Өлеңдер жинағы. ІІ кітап
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы өте күрделі құбылысқа толы. Оның өлеңдері қоғамның түрлі саласын қамти алуымен, философиялық мәнімен, көркемдігімен құнды. Ақынның туындыларында азаматтық сарын да айқын байқалады. «Қазағым», «Қазақ», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты»...
АБАЙ МАРҚҰМ ӨТКЕН СОҢ ӨЗІМЕ АЙТҚАН ЖЫРЛАРЫМ
«Ажал жетсе өлдің бе,
Өлім келді, көрдің бе?
Баянсызға салынба», —
Десе, тоқ,тау бердің бе?
Жетпесті қудың, жеттің бе,
Барша жаннан өттің бе?
Тағдырың жазған ақ өлім,
Құтылып онан кеттің бе?
Қарманып едің, таптың ба,
Қарындасқа жақтың ба?
Қарсыласқан жауыңды,
Қаніки, жерге қақтың ба?
Білдім дедің, не білдің,
Басыңа пайда не қылдың?
Бәрі де болды баянсыз,
Өзіңнен-өзің жеңілдің.
Өлместей оны көруші ең,
Соған да қарсы келуші ең.
Аяған сонан жаныңды
Кімге сақтап беруші ең?!
Өзің кімнен кем едің,
Кім үшін уайым жеп едің?
Күдеріңді үздің бе,
Сүйенішім мықты деп едің!
Қаніки, қайтып келді ме,
Жаныңа жәрдем берді ме?
Жалаңдаған жалмауыз,
Жан-жағыңнан көрді ме?
Тиянақ көрме жалғанды,
Қуа берме арманды.
Пайғамбар мен сахаба,
Сен түгіл содан қалған-ды.
Құтырмай енді тек отыр,
Күнәңа уайым жеп отыр.
Алдыңда кірер үйің бар,
«А, тоба онда», — деп отыр.
Есің барда елің тап,
Барғанда кірер жерің тап.
Жаратқанның құлысың,
Жағатұғын ебін тап.
Ел мінезін білдің ғой,
Талай-ақ бірге жүрдің ғой.
Итпен бірге ит болып,
Күнәсіне кірдің ғой.
Енді есіңді жисаңшы,
Манар тауға сыйсаңшы.
Аласұрып аптықпай,
Бұл жалғанды қисаңшы.
Неменені қимайсың,
Нәпсіні неге тыймайсың?
Өзіңді кімге сыйлатып,
Өзің кімді сыйлайсың?
Жан аяспас кісің жоқ,
Арманда қалар іcің жоқ.
Енді жүрер жалғанда,
Қарасам, сенде пішін жоқ.
Жалғанды талақ қылыпсың,
Бас-аяғын біліпсің.
Есі шыққан кісідей,
Құр сандалып жүріпсің.
Жалындамай сөне қал,
Алла ісіне көне қал.
Бәрінің, дәмін таттың ғой,
У ішкендей өле қал!
Тамам жанды билемек,
Жалғыз өзің сөйлемек...
Мұнын, түбі не болар,
Үмітің болды не демек?
Досты мықты қылмақсың,
Дұспаныңды қырмақсың.
Аяғында сен де бір
Кішірек құдай болмақсың.
Жуанның ойы осы ғой,
Бұл мінезден шошы, қой.
Шыға алмассың ырғалып,
Ол — қайраттың босы ғой.
Шын досың саған не берді,
Соңыңнан сенің неге ерді?
«Арам да болсам ақтасын,
Күнәма керек», — деп ерді.
Еш нәрсеңді алмайды,
Жұмысы келсе, жалдайды.
Күй, отқа түс, суға түс,
Арам да болсаң қалмайды.
Шын жолдасың осы ма,
Осылар жанның досы ма?
Ақ ісіңе адам жақ,
Адамнан тіпті шошыма!
Туысқан мен жақының, —
Оларға толса тақымың,
Тату жүр деп зарлаған
Алынып па еді ақылың?
Адалдық айтып жеңді ме,
Немесе сөзге көнді ме?
Неше жылдай ұққан жоқ,
Ақылы жаңа енді ме?
Болмасқа бұлай қара тер,
Алдыңғы жақты қамдай бер.
Жақыныңнан жау жақсы,
Ең жақының — қара жер.
Дұспаның анау, ел мынау,
Ойласаңшы, япыр-ау.
Адам болып туып ең,
Ақылың қайда» батыр-ау?
Құры білген не керек,
Білгенді қылған, со керек.
Баянсыздың бәрін қой,
Боласың сонда шын зерек.
Жаныңа қызық жалғанда
Неменең қалды арманда.
Бұл жалғаннан не серік,
Тәңірі алдына барғанда?
Лапылдадың, жандың ғой,
Тілегіңді алдың ғой.
Су екен деп, у ішіп,
Жаның жай боп қандың ғой.
Іздегенің мақтан ғой,
Далақтап күнде шапқан ғой.
Не күн туды басыңа,
Тегінде, жын қаққан ғой.
Жын қақпаса мұның не,
Шынымен қор болдым де.
Есіңді жи, ерте ойлан,
Қаза келді — өлдім де.
Бір өлген соң жау да жоқ,
Алдыңа келер дау да жоқ.
Бұл жалғаннан кеткен соң,
Партия сатқан сауда жоқ.
Қалғандар жүрсін қағынып,
Қайтесін, оны сағынып.
Тепкілесін молаңды,
Жатырсың деп не қылып?
* * *
Қазақтың жаманы болмас,
Жаманнан аманы болмас.
Бірігіп іс қылатұғын,
Түзелер заманы болмас.
Бұл елде адалдық бар ма,
Ондайын байқадыңдар ма?
Істейді нені де болса,
Наданға арамдық ар ма?
Ар сатар шайға да болса,
Бір асам майға да болса.
Ізденіп табады, жейді
Арамды қайда да болса.
Жуаны қылады зорлық
Момынның көргені қорлық.
Теп-тегіс қулық пен ұрлық,
Ал енді қайтіп ел болдық?
ӨЛГЕН КӨҢІЛ, ЫНДЫНСЫЗ ӨМІР
Қыз-бозбала бір бөлек,
Әзілдесіп, дуласты.
Өліп қалған сұм жүрек,
Оятсам да тұрмас-ты.
Бетіме жылы тиеді
Күнгейдегі күншуақ
Жан жылыны сүйеді,
Жанға рахат осы yақ.
Өлі жердің сүйегін
Тірілтті жайнап жапырақ.
Жаралы менің жүрегім,
Жайнай алмас сол бірақ...
Күн нұрымен көгеріп,
Жауқазын шықты жалбырап.
Жер жүзіне өң беріп,
Қызыл гүл бітті албырап.
Тоң еріді, қар кетіп,
Жан-жануар балбырап.
Қайғылы көңіл тырп етіп,
Қабағын ашпас салбырап.
Қолдағы малға төл еріп,
Жандыдан өсіп жан шықты.
Жаңадан дүние жан беріп,
Неше түрлі мал шықты.
Қатып қалған желіннен
Қаймағы бар бал шыры.
Қайғылы біздің көңілден
Қайғырған сайын қан шықты.
Жер жүзіне нұр жауып,
Күн жылынды, шөп есті.
Бие байлап, қой сауып,
Буаз малдан төл өсті.
Жанған оттай жалындап,
Жайлауға қарай ел көшті.
Жазбақ, түгіл жабырқап,
Жаралы жүрек қайта өшті.
* * *
Көкорайға қонғанда,
Қозылар ойнар дүркіреп.
Жаздың күні болғанда,
Жаңбыр жауар күркіреп.
Жаралы біздің көңілге
Бір тамбайды сіркіреп.
Таянды ғой өлімге —
Қақырық басты кіркіреп.
* * *
Амандаса келісіп,
Бір бағыланды сойғызар.
Кел деп аяқ берісіп,
Қымызға әбден тойғызар.
Тері жадырап, жайылды,
Дене балқып, бой қызар.
Қайғы менен уайымды
Ойлауды да қойғызар.
* * *
Бағылан етін балқытып,
Біріне-бірі же десіп,
Шаттанысып, шалқысып,
Кем-кетігін теңесіп.
Әзілдесіп әр сөзге,
Қалжың айтып, егесіп...
Сөз қылар екен сол кезде
Біз байғұсты не десіп?
Адал кісі еді-ау деп,
Алғыс айтып алғай ма?
Әркімді о да жеді-ау деп,
Әйтпесе сөгіп, қарғай ма?
* * *
Мен бір — тілсіз көлікпін,
Басыма соқпа, дауың жоқ
Тепкілеме, өлікпін,
Шайтаннан басқа жауым жоқ.
Қызығып сендер ұмтылар,
Қасыма ерген қауып жоқ.
Жазамды кешіп, ұмытыңдар,
Жазадан, сірә, сауың жоқ.
* * *
Мен кеттім де, сен қалдың,
Зияным енді тие ме.
Неңді жұттым, неңді алдым,
Кешсеңші жалғыз иеге.
Саған да сауап керек қой,
Кім сенеді дүниеге.
Осыны білген зерек қой,
Жолықпасаң киеге.
* * *
Жоқ болса ақың өзімде,
Қалғандарды зарлатпа.
Өтірік болса сөзімде,
Оныма менің алдатпа.
Ақың болса біт алып,
Көп жетімге қарғатпа.
Өлгенге өтірік дау салып,
Қайыңды талға жалғатпа.
Өлген жанның моласын
Тепкілемек өнер ме.
Онымен қайтып оңасың,
Ойласаң, пайда келер ме?
Өзімнен басқа әркім бар,
Бәрін де жеңдім дей берме.
Алдыңда к,иын бір күн бар...
Аптығып, асып, елерме.
Ақың болса басымда,
Осы күнде мені өлтір.
Отырмын ғой қасыңда,
Өзіңнің жазаң деп өлтір.
Жазам болса тартайын
Қолыңнан келсе, әне, өлтір!
Обалымды артайын,
Қызықсаң, босқа, және өлтір!
Ол қолыңнан келмесе,
Ойнақтама, дулама.
Ойлашы өзің, ендеше,
Соған көңілің тола ма?
Үйтсең — қатын болғаның,
Еркек олай бола ма?
Ол емес қой оңғаның,
Мұнымен кісі оңа ма?
* * *
Біреудің мінін кешірсең,
Саған да құдай кешеді.
Бәрін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Рахымсыз, пейілі жаманның
Орны дайын деседі.
Мен досыңмын, жау емес,
Еліре берме, қайта ту.
Жүрегім дертті, сау емес,
Сол себепті сөзім — у.
Ащы деп алмай қоймаңыз,
Аңсағанда, керек су.
Абайлап артын ойлаңыз,
Алды ғой алдап өңкей қу.
* * *
Мен өтермін, кетермін,
Жоқтарсың мені бір кезде.
Жәрдемім тимес, не етермін,
Бекінем осы бір сөзге.
Мақсұтың қайсы, досың кім, —
Осынын, түбін шын көзде.
Бар ақылым — осыным,
Айтарым жоқ, тіпті өзге.
* * *
Мақсұтың болса орынсыз,
Сілкініп жүріп сыға бер.
Жолдасың болса тойымсыз,
Көзіңе құмды тыға бер.
Қызығып жүрген ісің кім,
Ерте есептеп, ұға бер.
Сенісіп жүрген кісің, кім,
Жалмауыз болса, жыға бер.
Мен жау болсам, кім досың,
Байқадың ба оны өзің?
Өзгелерден сен шошын,
Жау десең де, мен — көзің.
Түбінде менде айла жоқ,
Алалға дайын мінезім.
Тойымсыз қудан пайда жоқ,
Шын жақындық бұл сөзім.
Алалға айла қылушы ем,
Жау жықпасын туды деп.
Сескеніп, ерте-ақ, білуші ем,
Ішкізер қулар уды деп.
Жазалы қылмас құдайым
Айланы ақпен жуды деп.
Деуші едім «үстіп шыдайын,
Құртпас па екен қуды», — деп.
Мен көргенді көрмеді-ау
Қайратты өңкей батырым.
Қайтейін, тоқтау бермеді-ау
Қу залым деген кәпірің.
Ұқпаған соң лажым не,
Жан досым мен жақыным.
Ұққаның болса, қамың же,
Оңдасын істің ақырын.
* * *
Күйдірген соң шыдатпай,
Көре тұрып жайыңды,
Кім айтады мен айтпай,
Сендерге енді уайымды.
* * *
Мен жатырмын оңаша,
Жастанғаным томаша.
Жан шыдамас мұныма,
Жалғыз Әупіш болмаса
ӨМІР
Біреу маған от жақ деп қылды бұйрық,
Жағайын деп ұмтылдым, көңіл жүйрік.
От жаққалы жатқаным — бір үлкен үй,
Отын жиып қойыпты талай күндік.
Шақпақ жағып жібердім, қуға түсті,
Тұтандырып алуым болды күшті.
Қызыл өңеш болғанда азар жайып,
Соған шейін асығып, ішім пысты.
Отқа келіп отынды салып еді, —
Жалын шығып лапылдап жанып еді.
Үй жылынса, қайтейін, залал да көп, —
Жалын барып талайды шалып еді.
Жалын кетіп, аздан соң шоқ болды құр,
Отын бітті, үрсем де жана алмай тұр.
Жалынды оттай жайнаған, қайран, өмір,
Шоқ сөнген соң қап-қарa болды көмір.
Үш-ақ түрлі өмір бар; бәрі де мас,
Бір рәуішті болады шал менен жас.
Ең керекті дегенің — ортаншы өмір,
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,
Өкініші қалмайды, кетсе ағатың.
Күні-түні дей гөрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артыңда адам атың.
Өмірдің басы — бала, ортасы — адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.
МАЛ ЖИМАҚ
Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, алалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи.
Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың.
Ойласын деп ой берді, көруге қоз,
Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын.
Үйде отырып салғанмен сарыуайым,
Тілегенің тұра ма саған дайын.
Жүріп-тұрып ойланып істеп көрсең,
Харекеттің білесің, сонда жайын.
Жатып ішкен жан — тыныш, салғырт-салақ,
Оған арам — харекет, ой ойламақ.
Іздемеген кісіге қайдан келсін
Таза киім, жылы орын, тәтті тамақ.
Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,
Білім білмек — әр іске шебер болмақ,.
Қол өнерден пайда қыл үйреніп-ақ, —
Кетпес дәулет осы ғой әмбеге xақ.
Қол өнер — өзің өлсең — бірге өледі,
Сонда-дағы қалғандар үйренеді.
Сен кетсең де өнерің елде қалып,
Талай жанға азық пен мал береді.
Әрі ермек, әрі пайда, әрі дұрыс,
Демейді қол өнерді ешкім бұрыс.
Көрінгенге көз сатып жалынғанша,
Күндік өмір қалса да соған тырыс.
Деп ойлама бұйрықсыз дәулет қайда,
Жалықпай талап етсең — дайын пайда.
Адал қол аштан өлмес, құры қалмас,
«Жүрген алар», — деген ғой осындайда.
Талаппен адал істі істемекпіз,
Тапсырдық бір Аллаға біз демекпіз.
Ындының таза болса, именбеңіз,
Дәулетті осылайша іздемекпіз.
Баста таза жаратты, сен таза бол,
Ұқcaң анық айттым ғой бұл — тура жол,
Мақтан күйлеп, арамнан мал жинасаң,
Орның — дозақ, сорлы — сен, айтқаным сол!
НАСИХАТ
Балаңа ғылым үйрет жас күнінде,
Досыңа жақындама мас күнінде.
Халқыңа қайрылар деп насихат айтпа,
Ел бұзық ерегескен, қас күнінде.
Алған coң әбден қызып, сөз ұқпайды,
Сүзекке елеуреген ем жұқпайды.
Аз басыла бергенде, ал қолыңа,
Қызу кезде сөз ұқпай қылжақтайды.
Панала, пәле шықса, басың сақтап,
Ойлама оңамын деп екі жақтап.
Мастығынан айыққан кезін аңдып,
Ап-аман қара да отыр атың баптап.
Ол кезде ептеп алма жалғыз тиын,
«А, құдай, есін кіргіз» — де де сыйын.
Мастың малын жеймін деп, жаныңды жеп,
Тәңірі алдында өзіңе болар киын.
Біреу тисе, құтылар қамыңды ойлан.
Сонда-дағы дәм татпа жынды тойдан.
«Бөлінгеннен бүлдірге алма» деген,
Ел бұзылса, момын бол қоңыр қойдан.
Елді бұзған не десең — кетті наным,
«Ант ұрды ма?», - деген сол, ұқсаң, жаным.
Бір көзің бір көзіңе сенбеген соң,
Аңдиды ана көздің не қылғанын.
«Ол үйтсе, мен бүйтем», — деп дайындап тұр,
Барша жан соған бола бәле ұстап жүр.
Біреуді сендіре алмай, не сене алмай,
Бірін-бірі жаралап ойменен құр.
Бірлік түгіл иман жоқ, наным кетсе,
Жуымас алдайды деп бір бұлт етсе.
Жаулық түгіл жанжал да шықпас еді,
Ант етпей-ақ айтылған сөзге жетсе.
Адалдың, жолы болар заман бар ма,
Жем болдың шын жексұрын надандарға.
Адастың деп отырмын айғай салып,
Бар тапқаным сол болды, амал бар ма?
Осы күнде қазақтың бәрі де мас,
Жақсылардың біріне біреуі қас.
Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ,
Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас.
ӨКІНІШТІ ӨМІР
Қайғылының ішінде жанар жалын,
Шалмай қоймас жалыны жолдастарын.
Өзімді ұрған мінезді сөгемін деп,
Тілім тисе сіздерге, кеш, достарым.
Тілі ащы деп, жігіттер, мені сөкпе,
Ашулының әр сөзі тиер көпке.
Өткен өмір — өкініш, ой жаралы,
Дерті қалын, делбемін шірік өкпе.
Құры тілмен зарланып сайраулымын,
Қол-аяғым бос емес, байлаулымын.
Улы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр,
Ыза қысып тісімді қайраулымын.
Ащы сөзім — достығым, маған нансаң,
Кемдігім — келістіріп айта алмасам.
Түпсіз суға байқамай түсіп алып,
«Аулақ жүр — деп доспын ғой — айғайласам».
Менің дертім, жігіттер, емес оңай,
Болып едің дейсің ғой қашан олай.
Басқа түссе байқарсыз бәріңіз де,
Ойланбаған өмірдің бәрі солай.
Ескерусіз бар өмір кетсе желге,
Ақыл, айла, қайратың aқca селге,
Мақтанқұмар партия күйлесеңіз,
Мен сықылды боласың сен де делбе.
Осыларды өнер деп өлсең сенбе,
Онан басқа өнер көп іздегенге.
Өкінішің өлімнен қиын болар,
Мақсатым не деп ойлар кез келгенде.
Осы кезде кісі жоқ менен жаман,
Сөзім ащы тиген соң сізге таман.
Достығым ба, байқарсыз, қастығым ба,
Біздің ойды сіз де ойлар болса заман.
Тамам елді қорлаған мен ғой бүгін,
Ләйім, жылда солардың қылма түгін.
Менің биім — өзіңнің ақ жүрегің,
Сөзімді ұқ та дауыңды айт, соған жүгін.
Мақтан үшін іс қылып көрдім бе де,
Ашу мен құмарлыққа кірдім бе де.
Өнерсіз жалқаулықпен жанды сатып,
Ант ішіп партияда жүрдім бе де.
Ез, еріншек, қорғалақ, шабан болсаң,
Не мақтаншақ, дарақы, надан болсаң:
Есі-дертің — партия, ел билемек,
Залалкес хайуаннан жаман болсаң.
Бұлардың бірі болсаң, өкпелеме,
Мінін айтса шын жақсы кектене ме?
Арам безден арылып әділ жүрсең,
Aқ жаратқан құдайың жек көре ме?
Таза болсаң, ондайға жоламай өт,
Ақ жүрегің ақтаса, құтылып кет.
Оған болмай құтырсаң, өз сазайың,
Итпен бірге ит болған сен де төбет!
Ащы тілмен мен айттым ел мінезін,
Сөздің теріс мақұлын салмақта өзің.
Өтірігін тап-тағы жүзқара қыл,
Ыза болсаң, кек алар сол ғой кезің.
ЖАСТЫҚ ТУРАЛЫ
Гауһардай көзі,
Бұлбұлдай сөзі,
Жаннан асқан бір пері.
Жүзі бар айдай,
Мінезі майдай,
Өзгеден артық сол жері.
Дариядай ақыл мол еді,
Жан ғашығым сол еді.
Ұжмақтың хоры,
Іздедім соны,
Тал бойының кірі жоқ.
Бойы бар сымдай,
Белі бар қындай,
Мүшесінің міні жоқ.
Қыз осындай болар ма,
Оны сөккен оңар ма?!
Жаудырап көзі,
Тамшылап сөзі,
Жібектей шашын тараса,
Қалмайды халің,
Шығады жаның,
Қиғаштай көзбен қараса.
Бұл дүниеде қыз қызық
Бозбалада ой бұзық.
Сынаптай толқып,
Түлкідей жортып,
Кетеді көңіл әр жаққа.
Қырандай қағып,
Алмастай ағып,
Мұратын түгел алмаққа.
Ер талабы бос қалмас,
Толқынды көңіл тоқталмас.
Шырайың қашып,
Асығып-сасып,
Қыз үшін түнде кезгенде,
Бар малды салып,
Шаруадан қалып,
Серілер үйден безгенде, —
Қарамай ұят, арына,
Жанды қиып жарына.
Ақселеу мініп,
Қылаңнан киіп,
Қараған жанға көрінбей.
Ізденіп жарды,
Пида ғып жанды,
Алыс деп ауыл ерінбей,
Айлалы жолдас қасқа алып,
Аң көрген лашын бастанып.
Ауылды барлап,
Айнала шарлап,
Баруға тура бата алмай,
Кезеңнен бағып,
Жүрегің қағып,
Далада шыдап жата алмай,
«Барып кел» — деп жолдасқа, —
«Бір хабар алсақ, болмас па»?
Сып етіп жолдас,
Дыбысы болмас,
Сұр жыландай сусылдап.
Ілеспей көзің,
Әкелер сөзін,
Тұрымтайдай қутыңдап:
«Тілеймін тілек берсін», — деп,
«Ер болса, үйге келсін», —деп.
Болды деп қиын,
Жеңілдеп киім,
Шыр айналып ұршықтай;
Еппенен басып,
Ынтасын салып,
Тыңнан көрген мысықтай.
Кіргенде барып есіктен,
Болмаса жапсар, тесіктен.
Боз үйге кіріп,
Буынын, құрып,
Жарыңның барсаң қасына.
Сипалап жүріп,
Төсегін біліп,
Тигенде қолың шашына,
Ақылың кетіп, жан қалар,
Ғашығың сонда аңғарар.
Қолынан тартып,
Білегін артып,
Aқ тамақтан шөп етіп,
Тал бойың еріп,
Тіліңді беріп,
Сүлдерің қалар ес кетіп.
Аһ, дүние, дүние,
Ақылға сонда кім ие?!
Есіңді жиып,
Иіскелеп сүйіп,
Оған да көңілің басылмай,
Тілекті алып,
Тоятың қанып,
Құйылып түскен лашындай,
Арманың бітіп жымыңдап,
Төсінде жатсаң тынымдап.
Таң келсе қуып,
Бой кетер суып,
Енді қашан келем деп.
«Ал, жарым, қош», — деп,
«Пәлен күн тос», — деп.
«Тез келмесең, өлем», — деп,
Болмады деп таң ұзақ,
Сол болар қайғың жалғыз-ақ.
Қысылып таңнан
Ағарып қалған,
Жатуға болмас жайланып,
Қош айтып, жарға,
Амалың бар ма?
Қайтуға енді айналып,
Жатайын десең таң киын,
Тастайын десең жар қиын.
Боз үйден шығып,
Дөң асып, бұғып,
Ертіп алып жарыңды,
Шығарып салып,
Аулаққа барып,
Acыққа айтып зарыңды,
Кетесің таңнан тұра алмай,
Жарыққа хайла қыла алмай.
Шыққан соң белге,
Көз салсаң елге,
Қарап тұр әлі жарыңыз,
Жолдасқа айтып,
Ат басын тартып,
Жүгіртіп қайта барыңыз,
Бір сүйіп алтын тамақтан,
Асасын, азар қабақтан.
КӘРІЛІК ТУРАЛЫ
Бар болса білім,
Сен сөйле, тілім,
Жан менен дене бірінде.
Ойласаң, көңіл,
Өзіңе жеңіл,
Қайратын, қалын күнінде.
Жас көңілде жарық бар,
Кәріде кемдік анық бар.
Не ұқпас жастан,
Қайтпайды тастан,
Ізденуге күшін, бар.
Сайрандап жүріп,
Сансызды біліп,
Қалыпсыз, қызық ісің бар.
Жастықтан қызық іс болмас,
Кәріде ақыл, күш болмас.
Қайратын, қалып,
Ақылдан танып,
Кәрілік келсе басыңа;
Қадірің кетіп,
Заманың өтіп,
Жан жуымас қасыңа.
Кәрілік деген жұмыс бар,
Артында таяу бір іс бар...
Азайып күшің,
Саудырап тісің,
Шалбардай болып бет кетсе,
От басын бермей,
Үй ішін көрмей,
Сүйегің қиылып, ет кетсе, —
Далаға барып сие алмай,
Киімін жөндеп кие алмай...
Қуарып мұртың,
Суалып ұртың,
Түздегі қу бас жақтанып.
Тұра алмай жатып,
Былшылдап, шатып,
Өткен күнді айтып мақтанып.
Жарығың өшіп көңілден,
Кәрілік жаман өлімнен.
Қызарып көзің,
Езіліп сөзің,
Жастығың түсіп ойына.
Иекпен шайнап,
Тіліңмен айдап,
Жеген ас жұқпай бойыңа.
Ет жеген сайын қақалып,
Әз өлімге тақалып.
Бүгіліп белің,
Таусылып әлің,
Аяқ пен белің құрысып.
«Кәрі итім, шат», — деп,
«Сөйлемей жат», — деп
Қатының кетсе ұрысып.
Өлмегенге қара жер,
Онан да өзін, бара бер.
Қайғы емес қаза,
Болмаймын наза,
Ноқталы басқа бір өлім.
Туған жан өлмек,
Тағдырға көнбек,
Кімді алмайды бұл өлім.
Шал болмай-ақ, өлейік,
Алла ісіне көнейік.
Қызусыз тәнің,
Сезімсіз жаның —
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан әрі бармаңдар,
Аңдамай шал боп қалмаңдар!
ЖАСТАРҒА
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық
Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал енді, олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.
Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!
Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.
Тапқан іске таласпай, шын көнелік!
Жұртқа күлкі болмалық, жөнделелік!
«Көп қуға көзіңізді сүзбе» делік!
«Ұқпас деп бізден үміт үзбе» делік!
«Залымдар заң үйретіп адастырды,
Бізді сал жөнделерлік ізге» делік!
Құрбыласы қулық пен айла баққан,
Олардан алдамшы деп көңілі қайтқан.
Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,
«Алушы жоқ па екен», деп жастар жақтан.
Алмасаң үміт үзер тағы жастан,
Өлсек те ұмтылалық осы бастан.
Өткізе алмай, еліне қайтса көшіп,
Қаламыз асыл түгіл ине алмастан.
Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,
Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?
Асыл алсақ, асылын аямайды,
Келді ғой өз еліне сата алмастан.
Пұлы өтсе, үміті бар қуанбақтан,
Еңбегім жанды ғой деп жұбанбақтан.
Абай кетсе, осы елде кім қалады,
Не табамыз наданнан сұранбақтан?
Арамдықпен, алдаумен күн өткізбей,
Өтірікке өлгенше, шынға өлелік!
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең — аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.
Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,
Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
Надандықтан еліріп босқа жүрсек,
Мына заман көрсетер бізге тарлық!
Өзің біліп біреуге қылсаң жарлық,
Асыл сол — ақыл, білім бойда барлық.
Айла, өтірік, арсыздық өнер емес,
Мен де анаудай болсам деп таласарлық.
Үлкендерде мінез жоқ таңданарлық
Олардың қылған ісі ұрлық-қарлық.
Арам ойды ақыл деп ардан күсіп,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?
Мынау Абай — бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық.
Пұл асылы табылса, қолға алалық,
Кісі емес ескерусіз бос қаларлық.
Күнде осындай табылмас бізге басшы,
Күн болса кейінгіде қозғаларлық.
Ақыл, білім осындай ар жақтарлық
Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық!
Үзіп-жұлып ұятсыз атанбай-ақ,
Ақылмен жол табалық ел бастарлық!
Осыған қазақ бар ма жанасарлық,
Ғылым, өнер, ақылмен санасарлық?
Жұрт алмаса, ақылын біз алалық
Өзгедей надан емес адасарлық.
Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,
Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.
Өз Абайын өздері ұнатпайды,
Шын надан осылар ғой біз қашарлық.
Мына жұртта мінез жоқ ойланарлық,
Бізге де заман келер сайланарлық.
Елге еріп есер, бәңгі атанғанша,
Ой табалық жақсы атақ, байланарлық!
Ойланар уақыт болды бас қосарлық,
Дұспан көп енді бізге жол тосарлық.
Арамдықтан көңілді арылталық
Ақыл ойлап, аларға қол босарлық.
Мидағы ой-тамырға жол салалық,
Жүрекке оймен сынап апаралық!
Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,
Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.
Білім іздеп білуге кесел болар,
Көрсеқызар, көзі ашық бос құмарлық.
Aқ жүректің ғадалат қылған ісін
Қабылдауға қызығып қозғалалық!
Жарасымды мінезді жатқа алалық,
Жанға к ас жамандықтан сақтаналық!
Арсыз, ғайбат, өтірік ынсапсыздық —
Бұлардан бой тасалап ақталалық!
Аспандап аса бермей шақталалық,
Аласыздық, адалдық жақты алалық!
Өтіріктен жалығып, өнер тапсақ,
Біз сонда жетілдік деп мақтаналық!
Хош, енді көп наданның тілін алдық,
Бірімізге біріміз пәле салдық.
Ой да жоқ, ұят та жоқ, күнде аңдысып,
Жүргенмен жағаласып не таба алдық?
Арам ақыл њйрендік айла, амалдық,
Қулық пен өтірікті сайлап алдық.
Ынсап, рахым, ұяттан жүген ұстап,
Өзіміз ең түбінде қайда бардық?
Елірдік, ерегістік, елді жардық,
Байлаусыз пайдасы жоқ, іс шығардық.
Бүгін дос, таң атса қаc бола қалып,
Бұлт еттік, мен болдым деп ат аларлық.
Тыным жоқ, тыныш жүріп мал бағарлық,
Арыз бердік бас кетіп, айдаларлық.
«Енді бізге ғадалат айта көр»—деп,
Өзіміз ақырында қайда бардық?
Бұл іспен бойға мақтан кірді тантық,
Әркімнің әлі бар деп алар аңдық.
Жеңгеніміз желіктік желпең қағып,
Жеңілгенді жер болған атқа таңдық.
Ортамыздан от жағып, өрт шығардық
Көре тұра құтырып, күйіп-жандық.
Қой, үйтпелік, өзіміз жарасалық!
Наданмен неге бірге адасалық?!
Жаман айла, жат мінез пайда бермес,
Бойдағы мінімізге қарасалық!
Жаман әдет тастауға ұнасалық!
Мына мінез қалай деп сынасалық!
Тұп-тура бетімізге айтысалық,
Ашуланбай, ақылмен шыдасалық!
Арсыз, арам айланы тастасалық!
Адал іске талаппен бастасалық!
Неде болса білімді ізденелік!
Надандықпен біржола қастасалық.
Жалған айтып, біреуге жалынбалық!
Біз, сірә, үлкендердей қағынбалық!
Наданға өлсек-тағы бағынбалық!
Өтірік, өсекке еріп сабылмалық!
Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,
Жас бойға жаман атақ, тағынбалық!
Таза ойлап, татулық іс табалық!
Жау жоқта, тіпті жауды сағынбалық!
Адалға әлімізше аяңдалық!
Арамға аяқ баспай шабандалық!
Елемесең, есіңе енбейді ақыл,
Ескерсең, осы сөзім сендерге анық.
Болмас іске бұртаңдап тырыспалық!
Бетке айтқанның зәрі жоқ, ұрыспалық!
Көзге жылпың көрініп, сыртқа қылпың,
Артымыздан құр өсек қылыспалық!
Сөз байласаң, уағдада тұрысалық
Сыртымыздан жақсылық қылысалық!
«Қашқан — жаудан құтылар» деген қане.
Надандықтан жиреніп, жылысалық!
Білмегенді білуге тырысалық!
Жалқаулықты көңілден сырысалық!
Босқа күлген күлкіні күйлемелік!
Шын ақылға мойынды бұрысалық!
Кейде бірге жүрелік, кейде ойналық!
Ойнап, күліп, кешікпей ой ойлалық!
Ойынымыз аз болсын, ойымыз көп,
Оймен талап етпеген іс қоймалық!
Күнде көздеп, мінезді тексерелік!
Айланы, ақыл демей сескенелік!
Адалдық жолында өлсек, арман бар ма?
Ақты аныққа шығарам деп көрелік!
Кісіге оны бұрған өкпелелік!
Тіл алса, «мұны қой», деп ақыл айтып,
Тыңдамаса жау көріп кектенелік!
Білімді неге бойға көп көрелік?!
Ақтан тауып несіпті жеп көрелік!
Артық ақыл ойланып таба қалсақ!
Біз-дағы алушыға тек берелік!
Надандықпен қарынымыз тоқ, демелік!
Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік!
«Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой», деп,
Арамды адал, асылды боқ демелік!
Ақылды сол — ынсап пен ар сақтайды,
Арсыз сол — арамдықпен жан сақтайды.
Адал сол — таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды.
Жақсы білім іздеуге жалықпалық!
Табылмаса, тарығып, талықпалық!
Салақ,тықты қоялық сақ болалық!
Білгенді, білмегенді анықталық!
Ғалым көрсек — әр істі сұрасалық!
Ондайға басымызды құрасалық!
Өстіп істеп өзіміз қамданбасақ,
Бізге ақыл үйрете алмас мына халық.
Жалғаншылар сөз айтса, «сырым» дейді,
Біліп қойсақ «бұ да бір қырым» дейді.
«Әншейін байқайын деп айтып едім,
Өтірігімді ұстап па ең бұрын?» дейді.
Надандар төрт аяқты малға ұқсайды,
Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды,
Өз бетімен табатын өнері жоқ,
Талапсыз өлі сүйек жанға ұқсайды.
Бұлар — мәлім, сатып жүр, көрдің мұны,
Болмайды кімге залал мұнын, түбі?
Өздері біреуіне бірі сатсын,
Алмалық біз қызығып енді осыны!
Сатады өтірігін шынға жастап,
Жүрміз деп жарасымды өнер бастап.
Айналасы белгілі, аз ақша ғой,
Пәлшесін тауысайық жыртып тастап!
Осы жұрт өтірікпен жүр ту ұстап,
Айланы не қыламыз берсе уыстап?
Күні бұрын ондайға жуымалық!
Орын алып, кетпесін бой қуыстап.
Айла орнына ақылды жұмысталық!
Өтіріктің орнына шын ұсталық!
Жалған айтып, жан сатып, жалынбай-ақ,
Тура жолда тұрып-ақ тынысталық!
Оз әкеміз айтса да ұнамалық,
Ағамыздың сөзі деп тыңдамалық.
Үйреткені өнер ме, әрекет пе,
Өзіміз ортамызда сынға алалық!
Өнер қылма ар сатып, жалданбақты!
Ұлық болып, елді жеп малданбақты!
Біреуді жеп, біреуді табамыз ба,
Қашан жақсы көруші ек алданбақты?
Өлсең де ондай сөзге құлақ, салма!
Ардан күсіп, ақылдан құры қалма!
Олар бізге оқы дер қу болмақты,
Уағдасыз, жалғаншы су болмақты.
Сыяз сайын әркіммен арпалысып,
Күнде дау, күнде жанжал, шу болмақты.
Әкең түгіл, арғы атаң айтса-дағы,
Білімі жоқ, наданның тілін алма!
Қулықты біз қылғанмен, ол қылмай ма?
Бізге де өңкей надан жабылмай ма?
Айла, арамдық, арсыздық, ынсапсыздық
Бізге бар да, өзгеге табылмай ма?
Жамандық күнә болып жазылмай ма?
Адалдықпен жиған мал бағылмай ма?
Уағдашыл болған жөн өле қалып,
Өтірікші құдайға шағылмай ма?
Өмірі өнбес бір күні қылған жалға,
Көз тоймас үзіп-жұлып алған малға,
Жұрттың ісі неге жөн болмасын деп.
Ой ұнамай, ондайға өлсең нанба!
Мақтанбалық айламен алдағанға!
Надан боп, ұқсамалық айуан малға!
Жан біткеннің бәріне жара салып,
Жан сақтаған не болар жалғыз таңға?
Залалы тие берсе мұқым жанға,
Рахымсыз, қайырымсыз боп қысылғанға,
Не дүние, не болмаса ақыретте
Болар-ақ бір қиындық шыбын жанға!
Залым кісі кірмейді тіпті санға,
Сынайтұғын бір сыншы табылғанда.
Білімдігің бит шаққан құрлы болмас,
Тамам күнәң жиылып жабылғанда.
Ар қайда, рахым қайда, әдеп қайда?!
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып, «Көппен көрген ұлы той» деп,
Береді бұл надандық кімге пайда?
Білімдіге білімсіз бағынбай ма?
Іздесе пендеге жол табылмай ма?
Ақты қойып, арамды әдет етсек,
Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма?
Ажал оғы бір күні атылмай ма?
Тура келсе, тіл тартпай қатырмай ма?
«Әлхилла ассалата жаназа» деп,
Ақ кебінге оралып жатылмай ма?
Қай пенде жолықпайды осындайға?
Соны ойлап жүрегіміз шошынбай ма?
«Дүниеде не қылдық, не қойдық?» деп,
Алдыңда неше жерде тосылмай ма?
Жатпалық жалқауланып тіпті жайға!
Жайлы ақыл ойланалық жанға пайда!
Кейінгінің қалмалық обалына!—
Сонда мақұл боламыз бір құдайға.
Осы ел жүр өтірікті үнем қылып,
Ақты қойып арамға көңіл бұрып.
Қудыраңдап, «қу», «білгіш» атанам деп
Шығарады бір пәле қарап тұрып.
Біреуіне біреуі қақпан құрып,
Аңдаусызда кетем деп бір түсіріп.
Біле сала қылады о да қулық,
Аяғы сау жан қалмас сүйтіп жүріп.
Мақтанады жетілген кісімсініп,
Қулыққа қалыппын деп қатты ысылып.
«Ел мінезі қолымда санаулы», — деп,
Жан біткеннің айласын өзі біліп.
Айтқанда өтірікті — судай жылып,
Шынды ескерген адам жоқ көзіне іліп.
«Қу» десең, құлағына бір кірмейді,
Езуін тастар ма еді, сірә, тіліп!
Тоқталған бір пенде жоқ қыры сынып,
Мойнына әбден алған сайтан мініп.
Айтсаң-ақ, «анау қу» деп жымыңдайды
Соған ыза боласың іштен тынып.
Арамдыққа осы жұрт жүр ұмсынып,
Аздан бері тым кетті құдай ұрып.
Білмегені білгеннің тілін алмай,
Бәрі бірдей шулайды иттей үріп.
Бір күн біреу жалғанмен жүр құтылып,
Біреу жүр айламенен үзіп-жұлып,
Ертең көрсең, екеуі қолға түсіп,
Кескектеген түлкідей тұр тұтылып.
Арамдықтан шығады кім сытылып?
Бір желіксе, кетеді тым құтырып,
«Жығылған жан күреске тоймас» деген,
Қарта ойнаған кісідей күнде ұтылып.
Абай жүр соны мазақ, өлең қылып,
Біреуі ұғар ма деп көзі ашылып,
Бізге де біразырақ, айтқаны бар,
Құр қылжақтай берме деп босқа күліп.
Ұқсатып, ұнасымды сыйыстырып,
Жасты да жамандапты қиыстырып.
Ойын-күлкі — бар қылған мінезіміз,
Біреуін де қалдырмай жиыстырып.
Тым туралап айтыпты сұғындырып,
Білгенге үйретіпті ұғындырып.
Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?
Әркімге-ақ кеткен екен жұғындырып.
Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
Алсын деп керектісін өзі теріп.
Шиқанымды езгендей шыры жаным,
Айтқанда естігендер ұғып келіп.
«Шүу» дегенде бұл сөзі жанға батты,
Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты.
Қайырусыз, қағусыз өскен басым,
Бұлқындым шу асаудай мойны қатты.
Естіген соң, жүректе түйін жатты,
Сол түйін тыныштатпай көп ойлатты.
«Неге мұндай қатты айтты?» — деп ойласам,
Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!
Жаны ашып, жақсы соқпақ тазалапты,
Жігерленсін, білсін деп табалапты.
Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін деп,
Қатты сөзбен қайырып қамалапты.
Енді ойладым қайратқа мінейін деп,
Білімдінің қадырын білейін деп.
Ақыл сөзбен арқама күнде ұрғызып,
Талаппен түзу жолға кірейін деп.
Мен неге күлкі болып жүрейін деп,
Өзім біліп, біреуге күлейін деп.
Шын наданға атар тан, болмайды екен,
Білім іздеп, құдайдан тілейін деп.
Білмекке талап етіп көрейін деп,
Шын сөзге көңілімді бөлейін деп,
Надан болып қорлықты көргенімше,
Естінің айтқанымен өлейін деп.
Үлкендер ұмтылмайды ұғайын деп,
Мен-дағы бұл қылықтан шығайын деп.
Айтқан сайын аяғын кер басады,
Құлағына мақтаны тығайын деп.
Құмары — қулықпенен жығайын деп,
Айламен аялыма бұғайын деп, —
Бәрі ішінен қанжарын байланып жүр,
Көрінгеннің, көзіне сұғайын деп.
Халалға ойламайды шыдайын деп,
Арамның түбі болар уайым деп.
Күнде жау боп, күрілдеп, жұлысады,
Тек отырған бір жан жоқ «құдайым» деп.
Байладым белді бекем буайын деп,
Жүректі адалдықпен жуайын деп.
Талпынған мақсат іздеп махрұм қалмас,
Адамдық ғылым жолын қуайын деп.
ЖАЗ КЕЛЕР
Жаз келер, қысты күнгі қысым өтіп,
Қар, суық, аяз, боран — бәрі кетіп.
Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды,
Бар құдай барша жанға рахым етіп.
Жетпекке үлкендікке жас балалар,
Жүгірер қырдан ойға дүбірлесіп.
Шал-кемпір күншуақтап, көңілі жай боп,
Өткен күн, өмірін айтып, күбірлесіп.
Бота, құлын, бұзау, лаң, қозы туып,
Қуанып ойнақтайды, олар да өсіп.
Сүйтсе де адам көзі бір тоймайды,
Құдайым берсе дағы қанша несіп.
АРМАН
Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,
Тал гүлдеп, шалғын өсіп, оңалғанда.
Көлбеңдеп көкорайда күрілдетіп,
Орақшы пішен шауып шөп алғанда.
Бүлдірген, қарақатты тереміз деп,
Қыз-келіншек сай-сайға жоғалғанда.
Аулақта құмарымды қандырам деп,
Асығы іздеп барар сол барғанда.
Оларға тал — шымылдық, шалғын — төсек,
Басына жастық қылар томардан да.
Көз тойып, көңіл толмақ пендеде жоқ,
Болады айрылған соң сол да арманда.
Ит пен қарға, шошқаға боқ арманда,
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда.
Тамақсыз табысы жоқ кәріптерге
Жалғыз күнгі тамақтың тоғы арманда.
Жалаңашқа киімнің жоғы арманда,
Тоңғанға отын менен шоқ арманда.
Талап қылса, табылар соның бәрі,
Мал жаусын ба оларға жоғарыдан да.
Адамды, санай берсең, көп арманда,
«Мінсіз бақ, сансыз дәулет» деп арманда.
Жанның бәрін жалмайтын күш те керек,
Айлакеске алдайтын еп арманда.
Жасты көксеп кемпір мен шал арманда,
Өсіп үлкен бола алмай бала арманда.
Еркектей еркін өмір сүрмедік деп,
Әйелдер де болады және арманда.
Тамам жанға бақ, пенен мал арманда,
Ұрыға жүйрік аттың жалы арманда.
Жердің жүзін жесе де көзі тоймай,
Патшалар да болып жүр әлі арманда.
Кербезге киімінің сәні арманда,
Hayқаcқa жалғыз шыбын жаны арманда.
Кек қуған кер, ызақор, күншілдерге
Жұтатын дұспанының қаны арманда.
Бағаласам, адамның бәрі арманда,
Санай берсем, табылар сан арман да.
Өзі білмес, білгеннің тілін алмас,
Анық ойлап қарасам, әне, арманда.
ШЫН СЫРЫМ
Жиырма үш жасымда
Бұл өлең жазылған,
Табылмай басында
Өзіне лайық ән.
Мұңлы, күйсіз,
Жесір боп жатыр еді,
Мінеки, ойланып,
Өз әні табылған.
Бақытсыз жүрегім
Жалындап жанып тұр.
Үмітті тілегім
Орынсыз қалып тұр.
Ақыл, қайрат,
Сабырдың бәрі кетіп,
Адасқан асығың
Мұңлы әнге салып тұр.
Көзіме көріндің,
Ашылмас сорыма,
Байқамай іліндім
Сиқырлы торыңа.
Жаду көзің
Басымды айналдырып,
Құрбан ғып шалдың ба
Жарыңды жолыңа?
Кетпестей сәуле бар
Ойымда нұрыңнан,
Ол неге жоғалар,
Айрылман мұнымнан.
Қарақаттай көзіңмен қызықтырып,
Ұстадың жанымды
Тұзақ қып тұлымнан.
Қадала қарайды
Үңіліп маған жар.
Жүректен тарайды
Сондықтан мұңлы зар.
Жүзін көрмей тұрғанда,
Өлсем нетті,
Енді жоқ жанымда
Жанбауға ықтияр.
Нұрыңнан нұр алып
Аспанда ж ары к ай,
Келеді қозғалып,
Жақындап бері қарай.
Аямадың өлер деп
Мен ғарыпты,
Мейірімсіз сәулем-ау,
Сырыңды айт, бұл қалай?
Өртеніп, жанды ішім,
Ақыл жоқ бойымда,
Кетсең де, сәулешім,
Суретің ойымда.
Нұрлы жүзің сипаттап зарланайын,
Айтайын әлемнің
Істеген тойында.
Жібектей қап-қарa
Таралған шашың бар,
Бұлдырсыз тап-таза
Жаралған басың бар.
Қардай аппақ
әжімсіз маңдайың кең.
Қынаптан суырған
қанжардай қасың бар.
Кірпігің тізіліп,
Миыма қадалар,
Нұр көзің сүзіліп,
Ойыма от салар.
Сиқыр жүзін ақылды байлап алып,
Тор шашың шырмалып,
Басымды ноқталар.
Сүйем деп бір рет
Келді жан ерінге,
Сезіп тұр қасиет
Аузыңнан, тегінде.
Пәрменіңді айт,
Шықсын ба, не қайтсын ба,
Жолыңа құрбан боп,
Шыдап тұр өлімге.
Күн батып жоғалды
Нұрыңнан ұялып,
Жұлдыз бен Ай қалды,
Сәулеңнен нәр алып.
Жетіқарақшы айналып сені іздеп жүр,
Бәрі де сені ойлап,
Мас болып сандалып.
Үркер мен Таразы
Шашылды шашуға,
Шолпан да қарады
Мауқын бір басуға.
Темірқазық арқандап Қосбозатын,
Жаратып, ойы бар
Тойыңа қосуға.
Tаң атты бозарып,
Жоғалды жұлдыз, Ай,
Шыдасын о не ғып,
Есі ауып жығылмай.
Тойға келген тан, желі сыбырласып,
Сызылтып ән салып,
Шырқады бозторғай.
Жүзіңді көргелі
Күн шықты қайтадан,
Бір көріп өлгелі
Ұмтылды бері таман.
Бұлт перде бүркеніп сығалап жүр,
Көз жасы — жаңбыр ғой,
Асық боп жылаған.
Гүл билеп жайқалып,
Бұлбұлдар сайраған,
Жорға су тайпалып,
Бұраңдар жайнаған.
Жел мен бұлт — дуана,
Бақсы болып,
Дүрілдеп, күрілдеп,
От-қанжар қайраған.
Бұл әлем ойланған
Асық боп сен үшін.
Шашыңа байланған
Дертінің емі үшін.
Ұят, ынсап бар ма екен,
Ойла, менде,
Жаралдың деп білем,
Сәулем-ау, мен үшін.
Ақыл-ес сұрама
Дуана сорлыңнан,
Менде ақыл тұра ма,
Байқасаң, пормымнан.
Жаным, тәнім еркіңде
Не қылсаң да,
Өзіңсің аямай
Әурелеп қор қылған.
Көңілде сәулемсің,
Көздегі, нұрым-ау,
Ақылды астыртын
Ұрлаған, ұрым-ау.
Өмір бойы өртеніп жүргенімше,
Не өлтір, не тірілт,
Осы шын сырым-ау!
Білгенімді жазушы ем,
Бекем буып белімді.
Мінін айтып қазушы ем,
Түзетпек боп елімді.
АШУ МЕН ЫНСАП
Бұлдарлық ой менде жоқ,
Бұған шыққан терімді.
Ұқтырарлық пенде жоқ,
Қате басқан жерімді.
Күні-түні ойланып,
Жазудан да жалықтым.
Газет, кітап қолға алып,
Оқудан да талықтым.
Ел тіліме көнбеді,
Жыладым да қамықтым.
Үмітсіздік дендеді,
Зорықтым да шалықтым.
Бағасы бір халқыма
Жабағы мен мамықтың.
Нанбайды, рас, антыма
Кәдірі мол танықтың.
Айырмайды арасын
Бұлдыр менен анықтың.
Енді қайда барасың,
Түрі мынау халықтың?
Айла таппай адастым,
Қайғы артылып мойныма.
Ақылымнан шатастым,
Жас төгілді қойныма.
Ойландым да толғандым,
У жайылды бойыма.
Мұңдасуға қамдандым
Қайратым мен Ойыма.
Үміт үзген қорқақ
Ой Дірілдейді қалшылдап.
«Мүмкін емес, мұны қой»-
Деп жалынды жалпылдап.
Бір жағынан Еріншек
Тағы келді салпылдап.
«Болмаймын, деп, келіншек»
Ашу шықты арсылдап.
«Елді сөк те жаманда, —
Деп ұрысты Ашуым, —
Жамандықтан аман ба,
Шыннан қалай қашуың?»
Қиын болды баяндап,
Аяқты қалай басуым.
Сабыр келді аяңдап,
«Жарамас — деп, — сасуың».
Бәріне де хабар сал,
Рахым, Ұят, Ар қайда?
Қаруыңды жиып ал,
Құр ашудан не пайда?
Қайратың мен Сақтығың
Көріне ме маңайда?
Өлше істің ақтығын,
Ынсап бар ма оңайда.
Өңкей асау, мас халық,
Бәрін бойдан қашырған.
Көп наданнан жасқанып,
Сорлың елге бас ұрған.
Рахым, Ұят, Арыңның
Бетін топырақ жасырған.
Қайраты қайтып кәрінің,
Қайғысын сөйтіп асырған.
Сабыр айтты: «Мына сөз
Сабырымды қайнатты.
Өңкей ақымақ шелді көз
Ақты қайтіп жайратты?
Мені ұстауға шыдай көр,
Сөйтіп жұмса Қайратты.
Ынсабына хабар бер», —
Деп ақылды сайратты.
Қайратымнан қайтқанмын,
Ол жуырда келсін бе?
Келме деп те айтқанмын,
Дедім: «Мені менсінбе!»
Біреу шықты қабірден:
«Баяғы сорлым сенсің бе?
Айрылмасаң Сабырдан,
Мен келмейді дейсің бе?
Ұмыттың ба ескі жар,
Aяқ, бауырым — Сабыр ғой!
Сабырлы ер де менде бар,
Ол екеуміз тамыр ғой.
Қайраттанып шақырсаң
Қаруларың әзір ғой.
«Бәрің кет!» деп ақырсаң,
Өзіңе қазған қабір ғой.
Ал, ақылдас, бәрі бар,
Дайын қылдым бәрін де:
Сақтық, Ұят, Рахым, Ар,
Ынсап деген кәрін, де.
Біз тұрғанда Арамның
Дәм бола ма нәрінде?
Қайғы емес қой Наданның
Тығылғаны әр інге».
Жан кіргендей қозғалдым,
Тұлабойым шымырлап.
Жан-жағыма көз салдым,
Сөйлейін деп қыбырлап.
Біреу келді жаныма.
Құлағыма сыбырлап.
Түртіп қалды саныма,
«Сөйлеме» деп жыбырлап.
«Және сөйлеп барасың,
Жай отырсаң, нетеді?
Өз мазаңды аласың,
Жан тыныштық кетеді.
Ауыр қайғы, терең ой
Өкпеге зиян етеді.
Тілімді ал да, мұны қой,
Түбіңе осы жетеді».
Жалт қарасам бетіне —
Баяғы құрғыр Еріншек.
Көзім түсті етіне,
Бір уыздай келіншек.
Құры көзбен қарасам,
Қызығады, ой тентек.
Ақылмен өлшеп санасам,
Қозады оған ескі кек.
«Ей, Еріншек, қара жүз,
Не қылмадың сен маған?
Енді менен күдер үз,
Жақындама бер таман.
Сенің қылған ісің ғой.
Харекетсіз көп надан.
Рахымы жоқ жәдігөй,
Қойып едің кімді аман?
Жас күнімде ерінтіп,
Шала қалдым ғылымнан.
Жау қолында керілтіп,
Жеңілдірдің зұлымнан.
Өмір — кесел, ұры, қар,
Не табасың мұныңнан?
Мені өлтірсе залымдар,
Алушы ма едің құнымнан?!
«Сөйлеме», — деп, жыбырлап.
Осы көрген көп бейнет
Бәрі сенен емес пе?
Былшылдамай әрмен кет,
Болмас іске егеспе.
Әлдеқашан ант бердім
Бал берсең де жемеске.
Рахаттан да жалт бердім,
Тыныштың бар демеске».
Кетті Еріншек өкпелеп,
Қайта келіп қонбасқа.
Өкпеге тағы тепкілеп,
Тарланды салдым болмасқа.
Кеткенімен жұмыс жоқ
Қазақ, ісі оңбасқа.
Мен сорлыда таныс жоқ,
Ақылдастым жолдасқа.
Сөйлесті бәрі сыбырлап,
Мен отырдым тыңдауға.
Жүрегім тұр жыбырлап,
Дәл тапқанда ымдауға.
Ойлағанын бәрі де
Ортаға салды шыңдауға.
Қалжың емес, әрине,
Керек десті шыңдауға.
Кейбіреуі майда айтып,
Елжіретті, жылатты.
Қайсы бірі қайғы айтып,
Үміттің үйін құлатты.
Айтып-айтып келді де,
Бәрі Ынсапқа сынатты.
Ынсап өлшеп көрді де,
Былайша деп үн қатты:
— «Ел саңырау, надан ғой,
Естіле ме құр айғай,
Емделмеген адам ғой,
Ем бола ма құр ойбай.
Құлағы мен көзін аш,
Оқу оқыт, ғылым жай.
Насихатты сөйтіп шаш,
Соны жүрсін, біле алмай.
Газетке жаз, кітап жаз,
Бастыр, оқыт қазаққа,
Мақтағанға болып мәз,
Қала берме мазаққа.
Сусыз егін не шықсын,
Суғар, шыда азапқа.
Дәмін алып ел ұқсын,
Сонда ұмтылар тамаққа».
Осы сөзді дұрыс деп,
Жүрек соқты, құптады.
Түзу істі бұрыс деп,
Ол жасырып, тықпады.
Айқай салып бақырса,
Ойсыз құлақ ұқпады.
Қанша тұқым шашылса,
Жер жыртылмай шықпады.
Жұқпайды екен айтқан сөз
Ғылымы жоқ наданға.
Кеудесінде болса көз,
Жұғар сондай адамға.
Ондай адам қазақтан
Көп туса осы заманға, —
Босар еді-ау азаптан
Қазақ шығып самалға.
ШАРУА МЕН ЫСЫРАП
Қайтер еді, жігіттер,
Тым қымбатты кимесек.
Мақтан үшін борышты
Үсті-үстіне үймесек.
Қаладағы байлардың
Ыңғайына билесек.
Аяғында қайтеміз,
Банкрот боп күйресек.
Орта кисек ұрса ма,
Біз ешкімге тимесек.
Бұзақылық емес қой,
Құр нақақтан күймесек.
Елтірі мен теріні
Жақсы қылып илесек.
Әрі берік, әрі жылы,
Жыртылмайды сүйресек.
Керім-кербез кей жігіт
Жек көреді-ау бүй десек.
Боламыз ба жазалы,
Шаруаны сүй десек.
Әміркеннен мәсі-етік
Парыз болып шықты ма.
Аяғыңды зорлықпен
Біреу оған тықты ма?
Өңі жылтыр болмаса,
Опайкеден мықты ма?
Етігіңнен именіп,
Жауың, қорқып бұқты ма?
Бұл расходқа еріксіз
Бізді біреу сұқты ма?
Hayқac болып немесе,
Қазаққа да жұқты ма?
Киімі қымбат екен деп,
Ешкім сенен ықты ма?
Бұлды киім борыш боп,
Алқымыңнан сықты ма?
Орынсыз шашқан ысырап.
Абыройыңды жықты ма?
Ұрсыңқырып айттым-ау,
Ерегіспей ұқты ма?
Үш теңгелік сукнодан
Мәлескен берік емес пе?
Сыпайы пішіп, жөн тіксе,
Құба төбел демес пе?
Шайды азайтып сүт ішсек,
Жуытпай ма кеңеске?
Бал қоймай-ақ, май қойсақ,
Келген қонақ жемес пе?
Мұнша неге құмармыз
Түбі пайда емеске?
Шалқи бермей шамалан,
Шаруа кетті келмеске.
Күміс тұрман тағынып,
«Мен қалаймын?» деп еспе!
Бәрі мақтан, бәрі борыш
Рас сөзге егеспе.
Не деген мал шыдайды
Бұл киюмен, бұл жеске?
Өкінерсің, көрерсің,
Не таңертең, не кешке.
Түлкі тымақ, сырты пай,
Мойында бар ақ шарып.
Қымбат ішік, қыл шапан,
Папирос тарттым баптанып.
Бешбет, шалбар — сукнодан
Тігінші тіккен ақша алып.
Күміс баулы сағатым
Қойынымда жүр сақталып.
Резеңкеден калошым,
Аяғыма шақталып.
Ер-тұрманым жарқырап,
Күміс жапқан қақталып.
Қуанып өле жаздаймын,
Киіміме мақтанып.
Үйткенменен бәрі — борыш
Құтылам ба ақталып?
Пұл әпердім әркімге,
Ерте ойланбай сақтанып.
Бір күн осы кетеді-ау
Шек-қарнымды ақтарып.
Кел, арзандау киелік,
Кербездікті тұр қылмай.
Ойланар кез болды ғой,
Орынсызды құр қылмай.
Сабын алып онан да,
Үстімізді кір қылмай,
Тазалайық денені
Сыртымызды сыр қылмай.
Жалтырауық тағынып,
Қылтиғанды қыр қылмай.
Мазақтатып әркімге
Өзімізді жыр қылмай.
Пайдалыны бұл қазақ
Не себептен тұр қылмай?
Мақтан қуған елірме
Шаруаны жүр қылмай.
Бояу мақтан бола ма
Ішімізді нұр қылмай?
Өтеміз бе осымен
Жөнді жұмыс бір қылмай?
АНЫҚ ПЕН ТАНЫҚ
Ойлаңыз ақыл-білім қайда болмақ,
Денеде, қандай орын жайда болмақ?
Білу, нану ұнату — ақыл ісі,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын иіс, тіл дәмнен хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек.
Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөні келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қылайын деп ұнағанда,
Әділетті жүрегің бір қозғалмақ.
Бір билік сол жүректен шығарылмақ,
Денеге ол шымырлап эсер қылмақ.
Ойыңды дұрыс дей ме, теріс дей ме,
Сол арасын анықтап байқа бірақ.
«Жарайды» — деп, ұнаса, бас иземек,
Жек көрсе, жиіркеніп дірілдемек.
Жүрегіңнің тілі жоқ, ымбалы сол,
Ұғып ал да бола көр соған көмек.
Қазақта жоқ, ақылмен ой бекітпек,
Нәпсі ұнаса болғаны, бәрі бітпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға,
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.
Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлінше о-дағы сынға салмақ.
Аз ойланса қазақтың басы қатып,
Зиян істі пайда деп қойып қалмақ.
Ықтималдық есігі екеу болмақ,
Ішіне пайда, зиян... бәрі толмақ.
Нысананы сығалап дәлдеп атпай,
Көзін жұмып oқ атқан қайтіп оңбақ?
Іс қылады таптым деп біздің қазақ
Онан көрген пайдасы болады аз-ақ,.
Аяғында ол ісі зиян шығып,
Көрінгенге күлкімен болар мазақ.
Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ,
«Міне, пайда қылдым» — деп мақтан қылмақ.
Біреу білген айланы біреу біліп,
Өзі құрған дарына о да асылмақ.
Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзден тым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетіп,
Абыройың ашылар байқа, шырақ.
Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Біраз күнге көңілдің хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс, айлакестік, —
Мұның бәрі шайтанның досы болмақ.
«Құдай кешер Алла» — деп күнә қылмақ,
Ар кетіріп ант ішіп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақыретте
Oңа алмастай өкпеден бір атылмақ.
ЕР ҚОСПАҚ ПЕН СӨЗ СӨЙЛЕМЕК
Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек,
Қиыстырып жымпитып қойсам демек.
Атқа тыныш, адамға жайлы келіп,
Көзге сұлу, өзі оңды болса керек.
«Ол қалайша ұқсайды?» — деп ойлама,
Байқарсың сөзімді оқып, қылсаң шама.
Ер мен сөзді қаралық салыстырып,
Біреуіне-біреуі ұйқаса ма?
Кей ердің алды биік, арты аласа,
Оны көрсем қаламын таң-тамаша.
Алды қаңқақ, ерінін, арты жалпақ,
Атын жауыр қылады-ау, байқамаса.
Біреу сөйлер басында батыр шығып,
Жеп жіберер кісімсіп жерге тығып.
Ер жүректі еркекке жолыққанда,
Ыржаң қағып, жалынып кетеді ығып.
Кей ердің алды аласа, арты биік,
Мінбей жатып атыңды қылады иық.
Бас бітімі бәсеңдеу көрінсе де,
Адырайған артында болмас сиық.
Кейбіреу басқы сөзін тым майда айтар,
Аздан кейін сөзінен көңіл қайтар.
Қалжыңдасып отырып ыза болып,
Көзі аларып, күресін адырайтар.
Кез ер бар жанға жайлы, үсті жалпаң,
Жатып алар жалпайып, атқа салсаң.
Желдік салмай мінуге жарамайды,
Тегіс тиер оқпаны сонша талтаң.
Кейбір сөз аласалау, көзге сынық
Көрінер, байқамасаң, мөлдір, тұнық.
Желдік салып, сақтанбай, міне көрме,
Асты арам, үсті жатық, ол бір қылық.
Кей ер бар тар қосылған, тоқым қаппас,
Шаптай тартып қойсаң да атқа жатпас.
Ілгерінді-кейінді қоқаң қағып,
Ат арқасын ыспалап тыным таппас.
Мұны айтпай-ақ, білерсің өздерің де,
Ондайларды көріп жүр көздерің де.
Қақаң қаққан қолайсыз бір адам бар,
Байлау, матау болмайды сөздерінде.
Кей ерді сом қосылған дейміз тәуір,
Атқа жайлы болса да кісіге ауыр.
Бір желгізбей астыңа тақ-тақ етіп,
Мініп алсаң, қылады қоңды жауыр.
Кейбіреу тік айтуды қылады өнер,
Оның сөзі топастау, ащы келер.
Өршіл жігіт дегенге айтып салып,
Аузы-басы қан болып шыға берер.
Атқа тыныш, адамға және жайлы,
Алды-арты бірдей сұлу, көзге ыңғайлы.
Оғаш, оғат, оқыра, сызаты жоқ,
Ер қайда сыр-сымбаты түгел сайлы!
МАХАББАТ ПЕН ҚҰМАРЛЫҚ
Ашылған көз тұра ма бір зат көрмей,
Миға хабар бермей ме түсі өзгермей.
Әдейілеп көрейін демесең де,
Қарсы алдыңа қоя ма түк кез келмей?
Сол сықылды көңілдің көзі ашылса,
Көп ойланып, қиынға сермей-сермей.
Білер, айтар, оятар, жыбыр шытар,
Еркіңді алар, сөйлетер тыным бермей.
Ойдан маржан, меруерт төгілгенде,
Отыра алар кім шыдап оны термей.
Дағды қылсаң дап-дайын істің бәрі,
Адамзат тұра алмайды әдетке ермей.
Бал ашқан соң оп-оңай бақсы болмақ,
Ол қоя ма ғайыптан хабар бермей.
Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас,
Жылқы ұрлағыш батыр боп о да елермей.
Бір рюмкадан басталар маскүнемдік,
Наша үстіне нашаға өрлей-өрлей.
Ойласақ, соныі бәрі бір құмарлық
Қуа бермей қайтеді тепши-терлей.
Аздан кейін араны ашылады,
Қаза берсе таусылмас шыққан кендей.
Жердің жүзін қыларсың бір-ақ, уыс,
Бәрінен де өзіңнің кеудең кеңдей.
Шын құмар шымырлатпай қоймас сірә,
Әр жерге соқтықтырар аққан сеңдей.
Әрине, бір құмарсыз өмір қаран,
Ондай жанның тұра алмас оты сөнбей.
Сүйтсе де ифрат бар, тафрит бар*1,
Жарай ма соны айырып реттемей.
Не қылсаң қыл, адамға махаббат деп,
Мейлің сөк, мейлің үйрет, айла ізденбей
Ол сүюің шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзіңе-өзің сенбей.
Дүниеқұмар, залалкес бола қалсаң,
Өлімді ойла келерлік күні ертеңдей.
Маған сүйтсе қайтер ем деп ойлашы,
Адамның баласы ғой о да сендей.
Шырақ,тар, ен, құмарың осы болсын,
«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.
Құмарын, бір, ісің қоп болсын, жаным,
Көпке құмар, еріншек болма мендей.
«Молданың ісін қылма, айтқанын қыл»
Ерте сақтан әр іске әдеттенбей.
Қапы қалсаң, қайта оқып, тағы да ойла,
Деп жүрме: сөзің қалды ішіме енбей.
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар, —
Бұл үш құмар қоя ма мені көмбей?
Қайрат қайтса, амалсыз бәрі қайтар,
Қайран ой қартаяды~ау өзім өлмей.
Ермегім жоқ, өлімнен үмітім жоқ,
Қайтейін осындайға көңіл бөлмей.
ДҮНИЕ МЕН ӨМІР
Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады,
Байқап оқып отырсам, соның бәрі:
«Дүниені сұм, алдамшы» деп жазады.
Мен-дағы тіршілікке қадам бастым,
Рахат, бейнет, әр іске араластым.
Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,
Кейде асып, кейде құшып, кейде састым.
Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,
Таласы бар кімнің деп тапқаныма,
Қарсы жалдап, қайраңдап шыға бердім,
Көнбедім деп жалғанның қаққанына.
Қайғы көрсем: «дүниенің жалғандығы, —
Дедім — алдап, мінеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы.
«Мен де соққы жедім — деп — сұм дүниеден»
Кеп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен.
Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп тоқтай ма Алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк2 —
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,
Әлбетте, бұл — тағдырға наразылық
Түбі Аллаға қарсылық ондайға ерсе.
Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп, өзіңді амандатып?
Мұны үйреткен — білімсіз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.
Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп.
«Көрген қызық қылған іс — бәрі де ұмыт,
Иә, көлеңке, яки түс, у өмір» деп.
Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,
Білімділер сөзі деп ентеленіп.
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,
Пәленшекем айтты деп қалма сеніп.
Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терісті де дұрыс деп сендіретін
Шешендердің келеді тілі ыңғайлы.
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман.
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе,
Ол — болмай ма тағдырды жамандаған?
Дүние деген қызыққан ісің болса,
Қызықтырған кім сені оған онша?
Пайдасыз, баянсызын біле тұра,
Қуа бердің ойланбай неге сонша?
Өмір деген жастықтан қартаймақ па,
Бейнет, рахат, байлықпен мал таймақ па.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас,
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық — дүниені жамандатқан
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас.
Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
Дүние — алдамшы, өмір — қy деп елерме.
Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,
Бәрін құдай қылады дегенге ерме.
Қаза келсе, өзіңнен, ие біреуден,
Немесе бір нәрсенің себебінен.
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
«Өмір — қу, дүние — алдамшы» дегеніңмен?
Дүние алдамшы, өмір қy есерлерге,
Есерлікпен жолығар кеселдерге.
Ол екеуі мінді емес, мін өзіңде,
Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де.
МАҚТАУ МЕН СӨГІС
Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім — онда ісің жоқ.
Бәрібір сен де елірме дуанасың.
Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса, иә боқтаса,
Мақтау пайда, зиян ба жамандаған?
Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Әділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.
Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елін мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.
Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.
Кейде дос та жамандар жоқ, нәрсе үшін,
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар.
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.
Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойла-дағы.
Тауып айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласын, есі жоқтау.
МІНДЕУ МЕН КҮНДЕУ
Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер,
Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер.
Сынға салып талғамай талапты жас,
Соның бәрін қатесіз жөн деп білер.
Олай емес, ойласаң» талай мін бар,
Бұрын шын, қаталы шын, анық шын бар.
У берді ме сусын деп, су берді ме,
Көзін, жұм да жұта бер деген кім бар?
Біле тұра кім айтар қате сөзін,
Білімдіге есептер әркім өзін.
Тұрған жері, әдеті, туған елі
Адастырар, айтқызар байлап көзін.
Мал іздеп, мансап іздеп, сауық жиын,
Дүниенің көрмек үшін әрбір сыйын.
Адамзат алаңдықтан босамайды,
Сол себептен қатесіз сөйлеу қиын.
Менің де қоп жаралы жүрегім бар,
Надандықтан қираған сүйегім бар.
Күндемей, шын міндесең, разымын,
«Қайта, жастар сөйтсін» деп тілегім бар.
Кім айтса да сынамай қойма, жаным,
Ақылыңа сынатып ойла, жаным.
Пәленшекем айтқан сөз дұрыс қoй деп,
Жүректің таразысын жойма, жаным.
Тегіс тексер, сөз көрсең, сыр мен сынын,
Түзетуге именбе, тапсаң мінін.
Әдеп сақта жалғыз-ақ, қате айтты деп,
Былшылдапты дей көрме, білсең шынын.
Сынамасаң жақ,сының сөзін қорып,
Талабыңды жоғалтар іштен сорып.
«Сандалған түспе ізіме» деген Абай,
Жүрсіңдер осы сөзін қалай жорып?
«Талас, тап» деп айтатын Абай өзі,
Танамыз ба, жоқ қой, деп бүгін көзі?
Айтқанымды сынама деген емес,
«Күндеме де қарғама», — деген сөзі.
Мейлің соқ, мейлің мақта, оған не бар,
Бізден түк жоқ, өзінің иманы жар.
Қатесін тап, күндеме, жамандама,
Кейде жөн, кейде қате айтқан шығар.
Абай түгіл, ақылды көп жан өткен,
Түпсіз терең ғылымға көзі жеткен.
Солардың да бар сөзі бір жерде емес,
Кейі жөн, кейі қате айтып кеткен.
Алдыңғының соқпағын артқы түзер,
Ғылым деген нәрсе емес күдер үзер.
Мінін алып, міндіге мінсіз қосып,
Бұрынғыны жаңартып, жастар түзер.
Өңдіге тағы оң беріп қырған қалай,
Түзетілмей шаң басып тұрған қалай.
Түзеймін деп қаратып күншілдікпен,
Дұрыс істі теріске бұрған қалай?
Осыны ұқсаң — ұғарсың көп сөзімді,
Алдасам, алмай-ақ қой еп сөзімді.
Әнге салып алаңдап, ұқпай жүрме,
Әншейін бір өлең ғой деп сөзімді.
«ҚАЗАҚ АЙНАСЫ»
Өзіме
Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой,
Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,
Тозған мола сықылды сұм көрініп,
Өткен күнде қызыққан сауық пен той.
Қанын, қашып, жасаурап екі көзің,
Не болдым деп табалап өзіңді-өзің.
Өткен іс ойға түсіп ұялтады.
Қисынсызды қызық деп қуған кезің.
Және ойыңа келгенде алдынғы жақ,
Сұм жүрегің кетеді қозғалып-ақ.
Артың анау, алдың су, көз жетпейді,
Өтетұғын қамыңды ойланып бақ.
Неңді аяйсың отырсың кімді қимай,
Құтырдың ғой тәуір-ақ, жерге сыймай.
Салып-салып сандалып отырмысың,
Жоқ, өзіңе аз нәпсіңді ерте тыймай!
Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмаған көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды берін татып,
Жалғанды қимайтұғын жерің қайсы?
Дүние тұр қалыбында, сен өзгердің,
Бәрін көрдің түбіне көз жібердің.
Ешкімнен көретұғын дәнеме жоқ,
Өзіңді-өзің өлімге ұстап бердің.
Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің,
Түпсізді толтырам деп кетті күшің.
Ентелеген еңбектің бәрі жанбай,
Aқ өлімді шақырдың, сол шын досың.
Енді қайтып сен мықты бола алмассың,
Жас күндегі тұғырға қона алмассың.
Кейін баспай,ентелеп ілгері бас,
Құр айналсаң, еш жерде оңалмассың.
Соны ойла, өзге қызық істі ойлама,
Біреуге айла, біреуге күшті ойлама.
Кеткен қайта келмейді кейісең де,
Түнде көрген көлеңке — түсті ойлама.
Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,
Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.
Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды,
Енді қайтіп бұл елмен жарасамын.
Бір момынның ұстасам түзу ісін,
Жөндейін деп ғарыптың жөн жұмысын, —
Ақтан безген ары жоқ өңкей залым
Ырылдатып жабады ит пен құсын.
Көп төбетке жетеді қайдан күшің,
Құтқара алмай адалды қайнайды ішің.
Қабағыңды қаққанша қаc болады,
Жақыным деп болысып жүрген кісің.
Осы күнде арамның жолдасы мол,
Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол.
Мақтан, атақ, іздесең адамнан без,
Ардан күсіп, арамның біреуі бол.
Мұны қылсаң боласың сен де мықты,
Қайдағы қу, алдампаз төрге шықты.
Ел ішінде сенен қop жан бола ма,
Ұстаймын деп отырсаң адалдықты.
Елеуреген есірік елдің бәрі,
Өңкей батыр, жалақор жас пен кәрі.
Сені адам деп есіркеп кім ойлайды,
Құлап қалған қу молаң кімге дәрі...
БАЙ МЕН ҚОНАҚ
«Қазақтың көп жұмысы не?» —десеңіз,
Айтайын, жамандайды демесеңіз.
Көргеніңді сөйле деп айтқызып ап,
Қайта айналып етімді жемесеңіз.
Бұл елде басты жұмыс — ел қыдырмақ,
Бай ауылға түстеніп пайда қылмақ.
Онан өзге зияны тимей кетсе,
Сонымен-ақ, сыпайы кетсін бірақ.
Іздегені болмайды жалғыз тамақ,
Басқа да жұмысы бар байқамастық.
Келген кезде — бай менен қонақ тату,
Қайтарында болады қырын қабақ.
«Ассалаумағалайкум», —кіріп келді,
«Уағалайкүмассалам», — орын берді.
Көрпе салды, «жоғары шығыңыз», — деп,
Төрге барып сый қонақ, отырды енді.
— Мал-жаныңыз аман ба, бала-шаға?
— Шүкір, жүрміз сыйынып бір Аллаға.
— Қымыз сапыр, қонаққа мал әкеп сой,
Шай қайната беріңдер отты жаға.
— Естіп-білген сөз бар ма жақсы-жаман?
— Жат хабар жоқ, ел тыныш, халқың аман.
Бір көріп қайтайын деп жүзіңізді,
Амандаса келіп ем сізге таман.
«Семіз бе сіздің елдің малы?» — дейді,
«Тым аса семірген жоқ әлі», —дейді.
«Жолығып, жолда аралап бай қап едік,
Жылқыңыз семіз екен, бәлі», — дейді
Бұл қазақ, әңгімеге сондай олақ,
Тауып айтқан бар сөзі болды сол-ақ.
Тамақ, тойып алған соң жұмыс бітті,
Ал енді аттанарға келді қонақ.
— Аз жұмысым бар еді сізде, — дейді,
Бір азырақ, ақша бер бізге, — дейді.
Тірі болсам, кісіңіз екі келмес,
Зарықтырар деп күдер үзбе, — дейді.
— Осы кезде ақша жоқ қолда, — дейді,
Бермеді-ау деп тіпті алаң болма, — дейді.
Бар күніңде кім болса сол алады,
Сізден аяп тұрғаным сол ма, — дейді.
— Ол жоқ, болса, бір аттың берші майын,
Дұспаныма мақтанып, жаз жайлайын.
Екеуінің біреуін бермесеңіз,
Қасарысқан бір жолық, мен не айтайын?!
— Семіз атым жоқ еді биыл, — дейді,
Ақша да жоқ қолыңда тиын, — дейді.
— Аямаймын, орайы келмей отыр,
Қатты батып отырсың қиын, — дейді.
Бермеген соң сол қонақ өкпеледі,
Елемеді мені деп кектенеді.
Не ақша, не ат майын бермеді деп,
Әлгі байды талай жан жек көреді.
Берсең етті біреуін бос жібермей,
Өкпелеттің қонақты бірін бермей.
Мал сойғаның, күткенің бәрі зая,
Қане қалшы сонан бір зиян көрмей.
Байда жазық немене, малын сойды,
Қымыз ішті, шай менен етке тойды.
Қонағыңыз тым арсыз болды білем,
Бай бермесе, өз малын бермей қойды.
Зиян тартпай қалмайды осыдан бай,
Болмаған соң қонақтың көңілі жай.
Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп,
Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай!
ҚАЙТҚАН ШАЛ
Күнде керуен келеді бір сарайға,
Неше бөлек үйі бар әрбір жайда.
Сансыз көп саудагерлер келіп жатыр,
Біреу жылда қайтады, біреу айда.
Нені іздесең бәрі бар сол сарайда,
Кейі залал үйткенмен, кейі пайда.
Сан керуен қылады сауда саттық,
Не боларын көбі тұр байқамай да.
Біреу алтын алып жүр, біреу құрыш,
Біреу асыл алады, біреу мырыш.
Жақсы қымбат, жаманның бағасы арзан,
Әркімнің өз сүйгені болар дұрыс.
Біреу қайтты бітіріп жылдам жұмыс,
Біреу жүр бір тиынға салып ұрыс.
Кейбіреу жүр асыл деп арамды алып,
Өз қылғанын демейді ешкім бұрыс.
Кейбіреу қайтам деген ойында жоқ,
Бір жапырақ азығы бойында жоқ.
Тапқанын тамағына саламын деп,
Жалғыз тиын ақшасы қойнында жоқ,.
Кейбіреу мақтан үшін шашқан барын,
Таң-тамаша қылмақ боп жолдастарын.
Елге қайтар болғанда есін жиып,
Сонда білмей сандалды не қыларын.
Мен де жүрдім ел жүрген, сол сарайда,
Тамағым тоқ, қайғы жоқ, төсек майда.
Аздан кейін азайды жолдас сиреп,
Кетіп жатыр, білмеймін, әлдеқайда.
Мен қызыққа айналдым үйді ойламай,
Тұрған сайын құмар боп мейірім қанбай.
Жолдасымды іздемек болдым бір күн,
Жалғыз қалсам болам деп әлде қандай.
Қарап жүрмін әр жерден желе шауып,
Жол алыс деп серіксіз қылдым қауіп.
Араласам, бәрі де жат керуен,
Ала алмадым жолдастың бірін тауып.
Көргенімнің бәрі де бөтен қазақ,
«Біздің керуен қайда?» деп салдым азап.
Жолдасымның бәрі де қайтып кетті,
«Неғып кеп жүр бұл шал?» деп етті мазақ.
Бұл сөзді естігенде жаман састым,
Көңілімді тәуекел деп азар бастым.
Уақыт болып қалғанын байқаған соң,
Сарайда қалғандарға амандастым.
Мен — бір қонақ, кеттім ғой біраз қонып,
Қайтатұғын қалыпты мезгіл болып.
Осы қонақ, қалай деп сынға алмаңыз,
Тәуір деп-ақ айта сал оймен жорып.
Жақсы десең, қонақтың ол бір бағы,
Өлсе де риза болады аруағы.
Бір кеткен соң, залалым тие қоймас,
Қонған кезде неғылсам қылдым-дағы.
Ол кездегі ағатты кешсең, мырза,
Қонақ түгіл болады құдай ырза.
Өткен күнгі ісімді қумасаңыз,
Мазаңды ала бермеспін жылда-жылда.
Тәуір қонақ дегенің, — берген сыйың,
Мал сұраман мен сізден жалғыз тиын.
Жаман айтпай жақсы жоқ, сау болыңыз,
Енді айналып көрмегім болар қиын,
«Қош-аман, сау бол» деген сөз жаман ба,
Амандасып қоялық бас аманда.
Мұнан кетсем, баратын жерім қашық
Құдай қocca, көрерміз бір заманда.
Мен келгелі талай күн сіздікіне,
Сіз де бір күн барарсыз біздікіне.
«Жолың болсын, қонағым» — деп қалыңыз,
Жолығамын жолда әлдекімге...
Әлім келсе, қонбаймын үйге жетпей,
Тура апарсын құдайым тентіретпей.
Енді болды еліме қайтар кезім,
Жүруші едім сіздерді қиып кетпей.
Мен келгелі қоп болды, бұ да жетер,
Жата берсе қонақтан қадір кетер.
Қайтқаныңыз жарайды қаңғи бермей,
Acқа тоймас антұрған болмай бекер.
Ас аяды демеймін сізді менен,
Кем қылмай ақ сыйладың ештемеден.
Шыққан жерім, шын үйім ойға түсіп,
Мезгіл толып қалған соң қайтамын мен.
Қонған шығар бұрын да талай қонақ,
Бәріне де жетеді асың мол-ақ.
Кейін тағы келетін керуен бар,
Жер босаттым, бұл үйге кірсін сол-ақ.
Кейінгіге сәлем айт біз байғұстан,
Бұл сарайда көп екен бізге дұспан.
Қызықтырып, қыздырып алдайды екен,
Біреуі іштен болады, бірі тыстан.
Ерте ойлансын, ескеріп азық алсын,
Не сатты, не жинады, жазып алсын.
Біз байқамай асыл деп арамды алдық
Есі дұрыс кісілер неғып алсын.
Тегінде алдатады ескермесе,
Сырты асыл, іші қандай, тексермесе.
Аларыңда бәрі алтын, жарқырап тұр,
Түбінде пайдасы не деп көрмесе.
Ұтқызған боп алады өзіңді ұтып,
Байқамайсың қойғанын бітеу жұтып.
Қыздырып қызығына алдандырса,
Кетесің, біржолата үйді ұмытып.
Мал да бар лапкесінде, мақтан да бар,
Көзіңше мақтап алып жатқан да бар,
Көңілдің жұбанышы — көп ойын бар,
Ұстайтын дұспаныңды қақпан да бар.
Кейде тегін береді, кейде бұлдап,
Мінезі жел қайықтай тұр бұлтылдап.
Бұ күнде жүз түрленіп, мың құбылып,
Көзіңді қызықтырар тым жылпылдап.
Жар да көп жалаңдаған жан құмары,
Жақындасаң әпкетер онан да әрі.
Жаду көзбен сиқырлап жаныңды алып,
Ішіңді елжіретіп тұрғандары.
Алдап алып артынан ергізеді,
Адал деп арам боқты тергізеді.
«Бұл — қызық, міне пайда, әне айла» — деп,
Жаның түгіл арыңды бергізеді.
Тұруға уақытым жоқ, сөзді ұзартып,
Барамын асығыспен елге қайтып.
Сусын деп у беретін сұм сарайдың,
Кетейін кейінгіге сырын айтып.
Көп жүрдім, енді мұнан не көремін,
Жолдас кетті, несіне бөгелемін.
Қош-аман бол, жігіттер, дұғада бол,
Елге қарай ентелеп жөнелемін.
Айрылып серігімнен қалдым нағып,
Мұңымды ұқтырайын кімге шағып.
«А, құдай, өзің оңда» — дедім-дағы,
Жөнелдім жапа-жалғыз бүкең қағып.
Жігіттер, жалған емес, мұным анық,
Бұрыннан осы сарай елге қанық.
Қайта келмес қақпадан әрі өткізіп,
Шығарып салып мені қайтар халық.
ПІСКЕН МЕН ШИКІ
Бай мен жарлы баласы аңға шықты,
Ж алан қағып жарап тұр аты мықты.
Жортып жүрген түлкіні көрді-дағы,
Қуып барып еріксіз інге тықты.
Екеуі келді шауып атты қыстап,
Түлкіні аламыз деп отпен ыстап.
«Шылбырынан арқандап атты отқа қой,
Тойып қалсын болғанша біз жұмыстап».
Жазым болар десе де болмайды бір,
Жарлы байғұс, қайтсын-ай, ұнамай жүр.
Байы айтқан соң амалсыз арқандады,
Анда-санда бір үзіп еліктеп тұр.
От жағып, ыстап еді түтін салып,
Екі ат үркіп жөнелді үзіп алып.
Түлкі құрсын, айрылып көлігінен,
Сандалды екі бала жаяу қалын.
Бәйбатшасы жүгірді тұра сала,
«Тоқта — деді мырзаға атшы бала, —
Аттан да, түлкіден де айрылмалық,
Мен ұстайын, сен түлкіні ыстап қара».
Ақырын келіп еді лықылықтап,
Құйрығын тігіп алды шиыршықтап.
Желіккен ат желге ермей тоқтасын ба,
Ойын салып ұстатпай кетті зыптап.
Қайта келсе, бай отты жаға алмай тұр,
Отыны жоқ бір шоқты үреді құр.
Отын салып, жарлы ыстап түлкіні алды:
«Енді не бар аяңдап, ауылға жүр».
Екеуі елге қарай жүрді ентелеп,
Мырзасы жүре алмайды уайым жеп.
Қыл шылбырдың үзігін алды жарлы,
Бір нәрсеге керегі болар-ау деп.
Бәйбатшаға жаяулық жаман батты,
Аяғы ісіп, жүре алмай сұлап жатты.
Мұндай істің талайын көрген жарлы,
Тастасын ба мырзасын, арқалапты.
«Мен бұрын жаяулықты көрмедім, — деп,
Бүйтіп жан қинағанша өлмедім, — деп.
Бәйбатша арыздасты жолдасына —
Әлім кетіп, тым қатты шөлдедім», — деп.
Жолдасы су іздейді зыр жүгіріп,
Беліне екі етегін алды түріп.
Құдық шығар деді де жетіп келді,
Үйілген бір арада топырақ, көріп.
Су шыққан құдық екен шыңыраудан,
Кіші емес топырағы төмпеш таудан.
Етікке белбеуменен шылбыр жалғап,
Су алды айламенен әлдеқайдан.
Ішкізді етікпен су мырзасына,
Мырзасы риза болды сырласына.
Көрдің бе, піскен адам не қылып жүр,
Шикінің, не күн туды бір басына.
Сусын қанып алған соң, желдей есіп,
Екеуі тағы жүрді құдай десіп.
Ентігіп екіндіде жетіп келсе,
Кетіпті көрген жерден ауыл көшіп.
Ымырт боп, қас қарайып, күн де батты,
Бір жерге шаршаған coң келіп жатты.
Қарным ашты деп жылап мырза жатыр,
Азар-мазар дегенде таң-дағы атты.
Екеуі және жүрді зыр жүгіріп,
Кез болды бір өзенге талай жүріп.
Жарлы бала өзеннен балық алды,
Таспаны бау, инені қармақ, қылып.
От жақты. Балық пісті. Тойып алды.
Бәйбатша қуанғаннан әнге салды.
«Сынық ине, сыдырым таспа» деген,
Мирас боп кейінгіге сонан қалды.
Ел тапты ертең түсте сұрлеуменен,
Еріншектік бітеді жүрмеуменен.
Дүниенің ащы-тұщы дәмін татпай,
Не болдың еш нәрсені білмеуменен?
Бай жылады көре алмай елдің шаңын,
Кедей тінтіп қаран жүр жұрттың маңын.
Сонша қаран тапқаны сынық ине,
Және біраз таспаның сыдырғанын.
Тастамай алды бала, о да керек,
Қарады көш сұрлеуін енді ертерек.
Соқпақтан көштің ізін тауып алып,
Жүгіріп күн батқанша қақты дедек.
Не қылды, байқадың ба, піскен адам?
Қор болар үйде отырып өскен адам.
Қиялап қиын жерде сол озады,
Көп жол көріп, басына іс түскен адам.
БАЙ МЕН КЕДЕЙ
Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың,
Ел билеп, топ бастаған көсем болдың.
Сен қылмаған өнер жоқ, бола қой сын,
Бір адам қандай болсын десең, болдың.
Немене, қop да болдың, кем де болдың,
Малсыз кедей кімменен тең де болдың?
Екеуінің бірін ал өзің таңдап,
Түбінде мен не болдым, сен не болдың?
Байлықты алып, мұратқа өзің жеттің,
Кемдікті маған беріп тентіреттің.
Қымыз ішсең, көже ішіп мен де жүрмін,
Бәрі бір, бай болғанмен қайтып өттің?
Сүйткенмен мен де өлемін, сен де өлесің,
Қаза келсе — қалмайсың, жөнелесің.
Тәңірі алдында, білмеймін, кім озады,
Өлгенде малың жалдап не көресің?
Енді маған дейсің ғой көрдің бейнет,
Сен-ақ, тіпті, кейімей сөзіңе жет.
Өз көзіңнен басқанын бәрі жауың,
Қане, сонан қайғысыз құтылып кет!
Біреу зорлап алады, біреу алдап,
Ұры-залым... бәрі тұр жыланша арбап,
Жаның толған жалмауыз жалаңдаған,
Тілі шыққан бала да сені қармап.
Мал бағусыз, малшыға сөзің батпай,
Қысы-жазы тынымсыз үйде жатпай,
«Қарағым, ана малды қайыршы?» деп,
Қане, сен де жүрмісің көзің сатпай.
Мен бақ пай ым малыңды ақы бермей,
Және өзіме ақырма қарсы келмей.
Көңілім сүйсе ұйықтаймын, не жатамын,
Енді өзгеге бақтыршы маған сенбей.
Мен сықылды әкелсең тағы біреу,
Өз көзіңе қоймайды о да тіреу.
Аяғында өзіңе келген жоқ, па
Мал бағып, күл шығарып, боқтық күреу.
Байлық жақсы екені елге мәлім,
Өзің істеп әдет қыл, келсе халің.
Қолың білсе, біреуге жалынбайсың,
Шыдамды бол, еріншек болма, жаным.
Анық байлық — денеге біткен өнер,
Білімдінің бәрі де соған тонер.
Арам жиып мақтанған дәулет емес,
Алдымызда бір күн бар есеп берер.
ҚУЛАР
Жігіттер, қop да емеспін, кедей де емен,
Кемдік көрген жерім жоқ ештемеден.
Құдай жолын біле алмай, қу билеген
Елден басқа қайғым жоқ, мұныма сен.
Байқаңыз, бұл сөзімнің міні бар ма,
Күнде анттасқан бұл елдің діні бар ма?
Аузымен күс тістеген жақсыңыздың,
Қу мен сұмға жалынбай күні бар ма?
Қайсыңызға келсе де, орны төрде,
Бір семіз ат дайын қыл, тамақ бер де.
Құладындай қy болып жалтылдап бақ,
Сылтау қылып кетпесін қиын жерде.
Өңкей қулар, мықтының бәрін жайрат,
Тақымына бұрау сал, сырын сайрат.
Бар жақсымыз қулардың құлы болды,
Тепсе темір үзерлік, қайран, қайрат!..
Байлардың қy білмеген сыры қалмас,
Тамам қудың бірімен-бірі жалғас.
Араз болып жүрсе де пайдасы бір,
Орны дайын ол иттің, құры қалмас.
Талғамай жақынды ұрар, алысты ұрар,
Өңкей байды еліртіп жарыстырар.
Жолдасынан бұзылып бір қy шықса,
Оны бір қy жетелеп таныстырар.
Жауыңның жан жолдасы осы дейді,
Мұнан таса сыры жоқ досы дейді.
Не қылсаң, да көңілін орнықтырып,
Осыменен шын жақын болшы дейді.
Пірге қолын бергендей, мықты байғұс,
Ұмтыла көр, табылды жақсы жұмыс.
Жанын беріп жылпылдап, малын беріп,
Көңілі сеніп алған соң, ол — бір тыныс.
Күнде байқап жүреді қылғаныңды,
Аңдиды жатқаныңды, тұрғаныңды.
Әбден тойып алған соң бұлт береді,
«Көрдің бе енді — дейді де — ұрғанымды».
Ұрдым деп барар ескі жолдасына,
Алдап келді, кәдірлі болмасын ба.
Жалмауызды дос қылған жақсылардың,
Қолыңды әпкел, түбінде оңбасына.
Алдамаса, әйтеуір, жеп жүреді,
Жемей қашан ондай қу тек жүреді.
Аты арықтау, тамағы олқы болса,
Мен жауыңа кетемін деп жүреді.
Мұны естісе қылпылдар байдың к...
«Жаман еді-ау кәпірдің, — деп — ниеті, —
Семіз атын дайын қыл, ақшасын бер,
Тәуір, толық жасалсын шай мен еті».
Жайың осы. Өңкей сұм жалынғаның,
Лайық па соларға табынғаның?
Құдай берген малыңды қуға шашып,
Осынша есер болғаның не қылғаның?
Онан-дағы біріне бірің билет,
Билегенің түзу айт, адалға жет.
Мұны ұқпасаң оңалма, онан да әрмен,
Қулар түгіл ит жесін, түу, бәлекет!
ПАРТИЯ АДАМДАРЫ
Біздің қазақ әркімді қылар мазақ,
Деп жүрме екен өзімнің бойым таза-ақ
Осы жұрттың байқаңыз, беті қалай,
Қайда қаңғып барады осы қазақ?
Ауыз дәмін кіргізер дәмі бар ма,
Маған десе, бұл елдің бәрі бар ма?
Қалай кетіп барамыз деп ойлаған
Есті жас пен ескерген кәрі бар ма?
Қай қазақ, ойдан орып, қырдан қырды,
Білмейді деп жүр ме екен ішкі сырды.
Қазақтың қайратының түбі мәлім,
Алты бақан алауыз иттей үрді.
Бұл қазақ уәдеде қашан тұрды,
Алдауменен күн өтіп құдай ұрды.
Бірін-бірі құтырған итше қауып,
Өңкей төбет шуылдап ұлып жүрді.
Бетін байқап қарасаң бұл қазақтың,
Соқпағына түсті ғой дәл дозақтың.
Ақыл айтсаң, алады бір жерінен,
Белгісіз есі шыққан сандалақтың.
Күн сайын қағынады тыныш жүрмей,
Бір мезгіл тыныштықпен ғұмыр сүрмей.
Арамды арам демейді, құдайды бір,
Кім кіреді дозаққа бұлар кірмей?
Арамды адал десе, кім болады?
Қазақтың сөзі қашан шын болады?
Алдау үшін қаруы — құдай аты,
Япыр-ау, осы қайтіп дін болады?
Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.
Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың
Малы түгіл арының бәрін жейді.
Мықты байлар, бек жақсы осыны қыл,
Арды тастап, қy менен сұмға тығыл.
Ел зарлатып зорлықпен мал жиып ең,
«Арам жемтік— азығы иттің» деп біл.
Маған көнбе, қуға көн, солар жесін,
Тапқаныңды соған бер, тойдым десін.
Толтыра алмай түпсізге күнде құйып,
Таусылғанда береді неменесін?
Бермей қойсан, ана бай және дайын,
Араны ашық ол иттің, жұтқан сайын.
Арды білмей, арсызға құлдық ұрып,
Есін алып қойған бар бір құдайым.
Соңғы байдың төбеті бұлай болар,
Үйір қылып алған соң көңілі тынар.
Ырылдатып төбетті қайта жауып,
Өз қылғанын өзіне бұ да қылар.
Ар қайда, ақыл қайда, намыс қайда,
Өңкей итке жалындың, табыс қайда?
Ана байға ит кетсе — күнің қарап,
Онда қашып тығылар қамыс қайда?
Тек отырмай, атыңды алысқа айда,
Партия жағаласқан жарысқа айда.
Жердің жүзін жеңіп ал жанды салып,
Дос қайда, құда қайда, таныс қайда?..
Бәрін жи, бәрін шақыр, бәріне бер,
Қалмасын бірі өкпелеп, жалпылдай гөр.
Итше еркелеп қy менен сұмға жалын,
Сол отырсын, өзіңе тимейді төр.
Ант ішіп, алдамасқа жаныңды бер,
Жалаңаш, жалмауызға малыңды бер.
Жауды жеңіп аласың, жанды аяма,
Жүзін, түгіл, іркілмей саныңды бер.
Бермей елден айрылсаң құр қаласың,
Итті көп жи, ел саған жорғаласын.
Қу мен сұмды құдай қыл күнін, үшін,
«Әзір, құдай»— дегенді не қыласын?
Япыр-ау, бұл не деген наданшылық,
Осынша жайылар ма жаманшылық.
Есі шығып елерген бәрі де мас,
Ар қайда, ақыл қайда, адамшылық?
Қазақтың бәрі бірдей құтырған ба,
Іс қылмақ, артын ойлап ұмтылған ба?
Алланың кәрі тиіп адасты ма,
Кеткені мұнша кіріп шытырманға?
Адал десе тік тұрар төбе шашы,
Жиған малы бәрі арам, ішкен асы.
Қылып жүрген ісі анау, күші мынау,
Ағайынға ұқсайды қай арасы?
«Қайтелік, заман солай» деген болып,
Алдаумен бірін-бірі жеген болып,
«Менен емес, анадан» деп суылдап,
Тап-таза, бәрі бірдей деген болып...
Онымен мені алдай ма, кімді алдайды,
Жалған сөзін құлағым тіпті алмайды.
Тәңірінің таразысы тартылса әділ,
Азап көрмей айламен сау қалмайды.
Сен мұны айтқаныңмен не табасың,
Алса алады өз арын, өз бағасын.
«Елің қайда барады, көш жөнде» — деп,
Оятқаным дейсің ғой жұрт ағасын.
Өзің кімсің, біреуге сын тағасың,
Айтқаныңмен оларға қай жағасын.
Қайраттан да, қамдан да босатып ал,
Сонда тура шындыққа жол табасың.
Бұл елдің күн көргені — өтірік ант,
Қазаққа алдау деген болды ғой салт.
Не түзел, не бұзыл, ылажым жоқ,
Қақсап, зарлап, айтты да өтті ғой қарт.
ХАЙУАН МЕН АҚЫМАҚТАР
Табиғат неше түрлі жан жаратты,
Не үлкен, не кішкентай тән жаратты.
Керексіз, жансыз нәрсе жаратқан жоқ,
Есепсіз қанша мың мен сан жаратты.
Бұл сөзге біреу мәңгүрт, біреу нанды,
Ақылмен білген адам әбден қанды.
Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш...
Ғаламда не бар болса, бәрі жанды.
Өледі кейбіреуі қаза жетіп,
Кесесің, бүлдіресің бір нәрсе етіп.
О да өлі, бұ да өлі деп адыраймай,
Көзіңді байқап қара төмендетіп.
Қарасаң, көрінбей ме таста қына,
Оны кім сүйтіп қойды, ойла да ұна.
Шөп қypaca, тамыры қурамайды,
Сондайлармен дүниең бәрін сына.
Бірақ, жанның әлдісі, әлсізі бар,
Кейі дәнді кейінің дәнсізі бар.
Дәндісінде өсім бар, үлкеймек бар,
Оның да дәмдісі бар, дәмсізі бар.
Өсімді, ен, күшті жан адамда тұр,
Алдында жақсы да тұр, жаман да тұр.
Өзгенің бәрі — жалғыз адам үшін,
Жаралып орны-орнымен ғалам да тұр.
Несін сүй, несін сүйме, ерік өзіңде,
Нәпсің де, ақылың да тұр көзіңде.
Сынау үшін жаратқан бір иен, бар,
Тексерілмей қалмайсың бір кезіңде.
Хайуандар ақылы аздау, бізден төмен,
Айласы бірдей емес адамменен.
Шөп пен ағаш, суларды өлі дейміз,
Білімі, сезімі жоқ ештемеден.
Ал енді осы сөзді ұмытпай ақта,
Керекті бір іс келер артқы жақта.
Ақымақ, пен хайуанның қайсысы артық —
Білінер салыстырып байқасақ, та.
Таппай қалған хайуандық — жатқан өлі,
Осы болды тегінде сөздің жөні.
Кейінгі сөздерімнен байқап отыр,
Адамзат қыла ма екен тегі соны?
Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,
Арамдық, өтіріктен ерте сақтан.
Күні бұрын жуытпа маңайыңа —
Есер есірік, ынжықтық солар жақтан.
Еріншектің несі артық өліктен де,
Өзің сына оларды көріп кел де.
Байқарсың еріншектің төмендігін
Көп мініп шабан тартқан көліктен де.
Хайуаннан несі артық қудың-дағы,
Бір антұрған залалкес тудың-дағы.
Қораға үрмес бір төбет тышқан аңдып,
Адамдықты сонымен жудың-дағы.
Мақтаншақтың бұқадан артық жері —
Бұқа қойса, қоймайды біздің сері.
Жуан мойын, ала қоз, мүйізі алай,
Менен артық кім бар деп жүргендері.
Көрсеқызар маймылдан ілгері ме,
Түбін көрмей қызықпақ білгені ме?
Адам қайтсе, сүйтемін дейді маймыл,
Мен де маймыл болам деп жүргені ме?
Ызақорды байқалық енді мақтап,
Қабатұғын төбетпен бір салмақтап:
Кей төбеттен жеңіліп, кейде жеңіп,
Әбден көзі қызарсын арсалақтап.
Бет түзетіп сәндегіш әтеш болсын,
Қоқиып, қодырайып, ұшып-қонсын.
Іш түземей, сыланып сыртын түзеп,
Тауықтың айғыры бол, бейне солсың.
Жоғарғы мұтпа деген сөзім бар ғой,
Байқайсың ба, ақыл, ой көзің бар ғой?
Қылығына қapa да сөзімді ойла,
Бұларға бір жолығар кезің бар ғой.
СӘНҚОЙЛАР
Шедірейіп, шекиіп,
Қасын керіп кекиіп,
Қолдан пішін жасаған,
Біреу келер секиіп.
Шырт түкіріп, шынтақтап,
Жүз құбылып, қылтақтап.
Сұлуын-ай шіркіннің
Дегізбекші жұрт мақтап.
Мұнымен мақтау алмақ па? —
Шамалап өзін, салмақта.
Мұнша әдемі көрініп,
Көңілі қызға бармақ па?
Мен қыз емес, өзің қыз,
Осы күнде сындасыз.
Өз бетіңді өзің бұз,
Өйте алмаймыз, жаным, біз.
Бояған пішін бола ма,
Оны қылған оңа ма?
Ерте бастан айтқаным —
Сол пішінге жолама...
* * *
Бір салмойын сал келер,
Омырауы дал келер.
Бақайынан келмес-ақ
Өзінен басқа пенделер.
Құлағын киер тымақтың,
Мойны бостау шырақтың.
Mac кісідей талтақтар,
Осыны қайтіп ұнаттың?
Жүрсе, тұрса, бұлықсып,
Мұнысы тапқан қылықсып,
Өнер қылар, ат мінер,
Жығыла жаздап толықсып.
Осындай салғырт салымыз,
Көтеріп аттан алыңыз.
Аяғын жерге анықтап
Баса алмайды, наныңыз.
Өзіне-өзі өң берген,
Терісін түзеп жөнделген.
Осындай шебер елде көп,
Өз қылығын жөн көрген.
ЫЗАҚОРЛАР
Ашу келсе, тұрғызбас,
Артыңа мойын бұрғызбас.
Көрінеу отқа салады,
Орынды жұмыс қылғызбас.
Ыза керсе бойыңды.
Ойлатпайды ойыңды.
Басқызып алсаң, пайда жоқ,
Батпаннан ауыр шойынды.
Ашумен қылған іс емес,
Қайрат та емес, күш емес.
Ашуына билеткен,
Ақылы түзу кісі емес.
Пішінің кетер қуарып,
Аузың, ерінің ұзарып.
Тышатұғын баладай
Екі көзің қызарып.
Қабаған иттей арсылдап,
Дуанадай қалшылдап,
Ыза қылған кісінің,
Соңынан қалмай жалпылдап...
Осыдан пайда не шықты?
Mac күнінде нені ұқты?
Ақылға салып ойлашы,
Мұнымен болар кім мықты?
Буындырмай өзіңді,
Бұлтитпай-ақ көзіңді,
Ойланып айтсаң болмай ма
Керекті ғана сөзіңді?
Бойды ашуға билетпе,
Басынан жаман үйретпе.
Адырайып, аптығып,
Бір жеріңді күйретпе.
Билеп алсаң ашуды,
Пайдасыз істен қашуды, —
Сонда әдемі байқарсың
Аяқты қалай басуды.
Ашусыз адам болмайды,
Ескеру керек ондайды.
Қапы өткізбей қайырып,
Алмағандар оңбайды.
Еріншек, ашу, құмарлық —
Бұларды істен шығардық.
Жамандықтың басы осы,
Кісі болса ұғарлық...
ЕРІНШЕК
Еріншектен — салақтық
Салақтықтан — надандық...
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сөйтіп адамдық.
Еріншек таза жүре алмас,
Кірі-қоңын жуа алмас
Харекет жоқ, ғылым жоқ,
Өз бойынан ұялмас.
Жүрейін десең, тұрғызар,
Төсекке мойын бұрғызар.
Аналар да жүр ғой деп,
Біреуді мысал қылғызар.
Тұрайын десең, жатқызар,
Буынды сөйтіп қатқызар.
Орынды іске кіргізбей,
Не болса соны шатқызар.
«Мен емес пе сабырың,
Жаныңа тыныш тамырың,
Асықпа — деп алдайды, —
Қазулы ма — деп — қабырың?»
«Құдайдың — дейді — күні көп,
Асыққан істің міні көп.
Аз ғана рахат қылсаңшы,
Істерсің ертең мұны», — деп.
Осымен-ақ жүре сал,
Мына бір жерге-ақ кіре сал.
Бір жырымың үзілсе,
Қанжығаңмен іле сал.
Тарамыс қайда, біз қайда,
Асығыстан не пайда.
Тігіп ала қоярсың,
Біз табылған бір жайда.
Сонымен қалсаң алданып,
Ұмтылмасаң қамданын, —
Жалқаудың құлы болғаның,
Жатпақ үшін жалданып.
Шаруа да көп басыңда,
Көндіру керек жасыңда.
Қылайын десең харакет,
Еріншек отыр қасында.
Және айтады ақылды,
Қысып қояр тақымды:
«Тілімді алсаң, тек отыр,
Менің сөзім мақұл-ды.
Жас басыңнан аптықпа,
Кіре берме боқтыққа.
Өмір өзі-aқ береді,
Тағдырға қарсы соқтықпа.
Құлақ қойсаң сөзіме,
Пайда айтамын өзіңе.
Арқалатпа бейнетті
Қызық көрер кезіңе.
Бейнетке жаның шыдай ма,
Осы сөзім ұнай ма?
Пендесін аштан өлтірмес,
Қарсы болма құдайға».
Мұның сөзі ақыл деп,
Ақылы дұрыс мақұл деп
Қаракетсіз кеткенің
Жай іздеймін ақыр деп.
Бұл сөзді ұғып жас кетті
Ішіп алып мас кетті.
Бар керектен айырылып,
Еріншек деген қас кетті.
Еріншектің қақпаны
Көрінбей көзге жатқаны
Біреу оған ілінсе
Оны құдай атқаны.
Іс қалдырмас еселі,
Ең білімнің кеселі
Кірсе бойдан шығу жоқ
Күн сайын өсер бес елі.
Төбені сөйтіп теседі,
Орныққан сайын өседі.
Ғибадат жоқ, өнер жоқ,
Бәрінің жолын кеседі.
Даулассаң желдей еседі,
Өзі айтып, өзі шешеді.
Үйір болған кісілер,
Жан тыныштық деседі.
Жан тыныштық бұл емес,
Жан дененің құлы емес.
Өзің байлап бересің,
Жан жұмысы ол емес.
ҚҰМАРЛЫҚ
Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар.
Бай баласын көп көрдім,
Кедейлікті жек көрдім.
Сауық көрсем құмар боп,
Мен де сөйтем деп көрдім.
Мылтық атты, құс салды,
Домбыра, гармонь қолға алды.
Ауыл кезіп, ән салды,
Көрген адам таң қалды.
Дойбы, қарта — бәрі бар,
Жүз құбылған әні бар.
Киім біткен қынаулы,
Таңырқарлық сәні бар.
Мен де осындай болам ба,
Бола алмасам оңам ба?
Бар малымды шашсам да,
Жетпей қойсам соған ба!
Арпалыстым, алыстым,
Жағаластым, жарыстым.
Дәл өзіндей болған соң,
Озамын деп қарыстым.
Жеттім, оздым. Жер білді,
Маңайдағы ел білді.
Бәрекелді батыр деп,
Қыз-бозбала сол күлді.
Мақтағанға бу ала,
Селкілдедім дуана.
Баяны жоқ пайдасыз
Бір сағымды қуала.
Әлі келем далақтап,
Қызыл тілім салақтап.
Менен озған кім бар деп,
Алдыңғы жаққа алақтап.
Қара көрсем, кетемін,
Жетуге талап етемін.
Пайдасында ісім жоқ,
Не де болса жетемін.
Заман өтті, жас өтті,
Қайрат, өнер бас кетті.
Абұйыр жоқ, сана жоқ,
Өз басыңа не жетті?
Естігенді ұға бер,
Ыдысың болса — тыға бер.
Пайдасыз болса құмарың,
Сілкініп тастап шыға бер.
ЖАН МЕНЕН ДЕНЕ ҺӘМ КӨҢІЛ
Басында жан мен дене екі басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа.
Ал енді сипатталық көңілді біз,
Ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыңыз.
Жан мен дене — қосылған ерлі-қатын,
Екеуінен туады көңіліміз.
Табиғат бірде былай, бірде олай,
Кетері мәлім емес әлдеқалай.
Әкесі жан, шешесі дене болып,
Көңіліміз сол себептен екіталай.
Кейде жақсыны іздейміз, кейде жаман,
Көңіл неге қызықса — соған таман.
Дене жеңсе, түпсізге қызығамыз,
Жан билесе, жаманнан қалмақ аман.
Пәни дене бояуға-ақ мақтанады,
Жан төзбейді, сол үшін сақтанады.
Өлмес жанға өзгермес орын керек,
Сондай іске ұмтылсақ, шаттанады.
Жан құмары — істемек, біліп алмақ,
Бөгет бола береді дене, салмақ.
Асыл іздеп асылды аласұрар,
Амал бар ма денесіз қайда бармақ?
Жан талпынар талайды көрмек үшін,
Әр сырын дүниенің білмек үшін.
Дене байғұс салмақ боп баса берер,
Жаралған ғой түбінде өлмек үшін.
Балалар жас күнінде тым елгезек,
Әрнемеге жүгіріп қағар дедек.
Ол кезіңде жан күшті, дене нашар,
Осыдан-aқ сөзімді ұқсаң керек.
Көңіл әзір денені қуандырмақ,
Өзі де қызық көріп жүре тұрмақ.
Жан жұмысы жай ғой деп елемейді,
Кезі келген уақытта мойын бұрмақ.
Сүйте-сүйте денеге әбден тартып,
Мақтан күйлеп кетеді одан да артық.
Жан керегін ойлауға жалқауланып,
Ала алмайды өз бойын өзі қайтып?
Мақтан үшін жан қалса, ескерусіз,
Дұрыс-ақ қой дейсіз бе осынымыз?
Іздегенін таба алмай кетсе зарлап,
Жанның орны не болды, байқадыңыз.
Дене менен жан — анау, көңіл — мынау,
Қайсысына билеттің байғұсым-ау?
Ең түбінде — өзің кім, сенікі кім,
Досың қайсы, өзіне қайсысы жау?
Анық қара: жан — өзің, дене — киім,
Мақтан, бояу — денеге берген сыйың.
Жанға мұндай алдауың азық емес,
Оған пайда не қылдың жалғыз тиын?
Сауық-қызық көрем деп күнде жиын,
Жан құтқарып алуың болар қиын.
Түптіге ұмтыл, тұрақты істерді қыл,
Тәуекел деп өзіңе сөйтіп сыйын.
Біз семірттік денені азықпенен,
Байлап бердік жанды оған қазықпенен.
Ұйқы, тамақ күйлеген сорлы дене
Құтылар ма осындай жазықпенен.
Жалқау тірі болғанмен, өлгенге есеп,
Білімнің кеселі жоқ мұнан кесек.
Білімсіз, әрекетсіз еріншекті,
Күнәкер де болмаспыз, өлі десек.
Пайдасыз, құмарлық та, мақтан-дағы,
Ерте бойға жуытпа сақтан-дағы.
Үйір қылып алған соң құтылу жоқ,
Бейне түлкі боласың қақпандағы.
Ашу жеңсе, адамда ақыл қалмас,
Ой ойланып, орынды іс қыла алмас.
Болмай соған бойыңды тоқтатып ал,
Ыза менен мастықтың түбі жалғас.
Сыртын түзеп кейбіреу аласұрды,
Киіміне мақтанған бала сынды.
Ат болсын, киім болсын, мінез болсын,
Құба төбел істі қыл жарасымды.
Құба төбел дегенді ұқсаң, керек,
Орынсызды істеме, болсаң зерек.
Мүйізі бар кісідей едірейіп,
Өзге жаннан болмасын түрің бөлек.
ҚАЛЖЫҢШЫЛ ҚЫЛЖАҚПАС
Жайдары күлдіргіш, қалқам,
Ұятсыз, әдепсіз, салқам.
Күлгенім бір сенің, арқаң,
ЬІржақта,
қылжақта,
әйдә!
Мазақ қыл көрінген жанды,
Өнер қыл қылжақтағанды.
Сөзіңе құмарым қанды,
Жыртақта,
бұлғақта,
әйдә
Жолыққан кісіге соқтық,
Қалжыңға қосып айт боқтық.
Осы ғой сәулесі жоқтық,
Сен күлдің,
мен білдім,
әйдә!
Ішің — у, сыртыңды майла,
Есердің бәрін де жайла.
Күлкімен көздерін байла,
Сенделдің,
жөнделдің,
әйдә!
Сөзіңе күлгенді ұна,
Күлмесе жалынып сұра.
Сөйлесең аузыңды бұра,
Жедің боқ,
әбден coқ,
әйдә!
Бай өліп, баласы қалса,
Қасына сені ертіп алса.
Қылжақ пен күлкіге салса,
Тамақ тоқ,
қайғы жоқ,
әйдә!
Жағасың күлкімен жүріп,
Шығасың ішіне, кіріп.
Аласың аузынан жырып,
Бұлтылда,
жылпылда,
әйдә!
Маймыл бол есерге сондай,
Арсылда адамға болмай.
Ит болып өтесің оңбай,
Жарқылда,
тырқылда,
әйдә!
* * *
Сынатарсың өзіңді,
Менің түгім құрымас.
Өлген кісі сөзімді
Сынама деп сұрамас.
Сынасын деп жазғамын,
Сынама деп шатпаймын.
Қазақтың мінін қазғамын,
Айтқанымнан қайтпаймын.
Қазақ сыншы болса екен,
Болмасын деп айтпаймын.
Жетегіме ерсе екен,
Өлсем де тыныш жатпаймын.
Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты,
Өлсем де ойын бөлемін,
Сөзбен салып азапты.
Білімдінің сөзіндей,
Сөзім демен таза-ақ-ты.
Қазақ болса өзімдей,
Қыла алмайды мазақты.
Қазақтың жайы белгілі,
Өлеңі өңкей құрама,
Байқадың ғой ендігі,
Оны менен сұрама.
СӨЗ ЖАЗЫП, ӨЛЕҢ ӨЛШЕМЕК...
Сөз жазамын түнімен,
Бар ұйқымды қашырып.
Тығып қоймап мұны мен
Еш адамнан жасырып.
Мен кетермін, сөз қалар,
Ақ қағазға басылып.
Бозбалалар қолға алар,
Әр ауылға шашылып.
Оқырсың да қолға алып,
Сөздің мәнін табарсың.
Өз сөзіңе өң салып,
Дауды жөндей сабарсың.
Болмасам да қасыңда,
Алды-артымды қамарсың.
Миың бар ма басыңда,
Байқастамай шабарсың.
Білімді жұрттың ақыны
Біздің сөзді сынамас.
Жазушының жақыны —
Қазақ мұны ұнамас.
Ауылым қонды Нұраға,
Мінген атым сұр ала.
Керексіз сөзбен бұрала,
Қазақ сөйтпей тұра ма?
Сөзімді өлшеп қараңыз
Уәзінге дәл шыға ма?
Қазақ деген балаңыз,
Уәзінді де ұға ма?
Сөзді үнге дұрыстап,
Өлшеуменен сыға ма?
Сыймаса да сырықтап,
Зорлық қылып тыға ма
АЖАЛСЫЗ ӘСКЕР
Патшалар сансыз шығын қылады,
Дайындап соғыс үшін ғаскерін.
Аямай бірін-бірі қырады,
Ел алар оққа байлап жастарын.
Тұрақсыз шыр айналған дүние,
Жұтады бәрінің де бастарын.
Ел түгіл жерлеріне кім ие,
Айтпасаң моласының тастарын...
Шын патша мен емес пе уайымсыз,
Ғаскерім — өлеңім мен сөздерім.
Олардың патшалығы дайынсыз,
Көреді баянсызын көздерің.
Ойлаңыз, біздің ғаскер өле ме,
Қағазға бір басылып қалған соң.
Бұл мықты әскер емей немене,
Жайылып талай орын алған coң.
Қарумен қанша қатты ұрса да,
Сөзіме жанның әлі келмейді.
Бұл дүние шыр айналып тұрса да,
Ғаскерім қартаймайды, өлмейді.
Білесіз, бұл сөзіме өлім жоқ,
Тағы да жүрген жерін қырмайды.
Дүниенің рахатына сенім жоқ,
Ешбірі баянды боп тұрмайды.
Алмаймын патшалықты берсең де,
Қайтейін, өлім тартып алады.
Мен-дағы, ажал жетіп, өлсем де,
Ғаскерім ақ қағазда қалады.
Оқиды кейінгілер сөзімді,
Бірі ұнап, бірі сынап күледі.
Өзімнің көрмесе де көзімді,
Зарланып өткенімді біледі.
ТОЙЫМСЫЗ НӘПСІ, ТҰРАҚСЫЗ ДҮНИЕ
Өлімнің хақ екенін көрсең де,
Өлместей омыраулап, шатасың.
Дозақтың барын біліп жүрсең де,
Күнәға, әлің келсе, батасың.
Сауап көп ғибадатқа десең де,
Жалығып, жалқауланып жатасың.
Адалдың адал рызқын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың.
Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.
* * *
Қатындар жас баласын күтеді,
Аямай қолдан келген шамасын.
Емізбей, ұрып-соғып, түртеді,
Ержетіп есі кірген баласын.
Бұ дүние білімі бар адамды
Қайғылы бейнетпенен өткізер.
Қайдағы ақылы жоқ наданды
Ойлаған тілегіне жеткізер.
Қарасаң, дүниенің мінезі
Ұқсайды қатындардың ісіне.
Анық-ақ ұрғашы екен бұл өзі,
Тынышсыз, аңылы бар кісіге.
Рахымсыз, білімі жоқ ұрғашы
Біле ме білімдінің қадырын.
Демеймін дүние өтпей тұрсашы,
Мұнан да тыныш болар қабырым.
* * *
Шаранамен туып едің,
Без оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің?
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды, нетесің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?
* * *
Достыңыз зор,
дұспанын, қор,
Бар тілекке жетсеңіз.
Сансыз бақыт,
алтын тақыт,
Барша жаннан өтсеңіз.
Қалса уайым,
болса дайын,
Нені талап етсеңіз.
Бәрі қайда,
несі пайда,
Түк ала алмай кетсеңіз.
Дүние қу —
бір ағын су,
Түстік онда шөп болып,
Күнде ағамыз,
сандаламыз,
Бейнетіміз көп болып.
Кейде тасқа, кейде ағашқа
Соқтығамыз дөп келіп.
Суынан да,
уынан да
Құтылармыз жоқ болып.
Дүние ағып,
сусыл қағып,
Фәни көлге құйылар.
Бірі ерте,
бірі кешке
Шөп те келіп жиылар.
Көлге барып,
тыным алып,
Бәрі сонда жиылар.
Алды тыныс,
болды тыныш,
Су ағыны тыйылар.
СЕН ҒЫЛЫМҒА...
Сен ғылымға болсаң ынтық,
Бұл сөзімді әбден ұқ:
Білгеніңнің жақсысын қыл,
Білмегенді біле бер.
Білген ердің бол шәкірті,
Білмегенді қыл шәкірт.
Үйренуге қылма намыс,
Үйретуге болма кер.
Өнеріңді құр шірітпе,
Орнына анық жұмсамай.
Өкініші кетпес оның,
Өз ойыңда босқа өлер.
Қай ғылымды білсеңіз де,
Қазір оны елге жай.
Құр ішіңде кеткенінше,
Пайдалансын өзгелер.
Шын наданға білгеніңді
Ұқтырам деп ойлама.
Қанша бидай шашсаң-дағы,
Болмас егін тасты жер.
Тотыға тіл үйретілсе,
Сөзі — адам, өзі —құс.
Сол сықылды ол наданды
Ермек үшін сөйлетер.
Қара тасты қанға малсаң,
О да маржан бола ма?
Тесік ыдыс, су құйылса,
Өзі қалар, су кетер.
Шын залымға берме ғылым,
Ол алар да oқ қылар.
Қаруым дер, кісі атып жер,
Ол ғылымды айла етер.
Қарғысына сен қаларсың,
Елді алдап ол алар.
Ақылы жоқ, малы көптің
Бір таланын еңіретер.
Дүниені түзетуші,
һәм бұзушы — бір ғылым.
Әрі залым, әрі ғалым,
Ел түбіне сол жетер.
Шын надандар білмесе егер
Естілердің қадірін, —
Оған ұрсып, сөкпеңіздер,
Шын ғұзырлы пенде сол.
Неге десең, білсе надан,
Өзі надан бола ма.
Оқымаған бір балаға
Хат оқытсаң, жөн бе сол?
Әр адамның өз жұмысы,
Қылған ісі әр бөлек.
Ол наданның жұмысы жоқ,
Ғылымыңызбен еш заман.
Білмегенді үйреніп,
Білгенді қылса, есті сол.
Білмегенін білмеген,
Білгенді қылмай — сол жаман.
Сізге келсе кей надан
Үйренемін деп ғылым.
Үйретудің ақысы деп,
Бір тиынды алма одан.
Неге десең, сен білесің,
Алғаныңның не екенін.
Ол біле ме бергеніңнің,
Пайда екенін, иә зиян.
Шикі надан, ақылы жоқ
Жас баламен бір есеп.
Біле тұра алдап алмақ,
Естілердің жолы емес.
Ғылым үйретпек, ақы алмақ
Сауда есепті болса да.
Балалармен сауда қылмақ
Шариғатқа жөн емес.
Сізге надан қанша малын
Берсе, босқа алмаңыз.
Неге десең, ол өзіңдей
Ақылы бар кісі емес.
Пайда қылмай бір адамға,
Пайда қылма сен де онан.
Неге десең, «босқа аламын», —
Ол білімнің ісі емес.
Сен біреудің ғайыбын ашпа,
Түн сықылды перде тарт.
Күн сықылды аша берме,
Жер жүзінің әр сырын.
Кісі бағын деме бағым,
Өз денеңді нұрлы қыл.
Ай сықылды болма жарық,
Қарыз алып күн нұрын.
Күн сықылды көпке білдір,
Шықты ма күн, батты ма?
Ай сықылды айтып ұқтыр,
Жер жүзінің әр сырын.
Күн сықылды көпке білдір
Шықты ма күн, батты ма?
Ай сықылды айтып ұқтыр
Қанша ғұмыр өткенін.
Түн сықылды тым түнеріп,
Көзді тартып байлама.
Күндізі бол, байқасын жұрт
Келгені мен кеткенін.
Сусағанның сусыны бол,
Су сықылды сұп-суық.
Бірақ ондай болма салқын,
Ел көңілін қалдырып.
От сықылды жылы болсын,
Жүзіңіз бен сөзіңіз.
Бірақ ондай мархаматсыз,
Болма өртеп жандырып.
Жел сықылды желпі жұрттың,
Шаршағанын, талғанын.
Жықпа үйін, болма құйын,
Қылма жаман аманын.
Жер сықылды пайдалы бол,
Пайдалансын ел сенен.
Тасты жердей болма қатты,
Тілме жұрттың табанын.
Сен бұлттай бол көлеңке,
Мезгілімен бер жауын.
Сел ағызба, жай түсірме,
Бұзба елдің шаруасын.
Дариядай дап-дайын бол,
Пароходпен жүрсе де.
Болма толқын, ашпа құлқын
Жұтамын деп баршасын!
БОЯУЛЫ СУЫР
Бір суыр адасыпты оттап жүріп,
Кез болды бір ауылға көп қаңғырып.
Ит қуалап тыққан соң, иесіз үйге,
Бояу толы шелекке кетті кіріп.
Қараңғы түн болғанша сонда жатты,
Үсті-басы бояуға әбден батты,
Ит кеткен соң шелектен шықты-дағы,
Таңға жақын өз інін әзер тапты.
Біраз ұйқтап, оянды демін алып,
Байқады өз үстіне көзін салып.
Қараса, тамам жүні құбылып тұр,
Ойланды жөнін көріп қайран қалып,
Болады кейде жасыл, кейде сары,
Құлпырып, түрленіп түр жүннің бәрі.
Көрмеген өмірінде бір түрлі түс,
Суыр деп айтар емес жолдастары.
Бұл суыр түрін көріп, көп ойлады,
Бейшара түкті білмей неге ойлады.
«Құдайдың сүйген аңы мен екенмін,
Болдым ғой қасиетті» — деп ойлады.
Шақылдап шақырған соң дыбыс беріп
Көп суыр жиылады мұны көріп.
«Батыр-ау, қалай болып қалғансың?» — деп.
Таңырқап, таңқалады бәрі келіп.
— Бір құс бар Тауыс деген жүні асыл,
Беріпті құдай маған сондай нәсіл.
Болыппын бүгін түнде мен де Тауыс,
Аң бар ма бұ дүниеде менен асыл?
Тауыс деңдер мені енді, суыр демей,
Қорқыңдар рұхсатсыз шөп те жемей.
Жүнім асыл, сендерден түрім бөлек,
Немене мен суырдың патшасы емей!
Суырлар, шыны қорқып, жөн көреді,
Түрі жат, бұған қайтіп тең келеді?!
Ін түбінде бар екен кәрі суыр,
Аяңдап ең соңында сол келеді:
— Жаным-ау, маза бермей шақылдадың,
Мақтанып әр сөзіңді мақұлдадың.
Жүнің асыл болғанмен, өзің суыр,
Қалайша Тауыспын ден тақылдадың?
Тауыс деген сайрайды, ән салады,
Дауысын естіген жан таң қалады.
Қане, сен де сайрашы, Тауыс болсаң,
Әйтпесе бұл сөзіңе кім нанады?»
Сайраймын деп қарады шиқыл қағып,
Терге батып, көзінен сорасы ағып.
Келтіре алмай, сілесі әбден қатты,
Суыр әні ұқсасын құсқа нағып.
Кәрі суыр айтады: «Кел, қой, жаным,
Тауысқа ұқсамайды сенің әнің.
Ұшқан құс пен жердегі аң бір бола ма,
Қанатың жоқ екені елге мәлім».
Жетпей, сірә, қойман деп осы сертке,
Суыр байғұс ілінді мақтан дертке.
Мен де ұшам деп бір тасқа шығып алып,
Пәрменінше қарғыды арғы бетке.
Бояуына мақтанып босқа шатып,
Құс болып ұшамын деп құдай атып,
Арғы бетке жете алмай, жолға түсіп,
Ағын суға күмп етіп кетті батып.
Жігіттер, бұл суырды қылма мазақ
Осыдан естілерің болады аз-ақ.
Бояуды да бағым деп күн өткізіп,
Қол жетпеске ұмтылған көп қой қазақ.
ҚАНШЫР МЕН БӨДЕНЕ
Бір қаншырға айтыпты бөдене кеп: —
Сен үшін қатты уайым қыламын, — деп,
— Солаңдаған байғұсың ұшуға олақ,
Бір күні кетеді ғой тұрымтай жеп?
Қаншыр айтты: — қауіпім жоқ тұрымтайдан,
Шықпаймын қалың қамыс, қопа-сайдан.
Мен сендей жалтаң жерге оттамаймын,
Тығылған соң мені алып жейді қайдан?
Бөдене айтты: — Қамысың тыныс емес,
Босқа арықтап жүргенің дұрыс емес.
Айламен-aқ алғызбай кетіп жүрміз,
Тұрымтайың біздерге жұмыс емес.
Жүз құбылып, қуланып, жылпалақтап,
Таңырқатты қаншырды өзін мақтап:
«Тілімді алсаң, екеуміз дос болайық,
Маған ерсең, жүрейін жаудан сақтап».
Анқау сорлы бір қудан алды сабақ,
Бөденемен дос қылды құлқын тамақ.
Жау міндеті мойнында бөдененің,
Екеуі емін-еркін қырда оттамақ.
Қыраңға шығып алып оттап жүрді,
Бетегелі мырғайға әбден кірді.
Тегінде бөдененің айтқаны рас, —
Тарлауға жайылған соң шын семірді.
Бір қырға шығып еді оттай-оттай,
Бырқырап келе жатыр бір тұрымтай.
Бөдене көре салып бұға қойып,
Қаншырға хабар қылды «бұқ, деп, ойбай».
Жалма-жан бұға қалды қаншыр батыр,
Жер еді панасыздау шөпсіз тақыр.
Екеуі тырп етпестен жатса-дағы,
Тұрымтай тұпа-тура келе жатыр!
Бөдене әр айланы көп ойлады,
Бір түрлі сол арада еп ойлады.
«Тұрымтай соны көріп алып кетсін,
Қаншырды ұшырайын» — деп ойлады:
— Қойыпты бұл тұрымтай бізді көріп,
Мен қашсам, кетер едім бір бұлт беріп.
Сен ертерек қашпасаң құтылмайсың,
Бұл сені алып жейді тура келіп.
Мендей тарғыл емессің, барандаусың,
Қыбырлап, тыныш жатпай алаңдайсың.
Ерте ұшып бір қамысқа тығылып бақ
Бұл жерде жатып аман қала алмайсың.
Аңдамай алдауға еріп қаншыр ұшты,
Тұрымтай оны көріп тым құнысты.
Қанатының қаққаны көзге ілінбей,
Адым жерге жібермей қағып түсті.
Бөдене ұшып, жыпылдап кетті алысқа,
Дос болыңыз осындай алдамышқа.
Қасындағы қаншырды қанға бояп,
Өзі барып тығылды бір қамысқа.
Қамыста жатып алды қылмай қауіп,
Құтылды досын беріп, айла тауып.
Қонғанын бөдененің көрген біреу,
Жүгіртіп сол араға келді шауып.
Бөдене жатыр еді қыбыр етпей,
Қарап жүр шыр айналып, көзі жетпей
Ат басып бөденені жаншып кетті,
Жазасын о да тартты аман кетпей.
Жігіттер, осы сөзге құлағың сал,
Басыңда миың болса, мұны ұғып қал.
Алды-артын ойламаған аңқау менен
Алдампаз арам достан ғибрат ал.
АҚЫЛШЫ ТОРҒАЙ
Бір адам жүреді екен тұзақ құрып,
Бір торғай ұстап алды сүйтіп жүріп.
Балаларға сатайын деп ойлапты,
Торғайды жазып алып ұстап тұрып.
Сонда торғай сөйлепті адамдайын: —
Босатсаң, үйретемін байлық жайын.
Азар болса сатарсың үш тиынға,
Мен саған бір пайдалы сөз айтайын.
Бұрын-дағы саттың ғой талай құсты,
Қане, сонан қаншалық пайда түсті?
Тойма түгіл бүйірің шыққан да жоқ,
Харекет деп ойлама мұндай істі.
Айтайын үш ауыз сөз, ұғып алсаң,
Өз обалың өзіңе ұқпай қалсаң
Соны білсең, — есепсіз бай боласың,
Мал табуға айла сол, тілге нансаң.
Алғашқы сөзді айтамын қолда жүріп,
Онан кейін қораға қой қондырып.
Екіншісін сол жерде ұқтырайын,
Ең соңғысын айтамын талда отырып.
Тұзақшы қуаныпты осы сөзге,
«Келдім ғой — деп — бақ қонар жақсы кезге».
Аузынан босатпаққа уәде берді,
Алдаса, торғай көп деп мұнан өзге.
Торғай айтты: — Әрқашан аңдағайсың,
Орынсыз өтірікке нанбағайсың.
Ойланбай алдау сөзге сене көрме,
Тегінде шынның жолын қамдағайсың.
Бұл сөзге тұзақшының көңілі ұнады,
Торғайды бір дуалға қондырады: —
Алғашқы бұл сөзіңді әбден ұқтым,
Екінші сөзін қандай?— деп сұрады.
Торғай тұрып айтады тамға қонып: —
Өткен іске өкінбе ыза болып.
Кеткен қайтып келмейді кейігенмен,
Құр жүдейсің ішіңе қайғы толып.
Соны айтып ұшып-қонды биік талға —
Боламын неге тұтқын сендей шалға.
Бар еді он мысқалдай гауһар тасым,
Айрылдың соны ала алмай алдағанға.
Гауһарды саған бермей кеттім алдап,
Ұстауға қолың жетпес енді қармап.
Мұны алсаң әлем асқан бай болушы ең,
Ала алмай өкініште қалдың зарлап.
Торғайдың алдағанын сонда біліп,
Тұзақшы өкінеді қайғы қылып.
Құдай берген асылдан айрылдым деп,
Жылайды өз сақалын өзі жұлып.
Сонда торғай айтады: —Ей, надан, мас,
Тым ұғымсыз екенсің, ақымақ нас.
Үш мысқалдық денем жоқ кішкентаймын,
Қай жеріме сияды ол гауһар тас?
Әуелі қисынсызға нанба дедім,
Алдау сөзге бойыңды, салма дедім.
Екінші — өткен іске уайым жеп,
Емі жоқ бос қайғыға қалма дедім.
Орынсыз өтірікке сонша нандың,
Өткен іске өкініп қайғыландың.
Үшінші сөзді саған үйретпеймін,
Алдыңғы екі сөзді ұқпай қалдың.
Соны айтып торғай кетті аспанға ұшып,
Шал қалды дел-сал болып қайғы қысып.
Сол торғай үшіншіде не айтпақ еді,
Соны тап, есті болсаң, ойға түсіп?
ҚАСҚЫР, ТҮЛКІ, БӨДЕНЕ
Бір қy түлкі болыпты жұртты құртқан,
Тышқан аулап жейді екен ескі жұрттан.
Жем таба алмай бір жылы арықтапты,
Тышқан ауып кеткен соң, мұқыл сырттан.
Түлкінің тышқан жемей мәні болмас,
Кемірсе сүйек-саяқ қарны толмас.
Жемтік түссе жермін деп қалғанынан,
Қасқырға іздеп барып болды жолдас.
Қасқыр айтты: — Тоясың маған ерсең,
Болады малды көріп, шолып келсең.
Қарным тойса қалжыңдап ойнаушы едім,
Ойынға ыза болмай шыдай берсең.
Аш күнімде жатамын шабым жалап,
Ол кезде жақын келме жанасалап.
Тойғанда тұрпайылау мінезім бар,
Өкпе қылма ойынды шынға балап.
Көнді түлкі қасқырдың бұл сөзіне;
«Шыдаймын қалжыңдаған мінезіңе.
Өлтірмесең болады, ойнай-ақ бер,
Тамақ тапсаң болады күнде өзіме».
Түлкі көріп келеді малды шолып,
Қасқыр бір қой әкетті сүйреп алып.
Екеуі әбден тойып алғаннан соң,
Ойнайды ары-бері асыр салып.
Қасқыр тура жүгірсе көзі жайнап,
Түлкі еркелеп тұрады «ағатайлап».
Алып соғып үстіне ойнағанда,
Азар жаны қалады а, құдайлап.
Запы болып ұстатпай жүрсе жатып,
«Уәдені кеттің бе — дейді, — ұмытып?»
Тамақ үшін амалсыз қайта келсе,
Ойнайды бұрынғыдан қатты мытып.
Түлкі жатып ойлайды әрбір ойды,
Өсірмеді қасқыр деп біздің бойды.
Жегенімді желкемнен сығып алып,
Бергені де құрысын жемтік қойды.
Буындырып ойнайды, қиқылдатып,
Жегенімді құстырып, шиқылдатып.
Тұла бойым сірескен қара қотыр,
Тойғанымның үстіне тырқылдатып.
Осыдан құтылайын өлсем-дағы,
Аштықтан қандай азап көрсем-дағы.
Тәуекел, өз бетіммен күн көрейін,
Бадамшаның басын жеп жүрсем-дағы.
Ойлайды бір мұратқа жетейін деп,
Қасқырдан кегімді алып кетейін деп.
Осыны өз көзімше өлтірерлік
Бір хайла не қылсам да етейін деп.
Жер шола түлкі шықты дөңге шауып,
Жылқының бір жемтігін алды тауып.
Қараса қазған ұра, жер қақпан бар,
Қойыпты шөп-шарменен бетін жауып.
Түлкі қатты қуанды мұны көріп,
Қасқырды ертіп келді хабар беріп.
Семіз жылқы жемтігін көргеннен соң,
Ауызды көкжал батыр салды келіп.
Түлкі жүр жер қақпаннан айтпай қашып.
Арсалақтап аш бөрі жүрді сасып.
Қақпан жаққа қасқырды жіберді алдап,
Орға түсіп кетсін деп қапы басып.
Екеуі де тоюға қам қылысып,
Тұс-тұсынан жемтікті жүр жұлысып.
Шегінгенде ернеуін басып алып,
Көкжал ноян ұраға кетті түсіп.
Алаңғасар итіңді құдай атып,
Терең зындан түбіне кетті батып:
— Ойбай, түлкі, келе гөр, мен қалдым, — деп,
Айғай салып ұлыды орда жатып.
Түлкі келіп ұраны жағалады,
Мазақ қылып арсылдап, абалады:
— Мықтысың ғой, секіріп шығарсың, — деп,
Күлкіменен қасқырды табалады:
— Үстіме аунап ойнаушы ең тойған сайын,
Сендей арсыз ақымақтың орны дайын.
Осы қазған ұраның иесі кеп,
Көз алдымда сойғанын бір байқайын.
Қасқыр айтты: — Кеше, гөр, қылдым тәуба,
Кетемісің шын тастап мені жауға.
Айла тауып осыдан босатып ал,
Аузымнан ант берейін ойнамауға.
— Ойнамасақ омақап, онан да арман,
Ойын түгіл тіршілік сенен қалған.
Жон теріңді сойғанын көзім көрмей,
Осы ұраның басынан кете қалман.
— Табалама, шырағым, кеш жазамды,
Айтпасаң, да тарттым ғой мен сазамды.
Шығармасаң, құдықтың аузынан кет,
Ала бермей күйдіріп көп мазамды.
— Әлі бұйрық айтасың босқа шатып,
Өзің қазір өлгелі орда жатып.
Тіпті, көрмей кетпеймін, былшылдама,
Бас теріңді сойғанын ыржыңдатып.
Қасқырға түсті осындай ақыр заман,
Өлімнен де табасы батты жаман.
Аңдаусызда шоңқиып түлкі отырса,
Құйрығы салбырапты орға таман,
Жиналып алды қасқыр оны көріп,
Жабысты сол құйрықтан шапшып келіп.
Түлкіні ор түбіне ала түсті,
Құдайым қасқырға да кезек беріп.
Сонда қасқыр айтады: — Түлкі шырақ
Иманыңды айта ғой жылдамырақ.
Өзімнен сені бұрын өлтірейін,
Өлгенімді көре алмай кеттің бірақ.
Түлкі айтады: — Сөйледім қалжың қылып,
Жұмысты бітіріп ем сөйтіп жүріп.
Тістетіп сізді ордан шығаруға,
Әкеліп ем бір ұзын тал сындырып.
Байқамай орға түстің мені де алып,
Өлдік қой екеуміз де мұнда қалып.
Тым болмаса, мен болсам жағасында,
Шығарып алмас па едім талды салып.
Қатты кейіп айтады түлкі сөзін,
Қасқыр нанып тігеді екі көзін: —
Енді бар ма құдықтан шығар айла,
Тал таптым деп айтпадың бұрын өзің.
Түлкі айтады: — Айланың орны осы ара,
Сен өрмелеп созылып тұрып қара.
Төбеңе шығып алып секірейін,
Ернеуге шықпас па екем мен бейшара.
Онан соң сені алайын талды салып,
Шығарсың ұзын талдан тістеп алып.
Не де болса кешікпей тез істелік,
Қапы болар қақпаншы келіп қалып.
Бар әлінше созылып қасқыр тұрды,
Төбесіне өрмелеп түлкі жүрді.
Пәрменінше шегініп қарғығанда,
Ернеуге екі аяғы тура ілінді.
Айламен түлкі кетті шығып алып,
Артына қайрылмады қайта айналып.
Қаңқылдап қасқыр ұлып қала берді,
Мені шығар енді деп талды салып.
Түлкі сөйтіп кетіпті қасқырды алдап,
Көкжал қалды өз қолын өзі жалмап.
Тобылғының түбінен іздеп жүріп,
Бір бөдене ұстапты түлкі қармап.
Бөдене айтты: — Сен мені не деп жейсің,
Бір уыс жүн жегенді тамақ дейсің.
Ана жерде мен көрдім талай жемтік,
Ерінесің, дөң асып іздемейсің?
Түлкі айтады: — Мынаның қулығын көр,
Мені алдамақ сендерге бірталай жер.
Жалған айтып алдасаң, соны жеймін,
Ұядағы балаңды көрсетіп бер.
Бөдене көрсетіпті өз баласын,
Кепіл беріп босатып алды басын.
Мен бастайын, артымнан еріп отыр,
Қарық қылайын жемтікке, не қыласың.
Түлкіні алып жүрді сайды өрлетіп,
Бөдене бір бел асты бұрын кетіп.
Түлкі жортып кезеңге таянғанда,
Жалаң қаққан бір тазы келді жетіп.
Байғұсты кетті тазы қуып алып,
Ауызды әні салып, міні салып.
Жүйрік тазы адымын аштырсын ба,
Көк желкеден бас салды бір-ақ шалып.
Мықты қасқыр, айлакес түлкі қайда,
Алдампаз, рахымсыздық кімге пайда?
Аяғында түлкі де, қасқыр да өліп,
Бөдене аман қалыпты сол бір сайда.
ТАЛАП ПЕН АҚЫЛ
Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды,
Бабын таппай мінгенді қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал енді оған кісі қайтіп мінді?
Талап шапса ақылға мініп алып,
Жақсы, жаман бәріне бірдей салып,
Анық ақыл адымын аштырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.
Талап деген ындынмен ентелемек,
Ойға алып, қызыққанын қылсам демек
Ол ісі орайлы ма, орайсыз ба,
Ойланып оны ақылға салса керек.
Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Түбі — жүрек, болады мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға
Талаптың алты түрлі бар ноқтасы.
Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық -
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Алтауының ішінде ынсап әділ,
Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.
Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды.
Рахым жақсы көреді аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.
Ар демек — адамшылық, намыс деген,
Арық, кетпес жағыңа қарыс деген.
Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,
Сөз емес күншіл болып, алыс деген.
Намыс сол — өзің қорлан кемдігіңе,
Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе.
Алмай ас алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзің іздеп еңбегіңе.
Ұят сол — аулақта ұял көргендей-ақ
Ұрлаған малың шығып, бергендей-ақ.
Орынсызды істеуге өлгенше ұял,
«Ұят күшті өлімнен»—дегендей ақ.
Сабыр деген — әр іске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ізденеді,
Осыдан кеп шығады адамшылық.
Сақтық деген — әр қашан байқап жүрмек,
Пайда ма, не залал ма, ескерілмек.
Көргенін, естігенін есепке алса,
Сонда оған әрбір істі ойлап білмек.
Ойменен, талаппенен болды сегіз,
Айтылмай енді қалды неменеміз?
Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы
Шығады осылардан түгел деңіз.
Сабыр, салтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан!
* * *
Кәрілік — шал деген бір, ат қылғандай,
Айнадай ақылыңды тат қылғандай.
Жеңілді ауыр, алысты жақын қылып,
Бір туысқан жақынды жат қылғандай.
Бойдағы бар қуаттың бәрін алып,
Қайрат, өнер, талапқа қат қылғандай.
Ойым — у, өмірім — су, үмітім — бу,
Қалмады бір сүйеніш шат қылғандай.
Тоқтаусыз төмендетті күннен-күнге
Түрі жоқ аз ғана аял, дат қылғандай.
Шатыраш ойнап ұтылған сықылданып,
Байқаймын, кешікпей-ақ мат қылғандай.
Ойлай берсем қайғы емес оның бәрі,
Көп жасаған қоя ма болмай кәрі.
Өкініш сол — өмірді босқа өткіздім,
Өлсем ойдан кетер ме соның зәрі.
Білген адам баянсыз іс қылар ма,
Қолда болып тұрғанда ықтияры.
Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,
Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.
Қасиетін өмірдің білу керек,
Басында ми бар болса, бетінде ары.
«Өлермін, шал болармын» ойында жоқ,
Мал, мансап, сауық, тамақ сүйген жары.
Теңдік бар, тексеру бар деп ойламай,
Не зорлықшыл, не болар ұры-қары.
Төбесінен ұрғанын бір-ақ білер,
Арамдықпен шыға алар кім жоғары.
Кім жалғыз, бұл жалғанда — есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па,
Қазақтан табылды ма соның пары?
Өлеңімен жұбатты өзін-өзі
Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.
Сөзін ұғып, ақылын алмаған соң,
Патша қойса не керек қазақ шары.
Не қылса да шыдады, білдірмеді,
Сол десеңші сабырлы қазақ нары.
* * *
Ей, көп халық, көп халық,
Көп те болсаң, шөп халық.
Партияшылды құтыртпа
Мен сендікпін деп халық.
Оң-терісін байқамай,
Таза жолдан тайқымай,
Ылайлап тұнық шайқамай,
Тура жолмен кет, халық.
Таласты көрсең — басын айт,
Кемдігін көрсең — қосып айт.
Кекеп, мұқап қыздыр.ма,
Берекесін бұздырма.
Ызаның айт дегенін,
Желіктіріп сыздырма.
Адалдың әділ жолына
Ақырын басып жет, халық.
* * *
Мен қорқамын, қорқамын,
Қорыққанымнан жортамын.
Ашу менен ызаға,
Толы емеспін, ортамын.
Қыздырманың — қызыл тіл,
Қызған отқа салар ол.
Кек сақтағыш кекекшіл,
Аямай қауіп алар ол.
Білмесе де білгенге
Өзін-өзі балар ол.
Қаны қызып құтырып,
Ар-абыройы ұмытылып,
Ашуды қару жұтынып,
Артыңнан неге қалар ол.
Жақсыны қауып жаманың,
Қабылмай қалмас аманың.
Осы емес пе заманың,
Деме тентек талар ол.
Адалыңды арам деп,
Мен адалға барам деп,
Ит жейтұғын жемтікті
Жиіркенбей жалар ол.
Ызадан жетсе бұйрығың,
Тұтпа ашудың құйрығын.
Таза ақылды жүйрігім,
Осы сөзге нанар ол.
Жүйріктерім нанбаса,
Тура сөзді алмаса,
Қайғылы шалды қармаса,
Жөнін өзі табар ол.
Жан жүрегім, жаным жеп,
Жанған отқа саласың.
Анау сөйтті, бүйтті деп,
Күнде мазамды аласың.
Берекеге жи дейсің,
Тамам қазақ баласын.
Кек, ашудан тый дейсің,
Айыртып ақ пен қарасын.
Мен құдай ма, патса ма,
Ынсапсызға бастама.
Ауыртып ашып жаныштама,
Жанымның ескі жарасын.
Газет, журнал басылды,
Міне, оқы деп қуанттың.
Қазаққа ғылым шашылды
Ал қуан деп жұбаттың.
Бірін-бірі сөкті деп,
Табылған бақты тепті деп,
Өлді, жітті, кетті деп,
Тағы мені суалттың.
Бір өлтіріп, тірілтіп,
Әр бұтаққа ілінтіп,
Жел, сағымдай құбылтып,
Қай жаққа алып барасың?
Қой, жүрегім, қайғырма,
Қайғыны мүлде жай қылма.
Айрылғандар қосылар,
Бұл мінезден шошынар.
Тағдырдың құлы осылар,
Сен таппайсың шарасын.
Торайғыров естісе,
Мұны «қатын ойбай» дер.
Мұнымен елді жетілтсе,
«Ойбайды жүр қоймай» дер.
Аша алмассын, жылаумен
Арсылдақтың арасын.
ҚОДАРДЫҢ ӨЛІМІ
Ой қозғайды оңаша таудың басы,
Өткеннің ойға түсіп тамашасы.
Қолтығына қабағын түйіп қарап,
Әне тұр Қодар өлген құз-жартасы.
Тастан тайып өлген жоқ таудан құлап,
Оны өлтірген ағайын, қарындасы.
Ел бұзатын ерсі істі өршітпеске
Дарға асып, таспен, атқан өз ағасы.
Ол — Қодар, барымташы, елдің басы,
Жыртылмасын деп жүрген ел жағасы.
Ар сүймейтін бір істі қылғаннан соң,
Аямаған Олжайдың кәрі-жасы.
Ойласаң бұл істің көп мағынасы,
Не қылған есті жақсы, соны ойлашы.
«Алтынды ер aтқa тисе отқа жақ» деп,
Өз бауырыңды өлтірген ел данасы.
Не күндестік, немесе кек қуған жоқ
Ел бұзбауға ойлаған бұл — айласы.
Осы күнгі жақсының бірталайы —
Ұры, қары, қу, сұмның жан жолдасы.
Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау?
Бұл ұзамай құриды, сөздің расы.
Николайдың иісі осы елде тұр,
Оңдыра ма сәулесіз өңкей масы.
Арғы атамыз Олжайдан үш ұл болар,
Айдос, Қайдос, Жігітек, — міне, осылар.
Қайдостың бір баласы Борсақ деген,
Соның бір тұқымы еді батыр Қодар.
Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,
Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.
Жесір қалған келінін Қодар алып,
Қылмайтын істі қылған құдай құлы.
Жасырмай айта берсем, сөздің шыны —
Құдайға ерегісіп қылды мұны.
«Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,
Қане, ата ғой деп қылдым, — дейді, — осыны»
Осы сөз жайылыпты елге тарап,
Кемітіп мін қыларлық іске жарап.
Тобықтыны билейтін Құнекеңнің
Бетіне басты осыны төре Барақ.
Әділ деп ел мақтаған Құнанбайды,
Көзінше жан әдепсіз іс қылмайды.
Ұрлық, зорлық, зұлымдық... бәрін тыйып,
Арам деп атқызбаған насыбайды.
Ол кезде орыс онша кіріскен жоқ
Қазақтың еркі өзінің қолында боп.
Тамам жақсы жиылып «Құндыздыда»
Арғын, Найман бас қосып жасапты топ.
Құнекең Барақпенен жасы құрбы,
Қатты тату, қалжыңдап ойнап жүрді.
Насыбайын атам деп төре Барақ
Шақшасын тықылдатып үстелге ұрды.
Мұнысын Құнекемнің көзі шалды:
«Ей, төре, неге атасың?—деп-ақ салды, —
Әрі арам, әрі ысырап, бір былғаныш,
Бұл құрғырда қалайша сертің қалды?»
Мінекей, сондағы айтқан Барақ сөзі,
Ойнайтын оңаша емес, көптің көзі:
«Мұны көрсең, қойдым — деп — отқа салды,
Көрмейсің өз келінін алса да өзі».
Құнекең білмеуші еді Қодар жайын,
Ойланып аң-таң қалды қылмай пайым.
Аулақта сұрап еді, Барақ айтты:
«Мұны қылған жат емес, өз Олжайың».
Еліне келе сала сұрастырды,
Әркім-ақ айтып берді анық сырды.
Олжайдың, бас адамын жиып алып,
Осы Хан өзенінде кеңес құрды.
Қайдос, сірә, көп жүрмей жасында өткен,
Үлкен ұлы Бөкенші ерте ержеткен.
Сондықтан Қайдос аты аталмайды,
Ол тапты «Бөкенші» деп атап кеткен.
Сүйіндік — басшы адамы Бөкеншінің,
Қажы айтты: «Мына жұмыс бізге бір сын,
Ел бұзарлық іс қылды естілмеген,
Мұнысына не айтасыз ініңіздің?»
Сүйекең айтты сонда: «Ей, көп халық!
Мынау іс бола берер бетке салық.
Кейінгіге жұқтырмай кеселдерін,
Екеуінің көзін де жоғалталық».
«Семейге кеткеніне бес күн болды, —
Деді олар, — келетұғын мезгіл толды».
Соны айтып алдандырып отырғанда,
Асығып ат терлетіп біреу келді.
Қараса, керей жорға Жұмабай ол,
Құнекеңнің атшысы, айласы мол.
«Бес-ақ күнде әкелдім пәтуа, — дейді, —
Сүйіншімді аламын жұмысым сол.
Мен барған соң молдалар көп кеңесті,
Аяғында мәнісін әбден шешті.
Құрым үйіп, би үйін жеті айналса,
Оған неке қиюға мүмкін десті.
Бізге қисық болса да істің басы,
Дұрыс көрді Семейдің ғұламасы.
Бетімізге енді ешкім баспайды деп
Қуанып жүр Олжайдың кәрі-жасы.
Тез әкел деп қуанды Құнанбай да,
Деп отыр шариғатшыл Барақ қайда?» —
Үйретінді сөзді айтып тамылжытты,
Айлакештің керегі осындайда.
Өтірік шариғатты айтты жайлап,
Қуанып Қодар ер де оттай жайнап...
«Сүйіншім» деп қанжарын алдап алып,
Келген соң Қодакеңді алды байлап.
Сүйекең, Құнекеңе айтты сонда:
«Мұндайда не жаза бар тура жолда?
Қылайық, шариғаттың бұйырғанын,
Өзгеміз емеспіз ғой сіздей молда?»
Қажы айтты: «Бұлар сөйтіп қаза таппақ —
Жиылып осы қауым таспен атпақ.
Зинақордың жолы осы шариғатта,
Жаназасыз солайша шіріп жатпақ».
Екі ант к а жаны ашысын кім елжіреп,
Беттеріне түкірді бәрі де кеп.
Борсақтың басшы адамы батыр Қиял
Болмады «таспен атпай, дарға асам» деп.
«Екеуін өлтірмеймін құр қинамай,
Бейнетті көрсетемін бұған талай»
Екі атанға арыспен арқан артып,
Жүрді жиын Жылқыайдар шатқа қарай.
Анау жартасқа апарды елден таса,
Терең құз Хан өзенге құйған аша,
Қатын сонда Қиялға жалыныпты:
«Қодарды бір сүйгіз деп тым болмаса».
Ауызға «сөйлеме ит» деп қойып қалды,
Екеуінің мойнына арқан салды.
Арысқа артып атанды тұрғызғанда,
Жиырылып, бір созылып көп қиналды.
Жаны ашып кім қылады бұған жәрдем,
Қиналғаны ұнайды онан да әрмен.
Қу ағаштай сіресіп қалған кезде,
Өлді ғой деп босатып алды дардан.
Қатын өлді, ол бір қу сүйекке есеп,
Байқаса, ышқынады, Қодарға кеп.
Бір-екі жас құрбысы жүгіріпті,
«Бір кісіге екі өлім болмайды» деп.
Тайлақбай сол кезінде жастау бала,
Жақсыларға сөз айтты тұра сала:
«Құнекем мен Сүйеке, мынаны өлтір,
Бөбең болсын демесең шын масқара».
Қодардың есі кірді көзі жайнап,
Жалынды тұрған көпке ағатайлап.
Алып шығып жартастан домалатты,
Қол-аяғын артына мықтап байлап.
Барып ойға түскен соң таспен атты,
Көпке шейін тыпырлап тулап жатты.
Әбден өліп болған соң отын әкеп,
Екеуінің сүйегін отқа жақты.
МҰҢДЫ ШАЛ
Жасыңда араластың малтымаға,
Қызығып есер елдің салтына да!
Би, болыс, епті жігіт атанам деп,
Көп түстің ерегіскен талқыға да!
Кейде елді партияма көп жиям деп,
Әркімге аласардың жалпия да!
Кей-кейде дұспаныңа айбар қылып,
Сөйледің барыссынып қампия да.
Аздан соң ақыл кіріп, ой ойладың,
Жүрсең де сол былықпа партияда!
Үйткенмен жұлқынсаң да шыға алмадың,
Мықты боп түскен қақпан қапияда!!
Уа, дүние! Ғылым қуып жете алмадың,
Құр ойбай, көзден аққан қан тыя ма?
Тырбанғанда тырнақтай ғылым таптың,
Мұнымен кірлі көңіл шалқия ма?
Қан жұтқан қайран сенің сұм жүрегің
Тазарып толған айдай маңқия ма?
Тоярлық толық ғылым таппадым деп,
Қабағың қайғы басқан салпия ма?
«Ұл жоқ болса, қыз да игі» деген кәне,
Азсынба, әлі де шық сан қияға
Ғылымға қанағатсыз болу керек,
Бес түгіл разы болмай алтыға да.
Қара жерге кіргенше қамданып қал,
Шалмын деп жатып алма шалқия да.
Әкеңді алып, өзіңді көксау қылып,
Қаны аздық қалып тұр ғой артыңа да!
Балалар нашарлықтан оқи алмай,
Келмей тұр зор үміттің шартына да!
Бір кезде ұмтылып ең талпына да,
Патша өліп бақ ашылған балқымада.
Білем деген жастармен жолдас болдың,
Төңкеріс ұлы дүбір, шалқымада.
Енді қазақ ел болар деп қуанып,
Жүріп ең орнықпаған қалқымада!
Жолдастарың жазықсыз «байкот» беріп,
Кетті ғой бір қарамай артына да.
Дінің шатақ әдетің арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да
Ендігі жас ескі исің шығады деп,
Олар да келмей отыр қартыңа да!
Тамам жанға қылып ең не қиянат,
Бәрі мінімді айттың деп алқына ма?
Елдің мінін айтуға сайланып па ең,
Aңдaмaй айта бердің аңқия да!
Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма?
Ешкім баға бермейді нарқыңа да.
Сені көрсе бәрі де сырт береді,
Қарағысы келмейді қалпыңа да.
Бәрін ұмыт, балаларға тәлім үйрет,
Баулиды балапанын қаршыға да.
Ол түгіл өзгелерге білгеніңді айт,
Туысқан көзбен қара жалшыға да.
Ауыз сөз, насихатты неге аяйсың,
Ақ жүрекпен айтқанға мал шыға ма?
Кеңгірбай бидің зираты
Ғибрат
Ұмытылған (Шаһкәрім)
Елім-ай
Құлагер
Абай мен Шаһкәрім
* * *
Мен адамның таппаймын өнерлісін,
Ерінбей еңбек қылған көп жұмысын.
Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып,
Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін.
Аэроплан, телефон, граммофон,
Электр, радий мен магнит ісін.
Tepeң оймен тексермее надандарды
Дегізген: сайтанбысың,тәңірімбісің.
Осынша өнер тауып асқан адам,
Әлемнің қиын сырын ашқан адам.
Ол түгіл өмірге де айла табар,
Өлмей, жетер бірталай жасқа да адам.
Бірақ адам оз жанын танымайды,
Біледі бір өзінен басқаны адам.
Тіршілік — жоғалатын жан сипаты,
Жаным жоқ деп болады масқара адам.
Жалам емес, жазыпты пән деп мұны,
Не демес ойы жетпей сасқан адам.
Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын шашқан адам.
Жан жолдан қосылды деп, пән де, дін де,
Ақылды байлап қойған соған мүлде.
Ең басқы зат: жаны бар, ақылды зат,
Оны ойлаған адам жоқ осы күнде.
Бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді,
Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де.
Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,
Терең ойлап, сөзімді құлаққа іл де.
Жан — қожа, тән дегенін, — жанның құлы,
Нәпсі неге білмеген бұрын мұны?
Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма
Жоғарғы кереметті неше қилы?
Тән — терезе, қарайтын жан — иесі,
Жаннан шығар ақыл мен ойдың шыны.
«Жолдан шыққан жан жолда жоғалар» — деп,
Сандырақтап айтқанмен, жоқ дәлелі,
Дәлелсіз сөз — соққан жел, ұшқан тозаң,
Таза ақылдың алдыңда жоқ қой құны.
Мисыз, күншіл, бірезу, өзімшілдер
Аласұрсын, асқақтап, қозса жыны.
Соқыр білмес жарық пен қараңғыны,
Көңіл көзі сынасын, болса міні.
Өлмей тұрып дәлелін өзіме айтсын,
Менің дауым айтылмас өлген күні.
АҚЫНДАРҒА
Өлең айт дарын өрге өрлегендей,
Сезімді қозғап, тәтті ой кернегендей.
Жанды сөз бойды ерітіп, маужыратып,
Әлдилеп жыр бесігі тербегендей.
Қауымның қалауына тап келгендей,
Болғанын, болашағын айт көргендей.
Кірістен тартып жырды жебелі оқтай,
Дәл тигіз қалағанға қас мергендей.
Сүйсініп ақынға елі мән бергендей,
Өлеңмен өміріне сән бергендей.
Қадалып жүрегіне ақ қанжардай,
Оятсын ойкүйезді жан бергендей.
Ерікті билеп алсын айтылған жыр,
Сырты — гүл, жарасымды, ішінде сыр.
Жаныңның ләззат алар жарығындай,
Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.
Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,
Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.
Қақсыған шөл даланы қанықтырып,
Жыр тасып, дариядай құйып жатсын.
Арыңның болсын өлең айнасындай,
Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.
Жосылып жатсын артта жортқан жолы,
Арынды асқақ өзеннің арнасындай.
ЕСКІ АҚЫНДЫҚ
Мұны оқыған ұландар,
Үмбетей жырын тыңдаңдар!
Байқап оқып әрбірін,
Ақылға салып бар сырын,
Не деп отыр, көр түрін.
Абылайдың алдында,
Салып отыр, көрдің бе,
Басынан көшкен тағдырын,
Сыртын ұқпа, мұны аңғар!
Бүгінгілер айтса жыр,
Буыны бірдей бәрі бір.
Үмбетейше құбылтып,
Сала алмайды басқа түр.
Тақылдатып айтсаң та,
Ұйқасқа жылдам қайтсақ та,
Аяқты бірдей бассақ та,
Шықпайды бізден терең сыр.
Жырдың, жайын білмейтін
Бізде осындай ылаң бар.
Ескі ақын бізден әлі артық,
Ол кезде туған бала артық,
Жасымыздан шал артық,
Тақпақ пен мақал тағы артық,
Суырып салма жағы артық.
Айтады олар ойланбай,
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетей мен Марабай,
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап,
Жел жетпейтін құландар
Ескі жырдың ұйқасы —
Бірі қысқа, бірі ұзын,
Буындары бұзық, деп,
Біз баспаймыз ол ізін.
Неге бұлай айтты деп,
Сынамаймыз негізін.
Ойлай келсек, ескі жыр
Салады тұлпар жүрісін,
Міне, байқа мұнысын.
Кейде жорға, кейде жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Кейде арындап, кейде шап,
Адымын алыс құлаштап,
Алады кейде тынысты.
Солқылдатып жүрісті,
Осындай жырды ұнаңдар!
Құлпырмай ма тау мен жер?
Ескі жырды көрсеңіз,
Ойланып көңіл бөлсеңіз,
Сырына баға берсеңіз,
Таң қаларлық, ісі бар,
Көңілді тартар күші бар,
Асықпай тыңдап, шыдаңдар!
Кейде жыршы айтады
Ақ бөкеннің жүрісін.
Зырқырап барып қайтады,
Алады тағы тынысын.
Төрт аяғы көрінбей,
Бұлдырап желер ерінбей.
Кейде қарғып кетеді,
Ылғи желіп, керілмей.
Жарқ беріп, бұлт етеді,
Бұрынғы беттен бұрылып,
Жел-сағымдай құбылып,
Барған сайын шынығып,
Кейде аяндап, тынығып,
Айтылса соған қисының,
Кетеді бойың исініп.
Ойнағандай құлын-тай,
Жырда болар талай жай,
Кетпеңіздер байқамай,
Боласың әлі бұған зар!
Кейде айтады ақындар
Жайдары желдің соғысын.
Қатайып, кейде баяудар,
Түрлендіріп долысын.
Кейде ақырын сыбырлап,
Жиілеу басып, жыбырлап
Әкетер алдан ойды ұрлап,
Кейде кетер сырқырап.
Құйындайын бұрқырап,
Тағы да желпіп, уантып,
Жас баладай қуантып,
Айналып келіп басады,
Бас қисынның тоғысын.
Қате деме онысын,
Анықтап ұқ сонысын,
Шатақ ұқпа, шын аңғар
Кей ақындар мысалдар
Мөлдір судың аққанын
Арыстандай арқырап,
Күрілдеп, желіп, сарқырап,
Баяулап барып ақырын,
Жатады күнге жарқырап.
Мініңді тырнап ашытар,
Жігеріңді тасытар,
Тәтті сөзі балдай боп,
Насихаты шамдай боп,
Қасиеті қандай көп,
Елжіретіп сүйекті,
Бергендей боп тілекті,
Қышыған жерді қасытар.
Міне, осыны біліп ал,
Жақсы ақынның тілі бал!
Ескі жыр кейде сипаттар
Қыран құстың ұшқанын.
Құмарына құйылып,
Қанатты қомдап қысқанын.
Желге қарсы желбіреп,
Аспанға қайта шыққанын.
Қайшылап қанат қаққанын,
Асығып келе жатқанын,
Атылған оқтай аққанын.
Кейде қақпай қанатын,
Жұлдыздай ағар сызылып,
Алдыңғы төрден бұзылып,
Қарасы кетер үзіліп.
Ескі жырда кернеу тұр,
Осының бәрі білініп,
Ақынның сырын кім аңдар!
Кейде күннің райын,
Сипаттаған түсі бар
Бір айы мен бір айын,
Жазы, күзі, қысы бар.
Қарлы боран, қара жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Жазғы сағым жай таңдап,
Дегендей боп мұнда кел.
Кейде бұршақ, кейде қар,
Кейде жауып көп нөсер,
Ә дегенше ашылып,
Аптыққан желі басылып,
Өтірік деме, ойға сал!
Осыны жаттап ұғып ал,
Ақындыққа құмарлар!
ЖАСЫМНАН ЖЕТІК БІЛДІМ...
Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған барлық білім.
Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыдан туып күнім.
Оятқан мені ерте — Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен
Надандықтың тазарып, кетті кірі.
Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың
Толстой кәпір емес, кәпір өзің,
Дін емес, бәрі алдау айтқан сөзің.
Көңілің соқыр, надансың, бейілің қара,
Нұр, жарығын қалайша көрсін көзің.
Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,
Сопының бара қойман құрбанына.
Ақиқат сырымды айтсам — Толстойдың
Мың сопыны алмаймын тырнағына.
Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең,
Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.
Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың,
Алданбайсың артынан ере берсең.
* * *
Адамның ең жақсысы
Үш нәрсеге шоқынар,
Мақтаны, асы, нәпсісі —
Шоқынғаны осылар.
Асты билер жас болса,
Мақтанар, баққа мас болса.
Аулақта арам ас болса,
Асаудан деме шошынар.
Сайтанмен ойнас жүрегі,
Пайда мен мақтан — тілегі,
Арамға батса білегі,
Жақсыға қайтіп қосылар.
Тамақ үшін тіл жалдап,
Арын сатып елді алдап,
Сауысқанша қылмаңдап,
Әр үйден б... шоқынар.
Бірін-бірі дос десер,
Жауымның алдын тос десер.
Дос қолымен от көсер,
Өзі ап-аман отырар.
Мен де артыңнан барам деп,
Өлтірсе, құныңды алам деп,
Құтылмас менен, бәлем, деп,
Аузымен қоқай-лоққылар.
Тілінде бал, ішінде у,
Көз байлағыш көп жаду.
Жақсы атанып өңкей қу,
Алдап алған досы бар.
Apақты судай сіміріп,
Тілі мен уын жымырып,
Маскүнем мәңгі боп жүріп,
Жауырын жаба тоқынар.
Жүрегі қатып мұз болған,
Майда тілі біз болған.
Қызтеке еді қыз болған
Бейне алдамшы сопылар.
Бар ма маған бір сын деп,
Ұстағаным не дін деп,
Ойламайды кіммін деп,
Жүрегінде тоты бар.
Қанша жарық, нұр құйсам,
Хақиқаттан сыр құйсам,
Өршеленер су құйсам,
Нәпсі деген оты бар
Күндеп іші қайнайды,
Қызыл тілін қайрайды.
Әлі-ақ өзі жайрайды,
Алдында әділ соты бар.
Ашуланып албастың,
Күндемей мені қалмассың,
Тілімді кесіп алмассың,
Ақты айтуға еркі бар.
Алдауыңа сенбейім,
Алысып сені жеңбейім.
Ащы тілмен емдейім,
Жүрегіңнің дерті бар.
Адамды жауға бермеуге,
Жетсе қолды сермеуге,
Қызтекені емдеуге,
Ақылдың қылған серті бар.
Айырам деп жендеттен,
Тазартам деп індеттен,
Құтылам деп міндеттен,
Иманымның беркі бар.
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ МЕН «АЙҚАП» ЖУРНАЛЫНА СӨЗ ЖАЗУШЫЛАРҒА
Дұғай да дұғай сәлем айт,
«Айқап» пенен «Қазаққа».
Кекеу, сөгіс сөзден қайт,
Кез боларсыз мазаққа.
Қарап жүріп қақтығып,
Қатынша сөзбен шаптығып,
Менікі жөн деп аптығып,
Неге түстің азапқа?
Сендерден кім сұрады
«Кекеуге қайсың шешен?» — деп.
Елің аңсап тұрады
Көз, құлағым екен деп.
Етегіме жабысты
Айрылмастай бекем деп.
Ойлап ар мен намысты,
Мұратқа сізбен жетем деп.
Сүйткен сорлы халқыңа
Бұл қылығың таза-ақпа?
«Жылы-жылы сөз айтса,
Жылан інінен шығады.
Қатты сөзбен бет қайтса,
Надан дінінен шығады».
Осыны айтқан есті би,
Есіл сезін кім ұқты?!
Елеуремей есің жи,
Ерегістен не шықты?!
Қайрылып қара артыңа
Мұныңа жұрт разы-ақпа?
Назаланбай не айтады,
Сендер бүйтіп тұрған соң.
Партия шықпай қайтеді,
Бетті ызаға бұрған соң.
Бар сүйенген, сенгені
Бұл қылықты қылған соң.
Түзетесің сен нені,
Айыра тартып жұлған соң.
Қайран елім, қазағым,
Енді өмірің аз-ақ па?!
Жылы жүрек, тәтті тіл
Берекені берер, біл.
Ащы сөзді — өзімшіл,
Өнері оның қалар тұл.
Қатесін тап, жұмсақ айт,
Ызаланба, сабыр қыл.
Асқақтамай бері қайт,
Көп жетімді көзіңе іл.
Тартпа ашудың азабын,
Ақ жолыңды адақта.
Кекеп-сөгіп кек алма,
Келелі сөзбен жығып ал.
Берсе, ашуды, тек алма,
Осынымды ұғып ал.
Ызақордың іші тар,
Сен де қар да, мен де қар,
Осы мінез кімде бар, —
Оны ұнатсаң, тығып ал.
Көп желігіп алған соң,
Жол бұзуға сеп болар.
Біреу ыза болған соң,
Жолдас табар, көп болар.
Газет, журнал тоқтаса,
Зияны көпке, сен емес.
Қайтейін, қойсын ұқпаса,
Деме жалғыз мен емес.
Деп пе еді ешкім сендерге:
Оңашаға шығып ал
Басың үшін еп қылып,
Елді бөлме, естілер,
Араз болма деп тұрып,
Партия салды десті дер.
Сөгілуші, сөгуші,
Біздің сөзді тыңдаңыз.
Ызалы уды төгуші,
Шатты-бұтты қылмаңыз.
Ұқпағанды сынға сал,
Табалама, таптама.
Оқ атылса, қайтып ал,
Улы найза саптама.
Жаралайсың сен неге,
Жаралы кісі албырт қой.
Сенемісің дүниеге,
Ызаның, арты шалғырт қой.
Ашулы албырт адамның
Қанжарын ептеп, бұғып ал.
* * *
Жапанда жалғыз жаттым елден безіп,
Жалықсам, аң қараймын тауды кезіп.
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға қатын, жақынға жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп.
* * *
Атадан қалған ақ сауыт,
Арамға әбден былғанды.
Басшысы жоқ сорлы елдің
Малы мен басы ылғанды.
Тасбиқты тастап тас алып,
Сәлде аяққа шұлғанды.
Өнер қылды «жақсылар»
Қасқырша елін жұлғанды.
Жала жауып жалмайды,
Жазасыз қарап тұрғанды.
Еліріп, еріп көп ел жүр,
Білмейді құдай ұрғанды.
Түпсіз жауға санайды
Түзу жолға бұрғанды.
* * *
Жұрт не десе, үй десін,
Мен үшін ешкім күймесін.
Өздері-ақ ұлып, шұбырып,
Ұлыққан иттей күйлесін.
Айта алмайсың, дұрысын,
Ала аяқ бәрің ұрысың.
Жуанды сөйлеп ел жеген
Басшыларың құрысын.
Қазақтың көзсіз баласын
Қаңғытып қайда барасың.
Арыңды сатып арамға,
Адалдап қалай аласың?..
«БӘЙШЕШЕК БАҚШАСЫ»
* * *
Жемісті, жақсы иісті бұл бәйшешек,
Аралайық, пайдасын көрем десек.
Ұғымды, милы жастың ойын қозғап,
Ұқтырар талай тәлім, талай есеп.
Ерінбей тамам гүлін аралаңыз,
Болса да кейі ұсақтау, кейі кесек.
Тікенсіз гүл, жылансыз кен болмайды,
Тікеннен жиіркеніп жеміс жесек.
Жақсы мінез, жаман ой айқындалар,
Осыны ұғайық деп ентелесек.
Тәтті жеміс, нұрлы гүл керек қылмас
Боққа төккен саламға тойған есек.
* * *
Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық,
Ақылдың шолғыншысы — ой құмарлық.
Таза талап талпынып ойды айдаса,
Байқалар — көрнеу таса, жоқ пен барлық.
Азат ақыл ойланбай мида жатса,
Шіріп, тозып тартқызар ол бір зарлық.
Сырын сынар талапты ер табылғанда,
Бұл бақшада мысал көп ой қозғарлық.
Өкініштің үлкені — ойы тарлық,
Ондайда ақыл болмас жұбанарлық.
...Жауынан қолға түскен бір тұтқынды
Өлтіруге бір патша қылған жарлық.
Өлімге бұйырылғанның, қандай күні?
Мейірім, ынсап тезіне салшы мұны.
Ол тұтқын ел зарлатқан залым емес,
Намыс үшін жан қиған — жалғыз міні.
Жауының батыры емес, патшасы емес,
Жігерлі қара солдат, ардың құны.
Қол-аяғы шынжырлап бекітулі,
Ол кезде азат емес бір тал қылы.
Байлаудан босануға жоқ тәсілі,
Жан шыққанша азат қой жалғыз тілі.
Қарғап, сілеп, жамандап, боқтай берді,
Мені өлтірген патшаның жоқ деп құны.
Патша сонда сұрады бір уәзірден:
«Солдаттың бөтен тілін ұқпадым мен.
Өлерде өзеленіп нені айтып тұр,
Ол елдің тілін анық, білуші ең сен».
Уәзір айтты: «Жылап тұр кешу сұрап,
Жалыныш жақсы сөздің бәрін құрап.
«Әлі жетіп тұрғанда ашу кешкен
Артық», - дейді, бұл сөзін тұрмын ұнап.
Бір уәзір түрегелді анау шеттен:
«Айттың, — деп, — өтірікті не себептен?
Патшаны қиянаттап боқтап отыр,
Онысын жасырасың қай ниетпен?»
Патша айтты: «Солдатты жөн азат қылған,
Ана уәзір ой салды маған тыңнан.
Ыза билеп тұтқынды өлтірмек ем,
Амал тауып қайырды ашуымнан.
Бірің жөн, бірің теріс жауап айтып,
Бұл сөзбен екі уәзір өттің сыннан.
Зиянды, улы шынның сыртын бояп,
Күндестік қанжарыңды алдың қыннан.
Түзу жолға бастаған жалған артық,
Бұзықтыққа сеп болған мұндай шыннан».
Білмеймін, мұны к,андай құлақ тыңдар,
Ойласаң — тәтті жеміс, нұрлы гүл бар.
Жазасызға жаны ашып есіркейтін
Көңілі ояу, көзі ашық елде кім бар?
Шын шын бар, қате шын бар, улы шын бар,
Әлгі айтқан өтірікте қандай мін бар?
Елді сынап, өз мінін елемейді
Өлі жүрек, өзімшіл, күншіл мұндар!
* * *
Адамнан артық, жәндік жаралмаған,
Дейді жұрт: «айуан жоқ иттен жаман».
Бұл туралы менде бір бөтен ой бар,
Анық ұқсаң, айтайын, достым, саған.
Адамның айуаннан айласы мол,
Қит етсе қиянатқа қояды қол.
Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, —
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.
Қанеки, ондай адам қай жерде бар?
Көбінің сыртында бал, ішінде зәр.
Жарық алып әлемді араласаң,
Ондай жан неше мыңнан біреу шығар.
Әйтпесе өзге адамнан ит ілгері,
Достықты ит ұмытпайды, артың жері.
Қолыңнан сорпа жалап өскен күшік
Өлгенше есігіңде жүргендері.
Түнде тыным көрмейді қораға үріп
Шарқ ұрады ауылды шолып жүріп.
Кетпейді дәмін татқан досын тастап,
Қуалап анда-санда қойсаң да ұрып.
Тоқтамас өзге ауылға сыйласа да,
Кек қылмас иесі ұрып, қинаса да.
Жүз жылдың дос бір күнде жау болады,
Көңіліне бір қылығың сыймаса да.
Қарызы бар еді деп мойын бұрмас,
Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас.
Бұрынғы жақсылықтың бәрін ұмытып,
Не қылса, бір зияны тимей тұрмас.
Өкпелесе не сөзге, немесе асқа,
Жау шығады дос, жақын қарындасқа.
Ит иесін қаппайды құтырса да,
Адамның шын досы жоқ иттен басқа.
...Біреудің асыраулы иті болған,
Күшігінен тамақты берген қолдан.
Сол адамның тап-тату жақын досы
Араз болып кетіпті достық жолдан.
Пәле салып жамандап күнде-күнде
Өшігіп, дұспан болып кеткен мүлде.
Ыза менен күншілдік ойын билеп,
Өлтіргелі келіпті айсыз түнде.
Арсылдап иті үрген қараңғыда,
Иесі жер шалады барады да.
Бұғып жатқан дұшпанын көзі көрмей,
Итті ұрады бір таяқ алады да.
Қанжар ала жүгірген жауды көріп,
Қашады қатты аттанды салады да.
Мына жақтан жүгіріп ит те келіп,
Тастайды әлгі жауын жарады да...
Алаңдамай тыңда да сөзімді тос,
Айтылған соз емес қой қалжың мен бос.
Дос деп жүрген кісіңнің көбі дұшпан,
Шын досың — жақсылықты ұмытпаған дос. ***
Бір ханның кеудесіне жара шыққан
Оған ем табылмапты тамам жұрттан.
Айтқаны қате кетпес бір балгерді
Әкепті естіген соң даңқын сырттан.
Ол айтты: — Бұл жараның емі бөлек,
Табылса, алғызыңыз құнын төлеп.
Маңдайында қаз-қатар үш меңі бар
Он бестегі баланың, өті керек.
Хан елге сүйікті екен әділетті,
Сондықтан елі әлгіні іздеп кетті.
Бір кедейдің баласы сондай екен,
Баласын, ата-анасын алып кепті.
Ел жалынды ата мен анасына,
Көп мал ал деп баланың бағасына.
Жүз мың ділдә алды да кедей сатты,
Шыдадым деп баланың қазасына.
Хан сұрады қазыдан мойнын бұрып:
«Емдеген дұрыс па — деп — кісі өлтіріп?»
«Жас ұлдың, ата-анасы разы болса,
Дұрыс», — деді кітапқа қарап тұрып.
Сол балаға бір жендет келіп қалды,
Өлтіргелі қанжарға қолын салды.
Дәт айтуға патшадан бала тілеп,
Мына сөзді айтуға рұхсат алды:
— Ата-анасы көтерер бала назын,
Зорлық көрсем, құтқарар әділ қазым.
Қайғымды шағатұғын ханым даяр,
Бір пәлеге кез келіп болсам жазым.
Ардақтаған ата-анам малға сатты,
Қазы бұзды ұялмай шариғатты.
Хан мені өз жаны үшін құрбан қылды,
Енді кімге айтайын мың мен дәтті?
Үшеуі де аямай оқпен атты,
Маған да емес пе екен жаным тәтті?
«Адамда әділет пен мейірім бар», — деп,
Естілер мұны білмей неге шатты?
Хан қайтты мұны есітіп ескі беттен,
Құшақтап сол баланы сүйді беттен:
«Жазасыз қыршын жасты қинағаннан,
Жөн еді біздей залым өліп кеткен».
Мұнан қандай гүл тердік, оқығандар,
Құр жазуға қарама, сырын аңғар.
Бірі өлтір деп баласын малға сатып,
Бірі өлімге шыдаған неткен жандар?
Ана жыл әскер шығып, оңнан-солдан,
Соғысып жердің жүзі қанға толған.
Сол кезде Америка деген елде
Уолдер Белдет дейтұғын бір бай болған.
Оққа ұшқан, жараланған сансыз әскер,
Соғысқа Америка тіпті алыс жер.
Жараланған әскерге жәрдем қыл деп,
Уолдер Белдет жіберген талай дәрігер.
Ешкімді алаламай қара деген,
Бәрін де өз бауырым деп сана деген.
Дәрі, азық, күтушіні түгел беріп,
Ешбір нәрсе қалмасын шала деген.
Неше жүз автомобиль, арбаменен
Жіберсе де көңілі бір сенбеген.
«Салақ қарап жүре ме, әлде қайтер,
Жарайды-ау өз көзіммен көрсем», — деген.
Сол оймен жүріп кетті кеме мініп,
Қайтпақшы емдегенін көріп, біліп.
Көз жеткісіз теңіздің ортасында,
Бір қазаға кез болды, кеме сынып.
Кеме суға кетерін пайымдаған
Кемеші желқайықты дайындаған.
Уолдер Белдет қайыққа өзі мінбей,
Жас бала, кемпір-шалды уайымдаған.
Сондайларды құтқарып жел қайықпен,
Сол құтылса, өлейін мен-ақ деген.
Сыймай қалған бір әйел бебеу к,ағып,
Әрі-бері жүгірді қайтем деп мен.
Кеменің суға батар кезі жетті,
Әлгі әйелге жаны ашып рахым етті.
Суға батпас белбеуін соған беріп,
Уолдер Белдет ерлікпен суға кетті.
Отаршы елдер ағызар әскер қанып,
Алмақ болып аз елдің жер мен малын.
Жаны ашымай жастарды оққа байлап,
Аяу қайда жас бала, кемпір-шалын.
Мұны ойласам жүрегім болар жалын,
Өнерлі ел өнерсізді құл қылғанын.
Көктен түскен періште деп білемін,
Ойласам Уолдер Белдет ердің халін.
* * *
Тумақ, өлмек — тағдырдың шын қазасы,
Ортасы — өмір, жоқтық, қой — екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Жоқтық, барлық, — жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.
Патша, батыр, бай, бағлан, ел ағасы,
Өнерпаз, ойшыл, білгіш, ғұламасы
Мақтанып жердің жүзін жалмаса да,
Кәрілік пен өлімге жоқ дауасы.
Енді өмірдің қызықты қай арасы,
Өлімді ойлап сіңе ме ішкен асы?
Оны ұмытып, өлместей өзеленер,
Әлі тірі жүргендей түп атасы.
Адамзат — айуанның арам, насы,
Жанның да, ақылдың да дұшпандасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы.
Менменсінген кердеңнін, керген қасы,
Ішімді күйдіреді сол ызасы.
Жер тәңірсіп, кісімсіп желіксе де,
Төбесінен бір түсер жайдың тасы.
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла — қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос — сол шарасы.
* * *
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық, нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Жан тыныштың таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық, аштықтан сақтау үшін
Зұлымдық, пен Айланы қылады сеп.
Айуан етін, терісін, сүт пен күшін,
Ара — балын,
су — балық,
жер — жемісін,
Құс — денесін, жүні мен жұмыртқасын
Сақтап жүр ғой дейсіз бе адам үшін?
Олардың да ойы бар өсіп-өнбек,
Кімге оңай өмір өтіп, оты сөнбек?
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа о да көнбек.
Сөйтіп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ —
Осы болар таза ақыл өлді демек.
Сондықтан, адам — залым, әлемге жау,
Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау.
Жер білсе адамзаттың бұл қылығын
Үстінен бәрін төгіп тастар еді-ау.
Олай қылмай, билесе бәрін ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл.
* * *
Наушеруан аңда жүріп киік атқан,
Аң етін жемек болып асып жатқан.
Ет піскенше тез кел деп бір жолдасын,
Тұз әкел деп жұмсапты бір қышлақтан.
Қайтадан шақырып ап талай жерден,
Тұзды тегін алма деп әмір берген.
«Шымшым тұз бір тиынға татымайды,
Бұ қалай?» — деп уәзірі тұра келген.
Наушеруан айтқан сонда: — Ей, уәзірім,
Айтайын, жақсы тыңда мұның сырын.
Басшы алса бір алманы баға бермей,
Қосшы құртар алманың түп тамырын.
Мен алсам елдің жалғыз жұмыртқасын,
Кесерсің мың тауықтың сендер басын.
Сөйте-сөйте ашылып арандарың,
Ағызарсың бұл елдің қанды жасын».
Жебір ұлық халқына қас қылады,
Көңілін шерлі, көздерін жас қылады.
Қиянат қылдай істен басталмақшы,
Ескермесе, аз науқас асқынады.
Мал, мансап адамзатты мас қылады,
Мейірімді ет-жүрегін тас қылады.
Тәкаббар, әділетсіз залымдарды
Бағы қайтқан сорлы елге бас қылады.
Шын атын Наушеруанның ел білмейді,
Тілі келмей «Мұсырауын әділ» дейді.
Ақжүрек әділдердің қылығы анау,
Жебір ұлық зарлатып елді жейді.
Мұны айтсаң алатындай тілді кесіп,
Мақтанады менен кім әділ десіп.
Теңдіктің атын естіп, дәмін татпай,
Өтеміз де жүректі қайғы тесіп.
* * *
Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан,
Күндесіп, араздасып, бұзылысқан.
Билеген елін екі бөліп алып,
Соғыс ашып, болыпты қатты дұшпан.
Арашалап бай барған, хан да барған,
Не шешен, білгіш деген жан да барған.
«Әскер қанын ағызбай қоймаймыз», — деп,
Биге де тоқтамапты таңдап алған.
Бар екен тоғыз кедей шөмшек терген,
Отын сатып, еңбекпен күнін көрген.
Қырылысып жатыр деп есіткен соң,
Елді аяп арашаға солар келген.
Соғыстың ортасына кеткен кіріп,
Тимепті жарлы екенін солдат біліп.
Бір кедей ұран салып айғайлапты,
«Хан қайда? Бітім!-бітім!», деп ақырып.
Мұны естіген екі жақтан хан келіпті,
Сөз тыңдауға бірталай жан келіпті.
Қолында айғайлаған отыншының
Уыстаулы ұйыған қан көріпті.
Жарлы айтыпты сонда екі ханға қарап:
«Қан төгіп қайтпексіңдер елді талап?
Іздегенің мақтан мен мал емес пе,
Шын айтпасаң, кетемін қанмен сабап?
Мынау қан сен сияқты жастың қаны,
Сендер үшін қиылған қыршын жаны.
Тойымсыз қос төбеттің құрметі үшін,
Жөн бе екен көп әскердің қырылғаны?
Ей, солдат! Жаратушың бұлар ма еді,
Қыршын жаның өлімге құмар ма еді?
Екі ханға біз үшін сен өл десең,
Сендер үшін өлуге шыдар ма еді?
Хан тоймайды әлемді таласа да,
Ой жіберші осындай тамашаға.
Екі жуан сыймайды жер жүзіне,
Тоғыз кедей сияды алашаға.
Бір нан тапсаң, ортақпыз отын теріп,
Ашымызға тоғымыз бөліп беріп.
Өлгенше жуандардың көзі тоймас,
Бар әлемді жүрсе де ол меңгеріп».
Бұл сөзді жас солдаттар ұғып алды,
Соғыспай тоқталық деп айғай салды.
Екі жақтың әскері қайтып кетіп,
Хандардың арам ойы адыра қалды.
Әскер қанға бояйды өздері-өзін,
Зор үкімет сиқырлап байлап көзін.
Ойланып осы кезде кім тыңдайды
Әлгі алтынмен жазарлық жарлы сөзін?
* * *
Ескіден қалған сөз теріп,
Өз ойымнан өң беріп,
Үйретуді жөн көріп,
Түзетпек едім адамды.
Қышыған жерін қасуға,
Әділет жолға басуға,
Алдына салып ашуға
Жақсылық пен жаманды.
Ешкім бұған сенбеді,
Өз қылығын жөн деді,
Көре тұра көнбеді,
Кетірді қуат-шамамды,
Мұндай елде туғанша,
Бұл сағымды қуғанша,
Еркін тілді буғанша,
Жеткізсе нетті қазамды.
Адамшылық міндетім.
Айт дейді адам індетін.
Еріксізбін, шын ниетім,
Алды деме мазамды.
Демеймін мені ел білсін,
Не ұнасын, не күлсін.
Ел білмесе, жел білсін,
Жүректен шыққан назамды.
Түзулік көрсе күйленген,
Зұлымдық көрсе жиренген.
Күншілдік найза түйрелген,
Қызыл тілім, кел бері!
Тамам жанның мінін айт,
Жалған айтпай, шынын айт.
Аяп, ішің жылып айт,
Адамды бастыр ілгері!
Сөккенің болсын сүйгенің,
Достығың болсын күйгенің,
Ащы тілмен тигенің,
Жоғалсын деп міндері!
Мақтанды деп күлер де,
Кейбір миға кірер де,
Біреу сырын білер де,
Кете берме тым кері!
Мұнша неге сасқамын,
Аяқты шалыс басқамын.
Аптығып неге асқамын?
Ел жаратқан мен емес!
Сыртқы сөзін шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзін, ем емес!
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар
Әулиеден кем емес!
* * *
Өлім шыққан ауылға
Ойбайлап қазақ шабады.
Өтірік жылап көз жасын
Қайдан да болса табады.
Қаралы қатын, қыздары
Дауыс қып әнге салады.
Таяқ ұстап еркектер
Бүкшиіп тұра қалады.
Епті жігіт ентелеп,
Түсіріп аттан жетелеп,
Бата оқыршы бауырымдап,
Еркектерге барады.
Кезекпе-кезек көрісіп,
Көзінің жасын төгісіп,
Көңіл айтып берісіп,
Азар тыным алады.
* * *
Ойбайлап шабу мақұл ма?
Жыласа да жақынға,
Қазақтың мұндай әдеті
Тіпті теріс ақылға.
Аяңдап-ақ жүрсеші,
Бақырмай үйге кірсеші.
Жылы жүрек шын сөзбен,
Көңіл айтып көрсеші.
«Ойбай, орыс келді!» — деп,
Балалар қашып кетсе егер.
«Бір үстел тап жылдам!» — деп,
Біреуі әмір етсе егер;
Бір күні сондай ауылға
Үшеуі шауып келсе егер;
Таяқ ұстап еркегі
Дайындала берсе егер;
Үшеуі болса қалпақты,
Оны көзі көрсе егер;
Амандаспай ешкімге,
Сұрланып үйге кірсе егер;
Ауыл-атқом бір уәкіл
Бірі болса комсомол,
Қағаз алып жалма жан
Жазып жатса протокол
Бұлар жуан мықты деп,
Қару алып шықты деп,
Тізіп алып кетпекші
Болса оларды қолма-қол.
Қаралы ауыл едік деп,
Таяқ ұстап келдік деп,
Бата оқыршы едік деп,
Жалынып азар ұқтырса ол.
Шай менен ет асылса,
Қант-бауырсақ шашылса,
Ашу, аптың басылса,
Сөз аяғы болса сол.
Неден болды бұл жұмыс?
Орынсыз әдет, қылған іс,
Ұлықсып асқан бос шабыс, —
Екеуі де теріс жол.
Бұл әдетті тастаңыз,
Тура жолға бастаңыз.
Ұлығымсып аспаңыз,
Ел түзеуге епті бол.
Чиновник ісін қылманыз,
Әділет жолын тыңдаңыз,
Қорқытып елді қойсаңыз,
Тез түзеліп, жылдам тол!
* * *
Кәрілік — құтылмайтын бір қазған ор,
Қайратсызға өмірдің бейнеті зор.
Өлмейтін, жазылмайтын сол аурумен
Жалғанда жан болмайды кәріден қор.
Жас баласын әлпештер ата-анасы,
Бәйек болып келгенше бар шамасы.
Сүйткен ұлы ержетіп жігіт болса,
Бұзылар ата-анаға көзқарасы.
Қартайған соң балаға ата жақпас,
Атанады алжыған бір қу қақпас.
Сүйген жары тілінен сүймек түгіл,
Оның етін менсініп жылан шақпас.
Жар сүймесе, баласы жай білмесе,
Қанды жасы көзінен қайтып ақпас.
Ием деп еркелеген ит болмаса,
Ол сорлы жылы жүзді бір дос таппас.
Әрине, балан, білсе қадіріңді,
Орындап екі айтқызбай әміріңді.
Жасыңнан жаны сырлас жарың болса,
Қылп еткізбей білетін тамырыңды.
Олай болса тілегің табылынды,
Назаланба, бойға жи сабырыңды.
Ол болмаса, өмірден өлім артық,
Өзің қазып дайында қабырыңды.
* * *
Ғайсадай жан беретін таңның желі,
Қайғымды желге ұшырып, тірілт мені!
Ақылым, кәрілікке жабырқама
Талпынып тағы да ақтар дүниені.
Қайратым, қарсы жүріп қайраңдап шық,
Әдейі сақтағамын соған сені.
Тілім, сен барша жанға пайдалыны айт,
Ақынсып айта бермей әлденені.
Шебер тіл жүйрік ойды шеше білсе,
Таусылар деп ойлама сөздің кені.
Жыр, өлең, насихат сөз, мақал, тақпақ
Тауып айтса — дауасыз дерттің емі.
Сырты сау, іші науқас елдің дені,
Алдап айтқыш ақын көп — тіл шешені.
Жайдарысып құйрығын жайқақтатар,
Жүрегінің сыры емес сөйлегені.
Мұнысы — тұзақ құрып, салған жемі,
Сырты пішпе болса да, ішінде ені.
Ондайлардың орнықты беті болмас,
Жел диірмен сияқты сенделмелі.
Заманның ыңғайына аққан сеңі
Әр айғырға бір кірген — байтал теңі.
Не үкімет, немесе қауымды алдап,
Арсыздықпен не болар алған шені?!
* * *
Аңда жүріп шөлдеген Ашам патша,
Аңдағанға қандай ем, сусын тапса?!
Алыста жаяу қойшы көрініпті,
Мөлдір бұлақ су іздеп келе жатса.
Уәзір мен жолдастары соны көріп,
Айғайлап шақырыпты атой беріп.
«Сендер атты, мен жаяу, бара алмаймын,
Әкімсінбей айт — депті — бірін, келіп».
Жуандар ыза болды келмей тұр деп,
Керемет көрсетелік бұған бір деп.
Қойшыға бір жендеті жетіп келді,
«Анау топ шақырады, жылдам жүр!» — деп.
Қойшы айтты: «Ақырасың неге бұлай,
Сенбісің жаратушы күшті құдай?
Жасқанып жерге кіріп кете алмаймын,
Желкілдеген екен деп бір топ қурай».
Ыза боп шақырушы қайта шапты,
Кежір кедей екен деп жамандапты.
Қарсы айтса, басын кесіп алмақ болып,
Қойшыны бәрі келіп қамап апты.
Қойшы оны елемепті адам бар деп,
Қымсынбайды өлтірер, не қинар деп.
Хан ақырды: «Сен бізді кім деп тұрсың
Жөн айтпасаң мойының шабылар», — деп.
Қойшы айтты: «Біліп тұрмын бағанадан,
Мінездерің айқындап айтты маған.
Жер тәңірісің, желігіп елді жеуді
Парыз қылып қойған ғой сайтан саған».
Хан айтты: «Саған бір іс қыламын, — деп,
Өзіңді-өзің өлімге ұнадың», — деп.
Қасындағы жендетке бұйрық қылды,
Көп сөйлетпей басын ал мынаның», деп.
Қойшы айтты: «Дәт бар ма деп сұрармысың,
Өлтір деп кекірейіп тұрармысың,
Бұрынғы айтқан сөзімнің бәрі де шын,
Тағы бір шын айтайын, ұғармысың?»
Хан айтты: «Мұның жайын кім білмеді,
Әлде бір есалаңдау жынды ма еді.
Өлердегі сөзіңді сынға алайың,
Қаніки, дәтіңді айтшы енді?» — деді.
Қойшы айтты: «Бір аш сұңқар сен сияқты
Жемек боп бір торғайды іліп апты.
Сұңқардың тұяғында келе жатып,
Сол торғай бір дәт айтқыз деп сұрапты.
Айт деген соң торғайдың айтқан дәті:
«Мені жеген сұңқардың жоқ ұяты.
Қоя қылып құсарсың жүн мен сүйек,
Тұмсығыңа жұғады боқтың таты.
Сыртым түк, қарыным боқ, түк етім жоқ,
Тамақ боп табылмайды көңіл шаты.
Қаз іле алмай, қаңғырып торғай іліп,
Деп басыңнан арылмас жаманаты.
Сен мені жегенменен тоймассың да,
Аң алған әдетіңді қоймассың да.
Мейірімсіз миыңа сөз кірмесе,
Кейінгі мейірімділер ойлассын да».
Сұңқар тыңдап босатты сол торғайды
Қарусыз қызыл тіл де жан қорғайды.
Құс құрлы миың болса, мені босат,
Бір қойшыны өлтірген күш болмайды
Мені өлтірсең аласың жаман атақ,
Оны ұғарсың, болмаса миың шатақ.
Қасыңдағы жолдасың айтпағанмен,
Өсек қылып жамандар өзге жат-ақ».
Мұны естіп Ашам патша ойға түсті,
Бұрын көрген емес қой мұндай күшті.
Қойшының қолын ұстап кешу алды,
Деді де мен күшті емес, тағдыр күшті.
От шығар өсекшінің шағымынан,
Күшті жоқ жаралыстың ағымынан.
Тауып айтқан татымды сөз құтқарар,
Көз байлағыш сайтанның сағымынан
* * *
Епті тышқан бидайды таси берген,
Шәкірті де көп екен қасына ерген.
Қақпан құрған адамның айлаларын
Алып тастап, жем жеген талай жерден.
Өзге тышқан үйреніп ол өнерден,
Талай қиын орыннан тамақ терген.
Бір күні басшы тышқан кезіп жүріп,
Аузын мықтап бекіткен күбі көрген.
Тәтті ірімшік иісі мұрнын жарып,
Тесік жерін таба алмай болған ғарып.
Бұрын шүмек орнатқан бір жері бар,
Әрқашан тырмалайды соны барып.
Неше күндей қажалап тескен соны,
Іздеген мақсұтына жеткен қолы.
Өмірлік азық қылып жатайын деп,
Жолдасынан жасырған айтпай оны.
Алдынан ұя жасап, жатқан бұғып,
Қарны ашса жүреді кіріп, шығып.
Жолдасының біреуі келе жатса,
Тесікке қояды екен тығын тығып.
Жиылып келді бір күн шәкірттері:
«Сізді бір көрмедік, — деп — көптен бері.
Тышқан көп деп тамағын тықты бұл ел,
Ала алмадық қиын боп қойған жері.
Біз аш жүрміз солай боп бірталайдан,
Онай тамақ табылар енді қайдан.
Көпті көрген айлакес батыр едің,
Тағы да тиер ме екен бізге пайдаң?»
Ол айтты: «Тәуба қылдым сопы болып,
Ұрлық қылған күнә ғой елді торып.
Мұнан былай келмеңдер маған жақын,
Кеудеме кетті бүгін иман толып.
Қасыма келе берсең, күнәң жұғар,
Ұрлықты ойлап, ойымнан иман шығар.
Аштан өліп қалуға ризамын,
Енді ұрлыққа болмаймын тіпті құмар».
Ойласам, сол тышқандай бұзықтар көп.
Сырты сопы, іші арам қылықтар көп.
Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп,
Адалымсып жүретін ұлықтар көп.
Бір емес, әр жерде бар осындайлар,
Өз малын өзі ұрлайды кейбір байлар.
Қазына берген ақшаны қалтаға сап,
Елге міндет кеңсешіл пысықайлар.
Бір ұрты май, бір ұртында қандар да бар,
Қой терісін жамылған жандар да бар.
Жазасызды жалалап атақ алып,
Ақ жүрексіп жүретін паңдар да бар...
ШЫН БАҚ ҚАЙСЫ? КҮНШІЛ КІМ?
Бай, ұлық жуандарды бақты көрмек,
Ол мисыз шолақ оймен баға бермек.
Анық бақ деп айтарлық, үш нәрсе бар:
Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.
Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ,
Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ.
Бір адамға мұндай бақ біте қалса,
Өзімшіл көп күншілдік көзін оймақ.
Жарқанат жек көреді күннің нұрын,
Күншілдің ұқсатамын соған түрін.
Өзге жанға біткенін ұнатпайды,
Әлгі айтылған бақтардың бірде-бірін.
Өзімшілдің іші тар, ойы шартық,
Ала алмас ол біреудің бағын тартып.
Күндейді деп күн нұры жоғалғанша,
Мың жарқанат соқыр болып қалғаны артық.
* * *
Айна қойдым алдыма,
Көрейін деп өзімді.
Екі құлақ тарс бітіп,
Шел басыпты көзімді.
Иіс білер мұрын жоқ,
Түзелерлік түрім жоқ
Жалған деме сөзімді.
Ақ, ниетім бұрын жоқ,
Жүрегімде нұрым жоқ
Жасыратын сырым жоқ,
Айтпай арам безімді.
Жалғыз мені деме қор,
Мені көр де, сене көр,
Сен де емессің менен зор,
Дәл мен деп біл өзіңді
Адамның бәрін елесе,
Аламын деп ірісін,
Бәрі өтеді әрі қарай,
Сен де соның бірісің.
Електе қалмасын бір адам,
Не ғылымды, не надан.
Біз сияқты барша жан
Сорға сатқан ырысын.
Ындыны таза ешкім жоқ
Сыртында май, ішінде оқ.
Түп қарыны толған боқ,
Жасырып жүр мұнысын.
ҚАЗАҚ
Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа.
«Анау — қу, мынау — пысық, мен — батыр»,—деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа.
Ойда жоқ: «Өнер біліп, жол табайын»,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ
Ұрлық, ұрыс, араздық, күнде дайын.
Өтірікпен өткізіп күн мен айын,
Демейді жамандықтан жалығайын.
«Анау — шыным, мынауым — сырым ғой», — деп,
Сонша жақсы біледі алдау жайын.
Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,
Тыныштықпен ішкізбей тақта шайын,
Ұрысы ұрлап, қуы алдап, сұмы елертіп,
Құрытады үш жақтап тамам байын.
Байдың да ойлағаны — ел алайын,
Білмейді, қу шағып жүр өз бақайын,
Көзі аспанда, көңілі мақтанда боп,
Тауысқанын сезбейді ішкі майын.
Демейді ғылым біліп жанданайын,
Мақсаты — мақтан іздеп паңданайын.
Қанша ұқтырып айтсаң да — қалыбында,
Ойда жоқ жігерленіп, қамданайын.
Мінеки, естісеңіз елдің жайын,
К.... кейін кетті басқан сайын.
Қайран елім, қазағым, қалың жұртым,
Көп айтып, дариға, не қылайын!..
НАСИХАТ
Кел, байлар, балаңды оқыт, ғылым ізде,
Қазақты бастайтұғын қару сізде.
Партияға шашқанша осыған сал,
Қолыңда қорегің бар кезіңізде.
Білгіштер, біліміңді өнерге сал,
Жарты өмір жалғыз күндік болмайды жал.
Тіленіп, тілің безеп қу атанбай,
Ғылым білсең, табасың қадір мен мал.
Есті жи, ел шаңына ер, мұны тастап,
Қайғы жоқ басқа жатсаң ғылым жастап.
Сен — батыр, мынау — білгіш, анау — есті,
Апардың қазақ күшін қайда бастап?
Көрмедім күш бастаған қазақ ұлын,
Кеңірдек, өңеш кетіп, қалды жұлын.
Бәрің есті, батырсың, айлалысың,
Қазақтың түзеттің бе жалғыз қылын?
Жарлылар, жалаңдама, сендер де ойлан,
Кер кедей, кежірлікті шығар бойдан.
Бойың жалдап қор болма, ойың жалда,
Түк өнбес алты ай жүріп алған қойдан.
Онан да өнер үйрен тек жүрсең де,
Ақы алмай, тамақ қана жеп жүрсең де.
Өнер білсең — он күнде жүзді аласың,
Басында пайда алмай-ақ көп жүрсең де.
Жастарым, құмар болма көрінгенге,
Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге.
Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ,
Өкінбе жастық бойдан серілгенде.
Ғылым тап жас күніңде буын қатпай,
Басында байқамассың дәмін татпай.
Менің көрген жайымды сендер білсең,
Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай.
Адамнан адам озар немен артып,
Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып.
Залымдықпен ел алса, сол оза ма,
Мақайының бәрін де оттай шарпып?
Біреу жүр алдап алып қайта малын,
Жалындай тыс к а жаққан күнде шалқып.
Көпке пайда тигізіп біреу жүрсе,
Ғылым іздеп жап-жатық майдай балқып.
Осылардың қайсысын ұнатасың?—
Ақылға әрбіреуін сынатасың.
Көпке пайда тигізген жақсы десең,
Оны неге іздемей тек жатасың?
Егерде ел алғанға қуанасың,
Немесе алдау қылып жұбанасың.
Бұл екеуін көңілің жақсы көрсе,
Бәрібір, сен де сондай дуанасың.
ТАҒЫ СОРЛЫ ҚАЗАҚ
Салынған қала жоқ,
Оқытқан бала жоқ,
Қолында өнер жоқ,
Ғылымда дана жоқ.
Қалалық жері жоқ,
Еңбектің тері жоқ,
Пайдасыз шығыншыл,
Қазақтан сері жоқ.
Қазынасы тағы жоқ
Басында бағы жоқ.
Партия, барымта...
Ісінің ағы жоқ.
Қуаты, күші жоқ,
Сырты бар, іші жоқ.
Артына қам қылып,
Ұмтылған кісі жоқ.
Көретін көзі жоқ,
Ұғатын сөзі жоқ.
Қазақтың бұл күнде
Аты бар, өзі жоқ.
Түзелер кезі жоқ,
Түзетер тезі жоқ.
Жер жүзі халқының
Қазақтан езі жоқ.
ҚОШ!
Жас өтті тынымсыз,
Өнерсіз, ғылымсыз.
Надандық жолымен
Кеттім-ау білімсіз.
Оқытпай баламды,
О да өсті тыюсыз.
Ойламай шамамды
Алды-артым жиюсыз.
Бақ к,анда қиынсыз,
Бос тілек сыйымсыз,
Қазақ та қажытты,
Күнім жоқ жиынсыз.
Бір жол бар келгісіз,
Қайта өмір көргісіз.
Ізім жоқ, түзім жоқ,
Өттім-ау белгісіз!
Қағазым — жолдасым,
Қаламым — сырласым,
Өлген соң белгілі,
Қайта кеп тұрмасым.
Тіл сорлы — сырласым,
Бекерге тұрмасым,
Алдымнан жарылқап,
Алла кәр қылмасын.
Ел анау, мен мынау,
Қайтейін, бір басым.
Аман бол, ағайын,
Татуым — қимасым.
Надандық, жаман ғой,
Оқыған — адам ғой.
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой.
Насихат тегін ғой,
Салулы егін ғой.
Еңбек қыл, ерінбе,
Араздық кегің қой.
Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң емін, ғой.
Бәріне жетеді,
Таусылмас көлің ғой.
Мен қайғы жедім ғой,
Қапы өттім дедім ғой.
Қазағым, қам ойлан,
Сен де адам едің ғой.
ШОШЫМА, ОЙЫМ, ШОШЫМА
Шошыма, ойым, шошыма,
Келмейді жындар қасыма,
Таһараты* жоқ сайтан
Жоламас менің қасыма.
Қажыма, ойым, қажыма,
Қарама тозған жасыма,
Адаспасаң ақ жолдан,
Қонады бақыт басыңа.
Билет бәрін сабырға,
Кірме ажалсыз қабырға.
Сырласатын күн туар
Жан қияр жақын тамырға.
* * *
Кейбіреу безді дейді елден мені,
Есалаң айтады екен сезіп нені.
Хақиқатты танитын баста ми жоқ
Ондайлардың сау емес анық дені.
Көре алмас өзімшілдер пейілі тар,
Жуандық, зорлық, күншіл мақтаны бар.
Қасқырша жемтік жеуден тартынбайды,
Адамшылық, бойында қалмаған ар.
Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды
Оңашада қорытам ойға салып.
Зорлығын елге істеген басшылардың,
Алдаған арам молда, бақсылардың
Жариялап, жайларын жайып жұртқа
Құлағына салмақпын жақсылардың.
Жалмаудан жалықпаған елді талап,
Нашарды момынменен күнде сабап.
Өсектеп мені елге жамандайды,
Көрмейді арсыз қылығын өзі санап.
Жетім менен жесірдің алып малын,
Малын қойып, талайдың ішіп қанын,
Жазықсыздан нақаққа жала жауып,
Аямай шырқыратар шыбын жанын.
Көрген соң ел жарасын анық, сезіп,
Аңдайын айдалаға кеттім кезіп.
Ел емес, елге істеген қылығынан
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп.
Елсізде неге жалғыз қалғанымды,
Қырық жыл нені жинап алғанымды
Сезбейсің тартпаған соң көп қайғысын,
Сен емес ұғатұғын арманымды.
Арманым байлық, мансап, мақтан емес.
Ойлы адам оны әсте олай демес.
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы
Итше талап аз елін, жырып жемес.
Партия, алдау, қулық — қылған ісің,
Жылмайы сыртың таза, арам ішің.
Саған ақыл айтудан жалыққамын,
Сарп еткен бар еңбегім кейінгі үшін.
Айтамын, сөзімді ұқсаң, кейінгі жас,
Қиянатсыз адамға емеспін қас.
Жүректегі дертімді білер едің.
Өсекке ермей, менімен болсаң сырлас.
Арамнан адалды ақтап ала алмадым,
Жанғанның, жанын сақтап қала алмадым.
Ел зарлатқан арсыздың қылығынан
Жанына жаным шошып бара алмадым.
Елді сөктік сайтанға ересің деп,
Неге оларға тізгінін, бересің деп.
Елерткенге елігіп ере берсең,
Ескерттім азып-тозып өлесің деп.
Сұрашы, не айттым екен жақыныма,
Біреуі көнді ме екен ақылыма?
Сырт беріп, сырдаң тартып жүре берді
Қыстырмай ақылымды тақымына.
Еті кетіп, қауқиған сүйегім бар,
Жай таппай жанып жүрген жүрегім бар.
Жайнаған таза жүрек, талапты жас,
Ұғар деген сөзімді тілегім бар.
Жоспарым, жайым осы, мақтаным жоқ,
Ел жеген әкімдерді ақтарым жоқ.
Өлгенімше жазумен еңбек етем,
Қажыдым, кәртәйдім деп жатқаным жоқ.
* * *
Жиырма үй менің көршім — Қарабатыр,
Алпыс үй, бәрі кедей Әнет жатыр.
Нашар ата баласы дейді оларды,
Еңбектерін бұл күнде ұмытты ақыр.
Шетінен батыр еді жуантаяқ,
Ел жауын жеңген жанын аямай-ақ.
Жуандар пайдаланып ерлік күшін,
Тұқымын батырлардың қылды саяқ.
Әнет бабам үш жүзге мәлім болған,
Адалдықпен басына бақыт қонған.
Жетім қап балалары, кедей болып,
Әділетсіз заманда бақыты солған.
Бәкеме қажы екен бөліп берген,
Біледі мұны анық көзі көрген.
Бәкем өліп қалған соң жастайынан,
Әнет пен Қарабатыр маған ерген.
Көп түстім мен олардың дауларына,
Нахақтан бергенім жоқ жауларына.
Берекесі кетпеген нашар елді
Түсірмедім қулардың ауларына.
Олар да шықпап еді ақылымнан,
Қалмаған жанын аяп мақұлымнан.
Әділетсіз ісіне шыдай алмай,
Араздасып айрылдым жақынымнан.
Іні-бауыр тізгінді қолдан алып,
Тұғырдан түстім бүгін мен қартайып.
Берекесін кетіріп кедей елдің,
Әкімге сорлыны жеу болмайды айып.
Зорлық көрген молама күнде келіп,
Жаздырмай жазуымды көңіл бөліп.
«Партияға кірісіп нең бар?», — дейді,
Оларға айтсам қиянат ісін көріп.
Досыма айтам: «Қулардың тіліне ерме,
Партиясына ешкімнің ере көрме.
Ноқтаға басыңды ілсең, шыға алмайсың,
Бірлік бұзып, кетіріп, еркің берме», —
Десем де бәрі кетті тілімді алмай,
Ағайын айтқаныма құлақ салмай.
Сайтан билеп кеткен соң амалым не,
Қайтейін жапанда өзім жалғыз қалмай?
Еш адамды қалдырмай қасыма да,
От пен су, өзім жүрем асыма да.
Елсізде жалғыз жатып жазу жазам,
Қарамай тақап қалған жасыма да.
Қарабатыр, қоштастым Әнетпенен,
Тек қана бөлек еді жаным сенен.
Мені енді есепте өлген шал деп,
Жуандар санаспайды меніменен.
Ақылым — еңбек істе, егінің сал,
Ерінбей жерді емсең, табылар мал.
Партияға салынба бірлік бұзып,
Желіктірсе, желікпе, тілімді ал.
Партия қуған қуларын, азып-тозар,
Арамдықпен өмірді қанша созар.
«Байдың малы болады бір борандық,», —
Бәрінен адал еткен еңбек озар.
Жасымнан сендер едің менің елім,
Аяушы едім қайысып, сынып белім.
Тірлігімде тілімді алмасаң да,
Өлгеннен соң дерсіңдер қамқоршы ерім.
Көз жетіп, сонда ғана сенерсіңдер.
Молама, есіңе алып, келерсіңдер,
Сөзімді оқып, ойланып көрерсіңдер.
Айтқаным тапжылмастай келгеніне
* * *
Жолама қулар маңайға,
Не қылмадың талайға?
Кім жағады сендерге
Тартқызған азап Абайға?
Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше,
Арсылдап иттей қалмадың.
Сендерден белгі нең қалар?—
Жемтігің жеген жем қалар.
Ақылы дария Абайдан
Таусылмас қоры кен қалар.
Жақсыдан қазына пұл қалар,
Солмайтын жасыл гүл қалар.
Сендердей арсыз қулардан
Желге ұшатын күл қалар.
Мені арбайтын сен емес,
Көнетін саған мен емес.
Ақылың сенің — маған тұл,
Дертімді жазар ем емес.
Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін.
Сендермен де жүргемін,
Әр тесікке кіргемін.
Жәдігөй, арам сайтаным,
Сырыңды түгел білгемін.
Сертіме жету — арманым,
Көтерем тағдыр салғанын.
Өлгенімше ізденем,
Толтырар кемін қалғаным.
Адам үшін — еңбегім,
Өмірден барлық тергенім.
Қалағанын қарап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім!
* * *
Кейбіреу безді дейді қатынынан,
Туысқан, бауыр, бала, жақынынан.
Қаңғырып Толстойша өлер дейді,
Шатасып қартайған соң ақылынан.
Мен болсам Толстойдай, арманым жоқ
Шатасып ақылымнан қалғаным жоқ.
Сырымды білетұғын сендер емес,
Өлейін деп елсізге барғаным жоқ.
Таза ой ойлай алмас үйде басым,
Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым.
Ой жемісін теремін өлгенімше,
Өсектесін, күндесін мейлі қасым.
Надандардың, сөгуі айып емес,
Мен ешкімге байлаулы зайып емес.
Хақиқатты жырлаған келешекте
Мерзім болып шығуы ғайып емес.
Киім бүтін, астымда ат, тамақ дайын,
Басым үшін кемшілік, жоқ уайым.
Іздегенім мал, мансап, мақтан емес,
Ой көзімен тексерсең, мәлім жайым.
* * *
Партия қуған өңкей қырт,
Жазылмайтын ол қыл құрт.
Мен тартам ел қайғысын,
Әкімі — залым, биі — әңгірт.
Сұрқия тілін жалдайды,
Момын мен аңқауды алдайды.
Қанды қақпан бар құрған,
Түсірер болса қандайды.
Бар сырын білем қолма-қол,
Осынымды сезеді ол.
Айналама қазып ор,
Қалдырмай отыр маған жол.
Адамдық, жоқ онда сән,
Құриды жаны, шіріп тән,
Таусылмайды бұл өмір,
Орнына келер жаңа жан.
Көрмесе де көзімді,
Білмесе де өзімді,
Кейінгі жандар қабылдар
Айтылған түзу сөзімді.
Ойсызға сөзім жақпайды,
Арсыздар оны таптайды.
Мұраны асыл жоғалтпай,
Сан ғасыр тарих сақтайды.
Өртеген әкім, ғалымды,
Жер жүзіне мәлімді.
Кейінгі сынап сөздерін,
Алған сонан тәлімді.
Қиналған тәнім азапқа,
Жанған жаным дозаққа,
Әділ жандар алдында
Ақталып шықса, ғажап па?!
АДАМ НЕМЕНЕ?
Білімділер сөз жазып, зарлағанда,
Ой кезіп, жердің жүзін шарлағанда,
Алдаусыз адам өмірін түзетерлік
Әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда?
Әйтпесе мәз боп жүр ме қиянатқа,
Зорлықпен бірін-бірі жалмағанға.
Мен адамнан таза ақыл таба алмадым,
Ойланып, өзеленіп, қармағанда.
Көрсеқызар, жалмауыз, бәрі алдағыш,
Көп адамның қылығын барлағанда.
Өнерпаз, білімді елдің мінезі осы —
Аяу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?
Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,
Өшейін бар деп бізді алдаған ба?
Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,
Істерін әбден сынап талдағанда.
Кей-кейде «түзелейік, кел» — деседі,
Кешікпей соғыс ашып, белдеседі.
Айласы артық, қаруы сайлы жеңіп,
Мақтанып «бар ма біздей ел?» — деседі.
Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі,
Өзгелерді жатыр қап «сен» деседі.
«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың,
Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?
Ойласаң, барша адамзат — туған бауыр,
Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.
Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ
Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.
Европа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.
Терең ойлап сөзімнің, түбін біл де,
Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де.
Сол есті елде киім бар мода деген.
Керегіне лайықтап киінбеген.
Жас балаша қызығып сәкәкүлге,
Масқара боп жүргенін бір білмеген.
Шебелет қалпақ тар шалбар, қысқа сертек,
Киіп алып, қылтиып қағар селтек.
Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа
Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?
Әйелдері — қуыршақ үлбіреген,
Жалбыр шашақ сәкәкүл талай неген.
Кеңірдегін сорайтып, кеудесі ашық.
Осы емес пе орынсыз сәнқой деген.
Ойлашы, осы ақылға жараса ма,
Емес пе ержетпеген бала-шаға?
Не денеге, не жанға жайлы емес қой
Осыған да дау айтып таласа ма?
Лайықты киім жоқ па бұдан басқа,
Керексіз кербезденіп бос шатаспа.
Ақылды киім бермес, ғылым берер,
Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста!
Бақ-дәулетті мол берді жаратылыс,
Пайдаланып, қылсаңшы жақсы жұмыс.
Табиғаттың таусылмас қасиетін
Жұрттың жұмсап жүргені — ақылсыз іс.
Қайда кетті жаралыс берген байлық,
Ұстанғаны әскер мен қapy сайлық?
Жаны ашымай әлсізді аңша қырып,
Мейірімсіз, озбырлығы осындайлық.
Мұнысы айуаннан қалай дейсің,
Бір жаңа өнер шықса, «пәлі-ай», дейсің.
Ол өнермен өзгені құлданып ап,
Аямай өз бауырыңды қалай жейсің?
Күн көре алмай жақының жатыр өліп,
Шіміркенбей жемтігін жейсің бөліп.
«Ғылым деген бұл болса, адыра қалсын», —
Демеске бара жатыр ішім толып.
Қанеки, aқ жүрекке қайсың жеттің?
Жеттім деп тамам жанды тентіреттің.
Жиырмасыншы ғасырдың адамынан
Анық, таза бір елді көрмей өттім.
«Мен — aқ жүрек» деген сөз босқа шығын,
Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын, —
Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ
Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.
Қару, әскер тастаудың жөні келмес,
Неге десең, біріне-бірі сенбес.
Тамам адам періште болмай тұрып,
«Ал, түзелші» — дегенге ешкім көнбес.
Айла, күш, — айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес,
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.
Құр айтқанмен қолынан түк келмейді,
Ақ жүректі таза адам болса кем-кес.
Қас түзеймін деп жүріп көз шығарып,
«Қалмақ ойын» ойнаумен ештеме өнбес.
Жас баланы ұрғанмен шырылдатып,
Ойы толмай тұрғанда ақылы өнбес.
Араны ашық жалмауыз, арсыз төбет,
Аулақта жемтік жеуден жиіркенбес.
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсісі айуанмен анық теңдес.
Бөлектігі — жалғыз-ақ таза ақылда,
Әлің келсе, жол тап та осыны емдес!
СЕРІГІМ ЖАЛҒЫЗ ӘУПІШ ҚАСЫМДАҒЫ
Серігім жалғыз Әупіш, қасымдағы,
Ертеден жолдасымсың жасымдағы.
Таза жүрек, ойында арамдық жоқ,
Қайғымды сен ұғасың басымдағы.
Неше жыл бірге жаттың меніменен,
Ойласам, еркіңді мен алдым неден?
Елге бар, рұхсат бердім ырзалықпен,
Қош, Әупіш! Айрылысам сеніменен.
Ол айтты: «Кетем деген ойымда жоқ,
Киім бүтін, қайғысыз, тамағым тоқ.
Бірге жүріп, бір жусап, үйір болдым.
Айрылсам, жүрегімде жанбай ма шоқ?»
«Адалсың, жүрегіңді айтпай білем,
Елсізде енді жалғыз өзім жүрем.
Адам еркін байлауды ар сүймейді,
Өлгенше еңбек етіп, өмір сүрем».
Мінезімді білетін адал жолдас
Айтқаныма «құп» деді, бұрмады бас.
Аттандырып саларда амандасып,
Еріксіз шығып кетті көзімнен жас.
Оның жоқ тілегінің алалығы,
Менімен бірге өткен балалығы.
Ықтиярсыз көзімнен жас шығарған
Қаяусыз ыдысының тазалығы.
Қайраты зор, білмейтін ерінуді,
Не асып, не мақтанып желігуді?
Еңбегімен күнелткен, сырға берік,
Ұнатпайтын орынсыз елігуді.
Әупіштер ғой өсірген малын байдың,
Еңбегі-жемі болған қомағайдың.
«Адалдық — борышым» деп санайтұғын, —
Бар ниеті Әупіш пен Том ағайдың
...Көзіме елестейді құлдық дәуір,
Адамды «құл» деген сөз маған ауыр.
Шын ойласам екеуін салыстырып, —
Том ағайдан Әупіштің несі тәуір?
Том ағайды сатады базарға айдап,
Көнбесе, басын алар, қылыш қайрап.
Еркін байлап отырмын мен де Әупіштің,
Босаттым оны елге осыны ойлап.
Әупішті ұмытпаймын өлгенімше,
Не оны, не ол мені көмгенінше.
Барлығын шаруамның өзім қылам,
Қажымаймын кәрілік жеңгенінше.
«Әупіш аға» — дейді оны балаларым,
Сыйлайды деп тек ата-аналарым, —
Жанының сырын олар сезе алмайды,
Мен көрем оның артық бағаларын.
Білу қиын сырласпай біздің жайды,
Көлеңкеге пішкен тон жараспайды.
Адам үшін арымен ойламаған
Жүксіз, ойсыз жүктімен санаспайды.
Тату тұрса, адамға дүние кең,
Еңбек ет, жер жеткілік береді кен.
Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.
БОСТАНДЫҚ ТУЫ ЖАРҚЫРАП
Бостандық, туы жарқырап,
Еркіндік суы сарқырап..
Байқұс қазақ осыдан
Қана ала ма бас құрап.
Ата-анасыз жас бала,
Денесінде күп жара,
Қайраты жоқ, ес шала,
Құр жылайды бақырып.
Жаратқан жәрдем етпесе,
Өз өнері жетпесе,
Тағы да қуып кетпесе,
Сақа айғырдай арқырап.
Құлдықтан жоқ құтылған,
Еркіндігі ұмытылған,
Берік байлап, тұтылған,
Бекітулі шартарап.
Тула бойы қотыр ғой,
Қозғала алмай отыр ғой,
Әр өнерден жетім ғой,
Кім өсірер арқалап?
Моншағы көп мойында,
Ол әркімнің ойында...
Бұл еркіндік тойында,
Кетер екен кім талап?
Бірлігі жоқ ел өзі
Көрсеқызар мінезі,
Белгілі ғой тым езі,
Жұта алмайды-ау құр жалап.
Енді өмір не болар,
Күн туа ма оңалар —
Түзелер, не жоғалар,
Бал ашайын шамалап,
Еркін тиіп қонысы,
Кеңір ме екен өрісі,
Не болады орысы,
Соны ойлайық, бағалап.
Патшалық енді тірілмес,
Бұлайша билеп жүрілмес,
Николай ісі білінбес,
Айтқаным емес табалап.
Орыс әзір тына алмас,
Орнығып жұмыс қыла алмас,
Болмас па екен тайталас.
Бірін-бірі сабалап.
Бірі шығар үстіне,
Есе тиер тістіге,
Жалынбай ма күштіге
«Ал, қойдым — деп — ағалап».
Бұл еркіндік тым-ақ жас.
Бір қалыпты тұра алмас,
Кейде айығып, кейде мас, —
Бостандықты жағалап.
Бола берсе таласы,
Екі нардың арасы, —
Шыбындай ғой, шамасы,
Өлмей ме қазақ алдалап.
Оған шыдар күш бар ма,
Қару, өнер, тіс бар ма,
Жемтігің қалар тысқарыда,
Қарға мен ит қамалап.
Орнығып, ел билесе,
Ерік берсе, тимесе,
Өз есіңді жи десе,
Қайтер еді бұл қазақ?
Өзінен ұлық сайласа,
Шаруаларын жайласа,
Бостандық туын байласа,
Бұғаудан босап құл қазақ.
Сонда өзі жай жүре ме,
Тыныштық, өмір сүре ме,
Таласып иттей үре ме,
Неғылып тек тұр қазақ?
Күншілігі ұмытылмас,
Береке, бірлік тұтылмас,
Деп ойлама құтырмас,
Жай отырмас бір қазақ.
Оқығандар бас болар,
Жас өмірге мас болар,
Үлкенін қылар ол мазақ.
Ысылған ерте сезгіштер,
Алыстан қарап көргіштер,
Еліне мейірім бергіштер.
Зияннан жүрер жасқап-ақ.
Сүйтіп олар күндесер,
Бірін-бірі жүндесер.
«Кел, маған ер, жүр», — десер,
Сонда болар қатты азап.
Мені қорқақ дерсіңдер,
Етімді сөйтіп жерсіңдер,
Кім өз елін өлсін дер,
Бал аша ғой тап-таза-ақ!
Еркіндік елге тисе де,
Берекені ел сүйсе де,
Күншілдік қоймас күйсе де,
Ашылмас біздің қас-қабақ.
«Бұл өлеңді жауып қой,
Балақ «бұлдыр қауіп қой, —
Дегізбексін, — тәуіп, қой» —
Айтқаның келсе мақтамақ.
Заманды себеп билейді,
Күштіні де илейді,
Кейде әлсізге тимейді,
Қоя тұршы сақтап-aқ.
БОСТАНДЫҚ ТАҢЫ АТТЫ
Бостандық, таңы атты,
қазағым, көріңдер,
Арға ие басшының
соңынан еріңдер.
Tаң артынан хақиқат
күн шығады,
Еріншек, жалқаулық
әдеттен безіңдер.
Арамдық, аразды
түбімен жойыңдар
Өтірік, өсекті
бір жола қойыңдар.
Намыс, жігер,
бойыңа жиып қайрат,
Қажымай адалдық,
жағында болыңдар.
Бірлік пен талапты
еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден
өнеге алыңдар.
Күндестіктің өзімшіл
көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті
ел болып қалыңдар.
Ар түзер адамның,
адамдық, санасын,
Ақ жеңіп шығады
арамның, қарасын.
Адал еңбек,
ақ жүрек берер шешіп,
Таза ақыл қосылса,
әлемнің таласын.
Адамның бәрі бір,
болмайды аласы,
Оларды бұзатын
нәпсінің таласы.
Ар билейтін заманда
нәпсі өліп,
Бірігер еңбекте
барша адам баласы.
Адалдың жері жоқ
ақырда жеңбейтін,
Тарихта әрқашан
адал жан өлмейтін.
« Ақ иіліп сынбақ жоқ» —
деген рас,
Нәпсі өлсе өзімшіл,
бұған кім сенбейтін?
Таласпай бөліссе
табиғат байлығын,
Қара жер тойғызар
адамның барлығын.
Махаббатпен бірлесіп,
еңбек қылған
Өмірдің көреді
бақытты, сайлығын.
Бұл өмір таусылмас,
жаңарар адамзат,
Арам ой ұмытылып,
зорлықшы болар мат.
Адал етсең, еңбектің,
жемісін жеп,
Шалқыған ел-жұртым,
боларсың көңілін шат.
Мен өлсем, ұрпағым,
артымда қаларсың,
Тілеген мақсатты
өмірден аларсың.
Есіңе алып
келгенде қабырыма,
Шаттықпен шалқытып
әніме саларсың!
* * *
Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дауыстап.
Кіндік кесіп қинағанда,
Анамнан кеттім алыстап.
Ақ бұйымға орап алғанында,
Күндаққа қойды таңып сап.
Жып-жылы суға салғанында,
Денемді әбден арулап.
Емуді қайдан үйрендім тап,
Емшектен сүтті сорғанда.
«Кіш-кішке» неге күлдім ұнап,
Үш айлық, бала болғанда?
Бір түнде жылап дамыл бермей,
Ояттым неге анамды?
Емізген мені қиынн көрмей,
Алды ғой демей мазамды.
Ақ сүтке әбден тойғанымда,
Аштықты ұмыттым анықтап.
Жылауды мүлде қойғанымда,
Ұйқыда күлдім шалықтап.
Туғанда кейіп, жыладым мен,
Сездім бе өмір сырларын?
Өмірді сүйіп, ұнадым мен,
Білдім бе мұндай қырларын.
Аспанда көріп жұлдыз бен ай.
Ер жетсем, дедім: соны алам.
Ата-ана қалды, аһ, дариға-ай,
Күн болды Жермен ата-анам.
Жылылық, жарық, нұрын беріп,
Сездірген атам — Күн шебер.
Балына қосып уын беріп,
Өсірген анам — қара Жер.
«Мұқтаждық өмір жолы бұл», — деп,
Мұңайтып ақыл жылатқан.
«Жас өмір қызық оны біл», — деп,
Алдамшы үміт уатқан.
Тамақ пен киім, ат керек деп,
Өмірім кетті қиындап.
Құмарлық мақтан қуып ем кеп,
Көбейді мұқтаж жиындап.
Осыны сезіп жыладым мен,
Анадан алғаш туғанда.
Қызық деп өмір ұнадым мен,
Сағымды су деп қуғанға.
Жұлдыз бен айды аламын деп,
Аптықтым неге жасымда?
Еркіндік жолын табамын деп
Ойлаған екем басында.
Жыладым ба екен әлде сонда,
Азаттық көрмей өлем деп?
«Кіш-кішке» күлдім білмей онда,
Мазала талай көнем деп.
Табылмас анық азат адам,
Жаралыс билер заманды.
Көрсетер мұқтаж, азап саған,
Тартқызар өмір жазаңды.
Кәрілік жетсе аяу білмей,
Жас өмір келмес қайтадан.
Бұзылмай, өлмей, өзгерілмей
Қалады дейсің, кім аман?
Кіндікті кесіп тастамағы —
Жас өмір сөйтіп қиылған.
Ақ бұйымға орай бастамағы —
Көбінің сондай бұйымнан.
Қуыстап салса құндағына,
Кіретін көрге ұсамақ.
Тағдыр жоқ өлмей тұрмағына,
Өмірді өлім тұсамақ.
Алдауға күліп, қуанғаның —
Алданып өтпек адам ол.
Ашығып емсе, уанғаның —
Өмірде көрмек ісің сол.
Еңбекке шыда, ебін тап та,
«Сабырдың түбі — сары алтын».
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі — өз халқың.
Ынсап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп, жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.
Залым боп елді қырсаң-дағы,
Қожаңыз себеп болмай ма?
Патша боп қанша тұрсаң-дағы,
Бір күні ол дәурен солмай ма?
БҰЛ ӘН — БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК
Бұл ән —
Бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған —
Ұйқасты өлең, сөз керек,
Өзіне орайлы.
Денең —
Жан нұрлы болса, жөнделмек,
Өлең —
Әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.
Ән — өлшеуіш,
өлең — күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық, алу,
не кем салу,
Қапы қалу жарамас.
Ауыр —
Осы әнге тауып сөз салмақ
Тәуір,
Татымды ұйқас жиналмақ.
Тереңнен толғанып.
Сырын
Бұл әннің айтып қарайын.
Түрін
Сипаттап, тізіп санайын,
Өлең тап ойланып:
Буыны сегіз,
алтауы егіз,
Үшеу деңіз екеуі.
Кім дәл басты, кілтін ашты,
Жақсы ұйқасты нешеуі?
Қайран,
қайғысыз, қамсыз күндерім,
Сайран,
сауықты, рахат түндерім!
Сендерден не пайда?
Асқан
алпыстан мынау жасымыз.
Қашқан
кәріліктен ғарып басымыз,
Қаласың қай сайда?!
Ноқталы бас, ағызып жас,
Қызусыз мас, желіксіз,
Xаққa көніп, жалын сөніп,
Көрге төніп еріксіз.
Жастық
жалынсам және келер ме,
Мастық,
денеме қызу берер ме?
Суынған тұла бой.
Маған
қарама, көңілім, мұңайып,
Саған
жеткізбес, кеткен ол ғайып,
Жас өмір — өткен той.
Бұл алпысты,
түскен тісті,
Тозған түсті жасымда,
Сөгуші едім,
опық жедім,
Бәрі менің басымда.
Тағдыр
адамды айдап туғызбақ,
Әрбір
сүйгенін нәпсі қуғызбақ —
Өмірдің жолы бұл.
Жақсы
нәпсісін өзі билемек,
Тапшы
наданды нәпсі сүйремек,
Мақтанға болып құл.
Ата-анасы,
айналасы,
Замандасы,
қылған іс,
Тәлім берер,
соған ерер,
Тағы келер бір туыс.
* * *
Тауып айтса мінді деп,
Жоғалтып бақ мініңді.
Өз етіңді жұлып жеп,
Ашпа алашқа сырыңды.
Мойындамай бақырма,
Бар жыныңды шақырма.
Айғайлама, ақырма,
Шығармай өл үніңді.
Таппай айтса егерде,
Адасқаны мынау деп, —
Майдалап айт әр жерде,
«Берсін қауым сынау», — де.
* * *
Мына заман қай заман, —
Қаскүнемге жай заман.
Араздық пен өсекке
Өлшеуі жоқ бай заман.
Бай заманда байыпта,
Ақ жүректі айнытпа.
Ел қанатын қайрылтпа,
Қалжың деме мұнымды.
Бұл тілімді алмасаң,
Байыбына бармасаң,
Нәпсіге тоқтау салмасаң,
Айта алам ба шынымды?
* * *
Бас көзімен қарасаң — нәпсі жалған,
Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзімен қарағанда,
Өзін берер қалыңға ол қызды алған.
Қылықты қыз сияқты көрінсе де,
Өлшеусіз сансыз байдан жесір қалған.
Күніңде қызыл гүлдей жүз күлсе де,
Сырт айналса, жүрекке жалын салған.
Бас алуға жаралған бір жәдігөй
Өткір қылыш сықылды уға малған.
Өлмей адам осыдан құтылар ма,
Неге қылып жүргеміз өлімді арман?
Нәпсі үйінде байлаулы Ынсап жатыр,
Мұның емін, тегінде, сол аса алған.
Сопысынып, ақсынып әуре болмай,
Ер болсаң, босатып ал сол зынданнан.
Ақыл, ғылым әр түрлі айтса-дағы,
Жиыны осы сөзбен аяқталған.
* * *
Қай жолдассың, айтшы, сен?
Адамды ақша атасың.
Өз анаңның сүтінен
Қанды адал деп татасың.
Өмір қылмен байлаулы,
Өз қамыңды жесеңші.
Заманды себеп жайлаулы
Онда нем бар десеңші.
Жақсы уақыт кез келсе,
Жаралыстың сыйын біл.
Істің түбін тексерсе,
Не боларын білмес ол.
Айла, күшке таянба,
Болар-ау деп сол себеп.
Өлшеуі оның заманда,
Бұйырады ол не деп.
Өмір деген — ұйқы ғой,
Түс көргізбей қоя ма?
Қиын-қызық, әр түрлі ой
Іс көргізбей қоя ма?
Түстегіні шын ғой деп,
Шынды ұмытқан жарай ма?
Әл жеткеннің бәрін жеп,
Арды жұтқан жарай ма?
Таза емес деп шекпенін,
Сыртын көріп сын тақпа.
Әркім орар еккенін,
Өз ішіңді салмақта.
Ол — не жақсы, не жаман,
Оның жүгі сенде емес.
Десе біреу, «мен аман»,
Ол зияннан кенде емес.
Сопылар да күтіп жүр
Бейістің тәтті шарабын.
Маскүнем де жұтып жүр
Мас қылатын арағын.
Шымылдық, артын кім білер,
Шын иесі болмаса.
Соның жолы жөнделер,
Кімді сынап оңдаса!
* * *
Жылым — қой, жұлдызым — июль,
Жасым — жеті жүз он жеті ай.
Толық алпыс болады жыл,
Қосылса июнь, апрель, май.
Қазақшылап есеп қылсам,
Бесінші мүшелім — бұл сан.
Өмір қанша, өлім қанша,
Емес ол біз білерлік жай.
Тірліктің түрін көрдім,
Көңілдің сүйгенін бердім.
Жеміс деп, білмей у тердім,
Бола алмай шын ғылымға бай.
Талайдан бар бір ой менде:
Бұл әлемді жаратқан не?
Жоғала ма жан өлгенде,
Түзу жол, істер іс қалай?
Не сыр бар дін деген жолда,
Кітап, тәпсір, қожа, молда...
Бояулы бір шатақ ол да,
Сынарлық қаруым жоқ сай.
Ол ойды жүр едім қағып,
Құмар, пайда, атақ бағып.
Ізденбей қалғамын нағып,
Кезегін өткізіп, дүние-ай!
Қаз ілген лашын ем көлден,
Жас өтті төрт пенен нольден.
Азайып от-жалын сөнген,
Дариға, кәрілік, қаза-ай.
Алақтап іздедім қapy,
Бекілген артыма бару,
Керек боп кеп ғылым табу,
Болып тұр күн қараң-ай, һай!
Орысша, не арабшадан
Тілім жоқ жетіліп алған.
Кітап оқып түрік жазған,
Ұғындым осыны азғантай.
Білімдінің кітаптарын,
Жазыпты түрікше бәрін.
Философ білгіш ойларын —
Сезіндім біразын байқай.
Кітап, ғылым, ой алмаққа
Маған жол болды сол жақта.
Жұмылдым Мекке бармаққа
Алаң боп іше алмай шай.
Пароходта жүріп жолда,
Әр елде кез келіп молда,
Он үш күн боп Стамболда,
Керек кітап табылғаны-ай!
Парижде де оқыған жан,
Түрік, Серкеш, әм Үндістан,
Араб, башқұрт, қызылбастан,
Переводчик түрік, ноғай.
Солармен кірісіп сөзге,
Жоғарғы ой-мақсатым өзге,
Түсіп сәуле соқыр көзге
Ауыр тұман ашылуы-ай!
Ол ойға кеп керек тармақ,
Әр тілден словарь алмақ.
Сынап нағызына нанбақ
Наданға болмады-ау оңай!
Сол ойды бес жыл жаздым,
Арыдым, шаршадым, аздым.
Инемен көп құдық қаздым,
Сырым, ойым, жайым сондай.
Неден бармын? Не қылған жөн?
Жоғала ма жан өлген соң?
Бұл үшін ойды елемеген,
Талап, ойсыз, есер, бәңгі-ай!
* * *
Жас алпыстан асқан соң,
Өлімге аяқ басқан соң,
Тіршіліктен оянып,
Көзімді асық, ашқан соң.
Хақиқаттың қымызын
Ішіп, бүгін мас едім,
Тазалап жүрек ындызын,
Нәрестедей жас едім.
Шақырды бір періште
Тәнімді емес, жанымды.
Өтірік деп керіспе,
Осы сөзім нанымды.
«Неге отырсың байланып, —
Деді — байғұс, тұзақта.
Әуре болма айланып,
Лайық орын бұ жақта».
Құбылмалы сарай бұл,
Құм үстіне салынған.
Сансыз байдан қалған тұл,
Жарай ма, оған жалынған?
Өмір үйі желде тұр,
Үміт үйі — сағымда.
Көз жетпейтін көлде тұр,
Іздеген ерік бағында.
Жасыл күмбез ішінде
Жан-тәнімен кім азат?
Бұл тіршілік тұсында,
Бола алмайсың шын азат.
Қабағыңды аш, қайғырма,
Берілгенге разы бол.
Анық ойдан айрылма,
Ашылған жоқ еркін жол.
Бақтың гүлі күлсе де,
Уәде берді демеңдер.
Гүл соларын білсе де,
Кейімейді кемеңгер.
Тәтті сөз бен түзу ой
Тағдыр сыйы емес пе?
Әуре болма, жаным, қой,
Мені күндеп егеспе!
КӨҢІЛ
Басында жас бала едің сен,
Ойың бұзылмаған, көңіл!
Періштеден таза едің сен.
Қиянат қылмаған, көңіл!
Ата-анаңа махаббатың —
Бояусыз нұр, кәрматың.
Жоғары ғарыштан затың,
Анық шын бұл маған, көңіл!
Жігіттікке жетелеген
Секунд, минут, сағат деген,
Жаралыс бұл солай деген,
Балалықты ұрлаған, көңіл!
Білем, болам, озамын деп,
Биікке қол созамын деп,
Ақыр бір күн тозамын деп,
Асығыс зырлаған, көңіл!
Атақ. мақтан, құмар, пайда,
Өзімшілдік, зұлым, хайла
«Жетесің, қу деді, - әйда»
Боялып, сырлаған, көңіл!
Бұ болды қайта бір туыс
Тысы толық, Іші қуыс.
Әлемді қылды бір уыс,
Тереңге зымдаған, көңіл!
Балалық-тазалық, өлді,
Жүректің ақ нұры сөнді.
Амалсыз осыған көнді,
Дұрыс деп тыңдаған, көңіл!
Түзелмес мін емес бұлар,
Әр өмір өз ісін қылар.
Сынарлық тағы мезгіл бар,
Ауыспай тұрмаған, көңіл!
Қырық, жылдан жас өткенде,
Қызудың көбі кеткенде,
Есептер көзі жеткенде,
Не болар бұрмаған, көңіл!
«Келіп қайдан, барам қайда?
Не қылғаным болар пайда?
Қалам ба мола боп сайда?» —
Деген ой тырнаған, көңіл!
Жиырма жыл жүректі тесіп,
Бір олай, бір бұлай десіп,
Алынғанша анық, шешіп,
Тынымдап тынбаған, көңіл!
Бүгін тауып тілегенді,
Хақиқатқа көнді сенді.
Қуанып, түрленіп енді,
Бозторғай шырлаған, көңіл!
Бүгін менің ұлыс күнім,
Бағымды ашқан қадір түнім.
Жетіліп тұр қызыл гүлім,
Бұлбұлдай жырлаған, көңіл!
Көзім көрді дегендей іс,
Табылды, кет, жоғал кейіс!
Өлімнің шын түбі — бейіс.
Анық деп ымдаған, көңіл!
Тазалыққа тағы кеттім,
Балалықты қуып жеттім.
Жоғары ғаршыдан өттім,
Осыны шындаған, көңіл!
Терең, ойсыз кей арамтер
Өлімнен соң өмір жоқ дер.
Өкініп, қайғымен өлер,
Мойны сынбаған, көңіл!
Келем десең, өлім, маған,
Досымсың, жау емен саған.
Есікті аш жолды байлаған,
Жөнелсін ұнаған, көңіл!
ТАУ БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Шыққаным Шыңғыстағы бір биік тау,
Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау!
Қайырлы түн болсын деп үнсіз айтып,
Күн кеткен соң, түн келді қараңғылау!
Аспандағы ай, жұлдыз, — бәрі айланды,
Жалғыз-ақ Темірқазық тапжылмайды — ау!
Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы —
Шынында, дөңгелеген жер жүрісі-ау.
Күн жауды, көз шағылды нажағайлап,
Судан от жаратылып шыққаны анау.
Көктен жаңбыр құяды, жерден бұлақ,
Қанша ақса да оларда бар таусылмау.
Жылылық пен салқыннан жаратылған,
Ойласам, оның түбі жердің буы-ау.
Көз адасты, ой тапты, көрдіңіз бе?
Ақылмен сыналмаған іс бұлдырлау.
Көз, құлақ, қол, мұрын, тіл, — бәрі алдайды,
Тетігі — таза ақылмен өлшеп сынау!
Терең ойлап, тексеріп, күн батырып,
Сонда тауып байлаған ойым мынау:
Тұңғиық қараңғы түн, жарық күндіз,
Қуалап бірін-бірі жүр тынымсыз.
Біржолата қараңғы болмасын деп,
Көмескі сәуле берер ай мен жұлдыз.
Жүрісі шатаспайды, шаршамайды,
Дыбыс жоқ кідіріс жоқ не қалмайды із.
Күн нұрын, жер жүрісін, көлеңкені
Жарық уақыт, қараңғы деп атаймыз.
Жоқ болса, ыстық, жарық, қараңғылық
Біздің де мүмкін бе еді барлығымыз?
Сыртын біліп, сырынан хабарсыз боп,
Надандықпен айтамыз осыны біз!
* * *
Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық,
Сегіз минут, шерікте жерге барып.
Әншейін құр жарқырап тұрып алмай,
Жылылық, нұрмен бірге жүр қозғалып.
Бұл дүние жылуы жоқ нұрсыз болса,
Әлемнен кім жүре алар пайдаланып?
Дүние атаулы теп-тегіс мөлдір болса,
Көлеңке орнығады қайда барып?
Барша әлем тапжылмай тұрып қалса,
Бола ма уақыт деген өлшеу салып?
Maқcaт, тәртіп керексіз тозаңы жоқ
Тексермей неге отырмыз мұны ойланып?
* * *
Қараңғы мен жарықты жүрміз өлшеп,
«Күңгірт, жарық, қараңғы, көмескі» — деп
Жыл мен ай, сағат, минут, секунд дейміз,
Секундты мың бөледі хроноскоп,
Жүйрік оймен оны да бөле берсек,
Кетпей ме ең аяғы есепсіз боп?
К,ай жерден былайғысын жуан дейміз,
Бас қанттай ағаш жонсақ тым үшкірлеп.
Жұпардан неше жылдай иіс шығар,
Сол иістің ұсағын бөлші есептеп!
Мұхитқа тозаң құрлы тұз салайын,
Ойлайсыз сол нешеге бөлінді деп?
Жаралыс жұмбағының ісі өлшеусіз,
Білдім деген, білмедім дегенге есеп.
* * *
Шымды жерде көресіз қара топырақ
Шіріген шөп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиіп, күн жылытса,
Жан кіріп, шөп шығады гүл-жапырақ.
Өлген шөптің көлі еді тозған тозаң
Онан тағы не шықты, байқа, бірақ.
Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ
Өзгертіп, түрленеді, ойла, шырақ.
Бұл соңғы шөп — өлген шөп емес дерсің,
Шөп-жанынан білдің, бе оны сұрап?
Дене — киім сияқты, күнде ауысар,
Жан ауысты деуіңіз қиынырақ!
* * *
Атаның шаһуатының көп қой мәні,
Ананың құрсағында қан болғаны.
Құс пен адам болар деп кім айта алар,
Өлі қан мен жаны жоқ жұмыртқаны?
Басында оның киімі шаһуат еді,
Қызыл қан, ақ жұмыртқа кигені әні?
Денесі неше миллион құбылса да,
Оның жаны — баяғы ескі жаны.
Сезімінің зорайып, азаймағы —
Қандай түрде болғаннан оның тәні.
Қайда барса ол өзін «өзім» дейді,
«Өзім» деп денені емес, жанды айтқаны.
Сол жаннан тіпті «өзімдік» жоғалмайды,
Есеп емес сан өліп, сан қайтқаны.
* * *
Ей , жастар, қалай дейсің бұл дүние?
Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?
Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?
Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ
Тәртіпті, таң қаларлық зор машине.
Алыстан іздемей-ақ, ойласаңыз,
Көру үшін жаралған көзіңіз де.
Себебі, толымдының ісі толық
Ең түпкі жаратушы — мінсіз ие.
Күш, білім, шеберлікті іс білгізер,
Есті, мінсіз — шебердің ісі емес пе?
Ұлықтарша қорқытпай законменен,
Молдаларша теңемей күпірменен,
Егер сөзім қонбаса көкейіңе,
Жығатын дәлеліңді айт ақылменен.
Ар, Ынсапқа не жауап берер едің,
Түзу істі қисайтсаң тақылменен.
Құдай жоқ қиямет жоқ десең-дағы,
Арың жолдас емес пе мақұлменен?
* * *
Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.
Әлемдегі діндердің түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
«Інжіл», «Құран» — бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып ардан күсіп қара басар.
Сөйтіп бұзып бұлдіріп, есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,
Қанеки, бұл сөзіме кім таласар?
* * *
Бейіс, дозақ молда айтқан сияқты емес,
Ақылды адам оны анық, сондай демес.
Құрсақтағы балаға осы өмірді
Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?
Сол сияқты, мысал ғой ұқтыруға
Осы қыздай, қыз құшып жеміс жемес.
Бірақ қатты қуаныш, не кейіс бар,
Дәлелім — ұждан, зұлым бар тетелес.
Сондықтан бір тексеру болмай қоймас,
Мұнымды әділетпен ойла да шеш!
Егер құдай барлығы анық болса,
Тең болмас aқ жүрек пен сұм залалкес.
Бұл сөзге күндей ашық, дәлелім көп,
Не дінмен, не ақылмен қылсаң да егес.
Соқыр ойлы бір езу өзімшілге
Қанша ғылым білсе де кіре алмайды ес!
* * *
Ұждандыны мақтайды тамам адам,
Мейлі ғалым болса да, мейлі надан.
Ар, ынсаппен іс қылып азап тартып,
Ақ жолында өледі бірталай жан.
Ыразы қылам дейтұғын құдайы жоқ,
Өлген соң тірілмеймін деп ойлаған.
Осыны терең ойлап, тексерейік
Сорлыны ер ынсабы неге айдаған?
Өлген соң жұрт мақтасын дей ме мені,
Олай болса іс бар ма мұнан жаман?
Ел түзеуге құрбанмын деп-ақ айтар,
Өзі қалай пайда алар онысынан?
Адал жолда өлгеннің арманы жоқ,
Дегені болмай ма екен құрғақ мақтан.
Ар, ынсаптық құмары осы десе,
«Құмарың не?» — деп сұра зұлымдықтан.
Артында азап та жоқ, рахат та жоқ,
Емес пе ерегіскен екі дұспан?
Сен ананы сүйесің, ол мынаны
Мұнан ақыл жиренді не қылмыстан.
Ар, ынсаптың осыдан үміті не?
Ел түзелсе, өлген соң, не пайда оған?
Не дін емес, не тыныш өмір емес,
Артқы үшін арпалысты неге осыған?
Ел түзеп тарихта аты к,алар дейді,
Ақылым тоя алмайды менің бұған.
Жоқ, шырағым! Жанымыз жоғалмайды,
Екі өмірдің азығы — осы ұждан!
Әйтпесе, оған бұл өмір төлеу емес,
Төлеуі: түпсіз рахат, тозбас заман.
Ар, ынсаптың пайдасын жан сезеді,
Өлген соң бәйге аларын біліп тұрған.
Ақ жүрек, адал ниетті бола алмайды,
Ұжданның бұл сырына шын нанбаған.
Шын нану — ақылымен қабылдауы,
Қалады зұлымдықтан сүйткенде аман.
Әйтпесе, өлген соң да мақтанбақшы,
Жорымасқа жолым жоқ солай таман.
Aқ, арам, ұждан, зұлым деп не керек,
Сый алмай, не қиналмай жоғалса жан.
Шолақ ойлы дәлелсіз шолтаңдаған
«Фанатик» діншілсің ғой дер-ақ маған.
Тамам, дерттен сау ақыл, менің сыншым
Мың айтып ұқтыра алман деймін саған!
* * *
Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын, бер шарап.
Қайғы, рахат — бәрі бір бәс,
Ешбірінде жоқ тұрақ.
Келсе бейнет, келді-кетті,
Болса уайым — болды не?
Ақ жолына бұрма бетті,
Бас нығыздап, мықтырақ.
Мен мешітке келмеді-ау деп,
Сөкпе, сопы, молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп.
Шын хақиқат жолды ұнап.
Сіз бояулы дін тұтасыз
Мақтанын мен пайда үшін.
Сусыным деп у жұтасыз
Кетпегейсіз бір құлап.
Таза ақылмен таппаған дін
Шын дін емес — жындылық.
Қармалаған бір соқырсың,
Өлген ой мен көз, құлақ.
Ескілерше қу қазыққа
Байланып мен тұрмадым.
Және емеспін жаңалыққа
Көрсеқызар қиқырақ.
Мен хақиқат құрбанымын.
Берді бізге сәулесін.
Кетті сұм түн, шыры нұр күн,
Мінді көңіл шын пырақ.
Кезсе ойым барша, барлық —
Ақылымның тұтқыны.
Неге болды, не боларлық...
Бәрін өлшеп тұр сынап.
Тән көретін бастағы көз
Байқамайды жан сырын.
Көр де ақылға сал деген сөз,
Көз керек қой ойлырақ.
Хақиқатты дәл көруге,
Жан көретін көз керек.
Бас көзімен сенделуге
Бізге рұхсат жоқ, шырақ!
Сөнген ойды жандыруға
Жан берерлік сөз керек.
Жаны жоқты нандыруға
Жан керек қой милырақ.
Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтап сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, қудай жоқ, дер тұрақ.
Біз хақиқат елегіне
Осы екеуін елесек,
Түкке тұрмас керегіңе,
Екеуі де қалжырақ.
Пәнші дейді: «қайда тәңірі?
Дінші дейді: «менде тұр!»
Екеуі де сөзге нанды,
Таза ақылдан жоқ сұрақ.
Пәнші нанды бес сезімге
Дінші адасты жолынан.
Сал ақылға, дұрысы не?
Дәлелін тап жақсырақ.
Кім жасаса зор машине
Онда одан не қалар?
Құдіретінен қалды, әрине,
Сайраған із шам-шырақ.
Түп негізді жаратушы
Меңіреу ме, есті ме?
Таза ақылға сынатушы,
Тайқымай айт сен, бірақ.
Шынды білмек ойласаң, сен,
Алдыменен жанды біл.
Ең керекті үш сұрақпен
Жан құлағын қой бұрап.
Келді қайдан, қайтсе пайдам,
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген жан — ақыл айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ?
Бар болған зат жоғала ма,
Жоқтан әсер қала ма?
Аш көзіңді тұмшалама,
Кетпе ақылдан тым жырақ.
Осы әлемде барша барлық —
Жанды ақылдың табысы.
Нәрсесі жоқ бос қаларлық, —
Мейлі, шоп пен топырақ.
Шын сүю бар, жирену бар,
Мақсұты бар, еркі бар.
Жаратылған неге бұлар? —
Осыны тап ой құрап.
Барша әлемнің нәрселері
Болса жанның әсері,
Есті сол жан, тәңірі әсері
Тазалықты тұр сұрап.
Шын таза жан тазалықпен
Тәңірісіне бармақ ол.
Мейірім, ынсап, әділеттен
Ағызам деп нұр бұлақ.
Мына жақта нәпсі жатыр
Қиянатты жастанып.
«Бармайық деп, — қойшы, батыр
Етегінен жұлқылап.
Ындыныңа сен несің,
Кімге көндің ерік беріп?
Міне, байқа, жан жүйесін,
Аса берме бұрқырап.
Әділет пен мейірім, ынсап,
Құлшылығым тәңіріме.
Қиянатқа жанды жұмсап,
Жанбан отқа шырқырап.
Жанға көнсем, жан несі —
Тәңіріге де көнгенім.
Таймай өлсем, жолым осы,
Нәпсі қалсын зар жылап.
Таза діннің шын негізін
Ұстаған бір пенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ.
Дін тазасын діннен ізде,
Дін шатағын сынға сал.
Анық айна өзіңізде,
Айда ақылды қаттырақ.
Шала дінді пәнде таппас,
Дін тазасын ой табар.
Еркін ақыл тіпті адаспас,
Кезсе кірсіз жарқырап,
Шынды таптым, қайғы басты,
Шын сырымды айтайын.
Дін де, пән де қатты адасты,
Дау сабасты барқырап.
АДАМШЫЛЫҚ
Кісіге адамшылық, неге керек?
Адамдық — өзге айуаннан артық, демек!
Ит талаған төбеттен қалай дейсің,
Аямай әл келгенін жұлып жемек.
Мейірімсіз қасқырда да күшті өмір бар,
Артылған жерің қайсы онан бөлек?
Үнемі сен жеріңді қайдан білдің?
Бұл дүние кезек берер істі өңгелеп.
Онан қорқып, обырлық, қоймасаң да,
Адам боп, хайуаннан болсаңшы ерек!
Жалмағанша, жәрдемің тигізсеңші,
Жығылған, жылағанға болып көмек.
Мархабатты3 теріс деп кім айтады?
Адамшылық, сол дейді тамам зерек.
Мейірім — жақсы, зұлымдық, — жаман дейсің.
Қасқырлыққа қайтесің құр дөңгелеп
Жаны ашып жәрдем қылмай өткен адам, —
Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек.
НОЛЬ
Қаламым, қарындашым — жан жолдасым!
Жау болды, жан аяспас сан жолдасым.
Қайрылып, мейірімденіп қарамайды,
Кеше аласа, бүгін зор, паң жолдасым...
Жарқырап нұрын шашып, жанады шам,
Талайлар пайда алады жарығынан.
Су тамып, не жел тиіп сөне қалса,
Көрмей, басып, таптайды пайда алған жан...
Демеймін мұңымды айтып зарланайын,
Жаралыс солай қылған адам жайын.
Жарық алып жалғанды тексерсең де,
Таза жүрек таппайсың, сол уайым...
* * *
Кешегі Қаражан мен Байғұлағым,
Жобалай, Әділ, Мыңғат, Байұзағым!
Бірадар Рақымберді, Ұсабай мен,
Тоғалақ Тәкей менен болды Ысқағым.
Сәкен, Көжек, Молдабай, Әкежандар —
Қамшы, құрық, жанторсық, саптаяғым.
Не малыма қызықпай, не асыма,
Қиянатсыз, дос болып жүрген шағым.
Іні-ағалар, туғандар көп болса да,
Жалғанда шын дос еді сүйген бағым.
Қайда жүрсе қараған қабағыма
Өзгенің берсе да алмай алтын тағын.
Ойымды айтпай біліп, ашпай көріп
Бір мен үшін дайындап жүрер жоғын.
Айрылдым ақ жүректі замандастан
Қайда екен, қайран достар, аруағың?!
Бүгін бар есендіктен Кәріқыздар
Солардың көре қалған бір тырнағын.
Үйткенмен кеудесінде құр сүлдері,
Білмейді өзінің де не қылмағын.
Доссыз өмір — шоғы жоқ қара көмір,
Өткен күн — елестеген ол бір сағым.
Жан сүйеніш жақыннан айрылған соң,
Айып па алдымды ойлап жылағаным.
Солардың бәрін нем жарылғасын,
Тілеймін жақсы орнында жолықпағын.
Ойласам өрт шалады жүргімді,
Жана бермей қылайын сөзді шағын.
«ТАҢ» ЖУРНАЛЫНА ЖАҢА ӘНМЕН БАЙҒАЗЫ
Жаңа ойдан
Шығарған
Бір бөлек бұл ән.
Жақсы әнді,
Ұғымды
Жас керек бұған.
Толға,
Шырқа,
Байқап жас жүрек.
Әншілерден
Сол тілек.
Жорғалат,
Сорғалат
Мұндандырып.
Тамылжытып сал.
Бойды еріт,
Ой кеңіт,
Әсер беріп,
Тыңшы жанын
Билеп ал!
Бос айғай,
Құр ойбаи
Ән деме, ойла,
Тұз-дәмсіз,
Түк нәрсіз.
Ас жеме тойда.
Жасық еттен
Қандай пайда бар,
Болмас онда
Тәтті нәр.
Ұйқасты,
Сипатты,
Ішкі сырлы жырынды
Әнге қос.
Сөзі — жан,
Әні — тән,
Жарасымды болса.
Тыңдар оны дос.
Жыршылар
Ән салар,
Толғанып ойдан.
Мұңлы зар,
Қозғалар
Байқалып бойдан.
Жаныңнан
Бір майда
Сыр шығар.
Сезімі ояу
Оны ұғар.
Тіл билеп,
Үн күйлеп,
Суреттесе,
Өмір жайын ән
Мұңлатса,
Шырқатса,
Ентелетсе,
Оянбай ма өлген жан?
Жаңа әнім.—
Байғазым,
Құттықтап журнал.
Кәрі жан,
Салып ән
Жыбырлап қозғал.
Алдынан шық
Майда ән сала,
Қабыл алсын жас бала.
Домбыра ал,
Әнге сал,
Шілдехана күзет енді сен.
Ер жетсін,
Тербетсін
Елді жада,
Нұрлы, әсерлі сөзімен.
Толқынға,
Құлқынға
Соқпас бұл жас.
Зорлықтан,
Қорлықтан
Тоқтасын жолдас.
Еркіндікпен
Өсіп көп жаса,
Ел қамыңды ойласа.
Қаламды,
Табанды,
Жастар,
Жатпай жақсы сөзді жаз.
Емделмей,
Жөнделмей,
Басын ашпай,
Сорлы еліңді қылма таз.
Тілменен,
Пұлменен
Көмектеп, қолда.
Әр бойға,
Соны ойла,
Сараң болма.
Жәрдеміңнен
Жасқа толар ол.
Адасқанға табар жол.
Болма қор,
Үміт зор,
Хат білгенін, алып оқы, бар.
Көксеген,
Жетпеген
Ойың сенің үйренеді талай зар.
* * *
Молдалар өзгелерді кәпір дейді,
Өзі надан, наныңыз, түк білмейді.
Өзімшілдік көкейін тескен сорлы,
Аузына келгенді айтып жанын жейді.
Орыстың жақсыларын білмес қазақ,
Болып жүр сондығынан көпке мазақ.
Өнерлі, білімді елден тәлім алмай,
Қуларға еріп, момындар тартар азап.
Үйренсе ғылым менен сан өнерін,
Білер еді-ау өнердің не берерін.
Танысса ақын, ойшыл адамымен,
Табар еді-ау адалдық ар көмегін.
Білсе егер Салтыков пен Толстойын,
Сезсе олардың айтылған терең ойын.
Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса,
Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.
Лермонтов, Некрасовтай ақындарын,
Өнеге етсе солардың мақұлдарын,
Өзімшіл, надандықтан көзі ашылып,
Аңғарар адал жолда жақындарын.
Сұрқия, сопылардың алма тілін.
Беті тұнық, асты ылай ол бір жылым.
Өнерсің өнеге алсаң үлгілі елден,
Адамшылық, өнермен берер білім.
Алаяқ сұмдарға ерсең, болмас жолық,
Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың.
Өнер ғылым үйренсең еңбек етіп,
Мазақ болмай елдікке жетер қолың.
«ТАҢ» ЖУРНАЛЫНА ТАҒЫ БІР ӘНМЕН БАЙҒАЗЫ
Кейіме, кәрі жан,
Өмірің тозғанға,
Оянып ұйқыдан,
Әнге сал қозғал да.
Жаңа тілек,
Жарық таң атты, міне,
Байғазы
Қада сен
Мынау жас журналға.
Аямай ақшасын
Оқысын азамат.
Еш бөгет қақпасын,
Жасасын саламат.
Ойлы,
Шешен,
Қаламды таланттылар,
Жан беріп көркейту —
Сіздерге аманат.
Жаны — сөз,
Тәні — ақша,
Бұларсыз ер жетпес,
Әсерсіз сөз жазса,
Көңілді тербетпес.
Осы екеуі
Пар келсе,
Көп жасайды,
Сөз жазып.
Пұл беріп.
Ел болса, көмектес.
ЖАРЫМДЫ ТӘНІМ СҮЙДІ СҮЙЕ АЛМАЙ ТӘНІМ КҮЙДІ
Таза қымыз әкел, шырақ.
Болайын қайғыдан жырақ.
Бойым еркін, ойым — ұжмақ,
Тілім — бұлбұл, сөзім — бұлақ!
Уайым жоқ, табылды арман,
Түсіп сәуле асық жардан.
Көтерді пердесін әбден,
Қызыл гүлім ашылған шақ.
Нұрына күн нұры жетпес,
Қасы — жай, кірпігі — оқ реттес.
Көңілден суреті кетпес.
Жүзі — сиқыр, шашы — тұзақ.
Қара көзі өтіп ойға,
Әсері жайылып бойға,
Тұрғандай шақырып тойға,
Бойымда жоқ сабыр-тұрақ!
Ернінде қиынн сыр бар
Жаным соған тым ынтызар.
Сүйейін дейтұғын шығар.
Лайық па екен денем бірақ.
Тең емес ерніне ерінім
Ерінге, міне, жан келдің
Сүйіп кел, сені жібердім,
Тұра тұрсын денем аулақ.
Бояу мінсіз, сұлу шын жар,
Жүрегімде сипатын, бар.
Болып ынтық, қыламын зар
Әлемде бармысың шын-ақ?
Көріп көзің, нұрыңа қанса,
Барып жан ләззатін алса,
Тәнім құрбан бола қалса,
Мұнан артың болар ма бақ.
* * *
Мінін айтса, бұзылмас кімнің түсі
Ойлағанға, ап-анық тұр мұнысы.
Сасқанынан сандырақ шал айтады,
Ыза болып сақылдап кетік тісі.
Айтыпты қатынының бір ойнасшысы:
Неге ойнас қылады екен байлы кісі?
«Өзің неге қыласың?» деп сұраса,
Өйтпесе бұрайды екен оның іші.
Кей ұлықтың осындай бар белгісі,
Оны айта алмай құриды елдің мысы.
Не көзінше не сырттан мінін айтсаң,
Не қиналып, не келеді өлтіргісі.
Ол өзі — түзететін ел басшысы.
Бұл болса ұлығының қылған ісі.
Қарапайым қазаққа не сұрау бар,
Не сүйсе соны қылсын жабайысы.
Бірдей адам қайда бар іші-тысы?
Міндімін деп келмейді жығылғысы.
«Дерт жасырған ажалсыз өлер» деген,
Қазақты оңдырмайтын осынысы.
«Мін түзелмей түзелмес ел жұмысы», —
Деген жоқ па бұрынғы білімдісі.
Ханы тура болмаса халқы оңбайды,
Мұны айтқан өткен ердің жігерлісі.
Нәпсі жеуден жалықпас жазы, қысы,
Зорлықтың мақтанмен бар байланысы.
Қайтіп оны таза деп айта алармыз,
Айла, мақтан, зорлыққа толса уыс
«АДАМНЫҢ ЕРКІ ҚАЙДА?» — ДЕП АҚЫЛДАН СҰРАҒАНЫМ
Шын жаным,
Қорғаным —
Жалғыз сен, ақыл.
Жүрегім,
Тілегім —
Шын менен мақұл.
Ақыл үшін құрбан барлығым,
Анық ұқсам жарлығын.
Налындым,
Жалындым,
Шиені шеш,
Еркім, емін тап.
Ойымды аш,
Дертім бас,
Жазамды кеш.
Рахым етіп,
Мені аяп.
Бар ма еркім,
Сол дертім,
Жетекшім себеп,
Тым күшті ол,
Бермес жол билеттім деп.
Туғызған,
Сол айдап,
Жүргізген
Әр өмірге.
Кіргізген.
Жылатқан,
Уатқан,
Қуантқан,
Құлатқан да сол.
Ерік қайда,
Не пайда,
Жұлқынсам да табылар ма еркін жол?
Жүрмек те,
Өлмек те,
Тумақ та сонан.
Кім көнбес,
Кез келмес,
Салмақта, ойлан,
Себебі жоқ бір іс қайда бар?
Бәрі соған байланар.
Ерік жоқ,
Атқан оқ,
Бір мен емес,
Барша әлемге жол.
Ойға да,
Бойға да
Еркін бермес,
Неге осынша күшті сол?
Ойласам,
Барша адам —
Суға аққан дөңбек,
Себепке,
Кезекке
Тамам жан көнбек.
Әлсіз бен күш тағы себептен,
Кім құтылар кезектен?
Жақсылық,
Жамандық,
Бәрін себеп билеп алған зат
«Мен білдім,
Іс қылдым,
Өзім билеп» — дегеніміз тіпті ұят.
АҚЫЛДЫҢ ЖАУАБЫ
Шын ақыл,
Бір мақұл.
Түсірді ой маған.
Мақсұтың,
Ындының.
Еркін ғой саған.
Жаралыстың берген еркі сол,
Талап ет сен таза жол.
Бұзыққа
Қызықпа,
Ындыныңды
Тура жолға сал.
Жетсең де,
Кетсең де,
Мақсатыңды бұзба,
Осыны ұғып ал!
Бұл өмір
Екі айыр
Өзендей ағар.
Сең қаққан,
Әр жақтан.
Кез келе қағар.
Таза жолдан
Таймай барғаның, —
Жетпесең де алғаның.
Құбылсаң,
Бұзылсаң,
Не қызығып,
Не именумен,
Қайта алмай,
Байқалмай,
Себепке еріп,
Жетектеліп өлдің сен.
Міне, еркің,
Шын көркің,
Ындынды таңба.
Болмасқа,
Тол масқа,
Мақсатты салма!
Талабыңды себеп билесе,
Жанса, мейлі, күймесе.
Ие бол.
Тура жол,
Берді хабар анық.
Ақыл нан.
Терең ой,
Ыңдын қой,
Мұны табар,
Сезімі ояу, есті жан.
* * *
Сұраған жанға сәлем айт,
Бізден кейін қалған.
Тезірек деп тұр үйге қайт,
Өлім деген балуан.
Жардың нұрын жарқыратын,
Салдым елдің алдына.
«Мал емес» деп кетті шатып,
Болмады жан алған.
Өзімді сөкті достарым,
Айтасың, деп жалған.
Көзі бар, миы бостарым,
Нұр алмады жардан.
Сүйтсем олар керең, соқыр,
Көздегені — қара су.
Құлағы тас, ұқпай отыр,
Жүрегі мұз, қардан.
Айуанға алтын сатам деп,
Айландым мен ақымақ.
Бірі шөп, бірі жемтік жеп,
Кетті алтынды таптап...
Сопы кетті мешіт жаққа,
Тура жолдан адасып.
Кіріп кеттім мен қабаққа
Таза шарапты мақтап.
Арамнан азық жегенді
Ала алмадым ақтап.
Түсемін отқа дегенді,
Қала алмадым сақтап.
Бірі етімді, бірі түкті,
Талап өңкей айуан,
Қуып шықты, көрге тықты,
Өлтірді екі жақтап.
Қызырдың мәңгі сулары —
Алдап айтқан айлан.
Жарымның ерін дымдары —
Жан беретін пайдам...
Мас болып ап тепкенімде,
Ескі дүние жоқ болар.
Мен айықсам бар боп мүлде,
Алдап тұр ой қайдан?
Өмірден мақсұт хақиқат,
Соны ізденіп алмақ.
Нәпсіге еріп болма мат,
Ол сені отқа салмақ.
Өмір түбі — өлім болса,
Мейлің жыла, мейлің күл.
Мың жыл саған қыдыр қонса,
Ол суалып қалмаң.
* * *
Бақанас, Байқошқардың көп сабазы
Жиып ап қыран бүркіт, жүйрік тазы,
Еңбекші ұйым болмай, аңшы болып,
Ойда жоқ бидай менен шөптің азы.
Аңшылық — біраз күндік көңіл назы,
Мұныңа болар ма екен ақыл разы.
Көп ел жүр малын қойып, жанын тілеп,
Мақшарда құрылғандай тас таразы.
Сендерге батпайды оның қайғы-назы,
Боп жүрсің айдын көлдің қоңыр қазы.
Таусылып аздан кейін азықтары,
Шығар деп зарлап жүрме қашан жазы?
* * *
Аңшылық әуелінде қандай тәтті,
Еркіндік, кім жек көрер салтанатты.
Бұл күнде қоңлы тұғыр табылса да,
Аздан соң желдіктерсің жауыр атты.
Айтпаймын сөгейін деп азаматты,
Дей көрме мұны осы шал неге шатты.
Салынбай біржолата аң қуғанға,
Еңбек пен ескере жүр қанағатты.
Толғанып ақын айтар әрбір затты,
Сөзімнің іші жұмсақ, сырты қатты.
Алпыс жыл аңшы болып алжыған шал,
Дерсіңдер бізге айтады насихатты.
Ойласаң, біздің заман мұнан жат-ты,
Ол дәурен ойран болып, құмдай батты.
Жұмысы бұл уақыттың — адал еңбек,
Заманың көтермейді бұл саятты.
* * *
Сәлем!
Әбдіғали бауырым, жалғызға,
Осы әнімді үйрен салғыз да.
Бұл — дауысыңа сенің лайық, ән,
Толға!
Бір нүктесін қалғызба!
Мұңлы үнмен басын майдалап,
Ортасын шырқат «айдалап»,
Тағы да баяулап.
Сызылтып сайрат.
Жебей басып,
Құбылтып,
Түрлендіріп,
Тынар жерде жайнат!
Болған баяғыдан жолдасым,
Жолдасым — қарындаш,
Осымен өткен
жарым жас.
Бар сұрағанға
сәлем айтқайсың,
Емес еш адамға
қаным қас.
Аралап байдың баласын,
Сәлемім түгел тарасын.
Жықа апам ауылын
Ұмытып қал май,
Мұса, Қыздар, Төкеме
Түгелдеп айт,
Дәл өз көзім бардай.
Қайғы-қасірет жоқ
Бұл күнде басымда.
Болмаса да
Жолдас қасымда.
Мен еш нәрсеге
Мұқтаж емеспін
Дайын
Ішетұғын асым да.
Байқошқар барам, еріксем,
Қорама кетем, желіксем.
Ойлансам, толғансам,
Мекенім сонда.
Өлең жазып.
ермек қып,
Жалғыз жатам
Неше күндей онда.
Маған
Осы өмірім
Көрінер бейістей.
Уайым жоқ
Сіздің кейістей.
Дәл кесімді
Ажал келіп жеткенше.
Ойдан
Сөз теремін жемістей.
Өмірдің сырын білгемін,
Талайдан сынап жүргемін.
Патша бол,
Бағлан бол.
Пайда жоқ бақтан.
Әйтеуір,
Бір құлайсың.
Ақыры
Бұл шірік аяқ тақтан!
Жеткіз сәлемімді
Өзімдей ініме.
Кейімесін
мынау күніне.
Шын жаралыстың
Салған жолы бар,
Болар күні
Жалғас түніне.
Адамды
Алдап асығыс.
Ойлатар
Нәпсі талай іс.
Өткен бақ — өкініш,
Не пайда онан.
Мың жыл жатса түрмеде
Құтылған соң
Не зиян бар сонан.
Міне, бұл өмірдің
Сыры бар осындай
Күні түнге
Тұрмас қосылмай.
Бақ келсе-дағы
Аспа, бауырым,
Сор келсе,
Шыда шошымай.
Қиянат қылма адамға.
Таза еңбек істе заманға.
Осыны үйретіп
Балаңа бастап.
Қайғы көрмей
Тыныш от,
Ұғып алып
Өкінішті тастап!
ҚОРҚЫТ, ХОЖА ХАФИЗ ТҮСІМЕ ЕНДІ ДЕ.
Қорқыт, Хожа Хафиз
Түсіме енді де,
Осы әніне салып келді де,
Ол үш қайтара мұны сайратып,
Деді: «Көкейіңе енді ме?
Бұл әнге мынау жырды сал,
Ән мен сөзін ұғып ал,
Ойыңмен қоштасар мезгілің таяу.
Жыр жазбасаң тартар ой,
Күннен күнге жалқауланып баяу».
— Қайран терең ойым.
Қартайып тоздың ба?
Еріншек боп бұйда создың ба?
Сен барша адамнан озам деуші едің.
Мынау кәріліктен оздың ба?
Осымен тоқта жығылмай.
Сыймайтын жерге тығылмай.
Есті жи,
Тозды ми,
Байқа да сақтан.
Іздегенің болмаса
Атақ алмақ —
Асқандық пен мақтан.
Ойдың жауабы осы бұл сөзге қайырған"
— Өлім жоқ қой әзір айырған
Мен еріншек боп әлі тозғам жоқ,
Кеміп бұрынғы өткен жайымнан.
Қартайып тозған Бой, денең.
— Айрылман өлмей мен сенен,
Мида жоқ бұзық, қан.
Ақылың таза,
Не себептен боласың
Ойды бұзып,
Күдер үзіп наза?
Ойым —
Бұл сөзіңе тоқталып тұра алман,
Кемшілік бар сенде құралған.
Сен ұмытшақ боп,
Жалқау тартқансын,
Қайтіп құтыласың бұлардан?
Мойында тозған мініңді.
Жоқтама өткен күніңді,
Сары су миға кеп
Ақ тамыр жақтан
Сала ма деп қорқамын
Аяғыңа ашылмайтын қақпан.
Өзің жас кезіңде әр іске алаңдап,
Бірін мақтап,
Бірін жамандап,
Бұл ұмытшақты бойға жиғасың.
Тастап шыдамадық табандап.
Еріншек,
Ескі жолдасым демедің
Бойда болмасын,
Сол әдет жүр әлі артыңнан қалмай.
Кәрілікке жабасың,
Арт жағыңа назарыңды салмай
Бұзық адамдарды ақ жолға салуға,
Қиянатты көрге жабуға,
Мен ақыл менен ойды жұмсаушы ем,
Талай қиынн істі табуға.
Шалғыншы ойым ақылға,
Ақылым тоқтап мақұлға,
Толғанып,
Сынға алып,
Танығын тастап,
Анықталған хақиқат
Тура жолға салушы еді-ау бастап.
Қош бол,
Терең ойым,
Әлемді шарлаған
Қиын іске әдейі арнаған.
Бар дене сезім таппас жұмбақтың
Толғап,
Талай сырын барлаған.
Ақылға әкеп сынатқан.
Дұрысын ақыл ұнатқан.
Қайран ой,
Қайран ми,
Қоштастым жылап.
Кешікпей-ақ қалар деп
Орын қылған сауыттарың құлап.
ҚОРҚЫТТЫҢ САРЫНЫ
Кешегі кеткен ер Қорқыт
Кейінгі жанға болды ұмыт.
Сарынын соның салайын.
Ескі әуез демей құлақ тұт.
Аңғармай кетпе арынмен,
Қобызбен Қорқыт сарнаған.
Болмады жері бармаған.
Мұңлы әнмен өмір суреттеп,
Сол әнін соған арнаған.
Ашулы, зарлы сарынмен,
Қорқыт — түбі түрік, қалмақ.
Ойы — өмір мен өлім жайын
әнге дәл салмақ.
Ол ән аяғын сөзсіз сарынмен,
Шер тарқатыпты, зарлап.
Басында жырмен бастаған,
Екі рет жырлап тастаған.
Аяғын әнмен шырқатып,
Бір ауыз сөзді қоспаған.
Әсерлі үнмен толғаған
Сол әнді ойым ұнады.
Зарласам, көңілім тынады.
Сарынға өлең салдым мен,
Түп-түгел сөз боп шығады.
Көрінді түзу сол маған,
Жасқа ұнамайды сарын.
Қайдан біледі ол,
Кәрілерде не сыр, ой барын.
Жат құлағына жастың мұндай ән.
Ол сезе ала ма нәрін?
Бұл әнге өлең салғаным —
Бұрыннан ойдағы арманым.
Сарнайтын мұны бақсы жоқ,
Жек көрдім ұмыт қалғанын.
Ескіден қалған бір жұрнақ
Жақпаса қойсын жастарға.
Жырлаймын ойлы достарға,
Мен өлсем, сарын жоғалар,
Қимадым көміп тастарға
Сондықтан айтқан бұл жұмбақ
Сарын тез жайылар бойға.
Айдап түсірер сен білмеген
Тіпті жат ойға.
Жын-бақсыларға келер сондықтан,
Жас жиылғандай тойға.
Сарынға жастар салмасын,
Арам жын келіп қалмасын.
Таза ақыл табам деп жүріп,
Абыройын жойып алмасын.
Ол дайын болар қасында.
Шақырма ішпей мастарың.
Байқа, ал, шақырам жынды,
Ойла тереңнен,
Нені ішемін, шақырам мен кімді?
Ол адамдыққа мені жеткізер,
Сол жояды шер-мұңды.
Алып кел шарап тазасын,
Денеме нұры тарасын.
Ұйқыдан әбден оятып,
Жаралы жүрек жамасын.
Mac болмай кірмес ақылым,
Қойқаптан қозғал жындарым,
Тауып кел істің шындарын.
Хақиқат айтсам адамға,
Білмеймін кімнің тыңдарын?
Сынайын теріс мақұлын,
Бері кел, тотсыз асыл айнам,
Білдір анығын, не хақиқат,
Не жөн, не пайдам?
Сал тура жолға мені, жетекшім,
Бұл — сынасатын майдан.
Бақсымын жырлап сарнаған,
Денем жоқ эсер бармаған.
Мндағы жыным, түгел кел,
Хақиқат іске арнаған!
Басайын қобыз пернесін!
Монтаны талай мұңдар бар.
Нәпсіге ерген сұмдар бар,
Адамды ақша аулатқан.
Алдамшы, арсыз жындар бар,
Ондайлар маған келмесін,
Олар — жәдігөйлер жайтаң,
Ойды улатып,
Көзді байлап жүрген қу сайтан.
Сол хақиқатты айтам!
ТІРШІЛІК, ЖАН ТУРАЛЫ
Қасыңа қылыш қайратқан,
Досыңа гүлдей жайнатқан,
Ерік пен талап, ой беріп,
Ойыңды созбен сайратқан
Жан емес дейді «білгіштер».
Осыған нанған есерлер,
Ойы кем, сөзге шешендер,
Ақылмен жанды тексермей,
Денешіл, пәншіл кеселдер
Дәлелсіз сөзбен ілгіштер.
Бұл жан басынан бар,
Ойла, тексер ақылмен,
Құр сөзге нанып ден қойма!
Шын таза ақылдың таппас заты жоқ,
Ол қасиетін жойма.
Оларды сөзбен қайраған,
Ақылдан алыс айдаған,
Ойменен тапқан бұлдыр деп,
Дене мен пәнге байлаған,
Баяғы Конттың4 сөзі еді,
Жаңаны көрсе жүгірген,
Ақылдан әбден түңілген,
Осыдан дұрыс жол жоқ деп,
Бұл уды судай сімірген,
Дененің соқыр көзі еді.
Дене сезіміне нанба!
Сағым су ма екен?
Барып көрсең таяу сол маңға.
Бар дене, сезім түгел алдайды,
Бұл сөзімді әбден аңда.
Радийді бұрын біліп пе ең,
Электр ұстап көріп пе ең?
Бәрін де тапқан таза ақыл,
Аспанда ұшып жүріп пе ең?
Көрінбес зат бар бірталай,
Шығады жаннан көп қуат.
Спирт, гипноз, телепат,
Пакризм мен лунатик.
Жан сезу, түскер — бәрі жат.
Жан жоқ болса, бұл қалай?
Ойла, жанның жоғы шын ба?
Сал сөзімді терең ақыл менен ой сынға.
Сен бұл дәлелге кетсең тоқтамай,
Мен тағы айтамын, тыңда.
Электриядан не шықты?
Істедің талай қызықты!
Дәл өзін көрген адам жоқ,
Шын затын оның кім ұқты?
Ісінен білдік барлығын.
Жан ісі онан бір бөлек.
Еркімен ойлап түрлемек.
Жан қожа тәнге, тән құлы.
Еріксіз айдап жүр демек,
Тән істер жанның жарлығын.
Жанды билей ме екен дене,
Болса бір сипат тәннен шыққан?
Билер жан неге?
Жан өсіріп тұр тәннің баршасын
Тән жан жаратты деме:
Басында жоқты бар қылған,
Жоқтықты жойып көр қылған,
Есепсіз дене жаратып,
Еріксіз жиып нәр қылған
Жан емей енді немене?
Жарықтан бізді бу қылған,
Құбылтып буды су қылған,
Суынан топырақ қатырып
Топырақтан жасыл туғызған
Ие кім сонда денеге?
Жансыз тән қалайша жүрмек?
Сол жан емес пе денелерді қозғап өсірмек.
Бас қозғалыс қой жанның атасы,
Ол жаратады түрлеп.
Сол жаннан талай жан өскен,
Жанына қарай тән өскен,
Өсімдік жаны нашар боп,
Олардан жәндік және өскен,
Жәндіктен адам жаралған.
Жадында қанды емізген,
Ауызсыз қорек жегізген.
Туғызып түзеп өсіріп,
Өзіңді-өзім дегізген.
Тіршілік сөйтіп таралған.
Енді тоқтадың ба жаным?
Жолдан тіршілік шықты деген
сөзге жоқ наным.
Қой пәленше екем айтты дегенді —
Ол қате екені мәлім.
Ақылдың көзін байлама,
Білгіш деп басшы сайлама.
Таза ақыл анық, адамда
Әділ бе мейлі, надан ба?
Айтқанға нанба шынға нан.
Жетектеп ойды әманда,
Ойланбай салма жарысты.
Оқуым, дінім наным деп,
Әдетке қарай айдама,
Ақылға сынат әр істі.
Ұқсаң айтқанымды шындап,
Тағы сөзім бар
Ақылыңмен оны көр сындап.
Ол — басқа жанда бар ма таза ақыл?
Сен осыны тұр тыңдап.
Құбылған әлем жарысы —
Ақылды жанның табысы.
Басында-ақ онда ақыл мол,
Мақсатты ретпен әр ісі,
Тереңнен ойла аңғар да.
Көресің шырақ сен мені,
Көрсін деп бүйткен кім сені?
Теп-тегіс қара денеңе,
Ойламай-ақ қой өзгені,
Мақсатсыз біткен тән бар ма?
Ойлы адамсың ғой сен де
Бар ма мақсатсыз тәртібі жоқ
нәрсе әлемде ?
Ол «Меңіреу күш емес байқасаң
Пән айтты ғой деп сенбе.
«Сезіміміз заттан жаралды», —
Деген соз мүлде арам-ды.
Ақылды жанның мүлкі әлем,
Тәртіппен өсіп таралды.
Осыны неге білмеген!
Меңіреуде мақсат бола ма?
Ақылға осы қона ма?
Құбылтып түрлеп бояған
Қу сөзге көңіл тола ма?
Дәлелі миға кірмеген.
Олар шатақ діннен қашқан
Сөйтіп, жан жөндеп, тіпті
Алысқа кетіп адасқан.
Бар обалы оның шатақ діншілде
Сол дінді бояп басқан.
Еркіндік талап, шын сүю,
Жирену, мақсат, ой түю,
Қуаныш, қайғы, күлкі ашу,
Денесі сау боп жан күю...
Жансыздан бұлар шығар ма?
«Айуаннан адам өзгерек,
Жаралған дене бір бөлек.
Сондықтан ойлап білді адам
Жаны жоқ» — дейді психолог
Сау адам мұны ұғар ма!
Көзге көрінбеген затты «жоқ» деп отырып,
Ертеңінде талай сыр тапты.
Ол жан туралы оны ойламай,
Бар жанды жоқ деп шатты!
(Бұл Жан туралы өлеңнің мұнан кейінгісін, басқа бес буынды, екі тұяқ жырмен жазып, аяғындағы сарынға салған жыр қалдырылған.)
Жаралыс басы — қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір мән де
Сол қуатпен бол таныс,
Әлемді сол мән жаратқан.
Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлеп таратқан.
Қозғаған қуат — жан дейміз,
Жан өсті жаннан сан дейміз.
Сол жандар эсер берген соң,
Жаралды сансыз тән дейміз,
Жанына қарай тән солар.
«Өсімдік күннен алады ас,
Жұмыртқада ұрық, жатпай ма?
Олар да тамақ татпай ма?
Жылынса, яки егілсе,
Оның да таңы атпай ма?
Орасаң да өлмес бидайы.
Жандықта шаһуат болмай ма?
Жатынға барып қонбай ма?
Құбылып қаннан тән жасап,
Түзеліп әбден толмай ма,
Сіздерге мәлім әр жайы.
Осыны ақыл ұқпай ма?
Дене жаның тықпай ма?
Бастапқы есті жанды ақыл
Адамнан келіп шықпай ма?
Осыдан өзге шын бар ма?
Айтамын мұны жастарға,
Таза арақ ішкен мастарға.
У ішіп, қулық, жинаған,
Айтпаймын қуыс бастарға,
Ол ұғынбас, тыңдар да.
Анықты білмес діншілдер,
Өзімшіл, ойсыз, күншілдер
«Жаныңды жолдан қосты» деп,
Шариғат айтып күңкілдер.
Ойында биттей сәуле жоқ.
Дін айтты: «маған нан» — дейді,
Адасқан дінді пән дейді.
Мағынасын анық, біле алмай,
«Рух» — деген сөзді жан дейді.
Осыдан жаман әуре жоқ.
Рух деген дінсіз таза ақыл,
Мінсіздің ісі шын мақұл.
Айуандағы ақыл ол емес.
Аз ғана сөзім — аз тақыл.
Құраныңды оқы нанбасаң.
Аз ақыл ондай көпте бар,
Айуанда айла, еп те бар,
Өсімдіктерде сезім көп,
Көбелек жейтін шөп те бар.
Әлемнен сұра, алдасам.
Нәпсі дер рухсыз жандарды,
Мейлі адам, мейлі аңдарды.
Үстіртін қарап ұқпайды,
Қай молда мұны аңғарды?
Мәнісін білмей шатасқан.
«Тәпсірші» деген атақ бар,
Қарсы айтсаң, молда қақақтар.
Анығын таппай айтылған
Тәпсірде талай шатақ бар,
Ой-жотамен адасқан.
Пәнші мен дінші тыңдамас,
Жиреніп мұны ұнамас.
Өйткені олар бірезу,
Әдетін тастап, шыдамас,
Арланбай бұған еруге.
Бұлқынып, тулар, зарланар,
Дәлелін іздеп қарманар.
Иманын бұзу оңай ма?
Күндерде қызар, арланар,
Дәлел жоқ жауап беруге.
Пән менен дін деп қор болар,
Ойында — өзі зор болар,
Ноқтадан басын ала алмас,
Жетекшіл айуан сол болар,
Ақылға анық жүгінбес.
Көнбеуге талай бұлтақтар.
Күдікті болып қипақтар,
Миына түсіп біздің шоқ.
Желкесін қасып сипақтар,
Онысы бізге білінбес.
Өзімшіл, нәпсі, жайдары-ай!
Көгенде қойың бірталай.
Күңгіртке көзін қадалттың,
Аныққа қарар ол қалай?
Бастағы миға қол жетпес.
Ақылын сатып есер қу,
Бал екен деп ішкен у.
Онысын өзі сезбейді,
Тәні сау болса, жаны ауру,
Емдейін десең емдетпес.
Күлерсің мас деп сөзіме,
Мастығым жақсы өзіме.
Тазасын тауып бір жұтсаң,
Көрінер еді-ау көзіңе,
Алдыңғы айтқан емдерім.
Жарамсыз болса біздің жол
Дәлеліңді айт, жақпаса ол,
Ұқпасақ, қылар лажым не?
Мен кеттім, сіздер аман бол,
Айуанмен анық теңдерім!
Жалындап жанба, жүрегім!
Табылар әлде тілегің...
Адамның арты бұл емес,
Кейін де келер, білемін.
Сынайды солар мұныңды.
Таза ақыл ақты барлайды,
Дәлелсіз сөзді алмайды.
Танитын жанға кез болса,
Хақиқат жерде қалмайды,
Жалғанға сатпас шыныңды.
Көнбеді деп күйгенің —
Тіріде мақтан сүйгенің.
Ақылды әбден тасалап,
Мақтаннан перде кигенің,
Жолама, сірә, мақтанға!
Баршаға жаның ашысын,
Қышыған жерін қасысын.
Аузыңнан мейлі сары алтын
Бұлақтай ағып тасысын,
Сонда да түспе қақпанға.
* * *
Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп енді қайтадан.
Дөңгелеткен,
Өңгелеткен
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз
Есті қылған іс не екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып, сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп,
Тағы мен деп келе ме?
* * *
Аурусыз жанға айла жоқ,
Аурулы жанға дәрі бар.
Аурусыз адам қайда жоқ
Аурудың онда бәрі бар.
Аурусыз жандар — мисыздар,
Мисызда ауру бола ма?
Тәні cay, миы науқастар,
Ондайға дәрі қона ма?
Милыда ойсыз күн болмас,
Ауырмай миы тұра ма?
Миынан басқа ем қонбас,
Емдейін бе деп сұрама!
* * *
Мал да аяулы,
жан да аяулы болса егер,
Малды аяма,
жаның үшін малды сат!
Жан да аяулы,
жар да аяулы болса егер,
Жанды аяма,
жарың үшін жанды сат!
ИМАНЫМ
Қырықтан соңғы иманым —
Отыз жылдай жиғаным.
Көп ғалымның сөзінің
Ақылға алдым сыйғанын.
Молдалардың әдісін,
Пайғамбардың хадісін,
Әулиелік жәдісін,
Алмадым ақыл тыйғанын.
Айтса қандай ғалым зат
Дәлелсіз болса, бәрі ағат.
Даусыз таза хақиқат
Жолында жанды қиғаным.
Үйретсем иман адамға,
Әлімге, мейлі наданға.
Қолы жүйрік, көзі өткір,
Көңілі соқыр шабанға.
Түзетсем оның тілегін,
Тірілтіп өлген сүйегін.
Жұлып алсам жүрегін,
Кеудесін басып табанға.
Айқын аққа сенбейді,
Теріс деп дәлел бермейді.
Көкейіне енбейді
Құлағына құйғаным.
«Білмеймін» деген иман ба?
Ол ақылға сыйған ба?
Айтудан ақыл тыйған ба?
Жасырады иманын.
Философ сөзін оқыдым,
Талайын ойға тоқыдым.
Кітабын да көргемін
Әулие мен сопының.
Бәрін де сынға салғанмын,
Керектісін алғамын.
Ашып, алып тастадым
Таз басының қотырын.
Саяз ақыл бас ұрған,
Мақтауын көктен асырған,
Жаба тоқып жасырған
Талайдың жардым шиқанын.
Ақылдан адас қалмайым,
Дәлелсіз сөзді алмайым.
Бос жетекке бармайым,
Көтермеймін қиқанын!
* * *
Шошыма достым сөзімнен,
Сөз — құдайдан шыққан бу.
Ұқпасаң көр өзіңнен,
Жұтқызайын нұрлы су.
Ішіп алып мас болып,
Мал, мақтанға қac болып
Нәрестедей жас болып,
Қайта жарал, қайта ту.
Apақ ішіп құтырсаң,
Бар киімді сыпырсаң,
Дүниеден мұтылсаң, —
Жолға түстің түп-түзу.
Қанжармен ішің тілемін.
Бар сырыңды білемін.
Мазақтаймын, күлемін,
Деме сиқыр, неткен қу.
Өлсең, сөзбен тұрғызам,
Еріксіз мойын бұрғызам.
Айтқанымды қылғызам,
Жүрегіңе төгіп у.
Сиқырыммен жүгіртем,
Жар бетіне үңілтем,
Дүниеден түңілтем,
Кереметті мен жаду.
Қасиетті баламын,
Жаныңды билеп аламын,
Денеңді отқа саламын,
Жалыны шықсын гу де гу.
Байлаймын да көзіңді,
Патша қылам өзіңді,
Ұғып отыр сөзімді,
Ел билетем жеті ру.
«Мейірім», «Ынсап», «Әділет»,
«Шыдам», «Шыншыл», «Харакет».
Түп қазығы: «Ақ ниет» —
Бұл жетеуін ел қылу.
Ешкімге зиян тигізбей,
Кәріптің көңілін күйгізбей,
Сайтанға беттен сүйгізбей,
Жүрегіңді нұрмен жу.
Мақтанды алма ойыңа
Кек сақтама бойыңа,
Барма дүние тойына,
Ойнаса да уда-шу.
Егер мұны қылмасақ,
Айтқаныма тұрмасаң,
Өз нәпсіңді бұлдасаң,
Саған арам сөз ұғу.
Мақтанып оттай саулама,
Жақынды жаттай жаулама,
Өлсең де адам аулама,
Аң жейтұғын болма аю.
Оқуың, дінің дағдың көп,
Не бір білгіш айтқан деп,
Кетпесін сол жетелеп,
Жарамас үйтіп ой көму.
Ақылыңа ұстат қол,
Тура апарар сені сол.
Жардың жолы қиын жол:
Шытырман тоғай, қалын ну!
* * *
Шын асықтың әрбірі
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына.
Бәрінің нұры қосылған
Мол керемет менде бар.
Жалғыз жарға шоқынған
Қайда мендей пенде бар?
Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жар өзін,
Бас көзімен қара.ма.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жанның сырын арала.
Көрем десең жарымды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтыл қазаға.
Көрсең, оған бас ұрып,
Етегінен айрылма.
Не көрнеу, не жасырып,
Нәпсісіне қайрылма.
Бұл сәлемді есіңе ал,
Егер жетсең тілекке.
Жар қанжары — маған бал
Сұқсын сорлы жүрекке.
Талай асық, жаралсын
Жара ағызған қанынан.
Жер жүзіне таралсын,
Жерді жусын қызыл қан.
Сайтан қашып асықтан,
Асыл озып жасықтан, —
Бейіс болсын бұл жалған
Жүректен кетіп сасық, қан.
* * *
Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,
Зияным жанға тимесе.
Мисыз мына көп жынды
Осы биін билесе.
Залым жеңіп момынды,
Басылған нандай илесе.
Партия болып таласып,
Біріне-бірі шүйлесе.
Боқ жеген аузын жаласып,
Ұлыққан иттей күйлесе.
Түзеттік деп өмірін,
Бұзғанын өзі түймесе.
Томаша етсем көмірін,
Өртенсін деп күймесе.
Биікті десе аласа,
Жалғанды шынға баласа,
Ұлыққа шағып момынын,
Тамтығын қоймай таласа.
Қиянат қылса иманын,
Арамнан тапса жиғанын.
Айламен терге сыйғанын
Ұлық деп бәрі қаласа.
Кешегі уағда бүгін жоқ,
Кейде жалын, кейде шоқ,
Балшық қора бұл да соқ,
Батпақта жүрген балаша.
Шынды біреу жақтаса,
Жазасызды ақтаса,
Адалдықты мақтаса,
Арсылдап оны қамаса.
Мінезін көріп шошынсам,
Түзеймін деп қосылсам,
Орнықты деп отырсам,
Сырғанай берсе шанаша.
Қараса да көз ашып,
Көрмесе менен адасып,
Қасына тұрсам жанасып,
Мені жоқ деп санаса.
Сайтанға иген мойынын,
Қулыққа толған қойынын,
Көп жындының ойынын,
Қылсам-ау сөйтіп тамаша!
* * *
Күндегі таныс-күн мен түн,
Жалықтым мұнан, кетемін.
Қайта-қайта бір ойын,
Ұялмай ойнап нетемін!
Өзгермейтін, өлмейтін
Өмірді талап етемін.
Қайталап ойын көрмейтін
Қызыққа түпсіз жетемін.
Теріс десең, дәлел сал,
Түзу көрсең, ұғып ал!
Кетпей тұрып сұрап қал,
Мен өлікке тетемін.
* * *
Шыннан өзге құдай жоқ
Анық құдай — шын құдай.
Ұқпай қалма алан, боп,
Шын болмаса, кім құдай?
Бұрын шын бар, бүгін шын,
Ертең шын бар — үш бөлек.
Керегі жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын шын керек!
Әулиедей асықтың
Қасиетін былғайсың.
Қылығын қылып жастықтың,
Бір қалыпта тұрмайсың.
Шын махаббат қылуға
Шын сабырың жетер ме?
Көрінген әрбір сұлуға
Көңілің толқып кете ме?
Олай болса таза ақыл,
Әулиелік сенде жоқ.
Баянсызға бәрі құл,
Жынданбаған пенде жоқ.
* * *
Анық асық — әулие,
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан жарына,
Керексіз оған дүние.
Жарынан бөлек жаны жоқ,
Табатын басқа жары жоқ.
Асықтан аяп қалатын
Иманы, малы, ары жоқ.
Тәспық, сәлде, жайнамаз
Тастамайсың қыс пен жаз.
Жүрегің болса тайғақ саз,
Сопысынып қылма наз!
Жарының жаны — жандары,
Жалынға жанбас тәндері.
Дозақтың отын өшірер
Жүректен аққан қандары.
«Шын қасиет соларда», —
Дегенім күнә болар ма?
Құбылма мінез, тайғақ ой,
Екі сөз болмас оларда.
* * *
Тәңіріні іздеп бір мұңғыл,
Тас суретке шоқынса.
Өлсе де болып соған құл,
Иманын бұзбай отырса.
Атақ, пайда іздемей,
Ойында мақтан жоқ болса,
Қиянатты көздемей,
Қанағатқа тоқ болса:
Молдеке-ау, оған таңданба,
Сол кіреді бейіске.
Екі жүзді сандалма,
Сен қаласың кейісте.
Құдайың мен дүниеге
Кезекпе-кезек шоқынсаң,
Инедей пайда тие ме,
Мешітте мың жыл отырсаң.
Кімде болса шын мінез,
Болмас онда екі сөз.
Өлтірсе де көзбе-көз,
Иманын сатып алмас бөз.
Иман да сол, дін де сол, —
Адаспайтын айқын жол.
Күнде, мейлің, ыза бол,
Бейіске анық кіреді ол.
Мысал емес, ындыным,
Әлгі мұңғыл — әулие.
Иман сатқан жындының
Іздегені дүние!
* * *
«Бейісте бар сұлу жар,
Мінсіз таза, хор қыздар.
Рахат берер бал кәусар», —
Дейді біздің молдалар.
Айтады да бұл сөзді,
Арудан тыйды ол бізді.
Сүйме дейді бір қызды,
Молда-екемнің жыны бар.
Кәусарың рахат бермесе,
Mac қылмай ішті кернесе,
Хорды асық боп көрмесе,
Несін мақтап қылдың зар?
Кәусары болса шараптай,
Хор қызы болса қарақтай.
Қоймас па еді жаратпай
Бейіске ондай арам нәр.
Қызына асық болмаса,
Мастықпен көңіл толмаса,
Көкейіме қонбаса,
Бейісің маған мұз бен қар.
Молдеке-ау, олай емес қой,
Қыз сүйіп жеміс жемес қой.
Мысалмен айтқан кеңес қой,
Тәпсірлеуге миың тар.
От емес қой тозақта,
Дүние ісі жоқ о жақта.
Барамыз ғой қонаққа,
Сонда анықтап байқалар.
Жалықпас, бітпес рахат бар,
Азабы оттан қиын, тар.
Нәпсіге ерген молдалар
Қыз құшуға тым құмар.
* * *
Өртейін деп отқа көмдім,
От жүрегім жанбады.
Жанды апарып жарға бердім,
Пара ғой деп алмады.
Жан, тәнімді, иманымды —
Асылымды бойдағы,
Аямадым жиғанымды,
Сонда да көз салмады.
Жар қараса тірілуші ем,
Қарамаса, мен — өлік.
Рахым етіп қылмады-ау ем,
Енді үмітім қалмады.
Сүйтсем, онда сыр бар екен,
Байқамаппын мен оны.
Қосылайын, өлсе деген,
Амалы екен, алдады.
Өліп едім, жар бірігіп,
Бір бейісті таңдады.
Ләйлі — Мәжнүн қарсы шығып,
Ерулігін қамдады.
Тірілікте қосылысқан,
Шын жар емес, ойнас ол.
Ондай асық, шынға дұспан,
Ол бейіске бармады.
Жар сипатын білсеңіз де,
Нәпсің өлмей деме жар.
Айла, алдау өзіңізге,
Шын хақиқат қонбады.
«Сен—жарым» деп, алдаған еп
Тиеді оқ боп кеудеге.
Өкінеді уайым жеп,
Ол аныққа нанбады.
Өмір үйін тұрғызам деп,
Мың сан үйді құлатып,
Кірпіш, ағаш жиғызам деп,
Мәтшаларын сұлатып;
Бір басымның қамы ғой деп,
Қамданып ем жан үшін.
Көп халық,тың хақысын жеп,
Көп наданды жылатып.
Бітсе, қайта бұза бердім,
Басқа түрмен қалатып.
Неше план сыза бердім,
Кезегімен ұнатып.
Сопы болып басты идім,
Сәлде салдым айла үшін.
Әділімсіп перде кидім,
Бетті бояп сылатып.
Нәпсі сонда қуанып жүр,
Айтқанымды қылды деп.
Хақиқатқа көрмедім бір
Өз бойымды сынатып.
Бір күні шарап ішіп едім,
Түсті жарым ойыма.
Терең ойға түсіп едім,
Кетті мастық улатып.
Деді мастық: «Өмір — айлаң
Не бітірді, қыл есеп.
Қанша адамға тиді пайдаң,
Қанша момын шулатып».
Көп apyақ келді кіріп,
Көп қиянат — қылғаным.
Кетті бетке бір түкіріп,
Қақырықпен сулатып.
Тіпті айықпа, сорлы басым,
Мен ардақтың құлымын.
Құй түкірсін, кегін алсын,
Ойды қанмен булатып.
Қиянатпен қылған ісім
Көңіліме түсті де,
Жанды ішім, кетті күшім,
Неге қойсын шыдатып.
Ес жиюым болды қиын,
Есіркеді, келді жар.
Қылды «рахым», өмір үйін,
Өз басыма құлатып.
* * *
Жар көрмеген надандар
Жарық, кім деп күледі.
Оқыған ойсыз адамдар,
Жансыз өмір сүреді.
Ойласам олар — жанды өлік,
Меңіреу, мисыз бір көлік.
Осыдан жөң өңгелік,
Адаммын деп жүреді.
Нұрыңды көрсе болып мас,
Мейлі кәрі, мейлі жас,
Меңіреу мұны жаратпас,
Деп тәңірісін біледі.
Нұрыңмен жарық, жүрегім,
Ғайыптан хабар білемін.
Жарымның алғам тілегін,
Қап тауын нандай тілемін.
Қанжарың бер, барайын,
Меңіреудің ішін жарайын.
Нұрыңнан сәуле салайын,
Сонда оған жан кіреді.
* * *
Сиқыр сөзбен арбасаң,
Табиғат басын иеді.
Кәрленіп кімді қарғасаң,
Қатесіз оғың тиеді.
Нұрыңды түгел жасырсаң,
Жаралыс кебін киеді.
Өлшемей шектен асырсаң,
Көз шағылып күйеді.
Өлшеп жібер нұрыңды,
Білсін асық түріңді.
Бір-бірлеп аш сырыңды,
Соныңды көңілің сүйеді.
* * *
Өмірдің ұнап ойыны,
Шатыраш ойнап жүрмін шат.
Жер ашып тұр қойынын
«Кел жылдам — деп, — көрге жат!»
Сен «мерзімсің», мен жаяу,
Қайтсем ұтам, ойбай-ау!
Төрге барсам мен таяу,
Қылмас па екем ханды мат.
Аяңдап жүріп тұр алдым,
Мен де «мерзім» бола алдым.
Тіршіліктен ояндым,
Сайра, тілім, жорғалат.
Ұқтырмаса нұрыңды,
Түсірмесе түріңді,
Аша алмаса сырыңды,
Аузымды ашам, тілімді ат!
Айқын нұрың көрмесем,
Айтқаныңа ермесем,
Жолыңа жанды бермесем,
Көрінбей маған күнше бат!
Ұстатпасам білегім,
Сен болмасаң тілегім,
Бас ұрмаса жүрегім,
Өлтір, қаным сорғалат!
Тұла бойымды уытта,
Жанымды, өрте, суырт та!
Маңайыңа жуытпа,
Жүрегімде болса тат!
Сен патшасың, мен кедей,
Кетпе құлыңды елемей.
Өлейін бе үндемей,
Жан шығарда айтпай дәт!
Болып едім ой құлы,
Ойым кезді бір жылы.
Кезген ойым арқылы
Жүрегіме жаздың хат!
Баспасам да ізіңді,
Сезбесем де сызыңды,
Көрмесем де жүзіңді,
Тиді бізге аманат.
Жазған хаттың сырымен,
Жарқыраған нұрымен,
Тазарып жүрек кірінен,
Қайғыдан басым болды азат!
* * *
Өмір сырын көздесең,
Жарға шоқын жаннан без!
Сыр қаласын іздесең,
Сырлы, сұлу тамнан без!
Болат кісен тақ — саған,
Темір ноқта — бақ саған,
Дәулетің у мақтаған,
Пайда, мақтан, малдан без!
Жақын сыйлас, жатым деп,
Ешкімді айтпа халқым деп.
Бірінен-бірі тартып жеп,
Таласып жүрген аңнан без!
Дүние құмар өзімшіл
Нұр таба алмас, анық біл.
Жардың сөзін құран қыл,
Шатақ дін мен заңнан без!
Пән жамылған әлімдер,
Дін жамылған зәлімдер,
Бере берсең, бәрін жер,
Сол жалмауыз паңнан без!
Пайғамбар қыл ақылды!
Сол табады мақұлды!
Адасып өлім шатылды,
Ол шатасқан шаңнан без!
Қараңғыны көріп қас,
Шарап ішіп болып мас,
Жар нұрымен көңілді аш,
Күн менен ай, шамнан без!
Бұл насихат тыймаса,
Ойыңа сезім сыймаса.
Дағдыны көңілін, қимаса,
Жалмауыз бол да жардан без!
* * *
Жүректен аққан қанымнан
Жиіркенбе, нұр деп біл.
Сайраған бұлбұл зарынан
Нұрланады қызыл гүл!
Гүлге асық, боп сайраған,
Қызыл тілді қайраған,
Жүрегі оттай қайнаған,
Мұңлы, шерлі мен — бұлбұл!
Қайық қылып денемді,
Ақыл билеп кемемді,
Ой сарқырап жөнелді,
Шетсіз судан өтер, біл!
Жарға жетсем болғаны,
Суалған көңіл толғаны.
Басыма қыдыр қонғаны,
Ақсам-дағы миллион жыл!
Басқаны сенен білмесем,
Қайғырмасам, күлмесем,
Дүниені көзге ілмесем,
Кім мендей ер, кім әділ?!
Жендет көзің маған сал,
Иманым мен жанымды ал!
Жаңа жанмен иман сал,
Қайта жарат, рахым қыл!
Бұл мен емес, шын мені
Жарат, жоғалт өзгені.
Тазарт, мына дүниені,
Бұл адамнан қалсын тұл!
Әлемді мен билейін,
Зұлымдықты сүймейін,
Залымды ұндай илейін,
Нәпсі болсын маған құл!
Дұшпаным атса маған тас —
Жар жіберген көз бен қас.
Ұстап, сүйіп, болам мас,
Бал ғой мені сөккен тіл!
Діншіл, мені күндесең,
Бұл сөзімді мін десең,
Тіліңді кесем, үндесең,
Мейлің жыла, мейлің күл!
* * *
Ақылдан бойға сыр тарап,
Үміттің шамы жанған күн.
Жар есіркеп, бері қарап,
Нұрына жүрек қанған күн.
Ескі иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн.
Асың жарды таптым деп,
Хақиқатқа нанған күн.
Саяз ойлы «шыншылдың»,
Қаруы адыра қалған күн.
Кеудесі тар күншілдің,
Үмітін өрт шалған күн.
Жар нұрына мас болып,
Жаралы жүрек талған күн.
Баянсызға қас болып,
Аққа көңіл салған күн.
Тауып алып тілекті,
Ұстап тұрып білекті,
Саналы, шерлі жүректі
Сары алтынға малған күн.
* * *
Ғылымсыз адам — айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.
Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттеніп ертерек,
Өрісін кеңіт жылма-жыл.
Қырық жасымды ойладым,
Жетпістемін мен биыл.
Белді бекем байладым,
Әдеттенді ой мен тіл.
Атағы шыққан жақсыға
Ақылды бойлап қылма құл,
Шатақ дін мен дағдыға
Шоқынба, досым, зиян бұл.
Дұрыс емес құр ойлап,
Ақылға сынат, сабыр қыл
Жығылмайтын дәлел тап,
Бір езу болма, өзімшіл.
Мініңді тапса кім сынап,
Аяғына бар жығыл.
Қап бәлем деп кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл.
Бақ-дәулетке сыйынып,
Болма боран, жел, дауыл,
Аса сәнді киініп,
Қуыршақ болма сәкекүл.
Тікенің болса бойыңда,
Ауырса да өзің жұл.
Сергек болсын ойың да,
Еріншек болма, құр масыл.
Адамның ең асылы —
Қиянатсыз, ақпейіл.
Ең зиянкес жасығы —
Тайғақ мінез, екі тіл.
Сөз мінезі құбылса.
Ар, иманы жоқ деп біл.
Аулақта жемтік сыдырса,
Оны ойыңмен айуан қыл.
Дұспанға да бол әділ,
Түсірме ойға тат пен ніл.
Ұмытпа, болсаң біздің ұл,
Осы өлеңді құлаққа іл!
* * *
Қобызым неге сарнайды —
Ажалдан хабар береді.
Сыбызғым неге зарлайды —
Деп тұр нем өледі.
Дүниедегі қуаныш —
Бір азғантай жұбаныш.
Оның түбі бір налыс,
Қайғы мен рахат тел еді.
Басқа түскен әрбір іс,
Нe қызықты, не кейіс,
Ойласаң, ол — көрген түс,
Соғып өткен жел еді.
Бақ бермейді есіркеп,
У салады жесін деп.
Иманың мен жаның жеп,
Жерге апарып көмеді.
Ақ малтадай езеді,
Түбінде сенен безеді.
Оны ақылың сезеді,
Неге нәпсің сенеді?
Біле тура талай жан
Саудаға салып ар-иман,
Алдап берген уынан
Көп жұтқысы келеді.
Сұлу бетін сүйгізсе,
Улатып, жанды күйгізсе,
Маңдайын жерге тигізсе,
Ешкім әрі жүр демеді.
Ac бергенін дейді той,
Ол — қасапшы, бұлар —қой.
Көп мисызда болмайды ой,
Бұл не қылған ел еді!
* * *
Сорлы бұлбұл жазға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.
Жарға ғашық, болғаныма
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында
Менде асықтың нұры бар.
Жан денеме кіргенінде,
Бірге кірген осы дерт.
Жан беретін дәрігерің де
Ем таба алмай қор болар.
Менде бар да, тіпті сізде
Жоқ емес бұл қасиет.
Оны өшіріп, бәріңіз де
Дедіңіздер: «жауды жар».
Алдағанға кеттің азып,
Әпсін оқып, үйреніп.
Берді сайтан дұға жазып,
Соны қылдың бойтұмар.
Неге жандың, сұм жүрегім:
«Өзгелердің дерті үшін,
Жарды сүй — деп — бар тілегің»
Мен сияқты басқалар.
Өзге асықтар қызғанады,
Басқалардан өз жарын.
Қызғаныштан кім танады?
Бұл сөзіңе кім нанар?
Мен жомартпын жар нұрына
Алса екен деп барша жан.
Жетсе көзің бұл сырыма,
Ой өрісің, қылма тар.
Дүние өмірін мен сынадым,
Ешбірінде опа жоқ.
Қош, өмірім, қош құмарым,
Қош, жәдігөй, нәпсі қap!
* * *
Зұлымдық қылып елді жеп,
Ойладың әбден байырды.
Атану үшін мырза деп,
Ғарыпқа бердің қайырды.
Құлшылық қылдым деме құр
Қобызға жаққан шайырды.
Жазалы жаның сезіп тұр
Жасырғанмен зайырды.
Құдайға пара бересің,
Ылақ пен қотыр тайыңды.
Жоғалтқандай көресің
Ел жылатқан жайыңды.
Олай емес, шырағым,
Мұның түбі уайым-ды.
Параға берген ылағың
Ар, иманнан айырды.
Елден кешу алмасаң,
Жалмауыздай жалмасаң,
Тәңіріні малмен алдасаң
Алдыңда орнын, дайын-ды!
* * *
Әбден толып жарық ай,
Жоғарылап өрледі.
Таласып жарға байқамай,
Нұры кемін көрмеді.
Жар киесі атқан соң,
Секпіл түсті бетіне.
Асылық, айтып шатқан соң,
Қаяу түсті шетіне.
Күн сайын кетті шегініп,
Кетіле берді, кетіле.
Ұялып әбден жеңіліп,
Жете алмады ниетіне.
Қабағы ғана қылтиып,
Қара салды бетіне.
Нұрының мінін ол түйіп,
Сонда түсті есіне.
Қармақтай белі бүгілді,
Таласудан түңілді.
Жаны шықты, жығылды,
Таласты екен несіне?!
Ай өлген соң Күн шықты,
Мен жеңемін оны деп.
«Айдан гөрі мен мықты,
Болмады Айдың жолы», — деп.
Біздің жарды көргенше,
«Қап, бәлем-ай, сені?! — деп,
«Айша кеміп өлгенше,
Тәңір алсын мені»,—деп.
Күннің нұрлы бетінде,
Алты-жеті дағы бар.
Уайым сол ниетінде,
Көреді-ау деп тағы жар.
Жарым нұрын шашты да,
Күн бетіне қарады.
Күн ұялып қашты да,
Тым төмендеп барады.
Нұрын сүртіп топыраққа,
Зәресі әбден ұшты да,
Қашарын білмей қай жаққа,
Тығылды жерге түсті де.
Менің жарым қандай жар?!
Ай өлді де, Күн қашты.
Мағынасын байқаңдар.
Сырлы сөзім сырды ашты.
Кімге келсе бір бәле —
Жар жіберген көлеңке.
Жақсылық болса егерде —
Жар нұрынан бір сәуле.
Бұл әлемнің әр түрлі,
Бөлек емес ешбірі.
Бәрі де жардың бір сыры;
Не көлеңке, не нұры.
* * *
Қырық жылдан өтіп жасым,
Ақылым болды сырласым.
Отыз жылдық замандасым,
Иманым — басшы, жолдасым.
Оқи алмай ғылым тілін,
Тұман болып жарық күнім,
Қасықпен аршыдым жылым,
Не көрмеді ғарып басым.
Әлемді ойменен кездім,
Перевод малтасын ездім.
Жарымның сәулесін сездім,
Моланың ақтарып тасын.
Қабірден шықты көп нұрлар,
Нұры өлшеусіз сұлу бір жар:
«Деме —деді — ғылымым тар, —
Ерінбесең, мені аласың».
Есім шығып қуанғаннан
Адастым мен ар-иманнан.
Күдер үзіп шыбын жаннан,
Болып тұр иманым — қасым.
Жарымның нұрына жанып,
Тәнім көмір бола қалып,
Жүрегімді жарып алып,
Ағызды арамын, насын.
Беріп тәңірім тілегімді,
Тазартқан соң жүрегімді,
Деді: «ұстат білегіңді»,
Дедім: «қайда апарасың?».
«Адамзаттың қылар ісін,
Иманын, ары, нәпсісін
Жарамын, көрсетем ішін,
Ниеті мен ішер асын».
Әуелі сопыны сойды,
Жүрегін алдыма қойды.
Көріп ем талай тойды,
Дедім мен — «астапыралда!»
Қылыпты тасбығын тұзақ
Ілмиген бір момын қазақ,
Буынып, көрген ол азап,
Дедім мен — «астапыралда!».
Попы мен молдасын жарып,
Kөpсеттің алдыма салып.
Кереметін көріп қалып,
Дедім мен — «астапыралда!».
«Құран», «Інжіл» қылып қаққан,
Адам аулап сойып жатқан,
Шапанымен қанын жапқан...
Дедім мен — «астапыралда!».
Біреуді сойды «бұл — пір» деп,
Қиянатты қылып жүр деп,
Жүрегіне қара бір деп.
Дедім мен— «астапыралда!».
Айуаншы лықылықтап,
Мүритін жүр бұғалықтап,
Tаңып сәлемдесімен мықтап...
Дедім мен — «астапыралда!».
Алып келіп ақ патшаны,
Бауыздалған шығып жаны.
Жарып, «көрші, — деді, — кәні»,
Дедім мен — «астапыралда!».
Іші толған адам тәні,
Баласы һәм зорайғаны,
Кейінің шықпаған жаны,
Дедім мен — «астапыралда!».
Aқ жүрек қой, дегендерді
Терісін сойды да берді.
Еті — қасқыр, көзім көрді!
Дедім мен — «астапыралда!».
Және сойды би-екемді,
Жедің ғой деп талай жемді,
«Анық,тап қара, — деп, — енді».
Дедім мен — «астапыралда!».
Жылан шаян — жеген жемі,
Көңілге аян пара екені.
Сасыпты жемінің дені.
Дедім мен — «астапыралда!».
Ұлық болған талай мықты,
Қылып жұрген жуандықты, —
Ішінен көп пәле шықты.
Дедім мен — «астапыралда!».
Кедейдің еңбегін жеген,
Жылатқан ол талай неген,
Ісінен сескеніп денем,
Дедім мен — «астапыралда!».
Қиянатшыл арам досты
Басын кесіп, ішін осты
Ол аузынан боғын құсты,
Дедім мен — «астапыралда!».
Әсер, алғыш өнершілді
Алып келіп ішін тілді.
Қиянатын аян қылды,
Дедім мен — «астапыралда!»,
Бір саудагер — өсімшіл бай,
Оны сойды аналардай.
Сасығанда шыдай алмай.
Дедім мен — «астапыралда!»,
Паралап ол ұлықты алған,
Қиянат пен қосып жалған,
Сомына сом өсім салған.
Дедім мен — «астапыралда!»,
Көбімен бір істеген ісім,
Бұрын көрген бұ бір түсім...
Бозарған соң сонан ішім,
Дедім мен — «астапыралда!»
* * *
Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас көзден таса.
Жеті көк жерден оңай басқыш болып
Ғарышқа қол жетеді, қармаласа.
Жанның бәрі мендей жар табар еді,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа.
Өлім маған өмірден мың есе артың,
Жарға құрбан болуға жан жараса.
Дозақ отын күл қылып сөндіремін,
Жаралы жүрегімнен қан тараса.
Жарды көрген көзімнен сүймек болып,
Ғажап па таман айуан анталаса.
Xақиқат жар нұрына қанса біреу,
Шықпайды оның жаны балталаса.
Жар нұрының ұшқыны осы ғой деп,
Жанған отқа шоқынам, жар қараса.
От арқылы жарыма бас ұрамын,
Тыңдаман, кәпірсің деп, табаласа.
Адамға періштелер сәжде қылған,
Адамнан жарым артық тым тамаша.
Жалтарып жардан нұрын жасырғаны,
Күн батып, Жер жамылып, қорғаласа.
Жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем,
Көзімнен қанды жасым сорғаласа.
Жарды көрген көзіме шоқынып жүр,
Су бұраңдап майысып жорғаласа.
Тау тапжылмай, ағаштар қалғыр ма еді,
Бастарын жар сиқыры торламаса?
Көрсе еріксіз сайрай ма ақын-бұлбұл,
Көңіліне гүлдің нұры орнамаса?
Асықсың деп айық,тар сөккенменен,
Ұялмай ма мас ақыл қорламаса?
Сау жүрек тесіле ме оқ батпаса,
Oқ орнынан біздің ой — шық,қан маса.
Айық адам аңғармас ішкі сырды,
Байқайды, сол тесіктен мас қараса.
Араққа ақыл, мастыққа ой билетпек, —
Оңай емес ертерек ойланбаса.
Тәкаббар өзімшілді құдай ұрар,
Ақылына бас имей шалқаласа.
Сопыларға біздің жар бір қараса,
Жар нұрымен жүрегін араласа.
Жанын жан, ескі иманын иман демей,
Байғұстар қалар еді-ау таң-тамаша.
* * *
Шам жардан жарықпын деп күнәлі боп,
Сондық,тан түскен оның тіліне шоқ.
«Айна сенен асылмын», — деген үшін
Дарға асылып, басына қадалған оқ.
Бүтін әлем байланған сиқырыңа,
Мен жындымын асық, боп сол нұрыңа.
Шірік иман, шыққан жан арман емес,
Қолымды бір тигізсең бұрымыңа.
Нұрға байсың. Нұрыңнан — зекет, парыз,
Мен кедеймін, нұр сұрап қылдым арыз.
Бір қарасаң, тірілер өлі денем,
Қарамасаң, мойныңда кетер қарыз.
Қызырдың мәңгі суын сия қылып,
Тамам түнді сауыт қып қойсам құйып.
Осы дүние тозғанша жазсам-дағы
Бітіре алман ерініңнің сырын біліп.
Нәресте, жас, күнсіз күн мен айым,
Етегіңе қол тисе, адаспайым.
Жаратқанның құдіреті толықтығын,
Сенің мінсіз нұрыңнан байыптайым.
Мұны меңіреу табиғат жарата алмас, —
Деймін де терең оймен соны ойлайым.
Сондықтан жан-иманым бір сен үшін,
Мейлің сөк, мейлің ұнат, осы жайым.
Жүз пайғамбар «мұғжиза» көрсетсе де,
Сені көрмей мұсылман бола алмайым,
Сенің нұрың түспеген сопыларды
Бейіске кіреді деп ойламайым.
* * *
Тауық, неге шақырар сағат сайын?
Дей ме уақыт өткенін ұқтырайын.
Кейде зарлы дауыспен ит ұлиды,
Білемісің, қылып тұр нені уайым?
Гүлді көрсе мұңлы әнмен бұлбұл сайрап,
Айтып тұр ма баянсыз өмір жайын!
Tаң бозарса, аспанда құйқылжытып
Әнді неге салады бозторғайың?!
Ғылымдылар тексеріп көрді ме екен,
Әлемнің қиын сырлы осындайын?
Ақылым соның сырын тап деп отыр,
Десем де ой жетпесті мен қумайын.
Саламын сасқанымнан ой-жотаға.
Қыла алмай айуан тілін тіпті пайым.
Бос сайрап, текке ұлиды дейін десем,
Ол дәлелсіз екені ойға дайын.
Әрине, мұнда бір сыр болса керек, —
Дейім де шешу таппай алақтайым.
Әншейін керексізді өлең қылып;
Дегем жоқ ермек етіп бос ойнайын.
Бұл да бір жаралыстың қиын сыры,
Деп едім білгендерден сыр сұрайын.»
Ешкім жауап бермесе бұл сөзіме,
Өзімнің ой-жотамды енді айтайын:
Айуанда да ақыл бар адамдайын,
Десең ойлап ондайдан сыр табайын:
Көңіл көзін аш-тағы ақылға сал,
Құр құлақпен тыңдама, қалқатайым!
Олар деп тұр — ойға алып бір құдайын, —
Зор құдіретін әлемге ұқтырайын.
Құлшылық, намазы мен иманы сол, —
Күнде бір, айында бір, сағат сайын.
Демейді босқа ұлып, тек сайрайын,
Деп тұр ол өз тәңірін сипаттайын.
Нәпсі көзін байлаған адамзаттан
Айуан артық, біледі өмір жайын.
Суыр неге қазады таудың сайын?
Жаз жиып қыстық азық қылар дайын.
Қыс болса шала өлерін қайдан білді,
Деді ме азық жастап бір ұйықтайын?
Сондай өмір келерін сезіп тұрған,
Жан сыры ғой, сіздерге байқатайын.
Жаңа туған жас қозы тамақ іздеп,
Енесінің емшегін тапқандайын.
Ұядан ұшқан үйрек бізді алдайды,
Далбырлап, қанат қирап жатқандайын.
Жайын, аңдар үйірге қарамайды,
Есептемей туатын мезгілді айын.
Қысты жердің қояны күздігүні
Дей ме әдейі қардай боп ағарайын?
Көгалдағы шегіртке жасыл болып,
Көрдің бе қырдағысы қоқырқайын?
Осылар өзін-өзі жаратты ма,
Жауымнан түсіммен деп құтылайын?..
Осындай сөзімдерді қya берсең,
Түпсіз терең, сондықтан тоқтатайын.
Ғылымда мұны «соқыр сезім» дейді,
Оны айтқан ғылым. — соқыр, олда, оңбайын.
Меңіреуден мақсұт, білім шығады деп,
Бүтін әлем айтса да мен нанбайым.
АРАҚ, МАСТЫҚ, ЖАР, ЖАН, ШАТАҚ, ИМАННЫҢ ШЕШУІ
Apақ — ақыл, мастық — ой, жар — хақиқат
Жан — нәпсі, шатақ — иман, дін — қиянат.
Маскүнем, әйел сүйгіш, дінсіз ғой деп,
Сырын білмей сыртымнан қылма ғайбат
Хақиқаттан басқаға бас ұрмаймын,
Дәлелсізге нанам деп болмаймын мат.
Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ
Терең ой мен ақылға айтамын дат.
Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат.
Шатаң дінге, әдетке, не білгішке
Ноқталатпай ойымды қылам азат.
«Ақылға билетпеген пенде айуан»,
Десем де бола қоймас сөзім ағат.
Құранның шын мағынасын шатақ ұғып,
Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат.
Ақылыңа сынат да дәлел айтқан
Құраннан табылады талай аят.
Тәпсір деп қасиетін талқан қылып,
Бұзғанмен құран болмас адасқан хат.
Жарық нұрдан жаралған Күн жоғалмас.
Бетіне перде жапсаң неше қабат,
Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы,
Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат
Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне
Дін десе тұра қашты есті азамат.
Бар обалы олардың тәпсіршіде,
Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.
Ол қатені түзеткен әлімдер көп,
Соның сөзін оқысам боламын шат.
Қиянатың бар болса — иманың жоқ,
Маған десе мың жылдай қыл ғибадат
ДІН
Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық, бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық, анық бар.
Бұл қалай деп ойласам,
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.
Біреу отқа жағынды,
Нұрдың түбі құдай деп.
Не суретке табынды,
Олай емес, былай деп.
Бірі: «құдай бір десе»,
Бірі айтады: «көп құдай».
Бірі: «тәңірі — Күн» десе,
Бірі дейді: «жоқ құдай».
Міне, осыдан байқалды, —
Бәрі іздеп жүр иесін.
Табамыз деп ойға алды.
Жаратқанның киесін.
Жас қозыдай болып тұр,
Білсек, мұнын, мысалы.
Қолтық, шабын түртіп жүр,
Анық соған ұсады.
Ойды кімнен алғанын
Адам өзі сезбейді.
Жанның айдап салғанын
Сезбесе де іздейді.
Хақиқаттың тарауы
Түгел жетпей қалмайды.
Әр түрлі боп қарауы,
Көбі анықтай алмайды.
Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәрінде де бар қауіп,
Дін көбейді сондықтан.
Сол көп дінде шешу бар,
Ол шешудің арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудің де шарты бар.
Мейлі, кімге шоқынсын,
Шын іздесе тәңірісін.
Қиянатты жау білсін,
Онан тыйып нәпсісін.
Тәңірі жолы — ақ жүрек,
Сайтан деген — қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы, қыл әдет...
ТӘҢІРІ МЕН ЖАН
Күн аязда терезеге
Неше түрлі гүл түсер.
Мұнша әдемі түсті неге
Кім түсірді?— Ой жібер.
Нысабыңмен ойласаң сен,
Істей алмас оны адам.
Ең адамның шеберінен
Соны салған жан шебер.
Сипатын көр тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тексер көзді сал да,
Қандай оның түрі бар?
Тан, қаларсың, ойға салсаң,
Қар жасаған шытырасын.
Жаралыстан ғибрат алсаң,
Болар едің, ой құмар.
Неше түрлі гүл, жапырақ,..
Әрбіреуін қолына ал.
Құры көріп қойма бірақ,
Онда не бар ойға сал.
Түсі қандай, түрі қандай,
Тамыры бар неше тал.
Тесе қара, тексере алмай
Ұқпадым деп айтпа жал.
Өлсе өсімдік, тіріледі
Күн жылынып, тамса су.
Кейі тамақ, кейі шарап,
Кейі дәрі, кейі у.
Тән терезе, ой қожасы.
Оймен анық байқасаң.
Бар ғылымның түп атасы
Таза ақыл мен ойлану.
Тағы бір шөп ортасында,
Тіпті, тәтті балы бар.
Тарауының ең басында,
Өткір ине талы бар.
Балға қонса бір шыбын кеп,
Шаншылады инелер.
Қылды қорек шыбын шөп жеп,
Tаң қаларлық халы бар.
Зор мұхиттың дариясының
Ең түбінде бар балық.
Денесінде сол балықтың
Бір нұры бар жап жарық.
Сол жарықтық арқасымен
Тамақ аулап күн көрер.
Оқы ғылым, нанбасаң сен,
Жалған емес, бұл анық.
Сиқырына таң қалатын
Тас бар, аты — магнит.
Темір оған құл болатын,
Бар осындай қасиет...
Магниттің қуаты еді
Қыбылнама дегенің.
Tepeң оймен тексереді,
Табады ақыл керемет.
Мына маржан — судан өскен
Тал сияқты, жануар.
Адам еді оны кескен,
Тағы өсетін жаны бар.
Тіпті кетпес еш жоғалып,
Байқасаңыз, барша жан.
Тағы дене тауып алып,
Тағы өседі қайтадан.
Түрлі жанда дене түрлеп,
Өзгеріп тұр бұл ғалам.
Жоғалатын нәрсе жоқ деп,
Айтты ғылым байқаған.
Көзге сеніп, ойға сенбей,
Жанды жоқ деп қаңғырып,
Адасып жүр ақты көрмей
Көңілі соқыр көп надан.
«Ана сансыз кереметті
Кім жаратса, — тәңірі сол!» —
Десе нетті, қойса бетті,
Хақиқатқа жайнаған.
Шала дін мен қате пәннің
Сөзіне ерме, маған ер.
Міне жаның, міне тәңірің,
Міне дінің, міне иман.
АДАМДЫҚ БОРЫШЫҢ
Адамдық борышың, —
Халқыңа еңбек қыл.
Aқ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін,
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қыл өлгеніңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайрылып
К,ауымға келмейсің,
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң
Шын бақыт —
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
ОЙДАН ШЫҒАРЫЛҒАН БАР ТҮРЛІ ӘНДЕРІМ
Үйрен,
Білсең әннің мәндерін.
Дәл толқындарын толғап,
бұлжытпай,
Келтір кемеліне сәндерін.
Ән менен күйдің тілі — үн,
Ұқпасаң оны, саған мін.
Жасыңнан талаптан білуге сырын,
Жете ұғып алған соң,
Жарасады әнге қоссаң жырын.
Мұңлы,
Зарлы
Үндер еріксіз жылатар,
Қамыққанды кейі жұбатар.
Ой, ақылымды
Қозғар ән-күйді
Жаным жай тапқандай ұнатар.
Маңызсыз айғай ән болмас,
Татымды онда мән болмас,
Сазды үнмен билеп ал
Тыңдаушы ойын.
Елжіретіп жүрегін,
Әсер беріп, ән балқытсын бойын.
Әсем әннен ғажап
Азатты үн шығар.
Ойы сергек оны жан ұғар
Бар сезіміңді билер
Ән-күйге,
Жастар,
Тілімді ал,
Бол құмар.
Үн сырын сезер адам аз,
Айғайға құры болар мәз.
Ұқпайды тас құлақ
Ән мен күй мәнін.
Сезер ме еді,
Оларға салып берсе Сиреннің әнін?
Гомер ән сиқырын көрсеткен Сиреннен,
Қиялдаған оймен тереңнен.
Ол әннің жайын ашып берумен
Күткен сондай әнді өреннен.
Шығардым әндер жаңалап,
Саларсың сынға саралап,
Жараса, ойладым,
Әншілер салсын деп.
Белгі болып бір мұра,
Кейінгіге әнімнен де қалсын деп.
ҚОШ, ЖҰРТЫМ
Шарлайсың, ойым, шарлайсың,
Алыстан мені барлайсың.
Таяу тұр ажал алдыңда,
Сарынға салып сарнайсың,
Мақсатың не ендігі?
Бостандық таңын көргенім —
Кемеліме келгенім.
Қорқытпайды мені ажал,
Арман емес өлгенім,
Кейітер істің кемдігі.
Қалған қараңғыда елім,
Ойлап толғаумен
Сынатұғын менің белім.
Бұл алтын таңның атқан нұрынан
Тұр есе ала алмай ерім.
Қазақтың жайнар даласы,
Жетілер оқып баласы.
Шошытатын мені сол —
Олардың күндес, таласы.
Дағдысы сіңген бойына
Тастаңдар күндес, мақтанын,
Көрген соң таңның атқанын,
Ел бастайтын, жастарым,
Жөн емес жай жатқаның.
Нұр құймай елдің ойына,
Баста адал жолға елді!
Еңбек жанатын заман мынау,
Ерлерім келді,
Қош арманым жоқ, жұртым, жасарсаң,
Мен сапар шегем енді!
* * *
Мен кетемін,
Келеді тағы өмірге мендей,
Олар мінді көреді,
Қисық, жерін жөндей.
Бара-бара айқындалып
Ақтық істің анығы,
Адасқанмен хақиқатқа
Қоймақ емес сенбей.
Ақ жүрек пен Таза ақыл,
Қылсаң адал еңбек, —
Бәрінен де сол мақұл —
Артқыға жол бермек.
Арсыздардың түкке тұрмай
Арам ойы жойылып,
Аяғында хақиқатты
Бұл үшеуі жеңбек.
Сен бола гөр аққа хақ,
Болам десең адам,
Адал еңбек берер бақ,
Бассаң соған қадам.
Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның
Таппасы жоқ бұл өмірде,
Осынымды ұқ, балам!
ЖАЙЛАУДЫҢ БАЛАСЫМЕН АЙТЫСҚАН ӨЛЕҢІ
Наданның көзі соқыр, көңілі қара,
Қазаққа надан болмай бар ма шара?
Бір күні аңнан қайтып келе жатсам,
Жүр екен далада ойнап бір топ бала.
Бәрі де шуылдады сәлем беріп,
Олармен ісім бар ма, өттім желіп.
«Кісі-ау, кісең езіліп түсті ғой», — деп,
Тамам бала айғайды салды келіп.
Қарадым кісем түсіп қалды ма деп,
Балалар соған айғай салды ма деп.
Анықтап, алдағанын білгеннен соң,
Ұрыстым балалардың алдына кеп.
Ұйлықты менен қорқып тамам бала,
Ақырдым «антұрған» деп келе сала:
— Міне, кісем өзімнің белімде тұр,
Неге өтірік айтасың, жүзі қара?
Бір бала жауап берді жақын келіп:
— Алыстан сәлем бердік сізді көріп,
Үлкен кісі деп құрмет қылсақ тағы
Сәлемді алмадыңыз бізді ескеріп.
Сәлемді дұрыс па екен алмағаның,
Тым болмаса құлақты салмағаның.
Шынды алмаса, алар деп өтірікті
Сол еді жалған айтып алдағаным.
— Сен, бала, бұл амалды қайдан таптың,
Тілін кесіп алайын бұл қу жақтың.
Әкесіндей кісіні алдаймын деп,
Айтқан сөзін қарай көр ақымақтың.
— Ақымақ кім, ақылды кім, білсең, жаным,
Әлімше менің де бар байқағаным.
Үлкендермен баланы салыстырсақ
Кімнің ақымақ екені болар мәлім.
— Үлкенге келе алмайды бала жуық,
Жол көрмеген анадан жаңа туып.
Не мал емес, немесе тамақ емес,
Тас алып не қыласың торғай қуып.
— Біз ойнаймыз торғайды ұрып алып,
Оны да қалып па еді көзің шалып.
Сен-дағы азаптанып аң қумасаң,
Мойныңа неге жүрсің кескек салып?
— Пайдалы іс қой керекті аң ауламақ,
Ондайдан сендей бала алсын сабақ.
Мен атсам — іске жарар аң атамын,
Терісі киім болар, еті тамақ.
— Біз баламыз күнәсіз ойынға мас,
Үлкендердің құлқыны — мал менен ас.
Өзеленіп, өлгенше тамақ іздеп,
Арғы атаңыз өлген бе аш-жалаңаш?
— Сен ұрасың, жазасыз бір торғайды
Ұрғанмен ол керекті аң болмайды.
Еш адам аш-жалаңаш өлмесе де,
Мал мен азық жимайтын жан болмайды.
— Бұл заман біз түзелер заман ба еді,
Күнәдан үлкен кісі аман ба еді.
Сөз сөйлесең, мал демей сөйлемейсің,
Мал сенің атаң ба еді, бабаң ба еді?
— Үлкенмен теңдесуге бала қашық,
Көйлек жыртып ойнайсың, к....ді ашып.
Ескі жұртты тіміскіп топай іздеп,
Өнер ме екен топай мен жиған асық?
— Біз ойнасақ, үлкеннің несі шықты,
Залалымыз тимейді жанға тіпті.
Қанағатсыз қасқырша ел зарлатып,
Өзіңше қыл дейсің ғой жуандықты.
— Етік былғап, балшықты былшылдатып,
Үйде құл, тыста топырақ бұрқылдатып.
Тас қора әлі соғып, әлі бұзып,
Біз сендердей жүрмейміз қыртылдатып.
— Сізде де бар өлі жау, әлі тату,
Алдаймын деп арамға дінін сату.
Қалжақтап бірін-бірі мазақ қылып,
Қу жігіт атанам деп босқа шату.
Мінездерің бір жұмсақ, бірде қату,
Мақтанып, өтірікті суылдату.
Зорлық, қорлық, алдамшы, ары жоқтық,
Не қалды мұнан артық былжырату?
— Мына бала — к,у бала, неткен залым,
Шын келмей ме осыны жеңуге әлім.
Жас басыңнан бір қу жақ бала екенсің,
Әкең аты кім еді, айтшы, жаным?
— Өтірік сөз болмайды жанға байлау,
Жарамас жақсымын деп қолмен сайлау.
Мен сендей жуан ата баласы емен,
Әкем атын сұрасаң ұры Жайлау.
— Адалдың, тазалықтан құр екенсің,
Бағанадан байқатпай тұр екенсің.
Сені адам деп несіне айтысайын,
Боқ жейтін жол кесердің ұлы екенсің.
— Айтысқам жоқ ақылым молдығынан,
Сөзім дұрыс, айтамын сондығынан.
Ұрлық жаман болып па, ойлаңызшы,
Ел зарлатқан жуанның зорлығынан?
— Апырай, мына бала, неткен бала,
Бос ойыны түбіне жеткен бала.
Татумыз деп ойнасып, уағадаласып,
Асық үшін араз боп кеткен бала.
— Қарай көр мына сөздің шатасына,
Үлкендер мойынсұнбас қатасына.
Ойында ортамыздан талас шықса,
Жүгінеміз асықтың сақасына.
Алшысы-шік болғанның жолы болса,
Біз мойынды бұрмаймыз шақасына.
Қысқа күнде қырық құран соқса-дағы
Үлкендер тұра ма екен батасына?
— Айбарым, ақ патшадан кем емеспін,
Қалжақтама, сен маған тең емессің
Өзіңдей бір қужақты әкелейін,
Сенімен айтысарлық мен емеспін.
— Әкелсең әкеле ғой, отырайын,
Сырттан қорқып несіне шошынайын.
Өз қойыныңды толтырдым көп мініне,
Оны да әпкел, етегін толтырайын.
— Қап, бәлем, қашпай, енді қара да отыр,
Үш қужақ бар, жап-жақын арада отыр.
Әбдіахмет дейтұғын есепқор бар,
Бір-бірлеп ұсақ құмды санап отыр.
Таңсық — қожа әкеңдей бір жолкесер,
Өткен, кеткен кісіні қанап отыр.
Байділда — айласы көп жәдігөй бар,
Бір өзің мың кісіге балап отыр.
Не қылсам соның бірін әкелейін,
Қорықпасаң осы орында, балам, отыр.
«Үйтсем де, бар мінімді бетке басып,
Бала қылды бетімді қара қотыр.
Бұл өлеңді жақтырмас замандасым
Заманыма байлаулы менің басым.
Ойласам, өзімнің де қылығым сол,
Өкпелеме бұл сөзге, еш құрдасым.
...ҒA ЖАУАП
Тием
біреуге нахақ демесе,
Күйеу
арға деп арам жемесе,
Тыйылып зорлықтан,
Бәрі
адамның бірдей ағарып.
Ары
нәпсіні жеңсе тазарып,
Құтылар қорлықтан.
Бар еңбегін, шын тілегін.
Салса адалдық жолына.
Алып білім, төгіп нұрын,
Түссе адамдық соңына.
Кісі
адамды ала көрмесе,
Ісі
санамен алға өрлесе,
Бірігіп бастары.
Тамақ,
керегін жердей іздесе,
Қалап,
еңбекті ғана көздесе,
Болмайды қастары.
Табиғаттың, барша заттың
Білер адам айласын.
Орнар бейіс, кетер кейіс,
Көрсе еңбектің пайдасын.
Шошып,
зорлық пен қapy жолдауды,
Қойып,
күндестік, мақтан, алдауды,
Мансапқор жойылса.
Ерді
адалдық, жолға бастайтын,
Елді
арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.
Еңбекпенен, өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл, қайнар өмір,
Ар білімі оқылса.
МАЗМҰНЫ
Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым 2
«Қазақтың жаманы болмас» 5
Өлген көңіл, ындынсыз өмір 6
«Көкорайға» 7
Амандаса келісіп» 7
«Бағылан етін балқытып» 7
«Мен бір — тілсіз көлікпін» 7
«Мен кеттім де, сен қалдың» 8
Жоқ болса ақың өзімде» 8
Біреудің мінін кешірсең» 9
Мен өтермін, кетермін» 9
«Мақсұтың болса орынсыз» 9
Күйдірген соң шыдатпай» 10
Өмір 10
Мал жимақ 11
Насихат 12
Өкінішті өмір 13
Жастық туралы 15
Кәрілік туралы 18
Жастарға 20
Жаз келер 28
Арман 29
Шын сырым 30
Ашу мен ынсап 33
Шаруа мен ысырап 37
Анық пен танық 39
Ер қоспақ пен сөз сөйлемек 41
Махаббат пен құмарлық 42
Дүние мен өмір 43
Мақтау мен сөгіс 45
Міндеу мен күндеу 46
«Қазақ айнасы» 47
Бай мен қонақ 49
Қайтқан шал 51
Піскен мен шикі 54
Бай мен кедей 56
Қулар 57
Партия адамдары 59
Хайуан мен ақымақтар 61
Сәнқойлар 63
«Бір салмойын сал келер» 64
Ызақорлар 64
Еріншек 65
Құмарлық 68
Жан менен дене һәм көңіл 69
Қалжыңшыл қылжақпас 71
«Сынатарсың өзіңді» 72
Сөз жазып, өлең өлшемек 73
Ажалсыз әскер 74
Тойымсыз нәпсі, тұрақсыз дүние 74
«Қатындар жас баласын күтеді» 75
«Шаранамен туып едің» 75
«Достыңыз зор» 76
Сен ғылымға 76
Бояулы суыр 79
Қаншыр мен бөдене 81
Ақылшы торғай 83
Қасқыр, түлкі, бөдене 84
Талап пен ақыл 88
«Ей, көп халық, көп халық» 91
«Мен қорқамын, қорқамын» 91
Қодардың өлімі 93
Мұңды шал 96
«Мен адамның, таппаймын өнерлісін» 106
Ақындарға 107
Ескі ақындық 107
Жасымнан жетік білдім 110
«Адамның ең жақсысы» 111
«Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына сөз жазушыларға 112
«Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» 114
«Атадан қалған ақ сауыт» 114
«Жұрт не десе, үй десін» 115
«Бәйшешек бақшасы» 115
«Ескіден қалған сөз теріп» 123
«Өлім шыққан ауылға» 124
«Ойбайлап шабу мақұл ма?» 125
«Кәрілік — құтылмайтын бір қазған ор» 126
«Ғайсадай жан беретін таңның желі» 127
«Аңда жүріп шөлдеген Ашам патса» 127
«Епті тышқан бидайды таси берген» 129
Шын бақ қайсы? Күншіл кім? 130
«Айна қойдым алдыма» 131
Қазақ 131
Насихат 132
Тағы сорлы қазақ 134
Қош! 134
Шошыма, ойым, шошыма 135
«Кейбіреу безді дейді елден мені» 136
«Жиырма үй менің көршім — Қарабатыр» 137
«Жолама қулар маңайға» 139
«Кейбіреу безді дейді қатынынан» 140
«Партия қуған өңкей қырт» 140
Адам немене? 141
Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы 143
Бостандық, туы жарқырап 145
Бостандық таңы атты 147
«Анадан алғаш туғанымда» 149
Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек 151
«Тауып айтса мінді деп» 153
«Мына заман қай заман» 153
«Бас көзімен қарасаң — нәпсі жалған» 153
«Қай жолдассың айтшы, сен?» 154
«Жылым — қой, жұлдызым — июль» 155
«Жас алпыстан асқан соң» 156
Көңіл 157
Тау басындағы ой 159
«Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық» 159
«Қараңғы мен жарықты жүрміз өлшеп» 160
«Шымды жерде көресіз қара топырақ» 160
«Атаның шаһуатының көп қой мәні» 160
«Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?» 161
«Бұл кездегі діндердің бәрі нашар» 161
«Бейіс, дозақ молда айтқан сияқты емес» 161
«Ұждандыны мақтайды тамам адам» 162
«Тура жолда қайғы тұрмас» 163
Адамшылық 165
Ноль 166
«Кешегі Қаражан мен Байғұлағым» 166
«Таң» журналына жаңа әнмен байғазы 167
«Молдалар өзгелерді кәпір дейді» 170
«Таң» журналына тағы бір әнмен Байғазы 170
Жарымды жаным сүйді, сүйе алмай тәнім күйді 171
«Мінін айтса, бұзылмас кімнің түсі» 172
«Адамның еркі қайда?» — деп ақылдан сұрағаным 173
Ақылдың жауабы 174
«Сұраған жанға сәлем айт» 175
«Бақанас, Байқошқардың көп сабазы» 177
«Аңшылық, әуелінде қандай тәтті» 177
«Сәлем!» 177
Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де 179
Қорқыттың сарыны 181
Тіршілік, жан туралы 183
Кетті, келді 190
«Аурусыз жанға айла жоқ» 190
«Мал да аяулы» 190
Иманым 191
«Шошыма достым сөзімнен» 192
«Шын асықтың әрбірі» 193
«Әлемді түгел мен көріп» 194
«Күндегі таныс - күн мен түн» 195
«Шыннан өзге құдай жоқ» 196
«Анық, асық — әулие» 196
«Тәңіріні іздеп бір мұңғыл» 197
«Бейісте бар сұлу жар» 197
«Өртейін деп отқа көмдім» 198
«Жар көрмеген надандар» 200
«Сиқыр сөзбен арбасаң» 201
«Өмірдің ұнап ойыны» 201
«Өмір сырын көздесең» 202
«Жүректен аққан қанымнан» 203
«Ақылдан бойға сыр тарап» 204
«Ғылымсыз адам — айуан» 204
«Қобызым неге сарнайды» 206
«Сорлы бұлбұл жазға асық боп» 206
«Зұлымдық қылып елді жеп» 207
«Әбден толып жарық ай» 208
«Қырық, жылдан өтіп жасым» 209
«Ақыл құсы адаспай аспандаса» 212
«Тауық неге шақырар сағат сайын?» 213
Арақ, мастық, жар, жан, шатақ, иманның шешуі 215
Дін 216
Тәңірі мен жан 217
Адамдық борышың 219
Ойдан шығарылған бар түрлі әндерім 220
Қош, жұртым 221
«Мен кетемін» 221
Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі 222
...Ға жауап 225
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру