Шошқашы
Ханс Кристиан Андерсен
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ханс Кристиан Андерсен есімі балалар мен ересектерге арналған ертегілерімен танымал. Әлеуметтік-психологиялық астар шығармаларының барлығына дерлік тән. Жомарттық пен адалдықты, әділдікті негізгі принцип ретінде ұстанған. Ертегілері балаларға ғана емес, жалпы оқырманға арналған. Себебі, тұлға бол...
(ертегі)
Аударған Ғ. Жұмабаев
Баяғыда бір кедей ханзада болды. Қарауында азғантай ғана елі бар, бірақ ханзаданың үйленуге мүмкіндігі де бар еді. Байғұстың үйленгісі келіп-ақ жүрді. Әрине, бірден императордың қызына барып: «маған тиесің бе?» деуі оның тарапынан жосықсыздау-ақ болды. Әйтсе де текті жердің баласы, маған ти десе, жүз корольдің жүз қызы құшақтай жығылар еді. Ал енді, императордың қызы не – деп жауап кайтарды екен, сонысы қызық қой.
Оқиғаның қалай болғанын тыңдап көрелік.
Ханзаданың әкесі дүние салған екен, оның моласының басына таңғажайып бір түп раушан гүлі шығыпты; өзі бес жылда бір-ақ рет шешек атады және басына бірақ гүл шығатын көрінеді. Бірақ гүл болғанда да өте ғажайып! Хош иісін айтсаңшы, бір иіскесең барлық қайғы-қасіретіңді түгел ұмытасың. Сонан соң ханзаданың бұлбұлы болды, әнді қалай нәшіне келтіре, құйқылжытып шырқайтын еді. Көмекейінде күллі дүниенің ең ғажайып ән-күйі ұялаған тәрізді раушан гүлін де, бұлбұлды да ол императордың қызына сыйға тартпақ болған; екеуін де үлкен күміс сандыққа салып, тарту-таралғы ретінде аттандырды. Император күміс сандықты, қызының басқа ермегі болмаған соң, кәнизактарымен бірге «қонақ шақыру» ойынын ойнайтын үлкен залының өзіне тұп-тура әкелуге әмір етті. Тарту-таралғысы бар үлкен екі сандықты көріп, императордың қызы қол шапалақтап қуанды.
– Осының ішінен кіп-кішкентай бір мысық шыға келсе ғой! – деп айқай салды ол.
Бірақ күміс сандықтың ішінен тамаша раушан гүлі шықты.
– Шіркін-ай, қалай сүйкімді жасалған! – деп кәнизактар шу ете түсті.
– Сүйкімді емес, тіпті ғаламат! – деді император, – шынымды айтайын, өте ғаламат!
Бірақ ұлы мәртебелінің қызы реніш білдіріп, саусағын шошайтты да, ызаға булығып жылап жібере жаздады.
– Пішту! – деді ол, әке-ай, сіз де жоқты мақтайды екенсіз, бұл қолдан жасалған гүл емес, өзі өсіп шыққан гүл емес пе!?
– Пішту! десті сарай күтушілерінің бәрі. Кәдімгі раушан екен ғой!
– Сабыр етіңіздер! Ең алдымен екінші сандықта не бар екенін көрелік! – деді император.
Екінші сандықтан бұлбұл ұшып шығып, ғажайып бір әнге салып сайрап ала жөнелді, тіпті одан тырнақтай мін табуға ешкімнің де батылы бармады.
– Superbe! Charmant!1 – деп шулап қоя берді кәнизактар; олардың бәрі де французша былдырлауды білетін және сорақылық жағынан бірінен-бірі асып түсетін.
– Мына күс маған марқұм императрицаның музыкалы темекі сауытын еске түсіреді! – деді ертеден келе жатқан сарай ақсүйектерінің бірі. Мақамы да, үн толқыны да соған ұқсайды.
– Ия! – деді император, сөйтті де балаша еңіреп қоя берді.
– Бұл кәдімгі құс емес – деп сенуге бола ма? – деп сауал берді император қызы.
– Нағыз бұлбұлдың өзі! – деп жауап берді тарту-таралғы әкелген елшілер.
– Ендеше, ұшарын жел, қонарын сай білсін! – деп, императордың қызы ханзаданы қабылдаудан бас тартты.
Бірақ ханзаданың оған ұнжырғасы түскен жоқ, бетін қара қошқыл бояумен бояп алып, бөркін миығына түсіре баса киіп алды да есік қақты.
– Қайырлы таң, император! – деді ол. Сіздің сарайда маған лайық жұмыс бар ма?
– Е, сендей қаңғығандар бұл арада аз дейсің бе? – деп жауап берді император. – Айтпақшы, тоқтай тұр, есіме жаңа түсті ғой: бізге шошқашы керек. Бізде шошқа деген құжынап жүр.
Сөйтіп, ханзада император сарайының шошқа бағушысы болып тағайындалды да, баспанаға шошқа қорасының жанындағы жапырайған жаман лашық берілді. Ол күн ұзақ табан серіппей бірдемені кесіп-жонып отыр еді, ақыры кешке дейін сиқырлы құмыра жасап шығарды. Құмыраның тұла бойы толған сылдырмақ, астына от жағып ас пісіре бастағаннан-ақ, әлгі сылдырмақтар сыңғыр-сыңғыр етіп:
Ах, сүйіктім, Августин, Августин, Августин,
Ах, сүйіктім Августин, Ғұмырым зал, жалғыз сен!.. –
деген ерте заманнан келе жатқан көне бір әнді сайрайды да тұрады.
Одан қызық тағы бір қасиеті бар: құмырадан ұшқан буға қолыңды тосып тұрсаң, шаһардың қай үйінде, қандай тағам пісіп жатқанын біле қоясың. Бұл құмыраның жанында бағанағы раушан гүлі дегендерің жіп есе алмай қалады! Императордың қызы кәнизактарымен серуенге шығып жүріп, сылдырмақ қоңыраулардың әсем үнін құлағы шалды. Бетіне қуаныш күлкі ойнап шыға келді де, орнында қалт тұра қалды. Ол фортепьянода «Ах, сүйіктім Августин!» деген осы өлеңді ғана орындай алатын, оның өзінде де жалғыз саусағымен ғана ойнай білуші еді.
– Ах, мен де осыны орындаушы едім! – деді император қызы. – Қарай көріңіз! Біздің шошқашымыздың білімді адам болғаны ма? Жарқыным, біреуіңіз барып, анау аспабының қанша тұратынын біліп келіңізші!
Кәнизактарының біреуі ағаш шәркей киіп, шошқа қорасына баруына тура келді.
– Құмыраңа қанша сұрайсың? – деді ол.
– Император қызы мені он рет сүйсе, сонда ғана беремін! – деп жауап берді шошқашы.
– Ол не дегенің! – деп ыршып түсті кәнизак.
– Одан арзанға беруге болмайды! – деп кесіп айтты ханзада.
– Не, не – деді? – деп сұрады император қызы.
– Шынымды айтсам, айтуға аузым бармай тұр! – деді кәнизак. Жан түршігерлік бірдеме!
– Ендеше, құлағыма сыбырлай қойсайшы. Кәнизәк құлағына сыбырлады.
– Неткен ұятсыз еді өзі! – деді де императордың қызы ызаға булығып тұра жөнелейін – деп еді, дәл сол уақытта... сылдырмақ қоңыраулар сылдырлап қоя берді:
Ах, сүйіктім Августин, Ғұмырым зал, жалғыз сен!
– Жарқыным, – деді император қызы кәнизакқа. – Бар да анаған айт: менің кәнизактарымның он сүйгенін қанағат етпес пе екен?
– Жоқ, оныңызға рақмет, – деді шошқашы. Императордың қызы өз аузымен он рет сүйсін, әйтпесе құмырам өз жанымда қалады.
– Бір түрлі ыңғайсыз-ақ! – деді император қызы. – Бірақ басқа амалым жоқ! Біреу-міреу көріп қалмау үшін, сендер жан-жақтан қоршап тұра қалыңдар.
Кәнизактар император қызын көйлектерінің күмпиген етектерімен қоршап тұра қалды. Шошқашы император қызына он рет сүйгізіп, император қызы шошқашының құмырасын алды. Қандай ғаламат, сол күні түн ортасы ауғанша, ертеңіне күні бойы құмыра оттан түскен жоқ. Сарай қызметшілерінен бастап, етікшілерге дейін қазанына не асып жатқаны мәлім болмаған бірде-бір үй жоқ.
Кәнизактар секіріп-қарғып, сандарын шапалақтап жүр.
– Бүгін кімнің үйінде тәтті сорпа мен құймақ бар екенін білеміз! Кімдердің ботқа мен жентектеп пісірген шошқа етін жейтінін де білеміз! Бұ не деген ғаламат!
– Өте ғаламат! – деп мақұлдайды обер-гофмейстерина.
– Алайда мұның бәрін тістеріңнен шығармаңдар, менің император қызы екенімді ұмытпаңдар!
– Әрине, әлбетте! – деп шу етісті барлығы.
Ал шошқашы (кәдімгі ханзада ғой, бірақ жұрттың бәрі солай атап кеткен) уақытын текке өткізген жоқ, сатырлақ зырылдауық ойлап тапты; зырылдауықты үйіріп қалса болғаны, жер жаһандағы барлық би атаулыны ойнап ала жөнеледі.
– Қандай ғаламат! – деп жағасын ұстады императордың қызы қасынан өтіп бара жатып. Нағыз поппуридің өзі ғой! Өмірімде мұнан жақсы ештеме естіп көрген емеспін! Барып мынау аспабын қаншаға сататынын біліп келіңдерші! Бірақ мен енді сүйіспеймін!
– Жүз сүйіс керек дейді, падишам! – деп мәлімдеді шошқашыға барып қайтқан кәнизак.
– Өзі есінен адасқаннан сау ма екен? – деп зекіп қалды да, император қызы өз жөнімен жүре берді, бірақ ілгері аттаған аяғы кері кетіп:
– Өнерді бағалай білу керек! – деді ол. – Мен императордың қызы емеспін бе? Шошқашыға айта барыңдар, кешегі сияқты бүгін де он рет сүйсін, қалғанын кәнизактарымнан алсын.
– Әрине, солайы солай ғой, бірақ біздің өйткіміз келмеп еді, – деп қасара қалды кәнизактары.
– Керілдеспеңдер! – деді император қызы. – Оның аузынан сүюге мен арланбағанда, сендер неге бәлдене қалдыңдар! Өздерің менің арқамда ас ішіп, жалақы алып отырғандарыңды ұмытып кеткеннен саумысыңдар?
Кәнизактардың шошқашыға барып, аяғына жығылмасқа амалдары қалмады.
– Император қызының өзі ғана жүз рет сүйсін! Әйтпесе, әркімнің өз қымбаттысы өзіне болсын, – деді шошқашы айтқанынан қайтпай.
– Қоршалап тұра қалыңдар! – деп бұйырды император қызы: кәнизактар айнала қаумалап тұра қалды да, шошқашы оны бас салып сүйе бастады.
– Шошқаның жатағының дәл алдында неменеге топырласа қалған? – деп сұрады балконға шыққан император: ол көзін уқалап, көз әйнегін киіп алды. Е, мына кәнизактар тағы да бір ермек тапқан ғой. Барып көріп келейінші.
Ол туфлиінің мыжырайып қалған сыртқасын түзетіп алып, сүйрете басып солай қарай жөнелді. Император үй артындағы аулаға шықты да, шошқашының неше рет сүйгенін есептеп тұрған кәнизактардың қасына білдірмей жетіп барды: аналар есептін дұрыс болуын, шошқашының ақысын артық алып кетпеуін қадағалап тұр еді. Сондықтан император келіп, мойнын созып қарап тұрғанын ешқайсысы да білмей қалды.
– Бұ не қылған масқара! – деп ақырып қалды ол, қызының шошқашымен сүйісіп тұрғанын көріп. Шошқашыға сексен алтыншы рет сүйгізіп жатқанда, ол өз қызын туфлиімен шекесінен періп кеп жіберді. Жоғал көзімнен! – деп ақырды да, император өз қызын да, шошқашыны да мемлекетінің шекарасынан қуып шықты.
Енді, міне, императордың қызы жылап-еңіреп, шошқашы оған ұрсып-зекіп тұр, екеуі де нөсерден малмандай су болған.
– Бақыты ашылмаған сорлы басым! – деп солқ-солқ етеді император қызы. Сұлу ханзадаға неге тиіп алмадым екен! Жолым болмаған бейшара екем ғой!
Ол сөйтіп еңіреп тұрғанда, шошқашы ағашты айнала беріп, бетіндегі қара қошқыл бояуларының бәрін жуып тазартты да, жаман киімдерін сыпырып тастап, өзінің король киімін киіп келді. Оның таңғажайып сұлулығына таңданып, император қызы иіліп тәжім етті. Енді мен сені талақ еттім! – деді ол. Сен ханзаданы менсінбедің! Бұлбұлды да, раушан гүлін де бағалай білмедің. Түкке тұрмайтын ойыншыққа қызығып, шошқашыға бетіңді тостың, өз обалың өзіңе! Ол өзінің корольдігіне келіп, есікті сарт еткізіп жауып алды да, ішінен іліп қойды. Ал император қызының: «Ах, сүйіктім Августин, Ғұмырым зал, жалғыз сен!» –– деп аузы аңқиып қалғаннан басқа амалы болмады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру