Ақындар әлемі
С. Оспанұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
С. Оспанұлы - «Ақындар әлемі» шығармасы.
Аңдату
Қазақ энциклопедиясында «Ақын – өз жанынан өлең шығаратын адам. Ақын термині қазақтарда, қырғыздарда т.б. халықтарда бар. Қазақ халқының ұғымында Ақын деген атаудың мағынасы кең. Ақын сөзінің этимологиясы жайлы сан алуан пікірлер бар. В.Радлов, М.Әуезов Ақын атауының арғы тегі ағын, ағылудан басталған болу керек десе, тіл маманы К.Юдахин ұйғырдың ақылгөй, құрметті адам жайындағы ұғымының қазақ, қырғыз халықтарына ауысуы мүмкін деген болжам айтады» [Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы,1972. -1 т. 239 б], – делініпті. Философия докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Дархан Қадырәлі Н.Айтұлының «Ерлікке ескерткіш» кітабына жазған «Елдіктің жампоз жыршысы» аталатын алғысөзінде: «Бұрын қазақ ақынды әр дәуірге сай абыз, шешен, жырау, жыршы, шайыр деп атаған. Бертінде қолданысқа енген ақын – «ахун» деген сөзден шыққан. Ол медресе тәмамдаған, көкірек көзі ояу, ғұлама білімдар, кісілікті, рухани тұлға деген мағыналарға келеді» (10 б.), – дегенді айтады. Ахунд – парсы тілі, жетекші, тәрбиеші, діни мұғалім, деген ұғымды білдіреді. Шығыс халқында ақынды «Шайыр» деп атау қалыптасқан. Шайыр – арабтың «Шиғыр», «Шиғырият» сөзінен шыққан. М.Әуезов 1942 жылы Қазақстан Жазушылар одағының пленумында «ақын деген сөзді халықтың жырын айтатын кісілерге, ал жазып сөйлейтін кісілерге «шайыр» деп айту керек» депті [Шаңғытбаев Қ. «Шайыр» Алматы. «СаГа» баспасы, 2010. -16 б.]. 1986 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Шайыр.ар.зат. Суырып салма ақын» деген анықтама беріп, С.Мәуленовтің «Өзбекстанның халық шайыры Садық ақсақалға арналған мерекелі мәжіліс болды» деген сөзі мен «Сөйлесе табылады шайырдан сөз, жақсыны жаманменен айырған сөз» деген айтыс өлеңінің екі тармағын мысалға келтіріпті.
Қазақ ауыз әдебиетінде – мақал-мәтелдерде ақын делінеді:
Ақын – ұлттың жүрегі,
Шешен – көптің тірегі.
Батыр – көптің білегі [«Қазақ мақал-мәтелдері». Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2006. -114 б.]. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», – деп поэзияны ардақ тұтып, оған жан-тәнімен берілген Абай «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол – ақынның білімсіз бейшарасы» дей отырып «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы?» деген арман құшағына бөленеді. «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап «көр-жөрді өлең қып» жүргендерді өткір сын садағына алады. Яғни, Ұлы Абай ақыннан кіршіксіз тазалық, «іші алтын, сырты күміс» сөз патшасын күтеді, ақынның ел қамын жер тұлға болуын қалайды.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең...
«Дүниеге сәби нәресте келді: бұлданып, жер тепкілеп жылап келді. Үнінде ырғақ бар. «Ырғақ бар жерде өлең бар» (Маяковский). Демек, жас сәби дүниеге жылап келген жоқ, әндетіп, өлең айтып келді. Ес жиып үлгірмеген сәби нәрестенің өзі өлең айтқасын өзгелерге не жорық, енді естиярлар ән салып, өмір түп-түгел өлеңге айналды да кете барды: әлдилеу – ән, әлпештеу – ән, ер жеткізу – ән, қыз ұзату – ән, келін түсіру – ән... Бірі – бесік жыры болса, бірі – жар-жар, бірі – бет ашар... – бәрі ән. Ол – ол ма, адамның өмірі ғана емес, өлімінің өзі өлең: жоқтау – ән, эпитафия – өлең...
Неге бұлай?
Бұлай болатын себебі, өлең яки «поэзия – өмірдің әрі мен нәрі, қайнап қорыған жамбысы. Поэзия бақшада құлпырған роза гүлін сипаттамайды, оның дөрекі заттық жақтарын лақтырып тастап хош иісін, әсем құбылғыш бояуын алады да, осылардан жаратылыстағыдан да әсем өз розасын жасайды. Поэзия – сәбидің күнәсыз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы. Поэзия – көрікті қыз жүзінің ұялшақ, албырт қызғылты, теңіздей көгілдір, аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі, әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмір иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, күміс үнінің гармониясы, сиқырлы сөзінің музыкасы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры... Поэзия – қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, өрен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған, өмірдің уы мен балын бір-ақ рет сарқа сімірмек болған тойымсыз талабы... Поэзия – ұйығандай, құйылғандай орныққан, өз еркін әбден билеген, өмір үшін жетіккен, тәжірибемен шыныққан, рухани күші теңескен, көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты...» [Қабдолов З. «Таңдамалы шығармалар. Алматы, «Жазушы», 1983. -251] «Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, ықпалы да соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық» [Ахметов З. «Кемел ақын, кемеңгер ойшыл» Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1 т. Алматы, Жазушы, 2005. -32 б.]. Академик Серік Қирабаев: «Ақын» деген бір ауыз сөзге қазақ үлкен мағына сыйғызған және оны екінің біріне қолдана бермеген. Өлеңші мен шын ақынның салмағын айыра білген халықтың өлеңшілер мен жыршыларды құныға тыңдаса да, оларға ақынға табынғандай мінез көрсетпейтіні тағы бар. Ақынмын деушілер көбейген кезде жақсы ақын, жаман ақын деген эпитеттер қосып «ақын» деген ұлы сөздің бағасын кемітіп жүрген біздер ғой. Әйтпесе «ақын» деген жалғыз сөздің ешбір мәртәбә мен дәрежеге айырбастамас құдіретті күші бары кімге аян емес» [Қирабаев С. «Ақын. Әдебиет және дәуір талабы» Алматы:Жазушы, 1976. -194 б.], – дейді. Ақынға қойылар талап көп. Сағат Әшімбаев: «Ақын – ол да ең алдымен жұмыр басты адам», – дей келіп, азаматтықтың шын мәніндегі озық үлгісін көрсете білген ақынның бағы жанатынын айтып: «Сондай азамат ақын әманда алмас сөзді алдаспан қару ретінде пайдаланып, өмірдегі, адам мінезіндегі, күнделікті тіршіліктегі жамандық атаулымен жағаласып өтеді. Сол өз кезіндегі жамандық атаулыны өлеңмен өртеп, өңешін суырып берген Абай поэзиясы өзінің азаматтық және адамгершілік қасиеттерімен бүгінде қастерлі» [Әшімбаев С. Ақын жайын жабырқатқан жайлар. Абай тағылымы. Алматы.Жазушы, 1986. -92 б.], – деп ақын алдымен азамат болуын алға тартады. «Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шындығында» (Ғ.Мүсірепов). Ақынның туы - Шындық. Қазақтың ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен би, шешендері мен ақын-жыраулары хан мен сұлтандар алдында қасқайып тұрып, шындықты бетке айтқан. Жасқаншақтап-жасқануды білмеген, олардың дуалы аузынан шыққан сөз жерде қала бермеген. Өйткені олар жеке басының емес, халқының қамын жеп, солардың атынан сөйлеген. Жүйелі де киелі сөзге хан да, қара да тоқтаған. «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің, //Айтқаныма көнбейсің. //Шабылып жатқан халқың бар, //Аймағын көздеп көрмейсің», – деп Асан қайғының (1361-1370) Жәнібек хан алдында тайсалмай сөйлеуі, «Ел, әйелің, сәбиің // Көзінің жасын төктірдің, //Қабырғасын сөктірдің!», – деп Шалкиіздің (1463-1560), «Ай, Абылай, Абылай, //Қатын алма қарадан, //Қара тумас сарадан. //Қатын алсаң қарадан, //Алды кетпес баладан, //Арты кетпес жаладан», – деп Бұқар жыраудың (1668-1781) хан Абылайдың алдында айылын жимай сөйлеуі соны аңғартады.
Бауыржан Үсеновтің:
Халық емес, ақыннан
Билік қана қорқады [ Үсенов Б. // «Ақындар» Алтын орда 2003. 10 шілде], - деуі сондықтан. Ақындықтың да не екенін бірер сөзбен айтып жеткізу қиын. Ақындық – сезімталдық,байқағыштық. «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» деп Абай айтқандай, ақындық өзгенің қуанышы мен қайғысына ортақтасып, өз қуанышы мен қайғысындай сезіне білу. Жұрт көре бермейтінді көріп, ести бермейтінді естіп, басқалар назар аудармайтын құбылыстарға көз тігіп, сырын іздеу, басқаша, тек өзінше ғана ұғынып, қабылдау. «Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдыңдағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену, көкірегінде көл-көсір сыр ұялату, – бәрінен бұрын, – ақынға тән қасиет» [З.Қабдолов]. Өмірге, сұлулыққа құштарлық, шешендік, айтқыштық, тапқырлық, жанның нәзіктігі, пәктігі, парасаттылық, ойшылдық, шеберлік, шабыт... Ақындық Алланың сыйы... Ақындық азапты ой, ұшқыр қиял. Сондықтан да Ә.Тәжібаев:
Ақындық ауыр еңбек түсінгенге,
Тау қазған, тас қорытқан ісіңнен де, – десе, Т. Айбергенов:
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.
Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені
Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың, – деп тебіренеді.
Ақын, ақындық жайында жиірек қалам тербеген Қ.Мырза Әли: «Жалпы ақындық дегеніміздің өзі екінің бірі айтқысы келетін қарапайым ойды ешкім айта алмастай қылып айту ғой деймін. Ал енді, екінің бірі айтқысы келетін ойды екінің бірі айтатындай етіп айту – ақындық емес. Ол ақындықты қорлау», – дейді, Ақындық – Отанды, елді жан-тәнімен сүю және оған сүйеніш бола білу. Өлең – өмірдің үні, гүлі, тілі, ақиқаттың шыңы, халықтың мұң-зары, көкейінде жүрген арман-тілегі. Ақынды елдің ардақ тұтуының басты себебі де осы шындықты күлбілтелемей ақтарып айта білуінде жатыр. «Ақындық деген өлең жолдарының жарасымды ұйқасы мен ырғағы ғана емес, ішкі сыры, өзен ағысының сылдыры емес, сылдырдың сыры. Әсерлеу емес, бейнелеу арқылы оқушының сана-сезіміне әлденені қадағалап, ұялатып кету болады» [Мүсірепов Ғ. «Желпи бер жылы күлкіңмен, Жыр тұлпары, Сыр сұңқары – Сырағаң». Алм. «Атамұра», 1996. -8 б.]. «Ақын көңілі, әсіресе ақын жаны ауа райы тәрізді құбылмалы ғой. Бұлай болуының толып жатқан себептері бар. Айнала дүние, қоғам, үй-іші, әр қилы жағдай, әрқалай адам – осының бәрі ақынның көңіл күйіне айрықша әсер етеді. Айрықша дейтінім – өзгеге қарағанда, ақын айналаның әсерін алабөтен күшті, өткір сезінеді. Ақын жаны гүл секілді сезімтал – ыстық пен суыққа да, жарық пен түнекке де сыр білдіреді, су секілді толқымалы – дауыл тұрса бұрқанады, жел тұрса толқиды, самал ессе тербеледі. Әсердің сол күштілік, өткірлік күйіне қарай, ақын жанында үлкенді-кішілі із қалады. Өлеңдегі әсер мен сезімнің де шама-шарқы әлгі іздің аумағы мен тереңдігіне саяды. Бірақ бұл біржақты құбылыс емес. Поэзияға әсер етуші күшпен қатар әсер алушы күш үлкен роль атқарады. Пәрменді талант ұлы оқиғадан да, болмашы оқиғадан да күшті әсер алады, ал пәрменсіз таланттың алатын әсері, қай-қайсысынан да әлсіз, үстірт» [Қаратаев М. «Сырбай сыр шерткенде». «Жыр тұлпары, Сыр сұңқары – Сырағаң», 12-13 бб.]. «Ақын жанын тебірентетін заттар өмірде көп, бірақ кез келген көрініс өлеңге тақырып бола бермейді. Әуелі ой елегінен өткізіп, тек керектісін ғана дарын таразысына салады... Көп жұрт көрмегенді ақын көреді, аңғармағанды ақын аңғарады және де тек сырт қияпатын көріп қана қоймай, көріністің ішкі мәніне, ішкі сырына ой жібереді. Ақын ойы – ұшқыр ой, бірақ ол ұшқырлық көп баптауды, толғануды керек етеді» [Омаров І. «Сырлы дүние» Сонда. 33 б.]. «Бесіктегі бала қолын босатқанда, құйтақандай қызылшақа алақанын шапаттап, қандай қуанады. Тепкілейді кеп, талпынады кеп, ақырында шүмегін түбегіне түсіріп тынады да, шаптырып жіберіп, күледі, өзі. Сонсын жөргегінен жиіркеніп жылайды, енді тазалық талап етеді. Бар ақында осы бесіктегі баланың мінезі бар. Осы себепті бұрынғы өткен ауыл ақсақалдары: «Ақынды аттан түсіріп алыңдар. Ақ отауға атлас төсеп, ардақ тұтыңдар, бала мінезді ақынның бетін қайырмаңдар», – деп ақыл беріп отырған» [Адамбаев С. «Сырбаймен сырласу». Сонда. 56 б.]. «Ақындық – ізденіс, ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер. Ол жандымен де, жансызбен де тілдесіп, төңірегінен сыр іздейді. Үп еткен самалға, жапырақ сыбдырына, аққан судың сылдырына құлақ түреді.
Сырласады түнгі тыныш төңірекпен,
Жары жатыр ұйқы әлдилеп тербеткен.
Жұпар төсі тыныстайды ақырын,
Қара бұлақ жатыр құлап керуеттен.
Ақын таңның алыс-жақынын сезбейді, қағазға төніп күбірлейді, күңіренеді, құлағында – үн...
Міне, тағы шалқып шалқар шықты күн,
Шұғыла шашты Талғардың шоң шоқтығын.
Ширатылып отыр әлі жыр ұлы,
Бақи бала ақын жанға жоқ тыным». [Шаңғытбаев Қ. Ақын. «Лирика» кітабынан, Алматы: Жазушы, 1976. -79 б.]. «Өлең жазбай кеттің ғой» дейтіндер көп. Өлең күнде туа бермейді. Ол күні-түні толғатып, бар ғұмырын жақсы жырдың жолында құрбан етіп жүрген ақынға ғана аян.
Қайдан білсін, жыр жазу қиындығын,
Соқыр жармақ екенін сыйым бүгін.
Қайдан білсін, келе алмай күйім бүгін,
Сансыратып кеткенін құйын-күнім.
Білсін деп дерт екенін тіл өнері,
Тіл өнері жоғалтып жіберерін.
Түсінсін бе, дым тамбай, көк аспанның
Құрғақшылық жылдары түнерерін.
Қайдан білсін...
Туыстар қайдан білсін.
Оңай емес орнату ойдан мүсін!
Болдырам деп болмасты қиялыммен,
Қайдан білсін, біткенін қайран күшім.
...Оу, менің ойран-құсым, сайран құсым!
Оңаша өз бағыңда сайрап жүрсің,
Бұл ғалам, сенің титтей жүрегіңде
Не болып жатқандығын қайдан білсін... [Мақатаев М. «Қайдан білсін» Үш томдық шығ.жинағы. Алм. Жазушы, Т ІІ. 1993. -47 б.]. «Ақын жүрегінде небір жарылыстар болып жатады. Оның жаны мазасыз. Бірақ оның бәрі құйттай жүрегінде. Бар әлемдегі қуаныш пен қайғыны да сезініп көтеретін сол титтей жүрегі». Ақын әлемді өлеңімен тербейді. Ата-бабаларымыздың өлең-жырсыз күндері өтпеген. Сырбайша айтсақ: «Поэзия. Бұл – біздің ата-бабамыз, бұл – біздің ар-ожданымыз, біздің айтар жырымыз, шертер күйіміз, біздің бүгінгі өміріміз, ертеңгі жарығымыз. [«Сыр мен жыр». Алм. «Жалын», 1991. -19 б.].
Поэзия – сезім...
Есіңде ме, түндерің көз ілмеген,
Кезуде ойың өмірді, кезуде өлең.
Арғы атасы адамның – сезім болса,
Адам емес, сезімді сезінбеген.
Арғы атасы ақынның жырдан туған,
Жыр жолында жанын да қылған құрбан.
Жырлар тұнған хандардың сарайында,
Жыр айтылған есікте құлдар тұрған.
Ұзатылып жат-жұртқа барғаныңда,
Жыр айтылған қыздардың жар-жарында.
Жырлап, жылап, жыраулар жан тапсырған
Жыр мен күйі күйзеліп бармағында.
Көкейкесті жырлар жаз жез киіктей,
Мақтау, даттау, жәдүгей сөзді күтпей.
Өлең керек ұрпаққа, өзің мейлі,
Көлеңкеде қалсаң қал, көзге ілікпей!
[Мақатаев М. «Өлең керек», сонда. 147 б.].
Шын ақын ақынмын деп шіренбейді, айқайламайды. Онда қызғаныш жоқ. Ол жан-тәнімен жырға ғашық. Жақсы жыр – жан азығы. «Өгейсінбей өзі боп қалу үшін, өнер керек, ұрпаққа өлең керек!» (Мұқағали). Сондықтан да ол:
Шоқтығына ер батқан, қайқаңдаған,
Мен – бір бәйек жорғамын байпаңдаған.
Күлесің-ау,
Күлесің... Сайтан бала,
Сен айт менің ойымды, айта алмаған, – деп ақын інісінің өзінен
озуын тілейді. Ақынның жаны – жыр...
Жырым менің – жалғызым, жан дауысым,
Жан дауысым!
Жақтаған ар-намысын.
Ар-намысы тапталып қалмауы үшін
Арпалысып, әлсіреп қалғаны шын...
[Мақатаев М. «Ақын ініге», сонда. 146 б.]
Ақындық – ой азабы, ақындық – бақыт. Ақынның бақыты да, соры да – сезімталдығы. Ол кейде «Ақ көңілі кетілгендіктен ақырет азабын жейді» ( Е. Дүйсенбаев). Ол бар адамзатқа бақыт тілеп, жанын-тәнін бөліп беруге бар. Өзгелердің қайғы-мұңын көтеріп, өз отына өзі өртеніп кететіні де содан. «Ақындар көп» дейтіндер де табылып жатады. Бұған ақын Есенбай Дүйсенбаевтың мына шумақтары бұлтартпас тойтарыс берген:
Ақындарын жыр жазатын жағып қойып кешке шам,
Көсегесі көгерер ел көпсінбеген ешқашан.
Сен ғана тек жалынды бір өлең көрсең жасын дем,
«Ақын көп!» деп қайғырасың дырдай әкім басыңмен.
Бірақ саған сенер ме екен алты жасар бала да,
Үш ақын бар, үш ақын бар біздің үлкен қалада!
Өмір үшін өлең құрап бақыттан да, сордан да,
Үш-ақ бұлбұл сайрайды екен Ақтөбеде – орманда.
Ал сен болсаң «Ақын көп!» – деп тағасың-ау тағы мін,
Айналдырған үш бұлбұлдың білмей тұрып қадірін!
[Дүйсенбаев Е. «Біздің толқын», 77 б.] Шындығында, ақын көп емес, ақынмын деп төс қағып жүргендер көп. «Ақын көп» дейтіндер ақын мен ақын еместерді айыра алмайтындар. Алтын не, асыл не, жез не, жасық не, оларға бәрібір! Ақындық сыры тылсым. «Алатаудай алып ақындар да ақындық сырын аша алмай келеді... Дүниеде қанша ақын болса, сонша өзгешелік бар, қайталанбас тәжірибе бар. Өлеңді өмірдің өзі береді. Өлең-жырдың, поэзияның қайнар көзі – өмірдің өзі. Бұл да баяғыдан белгілі қағида. Біз соны белгілі бір дәрежеде растаушылармыз. Ақындықтың негізгі сыры, басты құпиясы, біздіңше, қиял ұшқырлығында, талант құдіреттілігінде... «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» дегендей, шын ақын өрнекпен ойлайды, өлеңмен толғайды. Шын ақынға қара сөзден өлең оңай» [Әлімбай М. «Өмірім – өлеңім». «Сөзстан», Алматы «Жалын», 1983. 48-49 бб.] «Өмірі мен өлеңін биік тілекпен, ілгері ниетпен, асыл мұратпен ажарлау әркімнің қолынан келе бермейді. Пендешілік өмірдің фәнилығын, ақындық өмірдің мәңгілігін танып, пайымға салып, ақырында фәниді емес, мәңгілікті, өлеңмен мәңгі бірге жасайтын өмірді, өлең-ғұмырды ғана баянды, базарлы деп тану, танып қана қоймай, соған қызмет етуге құлшыну, соны серік етуге ұмтылу – кемелдіктің, кемеңгерліктің нышаны, шығармашылық даналықтың белгісі. ...Ақынның ойының анықтығы мен айқындығы ақындық таланттың қос қанаты іспетті. Ақындық даналықтың қасиеті де анықтығы мен айқындығында. Терең айтылған ой қаншалықты анық және айқын болса, оның даналыққа қатынасы ма соншалықты ашыла түседі». [Дәдебаев Ж. «Ақын». «Тұманбайдың ақындығы», 163-64 б.б.] «Ақын халқына «бала» ғой. Бала қашан да елгезек. Ол нені сүйсе де беріле жақсы көреді. Нені ұнатса, соған бар жан-тәнімен ынтық. Ең бастысы, әдемілікке, мөлдірлікке ғашықтығында ма дейміз. Ақынды қуантуға да көп дүниенің керегі жоқ. Сәл ғана ілтипат оның ішкі дүниесінде теңіз толқынын шулатып жыр сыйлап жатса, сәл ғана көңілсіздік оның ашық аспанына қара бұлт үйіреді. Ондайда ақынның найзағайдай шатырлауы да, күн болып күркіреуі де, тіпті үнсіз егіліп-төгіліп, омырауын жаспен шаюы да мүмкін. Ақын әйтеуір, өзі қоршаған құбылыстың көріністерін «жайтартқыштай» қабылдай береді, бойына сіңіре береді». [Дәуітов С. «Махаббатты күн көтерген маржан жыр». «Тұманбайдың ақындығы», -174 б.] «Адам өмірінің шындығын суреттеуде өзге өнер салаларына қарағанда көркем әдебиеттің, сөз өнерінің мүмкіншілігі өте жоғары. Музыка, сурет, сәулет, мүсін өнерлері – бұлардың қайсысының да өмір мен өнерде тек өздеріне ғана тән дара орны бар. Алайда өмірдің шындығын терең де кең, тиянақты да түбегейлі талдап, саралап суреттеуге келгенде, сөз өнерінің құдірет-күші басқа өнер түрлерінің бәрінен де асық. Ал сөз өнерінің өз аясында адам адам болғалы онымен қатар жасап, соның қуанышы мен ренішін, ілгері үміті мен биік мұратының жарығы мен жылуы, сәулесі мен сәулеті секілді поэзия жайы, әрине, мүлде бөлек болуға тиісті... Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының құштарлықпен шиыршық ата соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен нұры, ал лирика – поэзияның поэзиясы деген секілді қағида адамзат баласының танымына сөз өнерін тани және таныта алатын қабілет дарығалы бері айтылып келеді». [Дәдебаев Ж. «Ақын». «Тұманбайдың ақындығы», -162 б.]
Өлең дегеніміз не?
А. Байтұрсынов шығарма тілін «ақын тілі, әншейін тіл» деп екіге бөліп қарастырып, тіл қисынына, сөз талғауға, сөз дұрыстығына, тіл тазалығына, анықтылығына, дәлдігіне, көрнектілігіне көңіл бөледі. Көріктеу түрлері – меңзеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, мезгеу, әсерлеу (лептеу), қайталау, шендестіру, дамыту, түйдектеу не екенін нақты мысалдар келтіре отырып айтады. Тіл (лұғат), сөз сөйлеу әуезділігі жайында ұғындырып, сөйлеу құлаққа қандай жағдайда жағымды, қандай жағдайда жағымсыз болатынын түсіндіреді. Ахаңның бұл жазғандарының бәрі – өлеңге қойылатын талаптар десе де болады. «Өлеңнің ұнасымы неден болады?» деп автор оқушысына сұрақ қойып, оған өзі жауап береді. Сағат шық-шық еткенінің, тамыр бүлк-бүлк соққанының арасы қандай бірдей болса, сөз сөйлегендегі дауыс ырғақ-ырғағының арасы да сондай бірдей болады. Сөйтіп дауыс ырғақ-ырғағы сөзді бірдей-бірдей буынға бөледі. Сондықтан сөз табиғи негізінде қамыс сияқты бунақ-бунақ буыны бар нәрсе болып шығады және де сөздің буындары бір қалыпқа құйып шығарған кірпіш сияқты бірдей деп білуіміз керек» [Шығармалары. Алм. «Жазушы», 1989. 147-189 бб]. А.Байтұрсынов өлең шығару, оны айшықтау, өлең түрлері мен бунақ буындары, өлең ағындары, тармақ кезеңдері, ұйқастары жайында да егжей-тегжейлі түсіндіріп, мысалдар келтіре отырып соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетеді. Қазақ Совет энциклопедиясында «Өлең – шағын көлемді поэзиялық шығарма» [8 т. 635 б.] деген анықтама берілсе, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «Белгілі буын өлшемі бар, ырғаққа, ұйқасқа құрылған көркем сөз, поэзия» [7 т. 137 б.] делінеді. Поэзияның қоғамда атқаратын қызметі (функциясы) негізінен оқушысына эстетикалық тәрбие, ләззат беру болғанымен, сан алуан: оқушыға беймәлім өмірді танытатын қуатты құрал, қазақтың әдеби тілін қалыптастырып, дамытуда тарихи ролі зор, адамның өмірге көзқарасына, мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне әсер етіп, өзгертеді, тәрбиелейді. Сонымен бірге, тарих – халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешкен әлеуметтік жағдайы мен небір оқиғалардың, атам замандарда өмір сүрген батырлар мен ақындардың, ойшылдардың ерлік істерін, тапқан жаңалықтарын, тіршілік-тынысын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани күшін бейнелейтін құнды қазынасы.
Поэзия – ақыл, нақыл: «Нәлет біздің жүріске, //Еділ менен Жайықтың //Бірін жазға жайласаң, //Бірін қысқа қыстасаң, //Ал қолыңды маларсың //Алтын менен күміске!..» Асан қайғы. «Атаның ұла ерлерге //Малыңды бер де басың қос, //Басыңды қос та бек сыйлас, // Күндердің күні болғанда //Басың жауда қалар ма!» Шалкиіз.
Поэзия – үгіт, насихат, тілек: «Кешу кешмек сайдан-дүр, // Батыр болмақ сойдан-дүр. // Жалаңаш барып жауға ти, // Тәңірі өзі біледі, // Ажалымыз қайдан-дүр!» Шалкиіз. «...Жетінші тілек тілеңіз, // Желкілдеген ту келіп, //Жер қайысқан қол келіп, //Соңан сасып тұрмасқа» Бұқар.
Поэзия – қару, құрал: «Ей, Қатағанның хан Тұрсын, //Кім арамды ант ұрсын, //Жазықсыз елді еңіретіп, //Жер тәңірісіп жатырсың. //Хан емессің, қасқырсың, //Қара албасты басқырсың, //Алтын тақта жатсаң да //Ажалы жеткен пақырсың! //Еңсегей бойлы Ер Есім //Есігіңде келіп тұр: //Алғалы тұр жаныңды, //Шашқалы тұр қаныңды!» Марғасқа. «Поэзия – ақынның жаны, тамырын қуалай аққан қаны, оның ары. Отан алдындағы ожданы. Ақын – белгілі бір қоғамның мүшесі, дәуірдің ұлы, олай болса, ақын шығармалары – сол дәуірдің суреті, сол қоғамның құбылысы... Поэзия – әр уақыт жан тебіренісі, сезім қозғалысы. Поэзия – қашанда уақыттың қолбасшысы» [Мәуленов С. Сыр мен жыр. Алм. «Жалын», 1991. -18-19 бб.]. Өлеңді жасау мен тудыру – екі бөлек нәрсе. Жасау – жасандылыққа ұрындырады, туу – табиғилық. Жыр туар алдында ақын да толғатып, сан-алуан күйге түседі.
...Шырт ұйқыдан оятады ой түртіп,
Отырамын түнде жалғыз шам жағып.
Сөз ұстатпай бірін-бірі қуалап,
Қаға алмаймын ой қазығын сыналап.
Көктен маған келетіндей серікке,
Ай қарайды терезеден сығалап.
Жыр-домбыра келтіре алмай бұрауын,
Ыза болып столымнан тұрамын.
Аққуымдай ақындықтан айрылып,
Түні бойы кірпік ілмей шығамын.
Сосын бір кез күндіз бе, әлде кеште ме,
Өкпе-назды орап жібек кестеге,
Өлең шіркін ойда жоқта соғады,
Арамыза болмағандай ештеңе.
Содан кейін бәрін жиып тастаймын,
Кетеді еріп көңілдегі тастай мұң.
Жас шәкірттей жаңа жазған өлеңді
Жасқаншақтап жыр жолдарын бастаймын.
[Мәуленов С. «Жыр жазар алдында» -202-203 бб].
Ақын С.Мәуленов «Жыр жазар алдында» өлеңінде осылайша сыр шертеді. Ақын өлең толғағы қысқанда жауар бұлттай түнеріп, өлең туғанда ауыр ойды серпіп бұлттан шыққан күндей жадырайды.
«Ақын көкірегі мың дауысты бұлбұлдардың ұясындай»
(С.Мәуленов).
Өлеңім – (егіле төктім) –
Өз жанымның парасаты,
Жүрек деген мемлекеттің
Жүргізетін саясаты.
[Дүйсенбаев Е. «Үшбұлақ», 258 б.].
Өлең – Ару, араласып әр күніммен
Әйтеуір өртей бердің өрт үніңмен.
Ақыры бәрін беріп қалың малға,
Мен сені алып қаштым төркініңнен.
[Медетбек Т. Жанымның жас құрағы. 30 б.].
«Өлең деген ар ісі, өлең – өнер жарысы» [Мәуленов С. «Рауан», Алм.]. «Құбылыстың, заттың, қауым мен адамның табиғатын ашу, оны поэзияның өз құралымен ашу, оған ақындық аспаптардың барлық үні мен сырын түгел жұмсай білу – ақиқатты айту болып саналады» [Тәжібаев Ә. «Жүрегі жырдан жаралған» «Тұманбайдың ақындығы» Алм. «Атамұра», 2005. -9 б.].
Ақынжандылық дегеніміздің сыры неде?
Әбділдә Тәжібаев ақын, ақынжандылық жайында былайша толғанады: «Дүниеде өрен ақындар сирек туады дейміз ғой, ол рас шығар. Бірақ ақынжанды оқырмандардың молдығында шек жоқ, поэзияның бақыттылығы да сонда. Біреулерді «Арқалы ақын», енді біреулерді «Сиқырлы ақын» деп атаушылар да сол ақынжандылар болу керек. Мұндай оқырмандардың молдығы сондай біз оларды көбінесе халық деп атаймыз. Өнердің асылы мен жасығын айқын танитын, бірінен бірін ажырата бағалайтын осы халық. Сынның, демек, сыншының да көзі ең алдымен, осы ақынжанды халық. Оның аузына ілінген ақын, әйтпесе ақындық шығарма өмірде ескірмейді, адам жадынан тысқары қалмайды. Халық өзі таңдаған, өз талғамынан шыққан асылды кейінгі ұрпаққа шашпай-төкпей жеткізіп отырады, Біз мұны оқырмандар дәстүрі деуге тиістіміз. Бұл – өмір бойы бұзылмаған және бұзылмайтын дәстүр. Халық қалаулысына айналған атақты дастандар мен өлең-жырлардың, мақал-мәтелдердің отқа күймей, суға батпай, солақай сындарға да бой бермей бізге аман жетулері бұған айқын дәлел. Біздің сүйікті ақындарымыздың бірі Ғали Орманов ең соңғы өлеңдерінің бірінде:
«Болар бәлкім, бұл менің соңғы өлеңім,
Сөзім қалса соңғыға сол көмегім.
Жылы тисе жырларым сезер әркім
Жер бетінен шырағым сөнбегенін»
депті. Қандай тамаша айтылған!
Жарығы, жылуы бар сөздер, әрине, ұзақ жанады. Ұзақ уақыттар бойында сөнбейді, поэзия достарының жүректерінде өшпей сақталады. Кейде біз үн-түнсіз жатып-ақ іштей уілдейміз. Неге? Өйткені, ой көзімен әлдеқандай әсем әлемдерде жүреміз. Әлдеқандай ғажайып суреттерді көреміз, әлдекімдеріміздің ерекше қызықтары елестейді көзімізге. Сондай шақта біздің барлық сана-сезімімізді өлеңге айналдырар сиқырлы сөздер тілімізге оралады. Біз ойымызға ұялаған дұғалық сөзіндей жалынды жырды іштей оқи бастаймыз. Кейде біз қимылсыз жатып-ақ, өрлеп, ұшып бара жатқандай сезінеміз. Бір биіктен соң бір биікке асамыз, асқан сайын жарқылдаған жаңа белестер шығады алдымыздан. Көк белдеулерден жаңа жарық қақпалар ашылады... Күн қандай жарық, жол қаңдай әдемі – бәрі де бізді ілгері шақырады. Әлем әсем әуенге, сансыз бояуларға толы, аңсаған достарымыз бізді биіктерде күтеді. Сондай шақта біздің тілімізге сиқырлы ырғақтар оралады. Біз дұғалық сөзіндей отты жырлар оқи бастаймыз. Кейде біз алыстарда жүріп-ақ өзіміз сүйген, өзіміз қасиет тұтқан ордалы ұямызда отырғандаймыз ғой. Ұлың-қызың әкелеп құшақтарын жайса, аталаған немерелерің арқаңа жабысып, мойныңа оралады. Бәрін аймалайсың, бәрін сүйесің, сонда да мейірімің қанбайды. Қызылды-жасылды гүлдерге қонған көбелектер нәрестелерімізді ойынға бастайды. Біз де бөбектерімізбен бірге көбелек қуып кетеміз... Сондай шақта тілімізге дұғалық сөзіміздей оралған мейірімді, қайырымды жыр оқи бастаймыз. Поэзия достарының ақын шығармаларына деген махаббат мейірімдеріне, ықылас ниеттеріне сөз жеткізу қиын. Өйткені, олардың өздері суреткер» [Тәжібаев Ә. «Ақын туралы аз ғана сөз» «Тұманбайдың ақындығы», 13-14 б.б.]. «Өлең деген – әр сөздің келісімі. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын ақынның ақыны ғана келістіре алады. Өлең ырғағын түзетін буын, бунақ сандарының өлшемін, олардың қайталану ретін, ұйқас тәртібін тастай батырып, судай сіңіріп жіберу әркімнің-ақ қолынан келеді. Алайда ол ақындықтың басты өлшемі емес. Қайсыбір ақындардың өлеңдерінде мұның өзі де табылмай жатады. Ырғақтың бұзылуы, ұйқастың шатысуы, сөз арасының бөтен, бөгде сөзбен былғануы таланттың тұрлаусыздығынан ғана емес, талапсыздықтан, ақыл-ойдың тоғышарланып, шау тартқанынан шығады. Таланттың түбіне жететін осылар: талапсыздық, талғамсыздық, ақыл-ойдың тоғышарлануы, шау тартуы» [Дәдебаев Ж. Ақын». «Тұманбайдың ақындығы. -170 б.].
Ізтай Мәмбетов:
Аңқылдап жүрген, жарқылдап жүрген жайым бар,
Ананың сүті секілді аппақ арым бар, – десе, енді бір өлеңінде:
Мен туыппын ақпандатқан боранда,
Кім біледі бәлкім әлде содан ба,
Ала құйын мінезім бар ашулы,
Қапелімде басылам ба, болам ба?! [«Қазақ Совет поэзиясының антологиясы, Алматы, 1977. -144, 145 бб], – дейді. Ақын «Жасырмай айтқан, асырмай айтқан шындағы» мен «Шыға алмай келген, шығам деп сенген шыңы барын» да мінезінің аумалы-төкпелілігін де, кесірлік еткенге кесірлік жасап, сыйласқанға сыр ақтаратынын да жасырмайды. Жақсы өлең:
Әйтеуір менің қойныма тыққан жоқ тасым,
Ақ адам жаным – қорғаным әрі жақтасым.
Арманым – жүрек адамды сүйіп тоқтасын!
Арманым – елім ұлым деп сонда жоқтасын! – деп түйінделеді.
Ақындық мінез, міне, осы! Ақындық мінез – бар жан-тәніңмен елді, жерді сүйе білу, сұлулыққа құштарлық, ізгілікке іңкәрілік, қиядағыны көзі шалатын қырағылық, сұңқарлық, шындықты іздеу, ақиқатты айта білу, адалдық, адамдық, арлылық! Қасым Аманжоловтың Абдолланың аузына «бомба бол да жарыл жүрек!» деген тегеурінді сөз салып тебіренуі, Айбергеновтің бүкіл елді шақырып той жасағысы келуі, Мұқағали Мақатаевтың бүкіл халықты құшағына сыйдырып, барлық жерді туған жері санап жан-тәнімен жырға қосуы. Асан қайғының, Шалкиіздің, Бұқардың, Марқасқаның т.б. жыраулардың хан алдында тайсалмай сөйлеуі, Жұбан Молдағалиевтің сексен алтының желтоқсанынан кейін Колбиннің алдында ақиқатты айтып ағынан жарылуы! Ақында мінез болмаса, мінезді өлең қайдан туады?! Қадырдың «Асаулық керек аздаған» деуінің сыры да сонда. Ешкімді өкпелетіп, ешкімді ренжіткісі келмейді. Барлық адам оған бірдей, жанын бөліп беруге бар, тек адал болсын! Өлтірмейтін адалдық! Адал ұлын ардақтап елі жоқтайды, арамза ұмытылады...
Арамдыққа, жалғандыққа, қиянатқа ақынның жаны қас. Сәкен Сейфуллин:
Шыр айналар шіркін тауық,
Жемің болса қолыңда,
Қайдағысы сені тауып,
Топырлайды жолыңда,
Досыңмын деп ант береді...
Жем таусылса жалт береді [Қазақ Совет поэзиясының антологиясы. 1977. -37 б.], – дейді. Лауазымды қызмет істейтіндер мен пайдасы тиетін адамдарды жағалап, алдында құрдай жорғалап жүргендердің көбі күні ертең-ақ жалт беретіні шындық, оны өмірде күнде көзіміз көріп те жүр.
Ақын шынайы достықты қалайды:
Нағыз достар, бір-ақ қалып
Шындап берік сүйіскен.
Бір-біріне сыр ақтарып,
Сыр түйінін түйіскен [Сонда. 37 б.].
Ақын дұшпаны алдында асқақ, иілмейді:
Отырмын күзет-қамауда
Дұшпаннан тәнім жеңілді.
Жеңе алмас бірақ еш пенде
Асау, еркін көңілді [33 б.].
Сәкеннің асқақтығы мүлде бөлек! Ол кешегі ақтардың да, қызылдардың да қанды қырғынында басына қандай қатер төнсе де сол өр мінезінен тайған жоқ. Ашаршылық жылдары «Біздің тұрмыс» сатиралық романын жазуы, М.Жұмабаев қуғын-сүргінге ұшырап, тарығып жүргенде көмек көрсетуі шынайы достық белгісі, батырлық! Қорыта айтарымыз – қандай шығарма болмасын, халықтың рухани эстетикалық қажетін өтеумен бірге ұлт мүддесінің үдесінен шығып, ұйымдастырушылық, үгіт-насихат қызметін де атқаруы керек. Ол сонда ғана оқушысына жетімді, әсерлі, қадірлі, ғұмырлы, қастерлі болмақ.
Қуғын-сүргін көрген ақын-жыраулар
Ақын қай кезде де елдің жоқшысы. Қоғамдық ой, халықтық мүддені көздеп, шындықты айтып, әділдікті колдаған. Шындықты айтқан адам дұшпаны түгіл туғандарына да жаға бермеген. Ақын-жыраулар өмірі мен өлең-жырларына көз жүгірткенде олардың сол әділдік жолында қуғын-сүргінге ұшырап, мерт болғандарын да көреміз. Шалгиіз Тіленшіүлының (1465-1560) Ноғайлы әміршісі Темір бидің маңайында жүргені белгілі. Би Темір қажылыққа бармақ болғанда:
...Бұл кеткеннен қайтпасаң,
Ел, әйелің, сәбиің
Көзінің жасын төктірдің,
Қабырғасын сөктірдің [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 40 б.] – деп тоқтау айтады. Өйткені ол кезде қазіргідей емес, Меккеге қажылық сапарға бару аса қиын да, қатерлі болатын. Мұнда жыраудың Темір биге қояр талап-тілегі де бар:
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең...
[Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 42 б.]
Жырау биге бас ұрып, осының дұрыс демейді; шындыққа арқа сүйейді. Ол үнемі Темірді мақтап, сөзін сөйлеп, жауына жау, досына дос болған емес, қайта кейбір істеріне қарсы да шығып тұрған. Кейін Темір дүниеден өткен соң нағашы жұрты Мұса ұрпақтары маңайында жүргенде де «Өз заманындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сыртқары қалмаған Шалгиіз Ноғайлыда XVІ ғасырдың 40-жылдары басталған Жүсіп пен Исмайылдың әйгілі тартысы кезінде Жүсіп партиясын жақтайды. Алайда, дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған жырау көп ұзамай нағашыларымен біржола араздасып, Қазақ Ордасына қайта өтеді». [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 35 б.].
«Тура биде туған жоқ» деген осы. Жырау қаншалықты қуғын-сүргін көрсе де әділдік жолынан таймайды. Ақсүйектер арасындағы мансапқорлық, жікке бөліну, бәсеке, бақталастықты сынап-мінеп, елді ауызбіршілікке шақырады. Жиембет Бортағашұлы (VІІІ ғасыр) «Әмірің қатты Есім хан» деп басталатын жырында:
Жолбарыстай Жолымбет Құрбандыққа қол емес – десе, «Еңсегей бойлы ер Есім» деп басталатын жырында:
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде
Не деп жауап бересің? [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 52 б.] – дейді. Хан қаһарына ұшыраймын деп қаймықпайды. «Жолбарыстай Жолымбет» деп отырғаны қалмақтармен болған соғыста айқасқа түсіп, талай жеңіске жеткен батыр інісі. Соның бір тентектігін көтермей ханның елден қууына наразылык білдірген Жиембет те айдауға ұшырайды. Жанкісі ақын (би) (XІX ғасыр) Қоқан ханына сәлем беріп, зекетшілері мен қожа-молдаларының елді қанап, тонап отырғанын жырына қосып:
...Айтайын десең ұрады,
Ұрмақ түгілі қырады.
Қаумалаған көп момын
Қорлаушыдан құтылар
Амал-айла таба алмай,
Қарайды да тұрады.
Алдына салып айдайды,
Ашулансаң байлайды,
Әкімі жоқ қазаққа Теңдік жоқ деп ойлайды. [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 178 б.] – дейді. Жанкісі би де хан қаһарына ұшырайды. «Ел аузында Жанкісінің қоқандықтар қолынан өлгені және өлім арты құн даулаған үлкен толқынысқа ұласқаны туралы дерек сақталған» [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 176 б.].
Махамбет Өтемісұлының (1804-1846) Жәңгір ханға айтқан:
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сенің басқа ұрсын [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 181 б.] – өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем шығар?! Махамбет Баймағамбет сұлтанның жендеттері қолынан қаза табады. Истай-Махамбет көтерілісіне қатысып, Махамбетпен жолдас болған Шернияз Жарылғасұлы да (1807-1867) Баймағамбет сұлтанның қудалауына түседі. Сонда да ол:
...Басеке, елің бар ма бүлдірмеген?
Төре күтіп, төбеде төбет қалып,
Туып тұр ел басына «бұл күн» деген.
Кешегі Исатайдай есіл ерді
Орысқа ұстап бердің тіл білмеген.
Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған,
Төре емессің, төбетсің дым білмеген.., – [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 231 б.] – деп Баймағамбеттің «басыңды аламын» дегенін елемей, Исатайдың ерлігін, сұлтанның ездігін айтып, қараулығын бетіне басады.
...Ішінде Қаратаздың Жастабанбыз,
Бір жүріс елден шығып бастағанбыз.
Қу таяқ көлденеңдеп колға алып,
Әр үйдің есігінде қақсағанбыз [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 323 б.], – деп жырлаған Қашқынбай Қожамбетұлының да (1830-1870) сіңірі шыққан кедей екенін, өз елінен жырақта жүргенін байқаймыз. Қашқынбай Нарын құмындағы Майтөбе деген жерде дүниеге келгенімен бай-шонжарлардың үстемдік көрсетіп, қанау-тонауына төзбейді. Ағасы Көшкінбай сондай жуандардың қолынан қаза тапқаннан кейін Хорезм еліне қоныс аударады. «Бар өмірін сыртта өткізеді, қудалау, түрткі көрумен күн кешіреді» [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 322 б.] . Оны «Айналайын, Ыбырай» деп басталатын өлеңінің мына шумағы да растай түседі:
...Ыбырашым, перзентім,
Көтердің келіп белімді,
Тарқаттың іштен шерімді,
Алыста аңсап жүргенде
Көргендей болдым елімді [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 325 б.] Ақмолла (Муфтахетдин) Мұхамедиярұлы (1831-1895) – қазақтар мен башқұрт, татарларға ортақ, ағартушы ақын. Әкесі – қазақ, шешесі – башқұрт. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» деген, Ақмолла да Есенгелді, Бәтіш дегендердің жапқан жаласынан түрмеге жабылады. Соны есіне түсіріп, бойын ыза, кек буған Ақмолла «Хаққа зауал жоқ» деген мақалды мысалға келтіріп:
Көтермес тура айтқанды надан адам,
Бұрынғы ресім қалған заманадан.
...Ауалы бұл заманда қараламан,
Арасын қара шекпен аралаған [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 339 б.], – дейді. «Қара шекпенділер» - елінен, жерінен ауа көшіп, кешегі қазақ жерін паналаған орыс мұжықтары. Ақмолла ел ішіндегі бүліншіліктің, пәле-жала жабудың солармен ілесіп келгенін, түрмені де отырлаушылар ойлап тапқанын мезгейді. Қазақтардың пайғамбар жолынан тайып, алауыздыққа бой ұрып, өсек-жалаға үйір бола бастағанын айтады:
Адамға өсек пенен жала жаман,
Шыбында шағатұғын ара жаман.
Сөйлесе сөйлей берсін қара таған,
Қосылмас ақмаралға қара қабан.
Қарамас ғылым қадірін қара надан,
Қара ит те пайғамбарға абалаған.
Иттерден ит қалған жоқ таламаған,
Етінен ет қалған жоқ қанамаған [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 338 б.], – деп қазақты орыс отаршылдары қанап, талап отырғанын, оны надандардың білмейтіндігін жұмбақтай жеткізеді:
Әр кімге бір себептен апат болған,
Жақсыға болса-дағы нақақ болған.
Қарысқан бір сұлтанға қарсы келіп,
Қапаста Имам Ағзам апат болған, – [Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 337 б.], – деген жолдардан Ақмолланың неге түрмеге қамалып отырғанын сезіне түсесіз. «Сендердікі дұрыс» деп бас шұлғыған құтылып, шындыққа жүгінген шыжғырылады.
Ей, Мұса, мен не қылдым саған, жарқын,
Күшпенен тоздырдың ғой ауыл халқын!
Бұзауын ауылымның қырып салдың,
Көрерсің не болғанын істің артын.
Мақтанба басыңызда бағыңызға,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Сізге де сорлы болу қиын емес,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда [Бес ғасыр жырлайды. Екінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 71 б.], – деп Шорманның Мұстапасының зорлық-зомбылығын әшкерелеген Жаяу Мұса Байжанұлы да (1838-1929) Тобыл қаласына 12 жылға жер аударылады. «Бірақ Жаяудың өтініші бойынша жер аудару жазасы әскер қызметіне ауыстырылып, ол арбакеш болып жұмыс істейді». [Бес ғасыр жырлайды. Екінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 70 б.]. Жаяу Мұса генерал Черняев әскері қатарында Польша, Литва, Латвия жерінде болып еліне қайта оралғаннан кейін де Шорман балалары жала жауып, қудалауларын қоймайды. Сондықтан да ол да тілін тартпай:
...Мен айтсам параңды айттым, тілім ұзын,
Кигенім үстімдегі бәрі қызыл.
Жылансың екі басты ел жалмаған,
Қоймаймын, не қылсаң да, айтар сөзім.
Арыстан айға шауып, аяқ сынды,
Жемқорлар жолдас қылды қара күнді.
Ел көз жасы тиеді тұқымыңа,
Әділ ұлың қуылар оңды-солды, [Бес ғасыр жырлайды. Екінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 71 б.], – деп ұрып-соғуды, пара алуды қой дегенді айтып, бұл іс бастан бағы тайған шағында орға жығарын ескертеді. Ыбырай Алтанысарин туған халқының рухани дербестігін қорғағаны үшін қудалауға ұшырап мектептен шеттетіліп, ісі сотқа берілгені, Абай Құнанбаевтың үйін тінтіп, патша чиновниктерінің қалтасын қорғауға дейін бару себебі. Ұлт мүддесіне көздеуі еді. Озбыр би, болыстардың қуғынына душар болған ақын, әнші, сазгер Сары Ботақұлының (1863-1895) өлеңдері – өмірбаяны дерлік. «Емес қой дәреже, ақыл бәрі бірдей» [Бес ғасыр жырлайды. Екінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 299 б.] өлеңінде Қосан дегеннің көрсетуімен, Сібірге айдалғанын ашына жеткізеді. Осы жолда оны «қарсылық көрсетіп қашпақ болғанда атып тастадық» деп патша жендеттері жалған акті жасап, сотсыз, үкімсіз атып өлтіреді. Сібірге айдалып бара жатып Сары:
Күз болса құс қайтады жайлауына,
Дұшпанның біздер түстік байлауына.
Артымнан іздейтұғын кісі жоқ боп,
Сібірдің кеттім қапы айдауына.
Ішінде көп тұтқынның Сары жүрер,
Талай жыл жаяулықпен дәурен сүрер.
Біз шықтық алды тұман алыс жолға,
Қайдан дәм бұйырарын құдай білер [Бес ғасыр жырлайды. Екінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 304 б.], - деген екен. Ақынға топырақ Орск қаласының солтүстігі жағындағы Шиелісай деген жерден бұйырыпты.
Асыл тұқым алдырдым Қызылжардан,
Өңшең жүйрік шал құйрық, қызыл нардан.
Таң мезгілі болғанда тас буынып,
Болыстардың аулына ойран салғам.
Нем бар еді иесіз шөлге барып,
Нем бар еді иесіз көлге барып?
Айдауменен барамын, амалым жоқ,
Ақсауыт пен ақбоз ат үйде қалып [Бес ғасыр жырлайды. Екінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 317 б.], – деп жырлаған атақты ақын, сері, балуан, әнші, сазгер Иманжүсіп Құтпанов (1863-1931) өмірі би, болыстардың зорлық-зомбылығына шыдамай, айтыс-тартыспен өткен. Ол патша заманында да, кешегі кеңес дәуірінде де қуғын-сүргінге ұшырап, әділдік жолында мерт болады. Ақын өлеңдері ашу-ызаға толы. Оқушысына күш-жігер беріп, рухтандырып ерлікке бастайды. Қанша айдау, қанша байлау, абақты көрсе де сағы сынбаған ақын:
Сусыз жерге ауылым қона алмайды,
Кері кеткен тірлігің оңалмайды.
Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да,
Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды! – [Бес ғасыр жырлайды. Екінші том. Алматы, «Жазушы», 1989. 317 б.], – деп жырлайды. Құлша күбіжіктеп бас ию жоқ, қайта марқайыс, серпіліс бар. Бос мақтан емес, еткен ісі ерлік, ел үшін. Ел намысы, ер намысы жығылмасын деген буырқанған ойдан туындаған кекті сезімге, күшке, бұлқынысқа толы өлең. «Қарауылдың сөз білем деген ерлерін, әсіресе, көршісі – Шөбек балаларын Ақанға қас қылған – улы тілі» [Жұмабаев М. Ақан сері. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1989. 325 б.] – деп М.Жұмабаев айтқандай, Ақан Сері Қорамсаұлына (1843-1913) «Жынданды», «Пері иеленді» деп әдейі қастықпен пәле жауып, от ауызды орақ тілді ақынды елден оқшаулауы ойластырып жүргендер, сол Шөбек тұқымдары.
Абақты қатар-қатар болады екен,
Ішіне жақсы, жаман толады екен.
Ішіне абақтының кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен.
Сүйендім абақтының шарбағына,
Сыйындым атам Қазыбек аруағына.
Бір күнде қаршығадай қалықтадым,
Бұл күнде мен аңшының қармағында [Үшқара. Ауыл кеші көңілді. – Алматы: Қайнар, 1991. – 145 б.],- деп аһ ұрған Мәди Бапиұлының (1880-1921) шындық іздеп шарқ ұрған дауысы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр, әлі де жалғаса берері даусыз. Абайдың басының жарылуы, Ыбырайдың «шоқынды» атанып, таяқ жеуі, “Қытайдағы қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы” (А.Егеубаев) Таңжарық Жолдыұлының өмір бойы қуғын-сүргін көріп, ғұмыры абақтыда өтуі қара қылды қақ жарған әділдіктерінен, зорлық-зомбылыққа қарсы тұрып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ойлаудан, ел мүддесін өз қара бастарының қамынан жоғары қоюларынан болатын. Ақын, жыраулардың бұл істері дәстүрге айналып, кейінгіге үлгі-өнеге көрсетті. Толқынға толқын жалғасып, биіктеп, үдей түсті. Ш.Құдайбердиев, Қазан төңкерісіне дейін де, Қазан төңкерісінен кейін де абақты мен айдаудың азабын тартқан А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин ақырында қызыл империяның қырғынына ұшырады. Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев та осы тотолитарлық режимнің құрбандары болды. 1921 жылы елімізде болған алапат аштықты суреттеп «Күләндам» поэмасын жазғаны үшін Нұрхан Ахметбеков, «Әли қарттың әңгімесі» поэмасын жазғаны үшін Жақан Сыздықов қудалауға түсті. Әділет іздеген Файзолла Сатыбалдиев:
Қош, сау бол атасы бір бауырым-ай,
Сыр мінез, сыралғылы тәуірім-ай.
Ежелден ауыз бірлік, ынтымағы аз,
Дәрменсіз, дәтке қуат қауымым-ай, - деп он төрт жылға Сібірге айдалып жүре берді. Әйтпесе,
Отарба түтін салып будақ-будақ,
Жолдармен зымырайды бунақ-бунақ.
Келеді кеудемдегі асау жүрек
Лақтырып өлеңдерді шумақ-шумақ,- деп жырлаған ақын
қаншама баға жетпес шығармалар тудырар еді?!
Тырнағыма қадаса да инесін,
Білсін тағдыр өнер басын имесін.
Өлсе өлер Файзолла ақын түрмеде,
Бірақ өлең – өмір кебін кимесін, - деген ақын «Қарай-қарай түрменің қабырғасын тоздырып» жүрсе де жыр жазып, әділеттілік іздеуін тоқтатпай:
Қайран шындық, жеңуің хақ түбінде,
Сол үшін сен, уә, Файзолла, бүгілме.
Алма-төкпе бұл дүрбелең - ақтаңдақ,
Жол ашқан шақ өсек-аяң, күбірге, - деп өзін-өзі жұбатып,
ішкі рухын сөндірмей, өзіне-өзі күш-жігер береді.
Солақай саясат, жеке басқа табынушылық талайды қыршынынан қиып, талайдың талабын талқан етті.
Он үшімде өнер үшін
Түндігіме ту іліппін.
Ұшпаған соң бақыт құсым.
Он алты жол өлең үшін
Он сегіз жыл қуылыппын, - деп егілген Шахан Мусиннің табаны күректей он сегіз жыл айдауда жүруі кімнің аза бойын қаза етпейді?! Осынша жыл опық жеп, жапа шекпесе талантты жас Халық артисі ғана емес, елге танымал айтулы ақын да болар еді ғой. Әттеңі сол:
Лажсыз, лайықсыз, рақатсыз,
Мақсатсыз, мағынасыз, махаббатсыз,
Мейрімсіз өгей жылдар өтіп жатты,
Өнерсіз, әнсіз-күйсіз, тілсіз, хатсыз...
Бәрі тәрк етілді, табанға тапталды. Мақсаттыны тұл, жақсы аттыны құл ету етек алып, маңайды мейрімсіздік жайлағаны шындық. Өнерлі жанға өнерсіз, әнсіз-күйсіз, махаббатсыз ғұмыр кешуден артық қандай жаза болмақ?! Алайда Шахаңның соның бәрін бастан кешсе де ішкі рухын сөндірмегеніне қайран қалмасқа шараң жоқ! Бұл оның бойындағы туа бітті ерлік болатын. Оны 1932 жылы Голощекиннің елімізге әкелген нәубетіне қарсы тұрып,19 жасында:
Мінерге ат жоқ, ішерге ас жоқ сенделіп,
Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп,
Күлге аунатып, Күресінге тастаса,
Сен отырсың неменеңді меңгеріп! - деп Наркомға хат жолдауынан да айқын көруге болады. Ол тұста дәл осылай шындықты бетке айтып, өлең жазбақ түгілі, ел сыбырлап сөйлеудің өзінен қорқатын.
Шыққанда жаңа жарқ етіп,
Келгенде жаңа кемелге,
Құладым, түстім жалп етіп,
Тұңғиық, түпсіз тереңге.
Бұл өлеңнің авторы – Бүркіт Ысқақов (1924-1991). «Құлаған түпсіз тереңі – «Есеп» аталатын ұлтшылдар партиясының идеологы», «халық жауы» атанып, Сібірге айдалуы. Бес жыл орман кезіп, тау асып, тас жарып, табаны тілінді, ақын боламын деген арманынан қол үзбеген ол адам шыдағысыз суық, үскірік боран арасында жүріп:
Ұрлық қып кісі өлтірген айыбым жоқ,
Сонда да біз бейбаққа қайырым жоқ.
Бұл күнде шындық батып шыңырауға,
Боп тұр ғой ақ, қарада айырым жоқ, - деп өкінішін өлеңмен өріп, жанына серік етті. Өлең қанаты талған сәттерде демеді, өзегі өртеніп, өкінген сәттерінде жебеді, сенері де, сүйенері де сол еді:
Асыл арман, ғажап, қиял мендегі,
Қанат берген ұшқыр, отты өлеңге.
Менімен бір қоса айдалып келмеді,
Ақша бұлт боп қалды сенің төбеңде.
«Қош, Алматым!» өлеңінде ол осылайша толқиды. Арманы – Алматыда, жан-жағы құрсау, үскірік аяз, мылтық асынған түстері сұсты, суық, меңіреу пенделер. Арманы адастырмады, Алматысына аман-сау оралып, өмірін жалғады, өлеңін өбектей түсіп, он шақты кітап шығарды, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Көпшілікке таныс емес, еркіндік деп жарқ ете түсіп, жанып кеткен ақындар қаншама?!
1941 жылы Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында 1931-1932 жылдырдағы қолдан жасалған ашаршылық пен 1937-1938 жылдырдың зобалаңын көрген 17 жасар Ғұбайдолла Әнесов «Қазақ халқын құтқару» ұйымын құрыпты.
Ғ.Әнесов араларындағы сатқын Ғабиден Қолбасовтың көрсетуімен 1941 жылы Орал түрмесіне қамалып, 1943 жылы 25 желтоқсанда ату жазасына бұйырылады. Кеңес өкіметінен бөлініп шығып, егеменді ел болуды аңсаған 18-19 жастардағы 14 боздақ басшысы Ғұбайдолла соңғы сөзін айтқанда да «Бел байладық бәріне қазақ үшін, // Көтеріңдер, жігіттер, бастарыңды!»,- деп қасындағы серіктеріне жігер беріп, қайраттандыра түсіпті. Өлеңде қуат-күш, келер күнге сенім бар [Дәулетхан Ә. Ұлттық сана мен Ұлттық идеологияның әдебиетіміздегі көріністері //Қазақ әдебиеті, 17 маусым, 2005.]. Ғ.Әнесовтің де, Қ.Рысқұлбековтің де желтоқсан құрбаны болуы қандай ұқсас, заңдылық па, кездейсоқтық па?! 1969 жылы Павлодар қаласындағы № 3 мектеп-интернаттың 9 сынып оқушылары құрған «Жас ұлан» ұйымы жасөспірімдер мен жастар арасында ұлттық құндылықтарды құрметтеу жөнінде жасырын үгіт-насихат жүргізгені және ұлттық отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтарды астыртын таратқаны, мамыр мерекесі шеруіне «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген ұран жазулар көтеріп шықпақшы болғаны үшін МҚК (КГБ), партия, мектеп-интернат әкімшілігі тарапынан моральдық зардап шегіп, жазалау мен қудалауға ұшырағанын егемендігімізді алғаннан кейін ғана білдік. Бұл «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі қазір елімізге белгілі ақын Арман Қаниев болатын. Арман 1986 жылы Алматыдағы желтоқсаншылардың ұранына да Павлодарда үн қосып, «Азат», «Невада-Семей» қозғалыстарына да ат салысты. 2006 жылы «Ана тілі» газетінде осы «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі А.Қаниевтің «1970 жылы мектеп оқушыларының ұлтшылдығы қалай жазаланды» мақаласы «ҚР Парламенті Мәжілісінің назарына!» айдарымен жарық көрді. Автор тәуелсіздікке ұмтылған жастардың аттарын атап, қайсысы қандай жаза алғанын, қазіргі жағдайын айтып, «Жас ұлан» ұйымының іс-әрекетін қайта қарап, коммунистік- тоталитарлық жүйе берген саяси бағаның күшін жойып, әділ шешім шығаруды сұрайды. Бірінен кейін бірі өткен мектеп, комсомол, ата-аналар, педагогикалық кеңес, қалалық комсомол жиналыстарында көрген қорлықтары, ата-аналарына тиісіп айтқан ғайбат сөздері 15 жасар жасөспірімдер жүрегін қалай жаралады десеңізші. Автор сол бір күндері көрген, естігендерін күйіне баяндайды. “Физика пәнінің оқытушысы Омаров деген тіпті, «Егер маған Сталин заманындағыдай билік берсе, бұл ұлтшыл балаларды ата-аналарымен қосып қойып, өз қолыммен ататын едім!» - деп екілене сөйледі. Қоғам ол кезде жендет мұғалімдерге емес, ұлтшыл оқушыларға мұқтаж болатын» [Қаниев А. 1970 жылы мектеп оқушыларының ұлтшылдығы қалай жазаланды? //Ана тілі, 30 қараша, 2006.] деуі автордың ішкі рухының әлі де мықтылығын аңғартады. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ездіктің Ерлікпен кейде бірге жүретініне қайран қалып бас шайқайсың. Арманның да арманының қанаты қиылғаны сол - комсомол қатарынан шығарылып, мектептен қуылған, білім алу құқы мен баспасөз бостандығына шектеу қойылған... Желтоқсан бір күнде аяқ асты, ойда жоқта туа салған көтеріліс емес, осындай дүмпулердің жалғасы, біріккен тұсы! Бабалар аруағына сиынып желтоқсанда шындық жырын, елдің мұң-мұқтажын айтамын деп шарқ ұрып, егеменді ел болуды көксеген Қайрат Рысқұлбековті прокуратура мен Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің тыңшылары 1987 жылдың 1 қаңтарында ұстап, түрмеге жапты. “Тұтқынға түстім жаутаңдап, Жоламай ешкім қасыма” деуі имандай шыны. Жалпы Қ.Рысқұлбеков жазбаларының бәрі өмірде болған, өз басынан өткен оқиғаларға құрылған публицистикалық шығармалар. Онда сол бір кезеңнің тыныс-тіршілігі, алаңға шыққан бейбіт жастардың жүрек лүпілі, жан тебіренісі бар. «Ұлы Ленин бабамыз// Қатарға тең деп тартқан соң// Компартия басқарып,// Достық отын жаққан соң,// Аға дедік орысты,// Әділетті жаққан соң» [Рысқұлбеков Қ. Ақтық сөз. Қапаста жазылған хаттар (ұжымдық жинақ). – Алматы: Жалын, 1992. 31 б.]. Өтірік пе? Кешегі достық, туысқандық, бауырмалдық, бірлік қайда? «Ленин идеясы жасасын!» деген сияқты плакаттар алып шыққан жастардың не кінәсі бар?
Қайрат «Досыма» деген өлеңінде: «Кім бар-ау түсінетін жанымызды,// Не үшін төгіп едік қанымызды.// Көгенге байлап қойған қозы-лақтай,// Неге еркін жібермейді бәрімізді?» [Рысқұлбеков Қ. Бір досыма //Қазақ әдебиеті, 18 желтоқсан, 1992.],- дейді. Ақын арманы орындалды. Отаршылдықтың қылбұрауынан босанған еліміз ертеңіне сеніммен қарайтын болды. Қайраттың тегеурінді публицистикалық жырлары ел аузында, аты көшелер мен мектептерге айналуда. Қайрат жырларын жастар қазір қайрат, жігер, үлгі, өнеге тұтады. Қазақстан Республикасы Жоғары сотының 1992 жылғы 21 ақпанындағы пленумының қаулысымен ол толық ақталды. Көбіне-көп ойын өлеңмен жеткізуге тырысуына қарағанда, Қайрат ақындыққа бой ұрып, поэзия құдіретін сезінген жас. Жас ақынның өлеңдері қуатты, жалынға, тебіреніске, буырқанысқа толы. Сезім байлығы мен ойлылығы, сөз саптауы Қайраттың өлең өлкесіне бет бұрса, жақсы ақын болатындығын аңғартады. Алайда, тағдыр жаңа көктеп келе жатқан жауқазынды қыршынынан қиды.
Қазақ ақындарының көріпкелдігі
Ақындық - сезімталдық, байқағыштық, тапқырлық. Ақындық - жан жылуы, жүрек тазалығы, ешкім айта алмайтын ойды, жанды, әсерлі, әсем етіп образға орап жеткізе білу. Ақындық-біреудің қайғысын өз қайғысындай, біреудің қуанышын өз қуанышындай сезініп, егіле де, шаттана да білу. Ақындық - албырттық, ақындық - даналық, ақындық - балалық... Ақындық – ойшылдық. Ақындық – Алланың сыйы...Содан да шығар, ақындар арасында көріпкелдік жиі ұшырасады. Бұл жайында ақын Қадыр Мырза Әли “Жазмыш”кітабына енген “Көріпкел-әулиелік” мақаласында жазған болатын. Алайда, оның бұл шығармасында Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтен басқа көріпкел - әулие қазақ ақындарының аты аталмайды. «Ал Бұқар жырау болса поэзия дүлділі шешендікті көсемдікке ұштастырған жан. Ол өткенді саралап, бүгінгіні даралап, болашақты аралаған көріпкелдің өзі» [Қозыбаев М. Бұқарнаме. Жауды шапты ту байлап. – Алматы: «Қазақстан», 1994. – 45 б.], - деп академик Манаш Қозыбаев атап көрсеткендей, болашақты болжап, келер күндерден қауіптенген Бұқар жырау:
Айналасын жер жұтқан
Айды батпас демеңіз,
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз [Жыраулар. Алматы, «Білім», 2007. -128 б.], - десе, сол заманда қазір біз өмір сүріп жатқан жоқпыз ба?! Байдан дәулет тайып, жарлы байға теңелді, «Құландар ойнаған қу тақырда құлан жортпақ» түгілі, небір қала салынып, шөлі суға, жолы нуға айналды.
Енді бірде Бұқар:
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа...
[Соңда 122 б.] деп сақтандырады. Бұл толғау жайында М.Әуезов «келешек қандай күйлер әкеледі? Не сыбаға тартады? Залымның тіліне еріп ел аза ма? Жер қайысқан қол келіп ел саса ма? Барлығы да келе жатқан заманда болуға мүмкін. Соны сезгендіктен ақын зарлайды» [Сонда 30 б.], - дейді. Залымдардың тіліне еріп шаш ал десе, бас алып, ашаршылыққа ұрындық, қуғын-сүргін көріп қанша рет қырылдық, біразымыз тілімізден айрылып, дінімізден безіп, мәңгүрттеніп азып, тоз-тозымыз шығып тозып кете жаздадық. Жырау тілегі – халық тілегі. Бізді аздырмай, ілгері бастайтын сол тілек еді, құлақ аспадық. М.Көпеевтің есімі ақындығымен қатар көріпкел-әулиелігімен де елге таныс болғаны жайында әңгіме көп. Мәшһүр-Жүсіп 1920 жылдары “Сарбұлақ” деген жерге қыстау салдыра бастап оны 1930 жылы ғана аяқтайды. Сол жылы өзіне арнап зират-үй де тұрғызып, ас беріп, құран оқытады. “Артында біз бармыз ғой, мұныңыз не?” деген ағайындарына: - “Келер жылы о дүниелік боламын, арғы жылы маған ас бермек түгілі қоңыз теріп кетесіндер”,- депті. Бұл тұп-тура 1931 жылға келеді екен. Ажалы жететін уақытын болжап, иманын айтып өлген ойшыл ақындардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ақын қырық жасынан бастап тақуалық жолға түсіп, жан тазалығын күйттеген. Жетпіс жасқа жеткенде:
Қобызым неге сарнайды-
Ажалдан хабар береді.
Сыбызғым неге зарлайды-
Деп тұр: “Ием өледі!”, - деп тебірене күрсінеді.
(“Иманым”,184 б)
Жетпіс жастан асқаннан кейінгі өлеңдерінде автор өлімді жиі айтады:
Өмірдің ұнап ойынын,
Шатыраш ойнап жүрмін шат.
Жер ашып тұр қойынын:
“Кел жылдам, - деп, - көрге жат!
(“Иманым”, 225 б.)
Сұраған жанға сәлем айт,
Бізден кейін қалаған:
“Тезірек, - деп тұр, - үйге қайт”,
Өлім деген балуан.
(“Иманым”, 246 б.) Ш.Құдайбердіұлының “Мұтылғанның өмірі” өлеңінің “Айланыстың өмірі” деп басталатын бөлімінде:
Ғылымсыз өткен мен бір ез.
Мазақтасын, не күлсін,
Шын әділет жемісін
Көре алмайды біздің көз. –
(“Шәкәрім шығармалары”, 1988, 345 б.)
десе, “Жетім бала иесіз” деп басталатын бөлімінде:
Дұспаным жоқ, досым жоқ,
Қайғыдан да шошу жоқ,
Рахат іздеп тосу жоқ,
Бір жындымен құтырған.
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым: “Мұтылған”. (Сонда, 347 б.), - дейді
Ақынның өзіне “Мұтылған” деген бүркеншек ат алуының сыры осы өлеңде айқын ашылып тұр. Академик Ғарифолла Есім бұл өлең жайында “Егемен Қазақстан” газетінде 2008 жылдың 30 қаңтарында жарық көрген “Мытылған философиясы” мақаласында: “Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмытылатынын білген, өзінің бұл қоғамға қажеті жоғын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын ақын дөп басып айтқан” деп ақын әулиелігін көрсетеді.
Өмірінің соңғы жылы (1931):
“Қайран ой
Қайран ми,
Қоштастым жылап.
Кешікпей-ақ қалар деп
Орын қылған сауыттарың құлап”, -
(“Иманым”, 189 б.)
деп жазған ол “шын әділет жемісін” көре алмай қара ниетті жандардың қолынан қаза тапты. “Менің дауым айтылмас өлген күні” (“Иманым” 241 б.) дегенді құдай аузына салған шығар, сұмдардың оғы тиіп, ажал құшқан Ш.Құдайбердіұлына сұрқия ойлы қаныпезерлер жала жауып, оның атын тарихтан өшіруді көздеді. Қараны ақ, ақты қара деп танып, әділдіктің үні өшкен заманда “өлген күні дауы айтылмай” қалғаны да шындық. Ақын 1958 жылы араға 47 жыл салып барып ақталды. Ұлы Отан соғысында асқан ерлікпен қаза тапқан ержүрек ақын Абдолла Жұмағалиев “Кім біледі, күннен алыс” деп басталатын өлеңінде:
Кім біледі, күннен алыс
Қайғы оранып қалармын.
Иә, мүмкін тербер ағыс,
Ұзақ жолда ағармын.
Ұмытар дүние, алыс қалар,
Шөгіп жер боп бұл денем.
Гүлдер тозар, тарқар базар
Жоқтар мүмкін бар әлем.
Ойнап сағым, сәулесі ағын
Қош айтысар дүние.
Кел тезірек сүй, жан сәулем,
Қосыл бұлбұл күйіне [Жұмағалиев А. “Өлмес өмір дастаны”, Ал. Жазушы, 1985-80 б.], - деп тебіренеді.
“Ақырғы кеш” өлеңінде:
Ойыным тарқар кім білген,
Жабылып кеш, ойнағы.
Адамның алтын дүниесін
Ұмытармын мен-дағы.
... Қайырылмаймын ғой, қайтейін,
Сол себептен жылаймын.
Сөкпе бауырым, сөз қылып,
Көп өтініп сұраймын (Сонда. 79 б.), - дейді.
“Өмірде мен еленгем” өлеңіндегі “Жанған шырақ лап етер де, мәңгі сөніп тынарсың” (“Өлмес өмір дастаны”, 78 б.), - деген жолдардан оның дүниеден ерте өтетінін сезінгенін байқау қиын емес. Қазақ ақындарының көріпкелдігі жайында тұтас арнайы еңбек болмағанымен жекелеген мақалаларда аракідік айтылып жүр:
“1929 жылы Нұртуған Кенжеғұлұлы (1889-1930) ақынның:
Құбыла бетке көз салсам,
Отырып, шарт жүгініп.
Күнбатыстан өрт шығады,
Әуелі жанып-тұтанып.
Сөндірмекке сол өртті,
Еркек кіндік қалмайды,
Шығады бәрі аттанып, - деп басталып,
Аспан мен жерден аралас,
Атылар мылтық тарсылдап.
Ақыл иесі данышпан
Мәскеуде тұрып сөз айтар,
Бұйрық беріп саңқылдап [Жаппархан Ө. “Көріпкел ақын”// Егемен Қазақстан, 9 маусым, 2009] әрі қарай жалғастыратын жыры да шынайы ақын өзінің қате кетпейтінің дәлелі. “Мақыш (белгілі ақын 1869 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болған Мақыш Қалтайұлы – С.О.) өзінің терең ой-толғаныстарында, философиялық өлеңдерінде келешекте қазақ халқы бостандыққа, тәуелсіздікке қол жеткізетінін, Сарыарқа жері Абылай хан мен Кенесары заманындағыдай қазақ мемлекеттігінің орталығы болатынын болжады” [Әпсеметов М. Мақыш Қалтайұлының көрегендігі //Егемен Қазақстан, 30 қаңтар, 2008]. Ақылбек Шаяхмет Нұржан Наушабаевтың “Алаш” кітабына алғысөз ретінде берілген “Үкілі сөз құраған Нұржан ақын” мақаласында ақынның бүгінгі күнді бейнелеп жазған “Заманның қалпына айтылған сөздер” өлеңінің:
Бұлт шалып мұнартқан,
Асқар биік таулардың
Төбе болған заман-ай.
Асфаһани қылыштар
Қанатынан суырылмай
Көне болған заман-ай.
Наз бедеуден жал кетіп,
Мәстектердің сүбесі
Сере болған заман-ай.
Аққу қалған қатардан,
Айқай салып тырналар,
Төре болған заман-ай, - деген жолдарын мысалға келтіріп, көріпкел ақынның қазіргі заманды дәлме-дәл бедерлеп, тамырын тап басқанын айтады.
М.Жұмабаев ұстазы М.Дулатовқа арнаған «Жауға түскен жанға» өлеңінде:
Келешек күнде кағазға
Алтынмен жазар атыңды.
Құшақтап сүйер, кағазда
Көрсе жазған хатыңды [Шығармалары, 1989. – 62 б.], - деп болжамдаса, Ф.Сатыбалдыұлы «Міржақыпты жоқтап, Ідірісті ақтап» өлеңінде:
Міржақып пен Ахмет
Нақақтан нақақ болды шет.
Бір уақтар болғанда,
Ақталар орнап әділет, -
(«Шерлі жырлар...» 119 б.), - дейді.
Файзолла Сатыбалдыұлы (1883-1959) ишан ұрпағы, құранқари, бірнеше дастан, поэмалар, қысқа өлеңдер жазған ақын. 1928 жылдан бастап, “діншіл, зиянкес жат элемент” атанып, қудаланып, түрмеге қамалып, кейін Сібірге айдалады. Ақынның алғаш 1992 жылы “Жалын” баспасынан шыққан “Қапаста жазылған хаттар” деп аталатын ұжымдық жинаққа бір топ өлеңдері енсе, 1993 жылы “Ай, заман-ай, заман-ай”, “Тоқымбет-Гүләйім”, 2004 жылы “Шерлі жылдар, шерулі жылдар” кітаптары жарық көрген.
Ф.Сатыбалдыұлы 1929 жылы түрмеде:
Бір күні іздер бізді халық болып,
Алдымыз күн көзіндей жарық болып.
Ахмет, Міржақыптар танылар-ақ
Біртуар, қайталанбас алып болып, -
(“Шерлі жылдар...” 68 б.)
деп жазса, 1938 жылы А.Байтұрсынұлы қазасын естігенде:
Айрықша артық көрген ғазиз досым,
Жоқ еді қысқада – кек, ұзында - өшің.
Алаштың қамын жеген азамат ең,
Сүйреген алға қарай қазақ көшін.
Біраз жыл әр жерлерде болдым дәмдес,
Тағдардың жазғанына кім бар көнбес.
“Ақынның хаты өлмейді” деген бар ғой,
Шырағың жағып кеткен жанар, сөнбес! –
(Сонда. 121 б.) деп келер күнге сеніммен қарапты. Ақынның айтқаны айна-қатесіз келгеніне бүгінгі ұрпақ куа. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жас талант Баубек Бұлқышевтің «Өмір мен өлім туралы» деген публицистикалық мақаласындағы «Мен шығыс адамымын, батысқа кетіп барам. Біраз жерге келіп те қалдық. Менің елім жақтан шығатын алтын күн мені ұзақ күн бойы жылытады, ол қашанда қасымда. Міне, кеш бола бастады. Күн батысқа еңкейіп келеді, мен де батысқа қарай келе жатырмын» [Адамзатқа хат, Алм. Жалын, 1977. – 12 б.], - деген жолдары жас қыршынның майданнан оралмайтынын сезгенін аңғартады.
Қазақ ақындарының отаршылдар жұқтырған дерт жайындағы
шығармалары
Ресей патшалығы өзінің отаршылдық мақсатын жүзеге асыру үшін бір халықты бір халыққа айдап салып, араларында алауыздық тудырып, соғыс өртін тұтатып, әлсіретуді ойлады. Қазақтар мен қалмақтардың соғысы осындай арандатудан басталғаны тарихтан белгілі. Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында қазақтарды орыс пен қытай мемлекеті қолдап, қолдарына мылтық беріп, қаруландырып, соғыс өнеріне машықтандырғанын, қазақтардан көмек сұрап естек, татарлардың қарудан қатты шошынғанын баян етеді. Ақтабан шұбырынды, алакөл сұламаны басынан өткерген ақын:
Болмаса, қалмаққа өнер қайдан келсін,
Тетігін дәу мылтықтың қайдан білсін.
Осындай мол жабдықпен келіп шапты
Дегендей қайратымды қазақ көрсін...
Көршілес екі ірі елге арқа сүйеп,
Жоңғарлар сол жұрттардан күш алып тұр...
...Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ [1], – деп ашына жеткізеді.
Осы соғыста Жоңғар қалмақтары ойсырай жеңіліп, жерінен қуылып, мүлде әлсіреп, жойылып кетуге шақ қалды. Қазақтар жағынан да шығын көп болды. Жеңілген елді кеше ғана қару-жарағын беріп, көмек көрсетіп қамқорсыған Қытай империясы енді келіп, өзі жеңілген халықты еңбектеген баласынан еңкейген шалына дейін қырып салуы – нағыз саналы түрде жүргізілген геноцидтің өзі болатын-ды» [2, 49] Сұмдық, сұрқия саясатын іске асырған Ресей империясы қазақ елінің тұтастығын бұзып, бөлшектеуге кірісті. Қайта-қайта реформа жасап, елдік, этникалық, территориялық тұтастықтан айырды. Келе-келе бір хандықты екіге бөліп, бақталастықты, көреалмаушылықты күшейте түсті. «Бөлінгенді бөрі жейді», іргесі сөгілген елден сөйтіп бірлік, береке қашты. Отаршылдардың басты мақсаты қазақтардың ұлан-байтақ құнарлы, бай даласын иемденіп, дегенін істеу еді. Бұл да жүзеге аса бастады. Мұны Қазтуған жырау:
Жайықты қоныс етпеңіз
Сыдыра біткен көкжиек,
Кәпірлер қала салады
Аштарханды қоныс етпеңіз
Шәһәрін оның алады... [3, 177], – деп ескертсе, Жиембет:
...Қол-аяғым бұғауда
Тарылды байтақ, кең жерім!
[3, 184], – деп азалана, назалана жазды. Бұл жыраулардың сезімталдығы да, көрегендігі де еді. Мұрат Мөңкеұлы елдің өткен тарихын бар ақындық қуаты жеткенше жырлап, өз заманының өзекжарды сырын шертеді. Шындығында да отаршылдардың:
Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойымды тартып алғаны –
Ойындағысы болғаны [3, 172-178 б.б.], - еді.
Отаршылдар қазақ жеріне емін-еркін еніп, орыс дәстүрін күштеп енгізу белең алып, орыстандыру саясаты жүргізілді. Аға сұлтандық жүйе енгізіліп, парақорлық, жағымпаздық, шенқұмарлықты өршітті. Д.Бабатайұлының жырымен айтсақ:
Ақ патша десе үрпиіп,
Оянып шоршып түсінен,
Аға сұлтан қызының
Ел сілкінді ісінен.
Ауылдың атқамінері –
Жемтікке қонған күшіген,
Өзі тойса, мәз болды,
Ел іргесін сақтамай [4, 26].
Елді бұзғышты ер, сұмырай қызғышты сұңқар, кезқұйрықты лашын, кенеусізді асыл, құладынды сұңқар, шабан жабыны тұлпар деп өтірік сөйлеу, көпірме, көбік сөз көбейді. Отаршылдар әкелген бұл дерттер әлі күнге дейін бойымыздан кетпей, жандана түскеніне қайран қалмасқа шамаң жоқ. Мақтануға етіміз үйренген, мақтауға машықтанып алғанымыз сондай «ұлы» деген сөзді оңды-солды жұмсап, бас пайдамыз үшін қалаған пендемізге қосақтай салатын болдық.
Шортанбай:
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды сыйынғаның,
Айрылмайтұғын дерт болды
Кедейге қылған қорлығың.
Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмәшті көрдің жеңгеңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қасыңда Қазылған қора көріңдей!.. [5, 33] – деп қолынан билігі кетіп, орыстарға кіріптар болып қалған елдің бейшара халін көрсетеді. Ұрлық, қорлық, парақорлық, имансыздық, дінсіздік көбейгенін ашына айтады. Отаршылдық жұқтырған дертті 1898 жылы Абай: «Болды да партия, // Ел іші жарылды //Әуремін мен тыя , // Дауың мен шарыңды» [Абай. Шығ. екі томдық толық жинағы 2-т. Алм. Жазушы, 2005. -20 б.], - деп көрсетіп, «Япырым-ау, ненді алдым, // Сау қоймай арымды?» деп тебірене толқиды. Абай тағы бірде: «Жалын мен оттан жаралған // Сөзді ұғатын қайсың бар? // Партия жиып пара алған, // Пейілі кедей байсыңдар» (Сонда 2 т. 60 б.), деп отаршылдық жұқтырған дертке шалдығып, парақорлық жасап жүрген байлардың ісін әшкерелейді. «Пейілі тар» дегенді екінің бірі айтады, «Пейілі кедей» қандай образды?! Одан әрі Абай «Құлық пенен құбылдан / Жалықсаң, жақсы жансыңдар // Түзелмесе шұғылдан, // Арсылдар да қалшылдар // Несі өмір, // Несі жұрт? Өңшең қырт» деген ой түйеді. Бұл отаршылдық әкелген дерттің қазақтардың бойына жайылып, мәңгүрттене бастағанын аңғартады. Абай «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде отаршылдық әкелген өтірікшілдік, өсекшілдік дерттің меңдей түсіп, екіжүзділіктің етек алғанын жан-жақты аша түседі:
...Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп.
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.
Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
«Бергем жоқ, – деп белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді [6, 81-82].
Бос мақтанға салынып, «жылтырауық таққанға» мәз болып, ұлықтардың уысына түсіп жүргендер жайында Абай:
Мәз болады болысың,
Арқадан ұлық қаққанға.
Шілтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бар қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?! – [6, 85], – деп аяусыз шенейді.
Бұл дүние-мүлікке, жылтыраққа қызықтырып, алдап-арбап қақпанына түсіру қазақ әдебиетінің бастау көзі Орхон, Күлтегін жазба ескерткіштерінде кездеседі: ...Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. (Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатар еді...
Ақылды кісілерді, батыл кісілерді табғаштар қозғай алған жоқ.
(Егер) бір кісі алданса (онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді.
Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып
Түркі халқы, қырылдың,
Түркі халқы, жойылдың [7], – деп күңіренсе, енді бірде:
...Табғаш халқына бек ұлдары құл болды,
Пәк қыздары күң болды.
Түркі бектер табғаш атын тұтынып,
Табғаш қағанына бағынды [7, 48], – деп табғаштардың алдап-арбауына түсіп, қорлық, зорлық көрген, ақыр соңында тегін ұмытып, құл болған, яғни мәңгүртке айналған қандастарының ісіне налып, өкініш білдіреді.
Қандай ұқсастық?!
Шәкәрім орыстардың отарлау саясатының түпкі мәнін ерте түсініп, атқамінерлер мен пысықтай пасықтардан іргесін аулақ салған. Мұны:
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға қатын, жақынға жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп [8, 113], – деген жолдарының өзі-ақ айтып тұр емес пе?! Шен-шекпенге сатылғандардың «жауға қатын боп», жақынға, өз халқына жалмауыздай тигендері де шындық.
Енді бір өлеңінде айшыл ақын:
Өнері жоқ, ғылым жоқ,
Партия қуған көп надан
Адам улап, жеген боқ,
Іші – айуан, сырты – адам [8, 68], – деп отаршылдар жұқтырған топ жиып, тобыр құрып, жік-жікке бөліну дертін айтып, жоғарыдағы өлеңдегі ойын кеңейте түседі. «Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ» екенін, «Мен – ақжүрек» дегендердің сөзі бекер болып, зорлық-зомбылық күшейе түскенін жеткізіп, «Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым» дейді.
Айла-күш – айуандықтың ең жаманы, Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес [8, 86], – деп налиды. Боқ – партия қуған надандар – мәңгүрттер.
Сайтанмен ойнас жүрегі,
Пайда мен мақтан тілегі,
Арамға батса білегі,
Жақсыға қайтіп қосылар? [8, 16]
Отаршылдық саясат осылайша қазақ халқын тілінен, ділінен айырып, мәңгүрттендіре бастады. Шәкәрімнің айтып отырған сайтандығы – сол мәңгүрттік. Нәпсіқұмарлық, араққұмарлық, шенқұмарлық та мәңгүрттікке жетектеп, ойсыздыққа бастағаны айқын. Байлыққа мастанып, патшадан шен алып, шекпен кигенге мәз надан пенделер отаршылдардың сұрқия саясатын түсінбеді. Соны көріп-білген Абай:
Барымта мен партия –
Бәрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар? [6, 133], – деп күңіренді. Қулық, сұмдық, арсыздық бас көтеріп, ақыл, ой, абырой, бауырмалдық төменшіктеп қалды. Өйткені «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» (Абай) заман туды. Жатжұрттықтар жат қылықтарын әкеліп, бойымызға дарыта бастағанын Дулат:
Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін,
Адыра қалғыр заманның Мен жаратпаймын сүреңін! [3, 174 б.], деп көрсетсе, Шәкірім былайша жеткізеді:
Әйелдері – қуыршақ үлбіреген,
Жалбыр шашақ, сәкәкүл талай неген.
Кеңірдегін сорайтып, кеудесі ашық,
Осы емес пе орынсыз сәнқой деген [8, 84]
Білегін ұстамақ түгілі, аралас некелердің көбейгені, ащы суға үйір болып алғанымыз өтірік пе?! Кеңірдегі сорайған, кеудесі жалаңаш, кіндігі ашық қарындастарымызға қазір таңқалмайтын болдық. Кешегі ұлттық киімдерімізді тек наурызда көрініске киіп, өзімізді өзіміз алдайтынды шығардық.
Сайтанға иген мойынын,
Қулыққа толған қойынын
Көп жындының ойынын [8, 19] қазір көріп, көзіміз үйренген. Сайтандық, мәңгүрттік, зомбилық, бір-бірінен сәл-сәл айырмашылықтары болғанымен, бір ұғымды білдіреді. Бұлардың негізінде садизм жатыр. «Мәңгүрт» сөзінің төркіні – «Мәңгір», басы меңзең болып, есінен адасу, кімнің кім екенін білмеу, өзінің аты-жөнін, шыққан тегін ұмыту. Профессор С.Ақатаевтың сөзімен айтқанда: «Ақылы кем, есуас, өткенін ұмыту, мылқау тегін білмейтін тұл, ақымақ мағынасында тілімізде бар сөз. Ауыз әдебиеті нұсқаларында жиі кездесіп отырады. Соның қай-қайсысында да мәңгүрт ұғымы ең алдымен «өткенін ұмыту», есеңгіру, ақылдан жаңылу мағынасында қолданылады». [9]. Сонау ықылым замандардағы монғол шапқыншылығы кезінде, одан бергі қазақ пен қалмақ, қазақ пен түрікмен арасындағы соғыстарда қолға түскен тұтқындарды елін, жерін тегін ұмыттырып, құл ету мақсатында жасалған жазаның аяусыз бір түрі осы мәңгүрт ету. Яғни тұтқынның шашын тықырлап қырып тастап, басына түйенің немесе сиырдың жаңа алынған терісін қаптап, шыжып тұрған күн көзіне аяқ-қолын байлап тастау. Күн астында тері кеуіп, басын барынша қысып, сүйегін қақыратып жібере жаздаса, екінші жағынан шашы өсіп кептелген теріні тесіп шыға алмай, кері қайырылып, құйқасына қадалып, бүкіл сана-сезімінен айырады екен. Жеті-он күннен кейін тұтқын не өледі, не мәңгүртке айналады. Мәңгүрттік, мәңгүрттендіру жайында қазақ әдебиетінде алғаш әңгіме қозғаған ақын-публицист Ә.Кекілбайұлы. Мәңгүрттіктің екі түрі бар. Бірі – зорлық-зомбылықпен адамның миына, сана-сезіміне әсер ету арқылы қолдан жасалған мәңгүрттік те, екіншісі – тілі мен ділінен жұрдай болып, ұлттық болмысын жоғалтқан рухани мәңгүрттік. Осы рухани мәңгүрттік жайында қазір өндіре жазып, қазақ тілін шетқақпайлатқандар мен кемсіткендерді, тілінен, ділінен безгендерді өлтіре әшкерелеп жүрген Мұхтар Шаханов. Ақын-публицистің «Тілсіздендіру анатомиясы» «Мәңгүрттенбеу марсельезасы» кітаптары осының айғағы. Күнделікті баспасөз беттерінде жарық көріп жатқан публицистикалық өлең, мақалалары қаншама? М.Шаханов «Мәңгүрттендіру марсельезасы» [10] толғамын (автор шығармасын өзі осылай атаған – С.О.) В.И.Сталиннің «Должен быть единый советский народ и едины государственный язык, каковым должен быть русский» деген сөзін келтірумен бастайды. Осы бір сөзден-ақ рухани мәңгүрттендірудің қайдан, қалай шыққанын сезіне бастайсыз. Бұдан кейінгі «Московский комсомолец» газетінде жарық көрген «Русскому языку не дадуть умереть в республиканских бывшего СССР» деген мақаладан үзінді В.И.Сталин саясатын айқындай түсіп, Ресейдің тілге, басқа халықтарға деген қазіргі көзқарасын байқатады. Ақын Қ.Мырзалиевтің «Жазмыш» кітабынан келтірілген мына сөздер кеңес одағының сол бір сұмпайы саясатының жүзеге асқанын айқындайды: «1926 жылы өткен бүкілодақтық санақтың қорытындысында Кеңес империясында 194 ұлт пен халықтың өкілдері тұратыны анықталған-ды. 1974 жылғы санақтың қорытындысында ойламаған жерден әлгі үлкен санның тең жартысы жоқ болып шыға келгені. Енді ол 194 емес 101 деп сыбырлап айтатынды шығардық... бір қоғамда, бір заманда, бір идеологияның салдарынан жоғалып кеткен 93 халық (ұлт) бөлек әңгіме. Әңгіме емес – трагедия. Ал Алматыда алпысыншы жылдардың басында бірде-бір қазақ балалар бақшасы болмайтын. Бірінші рет оны өз аяғымен жүріп Сәбит Мұқанов аштырған еді...» 13 қаңтар 2002 жылы Талдықорған қаласында өткен «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының Алматы облысы тіл жанашырларымен болған кездесуде жасаған баяндамасынан үзіндіде қазір Ресейде тұрып жатқан басқа халықтардың өз тілінде мың адамға дейін сөйлейтін 26 ұлт қалғаны, 60-тан астам ұлт тілінің мүлде болашағы жоқ екендігі айтылады. Ал, Владимир Нусипханов дегеннің 15 қазан, 2002 жылы «Известия-Казахстан» газетінде жарық көрген мына сөздері оның кім екендігін, пиғылының қандайлығын көрсетеді: «Казахский язык – это язык застолья песен и айтысов. Он был у нас на кухне, там и останется. Так зачем надевать на восохшее дерево праздничные букеты. Там должен висать венок...»
«Іштен шыққан жау жаман» деген осы.
Эпиграф орнына келтірілген басқа да кісілердің пікірлері автордың алған тақырыбын ашып, Кеңес үкіметінің мәңгүрттендіру саясатының қандайлық дәрежеде жүргізілгенін, зардап, салдарын айқындай түседі. Автор өлеңін шовинистік, космополит Сталиншіл сойылдан Кеңес одағында тоқсан үш тіл жойылғанынан бастап, юкагирлік қаламгер Семен Курил-тегінің: «Алты жүз бес адам ғана сөйлеп бабам тілінде. //Ойлау, күлу... бәрі орысша, осы тілде білім де //Не қасиет қалмақ енді менің ұлттық түрімде? //Үлкен халық өкілдері заңға балап зорлығын, //Ал аз ұлттар әр сәт сайын еске алады қорлығын. //Жер бетінен бір ұлттың жойылғанын көрген жан, //Көріп жаны ашымаса, ол да – рухани сөнген жан. //Шын орыстық мінезге жат бұл зорлықшыл мүскінге //Ашық қарсы шығар еді Толстой да Пушкин де...» деген ойын мысалға келтіреді. А.Байтұрсынов, С.Сейфуллиндердің тіл, діл туралы айтқан пікірлеріне жүгініп, қазір билік басындағылардың, шөміш қасындағылардың өз ұлтына деген арсыздығын бетіне баса жеткізеді. Бабамыздың, анамыздың тілінің мүшкіл халін айтып, перзентін қазақ мектебіне бермейтіндердің анасын мойындамаса да абыройы өрлеп жүргенін өткір тілмен түйрейді. Өз ана тілін мүшкіл халге әкелгендердің күні ертең тарих соты алдында жауап беретінін, Путиннің Пушкин тілін қорғап жүргенін ескертіп: «Бұл қазақтай халық бар ма //Өз нигилист ұл-қызының зорлығынан сорлаған?» деп қамыға, жанайқайын жеткізеді. Ұлы орыс халқының соңғы үш ғасыр тарихында біздердей шектен шыққан мәңгүрттік топ болмағанын ашына айтады. Өлеңдегі ащы шындық ойландырып, күңіренте күрсінтеді. Санаға салмақ салып, оятып, ерлікке, елдікке, бірлікке үндейді.
Ә.Қайырбеков М.Шахановтың «Төрт ана» өлеңінің
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Әр адамда өз анасынан басқа
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана.
ТУҒАН ЖЕРІ – төл қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛІ – сатылмайтын байлығы.
ТУҒАН ДӘСТҮР, САЛТ-САНАСЫ – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да, – деген жолдарын мысалға алып, өлеңде ұлттың негізгі төрт тірегі, төрт ұстыны дәлме-дәл аталғанын, алайда «Төрт ана» дейтін ұғым қазақы менталитетке жұғысымды, сіңімді деу қиын» деген пікір білдіреді. «Себебі, – дейді автор, – біз аспанда Ай – жалғыз, Күн – жалғыз, адамда Ана – жалғыз, Әке жалғыз. Туған жер – жалғыз дейтін, Көк әлемінде Тәңірі – жалғыз дейтін наным-сенімнің, иланымның тәрбиесінде өскенбіз. Бізге «төрт ана» ұғымы жат» [11]. Ұшқары айтылған пікір деп ойламаймыз. Өйткені, біріншіден, өнерге соның ішінде әсіресе, логикалық қисын жүре бермейді. М.Шахановтың айтып отырғаны кісінің өмірге әкелген анасы емес, рухани анасы. Екіншіден, дінімізге, тілімізге сүйенер болсақ, Мұхаммед пайғамбардың жамағаты Айша барлық мұсылмандардың анасы саналады, үшіншіден, «Ел анасы атанған аналарымыз аз ба? Домалақ ана, Қарашаш ана, Мұрын ана, Дәулет бике, Қарқабат ана... Осылайша жалғастыра беруге болады [12, 53]. Төртіншіден, «ел – ана, жер –ана деген ұғым, түсініктерімізді неге еске алмаймыз?! Бесіншіден, өлеңнің өзінде әр адамда өз анасынан басқа төрт ана болуы керектігі айқын айтылып тұрған жоқ па?! Осы төрт анасынан айырылған адамның рухани мәңгүрт екендігі де шындық. Соны мегзеген ақын: «Төрт анасын сыйламаған халықтың //Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған [13, 62] дейді. Бұл жерде автор «Қазақ» деп бөлмей, барлық халықты төрт анасы – туған жері, тілі, жан байлығы, салт-дәстүрі, туған тарихы екендігін айтқан. Ана – ардақтылық, асылдық, адалдық, мейірімділік, кеңпейілділік, бір сөзбен айтқанда, қасиеттіліктің символы. Сондықтан да М.Шаханов бір өлеңінде:
Күллі игілігіңе босаға,
Тілің мен рухың – қос ана.
Қос анаң өлсе, болмысың онда қараңғы ғана құл болар – десе, екінші бір өлеңінде:
Өз ана тілін – анасын мойындамағандар үшін,
Керағар келетін ғалами, адами заңдарға,
Осынау қауіпті мәңгүрттік аңғарға,
Ойы мен бойын қамағандар үшін
Жүргендер үшін космополиттік ауызбен дем алып,
«Қазақстандық ұлт», әрине, таптырмас жаңалық деп рухты анаға балайды.
Ақын:
...Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз анаңды менсінбеудің,
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол – рухы мүгедектік әрі ұлттық сатқындық, – деген өлеңіндегі тұжырымын қазіргі орыс әдебиетінің 92-ге келген патриархы С.Михалковтан бастап әлемге әйгілі тұлғалар Е.Евтушенко, Ш.Айтматов, Ф.Хитцер, сондай-ақ Түркия, Румыния, Украина, Тәжікстан Парламенттерінің мүшелері мен белгілі ғалымдар, саясаткерлер, барлығы жиырмаға тарта елдердің алдыңғы қатарлы гуманистерінің қолдағанын айтады. «Өйткені, – дейді автор, – қай елде болса да, ана тілін сыйламау – туған анасының жүрегінен тебумен бірдей. Бұл теріс бағыттың рухани сатқындыққа бастайтын мұңлы жолы және аяққа басылған ата-баба сенімі мен рухының киесі де болатыны ешкімге құпия сыр емес». Осы ойын ақын-публицист «Намыссыз дарын сатқындығы немесе бірінші мен оныншы кезектегі істі шатастырғандар» [15] өлеңінде қайталайды.
Абай өлеңдерінің қара сөздерімен үндестігі
Қай халықтың болса да болашағы білім, ғылым, өнерде екенін ерте сезінген Абай өлеңдерінде қоғамдық өмірдің көкейкесті мәселелері мен көлеңкелі жақтарын көрсете отырып, надандық құрсауынан шығудың сара жолын нұсқайды. Ол бірде ақыл етіп айтса, бірде астарлап, енді бірде ашық, сынау-мінеу арқылы өз ойын жеткізеді. Ұлы ақынның өлеңдерінің де, публицистикасының да, қара сөздерінің де айқындамасы – адам тәрбиесі; адамзатты сүю, ізгілік, ізет, жамандық атаулыдан қашық болу, жақсылыққа ұмтылу, еңбек ету, білім алу, сол білімді ел игілігіне, қажетіне, адал іске жұмсау, арлы болу: “Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзге рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?”. Ақын осы ойын өлеңінде де қайталап: “Пайда ойлама, ар ойла, //Талап қыл артық білуге. //Артық ғылым кітапта, //Ерінбей оқып көруге”,- дейді. М.Әуезов: “Абай өзінің өлең сөздерінің көптен-көбін заманындағы оқушы мен тыңдаушыларына үнемі түсінікті болмайтындай көреді. Онысы анығында солай да еді. Осы жайды ескеріп, Абай енді қарасөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады”, - деп көрсетеді. Яғни, өлеңдерінде айтылған ойды қара сөздерінде қайталау Абай шығармаларынан бастау алады. М.Әуезовтің осы пікірінің ақиқаттығына өлеңі мен қарасөзін салыстыра оқыған кісінің көзі жете түседі.
Қара сөздеріндегі бірінші сөзді өлеңдерімен салыстырып көрейік:
//Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, // Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!.
“Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық-әурешілікті көре-көре келдік”. //Ғылым да жоқ, ми да жоқ,//Даладағы аңдарсың. // Жүрегіңмен тыңдамай, құлағыңмен қармарсың. //Соны көріп, соларға // Қайтіп қана сарнарсың?!.
//Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық, //Кім көңілді көтеріп, болады ермек?. “Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың?... Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң...”. //Жылай, жырлай өлгенде,// Арттағыға сөз қалсын, // Мендей ғаріп кез болса, // Мойын салсын, ойлансын.// Қабыл көрсе сөзімді, // Кім тыңдаса, сол алсын. “Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын”. Өлеңдеріндегі ой қара сөздерінде қайталанып тұрған жоқ па?! Сондықтан Абай қара сөздерін өлеңдерімен сабақтастыра қарастыруды жөн көрдік. Бірінші сөз – кіріспе, аннотацияны да еске түсіреді. Біздіңше көркем-публицистикалық жанрларға жататын эпиграфқа келіңкірейді. Шығарманың мазмұнын, идеясын ашып көрсету үшін әдеби-көркем, ғылыми, ғылыми-танымдық әдебиеттердің алдында да беріліп жүр (С.О.). Қысқаша айтсақ, эпиграф - шығармада айтылатын ойдың тезисі. Онда деректер мысалға келтірілмейді, бағалау болмайды. Ойшыл, ғұлама халықты оқу-білімге үндеп, оныншы сөзінде “...малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ”, – десе, “Ғылым таппай мақтанба” деп басталатын өлеңінде: Дүние де өзі, мал да өзі, //Ғылымға көңіл бөлсеңіз. //Білгендердің сөзіне, //Махаббатпен ерсеңіз – дейді. Болашақты болжай білген ақын “Он сегізінші сөзінде” “Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ” – деп, одан басқа қасиеттерімен оздым деу ақымақтық екенін айтады. Осы ойы “Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек” деп басталатын өлеңінде: “...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, //Сонда толық боласың елден бөлек” – деген жолдарда жаңғырады. Данышпан Абай халықтың мақал-мәтелдеріне де сын көзбен қарап, оларды елеп-екшейді. Моральдық-психологиялық мән-мазмұнына ерекше көңіл бөледі. “Бесінші сөзінде” қазақтың уайым-қайғысы мал екенін, оны “түстік өмірің болса, күндік мал жи”, “Өзіңде жоқ болса, әкең де жат”, “Мал – адамның бауыр еті”, “Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық”, “Ер азығы мен бөрі азығы жолда”, “Ердің малы елде, еріккенде қолда”, “Берген перде бұзар”, “Алаған қолым – береген”, “Мал тапқан ердің жазығы жоқ”, “Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз”, “Қарның ашса, қаралы елден без” деген мақалдардан байқауға болатынын айтады. Шындығында да бұл мақалдар әртүрлі ойға жетелеп, қазір де кейбіреулердің “мал-жан аман ба?” деп сәлемдесетіні еске түседі. Сонда малдың жаннан артық болғаны ма? Ойшыл Абай қазақтың тыныштық, ғылым, білім, әділет үшін қам жемей, малды бірінші орынға қоятынын сынайды. “Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен, қулық, сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен”,- деп таңқалыс білдіреді. Осы бір қысқа ғана айтылған сөз оқушысын ойландырып, толғандырып, өз-өзіне сын көзбен қарауға итермелейді. Үгіт-насихат айтылмаса да, есті адамға тәрбиелік мәні зор. Сондай ар-ұятты жиып қойып, тек баюды ғана ойлайтын құлқынның құлы малтабарлар арамызда жүрген жоқ па?! Ұрлық-қарлықпен қалта толтырып, рухани азғындаған кісіні байлығына қарай бағалайтындар аз ба?! Абай мұны “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” деп басталатын өлеңінде де келістіре, жеріне жеткізе көрсетеді: “Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап, //Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап. //Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп, //Елдің байын еліртіп “жау мұндалап”. //Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап – //Бұларды керек қылмас ешкім қалап. //Терең ой, терең ғылым іздемейді, //Өтірік пен өсекті жүндей сабап”. Ұстаз алтыншы сөзінде “Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік” деген мақалды мысалға келтіріп, қазақтың бірліктің қандай елде болатынын, қайтсе тату болатынын білмейтінін сынайды. Мақалда айтылып тұрған бірлік малға ортақтасу емес, ақылға ортақтасу екенін, мал берсең, атасы, діні басқа халық өкілдері де біріге жалданып жұмыс істейтінін түсіндіре баяндайды. “Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы” деп, ағайын бір-біріне алысып-беріспей-ақ бірігуі керектігін, сонда ғана алауыздық болмайтынын дәлелдейді. “Ырыс алды – тірлік” дегенді де түсіндіріп, көкірегің, көңілің ояу болса, тірлік сол дегенді мегзейді. Көкірегі өлі адамның ақылсыз, жігерсіз болатынын айтып: //“Кеселді жалқау, қылжақпас, //Әзір тамақ, әзір ас, //Сыртың – пысық, ішің – нас, //Артын ойлап ұялмас” болып жүріп тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық» деген ой түйеді. Қара сөз өлеңмен түйінделген. Қара сөз бен өлеңді араластырып жазу батырлық, ғашықтық эпостарымызда да, ертегі, аңыздарымызда да жиі кездеседі. Мәселен «Алпамыс батыр» жырында: //“Қызының аты Қарлығаш, //Аш белге түскен сүмбіл шаш. //Енді бұлар ер жетсін, //Қояйын біраз доғарып”,-деп жырды ағылтып келе жатып “Әлқисса” деп алып: “Шекті деген елінде Сарыбай деген бай бар еді, онда да перзент жоқ еді, Байбөрімен екеуі сөйлескенде арман қылар еді”,- деп қара сөзге ауысып, қайтадан өлеңге кезек беріледі. Осы сияқты «Ер Тарғын», «Ер Қосай”, “Қарадөң батыр және ұрпақтары” т.б батырлар жырларында да өлең мен қара сөз кезектесіп, бір-бірін жалғап, толықтырып отырады. “Ер Төстік” ертегісінде де: //Шалқұйрықты мін, Төстік! //Сан жасауын алмадым, //Саған бола таңдадым, //Ақсырмалдай сауытты //Осы жолға ки, Төстік!-деп зарлайды. Төстік Кенжекейдің тілін алып, Шалқұйрық атты мінетін болады. “Ақбай” “Марфузаның уақиғасы” т.б. ертегілерінде де осы үлгі қайталанады. Қара сөзді өлеңмен түйіндеу ауыз әдебиетінде, шешендік сөздерде Балабидің “Жерден ауыр не?”, “Жиренше шешен”, “Қаздауысты Қазыбек”, “Тіленші мен Жәнібек” т.б. ұшырасады. Ал жазба әдебиетінде қара сөзді өлеңмен түйіндеу Абайдан басталатынына жоғарыдағы қара сөз айғақ. Көкірегің өлі болса, көзіңнің барының қажеті қанша?! Көкірегі соқыр – өнерсіз, білімсіз, надан пенде, ішкені мен жегеніне мәз қуыс кеуде. Мұнда да Хакім Абай оқушысын ойға шомдырып, айтпақ үгіт-насихатын ишарамен жеткізеді. Оны көкірегі ояу адам түсінеді. Алтыншы сөздегі ойын Абай “Жетінші сөзінде” де қайталап: “Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?”, – деп жетілдіре түседі. Бұл көрсоқыр надандықтан сақтандырып, көкірекке білім, ғылым нұрын түсіруге шақыру. Сегізінші сөз де осы мазмұндас. Ақын «ақылды кім үйренеді, кім тыңдайды?” деп өзіне-өзі сұрақ қойып алады да, болыс пен бидің тыңдамайтынын, өйткені, өздерін ақылды санайтынын, сондықтан да сондай орындарға сайланып отырмыз деп ойлайтынын, ел түзеуге қолдары тие бермейтінін, тисе де шығынданып, шығынымыздың орнын толтыра алмай қаламыз деп қорқа соғатындарын шенейді. Байлардың да дүниенің жолында жүргендерін, өзінде жоқты малымен сатып алатындарын, ақылды да, ғылымды да, білімді де малдан қымбат санамайтынын қынжыла жеткізеді. Ұры-залым, сұм-сұрқиялардың да, «қой жүнді қоңыршалардың да» ақыл тыңдай қоймайтынын дәлел, сылтауларын келтіре отырып жеткізіп: “Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын?”, – деп сөзін мысқылдай түйіндейді. Ақыл тыңдайтын жан жоқ, сұрақ жауапсыз қалғандай болады. Оны ұлы Абай тағы да оқушысының еншісіне қалдырады. Ойға шомсаң тағы да сұрақ туындайды: Неге талпынбаймыз, неге кежегеміз кейін тартып тұрады, енжарлық па, жалқаулық па?! Бұған жауапты “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек” өлеңіндегі “Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек, //Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек, //Рас сөздің кім білер қасиетін, //Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек деген жолдардан табамыз. Абай өмір сүрген замандағы қазақ даласын облыс, округ, болыстарға бөлу, болыс сайлау қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайларды барынша шиеленістірді. Қазақ елі орыс заңына бағынып, ағайынгершілік қала бастады. Билікке таласу, болыстыққа, аға сұлтандыққа қол жеткізу үшін патша ұлықтары мен жандаралдарына, ояз, адвокат, чиновник, тілмаштарына пара беру күшейді. Жағымпаздық, өтірік-өсек өршіп, рулық, жүздік жіктеу, алауыздық ушыға түсті. Ауыл атқамінерлері түймелері жылтыраған патша адамдары не айтса да мақұлдап, қоғамды неше түрлі дерт жайлай бастады. «Бар малымды шығындап, болыс болдым мінеки» деп Абайдың өзі айтқандай, болыстыққа таласқандар әр қайсысы өз жақын-жуықтарынан партия құрып, уезд, округ басшылары мен патша әкімшілігінің шенеуніктеріне пара беріп, шығынға белшесінен батты. Болыстыққа түскен адамның бұл шығарған шығыны ол сайланғаннан кейін қара халықтан өндіріліп алынды. Осыдан кейін ағайын арасында араздық туып, бір әке, бір шешеден туғандардың өздері бір-бірін көрместей болатын. Абай феодалдық-патриархалдық қоғамдағы осындай надандық пен әділетсіздікті, екіжүзділікті, парақорлық пен жемқорлықты, өтірікшілдік пен өсекшілдікті, жағымпаздықты өткір сынға алды. Абай қара сөздерінің үшінші сөзінде адамның жалқау, мақтаншақ, арсыз, тойымсыз болуының себебін надандығынан, жұмысы жоқтығынан, кәсіппен айналыспауынан көреді. Егін салып, саудамен айналысса, өнермен шұғылданып, ғылым жолын қуса өрге басарын айтады. Дұрыс, жөн білетін адам болыстыққа сайлауға түссе, оны болдырмау үшін басқалар өтірік «шапты, талады» деп байбалам салып, арыз жазатындарын, іс қаралған жағдайда «Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар» алдын-ала дайындалып қойылатынын, сөйтіп басы дауға түсіп, беделден жұрдай болып, жалынса құтылып, “жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсетінін” жазады. Бұл қара сөзде Абай өмір сүрген заманның болмыс-бітімі, патша өкіл-ұлықтары ортасының іс-әрекеті көрініс тапқан. Адам бойындағы теріс қылық пен шылық, болыстықты мақсұт тұту отаршыл билік құрылымының кесірінен туындаған сол бір заманның, қоғамның дерті еді. Абай сол дерттен айықтыру жолын іздейді. Ол жол – адал еңбек ету, білім, ғылым жолы екенін, өнерді өзге халықтан үйрену керектігін сөз соңында тағы да қайталап ескертеді. Ақын осы ойын «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде дамытып, бар малын шығындап болыс болған пенденің ояз, съез десе, жүрегі ұшып, шыбындап, қорқып, старшын, би алдында иіліп, жұмсарып, мүләйімсіп, момындарға кісімсіп, халық алдында “жарылқаймын” деп алдап-арбап айнала дамыл таппай далақтап шауып жүрген екі жүзді бейнесін көз алдыңызға әкеледі. Өлең түйінінде де жоғарыдағы қара сөзіндегідей болыс байғұс та түбінде сотты болатыны айтылады: //“Өз қағазы өз көзін //Жоғалтуға жарайды. //Тауып алып жалғанын, //Қылмысыңды санайды. //Өзі залым зәкүншік //Танып алды талайды, //Көрмей тұрып құсамын //Темір көзді сарайды”.
Абай “Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек” деп басталатын өлеңінде: “Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек,// Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.// Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,// Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.// Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,// Сонда толық боласың елден бөлек…// Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,// Ғылым сол үшеуінің жолын білмек”, - дейді. Данышпан Абай он жетінші сөзінде осы ойын қайталап, қайрат, ақыл, жүрек үшеуін айтыстырып, әрқайсысының қадір-қасиетін өз ауыздарымен жеткізеді. Еңбек дүниеде лайықты өнер, мал табу, абырой мен мансап, бойды таза сақтап, көрсеқызар жеңілтектіктен, нәпсі мен шайтанның азғыруынан құтқаратынын, адасқанды түзу жолға салатынын, Ақыл бұл дүниеде де, о дүниеде де не пайдалы, не залалды бәрін білетінін, онсыз ғылымды игеру мүмкін еместігін, Жүрек адам денесіне қан тарататынын, онсыз Тіршілік жоқ екенін, Ғылым үшеуінің де айтқандарының дұрыстығын айтып, “үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім”,- депті. – Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, Жүрек, сенің ол сенің көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқанына жаны-дені құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді оятпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет”, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен”. Сөйтіп Абай Қайрат, Ақыл, Жүректің ғылымды игерумен алға басатынын, адамның қасиеттілігі үшеуінің бірлігінде жатқанын дәлелді жеткізген. Адам мүшелерінің атқарар қызметіне қарай, жүрек бірінші, ми екінші екен. Ми жүрекке әмір бере алмайды, жүрек миға әсер етеді. Бұл медицинада дәлелденген мәселе. Ойшыл ақын екінші сөзінде бала күнінен қазақтардың сартты көрсе “енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде әке-үке десіп, шығып кетсе қызын боқтасқан, сарт-сұрт деген осы” десіп Ноғайды көрсе, оны да боқтап “түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе-демін алады, ноғай дегенше ноқай, қашқын ноғай, “башалшік” (ұсақ саудагер – С.О.) ноғай десіп, орысқа “ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс” орыс ойына келгенін қылады деген... Не айтса соған нанады, “ұзын құлақты” тауып бер депті” десіп күліп отыратынын есіне алып, сонда өзінің ”біздің халықтан басқалар антұрған, жаман, ең тәуір халық біз екенбіз ғой деп ойлайтынын айтады. Сөйтсе, сарттың егін егіп, өсірмейтін жемісі, жасамайтын шеберлігі жоқ, әр қайсысы өз жұмысын ғана біліп, бір-бірімен жауласпайды екен, орысқа қарамай тұрған кезімізде қазақ еліне киім-кешек жеткізіп тұрған да солар, орысқа қараған соң орыстың өнерін бірінші үйреніп алған да солар. Араларында бай да, молда да, сыпайы, епті жандар да көп. Ноғай да солдатқа, кедейлікке шыдамды, молда, медресе ұстап оны күте де білетін халық екен. Еңбек етіп, мал табудың да жолын біледі, өздері салтанатты әсем. Оларға енді біріміз жалданып жұмыс істеп, біріміз еткен еңбегіне ризашылығымызды білдіріп жүр екенбіз. Біздің ең бай деген адамымыздың өзін “сәнің шаңшы, (лас, былғаныш – С.О.) аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық қазақ”,- деп үйінен қуып шығатын жағдайға жетіпті. Автор осы жайттардың айта келіп, соңында олардың қазақ халқынан озып отырған себебі бірін-бірі түртпектемей, шаруа істеп, өнер қуып, мал таба білуінде деген түйін айтады.
Осы екінші қара сөзді оқығанда есіңізге автордың: //Жақсы менен жаманды айырмадың... //Бет бергенде шырайың сондай жақсы, //Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?”,- деген жолдары түседі. “Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады”. Жиырма алтыншы сөз осылай басталады. “Білмеймін содан артық қуанышы бар ма екен? – дейді автор мысқылдап. – Озса хайуан озды, жықса баласы не өзі емес, бөтен адам жықты, мұнда сонша мақтанарлық не бар? Мұның бәрі өзгелерді ызаландырмақ ниетпен түймедейді түйедей етіп көрсететін қазақтың даңғойлығы екен. Абай сол мақтаншақтықты, біреуге ор қазуды әшкерелейді. “Біреуді ызаландырма – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс”, - деп, біреуді ыза қылғанға сонша қуанарлық ештеңе жоқтығын, оған ызаланып жер болып, қорланудың да бекершілік екенін айтады.
Әр сөзі ақыл, өсиет, өнеге.
Осы қара сөздегі “Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек” деген сөйлемге байланысты бір айта кететін жайт; қазір үлкен-кішіміздің бәрі қит етсе “қазақтың жауы қазақ” дегенді Абайдың өзі айтып кеткен” деп жоғарыдағы сөзді бұрмалап жүргені. Шынында Абай ұлтына жанашырлықпен болмашыға мәз болып, өсіріп, бөсіп сөйлейтін кейбіреулердің ұсақтығын сынға алған. Бұл жерде ұлт, ұлыс арасындағы мәселе сөз болып отырған жоқ, ауылдас, ағайындас адамдардың даңғойлығы, пайдасыз, ешкімге опа бермейтін ұсақ-түйекке үйірлігі айтылған. Соған дана Абай бір-біріңмен жауласып, не көрінді дегенді ескертіп, бәрі надандықтарынан екендігін дәлелді жеткізген. Автордың осы қара сөзіндегі ойы “Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап” өлеңінде де бар: “Күні бойы шабады бос салақтап. // Тиіп-шығып, ыза қып ұстатпаса, // Қуанар иелері сонда ыржақтап. // Не таптық мұныменен деген жан жоқ, // Түні бойы күпілдер құсын мақтап. // Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ, // Қайран ел осынымен жүр далақтап”.
Бұл ой “Қарашада өмір тұр” өлеңінде де кездеседі: // Кеудесі толған қулық ой, // Бәрі де пасық, езбе емес.// Құмары оның айт пен той, // Пайда мен мақтан, өзге емес. Осы өлеңдегі “бәрі де пасық” деген контексті алып, Абай қазақтың бәрі пасық деген деуге бола ма?! Ақын пайдасыз, бос мақтан үшін уақыт өткізбей, кәсіппен айналыс дегенді айтып отыр. Әрі бұл қызық үшін құс ататын, ит таластыратын қатыгездікті де еске салады. Абайдың ой өзегінде бүкіл бір халықты кінәлау емес, мейірімдікке, бауырмалдыққа, түсіністікке, елдікке шақыру жатыр. Ол халқын жанындай сүйеді, елі үшін жаны ауырады, қамығады. Бәрі сол сүйіспеншіліктен, жұртым көзін ашып, ел қатарына қосылып, ілгері басса екен деген ниеттен туындап тұр. Абай шығармаларына саяси тұрғыдан талдау жасап, қыр-сырына үңіле түссек, оның қазақ қоғамындағы толып жатқан өзекті саяси-әлеуметтік шешілуі қиын түйінді мәселелерді қозғаған қоғамтанушылық қырын аңғарамыз. Ұлы ойшыл қазақ ауыз әдебиеті мен жыршы-жыраулар поэзиясынан ғана нәр алып қойған жоқ, ол сонымен қатар шығыс әдебиеті мен философиясынан әрі орыстың ілгерішіл ойшылдары мен демократтарының да шығармаларын бойына сіңіріп, оны өз дәуірінің озық ой-пікірімен ұштастыра қорытып, қазақ өміріндегі маңызды саяси-әлеуметтік мәселелерді түсіндіруге қолданды. Сөйтіп өз поэзиясына көсемсөзшілік ой-идеяны да сіңістіріп отырды. Абай феодальдық-патриархалдық қоғамдағы осындай әділетсіздік пен надандықты, парақорлық пен жалақорлықты, өтірікшілдік пен өсекшілдікті “Заман ақыр жастары //Қосылмас ешбір бастары. //Бірін бірі қастыққа //Қойнына тыққан тастары”, – деп өткір сынға алып, “Қуанбаңдар жастыққа, //Елерме күлкі, мастыққа. //Көзің қайдан жетеді //Достық пенен қастыққа?”, – деп жастарды жаман әдеттен сақтандырады. Адал жолмен тапқаныңды пайдаңа жарат, «сыпайы жүр де шаруа ойла, арыз құмар болғандар, “Опыр-топыр, шақ-шұққа” тап болады деп үгіт-насихат айтады. Ақынның ағартушылық сипатындағы өлеңдерінде публицистік сарынның басым жататындығы көзге айқын шалынады. “Сенен аяр түгі жоқ”, ертең-ақ “жын сықылды бұзылып” мың құбылатын Дүтбайдың ішкі сырын ашып көрсетіп, “Қулық емес, бұл – бір дерт”, – дейді. Дүтбайдың бойындағы теріс қылық пен шылық, болыстықты мақсұт тұту отаршыл билік құрылымының кесірінен туындаған сол бір заманның, қоғамның дерті еді. Абайдың өлең аяғын “Қулық емес, бұл – бір дерт”, – деп түйіндеуі де сондықтан. Ол тұста Абайдай оқыған, көңілі кең – дала, көкірегі – алтын сандық адам аз еді. Ол сол білгенін халыққа жеткізіп, санасына құюды, еліне сөйтіп пайдасын тигізуді көздеді, сол үшін болыс та болып көрді. «Бірақ оның ізгі ниетін іске асыруға ел жуандары аяғынан шалып жол бермеді. Сондықтан да Абай: “Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным”, – деп күрсінумен өтті. “Мыңмен жалғыз алысу” оңай емес, оның үстіне маңайы тегіс құлқын қамын жеп, “бас-басына би болуды көздеген “берекесі кеткен ел”, «өңкей нөл”. “Өңкей нөл” – өз ой-пікірі жоқ, біреудің айдауымен жүріп, айтуымен тұратын “жұрт айтса – болды, көп айтса – көнді” пенделер де, “единица” – халықтың қамын ойлайтын зейінді, зерделі, зиялы азаматтар еді.
Соны түсіне білген Абай: “Единица кеткенде, //Не болады өңкей нөл”, – деп ел қамын жеген ер азаматтар болмаса, қоғамның күйреуге ұшырайтынын айтады. Халықты “өңкей нөлге” айналдырып, бір-біріне айдап салып береке-бірлігінен айыру “бұратана” халықты уысында ұстау мақсатынан туған отаршыл Ресей империясының саясаты болатын. Надан халықты ұлттың рухани байлығы – дәстүр-салтынан, қадір-қасиетінен айырып, тұл, құл ету оңай.
«Ескендір» поэмасының негізі туралы ойлар
Абай «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізін Низамидің «Ескендір-намасы» мен Талмудтың «Агада» аталатын бөліміндегі мысал-әңгімеден алғаны белгілі. «Талмудтың әңгімесінің сюжеті Батыс Европа арқылы орыс әдебиетіне, одан Абайға жеткен. Абай Жуковский өлеңіне, Талмудтың өзін, сондай-ақ Македония мен Ескендірге қатысты тарихи еңбектерді творчестволық түрде пайдаланған» [Қасқабасов С. Ескендір поэмасының сюжеттік негізі. Абай тағылымы. – Алматы: Жазушы, 1986. 236 б. кіт. К. 432 б.]. Анығырақ айтқанда, ХІХ ғасырдағы неміс романтикалық әдебиетінің көрнекті өкілі француз Альберт Фон Шамиссо (1781-1838) бұл сюжетті Талмудтан алып «Ескендір туралы аңыз» деп өлең етіп жазса, одан орыс ақыны В.А. Жуковский (1783-1852) алып, орыс тіліне аударады.
Талмуд – ежелгі дәуірдегі аса құнды жазба ескерткіштерінің бірі. Осы Абай пайдаланған Ескендір туралы аңыз әңгіме «Тәкәппар әскер басы турасынан» деген атпен 1895 жылы «Дала уалаятының газетінде» басылған. Авторы белгісіз. Ал Абайдың «Ескендір» поэмасы 1900-1902 жылдар аралығында жазылғаны талай айтылып та, жазылып та жүр. Екеуі бір-біріне егіздердей ұқсайды. Салыстырып оқып көрейік: «Бұрынғы заманда Македонияда Ескендір патша болыпты. Мәртебені бұл жақсы көреді екен, һәм қызғаншақ екен».
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары – оған мекен.
Филипп патша баласы, өр көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
«Өзінің қараған уалаятын азсынып, өздерінің қасындағы жақын тұрған халықтарменен соғыспаққа барыпты».
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.
«Соғыс болып қандар судай ақты, көп халық қырылды, көп қандар бекерден-бекер төгілді. Ескендір қасындағы патшаларды жеңіп, бұлардың халқын өзінің патшасына қосты. Сонда да бұған риза болмай алысырақ жайларға соғыспаққа барды. Әр түрлі көп жайларды қаратты, мұның бұл атағы барша дүнияға жайылды. Мұнан бәрі де қорқар еді, хандардың ханы, патшалардың патшасы дер еді».
Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау болды, тұра аттанды.
Көп елді күтінбеген қырды, жойды,
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.
Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан елдің бәрін де бодам қылып,
Өкіметін қолына тартып апты.
«Ескендірдің көңілі тасып тәкәппарлық кіріпті. Бұл соғысып қаратқан жайлары тағы да аз болып көрініп дүнияның баршасын қаратпаққа ойлапты».
Ескендір елде алмаған хан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады.
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
Сол күнде қошаметші айтады екен,
Ханның ханы, патшаның патшасы деп.
«Ескендір қисабсыз көп әскер жинап алып, адам білмейтұғын алыс жайларға қарай жөнеліпті».
Атағы талай жерге оның жетті,
Жердің жүзін алуға талап етті.
Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,
Есіткен елдеріне жүріп кетті.
«Бір күні ол әскерлерімен сусыз үлкен қырмен жүріпті. Бұл жайдың жан-жағында адам жоқ, қу дала, қу медиен екен. Бұл алыс жол адам жеңбеген Ескендірді шаршатыпты. Бек қатты шөлдеп, ішейін десе суы жоқ, өзіменен бірге алған суы таусылып қалыпты».
Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін ішті.
Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп,
Басына құдай салды қиын істі.
«Ескендір ашуланып қызметкерін ұрып өлтіруге де ойланған еді, сол мезгілде жарқырап бір бұлақ көрініпті. Паша қуанғанынан қасына жетіп барса, жіңішке таспадай болып мөп-мөлдір болып ағып жатыр екен. Ескендір жата қалып бұлақтан су ішіп, сусынын қандырыпты. Бұлақтың суы бұған бек дәмді һәм исі сүйкімді болыпты. Ескендір таң қалып ғажапқа қалыпты».
Мысалы, астындағы ат о дағы ұшты,
Ескендір де атының жалын құшты.
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті.
Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ,
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.
Түсе сала Ескендір басты қойды,
Ішсе, суы өзгеше, тәтті тым-ақ.
« - Күдіксіз қандай ғажайып бұлақ бір бақытты жайлардан бастап ағады екен, - деп айқай салыпты. – Қазір барып соғысып қаратып алайық, - депті.
Менен қалмай бұл суды шапшаң өрлеп,
Талқан қылып шаһарын алыңыздар.
«Ескендір тура келіп, бұлақты өрлеп жоғары жүріпті. Жүріп отырып ақырында ұжмақтың қақпасындай бір қақпаны қөріпті. Қасына келсе, жабулы тұр екен. Ашайын деп байқаса, қатты жабулы тұр екен, ашылмапты.
Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.
Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.
Аша алмады қақпаны, үміт үзді,
Ақылдасып тәуір-ақ амал қылды.
«Патша қапаны «аш» деп айғай салды.
Ұжмақтың ішінен бір дауыс шығып:
- Сені мұнда кіргізуге болмайды. Бұл есік құдай тағланың тұрағына алып барады, - депті.
- Бұл құдайдың жайы болса, мен жердің патшасымын, - деп шыдамастан Ескендір жауап қайтарыпты.
- Мен адам жеңбеген Ескендірмін, апыр-ау, маған да ашпай ма? – деп айқай салыпты».
Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:
- Қақпаңды аш! – деп барынша айғай салды.
Қақпаның ар жағынан біреу келді,
Күзетшісі сол екен, дыбыс берді.
- Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ,
Бұл – құдайға бастайтын қақпа, - деді.
Білмесең мен Ескедір патша деген,
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген.
Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған,
Қорлығым өзім туып, көз көрмеген.
« - Әгерде мені өздеріңнің жайларыңның ішіне жібергің келмесе, маған тым болмаса, менің мұнда келгенімнің белгісі үшін белгі қылып бір нәрсе бер, - деді».
- Талпынған талаппенен мен де бір ер,
Көп жүрдім, кездей келді мөрмеген жер.
Ең болмаса, халқыма көрсетейін,
Сый қылып, белгі болар бір нәсе бер.
«Ұжмақтың күзетшісі:
– Алсаң, ал, ақылсыз, - депті. – Мінекей саған пайдалы нәрсе, бұл сенің жаныңның қайғы-қасіретін жазар, - депті.
– Бұл нәрсеге бір қабат қарасаң, сенің бұрынғы ұстаздарыңнан есітпеген данышпандыққа үйретер, енді өз жөніңменен жүре бер, - дейді.
– Ескендір бұл сыйды асығып алып, өзінің әскеріне қайтып келді. Бұл берген сыйы кісінің сүйегінің жарықшағы екенін көріп аң-таң қалыпты».
Қақпадан лақтырды бір орамал,
Сыйым – осы, падиша, мынаны ал.
Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер,
Апар дағы ойланып, көзіңді сал!
Орамалды қуанып қолына алды,
Сый алдым деп халқына қайта салды.
Қараса, ішіндегі бір қу сүйек,
Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.
« – Патшаларды жеңгіштерді қандай сыйменен сыйлайды, - деп Ескендір ашуланып айғай салыпты.
– Менің мұнда бейнет шегіп келгеніме, мұндай сый лайық па? – дейді.
Кісінің сүйегінің болымсыз жарықшағын ашуланып лақтырып жібереді. Әскердің ішінде бір данышпан бар еді.
Бұл айтты:
– Ұлы патшамыз, бұл сыйды жек көрмеңіз. Сүйектің бұл жарықшағы қанша кішкене болып көрінсе де, ғажайып кереметі бар. Сен мұны қазір көресің. Бірақ мұны алтын я күміспенен бірге таразыға тарттыруға бұйыр, - дейді».
Ашуланып сыйына болды кекті,
- Ең болмаса білмеді сый бермекті.
Осы менің теңім бе? – деп ақырып,
Лақтырып жіберді сол сүйекті.
Жолдасы Аристотель ақылы мол,
Лақтырған сүйекті алады сол.
Ханға айтты: «Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол».
Сол күнде Аристотель жеке дара,
Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара?
Таразыны әпкел де, сүйекті сал,
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!
«Ескендір данышпанның сөзін тыңдап, оның айтқанынша бұйырды. Таразыны алып келіп, бір жағына сүйектің жарықшағын салып, о бір басына бір кесек сом алтын салды. Патша көрді де ғажапқа қалды. Сом алтын кісінің сүйегінің жарықшағынан жеңіл шықты. Алтынды тағы да қосып еді, тағы да сүйек ауыр шықты. Күміс салып еді, тағы да сондай болды және тағы да молдап ауыр нәрселерді таразының бір басына салған сайын соншалық екінші басы төмендеп ауырлай береді. Ақырында Ескендір шыдай алмай, өзінің айбалтасын алтынмен бірге салды».
Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды,
Таразыны құрдырып, ортаға алды.
Қанша алтынды күміс пен салса дағы,
Бір кішкентай сүйекті аудармады.
Мұны көріп Ескендір аң-таң қалды,
Бар қаруын алтынға қоса салды.
Енді қайтер екен деп қарап еді,
Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.
« – Ғажайып, - деп, Ескендір айғай салды. – Сүйектің мұндай жарықшағы да, мұншалық ауыр нәрселерді де басады екен, апырым-ау, бұл сүйекті басатұғын бұл дүниеде амал бар ма екен,- дейді».
Аристотель хәкімге патша келді:
Мына сүйек қазынаның бәрін жеңді.
Бұл сүйекті басарлық, нәрсе бар ма?
Ақылыңмен ойланып тапшы! – деді.
«Данышпан айтты:
– Патшайым, бар, мұның амалы оп-оңай. Сол жерде бір уыс топырақты алып сүйектің жарықшағының үстіне салып еді, таразының сүйек тұрған басы жоғары көтеріліп, алтын тұрған басы төмен түсті».
Хәкім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
«Ескендір бұрынғысынан да қайран болып таң қалды.
Данышпан айтты:
Ұлығ патшайым, бұл сүйек кісінің тірі күнде көзі тұратұғын сүйек, - деді».
Бұл – адам көз сүйегі, - деді ханға,
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.
« – Кісінің көзі үлкен емес. Сонда да мұның қызғаншақтығын һәм баршасын білсем екен деп ойлайтұгын нәпсісінің мөлшері жоқ, - дейді. – Жан-жағында қызықты нәрселерді көп көрген сайын мұның бәрін алғысы келіп, тілей береді, алтын да, күміс те һәм ғайри өзге байлық та һәм құрмет те адамды тірі күнінде тойғыза алмайды. Бәрі де бұған аз көрінеді. Бәрін де көбірек алсам екен деп тілей береді. Қашан ажал келгенде, кісіні топырақ жапқанда тоймайтұғын мешкейлік те һәм қисабсыз мәртебелі жақсы көретұғыны да тоқталып ақыры тамам болады. Ол дүниеде байлыққада атаққа да ешбір құрмет болмайды, - дейді».
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.
«Ескендір ойланып тұра қалды, данышпанның сөзі мұны ойландырды. Мұның барша соғысып қаратқанының бәрі мұны тірі күнінде разы қылмайтұғынын һәм өлгегеннен кейін өзіне еш нәрсенің керек емес екенін білді. Мұнан соң өзінің әскерлеріне «қайт» деп бұйрық берді». [Тәкаппар әскер басы турасынан. Әдеби мұра. – Алматы: Жазушы, 1970. -38 б. кіт.к. 256 б.].
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім деп,
Қолын алып жұртына қайта көшті.
Айырмашылығы – «Тәкаппар әскер басы турасынан» қара сөзбен жазылған, поэмадағы бұлаққа кепкен балықты жудырғанда исі, дәмі өзгеше болып кететіні және соңғы төрт шумақ хикаятта жоқ. Фирдауси «Шахнамасында» Ескендірдің біздің эрадан бұрын 110-335 жылдар аралығында Иранда шахтық құрған Дараптың (Дари үшінші Кадоманның) баласы десе, Низами «Ескендір намасында» Филикустың (Филипптің) баласы етіп көрсетеді. Ескендірдің әкесі Абайдың Ескендір поэмасында да Филипп деп алынған. М. Әуезов бұл поэманың Низамидің «Ескендір намасындағы» аңыз әңгімелердің сюжеттерінен алынып жазылғанын, Абай аңызды өмір шындығына жақындатып, реалистік стильге бұрып, Александр Македонский жайына қарай бейімдегенін айта келіп: «Және де тарихтық дәл деректер бойынша, ертегілік Хызырдың орнына Ескендрдің тәрбиешісі болған философ Аристотель кіреді. Сөйтіп, адамдары мен олар арасындағы мінез-қатынастарға Абай тарихи шындықты негізгі арқау етеді» [Әуезов М.О. Абай Құнанбаев. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым баспасы, 1967, - 180 б. кіт.к. 391 б.], - дейді. Жалпы, аңыз негізінде шындық жататыны белгілі. Ал Абай Ескендір поэмасына тарихи шындықты арқау еткен. Кейіпкерлері өмірде болған адамдар, жер аттары да өзгертілмей, сол қалпында алынған. Мәселен, поэманың басты кейіпкері Ескендір Еуропаны, араб пен парсыны жаулап, жарты әлемді бағындырып, өз билігін жүргізген атақты Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын біздің жыл санауымызға дейінгі 356 жылы туып, 323 жылы 33 жасында дүниеден өткен. Ислам діні пайда болмай тұрғанда пайғамбар атанған адам. Аристотельдің сол Ескендірді тәрбиелеуші болғаны да шындық. Абайдың реалистігін, поэмасында Ескендірдің нақтылы тарихи тұлғасын ашып бергенін, оны тәрбиелеген атақты Аристотель екенін философ ғалым Ғ.Есім де «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» [Есім Ғ. Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? //Қазақ әдебиеті, 22 қаңтар, 1993.],- деген мақаласында дәлелді көрсетеді. Поэманың өн-бойында ағартушылық идея, публицистакаға тән үгіт-насихат, өсиет, тәлім-тәрбие жатыр. Абай бірде: //Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, //Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең! //Іші тар, көре алмастың біреуі – сен, //Ондай кісі бұл жерге келмейді тең» десе, соңғы он алты жолда оқушысына «Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін, //Тоймас көзің толар деп қайғы жеме». //Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер, //Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер! //Ұятың мен арыңды малға сатып, //Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер. //Мақтанасың біреуге мақтасын деп, //Шаужайымнан еш адам қақпасын деп, //Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар, //Антұрғаннан құдайым сақтасын деп. //Ақылсыз өзін мақтап былжырайды, //Бойына өлшеп сөйлесең, не құрайды? //Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, //Өз бағыңды өзіңнен кім сұрайды?! [Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 2 том. – Алматы: Жазушы, 2005. – 263 б. кіт.к. 336 б.],- деген ақыл, нақыл айтады. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Әңгіме авторы Абай емес пе екен» деген мақаласында ғалым Ү.Субханбердина мақала тақырыбы айтып тұрғандай, «Пәкаппар әскер басы турасынан» әңгімесін жазған Абай шығар деген пікір білдіреді [«Қазақ әдебиеті», 20 ноябрь, 1964]. Шындығында да Абайдың өзі болуы да мүмкін ғой. Өйткені, біріншіден, Абай заманында Батыс, Шығыс әдебиетімен таныс Ыбырай, Абай мен Шәкерімнен басқа адамдар жоқтың қасы еді, екіншіден, Абайдың «Болыс болдым мінекей», «Жазды күн шілде болғанда» өлеңдері «Дала уалаятының газетінде» жарық көргенде авторы көрсетілмегені белгілі, үшіншіден, М.Әуезов айтқандай, өлеңдерімді ел түсіне бермейді деп өлеңдеріндегі ойды қара сөздерінде қайталағаны сияқты поэмасын да әуелі қара сөзбен жазуы да ғажап емес. Тұрағұл Айбайұлы да әкесі Абайдың: «Алла деген сөз жеңіл, аллаға ауыз жол емес», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтіп келіп ойнап-күлмес», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, еш уақыт рас сөз жалған болмас» деген өлеңдерін өзінің «тасдиқ» (Тастиқ, тасдиқат – қазір біз отыз сегізінші сөз деп жүрген «Ғақлиаттың» қысқаша атауы - С.О.) деген қара сөзінен алып өлеңге айналдырғанын айтады [ Әкем Абай туралы естелік. – Алматы: Ана тілі, 1993 – 50-51 б.]. Жоғарыда аталған өлеңдерді отыз сегізінші сөзімен салыстырып қараңыз, бұған көзіңіз жете түседі. Төртіншіден, қазіргі ақындардың біразы поэмаға барар жолда алғаш сол тақырыпта очерк жазатыны да бұл әңгімені Абайдың өзі жазды дегені ойға бастай береді.
Шәкәрімнің өлең өрнектері
Абайдың ақындық мектебінен тәлім-тәрбие алып өскен, Абайдан кейінгі ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілі, сан қырлы талант иесі Шәкәрім Құдайбердіұлының жырлары ішкі мазмұн байлығымен, ой тереңдігімен, кестелі тілімен, суреткерлігімен бірге сыртқы пішінімен де ерекшеленеді:
Тием
біреуге нақақ демесе,
Күйем
арға деп арам жемесе,
Тиылып
зорлықтан.
Бәрі
адамның бірдей ағарып.
Ары
нәпсіні жеңсе тазарып,
Құтылар қорлықтан...
(Құдайбердиев Ш. «Иманым», Алматы, «Арыс», 2008. 265 б.)
Әр тармақтың басындағы және соңындағы сөздер келесі тармақтың басындағы және соңындағы сөздермен ұйқасып, ерекше ырғақ құраған. «Тием, күйем, бәрі, ары» деген сөздерді жеке тармақ етіп бөлек жазғанымен, бұл үш тармақты өлең. Алайда, оларды бөлу - әр сөзге салмақ салып, өлең ырғағын құбылтып, жаңаша леп, екпін берген. Мұндағы тағы бір өзгешелік – әр екі тармақтан кейінгі тармақ бір-бірімен ұйқасады. Өлеңнің буын саны да әртүрлі. Алғашқы екі тармақ он буын да, одан кейінгі тармақ алты буын. Әрі қарай да осылай қайталанып келіп отырады. Ырғақ үндестікке жетелеп, «қиыннан қиыстырылған» өлең «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» жан баурайды.
Өмір үйін тұрғызам деп,
Мың сан үйді құлатып.
Кірпіш, ағаш жиғызам деп,
Матшаларын сұлатып.
Бір басымның қамы ғой деп,
Қамданып ем жан үшін.
Көп халықтың қақысын жеп
Көп наданды жылатып...
(«Иманым», 227 б.) Жоғарыда мысалға алынған жолдармен үндес болғанымен бұл жеті-сегіз буынмен жазылған (силлабикалық) төрт тармақты өлең. Сондықтан да ырғағы да басқа, жаңа түр. Бірінші шумақтың екінші тармағы төртінші тармақпен ұйқасып тұрғанымен әрі қарай басқаша түзіледі. Оны екінші шумақтан аңғаруға болады. Нақтылай түсейік, яғни:
Бітсе қайта бұза бердім,
Басқа түрмен қалатып.
Неше план сыза бердім,
Кезегімен ұнатып.
Өлеңнің төртінші тармағы жеті буыннан ауытқымай қайталанып отырады. Сөйтіп өлең ырғағы бірқалыпты сақталып, үндесіп, жымдасып тұр. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп өзі айтқандай, Шәкәрімнің «Мен кетемін, келеді» («Шәкәрім», 148 б.) деп басталатын өлеңінің өрнегі мүлде өзгеше:
Мен кетемін, келеді
тағы өмірге мендей.
Олар мінді көреді,
қисық жерін жөндей.
Бара-бара айқындалып ақтық істің анығы,
Адасқанмен ақиқатқа қоймақ емес сенбей.
Бунақ, буын саны, ұйқас, ұйқастың буын саны өзгермей тұп-тура осы қалпында екінші, үшінші шумақтарда да қайталанады. Осыдан-ақ автордың өлеңнің ішкі иіріміне, үндестігіне (гармониясына), әуезділігіне баса көңіл бөлгенін байқау қиын емес.Өлеңнің әрін де, нәрін де кіргізіп, біртұтас дүние ететін, әуенге, әнге бастайтын ырғақ. Әсіресе қазақ поэзиясының әуезділігі, үндестігі ырғаққа, ырғақ буын, бунақ санына тәуелді. А.Байтұрсынов ырғақты жорғақ деп алып «...Өлеңді басқа сөздерден айыратын негіздік қасиеті – жорғағы, онан айырылса, өлең бола алмайды» (Байтұрсынов А. Ақ жол, Алматы, «Жалын», 1991.-388 б.), – деп көрсетсе, З.Ахметов: «Ырғақ – өлең жазудың негізгі құралы, ақындық өнердің басты шарты» (Ахметов З. Казахское стихосложение. Алма-Ата, «Наука», 1964. стр. 11), – дейді. Ал, академик З.Қабдолов былайша анықтама береді: («Ырғақ, яки ритм (грекше rhytmas – шамалас, мөлшерлес, сайма-сай) – қимылдың, құбылыстың, үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы» (Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, «Мектеп», 1982.-25 б.). Ш.Құдайбердіұлының «Өмір сырын көздесең» деп басталатын өлеңінде де үш тармақ бір-бірімен жымдасып, төртінші тармақ келесі үш тармақтан кейінгі тармақпен қабысады. Сонда төртінші тармақ жоғарыда сөз болған өлеңдердегі сияқты қайырма секілденіп, (қайырма десе де болады – С.О.) әр шумақты түйіндеп тұтасады.
Болат кісен – тақ саған,
Темір ноқта – бақ саған,
Дәулетің – у мақтаған,
Пайда, мақтан, малдан без.
Жақыным, сыйлас, жатым деп,
Ешкімді айтпа халқым деп,
Бірінен-бірі тартып жеп,
Таласып жүрген аңнан без.
(«Иманым», 229 б.)
Ақын өлеңдеріндегі бұл түр Дулат Бабатайұлы жырларында да ұшырасады:
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сарғалаған нөсердей
Жырын тыңда Дулаттың.
Тасқын судай ағызып,
Шәрбет балдай тамызып,
Торқалы топыр тойында,
Топ бас қосар ойында,
Қасқа, жайсаң алдында
Топ жиынды дулаттым.
(Бабатайұлы Д. «Тұнық тұма», Алматы, «Раритет», 2002.-24 б.)
Ақынның «Қайғылыны уаттым» жыры осылайша тоғыз, кейде алты, кейде жеті тармақтан соң әр шумақтан кейінгі тармақтармен ұйқасып, түйінделіп отырады. Ш.Құдайбердиевтің «Қырықтан соңғы иманым...», «Қырықтан соңғы қырымды...», «Иманым», «Өмірдің ұнап ойынын...», «Шошыма достым, сөзімнен...» өлеңдері де осы түрде жазылған. Әсіресе ақынның «Қош, жұртым!» өлеңі Дулаттың жоғарыда келтірілген шумақтарына етене жақын. Тек айырмашылығы – Дулат тоғыз, кейде алты, кейде жеті тармақтан кейін бір тыныс алып, түйіндеп тастап отырса, Шәкәрім төрт тармақтан асырмай қайырады. Соңғы шумақ өлең мазмұнына, мінезіне орай кілт өзгеріп, ақынның айтпақ ойымен астасып, домбыра шегі үзілгендей, немесе шауып келе жатқан ат сүрініп кеткендей әсер береді. Әйтпесе, Дулат жырында да, Шәкәрім жырында да буын, бунақ саны бірдей, шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. «Абайдың өлең өрнегін ұстанған, Абайдың тіл мәдениетін үлгі тұтқан махаббат жырларының өзінде Шәкәрім тың бояу табуға, соны сыр түюге ұмтылады» (Мағауин М. «Абайдың інісі», «Шәкәрім», Алматы «Жалын», 1988.-3 б.), – деп Мұхтар Мағауин атап көрсеткендей, Шәкәрім қазақ өлеңіне Абай әкелген жаңа түр кестелерін пайдалана отырып, одан әрі жалғастырып, өзіндік өрнектерін қосқан. Мына төмендегі өлең Абайдың «Сегіз аяғының» үлгісімен жазылған:
Гауһардай көзі,
Бұлбұлдай сөзі,
Жаннан асқан бір пері.
Жүзі бар айдай,
Мінезі майдай
Өзгеден артық сол жері, –
Дариядай ақыл мол еді,
Жан ғашығым сол еді.
«Жастық туралы», «Кәрілік туралы», «Достыңыз зор...» т.б. өлеңдері де осы сарындас. Ақынның «Шын ақыл», «Шын жаным...» деп басталатын өлеңдері ерекше екпінді, ішкі ұйқастарға бай, тың дүние:
...Жетекшім – себеп,
Тым күшті ол,
Бермес бір билеттім деп.
Туғызған,
Сол айдап,
Жүргізген.
Әр өмірге
Кіргізген,
Жылатқан,
Уатқан,
Қуантқан,
Құлатқан да сол
[«Шын жаным», «Иманым», 295-296 б.] Шәкәрімнің «Кетті-келді» деп басталатын өлеңінің өрнегі де өзгеше. Ақын мұнда қысқа (4 буын) екі тармақты бір-бірімен ұйқастыра жұптастырып, үшінші тармақты келесі 4 буынды екі тармақтан кейінгі тармақпен қиуластырады:
...Дөңгелеткен,
Өңгелеткен
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не?
Мүлде өле ме?
Шын жоғалып сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп.
Тағы «Мен» деп келе ме?!
[«Шәкәрім», 123 б.] «Оятқан мені ерте, Шығыс жыры» деп өзі жырлағандай Ш.Құдайбердіұлының Шығыс шайырларының үлгісімен жазған өлеңдерінде де өзгеше леп бар:
Бақытсыз жүрегім
Жалындап жанып тұр
Үмітті тілегім
Орынсыз қалып тұр...
Он бес буынды, төрт бунақты төмендегі өлең де ақын ізденісінің нәтижесі:
Өртейін деп отқа көмдім, от жүрегім жанбады,
Жанды апарып жарға бердім, пара ғой деп алмады.
Жан-тәнімді, иманымды – асылымды бойдағы,
Аямадым жиғанымды, сонда да көз салмады.
(«Шәкәрім», 120 б.)
«Иманымды-жиғанымды» деген сияқты ішкі ұйқастар өлең көркемдігін байытып, әуезділігін арттыра түскен. «Насихат («Шәкәрім», 87 б.) өлеңінің құрылысы да дәл осы сияқты төрт бунақ, он бес буын.
Шәкәрім өлеңдерінде шалыс ұйқас жиі кездеседі:
Оқытпай баламды,
О да өсті тиюсыз.
Ойламай шамамды,
Алды-артым жиюсыз.
(«Шәкәрім», 45 б.)
Алты буынмен жазылуы да жаңалық!
Білгенімді жазушы ем,
Бекем буып белімді,
Мінін айтып қозғаушы ем,
Түзетпек боп елімді.
Бұлдарлық ой менде жоқ
Бұған шыққан терімді,
Ұқтырарлық пенде жоқ
Қате басқан жерімді.
(«Шәкәрім», 47 б.)
Жеті буынды өлең түркі тілдес елдер поэзиясында ежелден келе жатқан ең көне түр. «Өйткені ол тілдес рулар мен тайпалардың көне заманнан сақталған поэзиялық үлгілерінде кездесетін, және түрік тілдес елдердің қай-қайсысының поэзиясында болсын кеңінен тараған екен»(Ахметов З. «Абайдың ақындық әлемі»,Алматы «Ана тілі,1995.206 б.»
Сөз жазамын түнімен
Бар ұйқымды қашырып.
Тығып қоймай мұны мен
Еш адамнан жасырып
(«Шәкәрім», 84 б.)
Жоғарыдағы өлеңнен айырмашылығы төрт тармақ болып түзілуінде.
Шаранамнан туып едің,
Бөз оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің?
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды, нетесің,
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?!..
Жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқасты, сегіз тармақ өлең. Мекемтас Мырзахметов мұндай шалыс ұйқаспен жазылған 7 буынды, не аралас келетін 7-8 буынды өлең түрлерінің қазақ поэзиясында ерте дәуірден бар екенін дәлелді жеткізіп, Абай шығармашылығында шалыс ұйқас ең әуелі 1888 жылы жазылған «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінен бастап енгенін айтады. Ғалым «Қазақ поэзиясында шалыс ұйқас болмаған», «Абайдағы шалыс ұйқас алғаш рет орыс әдебиетінен алынды» деген пікірлердің дұрыс еместігін ескерте келіп, бұл шалыс ұйқастың Абайға дейінгі қазақ немесе түркі тілді халықтар поэзиясындағы орын алу тарихын зерлеп, зерттемей барып, жалаң, дәлелсіз, дерексіз пікір айтудан қалыптасып кеткен ұғым («Мырзахметов М. «Уезіне өлшеп тізілген...» «Абай тағылымы» (ұжымдық жинақ) Алматы, «Жазушы», 1986.-281б.)- дейді. Қазақ поэзиясына әкелген Абай шалыс ұйқас көне түркі тілді халықтар поэзиясы мен қазақтың өзінің төл поэзиясының түп төркіні екендігі шындық. Оны ғалым талдап, таразылап, нақты мысалдармен дәйектеп, соқырға таяқ ұстатқандай етіп жеткізген. Оның үстіне Шәкәрімнің өзі де:
Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де,
Осы әніне салып келді де,
Үш қайтара мұны сайратып,
Деді: «Көкейіңе енді ме?
Бұл әнге мынау жырды сал,
Әні мен сөзін ұғып ал!» –
(«Шәкәрім», 144 б.)
деп аңдатып кеткен емес пе?!
Сондықтан да біз оны қайта қозғап, дәлелдеп жатуды жөн көрмедік.
Шәкәрімде он буынды, үш тармақты, шалыс ұйқаспен жазылған өлеңдер де бар:
Қатындар жас баласын күтеді,
Аямай қолдан келген шамасын.
Емізбей, ұрып-соғып, түртеді,
Ер жетіп есі кірген баласын.
(«Қатындар жас баласын... «Иманым»,183 б. )
Патшалар сансыз шығын қылады,
Дайындап соғыс үшін әскерін.
Аямай бірін-бірі қырады,
Ел алар оққа байлап жастарын.
(«Ажалсыз әскер», «Шәкәрім»,103 б.)
Бұл түр қазіргі қазақ ақындарының өлеңдерінде де өте сирек ұшырасады.
«Ажал маған арақ берсең» деп басталатын өлең құрылысы а-а-а-б, «б» келесі үш тармақтан кейінгі тармақпен ұйқасады.(«Иманым»,19 б.) «Ескіден қалған сөз теріп» те өлеңдер де осы өрнекпен орайлас. Ш.Құдайбердіұлында бірыңғай ұйқасқа құрылған өлең де кездеседі. Солардың бірі алты тармақты, үш бунақты «Жан беріп жарық, жылы нұрдан» деп басталатын өлеңі:
Жан беріп жарық, жылы нұрдан,
Күн атам жерді буаз қылған,
Өсімдік туған осыдан,
Жетіп, өсіп, толғанда дән,
Құрт болған дәнде неше мың сан,
Жаралай шықтық біз сонан.
(«Шәкәрім», 108б.)
Осы шумақтың соңғы тармағындағы «жаралай» деген сөз «жаралып» емес пе екен? Араб әрпінен кирилицаға көшірген кезде қате кетуі де мүмкін ғой... Қорыта айтарымыз Ш.Құдайбердіұлы қазақ поэзиясының ежелден келе жатқан дәстүрлі ырғақтық-интонациялық байлығын қолдана отырып, өлең өрнегін түрлендіре құлпыртып, тыңнан жол салған жаңашыл ақын.
Мәдени мұра және қазақ ақындары
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтың оқыған азамттарының алдында тұрған үлкен мақсат – оқу-ағарту ісін қолға алып, жандандыра түсу, мектептер ашу, оқу құралдарын жазу, сондай-ақ ел аузындағы ғашықтық, батырлық эпостарымызды, аңыз әңгімелер мен ертегілерді, мақал-мәтел, жұмбақтарды, шежірелерді жинастырып, ел қажетіне жарату, әдебиетімізді, мәдениетімізді, бір сөзбен айтқанда, жан азығы-руханиятымызды көтеру еді. Халық қамын ойлаған алаш азаматтары осындай ұлт санасын оятып, рухын көтеретін қызмет жасап, ұлт тарихы мен тағдырына өз үлестерін қосу үшін алған мамандықтарына қарамай, газет-журналдар төңірегіне топтасты. Газеттерде руханият мәселелерінің жазылуы қазақ тілінде жарық көрген алғашқы газет “Түркістан уалаятының газетінен” (1870-1882) бастау алса, кейін оны Қазақтар мен Орта Азия халықтарының мәдениеті мен әдебиетінің дамуына үлес қосқан “Дала уалаятының газеті” (1888-1902) жалғастырды. Жақсы бастама Қазан төңкерісі алдында шығып тұрған қазақ халқының ұлттық санасына ерекше әсер етіп, рухани әлемге жетелеген “Айқап” (1911-1915), журналы мен “Қазақ” (1911-1918), “Қазақстан” (1911-1913) газеттерінде күш ала түсті. Осындай жанашырлық игі істер әдебиетіміздің негізін қалап, мәдениетіміздің өркендеуіне үлкен әсерін тигізді. Ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа баға жетпес таусылмас қазына болып келе жатқан ауыз әдебиетін жинаушылардың да алдыңғы қатарында А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайбердіұлы, М.Көпеев сияқты ақындардың болғанын байқаймыз. “Халық әдебиетін жоғары бағалаған Абай өзінің шәкірттеріне, жолдастарына тапсырма беріп, ел арасынан асыл мұраны жинатып, оны халыққа таратуға мән берсе” [Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: Мектеп, 1958. 19-20 б]. Ы.Алтынсариннің “Хрестоматиясындағы” ауыз әдебиеті нұсқалары, Ш.Құдайбердіұлының “Ескі билік”, “Қараменде мен Кеңгірбай” аталатын ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауы [//Таң, №3, 1925. Б.117.] мен М.Көпеевтің “Дала уалаятының газетіне” “Жиренше шешен мен хан” [//ДУГ, 1893, №2.], “Адам һәм оның ғұмыры” [//ДУГ, 1889, №6,7 Б.22-24.], “Қарға мен лашын” [//ДУГ, 1889, №7, Б.25-26.] әңгімелер мен ертегілерді бастыруы соның айғағы. Жабаевтың “Көрғұлы”, “Өтеген батыр”, “Сұраншы” т.б. жырларының нұсқаларын көкірегінде сақтап, жаңғырта жырлауы, Көпбай Әлімбетовтің (1906-1986) “Жетім көдек”, “Қисса Алмас, Полат” тағы басқа дастандарды жырлауы, бұрынғы өткен ақындар мен жыраулардан халық мұрасын үйреніп, біздің заманға жеткізуі Саяділ Керімбековтің (1895-1954) “Ғаяр қатын” дастанын 1935 жылы Қозыбағар ақыннан жазып алып, қолжазба қорына тапсыруы, Жүсіпбек Шайхысламұлының (1857-1937) ел арасындағы жыр-дастандарды, айтыстарды жинап, редакциялап, Қазан қаласындағы Хұсайыновтар баспасына жіберіп отыруы, Кашафудин Шахмарданұлының (ХІХ-ХХ ғасырдың басы) “Қисса Хатымтай жомарт” дастанын Қазан қаласында 1897 жылы жарыққа шығаруы, Иазид Қонайұлының (1860-1924) ел арасындағы фольклорлық шығармаларды жинастырып, Қазан баспасында кітап етіп бастыруы бұл сөзімізді бекіте түседі. Мұндай көкірегі-алтын сандық халық мұрасын жинаушы ақындардың аты-жөнін тізе берсек мақаламыздың біраз бетін алары сөзсіз. А.Байтұрсыновтың ауыз әдебиеті мұраларын жинап, 1923 жылы «Ер Сайын» жырын, 1926 жылы “23 жоқтауды” Мәскеудің күншығыс баспасынан жинақ етіп шығаруы да кейінгіге таптырмас үлгі-өнеге боларлық іс. Ақын «23 жоқтауға» жазған қысқаша алғы сөзінде: “Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап пісіп, дүниеге келеді. Сонан соң ғана шешендер, “Тіл көсемдері” тілді безеп жолға-жөнге салып жүйесін айырып өсіреді. Сондықтан әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек... ел аузындағы тіл дегенімізде, нені үлгі-өрнек етіп аламыз? Әрине, осындай жоқтауларды, мақалдарды, жұмбақтарды, ертегілерді, өлеңдерді тағы-тағы осындайларды!”- деп көрсеткендей, құнарлы тіл ауыз әдебиетінде жатқаны шындық. Сонымен бірге олардан жер, су, белгілі адам аттары аталып, небір ұмыт бола бастаған айтулы оқиғалардың сыры мен шыны ашылады. Сондықтан да халық мұрасы – таптырмас дерек көздері де болып саналады, онда тарихымыз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз жатыр. Ақпа-төкпе ақын, публицист Ілияс Жансүгіров те халық ауыз әдебиетіне айрықша көңіл бөлген. Ақынның “1916 жыл деректері” еңбегінде Шөкенұлы Құсайынның аузынан жазып алған “Дәметкеннің зары” деген жыр жан-дүниеңді босатады:
Аспандағы жұлдызым,
Жүзіңді көріп қалуға
Ашылсаңшы, сұм көзім!
Жалғызым, жаным Далажан,
Тым болмаса екеу боп,
Артыңнан біреу ерсеңші.
Тентекшіл, теріс қу құдай,
Зорлықшылды көрсеңші.
Тым болмаса жар болып
Жарқ етіп көзім көрсеңші,
Сылқ етіп, сүйіп өлсемші.
Тірі күйік тартқызбай,
Қолыңнан мені көмсеңші...
“Құсайынның өлеңдерінен” аталатын шумақтар да оқушысын бей-жай қалдырмайды:
Айырылдың, қайран қазақ, Есіліңнен,
Қаракет, жиған-терген несібіңнен...
Тірідей бозбаланы жау әкетті,
Болды екен әлдекімнің кесірінен...
Біз кеттік патша салған кесігімен,
Болыс мәз мал жинаған песірімен.
Ер кетіп, ел шығынға белден батты,
“Билердің” ұстап салған кесімінен.
Бай ұлы, бар мырзасы үйінде отыр,
Жылаған өңкей жетім-жесірімен...
“Салмақбайдың өлеңі” деген бес шумақ өлеңнің алдындағы түсіндірмесінде І.Жансүгіров орыс жандаралдарының “Қазаққа адам қылмағанды қылғанын, істемегенді істегенін” айтып: “Осындай мейманасы асқан, “бәлешікті” ызаға шыдамаған ел өлтіре бастаған. Сарқан “бәлешігін” өлтіріп абақтыға түскен Шоқпар руынан Салмақбайдың абақтыда жатып шығарған өлеңін ел тегіс айтып жүретін, - деп өлеңіне кезек береді:
“…Бойында Үшбасқанның қонысымыз,
Сарыбай, Әбдірахман болысымыз.
Қорғамай, қорықтың ба, ұстап бердің,
Тарттырды-ау мехнатты орысыңыз.
Біздің ел Үшбасқанның арасында,
Жігітті бейнет қуар аларында.
Ел елдігін қылмай ма, жұрт жұрттығын,
Қайран ел қатын болып қалады ма?” [ҚРОММ қор: Р-1368, тізбе: 1, іс 16].
Бұл тарихи өлең-жырларда 1916-1917 жылғы дүрбелеңнің, сұрқия заманның көрінісі, ел тағдыры, Ана зары, жастардың көрген қорлығы, тартқан азабы, мұң-қайғысы бар. Ақынның сол кездерден-ақ ел аузындағы әдебиет нұсқаларын жинап, содан бойына нәр алып, оқып-үйренгені байқалады. Ақынның ауыз әдебиетіне деген жанашырлығы арқасында ғана бұл туындылар бізге жетіп отыр. Айтпағы мол, елдің тағдыр-талайын көрсететін ұмытылған асыл қазыналар қаншама?! І. Жансүгіров жинаған өлеңдер кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің елге, ата-аналарына, жарларына жазған сағынышқа толы хаттарын еске түсіреді. Оларды ауыл адамдары жаттап алып, ойын-тойларда домбыраға қосып айтып жүретін. 1916-1917 жылдары да сондай үрдіс болғаны аңғарылады. Ілиястың “Қысқаша өмірбаяным” атты жазбасындағы “1920-ыншы жылдың жазғы салымында атаман Аненков жеңіліп, қашты. Кеңес өкіметі орнады. Мен оқуға талпындым. Алматыдағы қысқа мезгілді оқытушылар дайындайтын қазақ-қырғыз курсіне келіп кірдім. Бұл уақытта Түркістанның оқу комисариаты тарапынан ел әдебиетін жинауға айрықша бір кәмесие келген… Кәмеске мені әдебиет жинауға қызметке алды. Мен жаздай ел ішінен кәмескеге әдебиет жинау қызметінде болып, күзге кәмесиемен бірге Тәшкен келдім” [Жансүгіров І. Қысқаша өмірбаяным. Қор(ф) Р1368, тізбе (0): 1, іс [д]: 1] дегеніне қарап бұл өлеңдер 1920 жылдары ел аузынан жазылып алынған деп шамалауға болатын сияқты. Кешегісіз бүгін жоқ. Өткенге көз жүгіртіп, ата-бабадан қалған асыл мұраларымызды түгендеп, барын бағалай біліп, жоғын іздестіріп тауып, көзіміздің қарашығындай сақтау, сөйтіп оны болашаққа аманаттау – парызымыз. Сонда ғана келешек ұрпақ та асылды ардақтап, дұрысынан өнеге, бұрысынан сабақ алып, ілгері баспақ. Сонда ғана кешегіміз келмеске кеткен дүние болмай, келешегімізге жөн сілтер, рухани нәр, қуат берер асыл қазынамызға айналары хақ. Тоталитаризм заманында рухани байлығымыздың көбі жарыққа шықпай, ел көзінен жасырын ұсталып келді. Бір күні жарқ ете түсер деп қаншама үміт, сенім артқанымызбен кеңес үкіметі жабулы қазан қақпағынан сәл сығалатқанымен, толық ашуға мұрша бермеді. Егемендігімізді алып, өз тізгініміз өзімізге тигеннен кейін ғана кешегі кеткен есеміздің, ақтаңдақтардың орнын толтырып, мәдени мұраларымызды іздестіріп тауып, асылдарымызды ардақтауды мықтап қолға ала бастадық. Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының қабылданып, шаң басып архивтерде жатқан небір асыл қазыналарымыздың, солардың ішінде эпостық жырларымыздың барлық варианттарының (100 том), қазақ тарихына байланысты “Қазақстан тарихы ІХ-ХVІ ғасырлардағы араб дереккөздерінде” (үш том), “Қазақстан тарихы парсы дереккөздерінде” (бес том), “Қазақстан тарихы ХV-ХХ ғасырлардағы түркі дереккөздерінде” (бес том), “Қазақстан тарихы Қытай деректемелерінде” (бес том), “Қазақстан тарихы моңғол дереккөздерінде” (үш том), “Қазақстан тарихы ХVІ-ХХ ғасырлардағы орыс дереккөздерінде” (он том) т.б. құндылықтарымыздың халықпен қайта табысуы көңілге медет, қуаныш әкеліп, ертеңге деген сенімімізді нығайта түсуде. Облыстар мен аудандарда, қалаларда жасалып жатқан игі шаралар қаншама?! “Қазақстан тарихымен тікелей байланысты алыс және жақын шет елдердегі ескерткіштерді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру; археологиялық зерттеулер жүргізу; қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы одан арғы ғылыми жұмыстарды жалғастыру; Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті жөніндегі басылымдар дестелерін шығаруды жалғастыру”, [Қазақстан Республикасы үкіметінің 2007-09 жылдарға арналған №1203 қаулысы, 10 желтоқсан, 2005] - деген бағдарлама міндеттерінен оның маңыздылығы айқын көрінеді. Бағдарламаның жаңа кезеңі бұрынығысынан да ауқымды. Мәдени мұраларымызды жинау бабалар рухына тағзым ғана емес, болашаққа қызмет, жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру. Ол халықтың игілігіне, рухының көтеріліп, биіктей түсуіне қызмет етуі тиіс. Тарихымызды түгендеп, төл мәдениетімізге қайта оралып жатқан тұста діні, ділі, заңы, дәстүр-салты басқа елдердің мән-мағынасыз мәдениетін малдану – мәңгүрттікке апарар жол екені ақиқат. Кеңес үкіметінің мәдени мұраларымызды, небір сәнді ғимараттарымыз бен ескерткіштерімізді қиратуы, ақын-жазушыларымыздың көбісінің шығармаларын “Кертартпа бағыттағы ескілікті көздеп, өткенді аңсау, байшыл, діншіл, буржуазияшыл” деген сияқты желеулермен жарыққа шығартпауы елді діннен бездіріп, ділінен айыру еді. Сондай кезеңде жазылған Б.Майлиннің “Мәдениет мұралары” мақаласының қазіргі “Мәдени мұра” бағдарламасымен сәйкес келуі кім-кімді де таң қалдырары сөзсіз. Автор мақаласына К.Маркстің “Екі заманның мәдениетінен мәжнүн, есалаңдар ғана қашады” деген сөзін эпиграф етіп алып, халықтың ғасырлар бойы асыл мұрасы болып келе жатқан Қазақстандағы ескерткіштер мен сәулет үлгілері өнеріне тоқталып, оларды күтіп ұстап, болашаққа аманаттау жайында сөз қозғайды. “Алдымен қорғайтын, не күйде тұрғанын жазып білдіретін, тұрғын елдің аузында жүрген материалдарды жинайтын мәдениет мұралары біздің хабарымызша мыналар”, [// Еңбекші Қазақстан, 26 қараша, 1926] деп Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мешітін, Қызылорда облысындағы “Сұғанақ ата” мен “Көк кесене” бейітін, Сайрам мешітіндегі тас бағанды, “Айша бибі”, “Бес там”, “Аннас”, “Жанкент”, “Байтақ ата”, “Білеулі”, “Қарағай-құдық”, “Сарайшық”, “Алаша ханның тамын” атап көрсетеді. Ескілікпен күрес жүріп жатқан мезгілде үкімет саясатына түбірімен қайшы келетін мақала жазып, оған К.Маркстің ащы да болса шынайы айтылған сөзін эпиграф етіп алуы сол кездегі солақай саясаттың сойылын соғып жүргендерге сермелген таяқтай, атылған оқтай тигені анық. Мәриям Хакімжанова да ауыз әдебиеті үлгілерін ел арасынан іздестіріп, жинаушылардың бірі болған. Ақынның 1942 жылы Ұлы Отан соғысының түтеп тұрған кезінде атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлының аузынан “Көкше батыр”, оның баласы “Қосай батыр”, “Шыңтасұлы Төрехан батыр”, “Асанқайғының аңызы”, оның баласы “Абат батыр”, “Асанқайғының інісі”, “Тоған батыр”, “Манаш батыр”, оның баласы “Тұяқбай батыр”, “Қарға бойлы қазтуған” жыры, “Айсаұлы Ахмет батыр” жырларын жазып алуы соның айғағы. Мұрын жырау бұл жырларды Қашаған Күржұманұлынан естіп, жаттап алыпты. Сондай-ақ М.Хакімжанова Мұрын жыраудан “Ала тайлы Аңшыбай батыр оның ұрпақтары”, “Баба түкті Шашты Әзиз”, оның баласы “Пар-пария батыр”, “Құттықия батыр”, “Едіге батыр”, “Нұрадын батыр”, “Мұсахан батыр”, “Орақ-Мамай батыр”, “Қарасай-Қази батыр” жырларын да тыңдап қағазға түсіріпті [Хакімжанова М. Мұрын жыраудың мұрасы //Жұлдыз. №7. 1987, - 167 б.]. Олардың біразы кейін 1961, 1964 жылдары шыққан “Батырлар жыры” кітабында, 1977 жылы басылған “Ақсауыт” батырлық дастандар жинағында жарық көрсе, 2008 жылы “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан “Бабалар сөзі” кітаптар сериясының (100 томдық) 50, 51 томдарына еніпті. Екі томда да жинаушы М.Хакімжанованың аты аталып, өмір жолы мен еңбек жолы, атқарған қызметтері, шыққан кітаптары жайында қысқаша мәлімет берілген. Осы сияқты халық ақындары Жамбыл Жабаев (1846-1945) Қалқа Жапсарбав (1886-1975), Қазанқап Байболов (1891-1945), Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895), Нұрпейіс Байғанин (1860-1945), Иманжан Жылқайдаров (1882-1973), Молдажан Жадайұлы (1879-1958), Нұрхан Ахметбеков (1903-1964) т.б. ауыз әдебиетін жинауға белсене араласқан. Олар әрі халық жырларын жатқа айтқан жыршылар.
Ақындардың ақындар туралы төңкеріске дейінгі шығармалары
Қазақ ақындарының әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ғана емес, ұлт тарихы мен тағдырына да қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қазақ ұлтының мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан мемлекеттігі мен тарихы алдымен Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Тәтіқара, Бұқар жырау, Махамбет, Дулат, Ыбырай, Мұрат, Ақан сері, Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, т.б. сияқты ұлттық тұлғаларымыздың шығармаларында көрініс тапса, олардан кейінгі ақындардың шығармаларында осы тұғыры биік тұлғалардың бейнесі сомдалып, ұлт мүддесі үшін күресі сипатталады. Ақынның ақын туралы жазуы ертеден бар. 1858 жылы Семей медіресесінде оқып жүрген он үш жасар шәкірт Абай: “Физули, Шәмси,Сайхали,// Науаи, Сағди, Фирдауси,// Хожа Хафиз – бу һәммәси// Мәдәт бер я шағири фәрияд” [Абай Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы. А., Жазушы, 2005. 1 т. 36 б.],- деп жазды. Шағири (араб тілі) ақын, Фарияд (парсы тілі) теңдесі жоқ, асыл деген ұғымды білдіреді екен. Сонда өлең “теңдесі жоқ асыл ақындар, медет бер” деп аяқталып тұр. “Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,// Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.// Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,// Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау” [Абай тағылымы. А., Жазушы, 1986. 329 б.]. “Бұдан Абайдың Шортанбай, Дулат, Бұхар жырларын естіп, танып, жаттап, тіпті, тамашалап өскенін сезуге болады” [Сыздықова Р. “Абай тілінің зерттелуі”. Абай тағылымы. А., Жазушы, 1986. 329 б.]. 1835-1898 жылдар аралығында ғұмыр кешкен Сыр сүлейлерінің бірі Майлықожа Сұлтанқожаұлы “Толғау” аталатын дидактикалық термесінде: “Сарттан өткен Науаи// Тілдің гаусар гүлі еді.// Парсыда өткен Фердауси,// Заманында дүр еді” [Бес ғасыр жырлайды. А., Жазушы, 1989. 2 т. 27 б.],- дейді. Шығыс классиктерінің шығармасымен жақсы таныс болған, олардан үлгі - өнеге алған Абай өлеңі мен Майлықожа термесі үндесіп жатса, Майлықожаның тілді гаусар гүлге теңеуі М. Дулатовтың Абай жайында жазған мақаласының “Орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқан” деген жолдарымен астасып, бірін – бірі қайталай толықтырып, жаңғырып тұр. 1878 – 1924 жылдар аралығында өмір сүрген Шораяқтың Омары (Омар Шораяқов) “Ұстаздарым” (Өрен жүйрік жиырма бір) термесінде: “...Шернияз, марқұм Бұдабай-// Кетпеген сөзі ұнамай!// Сарыбай Сәдір, Әзілкеш-// Және дағы би Бекіш// Тап салмаған таусылып,// Сағасы терең арналар.// Сырманның ұлы Аяған// Табылған сөзі оядан...// Уаһ, дариға, өтті Толыбай-// Сөз жүйесін тиеген,// Дулығалы құба нар!// Шақ айтса да шағулы// Шегебайдың сөзінен-// Хауіп етіп әркім қорғалар” [Бес ғасыр жырлайды. А., Жазушы, 1989. 1 т. 413-414 б.],- деп ұстаздарына жеке-жеке тоқталып, ақындық өнерлерін жоғары бағалайды. Жоғарыда мысалға келтірілген Абай, Омар Шораяқов өлеңдеріндегі адам аттары өмірде болған шығыс классиктері мен қазақ ақындары. Өмірде болған шындық – публицистика. Міржақып Дулатовтың 1908 жылы Фатих Каримовтың редакторлығымен шығып тұрған “Уақыт” газетінде жарық көрген “Ибраһим ибн Құнанбаев” [//Уақыт, №383, 1908.] деген шағын мақаласы “Уақыттың” 322 санында Ресейдің атақты ақыны Лермонтовтың “Жалғыздықта” өлеңі шыққаннан кейін “Лермонтовқа іңкәр болып, орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқан” Ибраһим Құнанбаев есімі ойына оралғанын айтумен басталады. Автор ақынның туған жерін, ұлы ақын болғанын, 59 жасында дүниеден өткенін, Лермонтов өлеңдерімен өлеңдерінің үндес екендігін баяндап, оқушысын ақынның ұлтын сүйген, адамгершілігі жоғары адам болғанын хабардар етеді. Мақала соңында “Обалы шығармаларын біліп жарыққа шығаруға қайрат етпеген кісілердің басында тұр. Марқұмның сөздерінің бірі”,- дей келіп “Қуатты оттай бұрқырап” деп басталатын өлеңін берген. А.Байтұрсыновтың 1913 жылғы “Қазақ” газетінде басылған “Қазақтың бас ақыны” [Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны //Қазақ, 23 ноябрь, №39, 1913; №40, 30 ноябрь; №43, 22 декабрь.] мақаласын “Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ”,- деп бастап, ақынды Семей, Ақмола облыстарында бәрі білгенімен, Торғай облысында Абайды білетін адам жоқтың қасы екендігін баяндап, оның себебі ақын өлеңдерінің бұл облысқа тарамағандығы екендігін көрсетуі, Абай өлеңдерін Ақмола, Семей жұртшылығы мақтай сөйлегенде оны өз ауылының Әубәкір, Сейдахмет сияқты ақындарының бірі екен деп жүргенін, 1913 жылы қолына Абай сөздері жазылған дәптер түсіп, өлеңдерімен танысқаннан кейін барып, оның ұлылығын, теңдесі жоқ ақын екендігін ұғынып, ешкімге ұқсамайтынына көзі жеткенін, мойындағанын, өмірбаянын түп-тамырынан қозғап, кімдерден үлгі-өнеге алғанын таныстыра, айқындай жазуы - өмірдегі болған жайды сол қалпында жеткізу. Мақала әрі қарай да публицистикалық әуенде өрбиді. “Жалғыз-ақ мін бар, - дейді Абай өлеңдеріне жоғары баға бере отырып, -ол мін - өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық. Оның оқығанда я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді, мысалы, төселіп желіп келе жатып шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын”. Бунақ санын ескермейтін, яғни өлең ырғағына көңіл бөлмейтін ақындар қазір де бар. Сондықтан да олардың өлеңдерін оқығанда оқушы бірде шоқырақтап, бірде кібіртіктеп, ойлы-қырлы жолмен жүргендей, жүрісінен жаңылған аттай болатыны шындық. А.Байтұрсыновтың бұл шығармасы сын элементтері кездескенімен таза әдеби сын емес, танымдық мақала. Дегенмен, Абай өлеңдеріндегі көркемдік ерекшеліктерді нақты мысалдар арқылы көрсетіп, эстетикалық талдау жасауы сыншылық қабілетін де аңғартады. Ол кезде қазақ сөз өнерінде жеке ақын шығармашылығына мұндай биік көркемдік таныммен қарап, баға беру жиі ұшыраспайтын құбылыс еді. Автор сондай-ақ Абай өлеңдерін түсіну қиын екеніне, оның себебі “өлеңнің қисынын келтіре алмағынынан емес, өрнегінің жаңалығынан, қазақ өлеңдерінің дағдылы түрінен басқарақ болған соң, оқушылар жаттыққанша жатырқайтынын” оқушы зердесіне құяды. Сөйтеді де “оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды” деп, әдемі түйін түйеді. Абайды түсіну үшін зерде, білім, сана-сезімнің жоғары болуы керектігін ескертеді. Профессор Т.Кәкішевтің осы мақала жөнінде “Абай шығармашылығының ерекшелігін тамыршыдай дәл басып, нақты көрсеткен мақала қазақ көркемдік танымының алуан иірімдерін аңғарып алатын мүмкіндігін танытты” [Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. А., Білім, 2002. І-бөлім. 107 б.],- деуін әділ айтқан, дұрыс баға деп білеміз. Мақаладан автордың білімдарлығы, сыншылығы, біреудің табысына шын жанымен қуана білетіндігі, адалдығы, өнерге, өлеңге деген махаббаты айқын аңғарылады. Мақала соңында Абай кітаптарының кейбір облыстарға тарамайжатқанына қынжыла отырып, бұдан былай ақын шығармаларын газеттеріндежиі беріп тұратынын хабарлайды. Бұдан біз Абайдың әдеби мұрасынхалыққа танытып, алғашқы насихаттаушылардың бірі Ахмет Байтұрсыновболғанын байқаймыз. Мақалада публицистика, тарих, поэзия сыны бір жерге астасып тоғысқан. Бұл мақаланың мазмұнын байытып, танымдық, тағылымдық әсерін үстей түскен. Абайтануды бастап берген де ақын. “Біржанның: “Момынға зәбір-жапа қыласың деп,// Жіберген жер аударып залымдарды”,- деп дұрыс тануы, ұлы ақынның әлеуметтік бетін халықтық тұрғыдан бағалауға ұмтылған тырнақ алды тұңғыш пікір еді. Абайдың ақындық өнерін бағалау да Біржаннан басталады десе болғандай. Біржан Абайды өз заманынан иығы асқан ойшыл, құдыретті сөз өнерінің иесі ретінде танығандықтан: “Абайдай тумас адам сөзге зерек,// Зейіні түпсіз дария көзің жетпес”,-дейді [Мырзахметов М. Абайтану тарихы. А., Ана тілі, 1994. 12 б.]. Кейін С. Торайғыров Абай өлеңдеріндегі эстетикалық танымдарды жоғары бағаласа, А. Байтұрсынов, М. Дулатов “Абай шығармаларының әлеуметтік, халықтық бетін, негізгі идеялық бағдарын жұртшылыққа өздері ұстанған ұлттық ояну сарыны тұрғысынан танып, бағалауға жол алды” [Мырзахметов М. Абайтану тарихы. А., Ана тілі, 1994. 34 б.]. Ақындардың бір-біріне жазған арнау өлеңдерінде де олар өмір сүрген дәуірдің тыныс-тіршілігі, бет-бейнесі бар. А. Байтұрсынов М. Дулатовқа арнап жазған “Ақын ініме” [Байтұрсынов А. Шығармалары. А., Жазушы, 1989. 39-40 б.] өлеңін: “Азырақ құлағың сал, ақын інім,// Ойымыз, рухымыз жақын, інім!”- деп бастап, ақын інісіне, “доңыздай талғамай жеп семіргендер ақылдығы саналып жатыр, күреске шықсаң, мерт болуың мүмкін, жай жүрсең жаңылмайсың” деп патша заманының қулық-сұмдығын келемеж-кекесінмен жеткізеді. Сүйікті болғың келсе, нашарлардың хақын көбірек же, сыйласын десең “айғырсып момындарға ақыр, білімді боламын десең, шешенсіп жоқты сөйле, лепір”, аузыңмен орақ орып бәрін істе” дейді. А. Байтұрсыновтың ақын інісіне айтқан осы “ақылы” қазір де құнын жойған жоқ. Ел қамын жеген болып, трибуналардан көлгірсіп, көсемсіп сөйлеу, әлсіздерге күш көрсету, күле кіріп, күңірене шығу әлі де бар екенін жасыра алмаймыз. Ақындардың ақындар туралы шығармаларының көбісі әріптестерін елге таныту мақсатында насихаттық бағытта, жанашырлықпен жазылған. Әр өлең, мақала, термеде сол кезеңнің тыныс-тіршілігі, замана ауаны, ақындардың бір-бірінің шығармашылығына бей-жай қарай алмайтыны, кемшілігі болса дөп басып айтып, жетістігіне қуана қол соғатыны аңғарылады. Олардың қай-қайсысының да халыққа қалытқысыз қызмет етіп, әдебиетіміз мен мәдениетіміздің жоғарылай түсуін көздеуі жан қуантады.
Ақындардың ақындар туралы Кеңес дәуіріндегі шығармалары
Ақындардың бір-біріне өлең арнауы, дүниеден өткен қаламгерлер жайында еске алулар, шығармашылығын талдап мақалалар жазуы Кеңес дәуірінде де бәсеңдеген жоқ. Ақындардың ақындар туралы жазған естеліктері мен эсселерінде, жаңа шыққан кітаптарына рецензиялары мен шығармашылығы жөнінде жазылған үгіт-насихаттық мақалаларында, өлеңдерінде ұлттық идеяны насихаттау басым. Бұл шығармаларда адам құқығының жерге тапталып, азаматтығымыздың қуғын-сүргінге ұшырағаны, теңдік алар күнді аңсауы да бар. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1917-1918 жылдар аралығында жазылған “Таныстыру” поэмасында: “Құдайберді баласы Шәкәрім,// Көп оқуы болмаса да туысы кәміл.// Жазған шежіре, жайған үлгі арқасында// Ертеден бұл алашқа аты мәлім.// Ерте оянған кісінің біреуі осы,// Бұл жұрттың түзеймін деп антұрғанын.// Бір жолмен Байтұрсынов, Бөкейханға// Ақсақал бола алғандай осы кәрің [Торайғыров С. Таныстыру //Ана тілі, 26 қыркүйек, 1991. Б.4.],- деп Шәкәрімнің сабырлы, салиқалы, байыпты адам екенін,философтығын да айтып сипаттайтын тұсы бар. Кеңес дәуіріндегі ақынның ақын туралы лебіз білдіруі осы туындыдан басталады десек қателеспейтін сияқтымыз. “Бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай... Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі, балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек” [Байтұрсынов А. Қазақша оқу жайынан. Ақжол. А., Жалын, 1991. 252 б.], - деп А. Байтұрсынов жазғандай, ақын ақын туралы, шығармашылығы жайында тереңірек сөз қозғайтыны, басқаларға қарағанда әдебиеттің бұл саласын жетік білетіні – шындық. Ақын-публицистердің бір-біріне өлең арнаулары да өзге қаламгерлерде кездесе бермейтін ерекшелік. Ж. Аймауытов 1923 жылы жазған “Мағжанның ақындығы туралы” мақаласында Жүсіпбек өзінің құнарлы тілінің балын тамызып, бүкіл жан-тәнімен беріле, көсіле сыр тербейді. “Алтынның қолда барда қадірі жоқ” дегендей, талантты көзі тірісінде бағалай бермейтінін айтып, оның себептерін де көрсетеді. Луначарскийдің ақын, ақындық туралы айтқан ойларын мысалға ала отырып, Мағжанның әлеуметтік жағдайын қарастырады, туып-өскен, тәрбие алған ортасын көрсетіп, әр “ақын өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ екендігін нақты мысалдармен дәлелдейді. Мағжан өлеңдерін талдап, шығу төркініне үңіліп, кемшілік, жетістіктерін ашып, өлеңдерінің неге халыққа жетімді екенін: “Мағжан - сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен, күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті”,- деп дөп басып айтады. - Мағжан алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей “тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін” үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады” [Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы //Лениншіл жас, №5, 1923.] Жүсіпбек ақынның адал, ақ көңілінен шықкан өлең тамырын, оның соғысының қандай екенін бұлжытпай айта білетін адамның жүрекжарды ақтарыла айтқан сөзі бұл. “Теориялық ой-пікірлерін мөлдіреген әсем тілмен, ажарлы орамдармен жеткізуінің өзі үлкен өнер” [Кәкішев Т. Дарындар сын додасында. Кер заманның кереғар ойлары. А., Атамұра, Қазақстан, 1995. 28 б. кіт.көл. 168 б.]. Мақала авторының ақпа-төкпе ақын екендігі әр сөзінен-ақ аңғарылып тұр. Мағжан Жұмабаевтың “Сана” журналының 1923 жылғы бірінші нөмірінде жарық көрген “Ақан сері” мақаласындағы мына жолдарды оқып көрейікші: “Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың Қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады” [Жұмабаев М Шығ., А., “Жазушы”, 1989. 319 б. кіт.к. ]
Есіңізге еріксіз: “Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,// Жігіттің бұған құмар өнерпазы” [“Ауыл кеші көңілді”. А., “Қайнар”, 1993. 103 б. кіт.к. ],- деген “Аңшының әні” түседі. Одан әрі “Ақан сері” мақаласы “Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады”,- деп жалғасады. Ойыңызға енді батырлар жырындағы: “Үстіне алтын кигізді,// Жорғадан жегіп қара көк.// Күймелі арба мінгізді.// Көзі түскен пенденің// Жүрегін оттай күйгізді...” [“Қамбар батыр”. “Ақсауыт”, А., “Жазушы”. 1977. 1 т. 312 б. кіт.к. ],- деген жолдар оралады. Мағжан фольклорлық дәстүрді шебер пайдаланған. Ақан серінің ұлттық болмысы мен ұлттық жан-дүниесі де әдемі ашылған. Серілік салт-дәстүр, күнделікті өмірдегі тұрмыс мәселелері де қозғалады. Тұрмысы нашар адам үлде мен бүлдеге оранып, астына жүйрік ат мініп, қолына бүркіт ұстап аңға шығып, той-тойлап еркін жүре алмасы хақ. “Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады” (теңеу). Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында - бұлғақтаған үкі, қолында -домбыра, аузында - ән...” Сөз маржандары әрі қарай да құйылып, мақала емес, жыр оқып отырғандай, жанға жайлы ләззәт аласың. Мағжан Ақан басындағы жайларды тебірене толғайды: “Енді Ақанға өмірде жұбанарлық не қалды?..” Жан сүйген жары Ұрқиядан өлі айрылған, “талай жерде тіліменен бал берген” Ақтоқтысынан тірі айрылған, тұлпарын көмген, сұңқары мен құмайы өлген, енді не қалды? Енді Ақанға теңізден терең ой қалды. Қорғасыннан ауыр, түннен қараңғы қайғы қалды. Удан да ащы қасірет қалды...” Әр сөйлемнің аяғындағы сөзді қайталау арқылы үстемелеп, қуатын, әсерлілігін арттыра түскен. Ол бұл жолда кейде ұйқастырып, кейде дыбыс үндестіктерін де пайдаланады.
“Жаның сүйген жар нажағайдай жарқ етіп дүние салса, жанға жеңіл жара бола ма” [Жұмабаев М. Ақан сері. Көп томдық шығ., жинағы. А., Жазушы, 2003. 3 т. 198 б.].
Әдемі әрленген, теңеулері де дәл.
Өнерді түсініп, өнерпазды ардақ тұтқан халық ақынын аялап, алақанда ұстау үшін заманның, адамдардың ынта-ықыласы, түсініктерінің түзулігінің сыртында елдің әл-ауқаты жақсы болуы керек. 15-20 жігітке ауық-ауық ат, киім ауыстырып киіп, бастарына үкі тағып, домбыра тартып, ән салып жүру, оларды күнде қонақ етіп, күту оңай шаруа емес. Бұл бір жағынан халық тұрмысының жақсы болғандығын көрсетеді. Публицистика - әдебиеттің күнделікті тұрмысты бейнелеп, саяси-әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді қозғайтын жанры. Яғни, мақала публицистикалық әуенде өрбиді. “Мына біз Ақын деген ауылданбыз! //Жүректенбіз! //Тек қана бауырданбыз! //Біріміз ауырдық па?// Екіншіміз кіндігі бір егіздей ауырғанбыз!” [Әбдірашев Ж. Мына біз ақын деген ауылданбыз! //Ана тілі, 7 ақпан. 2002, Б.4.],– деп Ж. Әбдірашев толғағандай, ақын ақын жайында, оның шығармашылығы төңірегінде сөз қозғағанда, әсіресе, өлеңдерін талдағанда ақынмен бірге жырлап, қайғысын бөлісіп, біте қайнасып кеткендей болады: “...Дарияның қайраңындай қалқа бала,// Зарланып ән шырқаймын уайымменен” [Жұмабаев М. Ақан сері. Көп томдық шығ., жинағы. А., Жазушы, 2003. 3 т. 197 б.],- деп ашулы зар шығарады Ақан”. “Ақан сері сөздері” мақаласында Мағжан Ақан өлеңдерін талдап-таразылап, өзіндік баға береді. Ақын өлеңдерінің әлі түгел жиналмағанын айтып, жинастыру керектігін баса ескертеді. Бұл мақалада да “ақын тіл” (А.Байтұрсынов) мен мұндалап тұр. Әбу Сәрсенбаевтың “Ұстаздар мен тұстастар” [А., Жазушы, 1986.], Қалижан Бекхожиннің “Өлең өткелдері” [А., Жазушы, 1986.], “Дәстүр және жаңашылдық” [А., Жазушы, 1969.] ,Сырбай Мәуленовтің “Үркер төбеде тұр” [А., Жазушы, 1971.], “Сыр мен жыр” [А., Жалын, 1991.], “Телтолқын” [А., Жалын, 1989.], Мұзафар Әлімбаевтың “Өмір. Өнер. Өнерпаз” [А., Өнер, 1990.], “Қалам қайраты” [А., Жазушы, 1976.] тағы басқа ақындардың ақын, жалпы қаламгерлер шығармашылығы жайындағы кітаптары жарық көрді. “Бүкіл қазақ халқына даңқы кең жайылған, желдірмелетіп кеткенде өлеңнің өткел бермес жүйрігі аталған Иса Байзақов 1900 жылы, қазіргі Павлодар облысы Ертіс ауданы “Үлгілі” ауыл советінде туған”. Аманжоловтың “Ақын Иса Байзақов” [Аманжолов Қ. “Ақын Иса Байзақов”. Шығ. 3 т. А., Қазақ.мем.көрк.әдеб.баспасы. 1957. 193 б. кіт.к. 512 б.] мақаласы осылай басталады. Ақын ақын өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен толғап, сыни пікірлерін білдіреді. “Өлеңдеріндегі тасқындай лықсып, төніп келіп отыратын екпінділік, сөз өткірлігі, қанжардай жарқылдап, жалындай лаулаған жігерлілік” [Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың поэтикасы. А., Қазақ ССР-нің “Ғылым” баспасы, 1976. 295 б. кіт.к. 298 б.] осы мақаласында да қылаң береді. Кеңес дәуірінде, әсіресе, алғашқы жылдарында өткенді жазу – капиталистік қоғамды аңсау, «буржуазияшылдық», ескіні көксеу делінді де, кеңес одағын, оның басшыларын, жұмысшылар мен шаруалардың жасампаз істерін мадақтау, дәріптеу – патриоттық болып саналды. Үкімет пен партияның бұл талабы әдебиетке де әсерін тигізбей қойған жоқ. Тіпті әдебиетшілер мен әдебиет зерттеуші ғалымдардың әдебиет жайындағы ойлары мен зерттеу еңбектерінде, сын мақалалары мен шыққан кітаптарға жазған рецензияларында да сол кезеңнің саяси-әлеуметтік жағдайы, халықтың тұрмыс-тіршілігі бірінші орынға қойылды. С.Сейітов «Өмір лирикасы» [Сейітов С. Өмір лирикасы //Әдебиет және искусство, №6, 1948. Б.76.] атты Қ. Бекхожиннің 1948 жылы шыққан «Көктем» жинағына рецензиясында Совет жазушылар одағы басқармасының ХІ пленумында А. Фадеев Қалижан Бекхожиннің «Келтемасат», «Сырдария көкпары» өлеңдерін совет әдебиетінің, соның ішінде поэзиясының үлгілері ретінде атап өткенін айтып: «Аталған өлеңдердің ауызға ілінуі кездейсоқ емес еді,- дейді. – Бұл шығармалардың қасиеті сырт көркемдігіне, немесе, бұрын-соңды ешкім қозғамаған соны тақырыптың қозғалуында емес болатын. Әңгіме ақын, еліміздің соғыстан кейінгі өмірінің идеялық мазмұнын дұрыс түсініп, совет адамдарының коммунистік қоғам орнату жолындағы өр қайрат, ересен қимылын, олардың бес жылдықты төрт жылда орындау күресіне қызу жұмылған жойқын күш-жігерін жырлауды өзінің басты міндетім деп білуінде, сонысын көркем шығарма арқылы жеткізуінде еді. Қалижан әлгі екі өлеңінде сол ойын барынша жүзеге асырды. Автор осылайша партия мен үкіметтің әдебиетшілер алдына қойып отырған талап-тілектерін айта отырып, сол саясат ақын жинағында қалай көрініс тапқанын өлеңдерін мысал келтіре отырып дәлелдейді. “Көктемнің” бұған шейін шыққан жинақтардан (мысалы: «Тұлға», «Дауыл») бір айырмасы – мұндағы өлеңдердің бірсыпырасы бүгінгі күн тақырыбына арналып, соғыстан кейінгі жылдарда жазылған» «Москва туралы жырды» әлде қалай туа салған өлең деп қарауға болмайды. Бұл ақын өлеңдерінің лирикалық қаһарманы – соғыстың барлық ауыртпалығын бастан кешіріп, жауды жеңіп шыққан жеңімпаз жауынгердің қымбатты астанасына есеп беруі ...» «Турасын айту керек, өнеркәсіп тақырыбы – бастауын жақсы бастаса да, дамыта түспеген тақырыбы ...» «Ал, колхоз тақырыбына жазылған өлеңдерінің тәуірі, сөз жоқ колхоз елім». Рецензияның соңы да, «Ол келешекте де осы лекте болуға, коммунизм үшін күресуші елдердің таң-тамаша істерін жыр етіп, тартымды шығармалар беруге тиісті»,- деп, коммунизмді бетке алып тоқтайды. Рецензиядан дәуір келбетін, сол бір кезеңнің идеологиясы мен атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстарды, Ұлы Отан соғысының елге әкелген қайғысы мен қасіретін, Кеңес үкіметі бес жылдық жоспар жасап, соның төрт жылда орындалып жатқанын, алдағы арман-мақсаттарын оқып-білуге болады. Өлең көркемдігін айтудан гөрі, тақырыбын құндау әлдеқайда басым. Ж. Өмірбековтің «Екі ақынның өлеңдер жинағына пікір» [Өмірбеков Ж. Екі ақынның өлеңдер жинағына пікір //Әдебиет және искусство, №8, 1949. Б.72.] рецензиясында Қабікен Мұқышевтың «Алтын арқа» өлеңдер жинағындағы өлеңдердің негізгі тақырыбы Қарағанды шахтерларының еңбегі мен өмірі, Ұлы Отан соғысы, колхозшылардың ерен ісі екендігі айтылса, Садықбек Адамбековтың «Өмір тойы» жинағындағы өлеңдердің тақырыбы «жеңімпаз большевиктер партиясы, Ұлы Отан соғысы және колхозды ауыл тұрмысы екендігі әңгіме болады. Мұнда да өлеңнің ішкі иірімдері мен ұйқасына, жаңалығы мен тың ойына, түйіні мен тапқыр жолдарына үңілу аз да, тақырыбына таңдай қағу, сол алған тақырыбын қалай ашқанын көрсетуге талпыныс көбірек байқалады. Жаппар Өмірбековтің С. Мәуленовтің «Өлеңдер жинағына» жазған «Тұңғыш жинақ» [Өмірбеков Ж. Тұңғыш жинақ //Әдебиет және искусство, №6, 1948. Б.80.] Қ. Мұқышевтың «Алтын арқа», С.Адамбековтің «Өмір тойы» өлеңдер жинағына жазған «Екі ақынның өлеңдер жинағы» [Өмірбеков Ж. Екі ақынның өлеңдер жинағы //Әдебиет және искусство, № 8, 1949. Б.72], Бейсембай Кенжебаевтың А. Жұмағалиевтің 1945 жылы шыққан «Таңдамалы өлеңдері» [//Әдебиет және искусство, №2, 1948. Б.82.] кітабына жазған т.б. рецензияларында да үгіт-насихат, өздері өмір сүріп отырған кезеңдегі саясатқа үн қосу, поэзияны үгіт-насихат құралы есебінде ғана бағалау орын алған. Қ.Аманжолов “Әдебиет және искусство” журналының 1948 жылғы поэзиясы туралы” [Аманжолов Қ. “Әдебиет және искусство” журналының 1948 жылғы поэзиясы туралы”. Шығ. 3 т. А., Қазақ. мем.көрк. әдеб.баспасы. 181 б. кіт.к. 512 б.] мақаласында тақырыбында айтылып тұрғандай, журналда басылған Д.Әбілев, Қ.Бекхожин, Ғ.Орманов, Т.Жароков өлеңдеріне барлау жасап, талдап, жетістіктері мен кемшіліктерін дәлелді көрсетіп, сынайды. Сондай-ақ журналдың поэзияға аз орын беріп жүргенін, жас ақындардың өлеңдерін жариялағанда, олардың өлеңдерінің көркемдік дәрежесінің өсуін ойламайтындарын, соның салдарынан жақсы өлеңдермен қатар, дүмбілез, көкжасық өлеңдердің де басылып жүргенін, журнал редакциясының поэзияны өсіру мақсатында жасаған жылдық, айлық жоспарлары мен редакция маңында топтасқан ақындар активі жоқ екенін, редколлегия мәжілістері өткізілмейтінін, журнал авторлары мен қызметкерлері бас қосып, ақындар шығармасын талқылап тұрмайтынын айтады. Мақала соңында автор “Әдебиет және искусство” журналының 1948 жылғы сандарында жарық көрген өлеңдердің көркемдік дәрежесі төмен екенін, журнал талантты ақындармен байланысын үзіп алғанын айта келіп: “Өткен жылы жақсы өлеңдер жазып, құнды жинақ беріп отырған Сырбай Мәуленов сияқты ақындардың бірде-бір өлеңі журналға басылмауы дұрыс емес.
Ендігі игілікті 1949 жылдан күтеміз”,- дейді.
Бұдан біз автордың өзінен кейінгі талантты жас ақындар шығармашылығына да ерекше көңіл бөліп отырғанын аңғарамыз. Қ.Аманжоловтың жастарға деген жанашырлығы “Поэзиядағы жаңа толқын” [Аманжолов Қ. “Поэзиядағы жаңа толқын”. Шығ. 3 т. А., Қазақ.мем.көрк. әдеб.баспасы. 181 б. кіт.к. 512 б.] мақаласынан да байқалады. Бұл мақаласында автор 1949 жылы жарық көрген “Жастар даусы” атты жинаққа өлеңдері енген жас ақындар Қайнекей Жармағамбетовтің “Әке мен бала”, “Ер жүрегі”, “Солдат сағынышы”, “Домбыра”, “Жолаушы” өлеңдері мен Хамит Ерғалиевтің “Әке сыры” поэмасының шоқтығы биік екенін, сондай-ақ С.Сейітов, Т.Әлімқұлов, М.Жансаева, А.Шамкенов, Ұябаев, З.Қабдолов, М.Әлімбаев, Б.Соқпақбаев өлеңдерінің де аттарын атап, жақсы шығармалар деп атауға болатынын айтады. Әқайсысының өлеңдеріне жеке-жеке тоқталып, несімен жақсы, сәтсіздіктері неде, жалпы бәріне тән қандай кемшіліктер бар, соны ашып көрсетеді. Шын ақындық шабыттан туған өлеңде ой мен сезім, пафос ұштасып жатуы керектігін, бұлар болмаған жерде өлең оқушысын елітіп, еліктіре алмайтынын ескертеді. Алайда сол кездегі солақай саясат ақындар арасында ала ауыздық тудырып, бір-біріне айдап салды. Түймедейді түйедей етіп асыра айту, тырнақ астынан кір іздеу, бір-біріне жала жабу белең алды. Үкімет, заң орындары осыны талап етті. Өз еркімен жазғандар да бар шығар, дегенмен, көпшілігі зорлықпен, қорқыту-үркіту арқылы қаламдас құрбы-құрдастарын қаралауға мәжбүр болды. Өйтпесе өздері халық жауы атанып, жауапқа тартылып, сотталды, ұрып-соғып естерінен тандырды, Сібірге жер аударылды, атылды. Мұны “Әдебиет және искусство” журналының 1951 жылғынөмірлерінде жарық көрген “Тәжібаев шығармаларындағы буржуазиялық символизм мен ұлтшылдық” [Ерғалиев X. //Әдебиет жэне искусство, №11, 1951. Б.65.], “Қ.Бекхожин шығармаларындағы буржуазияшыл ұлтшылдық” [Исмаилов Т., Жұмағалиев С. //Әдебиет және искусство, №10, 1951. Б.68.], “Қ.Аманжолов поэзиясындағы жат пікірлер” [Қирабаев С. //Әдебиет және искусство, №10, 1951. Б.61.],- деген сияқты мақалалардың тақырыбының өзі-ақ айтып тұр. Ә. Тәжібаев творчествосындағы “қателіктер” “Біз де қазақпыз” деген пъеса жазуынан басталады екен. “ Біз де қазақпыз” пьесасының негізгі идеялық қателігі, зыяндылығы, оның жаңағы айтқандай, өмірдің айнадай ашық ақиқаттарын бүркемелеп, адам түсініп болмайтын символикаға бой ұрып, буржуазияшыл – ұлтшылдық сарында жызылғандығында еді”, - деп жазады автор. Егемендігімізді алғанша қазақпыз деп мақтану, қазақ тілім деп емірену, құдай, аллаһ дегенді ауызға алу “буржуазияшыл - ұлтшылдық” саналып келді. Мына мақала соның куәсі. “Қ. Бекхожин шығармаларындағы “буржуазияшыл - ұлтшылдық” – Кенесары мен Наурызбайды дәріптеп “Батыр Науан” поэмасын жазды, “Мариям Жагорқызы” поэмасында Мариямды мұңайтуы коммунистік жаңалықты айтпай, “ескіліктің ұсқынсыз сыйқын көруге әрекеттену” болып шықты. Мариям сияқты орыстың саналы жасынан осынша пессимизмге батып, мақсат, мүддесі үшін күреске шығудан тартынуы нанымды нәрсе емес ” көрінеді.
Бұл тырнақ астынан кір іздеу, жала жабудың мысалы.
Отыз жетінші жылдың қанды қырғынынан зәрезап болып қалған жазушылар сол міндет үдесінен шығуды көздеген сияқты. Сондықтан да оларға кінә тағу да қиын.
Ақындардың ақындар туралы тәуелсіздік алған жылдардағы шығармалары
Мінуар Әкімханов «Қамқоршы» [Әкімханов М. Қамқоршы //Ана тілі, 6 қазан, 2005. Б.14.] мақаласында ақын Ә.Сәрсенбаевпен қалай танысқаны, таныстығының сыйластыққа ұласып, қайырымын көп көргені, жалпы Ә.Сәрсенбаевтың жалғыз өзіне ғана емес, бүкіл жас қаламгерлерге жанашырлығы, сол қаламгердің көбісі кейін атақты ақын, жазушы болып кеткені сыр болып шертіледі. 1960 жылы Әбу Талдықорған обылысына барған сапарында ақын Құдаш Мұқашев оны жас ақын қыз Қанипа Бұғыбаевамен таныстырады. Талапкердің өлеңдерінде өрнекті ой барын байқаған ақсақал ақын Қанипаның тұңғыш өлеңдер жинағын шығаруына, жоғары оқу орнына түсуіне, тіпті кейін Жамбыл ауданының сол кездегі бірінші хатшысы Бекболат Тұрысжановқа хат жазып, жұмысқа орналасуына көмектеседі. Мақала авторы Әбудің «Жалын» баспасына ертіп барып, баспа директоры Қ.Ыдырысовпен кездестіріп, жинағын шығаруына, сондай-ақ Семей облысының Ақсуат ауданында тұратын Қытайдан келген қаламгер Ахмет Жүнісовтің, атыраулық жас ақын Медет Дүйсеновтің, Аманқос Ершуовтың кітаптарының жарық көруне Әбу ақынның ықпалы көп болғанын айтады. Мақала соңында Ә.Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны,// Түсіндің бе, қарағым!// Ол ақшаға сатқан жоқ// Тізеден кесіп аяғын» деген өлеңін мысалға келтіріп, жас ұрпақ тәрбиелеуде орасан қызмет атқарғанын, ақын жары Ләзиза Серғазинаның да ағайын-туғанға жанашыр, ардақты адам, айтулы қаламгер екендігін, үлгілі отбасының жарасымды тірлігін ризалық, шәкірттік сезіммен жеткізеді. Мақала ақындар жанының кіршіксіз тазалығын, қамқор көңілін көрсетумен бірге өмір сүруге, қоғамдағы өз орнын табуға келгенде олардың көбіне-көп дәрменсіздік танытатынын да аңғартады. Қорғанбек Аманжоловтың Әбубәкір Қайран шығармашылығы жайында жазған «Мен ғашықпын ғаламға» [Аманжолов Қ. Мен ғашықпын ғаламға //Егемен Қазақстан, 27 ақпан, 2008. Б.15.] мақаласы ақын шығармашылығын айтудан басталады да, өмір жолына, туған жері, әкесі, ауыл тұрмысына ойысады. Ақын ақын жайында, оның шығармашылығы төңірегінде сыр тербегенде өлеңдерінен үзінділер келтіріп, өлең жолдары арқылы туған елге, жерге деген ақын тербенісін, жан жылуын махаббатын жеткізеді. «Ол мінезді дарытқан өзінің өлең жолдарындағы «Көкпаршы мен атбегінің әулеті», «Киелерге –түйелерге иегер, қабағынан қар бораған қара шал. Бұл – тілге ұста, дінге нұсқа әкесі Рахматолла» ... «Ашық еді Ақсуаттың аспаны», деп сағынышты жырына қосатын киелі атырап осы. Тарбағатай сынды қара нар таудың қос қапталында сүйретіліп соры кеткен қазақтың мұңын да осы туған жерде ұққан-ды...». Автор Әбубәкірдің ұстаздары Қайым Мұхаметханов пен Төкен Ибрагимов екенін, сол көзі қарақты, шындықты бетке айтатын шынайы жандардың арқасында Әбубәкірдің Алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Мағжан жайына жасынан қанық болып өскенін, сондықтан да «Оның өлеңдеріндегі көк бөрілік рухымызды қасиет тұтатын арда мінез өмірден көрген өнегелерінен тамыр тартқанын» мегзейді. Әбубәкір Алматыға алғаш 1977 жылы жас ақын-жазушылардың кеңесіне келеді. «Көк бура» әңгімесін Оралхан, Қалихан ағалары жақсы бағалайды. Бірақ Тұрсын Жұртбай «Прозаңды білмеймін, өй, сен ақынсың ғой», деп қолынан жетелеп жүріп өлең оқытып, көп ақынға таныстырады, әдеби ортаға араластырады. «Ғафекең, Қадыр ақындар «Бәрекелді!» дескен. Аға ақындар мақтауы жас талапқа қажет болып, өлең өлкесіне бір жола бет бұрады. Автор Әбубәкір поэзиясы жайында сыр толғап, ақындар Бауыржан Жақып, Маңғыстаулық Светқали Нұржан, Көкшетаулық Баянғали Әлімжанов пікірлерінен үзінділер келтіріп, поэзиясының қыр-сырымен бірге ақындық мінезінің де қатпарларын ашады. Ақындардың бір-бірін көрмесе іздеп, сағынып жүретін бауырмалдығы, арманшыл ақ жүректілігі де бар мұнда. Ақын жинағын Сәкен Иманасовтың «Жыл кітабы» деп бір ауыз сөзбен шынайы бағалауы да таланттың талантты құрметтейтінін аңғартса керек. Мақала соңында Ә. Қайранның қандай шығармалар жазып жүргені, қай газет, журналдарда қызмет істесе де абыройлы болғаны, қазір «География және табиғат»журналының бас редакторы қызметін атқаратыны баяндалады. Ақын ақын жайындағы мақаласын былайша түйіндейді: «Елдік пен ерлік байқалар әлі,// Шайқалар әлі талай көк.// Кеткенін халқым қайта алар әлі,// «Алла!» деп ... Сонсоң «Абай» - деп!»- біз де Әбубәкірге ілесе қайталағымыз келеді». Ақынның талантты ақынға бүйрегі бұратыны, оның жырларына тәнтілігі, поэзияны жақсы түсініп, талдай, таразылай білетіні, таптаурын жолмен жүрмей, жаңа із салуға талпынысы (өлеңдерін талдағанда) сезіледі, сол білігі мен сыншылық қасиеті, ізденісі алған тақырыбын жақсы игеріп, діттеген мақсатына жетуіне көп көмегін тигізген. Ақынның ақын шығармашылығы жайында тереңірек сауатты, түсініп жазатынына көзіңіз жете түседі. Ақындардың ақындар тағдырына алаңдауы, өмірден өткен қаламдастары шығармаларының жарыққа шығуына көмек жасаулары, үнемі естеріне түсіріп естеліктер, эсселер жазуы жандарының тазалығын, бір-біріне жанашырлықтарын айғақтай түседі. Н.Айтұлының “Қазақ әдебиеті” газетінде “Қаламдасым - қанаттасым” айдарымен берілген “Есенғалидың ерекшелігі” [//Қазақ әдебиеті, 1992, 30 қазан, Б.11.] мақаласы Е.Раушанов шығармашылығына арналған. Ақын ақын өлеңдері төңірегінде ғана сөз қозғап қоймайды, адамгершілігі, азаматтығы жөнінде да сыр шертіп, достық қарым-қатынастары жайында да әңгімелейді. “Әдебиетке қалам ұстағанның бәрі бірдей жауапты” деп өзі айтқандай, әр сөзі, әр сөйлеміне жауапты қарағаны сезіледі. Жалпы, Несіпбек шығармаларында жеңіл-желпілік бола бермейді. Қаламгер бұл мақаласында да сол өз биігінен көрінген. Талантты ақын талантты ақын жайында тебірене, шабытпен серпіле, ағынан ақтарыла жазады: “Ол кезде біздің де айналадан жеріне қоймаған, әйтеуір өлең көрінсе оқудан еріне қоймаған, өзімізше орда бұзамыз деп маңдайымызды тауға да, тасқа да соққан, соқыр сенімге ілескен шалдуар шағымыз” еді... “Сол аздың өзі андыздай бастады”, “Қай заманда нағыз әдебиет биліктің күшімен, қамшының ұшымен жасалып еді?”, “Таланттылардың табанына шеге қақты, басқан ізін аңдып бақты”, “Алайда, кең жайлаған, қонысынан мұрт майлаған табысынан қараптан-қарап айрылу – қасірет қой”, “Жалынсаң да қаламмен жалғыз сөйлем түртпейді, ерегескендей қағазға қолын да сүртпейді”, “Бізді қинайтын қымбатшылық емес, көркем әдебиетке төнген өтпелі құрғақшылық”, “Жүрек көзімен ғана көре аласыз”, “Есенғалидың айыбы – туа қасқалығында, талант тұрпатының басқалығында, қаршадайынан “Халқым!” деп қабырғасы қайысатындығы”, “...көкіректері қобыздай күңіренген”, “Мол жазғанда “миллиардтатып” көпірткен жоқ, сөзді бір-біріне соғып “биллиардтатып” секірткен жоқ, қазақ поэзиясының эпикалық жанрында сырғып аққан Сырдай өз арнасын салды”, “көркемдік қырларын, оның өзіне ғана аян құпия сырларын кеңінен сөз ететін уақыт әлі алда”... “Тіл табиғатын, сөз құдіретін тану үшін жырды қарасөзбен табыстыру мақсат емес, қарасөзді, прозаны жырдай жырлату мұрат” [Серікқалиев З. Тіл өнері дертпен тең //Жұлдыз, 1972, №5, Б.195.],- дейді сыншы, ғалым З.Серікқалиев. Ақын-публицист бірде ұйқастырып, бірде дыбыс үндестіктерін пайдаланып, бірде бейнелей, енді бірде тың теңеулер жасап, бауырын жазған жүйріктей көсіледі. Тағы бірде: “Қазаққа қазір кітап шығару үшін емес, ішіндегі қайғы-қасіретін шығару үшін, қаңыраған жүректерді асыл рухпен суару үшін, көптің жігерін жану үшін туған ақындар керек”,- деп, ұйқастырып, кейіптеп, бейнелеп, кезекті қайталаулармен ойын қағазға серпілте түсіреді. “Ессіздің еңірегені емес, ойлы жанның ішкі күңіренісі” деп Есенғали өлеңдеріне баға берген ақынның ойлары да салмақты, орамды: “халықтың арын қорғамай, заманның зарын қозғамай тұра алмайтын ақындар болады. Халықтың ақындары деп соларды айтуымыз керек. Нағыз халық ақыны – отызда да халық ақыны, тоқсанда да халық ақыны. Халық ақыны болу үшін біздегідей сексенге келу шарт емес”. Автор қос сөздерді де ойната қолданады: “атан қомында белден-бел, елден-ел асып”, “қилы-қилы қияларға, орамды-орамды ойларға құлаш ұрады”.
Ақындардың ақындар жайында жазған поэма, дастандары қаншама?! А.Жұмағалиевтің майдандағы ерлігі суреттелетін Қ.Аманжоловтың “Ақын өлімі туралы аңыз”, татар халқының патриот ақыны Мұса Жәлилдің батырлығы сөз болатын Ж.Молдағалиевтің “Жыр туралы жыр”, Ғ.Қайырбековтің Ы.Алтынсарин өмірінен сыр шертетін “Дала қоңырауы” т.б. поэмалары соған дәлел. Ж.Ермановтың “Ақын өлімі” [Ерманов Ж. “Ақын өлімі”. Ұлытауға бардың ба... А., Жазушы, 1990. 78 б. кіт.к. 128 б.] поэмасы Сәкен Сейфуллиннің өмірінің соңғы сәттерінен сыр шертеді. Бұл – публицистикалық поэма:
“Душар болып дауасыз бір кесірге,// Ақын жатыр Алматы түрмесінде...// - Есімің кім?// - Сәкені Сейфолланың.// - Кәсібің кім?// - Ақын боп ой толғадым...// Кегің бар ма алмаған Сталиннен?!// Айтып кеткем комиссар Жүргеновке”.
“Боралдай.// Боралдай сай// Боралдай бел”.
Осы сияқты жер атаулары – Жамбыл, Сарыарқара, Иманақ, Мәскеу, Қарашілік, өмірде болған адам аттары – Галина, Арыстан Дәуітұлы Троцкий, Темірбек, Гүлбаһрам, Колчак, Аян, оқиғалар да өмірде болған жайттар, “Сәкеннің соңғы монологы” – бәрі-бәрі публицистика белгілері. Ақындардың ақындар туралы лебізінің енді бір тобы белгілі қаламгерлердің еске алу кештерін, даталы күндерін өткізуге байланысты туған. “Қасиетті Қасым” [Тұрғынбеков С. “Жерорта”, А., Жазушы, 1999. 124 б. кіт.к. 208 б.] өлеңінде “Әлемді шарлап әуенің// Ән-жырың судай тасыды.// Ардақтаған елімнің// Артық туған асылы.// Кемелі келген жорғаның// Кем болмайды нәсілі.// Бар өнердің бастауы// Бар ақынның басымы”,- деп әр сөзді әуездендіріп, жыр нөсерін құйған Серік Тұрғынбеков Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан Қ.Аманжоловтың туғанына 80 жыл толуына орай өткен тойдан жазған осы өлең аттас [Тұрғынбеков С. Қасиетті Қасым //Қазақ әдебиеті, 19 шілде, 1991. Б.4.] мақаласында да өлеңдегі өрнектерінен танбайды. “Жаз бойы Қарқаралы өңіріне қас қылғандай жалғыз тамшы тамбай-ақ қойды. Апталап соққан аңызақ аптаптан жердің апшысы қуырылып, көні кепті. Қазақтың қара өлеңінің пайғамбары Қасым сынды қасиетті ақын сексеннің сеңгіріне шығып жатқанда, өзі талай тебірене жырлаған таңғажайып табиғаттың дәл осылай тараңдық жасай қоюы қолайсыз-ақ көрінді”,- деп басталған мақала авторының ақын екендігі сөз саптасынан-ақ аңғарылып, әрі қарай да осы дыбыс үндестігі, ішкі ұйқастар мен көбінесе лирикалық өлеңге арқау нәзік сезімге, тапқырлық пен шешендікке, бейнелі сөздерге ұласады: “Біресе дауылдатып, біресе жауындатып алатын Қасым ақынның табиғи өз мінезі тап туған күнін тойлап жатқан мезгілде айқын байқалды. Шіліңгір шілденің алтыншы жұлдызы болатын. Ақын тойы өтіп жатқан Кент тауының етегінен кенеттен дауыл көтеріліп, артынша, айналымға келмей сап басылды да, қара нөсер құйып берсін! Даладағы сахнада дауылпаз ақынның жыры саңқылдап оқылып жатқан кез болатын. Асқақ жырды аспаннан құйған қара нөсер тоқтата алмады. Төпеп тұрған қара нөсер қаһарлы жылдардың қынабынан суырылып шыққан Қасымның қуатты әніне төтеп бере алмады”. Автордың қаһарлы жылдарға жан бітіріп, оның қынабынан қуатты ән суырып шығаруы, сөз жоқ, ақындық! Әрі бейнелі, әрі бедерлі, әрі тың теңеулі бұл сөйлем Серік ақынның талант қарымын да, тапқырлығын да танытып тұр. “Майдан даласында, от-жалынның арасында, оқ дәрінің исі сіңген осынау дауылпаз әннің таңғажайып құдіреті әлі күнге дейін бір сәт кеміген емес”. “Ашу-ызасыз бұрқырап, тасып-төгіледі де жүреді” [Медетбек Т. Сонда ит жүгіртіп, құс салып жүрген салт атты қазақты жазған ақын ұлт ақыны да, компьютер жанында тұрған қазақты жазған ақын ұлт ақыны болмай ма?! //Жас Алаш, 20 маусым, 1998. Б.6.],- деп Т.Медетбек айтқандай, ақынның бұл мінезі шығармаларында да көрініс тауып, асыра, аспандата айту, тасып-төгілу жиі ұшырасады: “Қазақтың қара өлеңінің пайғамбары”, “қасиетті ақын”, “дауылпаз ақын”, “Саңқылдай оқылып жатқан”, “Сексен жасқа келген Қасым ағасының таңғажайып творчествосы туралы таңқаларлық баяндама жасаған талантты ақын Серік Ақсұңқарұлы жыр тәңірісінің тұлғасын сөзбен сомдап, терең толғайды. Баяндама бала Қасымнан дана Қасымға дейінгі соқпақты жолдың сайрап жатқан іздерін бүгінгі күннің безбеніне салып өрнектеп береді”, “Қазақ өлеңінің хас жүйрігі”, “Өр дауысты өжет ақын”, “Керемет кент тауының етегіне”, “Қасым ақынның шын жанашыр оқырмандары, қалтқысыз сүйетін қадірлі шәкірттері”. Серік публицистикалық шығармаларында теңеуді, айқындауды көбірек қолданады: “Дариға сол қыз” әуені қырандай қалықтайды, алдаспандай жарқылдайды” (теңеулер), “Шіліңгір шілде”, “қара нөсер”, “қаһарлы жылдар”, “қуатты ән”, “дауылпаз әннің”, “өр дауысты”, “ғажап ақын”, “өлмес өсиет”, “киелі сөз”, “ұраншы үн, ұрда жық сын”, “өжет ақын”, “жанашыр оқырман”, “қадірлі шәкірттері”, “Құдіретті Қарқараның да...”, “Қасиетті Қасым”, “Қасекеңе қатысты жанашыр ойларын, бірегей ұсыныстарын, татымды тілек-талаптарын айтудан аянып қалған жоқ”, “Ескерткіштің ашылу рәсімінде сөз алған әрбір шешен ақынға деген адал құрметін, ыстық ықыласын, жүрекжарды жылы лебізін қалтқысыз жеткізіп, өздерінің талантты перзентінің тас тұлғасына тағзым етті”, “Қасым ақынның қастерлі талантын, қаламгерлік қасиетін, қарапайым тұлғасын биікке көтеріп, сүйіспеншілік сезімдерін білдірді”, “Қуаныш Сұлтанов пайымды пікірлер айтты”, “ұлы ақынға деген үлкен сүйіспеншілігінің, адал құрметінің нәтижесінде жүзеге асып жатқандығын тебірене баяндады”. Ақын-публицистің айқындауларды жиі қолдануы кейде көпсөзділікке, кейде асыра айтушылыққа, кейде бұлдырлыққа соқтырғанын жоғарыда келтірілген мысалдардан да аңғару қиын емес. Автордың “Қасиетті Қасым” өлеңіндегі “Сұлу жерде тусаң да,// Сұлулықты қусаң да,// Сұлу жырды жазсаң да, Сұлу әйел алсаң да,// Сұлу жерде қалсаң да - //Сұлу ғұмыр сүре алмадың, жан аға!!!”- деген әдепкі қайталау тәсілдері, мақаласында былайша көрініс табады: “Екі күн бойы ел-жұртының еңсесін көтеріп, көңілін қуанышқа бөлеген Қасым тойы да өзінің шеруіне жетті. Біз екі күн бойы ел қуанышына куә болған Кент жайлауынан ұзап, құдіретті Қарқаралының да құшағынан сытылып шығып бара жатырмыз (бейнелі – С.О.). Екі күн бойы жыры да, сыры да таусылмайтын қасиетті Қасым бейнесі бұрынғыдан бетер зорайып, тұлғалана түскендей.
Ақын-публицист мақала соңын Қасымның өз өлеңімен әдемі түйіндейді: “Ол бізге: “Дүниеге келер әлі талай Қасым,// Олар да сол Қасымды бір байқасын.// Дауылдай өртке тиген өлеңімді// Қасымның өзі емес деп кім айтасың!..”- деп тұрғандай”. Серік “Нұрхан ақын – тұлпар ақын” [Тұрғынбеков С. “Нұрхан ақын – тұлпар ақын”. “Жерорта”. А., 1998. 126 б. кіт.к. 208 б.] өлеңінде: “Ағыл-тегіл таптырмай жыр тағатын,// Дауылдайтын, тулайтын, бұрқанатын,// Атағымды, атымды шығарсам да// Боламын деп айта алман Нұрхан ақын” десе, тақырыбы “Топжарғанның тойын өткізді Торғайдың халқы жиылып” [//Қазақ әдебиеті, 19 желтоқсан, 2003. Б.10.] деген өлеңнің екі тармағындай әрі дыбыс үндестіктеріне құрылған мақаласында да ақындарға тән көркем кестелерінен алшақтамайды: “Торғай төрі – көптен бері тойға сусап қалған екен. Жаратылысында торғай тойшыл халық. Топырағына ақындық киесі қонған еді”. “Ондағы образдар мен сом алтын сөздерді салалап, салмақтап айтар болсақ, атан түйеге жүк артқандай алтын қазынаға тап келер едік”. “Ол тойдың иесі де, киесі – тарлан ақын Нұрханның өзі болды”... Ақын-публицист Торғайдағы Нұрхан Ахметбеков тойының қалай өткенін егжей-тегжейлі баяндай келіп, мақала соңында: “Ақын аруағына бас ие отырып, мақаламды “Нұрханға” атты өлеңіммен аяқтағалы отырмын” деп әрі қарай өлеңге кезек береді. Бедерлі жолдар мен бейнелі сөздер, ішкі ұйқастар бұл өлеңде де көрініс тауып, екі шығарма бірін-бірі толықтырып, бір дүниеге айналып кеткен: “Артында асыл сөз қалған, // Торғайда туып – топжарған.// Өлең айтқан кезінде,// Ескен желдей екпіндеп,// Көшкен елдей қозғалған,// Кене ханды мадақтап,// Түрмеге түскен кез болған.// Алтын сөзі жез болған// Жақсы болса ел жайы// Аман болса Торғайы - // Болмаған онда өзге арман”. Ұ.Есдәулетовтің “Ақтөбе өз Сағиын танымай ма?” [//Қазақ әдебиеті, 2005, 12 тамыз. Б.3.] атты тақырыбы өлең тармағындай шағын мақаласында көрнекті ақын Сағи Жиенбаевтың бір облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанға ортақ біртуар тұлға екендігі алайда 70 жылдық мерейтойын өзінің туған жері Ақтөбе облысы әкімдері өткізбей, сөзбұйдаға салып келе жатқаны сөз болады. “Естуімізше,- дейді автор, - ақынның “айыбы” – көзі тірісінде ешқандай мемлекеттік марапат, атақ, сыйлық алмағандығы көрінеді. Осы да уәж болып па? Ең мықты атақ – халқың берген “ақын” деген ат емес пе? Қай заманда болсын ақын атаулы еліне елеулі, халқына қалаулы болып қала бермек”. Автор С.Жиенбаевтың өмірде қарапайым, кимелеп алдыға ұмтыла қоймайтын аса кішіпейіл жан болғанын, ешбір атақ алмаған Қ.Аманжолов тойын Қарағандыдан бастап бүкіл еліміз, А.Бақтыгерееваның 60 жылдығын Орал мен Атырау, Алматы қаласы дүрілдетіп өткізгенін айтып, әдемі түйіндейді: “Әлде Ақтөбе облысын өмірінде өлең кітап оқып көрмеген адамдар басқара ма? Ақынының тойынан жерлестерін айырмайық. Нағыз ақын ешқандай атақ-сыйлықсыз ардақталуға тиіс!”
Бұл – талантты ардақтау, ақынның ақынға деген жанашырлығы.
Мақала Ұлықбектің бұрындары жазған “Сен жартассың,// Ақын – толқын.// Келді саған еркелеп,// Келді саған көкірегін өртеп от.// Жыры бар ма, мұңы бар ма тыңдашы,// Уа, Дүние ақыныңды еркелет!” [Есдәулет Ұ. Заман-ай... Астана, 1999. 8 б. кіт.к. 88 б.],- деген өлең жолдарын еске түсіреді. Несіпбектің “Жүрегі жырдың ұясы” [//Қазақ әдебиеті, 1992, 27 наурыз, Б.5.] мақаласы ақын Қанипа Бұғыбаеваның 50 жылдық мерейтойына орай жазылыпты. Мұнда да автордың ақындығы атойлап тұр: “Оны тек көңілдің көз ілеспес сәулесімен сезініп, ой елегінен өткізбесек, ара-жігін ажыратып, атын атап, түсін түстеп, ен тағып, еншілеу мүмкін емес”, “Көркем туынды жердегі қым-қиғаш тіршілік тартысының кестеленген көрінісі”, “өнер бесігінің құндағы құрғамаған”, “ұрпақтан ұрпаққа шашыраған сиқырлы жыр ұшқыны таңдап кеп, Ақсу бойында туған кішкентай қара қыздың да жүрегіне ыршып түсіпті”, “қасіреттің көзге көрінбейтін өткір де жыртқыш тырнағы”, “ақындық әлемінің аспаны бірте-бірте биіктей түсіп, көкжиегі халықтың көз қуаныш-қайғысы бұл күнде бүкіл елдік тұғырға көтеріліп, Қанипа жырлары әр қырынан жарқылдап, алыстан көзге шалынады”, “мінбені ерттеп мініп, жерден жеті қоян тапқандай өңешін жыртатын болса, соны көш бастаушы серкеміздей көріп жапырыла құлаймыз”, “Құдайым-ау, үндемей жүріп-ақ халық үшін қабырғасы қайысқан қаһармандық сөзін осыдан он-жиырма жыл бұрын қаламмен айтқан...”, “Ғайыптың шымылдығын ысырып, оларды жоқ дүниеден бар дүниеге көшіру – таланттардың маңдайына жазылған жұмбақ”, “Көсіліп айтсаң да, есіліп айтсаң да еңбегің – еш, тұзың – сор болмасы анық”, “ояу көңіл, сәулелі жүрек”, “Түймені жырлап отырып-ақ дүниені аударып-төңкеруге болады”, “иненің көзінен арқан өткізе алмайтын момақандығынан да болар”. Тәуелсіздік елімізді еркін тыныстатып, қаламгерлерге де бұрын-соңды болып көрмеген тың серпіліс, жаңару алып келді. Бұл кезең (1991-1995) Ш.Елеукенов сөзімен айтсақ: “Қазақ халқының тарихындағы ең бақытты дәуірден, маңдайы жарқырап, тәуелсіздік туын желбіретіп, мерейі үстем болған және елімізді демократиялық жолға түсірген 1991 жылдың 16 желтоқсанынан басталады” [Елеукенов Ш. Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде //Ақиқат, 2003, №10, Б.38.]. Ғ.Жайлыбаевтың ақын Жаяу Мұса Байжанұлы жайында жазған “Аттыдан жаяу жүріп кегін алған” [Жайлыбаев Ғ. Аттыдан жаяу жүріп кегін алған //Қазақ әдебиеті, 2005, 16 қыркүйек. Б.6.] мақаласын оқып көрейік: “Өлең емізіп, өнер сауғызған өлке өз өренін өзекке тепсе, өзегіңді өксік шалмас па? Сол өксік серт болып серпіліп, дерт болып шертіліп, намысыңның найзағайын ойнатар. Шырмауы көп шырғалаңнан шырай іздер шақ емес ол. Есер тобырдың ессіз әрекеті естіні есейтпей қойсын ба? Бір мүшелге толар-толмастан елден безіп, Омбы мен Қызылжарды кезіп, тыншу алмас дүниенің тылсымдарын сезіп қайтуы ғұмырының келесі кезегінің беташар сапары іспеттес”. Аллитерация, ассонанс, ішкі ұйқастар, көтеріңкі леп Жаяу Мұса өлеңдеріндегі екпінмен астасып, “Әділетті жүргізіп, жауыздықты жерлесем” деп өткен бунтар мінезін аша түседі: “Жаяу Мұса – мұнар күнде мұз жастанып, қар кешіп арпалысып өскен арыс ақын. “Үш жүзге мағлұм болған атым Мұса,// Жігіттер, шешен болсаң маған ұқса.// Сыртымнан мені қазақ қашқын дейді,// Көрер ем Қашқындықты күнім туса”. Осы шумақтың өн бойында қатыгез тағдырға деген қайсарлық та, жасымайтын жігер де, ақындық адуын мінез де бар”. Жаяу Мұса өмірі мен шығармашылығы туралы мақаласындағы өрнек “Жаяу Мұса ауылы” [//Қазақ әдебиеті, 2005, 16 қыркүйек] өлеңінде де жандана түседі: “...Биылғы тамыздың тамылжыған бір күндерін Жасыбайдың жағасында, Сабындының сағасында Баянның ұл-қыздарымен бірге өткізгенім бар”. “Баянауыл бауыры,// Ақбеттаудың етегі.// Жаяу Мұса ауылы,// Тектілердің мекені”. “Жаяу Мұса топас тобырдың торына шырмалып торғайдай шырылдап 12 жылға Тобылға жер аударылып кете барады”. “Қапияда қапылдым,// Сырын тыңдап сол маңның.// Атын алған ақынның// Мұстафасы-ай Шорманның”. “...сұңқардай саңқылдаған... Сүйіндік атамның сүйкімді бұтақтары// Сал-серіге ылайық// Сарыарқаның сауыры...”
Ақындардың Кеңес дәуіріндегі эпистолярлық шығармалары
Хат – эпистолярлық публицистика. Публицистиканың ақпараттық жанрларына жатады. Мұнда автор жолданатын адрес санатында жеке тұлғалар, әлеуметтік топ, еңбек ұжымы тағы сол сияқты болуы мүмкін. Хат авторының жолдап отырған адресіне тіреп айтуы шығарманың жазылу формасын ғана айқындап қоймайды, сонымен қатар, жанрдың мазмұнын да береді [Прохоров Е.П. Письмо. «Теория и практика советской периодической печати». М., Высш.школа. 1980. с. 321. кіт.к. 376 б.],- дейді орыс публицистика зерттеуші ғалымы Е.П. Прохоров. А. Байтұрсыновтың 1925 жылы 11 маусымда Ә. Бөкейхановқа жазған хаты мен Әлиханның оған жауабы жеке тұлғалардың бір-бірімен қарым-қатынасын, мінез-құлықтарын, арман-мақсаттарын, сол кездегі заман тынысын ғана аңғартып қоймайды, сонымен бірге оларда ұлт мүддесі бір. Ахмет «Қадірлі Әли!» деп бастап астананы Қызылордаға көшіру мәселесінің шешілмеуіне байланысты хаттарына жауап бере алмағанын, өзі де сол жаққа қоныс аударуды көздеп отырғанын, сондықтан аулына да бара алмағанын баяндап, көшіп-қонып біткен соң тамыз бен қыркүйек айларында елге барып қайтатынын жеткізеді: «Егер сенің профессорың Торғай мен Ырғызға қарай шығатын болса, маған да онымен бірге шығу қажет шығар». Профессордың, ұлты неміс, мамандығы дәрігер. Соған қарағанда, М. Кучинский болуы мүмкін. Оның аты – жөнін Қошке Кемеңгерұлының «Жол әсері» [Қазақ тілі //Семей газеті, 15 тамыз, 1924.] мақаласынан кездестірдік. Бұл мақала 1924 жылы 15 тамызда жарық көрген. «Германиядан келген Берлин университетінің профессоры доктор Кучинский мен Семей уезіне қараған Бұғалы, Шыңғыс, Меңдеш болыстарын, Қарқаралы уезіне қараған Ағанды, Абралы, Кент, Ақсары, Дастар, Ақбота болыстарын шет пұшпақтап аралап түстім» деп жазады автор. Шамасы, М. Кучинский Семей уезін аралап, Торғай мен Ырғызға бет түземек болған. Хат одан әрі былайша жалғасады: «Оның өлең-ән жинауы, суретке түсіруі – менің де ежелден ойластырып жүрген дүниелерім еді. Егер профессордан үйрену жазса, маған үлкен олжа болары хақ». Бұл жолдар профессордың М. Кучинский екендігіне көз жеткізе түседі. Қ. Кемеңгерұлы да профессордың әнге әуестігін «Мал баққан ел әнші келеді деген пікірді қазақ елі айқын дәлелдейді. Қазақтың кейбір әндері Венгриядағы мадиярлардың әніне ұқсас» деп көрсеткен. «Қазақ Мемлекеттік баспасымен келісілген шартқа сәйкес, мен жеке емле бойынша үш грамматика және қазақ әліппесін қайта жасауым керек. Аяқталу мерзімі: біріншісі – 15 маусым, екіншісі – 1 шілде, үшіншісі – 1 тамыз, төртіншісі - 20 тамыз. Міне, сол уақытқа шейін басқа жұмыстарға қарауға мұршам жоқ, оның үстіне қазақ – қырғыз институтында оқу басталса, тағы да бос уақыт болмай қалады. Сол себепті де, 20 тамызға дейін Ибрагимнің (Абай) ғұмырбаянын жаза алмайтынымды анық айтамын. 20 – тамыздан соң уақыт бола ма, жоқ па – оны білмеймін. Сендерге өз суретімді жібермекпін. Бірақ байқа, менің бейнем енгізілген дәптеріңді алмай қойып жүрмесін. Біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жарткеш емес – нағыз 96 пробалы». Хат иесінің коммунистерді онша ұната қоймайтыны осы бір кекесіннен де көрініп тұр. «Алтынсары баласының суретін «Шолпан» журналының № 6,7,8 кітап жинағынан табасыңдар. Одан басқа менде сурет жоқ. Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан алған телеграмның мазмұны мынадай: «Гая (Гая – Ғайнижамал, Міржақыптың зайыбы - С.О.) ерледі. Ұл туды». Мен Пішпекте өткен қырғыз мұғалімдерінің сиезінде болып келдім. Күн тәртібіне мәселелер мыналар: тіл, әріп, емле, ғылыми пән сөздері, ескі сөздерді жинау. Мектеп түрі. Латын әліпбиі жөнінде оларда бұған дейін бір жиналыс болып, шешім шығарған екен. Сиез соны мақұлдады. Ол шешім төмендегідей: Латын әліпбиін қырғыздың болашағы үшін пайдалы деп табу. Алайда оған дейін араб әліпбиіне кейбір өзгерістер енді. Олар Нәзірдің (Нәзір Төреқұлов – С.О.) латын әліпбиін арабшадан нашар дейді. Бізде үлкен және кіші әріп болмауы қажет, сонымен бірге тасқа түсетін әріп пен жазбаша әріптің айырмашылығы байқалғаны жөн. Орысша жағрапияны академиялық орталық баспа алмайды. Оны Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының талқысына салып, сонан соң хабарлармын. Соңғылар бастыртады деп ойлаймын, өйткені оларға қазақ жағрапиясы өте қажет. Құшақтап сүйдім. Ахмет.» Бір басында қаншама жауапты жұмыс. «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп өзі айтқандай, бәрі келешек қамы, елдің жайы. «Адамдық диқаншысы» тірі болғанда, әлі талай баға жетпес туындылар жазып, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тіліміздің, діліміздің көкжиегі кеңи түскен болар еді-ау... Әлихан 1925 жылдың 23 маусымында Ахметке жауап хатында профессордың тамыз, қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатынын, қазір Берлинге кеткенін, келгесін сапарын Қостанайдан бастауын өтінгенін, бұған оның келіскенін жазады. Хатта профессордың есімінің Макс еккені көрсетіліпті. Бұл профессордың Макс Кучинский екендігін дәлелдейді. Сұрапыл дауыл алдында жазылған Әлихан хатынан коммунистер мен бұрынғы Алаш партиясы мүшелері арасындағы бітіспес кикілжің, бір – бірінің үстінен арыз жазуы сол кезде де болғаны байқалады. Осы қайшылық, бір-бірінің үстінен арыз-шағым жазу отыз жетінің ойранына ұласып, халқымыз басқа халықтарда гөрі қуғын-сүргінге көбірек ұшыраған жоқ па деген ой келеді. Жүсіпбек Аймауытов 1924 жылдың 16 мамырында Мағжанға хат жазып, ақындығын жоғары бағалап, «әдебиетімізге «Жаралы жан», «Қорқыт», «Баян» секілді сөз кестесін берген ақыннан әлі күтеріміз көп» дейді. Хатта Жүсіпбектің арнасынан асып, тасып жататын сөздері жоқ, байыпты, біртоға. Білгірлік, шешендік, дидактикалық сарын басым. Көп оқып, көп білетіндігі көрінеді. Мағжанға, жалпы әдебиетке, ұлтымызға жанашырлық сезіледі: «Пушкинді Пушкин еткен оның өлең жазғыштығы емес, өмірдің өзге көрмеген сәттерін елден бұрын сезе білуі, алғыр ақылы, тіршіліктің ең қажеттісін таңдай білу балгерлігі секілді ғой. Қазағым деп қамығып жүрсің. Тасбақаша мимырт жүрсең көп нәрсені қамтисың. Арғымақша ағындап, жүйткіп өткеннен гөрі сол мимырттық мазмұнды. Маңдайдағы көзбен емес, көкіректегі көзбен қамтышы». Жүсіпбек бұл жерде өзінің ағындатып жазатынын мегзеп отырған тәрізді. Хатты баяу бастап, асықпай жазуының да бір себебі осында жатқан сияқты. Хат былайша жалғасады: «Жиырмасыншы ғасырдың перзентісің. Өз сөзіңмен айтсақ, «опасыз өмірдің», «өтіріктің қарғысы ұрған», «қаскөй тағдырдың» заманы туған кезде адам өз өмірінің қожасына айналып, жаңа үмітпен, жарыққа, жарылқаушылыққа бет бұрған мезгілде сөз дарыған мықты ақын бейтарап отыруға тиіс емес. Бүгінгі күн қанша қамыққыш болса да Байронның өзін төңкерісшіл деп жүрміз. Төңкерісшіл ақын алға ұрандап шаба берсін деуден аулақпын, шынымды айтсам, күн санап сезім шырғалаңынан шығып, тақырып шеңберін кеңейтіп, шынның жүзіне тура қарап, дарын тағылымыңызды жетілдіре беруіңізді тілер едім. Біреуге өйте ғой, бүйте ғой деп өтініш ету бұл заманда қалып барады. Әсіресе ақынға бұйрық жүрмейді. Өтініш өтпейді, өктемдік келіспейді. Әйтсе де себепсіз салдар тумайды. Осы ретте сіз бен бізді қазекемнің қасиетті сөзі туыс ете түссе, ойымызға ой, отымызға от қосса – мақсатымызға жақындай түсетініміз баршаға аян. Даңқтың дабылкеші болмай-ақ, мақсаттың құлы бола білсек жетеді. Не жазып жүргеніңді білгім келеді. Сәлеммен себепшіңіз Жүсіпбек». [Досжан Д. Абақтыдан жеткен хаттар //Қазақ әдебиеті, 7 ақпан, 1992. Б.7.] Хатта әріптесін қамшылау бар. Мақсат – халық мүддесін, қажетін өтеу. Ақын заманының ауанын түсініп, тізе біріктіру керектігін ертерек сезінген секілді. Мағжанның шынайы ақындығына қол соғып, заман ағымына үн қосуын, қара бастың қамынан, сезімге құл бола беруден қол үзіп, халық мүддесін ойлап, ойлы дүниелер тудыруын сұрайды. Онысын тура айтпай, ишарамен жеткізіп, Байронның төңкерісшілдігін есіне салады. Ш.Құдайбердіұлы бүкіл адамзатты сүйе біліп, адамзаттық құндылықтарға үн қосуды ойлады. Оны 1931 жылы 3 ақпанда С. Мұқановқа жазған хатынан да байқау қиын емес: «...Мақтан емес іздегенім, тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан хақиқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін» деген жолдар растай түседі Адамдықтың, адалдықтың жолын қуған ақын хаты арының жалауындай: «Міне, осыны айтып отырғаным да адамшылық арым: барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, «Жан сыры, жаратылыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім. Әттең, дүние, осыны құр қазақша ғана басып қоймай, орысшаға да жақсы переводпен переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім...» Ақын арманы кеш те болса орындалды. «Жан сыры, жаратылыс сыры» жайындағы «Үш анық» жинағы республикалық «Қазақстан» және «Ғақлия» ғылыми-әдеби орталығынан 1991 жылы қазақ, орыс тілдерінде бір кітап болып басылып шықты. Шәкәрім сынаса да, құптаса да жазған еңбегіне әділ пікір айтушының болғанын қалайды. Бұл өзіне деген талаптың биіктігі, шынайы таланттың елден күткен бағасы еді. «КАССР п/о Попов Остров 1-ое Соловецкое отделение, СЛАГ 1, лагпункт Дулатову Мир – Якубу Дулатовичу, Архангельск, Соломбала, 1-я деревня, 1-я линия, д.9. 32 жыл, декабрьдің 31-і. Міржақып, Мырзағазы (Есболұлы - С.О.), Ғазымбек (Бірімжанов - С.О.), қарақтарым, мен Архангельге 30 ноябрьде келдім, - деп жазады А. Байтұрсынов. - Келген күн демалыс күн болғандықтан ешкімді іздеп тауып алуға болмай, далаға түнегендей болып, түнімен жатпай көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адам келесі таңертеңге дейін отырарға жер таппадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды. Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы (Байтасов - әдебиетші - С.О.) тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетіңше пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді. Келгеннен бері орын іздедім. Әлі табылған жоқ. Талай үміттенген жерлерге тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға – біріне айдалған болған соң алмаймыз дейді, біріне әуелі профсоюз мүшесіне аламыз дейді. Біреулеріне үшекеңнің (ГПУ – С.О.) рұқсатын сұраймыз деп, сұрағаннан кейін болмайды дейді. Сонымен әлі күнге дейін орын іздеп, сандалумен жүрмін. Орынсыз адамға нан карточкасын, столовой карточкасын бермейді. Ол карточкалар болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің, базар қымбат. Нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлде қашан бітіп қалды. Абдолла мен қыр баласы (Әлихан Бөкейханов Ахметке ақша салып тұрған - С.О.), екеуінің араласуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қыр баласы орнында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім, ол болмаған соң көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар. Құшақтап сүйдім. Ахмет». [Дулатова Г. Аманат //Жұлдыз, № 3-4, 1994. Б.8.] Қысқа ғана хаттан оның авторының мінез-құлқы, асықпайтындығы, дос-жаранға мейірбандығы, әр нәрсеге байыппен, ерекше ықыласпен, ыждағаттылықпен қарайтыны, парасат-пайымы, байқампаздығы, өмірге құлшынысы, тіршілік үшін күресі байқалып тұр. Есіңе А. Байтұрсыновты өз көзімен көрген Ғалым Ахмедовтың “Ахаң ірі денелі, бірақ семіз емес, тұлғасы еңкіштеу, өте келбетті, салмақты, асықпай, жай, ақырын сөйлейтін адам еді. Аса кішіпейіл, кез келген адаммен, үлкен болсын, кіші болсын, айтқанын зейін қоя тыңдап, жөн сөйлесуші еді, оның үстіне өте қайырымды адам болатын” [Ахмедов Ғ. Алаш “Алаш” болғанда. А., Жалын, 1996. 32 б. кіт.к. 224 б.] деген сөзі еске түседі. Қатал тағдыр қаңғытып, әр үйдің есігін қақтырып, жатар орынға, жұмысқа, бір үзім нанға зар етіп қойса да мойымайтын, әлсіздік танытып, езіліп, егілмейтін мінез бар мұнда! Ойын асықпай-саспай, шашыратпай, әр сөзді қолмен қойғандай етіп байыппен, кезегімен жеткізген. Сондай-ақ хатта Архангельдің сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігі де қылаң беріп, елдің саяси ахуалы көрініс табады. Бір халықтың ардақтаған арысының кеңес дәуіріндегі қал-жағдайы кім-кімді болса да ойландырып, жүрегін түршіктіреді. Қазір қызметтен босап, ақшаң таусылған күні сырт беретіндер көбейіп, бір тілім нанды бөліп жеуден гөрі “бар болса, көре алмайтын, жоқ болса, бере алмайтын”, бірге туған ағайынды кісілер арасының өзінде дүние бөлісе алмаушылық, ұрлық-қарлық етек алып тұрған заманда Абдолла мен Әлиханның Ахметке көмегі көңіл қуантады, мұздай бастаған жүрегіңді жібітеді. Бұл кейінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық қастерлі іс. Өзі баспана, жұмыс таба алмай қиналып жүрсе де уақыт тауып, дос-жаран інілерін іздеп Ахметтің хат жазуы да оның адалдығын, биік адамгершілігін дәлелдей түседі. Әйтпесе, туған анасына да хат жазуға ерінетіндер аз ба қазір?! Ал Ахметтің Міржақып, Ғазымбек, Мырзағазыға жазған екінші хатында сол кездегі “халық жауы” атанып Сібірге айдалған көптеген ақын – жазушылар мен ғалымдардың, журналистердің, белгілі партия, кеңес қызметкерлерінің тәлкекке түскен тағдыры бар. Автор тағы да көрген азабын, халықтың тұрмысын, елді аштық жайлап алғанын, қу жақтың (Ахмет Голощекинді осылай атапты) орнынан түскенін, Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовтің қамаудан босағанын жазады. Ахмет кім үшін, не үшін азап шегіп, жер аударылып жүр?! Әрине, ел үшін, қазақтың қамы, болашағы, ар – намысы үшін. Қанша азапты көрсе де ақын алған бағытынан таймай, елдің жағдайын ойлап “Хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен” [Дулатова Г. Аманат //Жұлдыз, № 3-4, 1994. Б.9.] деп торығады. Осы хатт а Мұстапа деген кісінің есімі аталады. Ахмет, Міржақыптармен үзеңгілес екі Мұстапа болған. Бірі Мұстапа Көшеков – торғайлық, екіншісі – Мұстапа Бұралқиев – жамбылдық. Воронежге жер аударылған – Мұстапа Бұралқиев. Бұл жайында М. Дулатовтың қызы – Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова да “Жұлдыз” журналына шыққан “Аманат” [Дулатова Г. Аманат //Жұлдыз, № 3-4, 1994. Б.3.] аталатын естелігінде Мұстапа Бұралқиевтің жұбайы – Ботагөз Асқарқызы Воронежде Шатилов тәжірибе станциясында агроном болып істегенін көрсетеді.
М. Жұмабаевтың С. Мұқановқа жазған хаты да жоғарыдағы хаттармен мазмұндас: 1937 жылы М.Жұмабаев Сәбитке төмендегідей хат жазыпты. Бұл хат отыз жетінші ойранды жылдардың куәгеріндей: “Құрметті жолдасым Сәбит, сіз менің Петропавловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январдің басында мені қызметімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де, біраз уақытқа басылып қалған еді, бірақ январьдің соңында бұл жай тағы да әңгіме болды да, мені жұмыстан шығарып жіберді. Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын. Декабрьде көркем әдебиеттердің қазақ баспасымен Толстойдың “І Петр”, Некрасовтың “Декабристерін” аударуға келісім шартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын халде отырмын. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма қатты батады. Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшімен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүмкіндігін айта отырып сізді де бірдемеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім мәжбүр етіп отыр. Кешіріңіз. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан “Степняктан” жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қайтамын. Құрметпен Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл" [//Қазақ әдебиеті, 15 маусым, 1990. Б.6.]. Мағжанның хатын алған Сәбит 1937 жылдың сәуірінде Қазақтың Көркем әдебиет баспасының меңгерушісі Жаманқұловқа: “Сізге белгілі болғандай, қазір Алматыда Мағжан Жұмабаев жүр. Ол жазушылар одағына өтініш жазып, антисоветтік қателерін мойындайды, түзелуіне көмектесуді өтінеді, жұмыс беруді сұрайды. Осы мәселе жөнінде Мирзоянда болдым. Ол Мағжанға еңбек етуге жағдай жасаңдар, орыстың классикалық әдебиетін аударсын, материалдық көмек беру керек”,- деп хат жазып, соңына: “бұдан әрі Жаманқұловқа Сәбең “Прошу тебя как члена партии и зав. КИХЛ-ом, учусть эту мою записку и слов тов. Мирзояна на перевод с выдачей аванса по договору”,- деп қосады. “Сәбеңнің Мағжанға жасаған бұл қамқорлығы “қырағы көзден” таса қалған жоқ. Кейін “Қазақ әдебиеті” газетінің “Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгені - үлкен саяси қателескені” (Зауал, А., 86 б.) немесе “Жазушылар ұйымына бастық болған Мұқанов та кейбір жау элементтерге жанасып жүрді. Уәлиахметовпен бірлесіп кітап жазды. Айсаринды жұмысқа алуға ұсынумен болды. Ақырында Жұмабаевты шақырып алып, оған аударма кітап бергізді. Партиядан қуылған Орманбаев Жұмабайды қызметке алды” (сонда, 89 б.) деп оған пәле жабуы осыған дәлел емес пе?!” [Кәкен А. 37-жылы Сәбең қалай тірі қалды? //Қазақ әдебиеті, 2000, 9 маусым. Б.7.]. С.Мұқанов жан-жағындағыларға жанашыр, әсіресе, ақын-жазушыларға көмегі көп тиген кісі. Мәселен 1943 жазылған мына бір хатты оқып көрейікші:
“Халық ақынына тығыз түрде көмек жасаңыз!”
Ақсу аудандық партия комитетінің секретары Несіпбеков Әнуар жолдасқа!
“Сіздің Ақсу ауданы 23 ауыл советіне қарайтын “Үштөбе” колхозының мүшесі, халық ақыны Қуат Терібаев – аса мықты ақындарымыздың бірі. О кісі үлкен талант иесі, тілге шебер, қазақтың көркем сөзін, ескі әдебиетін жүрегіне сақтай білген ақын. Жақында Қазақстан Жазушылар Одағының ІІІ пленумы болып өтті. Сол пленумға Алматы облысынан делегат етіп Қуат ақынды шақырған едік. Жол қаражатын да жіберген болатынбыз. Бірақ Қуат ақын келе алмады. Біздің сырт естуімізше Қуат Терібаевтың хал-ахуалы өте нашар көрінеді. Сондықтан Сізден сұрайтынымыз: “Қуат ақын тұратын ауыл советінің басшысы мен колхоз басқармасына ақынның жазу жұмысына жағдай жасауды тығыз түрде тапсырсаңыз екен. Қаражаттан көмектесіп, ақынның творчестволық қызметпен айналуына жағдай жасасаңыз екен. Сәлеммен Сәбит Мұқанов. 31.03.1943 жыл” [//Қазақ әдебиеті, 2000, 9 маусым. Б.3.]. “Бәрінің басы-қасында Сәбең жүрер еді” мақаласында Ғалым Ахмедов те: “Сәбит аға көп жыл Жазушылар одағын басқарды. Бір жақсы шығарма жазылса, не жас талант көріне қалса, қуанып жүруші еді... Әркімге-ақ шарапаты тиген Сәбит аға аса жайдары, кішіпейіл, үлкенмен де, кішімен де өз қатарындай әзілдесе сөйлесіп баурап алатын мінезге бай, көптің адамы еді” [//Қазақ әдебиеті, 2000, 9 маусым. Б.3.],- деп жазады. 1960 жылы С.Мұқановтың 60 жасқа толуына орай сол кездегі “Социалистік Қазақстан” газетінің Павлодар облысындағы тілшісі болып жүрген Ә.Нұршайықов “Танысу” деген очерк жазып, оны облыстық “Қызыл ту” газетіне бастырып, жазушының өзіне хат жазып салып жібереді:
“С.Мұқановқа
Қадірлі Сәке!
Өзіңізді және үй-ішіңізді Октябрьдің 43 жылдығымен құттықтаймын.
Сіздің туған күн тойыңызға тарту ретінде мына бір очеркті жазып, облыстық газетке бастырып, Өзіңізге жіберіп отырмын. Оқып шығып, пікіріңізді сүйкей салуыңызды өтінемін. Бұл Сіз туралы жазбақ боп ойлаған очеркімнің тек бірінші тарауы. Алғашқы ойым: 2) Сәкеңнің сәлемдемесі (“Сұлушашты” солдаттардың майданда оқу туралы); 3) Елге қайтқанда (Сіздің менімен және мен сияқты жас әдебиетшілермен соғыстан кейінгі қарым-қатынасыңыз жайында); 4) Жазушы хаты (Өзіңіздің маған жіберген бір хатыңыз хақында); 5) Жасыл книжка (алғашқы тараудағы Сіздің қолыңызда қалған қойын дәптердің менің қолыма көп жылдан кейін қайта тиюі, ол книжкадағы өлеңдер арналған адамдардың тағдыры, т.б.) деген тағы төрт тарау жазу еді. Оған бұл жұмысқа кеш кірісіп қалғандықтан, тек бірінші тарауын ғана жазып үлгірдім де, өңге бөлімдерін сол күйде ойда қалдырдым. Өйткені Сіздің тойыңыз тарқап қалды да, өзге тарауларды оған дейін жазып, оқушыға ұсына алмайтын болдым. Ал той өткен соң бұл жұрт қажетіне жарамай қала ма деп есептедім.
Қолыңызды қысып, Сіздің Әуезханыңыз - Әзілхан Нұршайықов. 4/ХІ.1960 ж. Павлодар” [Нұршайықов Ә. Ескі хат //Қазақ әдебиеті, 2000, 9 маусым. Б.4.]. Біреулер мұндай хаттарды елей бермеуі де мүмкін ғой. Сәбит жас журналистің сәлемін жауапсыз қалдырмайды:
“Жолдас Нұршайықовқа!
Құрметті Әзілхан!
Ұлы Отан соғысының қанды күндерінде майданнан келіп, танысқаныңды әнеукүнгі “Қызыл ту” газетінде жаздың. Аралас-құраласымыз аз болғанымен, содан бері жүректің жылы түкпірінде жүретін сен менің 60 жылдығым тұсында інілік, туысқандық, жолдастық көңілмен тойға көп атсалыстың. Сол қызметіңе алғыс ретінде, 40 шақты жыл бойына әдебиет майданында атқарған күрестердің бір белгісі сияқты мына “Өсу жолдарымызды” жіберіп отырмын. Бұдан, бәлкім, ертерек жібермек ем, өзіңе мәлім “ымшық-шымшық” бөгет жасады. Кешігіңкірегеніме кешірім өтініп, аз сыйды көпке балап алуыңды өтінемін.
Жаңа – 1961 жылың құтты болсын! Үй-ішіңмен сау, өмірлі, бақытты бол!
Туысқандық, ағалық көңілден, – С.Мұқанов.
2-1-1961. Алматы” [Нұршайықов Ә. Ескі хат //Қазақ әдебиеті, 2000, 9 маусым. Б.4.]. Ал мына хаттардан ақын-жазушылардың бір-бірімен достығы, сол кезеңнің тыныс-тіршілігі кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар, журналистердің қызықты да азапты қызметі, шығармашылық ізденістері көрінеді. Бейімбет пен Ілияс түйдей құрдас, арман-мақсаттары да бір. Сондықтан да екеуінің арасында жасырын сыр бола бермегенге ұқсайды, әзіл-қалжыңдары да жарасты. Бейімбеттің хаттарынан оның шығармаларына тән юморларды жиі ұшырастыруға болады. 1925 жылы Бейімбет Қостанай губерниялық партия комитеті мен губаткомының органы “Ауыл” газетінен Қызылордаға “Еңбекші қазақ” газетіне ауысқан болатын. “Еңбекші қазақта” 1928 жылдық ортасына дейін істеген Б.Майлин үлкен бедел-абыройға жетеді. Бұл – оның журналистік қызметінің, жазушылық творчествасының ең бір шұрайлы, қомақты, жемісті кезеңі. Ол газет ісіне аса зор, аса маңызды іс деп қараған. Газеттің беделін арттыруға қосқан үлесі ұшан-теңіз” [Бейісқұлов Т. Дарын даралығы. А., Қазақстан, 1994. 30 б.]. 1928 жылдан 1932 жылға дейін “Ауыл тілі” газетіне ауысады. Төмендегі хаттар сол 1928 жылдан 1932 жылға дейін жазылған.
“Ілияс!
Түнәукүні басқармада отырғанда бір жұмыс тапсырып едім. Барған соң біліп маған хабарын бермекші едің. Ұмытып кеттің-ау деймін. Тапсырған жұмысым – былтыр Центриздатқа бір кітап беріп едім, “Жастық жалыны” деген. Содан дерек болмай кетті. Бірнеше рет хат жазып бір жауабын ала алмай-ақ қойдым. Осыны саған әлде болса да тапсырам. Бар-жоғын, басылатын-басылмайтынын айтып маған хат жазсаң деймін. Мүмкін болса жауапты тезірек жіберсең жақсы болар еді. Бір-екі жылдан бері журналдарда басылып жүрген бірсыпыра әңгімелерім бар еді. Солардың бәрінің басын бір жерге қосып, үлкен кітап қылып баспаға берсем деп ем. “Жастық жалыны” онда басылмайтын болса, мынаған қосып жіберуіме керек-ақ. Басылмайтын хабарын айтсаң, сонымен бірге, таба алсаң, қолжазбамды өзіме қайтарсаң, менің тапсырған жұмысым толық орындалды деп білем. Бір қалыпта жұмыс істеп жатырмыз. “Жаңа әдебиет”-тің 3-інші саны жақын арада шығады. 4-інші саны баспаға берілгелі жатыр. Сен бір өлең жіберген екенсің, Шаймерденнен алып оқып көрдім. 4-ші санға басамыз деп отырды. Бір жапырақ өлеңіңді Сара маған беріп еді, мен “Ауыл тілі”-не басып жібердім. Қысқа ғана жіберіп тұрсаң, “Ауыл тілі”-не басып жіберіп тұруға болады. Хат жаз.
Қош бол.
Менің адресім: Қызылорда. Ленин көшесі, N 24 үй. Майлинге.”
Бейімбет 1928 жыл, 2 сәуір [ҚРОММ. 1368-қор. 1-тізімдеме. 2-іс. 72 п.].
Автордың Сара деп отырғаны – қазақ әйелдері арасынан шыққан тұнғыш партия, кеңес қызметкері журналист, “Әйел теңдігі” журналының редакторы болған - Сара Есова. “Әйел теңдігі” журналының әдебиет бөліміне Сәкен Сейфулин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқановтар белсене араласқандықтан басылым мазмұнды, тартымды болып шығып тұрған. Бейімбеттің “Шұғаның белгісі” (1927), “Раушан коммунист” (1928) повестері тұнғыш осы журналда жарық көрген. Хат сол 1928 жылы жазылып отыр. “Сәкен Сейфулин, Бейімбет Майлин журналдың (“Әйел теңдігі” журналы – С.О.) шығарушылар алқасында мүше болумен бірге жас жазушылардың өлеңдерін түзетіп жариялағанда да көп көмек көрсетті” [Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразай Ф. Қазақ журналистикасынын тарихы. А., Рауан, 1996. 144 б.]. Хаттағы Сара – Сара Есова деп сеніммен айтатын тағы бір себебіміз – Бейімбет сол 1928 жылдың 6 қыркүйегінде Ілиясқа хат жазғанда қасындағы Сара да Ілиясқа хат жолдапты.
Шаймерден – Шаймерден Тоқжігітов болуы керек. Журналист, сыншы. Бейімбет Ілиясқа 1928 жылы 6 қыркүйекте жазған хатын сөз ойнатып: “Денің сау шығар. Оған шәгім жоқ. Терезе ашылып қалып, жел тимесе, ауыра қоймаған шығарсың”, - деп бастап, әрі қарай да әр сөздерін астарлап, қуақылана әзіл-шыны аралас жеткізеді: “Мен де өзің көргендеймін, саумын. “Жол көріністерін” жазам деп саған уәде беріп кетсем де, әзір ешнәрсе жаза алған жоқпын. Жазарлық та емес. Ташкенде үш-төрт сағаттай-ақ болдық. Оның өзін қыдырумен өткіздік. Енді бұдан әрі жүруге бет түзеп, билет алып, буфетте отырмын. Адам көп болған соң шет жағына отыра салып едім, Ташкеннің халқы мұндай көргенсіз болар ма, ерсілі-қарсылы жүріп мазамды кетірді. Кітап оқуға кірісіп едім, болдыра алмаған соң, бас салып саған хат жазғаным ғой... Хат жазғанмен, күрделі бір нәрсе жазды екен деп дәмелі болма, айтатын дым жоқ. Жалғыз-ақ айтайын дегенім – Нұрғали бөлмесінде жалғыз жатуға қорқып Қызылорданың көшесінен бірге қонатын адам іздейтін көрінеді. Бөлмелерің басқа болғанмен, үйлеріңнің керегесі бір, Нұрғалиды қорқытпай, қыдырыңды кемітіп болса да (қолың тисе деймін) үйіңде жата салсаң да болады... (Мұны Нұрғалидың құлаққағысымен жазып отырмын). Хаттан Бейімбеттің сәл қолы босаса кітап оқитын әдетін, қол қусырып қарап отыра алмайтынын, босқа өткен әр сағатына өкінетінін, кітап оқыған кезінде тыныштық тілейтінін байқаймыз. Жұлдызша қойып автор хатын әрі қарай жалғастырыпты: Сенімен кетерде бір мәселе жөнінде әдемілеп сөйлесермін деп едім. Кеше “настроением” болмағанын өзің де сезіп едің, сондықтан кейінге қалдырдым. Аман барсам (аэропланнан құламай) айтармын.
Көрмегелі көп болды, Аманғалиға сәлем айтарсың”.
Аманғали – фельетонист Аманғали Сегізбаев болуы мүмкін. Бейімбет те, Аманғали да сатирик. Хат Қызылордаға жолданып отыр. Аманғалидың “Қызылорда жалдаптары” фельетоны сол 1928 жылдары жарық көрді. Ол тұста Қызылорда астана. Аманғалидың да “Әйел теңдігі” журналында өлеңдері мен әңгімелері жиі шығып тұрған.
“Ташкеннің дачаға баратын пойызы жүргелі жатыр екен, қаптаған адам ерсілі-қарсылы жүгіріп мазам жаман кетіп отыр. Бүйте берсе “настроениемді” бұзып жіберуден тайынбас. Сен ренжімесең осы хатты аяқтасам деймін. Бұған қарсылық жоқ па? Қарсы болмасаң қолынды көтер! (Единогласно!) Сонымен, сөйтіп біздің хат аяғына бір табан жақындады білем. (Осы жерге келгенде Ғаббастың шатынап отырғаны көзіме елестеп...)”. Бейімбеттің стилі! Әдейі досының көңілін көтерейін деп сөздерін күлкіге құрып, арасында орысшалап та қояды. Ғаббас – Ғаббас Тоқжанов деп ойлаймыз. Қаламы жүйірік, білімді журналист 1926 жылдың маусымынан 1932 жылдың мамырына дейін “Еңбекші Қазақ” газетінде редактор болды. 1928 жылы Бейімбет те сол газетте қызмет істеген. Ғаббас редакторы. “Нағиманың ұйқысы келіп есіней берген соң Сараны ертіп шайханаға шай ішуге кетті. Мен пиво ішумен болып жатырмын. Шөлдеп отырған шығарсың, кел, бір көтеріп жіберейік...” . Нағима – Қазақстан партия және кеңес қызметкері, әйелдер қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі, журналист – Нағима Арықова деп білеміз.
“Енді бітірдім. Қош, көптен бері көрмей сағынып та қалды білем, Ташкеннің вокзалы. Бейімбет [ҚРОММ 1368-қор. 1-тізімдеме. 2-іс. 76-75 п.п]. Хаттың сыртында “Б-ның С-мен кетіп, көңілі тасқындап жүргендегі жазған хаты еді, сақталсыншы!” деген жазу бар. Шамасы Ілияс жазған болуы керек. Досының шалқып жүргенде жазған хатын сақтауда тапсыруы қимас көңілден шыққан шынайы сүйіспеншілік.
Сара Есованың хаты
“Бұл хатты орта жолдан жазып отырмын. Ташкенге мана келіп едік, пойыз келмей, әлі отырмыз, іш пысыңқырағасын мына хат жазылып отыр. Жол көңілді. Осылай барсақ, Алматыға барып жеткеніміз де білінбейтін (дей), жолдастарым жақсы емес пе, менің ішім пысатын емес. Бейімбет те хат жазыпты. Саған бір (әзіл) ақыл жазыпты ғой. Соған мен де қосылам. “Қыдырысты” тым көбейткеннің себебі не екен? Мен бір нәрсе болар деп ойлар едім, бірақ, алдымен өзің айтшы!
Алматыдан тағы жазылар.
Хат салсаң окружком адресіне жазарсың.
С.”[ҚРОММ. 1368-қор І-тізімдеме. 2-іс. 74 п.].
Хаттың сыртындағы ескерту шындық сияқты. Оны Бейімбеттің де, Сараның да сөздерінен аңғаруға болады. Хатты екеуі келісе отырып жазғанға ұқсайды. Өйткені Бейімбеттің не жазғанын Сара біліп отыр. Хат жазушылар мен алушы бір-бірлерінің сырын бұрыннан білетіні байқалады. Окружком – БК(б) П Қазақстан өлкелік комитеті, Сара 1925 -32 жылдары сонда әйелдер бөлімінде нұсқаушы болған.
Хат – үш журналистің жол сапарынан хабар береді.
Бейімбеттің төмендегі хаты 1929 жылдың 5 ақпанында Қостанайдан жазылыпты:
“Ілияс!
Телеграммаңды жаңа алдым. Жазылған фельетон жоқ. Қостанайға келгелі көп жазып отыра алмадым. Елге шығу үшін ат табу керек болды, киім табу керек болды. Жүгіріп жүріп бәрін де таптым: 20 сомға ат жалдадым. Бір ішік тауып кидім. Аяғыма пима алдым. Әзірмін. Ертең сағат 7-де жолға шығам. Меңдіғара орталығы бұдан 110 шақырым екен, арада бір қонып барамын ғой деймін. Күн кеше бұрқақ, суық еді, бүгін жылынды. Майда жел есті. Күн көзі күлімдеп қарады. Тегінде тоңбаспын деймін. Мендегі материалыңды қайтардым. Ескіртіп алсам ұят болар дедім, өзімнің жинаған бірсыпыра материалдарым болушы еді, оны ауданға барған соң жазбақпын. Так что, 10-15 күнсіз менен материал барып үлгірмес. Ауданға хат жаз. Аманшылықты білдір. Жел ұстап қалған жоқ па? Бір түрлі көңілсізбін...”.
Бейімбет.” [ҚРОММ. 1368-қор. І- тізімдеме. 2-іс 50-п].
Хат сол кездегі жол қатынасының қандай болғанынан хабардар етеді, хат авторының өз қызметіне ұқыпты, үлкен жауапкершілікпен қарайтыны мен мұндалап тұр. Журналист жұмысының ауырлығы да аңғарылады.
Қостанайдан екінші хат: “Қостанайдың білім дүкеніне барып едім, соңғы жылдары шыққан қазақ кітаптарынан таза екен. Келістіріп жазбақшымын. Ауданға барған соң жіберетін материалдарымның алды сол болар... Мана кешке калалық оқу үйіне барып едім, өлкеде шығатын газеттерден жалғыз “Е. Қ.” жатыр, жорналдардың бірі де жоқ... Жолда бірсыпыра кітаптар алып едім, екеуін оқып шықтым. 3-4 кітапты сүр сақтап отырмын. Ауданға барған соң іш пысатын күн болады ғой, сонда оқырмын деймін.
Мен бірер айда кайта алар ма екем, сен білесің бе?
Бірталай жаздым. Не жазғанымды басынан оқып шығайын деп едім, ұйқымды келтірді. Сосын сен оқиды ғой деп жібере салдым. Тегіс окып шыққайсың. [...] Жолдасым ұйықтап жатыр. Мен ояумын. Далаға шығып едім, жел басылыпты. Тымырсық аяз. Жұлдыз жымың-жымың етеді, әлде нелер еске түседі. Күрсінесің. Жүр, қыдырасың ба? Қойдым. Шаршадым. Жатам.
Қош бол – қолынды әкел.
Бейімбет”.
Кеше ғана жазылғандай. Қостанайдан қазақ тілінде шығатын газеттерді табу әлі де қиын. Тек мұндағы “Е.Қ” қазіргі “Егемен Қазақстан” емес, “Еңбекші Қазақ”. [...] Сара товарышты көрсең, Қостанай каласынан бір қазақ сәлем айтыпты – дей сал. Шәймерденге бір сәлем, Әмешқе бір сәлем, тағысын-тағыларға. Сұрағандарға болса айтарсың. Сұрамаса айтпай-ақ қой. ...Асығып бара жатқанын қарашы. Онда не бітірмекші екен? Өй, қырсық десейші! Календарь есіңде бар ма? Жаз. Пешіңе сексеуілді тыға түсіп, қара пальтоны иыққа жамыл да, жазуға кіріс.
Тағы не жазайын?
Осымен аяқтасам ұрыспайсың ба?
Жарайды койдым.
Бейімбет.”
Сара – Сара Есова екені жоғарыда айтылды ғой. Шаймерден – Ш.Тоқжігітов, сыншы, журналист. Әмештің кім екенін біле алмадық. Пешке ағаш тастап қойып, пальтосын иығына жамылып, от қызуына жылынып жазу жазып отырған адам бейнесі көз алдыңызға келеді. Бұл көрініс сол кезеңнің тұрмысынан хабардар етіп, бүгінгі тіршілігіңе шүкіршілік жасайсың. [...] Шаймерден қайда – сырық сырдай болып шаншылып отыр ма? Әй осы мені естеріңе аласыңдар ма? Меңдіқараның кеңсесі - Елжан Оразұлының ауылында болады екен. Елжан өлген кісі. Жазып калдырғандары көп дейді. Және Нұржан ақынның да бірсыпыра жазғандары Елжанның қағазының ішінен табылатын болса керек. Қолым тисе соларды көріп, пайдалану жағын қарастырармын деймін. “Жаршыға” бірсыпыра күлкі жазып жіберсем қайтеді деп ойлап едім, күлкім келмегенге ме, еш нәрсе аузыма түспеді. Сосын ол мәселені кейінге “отложить” етуге тура келді. Мен үшін өзің бірдеме жаза саларсың. Аманғалиға сәлем айт, жорналы уақытында шықпайды деп окушылары ренжитін көрінеді.
Иә, солай жаным. Айыпқа бұйырмасаң, мен осымен хатымдыбітіремін.
Ғафу өтінем!
Бейімбет 1929 ж. 5 наурыз [ҚРОММ.1368-қор І-тізімде. 2-іс. 50п. 50 қайырма п.]. Бейімбеттің ауылдарға жол-сапарға шыққанда халық мұраларын іздестіріп жүретінін көреміз. Елжан Оразұлының балалары болса, Нұржан Наушабаев шығармаларын әлі де іздестіру артық болмас еді. Петропавловск округынан жазылған мына хатта Бейімбет мінезі бар:
“Ілияс!
Шыққалы аманмын. Амандығым да шамалы, суық тиіп ауырып жүрмін. Ауырдым деп жататын заман қайда, ол еріккендердің ісі ғой. Біз, шырағым, ондай еріккен емеспіз. Жүргелі жатырмыз. Ауданға (сол кездегі Бейнетқор ауданы – С.О.) ертең барамыз. Жұмысқа кіріскен соң қол тисе, шатпақтап жазып тұрармын. Мына біреуді жазып едім, басым аурып, көңілсіз отырған соң оңды шығара алмадым ғой дейімін. Жазып болып оқысам, жазамын дегенімнің бәрі ұмыт қалыпты. Әйткенмен де басып жіберулерің керек. Ғаббасқа айтарсың, тағы жазып тұрармын”. Ғаббастың – Ғаббас Тоқжанов екені, сол кезде Ілияс, Бейімбеттердің сол Ғаббас Тоқжанов редакторлық еткен газетте қызмет істегені бұл хатта айқындала түседі. Одан әрі хат иесі Бейнетқорда екі-үш ай болатынын, поштаның жетісіне екі рет қатынайтынын, Алматымен екі ортаға хат шамамен 10 – 15 күнде жететінін айтып, хат жазып тұруын өтінеді. Хат: “Шетте жатқан адам астана хабарына елеңдейді де тұрады ғой. Сәбитпен (Сәбит Мұқанов болуы керек – С.О.) бірсыпыра сөйлестім. Ол, туралы кейін жазармын. Әзірге хош 1930 ж. 20 ақпан [ҚРОММ. 1368 – қор. 1-тізімдеме. 2-іс. 46, 46 – қайырма п.], - деп аяқталады.
“Ілияс!
Мына біреуді тағы жібердім. Ғаббасқа апарып оқып шығыңдар. Ұнатпаса, баспай тастаса, сақтап қойыңдар. Барған соң өзіме табыс қыларсыңдар. Қазір түнгі сағат тоғыз. “Үлгі” артелінің басқарма мүшелері, белсенділері жиналып отыр.
Солармен өндіріс жоспарын талқылауға кірісеміз.
Күн алай-түлей боран. Сібірдің нағыз суығы. Далаға шықсаң, бетің тыз-тыз етеді.
Хош бол.
Аманғалиға айрықша сәлем бола береді ғой.
Жібергендерім басылса, дұрыстап көшіртіп, қол жазбамды сақтап қой.
Бейімбет”
1930 ж. 23 ақпан [ҚРОММ. 1368 – қор. 1- тізімдеме. 22-іс. 45, 45-қайырма п.]. Соңғы екі хат “Ауыл тілі” газетінің фирмалық қағазына жазылыпты. Хатты оқи отырып сол кездегі адамдардың уақытпен санаспай еңбек еткенін, жаңа өмірде жаңалыққа, тіршілікке құштарлықтарын, сенім-қуаттарының беріктігін сезінеміз.
Келесі хат журналист боламын деген жастарға үлгі өнеге:
“Ілияс!
Мына “Аудан өмірі” жазыла келе, ұзап кетті. Оқушыларды жалықтырмас үшін цифрдан қаштым. Бірсыпыра кемшіліктерді қарпып өттім. Онсыз болмайды. “Колхоз союз” аграномдардың мына қылықтарын түзетпесе, елдің көңілін суытады. Ғаббасқа айт, ұзын деп тастап жүрмесін. Бірсыпыра жіберіп аңыстарыңды аңдаймын. “Салқындық” қылсаңдар, жазбай қоюдан да тайынбаспын. Жазуға біртүрлі шабытым келіп жүр, бірақ уақыт жоқ. Осыны жүгіріп жүріп зорға жаздым. Сағат үшті соқты. Жатам. Ертең ауданды аралауға шығам. Таңертең үлгерсем тағы біреуін жазып кетермін. 10 күнсіз ауданға қайтып оралмаспын.
Ерінбесең амандық білдіріп хат жаза сал.
Аманғалиға салем.
Бейімбет.”
1930 ж. 26 ақпан [ҚРОММ. 1368-қор. 1-тізімдеме. 2-іс. 56-п.].
“Ілияс!
Аманмын. Былықтырып тағы бірдеме жаздым. Жазуға уақыт та болмай барады. Книжкеме жазып аламын да, артынан бір қағаберісте құрастырған болам. Бүгін № 9, 4, 2, 10-ауылдарды аралауға жүрмекші едім. Күн боран, соғып тұр. Ертең жүрем. Осы бетімде Қызылжарға да бармақшымын. Тілшілер сиезі болғалы жатқан шығар. Бұл хат барғанша болып та өтеді ғой. Өздеріңе тапсырғаным – менсіз-ақ өткізе беріңдер!
Қатын-баладан дерек жоқ – неге хабар бермейтінін білмеймін!
Хат жазсаң, телеграм соқсаң, адаспай келеді.
Майлинге хат жазғанда “П-павловск. окр” дегенді қоса саларсың.
Бейімбет. 1930 ж. 10 наурыз [ҚРОММ. 1386-қор. 1-тізімдеме. 2-іс. 57-п.].
“Ілияс!
Аманбысың? – Аманмын. Әлі кетіп барамыз. Өгіз аяңға түстік. Жүріс өнетін емес. Қызылжарға қашан жететінімізді білмеймін... Мақаншы жайынан тағы үш әңгіме жазып едім. Соны кетерде саған тапсырмақшы едім, ұмытып кетіппін. Маркі табылса, конверт табылса, бәлкім, жолдап жіберемін. “Жаршы” журналы шықса, біреуін маған арнап жіберт. Өзің хат жазып тұр. Қандай жаналықтар бар, айтып тұрарсың. Ерінбесең біздікіне барып бала-шағаның күйін біліп тұр. Жүдеп қалып жүрмесін. Күн суық. Ызғарық. Боран. Нағыз қыс осы жақта. Сен келе қалсаң, суық тиіп аурудан тайынбас едің. Өзіміз станцияға жалаңбас жүгіріп бара береміз.
Әзірге осымен бітірдім. Қош боларсың.
Бейімбет” [ҚРОММ, 1368-қор. 13 ақпан, 1931 жыл. 1-тізімдеме. 2-іс. 84 п.].
Бейібеттің бұл хаттары оқушыға журналистің жұмыс үстіндегі сәттерін, достарымен қарым-қатынасын, қызметіне деген ынта-жігерін, адалдығын жеткізіп, қаламгерлер өмірімен таныстырады. Сол кездегі қала, ауыл тұрмысы да, дәуір тынысы да көз алдымызға келіп, қиындығы мен қызығын сезінеміз. “Махаббат қызық, мол жылдар” деп Абай айтқандай, бұл лебіздерде Бейімбеттің арман-мақсатқа толы жастық дәурені де көрініс тапқан. “Жүргелі жатырмыз. Ауданға”, “Аманбысың? - Аманмын”,- деп қысқа қайрылған жолдарды оқығанда есімізге жазушының:
“- Уа кімсіз?
- Ыбыраймын.
- Жаймысың?
- Жаймын”, - деген сатиралық өлеңі түседі.
Ұлы жазушы 1931 жылы “Жаңа әдебиет журналында” “Бұл күнге шейін ұзақ әнгіме, өлең жаза алғаным жоқ, оның да басты себебінің бірі – жазуға арналған уақыттың аздығы, кеңсе жұмысының босатпайтындығы” [Майлин Б. Мен қалай жаздым //Жаңа әдебиет, № 6-7, 25-28 б.), - деп жазыпты. Хаттар қаламгердің сол сөздерінің растығын дәлелдейді. “Аттың жолында, атанның қамында” сияқты, мұрсаң келгенде бір нәрсе жазған боласың, оны өңдеуге, кестесін келтіруге көбіне уақыт жоқ” [Сонда],- деп өзі жазып кеткендей, шығармаларының қалай жазылғанын хаттардан байқау қиын емес. Хаттарды оқи отырып сан-түрлі ойға берілесің. Ақжарқын, адал, өмірге құштар, ерекше талант иесі, елімді қайткенде алға сүйреймін деп күндіз-түні тыным таппаған ешкімге жазығы жоқ жанның кешегі зұлмат, зұлым заманда “халық жауы” қамытын киіп, азап шеккені, ақыры атылуға бұйырылғаны жүрегіңді сыздатады. Ал мына хаттар оның алаңсыз, қамсыз, мұң-қайғысыз күндерінің, өмір белесінің айнасы іспеттес. Сондай-ақ, бұл хаттардан сол тұстағы тілшілер жол-сапары бір, кейде үш-төрт айға созылатынын, материалдарын жол-жөнекей қолмен жазатынын, жазу машинкасы болмағандығын, сондықтан оны редакцияға түскеннен кейін жазуы жақсы бір адамға, Бейімбеттің “бала” деуіне қарағанда, сауатты жоғары сынып оқушылары мен студенттерге қайта көшіртетінін, редакция дегенді ол кезде басқарма деп атағанын, тілшілерден келіп түскен хаттарды редакция қызметкерлерінің бірі редакторға оқып беретінін, редактор ұнатып, дұрыс деп тапса ғана газетке жарияланатынын байқаймыз. Яғни, хаттарда 20-30 жылдардағы қазақ журналистикасының жанды тарихы бар. Өйткені хаттарды оқығанда оның бәрін іс-жүзінде көріп-біліп отырғандай, тілшілермен бірге жүріп, бірге тұрғандай күй кешіп, әсер аласың. Әсіресе, журналистика факультетінде оқитын студенттер үшін бұл таптырмас дәріс. Хаттардың ең бір көп жазылған тұсы Ұлы Отан соғысы кезінде болды. Қар жастанып, мұз төсеніп жүрген майдандағы жауынгерлерге ерлік рух беру үшін тылдағы елден лепті сөйлемдермен жазылған патриоттық сезімдегі хаттар легі ағылып жатты. Әсіресе, сол тұста 93 жасқа толған қарт жырау Жамбылдың сәлемінің орны ерекше еді. 1941 жылдың 7 қарашасында «Социалистік Қазақстан» газетінде «Майданнан хат» айдарымен жауынгерлер Оразбай Әуембаевтың, Оспан Байзақовтың және Ленинград Н. бөлімі халық ополчениесінің жауынгері – ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, В.И.Ленин атындағы ҒА-ның доктаранты Кәрім Мыңбаевтың хатындағы «Ленинградтықтарға арнап жазылған жалынды өлеңіңізді сүйген жүрекпен қабыл алып, социалистік Отанымыздың бұлбұлы жүз жастағы Жамбыл ата, Сізге алып Ленин қаласынан жауынгерлік сәлемімді жолдаймын» деген жолдары шынайы көңілден жазылған жалынды сөздер еді.Кәрім хатының аяғын «Барлық совет халқы үшін соңғы тынысым біткенше күресетініме Сізді, Қазақстандықтарды жауынгерлік сертпен сендіремін» деп қайрат-жігер, өршіл рухпен бітіріпті. 1942 жылы 1 мамыр мерекесіне орай жауынгер Дүйсенбай Сейітов пен оның командир досы Борис Сахаров Жамбылға хат жолдап: «Жыр алыбы Жамбыл ата, қазақ халқы мен орыс халқының ұлдары: Дүйсенбай Сейітов пен оның командир досы Борис Сахаров фашизмді мүлде жоқ қылуға майдандағы окопта әзірленуде. Бізге қуатты жырыңызды жіберіңіз. Жырыңыз бізге көмек береді” [Жабаев Ж. 1 томдық. Ал.Қаз.Мем.көркем әдебиет баспасы, 1957. 370 б. кіт.к. 748 б],- дейді. Қарт жырау жауынгерлер тілегін қабыл алып, «Майданға хат» [Жабаев Ж. Сүйікті отанымның ұлдарына //Советтік Қарағанды, 30 апрель, 1942. Б.1.] өлеңін жазады: «Хаттарыңды алдым, балалар,// Қарадым қанша үңіліп,// Қаһарман іске бара-бар// Қайраттар қаулап тұр күліп.// Жауынгер балам Дүйсенбай,// Командир балам Сахаров,// Сөздерің күшті бірегей// Соққандай жауды жапырып.// Қиратып жауды салуға// Ұлдарым менің қам қылған,–// Хабарлап соны Жамбылға// Хаттарың мейір қандырған:// Құртамыз жауды!- депсіңдер,–// Алынар ұпай, одан кек!// Күтеміз Жәке, жыр жібер,// Береді бізге ол көмек!» Өлеңмен жазылған публицистика. Жауынгер сөзін қайталай айтып, ақын оларға рух бере сөйлейді. “Қаһарын төкті біздің ел –// Фашистер қылған қастыққа,// Қанынан жаудың ақты сел,// Қайтара қуды батысқа!” 1943 жылы 17 қаңтарда «Социалистік Қазақстанда» Жамбылдың Балама хат» өлеңі жарық көрді: «Хатыңды, ботам, оқыдым// Халіңді білдім сапардан.// Қуанып соған отырдым,// Гвардеец атанып.// Болыпсың, балам, қаһарман.// Қайтармай жаудан бетіңді,// Қаптаған қолға қасарған.// Жазыпты сәлем достарың// Сөздері семсер секілді// Құрыштан құрап қақталған”,- деп ақын жауды жеңуін, елге аман-есен келуін, майданда жасаған ерліктерін естіп, қуанып жатқанын айтады. Хатының соңын: “Алғадай, ылғи, алда бол!-- Аянған адам болмақ қор!// Бәйгеге бәрін тігемін// Сендерге арнап осы жол!// Достарыңа осыны айт:// Жауларыңды жеңіп қайт!// Айтарым, арнап саған сол» деп түйіндейді. Хатта жалғыз Алғадайға ғана емес, бүкіл майдандағы бүкіл жауынгерлерге бағышталған тілек бар. «Социалистік Қазақстан» газетінің осы 1943 жылдың 30 мамырында басылған Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен» өлеңі де майдандағы армия жауынгерлерінің «Сертті орындау салтымыз» айдарымен берілген хатына орай жазылған жауап хат. Сол тұста Жамбылдың қасында болған ақын Ә.Тәжібаев «Жамбылдың мұндай жырлары күнде туып, барлық тілдерде айтылып, басылып тарап жатты,- дейді. – Ауылынан көп жігіт және солармен өз баласын, Алғадайын қоса аттандырған ақынның жауға деген өшпенділігі ерекше еді. Ол әке болып, ата болып ызаланды, содан барып оның ақындық ызасы туды. Жамбыл ауылда, Алғадай майданда, осы екеуінің әке мен бала байланысы Жамбыл жырларына айырықша жылылық және сезімталдық береді» [Тәжібаев Ә. “Осындай еді ағалар”. Жабаев Ж. Шығ., А., Жалын, 1996. 332 б. кіт.к. 544 б.]. Сол бір жауынгерлерге деген жылылықты Павел Кузнецовқа жазған мына хатынан да сезінуге болады: «Павел, қарағым, араларыңнан шыққан батыр жігіттерге сәлем айт Жамбыл атасынан. Бәрекелде, балаларым ырзамын! Ердің ерлігі осындайда көрінеді ғой, тегі. Өзіміз кәрілік «қой-қойлаған» соң отырмыз. Әйтпесе аянатын немене бар тәйірі. Әттең кәрілік! Отырар ма едім әйтпесе. «Алдына найза өңгеріп// Артына сауыт бөктеріп», - дегендей, біз де кетпес пе едік жорыққа! О, дүние десеңші!
Сөз қысқасы осы, балам!
- Бәріңнің де қолдарыңнан қысып, беттеріңнен сүйдім, қарақтарым! Тойларыңның ішіндемін. Күліп-ойнап көріселік. Атаң Жамбыл. 1943 жыл, Январь” [Тәжібаев Ә. «Осындай еді ағалар». Жабаев Ж. Шығ., А., Жалын, 1996. 352-313 б. кіт.к. 544 б.].
1943 жылы Нартай Бекежанов пен Айманкүл Тәжібаеваның (Ә. Тәжібаевтың анасы, ақын – С.О.) бір-біріне жазған хаттары [Бекежанов Н. Өсиет. А., Жазушы, 1982. 40-41 б. кіт.к 144 б.] Н.Бекежановтың «Батыр ұлға хаты» [Сонда. 43 б] да майдангерлерге рух беретін өлеңдер. Нартайдың «Батыр ұлға хатындағы мына жолдардан “батыр ұлдың” кім екендігі көрінеді: “Қуанды туған жерің Қызылорда,// Атыңды ардақтады ту ғып қолға.// Ер ұлым қос орденді Қуанышбай,// Жау біткенше қаруды тынбай толға”. Жамбыл 1943 жылы қаңтар айында Воронеж майданындағы жауынгерлерден: «Орыстың атақта қаласын абыроймен қорғаудамыз. Сізге соны мәлім етеміз» деген хат алады. Осы хатқа жауап ретінде «Воронеж батырларына» [Жабаев Ж. Воронеж батырларына //Социалистік Қазақстан, 13 январь, 1943. Б.1.] өлеңін шығарады. “Аләйкүмассалауым Қалибекке,// Ағасыз жан-жүрегін қиған көпке.// Хатыңыз он алты жол келіп тиді,// Майдандық бауырыңа жүрген шетте.// Қуанып хатыңызға кеттім жайнап,// Ішімнен айттым алғыс ағатайлап.// Дұшпанмен жағаласып жүрген кезде,// Жалғыз сөз “бауыр” деген берді қайрат.// Ежелден ер тілегі, ел түлегі,// Адал ұл ер боп туса ел тірегі.// Қол жайып шын ниетпен берген бата,// Шаршаған жауынгерге – бел тірегі” [Момышұлы Б. “Қалибекке”. Шығ., Екі томдық. А., Жазушы, 1968. 2 т. 235 б. кіт.к. 268 б.]. Бұл – Бауыржанның 1943 жылы соғыста жүріп КСРО халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, қоғам қайраткері Қалибек Қуанышбаевқа жазған хаты. Ақын-публицистің “Мұхтар аға” [Ұжымдық жинақ. “Бауыржан батыр”. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған М.Мырзахметов. А., Жалын, 1991. 47 б. кіт.к. 352 б.] хатында Ұлы Отан соғысының бұрынғы соғыстардан өзгешелігін, мұнда қара күштен гөрі ақыл, ептілік керек екенін айтып, ұлы жазушының “Намыс гвардиясы” пьесасында жіберген кейбір қателіктерін көрсетеді. Автордың әр пікірінен оның соғыс тактикасын бүгі-шігесіне дейін білетіндігі, батылдығы, хат соңында “Достармен қарым-қатынаста тік әрі дөрекілеумін” деп автордың өзі жазғандай, не нәрсені де жасырмай тура, бетке, жеріне жеткізе айтатыны байқалып тұр. М.Әуезовке берген сұрақтарының өзі зілді, жігерлі, командирдің жауынгерлерге берген бұйрығындай қысқа да қатал: “Валентинаны, оған әртүрлі болмаған нәрселерді таңып мадақтаудың керегі не?..” “Жауынгерлік тапсырманы орындау жөніндегі неғылған әңгіме, бос, мылжың, кімнің саптың басында жүруіне байланысты неғылған саудаға салушылық, неғылған еркіне салушылық пен жалынып-жалбарынушылық?” “Тактика мен стратегияның не екенін шынымен түсінбегеніңіз бе?” “Қазақстан КП (б) Орталық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдіхалықов жолдасқа” [Ұжымдық жинақ. “Бауыржан батыр”. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған М.Мырзахметов. А., Жалын, 1991. 49 б. кіт.к. 352 б.] хатында жазушылар мен журналистердің Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған шығармаларының көбі жасанды, жалған, ұраншылдықпен, бір сарын, бір ізбен құрғақ үгіт-насихат түрінде ғана жазылып жүргенін, жауынгерлердің де сүйек-еттен жаралған жандар екенін, оларда да махаббат, күйініш, сүйініш болатынын, сондықтан да олардың жан дүниесіне әсер етіп, жүрек тебірентетін шынайы дүниелер жазылуы керектігін айтады. Автор ол ойларын жауынгерлердің іс-әрекеттері арқылы суреттеп, нақты, дәлелдей жеткізеді: “Осы кезде саяси жетекші газет әкеліп берді. Жауынгер қолына “Социалистік Қазақстанды” алды. Әлдебір нәрселерді ынтыға іздеп, газет беттерін толық сүзіп, ренжи кері қайтарып былай деді:
- Тағы да “майданға көмек” пе?! Бүкіл газеттің бетін алып жатыр... Одан да адамның жан-дүниесіне әсер ететін материалдар баспай ма?!
Бұл хатта да сылап-сыйпау, орағыта сөйлеу, тұспалдау, түлкібұлаң жоқ. Батыр Бауыржанға тән өрлік, мәселені тікесінен қойып, шындыққа жүгіну басым. Хат – эпистолярлық публицистика. Орыс публицистика зерттеушісі Е.П.Прохоров: “Хаттың басты ерекшелігі сол – мұнда автор мен хат алушы тұтас бірлік құрайды: автор хат алушыға өз түсінігін, пікірін, екеуіне қатысты нақты жағдайға көзқарасын білдіреді” [Прохоров Е.П. Письмо. “Теория и практика советской периодической печати”. – М.: Высш.школа. 1980. с 321. кіт.к. 376 б.],- дейді.
Ал Бауыржанның М.Әуезовке 1942 жылдың 18 наурызында жазған хатындағы: “Мен істедім дегенше – мың істеді десеңші!// Ер істеді дегенше – ел істеді десеңші!// Мен – мыңдікі болмасам,// Ер – елдікі болмаса –// Кім істеді дер едің?” [Нұршайықов Ә. “Ақиқат пен аңыз”. А., Жазушы, 1979. 239 б. кіт.к. 368 б.],- деген жолдар халық әдебиетінің қайнарынан сусындаған ақынның туындысы екенін аңғару қиын емес. Б.Момышұлы хаттарында өзі шығарған, сондай-ақ басқа да ақындардың өлеңдерін келтіріп, ойын өткірлеп, әсерлей түседі. Мәселен, 1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Абдыхалықовқа жазған хатында бір тұста Сұлтанмахмұттың ана тілі туралы өлеңін мысалға алса, енді бірде: “Соған елігіп жақын арада осы кездегі бір қазақ былай дейді”,- деп өзінің: “Көшеде бояу еріп сылқылдаған,// Былдырап орысшалап жырқылдаған,// Ұмытып ана тілін, салт-санасын,// Не қалды тілімізде жыртылмаған”,- деп басталатын өлеңін келтіреді. Осы сияқты 1944 жылы досы Құрманбек Сағындықовқа жазған хатында “досыма” деген өлеңін түзетіп қайта жазғанын айтып, үзіндісін береді.
«Туған жердің қадірін түзге шықпаған адамдар қайдан білсін?..., Туған жердің артығын, жазатайым іс істеп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айрылған, шеттен дәм бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе, кім білсін?» [Аймауытов Ж. Шығармалары. А., Жазушы, 1989. 102 б. кіт.к. 560 б.],- дейді Жүсіпбек Аймауытов. Өмірдің өзінен ойылып алынған сөз. Бұған Қазақ жерінде туып. Қазақстанда әскерге алынған, неміс басқыншыларымен соғыста тұтқынға түсіп, бүкіл ғұмырын қуғын-сүргінде шетелде өткізген Мәжит Дара хаттарын оқығанда көз жеткізе түсесіз. Мәжит 1973 жылдың 6 маусымында Мюнхендегі Хасен Оралтайға жазған бірінші хатында «Бақыты, баяны жоқ, тентіреген бір ғұмыр өтті дерсің. Анау азды көпті сақталған өлеңдер (көтпеген дәптер жоғалды ғой) соғыс жылдарының елесі, елді сағыну сарыны» [Оралтай Х. Шетелде шерменді өткен қаламгерлер //Ана тілі, 21 көкек, 2005. Б.5.],- деп налыса, екінші хатында (қай жылы, қай айда жазылғаны көрсетілмеген. С. О.) Хасенге кітабын шығара қалса алғы сөзін жазғанда ойларын еркін айтуын, өлеңдерінің ішкі иірімдері мен ұйқасымен қалағанындай өзгертуге қарсы еместігін жеткізіп, сыртқы мұқабасына даланың көрінісін беруді өтінеді. Неткен сағыныш?! Даланы күнде көріп жүрген біздің есімізге түсе бермейтін адам жанын баурайтын ерекше сезім. Осы аңсау «Дала – анам мен туған» [//Ана тілі, 15 көкек, 2005. Б.5.] өлеңінде айқындала түседі: «Дала – анам мен туған// Ниетім кең даладай...// Мен бір кеуде, дала – жан,// Даланы жандай сүйемін.// Жаннан кеуде айрылғанда// Өлмей қалай жүремін. 27. V. 1946. Мюнхен”. Ақын жүрегінің елге дегенде соғысы басқа екендігін аңғарған Хасен Оралтай: «Дара өлеңдерінің лирикалық сипаты айқын, оларда туып-өскен ата жұрты сарыарқа самалы аңқиды» [//Ана тілі, 15 көкек, 2005. Б.5.], - деп көрсетіпті. Жат жерде жүрген Мәжит Дараның барлық жан-тәні – қазақ елінде. Қара басының қамынан бұрын Қазақстанды, халқын, мәдениеті мен әдебиетін ойлап қамығады: «Біздің қазақтар осы күнге дейін өз арасынан жетіліп шыққан ұлы кісілеріне ие бола алмады», - деп, Асан қайғы сияқты философымызды, Базар жырау сияқты дидактикалық ақындарымызды ноғайлы деп жүргенімізді, ноғайлы, қыпшақ қазақтардың өз аты екенін, «Кодекс Комманустың» тілі мен қазіргі қазақ тілінің бір-бірінен айырмасы онша жоқтығын, Шыңғыс ханның анасы меркіт қызы (қазақ ханынан – автордың ескертпесі – С.О.) болғанын, Қожа Ахмет Яссауи, Фараби, Мысыр сұлтаны Бейбарыс, Қожа Бектас 100 % қазақ екендігін көп жұрттың әлі білмейтініне қынжылады. Хат иесінің түрік тектес халықтардың өкілін «100 % қазақ» деуі, т.б. пікірлері үстірттеу болғанымен, елге жанашырлығы, ұлттық сезімі жан қуантады. «Тек қазір ғана (хат 1973 жылы жазылған – С.О.) Қазақ Ғылым Академиясы өзіміздің ұлыларымызға ие бола бастады, - деп жалғайды хатын Мәжит Дара. – Қазақ халқы мықты, батыр және ақылды, қадір білетін, ұлтшыл, тіпті қабілетті, достықты, көмектесуді жақсы көретін, мархабатты, басқалардың құқығын құрметтейтін, тәуелсіздікті сүйетін халықпыз. Қазақ халқында ешқандай құлдық болмаған. Қазақтар әрқашан үлкендерге құрмет көрсеткен, үлкендердің сөзін тыңдаған. Бұл біздің жағымды тараптарымыз. Жағымсыз тараптарымыз қараңғылықтан туған...» Ақын, журналист Мәжиттің тілі жатық. Шет жерде жүрсе де қазақ басылымдарын тауып оқитыны сезіледі. Қазақстанда болып жатқан жаңалықтармен таныстығы әр хатынан-ақ көрінеді. Мәжиттің хаттарынан Қазақстанда шыққан кейбір кітаптарға мақала да жазғандығы байқалады: «Қазақ энциклопедиясын жіберсең, риза болар едім. Өйткені, ол энциклопедияның «Анкара», «Ататүрік» мақалаларын Анкараға конференцияға келген профессор, доктор Саим Балмұқановтың өтініші бойынша мен жазып жіберген едім. Ол мақалаларды шет тілден аударып қоюға да болатын еді. Энциклопедияны толығымен қазақтардың жазуын қалады. Сен білетін Қазақстанда қасиетті ұлтшылдық ағымы бар. Мақала авторы жазылмаса да, түпнұсқасында Түркиядан жіберілгендігі және бір қазақтың жазғандығы жазылған. Маған Қазақ Ғылым Академиясы бір данасын жіберіпті. Бірақ, қолыма тимеді. Белгілі ғой, Кеңес одағынан келген кітаптар тексеруден өтеді, қазақша білетін ешкім жоқ. Өтінемін, бір данасын жібер» [//Ана тілі, 21 көкек, 2005. Б.5.]. Мәжит Дара Анкарадан 1974 жылы 6 ақпанда Хасенге жазған екінші хатында екі баласы да университетте тегін оқитынын, Анкарада жоғары оқу орнына түсу өте қиын екенін, алайда университеттің білім беру сапасының төмендігін айтып, «Естуімше Қытай қазақ балаларын шетелдерде оқыту үшін степендия бермекші болған, бірақ біздің қазақтар бізде лицей бітірген балалар жоқ деп ол ұсынысқа көнбепті. Шындығы, өте ұятқа қалдырыпты. Оқу оқып жатқандар мен оқығандардан ешбір қазаққа зиян келмейді: Қазақтың Шығысы, Батысы жоқ, Қазақ барлық жерде сол қазақ. Қаншалықты Қытайлар степендия берсе, қазақ балаларын жіберуі керек. Кім жасаса да Қазақтарға өте жаманшылық жасапты» деп қазақ балаларынан Қытайға оқуға жіберілмей қалғанына өкініш білдіреді. «Мұны өз балалары қамымен жазып отырмағанын, екі баласын қайда да оқытуға жағдайы барлығын айтады.» Біздің қалталы азаматтардың көбісінің ойына осы мәселе кіріп шыға ма екен?! Мәселе байлықта, ара-қашықтықта емес, елге, ел болашағы – жастарға деген жанашырлықта. Хатта елден жырақ, Анкарада жүрген азаматтың халқым, жұртым деп соққан жүрегінің дүрсілі, адал көңілі бар. Хат соңында мынадай ескерту айтыпты: «Хасен, мынаны ұмытпа, біздің яғни түркістандықтардың екі досы бар: орыс пен қытай, дәл осындай екі қас дұшпанымыз бар: орыс пен қытай”. Біздің түркістанның қорғануы қытай мен орыс арасындағы экономикалық және саяси қатынастарына тығыз байланысты. Бұл жағдайды ұстана пайдалану керек». Мәжит Дара біздің елімізге танымал ақын емес. Сұрапыл соғыс болмай, дүние тыныш тұрса, тағдыр тәлкегіне түспесе, бәлкім, кітаптары жарық көріп ақындығы ұшталар ма еді, кім білсін?! Лап етіп жанып, сөніп қалған таланттар аз ба?! Кешегі қуғын-сүргінге ұшыраған, атылып кеткен таланттарымыз қаншама?! Абақтының азабын тартқан ақындарымыздың қуғын-сүргінге дейін жазған өлеңдерін оқып отырсаңыз, айдаудан келгеннен кейінгі жырларынан озықтығын байқайсыз. Неге? Ақындыққа биік рух керек, сол рух жаншылған, тапталған. Іштегі отын сөндірмеу ілеуде – біреудің ғана қолынан келетін құдіретті күш. Мәжит Дараның да басындағы жағдай осы. Ол сондықтан да хатында: «Мен Анкарада елден емес, жерлестерімнен ұзақ, өткен күннің ашық аспанында мүлгіп жүрмін. Нысанбай ақын айтқанындай «Шегірткеден қорыққан жалғыз қазда үн бар ма? Мен де өмірге қарсы жалпы бір апат бар» дейді. Жаны – елінде, тәні жат-жұрттық елінде ақын аңсаған даласына ақыры жете алмай, 1983 жылы Анкарада қайтыс болған. Қай хатта да өмір бар: Кеңес дәуірінің тұрмыс-тіршілігі, қиындығы мен қызығы, ақындардың бір-бірімен сыйласуы, қарапайым күнделікті іс-әрекеттерімен бірге ұлттық мүдде, сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік мәселелер де айтылады. Дәуір келбеті көз алдыңа әкелетін бұл хаттарда елін сүйген ерлеріміздің жүрек соғысы, арман-мақсаты, өшпес рухы бар.
Ұлылар үндестігінің сыры
Қандай шығарма болса да халықтың рухани-эстетикалық қажетін өтеумен бірге ұлт мүддесінің үдесінен шығып, ұйымдастырушылық, үгіт-насихат қызметін де атқаруы керек. Ол сонда ғана оқушысына жетімді, қадірлі, қастерлі бола түспек. Сонау ықылым замандардағы ойшылдар мен олардан кейінгі жыраулардың, ақын-жазушылардың шығармаларына үңілсек, қашан да ұлт мүддесін өз қара басының қамынан жоғары қойып, халық атынан сөйлеген. Олар халықты адал еңбек етуге, оқу-білімге, адамгершілікке, ізгілік, ізетке, имандылыққа шақырып отырған. Сондықтан да болар олардың көбісінің айтқан ойлары бір-бірімен қабысып, бірінің сөзін бірі тірілтіп, жалғап үндесіп жатады. Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадистерінде: «Білім үйрену ғибадаттан да артық және ол діннің де тірегі» [Шымкент, Азиат, 2005. -81 б.], - делінеді. ХІ ғасырда Жетісу өңірінің Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған әлем мәдениетінің ұлы ойшыл ақындарының бірі Жүсіп Баласағұн:
Ақыл қайда болса, ұлылық толады,
Білім кімде, сол білікті болады.
Ақыл – бұйда, ере түссең – жетелер,
Сөйтіп, ары – тілегіне жетер ер!
Ақыл – күллі ісіңді алып шығатын,
Бұл біліммен көрер бектер мұратын.
(«Құтты білік», Алматы, «Жазушы», 1986, 63-64 б.)
десе, Абай:
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішінен қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Ақылың мен білімің екі жақтап, - дейді.
Көріп отырсыздар, Жүсіп Баласағұн білімнің құдіретін айта келіп «Ақыл – күллі ісіңді алып шығатын» десе, Абай да біліммен сусындаған жанды қысылтаяң сәттен ақылы мен білімі құтқарып алып шығатынын жыр еткен: Тәжік классикалық әдебиетінің негізін салушы, философ, заманында «Ақындар атасы» атанған Әбу-л-Хасан Рудаки (860-941):
Қандай да бір тілді алмайық, небір ғажап ғасырлы,
Әрқашан да адамзатты білім мен бақ асырды.
Жүсіп Баласағұн:
Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын,
Білім – жарық, нұрын соған шашатын.
Білім – байлық, арзымас һәм жоғалмас,
Еш қайыршы ұрыға да тоналмас.
Ақыл кімде болса – болар асыл ол,
Білім кімде болса – бек һәм басың ол.
(«Құтты білік». 75-76 б.)
Мұсылмандық шығысқа, кейін бүкіл әлемге танылған әдеби мұра (1082-83) «Кабуснама» кітабының авторы, Каспий теңізінің оңтүстігіндегі Журжанидің әміршісі Әмір Қайқаус (1021 жылы туған): «Аңдасаң, ақыл деген – бір қымбат нәрсе. Оны ұры алып кете алмайды. Ол отқа жанып, суға ақпайды. Білім – ақылдың ажар – көркі». («Кабуснама», 99 б). Үш данышпан да бір-бірінің ойын қайталап, ақыл мен білімнің адамзатқа берер пайдасының ұшан-теңіз екенін көрсеткен. Осы бір ғибратты сөздер ауыз әдебиетіндегі «ғылым ба, мал ма?» деген қысқа әңгімеде кездеседі. Онда тұрмыста ұшырасатын басқа жағдайларға қарағанда, ғылымның он түрлі артықшылығы барлығы әңгіме болады: «Ғылым - әулие-әмбиелердің мирасы, ал, мал – перғуан мен Қарынбай мирасы, ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсың; ғылымның досы көп,ал малдың дұшпаны көп; ғылымды жұмсасаң, арта береді, ал мал қатты, сараң деген атқа қалдырады; ғылым өзін өзі сақтайды, асырайды, ал малды бағу, күту керек; ғылым қиямет күні иесін шапағат қылғызады, ал мал өз иесін қисапсыз жауап бергізеді; ғылым тозбайды, жоғалмайды, ал мал – қолдың кірі: өледі, жоғалады; ғылым көңілді нұрландырады, ақыл-ой қосады, ал мал масаттандырады, болған үстіне бола түссе екен деп дүние қоңыз етеді; ғылым құдайға заһат, таупиқ, ғибадат қылады, ал мал иесінің көңіліне тәккәппарлық салады». Осындағы «ғылым тозбайды, жоғалмайды» деген сөздер Жүсіп Баласағұн өлеңіндегі «білім – байлық, арзымас һәм жоғалмас» деген жолдарды, «ғылым көңілді нұрландырады» деген ой «Ақыл – шырақ қара түнді ашатын» деген тармақты тура қайталап тұрған жоқ па?!
Абай болса бұларды:
Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, - деп екі жолға сыйдырған. Сондай-ақ 38-ші қара сөзінде: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де, хақлық һәм адамдық дүр» («Қарасөздер» Алматы, «Ел», 1993, 81 б), деп жазады. Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадистерінде: «Анаңа, анаңа, тағы да анаңа, содан соң барып әкеңе жақсылық жаса» [Шымкент. Азиат. 2005. -43 б.], - делінеді.
Әмір Қайқаус: «Сені жан-тәнімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата-анаңның көңілін қалдыратындай құрттай іс жасасаң, сен ешқандай да жақсылыққа лайықты жан емессің,өйткені кімде-кім ата-ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығын да бағаламайды». («Кабуснама», 22 б.)
Ыбырай Алтынсарин: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады, себебі ата-анасын сыйламайтын бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды». Екі ғұламаның ойы бір жерден шығып, Мұхаммед пайғамбар хадисінде айтылған тәліммен үндесіп тұр. Үлгі - өнеге, өсиет, тағылым! Әмір Қайқаус пен Ыбырай Алтынсариннің осы бір жолдары «Еңлік-Кебектегі»; «Қарғама! Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттім» деген өкінішті де өзек өртер жүрек түкпірінен шыққан сөзін есіме түсіреді. Қазіргі балалар осыны ойлай ма екен? Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадистерінде «Сұлу әйелден гөрі көп бала тапқан әйел қастерлірек», «Әйел – еркектің екінші жартысы, яғни жақсы қатын күйеуінің өмірін екі есе жеңілдетеді» [Шымкент, «Азиат», 2005. -42-43 б.б.], - делініп, ері мен жарының тату-тәтті ғұмыр кешулері керектігі уағыздалады.
Жүсіп Баласағұн бір өлеңінде:
Әйел алмақ болсаң, егер, қарарсың,
Жіті бағып таңдаулысын аларсың.
Көркін емес, ізгі құлқын қаларсың,
Жақсы болса, ерірсің де жанарсың.
Ей, тыңдаушы, бай әйелден үміткер,
Құлы болып қалма оның, білікті ер.
Кісі ізгісі, гөзәлді іздеп шоларсың...
Сұлуды алма, елге күлкі боларсың.
Кездестірсең ақылды, ізгі адамды,
Ей, ізгі ер, үйлен қойып алаңды, -
(«Құтты білік», 420 б.)
десе, енді бірде:
Қайын алма, алсаң нағыз қатын ал,
Адамшылық сіңген асыл затынан, - деген ақыл айтады. Бұл қазақтың «Қайын алма, қатын ал» деген мақалына дәл келеді. Жәлаладдин Руми (30.09.1207-17.12.1273): «Ақылды адамдармен дос болыңыздар. Ақымақ дос ақылды дұшпанан да қауіптірек екенін біліңіз». Әлішер Науаи (1441, 9 ақпан – 1501, 3 қаңтар): Ішіңдегі ойды сыртқа шығармасаң, жүрекке ауыр тиеді, бірақ аңдамай сөйлесең бәлеге қаласың. Ж.Румидің сөзі «Ақымақ достан ақылды дұшпан артық» деген қазақтың қара өлеңін еске түсірсе, Ә.Науаидың айтқан ақылы «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» мақалымен сарындас.
Абай:
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме.
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, - деп адамның
сыртқы пішіні-тән сұлулығы алдамшы болатынын, ішкі дүниесіне – жан сұлулығына үңілу керектігін ескертеді. Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадистерінде: «Өзінің тілін ғайбат сөздерден таза ұстаған адамға Алла Тағаланың шапағаты тиеді». [89 б.]. «Адамның басына түсер қасіреттің бәрі тілден туады» [88 б.], - делінеді.
Ахмет Үгінеки:
Сөз – есепсіз, тіліңді тый, тарт, ұста,
Тыймаған тіл басыңа сор әр тұста.
Есепті сөз – ер сөзінің асылы,
Мылжың тілді «жау» деп ұғын тартыста.
Білімдіден қалған бір сөз тағы бар:
Әдептіге «үндемес» ат тағылар.
Тіліңді тый – сонда тісің сынбайды,
Жөнсіз шыққан тілден тісің қағылар.
(«Ана тілім – ардағым», Алматы, «Қазақстан», 1990, 77 б.).
Жүсіп Баласағұн:
Тіл – арыстан есік баққан ашулы,
Сақ болмасаң, жұтар, ерім, басыңды!
Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,
Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын?
(«Құтты білік», 65 б.)
ХІ ғасырдың басында өмір сүрген Жүсіп Баласағұн мен ХІІ ғасырдың аяғы, ХІІІ ғасырдың басында ғұмыр кешкен Ахмет Үгінеки өлеңдері бір-бірімен жауаптасып тұрғандай үндесіп, жымдасқан. «Сегіз түрлі адамға Алла Тағала ерекше қаһарын төгеді, ел ішінде суайт атанғандарға; айналасындағылардан өзін орынсыз жоғары ұстайтындарға; діндес бауырларына іштей қызғаныш білдіріп, ал кездесе қалғанда жымың қағып, жақсы болып көрінетіндерге; Алла мен пайғамбар нұсқан істі орындауға қинала барып, ал шайтанның шақыруына тез ілесіп кететін адамдарға ; жалған уәдемен күнделікті заттарды пайдаланып қалуға тырысатындарға; достардың арасында от салып, жанжалдастыратындарға; іштей жақсы адамдарға күйе жағуға ұмтылғандарға. Бұл адамдарға деген Алла Тағаланың қаһары ерекше қатал». [28 б.]. Гераттан шыққан белгілі хакбалит сопы Әл-Ансари (1006-1089): «Ұятсыз, арсыз адамдардан аулақ жүр,себебі осы өмірде де, мәңгілік өмірде де қорлық пен жазаға тап боласың».
Жъүсіп Баласағұн:
Үш нәрсе бар, жер қылатын адамды,
Үш күнә бар оттай қарыр табанды.
Біріншіден – арсыз, мақтан, жамандық,
Екіншіден – алдау, арбау, арамдық.
Үшіншісі – алып сатар, сараңдық,
Ақымақ қылар осы үш түрлі надандық.
Аты шықса кімнің өтірік, өсекпен,
Төмен болар, қадірі елге есектен.
(«Құтты білік», 1665 бәйіт, 191 б).
Абай :
...Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз...
Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадистерінде: «Кімге тозақтың отына күюге болмайтынын айтайын ба? Ол – көппен бірге күн кешіп жүрген, халыққа пайдасын тигізетін сабырлы, мейірмді адам» [17 б.], «Кімде-кім халықтың қамын жесе, Алланың шапағатына ие болады» [17 б.], - делінеді. Қазақ халқының болашағын тағдырын шешуде орасан қызмет атқарған Ыбырай, Абай есімдері әрқашан бірге аталады.Ыбырай халық қамын жеп «Менің үнемі ұмтылған тілегім – қалай да пайдалы адам болып шығу еді» («Таза бұлақ, Алматы, «Жазушы, 1988—198б.) – десе, Абай да «елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын» деп кеткен ақын еді (Әуезов М. «Жиырма томдық шығармалар жинағы» Алматы, «Жазушы» 1985. 20 т. 43 б.) Неткен ұқсастық?! Бұл халқын сүюден, наным-сенімнен, ұлтын ұлағаттаудан, ел намысын өз пайдасынан жоғары қойып, оның ілгері басуын мақсат тұтқан ізгі ниеттен «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген жан түкпіріндегі текті ойдан туған үндестік. Ыбырай «Өнер-білім бар жұрттардың» «Тастан сарай салғызып, айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызып» отырғанын айтып, Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп халықты өнер-білім үйренуге шақырды.
Ыбырай «Саны көп сапасы жоқ, сапырылысқан, Он үйге бір би болған келді кезге, - деп өзі өмір сүрген заманның кемшілігін айтып өтсе, Абай: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын», - деп «надақты мазақ етеді» (М.Әуезов).
Шәкәрім: «Менің ойымша, ескі замандарда ойламаған ой, айтылмаған сөз, істелмеген іс қалған жоқ. Бәрнің басын олар бастап кеткен. Бірақ көп заман өту, қазаға ұшырау сияқты себептермен жоғалған, ұмытылған. Өйтсе де қаншадан кейін екенін өзі білсін, келген уақыттың киімін киіп жаңарып шыға келеді.(Құдайбердиев Ш. «Үш анық» Алматы, «Қазақстан» және «Ғақлия» ғылыми-әдеби орталығы, 1991. 6
Шәкәрім: «...16 жүз жылдағы Коперник сүйегінің күлі де қалмаған грек-йонның Пифагорының бөркін тыстап киіп отырған жоқ па?» (Сонда. 25 б.)
Шәкәрім: «Сол сияқты біз де жоғарғы екі сұрауға өткен білімділердің сөзінен қорытып оның үстіне тұңғыш ой деп өз ойымыздан жамау салып, бөрік жасамақпыз» (Сонда. 25 б.)
Мұқағали:
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Образды ойлатын екі ақынның ойлары бір-бірімен қалай қабысқан?!
Ислам дінінде «Егер адамда төмендегі үш қасиет болса, Алла оған ризалық білдіріп, жұмаққа жібереді, олар: әлсіздер мен кедейлерге қайырымдылық, ата-анаға мейірбандылық; өзінің қол астындағылармен жақсы қарым қатынас және мейірімділік» (17 б.) делініп, тән тазалығы, жан тазалығы – әдептілік, қанағатшылдық (Тақуалық) ар-ұят, мейірімділік кішіпейілділік, ұстамдылық жоғары бағаланып, үнемі насихатталып отырады. Қайқаус: «жалпы білім мен өнердің негізі - әдеп, қанағат, ұят, пәктік, сақтық, мейірімділік, ұстамдылық (Сабырлылық), «Кабуснама», Алматы, «Балауса», 1991. -26 б.)
Абай:
...Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой...
Абай осы «ғылым таппай мақтанба» аталатын өлеңінің соңғы жағында:
Мұны жазған білген құл –
Ғұламаһи Дауани, - дейді.
Ғұламаһи Дауани Хорасандағы Казеруы (қазіргі Иранның батыс жағы) маңындағы Дауани қыстағында 1427 жылы туған. 1502 жылы Шираз қаласында дүние салған. Терең ойлы атақты ғалым. Абай да, Ыбырай да шығыс әдебиетімен жақсы таныс болған. Абай әсіресе, өзбек халқының ХV ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Әлішер Науаи шығармаларымен сусындап, одан көп үйренген. Мұны М.Әуезов «Абай өзінің жас шағынан жақсы білген классик ақындары: Фирдауси, Низами, Шейх, Сағди, Хожа Хафиз, Науан, Фзули, Бабурларды өмір бойы зор қадірлеп өткен. Ерте кезде оларға еліктеп жазған шығармалары да болған. Кейін Низами, Науаи жырлаған Ескендір жайын, Аристотель жайын батыс әңгімелерінен алып қосқан жаңа сарындармен көркейтіп, жыр-дастан етеді». (М.Әуезов «Жиырма томдық шығ. жинағы», Алматы, 18 т. 38 б.), - деп «Абай еңбектерінің биік нысанасы» мақаласында атап көрсеткен. Ыбырай Абай Батыс Еуропа, орыс классиктерінің еңбектерін де оқып, олардан рухани нәр алған. Мұхтар Әуезов Абай мен Ыбырайдың Европа әдебиеті мен мәдениетінен үлгі, өнеге алғанын айта отырып «Бұл мектептен олардың нық ұстап шығатын үлгі, түсінігі ақындық, халыққа қызмет етудің үлкен жолы деген ұғым болады» (сонда. 9 б.), - дейді. Мәселе кімнің кімнен үйренгені, шығармаларының басқа ойшылдар мен ақын-жазушылардың шығармаларымен үндестігінде емес, ұлы ақындар бүкіл адамзатқа ортақ өміршең танымдық-тағылымдық ой-пікірлерді қалай, қайдан жинақтады, оны шығармаларында дамытып, ұлт қажетіне қалай жұмсады – сонда! Ұлылар үндестігінің сыры негізі осында жатса, «Менің ойымша ескі замандарда ойламаған ой, айтылмаған сөз, істелмеген іс қалған жоқ. Бәрінің басын олар бастап кеткен» деген жоғарыда айтылған Шәкәрім сөзінің де жаны бар. Оның үстіне наным, сенім – түркілік дүниетаным, арман, мақсаттың, бірлігі – ұлттық мүдде, кейінгі толқынға тәлім-тәрбие беру, оларды ғылым, білімге, еңбекке үндеу ұлылар ойын бір арнаға тоғыстырған. Сондықтан да бұл әрі ұлы мақсат жолында тақырып, айтар ой, тұжырым, түйін бірлігінен, логикалық қисыннан туындаған үндестік деп білеміз. Мұндай ұқсастықтарды қазіргі ақын – жазушылар шығармаларынан да көптеп кездестіруге болады..
Міржақып пен Мағжан
Патша тыңшылары тіміскілеп қоймаған соң Міржақып 1909 жылы Қызылжарға барып Жұмағали Тілеулин деген кісінің үйін паналайды. Кейін:
«Сасық деп еркелетіп , ат қойған көл,
От-суға иең түгіл, жат тойған көл.
Назданып, жүйрік мініп, тарлан шүйіп,
Көксілдер тұс-тұс жақтан ат қойған көл», - деп Мағжан жырлаған Көкшетау облысы, Айыртау ауданындағы Сасықкөлде мектепте оқып жүрген жас Мағжанға орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Жазып жүрген «Бақытсыз Жамал» романының да соңғы нүктесін сол жерде қояды. 1910 жылы Қызылжар (Пертропавлоск) сахнасында «Бақытсыз Жамал» романы бойынша жасалған пьесаны Міржақыптың талантты шәкірті, жас ақын Мағжан көрермендер назарына ұсынады. Мектептегі де, әдебиеттегі де ұстазы Міржақып Дулатовты Мағжан жоғары бағалап, оған еліктеп өскендігі шығармаларынан да аңғарылады. Мағжан Міржақып патша саясатына қарсы жүргізген іс-әрекеті үшін тұтқындалып, түрмеде отырғанда жазған өлеңін «Жауға түскен жанға» деп атапты. Бұл өлеңінде ол ұстазының «Оян, қазақ!» деп ұран тастап, бел шешпей халық қамымен күрес жолында жүргенін, сол жолда «қараңғы үйге» қамалғанын, сонда да жасымағанын, бұл кейінгі жастарға үлгі-өнеге екенін жігермен айтады. Түн қараңғы болған сайын жұлдыздардың жарқырай көрінетінін, бұлт қанша басса да бір күндері күн шығып, жер бетін жарығына бөлейтінін сеніммен жеткізіп:
«Келешек күнде қағазға,
Алтынмен жазар атыңды.
Құшақтап сүйер, қағазда,
Көрсе жазған хатыңды» - дейді.
Мағжанның «Тұтқын» өлеңі де Міржақыпқа арналған:
«Кеудеде – от, іште – жалын, көзде – жас,
Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас,
Сабан төсек, тым қараңғы жатағы,
Наны қара, шайы қара, қарны аш!
Күн түсірмес мейірімі жоқ қаратас,
Ағармай ма мұндай үйде қара шаш?
Жанында жоқ жаны ашитын жақын жүз,
Тасбауырлар ыңғайына қарамас.
Жарық сәуле не Ай, не Күн көрсетпес,
Жақынының «Ой баурымын!» естірмес.
Іс – санаулы, сөз - аңдулы, ерік жоқ,
Өз қолымен ұнамды тон піштірмес.
Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш нетпес,
Күн батқанмен, саң атпайтын түн жетпес.
Ер жүректі азаматтың басына,
Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес?»
Мағжан «Міржақып абақтыдан шыққанда» өлеңінде «Душар болмай дұшпанның мергеніне, қайта шықты батқан батқан күн, нұр шашылды, мың шүкірлік тәңірінің бергеніне», - деп құдайға ризашылығын білдіреді. «Қайғы көрсе, ер жігіт қайраты аспақ, қамшы тисе, шын жүйрік үдей шаппақ» деп ағасын қайрап, жігерлендіреді, ерлік ісін кейінгіге үлгі-өнеге етеді. Мағжан «Наурыз» атты мақаласын ұстазы М.Дулатовтың «Қош келдің, Наурыз!» мақаласына қарап, еліктеп жазғаны байқалады: Міржақып: «Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады».
Мағжан: «Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады».
Міржақып: «Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай тұғанына шейін, қазақтың зор мағына беруі – әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр иә жеңіл өтуінен тіршілігі өзгертетін, жеңіл болса құт, ауыр болса жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе. Мағжан: «Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды». Екеуі де Наурыз – жаңа жыл мейрамының күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулының жасарып, жаңаратын, тілейтін мезгілінде аталуын орынды деп санап, елді оны қуанышпен, табыспен қарсы алуға шақырады. Жоғарғыдағыдай сәл-пәл ұқсастықтары болғанымен әрқайсысының мақалада өзіндік ізденістері, тың ой-пікірлері бар. Екеуінің де негізгі мақсаттары – Наурыз мерекесін қандай мейрам екенін, оны қалай атау керектігін халыққа түсіндіру.
Міржақып:
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым енді жату жарамас-ты», десе,
Мағжан:
«Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді,
Қылыш алып «надандық» саған кезенді.
Шетке лақтыр, тымақтай алып, елден қу, Ертелі-кеш басыңа мініп езгенді», - деп, екеуі де халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, сол жолда құрбан болған айтулы ақын-публицист, ардақты атпал азаматтар.
Алауы сөнбес ақын
Белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып әкесі үйден «шалқалап шықса», көп ұзамай «жаулығын теріс байлап» шешесі басқа біреумен қол ұстасып кетті. Балалық шағы осылай жетімдікпен өткен Қасымның жастық дәурені «Батыстың бұлты анталап, Бақасқан жау анталап, Қара бір түнді қалқалап тұтқиылдан тап берген» қанды қырғынмен тұспа-тұс келді.
Қош бол, досым, жақыным,
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа.
Тепкісінде соғыстың
Дүние мең-зең жатқанда,
Ажал бейне фашист сұм
Қасқыр болып шапқанда,
Қоян емес, адаммын, Қайтіп бұғып жатырмын! – деп майданға аттанды. Алғаш Қиыр Шығыста, кейін Батыс майданында болды. Қаламы мен қанжарын қатар сілтеді. Қылышынан қан тамған адымыңды аштырмайтын, шындыққа қадам бастырмайтын қызыл империя тұсында ғұмыр кешті. Алайда, «Ышқына соққан дауылға», «Нөсерлеп құйған жауынға» қаймықпай қарсы тұра білді. Қайта қайтпас-қайсар сұңқардай жаны дауыл тіледі:
Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл.
Бұрқырады бар аймақ,
Соқты ышқына көк дауыл.
«Дауылдың ұлы дауылсыз тұра алмайтынын» өлеңдерімен ұқтырды. Шідерді үзді, кедергіні бұзды, тұлпарлығын да, сұңқырлығын да танытты.
Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба?!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!
Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жалт қарап жай басып... – деп, қайраттана, айбаттана түсті. Бұл ішкі буырқанған бұлқыныс, қуат-күш жырларында да көрініс тапты. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары соның айғағы. Ақынның қай өлеңін оқысаңыз да серпінді, ішкі динамикалық қуаты, сөз образдылығы оқушысын еліктіріп күш беріп, күреске бастайды, рухтандырады. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде жазған өлеңдері ел рухын көтеріп, жеңіске бастады. 1941 жылы соғыста қаза тапқан ақын Абдолла Жұмағалиевтің өмірі мен ерлік ісіне арналған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы өмір шындығынан алынған. «Ол гвардиялық атақты сегізінші дивизияда болды, - деп жазады профессор Б. Кенжебаев. – Майданда Абдолла өзінің жолдасы жазушы Павел Кузнецовқа бір күні кездесіп, әңгімелескенде: «Мен өлмейтін өмір туралы поэма жазғалы жүрмін. Менімше ол өте күшті шығу керек» депті. Ертеңінде дивизия қиянкескі ұрыста болады. Сол ұрыста Абдолла от ішінде тұрып жаумен жалғыз алысады. Жаудың көп адамын жаусатады. Сөйтіп, өзі ерлікпен өледі».
Қасым осы бір оқиғаны былайша суреттейді:
...Өрт топанын кешіп, таптай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап:
Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Прометейге.
Қара түнгі қанатындай
Алыстағы найзағайдың,
Жарқ-жұрқ етті жүзінде айбын,
Атылғандай ішінде жай...
Туған жерін, елін сүйген партиот ақын А. Жұмағалиев өзінің «Алтын өрнек» деген өлеңінде:
... Шыңға тіккен алтын отау,
Күнге ұласқан қызыл ту.
Отауда алтын, жібек жасау,
Айналасы қалың ну.
Жібек баулы сол отаудың
Ендім ашып есігін.
Ол отауым – ұлы Отаным,
Отан – алтын бесігім – десе, Қ. Аманжоловтың поэмасында осы өлеңнің рухын, ырғағын, үлгісін сақтай отырып:
Қасиет күші ұлы Отанның
Қанатын бер қыран құстың.
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жоларыстың!!
Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол жа жарыл жүрек! – деп Абдолла аузына ел рухын асқақтататын асыл сөз салады. Бұл тармақтардағы өршіл рух, елге деген сүйіспеншілік, батырлық жігер, қайрат оқушы жанын тебірентіп, аруақтандырып жібереді. Майдан кезінде мұндай патриоттық өлеңдер жеңіс күнін жақындата түскені анық. Орыс жазушысы Николай Тихонов: «Қасым Аманжолов «Абдолла» поэмасында батыр Абдолла Жұмағалиевтің ерлігін жырлады, батырдың отты өлімін бейнелеуге шебер ақындық сөздер, бояулар таба білген», - деп бұл поэмаға жоғары баға берді. Шындығында да бұл поэма отты жылдардың өзіндей, өршілдікке толы. Әр сөзі жалын атып, от бүркіп, оқ жаудырып тұрғандай. Қ. Аманжолов очерк («Айқасу»), мақала («Көп оқып, үйреніп, жақсы жазайық», «Кім кінәлі?», «Ұлы ақын туралы трагедия», «Әңгіме әліппе туралы», «Естен қалмас бір оқиға», «Бүгін майдың отыз бірі» т.б.), рецензия («Абай шығармаларының аудармасы», «Жамбыл шығармаларының аудармасы туралы» т.б.), памфлет («Трумэн достарымен», «Бактерия королі», «Трумэнге») жазған публицист ақын. Ақынның публицистикалық шығармаларының негізгі ақындық өнер хақында. Ақын публицистикада да ақын, батыл, кемшілікке төзбейді, шындық шырайын шығара сыр толғайды. 1940 жылы жазған «Жамбыл шығармаларының аудармасы туралы» мақаласында Ж. жабаевтың орыс тіліне аударылған өлеңдерін қазақша нұсқасымен салыстыра отырып, кейбір аудармай тастап кеткен, қазақшасы мен орысшасы бір-біріне жанаспайтын тұстарын көрсетеді. Жамбыл өлеңдерінің дұрыс аударылмауына күйініш білдіріп, ақындық ақ жүрегімен ақтарыла: «...Аса күшті жері орысша аудармасында жоқ болып шықса, оның орнына Кузнецовтың иі қанбаған балшықтай бұратана сөздермен баттасқан жасық өлең тұрса, жаның қайтіп ауырмасын!, - дейді». – Жамбыл. «Саңғырлатып даланы, әнді шырқап көлбедім» десе, Кузнецов «Қотанға келдім», - деп аударады. Қотанға келетін Жамбыл жарапазаншы емес қой». Автор Жамбыл шығармаларын аударудағы осы сияқты жауапсыздықтарды батыл сынай отырып, Республикамызда аудармышылар даярлау ісінің дұрыс жолға қойылмай отырғанын, Жамбыл өлеңдерін мейлінше сапалы етіп аудару және оны тәжірибелі аудармашыларға аударту керектігін баса айтады. «Әдебиет және исскусство» журналының 1948 жылы поэзиясы туралы» мақаласында тақырыбында айтылып тұрғандай, журналда басылған Д. Абілев, Қ. Бекхожин, Ғ. Орманов,Т. Жароков өлеңдеріне барлау жасап, талдап, жетістіктері мен кемшіліктерін дәлелді көрсетіп, сынайды. Сондай-ақ журналдың поэзияға аз орнын беріп жүргенін, жас ақындардың өлеңдерін жариялағанда, олардың өлеңдерінің көркемдік дәрежесінің өсуін ойламайтындарының, соның салдарынан жақсы туындылармен қатар, дүмбілес, көкжасық өлеңдердің де басылып жүргенін, журнал редакциясының поэзияны өсіру мақсатында жасаған жылдық, айлық жоспарларымен редакция маңында топтасқан ақындар активі жоқ екенін, редколлегия мәжілістері өткізілмейтінін, журнал авторлары мен қызметкерлері бас қосып, ақындар шығармасын талқылап тұрмайтынына тоқталып, журнал мен жазушылар одағының жұмысына батыл сын айтады: «Поэзиямыздың табысына, қуанышына қуанып, кемістігін аяу әшкерелеп отыру деген журналда да, жазушылар ұйымында да дағдыға айналмаған.Ақындарымыздың журнал бетіне пікір алысуы, айтысуы деген атымен жоқ. Журнал қызметкерлері тек қолдарына түскенді қанағат етіп, соларды шала-шарпы сұрыптап басуды ғана біліп келеді. Еліміздің өмірінде болып жататын тарихи жағдайлар төңірегінде ақындар активінің назарын ылғи аударып, соған ұйымдастырып, басшылық етіп отыру жұмысын поэзия секциясы да, журнал редакциясы да атқара алмай келеді. Поэзиядағы жаңалықты сезу, жақсылықты бағалау, солардың төңірегіне пікір ұйымдастыру, сөйтіп поэзияның өсуіне жағдай жасау жағы мұнда жеткіліксіз». Ақын журнал мен жазушылар одағының поэзия секциясының жұмысына, ақындар шығармашылығына тоқтала отырып, поэзия жайында нақты, ойлы, тұжырымды пікірлер айтады: «Ақын өзінің тың ойы мен пікірін ақындық сезімге бөлеп, поэзиялық тілмен айтуы керек...», «Ескі нұсқаны жамап-жасқаумен поэзия жасалмайды. Ақын әр заманның өз тілімен, өз ұғымымен жырлауы керек, сол заманға лайықты адам образдарында да, сөз образдарын да жасауы шарт», «Өлеңде ой мен сезім, ақындық тіл бірдей кеуі керек; біреуі жоқ болса, ол өлең жарымжан». Мақала соңында автор «Әдебиет және искусство» журналының 1948 жылғы сандарында жарық көрген өлеңдердің көркемдік дәрежесі төмен екенін, журнал талантты ақындармен байланысын үзіп алғанын айта келіп: «Өткен жылы жақсы өлеңдер жазып, құнды жинақ беріп отырған Сырбай Мәуленов сияқты ақындардың бірде бір өлеңі журналға басылмауы дұрыс емес.
Ендігі игілікті 1949 жылдан күтеміз», - дейді.
Бұдан біз автордың өзінен кейінгі талантты жас ақындар шығармашылығына да ерекше көңіл бөліп отырғанын аңғарамыз. Қ. Аманжоловтың жастарға деген жанашырлығы «Поэзиядағы жаңа толқын» мақаласынан да байқалады. Бұл мақаласында автор 1949 жылы жарық көрген «Жастар даусы» жинағына өлеңдері енген жас ақындар Қайнекей Жармағанбетовтың «Әке мен бала», «Ер жүрегі», «Солдат сағынышы», «Домбыра», «Жолаушы» өлеңдері мен Хамит Ерғалиевтің «Әке сыры» поэмасының шоқтығы биік екенін, сондай-ақ С.Сейітов, Т.Әлімқұлов, М.Жансаева, А.Шамкенов, Ұябаев, З. Қабдолов, М. Әлімбаев, Б. Соқпақбаев өлеңдерінің де аттарын атап, жақсы шығармалар деп атауға болатынын айтады. Әрқайсысының өлеңдеріне жеке-жеке тоқталып, несімен жақсы, сәтсіздіктері неде,жалпы бәріне тән қандай кемшіліктер бар соны ашып көрсетеді. Шын ақындық шабытпен туған өлеңде ой мен сезім, пафос ұштасып жатуы керектігін, бұлар болмаған жерде өлең оқушысын елітіп, еліктіре алмайтынын ескертеді. «Бүкіл қазақ халқына даңқы кең жайылған, желдірмелетіп кеткенде өлеңнің өткел бермес жүйрігі атанған Иса Байзақов 1900 жылы, қазіргі Павлодар облысы Ертіс ауданы «Үлгілі» ауыл советінде туған». «Ақын Иса Байзақов» мақаласы осылай басталады. Бұл мақалада да Қасым ақынның өмірі мен шығармашылығы жайына кеңінен толғап, сыни пікірлерін білдіреді. Өлеңдеріндегі селдей ағылып, теңіздей дөңбекшіген тасқынды жолдар бұл мақаласында да кездеседі: «Өлеңнің өткел бермес жүйрігі», «Бұл дастандары дұрыс басталып, дұрыс өрістейді де, дұрыс аяқталады. Бұл дастанында Иса нағыз эпик ақынша алуан уақиғалардың арасына еркін еніп кетеді де, дастанның желісін адастырмай алып шығады», «...айналада аңырап қалған арман болып...», «...ел қамын жеген, ел қорғаны...», «Азаттық жолында арпалысып...». Осы сияқты Қ. Аманжоловтың «Иса ақынмен соңғы кездесу» мақаласы да авторының ақын екенін аңғартады: «жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме түспеген жерден бір ой орнай қалды», «Исаның орны бос тұрған сияқты, ол неге келіп отырмайды орнына...», «Келе алмапты бұл тойға. Неткен арсыз хабар!», «Домбырасын қолғалып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да өлеңнің откел бермес теңізін екпінді желдей»желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де сол Исаның бойында мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді?», «Япырмай, сондай қуатты өмірді сүмелек ауру басынғаны не сұмдық?» Қ.Аманжолов «Еңбек поэзиясы» рецензиясында ақын Хамит Ерғалиевтің «Біздің ауылдың қызы» поэмасына пікір білдірген. Рецензенттің ең басты жұмысы-жазып отырған туындысының басқалар көре алмайтын жағын көрсете білу. Ал жазып отырған саланы бімей тұрып пікір жазу өте қиын нәрсе. Ақын ақын шығармасын жақсы түсінетіні анық. Алайда коммунистік партия елуінші жылдары ақын-жазушыларға еңбек адамын, социалистік құрылысты, өндірісті жазуды міндеттегені белгілі. Х. Ерғалиевтің бұл поэмасы да сол міндеттен туған туынды. Қасым рецензиясы да соған орай, өлеңнің көркемдігінен гөрі поэмада еңбек адамының бейнесі қалай көрінді дегенге ойыса береді: «Біздің социалистік өміріміз өзінің жаңа геройларын тудырды. Сол жаңа геройлар ақынға жаңа талаптар қояды. Хамит Ерғалиев сол жаңа талаптарды сергек оймен түсіне білген, қойған сұраққа лайықты жауапты қараған. Сондықтан да бұл поэма ерекше көзге түсіп, ерекше сөз болып отыр». Дегенмен Қ. Аманжолов өлең табиғаты жайында да оралып,»аз сөзбен көп жайтты айта білу, ұтымды болу-оқиғалы поэма жазатын ақынға өте керек қасиет» екенін, «ақын жұртттың ойындағысын дәл басып айтса, қандай терең пікір болмасын оп-оңай түсінікті болатынын» айтып, Х.Ерғалиевтің бұл шеберлік тәсілдерді поэма ойдағыдай іске асырғанын үзінділір келтіре отырып дәлелдейді. «Поэманың негізгі сюжеті де,идеясы да біртұтас. Өте шиеленісіп жатқан драмалық тартыстың желілері болғанмен, бір бағытқа, бір мақсатқа бейімделген кесек бір еңбек процесінің ішкі қайшылықтары, ішкі күрестері шебер суреттеледі» деп бағалап, айтқан пікірін тағы да нақты мысалдармен дәйектейді. Рецензент поэманың басты кейіпкерінің бейнесі қалай сомдалғанына ғана тоқталып қоймай, шығармадағы басқа да қаһармандар образдарының қандай дәрежеде екендігіне де баға береді. Рецензиядан Қасымға тән оттылық, дауылпаздылық та аңғарылып қаралады: « Хамит сияқты от қанатты ойы бар, төгіліп тұрған күйдей поэзиясы бар ақын мұндай кемшіліктерді алып та соғып, шалып та жықпас па?!» Рецензенттің ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған сол кездегі атақты қазақстандық Шығанақ Берсиев, ресейлік Докучаев сияқты еңбек адамдарының іс-әрекетін көрсетіп, мысалға келтіруі мен М.Горький, В.Г. Белинский сынды жазушы, сыншылар еңбегінен дәйектемелер алуы рецензияның әрін, мән-маңызын кіргізіп, танымдық мазмұнын да кеңейте түскен. Шығарманы оқып шыққанда сол бір тотолитарлық саясат кеңінен зорлық -зомбылығы әдебиеттің дамуына да қаншалықты кедергі келтіргенін, поэманың да, рецензияның да авторларының солақай саясатқа мамалсыз үн қосып отырғанын сезініп, өкінішті күй кешесің. «Өзі Қасым, сөзі жасын» (Ж.Сыздықов) ақынның өршіл, асқақ үні сатираның көркем публицистикалық жанрларының бірі – паифлеттерінде де көрініс табады. «Трумэн достарымен» (АҚШ президенті Гарри Трумэн- С.О.), «Аденауэр ұсқыны» (Германияның канцлері – С.О.), «Бактерия каролі» (Гарри Трумэн-С.О.),»Труменге» өлеңмен жазылған памфлеттері буржуазиялық елдердің басшылығы жайында. Автор солардың іс-әрекеттерін, жүргізіп отырған сайтандық саясаттарын көрсету арқылы образдарын ашып, буржуазиялық қоғамның бет пердесін түреді. Сол кезеңнің көкейтесті мәселелерін қозғап, соғысқұмарлықтарын, арамниеттіліктерін, адам өміріне қауіп-қатер төндіріп отырғандықтарын ащы әжуа, уытты кекесінмен жоғары пафоста жеріне жеткізе сынай айтады. Өзі де асыл, сөзі де асыл Қасым шығармалары өз сөзімен айтсақ, «мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір».
Ақын абдырасын ақтарғанда
Қуандық Шаңғытбаев тілдің қадір- қасиетін ерекше сезініп, ділі мен өшпес рухы сіңген қазақ сөзін қадірлеп, аялап өткен ақын. Жас талапкердің тұңғыш өлеңдер жинағы –«Қазақ жүрегі» (Кейін «Ар» деп аталған) кітабына алғы сөз жазған М.Әуезов ақын тілінің оралымдылығын, «шіміркеніп, ширығып шыққан өтімді, әсерлі» екенін айтса, [«Ар» Алматы; Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасы, 1945.-5 б.»] Қалижан Бекхожин «Қуандықтың тырнақалды өлеңдерінде шығыс поэзиясының маржан сөздері жарқырап, ыстық лептер есетін еді. Қазақтың асыл сөзге жаны құмар бұл шайыры өзінің өлеңдерін шығыс ақындарынша әсем өрнектермен шебер нақыштайды» («Арма, республикам!» кітабына алғы сөзі), - деп Қуан – ағаның ерекшеліктеріне, суреткерлік мәнері мен тақырыпқа талғаммен қарайтынына тоқталады. Сырбай Мәуленов те Қуандықтың «Әрбір сөзді сұрыптап, таңдап, оған ой жүгін артып, тосын тұжырымдармен түйіндеуге күш салатынын» [Мәуленов С. «Шеберлік деген бір шың бар». «Жыр мен сыр» Алматы. «Жалын», 1991.-84 б. ] сыр етеді. Қуан-аға қазақ сөзін «көне», «жаңа» деп бөлмей, оның қуатына, атқарар қызметіне, дәлдігіне назар аударып, синоним сөздерді сұрыптап, таңдап, талғап қолданады. Зейнолла Қабдолов «Қазіргі қазақ тілінде қайта жасарып, тың мағына тауып жүрген сөздер көп,- дейді. –Бұл өте дұрыс нәрсе.
Оз төрге, отағасым - Ойсылқара,
Құрдасы әлімсақтың ойшыл, дана!
(Қ. Шаңғытбаев).
Тамаша ғой! Осы жолдардағы отағасыны, яки бұдан да гөрі ескілеу Ойсылқара мен әлімсақты «осы күндендірудің» тіпті де қажеті жоқ. Қысқасы, кенеулі сөздерді көнертпеген жөн. Мүмкін, қадарынша, архаизмдерден молырақ хабардар болу тек қалам иелері ғана емес, жалпы әдебиет сүйетін, өз халқының арғы-бергі мәдениетін қадірлейтін жұрттың бәріне керек» [«Сөз өнері» Алматы. «Мектеп», 1982,-212 б.]. Қ. Шаңғытбаев кешегі ата-бабамыз қолданған, өткенімізді еске түсіріп, тарих қойнауынан сыр шертетін маржандарымызды қайта жаңғыртқан қаламгер.
1947 жылы жазылған мына өлеңді оқып көрейікші:
Шіркін-ай, көктем қандай күш!..
Қалды ғой қаңтар түс болып,
Құлады-ау жерге алтай қыс
Қанаты ала құс болып.
Сөгіліп сіреу көбесі,
Жадырап жылы жел жетті.
Қарайып қырдың төбесі,
Жылуанды кернеп сел кетті.
Жарқ етіп тұңғыш найзағай,
Ақсиып аспан бір күлді.
Таянып дарқан той-дамай,
Оянып дала сілкінді.
Ой бейнелілігі, қары ағыл-тегіл еріп жатқан дала көрінісі, қаңтарды ұмыттырып жадырай соққан жылы жел жан жылтады. Қаңтарды январь деп өктем үкімет өткенімізді ұмыттыруды көздеп жатқан заманда байырғы «жылуанды» (жылға, жыра), «Сіреу» (қатып қалған, сіресіп, «көбе», «той-дамай» сияқты төл сөздеріміз біреулерге ұнамай, ақын өлеңдерін өрт, жүрегін дерт шалды... Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Жаяу жел таспа өреді
Құбақай жолдың шаңынан.
(«Пейзаж», 1947)
Ақынның жансызға жан бітіріп, қысты қанаты ала құс етіп жерге құлатуы, жылы желді жадыратып жеткізуі, Құбақай жолдың шаңынан таспа өргізуі, даланың оянып сілкінуі, көбесінің сөгілуі, ішкі ұйқастар (таянып- оянып) қандай әдемі, нанымды, дәл!
Ауылдың оты жамырап,
Самсады сосын самала.
Түн түсті самсыз салбырап,
Күздегі дел-сал далаға.
Тағы да жанды сурет. Таспаның не екенін білетін, қозы-лақтың жамырағанын көріп өскен қазақ ақыны ғана айта алатын тіркестер. «Самала (жарық, кешкі алагеуім мезгіл), «Самсоз» (дел-сал, сүлесоқ) сияқты ұмытыла бастаған сөздеріміз, дыбыс үндестіктері (аллитерация, ассонанс) өлеңге ажар-көрік, күш-қуат бере түскен. Зергер де зерделі шандоз (өз сөзі) шайыр [Қуан-аға «ақын»деген халықтың жырын айтатындарға, «шайыр» жазып шығаратындарға лайық» дейтін] Сөзге аса талғампаз, тыныс белгілеріне дейін көңіл бөліп, айтылған ойдың нысанасына дөп тиуін қадағалап отыратын. Бұл көркемдік- эстетикалық талап ой, сөз образдылығына жетелеп, қысқалыққа, дәлдікке қол жеткізетін. «Көркем әдебиеттің тілін зерттеудің негізгі мақсаты- тілдің өзін емес, оның мүмкішілігін көрсету» [Сыздық Р. «Сөз құдіреті» Алматы. «Санат», 1997,-5 б.] екені талас тудырмайды, алайда сөз мүмкіншілігін өлеңдерінен алынған тармақтардан аңғару қиын емес.
Алшы, Тауқа, омпа, шіге, бүгін де,
Мен білетін мың сөз бар ғой тілімде.
Қуанышта, құса кезде, құдай-ау,
Қолқанат сол, қолқабыс сол тірімде, - деп өзі жазып кеткендей, біздің мақсатымыз- Қ. Шаңғытбаев өлеңдеріндегі қазір ұмытыла бастаған сөздердің мән-мағынасын ашып, оқушыларға жеткізу, сөйтіп ақынның танымдық мәні зор тіл байлығын көрсету.
[«Гүл толқын»,68 б.]
Жырыңмен атып таңы,
Балқып түні,
Сыйлайды сені еліңнің бар түкпірі.
Керайыл кердеңдердің аулақ беті!-
Жұп жазбай
Жүрейікші шалқып тірі.
[«Хамит Ерғалиевке», «Гүл толқын» 51 б.]
«Кердеңдердің» әсерін күшейту үшін «Керайыл» үлкен қызмет атқарып тұр. Басқа сөзбен ауыстыру қиын! Оның үстіне «Кер-кер» қайталанып, өлеңді әуездендіре түскен. «Әдебиет- тілмен әдебиет»,- деп М.Әуезов айтқандай, қазыналы тілімізді одан сайын байытып, сапалық өзгерістерге мұрындық болатын суреткерлеріміз. Жазушы шеберлігі сөзді қалай қолдана білуінде. Қ.Шаңғытбаев архаизмге айналып, ұмытыла бастаған, сондай-ақ араб, парсы, түрік т.б. сөздерді жайдан-жай ала салмаған. Ақын біріншіден, адамның жан- дүниесіне әсер етіп, жүрек тербетіп, тебірентетін (эмоционалды- экспрессивті) және ұлттық салт- дәстүрімізді, рухани қазынамызды ұрпақтан- ұрпаққа жалғайтын (аккумулятивті) сөз маржандарын теріп, мағынасын түстей түсуді, екіншіден, аз сөзге көп мағына сыйдыруды, үшіншіден, өлеңге өң, ажар-көрік беріп, әуездендіруді, төртіншіден, сөз бейнелілігін арттыруды, бесіншіден,болған оқиғаның, құбылыстың сырын тұспалдай ашуды, алтыншыдан, айтар ойын үстемелей нақты, нысанасына дөп тигізуді, жетіншіден, басқалар айтып, әбден жауыр қылған сөздер мен қарабайырлықтан қашып, тыңнан із салып, өзінше сөз саптауды, сегізіншіден, ұмытылып бара жатқан ұлттық жауһарларымызды сақтауды мақсат тұтқан. Кезінде одақтас республикаларға барған сапарларында сыйластықтан туған өлеңдеріндегі жергілікті халықтың тілін қолдануы – сол елге, ұлтқа, ұлттың тіліне деген құрмет, мұны сол тұста көп адам ескере бермейтін, әсіресе орыс ағайындар...
Мысалдар келтірейік:
Мұзбалақтай қара болат тұяқты
Найзасындай батырлардың қияқты.
«Лирика» кітабынан, 8 б.
Әсерлі, екпінді, жігерлі, рухты!
Мұзбалақ- бес жасар бүркіт.
Оңаза, озбыр, обадай
«Гүл толқын», 50 б.
Ашқарақ, тамақсау, қомағай, обыр, жалмаңдаған, тойымсыз деген ұғымды бір сөзбен жеткізген, әрі о дыбысы үш рет қайталанып, сөйлемді әуездендіріп тұр.
Ойқастады ортасында ойраттың
«Гүлтолқын», 73 б.
Ассонанс. Ойрат - жоңғарлық, ұлттың атауы
Қолқама қалам батырдым
«Шайыр», 21 б.
Автор өлеңді жүрегімнің қанына малып жазамын дегенді бейнелей жеткізіп отыр.
Көк көбесін көктеп отты адарғы.
Адарғы бұл жерде ине, тебен сияқты тігін тігуге арналған құрал мағынасында алынған. Адарғы деп сөз зергері найзағайды бейнелесе, сол найзағаймен көк көбесін көктеткен, бейнелі, бедерлі, әуезді!
Елестеп ауыл ыпыны
«Шайыр», 14 б.
«Ыпыны» ауылдың сүреңсіздігін байқатады.
Қайда Шандоз Сәкенім?
Сері, қыран, тұлпар т.б. демей, шандоз дейді ақын. Шандоз- асқан жүйрік, пырақ. Осы сөзді ғалым Жұмат Тілепов те Махамбет поэзиясына байланысты жазған мақаласында «Шандоз- жыр» деп әдемі қолданыпты. [Ана тілі, 1 мамыр, 2003].
Махамбет өлеңдеріне шандоз деген қандай жарасымды?!
«Кермиығым, кербезім!
Керіскідей шандозым!»-
деп Махамбеттің өзі де «Теңіздей терең ақылды» Исатайға қарата айтқан.
Жібекпен таңған иегін
Қатайтып, абыз қомданды,
Қобыздың қозғап тиегін,
Шашақты шалғы қолға алды.
-Кереге бойлы кер жылан
Күйіме бұйып келгесін,
Босаға бойлы боз жылан
Үніме ұйып келгесін,
Тарп ұрған таудың тағысы
Тарпаңдай басып келгесін,
Тарлауыт нудың барысы
Алшаңдай басып келгесін.
Қайрауық, долы боз күйім
Шанақты теуіп кернесін,
Желкілдеп соққан жез күйім
Желегей бұлттай өрлесін.
Ойлы, мәнді, мағыналы, серпінді, жігерлі, суретті сөздер, өрнектеліп өрілген ішкі, сыртқы ұйқастар, әуезді дыбыстар бірін- бірі демеп, толықтырып, үндесіп, жымдасып, ара-жігі білімбей, өлеңнің магиялық қуаты мен бояу- нақышын көркемдік шыңына көтерген. Қызмет атқармай тұрған бос белбеу, боркемік сөз жоқ мұнда! «Көркем айтылса ой ұлы, ойландыра алса көркемдік ұлы» (Ғ. Мүсірепов) Бұл шумақтарды өлеңді дыбыс үндестіктеріне құрып, сөзді таңдап қолданудың үлгісі десе де болады. Жұмыссыз қалған іскер, ойлы, қажыр- жігері мол қынулы кісіні қайтадан еңбекке араластырғандай қазіргі қазақ тілінде жиі қолданыла бермейтін бұйып, тарп ұрған, тарпаңдай, тарлауыт, қайрауық, телегей өз орындарын дәл тапқаны соншалық, басқа сөздермен ауыстыра алмайсыз. Өлеңнің өн бойында осындай жауынгер- шаһбоз сөздер атой салып, сол бір тұстағы жоңғарлықтармен жағаласып, еңіреп өткен ел өмірі мен жер, су көріністері көз алдыңда көлбейді:
«Ажалым!» - дедің, қу дұшпан,
Ажалың- иен елімнен,
Қыл құйрық байлап ту құшқан
Түнерген түмен ерімнен,
Қаңғы боп безген баламнан,
Бәңгі боп қалған ауылдан,
Аспаны күңгірт даламнан,
Тастары серек тауымнан.
Серекте түнеп, тау жайлап,
Сергелдең ұшқан қыраннан,
Еменді шайнап, тал қайзап,
Күйісін жұтқан құланнан.
Жоны бір жалпақ жотадай
Жонастың көркі күліктен,
Мойны бір жалпақ бұқадай
Толассыз кекті жігіттен.
Обаған, отты жалыннан,
Аймақ көл, айдын ағыннан,
Қан исін сезсе қағынған
Қарақұрт деген аңымнан.
Ақын аңызды жоңғарлықтармен жойқын күрес жүріп жатқан заман тілімен сөйлеткенде түмен, бәңгі, қаңғы, серек, қайзап, обаған, жонас сияқты көне сөздеріміз жаңғырып, жаңарып, жанданып сала берген. Биік таудан құлдырай құлап аққан өзендей өлең екпіні, ұйқастар құйылысы мен қиылысы, өткір де өктем бедерлі сөз кейіпкерлер мен заман мінезін де алақандағыдай айқындап ашқан. Өлең жазуды үйретуге болмайды дейміз ғой, ақындығы бар адамға өлең жазуды үйренуге болатынын мойындататын шумақтар бұл. Ақын кейіпкері қатыгез хан есімін Шажа деп(өлең тақырыбы да «Шажа») бекерден бекер алмаған. «Құс жаманы шажа, дос жаманы бажа» деген мақал бар. Шажа- құзар басын мекендейтін, даусы ащы жексұрындау құс атауы.
«Мәлкі тотай! Кімді қалай?» О, ғажап (235 б.)
Мәлкі тотай, Мәлке татай деп те атайды, балалар ойынының аты.
Саятшыңмын салбурынға аттанған (236 б.) «Аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығуын «салбурын» деп айтады. Мұны аңшылық мерекесі десе де болады. Мұнда алған аң бәріне тек бөлінеді. Ауылдары ақсақалдардың жолы бөлек есептеледі. Салбурын аңшылардың ерлігі мен ептілігін, азаматтығын сынайтын жол». (Кенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары [Ал., «Атамұра», 2010. -278 б.]
Төрт өрме қамшы сарт,
Арғымақ ат қып жұлқынды,
Жанары қыздың жалт етті,
Жарысып желмен ұмтылды.
Жігіт те шықты сыдырып,
Орамал таңып басына.
Жұмылған бейне жұдырық,
Жабысып ердің қасына
(«Лирика» кітабынан, 57 б.) Өлең әдемі түйінделеді: «Сырбай-ау, әне, қарап бақ: // Қуалай өрлеп даланы, // Айтылмай жүрген махаббат // Құйын боп ағып барады» - поэзия!
Тапқырлық!
Оқушысын талай тамсандырып, эстетикалық ләззат сыйлаған өлеңді қайта оқығанымда, үш жазушының – Ә.Жұмабаев, Қ.Шаңғытбаев, А.Әлімнің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген сұхбаттарындағы Қ.Шаңғытбаевтың «... Мен өзің сияқты жастарға (А.Әлімге айтып отыр – С.О.) өлеңге нүкте қоя біл деп үйретіп отырмын» [«Қазақ әдебиеті», 4 мамаыр, 2001.], - деген сөздер есіме түсті.
Қыталық деген осы ма
Қыталық, жаным, қыталық
Чороннан бірге жұталық
Қыталық, келші, қыталық ( «Лирика» кітабынан, 215 б.)
Қыталық – Якутияда өсетін ақ тырна, бақыт шышаны, Чорон-Якут тілінде қымыз ішетін ыдыс.
Наз – нығмет, әзіл-лаққы мәз-ақ боп ( «Гүл толқын» жинағынан, 11б.)
Қазақша сөздер қарақалпақшасымен қосылып айтылып тұр.
«Махаббат пен ғадауат» (Алматы: «Жеті жарғы», 1995) кітабынан.
Бұлттар да қалды тебездеп (7 б.)
Тебездеп- тоқтады, аялдады.
Тайсалып бірақ пысыңнан (8 б.)
Пысыңнан- айбатыңнан
Зайғы ғой ол- замандастан жұрдай күн (9 б.)
Зауал боп зайғы өтті ғой (40 б.)
Зайғы - «зайығы, құр, бос, тек» [«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»] (ҚТТС) Алматы. Қазақ ССР- інің «Ғылым» баспасы, 1978, -4 т. 347 б.] «Өмірің зайғы болар бекер босқа» Біржан сал Қожағұлұлы [«Бес ғасыр жырлайды», 365 б.], «Зат, зайғ өмірім өтті менің бекер» (Абай). Зайғ (арабша)- жолдан таю.
Көк көбесін көктеп отты адарғы
Тынды ғасыр, қалғып қайта дүз жатыр
Төсін тосып саф самалға құз да тұр
Ей, құрбәтім, жан ләззатім (10 б.)
«Адарғы» - өрмек жіптерін астыңғы және үстіңгі жіп етіп бөліп тұратын ағаштан жасалған құрал, тақтайша. «Адарғы –екі жақ шеті түздендіре жонылған ортасы сәл дөңес ені 12- 15 см. ал ұзындығы 85- 95 см. сүргіленген тақтай. «Адарғы өрмектің астыңғы және үстіңгі жібінің арасын ашып тұрады.» [«Жүннен жсалған бұйымдар» Алматы, «Қайнар», 1990- 98 б.] Бұл жерде автор «адарғы» деп найзағайды айтқан, саф- таза, шынайы. «... ішімнің сафлығынын соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін Һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін...» (Абай. Отыз сегізінші сөз), құрбәтім - Құрбәт, қорбәт (парсыша) - жақындық, туысқандық, «Қайтейін өңкей наданды // «Сыпыра батыр сұм құрбәт //Мақтанмен алды мазамды» (Абай).
Есіркесең, мүсіркесең: «Күспе», - десең, - тағдырдан
Дертеді жаным қиналып,
Қиналып жаным дертеді.
Тоса берді дертіп келген мамасын (11 б.) Күспе – «Күсе ет. Жүйкелеу, қартаю» («Қазақ әдеби тілінің сөздігі», Алматы, Арыс, 2007.- 9 т. 572 б.), Дертеді – ауырады, дертіп – ісініп.
Дірілдеп дүрдананың шапағындай (16 б.) «Дүрдана – сын, қымбат, асыл ... дүрданадай сын поэт. Дүрдана сияқты. Алақанға қондырып, Өзіңменен өле өлгенше, өтер ем ғой бірге мен (Қ.Шаңғытбаев. Армысың) (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Алматы, Арыс, 2007. – 5 т. 68 б.)
Тірі жанға дәт бермейді дәркүмән (12 б.)
Дәркүмән – анық емес, күмәнді, шүбә, күдік
Кеттім құлдап Қарабұтақ, Ырғызды
Жарсыз, жансыз, айсыз, күнсіз бәңгіріп.
Жос ұрады кепкен көңіл – дариям (13 б.)
Құлдап – бойлап. «Еңіске, ылдиға қарай жүру, құлдилау» (ҚТТС. 4 т. 459 б.)
Бәңгіріп – мәңгіріп, «Бес-алты мисыз бәңгі күле мәз боп».(Абай.) Бәңгі (парсыша – нашақор, жынды, есалаң, есуас, ауыш) жос ұрады – жосу, жосылу. «Қан, су, көз жасы сияқты сұйық заттардың тез ағуы, сорғалай жөнелуі» (ҚТТС. 4 т. 173 б.)
Шұбырсын шұрат құшағым,
Бақшамда гүл бол, балбыра;
Зайыбым, зауқым, ғашығым,
Толықсы, жайқал, жадыра! (14 б.)
Шуақ көзің,
Шұрат көңілің баурайды («Гүл толқын», 41 б.)
Бұл мүмкін, кіді мінезі (14 б.) Шұрат – шұрайлы, зауқым – көңілім, кіді – кінәмшіл «Сәл нәрседен секем алғыш, кілт етпе, қыңыр» (ҚТТС. 5 т. 394 б.)
Жамбастап жатып соқтада
Солқылдап ұзақ жыладым.
Саршада Сатылыдан күн кетпейді (15 б.)
Қыркүйекке саршатамыз ауысып (48 б.)
Соқтада – қар еріп жатқан кездегі жер «Иленіп, тығыздалған, жұмбыздалған зат» (ҚТТС. 8 т. 326 б.), Саршатамыз – тамыз айының ортасы
Көзіңде ыраңкөктің сәні жатыр
Ерніңде бүлдіргеннің балы жатыр.
Олжадан оңай үміткер
Салдуар сайқал жігіттер
Опық жеп оңай, қайманып
Оңаза тартам ол кезде (16 б.)
Оңаза, жемсау, желөкпе (30 б.)
Ыраңкөк - өсімдік. «Ыраң зат ес. Көктемнің басында шығатын дәнсіз, құмық бетеге» (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 15 т. 665 б.), Салдуар – тентек, шатақ, қайманып – қаймығып.
«Оңаза тартам ол кезде» дегендегі оңаза – көңілі қалу, көңілі пәс болу, қоңылтақсу мағынасында қолданылса, «Оңаза, жемсау, желөкпе» тармағындағы «Оңаза сын. – жалаңдаған, ашқарақ, тамақсау, қомағай» (ҚТТС. 7 т. 430 б.) дегенді білдіреді.
Монтаны көзің мөлиіп.
Ерніңнің ләзиз – ләззатын (18 б.) Монтаны – момын, момақан, Ләзиз – ғазиз «Ғазиз – араб тілі қадірлі, құрметті, қымбатты дегенді білдіреді. Ғазиза – сүйкімді, сүйікті.
Ұйықтап жатқан ақ зеленін жамылып
Кербез, кердең керіледі, кең жазық.
Алыс-алыс алда жонас кашады,
Мол шапаққа ақ жон төсін ашады.
Намаздыгер – намазшамда бір келін
Жаяры хақ дастарқанын көк ойрақ (22 б.)
Зеленін – желеңін, жонас – сағым, намазшам – кешкі намаз оқитын мезгіл, шам – парсы тілінде кеш деген мағынаны білдіреді, «Намазшаның артынан //Құржаң-құржаң ебеді» (Абай), көк ойрақ – көк ала.
Жырақ жолда алмасады Бар мен Жоқ,
Шытырман күн шыркөбелек шырғадай (23 б.)
Шырға – бүркіт балапанын аң-құс аулауға үйрету үшін жіпке байлап сүйрететін жемтік (тері, ет, тұлып). Тірі шырғалар да болады. «Тірі дегеніміз – қоян, қарсақ, түлкі сияқтылар зыта жөнелмейтіндей аузын тұмылдырықтап, тақыр алаңға жіберу» (Бабалықов Ж., Тұрдыбаев А. «Қыранар», Алматы «Қайнар», 1983. – 28 б.)
Тапсалып қап қайта толған тереңмін,
Мырғаммын да, мылқаумын да, кереңмін (24 б.)
Тапсалып – таусылып, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «Мырғамға батты. Диал. Қарық болды, кенелді» (7 т. 285 б.) деп көрсетіліпті. Бұл жерде бейқаммын деген мағынада қолданылған.
Ырғалған Ырадағы ыраңгүлдей (27 б.) Ыра – жыра, «Ыра – ылди- еңіс, құлди» («Бабалар сөзі», 360 б.) «Сорғалап келіп ыраға, //Бір қозы іліп ап кетті //Құздағы қиын ұяға (Абай).
Айнала құт пен ғанимат (28 б.) Ғанимат – «Ғанибет ар.зат. игілік, рахат, қуаныш» (ҚТТС. 3 т. 9 б.) кейде ғанибат деп те жазылып жүр.
Опадар бұлған бұл ара
Опасыз қалас күндерде (30 б.)
Болды мұнда оласыз, опадар да (43 б.) «Опадар /п/ ризық, нығмет беруші: Алла тағаланың эпитеті («Бабалар сөзі», 17 т. 343 б.)
Онда мен көдек едім, аңғал жан ем.
Саясыз саралжынды құмдауытта.
Кескестеп ұстай алдым оймауытта (33 б.) Көдек – «Бала, жасөспірім, жас жігіт» (ҚТТС. 5 т. 94 б.), Сенгіш, аңғал, сәби, Саралжын - «Зат бот. Басы бұтақты, бүрлі болып өсетін сыпыртқылық қурай» (ҚТТС. 7 т. 389 б.)
Келемін кемсалиқа міне бейуақ.
Алуан да алуан жыл өтті
Арқалап наза, назымды.
Нәумезден сақтап жүректі,
Баладым көпке азымды (34 б.)
«Кемсалиқа – сын. Біразырақ жетпеген, жетіспей жатқан» (ҚТТС. 4 т. 602 б.), Наза – мұң, қайғы, реніш, нәумезден, нәумез – араб тілінде ұйқы, өкпелі, қапалы.
Өңкей шәкірт – күпсерлі бар, тонды бар.
Пейіштегі періштеміз мұғайым (35 б.)
Кепсерлі –« Күпсер зат. диал. Қаптал шалан» (ҚТТС. 5 т. 347 б.)
Мұғайым – «Мұғайын үст.диал. дәл, анық » (ҚТТС. 7 т. 241 б.)
Неге әкемнің қос қолында қолатқы? (36 б.)
Қолатқы – кісен, орыс тіліндегі колодка.
Жәукем алғыр, жарылардай көкірек,
Шөгелдей шөктім енді мен.
Күндер жоқ, қайран, қансүрек (37 б.)
Алып қалды қансүрек есалаң (46 б.)
Жәукем – «Жәукен: Жәукен алғыр. Қарғ. Жау алғыр, құрғыр» (ҚТТС. 4 т. 42 б.), Шөгелдей –«Шөгел зат. Он бір жыл жасаған бүркіт» (КТТС. 10 т. 264 б.)
Қансүрек – Қантүбіт: екі жасар бүркіт.
Аназақта сусамадым
Аяздарда тоңғам жоқ (39 б.)
Аназақта – аңызақта
Басатын нала алауын
Зайыр бір заман өтті ғой (40 б.)
«Зайыр – ар.сын. Анық, айқын, ашық» (ҚТТС. 4 т. 347 б.)
Бейқам, адал, бейкүнә бала шағым,
Болашағым кернейді зауза бағын.
Жаңбырға зар боп заузада (Гүл толқын, 69 б.)
Ол кеше зереңдікпен тон бояған.
Сұлулық гүлзарына қонды данал (41 б.)
«Зауза» ар.зат. май айының арабша аты: мамыр »(ҚТТС. 4 т. 368 б.)
Зереңдікпен – шеберлікпен, зерлеумен, зерлеуімен, Дажал – тажал.
Қунап кетті қу кеудемді құт-садат.
Бір сұлуға сыйлап запран ұсындым.
Әй жас ғашық! Не тұр зипа мүсінде? (42 б.)
Зифа бойың зеңгір көкпен таласып (82 б.)
Запран –«Запыран зат.бот. Ерекше иісті сары гүл» (ҚТТС. 4 т. 358 б.),
Құт-садат – «Құт зат. Береке, байлық, мол қазына» (ҚТТС. 6 т. 532 б.),
«Зипа – сын. Әдемі, әсем, сұлу, көрікті» (ҚТТС. 4 т. 393 б.).
Иірмекіл бұл жерде ойнаған ек
Тәутұқыр мен басбадан, қанталапай...
Жатыр енді жалаңаш жабдан жайым (43 б.)
Иірмекіл – тәутұқыр, басбадан – асық ойындары, «Жабдан – зат.жер. Алаңқай, жазық жер» (ҚТТС. 3 т. 479 б.)
Берен дүзде бөртіп жусан, қынажай
Жатқан мәуірт көктем жерге шыдамай (45 б.)
Берен – қымбат мата. «Базардағы береннің, әр бағасын сарт білер» Құлекеұлы Ш «Пасыл да, пасыл, пасылман» («Жыраулар», 130 б.), Қынажай - өсімдік, мәуірт – белгілі бір уақыт, кезең, мезгіл.
Бет-аузы шыбын, шақаты шала (47 б.)
Шақаты – қалжасы, ұсқыны, түрі
Тұр тамылжып дүрия күзгі шәйі сырт (48 б.)
Дүрия дүние үстіне дүр төгіп нұр (Гүл толқын, 61 б.) «Дүрия – ир.зат: жылтырақ, тығыз, жібек мата» (ҚТТС. 3 т. 215 б.), Шәйі – шайы, үлбіреген жібек мата, дүр-дүрри араб тілі, маржан, інжу.
Бітіспейтін өмірде, бұл ғадауат (50 б.) «(Адауат) Ғадауат – 1) дұшпандық, қастық, жаулық 2) ынтымақсыз, қырғи қабақтық, жек көрушілік.» «Арабша – қазақша түсіндірме сөздік» [Ал. «Білім, 2011. -37 б.»] , «Ғазауат -араб тілі: жорықтар, шабуылдар, соғыс» (Сұбханбардина Ү., Сейфуллина Д. « Қазақ кітаптарының шежіресі 1907-1917» Алматы «Рауан», 1996. – 277 б.), дін жолындағы соғыс.
Себездеді жерге шағи шұғыласын.
Сырласайық, мұңдасайық оңаша,
Қырпиық сәл жарым көңіл күстерін (51 б.) Шағи – жұқа, жұмсақ, жібек, торғын, Қырпиық – қырпу, қырып тазарту.
Самар толы сары қымыз, бал қымыз
Күлтөбеде туарылып тұрдың-ау (55 б.)
«Самар зат. Қымыз құятын, ет жасайтын үлкен сопақ астау, тегене, тегеш» (ҚТТС. 8 т. 141 б.), туарылып – доғарылып.
Үркөппеміз ұрдажық шетімізден (58 б.)
Үркөппеміз – желбуаз, желөкпе, желікпе, бөспе.
Жалған құшақ, жады күлкі – айналаң
Абай аттап, ақырын бас, дарбазым (61 б.)
Жады күлкі – сиқыр күлкі, дарбазым – ер, дара боз, дара батыр, теңдессіз.
Заңғармын о заманнан, заумын байқа,
Ал егер нәкес болсаң, - жаумын, байқа (65 б.)
Заумын – Зау сын жерг.: Зәулім, биік («Қазақ әдеби тілінің сөздігі». Алматы, Арыс, 2007. – 7 т. 99 б.), «Нәкес зат диал. Жексұрын, опасыз, найсап» (ҚТТС. 7 т. 331 б.)
Қиякелді қыңыр заман (67 б.)
Қиякелді –« Қиягелді зат.диал. көлденең кісі, келімсек» (ҚТТС. 6 т. 223 б.)
Қыздарың қынай, ұлдарың бұлан
Гүл шараты нұр кесеге үлелік
Үміт үлфат, іңкәр көңіл жай тауып (69 б.) «Қынай: қынай бел» (ҚТТС. 6 т. 607 б.)
Үлелік – «Үле ет. Үлестіру, таратып беру» (ҚТТС. 9 т. 545 б.),
Үлфат – «Үлпат ир.зат. Жақын, үйір» (ҚТТС. 9 т. 547 б.)
Неге отырмыз, достарым-ау, дүмеліп?
Байқа, зинһар, зәндемі зәнталақты (70 б.)
Дүмеліп – қамалып: «Дүмел Дүме етістігінен жасалған ырықсыз етіс.Дүмеліп баста қайлайды, Оңаза ойлар құйын боп, өзегі от боп лаулайды, Кәріге бұдан қиын жоқ»(Қ.Шаңғытбаев, Аққу әні) (ҚТТС. 3 т. 202 б.), зинһар – «Зинаһар сын. Кінәлі, айыпты; күнәһар» (ҚТТС. 4 т. 393 б.) Соның ішінде уайымсыз, салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар, жаным, соған бек сақ бол...» (Абай. Отыз екінші сөз). Зәңдемі – «Зәңдем сын. Сұм, сұрқия, залым, айлекер, қу» (ҚТТС. 4 т. 374 б.), зәнталақты – «Зәнталақ ар.зат. Арамза, қара ниет, оңбаған» (ҚТТС. 4 т. 374 б.)
Мен де шабыс ізіндегі зәрремін (71 б.)
Зәрремін – «Зәрре зат.дерг. Күн сәулесінің көзге көрінер – көрінбес ұсақ түйіршіктері» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 7 т. 117 б.)
Аңырақайда айқай, айқас, қаржасу
Сынды сүңгі, талай қылыш майысты (71 б.)
Қаржасу- алысу, жұлысу, тайталасу, егесу, тартысу.
Қыза берді дүздің дүлей бүлігі,
Таралғылар қара терге шіріді,
Солқылдайды майдан жайдың күдірі,
Басылмайды ат пен айқас дүбірі (73 б.)
Күдірі –«Күдері зат. Әбден иі қанып жұмсартылған тері» (ҚТТС. 5 т. 259 б.)
Ақтамберді жырау Сарыұлының: «Күлдір- күлдір кісінетіп, // Күреңді мінер ме екеміз, // Күдеріден бау тағып, // Қамқапты киер ме екеміз?!» деген жолдарындағы күдері.
Бар баламды жанаргүлдей жайнатып (74)
Жанаргүл гүлдің аты (Адамның жанарына ұқсағандықтан жанаргүл атаған болуы керек – С.О.)
Кіреуке басар көңілді (75 б.)
Кіреуке- көңілдегі қаяу, уайым, мұң.
Қылшалы тау, бүлдіргенді сала қат(78 б.)
Қылшалы- таулы, тастақты жерлерде текенің сақалы сияқты тарам- тарам болып өсетін өсімдік.
Ұлтшыл дейді, ұласпансың қазаққа (79 б.)
«Ұласпан (Гур. , Маң.). Қайықты басқарушы адам, қайықтың бастығы («Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі», Алматы. « Ғылым», 1969.- 354 б.)
Жатырсың ба жекеніңді жел тербеп (77 б.)
Жекен- өзен, көл жағасында, балқашты жерде өсетін шашақты шөп. Халық өлеңіндегі «Желбір жекен, // Желіп жүрген тоғайда біз бір бөкен» дегендегі жекен осы.
Жазыпты ғой дәуһіл-махфуз тақтайға (77 б.). Дәуһіл-махфуз – Лахул-махфуз – жақында сақталған, тағдыр, пешене, болатын, болған жайлардың бәрі егжей-тегжейлі жазылған кітап. Лаух – араб тілінде тақта, Махфуз – тағдыр, жазымыш, пешене.
Ал егерде мен туралы зауқайым (79 б.) «Зауқайым үст.сөйл. Ойламаған, күтпеген жерден, кездейсоқ, әлдеқалай» [ҚТТС. 4 т. 368 б.]. кейде бұл сөз зауқайыр деп те айтылып жүр.
Сезбейтін адам пазылын
Болар ма сорлы мұншама!
Пазылын – жағдайын, күйін (фазыл араб тілінде артықшылық, абзалдық), фазыл – ең жақсы, өнегелі,
«Лирика» кітабынан (Таңдамалы, Алматы: «Жазушы», 1976)
Сәбилердей ағеден (18 б.).
Ағеден – пәк, таза, адал, кіршіксіз.
Дүррі ғауһар екі көзің (12 б.).
Елдің гауһар дүррісің («Гүл толқын», 30 б.).
Дүррі – дүр түрік сөзі, інжу, маржан, керемет, зор, атақты дегенді білдіреді. «Теңіздің тереңінде садып пен дүр». [Тәңірбергенов Ә. «Ғылым туралы», «Бес ғасыр жырлайды», 227 б.], «Аш бабын сөздің дүр Омар» [Шораяқов О. «Ұстаздарым» «Бес ғасыр жырлайды», 413 б.], «Түбінен дарияның дүрлер теріп» [Ізтелеуов Т. «Назым» «Бес ғасыр жырлайды», 463 б.].
Махаббатта жоқ қой дәт
Нұрданбысың, һұрданбысың (12 б.)
Дәт – шыдам, һұрданбысың – жұмақтанбысың.
Қауыз жарған кезінде қазан соғып (22 б.)
Қазан соғып – қырау, ызғар, суық ұрып, үсіп «Құлпырған қызғалдақтай қайран өмір, //Қар жаумай, қазан соқпай солады екен» (Халық өлеңі)
Солдырған сол тәнтәна жас дәуренін (23 б.)
Қазан соғып – суық ұрып, тәнтәна – салтанатты, у-шулы.
Сықырлайды сөрден діңгек (26 б.)
Сөрден діңгек – киіз үйдің орталық діңгегі
Жер қапқан атанәкес қасты білем (28 б.)
Атанәкес – ата жау
Әлде көлдің сабатын (29 б.)
Сабатын – аумағын «Сабат зат. Шөбі шүйгін жер, көгал» [ҚТТС. 8 т. 86 б.].
Қорласын деп қанқор дұшпан? (34 б.)
Қанқор – қанішер, қанпезер.
Көзің шалған көркеу тірі кетпеді (37 б.)
Көркеу – қорқау
Бадалқалы меруерт көбік көліңнен
Гүл бағыңнан сырмал күйі төгілген (39 б.)
Бадалқалы – ірі, үлкен, баданадай. Сырмал – нәзік, жанға жайлы, сыршыл әуен.
Сай кез оғын кесе тістеп (40 б.)
Сай кез –сайгез, садақтың оғы. Жезайыр, сұржебе, т.б. «Садақ толған сайгез оқ, масағынан өткеріп... (Доспанбет жырау «Бес ғасыр жырлайды», 33 б.).
Көп тұрдым пәруанаға ұқсадым да (48 б.)
«Пәруана /п/ - түнде ұшатын көбелек. Ауыспалы мағынасы: біреудің жолына құрбан болу, садаға болу, жанын қию» [«Бабалар сөзі», 21 т. 287 б.], «Дастандарда поэтикалық образ ретінде қолданылады. Сопылық ұғым бойынша, мұсылмандар дін үшін жан-тәнін аямай жаумен шайқасуын білдіретін ұғым; жазушы, шабарман, қуғыншы, жаршы, хабар әкелуші, хабаршы» [«Бабалар сөзі», 18 т. 353 б.].
Бағзыда бас білмесем, кешір, елім (50 б.)
Бағзыда – бұрын, ертеде, баяғыда.
Самғасын сәби бал бұла (52 б.)
Бұла – ерке, еркін өскен, бейнет көрмеген.
Қанатын бояу қағады
Күнгейге тарқан тырналар.
Тарқан (тархан) – көне түркі заманынан келе жатқан атау. Ақсүйек, княз, текті, билеуші сұлтан деген ұғымды білдіреді. Тырналардың жүріс-тұрысы, тұрқы кербез княздарға ұқсайды. Ақынның 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Аққу әні» жинағындағы «Пейзаж» деп аталатын өлеңінде «тарқан» деген аөз «тартқан» болып жүр (10 б.) осы «Аққу әні» кітабындағы нұсқасына қарап құрастырушылар «Шайыр» жинағында да «тартқан» депті (2010, 81 б.). дұрысы – тарқан. Жай тырналар емес, тарқан тырналар. «Тартқаннан» «тарқан» әсерлі! Патшалық Ресей Шақшақ Жәнібек батырға бірінші дәрежелі тархандық атақ берді. «Бұл атақ ерте кезде (VІ ғасырда) түрік қағанатында, кейін Алтын Ордада болды. Н.Рычковтың айтуы бойынша бұл княздік атақ. «Халық арасында, - дейді ғалым, - хан атағынан аспаса, хан билігінен кем еместі» [Қозыбаев М. Жауға шаптым ту байлап. Ал., «Қазақстан», 1994. – 83 б.]. Ақын Ғафу Қайырбеков «Абай еліне» деген өлеңінде // Қашаннан қасиет мекен аңсаған, // Хан Шыңғыс, би Қарауыл, сәлем саған» демей ме?! Қарауылды (Жер аты) биге теңегені сияқты автор бұл жерде «Тарқанды» князь, текті деген мағынада қолданған. Асырып айту, әсерлеу. Тырналардың жүріс-тұрысы, жан-жағына маңғаздана қарауы, артық еті жоқ сыптығыр денесі орыс княздарын еске түсіреді.
Басып ап насын таңдайға (55 б.)
Насын – насыбайын.
Жабысып ердің қасына (57 б.)
Ердің қасы – ердің басы (алдыңғы, артқы қасы болады).
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді...
Махамбет.
Құлшынған илһам ұлы, ірі болсам (72 б.).
Илһам – араб тілі, діни сенімге ие болу; шабыттану; жігер беру, рухтандыру, аян, түс.
Самсап сапқа тұрды сансыз байрақтар
Қайда Тәурәт, Құран, Зәбур. Қайда Енжіл? (73 б.)
Байрақ – ту. Тәурат, Құран, Зәбур, Енжіл (інжіл) – діни кітаптар. Діни ұғым бойынша Мұса пайғамбарға Тәурат, Дәуіт пайғамбарға Зәбүр, Иса пайғамбарға Інжіл, Мұхаммед пайғамбарға Құран келген. «Көп кітап келді Алладан, оның төрті //Алланы танытуға сөз айырмас» (Абай.)
Толықсиды қоңыр шымқай гүл жамбыл (89 б.).
«Жамбыл зат. шымқай қоңыр түсті гүл» ( ҚТТС. 3 т. 604 б.)
Ішердей тыныш борсысын (105 б.).
Борсысын- шарабын
Шашақты шалғы қолға алды
Шалғы- қобыздың шалғысы, ысқышы.
Кезенде жаудың көзіне
Кезіге кеткен кербақпын (107 б.)
Кербақ- бақытсыз.
Аламан елді зарлаттың (108 б.)
Аламан бұл жерде ұлы, үлкен деген мағынада қолданылған.
Шалағай шүйген бейбақпын
Қылшаңсыз қалған кербақпын (108 б.) Шүйген – шөккен, қартайған,
Қылшаңсыз – түгі қалмаған, ештеңесі жоқ.
Төрлауыт нудың барысы
Алшаңдай басып келгесін (189 б.)
Торлауыт – тар, тарлау, Жонас – ердің қапталдығы, ердің жонасы, қайзап - шайнап, қажап.
Жонастың көркі күліктен
Еменді шайнап, тал қайзап (110 б.)
Дүрбіжін үсті табыттай
Дүрбіжін – орындық
Күбіліп ішті әркіні (112 б.)
Әркі – арақ
Салдырды етке сарбұға
Жөрмелеп со кез жөнелді (113 б.)
«Сарбұға зат. Дәрілік шөптің тамыры» [ҚТТС. 8 т. 174 б.], жөрмелеп - өрмелеп.
Жатты ма екен жәуміттердің алдында (119 б.)
Жәуміт – жау.
Зүмірат зипа қарағаш (186 б.)
Зүмірат шалғыныңды кешем бе енді [«Гүл толқын», 44 б.], «Жарасымды-ақ жасыл-зүмірат гүл дала [«Гүл толқын», 67 б.], Зүмірат – асыл тас «Зүбәржат (н) – жасыл түсті асыл тас [«Бабалар сөзі», 2 т. 323 б.]
Жұрт оралы ойран болды,
Жұрт оразы жұтады (150 б.)
Оралы – жағдайы (күш, шама, мүмкіндік) деген мағынада [«Оралыңның барында ойна да күл (Халық әні «Айнам-ау». «Ауыл кеші көңілді». Ал. «Қайнар», 1993. -125 б]
Оразы – пейілді, ықыласты («Ораздының он қонағы бірге келсін» (Мақал).
Қайда шандоз Сәкенім? «Шандоз сын. Асқан жүйрік жарыста озып шыққан жеңімпаз» [ҚТТС. 10 т. 129 б.]
Болады қамсау ол қанша?
Тарап бір қойып қияғын
Қауқар жоқ кәрі шөгелде (144 б.)
Қамсау – бабы келмеген, жүдеу, қамығу, Қияқ – бүркіт қанатының қауырсыны, Шөгел – он бір жыл жасаған бүркіт.
Баршындап әбден ол енді
Омалып қалған шәуліні (145 б.)
Баршындап – қыранның шау тартуы, қартаюы, баршын – он жастан асқан бүркіт, шәулі – бұл жерде кәрі деген мағынада қолданылып тұр. Қырандар «қырандар, шәулі қырандар» делініп екі топқа бөлінеді. Бүркіттің еркегіне қарағанда ұябасары (аналығы) ірі болады. Сондықтан да еркегін шәулісі (кішкенесі) деп атап кеткен. Шәулі – қыран құстардың ұсақ түрлері. Шәулі қырандарға – қаршыға, тұнжыр, тұйғын, қырғи, сұңқар, жағалтай, ителгі, тұрымтай, бидайық жатады. Қыран деген құс жоқ. Қыран – бүркіттердің өзінің қасиетімен, қайтпас-қайсарлығымен, қырағылығымен, алғырлығымен танылғаны. Әйтпесе, қозықұмай сияқты аңға түспей, өлексе жейтін дәу бүркіттер толып жатыр. Ал, сұңқар, қырғи, тұрымтай, шағалтайлардың т.б. (шәулілердің) денесі шағын болғанымен, алғыр, ұшқыр, тегеурінді. Жағда Бабалықов пен Абдолла Тұрдыбаев «Қырандар» [Ал. «Қайнар», 1983] кітабында Шәулі сөзінің шығу төркінінің белгісіздігін, осы сөз туралы айтушылардың ой-пікірі, жорамалдары әр түрлі екенін айта келіп, көпшілігі ұрғашысы – ұябасар, еркегі – шәулі дейтінін көрсетеді. Бүркіттің жыстық атауы туралы қатар айтылып тұрған ұябасар, шәулі, бұқатана, сарыша деген сөздердің де арғы төркіні белгісіз екенін әңгімелей келе авторлар «Белгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев өзінің этнографиялық сөздігінде «Бүркіттің жаман түрі – шаңқылдақ, садақсан, сабалақ, сасқалық, шәулі» деп атапты (98 б.), – дейді. Бұдан біз, біріншіден, «Омалып қалған шәуліні» дегендегі шәулі сөзінің неге қолданылғанына көз жеткізе түссек, екіншіден, ақынның этнографиялық сөздік жасап, тілдің шығу төркініне терең барлау жасағанын да байқаймыз.
Бақыт та сақи (166 б.)
Сақи досым, бақи баурым, сол елім (196 б.)
Сақи – жомарт, ақ пейілді, ақ көңіл
Оқпынды түнде
Оқпынды – үңірейген. «Оқпынды сын. Оқпыны бар, қуысты» [ҚТТС. 7 т. 406 б.] «Оқпан – ойылып түскен жер қуысы, шұқыр». Дәрімен атылатын қарудың оғы белгілі бір бағыт алыа шығатын іші қуыс түтік тәрізді бөлігі (Сонда. 405 б.).
Ауытқып шүйеді төменге (169 б.)
Шүйеді – шүйлігеді, құйылады, зулайды.
«Айдын шүйсең, тарлан шүй,
Көтерілген сона құтылмас.
[Шалкиіз. «Би Темірге бірінші толғау» «Бес ғасыр жырлайды», 38 б.]
Кедіре көк жалын сілкілеп (170 б.)
«Күдіре – шығыңқы, күдіре бел. Белі шығыңқы» [ҚТТС. 5 т. 261 б.]
Дірілдейді алхордың жапырағы (173 б.)
«Алхоры зат. Оңтүстік аймақта өсетін жеміс ағашы» [ҚТТС. 1 т. 239 б.], «Алхоры (ІІ) – раушан гүлдер тұқымдасына жататын, жабайы және мәдени түрде көп таралған өсімдік» [«Бабалар сөзі», 20 т. 308 б.]
Ай астында ақ мизан жай жүзеді (180 б.)
Ақ мизан – ақ сәуле, сағым
Талшықтай талмау тал шыбық (184 б.)
«Талшық зат. Жүрек жалғарлық азын-аулақ тамақ, қорек» [ҚТТС. 8 т. 572 б.] талмау – заттың дәмін татып көру, тату.
Сүле-сапа қабылдапты (185 б.)
Сүле-сапа – енжар.
Бәрекелде! Сән-салтанат, шан-шараф!
Гауһар шамдал, күңгірт шамдар – шартарап.
Бір кем емес Әмір Темір тахтынан (191 б.)
Шан-шараф шамдал – шамда қоятын тұтар аспалы шам, тахтынан – тағынан.
Бір сағадат шәрбатына кенелген (196 б.)
Жер басып жүргенімде сау-сағадат! [«Гүл толқын», 52 б.]
Алқап талай ардақтаймыз мәңгі біз (196 б.)
Сағадат – араб тілі, бақыт, мерей, аман-есендік, алқап – сағынып.
Жабдан өмір жатыр жүдеп бұйығы
Қайда мәшһүр қаләм-шәриф теңдігі? (197 б.)
«Жабдан зат. Жерг. Алаңқай, жазық жер» [ҚТТС. 3 т. 479 б.], «Қаләм-шәріп /а/ – қасиетті сөз [«Бабалар сөзі», 28 т. 358 б.], Шариф – араб тілі, қасиетті, киелі, құрметті, ұлы, шариф – құран.
Қарқалләзи болғандай-ақ бар елі
Қақас болған жел-дауылдан ауылың
Жеңіл болғай иләһимде ауырың! (198 б.)
Қарқалләзи – араб тілінде ештеңе қалдырмай, түбіне дейін тазарту, қақас-қалыс, шет, иләһимде – әлбетте, солай (қоштау), «Иләһ /а/ – Құдай, Құдірет, Тәңір. Иләһи, Иләһим – Құдайым [«Бабалар сөзі, І том. 333 б.]
Аянкеш өстім сыңарға (205 б.)
Аянкеш – аяғыш, жаны ашығыш.
Күйіксары құлпырады гүл жарып
Жон қайысып тойды тосқан түменнен (226 б.)
Күйіксары – өсімдік, Түмен – саны он мыға жететін әскер, қол.
Тақымында меруерт жалды сұр ат бар
Қапталдаса ере түсті бір аптал.
Жануар-ай күлік екен шын безбе (227 б.)
«Аптал сын. Қарулы, қайратты [ҚТТС. І т. 297 б.], «Күлік зат. Сәйгүлік, саңдақ, жүйрік» [ҚТТС. 5 т. 303 б.], «Безбе: безбе жүйрік. Ұстатпайтын қашаған, әккі жүйрік» [ҚТТС. 2 т. 209 б.]
Өлекшіндей өрден дода ырғиды
Талай зіңгіт зілге төзбей мықшиды
Арсияды аттың сербек сүйегі (228 б.)
«Өлекшін – жолбарыстың ұрғашысы». «Күшігін асыраған өлекшіндей, азғындап шектің, Сара, жылдан –жылға (Айтыс, 113 б.)». Қыдырбекұлы Б. «Түгел сөздің түбі бар». «Социалистік Қазақстан», 9 сәуір, 1991 ж. «Зіңгіт сын. Көне. Үлкен... Зіңгіттей сын. Дардай, соқталдай, еңгезердей» [ҚТТС. 4 т. 433 б.] «Талай зіңгіт» деп автор бұл жерде бір сөзге сыйдырып күшті жігіттерді айтып отыр. «Сербек зат. Омыртқаның сыртқа шығыңқы жері» [ҚТТС. 8 т. 273 б.]
Көп көргенмен, көбең жазсам, кеш мені (237 б.)
Көбең жазсам деп автор босаңсысам дегенді айтып отыр. «Көбеңсу қ.атау. Көбеңсі-у. Көтермейді көлкуді, көбеңсуді қаһарлы ойдан өрілген өлең сырлы; қатал заманнан шыққан қайырымды жан Қара тасқа көктеген емен сынды (Ж.Нәжімеденов, Мезгіл), [ҚТТС. 5 т. 86 б.]
«Гүл толқын» жинағынан
(Ал., «Жазушы» баспасы, 1982)
Оқ шарпыған,
Оқ тепсіген зіңгіттер (4б.)
Тепсіген – «Тепсін ет. Ыза кернеп, қатты ашулану, өзектеп отырып алу» [ҚТТС. 9 т. 126 б.]
Зереңнен зерге малынған.
Сөнгенің сақталса да хәтарымда (9 б.)
Зерең – «Зерен зат. Ағаштан жасалған, қымыз құятын сәнді, сырлы ыдыс; аяқ» [ҚТТС. 4 т. 390 б.]. Хәтарымда (татарша).
Ақсаулық пен күләбіге біз қарық (13 б.)
Ақсаулық Күләбі – «Жаздың орта кезінде ерте пісетін көк ала, қара ала түсті қауын» [ҚТТС. 5 т. 291 б.]
Талыстай талқы тақымгеш
Қырындап қырқай бозбала (14б.)
«Талыстай сын. Үлкен, зор, дәу» [ҚТТС. 8 т. 574 б.], «Талқы зат. Теріні керіп-созып, уқалап жұмсартатын ағаш құрал [ҚТТС. 8 т. 568 б.], тақымгеш – «Тақымкеш сын. Көкпарда, жекпе-жек тартыста жеңгіш (адам) [ҚТТС. 8 т. 554 б.], «Қырқай - үст. Бәрі, түгел, жаппай, шетінен» [ҚТТС. 6 т. 622 б.]
Қыраттағы қызыл қыршын ішінен
Қопал самғап көтерілді күшіген.
Әрең қалды аман-есен бишара
Бір саудайы бала түлкі тісінен. (18 б.)
«Қызыл қыршын» – қызыл гүл, дәнді бұтағынан қырқылып сәл оңай түсіп қалатын әдемі дала шөбі. [«Бабалар сөзі», 7 т. 395 б.], Қопал – ебедейсіз, епсіз, «саудайы сын. Бетімен кеткен, тұрпайы, көргенсіз» [ҚТТС. 8 т. 211 б.], саудайы-ай, садаяй (парсыша) – мәжнүн, меңіреу, ғашықтықтан мәжнүн болу. «Саудайы-ай, сауды алмадың-ау, сырқауды алып» (Абай).
Отты селін шілдегер төкті көктен (19 б.)
Шілдегер – шіліңгір, шілгір, шілде айының аптап ыстығы.
Күмірә болғыр сұм бала! (21 б.)
Күмірә – «Уайым-қайғы» [ҚТТС. 5 т. 309 б.]
Тыста дүлей зымыстан
Жұлқылайды жолым үйдің желбауын (22 б.)
«Зымыстан ир.зат. Адам төзгісіз, қатты» [ҚТТС. 4 т. 405 б.] «Жолым: жолым үй. Уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй» [ҚТТС. 4 т. 159 б.]
Жақсыға ділгер сойымсың (31 б.)
Сойымсың – ата-бабамның, негізімсің, тегімсің.
Қуаныш, күдік шағында
Шүленім, сенсің тірегім.
Аз күндік өмір айлақта
Жаббардай жалғыз жарығым (33 б.)
«Шүлен» – мырза, дархан, жомарт, «Айлақ» – зат.жерг. өзен, көл, теңіз жағалауындағы шығанақ, бұғаз, қойнау [ҚТТС. 1 т. 97 б.], «Жаббар» – Құдай «Жаппар /а/ – құдіретті, күшті, Алла тағаланың 99 есімінің бірі [«Балалар сөзі», 1 т. 333 б.]
Кермал тау, көксіл дала, көлегей бақ (34 б.)
Түтек басқан кермал таудың құздары (47 б.)
«Кермал сын.жерг. Кермек... Домалап кенет ақ қардан Бір тамшы төмен ырғиды. Кетеді кермал жақтардан, Бетке алып сосын ылдиды» [Қ.Шанғ. «Аққу әні», ҚТТС. 7 т. 655 б.]
Кермал – самалды, Көксіл – «Қажымас, қайсар» [ҚТТС. 5 т. 129 б.], Көксіл – алғыр, қыран, Көлегей – көлеңкелі.
Енді білдім...
Егде тарттым
Ерумін (36 б.)
«Еру зат. көне. Көшіп-қонғанда, жол жүргенде, ұзақ сапарға шыққанда жолаушылардың жолда аялдап жасайтын дем алысы... Ер еруде бала мінезді, Ер сайыста шала мінезді (мақал)» [ҚТТС. 3 т. 414 б.]
Таңғақтанып таң төгілді, алыста (37 б.)
Таңғақтанып – ағарып, сәулеленіп, өзгеріп.
Шабытым кейде шая,
Кейде шалжақ
Зайғы-зая өтіп жатыр күндерім (36 б.)
Шая – төмен, аласа «Шая сын.диал. Бойы аласа, өзі сирек шыққан (өсімдік) [ҚТТС. 10 т. 177 б.] «Шалжақ сын. Бетімен кеткен ерке, шолжың» [ҚТТС. 10 т. 114 б.], Зайғы – зая, бекер.
Баһырасыз базыналыға болдың әлде мүмкін сен?
Қуандыққа өкпелеме, өмірзая, бейшара (39-40 бб.)
Баһырасыз – баһра араб тілінде – кішкене көл, көлшік. «Бәһра (т) – ләззат, ғанибет, ғибрат» [«Бабалар сөзі» 1 т. 331 б.], Өмірзая – (Өлең тақырыбы да Өмірзая) гүлдің аты.
Құлмамбес, күйіксары, ыраңыңның
Жосылып жота жүлдеп жарысқаным (44 б.)
Құлмамбес, күйіксары, ыраң – өсімдіктер, жүлдеп – бойлап, жағалап.
Сен болмасаң,
Сүле-сырқат сұрқаймын (45 б.)
Сүле-сырқат – «Сүле үст. Селқос, немқұрайды, көңілсіз, сүлесоқ» [ҚТТС. 8 т. 417 б.]
Кейде бұрқап отты көзе бетінде
Болмасақ та бұрын анда-құда да.
Шүкірана «құлдық!» деймін хұдаға
Нәмәрт емес,
Жомарт десін халайық (46 б.)
«Көзе зат. Сұйық зат құю үшін балшықтан күйдіріліп жасалған ыдыс» [ҚТТС. 5 т. 115 б.], Анда – «Нәсілі бір болмаса да екі түрік ағайын келсе, бір жерін қанатып, қандарын сүтке яки қымызға қосып бөліп ішеді де: «Қаны қосылған қандас болдық» дейді. Біздің қазақтың құда-анда дегендегі «андасы» осы сөз» [Құдайбердиев Ш. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі, 1911. -13 б.], «Шүкірана од. Құдайға шүкір, тәубе... Шүкірана айтам саған мен әр күн, Сенсіз менің жанарыма толар түн. Сенсіз менің ет-жүрегім болар құм» (Қ.Шаңғытбаев Арма). [ҚТТС. 10 т.294 б.]. Шүкір – рахмет, араб сөзі. Шүкірана – тоба, тәубаға келу, Хұда – құдай бүкіл әлемді жаратушы, Алла Тағала, құдірет, Нәмәрт – сараң, тексіз, жексұрын, қайырымсыз
Тімсінеді кірбің күздің ызғары
Күрсінеді бейтап, тұнжыр күз бағы
Тіршіліктің ызбайы мен ызбары
Күйзеу күз тұнжырайды көшедегі
Көк бергек, алтын сырға мырза терек (47 б.)
Тімсінеді – тіміскілейді, тінтеді, Бейтап: бейтап «болды. Жерг. Сырқаттанды, науқастанды» [ҚТТС. 2 т. 229 б.], Ызбайы – ауру-сырқаудан мазасы кету, беймаза болу, Ызбары – ашуы, сесі, айбаты, «Күйзеу сын. Күйзелген, жүдеу тартқан, жабырқау» [ҚТТС. 5 т. 280 б.], «Бергек зат. Көне. Әйелдердің әшекейлі бас киімі» [ҚТТС. 2 т. 264 б.]
Оралай соққан толағай,
Ашулы шулап шонадай
Оңаза, озбыр, обадай (50 б.)
«Толағай – зат есім. Толассыз соққан жел аты. Ақын Қуандық Шаңғытбаевта
Толассыз соғып толағай,
Құлазып қалдым даладай.
Алдына байқап қарамай,
Іс еттің аңғал, балам-ай, деген жолдар бар [Оспанов С. «Публицистика. Алматы: «СаГа, 2001. -135 б.], Шонадай – «оңаза сын. Жалаңдаған ашқарақ, тамақсау, қомағай» [ҚТТС. 7 т. 430 б.]
Ағаға ілфат, құрмет
Тұрсақ па,
Тәйірі, бізге дәрілбағың! (51 б.)
Ілфат – ілтипат, дәрілбағың.
Қуан – аға екі өлеңін «Мұхаммас» деп атапты. («Гүл толқын» 53, 56 бб.) Мұхаммас – әрбір шумағы бәрі түгел ұйқасатын бес тармақты (а-а-а-а-а), екінші шумағының төрт жолының ұйқасы бір, соңғы бесінші жол бірінші шумақпен ұйқасатын (б-б-б-б-а) өлең түрі. Мұхаммас – Шығыс поэзиясында жиі ұшырасатын жанр. Сондай-ақ өлеңнің бұл түрі өзбек, ұйғыр, тәжік, түркімен, урду, сондай-ақ Кавказ халықтары поэзиясында кездеседі. Өзбек халқының ағартушы ақыны Фурхат (шын аты-жөні Зәкіржан Қалмұхаметов) (1859-1909) өлеңдерінің дені Мұхаммас (Мухаммас). Армяндарда, мысалы, - Мухаммаз, грузиндерде – Мухамбази (18-ші ғасырдың екінші жартысында шығыс поэзиясының ықпалымен А.Чавчавадзе, Н.Бараташвили т.б. Мухамбазиді жазды) [Шаңғытбаев Қ. Таңдамалы. І т. Шайыр. Қуандық Шаңғытбаев. Алм. «СаГа» баспасы, 2010. -39 б.]
Көңілім кір – қаяусыз кімсанаға
Шым батып кетем бірақ кейде зімге (57 б.)
Кімсанаға – белгісіз, бейтанысқа, зім-зімқайым жоғалу.
Гүл шырынын шүйген мен бір арамын
Шүйгін шалғын шұратыңнан мөлдіреп
Ару десе, мен бір зәулі жолтосар
Өрмекшің мен – сұрамсақ сілбісі
Орқаш тастар омырау ашып тұр желге (59 б.)
Шүйген – жинаған, шұратыңнан – шұрайлы жеріңнен, зәулі – биік, заңғар, зәулім, «сілбі зат. Өрмекшінің өрнегін тоқуға керекті талшық зат» [ҚТТС. 8 т. 509 б.] Өрмекшінің денесінен бөлініп шығатын өрмек тоқитын сілекейі, орқаш сын. сөйл. Өркеш» [ҚТТС. 7 т. 462 б.]
Зер тепшіген тебетейі басында (62 б.)
Тепшіген – тіккен, сәл кестесі бар, зерлеген.
Сосаны сәуле торлап,
Тұман жапты ылдиды,
Ұлан белді (63 б.)
Сосаны – сұлбасы, түрі, кескіні.
Жаңғырып тынған озанмын (66 б.)
Озанмын – «Озаң зат. Ащы дауыс, айқай» [ҚТТС. 7 т. 378 б.]
Шетінен оспар, одағай (69 б.)
Оспар – оспадар, «Одағай сын. Анайы, тұрпайы» [ҚТТС. 7 т. 372 б.]
Салуалы сырдан сыбыс жоқ (69 б.)
Салуалы – салауатты. «Салуалы менің ордам қонған жер» [Қазтуған жырау «Жыраулар», Ал. «Білім», 2007. -111б.]
Мәңгілік молдық – даһи мен дала таланы (70 б.)
Даһи – дағы, тағы және
Жатса жайнап шәмші, күлпар, қоғажай (75 б.)
Шәмші, күлпар, қоғажай – өсімдіктер. «Қоғажай – биіктігі 30 см-ге дейін өсетін бір немесе екіжылдық, тамыры қуыс, шөп тектес өсімдік. Жапырақтары кезекті, қысқа сағақты, жүрек пішіндес. Апрель айынан бастап күзге дейін гүлдейді» [Қожабеков М. Дәрілік өсімдіктер. Ал.Қазақстан, 1975. -71 б.]
Өспейді сенде шәмсі, шамшат, қарағай,
Ойқастай шауып ойың мен ошар өріңді (76 б.)
Жапанда ошар отар бар (58 б.)
«Шамшат зат. Ыстық жақта өсетін сүрегі берік, ірі ағаш» [ҚТТС. 10 т. 126 б.], «Ошар ет. Бір жерге иіру, топтау... Орданың алды он сан қол, ойнайды найза ошарып, келсең – кел өңкей, болсаң – бол, құрықтан қашқан босанып» (Қ.Шаңғытбаев. Аққу) [ҚТТС. 7 т. 499 б.]
Бой мажырап көктемгі күн шуаққа (85 б.)
Жапырағын осақтың жан-жақтағы (87 б.)
Мажырап – маужырап, осақ – өсімдік
«Аққу әні» кітабынан (Ал. «Жазушы», 1968)
Зауықтың мауқы басылсын (62 б.)
«Зауық ар.зат.Ықылас, ынта, ниет, көңіл-күй» [ҚТТС. 4 т. 369 б.]
Тайғақ шақат тасқа таман (92 б.)
«Шақат зат. Қағы кепкен сортаң жер» [ҚТТС. 10 т. 98 б.]
Шарла досым,
Мағриб-машриқ арасын (94 б.)
Мағриб-машриқ – Батыс пен Шығыс, араб тілі.
«Шайыр» кітабынан (Ал. «СаГа», 2010)
Әлімсақтан ақынбыз да батырмыз (19 б.)
Әлімсақтан – баяғыдан, ертеден.
Шалқып ішіп әбілхаят кәусарын (19 б.). Һая – араб тілінде өмір. Абхаят /аб/п/ – су, хаят – өмір, тіршілік. Өмірсуы, мәңгілік су». [«Бабалар сөзі», 4 т. 290 б.]
Қалмапты ыпын ұяда («Лирика», 104 б.)
Елестеп ауыл ыпыны (34 б.)
Ыпын, Ыпыны – сүреңсіз келбеті, түрі
Қайғылы ғазел
Ғазел – ғазал, соңғы екі жолы ұйқасатын түркі халқының лирикалық өлеңі.
Күмән, күдік күрсін кернеп
Күрсін – күрсіну
Зілзала боп түгел жер-көк
Зілзала – табиғат апаты, жер сілкінісі, тасқын, сел т.б.
Айналада аһын ұрып (71 б.)
Аһын – өкініш, қайғы, мұң.
Пүшәймән болам (284б.).
Пүшәймән – Пішайман (Қ.Орда, Арал), Арман, Қайғы, Уайым, [«Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі», 277 б.].
Палуан өскен,
Қонағуар ерім бар (339 б.).
Қонағуар – қонақжай, «Қонақуар» деп те жазылып жүр, меймандос
Алатаудың сыйлап абат ғұмырын
Көкшетаудың қиям шифа – дауасын
Қос бұлбұлдай бір гүлзарда сайраған (374 б.).
Абат – бай, берекелі «Абад, абат – халқы жиі қоныстанған қызу, думанды, базарлы жері елді мекені бай, берекелі орын» («Бабалар сөзі», 330 б.), Шифа – шипа, гүлзар – гүлді алаң.
«Социалистік Қазақстанды» «Егеменді Қазақстан» деп өзгерткен кезде Қуан – аға осы газеттің сол тұстағы бас редакторы жазушы Шерхан Мұртазаға хат жазып, бір ұғымды білдіретін «жә», «еге», ие» сөздері барша қазаққа ортақ екенін, күнгейліктер де, Жайық бойы да «еге» дейтінін мысал келтіре отырып дәлелді жеткізіп, алайда «-ді» қосымшасының өз орнын таппай тұрғанына қынжылыс білдіреді. «Егемен, жә, егемен болсын делік, – ие ғой баяғы. Ал егеменді ше? Иелі ме? – дейді автор. – Қай қазақ атқа шабар баласына жарыс алдында: Байқа, тізгініңе иелі бол», – дейтін еді. Қобыландыны да, Тоқтарды да «Қаһарманды батыр емес», «Қаһарман батыр» дейміз ғой. «Аларманға – алтау аз, берерменге – бесеу көп» демей ме қазақ? «Алармандыға, берермендіге емес. Ендеше, егеменді емес, газеттің аты «Егемен Қазақстан» болғаны дұрысырақ сияқты» деген пікір айтады. Одан әрі де сөз дұрыстығы, бұрыстығы жайында әңгіме қозғап, республикалық басылымдарда, Қазақ радиосының ақпарат хабарларында «Армысың!» деген сөзді бей-берекет көп қолданып жүргенін, «ақпарат хабарлары» дегендегі «Хабар» – араб сөзі, «ахбар» осы сөздің көпшесі екенін ескертіп, ақын «Сонда хабарлардың хабары» болып тұр ғой. Келіспейді-ақ» дейді. Сондай-ақ, қаламгер 1959 жылы «Лениншіл жасқа» «Арман алпысыншы?!» деген мақала жазғанын, бірақ ол газетте «Арма, алпысыншы!» делініп, сұрақ белгісі қойылмай жарық көргеніне ренжігенін айтып, бүкіл түркі тілдерінде «арма» деген сөз амандасудың бір түрі екенін, яғни арма «арыма, шаршама», «қажыма» дегенді білдіретінін тәптіштей түсіндіреді [Шаңғытбаев Қ. «Әдден аспайық» «Егеменді Қазақстан» 7 сәуір, 1992].
Кейін «Егеменді Қазақстан» «Егемен Қазақстан болып өзгертілді. Қ.Шаңғытбаев аударған А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романында: «Летаның әлде үстінде [Астана, 2002. -166 б.] деген жол бар. Осы лета сөзі ақынның «Ақ бесік – алтын босаға» мақаласында да кездеседі. «Ұзақ жыл ұйқылы-ояу өмір сүрген қазақ халқының қаймағын сыпырып алып, Летаға төгіп тастаған сұрапыл сұмдық дауыл даламыз бен қаламызды қопарып, ордамызды ойрандап кетіпті [«Қазақстан әйелдері», 1991, № 12]. Лета – грек мифалогиясында о дүниедегі өзен. Одан су ішкен адам фәнидегі кешкен өмірін мүлдем ұмытады. Лета грек тілінде – Lethe – ұмыту дегенді білдіреді. Осы сияқты Омар һәйям аудармасында («Рубайлар», 1965) ақын рубайларындағы жеке сөздерге берген түсініктерін де Қуан-ағаның тілге жанашырлығын, аз сөзге көп мағына сыйдыруға деген құштарлығын аңғаруға болады. Ақын қай кезде де елдің жоқшысы. Қоғамдық ой, халықтық мүддені көздеп, шындықты айтып, әділдікті қолдаған. Шындықты айтқан адам дұшпаны түгіл туғандарына да жаға бермеген. Ақын-жыраулар өмірі мен өлең-жырларына көз жүгірткенде олардың сол әділдік жолында қуғын-сүргінге ұшырап, мерт болғандарын да көреміз. Сондай ақындарымыздың бірі Қуандық Шаңғытбаев. Қуан ағаның жазығы ана тілін ардақтап, елім, жерім, «Мен қазақпын», деп жар салуы. Сол үшін «Ар» жинағын шығарған ақын «арсыз» атанып, қуғын-сүргінге ұшырады. Жоғарыда өлеңдерін өрт шалып, жүрегін дерт шалды» деуміз сондықтан. Қадыр Мырза Әли сөзімен айтсақ: «Сол кездің көзімен қарағанада, «Ар» сияқты өлеңдер кітабын жазу, жазып қана қоймай, бастыру – барып тұрған батырлық, көзсіз ерлік болатын». [«Жас Алаш», 7 қазан, 2004]. М.Әлімбаевтың «Құландай жүйрік Қуандық» естелігінде ақын мен ақын сырласып отырғанда Қуандықтың «Қасиетті поэзияның қақпа – дарбазасын енді аша бергенімде “Талабың құтты болсын!” деудің орнына, мені қып-қызыл ғып, талап тастады ғой. Сол талаған бойдан әлі күнге дейін қолыма қалам алған сайын “Тағы не деп жазғырар екен?!” дегендей, жасқаншақтай берем” [Әлімбаев М. «Құландай жүйрік Қуандық». //«Қазақ әдебиеті» 1 наурыз, 2005 ж.],- деп егіліп, жылап жіберетін жері бар. Ақынның 1945 жылы шыққан тұңғыш жинағы М. Әуезовтің алғы сөзімен шыққаны белгілі. Ұлы жазушы, сәт сапар тілеген кітапқа қандай сыншының тісі батты екен деген ойда қалғанбыз. Сөйтсек, БК(б)П Орталық комитетінің “Звезда” және “Лининград” журналдарының қателіктері жайындағы 1946 жылғы 14 тамыздағы қаулысы мен “Правда” газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы “Қазақстан тарихының мәселелері Маркстік-Лениндік тұрғыдан бяндалсын” деген мақаласынан кейін коммунистік идеологияның сойылын соғушы әпербақандар ел ішінен жау іздей бастайды. Осы тұста жарық көрген Қ.Шаңғытбаевтың “Ар” жинағы қатты сынға ұшырап “ұлтшыл”, “буржуазияшыл” деген айып тағылады. 1946 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде Қ.Бекхожин “Саяси беті көмескі, құнсыз” (5 қыркүйек), сол жылы Семейдің “Екпінді еңбек” газетінде Ж.Тілеков те осы сөдерді қайталайды (25 қыркүйек). “Лениншіл жас” газеті Н.Ғабдуллин “Сталин туралы бұл жинақта бірде-бір өлең жоқ, тіпті олардың аттары да аталмайды” (14 апрель, 1946), - дейді. “Литературная газета” ұлтшылдық жайында айта келіп: “Такое же изолированное от других республик изабражение Казахстана, воспевание его в националистическом духе имеет место в казахской литературе и особенно в поэзи. Это относится прежде всего к двум поэтам: К.Шангитбаеву и К.Аманжолову” [6 сентября, 1951 г], - деп ақындарды “Жаным қазақ”, “Сарыарқа”, “Мен - қазақ” дегендері үшін жазғырады. “Әдебиет және искусство” журналының 1951 жылғы тоғызыншы нөмірінде жарық көрген Ғ. Мүсіреповтің “Әдебиет майданын ұлтшылдық салдарынан арылтатын уақыт жетті” мақаласы да осы сарында. Автор идеология майданын ұлтшылдықтан, идеясыздықтан тазарту жолында Қазақстанда жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, “Совет халқының қаржысына, совет ғылымының мүддесіне, негізгі бағытына қарсы байшыл-ұлтшылдықтың ұрығын өсіріп келген Исмаилов, Маметова, Бекмаханов, Жұмалиев, Мұхамеджанов, Бекхожин сияқтылардың” әшкереленгенін атап өтеді. Ұлтшылдықтың негізін қалаған алашордашылар екенін, “Қазақ”, “Ақ жол” мен “Абай”, “Сана”, “Шолпан” журналдары сол алашордашылар туы болғанын егжей-тегжейлі ұзақ әңгімелей келіп Қ. Аманжолов шығармасынан совет жауынгерінің бейнесін таба алмағанын “Қасымның сағынары – ескі қазақ, жылқысын құраулаған байырғы қалпын бұзбаған ескі ауыл” екенін айтып, писсимистігін, ұлтшылдығын санайды. Қуандық Шаңғытбаевтың әдебиетке келісімен “совет жастарына лайықсыз мещандық көрсеткенін” соған қарамай оны жазушылар одағы қошеметтеп тіпті, М. Әуезовтің өзі өлең кітабына сөзбасы жазғанын қынжыла айтады. Жинаққа енген өлеңдерін мысалға келтіріп, “Ұлтшыл М. Жұмабаевтың өлеңдері” деген тұжырым айтады. Қ.Шаңғытбаевтың “Бауыржан Момышұлы” өлеңінде совет офицерін Кенесары, Наурызбай, Исатайлардың жалғасы етіп көрсеткенін баяндай келіп, “Аттарын атамағанмен, одан арғыларды қосатыны да көрініп тұр”:
Қуанамын қазақ деген даңқыңа,
Сені туған қазақ атты халқыңа.
Қуанамын ерлігіңе еңіреген,
Дақ салмаған аруақтардың салтына! - дейді Қуандық.
Сірә, жоғарыда “Жұмабаевтан едәуір қосылғаны бар” дегеніміз қате болар да, бұл өлеңдерді түгел Жұмабаев жазған болар! – дейді автор. – Қалайда, бұл өлеңдерге “Алашордашылардың” қайсысының қолы қойылса да Шаңғытбаев сияқты ұрпағы барын тани кетіп, құшақтай алар еді”. Автор өз шығармаларына айтылған сын-ескертпелердің дұрыс-бұрыстығына да тоқталып: “…Ғ.Мүсіреповтің “Шұғыла” дейтін повесіне тіпті қате баға берілген. Бұл повесте “Колхоз құрылысының алғашқы дәуірінде кездескен қиыншылықтар мен бұрмалаушылықтарды қазақстандық жалпы жағдай сияқты етіп теріс көрсететін “Шұғыла” сияқты идеясыз, тұрпайы натурализмге жататын “Ер Қапшағай”, ескіні көксейтін “Желкелері неге қышиды” сияқты әңгімелері бар Ғабит Мүсірепов те қатал сынның өрістей беруін қалай алған жоқ. Колхоз шындығы өрескел түрде бұрмаланғаны белгілі еді” [Мүсірепов Ғ. «Әдебиет майданын ұлтшылдық салдарынан арылтатын уақыт жетті» //Әдебиет және искусство» №9, 1951],- деп автор өзін де қосып жіберген. Өзгеге де, өзіне де сын көзімен қарау сол кезеңнің, яғни большевиктер партиясы мен үкіметтің алға қойған міндеті болатын. Отыз жетінші жылдың қанды қырғынынан зәрезап болып қалған жазушылар сол міндет үдесінен шығуды көздеген сияқты. Сондықтан да оларға кінә тағу да қиын. Сөйтіп, «Ар» жинағы кітапханалар мен дүкендерден алынып өртеледі. Бұл жайында К.Ысқақ «Простор» журналында 2009 (№3) жылы жарық көрген «Записки инженера» естелігінде: «...Қуан ағаның өлеңдері мектепте алғаш кездесуімізден-ақ мен таңқалдырып, поэзияға баурап алды. Оның тұңғыш «Ар» кітабы елдің аузында жүрді. Аяқ астынан басымыздан жай түскендей болды. – Шаңғытбаевтың кітабын тапсырсын деген бұйрық келді. Не үшін өткіземін, мен оны дүкеннен сатып алдым ғой. Мендегі кітаптың екі данасын да тығып қойдым. Мектепте әңгімелер гулеп кетті, оны «халық жауының» баласы және де ұлтшыл екен деген сияқты. Рас, оның жинағында Сталин туралы бірде-бір жол болған жоқ. Есесіне, «Мен – қазақ! Тал бойымда – қазақ қаны, кеудемде – мейірбанды қазақ жаны» - деген өлең жолдары бар еді. Мұнда қандай ұлтшылдық бар?! Ақын жұмыстан қуылып, үш жыл Ақтөбе облысында туған жері – Қарабұтақта жүреді.
Ақын - қара сөзде де ақын
Қ.Шаңғытбаев “Ор бойында” жол-сапар очеркінде жолға жан бітіріп, оны бірде қырға, бірде ойға түсіріп, енді бірде қалың боздың арасына сүңгітеді. “Тырнаның мойнындай сорайған сирек қызыл қурайды” машинаға ілестіріп, оған “қой, мұнымен жарысып болмас” дегізіп, кейін қарай зымыратады. Бәрі таныс көрініс. Машина зулап келе жатқанда жолда кездескеннің бәрі жарысқандай болатыны да шындық. Әдемі, жанды сурет. “Түйілген жұмырықтай ықшам денелі шофер рульге жабысып, құнтиып ап, даланың созылып айтылатын аршынды бір әнін ағызып келеді. Зырлаған мотор оның лирикалы баритонына үн қосады”. Ақынға тән айшықтар, бейнелі, бедерлі, дыбыс үндестігіне құрылған сөйлемдер көзіңді ілгері жетелей түседі. Автор мен “Құрмет белгісі” орденді МТС директоры Төреғали Жұмағалиев екеуі жол бойы әңгімелесіп, “үшінші интернационал” колхозына жетеді. Одан әрі автор колхоз шаруашылығының өрге басып келе жатқанын, оның себебі неде екенін нақты суреттермен жеткізеді. Цифрларды очерк кейіпкерлерінің аузына салып сөйлетеді:
“- Қазір шапқан жерінің көлемі 400 гектардан асты,- деді Когай Гю-Бой.
- Демек, маусымдық жоспарын 200 процент орындаған ғой, ә? Солай ма?”
Автор еңбек адамдарының қажырлы қимылын жұмыс үстінде көрсетіп, егіндікте “жүзіп жүрген” дала кемелерін адамдардың іс-қимылын суреттей жеткізеді: “Бұл кезде баяу желге тербеліп толқып тұрған тарының ортасында теңселе түсіп, ауыр қозғалып, Ким Василийдің дала кемесі кетіп бара жатыр еді. Бұлтылдаған мыңдаған жетік бір ырғақпен, бір қалыппен қимылдап, комбайнның артындағы сабан түсетін тақтаға бұрқырай құйыла бастады. Тар баспалдақпен асыға басып, біз комбайнның үстіне шықтық. Алдымызда ырғала түсіп, бас изеп, телегей – теңіз сияқты бітік егін жатыр. Жұлқынып ұшқысы келгендей, дамылсыз ілгері талпынып келе жатқан әйкіл бітік тарының торсиған шашақты басын ағаш қанатымен бауырына жияды. Күнге шағылысып, лағылдай жылтылдаған қызыл тары сусылдап кеп бункерге құйылуда”. Жыл сайын егін орағында көріп жүрген көрінісіміз. Соны автор қолмен қойғандай етіп, дәл, тартымды етіп суреттей білген. Ақын-публицист очерк соңында Ор өзеніне де жан бітіріп: “Бір кезде Жібектің зарлы әні мен Төлеген мінген көкжорғаның тұяғы кетіліп, шалдыққанына куә болған баяу Ор теріске қарай теңселе ағып, екі жағасындағы жеңімпаз еңбек күйін қалбағай ойнатып, алыс-алыс жақтарға, Жайықтың ерке суына қарай алып бара жатыр…” [«Әдебиет және искуство,-№ 3, 1948.-42 б.»],- дейді. Осы жолдар шығармада сөз болған трактор, комбайн тарсыл-тұрсылынан сәл де болса алшақтатып, оқушысын лирикаға қарай жетелеп, қиял қанатына мінгізеді. Очеркке жан беріп, қан жүгірте түседі. “Дала оттары” очеркі “Ертегінің туы”, “Тамаша адамдар”, “Жарқын келешек” деген үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Юлия Павловна Куразова атты студент қыздың кен орнын қалай тапқаны, сол Дон хромит кенін тапқаны үшін оған Сталиндік сыйлық берілгені, бұл жердің бұрын Молалы сай атанғаны, Қазір “Хром-Тау” болып аты да , заты да мүлдем өзгеріп кеткені айтылады. Екінші бөлімде Хромтау еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі жұмыс үстінде суреттеледі. Үшінші бөлімде үлкен бұл өндіріс орнының келешегі жайында сыр шертіледі. Автор суреттеуге шебер: “Сәл ойланып қалған студент қыз балғасын жерге қойды да, қолындағы қарақошқыл ап-ауыр кесек тасты қалтасына салып, ұзап бара жатқан көлігіне қарай жүгіре кетті. Даланың ұйқысын бұзғысы келмегендей баяу ескен аңызақ желге ақырын тербелген бұйра көденің ортасында балғаның тік тұрған сабы ғана қылтиып қала берді”.
Дала суреті, “көденең ортасында” тұрған балға сабы көз алдыңа келеді. Тілі құнарлы болмай, шығарма көркем туынды бола алмайды. Қуандық тілі айшықты, әсерлі. Теңеулері де тың: “Алыста, бұйра көденің ортасында, сағым көтеріп, теңіз бетіндегі жырақ желкемдей боп геологтардың кенеп шатырлары көрінеді”.
Кейбір жолдар өлеңдей ұйқасады: “Достарымыз сүйініп айтса, дұшпанымыз күйініп айтқан. Доннан шыққан құрыштың салмағы да, салдары да неміс-фашист әпербақандарының шекесіне тиген еді”.
Енді бір суреттер ертегілерді еске түсіреді: “…Тесік тауда да емес, жеті көлден сүзіп өтіп, жеті таудан аттап өтіп баратын алма-ғайып алыста да емес, осы күнгі Ақтөбе қаласының шығысында болған еді”. Өлеңге тән интонация, қайталаулар да очерк авторының ақын адам екенін айқындай түседі: “Қараңызшы далаға қазір! “Елу жылда ел жаңа” деген мәтелдің біздің заманымызда қаншалықты ескіргенін осы Дон кендеріне келген кісі тағы да бір түсінбекші. Он жыл! Бұдан он жыл ғана бұрын бұл арада көзге түсер қарасын жоқ еді. Бұдан он жыл ғана бұрын бұл араның Молалы сай деген аты әлі ұмытылып болмаған еді”.
“Қалауын тапса, қар жанар” деген емес пе, очеркті оқи отырып “тау мен тасқа да жан бітіруге болады екен ғой” деп ойлайсың. Хром-Таудан Ақтөбеге қарай түнде жолға шыққан авторды “сансыз электр шамының самаладай жарығы 20-30 шақырым жерге шығарып салуы” да сенімді, бейнелі айтылған, әрі бедерлі. “Жарқырай түсіңдер, дала оттары!” [«Әдебиет және искуство,-№ 3, 1948.-42 б.»] деген түйін очерк тақырыбын ақтап, мен мұндалап тұр.
Шайыр Қ. Шаңғытбаев көсем сөз өзегін өлеңмен өріп өрнекте, өмір де, ерлік те, көркемдік те бере білген.
Ақындар достығы
(Қасым мен Сырбай)
Достық - жанның шуағы, көңілдің көл-көсір кеңдігі. Достық - адамды сүю, адамгершілік, іңкәрлік, дархандық, қайырымдылық. Досы көп адамдар да, аз адамдар да, жоқ адамдар да бар. Дос пен жолдастық арасы жер мен көктей. Шынайы дос туысқаныңнан да жақын. Дос - басыңа іс түскенде қасыңнан табылатын, алыс кетсең, көргенше сағынатын, қуанышыңа сүйенетін, шалыс бассаң, күйінетін, бойыңнан ібілістік емес, ізгілік іздейтін, қателессең де үмітін үзбейтін жаныңның бір бөлшегіне айналған жан. Жолдас - пікірлес, бірге жүрген жолы бір қызметтесің, әріптесің, күнделікті тіршіліктегі аралас-құралас адамдар. Жолдастық қалтаға да, қызметке де байланысты болуы мүмкін. Достық - адалдық, шынайылық, ол байлыққа да, мансапқа да қарамайды, «анандай достық, мынандай достық» делініп бөлінбейді, бөлінсе, ол - достық емес! Қасым мен Сырбайдың достығы осындай достық еді. Екеуін табыстырған жырға деген құштарлық болатын. Испанияның азаттық үшін фашистермен айқасқан сонау 1936-1937 жылдары Қасым Аманжоловтың «Сүйемін мен испанканы» деген өлеңі жарық көреді. Бұрын да буырқанған жырларын оқып сырттай ғашық болып жүрген Сырбайға бұл өлең де қатты әсер етеді.
Ғафу, қыздар, қызғанбаңыз, Сүйемін мен испанканы, - деген алғашқы екі жолы көкейінде жатталып, ақындық ауылының табалдырығын енді аттағалы тұрған жас талапкердің жүрегін нұрға бөлейді. Ақынды көріп, алдында жыр оқысам деген арман күшейе түседі.
Көп ұзамай соғыс өрті бұрқ ете түсіп, Сырбай да қан майданға аттанады. Соғыста да Қасым өлеңдері жадынан шықпай жаңғырып, көкірегіне шоқ салғандай өршіл сезім ұялатады. Қиын-қыстау қатерлі күндерде өмірге құштарлығын арттырып, үміт пен сенімге бастайтын жан серігіне айналады.
Қалсам бір қаусап мен өліп,
Достарым, аңсап өкінбе
Найзағайлы қара бұлт болып,
Жаңбыр боп жауып өтті де! - деген Қасым жыры өз жырындай жүрегін тулатып, әсерлендіріп жіберетін. Отты күндерде отты жырлар тудырған отты жүрек иесін бір көрсем-ау деген арман сондайда санада тағы бір жалт етіп, жанына жалын құятын. Қасымның дауылды жырларымен алапат өртке кірген Сырбай Қасымның найзағайлы жырларымен елге оралды. Қасымға өз өлеңдерін оқымақ болып 1947 жылдың жазында Жазушылар Одағына барса, бір топ ақындар жарыса өлең оқып жатыр екен. Сырбай да соларға араласып, жыр құшағында тұрғанда қаршыға тұмсықты, от жанарлы бір жігіт есікті айқара ашып кіріп келеді. «Денесі ешкінің асығындай жеп-жеңіл. Үстінде шолақ жең жібек көйлегі бар,- дейді Сұраған сол бір сәтті еске түсіріп. - Ол жартастан атылатын киікше одырая қарап, өлеңге елеңдеп шалқая түрып қалды. -Міне біреу жері шықпай қалған екен. Өлеңнің әлденеге тынысы тарылып тұрғандай, - деді өлеңін оқып жатқан бір ақынға. Қаршыға тұмсықты сол жігіт менің көрсем деп құмартып жүрген Қасымым болып шықты. Қасым екеуміз сол күннен бастап біріміз аға, біріміз іні болып кеттік. «Жеті балам бар - жеті аспаным бар, жеті асқарым бар» деп тебірене жырлаған Сырбай жеті баласының бірін Қасым деп атаса, қызына «Бір өзіңде екі адамның аты бар» деп Қасымның өзі жырына қосқан жары Сақыпжамал есімін берді. Қазір Қасым да, Сақыпжамал да белгілі ғалымдар. Аталарының атына кір түсірмей, шаң жуытпай алып келеді. Қазақ поэзиясының екі жарық жұлдызы қатар жарқырай көрінді. Соғыстан кейінгі қазақ әдебиетінің қайта жаңғырып, бұрынғы деңгейіне жетіп, биік шыңға көтерілуіне әсер етті. Тың ойлар, тың ізденістер, тақырыптар туындады. «Осы ізденісті туындатуға сол майданға барып, өмірдің ащы шындығын көріп келіп, адамдық болмыстың бүкіл тұңғыштық тереңдеріне өзінің көркемдік нақты тәжірибесі арқылы көз жеткізіп келген ұрпақ көп себепші болды. Мәселен, сол ұрпақтың үлкен рухани көсемі ретінде біз Қасым Аманжоловты алатын болсақ, осы Қасымдар бастаған рухани сардарлардың ішінде алдымен көзге түсетін кісі Сырбай Мәуленов деп білемін». Әбіш Кекілбайұлы егіз ақын жайында осылайша ой тербесе, шындық! Ел еңсесінің, Ер рухының көтерілуіне ақындардың отты жырларының әсері аз болған жоқ! Достық жалғаса түсті. Екі ақын дүниеден өткенде арадағы достық өлеңдеріңде мәңгілікке айналды. Қасым 1948 жылы:
Сырбай досым, сен едің ғой, Сырбайым,
Сырғытайын, сырымды мен жырлайын.
Сендей серік серуен құрып бір жүрсе,
Мен өмірде қалай мәңгі түрмайын?!
Жаным құмар жан едім ғой достыққа,
Болдық серік, жүрегіміз қостық та;
Қайран достық - дүниенің тұлғасы,
Жанымызды жолында біз тостық та.
Серігімсің, Сырбайымсың, ақыным,
Жақсылықпен күтші достық ақырын;
Жалқы жанмын жалғандағы мен жүрген,
Болшы досым, болшы қүрбым, жақыным,- деп жырласа, періште - ақынның ақ тілегін Алла қабыл етіп, кейін екеуі құда болды - Қасымның үлкен қызы Жаннаға Сырбайдың үлкен ұлы Дүйсен үйленді. Бұл қуаныш-қызықты Қасым көре алмаса да Қасым жары Сақыпжамал көрді. Екі Жамал да (Сырбайдың жары Күлжамал) егіздердей ғұмыр кешіп, ақтық демдері біткенше сыйласып, арадағы туысқандық жібі үзілмей өтті.
Сырбай «Ақың арманы» аталатын өлеңінде:
Айтатын дос, қасының ашып атын,
Бір күні отырды да Қасым ақын,
Деді маған: - Ұлы ғой Абай деген
Ақын біткен алдына бас ұратын.
Жөтелді сәл жанында тұнып өлең,
Сосын айтты: - Жақсы-ау- деп- ұлы деген,
Тұрсам ба деп тұғырда түлеп жүрмін
Қол ұстасып мықтының біріменен.
Ақындарда асқақтық қашанғы әдет,
Ойлап едім Абайдан асам ба деп,
Қардай еріп кететін уақыт қалды
Тағдыр мұрша бермей тұр жасауға көп...
Деді тағы: - Ұлылық қайда Абайдай,
Аспанынан сөніпті қай заманда ай...
Соны айтты да жалт етіп жүре берді ол,
От лақтырып шарт сынған найзағайдай, - дейді.
Қасым ғұмыры қысқа болды, не бәрі 44 жасында дүниеден өтті. Қасым мен Сырбай тағдырында ұқсастық көп. Қасым Қарағандының «Қызыл» ауылында дүниеге келсе Сырбай Қызылорданың «Қызыл жыңғыл» («Қызыл жыңғыл» бұрын Торғайға қараған) деген жерінде туған. Қасым да Сырбай да әкеден жастай айырылып, жоқшылық, аштық көріп өсті. Екеуі де соғысқа аттанып:
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім,- деп Қасым дауылды, отты жырымен,
Сырбай:
Көрдім кеше қияментін
Кереметін ұрыстың.
Шөліркесіп айдалада,
Қан аралас су іштім
От астында, от ішінде
Талай қалдым тарығып.
Бомба жауды тас төбемнен,
Кетті дүние тарылып, - деп сыршыл өлеңдерімен елге аман-сау оралды. Екеуі де достыққа берік, адал, екеуінің де қанды майданда жазған жырлары ел аузында, Қасымның «Дариға, сол қыз», Сырбайдың «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін білмейтін жан кемде-кем шығар, әлі күнге шырқалып келеді, шырқала да берері сөзсіз! Екеуі де қазақ әдебиетінің классиктері! Екеуінің аты әлі күнге дейін бірге аталады. Әбділдә Тәжібаев Сырағаңның дүниеден өткеніне жыл толғанда: «Мен Қасым Аманжолов қайтыс болып, оған жыл толғанда мақала жазып, оны:
«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы,
Біз оны көп айтамыз жоқтап әлі», - деп бастап ем.
Бүгін Сырбай қазасына жыл толғанда да осы сөздерімді қайталаймын:
«Біз оны көп айтамыз жоқтап әлі!»,- десе, Ілияс Омаров: «Біздің Сырбай жастық шағын соғысқа ала кеткен азаматтардың бірі. «Он сегізде әскермін Ростовта келемін», - дейді ақын бір өлеңінде. Соғыс жайында жазған Қасым Аманжолов бастаған ақындар тобында үлкен бір өзгеше қасиет бар, - деп Сырбайдың соғыс жайында жазған жырлары жайында әңгіме қозғайды. Мұзафар Әлімбаев жастық шақтарын еске алып: «Сырбайға қызыға қарайтынымыздың бір себебі - қыран ақын Қасым Аманжоловтың өзімен дос екен, сыйлас іні алып ақынның үйіне емін-еркін кіреді екен», - деп бірге өткізген күндерінен сыр шертеді. Қасым мен Сырбай жайында сөз қозғағандардың бәрі екеуінің де хас таланттар екенін айтумен бірге, достыққа беріктіктеріне де ерекше тоқталып өтеді. Кәкімбек Салықовтың «Әмбеге қамқор жан еді» еске алуын оқып көрейікші... «Сырағаң әйгілі ақиқық ақын Қасым Аманжоловпен дос болады. Олардың достығы жөнінде ауызекі өз айтқандарын жазсақ та жеке-дара ғажайып дастан туар еді. Қасым ағамыз қанша қастерлесе, жанашыр көңіл бөлсе, Сырбай да дос-ағаның алдындағы парызын адал ақтады. Қасымды поэзиясынан білу бір сабақ, Сырбай арқылы білу - екінші сабақ. Бұл - қамқорлыққа - қайырым». Сырбай Қасым дүниеден өтерінде қасында болып соңғы сөзін тыңдаған жандардың бірі. Оны жоғарыдағы Сырбай өлеңінің «Соны айтты да жалт етіп жүре берді ол, От лақтырып шарт сынған найзағайдай» деген жолдарынан да байқауға болады. 1955 жылдың қақаған қаңтарында төсек тартып жатып қалған Қасым ақынның соңғы сапарға аттанар күні іздеғен достарының бірі де Сырбай болатын. «Дауылдай өктем, найзағайдай ұшқыр, семсердей өткір, от жүректі қайран ақынның (С.Мәуленов) үн-түнсіз қалған сәтін көріп, Сырбай іштей егілді. Ішкі сарайы әлем - тапырық болып» жаны күйзеліп, жанарына жас үйірілді. Қайтыс боларынан жиырма күндей бұрын Қасымның айтқан сөздері есіне түсті: «Енді менің дәмімнің таусылатын уақыты жақындап қалған сықылды,- деп еді, ақын жүрек сезген екен ғой... - Қанша өлмеймін деп құлшынсам да, ауру шіркін күннен-күнге жанға батып, меңдеп барады. Өзім үшін өкінбеймін, екінің бірі өледі ғой. Бірақ кеудемде орындалмаған ойым, жүзеге аспаған қиялдарым бірге кетіп бара жатқанына өкінем. Үш нәрсені армандап бұл дүниеден мәңгілік аттанып барамын. Оның біріншісі - Абайдан ассам ба деп едім, аса алмай бара жатырмын, екіншісі - қазақтың «Евгений Онегинін» жазсам ба деп едім. Оған да ажал шіркін жеткізбей кететін түрі бар. Үшіншісі - көшеге шыққан бүкіл Париж аңдып тұратын Виктор Гюгоның құрметіндей қошеметке бөленсем бе деп ойлап едім, бұл да арман болып «қара жерге менімен бірге көмілетін болды», - деп жан сырын шерткен. Сол бір күн, сол күнгі Қасымның жүзі көз алдына келіп, бірге өткізген шақтары санасын сан саққа жүгіртті. Соғыста күш берген дауылпаз ақынның дауылды жырлары жан дауасына айналып, көз жасын сүртті, көңіліне тағы да үміт отын ұялатты. Ойына оралған Қасым жырларының қыры мен сырын, өмірін, арман-мақсатын ақ қағаз бетіне түсіре бастады. Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған «Найзағайлық қара бұлт» мақаласының өзі бір кітап боларлық көлемді дүние. Мән-мағынасы, мазмұны қандай! Мұндай құнда да сырлы дүниені бірге жүрген достар ғана тудыра алса керек! Екі ақынның арасындағы адал достық әлі күнге жалғасын тауып, жырларында мен мұндалап мәңгілікке бет бұрған...
Достық жыршысы
Кең далаға көктемде қаулап өсетін гүлдердей, соғыстан кейін бір-біріне ұқсамайтын алуан бояулы ақындар шықты. Соғыстан қайтқан Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Жұмағали Сайн, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қалижан Бекхожин, Сағынғали Сейітов, Мұзафар Әлімбаев, Есет Әукебаев, Тоқаш Бердияровтардың ізін басып елуінші жылдардың еңсесін көтерген Ғафу Қайырбеков, Ізтай Мәмбетов, Әнуарбек Дүйсенбаев, Еркеш Ибраһим, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Әділбек Абайділдановтар үні естілді. М.Әуезовтің «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген мақаласы осы тұста жазылған болатын. Онда автор сол кезеңде жарық көрген «Жас қанат» жинағына енген жоғарыда аттары аталған ақындар өлеңдері жайында сыр толғап, жаңа поэзия әкелген жаңалықтарға тоқталды. Бұл олардың ерекше екпінді, мән-мазмұнды, бейнелі, бедерлі поэзияға жол ашуларынан туындаған лебіз болатын. Сол ақындардың бірі Шәміл Мұхамеджанов еді. Ол жайында Қадыр Мырза Әли: «Шәміл әдебиетке ә дегеннен жақсы еніп, кітаптары жыл сайын шығып, Жазушылар Одағының мүшелігіне бірден қабылданды», – деп жазса, Тұманбай Молдағалиев: «Шәміл екеуміз тез табыстық. Шәмілдің де, менің де айтар әңгімеміз, шертер күйіміз өлең болды. Өлең екеумізді таныстырды, табыстырды, достастырды. Өлеңдегі ұзақ жылда бірімізге-біріміз аялай қарадық. Жаңа жазылған жырларымызды бірімізге-біріміз оқуға асығушы едік. Сол жылы бізге Сағи бауырымыз келіп қосылды. Үшеуміз Тастақта бір көшенің бойында тұрдық. Кешке асымызды көбіне бір үйден ішуге тырысушы едік. Демалыс күндеріміз бірге өтетін еді. Сөйтіп, біздің ақындық ұзақ сапарымыз сол 1956 жылдың көктемімен бірге басталып еді...», – дейді. Кейін өлең өлкесіне өз өрнектерін сала келген Сағи, Шәміл, Қадыр, Тұманбай «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында бірге қызмет істеді. Баладай ақ көңіл, ақ адал ақын Шәмілді қатары қатты қадірлеп «Шамхаң» десті. Достыққа адалдығынан болар, оны:
«Туған жерің?
Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.
Туған жылың?
1931. Құрдасымын Шәмілдің», – деп Мұқағали Мақатаев еркелете жырына арқау етті.
«Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым, Қайтер ең қайта қарып жүрсе мені?» – деп бар сырын ақтарып өлеңмен хаттар жазды. Адамдар арасындағы адалдықты, кіршіксіз адамдықты, қалтқысыз достықты қадірлеп:
«Дұшпанымның жүрегіне оқ қадап, Достарымның от сезімін тулатам», – деп жырлаған Шәміл ақынның сөзі мен ісі бір-бірімен қабысып жатты. Ақындық пен азаматтық бір ісінің басынан табыла бермейді. Шамхаң осы екеуін қатар ұстай білді. Мұқағалидың:
«Шәміл-ау, Қалың достан қалған сен ең», – деген жолдарының тууына сол азаматтығы себеп болған сияқты. Бұл оның достыққа беріктігін де айғақтай түседі.
Ақын достық жайында жиі қалам тербеп, бірде:
«Өкпелесе бір досым,
Мен қамығып жүремін.
Татуласар күн болсын,
Деп жүреді жүрегім», – десе, енді бір өлеңінде:
«Тілейді оны жүрегім,
Тілейді оны махаббат.
Жақынның, достың тілегін
Келемін жерде арқалап, – дейді.
Адамға ең ауыр тиетіні жаныңа жақын тұтқан бірге туғандай кісінің іс-әрекеті. Досыңның, туысыңның, жан-жарыңның түсінбеуі. Сондықтан да Шәміл ақын:
Достық күткен адамнан
Соққы кеп тиссе маңдайға,
Шошынып мына ғаламнан,
Сонырқап көңіл қалмай ма?» – дейді.
Достық – жүрек қалауы, түсіністік, ой, мақсат бірлігі. Досқа достық міндет емес. Алайда жан-тәніңмен беріліп, бір адамдай сезініп жүрген кісің сатқындық жасаса, ең айықпас дерт сол! Ақын соны дөп басып айта білген. Достықты ардақ тұтып, досымен алаңсыз кірбіңсіз, кіршіксіз көңілмен араласқан Шәмілге Мұқағалидың:
Шәміл-ау!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?! – деп торығуы сондықтан болар! Ол енді бірде:
«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?)
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым, – деп қамығады. Жауапсыз махаббатын айтып, өмірде жолы болмағанына күйініп, «Шәміл, Шәміл! Шаршадым, қалжырадым» деп шағынады. Кім-кім де іштегі қайғы-мұңын жақын адамына айтып, тарқататыны белгілі. Мұқағалидың бұл өлеңдерін оқыған адам Шәмілдің кім екеніне көзі жете түсері анық.
Шәміл ақын достарына арнаған тағы бір өлеңінде:
– Кел, төрге шық, отырайық,
Жақсы болды-ау, апыр-ай!
Достар үшін осы лайық,
Келген дұрыс шақырмай.
Дос көңілмен аялайын,
Кемім болса сынама.
Мен барымды аямайын,
Сен жоғымды сұрама, – деп ағынан жарылып, дос үшін шабылса да жан аямай, жоқты іздеп табатынын, алайда шын достық бар мен жоққа қарамайтынын жыр етеді. Оның жеті баласы болды. Тұрмыста жұпыны ғұмыр кешті. Алайда:
Шыққан шайдай ашылып Шәміл ақын,
Қонақ десе, шашылып, шабылатын.
Қолда бары – өлеңін жастық етіп,
Көрпеше етіп көңілін жамылатын.
Қиял кезсе тынымсыз тынысты ақын,
Елі, жері ертерек білісті атын.
Өлең емдеп отырды отыз жылдай,
Анасындай шипагер-сынықшы ақын.
Ақын анасы – Бибі табиғатынан сөзге ұста, тапқыр, қолы шипалы, сынықшылығы, суырып салма ақындығы да бар кісі еді. Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) ол кісімен жиі әңгімелесіп тұратын. Бір барғанда:
– Ғафу-ау, біз алжиын дедік қой, – депті.
– Ол не дегеніңіз, әлі қарттықтың ауылы алыс қой, – деп Ғафекең жұбата сөйлейді. Сөйтсе шешей:
–Шәмілдің балаларының бірі арқамда, бірі қолтығымда, бірі қойнымда жатушы еді. Ең кішкенесін құйрығынан қағып ұйықтататынмын. Құйрығынан қағып жатырмын, қағып жатырмын, бала кеше уанбай қойды. Сөйтсем, баланың құйрығы деп өз құйрығымды қағып жатыппын ғой, Ғафу-ау! – депті.
Шәмілде де сол ана сүтімен келген тапқырлық бар еді.
Бұраңдай ма, бұл өмір бұлаңдай ма,
Сылаңдай ма, біреулер ұрандай ма,
Ісі болмай,
Қадырмен қалжыңдасып,
Әзіл айтып қоятын Тұманбайға.
Қадырдың: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп аталатын көпшілікке кеңінен таныс өлең жолдары бар. Осыған орай Шәміл: «Нағыз қазақ – домбыра» дедің-ау сен, бала, байқа, нағыз орыс орыс емес – балалайка!» деп табан астында пародия шығарса
Сырбай Мәуленовтің:
«Сен мені ойладың ба,
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім, –
деген жолдарын пайдаланып, Сыр ағаңа:
«Сыр-аға, мені ойладың ба,
Түнде түсімде көрдім.
Көк базардың ішінде , Көк будканың ішінде көрдім», – деуі де оның қалжыңқойлығын да, тапқырлығын да аңғартады.
Жолдастары қолдай ма, қолдамай ма,
Дөң қарай ма, біреулер оң қарай ма,
Толтырып ап қарынан қанағатпен,
Отыратын.
Жан-жағы толған айла...
Ақын жаны адамды баурамай ма,
Алтын балық сезімін ауламай ма,
Ой-теңізге күні-түн қармақ салып,
Араласпай жүретін дау-дамайға.
Қайран өмір – қамшыдай сабы қысқа,
Адам соған бақидан бағынышта.
Өлеңінен басқада шаруасы жоқ,
Шәміл енді айналды сағынышқа.
Тіршілікте жүретін кіл қасында,
Қасына алды Мұқағали құрдасын да.
Төмендемей мәңгілік қалды екеуі
Алатаудың баурында – қыр басында!
«Қалжың-қағытпасы бар, ақ көңіл азамат. Шәмілмен көрші тұрдым. Ақындығы да, өмірі де алақандағыдай», – деп Қадыр досы айтқандай, «Шәміл ақын айтыпты» деген қалжың сөздер көп. Шәмхаңның Мұқағалимен танысуы да қызық. Екі құрдас Әнуарбек Дүйсенбиев пен Мұқағали Мақатаев бір-бірімен сөзбен қағысып қалады. Мұқағали сойыл-сөздерді сілтеп бет қаратпай бара жатқан кезде Әнекең:
– Сен осымен қоя қой, әйтпесе Шәміл ағама айтып сабатып аламын! – депті.
Мұқағали сабасына түсіп, еңгезердей Шәмілді көргісі келіп жүреді. Сөйтсе, ол тым нәзік, бойы сырықтай, қолдары нәзік шыбықтай жігіт екен. Алданғанын сонда біледі. Шәмілмен тез тіл табысып, екеуі достасып кетеді.
«Ардағым Торғай, асылым Торғай,
Ағыныңмен бірге ақтым.
Егер сен тасқын өлең-жыр болсаң,
Мен сенен туған ырғақпын! – деп өзі жырлағандай, Ш.Мұхамеджанов қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында туған. 1956 жылы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтын бітірді. «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарды. «Ана құшағы» атты тұңғыш жинағы 1960 жылы жарық көрді. Одан кейін «Қошалақ», «Ақ жалын», «Туысқан», «Көңіл ашар», «Күн төбеде», «Шағала көңілім шарықта» т.б. өлең жинақтары шықты. Достық туын биік ұстаған ақын «Жан достарым, отыз сегіз жаста бұл» деп аталатын өлеңінде тасқа гүл шығаратын кездерінде өмірді күйбеңмен өткізіп алғанына өкініш білдіріп, қырықта шабыт ырыққа көнбей қоя ма деген күдігін де ірікпейді. Одан кейін келетін қырық бес жиырма бес болып, қатқан тонды жібітпесін айтып:
Одан кейін бізге жақын тұр елу,
Елу деген бір тұйыққа тірелу.
Жазған жырың жаман болса, қаламдас
Інілердің алдарында тірі өлу.
Одан кейін біз жетеміз алпысқа,
Күдікпенен көз тігеміз әр тұсқа.
Баяғыдай жеңді білек түрініп,
Тәуекел деп түсе алмаймыз тартысқа.
Жетпіс деген бәріне де жан шыдау,
Сиреп қалған достарыңнан хал сұрау.
Қартаймаудың, ортаймаудың кепілі –
Өле-өлгенше өзіңді өзің қамшылау, – деп ойын түйіндепті.
Өлеңді аялай білген ақынның өзіне де, өзгеге де талабы күшті болғаны осы шумақтардан айқын сезіледі. Ол көз жұмғанша өзін-өзі қамшылаумен өтті.
Жазылмай жүрген жырлар бар,
Бұрқанып жатқан ішімде.
Айтылмай жүрген сырлар бар,
Ашылып әлі ешкімге, – деп жырлаған ақын ішінде жазылмай қалған жыр да, айтылмай қалған сыр да көп екені анық. Өйткені ол не бәрі 49 жасында дүниеден өтті. Артында жыры қалды, ұрпағы бар. Алматы – суретші, Дариға, Қазыбегі – математик-экономист мамандар, Алуасы – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Самыраты – ісмер тігінші, Ләйлісі – биолог-географ. Самырат, Алуа, Дариға – Мәскеу қаласында тұрады. Тұңғышы Алматтың қызы Әсем Мұхамеджанова қазір Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы № 145 орта мектептің 9 сыныбында оқиды. Өлең, мақала жазып талаптанып жүр. Аудандық Мұқағали оқуларына ақындық номинациясы бойынша қатысып, 2008 жылы үшінші, 2009 жылы бірінші, сол жылы тағы да екінші орын алыпты. Жақында республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті қазақ, орыс сыныптарында» журналының № 4 санында Әсемнің «Замандасы Мұқағали, Сағидың» деген мақаласы жарық көрді. Осы мақаласында ол «Ұлы кісіге бір кішкентай өлең арнап едім» деп мына екі шумақ өлеңді беріпті:
Замандасы Мұқағали, Сағидың,
Әрқашанда адалдыққа бас идің!
Жақыныңа жаныңды бердің аямай,
Отбасың үшін кірпіші болдың ақ үйдің!
Замандастар қатар қонған қос үйді,
Атандырдың «Сары үй» деп, «Ақ үй» деп.
Әрбіреуі тіреу болған сол үйге,
Сол екен ғой дүниедегі ғанибет!
Ата жолын қуған Әсемге сәтті сапар тілейміз!
Шәмілдің жұбайы – Мәриям Мұхамеджанова-Жүнісова – математик, Шәміл ошағынын отын өшірмей, жырларын жинап, газет-журналдарға ұсынумен келеді. Бірнеше кібатын құрастырып, кітап етіп шығарды. Мәриям жеңгей «Шәміл» деп аталатын бір естелігінде «Шәміл түнде жазды. Жауынды күндері тапжылмай отыратын. Ойын әбден қорытып қағазға түсіре ме, әйтеуір, жазған өлеңін жөндемейтін. Сол күйі машинкеге бастыратын. Марқұмның үйі мен түзге жайлылығы, туған жеріне демалысқа барғанда телефон соғып, хабар берген емес. Өзге ақын-жазушылар еліне патша сияқты барып кеп жатқанда, Шәміл «өз аяғымен» үндемей-түндемей барып келетін. Облыс, аудан әкімдері «Келгеніңізді де, кеткеніңізді де білмей қаламыз» деп ренжиді екен» – деп қосағының қарапайымдылығын, домбыра жасап, күй шертетін өнері болғанын айтады. Шәміл ақынның қарапайымдылығын көріп өстік. Бос мақтан, өтірік сөз, ісініп-кебінуден аулақ еді. Өлеңдері сырлы, нәзік, көбіне-көп ойға құрылатын.
«Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың,
Бәрібір сен туған жерге баласың.
Сырқатыңның табам десең дауасын,
Бір жұтып қайт туған жердің ауасын! – деген жолдар соның айғағы. Оның негізгі тақырыбы – достық, туған жер, ел, жастық шақ болатын. Поэзияны поэма жазудан бастаған ақынның «Сөнбес махаббат», «Қошалақ» т.б. поэмалары мен «Өмір өткелінде», «Сыйлық», «Бауыржан туралы балладалары» өлмес дүниелер. Ой теңізіне күні-түн қармақ салумен өткен ақын өлеңдері мәңгілікке жалғаса береді.
АҚЫНДАР ӘЗІЛІ
ШО
Сырбай Мәуленов бастаған бір топ ақын-жазушылар Қостанай облысына барыпты. Қостанайға барған соң халық ақыны Омар Шипинге соғып, сәлем береді. Қарт ақын астана жаңалығын сұрайды. Сонда Сырағаң Омекеңнің қолы ашылсын деп:
- Жекеменшік машиналардың нөмірі сіздің аты-жөніңізбен ШО боп басталатын болды, - депті.
Қымыздың иісі
Нұрекең Алматыға келсе, қашан да Қайнекей Жармағамбетовтің үйіне түсіп, жазу бөлмесінде жатады екен.
Бірде Қақаңның әйелі Ханиса Нұрекең жатқан бөлмеге бас сұғып:
-Біртүрлі иіс шығып кетіпті ғой, - десе керек.
Сонда Нұрекең:
-Келін-ау, бұл жаздайғы ішкен қымыздың исі ғой аяғымнан шығып жатқан, - депті.
Қадырдың қалжыңдары
Қадыр мен Сәукең
Қадекең (Қадыр Мырзалиев) Сәуірбек Бақбергеновпен жезде деп сыпайы әзілдеседі екен. Екеуі бірге қызмет істейді. Бірде бұлардың редакциясы бір үйде бас қосып қалады. Сәукең сол күні қасындағы жігіттерге тиісе беріпті. Бірақ Сәукеңнің жасы бәрінен үлкен болған соң ешқайсысы ештеңе дей алмайды. Әрі Сәукең бұрын темекі тартпайды екен, сол жерде темекі шегіп, темекісінің күлін шалбарына түсіріп алып, оны кетірмек болып қаққылай бастайды. Осыны пайдаланған Қадекең:
-Жезде, қағынбай тыныш отырмайсыз ба? – депті.
Қадекеңнің тапқырлығына риза болған Сәукең “антұрған-ай, қатырдың-ау!” деп, тойдың аяғына дейін тыныш отырыпты.
Интуиция
Қадекеңнің мерейтойы ауылында өтіп жатқан кез көрінеді. Жақын жолдастарының бірі қуанып ішіңкіреп, қызыңқырап, соған қарамай, кездесулерде алдыңғы орынға отырып жүріпті. Сөйтіп жүргенде кездесудің екінші күні орындықтан құлап қалса керек. Сонда Қадекең:
- Бүгін құлайтыныңды кеше білгенмін,- депті.
Бала Қадыр мен дана Қадыр
Қадырдың 70 жылдығы Семей қаласында өтіп жатқанда кешті жүргізуші облыстық филармонияның директоры өзі әнші, өзі сазгер, өзі ақын Айтмұханбет Бейсенбеков күтпеген жерден:
- Сіз бір кезде бала Қадыр едіңіз, бүгін енді дана Қадыр болып келіп отырсыз. Екеуінің арасында қандай айырмашылық бар?- деп сұрапты.
Сонда Қадекең бұрын мынадай едім, қазір мынадай болдым деп мақтанудан жалтарып табан астында:
- Айналайын, Айтмұханбет! Бала Қадырды көптен бері білемін. Ұмытқан жоқпын. Ал, дана Қадырмен әлі танысып үлгермедім!- депті.
“Құда мың жылдық...”
Сейітжан Омаров Қадекеңді құда деп әзілдейді екен. Бірде Қадекең де Секеңе сөзін “құда” деп бастап, әңгіме айтады.
-Құда, құда дейсің, осы құдаңды үйіңе қашан шақырасың? – дейді Секең.
Сонда Қадекең:
-Әзірге бірер күндік достарымды қонаққа шақырып жүрмін. “Құда мың жылдық” деген. Сізді шақыруға әлі уақыт бар ғой, асықпаңыз, - деген екен. Сөйтіп Қадекең сөзбен қатырдым деп мәз болып жүрсе, біраз уақыт өткен соң Секең жолығып қап: -Мың жыл түк емес екен, екеуміз кездеспегелі бір ай көзді ашып – жұмғанша өте шықты ғой, - депті.
Қадекең мен Қалекең
Қалмұқан Исабаев басында бір қылтанағы жоқ кісі. Бірде Қадекең екеуі серуенге шығыпты. Қар қылаулап тұр екен. Табиғат көрінісіне әсерленген Қалекең: -Шіркін, бүгін бір қалпағыңды қолыңа алып, - деп сөзінің аяғын жұтып қойыпты. Сонда Қадекең:
-Шіркін, бүгін бір қалпағыңды қолыңа алып қыдыратын күн екен! – депті.
Жатып қабылдау
Қадекең ауруханада жатқанда емдеуші қарындасы:
- Ағай, бюрократ болып алдыңыз ғой, тіпті,- дейді әзілдеп.
- Неге?- дейді Қадекең таңданып.
- Қыздарды жатып қарсы алатын болдыңыз,- дейді медбике қыз.
Сонда Қадекең:
- Сіз оған ренжімеңіз, қыздар бізді жатып қабылдаса, өзімізді бақытты сезінер едік! - депті.
Қадекең мен Жұбағаң
Бірде Қадекең кітап дүкенінде жүрсе Сағынғали Сейітов пен Жұбан Молдағалиев ағаларымыз келіпті. Жұбағаң Қадекең мен Секеңді көрген соң ел “үш оралдық бірге жүр” деп айтады екен деп өз-өзінен секем алып, “пәлендей жақсы кітап жоқ екен ғой”, - деп кетуге асыға бастайды. -Жақсы кітап қайдан болсын, бәрін мынау Қадыр алып кеткен, - дейді Сәкең әзілдеп.
-Е, бұл Қадыр сараң, бізге оны бере ме? – дейді Жұбағаң.
-Неге, інінің де беретіні бар ғой, - дейді Қадекең.
-Іні не береді? - дейді Жұбағаң.
-Інінің беретіні белгілі ғой,- деп Қадекең сөзін аяқтағанша Жұбағаң сыртқа шығып кетеді. Іле қайта кіріп:
-Іні не береді? - дейді таң қалып.
Сонда Қадекең:
-Інінің беретіні сәлемі. Басқасы ағадан болады ғой, - депті.
Қадекең мен Байбота
Бірде кітап базарында қолтаңба берген кезде Қадекең Байбота Серікбаевпен қатар отырып қалыпты. (Байбота – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, белгілі, талантты жас ақын) Байбота кітап қарап жүрген қыздарға әзілдеп: -Менің кітабымды оқуға алыңдар, Қадекеңнің кітабын ескерткішке алыңдар, - депті. Сонда Қадеке:
-Жоқ, Байботаның кітабын оқуға, менің кітабымды жаттауға алыңдар, - депті.
“Апрель тезистері”
Қадекеңнің алғашқы жыр жинағы жұқа болып шыққан екен. Соны көрген бір жігіт:
-Қадеке, кітабыңыз тым арық екен, - дейді.
Сонда Қадекең:
-Дүниеде кішкентайлар мықты болады. Әлемді дүр сілкіндірген В.И.Лениннің “Апрель тезистері” де осындай жұп-жұқа болып шыққан, - депті.
Қадыр мен Жүсіп
Қадыр мен Жүсіп Қыдыров көшеде келе жатса, үш-төрт жас жігіт бірі тым ұзын, бірі қысқа екі ақынға күле қарап қалыпты. Мұны аңғарған Қадекең: -Қадыр Қазақстан өнеркәсібінің 1913 жылғы диограммасы да, Жүсіп қазіргі көрсеткішінің диограммасы деп күліп тұрсыңдар ғой, ә? – депті.
“Ұзын ағаш жеміс бермейді”
Қадекеңе отырыста бір жігіт:
-Мұрныңыз тым үлкен екен-ау, - депті.
Сонда Қадекең:
-“Тұлпар ерінді келеді, ер мұрынды келеді” деген ғой, - деп жымиыпты да қойыпты. Біраз отырған соң әлгі жігіт тағы да:
-Бойыңыз да кішкентай екен-ау, - дейді. Бұл жолы Қадекең:
-Ұзын ағаш жеміс бермейді, шырағым! – депті.
Қадекеңнің пальтосы
Қадекең – Қадыр Мырзалиев шағын денелі адам, Сырағаң болса алпысыншы размерлі кастюм-шалбар киетін ірі кісі. Бір күні Қадекең киімілгіштің алдында:
-Пальтом жоқ, шамасы, Сырағаң киім кеткен болар? – деп тұр дейді.
Екі адам жазған автограф
Сағи Жиенбаевтың жаңа кітабы жарық көріп қаламдасы Саттар Сейтқазинге сыйламақ болып:
Әрі дос, күйеу балам, Қашан да сүйеу маған, - деп жазып, сыртқа шығып кетіпті. Осы сәтті пайдаланған Қадекең Сағидың каллиграфиясын айнытпай түсіріп автографты:
Кешкілік ішіп алып,
Қосылып мияулаған, - деп жалғастырып, соңына “автор” деп қолын қойыпты.
Күйеу бала
Қайнекей Жармағамбетов бірде маған: -Осы Ғабиттің енесі нешеде екен? – деді. (Раиса Мұхамедиярованың шешесін айтады)
Мен білмейтінімді айтып:
- Оны қайтесіз? – дедім.
Сонда ол жымиып: -Сол кісінің, құдай біледі, менен жасы үлкен емес шығар, алып алсам қайтер еді?! - деді.
-Неге? – дедім түкке түсінбеген мен тағы да. -Егер ол кісіге үйленсем, Ғабит күйеу балам болмай ма! Сосын “әй, Ғабит, ананы әкел, мынаны әкел!” деп жұмсап отырмаймын ба?! – деді шексілесі қата күліп.
Қобыландының тұқымы
Садықбек Адамбеков Қайнекей Жармағамбетовке:
-Атақты батыр Қобыландының тұқымымын, - депті. Сонда Қақаң:
-Алда Қобдекем-ай, тұқымың азғындап кеткен екен ғой! – деп жорта аянышпен жыламсырай сөйлеп, көзіне жас алыпты.
Қайнекей мен Садықбек
Қайнекей мен Садықбек ресторанның алдында жолығысып қалып, Сәкең “ресторанға апар” депті. Қайнекей:
-Табанда ойланбай бір шумақ өлең шығарсаң апарайын, - депті.
Сонда Садықбек:
-Қайнекей!
Рестораның әнеки,
Садықбегің мінеки,
Жүз грамың кәнеки?! – деп тақпақтата жөнеліпті.
Сәкеңнің тапқырлығына риза болған Қақаң қарқылдап күліп ресторанға қарай бастай жөнеліпті.
Сырбай мен Садықбек
Сырбай Мәуленов пен Садықбек Адамбеков жастайынан құлынтайдай тебісіп бірге өскен, құрдас, дос. Институтта оқып жүргенде Сәкең орыстардың жерлеуіне қатысып, трубада ойнап ақша табатын көрінеді. Мұны біліп қалған Сырағаң Садықбекті аңдып тұрып шап беріп тапқан ақшасын тартып алып, сыра ішеді екен. Сондықтан да жерлеуге қатысып ақша тапқан күні Садықбек Сырбайдан қашып, қашық жүретін болыпты. Тағы бір ақша тапқан күні Сырбайға кездесіп қалып, қаша жөнеліпті. Сонда Сырағаң соңынан:
Садықбек-ау, ақшасыз болсаң, қашпас ең,
Кәпір көму кәсібіңді, таста сен! – деп айқайлапты.
Ақылдың ісі
Марқұм, ақын, сатирик, журналист Әли Мұсаханов қу тілді, тапқыр адам еді. Республикалық радиодан қазақ энциклопедиясына жұмысқа ауысқан кезі болатын. (Ол кезде энциклопедия редакциясы Ғылым Академиясына қарайтын) Жолдастарының бірі:
-Әлеке, қызмет ауыстырды деп естідік қой, - дейтін көрінеді.
Сонда Әлекең:
-Иә, ақыл деген қоймайды екен, академиядан бірақ шығарды ғой, - депті.
Көңіл айту
Қызылорда Қазақстан астанасы болып тұрған кез. Сырбай Мәуленов пен халық ақыны Нұрхан Ахметбеков Қызылордаға барып, бір үйді жалдап, екеуі сол үйде тұрып жатады. Көктемнің көкөзек шағы. Сырбай аяғына галошы бар пима киіп барыпты. Таңертеңгілік жер қатқақ болғаннан кейін Сырағаң галошын шешіп, жұмысына пимамен кетіпті. Қиын кез ғой. Екеуінің де ақшалары таусылған. Ол кезде базарда галош қымбат көрінеді. Жұмыстан қайтып оралса, Нұрекең үйді тап-тұйнақтай етіп жинаған. Стол үстінде бір шыны самогон тұр, өзі ет асып жатыр дейді. Нұрекең есіктен кірген Сырбайды көре сала қабағын түйіп, мұңға батқандай кейіп танытып: -Сырбайжан, берік бол, галошың оралмас сапарға кетті. Етті жеп, мынаны ішіп, соны еске алайық! – депті Сөйтсе Нұрекең Сырбайдың галошын сатып жіберіп, ақшасына ет пен самогон сатып алған екен. -Ертеңіне қар ағыл-тегіл еріп, көшеде пимамен жүрдім. Содан болуы керек, аяғым сырқырайтынды шығарып жүр, - деді Сырағаң сол күндерді еске алып.
Аяқ-табақтар
Көшеде Құман (Құман Тастанбеков) мен Шөмішбайдың (Шөмішбай Сариевтің) қатар келе жатқанын көрген Жарасқан Әбдірашев:
- Ау, аяқ-табақтар, қайдан жүрсіңдер? – депті.
Ұлы ақындар
Талантты ақын Жұматай Жақыпбайұлы қысқа күлдіргі сөздерге де шебер еді. -Ең күшті, ең көрінекті, ең ұлы ақындар кімдер бізде? – деді бірде. Біз бір-бірімізге қарастық. Сосын өз сұрақтарына өзі жауап берді: -Күшті ақын – Темірхан Медетбеков, өйткені ол 100 килограмм штанга көтереді. Көрнекті ақын – Бақыткерей Ысқақов, одан асқан сұлу ақын бар ма арамызда, бет десең беті, бой десең бойы бар, келісті, кескінді, ұлы ақындар – Сәуірбек Бақбергенов пен Ғафу Қайырбеков! Өйткені екеуінің де ұлы өлең жазады, - деді. Шынында да Бақыт Қайырбеков те Қайрат Бақбергенов те орыс тілінде жазатын талантты ақындар.
“Жайбасарлығым жақсы”
Жұматай аяғын санап басатын, асып-саспайтын. -Қаттырақ жүрсеңші, - дедім мен бірде. Сонда ол ернін ашып, оның үстіндегі қап-қара мұртын көтеріп сөйлеуге де ерінгендей қалыппен, жайбарақат:
-Жылдам жүріп жүргіш атанар жайым жоқ, жайбасарлығым жақсы, - деді.
Балалайка
Қадыр Мырзалиевтің: “Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп келетін өлең жолдары бар. Осыған Шәміл Мұхамеджанов:
“Нағыз қазақ – домбыра” дедің-ау сен, бала, байқа, Нағыз орыс орыс емес, нағыз орыс – балалайка!” деп табан астында пародия айтыпты.
Көк будка
Сырбай Мәуленовтің:
“Сен мені ойладың ба,
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім”, - деген өлең жолдарын пайдаланып Шәміл Мұхамеджанов бірде Сырағаңа:
“Сыраға, мені ойладың ба,
Түнде түсімде көрдім.
Көк базардың ішінде,
Көк будканың ішінде көрдім” - депті.
Өз ақшасына ішпейтін ақын
Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасының директоры Шәміл Мұхамеджанов қарамағында поэзия редакциясында қызмет істейді. Жаңа кітабы жарық көріп, оның әр жолына 1 сом 40 тиыннан төлейтін болған екен, Ілекең оны 1 сом 20 тиынға түсіріпті.
Бірде Ілекеңе сәлем беріп, амандасып жатып Шәміл:
- Менің жиырма тиыныммен қай жыртығыңызды жамайсыз? - деп қалады. Ілекең:
- Сен де ештеңеңді жамамайсың, бәрібір ішіп қоясың! - дейді.
Сонда Шәмағаң ақталып:
- Ой, Ілеке, сіз мені жақсы білмейді екенсіз ғой, мен өз ақшама ешқашан ішпейтін адаммын ғой, - депті.
Болмайтын оқиға
Рафаэль Ниязбеков шағын денелі, онша ажарлы жігіт емес, керісінше Бақыткерей Ысқақов денелі, келбетті, батыр тұлғалы жігіт.
Бір күні екеуі өзара әңгімелесіп отырғанда Рафаэль: -Бағзы заман болғанда мен бай болар едім, сен менің малымды бағатын жалшым болар едің, шіркін, сонда сені барымтаға салып қояр едім, - депті. -Малыңды бағар едім, - деп Бақыткерей келісе кетіпті. Бұған аң-таң болған Рафаэль:
-Ей, сен неге тез келісе қалдың? – дейді.
Сонда Бақыткерей:
Сейіт пен Серік
Секең – Сейіт Кенжеахметов неше түрлі күлдіргі әңгімелер айтып, маңайындағыларды күлкіге кенелдіріп отырады. Ол кісі осындай әңгімелер айтқан кезде көзінен жас аққанша күлетін Серік – Серік Тұрғынбеков риза болатыны соншалық, “Секе, осы сіз жындысыз-ай!” дейтін көрінеді. Бұл сөз жиі қайталана берген соң, Секең ренжіп: -Серік, осы сен “жындысың” дегеніңді қойшы. Жасың болса кіші, менімен тіпті ойнайтын ретің жоқ. Дап-дардай адамға кісілердің көзінше “жындысың” дегенің мүлде ерсі көрінеді екен, - деп реніш білдірсе керек. Арада біраз уақыт өтеді. Тағы бір бас қосуда Сейіт қуақы әңгімелерін бастайды. Сөйтіп Серікті де, басқа тыңдаушыларын да күлкінің астына қалдырады. Бір сәт Серік:
-Секе, сыртқа шығып кетіңізші, - депті.
Секең жұмысы бар шығар деп сыртқа шығады. Сонда Серік сыртқа оңаша шығарып алып:
-Секе, осы сіз жындысыз-ай! – депті.
Өкініш
Жазушылар одағында талантты ақын Өтежан Нұрғалиевтің шығармашылық есебі тыңдалып, әртүрлі пікір айтылды. Әрине, әсіресе, көре алмайтындар мен Өтағаңды ұната қоймайтындар кері сөйлеп, керенау пікірлер айтып жатыр. Сонда Қуағаң – Қуандық Шаңғытбаев кеш соңында Тахаңа – Тахауи Ахтановқа әзілдеп: -Әй, Тахауи-ай, Өтежанды ауылда трактіріс болып жүрген жерінен “сенен керемет ақын шығады” деп Алматыға алдырған сен едің, обалына қалдың ғой енді, сол қалпымен жүре бергенінде бұл қазір бригадир болып жүретін еді, - деді.
Ғафекеңнің әңгімелері
Ғафу Қайырбеков талантты ақпа ақын болумен қатар, суырып салып, табанда өлең шығаратыны да бар, әрі тапқыр, сөзге шешен адам. Сонысын білетін ел де дастархан үстінде, немесе, бір ойын-той, жиындарда ол кісіні ортаға алып, әңгімелерін тыңдауға құмартады. Достары, жолдас-жоралары арасында шабыттанып, көңілі көтеріліп отырған сәттерінде, не бір қатты ренжіп, шамырқанған кездерінде төрт аяғын тең алған су жорғадай, бүйірі қызған жүйріктей көсіледі. «Сөз деген ойдың толқуынан шығады ғой» деп, Ғафаңның өзі айтқандай, ол кісі айтты деген әңгіме-өлеңдер жеткілікті. Мен солардың ішінде әзіл-қалжың әңгімелерін айтуды өтініп, бірнешеуін өз аузынан жазып алып едім, сол дүниелерді назарларыңызға ұсынып отырмын.
Жаяу Мұсаның 150 жылдық тойы мамырдың аяғы, маусымның басында Баянауылда өтті. Күн қарасуық, екпіні қатты екіленеп соққан жел етпетіңнен түсіре жаздайды. Айнала ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Астанадан келген қонақтарға екі-үш киіз үйді бір-біріне жалғастырып тіккен екен, іші керемет кең. Есік пен төрді жалғап жатқан дастархан үстінде ұлттық тағамдардың бәрі бар дерлік. Дегенмен, киіз үйдің аты – киіз үй, мұнда да суық. Жұрттың бәрі жағаларын қайырып, мойындарын іштеріне тығып алған. Той дегенмен де көңілсіз, жақ жүндері үрпиген, құлақтары салпиған, қабақтары түскен... түксиген...
Елдің жай-күйін көріп отырған жазушыларды бастап барған Олжас Сүлейменов:
-Ғафеке, тоңып бара жатырмыз, - дейді.
-Е, тоңсаң, оның әдісін білмейсін, бе? – деймін мен.
-Жұртты күлдіріп отырсаңыз дегенім ғой...
-Күлдіретін, мен күлейін деп отырған жоқпын...
-Дегенмен де бір-екі ауыз...
-Онда... Мен өзі бір ой келіп, күлмек түгілі, жылағым келіп отыр...
-Неге?!
-Жаяу Мұсаның туғанынан бері ме, әлде өлгенінен бері ме жасалған той екен мынау... Жаяу Мұсадай бақытсыз жанды көрген жоқпын!
Жұрттың бәрі:
-Неге?!
-Неге? – десіп, елеңдесіп қалды.
-Сонша жерден 150 жылдық тойына келіп, 150 грамм коньяк ішпеген соң, тойдың не сәні бар, ол той болып оңа ма?!
Ойымды енді ғана түсінген жұрт:
-Иә, жағдай солай болып тұр, - деп, қыран-топан күліп жатыр.
-Тамаша! Тағы да, тағы да айтыңыз! – дейді.
-Онсыз да күн қақап, үй жылынбай, бүрісіп, тоңып отырғанда орын алдырып мына екі тоңазытқышты неге қойғансыздар?! – дедім.
Тағы да күлкі. Тағы да екі-үш ауыз әңгіме айтқаннан кейін Олжас:
-Енді осынын өлеңге айналдырыңызшы, - деді.
Қонақтардың ішінде темекі тартып отырған екі-үш-ақ адам, солардың бірі мен. Өзге ешкімнің алдында жоқ қырлы стақан да менің алдымда тұр. Ызадан ба, әлде байқамадым ба, темекімнің күлін соған салып отырғанмын.
-Айтсам, айтайын бір ауыз өлең,- деп, мына шумақты сонда шығарған едім:
Жаңбырдай қайран көңіл жауып болды,
Наркескен сілтеуіме қауіп болды.
Кешегі арақ ішкен стақандар
Бұл күнде күл салатын сауыт болды!
Жұрт тағы да қыран-топан шек-сілесі қатып күліп жатыр.
-Тағы бірдеңе айтсаңыз қайтеді? – деді жиналғандардың бірі.
-Айтқанда, осының бәрі неден шығып отыр? – деймін мен.
-Орыс альфабитінде П деген әріп бар ғой. Сондай екі бірдей П маған бүгін сор болды.
-Ол қандай П? -Орысша айтқанда оның бірі мынау – погода, екіншісі – постоновление. (өйткені, сол күні арақ ішпеу жөніндегі қаулының шыққан кезі болатын). Сонда барып әбден зәре-құты қалмай қорқып қалған аудан басшылары екі тоңазытқыштың аузын ашып, келгендерге арақ-шарап құя бастады...
1. /Наркескен деп арақты айтып отыр. С.О./
Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ жазушылар Орал облысына, Оралдан Орда ауданына барып қайтқанбыз. Сонда Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахметолла Егізбаев деген жігітпен достасып кеттік. Рахметолла, марқұм, өткір, өжет, кісі сыйлай білетін білікті азамат еді. Арада екі жыл өткен соң сол Рахметолла әдейі арнап еліне қонаққа шақырды. Сөйтіп Сағи Жиенбаев екеуміз Орал қайдасын деп тартып отырдық. Рахметолла бізді Орал қаласынан қарсы алды. Жолы ауыр әрі алыс, Ордаға барудың өзі қиямет. Алдында барғанда да екі-үш күн жүріп жеңіл машинамен әрең жеткенбіз. Бұл жолы пойызбен Орбық станциясына дейін барып, әрі қарай “Газ-69” сияқты, бірақ төбесі қаңылтырмен жабылған машинамен кеттік. Сағи мен аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы, бір қыз арт жақта отырған. Жолда машина шоқалақтаған кезде Сағидың басы машинаның төбесіне соғылып, ауырып қалды. Сосын мен:
-Қыз-қырқын болса егер айналасы,
Жігіттің соғылмаған қайда басы.
Келе жатқан кезінде туған жерге,
Жалғыз бас жарылды деп ойламашы, - деп өлең шығардым.
Сонда да Сағи “Басым, басым” деп келе жатыр. Сосын дастархан басында да:
-Қалың болды сұрапыл,
Арақ ішпей тұра тұр, - деп, сәл тыныс беріп тоқтап:
Әй, зиян болып жүрмесін
Біздің айтқан бұл ақыл! – деп тағы да жалғастырдым.
Кешке қарай құс атуға шықтық.
Көлдің беті толған үйрек. Мылтық шүріппесін басып қалсаң болды, бір үйрек жалп ете түседі. Атқан оғым зая кетпейді. “Бәрін өзім атып алдым” деп мәз болып жүрсем, “мына кісі атқан кезде сендер де атыңдар, үйрек құлайтын болсын. Әйтеуір қонақтан ұят болып жүрмесін” деп Рахметолла тапсырып қойыпты. Мүмкін өз оғым да тиген шығар?.. /Ғафекеңнің руы – Мерген, бүркеншек аты да Мерген. Сондықтан да бұл сөзіне күмән келтірмейміз - С.О./
Мына жігітпен араласаң су бойын,
Атып аласың қоңыр үйректің любойын, - деген өлең сонда айтылып еді.
Ордадан Тайыр атындағы кеңшарға Рахметолланың өзі рульге отырып “Волга” машинасымен алып жүрді. Төбемізде тікұшақ ұшып келе жатыр. -Сіздің абыройыңыз ба, әлде менің бақытым ба, аспандағы тікұшақ бізден оза алмай келеді, - дейді Рахметолла.
-Ол кім? – деймін мен. -Загорулько деген облыстық атқару комитетінің председателінің орынбасары, - дейді Рахметолла. Сонда:
-Алдағы жол – таныс өлке, Тайыр өлке,
Аспанда келе жатыр Загорулко! – дедім мен.
Жұрттың бәрі айтып, кітаптарға еніп жүрген:
«Жігіттің домаласа өрге тасы,
Озады самолеттен машинасы! – деген жолдар да сол жолы туған.
Ол кезде парадқа, демонстрацияға шығатынбыз. Жарықтық, жан-жағыңның бәрі дүкен, дүкен толы арақ-шарап болатын. Сосын алтысы күні мейрамдап, жетісі күні парадқа шыққан адамның басының мыңғы-мыңғысы шығып, ауырып тұратыны белгілі емес пе?! Сондайда жігіттер үйлерінен, болмаса, дүкенге жүгіріп, бірдеме алып келетін. Содан таңертең ерте тұрған адам түскі сағат 12-1 – де үкімет үйінің алдынан әрең өтетін едік қой. Жазушылар қашан да Мир мен Калинин көшесінің бұрышында жиналатынбыз. Тағы да сол жерде тұрғанбыз. Заман тарыла бастаған кез бе екен, әйтеуір, сол күні дүкендер тегіс жабық болып өліп қала жаздап тұрғанбыз. Иван Петрович Шухов ол кезде «Простор» журналының бас редакторы. Сол кісі де шыққан. Байқаймын, ешкімнен ешбір қайырым жоқ. Сөйтіп тұрғанда Иван Петрович әр тоқтаған сайын беліне – арт жағына наган құсатып байлап алған солдаттың флягасы бар, соны ашады да, қақпағына әлде не құйып, өзі ғана теріс қарап тұрып тартып жібереді. Байқасақ, онысы спирт екен. Сонда мен:
Иван Шухов дегенің мына кісі,
Белінде салпылдаған флягасы.
Иван ішіп, тұрғанда өзің ішпей,
Кісінің келеді екен жылағысы, - дедім. Естіген жұрт күліп жатыр. Бір шумақ өлең сол күні-ақ жазушылар арасына тарап кетті.
Соғыстан кейінгі жылдары, әсіресе, майданнан оралған жауынгерлер, аман-сау келгендері, көргендері бар, көп жағдайларды еске алып, ішімдікке жақындау болып жүрді. Солардың бірі Амантай – Амантай Байтанаев жездеміз еді. Өзі бір мінезі жақсы, қожанасыр, ақ көңіл, аңқылдаған адам ғой. Әсіресе, арақ ішкенде қызық еді. Сол Амантай екеуміз істемегенді істедік.
Қарашаның жетісіне арналған салтанатты жиналыс өтейін деп жатқан болатын. -Ғафу, жиналыс басталғанша екеуміз көк базарға, көк будкаларға барып келе қояйық. Жиналыстың өзі жалықтырып жібереді адамды, қызып отырған жақсы болады, - деді.
Онда баспа пролетарь көшесінде, көк базардың қасында.
-Менің дәл қазір соған зауқым соқпай отыр, - дедім мен.
-Онда мен кеттім, - деп кеткен. Бір кезде келіп тұр:
-150 грамнан екі рет тастап алдым, - дейді құлағыма сыбырлап.
Терезеге қарасам, қар қылаулап тұр екен.
Сосын:
Ноябрь.
Қар жамылған терек, қайың,
Тастап-тастап келіпті Амантайың! – дедім. Осы екі жол табан астында жазушылар арасына тарады да кетті. Ол Бердібек Соқпақбаев бар, тағы басқалар жылдың төрт мезгіліне орай өзгертіп алып, айтып жүрді. Мысалы:
“Май-көктем.
Гүл жамылған терек, қайың,
Тағы тастап жүр екен Амантайың! – деген сияқты.
Жұрт:
-Мына “Амантайың” дегеннің өзі қазаққа “өзіңнің бір қимас жолдасың, бауырың” деген сияқты болып нәзік естіледі, - дейтін болды.
Амантай Байтанаев,
Жүз грамнан қайталайық!
Дегесін Амантушка, Амантушка,
Мен сені теңемеймін жаман туысқа, - деген жолдар да сол кезде туған еді.
Амантай бір жолы Орталық комитеттен командировка алып аэропортқа билетке барсақ, касса жабық екен. Сосын ресторанға кірдік. Амантайдың бір қызығы рестораннан – ресторанға ақшасы бар болса ауысып көше беретін де, ақшасы таусылған кезде «енді сенің үйіңе барайық» дейтін.
Таксимен мені үйге әкеліп тастады.
Ертеңіне:
-Ойбай, масқара болдым, кешегі қызыл папканың ішіндегі командировкаға берген көп ақшадан түк те қалмапты, - дейді.
-Қой, мүмкін емес қой!
-Оллаһи! Тек бір жүз сомдықтың жартсы қалыпты!
Ол кезде күректей 100 сомдық болатын.
-Жартсысы қалай, 50 сомдық па?
-Жоқ, жыртылған жартсысы! – дейді.
-Онысы несі?!
-Шамасы қалтамда тұтас 100 сомдық қана қалған болуы керек. Соны таксист ұсақтай алмай, екеуміз тартысқан кезде жартысы онда, жартысы менде кеткен-ау, - дейді.
Бір күні Жаппар Өмірбековтің үйіне қонаққа барып, арақ таусылып қалып Жаппар мен Амантай түн ортасында “Ойбай, әлі үшке дейін істейді” деп арақ әкелуге кеткен.
Содан жоқ, көп кешікті. Бір уақыт Жаппар ентігіп келіп тұр.
-Не болды?!
-Ойбай, масқара болды. Ресторанның есігі жабық екен, теуіп қалғанымызда екі милиционер жетіп келіп, бізді айналдыра бастады. Мен қашып кеттім, - дейді.
Біз ашуланып: -Жолдасыңды тастап неге қашасың? – дегенімізше болған жоқ, Амантай келді. Өзі мас.
-Не болды?! -Мен есікті тебемін деп, байқамай милиционердің бірінің құйрығына теуіп қалыппын...
-Сосын? -Сосын ұстап алып “50 сом айып төлейсің” - деді. Менің қалтамда ылғи тұтас жүз сомдық жүретінін өздеріңіз білесіңдер ғой, соны ұсынсам, “қайтаратын ұсағымыз жоқ” деп қарап тұр. Сосын мен “онда әрі қара” дедім. Ол теріс қараған кезде майлы жеріне тағы бір тептім де, “мә, енді жүз сом болды” деп, 100 сомдықты қолдарына ұстата салдым, - дейді.
Ол бір қызық дәурен еді ғой...
Бес-алты жігіт бір жеті бойы бір-біріміздің үйімізге барып, қыдырыс жасадық. Сосын “енді қайда барамыз?” деп отырғанда Қасым Тоғызақов:
-Ғафу, өлең шығаршы, Қасекеңдікіне /Хасен Өзденбаев/ барайық, - деді.
-Иә, жақында қой сойыпты, - деп Қайнекей Жармағамбетов қостап қойды.
-Шал өзі “көптен бері келмей кеттіңдер” деп ренжіп жүруші еді, - деп Ғаббас Жұмабаев та ынтыға түсті. Сосын мен қайдан есіме түскенін білмеймін, Өзбектің:
Күлдірайхан, там салдым-ай,
Төрт бұрышына гүл салдым-ай.
Күнде барып тұрмақ үшін
Түркістанға жол салдым-ай.
Күлдірайхан, ойларыңның гүлдері-ай... - деп келетін “Күлдірайхан” деген әні болатын. Сол әннің әуенімен:
Қонақ болу мирас болды,
Бұл бұйырған бір ас болды.
“Қой сойыпты Қасекең”
Деген лақап рас болды.
Өзденбайдың Хасені-ай...
Сойған қойы семіз дейді,
Құйрық майы жегізбейді.
Бара қалсаң Қасекең,
“Арақ қайда?” дегізбейді.
Өзденбайдың Хасені-ай...
Бармағалы көп болды ғой,
Жинағаны ет болды ғой.
Көрген сайын Қасекең:
“Келмейсіңдер” деп болды ғой.
Өзденбайдың Хасені-ай...
Барайықшы! – деп өлең шығардым. Сөйтіп, бәріміз қосылып айтып, Қасекең үйіне тарттық.
Мен Мәскеуге алғаш 1956 жылы бардым. Аэропорттан Мұқаң – Мұхаммеджан Дүзенов ағамыз қарсы алды. Ол кісінің әдебиет институтында оқып жүрген кезі болатын. Жатақханалары Переделкинада екен. “Бір бөлмеде армиян жігітімен тұрып жатырмын” деген. “Ауылдан інім келді” деп оны барған соң қуып шықты. Сосын “осы армиян жігітімен болған бір қызық оқиғаны айтайын, Ғафу,” деп, әңгімесін бастады: -Алғаш келген кезіміз, - дейді. – Терезенің алдында бір төбешік бар. Соған Қасында екі мекиені бар бір әтеш таң атпай шығып алады да, айқайлайды келіп. Сөйтіп екі-үш күн бойы ұйықтатпай қойды. Құлқынсәріден оятады. Бір күні армиян жігіті ашуланып:
-Қолыңа макентошыңды ал, жүр, Ғафу! – деді.
-Не болды?
-Қазір мыналарды көрейін!
Екеумізде екі макентош, сыртқа шығып қоразды қуып бердік. «Бұл, антұрған, не істейін деп жүр?» десем, әтешті ұстап алды да, қалтасынан вазалин алып, әтештің құйрығына жағып-жағып:
«Ал, енді кет, көрейін айқайлағаныңды!» - деді.
Біз үйге кірген соң біраздан кейін қораз тағы да қоқиланып қасына екі мекиенін ертіп төбешікке шықты. Сосын ойдой, «уа-ақ» деп айқайлай беріп, «пыш» деген дыбыс шығарып, тоқтап қалады.
-Уа... пыш... Уа, пыш...
Сөйтсем, әтеш айқайлар алдында құйрығын қысатын көрінеді. Ал, майлап қойған құйрық қайдан қысылсын, жел «пыш» деп артынан шығып кетіп жатыр екен ғой. Үш-төрт рет күшеніп шақыра алмай пұшайман болған соң әтеш қорқып кетіп өз-өзінен қанатын далпылдатып, қарғып-секіріп, жынданғандай болды. Сол кезде қасындағы екі тауық “мына байғұсқа не болды?” дегендей аң-таң қалып, мойындарын бұрып қарайды” дейді ағамыз сөзін жандандыра түсіп. – Шамасы, өзі өлең айтқанда да солай болуы керек, - деп және қосып қояды. – Бұқардың базарында, - дейді. –жүздеген есек жиналады. Сонда оларды айқайлатпас үшін арнайы қызметкер ұстайды екен. Ол бір шелек сабынды суға былғауышты малып алып, әр есектің құйрығына бір-бір сұғып алатын көрінеді. Сондықтан да таңертеңнен кешке дейін есек мөлиіп, үнін шығара алмай, шығарайын десе құйрығы ашып, басын төмен салып тұра береді екен. Бұл сол сияқты тауық бағып үйренген армиян ғой, енді...
Ашуды басу жолы
Ғафекеңді кейде ренжітіп алып, көпке дейін ұялып, хабарласпай қалатыным бар. Сондай бір кезде Ғафаң шыдамай, өзі телефон соғып: -Әй, бала, сен өзің көрінбей кеттің ғой, неге хабарласпай жатырсың?! – деді. Мен:
-Өзіңіз ғой енді, ренжіп, - деп міңгірлей бастағанымда: -Е, онда тұрған не бар екен, менің ашуымды бір жартымен ұрып алмайсың ба?! – деді күліп.
Баймұқанша басташы
Қасым Аманжоловқа өлеңді жаңа жазып жүрген бір жас ақын келіп “мен сондаймын, мен мұндаймын, кереметпін” десе керек, сонда Қасым:
- Сабыр сақта, саспашы,
Босқа асып-таспашы.
Бірден Пушкин болмай-ақ,
Баймұқанша басташы! - депті. (Баймұқан – Баймұхан Тоқтаров деген жазушы).
Марат пен Қарақұсов
Марқұм, Марат Отаралиевтің де өлеңді қолма-қол шығаратын қасиеті бар еді. Бірде ҚазМУ-дің оқытушысы Жанпейіс Қарақұсов екеуі ресторанда отырғанда Қарақұсов: -Ақындығыңды көрейін, екеуміздің осы отырғанымызды суреттеп бір шумақ өлең шығаршы, - депті. Сонда Марат:
-Қасымда оқытушым Қарақұсов,
Отырмыз ресторанда арақ ішіп.
Сен болсаң арақтағы кәрі тарлан,
Мен болсам соңыңа ерген бала күшік, - депті.
Бір тақия, бір кілем
Бір топ ақын-жазушылар шопандар тойына барыпты. Өлеңдерін оқып, әңгімелерін айтқан оларды алдыңғы қатарға отырғызып, аудан басшылары енді озат шопандарға сыйлық тапсыра бастайды. Жолда жүріп әбден шаршаған, әрі “жүз саулықтан екі жүз қозы алған Пәленше Түгеншиевке бір кілем, жүз саулықтан 150 қозы алып, аман өсірген Түгенше Пәленшиевке шапан мен тақия” деген бірсыдырғы сөзден жалыққан Жәрдем Тілеков ағамыз қалғып кетіпті. Сол кезде Қуандық Шаңғытбаев Жәкеңе естілер-естілмес етіп:
-Тілеков Жәрдем, бір тақия, бір кілем, - дей қойыпты.
Сөйтсе, ұйқылы-ояу Жәкең сахнаға қарай беттеп барады дейді...
Қалтадағы жер
Жамбыл ақсақалға ауылдастарының бірі:
-Алматыға Калинин келіпті, - дейді.
-Неге келіпті? – дейді Жәкең.
Ауылдасы қуанышын жасыра алмай:
-Шаруаларға жер бөліп беретін көрінеді, - дейді.
Сонда Жәкең:
-Ол шіркін жер бөліп беретіндей қалтасына Мәскеуден жер салып әкеліп пе?! – депті жақтырмай.
Жарымжан қолдың жазылуы
Сейіт Кенжеахметов әскер қатарына шақырылып, дәрігерлік байқаудан өткен кезде оң қолының саусақтарын іске алғысыз қып тырбитып тұрып алыпты. Мұны байқап қалған дәрігер:
- Апыр-ай, Сейіт-ай, бұрын қалай байқамағанмын, сенің қолың осындай ма еді, табиғаттың талантты адамдардың бір мүшесін кем қылып қоятыны-ай,- деп қынжылыпты. Сосын:
- Бұрыннан осындай ма еді?- деп сұрапты.
- Жоқ, кейін осындай болып қалды,- депті Секең.
- Бұрын қандай еді?- дейді енді дәрігер таң қалып.
- Бұрын мынандай болатын,- деп Секең тырбиған қолдарын қайта жайып кеп жібереген кезде дәрігердің риза болғаны соншалық құшақтай алып, бірден әскерге жарамсыз деген қағаз жазып беріпті.
Секең мен сатушы қыз
Сейіт Кенжеахметов ағамыз кітап дүкеніне барған сайын сатушы қыздың атын ұмытып қала береді екен. Төртінші рет барғанында қарындасынан «атын кім» деп сұрауға ыңғайсызданып:
-Қалқам, атың сол баяғы атың ба? – депті.
Қыз жымиып қана күліп:
-Аға, атымды тағы да ұмытып қалғансыз-ау, шамасы, - деп атын айтыпты.
Реніш
Секең – Сейіт Кенжеахметов машина сатып алып алғаш жүргізіп жүрген кезі екен. Бірде алыс жолға шығатын болыпты. Балалары “жолда машинаңыз тоқтап қалса, ана жері, мына жері бұзылуы мүмкін” деп бәрін тізіп қағазға жазып береді. Айтқандай-ақ жүйткіп келе жатқанда машинасының моторы сөніп, тоқтайды да қалады. Балалары жазып берген “осы сынады-ау” деген тетіктерінің бәрін қарайды. Түк таппайды. Өтіп бара жатқан бір машинаны тоқтатып, жүргізушісіне тексертсе, машинасының бензині таусылып қалыпты. Сонда ыза болған Секең:
- Бұлар “машинаның бензині таусылып қалуы мүмкін” деп неге жазбаған!- депті.
Ханшаның қағытпалары
Үлкен бір республикалық айтыс болып, Әсия Беркенова көшеде келе жатса алдынан Ханша кездесіп:
- Әсеке, жүлделі орын алдыңыз ғой енді, неге мұңайып келе жатсыз? - дейді.
- Қайтейін, бәрі: “қар қызы”, “көк мұз”, “қатып қалған”, “бір жібімейді”, “күлмейді” деп тиісіп қоймайды. Маған осы сөздер оңай дейсің бе?- десе, Ханша жұбатып:
- Ештеңе етпейді, онша страшный емессіз ғой, - депті.
Әсия айтыстарға барғанда қашанда Ханшамен бір бөлмеде жататын көрінеді. Әсияның көзін байлап алып ұйықтайтын, Ханшаның шамалап қорылдайтын әдеттері бар екен. Әсия: “Әй, Ханша, қорылдамасаңшы!”- деп түнімен бірнеше рет оятыпты. Таңертең тұрса Ханша ерте оянып алып Әсияның бетіне үңіліп отырыпты.
- Неге маған сонша үңіліп отырсың?- депті Әсия. Сонда Ханша нығыздай сөйлеп:
- Сіздің көзіңізді байлағанша, тіліңізді байлап тастау керек екен!- депті.
Ұйқы көру
Ханшаның бір айтыста жолы болмай, ренжіп, түнде көз ілмей, қасындағы Әсияға да ұйқы бермей қойыпты. Сенделіп жүріп облыстан өздерін бастап келген Камал деген кісінің есігін қағыпты. Ол кісі ұйқылы-ояу:
- Бұл кім?- десе,
- Ханшамын ағай, есігіңізді ашыңызшы,- дейтін көрінеді.
- Түн ортасы ауып кетті ғой, не болып қалды, жайшылық па?- дейді ағасы.
- Ашыңызшы енді есігіңізді,- деп Ханша қадалып қоймайды. Камал ағасы амалсыздан “Онда трикомды киіп алайын”,- деп есігін ашса, Ханша:
- Ұйықтап жатсыз ба десем, ояу екенсіз ғой, ағай?- деді.
- Не айтайын деп едің?- дейді ағасы тағы да. Сонда Ханша:
- Жай, ұйықтап жатқаныңызды көрейін деп едім,- депті.
Әсияның әзілдерінен
Егемендіктің бір жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында Әсия бірінші айналымда тараздық Шорабек Айдаровпен шығады. Бір кезектен кейін Шора Әсияның айтқандарын “естімеймін” деп сахнада безек қағады.
Сонда Әсия:
- Десең де маған “жүзің салқын еді”,
Тыңдауда алты Алаштың халқы мені.
“Естімеймін” дейсің сен, жағыңдағы
Жабысқан құлақ емес, манты ма еді? - депті.
Ұлы Жамбылдың 150 жылдығына арналған айтысқа Ресейден омбылық Аманкелді деген ақын келіпті. Өзі ақкөңіл, даусы гүрілдеген кісі екен. “Қазақстан” қонақүйіндегі лифтен шыға бергенінде, Әсияға сол кісі қарсы жолығып қалады да:
- Ой, айналайын қарындасым-ай,- деп бетінен сүйеді. Несібелі туған ағасының аузына бір беті тұтас сыйып кеткендей болған Әсия:
- Аға-ай, бұлай сүйгенше бетіме банка сала салмадыңыз ба?- депті.
Павлодар облысында төкпе ақын Иса Байзақовтың 90 жылдығына арналған айтыстан соң қонақасы беріледі. Сонда ұлтаралық қатынастар бөлімінде істейтін бір орыс азаматы Әсияның орыс тілі маманы екенін естіген болуы керек “ақаңа” тойып алып:
- Асия, ты молодец... Еще ваш Абай говорил, чтобы казахи изучали русский язык, уважали русских,- дейді.
Сонда Әсия:
- Каких русских знал наш Абай?! Он знал Пушкина, Достоевского. Имел ввиду их язык. Если бы он видел тебя, Ивана, он бы нам другое завещание оставил,- депті.
Иван:
- Ты меня “убила”,- деп зытып беріпті.
1987 жылы Әсия Солтүстік Қазақстандық ақын Бүркіт Бекмағамбетовпен Қарағандыда телеайтысқа шыққалы кеншілер сарайына келе жатады.
Бүркіт:
- Әсекеңнің қасына жақын жүрейінші, сөз шеберлігі жұғар ма екен,- дейді.
Сонда Әсия:
- Жақын жүргеннен жұққанды естігенім жоқ. Қойнымда жатса да біреу әлі үндемей жатыр, - депті.
АҚЫНДАР ҚОЖАНАСЫРЛЫҚТАРЫ
Сәбен айтыпты...
“Дұрыс” пен “Дұрыс емес”
Сәбит Мұқанов атамыз “дұрыс” деген сөзді жиі айтады екен. Бірде жақын адамдарының бірі қайтыс болып, жерлеу кезінде Сәбең топырақ салып жатып:
- Дұрыс,- депті.
Қасындағылардың бірі “Сәбе-ау, өлгеннің несі дұрыс?!”- депті құлағына сыбырлап.
Сонда сасып қалған Сәбең қайтадан топырақ алып салып:
- Дұрыс емес, дұрыс емес! – депті.
“Айта береді екем ғой...”
Жазушылар Одағындағы бір бас қосуда Сәбең Абай шығармашылығы туралы таңдай қаға әңгімелеп тұрса керек. Сол кезде залда отырғандардың бірі:
- Сәбе, сіз баяғыда Абайды бай баласы деп сынаған едіңіз,- депті. Сонда Сәбең ойланбастан:
-Туһ, мен де айта береді екем ғой, - деп сөзін әрі қарай жалғастырып әкетіпті.
Пальтоның түсі
Сырбай Мәуленов киім таңдамайтын кісі болатын. Бірде қаламақы алғанында әйелі жақсы пальто сатып алып беріпті. Жазушылар одағына алғаш киіп барған күні кешке жақын Сырағаң үйіне телефон шалып:
-Менің пальтомның түсі қандай еді? – депті.
-Сұр болатын, оның керегі не? – дейді жеңгеміз Күнжамал.
-Оның түсі маған емес, мына милиционерге керек болып тұр, - дейді Сырағаң гүр-гүр етіп.
Сөйтсе, пальтосын біреулер ұрлап кетіпті.
Үйге келген соң Сырағаң аң-таң қалып:
-Киімілгіште тербетіліп қалпағым тұр, астындағы пальтом жоқ, - дейтін көрінеді...
“Артыма қарап алайын”
Нұрекең – халық ақыны Нұрхан Ахметбеков Алматыға келгенде шпаналар ұрлап алады деп ақшасын шалбарының іш жағына салатын көрінеді. Қатар-құрбыларымен ресторанға барғанда:
-Сендер әрі қарай тұрыңдаршы, артыма қарап алайын, - дейді екен.
Бахаңның басынан өткендер
“Абайдан бастаймын ғой...”
Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы қарсаңында Бақыткерей Ысқақовқа Жеңіс туралы өлеңдер жинағын құрастырып беруін сұрадым. Ол ойланбастан:
-Жарайды, Абайдан бастаймын ғой, ә? - деді. Мен күліп: -Иә, Абайдан баста, “Мыңмен жалғыз алыстым” деген өлеңін кіргізесің ғой, - дедім. Оның есіне Абайдың соғысқа қатыспағаны сонда ғана түсті.
“Өзің желімдейсің”
“Жалын” баспасына алғаш келген жылым. Бақыткерей екеуміз бір редакцияда қызмет істейтін болдық. Қолжазба редакциялап жатқанмын. Қасыма Бахаң жетіп келді де:
- Ойбай, көп өзгертпе, әйтпесе, осы сызғандарының бәрін ертең өзің желімдейсің,- деді.
“Өзіңіз кетеді деп...”
Бақыткерей “Жазушы” баспасында “Поэзия” редакциясында редактор. Сағи Жиенбаев редакция меңгерушісі. Екеуі бірге қызмет істейді. Сол кезде “Сәкең Жазушылар одағына хатшы болып кетеді екен”,- деген сөз шығып жүретін. Бірде Бахаң ішіңкіреп келген екен, Сәкең “мұның не?!” деп, бірдеме айтқан болу керек, ол орнынан ұшып тұрып:
- Ой, Сәке, өзіңіз кетіп, орныңызға бір жақсы адам келеді деп қуанып жүрміз,- депті.
“Осы соңғы рет”
“Директор шақырып жатыр” дегеннен-ақ Бахаңның жүрегі зу ете түседі. “Жұтып қойғанымды тағы да біреу жеткізген екен ғой” деп ойлайды. Сосын айдап отырып директордың кабинетіне барады.
Директор:
- Бақыткерей,- деп әңгімесін бастай бергені сол екен, әрі қарай Бахаң сөзін айтқызбай:
- Аға, өзім де қояйын деп жүрмін. Осы соңғы рет, - депті.
Сөйтсе директор (Сайын Мұратбеков) мүлде басқа шаруамен шақыртыпты.
Еттің кезегіндегі екі сағат
Бахаң сыраханада тұрып Сәкеңе (Сағи Жиенбаевқа) телефон шалыпты:
- Сәке, дүкенге ет түсіп жатыр екен, соның кезегінде тұрмын. Қазір көп кешікпей барамын, - депті. Сөйтсе Сәкең:
- Маған да бір-екі килограмм ала салшы, - дейді. Сонымен сыраның соңында жүрген Бахаң еріксіз еттің кезегінде екі сағат тұрыпты.
Кепкен балық
Ұлықбек Есдәулетов ауылынан сазан алып келген екен. Бахаңа біреуін сыра ішуге беремін деп, күнде үйіне ұмытып кете беретін көрінеді. Ұлықбек ұмыта берген соң Бахаң:
- Сен барған бойда балықты ал да күнде киіп жүрген туфлиіңнің ішіне басын сұғып қой. Сонда таңертең аяқ киіміңді кигенде оны да ұмытпайсың, - деп ақыл айтыпты.
Бахаңның қулығы
Бақыткерейдің өзі біреулерден алданып жүріп, біреулерді алдайтыны да бар. Сәкең (Сағи Жиенбаев) машинадан, жалпы техникадан онша хабары жоқ адам. Бірақ жекеменшік машинасы бар. Оны жеті сайын Бақыткерейге тексертіп тұрады. Бахаң Сәкеңнің машинасының о жер, бұ жерін түрткілеп көріп:
- Масқара, өртенуге шақ қалыпты ғой,- дейді.
- Не дейді мынау тұқымың жайылғыр, енді не істеймін?!
- Шеберханаға апармай болмайды, - дейді Бахаң басын шайқап.
- Онда апарып жөндетіп кел!- деп, Сәкең машинасының кілтін Бақыткерейдің қолына ұстата береді. Бахаңа да керегі осы, күні бойы қыдырып-қыдырып “жөндеттім” деп машинасын кешке өзіне бір-ақ қайтарады.
Бақыткерей мен Ұлықбек
- Осы Семейде атом бомбасын сынайды ғой, сонда қалай сынайды,- дейді бірде Бақыткерей Ысқақов.
- Жерді белгілі бір мөлшерде бұрғылап теседі де, соның ішіне атомның бір бөлшегін өлшеп салады. Жан-жағын цементтеп, ауа шықпайтын етіп мықтап бекітеді. Сосын өздері алысқа барып шнур арқылы жарады. Бірақ қанша бекіткендерімен улы газ жер бетіне шығып кетеді екен, - деп түсіндіреді Ұлықбек Есдәулетов.
Сонда Бақыткерей таңданып:
-Шықпай қоймайтын адамның ішіндегі жел сияқты екен ғой, - депті.
“Ақша су болып қалды-ау...”
Арқалыққа қарай ағызып келе жатып Бахаң машина руліне ие бола алмай, батпаққа түсіп кетіпті. Батпақ болғанда қандай, қаладан шыққан бар қоқыс осы кішкене көлшікке келіп тіреледі екен. Әйтеуір әуперімдеп сыртқа шығады. Өзі аман қалған соң ауылдағы ағайындар берген қалтасындағы қаражат есіне түсіп, санды бір-ақ ұрып:
- Қап, ақша су боп қалды-ау,- депті.
“Бөтен адам емес екен ғой...”
Нұрсұлтан Әлімқұлов ағамыз, қасында бір жігіт бар, үйіне мас болып барса, балдыздары тістерін қайрап жүреді екен, шамалап қолдарын жүгіртіңкіреп жіберіпті. Ертеңіне тұрса көзінің алды көгеріп қалған, кім екенін білмейді. Кешегі қасына ерген жігітті тауып алып, екеуі бас жазып тұрса, екі жігіт келіп Нұрекеңе сәлем беріп, амандасып жатыр дейді. Қасындағы жігіт Нұрекеңнің құлағына сыбырлап:
- Кешегі сізді ұрған жігіттер осылар, - дейді. Сонда Нұрекең:
- Е, бөтен адам емес екен ғой, - депті.
Тегін ауа
Бір топ ақын-жазушылар Талдықорған облысына барыпты. Таң атпай тұрған Ғали Орманов атамыз қасындағы кісіні оятып:
-Тұр, ешкім жоқта таза ауаны жұтып-жұтып алайық, - депті.
Қауіп
Серік Тұрғынбеков көпке дейін үйленбей жүрді. Әжесі бір күні: -Қыздармен көп қыдырасың, осы сен қашан үйленесің? – деп ренжіпті. Бұған сасатын Секең бе, әзіл-шыны аралас: -Әже-ау, мен үйленсем, сол қыздардың біреуіне-ақ үйленем, сонда басқасы қайда қалады?! – депті.
Табылға тартқан
Серік Тұрғынбеков әңгіме айтып отыр: -Табыл Құлиясов Торғай облысы ашылғанда “еліме кетейін деп жүрмін” деп еді, жабылып қалғанша сол “кетейін деп жүрмінмен” жүрді... -Сенің де “осы жұмыстан шығайын деп жүрмін” дегеніңе бір жыл болып қалды ғой...
-Ә, Табылға тартқанмын ғой...
“Қыз екен десем...”
Кездесу кеші өтетін болып ауданның бір топ өнерпаздары кеңшарға келе жатқан. Автобус іші қараңғы. Бір сәт жүргізуші жарықты қосып кеп жіберген кезде Серік: -Өй, сен қыз екен десем, ер бала екенсің ғой, манадан бері неге айтпадың?! – деп, шашы ұзын, талдырмаш жігіттің қасынан ұшып тұрды. Сөйтсе, қаракөлеңкеде қасына отырған жігіттің қолын қыз екен деп сипап отырыпты.
Сынақ пен сымбат
Серік ҚазМУ-де он алты жылдай оқыды. Соңғы курстарда жүргенде өзінен кіші оқытушылар сабақ бере бастады. Бір сабақтан сынақ тапсырып отырып, көзі оқытушы қыздың аяғына түсіп кетсе керек. Сосын мұны бір мақтап мәз етіп қояйын деп ойлап:
-Аяғыңыз қандай тіп-тізу еді! – дейді.
Сөйтсе оқытушы қыз:
-Менің аяғыма қарауға келдіңіз бе, әлде сынақ тапсыруға келдіңіз бе?! – деп ашуланып, Серікті аудиториядан қуып шығыпты.
Этил спирті
Мектепте химия сабағында мұғалім Серіктен:
-Этил спиртін қайда қолданады? – деп сұрапты. Сонда оқушы Серік: -Этил спиртін совхозда бас мал дәрігері, бас зоотехник, совхоз директоры ішеді,- деп жауап беріпті.
Оның “Этил спирті” деген өлеңінің тууына осы бір оқиға себеп болып еді...
Өрт сөндіретін машина
Серік, неге екенін білмеймін /өзі де білмейді/ қызыл түске өш. Арқалықта жүргенінде қып-қызыл пальто алып киіпті. Мұны көрген Сабыржан ағасы: -Шырағым-ау, жасың болса, отыздан асты, қып-қызыл мынауың не?! – деп ренжісе: -Ағасы-ау, мұны қызыл болмаса алмайтын едім ғой, - деп қынжылыпты. Ал, құрбы-құрдастары қызыл пальто киген Серікті көргенде:
-Өрт сөндіретін машина келе жатыр, - дейді екен.
Кең жайлау
Серік “Жұлдыз” журналында екі-үш жыл қызмет істеді. Жұмыс түскі сағат он екіде басталады. Соның өзінде Серік кешігіп қала береді екен. Бір күні сағат екіде бір-ақ барыпты. Қызметке орналасқанына онша көп бола қоймаса керек, журналдың жауапты хатшысы Ахат Жақсыбаев Серіктің кешігіп келіп жүргенін байқап қалып: -Жұмыс сағат он екіде басталады. Сен соның өзінде де кешігіп қалып жүрсің-ау, - дейді.
Сонда Серік: -Апыр-ай, ә, кең жайлау деген соң келіп қалып едім, мұнда да тәртіп бар екен ғой, - депті.
Депутат
Серік “Лениншіл жас” (Қазіргі “Жас Алаш”) газетінде Қостанай, Торғай облыстарындағы тілшісі болып қызмет істейтін. ҚазМУ-де сырттай оқиды. Бір күні оқуына баруға тура келеді де, редактордан ұрықсат сұрап, телефон соғады: -Алматыға сессияға баратын едім, - деп бастайды ғой баяғы. Редактор (Жазушы Сейдахмет Бердіқұлов) түсінбей қалып:
-Сен, немене, депутат ба едің? – депті.
Себеп
Серік екеуміз Торғайға ақын Шәміл Мұхамеджановтың 60 жылдығына бірге бардық. Қыста жол жүру оңай ма, ұшақ ұшпай белгіленген уақыттан сәл кешігіп қалдық. Жиналыс басталып кеткен екен, залға кіре сала біреуімізге сөйлеуге тура келді. Серік:
-Сен сөйле, кешіккен себебімізді айтып, халықтан кешірім сұра, - деді.
Мен халықа сәлем бердім де:
-“Кешігіп оқыдым, кешігіп пәтер алдым, кешігіп үйлендім, үнемі кешігіп жүремін, енді, бәлкім, өлімім де кешігіп келер” деген Серіктің бір өлеңі бар еді, міне, жолға сол Серікпен бірге шыққан соң кешікпегенде қайтеміз, кешігіп қалдық, кешірім өтінеміз, - дедім.
Халық ду күлді.
Алдану
Серік үйіне қуаныштан күле кіріп:
-Арзанға тамаша мохер шалма сатып алдым, цыгандарды алдап кеттім, - дейді.
-Кәне, көрсетші!
Әйелі қолына алып қараса, мохер дегені балалар одеалының жүн тарақпен тарап-тарап қойған қиындысы екен...
Иіс
Серік пен Бақыткерей ауылдан келе жатып, Арқалыққа жақындай бергенде кір-қоқыс жиналған жаман көлшікке түсіп кетіпті. Батып бара жатқан машиналарынан әрең шыққан екеуінің киімін жуып берген жеңгелері Балагүл Серікті көргенде: -Қалқам-ау, сол жолы мен жуған қызыл көйлегіңді телевизорға шыққанда неге киесің, мұрныма исі келеді, - депті.
Құлақшын
Серік екеуміз, шопырмен үшеуміз қыстың күні машинамыз аударылып, қараңғыда ішінде қалдық. Еш қайсымыздың еш жеріміз ауырған жоқ. Шофер жігіт қорқып кеткен: -Амансыңдар ма, амансыңдар ма? – дей береді. Серік артқы жақта отырған, тыпыр-тыпыр етіп, әрі сөйлеп те жатыр:
-Мынау менің құлақшыным емес, мынау менің құлақшыным емес, - дейді
-Бас пен құлағың сау болса, құлақшын табылар! – деймін мен.
Сөйтсе, ол қараңғыда шопырдың құлақшынын киіп алыпты...
Сейіт пен Серік
Секең – Сейіт Кенжеахметов неше түрлі күлдіргі әңгімелер айтып, маңайындағыларды күлкіге кенелдіріп отырады. Ол кісі осындай әңгімелер айтқан кезде көзінен жас аққанша күлетін Серік – Серік Тұрғынбеков риза болатыны соншалық, “Секе, осы сіз жындысыз-ай!” дейтін көрінеді. Бұл сөз жиі қайталана берген соң, Секең ренжіп: -Серік, осы сен “жындысың” дегеніңді қойшы. Жасың болса кіші, менімен тіпті ойнайтын ретің жоқ. Дап-дардай адамға кісілердің көзінше “жындысың” дегенің мүлде ерсі көрінеді екен, - деп реніш білдірсе керек. Арада біраз уақыт өтеді. Тағы бір бас қосуда Сейіт қуақы әңгімелерін бастайды. Сөйтіп Серікті де, басқа тыңдаушыларын да күлкінің астына қалдырады. Бір сәт Серік:
-Секе, сыртқа шығып кетіңізші, - депті.
Секең жұмысы бар шығар деп сыртқа шығады. Сонда Серік сыртқа оңаша шығарып алып:
-Секе, осы сіз жындысыз-ай! – депті.
Серік пен кекс
Серік КазМУ-де сырттай оқып жүргенде журналист досы Жақсылық Жүнісовтің үйінде жатып жүрді. Бір күні түн ортасында барса, есік бекітулі, үй иелері ұйықтап қалған. Мезгілсіз уақытта оятпай-ақ қояйын деп ашық тұрған терезеден кіре бергенде Жақсылықтың жары Қалқа оянып кетіп, шошып, айқайлап орнынан атып тұрыпты. Серік те сасып қалып:
- Мен ғой, Серікпін ғой,- дей беріпті.
Таңертең түндегі ісіне ұялған Серік жеңгесінен кешірім сұрап:
- Осы әбестігім үшін саған не сыйлайын, айтшы, не қаласаң да алып беремін!- депті.
- Маған түк те керегі жоқ, бір кекс алып келсең жарап жатыр,- дейді жеңгесі.
Секең сол күні күндегіден ерте оралады, бірақ қолында түгі жоқ.
- Әкелемін деген кексің қайда?- дейді үйдегілер. Сонда Серік:
- Іздемеген жерім, бармаған дүкенім жоқ, бірақ, кекс деген виноны еш жерден таба алмадым,- депті.
Комиссия мүшесі
Бірде Серікпен Жазушылар одағы үйінде кездесіп қалдық. Әдеттегідей емес, аяғын санай басып, маңғаздана сөйлеп:
- Комиссия мүшесі болдым,- деді. Мен бір тексеру комиссиясының мүшесі болған екен деп ойлап:
- Қандай комиссия?- дедім.
Оны қайтесің дегенді аңғартып ыңыранып біраз тұрды. Мен де білгім келіп айтпасына қоймадым.
- Похоронная комиссия,- деді ол сонда сол маңғаз қалпында қасымнан ұзай беріп.
Ғафекең мен Серік
Бірде Ғафекеңнің /Ғафу Қайырбековтың/ бөлмесіне кірсем, күліп отыр екен. Сәлемімді алған соң:
- Басқа кісі болса, ашуланып жерден алып, жерге салар едім, осы Серікке ренжи алмаймын. Жаңа туыстарымды еске алып, біраз ағаларымның кісі қолынан жазым болғанын айтып отырсам:
- Өзі, Мергендердің /Ғафекеңнің руы Мерген/ бәрі кісі қолынан өлген екен ғой,- дейді,- деп, Ғафаң тағы да рахаттана бір күліп алды. Сосын әңгімесін жалғай түсіп:
- Кейде екеуміз көшеде қатар жүріп қаламыз. Сондайда әңгімені жосылтып келе жатып Серігіме қарасам, інім мені жынды адамдай босқа сөйлетіп қойып анадай жерде бір қыздың қолын ұстап мәз боп тұрады. Серіктен басқа адам болса, ренжір едім, осы Серікке ренжи алмаймын,- деді Ғафекең тағы да күліп.- Қалай ренжиін, болмысы солай... Ақын ғой...
Жулик
Серік жігіттердің біріне еріп орыстың үйіне барыпты. Орыстың 4 жасар баласы бар екен. Соны Серік қазақы қалыпқа салып “әй, тентек” деп еркелеткісі келіп, сары шашын сыйпап:
- Ой, ты жулик, ой, ты жулик,- депті.
Орыс “мынау не деп отыр” дегендей, сұраулы көзбен Серікке қайта-қайта қарапты. Енді қайтсін?.
Кегл мен Гегель
Рафаэль Ниязбековтың “Жазушы” баспасында редактор болып жүрген кезі екен. Бірде аттестация болып сынақ алушылар:
- Рафаэль, кегл деген не?- деп сұрапты.
Рекең ойланып-ойланып:
- Гегель деген философты білем, Кегл дегенді естіген емеспін,- депті. (Кегл – типографиялық әріптің түрі).
Түнгі оқиға
Отызыншы жылдары жазушыларға да наган беріп қойыпты.
Бір күні Бейімбет Майлин түнде сыртқа шықса, бірдеңе пыс-пыс етіп алдынан шыға келіпті. Шошып кеткен Биағаң:
-Тоқта, атамын! – деп тұра қалады. Бірақ жаңағы пысылдаған пәле тоқтамайды. -Тоқта, атамын! – дейді Биағаң енді шынымен-ақ үрейленіп. Жоқ, тыңдамайды, үшінші рет тағы да: -Тоқта, атамын! – дейді. Пысылдаған пәле тым жақындап қалғанға ұқсайды. Үш рет ескерткеннен кейін атуға болады екен, Биағаң дыбыс шыққан жаққа қарай кезеніп атып-атып жібереді де, үйге қайта кіріп, орнына жата қалады. Түнімен “бұл пысылдаған не болды екен?” деп ойланумен, көз ілмей шығады. Таңертең қараса, көрші ұйғырдың сиыры өлейін деп жатыр дейді. Түндегі пысылдаған “пәле” сол екен. Жалма-жан көршісін тауып алып, кешірім сұрап, “ешкімге тіс жарма” деп құнын төлеп, әрі сиырын бауыздап өзіне беріп, ауызбастырығын тағы қосып, әрең құтылыпты. Жақан Сыздықов Биағаңның үйінде жатады екен. Таңертең болған жайды төбенің қарын күреп жүріп көріп қалады. Оның байқағанын Биағаң білмейді. Ешкім көрген жоқ деп іштей мәз болып жүреді ғой. Сөйтсе бірде үйге қонақтар келіп, амандық-саулық сұрасып, “не жаңалық бар?” дескен кезде Жахаң:
-Жақында Биағаң бір сиыр атып алған, басқа ешқандай жаңалық жоқ, - депті.
Екі түрлі көзқарас
Ақын Сабырхан Асанов үйленерінде /студент кезі болса керек/ ауылға барып, әкесіне:
-Үйленейін деп жүрмін, - дейді.
Әкесі:
-Қандай қыз? – деп сұрайды.
-Бидай өңді, бойы ортадан жоғары, мінезді, - деп мақтай жөнеледі.
-Руы кім?
-Қоңырат болуы керек шамасы...
-Жоқ, шырағым, руын дәл білгенің жөн!..
Сонымен әңгіме бітеді. Кейін үйленген соң келінін көргенде атасы Сабырханға: -Бойы ортадан жоғары деп едің, келін орта бойлы болып шықты, бидай өңді деп едің, қазақтың қара қызы ғой, қарағым, көзің бұлдырап кеткен-ау шамасы, - депті күліп.
Жол өлшемі
Жас ақындардың жиыны болып, бір топ ақын Жамбыл облысына барыпты. Облыс орталығынан жақын ауылдардың біріне келе жатқанда Жарасхан Әбдірашев “ауылға дейін қанша шақырым” деудің орнына өз істеріне орай “ауыл енді қанша бөтелкелік жер?” депті.
Үйдің кезегінде
Жұбан Молдағалиев жазушылар одағының бірінші хатшысы болып жүрген кезі. Бір топ жастар үй сұрауға Жұбағаңның кабинетінің алдында тұр екен, бір кезде Осекең келіпті. (Оспанхан Әубәкіров) Жастардың бәрі ошарылып, Осекеңе жол беріп, ішке кезексіз кіргізіп жібереді.
Көп ұзамай күлім қағып шығады Осекең. Жастар тағы да шуылдасып:
-Ағай, алдыңыз ба? – деседі.
-Өзіме емес, ұлыма екі бөлмелі үй сұрап едім, - дейді Осекең.
-Қалай деп сұрадыңыз, берді ме? – дейді жастар тағы да.
Сонда Осекең: -Ұлым үйленіп, әйелі екеуі бір бөлмемізде тұрады. Түнде жуынуға ваннаға барсам, жуынып жалаңаш ұлым шығып келе жатады. Тіпті қабаттасып ұят болды, осы қолайсыздықтан құтқарыңызшы, - деп едім, сөз айтқан жоқ, - депті масаттана күліп.
Бір ауданның театры еді бір өзі
Ақ көңіл адам еді аңқылдаған,
Ақжарқын, ашық мінез, жарқылдаған.
Бас қосып мәжілісте отырғанда,
Қырандай дауылды күн саңқылдаған.
Кіргізіп жиын-тойдың берекесін,
Ән салса ашылдыра шаңқылдаған.
Өзімнен ерен бар деп қорғаламай,
Кідіріп, кібіжіктеп тартынбаған.
Ұласқан сөткесіне нөсердей-ақ,
Әңгіме айтса, ай бойы сарқылмаған, –
деп өзі жырлағандай, атақты ақын Әбіқай Нұртазиннің бел баласы Ахметхан Әбіқайұлы ақын да, жыршы да, атбегі де, аңшы да, сал да, сері де, құралайды көзден атқан мерген де болатын. Әңгіме айтса, жанығып жүзі жайнай түсіп, таңдарды таңға жалғайтын. Әр айтқанын қимылмен көрсетіп, қолдары тыным алмайтын. Бейне бір аң аулап, кең далада жүргендей шалт қимыл жасап «былай сілтегенде» деп бұзау тіс, дойыр қамшымен қалы кілемді осып өткенде, тыңдаушылары елігіп, орындарынан қозғалып кеткендерін аңғармай қалатын. Ішінде сақтар сыры жоқ, құмай тазысын, атын бабына келтіре мақтап болған соң балаларына ойысатын. «Аңшы өтірік айтпайды, асырып айтады» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, асыра да айта білетін, таппайтын теңеулері де жоқ еді. Қысы-жазы салт мініп, сабау қамшылап аңға шығатын, жан жетпес жерге жететін, жан өшпес жерден өтетін, Ахаңнан қашқан түлкілер үйлерге де кіріп кететін. Қолында мылтығы болса, үстінен үйрек өтпейтін, астында аты болса, алдынан қашқан аң құтылмайтын. Ақын Нұрхан Ахметбековтің сөзімен айтар болсақ «Азаматтың көркі еді, кеудесі – алтын салған абдыра, отырған жері күнде той, ойын-сауық, сәнқой емес, салқы, өзімшіл емес, жалпы еді. Бұлшығын кессең былқ етпес бекпатша қызыл нардай еді. Әділдікпен құрдас, ақиқатқа сырлас, жауыздықпен жаны қас» жан болатын. Ахаң талаптыға сөзімен қанат бітіріп, таланттыны қадір тұтатын. Нұрхан ақынның баласы Мәлікзада қайтыс болғанда азалы жиында:
Еңбекші жұртым, ел, халқым,
Елеулі еткен ел салтын,
Тұрғысында сақтаған,
Қағидалы ер қалпын.
Қуаныш келсе қуанған,
Шаттыққа жүзін суарған.
Ауырлық келсе адамға,
Бүгіліп белі, бұрылған.
Тағдырлы жұмыс кез болса,
Ақылмен шешіп, жұбанған.
Айрылып тұрмыз біз қазір
Шыңға біткен шынардан
Жан-жақты туған жан еді,
Шын асылдан құралған, –
деп емірене тебіренгені есімізде. Осы шумақтағы «Шаттыққа жүзін суарған» деген жол бұрын-соңды ешкім қолданбаған, ақын ғана айтар бейнелі сөз! Ахаң қатты қамықты, көз жасы сақалын жуып, қабірге тамып жатты. Ашық даусы ағайынды баурап, жыр жолдары нөсердей төгілді:
Ойлаған жерге жете алмай,
Қамалып, қайда кете алмай
Еркі кетіп елің тұр
Қаралы туды жамылып,
Саулығыңа тірлікте
Тіледі тілек жағынып.
Мезгілсіз келген ажалға
Ете алмай айла, тарығып.
Өксімеген адам жоқ,
Көзінің жасын ағызып.
Еңсесі түсіп, жабығып.
Одан әрі Ахаң Мәлікзаданың он бір жасынан өнер жолына түскенін, қолына домбыра алса, бармағынан бал тамызып, күй тартқанын, талай айтыстарға қатысып, жүлдегер атанғанын жыр етті. Шындығында да М.Ахметбеков Торғайдың талантты перзенттерінің бірі еді. Нұрекеңнің «Июнь жарлығы», «Жеңіс» күйлерін кейінгі ұрпақ осы Мәкеннен үйренген. Ол кезінде аудандық партия комитетінде, аудандық мәдениет бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің тілшісі болды. А.Әбіқайұлы 1936 жылы Қостанай облысының Торғай, Аманкелді, Семиозер (қазіргі Әулиекөл) аудандарын қамтитын колхоз-совхоз театры құрылғанда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымында Жантықтың рөлін сомдаған екен. Ақтық сапарға аттанғанша сол Жантықтың сөздерін ұмытпай, кей жиын-тойларда айтып отыратын. Жанға жағымды қоңыр даусын құбылтып, образға еніп сөйлегенде өзімізді театрда отырғандай сезінетінбіз. Ұзын мойнын созған кезде жұтқыншағы жоғары-төмен жүгіріп әңгімесін әсерлей түсетін. Ол «Екі жиренді» Мұхиттың «Айдай», «Үлкен айдай», «Кіші айдай», «Көк айдай», Шашубайдың «Ақ қайың», Молдабайдың әні «Молдабайды», Қанапияның әні «Қанапияны» шырқайтын. Әсіресе «Ағаш аяқ» пен «Зәурешті» жылап, жан баласы айта алмайтын «Он екі ирек» әнін өңешке салып, жұтқыншағын әрлі-берлі жүгіртіп орындауы оның әншілігімен қатар талантты актерлығын да танытатын. Ахаң халық арасына кең тарамаған «Қазалы», «Тәнтән қыз», «Петро» деген күйлерді нәшіне келтіре орындай отырып, олардың шығу тарихынан да сыр қозғаушы еді. Бір түрікпен жігіті Тәнтән қызға ғашық болады. Бірі дарияның арғы бетінде, бірі бергі бетінде, жігіт түнде судан өтіп барып қызбен жиі кездесіп жүреді. Мұны көре алмай іші күйген біреулер түнде қыз ұстап жігітке белгі беретін жарықты суға ағызып жібереді. Жарықты қуалаған жігіт дарияға суға кетіп өледі. Күй – сол Тәнтән қыздың зары екен. Атақты Қорғанбек, Дәуренбек ауылында Петр деген орыс болыпты, қазақшаға судай, домбыра тартады. Қазақтар оны Петро атап кеткен. Ахаң «Петро» сол орыстың күйі» деуші еді... «Көкірегі күй сандық Ахметханның» (С.Мәуленов) осы әңгімелерін тыңдаған ақын Қ.Жармағанбетов «Тәнтән қыз» деген баллада жазды.
Абақтыда болғаным жоқ,
Ұрымен бір қонғаным жоқ.
Ағын суды бұрғаным жоқ,
Жанға зиян қылғаным жоқ.
Дүниені қуғаным жоқ,
Жұрт аузынан жырғаным жоқ.
Өрмекшіні өлтіргем жоқ,
Үйге пайда келтіргем жоқ, – деп тақпақтай
жөнелетін ақынның «Үйге пайда келтіргем жоқ» деген сөзінің жаны бар, кедейлігі шындық. Жалпы бұл әулет дүние қумай, өнер қуған әулет.
Қайсы бір бастықтарға ұнамаймын,
Көңілге кісімсіген шыдамаймын.
Қасқыр да, ит те, құс та жеген қойдан
Жеуіме жетім қозы сұрамаймын, – деген
тармақтар біреулердің шамбайына батса да шындықты айтуынан, қолы қысқалығынан туған.
Шын ақын қашанда арлы, арсызға жаны қас. Сондықтан да Ахаң:
Сүйгіштер қайтер еді арды сүйсе,
Қанағат қолыңдағы барды сүйсе.
Сағынып сағат сайын отбасында,
Баянды баласы мен жарды сүйсе, – деп өтірік жанып-күйіп, өртеніп үйленгендердің көбісі ай өтпей ажырасып жататынын, қазір бұрынғылардың сүйіспеншілік деген сомдап соққан сөзін кім-көрінгенге айтып қор етіп жүргендерді сынайды. Әбіқайдың әкесі Нұртаза, Нұртазаның әкесі Нәуен. Нәуен сіңірі шыққан кедей екен. Сол кісіге бірде үш қой бітіпті. Бір күні Нәуен кісілермен әңгіме-дүкен құрып отырса, балаларының бірі келіп:
– Әке, бір қой өліп қалды, – депті.
– Е, мал іші болған соң өлім-жітімсіз бола ма? – дейді Нәукең жайбарақат. Арада біраз күн өткен соң тағы да балаларының бірі:
– Әке, тағы бір қой өліп қалды, – депті.
– Е, мал іші болған соң ондай-ондай болып тұрады ғой, – дейді Нәукең.
– Әке, соңғы қой өліп қалды, – дейді балаларының бірі налып.
Сонда Нәукең аспай-саспай:
– Енді індет те тиылған шығар! – депті.
Ахаң бәйбішесі босанып, хал-жайын біліп, тамақ апаруға жолға шығады. Жолда бір топ жігіттер кездесіп, қызу әңгіме басталып, «бір сөздің артын бір сөз түртіп» (Ахаңның өз сөзі) таусылмай қояды. Сөйтіп ол өзі тұратын «Шилі» кеңшарынан 25 шақырым Ақтөбеннің Жабасақ кеңшарынан бір-ақ шығыпты.
Ахаңның осындай Қожанасырлығын білетін құрдастары:
– Осы сенің Алдаркөсе мен Қожанасырдан айырмашылығың не? – деп сұрапты.
Сонда ол:
– Алдаркөсе алыстау ағайын, Қожанасыр жақын туысым екені рас. Айырмашылығымыз – Алдар ат, Қожанасыр есек мінген, мен ұшақпен жүремін, – депті.
«Ахметхан айтыпты» деген әзіл-шыны аралас әңгімелер ел арасына кең тараған. «Ақтарсам қазынамның абдырасын» деп өзі айтқандай, шежіре қарт қай тақырыпта әңгіме шертсе де жұртты ұйытып, тапқырлық танытатын. Сөз төркіні жайында сөйлесе, қазақ тілі маманы ма деп қалар едіңіз. Ол бірде «Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» дегенді естіп, қатты ренжіді.
– Құнажын – сиыр, буыршын – түйе, құнажынның қарағанын түйе қайтсін! – деді ашуланып.
– Дұрысы қалай? – дестік.
– Шырақтарым, дұрысы «Бұзбаша көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» «Б» әрпінен басталып тұрған сөздердің үндестігі қандай! Мақалдың айтпағының өзі айқындала түскен жоқ па?!
– Бұзбаша деген не?
– Ой, оңбайтындар-ай, – деді ол сонда – бұзбаша шағылысқа түспеген інген, сендерше айтсақ, түйенің қызы! – деп, Ахаң балаша күліп, бізге көзін ежірете қарады.
Білмейтіні жоқ Ахаң ит-құстың дене мүшелерінің атын жиі айтып отыратын. «Қанат – қауырсындардан тұрады, – дейтін. - Қауырсынның денеде тұрған түп жағын көбе жағы, ұш жағын жебе жағы деп атайды. Ал қауырсынның екі жағына қарама-қарсы орналасқан түк талшықтарды еліб дейді. Елпең ете қалды, елп ете түсті. Елпең қақты, елпілдеген бала, елпектейді де тұрады деген сөздердегі елп осы елібтен шыққан. Бұл сөз өте жеңіл дегенді байқатады. Өйткені елібте түк салмақ болмайды ғой».
– Осы арақты неге ішесіңдер, – дейді Ахаң баласы Балашалға ренжіп.
– Сұйық болғасын ішеміз де, – дейді ұлы қырсығып. Сонда Ахаң:
– Қатты болса, мүжір едіңдер ғой, ә? – депті.
Сексенде оның сыптырдай денесі,
Жоқ ешкімге аласы мен бересі.
Тас, топырақты асайтұғын қопарып,
Экскаватор шөмішіндей өңеші, – деп С.Мәуленов жырға қосқандай, Ахметхан атамыз жирен шашты, қоңқақ мұрынды, ұзын бойлы, салалы, ұзын саусақты, көзі өткір, тарамыс, артық еті жоқ сары кісі еді. Балаларының бәрі өзіне тартқан шаштары алтын қияқ... Алғашқы жұбайы қайтыс болып, орта жасқа келгенде жас адамға үйленді. Бұл қосағынан да оншақты бала сүйді. Тіпті жетпістен асқан шағында да перзент көрді. Сол баяғыдай перзенттері шетінен жирен шаш...
Кенжелерінің бірі дүниеге келіп, Ахаң перзентханаға бара жатса біреулер:
– Аха, жол болсын! – десіпті. Сонда кейбіреулердің пыш-пыш керенау сөзін құлағы шалып қалып жүдеп жүрген қарт:
– «Бала сенікі» деген соң ауруханаға бара жатқаным ғой, – депті.
Ахаң бірде атпен келе жатып, үй арасына керілген кір жатын сымға соғылып, алдыңғы тістерін опырып алады. Мұны естіген құрдастарының бірі Ғалым Сомтемірұлы:
– Тісіңе не болған? – деп қазбалап сұрай берсе керек. Сонда Ахаң:
– Онда нең бар, тісімді сындырған Сомтемір емес, сымтемір! – деген екен.
Ахаңның осы тапқырлығы өлеңдерінде де, айтыстарында да көрініс табады.
А. Әбіқайұлынан Ахмедия деген інісі:
– Осы қазіргі өлеңге, өлең сүйер қауымға қалай қарайсыз? – деп сұрапты. Ахаң мүдірмей:
– Өлең сөздің өрнегі ұйқасымен,
Адам сонда тыңдайды ынтасымен.
Ақ балықтың жон еті секілдентіп,
Таңдамай-ақ толғаймыз қылқасымен, – депті.
– Иә, заман да, адам да, талғам да өзгерді ғой, – дей берген екен, сөзін әрі қарай жалғатпай:
– Өкімет берді адамға праваны,
Бәрі де дауысқа ие, правалы.
Жергілікті әкімдер арасында
Бастық – кілт, біздер – гайка бұрамалы, – деп тоқырау заманының өзінде тоқырау жайында әдемі, дөп басып айта біліпті.
Осы сиқты ол Құтжан Қанжағалинмен бір айтысында:
Шығады будақ-будақ лебіздерің,
Мақтаулы қайда сенің егіздерің?!
Серуендеп Семиозерға барып қайтты,
Шанаға мініп алып өгіздерің – деп, ұтымды да
өткір сөздерімен ұрымтал жерінен ұстайды.
Ахметхан Сәт Есенбаев, Жүсіпбек Салықов, Құтжан Қанжығалин т.б. ақындармен айтысқан.
1945 жылы Құтжанмен айтысындағы:
Әнімнің әлеуметке айнасы бар,
Жырымның жұртқа жеміс – пайдасы бар.
Халқымның қаһармандық күшін қозғап,
Жүрекке жылы тиіп, майда шығар.
...Қас дұшпан зар болып тұр бір күніне
Жолықты қандықашқын сүргініне.
Суырдай судан қашқан жанталасып,
Өзінің қайта барып кірді ініне.
...Бордақта бұзауларым семіріп тұр
Арқардың аша мүйіз құласындай.
...Бұйражал, бөріқұлақ, киік танау,
Қой мойын, құмай төсті, бауры жарау.
Үкіаяқ, бота тірсек, серке санды
Жануар, өзі жуас, көңілі ояу.
Осындай бір жылқың жоқ көзге түсер,
Көп артық шабан аттан жүрген жаяу, – деген
шумақтардағы тың теңеулер мен түйдек-түйдек құйылған жолдар ақынның алымдылығын да, шалымдылығын да аңғартады.
Ақынның Сәт Есенбаевпен айтысы кезінде «Ана тілі» оқулығына енген. А.Әбіқайұлы 1978 жылы Алматыға келіп, екеуміз академик Смет Кеңесбаевтың үйінде болдық. Ахаң жиналған ғалымдарды шешендігімен де, әншілігімен де, тапқырлығымен де, күйшілігімен де, шежірешілігімен де, жыршылығымен де тәнті етті. Ахаңмен соңғы рет сексенге аяқ бақан шағында жолықтым. Ақын ақ таяғына сүйеніп тұрып, ентіге сөйлеп:
– Қарақтарым, сендер аман болыңдар, біз – өлімнің өшіретінде тұрған адамдармыз ғой, – деді.
Нәуендей білімдардың, Әбіқайдай тұлпардың тұяғы, қолына домбыра алса, саусағымен қосылып әр тамыры би билеп шыға келетін түпсіз жыршы, бір өзі бір ауданның театры Ахметхан жоқ енді. Сөздері, өлеңдері – ел аузында, халық жүрегінде, қағазға түспегені қанша ма?! Сондықтан да:
Тоқтау айтсаң тосылып, тоқтады ма,
Тағдырға бұл жүретін жоқ базына!
Қайран ата-ай, қайтейін,
Жер астына
Түсіп кетті-ау өзіңмен көп қазына, – дейміз
өкініп.
Қара сөздің бойына қан жүгірткен
(Е.Дүйсенбайұлының көсемсөздері)
“Не Құдай берген талантымен, не өлермен пысықайлығымен өлеңде жолы оңғарылып, атан түйе тарта алмас атақ-мансап шыңына шыққан некен-саяқтардың жөні басқа ғой, ал қашаннан қара жұмыстың қамытын киіп жүрген “қажымас құлдар” үшін ақындықты жантайып жатып-ақ жан бағатын жақсы қарекет дей алмайсың. Ойлап қарасам, қырық жылдан астам уақыт газеттер мен баспалардың шаруасына бас көтермей жегіліппін. Менің журналистік қаламымнан туған мақалалар, редакторлық қарауымнан өткен кітаптар қаншама!” [1],- деп ақынның өзі жазғандай, Есенбай Дүйсенбайұлы қырық жылдан астам газеттер мен журнал редакцияларында, баспа орындарында қызмет істеген тәжірибелі журналист, баспагер.
Ақын-публицист “Туған жер” публицистикалық мақаласы:
- Кеттік!
- Қайда?
- Балдәуреннің еліне” [1, 61],- деген диалогтармен басталады.
Автордың туған жерді “Балдәуреннің елі” деуі бейнелі, жүрекке жылы, әсерлі. 1975 жылы жазылған осы мақаладағы ойлар ақынның 1981 жылы жарық көрген “Біздің толқын” поэзиялық жинағындағы “Туған жер толғауы” өлеңінде қайталанады:
- ...Кеттік!
- Қайда?
- Еліне балалықтың! [2].
...Сырт пошымы үлкен сары шегіртке тақылеттес он екі орындық самолет лып етіп тез көтерілді... Сусыған көкала бұлттар қолсозымға таяу қоян-қолтық ұшып келеді.
Лып етіп шегірткедей сары самолет,
Астында самғай берді ала бұлттың.
“Мотор гүрілінің бірқалыпты сарыны әрі-беріден соң жалықтырады екен”.
Мотордың бір қалыпты әлдилеген
Әуені әр-берден соң жалықтырып.
“Туған жер десе, кімнің жүрегі алып ұшпайды. Перзенттік махаббат па екен-ау?”
Туған жер десе сұңқар-махаббат боп,
Жүрегі алып ұшпас сірә кімнің!
“Маған, мезгіл сүмбіл теректерден сары жапырақтар жауа бастаған сүмбіле болса да, солай көрінеді. Сонау көз ұшында тербетілген қоңыр жоталар мен жазықтар көкорай нұрда қалқып тұрғандай көрінді. Бәлкім, балдәуреннің елін сағынып келе жатқанымнан шығар”.
Жайнаған кеше ғана жазғы ағыстан,
Сай, адыр сүмбілелі сазға ауысқан.
Көрінді маған солай көк бояумен.
Қамығып жатса да жер қаз дауыстан.
Көзіме мына дала мұнар – жалқын,
Көктемгі бұзбағандай құмар қалпын.
Мекенін бал дәуреннің мендік жүрек
Сағынып қалғандықтан шығар бәлкім.
“Осы бір не көлкіген өзен-көлі, не әңкіген шыңырауы, иә, аңқа жібітер ақтұмасы жоқ сораң қоныстарын “Саркөл”, “Көлдеу құдық”, “Үшбұлақ” деп атаған адамдардың қиялында әу баста сулы да нулы жерлер судырлаған болар ма, мүмкін ол әлде ата-бабаның өз атамекеніне сүйіспеншілік жырын шертер!?”
Әйтеуір, сағынышымды сапарлы етем!
Сол біздің сораң қоныс, қатал мекен.
Әу баста “Үшбұлақ” деп, “Жиделі” деп,
Апыр-ай, қалай ғана атады екен?!
Аспаны жауын бұлтын тудырмаған,
Жарықтық, қуаң тақыр қудыр далам!
Бір кезде болды ма әлде бұл арада
Жас орман жапырағы судырлаған?!
“Қалай десе де туған жердің түтініне де түк жетпейді”.
Бірін айт, бәрін айт та, туған жердің,
Бауырым, түк жетпейді-ау түтініне!
“...Кәрі әженің “Жеті жұмақ” жайлы ертегісін тыңдап, көк өзекте көбелек қуып, ақ тақырда асық ойнап, ала шаңды бұрқырата асыр салып, жалаң аяқ жар кешіп құйындатқан құлын жылдарыңның құтты қонысына асығып келесің”.
Кәрі әже жырын тыңдап бай ырғағы
“Жердегі жеті жұмақ” жайындағы,
Шыбықты ат қып мініп, ақ тақырда
Асық ойнап,
Көк өзек сайындағы.
Жас тоғайдан көктемде ән тыңдаған,
Жар кешіп жалаң аяқ жарқылдаған,
Самғап келе жатырсың қонысыңа
Қойнында қаз-жылдарың қаңқылдаған!
“Сол жерде шыр етіп өмір есігін ашқансың. Сол жерде өзіңе достар тапқансың. Құм арасындағы әне бір жалғыз аяқ сүрлеу жол сені асқаралы арман тауларына бет алған ұлағатты ұрпақтар сапарының ұлы сүре керуеніне әкеп қосып, оған арналған балалық іңкәрлігіңнің таңғы шықтай тап-таза жүрегіндегі сәби сүйіспеншілік ұлғая келе ұланғайыр Отанға деген оттан ыстық махаббаттың ұлы мұхитына барып ұласпап па еді!”
Өмірге есік ашып жүректен шын,
Сол жерде іңгәлап кеп шыр еткенсің.
Сол жерде алғаш рет достар тауып,
Балалық бал дәуренді бір өткенсің.
Ақ таңдар адымыңды өлшеді де,
Арманның сыңар қылып бөлшегіне,
Ұрпақтар керуеніне әкеп қосқан
Әне бір жалғыз аяқ жол сені де.
Аядай құм арасын қаталап тым
Сүйген сол бұлақ-сезім шапағаттың
Ұлғайып, мұхитына ұласпап па ед
Отан деп аталатын махаббаттың!
Әрі қарай да осылай үндесіп, бірін-бірі қайталап, бірін-бірі толықтырып жалғаса түседі. Ақын қашан да ақын. Публицистикалық мақала да, өлең де шабытты шалқар сезіммен жазылған. Публицистикадағы дыбыс үндестіктері, бастапқы қайталау, ішкі ұйқастар, метафоралы, образды сөздер, интонация, инверсиялы жолдардың ішкі иірімдері, ақынның эмоционалдық тебіренісі, сөйлемдер динамикасы өлеңдегі көркемдік кестелерден, әсерлеулерден кем емес. Айырмасы біріндегі айтар ой-толғаныстар қара сөзбен айшықталған да, бірі ұйқасқа құрылған.
Есенбай мақалаларында ақын өлеңдерін жиі қолданады. “Махаббат” [1, 63] публицистикалық мақаласында: “Арманындай аяулысына ғана ақтарар сырын газетке жолдап, жұртқа жария еткісі келгені несі екен” деп, алғашқыда біртүрлі әбестеу көріп қалдым. “Сосын ойыма: “Қызығымды бөгелмей қарсы алғым бір келеді, бақыттымын деп елге жар салғым бір келеді” деген Қадырдың өлеңі оралды” [1, 63],- десе, “Жолдас” [1, 66] мақаласында: “Ақын Қадыр Мырзалиев бір өлеңінде ұлына: “Жақсы болсаң, жолдас болып кетерміз”,- депті. Шынында, ойлап қарасақ, адамдағы ең қымбаттының бәрі – жолын жалғастырушы ұрпағы да, қызметтес қатар-құрбы, іні-аға, апа-қарындас замандасы да, тағдырлас сүйген жары да жолдас, серік” [1, 66],- дейді. “Ер намысын жыртқан ер” [1, 47] мақаласында: “Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?”,- деп Абай айтқандай, азаттығы үшін алысқан Хасенін халқы біле ме?”,- деп бір қойса, енді бірде осы мақаланы қорыта келіп: “Ахмет Байтұрсынұлы айтқан сөз бар:
Мен бұқтым – жаттым,
Сен бұқтың жаттың,
Кім істейді қызметті?!
Хасен болса – еш бұқпаған, халқына қызмет істеген азамат. Қызметің жемісті болғай, ел намысын жыртқан ер!”- деп түйін жасайды. Осы сияқты Абайдың “Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?”, “Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар, Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық” [1, 101],
Партия ашып пара алған
Бейілі кедей байсыңдар...
...Ел қағынды,
Мал сабылды,
ұрлық, өтірік гу де гу.
Байы баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу;
Сұлтанмахмұттың “Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен?”, тағы да Абайдың: “...малды түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?” Мағжанның “Келер ме күн малғұн еңбек өлетін, ит қарынды қорылдатып көметін” [1, 103] деген сөздері мен өлең жолдары публицистикалық шығармаларына шырай беріп, мән-мазмұнын тереңдете түскен. Сондай-ақ О.Асқардың “Өркеш” атты жыр кітабына жазған “Ажарлы сурет, айқын ой” [1, 78], “Арманда кеткен ақындар” өлеңдер жинағына жазған “Алғашқы адымның жүгі ауыр” [3] рецензиялары ақын ақын туралы, өлең жайында көбірек жазып, өлеңге арқа сүйеп, иек артатынын дәлелдей түседі.
К.Мырзабеков 1962 жылы он алты жасында қойын дәптеріне: “Жастықтың жалын жылдары-ай. Жастықтың албырт, аңғал күндері-ай. Шіркін, жастық, адам өмірінің ұмытылмас, майталман шақтары. Қайран жастық! Өтесің де кетесің, мың күнің бір күндей ағынды. Әр минутың арманды. Қайран жастық! Көңілді көктем етіп, жүректі өктем етіп шоқы-биік боласың да өтесің” [4],- деп жазса, 1975 жылы Е.Дүйсенбайұлы “Ерлік” деген публицистикалық мақаласында: “Арынды да сарынды, нулы да шулы бір мазасыз маусым ғой ол. Адам өмірінің ерте көктеміндей аумалы-төкпелі албырт шақта сен де сондайсың-ау, жас дәурен! ...“Мен – жастықпын! Мен – марттағы найзағай күркірімін!”- деп айдай әлемге естірте айғайлағың кеп кетер” [1, 72].
Арманшыл, қиялшыл, албырт екі талантты ақынның жастық жайындағы толғанысындағы сөз саптаулары, сөйлемді ішкі ұйқасқа құруы қалай ұқсас?! Бұл ақындық тебіреністен туындағын ұқсастық! Ақын ақынға ішкі жалынымен, жүрек қылын шертер нәзік сезімімен, ішкі жан сырын жасырмай баршаға, бар дауысымен ашық айта білуімен қашан да ұқсас!
Есенбайдың публицистикалық шығармаларындағы мына сөздер ақыл, нақыл, мақал-мәтелге сұранып тұр: “Адамдық өлшемі – адалдық. Әдептілік таразысы - әділ сын. Жолдан безгеннің тезі – жолдастық соттың сөзі. Әкіреңдеу - әлсіздіктің айқайы. Аяқтан шалу – алаяқтық. Көлеңкеңді күзету – көргенсіздік. Көзіңе мақтау – көлгірлік. Сыртыңнан даттау – сорлылық”. “Жолдастың иығы – асқар таумен тең” [1, 67]. “Сөз де – күрескер, тәрбиеші” [1, 68]. “Миллиард бір түйір дәннен басталады. Тамшыдан – теңіз. Қос жарты қосылып – бүтін. Оты басқа екі бір отасып – отбасы. Енсан отау жиналып – ел. Бір-бір ерлік бірігіп – елдік” [1, 73]. “Бірлік жоқ ұлыста – ағайындық жоқ. Ағайындық жоқ жерде – адамгершілік жоқ. Адамгершілік жоқ жерде – ар-ұят жоқ. Ар-ұят жоқ жерде – намыс жоқ. Намыс жоқ жерде – ұлттық сана да жоқ” [1, 28].
Мына сөйлемдер өлең тармақтарындай: “Әділдік жоқ ортада береке, бірлік бола ма?” [1, 28], “Қайда Әлия, – он сегіз жасар қарақат көз қарындас?! Қайда Абдолла – махаббаттың, өр рухтың жыршысы?! Қайда Төлеген Тоқтаров – жолбарыстай жүректі?!” [1, 71]. Е.Дүйсенбаев белгілі жазушы Қырауылбек Қазиев шығармашылығы жайындағы “Сырбаздықпен сырласу” [1, 74] мақаласы мен “Оңашадағы күрсіністі ойлар” [1, 104] толғаныстарын өз өлеңімен түйіндеген.
Сесті де есті рух иесі
(публицист Темірхан)
Т. Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан ауданының Аманкелді атындағы колхозда туған. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Қазақ телевидениесінде редактор, Маңғыстаудағы барлау экспедицияларында жұмысшы, “Егемен Қазақстан” газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы болды. Қазір “Ақиқат” журналының бас редакторы.
Тұңғыш өлеңдер жинағы “Жанымның жапырақтары” деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Т.Медетбек “Өктемдік” [Медетбек Т. //Парасат, №3, 1991. Б.7.] атты мақаласында 1988 жылы Маңғышлақ облысын “қоғамның да адамның да тағдырын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген бюрократтық өктемдік” таратып, аймақтың әкімшілік, экономикалық-әлеуметтік тұтастығын сетінетіп алғанын ашына жазады. Жоғары жаққа (Москва, Алматы) үмітпен қараған халықтың өтініш, тілегіне құлақ аспай, “әкімшілік-биліктік жүйені қысқартып, басқару тізгінін елдің өзінің қолына береміз” деген желеумен болған бұл өзгеріс елге қандай қиындық тудырғанын автор егжей-тегжейлі қамтып, түсіндіре баяндайды. “Біз бұл жерде тек бір-ақ өктемдіктің-бюрократтық өктемдіктің жұртқа жасаған бір ғана қиянатын әңгіме еттік. Ал өктемдік сан қырлы, алуан түрлі. Соның бірі – ведомстволық өктемдіктің қазақ жеріне жасамаған зорлығы жоқ. Елді аздырып, жерді тоздырып жіберген оның озбырлығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай озбыр өктемдіктің тізесі барынша батып отырған жерлердің бірі – тағы да сол Маңғыстау” дей келіп публицист Жаңа Өзендегі халық толқуын тудырған осы ведомстволық өктемдік екенін, өйткені ведомстволық өктемдіктің жоспардан басқа аңсарының жоқтығын, адамның қамын, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын ойлап бас ауыртып жатпайтынын, сондықтан да “Жаңа Өзенде сол өктемдіктің омыруы мен обуына шыдай алмаған халық көшеге шыққанын” дәлелді жеткізеді. Автор Ақтау (Шевченко) қаласындағы аса бағалы кен өндіретін Каспий аймақтық тау-кен комбинаты Москваға қарайтынын, сол себепті комбинат жергілікті кеңеске бағынбай, жергілікті халық мүдделеріне мұрнын шүйіріп қарайтынын, комбинатта жұмыс істейтін сол жердің тарихи иелері не бәрі 2-3 пайыздан аспайтынын, осылайша жергілікті халыққа өз жерінде өгейлік көрсетіп отырғанын мысалға келтіріп, тұтас бір халықты өз жерінде кемсітіп, әлеуметтік әділетсіздік тудырып отырған мұндай демократия кім-кімнің де ұлттық намысына тиетінін айтады. Ащы да болса бұл шындық. Елімізге келіп ірі кәсіпорындарын ашып, жергілікті халыққа әлеуметтік теңсіздік жасап отырғандар әлі де аз емес. Талантты ақын – публицистикада да ұшқыр тілді, ойлы, халық жоқшысы. Әдебиеттің көркемдеу тәсілдерін ұтымды қолданады: “Әрбір кәсіпшілік, әрбір мекеме, әрбір адам Мәскеу мен Алматыға облысты таратуға болмайды деп, хаттар мен телеграммаларды қардай боратты”. “Бюрократия шамалы опаланып, шамалы күлген болып, шамалы иіліп, бүгілгенсіп” (кезекті қайталаулар), “Бірақ ұлы мәртебелі жоғары жақ төменгі жақтың “ысқырғанына пысқырған” да жоқ”, “бюрократтық өктемдік елдің өзіне де, сөзіне де қарап жатпады”, “Елге де, жерге де”, “қамын да, жанын да”, “күйін де, үйін де”, “қырлы, түрлі” (ішкі ұйқастар), “Оның күйін де, үйін де ойламайды. Оған тек опырып, сындырып, обып жесе болды. Онда мына жатқан жер...”, “...Омыруы мен обуына” (дыбыс үндестіктері), “Өктемдіктің өкшесі”, “Москва қанатының астына алған” (бейнелі). Темірханның “Қазақ әдебиеті” [2005, 30 қыркүйек. Б.12.] газетінде “Адам бойындағы ізгілік рухы өлмесін” деген ортақ тақырыппен берілген шағын мақалалары жоғарыда сөз болған Жаңа Өзен оқиғасы тұсында жазыла бастағаны байқалады. Оны алғысөзінде автордың өзі де айтып өтіпті.
Қаламгердің кісіні елең еткізетін тосын да, жаңа, тұлғалы да бейнелі, бедерлі де айшықты тақырыпшалары оқушыны қызықтырып, ойын сан-саққа жүгіртеді: “Жаңа өзендегі дүр сілкініс”, “Селт етер емес”, “Қасірет”, “Жоқ! Жоқ! Жоқ!” деген әлем”, “Қастандық”, “Ешкіемер мен жыланның шайқасы”, “Домбырасыз үйде отырмаймыз”, “Қанау”, “Шевченко да шет қалмайды”, “Ой-өрістің өлшемі”, “Ақтау айналасындағы сөз”, “Ар-ождан экологиясы (әрі бейнелі), “Тағылым алар ма екенбіз” (өлең тармағындай).
“Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады”,- деп А.Байтұрсынов айтқандай, іштегі дерт пен ойды қозғап, жанды тербеп, жүрек толқытатын оқиғалар болады. Жоғарыда айтып өткендей, Темірханның да жанына тиіп, қойын дәптеріне ойларын тізуіне Жаңа Өзен оқиғасы себеп болған. Ол – азамат, ол – ақын. Ел бүлініп, ер еңсе көтеріп жатқанда қол қусырып қарап отыра алмайды. Оны ел мен жер мәселесі, қоғам мен әлеуметтік жағдайлар, өмір мен әдебиеттегі құбылыстар алаңдатады. Өз от басының күйбең тіршілігі жоқ бұл мақалаларда. Ол – қарын құлы емес, тұлға. Тұлғаға лайық сөз айтады. Сондықтан сөздері де тұлғалы болып шығады. “Әр сөз әрі тұлғалы, әрі бейнелі болса көркемдік содан туады” [Мүсірепов Ғ. Күнделік. А., Ана тілі, 1997. 107 б.]. Мысалдар келтірейік:
“Жұрттың қалай екенін қайдам, мен үшін адамгершілік, ар-ождан экологиясы барлық экологиялардың түп-тамыры, түпқазығы сияқты.
Өйткені, адамгершілік, ар-ождан экологиясы тазармай, сол экология сауықпайды деп білем... Олардың орнын бойкүйездіктің батпағы мен немкеттіліктің ақ сортаң топырағы жайлап бара ма деп қорқам”.
“Не болғанда да, қазір адыраңдаған “оңбаған” деген сөздер көбейіп, жайраңдаған “айналайын” деген сөздер азайып, тартылып барады” (“Сөз бен ой”).
“Сөздің пробасын айыратын мұндай кісі қазақта аз болу керек. Бейне бір ол кісі сөзді қолына ұстап, салмақтап көре алатын сияқты” (“Шығармашылық үйінде”).
“...заман мен уақыттың кесек-кесек сөздерімен сөйлеп тұрған қадірлі кабинеттер бар...” (“Кабинеттер”).
“Иә, өлең деген қызық қой. Сол нәрсеге де сергек, ояу!” (“Өлең деген қызық қой”).
Қазір біраз ақындар өлеңдерін мақалаға ұқсатып жіберсе, Темірхан мақалаларын поэзияға айналдырған. Жоғарыдағы образды сөздер соны айғақтаса, мына жолдар оны бекіте түседі: “Дүние алай-дүлей боп, күрсініп, ыңырсып, бұрқ-сарқ қайнап, долданып, толғатып кетеді...” (“Сүйіскен қос жүректің...”), “Үйдің іші шам жақпай-ақ жап-жарық. Ауасын шертіп қалсаң, сыңғыр ете түсетіндей...” (“Немере қуанышы”). Қадыр Мырза Әлидің: “Тырсиып піскен тыныштық жарылып кете жаздап тұр” [Мырза Әли Қ. “Жаймашуақ”. “Көш”. А., Жазушы, 1973. 17 б. кіт.к. 320 б.] деген өлең жолдарын еске салады. Дерексіз ұғымның өзін заттандырып, көзбен көретіндей етіп жазу образды ойлайтын ақындарға тән қасиет. “Ал Жұматай табиғатпен тікелей байланыстағы ақын еді. Дәлірек айтсам, ол табиғаттың, бас әріпсіз-ақ, қарапайым ғана жазылатын жусан, ажырық, раң сияқты жұматай деп аталатын өсімдігі болатын. Дала өсімдігі” (“Қайран құрдасым-ай!”). “...Сөздердің сапырылысы, ойлардың бұл сияқты көші, суреттердің тізбек-тізбек керуендері, құс дауысты жұмбақ бір әуен мен әуездердің сұңқылы, кешегі өткен оқиғалардың ашулы, ызалы сарыны... - әйтеуір, бір қым-қуыт дүние. Соның ішінде жүрмін” (“Өлеңші”). Арқалы ақын Қ.Аманжоловтың “Қып-қызыл өрттің ішінде жүрмін” деген жолдарын еске түсіреді. Өмір – күрес, ақынның қашан да ел қамымен оқиғаларға араласып жүретіні де, жалғыз “қалса ой шырмауында, “сөз сапырылысында” қалатыны да шындық. Жаңа Өзендегі дүр сілкініс Шевченко қаласына жетіп, жастар көшеге шығып, аспаннан көктелпектілер тік ұшақпен түсе бастапты. “Мені 23-ші маусым күні сөз сөйлеуге теледидарға шақырды”,- деп жазады Т.Медетбек: “Шевченко да шет қалмады” мақаласында – Онда мен негізінен, жастарға арнап сөз сөйледім. “Айналайындар, енді сендерді пәленшенің, түгеншенің балалары деп қарамайды, қазақтың балалары деп қарайды. Сендер орынсыз бір қимыл жасасаңдар, сендерді ғана емес, бүкіл қазақты айыптайды” дедім. Менен басқа да адамдар сөйлеп жатты. Жігіттер түсінгендей болды”. Көшеге шыққан жастарды тоқтату үшін кез келгенге сөз бере бермейді. “Қағазбен сөйлеп қалған қатыгез” әкімшілдік, әміршілдікті тыңдамайды олар. Ақынын ардақ тұтып өскен ел ақынын сыйлайды, тыңдайды. Ақын қашан да ағынан жарылып, шындықты жасырмай айтатынын біледі. Сондықтан да билік басындағылар қысылғанда ақынға иек артып халық алдына шығарған. 1916 жылғы көтеріліс кезінде бас көтерген халық алдына шығып сөйлеген ақын М.Дулатов болатын. Сол бір кезеңді кейін еске алған ақын “Он алтының ойраны” мақаласында: “Мен сөз сөйлеуге кірістім. Сөздің беті көргенде-ақ жұрттың түсі бұзылды, бірақ сөзді бөлген жоқ, тыңдады” [Дулатов М. Бес томдық шығ.,жинағы. А., Мектеп, 3 т. 214 б.],- дейді.
Ақын қашан да халық жағында, жанашыр, дос, бауыр, туысқан. Темірхан да елдің еңсесін түсірмеудің қамын жейді. Әдебиет, мәдениет, тіл мәселесін ойлап қамығады. Ағайын, туған-туыстың қайғысын бірге көтеріседі. Өйткені ол – ақын, ақын жаны – нәзік, сезімтал, сол қасиет шығармаларына да әсер етпей қоймайды. “Сөз бен Ой” жайында толғанып, Сөз бен Ой да табиғаттың шөп, суы, ауасы секілді обалы бар екенін, оларға да күтім қажеттігін, оларды да қорғау керектігін айтып: “Бүгінде Сөз бен Ой да табиғаттың шөбі, суы, ауасы секілді кеселге, ауруға шалдыққан,- дейді. – Шөп, су, ауа, атом тозаңдарынан, қатерлі химиялық элементтерден қалай тозып, бүлініп жатса, Сөз бен Ой да сырттан әкелінген қанқұйлы идеологиялық бомба жарылыстарынан солай тозып, бүлінуде. Сондықтан болса керек, өмірде бұзық Сөздер, бұзық Ойлар көп. Солар ұлт жанын тоздырып, адам санасын бүлдіруде” [Медетбек Т. Батырлықтың өзі – қорқыныш //Жас Алаш, 1999, 2 қараша. Б.4.].
“Иранбектің баласы, маңдайындағы жалғыз ұлы қайтыс болыпты. Ауыр қаза. Бірден үйіне бардым. Бүкіл үй-іші еңіреп тұр екен. Жылап жібердім!” (“Қасірет”). “Жұматай қайтыс болыпты. Қайран бауырым-ай! Қайран досым-ай! Қайран құрдасым-ай!” (“Қайран құрдасым-ай!”).
Ақындық! Егілу!
Теңеулерін оқиық: “Дүкенге анда-санда бірдеңе түсе қалса, сол жерде адамдар тізбегінен ұзыннан-ұзақ шұбалып, денесі толқып шиыршық атқан алып айдаһар пайда болады!” (“Жоқ! Жоқ! Жоқ! деген әлем”). Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, қандай дәл, жанды. Алыстан қарағанда осылай көрінетіні шындық емес пе?! Сұмдық қорқынышты ойларға да бастайды.
“Енді елімізді көкмылжың кішкентай горбачевтар мен қара шоқпар ельциндер қаптап кетті” (“Кішкентай горбачевтар мен ельциндер”).
“Махамбет қазақ халқының ашу-ызасынан, кек пен намысынан жаратылған.
Қазақта ашу мен ызаға, кек пен намысқа суарылған Махамбеттің сөздеріндей сөз жоқ” (“Түс”),- деп өзі айтқанмен, Темірхан мақалаларында да “ашу мен ызаға, кек пен намысқа суарылған” ақынның жанайқайы бар: “Мен бүгін найзағай жұтып жібергендеймін! Өзегімде қып-қызыл боп бұтақ-бұтақ от жатқандай. Кешке дейін сатырлап сынып, жарқылдап күліп жүрдім...” (“Мен бүгін...”).
“Мұнайымыз алып құбырлармен алыс жақтарға өзен боп ағып жатыр. Жеріміздің қаны ағып жатқандай... Көз алдыма сұмдық сурет келді: качалкалар алып темір масалар сияқты. Сол алып темір масалар тұмсықтарын тығып жеріміздің қанын сорып жатқандай!” (“Қанау”). “Құдай-ау, қағазбен емес, халықпен сөйлесу керек қой! Халықпен сөйлесе алмайды. Оларға айқайлағысы келеді. Халыққа айқайлағысы келеді! Түсінбеймін!” (“Шевченко да шет қалмады”). “Сенің үйіңе біреу келіп, сені бұрышқа тұрғызып қойып ұрсу деген не деген сорақылық!” (“Селт етер емес”). Ақын “астаң-кестеңі шығып жатқан дүниенің ішінде” (“Сонымен мен тілшімін”) жүріп, көзімен көргенін жанымен сезініп, ішкі әлімінің де астаң-кестеңі шығуын жеткізуде тілдік, стильдік құралдарды дәл тауып қолданған. Сондықтан да ол сөздер оқырман жүрегіне жол тауып, сезіміне тиіп, ойландырады, толғандырады, күйіндіреді, сүйіндіреді. Профессор З. Бисенғали “Махамбеттегі ұлттық Рух ұлттық тілдің барлық болмыс-байлығын қолдана білуден туындайды... Махамбет поэзиясы пайда болған күннен бастап қазақ поэзиясына ықпал етіп келеді, оған еліктеп жазылған жырларды көптеп кездестіруге болады” [Бисенғали З. Тартынбай сөйлер асылмын... //Алтын Орда, 2003, 19 маусым. Б. ],- дейді.
Темірхан шығармаларында да Махамбет рухы атой салып жүр. Ақын-публицист “Алтыннан соқса да бұғаудың аты бұғау немесе Махамбетке соқтықпағанымыз жөн шығар...” [//Жас Алаш, 2002, 10 тамыз, Б.7.] атты мақаласында: “Бүгінгі таңда біздің Рухымыз – Сарыарқаның құрышынан құйылып, Аспан мен Алатаудың арасында найзағайлармен тапталып, Атырауда суғарылып, Қаратаудың қайрақ сауырына қайта-қайта қайралған семсердей өткір Рух болуға тиіс. Ол тек сесті ғана емес, есті де Рух болуы керек”,- деп тебіренсе, “Махамбет рухының монологы” [//Ана тілі, 2003, 19 маусым, Б.10.] толғауында:
Алағай да бұлағай
Ай, дүние-ай, дүние-ай!
Оң жағымнан бір соққан,
Сол жағымнан бір соққан
Омыртқамды опырып,
Қабырғамды қаусатқан
Орай да борай күнім-ай! - деп Махамбетше жыр нөсерін төгіп, Махамбетше күңіренеді. Батырдың биік тұлғасын әсерлі де айшықты ашып, өршіл рухын асқақтата сөйлетеді: “Халықтың мұңы мен мұқтажын айтып өткен ақын Рухының монологы аласармай бүгінгі күнмен астасады:
Бостандық алған елімнің
Асып тұрды айбары.
Күміс болды құйылған
Қыздарымның тұлымы.
Алтын болды құбылған
Ұлдарымның айдары.
Мен Махамбет Рухы! –
Азаттығымын Елімнің
Мен осылай табыстым,
Мен осылай қауыштым!
Ақын-публицист Махамбеттің құйылып-төгіліп, асып-тасып, дауылдай соққан өлеңдерінен үзінділер келтіріп: “Ойпыр-ау, арнасына сыймай – арқырап-сарқыраған, ақтарылып, төгіліп, бүктеліп жазылған, аспанға шапшып, қайтадан гүрс етіп құлаған бұл неткен дүлейлі тасқын. Жер сілкінген кездегі алып таулардың денесінен бірі-біріне соғысып, бірі-бірін лақтырып, бірі-бірін ұрып, сатырлап домалап жатқан тастардай бұл неткен бетпақ жөңкіліс” [Медетбек Т. Алтыннан соқса да бұғаудың аты бұғау немесе Махамбетке соқтықпағанымыз жөн шығар... //Жас Алаш, 2002, 10 тамыз, Б.7.],- деп өлеңнің ішкі қуатын “тасқын”, “жөңкіліс”, “уіл мен гуіл”, “диюлық”, “перілік” деп теңеулер, синонимдер жасап жеткізуі де сөйлемдерге қуат-күш, көркемдік берген.
Ақын-жыраулар поэзиясынан сусындап, үлгі-өнеге алған ақын-публицистердің публицистикалық шығармаларында көріктеу амалының өте әсерлі синтаксистік қайталамалары жиі кездеседі. Себебі бұл көріктеу түрі поэзияда көбірек қолданылады. Темірхан да: “Өйткені Абай өзіне дейінгілердің де, кейінгілердің де қай-қайсысынан да биік, қай-қайсысынан да терең, қайсысынан да ауқымды”, “Рухты ел ғана ешкімге кеудесін бастырмайды, жағасынан алдырмайды...
Рухты ел қарағайға қарсы біткен бұтақтан қайратты!
Рухты ел еменнің иір бұтағындай берік!
Рухты ел найзағай бұтақтарындай жалт!
Рухты ел бөркін шың басындағы бұлттай оқшырайтып киетін асқақ!” [Сонда.],- дейді.
Бұл мысалдардағы “қай-қайсысынан да”, “Рухты ел” деген анафоралар автордың айтпақ ойын әсерлі жеткізуге үлкен қызмет етіп тұр, әрі жазып отырған тақырыбының мінезімен яғни, Махамбет жырларының рухымен астасып, бір дүниеге айналып кеткен. Ақын-публицист “фигураның бір түрі – дамыту, градация (латынша gradatіo – бірден-бірге күшейте беру) – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түсуді” [Қабдолов З. Таңдамалы шығ., А., Жазушы, 2 т. 242 б.] тиімді қолданған: “Аптап кезіндегі ақырын ғана жылап ағып жатқан жылғадай алпыс екі тамырыңыздың ішіне от, от емес-ау өрт кіргендей болды. Сол өрттен жанарыңызға шоқ түсіп кеткендей айналаңызға жарқ еткізіп қарадыңыз. Күйбең тірліктің көлкілдеп тұрған күйбең ойлары аяғыңыздың астына шіріген пердедей боп сыпырылып түсті. Жел үрлеген шоқтай боп қоданып жанып тұрған жанарыңыз аула ішінен әрірек қарай бастады. Бірін бірі ала алмай, бірін бірі жыға алмай тайталасып, итжығыс түсіп жатқан мына аласапыран дүние-тіршілікті көрдіңіз. Көрдіңіз де, еліңіз бен жеріңіздің тағдырын ойлай бастадыңыз. Тек ойлап қана қоймай...” [Медетбек Т. Алтыннан соқса да бұғаудың аты бұғау немесе Махамбетке соқтықпағанымыз жөн шығар... //Жас Алаш, 2002, 10 тамыз, Б.7.]. Темірхан ойын әсерлі жеткізу үшін айқындауыш сөздерді де орнымен пайдалана білген. Онысы сөйлем динамикасына да әсер етіп, айтпақ идеясын еселей арттырған: “Рухынан айрылып қалған ел, ілезде-ақ, үстінен бөзі, аузынан сөзі түсіп тұрған ынжыққа, қарнынан басқа қамы, ұйқыдан басқа қызығы жоқ маубасқа, шоқайының тесігінен шұлғауы шұбатылған көнбіске, тұмсығынан суы сорғалаған сүмелекке, жағасын айырып жіберсең де, мұрнын қолқ еткізіп бір тартып жүре беретін можантопайға, үстінен құстың көлеңкесі өтсе бұға қалатын жасқаншаққа... айналады” [Сонда.].
Бұл жолдар ақын жырындағы:
Көзден аққан сорасы
Қара жерге құйылып
Теміреткі – сор болған.
Денедегі жарасы
Шұбар тастай дөңкиіп Кеуіп қалған шор болған [Медетбек Т. Махамбет рухының монологы //Ана тілі, 2003, 19 маусым, Б.10.],- деген тармақтармен үндесіп, ақын өлеңде де, публицистикада да ақын екендігін айғақтап тұр. Т.Медетбек ақындар шығармашылығына да жиі қалам тартып жүр. Оған жоғарыда сөз болған “Алтыннан соқса да бұғаудың аты бұғау немесе Махамбетке соқтықпағанымыз жөн шығар”, Нұрым Шыршығұлұлының туғанына 130 жыл толуына орай жазған “Нұрым ұлағаты” [//Қазақ әдебиеті, 1992, 28 тамыз. Б.13.], Қашаған Күржіманұлының туғанына 150 жыл толуына орай жазған “Қатепті қара нары Маңғыстаудың” [//Қазақ әдебиеті, 1991, 16 тамыз. Б.12.], т.б. мақалалары куә. Темірханның өз құрбы-құрдастарына, өлеңдеріне берген мінездемелері де дәл, нақты, орнымен айтылған: “Жарасқан Әбдірашев. Абстракциялық ұғымның өзін көзбен көріп, қолмен ұстайтындай етіп заттандыра алатын ақын...”
“...Оның кейде өзінің де, өзгенің де жарасына тұз сеуіп отыратыны бар”. “Иранбек Оразбаев. “...Оның кейде өзіне өзі кісен салып, мені біреулер кісендеп кетті деп зар қағатыны да бар”. Исраил Сапарбаев. “...Оның тіпті, етек ашылып, абыройы шашылып жатқан мына заманда тән қоздыратын өлеңдер жазуы... Сонысы қинайды” [Медетбек Т. Сонда ит жүгіртіп, құс салып жүрген салт атты қазақты жазған ақын ұлт ақыны да, компьютер жанында тұрған қазақты жазған ақын ұлт ақыны болмай ма? (Ә.Балқыбекпен сұхбаты) //Жас Алаш, 1998, 20 маусым. Б.6.]. Жарасқан эпиграммаларының уытты, Иранбектің өлеңдерінің көбі әлдекімдерге ыза-кекпен жазылатыны, Исраилдың кейінгі кезде интимдік өлеңдерді көбірек қаузап кеткені шындық. Мұны бұл ақындар шығармаларымен таныс оқырман бірден аңғарып, езу тартары сөзсіз.
Өртеңге өскен көк құрақ
Қ.Мырзалиев “Жазмыш” кітабында: “Ал ақындар арасындағы әулиелік бүгін ғана басталған қасиет емес. Ол баяғыдан келе жатқан қасиет”,- дей келіп, әлем ақындарының біразының көріпкел-әулиеліктерін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетеді. Осы ақындардың қатарына Кеңшілікті де жатқызуға айғақ боларлық өлеңдері мен оқиғалар жеткілікті. 1988 жылдың күзінде қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Шилі кеңшарында ақын Қайнекей Жармағамбетовтің туғанына 70 жыл толу мерекесі өтті. Кешті сол кездегі кеңшар директоры, ақынның етжақын туысы Кәрімжан Бекболатов ағамыз бен маған жүргізу тапсырылды. Кештің ортасынан ауа бере Кеңшілік:
- Ағайын, құрметті халайық,- деп жиналғандардың назарын өзіне аударып: - Қақаңның тойы керемет өтіп жатыр. Мұндай той кез келген жерде өте бермейді. Ертең Ахаң (Ахмет Байтұрсынов – С.О.) ақталғанда да менің Жақан ағам (Сол кездегі аудан әкімі – Ж.Қосабаев – С.О.) бұдан да халық айта жүретіндей ғажайып той өткізетініне сенемін!- деді.
Бұл оның ақындығы да, батылдығы да еді. Кеңшілік айтқандай, Ахаң, Жахаң ақталып, Торғайда керемет той өтті. Басы-қасында аудан әкімі Ж.Қосабаев жүрді. Қатар өскен жігіттер Кеңшілікпен кейде келісіп, кейде керісіп жүрсе де майталман ақындығын мойындайтын. Ол біреулердің қолпаштауымен немесе үгіт-насихатымен емес, өлмес, өршіл өлеңдерімен мойындатып кетті. Оның бар болмысының өзі поэзия, іңкәрі өлең болатын. Мағжан Жұмабаев ақталмай тұрып ұлының атын Мағжан қоюы да жыр әлеміне ерекше ынтықтығы емес пе?! Қолымда Кеңшіліктің 1961 жылы қыркүйектің жиырма екісі күні бастап жазған кішкене қойын дәптері. Одан он бес жасар баланың жүрек лүпілі, аппақ арманы сезіледі. Алғашқы махаббаты да із тастап үлгеріпті. Көз алдыма “Қадырдан (Қадыр Мырзалиевтен) хат алдым” деп қуанып жүретін толқынды сары шашты бала келе қалды, ақша құмды Ақшығанақ ауылы, Торғай, Тосын елестеді. Топырағың неткен құнарлы еді, Торғай! Кішкене дәптердің сарғыш беттеріне үңіле түстім. Кеңшілік күбірлеп тұрғандай. Аяғын жаңа басқан сәбидей жырлар еркелеп, сонау бір күндерге жетелейді: “Шоқысын сонау күн сүйіп,// “Қарсақ” шың маңғаз – бір талғар.// Қарт “Қарой” жатыр күрсініп,// Тәтті ойлар баурап бұл таңдар.// Топырағың – торқа, далаң – гүл,// Қыз-Тосын сенде кіл көктем.// Торғайым толы жаран-жыр,// Ақынның елі бұл неткен?!// О, туған жер, жырымсың!” Он бес жасар Кеңшілік туған жер туралы осылай тебіренеді. “Қарт “Қарой” жатыр күрсініп” деген жолы қандай әдемі?! Бейнелі айтылған. Қара сөздерінен де қарымдылығы, алымдылығы аңғарылады. Сөйлемдері арманға, болашаққа деген сенімге, талпынысқа толы. “Бұл блокнот өз шығармаларыма, сонымен бірге мектептегі қызықты күндер келбетіне, өмір тәжірибелері мен достық дарқандығы жайында, қызықтар мен “адам жанының инженерлерінің” асылдарынан үзінділер жазу үшін арналса абзал емес пе?! Жастық шақтағы сан істер ертең өрге өрмелеп шал болғанда жастық шақ көз алдыңа осы блокноттан елес бермей ме?! Сонда мен жастықты, “шіркін, жастықты” еске алмаймын ба?! Сонда мен тай-құлындай тебісе өскен достар Серікті, Кәдірді, Талғатты, Ерболат, Нағымжандарды көз алдыма елестетпеймін бе?! Сонда мен олардың өмір-тағдырларын өз өмір оқиғаларыма қосып, өмір тәжірибесіне көз жібермеймін бе?! Сонда тұрып: “Жиырма бес, отыз бес пен, қайран, он бес,// Үшеуі үш күн қонған қонақ екен...” деп бір әндете келіп, ырғақпен артынша айтып өтпеймін бе тағы мына бір жолдарды:
“Дүниеде жастық қызық, жастық опық,// Қызбалық дегізбей ме басты құдаң”. Ой мен қиял теңізіне жүзбеймін бе?! Сонда тұрып шалалыққа өкініп, көңіл толар іске күлмеймін бе? Сонда бұл блокнот қадірлі, ең қымбаттың бірі, нағыз ескерткіш емес пе?! 1961. 22 сентябрь”. (Қолы) Иә, “сонда мен жастықты еске алмаймын ба?” деп өзі жазғандай, алғашқы жинағында-ақ сол жастықты тебірене жырлаған жоқ па?! “Өлара мезгіл...// Он алты жаста едік біз,// Өлара өтсе, өруге жүрген елікпіз.// Сансыз табандар сарсылған дүние, сені біз// Тауыса алмаспыз, “армансыз кезсек” дедік біз.// Жалғыз да жарым жарытпай жайық жапанға,// Тұяғы барлар туған соң тыныш жатар ма!// Қырық құбылып құралай ертең өткен соң// Құлындай ойнап шығамыз біз де сапарға.// ...Өлара мезгіл...// Өтсе ғой енді тезірек,// Жолыңды ашты жаңа бір маусым кезі кеп,// Безініп тумай, сезініп туып барлығын,// Бүлкілдеп тұрған бір “пәле” екенсің, о, жүрек!”
Сол “Іңкәр дүние” атты тұңғышындағы мына бір шумақтар ше?! “Он бестен он алтыға жеткен кезім,// Өндірдей өлкем де өзім, көктем де өзім.// Жүйткіген жүйрік сезім – көкпек желім,// Масаты мақпал майса көк пен жерім!// Сағымды көкжиекке дала күрмеп,// Жапырақ жанданады самал үрлеп.// Жапырақ шайқалғанда, саусағымен// Шертеді шабытымның шанағын кеп...” Шынында да сонау бір балғын шаққа бастап, балдай сезім ұялатпай ма көңілге?! Дыбыс үндестігін (аллитерация, ассонанс) қалай ұтымды пайдаланған?! Өлеңде әдемі сурет, жанды баурар жылылық, тапқырлық бар. “Көкжиекті сағым көрсетпей тұр” десе жай қарапайым қара сөз болып қалар еді. “Сағымды көкжиекке дала күрмеп” деп бейнелей, бедерлей жазады ақын. Шынайы поэзия осындай болса керек! Сөзді ойната, сөзбен сурет сала білетін сезімтал ақын тапқырлық жасаған. Ол жансыздың бәріне жан бітіріп, тілсіз әлемді сөйлетеді. Бұл шынайы таланттың, сол құдай берген талантты ұштай білудің нәтижесі. Тағы да өлеңдері әлі шала, бала Кеңшіліктің өлеңдерін оқиықшы: “Алқынған жүрек сырын сеземісің,// Махаббат мазағына төземісің?// Әлде сен жүрегімді жүйкелетіп,// Жат кеуде жалтырында жүземісің?”
Немесе: “Қарағым, жүрек сырын бермей,// Бақшаңнан махаббатым гүлін көрмей,// Соғады, жүрек әсте тоқтамайды,// Кеудеме жыр ойнатып, тыным көрмей”. “Махаббат мазағына”, “жүрегімді жүйкелетіп, жат кеуде жалтырында жүземісің” деген жолдардағы “мм”, “жжжжж” болып қайталанып тұрған сөздер қалай үндеседі?! Бұл өлеңдер 1962 жылы Кеңшіліктің он алты жасында жазылған. Сол кездің өзінде бозбала ақын дыбыс үндестігін, сөз сиқырын аңғара білген, өлеңдерінде қолданған. Ана сүтімен келген ақындық бұл! Кеңшілік жастық туралы көп жазған ақын. Жастық шақтың келте екенін аңғарған ол ғұмырдың да қамшының сабындай қысқалығын сезінген сияқты. Өмірге құштар жан жастық дәуреннің әр күнін, әр минутын қимай, сол кездің өзінде былайша сыр толғапты-ау: “Жастықтың жалын жылдары-ай. Жастықтың албырт, аңғал күндері-ай. Шіркін, жастық, адам өмірінің ұмытылмас, майталман шақтары. Қайран жастық! Өтесің де кетесің. Мың күнің бір күндей ағынды. Әр минутың арманды. Қайран жастық! “Көңілді көктем етіп,// Жүректі өктем етіп”, шоқы-биік боласың да өтесің. Шіркін, сендегі қызықтың қырманы-ай! Сендегі асылдықтың арманы-ай. Сөйтіп жүрекке әмірші боласың да өтесің. Мың күнің минуттай өтеді де кетеді. Қайран жастық! Соңыңнан жанды қуғызып жеткізбейсің, желаяқ! Шіркін жастық! Талаймен қош айтысып, зымырай өтесің. Салдан жалақ алған, қайран жастық!” Ұйқасы жоқ демесеңіз, өлең ғой бұл! Ақ өлең. “Ақ өлең дейтін көркемсөз ұйқасқа емес, ырғаққа, лепке, ритмге құрылады. Оған ұйқастың себі де жоқ, зияны да жоқ” (Мүсірепов Ғ.). Арманшыл бозбаланың ішіне сыймай, сыртқа шыққан жалыны бұл! Ақын өлеңге барар жолда тіл ұстарту үшін әдейі жазған ба деп те ойлап қаласың. Қалай болғанда да қаражаяу адамның тірлігі емес. Шынында да бозбаланың осы бір лепті, ырғақты жолдары кейін өлең жолдарына айналып, өлмес дүние болып қалған жоқ па?! “...Балалық тәтті елес қой, тәтті түс қой,// (Түс екеш түстің өзі қақтығыс қой)// Балалық – бейкүнә сүт, періште сүт,// Алғашқы және ақырғы ақтық іс қой.// Аңғармай алақаннан шашып алған// Бір уыс балалығың ақ күміс қой...”
Сол сияқты: “Пендеге біткен дүние,// Байлық па, бақ па, бәрібір,// Көзіңнен бір күн ұшады – // Тағдырдың берік заңы бұл”.
Әйтпесе: “...Көзің жетер, көзің жетер бір күні// Өзіңе өзің жеткізбейді тірлігің.// Жүйрік-тірлік!// Ұрпағыма іліксін тек шылбырың!” Кеңшілік өлеңді өмір, өмірді өлең деп білетін. Ол поэзияға жан-тәнімен ғашық еді! Екеуміз 1964 жылы Алматыға қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетіне оқуға келдік. Бірге отырып шығарма жаздық. “Шығарманы өлеңмен жазбаңдар” деген оқытушылардың ескертпелеріне қарамай, Кеңшілік шығармасын өлеңмен жазды. Сосын шығармасының соңына “құласам өлеңнен құлайын!” деп жазып, қолын қойды... Сол жазған дүниесін тауып алып, енді оқып көрсе ғой деймін, шіркін... Сол кезде шығармасын тексергендер қалай түсінбеді екен? “Құласам өлеңнен құлайын!” деген бір сөзі үшін-ақ жоғары баға қойып жіберуге болар еді ғой!.. “Адамда не көп, ой көп. Ұшан-теңіз, кеме болып жүзе берсең, шегіне жету қиын-ақ,- деп жазады Кеңшілік тағы да мына қойын дәптерінде. – Сол ойлар мен үміттер кейде сеніммен қоян-қолтықтасып, арман асуларын құрайды ғой. Сол армандар әсері жаныңды тербетіп, шыңына шығатын қанат беруі де ықтимал. Көптен бері көкейде жүрген ойлар еді... арманға айналғандай. Сол жайында түрте кетуді жөн санасам. Тілерің де тілегің де көп, жүрек. Жазармын әлі, ауылым, шіркін, жастық жылдарым! 1962 жыл. 1 январь.” Ақын бала осылай өзімен өзі сырласып, ақ қағаз бетіне аппақ арманын тізіпті. Қайран, “Іңкәр дүние-ай” десеңші! Бірақ Кеңшілік сол ынтығына қол жеткізіп, артына асыл мұра қалдыра білді. “Іңкәр дүние”, “Дүбірлі дәурен”, “Көктем көкжиегі”, “Сәруәр”, “Революция перзентттері”, “Замандас сыры”, “Ауыл мен астана”, “Қасиетті қас қағым”, “Балалық шақ балладалары”, “Дәуір дастан” секілді жинақтары оқушылар көңілінен шығып соны биіктерге көтерді. Әттең, дүние-ай, шығар биігі әлі алда еді... Өкінгенмен бола ма, шара бар ма тағдырға?! “...Кімде жоқ дейсің өкініш,// Мүмкін, кейіндеу бармақ тістермін.// Мүмкін мен-дағы басты шайқармын,// Шаштым, төгілдім, шайқалдым,// “Өмір сүрдім!” деп айтармын!” деп өзі жазғандай, ол шынында да өмір сүрді! Өйткені айтарын бүкпесіз айта алған ақын өмір сүреді де!
Ақын – қарасөзде де ақын.
К.Мырзабеков Қостанай облыстық “Коммунизм таңы”, Алматы облыстық “Жетісу”, республикалық “Лениншіл жас”, “Қазақ әдебиеті”, “Социалистік Қазақстан” газеттерінде, “Парасат” журналында қызмет істеді. Әсіресе Кеңшілік “Лениншіл жас” газетінде жүрген кезінде публицистика жанрларына кеңінен қалам тартты. Бұл жайында ақын-публицист Қ.Құрманғалиев: “...Кеңшілік Алматыда қалған, әрі өзі баяғыдан қызығып оқитын “Лениншіл жас”-қа қызметке орналасқан,- деп жазады. – Екеуміз бір бөлмеде істедік. Жастайынан жазу-сызуға үйір болған, өзі жазып қана қоймай, өзі жақсы көретін көп ақындардың өлеңдерін жаттап өскен бала жігіттің журналистік қаламы тез төселіп кетті. Әңгіме оқуда ғана емес, тоқуда екенін Кеңшілік тез байқатты. Әлдекімдерше жетекке ұзақ жегілмей, өз бет-бағдарын жедел айқындап, редакция тапсырмасын тыңғылықты, тиянақты орындайтын қызметкер қатарына қосылды да кетті. Бұл оның талассыз талант-қабілетін танытты”. Кеңшілік тың төсінде туған, тыңның қызығы мен шыжығын бала кезінен өз көзімен көріп өскен ұрпақ өкілі. Тың көтеру ұраны үдей түсіп, жер жырту жоспары жасалды. Әр облыс, әр аудан, әр совхоз оны асыра орындауға тырысты. Соның салдарынан қара топырақты құнарлы жерлер мен қатар сары топырақты құмды, құмайт жерлердің де құйқасы тілініп, жер эрозияға ұшырап, ауылдарды құм баса бастады, жайылымдар тарылды. Ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысқан қазақ үшін бұдан артық ауыртпалық, бұдан артық қыспақ жоқ еді. Ең ауыры сол ата-бабаларымыздың қорымдары трактор түреніне тапталып жермен-жексен болды. Алақандай жерді жыртпай-ақ айналып өтуге болатын еді, өйтпеді. Өз дінін, өз ұлтын қасиеттеп жарытпайтын одан қашқандар мен бұдан қашқандар басқаның қасиеттісін қайтсін! Ұрлық, қарлық, зорлық-зомбылық көбейді. Өмірі есігін жауып көрмеген қазақтар құлып сала бастады. Бірақ бұл шындықты ешкім айта алмады, айтқызбады. Өйткені, “Соңғы жетпіс жыл бойы Коммунистік партия өз көсемінің нұсқауларын басшылыққа алып келді. Ленин газет, журнал, т.б. партия ұйымының органына айналуы керек десе, бұл талап асыра орындалды. Тек партияның баспасөз ғана емес, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары, кітап – баршасы партиялық қатаң басшылық бақылауда болды”. Әкімшілік саясаттың өктемдігі шығармашылар қанатын кең жайдырмай, шындықтан алшақтатып жіберді. Енді ақын-жазушылар айтпақ ойын астармен, немесе бағзы замандарда өмір сүрген ақын-жыраулардың, батырлардың, капиталистік елдердің еркіндіксіз жарлы-жақабайларының аузына салып, кейде монологы етіп, кейде жан-жануарлардың іс-әрекеті арқылы беруге мәжбүр болды. Сондықтан да Кеңшілік Мырзабеков сол бір ата мекеннің аяусыз жыртылып, туып-өскен таныс, көзге ыстық көрінетін бел-белестерінің өзгеріп, жайылымының тарыла бастағанын боз бие іс-әрекеті арқылы былайша жеткізеді: “Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр,// Қозы-лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл.// Тың көтерген жыл төбенің түбіт көдесін// Тарап әкетті, тарақ табанды – трактор…// Қуанды қарттар, жанардан тамшы мөлдіреп,// “Көделі жерге көк бидай шығар болды”- деп.// Боз бие біздің түн жамылып барып сол жерден// Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет”. Ақынның осы ой-пікірі “Тың көтерген ауыл тынысы” этюдтерінде де қайталанады: “Жылқының сары ала қазысы мен сапырған сары қымызын ішіп өскен жылқылы ауылдың сыйлы қарты Ерақынның жақсы көретін сөздері “Қарақтарым, ата қоныс жайылым өрістеріңді күтіп ұстаңдар, жер жарықтық желеп-жебеушілерің ғой, әсіресе анау – қойнауы қара от Ақжалпақтың адыры – жылқы малының жылы-жұмсағы өсетін жер” дейтін”. Ерақын бір күні сол Ақжалпақты алты трактор түнімен түгін қалдырмай жыртып тастағанын естиді. “ – Не дейді, әлгі!- деп қалды. Ерақын қабағы күрт түнеріп. – Ең болмаса жылқының желісін қағатын жер қалдырмайын дегені ме?..” Ерақын бұл істі кеңшар басшысына айтпақ оймен атына міне салып шабады. Жолда трактор үнін естіп тоқтайды. “Жыртылған жердің шетіне жеткенде қарт жылап жібере жаздады. Танауды жыбырлатқан бұйра топырақтың буынан пәлен жыл сүрленген жусан исі ме-ау, әйтеуір керемет бір иіс шығатын сияқты”. К.Мырзабековтің “Қызыл Қазақстандағы той” очеркінде “Қырық төртінші жылы “Қызыл Қазақстан” ауылына Ақмоладан қазық аяқ ХТЗ айдап келген он алты жасар қайыстай қара бала” Нұрғабыл Мәлгаждаровтың өмір жолы, от басы, қалай Социалистік Еңбек Ері атанып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болғаны әңгімеленеді. Автор қаһарманының мінез-құлқын өз сөздері арқылы ашып, әңгіме арасында сырт келбетін де көз алдыңызға елестетіп өтеді:
- Ну, да,- дейді ол, бір иығын аз-кем алға қозғап қойып. Бұл оның мәселеге кәміл келіскенінің белгісі.
- Жоға, ә,- дейді ол, жауырынын сәл-пәл қиқайтып қалып. Бұл оның үзілді-кесілді қарсылық жасағаны.
- Тарт, тура!- дейді ол, ауыр денесімен алға ұмтылып, қолын бір-ақ сермеп. Бұл оның жұмыс жүрді, босқа сөз доғарылсын дегені...”
Қызыл Қазақстандағы той – күзгі егін орағынан кейін болатын диқандар тойы – Сабантой! Сол сабантой Нұрғабыл балаларының үйлену тойына ұласады... Кеңшіліктің Солтүстік Қазақстан облысынан жазған “Алыста қалған Алқаағаш” очеркінде Көкшетау мен Қызылжардың шекарасындағы бірде Көкшетауға, бірде Қызылжарға қарап, ақыр соңында Қызылжарға “телінген” Алқаағаш ауылының кеңшар болып құрылып, қалай еңсе көтергені айтылады. Кеңшар директоры Бекет Жүсіпов те, парторг Атығай Тайжанов та, жұмысшылар комитетінің төрағасы Әшім Жылқайдаров та отызға жаңа толған жастар. Жаңа құрылған кеңшардың жас басшылары бастықпыз деп шіренбей, жұмысшылармен қоян-қолтық араласып, құрылыста да, тұрмыста да бірге жүреді. Осы бірлік берекеге бастап, кеңшар тез арада ірге көтеріп, ірі табыстарға қол жеткізеді. “Кеңшілік Мырзабеков сөздің нәрі мен сөлін сығып ішкен, сөздің бояуын барынша мол сіңірген ақын. Содан болса керек, оның аузынан шыққан ең жадау сөзіңіздің өзі жалы көтеріліп, құбылып-құлпырып тұрады”,- деп ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т.Медетбек айтқандай, очерк суреттерге толы, баяндау аз, құнарлы да айшықты көркем тілмен, шабытты жазылған. Ақын-публицист жансызға жан бітіріп, айтарын көбіне-көп образға орап береді: “Көгі көтерілмей-ақ екі жақ малын осылай өргізетін, құйқасы қара қотырланбай-ақ соқаларының тісін осы жерге тигізетін”, сөйлемдерді өлең жорғағындай дыбыс үндестігіне құрады: “Құйқалы жердің құнары”, “тыңдағы ауылдың тынысы тіпті бөлек”, “Олардың отыз жасы енді оралмайды”, “Отыз жасында от көсегісі келетін”, ішкі ұйқастар жасайды: “қорқып тұрған жоқпын, толқып тұрмын”, “бірде-бір қада қадалған жоқ, бірде-бір кірпіш қаланған жоқ, бірде-бір бұрау тартылған жоқ”, тың да дәл, теңеулер табады: “…біресе “атығайдың қонысы” деп, біресе “қарауылдың жұрты” деп додаға түскен серкедей шаң қауып жататын”, “Азын-аулақ мал ұстаған қырық-елу түтін қазақ аулы өзеннің кірімінде үйіріліп қалған шетқақпай қара судай әбеқоңыр күй кешіп жатты”, “Дәнекер сөзден қобалжудың қоламтасы көрініп қалды”. Өзендер мен көлдердің ащы не тұщы екенін бір тамшысының дәмінен сезуге болатыны сияқты осы бір келтірілген мысалдардан-ақ очерктің қандай дәрежеде жазылғаны аңғарылып тұрған жоқ па?! Кеңшілік бес сыныптық мектептің алда орта мектепке айналатынын да әдемі бере білген. Бөлімшенің құрылтай мәжілісінде кеңшар директоры да, парторг та, зейнеткерлер де шығып сөйлеп, көкейдегі ой-мақсаттарын айтады. Жиналыс соңында “Кімде қандай сұрақ бар?” дегенде, қаршадай қыз бала: “Менде” деп орнынан тұрып: “Ағай, өз мектептерің болады дедіңіз ғой, сонда мен алтыншы класты ауылда оқимын ба?”,- дейді. Аудан хатшысы сәл кідіріп қалып: “оқисың, осында, ауылда оқисың”,- деп жауап береді. Ертеңіне-ақ кеңшардың өндірістік жұмыстары талқыланатын отырыста басшылары жиынды алдымен оқушыға берген уәделерінен бастайды. Қазір ауылдардан қалаға, басқа жерлерге көшу етек алып, көптеген кешегі елді мекендердегі мектептер жұмысын тоқтатып жатыр. Бір ғана Қостанай облысының өзінде соңғы он жылда елуге тарта қазақ мектептері жабылып қалды. Әсіресе, ауылдағы мектеп жасындағы балалары көп ата-аналардың басқа жерге қоныс аударуы ата-аналарға да, оқушыларға да қиын соғып отыр. Қиын соғатыны – барған жерлерінде қазақ мектебі бола бермейді, олар кеткен соң бала саны жетпей, мектеп әлсірейді… Тың көтерілген жылдары да қазақ мектептеріне ауыр тиді. Автор сол мәселені де “бала-шағалары көп, үбірлі-шүбірлі әулеттің” ауылдан көшіп кеткенін тілге тиек ете отырып жеткізеді: “- …Туған ауылымда мынадай мектеп салынатынын білгенімде ата мекенімнен қалаға көшіп мені жын қақты деп пе едіңдер?! Егер осы совхозға мені қайта қабылдасаңдар, кешікпей көшіп келер едім. – Қарт даусы дірілдей шықты”. Қаламгер шаруашылықты әр қырынан суреттеп, бүкіл болмысын, табыстарын, алдағы алар асуларын оқушысына шашыратпай қаз қалпында жеткізе білген. “Әрбір өнер туындысына идеялық-көркемдік жағынан биік талап қоятын кез жетті. Сонымен бірге “…жазып жүрген очерктеріміз көркем шығармадай болсын, ал көркем шығармамыз очеркке ұқсап кетпесін” деп қатаң талап қоятын кезіміз жетті”,- деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, шебер жазылған очерк жалықтырмайды, көркем әңгімедей әсер етіп, оқушысын еліктіріп қиял қанатына қондырады. К.Мырзабековтің “Тың туралы толғау” атты очерктер мен деректі новеллаларынан тұратын жинағында автордың өзі кітаптың алғысөзінде жазғандай, қайта құру кезеңінің өзекті мәселелері, замандастарының жан дүниесі, тың жерлерді игеру, тың ардагерлері, озат диқандар мен малшылар жайында сыр шертіледі.
Бұл шығармалары да көркемдік дәрежесі жоғары дүниелер.
Көсемсөзші Кеңшілік ақын Кеңшілікті жиі еске түсіріп отырады. Ақын Кеңшілік “Сарыөзек сағыныш” поэмасында: “Сағыныш тілсіз – сарыөзек сәуле секілді,// Сағыныш үнсіз,// Самалдай сүйген бетімді.// Сағыныш – мәңгі махаббаттарға аманат,// Сағыныш – Отан алдындағы алғаш кепілдік”,- деп әдепкі қайталауды тиімді пайдаланса, осы өлеңнің әр жолын бір сөзбен бастау публицистикалық шығармаларында да әдемі көрініс тапқан:
“Бұл ауылға электр жарығы ең соңынан келді.
Бұл ауылдың адамдары асфальт жолға әуселенген де жоқ.
Бұл ауылдың бір кездегі даңғарадай қазақ орта мектебі сегіз жылдыққа, жеті кластыққа, сөйте-сөйте, бес кластыққа келіп тірелген…” Әр сөйлемнің басын “Бұл ауылға”, “бұл ауылдың” (Бес рет қайталайды – С.О.) деп бастау арқылы ақын сөзге екпін, әуез, күш-қуат беріп, айтайын дегенін оқушысына әсерлі де әсем етіп жеткізеді. Бұл - өлеңдерде кездесетін “әдепкі қайталаудың, яки анафораның (грекше аnaphora – биікке шығару) үлгісі. Мұнда өлеңнің әрі жолы немесе әрбір ой ағымы бір сөзден басталып отырады” (Қабдолов З.). “Қостомар ауылының тауға таяу ең салқын жері – Түктінің баурайы. Түктінің баурайынан өрекпіп өзен ағады. Түктінің төбесінен әрлі-берлі Арқаның ала бұлттары жөңкіледі”. Автор жай қайталауларды да, еспе қайталауларды да, кезекті қайталауларды да қолданған: “Бүкіл “Қызыл Қазақстан” ауылы Нұрекеңнің аузынан шыққан осы үш ауыз сөз арқылы бар шаруаның сыңайын танып, оның ығына көше береді. Болмысынан біртоға, бірақ мәселенің байыбына бойлап, айтар ойын түйіп жеткізер адамның тіліне тез оралатын осы бір сөздер оның өз мәтеліне айналып кеткен. Нұрекеңнің бүгінгі атақ-даңқынан бұрын осы үш ауыз сөзі әйгілі болған. Осы үш ауыз сөздің төңірегінде әуелде талай-талай әзіл-қалжыңдар айтылған, осы үш ауыз сөз арқылы оның мінезі мен ісі танылған”. Кеңшілік шығармаларындағы өлара мезгілінің жиі айтылуы да оның өзіндік ерекшелігі. “Мақаншыда” очеркінде: “Табиғат мінезі оның өлараларында, ал адам мінезі іс үстіндегі – шешуші сәттерде танылады. Март айының соңғы күндері. Мақаншы өңірінде табиғат мінез танытып, қыс пен көктемнің алмасар - өлара кезеңі еді”,- десе, “Өліарада” очеркінде: “Өзен суының ағысына қарай, бұл ауылдың адамдары әр айдың Өларасы қалай өтерін алдын-ала аңғара берер еді”,- дейді. Ал, “Өліара мезгіл” өлеңі: “Өлара мезгіл...// он алты жаста едік біз,// Өлара өтсе, өруге жүрген елікпіз...”,- деген жолдармен басталады. Кеңшілік Жеңістен кейін туған “Өртеңге өскен көк құрақтардың” (Кеңшіліктің өз сөзі – С.О.) бірі еді. Биыл туғанына 60 жыл... Ол көз жұмғанда қасында болдым. Кеудесіне жанарымнан жас жауып тұрды. Бірақ тірілте алмадым. Оны өлеңдері, өнері тірілтіп жатыр. Өртеңге өскен көк құрақ тамыры барда өлмейді.
Ақыш ақын тартқан азап
Тағдыр талқысына түсіп табанынан тозған, өмірден озған қазақта азамат аз ба?! Қолдан жасалған қанды қырғын – аштық, Сталиндік қуғын-сүргін, ату талайды қыршынынан қиды. Сондай азаматтардың бірі арманы асқақ, ақындықты мұрат тұтқан Ақыш Аймағамбетов еді. Алдымызда сыртқы мұқабасы тозып, сарғая бастаған Қостанай облыстық ұлттық қауіапсіздігі департаментінің мұрағатынан алынған Аймағамбетов Ақыштың №03510 қылмыстық ісі туралы шағын көлемді бума жатыр. Онда адам тағдыры ойыншық болған кезеңнің келеңсіздігі, кемшілігі, заңсыздығы, аяусыздығы тайға таңба басқандай көрініп тұр. «Жаптым жала, жақтым күйе» заманда заңға сәйкес, тергеуші өзінің қаулысымен қылмыстық іс қозғау дегенді білмеген. Заң бұзушылықтың барлығы дерлік әдейі, қасақана ұйымдастырылғаны қазір көпке аян. Жоғарыдан келіп түскен тапсырыстың өзі сол болса, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ органнан не әділдік күтуге болады?! ...Алдын ала тағдыры анықталып қойылған пенделерге, жала қағазды заңға сәйкес толтыру, істің ақ-қарасына жету оларға мақсат емес, ол тек қана жоғарыға есеп беру үшін қылмысқа «заңдылық» сипат беру ғана болатын. Сондықтан бұндай істердің бәрі деуге болады, айыпкерден жауап алу туралы хаттамадан басталады. Тергеу тұрғысынан бұл құнсыз қағаздардың жиынтығын, «қылмыстық іс» деп айтуға да болмайды. 1939 жылдың аяғында Орталық Комитеттің Пленумы шақырылып, «Коммунистерді партиядан шығарудағы, партия ұйымдарының қателіктері» деген мәселе қаралып, онда «халық жауы» деген негізбен партия қатарынан шығару сыналған болатын. Содан кейін, сол жылдың қарашасында ССР Халық Комиссарлар Кеңесі/СНК/ және ВКП/б/ Орталық Комитеті бұл салада прокурорлық қадағалауды күшейту туралы қаулы қабылдаған еді. Партия жіберген «қателіктерін», қылмысын жұрт алдында жария етті, келешекте қайталанбайтындығы туралы «кепілдік» берді. Халық «әкесі» Сталинге сенді, жүгенсіз кеткен НКВДны жазғырды. Бірақ осы кінәсіздер ақталмады, қара істі жалғастыра беру туралы Орталықтан бұл органға құпия нұсқаулар келіп түсіп жатты. Айтылғанның айғағы – осы сияқты «қылмыстық істер». Осы істің де бірінші беті 1941 жылдың 8 шілдесінде Аймағамбетов Ақышты айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы НКВД қызметкерінің қаулысынан басталады. Қаулыда бұл кісі 1803 жылы Торғай ауданы Шұбалаң ауылсоветінде орта шаруа, басқа бір құжатта байдың жанұясында дүниеге келген, Алашорда қатарында болған, сауаты аз, тұтқынға алынғанға дейін Шұбалаң колхозының басқармасының орынбасары болып жұмыс жасаған, 1930 жылы байлардың Қарақұм қарулы бас көтеру тобына қатысқаны үшін ПП ОГПУ дың «үштігі» 3 жыл бас бостандығынан айыру туралы қаулы қабылдаған. Осындай он жылдан астам уақыт өтіп кеткен жағдайды айта келе, тергеуші Аймағамбетов РСФСР қылмыстық кодексінің 58 бабының 10 және 13 тармақтарында көрсетілген қылмыстарды жасады деп ешқандай себепсіз әрі негізсіз оны күдікті деп тауып, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу туралы қаулы шығарған. Осы жоғарыда көрсетілген баптың 10 тармағыныңда Кеңес үкіметін құлату, бұзу – қирату, не әлсірету мақсатында үгіт-насихат жүргізді десе, 13 тармағында патша үкіметі, не азамат соғысы кезінде революцияға қарсы жауапты, не құпия қызметте / тыңшы / жүріп, жұмысшы табына және революциялық қозғалысқа қарсы белсенді іс-әрекет, не белсенді күрес жүргізу деп көрсетілген. Бұл баптың санкциялары ату болатын. Осы айтылған айыптар туралы тергеу барысында ешқандай жаңа материалдар болмаса да, оған алдын ала осындай күйе жағып, тұтқынға алау туралы шешім қабылданған. Қамау туралы санкцияны Әулиекөл аудандық прокуроры беріпті. Оның фамилиясы бұл жерде көрсетілмеген. Құжаттың соңында «таныстым» деген Аймағамбетовтің қойған қолы ғана. 1941 жылдың 2 тамызында Қостанай облыстық НКВД ның тергеушісі Аймағамбетовты қамауға алу туралы екінші рет қаулы қабылдайды. Қаулы оған 15 тамызда жарияланған. 22 шілдеде ол қамауға алынып, Торғайдың аудандық НКВД бөлімшесінің абақтысына жабылған. Отбасы туралы мынандай деректер көрсетілген: әйелі Ақкүміс, қыздары Күлзия, Жамал, ұлдары Балғабай және Наурызбай. Келесі іске тіркелген бір құжат тұтқындау туралы қаулы деп аталады. Ол 2 тамыз күні қабылданыпты. Онда былай делінген: «Аймағамбетов СССР дағы қазіргі құрылысқа қас пиғылмен 1918-1919 жылдары қызыл партизандар отрядына қарсы белсенді күрес жүргізді, Алашорда бандасына зиянкестік жұмыстар жүргізу арқылы әртүрлі көмек көрсетті» делінген. Көмектің түрі көрсетілмеген. Бұдан басқа, Шұбалаң колхозының мүшелері арасында ВКП /б/ және Кеңес үкіметінің басшыларының беделін түсіруге бағытталған үгіт-насихат жұмысын жүргізді және фашистік Германия мен СССР арасындағы соғыстың жүріп жатқан кезінде, фашистік Германия мадақтаумен қатар, жеңілісті және сатқындық қолдайтын сыбыстар таратты, сондықтан оны қамауға алып, мекенжайында тінту жүргізілсін деп көрсетілген. Қаулының оң жақ бұрышында «санкция беремін» деген облыстық прокурордың қойған қолы бар. 22 шілдеде Аймағамбетовтің мекенжайында тінту жүргізіліп, 4 дана жеке құжат тізімделіп алынған. Олардың мазмұны туралы ештеңе көрсетілмеген. Тінту, тағы бір заңбұзушылық куәгерлердің қатысуынсыз жүргізілген. Тергеу кезінде Аймағамбетовтың кінәсі дәлелденбеген. Куәлар да оның нақтылы үкіметке қарсы іс әрекеттері туралы айғақтар бермеген. 1918 жылы оның қызыл партизандарға қарсы жүргізген «белсенді күресі» туралы 1941 жылы кім есіне түсіре алады, егер де іс жүзінде ол болмаса. Соған қарамастан, 1941 жылдың 15 қарашасында Қостанай облыстық НКВД басқармасының «үштігі» оны РСФСР қылмыстық кодексінің 58-10 бабының 2 тармағымен және 58-13 бабымен айыпты деп туып, ату жазасына үкім шығарған. Бұл үкім 1942 жаздың 3 ақпаны күні түнгі сағат 2 де орындалған. Қазақ ССР прокурорының 1977 жылдың 11 ақпанындағы наразылығы бойынша, істі 1977 жылдың 31 наурызынада Қазақ ССР Жоғарғы соты қарап, ол өзінің ұйғарымымен 1941 жылғы 15 қарашадағы Аймағамбетов Ақыш саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп танылды. Мұрағатта сақтаулы қылмыстық істе Ақыштың өз қолымен латын әріптерімен жазған Қарақұм қарулы көтерілісі туралы бір дәптер өлең және қарасөзбен жазған еңбегі табылды. Бұл көлемді еңбекті қаламгер Қойшин Ғайыпназар ағамыз кирилица әріптеріне көшіріп, сол оқиғаға өз түсініктемелерін бергеніне алғысымызды айтамыз. Өлең мазмұны, сол жылдары болған, әрі көзі көрген оқиғаны, оған қатысқан адамдар туралы уйқасымы жақсы суреттеліп жазылған. Ақыштың 1927 жылы туған баласы Балғабай қазір Лисаков қаласында тұрады. «Халық жауының баласы атанған оны төртінші сыныпта оқып жүргенінде мектептен шығарып жібереді. Сөйтіп ол Қарабалық аудандық отқару комитетінде қызмет істейтін туысы Әмірғали Душатовтың көмегімен мектепке алынып, жетінші сыныпты сонда бітіреді. 1952-1954 жылдары «Бөрлі», «Тасты-өзек» ауылдарында қызмет істеп, сол жерде үйленеді. Кейін Қостанайдағы бухгалтерлік курсты бітіріп, туған жерінде клуб меңгерушісі есепшілік қызметтерін атқарады. Балғабай да домбыра, гармон тартып, ән айтады, өлең шығарады. Талай аудандық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. «Әттен, тонның келтесі-ай» дегендей, «Халық жауының баласы» деген бір ауыз сөз соңынан қалмаған жас білім шыңына да, өнер шыңына да өрлей алмады. Ақыш Аймағамбетовтің «Қамал бұзған қаһарман» поэмасы 1938 жылы «1916 жыл» деген атпен кітап болып баспадан шығыпты. Алайда сақталмаған. Бұл поэмадан үзінді 1996 жылы Алматының «Рауан» баспасынан жарық көрген «1916 жыл» кітабына «Ел аузынан» деп беріліпті. Толық нұсқасы бізде сақтаулы. (Бұл мақаланы автор Ғ.Мәулетовпен бірлесіп жазған.)
Ақындар қолтаңбалары
Аяулы бауырым, ардақты ақын інім – Серікбайға ағалық ақ тілекпен, творчестволық бақыт тілеп, Сырбай. 12/ХІ-80. «Ветры времени»
Ақын інім Серікбайға. Талант тұлпарымен шаң боратып шаба бер! Сырбай. 16.ІІІ.87. «Күзгі бұлттар»
Ардақты ақын інім, аяулы бауырым,балама балайтын жанымдай жақыным Серікбайға Сырбай. 23.10.90. «Мизам»
Айналайын, өзіңе, үй-ішіңе шын тілекші шал ағаң Қуандықтан. 3.ХІ.82. Қ.Шанғытбаев «Гүл толқын».
Талантты ініміз Серікбайға. Қаламың ұшқыр болсын! Автор – Шона Смаханұлы. 18.VІ-65. «Көріп жүр ғой көздерің»
Серікбай бауырыма! Бірге бола берейік поэзия ауылында. Сенің болашағыңа сенімді Ағаң Мұзафардан. 16.ІІ.74. М.Әлімбаев «Балдәурен, шіркін, балалық».
Ақын інім Серікбайға ағалық ізгі ниет, ақ тілекпен Кәкімбек Салықов. 15.Х.87 ж. Алматы. Москва. К.Салықов «Добрые дни».
Серікбай інім! Осы кітаптың жанкүйері болып едің, қаламың ұштала берсін. Мыңбай Рашев. 15.VІІ-81. «Ғасыр жолы».
Серікбайға!
Бақыт та, Байлық, Дәулет те –
Кетеді қолдың кіріндей.
Олармен басыңды әуре етпе,
Болмайды бәрі бір күндей.
Иттердей ауыз жаласқан
Тоқтықты қуып, ауышпа!
Өлетін адам жоқ аштан,
Арыңның нәрін тауыспа!
Жақсылықпенен жас құрап,
Жаныңның гүлі көктесін.
Үймелеп жүрген «дос-сымақ»
Далаға тастап кетпесін.
Алты алаш түгел сыйлаған
Ағаң да сөзге ие шығар.
Бір ықыласыңды қи маған,
Осы ақылымды есіңе ал!
Ғ.Қайырбеков. 21 март 1987. «Күнтеңескен»
Аяулы ақын інім, өзіме көңілі жақын інім – Серікбайға ізгі көңілмен, оның творчествосына деген зор сеніммен осынау томымды сыйға тартамын. Тұманбай Молдағалиев. 5 ноябрь, 1981. «Жиырма бесінші көктем».
Серікбай! Өмірде Серікбай, өлеңде Байсерік болуыңа тілектеспін. Қадыр Мырза 10.ІХ.68. «Ақ отау» кітабына.
Серігім Серікбайға,
Өзіңдей Серік қайда?!
Елің болсын,
Жерің болсын,
Туыңды берік байла!
Бердияров 24 июнь, 1980 ж. Алматы. Тоқаш Бердияров «Сөнбейтін оттар».
Өзімнің ең жақсы көретін кішіпейілдік жөнінде де үлкен-кішіге ой салатындай адал інім Серікбай мен келінге біздей үлкен, біздей үбірлі-шүбірлі болсын деп тілеймін.
Шамиль. 31.ІІІ.67. Алматы. Ш.Мұхамеджанов «Туысқан».
Ардақты ақын інім, аяулы бауырым Серікбайға. Сырбай. 30.ІІІ.81. С.Мәуленовтің «Шуақ» кітабына жазған қолтаңбасы.
Өлеңімнің, өзімнің серігім Серікбайға Темірханнан. 2/Х-70. Т.Медетбековтің «Жанымның жас құрағы» тұңғыш жинағына жазғаны.
Болғалы жырға менде жерік пайда,
Өмірде өлеңдетпей ерік қайда?!
«Толқынымды» шығарған кең өріске
Жақсы ақын-редакторым Серікбайға!
Автор 1/ХІІ-1982 Есенбай Дүйсенбаев «Біздің толқын» жинағына жазылған.
Серікбайға!
Әрқашан тілектес, жақсы дос ағалық ниетпен ұсынамын. Есенбай Дүйсенбаев. 29.10.1990. «Үшбұлақ» кітабында.
Құрметті Серікбай сері!
Назарыңызға жаңа жинағымды ұсынамын. Оразақын Асқарұлы 12.VІ.87. «Өркеш» кітабына жазған.
Секе!
Өзіңнің де жүрегің күйіп-жанып жүрген дерт туралы кітабымды бір шолып шығарсың. Тұрсын Жұртбаев. 28.05.2009. «Күйесің, жүрек.. сүйесің...» кітабына жазған.
Секе!
Мынау інің Иранбек. І.VІІ.80. И.Оразбаевтың «Сұлулықпен сырласу» кітабына жазған.
Торғайдың «Тоғызсерісі» атанған тарлан ақын, ардақты азамат, кісі де, кіші де бола білетін Серікбайға!
Автор Ғұмар Ахметшин. 23.02.2008 ж. «Ұмытшақтық зобалаңы».
Ірі редакторым Серікбайға ірі де игі тілектермен – автор-ағаң Ермектен Өтетілеуов. 26.V.81. «Алақай!»
Құрметті Секе!
Аман-есен жүрейік. Н.Айтұлы. 24.04.2010 Астана. Несіпбек Айтұлы «Ерлікке ескерткіш».
Серікбай!
Жанашырлықпен, жан-дүниеңмен көңіл бөлген перзентің еді, қайырлы, құтты болсын. Рақымы мол редакторлар үшін Тұрсын Жұртбаев. 1980. «Жүрегімде – жұмыр жер».
Қадірлі дос Секе, қарындасым Гүлзада!
Кештеу ерттеп Пегасты-пырағымды
Бағдарламай көп жүрдім тұрағымды.
Оқып көріп, Секежан, ойыңды айт
«Қалай?» – деп қойдым, міне, сұрағымды.
Өсіре алдым ба мен өлең-құрағымды?
Құрметпен Серік. 23.10.09. С.Мақпыров «Көңіл сазы».
Секе – Әке!
Сіздің менің өлеңдеріме әкелік қамқорлығыңызға рахмет! Байбота. 12.03.81. Б.Серікбаев «Жұлдызым жоғары»
Сергек сезімді, дарқан көңілді Серікбай ақынға Автор Әбен Дәуренбеков. 15.10.90. «Саяхат»
Серікбай!
Мына кітапты сонау университет қабырғасында арман жолын бірге бастаған кезге ескерткіш есебінде ұсынамын. Қаржаубай. 5 январь, 1979. Қ.Омаров «Қоңыраулы бесік».
Қадірлі Секе, Серікбай аға, Гүлзада!
Өлеңде де, ғылымда да, сапар бірге болғай, оң болғай!
Өздеріңе деген ықыласпен: Нағашыбай 5 маусым, 2009. Н.Мұқатов «Ой отауда оңаша».
Серікбай Оспанұлы Өздеріңізге еліктеп өлең жазған ініңіздің тұңғыш жинағын қабыл алыңыз. Автор – Амантай Мұқатов. 21 қараша, 2009 жыл. «Әзіл әлемі».
Ақын інім Серікбай!
Өміріңіз сырлы өтсін,
Тау гүліндей гүлдеп шын.
Бақытты боп семьяң,
Күн күлімдеп нұр төксін.
Ізгі ниетпен, Тоқбай Исабеков. 11.10.82. «Сырлы дүние».
Құрметті Серікбай!
Өзің шығарған «Ақ сағымды» ағалық ақ көңілмен өзіңе қайта ұсындым. Автор. Есләм Зікібаев «Ақ сағым». 16.02.82.
Құрметті Серікбай!
Мәнді-мазмұнды өмір, шынайы мөлдір бақыт тілеймін! Автор – Оразбай Байбақов. 20.ІV.90 ж. «Тоғызбұлақ».
Серікбай көке!
Жасыңды сыйлап, адамгершілігіңе риза боп жүрген ініден ілтипат болсын, – Ибрагим. И.Исаев «Жанымның жарығы».18.ІV.87.
Серікбай!
Осы кітаптың жарық көруіне сенің еңбегің аз болған жоқ. Басымды ием. Садықбек. 9.ІV.1985. С.Хангелдин «Сенім».
Дос қауымнан,
Һәм қас қауымнан
Қорықпай
ақылдан да,
ақшадан да тарықпай
Жүре бер,
Өмір сүре бер
Серікбай!
Жарасқан Әбдірашев 25.VІІ.88. «Сана соқпағы».
Серікбай аға!
Ақындығыңызды,
Ғалымдығыңызды
Азаматтығыңызды ерекше құрмет тұтар ініңіз Сапар. 13 желтоқсан, 2006 ж. С.Әбілкәкімтегі «Ойнап айтам».
Ардақты Серікбай ағам мен аяулы жеңгеме Әбжан Әбілтай. 17.06.11. Қостанай. «Дүние жалған».
Өз Серікбайым,
Өз Тұрсынзадаңнан 1984 ж. 2 апрель. Алматы. Т.Есімжанов «Болашаққа хат».
Алты алаштың ардақтысы, сыршыл да сері ұлы, ақындықтың асқар Алатауы Серікбай ағама осы кітабымды ескерткішке ұсынамын.
Ақын қарындасыңыз Марфуға. М.Бектемірова «Айдыным менің». 1997.
Серікбай, айналайын!
Қанша арбассақ та ақыры қайырлы болды ғой. Бұдан былай арбасуды бермесін ағаңа, ақырының қайырын берсін. Өзіңе де тілерім сол.
Сейфолла Оспанов «Ар мен ән». 10.Х.1982 ж.
Қадірлі Серік аға!
Сізге деген інілік ілтипатымның белгісіндей болсын осы кітап. Редакторым деп қана емес, тілектес аға деп Төрегелді. 11 ноябрь, 1983 ж. Т.Тұяқбаев «Қарлы құйын».
Гүлзада – ару,
Серікбай – ақын,
Бұл маған кім бар
Сендерден жақын.
Шырқаңдар әнді,
Қарсы алып таңды.
Ардақтап мәңгі –
Махаббат атын!
Серік Тұрғынбекұлы 17.05.99. «Жерорта».
Қадірлі Секеңе!
Аңқылдаған ақкөңіл ақын ағамызға өмірдегі, өлеңдегі биік белестерді тілеп, Бауыржан Жақып. 24.04.02.
Ардақты ұстазым Серікбай ағама!
Жауқазын жырларымды қабыл алыңыз!
Қызыңыз, шәкіртіңіз - Гауһар Төлекбаева. 3.10.04 ж. «Жыр – десте».
Ақын інім Серікбайға!
Асекеңе тартпасаң да, Оспанханға ұқсап бақ! Ағаң – Тоқаш. 20 апрель 1970 ж. Алматы. Т.Бердияров «Дауылдан кейін – тыныштық»
Серікбай досқа!
Жақсы күндердің жарастығы үшін Тұрсын Жұртбай. 28.05.2010. «Қалибек Қуанышбаев».
Ақындар бостан-босқа жыр жаза ма?
Серікбай мен Серік ұқсас бір ғажабы.
Жасартқан Серікбайды жанында боп
Ұсындым бұл кітапты Гүлзадаға!
Серік Тұрғынбеков. 13.06.06 ж. «Ақан сері – Балқадиша».
Серікбай!
Осы кітаптың жарық көруіне шын тілектес жанның бірі едің, аңда-саңда оқып отыруың үшін және жақсы тілекпен, Күләш, 23.04.84. Күләш Ахметова «Жасыл жағалау».
Ақын бауырым Серікбай!
Жүрегіңе жыр қанатын тілеймін! Құрметпен Қанипа Бұғыбаева. 12.VІ.84. «Менің даусым».
Сырымды ашқан емен басқа жұртқа,
Көрмедің жалтарып та, жасқанып та.
Осынау очерктер жинағымды
Ұсынам, Серікбай дос Оспановқа.
Серік Тұрғынбеков. 6.04.84. «Тыңда түлегендер».
Құрметті Серікбай!
Жарық көруіне өзің көмекші болған осы кітабымды ұсынамын.
Автор – Айтуар Өтегенов. 30.Х.1980.
Бауырым Серікбайға жақсы тілек, игі ниет белгісі ретінде автордан Қастек Баянбаев. 18.08.85. «Тәтті сабақ».
Құрметті Серікбай!
Аса ыстық ілтифатпен ескерткіш ретінде ұсынамын.
Ғұмар. 16.ІV.1981. Ғ.Ахметшин «Көзілдіріктің кесірі».
Қадірлі Серікбай көкеме!
Басыңызға бақ қонсын!
Автор Алпысбай Боранбайұлы. 11.06.1996. «Әдіресім базар».
Қадірлі Серікбай бауырыма!
Бақ, дәулет, ырыс тілеймін!
Автор Алпысбай Боранбайұлы. 22.10.2010. «Қарыз беріңдерші».
Редакторым, талантты ақын інім
Серікбайға мың-мың алғыспен
Автор Жүсіп 11.ІІІ.81. Ж.Қыдыров «Жібек жол».
Серікбайға!
Қаламдас дос,
Көңілің болсын қош.
Әрқашан да осындай
Кітабыңа кітап қос.
Автордан 16.V.1980.
Абдрахман Асылбеков «Алтын арай».
Қадірлі Секе!
Өмірде өнегелі, өнерде өрімталдай келе жатқан талантыңыз таси берсін!
Ақылбек ХХІ ғасыр Қостанай. А.Шаяхметов «Көзімді ашып көргенім».
Серікбай!
Менің өзіңе деген жақсы көңілімді қабыл ал!
Сейіт. 22.VІ-69. С.Кенжеахметов «Қуырдақ».
Талантты да талғампаз, маңғаз інім Серікбайға! Өміріңе, семьяңа көктемдей шуақ тілеймін.
Марфуға Айтқожина. 31.ІІІ.87. «Таңдамалы».
Серікбай!
Жарқыраған маңдайыңдай творчествоңның да маңдайы жарқырай берсін деген тілекпен Қаржау Айтолқын. 15.02.1985 жыл. «Бозбала мен бойжеткен».
Қадірлі Серікбай!
Осы кітап сізге деген інілік ілтипатым болсын.
Автор. 26.ХІ.80. Төрегелді Тұяқбаев «Өз көзіммен».
Секе,
Өлеңдегі ең алғашқы қамқоршым ретінде өзіңді осы кітабымдай жақсы көремін!
Автор – Баяділла Тұрғынбаев. 30.VІІІ.87. Алматы. «Кештеу келген тырналар».
Қанаттас інім Серікбайға!
Ағалық ақ тілекпен Кәкімбек Салықов. 08.VІ.80. «Парасат сыры».
Серікбай!
Поэзия да – күрделі күй, соны шертетін жанымыз жаңылмасын! Сазымызды еліміз қабылдасын! Тынышбай. 12.06.80. Алматы.
Секеңе!
Ақ көңілден
Сәрсенбі деген
Жаман інісінен. 2.ІV.1984. С.Дәуітов. Сәрсенбінің «Жаңғырық» кітабына жазғаны.
Серікбай!
Өмірдегі де, өлеңдегі де жақсы жолыңа жан-тәніммен тілектес ағаң Қуанышбай 6 желтоқсан, 1996 жыл. Қ.Құрманғалиев «Қош, қалқатай».
Серікбай!
Шағын шаруам шабыт шақырсын. Орысбай 16.01.84.
О.Әбділдаев «Өмірсерік».
Ардақты Секеңе – ақиық ақынға автордан 1986 ж. 9 окт.
«Тұрсынзада Есімжанов. «Ұрпақ анты».
Секе! «Қарына тартпағанның қары сынсын!..» деген ғой. Қарымыз да, қанымыз да қашанда аман болсын деп – Інің Иранбек. 17.ХІ.82.
И.Оразбаевтың «Өмір – өлең» кітабында.
Серікбай!
Революцияға да, саған да көп-көп рахмет! Поэзия әлеміне әлі талай рахметтердің астында қаларсың Дәуітәлі С. 5.11.82 жыл. Д.Стамбековтің «Революцияға рақмет» кітабына жазылған.
Сері жігіт Серікбай
Қасында жары – көрікті Ай.
Заңғар шыңға жете бер
Жыр жолындай зарықпай.
Серік Тұрғынбеков. 13.11.82. «Торғай толғаулары» жинағына жазған.
Сері Серікбайға –
Серіктен.
Өлеңімді оқып жүр –
Кездеріңде желіккен.
Серік Тұрғынбеков. 1978. «Көкейкесті» жинағына жазған.
Серікбай!
Алла бізді ағайындықтан айырмасын, өйткені жаны туыстың бәрі туыс қой. Әрдайым жақсылық тілеймін. Қуанышбай. 16/ХІ-81. Қ.Құрманғалиевтың «Арман аралы» кітабына жазған қолтаңбасы.
Қаламдасым – талантты ақын досым (кітабы да, аты да менен бұрын шыққан) Секеңе, Ибрагим Исаев. 28.VІІІ.74. «Алтын сырға» кітабына жазған.
Секе!
Авторға деген қалтқысыз қамқорлығыңды сезінген риза көңілмен: Ғұсман Жандыбаев. 29.10.86. «Жыр желкені» кітабына жазған.
Ақын бауырым, жақын досым, әрі редакторым Секеңе!
Жыр сапарында жиі-жиі кездесіп, жаңа өлеңдермен көріне беруің үшін. Секе, жігіттігіңмен бірге жалынды жырларың да, жүрегімізді жылыта, қуанта берсін!
Бауырың. 13.VІІ.82 ж. Рахымжан Өтегенов «Көңіл көктемі» кітабына жазған.
Қадірлі Секе!
Ит-жейдені менен бұрын тоздырған,
Өлеңдерін сан бәйгеде оздырған,
Тағдырыма мың рахмет айтамын,
Шын ақынға дәл өзіңдей кез қылған.
Ақылбек Шаяхмет. 26.08.2004 жыл. Қостанай. «Жыр-бесік» кітабына жазған.
Құрметті Секе!
Сізді, сіздің поэзияңызды сыйлайтын Сәрсенбіден. 7.ІV-80. Сәрсенбі Дәуітов «Тау аясында» кітабына жазған.
Әрі әріптесім,
Әрі замандасым,
Әрі көршілесім ақын Серікбайға
Шөмішбайдан...
(Кітабымның авторлық данасын ұсынамын)
Шөмішбай Сариев. 4.11.80. «Заула, тұлпар уақыт» кітабына жазған.
Ақын інім, елі аялаған нар азамат Серікбайға!
Барлық жақсылық, қуанышқа тілектестікпен Марфуға. 1985. М.Айтхожина «Қыран жеткен».
Сері ақын Серікбайға жеңеше замандасынан Ғайнижамал Бердалинова. 4.07.97. «Жүрегімнен өлең болып өрілген».
Серікбай
Тай-құлындай тебіскен,
Бір күн көрмесек,
Құшақ жайып көріскен
Жолдасым Серікбайға Бақыткерейден. 20.03.97. «Той төбе».
Таудай ағамыз Секеңе, игі тілекпен Баянғали. 12.10.2011. Б.Әлімжанов «Аңыз бен аспан».
Талантты ақын інім Серікбайға ағайың Шекербектен ескерткіш болсын 11/Х-83.
Ш.Садыханов «Найзағай жарқылы» кітабына жазған.
Серікбай аға!
Ілескен ініңізбін мөлдірлікпен,
Қараймын мен де сізге өндір бетпен.
«Ердің жасы – елуге» келген сәтте,
Ұсынам, құттықтап мен зор құрметпен.
Қайрат Әлімбек. 20.ІІІ.95. «Жоқ іздеген жігітпін» кітабына жазған.
Құрметті Секе!
Күліп кездесуге жазсын! Баянғали. 12.10.2011. Астана. Б.Әлімжанов «Дала екен...»
Ардақты Секеңе Айтақын Әбдіқалов. «Бастау».
Қарт Торғайдың жеріне
Бәріміз де баламыз.
Қадірлі екен еліне
Серікбайдай ағамыз.
Ахаң, Жахаң күндерін
Атады жұрт ән қылып.
Өткізген көп қызықты
Ұмытпаспыз мәңгілік!
Байтұрсын, Ақылбек, Абдрахманов Мырзабек, Нұрқанов Серік, Байдабеков Ж., Гүлбаршын, Шолпан, Мырзагүл. Сегіз адамның атынан қолтаңбаны «Өнер» баспасынан 1991 жылы жарық көрген «Қазақстанның мәдени ескерткіштері» альбомына жазған Ақылбек Шаяхмет. 19 жыл. Торғай.
Эссе-рисала
Филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Р.Елеукенов «Әдебиет және Ұлт тағдыры» эссе, әдеби сын мақалалары жинағында «Абай Ғақлиясы» толық бақытты адам туралы ілім бола тұра, соның ой мен сезімге бірдей әсер ететін түріне жатады. Осы себепті де біз «Ғақлияны» Монтеньнің “Тәжірибелеріне” орайлас дүниеге балаймыз»,-дей келіп, Монтеньнің өз кітабын балаларына арнап жазғанын, сондықтан да аталарының кім болғанын біліп жүруі үшін ішіндегі барлық сырды бүкпей ақтарып айтқаны сияқты Абайдың да шығармасын ұрпақтарына үлгі-өнеге ретінде ұсынғанын өз сөздерін келтіре отырып жеткізеді. Сырын бүкпесіз айту жағынан Абайдың Монтеньнен кем түспейтінін, оның да «бүтін» сыртын дәріптемей, «түтін» ішін көбірек ақтаратынын айтады. «Жалпы адами тұрғыдан ой толғауда Абай Монтеньмен орайлас, арналас. Монтень көркем бейне көсемсөзден құйылған құйманы «эссе» деп атаған алғашқы өнер иесі” [Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. Алматы: 1997-38 б.],-деп Абай қарасөздерінің әдеби-философиялық эссеге келетінін екі қаламгердің шығармаларын бір-бірімен салыстыра отырып, дәлелдейді. Ғалым Т.Жұртбай «Өз сөзім өзімдікі...» (Абай және Монтень) мақаласында Ш.Елеукенов пікірін дамытып, екі данышпанның айтқан даналық қағидаларының қабысып жатқанын аша түседі [Күйесің жүрек ... сүйесің...» 365 б.] Ғалым Монтень (Montaіqne) Мишель Эйрем де (1533-1592), француз философ-гуманисі. Ол 1850-1858 жылдар аралығында «Essal» (Опыты-тәжірибе) деген сериалы еңбек жазған. Сондықтан да жоғарыда Ш.Елеукенов атап көрсеткендей, батыс әдебиеті мен журналистикасында осы эссе термині жанрдың атауына айналған. М.Әлімбаев «Көңіл күнделігі», «Абайды оқығанда» [«Өмір. Өнер. Өнерпаз», 237, 397 б.б] шығармаларын, С.Мәуленов шығармашылығы туралы жазған «Ізгілік теңізінен інжу терген» [ «Жыр тұлпары, сыр сұңқары – Сыр ағаң, 58 б.], еңбегін эссе, «Көз нұры, сөз сыры» шығармасын эссе – зерттеме [Сонда 83 б.], Ә.Кекілбай «Елдік пен ерлік киесі» [Егемен Қазақстан, 14 наурыз 1997] туындысын тарихнамалық эссе, Қ.Салғарин қазақтың көне тарихы жайындағы кітабын роман-эссе, О.Сәрсенбаев деректі-философиялық ой толғамдарын рисала деп атаса, 2005 жылы Алматының «Экономика» баспасынан Т.Жұртбайдың «Сүре сөз» деп аталатын толғау-эсселері жарық көрді. Рисала-(рисалатун)- араб сөзі, мағынасы –трактат, зерттеу, жолдау, хат дегенді білдіреді. Қазір қазақ әдебиеті мен баспасөзінде эссені рисала, рисаланы –эссе, кейде эссе –рисала деп атау қалыптасып келеді. «Эссе (франц essal – тәжірибе) – белгілі бір тақырыпқа жазылған жеке әсер, талғамнан туған шағын көлемді шығарма. Эссе автордың өз басынан өткерген, көзімен көрген өмір құбылысы және уақыт, орта туралы толғанысы десе де болады. Эсселер философиялық, тарихи – биографиялық, публицистикалық салаларға бөлінеді. [Қазақ совет энциклопедиясы – Алматы: Қазақ ССР Ғылым академиясы қазақ совет энциклопедиясының Бас редакциясы, 1978. 12т.463 б.]. Қазақ энциклопедиясында эссеге осындай анықтама берілген. Көрнекті ақын, әдебиет зерттеушісі, эссеист Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Әлімбаев эссе жайында «Әдеби еңбек және өнер жайындағы эссенің авторы – өзі оны қаласын иә қаламасын – ол ең алдымен өзінен бұрынғылардың да, өз замандастарының да мұрасын бағалаушы. Сондықтан да ол мейлінше риясыз болуы шарт. Екіншіден, эссе дегеніміз – ішке ештеңе бүкпей оқырманмен еркін сырласу. Бұның да түпкі қазығы – пәтуалық, инабаттылық. Үшіншіден, эссе авторы сыншы ғана емес, әдебиет пен өнердің тарихшысы да болып ертедегі еңбектерге, ескерткіштерге үңілу қажет екен. Сол себепті бір әдебиеттің шеңберінде қалу – ой томаға – тұйықтыққа ұрындырар еді, ендеше ондайдан ада болу үшін көптеген әдебиеттер өкілі тәжірибесіне сүйіну, тиімді фактілерді тілге тиек ету – эссеге қажетті компоненттер екен...» [Әлімбаев М. «Көңіл күнделігі». Өмір. Өнерпаз. – Алматы. Өнер, 1990. – 237 б], - деп ой қорытады. Эссист ақынның бұл пікіріне қосылуға болады. Тек «фактілерді тілге тиек ету» керектігі жөніндегі ойы эссе фактілерден құрылатын жанр деген ұғымға бастайтын сияқты. Әрине, эссе фактісіз болмайды, алайда очерктегідей оны бұлжытпай қатаң сақтаудың қажеттілігі шамалы, тапқан табыс, қол жеткізген жетістік көрсеткіштері де, цифрлар да онда көп қолданыла бермейді. Филология ғылымдарының докторы, көсемсөз зерттеушісі Кәкен Хамзин эссенің түп төркіні жыраулар поэзиясында – толғауларда, ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн сияқты ғұламалар еңбектерінде жатқанын айтады. Көсемсөз жанрының даму жолдарын зерттеуге баса көңіл бөліп жүрген ғалым Батыс ғылыми әдебиеті мен орыс журналистикасы теориясына сүйене отырып эссенің (рисаланың) табиғаты мен бағыт-өрісін бағамдай келе, өзіндік ой түйеді. Бірінші, екінші деп санамалап берген қорытынды пікірлерінің алғашқы екеуі жоғарыда айтылған эссе анықтамаларымен үндес. Үшіншісінде әр эссенің дүниені, қоршаған ортаны тануда өзіндік көзкарасы болатыны, экспериментке баратыны, төртіншісінде рисаланың (эссенің) дайындығы, көргені, көңілге түйгені мол оқырманмен пікір алысу, ой бөлісу екендігі, сондықтан да «сөз түзелді, оқырман сен де түзел» принципін берік ұстанатыны, стиль ажарына баса көңіл бөлінетіні көрсетіледі. Бесіншісінде біз жоғарыда айтқандай, рисалада очерк жанрындағы сияқты нақты көрсеткіш пен цифрға, фактілер жүйесінің қатаң сақталуына, логикалық уәждемеге салқын қарайтыны сөз болады. Ең соңында автор: «бүгіндері орыс және батыс журналистикасы арсеналында бар ғылыми эссе салалық танымнан асып, ғылым мен мәдениет бірлігін қалпына келтіруге тырысады, қисынды ғылыми әдіснамамен қоса гипотезалық, интуициялық пайымдауларға барады, дүниепайым есігін ашар жаңа «алтын кілт» іздейді. Яғни қазіргі эссе жанрының басты белгісі – белгілі бір құбылыс жөнінде толғану, субъбективті философиялық түйін жасау. Онда философиялық мән-мазмұнмен қоса сағыныш пен аңсау, адами мақсат, эстетикалық өлшем, ностальгия элементтері қоса жүреді» деген қортындыға келеді [Хамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. – Алматы: «Экономика», 2009.-309-310 б.б].
Біз де осы пікірді қуаттаймыз.
Эссе – рисалада ой еркіндігі басым, автор өмірлік тәжрибені адам игілігіне жаратуды көздейді. Сол өмірлік тәжірибелерді бүкпесіз айту арқылы жамандығынан жирендіріп, күйіндіріп, жақсылығына сүйсіндіреді. Іштегі кір айтса кетеді, ағынан жарылып, ақтарылып сыр шерту адамның жан сарайын тазалайды. С.Ақсұңқарұлының “Махамбеттің басын кескен кім?” эссесінен үзінді келтірейік: “Махамбет өлген күні қара халық қара жамылды деп жазды бір білгіш. Өтірік. Қараойдағы қаралы үй ғана қан жылады. Әйелі Әуес пен баласы Нұрсұлтан қасірет шекті. Ауыр қаза Махамбет- Исатайды қадір тұтқан аз ғана ағайынның арқасына батты. Абай өлген күні де, Ахмет, Міржақып, Қасым өлгенде де осылай болды. Ол кезде қазақ халқы қандай ұлынан айрылғанын пайымдай алған жоқ. Пушкин есіне түскенде: ”Почты полтора века прошло стех пор, но и сейчас тяжело и горько думать о безвременном уходе нашего гениального поэта”(Н. Раевский) деп, орыстар әлі күнге шейін қан құсады. Жыл сайын Пушкин күндерін өткізіп, аруаққа тәу етеді. Пушкиннің ғұмырбаянын зерттеп, өлеңдерін оқиды.Орыстың ертеңгі күніне Пушкин көзімен ой жүгіртеді. Бүгінгі пушкинтану- шекспиртану ғылымымен жетеқабыл болып қалды. Абайтанудың өзін күні кеше ғана бастаған қазақ махамбеттануға әлі тұяқ іліктіре алмай жатыр” [С.Ақсұңқарұлы «Махамбеттің басын кескен кім?» Ақын қазасы. –Алматы; Арыс, 2003.-131 б.] Ақын ағынан ақтарылып болған құбылыс жөнінде толғанады, субьективті ой-пікірлері қисынды, шынайы, оқырманмен ой бөлісіп, кеткен қателікті (өкінішті) түзетуді көздейді, сөйтіп махамбеттану ісіне өзіндік көзқарасын білдіреді. Эсседен автордың көңілге түйгенінің молдығын да аңғару қиын емес.
Сөзден ой көп
(Ой ұшқындары)
Теледидар ойсыздыққа,
Кітап даналыққа бастайды.
Оқу оздырады
Білімді адам – қуатты да, шуақты да болады.
Ілігіңе емес, білігіңе сен.
Көкірегі күңгіртті күннің көзі сәулелендіріп, көктетіп, көгерте алмайды.
Ақылсыз қыздың ажары – соры.
Әркім өзіне лайық іс істейді
Жылан ешкімді шақпайды,
Тиіссе тыныш жатпайды.
Адамның бір-бірімен түсінісуі тілінде емес, жүрегінде. Бір тілде сөйлесіп тұрып бірін-бірі ұқпайтындар көп.
Адамның бәрі бірдей емес. Қуануды, қайғыруды білмейтін қуыршақтардың ғана бәрі бірдей.
Өмірдің тәттілігі – мәні мен қысқалығында.
Өмірге келген күнің болған соң кететін күніңнің де болатыны ақиқат.
Жаяуға көлік, қайықтыға өзен болса, өмірдің қызығы да болмас еді.
Мейірімді оятатын – мейірім.
Баланың тәттіге құмарлығынан үлкендердің тәттіге құмарлығы қауіптірек.
Ананың махаббатына тең келер өлшем жоқ, Отан – ұлы Анаң!
Табиғат – тағылым
Уақыттың қамбасын толтыру адамның міндетінде
Ойлы адам – бірнеше адам,
Ойсыз адам – ешкім де емес!
Қисық-қисық болып бұралып өскен қайыңды «биші» дейміз, ол еріккеннен «билеп» тұрған жоқ қой...
Бір түндік қызық үшін өсіп тұрған жасыл шыршаны кесіп алатынымыз-ай...
Аспан жұлдыздарын көпсінбейді.
Еменді шулататын да, жылататын да жапырағы.
Өзіңе өзің сенбесең,
Өзгеге қалай сенесің?
Өзіңді өзің жеңбесең,
Өзгені қалай жеңесің?
Өмірдің парқы мен нарқын білгеннің бақыты баянды.
Бесікті тербететін сен,
Ержететін ертеңің.
Қыспен мұз ғана жылап қоштасады.
Адам қараңғыдан қорқады.
Өтірікшінің шындығы да жасқаншақ.
Мейірімдіден салқындық қашады.
Толқыны асау тереңнен кейде адамға тайыз қауіптірек.
Мақсаты көпке уақыт жетпейді,
Мақсаты жоққа уақыт өтпейді.
Мінезің жаман болса, - жауың,
Жақсы болса, - бақша-бауың.
Сөз – жанның ауа-райы.
Өркеніңе сенгенің –
Ертеңіңе сенгенің.
Егіннің толқындары –
Өмірдің толқындары.
Шындық шырайландырады,
Өтірік өкінтеді.
Шариғат – сабақ,
Табиғат – тамақ.
Өзі өтірікші өзге түгілі
Өзіне де сенбейді.
Жалқаудың жаны мүгедек
Талантты талап шыңдайды.
Еліңнің де,
Еріңнің де
Еңсесінің биіктігі –
Болашығына сенімінде.
Сөзден ой көп
Көз – көңілдің тілі
Гүлге де күн түседі,
Күлге де күн түседі.
Құдығы бірдің күдігі бір
Адалдық адастырмайды,
Жалғандық жанастырмайды.
Сөз бен сөздің арасын
Қабілеттілік жалғайды.
Ел мен елдің арасын
Әділеттілік жалғайды.
Үлкеннен именбеген
Кішіні кісі демес.
Ақынды өлімнен өлеңі арашалайды,
Шеберді өнері арашалайды.
Құланның жабысып кене төсіне,
Қыранның да шыбын қонады басына.
Егер басқаларға жарығың түспесе, көк төсінде жұлдыз болғаныңның керегі не?!
Ізгілік, Мейірім жазылған жүрегім – қызыл кітабым.
Қарғаның жемі – қара қи,
Қыранның жемі – аспанда.
Аққудың Отаны – айдыны,
Бақаның Отаны – батпағы.
Ойланып сөйлеген опық жемейді.
Адалдың дұшпаны – арамдық,
Наданның дұшпаны өзі
Иман тіліңде ғана емес,
Жүргіңде болсын.
Қайырымдыдан қайғы қашады.
Елдің ұлы бола алмасаң,
Ақындықтың да,
Әкімдіктің де құны жоқ.
Соғыстың, небір бүліктің бастауы – асып-тасуда.
Өмірде мігітке орын жоқ, жігіттің орны – асқарда.
Бұлт пен тұман күннің көзін жабуға неге құштар?
Даңқың күнмен теңессе де
Халқыңнан биік емессің.
Ұлт қамы мен Ұлан қамынан биік мақсат жоқ.
Даналықтың бастауы – терең әрі кемел ой.
Немқұрайлылық пен салғырттық – мәңгүрттікке бастайды.
Қатардан қалмау дұрыс та шығар, тоғышарлыққа жетелеп жүрмесе. Озғанға не жетсін.
Шыбықты шынықтыратын дауыл
Өсек-аяң дегендегі
Өсек – өтірік,
Аяң – көпірік.
Кітабы жоқ үй бұтағы жоқ ағаш сияқты.
Адамзаттың қуат-күші – болашаққа деген сенімінде.
Күннің көзі өзін жапқан қара бұлттарды да арайландырып жібереді.
Көз де сөйлейді
Өзіңнің жансарайыңды тазартып алмай тұрып өзгенің жансарайын тазарта алмайсың.
Табиғатта жасандылық жоқ
Алматы – биіктігіміз, Астана – кеңдігіміз. Еліміздің еңсесі биік болуы екеуіне байланысты.
Асқақтық Алатауға ғана жарасады
Шыдам шыңға шығарады
Бірлікке ұйыспағанды
Ұйыстыратын қара жер.
Тірлікте сиыспағанды
Сиыстыратын қара жер.
Адамның жауы – адам.
Күн – көз, Ай – айна
Жастық пен қарттықтың, өмір мен өлімнің арасы қандай жақын?!
Іні болу оңай, үлкендік үлкен міндет жүктейді.
Адамның ісіне айыптап қарағаннан байыптап қараған дұрыс-ау...
Ән-күймен армандарын жыр еткендер де, мәңгілікке аты өшпей қалған дарын иелері де бәрін табиғаттан көшіріп алған.
Ел қамын жеп мұңайған кісінің мұңы қарын қамын ойлайтындардың бақытынан артық.
Күлген аспан жылай да алады.
Ең ауыр жол бейітке апаратын жол.
Бір тамшы су – қарлығаштың көңілі, бір тамшы у адам өлтіреді.
Барлық тілде сөлейтін ән мен күй ғана.
Зағип көзі – көкірегінде, саусағы мен таяғының ұшында.
Орманды кейде өзінің шырпысы өртейді, өз ағашы сап болған балта шабады.
Жылусыз сұлулық өрттен де қауіпті.
Күзде сарғайып, ағаштан ажыраған жапырақтардың тағдыры желдің қолында.
Гүлдің соры әдемілігі.
Уақыттың қолынан қартайту келгенімен жасарту келмейді.
Ата-анаңның аты-жөні жазылып, суреттері қашалған таста жылу жоқ деу қиын.
Қатты ағаш тез жанып кетеді, қызуы мол, күлі аз.
Уақыт шегінбейді. Уақытты бір сәтке шегіндіре алатын бірге оқып, бірге өскен достарың ғана.
Қазақ үшін жердің жүрегін қозғап, соқтыратын тұлпардың тұяғы.
Жаныңның жаңбыры – көз жасың мен асыл сөз.
Арман орындалмағанмен биіктерге бастайды.
Алтын болса бір тісі,
Өзгереді күлкісі.
Күн батқанда Ай жарық, Айсыз түнде жұлдыздар сәулелі.
Адал құстар мен аңды атып жейміз де, арамдар неге көбейтіп кетті дейміз. Аққудан қарға, қаздан құзғын көп.
Өмір-пойыз, әр адам жолаушы, әр адам жолсерік.
Көңілдің күзі мен қысы болмайды,
Гүлі солмайды.
Тас кереңнің тас кереңі, соқырдың соқыры дерт пен өрт.
Шаңырағы – аспан, көкжиегі – кереге елдің көңілі кең болмауы мүмкін емес.
Көбелек отқа ұмтылады,
Көк шыбын боққа ұмтылады.
Шашыңды жасырғаныңмен,
Жасыңды жасыра алмайсың.
Табиғатты ұққаның-
Шариғатты ұққаның.
Ақшасы бар аспанға қарайды,
Ақшасы жоқ жасқана қарайды.
Ақша ақымаққа абырой әпермейді.
Саңырау ерінге қарайды.
Біреудің көкірегі – төр,
Біреудің көкірегі – көр.
Көз – оқ, әрі мейрім,
Сөз – от, әрі пейілің.
Күйінгенде жалын атады,
Сүйінгенде жадыратады.
Дәрі тәніңді,
Жақсы сөз жаныңды емдейді.
Еңсесіз ел де,
Ер де болмайды.
Адамның жаны - кейде мұрнының, кейде иненің ұшында.
Тажалдан шегінгеніңмен,
Ажалдан шегіне алмайсың.
Жаныңа жарың ілессе, жарыңның жанарына жарық ілессін.
Сәбилердің бәрі – ақын, ақындардың бәрі – сәби.
Күлкі торға түсіреді,
Ашу орға жығады.
Мансапқорлық жаман емес, ішіп-жеуді ғана аңсамаса,
Байлық жаман емес, жемқорлық жасамаса.
Гүлді жел түрткенімен оятатын таң.
Адам биіктік пен кеңдікке,
Әділеттілік пен теңдікке
Арқа сүйейді.
Байқаңызшы, ағасы-ау,
Бейтаныс жердің бәрі асау.
Бірін-бірі ұға алғандардың бәрі ағайын,
Ұға алмағандардың бәрі бейтаныс, жамағайын.
Көз өртегенді
Сөз сөндіре алады.
Сөз өртегенді
Көз сөндіре алмайды.
Махаббат, шаттық – жан емі,
Сұлулық пен байлық –
Адамның ішкі әлемі.
Аурудан сақтайтын – тән тазалығы,
Әлемді сақтайтын – жан тазалығы.
Мәнділік пен Мәңгілік, Сенім мен Сергектік, Ырыс пен Жұмыс бір туысқан, бірінсіз бірі бола бермейді.
Тойы – қалада,
Ойы – ауылда.
Дүниенің кірі Аналардың көз жасымен жуылады.
Жүрегінде нұры барға не жетсін,
Көңілінде күні барға не жетсін?!
Мына әлемге барша адам аналардың көзімен қараса ғой...
Жиі тазартып тұрмасаң
Далаң да сасиды,
Санаң да сасиды.
Орағытып сөйлеу ойды шашыратады.
Сәбилер салған суреттерге жан бітсе ғой...
Біреудің қуанышын өзіңнің қуанышыңдай сезініп шаттана білу – жан емі, тазалығыңның дәлелі!
Өзен жарындағы қарлығыштар ұясы қаланың көп үйлерін еске түсіреді. Жақындасаң, сағынған туған-туыстарың сияқты ұяларынан атып шығып сені аймалай, аялай айналып ұшады...
Бұрын балаққа жармасатындар
Қазір балаңа жармасатын болған.
Көк төсінде зулап аққан ұшақ соңында аппақ болып із қалатынын бала кезімізден көріп өстік, өнегедей екен ғой...
«Итке темір не керек?!» - деуші едік, қазір иттерге де орден, медаль беретін болдық қой...
Айып болып па жылаған,
Бақыт қой жылай алған да!
Тоғызыншы Мамыр – қайғы-қасіретті еске түсіргенімен тажалдардың сазайын тарттырып, туған елдің айбынын арттырған күн.
Арамдық шаршатады,
Адалдық аңсатады.
Көз жасы дейміз, көзден жас шыққанымен жылайтын жаның ғой.
Өмірде жылай алмайтын адамдар болады дейді. Өз басым бұған сене алмаймын. Олардың жаны ауырғанымен көздерінен жас шықпайтын болар?
Туған жердің суы да бал.
Талмайтын,
Не бір биіктерге самғайтын – ой.
Бүкіл елді серпілтіп, жан баурайтын, тебірентіп, қайғы – қасіретті де ұмыттырып жіберетін қасиетті сөз – Жеңіс!
Кейбір пендеден қасыңнан қалмайтын көлеңкең артық.
Адамды өз көлеңкесі де оздыра бермейді.
Құлқын қамын ұлт қамынан биік қоятындар бар-ау.
Көктемде тас жарығынан қылтиып сығалған Үміт тасты қалай да бұзып – жарып шығады.
Ақыл айту оңай, өнеге көрсету қиын.
Арақ бір күн секіртеді,
Жүз күн өкінтеді.
Шын сүйген жар күйеуінің көлеңкесін де сағынады.
Келіскенге – өріс кең,
Көріскенге – дала тар.
Мылтықтың тілі – оғында,
Сексеуіл тілі – шоғында.
Ағаштың тамыры топырақтан нәр жинау үшін ғана емес, жерден мықтап ұстап тұру үшін де керек.
Ауыздықсыз болса ауыз -
Өзіне-өзі жауыз.
Кірді әркім өз тырнағының астынан іздеуі керек.
Сүймеген жанның сүйеу болуы қиын.
Өнеге көрген өрге шығар
Сүйе білмеген сағына да білмейді.
Егеменді еліміздің өркені де, ертеңі де, алға апарар желкені де – жастар!
Тағырға намысын таптатпаған –
Елдің қамын ойлаған адам - мақсатты Адам!
Мың руға, бөлінсең де жүз Жүзге,
Халық айтқан – ортақ Ай мен күн бізге!
Байлығың – байыптай алуың,
Жарлының - жан баққаныңда!
Сорлылық – іштарлығың мен көрсоқыр көре алмауыңда!
Адалдыққа жетпейді ештеңе де,
Арамдыққа батады ақшаға құл!
Сөзге түсінбегенді ізгі іспен ұқтыр.
Бір шылыққа батпай тұрып
Өмірге
Құлшылыққа келгеніңді ұмытпа!
Жарылқайды қолдап, қорғап алла өзі
Жан-тәнімен шын берілген пендесін!
Исламда – жомарттың,
Бауырмалдық, қайырым.
Қайырым жоғалса, Арсыздық асқақтайды.
Байлық пен баққа, атақ пен даңққа үмітпен де, күдікпен де қараған дұрыс-ау. Ауылдың тұрмысы-адамына, өмірдің мәнділігі мен сәнділігі – әр басқан қадамыңа байланысты.
Қазақтың, есероқтық ез етеді, даңқ дақпыртпен келмейді, келсе тез кетеді.
Күн – әлемнің жанары.
Ешкімге ешкім ақылды өлшеп бермейді,
Бауыр – бөлшектелмейді.
Елім деп еміренбейтін,
Жерім деп тебіренбейтіндер көбейіп барады.
Арамзалар арыңа тигенде ашынған да, торқалы тойда шашылған да дұрыс шығар, басынған жаман.
Таршылықта талқан – тағың,
Ботқа – бағың.
Ұлт тағдыры ұранмен шешілмейді.
Иілу – құлдық па әлде ізет пе, ол кімнің алдында еңкейгеніңе байланысты.
Тұлпардың тұяғында да рух бар.
Өмірге адам неге жылап келеді екен?
Жанашыр дос – жаны асыл дос.
Қыс ұзаса – жұт,
Наурыз туса – құт.
Қаңтар тарылтар,
Наурыз жарылқар.
Наурыз күні күліп тұрар –
Қайғы – мұңды ұмыттырар.
Ақпан күдікті.
Наурыз үмітті.
Елді рухани ашаршылық кезіп жүр.
Наурыз туса, ағаш ек.
Табиғатты тамаша ет.
Наурыз келсе, гүл шығар,
Өмірге адам құлшынар.
Аударылғанда қайығым
Қайда жүр едің, Қайырым?!
Тағдырдың да табаны тайғанақ-ау деймін....
Кімнің кім екені сөзінен сезіледі, көзінен көрінеді.
Елестің өзі – ойдағың,
Жан біткенді жатсынба!
Дарындылық керек, дарындығы аспайтын, таспайтын сабырлық керек!
Үгіт те, үміт те жақсы, екеуінен де үлгі артық.
Болсаң егер сабырлы –
Ашатын сол бағыңды!
Іштарлықты құштарлық женеді.
Сатиралық сөздер
Екі көз бірін-бірі көре алады
Айнаға қараса.
Екі көз бірін-бірі көре алады пайдаға қараса!
Тілді ұстарта да біл,
Қысқарта да біл!
Тілің ұзын болса – жауыз,
Оны қамап ұстайтын –ауыз.
Кредит алсаң үйге пайда кіреді,
Қайтара алмасаң,
Артыңа найза кіреді.
Басына абай бол,
Ойлануды қалайды ол!
«Иттен» құтылыр едік,
Биттен қалай құтыламыз?
Көшкенбіз –
Қазір қоныс жаңа.
Өскенбіз –
Бата береміз орысша да!
Арын сатқан айыпталмайды,
Тәнін сатқан айыпталады.
Наурызда еккен шыбығым өсіп келеді,
Асықпа, қаңтар келіп кесіп береді.
Бір тал шырпы жарқ етіп кетті жанып,
Темекі жатыр күлсалғышта бықсып жанып....
Екі астана болғалы
Маңдайда «бақыт» қонғаны:
Алматыда отбасым – Отаным, тұрады,
Астанада тоқалым тұрады.
Аларда пенде қарызды
Бейне маймыл тәрізді –
Алдыңа кеп билейді...
Берерде қолы тимейді.
Ит – тіршілік тарта-тарта етектен,
Әйелдер – көп,
Боп барады еркек кем.
Әкетпейді қайда алып
Тойып алсан араққа?!
Кетеді екен айналып
Екі қолын да аяққа!
Қазір Шыбыш бақылайды,
Теке мақұлдайды.
Қорытынды
Поэзия – сұлулық, образды ойлау тәсілі, сезім шуағы десек те, батырлық, ғашықтық эпостарымыз бен ақын-жыраулар мұрасы, тіпті VІІІ ғасырдағы Енисей мен Орхон аңғарларынан табылған тастағы жазулар, шапрашты жырлары халыққа эстетикалық тәрбие, ләззат сыйлап қана қоймайды, танымдық, тағылымдық та қызмет атақарады. Сонымен бірге, ол батырлық эпостарымыздың бастауы сонау бағзы замандардағы ана тіліміздің асыл маржандарын бізге жеткізіп келеді, әлі де ғасырлардан ғасырға жеткізе береді. Қазақ ақындарының әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ғана емес, ұлт тарихы мен тағдырына да қосқан үлесі ұшан-теңіз. Хан алдында тайсалмай сөйлеген Асан қайғы (Хасан Сәбитұлы) Алтын Орда ханы Ұлығ – Мұхамедтің, Жиембет – Еңсегей бойлы Ер Есімнің қабырғалы билері. Жиембет әрі әскербасы батыр, Шалкез де Ноғайлы әміршісі әскери жорықтарына қатысқан ақылғой жырауы. Ыбырай, Абай, Шәкәрім бастап, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгерұлы, С.Мұқанов, т.б. қостаған ақындар ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рухты көтеруде доминаттық роль атқарды. Сал-Серілер-Біржан, Жая Мұса, Ақан сері т.б. – өз жандарынан өлең шығарумен бірге ән де тудырып, өздері орындады. Абай, Шәкәрім, Шашубай, Қанапия, Иса, Шөже, Жарылғапберді, Сегіз сері, Кенен, Сәкен, Қасым, Нұржан... Қазіргі Мұхтар Шаханов, Бәкір Тәжібаев, Бекділдә Алдамжаров, Тынышбай Рахимов, Исраил Сапарбаев т.б. әндері – ел аузында. «Поэзия – жарылыс. Ғылым – жүйе. Поэзия – самғау. Ғылым – байлау. Поэзия – таңдану. Ғылым-шешу» (Қадыр Мырзалиев) Поэзия мен ғылымды ұштастырған ақын-ғалымдар қаншама?! Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан. Сәбит... Академик Қ.Жұмалиев, филология ғылымдарының докторлары – Ә.Тәжібаев, Т.Әбдрахманова, О.Күмібаев, Т.Рахымжанов, Т.Жұртбаев, Б.Жақып, А.Егеубаев, С.Дәуітов, ф.ғ. кандидаттары – Бүркіт Ысқақов, Б.Аманшин, Т.Сыдиықов, Қ.Салғарин, Ш.Сариев, Т.Тұяқбаев, А.Шаяхмет, Ә.Қайырбеков, Н.Мұқататов, т.б. Көріпкел ақындардың болғаны да шындық. Бұл асқан сезімталдық, ерекше жан жаратылысы, жаратылыстың құпия сыры. Мақыш Қалтайұлы (1869-1916) философиялық өлеңдерінде қазақ халқының болшақта азаттық алатынын, Сарыарқа – Абылай хан мен Кенесары заманындағыдай қазақ мемлекетінің орталығы болатынын айтып кеткен. Айтқаны келді – бүгінгі Астана соның айғағы. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, ақын ақын туралы, басқа да әріптестері жайында жиі жазады әрі олары сәтсіз де шықпайды. Өйткені, әріптестерінің шығармашылық, адамгершілік қасиеттерін, ерекшеліктерін, ақын, жанын, поэзия құдіретін, өлең техникасын басқалардан гөрі көбіне-көп жақсы біледі, түсінеді. Сондықтан да олар, сын рецензия жанрына жиі қалам төрбейді. Бір-біріне өлең арнап, өлеңмен де, қара сөзбен де хат жазысады. Ақындардың ақындар туралы әр түрлі жанрда жазылған шығармаларын жинастырып, кітап етіп шығарса, бірнеше томға ұласары анық. Олардың кейінгі жастарға берер үлгі-өнегесі де, үйретері мол. Оны жинап құрастыру, зерттеу, зерделеу – болашақтың ісі. Ақындар ойларын өлеңмен де, қара сөзбен де жеткізе алады, сатиралық жанрларға жиі қалам тартып, сықақ өлеңдер, пародия, эпиграмма, шарж, фельетон, памфлет (өлеңмен, өлең араластырып) жазған. Басқа публицистер де бұл жанрларға қалам тартқанымен, өлеңмен жазу көбіне-көп ақындарға тән. Оған Абай, Ыбырай, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Бөнентаев, С.Ерубаев, А.Тоқмағамбетов, Қ.Жармағамбетов, С.Мәуленов, т.б. шығармалары куә. Өйткені, ақындарға қарабайыр баяндау жат, әр сөзге салмақ беріп, сөз ойнатады, образды ойлайды, қарапайым қаһарманы лиоикалық тұлғаға айналады, табиғатқа тіл бітіріп, сөйлетеді, табиғат пен адам көңіл күйін астастыра жұптап беру басым. Әрі өлең араластыра жазулары, публицистикаларындағы кейбір жолдар мақал-мәтелдер, ақыл-нақыл сияқты қабысып, афоризмдерге айналып жатуы шығармаларына шырай беріп мазмұнын байытып, басқалардан оқшауландыра түседі. Халық «Мақал – сөздің мәйегі» деп бекер айтпаған. Мақал – аз сөзге көп мағына сыйдырып ұшқыр ойды жинақтап берудің нұсқасы, кейде айтар пікіріңді қуаттай, анықтай түсетін таяныш, сүйсініш те бола алады. Ақындар М.Әлімбаев пен Қадыр Мырза әлінің мақал-мәтелдер жазып, кітап шығаруы жайдан-жай емес. Бұл ерекшеліктердің бәрі тек ақындарға тән дей алмаймыз. Алайда, ақындар шығармашылығында жиіұшырасатыны – еңбегіміздің өн бойында дәлелденген шындық.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру