды көп көшет,
Қызу істер басталды.
Ертелі-кеш күніге

Жетекшіні басшы ғып,
Шыбықтардың түбіне
Шелекпен су тасыдық.
Жаңбыр жаумай,

Шаң ұшып,
Жетті ауыл көктемі.
Жүзгендермен жарысып,
Шыбықтар да көктеді.

Келер жылы бағымыз
Бүрынғыдан кеңіді.
Танданысты аулымыз,
Артты бізге сенімі.

Тіктік көп-көп шиені,
Отырғыздық алманы.
Шет-шетке ектік жидені,
Ішке егілді шабдалы.

Суды тасып күнбе-күн,
Бақты күттік дүрмекпен.
Уақыт өтеп міндетін,
Тағы жетті бір көктем.

Әлі аласа болса да,
Қос алма ағаш гүлдеді.
Қуанғаны соншама,
Не істерін жүрт білмеді.

Май өткен сон, маусымда
Жабырқады балалар.
Піспей,
Ағаш қасына

Түсіп жатты алмалар.
Құрт шықты ішінен
Түскен әрбір алманың.
Сұрадық көп кісіден

Құртты жою амалын.
Емін таппай қиналдық,
Қорғайтұғын ағашты.
Ересектер жиналып,

Өзара көп дауласты.
Агроном Бегалы
Бір дәріні мақтады.
Қандай дәрі, не дәрі,

Атын бірақ айтпады.
Талдарды ерте көктемде
Дәрілеген жөн еді.
Өкінгенмен өткенге,

Жоқ қой енді көмегі.
Жайлап алға шықты да,
Сөзге кезек сұрамай,
Өз пікірін ұқтыра,

Сөйлеп кетті бір ағай:

– Болатын іс болды енді,

Бос сөзді біз тастайық.
Дәріменен емдеуді
Келер жылы-ақ бастайық.

– Дәрі-дәрмек қолданса,

Жөн-ау,
Бірақ ол үшін
Әбден пісіп болғанша,
Үзбеу керек жемісін.

Қаншама есті десе де,
Бала – бала, бұл анық.
Бір түйнекті жесе де,
Қалады ғой уланып.

Ішіндегі қулары
Қарата ма пісуге.
Қиын емес улауы
Жүрсе де ұзақ ішінде.

– Дәрілеуге болмайды,

Шығар мұндай ойды естен, –
Биолог ағай Омбаев
Тұрды өстіп көнбестен.

– Жұмылайық бар ауыл,

Жеткізейік мол дәрі.
Балаларды қарауыл
Жолатпаса болғаны.

– Бұл талдарды жасынан

Өсірген де балалар.
Қиындықты басынан
Кешірген де балалар.
Күтуді енді жұртқа артсақ,

Бірігіп күш жияр-ақ.
Ал бұларды сырттатсақ,
Болады ғой қиянат.
Сондықтан да бұл істің

Жайына сәл бойлайық.
Емге өздері кіріссін,
Біз амалын ойлайық.

– Жақсы айттың, аттасым,

Амалын біз табайық.
Қара торғай қаптасын,
Ұя жасап, қағайық...

– Жұмыс бастан асады,

Қайтеміз бос қиялды.
Тал-шыбықтар жас әлі
Көтере ме ұяңды?
Көтермесе,

Күн қаққан
Ағаштарды қағамыз.
Болсын ұяң мың батпан,
Дес береді қадамыз.

– Білесің бе бұл үшін

Қанша ағаш керегін?..

– Қауіптенбе, туысым,

Мен-ақ әкеп беремін.
Ағаш ұя жасауға,
Мойнына алып мол істі,
Даярмыз деп қашанда,

Жұрт осыған келісті.
Көңілім тым толқыды,
Тәтті ойлар кимелеп.
Әлмағанбетке сол күні

Хат жаздым мен үйге кеп.
Баққа қара торғайлар
Қаптайтынын айттым.
Жемістерді енді олар

Сақтайтынын айттым.
Хат арқылы кейін де,
Сыр шертістік біз талай.
Айттым біздің өңірде

Өткенін де күз қалай.
Боран ұйытқып, қар борап,
Содан кейін қыс келді.
Шөп тасып біз, мал қарап,

Атқардық сан істерді.
Суға толып жер үсті,
Көктем шыға бастады.
Ұя істеуге келістік,

Қойып біздер басқаны.
Бүкіл бала жүр едік
Шеберхана қасында,
Біздің үйге тіреліп,

Тоқтады бір машина.
Жетіп барсақ, отырды
Күлімдеп Әлмағанбет.
Қасындағы шопырды

Таныстырды «ағам», – деп.

– Әзер таптық үйіңді,

Машинамыз тығылып.
Алып келген сыйымды
Түсір, – деді жымиып.
Сырын ішке жасырып

Нұсқады ол кузовын.
Ұмтылды Асқар асығып:
Қараңдар, – деп, – қызығын.
Алмұрттардың үлкені-ай!

Әрбірі аттың басындай.
Өзі тіпті бірталай,
Шығыңдар тез асылмай.
Құшақтап ол біреуін:

– Түсір, Әлен, мынаны,

Әуп! – деп өзі, шіреніп,
Шалқасынан құлады.
Ду күлісті балалар, –

– Күшті-ақ екен бұл шын, – деп.

– Келген бала қаладан

Мұны қайдан білсін, – деп.
Бірін Әлен енді кеп,
Лақтырып ап аспанға,

– Мұны қабақ дейді, – деп,

Түсіндірді Асқарға.
Айтады жұрт осыны
Асқабақпен туыс, – деп.
Қызық мұның өсуі,

Өседі іші қуыс боп.
Жұмбақ шығар өзгеге,
Әжейлерге бұл ыстық.
Ыдыс тапшы кездерде,

Пайдаланған ыдыс қып.

– Жоқ па, ә, – деп, – ыдысың?

Асқар тосты құлағын.
Әлмағанбеттің бұл ісін
Мен өзінен сұрадым:

– Ыдыс деген жетеді,

Бізге керек бұл не үшін?
Күлді ол Әкім екеуі:

– Кейін бір-ақ білесің...

* * *
Ертеңіне далаға
Бар баланы жинады.
Келген әрбір балаға

Он қабақтан сыйлады.
Содан кейін бәріне
Бүйірлерін ойдырып,
Тазартты да дәнінен,

Ағаштарға қойды іліп...
Сол сағатта орнады
Ағаш сайын бір ұя.
Әлмағанбет жоғары

Қарап тұрды жымия.

– Бүлінбейді жеміс түк,

Шіркей енді батпайды.
Бауларыңды өріс қып,
Қара торғай қаптайды.
Көктей берсін талдарың,

Көп алыңдар жемісті.
Мына шағын бауларың,
Орман болсын келісті!
Сөзіне оның кейінгі

Дуылдата қол соқтық.

Оған деген пейілді
Біз осылай көрсеттік.
Жанарларды мұң шалып,
Қоштасатын кез жетті.

Қоштасудың мұншалық
Қиынын жұрт сезбепті.
Ауылымыз, үйіміз
Ит арқасы қияндай.

Бірімізді-біріміз
Ұзақ тұрдық қия алмай.
Қозғалды олар орнынан,
Бас шұлғыды торғын бақ.

Бала біткен соңынан
Қала бердік қол бұлғап.
* * *
Құлақта тұр дос үні,

Жиі аламыз ауызға.
Лезде оның есімі
Кетті айналып аңызға.
Қүн сайын ол туралы

Айта беріп ауыл көп,
Атап кетті бұл бауды
«Әлмағанбет бауы» деп.
Адъютанттар

Сиырлардың жонына
Оқыра құрт шығады.
Ұзақ оған қонып ап,
Тұмсығымен сұғады.

Топырлатып қырады,
Жей береді құлшынып.
Қозғалмастан тұрады
Сиырлар да сүйсініп.

Түсінеді бір-бірін,
Ұзақ әбден тояды.
Осылай ол сиырдың
Адъютанты болады.

Ал бірқазан ашығып,
Шұрылдаса ішегі,
Балық жеуге асығып,
Әбігерге түседі.

Осы кезде жетеді
Дос суқұзғын – сыңары.
Бірге жүзіп екеуі
Айдын көлге шығады.

Келе сала суқұзғын
Балықтарды састыра,
Аққанындай жұлдыздың
Сүңгиді су астына.

Ал бірқазан сабырмен
Бақылайды жолдасын.
Тазалайды тамыр мен
Шөп-шаламнан дорбасын.

Суқұзғын оқ аумаған,
Атылады олжаға.
Балықтарын аулаған
Салады әкеп дорбаға.

Бірқазанның дорбасы
Оңай тола қоймайды.
Толу үшін жолдасы
Тереңге сан бойлайды.

Суқұзғынның тірлігі
Кейде өнбей, құр лағып,
Қиындайды сүңгуі
Қауырсыны суланып.

Таусылса оның амалы,
Әрі-бері құр жүзіп,
Бірқазан кеп алады
Арқасына мінгізіп.

Сосын досы мүлгиді,
Тынығады көп тұрып.
Суға қайта сүңгиді
Үстін әбден кептіріп.

Толтырған соң дорбаны,
Жағалауға жетеді.
Жерге үйіп олжаны,
Бөліп жейді екеуі.

Жүре алатын күн ұзын
Дорбаға жем салып ап,
Бірқазанға суқұзғын
Болады өстіп адъютант.

Қолтырауын қызығы
Басқалардан бір бөлек.
Күн көзіне шыжиды
Жағалауға күнде кеп.

Бұғып судың ішінде
Аңдиды да жағаны,
Келетін су ішуге
Аң, құстарды қағады.

Қанша жыртқыш дегенмен,
Мейірімін ұсынар,
Құрметіне бөленген
Оның да дос құсы бар.

Құсы келіп қонса да,
Тұмсығының ұшына,
Қаншама аш болса да,
Тимейді өз құсына.

Балық аулап, аң аулап,
Қарны тойса кей-кейде,
Ұйықтай алмай манаурап,
Басады ол гөй-гөйге.

Тісі сыздап, «аһылап»,
Жанына тым батады.
Сосын құсқа жақындап,
Аузын ашып жатады.

Аунаса да құрылдап,
Одан құсы қашпайды.
Қайта аузына кіріп ап,
Еттерді жей бастайды.

Лаңы көп құсының:
Бір шоқып, бір «билейді».
Батырса да тұмсығын,
Оған әсте тимейді.

Есінейді сүйсініп,
Айызы әбден қанады.
Кеткеннен соң құс шығып,
Жайлап аузын жабады.

Ажырамай екі елі,
Сайланғандай алып ант,
Бір-біріне екеуі
Болады өстіп адъютант.

Құсбегілер
Көрші атай құсымен
Қартайыпты аң іздеп.
Естиміз әр кісіден,

Ол туралы аңыз көп.
Сырқаттанып ол бірде,
Төсек тартып жатыпты.
Құштар болып өмірге,

Есептепті уақытты.
Ұзақ жатып,
Сауығып
Шықты ауруханадан.

Қалса керек сағынып,
Келіп жатты бар адам.
Жазға қарай күн шыжып,
Құлантаза айықты.

Аңға қайта құлшынып,
Сыр тиегін ағытты.
Бірде көрші ауылдан
Құс әкелді қыран деп.

Өрістен мал аңдыған
Қасқырларды қырам деп.
Тосып қардың түсуін,
Содан тыным таппады.

Қамын жасап құсының,
Жемдеп, күтіп, баптады.
* * *
Шекердің де таяуда

Орындалды арманы.
Тұзақ құрып бағанға,
Ұстады бір қарғаны.
Атай айтса әңгіме,

Тыңдаймыз біз беріліп.
Шекер оның бәріне
Отырады елігіп.
Сонсоң ба,

Атай мақтап жүр
Шекер аңға құмар деп.
Сөйтсе, ол құсын баптап жүр:

– Мен де аңға шағам, – деп.

ҚҰСТАР ТУРАЛЫ ЖҰМБАҚТАР

Күндіз жатып, түнде ұшып,
Жерден тышқан аулайды.
Болмаса ғой біз тұмсық,
Мысықтан бір аумайды.

(Үкі)

– Өзі суда жүзеді,

Алқымында дорбасы.
Балықтарды сүзеді,
Жиған-терген сонда асы.
Балапанға сақтаулы

Дорбасында жүр сазан.
Бұл қандай құс, тап кәні

– Бұл ма?

Бұл құс –
(бірқазан)
Қос қанатын иіп ап,
Жарға келіп қонады.

Қара киім киіп ап,
Балшықтан үй соғады.
Балаларын тұзақтап,
Босатпайды ұшқанша.

Құйрығы айыр,
Төсі аппақ
Қуса жетпес құс барша.

Көктем келіп, күз кеткен,
Өзі сондай талдырмаш.
Біз сүйетін ізетпен,
Бұл қандай құс?

(Қарлығаш)
Кім үйреткен соғуды,
Тоқылдайды дыбысы.
Көршісіне өмірі

Ұнамайды мұнысы.
Ол келсе-ақ болғаны,
Өледі құрт тыпырлап.
Дәрігері орманның,

Бұл қандай құс?

(Тоқылдақ)
Жұмыртқамды көрші ұяға тастадым,
Балапаным бауырында басқаның.
Қашан келіп тыңдасаң да сөзімді,

Қайта-қайта таныстырам өзімді.

(Көкек)

САНАМАҚТАР

Қанша жұмыртқа қалды?
Тауықтардың біреуі
Бес балапан шығарды.
Көптен күтіп жүр еді,

Інім қатты қуанды.
Он жұмыртқа бастырған,
Қарай алмай шаршады.
Тауығының астында

Жатыр әлі қаншауы?
Қаздар
Көлден ұшты жеті қаз,
Қайтып қонды екі қаз.

Қонбады оның нешеуі,
Кәні, кім тез шешеді?
Неше құс?
Су құйып ем астауға,

Үш қаз ұшты аспанға.
Үш қасқалдақ, бірқазан,
Екі үйрек, бір сазан,
Бір көксерке, бір қарға –

Қосылды кеп бұларға.
Айт, неше құс ұшып жүр?
Неге екенін түсіндір.
Қанша тырна?

Аспан қандай күздегі!..
Қарап тұрмын ауладан.
Тырналардың тізбегі –
Сүйір бұрыш аумаған.

Әр қанатта – он бірден,
Басшысынан бөлегі.
Бар тырнаны кім бірден
Тез есептеп береді?

ЖАҢЫЛТПАШ

Қай құрқыл
Бұл құрқыл қай құрқыл?
Сұр құр құр құрқылдады ма,
Құрғыр қу құр құр құрқылдады ма?

Бақыт құсы Азамат деген баланың ісі атына сай емес еді. Адам нағыз аза­ мат атануы үшін тәртіпті, кішіпейіл, ақкөңіл, әркімнен көмегін аямайтын қайырымды, қағылез болуы керек қой. Азаматта бұл қасиеттердің бірі де жоқ. Түс қайта сөмкесін арқалап, мектепке барып келгені болмаса, күні бойы асыр салып, аулада доп қуып ойнағаннан басқа ештеңе бітірмейді. Бір мезгіл кітап бетін ашпаса, оқуын қалай оқысын. Күнделігі екілікке толы. Анасы: – Бұл әдетіңді қой, адам бол, – деп кейісе, ол: – шынында апамның айтқаны дұрыс-ау, осы мен өзімнен кіші балаларға бей­ берекет неге тиісе беремін? Сабақты неге ел қатарлы оқымаймын? «Кім жаман? – Азамат жаман» болып жүре беремін бе? Қой, оңалайын, түзелейін, – дейді екен де, сәлден соң ол ойының бәрін де ұмытып, баяғы әуеніне басатын көрінеді. Ол, әрине, бойына қалыптасқан дағдысының бір күнде өзгере қоймайтынын, оны өзгерту үшін де ұзақ уақыт керек екенін түсінбеді. Ал сабақты жақсы оқу үшін өткенді қайталаудан бастау керектігін тіпті де ойламады. Мұз айдынынан қайтқанда да «мен бақытсыз екенмін» деген ой басынан бір елі шықпай қойды. Әрі-беріден соң ол бақытты болудың жолын қарастыра бастады. «Айтпақшы, осы «бақыт құсы» деген болмаушы ма еді ертегілерде? Шіркін, соның біреуін тауып алсам, табан астында бақытты болып шыға келер едім. Өзіммен бірге оқитын балалар да, мұғалімдер де, көрші-қолаң да «Азамат десе Азамат-ау» деп, тамсана қарайтын болар еді», – деп, Азаматтың ойы онға, санасы санға бөлінді. Содан бастап ойынан күндіз-түні бақыт құсы кетпей қойды. Тіпті түсіне де кіріп жүріпті. Содан соң бір күні ол әжесінен: – Әже, осы бақыт құсы қандай болады? – деп сұрайды. – Оны кім көріпті? Бақыт құсы пәлендей болады деп ешбір ертегіде айтылмайды. Бұл бақыт құсы ғой. Меніңше, ол түрлітүрлі болып жүретін секілді. Көңіліне қандай құс ұнаса сол құстың бейнесіне енетін болар. Мысалы, қараторғай не бұлбұл. Тіпті көгершін болып ұшып жүруі де мүмкін, – депті әжесі. Осы әңгімеден соң Азаматтың құстарға деген көзқарасы мүлдем өзгереді. Оларға тас қадап, рогаткамен атуды қояды. «Бақыт құсына ұнап қалсам, өзі келіп қонар басыма», – деп ойлаған ол есік алдына, шатырға жем шашатын болды. Бірақ ба­ сына торғай да, бұлбұл да, көгершін де келіп қонбайды. Не сабағы, не тәртібі өзгермейді. Бақыт құсын күтіп-күтіп шаршаған Азамат: – Бақыт құсы ауылда қыстап қалған құстардың ішінде жоқ екен. Бар болса, осы уақытқа дейін оған ұнамауым мүмкін емес еді. Құс біткенге қанша қызмет еттім. Осы қасиетімді көрмейтін бақыт құсында ақыл жоқ дейсің бе? Ақылы болмаса, бақыт құсы бола ма? Ол, сірә, қыста тоңатын болған соң, жылы жаққа ұшып кеткен ғой. Көктем шығысымен жыл құстарымен бірге қайтып оралуға тиіс. Іздестіруді көктемге қалдырайын, – дейді өзіне-өзі. Сөйтіп жүргенде, көктем шығып, көкек, тырна, қарлығаштар келе бастайды. – Сендер бақыт құсын көрдіңдер ме? Мен көптен іздеп жүр едім, ол маған өте керек, – деп сұрайды Азамат олардан. Бірақ құстар ешқандай жауап бермей, үшеуі үш жаққа ұша жөнеледі. – Бақыт құсының қайда екенін айтқыларың келмейді, ә? Өткен жылы рогаткамен атқылағанымды кек сақтап қалғансыңдар ғой, сірә. Айтпасаңдар айтпай-ақ қойыңдар, бәрібір оны іздеп табамын, – деп ашуланады Азамат. Содан соң ол хайуанаттар бағына барып, ондағы аңдар мен құстардан сұрастыруды жөн көреді. – Әй, Түйеқұс, – дейді өзінің бойынан да биік ірі құсқа жақындап. – А, не дейсің балақай, – деп түйеқұс құлағын тосады. – Сен бақыт құсын көрдің бе? – Оны көрмегелі қашан, оған бір жолығу – менің де арманым. Содан соң Азамат келесі темірторда отырған бүркітке жақындайды. – Бүркіт, бақыт құсы сенің көзіңе түспеді ме? – Сол бақыт құсын көрсең маған жіберші, түте-түтесін шығарайын. Ызасы өтіп бітті. Теміртордың ішінде қанша жыл отырмын? Ағеке деп халімді бір білуге жараған жоқ. Көрсең жібер маған! – деп бүркіт қанатын қомдап қояды. Азамат енді келесі торда тұрған тауысқа жақындайды. – Бәрін де естідім. Мен де көре алмадым, – дейді тауыс ұзын, әсем қауырсындарын құлпырта жайып жіберіп. Құстардан қайран болмаған соң, Азамат арыстан тұрған торға беттейді.

– Арыстан, мүмкін бақыт құсын сен кездестірген боларсың? Ол

маған өте керек еді, – дейді баскиімін бұлғап.

– Бақыт құсы саған неге керек? Мен құсап теміртордың ішінде

тұрған жоқсың. Қол-аяғың бос. Не істеймін десең де, ерік өзіңде.
Бақыт деген сол емес пе? Е... сенің ойыңды білдім. Бақыт құсын
басыңа қондырып, оңай олжаға кенелмек екенсің ғой, антұрған!
Ой, малғұн, кет бұл арадан, көзіме көрінбей! Бесіктен белің

шықпай жатып, басыңа не күн туды сонша?
Арыстан Азаматты осылай деп қатты сөгеді. Жүрегі шайлыққан
ол «аңдар деген құстардай емес екен, басқалардан да осыны
естірмін» деп үйіне қайтады.

Келе жатып «Зоомагазин» деген жазуға көзі түседі. Дүкенге
кірген Азамат кішкене-кішкене темірторларда отырған небір әсем
құстарды көреді. Тоты дейсің бе, бұлбұл дейсің бе, бөдене десің
бе – бәрі бар.

«Кімнің әдемі болғысы келмейді, әдемі болуға бақыт құсының
мүмкіндігі мол. Ендеше, осының бірі бақыт құсы болып шықпа-
сын. Оны қалай білсем екен? Өзі бұрын-соңды көріп-білмеген
адамға «мен бақыт құсымын» деп айта қояр ма екен? Бір қатыгез

қаныпезердің қолына түссе, күні не болмақ? Сондықтан әрбірінен
«бақыт құсы бар ма араларыңда?» – деп жеке-жеке сұрайын. Біреуі
болмаса біреуі: «бақыт құсы мынау отырған», – деп айтып қалар.
Онда жұлдызымның жанғаны» деген оймен Азамат ең шеткі тор­

да отырған үсті қызылды-жасылды, имек тұмсық, әдемі тотыға
жақындайды.

– Бақыт құсы бар ма араларыңда? – деп сұрайды ақырын ғана.

– Бақыт бар... бар... р... р.., – дейді тоты мойнын оң жағындағы

көршісіне бұрып.
Сол-ақ екен, көрші торда манадан бері тып-тыныш отырған
бауыры қызыл кішкене торғай ерсілі-қарсылы шырылдай ұшып,
быж-тыж болады да қалады.

– Ә, бәлем, неге айттың, деп тұрсың-ау тотыға. Мен сен

ойлағандай жаман адам емеспін. Рақмет саған, тоты. Көп рақ-
мет! – дейді қуанышы қойнына сыймаған Азамат.
Ол әлгі құсты сатып алып, үйіне келеді. Алдына су құйып, жем
шашады.

Таңертең Азамат бақыт құсының сайраған даусынан оянады.
Тұра салып, жем бергісі келсе, кешегі қойған жемі сол қалпымен
тұр екен.
«Қап, бұл аштан өлмесе жарар еді, әлде жем ұнамай ма? Басқа

не берсем екен?» деп әбігер болады Азамат. Бақыт құсы не берсе
де жемей қояды.
Не істерін білмеген ол енді әжесіне келіп кеңес сұрайды:

– Кітапханадан құстар туралы кітаптарды алып, іздестірші.

Біреуінде болмаса, біреуінде жазылған шығар, – деп, әжесі ақыл
береді.
Содан Азамат талай-талай кітаптарды әкеліп, құстың қасында
отырып оқи бастайды. Дауыстап оқыса, бақыт құсының тыңдап

қалатынын аңғарады. Сөйтсе, ол кітапты өте жақсы көреді екен.
Кітаптағы суреттерді көрсетсе, одан сайын қуаныпты.
Құсының көңілін көтеруді мақсат тұтқан Азамат жазғы де­
малыс аяқталғанша оған өзінің барлық оқулығын, сонымен қоса

кітапханадан алған кітаптарын да оқып береді. Сол кітаптардан
құсына қандай жем беру керектігін де оқып біледі.
Күзде сабаққа барғанда, Азамат мұғалімдерді таң-тамаша
қалдырады. Қай пәннен сұраса да, сайрай жөнеледі. Содан жұрт

оны «Азамат десе азамат-ау, болсаң Азаматтай бол!» – деп,
өзгелерге үлгі тұтатынды шығарыпты.
Азамат мақсатына осылай жеткен екен.
Құс дегендер – сақшылар

Әнін жазған Раушан Қали
Құрт жеп жапырақтарын
Өңі қашты бақтардың.
Құрт деген бұл сор екен,

Зияны тым зор екен.
Тал-дараққа бақтағы
Бірде құстар қаптады.
Ұшып келген түстіктен

Жиналғандай құс біткен.
Құстар қырып құрттарды,
Тал-дарақты құтқарды.
Құс деген бұл – сақшылар

Баққа қонған бақ шығар.

Не жетеді жеңіске,
Кенелдік біз жеміске
Құс деген бұл – сақшылар
Бізге қонған бақ шығар.

Кішкентай астрономдар
Көкем бізге:

– Күн бүгін

Тұтылады, – деп еді,
Бақылап жүр күнді інім,
Мойнын соза береді.
Тұтылар кез басталды,

Қас қарайып барады.
Тамашалап аспанды,
Жұрт әрқалай қарады.
Біреу көрді қоп-қоңыр

Көзәйнегін киіп ап.
Енді біреу текке жүр,
Көзәйнексіз қиын-ақ.
Бір балалар айла етті,

Айласы асты көбінен.
Ыстап алып әйнекті,
Сығалап жүр сонымен.
Қызықтап тұр күнді әркім,

Тынып қапты үш бала.
Айтуынша бұлардың
Күн шар емес, мыс таға.
Есітті де мұны інім,

Ғайып болды жалма-жан.
Терезенің сынығын
Тауып келді ауладан.
Сабан әкеп от жағып,

Жалынға тез ұстадық.
Тағы үстіне шөп салып,
Қап-қара ғып ыстадық.
Шыны астында меже – күн,

Күнге алғаш мен қарадым.
Күтті інім кезегін,
Түйіп алып қабағын.
Сырын аспан жайып сап,

Күреңітті бір түрлі.
Жаңа туған айға ұқсап,
Қияқтай боп күн тұрды.
Етегімнен жұлқылап,

Айырылды інім төзімнен.
Үш айтса да бір тұрмақ,
Тыңдамадым сөзін мен.
Ақыры ол шыңғырды,

Сосын тіпті қысылдым.
Қарайтылған шыныны
Амалсыздан ұсындым.
Қарады да ол үңіліп,

Аттап түсті ілгері.

– Ойпырмай,

Күн қиылып,
Туайын деп тұр! – деді.
Әйнек сұрап,
Бір-бірін

Балалар жүр қуалап.
Ұғынуға күн сырын
Барлығы да құмар-ақ.

МАМЫР КЕЛДІ, АЛАҚАЙ

Мамыр келді, алақай!
Мамыр келді қалаға,
Мамыр келді ауылға.
Мамыр келді далама,

Мамыр енді бауыма.
Мамыр келді гүл алып,
Түрлендірді маңайды.
Зеңгір көктен қуанып,

Күн күлімдеп қарайды.
Жадыратар жаныңды
Қуаныштан асқан не?
Қарсы алып мамырды,

Әнші құстар басты әнге.
Адамдардың барлығы
Құлпырады көктемдей.
Гүлдей жайнап әрбірі

Гүлге айналып кеткендей.
Бұлбұл қалай сайрамас,
Жайнап тұрса жер, аспан.
Ел-жұрт қалай жайнамас

Ынтымағы жарасқан.
Жөн болады сен дағы
Бұған үлес қосқаның.
Ынтымықтың мейрамы

Құтты болсын, достарым!
Айналам
Ғажап неткен тау, дала,
Нұрын төксе күн көктен.

Ғажап біздің аула да,
Сәби біткен гүл-көктем.
Қызғалдақтар қыратта
Желбірейді алаудай.

Сыңғыр қаққан бұлаққа
Қараймын көз ала алмай.
Сырласқандай маңаймен,
Шаттанамын, қуанам.

Мұндай сәтте
Қалай мен
Әсерленбей тұра алам?!
Бір іске таң қалам ба,

Бір ғажапты көрем бе –
Дауыл ұйытқып санамда
Айналады өлеңге.
Бара қалсам көлге де

Қызықтарды көрем көп.
Бар әсерім кеудеме
Құйылады өлең боп.
Орманда да

Маңыма
Қарай берем елеңдеп.
Қызыққаным тағы да
Төгіледі өлең боп.

Бұлбұлға да сайраған
Сүйсінемін жыр арнап.
Байқап жүрмін,
Айналам

Мені ақын ғып шығармақ.
Жасасын ынтымақ!
(Бір баланың әжелерше киініп,
әжелердің рөліне еніп айтуына арналған)

Бірінші Мамыр бүгін,
Шырқайтын әнің, күнім –
Ынтымақ мерекесі.

Ынтымақ – ырыс туың,
Еліңнің берекесі.
Кіммен де,
Шырағым, сен

Ынтымақ құра білсең,
Білікті, қырағы ерсің.
Иілме,
Шалқайма да,

Ынтымақ
Қай-қайда да
Салтанат құра берсін!
Бейбітшілік – тілегіміз

(Жеңіс күні мерекесін тойлауға қосымша
пайдалану үшін)
Оқушы:
Бейбіт елдің түлегі біз,

Бейбітшілік – тілегіміз.
Жақсы оқысақ сабақты біз –
Білімдіміз, сауаттымыз.
Боламыз да жақсы маман,

Ел байлығын тасқындаған
Одан сайын арттырамыз,
Әрқашанда сақ тұрамыз.
Қалса біреу белдесіп сәт,

О, аталар, сіздерге ұқсап,
Сазайларын тарттырамыз.
Бейбіт елдің түлегіміз,
Бейбітшілік – тілеріміз.

Менің атам – майдангер
Оқушы:
Ерлеріне елжіреп,
Әр кез құшақ жайған ел.

Менің атам – ержүрек,
Менің атам – майдангер.
Көп-көп досын білемін,
Атам талай жыр еткен.

Барлығына
Жүремін
Аман-саулық
Тілеп мен.

Ордендері тізілген,
Келбеттері келісті
Аталардың жүзінен
Көрем ылғи жеңісті.

Бауыржан ата
Дұшпанға жасындай шүйілген
Ержүрек Бауыржан.
Есімін қастерлер бүгінде

Сүйсініп әрбір жан.
Бұл күнде көп жұрттың ұлының
Есімі – Бауыржан.
«Баукеңдей болса, – деп, – құлыным»,

Тілейді әрбір жан.
Ерлерім – менің мақтаным
(Жас жыраулардың айтуына арналған терме)
О...у...

Шоғын үрлеп көңілдің,
Мақтанайын тойда бір.
Батырлары елімнің
Жадымда әр кез, ойда жүр.

Алып келген Жеңісті
Көппен бірге сол ерлер.
Тұншықтырған соғысты
Менің де елім кеменгер.

Ерліктерін ерлердің
Жырға қосып көрейін.
Батырларын мен де елдің
Санамалап берейін.

Жөн болады-ау жыр басын
Панфиловтан бастаған.
Қол бастатып тумасын
Аттандырған астанам.

Әскері оның – нұр жалын,
Бата алған халықтан.
Барған беттен
Сұм жаудың

Әкелерін танытқан.
Тосқауылға ерте кеп,
Жиырма сегіз ұл жатты.
Таяп қалды ентелеп

Елу танкі қуатты.

– Біреуің де өтпейсің,

Құр бекерге бөспеңдер!
Сұм ойыңа жетпейсің,
Жібермейміз! – десті ерлер.
Арпалысқан қанша уақыт

Алапатты көрді жер.
Бар танкіні жамсатып,
Жатты жиырма сегіз ер.
Ер Бауыржан атамыз.

Дивизия бастаған.
Дұшпанына – қатал,мұз,
Ерліктері – дастан, ән.
Көппен ерлік жасауға

Керек білім, мол айла.
Ойсыратып қашанда
Жауды жеңу оңай ма?
Қыран қабақ атаны

Әр жауынгер пір тұтқан.
Қандай әрбір мақалы,
Тыңдауға жұрт ынтыққан!
Мәлік атам ерледі,

Ерлігімен мәлім боп.
Жанды және еңбегі
Академик – ғалым боп.
Есіне алса кімде-кім,

Төлегендей ағаны,
Шыдап тұру мүмкін бе,
Әркім таңдай қағады.
Халқым қалай ұмытсын

Қымбаттысын, асылын,
Қос жұлдызы шығыстың –
Әлиясын, Мәншүгін.
Қырылса әскер – ерге сын,

Қалай төзбек саналы ұл.
Оққа тосып кеудесін
Қалқан болған Ағаділ.
Жау ДЗОТ-ын Сұлтан да

Кеудесімен жапқан-ды.
Лап қойғанда жұрт алға,
Жау табанда тапталды.
Талай өртке, жалынға

Куә болып тұрды аспан.
Батыр ұшқыштардың да
Ерліктері бір дастан.

Талғат аға ер аға
Луганский достасқан.
Павлов пен Беда да
Жұлдыз таққан қос-қостан.

Қасым ата Қайсенов
Ер партизан – Қаһарман.
Жасағанын қанша ерлік
Сұрап алғам атамнан.

Рейхстагқа ту тіккен
Рахымжан ағаны
Аңыз етіп жұрт біткен,
Жиі еске алады...

Келе-келе естілер
Жырларымнан ер талай!
Отандасым – бес жүз ер,
Мақтанбайын мен қалай?!

Ел ерлерін елжіреп
Құрметтейді мәңгілік.
Батырларды ержүрек
Шырқаймыз біз ән қылып.

Сағадат Нұрмағамбетовтың немересі
рөліндегі оқушы:
Атам менің ержүрек –
Нұрмағамбетов Сағадат.

Қас батырдың өзі деп,
Құрметтейді ел бағалап.
Азаттық таңы атқанда,
Былай қалып Мәскеуің,

Қазақ елін сақтауға
Құрды алғаш әскерін.
Құрметтейтін сүйікті ел,
Не қиынды жеңе алар.

Ата жолын қуып мен,
Болсам деймін генерал.
Құрметті есім
Көрші үйге біз жиналдық,

Шілдехана тойына.
Ат таба алмай қиналдық
Бөпесіне қоюға.
Қолқа салды бір ағай,

Атады ел сан есімді.
Қала берді ұнамай,
Көпшілікке ешбірі.
Аттарды айтып кейін де,

Даурығысып кетті әркім.
Айтқым келіп менің де:

– Талғат болсын! – деп қалдым.

Батыр Талғат атаны
Алматыда көргем-ді.
Ата ғой зор атағы,
Көз алдыма келді енді...

Талай-талай ерлігін
Оқығанмын кітаптан.
Құзғын жаудың небірін
Аспанда атып құлатқан.

Сескенбеген ол мүлдем,
Жібермеген намысын.
Сансыз рет бомбамен
Талқан еткен жау күшін.

Мейірімді кескін-жүз,
Жайма-шуақ мінезі.
Кеудесінде қос жұлдыз,
Екі батыр бір өзі.

Атын алған атаның
Мұсабаев – ғарышкер.
Алған батыр атағын
Ол аға да намыскер.

Іліп алып сөзімді,

– Дұрыс! – деді ел енді.

Аспанға атып өзімді,
Дуылдаса жөнелді.
Сонсоң ағай бөпені
Бесігінен алды да:

– Отырсын, – деп, екеуі –

Берді менің алдыма.
Фотоаппарат сырт етті,
Түсіп қалдық суретке.
Есімді айтып құрметті,

Бөлендім мен құрметке.
Жамбыл баба
Сүйінбайдай атасының
Құдіреті болар, бәлкім,

Қасиетті батасының
Құдіреті болар, бәлкім,
Шындықты айтып жастайынан
Патшадан да тайсалмаған,

Сөзі қара тасты айырған
Жамбыл бабам – қайсар бабам.
Жұртты қысып түнергенді
Байлығымен, күшпен өктем,

Асып-тасып шіренгенді
Жырмен түйреп бүкшеңдеткен.
Қандай ғана жан шыдасын,
Екпініне жыр саулаған.

Айтысқанда қарсыласын
Құрыш жырмен құрсаулаған.
Қан ішуге құмар болған
Фашистермен шайқасқанда,

Жамбыл аты ұран болған
Қырандарға айқасқанда.
Жамбыл ата жырларының
Қуатымен алға атылған.

Саны артып құрбанының,
Жау айрылған қайратынан...
Сен шайқастың бастан бәрін
Өткізбеген жай баласын.

Ал оқысаң дастандарын,
Қас батырға айналасың.
Оқи берсең зеңгір көктен
Түгел көрер айналасын,

Қасиетін ел жыр еткен
Қыран құсқа айналасың.
Жұрттың сөзін қош көрмейтін
Ұнатпайтын жан баласын,

Қаскөйге де
Дес бермейтін
Қас шешенге айналасың.
Айтқанынан түк қалдырма,

Түгел оқып шыққаныңда,
Бәрі-бәрін ұққаныңда,
Үлгі-өнеге тұтқаныңда,
Ел тарихы білгіріне –

Сұңқарына айналасың.
Тұтқа болар бірлігіне
Ұрпағына айналасың.

Еліміздің аспанындай,
Нұрын шашып шығар күні –
Даналықтың бастауындай
Жамбыл ата – жыр алыбы.

Көп сырлассаң алыппенен
Алға жайып арманыңды
Аңғармайсың халықпенен
Бір тұтас боп қалғаныңды.

Жамбыл:

– Жамбыл – жай атым, – деп,

Халық – менің шын атым, – деп,
Айтса, тәлім алатын тек
Үлгі емес пе ұғатын көп.
Халық ұлы, халық – қуат,

Мұнан асқан қуат бар ма?!
Халық болу алып мұрат,
Мұнан асқан мұрат бар ма?!
Хиуаз апа

Қырғында ірге шайқаған
Көзінде ойнап ашу,от,
Хиуаз апа жайпаған
Фашистерді жасын боп.

Бұл ержүрек апамыз –
Халқымыздың жыр-әні.
Дара қызы аты – аңыз,
Даңқты ұшқыш қыраны.

Оқушы: (1941-1945 жылдар аралығындағы неміс фашистерімен
соғыста полк баласы болған Ахмет Жақыповтың немересі болып,
суретіне қарап тұрып):
Ахмет ата!

Сіз менің жасымда
Бала болдыныз полкқа.
Қаһармандар қасында
Атой салдыңыз жорықта.

Жауынгерше киіндіңіз,
Гүліңіз әлі ашылмай.
Фашистерге шүйілдіңіз
Жай оғындай, жасындай.

Колямен бірге еңбектедіңіз мұзда да,
Барлаушы да болдыңыз.
Қазақтан шыққан полк баласы
Сіз ғана,

Тарихта бөлек орныңыз!
Балалардың да
Ерлікпен
Өтей алатынын борышын

Көрсеттіңіз сіз.
Ел біткен
Риза сізге сол үшін!
Достық туралы ән

Ән кернеген аспанын
Сәлем саған, дос-бауыр
Өрлей берсін асқақ үн,
Достыққа жоқ тосқауыл.

Достастырған біздерді –
Кім сүймейді ізгі елді?!
Балалары бақытты
Әр ел – бақыт мекені.

Аспандатқан шаттықты
Достыққа не жетеді?!
Жаңылтпаш
Апам Қарақалпақтағы

Қап-қап қақ таптады.
Маған қаптатпады,
Көп ұзатпады,
Өзі қаптады.

АРМЫСЫҢ, АУЫЛ Армысың, ауыл Өткен айда қаладан Барып едім ауылға, Гүл де тердім даладан, Сайрандадым бауында. Көшенің жоқ ызыңы, Әр нәрсеге аңырдым. Айта берсем, Қызығы Таусылмайды ауылдың. Бұлт деген не? Жолға кетпей есеміз, Ауылға тез жетуге, Келіскенбіз кеше біз Ұшақпенен кетуге. Таңертең, Күн Жүзінен Нұры тамып тұр еді, Ұзамай-ақ біз үйден, Бұзылды тез реңі. Айғыздалып көк демде, Бұлт торлады аспанды. Әуежайға жеткенде, Қара нөсер басталды. Сәлден кейін Сұйылып, Ақ жаңбырға ұласты. Қабақ біткен түйіліп, Көңілдерді мұң басты. Тұрған кісі жанымда Көкем жаққа қарады. – Осындай ақ жауында Ұша алсақ жарады. – Сөз дейсіз бе соны да, Жаңбыр бөгет болмайды. Тұман қиын қонуға, Жолаушы үшін сол қайғы. Ашық болса барар жер, Жолымыздың болғаны. Тұман болса ал егер, Онда ісіміз оңбады. Сол сәтте бір қыз келді, – Жүріңіздер! – деді елге. Отырғызды біздерді «Ан-24» дегенге. Сәл тұрды да гүрілдеп, Жүгірді ұшақ-самолет. Сілкініп ап бір рет, Ұшып кетті әуелеп. Тіліп өтті бұлтты, Жарқ етіп күн көрінді. Бір серпілтіп жұртты, Алтын сәуле төгілді. Қарсы желге қасқайып, Ағызып біз келеміз. Астымызда – ақша бұлт, Тұңғиық көк – төбеміз. «Кейде мөлдір ауаны Бұлт келіп жабады. Жаңбыр бұлттан тамады, Қар да бұлттан жауады.

Ал бұлт не?» – деп
Таң болып,
Бас қатырып жүр екем.
Бұлт –

Жаңбыр мен қар болып
Жауатұғын бу екен.
Бота
Ойнап жүріп ауылдан

Көрдім бірде ботаны.
Жібек шуда жамылған
Түлік екен жоталы.
Боз даланың арайлы

Секілді өзі еркесі.
Кісіге паң қарайды
Дірілдеп қос өркеші.
Тұрсам оған сүйсініп,

Тұлғасына қайран қап,
Қуанды ма түсініп,
Билеп кетті тайраңдап.
Ризамын түйеге

Жалаң аяқ жүреді
Дауыл, Қыпшақ екеуі.
Жүгіргенде үнемі
Құстай ұшып кетеді.

Аяғымда – сандалым,
Жырақта мен қаламын.
Шешсем,
Тікен – жан-жағым,

Шыдамайды табаным.
Тыңдай-тыңдай қажыдым
Балалардың сөздерін.
Көтермедім әзілін,

Ертеңіне төзбедім.
Намыс буып кеудемді,
Шешіп қойдым сандалды.
Жүгіргенде мен де енді,

Барлық бала таң қалды.
Жолдан шықсам сәл ауып,
Таусылады амалым.
Тікен етке қадалып,

Кібіртіктеп қаламын.
Кешке жақын қой келіп,
Қаумаладық қораға.
Осы сәтте бөлініп

Қашты алтауы далаға.
Қораға тез кірсін деп,
Жүгірдім мен тұрмай тек.
Табаныма кіршілдеп,

Жантақ, тікен кірді-ай кеп!
Отыра қап ойбайлап,
Амалсыздан жыладым.
Жан-жағыма қарайлап,

Көзбен көмек сұрадым.
Қыпшақ бұлғап қалпағын,
Қуып кетті қозыны.
Бұйым емес жантағың,

Қандай берік төзімі!
Сөздерді айтып қайдағы,
Дауыл маған күледі.
Ар жағында байлаулы

Байқап қалдым түйені.

Маңғаз түйе сол шақта
Қарап алып бір түрлі,
Мойнын созып мен жаққа,
Бір-екі рет ұмтылды.

Аяғымның ұшымен
Әзер жеттім жолға мен.
Ұялып барлық кісіден
Көзге апардым қолды әрең.

Түйе мені таңдантты...
Осы сәтте босанып:
Асады-ай кеп жантақты,
Мен үшін бір өш алып.

Нұралы мен құланы
Қасымда бар Нұралы,
Үй сыртында тұрғанда,
Салпаңдаған құлағы

Көзім түсті құланға.
Желден жүйрік бұл аңды
Көргем талай кинодан.
Өзі сондай ұнамды,

Қызығушы ем үйде оған.
Енді жақын келіп мен,
Нұралыдан:

– Мынаның

Екі аяғын неліктен
Байладың? – деп сұрадым.

– Тұрмайды ғой ол жынды,

Ағытылса-ақ тұсауы.
Ала бере көзіңді,
Егін жаққа ұшады.
Сондықтан да үнемі

Тұсауымен тұрады.
Жақын жерде жүреді, –
Деді күліп Нұралы.

– Шабатұғын алысқа

Жүйрік шығар құланың?

– Иә, ылғи жарысқа

Қатынасып тұрамын.
Көкпарда
Сан додадан
Алып шықты бұл мені.

Арам тер боп көп адам,
Ала алмай жүр жүлдені.
Тұсауын ап Нұралы,
Сосын мінді үстіне.

Былқ етпеді құланы,
Дауа бар ма күштіге?!
Күліп қойды Нұралы:

– Жүйріктігін көр енді.

Тебініп қап құланды,
Құйғытып ол жөнелді.
Мен мойнымды бұрғанша,
Ғайып болып жоғалды.

Көзді ашып-жұмғанша,
Қайтадан ол оралды.
Таңдайымды құр қағып
Қарап тұрмын,

Керемет!
Желаяқтар жиналып,
Жарысып бір көрер ме ек?

Қутыңдады Нұралым:

– Мұның биін көр енді!

Арқасынан құланын
Нұқып қалды ол енді.
Жынданғандай құланы
Табан асты тулады.

– Қара да тұр,

Бұл әлі
Төбесімен тұрады!
Таңдана мен қарадым,
Шеберлігі-ау, бұл, тегі:

Артқы қос аяғын
Қайта-қайта сілтеді.
Жылмитып ап құлағын,
«Би билеп» ол жүр әлі.

Осы сәтте Нұралым
Омақаса құлады.
Жетіп бардым жүгіріп,
Аяп, халін сұрадым.

Үстін қағып,
Жымиып
Түрегелді Нұралым.
Қандырғандай құмарын,

Ызаның жоқ нышаны.
Ұстап алып құланын,
Қайтадан ол тұсады.
Көпке дейін білмедім,

Білмеппін әу баста да,
Құланы деп жүргенім –
Есек екен,
Масқара!

Қара ешкінің лағы – қасқа лақтың лаңы
Қыпшақ, Шекер, Дауылмен
Күні бойы ойнадым.
Қызық екен бәрінен

Сауғызғаны қойларын...
Күн батардың алдында
Азан-қазан болды ауыл.

– Қойлар келіп қалды ма,

Қозыны жи, бол,

Дауыл.
Асықсайшы, бөгелме! –
Деп ағасы бұйырды.
Дауыл жедел

Көгенге
Қозы-лағын иірді.
Біз де қарап тұрмадық,
Не қыламыз құр тұрып?

Қозыларды
Ұрланып,
Ұстай бердік ұмтылып.
Күлді Дауыл

Көзінің
Астыменен бір қарап.
Көпшілігін қозының
Көгендедік жылдам-ақ.

Ішінде бір асауы
Болып шықты қасқа лақ.
Қайта-қайта қашады,
Қозыларды бастап ап.

Дауылымның көңілді
Көзінде енді жас тұрды.

Лақты ұстап келуді
Қыпшақ маған тапсырды.
Жалаң аяқ мен енді
Қуып бердім өкшелеп.

Ол да қаша жөнелді,
Көрейінші жетсе деп...
Озғаным сан жарыста
Дүйім жұртқа әйгі еді.

Жүгіруден алысқа
Бермеуші едім бәйгені.
Сыныбымның көктемде
Чемпионы болып ем.

Осы жайлы
Өткенде
Қыпшаққа айтып қойып ем...
Тікен демей тікенді,

Шөңге демей шөңгені,
Құрытса да діңкемді,
Қуып келем мен оны.
Лақ емес, бұл құлан ба?

Титықтатты мазақтап.
Ыза буып,
Жылауға
Келем енді аз-ақ қап.

Алдар мен шайтан
(поэма)
Жайылатын төрт түлік
Көл шетінде саздақ көп.

Осы жерде
Доп қуып,
Ойнаймыз біз жақ-жақ боп.
Өшкен кезде өкпеміз,

Допты былай тастаймыз.
Отыра қап көкке біз,
Бір әңгіме бастаймыз.
Әңгімеден зеріксек,

Жұмбақ айтып,
Шешеміз.
Кетпесе ол өрістеп,
Ертегіге көшеміз.

Ертегі айту кезегі
Тиді бүгін маған да.
Қадалды көп көз енді,
Өзгелерден қалам ба?!

Көптің бағып қабағын,
Қаладым да күлгенін,
Айтып бердім
Алдардың

Қалай шайтан мінгенін...
«Алдар бірде
Жол жүріп,
Бір төбеге жетіпті.

Жата кетсе болдырып,
Көзі ілініп кетіпті.
Жатып-жатып
Бір кезде

Көзін ашса,
Төскейде
Көлеңдепті түрі өзге
Қос аяқты қос бейне.

Әзәзілдер екенін
Алдар бірден ұғыпты.
Алдайын деп екеуін,
Көзін қайта жұмыпты.

Екі шайтан жақын кеп,
Үңіліпті түріне.
«Не ғып жатқан батыр» деп,
Қарапты бір-біріне.

– Әлде өліп жатыр ма,

Жатыр ма әлде ұйықтап.
Би көрсетіп пақырға,
Байқайық бір иықтап.
Жатқанына өкінсін,

Алқымдап бір алайық.
Шыдай алмай өкірсін,
Қызығына қанайық, –
Десіп, түртіп, қытықтап,

Бірі сылқ-сылқ күліпті.
Бірі саннан мытып қап,
Салыпты әбден бүлікті.
Шығып алып үстіне,

Секіріп те көріпті.
Дауа бар ма күштіге,
Бәріне Алдар көніпті.
Сосын тұрып егдесі:

– Түлен, – депті, – кел бері, –

Қозғалмайды кеудесі,
Рас екен өлгені.
Адамдарды сүрінтіп,
Қаскөйліктен зеріктік.

Осы өлікті тірілтіп,
Алайық та серік қып.

– Сізге қайран қаламын,

Ақылдысыз, аға, сіз!
Тірілтудің амалын
Бірақ қайдан табасыз?

– Бетіне құр үңілмей,

Қазы, қымыз берелік.
Шыдап бақсын тірілмей,
Қытықтап бір көрелік...
Көрші ауылдан ол үшін

Қазы, қымыз тауып кел.
Кесе, табақ, шөмішін,
Тоқашын да алып кел.
Оралыпты жылдам-ақ,

Шайтан – құйын, дау бар ма?
Нән қазыдан жұлмалап,
Жақындапты Алдарға.
Жатыр екен ашығып,

Тақалғанда азығы,
Алдар
Аузы ашылып,
Қағып апты қазыны.

Әйткенмен тез тіріліп,
Кетпейін деп ойлапты.
Ішсе де аздан сіміріп,
Қымызды да қоймапты.

Қарнын әбден тойдырып,
Көзін бір-ақ ашыпты.
Көз жасын ол көл қылып,
Бір қулыққа басыпты.

– Білсе, таңдай қағар ел,

Қандай азап шекпедім.
Бұл өмірде барар жер,
Басар тауым жоқ менің.
Шаттық кернеп кеудемді,

Тыныш өліп жатыр ем.

Бойым балқып, мен енді Рақатқа батып ем. Неге ғана, малғұндар, Тірілттіңдер мені арбап? Обалыма қалдыңдар, Енді күнім не болмақ? Күн жоқ мендей пендеге, Көріне алман еліме. Өздеріңнің бейнеңе Енгізіңдер мені де. Қоятұғын ырымға Осы жалғыз талабым. Көнбесеңдер мұныма, Ойран-асыр саламын! Екі шайтан шошыпты, Екеу ара керісіп: – Ырза етейік осы итті, – Депті ақыры келісіп. Үлкен шайтан Ұртына Тиын әкеп салғанда, Сағымданып түр, тұлға, Ғайып бопты Алдар да. Сөйтіп, үшеу жолменен Әрі жүріп кетіпті. Жарысыпты желменен, Талай белден өтіпті. Жүре-жүре әл құрып, Әбден шаршап-шалдығып, Үлкен шайтан алқынып, Былай депті қарлығып: – Құр шаршаған бола ма, Жарамайды мұнымыз. Арқалайық одан да Бірімізді біріміз. – Шайтан болдым мен кеше, – Депті Алдар, – бағым бар. Жаспын әлі, Ендеше, Мені арқалап алыңдар. – Өзі айтпаса, білер ме ек, Шынында, Алдар бақытты, ә? Болсын! – депті Түлен, – Тек Келісейік уақытқа. – Қажеті бар қаншалық Бұған уақыт санаудың? Отырайын ән салып, Ән біткен соң, Маған мін. Екеуіңнен Бар менің Осы жалғыз тілерім. Таусылғанша әндерің, Мен де арқалап жүрермін. Жосықсыз бас тарта ма, Екі шайтан құп алды. Алдар қонып арқаға, Бастап кетті бір әнді. Алды-артына қарамай, Ызыңдаған арадай, Алдар әнге салады-ай: «Әләлай да, әләлай!»

«Әләлай да, әләлай,
Әләлай да, әләлай.
Әләлай да, әләлай,
Әләлай да, әләлай!...»

Әні бітер болмады,
Қарлықпайтын тамағы-ай!
Айтқан әні сондағы:
Жалғыз ғана «Әләлай!»

Жүре-жүре әл құрып,
Әбден шаршап-шалдығып,
Түлен шайтан алқынып,
Былай депті қарлығып:

– Қолтығымды қытықтап,

Аяқтарың түртеді.
Өлер болдым титықтап,
Әнің қашан бітеді?

– Аяғымды тартамын,

Енді аяғым түртпейді.
Жайлысын-ай арқаңның,
Әнім әзір бітпейді.
Ал қытығың басылса,

Шапқылай бер, жануар!
«Әләлайым» таусылса,
«Әләулайым» тағы бар.
«Әләулай да әләулай,

Әләулай да әләулай.
Әләулай да әләулай,
Әләулай да әләулай!..»
Ішін басып қалды әркім,

Ішектері түйілді.
Барлығы да Алдардың
Айласына сүйінді...
Отыр еді жұтынып,

Тұранға сөз берілді.
Тұран алғаш тұтығып,
Іле-шала төгілді.
Сөз саптасы ұнады,

Шешен екен Тұраның.
Осы сәтте бір әнді
Шалып қалды құлағым.
«Талайлардың жүрегін

Ұшырып мен қатырдым.
Күш кернеген білегін
Батырымын батырдың.
Аха-ха-ха-хау,

Ехе-хе-хе-хеу,
Батырымын батырдың.
Саусақтарым – қорғасын,
Саусағымның ұшымен

Нұқып, кімді болмасын
Нокаутқа түсірем.
Аха-ха-ха-хау,
Ехе-хе-хе-хеу,

Нокаутқа түсірем.
Бала бар ма ғаламда
Маған күші тең келер?
Табанымды жалауға

Бәрі асығып, дөңгелер.
Аха-ха-ха-хау,
Ехе-хе-хе-хеу,
Бәрі асығып, дөңгелер».

Ізінше қыр басынан
Ән иесі көрінді.

Ағаш мылтық асынған
Бала екен көңілді.
Жүре алмайды дұрыстап,
Талтаң-талтаң басады.

Еспе құмнан уыстап,
Көкке бұрқ-бұрқ шашады.
Ойладым:
«Бұл бекерге

Бөскен қандай адам?» – деп.
Байқап қапты Шекер де,
Сыбыр етті:

– Қабан! – деп.

Қарай қалды қыр жаққа,
Үрейленіп бар бала.
Сұрақ қойып Қыпшаққа,
Мойын бұрдым таңдана!

– Қабан дей ме, не деді?

Аты шыннан Қабан ба?
Оны ешкім,
Себебі,
Санамайды адамға.

Бала біткен үркеді,
Мінезі оның жаман деп.
Сондықтан да жұрт оны
Атап кеткен «қабан» деп.

Әйтпесе бұл –
Ашқарақ
Төлен деген жексұрын.
Көрінгенге тас қадап,

Құтырады кешқұрым.
Бұзықтыққа арнайды
Бойындағы бар күшін.
Бір күн алғыс алмайды,

Алады елдің қарғысын.
Шулап жатсын ел мейлі,
Былқ етпейді сонда да.
Оған әлі келмейді

Жабылса да он бала.

– Қарасаң-ақ ұрады,

Есуас қой о жынды, –
Тұранға жай
Нұралы:

– Үзбе, – деді сөзіңді.

– Мен де ертекке құмармын, –

Деп, елікше елеңдеп,
Төбесінен Тұранның
Төне қалды Төлен кеп.

– Қызық екен ертегің, –

Деп, ырсиды ол енді.
Жұлып алып телпегін,
Теуіп ала жөнелді.
Болмағандай ештеңе,

Ешкім ләм-мим демеді.
Батыр болса өсте ме,
Неге сөзді бөледі?!

– Мұның қалай, әй, Төлен,

Тепкің келсе, допты алғын.
Өзің болсаң, қайтер ең,
Есуас па ең? – деп қалдым.
Шалып қапты құлағы,

Жетіп келді ол тепсініп.

– Қарай гөр, ей, мынаны!

Тебейін бе мес қылып?!

Шертіп қалып басымнан,
Жұдырығын иіскетті.

– Рас, миың ашыған,

Бірақ басың піспепті.
Енді ә десең, мұрныңды
Жіберемін бет қылып!.. –
Сосын әрі бұрылды

Көздерінде кек тұнып.
Төбелеске жаттыққан
Әумесер ме, кім білсін.
«Қорлық жоқ қой сақтықтан».

Төбелесі құрысын.
Жұртқа мазақ боп текке,
Нем бар тұрып көлденең.
Күрескенмен мектепте,

Төбелесіп көрмеп ем.
Екі ортада таяқ жеп,
Масқара боп қалармын.
Сәл сөйлесем, сабар деп,

Көзбен ғана алардым.
Содан кейін:

– Әй, Төлен, –

Дедім көшіп айлаға.
Төбелессем, қайтер ең?..
Мені осал деп ойлама!
Секцияда мектепте

Қатысқанмын күреске –
Уақыт өткен жоқ текке,
Сақтағайсың мұны есте.
Білесің бе,

Спорттың
Заңының бір нашары:
Тиіссе де күштеп кім,
Спортшылар қашады.

Ойлайды да ертеңін,
Болмау үшін пәлелі,
Өзі спортшы екенін
Ескертеді әуелі.

Ескертпесе,
Алдаса,
Болады ғой кінәлі.
Қарсыласы қалмаса,

Амалсыздан шығады.
Содан кейін
Сотқарды
Қанша соқсын,

Ол мейлі,
Айып емес соққаны,
Кейін жауап бермейді.
Сондықтан да

Көгалда
Бос арамтер болмайық.
Екеуіміз онан да
«Алдар – шайтан» ойнайық.

– Ондай ойын бар ма еді,

Қандай ойын ол ойын?!
Түсіндірші әуелі,
Ұнаса, ойнап көрейін.

– Сайысамыз сұрақпен,

Сайысамыз өнермен.
Айтысамыз жұмбақпен,
Айтысамыз өлеңмен.
Жарысамыз секіріп,

Жарысамыз ой ойлап.

Жарысамыз
Отырып
Шахмат не дойбы ойнап.
Жарысуға болады

Көл бетінде жүзіп те.

– Мен озайын,

Сондағы
Айтарлықтай қызық не?

– Жеңе алмасам,

Сені мен
Арқалаймын он адым.
Сәттеріңде жеңілген,
Мен арқаңа қонамын.

Арқалаймын дегенде,
Елеңдеді құлағы.
Байқап тұрмын,
Төленге

Бұл ойыным ұнады.
Тос дегендей жоныңды,
Күлімсірей қарайды.

– Жалғыз шартым:

Ойынды
Мен бастаймын.

– Жарайды.

Уәдемізден жаңылып,
Біз қайсымыз қырласақ,
Бүкіл бала жабылып,
Төмпештесін тұра сап.

Басын шұлғып Төленім,
Бастап кетті жұмбағын.
Әрбір сөзін мен оның
Қалт жібермей тыңдадым.

«Пеш үстінде құмғаны»,
«Ақ сандығы – күні де» –
Оның барлық жұмбағы
Жазулы «Ана тілінде».

Кітапқа Асқар зәру ме,
Оқымайтын надан ба?
Айтқанының бәрін де
Шешіп бердім табанда.

Тістелеп ол ерінін,
Қабақ шытып, түнерді.
Түгесіліп Төленім,
Кезек маған тірелді.

Жұмбақты өзім шығардым,
Шебермін ғой өлеңге.
Менің әрбір жұмбағым
Қиын тиді Төленге.

Шешілмесе бір жұмбақ,
Үстіне оның қонамын.
Амалсыздан
Ыржыңдап,

Арқалайды он адым.
Қонысымен арқаға,
«Әләлайды» айтам кеп.
Шуылдайды бар бала:

«Міне, Алдар мен шайтан!» – деп.

– Шаршағаның басылса,

Жорғала бір, жануар.
«Әләлайым» таусылса,
«Әләулайым» тағы бар.
Ыхы-ыхы, әләлай, –

Бір-бір есек – әр жұмбақ.

Ыхы-ыхы, әләлай, –
Деймін оған қалжыңдап.
«Әләлайдың» не екенін
Бала біткен біледі.

Тепең-тепең етемін,
Бәрі сақ-сақ күледі.
Міне-міне жонына,
Ауыртып ап кеудемді,

Аяп әрі оны да,

– Болдым, – дедім, – мен де енді.

Бұдан кейін Төленім
Тұрды да сәл ойланып,

– Дауыл,

Мұны көрейін,
Келші, – деді, – дойбы алып.
Дауыл үйге жүгірді,
Келді жедел дойбы алып.

Тастар жылдам тігілді,
Отыра қап ойнадық.

– Бұл ойыннан

Үш рет
Қатар жеңсе кімде-кім,
Сол адамның күші көп,
Сол болады мінетін.

Сорпа терге түсіріп,
Мінейінші бір рет, –
Маңдайынан бу шығып,
Қарады ол күлімдеп.

– Міне алмассың Асқарды,

Жеңсең, құба-құп, – дедім.
Аппақ-аппақ тастарды
Тіге бердім,
Күтпедім.

Төлен әрбір жүрісін
Отырды ұзақ ойланып.
Мұндай ойын құрысын,
Екі-ақ рет ойнадық.

Болғысы кеп өнерлі,
Бос қағыпты көкірек.
Ойнамады ол енді,
Жеңілген соң екі рет.

– Күрессе егер, көрер ем

Бұл шәлтіктің күшін! – деп,
Тұрды орнынан ол әрең,
Мені көзбен ішіп-жеп.
Шәлтік – қортық дегені,

Төзер мұндай сөзге кім?
Болса да ол денелі,
Тұра ұмтылдым,
Төзбедім.

– Сенгенің бой, салмақ па?

Кел, ендеше, шық! – дедім.
Ұстаса сап,
Шаңдаққа
Ыңқ еткізіп бүктедім.

Үлгертпей дем алуға,
«Біліп жүрсін ол әлін», –
Деп міндім де,
Тағы да

Қақпайладым он адым...
Оқиғасы Төленнің
Болды осылай қызықты.
Арқасында өнердің

Тізгіндедім бұзықты.

Жалғыз жұмбақ
...Ойыннан біз шаршадық,
Бір-бір кесе су іштік.
Тағы біраз ән салып,

Әңгімеге кірістік.
Ісін айтып басқаның,
Шекер бізді мезі етті.
Сосын жұмбақ бастадым,

Мен алдым да кезекті.
«Түн ішінде машина
Келе жатты ауылға.
Шопыр жігіт қасында

Отырған-ды Дауыл да.
Оған қарсы бір жарық
Сөніп-өшіп келеді.
Қайсысы енді мұны анық,

Бұрынырақ көреді?»

– Отыратын міз бақпай

Шопыр, – деді Нұралы.
Қостады оны Қыпшақбай:

– Өйткені ол қырағы.

Қарсы шықты көп бала:

– Дауыл бұрын көреді.

Өйткені ол тек қана
Алға қарап келеді.
Шопыр,
Жарық түбіне

Жетпей,
Қиын көруі.
Себебі: оның
Рульге

Бөлінеді көңілі.
Құштар бәрі білуге,
Сөз айтылды бос талай.
Жауаптардың бірін де

Тұрып алдым қостамай.
Шешуге еш баланың
Жетпей қойды ақылы.
Жұмбағымның жауабын

Өзім айттым ақыры.

– Дауласпаңдар болжал қып,

Болып қызыл кеңірдек.
Жанған жоқ қой ол жарық,
Сонда кімге көрінбек?!
Таппағанға қызарып,

Қыпшақ тұрды кенеттен:

– Келе жатты бір жарық

Сөніп-жанып демеп пе ең?

– «Сөніп-өшіп» деп бірден,

Айтқам,
Олай егеспе.
Бұл сөз – «жаңған жоқ мүлдем»
Деген ұғым емес пе?

Тоғайда
Ұйқтап жатсам,
Біреу кеп,
Танауымнан үрледі.

Қарап едім түрегеп,
Төлен екен:

– Тұр, – деді.

– Жүр, – деді ол сыбырлап,

– Қайда? – дедім жай ғана.

– Тұмаға, – деп, жымыңдап,

Көз жүгіртті айнала.

– Тұма?.. Ол не?.. Ол қайда?

– Білмеуші ме ең, балақан?

Тұма деген – тоғайда,
Суға толы нән апан.
Бұлттанып тұр күн бүгін,
Бүгін онда балық көп.

Жырғайықшы бір, құрбым,
Қап-қап балық алып кеп.

– Бұл сөзіңе сенер кім,

Шошып тұрмын түріңнен! –
Дегенімде
Төленнің
Сасқанына күлдім мен.

Себеп болған күлуге,
Кешегі бір оқиға...
Тақтай шарбақ түбінде
Кітап оқып отырғам.

Шалып қалған құлағым
Сөзін екі баланың.

– Талай қызық қыламын,

Жетеді оған амалым.
Тоғайға ертіп барам да,
Масаға әбден талатам.
Сосын жұртқа

Табанда
Күлкі қылып таратам.
Жыласын бір «апалап»,
Шыдар ма екен Асқарың?

Үсті-басын сабалап
Көрсем болды қашқанын.
Оны көріп сен де енді,
Қызығына қанасың.

– Менің барғым келмейді...

– Жап аузыңды!

Барасың! –
Ұға қойдым мән-жайды,
Атаған соң атымды.
Айтып жатыр мен жайлы,

Жібермеспін ақымды.
«Кеуде қаққан кім еді?» –
Саңылаудан қарадым.
Төлен екен біреуі,

Түйіп апты қабағын.
Оны алғаш көргенім
Шыға қоймас есімнен.
Қасыма кеп ол менің,

Жөн-жосықсыз есірген.
Дағдымда жоқ әу бастан:
Төбелестен қашып мен,
Жарамас деп жауласқан,

Бір қулыққа басып ем.
«Алдар – шайтан» ойнап ем,
Титықтатып күнімен.
Өстіп оны айламен

Есек қылып мініп ем.
Сол бір ісі Төленнің
Болып еді қызықты.
Арқасында өнердің

Тізгіндеп ем бұзықты.
Сыбағасын алса да,
Тоймаған ғой бұл ерің.
Қарасам да қаншама,

Танымадым біреуін.

Төлен оның миына
Құйып жатыр ақылын:

– Сен бекерге қиылма,

Әзір отыр, батырым.
Таңертеңгі салқынмен
Келеміз де екеуміз,
Оны шорты, мәйкімен

Ертіп алып кетеміз.
Ойына түк келмесін,
Жүрмесін ол күдік ап.
Киеміз біз жейде, сым,

Балақ, жеңін түріп ап.
Барған кезде-ақ жақындап,
Маса бізге неғылсын,
Асекеңнің

Жапырлап
Борбайына жабылсын.
Тыр-тыр қасып кеудесін,
Санын соғып отырсын.

«Неге осындай жейде, сым
Кимедім» деп өкінсін.

– Бармаймын, – деп,

Құрбыңды
Ренжітпе сен, Бекен.
Бет қыламын мұрныңды,
Көз жасыңды көлдетем! –

Бөгелместен жөнеді
Содан кейін екеуі.
Төленге түк демеді,
Ынжық екен Бекені...

Ойлағансып дос қамын,
«Қой терісін бүркеніп»,
Міне, енді сол жоспарын
Орындауға тұр келіп.

«Бұл сөзіңе сенер кім,
Шошып тұрмын түріңнен» –
Деген сөзден
Төленнің

Құты қашты,
Білдім мен.
Демі бітіп, тіпті оның,
Әрі-бері тез жүріп,

Қауіптенді,
Түпкі ойым
Қалды ма деп сезіліп.

– Қалжың айтам,

Тұрмайық.
Барсақ, барып қайтайық.
Жырғасақ бір жырғайық,
Алсақ, алып қайтайық, –

Деп едім мен,
Жадырап,
Жармасты ол қолыма.
Қармаққа ет, қамыр ап,

Ілестім мен соңына.
Өзінше ол
Талтаңдап,
Ақымақ қып жүр мені.

Ала шыққан
Қалтамда
«Тайга» барын білмеді.
Күтіп алды Бекені

Бұрылыстан алдағы.
Жымыңдасып екеуі
Мені ертіп заулады...

Ештеңеге
Кідіріп
Тоқтамастан со бойда
Оқтын-оқтын жүгіріп,

Келіп жеттік тоғайға.
Жапырып жас құрақты,
Еніп едік су кешіп,
Ызың көміп құлақты,

Маса шықты гулесіп.
Келе жатып,
Тасада
Қалып қойып кейінде,

«Тайга» жақтым,
Масаға
Таланбайын дедім де.
Қуып жетсем,

Екеуі
Түсіріпті жеңдерін,
Жымың-жымың етеді,
Оған да мән бермедім.

Істеріне күлесің:
Түрлері осы сынаған.
Тағы біраз жүргесін,
Шыға келдік тұмадан.

Тұма деген – аумағы
Үй орнындай көл екен.
Қалың құрақ – жан-жағы,
Масасы, рас, көп екен.

Отыратын жер аршып,
Ыңғайлап ап жан-жақты,
Ұштарына жем шаншып,
Суға салдық қармақты.

Менің көзім – көл жақта,
Аңдығаным – қармағым.
Төлен көзі – мен жақта,
Тайдырмайды жанарын.

Қалт жібермей бағады,
Мақтаныш бар түрінде.
Қашан маса шағады,
Ынтық соны білуге.

Өзіме-өзім
Шапалақ
Жұмсай қалсам түбінде,
Дайын отыр «ха-ха-лап»,

Мазақ қылып күлуге.
Маса «гу-гу»қаптады,
Бірақ маған қонбады.
Қайта тыным таппады.

Екеуінің қолдары.
Сипағансып беттерін,
Мойнын тыр-тыр қасиды.
Мазалары кеткенін

Көрсең,
Жаның ашиды.

– Қасынбашы бекерге,

Мә, мынадан пайдалан, –
Дедім де мен
Бекенге
Сығып бердім «Тайгадан».

Жаққаннан соң «Тайгадан»,
Маса оған да қонбады.
Ал Төленнің
Жайнаған

Жанарын мұң торлады.

Ортамызда әлдене
Тұрғандай-ақ көлденең,
Жібермеген ар ма, не,
Сұрамады ол менен.

Оның сұрай алмаған
Жағдайын мен түсіндім.
Сығып алып «Тайгадан»,
Өзім сосын ұсындым...

Екеуіне көмегім –
Болды өзі бір күлкілі іс.
Түк дей алмай Төленім
Отыр енді тым-тырыс.

Дауыл мен ауыл
Бір топ бала көлге ерте
Келдік қармақ, дүрбі алып.
Қысқарды көп көлеңке,

Қаппай қойды бір балық.
Қалтқымыз бос жыбырлап,
Шыдай алмай қозғалдық.
Қарын деген шұрылдап,

Ауыл жаққа көз салдық.
Өз жайына көл қалып,
Барады ұшып қырғауыл.
Көк сағымға оранып,

Көз ұшында, тұр ауыл.
Тамағымыз құрғады,
Соқты аңызақ жел ыстық.
Түспеген соң бір балық,

Шомылуға келістік.
Қайнатады миыңды,
Нақ төбеден күн күліп.
Сыпырып бар киімді,

Иірімге сүңгідік.
Әрі-бері малтыдық,
«Доп» ойнадық бірауық.
Шаршаған соң алқынып,

Құмға келіп құладық.
Құмның ыстық аптабы
Денемізді қыздырды.
Дауыл ғана жатпады,

Жағалауды із қылды.
Көз тастадық тынып сәт,
Тамашалап Дауылға.
Капитанша дүрбі ұстап,

Қарап тұр ол ауылға.
Күйдіргендей күн үстін,
Кенет бұрды иығын.
Тастай салып дүрбісін,

Киіп алды киімін.
Неге ерте кигенін
Сұрап едік білгелі:

– Әктеп жүрген үйлерін

Айгүл қарап тұр! – деді.
Қызарып тұр Дауылдың
Бас, шекесі, құлағы.
Сонда көзі Айгүлдің

Дүрбідей ме қырағы?!
Дауылдың өкпесі
Дауыл бізге «теңізші
Ағам бар» деп жүретін.

Ол туралы ел іші
Айтпаса да білетін.

Демалысқа келген-ді
Сол ағасы мамырда.
Сонда оны көргем-ді,
Жүргем оның жанында.

Тұр едік біз аулада,
Түскен күні ол үйге кеп.
Жетіп бардық бар бала
Жанына оның үймелеп.

Сәл тұрған соң дамылдап:

– Сәлемдесем қарттарға, –

Деді де ол адымдап,
Көше бойлап, тартты алға...
Күні бойы ілесіп,
Әрбір үйге жол шектік.

Алдында оның күресіп,
Қызық өнер көрсеттік.
Жыққанымыз, мықтымыз
Сол ағайдан сый алдық.

Құлап қалсақ,
Тіпті біз
Қарай алмай ұялдық.
Көрсең сол бір ағаны,

Өнерлі де жүректі!
Жинап барлық баланы,
Билеуді де үйретті.
Ұзынды күн біз мүлде

Соңынан бір қалмадық.
Таңдандырды ол
Турникке
Шығып алып айналып...

Клуб жақта кең қылып,
Қазған үлкен арық бар,
Әрі-бері жөңкіліп
Жүзеді онда балықтар.

Жаздың ыстық күнінде
Талай соған түскен ек.
Сол арыққа бүгін де
Шомылдық біз түсте кеп.

Бір тақтаны суға сап,
Ойнап жүріп сал етіп,
Алақайлап шуласақ,
Барады екен аға өтіп.

Көрді де оны көп бала,
Қалпақтарын көкке атты.

– Шомыл бізбен, тоқта, аға! –

Дауыл оны тоқтатты.

– Ағай басын бір иіп,

Гүл-гүл жайнап тұрды өңі.

– Уақыт жоқ, – деп жымиып,

Жүріп кетті ол ілгері.
Қайтады деп естідік
Шомылған соң бірауық.
Автобусқа кешкілік

Салдық оны шығарып.
Гүлге толы құшағы,
Ұзап кетті ол демде.
Көңілім көлге ұқсады

Үйге қайтып келгенде...
Аймалады күн елді,
Пісті дәні даланың.
Жақындады, міне, енді

Туған күні ағаның.

Қуансын деп дос аға, Біз құттықтау жолдадық. Дауыл ғана поштаға Бармай қойды соң қалып. Ойын сезбей іштегі, Сұрап едік себебін, – Бізбен суға түспеді, Енді оны жек көремін. Ылғи хат сап келіп ем, Оған осы лайық. Аға етпеймін оны мен, – Деді Дауыл мұңайып. Құттықтамай бауырын, Жоғалған ба текке есі? Айтыңдарщы, Дауылдың Орынды ма өкпесі? Сауық (поэма) І Оқып жүрген алыста Аулымыздың жастары Ауылға демалысқа Лек-лек келе бастады. Ағасы кеп біреудің, Баласы кеп біреудің, Қуанышы қойнына Сыймай жатыр күллі елдің. Ағам келіп менің де, Лүпілдеп жүр жүрегім. Не айтса да, Еміне Құлағымды түремін. Жымиып сәл күлісі, Үні, сөйлеу мәнері, Отырысы, жүрісі – Бәрі-бәрі әдемі. Қасындамын кіл оның, Таусылмайды сұрағым. Ішке кірсе – кіремін, Сыртқа шықса – шығамын. Ал есіктің алдында Тігіліп қос құлағы, Қойғандай-ақ аңдуға, Ақтөс тосып тұрады. Ағам төмен бір ауық Баспалдақпен түсті ме, Асыр салып, Қуанып, Қарғиды ол үстіне. Жақсы көрген адамын Ақтөс өстіп бөгейді. Ұят болар, Табаным Лас екен демейді. Киімде ізі қалады, Батады тым бұл маған. Ренжітіп ағаны Ала ма деп қиналам. Жаласа да қолынан, Тимейді ағам бұған түк. Қайта сипап жонынан, Қояды оны қуантып.

Сонсоң оның, менің де – Әдетіміз үнемі: Шықса да аға сейілге, Қалмаймыз біз бір елі. ІІ Бірде жастар дуылдап, Қосылып қап бастары, Ертең сауық құруға Ақылдаса бастады. Дайын етіп үш аға Бар жабдықты, бар асты, Сауықты ертең түс ауа Бастамақ боп тарасты. ІІІ Ертеңіне ағайым Сәскеден-ақ қамданды. Түзеп мұртын, самайын, Өтектеді шалбарды. Жолақ-жолақ түсі ұнап, Сұр жейдесін сайлады. Туфлиін ысқылап, Жарты сағат майлады. Жуынып кеп арыққа, Мұнтаздай боп киінді. – Кеттім мен, – деп, –

сауыққа, – Апама кеп иілді. Нұры тамып жүзінен: – Қыдыра ғой, күнім, – деп, Апам оның ізінен Қарап қойды күлімдеп. Қалмайын деп, Соңынан Мен де сыртқа атылдым. Ұстады ағам қолымнан: – Тыңдашы, – деп, – ақылдым. Мені дұрыс түсініп, Тілегімді қабылда. Шақырмаған кісіні Болмайды ертіп баруға. – Тұрып қалдым мен ермей, Ашу буып денемді. Ақтөс оздым дегендей Бүлк-бүлк жорта жөнелді. ІV Жөн, Ертпеді мені ағам, Кек тұтам ба соны да. Деп: «одан да дем алам», – Кітап алдым қолыма. Түсінбеймін түгіне, Мағынасыз үңілем. Ойымды Бек үйінен Қайтара алмай күйінем. Сауық деген немене? Дұрыс еді барғаным. Қарамаймын мен неге Сырт жағынан ауланың. Не де болса барайын, Қызыққа бір қанайын. Байқай қоймас ағайым, Алыс тұрып қарайын...

Кітабымды жия сап, Жатпасын деп шашылып, Шалбарымды кие сап, Сыртқа шықтым асығып... Бек үйінің түбіне Жиылыпты бар бала. Батпай отыр кіруге Тым болмаса аулаға. Ағалары қалдырса Бұларды да үйінде, Жеткен екен артынша Сауық жайын білуге. Көзімізді жұмсақ та, Тығылсақ та, қусақ та, Отырсақ та, тұрсақ та, Құлағымыз үй жақта. Баурайтын жұрт сезімін Күй күмбірлей қалғанда, Бекті жұмсап, Өз үйін Жібереміз барлауға. Тынбай іштен ән бүгін, Өтіп жатыр көп қызық. Біздерге Бек барлығын Қолма-қол тұр жеткізіп... Үйдегі ән тыйылып, Қамданды жұрт тарауға. Ағалардан тығылып, Ғайып болдық табанда. V Қоштасатын кез келіп, Аттанған соң ағалар, Есейіп, күрт өзгеріп Шыға келді балалар. – Біз де сауық құралық, – Деді Дауыл күлімдеп. Мақұлдастық кұп алып: – Дұрыс екен мұның, – деп. – Сайлау керек бір үйді, Өткіземіз қай үйде? – Дауыл тағы жымиды: – Біздің үйде, әрине. Айтсам болды апама, Қайтармайды бетімді. Шақырады табанда Дәм әзірлеп не түрлі. Толып жатыр күйтабақ, Ойната бер шетінен. Жетіспейтін гитара-ақ, Кешікпеңдер екіден. – Бұл сөзді де құп алып, Тарастық біз, кеңесіп. Үйге қайттым қуанып, Айдарымнан жел есіп. VІ Ертеңіне сауыққа Сәскеден-ақ қамдандым. Өтектедім жалықпай, Шаңын қағып шалбардың.

Туфлиді ысқылап,
Жарты сағат майладым.
Тұрып алдым пышылдап
Алдына кеп айнаның.

Тартып көрем жоғары
Пиджагымның иығын...
Апам қарап қояды
Көзінің сап қиығын.

Жуынып кеп арыққа,
Шырыштай боп киіндім.

– Кеттім мен, – деп, –

сауыққа, – Апама кеп иілдім. Нұры тамып жүзінен: «Қыдыра ғой, күнім», – деп, Апам қарап ізімнен, Қалар деп ем күлімдеп, – Саған сауық қайда әлі, – Деп, рұқсат бермеді. – Одан гөрі пайдалы Жұмыс істе, кел бері. – Жіпсіз байлап жұмыспен, Құртпақ апам мысымды. Алдындағы күріштен Маған қарай ысырды. – Әуес ас қой бұл дейтін, Теру керек күрмегін. – Қайтейін, Ең сүймейтін Ісім еді бұл менің!.. VІІ Қыр басында бар бала Жүздерінде күн күлген. Уәде бұзып, Аулада Бетім күйіп тұрмын мен. Бектің: «Суайт!» дегенін Көріп шықтым түсімде. Жүрексіне беремін Көздеріне түсуге... Рас жалғыз қалдым ба, Жайымды кім ұғады? Енді олардың алдында Қалай жуам кінәні?.. Қимылдарын аңдаумен, Сарсылғанша уайымдап, Алдарына барған жөн, Айыбымды мойындап. Құп көріп бұл ойымды, Қыратқа бет түзедім. Зіл басып өн бойымды, Көзіммен жер сүземін. Алға басқан аяғым Кері кетіп келемін. Міне, топқа таядым, Кім біледі не дерін. Күмілжідім: – Күрішті Тазарттым, – деп, –

күрмектен.
Олар кекеп күлісті:

– Қағылдың сый-құрметтен!

Сөйтсем, түрлі себеппен
Көпшілігі келмепті.
Дауылға да уәде еткен
Үйі рұқсат бермепті.

Бірқатары мен құсап
Жегіліпті жұмысқа.
Кейбіреуі «сөгіс» ап,
Тұрып қапты бұрышқа.

Не естіді, не көрді,
Айтып жатыр бәр-бәрі.
Ортаға алып мені енді,
Кеңестерін жалғады.

– Жоспарымыз бүлінді,

Біздер үшін бұл – айып.
Ез болмасақ,
Бұрынғы
Сөзімізде тұрайық.

– Қиындықты жеңуге

Жұмсамай бар амалды,
Жаси берсек, тегінде,
Бола алмаймыз табанды.

– Дұрыс!

– Дұрыс!

Сауықты
Өткізейік қалайда.

– Ал, ендеше, дау бітті,

Жүзеге ассын бар айла.

– Қатемізді кеш көріп,

Тағы қапы қалмайық.
Жай-жапсарды ескеріп,
Жаңа жоспар қамдайық.

– Бұл сауықты, меніңше,

Өткізген жөн жасырын.
Үлкендерге сезілсе,
Келтіреді ашуын.
Сәнденбеңдер,

Үйлерің
Сезіктеніп жүрмесін.

– Таза киім кимедің, –

Деп тақпайық мүлде сын.

– Қалай болмақ ас-суың,

Кәне, кім не қалайды?

– Қиындау ет асуың,

Нан мен шай да жарайды.

– Тамақ жағы шешілді,

Қайтпекшіміз үй жағын?

– Әурелемей ешкімді,

Маған жібер бұл жағын.
Бейсенбіде алдағы
Әкем, шешем екеуі
Кешке қарай таудағы

Жекжаттарға кетеді.
Дәл сол күні жаңылмай,
Жиналыңдар ымыртта.
Әкеліңдер сары май,

Бес-алтыдан жұмыртқа.
Ас қамдап, зыр жүгіріп,
Өзім аспаз боламын.
Жұмыртқаны қуырып,

Алдарыңа қоямын.
Шай беремін қаймақтап,
Ішесіңдер тамсанып.

Содан кейін ойнақтап,
Би билейміз, ән салып.
«Қайбір жақсы, қарағым,
Кеш жүргені баланың».

Дейтін ата-ананың
Ұмытпаймыз талабын.
Қылпылдап қыл үстінде
Көп отыру қауіпті.

Бірер сағат ішінде
Тамамдаймыз «сауықты».
Төленнің бұл жоспары
Жоспар болды ұнамды.

Бүкіл бала қоштады,
Бір ауыздан құп алды.

VІІІ

Сезбесін деп бүгінгі
Мақсатымды үй менің,
Шкафтағы ілулі
Киіміме тимедім.

Қадамадым әдейі
Үзілгенін түйменің.
Ағам берген әдемі
Галстукті түймедім.

«Қайда кеткен шөтке» деп,
Шарқ ұрмадым айнала.
Қалғандай-ақ өкпелеп,
Қарамадым айнаға.

Күдік туып жүрмесін,
Тұра берсін шалбарым.
Киіп жүрген күнде осы
Шортымен жөн барғаным.

Күн батқанша асығып,
Қалмаса да дегбірім,
Сездірмедім жасырып,
Түпкі ойымды мен бүгін...

Жайылып түн түнегі,
Барады көз байланып.
Арқандай сап биені,
Қайтып келдім айналып.

Қалай шығам сытылып,
Ойланып тың тыңдадым.
Қарындасым сыпырып,
Тазартып жүр үй маңын.

Отыр екен ал анам
Бауырында сиырдың.
Бұрыла сап жалма-жан,
Ас үйге мен жүгірдім.

Қараңғы деп шам жағып
Әуре болып жатпадым.
Жан-жағымды қарманып,
Қаз-қаз басып аттандым.

Орындадым жобалап
Барлығын да тірліктің.
Сары майдан орап ап,
Омырауға сүңгіттім.

Жиюлы тұр алдымда
Жұмыртқалар көп күнгі.
Бес-алтауын салдым да,
Киіп алдым кепкімді.

Жолда жеуге нан алдым,
Бір кесе су сімірдім.
Шыға бере анамның
Қармағына іліндім.

– Қарашығым, бос тұрма,

Болыс бізге, кел бері.
Кәне, қазан астына
От тұтата бер, – деді.
Тартатұғын жазаң да

Бұдан ауыр бола ма?
Сүтін құйып қазанға,
Бет алды ол қораға.
Бұл нұсқауын апамның

Қалай тұрам түсінбей.
Қалай кетіп қаламын
Мына сүтті пісірмей.
Қойып апам жаныма

Бір бау қамыс отынды,
Сыпырасын жайды да,
Нан илеуге отырды.
Енді қарындасым да

Әзірлеп ап ыдысты,
Апамның кеп қасына,
Ет турауға кірісті.
Жалпылдақтың жалыны

Аяр емес қызуын.
Қоярға мен жанымды
Жер таба алмай шыжыдым.
Жалын азап боп әлгі,

Байқамаппын қызықты.
Қойнымдағы ораулы
Сары май да шыжыпты.
Төмен қарай жүгіріп,

Жыбырлатып барады.
Қарындасым бұрылып,
Таңдана бір қарады.
Әне, енді

Қабағын
Апама ол тұр керіп.
Сөйтсем, құрғыр балағым
Қойыпты ғой сыр беріп.

Тиісе ме текке адам,
Күйінбесе ашудан?

– О, оңбағыр! – деп апам,

Нұқып қалды басымнан.
Жұдырығы мыжып қап,
Жұмыртқалар бүлінді.
Мұздай уыз сыздықтап,

Самайыма жүгірді.
«Бәрі бітті енді», – деп,
Тұла бойым дір етті.

– Апа, апа, өлді! – деп,

Қарындасым шыр етті.
Түлен түртіп сәл бірде
Тәртіп бұзсам далада,
Жіпке тізіп бәрін де

Жеткізетін анама.
Жазалатып,
Күнәмді
Тазартатын ол менің.

Батпас деуші ем бұған бір
Ауырғаным, өлгенім.
Жылағанда даусы үдеп,
Толқып кеттім бір түрлі.

– Ойбай, сорлы басым! – деп,

Апам да енді ұмтылды.

– Апа, басым аман, – деп,

Тұра қаштым орнымнан.

– Тоқта, күнім, таңам, – деп,

Қуып берді ол соңымнан.

– Мертікті деп қалып па ең?

Саумын, апа, болма алаң.
Балаларға барып мен,
Біраз ойнап оралам...
Зулап келем күліп мен,

Тасқа табан тілгізіп.
Апамды бір жүгірткен
Осы болды шын қызық.
Жарыс

– Дайындал! – деді қатқыл үн,

Тұра қалдық топ бала...
Қолын бұлғап жатты інім:

– Кәне, зула, тоқтама!

Башпайыммен шаң іліп,
Топтан озып барамын.
Мөлдір моншақ жамылып,
Жұлдыздайын ағамын.

Шақырады алыстан,
Жанкүйер боп мені әркім.
Құрысын-ай жарысқан,
Келеді бір демалғым.

Сәл бұрылсам,

бір жүйрік
Жетіп қапты қасыма.
Қайта қызып, кіжініп,
Алға ұмтылам асыға.

Аялдасам, қалар ем,
Соңымда енді барлығы.
Жарыса өттім мәреден,
Ілестіріп әлгіні.

Көрсеткендей сонша өнер,
Қол соғады барша адам.
Өкшелесің болса егер,
Қызық-ау, озып шаршаған!

Футбол
Добымыз біздің ғжап доп,
Қуамыз күнде жақ-жақ боп
Ол зулап,

жүйткіп,

зыр қағып,
Жеңіске бізді жүр баулып.
Ағайдың аты – Рақым
Бізге көрші тұратын,

Ақкөңіл бір ағай бар.
Аты оның Рақым,
Мақтайды оны талайлар.
Мақтайды оны атам да,

Мақтайды оны мамам да.
Мақтайды оны папам да,
Ұнайды аға маған да.
* * *

Ел үшін ғой, түсінем,
Орады ағай көп егін.
Аямайды кісіден
Қолдан келген көмегін.

Жасап берді ол бір күні
Бізге ойыншық комбайн.

Көрген кезде жұрт мұны,
Бір-бір қақты таңдайын.
Баурап алды ол енді,
Бізді еңбекке құмар ғып.

Шекер, Қыпшақ, Төленді
Барлығымыз қуандық.
* * *
Ойыншықты құрытпай,

Ойнап жүрдік біз күліп,
Ағайды да үмытпай,
Ойлап жүрдік ізгілік.
Балық аулап бар бала

Жиналыстық түсте нақ.
Алып бардық ағаға,
Балық сорпа істеп ап.
Көлеңкеге ол келді де,

Бізбен асты бір ішті.
Сонан соң:
Хош, –
Деді де,

Қайта іске кірісті.
* * *
Осы ағай күніге,
Комбайннан түспейді.

Кешке келіп үйіне,
Және жүмыс істейді.
Сынса жүрттың сағаты,
Бүзылса егер өтегі,

Таусылғандай тағаты,
Тез ағайға жетеді.
Жөндейді ағай, сүртеді.
Бір сәт тыным таппайды.

Сондықтан ба жүрт оны
Қолы епті, – деп мақтайды.
* * *
Тағы да таң атады,

Алтын арай шашылып.
Ағай бара жатады,
Жұмысына асығып.
Кездессе бір кісіге,

Сәлем бермей өтпейді.
Оған үлкен, кіші де,
Рақмет көп, – дейді.
* * *

Бір күні ол қалаға

– Оқимын, – деп аттанды.

Содан бері ағаға
Бораттық біз хаттарды.
Хатыма да ол менің,
Талай жауап қайтарды.

Ізгі іс болсын еңбегің

– Жақсы оқы, –

деп айтады.
Енді ағай келмекші,
Демалысқа ауылға.
Кімдер не сый бермекші

Сағынысқан бауырға.
Шекербек пен Төленді
Жүмыртқалар жинап жүр.
Не істеймін мен енді,

Осы ой мүлдем қинап жүр.

Өртенгенде кенеттен,
Түтін қаптап үй-ішін
Алып шыққам мен өрттен
Төлендінің інісін.

Күнде-күнде кешкісін,
Көрші әжейге келемін.
Сауғызамын ешкісін,
Отын жарып беремін.

Суда жүзіп жарыссақ,
Озамын бар баладан.
Қөмектессем ағаға ұқсап,
Ырза боп жүр бар адам.

Осы сыйдың бәрі де
Қуандырар ағаны.
Келгеннен соң, әрине,
Арқамнан ол қағады.

ОЙЫН ДЕГЕН КЕРЕМЕТ

Біз ойнаймыз, ойнаймыз
Қызық біздің аулада,
Алуан ойын ойнаймыз.
Астық тасып қамбаға,

Сабан тойын тойлаймыз.
Кеме жасап,
Теңізде
Балық аулап ойнаймыз.

Кенші болып кен іздеп,
Тауды барлап ойнаймыз.
Архитектор, құрылысшы,
Малшы болып ойнаймыз.

Теміржолшы, жұмысшы,
Әнші болып ойнаймыз.
Қиялменен
Келешек

Асуларға самғаймыз.
Ойнап жүрміз демесек,
Ағалардан аумаймыз.
Құлпырды

Ылғи бала топтанып,
Тағы да ойын бастадық.
Қыпшақ бастық боп қалып,
Бізді жүрді басқарып.

Саз балшықтар тасыдық,
Небір үйлер тұрғыздық.
Клуб салдық жақсы қып,
Пойыздарды жүргіздік.

Өз үйінен Әлімқұл
Жүк машина ап келді.
Сылақшы боп Сәнімкүл,
Үйдің сыртын әктеді.

Шекер тыр-тыр тырылдап,
Тракторды айдады.
Машиналар зуылдап,
Құлпырды ауыл аймағы.

Мұғалім
«Ата-аналар» сыйы ұнап,
Кәрім болды «мұғалім».
Балаларды жиып ап,

Тарқатты бір құмарын.

– Балалай, кәне, «и» деңдей.

Балалар шулап:
И, – деді.

– Ал, ендеше «тұй» деңдей,

Бәрі хормен:

– Тұй, – деді.

– Қайта айтыңдай бәйің де,

Қиын ба осы «и»тегі?!
Ілесті де Кәрімге
Бәрі қайта:

– И, – деді.

Сабағында-ақ әуелгі
Кәрім әзер жыламай,

– Каникул, – деп, – ал енді, –

Шығып кетті шыдамай.
Кәмпит
Барлық бала біледі,
Кәмпитке не жетеді?!

Көрсең болды үнемі
Жегің келіп кетеді.
Тұра ұмтылсаң жеуге сен,
Әжең ырық бермейді.

Дейді:

– Бірден көп жесең,

Тістеріңді ол жейді.
Ұрысса да ашудан,
Жөн бе әжемді кінәлау?
Жас кезінде

Басынан
Өткерген соң біледі-ау!
Дәрігер
Дәнәгүл қыз дәрігер,

Бізге ойнауға келеді.
Десек болды:

– Дәрі бер,

Бір-бір кәмпит береді.
Қандай дәмді дәрілер,
Қиналмай-ақ жеп жүрміз.
Бұл Дәнегүл дәрігер

Күнде келсе деп жүрміз.
Суретші

– Тұр, – деп тек,

Мені Қыпшақбай
Суретке
Салды ұқсатпай.

– Мен емес, –

Дедім: – бұл – Омар.
Мұнымды
Қостады балалар.

Қыпшақбай
Келді де жаныма,
Міз бақпай
Сөйледі тағы да:

– Балалар,

Ме.. Мен алдадым.
Бұл – Омар,
Омарды салғаным.
Шаштараз

Бастағанда біз ойын,
Төлен үйге кеткен-ді.
Бал-бұл жанып жүзі оның,
Мәз-мейрам боп жетті енді.

– Міне – қайшы, тарағым,

Қай жүйрігің кел бері.
Шаштарыңды аламын,
Шаштарызбын мен, – деді.
Бар баладан бұрын кеп,

Тізе бүктім қасына.
«Шаштаразым» күлімдеп,
Қарай берді басыма.
Ісіне таң қалмас кім,

Құралдары, сай бәрі...
Бұтағына ағаштың
Іліп қойды айнаны.
Чемоданын ашты да,

Бүркуіш пен әтірін
Айнасының астына
Әкеп қойды ақырын.
Содан кейін алды да

Бүктеулі ақ жайманы,
Тұтас жауып алдыма,
Мойынымнан байлады.
Сипап тұрып басымды:

– Ну дауа бар қысқаға,

Алу қиын шашыңды,
Керек, – деді, – ұстара.
«Ұстара» деп ағашпен
«Ала берер» деп едім,

Ойнап жүрсем алғаш мен,
Ойнамапты Төленім.
Шын ұстара жалт етті,
Байқап қалдым айнадан.

Аяғымнан әл кетті,
Салдым бірден байбалам.
Тұра қаштым орнымнан,
Жидым да тез есімді.

Тым-тырақай
Соңымнан
Бүкіл бала жосылды...
Бақыладық отырып,

Басынан біз төбенің.
Ойнай білмей опынып,
Жалғыз қалды Төленім.
Бар өнерін салса да,

Зая кетті еңбегі.
Шақырса да қаншама,
Қайтып ешкім келмеді.
Төлендінің кеңесі

Бұл не? – деді Төленді,
Жүгіріп келіп қасыма.

– Тақпақ жазғым келеді Десем, – айтты асыға: – Мұндай да азап болар ма, Қиналасың күнімен. Алмайсың ба одан да, Көшіріп «Ана тілінен». Радио мен монтер Балалар жүр той жасап, Бірі – «шопан», бірі – «ұстаз». Біздер өстіп ойнасақ, Қынжылыс та, ұрыс та аз. Шелек киіп басыма, «Радио» болдым да, Шығып ағаш басына, Отырдым кеп орныма. Құстар ұшып төбемде, Тақпақ айтып ән салам. Сүйсінеді төменде Тыңдап тұрған барша адам. «Бұзылып» ем мен бірде, «Монтер» болды Нұралы. Жөндеймін деп келді де, Құлағымды бұрады. Үнім шығып бір өзге, Көзіме жас іркілді. – Жөнделді, – деп, – лезде, – Барлық бала бір күлді. Ойнап соқты өзімді, Қандай өкпе айта алам. Қысып қойып көзімді, Әнге бастым қайтадан. Шопан Қарап тұрдым төбені, Көзбен шолып абайлап. Бақсам, Дауыл келеді, Хабарладым айғайлап. Атасының орденін Тағып апты бұл нағып? Неге бұлай келгенін Жапырласып сұрадық. Ел аузынан түспеген Атасы оның шопан-ды. Сайысқанда қыспенен Сақтап қалған отарды. Дауыл да алғыш бәйгіні «Атам болам» деп кепті. Атасындай әйгілі «Шопан болам» деп кепті. Той Орденіне Дауылдың Шақырдық бар жегжатты. Балалары ауылдың Тегіс тойға кеп жатты. Тамақ жеуден шаршадық, Жайында енді ас қалды. Би биледік, ән салдық, Ойын-сауық басталды. Күрес Күрестім мен Мұратпен, Жықпақ болдым тым жылдам.

Құлап қалып бірақ мен,
Түсіп қалды ұнжырғам.
Жаяу жарыс
Жарыста озды Төленді

Сыйды ел соған сыйлады.
Оның озған себебі:
Ұзын еді сирағы.
Бокс

Шекер, Қыпшақ екеуі
Бірін-бірі ұрады.
Қолғап шақ-шақ етеді,
Әне, Қыпшақ құлады.

Терлеп, суға түскендей
Қайта шықты екеуі.
Қолдары енді істемей,
Аяқ шақ-шақ етеді.

Аңырамыз ұға алмай,
Не боп кетті оқыста?
Білмей тұрмыз, бұл қалай,
Футбол ма, бокс па?

Гудок
Қөп-көп тақпақ жаттадық,
Жұмбақтан да шаршадық.
Қайтар кезде

Шаттанып,
Соңғы рет ән салдық.
Нән соқаның бір тісін,
Қойдық әкеп талға іліп.

Бітіргенде жұрт ісін,
Естіледі жаңғырық.
Сонда үйге қайтамыз,
Ән айтамыз барынша.

Жиналамыз қайта біз,
Дабыл тағы қағылса.
Бірге жерді «жыртайық»,
Таусылмасын әніміз.

Келгін, сен де,
Шырқайық,
Бірге ойнайық бәріміз.

ЖҰМБАҚТАР

Ән салады чемодан,
Ішінде жүр көп адам.
Естімейді сөзіңді,
Сөйлесең де сен оған.

(Теледидар)
Сүйегі оның тор шабақ,
Көшсек, бұздық боршалап.
Сен де мұны білер ең,

Жайлауда егер болсаң-ақ.

(Киіз үй)
Еңбекқор,
Бал жинайды,
Адамдарға сыйлайды.

Көп қонатын гүлге,
Бұл не?

(Ара)
Қалпақ киген бір бас бар,
Төбесінен ілген.
Өз сырын ол түнде ашқан,

Аумайды бір күннен.

(Электр шамы)

Аяғы – аузы,
Басы – құлағы.
Шырылдап алып,
Әңгіме құрады.

(Телефон)
Бетіңе самал үйірген
Аумаған желдиірмен.

(Желдеткіш)
Түнеріп атам от сызып,
Моншақтарды кетті үзіп.
Моншақ жерге төгілді,

Қуандырды егінді.

(Найзағай, жаңбыр)
Үлп-үлп етіп тымағы,
Желп-желп етіп құлағы,
Суды кешіп тұрады.

(Құрақ)
Жасыл ине – киімім,
Жайлаймын тау биігін.
Жаңа жылды тойласаң,

Төріңдемін үйіңнің!

(Шырша)
Арбаң-арбаң жүрісім,
Не істемейсің күн үшін.
Шыбындарға тор құрып,

Отырамын болдырып.

(Өрмекші)
Уқалап та қолыңмен
Жұма алмайсың көзімді.
Қимылдаған ернімнен

Ұға алмайсың сөзімді.
Құйрығымда – күрегім,
Суда өмір сүремін.

(Балық)
Біз қызынсақ, қызады іс,
Кемедейміз мұз жарғыш.
Күресеміз сән үшін,

Әйтеуір мол бізге алғыс,

(Үтік)
Өзің мінген қос қайықты достай ұқ,
Бір-бірінен озады екі елгезек.
Сені кезек көтереді қос қайық,

Қос қайықты көтересің сен кезек.

(Туфли, кебіс)
Дөп-дөңгелек қос шыны,
Бұзылмайды достығы.
Өмір бойы екеуі

Қол ұстасып өтеді.

(Көзілдірік)
Кейде жарты, кейде бүтін дөңгелек
Түн болғанда шомылады көлге кеп.

(Ай)
Жайшылықта жекесің,
Қарай қалсаң – екеусің.

(Айна)
Қатар-қатар ақ күріш,
Тұрған жері – қақтығыс.

(Тіс)
Ағайынды бес құрдас
Бірдей болып еш тұрмас.

(Саусақтар)

Бір ананың бес ұлы,
Мәңгі бірге бесігі.

(Саусақтар)

Іскер менің сары атам,
Сақалы нақ сарафан.
Сақалы еден сипады,
Бір тазарды үй тағы.

(Сыпырғы)

Түзде
Адымдайды.
Үйде
Дамылдайды.

Дәлізге жұрт тастайды,
Төрге аяқ баспайды.

(Сыртта киетін аяқ киімдер)
Пыр-пыр,
Үшкір тырнағы.
Тышқан – оның құрбаны.

(Мысық)

Иір мойын,
Бүкір жон,
Ашуланса түкірген.

(Нар түйе)

Іші мұздап,
Құрыстап,
Дірілдейді бір шкаф.

(Тоңазытқыш)

Арқасында
Шалжиясың.
Түнейсің де, әл жиясың.

(Кереует)
Өнерлімін өте мен,
Тоты дерлік тоты емен.
Сөзің, күйің, әнің бе –

Қайталаймын бәрін де.

(Жаңғырық)
Дыбыс, ән-күй – азығым,
Ішегімде – жазуым.
Көзбен оқи алмайсың,

Құлағыңды салғайсың.

(Магнитофон)

СПОРТ ЖҰМБАҚТАРЫ

Сыңар қанат
Өз суретін көреді суға қарап.

(Желкенді қайық)
Көк майсада тор үйді
Он көкпаршы ториды.
Қуған лағын кіргізбей,

Он бір батыр қориды.

(Футбол қақпасы, доп)
Аулада жүр арғымақ,
Қызығады әркім-ақ.
Жұрт ұмтылса, алқынып,

Құстай ұшып жөңкиді.
Қолдан-қолға атылып,
Жерге түссе, мөңкиді.

(Баскетбол добы)
Ауыр-ауыр, ауыр доп,
Алыс түссе – тәуір деп.

(Ядро)
Қос батырдың қолында
Әмірлерін орындап,

Бір-бірімен иықтасады,
Батырларға тиіп қашады.

(Семсер)
Қарауылда қамал тұр дөп-дөңгелек,
Қабат-қабат ішінде он дөңгелек.
Оныншысын қамалдың алу үшін

Құралайды көзге атқан мерген керек.

(Қағаз нысана)
Күмбез көлік – жеккенім,
Төмен қарай беттедім.

(Парашют, парашютист)
Бұғынысып аңдысқан,
Қоршауда – қос арыстан.
Қолдарында – төрт қошқар

Кезек-кезек қағысқан.

(Бокс)

МЕНІҢ ҚАМҚОРШЫЛАРЫМ

Қайсы күні қандай сабақ,
Қалай менің үлгерімім –
Еш жаңылып қалмай, санап
Жүреді ылғи.....лі....

(Күнделігім)

Ой маржанын тере білген
Әр жазушың, әр ақының.
Әр сөзіңді емемін мен,
Ана сүті – .........

(«Ана тілім»)
Достастырып әріптермен,
Білімге жол салып берген,
Алдымнан шам жағып берген

Айналайын ...........

(«Әліппемнен»)

Тіл – ырысың, өрісің де,
Тіл – көктегі ғажап күнің.
Ғажап күнсің
Мен үшін де

Бабам тілі – ...........

(«Қазақ тілім»)

Мекендеген портфелімді,
Беттері аппақ, ақ көңілді,
Қызаратын қатем үшін
Кірлетпеймін ........

(Дәптерімді)
«О» деп жазып,
Шіркінің
Көрсетеді сиқырын.

Іс қыларда талтайған
Бір көмекшім – ........

(Циркулім)
Түрлі-түрлі шапаны,
Болғанымен іші аппақ.
Портфеліңде жатады

Жазуыңды құшақтап.

(Дәптер)
Қабат-қабат қалып,
Іші толған әріп.
Үйретері көп деп,

Құрметтейді халық.

(Кітап)

Оны алмасаң – оңалмайсың,
Алсаң, ұстап көре алмайсың.

(Білім)
Бағалы оның еңбегі,
Байытады сананы.
Ойлап көрсең,

Бергені
Асылдан да бағалы.

(Ұстаз)
Қатар-қатар тісім
Сүзген орман ішін.

(Тарақ)

ЖАҢЫЛТПАШТАР

Лақап аты ғалымға ауылға танылған соң

таңылды ма.
Таңылған соң танылды ма?
* * *
Көшен көшсе де,

Көсем көшпеді.
Көсем кешсе де,
Көшен кешпеді.
* * *

Жайманы
Жаңыл жамылсын ба,
Жаңылсын жамылсын ба?
Жаңылсын жамылмасын,

Жаңыл жамылсын.
* * *
Оралдан оралған олардан
Омаржан

Оң көріп,
Он бөрік, тон беріп, тор алған.
* * *
Жарқыратамын деп

Ыдыстың іші-тысын,
Ыси-ыси ысқышты,
Іш пысты.
* * *

Ырыстың ыдысын жу,
Жетпесе бұл үшін су,
Құр ішін жу.
* * *

Ақжарда үш жар бар,
Әр жарда жүз шар бар.
* * *
Мүк толы ана ала қанарды

Бала арқалар,
Мүктерін қара марал қалап алар,
Қанар қалар.
* * *

– Әсем Әшен бе,

Әжем әсем бе?

– Әшен де әсем,

Әжем де әсем.

* * *
Сары ала ара балалы араға
Бал ала бара ала ма?
Бал ала бара алмаса,

Бала бал ала бара ала ма?
* * *
Ақ халатты,
Ақ қалақты

Аққал атты апайды
Ақатай да ақ апай деп атайды.
* * *
Қырбақ қар құрғақ па,

Құрғақ қар құрғақ па?
Қырбақ қар да құрғақ,
Құрғақ қар да құрғақ.
* * *

Қара ала ара,
Балалы ара,
Анау арал –
Балалы ара

Бара алар
Лалалы арал.
Бар, арала,
Бал ал, ара.

КІМ ШАПШАҢ?

Қанша тұяқ?
Он саулықтың
Ақпанда
Егіз туды жетеуі.

Қырға көшіп жатқанда,
Жылқы туды екеуі.
Тағы да бір тұсақ бар,
Қысыр қалды ол бірақ та.

Біздің үйде ұсақ мал
Жетті қанша тұяққа?
Қанша кісі?
Атам, әжем, аға мен

Әкем, інім және мен,
Анам және енесі,
Енесінің бөлесі –
Отыр едік шай ішіп,

Жеңгем кірді майысып.
Арқасында – кіші інім.
Саны қанша, айта ғой
Үйдегі бар кісінің?

Қанша қап?
Үйге жұмсап Жарқынды,
Алдырдық біз үш түйе.
Қос қап бидай артылды

Әр түйенің үстіне.
Тапқыр болсаң, ал санап,
Бидай алдық қанша қап?

Қанша бала?
Мұз айдында жеті бала
Асыр сап жүр сырғанап.
Сырғанамай екі бала,

Жағалауда тұр қарап.
Енді осы бар баланың
Санын айтсаң, жарадың.
Бір топ бала

Бір топ бала тоғаннан
Он бес балық ұстадық.
Бөліскенде оларды
Тиді әркімге үш балық.

Сынайын бір ал сені,
Бала саны қанша еді?
Тез есепте
Жайылып жүр сегіз лақ,

Үшеуі оның егіз лақ.
Есептеуге
Сен шебер
Бала болғың келсе егер,

Сегіз лақтың енесін
Тез есептеп бересің.
Қанша жаңғақ?
Портфелімде әуелі

Он үш жаңғақ бар еді.
Науат пенен Маратқа,
Самат пенен Сағатқа,
Апасына Қанаттың

Екі-екіден тараттым.
Қанша жаңғақ қалғанын
Айта қойшы ал, жаным!
Бұзаулар

Жаңа ғана шалғында
Алты бұзау жүр еді.
Әлде шаршап қалды ма,
Жатып қапты біреуі.

Нешеуі енді жайылып
Жүргенін айт айырып.
Қаншаумыз?
Ағам бізді жинады,

Сегіз қолғап сыйлады.
Қамқор болған ағамыз
Біздер қанша баламыз?
Қанша сәбіз еді?

Біздің үйде көжек көп,
Іштерінде өжет көп.
Әсіресе бес көжек,
Маған нағыз дос көжек.

Қолымнан кеп жем жейді,
Басқалары келмейді.
Бес көжекке достасқан
Сәбіз бердім қос-қостан.

Бір сәбізім соңында
Қалып қойды қолымда.
Сәбізімді әуелгі
Санап берші ал енді.

Өнерлі балалар
Қанат, Марат екеуі
Қамшы өре алады.
Таңат, Талап екеуі

Тамаша ән салады.
Самат, Сағат екеуі
Төгілтіп күй шертеді.

Бабақ, Барақ екеуі
Біледі көп ертегі.
Абақ, Манап екеуі
Ат үйретіп жүреді.

Жанат, Манат екеуі
Киім-кешек тігеді.
Балаларды өнерлі
Есептеп сен көр енді.

Неше есек?
Шығармақ боп кеше есеп,
Жиналған-ды бес есек.
Үшеуі ұйқтап отырды,

Сонда естісі неше есек?
Қанша ара?
Алшаға кеп күнара
Қонушы еді бір ара.

Бүгін тоғыз туысын
Ертіп келді бұл ара.
Сонда бүгін алшаға
Келіп қонды қанша ара?

Қанаттың есебі
Қанат келіп Сағаттан
Сұрап еді үш асық,

– Ұтып ем, – деп, – Талаптан, –

Әзер берді ол іші ашып.
Үш асығы Сағаттың
Құт әкелді Қанатқа.
Алты асығын Манаптың

Ұтып алды заматта.

– Тағы ойнаймын! – деп Манап,

Шақырған-ды ашуын,

– Жартысын ал, – деп Қанат,

Ұсынды бар асығын.
Манап оған сәл қарап,
Қолды салды дұрыстап.
Тұрып қалды ал Қанат,

Төрт асығын уыстап.
«Неткен озбыр неме еді,
Алып қойған нешеуін?!»
Кім шығарып береді

Қанаттың бұл есебін?
Алмалар
Мына алты ақ алма –
Нұрбүбі мен Жанарға.

Үш сары алма – Манарға,
Қызыл алма – Анарға.
Қанша сонда бар алма?
Неше кесе?

Сабасынан сіздің үйдің
Бес кесеге қымыз құйдым.
Тыстан шөлдеп Жүсіп жетті,
Бір кесесін ішіп кетті.

Бір кесесін шешем алды,
Енді неше кесе қалды?
Қалай бөлесің?
Үш алма сал табаққа,

Біреуін бер Талапқа,
Біреуін бер Таңатқа,
Беруін бер Қанатқа,
Бірі қалсын табақта.

Ұшқыр болса қиялың,
Орындайсың заматта.
(Қанатқа алманы табағымен бере сал)
Ғажап өнер

Ғажап менің өнерім:
Ойыңды айтып беремін.
Бір сан жасыр сен маған,
1-ді, 3-ті қос енді оған.

Жұмбақ саннан әуелгі
Қосындыны ал енді.
Шыққан санға 1-ді қос,
Бес шықты ғой,

Білдім, дос.
Осы өлең бойынша кез келген балаға есеп шығартсаң, ол
есептің жауабын қате деп айта алмайды. Қате десе – өзінің бір
жерден қателескені. Онда қайта есептет.

Қанша қонақ?
Нұрымбетов Нұрлан бүгін
Атап өтпек туған күнін.
Тойласуға Таңат келді,

Марат, Манат, Манап келді,
Жанақ, Қанат, Жанат келді,
Барақ, Нарат, Бабақ келді,
Сағат келмей, Самат келді

Бірақ Самат қайтып кетті,
Жай-жапсарын айтып кетті.
Жанат та енді Саматқа ерді,
Одан кейін Талап келді,

Одан кейін Орақ келді,
Бәрі қанша қонақ келді?
Неше алма?
Бес бұтақты қайыңда –

Бұтақ сайын бес алма.
Біреуін бер Сайынға,
Сонда қалмақ неше алма?

(Қайыңда алма өспейді)
Қаншадамыз?
Үлкеніміз Мүсілімнен
Дәп екі жас кішімін мен.

Онға толып
Туған күнін
Тойлап отыр Нұрлан інім.
Бойы озып тұрғанменен,

Үш жас кіші Нұрлан менен.
Нұрланның дәл жарым жасын
Жасап отыр қарындасым.
Тапқыш болсаң, ал, сана,

біз,
Әрқайсымыз қаншадамыз?
(Бұл есеп басқаша, былай берілсе,
Қандай тәсілмен шешер едің?)

Үлкеніміз Мүсілімнен
Дәп екі жас кішімін мен.
Бойы озып тұрғанменен,
Үш жас кіші Нұрлан менен.

Нұрланның дәл жарым жасын
Жасап отыр қарындасым.
Жасымыздың бәрін қоссаң,
Қырық үш дер ең жаңылмастан.

Көп ойланбай, ал, сана,

біз, Әрқайсымыз қаншадамыз? Бірінші есептің шешуі: есепте тек Нұрланның жасы белгілі. Ол 10 жаста. Ендеше, мен 10 + 3 = 13-темін де, Мүсілім 13 + 2 = 15-те. Қарындасым 10 : 2 = 5-те. Екінші есептің шешуі: қарындасымның жасын х деп белгілеп, теңдеу құрамыз. Сонда: қарындасым – х; Нұрланның жасы – 2 х; менің жасым – 2х + 3; Мүсілімнің жасы – 2х + 3 + 2 Барлығымызыдың жасымызды қоссақ, 43 шығады ғой. Ендеше, теңдеу былай құрылады. х + 2 х + (2 х + 3) + (2 х + 3 + 2) = 43 х + 2 х + 2 х + 3 + 2 х + 3 +2 = 43 7 х + 8 = 43 - 8 7 х = 35 х = 5 Қарындасым 5-те екен. Енді х-тің орнына 5-ті қойып, Нұрланның жасының 2 х 5 = 10-да, менің жасымның 2 х 5 + 3 = 13-те, Мүсілімнің жасының 2 х 3 х 5 + 3 + 2 = 15-те екенін есептеп шығарамыз. Сонда барлығымыздың жасымызды қоссақ, 43 болып шықпай ма? Қанша қауын? Самат қаппен арқалап, Бес қауыннан тасыды. Қабы болмай ал Талап Қос қауыннан тасыды. Он реттен сабылып, Екеуі әбден шаршады. Тасып алған қауынның Қанша болды бар саны? Неше оқушы? Ортаға әкеп тосты Оспан Отыз жеті қаламды. Тиді әркімге қос-қостан, Балалардың бәрі алды. Өзгелерден бір қалам Артық тиді «Сырыққа». Береді айтып кім маған, Неше жан бар сыныпта? Неше жапырақ? Тал басында Тізіліп Он жапырақ тұр еді. Жел соқты да, Үзіліп, Ұшып кетті біреуі. Ізінше оның Жұлынып Түсті тағы бесеуі. Тұр әлі де ілініп Жапырақтың нешеуі? Таразы басында Дауыл менен ақ лағы – Қос бөшкенің салмағы. Жалғыз ғана лағы Екі орам жіп шығады. Қозысымен орам жіп – Бір бөшкедей болар жүк. Айтшы енді мынаны: Өз салмағы Дауылдың Қанша қозы шығады?

ҚЫЗЫҚ-АЙ!

Кірпі мен Күсеп
Тұмсығында кірпінің
Бір тамшы су жүреді.
Иістердің түр-түрін

Сол арқылы біледі.
Шөптің жақсы, жаманын
Айырмайды түсінен.
Көтеріп ап танауын,

Айырады исінен.
Тұрса алдында бұғынып
Не қас жауы, не жемі,
Қарап жатпай үңіліп,

Исінен-ақ сезеді.
Күсеп өтсе,
Жұрт ымдап,
Қас керіп, көз тігеді.

Мұрнында оның бір тұрмақ
Қос тамшы су жүреді.
Қос тамшысы болса да,
Түк сезбейді мұрыны.

Сезбейтіні соншама,
Жуылмайды шұлығы.
Ғажайып тіс
Күту үшін тісті әркім

Қолға щетка алады.
Өзгешелеу тышқанның
Тісті күту амалы.
Жатса алдында шашылып

Мүйіз,

сүйек,

қу шыбық,
Обырлана асығып
Кеміреді құлшынып.
Кеміреді шағырды

Құмардай-ақ ащыға.
Кеміреді кәдімгі
Қожыр-қожыр тасты да.
Ұясында дәндері

Лықа толып тұрса да,
Кеміруге әрнені
Неге әуес мұншама?
Тісін егеп шамалы,

Тұрмаса өстіп «дәрі ішіп»,
Тістері өсіп,
Қалады
Жақ сүйегі қарысып.

Мұндай ғажап тістерде
Не сыр бар деп дал болам.
Осы еске түскенде,
Күсепке де таңданам.

Оған таң боп тұрғаным:
Кете ме өсіп тістері,
Кемірмесе тырнағын,
Ас болмайды ішкені.

Адъютанттар
Сұр күзенді түлкі ертіп,
Кейде бірге жүреді.
Ін кездессе,

Жылп етіп,
Күзен ішке кіреді.
Тышқандардың не бірін
Алқымынан сығады.

Ұстатпаған кейбірін
Сыртқа қуып шығады.
Түлкі сыймай тар інге,
Тыста аңдып тұрады.

Шыққанының бәрін де
Қалт жібермей қырады.
Бір-бірінен шошымай
Өстіп маңды шолады.

Бір-біріне осылай
Кейде адъютант болады.
Ал Күсептің жұлқынған
Адъютанты тіпті көп.

Күсепті олар ұйқыдан
Оятады түрткілеп.
Күсепке жұрт күледі,
Көрсең, сен де күлесің.

Жүреді ол үнемі
Жумай беттің сірнесін.
Жуынбайтын мүлде оның
Әдетінің сыры бар.

Тазартады кір-қоңын
Адъютанты – шыбындар.

Мысық пен Іргебек
«Ғылым қызық істерді
Пайымдайды:
Мысық көзі

Түстерді
Айырмайды.
Түкті кілем түріндей
Төңірегі

Ақ-қара түс фильмдей
Көрінеді.
Олар үшін
Көгілдір,

Көк те қара,
Жеміс-жидек, егін, гүл,
Шөп те қара...»
Дегеніне көкемнің

Таңданып ем,
Соның рас екенін
Аңдадым мен.
Өрлеп жиек жолменен

Өрге бірде,
Кең көшеге көлденең
Келгенімде,
Жоғарыға

Күн салып
Қарағам-ды,
Бағдаршам тез қызарып
Жана қалды.

Тура келді маған да
Аялдауға.
Тұра қалды табанда
Жаяулар да.

Ал бір мысық
Тосылмай
Өте берді.
Түсті айырса,

Осылай
Етер ме еді?
Әрі қарай тағы да
Өрледім де,

Нан дүкеннің жанына
Келгенімде,
Жоғарыға
Күн салып,

Қарағам-ды,
Бағдаршам тез қызарып
Жана қалды.
Тура келді маған да

Аялдауға.
Тұра қалды табанда
Жаяулар да.
Иығымен кимелеп

Тұрғандарды,
Арасынан Іргебек
Сумаңдады.
Қызыл шамға тосылмай

Өте берді.
Түсті айырса,
Осылай
Етер ме еді?

Түрлі түсін нәрсенің
Айырмаса,
Мысықтардан қайсы оның
Айырмасы?

Жәндіктер де қуанады екен
Түс.
Үш бала үйге кеп:
Шекер, Дауыл жуынды.

Дастарқанға
Іргебек
Жуынбай-ақ жүгірді.
Тамақ ішіп болғанда,

Шекер, Дауыл жуынды.
Ал Іргебек
Ойнауға
Жуынбай-ақ жүгірді.

Ішкеннен соң түстікті,
Ойнамауға бола ма?
Сыртқа шығып
Үш мықты

Бет алды қой қораға.
Шыбын неткен көп еді
Қой қораның жанында.
Бірі көңіл бөлмеді

Шекер менен Дауылға.
Гуілдеген бетімен
Іргебекке қонды кеп.
Сүйіп жатыр бетінен:

«Туысымыз келді?» – деп.
Төзім
Ұйықтасам да іңірден,
Кеш тұрып қап бүгін мен,

Портфелімді асынып,
Үйден шықтым асығып.
Орта жолға жеткенде,
Кең көшеден өткенде,

Шым ете қап табаным,
Жан-жағыма қарадым.

Шағынбадым ешкімге,
Бәтеңкемді шештім де,
Ішіне тез үңілдім –
Ішінде жүр түйір құм.

Құмар тіпті баюға
Маллюскалар жайында
Оқып «Ол кім, бұл не?» – ден,
Қайран қалғам бірде мен.

Сауытына құм илеп,
Күндіз илеп, түнде илеп,
Болсын мейлі бір жыл жүк,
Алады екен інжу ғып.

Осы біздің класта
Ең жақсы қыз Күләшқа
Сол інжудің біреуін
Сыйлап,

Бақсаң түр-өңін...
Амал қанша,
Көндігем:
Бәтеңкемді

Енді мен
Ішінде інжу тұрғандай,
Киіп алдым құмды алмай.
Бір айың не, бір жыл не,

Айналсыншы інжуге
Табанымда иленіп,
Шықсыншы тек сый болып.
Жүріп кеттім ілгері,

Аямады құм мені,
Аз болмады шатағы,
Басқан сайын батады.
Қайтсем екен бұл жолды,

Қарға адым жер мұң болды.
Жаным шығып барамын,
Табаным-ай, табаным!
Жас тығылған көзім-ай!..

Маллюсканың төзімі-ай!..
Сөз үйретсем
Күлдім
Телехабардан

Бір тотыны көрдім де.
Жатсам-тұрсам
Санамнан
Шықпай қойды ол мүлде.

Зерек өзі ісіне,
Айтқан сөзді ұғады.
Үйге келген кісіге
Сәлем беріп тұрады.

Тотым болып дәл сондай,
Сан алуан ой кешіп,
Қызықтарды тауыса алмай
Отырсам ғой сөйлесіп...

Кешке әкем келгенде,
Айттым оған өтініш.
Тұрса, – дедім, – бөлмемде
Сөйлейтін бір тоты құс.

– Болсын, балам, қалауың,

Сатыла ма? Ол қайда?

– Құс сататын

Қаланың
Дүкенінде болмай ма?

– Иә, болады,

О, пірім,
Ойымда жоқ ол менің.
Бірақ онда
Тотының

Сөйлегенін көрмедім.

– Әкеле бер біреуін,

Сөйлемесін ол мейлі.
Үйретуді білемін,
Үйреткен соң сөйлейді.

– Қала жаққа өзім де

Барып қайтсам деп едім.
Бірақ науқан кезінде
Қалай барып келемін?
Сөз үйретсең,

Білемін
Зерек қараторғай да.
Ұстап соның біреуін
Әкеп берсем болмай ма?

«Жөн-ау,
Олар жөнінде
Оқығам-ды газеттен.
Ұмытпастай өмірде

Ісі мені мәз еткен.
Семейде бір...
Құс әнін
Қадірлейтін кісінің

Қараторғай күн сайын
Алдайды екен мысығын.
Айналасын жиі аңдап,
Қонады екен шарбаққа.

Мысықтарша мияулап
Қарайды екен жан-жаққа.
Бұл дауысты есіткен
Байғұс мысық әңгүдік

Ытқиды екен есіктен,
Балаларын қалдырып.
Шықса үйден ол үркіп,
«Не боп қалды құрғыр» деп,

Қараторғай төгілтіп
Сайрайды екен бұлбұл боп.
Қиын ба екен сөйлеген
Сайрағаннан бұлбұл боп?»

Осындай бір ойменен:

– Мақұл, – дедім міңгірлеп...

* * *
Сол кеткеннен
Бүгін тек
Оралды әкем қарға алып.

– Керегі не мұның? – деп,

Қарап тұрдым таңданып.

– Қараторғай аулаудың

Сәті түсе қоймады.
Осыны ұстап алғаным
Шабындықтан ойдағы.
Осал емес бұлар да

Үйрете алсаң төзіммен.
Выборгте бір қарға
Қырық шақты сөз білген.
Әкемнің

Еш сөзінің
Болған емес жалғаны.

Жетер деймін төзімім
Үйретуге қарғаны.
Үйге оны алып кеп,
Қанатына жіп өрдім.

«Енді ұшпасың анық» деп,
Еденге бос жібердім.
Талтаң қағып,
Ол барып

Орын алды бұрыштан.

– Енді, – дедім, – толғанып, –

Оқытамын, туысқан!
Қиын емес пәлендей
Сабағымыз әуелгі.
Созып сазды әуендей

Үйренесің «А» деуді.
Себебі бұл «А» деген
Түспеген сөз аспаннан.
Әліппеміз әуелден

«А» әрпінен басталған.
Ешкім зиян шекпеген
Аздап сауат ашқаннан.
Сөз білмеген

Көппенен
Тілдесе алмай аш қалған.
Сен ашықсаң:

– Дән! – дейсің.

Дән десең-ақ – дән жейсің.
Я болмаса:

– Нан! – дейсің.

Нан десең-ақ – нан жейсің.
Егер мұны білмесең,
Ашығасың бүрісіп.
Ал, сөз біліп:

– Су! – десең,

Шөл басасың су ішіп.
Ұстай алса біреу кеп,
Ашуланып:

– Қой! – дейсің.

Ренжисің:

– Жібер! – деп,

Сөйте-сөйте сөйлейсің.
Кім үн қатса:

– Қарға! – деп,

Шақырды деп ұғасың.
Үнсіз тұрып қалма тек,

– А, – деп мойын бұрасың.

– Қарға!..

«Қыңыр неме ме,
Мұнысы не пәлесі?»
Үндемейсің сен неге?
Мойын бұрып:

– А, – деші.

Бұрмады ол мойынын,
Айтпай қойды «А» деп те.
Жер боп қалды көңілім,
Жата ма осы әдепке?!

Әлде ашығып қалды ма,
Халі жоқ-ау сөйлеуге?
Тілі де жоқ
«Алдыма

Жем әкеліп қой», – деуге.
Тойып алсын тыңқиып,
Отырмасын томсарып.

Бір кесеге су құйып,
Табақ қойдым жем салып.
«Бұл ақылым
Ақыл-ақ

Болды-ау» дедім шегініп.
Ту сыртынан бақылап
Қарап тұрдым емініп.
Бірақ суды ол ішпеді,

Жемімді де жемеді.
Дәті берік құс па еді,
Неткен қырсық неме еді.
«Мазағыңа көнем бе,

Кекетесің текке! – деп.
Өзін «Қалға» дегенге
Отыр ма әлде өкпелеп?..
Түседі «Р»-ым «Р» болып,

Жазсам,
Жазам мұны дәл,
Ал сөйлесем,
«Л» болып

Естілетін жыны бар.

– Бүйтіп айт, – деп, – шырағым,

Қате тауып «Р»-імнен,
Үйреткенде мұғалім,
Үйренуге ерінгем.
Белден басып «Р»-ды мен,

«Л» дейін,
Жұрт ұғады.
«Жел» дей салам «Жерді» мен,
Ал Нұлалым – Нұралы.

Боланбайым – Боранбай,
Пелнебегім – Пернебек.
Қоналбайым – Қонарбай,
Зелнебегім – Зернебек.

Бұрсам да атын мен өстіп,
Артқан емес ел өкпе.
Ашуланған емес түк
Тарзан деген төбет те.

«Әке», «Көке» десем де
Отырғаны безеріп.
Тілімді енді кесем бе,
Бұл қарғаға не жорық?

Аяп кеттім оны мен,
Әлде іші пысты ма?
Терезеге қойып ем,

– Қар! Қар! – деді ышқына.

Не дегенін түсінсем!..
Түсіну де керек-ау.
«Сөз үйрету үшін сен
«Р»-ды айтып ал!» – дегені-ау!

Биік ұстап мүлде өзін
Менсінбей тұр
Не дейін.
Тез үйреніп «Р»-ды өзім,

Әуселесін көрейін.
Сақал
Халық сөзі аталы:
«Сыйлау керек сақалды».

Болған соң да сақалы,
Сыйлайды жұрт атамды.
Ешкілерде жоқ-ау ұят:
Аңқау көріп халықты

Сыйласын жұрт деп ойлап,
Сақал қойып алыпты.
Ешкілер
Қадірлі ағаш қашаннан,

Ол есігің, еденің.
Сол ағаштан жасалған
Талай-талай керегің...
Ағаш қажет көп іске,

Ағаш әр кез бағалы.
Кенелтеді жеміске,
Тазартады ауаны.
Мұны білген кісілер

Қарбаласып бүгінде,
Шарбағының ішіне
Тал-шыбықтар тігуде.
Үй алдына

Мен де әкеп
Шаншып қойдым үш шыбық.
Су құймақ боп енді әкеп,
Ішке кірдім ысқырып.

Бір қарасам,
Қабығын
Кеміріп тұр ешкілер.
Білмесе ағаш қадірін,

Бұларды кім есті дер?!
Каспаров – Шекербек
Каспаров пен Карповтың
Туры өтіп жатқан-ды...

– Мен Каспаров,

Карпов кім? –
Деп, Шекербек мақтанды. –
Лагердегі
Әр күнім

Бос өтпей,
Күш сынағам.
Қанекей, шық Карповың,
Быт-шытыңды шығарам.

Бірден жетіп бардым мен:

– Інімді әрең жеңіп ем.

Карпов емес,
Алдымен
Ойнап көрші менімен.
Тұра қалды сап құрып

Фигуралар ақ, қара.
Отыра қап,
Аптығып,
Төндік келіп тақтаға.

Ә дегеннен тап беріп,
Пешкілермен ат қойдым.
Еліктіріп, ат беріп,
Он жүрісте мат қойдым.

Қайта ойнады ол жасқанып,
Тағы тізе бүктірдім.
Мақтаншақтың
Каспаров

Бола алмасын ұқтырдым.
Коррида
Бірде Дауыл кинодан
Корриданы1 көрген-ді.

Ұнап қалып бұл оған,
Көк бұқаға келді енді.
1 Коррида – испандардың бұқалармен сайысып ойнайтын ұлттық ойыны.

Алаулатып шұғасын,
Әрі-бері бұлғады.
Кере жазып құлашын,
«Келсеңші!» деп ымдады.

Түк те кірмей басына,
Бұқа тұрды аң-таң қап.
Дауыл енді қасына
Жақындады талтаңдап.

Мүйізінің біреуін
Тартып қалды шегініп.
Көк бұқаға бұл ойын
Кетті қызық көрініп.

Іші пысып күн ұзын
Тұрса,
Аясын бұл кімді?
Ежірейіп,

Мүйізін
Төсеп,
Алға ұмтылды.
Ойынға әлде қанды ма,

Мойнын ішке тығып ап,
Дауыл түсіп алдына
Бара жатыр зымырап.
Спортшы Төлен

Желден ығып,
Қалқада
Бір топ бала тұр едік.
Екі қолы қалтада,

Төлен келді шіреніп.
Каникулға бұл мықты
Көрші ауылға кеткен-ді.
Он күн бойы шынықтым,

Боксер болдым, – деп келді. –
Қайсың барсың тең келмек,
Көрсетейін өнерді! –
Екі қолы ербеңдеп

Секектеді ол енді.
Білек тұрып шығуға
Ешқайсымыз батпадық.
Сойқан шығар шынында,

Тұра қаштық сақтанып.
Паналап мен сиырды,
Қалқасына тығылдым.
Сиыр маған бұрылды

Дегендей-ақ «Мұның кім?»
Қалды маған жақын кеп,
Түйіп өтпек боп Төлен.
Сиыр: «Тоқта, батыр!» – деп,

Нұқып қалды өкпеден.
Төлен бірден түсінді
Сиырдың не дегенін.
«Байқадым, – деп, – күшіңді»,

Тыя қойды «өнерін».
«Қайтеді, ей, ақымақ,
Басынғаны бұл кімді?»
Екі көзі шатынап,

Сиыр тағы ұмтылды.
Енді Төлен сиырға
Нұқытпай да «ұрғызбай»,
Құла дүзге, қиырға

Жөнелді ағып жұлдыздай.

Болмай оған көмегім,
Қарап тұрмын мен аяп.
Боксшы емес,
Төленім

Болып шықты желаяқ.
Палау
Ағам да үйде қалмады,
Апам да үйде қалмады.

Анам да үйде қалмады,
Атам да үйде қалмады.
Кетіп қалды күллісі,
Жалғыз қалдым үйде мен.

Жарқырап тұр үй іші,
Нұр төгіп тұр күн деген.
Шығысымен ата-анам,
Үйге қонақ келсе де,

Кетіп қалды қайтадан
Көкемді іздеп кеңсеге.
Тамақ істеп соларға
Қояйын деп ойладым.

Өзім де бір палауға
Тояйын деп ойладым.
Отын жағып ошаққа,
Қазанды алғаш қыздырдым.

Сәл абыржып сол шақта,
Құйрық майдан шыжғырдым.
Сәбіз турап, ет турап,
Су да құйдым үстіне.

Өзіме бұл кетті ұнап,
Қайран қалдым ісіме.
Ағам үшін бір кесе,
Апам үшін бір кесе,

Анам үшін бір кесе,
Атам үшін бір кесе,
Өзім үшін бір кесе,
Күріш салдым ішіне.

Және салдым бір кесе
Келген қонақ кісіге.
Тәтті болып тамағым,
Тоймай қалып жүрмесе...

Жұрттың ойлап мен қамын,
Тағы салдым бір кесе.
Қазандағы күрішім
Қызбады ма, қызды ма,

Теріп тастап ірісін,
Әкеп салдым тұзды да.
Жауып қойып қазанды,
Тауыстым мен тағатты.

Пісуіне аз қалды,
Қарап қоям сағатты.
Ашып көрсем қақпақты,
Су қалмапты бір тамшы.

Күріштерім қап-қатты,
Көбірек су құйсамшы.
Жарты шелек су сұйып,
Қайта жаптым қақпағын.

Әлсін-әлсін үңіліп,
Тағы тыным таппадым.
Жұмсарғанда палауым,
Апамдар да оралды.

Дәмді болып тамағым,
Бір-бір кесе жеп алды.

Өзім жедім бір кесе,
Қазанда әлі көп қалды.
Салып бердім бір кесе,
Шақырдым да Тоқтарды.

Таусылмады бұл әлі,
Бес кеседен әлі көп.
Шекер, Қыпшақ, Нұралы,
Тауыса алмады бәрі кеп.

Палау үшін небәрі
Жеті-ақ кесе салғаным.
Қалайша көп болады,
Түк түсіне алмадым.

Сәлем саған, мектебім
Сәлем саған, мектебім,
Алтын ұям, армысың!
Көңілімде көп менің

Саған айтар алғысым.
Көңілді өтті демалыс,
Кездім дала, тауды да.
Жайлаудағы ең алыс

Бардым атам аулына.
Көп қолғабыс жасадым,
Бағып бердім қойларын.
Ат үйретіп,

Асаудың
Құлағында ойнадым.
Әжем бір іс жүктесе,
Орындадым оны да.

– Демалғаның құп, – десе,

Кітап алдым қолыма...
Зеңгір көкке, алысқа,
Қиялменен самғадым.
Сайран салдым Марста,

Шолпан бетін шарладым.
Шықтым зәулім тауына,
Теріп қайттым тастарын.
Оралғанша аулыма,

Уақыт өтті қас қағым...
Қырда жүріп қой бағып,
Мюнхаузенге кезіктім.
Дойбы ойнап,

Ойланып
Отырмай-ақ, тез ұттым.
Ғалым Шоқан ағамен
Асулардан бірге астым.

Қожа деген баламен
Пікірлесіп, сырластым.
Ақ, қызыл боп соғысқан
Қырғынды да өткердім.

Айырылып қоныстан,
Теперішті көп көрдім.
Колчактардың қолына
Түсіп қалдым бірде мен.

Еріп Сәкен соңына,
Қашып шықтым түрмеден.
Солай Сәкен ағамен
Бірге өткіздім жаз айын.

Жауыздардың жаман ең
Тарттырдым-ау сазайын!
Қайрошпен ой бөлістім,
Талай ауыр жол шектім.

Жан аямай соғыстым,
Талай ерлік көрсеттім.
Сәби болып күліп те,
Асыр салдым аулада.

Альпинист боп биікке,
Өрмеледім тауға да.
Келдім қайтып, мектебім,
Алыс қалды қарлы шың.

Көңілімде көп менің
Саған айтар алғысым.
Нұр себілсін бөлмеңе,
Теріп келдім қыр гүлін.

Құйшы тағы кеудеме
Қоңыраудың сырлы үнін.
Біздің досымыз
Биыл келдік сабаққа,

Біттік жылдың жарымын.
Үйрендім мен санап та,
Әріптерді таныдым.
Бір күні ойнап жүр едік,

Үзілісте, далада.
Ағай келіп, біз еріп,
Бардық кітапханаға.
Әпкей:

– Кітап – досың, – деп,

Шкафты ашты ең шеткі, –
Лайығы осы, – деп, –
Көп кітапты көрсетті.
Ұялып мен аз тұрып,

Суретіне үңілдім.
Сосын алып жаздырып,
Жеткенше үйге жүгірдім.
Кешке ұйқтап қалмасам,

Пайдам үйге аз еді.

– Ертегі айт, – деп, әрқашан

Мазалаушы ем әжемді.
Ертегісін «ерте...» деп,
Әжем желдей есетін.
Кейде онысын келтелеп,

Әңгімеге көшетін.
Мойынына асылып:

– Басқа айт, – десем жалығып,

Ертегісі таусылып,
Қалушы еді жабығып.
Кітап беті неткен көп,
Сан аударып тастайсың.

Бұрын оқып кеткем деп,
Одан енді қашпайсың.
Қызыға оқы тамсанып,
Жылдың қысы-жазына.

Оқы мейлің қаншалық,
Таусылмайтын қазына.
Ішінде оның мол аңыз,
Әжем ұйып тыңдайды.

Алдарға ырза боламыз
Масқара еткен бір байды.
Өмірін бай, паңдардың
Әжем жақсы біледі.

Қулығына Алдардың
Сүйсініп ол күледі.

Түнде оқимын, оқимын, Әжем отыр, жатпайды. Күнде оқимын, оқимын, Кітапты әжем мақтайды. Қоям күліп құптап мен, Бір әңгіме қозғасып. Мен де, әжем де кітаппен Алдық өстіп достасып. Ем Жұмысынан кей-кейде Келсе әкем кештетіп, Басады анам гөй-гөйге Ашуланып, ес кетіп. Гөй-гөй соңы, құрбылар, Айналаны шу қылар. Жүйкелерді жүн қылар Мұндай керіс кімге ұнар. Біз кәдімгі бананның Білеміз бе бар сырын?.. Ашуланған адамның Басады екен ашуын. Түнде әкеме жай келген Ұрыспасын деп текке анам, Ақша алып әкемнен Әкеп қойдым көп банан. Өзімді таныстыру (Немеремнің өтінішімен жазылған) Мен жүз жетпіс үшінші Мектеп оқушысымын. Математик, мүсінші Болсам дейтін «кісімін». Мектебіміз бүгінде Елімізге әйгілі. Кенелтеді білімге, Жер жарып тұр айбыны. Сыныбымыз – төртінші «А», Кілең алғыр ұл-қыздар. Алдымызда өр тұрса, Тайсалмайтын жұлдыздар. Жарқыраған жұлдыздар, Жетекшіміз кім сонда? Жанар апай – ұл-қыздар Сүйіктісі нұр шам да. Ал мен бүлдіршінімін Бүгінгі өмір көшінің. Димаш Сауранұлымын, Киелі есім – есімім. Ертеректе Көңілден Кетпейтұғын, Аты – аңыз, Өткен екен өмірден Димаш деген атамыз. Көзіндей боп жарықтың Озып шығып қатардан, Димаш ата халқтың Сүйікті ұлы атанған. Ақылды да, ұстамды, Биік тұрған басқадан. Атай Қазақстанды Биіктерге бастаған. Еркелетіп ел қойған Димаш деген бұл аты.

Бабасындай ер қойған
Дінмұхамед шын аты.
Жұрт атаны бағалар
Ұлына атын қойып жүр.

Димаш атты балалар
Елімізде толып жүр.
Жарасымды бірлігі,
Мен бірімін солардың.

Болашақта үлгілі
Азамат та болармын.
Сол атаға ұқсағым
Келеді де тұрады.

Кітап толы – құшағым,
Кітап – білім бұлағы.
Мектебіміз көңілді-ақ ,
Жақсы оқу – міндетім.

Міндетімді орындап
Отырамын күнбе-күн.
Жанар апай білімге
Кенелтеді үнемі.

Сабақ үлгеріміме
Ырза болып жүреді.
Барлық пәнді сүйемін,
Сүймейтұғын пәнім жоқ.

Киманомды киемін,
Спорт десе жаным жоқ.
Медалім бар бір күміс,
Екі қола, екі алтын.

Жаттығулар, ұмтылыс
Қуат берер көп әр күн.
Жалықпаймын атамның
Әңгімесін тыңдаудан.

Қиялдап мен жатамын
Асармын деп шыңдардан.
Әжем болса зейнеткер,
Энциклопедист – журналист.

Сұрақ қойсам кенеттен,
Түсіндіріп шыңдағыш.
Кейде жиын-тойларда
Сызылтып ән салады.

Жұрт әнші деп ойлай ма,
Құлшына қол соғады.
Анама да жүгінем –
Орыс тілі маманы ол.

Мені орыс тілінен
Бақылауға алады ол.
Әпкем мені баулиды
Қайсар бала болуға.

Өнері бар сан қилы,
Жүрем ылғи соңында.
Айтысамын күнде мен,
Ол алтыншы сыныпта.

Қол өнерден жүлдегер
Атаңды ол жуықта.
Ал руым жайында
Білмесем де жол болар.

Үйленудің алдында
Сұрастырған жөн болар.
Ру. Керек ол қанша,
Оны айтпай-ақ қояйын.

Ру ұлы болғанша
Халық ұлы болайын.

Жас тілшісі «Ұланның»
Куәлігім және бар.
Өлең жазып тұрамын
Құрбыларым нәр алар.

Жайшылықта бірін де
Айтпас едім аттан сап.
Керек боп тұр бүгінге,
Демеңіздер мақтаншақ.

Өнегелі сынып
Алматы қаласындағы қыздар қазақ-түрік лицейі – еліміздегі
әйгілі лицейлердің бірі.
О, шәкірттер, балалар,

Ұстаздар, ата-аналар,
Таныс еді бұрында
Сегізінші «А» сынып.
Сонсоң таныстыруға

Келіп тұрмын асығып.
Ұласатын биге әні
Үш Әйгерім бар мұнда.
Үшеуі де ибалы,

Шеттерінен алғыр да.
Тамаша қыз Алайдар,
Өзі күйші, өзі ақын.
Тамсанып жүр талайлар,

Кім бар одан озатын?
Кулджибаева дегенде,
Шахматшы, физик де.
Бейім өзі өнерге,

Бар сабақтан үздік де.
Түрікшеге нән Сайын,
Салады ол сурет те.
Музыкада – ханша, айым,

Бөленіп жүр құрметке.
Алина ма?
Ол ұста,
Тіл дегенде жанып тұр.

Түрікше мен орысша,
Ағылшынша ағып тұр.
Атқарып жүр ауыр жүк
Данеля мен Фатима.

Суретші деп қанық жұрт
Бұлардың да атына.
Ал Айдана –
Физрук

Апамыздың оң қолы.
Жаттығуды қыздырып,
Қызық бұйрық бергені.
Бір Малика – географ,

Дауысы оның ғажап тым.
Шырқайтыны беріліп –
Дәстүрлі әні қазақтың.
Бір Малика білімге

Құштар, бестік алып жүр.
Ал ағылшын тіліне
Бар өнерін салып жүр.
Сыныпты ол әмірмен

Басқармайды, қыспайды.
Басқарып-ақ сабырмен,
Уысында ұстайды.
Екі тоқсан ал Ерке

Оқып қайтқан Лондонда.

Ағылшынша
Нақ ерке
Шәкірт боп жүр ол мұнда.
Анел Килим – теннисші,

Көңілі оның қош күнде.
Оңайлықпен жеңісті
Берген емес ешкімге.
Ал Ажардың белгілі

Каратэші екені.
Болады деп ел гүлі,
Сынып мақтан етеді.
Аиданың нысаны –

Өсімдіктер әлемі.
Гүлге толып құшағы,
Сүйікті осы лицейін
Аяқтасын әуелі.

Сөз болып па озатқа
Университет сынағы?
Түсіп оқып,
Аз уақта

Биолог болып шығады.
Суретінен Камиля
Бақылайды түйе, атты.
Арманы оның –

Баға ма,
Зоолог болу сияқты.
Жан-жануар жүр ұнап,
Көрсе жайраң қағады.

Қыр-сырларын ұғып ап,
Сурет етіп салады.
Ал ақын қыз Ақерке
Биігіндей шынардың.

Көкке өрлеген әні ерте
Жас тілшісі «Ұланның».
Кім білсін кім боларын,
Музыкаға жаны сай

Арғымбекова Лоланың
Домбыраны қағысы-ай!
Тамсандырып сәніне
Күшті сынып бұл сынып.

Жақсы істің бәріне
Кіріседі құлшынып.
Біздің абламыз
Сабырлы. Асып-таспаған

Жақсылыққа бастаған
Жанат әпкей, жан әпкей –
Абламыз1 жақсы адам.
Ол – болашақ филолог,

Төгіледі күй болып.
Одан әдептілікті
Отырамыз үйреніп.
Әрбір қыздың досындай,

Абламыз осындай.
Емес қатал ұстаздай,
Сөйлесеміз шошынбай.
Білгір болған кім жастай,

Жап-жас, бізге құрдастай.
1 Түрікше «тәрбиеші әпкей» деген мағынада.

Сөйлескенмен ашылып, Жүр-ау бірақ сырласпай. Сұрасақ не туралы, Түсіндіріп тұрады. Кемшілікті көргіш-ақ Елден ерек қырағы. Қиындықтан қашпаған, Жамандыққа баспаған. Бізге жақын болам деп, Шашын қиып тастаған. Шетсіз-шексіз өнері, Ұнатпас жан жоқ оны. Сыныптағы қыздардың Бәрі жақсы көреді. Сияқты нақ анамыз, Ылғи кеңес аламыз. Көрмей қалсақ бірер сәт, Сағынып біз қаламыз. Әрбір ісі аңыздай, Көңілі дархан тамыздай. Асыл адам жоқ шығар Біздің абламыздай. P.S. Алматы қаласындағы қазақ-түрік қыздар лицейінде 7 «А» сыныпта оқитын немерем Сұлтанбай Ақерке Сауранқызының өтінішімен жазылды. ТАРИХ ҚОЙНАУЛАРЫНДА Бақыт деген не? (ертегі-поэма) І Ертегіші атайды, Досым, сен де білесін, Ерден деп жұрт атайды, Бізге ыстық бұл есім. Кітап оқып дамылдап, Отыр едім мен бірде. Күле сөйлеп, дабырлап, Атай кіріп келді үйге. Босап буын-буыным, Мойнына кеп асылдым. Ол да көмді мұрынын Арасына шашымның. Шай іштік біз жадырап, Жақсы болды келгені. Шайға әбден қанып ап, Асықтырды ол мені. – Жинал, сапар шегейік Ертегілер еліне. Қиялға ерік берейік, Ұшқыш кілем, кел, міне. Отыр жылдам, кетеміз, – Деді атай қамданып. Малдас құрып екеуміз, Қиялменен самғадық.

Атай шолып жан-жағын, Төбеге көз тастады. Қағып қойып қабағын, Ертегісін бастады. ІІ – Жанға жайлы самалы Мына жақта арал бар. Оған қайран қалады Барып қайтқан адамдар... Сонау жақта, алдыда Бар «Ұлы жер» деген ел. Озбыры көп қанқұмар, Салт-санасы бөлек ел. Тұрмыс емес тұрмысы, Кедейді жан демейді. Жымиса да бір кісі, Айып-салық төлейді. Қуаныштың не екенін Өмір бойы білмеген Халқы үшін Мекені – Артық емес түрмеден. Осы жерде Айлалы Бір саудагер бар еді. Ойлаған тек пайданы, Құлқынқұмар жан еді. «Ұлы жерден» «Аралға» Бара бергіш шал еді. Бір күндері сарайға Шақыртты оны королі. – Алтыны мол жерінде Бар екен бір бай арал. Мен көрмеген өмірде, Ол аралың қай арал? Арал жайлы саудагер Сыр ақтарды корольге. – Шіркін, ондай бар ма ел Мына жалпақ әлемде... Адамдықтың биігі-ай, Оларға жат өтірік. Бір-біріне бұйырмай, Сөйлеседі өтініп. Кетсең де өзің сүрініп, Кісідей-ақ кінәлі, Өкімшілер бұрылып, Тағзым етіп тұрады. Мешкей, обыр көмей жоқ, Бірін-бірі талау жоқ. Бай деген жоқ, кедей жоқ, Адамды адам қанау жоқ. Онда көңіл дегенің Бәрінен де бағалы. Бір-бірінен Керегін Саудаласпай алады. – Байиды де барған ел, – Деді король бір күліп. Сабақтады саудагер Сөзін Сәл-пәл іркіліп. – Ойнап асыр салады, Айдында аққу-қаздары.

Тербетеді даланы
Бозторғайдың сазды әні.
Ду-ду еңбек қызады
Барлық жерде әнменен.

Жайылады түз аңы
Араласып малменен.
Жүреді жұрт жарқылдап,
Ортаймайды қызығы.

Жарасымды
Ән тұрмақ,
Шіркейлердің ызыңы.
Суландырып даланы

Әндетеді мұрап та.
Қыздар да әнмен барады
Су алуға бұлаққа.
Теруге тек ерінбе,

Шаш-етектен жемістер.
Шаттық берген өмірге
Жері жомарт, елі іскер.
Судай тасып байлығы

Үнемі арал жатады.
Байлығымен жайылды
Жер жүзіне атағы.
Ізеті бар, ары бар

Болсаң арал адамы,
Кейбір жаман дағдылар
Өз жайына қалады...
Тамақтанар кезіңде

Қарайсың да жан-жаққа,
Біреу түссе көзіңе,
Шақырасың тамаққа.
Кімнің түзу пейлі шын,

Бұрылады ол бері.
Үлкен құрмет сен үшін –
Оның сыйлап келгені...
Беруге әзір соңғы асын,

Арал халқы осындай.
Қонағы кім болмасын,
Құрметтейді досындай.

– Сенем саған, әрине,

Бір әжім жоқ өңіңде.
Қонақ болып әр үйге,
Торсықтай боп келдім де.
Жыр еткенің – тамағы,

Сұрағаным басқа еді.
Көп пе қару-жарағы,
Соны айт, көп пе әскері?

– Безендіріп жер-көкті,

Атқарғанмен көп істі,
Соғысып еш көрмепті,
Білмейді екен соғысты.
Білмейді екен әскерді,

Аралға ешкім тимеген.
Жау боп кірген басқа елді
Жеңеді екен сыйменен.
Қолдарынан келмей ме,

Тым құрыса жоқ садағы.
Аң ауласа кей-кейде,
Қоршап ұстай салады.

– Ім... Жарқыным, солай де...

Ескерелік мұны да.
Жаулап алу оңай де,
Алданбаспын сыйына.

Тегеурінді әскерім,
Таптап өткен сан елді.
Қаймығатын жас па едім,
Жаулап алам әлемді.

Тәрк етсем бұл антымды,
Екі көзді шел бассын!
Жинайын тез халқымды,
Боласың сен жолбасшым.

Жібермей-ақ елшіні,
Бір-ақ басам азуға.
Шынында да, жер, суы
Шапқаныма арзи ма?

– Кірсең, шыққың келмейді,

Неткен сұлу бақтары.
Күні бойы сембейді
Бұлбұлдардың тәтті әні.
Қызықтап ол аралды,

Кім кетпеген, кім келіп.
Халқы
Келген адамды
Қарсы алады гүл беріп.

Келген кісі бұл елге
Халыққа алғыс айтады.
Ойын түйіп жүрерде,
Бақытты ел деп қайтады.

– Бақытты елдің, ендеше,

Бақытын бір шайқайын.
Өз еркімен көнбесе,
Жермен-жексен жайпайын.
Аузы-басын қан қылып,

Құл етейін ерлерін.
«Арал» сөйтіп мәңгілік
Болсын ойын-ермегім.
Асауларын тулатып,

Қызығына қанайын.
Балаларын шулатып,
Мал соңына салайын.
Жаугер болып

Қаншама
Бура санды түйредім.
Жұрт айтардай тамсана,
Нешеме елді биледім.

Дандайсыған ерлерді
Жаһаннамға жөнелттім.
Бағынбаған елдерді
Қас қағымда жоқ еттім.

Бір жеңілгем жоқ әлі,
Мен даңқты қорольмін.
Мен болмай кім болады
Әміршісі әлемнің.

Қамда, достым, жол асын,
Оң қолымсың сен менің.
Капитаны боласың
Өзім мінген кеменің.

Сол аралдың бар елін
Бір өзіңе басқартам.

– Сіз айтқан соң, королім,

Мен қалайша бас тартам...
Саудагердің өзі де
Ойлап жүрген пайданы.
Корольдің бұл сөзіне

Екі көзі жайнады...

ІІІ Бір күндері «аралға» Келе қалды қос кеме. Ұмтылды елдің бәрі алға, Ойламапты ештеңе. Қонақтарды құрметпен Алып кетті үйді-үйге. Нұрын сеуіп күн көктен, Ұштасты ән би-күйге. Ұмытылды мұң-қайғы, Қызды ауылдың думаны. Қонақ біткен мұндайды Көрмепті ғой туғалы. Әр қонақтың көңілін Шаттық күйі кернеді. «Бос өтіпті өмірім, Ақымақпын мен», – деді. «Байлық пенен бақытты Өзге елден іздеген, Бос өткізген уақытты, Сорлы екенбіз біз деген. Құбыжық деп еңбекті, Серпілмейді күліп ел. Бір рақат көрмепті, Бақытсыз ғой «Ұлы жер». Бар әлемнен сұрасақ, Ол жер кімге ұнайды». Теңізшілер бірер сәт Осылай деп мұңайды. Еске түссе өз елі, Сүйе түсті «Аралды». Өртенсе де өзегі, Мұнан бақыт таба алды. Жақсы іс тартып жанарын, Жаны нұрға малынды. Амалсыздан «Аралдың» Әр жанына табынды. Жан жоқ жүрген мұңайып, Атымен жоқ көлгірсу. Салт-санасы шынайы, Көңілдері – мөлдір су. Босқа ләйліп көпшілік Құр сенделіп жүрмейді. Бір-біріне тепсініп Қоқаңдауды білмейді. Нәзік екен жүрегі Әрбір жанның мұндағы. Бір-біріне үнемі Сіз-біз десіп тұрғаны. Зәрін шашып бар елге, Зар илеткен халықты Король екеш корль де Сіз-біз десіп қалыпты. Үдетті-ай кеп сауықты Корольді жұрт таң қылып. Сый-құрметі халықтың Бітпейтіндей мәңгілік. Теңізші кім, король кім, Көрсетілген сый бірдей. Мұндай теңдік корольдің Тұрсын ба ішін күйдірмей.

Бірдей болып бәрі елдің,
Бір болған соң ас-дәмі,
Корольдігі корольдің
Ұмытыла бастады.

Өз ұлындай «Аралдың»
Теңізшінің мәз бәрі.
Бірі әлгінде королін
Қағып кете жаздады.

Байқап мұның бәрін де,
Шытты король қабағын.
Теңізшілер дайын-ды
Жалауға да табанын.

Бұрынғыдай табынбай,
Қазір олар өзгерді.
Жұртпен
Себеп табылмай,

Соғыспасын сезді енді.
Ойлап-ойлап бір күні,
Қорытқалы ақылды,
Билік тескен құлқынын,

Саудагерді шақырды.

– Байқадың ба, досым-ау,

Мына жұрттың сыңайын...
Бейбіт елге осынау
Қандай амал қылайын?

– Дұрыс-ақ қой ойыңыз,

Не айтайын тосыннан.
Айтылса өз ойыңыз,
Мен де соған қосылам.

– Мына үлкен жолменен

Жүргінші көп жүреді.
Олжа жатса көлденең,
Іліп кетер біреуі.
Жүр өзіңе сақ болып,

Ұста мына алмасты.
Саудагер шал шап беріп,
Асыл тасқа жармасты.

– Япыр-ау, бұл түсім бе,

Түсім емес, бәрі шын.
Ризамын ісіңе,
Айналайын әміршім.

– Тасқа бекер шүйілме,

Тыңда мені сасапай, шал.
Бар да сонау иінге,
Жол үстіне тастай сал.
Аңдып өзің бір тұстан,

Жол шетінде жат бұғып.
Бүкіл ауыл жұмыстан
Қайтатұғын сәтті күт.
Ешкімге де көрінбе,

Таса болсын жан-жағың.
Келгенді түй көңілге,
Байқап жат тек алғанын.
Алып кері жүрсе егер,

Ізге түс,
Тек білдірме.
Жазатайым білсе егер,
Қару жұмсап бүлдірме.

Күшіңді сап жүгірмей,
Айғай салып қуа бер.
Жетеміз де кідірмей,
Боламыз біз куәгер...

Көрмей жатса ол мүлде, Алмағанын байқап ап, Ешкімге де көрінбе, Сол орныңа қайта жат. Алып өтсе ол егер, Шын алғанын байқап ап, Көрмеген боп келе бер, Жан-жағыңа жай қарап. Қуанып ол «олжаны», Алып келе жатқанда, Көпірден біз жолдағы Түсіреміз қақпанға. – Ұстадық, – деп – ұрыңды, Жеткіземіз көсемге. «Жоғымызды» бұрынғы Жабамыз біз осы «елге». – Көрмеген соң көзіміз, Тоналдық, – деп айтпап ек. Таптырыңыз өзіңіз, Ертең елге қайтпақ ек. Дәл осындай Алдында Талай алмас тоналды. Соңғысы да жадымда, Үш қадағы жоғалды. Мынау соңғы бір қадақ, Оңай таптық мұны біз. Шыққан жерде ұрлап ап, Қолға түсті ұрыңыз. Кете алмаспыз өтеусіз, Тез арада өтеңіз. Өтемейді екенсіз, Түбіңізге жетеміз! – Дегенде біз, Көсемің Билерімен қосар бас. Ойланса да неше күн, Дауды бейбіт шеше алмас. Осынша алмас бұл жерден Шыға қояр деймісің. Таппаса, Аяу біздерден Болмайды, Осы – келісім. – Өтеуге бос ант етпей, Жүрем десең осы елде, Құр бекерге қан төкпей, Бағын! – дейміз көсемге. Бағынбаса, Күллі елді Жоям оқтың күшімен... – Сіз корольсіз жігерлі, Ойыңызды түсінем... ІV Қызғылт тартып күн күліп, Батуға да айналды. Саудагер шал бұғынып, Жол шетіне жайланды. Жол үстінде жарқырап Жатыр алмас тастары. Жұмысынан Ән шырқып Халық қайта бастады.

Келгенде топ алдына, Қарады шал үңіле. Бір-бірінен ұялды ма, Еңкеймейді бірі де. «Әрине, олар алуға Бір-бірінен ұялады. Келе жатқан ал мына Жалғыз қазір алады». Көрінгенде ол жаңа, Жанып еді бір үміт. Көзін салмай «олжаға», Ол да өтті бұрылып. Өтті халық бір-бірлеп, Өтті кейде топ болып. Саудагер шал күбірлеп, Жатты көзбен өткеріп. Біреуі де тимеді, Келтірді әбден ашуды. Ел аяғы сиреді, Бірте-бірте басылды... Естігенде бұл істі, Король қатты күйінді. Саудагерге ұрысты: – Ит жесін, – деп – миыңды! Мұндай ессіз болар ма ең, Мен біреуін ұстар ем... – Ашу қысып оны әбден, Сабасына түсті әрең. – Таусылды ғой төзімім, Құрытты-ау, – деп мысымды, – Айғайының өзінің Қате екенін түсінді. V Өте берді күн зырлап, Король бір күн Ақыры Үнсіз жүрген тұнжырап Саудагерін шақырды. – Бітірсек тез істі, ерім, Елге қайтсақ, – деп едім. Ірің болды ішкенім, Желім болды жегенім. Күйреп жатыр көп ісім, Көп жоспарым бар еді. Аз болмады мен үшін Тағылардың әлегі. Қарашы іске аспауын Жолаушыны тосқаның... Енді Соғыс бастаудың Құрдым жаңа жоспарын... Қайталанбас, әрине, Сәтсіздіктер алғашқы. Ретте сен әлі де Әнеугүнгі алмасты. Жасыр тез түн жамылып, Үйіне бір тағының... Көсемге ертең шағынып, Өтінеміз табуын. – Халық емес, халқыңыз, Ұры ма еді шетінен. Осындай ма салтыңыз, Кеткен бе әлде бетімен...

Сөз етпес ек мұны біз,
Соңғы алмас жоғалды.
Әйтеуір, сол ұрыңыз
Бізге үйір боп алды.

Ол бір емес, екі емес,
Үшінші рет ұрлады.
Жейтін алмас ет емес,
Алса, үйінде тұрады.

Таптырыңыз өзіңіз,
Барлық үйді қараңыз.
Еленбесе сөзіміз,
Біз өзіміз табамыз.

Тауып алсақ,
Еліңіз
Ескертемін,
Оңбайды.

Қан сасиды жеріңіз,
Бізден аяу болмайды, –
Дегенде біз,
Көсемің

Билерімен қосар бас.
Ойланса да неше күн,
Дауды бейбіт неше алмас.
Содан кейін алмасты

Тыққан үйден табамыз.
Жолда тұрған әр басты
Тепкен доптай қағамыз.
Зәресін ап көсемнің,

– Тапқын, – дейміз, – қалғанын.

Жетпес оған
Осы елдің
Жинаса да бар малын.
Өтеуге бос ант етпей,

Жүрем десең осы елде,
Бағын, – дейміз, – қан төкпей! –
Сосын келіп көсемге.
Бағынбаса,

Күллі елді
Жоям оқтың күшімен...

– Сіз корольсіз жігерлі,

Ойыңызды түсінем...
Жер боп еді намысым,
Ал, ендеше, аттандым.
Осы жолы, әміршім,

Сеніміңді ақтармын... –
Шалынбастан көзге ешбір,
Жасырмақ ол алмасты.
Балаларға кездесті

Кірген үйде алғашқы.
Білмейді олар өлгенін,
Жасыруды білмейді.
Айтып қойса көргенін,

Жоспар тағы күйрейді.
Қазір халық далада,
Бала біткен үйінде.
Сенім бар ма балаға,

Сыр алдырып, бүгілме.
Кеткенде жұрт ісі бар,
Есігі ашық қалады.
Шөлдесең кір, ішіп ал,

Болса сусын, шалабы.
Ас-су болса керегің,
Жайнап дайын тұрады.

Сенің ішіп-жегенің – Несібең деп ұғады. Алас ұрды саудагер, Бірақ үміт үзбеді. Елпеңдеді алға ол, Баласыз үй іздеді. Тігіп жүріп құлағын, Үйді іздеп тапты әлгі. Басқан сайын бір адым, Бөтен көзден сақтанды. Әрекеті алғашқы Бүгінгідей ойында. Ашық жерге алмасты Болмас енді қоюға. «Осы бір сын – ауыр сын, Үй иесі көрмесін. Тек қана бұл табылсын Король өзі келгесін. Сонда құдай оң қарап, Істің алға басқаны. Түссін допша домалап Тағылардың бастары. Өлтіргендей шыбынды, Олар үшін қысқа өлім». Осы сәтте ілулі Тонға көзі түсті оның. «Ғайыптан қыс келмесе, Тонды жазда кимейді. Бұл алмасқа, ендеше, Қазірше ешкім тимейді». Тонның оң жақ қалтасын Алмас тасқа толтырды. Толтырды да, Арқасын Күжірейтіп ол күлді. Сөйтті де тез жоғалды, Кете барды ентелеп... «Тағы» бүгін оралды Жұмысынан ертерек. Тазалады бір кезек Іші-сыртын үйінің. Қоймасын деп күйе жеп, Күнге жайды киімін. Байқап тұрса, Тонының Оң қалтасы толы алмас. Салды екен оны кім, Аң-таң қалды ол алғаш. Сонсоң сықап дорбаны, Жөнелді ол көсемге. Салт қой оған олжаны Апаратын осы елде. Ие шығып: – Бер, – десе, Көсем табыс етеді. Ешкім іздеп келмесе, Ел қорына өтеді. VІ Түсте көсем алдында Екі кісі отырды.

Жұртты естен тандыра, Король өктем лепірді: – Халық емес халқыңыз, Ұры ма еді шетінен. Осындай ма салтыңыз, Кеткен бе, әлде, бетімен... Сөз етпес ек мұны біз, Соңғы алмасым жоғалды. Әйтеуір, бір ұрыңыз Бізге үйір боп алды. Ол бір емес, екі емес, Үшінші рет ұрлады. Жейтін алмас ет емес, Алса, үйінде тұрады. Таптырыңыз өзіңіз, Барлық үйді қараңыз. Еленбесе сөзіміз, Біз өзіміз табамыз. Тауып алсақ, Еліңіз, Ескертемін, Оңбайды. Қан сасиды жеріңіз, Бізден аяу болмайды. – Сабыр, сабыр, королім... Көсем шытты қабағын. – Қанша алмас бәрі оның, Анығын айт, қарағым. Тіл тигізбе халқыма, Өтірігіңді соқпа әлгі! Король Даусы қалтырап: – Бір-ақ дорба, – деп қалды. Дір-дір етіп қолдары, Терін сүртіп қысылды. Көсем олжа дорбаны Король жаққа ысырды. Көсем қойды сәл күліп: – Бәлкім, бұдан көп шығар?.. Алғыстарын жаудырып, Бас шайқады жоқшылар... VІІ Өте берді күн зырлап, Король бір күн Ақыры Көптен жүрген тұнжырап Саудагерін шақырды. – Бүгін қырып салар ем Бұл зымиян халықты. Теңізшілер солармен Бауырласып қалыпты. Жат ойлары жоғалды, Сыйларына кенелді. Тағылармен оларды Соғыстырып көр енді. Айтқан тілді ала ма, Бұл – біз үшін зор қайғы. Сондықтан да араға От жақпасақ болмайды. – Осы ой еді менде де, Шошып жүр ем осыдан.

Кек тұтансын кеудеде,
Ойыңызға қосылам.

– Бүгін түнде

Бұл кекті
Тұтататын өзің бол,
«Сыйлап көрсін»
Құрметті

Қонақтарын төзімді ел.
Қимасымсың сен менің,
Тәсілің мол, білемін.
Өзіміздің кеменің

Өртеп жібер біреуін.

– Өзіміздің кеменің?..

Тақсыр, обал емес пе?

– Болады оның төлемі,

Тұра тұр, бос егеспе!
Ол кеменің жаласын
Тағыларға жабамыз.
Есептеп ап бағасын,

Көсеміне барамыз.

– Алты қадақ алмасым

Бірге кетті, – деймін мен. –
Көңілде дық қалмасын,
Өндіріп бер пейліңмен.
Осынша алмас бұл жерден

Шыға қояр деймісің.
Таппаса, аяу біздерден
Болмайды,
Осы – келісім. –

Өтеуге бос ант етпей,
Жүрем десең осы елде,
Құр бекерге қан төкпей,
Бағын! – дейміз көсемге.

Бағынбаса,
Күллі елді
Жоям оқтың күшімен...

– Сіз корольсіз жігерлі,

Ойыңызды түсінем.
Айтқаныңның барлығын
Орындаймын, әміршім.
Құлыңның бұл

Дәл бүгін
Ер екенін танырсың.
Анадағы уәдеге
Берік болсаң болғаны.

– Оған бола қам жеме,

Шаруа ғой қолдағы...

VІІІ

... Түн басса да даланы,
Жатпаған-ды жұрт әлі,
Иіскелеп ауаны,

– Өрт! Өрт! – деді бір «тағы».

Күрек алып, шелек ап,
Өре тұрды бар халық.
Өртті король көре қап,
Айғайлады зар қағып.

– Біздің кеме-ау өртенген,

Жел сол тұстан соғады.
Мұндай тағы, ерке елден
Не күтсең де болады!
Ұмтылыңдар, бауырлар,

Бекер келген екенбіз!

Аман сақтап қалыңдар, Елге қалай жетеміз?.. – Тұрғын елмен жарысып, Теңізшілер жөнелді. – Тағылармен табысып, Бауырласып көр енді! – Қаптап үлкен-кіші де, Жеткен кезде қырқаға ел, Мәз болып өз ісіне, Қарқ-қарқ күлді қу король. Бір құлап, бір сүрініп, Қырға шықты көп бейне. Азан-қазан, жүгіріп, Жедел түсті беткейге. Күткендей нақ алда өлім, Жоғалтты сәл ел есін. Көрді олар корольдің Жанып жатқан кемесін. Жалын діңгек бойымен Барады өрлеп жоғары. Байғұс кеме қолымен Шақырғандай болады. Қызыл алау бой жасап, Би билейді не түрлі. Аждаһалар ойнақ сап Шоршып жүрген секілді. Орап апты от демде, Дүниені шулатып. Халық енді жеткенде, Кетті кеме шым батып... ІХ Теңіз жаққа барған ел Терлеп жүрсе аптығып, Король менен саудагер Лашықта отыр шат күліп. – Мысым құрып, Жүр еді Төрт тағаным, құр жаным. Орындалар тілегің, Шалым, саған ырзамын. Әуре болдық неше күн, Қазір ләм-мим демейік. Ертең барып көсемнің Әуселесін көрейік. Шал шалқыды ішінен: «Жөні келсе, бір биле». Сол сәтте Бес кісімен Көсем келіп кірді үйге. Король түсі бұзылып, Ұшып тұрып қол берді. Алты қонақ тізіліп, Тізе бүкті төрге енді. Сосын көсем ақырын, Сабырмен сөз бастады. – Серпіп жібер, батырым, Қайғы-мұңды бастағы. Басың аман бүліктен, Торықпа құр, босама. Ойда жоқта киліккен Алапатқа не шара.

Үлкенге де, кішіге Қайырымды халқымыз. Қырсық шалған кісіге Көмектесу – салтымыз. Ойла бізді дос деп, тек, Ел емеспіз қураған. Шығыныңды есептеп, Ертең ерте кір маған. Қол алысып Қайта ол Шығып кетті ізімен. Сақ-сақ күлді ал король Мысқыл ойнап жүзінен. Х Жұмыс істеу – талабы, Қолы тыным таппайтын Бірлан деген баланы Көршілері мақтайтын. «Сыйлайды үлкен-кішіні, Ерінуді білмейді. Балалардың пысығы, Болар бала бұл», – дейді. Бір қонақты іңірде Абайсызда шалыпты өрт. Күтті бірлан үйіне Сол кісіні алып кеп. Жатқызған соң төріне, Отырған жоқ құр қарап. Күлдіреген жеріне Тартты езіп шырғанақ. Алсын деп көз шырымын, Түсірсін деп қызуын, Берді сөлін, шырынын Таңқурай мен жүзімнің. Бір сәт дамыл алмады, Күзетті ол күрсініп. Күн де шықты, жанданды Жер бетінде тіршілік. Бұл баланың ісіне Риза болды барша адам. Сырқат күлді сүйсіне Кейіппенен шаршаған. – Қамын жесең ағаңның, Қалқам, бері қарашы. Ауылдағы баламның Мынау – аша ағашы. Жасағанмен мен мұны, Ұстаған жоқ ұлым түк. Аттанарда беруді Кетіппін ғой ұмытып. Бізге істеген мол ісің – Куәсі адал ниеттің. Бұл мүлікті сол үшін Саған, қалқам, сый еттім. – Сыйыңызға мың алғыс, Не үшін керек бұл маған? – Шақ келмейді бұған құс, Сырын мұның біл, балам. Былай көзде, асықпа. – Атуды ол үйретті.

Жалп еткізді шалшықта Жүзіп жүрген үйректі. ХІ Король менен саудагер Келді кіріп көсемге. Шартты бұзса ол егер, Ойран салмақ осы елге. Көсем дір-дір етеді, Әлденеге ашулы. Оны көріп екеуі Су сепкендей басылды. – Кәне, сөйле, королім, Қалай шықты есебің? Тыңдамайтын жан едім Өзгелердің өсегін. Қазір Қалай дегенмен Сенбеске жоқ амалым. Өрт шығарған кемемнен Сенің екі адамың. Мына кісі екеуін Көріпті өз көзімен. Сенің кісің екенін Аңғарыпты сөзінен. – Иә, иә, іңірде Сыздаған соң жүрегім, Сыртта, үйдің түбінде Серуендеп жүр едім... «Каютаның бірінде Қалып қапты шелегім. – Мейлі. Енді күлі де Қалмайды бұл кеменің. Босқындарын шетелдің Қатырдық, – деп, – қыраным!» Дәудірлескен екеудің Сөзін шалды құлағым. Бірі озып бірінен, Шықты ізінше тасадан. Ұстайын деп қуып ем, Жеткізе ме жас адам?.. – Көсем шытты қабағын, Болды ма екен сыр тартпақ. Тайдырып тез жанарын, Қалды екеуі қипықтап. Сескенді ме кәрінен, Король тұрып бас иді: – Алмасыма бәрінен Ішім удай ашиды. – Алмас тасың қанша еді? – Деді көсем сұс қадап, – Қоспасақ жай нәрсені, Таза алмасым үш қадақ. Соқты көсем жымиып, Алақанын екі рет. Басын оған тұрды иіп, Бір жас жігіт жетіп кеп. – Көздің қырын салмас кім Бақытсызға, қарағым. Қазынадан Алмастың Босат алты қадағын.

– Құп! – деп, жігіт ізімен Шықты басын бір иіп. Нұры тамып жүзінен Король қалды жымиып. Алақанын тағы да Соқты көсем үш рет, Тұра қалды алдына Еңгезердей кісі кеп. – Жол жабдығын мырзаның Дайындасын жігіттер. Сен өзің де ырза қыл, Қалауынша мүлік бер. – Құп! – деп, кісі ізімен Шығып кетті бас иіп. Нұры тамып жүзінен Король күлді ақсиып... ХІІ Жарқырайды көк теңіз Жаймен тербеп кемені. Өшіп жатыр өткен із, Толқын келіп көмеді. Шүйіледі төбеден Шағалалар салып ән. Мол олжаға кенелген Король тіпті шадыман. Қуанышқа мас болып, Отыр көзі шыланып. Көсем өзі бас болып, Салды оны шығарып. Көрмепті-ау бір пендеге Риза болып өмірі. Көсемге де, елге де Риза бүгін көңілі... ХІІІ Сая үлкен-кішіге Жайқалады жасыл бақ. Ағаштар көп ішінде Өсіп тұрған ғасырлап. Осы жерден табасың Құсты күміс көмейлі. Үніне таң қаласың, Қуанышқа бөлейді. Тамылжыта салып ән Отыр, әне, – бұлбұл құс. Ұшып кетті жанынан Үсті көкшіл қу бір құс. Ұзамады ол бірақ, Қонды көрші еменге. Қарар ма еді қолына ап, Шақырғанмен келер ме? Ашаағашын кезеніп, Тартып қалды «ер» Бірлан. Дүние кілт өзгеріп, Сап тыйылды көңілді ән. Шайдай ашық аспанды Баса қалды түн түнек. Бір алапат басталды, Маңай кетті дүркіреп. Үйіріп тас, құмдарын, Ышқына кеп жел соқты.

Шыбын жанын Бірланның Көзіне әкеп көрсетті. Қарысып қап жақтары, Дуылдады беті оның. Білмеді ол Атқаны Бақыт құсы екенін. Жарқ етті аспан, шарт етті, Шарт еткендей шапалақ. Бірлан жерге жалп етті, Қайта тұрды «апалап». Қаз-қаз басқан баладай, Бір тұрып, бір сүрініп, Алды-артына қарамай, Кете барды жүгіріп... ХІV Орман іші үрейлі, Үдеп кетті жел деген. Біресе алға сүйрейді, Итеріп қап кеудеден. Жарқырайды от көктен, Қап-қара аспан төнеді. Жаңа шыққан мектептен Нұрлан зулап келеді. Түстік жақта, жағада Тұратұғын бала бұл. Осы зерек балаға Сүйсінеді бар ауыл. «Мына күннің азабы-ай!» Нұрлан зулап келеді. Шатыр етті найзағай, Дір еткізді денені. Қалт тұрды ол шошып қап, Ауыл қайда, жол қайда?! Көзі түсті осы сәт Жерде жатқан торғайға. Алды ақырын қолына, Соғатындай жүрегі. Тығып алып қойнына, Жүріп кетті ілгері... Әкелген соң үйіне, Аузына сүт тамызды, Бақылады үңіле Кәнігі емші тәрізді. Кездемеден қиып ап, Таңды сынған аяғын. – Иә, саған қиын-ақ, – Деді түйіп қабағын. Өтті уақыт бір қауым, Қойды торғай тамсанып. Келіп кетті Нұрланның Жібергісі ән салып. Байқап біреу тұрғанын, Торғай көзін ашты енді. Қуаныштан Нұрланның Жанарына жас келді... Сол сәт ата-анасы Кеп кіргенін білмеді. Бір-біріне қарасып, Гүл-гүл жайнап тұрды өңі.

– Күні бойы қалғыдым, Ұқсап сырқат адамға. Үйге кіре Ауруым Ғайып болды табанда. – Әлдеқандай себеппен Діңкем құрып келгем-ді. Қандай сиқыр, Кенеттен Ширап қалдым мен де енді. – Екеуі кеп күлімдеп Құшақтады ұлдарын. Білмеді олар Үйінде Бақыт құсы тұрғанын. Үйде шаттық орнады, Көңілдері нұр шашты. Тысқа шықса болғаны, Қара түнек зіл басты. Шаруаны, жұмысты Бүкіл арал ұмытты. Бір әзәзіл жымысқы Діңкелерін құрытты... ХV Айдың беті жай ғана Теңбілденіп жатқан-ды, Тыныш еді айнала, Кенет сырын ақтарды. Дүлей дауыл басталды, Маңай кетті күркіреп. Қаптады бұлт аспанды, Баса қалды түн-түнек. Аспанға ұқсап Қорольдің Бұзылды ойы әп-сәтте. – Осы жерге әуелгі Келгендегі мақсат не? Кәкір-шүкір олжасы, Осы ма бар тапқаны? Бай аралдың қожасы Болып неге қайтпады? «Күлкі ғой бұл досына, Дұшпанына таба ғой». Сұм корольді осындай Билеп алды жаман ой. Болмапты ғой дегені, Өкініп ол аһ ұрды. Штурманға: – Кемені Кері бұр! – деп ақырды. Сасқалақтап штурман, Оған ләм-мим демеді. Жел ығымен ысқырған Кері бұрды кемені. ХVІ Кеме тұмсық тіреді, Шығанаққа кірді де. Лоблып король жүрегі, Қолын созды дүрбіге. Көзіне сап үңілді, Селт етпейді жан-жағы. Аралға бұл дүбірлі Жұмбақ не боп қалғаны.

Қарсы алмады, кешікті ел,
Неге жатыр бұлданып?
Тарс жабылған есіктер,
Қайда кеткен бұл халық?

Оба жайлап өткендей,
Тірлік те жоқ, ел де жоқ.
Түгел көшіп кеткендей,
Қыбыр еткен пенде жоқ.

Қолын бастап қу король
Келіп еді көсемге.
Төсегінен тұрмады ол,
Қозғалмады,

Мешел ме?
Айтпақ ойы сезілмей,
Бедірейіп қарады.
Өлген қойдың көзіндей

Тұмантып тұр жанары.
Король үнмен кекесін:

– Жат, жат, – деді, –

Көсемім,
Жатып қалған екенсің,
Жайлы болсын төсегің!
Салынып мен уайымға,

Қайтып келген себебім:
Ел тағдыры жайында
Сырласайық деп едім.
Сендер үшін мал қайғы,

Халқың түгел қараңғы.
Айыра да алмайды
Жақсы менен жаманды.
Алмаған соң тағлым,

Айырғысыз жас, кәрі.
Көздегені бәрінің –
Күнделікті ас қамы.
Айып көрме мұны сен:

Болмау үшін ел надан,
Шұғыл іске кірісем,
Билігіңді бер маған.
Аянбаймын,

Әманда
Шуағымды себемін.
Дәнмен бірге аралға
Мәдениет егемін, –

Көсемі тіс жармады,
Өзгеріс жоқ өңінде.
Жоқ секілді арманы,
Бұйырса да өлімге.

Король енді қаруын
Көріп еді кезеніп.
Селт етпеді бәрібір,
Жата берді безеріп.

Саудагерге ол енді
Есік жақты ымдады.
Томпаң қағып жөнелді,
Байқап қапты бұл дағы.

Тыңшысымен қу король
Үй сыртында кеңесті.

– Естімесін мұндағы ел,

Досымсың ғой сен ескі.
Жатыр екен бұл көсем
Өзі де өлім халінде.
Жасақтармен бірге сен

Жина елдің бәрін де.

Келесі кең көшеге
Жиналған соң хайық,
Алып шығып,
Көсемге

Ауыр айып тағайық.
Өткен бүкіл жолына
Жалаларды жаудырып,
Шығарайық соңында

Өз еліне жау қылып.
«Туа біткен сүйекке
Кертартпа екен мінезі.
Озық мәдениетке

Қарсы», – дейік, – бұл өзі.
Сосын салып талқыға,
Түсірейік ұшырып.
Бір жырғайық, артында

Сені орнына ұсынып...
Қару жұмсап, түйресең,
Ызасы елдің келеді:
Алдап-сулап билесең,

Иіңе оңай көнеді.
Сайлап алса ел сені,
Басады алға ісің де.
Биік ұста еңсені,

Болсын дымың ішіңде... –
Саудагердің талайдан
Осы еді күткені.
Тер сорғалап самайдан,

Қол қусырып:

– Құп! – деді.

ХVІІ

Ерте кеткен саудагер
Кешке дейін жоғалды.
Ол бармаған қалмады ел,
Іңірде әрең оралды.

Баса алмай ентігін,
Жақындады корольге.

– Қалдырмадым жер түбін,

Хабарладым бар елге.
Жын-пері ме, не тиген,
Не бұзды екен халықты,
Біреуі емес,

Шетінен
Миғұла боп қалыпты.
Тағы да бір шатағы:
Қанша дүре соқ мейлі,

Меңірейіп жатады,
Біреуі қыңқ етпейді.
Мадақтап тіл қатсаң да,
Естімейді құлағы.

Балағаттап жатсаң да,
Аңырайып тұрады.
Сүйрелеп те, жетелеп
Жиған болдық шамалы.

Жиғанменен,
Не керек,
Айырмайды ақ, қараны.

– Көсем щалың, ендеще,

Жата тұрсын зынданда.
Халық бүгін келмесе,
Келер есін жиғанда...

ХVІІІ Жердің жүзі ұнатқан Арал еді бұл жұмақ. Басты да бұлт зіл батпан, Тұрып алды тұнжырап. Күнде зорлық, күнде егес, Жұмысқа жұрт шықпады. Біреуіне кірмеді ес, Сырын ешкім ұқпады. Уәделесіп алған ба, Тапжылмады ел мүлде. Ең ақыры малдар да Жатты жатқан жерінде. Тірі өлік боп қалған ел, Мұндайды кім көріпті. Король менен саудагер Өздері де торықты. Серпілмеді қайғы-мұң, Король сосын асықты. Бар қазына-байлығын Кемесіне тасытты. – Итше сүйреп байлаулы, Жинап кілең көк миды, Өткізе сап сайлауды, Жөнелемін, – деп түйді, – Саудагер шал ел билеп, Тарқатсын бір құмарын. Кейін дембіл-дембіл кеп, Салық жинап тұрамын... ХІХ Нұрлан күнді кешегі Дамыл көрмей өткерді. Салынғанда төсегі, Бірден мызғып кеткен-ді. Сөйледі енді ашынып, Ыңыранды тістеніп. Жамылғысы ашылып, Жатыр еді түс көріп. Әбден шаршап адасып, Ну орманда жүр екен... Алса көзін сәл ашып, Торғай сайрап тұр екен. Үйдің іші жап-жарық, Таң да атып қалыпты. Егілуге аз қалып, Нұрлан бір сәт қамықты. Ну орманын сағынған Торғайын ол аяды. Шешті аяғын таңылған, Жазылыпты аяғы. Байқамақ ол ұшырып, Ашып еді уысын, Қанат қақты ол түсініп, Шарлап кетті үй ішін. – Сауықтың, – деп айта алам, Қоншы келіп тек төмен... – Нұрлан оны қайтадан Ұстап алды еппенен.

– Қоштасайық, – деп Бірден Тысқа алып шықты оны. Торғайдың да көп күннен Осы еді күткені. – Ауырма енді, торғайым, Еркіндікте самғап ұш. Аман-есен бол дәйім, Бірақ кетіп қалма алыс. Егер зәбір көрмесең, Сайран салып жүре бер. Сырқаттансаң кейде сен, Аялдамай үйге кел! – Нұрлан ауыр күрсініп, – Қош! – деді де, бөгелді. Торғай басын бір шұлғып, Шырқай ұшып жөнелді... Қас қаққанша жел тынды, Су сепкендей басылды. Бұлт жыртылып жөңкілді, Күннің көзі ашылды. Жанданды мал мыңғырған, Шаттық күйі төгілді. Құстар сайрап, Ду-думан Билеп алды өңірді... ХХ – Бас көтерді байтақ ел! – Саудагер тұр аптығып. Ұйқылы-ояу ал король Шала-пұла жатты ұғып. «Бас көтерді деді ме Бүкіл «тағы» қосылып!» Төсегінен деміге Атып тұрды шошынып. Дір-дір етіп тістенді: – Неткен суық хабарың?! Сабасына түсті енді Шалдың көріп қабағын. – Аулын таяп бәленің Не деп тұрсың, жарқыным? – Сүйінші бер, королім, Кірді есі халқымның. Жұмысына аттанып, Түгел өріп барады. Кенін енді ақтарып, Дүбірлетем даланы... – Барыңды онда сал бүгін, Отырмайық дамылдап. Жина алаңға барлығын, Бар да, жедел дабыл қақ... ХХІ ... Дабыл оқыс таралды Таңғы ауаны жаңғыртып. Елеңдетті бар аңды, Жан-жануар қалды үркіп. Басталғандай бір бүлік, Ағылды жұрт асыға. Бірі қалмай дүрлігіп, Жиналды қыр басына. Төмпешікке шығып ап: – Халқым! – деді қу король.

Бір-біріне сыбырлап,
Тына қалды тыңдап ел.

– Сендер үшін қызық не?

Мешеусіңдер не деген!
Ең ақыры жүзіп те
Көрмепсіңдер кемемен.
Құнарлы екен жерлерің,

Тұрғаным жоқ асырып.
Қазына байлық кендерін
Жатыр, бірақ жасырып.
Көрдік егін өскенін,

Бірақ ғылым өспеген.
Саналарың, естерің
Біздің елден көш төмен.
Көсемдерің көсем бе,

Барып тұрған кертартпа.
Ұқсайды өзі мешелге,
Сүйрелейді елді артқа.
Қажет-ақ қой белді елге

Дамыту ой-өрісін.
Сол себепті сендерге
Бермек болдық қол ұшын.
Өсірмеген аулын еш,

Жарытпас деп басқарып,
Орнынан біз
Жарым ес
Көсемді алып тастадық.

Көсемдерің ендігі –
Мына тұрған қария.
Ғұлама бұл белгілі,
Ой-өрісі – дария.

Сендерді біз қосып ап,
Болмақшымыз қорғаныш. –
Король сөзін осы сәт
Бөліп кетті зор дауыс.

– Иланбаңдар, жарандар,

Былшылына корольдің!
Жылмиысын қараңдар,
Таза емес ары оның.
Баршамызды езгілеп

Құл етпекші айуандар.
Ұмтылыңдар тезірек,
Ұстап бәрін байлаңдар! –
Шарықтап бір ән кетті,

Лап қойды жұрт төбеге.
Король даусы саңқ етті:

– Теңізшілер, кемеге!

Қашты олар
Жан-жағын
Бейберекет атқылап.
Ал «тағылар» жауларын

Өкшеледі қаттырақ.
Асып-сасып жүргенін
Тұзақ келіп іледі.
Шеше берсе күрмеуін,

Таяқ келіп тиеді.
Лақтырады бұғалық
Біреу ағаш басынан.
Ойда жоқта кіл алып

Шығады аяқ астынан.
Көміп қуған халықты,
Шаңға батты жол үсті.

Короліміз даңқты
Жан аямай соғысты.
Жеткенді атып соңынан,
Бойлай қашты жыраны.

Оның атқан оғынан
Екі-үш «тағы» құлады.
Мұндай азап көрмепті,
Азабын-ай бүгінгі.

Кемеге әзер ол жетті,
Палубаға ілінді...
Ұзаған соң жағадан,
Шығарған-ды есебін,

Таба алмады арадан
Теңізшінің бесеуін...
Соңына енді бұрылып,
Қарап еді алара,

Ентіккен жұрт дүрлігіп,
Тұрып қапты жағада...
Зұлым жауды
Алқынып

Қуып келген көп халық
Тұрып-тұрып,
Ақыры
Қайтып кетті топтанып.

Нұрлан кейін кеп еді,
Соң қалды енді өзгеден.
Қызық көріп
Кемені

Тұрды ұзатып көзбенен.
Жүгін ауырлады ма,
Мұржасынан бу атып,
Көкжиекке барды да,

Кеме кетті шым батып.
* * *
Көсемді іздеп,
Шарлап ел

Тапты әзер зынданнан.
Сүйсіне елге қарады ол
Жанарымен суланған.
Аза тұтып,

Сұрланып
Ерлерді ел жерледі.
Содан кейін бұл халық
Мұндай сұмдық көрмеді...

Қуаныштан бір-бірін
Сүйіп жатты жас-кәрі.
Бейбіт тұрмыс-тірлігін
Халық қайта бастады...

ХХІІ

Дем алдым мен алқынып,
Жетелеп бір ой легі.
Отырды да сәл тынып,
Атай қайта сөйледі.

– Еңбек сүйгіш, өнерлі,

Салт-санасы – өнеге,
Қасиетті сол елді,
Айтшы, көргің келе ме ?

– Әрине, атай, әрине,

Келеді ғой көргім-ақ.
Көрер едім бәрін де,
Қиын шығар ол бірақ.

– Орамалмен таңайын

Ендеше, мен көзіңді.
Көрінбесін маңайың,
Тыңдап отыр сөзімді, –
Көзімді атай таңды да,

Малдас құрып отырды.
Мені алып алдына:

– Ұш, кілем! – деп өтінді.

Күліп қойдым бұған мен
Таңдайымды сәл қағып.
Екеуіміз қиялмен
Көкке қайта самғадық.

– Мінеки – бір ауылы,

Көрініп тұр қарайып.
Пісіп жатқан қауыны
Сол ауылға барайық.
Бір машина келеді,

Жол аумаған – мұзайдын.
Кәне, мықтал,
Мен оны
Басып озып, ұзайын. –

Қарсыласып жатпаймын,
Басымды изей беремін.
Айтқандарын атайдың
Қиялменен көремін.

– Жөңкіледі ақ сағым,

Шайдай ашық төбеміз.
Үстіменен бақшаның
Жайлап ұшып келеміз.
Иісін-ай қауынның,

Ғажап егін алабы.
Іргесімен ауылдың
Өзен ағып барады.
Диірменнің түбінен

Оны бөгеп, байлапты.
Сірә, осының суымен
Суарады-ау аймақты.
Машиналар ағады,

Қарап келем қызығып.
Қала жаққа барады
Астық тиеп, тізіліп.
Астығы бар не түрлі

Міне, мынау – қырманы.
Элеватор секілді
Әнебіреу тұрғаны.
Әне, анау бақ жақта

Зәулім биік монша тұр.
Мынау жалпақ саздаққа
Тігіліпті он шатыр.
Бұл шатырлы ауылдың

Жалауы бар, көптеген,
Балалардың кәдімгі
Лагері ме деп келем.
Әне, қара, жаным-ау,

Қандай көркем мектебі!
Қасындағы қалың бау –
Балалардың еккені.
Аппақ шаңқан, бір түсті

Үйлері де тамаша-ақ.
Құрылысшылар кірпішті
Өріп жатыр, қала сап.

Міне, қалып барады
Мәдениет сарайы.
Мынау – «Шаттық» алаңы,
Гүлге оранған маңайы.

Кеңесінің алды кең,
Айналасы көкпеңбек.
«Кітап дүкен», «Нан дүкен»...
Дүкендері неткен көп. –

Атайдың әр сөзіне
Зерде қойып келемін.
Оттай ыстық көзіме
Өз аулымды көремін.

– Міне, қондық, қарағым,

Бақытты ауыл ішіне.
Ұзақ жолға жарадың,
Енді әзірлен түсуге.
Тұрды атай баяулап,

Ұмтылып қап ілгері.

– Ауылды енді жаяулап

Аралаймыз, жүр, – деді.
Мырс етіп бір күлді де,
Мені сүйрей жөнелді.
Едәуір жер жүрді де,

Тоқтай қалды ол енді.
Шешті атай көзімді,
Жарқырады жан-жағым.
Тауысып ем төзімді,

Бір құпия аңдадым...
Қараторғай шырылдап,
Сайрап отыр төбемде.
Қарындасым жымыңдап

Қарап отыр төменде.
Жинап отыр кіші інім
Көрші үй берген қауынын.
Асыр сап жүр күшігім,

Құрқылдап жүр тауығым.
Атай қапты қалжырап,
Ұшқандай-ақ көк тіліп.
Дем алған соң азырақ,

Тұрдым:

– Ата, – деп күліп.

Атай шаршай қарады,
Сұрадым мен қаймыға.

– Ертегіңіз жаңағы

Өз аулымыз жайлы ма?

– Азаматсың, тентегім,

Сөз түйінін тез білдің.
Иә, айтқан ертегім –
Осы ауылың өзіңнің.

– Дәл әлгіндей мұң-қайғы

Жайлағаны анық па?
Жазбаған ғой бұл жайды
Біз оқыған тарихта.

– Өкініштің отына

Бабаларды күйдірген
Осындай да оқиға
Болған шығар, кім білген...
Нұр жайнаса көздерің,

Қайғы-мұңды білмесең,
Бақыттысың

Өзгенің
Шылауында жүрмесең.
Айбын мен айдын
Бостандығың – айбының,

Ерекше сес, күші бар.
Оқу, білім – айдының,
Биіктерге ұшырар.
Байлық пен бақыт

Байлық – тілің сөйлесер, Сақтағайсың соны есте. Басыбайлы болмаса ел, Шын бақыт сол емес пе?! Қасиетті тақия (поэма) І Үйде көкем, анам, мен, Әжем, інім – тұрамыз. Әжеме таң қалам мен, Өмірі оның – бір аңыз. Сиыр сауып ертеде, Мол жиыпты қаймақты. Мәлім болып өлкеге, Талай рет бәйге апты. Тау мен тасты аралап, Қой, ешкі де бағыпты. Еңбегін жұрт бағалап, Кеудеге орден тағыпты. Жағланда сақтаулы Сондағы алған ордені. Кейде орденін таққалы Ашса, үңілем көргелі. Әжем талай ақтарды, Қарай берем мен әлі. Көкемнің де сақтаулы Онда алтын медалі. Көкем осы жұлдызды Мерекеде қадайды. Ауылдың бар ұл-қызы Қызыға оған қарайды. Нәрселер бар басқа да: Білезік пе, түйме ме. Сақина ма, шашбау ма, Кестелейтін ине ме – Бәріне таң қаламын, Әрбіреуін бағалап. Бәрінен де бабамның Тақиясы ғаламат. Бұл тақия – мұң-қайғы, Бұл тақия – ертегі. Сұрай қалсаң бұл жайлы, Әжем сыр ғып шертеді. «Сенің бабаң, қарағым, Кісі еді зор денелі. Сенің қасың, қабағың, Көзің соған келеді. Сенің бабаң, қарағым, Жалғыз атты сері еді. Бар еді ғой бабаңның Тоқсан түрлі өнері.

Домбырамен күй төгіп, Ән салатын еді ғой. Әуеніне жұрт еріп, Тамсанатын еді ғой. Өлкеге үні естілген Ақын болған еді ғой. Сескенбеген ешкімнен Батыр болған еді ғой. Ат шапқандай төсіне, Алпамыстай күшті еді. Бүгінгідей есімде Сайысқа сан түскені. Қарсыласын жұлып ап, Ат үстінен аударып, Қарағанда жымыңдап, Тұратын жұрт таңданып. Қайда сауық, қайда өлең, Соңында елдің ұл-қызы. Жалғыз Жасан байменен Жараспады жұлдызы. Жан серігі бабаңның – Бар еді боз айғыры. Делдитіп ап танауын, Бермеуші еді бәйгіні. Көрмеуші едік кісіні Сұқтанбаған айғырға. Оны қолға түсіру – Арманы еді байдың да. Жалғыз атты кедейді Қызықтырмақ боп көрді. – Жеті бие ал! – деп еді, Көнбеген соң кектенді. Тауысты бай төзімін, Алыпты боз тынышын. – Көзін жой! – деп, – бозының! – Жұмсапты қос ұрысын. Сүйретіп кеп құрығын Өлкейіктің1 бойына, Екеуі де ұрының Жығылыпты сойылға. Сынып аяқ, білегі, Бірі жатып қалса аулақ, Қайтып кепті біреуі Шекесінен қан саулап. Зұлымдықтың жолы аз ба, «Бұзық» деген атқа ілді. Шағым айтып оязға, Бабаңды ұстап жаптырды. Қалды әйелі, баласы Запа шегіп, қайғы ішіп. Біз болдық тек жанашыр, Тұрдық ылғи қайрылысып. Сес көрсетіп халыққа, Шалқытты бай байлығын. Мініп жүрді сауықта Алшаңдатып айғырын. ІІ Он алтыншы жыл... Соғыс Құлашын кең жайғанда, 1 Өлкейік – өзен аты.

Қиын болды күнкөріс, Шақыртты елді майданға. Арқалады ауыр жүк, Қалды жұрттың сүлдері. Қайғыланды абыржып, Не істерін білмеді. Қиямет бір күн туды, Жарлы, жалшы тағы арып. Болыс, билер құтырды Көрінгеннен пара алып. Құптап патша жарлығын Қол қойғандар кетті үдеп. Жас баласын жарлының Жазды «жасы жетті» деп. Жасы асқан жалшының Жазды жасын кемітіп. Елге түсіп бар шығын, Әскерге алды тоғытып. Ілінбеді кірпігі, Халық жиі топтанды. Тұтқиылдан бір күні Абыр-сабыр боп қалды. Қол жинаған ел үшін Амангелді хабары Дүрліктіріп ел ішін, Лезде ауылға тарады. Жұрттың кегін өршітіп, Жеткенде сол дүрбелең, Бабаң мұны есітіп, Қашып келді түрмеден. Келгенменен, мұнда түк Тоқтамады, тұрмады. Бай үйінен түн қатып, Өз айғырын ұрлады. Қамшы басты атына, Тастап шықты Тосынды1. Сол кеткеннен батырға Қару ұстап қосылды. ІІІ Қошалақта2 жатқанда Толарсақтан құм кешіп, Соққы берді ақтарға Батырменен бірлесіп. Айтса аңыз ғып ел ұлын, Жүздері бір нұрланып, Талай ғажап ерлігін Біздер ұйып тыңдадық. Бір күні ауыл кешкілік Азан-қазан боп қалды. Бір топ атты көсілтіп, Тасырлатып кеп қалды. Ерттегелі құнанын, Аулада бай тұр еді. Байқап қалып бұларды, Суылдады жүрегі. Елден көмек күткендей Алақтады көздері. 1 Тосын – жер аты. 2 Қошалақ – жер аты.

Қалшылдады түк көрмей, Ұстағандай безгегі. Болмас деді кешірім, Көз алдында тұрды өлім. Тарс жапты да есігін, Іліп алды ілгегін. Жалбағай салт аттылар Басқа үйге соқпады. Атаққұмар, баққұмар Бай үйіне тоқтады. Қабақ түйіп, сұстанып, Түсе-түсе қалысты. Бұйрықтарын қысқа алып, Иектерін қағысты. Көк есікті сыр бүккен Теуіп қалды дәу етік. Бабаң он бір жігітпен Кіріп барды сау етіп. Көзін басып қолымен Бай бұрышқа бүгілді. – Өлтірмеймін сені мен, Тұр! – деп бабаң бұйырды. – Кетем айдап малыңды, Лайық еді ит өлім. Қидым бірақ жаныңды, Бірге өскен ит едің! Сөйтті де ол Жасанға Жұмсаған жоқ жұдырық. Ашуын тек баса алмай, Шығып кетті бұрылып. Өзі үшін, жұрт үшін Келіп еді кек қайнап. Шұрқыратып жылқысын Жасақтармен кетті айдап. ІV Бүкіл Торғай жерінде Дүр сілкінтіп даланы, Жетіп жатты кейін де Талай-талай хабары... Бір күні жау жалаңдап, Жендеттерін жын ұрды. – Барыңдар! –деп, – алаңға! – Үйден-үйге жүгірді. Қайғы басты қаланы, Бүкіл халық кекті еді. Жұрттың түсіп қабағы, Түрме жаққа беттеді. – Салды-ау бұлар бүлікті, Тез жетейік, кеш болар, Қолға түскен жігітті Дарға асады, – десті олар. Жетегінде анамның Жүгіріп мен келемін. «Кім?» деп ойға қаламын Жұрттың «тұтқын» дегенін. Торыққанда осылай Сардар келіп қалар ма ед, Бұл сұмдардан шошымай, Қолға қару алар ек.

– Талай-талай қыршындар Көзін жұмды-ау арманда. Күте тұрсын бұл сұмдар, Қарап жатпас сардар да. Кемпір-шалдар келеді Бірін-бірі растап. Билейді үрей денені, Тыңдаймын мен құлақ сап. – Білдің бе сен, әй, Темір, Аты-жөні кім дейді? – Сарбаз дейді, әйтеуір, Атын ешкім білмейді. – Сен де сонда болдың ба? – Жоқ, көршіміз көріпті. – Айтшы, өзі ол мұнда Неменеге келіпті? Байқамай ол жан-жағын, Кездескен ғой ақтарға. Білмеп пе екен жау барын, Қалай түскен қақпанға? – Қанша әскер бар, білуге Барлау жасап келіпті. Атын байлап, іңірде Аула ішіне еніпті. Жаудың қару-жарағын Тегіс санап алыпты. Қайтар кезде қарауыл Оны байқап қалыпты. Жауды оятып қаптаған, Тез дабылын соғыпты. Қарғып түсіп қақпадан, Атына ол қоныпты. Жау айғайлап, шуласып, Тұндырыпты құлақты. Кеткенде ол қыр асып, Өкшелепті кіл атты. – Ұстарсың! – деп түйіле, Оқша зулап ағыпты. Байқамай бай үйіне Жақын келіп қалыпты. Үйден де өтсе сәл ұзап, Оқ тиіпті атына. Айдалада жалғыз қап, Ұсталыпты қапыда. V Жиылды жұрт алаңға Тұс-тұс жақтан ағылып. Жатқан кісі қамауда Кім екен деп аңырдық.

Ширатылды өш пен кек,
Құрулы тұр дар ағаш.
Әкелді оны қос жендет
Белуардан жалаңаш.

– Бір жақ көзі таңулы,

Кім өзі бұл!?

– Бәсе кім?

Ақыры жұрт таныды,
Бабаң екен ол сенің.
Тұра ұмтылды бір уақта
Бір жас бала ілгері.

Жібермеді бірақ та,
Жендет ұстап тұрды оны.

Тоқтатты да бабаңды,
Төре соңғы сөз берді.
Қатулы еді қабағы,
Бабаң енді өзгерді.

Қарады ол жер-көкке,
Аңсағандай ұшуды.
Сосын шешіп,
Жендетке

Тақиясын ұсынды.
Көздерінен төгіп от,
Тамағын сәл кенеді.

– Балам кисін! – деді тек,

Басқа ләм-мим демеді.
Жендет оны бүктеді,
Қол бұлғады тобырға.

– Ей, баласы,

Шық бері,
Тақияны ал, кел мұнда!
Бала тағы жұлқынды,
Жандармдар жіберді.

Әкесіне ол ұмтылды,
Бір құшақтау – тілегі.
Жолдан оны бөгеді
Тақия алған қу жендет.

Жас бала боп керегі,
Ұстай алды бүгжендеп.

– Баласы! – деп, – жауыздың! –

Жыбырлады беттері.
Тұншықтырып, ауызын
Тақиямен кептеді.
Дір еткізіп жер-көкті,

Бабаң оған зекірді.
Қасында екі жендетті
Екі жаққа екі ұрды.
Сұмдар қарап қала ма,

Жетті бәрі жүгіріп.
Содан соң-ақ бабаңа
Төпеп кетті жұдырық.
Бірін-бірі кимелеп,

Соқты ішке, басқа да.
Тістелеп жүр:

– Тиме! – деп,

Бір жендетті жас бала.
Жау аларып қарады:

– Көрейін, – деп, – күшіңді! –

Бір теуіп қап баланы
Домалатып түсірді.
Жатты бала түк үнсіз,
Таусылды елдің шыдамы.

Алға ұмтылды тынымсыз,
Дүрлігісті, шулады.
Жандармдар тежеді,
Жібермеді халықты.

Өртеніп жұрт өзегі,
Шарасыздан қамықты.
Бабаң сансыз қорқауға
Қалай қайрат қылады?!

Жабылған соң,
Ортаға
Етпетінен құлады.
Сұм жендеттер алқына

Жағасына жармасты.
Қолын байлап артына,
Тұзақ салып дарға асты...

Батты жұртқа қара өлім, Жанарларда жас тұрды. Биік еді жаны оның, Биікте жан тапсырды». VІ Осыны айтып, ойланып, Қалады әжем отырып. Кек пен ыза бойды алып, Қиналам мен өкініп. – Құлаған соң, өлді ме, Жайын айтшы баланың. – Ол бала ма? Ол – міне, Сенің атаң, қарағым. Нұсқайды әжем суретті, Сосын қолға алады. – Бір кісі үлкен жүректі Сақтап қалды баланы. Жендеттердің қолдарын Қағып-қағып өтті де, Сұлық жатқан баланың Су бүрікті бетіне. Өстіп есін жиғызды, Қарап қалды бар адам. Тақиясын кигізіп, Алып өтті арадан... Тершіп мұрын тартамын, Жиі тыныс алып мен. Суретіне атамның Үңілемін байыппен. «Мініп алған атына Атам күле қарайды. Басында осы тақия, Көзінен от тарайды». Есіме ылғи бұл сурет Түсіреді хаттарды. Әрбірінің сыры көп, Бәрі мұның сақтаулы. Атам жазған, білемін, Осыншама мол хатты. Ішіндегі біреуін Жолдастары жолдапты. Көмегімен апамның Оқып алғам ол хатты. Командирі атамның Атам жайлы толғапты. Бірде лезде тегіс жер Астан-кестен болыпты. Мол күшпенен немістер Тықсырыпты полкті. Командирлер кіжініп, Күйініпті қайнап іш. Қалса керек үзіліп Штабпенен байланыс. Қара түнек көк пен жер, Көп-көп бомба түсіпті. Жалғау үшін кеткендер Жетпей оққа ұшыпты. Жүдепті жұрт бір ауық, Жанарларда мұң тұнып.

Сол кезде өзі сұранып,
Шығыпты атам ұмтылып.
Үзік жерден сәл жырақ
Жарылыпты снаряд.

Ұйып қапты қансырап
Екі қол мен бір аяқ.
Сонда да атам ешкімді
Күтпей алға аунапты.

Жетіпті де, қос сымды
Тісіменен жалғапты...
Тың күш келіп соңынан,
Полк алға басыпты.

Тұра салып орнынан,
Фашист біткен қашыпты.
Жауды қуып иіре,
Атама тез жетіпті ел.

Сым тістеген күйімен
Жан тәсілім етіпті ол...
Біраздан соң таңданам
Және сұрақ беріп мен:

– Сіз әжемсіз, ал бабам

Маған баба неліктен?
Сөзді әжем алыстан
Орағытып бастайды.
Сөйтіп бізді жанышқан

Мұңды серпіп тастайды.

– Жауындатып, селдетіп,

Сан көктем, сан күз келді.
Өжет бала ер жетіп,
Тағдыр қосты біздерді.
Сол бір қиын күндерде

Егіз гүлім бір өсті.
Ұлды аңсап жүргенде,
Көкең келіп ілесті.
Шаттық кернеп даланы,

Ұмытқанда біз мұңды,
Түсіп күннің қабағы,
Әлем кенет бұзылды.
Тағдыр өртін жайды алға,

Қырғын соғыс басталды.
Алдыменен майданға
Алып кетті жастарды.
Қиын кезең туды елге,

Сиреді жұрт қатары.
Көкең қаз-қаз жүргенде,
Алып кетті атаңды.
Көз жазбай бір сәт алдан,

Кештік ауыр көп күнді.
Келер жылы атаңнан
Қара қағаз кеп тиді...
Батты маған осы өлім,

Қайғы бұлты төнді үйге.
Жатып қалдым неше күн
Қозғала алмай мен мүлде.
Бұл бір келген әлемге

Алапат қой, шырағым.
Қайғырғанмен амал не,
Лажсыздан шыдадым.
Осыдан соң көңілді

Босатпауға тырыстым.

Бекем буып белімді,
Қайта іске кірістім.
Көксау әйел атандым,
Ойламай жан күтімін.

Болса да ауыр
Атаңның
Сөндірмедім түтінін.
Жоғалтып ап атаңды,

Күнін көрдім жесірдің.
Көкең мен қос апаңды
Өстіп жүріп өсірдім.
Өстіп жүріп

Аяғы,
Тұтқиылдан бақ қонды.
Алма бақтай саялы
Сенің анаң тап болды...

Қуантқалы, құлыным,
Содан кейін сен келдің.
Менің бүйтіп жүргенім –
Қызықтарың сендердің.

Батыр болған бабаңның
Кім екенін білдің бе?
Сенің түрің, қарағым,
Ұқсайды оның түріне.

Әжемнің бұл сөзіне
Қуанып мен қаламын.
Елестетем көзіме
Бабамның қас-қабағын.

Көз алдыма атама
Ұқсайтын зор денелі,
Қабағында қаһар бар,
Алып кісі келеді.

Батыр болу қиын-ақ,
Көз тастаймын айнала.
Қабағымды түйіп ап,
Үңілемін айнаға...

Ашуланған адамдай
Бедірейіп қаламын.
Жай кісі емес,
Бабамдай

Батыл болу – қалауым.
Жатқаннан соң кешке де,
Ұзақ ұйқым келмейді.
Алаңдатпай ештеңе,

Тәтті қиял тербейді...
Кеш тұрсам да анамнан,
Ерте тұрам інімнен.
Қарғып шығып ауладан,

Үйді айнала жүгірем.
Көтеріп ап қозымды,
Қырға шығып шынығам.
Аямаймын өзімді,

Тастай суға жуынам.
Содан кейін кіміңмен
Күрессем де жығамын.
Өскеннен соң түбі мен

Батыр болып шығамын.
Өйткені ұрсаң шыбықпен,
Жыламаймын ешқашан.
Қоямын тек күліп мен,

Болғаны сөз қоспасаң.

Кісідей түк сезбеген,
Тұрам сәл-пәл қызарып.
Кейде біреу сөзбенен
Жылатады ыза ғып.

Жиреніп мен кетемін
Оның лас сөзінен.
Тез әжеме жетемін,
Жас моншақтап көзімнен.

Қалай шыдап тұра алам,
Қоя берем еңкілдеп.
Сұрамайды бірақ ол

– Неге жылап келдің? – деп.

Тыңдамайды сөзімді,
Аяп құлақ аспайды.

– Тәйт! – деп қайта өзімді

Жасқап тыйып тастайды.
Шапалаққа шақ қалып,
Түйіледі қабағы.
Жағаланды ақтарып,

Тақияны алады.
Мінезі де бір қызық,
Булығады ашуға.
Ерініне тигізіп,

Кигізеді басыма.
Өксігімді мен демде
Баса қоям тістеніп.
Осы сәтте кеудемді

Кетеді бір күш керіп.
Қыран
Түнек жауып қаланы,
Күн кешкіріп барады.

Үш бала тұр гүл сатып
Мұңға толып жанары.
Әп-әдемі-ақ гүлдері,
Сауда бірақ жүрмеді.

Бұларға ешкім бұрылмай
Өтіп жатты ілгері.
Көршілерден
Сабағы

Сынған гүлді алады.
Гүл ұсынып үш бала,
Бос жалынып қалады.
Көршіден гүл сұрамай,

Келді бір сәт бір ағай.

– Өтпеді ме гүлдерің

Балалар-ау, бұ қалай?
Оттай жанған жанары,
Қалың екен қабағы.
Витя келген ағайға

Жыламсырай қарады.

– Өнбеді іс қолға алған,

Біз екенбіз соң қалған.
Батып жүріп батпаққа,
Теріп едік орманнан.
Тірі пенде алмайды,

Басқа гүлді таңдайды.
Досымызға енді біз
Ала алмаспыз нан, майды.

– Е, балақай, ұғып ал:

Алмауының сыры бар.
Сары – ажырау белгісі,
Ажырасу кімге ұнар?
Мына шоғың көк екен,

Басқа көгің жоқ екен.
Осыңды мен алайын,
Құны мұның не екен?

– Басқасы да, ол дағы –

Елу тиын болғаны. –
Гүлін Витька ұсынды
Дір-дір етіп қолдары.

– Қазір берем теңгеңді, –

Ағай иіскеп көрді енді.
Қалтасынан шығарып
Жиырма бес сом берді енді.

– Өтпейді екен бұл гүл көп,

Қайтаратын түгім жоқ.
Бермейсіз бе ұсатып? –
Деді Витька күлімдеп.

– Бұдан былай

Өңі бар
Басқа гүлден теріп ал.
Бұл ақшаға досыңа
Жеміс-жидек, өрік ал.

Ұнайды гүл, әрине,
Жастарға да, кәріге.

– Ағай мына гүлдердің

Сіз алыңыз бәрін де.
Барлық гүлден, бақсаңыз,
Асып кетті ақшаңыз.
Алмасаңыз гүлдерді,

Не береміз басқа біз?...
Ағай құлақ түрмеді,
Жүріп кетті ілгері.
Балалар бұл ағайдың

Кім екенін білмеді.
Қолын бұлғап от арман,
Тапсырма алып Отаннан,
Ер Чкалов еді бұл

Бір ұлы іске бет алған.
...Әлем неткен кең еді,
Жұлдыз неткен көп еді!
Аппақ мұхит үстінде

Ұшақ ұшып келеді.
Чкалов – бұл ел ұлы,
Қыранның нақ сенімі.
Байдуков пен Беляков –

Қос қанаты,

серігі.
Талмай ұшты үш аға,
Полюсті өтті түс ауа.
Мақсат біреу –

Солтүстік
Полюсті асу нысана.
Шыдамаған жолға жан,
Жете алмаған онда адам.

Тарихта мұндай іс
Бұрын-соңды болмаған...
Үшеуі не көрмеді,
Ауа жетпей терледі...

Жаңқа болды дауылға
Желді күнгі көлдегі.
Қауіп-қатер көп болды,
Бәрін бастан өткерді.

Белгіленген әуелгі
Жерлеріне кеп қонды.
Күн ұзаққа топтанып,
Күтіп тұрған көп халық

Төбесіне көтеріп,
Үш қыранды кетті алып.
Алып келген әдейі
Себілді гүл әдемі.

Болды осы гүл Отанның
Оттан ыстық сәлемі.
Жер-Ана
Соғысты мен көрмедім,

Көріп жүрмін кинодан.
Жұрттың көріп өлгенін,
Аяп қатты қиналам.
Бір жылдары фашистер

Елге басып кіріпті.
Жалаңдапты аш иттей,
Салыпты ойран, бірлікті.
Өрт боп жанып даламыз,

Қайғы бұлты торлапты.
Сонда талай бабамыз
Елімізді қорғапты.
Ажал болып сұм жылдар

Сумаңдапты желге ұшып.
Сонда талай қыршындар
Құрбан бопты жер құшып.
Ыстықсың-ау, Жер-Ана!

* * *
Бір машина ауылға
Келіп қалды зыр етіп.
Жүгірістік бауырға

Жұрт айтатын жыр етіп.
Кабинада екі адам:
Шопыр және, бір ағай.
Мойын созып ортадан

Танып тұрмын сұрамай.
Ауылдағы бар адам
Бұл ағайды біледі.
Ташкент деген қаладан

Келіп-кетіп жүреді.
Мұнда туыс, бауырдан
Ешкімі де жоқ оның.
Сонда да оны ауылдан

Жиі-жиі көремін.
Құндақтапты ағайды
Жөргектегі баладай.
Мөлие ағай қарайды

Сәлемдерін ала алмай.
Сәлем берді біреулер
Қолын бермей бас шұлғып.
Бас шұлғыды біреулер

Жанарынан жас шығып.

Көкем мені іздеді:

– Барамыз, – деп, үйге ертіп.

Алып келдік біз оны
Қол арбамен сүйретіп.
Отырғыздық қақ төрге,
Қуаныш көп бүгінгі.

Бәйек болды әкпем де,
Дүкен жаққа жүгірді.
Істі қойып үй өзге,
Сыйлап жатыр ағаны.

Анамның да лезде
Дайын болды тамағы.
Ағаны өз қолымен
Көкем тамақтандырды.

Кесені алмай ернінен,
Сусынын да қандырды.
Сосын көкем, ағайым
Шахматқа кірісті.

Ақ тастарын ағайдың
Анам келіп тігісті.
Фигураның біреуін
Ағай көзбен нұсқайды.

Екі етпей тілегін,
Көкем соны ұстайды.
Басын изеп тағы да:

– Сол, – деп, ағай күледі.

Қарасын да, ағын да
Көкем өзі жүреді...
Ертеңіне сәскеде
Аттанды ағай қалаға.

Бойын созып Тастөбе1
Қарап қалды ағаға...
Осы ағайдың өмірін
Бес саусақтай білемін.

Айтсам, босап көңілім,
Шаншиды кеп жүрегім:
Сонау соғыс жылдары
Ата-анасы бар екен.

Ол кезде ағай тұлғалы
Өрімдей жас бала екен.
Үдеп фашист бір ауық,
Соғыс қанат жайғанда,

Жас болса да сұранып,
Аттаныпты майданға.
Жиырма жыл толыпты
Қырғын соғыс біткелі.

Өлдіге жұрт жорыпты,
Ешкім оны күтпеді.
Класс. Сабақ. Күз еді,
Ой кітапқа кетті еріп.

Қоңырау боп, біз енді
Есікке тік беттедік.
Шықсақ, көкшіл «Волганы»
Қоршап апты топ адам.

Суды кешіп жолдағы,
Жетіп бардым мен оған.
Кемпір-шалдар зорға кеп,
Жиылыпты бар ауыл.

Аяқ та жоқ, қол да жоқ,
Ораулы отыр аға бір.
1 Тастөбе – ауылға кіре беріс жердегі биік төбе.

Ұмытпапты ұлын ел,
Құшып тыным бермеді.

– Келдім, – деді күліп ол, –

Туған жерді көргелі.
Ыстықсың-ау, туған жер!
Күш, құтсың-ау, туған жер!
Түтіндер

Қыс күні.
Қызығып
Қараймыз көкке біз.
Омбылап,

Тізіліп
Мектепке беттейміз.
Жайдары жұрт үні,
Сай да аппақ, қыр да аппақ.

Мектептің түтіні
Шығады будақтап.
Көрсек біз шешейді,
Түк емес ызғырық.

Біз үшін пештерді
Қояды қыздырып.
Сабақтан тарасақ,
Класқа келеді.

Шүберек ала сап,
Жуады еденді...
Өстіп іс қылады,
Туыс жоқ шешейде.

Ол жалғыз тұрады
Шеткері көшеде.
Жүдеу тым реңі,
Жаз мейлі, қыс мейлі.

Аузынан үнемі
Сигарет түспейді.
Түтіні будақтап,
Өзі сыры ашпайды.

Сыр ашса, тыңдап бақ,
Соғыстан бастайды.
Қабағын сәл түйіп,
Сөйлейді тұнжырап.

Түссе еске зар-күйік,
Алады бір жылап.
Ол кейде ағасын
Еске алып жылайды.

Ол кейде баласын
Еске алып жылайды.
Ал, кейде жан жарын
Еске алып жылайды.

Жалғыз, тұл қалғанын
Еске алып жылайды.
Үй тұрмақ, бұл кемпір
Кеңседе жылайды.

Ағайдың суретін
Көрсе де жылайды.
Осылай бес аға
Майданда өліпті.

Тағдырға не шара,
Бұл шешей көніпті.
Көкейде мұң бұғып,
Дәрменсіз көніпті.

Ызадан булығып,
Темекі шегіпті.

Сол соғыс кетіпті
Шешейді сұсты етіп.
Сол соғыс кетіпті
Сигарет тістетіп.

Атамның ашуы
Келсе ашуы атамның,
Онша қатты ұрыспайды.
Үйді,

Айтып мақалын,
Шылым шегіп ыстайды.
Тістегендей дәу шыбын,
Ашығанда қолқамыз,

Шылымы денсаулығын
Құрта ма деп қорқамыз.
Миллиард деген немене?
(Кішкене Анардың әңгімесі)

Тұрдық тағы ерте біз,
Ескерттік те анама,
Әкемменен екеуміз
Бардық шеберханаға.

Комбайндар тізіліп
Қатар-қатар тұр екен.
Қарай бердім қызығып,
Иелері кім екен?

Көп кешікпей табылды
Иелері бәрінің.
Болып шықты барлығы
Кісілері ауылдың.

Болды әкеме тиісті
Ең шеттегі комбайн.
Жөндеуге әкем кірісті,
Қағып қойып таңдайын.

Өтінбей-ақ болдым мен
Көмекшісі әкемнің.
Жәшігінен
Болты мен

Гайкаларын әпердім.
Табылды тез керегі,
Сол – қолымнан келгені.
«Бұл да болса – көмегі», –

Деп мақтады ел мені.
Комбайншы ағалар
Демалғанда бірауық,
Әкем маған:

– Бар,

Анар,
Келші, – деді, – су алып.
Жылдам барып бұлаққа,
Қайтып келсем,

Аулада
Барлық аға бір қартқа
Қарап отыр таңдана.

– Былтырғыдай биыл да

Болар ма екен миллиард?
Күшің жетсе жиюға,
Болады, – деп, күлді қарт.
Біле алмадым аты кім,

Атайды осы – көргенім.
Шелегімді ақырын
Қойдым,
Сөзін бөлмедім.

Атай, Анар өткір қыз,
Бүтін бала бұл есі.
Осы болар деп жүрміз
Миллиардтың иесі...

Миллиардтың не екенін
Онша ұға қоймадым.
Кейінрек әкемнен
Сұрайын деп ойладым.

– Атай,

Осы Анарым
Тіл алғыш қыз, – деді әкем.

– Өркенді бол,

Қарағым,
Мандайыңды бері әкел.
Орынынан тұрды атай,

– Міне,

Мұның дұрыс, – деп.
Маңдайымнан сүйді атай,
Самайымнан иіскеп.
Ал ағалар шелекке

Бас қойып,
Көп су ішті.
Алғыс айтып көмекке,
Қайта іске кірісті.

Не сұрамақ болып ем,
Әкемнен мен әлгінде.
Таба алмадым оны мен,
Ұмытыппын бәрін де...

Ергеңіне егінге
Тұрды ағалар жиналып.
Әкем:

– Қазір,– деді де,

Келді мені үйге алып.
Көнбей қойдым бірақ мен,
Үйде қалғым келмеді.

– Барамын,– деп жылап ем,

Әкем ырық бермеді.
Қалдырдың-ау мені істен,
Не қыласың күнге еріп?!

– Ендеше, сен егістен

Әкелерсің гүл теріп.

– Мақұл, күнім, Анарым,

Уақыт бөлем сен үшін.
Осы болды талабым,
Осы болды келісім...
Күнде кешке

Мен оның
Жолын ылғи бағамын.
Бірақ, үйге келгенін
Көрмей ұйықтап қаламын.

Оянғанда тағы да,
Әкем жоқ боп шығады.
Есесіне жанымда
Бір шоқ гүлі тұрады.

Әкеме өкпем жоқ менің,
Орындалды тілегім.
Әкем келіп-кеткенін
Содан ғана білемін...

Балалармен ойнаймын,
Қызығы мол ауылдың.
Бірақ жиі ойлаймын,
Әкемді мен сағындым.

Көп қараймын жол жаққа,
Тілеп күндіз келгенін.
Күнде бірге болсақ та,
Бір ай бойы көрмедім.

Көргім келіп жүр еді,
Әкем бүгін келді үйге.
Қайта-қайта сүйеді.
Ағамды да, мені де.

– Ура! – деді айғайлап,

Мені бір сәт көкке атып.

– Ұста, – деді, – абайлап, –

Анам әзер тоқтатып.

– Миллиард, тағы миллиард!

Қуанды ол балаша.
Немене бұл миллиард?
Түсінбедім мен онша.
Керді анам қабағын,

Қуаныш мол өңінде.
Қуанышы мамамның –
Қуанышым менің де.
Миллиард деген ендеше –

Бүгінгі осы куаныш.
Миллиард деген немесе
Мен шығармын тіл алғыш.
Солдат хаты

Әке-шешем түзде ылғи,
Жұрттың малын бағады.
Ал ауылда біздің үй,
Мұнда әжем қалады.

Кір-қоңымды тазалап,
Әжем маған қарайды.
Оқу оқып,
Азамат

Болуымды талайды.
Бұрын, сиыр сауғанда,
Әжем талай бәйге алған.
Облысқа, ауданға,

Депутат боп сайланған.
Содан сыйлы өлкеге,
Әжемнің жоқ арманы.
Арманы тек –

Ертеде
Хат танымай қалғаны.
Әттең, жолы болмапты,
Әжем талай өкінді.

Сондықтан ба,
Ол қатты
Қадірлейді оқуды.
Жақсы оқитын баланы

Жақсы көріп қалады.

– Жақсы еді, – деп, – сабағы, –

Ағаны еске алады.
Шалғайда аға
Атқарып
Жүр әскери міндетін.

Әжеме ол мақтанып,
Хат жазады күнбе-күн.
Әжемнің бұл түлегі
Ісін жақсы біледі.

Командирдің үнемі
Алғысын ап жүреді.
Озаттардың белгісін
Тағынғанын айтады...

Туыстарды,
Ел ішін
Сағынғанын айтады.
Әжем көңілі жоғары,

Ағамнан хат келгенде.
Мұндай күнді
Болады
Кішігірім той деуге.

Кейде хаты ағамның
Келмей жатса кешігіп,
Әжем жауып қабағын,
Сөйлемейді шешіліп.

– Әнеугүні хатында

Аман-саумын деп еді.
Әлде ауырып жатыр ма? –
Деп, күрсіне береді.
Өстіп ұзақ жабығып,

Жүрсе әжем алаң боп,
Ауылды мен сағынып,
Хат жазамын ағам боп.
Жеткенінше ақылым,

Асыл сөзді табамын.
Содан кейін ақырын
Жәшікке әкеп саламын.
Әжем оны жәшіктен

Алғанша өз қолымен,
Жоламаймын қашып мен,
Алғаннан соң көрінем.
Аламыз біз үнемі

Хатын бір-ақ адамның.
Сосын әжем біледі
«Хаты екенін ағамның».
Көңіл бөліп көрмейді

Бар ма, жоқ па мөрі оның.

– Марат, жылдам кел! – дейді,

Білмегенсіп келемін.

– Оқышы не дегенін,

Хат келіпті күнімнен.
Әзір менің «көмегім»,
Хатты ашып үңілем.
Әрбір «сөзін ағаның»

Тыңдайды әжем күлімдеп.
Сүрткілейді жанарын,

– Құлыншағым, күнім! – деп.

Сыр тарта мен қараймын,
Ол кеп сүйіп алады.
Содан кейін талай күн
Шытылмайды қабағы.

Бәсіре
Ертең ерте барып едім,
Үйіне мен Дауылдың.
Түріне таң қалып оның,

Түк дей алмай, аңырдым.
Жасын бұлап, жылаудан көп,
Қызарып тұр жанары.
Екі көзі былаудай боп,

Түсіп кеткен қабағы.
Бата алмадым ләм-мим деуге,
Өзі айтар деп тосылдым.

Қиын екен бәрінен де
Мұңайғаны досыңның.
Мұндайда жоқ басқа амалың,
Сөйлеу қиын батыл боп.

Сонсоң айтты ол:

– Қасқа лағым

Өлейін деп жатыр, – деп.

– Неге? – дедім, – ауру ма еді?

Көруге оны бола ма?
Ертіп барды Дауыл мені,
Бастап кірді қораға.
«Менен күдер үзген бе? – деп,

Бағдарлай көз тастап ап,
Сұрағандай бізден көмек,
Ыңыранды қасқа лақ.

– Қиын екен жайы тіпті,

Айтшы, бұған не болды?

– Жоңышқаға жайылыпты,

Үзіп кетіп көгенді.
Жесе оны мал шық кезінде,
Іші өстіп кебеді.
Сұр қалмапты тіпті өзінде,

Көзі алара береді.

– Іш кепкеннен мал өле ме?

– Емдемесе, өледі.

– Дәрі берсе ал егерде?

– Дәрі үйде жоқ еді.

Келеді-ақ қой дәрі бергім,
Жазылады, дау бар ма?
Дәрігерге барып едім,
Кетіп қапты ауданға.

– Не деуші еді ол дәріні,

Қайткен күнде табамыз.
Тез алмасақ қолға мұны,
Босқа қапы қаламыз.

– Осыншама күйінер ме ем,

Атын білсем тұрам ба?
Дәрігердің үйінен мен
Ұялам ба өзім сұрауға?
Кетіп еді жұмысына

Апам менен көкем де.
Лағым ажал уысында
Кетер ме екен бекерге?!
Қалмаған соң басқа амалы,

Мүсіркейді ол төніп.
Демігеді қасқа лағы,
Көзін жиі төңкеріп.
Мақтаушы еді өзін әркім,

Жүруші еді белсеніп.
Бастаушысы қозылардың –
«Командирі» деуші едік.
Маңдайымыз тершіп оған

Қарап тұрдық қиналып.
Бала-шаға, көрші-қолаң
Қалды жедел жиналып.
Лақты аяп,

Көріп халді,
Билеп алды бәрін мұң.
Осы сәтте келіп қалды
Апасы да Дауылдың.

Үмітпенен қарап едік,
Апай оны сезбеді.

– Қалмасын тек арам өліп,

Бауыздаңдар тез! – деді.

– Мен сояйын, батылмын, – деп,

Тұрды Төлен жымыңдап.
Ал мен тұрдым бақырғым кеп,
Төбе құйқам шымырлап.
Аяды ма жас жүрегі,

Дауыл оған көнбеді.

– Сойғанша оны,

Жақсы, – деді, –
Ажалынан өлгені.

– Іші кеуіп ақ бұзауы

Ауырғанда,
Пірәлі
Бізін сұғып, қапты жаны, –
Деді тұрып Нұралы.

Дауыл бізін іздеп еді,
Ұнатып қап ол емін,
Шыға келді біз дегені
Шаппасынан Төленнің.

Жасамақ боп дауыл емін,
Лаққа таяп ентікті.
Әр қимылын бағып оның,
Қобалжыдым мен тіпті.

– Қапелімде өлсе, обал-ақ, –

Деді апай жабығып. –
Іші жүрсе бейшара лақ
Қалар еді сауығып.

– Тұра тұршы, Дауыл! – дедім,

Болмас басқа ем таппаған.
Сәл күтіңдер,
Дәрігердің
Үйіне мен аттанам.

Қинама бос бізіңменен,
Қауіпті екен бұл емі.
Мен ағылшын тұзын берем,
Іші бірден жүреді...

Нұралының кермедегі
Шешіп міндім дөненін.
Жүйрік екен көк дөнені,
Құйындата жөнедім.

Дәрігердің үйіне кеп,
Бір-ақ тарттым ат басын.

– Рұқсат па кіруге? – деп,

Тақылдаттым қақпасын.
Бала шықты зор дауысты,
Болса да өзі кішкене.
Оған барлық болған істі

Түсіндірдім ішке ене.
Лақты аяп қалып еді,
Обал бопты деп, тегі,

– Танымаймын дәрілерді,

Үйде ешкім жоқ, – деді.
Асықтырып,
Білегінен
Ұстай алдым баланың.

– Ол дәріні білемін мен,

Өзім танып аламын.
Бала біраз ұртын басып
Қарап тұрды ойлана.
Содан кейін

Құлпын ашып,
Бастап кірді қоймаға.

Қиналмай-ақ тауып алдым,
Мол ағылшын тұзын мен.
Үйлеріне Дауылдардың
Суыт қайттым ізіммен.

Келе,
Салып қос уысын,
Су құйдым да табаққа,

– Дауыл, – дедім, – осы ішін

Тазалайды заматта.
Лақтың аузын тұрды керіп,
Оқтау салып Нұралы.
Тұзды Дауыл құйды келіп,

Қылқылдатты лағы.
Бар дәріні бір-ақ ішіп,
Кетті ішін қуалап.
Бүкіл бала қуанысып,

Қоя бердік уралап...
Ертеңіне келіп едім,
Қозыларды бастап ап,
Кезіп үйдің төңірегін,

Шауып жүрді қасқа лақ.
Қарап оның қылығына,
Отыр едім жүрелеп,
Байқаусызда иығыма

Қолын артты біреу кеп.
Талып қалды иығым сәт,
Қолы мұнша ауыр кім?
Қарасам көз қиығым сап,

Көкесі екен Дауылдың.

– Мейірімді жүрегіңнен

Айналайын, қарағым.
Қасқа лақты бір өлімнен
Құтқарыпсың, жарадың.
Асырыпсың амалыңды,

Риза еттің сен мені.
Сосын:

– Дауыл,

Бар, лағыңды
Ұстап алып кел, – деді.
Дауыл лақты
Алаңдамай,

Оп-оңай-ақ алды ұстап.
Ал көкесі маған қарай
Мойын бұрды дауыстап.

– Жүрші, балам, қасыма еріп,

Аз болған жоқ көмегің.
Осы лақты бәсіре ғып,
Ен сап саған беремін.
Байлап лақты көгенге кеп,

Тіліп қойды құлағын.

– Бұл «бәсіре» деген не? – деп,

Түсінбей мен сұрадым.

– Байқап жүрмін сөздеріңнен,

Дауылымның досысың.
Дауыл саған өз қолымен
Сыйлап отыр осысын.
Өзімнің де бауырымсың,

Лақ сенікі, қарағым.
Бәсіреңді алу үшін,
Қашан келсең – қалауың.
Дауылға кеп, қысылып сәт:

– Рақмет, – дедім мен.

Қолымды ол қысып ұзақ,
Жымиды риза пейілмен.
Жұлдызшасы маңдайына
Жарасып тұр, көркем-ақ.

Бір қарап ап жан-жағына,
Шауып кетті ерке лақ.
Атай
Кітап оқып отыр едім,

Таңғажайып бір күйде.
Қолмен басып көкірегін,
Дауыл келіп кірді үйге.
Меніменен қол алысып,

Тұрып қалды ентігіп.

– Жау қуды ма, жоғары шық, –

Отыр, – дедім мен күліп.

– Асығыспын, аялдауға

Уақытым жоқ бір минут.
Кітабыңды жап одан да,
Біздің үйге сырғиық.

– Не үшін? – деп сұрадым мен,

Не айтпағын білгім кеп.

– Білгің келсе, тұр алдымен,

Киін, – деді күлімдеп.
Киіндім тез, көп күтпеді,
Қиналған жоқ бөгеліп.

– Ал ендеше, кеттік! – деді,

Құстай ұша жөнелдік.
Тоқтадық үй жанына кеп,
Енді ентелеу қауіпті.

– Жақындай түс,

Аңырма, – деп,
Түрді Дауыл жабықты. –
Кім бар екен біздің үйде,
Осы жерден көр келіп.

Байқамасын бізді мүлде,
Сөздерін біз бөлмейік.
Келіп төр жақ тұсын ала
Мен ішке көз жібердім.

Үйде – екі кісі ғана,
Тани кеттім біреуін.
Естай ағай – ол біреуі,
Өз көкесі Дауылдың.

Ал қонақты өңді реңі,
Шырамытып, аңырдым.
Асыл сүйек елден ерек,
Тістері аппақ тізілген.

Нұр тамып тұр
Дөп-дөңгелек
Күн келбетті жүзінен.
Қарыс маңдай,

Қасы қою,
Ашық жарқын қабағы.
Қарт болса да,
Шашында оның

Сирек екен ағы әлі...
Сақалы да дөңгеленіп,
Өңіне тұр жарасып.
Қарай түстім мен бөгеліп,

Саңылауды сәл ашып.
Түсе қалды енді есіме,
Талай көргем суреттен.

Орден толы кеудесіне
Қараушы едім құрметпен.
Ордендерін өңірдегі
Тағы да іздеп қараймын.

Ордендері көрінбеді
Тасасынан ағайдың.

– Білем, – дедім, – бұл кісіні,

– Білсең, атын атай ғой.

– Музейде де тұр мүсіні,

Бұл – Жазылбек атай ғой.
Жасынан мал баққан кісі,
Шопан ғой ол даңқты.
Еліміздің мақтанышы,

Сүйікті ұлы халықтың.

– Көруің бе бірінші рет,

Әлде бұрын көріп пе ең? –
Деді Дауыл күлімсіреп
Таңданғандай кейіппен.

– Бұрын-соңды көрмеп едім,

Көріп ем тек суретін.

– Неткен өзің зерек едің,

Суреттен-ақ білетін.
Өкінбессің келгеніңе,
Осы – асыққан себебім.

– Ризамын көргеніме,

Достарға айтып беремін.
Класта енді жайраң қағып,
Айтып тұрсам бұл жайлы,
Бала біткен қайран қалып,

Аузын ашып тыңдайды.

– Сөйлесе алмай қалдым деме,

Онда үйге кірейік.
Жасырынбай,
Әңгімеге
Барып құлақ түрейік...

Жас емес ол аға дейтін,
Сөзді жұптап алдым да:

– Ата, ас-салау-ма-ғалей-кум! –

Дедім, кіріп бардым да.
Қос қолымды создым келіп,
Созды атай да қос қолын.
Қарт кісімен кезі келіп,

Сәлемдессем, өстемін.
Атайларға кей балалар
Бір қолын-ақ береді.
Ренжиді онда олар,

Білімсіз деп сөгеді.
Күлкі үйіріп сәл өңіне,

– Ғұмырлы бол, балам, – деп,

Ырза болып сәлеміме,
Алғыс айтты ол маған көп.
Қолын алдым сосын келіп,
Өзіміздің ағаның.

Сөйлеп кетті ол қасын керіп,
Серпіп қойып қабағын:

– О, Жазеке, бұл балаңыз

Әдепті де, зиялы.
Іс-тірлігі – тұрған аңыз,
Мақтауға әбден сыяды.

Болса да өзі кіп-кішкене,
Білмейтіні жоқ мұның,
Көрсетеді тіпті істе де
Білімінің көптігін.

Күлетіндей түрлі ісіне,
Бізде бар бір қасқа лақ.
Шәлкем-шәліс жүрісі де,
Өзі тіпті ашқарақ.

Іші бірде кеуіпті оның,
Жоңышқаға жайылып.
Құты қашып ел біткеннің,
Ем іздепті сабылып.

Біреу:

– Арам өлмесін тек,

Жедел басын кес! – депті.
Біреуі:
Жел кермесін тек! –
Ішін бізбен тес, – депті.

Дауыл: «ішін тесемін», – деп,
Ұнатыпты соңғы емді.
Жатыпты лақ кеселі үдеп,
Өлмек болып енді-енді.

Сонда Дауыл бізіменен
Ұмтылса, бұл көнбепті.
Оны ағылшын тұзыменен
Ішін бұзып емдепті.

Білмеуші едім мұндай емді,
Қайран қалып отырам...

– Оқыған ғой бұлар енді,

Жақсы екен ғой оқыған.
Өз балаң ба, жақының ба ед,
Таудай екен талабы.
Айналайын, атың кім? – деп,

Атай маған қарады.
Сөз кезегін бөлісуге
Шыдатпайды-ау ой легі.
Өзі үшін де, мен үшін де,

Естай ағай сөйледі:

– Алматыда тұратұғын,

Тоқсан сегіз жастағы
Ескерместің Мұратының
Кенжесі осы – Асқары.
Келген мұнда ағасына,

Қонағы осы ауылдың.
Маған әрі нағашы да,
Әрі досы Дауылдың.

– Ырысы бар досы бардың,

Өссін, балам, өркенің.
Көрсе, шіркін, осылардың
Болашағын, ертеңін!...
Бұрылды атай тік қарамай,

Не түсті екен есіне.
Жарқ-жұрқ етті құптағандай,
Қос жұлдызы төсінде.
Маған алып бергендей боп,

Жұлдызының біреуін,
Дүрс-дүрс етіп кеуде кернеп,
Алып ұшты жүрегім.

Заң қуаты
Соңында әсем із қалып,
Көкті тіреп төбесі,
Қеле жатыр бізді алып

«Қазакстан» кемесі.
Қазақстан – еліміз,
«Қазақстан» – кемеміз.
Туристерміз көбіміз,

Саяхаттап келеміз.
Теріскейді бетке алып,
Жанай жүздік жағаны.
Талай елге тоқтадық,

Көрдік талай қаланы.
Тынығып,
Сан-хуаннан
Шыққанымыз сол еді,

Көріп қалдық қияннан
«Литва» атты кемені.
Ақ желкені желбіреп
Ұзап кетіп барады.

Әкем да оған
Елжіреп,
Қимастықпен қарады.
«Литва» жайын білуге

Арта түсті құмарым.
Бұл кеме
Жер тұбінде
Неге жүр? – деп сұрадым.

– Біздер құсап демалып,

Жүрген болар ел көріп, –
Деді әкем ойланып,
Толқып бір сәт бөгеліп...
Венесуэла, Панама,

Никарагуа алабы,
Кингстон мен Гавана
Бәрі қалып барады.
Кеме тағы тірелді

Жағалауға,
Қарашы.
Күтіп алды, міне, енді
Нью-орлеан қаласы.

Бізге келіп күнбе-күн
Қонақ болды туристер.
Кенші, дихан – бірі оның,
Бірі – ғалым, жұмыскер.

Мұрат, Бақыт ағалар
Қонақтарға ән салды.
Ұйып тыңдап балалар,
Үлкендер де тамсанды.

Бірде ауырдым жөтеліп,
Ыстық өтіп, күн қағып.

– Әкем мені көтеріп,

Медпунктке кірді алып.
Біреу
Орыс тілінде
Сөйлей алмай дұрыстап,

Тұр терезе түбінде
Әмиян мен гүл ұстап.
Қалмап еді амалым,
Бердің жедел қол ұшын.

Қанша доллар, қарағым, Төлеу керек ем үшін? Күлді оған дәрігер: – Қажеті жоқ төлеудің. Болмаңыз құр әбігер, Онсыз да әзір көмегім. Біздің елде сырқатты Ақы-пұлсыз емдейді. Қарт таңданып тіл қатты: Естімеп ем мен, – дейді. Бірде әкем Пит деген Ағылшынмен танысты. Сұрақ беріп күтпеген, Біраз пікір алысты. Айтады Пит Жарты өмір Жоқшылықпен өткенін. Бітіріпті әйтеуір Дәнекерлеу мектебін. Оның өзін Қыруар Ақша төлеп оқыпты. Жарымайтын пұлы бар Жұмысқа әзер бекіпті. – Қашанда тоқ көңілім, Ешкімге өкпем жоқ менің. Жоғары оқу орынын Тамамдадым теп-тегін. Тартқаным жоқ өмірде Тауқыметін жұмыстың. Жолдамамен келдім де, Қызметке кірістім. – Айтса әкем осыны, Пит мұңайып күрсінді. Барын оның не сыры Әкем бірден түсінді... Алтын заңын еліңнің Арқаланып, Паң қарап, Сапар шексең, Білемін, Сыйлайды екен шартарап. Намыс (поэма) І Аулымыздың іргесі Жасыл саздақ кілемдей. Бала біткен Күнде осы Саздақтамыз түгелдей. Бір ойыннан бір ойын, Бар ойынды өткеріп, Мен де жүйткіп жүремін Топ ішінде доп теуіп. Күн батардың алдында Дуылдайды бұл алап. Осында дем алуға Үлкендер де құмар-ақ. Жанкүйер боп Ойынға

Көз тігеді қызығып.
Бұрыс кеткен добыңа
Гулеседі кіжініп...
Өстіп біздің ойынды

Қараған соң шамалы,
Назарлары
Көңілді
Әңгімеге ауады.

Бірі биыл жайлауда
Көп іс барын айтады.
Бірі қалай майданда
Соғысқанын айтады.

Тірі кітап – үлкендер,
Әңгімеге қанасың.
Дәл киноға кіргендей,
Әсерленіп қаласың.

Бал-бұл жанып жүздері,
Жантайысып жатады.
Күрестіріп біздерді,
Тамшаға батады.

– Шақарын-ай мынаның,

Әне, әне, бүктеді!

– Сен білмейсің, шырағым,

Нағашысы мықты еді.

– Е, е... Дұрыс шалысың,

Жаса, Төлен, Жарадың.

– Қайда сенің намысың,

Әй, әй, Дауыл, қарағым!

– Алдына жан салмады,

Төленді айт, жігіт! – деп.

– Болашағы алда әлі,

Бұ Төленнен үміт көп.

– Дегенменен, көреміз

Шопандардың тойында.

– Тойды қашан деп еңіз?

– Ендігі айдың онында.

– Құйтымдай боп ананың

Шиырысын қарашы!

– Ал мынаның

Тамағын
Бермеген-ау анасы.

– Жоқ не әдіс, амалы,

Бала екен бұл бор кемік.

– Мараттың бір баланы

Жыққанын біз көрмедік.
Шарпыды ұят бетімді,
Жығылып бар баладан.
Күліп тұрған секілді

Маңайдағы бір адам.
Жер шұқимын иіліп,
Баладай-ақ кінәлі.
Көзіме жас үйіріп,

Намыс шіркін буады.
Мен шамалас сыналған,
Мен шамалас қиналып,
Мені ғана жыға алған

Дауыл да тұр ұялып.
Қарап алып айнала,
Жақындадым Дауылға.
Сыбырладым жай ғана:

– Достым, бекер аңырма.

Бар баладан жығылып, Жүреміз бе қор болып? Біз де біраз шынығып, Бақты сынап көрелік. Болса егер талабың, Үйге қазір зытамын. Сұрап алам Ағамның «Күрес» деген кітабын. Аулағырақ кетеміз Жетпес жерге дауысың. Үйренеміз екеуміз Күрестің не әдісін. Қиындықты көзге ілмей, Шапқылап тай-құнандай, Тірі жанға сездірмей, Жаттығамыз бір айдай. Шығармаймыз мұны естен: Аузымызды бағамыз. Оған дейін Күрестен Бойды аулақ саламыз. – Сөзге келмей келісті, – Дұрыс, – деді ол құптап. Тындырғандай мол істі, Кеттім оны қолтықтап. ІІ Сырт жағында ауылдың Көксай деген сай бар-ды. Сонда болу әрбір күн – Дағдымызға айналды. Кілем дерсің дала нақ, Тұр алуан гүл өсіп. Кітапқа біз қарап ап, Жаттығамыз күресіп. Табанында Көксайдың Сылдырлайды бұлағы. Жан-жағында көк шалғын Жұпар сеуіп тұрады. Таппаймыз біз бір тыным, Бір жығылып, бір жығып. Әдістердің түр-түрін Үйренеміз құлшынып. Тірі жан жоқ Шуласып, Шығаратын есіңді. Күлетұғын ымдасып Ешкім де жоқ кесірлі. Жанкүйерлер біз үшін – Беткейдегі гүл біткен. – Алда әлі, – деп, – қызу сын, Құптасады үмітпен. Қиындықты жеңеміз, Маңдайдан тер тамшылап. Тоқтамаймыз Денеміз Қалғанша әбден сансырап. Зырқылдайды шекеміз, Дәрмен жоқ тік тұруға. Сонда да біз жетеміз Мұздай бұлақ суына.

Шаршасақ та жоқ тағат, Жуынамыз ерінбей. Шынығамыз Оттан ап, Суға салған темірдей. ІІІ Бүгін жайлау төрінде Шалқыған күй, ән-думан. Той қызығын көруге Шұбырған жұрт ауылдан. Көз тартады алыстан Шағаладай ақ үйлер. Үйден-үйге жарысқан Шат-шадыман сәбилер. Машиналар тізбегі, Автолавка, дүкендер. Мәз-мейрам боп, Жүздері Бал-бұл жанған үлкендер. Әзілменен қағысқан Сал жігіттер осында. Ауыздықпен алысқан Сайгүліктер осында. Бармағынан бал тамған Күйшілер де осында. Көрген адам таң қалған Бишілер де осында. Малшы ағайлар құрметті Сый-алғысқа кенелді. Көпшілікті ырза етті Қыз-жігіттер өнерлі. Небір әндер айтылды, Күй кернеді аспанды. Жарыстан соң сан түрлі Бала күрес басталды. Дауыл бүгін құр аттай, Мәртебесі жоғары. Белдескенін Шыдатпай Лезде алып соғады. Мына мен де Дауылдан Қалысатын емеспін. Шыға алмады алдымнан, Жыға алмады мені ешкім. Күшім тасып денемде, Таңдандырдым халықты. Мықты деген Төлен де Бұйым болмай қалыпты. Оздық Дауыл екеуміз Шақ келтірмей ешкімді. Жаттықпаппыз бекер біз, Мақтау сөздер естілді. Айтатыны бәрінің: – Жарады бұл екеуі! Екі езуі Дауылдың Құлағына жетеді. Жеңіп ап бас жүлдені, Бір демдеді көңілді. Иемдендім бұл жолы Мен екінші орынды.

Ентелеп жұрт ішкері,
Таңдайларын қағады.

– Екеуі де

Күштері
Бала еді шамалы.
Күреске бұл екеуін
Баулып жүрген кім? – дейді.

«Кімі» намыс екенін
Ешбіреуі білмейді.
Айналайын
Болса керек таң алды,

Сөйтсе де әлі қараңғы.
Дағдымда жоқ бұл менің:
Неге ояндым,
Білмедім.

Жалғызбын төр бөлмеде,
Қорықпаймын мен неге?
Қорықпасам, себебі,
Әжем жақсы көреді.

Төсегіңді ол неге
Салды де төр бөлмеге?
Себебі ме,
Себебі:

Сыйлы қонақ дегені.
Үйім менің Семейде,
Келем мұнда кей-кейде.
Жұт деп ауыл ауасын,

Кеше әкелген нағашым.
Бөлме іші тым-тырыс,
Естілмейді бір дыбыс.
Қалдым ба деп керең боп,

Тың тыңдаймын елеңдеп.
Тысқа құлақ түремін,
Суылдайды жүрегім.
Көшеде де тым-тырыс,

Естілмейді бір дыбыс.
Түн ортасы ауса да,
Қалада іс қаншама.
Мұндай үлкен ауылда

Тіршіліксіз бола ма?
Тым болмаса
Бір рет
Машина кеп гүрілдеп,

Нан түсіріп жатпай ма,
Дүкен шамын жақпай ма?
Осы жаққа келем деп,
Қалдым ба әлде керең боп...

Естімей ме құлағым?
Келіп кетті-ау жылағым.
Және тыңдап бағайын,
Бәлкім,

Ауыл,
Маңайым
Толы шығар гүрілге?..
Естімеймін бірін де.

Құлағым-ай, құлағым,
Қандай амал қыламын?
Боламын деп тас керең,
Ойлаппын ба әсте мен?

Ауылында Абайдың
Кеше екі ағайдың:

– ... Ядролық сынағың

Қиын боп тұр, шырағым.

– Тереңде оны жарады,

Бола қоймас залалы.

– Күшті дейді бақылау,

Бірақ бізге жақын-ау.
Қалғандар бар керең боп,
Жазу қиын оны емдеп.
Қиын боп тұр!.. –

Дегенін
Есітіп мен кеп едім.
Шу болса да жан-жағым,
Түк естімей қалғаным:

Сынақ өтіп жақында,
Содан келген зақым ба?..
Құстар сайрап бақтарда,
Думан құрып жатқанда,

Елікпесең әніне
Өміріңнің мәні не?
Машинадан қаптаған
Қалай ғана сақтанам?

Естімесең гүрілін,
Не болмақшы ғұмырың?
Өскенде артып өнерім,
Әнші болсам деп едім.

Үйренбесем ел әнін,
Қалай әнші боламын?
Оқытып ел ұланын,
Болсам деп ем мұғалім.

Естімесе құлағым,
Бола алам ба мұғалім?
Кең әлемді шарлаған,
Елдері жоқ бармаған

Капитаны кеменің
Боламын ба деп едім?
Ұқпаса не дегенін,
Кімге дәрі кереңің?

Армандарым көп еді,
Онымнан не өнеді?
Мылқау болып қалдым ба,
Не күтіп тұр алдымда?!

Неге мені туды анам?!
Енді,
Енді кім болам?!
Осы сәтте ит үрді,

Үні неткен сүйкімді!
Есітіп тұр құлағым,
Қуаныштан жыладым.
Үріп тұрған манағы ит,

Ит болғанда жаман ит.
Мен кіргенде қақпадан,
Тұра ұмтылған Ақтабан.
Жеп қоярдай абалап,

Қорқытқан-ды ғаламат.
Босанып ол кеткенде,
Шамам жоқ-ты тек деуге...
Міне, сол ит қабаған

Әупілдеп тұр манадан.
Үре берші, Ақтабан,
Үргенің – нақ...

тақпақ, ән.

Неткен ғажап бұл әнің,
Есітіп тұр құлағым.
Күдігімді сейілткен
Айналайын сен иттен.

Танаш атай
Атай бізге құштар-ақ,
Көрсе, әзілдеп ойнайды.
Шашың өссе, ұстап ап,

Алғызбасқа қоймайды.
Шақырады ашуды,
Мейірбандық қылмайды.
Аямайды басыңды,

Ұстарамен қырнайды.

– Жұртты тыңдап тұрсаңдар,

Машинка жөн деседі.
Ұстарамен қырсаңдар,
Қалың болып өседі, –
Дейді де ол күлімдеп,

Балаларға қарайды.
Ал, балалар гуілдеп,
Ырза болып тарайды.
Бастарында түк қалмай,

Мақтап бәрі атаны,
Бір зауыттан шыққандай,
Кетіп бара жатады.
ЕСКЕРТУ: Біздің бала кезімізде ауылда шаштараз дейтін

болмайтын. Жұбайлары майданда қайтыс болған әйелдер асық-
қанда балаларының шашын қой қырыққандай қайшымен алып,
мектебіне аттандыра беретін. Шаш алудың қас шебері Тамабай ата
еді. Алдына барған балалардың меселін қайтармайтын. Ұстарасын

белдігіне жанып-жанып алып, құлшына кірісіп кететін. Шашын
алып тұрып, баланы небір қызықты әңгімелерге кенелтіп, ырза
етіп жіберетін. Еңбегіне ақы алу деген ойына кіріп-шықпайтын.
Балалардың құрметіне бөленген сол Тамабай атамыздың есімін

сәл өзгертіп, өлеңге қосып отырмын. Аруағы ырза болсын!
Біздің көше
Езіледі жауында,
Көңілшек тым көшеміз.

Мектепке біз баруға,
Шыққанда лай кешеміз.
Галошымды ап қалып,
Ол менімен ойнайды.

Жүрейін деп сақтанып,
Жалынсам да қоймайды.
Өстіп мені жылатты ол,
Айтқан сөзді тыңдай ма?

Ызаланбай шыдап көр,
Бола ма ойын мұндай да?!
Биік пен аласа
Маратпенен екеуміз

Барамыз шөп шабуға.
Таң азаннан ктеміз,
Кеш қайтамыз ауылға.
Мінеді ол құнанды:

– Нағыз тұлпар екен! – деп.

Маған есек ұнайды,
Соң қалсам да тепеңдеп.
Лақтырады биіктен,
Ашуланса құнаның.

Ал есекке мініп мен,
Аласадан құлаймын.

АУЛАҚТА, АТАМ ҮЙІНДЕ

Айдалада жалғыз үй
Қырау шалған сақалын
Атам шопан орденді.
Жазда

Осы атамның
Үйне мен келгем-ді.
Айдалада, бұл үйде –
Әжем, атам, үшеуміз.

Үшеуіміз
Тек іңірде
Бірге тамақ ішеміз.
Оянамыз таңнан біз,

Кетеді атам қой жайып.
Үйде екеуміз қаламыз,
Екі жерде шошайып.
Екі шыны шай ішіп,

Тұрып кетем мен жылдам.
Әжем белі қарысып,
Тұрады әзер орнынан.
Содан тізе бүкпейді,

Басталады күйбеңі.
Кешке дейін бітпейді
Тіршілігі үйдегі.
Жұмсай қалса мені іске,

Қашан да әзір көмегім.
Керегі тұз, шөміш пе,
Тез әкеліп беремін.
Ішке кірсе – кіремін,

Тысқа шықса – шығамын.
Әңгіме тек – тілерім,
Таусылмайды сұрағым.
Жауабына емініп,

Әңгіме айтам мен де оған.
Әңгімеден зерігіп,
Кейде ойынға ден қоям.
Ойыншығым мол, дайын,

Бірге ойнайтын оны кім?
Қандай ойын ойнайын,
Мандымайды ойыным.
Отыруға қамалып

Жетпеген соң шыдамым,
Келмек болып «демалып»,
Үйден ұзап шығамын...
Бір тамбады-ау бұл жауын,

Бара жатыр шілде ауып.
Жел үйіріп қыр шаңын,
Дала жатыр сұрланып.
Не істеймін енді мен,

Бір қызық жоқ мұнда да.
Көкжиекке телмірем,
Шалынбайды бір қара.
Көлбеңдеген сағымнан

Көзім талып, жалығам.
Жасыл желек жамылған
Ауылымды сағынам.
Аптап мынау өртеген,

Азынаған жел мынау.
Шопанның бұл өлкеде
Жүргені де – ерлік-ау!

Қонақ келгенде
Шаршасам да болдырып,
Күндіз сыртта көп жүрем.
Көкжиекке телміріп,

Қонақ келсе деп жүрем.
Қонақ келген күндері
Біздің үйде мереке.
Жайнап заттар үйдегі,

Кіреді кеп береке.
Әжем, жүзі құлпырып,
Жасарып тым кетеді.
Отырмайды іркіліп,

Шоланға
Тез жетеді.
Шойрылмайды белі де,
Бүгілмейді ақсаңдап.

Сүрінбейді деміге,
Жүгіреді ас қамдап.
Өрік-мейіз, науат та
Алдымызға толады.

Дастарқанды заматта
Ол әзірлеп қояды.
Сонсоң тізе бүгеді
Бір шеттен кеп өзі де.

Күліп құлақ түреді
Атамдардың сөзіне.
Айтылады күн қайда,
Жұлдыз бар ма жерге тең...

Айтылмайтын мұндайда
Әңгімелер кемде-кем.
Атам, жүзі нұрланып,
Қонақты аз тыңдаса-ақ:

– Әңгімеге бір қанып,

Қалдым, – дейді, – бір жасап.
Қарап тұрып мен де енді,
Әлденеге аптығам.
Бір күш кернеп кеудемді,

Ұшып кетпей шақ тұрам.
Күші екен бұл ненің,
Көңіл бекер таса ма?
Көбейіпті білгенім,

Өсу деген осы-ау, ә?
Теледидар
Біздің үйге ағамыз
Теледидар әкелді.

Бәрін содан табамыз,
Көңіліміз шат енді.
Кіргізіп ол тұр сәнін,
Гүл жайнады үй іші.

Экраннан
Күн сайын
Көрінеді мың кісі.
Біреулері би билеп,

Біреуі күй төгеді.
Ал біреуі ылғи кеп,
Ертегі айтып береді.
Ал бір ағай

Біздерді
Саяхатқа бастайды.

Аралатып жүз елді,
Бір сергітіп тастайды.
Ертегінің жаннаты –
Алтай, Қырым, Бурабай;

Мәскеу, Париж, Алматы,
Орал, Тянь-шань, Гималай;
Мұзды мұхит, ақ аю,
Қарт Алатау, ұларлар,

Тибеттегі қара аю,
Бадхыздағы құландар;
Мекен болған қабанға
Орман, тоғай, көл, қамыс,

Африка, саванна,
Арыстан мен жолбарыс;
Сәйгүлігі даланың
Ақ бөкен мен зебра,

Бетпақдала, Қарақұм,
Ешкіемер мен қобра;
Тундраның бұғысы,
Тас қияның қыраны,

Арқар, марал – күллісі
Көз алдыңда тұрады.
Кенелесің білімге,
Ғарышқа да самғайсың.

Отырып-ақ үйіңде,
Жер-жаһанды шарлайсың.
Үйге келсе бір қонақ,
Қалушы едік бір өсіп.

Енді көріп мың қонақ,
Қүнде жүрміз мың өсіп.
Мойнақ
Атам иті мойны аппақ,

Бөкен санды, кеуделі.
Естілігін ел мақтап,
Арлан Мойнақ дейді оны.
Қайда барса,

Атамнан
Қалмайды ол екі елі.
Бірге тұрып әр таңнан,
Қой бағысып кетеді.

Келген соң да кешкілік
Әдеті оның күндегі:
Айналаға
Сес қылып

Үріп қойып жүргені.
Ал қалада, көрші үйде
Бобик деген бір ит бар.
Айтсам, тіпті ерсілеу,

Көршім соған кіріптар.
Ас-ауқаты – алдында,
Жалғыз Бобик баққаны.
Ертелі-кеш ваннаға

Шомылдырып жатқаны.
Беріп кешкі тамағын
Болғаннан соң,
Мақтанып,

Саусылдатып медалін,
Шығады оны баққа алып...
Күнде өстіп,
Қыдырып

Шықса Бобик медальмен:

«Бұлар жүр не тындырып?» –
Деп ойлап, таң болам мен.
Масыл емес ал Мойнақ,
Тілемейді еш күтім.

Алдындағы малды ойлап
Жүреді ылғи,
Есті тым.
Шаршаса да,

Жұтынып
Тұрады ол ойынға.
Еркелетсең,
Тік тұрып,

Асылады мойынға.
Бір жүгіріп, бір бұғып,
Оны қанша ойнатпа –
Жиі-жиі бұрылып

Қарайды ол қой жаққа...
Атам қонақ кісіге
Айтты оның ерлігін.
Тыңдай бердім сүйсіне,

Естімеп ем мен бұрын.
«Түн ортасы ауғанда,
Дүр етіп қой үрікті.
Түн жамылып,

Албарға
Қасқыр келіп кіріпті.
Бөлмеді ме көңілін,
Байқамапты Мойнақ та.

– Айт, айт, мойнақ! – деуім мұң,

Тұра ұмтылды ой жаққа.
Ағып барып арс етті,
Анық – ауыз салғаны.
Болсын бөрі қанша епті,

Оны жасқай алмады...
Осы кезде бір қозы
Шауып келді бөктерден.
Қалжырапты мүлде өзі,

Оңай ма екен текке өлген?!
Мойнақ оны бөріден
Алса керек құтқарып.
Қой қораға ол бірден

Қойып кетті тік барып.
Мылтығымды ала ұшып,
Мойнаққа мен жеткенде,
Бөріменен алысып

Жатыр екен беткейде.
Әдетіммен жас күнгі
Айғай сала жүгірдім.
Шалажансар қасқырды

Қақ тұмсықтан бір ұрдым...»
Жұмсаса өстіп,
Құп алып,
Аямайтын көмегін,

Медальдарға шын лайық
Біздің мойнақ дер едім.
Монтер
Нағашы атам қой бағып,

Еңбек ері атанды.
Бастық келіп қол алып,
Құттықтады атамды.

Ауылды атам жинады,
Бұл өзі іс болды ізгі:
Азан-қазан үй маңы,
Ән қалықтап, той қызды.

Тай қазандар бүлкілдеп,
Ет дегенің қайнады.
Келіп жатты жұрт гулеп,
Жиналды қай-қайдағы.

Есік алды көңілді,
Күндізгідей жап-жарық.
Сансыз сәуле төгілді,
Қараңғыны қақ жарып.

Айдалада ақ отау
Тыныш еді азанда.
Тігіліп қап сан отау,
Айналды тез базарға.

Астанадан, қаладан
Шақырттық көп жекжатты.
Ауылдағы бар адам
Шақырмай-ақ кеп жатты.

Қыпшақбай да, Төлен де,
Бәрі осында жиналды.
Кезек беріп өлеңге,
Ұластырдық биге әнді.

Қызық болмас бұл күндей,
Кешке дейін ойнадық.
Түн болған соң
Жүгірмей,

Жұмбақ шештік ойланып.
Балалардың жұмбаққа
Қанғаннан соң құмары,
Жайластық кеп жүн қапқа,

Ертегі айтты Нұралы.
«Ерте, ерте, ертеде
Тұрмыстары тым ауыр,
Бізден шалғай өлкеде

Болған екен бір ауыл.
Тізе қосып көп адам,
Салған екен қыстауын.
Айналасын орап аң,

Қоршапты орман үш жағын.
Еңбек етіп мың кісі,
Серпіліпті ауыр мұң.
Содан бастап тұрмысы

Түзеліпті ауылдың.
Ұмытыпты ел өткенін,
Бақта бұлбұл сайрапты.
Нұрын төгіп көкте күн,

Құлпыртыпты аймақты.
Ойын-сауық селі үдеп,
Қызыпты той, ән-думан.
Ояныпты төңірек

Өмір-бақи қалғыған.
Тұрғанда өстіп таң күліп,
Маңайға гүл толғанда,
Ашық беттен жау кіріп,

Тықсырыпты орманға.
Адам емес құбыжық,
Қара құрым қаптапты.
Жеткендерін бір мыжып,

Құмырсқадай таптапты.

Босқын халық сол бойы
Орманға ендеп еніпті.
Ауру тарап жол бойы,
Небір қыршын өліпті.

Өткен кезде алты апта,
Қу сүйек боп сүлдері,
Тіреліпті батпаққа,
Жүре алмай ілгері.

Таусылыпты астық та,
Халық әбден шаршаған.
Шыдай алмай аштыққа,
Шейіт болған қанша адам!

Жаны бары кеудеде
Қалжырапты күш кеміп.
Бірін-бірі жеуге де
Ұмтылыпты тістеніп.

Босқындардың басына
Қайғы бұлты торлапты.
Оларды
Алға басуға

Бастайтын жан болмапты.
Тұрған халық кіжініп,
Көріпті бір жігітті.
Данко деген бұл жігіт

Алға ұмтылып шығыпты.
Жалынды ұран ол тастап,
Бұрылыпты халыққа.

– Кәне, еріңдер, мен бастап

Шығам, – депті, – жарыққа!
Қуаныпты көп халық,
Барлығында бір тілек.
Ілесіпті топтанып

Соңына оның дүркіреп.
Бұлың-бұлың жерлермен
Данко оларды бастапты.
Азапты адам көрмеген

Артқа ысырып тастапты.
Бірте-бірте бір кезде
Қараңғылық қаптапты.
Адасып ел лезде,

Бос шарлапты батпақты.
Нөсер құйып төгіпті,
Қатты дауыл соғыпты.
Су етікке толыпты,

Іздепті енді ел ықты.
Ызғар бетті шымшылап,
Орман іші ұлыпты.
Шибөрілер қыңсылап,

Бірде сақ-сақ күліпті...»
Қас қылғандай осы сәт,
Өшті шамдар біздің де.
Балалар тым шошып қап,

Ойнады үрей жүзінде.
Басып қалды түн түнек,
Қаптағандай әлемді.
Монтерді іздеп жұрт гулеп,

Тынып қалды ән енді.
Абыр-сабыр ел, міне,
Қынжылып жүр анам да.
Әбілда ағай келді де,

Шығып кетті бағанға.

Табан жолын аңғармай,
Өкініп жұрт шулады.
Орманда біз қалғандай,
Жүрегіміз сулады.

Жүргендей жел өтінде
Қалтырады денеміз.
Қалсақ топтың шетінде,
Ішке ығыса береміз.

Әбігер боп жұрт мұнда,
Сөнгенде бар шырағы,
Біздің топтың сыртында
Отыр еді Нұралы.

Тұрды орнынан, қорқа ма,
Нұралы сырт қалмады.
Кіріп алып ортаға,
Ертегісін жалғады.

«Қайтуға да енді ізді
Көре алмапты абыржып.

– Алдадың, – деп – сен бізді! –

Шуылдапты барлық жұрт.
Төмпештепті арқадан,
Төмпештепті басына.
Ыза болып Данко оған,

Булығыпты ашуға.
Сосын түріп білегін,
Таптап қамыс, қоғаны,
Жұлып ап өз жүрегін,

Көтеріпті жоғары.
Жүрек сәуле шашыпты,
Болыпты маң жап-жарық.
Данко алға басыпты

Қараңғыны қақ жарып».
Осы сәтте шам жанып,
Маңай нұрға бөленді.
Бағанаға таңданып,

Қарай қалды ел енді.
Күліп баған басында,
Көпшіліктен алғыс ап,
Қолы жетіп асылға,

Монтер тұрды шам ұстап.
Жалындатқан жүрегін
Аумады ол Данкодан.
Түріп түннің түнегін,

Қайта өрледі қалқып ән.
Энергетик ағалар
«Жолаушылар

қиналмай
Жетсін жылдам,
тұрмасын,
Электровоз, трамвай,

Троллейбус зуласын.
Фабрика, заводтар
Босқа, күтіп тұрмасын,
Қорытылсын болаттар,

Станоктар зырласын.
Қан тамыры өмірдің
Соқсын мәңгі дүрсілдеп.
Жап-жарық боп

Әр үйдің
Шамы жанып тұрсын!» –

деп,
От пен судың қуатын
Бізге беріп тұратын
Кім дейсіңдер, балалар?

Энергетик ағалар.

ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІНДЕ Құйғыт, қане, тұлпарым Ал, тұтаттым мен, міне, Құт жалыңның бір талын. Ертегілер еліне Алып ұшшы, тұлпарым! Көрсет маған ерлерді – Алпамыстар тұрағын. Күш кернесін кеудемді, Құйғыт, кәне, пырағым. Ғажайып тас І Ертеде Бақ мүйісін Мекендеп бір шал тұрды. Асырады үй ішін, Кәсіп етіп әр түрлі. Ыңқылдайды кемпірі, Қаншама күн аш, төзді ол. – Қала алмаспын мен тірі, Балаларға бас-көз бол. Қырау түсіп самайға, Шаршады шал, арыды. Қалды ма осы маңайда Қаратпаған тәуібі. Күйзелді шал, төзбеді, Тағдырына ашынып. Ісіп кетті көздері, Омырауын жас жуып. Бір сәт мызғып тынықпай, Жағы солып барады. Қос бөбегі түк ұқпай, Оған жаутаң қағады. Тағдырға айтар не қалды, Бұлт торлады көңілін. Өзін алмай, неге алды Баласы мен келінін? Үміт сөнді көзінен, Кемпірі ұзақ жатпады. Ала кетті өзімен Жазғы шілде аптабы. ІІ Жігерін мұң құм етіп, Ерте тұрды шал бірде. Қайтпақ болды дұға оқып, Кемпіріне, қабірге. Қылғынады Көмейін Кептегендей тас тұрып. Жол шекті, Қос бөбегін Көршісіне тапсырып. Екі көзден жас төгіп, Әзер жетті қорымға. Беткейден бір тас көріп, Тұрып қалды орнында. Жарқылдайды бүйірі, Қаратпайды көз қарып. Жақындап шал үңілді, Жетіп баяу қозғалып.

«Бір ғажабы бар шығар?» Ие түсті ол басын. Мұндай тастан Аңшылар Қорытады қорғасын. Тұрып-тұрып таңданып, Алып көрді қолына. Бұрып еді аударып, Жарық түсті жолына. – Дүнияда, я пірім, Мұндай жарық бола ма?! – Ілбіп атай, ақырын Жүріп кетті молаға. Құран оқып, бағыштап, Отырды атай күбірлеп. Кенет біреу дауыстап, Қараң етті бір рет. Атай қорқып қалып тым, Тершіп қатты қысылды. Бетін бұрып жарықтың, Солай қарай түсірді. Бір ат жатыр теңкиіп, – Бұл несі, ей, ауру ма? Қарап еді еңкейіп, Сом шығыпты сауырына. Әрі-бері Жараны Сипап көрді шөппенен. Өстіп ұзақ қарады, Тыпырлайды көк дөнен. Жарасынан әуелгі Түк қалмады, Жоғалды. Мініп оны, Шал енді Үйіне атпен оралды. ІІІ Сырын ұқты тастың да, Шат-шадыман ол енді. Емдеп кәрі-жасты да, Алғысына бөленді. Бар білгенін, еңбегін Елге тегін арнады. Алды сыйлап бергенін, Өзінше ақы алмады. Айықпаған атайдан Ешбір науқас қалмады. Орындалды Қартайған Байғұс шалдың арманы. ІV Жойылды ыңқыл-сыңқылы, Шаттанды жұрт ауырмай. Келді атайға бір күні Қарны іскен бір залым бай. Қыли көзі тесіліп, Бара жатты ішіп-жеп. Дайындалды шешініп, – Көрейінші күшін! – деп. Қорғасынды қорапта Сәуле бұған бұрылды.

Түк қалмады сол уақта Ісігінен бұрынғы. Осылай қарт емдеді «Мүсәпірді» – қылиды. – Қанша аласың? – деп еді, Басын шайқап, жымиды. Қыли ділда ұсынып, Алмасына қоймады. Сосын жеңіл күрсініп, Бір арам ой ойлады. «Осы қу шал, тегінде, Байлық көзін таппайды, ә? Мол ақы алса еміне, Суша тасып жатпай ма?! Иемденіп сол тасты, Танылайын ғаламға». Сөйтіп қыли албасты Көшті зұлым амалға. Қайтып келді түнде енді Бұзбай жұрттың тынышын. Ұрлана кеп үйге енді, Әзер алып тынысын. Ғажап тас тұр бір шетте, Алып кетпек соны ұрлап. Төрде атай төсекте Ұйықтап жатыр қорылдап. Жақындады аңырып, Барлай басып жан-жағын. – Ұйқтасын, – деп – мәңгілік, Сұқты атайға қанжарын. Емші атай қырылдап, Дем шығарды ақырғы. Тасты ішіне тығып ап, Ұры тысқа атылды. Керек етпей көпірді, Айдын көлге беттеді. Қайығына отырды Арғы бетке өткелі. Толқындармен жарысып, Асыға есіп келеді. Екі қары қарысып, Ашып есіп келеді. Жолға төзбей тым алыс, Терлеп есіп келеді. Көкірегін қуаныш Кернеп есіп келеді. Дем алса да қанша рет, Қалса да құр сүлдері, Қиналса да әлсіреп, Ұмтылады ілгері. Бір кезде... Тас сәулесі Шамадан тыс түсті ме, Ышқынып қап, танды есі, Құлады айдын үстіне. V Емші шалды Таңертең Халық көріп, шуласты.

Елді, жерді, бар өлке, Бар аймақты мұң басты. Қайғы жұтып тұрысты Ауылдың бар ерлері. Қадірменді туысты Күмбез салып, жерледі. VІ Қайда сол тас, Жұрт әлі, Не болғанын білмейді. Тек атайдың ұрпағы Іздеп оны жүр дейді. Бақ атай туралы аңыз І Баяғы өткен заманда, Жұрт апшысын қуырған, Қайыры жоқ адамға, Өмір сүрді зұлым хан. Қайтқанда аңнан бір күні Базарға хан бұрылды. – Толмайды, – деп, – құлқыны! – Сыбады жұрт зұлымды. Хан аралап келеді, Базар іші көп халық. Ығысып жол береді, Абыр-сабыр боп қалып. Заттар жатыр үюлі, Алушылар таңдайды. Алба-жұлба киімі Бір кәрі шал зарлайды. – Уа, халайық, тыңдаңдар, Ақылым көп, ақшам жоқ, Менен ақыл сұраңдар, Ақыл таппай жатсаң тек. Аяқтары бұралып, Ісіп кеткен бір көзі. Кеткендей-ақ жын қағып, Жүрісі оның күнде осы. Тыңдап жатқан пенде жоқ, Ешкім құлақ аспайды. Бейшара шал термелеп, Сөзін қайта бастайды.

– Уа, халайық, тыңдаңдар,

Ақылым көп, ақшам жоқ,
Менен ақыл сұраңдар,
Ақыл таппай жатсаң тек.
Ақсақ шалдың тақпағын

Шалды ханның құлағы.
Тежеді де аттарын,

– Мұның не? – деп сұрады.

– Уа, хан тақсыр,

Мен бейбақ,
Ақылым көп, ақшам жоқ,
Қамығамын соны ойлап,
Мұнан да өліп жатсам! – деп.

– Зарлама сен бекерге,

Мінгес мұнда, абайла!

– Жеткіз! – деді нөкерге –

Тез арада сарайға!..
Шіреніп хан тағында:

– Ақылыңды айт, – дегенде,

Бақ шал жатты алдында
Басын қойып еденге.

– Ақылым көп деп едім,

Мынау айтар ақылым:
Сауда жасап келейін,
Керегі жоқ ақының.
Қазынаңа

Армандай
Асыл тастар сыймайды.
Бәсекелес хан қалмай,
Бәрі өзіңді сыйлайды.

Ханның көзі күлімдеп,
Тарта берді танауын.
Саусақтары дірілдеп:

– Болсын, – деді, – қалауың!

Бес саудагер бар менде,
Қазынамның тірегі.
Сауда жасап арғы елге
Солар ертең жүреді.

Сен де барсаң Қоқанға,
Жасалсын тез жол қамы.

– Сату үшін екі арба

Мейіз болса болғаны.

– Қиын-қыстау жол өңшең,

Жүреді шөл, құм кешіп.
Бел байласаң, жөнел сен
Соларға ертең ілесіп.
Шабарманға хан кенет

Шақыртты әлгі бесеуін.

– Сендерге бір бар көмек,

Кәне, қайсың көсемің?
Бұл адасып кетпесін,
Ит-құстан да қорыңдар.
Зәбір-жапа шекпесін,

Әр кез бас-көз болыңдар. –
Елге салған лаңын
Осылар-ды ұрылар.
Мойынында бұлардың

Сан адамның құны бар.
Жұртты тонап
Бөгде елге
Тартады ылғи мал айдап.

Бұл бесеуді көргенде,
Зар илейді бар аймақ.

Осыны ойлап бақ шалдың Сыздап кетті жүрегі. Тамаша еді-ау жас шағы, Онда сап-сау, тың еді. Егін жинап алыстан, Шаршап әбден оралған. Аттандаған дауыстан Түнде шошып оянған. Өңі ме, әлде түсі ме, Зарлы дауыс есіткен. Ыза толып ішіне, Тысқа атылған есіктен. Көрші үйдің қасында Қараңдайды бес атты. Бірі түсіп, асыға Көк сиырды босатты. Қылыштарын үйіріп, Шапқылады көгенді. Қой-қозыны иіріп, Алдына сап жөнелді. – Сор қостыңдар сорыма, Қырылып қал бәрің! – деп, Қарғыс айтып, Жолында Кемпір тұрды зар илеп. – Кесірінен сен тілдің Қоштасарсың өмірмен! – Ұры Жонын кемпірдің Осып өтті дойырмен. Жұлып алып дойырын, Бақ шаужайға жармасты. Сілтеді ұры сойылын, Бақтың үстін қан басты. Қалды жұлып бұрымын, Көршісінің жесірі. Алып кетті сиырын Қаныпезер бес ұры... Шал сол күннен мүгедек, Базар барып жылайды. Отырып ап жүрелеп, Жұрттан қайыр сұрайды. Өз әкесі өлерде Қалдырған-ды өсиет. «Азаптансаң, бөгелме, Ақкөл суын кешіп өт. Мол болсын тек өрігің, Жағалауға төгесің. Асыл тастың небірін Сол жерден сен көресің». Мән бермей бұл сөзге түк, Алмап еді есіне. Қозғалатын кез жетіп, Келді енді шешімге. Әкеге айтпақ мың алғыс, Жазылса егер кеселі. Бірақ Ақкөл тым алыс, Жердің түбі деседі. Көлік те жоқ Қаймықпай Оған сапар шегетін. Өрік те жоқ

Қамықпай Жағалауға себетін. Мұны сатып алатын Қаржы да жоқ көк тиын. Жамылғаны – қара түн, Үстінде де жоқ киім. Жүргені ылғи қалжырап, Бұл ит өмір шаршатты. Көрінгеннен нан сұрап, Көрінгенге ар сатты. Өсиетін әкенің Орындамақ ол енді. Ұмытып жол қатерін, Қуанышқа бөленді. ІІ Таң атты түн түріліп, Керуен тұр сәнденіп. Сәт тілегін білдіріп, Қош айтысты хан келіп. Он түйеге жүк артқан Бара жатыр керуен. Көк сағымды мұнартқан Көл ме дерлік көрінген. Сықырлайды соңында Қос өгізді қос арба. Күн ерте әлі қонуға, Тарта берді көш алға... Екі ай өтті арада, Әлі жүріп келеді. Жұрттың: «Жапан далада – Қайда – көл бар», – дегені. Бір сәтте ту ойпаңнан Шалқар Ақкөл көрінді. Үміт жанып қайта алдан, Қуанышқа көмілді. Қонып шығып осында, Таң қылаңдай жиналды. Ал бақ атай қосылмай, Қап кетуді ұйғарды. – Сендер жүре беріңдер, Мен осында қаламын. Жай-жапсарды көрдіңдер, Қалмады өзге амалым. Өгіздерім арыды, Әлсіредім өзім де. Ұзақ жолға бәрібір Дәрменім жоқ төзуге. – Тіс жармады сыр ашып, Атай қалды күйбеңдеп. Саудагерлер қыр асып, Кете барды изеңдеп. ІІІ Соқпаса да жел онша, Шалқып жатыр өр теңіз, Жағалауы көк майса, Жайылып жүр төрт өгіз. Мекендеп бір төбені, Атай отыр қос тігіп.

Мейіздерін төгеді
Жағалауға кешкілік.
Гауһар тістеп,
Теңізді

Балық мекен етеді.
Гауһар тастап,
Мейізді
Солар алып кетеді.

Атай қарсы ап әр таңды,

– Оңға басты іс, – дейді.

Тезекке орап гауһарды,
Ғажап теппе істейді.
Бақыт таңы атқандай,
Жадырады қабағы.

Жара орнында дақ қалмай,
Сауықты қол-аяғы.
Өте берді күн зарлап,
Таусылды енді мейіз де.

Жүрмеді оған тұнжырап,
Телмірмеді теңізге.
Бұрынғыша
Әр таңды

Өткізген жоқ жай, текке,
Қажет етпей гауһарды,
Істеді енді жай теппе.
Мол байлықпен бір күні

Саудагерлер кеп жетті.
Бітелгендей құлқыны,
Табыстарын сөз етті.

– Ал, бақалым,

Ханға, кәне, тартуың?
Апаратын
Бар ма біраз алтының?
Атай ләм-мим демеді,

Кекесе де дұшпаны.
Үйме тезек төбені
Иегімен нұсқады.

– Қараңдаршы, өзі епті,

Жалқау емес. Бұл жақсы.
Сыйға тартып тезекті,
Ханды риза қылмақшы.

– Міне, нағыз әңгі! – деп,

Біреулері күлісті.

– Мазақтама шалды! – деп,

Бірі зекіп ұрысты.

– От шашады тілінен,

Қалыпты ғой әл бітіп,
Мұны мына түрімен
Тұр-ау, сірә, дар күтіп. –
Бақ атайдың

Айтылмай,
Көздерінде сыр қалды.
Қамын жасап қайтуға,
Аспай-саспай жиналды.

Ғажап тезек тиелді
Біреуіне арбаның.
Екіншіге тиеді
Отын үшін қалғанын.

Тезектердің үстіне
Өгізге деп шөп үйді.
Өрге басты іс, міне,
Бір демдеді көңілді.

Бұлт торлады аспанды,
Қай уақыт, жұрт білмеді.
Тағы да көш басталды,
Жылжып кетті ілгері.

Өте берді күн зырлап,
Көш ауылға жетпеді.
Ауыл, шіркін, тым жырақ,
Бес ай болды кеткелі.

Кенет келіп бір құйын,
Көштің алдын орады.
Бітеп жолдың ылдиын,
Ізінше қар борады.

Түйелерін шөгеріп,
Саудагерлер ықтады.
Өгізіне шөп беріп,
Арбада атай ұйқтады.

Өткен жоқ-ты көп уақыт,
Бас саудагер:

– Бақ, – деді.

Жұлқып оны оятып:

– Бізге тезек сат! – деді.

– Ханға апарам, сатпаймын,

Неменеге сатамын?
Өзім тезек жақпаймын,
Шөпке кіріп жатамын.
Пісіре алмай саудасын,

Ұзақ тұрды екеуі.

– Болмаса бір арбасын

Қарыз берсең не етеді?
Бізді азапқа салма! – деп,
Қоймаған соң дұшпаны,

– Қайтарасың ханға! – деп,

Жай тезекті нұсқады.
Өткеннен соң он бес күн,
Долы боран басылды.
Жаурамады енді ешкім,

Күн жадырап ашылды.
Қайғы тарқап көңілден,
Көш ілгері беттеді.
Жүре-жүре керуен

Ауылға да жетті енді.
Саудагерлер күлісіп,
Желіп кетті ілгері.
Байғұс шалдың

Тырысып,
Өгіздері жүрмеді.
Бар байлығын көрсетті,
Ханды ұрылар мәз қылды.

– Ал Бақ босқа жол шекті,

Түгі жоқ! – деп, жазғырды.
Саудагерлер сый алып,
Үйді-үйіне тарады.
Сол сәтте бақ «ұялып»,

Есіктен жай қарады.
Байқап қалды хан оны,
Таусылыпты шыдамы.

– Не әкелдің,

Әуелі
Соныңды айт, – деп сұрады.
Шал бір тезек ап келіп,
Жайлап қарап алды да,

Ортасынан қақ бөліп,
Ханның тосты алдына.
Хан бақылап отырып,
Тұрды бір сәт атылып.

Өзі енді опырып,
Күле берді алқынып.

– Мұны қайдан алдың, а? –

Ол жындана сұрады.

– Қазып алдым бардым да,

Бабам көмген ұраны.
Шалды сүйіп егілді,
Аймалады құлшынып.
Ал бақ ата шегінді

Жиренішпен күрсініп.

– Сізге осындай шашуым

Екі арбаға толған-ды.
Бір арбасын басшы інім
Қарызға деп жолда алды.
Біреуі – әне, арбаның,

Енді еліміз жайқалар.
Қарызға деп алғанын
Саудагерлер қайтарар. –
Арыстанша ақырып,

Қаһарына хан мінді.
Шабарманын шақырып,
Ұрыларын алдырды.
Бас садугер тұр алда,

Хан шытынды қабағын.

– Шын ба өзі бір арба

Тезек қарыз алғаның?

– Алдияр хан, алып ек,

Боран ұйтқып, азынап,
Тоңғаннан соң жағып ек,
Қайтарамыз қазір-ақ...
Саудагерлер елпілдеп,

Тезек тиеп тез жетті.
Хан ұшып кеп,
Селкілдеп,
Опырды екі-үш тезекті.

Сонсоң тұрды булығып:

– Қайда?... Қайда гауһар? – деп,

Саудагерлер бүгіліп,
Қарап қалды аң-таң боп.
Аңғарған соң мән-жайды,
Шырылдасты безектеп.

Ант-су ішіп қарғанды:

– Алып ек жай тезек, – деп.

Сенбеді хан,
Көзінің
Іші-сыртын қан басты.
Ұрыларын өзінің

Өз қолымен дарға асты.

Қоян неге қорқақ?
Асау өзен асығып,
Соғады үйдей тастарға.
Кейде жарға бас ұрып,

Атылады аспанға.
Өзені ағып еңісте
Жатқан терең аңғар бұл.
Бергі жақта, өрісте

Жайылып аң, малдар жүр.
Аунай бергің келеді
Көк майсаға, шалғынға.
Қарай бергің келеді

Көкжиекке, сағымға.
Алаулап күн тұр қызып,
Шашылады шуағы.
Құлыншақтар құйқылжып,

Бірін-бірі қуады.
Қойлар жатыр шуақта,
Шарпып күннің от лебі.
Ойпаңдағы бұлаққа

Сиыр, түйе беттеді.
Маужырайды өгіз, ат,
Бұзау, бота жүр еріп.
Асыр салса қозы-лақ,

Селтеңдейді бір елік.
Қорықпайды қоян да,
Томпаңдайды көжекпен.
Кенет, көз сап көп аңға,

Қасқыр шықты өзектен.
Байқап қалды мұны аңдар,
Осқырыңды қос киік.
Құлақ тігіп құландар,

Тұрып қалды состиып.
Көжек зытты зар жылап,
Жалғыз қурай түбіне.
Сүңгіп кетті қалжырап,

Саршұнақтың ініне.
Қасқыр амал ойлады:
Ит десін деп:

– Ап! – деді.

Қоян сене қоймады,
Бұрыла сап жалт берді.
Ақ қоянның ізімен,
Бәрі орманға лап қойды.

Ызғар ойнап жүзінен,
Жалғыз марал қап қойды.
Аман кетті бір марал,
Бірі қалды қорғауға.

Байқамады мұны аңдар,
Кірді жетіп орманға.
Қасқыр енді із бағып,
Қарамады бар аңға.

Екі көзі қызарып,
Таяп қалды маралға.
Қорықпады қорынып,
Марал асып-саспады.

Қызықтыра керіліп,
Құзға қарай бастады...
Ілестіріп қасқырды,
Марал кетті тасқынға.

Өзі де жан тапсырды,
Жан тапсырды қасқыр да.

Көжек көрді көзімен
Не болғанын аңғарда.
Шыға сала тез іннен,
Зытты орманға, аңдарға.

– Қалай тірі келдің? – деп,

Боратты аңдар сұрағын.
Көжек күлді кеңкілдеп,
Қайшылады құлағын.

– Жаумен ұзақ сайыстым,

Шатқалға аттым қасқырды.
Басы езіліп байғұстың,
Тасқында жан тапсырды.
Малдар да оған жақын кеп,

Сүйсіне бір қарасты.

– Жаса, көжек батыр! – деп,

Жөн-жөніне тарасты.
Ана марал тұр еді,
Дәл көжектің жанында.
Енді байқап бұл оны,

Сүңгіп кетті қалыңға...
Шат өмірде ол бүгінгі,
Паналап жүр бұтаны.
Есітсе бір сыбырды,

Марал ма деп зытады.
Аңғалдардың ажалы
Мариана1 түбінде,
Жартастардың бірінде,

Бір үңгірде тым ескі
Шабақ, шаян күн кешті.
Асын бірге қамдады,
Бір-бірінен қалмады.

Бірге іздеп жемін де,
Бірге шықты сейілге.
Күндердің бір күнінде,
Нән жартастың түбінде,

Шаян түртіп шабақты,
Үстірт жаққа қаратты.
Жарқ-жарқ етіп самайы,
Жап-жарық боп маңайы,

Бұлаң-бұлаң
Ырғалып,
Келе жатты бір балық.

– Тегін емес бұл балық, –

Алтын балық, күн балық.
Өзі қандай нән балық! –
Деді шаян таңданып.

– Жарыққа

Бұл аңғарда
Зәру емес жан бар ма?
Кесел бар ма тәніңде,
Қуады ол бәрін де.

Кіргізеді жаныңды,
Жүргізеді қаныңды.
1 Мариана – су асты әлеміндегі ең терең қазаншұңқыр.

Күшейтеді жүректі, Қатайтады сүйекті. Жақын барып қаралық, Жарықтан нәр алалық, Қыздырынып тұралық, – Деді шабақ қуанып. Шаян оған күлімдеп, – Ақыл екен мұның! – деп, Бірін-бірі мақұлдап, Келіп еді жақындап, Отыр екен қамданып, Жұта салды нән балық. Соны көрген балықтар: – Жарықтан да қауіп бар. Аңғалдық та, есебі – Тажал екен, – деседі. Сор Шағын ғана орманды Бір қорбаңбай биледі. Дана болмай, болды әңгі, Естілерді сүймеді. Қасындағы бірінің Естілігін көрсе-ақ, Үзді бірден жұлынын, Тастап кетті боршалап. «Басқа аңның Шамалы Артып кетсе беделі, Билеуші қып алады, – Деп ойлады, – ел оны». Қарсақ, түлкі, қасқыр да Айекеңнен ығысты. Естілігін тақсырға Көрсетпеуге тырысты. Әйтпесе аю кеше ме, Жоқ қылады бір күні. Айекең не десе де, – Дұрыс, – деп, бас шұлғады. Бір жазда Бұл орманды Қуаңшылық жайлады. Шаңы шығып көл қалды, Қаңсып қалды қайнары. – Көрші орман бай екен, Кенелеміз мол балға,

Болмас, – деді Айекең, –
Аумасақ сол орманға.

– Бүйіріміз шықпады

Ұсақ-түйек жәндікпен.
Ауайық, – деп құптады,
Шуылдасып аң біткен.
Аю тұрып, қамданды

Сарғайып таң атқанда.
Жинап алып аңдарды,
Өзі бастап тартты алға.
Артта ұзақ жол қалды,

Қалды талай сай-сала.
Көрді алдан орманды
Бөленген көк майсаға.
Орманменен араны

Бөліп жатты айдын көл.
Аю күн сап қарады,
Сонсоң топқа қайрылды ол.

– Елейміз бе мұндайды,

Талай суда жүзіп ек,
Осы бір түс ыңғайлы
Болар, – деді гүжілдеп,
Қауіп сезіп

Түбір мен
Балдырлардан судағы
Тұрса да аңдар,
Бір үнмен:

– Ыңғайлы, – деп шулады.

Батылдары бармады
Бұл қауіпті тұс деуге.
Аһ ұрысты
Алдағы

Аю оған түскенде.
Байғұс аю әңгүдік
Батып кетті жылымға.
Озбыр болу

Мәңгілік
Сор екен-ау, шынында.

Қыс кетті ........................................................................................50 Күшігім .......................................................................................... 50 8-НАУРЫЗ – Халықаралық әйелдер күні Құтты болсын мереке ................................................................... 51 Әже ................................................................................................. 52 Сыйлық .......................................................................................... 52 Наурыз мейрамы ...........................................................................55 Жұмбақ ...........................................................................................55 Жаңылтпаш ....................................................................................55 Құстар – достар Құстар – достар ............................................................................. 56 Торғай ............................................................................................. 56 Жем шашқанда құстарға .............................................................. 57 Қарғалар .........................................................................................58 Бақтағы «соғыс» ойыны ............................................................... 58 Жыл құстары келгенде ................................................................. 59 Көктем келіп... ...............................................................................59 Бекер кекеп жүрміз бе... ................................................................60 Шөжелер ........................................................................................60 Шөлдейді-ау .................................................................................. 63 Сыйға – сый... ................................................................................ 63 Ренжиді .......................................................................................... 63 Дүрбі ............................................................................................... 64 Тоғай ............................................................................................... 65 Өзгеше бұлбұл ............................................................................... 65 Уа, торғайлар ................................................................................. 66 Әлмағанбет бауы ...........................................................................67 Адъютанттар ..................................................................................78 Құсбегілер ......................................................................................82 Құстар туралы жұмбақтар ............................................................ 83 Санамақтар .................................................................................... 84 МАЗМҰНЫ Жаңарған қазақ елі Ата өсиеті .......................................................................................3 Қазақстаным ..................................................................................3 Ата заң ............................................................................................4 Астана – символдар қаласы ......................................................... 4 Менің елім .....................................................................................4 Қазақстан жалауы .........................................................................5 Елтаңбасы елімнің ........................................................................5 Тұңғыш қазақ ғарышкер ...............................................................6 Ғарышкерлер – қырандар ............................................................. 6 Жас түлектер жыры ...................................................................... 7 Жыл он екі ай Жыл он екі ай ................................................................................ 8 Біз шадыман баламыз ................................................................... 10 Жаңа жыл қарсаңында ..................................................................10 Жаңа жыл кешінде ........................................................................11 Кім күшті, кім мықты ...................................................................13 Гүл ..................................................................................................18 Інім ................................................................................................. 19 Ойын түбі ....................................................................................... 23 Өзіме де сол керек .........................................................................24 Лаң ..................................................................................................28 Сыр ................................................................................................. 30 Мазақ сурет ....................................................................................30 Конкурс .......................................................................................... 32 Боран ..............................................................................................35 Ақын жүрегі ................................................................................... 42 Әй, жалқаулық, жалқаулық .......................................................... 46 Қысқы көл ......................................................................................48 Аққала ............................................................................................48

Тоғайда ...........................................................................................129 Дауыл мен ауыл ............................................................................. 136 Дауылдың өкпесі ...........................................................................137 Сауық (поэма)................................................................................. 140 Жарыс ............................................................................................. 154 Футбол ............................................................................................ 155 Ағайдың аты – Рақым ................................................................... 155 Ойын деген керемет Біз ойнаймыз, ойнаймыз ...............................................................159 Құлпырды ...................................................................................... 159 Мұғалім .......................................................................................... 160 Кәмпит ........................................................................................... 160 Дәрігер ............................................................................................ 161 Суретші .......................................................................................... 161 Шаштараз ....................................................................................... 162 Төлендінің кеңесі .......................................................................... 163 Радио мен монтер .......................................................................... 164 Шопан ............................................................................................ 165 Той .................................................................................................. 165 Күрес .............................................................................................. 165 Жаяу жарыс ...................................................................................166 Бокс ................................................................................................. 166 Гудок ............................................................................................... 166 Жұмбақтар .....................................................................................167 Спорт жұмбақтары ........................................................................171 Менің қамқоршыларым ................................................................ 172 Жаңылтпаштар ..............................................................................174 Кім шапшаң? Қанша тұяқ? ................................................................................... 177 Қанша кісі? ....................................................................................177 Қанша қап? .................................................................................... 177 Қанша жұмыртқа қалды? ............................................................. 84 Қаздар .............................................................................................85 Неше құс? ...................................................................................... 85 Қанша тырна? ................................................................................ 85 Жаңылтпаш ....................................................................................85 Қай құрқыл .................................................................................... 85 Бақыт құсы .....................................................................................86 Құс дегендер – сақшылар ............................................................. 89 Кішкентай астрономдар ...............................................................90 Мамыр келді, алақай! Мамыр келді, алақай! ...................................................................92 Айналам ......................................................................................... 92 Жасасын ынтымақ! .......................................................................93 Бейбітшілік – тілегіміз .................................................................. 94 Менің атам – майдангер ...............................................................94 Бауыржан ата .................................................................................95 Ерлерім – менің мақтаным ........................................................... 95 Құрметті есім ................................................................................. 99 Жамбыл баба ................................................................................. 100 Хиуаз апа ........................................................................................ 102 Достық туралы ән ......................................................................... 103 Жаңылтпаш ....................................................................................103 Армысың, ауыл Армысың, ауыл .............................................................................. 104 Бұлт деген не? ............................................................................... 104 Бота .................................................................................................106 Ризамын түйеге ............................................................................. 106 Нұралы мен құланы ......................................................................108 Қара ешкінің лағы – қасқа лақтың лаңы ....................................111 Алдар мен шайтан (поэма) ........................................................... 112 Жалғыз жұмбақ .............................................................................128

Коррида .......................................................................................... 201 Спортшы Төлен ............................................................................. 202 Палау .............................................................................................. 204 Сәлем саған, мектебім ..................................................................206 Біздің досымыз .............................................................................. 208 Ем .................................................................................................... 210 Өзімді таныстыру ..........................................................................210 Өнегелі сынып .............................................................................. 214 Біздің абламыз ...............................................................................217 Тарих қойнауларында Бақыт деген не? (ертегі-поэма).................................................... 219 Айбын мен айдын ......................................................................... 270 Байлық пен бақыт .........................................................................270 Қасиетті тақия (поэма).................................................................. 270 Қыран ............................................................................................. 289 Жер-Ана .........................................................................................292 Түтіндер .........................................................................................296 Атамның ашуы ..............................................................................298 Миллиард деген немене? ..............................................................298 Солдат хаты ...................................................................................302 Бәсіре .............................................................................................. 305 Атай ................................................................................................ 312 Заң қуаты ........................................................................................318 Намыс (поэма)................................................................................321 Айналайын .....................................................................................328 Танаш атай ..................................................................................... 332 Біздің көше .................................................................................... 333 Биік пен аласа ................................................................................ 333 Аулақта, атам үйінде Айдалада жалғыз үй .....................................................................334 Қонақ келгенде ..............................................................................336 Қанша бала? ...................................................................................178 Бір топ бала ....................................................................................178 Тез есепте .......................................................................................178 Қанша жаңғақ? ..............................................................................178 Бұзаулар .........................................................................................179 Қаншаумыз! ................................................................................... 179 Қанша сәбіз еді? ............................................................................179 Өнерлі балалар .............................................................................. 179 Неше есек? .....................................................................................180 Қанша ара? .....................................................................................180 Қанаттың есебі ..............................................................................180 Алмалар .......................................................................................... 181 Неше кесе? .....................................................................................181 Қалай бөлесің? .............................................................................. 181 Ғажап өнер ..................................................................................... 182 Қанша қонақ? ................................................................................ 182 Неше алма? ....................................................................................183 Қаншадамыз? .................................................................................183 Қанша қауын? ................................................................................ 184 Неше оқушы? ................................................................................ 185 Неше жапырақ? .............................................................................185 Таразы басында ............................................................................. 185 Қызық-ай! Кірпі мен Күсеп ............................................................................. 186 Ғажайып тіс ................................................................................... 186 Адъютанттар ..................................................................................187 Мысық пен Іргебек ....................................................................... 188 Жәндіктер де қуанады екен .......................................................... 190 Төзім ...............................................................................................191 Сөз үйретсем ................................................................................. 193 Сақал ..............................................................................................199 Ешкілер ..........................................................................................200 Каспаров – Шекербек ...................................................................200

Сұлтан Қалиұлы БІЗ ШАДЫМАН БАЛАМЫЗ Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегі өлеңдер, поэмалар «Өнер 21-ғасыр» қоғамдық қорының төрайымы Қарлығаш Оспанова Редакторы Ермек Ерназаров Мұқабаның дизайны Мәди Қамашбаев Компьютерде қалыптаған Нұрбүбі Садықова Теледидар ....................................................................................... 337 Мойнақ ...........................................................................................339 Монтер ...........................................................................................341 Энергетик ағалар ........................................................................... 347 Ертегілер елінде Құйғыт, қане, тұлпарым ...............................................................348 Ғажайып тас ................................................................................... 348 Бақ атай туралы аңыз ....................................................................355 Қоян неге қорқақ? .........................................................................368 Аңғалдардың ажалы ..................................................................... 371 Сор .................................................................................................. 373

ИБ №1085

Басуға 19.08.2013 берілді. Пішімі 84×108 1/32.
Шартты баспа табағы 20,0. Офсеттік басылым.
Гарнитурасы «Tіmes New Roman».
Таралымы 2000. Тапсырыс №

«Өнер 21-ғасыр» қоғамдық қордың мекенжайы:
050009, Алматы қ.,
Керемет ықшам ауданы, 7 үй, 26-пәтер;
Тел: 8 (727) 395-52-08; 394-37-74

Е-maіl: oner-21-gasyr@mаі1.ru

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙