Балладалар
Тұрсынхан Әбдірахманова
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Тұрсынхан Әбдірахманова – өлеңдері бірнеше тілге аударылған ғалым. Ақын поэзиясына нәзік лиризм мен философиялық терең ой тән. Көркем аудармаға үлес қосқан ақын бірнеше шығармаларды қазақ тіліне аударған. Тәуелсіздік алғаннан кейін екі томдық шығармаларының жинағы жарық көрді.
ЕШКІӨЛМЕС
Есімі таудың Ешкіөлмес,
Ешкіөлмес кетпей естен еш
Жүретін жүрек түбінде...
Медеу боп «жақсы ештен кеш».
Айтысы Біржан—Сараның,
Қос саңлақ, қос сол дананың
Бауырында еткен,
Көне көз Шежіре тауы Даланың.
Жетісудағы құт мекен,
Түгінен тартсаң, сүт екен.
Атанды қалай
Ешкіөлмес,
Айтайын қоспай түк бөтен.
Тым ерте түсіп бір жыл қыс,
Ұяда қатты ұшпай құс.
Шарасыз ондай шақтарда
Аң түгіл адам бір байғұс.
Сүйенген қазақ малына,
Құдайға сеніп, табына
Отырса дағы, тірліктің
Кіріспей қалмас қамына.
Жетпіске жеткен ақсақал,
Бір табын ешкі, басқа мал
Өсіріп бағар күш қайда,
Табады қандай басқа амал!
Сонымен қарттың бабы жоқ,
Сүйенер бала тағы жоқ,
Әрекет етер қайрат жоқ,
Бұрқанған жастық шағы жоқ.
Ойланып қартың жайды осы,
Өлмеуге тапқан айласы —
Сүйеніш етті өлкесін
Сан сында тиген пайдасы.
Ауыздан түспес мұндайда,
Тапсырды дағы құдайға,
Қалдырмай бірін ешкінің
Тастады айдап бір сайға.
«Иеңе шек - шек тапсырдым,
Қайтейін кімге қас қылдым...
Бұйырмай тұрсаң, бақсам да
Боларсың жемі қасқырдың.
Жалынып кімге барармын,
Қыс мынау кімге қарар кім!
Бұйырар болсаң өзіме,
Көктемде тауып алармын», —
Деді де қайта оралды,
Жазғырды дағы боранды.
Жатты да қойды үйінде
Тұрағы болып тор алды.
Қарамай көк мұз ақ қарға,
Ықтасын, күнгей, шатқалда
Қылауы түспей қысыңнан
Шығыпты ешкі - лақтар да.
Түбіті түлеп сауырда,
Егізден лақ бауырда.
Көбейіп көктем шағында
Ешкілер келген ауылға.
Игі боп еткен қамыңыз,
Шығасы деген малыңыз
Несібең болып оралса,
Қуанбас қалай шалыңыз!..
Оқиға бұл ма ескермес,
Риза көңіл хош көрмес!
Осыдан былай ақ бұйрат
Атанып кеткен Ешкіөлмес.
Елімнің тауын шақпаған,
Баурайы ырыс баққан —
Айналсам сенен болмас па,
Ақ сарай—асыл ақ далам.
ПАРТИЗАН ӘЙЕЛ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Л. Татьяновичева өлеңінің ізімен
Село.
Бургомистрлер үйі.
Күтпеген бұл тосын жәй.
Келді ана ұлына
Көктен түскен жасындай.
Таң сәулесін жамыла
Тұрды есіктің көзінде:
— Өзің өл,
Не мені өлтір, —
Зіл қорғасын сөзінде.
Сұсты наган оқтаулы Қойды үстелге:
— Өз ұлым,
Туды менің алдымда
Жауап берер мезгілің...
Жалғыз көзі үңірейіп,
Елестетіп ажалды,
Жатыр наган,
Әділ сот— Ана өзі,
Аралды.
Апандағы қасқырдай
Бургомистр атылып,
Наганды алды қолына —
Кетші, — деді көзімнен, —
Анасына ақырып.
Салды өлім таңбасын,
Бөздей өңі бозарды,
Қан дәмі кеп аузына
Тұманданып көз алды.
Ескерткіштей алдында
Қадап көзін найзадай,
Анасы тұр жүзінде
Кінә сөзі найзағай.
Жеңіп бойын күшпенен,
Іркіп кейін көз жасын,
Нұры таңның құйылып,
Алауға орап алған соң: —
Өзің өл, Не мені өлтір.
Селк етті ұлы түнеріп,
Тұла бойы кетті ұйып,
Тұра берді тағы андай
Әлсіреген оқ тиіп. —
Баршы,— деді анаға,
Өмір жоқ маған болса да.
Қайырды наган шаппасын,
Неткен биік босаға...
Гүрс етті үні наганның,
Зірк етті үйі орнында.
Өшті тыныс, тылсым күй
Тынғандай іс болды да...
Тәлтіректеп жүрісі,
Жүрек әлсіз, Айдала.
Партизандар орманы,
Гуілдейді айнала.
Аяз тісін ақситып,
Тандырардай түрі естен.
Құрғақ жылайды ер ана
Жылап жасын түгескен.
БАУЫРСАҚ ИІСІ
Сыр беріп қап жаман - жасқау жүрегім,
Бір тұрып, бір жатып қалып жүр едім,
Әсем келді көмек бере, хал сұрап,
Мұндай кезде таянатын тірегім.
Орнағалы «нарық» деген ауыр шақ
Сүйенеміз бір-бірімізге ауырсақ.
Әдетіміз жеңілдетіп кей түсте
Шәй ішетін жасап ыстық бауырсақ.
Бұл күні де сол әдеттен жаңылмай,
Жоқты іздеп магазинге сабылмай...
Ернарға деп салып бердім бауырсақ
Әже тайлап көретін жанындай.
Автобуста қазекеңнің асынан
Хабары мол солдат бала жасынан:
«Сөмкеңізден бауырсақ иісі келіп тұр»,
Жаутаңдапты келе беріп қасына.
— Үйге деген сағынышың тарамай,
Жүрсің бе әлде солдат асы жарамай.
Танауыңның ұшы тершіп кетті ғой,
Бұл қай халың айтшы мәнін, балам - ай!
Десе, бала:
— Үйді дағы сағынар
Болдық, апа, айту - айтпау не қылар.
Ойыңызда не тұрса,
Сол, апатай,
Бүгінгі күн біздің баста бәрі бар...
О,тәңірім!
Кімнен пәрмен сұрайын,
Кімнен көріп, кімді қарғап жылайын.
Татар ащы қасіретіңнің, ұрпағым,
Бұл көргенің
Соңы болсын лайым!
13.11.1995 жыл
БАТЫР АҒА ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Жаулап алған шет-шексіз байтақ мекен
Ақсақ Темір кезінде айтқан екен:
Ерлік деген ерекше шыдамдылық,
Хас батырды сынайтын алабөтен.
Қалай мақта сияды айдан асыр
Сарғайғанның мұраты деген ғасыр.
Батырлардың батыры Қасым аға,
Шыдамдылық, танытқан жарты ғасыр.
Бұйрығына тағдырдың амал бар ма?
Әділетсіз табағын тартса алға.
Жан қиярлық ерлікті Қасым жасап,
Батыр атақ бұйырған басқа адамға.
Ал тыңдаңыз, бұл гәптің мәні жәйін,
Білгенімді азды-көп баяндайын:
Армиядан барлаушы маман болып
Оралуға қаса жүрген дайын.
Дәл сол тұста басталып ұлы соғыс,
Барлаушыны күтпей ме енді зор іс.
Ең алғашқы күні-ақ жау тылында
Десант болып Қас ағаң бастады ұрыс.
Аз күннен соң партизан тобын құрды,
Ұнатты топ жаужүрек командирді.
Риза боп Қабанбай ұрпағына
«Жарайсың, - деп, — Қасекем!»
Жау тылында сонымен Қасым аға,
Талай ерлік көрсетіп жетпес баға.
Тапқыр, алғыр партизан командирі
Деген даңқы сан жетті Москваға.
АЗАМАТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Қара бұжыр, Қалбаны мекен еткен
Бақы матай атағы әлем кеткен.
Бәйтеректей бұтақтап, канат жайып,
Ел тұтқасы ер болып ұлы ер жеткен.
Ойы - қыры мыңғырып қайысқан мал
Қойнауында мол алтын қазына бар.
Мирас еткен бабалар бай өлкені,
Сол Бақыттан тарайды сан рулар.
Сол рулар ішінде дара тұрған
Сай болаттар ерекше жаратылған.
Ел тізгінін ұстаған азаматы
Өрт боп туған жалындап жай отынан.
Терең толғап, кең құлаш жаза алатын,
Сай болаттан шыққан бір азаматтың.
Ел сүйсініп ерекше бағалаған
Ісін айтам шығарған қазақ атын.
Өткен ғасыр басында елді таң ғып,
Патша ағзамнан ерекше түсті жарлық:
«Би, болыстар баласы оқып тілмаш
Болып шықсын, іс көрді содан тарлық».
Болыстарға жеткенде осы бұйрық,
Ел аралап сөз гулеп кетті құйғып.
Шен-шекпеннен кейбіреуі үміттенсе,
Шоқындырады деп қорықты кейбір жүйрік.
Терең ойлап, қанатын кеңге жайып.
Заманына қарамай алмағайып.
Болысқа кеп өтінді «Мен барам!» - деп,
Өжет, өткір Дүйсенбі Қалматаев.
Көктен тілеп болысың жерден тапты,
Жеделдетіп әзірлеп төл құжатты...
Тауқыметін халқының жеңілдету,
Дүйсенбінің түпкі ойы сол, мұраты.
Елдің туын ер ме екен көтермеген,
Ел алдында борышы өтелмеген.
Том шаһарын бетке алып Сібір асты,
Қалматаев мақсатқа жетем деген.
Ғалымдардың бірқатар алдын көріп,
Зиялыдан ап, көңіліне өріп,
Мехнат кешіп, инемен құдық қазып,
Мамандығын дәрігердің алды игеріп...
Ұлы демей не дейін еткен ісін,
Бар ғұмырын, бойдағы жігер-күшін,
Халқы үшін жұмсады аянбастан,
Ажалменен алысып өткені шын.
Халық көзі ол кезде ашылған жоқ,
Әрбір ауыл, әр сайда шашылған топ.
Әр ауылда бұрқ еткен жұқпалы ауру,
Ел қазақтың ішінде басылған жоқ.
Өркендеген жоқ онда медицина,
Бүгінде ғой дәрігердің мыңын жина.
Дәрі-дәрмек жоқ келіп үйіліп жатқан,
Арашалау ажалдан тегін сый ма!
Міне осындай жағдайда Дүйсенбі ата,
Ақ боранда, аптапта күн-түн қата.
Жоқты бар ғып, білтелеп, жалғастырып,
Ауруды емдеп халқынан алды бата.
Ол кісіні жасымда өзім көрдім,
Қарсы ем еккен шешекке кезін көрдім.
Ауырып қалсам, жыламай шыдайтын,
Жақсы бала болам деп сөзім бердім.
Бар ғұмырын халқына арнады ол,
Кейінгіге мол үлгі салды да жол.
Әлі күнге есімі ел аузында.
Үзілмеген халқының алғысы мол.
Сол Дүйсенбі атадан қалған Мұрат.
Есімімен мақтансам әбден сияды.
Айтулы ұлы қазақтың, генералы
Шөп шыққан жеріне өседі болып мият.
Тұлпар туады тұлпардан жабы емес,
Айтпағым лауазым жағы емес.
Басшы болып өткерді талай істі,
Сан тұйықтан шығарып беріп кеңес.
Әсіресе Желтоқсан ел есінде
Аңыз болып елдің жүр кеңесінде.
Қорғап жүрді шырылдап жастарды ол.
Ерлік - ақ іс! Бола ма демесіме.
Колбин қуып Ауғанға жіберді оны,
Арашалап қалды әзер ісінің оңы.
Халық қамы бүгін де жүр ойында.
Шешер түйін әлі алда жатыр соны.
Бөгеттер көп орынды іс алға асуға
Бола ма бос килігіп жармасуға...
Генералдары казактың іссіз қалу
Таңданбаңыз әлі де жалғасуда.
Оң ісімен шығарған елдің атын,
Елім деген өсе бер азаматым,
Ұлы ісімен әкеңнің рухтанып,
Шығара бер әлемге қазақ атын.
Кейбір ұл дейді әкеден өте туады,
Қайсыбірі әкеге жете туады...
Жетсе дағы, өтсе де өзім демей
Елім десін халқына болып қуат.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру