Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 47 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Өмірзақ Озғанбай
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
ӨМІРЗАҚ ОЗҒАНБАЙ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ғалым-жазушы Өмірзақ Озғанбайдың шығармалары енгізілді. Өмірзақ Озғанбай
1959-1994 жылдары мектепте тәлімгер, бастауыш сынып мұғалімі, мектеп директорының орынбасары, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық, қалалық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі, облыстық «Білім» қоғамының басшысы, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры, облыстық кәсіптік-техникалық оқу орындары басқармасы бастығы, республикалық оқу-әдістемелік орталықтың директоры, облыстық білім беру басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, комитет төрағасы, 1999-2001 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті, 2002-2004 жылдары Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің проректоры қызметтерін атқарды. 2004 жылдан «Қазмұнайгаз барлау және өндіру» АҚ бас директорының кеңесшісі, 2007 жылдан Маңғыстау облысы әкімі жанындағы ардагерлер кеңесі төрағасы, облыс әкімі кеңесшісі. Маңғыстау облысындағы жаңа типтік лицей, гимназия т.б. оқу орындарының ұйымдастырушысы болды. ҚР нарықтық
экономикаға өту кезеңінде оның заңдық негізін салуға қатысты. 200-дей ғылым-танымдық мақалалардың, 30 кітаптың авторы. Негізгі еңбектері: «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Жарығы өшпейтін жұлдыз», «Дорога в будущее», «Көкжиек», «Тоғысқан тағдырлар түбегі», «Рух күрескері. Духоборец», «Жантануға кіріспе», «Келбет», «Адай көтерілісі», т. б. Академик (2001), тарих ғылымдары докторы (1998). Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер (1996), профессор (2010). «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, 8 медальмен марапатталды. АҚШ және Қарақия ауданының, Ақтау қаласының құрметті азаматы. Замана көшінде Замандас, қанаттас інім
Кеш құрым Жаңа Өзеннен шықтық. Кенет қапталдағы ауыл жақтан бір машина ағызып келеді. Үсті-үстіне шамын жыпылықтатып қояды. Әуелі мән берген жоқпыз. Бір уақытта машина бізге жетіп, «тоқтай тұрыңдар» дегендей дыбыс берді. Кілт кідірдік. Қуып жеткен машинаның ішінен күліп, қапсағай қара жігіт атып шықты. - Өй, мынау Өмірзақ қой! – десті қасымдағылар. Бәріміз де сыртқа шықтық. Әлгі жігіт тұп-тура маған беттеп келеді. Анадай жерден сәлем берді.
- Бұрын сыртыңыздан білуші едім. Алғаш рет жүздесіп тұрғаным. Бір сапарға бірге бара жатып, танымаған, білмеген кісіше, үнсіз жүре беруді жөнсіз көрдім. Тоқтатып, амандасып қалайын дедім. Айып етпеңіз, - деді. Амандық-саулық сұрасып, жөнімізге кеттік. - Бұл - Өмірзақ деген жігіт. Осындағы туысқандары той жасап жатырған еді. Соған келген ғой. Өзі Шағадам жақта өскен. Тарих пен әдебиетке ағып тұр. Сені сыртыңнан біледі. Сәлемдесейін деген ғой, – деп жанымдағылар да дуылдасып қоя берді.
Содан былай Өмекеңмен оқтын-оқтын кездесіп жүрдім. Бірақ етене танысып кете қойған жоқпын. Кәсіптік білім беруде де, оқуағарту саласында да жақсы аталып жүрді. Қатардағы қызметкерден облыстық басқарма бастығына дейін жоғарылады. Қайда жүрсе де, жұрт қатты қадірледі. Бірде «Егемен Қазақстанда» қызмет істеп жүргенмін. Ауылдан хат келді. «Осындағы мектеп оқушылары өзіңізбен кездескісі келеді. Қолыңызды тигізіп, жас жеткіншектердің өтінішін жерге тастамауыңызды өтінеміз» - депті. Онсыз да тираж жинау мәселесімен біраз облыстарды аралап көру, ойымда бар еді. Келдім. Қала ортасындағы әсем мектептің үйінде оқушылармен кездестім. Жаңылмасам, қазіргі Мұқтар Әуезов атындағы мектеп болуы керек. Бүлдіршіндердің ықыласы өте мықты. Сізбен бірге сіз жүрген жерлердің біразын аралап көргіміз келеді деді. Өтініштерін қабыл алуға тура келді.
Ертесіне бір автобус, бір машина болып, жолға шықтық. Қарлыбастағы көнелікті қорғанды көрдік. Үдектің үстіндегі тарихи орындармен таныстық. Таушықтың ойына құлай бере, балалық бал дәуренім өткен жерлерді әңгіме қылдым. Ескі көміршілер кентін аралап көрдік. Дәніспан тауына көтеріліп, бұл маңайдың арғы-бергісін сөз еттік. Қапталда қалып бара жатқан Үшауыздың оқиғасына тоқталдым. Содан Жыңғылдыға жетіп, бір кездегі осындағы пионер лагерінде өткен күндерімізді еске алдық. Сол жерде ымырт үйірілді. Мен балаларды қалаға қайтарып, әрі қарай Ондыға кеттім.
Сонда Өмірзақпен бастан аяқ сапарлас болдым. Іш ашысып, сырластым. Жәй әншейін көп қызметкердің бірі емес, көкейіне талай ой түйдек-түйдегімен келіп жатқан, маңдайы жанайын деп тұрған жұлдызды жігіт екенін аңғардым. Республикалық министірлікке шақырылып, басқарма бастығы болған кезінде жаңалықтар мен өзгерістерді көп жасады. Оны теріске шығарып, қарсыласқандар да болды.
Сүйтсем, соның бәрі тегін емес екен. Өзектегі өрен ой ілгеріге ұмтылдырады. Оның барған сайын азаматтық сипаты ашыла түсті. Көп ұзамай, кезекті сайлау келді. Жоғарғы Кеңестің сайлауы еді. Талапкерлердің талабына өріс ашылды. Бір орынға әлденеше кісіден келдік. Маңғыстау облысынан Баев, Жүрсінбаев, Озғанбаев, Кекілбаев дейтін төрт депутат сайланды. Аударма-төңкермесі көп, ауыспалы кезең ғой. Бірде олай, бірде бұлай бұлталақтарға ұшырай жүріп, қысқа болса да, қиқулы дәурен кештік. Бірақ, Өмірзақ сол кездің өзінде үлкен естиярлық танытты. Иран, Пәкістан сапарына барғанымызда қиын-қиын келіссөздердің басы-қасында болып, азаматтық ауқымы мол, кең қарымды халық өкілі екендігін танытты.
Көп ұзамай ол шақырылым да мезгілінен бұрын таратылды. Мен жұртшылық талқысынан қайта өту үшін жолға шықтым. Бұл жолы бүкіл Маңғыстау облысынан Мәжіліске бір орын тиді. Ел азаматтарының жанашырлық ықыласын шындап көрдім. Қыс көзі қырауда қай ауылға барсам да, ыстық ықылас таныдым. Тиісті дауысымды жинап, мәжіліске өттім. Сенатқа Өмірзақ өтті. Ол жетекші комитеттердің біріне бастық болып сайланды. Депутаттық корпуста да, былайғы билік орындарында да өте беделді болды. Парламентаризм тарихын зерттеп, Ресей Мемлекеттік Думасына сайланған қазақ депутаттары жайында еңбек жазды.
Біраздан соң, мені Мемлекеттік хатшылыққа шақырды да, депутаттық мандатты Хайролла Ережепов иеленді. Қысқасы, Маңғыстау сайлаушылары Парламенттен аса салымды болды. Ө. Озғанбаев та, Х. Ережепов те, заң шығарушы биліктегі айтулы қайраткерлер еді. Л. Бурлаковтың, М. Әбілхановтың, З. Алшынбаевтың, Г. Сейтмағанбетованың, С. Оспановтың, М. Бортниктің, Ж. Сарсенқұловтың аймақ мүддесін қорғаудағы табандылықтарын көріп, талай сүйсіндім.
Сүйтіп, халыққа қарымды қызмет етудегі ынтымақ жақсылығымен жалғаса берді. Облысқа басшы болып Қырымбек Көшербаев келді. Еліміз бен жеріміздің тұрлаулы тұлғаларының бірі Нәсіпқали Марабаевты қызметке шақырды. Кәрі түбек жасарып, жаңара бастады. Өтпелі кезең тұралатып кеткен экономикасы қайтадан қауырт көтерілді. Күнбе-күн туындап жатқан жаңа бастамалар мен жаңа ізденістер қанат жайып келе жатқанына мәз болып жүргенімізде, Лондонға емделуге кеткен Нәсіпқалиды ақтығына орап, ауылға оралттық.
Бұл ешкім күтпеген жағдай еді. Әсіресе, Қырымбек қатты күйзелді. Тамылжытып күй төге бастаған қара домбыраның құлақ күйін қайта келтіретін адам табу мықтап ойлантты. Бір күні маған қуанып телефон соқты. «Нәсекеңнің орнына ыңғайлы адам табылды. Ол Өмірзақ Озғанбаевтың қолы емес пе?!» - деді. Содан бері Өмірзақ облыстың ардагерлер қауымын басқарып келеді. Аға десең, аға. Дана десең, дана. Тарих және пәлсафа ғылымдарының докторы. Профессор. Академик. Әлденеше еңбектері бар. Ер-тұрманы салулы, үзеңгісі тағулы, белдеуде тұрған салт аттай. Қайда салсаң да құйғыта жөнеледі.
Былтыр жазда Сарыағашта дем алдым. Екі-үш күннен кейін Ташкенттен салып ұрып елші келді. Зауытбек Тұрысбеков сәлем айтты. Жаңа барып жатқанында Өзбекстанға шақырған. Алдымнан шұбыртып, бір топ өзбектер мен қазақтарын ала шыққан. Қолдарында макеттер, планшеттер, сызбалар. Өзбек өкіметі Бұқара облысындағы Науаи түбіндегі Әйтеке бейітін салуға рұқсат етіпті. Ресми өкімет орындарының араласуға құқы жоқ. Халық өтінгендіктен тек қоғамдық ұйымдар ат салыса алады депті. Мен не де болса, туып тұрған мүмкіндікті пайдаланып қалу керек дедім.
Сонымен талайдан бері сөз күйінде қалып келе жатқан жұмыс басталды да кетті. Жобалау жұмыстары Маңғыстауға тапсырылыпты. Тиісті қаржы табылған соң, Қырымбек екеуміз бейіт басын бірге барып көруге уәделескенбіз. Артынан өзбек талабының ыңғайына қарап, одан бас тартуға тура келді. Бұл істі іс қылып шығаруды Өмекеңе тапсырыпты. Ол бүкіл Алаш күтіп отырған ардақты істі атқаруға жан сала кірісіпті. Қызылқұм арасында қызып жатқан шаруа басына әлденеше рет барып келіпті.
Міне, енді сол шаруа бітіп тұр. Зауытбек жаңа ескерткішті ашуға қатысқанымды жөн көріпті. Ми қайнатқан ыстық. Бұхараға дейін ұшаққа отырып, одан әрі машинамен кеттік. Талайды көрген құба шөлдің ортасында көне қорым жатыр. Жаңа күмбез ерекше көз тартады. Сейітқұл баба мен Әйтекеге зиярат етіп, қасындағы жаңа мешітке бет бұрдық. Ығы-жығы қауымға Әйтеке бидің басына көтерілген жаңа ескерткішке құтты болсын айттық. Жиналған қалың жұрттың алдында ол кезде Өзбекстандағы елшіміз Зауытбек Тұрысбеков жайсаң іске мұрындық болған Маңғыстау облысының басшылығы мен жұртшылығына алғыс айтты. Қуана қол соққан жұртқа ризашылықпен күліп, Өмірзақ тұрды. Той думаны тұсында: «Елдеріңде болып жатқан жаңалықтарыңыздың бәрін ежелгі Тұранның жер-жерінде шашырап жатқан ата-бабалардың бәрі қолдап жүргей!» - деп Өмірзақ бауырымның қолын қыстым.
Сол айтқанымдай, Маңғыстау жерінде бүгінде жұртқа жора, елге үлгі болар талай тамаша істер бітті. «Ата жолы» аталатын даңғылды бойлап, Пір Бекеттің басына қысы-жазы ағылған дүйім жұрттың ойына жол-жөнекей талай нәрселер оралуы мүмкін. Барды жоқ қылуға да болады. Жоқты бар қылуға да болады. Бірі оңай, бірі қиын. Алдыңғысы ақылдың кемдігінен болса, соңғысы ақылдың кемелдігінің арқасында жүзеге асады. Кемел қайда жүрсе де, Атам қазаққа қызмет етеді. Маңғыстаудың жерінде де сондай кемел ақыл жөн алғандығының арқасында талай игі бастамалар орындалуда. Отпан таудың басында Адай Ата кесенесі бой көтерді. Ежелгі Кетіктің төрінде Досан мен Исаға ат үстіндегі ескерткіштері қойылды. Жақсы іс жарастығымен жалғаса бергей.
Ел жарастығына еңбек ету жасы озған аға буынның ардақты парызы. Ардагер қауым ел бүтіндігін тілейді. Мұндай іске ұйытқы болу – абыройлы шара. Сондай шаруаның басы – қасындағы Өмірзақ Озғанбаев інім де сондай елжандылығымен танылып жүр. Оған зейінділігі де, бейімділігі де жетеді. Жуырда бітірген Адай көтерілісі туралы құжаттар жинағы мен арнайы зерттеуі соған куә. Өлкеміздің өткені мен бүгіні жайындағы талай жиында ел құлағын қандырып шежіре шертеді. Таңдайынан жарылған шешен сөзін тыңдап тәнті боласың.
Өкшелес келе жатқан ініме қай істі қолға алса да, сәттілік тілеймін. Жетпісіңде де, қиянға сермеп, қиялға құлаш ұрудан танба, талма, бауырым деймін. ҚР халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев Кіріспе
Замана көші алға жылжыған сайын уақыттың бетінде қалған бедерлі ізі бірте-бірте көмескіленіп, құм басқан саф алтындай көзден тасалана береді. Тарих деген осы. Тасқын судай ағыл-тегіл жөңкіле өткен мың-мыңдаған жылдар тізбегі талай жанды-жансыз дүниені бауырына басып ала кетті. Бір кездері атағы жер жарып, дүрілдеп тұрған империялар да, қылышынан қаны тамған ханбекзадалар мен алдаспанын қайраған қас батырлар да, жұлдызбен тілдескен оқымысты ғалымдар да уақыт екпінінің алдында дәрменсіз болып қалып қойды.
Тек сол кезеңдердің куәсі – тау мен тас, көсіліп жатқан жазиралы дала ғана өткен өмірдің бізге жеткен жазулы хатындай сыр шертеді. Ел ішіне бара қалсаңыз, әр төбенің басынан қарайып көрініп тұратын тас обалар, бабалар басындағы белгілер сол тарихымызды қас қақпай мәңгілік күзетіп тұрғандай әсер береді.
«Тарих дегеніміз – өлгендер мен тірілердің және әлі жарық дүниені көрмегендердің одағы» деген екен ағылшын публицисі әрі философы Эдмунд Берк. Қандай дәл тауып айтылған сөз десеңізші. Мынау он сегіз мың ғаламның мәңгілік қозғалысы ажырамас тұтас бір дүние екендігін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Бір ғана жаратушы бар. Жерді, ондағы тіршілікті сол құдіреті күшті жаратушы ұстап тұр. Осындай қалыптасқан пәлсапалық терең танымдық түсінікке қарамастан поляк ақыны, сыншы Збигнев Ежина:
«Бәрі де Құдайдың қолында, тек қана тарих оның бақылауынан шығып кеткен», - деген батыл ой білдіреді. Онымен келісуге де, келіспеуге де болады. Тірі мен өлінің бәрі де, болашақ ұрпақтың әрекеті де бір Құдайдың жазуымен жүзеге асады. Жаратушы ұлы күш дүние дамуын өз заңдылығымен үйлестіріп отырады. Жә, біз азырақ пәлсапалық ойға түсіп кеттік. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген ағылшын жазушысы Филипп Гедалла айтқандай, «философия адамдардың қате көзқарастарын, ал тарих шалыс басқан қадамдарын зерттейді».
Сонымен, тарих – біздің өткеніміз, бүгініміз әрі болашағымыз. Осы тұрғыдан келгенде, «өткеніңді танымай, келешектен үміт күтпе» деген халық нақылының растығына көзің жетеді. Өткеннің ашылмаған жұмбағы көп. Тарих жылнамасы соның бәрін қапысыз
жазып кете алған жоқ. Сондықтан да тарихтың кейде жалаң аңызға құрылып, бұрмаланып жататын тұстары да аз кездеспейді. Нағыз тарих – тасқа басылып, хатқа түскен тарих. Араб, Қытай жылнамалары мен жазу-сызу болған еуропалық елдердің белгілі бір оқиғаларға байланысты жазылып, сақталып қалған мұрағаттары талай ақиқаттың бетін ашады. Кезінде патшалар мен қолбасшылардың жорықтарда өздерімен бірге жылнамашытарихшыны ертіп жүруді әдетке айналдыруы – осы жайтты білгендіктен қолға алынған іс. Немесе мұхит түбінен табылып жататын құмыраға салынған хаттар қандай?
Түркінің арғы-бергі тарихында Күлтегін бабамыздың тасқа қашап қалдырған жазбалары бұдан талай ғасыр бұрынғы ақиқатты көз алдыңа әкеледі. «Күндіз отырмадым, Түнде ұйықтамадым, Қара халықты бай қылдым» - дейді ол. Тарих па, тарих! Түркі жұртын жатпай-тұрмай ен жайлатқан ердің сөзі. Махмұд Қашқаридың «Диуани Лұғат ат Түрк», Жүсіп Баласағұнидың «Құдатғу білік» атты еңбектері, ертедегі Италия саяхатшысы Марко Поло мен Плано Карпинидің жазбалары, арабпарсы оқымыстыларының қазақ даласы туралы қалдырған түрлі пікірлері – тарих үшін аса құнды дүниелер.
Поляктың жер аударылған саяхатшысы Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласынан жазылған хаттары» - тұнып тұрған нағыз тарихтың көрінісі. Одан қазақ жерінің сыр-сипаты танылады.
Міне, осындай ақиқат тарихи деректер ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Ал қазақ даласындағы қоғамдық өзгерістер мен қилы оқиғалар ауыздан-ауызға аманат ретінде беріліп, бүгінге дейін жетті. Кейде ел арасындағы жыраулар мен ақын-жыршылардың сол оқиғаны әнге, өлеңге қосып айтуы арқылы да жалпы жұрт жадында тасқа басылғандай сақталып қалатын оқиғалар болады. Мұның бәрі де ақиқаттан көп алыс кете қоймайды. Қазақтың менталитеті сондай, дала пәлсапасы, дала тарихы аңыз-әпсаналар негізінде ұрпақтан ұрпаққа ұласып келеді.
Мәселен, «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Қырымның қырық батыры» сияқты дастандарда белгілі бір кезеңдегі жер-су атаулары, сол өңірді жайлаған ру атаулары, қоғамдық қарым-қатынас үрдісі суреттеледі. «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» мәңгілік махаббаты мұнарасы тарихтың бұлжымас бір қазығындай. Біздің халық сонысымен өз тарихын өлтірмей, осы күнге дейін жеткізді. Оны қорытып ала білу, алтынды мыс пен жезден ажырата білу тарихшылардың міндеті. Жазу-сызуы болмағанымен қазақтың тасқа қашалған, санадан санаға көшкен шынайы тарихы бар. Оны бұрмалауға ешкімнің хақысы жоқ.
Сонау Алтайдан Атырауға дейінгі ен даланы жайлаған бабаларымыз дала заңымен өмір сүрді. Дала демократиясын қалыптастырды. Даулы мәселелерді бір ауыз сөзбен шешті. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев: Сәйгүлікті құйрық жалы таралған, Мінетұғын қазақ осы, қараңдар. Қазақ осы күй шығарып ән салып,
Көкпар тартып, қыз қууға жаралған, - деп жырлағандай дала мінезді халқымыздың өткен кезеңдерін, жүріп өткен іздерін салқар қыр, сағымды белестерді кезсең білесің. Жоғарыда айтып өткендей, ақкүміс селеуі арғымақ аттың жал-қйрығындай күлтелене тербелген маң далада қазақтың еркіндік жолындағы сан ғасырлық жорық жолдары, ел болуға, шашақты найза ұстап, азаттыққа ұмтылған ерік-жігерінің қайнары жатыр. Сондықтан да оның әрқайсысының сырына үңіле білу, ұлы арпалыстардың кішкене бөлшегіндей әр тұста «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен» сын сағаттардың мәні мен мәнісін зерделей білудің пайдасы үлкен. Теңіз тамшыдан құралады дейді. Жалпы қазақ тарихының ескерілмей қалған, кешегі қызыл империяның әсерімен бұра тартылып, жайдақ тұстарын қайтадан толықтырып шығу бүгінгі ұрпақтың қастерлі ісі болуы тиіс. Онсыз бабалар тарихы, кешегі аға ұрпақ тарихы елеусіздік тасасында қалып қояды. Ең жаманы осы. Бүгінгі және келешектегі ұрпақ бабалардан тартылған сабақтастық дәстүрін үзбей, болашаққа жалғастырса ғана қазақтың тарихы шамшырақтай жана түседі. Өзге жұртпен терезесі тең, адамзат дамуына өзіндік үлес қосқан байырғы ұлттардың бірі ретінде босағамыз берік, шаңырағымыз биік болады.
Осы кітапты жазуды қолға алып отырып, маған осындай ой келді. Жақсы болсын, жаман болсын, ел тарихының алтын арқаулы жібін босатпауды мысал ретінде келтіре отырып, шығармашылық барысында өзім зерделеген біраз жайларды оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Оның жалпыхалықтық тарихқа қосар үлесі тамшыдай ғана болуы мүмкін. Бірақ, бұл – елдің кешегісі. Осы айтылғандарға ұқсас тағдырлар, оқиғалар аз ба? Солардың бәрінің басын қосса, үлкен тарихтың шынайы бейнесі шығады. Оқырман қауым өзіне қажетті ойды, керекті мәліметті аз да болса таба алса, онда менің мақсатымның орындалғаны деп ойлаймын.
Мәселен, «Ер Қосай» деген есімді кім білмейді? Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейінгі ұрпақ «Батырлар жырын» жаттап өскен жоқ па еді. «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Ер Қосай» дастандарын әндете зуылдатып, ауылдың ақсақалдарына майын тамыза оқып бергенде, кәрі құлақ қарттар «ой, пәлі-ай!» деп бір көтеріліп қалатын кездер әркімнің-ақ басынан өткен шығар. Бірақ біз сөз ететін Қосай Көкше ұлы Ер Қосайдан кейінірек өмір сүрген, Адай ішіндегі батыр. Кіші жүз жұрт ол туралы жақсы біледі. Елі мен жерінің қорғаған батыр Ер Қосай Хақназар ханның кеңесшісі болған, әулие адам. Мақалада сол айтулы бабамыз туралы деректер келтірілген.
2007 жылы туғанына 500 жыл толған Қосай батырдың зираты Қарақалпақстанда Бестөбе деген жерде жатыр. Осындай мәліметтердің кітап оқырмандары үшін маңызды болатыны түсінікті. Кіріспе есебіндегі тарих жайлы азын-аулақ пайымдауымыз өзге де дүниелердің көтеріп тұрған жүгіне қатысты. Бұл жерде оқырман ойының, пікірінің бізбен сәйкес көрініс беруі дұрыс деген ойдан аулақпыз. Әр адамның өз көзқарасы болады. Сондықтан көпшіліктің айтар ойы, сараптауы түрліше болып жатса, оны заңдылық деп түсінген жөн.
Тарих – шыққан тегіңді айтып мақтану үшін емес, тағылымнан үлгі алу үшін, ойлану үшін қажет ғылым. Біз тарихты танып білу арқылы ғана болашаққа батыл қадам баса аламыз. Тарихты оқып білу дегеніміз – кешегі өткен бабалар тарихына үңілу деген сөз. Өйткені, олар – мына тіршілік дүниеде мың өліп, мың тірілген қазақ тарихының тірі куәгерлері болған. «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деген қанатты сөзді халық жайдан-жай айтқан жоқ. Өйткені, құнды қасиеттерінің бірі – шешендік болып табылатын қазақтың әр сөзінде терең ғибрат, өлшеусіз үлгі өнеге жатыр. Міне, осынау рухани мол байлықты, ерлік пен елдіктің жарқын үлгісін саф алтындай таза күйінде бізге
жеткізген кім? Кешегі өткен ұлы бабаларымыз. Ендеше, бабаларымыздың өмір-тарихын оқып, одан ғибрат алу ұрпақ үшін басты парыз. Өкінішке орай ұлы бабалардың өмірі туралы өз қолдарымен жазылып қалдырылған нақтылы тарихи деректер жоқтың қасы. Алайда, мұндай деректер жазбаша түрде сақталып қалмағанымен, халық жадында кестеленген, даңқты тұлғалардың жарқын істері халық фольклорында, ақын-жыраулардың туындыларында әспеттелген.
Кеңес Үкіметінің соңғы жылдарында және еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап ұлы бабалардың ұлағатты істері дәріптеліп, олардың ерлік істері жайлы мәліметтер мерзімді басылым беттерінде жиі жариялана бастады. Дегенмен, құнттап іздеп жүретін, қолға түскен деректерді көзінің қарашығындай сақтайтын аса зейінді оқушы болмаса, мұндай дүниелер уақыт өте келе қолға түсе бермейтін библиографиялық сирек құндылықтарға айналары анық. Осыны ескере отырып, белгілі бір аймақтан шыққан батыр, би, қайраткер бабаларымыздың өзіміз білетін өмір – тарихы туралы деректерді, жарық көрген кітаптар мен баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларды кеңірек пайдалана отырып, толықтырып өзіндік ой елегімізден өткізіп, жас ұрпақтың назарына ұсынуды ағалық парызым деп санадым.
Әрине, ел тарихына қатысты келелі дүниелердің қай-қайсысы да зерделі ойдың тамызығына от тастары хақ. Сондықтан да кітапқа арқау болған мақалаларды саралап, салмақтауды әркімнің өзіне қалдырдық. Автордан Құдайкеұлы Ер Қосай
Еліміздің батысын жайлаған Кіші жүздің ішіндегі Адай – кең тараған ру. Қазақ энциклопедиясында ол туралы «...кіші жүздегі Байұлы құрамына кіретін үлкен ру. Арғы тегі Каспий теңізінің оңтүстік – шығыс жағалауын мекендеген ежелгі дай (дах) тайпалары болса керек» деген болжам жазылған. Ал қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан адайларды ғұн тайпасының қалдығы деп атаған. Бұл тұжырымды ол қазақ даласын терең зерттеген Н.Аристов, В.Радлов, В.Бартольд, А.Бернштам, С.Толстов т.б. секілді ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп жасағанын жазады. Ал халық аузындағы аңыз әңгімелер мен жырлардың айтуына қарағанда, Адай – алыс емес, жуық шамамен XV ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Маңғыстау өңіріндегі шежіре жинаған барлық адамдар оның ұрпағын тегіс таратып бере алады. Кейбір ақындар оның туған және жасаған жерлерін де өздерінің өлеңдерінде айтып кеткен. Мәселен, әйгілі Түмен ақын:
Әкеміз Адай туған жер, Кіндігін кесіп буған жер: Шардара, Шаңдақ, Алғын, Нұр – Төртеуінің арасы... – деп атап берген. Сондай-ақ «Адай» сөзінің этимологиясы туралы да пікірлер көп. Соның бірі жоғарыда аталған «дай» тайпаларынан алынған деген болжам болса, Қашаған, Ұзақбай, сондай-ақ, Өгізбай, Қалнияз айтқан «Алаңқай батыр» дастанындағы дерекке қарағанда Арғынбек деген батырдан Молақсай жыршы туған, ал одан Алаңқай, одан Алақай туады делінген. Ал «Адай» атауының өзі туралы жыршылардың тұжырымы мынаған саяды: Айтып кеткен секілді, Алаңқай жұртын Адай деп, Айтуға жеңіл оңай деп...
Шынында да, «Адай» сөзінің басқа мағынасы жоқ, сондықтан қазақтың қай кездегі оңайлатудан шыққан есім дегенге нану керек секілді. Адайдың ұрпағы өжет, жаужүрек болатынын қазақ даласы тегіс біледі. «Кіші жүзді найза бер де жауға қой» деген сөз де оның осынау ер мінезді, батыл, қайраттылығына байланысты айтылса керек. Ал «танысаң – Адайыңмын, танымасаң – Құдайыңмын»
деген сөз осы ата ұрпағының ожарлау, бетті, кейде тіпті өркөкірек, өжеттеу, қайсар болып келетін мінезін сипаттайтын секілді. Сонымен бірге қазақ даласы Адай ата ұрпағының ақкөңіл, қайтымы шапшаң, ұсақ-түйекті елемейтін, аңқылдақ, ақжүрек екендігін де біледі. Қазір Адай балалары сегіз арыс болып өсіп, өніп отыр. Біздің мақсатымыз шежіре жазу болмағандықтан, оларды тегіс таратуды бұл мақаламызда артық санадық.
Ғылыми дәлелі болмаса да, Адай атамыз тым ұзақ жасап, 115 жасында өмірден өтіпті дегенді көптеген шежірешілер баян қылған. Марқұмның денесі Шаш (қазіргі Ташкент) қаласының маңында жерленген дегенді де көптеген көне көздер айтып кеткен. Бүгінде Адай атаның ұрпағының өскен жері 18-19 атаға, өспегені 14-15 атада тұр. Жуық шамамен 28-30 жылда бір ұрпақ келеді десек, Адай атамыздың туғанына 600 жылдай уақыт болыпты. Ал біз бүгін Адайдың немересі Ер Қосайды әңгіме етпекпіз...
Ер Қосайды айтқанда үлкен «Батырлар жырындағы» ноғайлы елінде болған Ер Көкшенің баласы Ер Қосаймен шатастырмау керек. Оның өмір сүрген уақыты біздің Қосайдан жуық шамамен 200 жылға әріге кетеді... Ал біз әңгіме еткелі отырған Қосай – Адайдың үлкен ұлы Құдайке деген батырдан туған немересі. Ал Құдайкенің өмір сүрген уақыты қазақтың әйгілі ханы – «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөзді қалдырған Қасымның тұсына келеді. Энциклопедияда оның хандық құрған жылдары 1511-ден 1518-ге дейін деп көрсетілген. Маңғыстаулық Қаржаубай жыршының айтуына қарағанда: Ер Құдайке Қасым ханның айбары, Жауд көрсе, алау жүзі жанады.
Шаш шаһарын қорғап қалған қанымен «Қазағым» деп жан садақа байлады... Шежірешілердің айтуына қарағанда, Құдайке батыр да Ташкент қаласының құбыла батысында, 60 шақырымдай жерде жерленіпті. Сол жерді қазіргі тұрғындары күні бүгінге дейін «Құдайке-қазақ моласы» деп атайды екен... Ал Құдайкенің баласы Қосай – жасынан ер атанған батыр, оның үстіне өзіне қыдыр дарыған қасиетті адам болған. Ол туралы аңыздар өте көп. Бабалары бұлардың батыр Адай, Жаратқан абзал қылып оны Құдай. Беріде пір атанып Бекет шығып, Әріде ту көтеріп шыққан Қосай! – деген жолдар қалған.
Сол айтқандай, пір Бекет Қосайдан көп кейін туған. Ал оған дейін Адай атаның балалары Қосай атаның рухына табынып, медет сұрап жүреді екен. Қазіргі дін иелері бір құдайдан басқаға сиынбау керек, ол Аллаға шек келтіргендік болады, күнәнің үлкені сол дегенімен қазақ баласы сол кездерде түрлі аруақты адамдардың басына түнеп, олардан медет тілегені жасырын емес. Және қыдыр дарыған сондай жандардың шапағаты тигені де рас. Әрине, оның бәрін жасаған Алла ғой, бірақ бір нәрсеге құлай сенген құлына ол осы әулие кісілер арқылы шапағатын беретін шығар, бәлкім...
Ұрпақтан ұрпаққа тарап, халықтың аузында жүрген әңгімелердің қоспасы көп болатыны белгілі. Дегенмен, оның қайсыбір адамдар тұрғысында ғана айтылатынына қарағанда, сол адамда әңгімеде айтылған көптеген қасиеттердің болуы әбден мүмкін. Қосай атаның елден ерекше қасиетін көрсеткен бізге жеткен бір әңгіменің оқиғасы мынадай: Бірде Қосай өзінің Тобыш және Мұңал деген екі немере інісімен жолға шығады. Қыс айы болса керек, күн суық екен. Жүргіншілер күн батқанша жүріп, ел қарасын көре алмайды. Әбден тоңып, әрі қарындары ашқан екі інісі ағасына қарап: «Уа, қадірлі жасы үлкен ағамыз, жұрт сізді жүрсе – жолы болғыш, тілесе – тілегі қабыл, айтса – айтқаны айдай келетін әулие абыз деуші еді. Сол қасиетіңізді көрсетпесеңіз, біз әрі ашығып, әрі суықтан тоңып, өлер болдық қой», - деп қынжылады. Сонда Қосай ата атының басын тежеп, жүзін құбылаға қаратып, сәл уақыт сыбырлап тұрады да: «Азырақ жүріп, алдымыздағы белестен асып түселікші, қонар жай сол жерден табылар» депті. Айтқанындай, жолаушылар бір белестен асса, алдарынан ақ боз үй, жанған оттың сәулесі көрінеді. Айдаладан шыға келген мынадай ғаламатқа екі інісі әрі қуанып, әрі таңғалады. Сөйтіп, аттарынан түсіп, жапанда отырған жалғыз үйге кіреді. Үй ішінде ақ сақалы желбіреген жалғыз қарт отыр екен, ол қонақтарын жылы шыраймен қарсы алады. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Ал, балаларым, алыс жолдан тоңып келдіңдер ғой, қазандағы тамақтан алып, бой жылытып алыңдар», - дейді. Қуанып кеткен жас қонақтар асты өздері түсіріп, дастарханды өздері жайып, отқа жылынып мәз болып қалады. Тамақ желініп болған соң, үй иесі Қосайға қарап, бата беріңіз деген ишара жасайды. Сонда Қосай ата алақанын жайып:
Жолаушының жолында бол, Жолыққанның жанында бол. Тарыққанның қамында бол, Әркез атыңды атап – Сиынғанның маңында бол, - деп бата береді. Сосын әлгі қарияға қарап: «Ал қасиетті бабамыз, ас үстінде бізге де ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беріңіз», - деп қолын жаяды. Сондай үй иесі: «Жүрсең жолың болсын Жүрген жағың оңың болсын. Көптен қолың болсын Бақ-дәулетті малың болсын. Ақ тілегім қабыл болсын. Алты Алашқа атың қонсын. Бар керемет өзіңнен табылсын, Өзім деп келгеннің Ықыласы қабыл болсын, әумин», - деп бата берген екен.
Әрі жылынып, әрі қарындарын тойдырып, мәз болып қатты ұйқыға кеткен екі інісін Қосай ата таңертең «тұрыңдар» деп оятса... Міне, ғажап... айналаға қараса түндегі үй де, ақ сақалды қария да, қазан-ошақ та жоқ, айдалада қонып жатыр екен. Қосайдың екі інісі мына кереметке таң-тамаша болады. Ал Қосекең өзі түк болмағандай, оларды жолға бастайды. Сөйтсе, аңыздардың айтуына қарағанда, бұл таң-тамашаны істеп кеткен Қосайдың пірі, қорғап жүретін Қыдыр иесі екенін айтысады...
Әрине, мұндайға қазіргі заман адамдарының сене қоюы қиын. Бірақ күні бүгінге дейін Қосай бабаның басына түнеп, тілектері қабыл болып жатқан адамдарды қайда қоямыз. Қазіргі Қарақалпақстанның орталығы Нөкіс қаласының маңындағы Бестөбе деген елді мекеннің қасындағы оның кесенесіне ағылып келушілер саны жыл санап көбейе түсуде. Соның ішінде атаның басына түнеп, Алладан тілек тілеген талай адамдар қатерлі дерттерінен ада болып, бала көтермеген келіншектер сәби сүйіп, тағы да басқа игілікке қолдары жетіп жатқаны рас. Қосай ата күмбезін көтергенде, маңғыстаулық Қарауылбек Оңғарбайұлы ағамыз келген жұрт қолтаңбасын қалдырып кетсін деп, оның басына қалың дәптер қойғызған екен. Сондағы жазуларға қарасаңыз, Қазақстанның бүкіл аймағы ғана емес, бір шеті Ираннан, Ауғаныстаннан, Өзбекстан мен Түрікменстаннан қаптап келіп жатқан адардарды көрер едіңіз. Қасиеті болмаса шекара асып,
халық алыстан келер ме еді? Тіпті жолаушыға жайлы жаз айларында ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де оның басына ағылушылар саны артып келеді. Шапағатын көргендердің сөзін естіген жұрт бірімен – бірі хабарласып, ата басына күн өткен сайын ағыла түсуде... Ал жыл сайын тамыз айында бұл атаның ұрпақтары да сол жерге жиналуды дәстүрге айналдырған. Олар осы жерде бірнеше күн болып, бір-бірімен танысып, мәслихат құрып, мәресәре болады. Сөйтіп, шыққан тектерін ұмытпай, арғы аталарына бас иіп, оған өздерінің мінәжаттарын жасайды.
Қосайдың туған жылы жөнінде нақты дерек жоқ. Бірақ оның Хақназар ханның тұсында ел билігінің белсенді аренасында болғаны мәлім. Осыған дәлел ретінде көп білетін шежірешілердің бірі Қаржаубайда Қосай туралы мынадай сөз қалған дейді: «Хақназар хан кеңесшісі белгілім, Билікпен сақтай білген елдігін, Түркістанды Баба Сұлтан шапқанда, Елге үлгі, аңыз болған ерлігің...».
Хақназар хан қазақ даласында XVI ғасырдың ортасынан аяғына дейін хан болғаны белгілі. Нақтырақ айтсақ, Қазақ энциклопедиясында оны 1538-1580 жылдар аралығында 42 жыл хан болған деп көрсетеді. Қосай сол ханның оң тізесін баса отыратын серігі, жауға шапса «Алшын-Адай батыры» атанып, қол бастайтын сардары, дауға салса сөз бастайтын шешені, қиын түйін болғанда ақыл берер кеңесшісі болыпты. Қазақ даласына төнген сол тұстағы барлық шайқастарда да ол көзге түскен. Сонымен бірге құба қалмақ шапқыншылықтарында да ханның оң көзі болып, жаудың бетін қайтарған деседі. Жоңғар, хиуалармен айқастарда да ол талай рет ерлік көрсеткен екен. Құба қалмақ заманындағы бір шапқыншылықта ол жаудың бас батыры Доржы палуанды жеңіп, қазақ қолына қайрат береді. Тағы бірде ойраттың Хорыл батырын да ат артына бөктеріп, еліне олжа салады. Қазақтың астанасы Түркістан қаласына Баба сұлтан шапқанда, Алаш деп атқа мінген қалың қолдың басында да Қосай болып, жаудың бетін қайтарады. Міне, осындай оқиғалар оның даңқын қалың қазақ даласына танытып, елі «Ер Қосай» деп оны төбелеріне ту етеді.
Қасым ханнан кейін қазақ даласына оның баласы Шығай ханның басқарғаны белгілі. Энциклопедияда оның хандық дәуірі 1580 мен 1582 жылдар аралығы деп көрсетілген. Қасым өлген кезде Қосай 70-тен асқан қарт адам екен. Ол жас ханмен тіл табыса алмайды. Сол себептен де болса керек, Қосай бастаған 40 мың үйлі исі Алшын әулеті Сыр бойынан ауа көшіп, Нұрата, Кенимехқа қарай бағыт алады. Бұл туралы «Кіші жүздің шежіресінде» де (құрастырған Х.Мәденов) айтылады. Ал ауызы дуалы, қасиетті ақсақалды қадірлемеген Шығай ханның өзі де ұзақ уақыт хан болып тұра алмай, екі жылға жетпейтін уақытта тағынан түседі...
Міне, осы және көптеген көнекөз қарттарымыздың айтуымен Қосайдың туған жылы жуық шамамен 1507 жылға келеді. Сөйтіп, 2007 жылы бабамызға 500 жыл толды. Көнекөз қарияларымыздың, сұңғыла шежірешілеріміздің бәрінің айтуынша, Қосай ата 87 жасында дүниеден өтіпті. Оның бейіті жоғарыда айтқанымыздай, Нөкіс қаласының түбіндегі Бестөбе деген елді мекеннің жанында. Еліміз егемендігін алғаннан кейін оның ұрпақтары басына айшықты мұнара орнатқан. Оның күмбезі сонадайдан мен мұндалап көрініп тұрады. Қосайдың қасиеттері туралы жазған адам көп. Соның ішінде жаңаөзендік Өмірзақ Қалбайұлы «Ер Қосай» атты дастан жазған. Сол дастанында Өмекең Қосай туралы:
«Ер Қосай ер де болған, пір де болған, Қосылып жақсылармен бірге болған. Кіші жүз қалың Алшын ортасында Байұлы он екі ата ірге болған. Тұтқасын халқы қадір өзін сыйлап, Орыны көп ішінде төрде болған. Бір көзі елдің шеті жауда болған,
Бір сөзі әділ төре дауда болған», - деп оның кейпін кейінгіге дәл берген секілді. Сол айтпақшы, Қосай – жалпы Адай елінің сиынатын аруағына айналған адам. Бекет Ата пір шыққанға дейін Адай атаның балалары Қосайдың рухына тәу еткен. Халық арасында айтылатын мынадай аңыздар бар. Егер ел жасақ жинап, жауға аттанатын болса, қолдың басшылары: «Араларыңда Қосайдан кім бар?» - деп айғайлайды екен. Егер қолдың ішінде Қосай ұрпағынан адам болмаса, онда жол болмайды деп ойлап, аттанысты кейінге қалдыратын көрінеді. Немесе сол маңдағы жақын ауылдарда бар болса, Қосай атаның ұрпағының үйіне түсіп, оның рухына бағыштап мал сойып, дәм беріп, құран оқытқаннан кейін ғана жолға шығады екен. Қарақалпақстандық шайыр Кенжеғали Тұрмағанбетұлының аузынан жазылып алынған мынадай жолдар бар:
Қосайдан ұрпақ бар жерде, Басқалар бата қылмаған. Қысылған кезде, тар жерде «Иә, Қосай» десе қолдаған. Қосайдан біреу болмаса, Әскер де жауға шаппаған. Атамыз Қосай қолдаса, Қас жауын жеңген, таптаған. Ол да Қосай атаның атағын ұрпағы қалай пір тұтқандығын қостайды.
Айдын шалқар көлдің жағасында алқақотан қонған ауылдардың бірінде дәстүр бойынша Қосай ауылы болуы керек екен. Сонда бізден жаудың сағы сынып, ығысып жүреді дейтін түсінік болса керек. Ал ауыл болмаса, тым болмаса соның ішінде бір үй Қосайдың үйі болуы керек екен. Тіпті қайсыбір жаққа жол жүргенде де араларында бір Қосай серігің болуы керек екен. Сонда ғана жолаушының жолы ашылып, ниеттенген ісі оңынан тұрады дейтін түсінік қалыптасқан. Бұл ырымдардың түбі негізсіз де емес, халық оның растығын көпжылдық тәжірибеде көздерімен көрген соң да, оны тастамай, ұзақ жылдар бойы тұтынған. Және бұл Қосай атаның рухына бағалаған, сол Маңғыстау өңіріндегі бір жақсы дәстүр.
Қосайдың жеке өміріне қатысты төменде баяндағалы отырған оқиғаны барлық дерлік шежірешілер айтқан. Соның ішінде маңғыстаулық Өмірзақ Қалбайұлының «Ер Қосай» дастанында бұл оқиға егжей-тегжейлі жырланған. Айта кететін бір жәйт, бұл дастанмен 1982 жылы танысқан қазақтың ғұлама ғалымы, академик Әлкей Марғұлан оған жоғары баға берген. Сол жылы тағы бір аса көрнекті ғалымымыз Рахманқұл Бердібаев та бұл туралы арнайы мақала жазған.
Сонымен... Бұл батырдың шау тартқан шағында болған оқиға екен. Қосай атамыздың Әлдеке, Төлен, Сүйін деген үш ұлы болады. Батыр бұл кезде ата атанып, өзінің батыр туған үш ұлынан Бегалы, Бердіқожа, Қуаныш, Кеніш, Едіге, Ермек есімді алты немере сүйіп, төрт құбыласы түгел болып отырған шағы екен... Бір күні Қосайдың Ақпан деген өркөкіректеу бір інісі көршілес отырған Шекті руының біраз малын барымталап, айдап алып келеді. Қазақтың малы – жаны деген сөз бар, кісі ақысын жеме, біреудің малын қайтар, обал болады дегенге інісі көнбейді Оны көндіре алмаған Қосай қатты налиды. Бұл туралы Өмірзақ Қалбайұлының аталмыш дастанында былай суреттеліпті:
«Қайтейін, басың қатты, тентегім!» деп, Ер Қосай түр көрсетті қиналғандай. «Түбі бірге түтпейді» деген мысал, Сонда да қала берді тілге салмай. «Ақпаным, жау жағымда айбатым» деп, Көрінер көп ішінде қайратың деп, Осындай кейде қимыл, іс қыласың,
Көңіліңе сай болғасын қайратың деп... Кешікпей алты Шектіден қуғыншы келеді, оның ішінде қасиетті адам, мал иесі Әлменқожа да болады. Қазақтың дауы қисынымен ұтады ғой, олар малдарын алған Қосай ауылдары екенін айтып, көп деректерін жайып салады. Мойындамасақ лажы болмаса да, Қосай інісін ұстап беруге қимай, «көргенім жоқ» деп жалған сөйлеуге мәжбүр болады. Қосайдай әулие адамға бұл жараспайтын қылық екен, осы сөзді бекер айттым-ау деп, өзі де көп уақыт құса болып жүреді. Ал әлімдер мұның жалған сөйлегеніне жағасын ұстап, қарғыстарын айтып кетіп қалады... Сонымен біраз уақыт өтеді. Күз өтіп, қыс келеді. Сырдың суы қатып, шаруа жайымен ел қыстауға көшуге бет алады. Қосайдың інілері елмен бірге арғы жаққа көшейік десіп ақыл сұрап, ағасына келеді. Ал батыр болса, жорыққа кеткен Әлдеке мен Төлен деген балаларын тосып, қала тұратынын айтып, інілеріне көше беруге рұқсатын береді. Содан бірер аптадан кейін сапарға кеткен балалары оралған соң, Қосай ауылы да Сырдан әрі асып көшуге бет алады. Шежірешілердің айтуына қарағанда, осының алдында Қосай жаман түс көріп, одан тұла бойы жаман түршігіп, қатты түңілген екен. Бірақ ондай-мұндайдан үрке берсе батыр бола ма, көшті тоқтатпай, інілерінің ауылдары кеткен жаққа бұлар да шығады. Сөйтіп, қалың көш дарияны кешіп, ортасына келгенде, кенеттен дауыл соғып, мұз жарылып, дүние астан-кестен болады. Алланың құдіретімен сол сүргіннен көш бастаған Қосай ата ғана аман өтіп, арғы жағаға шығады. Бұл оқиғаны маңғыстаулық жыршылар, көнекөз шежірешілердің бәрі де айтқан. Ал Өмірзақ Қалбайұлының дастанында бұл оқиғаның соңы былай суреттеледі:
...Әп-сәтте ауылы да жоқ, қауым да жоқ, Тып-тыныш, дауыл да жоқ, жауын да жоқ. Еш нәрсе болмағандай, көрмегендей, Бір белгі сырдың аққан суында жоқ. ...Шашылған кереге мен уықтары, Шаңырақ, күлдіруіш сынықтары. Әр жерде ағарады су бетінде – Шамасы келіндердің жаулықтары... ...Ер Қосай қапаланып айтты сонда: «Оу, менің шейіт кеткен шырақтарым, Ол дүние асыл болғай мұраттарың. Күнінде махшар аман табысармыз
Көргенше қош болыңдар, қарақтарым!» Осындай қанды апаттың тарихта болғаны рас. Одан кеше ғана болып-толып отырған Қосай ауылынан ақсақалдың өзі ғана қалады. Қайғыдан қаусап қалған қартты бағу үшін Тәзіке деген інісі оны қолына алады. Оның Ақыл есімді әйелі де көреген жан екен, ол қайғыдан қанша шөгіп кетсе де, Қосайдың еркектік қуатының барын аңдап, күйеуін оған әйел алып бермекке азғырады. Басында ағасына баға алмады деген атаққа қалармыз десе де, әйелдің ақылды сөздері көкейіне қонған Тәзіке оның айтқанына көнеді. Сөйтіп, көрші қонған Ата түрікпен руының Сейітбеглі ишан деген кісісінің мұзда жығылғаннан аяғы мертіккен Оғылменлі деген ақсақ қызын қалыңын төлеп, алып береді. Түрікпен қызы анамыздың келген аяғы құтты болып, кеше ғана қу бас болып қала жаздаған Қосай атамызға бірінен соң бірі алты ұл тауып береді. Олардың есімдері Байбол, Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли және ең кенжесі Сүйіндік. Осылардың төртеуі керемет өсіп, үлкен руларға айналып отыр. Ал егіз туған Әйтей мен Бегей жасында тіл тиді деген аңыздан ба екен, кім білсін, өспей қалып, басқа ағайындарына қосылып кетеді. Өмірзақ Қалбайұлы бұл туралы:
Байқасақ біреу толы, біреу орта, Жаратқан жазмышымен патша құдай. Аз болып қатарынан Әйтей, Бегей, Қалғаны сол себепті ру болмай..., - деп жазады. Қазір бұлардың ұрпақтары Байболдың ұрпақтарына сіңіп кеткен, соның ішінде Әйтей ұрпақтары Байболдың екінші баласы Есенқұлдың Есегінде, ал Бегейдің ұрпағы Байболдың үшінші баласы, кейін «кеңшалбар» атанған Мәмбетқұлдың есебінде жүр. Қосай атамыздың Байбол, Тіней, Бәли және Сүйіндік деген балаларының ұрпағы қалың өсіп, әрқайсысы үлкен руларға айналды. Соның ішінде «Жаман адай» атанған Сүйіндік
ұрпақтарының өзі осы күні Маңғыстауда жуық шамамен 700 шаңыраққа жеткен екен... Сүйіндіктің «жаман» аталу себебі де қызық. Ол Қосай бабамыздың 82 жасында көрген сүт кенжесі екен. Атамыз оны алдына алып отырып, «тірі болсын, тірі болса адайдың бірі болар» деген екен. Ауызы дуалы қарттың осы сөзі тас кенедей жабыса кетіп, Сүйіндікті жұрт жасынан «жаман адай» деп атап кетіпті. Осы түрікпен анамыздан тараған Қосай бабамыздың ұрпағы қазір сегіз арыс Адайдың бірі есебінде. Арғы аналары түрікпен болғандықтан оларды «түрікпен Адай» деп атайды. Соның ішінде Байболдың ұрпағы Есембет, Есенқұл, Мәмбетқұл, Жұлдыз атты балаларының санына қарай «төрт Байбол» атанып, қалың өскен бір ру болып кетті. Қазақтың ақылды аналары балаларын жасында сынап, олардың келешегін дәл болжағанын тарихтан талай естідік қой. Сол секілді түрікпен қызы, Оғылмеңлі шешеміз де медреседе оқыған көзі ашық, оның үстіне аузы дуалы ақылды ана болыпты. Ол Байболының ұрпағы қалың өсер, іштерінен батырлары мен билері де көп шығар, Тінейдің ұрпағы бай болар, Бәлиімнің ұрпағы әнші, өнерпаз болар, Сүйіндігім әкесін көп төңіректейді, қарашаңырақ иесі сол болар, ұрпақтары сөзге шешен, құймақұлақ, дуалы ауыз болар деп жорыған екен. Көбіне-көп оның айтқандары келді. Байбол атаның тұқымынан иісі Кіші жүзге, қалса бүкіл қазақ даласына аты шыққан Есенқұлдың Есегі, Мәмбетқұлдың Тоқтамыс пен Тоқпанбеті, Жұлдыздың Жылқыайдары мен Олжабайы, Есембеттің Бердібегі, Айтқұлдың Атағозысы секілді батырлар, Есембет, Мерген, Қадір, Қалдыбай секілді билер, Есембеттің Өткілбайы, Есектің Оңайбайы, Шалбардың Көшені мен Тілебі секілді аса үлкен байлар шыққан... Ер Қосайдың екінші баласы Тінейлердің ішінен батырдың шөбересі Тәңірбергеннің аты ауызға көбірек ілінген. Ол әрі батыр, әрі шешен адам болған екен. Бірде ол қалмақтың Оғыржық деген ханын шауып, жорықтан олжалы оралып келе жатса, жастайынан бірге өскен досы Жомарт батыр алдынан шығып сауға сұрайды. Сонда Тәңірберген не қалайсың дегенде Жомарт: қалғанымды берсең, жауыңның ақбоз атын мінбей бер, ақсауытын кимей бер, қызы Ақсұлымды сүймей бер. Бәрін бермесең де осылардың бірін бер деген екен. Сонда Тәңірберген досына осының бірін қала
дегенде, Ақсұлымды қалаған екен... (Қалбаев Ө. «Қосай Ата», 191бет). Қосай атамыздың тағы бір ұлы Бәли атамыздың ұрпағы да қалың өскен. Олардың арасынан Оғылмеңлі анамыздың болжамы дөп келіп, ән мен жырға құмар өнерпаздар да көп шықты. Солардың ішінде Қашаған жырау, кейін оның ізін басқан Шадыман Үсенбаев, Көшен Өсербаев т.б. секілді жыр сүлейлерін айтуға болады. Ал атаның қара шаңырағын ұстап қалған кенжесі Сүйіндіктің өскен жері екенін жоғарыда айттық. Соның ішінде оның немересі Бөгелі атамыз иісі Кіші жүздің таңдаулы билерінің бірі болыпты.
Сүйіндік – «жаман Адай», Бөгелі, Қарпық, Өткен жоқ осылардан ешкім артық. Кіші жүз қазағымның билері де Кеткен жоқ барлығы да бұдан асып, - деп атақты ақын, композитор Мұрат Өскінбаев айтқан екен. Сондай-ақ Қарпық, Қараменде, Жанан, Жанғабыл, Амандық билердің де атағы Адай баласына танымал болып, атақты болған. Бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған дүлдүл ақын, күміс көмей әнші Нұрым Шыршығұлұлы мен Тастемірлер, мемлекет қайраткері Шишан Оразбаев, ел басқарған Айладыр Дәулетниязов, Кеңестер елі парламентінің алғашқы мүшесі болған әкелі-балалы Жұмағали мен Мұқан Атабаевтар, Сәбит Блахаев, Шәуен Қалниязов т.б.-осы атаның «шашқан тұқым-тарысы». Осынау ел жақсыларын жекежеке зерттеп жазса да тұрарлық жандар. Қайсысы қай салада жүрсе де иісі қазақ халөының өсіп, жерінің гүлденуіне шама-шарқынша үлес қосқан жандар. Иншалла, Қосай-Сүйіндік балалары бұл істе осы уақытқа дейін ешқашан да еліне опасыздық жасап, ұрпағын жерге қаратқан емес. Алдағы уақытта да сол биіктен табылып, тәуелсіз елінің қамы үшін қызмет ете берер деген үміттемін.
Сүйіндік Қосайұлы Жерден жік шыққан, аспаннан тік түскен ешкім жоқ. Айналайын піл сауырлы қара жер бетіндегі адамдардың бәрі де аталары мен бабаларының ұрпағы. Әр пенде ұлы табиғаттың бір бөлшегі, ұлы Адамата мен Хауананың бір бұтағы екенін сезініп өсуі абзал. Сөйтіп, өзінің шығу тегін ұмытпай, қадір тұтуы – өркениет көшінің талабы.
Ежелден империялық мемлекет құрған жапон жерінде мынандай бір әңгіме бар екен. «Біздің қоғамымызда, елімізде ең биік мансап иесі кім?» - деген сауалға әдетте «император» деп, «ал императордан биік кім бар?» - деген сұрауға, «ол әркімнің өз әкесі», - деп жауап береді екен. Шынында да, дүниені жаратушы ұлы күштен кейін, маған өмір сыйлаған әкемнен артық қандай жаратушы болуы мүмкін. Сондықтан да болар, мұсылмандықтың бір парызы – Меккеге барып қажы атану үшін, алыс әулиеге баратын жол – жақын әулиеден, әкеңнің басынан басталады дейді. Ол тірі болса қол беріп, оның ризашылығын алып, өлі болса «басына» келіп түнеп, садақасын беріп барып, алыс жолға – қажылық сапарға содан кейін ғана шығады екен. Дүниенің алуан түрлі түстерін тек ақ пен қызыл деп бөлген, Адамата мен Хауана ұрпағын бай мен жарлы деп жіктеген, туыс-туғанды ұмытып, ұлтшыл не интернационалист дейтін, әкесін баласымен жауластырып, адамзаттың негізгі ұлы ізгілік қағидаларына қарсы келген тоталитарлық жүйе – шыққан тегіңді ұмыттырып, шығу тегін ұмытқан тексіздер тобырынан тұратын қауым құрды. Тегін ұмытқандар өз ұяласын жатсынып «Иван не помнящий родства» дейтін бейбақтарды көбейтті.
Өз тарихын ұмытқандар, сөз жоқ, тарихи санасы көмескіленіп, дүбаралар тобын молықтырады. Қазақ табиғатына тән емес әкесінің, ата-тегінің аттарына -ов, -ев, -ич жалғаулары қосарланып келеді. Қалыптасқан қағидалар тек Кеңес одағы құлағаннан бергі уақытта ғана қайта таразылана бастады. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде аттарын атауға тыйым салынған талай ғұламалардың еңбектері жариялана бастады.
Қазақ халқының өткен замандардағы озық ойлы қайраткерлері мен білікті азаматтары ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата-бабалар шежіресін – өзінің ұлттық тарихын жасап қалдырған. Әрбір қазақ азаматы өзінен бастап жеті атасына дейін білуді парызым деп санаған. Мұны білдіру – ата-ана тәрбиесінің әліппесі іспеттес. Атаанасынан жастай айырылған жетімдер ғана мұндай білімнен ада
болған. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мәтел осыдан қалған. Елдің ақсақалдары мен билері кем дегенде өз руларының шежіресін толық біліп, 15-20 атаға дейінгі шаманы тарата білген. Көне тарих куәгері – қарт шежіре ғой. Оны парақтап, ой тереңіне сүңгитін болсаң, бабалар тарихына молыға түсесің. Қазақ тарихын сұңғыла зерттеген ғалымдардың бірі Халел Досмұхамбетұлы «Рулар мен жекеленген тұлғалар туралы аңыздар халық әдебиетінің шежіре (родословная) деп аталатын үлкен бір бөліміне кіріспе қызметін атқара алады. Әрбір қазақ өз руын, атасын 7-10 буынға дейін таратып айтып бере алады. Ақсақалдардың ішіндегі ерекше зеректері көптеген рулардың, тіптен бір жүздің немесе үш жүздің, басқа да туыстас түрік жұрттарының шежіресін тарқата алады» деп жазды. Әрине, ауызша тарих-шежірелер мен аңыз-әпсаналарды ғылыми тарих орнына қоюға болмайды. Сондай-ақ, халықтың өзі жасаған тарихи мұраларға немқұрайды қарауға да болмайды. Өйткені, ол нағыз ғылыми тарих бола алмағанымен, кем болса тарихнаманың орны өгейситін қайнары. Егер де бұл қайнарды орынсыз есептен шығарып тастасақ, тарих деп аталар арнаның бір саласы кем болып, төрт аяғын тең баспас еді.
Бүкіл қазақтың – үш ананың ұрпағын не өз жүзінің аталарын таратып берер әйгілі «шежірешілер» де болған. Олардың қатарына ХХ ғасырдың басында ата-баба шежіресін қауырсын қаламмен қағаз бетіне түсіріп, жинақтап, зерттеп кітап етіп шығарған Нұржан Наушабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Мәшһүр Жұсіп Көпеевтер және т.б. болды. Мұндай шежірешілер Маңғыстау өңірінде де болған. Олардың бір ерекшелігі – шежіренің көбі өлеңмен жазылған. Нұрым Шыршығұлұлы «Өткен мен айтып кеткенді, құтылайын міндеттен», Қашаған Күржіманұлы «Адай тегі», Түмен Балтабасұлы «Адай тегі», Қараш Ыбырайым ахун, Қырымқұл Ұзақбай, Жаңай Мұрат шежірелері естігенін жай хабарлап айту емес, өлең сөзбен жеткізу шеберлігінің ерекше биік қыры болған.
Қай халық болса да, ұзақ тарихи дамудың туындысы екені рас. Орыстың тамаша ақыны А.С.Пушкин «Ата-баба тарихын қастерлемеу жабайылық пен тағылық болмақ» деп еріккеннен жазбаған болар. Ендеше, зерттеліп жазылған тарихы болмаса да, халық жадынан оны сызып тастау мүмкін емес. Олай болса, тарихсыз халық жоқ, халықсыз тарих жоқ. Қай халықта да алғаш ауызша тарих-шежіре, аңыз түрінде басталып, жазба тарих кейін шығып, кемелденіп отырған. Ежелден жазба тарихы бар Египет, Иран, Грек тарихтары да осындай жолмен қалыптасқан.
Адамзат жаңа мыңжылдыққа, жаңа дәуірге қадам басты. Ескірмес құндылықтарға ойлана қарап, тарихи санамызды ескі шаңтозаңнан тазалап, зердемізде саралап өткізер уақыт жетті. Аты атаусыз қалған қасиетті ұлы бабалардың аты аталып, аруағына бағыштап құран оқытып, бастарына кесене тұрғызып, сөйтіп, тәуелсіздік дәуірінде өзінің төл арнасына оралғанына да он шақты жылдың жүзі болды. Бір Маңғыстау өңірінің өзінде ғана Бегей атаға, Қамысбай атаға, Досанға, Исаға, Байбоз атаға т.б. ас берілуі, кесенелердің тұрғызылуы соның айғағы. Қазақстан үкіметінің шешімімен пір Бекет атаның 250 жылдығын атап өту бүкіл ел көлемінде өріс алды. Бүгін ұлы бабамыз Сүйіндік атаның 400 жылдығы аталып отыр. Қазір тарихтың талай қатпар сырлары ашылып, ірі тұлғалар мен маңызды оқиғалар тарихтан ойып тұрып орын алуда.
Тұтас бір іргелі елге айналған ұлы дүбірлі топтың басында тұрған Адай атамның екі баласынан (Құдайке, Келінберді) сегіз немере көріп (Қосай, Тәзіке, Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, Мұңал) сегіз арыс Адай атанған. Құдіреті күшті Құдай қасиетті бабаға бас пен малды, бақыт пен абыройды тең беріп, бақуатты ел болды. Баба ұрпағы бірде Алатауды қоныстанды, бірде Маңғыстауға тұрақтады. Тұран алқабында жайыла көшіп, жүген тимеген еркіндіктің үлгісін көрсетіп, ешкімге кіріптар болып көрмеген баба ұрпағы баз кешті. Алатау барса – Алатаудың сеңгіріндей ұлылықпен, Маңғыстау барса – Қарақияның тереңіндей сұңғыла тапқырлықпен қостас болды.
Адай, Қосай, Сүйіндік аталарымыз туралы жазба-деректердің тапшылығы олардың өмір сүрген уақыты, туған және қайтыс болған жылдары туралы жанама материалдар арқылы, ауызша деректерге, фольклорға жүгіне отырып, қорытынды жасауға тура келеді. Ел жады дейтін жазылмаған тарих бар. Ол атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып ауысып келеді. Адай атаның қай жылдары өмір сүргені туралы тұжырым жасалған. Адайдың туғанына 600 жылдай уақыт өтіп, шамамен 1490 жылдары дүниеге келген деп болжанады. Орта жүздің белгілі тұлғасы Әспембет «Адай» деп азан шақырып, нәрестенің атын қойған.
Аңыз әңгімелерде Адай атамыз 115 жыл өмір сүріп, кіші баласы Келінбердінің кенжесі Мұңалдың қолында бақилық болып, сол үйден шыққан дейді. Сондықтан да Мұңал Адайдың үлкен (кәрі) шаңырағы деп танылған. Жерленген жері Шаш (Ташкент ) қаласының маңы делінеді. Қасиетті Қосай баба есіміне «ер» сөзінің қосылып, «Ер Қосай» аталуы тегіннен тегін емес, елі мен жерін жатжерлік жаудан қорғаумен қатар, әулие-пір болған Бекет-Ата еліміздің, ұранына айналғанға дейінгі кезеңде бүкіл еліміз Қосай ата ұранымен өмір сүрген. Қасиетті Қосай атаның ел қадірлеген, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып келе жатқан қасиетін, зайырын дәлелдейтін мына жайға назар аударайық.
-Құдайке деген ауылым, Тәзіке, Қосай болады. Қосай деген ауылға, Айтсам аузым толады. Байбол, Тіней, Бәли мен Жаманадай – Сүйіндік Кем болған жоқ құралы. Ағалық алған мұраны Ерлік пен билік, мырзалық Бақыттың болған тұрағы,- деп Қырымқұл Ұзақбай Қазжанұлы жырлаған.
Алты арыс Қосайды дүр еткен, түркімен қызы шешеміз Оғылмеңді дүниеге әкелген ұрпақ «түркіменадай» деп аталады. Қосай-Атаға бүгінгі оның ұрпақтары Нүкіс қаласының жанында «Бестөбеде» басына кесене тұрғызып, төңірегінде абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жыл сайын тамыз айында Қосай ата ұрпақтары жиналып, бас қосатын дәстүрі бар. Өмірзақ Қалыбаев ағамыз осы жұмыстардың ұйымдастырушыларының бірі болып, кейінгі ұрпаққа баға жетпес үлкен мәні бар істер атқарды. Жүз кісіге бірі дерек Қосайдың алты баласы, Сүйіндік пен Бәлиді, Әйтей менен Бегейді, Байбол менен Тінейді, Жүйріктері Қосайдың, Шапқан сайын үдейді,-
Деп қасиетті бабаларды Ыбырайым ахун «Келінберді, Құдайке» толғауларында жырға қосады.
Сол үрдісті берік тұтынған менің туыстарым, жерлестерім үшінші мыңжылдыққа бастар ұлы жол басында Сүйіндік ата рухына арнап ас беріп, белгі қоюды қолдарына алды. Бұл жұмысты ұйымдастырушы болып, осы шаруаның басы-қасында жүрген, елдің азаматтарын топтастыра білген Әділ Жұмалиев бауырымызға ризашылығымыз ерекше. Осы ас қарсаңында оның қаламынан Сүйіндік ата туралы кітап өмірге келді. Әсіресе, осы кітапта берілген шежіре бүгінгі жер басып жүрген Сүйіндік ата ұрпақтарына туыстық реттерін анықтап, өздерінің қасиетті ұлы бабалары туралы мәлімет білуге мүмкіндік береді.
Сүйіндік Қосайұлы жасынан алғыр, шалымды болып өскен, 16 жасқа келгенде Байұлының ақсақалдары қастарына қосшы бала есебінде ертіп жүреді екен. Сондай сапарларының бірінде бір күнде 3-4 қонақасы жеп, кештете қонуға бір ауылға келіпті. Бұл үйде елдің сыйлы ақсақалдарына қонақасыға қозы сойып, пісіріп қадірлі қонақтарының алдына әкелгенде, басты сен ұста да, сен ұста деп жоғарыдан төмен қарай ысыра берген екен, кезек Сүйіндікке жеткенде, алдына келген басты өзі ұстап үлестіріпті. Ет желініп, сорпа ішіліп болған соң, қариялардың үлкені ас қайыруға ыңғайлана бергенде, үй иесі «Бата бас ұстаған адамнан боладыдағы» депті ақсақалдардың ісіне қарай. Сонда Сүйіндік кідірместен:
Мылтық аттым оқтамай, Оғым кетті тоқтамай. Тіл тимесе игі еді, Құдайдың өзі сақтағай. Атам Қосай болғасын, Бала да болсам бас тартты, Сақалымды жоқтамай. Жолсыз жерде бас ұстап, О дүниеге күнәлі болсам. Мына шалдар куә болып, Менің жағымды жақтағай. Аллаһуакбар, - деп ас қайырған екен. Әбестік жасап, ұятын сезген ақсақалдар үй иесінен кешірім сұрапты деседі. Жастайынан замандастарын осындай тапқырлығымен, ақылымен таңғалдырған баба өмірінде ұрпаққа үлгі болар жайлар көп болған.
Сүйіндік атамыздың ел ішіндегі лақап аты «Жаманадай» қалай шыққан? Құймақұлақ қариялардың айтуына қарағанда, ұлы бабамыз жиі көшіп, жұрт аударуды қаламаған сияқты. Кейінгі дәуірлерде дәріптелген отырықшылық идеясын елден бұрын түсініп, төңірегіндегі елінің ырзық-несібесін жерден еміп, егін салған, малын бағып, бір орында отырып-ақ ұрпақ өсіріп, іргелі елге айналған. Ол замандағы өмірдің өлшемі жаз жайлауға шығып, қыс қыстауға құлау арқылы бағаланатын қалыпты ұғымға сыймағандықтан, нағашылы-жиенді замандастары Сүйіндік атамызды жоғарыдағы лақап атпен атаса керек. Біздің түсінігімізше, бұл ұлы бабамыздың өзгерер өмір, құбылмалы тіршілік тынысын елден ерек, заманынан озып түсінгендігінен оған телінген атау. Ол қақ, қоңырдаң, бөгет, тақырға су жинап, шығырды пайдаланып жоғарыға су көтеру әдісін меңгеріп, оны жүлгелер арқылы белгілі қашықтыққа жеткізе білген. Сол заманда бабамыз армандаған отырықшылық қазақ халқының басына, негізінен, ХІХ, ХХ ғасырларда ғана келді.
Ал Сүйіндік бабаның немересі Бөгілі атамыз да Кіші жүздің таңдаулы билерінің қатарында болған. Атамыздың жасы ұлғая келгенде, үш ананың айтысы болатын болып, кім барады дегенде, 85 жасқа келген Бөгіліні көлікке жүре алмас деп кебежеге отырғызып алып қатынастырған екен. Сонда Кіші жүз де биге кенде емес, әйтсе де екшеп-елеп, таңдап-теріп, мықтысын қатынастырған болар. Сүйіндік – Жаманадай Бөгілі, Қарпық Өткен жоқ осылардан ешкім артық. Кіші жүз қазағымның билері де,
Кеткен жоқ барлығы да бұдан асып,- деп ақын, композитор Мұрат Өскінбаев айтқандай, Бөгіліден бері қарай Сүйіндік ұрпағынан Адайға әйгілі Қарпық, Жанан, Жанғабыл, Амандық билер болса, соңынан Құдас, Жаңабай, Сармерген, Нұрберген атты атышулы бабалар осы дәстүрді жалғастырды. Әрине, 500 жылға жуық тарих көшінде халқына қанат, жел жағына пана, ық жағына қорған болған қасиетті ұлы бабаларды толық түгендеп айту мүмкін емес. Біздің таным көкжиегіміздің шектеулілігіне байланысты аты аталмаған бабалардың аруағына сиынып, кешірім сұраймыз.
Бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған дүлдүл ақын, күміс көмей Нұрым Шыршығұлұлы мен Тастемірлер, мемлекет қайраткері Шишан Оразбаев, ел басқарған Айладыр Дәулетниязов, Кеңестер елінің алғашқы парламент мүшесі – Жоғарғы Кеңестің депутаты болған Бисақан Кенжебеков, ірі шаруашылық басшылары, партия қайраткері болған әкелі-балалы Жұмағали және Мұқан Атабаевтар, Сәбит Былахаев, Шауен Қалниязов және т.б. еліміздің ардақ тұтар азаматтары бола білді.
Біздер сол ұлы топтың сарқытын ішкен, дәстүрін дамытқан ағалардың әлі де арамызда барлығына қуанамыз. Көптеген елдік дәстүрдің, бабалар жолының насихатшысы болып, арамызда жүрген ардақты ақсақал Қарауылбек Оңғарбаев ағамызға ілтипатымыз ерекше. Бабалар қонысы Сенек елді мекенінде құм борасынының астында қалған 13 тұлғаның атын атап, түсін түстеді. 27 тұлғаның мәңгілікке тұрақтаған мекенін анықтап, көбінің басына ескерткіш орнатты. Сенек жері елімізге құт қоныс болған. Өткен ғасырдың басында-ақ 50-60 тас үйлер салынып, Ізбасарұлы Нұрнияз білім ордасы – ақ отауды негіздеген. Сол мектептен еліміздің көптеген азаматтары білім алып шықты. Каракең олардың да тізімін жасау үстінде. Халыққа, ізгілік, сауаттылық нұрын сепкен бұл мектепте белгілі оқымыстылар Медетбай Қожахметұлы, Сүлейменұлы Амантай ишан, Жаңғабыл Маңдай тегі, Бахилар дәріс берген. Бұл мектептің көптеген оқушылары Кеңес дәуірінде ел, ұжым басқарды, сауаттылар қатарынан табылды. Жұбаев Әнес, Жұмыров Кеңес, Мырза Махмуд елдің беделді тұлғалары болды.
Жоғарыда әңгіме болған оқымыстылардың ағартушылық дәстүрін Кеңес дәуірінде Ниязов Мұздыбай, Бердібеков Жаңбырбай, Баданов Ази, Тұрымов Толқымбектер дамытты.
Орыс ғалымы Т.Н.Грановский «өткен тарихымызды білмей жатып, бүгінгі өмір шындығын ұғыну мүлдем мүмкін емес» деген еді. Қарауылбек аға 50 жылдай уақыт бойы Сүйіндік ата ұрпақтарының шежіресімен шұғылданды. Жаяу, атпен, машинамен жүріп жинады, бірде-бір атаның ұмыт болып, назардан тыс қалмауын қадағалады. Аузы дуалы, құйма құлақ Келжанов Жылқыбай, Көбешов Жанжігіт, Бөкенбаев Ілжан, Өмірзақ Қалыбаев сияқты аға-інілерінің әңгімелерін апталап тыңдап, қағаз бетіне түсірді. Кеңес дәуірінде ескішіл, рушыл т.б. әжуалаған замандастарына ұлы бабалардан ұласып келе жатқан бұл мұраның ескірмей, ұрпақ қажетіне жарайтынын түсіндірумен болды.
Сүйіндік ата ұрпақтарының ішінде талай дарынды, білімдар, бұла күш иесі – палуандар да болған. Батқанбай Мәңкітұлы заманында түйе көтеріп, түйе палуан атанған, Басшиев Мақаш Атырау облысының күрестен бірнеше дүркін чемпионы атанды. Жыршы, термеші, күйші, бір өзі – бір театр, өнерпаз Әмірбай, Сәтей ағаларымызды да халық ерекше ілтипатпен еске алады. Ұлы баба ұрпақтары талай қиындықты бастан өткізді, үдере көшіп, ата-баба қонысынан безінген кезі де болды. Тек Кеңес дәуірінде ғана атақонысы Сенек төңірегінен мыңнан астам үй зобалаң зарпынан шетел ауып кеткен.
2007 жылы Ер Қосай бабамыздың дүниеге келгеніне 500 жыл толады. Сүйіндік атамыз әкесі Қосай 82 жасқа келгенде туған екен дейтін әңгіме бар. Кейбір мәліметтер бойынша Сүйіндік атамыздың туғанына биыл 413 жыл толып отыр. Ол-ұрпақтары өсіп, жапырақтары жайылған баба. Бұл күндері Сүйіндік атаның түркімен, түрік, қарақалпақ елдері мен Атырау, Ақтөбе, Астрахан, Жамбыл облыстарында және Алматы, Астана қалаларын қоныстанған ұрпақтарын есептемегенде тек Маңғыстау облысының аумағында 700-ге (650) жуық отауы бар.
Халқымыздың тарихынан мәлім – әрбір рудың өзіне тән таңбасы мен ұраны болған. Таңбаны бабаларымыз рудың малына басқан, сол рудың қайтыс болған адамдарының бейіті басына құлпытасқа ойып салған, бірнеше рулар тоқтам жасасып, бітімге келген кезде тасқа қашап, белгі қалдырған. Ұран сол рудың адамдарын аттанысқа үндеу үшін соғыс кезінде шақырылған. Ат бәйгесі, палуан күресі кездерінде ұран шақырылады. Қиын-қыстау өмір соқпақтарында да, ата-бабаларға сиынып, жалбарынып жатамыз.
Әдетте қазақ рулары өз ішінен қыз алыспайды, қыз алысу үшін жеті атаға толған болуы не қоныстары жеті өзен не жеті қыр шалғайлығы болуы қажет деп есептеген. Туыстас рулар бір-бірінен бөлектеніп, басқа ру атауларына ие болу үшін арада он үш атаға жетуі шарт. Осылардың бәрі «шежіре», жай ата-баба тарихнамасы ғана емес, отбасын ұйымдастыру өлшемі де болғандығын көрсетеді. Сүйіндік атаның ұрпақтары бүгін ас беріп, ат шаптырғандағы мақсаты жіктеліп, бөлектену емес, әрісі Алаш, берісі Адай
ұрпақтары қазақ аталатын мықты еменнің бір бұтағы екенімізді еске салу, ата-баба аруағына сыйынып, жұдырық болып жұмылу. Өсіп келе жатқан жас буын ішкенге мәз, жегенге тоқ болып шектелмей, даңқты бабалардың ұлы ісін жалғастырушылар болсын деген ой жатыр. «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды», сондықтан да ұрпақ та, оның талантты өкілдері де үзілмек емес.
Міне, аталар армандаған тәуелсіздік келді. Тәуелсіздіктің, нарықтың асуы қиын биіктерінен бірге өту үшін жаныңдағы жаны жайсаң ағаның өмір көрген тәжірибесі мен ақылы қажет-ақ. Өсіп келе жатқан жас буынның бұла күші арнасын тауып, ел, өлке қажетіне жұмсалуы керек. Ауылын қамдаған ағаның соңынан ерген інінің бірлігі қай кезде де елдіктің өлшемі болған. Ең басты мұрат: жастрады бар қазынаның қадірін білетіндей етіп мәңгі өшпес құдылықтар рухында тәрбиелеу, ел алдындағы борышқа баулып қалыптастыру. Сондықтан да, бүгінгі ас – елдікке шақырар бас қосу ел азаматтары үшін қажет.
Түрлі дерек көздерден шыққан ел аузындағы әңгіме, жыр, дастан, әпсаналарды салыстыра саралай отырып, осы жайларды бүгінгі ұрпаққа ұсынуды ағалық парызымыз деп санадық. Қасиетті ұлы бабалардың білегінің күшімен, тілінің ұшымен жеті жұрттан алып қалған қасиетті Маңғыстау өңірі бүгінгі ұрпақтың ырыс-несібесі болып, бүкіл дүниеге бытырап кеткен баба ұрпақтарын атақонысына жинар, ұйытар мәйегіне айналғаны біздер үшін мақтаныш және солай бола беретініне сенгіміз келеді. Қасиетті баба ұрпақтары! Ауыздарыңа бірлік, бастарыңа саулық, іргелеріңе бүтіндік тілеймін! Ұлы баба аруағы қолдай берсін! Есекмерген батыр
Еліміз егемендік алғалы өткен тарих, ата-бабалар өткен қиынқыстау жолдардың шежіресін қалпына келтіріп, жас ұрпақты отансүйгіштік, ерлік, рухта тәрбиелеу – маңызды іс. Бұл жөнінде республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарда аз жазылып жатқан жоқ. Солардың ішінде он екі ата Байұлының ішінде Адайлардың Атырау, Маңғыстау жеріне келу кезеңдерін көнекөз қарияларымыз айтып та, ардагер ағаларымыз жазып та келеді. Өмірден өткен Өнберсін, Мұңалбай, Абдаш аталарымызбен өз әкем Дүйсен Адай батырлары оның ішінде ел қорғаған ер бабамыз Есекмерген батыр туралы айтқан ұзақ әңгімелерін шамның жарығына сабаққа дайындалып тыңдап жататынбыз.
Мен де Есекмерген бабамның ерліктері жайлы, оның өмір сүрген жылдары мен бейітінің қайда екендігін сұрастырып аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға мақалалар жариялап келемін. Сонымен қатар Есекмерген бабамыздың есімін есте сақтау жайында да мәселе көтердім. Соның нәтижесінде өткен жылы аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында Бейнеу селосындағы жаңа көшелердің біріне жау жүрек батыр, мерген Есенқұлұлы Есектің есімін беру жөнінде шешім қабылданды. «Аңыз дегеніміз – тарих, тарих дегеніміз – ақиқат» деген екен бір тарих зерттеушісі. Халық оның бейнесін қиял-ғажайып батыр ретінде сомдап, жадында сақтаған. Осы өлкеге халықты бастап келіп, Маңғыстау жеріне алғаш ат басын тіреген батырдың Есекмерген Есенғұлұлы екендігі рас. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әнес Сарай 2008 жылғы «Көнеліктер» кітабындағы «Қазақ хандығының құрамында» тақырыбының 272273 беттерінде 1694 жылы Томскіде Тәуке ханға елші болып келген Федор Скибин маусымның екінші жұлдызында Есекмергеннің 300 аттылы жасақпен Түркістаннан шығып, жортуылға аттанғанынан хабар береді. (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Алматы, 2005, том 1, 418 б). Оның жол көрсетушісі Тобыл губерниясының Вагай ауылының Чекек деген адамы екені айтылады. Шамасы ол орыс шекарасына жорыққа аттанған. «Әлгі жоғарыда атаған Есекмерген мен барда Түркістанға қайтып оралған жоқ, қайда кеткендерін мен
білмеймін»,- деп жазады елші Скибин (сонда 419 б). Осы шағын дерек Қосай ұрпағының қазақ хандығына қайтып оралғанынан, Есекмергеннің Тәуке ханның астыртын жеке тапсырмаларын орындайтын қолбасыларының бірі болғанынан хабар береді. Екінші бір дерек 16 қазан 2008 жылғы «Маңғыстау» газетінің №160-161 (7388) санындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарайдың «Құнанорыс тайпасы» атты зерттеу мақаласында жазылған. Бұл кезде адайлар Қазақ хандығының құрамына кіріп, Түркістан төңірегінде отырған-ды. 1694 жылдың 4 сәуірінен 1696 жылдың шілде айларында Түркістан Тәуке хан ордасында болды, өз жазбаларын қалдырған Федор Скибин Есекмергеннің 300 жасағымен Түркістан шаһарынан шығып, орыс шекарасына жорыққа аттанғанын атап көрсеткен. «Маңғыстау» газеті, 2011 жыл 16 маусым №103-104 (7963) санында және «Рауан» 2011 жыл 17 маусым №24 (1995) сандарында «Мұрағаттар сөйлейді» атты мақаласын мұрағатшы Алқажан Еділхан жариялаған болатын. Мұндағы деректер №266 Санк-Петербургское отделение Архива Российской Академии наук. Списки Тобольской архивы. Часть-4. Дело 14. 1 7203 от «Сотворения мира» 1695 год. 2 Туркестан (стр-419).Аудармасы: 1695 жылдың 2 маусымында Түркістаннан Қазақ Ордасы үш жүзінің қолбасшысы Есекмерген және оның әскері Түркістанда мен сонда жүргенде болған жоқ, қайда кеткенін де естімедім. Ал биылғы 1696 жылдың 8 қазанында жоғарыда аталған қазақтар Тобольск боярының баласы Дмитрей Сузбальцевті Қазақ Ордасының Түркістан қаласына байлап әкеліп, базарлатып сатып жүр деп жазған. Бұл құжаттағы мәліметтерге қарағанда Кіші жүз қазақтары Тәуке хан тұсында көрнекті мемлекеттік деңгейдегі міндеттерді атқарған, әскери басшылықта осылардың қолында болған. «Маңғыстау тарихында «сол кісінің дәуірі еді» делініп екі кісінің есімі аталады, бірі осы Есекмерген. Ал ұсынылып отырған құжатта біздің Есек батырымыздың ұлттық дәрежедегі тұлға екендігі жайлы теңдессіз дерек келтірілген. Осыдан кейін мұрағатты киелі емес деп қалай айта аламыз»,- деп, Алқажан ағамыз мақаласын аяқтаған екен. Біреулер Маңғыстауды «әлі ашылмаған Антрактида», «Ашық аспан астындағы галерея»,- дейді. Бұл сөздің қаншалықты дәл-дәйектілігін кім білсін, бірақ әлі де тығыны ашылып, тиегі ағытылып айтыла қоймаған Маңғыстау тарихы – бір дастан. Соның бірі бұл қонысқа «жеті жұрт келіп, жеті
жұрт кеткен», бізден бұрын ноғай да, шүршіт те, қалмақ пен түрікмен де жайлаған деседі. Алпыс үй адай жайлы қоныс, малына шүйгін өріс іздеп Арқадан ауа көшіп, Жем өзеніне тақап келген шақта өзеннің күнбатыс беті қарақұрым қалың қалмақ екен. Арыпашып, шаршап-шалдығып, көп көшіп, көлік жалдап келген ел байырқалап бой жазып демалайық деп өзеннің күншығыс бетіне аялдапты. «Көршілес, қоңсылас болайық»,- деп қалмаққа хабар салса, «аман-есеніңде келген ізіңмен кері қайт!» деп жауап қатыпты қалмақ. Қалмақтан қауіптенген Есенқұлұлы Есек батыр бір биікке шығып қарауыл қарайды екен. Бір күні атын тұсап, өзі қисайып жатса, көзі ілініп кетіпті. Қанша ұйықтағанын кім білсін, ояна келсе аты жоқ. Ізге түсіп келсе, Сарқасқа айғыр бір бұлақтан су ішіп, жусап тұр екен. Сол сапар Есек батыр қалмақтың Домбауыл деген батырына кезігіпті. Келе жатса, Жемнің қалмақ бетінде бір қара көрінеді. Қарайды, от үзген мал сияқты. «Япырым-ау, бұл бетке шығып кеткен қазақтың малы шығар, айдай кетейін»,- деп жележорта жетеді. Келсе, ер-тұрманы алулы қара ала арғымақ арқандаулы тұр. «Бұның иесі кім болды екен»,- деп байқастаса, бір желжарғанның ішінде дәу қара ұйықтап жатқан көрінеді. Саймасай бес қаруы қасында. «Е-е, қалмақтың Домбауыл деген дүрі бар деп еді, дәу де болса, сол боларсың»,- деп ойлайды. Есек батыр қылышының бауын ағытып тұрып: «Ау, бұл қазақ болып, қапыда қарамаңдай болмайын», деп тоқтап, түртіп оятады. Әлгі зордыңзорымен ояныпты. –Кімсің? Атың кім?
–Қалмақпын, атым - Домбауыл. Сен кімсің? –Қазақпын. Атым – Есек батыр.
Ал, кеп шарт та шұрт ұстаса кетсін. Екеуі де бірін-бірі сырттай естулі, сыралғы болса керек. Қанша алысқандарын кім білсін, ақыры Есек батыр жауын өлтіріпті дейді.Содан ертесіне қойдай шулаған қалың қалмақ атқа қонады ғой баяғы. Аз ауыл адайды бұратала құртып, есесі кеткен ерінің құнын алмақтағы. Не керек, қанды қырғын болыпты. Есек батырдан жекпе-жекте Тайлан ханы жеңіліп, қалмақтар сол жерде тырым-тырақай қашады. Есек пен Шотан батыр бастаған адай сарбаздары қалмақты Жайық өзенінен өткізіп жіберген екен деседі. Тарихтың куәсіндей, Есек батырдың қарауыл төбесі Есекжал, Сарқасқа су ішетін бұлақ – Сарқасқа, Домбауыл өлген құмақ – Домбауыл құмақ деп, Тайлан хан өлтірілген жер – Тайлан деп аталып кетіпті.
Маңғыстау өңірінде мұндай аңыз боп ауыздан-ауызға көшкен жайдақ жал, тақия төбе, бастау бұлақ көп. Сай-саласы, жыраңжықпылды, қойын-қолаты бір шежіре болса, әр бұта, әр тасы тұнған сыр дерлік. Ел тыныштығын, жер-судың түгендігін, төрт түліктің бүтіндігін күзеткен батырлар бес қаруын бойынан тастамаған кез ғой. Көшпелі халық малының ыңғайына қарай шұрайлы, сулы жер іздеп жүре берген. Әр рубасы жер-суды жан басы мен мал басына орайластырып белгілеп береді екен. Адайдың бір жолғы жер бөлісу реті «Есекжал» деген жерде Түрікменадай тайпасының Байболынан шыққан білікті, беделді азамат Есенқұлұлы Есек батырдың басшылығымен жүзеге асқан деседі. Маңғыстаудың үш түбегі, Күйкен, Манатадан Сарқасқаға дейінгі (Маңғыстаудың қазіргі картасында «Биік жал» делінеді), шығысында Желтау, Ырғызбай, Қарасай, Оғызқұдық, Онқұдық, Көкаланың құмды бұйраты, Ақсай, Көлтабан, Жетіқақ, Сам өресі, Маңсуалмас – Есет, Ақшағыл – Барсай, оңтүстік Қаратүлей, берісі даңғайыр Үстірт мына шеті Қарағантүбекке дейінгі ұланғайыр даланы игеріп үлгерген. Бір жылы Есенқұлұлы Есек батырдың ауылында үлкен жиын болып, жер бөлісіне Назарұлы Шотан батыр мен Үсен, Бәйімбет, Медеттің Арғынбай батыры мен Төлеп батыр, Ескелді Жанұзақ, Жеменей Сейіт би мен Бегеш батыр, зорбай Таған, бабық Әжібай, шоңай Бекбаулы, Құнан секілді ру басылары қатысқан жиын туралы ауыздан ауызға өтіп, кәрі құлақ қарттарымыз айтып, жазып та келеді. Осындай ұзын құлақ үлкен қариялар үйімізде жиналып, әңгіме айтып отыратын. Енді сол естіген әңгіме желісінен есте қалғандарын қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдім. Маңғыстауға қоныс іздеп, бет алған Есек батыр алпыс үй адайды бастап, жайлы қоныс, малына шұрайлы өріс іздеп, Үстірт үстіндегі бір мол құдыққа келіп қоныстанған екен. Қоныс жайлы болғанмен мал басы өсе келе су тапшылығын байқаған Есек батыр сол құдық қасынан төрт құдық қаздырады. Сол құтты қоныс атауы Бесшымырау деп аталып кеткен екен. Бұл құтты қоныс Бейнеуден 105 шақырым, Ақжігіт елді мекенінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Құдық маңында ескі қойымшылық болған, соның ішінде үш үлкен құлпытас іспеттес ескі белгі болғандығын Жұмажан есімді қария айтып отыратын еді. Мұндай белгілер ертеде өткен батырларға қойылатыны аян. Біз іздеп жүрген Есек батыр
бабамыздың бейітінің осы белгілердің бірі болмасына кім кепілдік бере алады. Бұл тастардың тарихын біліп, анықтау үшін арнаулы экспедиция ұйымдастырылса екен деген ұсынысымды айта кеткім келеді. Адайдың айтулы биі Мәтжан: «Елде елеусіз өткен екі ер болды», деумен кеткен екен. Оның бірі таутайлақпен алысқан, жезтырнақпен жұлысқан, мейманасы тасып, ата қонысымызда алшаңдай басқан қалмақтың ханы Тайлан батырды жекпе-жекке шақырып, желкесін қиған Қосай ұрпағы Есенқұлұлы Есек батыр деген екен. Бейнеу кентінде тұратын Есенқұлұлы Онбай ақсақалымыз Есек батырдан тарайтын Тұман баласы Байсейіттен Оңайбайдан Өтеу аталарымыздың қаздырған құдығын осы кезге дейңн пайдаланып келгендігін айтады. Сол маңнан Өтеу құдығының арқа жағында арасы шамамен 25-30 шақырым Өтеу атамыз құдық қаздырып, құдықты әйелінің атына Мамық деп, қойған екен дейді. Бұл айтылып отырған құдықтар Есен қазақ түлейінің шығыс жағында орналасқан. Бейнеуден 200 шақырым шамасында ал, Түрікпен, Қалпақ шекарасына 50-60 шақырым шамасында орналасқандығын айтады. Осы деректерге қарағанда Есек батыр бабамыздың табанының ізі мен Сарықасқа атының тұяқ дүбірі бір талай жерде ойқастамады деп кім айта алады. Сонымен ауызша және жазбаша деректер жинақтары негізінде Есекмерген батыр бабамыздың өмірге келгеніне 350 жыл болып отыр. Есекмерген батыр бабамызға жасалған мәрмәр тақта бетіне оның шамамен (1662-1758ж.ж) өмір сүргендігі көрсетілді. Қазан айында оның атына берілген көшеге ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаны қою ата жұртты жаудан қорғаған батырларды ардақтап, олардың қаһармандығын жас ұрпаққа үлгі етуге арналған осындай тәрбиелік маңызы зор шараның «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кізілді. Есекмерген батыр Есенқұлұлы жайлы шетел мұрағаттарында сақталып келген тарихи деректерден елге жеткізіп, кезінде елдің бірлігі мен тыныштығын сақтап, туған жерді қорғауда бүгінгі ұрпағына өшпес өнеге қалдырған, ел есіндегі ерді құрметтеу баршамыздың да парызымыз. Ал «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері Бисенбай Ауданбаев, соғыс және еңбек ардагарі Есекмерген батыр ұрпағы Дүйсеғали Көшеров баба жайлы ел аузында сақталып келген аңыз-әңгімелерді айтты. Салтанатты шарадан соң батыр бабаның ұрпағы Рысбай Дүйсенов ата рухына арнап ас беріп, Құран бағыштады.
Егемендік алып, еркіндікке қол жеткен соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде есін жинаған халқымыз өткеніне көз жіберіп, шежіре жазып, өлгенін тірілтіп, ата-бабасына ас беру, басын жыңғыртып, түнемелік салу, қамқорлығына алу сияқты игі шараларды іске асырумен келеді. Бұл бағыттағы талпыныс, ата жігін айыра білу, жарыққа шығару араға жік салу емес, керісінше ата салған өнегелі істерді, олардың қадір-қасиеттерін ұрпағына жеткізу болып табылады. Бұл сияқты игі бастамалар «Өлі жебемей,тірі байымайды» деген аталы сөзді әспеттеп, құрмет тұтумен қатар, ұрпақ жалғастығын ұштап, заман талабына сай икемделе, «Мәдени мұра» бағдарламасына қосқан үлес деп білген жөн.
Маңғыстаудың Атағозысы
Таңғажайып табиғатының тылсым сырлары талантты арқаландырған, атты адамды атынан түсіріп, жаяуды жатқызған шежірелі Маңғыстаумен бірге жалаулы тарихы ғасырлар бойы жасасып келе жатқан жергілікті жұрт ішінде заманында ұлдары – жұрт бастаған көсемі, ел тоқтаған ақсақалы, сөз ұстаған биі, аруақты батыры, ізгілікті азаматы – абырой мен даңқы алты алаштан асқан адай елінің орны ерекше. Бүгінгі ұл мен қыздың несібесі, мақтанышы болған мұнайлы Маңғыстауды қолда ұстап қалуда осы майталмандар қаншама қиындықтың тезінен өтті десеңізші! Талай қаскүнем жұрттың көз құртына айналған бұл жер – бабалардың қаны мен аналардың көз жасы сіңген, топырағына қасиет тұнған өлке. Қазақ елі қасиеті сан алуан Маңғыстау түбегін 362 әулие өңірі деп атайды. Ал батырлар саны да аз емес. Себебі, өмір ортасының өзі бір жағы түрікпен қалтамандары, бір жағы Хиуа бектерімен, бір жағы орыс итаршыларымен, қалмақтармен арпалыста өткен ел үшін кәмелетке толған баласынан еңкейген кәрісіне дейін қолына қару алуға тура келген. Сондай қиын-қыстау жағдайда ел тірегі, халық қалауы мен тілегі де батырлар болған. Маңғыстау даласы – ғасырдан ғасырға созылған жат жерлік шапқыншылардың небір қанды жорықтарына төтеп берген, жорық жолдарында қаһармандық мектептің қамал бұзар ұландарын тәрбиелеген адай елінің құтты қоныс, атамекені. Қорқаудай жалаңдаған қалмақтардың маңдайына тас уатқан, қазақ даласын жұтардай төнген орыс аюының алдында өтпес өткел болған, қасқырдай қаптаған Хиуа бектерінің менменсіген кеудесінен басқан, жау жағадан алғанда бөрідей етектен шалған түрікменнің басмашыларының тәубесін келтірген Маңғыстау ерлерінің төккен тері мен шашылған қанының төлемі – бүгінгі жаңғырған, әлемге әйгілі мұнайлы Маңғыстау. Ұлы даланың төсін дүбірге толтырған ұландарының бірі Атағозы батыр еді. Ойға жүйрік, тілі өткір, көкірегі жанартаудай толас таппас шешен тілді Атағозы батыр – заманында қазақ қоғамының беделді тұлғаларының қатарына көтерілген тарихи қайраткер. Дегенмен де, қазіргі ұрпақ үшін жұмбақ жан. Қазақ қоғамында жаугерлік өмірдің өзі қалыптастырған әскериқаһармандық мектептің көрнекті өкілі Атағозы батырдың ерлік жолдары қазақ халқының табиғи бостандығы тарылып,
бодандықтың қыл бұрауы қыса бастаған заманға тура келді. Аждаһадан құтылуды ойлаған қазақтың аюдың тырнағына іліккен тұсында көршілес жұрттар да даланы пұшпақтап, қарпып қалуға жанталасып жатты. Атағозы батыр – Еділдің есірген қалмақтарына, Хиуаның қан тілеген хандары мен бектеріне, тістелеген түрікмен басмашыларында құлашын сермей бастаған орыс патшасының отарлау саясатына қарсы тұрып, Е.Пугачев пен С.Датұлының азаттық күрестеріне үн қосқан, Кіші жүз хандарының әділетсіздігін беттеріне басқан, ел тілегін орыс патшайымына жеткізген бостандық жаршысы. Кешегі ой-сана бұғауланған, ұлттық идея шынжырланған қапас заманда ұлт ұландарының есімін ауызға алып, ұрпаққа өнеге қылып айтуға мүмкіндік болмады. Алайда, уақыт озған сайын халық санасында биіктей түсер тұлғалар тарих көшінің әр белесінде айналасына ізгілік сыйлаған шамшырақ іспеттес жарқырай түседі. Найза ұстаған тұлымды ұлдың ұлты үшін істеген еңбегі ешқашан да елінің жадынан өшпек емес. Халқының аңызға бергісіз тарихының жоқшысы, жоқтаушысы ақындар жырлаған қасиетті бабаларымыздың ерлік дәстүрі батыр ұлдарының іс-әрекетінің өнегелі, тірліктегі үлгісі емес пе! Әлі күнге бір сұрақ – мен аңғарман, Сұрап келем ақылды адамдардан. Өзге жұрттың хандары жақсы болып, Біздің хандар қалайша жаман болған? – дегендей, адайдың көк берен ұланы Атағозы туралы сөз қозғау реті де келіп жетті. Атағозы туралы Маңғыстауда аңыз-әңгімелер жетерлік. Ел әңгімесін дәйектілей түсу үшін архив құжаттарын қарастыру қажет болды. Сонымен қатар белгілі тарихшылардың еңбектерін атқару керек еді. Ресейдегі Е.Пугачев бастаған шаруалар соғысының 225 жылдығына орай Н.Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» («Жалын», 1983) атты еңбегінде көтеріліске қатысқандар тізімінде Атағозы есімі де тұр. Алайда, қатысқандардың руларын көрсетуде сәл қателік кеткен екен. Бұл жерде батырды байбақты руынан деп жазыпты. Бірақ Атағозы Айтқұлов деп анық көрсетіледі. Бұл пікірімізді «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» атты еңбектегі мәліметтер бекіте түсті (27,32,36 бб). Жастайынан ел ісіне араласып, реті келген жерде төрелеп билік айтқан Атағозының ғұмыры ат үстінде өткен. Шеткі жаумен жағаласып өткен батыр ел тағдыры таразыға түскен тұстарда жалаулы найзасын көтеріп, жұрт көсемдерінің тілекшісі, сенімді
серігі де бола білді. Ол 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық күресінің бел ортасында жүрді. Бұндай мәлімет 1940 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы бойынша материалдар» атты жинақта беріліпті. Жинақтың 4-томында батыр туралы қысқа болса да нақты мәліметтер бар. Пугачев көтерілісі кезінде қазақ халқына опасыздық жасап, олардың тағдырын тәлкекке салып жіберген Нұралы ханның екіжүзділігін айыптап, 1785 жылы шілдеде Кіші жүздің беделді адамдары ІІ Екатеринаға хат жолдайды. «Біз, қырғыз-қазақ жұртының Кіші жүзіндегі қарапайым халқы ресейлік жұртқа шапқыншылық жасап отырған хан мен басшылардан басқа, оның ресейлік жұртқа деген қара ниетіне орай Нұралы ханға қатты ашуланған және шапқыншылық жасамайтын күллі адамдар – барлығы бірдей жағдайда және бірауыздылық ынтымақта тең жағдайда бірауыздан мынаны уәде етеміз: егер хандықтан Әбілқайыр ханның балалары тайдырылатын және Нұралы ханның барлық хаттары қаперге алынбайтын болса, онда ұлы мәртебелі падишахтың әмірі мен жарлықтарына қарсы болмаймыз және оларды тәрк етпейміз. Осындай жағдайда ғана біз, Кіші жүздің барлық ақсақалдары мен бүкіл халқы, бағынуға уәде береміз және солай болса ғана ұлы мәртебелі патшайым жұртының ұлылығын танимыз және оның еркін орындайтын боламыз, ал падишахты, оның мәртебесін қамқоршылық пен мейірбандық деп танимыз. Осы уақытқа дейін бізде сіздермен арада болып өткен алма-кезек атыстардың және шапқыншылықтардың Нұралы ханның бүлдіргіштік әрекеттерінің кесірінен, оның атаққұмарлығы мен ашкөздігінен туғандығын мойындаймыз. Ол қырғыз-қазақ жұртына қылғаны сияқты Ресей жұртына да шексіз және сансыз оңбағандықты жасады. Ұлы мәртебелі падишах оның осындай сатқындықтары туралы біле ме екен? Осындай опасыздарды хандыққа және билеушілікке көтеру қайдан үйлесімді болмақшы...» («Қазақ ССР тарихы бойынша материалдар», 53-б). Осы патшайымына жазған осы хатқа Кіші жүздегі 25-рудың 21-інің өкілдері, 55 адам қол қойыпты. Бұлардың арасында Атағозы батырдың да қолы қойылыпты. Өкінішке орай, Атағозының көтерілістің бел ортасында жүргені туралы архивтік құжаттар қолға түспей тұр. Алайда, жоғарыдағы хат мазмұнынан оның Сырым қозғалысынан шет қалмағаны аңғарылады. Қазақтың жады тарихына сүйенсек, көне
тарихтың талай ақиқатын бүгінге жеткізген жыраулар мектебінің қазынасы талай шындықтың бетін ашады. «Сырым батыр» дастанында: Қырандайын түлеген, Қиырдан тоят тілеген. Үйде ұйықтаса жүдеген, Үнемі түзде түнеген. Қылышын тасқа білеген, Қара бақыр қазаннан, Қанды ет жесе семірген. Қақтың суын сімірген, Жау тілеген құдайдан, Тіл таңбалы Адайдан Атағозы батыр бар, - деп, сахараның сарабдал ұлы Сырымның азаттық қозғалысына Атағозының да үн қатқаны, ұлы істен шет қалмағаны айтылады. («Дала кемеңгері» жинағы, 1992 ж.) Ал енді ел жадында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Атағозы батыр жоғарыда айтылған қозғалыстармен қатар, қазақтардың жоңғарларға қарсы азаттық соғысына да қатысқан. Батырдың туған жылы зерттеулердің басым бөлігінде 1704 жылды көрсетеді және бұл қисынға да жақындайды. Еендеше, Атағозының шар болаттай суарылып, майдан көрігінен өтіп, батыр атанып, азамат болу жылдары осы жоңғар шапқыншылығы кезеңінде өткен. 1723 жылы қазақ халқының басына түскен алапат қасірет ел тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», «Қайың сауған», «Сауран айналған» оқиғасы Кіші жүз қазақтарына қатысты. Қонтайшы Цеван Рабдан бастаған 80 мыңдық жоңғар қолы Шығыс, Оңтүстік-шығыс Қазақстанды қанға бөктірген тұста, Еділ қалмақтарының 90 мыңдық әскері Батыс Қазақстанды жайлаған қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Қырғыннан бас сауғалаған Кіші жүз қазақтары Сауран айналып кеткен еді. 1723 жылдан бастап қазақ батырларының жеке жасақтары жоңғарқалмақ басқыншыларына тегеурінді қарсылық көрсете бастады. Осындай жасақтардың бірінде жүрген жас батыр көзге түсіп, ел аузына ілінеді. Осы тұстағы Атағозы туралы бірінші дерек В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII вв.» (84-85 бб.) атты еңбегінде айтылыпты. Онда 1723 жылдың 12 жетоқсанында Аюке хан ордасына Ресей шекара өкімет орындары хабар жеткізеді. Онда қазақтар мен қарақалпақтардың 40 мың қолы
қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды... Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр, Барақ, Есім сұлтан бастаған 10 мың (Әбілқайыр кіші жүз) қазақ жасағы 1723 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Онды Кіші жүз адай батырларының ішінде Атағозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бергей, Сабытайлар болды. Осы жорықтың бел ортасында Атағозының болғандығын тарихшы-ғалым Ә.Хасенов өзінің «Үш ғасыр иінінде» атты еңбегінде де көрсетіпті («Қазақ әдебиеті» №6, 7.02.1992 ж.). Осы дәуірде Маңғыстауда болған Әбілғазының айтуы бойынша түбекте 700 үй шамасында ғана түрікпен болады. Қалған өрістің бәрін қалмақтар жайлапты. Бұл өлкені мекендейтін елдер Шәудір, Сүйінші рулары І Петр заманында қалмақ ханы Аюкенің (1670-1724) қарауына ауып кетеді. (Бартольд В.В.шығармалары, 2 том. 1 бөлім. 609, 613 беттер). Шежіре тарихымызда жиі айтылатын адайлардың қалмақтарды шабуы, жесір алуы осы тұстарға сәйкес келетін сияқты. Шығысқа қарай жөңкілген қалмақтар Жем пен Іле арасындағы қазақтардың шапқыншылығына ұшырап, қатты қырылды, кері көшкен 30900 үйдің Жоңғарияға аман жеткені шамалы, Жоғарияға босқан қалмақтар 1771 жылы 18 қаңтарда Жайық өзенінен өтіп бара жатқанда, Кіші жүз қазақтарының шапқыншылықтарына ұшырайды. Оған Еділ-Жем бойы қалмақтарының ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болды,-дейді. (Әбіш Кекілбаев. «Ұйқыдағы арудың оянуы» Алматы. 1970 ж. «Қазақстан» баспасы). Дегенмен де, Атағозының даңқы кейіннен, жоңғар-қалмақ шапқыншылығының беті қайтып, ел еңсесін көтере бастаған тұста шарықтап шықты. Шапқыншылықтан есін жиған ел атажұртқа бет түзеді. Бұл жалдары, алдымен, оның атамекенді меншігіндей иемдеген түркімендермен күрестегі ерлік даңқы, кейіннен елжұртын ұйытқан кемеңгер билік сөздері шықты. Иә, кешегі сағым жайлаған сағынышты Маңғыстаудың бүгінгі ұландары. ХХІ ғасырдың аса зор мәдениетімен сусындаған, «мерседес» мініп, желмен жарысқан жастар мол байлық пен қазынаның бағасының қаншалықты салмақты екенін біле қояр ма екен? Осы байлыққа қаншама жұрттың жармасқанын, ұрпағының несібесін сақтап қалуда қаншама қан төгілгенін сезер ме? Бүгінгі еліміздің ырыс қазанын қайнатып отырған Маңғыстаудың мол мұнайы мен газы – бабалардың басын бәске тігіп, өмірін
қыршынынан қиып, сол елдің келешек тағдырының арашашысы болған батырлары мен билерінің еңбегі. Бүгінгі ұрпақ дайын асқа тік қасық, әуелден-ақ басынан бәрі осындай болғандай сезінуі мүмкін, жоқ, ол олай емес, ол – тұтас бір іргелі елдің басын өлімге тіккен батырларының еңбегінің жемісі. Ұрпақ осыны білуі керек, құрметтеуге тиіс. Бүгінгі молшылықтың артында қаншама тарихтың жатқанын, оның салмағын сезіне алса, бақыт баянды болмақ! Өз ұлтын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді,- деп жырлаған ақын Ілиястың зердеге зерделенер толғаныстары ел есіндегі тарихтың ұлағатын ұмытпауға үндеп тұрғандай. Атағозы секілді асылдың, қазақтың жауға салар алмас қылышының, дауға салар сұңқар ұлының бүгінгі Маңғыстау елінің бақуатты тірлігіне қосқан үлесінің молдығын жұрты білуі керек. ...Сағымдар жарысқан қасиетті мекенді қызылкөз түрікмен басқыншылары мен бәлеқор Хиуа бектерінен тазарту, олардың өлермен жорықтарын тоқтатып тұру, ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы секілді басқаға болмашы, қазақ үшін халықаралық дәрежедегі мемлекеттік істермен бара-бар дау-жанжалдарды реттеу істерінде Атағозы шебер дипломаттық қырынан танылды. Жатты да, жақынды да қызыл тілдің құдіретімен бас идіріп, табындырған Атағозы – аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген, төтеден келген жауды төпелеген сөзімен тоқтатқан даланың дара биі ретінде де белгілі тұлға, жүз жылдан асқан уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғыстарынан кейін ел ішіндегі қоғамдық-әлеуметтік істерді реттеуге ерекше еңбегі сіңген қайраткер. Әдетте, шешендік өнер ақыл-ойға тұсау салынбаған азат, халықтық-демократиялық қоғамда өркен жаяды. Атағозы да осындай дала демократиясының көрнекті өкілі еді. Қыран қанатын талдырар ұлан-ғайыр қазақ даласының ата дәстүрі, сара жолы да сол даланың өзіне тән дала заңына негізделген. Ықылым замандардағы көшпелілер қалыптастырған дала заңдары сол даланың қоғамдық өмірін толық қамтып, елін шашау шығармай, жерін жатқа басқызбай, халықтың тыныстіршілігінің тетігі болып келген ғой. Өзге жұртқа түсініксіз де жат, ал қазаққа тән дала дәстүрі – көшпелі халықтың қоғамдық өмірдегі өзара арақатынасы. Қазақ халқының этникалық құрамының соншалықты күрделілігі қоғамдық қатынастарды реттеп отыратын
дала салтын, дала дәстүрін, дала заңын қалыптастырды. Ал осындай қоғамды басқаратын билік айтар биік төбе – «дала парламенті» - билер институты болды. Шағырмақ бұлт жай тастар, Ағытқан қойды жол бастар. Ақ желкенді жел бастар, Ғалым төре ел бастар. Батыр жігіт қол бастар, Аға жігіт жол бастар, Шешен адам сөз бастар, - дегендей, тегі терең Атағозы-өз заманында қол бастаса – батыр, сөз ұстаса – шешен, дауға түссе – әділетті айға теңеген би болған жаратылысы ерекше тарихи тұлға. Тарихымызды таразыласақ, билердің халықты елдік пен бірлікке, қайсарлық пен ерлікке, қайырымды тірлікке үндеп, жалаң қылыштай жарқылдап, жол бастаушыдай саңқылдап алда жүргенін аңғарамыз. Ел арасына іріткі түсірмей, дау-дамайды бітістіріп, кетіскен ағайынды келістіріп, жақсылыққа – жақшы, жамандыққа – қарсы тіл безеген билер – халықтық дәстүрлер мен ұлттық салтсананы көнертпей, жоқшысы да бола білген. Төреден де сыйлы билердің өзі ділмәрлігімен топты жарып, әділ үкімімен бой көрсетіп жүрген талапты жастрады алдына шақырып, сынап, баулып, батасына беріп отырған. Қазақ қоғамында қара қылды қақ жара билік айту үшін байлық пен батырлық, бедел мен көзсіз ерлік жеткіліксіз. Әдетте билік айту жас таңдамайды. Билік айтудың қаруы ұшқыр ой мен сүзілген сөз мәйегі, шешендік тіл қажет. Осы қасиеттер жаужүрек Атағозының бойына біткен екен. Бұл туралы ел ішінде сан алуан әңгіме аңыз бар. Атағозының билік айтуы көбіне ел ішіндегі әлеуметтік мәселелер төңірегін қамтиды. Қазақ қоғамының ішкі саясатындағы әлеуметтік мәселелердің күрделілігін реттеу тек билердің ғана қолынан келгенін ескерсек, осы тұрғыда Атағозы да ел бірлігінің жоқшысы ретінде де танылған. Атағозы айтқан екен деген ел әңгімелерінің ішіндегі көрнектісі Сырым Датұлы есімімен байланысты. Шеркеш Байсал би Байбақты руының көсемі Сырым батырдың қызын ұлына айттырып, молынан қалың малын айдаттырып, екеуі құдандалы болады. Араға біраз жыл салғаннан кейін, Байсалдың ұлы қалыңдығын алмаймын деп, ат-тонын ала қашады. Ұлына қосыла құдалықтан айныған Байсал би Сырымға кісі салып: «Балам
қызыңды алмаймын дейді, сондықтан да қалыңға берген малды қайтарып берсеңіз екен» - деп, сөз салыпты. Ашуға булыққан Сырым: «Мен Байсалдың малын бағып берем деп алғаным жоқ, алса, қызымды берем, алмаса, өзі білсін», -дейді. Дауласып бірінбірі жеңе алмаған соң, екеуі хан алдына барып айтыспақ болды. Хан ауылына бірге шыққан екеуі жолда кеңеседі. Ханның ауылында жақсы бар, жаман да бар дегендей, жиналған жұрт көп болар. Екеуміздің хан алдына барып айтысқанымыз ұят болар. Онан да Атағозы батырға барып, соған жүгініп, соның үкіміне риза болсақ қайтеді, - деп екеуара мәмлеге келіп, ат басын Атағозы ауылына бұрады. Даудың бет алысын байқаған Атағозы: Сіздер белгілі Сырым мен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай-ақ, арыздарыңызды қысқаша ғана бес-алты ауыз сөзбенен тақпақтап айта қойыңыздар. Байсал, сен талапкерсің ғой, алдымен сен баста – дейді. Сонда Байсал би: -Сырымға құда болдым даңқыменен, Бес жиырма мал бердім Бұрынғы ата-баба салтыменен Қара нарға қара кілем жауып бердім. Арғымақ жалқы асылын тауып бердім. Күндердің күнінде Алтын дегенім мыс болды. Мыс дегенім жез болды. Сондықтан да малымды іздеп келген талапкермін, - дейді Байсал. Сонда Сырымның айтқаны:
-Байсалдың құда болғаны рас даңқыменен, Араласып сыйласқаны да рас халқыменен Бес жиырма мал алғаным да рас, Бұрынғы ата-баба салтыменен Мұның баласы үш жылдай қалыңдық ойнады, Құлындай байлады, тайдай жайлады Өз мақсаты біткен соң алмаймын деп ойлады. Мен онысына көнбедім Төре биді іздедім. Төресін әділ берер деп Алдыңызға келгенім, -дейді. Сонда Атағозы: Ал,шырағым Байсал, балаң үш жылдай қалыңдық ойнаған болса, малың қайтқан екен, енді саған мал жоқ, алсаң жесіріңді аласың, алмасаң үйіңе барасың, - дейді. Сөйтіп, Атағозының төрелігі бойыша жүз қараны бойына сіңіріп Сырым, жүз қарадан айырылып Байсал ауылына қайтады.
Атағозының билік сөзі хақында айтылар тағы бір әңгіме Қаратай ханға байланысты. Нұралы ханның отыз ұлының бірі Қаратай Орынбордағы орыс мектебін бітіріп, Кіші жүзге хан болады. Ел аралап келе жатып, Адайларға беттеген күні алдарынан 4-5 атты жолаушы шығады. Қасындағы шабармандарынан хан «бұлар кімдер екен?» - деп сұраса, олар:
-Адайда байлықпен, билікпен және батырлықпен де аты шыққан – Атағозы, - дейді. Көп кешікпей олар да келіп, бұларға сәлем береді. Атағозы арықтау келген сіріңке қара кісі екен. Ханның көзі шалмай былай депті: - Әй, Атағозы! Ойда орыстың. Қырда қазақтың малын қоймасаң да, бойыңа шыр жұқпаған екенау, - деген екен. Сонда Атағозы тоқтамастан: -Пәлі, тақсыр, дұрыс айтасың. Өлеңді жерде өгіз семіреді, Өлімді жерде молда семіреді. Қаралысында қатын семіреді. Қайғысыз хан семіреді,- деген. Ал мен болсам: Қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, Қазақтың бір тайын дұшпанға алдырмаймын деп, Бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанам.
Сонда мен қатпа болмай, қалай семіз болайын?! – депті. Сөзден тосылған хан үндемей қалады. Сол кезде ханның шабармандарының бірі: «Өз жөнімізбен кетпей, үйдегі қатынбалаға да кесіріміз тиіп кетті-ау!» - деген екен... (Б.Адамбаев «Шешендік сөздер», А.Жазушы, 1967, 53-54 беттер).
Маңғыстау өлкесінің тарихын, жыр-күйін, жетік білген, талдап зерттеген, оралымды оймен зерделеген Ізбасар Шыртанов былай деп жазып еді: «Атағозы батыр – Адайдың ғана емес, бүкіл Кіші жүз Алшынға ортақ тарихи тұлға. Оның ерлігі, ақылман би болғанда қай тарихи тұлғалардан да артық болмаса, кем емес. Оның ерліктерін Қабанбай, Бөгенбай, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Тама Есет, Жанқожалармен қатар қоюға болады. Шындығын айтсақ, Маңғыстау батырлары өзінің тарихи бағасын әлі ала алмай келе жатыр».
Атағозы батырдың ерлік істері, ел қорғаған батырлық сапарлары халық ақындарының жырларына арқау болған. Ақтан Керейұлы өзінің «Ерлік жыры» өлеңінде: Өрден шыққан батырлар, Атағозы, Бердібек, Ерлік қылған белгілеп...- деп жырласа, ақын Аралбай Оңғарбекұлы «Құрметті сәлем жазайын» атты жырында: ...Артық кімдер бар еді, Ертеде өткен Есеттен. Қасиетін көрсеткен?! Атағозы мергеннен Ақ сүңгісін өңгерген, Аламанға жел берген, Азын көпке теңгерген, Адырнасы ақырған, Қол оғы нардай бақырған...- деп жар салады. («Ақберген» А... 1972, 175, 198-беттер).
Атағозы батырдың ерлік ісі бүкіл Кіші жүзге, тіпті исі қазаққа белгілі болды. Батыр туралы белгілі ақын Мұрат Мөңкеұлы Жылқышы ақынмен айтысында: «Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір Бірінен бірі өткен ақсұңқардай», - деп толғайды. Маңғыстау елінде батырлар жөнінде дастан жазған халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылұлы өзінің Досан батырға арнаған жырында: Тарих қылып тастайын, Әңгіме кеңес бастайын, Бұрынғы өткен ерлерді. Ертеде ерлер көп болған. Көк сүңгісін өңгерген, Көңілі көшіп желденген. Сол күнде болған батырлар Атағозы, Бердібек Ерлік қылған белгілеп. Әлібай, Төкеш, Құлыбек Балуанияз, Қармыс, Ер Төлеп.
Шотан, Шабай, Ер Қонай, - деп, ондаған батырларды бірге еске түсіріп ктееді. Сондықтан да көрнекті ғалым Х.Досмұхамедұлы: «Адайдан шыққан Атағозы, Құдабай, Дәуімшер, Сүйінқара, тағы талай адам ел қорғап , қазаққа дұшпан дегендермен көп жауласқан», - деп, үлкен баға береді.(«Аламан А. 1991, 52-53 беттер).
Еліміз тәуелміздік жылдарында ұмыт қалған ұлы тұлғаларға, ел тарихына қайта оралу дәстүріне ие болды. Әр кезде осы тақырыпқа қалам таратқан Х.Досмұхамедұлы, Ә.Кекілбаев, І.Шыртанов, С.Назарбеков, Д.Саймағамбетов, М.Болысов, А.Әміржанов, Қ.Нұранов, М.Боранбайқызының т.б. еңбектері бар. Кезінде жазба мәдениеті дамымаған өлкенің үлкен бір тіреуіші – халық жады тарихы. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып, ауызша жеткен тарихты шашау шығармай қағазға түсіру ғалым тарихшылардың зерттеулерімен қатар жүргені абзал. Жоғарыда осы тақырыпқа барған авторлардың мақалаларының өзінде де батыр, би бабаның аты түрлі-түрлі беріледі. «Атақозы», «Атағазы», «Атағозы» т.б. атауларды тілдік норма заңдарына сәйкес бір ізділікке келтірген орынды сияқты. Суды ішкен кезде бастау көзін еске алған абзал. Бүгінгі түгін тартса майы шыққан қасиетті Маңғыстау түбегінің халқымызға қайта оралып, адай атам баласы қоныстана бастаған кездегі ауызға алынатын ұлы тұлға Атағозы Айтқұлұлының туғанына 300 жыл толуын ауызға алып, атамай өтуіміз де елдігімізге үлкен сын емес пе? Бұл ұлы тұлғаның есімін ел жадында сақтау дәрежеміз де сын көтермейді. Оның атымен көше, мектеп, елді мекен, мәдени ошақтар, әскери тәрбие беру оқу орындары, әскери кемелер аталып жатса, жас ұрпақ санасында елге, жерге, Отанға деген патриоттық сезім қалыптасар еді. Тарихтың салқар сабақтарынан үлгі – өнеге алған халық қана тарихтың түрлі сындарынан мүдірмей өтіп, алға үлкен үмітпен қарайды. Көптеген Еуропа елдерінде ауыл, кент, өндіріс орындарында өз мұражайлары арқылы өткен тарихын мұқият сақтайды. Маңғыстау облысы орталығы Ақтау қаласында, аудан орталықтарында кешегі «күн көсемнің» босаған орынтағында ақылға да, санаға да сәуле түсірмейтін желкенді кеме т.б. қоюдың қаншалықты қажеттіліг бар? Атағозы сияқты ұлы тұлғалардың қала алаңдарынан орын алғаны абзал емес пе? Аты аңызға айналған Ер Шотан, Бердібек, Қармыс, Қонай, Өмір, Темір, Бегей, Табынай,
Сабытай, Назар, Есек, Есенғұл т.б. бабаларға аллея, галереялар ашылып, өмірінің негізгі даталары мен ерлік істерінен мағұлмат берілсе, жастар үшін тәрбиелік мәні бар шаруа болар еді. Ол тәрбиелік мәні бар алуан түрлі шаралар өтетін, жас жұбайлар алғашқы қадамдарын бірге бастар, дүниеге келген сәбидің азан шақырып, атын қояр, тұсауын кесіп, атқа қондырар киелі орын болмақ. Мектептерде арнайы жиындар, алуан түрлі тәрбиелік мәні бар шаралар, жоғары оқу орындарында өлке тарихы, ірі тарихи тұлғалар – батырлар, билер туралы лекция циклдері, аудандар, қалалар көлемінде конференциялар, оқулар өткізілсе, орынды болар еді. Танымдық бағытта баспасөздің, теледидардың рөлі ерекше. Өкінішке қарай, бұл саладағы аға буынның білімдері – аздыкөпті хабарлары болғанменен, жастар бейхабар деп айтуға болады. Аталған ұсыныстар аудан, қала, облыс басшыларына, қоғамдық ұйымдар, жұртшылық өкілдеріне ой салар деген пікірдемін. Аруақты кадірлейік, қастерлейік, жас ұрпақ бас иіп, мақтан тұтсын, аруақ аяқасты болмасын, ағайын! Елін, жерін жаудан қорғап, откешіп өткен ата-бабалардың ерлік рухы сонда ғана разы болмақ.
ҚОНАЙ БАТЫР
Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай Еңку-еңку жер салмай, Ерлердің ісі бітер ме?! Махамбеттің толғауынан.
Топырағы қазақтың қанымен суарылған қасиетті Маңғыстау өңірі рухани қазыналарымыз бен тарихи жәдігерлеріміздің қайнар көзі десек қателеспейміз. Өйткені, қазақ халқының көне тарихынан сыр шертетін құнды ескерткіш мұраларымыздың 80 пайызы осы аймаққа шоғырланған. Елі мен жерін жаудан қорғаған батырлардың, хан-сұлтандардың, көреген көсемдер мен білгір шешендердің, қалың жұрты қастерлеп қадір тұтқан бойына қасиет қонған ірі пірадарлардың кесенелері осы 362 әулиенің мекені - Маңғыстау түбегінде. Өңірдің «Ашық аспан астындағы мұражай» аталуы осыдан болса керек. Маңғыстау түбегінің бір ғана Сисем ата қорымының батыс беткейінде бағзы заманнан бері келе жатқан, қойнауына тарихтың небір сырларын бүккен отызға тарта кесенелер мен мазарлар орналасқан. Бұл кесенелерде Адай руынан тараған Төлеп батыр, әрі би, әрі батыр Сүйінқара, Қонай батыр сынды асылдардың мүрделері жатыр. Міне, осынау елі мен жерін жаудан қорғау жолында арыстанша арпалысып өткен ерлердің бірі, әрі бірегейі – Қонай батыр. Ат жалын тартып мінгеннен кейінгі өзінің бар саналы ғұмырын ел қорғауға бағыштаған батыр 1731 жылы дүниеге келіп, 1805 жылы Сисем Ата қорымының батыс жағындағы ата қонысы Бесбұлақ деген жерде 74 жасында өз ажалынан қайтыс болады. Оның өмір сүрген кезеңі қалмақ шапқыншылығының өршіген тұсына дөп келеді. Осы кезде Қонай сынды батырлар ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елі мен жерін қорғап қалады. Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан айтқандай, батырлардың ерліктері жайлы сыр шертетін әрбір аңыздың астарында ақиқат шындықтың жататыны белгілі. Қалмақтар мал бағып жай жатқан қазақ халқының жұртына тұтқиылдан шабуыл жасап, берекесін қашыра берген соң, қазақтың Шолан, Итемген, Барақ, Атақозы,
Құлыбек және Қонай секілді батырлары қалмақ ханының ордасын бұзып, сарайын талқандап, басқыншы жауды туған елдің топырағынан қуып шығуға бел байлайды. Жоңғар қалмақтарына қарсы қол бастаған батырлардың ішінде Қонай батырдың орны бөлек. Ол бастаған қалың қол қай соғыста да болсын қалмақтарды ойсырата жеңіп отырған. Міне, осындай ірі жорықтардың біріне аттанғалы тұрған Қонай батыр жауға шабар жалғыз атының бабы келмей тұрғанын байқайды. Қысылған батыр құрсанған жауға қарсы шапқанда қапы қалдырмайтын қазанат сұрап мінбек болып көңілі жақын досы – жаңай Қожаназар байға келеді. Халық құрметтеген батырды Қожаназар бай да сый-құрметпен қарсы алады. Батырдың бұйымтайын білгеннен кейін, байекең бас жылқышысы Есбердіні шақырып алып: - Қонай батырдың тақымына шыдайтын, жорыққа мінуге жарайтын қазанат бар ма? – деп сұрайды. Жас күнінен қолынан құрық түспей жылқы малының қадір-қасиетін көкейіне тоқып өскен жылқышы: - Түнде жайылып жүргенде құйрық-жалынан от жарқырап, мыңсан жылқының ішінде ерекше көрінетін қаражал көк айғыр бар. Қонай сынды батырдың тақымына бір шыдаса сол шыдар, - депті. Жылқышының жауабына көңілі толған Қожаназар бай қара көк айғырды ерттетіп, Қонай батырды қолтығынан демеп мінгізеді. Аттанар сәтте Қонай батырлардың ежелгі дәстүрі бойынша: - Осы жорықтан Алла жолымызды оңғарып аман-есен олжалы оралсақ, бас сауғаны өзіңе ұсынармыз, - дейді. Сонда Қожаназар: - Арыңа дақ түсірмей, айбарыңды көлеңке шалмай жолың болып аман сау оралсаң, маған керегі сол. Алда-жалда қалмақтың бір сұлуын қиярсың, - деп базынасын білдіріпті. Қаражал айғырға асыға мініп аттанса да батыр алдын-ала уәде байласқан жерге серіктерінен кешігіп жетеді. Тақымындағы қас тұлпары ойнақтап, көңілі тасып «қанды басын бері тарт» - деп, әлекедей жаланып, бес қаруын сайлап келе жатқан батырға қалмақ ханының қамалын бұза алмай сағы сынып келе жатқан Шолан, Итемген, Барақ батырлар қарсы жолығады. Қонайдың «қайта барайық», - дегеніне серіктері құлақ аспай, елді бетке алып кейін қайтып кетеді. Ат арқасына ер салып бекініп шыққаннан кейін қамал бұзбай кері қайтуды ар санаған Қонай батыр құрсанған жауға жалғыз
өзі аттанады. Бір Аллаға сыйынып, пір Бекеттің есімін ұрандап қамалға шапқан батыр үш қақпаны бірдей бұзып, ай десе аузы, күн десе көзі бар үш бірдей аруды ат артына мінгізіп алып қайтады. Жорықта жолы болмаған батырлар елге жеткен соң, Бекетке келіп: - Бізді қамалға шапқанда жебемедің, жалғыз Қонайға ғана қамқор болдың. Біз де қазақтың бетке ұстар батырлары емес пе едік. Оғыландарыңды бір-бірінен артық-кем көріп алалағаныңды түсіне алмадық, ата? – деп өкпе айтыпты. Сонда Бекет ата: - Кімде-кім менің атымды ұранға қосса, мен соған көмекке келемін, - деген екен. Қонай батыр қалмақ ханының сарайынан олжалап алып келген аруларды салт бойынша ата руларына бөліп береді. Жоңғарларға қарсы жасалған сол жорықта ерекше ерлік көрсеткен батырлардан бітімі бөлек ең мықтысы, айбарлысы осы – Қонай батыр болатын. Сол жолғы жорықта ол қалмақтың талай батырын жер жастандырады. Жалғызбын деп жасымай, қалың қолға қаймықпай қарсы шапқан қазақ батырының ерлігіне қалмақ ханы риза болады. Сондықтан дала халықтарының заңына сай құрмет көрсетіп, өзінің қызын Қонай батырға қосқан екен. Ал өзіне қас тұлпарды сыйға тартқан Қожаназар байдың мәрттігіне риза болған батыр уәдесінде тұрып, жауға шабар тұлпардың өтеуі ретінде олжаға түскен арудың бірін Қожаназарға тарту етеді. Міне, осындай ерен ерліктерімен танылған Қонай батыр туралы ел ішінде айтылып жүрген әңгімелер жетерлік. Барымызды бағалап, жоғалып кете жаздаған асылдарымызды түгендей бастаған тұста көптеген қаламгерлер мен көнекөз қарттардан естігені мен тоқығаны мол құйма құлақ азаматтар Қонай батырдың ерлік істерін дәріптеп жырға қосып, талай мақалалар жазды. Мәселен, С.Жанғабылұлы батыр ерлігін жырға қосса, Д.Саймағанбетұлы
Қонайдың батырлығымен қоса өте қарапайым да қайырымды адам болғандығын жеріне жеткізе нанымды суреттейді. Ол әлсіздерге үнемі қамқорлық көрсетіп, жұртқа мейірімді болуымен өзге батырлардан ерекшеленіп көрінген. Әр істі ақыл таразысына салып барып істейтін көрегендігінің арқасында елге сыйлы болған. Еліне жайлы, дұшпандарына мейілінше қатал батырдың ерлік істерін Адайдың Мұңалы, Жаулыдан тарайтын Ескелді ұрпақтарының бірі Бегендіктің Сүгірі де тамаша жырлайды. Ерегескен дұшпанға,
Жалғыз шауып ұмтылып, Жаудан жесір айырған. Он бес жасар ер Шабай, Бұл Адайдың ішінде Ер Қармыс пен Ер Қосай, Осылардың қайраты Өшіккен жауды қайырған, - дейді ол өзінің жыр-дастанында батырлар ерлігін ерекше дәріптейді. Ал, Ақтан Керейұлы Қонайдың ерлік істерін: Өрден шыққан батырлар, Атақозы, Бердібек, Ерлік қылған белгілеп. Есен,Сүгір, Шабайды, Шотан, Қармыс, Қонайды, Тұсында ешкім бұларды Айтпаған екен кем-ді деп, - деп суреттейді. Қонай батыр ел арасында «Қара Қонай» деген атпен белгілі болған екен. Кіші жүздің рулары Алатауды бетке алып қоныс өзгерткенде Қонай үнемі көш соңында тосқауылға қалып, жаудың бетін қайтарып отырған деседі. Сөйтіп, көшкен жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз мойнына алған. Қонай батырдың Жайық бойындағы Сарайшық қаласын басып алу кезіндегі көзсіз ерліктері ел аузында асқақтата дәріптеледі. Оның бұл тұстағы ерлік істері тек адай жұртына ғана емес, бүкіл алты алашқа мәлім болып, абыройы асқаны көптеген тарихи жазба еңбектерде жан-жақты айтылады. Сөз орайы келгенде, Қонай батырдың ұрпақтарының да ата, әке жолын қуып батырлық құрғанын айта кеткен орынды болар. Батырдың ұрпақтары болып саналатын Сатыбалдының Аймұраты, Мұншардың Қонарбайы, Оңғардың Мұрыны, Өтеулінің Қазбегі, Құрманның Шегірі және Төкеш сынды батырлардың талай жаугершілік жорықтарға қатысып, елін, жерін жан аямай қорғағанын ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, Қазбек пен Төкеш бала кездерінен асау тайды үйретіп мініп, қолына найза сынды ұшына темір қадалған таяқ ұстап шауып келе жатып жердегі қойдың құмалағын сол таяғының ұшымен шаншып алуға машықтанған екен. Қазбек құмалақты жармай сол күйінде шаншып алуға өте епті болыпты. Ал Төкеш те дәл осындай епті болғанмен, қолы ауырлау болғандықтан
найзаны қатты сермейді екен. Бір күні Өтеуліге Бәйбіше руының Тілеулі деген ақсақалы келіпті. Сүйінқара менің сауып отырған бір үйір жылқымды айдап алып кетті. Ал оның соңынан қуып баратын бізде шама жоқ. Жылқыларымды қайтарып алуға екі балаң көмектессін деп қолқа салады. Қазбек пен Төкеш таңертең ұйқыдан тұрса үйде бір ақсақал отыр екен. - Кәке, неге келдіңіз? - деп сұрайды олар.
Тілеулі ақсақал келген себебін айтады. Екі бала әкесінен рұқсат алып Сүйінқараның ауылына бет алады. Сүйнқараның ауылына келіп желідегі жылқыларды босатып алып айдап жүре берсе керек. Ауыл адамдары Сүйінқараға келіп болған істі айтады. - Бұл жақта маған қарсы келетін адам жоқ еді. Сірә, бұл Өтеулінің екі баласы болар. Жылқыны қумай-ақ қойыңдар, - дейді. Намыстанған ауыл жігіттері Сүйінқараның сөзін тыңдамай он шқты адам болып Өтеулінің екі баласының соңынан қуып кетеді. - Қуғыншыларды көрген Төкеш: - Мен оларды бөгей тұрайын, сен жүре бер, - дейді Қазбекке. - Жоқ, мен қалайын, өйткені сен найзаны ауыр сермейсің. Жазым қылмай жай ғана аударып кетейік, - дейді Қазбек. Сөйтіп, тосқауылға Қазбек қалады. Соңдарынан қуып жеткен Сүйінқараның баласы екі батырмен айқаса кетеді. Қазбек бірінші болып найза сермеген бетте-ақ, Сүйінқараның баласы аттан ауып түседі. Қазбек пен Төкеш жылқыларды айдап әкеліп, Тілеулінің қолына тапсырады. Ер екі сөйлемейді деген қағиданы берік ұстанған Сүйінқара жылқыларының соңынан қуып келмейді. Тілеулі өзінің Бәйбішеден тараған ағайындарына өкпелеп еліне бармай, Өтеулінің бір баласы болып қалып қояды. Арада он-он бес жыл өткенде Бәйбішеден тараған ағайындар Кенже руынан Тілеуліні қайтарып беруін талап етеді де, ел ақсақалдары ақылдаса келе оны еліне қайтаруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, бұл оқиғаның соңы да тыныштықпен аяқталса керек. Міне, осы Қазбек, Төкеш, Шегір сынды батырлар елі мен жерін қорғап талай жорықтарға қатысады. Осындай жорықтардың бірінде Төкеш батыр қатты жарақаттанады. Жарасы өте ауыр болғандықтан жолда бір-екі күн аялдап жарасын емдеуге келіседі. Шегір батырдың емшілік қасиеті де болса керек. Шегір батыр әлдебір жұмыспен жолға шығып кеткенде Төкеш ағасы Қазбектен су сұрайды.
- Бір жұтым су берші, қаным кеуіп барады, - дейді жалынып. Қазбек інісіне су ішуге болмайтынын біле-тұра бір тостақан су береді. Міне, осы оқиғаның салдарынан Төкеш батыр аяқ астынан қайтыс болады. Өз өсиеті бойынша еліне әкеліп жерлеу қажет болғандықтан Қазбек Төкеш батырдың денесін құрым киізге орап сөреліге қояды да әбден кептіріп, арада межелі уақыт өткен соң, туған жеріне әкеліп әкесі Өтеулі мен атасы Бегеш жатқан қорымға жерлейді. Шегір батыр жүректі, ақылды, тапқыр, қайратты еді дейді оны көрген көнекөз қарттар. Бегеш, Өтеулі, Төкеш сынды батырлар Қошқар Атаның шығыс терістігінен 25-30 шақырым жердегі үлкен төбенің басындағы қорымға жерленген екен. Иә, толарсақтан саз кешіп жүріп елін, жерін сыртқы жаулардан қорғаған Қонай батырдың ұрпақтарының да ел үшін атқарған еңбегі жетерлік. Маңғыстау өңірінде аты аңызға айналған Қонайдың өз ажалынан дүниеден өткенін, қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғанын жоғарыда айтып өткен едік. Қонай батыр тірісінде ауылдың жау жақ беткейіндегі биік төбенің басына күндіз-түні қарауыл қойдырып, халқының тыныштығын күзеткен екен. Маңғыстау жеріндегі осы бір төбе «Қонай төбе» немесе «Қонайдың үйігі» деп аталады. Мәңгілік ұйқыға кеткен Қонай батыр қазір де сол төбенің басынан қарауыл қарап бүгінгі ұрпақтарының тыныштығын күзетіп жатқандай. Бабалардың ерлік ісі бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге.
ҚАСИЕТ ҚОНҒАН – ҚҰЛБАРАҚ БАТЫР
Баяғыда болған дейді – Құлбарақ, Батыр болса сондай болар бір қазақ. Оны көрсе ел шетіне тиген жау, Қашад екен арттарына бір қарап. Қан майданда қабыл болған тобасы, Қайда ендеше сол батырдың моласы. Үндемейді ындымдағы ақсақал, Үндемейді Маңғыстаудың обасы. Айтшы, айтшы, қайда жатыр Құлбарақ, Қабіріне кетсем деп ем гүл қадап. Батырлардың басы қайда қалмаған, Ал, ерлігі... төбемізден тұр қарап! Дүйсенбек Қанатбаев.
Бір шетінен екінші шетіне жеткенше ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймақты – Отаным деп санаған қазақ халқының басынан нелер өтпеді. Өзінің өмір тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ халқы ата-бабасынан мирас болып қалған асты-үсті таусылмас байлыққа толы атамекенді көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Тарих сахнасынан жойылып кету қаупі төнген жоңғар шапқыншылығы кезінде ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасиетті жерін қорғап қалған батырлардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Өкінішке қарай, ел қорғаған батырларымыздың көпшілігі өзінің тарихи бағасын әлі толық алған жоқ. Сондай батырларымыздың бірі – қасиет қонған киелі мекен – Маңғыстаудан шыққан Құлбарақ батыр.
Құлбарақ Табылдыұлының өмір сүрген кезеңі қазақ халқының басына зобалаң мен үлкен қайғы-қасірет әкелген аласапыран дәуір, жаугершілік заманына дөп келеді. Шыққан тегі жайлы сөз қозғар болсақ, тіл ұшына ақын Абыл Тілеуұлының: ...Ар жағың ер Есболай, Итемгеннен, Келеді айқын жүйрік ит өлгеннен. Құлбарақ туып еді Табылдыдан, Жау көрсе жаман қашар жабындыдан, Ер жігіт үйде туып, түзде өледі, Тигенде ажал оғы қағындыдан, - деген жыр жолдары оралады.
Міне, осынау жырда есімі құрметпен аталатын Құлбарақтың ұлы атасы – Есболай бұдан 300 жыл бұрын Маңғыстауға келіп табан тіреген қазақтардың көшбасшы көсемі болған адам. Бұл қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған ең ауыр жылдар еді. Қазақтар жаңа қоныс іздеуге мәжбүр болады. Бір қауым ел Жайық, Еділ өзенінің аралығын, Арал теңізінің терістік жағалауын, Сағыз, Жем өзендерінің бойын, Маңғыстау түбегін қоныстанады. Есболай әулеті Арал теңізінің терістік жағасындағы Борсық деген жерді мекендейді. Суы мен шөбі аяқ астында, ну қамысты, жыңғылды жер малға пана болуға өте ыңғайлы. Сондықтан да болар 1749 жылы қазақ жерін жұт жайлағанда Есболай ауылы аман қалады. Міне, осы тұста Есболайдың қазақтың басқа да рулы елдеріне көп көмегі тиеді. Елдің тұтқасын ұстап, халқына қорған болған Есболай туралы ел ішінде: «Есболайдың қара қазанында қара су ұйыған» деген сөз қалуының өзі оның ел алдындағы беделінің қаншалықты екенін көрсетпей ме? Оның өмір-тарихын зерттеп жұрген сарапшылар Есболай 1690 жылы туған деп болжам жасап жүр. Бәлкім, бұдан кейінірек те тууы мүмкін. Есболай Кете Әжібаймен қоянқолтық араласып, бірге жүрген адам. Әжібай 105 жыл (1665 – 1770 жылдары) өмір сүрген адам. Сонда Есболайдың Әжібайдан 25 жас кіші болуы логикалық тұрғыдан қисынсыздау.
Құлсары маңында Есболай - Ақкөл деген жер бар. Есболайдың бейіті Бек-Бике мұнай өндірісі болған, қазіргі темір жолдың шығыс жағында 20 шақырым жердегі биік төбенің басында орналасқан. Бейіт кірпіші жылқы сүтіне иленіп, жал-құйрығының қылы қосылған балшықтан соғылған.
Енді, Құлбарақтың атасы Итемген жайында бірер сөз. Итемген Есболайдың бірінші баласы. Көп уақытқа дейін бала болмағандықтан ұлын күшіктеп жатқан қаншықтың бауырына салып, атын – Итемген қойған екен. Міне, осы Итемгеннен соң, Есболай тағы да Көтен, Мейман, Күшік, Қоныс, Темір, Тума атты ұлдар сүйеді. Жазбаша деректерде 1719 жылы туған деп жазылып жүр. Итемген батырлығымен қоса дәулетті, кіші жүз ішінде өте беделді, әрі белгілі адам болған десе-ді. Атақты Мұрат ақынның: Қалмақты ер Итемген бастырыпты, Сол күнде қоныс бермей Қарағаштан. Олжасыз өзге қазақ құр қайтқанда, Табылды найзасына қыз байлаған...
- деген өлеңі осыны аңғартады. Итемгеннен Табылды, Қара, Мәтен, Қабыл, Қалдыбай, Метей, Алшынбай, Жиенақай деген сегіз ұл тарайды. Ұрпақтарының қонысы Маңғыстаудың Бозашы аймағындағы Керелді, Етпілдек, Теміртапқан – Байтақ, Жиделі, Өжен, Құртты, Қызықты деген жерлер. Ешкімге ақысын жібермейтін, айбарлы ұрпақтар кезінде «Итемгеннің бөрілері» атанады. Әсіресе Қараның даңқы ерекше тарайды. Ел ішінде айтылып жүрген аңыздарға сүйенсек, сартұра болған бір сыншы әйел Қараны сынапты. - Әттең, уақытым өтті-ау, тұқым алып қалатын адам екен, - деп таңдайын қаққан көрінеді. Бір күні түркімендер Қараның шаңырағында қонақ болып отырып, тұлпар атын қалап сұрап алыпты. Сөйтсе түркімендердің өз ойы бар екен. Тұлпарды Бозашыдан жетелеп келе жатқан олар Қаратөбе биігіне шыққанда қылышпен аттың басын кесіп алады. Сөйтіп, бәйгеде алдына қара салмайтын қазақ тұлпарының көзін осылай жойса керек. Бір сөзбен айтқанда, Қара батыр, әрі би болған адам. Одан – Есет, Дәрі, Бөкебай, Қамбар, Сары, Жангөт деген ұрпақтар тарайды. Қараның қонысы Жиделі – Қызан жақтағы Қызықты деген жерде болған. Қараның бейіті Қатпас соры деген жерден онша қашық емес. Дәлірек айтсақ, Ақорпа - Өженде орналасқан Құлбарақтың әкесі – Табылдының бейітінен 20-З0 шақырымдай жерде орналасқан. Сақталып қалған жазба деректерде Қара 1749-50 жылдары туылған деп есептеледі. Сөз орайы келгенде, Құлбарақтың әкесі – Табылды жайлы бірер сөз. Табылды қолда бар деректерде Қарадан 5-6 жас кіші болғандықтан, 1755-56 жылдары туған деп көрсетіліп жүр. Табылды өз заманында талай жорықтарға қатысып батырлық құрған адам. Жайық бойындағы Сарайшық қаласында хандық құрған Аюке өлгеннен кейін кіші жүздің Итемген бастаған Байбақты, Шопан, Табын, Барақ, Қонай, Атақозы секілді батырлары қаланы қолға алу үшін жорық жасайды. Әкесі қол бастаған осы жорыққа Табылды да қатысқанға ұқсайды. Сол сияқты ол жоңғар қалмақтарына қарсы жорықтарға да белсене қатысып, үлкен ерліктер көрсеткен. Жоғарыда келтірілген өлең шумақтары осыған толық дәлел бола алады. Итемгеннің балаларының ішінде Табылдының орны ерекше. Қазір Иран жерінде ғұмыр кешіп жатқан қандас бауыларымыз Табылды мен Қараны жиі еске алып, жырға қосатын көрінеді. Сол секілді Мұрат ақынның: Табылды мен Қараңдай,
Ағыны күшті қарғындай. Сол ерлердің барында, Дұшпаннан кегім алынды-ай, - деп жырлауының өзі біраз жайдан хабар беріп тұрған жоқ па. Кезінде «Құлбарақ зиратынан шыққан үн» деген толғау жазған маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов Табылды бейнесін: «Қалың қабақты, көзі қып-қызыл, шоқпар мұрын, өте сұсты кісі» - деп суреттейді. Құлбарақты да бойына батырлық, ер жүректік, әулиеге тән қасиет, кие жинақтаған рухы асқақ болмысы алабөтен, өмірі ұрпаққа тағылым болар тұлға ретінде суреттейді. Жалғыз бұл ақын ғана емес, көптеген қаламгерлер Құлбараққа өз шығармалары мен дастандарын арнады. Олардың қолда сақталғандары да, сақталмағандары да бар. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың басында «Маңғыстау» газетінде Е.Жаманбаев, С.Әділханұлы, І.Шыртанов, Б.Арипов, Д.Төленов, Ж.Жылқышиев, Н.Қазақбаев, Б.Қорқытов секілді қаламгерлер сүйекті де сүбелі мақалаларын жариялады. Жыңғылды ауылының тұрғыны Алтынбек Жұмашұлы Құлбарақ батырдың ел аузында айтылып жүрген бейнесі бойынша суретін салып шықты. Салған портретті Маңғыстау ауданының сарапшылар комиссиясы бірауыздан мақұлдап бекітіпті. Маңғыстау өңірінен шыққан батырлар туралы жазылып қалдырылған және ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, ел тарихында Құлбарақ батырдың алар орны ерекше. Әкесі – Табылды батыр да баласының атын – Құлбарақ деп бекерден-бекер қоймаса керек. Барақ деген ат қазақта сирек кездеседі. Сонысына қарағанда мұнда бір терең сыр жатқан тәрізді. Батыс Қазақстан Құлбарақтың ата-ұрпақтарының өмір сүрген жері болса, Маңғыстау оның қаны төгілген жер. Маңғыстаудың көнекөз қарттары ел аузында «Қарнау қырғыны» деген атпен сақталып қалған оқиғаны әлі күнге жыр қылып айтады. Маңғыстаудың Бозашы – Қабақты деген жерінде отырған Сүйінқара атты бидің ауылын 1832 жылы Хиуа қаны Аллақұлдың Сүйінпұшық деген уәзірі бастап келген қалың қол шауып кетеді. Қазақ батырлары оларды қуып жетіп, Қарнау деген жерде үлкен шайқас болады.
...Өлді ерлер алған беттен таймай-тұғын, Жақсылар өлді елдегі сыйлай-тұғын. Ішегін сүйретілген жинап жүріп, Медетте Ізбас өлді қимайтұғын. Мырзатай өлерінде ерлеп өлді, Қылышын ит дұшпанға сермеп өлді. Мырзатай кім-кімнен де батыр еді, Тіріде жауға намыс бермеп еді. Досы өлді Тағанұлы көп Зорбайдан, Кебекпен жетеу өлді Табынайдан... Беріштен Құлбарақ өлді нанғысыз-ай, Басы жоқ, кеудесі бар ыңғайсыз-ай, - деп Абыл ақын Қарнау қырғынын суреттейді.
Осы жолғы шайқаста Мәметнияз күшбегі басқарған түркмендердің қолы қазақтардан үш-төрт есе көп болады. Батырлар мен қазақ жауынгерлері қырылған жер «Қырғынсай» деп аталып кетеді. Ұрысқа Беріш руынан қатысқан он сегіз жауынгердің ішінде Құлбарақ Табылдыұлы, Кескір Көбен Жиенақай, Батырбек Мәтен, Байтөбет, Жапарберді Қабыл бар, қалғандарының аттары белгісіз. Бұлардың ішінен жалғыз Жапарберді тірі қалады. Міне, осы қанды қырғында түркмендер Құлбарақтың басын Хиуа қамалына алып барып Аллақұл ханға табыс етеді. Бұл туралы жазба-деректерде әр түрлі пікірлер айтылады. Жаудың саны үш мың, қуғынға шыққан адайлықтардың саны небәрі сегіз жүз-ақ еді деп те айтылады. Адай батырларының Сүйінқара би үшін бастарын бәйгеге тігуінің сыры неде? Сүйінқара Үргенішбайұлы (1756-1841) халықтың бірлігін, бүтіндігін ойлаған белгілі би. Хиуа хандығы мен Ресей патшалығына бағынышты болмауды көздеген ол, барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешуді үнемі алдына мақсат етіп қойған. Қол бастамаса да батыр адам болған. Жауға бірінші болып кіріп, өз күші басым болса да соғыспаудың амалын іздейді екен. Сүйінқара би туралы ел ішінде айтылып жүрген аңыз жетерлік. Ол кезде би атаулы салықсыз өмір сүре алмайды. Сүйінқара өз сыбағасы үшін ауылдың сыртына қабын тастап кетеді екен. Бірде қапқа сыбаға салынбай бос қалыпты. Мұны көрген Сүйінқара қапты қамшылай берсе керек. Осы сәтте жақын жердегі киіз үйден бір жас жігіт шыға келіп, қапты қылыштай бастапты. Мұны көрген Сүйінқара қозғалмай тұрып қалыпты. Кейін би осы оқиға туралы: «Жүрегім ешнәрседен тайсалмаушы еді, осы жолы қатты сескендім», - депті. Қапты шапқан жас жігіт адай руының Шабай атты батыры болып шығады. Сүйінқараның халық арасында әр түрлі бағаға ие болуы сол кездегі ішкі және сыртқы қоғам қайшылықтарына байланысты. Қазақ
батырларының ол үшін бастарын бәйгеге тігуі, ел басқарған бидің қоғам өмірінде алар орнын айқындап тұрса керек. Құлбарақ пен оның інілеріне қатысты ел ішінде айтылып жүрген бірқатар әңгімелер бар. Құлбарақ батыр інілеріне: «Бізді өлгенде Батырбекпен бір молаға көмерсің», - деп өсиет айтыпты. Өсиеті орындалып, қазір олар Тигенде қатар жатыр. Батырдың Көбен атты інісі жауырыншы екен. Құлбарақ жорыққа аттанарда Көбенге жауырынға қарап бал аштырады. Көбен жорықтың сәтсіз, әрі қайғылы аяқталатынын сезсе де: «Жауырының нендей жайды болжап тұр», - деп сұраған ағасына батылы барып шындықты айта алмайды. - Осы жолғы сапардың сыры белгісіз болып тұр, - деп кібіртіктей жауап береді. Көбеннің түсініксіздеу болжамының сырына түсінген ел ағалары Құлбарақтың шылбырына жабысып тоқтау айтқанымен, батыр ешкімнің сөзіне құлақ аспайды. Діни оқуы бар Құлбарақтың таным-түйсігі мен сезім болжамы ерекше болған. Пешенесіне жазылған тағдырдың қай бағытқа бет алғанын жүрегі сезді ме екен, жорыққа кірер алдында намазға жығылыпты десе-ді. Құлбарақ батыр жорыққа кірер алдында жаудың осал еместігін, сондықтан мол күш жинап аттану керектігін алдын ала айтқан дейді. Бірақ соғыстың сәтсіз аяқталатынын біле тұра, жауға қарсы аттанады. Құлбарақтың батырлығымен қоса әулиелігі сонда, аруақтап ұран шақырып жауға тиіскенде аспанды бұлт торлап, дауыл соғып, жаудың үрейін алады екен. Осы жорықта Құлбарақ батыр өздері қуып бара жатқан жауға жетуге асығады. Жазмыштан озмыш жоқ, өз ажалына асыққан-ау, жарықтық?! Жауды қуып жеткен қазақтардың біразы аттан түсіп жаяу атысуға кіріседі. Түркмендер мұны «қазақтар аруағынан айырылды» деп түсініп, атойлап лап қояды. Жалғыз шауып үйренген батыр жауынгердің қатар жүріп, қоян-қолтық шайқасайық дегеніне көнбей қаптаған қалың жаудың ортасына жалғыз өзі қойып кетеді. Қалың топтың ішінде қылыштасып, бірде найзаласып жүрген Құлбарақты ту сыртынан келген түркмен Назар деген кісі келіп қылышпен қылша мойнынан басын шауып түсіреді. Домалап жерге түскен басты түркмен Назар қоржынына салып алады. Құлбарақ батыр өлгеннен кейін қазақтар соғысты тоқтатып, кейін шегініп елге қайтады. Қарнау жеріндегі соғыста екі жақтан да көп шығын болады, бірақ соғыс қанша уақытқа созылып, екі жақтан қанша адам шығын болғаны
белгісіз. Ал қанша адамның елге аман оралғаны туралы да толық мәлімет жоқ. Тек тірі қалғаны, жоғарыда айтылған Жапарбердінің Сүйінқара биді майдан даласынан аман алып шыққандығы ғана айтылады. Жапарберді Қабыл Итемгенұлының жалғыз баласы еді. Сондықтан қолбастаған батырлар қазақ халқының: «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» деген қағидасын қатаң сақтап бір атадан ұрпақ қалмай қалады деп оны қатерлі жорықтарға көп ерте бермейді екен. Қартайған әкесі баласының ата даңқын шығарар көптеген ұрыстарға қатыса алмағанына іштей қапаланып: Бұл «батыр – ауыл» атағына кір келтіру деп, үйінде жатып алады екен. Сол жолы мықты найзагерлігімен танылған Жапарбердінің өзі де намыстанып: «Жорыққа аттанамын, батаңды бер», - деп әкесіне келеді. Қанша намыстанғанымен, жалғыз баласын қимаған әке қатты қиналып отырып қалады. Баласы қайта-қайта келіп бата сұрап қоймаған соң: - Я, көрініп кел, я көміліп кел, - деп бата береді. Қасиетті әке батасы қабыл болып, қырғын соғыстан Жапарберді аман оралады. Сол соғыста Жапарберді Құлбарақты өлтірген Назарды найзамен аттан аударып түсіріп, торы атын алып кеткен деседі. Кейін сол торы атты Сүйінқара би қалап сүрағанда Жапарберді: «Бұл мен үшін қымбатқа түскен ат», - деп бермейді. Найза ұшы жанай өткен түркімен Назар жараланып аман қалады. Құлбарақтың анасы оған жақын қарындас болғандықтан соғыстан соң өз қателігін түсініп: - жиенім Құлбарақты өлтірдім, енді бұл дүниеде маған орын жоқ, - деп өзін-өзі өлтіріпті десе-ді. Ел ішінде Құлбарақ батырдың басы танылмады деген сөз айтылғанымен ол шындыққа жанаспайтын тәрізді. Шындығында Құлбарақ батырдың басы Хиуада жерленген. Батырдың басы жерленген жер «Бас әулие» деп аталады, халық бұл жерді «Екінші Мекке» деп те атайды. Хиуа Дишан-қала және Ишан-қала болып екіге бөлінеді. Құлбарақтың басы Пахлаван-Махмуд кесенесінің қасына жерленіпті. Хиуалықтар арасында Құлбарақтың басының жерлену тарихы туралы мынандай бір анық әңгіме жыр қылып айтылады. Түркмен батыры батырдың басын Аллақұл ханға әкеліп бергенде ол басты аса таяққа іліп қойған екен. Бірақ бас шаншылған орнында тұрмай құлай береді. Үш рет ілгенде үшеуінде де құлаған бас Аллақұлға қатты әсер етеді. Текті адамның басын бұлай қорлаудың соңы жақсылыққа апармайтынын сезген Аллақұл дереу басты арулап көмуге әмір береді. Бүгінде «Бас әулие» атанған жердегі үш
құлпытастың біреуі Аллақұл ханның бала шағында қайтыс болған немересінің бейіті, ал үшінші құлпытас «Құлбарақ жиенімді өлтірдім, енді маған бұл дүниеде орын жоқ» - деп, өзін-өзі өлтірген түркмен батырының қабірі екен. Ол кезде майдан даласында қаза болғандарды сол жерге бетін жауып, денесін тасалап «Аманат» ретінде тапсырып, кейіннен тұрақты қорымға әкеліп жерленеді екен. Әрине, бассыз денені өлгеннен кейін майдан даласында табу қиын. Дегенмен, «Қасиетті адамның қасиеті рухы мен жанында ғана емес, денесінде де болады» деген сөз рас болса керек. Құлбарақтың арқасында Мұхаммед пайғамбардың қасиетті меңі сияқты меңі болыпты. Құлбарақтың бассыз денесі осы меңі арқылы танылады. Жорықта өлгендердің қайсысы қайда жерленгені белгісіз болғанымен, бассыз Құлбарақ пен Батырбектің мүрдесінің Тиген деген жерде мәңгілік ұйқыда жатқаны анық. Құлбарақ батырдың қай жылы туғаны туралы әр түрлі пікірлер айтылады. Барлық жазбаша деректерде Құлбарақ қайтыс болған шағында 42 жаста, ал Сүйінқара би 76 жаста еді деп айтылады. Ал, Сүйінқара бидің 1756-1841 жылдары өмір сүргені жоғарыда келтірілді. Демек батырдың қай жылы туғанын осы жылдарға қарап шамамен болжап білуге болатын тәрізді. Иә, кешегі ел басына күн туған жаугершілік замандағы батырлардың ерлік істері ешқашанда ұмытылмақ емес. Олар туралы жазылған жыр-дастандар мен ел аузында айтылып жүрген аңызәңгімелер бүгінгі ұрпақтар үшін баға жетпес құнды дүние. Құлбарақ батырдың өмір-тарихының, оның ерлік істерінің ашылмаған тұстары жетерлік. Ғалымдарымыз бен жазушы қаламгерлеріміз ол туралы терең, әрі жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, болашақта жарыққа шығарары анық.
CҮЙІНҚАРА БАТЫР
«Өз жұртының мүддесі үшін жанын құрбан еткен адамдарды құрметтеу - елдіктің белгісі» Халел Досмұхамбетұлы.
Сүйінқара Үргенішбайұлы - қазақ халқының тарихында есімдері алтын әріптермен жазылуға тиісті ұлы тұлғалардың бірі. Күншығысы қарлы Алтаймен шектесіп, батысы Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ жеріміздің бүгінгі ұрпақ игілігіне айналуы Сүйінқара батыр секілді баһадүрлеріміздің арқасы екендігі даусыз. Жері мен елін қорғап, сыртқы жауларға қарсы күресте алты алашқа даңқы жайылған батырлар Маңғыстау өңірінде жетерлік. Ал олардың ішінде Сүйінқара батырдың есімі ерекше аталуы кездейсоқтық емес. Ең бастысы, ол - өз кезеңінің тарихи тұлғасы. Сүйінқара Үргенішбайұлының ел үшін атқарған ең басты қызметі — Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейінгі алмағайып кезеңде атақонысын Хиуа хандығының басқыншылық әрекеттерінен қорғап қалуға сіңірген еңбегі. Бұл кез Ресей империясы шығысқа бастайтын шекара болып жатқан қазақ жеріне отаршылдық саясатын жүргізіп, біртіндеп еніп келе жатқан, бірақ әлі толық билік орната қоймаған уақыты. Қазақ руларының басым бөлігі Ресей империясының бодандық қамытын киіп үлгерсе де, Сүйінқара батырдың қол астындағы Маңғыстауды мекендеген рулардың біразы бодандыққа бас имей, күресіп жатқан кезі болатын. Сүйінқара Үргенішбайұлының сол тұстағы ірәрекетіне талдау жасайтын болсақ, заман тынысын тап басып тани білгендігіне, әрдайым ел мүддесіне тиімді шешім қабылдағанына көзіңіз жетеді. Ел мен жерді жаудан қорғау ғана емес, күнделікті тұрмыс, азықтүлік, жер-су мәселесі ол кездегі күрмеуі қиын мәселелердің бірі болғаны тарихтан белгілі. Сол кезде Сүйінқара батыр екі бүйірден қысқыштай қысқан қыспаққа қалады. Бірақ ерен ерлігімен, көреген көсемдігімен танылған батыр солтүстіктен сұғынған Ресейдің отарлық саясатына қарсы тұрып қана қоймай, оңтүстігінде көршілес жатқан Хиуа хандығының шапқыншылығына лайықты тойтарыс бере білді.Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары: Табын, Адай, Шекті қоныс тапшылығынан құтылып, заман
талабына сай сауда айырбасын жүргізу үшін ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың елуінші жылдарына дейін Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болады. Хиуа ханы қазақтарға түрлі алым-салықтар салып, ауыр езгінің астына алады. Көнбеген қазақ ауылдарын шауып, мал-мүлкін тонап, әйелдері мен балаларын күңқұл ету үшін айдап кетіп отырған. Қоқан мен Хиуа феодалдарының зорлық-зомбылығынан қашқан қазақтар орыстардан пана іздейді. Ресейге арқа сүйеген қазақтарды Хиуа ханы одан әрі басып-шанши түседі. Сүйінқара батыр дүниеден өтерде: — Мен атқа мінсем, халқым Хиуаның жымысқы жұртына кіріптар болмасын деп міндім. Ол мұратыма жеткендеймін. Бірақ одан іргемізді бөлектегенмен, мына бір аузы түкті қоңсыға (Ресейді айтқаны — авт.) тап болдық. Арандап қалмасақ игі. Соған абай болып, қапы қалмауды ойла, жұртым! — деген екен. Сөйтіп, батыр соңғы демі үзілгенше халқының мұң-мұқтажын ойлап өткен.
Сүйінқара Үргенішбайұлы 1756-1841 жылдар аралығында өмір сүрген айтулы би, әрі батыр болған адам. Оның сол кездегі саяси қайраткерлігін мына бір оқиғалар барысынан айқын аңғаруға болады. Хиуа хандығы тарапынан тұрақты түрде көрсетілген қысымнан құтылудың басты жолын іздеген Сүйінқара батыр 1832 жылы Кіші жүздің батыс бөлігінің билеушісі сұлтан Баймағанбет Айшуақовқа Ресейге қосылу туралы уәде береді. Мұны естіген Хиуа ханы Аллақұл Сүйінқара ауылы мен Маңғыстау өңіріндегі басқа да рулардың ауылдарын шабу үшін 3000 жауынгерден тұратын қалың қол аттандырады. Осы жолы Қарнау деген жерде қалмақтар мен Аллақұл әскерлерінің арасында үлкен қырғын соғыс болып, Кіші жүздің айтулы батырларының біразы мерт болады. «Қарнау қырғыны» деген атпен тарихта қалған бұл оқиға осы еңбектің «Құлбарақ батыр» атты бөлімінде жан-жақты айтылды. Сол секілді Маңғыстау үстіртіндегі «Кіші қырғын», «Ұлы қырғын» деп аталатын төбелерде Сүйінқара бастаған қазақ қолы мен басқыншылар арасында қанды қырғын болғаны ел аузында сақталып қалған әңгімелерде айтылып, жазбаша тарихи деректерде дәлел, нақтылы айғақ ретінде келтіріледі. Ел есінде қалған осынау оқиғалар тарихи деректерге де сәйкес келеді. Орыс зерттеушісі С.Карелин 1832 жылы Орынбордың генерал губернаторына жазған хатында Хиуа ханының зекетшілері Сүйінқара бидің ауылын шауып, әйелдері мен балаларын тұтқынға алып, қайтар жолда басқа да қазақ ауылдарын тонағанын, осы соғыста 300-ден
астам қазақтардың, оның ішінде айтулы батырлардың да қаза болғанын жаны түршіге отырып хабарлайды. Осы оқиғадан кейін Аллақұлдың келесі шабуылынан сескенген Сүйінқара көп ұзамай Баймағанбет Айшуақов билеген аймаққа өтіп кетеді. Міне осындай өмір жолынан өтіп, өз заманының қоғам және саяси қайреткері дәрежесіне көтерілген Сүйінқара бабамыз жайлы ел ішінде айтылып жүрген, тарихи еңбектерде келтірілген әңгімелер жетерлік. Ең бастысы, Сүйінқараның батырлығы мен шешендігі, қол бастайтын көсемдігі оның бала кездегі кейбір мінез-құлықтары мен әрекеттерінен айқын аңғарылса керек. Ел ішінде мынандай бір әңгіме бар. Сүйінқараның жеті жасқа аяқ басқан шағы екен. Сүндет тойында әкесі Үргенішбай қасиетті Атақозы батырдан бата сұрап барып, көпті көрген дана қартқа баласын сынатпақ болады. Көкірегінде көзі бар Атақозы абыз жас баланың жанарындағы жалын атқан отты байқап қалады. - «Елінің шетін жатжұрттықтарға бастырмайтын, халқының арман тілегін ақиқатқа айналдырар ер боларсың, - дей келіп: Айтқанымды есіңе сақта балам, Үмітін ата-анаңның ақта балам. Қатарың мен ізіңдегі ізгі ұрпақты, Ар-иманды ер етіп, бапта балам, - деп ақ батасын берген екен (Қаржаубай жырау). 1871 жылы Атақозы батыр бастаған әскер мен қалмақтардың арасында болған қанды ұрысқа қатысқан Сүйінқара ерекше жаужүректігімен танылады. Сол кезде небәрі 25 жастағы жас ұлан Дәуқара атты батырмен жекпе-жекке шығып, қалмақтың қас батырының басын қанжығасына байлайды. Осы оқиғадан кейін батырдың аруағы асқақтап, ерлігі алты алашқа жайылады. Қазақ халқының қызыл тілге дес бермейтін шешендігі, көп алдында көсіліп сөйлейтін көсемдігі әлмисақтан мәлім. Сүйінқара Үргенішбайұлы да қара қылды қақ жарған әділдігімен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін таба білетін төрелігімен халық арасында абыройы асқан жан. Сүйінқара батыр түркімен халқына жақын болып, өзін қазақ пен түркіменді тел еміп өскен телқоңыр перзенттей сезінген. Оның себебі, Үргенішбай түркімен досы Алдабердімен екі үйдің балаларын ортақ көріп, бірдей тәрбиелеген. Ақыреттік достың тілегіне құлақ асқан аманатқа адал Аллаберді Сүйінқараны да өз балаларынан кем
көрмейді. Кейін есейе келе Сүйінқара осы қайырымдылықтың өтеуі ретінде түркімен досының жетім баласы Шананы алты ұлынан кем көрмей тәрбиелеп өсіреді. Бір сапарында Сүйінқара бабамыз жолаушылап Бесқала өңіріндегі Көне Үргеніш қаласы Ақ Бүйір ауылындағы түркімен досы Сапарқылыштың үйіне келіп үш-төрт күн қонақ болады. Жатажастана келе жан досына сырын ашқан Сапарқылыш қойнындағы жарының жаугершілікте қолға түскен өзбек қызы екендігін, одан үш ұл сүйіп отырғанымен, әйелінің өзін іштей тәуір көрмейтіндігін айтады. Досының сырын білген Сүйінқара би аттанар сәтте ерлізайыпты екеуін қатар отырғызып «пәлегі ащы болса да, түйнегі тұщы екен» деп үш ұлды нұсқапты. Сонан кейін: «Бірауыз болып өсіпөркендеп балаларыңның қызығын көріңдер», - деп батасын береді. Дуалы ауыздан шыққан бата шаңырақтың шырайын келтіріп, ахуалының оңалуына әсер етіпті. Қазақ халқы өзінің бітімі бөлек оғландарының базынасын көтеріп, еркелігіне кешіріммен қарағаны белгілі. Сүйінқара батыр да өзінің бағасын білген жандардың бірі. Батырдың кесек мінезіне көпшілік те түсіністікпен қараған. Бірде Сүйінқара би сейсенбі күні мал соймайтын, жол жүрмейтін, келелі істерді бастамайтын дәстүрді қатты ұстанған жиендерінің ауылына жолы түсіп қонақ болса керек. Жиендері мал сояиын десе, ауыл-аймақтың қалыптасқан дәстүрі бар, содан аса алмай тосылып қалады. Сүйінқара батырға мал сойып, қонақасын бермеуге батылдары жетпейді. Екі оттың ортасында қалған жиендерінің жағдайын түсінген Сүйінқара оларды шақырып алып: - Сен малыңды соя бер, ертең таң атқан соң есептесерміз. Ертең малың өлсе төлеймін, адамың өлсе құн беремін, - дейді. Ертеңіне сәскеде Сүйінқара ауылдағы үйлердің әрқайсысына кіріп: «Мал, жан аман ба, өлім-жітім жоқ па?!» деп хал сұрап шығыпты. Алтын басын иіп әдейі келгеніне сүйсінген батырды ауыл тұрғындары қуана қарсы алып, амандықтарын айтады. Сонда Сүйінқара батыр: «Жиендер мен құдалар аузым дуалы, мені бір құдайдан кем көрмеңдер», - деп аттанып кетеді. Маңғыстау өңірінде халық аузына кең тараған «Сүйінқараның сыбағасы» деген тұрақты тіркеске айналған қанатты сөз бар. Бұл сөз туралы ел ішінде әр түрлі аңыз-әңгімелер айтылады. Сөздің бастапқы түпкі мағынасы Хиуа хандығына наразылық ретінде Астрахан, Дербент, Еуропа бағытындағы өтетін керуендер төлейтін салыққа байланысты болса керек. Шаһарларды жанай өткен сауда
керуендеріне баж салығын салуды даланың «кеден қызметіне теңеуге болады». Бұл - Еуропа мен Азияның тіршілік тамырындай тарамдалған ежелгі «Жібек жолының » тұсында қалыптасқан көне дәстүр. Жат жерлік керуендерге салық салу сол елдің иесі, бетке ұстар тұлғалары бар екендігін аңғартады. Жорықтан олжалы қайтқан батырлар тілектес болып, ақ батасын беріп аттандырған ақсақалдың үлесін «Сүйінқараның сыбағасы» деп әспеттеп, бөлек салып қоятын болса керек. Бұл сөздің батырдың өз атына тікелей қатысты түсінігін осы еңбектің «Құлбарақ батыр» бөлімінде айтып өткен болатынбыз. «Сүйінқара сыбағасы» сөзінің негізі осы бір жайлардан келіп шыққан деген де жорамал бар. Сүйінқара атамыз егде тартқан шағында інілерінің бірінің шаңырағына келіп түстенеді. Түскен үйінің он үш-он төрт жастағы ерке ұлы мен қызы бар екен. Ерке балалар шолжаңдап қадірлі қонақтың мазасын алып, дастарханның берекесін қашырады. Сонда Сүйінқара би: «Қарақтарым, бала деген балдан тәтті ғой. Әйтсе де, ұл мен қызды жеті жасқа дейін гүл қылып бақ, ал жеті жастан он бес жасқа дейін құл қылып бақ» деп аталы сөз айтса керек. Сүйінқараның жеңгелері әзілдеп: «Алпыстан асқанда да жігіттігің мен әзілің қалмайды-ау, сен өзі жас кезіңде қандай қара болдың екен» деп әзілдегенде от тілді, орақ ауызды Сүйекең: «Мені жеңгелерім 15-20 жасымда бала қара десе, 25-35-те бәле қара деді, 40 пен 60-тың арасында дана қара деді, 60-тан 70-ке қадам басқанымда Сүйінқара деді» деген екен. Ұзақбай Қауыстың «Ел қорғаған Көтібар» атты еңбегінде «Көтібар Бәсенұлы, (1757-1833) – қазақ халқының тарихындағы байбақты Сырым Датұлымен, табын Жоламан Тіленшіұлымен, адай Сүйінқара Үргенішбайұлымен, Арынғазы және Кенесары хандармен терезесі тең тұлға», - деп көрсетілген. Сүйінқараның есімі Көтібар және Сырым Датұлымен қатар аталуы оның қазақ тарихында қандай орын алатынын көрсетсе керек. Кезінде тарих парақтарына көз жүгірткенде «Көтібар» деген сөзден басымызды ала қашып, «Басыбар» деп те бұрмалаған кездеріміз болған. Бірақ «Басыбарды» да үйлестіре алмаған соң, бұрынғы ақиқат атауға қайта оралғанды жөн көрдік. Көтібар батырдың есіміне байланысты ел аузында мынадай бір әңгіме сақталған. Көтібар батырдың ауылына келген бейтаныс қонақтар үй сыртынан келіп «Үйде кім бар, хабарлас!» деп дауыстаса керек. Үйде жаңа түскен жас келін ғана бар екен. Құдайы
қонақтардың «Бұл кімнің ауылы?» деген сауалына жас келін «Бұл басқа адамда жоқтай, менің атамда ғана бардайдың ауылы» деп жауап беріпті. Жас келін атасының атын атауға тыйым салатын салтты сақтай отырып осылай тапқырлық танытыпты. Қазақ ежелден ата-салтын берік ұстанған, наным-сенімге имандай ұйып, тыйымнан аттамаған. Біздің халықтың ырымшылдығы тұрмыс-салтымыздағы түрлі оқиғалардан-ақ айқын көрініс табады. Мәселен, ұзақ жылдар бір перзентке зар болған немесе бала құтаймаған ата-ана өмірге келген сәбиі тіл-көзден аман болсын деп балаға осындай ерекше есім беруі сол ырымшылдықтың белгісі. Итбай, Күшік, Иткүшік, Көпек деген есімдер секілді, Көтібар бабамыздың аты да осындай сенімнің үдесіне орай қойылса керек.
Қақаған қыстың күні жолаушылап келе жатқан Сүйінқара би бір ауылға ат басын тірепті. Аты-жөнін айтып, құдайы қонақпын деп қонуға рұқсат сұрайды. Сөйтсе, бұл Тәжікөт деген болыстың ауылы екен. Күтуші жігіттер болысқа барып, құдайы қонақтың кім екендігін хабарлайды. -Адайдың Сүйінқарасы туралы көп естіп едім, бірақ көрмеген кісім деп қызығушылық танытқан болыс: «Қонақ менің үйіме түссін, біраз сыр шертісіп, әңгіме тиегін ағытайық», - дейді. Сүйекең ауыл иесінің тілегін қабыл алып, үй сыртына келіп «Кім бар-ау?!» десе, нөкерлерін ертіп үйден шыға келген Тәжікөт болыс: - Қайдан жүрген жансың, сен өзі менің кім екенімді білемісің? – деп зілдене сөйлейді. Сүйінқара Тәжікөт болыстың тоқалы ояз Қара Сергеймен көңілдес дегенді бұрыннан естіп жүрсе керек. Қасындағы жолдасына көзін қысқан Сүйінқара: - Білгенде қандай!.. Сен Әлкенің туысысың. Хасбол болыстың баласысың, ояз Қара Сергейдің бажасысың. Атыңды айтып қайтейін, екі бұттың арасысың» деген екен. Мұны естіген болыс айтарға сөз таба алмай тосылып қалыпты. Сөзден жығылған болыс Сүйінқара батырды қолтығынан демеп аттан түсіріп, төріне отырғызып қонақасы берген екен. Батырдың басқа шауып, төске өрлеген айыр тілді шешен екендігін осы сөзден-ақ аңғаруға болмай ма. Сүйінқара уытты тілімен қиын сәттерде өзгелердің рухын көтере де білген. Бір жорықта қалың жаудан жасқанып қалған сарбаздарға, соғысқа тайсалмай кірген Сүйінқара: «Сендер өлсеңдер бір қатын ұл туады, ал мен өлсем Алаштың белі сынады» деп ақырса керек. Мұны
естіген сарбаздар аруақ шақырып, қаптаған қалың жауға лап қойған дейді. Әр дәуірдің айтулы адамдары, ірі тұлғалары туралы ел ішінде айтылып жүрген ауызша да, жазбаша қилы деректер болуы ықтимал. Дәуірінде көрнекті іс атқарған адамдардың қоғамдық ісі мен кісілігінің арасында кереғарлық та болуы мүмкін. Басы жұмыр пенденің ондай табиғат берген қасиеті мен мінезін кез келген адам түсіне бермейді. Өз дәуірінің айтулы биі, айбарлы батыры Сүйінқара туралы да екіұдай пікірлер айтылады. Әңгіме-деректердің көбінде ол ақылды, айбарлы, сөзге ұста қайраткер ретінде суреттеледі. Халық батыры Сүйінқараның өз дәуіріне лайық ерлік істерін бейнелеу қазақ әдебиетінде дәстүрге айналды. Сүйінқараны атақты Абыл мен Ығылман ақын жырға қосады. Батырды «Исатай-Махамбет» дастанында қос батырдың ең жақын адамы ретінде суреттейді. Ал жазушы Әбіш Кекілбаев «Күй» повесінде Дүйімқараны Сүйінқараның прототипі ретінде алып, нағыз қас батырдың образын жасайды. Маршал Әбдіхалықтың «Сүйінқара» романында да батыр бүгіні мен келешегін де бағдарлай білетін ақылды адам, беделі зор бұқара қамқоршысы ретінде сипатталады. Абылдан күні бүгінге дейінгі көркем әдебиетте суреттегі Сүйінқара бейнесі тарихи шындықтан алшақ кеткен емес. Уақыт мұнары перделей бастаған замана шындығын, халық қамы үшін өрлік пен ерлікке бел буған батыр қимылы нанымды суреттеледі. Міне, өз заманының кемеңгер батыры, елеулі тұлғасы, қоғам қайраткері бола білген Сүйінқара батыр сексен бес жасында өмірден өтеді. Сүйекем сапар шекті сексен бесте, Сейсем де қалды жатып Аютөсте. Қорлыққа көнбен деген, бір пенде еді, Ажалға ол да көнді салған іске, - дейді Абыл ақын батырдың қазасы туралы жырлай келіп. Сүйінқараның көне құлпытасында Сүйінқара Үргенішбай баласы деп жазылған. Осыған қарағанда батыр әкесі Үргенішке сапарға шыққан жылы туған болуы керек. Бәлкім, Үргеніште туды ма екен, ол жағы әзірге белгісіз. Үргенішбайдан - Сүйінқара, Қылыш, Бітік, Мерек, Кежі, Қорек деген балалар туады. Кежі Сүйінқара шабуылында да алты қанат үйге басып кірген Хиуа жасақтарының қарсы келгенін қынадай қырады. Қарақшылар бұл не болды деп үйді аударып тастап қараса, жауын
жайратып салып қасқайып тұрған Кежіні көреді. Кежі сол жолы қаза табады. Бейіті қазіргі Қаламқас мұнай кеніші өңірінде. Сүйінқараның өзі табын қызы Сұлуке бәйбішеден - Сатыпалды, Бүркітәлі, Мұрын, ал есентемір қызы Ақмаңдайдан - Көтібар, Шортбай,Таған үйдегі қызметші әйелінен Шоқым атты баласымен жеті ұл сүйеді. Түркімен досының жетім баласы Шананы асырап алады. Балаларының ішінен Бүркітәлі мен Сатыпалды және Көтібардың батырлықпен атағы шыққаны белгілі. Сүйінқараның бейіті адайдың бірқатар белді адамдары қойылған Сейсем Ата қорымында. Ұрпақтары, туыстары, ел азаматтары әрі би, әрі батыр бабасының қара тастан қоршап жасаған, ортасына қара ағаш өскен бұрынғы зиратының орнына түбектің ақ сары ұлу тасынан әдемі күмбез көтерді. Ұрпақтардың бабалар рухын қастерлеп аспанға көтеруі олардың кісілігі мен азаматтығы. Ендігі ұрпақ алдында тұрған міндет - ұлы бабалардан қалған кесенелер мен тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау. Соңғы жылдары елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғаны белгілі. Мәселен, қазіргі Форт-Шевченко қаласының ежелгі көне атауы – Кетік. Міне осы қалаға маңғыстаулық ұлы тұлғалардың бірінің атын берер уақыт келген жоқ па?! Ел үшін қан төккен ерлерді ардақ тұту, есте қалдыру адамгершілік тәрбиеміздің ең маңызды саласы болуға тиіс. «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда хақы бар» деп Ығылман Шөреков айтқандай халық мұраты үшін ойымен, өнерімен, өмірімен қызмет еткен бабалар, әкелер, ағалар рухын қастерлеу – біздің, яғни кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы болмақ.
Қармыс батыр (1760-1840)
Қармыс батыр Маңғыстау өлкесі қазақтарының мақтанышы. Оның ерлігіне тәнті болған сөз зергерлерінің тұңғышы, бірегейі Халел Досмұханбетов десек, жөнге саяды. Кезінде Қармыс батырдың өшпес ерлік ісін Қалнияз жырау өз дастанына арқау етсе, «Ер Қармыс» туындысы дәл осы Халекең Досмұхамедұлының арқасында 1908 жылы Уфа қаласында, 1924 жылы Ташкентте баспа бетін көрді. Кешегі кеңестік дәуірде Ер Қармыстың өмір және қаһармандық қызметі жайлы терең, жан-жақты зерттелген шығармалар баспалардан жарық көрді. Ғылым докторы, жерлесіміз Қабиболла Сыдиықов осы орайда алатын орны атауға тұрарлық. «Ақберен» кітабы бұл айтылғанды жақсы дәлелдейді. Жеке тұлғаларды былай қойғанда түлеген түбегіміздің бұқаралық ақпарат құралдары аталмыш тақырыпты күн тәртібінен түсірген емес. Мысалы, облыстық «Маңғыстау» газеті ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдың 21 шілдесінде «Асыл мұра» айдарымен «Ер Қармыс» дастанын жариялап, көнеліктерімізді жаңғыртып насихаттаудың нышанын айқындап өткен еді. Газет сол тұста көзі тірі, 80-нің сеңгіріне шыққан Қуантқан Қазтуғанов деген көнекөз қарияның есін де қалған «Қалнияздың туындысы» деп Ер Қармыстың барынша толымды нұсқасын бүгінгі оқырманға жеткізді. Зерттеушілер құптағандай, бұл нұсқа «Ер Қармыс» дастанының толымды түрі болатындай. Өйткені, ол жергілікті өлкетанушылардың күші-көмегімен толықтырылған, мәтіндік сұрыптаулардан өткізе отырып берілген еді. «Ер Қармыс» дастанының әлгі үлгісі «Балықшылар» атты тарихи-танымдық баянында да орын алды. (Кенжебек Тұманбайұлы, А.,2008, «НұрПринт-75» баспаханасы).
Алдын ала айтқанда Кенжебек Тұманбайұлы (1971 жылы Атырау облысында туған) өз еңбегінде Ер Қармыстың өмір және ерлік жолын нақты тарихи деректермен аңыз, шежірелік мәліметтермен үйлестіре өрнектеуге күш салған. Еңбегі жанғандай әсерге бөлейді. Қазақ оқырмандарының рухани дүниесі деңгейін көтерген «Балықшылар» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Әнес Сарай замандасымыздың шұрайлы тілімен, көркем сөзімен жазылған «Тарих тұңғыйығы тіл қатады» атты алғы сөзімен ашылған.
Ұзын сөздің қысқасы сол – «Балықшылар» Ер Қармыстың жеке басы туралы, «Ер Қармыс» әдеби дүние-дастаны туралы толымды еңбек. Мұндағы мәліметтерді өзге елдер шығармаларынан табу қиын, бұл тек қазақи болмысымызға ғана тән құбылыс. Сондықтан «Ер Қармыс» дастанын толық түрінде «Балықшылар» кітабының 67-77 беттерінен алып, жинаққа енгіздік. Өз көзімен оқып көріп, жүрекпен сезген оқырманның бабалар тарихына бейтарап қалмағы екі талай шығар?! *** Ер Қармыстың ата-тегіне оралудың жөні келіп тұрғандай. Бүгінгі таңдағы бұқаралық ақпарат құралдарына сүйеніп, аталмыш «Балықшылар» кітабына назар аударалық. Адайдан: Құдайке, Келімберді.
Құдайкеден: Тәзіке, Қосай. Келімбердіден: Құнанорыс, Ақпан, Шыбынтай (Балықшы), Бұзау, Тобыш, Мұңал. Балықшыдан: Өртілес, Қоршы. Қоршыдан: Ыршымбек, Аташбек, Жолдыбай. Тақырыбымызға тікелей қатысы бар болғандықтан Ыршымбек ата ұрпақтарына бұрылайық. Ыршымбектен: Бекболат. Бекболаттан: Бабай, Қожан (Бәйбішеден), Атамбай, Қармыс, Сары. Бабай батыр түрікмендермен болған соғыста түрікменнің бір бегінің қызын әкесі Бекболатқа әкеліп береді. Арада келісім болып, қолға түскен жесірлерді қайырғанда қыздың әкесі «қызым орынды жерге түскен екен, қала берсін» депті. Сол шәудір қызынан: Ер Қармыс, Ерсары туады.
Қармыстан: Шопанбай, Шотан, Тұрсынбай. Ер Қармыстан тараған осы үш ұлының ұрпақтары бірнеше әулетке жетіп егеменді қазақ елінде жұрт құрлы өмір кешіп, ер бабаларының ұлы ісіне өз үлестеріне қосуда. Балықшыдан шыққан ел азаматтары 1992 жылы Үстірттің «Қыземшек» төбесі басында Ер Қармысқа арнап, биік ескерткіш орнатты. «Қыземшек» төбесі іргесінде 1840 жылы жатжерліктерге қарсы ұрыста айтулы халық батыры саны бірнеше есе басым жау қолынан шәйіт кеткені мәлім. Әбіш Кекілбаев ағамыз «Маңғыстаудың Гомері» деп бағалаған Өмірзақ Қалбай ақсақалдың былайша жырлайтыны есте: «Қыземшек пен Босаға» Бұтасы жоқ, суы жоқ, Шаңытып жатқан ен дала.
Ерлердің тозып моласы, Құлпытас қалған тек қана. Қалаған тасы шашылып, Бейіт орны бар ғана. Осылай еді бұрын да, Көрген едік барғанда Қазір барып көрсеңіз,
Ел қонғандай бұл ара. Десе дегендей... «Бүгін таңда Қыземшек төбесі мен Босаға аталатын тарихи орындарға сапар шеккен жан рухани сілкініс алмай қайта алмас, сірә. Қарапайым адам ретімен алғанда Ер Қармысқа тән тамаша сипаттар болған көрінеді. Бегей руында Өмір, Темір, басқа да батырлардың замандасы, қарулас достар болыпты. Бірде үй толтырған қонақтар осы қалай деген ерлеріне ризалықтарын білдіріп, қошаметтер жаудырса керек. Сөз – Қармыс жөніне ауысқанда: -Қармыс баһадүрге теңесу қайда? –дегенді бес қаруы беліндегі ноян, батырлар алдында басын иіп күлімсірепті. Алқа-қотан отырған қонақтар сөзден тосыла беріпті. Сонда Ер Қармыстың оң жағынан орын алған Өмір батыр бойын тіктеп жіберіп, былай деген көрінеді: Мен білетін Қармыс батыр ұрыс даласында жараланған, не болмаса, жау найзасының ұшынан өлген сарбаздарын тастаған жоқ. Сүйекті тастап, бас сауғалау дегенді Ер Қармыс білмейді. Сендерден жасырғанымда Құдайдан жасырып не қылайын? Менен ұрыс даласында екі сүйек қалды... Өмір батырдың өңі бұзылып, үнсіздік құшағына беріліпті. Туған еліне шынайы сүйіспеншілік деп осыны айтқан ғой, халқымыз. Осы үзінді байқатқанындай, Қармыс батыр нақты ісімен қаруластарына үлгі танытып өткен ғой. Өмір батыр өз кезегінде, міне, осы қырынан алғанда Ер Қармыстың озық екенін жұрт алдында мойындағанға саяды.
Қармыс баһадүрдың соңғы демі бітер шақтағы трагедиясының өзі ұлылық мектебінен дәріс алғандай әсерге бөлейді. Жауға түскен балаларының «аталаған» даусын естіген Қармыстың көзіне қан толып, долданып, қорғануды мүлдем қойып, тағы да алты адамды шаншып түсірді. Көзіне көрінгенді түйрей бастаған. Бірақ өзі де қоршауға түсіп қалды. Бір жаудың Қармысқа салған найзасы оң жақ қарынның бұлшық етін тесіп өтті. Қармыс оқыс бұрылғанда найза ұңғылықтан сынып, ұш жағы қарынынан шықпай қалды. Батырдың оң қолы ұйып бара жатты – найзаны жалғыз сол қолымен ұстап, қайрат жинады. Ат тізгіні басқарусыз, бос қалды. Ол жаудың қалың ортасына киліге берді. Батырдың ендігі жағдайын байқаған жаулар, артынан орала келіп, алты, жеті адам қатарынан найзалай бастады. Қармыс батыр аттан гүрс етіп құлады. Жаулар Қармысты он найзаның ұшымен жоғары көтермекші болып қаусыра бастады. Осы шақта «Қуғын», «қуғын», «келіп қалды» деген айқай шықты. Қуғыншылардың шаңын көрген жаулар Қармысты найза ұшымен көтеруді қойып, ілгері кетумен болады. Қармыс жығылған жерінде жатып қалды. Төлеп бастаған топ қансырап жатқан Қармыстың үстінен шығады. «Ассалаумағалейкум!» деп аттан түскен Төлеп, бір қырынан түскен Қармысты сүйемелдеп шалқасынан жатқызады. Сонда Қармыс қырылдаған әлсіз даусымен: -Төлеп, маған айналмаңдар, жаулар ұзап кетпей жетіңдер. Қармыс сендерге енді жоқ. Бақұл болыңдар. Аузыбіршілікте болыңдар... Атам қазақтың Маңғыстаудағы бірегей баһадүры Ер Қармыс 1840 жылы Қызылойда жарық дүниеден көшіп жүре берді. Оның қаһармандық ісі ел тәуелсіздігін жақындатуға үлес қосты. Ер бастысы патриоттық қызметі халқымыздың баға жеткісіз рухани мұрасын байытты. Бүгінгі егеменді еліміз жастары Ер Қармыс сияқты баһадүрларының өмірі мен ісін қастерлеу мұратының сыры мен мәні осында. Мұндай мұраға тозу жат. Ол елмен бірге жасай бермек.
ШАБАЙ БАТЫР
Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым өкінбен. Толғамалы балта қолға алып, Топ бастадым өкінбен! Доспамбет жырау.
Қазақ деген қабырғалы жұрт ежелден қабылан жүректі, балуан білекті батырларға, топ бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерге кенде емес. Қарулы мылтық, құрсаулы найза ұстаған жауға кезіктір дейтұғын ерлер өздерінің бар өмірін туған елінің арман мүддесін іске асыруға бағыштап өтті емес пе. Алтай мен Атыраудың арасындағы көсіліп жатқан кең байтақ жерді қасық қаны қалғанша қорғап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру бабаларымыздың басты арманы болды. Сол арманды іске асыру жолында елім деп өткен қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Қарасай мен Наурызбай, беріштен шыққан Махамбет пен Исатай, тама Есет, түркіменадай Есекмерген, Атағозы, Бердібек, жары Шотан, олжашы Құлбек, қосқұлақ Бекет, қаратоқа Әбілғазы сынды қазақтың небір батырлары көзсіз ерліктің үлгісін көрсетіп, кең байтақ қазақ даласын шапқыншы жаудан қорғап қалды. Міне, осы ерлердің есімін қастерлеу, кейінгі буынның санасына сіңіру бүгінгі ұрпақтың басты парызы екендігі сөзсіз. Сондай құрметке ие болуға лайық жандардың бірі - Шабай батыр Қонысұлы. Көне заманның куәгеріне айналған шежіре-деректеріне жүгінсек, Шабай батыр Қонысұлы – 1768-1846 жылдар аралығында өмір сүрген кіші жүздің құнанорыс руынан шығып атағы алты алашқа танылған айтулы батырлардың бірі. Қазақ халқы осындай дарабоздарының атын атағанда зор құрметтің белгісі ретінде ру атын да қосып атаған. Шабай батыр да байтақ қазақ даласына құнанорыс ер Шабай деген атпен белгілі болған. Шабай батыр - жасаған ерлігі жеті атасынан бері үзілмей келе жатқан нағыз текті тұқымның тұяғы. Өз әкесі - Қоныс батыл әрі тік мінезді ел ағасы ретінде танылса, арғы атасы - Мыңбай құба қалмаққа қарсы тойтарыс беруге ат салысқан әйгілі батырлардың бірі. Шабайдың нағашысы - Жылқайдар батыр да жоңғар шапқыншылығы кезінде ел үміт артқан баһадүрлердің бірі. «Батыр анадан туады» деген сөзді дана
халқымыз бекер айтпаса керек. Көнекөз қарттардың айтуынша, Шабайдың анасы - Әсемгүл де қайратты, ер мінезді әйел болған десе-ді. Міне, осындай тектілердің тұяғы Шабай да қазақтың қамал қорғанына айналған белді батырлардың бірі. Арғымақ белдеуден кетпеген жаугершілік заманда ат жалын тартып мінген ер балаға жүктелер жауапкершілік үлкен болған ғой. Шабай батыр да он үшінде елді елең еткізіп ерлік ісімен танылады. Бірде Барақ батырдың ауылдастары Шабайдың атасы Мыңбай батыр ауылының өрістегі жылқысын айдап кетіпті. Қапыда малынан айырылып қалған Мыңбайдың кенже баласы Жаманқара ауылға аттандап шауып келеді. Бірақ ауыл адамдары да, Шабайдың әкесі Қоныс батыр да сырты түк, іші боқ түлікке бола ел арасын бүлдірмейік, мәселені ағайыншылық жолмен шешейік деп барымташылардың соңынан қумағанды жөн көреді. Ауыл тұрғындарының ашуды ақылға жеңдірген бұл шешімі он үш жасар Шабайға ұнамаса керек. Әкесінің сауыт-сайманын киіп, бес қаруын асынған жас өрен жалғыз өзі салып ұрып Барақ батырдың ауылына келеді. Қазақи дәстүр бойынша жоқшы екенін алдын-ала сездірместен атының шылбырын қазыққа іле салып Барақ батырдың ордасына баса-көктеп кіріп барыпты. Жас баланың қылығына ашуланған Барақ ақырып жіберсе керек. Бұған дейін оның қаһарлы дауысына шыдас берер жан табылмай кімде болса жүні жығылып, жүзін тайдырып әкетеді екен. Ал, Шабай өткір көзін Бараққа тіке қадап, тізе бүкпестен қасқайып тұра қалады. Жас баланың тегін адам емес екенін түсінген батыр Барақ райынан қайтып: - Қайдан жүрген баласың деп, - тілге келеді. Сонда Шабай: - Руым - Адай, атам - Мыңбай, әкем – Қоныс, өз атым - Шабай. Сәлемге келген балаға ақырғаның қалай ?! – деп тақпақтай жөнеліпті. Жас баланың жанарындағы отты көріп, қайсарлығына көңілі толған батыр Барақ жас жігітті құрметтеп, қасына отырғызып: - Балам, текті тұқымның тұяғы екенсің. Бұдан былай екеуміз бірбірімізді құрметтеп, сыйлас, тілектес болып жүрейік. Келе қалсақ, сәлем салып келетін болайық. Екеуміздің кейінгі ұрпағымыз да бірлікте өмір кешсін, - деп Шабайға батасын беріпті. Екі ауылдың арасындағы барымта мен қарымта да осы оқиғадан кейін оң шешімін тауыпты деседі. Аты-шулы Барақ батырдың қаһарынан ықпай батасын алған Шабай да сол оқиғадан кейін өзге батырлармен терезесі теңеліп, жорықтарға қатыса бастаған екен. Белгілі «Ер Қармыс» жырында: ... Белгілі ерден Бегей бар,
Жүйрік атты Керей бар. Бек сауытты Жанақ бар, Белгіліден Медет бар. Қойсары мен Қонай бар, Он бес жасар Шабай бар. Шабайдан басқа талай бар, - деп жырлануы Шабайдың өзге батырлардан кем еместігін көрсетпей ме? Шабай батырдың он жеті жасында қалмақтың бас батыры Серен мен жекпе-жекке шығып жеңіске жетуі, оның ерлік даңқын асыра түседі. Осы оқиғадан кейін елі Ер Шабайды туған жерін жау тұяғына таптатпаған аруақты батырлардың қатарына қосып, қастерлеп, құрметтеген. Ақын-жазушылардың ел аузында сақталып, күні бүгінге дейін жеткен мына бір толғауы осыған айғақ:
... Жауға шапқан жасқанбай, Қаракүшік, Қарақай. Жолы болған ерлерім, Ар жағы Байбол, Ер Қосай. Аруағы алдында, - Құнанорыс Ер Шабай... Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ пен Хиуа хандығының арасындағы қақтығыстар 1730-1918 жылдардың аралығын қамтиды. Осы екі ғасырға жуық уақыт аралығында ат төбеліндей қазақ ел қорғаған батырлардың ауыз-бірлігі мен ерлігінің арқасында Хиуаның талай шапқыншылығына тойтарыс береді. Бұл сөзімізге айқын дәлел ретінде, 1832 жылғы Сүйінқара батыр бастаған, 1840 жылдардағы Мықтыбай мен Сарының, 1860 жылдардағы Байбоз – Жамбоз ауылдарының, Ер Қармыс пен Балуанияз бастаған жорықтарды ерекше атауға болады. Ел аузында сақталған тарихи деректен де Шабай батырдың ерлік істрі айқындала түседі. Тарихи деректерге сүйенсек, 1832-ші жылы Хиуа, Қоқан хандары Аллақұл мен Мәмбетназар үш мың жасақ қол аттандырып, Сүйінқара батырдың ауылын шабады. Осы соғыста Шабай батыр қазақ әскерінің сапында бола алмай қалыпты. Бірақ кейінірек Шабай батыр Аллақұл ханға тікелей барып шапқыншылықта жау қолында кеткен елдің жесірлері мен малын қайтарып алған деседі. Қаһарлы ханға қаймықпай барып халқы үшін өз басын қатерге тігуі асқан жүректіліктің, сөз жүйесін тауып айтатын шешендік пен көсемдіктің белгісі екендігі даусыз. Екі ғасыр уақытты көктей өтіп бізге жеткен әңгімелердің дені тарихи деректерден сыр
шертеді. Маңғыстаудағы Шерқала қамалында болған соғыстарда да, Хиуа мен Қоқан басқыншыларына қарсы жорықтарда да, Шабай батырдың ерен ерлік көрсеткені жыр-дастандарда айтылып қана қоймай нақтылы тарихи деректер арқылы расталған. Дәлірек айтсақ, моңғолиялық қазақ жазушысы Іслам Қабышұлының «Керейлер керуені» атты тарихи еңбегінде маңғыстаулық адай батыры Ер Шабай туралы жан-жақты айтылады.. Әріден сөз қозғар болсақ қазақ халқының басына өлшеусіз қайғы қасірет әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін елдің бір бөлігі Еділ, Жайық, Атырауға қарай ат басын бұрып бет түзейді. Алайда, патша үкіметінің жергілікті қолшоқпарлары оларды Еділ мен Жайыққа жолатпауға тырысады. Оларды қойып қандас, туыс тайпалардың өзі Атырау теңізінің солтүстік-шығыс бетіне қазақтардың қоныстануын қаламайды. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген елге қалай болған күн де қолайлы қоныс керек еді. Бірақ белгілі бір аймақты ата қоныс етіп, бір жерге тұрақтау оңайға түсе қоймайды. Амалсыздан оларға патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы тұрумен қатар қалмақтар мен бұларды шеттеткісі келген басқа да тайпалармен соғысуға тура келеді. Дәлірек айтсақ, бұл дәуірдегі кіші жүз руларының тарихы қанмен жазылғандай десек қателеспейміз. Өйткені, осы тұста кіші жүздің Сырым, Исатай, Махамбет, Жанғожа мен Есет, Иса, Досан сынды батырлары ел тәуелсіздігін қорғау мақсатында көтерілістер ұйымдастырады. Атырау, Маңғыстау елі және сол өңірден Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Бесқалаға әркезеңде қоныс аударған қазақ ауылдары ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда кіші жүз халқы үшін бастарын қатерге тіккен батырларды жыр қылып айтады. Олардың қатарында Есенғұлұлы Есек мерген, түркімен адай Атағозы, құнанорыс Лабақ, Ер Шабай, қосқұлақ Бекет сынды батырлар болған. Сондай-ақ, ер Шабай Айбұйыр деген жерде хиуалық шапқыншы Ата-гөурені жеңіп, жау қолына түскен мал-жанды қайтарып алады. Шабайдың Шерқалада Сардабекті жеңуі жоғарыда айтқанымыздай Аллақұл ханға барып Сүйіқараның адамдары мен мал-мүлкін қайтаруы Шабайдың жау алдында да жасқанбайтын ерен ерлігін, елінің тәуелсіздігі үшін қарақан басын құрбандыққа байлаған мәрт мінезін, биік адамгершілігін танытады. «Құнанорыстан ұл туса, дұшпанға күн туар» деген сөздің астарында үлкен ақиқат шындық жатыр. Мұндай сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті. Өйткені, құнанорыс аталарының ауылынан
жасанған жауын жер қаптырар дарабоз батырлар көп шыққан. Бұл ретте Лабақ пен Достың, Есен мен Сүгірдің, Бердәулет пен Байтуғанның, Қалмағанбет пен Аманжолдың, Мырзалы мен Бижанның есімдерін ерекше атап өтуге болады. Ел үшін еңіреп өткен осынау батырлардың көпшілігі жау қолынан қаза тапқан деседі. Кеудесі қазынаға толы қариялардың айтқан әңгімесіне қарағанда құнанорыстан шығып жалпақ қазаққа аты жайылған Шабай батыр да жау қолынан қапыда мерт болады. Қылышдұрды мен Назарпат атты батырлар бастаған хиуалық қарақшылар Шабай ауылының өрістегі түйесі мен қойын айдап кетеді. Қуғыншыдан қара үзіп кеттік деп ойлаған қос батыр малды айдауға аз ғана адам қалдырып, өздері ілгері озып кетеді. Осы тұста Шабай батыр бастаған қазақ қолы қарақшыларды қуып жетіп малдарын қайтарып алады. Қайтар жолда Итбай құдығының басына келгенде батыр қасындағы екі жолдасымен суы мол құдықтың басына түнеп шықпақшы болады. Өзге жолдастары түнгі салқынмен малды айдап елді бетке алып кете барады. Алдарындағы малдан айырылып, қарақан бастарын сақтап жан сауғалаған қарақшылардың аз ғана тобы озып кеткен басшыларының ізінен қуып жетіп болған істі баяндайды. Қуғыншы қазақтардың саны аз екенін естіген Қылышдұрды мен Наразпат қайта айналып соққанда құдық басында жайбарақат жатқан Шабай батырдың үстінен түседі. Қасында екі серігі ғана бар қас батыр қапияда тап берген жасанған жауға төтеп бере алмайды. Сөйтіп, 78 жастағы қарт батыр осы жолғы жорықта мерт болады. Әйтеуір, батырдың жастығын ала жығылғаны ұрпақтарының көңіліне медет. Шабай батыр қылышын ала ұмтылған Қылышдұрдыны ат үстінен аударып өз қылышымен өзін шауып өлтіріпті. Ертесіне ауыл адамдары батырдың қарақасқа тұлпарының жайдақ шауып келгенін жамандыққа жорып, іздеуге шығады. Батырдың денесін шілденің ыстығында елге жеткізе алмайтын болған соң, сол жерге жерлеп, басына белгі қояды. Шабай батыр жеті атасынан ерлік үзілмеген батырлардың тұяғынан екендігін жоғарыда айтып өттік. Батырлық Ер Шабайдың өз кіндігінен өрбіген ұрпақтарына да дарыған. Бәйбішесі Тойнаш – Есентемір Көктаубай батырдың қызы екен. Одан туған ұлдары – Меңдібай, Қалдыбай, Медетбай, Қуатбай да батырлық дарыған текті жандар. Меңдібайдың ұлы Бердәулет батырдың даңқын асырған немерелерінің бірі.
Батырлардың өнеге істері бүгінгі таңда талай көркем шығармаларға арқау болуда. Мәселен, халық ақыны Өмірзақ Қалыбайұлы ел аузында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерге сүйеніп «Ер Шабай» атты жыр-дастан жазып шыққаны белгілі. Ақынның «Адай жайсаңдары», «Тобанияз толғауы» тарихи дастандарында ел қорғаған ерлердің ерлік істері шынайы суреттеледі. Қазақтың дархан даласында мен мұндалап тұрған сөрелілерді көптеп кездестіруге болады. Өйткені, жорықта қаза тапқан боздақтардың сүйегі күн ыстықта бұзылып кететін болғандықтан биік төбенің басына жерлеп, тастан қалап белгі қалдыратын дәстүр болған екен. Яғни, «сөрелі» дегеніміз шәйіт болған ерлердің сүйегі жатқан жер. Қазіргі Қарақалпақстан жеріндегі Үстірт кентінде «Итібай құдығы» деген жерде сөрелі бар. Шабай батырдың осында жерленгенін жоғарыда айтып өттік. Кейінгі ұрпақтар оны ескерусіз қалдырмай басына Маңғыстаудың ақ тасынан көрнекті ескерткіш тұрғызды. Шабай батырдың 200 жылдығы ҚР Ғылым академиясында аталып өтті. Батырдың рухына бағышталып дұға оқылды. Түйіндей айтар болсақ, кіші жүз елінен шыққан Шабай батыр мен оның ұрпақтарының ерлік істерін кейінгі ақындар мен қаламгерлер тебірене толғайды. Атағозы, Бердібек, Ерлік қылған белгілеп. Есен, Сүгір, Шабайды-ай, Шотан, Қармыс, Қонайды-ай. Тұсында ешкім бұларды, Айтпаған екен кем-ді деп, - жырлайды Ақтан ақын өзінің «Ерлік жыры» дастанында. Ақын «Найза ұстаған адайда, ер өткен жоқ Шабайдан» дейді ел намысын қорғаған Шабай ұрпақтары Есен мен Сүгірді, Бердәулет пен Жоламанды да: Бердәулет пен Жоламан, Оғы қардай бораған. Құрбысынан озаған, Қапияда ханды өлтірген. Сөйтіп отын сөндірген, Дұшпаннан қайтқан жері жоқ, Шабайдан бергі мезгілден, - деп жырға қосады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, елі мен жерін жаудан қорғаған Ер Шабай да, оның батыр ұрпақтары да әлі де талай жырға қосылып дәріптеліп, кейінгі келер ұрпақтың мақтанышына, ауызға алар
ұранына айналатыны даусыз. Бабалардың ерлік істері ата тек арқылы кейінгі ұрпаққа даритын кісілік, азаматтық дәстүр сабақтастығы деген осы емес пе?! Ер Шотан Еліміз тәуелсіздік алған жалдарында қазақ халқының ұлттық болмысын, тілін, ділін, дінін, рухани құндылықтарын сақтау, жаңғырту, дамытуға деген белсенділігі артып келеді. Жер бетіндегі қай халық болса да, өз тарихындағы бейбіт өмірді де, өркендеуді де, түрлі құлдыраулардан өткен. Олар халықтың жадында сақталып қалады. Бұл - халықтың тарихи санасы. Тарихи сана болмай, ұлттық сана қалыптаспайды. Ұлттық сана болмаса , ұлттық намыс та болмайды.
Біздің ұлттық намысымыздың ірі қадау тұлғаларының бірі Шотан батыр 1705-1786 жылдар аралығында өмір сүрген. Қазақ елінің іргесінің сөгілмеуіне, кең – байтақ аумақты сақтап, тұтас ел болуына елеулі үлес қосқан тарихи тұлға. Оның тууы туралы халық арасында төмендегідей әңгіме бар. Назардың ару жары Шотанның анасы Мақпалжан жерік болып, ауырғанда Бектеміс молда кітап ашып: «Жерік асы – жолбарыстың жүрегі екен», - дейді.
Есенғұлұлы Есекмерген бас болып, Мете мерген, Тоқтамыс Жарыұлы, Ақкете Әжібай, Беріш Есболайлар Арал алдындағы қамысты көлдердің бірінен жолбарыс аулайды. Назар батыр жолбарысты садақпен атады. Жыртқыш өзіне ұмтылған кезде оны найзасымен төстігінен іліп көтергенде, найза сабы морт сынып кетіпті. Сонда батыр сынық найзасапты жолбарыстың ашылған аузына көмейлете тығып, үстіне ырғып мініп алып, қанжарын жолбарыстың жұлынына ұрып өлтіреді. Сойылған жолбарыстың жүрегін шала қақтап, кәуап етіп жеп, батырдың жары жеріктігін басқан екен дейді. Содан жолбарыс жүректі ер Шотан туып, ол қазақ елін 70 жылға жуық қорғаумен өткен екен.
Халқымыздың бірлігі мен жеріміздің тұтастығы үшін бүкіл саналы ғұмырын арнаған жүрек жұтқан батыр, бүкіл кіші жүз әскерлерінің бас сардары Шотан батырдың жалынды бастап әкелген адай ру басылары Атағозы батыр. Өмір батыр, Шотан батыр, Асан бидің қолы болған. Содан бір жыл кейін 1786 жылдыңы қарашасында Орынбор билеушісі барон О.А.Игельстромға олардың өзге ру басыларымен бірге жазған хатында Жайық бойында көшіп жүрген адай ауылдарының Жаманқала бекінісі есаулынан көріп отырған зорлықзомбылықтары айтылады.
Батырлардың тілегі, өтініші аяқсыз қалмаған. 1787 жылдың 8 сәуірінде Жайық бойында көшіп-қонуға рұқсат алған қазақ руларына ішінде адай Әлиқаран батыр Имантаев та бар, оларға 500 үймен Қаракөл маңын қоныстануға рұқсат етіліпті. Тәуке хан ордасы тұрған Түркістан қаласына айнала Матай, Алтай, Төртқара, Адай, Шанышқылы, Шапырашты, Дулат сияқты жауынгер рулармен қоныстандырған болатын. Бұлар 18 ғасырдың (1709 ж.) басында жоңғарларды Іле басына дейін қуып тастауға тікелей атсалысты. Сол кездегі Алшынның аға батырлары: Беріште Ағатай, Адайда Назар, Шотан, Есенқұл, Сабытай батырлар болды.
Орыс тарихшысы А.Левшиннің айтуынша, қазақтар жоңғарлардан соққы жеп, ауыр шығындарға тап болса, Еділ бойындағы қалмақтардың, башқұрттардың және Жайықтағы қазақорыстардың үнемі шабуылына ұшырап отырған. Сондықтан да болар, өткен ғасыр басындағы қазақ зиялыларының алдыңғы легінен көрінген ғұлама ғалым Халел Досмұхамедов «Кіші жүздің 150 жылдай тарихы қанмен жазылған» деуі тарихи құжаттарды терең зерттеу барысында туған ой. Халқымызды қан қақсатқан жоңғар шапқыншылығы 200 жылдан аса уақытқа созылды. Одан кейінгі жалдарда халқымыз үшін оңай болған жоқ. Патша үкіметінің отарлау саясаты іске асып, ата-бабалар қоныстарынан безініп, бауырларынан айрылуға мәжбүр болды.
Шотан батырдың қолға қару алып, атқа қонған жылдары хан әулетінен шыққан сұлтандардың бірі, қазақ хандығын алғаш құрған Әз Жәнібек ханның жетінші ұрпағы Әбілқайырдың Кіші жүз қазақтарына 18 ғасырдың жиырмасыншы жылдарында хан болу кезімен қатар келеді. Орыс патша үкіметі үшін Қазақ хандығын қаратып алудың стратегиялық маңызы зор еді, ол «барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы қазақ жері» деп білді. Сондықтан қазақ хандықтарын өздеріне бағындыру үшін небір жымысқы саясаттарға барып отырды. Мысалы, қалмақтарды, башқұрттарды қазаққа айдап салу, оларға қару беріп, алма-кезек қолдап отыру сияқты саясат жүргізді.
Шотан батырдың өмірінің орта тұсы батыстағы Еділ қалмақтарымен, түркімендерімен, Хиуаның сарттарымен болған туған жер үшін жан алысып, жан беріскен соғыстармен өтті. Адай атам балалары Маңғыстау түбегіне көшіп келген суық күзде Назар үйіне кешке қарай жазылы нар мінген, сеңсең бөрікті,
ақ күміс сақалды, бейтаныс адам «Құдайы қонақпын» деп сәлем беріп келген екен. Жайғасып шай ішіп отырғанда, сыртта жүрген Шотанның қаттырақ шыққан даусын естіп, қонақ селк етіп қозғалады. Үйде қонақ барын біліп: - Ассалаумағалайкум! – деп Шотан есік ашып, үйге енгенде, қонақ тағы да қозғалады. Бұны байқаған үй иесі қонағынан: - Мына менің ұлымның сыртта даусы шыққанда, сіз қозғалдыңыз, үйге сәлем беріп кіргенде және селк еттіңіз, бұл жігітте не қасиет бар? – деп сүрапты. Сонда қарт қонақ: -Даусында қаһар бар адам жанын шошытар, жүзінде суық ызғар бар қарсыласын қорқытар, - депты. Қонақ қарттың аңғарымпаз сыншылығына разы болған Назар басқа балаларына да қонағына көрсетіп, оның бағасын естиді, болжауын тыңдайды. Тастемір атты ұлын көргенде, қарт: - Көзі отты, жүзі қанды екен, күш-қуаты мол екен. Көа болып өсер, ұрпағы молынан болар, - деген екен.
Назардың үшінші ұлы Құдайбергенді көргенде: -Өңі жұқа, енрі сүйір екен, сөзге үйір болар. Белгілі би шығар, - деген екен. Назар кенже ұлы майланды көрсеткенде: - Көрінген затты уыстап жинап жүр екен. Жинақты болар, мал бітіп бай болар. Төрт түлігі түгел болар, - деген екен. Оның айтқандарының бәрі кейін айны – қатесіз іске асқан екен. Үй иесі қонағы беймәлім қартпен бірге сыртқа шыққанбойда қарт батасын береді де өзі де, түйесі де көзден ғайып болған. Сондықтан да халқымыз жары Назарды қыдыр көрген үш Назардың бірі деп санайды.
Бабаларымыз Маңғыстау түбегіне орналасып, қоныс тепкен кезде қоныс құтты болсын айтуға әрі батыр, әрі би байбақты Сырым келген екен. Елді асықпай аралап, туыстарының қонысына риза болып: «Әй, адай ағайындар, қоныстарың құтты болады, қойнауың малға толады, басың өсіп, бағың жанады, несібең басқа байұлы балаларынан ілгері болады», - деп бата беріпті. Сол ұлы бабаның батасы қабыл болып, Маңғыстау түбегі малы мен басы қатар өскен адай ата-бабаларына құт-қоныс болады.
Осы уақытқа дейін есімдері елеусіздеу қалып келген, ересен ерліктері ел есінен ешқашан өшпеген ұлы бабаларды келер ұрпақтарға өнеге боларлықтай насихаттауымыз, мадақтаумыз кем болып келгені де рас. Олардың есімдері ел аузындағы ауызша әңгімеде не болмаса жыршылардың жыр-дастандарында ғана
аталып келді. Оның себебі де бар. 70 жылдай үстемдік еткен идеология, қызыл империя қасиетті бабаларының атына айтқан мақтау сөз иесін ұлтшыл, рушыл, ескі өмірді көксейді деп айдар тағуға даяр тұрғаны да рас. Оған ауыл маңынан табылатын жандайшаптар оның бояуының қанды, қою болуына өз үлестерін қосқаны да құпия емес. Бұрынғы Одақ көлемінде Қазақстанның тарихы пышақтың қырындай шағын болса, ал Маңғыстау өлкесі туралы ұзақ жылдар жапқанда аузы ашылмай келді. Соның бір мысалы, Абылай ханның атақты баһдүрлері болған Шотан, Жанақ батырлар.
91 жасында (2005 жылы) дүние салған ұлы бабалардың жұрнағы Ысқақ Шәкіратов ағамыз өзінің «Маңғыстау маңғаздары» атты кітабында тоқсан жасына таяп қалған шағында шежіреші Сасықбайұлы Қали қарттан жазып алған жырынан үзінді келтірейік: Қалың қазақ қаптаған қапыда өлді, Қазақ елі жоқ болу күні төнді. Деп Абылай хан, Бұқар жырау Үш жүзге бірігуге хабар берді. Кіші жүзден қол бастап, Жанақ батыр келді, ИіліпАбылай ханға сәлем берді. «Жоңғарға ес кетіре соққы берер, Үш мыңдай өңшең батыр келді», - деп. Жанақ батыр «Адайлап» алға ұмтылды, Жоңғарлар шыдай алмай қан жұтулы. Өліктерін қалдырып, мыңдап-мыңдап, Өлімсіреп қалғаны тұтқын болды,
Абылай хан шақырды батырларды, Бұқар жырау, тағы да ақындарды; Жанақ батырды оң жағына отырғызып, Той жасап, талай күн мен таң атырды. Қалмақ ханның сұлу қызын Жанаққа сыйға беріп, Ерлігін басқалардан артық көріп, Батырымсың ақ алмас артық туған, Деп құшулы Абылай хан тақтан тұрып. Осылай Адай ортасына келген қалмақ қызы Таңсық шешмізден Есен мен Кенженің ұрпағы тарап, іргелі ел болғаны аян.
Шттан батырдың үш жүз жылдық ұлы тойы – тойлау үшін де, ойлау үшін де керек. Сол ұлы бабалардың үлгілі істері тек тарих үлесінде ғана емес, біздің бүгінгі қажетімізге де жарайтынын естен шығармайық. Ендігі айтарымыз: Шотан баба және ұрпақ тәрбиесі төңірегінде болады. Бүгінгі Қазақстан өз тәуелсіздігінің екінші онжылдығында дербес мемлекет болу бастау көздерінің бірі – бұдан үш жүз жылдай бұрын қасық қаны қалғанша күресіп, шыбын жанын шүберекке түйген, жұмыр басын бәйгеге тіккен ұлы бабалардан бүгінгі ұрпақ ұмытуға тиісті емес.
Бауыржан Момышұлы ағамыз бір отырыста мен туралы елу кандидаттық және он докторлық диссертация жазылады деген екен. Сол айтпақшы, Шотан және басқа да қасиетті ұлы бабаларымыз туралы да талай көркем туындылар, ғылыми еңбектер жазылатынына сенімім мол. Міне, сең қозғалады, халықтың бұла күшінің, творчестволық жігерінің көзі ашылды.
Кешегі Абылдың «Құлбарағы», Қалнияздың «Ер Қармысы», «Балуаниязы», Нұрымның «Тоғыз ауылы», «Ақтанның «Ерлік жыры», Қашағанның «Атамекені», Сәттіғұлдың «Досан батырына» бүгінгі «Хан кегі» дастанын жазған Светқали Нұржанды, батыр бабаға арнап «Ер Шотан» атты тарихи – шежіре, дастан-кәтап шығарған Қаржаубай Рейімбайұлын, ұлы есімді өзінің «Шотан батыр» атты тарихи хикаятын арқау еткен Жоламан Айдарбай, «Бас сардар» кітабын жазған Бектұр Төлеуғалиевты, т.б. қосамыз. Бұлар – шотантануға қосылған елеулі үлес. Ол өз кезегінде қазақтанудың үлкен бір анасы болмақ.
Шотан батыр есімін ел жадында мәңгі сақтау мақсатымен әр кезде лауазымды тұлғаларп алдына және баспаөз бетіне мәселе көтеріп жүрген сәулетші Сайын Назарбекұлы, батыр ұрпақтары Сламғали Қартбаев, Қаби Сүйебаев, Үсен, Құлбас Сардарбековтер ұсыныстары да ел қөңілінен шығады.
Өркениетті Европа елдерінде «жазба деректерсіз тарих – тарих емес» деген қағида орнығып қалған. Түптеп келгенде, мұндай ұғым – қазақтардың тарихын, халықтың өзі туғызған төл туындыларын жоққа шығару. Бұл – біз келісе алмайтын бағыт. Ел өмірі халықтың жадында сақталып, оның мәңгі махаббатына айналса – басқа қандай дәлел керек. Жақында Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы құрылды. Оның ең алғашқы өткізген шараларының бірі – Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілген «Қазақстан тарих
айту, сақтау дәстүрі және оны жаңғырту жолдары» атты халықаралық конференциясы болды. Еліміздің талай құйма құлақ, естігені көп, түйгені мол қариялардың таңды таңға ұрып айтқан көңілге қонымды, мәліметі мол мұраларын естіп өстік. Әсіресе, Маңғыстау өлкесінің ғажайып тарихы туралы мол мәліметті кітап, оқулықтангөрі сол абыз ақсақалдардың әңгімелерін көп естідік. Шежірешілер тізімі Қали Сасықбайұлы, Медет Еңсеп, Түмен Балтабасұлы, Айым Атшыбай, Тоқабай Алқам, Алшын Меңдалыұлы, Жылқыбай Келжанұлы, Тоқтамыс Өрісбай, Жанақ Бүркітбай, Рахмет Қаржаутегі, т.б. болып жалғаса береді.
Сондықтан, тарих айтуға ерекше мән беретін уақыт келді. Университеттің тарих факультеттерінде «тарих айту және сақтау» мамандарын даярлау, республикалық, облыстық мұрағат орындары «тарих айту және сақтау» қорлары ұйымдастырылуы қолға алынбақшы. Жергілікті теледидар, баспасөз беттерінде осы ұлы бабалар туралы циклді хабарлар ұйымдастырылғаны абзал. Ол, әсіресе, жас ұрпақ үшін қажет шаруа. Бұл жайлардан хабар бар аға ұрпақ өкілі «Ой, естіген әңгімеміз ғой» деуі мүмкін, ал бұл әңгімені естімеген, қаулап есіп келе жатқан ұрпақтың оны естуі, үлгі алуы қажет-ақ. Ораздының баласы он бесінде баспын дейді,
Қыраздының баласы отызында жаспын дейді, - дейтін әңгіме бар. Кейде жиырмадан асып арақ ішіп, темекі тартып, ләйліп жүрген інілерімізді көргенде, батыр бабалар өмірі ойымызға еріксіз оралады. Қонай мен Шотан батырлар (екеуі құрдас болған) он үш-он төрт жастарында соғысқа қатысып, ерліктерімен ерекшеленген. Төлеп батыр айтқандай «белгілі ерден Бегей бар, он бес жасар Шабай бар» деп жырланады. Шабай батырдың ерлігі он бес жасқа дейін белгілі болған.
Және бір мысал айта кетейін. Абылай 1711 жылы туылып, он бес жаста Сабалақ есімімен Төле бидің түйесін бағып жүрген ол атақты батырлар Қабанбай мен Бөгенбайлардың тобына қосылып, жоңғарлармен шайқасқа қатысады. Екі жақтан да жекпе-жекке батырлар шығады. Жоңғар батыры қазақтың он бес батырын өлтіреді. Он алтыншы болып шыққан Сабалақ жоңғарбатырын өлтіріп, қазақтар жеңіске жетеді. Содан бастап ол Абылай деп аталады. Бүгінгі мектеп оқушылары, жастар Шотан сияқты ұлы бабаларының ұрпағы, мирасқорлар екенін сезіп өскені абзал. Батыр
бабалардың бүгінгі ұрпақтарына ұсақ-түйек емес, ірі елдік шаруаларға барар тұлғалық бағыттағы патриоттық – елдік тәрбие керек. Аздырар арақтан, тоздырар нашадан, кісіге қол көтеру сияқты бекзаттық болмысқа жат істен іргені аулақ салар салауатты ұрпақ тәрбиесі ауадай қажет. Батыр бабалардың жүректі азамат, ақыл иесі, ел тағдырына қабырғасы қайыса қайғыратын адал перзент, көреген қол басшы болғанын, үлгілі істерін талмай қайталап үнемі атып отыруымыз қажет. Әрбір американдық өз балаларына америкалық екенін күніне бір мәрте ескертіп отыруды өздерінің әкелік парызы санайды.
Заманында Ата Түрік былай деген «түрік баласы, сен түрік болып туғандықтан да бақыттысың. Түрік азаматы, сен Түркияда туып, түрік елінде тұрғандықтан да бақыттысың». Ардақты ағайын, сіздер мен біздер жастардың туған елге, атабаба мекеніне деген перзенттік ықыласын оята алдық пе? Ойланайық.
«Шотан батыр» қоғамдық қоры құрылып, Шотанның жоба суреті салынған. Сисем-Ата қауымдығында Шотан батыр қабір басына ескерткіш қойылды. Тарихын ұмытпаған, бабаларын ұлықтаған батыр ұрпақтары банкте есепшот ашып, 2005 жылы Шотан батырдың 300 жылдық мерейтойын атап өтті. Тарихтың алмағайып сәттеріндегі жаужүрек батырлығы, елді ортақ мүддеге топтастыра білген тұлғалық қасиеті Шотанды бір өлкенің, бір рудың деңгейінен шығып кеткен ұлттық деңгейдегі тұлға екендігін көрсетеді. Сондықтан да, ол – еліміздің тәуелсіздігі үшін арпалысқан Қарасай, Наурызбай, Ағыбай, Қабанбай, Райымбек сияқты батырлармен қатар тұратын тұлға. Осы ойымыздың дәлеліндей, Москвадағы Сыртқы Істер Министрлігі жанындағы дипломатиялық істер жөніндегі мұрағатқа «Қазақ – Жоғар соғыс істері» бөлімінде жоңғарлармен бастан аяқ соғысқа қатысқан Қазақ батырларының тізімінде Шотанның есімі Қабанбай, Бөгенбай, Бөкенбай, Малайсары, Райымбек батырлармен қатар аталады.
«Ел үшін өлген ерлердің сөз білген жанда хақы бар» деп ақын Ығылман Шөрекұлы айтқандай, ұлы бабалардың ерлік істерін насихаттау бұл бүгінгі атқа мінген азаматтардың қамдар шаруасы ғой. Некеге отырар жас жұбайлар Шотан баба ескерткішіне барып тәу етіп жатса, жас өскін өзінің Шотан көшесінде тұратындығын, Шотан атындағы мектепте оқитындығын мақтанышпен айтып жатса, бұл ұлы баба аруағының ортамызға оралғаны емес пе?!
Облыс орталығында батырлар аллеясы ашылып, онда Қонай батыр, Ер Төлеп, Ер Қармыс, Ақпан, Есболай, Атағозы, Бердібек, Балуанияз, Құлбарақ, Лабақ және т.б. дара тұлғалар бейнесі бүгінгі ұрпағын аруақтарымен желеп-жебеп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Ата туралы сөз
Күні кеше ғана қыдыр қонып, бақ дарыған Оңтүстік Қазақстан облысы жерінде, халқымыздың киелі мекені, рухани астанамыз Түркістанда өткен Түрік елінің Президенті Абдулла Гүлмен кездесу кезінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Елордамыз және қазақ елі рухани бірліктің мекені болуы керектігі туралы айтқан еді. Бүгінгі өткізіп жатқан ұлы гуманист, пір Бекет атаның 260 жылдығы сол қойылған талаппен іштей үндес. Егер біз киелі қазақ елінің қай аймағына, тіпті қай аулына зер салып, байыппен қарайтын болсақ халқымыздың арасынан шыққан жүрегі түкті батырлар, білекті палуандар, пірадар ғұламалар әсте аз болмағанын байқаймыз. Олар еліміздің тәуелсіздігі үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп, қасық қандары қалғанша арыстанша алысып, жолбарысша жұлысып, бүгінгі қазақтың ел болып ұйысуына өлшеусіз үлес қосты. Осылайша олар біртабан болса да тәуелсіздігімізді жақындатты. Қай уақытта да рухани дағдарыс экономикалық дағдарыстан әлдеқайда ауыр, себебі ең үлкен дағдарыс қаржылық дағдарыс емес, ол адамның өзін-өзі жоғалтуы, әсіресе баю үшін арын сатқан, тілі мен дінінен алшақ кеткен пенделер көбейген бүгінгі таңда ерекше маңызды. Иманын, адамгершілігін әлсіретіп алып, дүниедегі негізгі мақсатынан, ізгілік жолынан жырақ кету соның дәлелі. Сондықтан да осындай сәтте ұлы гуманист Бекет Ата, Қожахмет Иассауи сияқты ірі тұлғалардың орны ерек, ілімі мәнді.
Биыл ағартушы, гуманист, рухани ұстаз, қол бастар көсемдігімен, елді ұйытар шешендігімен танылған, бүтін бір ұлыстың жауға шапқанда рух шақырар ұранына, тауы шағылғанда медет сұрар піріне, қараңғы қапаста шұғыла шашар шырағына айналған Пір Бекет атаның туғанына 260 жыл толып отыр. Бекет атаның 260 жылдығын атап өту биылғы жылғы халқымыздың рухани өміріндегі басты оқиғаларының бірі болары сөзсіз. Осы келелі істе Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру басты мақсат болмақ. Соның аясында әлемдік және дәстүрлі діндер І-ІІІ съездерінің шешімдері мен қағидаттарын орындау, халықтар достығын, татулықты, бірлікті, қоғамдық келісімді уағыздау, жалпы, адамзаттық мәңгілік құндылықтарды (қайырымдылық, ізгілік, имандылық, әділдік, т.
б.) қалыптастыру және сол арқылы жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу.
Бекет Мырзағұлұлы 1750 жылы Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келіп, 1813 жылы Маңғыстау облысы Оғландыда бақилық болған данагөй, халық батыры, абыз, ағартушы, сәулетші. Маңғыстау, Үстірт, Атырау жерін мекендеген Адай тегінен (Қосқұлақ руы) шыққан. Атақты «Маңғыстау» дастанының авторы Түмен Балтабасұлы былай жырлайды: Маңғыстау – ер Бекеттің туған жері, Кетіріп, кіндік қанын жуған жері. Кіндігін қожа-молда қолмен кесіп, Тамырын тарамыспен буған жері. Кәрі нағашысы Есет батырдың он үш жасар Бекетке берген батасы: Үстіңнен дүбір кетпесін, Құлағыңнан сыбыр кетпесін, Ақ-қараны айыратын боларсың, Атыңның өзі айтып тұр, дүр боларсың Еліне шуақ шашар нұр боларсың Үш жүзге атың шығар Пір боларсың.
Аты аңызға айналған Бекет Ата Мырзағұлұлы – ұлысына ұран болған, елін жаудан қорғап, қол бастаған батыр, алдағыны күнілгері болжап білген көріпкел әулие, қысылғанды жебеп, құлағанды демеген халық қамқоршысы, ұлағатты пір-ұстаз болған көп қырлы қасиет иесі. Алла тағаланың ерекше назарына ілінген Бекет атаға дарытқан таңғажайып қасиеттерінің құпиясын адам баласы шеше алмайды. Қазіргі ғылыми тілмен айтқанда, Бекет ата – феномен тұлға, ерекше құбылыс. Басқасы басқа, Бекет атаның Оғыланды тауындағы мәңгілік мекеніне зиярат етуге келіп жатқан халықта есеп жоқ. Керісінше, күн өткен сайын зиярат етушілердің қатары көбейіп, қаншама адамдар алыс-жақыннан жол азабын аса сезінбей, ағылып келіп жатыр. Мұның бәрі тектен-тек емес. Ұлы баба өмір сүрген дәуірде жатжерліктер Маңғыстау түбегіне көз алартып, оның байлығы оларды қызықтыра берді. Ұлдарын құл, қыздарын күң қылмақ ниеттері, жер қайысқан мал байлығын иемдену мақсатында қанқұйлы шабуылдар жасалды. Бекет ата өзі қатысқан, не оның аруағына сиынған соғыстардың бәрі жеңіспен аяқталып отырған. Пір Бекет бірде алақұйын дауыл
болып, бірде нөсерлеткен жауын болып, бірде жауларының көзін тағалап, аз қолды көп қылып көрсетіп, аққу, қаз болып ұшып, өз жерлестерін қолдай да, қорғай да білген. Бекетке туғаннан-ақ дұға дарып, Қастасқан жауыздарды қуған жері – деген жолдар халық арасына Ер Бекет атауының кең тарауы куәсі болса керек. Ұзақ жылдар жоңғар, қалмақ, қоқан, хиуалықтар т.б. жат жерліктердің, Ресей бодандығының, қызыл империя қысымының бұғауынан жаңа шыққан жас тәуелсіз ел үшін рух тәрбиесінің, намыс биігінің алатын орны ерекше. Адамзат әлемдік деңгейге көтерілген ұлы ұстаздар Аристотель, Әл-Фараби, Қожахмет Иассауи, Бекет ата есімдерін үлкен қанағатпен еске алады. Олардың өшпес ілімдеріне қайта-қайта оралады. Олар Жан Жак Руссоның сөзімен айтсақ, «Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялау» дарынына жеткен тұлғалар. Жаугершілікті тоқтатып, елінде бейбіт өмір орнағанын, көршілес елдермен достық қарым-қатынас құруды армандаған Бекет Ата «Дулығасын сәлдеге, қолдағы көк найзасын асаға айырбастап» (Әбіш Кекілбаев) дін жолына түсіп, Хиуаға медресеге оқуға барады. Мұнда атақты Бақыржан хазыреттен дәріс алады. Бекет атаның білім алу жүйесі де өзгеше болған. Яғни медресені бітіріп кете бермеген. Өзінің пірінің жеке тәрбиесінде болып, жанында жүріп, рухани тәрбиесін кемелдендіре берген. Медреседе алған білімінің тереңіне бойлап, оны пысықтаумен болған. Пірліктің ережесі ұстазы көзі тірісінде өзіне лайықты шәкіртін тауып, өзінің жолын лайықты жалғар тұлғаға пір атағын беріп кететін болған. Бекет бабамыз 40 жастардың шамасында Бақыржан бабасының шынайы ықыласымен пір атағын иеленген. «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет» деген сөз де оның мұсылман дінінің сопылық бағытының жарқын өкілі болғанын дәлелдесе керек.
Биыл Бекет Атаның 260 жылдығы кең көлемде, ауқымды аталып өтуде. ОҚО Жетісай қаласы елімізде бұл шараларды бірінші болып бастап жіберді. Бұған дейін Ақтөбе облысы Мұңалжарда баба мешіті табылып, ас беріліп, құран оқыды. 6-7 тамыз күндері осындай ас Тобықты мешітінде де өтті. Серік Үмбетов мырзаның қызу қолдауымен Алматы облысында аталып өтті. 12 қыркүйек күні Астана қаласында Атаға арнап ас беріледі. Ата рухын ұлықтаған ас шеруі бүгін Атамыздың кіндік қаны
тамған Атырау жеріне де жетті. Түсіне білген жанға астың әлеуметтік маңызы зор. Адамдарды ізгілікке, мейірімділікке, бауырмалдылыққа, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде астың орны бөлек. «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық, балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы» деген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзінде терең мән бар. Сайид Мұхаммед Бақирдың (қазақтар Бақыржан деп атап кеткен) сегізінші ұрпағы Назарбай Ражаббайұлы, бүгінгі Ишанқаладағы кешеннің ғалымы Кәмілжан Құдайбергенұлдарын пайдалана отырып Бекет ата мұраларын зерттеп, мұрағат құжаттарына үңілу қажеттілігі туып отыр. Хиуа мемлекетінде әрбір хан өз дәуіріне сай білім ордасын салуды дәстүрге айналдырған екен. Бекет бабамыз Ишан қаладағы Шерғазы хан салдырған медресені өзінің ұлы замандастары – түрікмен Мақтымқұлы Пырағи (Азади), қарақалпақ Әжінияз Қосыбайұлы, өзбек ақыны Пахлаван Равнак т.б. талантты жандармен бірге оқып бітірген. Бұл оқу орны халық арасында «Маскани Фозилон» басқаша айтқанда, «Білімдарлар ордасы» деп аталады.
Кезінде ұлылар оқып, дәріс алған білім ордасында даңқты түлектеріне арналған музей-залдар ашылған. Адалы сол – БекетАтаға осындай зал ашу жөнінде ұсыныс-пікір болған. Оны құнттап, нақты іс-шараға кірісетін уақыт жетті. Бекет Ата еліне оралып, ұстазының ісін жалғастырып, әр жерден мешіт салған. Елді дінге, білімге шақырып, мәдениеттің өркендеуіне, болашаққа жол ашуға Бекет ата өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол салдырған мешіттердің бізге белгілісінің өзі алтау. Құрылыс жобаларының авторы да өзі болған. Олар: қазіргі Құлсарыға жақын Ақмешітте; Үстірттің батыс жағындағы Оғланды тауында; Ескі Бейнеуде, Бозашыдағы Тобықтыда және Үстірттің шығысындағы Арал теңізінің батыс жағындағы Баялы деген жерде.
Сөйтіп, «Тал бесіктен тар лақатқа дейін оқы» деген имам Ағзам сөзін қабыл алған Бекет Ата бүкіл өмірін оқумен және оқытумен өткізген. Ұлы баба Бұхара, Хорезм мекендерінде жарық көрген энциклопедиялық бағыттағы ғылыми кітаптарға да кірген.
Тазкираи Мухаммед Бахирдың кітабының 168-ші бетінде: Бекет Ата «өмірінде қиындықтарды көп көрген, адам таңқаларлық кереметтер істей алатын үлкен қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғарғы мәртебе «машайық» дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасында атағы кең жайылған белгілі адам еді. Ел оны Ахмат (мақтаулы) деп дәріптейтін. Көңілінде бір Алланы ұстап, құлшылығын өз уақытында орындап отыру тек жасы ұлғайған адамдарға тән әдет болса, ол жас кезінде де Аллаға сол үлкендерше құлшылық ететін еді».
«Рисолайи хилфат суфихо» кітабының 11-ші бетінде: Бекет Ата «Пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі. Аллатағалаға ең жақын және Аллатағаланың алдында ең құрметті, өз дәуірінің ұлы сопысы атанған адам.»
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың түсінігінде ұлы Баба «Әлсізге – Медет, Күштіге – Айбар, Зарыққанға – Жебеу, Тарыққанға – Демеу, Асқанға – Тосқан, Сасқанға – Сая, Ұрпаққа – Ұстаз, Ұлысқа – Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі» деп еді. Ұлы ғұлама, пірадар осындай ұлан-ғайыр биіктікке қандай ғылымдарды игеріп көтерілді екен? Бұл – терең ғылыми зерттеуді қажет ететін бағыт. Бабаның өзбек, түрік, парсы елдерінде бар еңбектерін, не ол туралы жазылған кітаптарды жұртшылықтың назарына ұсыну – алдағы күндердің міндеті. Мерейтой шаралары Бекет атаның кіндік қаны тамған Атырау мен мәңгілікке тыныстап жатқан Маңғыстау облыстарында кеңінен аталып өтілмек. Ақтау қаласында 17-18 қыркүйекте өткізілетін ғылыми - теориялық конференцияға жоғарыда аталған елдермен қатар Ислам конференциясы, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия мемлекеттерінен белгілі ғалымдар, теологтар, пәлсафашылар шақырылмақшы. Әрине, бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Қазір Маңғыстау өңірінде ата есімімен байланысты тарихи орындардың бәрінде дерлік оларды жөндеу, қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бекет атаның өзі ұстанып қолданған жеке дүние-мүліктері, жәдігерліктері (көк аса, басқа да, тұтынған бұйымдары) жинақталу үстінде. Байрамалы да – Түркменстанда тұратын баба ұрпағы Сәндібеков Бердіхандағы Атаның асасы, Жетісай қаласында
тұратын Аралбайұлы Көбен ақсақалдағы Ата тұтынған үйдің маңдайшасы, Ташауыз облысы Октябрь ауданындағы Дүйсеханов Түрікпенбай шаңырағындағы Ата оқыған «қара құран», Ақтөбе облысында тұратын Нәкешов Тұрсынғалидағы Ата асасы, Оғыландыдағы Бекет Ата мешітін 2000 жылы қалпына келтіру жұмысы кезінде табылған шапашоттар, Атамыздың пірі Бақыржан бабаның тәспихы, Маңғыстау облысы Опорның елді мекеніндегі Айсұлу Таңбаевадағы Атаның сырт киімі т. б. бұйымдар жиналып, халыққа көрсетіліп, ұлы баба әруағына тағы да тәу етпекшіміз. Баба ұрпақтары бұл жұмыстарға белсене қатысар деген ойдамыз.
Бала күнімізде ең бірінші естіген есіміздің бірі Бекет ата болатын. Содан ба екен, атаның есімі аталса әлі күнге дейін елеңдеп тұрамыз. Соғыстан кейінгі жүдеу шақта аталарымыз бен әжелеріміз қиналып не болмаса қуанса да, «Иә, Бекет», - деп атаның аруағына сиынатын. Былайша айтқанда, осы бір аяулы есім талай жанды қысылғанда қолтығынан демеді, қуанғанда қасында болды. Обал, сауапқа көп мән бермеген қатыгездеу қоғамда өмір сүргенімізбен, ата-әжелеріміздің имани бағытта берген тәрбиесінің арқасында жүрегіміздегі Аллаға деген, атамызға деген сенімімізге қылау түсірмедік. Бүгінгі асты дайындап өткізу жөніндегі баба ұрпағы, ғалым Дәулетов Сыдықтың еңбегі ерекше. Ол қасиетті ұлы бабаның қолдауына тап болған азамат. Бекет Ата аруағы аян беріп, шаруасы өрге басқан, түрікмен аруанасын Жетісу өлкесіне жерлестіріп, оны бағып-қағудың ғылыми негізін салды. Көптеген жерлестеріне жұмыс орнын тауып берді. Қала халқын емдік-дәрі шұбатпен қамтып, елдің алғысына ие болған тұлға, бүгінгі асты өзі бастап, өзі атқаруда. Ата аруағы жар болып, талабың оңға басқай, бауырым. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов: «Ата көзі тірісінде талай жерге құдық қаздырып, мешіттер, сағаналар салдырғаны анық. Сол ескерткіштердің ең үлкенін қайда салдырды? Меніңше, Ата ең үлкен ескерткішін ұрпақтардың жүрегіне орнатты: Атаны іздесек, жүректерден іздейік!» - деді.
Соңғы кезде Қазақстанның түрлі аймақтарынан: «Бекет Ата туралы ғылыми танымдық ақпараттар, материалдар көбірек жарияланса» деген ұсыныстар бой көтеруде. Өте орынды, бұл ұсынысты қолдаудың алғашқы қадамдары жасалуда. Ата туралы деректі екі фильм түсіріледі. Бұл фильмдердің жобасы одан әрі пысықталынуда. Ата туралы бұған дейін шыққан кітаптардың бірі Ислам қажы Мырзабекұлының қаламынан туған еді. Бұл кітап қазір орыс тіліне аударылып, мерзімді баспасөз бетінде жариялануда.
Дін танушы теолог-ғалымдар діни кемселденуді төрт сатыдан тұрады деп есептейді. Олар: Бірінші саты – шариғат деп аталады. Бұл сатының шарты мынау: ислам дінінің талаптарын қатаң сақтау, құран уағыздарын бұлжытпай орындау. Екінші саты – тариқат. Бұл сатыдағы адам өзін-өзі ұмытып, құдай жолына түсуі, ұстаз-пір тауып, сопылық бауырластыққа кіру керек. Үшінші саты – маарифат. Ол – құдайды ақылмен емес, жүрекпен тану, Аллаға шын ғашық болу деген сөз. Төртіншісі – хақиқат алаңсыз дін жолына түсіп, ақырғы мұратқа жету, хақпен дидарласып, өз өмірін осы жолда сарп ету болып табылады. Бекет ата сопылық ағымның сатыларын толық өткен пірәдар. Теолог-ғалымдар ойы осыған тоғысуда.
Хақиқат туралы айтқанда, ұлы хакім Абайдың мына жолдары ойға оралады: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті.
Бекет атаның бүкіл ғұмыры дін-шариғат жолына адал қызмет етудің, туған халқының бақытты болу күресіне арналып өтті. Рухы кіршіксіз ел иесі Бекет ата аруағын көзі тірісінде қолмен ұстатқандай жеті жұртқа паш етті. Киелі аруақ иесі Алла берген асыл қасиетін кейінгі ұрпақ өкілдерін желеп – жебеумен, құдірет биігінен көрінумен келеді. Әуелі Алла, қала берді Мұхаммед пайғамбарымыз, Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожахмет, Маңғыстауда - пір Бекет, деп өрілетін ақ батаны қабыл алмайтын қазақтың баласы кемде-кем ғой. Бекет ата ұлттық деңгейдегі тұлға. Аруағы жеті атасына дарыған пір Бекеттің аруағы бүгінгі конференциямызды Қожахмет Иассауи әулие елінде өтуі ұлы аруақтар үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Ендеше, іске сәт, баршаңызға: «Мединеде - Мұхаммед, Түркістанда - Қожахмет, Маңғыстауда - пір Бекет» аруағы жар болғай!
Байболдың есенғұлының қадірі Қалдыбай биге Әлімнің бір шалы: - мұңалдарың көкірегін қағып, төсін ұра береді, олардың көкірек қағатындай Бекеттен басқа кімі бар еді, - депті.
Сонда, Қалдыбай би: - Бекет Мұңал да емес, Адай да емес, қазақ та емес, Бекет – адамзатқа көрсететін мұсылманның асылы. Ал, Мұңалдың да мақтанары бар. Айтсам, қалың дұшпанды қақ жарған, қырық батыр шыққан Қырықмылтық деген ауылым бар, қара қылды қақ жарған, қырық би шыққан Қырымқұл деген ауылым бар, адал менен арамды, обал менен сауапты, парыз бенен уәжіптің арасын ашып, дінді насихаттаған қырық ахун шыққан Құрым деген ауылым бар. Осы үшеуі – қара шаңырақтың құты, Мұңал – ошақтың үш бұты деген екен. Ер Төлеп (1754 - 1835)
Шежіреге жүгінсек, ежелгі рулардың бірі Адай – сегіз арыстан түзіледі және ұлы Қазақ елін қалыптастырған қырықтан астам рутайпаларға кіреді. Ал Адайдың сегіз арысының біріне Мұңал делінеді. Адайдың қара шаңырағы да осы Мұңал тайпасы. Есімі Адайдың ұранына айналған пір Бекет ата осы рудың перзенті. Батыс Қазақстан өңірінде: «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожахмет, Маңғыстауда – пір Бекет қолдай гөр» ұраны-дұға кеңінен мәлім.
Сөз болып отырған Ер Төлеп атамыз Мұңал бабаға алты ата жер. Кәріқұлақтар Әнетұлы Ер Төлеп бір шаңырақтан дүреген алты перзенттің бірі деп бекітеді. Олар: Бабақұл, Мая, Қырымқұл, Қыдырша, Қоштан, Төлеп және Жаныс. Бәрінен де ұрпақ бар, олар егеменді еліміздің тәуелсіздік тұғырын нығайту жолындағы бүкілхалықтық майданның бел ортасында еңбек етіп, өмір сүруде. Ер Төлептің өніп өскен ордасынан, ел-жұрты құрметтеген өнегелі азамат тұлғалары көп шыққан. Мысалы, Ер Төлептің кіндіктесі Мая аруақ қонған зайырлы кісі боп өткен. Өзі Ер Қармыстың қиыспас досы болған. Сыртқы жауларға қарсы күресте Ер Қармыс өңірдің өзге дуалы ауыз ақсақалдарымен бірге Мая досымен үзбей ақылдасып отырған. Өнегелі үйдің, шаңырақтың ұл-қыздары ұялтпас дегені рас болар. Осындай сұхбаттасу үстінде Мая би Әнетұлы Қармыс батырдан: -Төлепті батыр дедіңіз. Батырлар аз ба? Төлепке арнап сәлем айттыңыз. Басқалардан өзгешелігі не оның? – деп сұрапты.
Әрине, өзінің туған інісі Ер Төлепті өзгелерден кем білмеген шығар? Сөйте тұра Ер Қармысқа сұрақты төтесінен тастаған ғой. Сонда Ер Қармыс Мая би досына қарап, былай деп жауап беріпті: -Бір жылы сендердің әкелерің Әнет биге сәлемдесе бардым. Қонақ ретінде Әнекең би күтіп ап, отбасымен қызмет қылды. Ертесіне ме, білмен: -Жылқыны жау айдап бара жатыр. Саны көп адам емес, деген суыт хабар шықты. Әнекең би үйінде біреу найза саптап отырған. Менің найзамның сабы ұңғысына кигізетін бөлігі сынған. Осыны жөндеу әлгі біреуден өтіндік. Бірақ найзам қапелімде дайын
болмады. Сыртқа шығып, белдеудегі атыма қарғып мінгенімде анадай жерде тұрған Төлепке: -Найзаны сабына жіппен байлай сал,-дедім. Төлеп бір жуан тұсауды алды да найзаның ұңғысын сабына айқастырып, шапшаң таңып байлады да қолыма ұстата берді.
Шауып жөнелдім. Жаудың шамасы жиырма шамалы адам екен. Мені көрген соң бесеуі кедергіге қалып, қалғаны жылқыны айдай берді. Бес адам деген не? Келе алғашқы біреуін шаншыл аударып тастадым. Тағы екеуін түсірдім. Енді екеуіне алаңдамай, басқаларына жеттім. Қалың шаң көтеріліп, адамдар мен жылқылар араласып кетті. Шаң ішінен көзге шалынғаны аман кетпеді. Қалғаны жылқыны тастай қашты. Көп жылқыны алдын орап, қайырып жүрген біреуге келсем, Төлеп екен. Менің артымнан бір атқа міне салып, о да жетіпті. Қолында қайың қорағаш.
Ауылға оралғасын әлгі найза саптайтынға оны қайта бердім. Аздан соң найзаны таңған тұсауды пышақпен кескісі келгенімен шеше алмапты. -Тұсауды шешіп берейін дегеніммен, мен де шеше алмадым. Сонда Төлеп он төрт жасар бала еді. Қолының қуатын осыған қарап аңғара беріңіз. Екіншіден, Төлеп шапшаң. Батырлардың талайы ағызып шауып келе жатып, түйенің жалғыз құмалағын аудармай шаншады. Бірақ, найзаның ұш жағы оны қайта көтеріп аламын дегенше аттың екпінімен кейін қалады. Және көзге көрінеді. Олар құмалақты жармай шанши алмайды. Ал Төлептің найзаны бір сілтеп, қайта тартып алғанын байқай алмай қаласың.
Үшіншіден, Төлеп мақтанбайды. Жаудың жолын тосқанда, не болмаса қуарда көбірек қамданады. Жау қарасын көрген соң асықпай шабады. Жау батыры найза қағып, тәсіл жасаймын дегенше Төлеп шаншып үлгереді. Жауға қапталдап келгенде сабына қамшы сияқты етіп, бүлдіргі таққан найзасын лақтырып шаншып, кері шапшаң тартып, жерге түсірмей қағып алуды біз тек Төлептен ғана көрдік. Алған бетінен қайтпайды. Маңдайы да дөңес қой өзінің. Аты аңызға айналған Маңғыстаудың халық батыры Ер Төлепке ұстазы Ер Қармыстың берген бұл бағасын тыңдаған Мая би:
-Тіфә, тіфә, Алла тіл көзден сақтағай, -деп, жайнап шыға келіпті. Төлеп батыр жайлы жеткен ел іші әңгімелерінің бір саласы осы болар. Және осы сипаттама, мінездеменің авторы Ер Қармыс дегенге имандай сенеді замандастары.
Төлеп дарынды қолбасшы. Бұны ол бұдан 140 жыл бұрын жатжерлік басқыншыларға қарсы соғыс барысында айқындап берді. Оқиғаның ұзын ырғасын қысқартып бедерлегенде төмендегіше баяндауға сияды. XVIII ғасырдың салқын күзі болар. Қазіргі Бейнеу ауданы Күйкен тау баурай-етегінде (Қызылқақ) негізінен Байбоз, Жамбоз және Көрпе руларының аз-кем ауылдары Маңғыстаудың қара ойына, қыстауға көшпей ауа райына қарап отырып қалыпты. Өзге ру-тайпалар ауылдары жайлаудан қыстауға көшіп кетеді. Аз ауыл, қарасы тоғыздай ауылды Хорезм ханының үш жүз шамалас қарулы қолы шапқан. Ер кіндіктілерді атып, асып, әйел қыздарды жесір ретінде айдаса, алдарына үш мыңдай жылқысын салып, елдің ойранын шығарған. Қапелімде ойдағы, қырдағы ер азаматтарды жинауға мұрша бола ма? Жақын деген қазақ ауылдарының арасы ондаған, жүздеген шақырымды орап жатады. Жайсыз хабарды бұларға жеткізіп, қол жинап жауға аттану, бірнеше күнге созылмай ма?
Міне, осындай қанды қырылысқа төзе алмаған Ер Қармыс санаулы жігіттерге бас болып, жауға бірінші аттанады. Қанша дегенмен аздың аз, көптің көп екені майдан үстінде лезде айқындалады ғой. Сол ұрыста аз қолмен ерен ерлік көрсеткен Ер Қармыс қалың жаудың ортасында ауыр жараланған. Ер Қармыс тобының соңынан алғашында 40 шамалас нөкермен және кейін жолдан, елден тағы 20 шақты жігіттер қосылған Төлеп батыр 60 кісімен Хиуа ханы әскерлерінің соңынан қуады. Қаптаған қалың жаудың ортасында қалып, ауыр жараланып жатқан, ұстазы қарт батыр Ер Қармыстың үстінен түседі. Атынан қарғып түсіп, басын сүйейді. Жылай береді. -Ер Қармыс-ау, ер Қармыс!
Қуғыншы едім мен Қармыс! Алды-артыңды жинамай, Кеткенің сенің нең Қармыс?! Ер бабаға апырмай Болған екен қиын іс. Қайырын сұрап жата бер, Келе жатыр батырлар, Көргеніңді айта бер. Сонда Қармыс сөйледі, Сөйлегенде не деді: -Сен адайдың кімісің? Айтулы ердің бірісің. Маңдайыңа қарасам Қайтпас ерге меңзейсің. Ауызыңа қарасам,
Аш бөріге меңзейсің. - - - - - - - - - - - - - - - - - -Айналайын ер Төлеп, Осал жаудың бірі емес?! Үш мың қолдай ауыр қол Айыртар жаудың түрі емес?! Сонда Төлеп сөйледі, Сөйлегенде не деді: Олай деме, Ер Қармыс, Жауың бізден ер емес, Әркімде де Құдай бар. Сонда Қармыс сөйледі, Сөйлегенде бүйдеді: - Олай болса ер Төлеп, Аттанып кеткен қалың жау Қызылойдан өткен жоқ, Ала шыңға жеткен жоқ, Ер баба деп шулаған Қыз-келіннің дауысы Құлағымнан кеткен жоқ.
Ер Қармыстың батасымен жауды қууға қайта аттанады. Қарауындағы 60 жігітті жиырмадан үшке бөледі. Оң жағына жиырма жігітпен Жанақты, сол жағына 20 жігітпен Бегейді аттандырады. Олар «Қыземшек» жотасының асуынан өтпей жау тобына тұтқиылдан шабуыл жасау керек. Өзі қалған жиырма жігітпен жаудың соңына тура қуып, шабуыл жасайды. Осындай шешім қабылдағандағы Төлептің ойлағаны – өз қолының саны аз екенін жауға сездірмеу болды. Үрей туғыза үш жағынан шабуыл жасады. Жау тобы үш жағынан бірдей қаспаққа ілігіп, үрейге түсті. Оның үстіне үш жарым мыңдай жылқының әрі-бері ұйлығып, үріккен селі бас-аяғы үш жүздей жауды лықсытып, батырып жіберді. Көбінің аты жығылып, топырлап қалды. Төлеп
жылқыларды сырттан қоршап жүрген жігіттеріне шауып жүріп, бірде әрі, бірде бері үркітуге тапсырма берген. Жаудың қатары әлдеқашан бұзылды. Көздері топыраққа көміліп, әрқайсысы әр жерде қалың жылқы қалай үріксе, солай ығысады. Бағыттан айырылды. Төлеп осы арада жылқыларды бір бағытқа қудырта бастайды. Сосын жылқылар ұзап, шаң сейіле бастағанда әр жерден бытыраған жаулар көріне береді. Оларды Төлеп тобы көк сүңгінің ұшына кептеп қырған. Төлептің соғыс өнері арқасында басқыншы жаудың талқаны шығады. Тұтқынға түскен жазықсыз жандар: бала-шаға, ер азамат толық азат етіледі, олжаға ұшыраған мал қайтарылады. Қан іздеп келген жатжерлік жендеттердің көзін өз қанына толтырды. Ең бастысы Ер Төлеп және оның айбынды нояндары ұлттық рухымызды асқақтатып, қазақ туы астына топтасудың үлгісін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Қасіретті шайқас шығынсыз болмаған. Белгілі шежіреші Сұлтан Балхаевтың куәлік беруіне қарағанда Ер Төлеп жағынан да шығын болған. Олар: Матайдан – Есенияз, Өтеуліден – Жәнет, аралбай көрпенің Сырлыбайынан Қабыл батырлар т.б. делінеді. Төлеп Әнетұлы Алшынның атақты батыры. рет Маңғыстауға келген жауды қайырған, 50 рет жекпе-жекте жеңіске жеткен, 7 рет жалғыз өзі саны көп жауды жеңген, 83 жасында өз ажалынан өлген. Ер Төлептің өмір және ерлік шежіресі ауқымды да бай. Ол зерттеулерге қарағанда 1754 жылы Маңғыстауда өмірге келіп, 1835 жылы ата қонысы Тұщыбекте өз ажалымен бақилық болған. Қарасын сонда беріп, елі 40 жігітті аттандырып, сүйегін Сейсем ата қауымдығына марқұмның өз тілегі бойынша жеткізіп жерлеген. Басына ескерткіш кесене салынды. «Ақтау-Атырау» темір жолы бойындағы № 4 бекеті «Төлеп ауылы» деп ресми атауға ие болды. Интернетте баянды етілген жалғыз дерекке назар аударайық: маңғыстаулық Тұрұлы Ермембет (ол да Ер Төлептің замандасы) Хиуа ханымен сөз қағысында: «Біз жауға барып, ертең өлгенді батыр демейтін халықпыз. Менің өткенімнің батыры елу рет қол бастап, жарақты жауды қайтарған, жауынан бірде-бір меселі қайтпаған, 83 жасына қарағанда Алланың ақ ажалымен оң жақтан ақиретке аттанған Әнетұлы Төлеп». Интернет шерткен сырда терең мән жатқандай. Айтар едік, Ер Төлеп – аңыз адам. Өлкемізге белгілі қаламгер, Махамбет сыйлығының лауреаты Әбілхайыр
Спан мен Ер Төлеп ұрпағы Сұлтан Жұбаевтың бірігіп жазған «Ер Төлеп» кітабын (А., ЖШС «Эверо» баспасы, 2006) оқығанда оқырмандар осындай ойға тоқтары анық. Туған халқына, туған еліне адал қызмет еткен Ер Төлеп батырдың қаһармандық қызметі біздің ұрпағымыз үшін де өшпес өнеге болып қалды. «Ерлік-елге мұра» деген осы. Иса-Досан көтерілісіне 140 жыл «...Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200-ден астам ұлтазаттық көтерілісіне шыққан». (Нұрсұлтан Назарбаев, «Халыққа арнау. Слово народу» Астана, 2007, 520-521беттер).
Жоғарыда Елбасымыз атап көрсеткен 200-ден астам ұлтазаттық көтерілістерінің біріне 1870-1873 жылдардағы Маңғыстау шаруаларының ерлікке толы күресі жатады. Кеңестік кезеңнен еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің бағдарламасында бұл халықтық көтеріліске орын беріліп келді. Оқулықтар бағдарламасына енуіне ғалым М. С. Тұрсынованың «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Маңғыстау қазақтары» атты ғылыми монографиялық еңбегі негіз болған еді (М. С. Турсунова, «Казахи Мангышлака во ІІ половине ХІХ», 1973, из-во «Наука»). «ИсаДосан көтерілісі» атымен жалпақ жұртқа мәшһүр Маңғыстау шаруалары көтерілісінің басты мақсаты – қазақ халқының азат өмір сүруіне жету. Ол – сонысымен қастерлі, барша ел-ұлысқа – ұлттегіне тәуелсіз – жақын да жарасымды – ұғымға айналды.
Қазақтың ұлттық рухының ұлылығы да осында. Ең алдымен бұл асыл қасиет тек қана ұлттық рухы, ұлтжандылық ұстанымы жалаулы найза секілді жарқылдаудан танбайтын халықтарға тән десек, ақиқаттан алшақ кеткендік болмас дейміз.
Иса-Досан бастаған Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісіне 140 жыл толып отыр. Сондағы көтерілісшілер ұрпақтарының алды бесалты атаға ұласты. Қоғамдық формация үш дүркін эволюциялық дамуын басынан өткерді. Ресей империясын билеген патшалық режим өзегіне құрт түскен теректей құлады. Оның орнын «Қызылдар өкіметі» – Кеңес Одағы басты. Араға 70 жыл салып, Кеңестер Одағы тарады. Қазақ халқы 1991 жылы ата тарихында тұңғыш рет Тәуелсіз мемлекет құрғанын жария етті. Исі қазақтың, соның ішінде Маңғыстау шаруаларының да 1870 жылы жалаулатып ту көтеріп, ұрандатқан қасиетті көтерілісінің түп мақсаты да осы тәуелсіздік еді.
М. С. Тұрсынова өз кітабында өзінен бұрынғы ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, осы шаруалар көтерілістеріне әділ баға беруге сәтті талпыныс жасаған. Мысалы Қазақтардың 1869 жылғы патша әкімшілігінің ұлы далада басқарудың жаңа формасының енгізілуі қазақ халқының өз тәуелсіздігі жолындағы күресінің маңызды кезеңі болды, ал 70-ші жылдардағы Маңғыстаудағы көтерілісі өзінің қуат-күші жөнінен бұған дейін болмаған жаппай халық көтерілісіне айналған еді. (М. П. Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР, Москва, «Политиздат», 1941 ж. Москва, 264, 318319 беттер.) Ал, ғалым М. Г. Галузо Маңғыстаудағы халықтың 1870 жылғы көтерілісін бірінші орынға қойды және оның халықтың шын мәніндегі азаттық күресі деп бағалады. (П. Г. Галузо, «Революция в Средней Азии», Ташкент, 1929 ж. 94-97 беттер).
Рас, Иса-Досан бастаған халық көтерілісі жеңіліс тапты. Бірақ, шаруалар жеңіле отырып, жауын жеңді. Озбыр отаршылдық саясат ұстанған жауын өздерімен санасуға мәжбүр етті. Осы арқылы ұлттық рухымыз мәртебесіне әрдайым адал екенін айдай әлемге паш етті.
Трагедияға толы Маңғыстау шаруаларының тағлымын сөзбен баяндап жеткізу оңай емес. Ең бастысы – бүгін таңда 20 жылға тола келген байтақ еліміз тәуелсіздігі оңайға түскен жоқ. Бұл – ғасырлар бойы арман еткен халқымыздың үздіксіз күрес пен тартысқа толы қаһармандық күресі арқылы жүзеге асқан қайталанбас, бірегей және ерен қастерлі құбылыс. Өйткені, «Маңғыстаудың түздік тұрғындарының ниеті бейбітшілік». (Түбектегі уез бастығы Генераловтың 1884 жылы Каспий сырты округінің бас штабына жолдаған хатынан. Түрікменстан архиві, қор/тізбе 2, №7707 іс. Осы дерек «Иса Тіленбайұлы» кітабының 70 бетінде келтірілген. Ә. Спан, Алматы, «Нұрлы әлем», 2004 ж). Қазақ халқы өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын Елбасымыз бастамасымен лайықты қарсы алуға дайындалуда. Маңғыстаулықтар республикамыздың мерейтойына дайындықты бастап-ақ кетті. Түбек өз халқы бұрмасы мен бұқпасы мол тарихи жолдан өтті. Тәуелсіздіктің жасампаз ықпалымен өз тарихын саралап, оның ақтаңдақ беттеріне үңілуде. Бұрынғы үстемдік еткен идеология бағытына икемділік, бұрмаланған, еленбеген, мән берілмеген, сөйтіп, оларды халық жадынан сылып, алып тастауға
тырысқан солақай саясаттың кертартпа салдары бүгінгі күн тұрғысынан жаңғыртылуда. Иса мен Досан төңірегіне қарулас серіктері: Сүгір, Орақ бастастары: Ғафур, Ерменбет билер, Шорбас, Қосжан, сынды үзеңгі жолдастары топтасқан еді. Ал бұлар елдің «мен» деген серкелері болатын. Міне, осындай үркердей асылдар елге егемендіктің өздігінен келмейтінін, халық тәуелсіздікке тас-түйін бірлік және ерен ерлік арқылы ғана жете алатынын іс-өнегесі арқылы дәлелдеуден жаңылмады. Халқын соңынан ертті. Қазақ тарихының көгінде сонысымен өшпес жұлдыз боп қалды.
Басқаша айтқанда, бұл көтерілісті халқымыздың тәуелсіз ел болуының рухани нұрлары, сана-сезім қалғытпай, әрдайым жоғары ұстауымыздың сарқылмас қайнары дер едік. Ата-бабаларымыз өткен қастерлі жолдың тәрбиелік тағылым күш-қуатын жас ұрпақтың бойына сіңірубүгінде баршамыздың парызымыз. Солай істегенде ел тәуелсіздігінің халқымызға ешқашан оңайға түспегеніне кейінгі толқын ұрпақтың жете зерделеріне сенеміз. «Иса-Досан» халық көтерілісінің 140 жылдығын ел-халық, қоғам болып атап өтудегі негізгі мақсат та осы болатын.
1868 жылы Ресей патша үкіметінің «Жаңа низам» саясаты жарияланса, ол Маңғыстау қазақтары үшін 1870 жылы қолданыла бастайды. Адайларға салық салынады, ол өзге елдердегілерден көп болады және екі жылдың салығын бір төлеу міндеті қойылады. Оған көпшілік отбасылардың мүмкіндігі болмаса, мүмкіндігі барлар да бұл салықты төлей қоюға ниет етпейді. Билер мен ел басқарушылардың талай рет бастары қосылып, кеңес құрылса да, ол салықтан төлемей құтылудың басқа жолдарының көп еместігі байқалады. Билер кеңесі Маяның ұлы Бәймембетті Петербургқа барып, жарлық шығарушымен тікелей кездесіп, 1731 жылғы Әбілхайыр мен Ресей патшасы Анна Иоановнаның жасасқан шарты бойынша мына шешімнің заңсыз екендігіне көзін жеткізіп, Адайларға салық салу шешімін бұздырып қайтуға жұмсайды. Әбілхайыр мен Анна Иоановнаның 1831 жылы қол қойған шарты бойынша кіші Жүз қазақтарынан солдатқа адам алынбауы керек, салық салынбауы тиіс. Бәймембеттің бұл сапарынан ел күткендей нәтиже шықпады. Керісінше, Ресей патшалығының жергілікті орындары басшыларының Адайларға көзқарасы шиеленісе түседі. Қазақтардың ата қоныс жерлері әскери бекіністер, уездік басқармалар салуға, орыс қоныс аударушыларына тегін үлестіріле
басталды. Төрт түлік мал түріндегі жалғыз ғана тіршілік көзі бар қалың елге бұл тәртіп өте ауыр тиді. Оның үстіне Маңғыстау өлкесі қазақтары Кавказ халықтарын басқару әдісіне, әскери-халықтық басқару жүйесіне көшіріліп, 1870 жылдың 2 ақпанында Кавказ басқармасына қаратылды. Билер соты жойылып, әскери сот жүйесі енгізілді, оның шешіміне прокурорлық қадағалау қойылмады. Бұл онсызда жергілікті тұрғындарды «жабайылар» деп санап, менсінбей қараған патша әскері мен шенеуніктеріне халықты басынып, ойына келгенін қымсынбастан жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Соның ызғарлы қара боранындай 1870 жылы март айында ФортАлександровскіден Рукин бастаған жазалау отряды шығарылады. Оның құрамында Фортта тұратын арнаулы атты әскер жүздігі жүзбасымен (сотник), ояз Рукинның тілмашы шалбар Қосым Мырзабайұлы, елді көндіруге, келіссөз жүргізуге пайдалану үшін би Бәймембет Маяұлы болады. Бұл отрядтың шыққалы жатқаны старшина Гафур Калбинге белгілі болады, ол Исаға хабар береді. Иса Форттағы құнанорыс Шабайдың баласы Сүгірге, Бозжігітке, Қаратаудағы бәубек Айназар мергенге, Қатқылтүптегі дәулеталы Досан мен Алғиға, Ауызорпадағы тоқтамыс Ораққа тағы да басқа Адайдың сол кездегі белгілі батырлары мен тұлғалы азаматтарына ат (шабарман-25) шаптырып хабар бергізіп шақыртады. Соның нәтижесінде үлкен қол жиналады. Сан жағынан бұл қолдың көлемі жазалаушы отрядтан бірнеше есе көп болған. Қол құрамында жәдігерден Өтенұлы Ділман, жаманғара Мусаұлы Мошандар бар. Қолды Иса, Досан басқарады. (М. С.Тұрсынова, жоғарыда аталған еңбек 22-бет). Жазалаушы отряд Форттан шығып көлікпен Түбіжік, Қаңға, Борлы, Суат, Құнансу, Сартас жерлері арқылы Бозашыға бет алатын болып Ұшауызға орналасады. Бұл кезде Исалар аласа Ақтың астына бірнеше ақбоз үй тіктіріп, қонақ етуге дайындық жүргізеді. Отряд Шығанақ теңіз-айналмадан өтеді.
Ояз Рукин жан-жаққа қарауылдарын қойып, отрядына демалыс береді. Бұлардың мақсаты, бағыты Адайларға толық белгілі емес, сондықтан отрядтың бір адамын қолға түсіріп, құпияны ашу қажет. Қарауылда тұратын бір солдат шылым тұтату үшін от жағады, осы сәтті пайдаланған тіл алуға шыққан Өтенұлы Ділман бір кісі жолдасымен шылым тартып отырған солдатты дыбысын шығармастан қолға алып келеді. Ол орыс екен, Форттан келген Құнанорыс руының жігіттерін тілмаш ету арқылы тұтқынмен сөйлескенде жазалаушы отрядтың бағыты Бозашы
түбегін аралау, мақсаты елден салық жинау, төлемесе қарулы күшпен жазалау екендігін анықтайды. Қару, көлік, адам саны жөніндегі мәліметтерге қанығады. Осыған сәйкесті тактикалық шаралар жасақталады. Сөйтіп, 1870 жылғы Маңғыстау шаруаларының Ресей патшасы үкіметіне қарсы көтерілісі басталып жүре берген. Төтесіне көшкенде Маңғыстау шаруалары-берілген анттың патша өкіметі тарапынан екі жүзділікпен аяқасты етілуіне өлердей өшіккен болатын.
Мұндай сұрқиялықты күтпеген олардың кеуделерінде кек қайнады. Адайлардың антқа адалдығын Сүйінғара батырдың хатшысы Исмаил Шахмарданұлы Батырханов 1830 жылы жазда Каспий экспедициясының басшысы Г. С. Карелинге жазған хатында: адайлардың антқа адал екенін көрсеткен. (бұл да сонда, 17 бет) Халық жасақтары жазалаушы отрядтың көліктерінің көпшілігін айдап кетіп, отрядты жаяу қалдырады, жаяу отрядты қамауға алады. Олар теңізге беттегенде теңіз жағы бөгеледі. Казак солдаттарын таудың басына шығуға мәжбүр етеді. Көліксіз, ассусыз қалған жазалаушы отрядтың басшысы Рукин 24 март күні түнде Маяұлы Бәймембетті Адайларды үгіттеуге жұмсайды. Ол өз лагерінен шыға бергенде атылған мылтық оғынан қаза табады. 25 март күні таңда Рукин Адайлармен келісім жүргізуге өзі шығады да, көліктерін қайырып беруді сұрайды, Фортқа қайтып кетеміз деп уәде етеді. Оның бұл қойған сұрақтарын орындауға көтерілісшілер келісім береді де, өз талаптарын жеткізеді: казактар атуын тоқтатсын, үш офицер кепілдікке (заложник) берілсін, жазалаушы отрядты көліктерін алуға Адай отрядының қосына төмен түссін, деп шарт қояды. Рукин казактарын ертіп келеді. Сол кезде Иса казактар қаруларын тастасын деп талап қояды. Рукин казактардың қарсылық етуіне қарамастан, қаруларын тастауға тәртіп береді. Казактар қылыштарын кең шалбардың (шарабар) ішіне байлап жібереді де, қалған қаруларын тастайды. Осы сәтте Исаның белгісі бойынша жасырынып дайын тұрған Адай қолы қимыл жасап, отрядты талқандайды. Бұл соғыс 4 күнді қамтиды. Осы ұрыста жүзбасы (сотник) қашып кетеді, оны Мошан қуып, Қарақуақтан жетіп басын шауып, жүзбасының өзінің қызыл көйлегіне орап алып келеді. Тілмаш Қосым Мырзабаев қашып құтылып, Фортқа барып хабар береді. Бұл жеңісті баянды ету мақсатында Иса-Досан
бастаған көтерілісшілер патша өкіметінің Маңғыстаудағы тірегі - Форт Александровск қаласына шабуыл жасап, оның төменгі бекінісін басып алады. Олар үш күн бойы бекіністі қоршауда ұстап, дамылсыз шабуыл жасайды. Осы уақыт ішінде Кавказдан граф Кутайсов бастаған әскер келіп үлгереді. Форт бастығы майор Зеленин өзінің қолжазбасында: «Бұл әскер келмегенде бекініс құлайтын еді. Бізде бұған дейін азиялықтар, оның ішінде көшпелі қазақтардың зеңбіректері бар, барлық қару түрінен оқ жаудыра алатын бекініске шабуыл жасауға батылы барады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді», - деп жазды. Көмекке келген әскер басшысы Кутайсов өзінің Дағыстан аймақтық әскер қолбасшысы генерал Меликовке жазған хатында: «Бүкіл халық көтерілді. Қару-жарағы мардымсыз болса да мұндай өжет, рухы жоғары жасақтарды бұрын соңды көрмедік. Өздерін аттың еріне байлап алған олар оқ тигеніне қарамастан алға ұмтылып, әскерлер арасында үрей туғызды», - деп ұрпақ үшін, әділдік пен азаттық үшін шайқасқан аталарымыздың ерлігіне таң қала отырып, Кавказдан көмекке тағы да әскер жіберуін сұрады. Сөйтіп, шиті мылтық, қылыш, найзамен ғана қаруланған көтерілісшілер соңғы үлгідегі винтовка, зеңбіректермен жасақталған патша әскерін бір ай бойы бекіністе тығылып отыруға мәжбүр етті. Тек 1 мамырда ғана қосымша әскер алдырған Кутайсов үш рота жаяу әскер, үш жүз атты кавалериямен бекіністен шығып Үстіртке шегінген көтерлісшілер мен тұрғын халықты жазалауға кірісті. Жайлауға беттеген барлық мал тартып алынды. Қазақ ауылдары зеңбірекпен атқыланып, жас, кәрісіне қарамастан аяусыз өлтірілді. Жазалаушы отрядтардың басынғаны соншама тіпті патша өкіметінің өзі бас-аяғы бес күнде 16 ауылды тонап, адамдарын аяусыз қырған отряд басшысы Байковты әскери сотпен соттауға мәжбүр болды.
Көтерілісшілер Хиуа бетіне ойысады. Хиуадағы жағдайдың қиындауынан Иса мен Досан өз жасақтарымен бөлініп, Досан қырға шығып кетеді де, Иса Хорезм ойында қалып қояды. 1873 жылы Хиуа хандығын Ресей патшалығы өзіне көндіріп алған кез. Иса өз ауылдастары мен 15 шамалы адам, бір тоғайдың ішінде ерулеп отырған. Иса қосынан кейініректе ағаш арасында тұрса, бір ақ есекке мінген ақсақалды жолаушы қосқа жақындап тоқтайды. Оған Исаның әйелі Сарығыз сәлем етеді. Иса анадай жерде мылтығын кезеп тұрғанда әлгі ақсақал: «Иса жат жерде шығандама, елге қайт»-дейді де, көмескіленіп, елес болып көрінбей кетеді. Ертеңіне Иса Маңғыстауға бағыт ұстап жүріп кетеді.
Иса сол бағытында Фортқа келеді. 1874 жылы Қарағантүп болысының басқарушысы (волостной управитель) болып тағайындалады. Исаның осы қызметі 1909 жылы өзі қайтыс болғанға дейін жалғасады. «Иса-Досан» көтерілісінің 140 жылдығы: қарсаңында Ақтауда шығатын «Лада-ТВ плюс» газеті оқырмандарын «Гибель отряда Рукина в 1870 году» мақала-очеркі жарияланды. Бұл очерк бұдан 110 жыл бұрын, Мәскеуде шығатын «Исторический вестник» журналында нақ осы тақырыппен жарық көріпті.
Очерк авторы патша әскерінің генерал-лейтенанты Василий Александрович Потто делінеді. Осы В. А. Потто қазақ даласын шаруалар көтерілісінің от-жалыны шарпыған тұста майор шенінде Орынбор казак училищесінің директоры болып қызмет істеген. Өмірінің соңғы жылдарында Кавказ әскери округінің штабы жанындағы әскери-тарихи бөлімді басқарған. Очерк былай басталды.
«Мне случилось путешествовать в 1871 г. по Киргизской степи ... Из сопоставления... рассказов со сведениями, добытыми мною от очевидцев, с рассказами казаков, вернувшихся из плена, наконец, с теми немногими сведениями, которые хранятся еще под толстым слоем пыли оренбургских архивов, - возникает достаточно ясная картина того, что происходило в степи в роковое время 1869 и 1870 годов».
Осыдан кейін очерк авторы В. А. Потто қазақ жеріне енгізіле бастаған уақытша «Жаңа низамның» мақсат-мәніне, оған жергілікті тұрғындардың неге наразы болғандарына сипаттама береді. «И вот в исходе 1868 года появилось так называемое, «временное положение об управлении в областях Тургайской и Уральской». Султаны – правители с их кочевыми етавками, были упразднены и отошли в область преданий. Их заменили губернаторы со всеми губернскими атрибутами: присутственными местами, вицегубернаторами, прокурорами, судьями, уездными начальниками и т. д. Естественно, что такое выборное начало, легшее краеугольным камнем в основу нового положения, в конец подрывало значение и власть степной аристократии. Вот почему новая реформа... встретила сильнейшее противодействие со стороны
привилегированных сословий. Но и простой народ отнесся к ней весьма недоверчиво. Новое положение, объявлявшие что земли, занимаемые киргизскими кочевьями, становятся землями государственными, предоставленными киргизам лишь в общественное пользование, что права самих киргизов приравниваются к правам обыкновенных сельских обывателей, - свалилось на них, как снег на голову. И народ, игнорируя те хорошие стороны «положения», которые в нем заключались, понял только одно, что подать ему придется с кибитки вместо полутора рубля два рубля семьдесят копеек.
Вооруженный мятеж в Уральской области подавлен был чрезвычайно быстро, но он долго еще продолжался в соседнем Мангишлакском приставстве, где небольшой казачий отряд подполковника Рукина был истреблен самым изменническим образом. Надо сказать что, «новое положение», вводившееся среди оренбургской степи, на первых порах совсем не коснулось адаевцев. Они жили слишком далеко, кочевали в соседстве с Хивой и Туркменией. Зато, как только вооруженный мятеж в степи был подавлен, военный губернатор Уральской области тотчас потребовал к себе, в Уральск, обоих дистаночных Мангышлакских начальников: Маяева и Калбина. Им дали инструкции и отправили обратно уже с подполковником Рукиным, которому на правах уездного начальника подчинялось все Мангышлакское приставство».
Бұдан әрі очерктегі Рукиннің өлімі, өрбіген қарулы қақтығыстар бұдан бұрын келтірілген күйінде дерлік баяндалған. Біздіңше, В. А. Поттоның бұл тарихи очеркі өз зерттеушілерін күтуде. Бұл көтерілісті зерделеп, зерттеген сол кездегі орыс әскери тарихшылары И. Линевич, П. Юдин, В. Поттолар патша өкіметінің отаршылдық саясатының шектен шыққан бағыттарын көрсете отырып, бұл оқиға жергілікті халықпен санаспай, оның салтдәстүріне қарсы ереже енгізіп, күш көрсетіп, зорлық жасауға ұмтылудан болды деп пайымдады. Сөйтіп, Бостандық сүйгіш қазақ елінің биік рухы мен қайсарлығына бағаларын берді. Тарихшылар сондай-ақ бұл көтерілістің XVIII-XIX ғасырлардағы басқа ұлт азаттық көтерілістерден өзінің бүкіл халықтық сипат алуымен, патша өкіметінің тұтастай бір отрядының жойылуымен ерекшелетінін атап көрсетті.
Ата-бабалар аруағы алдындағы парызымыз әлі мойнымыздан түсіп болған жоқ. Соның бірі – ел мен жер тарихын зерделеуде орын алып келе жатқан «ақтаңдақтар» сырының ашылмай келуі болып табылады. Өткеннің қасиетті киесін, сөздің жүйесін терең білетін дүлдүлдердің өзіне тұзақ салынып, тосқауыл қойылды. Мәселен, тегеуріні бөлек тұлпар ақын Сәттіғұл атамыздың 1939 жылы жазылған «Досан батыр» дастанын сол кездегі аудандық партия комитеті қарап, қырық жыл болыстық қызмет атқарған Исаны дәріптеп, қаһарман тұлға етіп көрсетудің социалистік реализм әдісіне мүлдем қайшы келетіндігін ескерткен. Сүйтіп, өмір шындығын қапысыз жеткізген құнарлы шығарма ажарынан айрылып, жұқарған, жүдеген күйінде 1940 жылы оқырмандар талғамына ұсынылған. Бірер сөз «Иса-Досан» дастаны жайында болғанда, оны С. Нұржанов ақсақал өз естелігінде төмендегідей келтірген. Енді соған назар аударайық.
Сәттіғұлдың әңгімесі: Мен сияқты сөз шығаратындар артына атаулы еңбек қалдырып жатыр, мен де сөйтсем қайтеді деп, біраз ойландым. Менің әкем Жанғабыл Иса-Досан көтерілісіне бастанаяқ, Досанның жерленуіне дейін қатысқан адам ғой. Сондағы көрген білгендерін бірнеше рет түгелдей айтып отыратын. Халық үшін болған улкен оқиға ғой, осыны жыр қылып қалдырайын деп шештім де «Иса-Досан» деген еңбегімді шығарып қағазға түсірдім. Біраздан кейін Райком шақырады, Иса-Досан дастанын ала келсін, деген хабар келді. Келдім. Бірнеше адамдар отырып менің дастанымды талқылады. Біраз жерден Исаны алып тастады. Маған «40 жыл болыс болған адамды соншалықты дәріптеуіңіз қате, олай етуге болмайды», - деп ескертті. Біраздан кейін тағы шақыртты. Исаға байланысты біраз жерін тағы өзгертті. Енді менің еңбекті шығарудағы мақсатым өзгеріп кетті. Сөйтіп жүргенде Гурьевте ақындар айтысы болады деп шақырды. Оған «Иса-Досанды» ала бару тапсырылды. Гурьевке келдім. Қарсы алды. Оспанов Жәмек деген жас жігіттің үйіне орналастырды. Жақсылап әңгіме айтатын шалы бар үй екен, өте жақсы болды. Бір күннен кейін Обкомге шақырып жатыр, жырыңызды ала жүріңіз деп Жәмек мені Обкомге алып келді. Бұнда да Обкомы бар, КГБ-сы бар оншақты адам отырып менің жырымды талқылап, Исаны жырдан мүлдем алып тастады. Мен қайтерімді білмей қиналып шықтым. Әрі ойлап, бері ойлап, не де болса өз еңбегім ғой, ізсіз қалмасын деп, «Досан
батыр» деп өзгертуіме тура келді. Көтерілістегі негізгі тұлға Исекем атаусыз қалды. Менің де уақытым жақындап қалды. Қабірге түскеннен кейін Исекем мені қайтер екен деген уәйім ойымнан кетпейді.
Обкомдегі соңғы Иса-Досанды талқылаудағы адамдардың ішінде газет қызметкерлері С. Хайдаров, Ж. Оспановтар (марқұм) да болған екен. С. Хайдаров былай дейді: дастан-жырдан Иса сызылып, талқылау аяқталғанда Сәтекең ақсақалдың өңі өзгеріп кетті дейді. Ал Жәмек Оспанов: талқылау бітіп, адамдар тарай бастағанда мен де Сәтекеме жақындап келіп, «жүрелік» десем үндемейді. Өзі орнына қозғала алмай отырған сияқты. Әрең дегенде тұрғызып, қолтығының астына иығымды тығып тірей құшағыма алып зорға далаға шықтық. «Кішкене отырайықшы», деді, біраз отырдық. Әрі-беріден кейін біраз демалып алғасын менің әкеме мұңын шаққандай болып болған жайтты айтып берді.
Досан Форт абақтысында қайтыс болғанда да сол шаруаның бас-аяғында Жанғабыл болған. Досанды елге апарып жерлеуге бермегенде Жанғабыл Исаға хабар беріп, Исаның келіп араласуымен Досанның мүрдесін берген. Мүрде арбамен Қаратөбеге әкеліп жерлегеннен кейін Жанғабыл Досанның туған ағасын үйіне қонаққа шақырады. Келсе Жанғабылдың әйелі жас босанып отыр. Ұл балалы болыпты. «Ал мынадай жақсылықтың үстіне келдің, маған құрдас, дос болғандықтан сен де бұл баланың әкесісің ғой, енді атын қою саған міндет», дейді Жанғабыл. Сонда қонағы: «Біздің бұған дейінгі ісіміз сәтсіз болды ғой, ендігі ісіміз сәтті болар ма екен? Ұлыңның есімі Сәттіғұл болсын», - деп ақ батасын берген екен. Бұны да Сәтекеңнің өз аузынан естідік. М. С. Турсунова аталған еңбектерінде: Досан Тәжиев өмірінің соңғы деміне дейін патша әкімшілігіне және жергілікті феодалдарға қарсы күресті. Көтерілістің бел ортасынан көрінді. Олардың ортасынан көтерілістің табанды басшылары болған. Досан Тәжіұлы, Алғи Жалмағанбетов, Ержан және Ермембет Құловтар шықты деген бағасы ешқашан ескірмек емес. (Аталған М. С. Тұрсынованың кітабы, 108, 114 беттер).
Міне, жергілікті, көзі тірі шежіреші аталардың әңгімелерінің басқа да дерек көздерінің ұзын ырғасы осындай. «Иса-Досан» көтерілісінің тарихи сомдауға белгілі қоғам қайраткері, талантты жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, танымал ғалымдар Қабиболла Сыдиықов, Хисмет Табылдиев, зерек өлкетанушылар, шежірешілер Есбол Өмірбаев, Естерек Жаманбаев, журналистер Сайын Әділханов, Әбілхайыр Спанов, т. б. тарихшылар, қаламгерлер айтулы еңбектерімен дараланды.
«Ел тәуелсіздігі үшін күрестегі Иса-Досан көтерілісінің тарихи маңызы» атты ғылыми-теориялық конференция зиялы қауым, жұртшылық өкілдері бұл тарихи проблемаға тың серпін, соны леп қосарына сенеміз. Өйткені, бұл мәртебелі форум шаруалар көтерілісінің бесігі болған 360 әулиелі Маңғыстау өлкесінде өтіп отыр. Ғылыми-теориялық конференция республикамыздың жетекші ғалымдарымыздың қатысулары форумның шырайын үстей түсті. Олар Республиканың тарих және этнология институтының директоры, профессор С. Ф. Мажитов және еліміздің жетекші ғалымдары Н. Дулатбеков, Д. Қамзабеков, Ж. Тілепов т. б. болып табылады.
Ақ ниетті маңғыстаулық шаруалардың көтерілісі – бірліктің, әділеттіліктің, теңдіктің символы болып қалған еді. Сонымен шаруалар көтерілісі қазақи феноменге, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің кәусар бұлағына айналған еді. Қазақтан шыққан алғашқы заңгер, Ресей думасының депутаты талантты ғалым және қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев ИсаДосан көтерілісін зерттеуі тегіннен-тегін емес. Бірақ сондай шұнайған заман болды емес пе, ғалым еңбектерін көзі тірісінде баспалар арқылы жарыққа шығара алмады. Ол міндетті кейінгі ұрпақ өкілдері жүзеге асыруда.
Өз топырағымызда Маңғыстау шаруаларының көтерілісін насихаттауда ақиық ақынымыз Сәттіғұл Жанғабылов «Досан батыр» жыр дастанымен өшпес із қалдырды. Иса мен Досанға арналған монументті ескерткіш кешенін дайындалып Форт-Шевченко қаласы іргесінде орнатылды. Сөз бар ма? Иса мен Досандар арман еткен ел тәуелсіздігіне қол жеткіздік. Бірақ, арман аласармақ емес. Халқымыз алар асқарлар алда. Асқаралы самғаудың алғашқы сатысы – жас, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын мызғымастай бекіту болмақ.
Тұңғыш Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен өмірге келгеніне 20 жыл толған ел тәуелсіздігінің түп негізі ата-бабаларымыздың қанында, өмір-бақи бейбітшілік жолдан таймай өткен жолында жатыр. Содан таймаған Иса Тіленбаев, Досан Тәжиев батырларымыз, олардың ержүрек серкелері рухтары алдында бас иіп тағзым етейік. Айтуған жырау атандым
Байырғыны тыңдап, бүгінгіге айттырсаң да, өзімізден немесе өзгеден сұрасаң да – Маңғыстау киелі өлке. Өзіміз мерейлене айтамыз бұл туралы, біреулер құрметтей тіл қатады, тіпті, реті келген жерінде мінеп-сынап қалатындар да жоқ емес. Мұның бәрі жақсы. Құдай елеусіз-ескерусіз қалғаннан сақтасын, ал елдің көзіне ілігу, сөзіне іліну – жақсылықтың нышаны. Демек, кәрі Каспийдің маңғаз көршісі Маңғыстау ел назарындағы жер. Өлке қарабайыр болса – бұл жерді 362 әулие мәңгілік мекен етер ме еді? Алдына бұршақ салып тіленгенге бермес тағдыр Маңғыстаудың жерін иен байлықтың қоймасы етер ме еді? Осы дәулетке жарасар сәулетті тұрмыс бұйыртар ма еді? Ел мен жердің бағын да, бабын да, даңқын да, сәні мен салтанатын да асырар саңлақ перзенттерді тудырар ма еді? Маңғыстаудың жалпақ даласын кімдер мекен етпеді, кімдер аузының суы құрып телміре тамсанбады? Бұл мекеннің бір қасиеті - өзінің діттегенінен шығып, көңіліне татымағанды төсінен «жер аудара» салатындай. Әйтпесе, бізден бұрынғы «жеті жұрт» шұрайлы жерді тәрк етіп қайда ауып кетті дерсің?! Тағдыр тарихтың алмағайып сәтінде Сауран айнала көшкен Адай еліне Маңғыстауды қоныстануды бұйыртты. Тектілігі мен тентектігі жағынан Маңғыстау табиғатына ұқсас келгендіктен бе, ел мен жер етене қабыса түсті. Бұл жақындық түбек төсінде дүлей ерлер мен сүлей ұлдарды туғызды. Ізгіліктің нұрын шашар әулие Бекет ата бастаған әруақты аталарды, ар мен намысты қорғау үшін Сүйінғара, Шотан, Шабай мен Шоғы, Иса мен Досан бастаған көк найзалы ерлерді дүреткен дала әдемі өнерді, өрнекті мәдениетті дамыту үшін бұлбұл көмей жыршы-жырауларды, балбармақ күйшілерді, ақпа-төкпе ақындарды, алты қырдан ән асырған жезтаңдай әншілерді түлетті. Қысқасы, Маңғыстаудың құнарлы топырақ-құтты құрсағы «алтын айдарлы ұлдардың» ақ бесігіне айналды. Маңғыстау табиғи ерекшелігіне, жер рельефіне орай ой мен қыр боп бөлінеді. Жер бөлінгенмен, әлгі айтылған тектілік бөлінбей, ен даланың үстін тұтастай шарпып жатыр. Түбектің қай бұрышына қарасаңыз да азулы ұлдардың, айтулы тұлғалардың көптігіне сүйсінесіз. Осы мақтаулы өлкенің ең бір шырайлы, шұрайлы өңірінің бірі - Қаратаудың сілеміне басын наздана салып,
ақбас бор тауларға еркелей көлбеп жатырған Жыңғылды ауылы. Адай жұрты Маңғыстаудан айладыр жұртын түре көшіріп, маң даланы еркін жайлай бастағанда, «барып қонысқа жайлы жер таңдап кел» деген әке бұйрығымен алқаға келген Тобыштың Шоңай атасынан тарайтын Даңұлы Құнан абыздың таңдаған жері екен бұл. Құнекемнің таным-түйсігі алдамапты – арада қанша жылдар өтсе де Жыңғылды осы әулеттің үрім-бұтағына құтты қоныс болып келеді. Егістікке қажетті су көздері бар, емдік қасиетке ие шөптердің сан алуан түрі өсетін Жыңғылды патшалық Ресей ғалымдарының көзіне қайта-қайта түсіп, оларды аталмыш өңірге 17-18 ғасырларда бірнеше рет ат басын бұруға мәжбүр етті. Академик Ахмет Жұбановтың өзі «Өнер мен үлгі-өнеге жағынан Қазақстанды кең жазира десек, Маңғыстау – оның оазисі, ал Жыңғылды – соның нақ ортасындағы гүл бағы дерсің» деп бағалаған бұл жердің төскейден малы, төрінен әні үзіліп көрген жоқ. Бұл ауылдың перзенттері Маңғыстаудың, тіпті қазақ елінің дамуына әр жылдары, әр салада айтулы үлес қосып, ел шоқтығын биіктетуге өлшеусіз тер төгіп келеді. Сонау Бейнеу ауданының Ақтөбе бетінде Тоқсанбай атты тау бар. Таудың Шоңай ауылының айбарлы азаматының атымен аталуында да үлкен мән бар. Және сол аудан аумағындағы ауқымды құмның атауында да Шоңай ауылының қатысы бар екендігін айтады кейбір деректер. Құмды картаға түсіру үшін әрекеттенген орыстың зерттеуші-ғалымдары бейтаныс жерде адасып, ішерге су таппай қатты шөліркесе керек. Маңғыстаудың ойы мен қырын бес саусағындай білетін жергілікті жігіттердің көмегіне зәрулік туындайды. Оларды бұл қиындықтан Даңұлы Сам құтқарады, жаны қарқараға келген сәтте құтқарушысындай болған адай жігітіне риза болған ғалымдар алдын ала уәдеге сай және әлгі жігіттің қызмет-құрметі үшін құмды Сам деген атаумен картаға түсірген екен дейді көненің сарыны. Бұл Маңғыстаудың қырындағы шоңайлардың аңыздай ескен әдемі тірлігінен хабар берсе, ойдағы, Ұланақ, Жыңғылдыдағы ата ұрпақтарының да олқы түскен жері жоқ. Қорыққанды желеп, тарыққанды жебеген Пір Бекет атаның замандас-досы әруақты сынықшы Бекбаулы ата, Құнан әулиені берген ауыл өмір аламанына көк сүңгісін өңгеріп, ел мен жер үшін түн қата жортып, түс қашқан Қожагелді, Рай батырларды қосты. Қарулы сансыз жау жасағына тап болған сәтте «енді маған әке-
шешем бауыр тауып бере алмас, ал өзім сау болсам, әйел де, бала да табылар» деген терең оймен туған баласын қалдыра тұрып, бірінші інісін жаудан құтқаруды ойлаған Қожагелді батырдың адамгершілігі, тумаласқа деген айрықша құрметі, сондай-ақ оған еш өкпесіз үлкен жүрекпен түсінушілік танытып, әке мен ағасын ақ жол тілеп жолға салған ұлының кемелдігі таңғаларлық. Қанша ғасырлар өтсе де мәнін жоймайтын тамаша әрекет, мазмұнды әңгіме. Әсіресе, жастарымыздың жан-дүниесін жаһанданудың жарқылы жаулап, ағайындық асыл қасиетке дақ түсе бастаған қазіргі заманда күннен-күнге жарқырай түсетін жәуһар жәйт. «Өткеннің дұрысы өнеге, бұрысы сабақ» дегендей, өміріме нәр, жолыма бағыт-бағдар аламын деген жанға өлшеусіз үлгі-өнеге. Сұңғыла ойдан суырылған сөз маржанын төгілдіріп, адалын айтып ақ сөйлейтін шешен ұлдар әулет даңқын асыра түсті. Петерборға ақ патшаның шақыруымен ел сөзін ұстап барған билердің бірі шоңай Құлыш қажы болса, алмас қылыштай кесіп айтар өткір сөздермен, қара қылды қақ жарған әділдігімен Қожық би ел ықыласына бөленді. Ал өнер туралы әңгіме қозғағанда бұл ауылдың азаматтары Маңғыстау мәдениетінің сауырлы бөлігін құрайды деуге болады. Әсіресе, үзілердей боп құлдырап барып, кенет алапат дауылға ұласқандай құйқылжыған әсем де адуынды, ойнақы да екпінді, мағына жағынан бай, көркемдік жағынан сапалы күй өнерінің тізгінін ұстаған Есір, Арал, Әлмұрат, Шамығұл деп айтулы күйшілерді тізбектей айта аламыз. Маңғыстау күйін сан мен сапа жағынан дамытқан олардың өздерінен бұрынғы күйшілердің туындыларын бүгінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы сүбелі еңбектері өз алдына үлкен әңгімеге өзек боларлық тақырып. Күйші және күйшілік туралы айтқанда алдымен ауызға ілігетіндердің бірі – Айтуған Тайұлы. Халқымыздың аталық текке қатты мән бергендігі аян. Ұрпағының ұлағатты болуы үшін текті жердің қызына құда түсетініні де сондықтан. Ал ардақты, айтса сөзі орынды, ел сыйлаған көшелі қарттың баласының мінді болуы – ар былай тұрсын, әулет, ата тек алдындағы абыройсыздық. Шоңай ата балалары бабадан жалғасқан текті шынжырды үзіп немесе оның асыл тініне кір жұқтырып көрген жоқ. Атадан баланың артып туған мысалдары азы емес. Біз әңгіме еткелі отырған Айтуған бойындағы арда өнерді әкесі Тайдан алып, оны одан әрі жетілдірген, қуатты
сипатқа ендірген жан. Маңғыстауда сирек кездесетін сыбызғы өнерінің бірден-бір шебері Тайдың қырдағы Күйкеннен сызылтқан сыбызғысы мен ара-тұра ән әуелеткен дауысы ойдағы елге естілетіндігі ел арасында аңыз боп тараған. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтындығын» ескерсек, бұл өз заманынан жеткен, Тай атаның көзін көріп, өнеріне бас иген жұрттың әңгімесі, яғни оның астарынан қандай да бір ақиқат іздеуге болады. Сыбызғыдан сөз өрбіткен сол Тайдың артында қалған үш тұяғының бірі - Айтуған өнерпаз болмағанда қайтсін? 2011 жылы ұрпақтары жыршы әрі жырау, суырып салма ақын Айтуғанның 210 жылдығын атап өтті. Шындығында, бұл тек ұрпақтардың ісі емес, жалпы жұртшылықтың шаруасы болатын және «атап өтпей» кең көлемде ұлан-асыр тойға ұластыруға молынан татитын мереке еді. Әйтсе де, шамамыз жеткен жерге шалағайлықтың әсері тие ме, әлде сәлдей қуанышын көлдей жаңалыққа айналдыра салатын базбіреулердей емес, шынайы талантын жеткілікті дәрежеде насихаттай алмайтын кертартпа құнтсыздығымыздың салдары ма - әйтеуір, Айтуған жыраудың тойы тек ұрпақтар арасында, Жыңғылды деңгейінде өткені өкінішті. Айтуған – Маңғыстау өнерінің көрнекті өкілі. Айтулы «Адайдың жеті қайқысы» мен Маңғыстаудың белгілі «Бес жүйрігінің» қатарына енбесе де, зор қабілеті, өзіндік мәнері мен нақышы, ерекшелігі бар өнерпаз.
Жиырмаға жасым келген соң, Айтуған жырау атандым. Білгенімді жыр етіп Топқа да салдым басымды
Тыңдағанды еңментіпдеуі жасынан домбырасын жалындай қолға алып, көкірегінен көрікті жолдарды төгілдірген айтқыштығын аңғартады. Оның «бес жүйріктің» қатарында болмау себебі – «тақ-тақтың түбі тақ-тұқ болар» деп айтылатын әңгімеге орай жыршыжыраулық өнерді түбегейлі кәсіп етпей, ерте жасынан доғаруында болса керек. Расында Түменнің әкесі Балтабастың ұлына айтқан осы бір сөзінің астары бар. Айтуған «Көргенім бар-ды Абылдан» деп алдында өткен ағасы Абыл жырауды үлгі етсе, бізге бұл қасірет кешегі өткен Қашаған, Сәттіғұл, Мұрын жыраулар, сондай-ақ Берекеттей ұлының артында «Қолыма алған домбыра, сен де
өзімдей аңыра» деп, «тұлыбына келіп еміренген боз інгеннің» кейпіне еріксіз енген Аралбайлардың тағдырынан мәлім. Бір қасиетті артық берсе, келесі бір тұстан тартыңқырап ұстайтын Тәңір ақпа-төкпе ақындар мен жыршы-жыраулар алдына иә, ұрпақ өрбіту, иә, біржолата өлең жолын таңдап, артына ұлдан емес, өнерден із қалдыру сынды екі жолайрық тастағандай. Осыдан кейін тумысынан бойына сөз құдіреті дарыған Айтуған жырау көкірегінен сөздің шым бұлағы ақтарылғалы тұрса да оны іркіп, аяғын тарта ұстауға мәжбүр болғандай. Бұл – бір жағы. Екінші жағы - Жарлылықтан, дүние-ай, Ініге көзді салмадым. Қатын менен балаға Кейде тамақ таба алмай Жан-жағымды қармадым. ...жоқтық деген бір пәле Соңымнан неге қалмадың?! – деп өзі айтқанындай, күнелтісі қоңырқай ақын өлеңмен нәпақа табуға болатынын білсе де, одан бас тартты. Оған жібермеген бірінші «жаманға басын иіп барғысы келмеген» намыстылығы, екінші «алмақтың да салмағы бар екендігі». Яғни, «сұрамсақ жыр өнері» бүгін алғанмен, ертең еселеп қайыруы мүмкін. Өтемі не болмақ? Айтуған жырау өзінің көзі көрген, құлағы естіген жәйттарды сараптай келе «ұрпағыма кесапаты тие ме?» деп қорқасоққандай. Әрине, бұл Айтуғаннан өзге жыраулар, ұрпақтың зарпын тартқан жоғарыда айтылған тұлғаларымыз «сұрамсақтығынан» осындай тағдырға кезікті деген емес. «Абылдан көргенім бар,
Тақ-тақтың түбі тақ-тұқ болады» дегеніне қарап, әлеуметтік жағдайы нашар болса да, той-томалақта жыр айтып, күнелтісін азмаз қалыпқа келтіруге мүмкіндігі бар бола тұра Айтуған ақсақалдың бойындағы ақтарылған өнерінің тізгінін өз қалауымен тарта ұстауын осылай жорамалдаймыз. Бірақ, көкірегін кернеген бұла өнерді іште тұншықтыру да оңай іс емес. Оның да өзіндік дерті, салмағы болады. Бұл құсалықты Айтуған жырау да бастан кешкен сынды. ...Бойыма біткен өнермен Үзілгенді жалғадым. Жаныма менің батады Алты алашты аралап
Бағамды алмай қалғаным,-деп күйінеді. Анығын айту керек, Маңғыстаудың батырлары сынды ақындары да тарихтан өз орнын, өз бағасын әлі толық алған жоқ. Дін исламның терең білгірлігі, оны сегіз мың ғаламның тылсым жұмбақтары, сонан соң күнделікті күйкі тірліктегі адамгершілік қасиеттерді үлгі ету, жамандық пен жақсылықтың, ақ пен қараның арасын айқара ашып, тыңдарманын ізгілікке шақыру бағытындағы терең философиядан, шебер ақындықтан, кемел көрегендіктен туындаған шоқтықты шығармалары қандай сынға, нендей талқыға салса да төтеп беретін сойы бөлек дүниелер. Гуманизм ұстыны еш уақытта мәнін жоймайды десек, бұл ұғымның тұнбасы, тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып саналатын жыршы-жыраулар шығармалары да шет қалмай, қайта ұрпақ тәрбиесіне дендей араласуы тиіс. Ал Айтуған Тайұлының артында қалған мұрасы аз болғанмен, айтары көп, ақындық әлеуетті аз ғана жолдармен таныта алу қиын шаруа. Өзінің осындай қабілет-қауқарын танығандықтан ол алаш баласын аралап, өнер көрсете алмағандығына опынады. Десе де, ұрпағына айтар ақылын, дүниенің парқын, байлықтың нарқын өлең жолдарына өрнектеп кете алған. Бірлік сәні ұғысқан Не шығады ұрыстан? Абырой-атақ келмейді Жағалас пен жұлыстан,-деп береке-бірлікті, татулықты уағыздаса, Еңбексіз жан кер кеткен, Еңбек қой өрге өрлеткен. Еңбекпен маңдай терлесе Тапқаны бақыт еңбектен,- деп тірліктің тұтқасы еңбекті насихаттайды. Өсек, ұйқы, жалқаулық, кесірлік тәрізді жаман әдеттерден сақтандырады Өсек айтып көпірме, Жазықсызға жекірме. Даладан келе ақырып Үй мазасын кетірме.
Үлгі қып жұрт мақтасын, Сыртыңнан кінә тақпасын. Ұйқыны күйттеп күндіз-түн Жиылмай малың жатпасын, - деген жолдарға жүктейді.
Ынтымақ пен еңбектің қадірі, қажеттігі сабақ пен тәрбиенің өн бойына өзек етіліп, балаларға оны айту, баулу, үйрету ұстаздардың міндеті болса, жоғарыдағы жолдардан Айтуған жыраудың жастарды жақсылыққа бастар ақылман ұстаздығының, оқутоқусыз-ақ тіршілікке керекті құндылықтарды танып, өзгелерге ұсына білуі де оның осал азамат болмағандығының айғағы. Айтуған Тайұлының өнеге-өсиетке, ғибратты ғақлияға толы туындысының бірі – «Өсиет термесі» деп аталады. Өскінбай Қалмамбетұлы орындаған деп айтылатын терме шайырлық шеберлікті де, азаматтық идеяны да, ағалық ақылды да, жыр иесінің парасат-пайым, таным-түсінігін де шынайы танытатын шығарма. Өнерді аз жыл жолдас еткен ол бар айтарын термелеріне түйгендей. Ақылды, сыйластықты, достықты, туыстықты өмірдің тұшымды жәйттерімен, ал араздықты, берекетсіздікті сормен, қазулы көрмен теңеу арқылы жақсылық пен жамандықтың арасын салмақтайды. Сонымен қатар, «Көңілден көңіл су ішер» дегендей, «аурудың көңілін хал сұрағанның, шерленген ердің көңілін әлдилеген сәби мен жайраңдаған жардың, аттың қайғысын қадірін білер жанның, ұлдың көңілін ата-анасы ашатындығын» айтады. Пайдалы мен пайдасызды салыстыра, салғастыра отырып, «Қадірсіз өткен өмірден Ұйқыда көрген түс артық. ...бірге жүріп өспеген, Бірін де бірі тістеген, Бір ауылға сыймаған, Сыйласпаған туғаннан Сыйлы боп өткен жат артық» немесе «Сырты құрым қараша үй, Аз да болса тамағы, Жарқырап тұрса аяғы, Ықыласты болса адамы - Ханмын деп төрде шалқайған Ордасынан хандардың Сырты қораш болғанмен, Қоңыр да болса іші артық» деп терең талдау жасайды. Термеде айтылар ойдың ақиқаттығы, мазмұндылығы сондай, сан салаға бөлініп, шеті жоқ тұжырым, жорамалдар жолымен кеп, тоқ етер қисынын ұзақ жылдарға созылған зерттеулердің нәтижесінде баяндайтын бір ғылымның, сондай-ақ ғұмыр бойғы көз майын сарп
еткен бір ғалым еңбегінің айтар түйінін қорғасындай салмақты, күмістей таза, алтындай қымбат ойлы бір-жар термемен жеткізеді. Оқу-тоқуы аз болса да көрген-білгені көп, таным-түйсігі терең бабалар-ай дейсің осындайда, өзін өнерлі ортадан сырт ұстағанының өзі мынадай сұңғыла болғанда, қаптаған дариядай талай дүлейдің пайымының парқына жету біз үшін қиын-ақ болар. Бағаларыңды бере алмай жүрген жайбасарлықтың бір шеті осында болар-ау... Біздің қарттарға айттырсаң, «Дүние – қызыл түлкі, байлық – қолдың кірі». Арда ойлы Айтуған да осыны растайды. Біреу жарлы, біреу бай, Ақылға салып қарасам, Дүниенің білдім жалғанын, - дей отырып,
Аз ғана ғұмыр ішінде Сайрандаңдар, жігіттер, Ажал да келсе бір күні
Кетеді халді меңдетіп, - деп кеңес береді. Жалған дүниенің жылтырағын жиям деп әлек болмай, өлшемі бес күн тірлікті базарлы, ажарлы, нулы-дулы өткізуді, жоқ деп жасымауды, жарлымын деп мұңаймауды ұсынады. Бұл Айтуған жыраудың ақындық дарынды, жыр өнерін ұрпақ тәрбиесіне арнағандығының, әрбіреудің өмір мәнін ұғынып, соған сай әрекет ете білуін көксегендіктен өз қабілетін тәрбие, үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланғандығының дәлелі. Ешкім міндеттемесе де, халық тәрбиесіне араласуды ар алдындағы парызы деп білген шын талант оны айналып өте алмайды, оған өздігінен-ақ айналып соғады. Көржерді өлең еткеннен гөрі жалпақ жұртқа, келер ұрпаққа пайдасы тиер тағылымды жырлар айтуды мақсат етеді. Демек, келтірілген аз ғана мысалдар Айтуған Тайұлының азаматтық биік ойын, ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарай алмаған абыздығын, ұзақ ғұмырды тек жүріп өтпей, одан көрген көп нәрсені көкірегіне түйе білген, одан ғибратты пайым жасай алған көшелілігін танытып тұр емес пе? Айтуғанның ақындық қарымын, айтпақ ойының биіктігін «Терме», «Қаз ұшар айдын көлден қиғаш қанат», «Өнерлі жігіттерге айтқаны», «Бәрінен де сол жаман», «Сәлем айт, барсаң сонау қырдағы елге», «Сөз білмейтін кейбіреу», «Не мұңдық», «Шонекеге», «Ақжан байға айтқаны» атты өлеңдері одан әрі тереңдей ұғындыра түседі.
Айтуған жырау туралы сөз қозғағанда, оның айтылмай қалмайтын бір қыры бар. Ол – мәдени мұраны бүгінге жалғаған алтын көпір болғандығы. Оған да куәлік ететін - өз өлеңдері. Осынау бес күн тірлікте Сөз жаттауға қанбадым. Қырымның қырық батыры Отыз тарау ноғайлық Бәрін түгел жаттадым, немесе Тамсанды естіген жұрт қайран қалып «Қырымның қырық батырын» жырлағанда. Бұл жолдардан ұғарымыз – Айтуғанның «Қырымның қырық батырын» жырлағандығы.
Қабиболла Сыдиықовтың деректері де бізге Сыпыра жыраудың орындауынан жеткен ноғайлы жырларын Абыл мен Айтуған жалғастырған дегенді айтады. Таңды таңға ұрып ноғайлылық жырларды жатқа соғатын Мұрын Сеңгірбекұлы да өзінің алдындағы буынды айтқанда Қалнияз, Қарасай, Нұрым, Мұратқа, одан әрі Абыл мен Айтуғанға сілтеме жасайды екен. Әдебиеттің ауызша тараған дәуірі ғой, оның қиындығынан тұтымды жад, өнерге деген жанашырлық пен құнт құтқаратын. Айтуған жырау да өзінің білгені өзімен кетпей, ұрпақтың қажетіне жарауы қажет екендігін жан-жүрегімен сезінді. Бабаларының жәуһар жырын болашаққа табыстауға міндетті екенін ұғынды. Шәкірт тәрбиелеп, жыр жаттатуға тырысты.
Өнер алды - қызыл тіл, Ән менен күй жолдасы. Жасымнан соған ергенмін. Үйретпей кетер өнерді Қызғаншақ жырау мен бе едім?- деп, өзінде бар мұраны жастарға үйретуге білек сыбана кіріседі. Бүгін бар бұл өмір де күні ертең жоқ, Ноғайлықты түгел алып қалыңыздар,-деуі замандас інілеріне тапсырма бергендей, тіпті өтінішпен үн қатқандай да әсер береді. Бойымдағы барымды Артымдағы ініге Қалдырайын деп едім. «Отыз түрлі ноғайлық», «Қырымның қырық батырын», Қабылдайтын қайсың бар Үйретейін деп едім, - дей келе, «опасыз мына дүние-ай!» деп аһ ұрған жанның жанайқайы байқалатындай.
Жыршы – орындаушы, жырау – автор әрі орындаушы десек, Айтуған жыршы әрі жырау. Сөзін өзі шығарып, өзі орындайтын ол суырып-салма ақын. Оқиғаға орай қолма-қол шығарған өлеңдері қазір ел аузында. Домбырасын қанжығасына бөктеріп, өнер қуып ел аралап жүрмеген Айтуған жыраудың бізге жеткен мұралары көп емес. Өлеңнің саны емес сапасы маңызды. Демек, санаулы туындысының өзі оның ақындығын, шеберлігін, сана-сезімін танытып, әлеуметтік ахуалынан хабар беріп тұрады. Жақсы мен жаманды айыруға көмек беретін оқулық-құрал сынды. Айтуған жыраудың шығармалары Ізбасар Шыртанов, Қабиболла Сыдиықов тәрізді өнертанушы, өлкетанушы ғалымдардың қаламына ілікті. Халық арасында сақталған шығармалары хатталып, қағазға түсті. Оның есімі Нұрым, Қашаған, Аралбай, Ақтан, Сүгір, Сәттіғұл, Түмендермен қатар атала бастады. Бұл да шүкір етер тірлік.
Шоңайда жүйрік көп еді, Ел билеген басқарып.
Екіталай болғанда Қалмаған кейін жасқанып,- деп өзі ризашылықпен сүйсіне сөз еткен Шоңайынан, Жыңғылдысынан Айтуғаннан соң да талай жақсыжайсаңдар өмірге келді. Есір мен Арал, Шамғұл, Елбай, Әлқуат, Атанғұл күй-керуен мен жыр-көшінің көшбасында болды. Мықты жадтың иесі, көкірегі шежіре-сырдың сандығы Алшын Меңдалиев - өз алдына бір шың. Бабалар салған жолды жоғалтпауға, олар шыққан биікті аласартпауға өздерін парыздар санады ма – кейінгі буынның да өзіне жарасар жетістігі мол. Заманның талабына сай білім алып, алқалы орталарда топ жарып тұлғалана білді. Өнерлі ортада атын оздырып, елді аузына қаратты. Жыңғылды маңындағы Қаратаудай, оның биік шоқысы әйгілі Отпан таудай еңселі ұлдар – елдің ортақ ұлдарына айналды, таудың киесін бойына сіңіріп өскендіктен кезеңінде, өз орталарында таутұлғалардай ерекшелене білді. Марқұм Ізбасар Шыртанов жырнөсер атанса, Күріш Тасболат ән-құдірет атанды. Білім беру ісінде Торғай Шоңқалов, Базархан Сүйеуов, Бақыт Балов, Кенжеғұл Исабергенов ұстаздық қызметтің білікті жүйріктері атанды.
Шәкірттері жоғары деңгейдегі жарыстарда жүлде алып, олар сабақ берген немесе басшылық еткен мектептер республикаға танылды. Бұл азаматтардың ізін басып, ісін жалғастырар бір топ алғыр жастар түйдек-түйдек боп қатарға қосылды. Маңғыстау тарихында мектепті тұңғыш «Алтын белгімен» бітірген Абылан Дүйсенбаев Алматыда, ғылым саласында жемісті еңбек етті. Бүгінгі таңда облыстың мақтаулы, тәжірибелі оқытушылары қатарында Жиде Баулыбаеваның, Бақтылы Себепбаеваның, Алтын Таушанованың, Нағима Қалшабекқызының есімдері құрметпен аталады. Кеңестік дәуірде ел басқару ісіне, ауылшаруашылығын және өндірісті өркендетуге атсалысып, сүбелі үлес қосқан айтулы азаматтар шықты. Бүгінде 90 жастағы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер Таушан Қорбақов, КСРО Жоғарғы Кеңестің Халық депутаты, 1987-1992 жж. «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры, мұнай саласының ардагері Нұрлыхан Бекбосынов, соғыс ардагері, іскер басшы болған, өнерпаз қарт, Айтуған жыраудың ұрпағы Өтежан Алшымбаев, оның ұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаевтар әулеттің абыройын еселей түсті. Ақын Айсырға Қилыбаева - бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын-журналист Мұрат Базарханұлы мен ақын-журналист, прозашы Үміт Жәлеке облыс баспасөз саласында жемісті еңбек етіп келеді. Бұл буынның соңын ала жалынды жастардың өсіп келе жатырғаны анық.
Бұрынғылардың сынығы, кешегінің көшбастары болған Айтуған Тайұлы – бүгінгінің темірқазығы, мақтанышы. 2001 жылы 200 жылдығын тойлаған ұрпақтары 2011 жылы Айтуған атаның 210 жылдығын ұйымшылдықпен өткерді. Сартөбедегі ата басын қарайтып, Жыңғылдыдағы Есір Айшуақұлы атындағы орта мектепте ауқымды ашық сабақ өткізіліп, оқушылар Айтуған Тайұлының шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды, өздерінің балаң жырларын атаға арнады. Енді міне, Айтуған жыраудың мұраларын, ол туралы баспасөз беттерінде жарық көрген мәліметтерді, ғалымдардың зерттеулерін жинақтап, кітап етіп жарыққа шығармақ.
Айтуған Тайұлы «Аулыңнан жақсы шықса, көңілің тоқ» дегеніндей, жыраудың үміті мен сенімін ақтар ұрпақтар ісі – ата рухы алдындағы сауап, келешекке үлгі. Қалнияз жырау Шопықұлын білеміз бе? Дана халқымыз айтқандай, «Өнер алды – қызыл тіл». Ел-жұрт 360 әулиелі Маңғыстауды «өнерлі өлке» деп таныған. Өнердің де өлең өлкесінде көсіле шапқан дүл-дүлдердің бірі Қалнияз жырау екенін екінің бірі біле бермейтін сияқты. Туған халқының алдында қандай еңбегімен даңқы шыққан? Қай кезде өмір сүрген тұлға? – сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Бұның себебін екі ауыз сөзбен бітіру мүмкін емес.
Енді алғашқы сөзді тарих, филология, философия т.б. ғалымдар салалары ғалымдарына ақын, жазушыларға, журналистерге берейік. Себебі, олардың сөз-пайымдары дәйекті және ұнанымдылығымен баурап алады. Қабиболла Сыдиықовты (марқұм) Қазақстанда, соның ішінде Маңғыстауда білмейтін қаламгер жоқ десек, ағаттық болмас. Жазушы, ақын, зерттеуші Қабиболланың шығармалары үш том кітап дүниесі ретінде 2007 жылы Алматының «Нұрлы Әлем» баспасынан жарық көрді. Үш томдықта ғалым аға, Қалнияз жырауға лайықты орын берген. Қабиболлаша айтқанда, ХІХ ғасырда жорық жыршысы атанған жауынгер ақындардың бірі – Қалнияз. Қалнияздың әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендейді. Кейін Маңғыстауға беттеп, Қарақұм, Үстірт жерлерінде Мұңат, Тілеп деген байлардың жалшысы болады. Міне, Қалнияз осы өңірде, Бейнеу ауданы Сам мекені аумағында (1816 ж.) дүниеге келген. Қалнияз өз дәуіріндегі Хиуа хандары басқыншыларына қарсы күрескен Балуанияз бен Қармыс, Төлеп пен Амантұрлы, Қожалақ пен Қарақұл, Сүгір мен Тұрманбет, Балта мен Дәуіт батырлар бастаған жорықтардың көбіне қатысқан, жауынгерлерді өлең толғауларымен ерлікке үндеген. Басқаша айтқанда Қалнияз бес қаруы бойында ел қорғауға қатысқан жауынгер ақын болған. «Қазақ әдебиеті» газеті:
«Ол қоржынының бір басы сұқпалы домбырасын, бір басына садақ жебесін толтырып ала жүреді екен», деп көрсетуі (9 маусым, 1982 ж.) тегін емес. 1868 жылы Ресей патшасы Үкіметінің «Уақытша ережесіне» Маңғыстау қазақтары наразылық көрсеткені тарихтан мәлім. Бұл оқиғаны тарихшылар «шаруалар көтерілісі» деп атаған. Тәжіұлы Досан, Тіленбайұлы Иса бастаған бұл көтерілісті патша үкіметі 2-3 жылда аяусыз басты. Жергілікті қазақтар көрші елдерге ығысуға
мәжбүр болды. Қалнияз да 1870 жылдары біраз ауылдармен бірге Хорезм өңіріне ауған. Бұл өңірде де жағдайлары оңалмай 1870-1885 жылдары бұл көш Ауғаныстанның Гөрібағлан деген жеріне өтеді. Бірақ, жергілікті ауған әкімдерінің талауларына көне алмай, маңғыстаулықтар ел азаматтарының күшімен ұрыса көшіп, қайтадан тәжік жеріне, Бұқар жеріне қарасты аймаққа оралған. Вахш, Қорғантөбе, Пәнді сияқты қоныстарды мекендейді. Содан Қалнияз жырау 1902 жылы, 86 жасында тәжік жерінде дүние салған.
Қалнияздың Құлшар, Қожа, Бимағанбет, Қортан (Тұрмағанбет) атты балалары болған. Солардың ішінде Қортан мен Қожа әке жолын қуып, ақын, жыршылық өнерімен тәжік жеріндегі қазақтарға танымал бопты. Қалниязды жорық ақыны дедік. Кейінгі зерттеулерге қарағанда ол сонымен бірге айтулы әнші, әрі күйші болған. Қалнияздың үніндей үн, даусындай дауыс болмағанын Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны Төленбай Қарасаев кезінде дерек келтірген екен. Тәжікстан, Қарақалпақстан жерлерін мекендейтін Қалнияздың ұрпақтары арасында ата дәстүрін жалғастырушы жыршы, домбырашылар аз емес.
-Былайша алғанда Қалнияз жырау кәдімгі сегіз қырлы бір сырлы сабаздың нақ өзі болған сияқты.
Жыраудың шығармалары, туындылары ақын, жыршылар айтуымен Қазақстан Республикасының Батыс өңіріне ХІХ ғасырдың екінші жартысында кең тараған. Ол кезеңде қазіргідей бұқаралық ақпарат құралдарын өңің тұрмақ түсіңде де көру жоқ. Дегенмен, ел-жұртымыз қамсыз қалмаған. Қалнияздың жырлары тұңғыш рет баспаханадан басылып шықты. Бұл ақ-жолтай оқиға 1908 жылы Қазан қаласында дүниеге келді. Жыраудың бүгінгі таңда аталып жүрген «Балуанияз» дастаны жарыққа шықты. Бұл дастан Мұрат ақынның «Ғұмар Қазыоғлына айтқаны» жинағында берілген болатын. Анығы сол – жорық ақынының «Балуанияз» дастаны баспа бетіне тұңғыш рет бұдан 105 жыл бұрын жарық көрді. Өкініштісі сол, дастанның авторы көрсетілмеген болатын.
Ал 1926 жылы Ташкентте «Аламан» антологиясы басылып шықты. Осы «Аламан» топтамасына Қалнияз ақынның «Ер Қармыс» жыры, «Жаскілең ақынмен айтысы» енгізілген еді. Сөйтіп, бұл дүниелері баспа өнімі арқылы бірінші рет оқырман жүздесті. Бірақ, «Балуанияз» дастаны 1908 жылы Қазан қаласынан жарық көрген «Мұрат ақынның Ғұмар Қазыоғлына айтқаны» жинағында, «Балуанияз Нұрымның Әтембекке айтқаны» толғауына жалғас берілген. Кімнің шығармасы екені көрсетілмеген. 1926 жылы Ташкентте жарияланған (Х.Досмұхамедов құрастырған) «Аламан» антологиясында да авторсыз беріледі».
Марқұм Қабиболла Сыдиықов қашанда әділдікке жақ емес пе, осы тұста туралыққа басып, алғаш баспа бетін көрген «Балуанияз» дастаны авторынан ажырап қалғанын, басқа авторларға телінгенін зерттеген, анықтаған. Осылайша, ғалым Қабиболла кеңестік дәуірде «Балуанияз» дастанының авторын анықтауда дәлсіздік, қателік кеткенін ашық жариялайды. Бұл да ел Тәуелсіздігінің нұрлы шапағаты екенінде дау жоқ. Бүгін де Маңғыстаудың жорық ақыны Қалнияз Шопықұлын туған халқына, жалпы адамзатқа таныту-заман талабы болып тұр. Осы талаптан жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қалыс қалған емес, ілгергі сапта болуымен даралануда. Айталық, «Үш Қиян» басылымы (01.04.2004) газеті «Балуанияз батырдың жорығына арнау сөздер» деген тақырыппен тұтас бір беттік материал арнап, Қалнияз Шопықұлының әйгілі дастанын толықтырып, қайта басып шығаруын оқырмандар құптаумен қарсы алды. Себебі, халқымыз бұл шығарманың авторы Қ.Шопықұлы екеніне анық көз жеткізді. Екіншіден, «Үш Қияндағы» нұсқасында қалып қойған жолдары толықтырылған, ауысып кеткен жолдары орын-орындарына қойылған еді. Үшіншіден, жекелеген сөз тіркестері, әсіресе, адам, жер-су аттары жөнделіп, түзетіліп берілді және соңына оларға қысқаша түсінік жалғанды. Осының нәтижесінде «Балуанияз батырдың жорығына арнау сөз» дастаны бүгін таңдағы барлық басылымдар үшін негізге айналды. Дастанның көркемдік деңгейі ұтып шықты. Көршілес Хиуа хандығы, қазақ және түрікпен, қарақалпақ елдері араларында болған тарихи оқиғаның осы шығармада заттық дәлелдер арқылы суреттелгенін барша жұрт мойындады. Демек, Қалнияз жырау Шопықұлы көркемсөздің шынайы суреткері.
Иә, еліміз тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен 21 жылдың бедерінде ұлы бабаларымыздың рухани мұраларын қалпына келтіріп, оларды жас ұрпақ бойында ұлттық рухымызды тәрбиелеуде ұшан-теңіз қоғамдық мемлекеттік шаруа атқарылды. Тек Қалнияз жырау Шопықұлының өмірі, мәдени мұралары жөнінде ондаған ғылыми зерттеулер баспалардан шыға бастады. Осындай мәнді туындылар санынан «Көне күннің жыр күмбезі» (А., 2007, «Жазушы» баспасы) атты кітабы лайықты орын алған. Туындының авторы, филология ғылымының докторы Бибиғайша Нұрдәулетова. Жоғарыда аталған кітапта Бибиғайша зерделі ғалым Қ.Сыдиықов сияқты, Қалнияз жыраудың өмір тарихын, шығармашылық өріс қуатын жан-жақты ашып көрсетуге күш салған. Ғанибет тұтарымыз сол профессор Б.Нұрдәулетова бұндай жауапты, игілікті шаруаға бұған дейінгі сартап болған жолға салынушылықтан аулақ тұрған. Өзіндік көзқарасымен жорық ақыны Қалниязға шынайы тарихи, әдеби және халықтық баға берудің нышанын паш еткен. Сөйтіп, Қ.Шопықұлының жорықшыл ақын ретіндегі ұлы тұлғасын сомдауда өзіндік қырымен көрінгені даусыз. «Өзге де атақты ақын-жыраулардан Қалнияздың өзгешелігі, көбінесе, жауынгер жорықшыл ақын ретінде әйгіленеді. Сондықтан да оның шығармаларының дені ерлікті, батырлықты мадақтау түріндегі өршіл рухта Махамбет Өтемісұлы жырларындай уытты, жігерлі болып келеді» деген жолдар жаңағы айтылған түйінді қостап тұрғандай. Бүгінгі оқырмандарымызға Қ.Шопықұлының: «Қармыс батыр», «Балуанияз» жыр-дастандары, «Қожалақ батырға айтқаны», «Есен, Сүгірге айтқаны», «Дәуіт батырға айтқаны», «Асар сұпыға айтқаны», «Амантұрлының өлімін естіртуі» сияқты туындыларының бәрінде батырлардың ерлік істері дәріптеленетіні, өмір мен өлім айқасы толғанатыны жақсы таныс және түсінікті. Мәселен, Қожалаққа, Есен, Сүгірге, Дәуітке айтқаны делінген сөздерінің бәрінде де батырларға күш-қуат, жігер берерлік ұранды сөздер көрініс тапқан. Халықта: «Малшымен жолдас болсаң жайлауын айтады, ұстамен жолдас болсаң ұстара мен қайрағын айтады, батырмен жолдас болсаң жауға салған ойнағын айтады» делінген аталы сөз бар. Сол айтқан, Қалнияздың өзі де ер көңілді адам болғандықтан, көбінесе ерлік жолын мадақтаса керек.
Профессор Б.И.Нұрдәулетова Қалнияз жыраудан жеткен әр жол өлеңін шұқшия зерттеген. Жалғыз мысал: Адайда айтқыш кім өтті Өгізбай мен Абылдан? Тілі тәтті, сөзі бал Жаманадай Нұрымнан, Аралбай, Ақтан термесі, Күлдіргі сөзді Қалымнан –
Алқаға түсіп танылған...,- деген Қалнияз жыраудың өлеңдері Маңғыстауға ғана емес, Батыс Қазақстан өлкесі, одан асып көршілес Өзбек, Түрікмен, Қарақалпақ елдеріндегі қазақтарға оның көзі тірісінде-ақ таралған еді. Алайда, осындағы Қалым атты сөз өнері иесінің кім болғаны соңғы кезге дейін көпшілік білмеді. Міне, осы жайды ескерген ғалым жаңа деректерді алға тартады. Оның көрсетуінше, ауызекі деректерге қарағанда Қалым Тұманұлы шамамен 1825 жылдары Маңғыстауда туған, өлген жылы белгісіз. Қарақалпақстанда қоныстанған халыққа кеңінен танымал болған. Бірақ, шығармашылық мұралары жиналмай кейінгі ұрпақтан шет қалған. Әзірше, Қалымның «Көкбуйра» атпен айтысы аталып кеткен шығармасы бізге жеткен. Қалай дегенмен, Қалымның да Абыл, Нұрым, Қашаған, Қалнияз, Өгізбай тағы басқа ақын-жыраулар ортасынан табылған талант иесі екені нық көрсетілген. Облыстық «Маңғыстау» газетінде соңғы 20 жылдың ішінде Қалнияз жырау Шопықұлы тақырыбын үзбей жариялауды дәстүрге айналдырды. Бірер мысал. Басылымның арнаулы беті: «Қош аман бол, қалған жер» («Маңғыстау», 5 желтоқсан, 2005 ж.) деп аталыпты. Бет Қ.Шопықұлының 2000 жылдың басына дейін халқына беймағлұмдау болып келген толғауларынан тұрады. Және осы топтама ақын, жазушы Өмірзақ Қалбаевтың жинап, ұсынған дүниесі еді. Әдеби мұрасының қайсы бір тарауында болмасын кісі аттарын көбірек атап, тілге салатын белгілі ақынымыз Шалбар Қалнияз. Оның бізге жеткен шығармаларында аталатын 80-ге жуық есімдердің бәрі дерлік жай кісілер емес. Кезінде өмірде болған, қайсы бірі халық үшін жан пида еткен танымал тарихи тұлғалар. Саралап ой жүгірткен кісіге олардың әр бірінен өткен өмір жайлы
тарих іздерін байқауға да болғандай. Дегенмен, солай да болса әліге дейін ақынның әдеби мұрасы жөнінде қалам тартып, оны келер ұрпаққа таныстыру жайлы ой түрткі бола алмай жүргеніміз өкінішті-ақ,- деп өткен ғасырдың 90 жылдары басында Өмірзақ Қалыбаев жазған еді. Оқырмандарымыздың біразы Қалнияз ақынды «Ақ берен» (1972 ж.), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985 ж.), ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» (1988 ж.) сияқты кітаптардан ғана аздап танысқаны болмаса, оның шығармасы жөнінде толық білмейді де. Өйткені ақынның әдеби мұрасы жайлы ол кезде әдебиетші ғалымдарымыз тарапынан бірде-бір арнаулы зерттеу еңбек жазылмады да. Өмірзақ Қалбаев жорық жыршысы Қ.Шопықұлының әдеби мұрасын ұзақ жыл Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларынан тынымсыз іздеп жүріп жинаған. Еңбегі еш кетпеді. Ө.Қалбаев ақын жазушының осы топтамасын оның бір кітабының негізін салған еді. Жарықтық, Қалнияздай ақынға сөз бар ма? Осы топтамадан үзінді келтірейік:
Биік қылып сөйлейтін, Асқардың ала тауындай. Нөсерлетіп сөйлейтін, Селдете құйған жауындай. Тәтті қылып сөйлейтін, Жаңа піскен қауындай. Таза қылып сөйлейтін, Бұлақтың мөлдір суындай. Жылы қылып сөйлейтін, Жіліктің аққан майындай. Қылтыңдатып сөйлейтін, Қысырдың емген тайындай. Жылтыңдатып сөйлейтін, Сары алтынның буындай.
«Құлақтан кіріп бойды алған» не деген теңеулер? Қазақтан басқа еш бір ұлтта дәл осындай образды теңеулерді кездестіру мүмкін емес болар. Өйткені, осы теңеулер арқылы тек қазақ халқының бейнесін сомдауға, қорғасын салт санасын құйып тастауға болар. Осы ақиқатты елден ерен ұққан Өмірзақ Қалбаевтай әдебиетші ағамыз рухы алдында қарыздармыз. Иә, осындай ақпа-төкпе дарын талантына, аруағына ер көңілді қазағымыз табынған. Қалнияз жырау халықтың ықылас ниеті алдында бас иіп, елі үшін белінде бес қаруы, қызыл тілдің жауһар
жырларымен соңғы деміне дейін қызмет еткен. Қазақтың өзге халықтармен терезесі тең тәуелсіз өмір сүріп, дамуын армандаған. Қазақ халқы ғасырларға созылған уақыт белесін бастан кешіп, асыл арманы егемендікке жетті. Қалнияз жырау Шопықұлы және оның замандастары ел тәуелсіздігі дәуірін көре алмады. Бірақ ел Тәуелсіздігі таңын жақындату үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеді, азаматтық борышына адал болып өтті. Ұлттық рухымыздың саф алтындай таза күйінде кейінгі ұрпақтарына табыстай білді. Осы бір ақиқатты ешқашан естен шығармау бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті борышы. Ендеше ұлы бабалар аруағы жар болсын!
- *
Тақырыбымызға қайта оралсақ. Қазақтың даласы қандай кең болса, Қалнияз ақын Шопықұлы туралы айтылған, жазылған, айтылар және жазылар сөздің айдын, шалқары да сондай кең, ұшықиырына көз жетпейді. Ол дала, ол кеңістік түпсіз ойға, шексіз сөзге жетелейді. Бұның бәрі сәтімен, ретімен халқымыздың берекебірлігі мол жаңа дәуірі үшін асқаралы белестерге бастай берері хақ. Дүлдүл дарын Нұрым Шыршығұлұлы (1831-1908) Еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылған елдің егемендік алғаннан кейін де арманы көп. Соның бірі рухани игіліктер қоржынында ұзақ жылдар қозғалыссыз жатқан байлықтарымызды саралап, сайлап, халқымыздың игілігіне қайыру.
Қазақ халқының сондай дара тұлғаларының бірі – атақты ақын, жырау, айтыскер Нұрым Шыршығұлұлы. Ол әрқашанда елдікке, бірлікке үндеген, үлкен адамгершілік, имандылықты насихаттаған, елін жауынан қорғаған батырларды дәріптеген. Нұрым өзі туралы: Хас жүйріктің белгісі, Дуды көрсе жұлқынған, Айтулы жүйрік мен едім, Салдырмай қамшы ұмтылған, – деген екен. Бүгінгі біздің қолымыздағы азғантай ғана ақын мұрасы оның айдын талантының халық жадында сақталған шағын бөлігі ғана.
Ақынның халық арасында тарап кеткен шығармаларын жинап, оларды ұрпақ тәрбиесінде пайдалану мақсатында жақында ғылымипрактикалық конференция өткізілді. Бұл іске кіріскенде біздің ойымызда «су ішкен кезде оның шыққан көзін, қайнарын есіңе ал» - деген шығыс даналығы тұрды.
Нұрым ақын Адай атаның Құдайке-Қосай-Сүйіндік (Жаманадай) – Мырза тарауларынан шығатыны белгілі. Шежіреші қарт Қарауылбек Оңғарбаевтың айтуы бойынша Адайдың Жаманадай, оның Мырза деген руынан шыққан. Мырзаның үш баласы – Айтуған, Балтабай, Келдібай болған. Айтуғаннан – Шынтемір, Беке, Қалқаман, Көпе туады да Шынтемірден – ТілемісШегір, Шыршығұл дүниеге келген. Шыршығұлдың ұлдары Нұрым, Жолым, Ишанбек, Бекарыстан, Алпан. Әкесі момын, өз еңбегімен күнелткен шаруа адамы болған. Ағайын-туыстары Маңғыстаудағы Қауынды, Қорғанбай, Өзен, Талақ, Мырзайыр, Басқұдық, Сенек алқабын мекен еткен. Қарауылбек ақсақал Нұрым 1831 жылы Маңғыстау ойында Қауындының оты қалың, шөбі шүйгін Итемер құмағында отырған қоңыр күзде дүниеге келіп, Сенекте Амантай ишан мешітінде білім алды. Қазақ және түрікпен елдерін жас шағында аралап, халық ақындарының дәстүрлі мектебінен өткен.
Хиуа секілді өз кезінің мәдениет орталығында болып, мұсылманша оқыған. Ақын жастайынан ел аралап, өлең-жыр айтумен ерте шұғылданған. Маңғыстау ауданының Жармыш елді мекенінде тұратын мәдениет қызметкері, жыршы Шәмшадин Сабытаев «Маңғыстау» газетінің 1991 жылғы 11 желтоқсанындағы санында «Нұрым 1831 жылы қазіргі «Қызылөзен» түйе кеңшарына қарасты Қауынды жерінде кедей шаруа шаңырағына дүниеге келген», - дейді. Екі бірдей ыждаһатты зерттеушінің де ойы бір жерден шығып тұр. Ал ертеректе қағазға түскен мәліметтер бойынша әдебиет зерттеушісі Қабиболла Сыдиықов Нұрым Шыршығұлұлын Тайсойғанда туды дейді. Бұл пікірталасты ғалымдардың үлесіне қалдырып, бүгінгі әңгімеміздің мәні Нұрым сияқты біртуар ұлы тұлғаны халық арасындағы кең тараған белгілі, белгісіз туындыларымен, тың мәліметтермен сомдай түсу. Біздің қолымыздағы Нұрым Шыршығұлұлы туралы мәліметтер шектеулі. Көп жағдайда Қ.Сыдиықов еңбектеріне, ауыздан-ауызға таралған халық арасындағы әңгімелерге сүйенеміз. Мұрын жыраудың деректеріне қарағанда «Нұрым денелі, шоқша сақалды, жазық маңдай, қыр мұрын, қияқ мұртты кісі. Жиын, тойда домбырасын алып, суырып салып қоя беретін, салмақпен төкпелеп айтатын» ақын болған.
Біраз жерлестеріміз Нұрым бейнесін дүниеге келтірді. Ақын бейнесін – жыңғылдылық оқытушы Марат Телемгенов салған кезде сол Мұрын жыраудың әңгімелері ескерілді. Абыл ақын «Өлең жылқы секілді еді, шын жүйрік саулағанда жанға щалдырмайтын... сөздің мәнісін жыршы біледі. Сен бізден кейін елге жыршы боларсың» деп Нұрымға батасын берген.
Біздер көзі қарақты, құймақұлақ қарттардан естіген мәліметтер бойынша Қауынды маңында Нұрымның әкесі – Шыршығұл атаның жерленген орны бар деген әңгімені естігенбіз. Бірақ «мен білемін», «мен көрдім» деп нақтылы ешкім айта қойған жоқ. Біздің шамалауымыз бойынша бұл бұрынғы «Қызылөзен» кеңшарының жері болса керек. Кеңшардың басшы азаматтарымен бірге, бір білсе білетін азамат Қожабай Құлжаев болар деп атақты малшының ауылына келгенбіз. Қожабай ақсақал біраз ойланып әңгімесін бастады: -Бұдан біраз жылдар бұрын Жанжігіт Көбешов деген кәріқұлақ ағамыз, шырағым, Қожабай, біле жүргенің дұрыс болар кезінде керек болады, мынау Шыршығұл деген атаңның тамы деп
көрсетіп еді, -деді. –Содан кейінде ондаған жылдар өтті, бірақ ол кісіні сұраушы болмады. Біздер де шаруа қамымен кеттік қой. Таба алсақ іздеп көрейік – деп Қожабай ақсақал інісі Сайлау Ұзақовты ертіп жолға шықты. Маңғыстаудың белгілі терең ойпаттарының бірі Қауынды-Қорғанбай сағымданып көз тартады. Одан әрі Итемердің құмағы, Сұр шоқы көзге шалынады. Халқымыздың тарихи, дәстүр-салтына ойлы көзбен қарайтын азамат Махмуд Бекжанов «Қауынды» деген атау біраз бұрмаланып, қате аталған, дұрысы « Қауымды» болуы керек,-дейді. Себебі, ұлы жолдардың бойында – Маңғыстаудан Бесқалаға, Шағадамға т.б. бағыттағы жолаушылардың арагідік тоқтап өтетін орны, көш-керуеннің белін босатып, көлігін суарып, дамылдап алып жолын әрі жалғар құдық осы. Құдық басындағы ескілікті қорым жөн сұрап, жол сілтеушіге «қайдан шықтың», «қайда барасың» деп сұраған жолаушыға жөн сілтейтін. «Қауымды» құдығын, не басында қауымы бар құдықтан шықтым деп айтыла келе «Қауымды» атауы қалыптасқан. Біз Қауымды ернеуін жағалай келіп Қорғанбайға қарай ауысқанда қара ағашты ескі жұртқа тап болдық. Қатпар-қабақты саланы ықтасын ете орналасқан ауыл оншақты шақырымдай жерден Қорғанбайдың құдығы мен бұлағынан малын суарып, суық қыста малын ұядай жылы Қауымды-Қорғанбай ойына құлатып, шаруасын жайлаған сияқты. Ескі жұртқа таяу жерде есік қорым бар екен. Қабақтың жұқа тастарынан қаланған бейіттер мүк басып ғасырдан астам уақыт ішінде жермен жексен боп кеткен. Төңірегінде зираттардың тұрпаты-тұрқы бойынша бірнеше бала жерленген. Қожабай ақсақал: -Шыршығұл атамыз осы, -деді. Жанындағы жас баланың бас жағында адай таңбасы қойылған. Ақсақалдың өз басындағы белгі жел, жаңбыр мүжіп бұзылайын деген екен. Азаматтардың пайымдауы бойынша біздің халқымыз ескі жұрттың үстіне келіп қонбайды және көне корымның түбіне жақын қоныстанбайды. Басқа еске жұрттың болмауы мұның Шыршығұл атамыздың мекені екенін дәлелдей түседі. Олай болса Нұрым ақын әкесі Шыршығұлды алыстан іздеп келіп, бақұлдасып:
Іздеген атам Шыршығұл Дүйсенбі күні дүниеден Сапар шекті жылқы жыл. Ауырды атам жеті күн, Айырды құдай несібін...- деп жыр төгіп, әкесімен қоштасқан жұрты да осы екен. Халқымыздың дәстүрі бойынша қазаға ұшырап қаралы болған үйдің адамдарын көңіл-жетер ағайын-туыс, жора-жолдастары арнайы қонақасыға шақырып көңілін аулайтын салт бар. Нұрым ұзақ жылдар жоғарыда Тайсойған, Бүйрек жағында болып түбі туыстас болғанмен жас жігіттер қоныстың шалғай болуына байланысты Нұрекеңді танымай, бірінен бірі мына кісі кім?-деп күбірлесіп жатқанда Нұрым былай депті: Жайықта бір ағаш бар еркіндеген, Жігітке неге керек теңсінбеген?
Дүниеде жаман қорлық мынау екен – Танымай өз ағасын кімсің деген. Халқымыздың қан қақсатқан, дүйім ел кіндік қаны тамған отанын, ошағын тастап безіп кетуге мәжбүр еткен талай жұтнәубеттерді басынан кешкен. Солардың бірі 1879 жылғы қоянның жұты. Біздің аға ұрпақтың жадында 1927 жылғы қоянның жұты да сақталған. Жоғарғы айтылған қоян да қатыгез, қаттылығы жөнінде одан кем болмаған. Мұрат Мөңкеұлының жырында айтылғандай, біраз ел осы қоянның зарпына шыдай алмай амалсыздан қоныс аударған. Шежіреші қариялардың айтуына қарағанда, Нұрымның әкесі Шыршығұл сол жұт жылдары Қауынды-Қорғанбайға келіп мекендеген.
Халқымыздың ардагер өнерлі ұлы Нұрым халықтың қамымен, ел арасын біріктіру шаруаларымен біраз уақыт Арқада жүріп қалады. Сөз өнерінің дүлдүлі, арғы-бергі тарихты мол білген, ақпатөкпе ақиық ақын Нұрым Шыршығұлұлының терме толғаулары халық арасына кең тараған. «Мен қашанғы жүйрігің», «Ұсынсам қолым жетер ме?», «Әлеумет, келдің алқалап», «Бұл дүниені байқадық», т.б. термелерінде заман сырына үңілу, адам өмірі, жастық шақ, кәрілік, жақсылық, жамандық туралы толғанады. Нұрым Жаскілең, Берішқызы, Балмырза ақындармен айтысқа түскен. «Тоғыз ауыл» , «Балуанияз» сияқты ерлік дастандары бар. Шығармаларды тудырған дүлдүл ақын – бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Оның «Әтембекке айтқаны» толғауы 1908 жылы Қазанда, «БайбозЖанбоз» 1926 жылы Ташкентте басылып шығуы осы ойымыздың айғағы. Нұрым туралы пікір айтқан оның замандастарының бағасы да назар аударарлық.
Әйгілі жыр дүлдүлі Қашаған: Көзім көрген адамда, Абыл, Нұрым, Ақтаным, Осылар еді тақтағым,- десе, белгілі Аралбай: Алдымда Абыл менен Нұрым болды, Қашаған, Ақтан менен бұрын болды. Олардай сөзге шешен болмасам да Дүлдүлдей дүсірлетіп топты көрсем, Айқай сап арқа қозса ақтарғаным. – деп жырлаған. Ақындық өнердің ең шыңы – табанда ұтымды, өткір, тапқыр жыр, өлең шығаратын айтыстар болған. Біздің ұрпағымызға, дәуірімізге жеткен Нұрымның Қашағанмен, Жаскелеңмен, Қалипанмен, Балмырза ақындармен айтыстары.
Халқымыздың өнерлі ұлдарының бірі, туғанына 150 жыл толуы ат шаптырып, атан жарыстырып, палуандарды белдестірген, 150-дей ақ жұмыртқа-отау, тігіліп, күні кешегі республикалық дәрежеде дүрілдетіп өткізілген Қашаған Күржіманұлының мерейтойы бәріміздің жадымызда. Осы ұлы тұлға бата алу үшін өзі пір тұтқан Нұрымның ауылына үш рет барып оны кездестіре алмайды. Қашаған ауылына барған Нұрым да кездесе алмай жүргенде, бұл алып тұлғалар кейін бір ағайынның тойында тұңғыш рет кездеседі. Нұрым жас ақынды сынамақ болып сұрақ қоятынын білдіреді. Сонда Қашаған: -Нұреке, бөтен ауылда отырмыз. Адайдың екі ақыны айтысып жатыр демей ме? – десе.
-Аяқ алысыңды көрейін, домбыраңды шалып қара, -дейді. -Жасы үлкен, жалы биік ағасыз, сіз бастаңыз, батаңызды алайын,-деп кезекті ағаға береді Қашаған. Бүгінгі ата, аға сыйлаудан кенже қалып бара жатқан ұрпаққа үлгі болар қандай инабаттылық, біліктілік, кісілік десеңізші. Сонда Нұрым ақын: Тілің шешен, ернің еп, Айтқыш деп жүр ғой сені көп. Білмегенді білгеннен Сұрағанның несі шет?! – деп басталған өнер сайысы дүние құлқы, адамзат тарихы, тіршілік мазмұны туралы шежіре, аңыз, жұмбақ айтысқа ұласады. Айтыс кезінде қойылған сұрауларға Қашағаннан толық, мазмұнды жауап алып, риза болған Нұрым:
-О, шырағым жұрт айтқыш дейтін еді, рас екен, тірлікте шылбырыңнан ешкім ұстай алмас, мына тойды сен баста, сен тұрғанда ағаң демалғандай екен, -деп батасын берген екен. Маңғыстаудың ойында, Көлденең шыңның бойында. Үш жүз алпыс екі әулие Бәрің күләл болмасаң, Осы жерде бір сүйе,- деп Нұрым бабамыз бұдан да басқа талай айтыстарға қатысқан. Оның ел арасына тарап кеткен қарымды, уытты жұмбақтары, тапқыр жырлары көп. Бір сапарда ел аралап жүріп Кіші жүзде Тана, оның ішінде Жиімбет жырау ұрпақтарының ауылына келеді. Үйде отырған төрт ақын жігіт кезектесіп, амандық-түгендік сұрамастан мына төмендегі сөз қағысуын бастап жібереді:
1-сі: Сұрасаң руымды біз Танамыз, 2-сі: Жиембет Тана ішінде аталамыз. 3-сі: Қыдырып ел ішінде көп жүрмейміз, 4-сі: Ақынна үйге келген бата аламыз. Сонда Нұрым қолма-қол жауап беріпті: Көп қарға бір сұңқарды қамалаған. Руға қайдан қалдым Таналаған, Ортаңа мен бір келген көкжал бөрі, Төрт төбет айналамда абалаған.
Тақырға, сорға шөп шықпайтыны сияқты шәкіртсіз ұстаз тұл. Көрнекті сөз зергерлерінің де ұлағатты ұстаздары рухани әкебатагөйлері болған, сөйтіп, ертеден келе жатқан өнер додасының бір буыны бола білген. «Қырымның қырық батырын», батырлар жырын Сыпыра жырау кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырса, одан әрі іліп кеткен ақын Абыл Тілеуұлы Нұрымның ұстазы болған. Нұрым Абыл ақынның қасына он жеті жастан бастап бес жылдай ерген. Нұрымның өзі Қашаған. Ақтан, Мұрынға ұстаздық еткен, бұл жырлар осылай ұрпақтан ұрпаққа жаңғыра, құлпыра жетіп отырған. Басқа да көптеген ақындар, мысалы Насихат Сүгірұлы он тоғыз жасында әдейі іздеп барып бата алған, Нұрымды өзіне ұстаз санаған.
Белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов «Ақын жыраулар» деген еңбегінде: «Нұрым көне заманнан бері ел арасында кең тараған ерлік дастандарды жүйелеп жаңғырта жырлаған. «Қырық батыр» циклінің және жеке батырлар жырының біразы Нұрым арқылы ауыздан ауызға тараған. Нұрпейіс, Қашаған, Мұрын сияқты көрнекті ақын-жыраулардың қай-қайсысы да Нұрым өнегесінен үлгі алған» деп көрсеткен.
Маңғыстау топырағында жерін, ата қонысын жаудан қорғаған батырлар көп өткен. Осындай жорықтарда Қармыс, Балуанияз сияқты батырлар жаудан қатын-бала, жетім-жесірді айыру сапарында қаза болған. Шалбар Қалнияз бен жаманадай Нұрымның өз шығармаларында осы ерлердің ерлігі кеңінен жырланған. Нұрымның «Тоғыз ауыл» не «Байбоз-Жанбоз» деп аталатын дастаны – ерлікті дәріптеуге, ел қорғаған ерлердің, Хиуа басқыншыларына қарсы жанқиярлық күресіне арналған. Екі жүздей жат жерлік шапқыншыларға, ішінде Молжігіттің бел баласы Ықылас бар қырық кісілік қуғыншы шағын қол қиқулап атой салып жауға тигенде, аспан астын жаңғыртқан ерекше күшті дауыс жойқын көп қол келе жатқандай әсер еткен. Ұрыста көптеген батырлар қаза тапқан. Бірақ Борқұдық басында көп тұтқын босатылып, барымтаға кеткен малды айырып алады.
Арулап сүйген қыз үшін, ардақтап сүйген ұл үшін (Амантұрлы, Есенияз, Қабыл, Төленді сияқты) талай ерлер қаза болады. Нұрым ақын Балуанияз туралы былай толғайды: Балуанияз батыр-ай, Алаштан озған ақылы-ай, Ерліктің жоқ қапылы-ай, Түтеп тұрған мылтыққа Тура шапты, япыр-ай!
Нұрым ақынның шығармашылық өнерінің бір саласы қимасын жоғалтқан көкірегі шерлі мұңлықтарды жұбатуға арналған. Шеркеш Мақаш правительдің Қазанда оқып жатқан, үлкен үміт күткен ұлы қайтыс болғанда жеріне жеткізіп айтып, қиыстыра алар шеберлік тек Нұрымда ғана бар деп, оны арнайы алдырып, ақын толғауымен естірткен. Өлімнің қайғысы қанша ауыр болғанмен, арғы – бергі тарихта халық мұндай қайғы-қасіретті бұрын да басынан кешіргенін, жұмыр басты пенде басында болатын жайт екенін көркем бейнелеп, тұлабойыңды шымырлатар шебер тілмен жеткізген ақын правительдің басын жастықтан көтергізген. Қанша қайғылы болғанмен парасатты жан ақын өнеріне тәнті болып, қалы кілем жабылған нар сыйлап ризашылығын білдірген екен.
Сенек елді мекенінде сәулет өнерінің озық үлгілерінен саналатын Қалыштың ұлы Нұрбергенге салынған там бар. Нұрберген де жарық дүниеден жастай кеткен. Аһ ұрғызар ауыр қайғы Қалыштың еңсесін көтертпейді. Сондағы Нұрымның жұбатужоқтауы былай боп келеді: Қалышты қалай демеңдер, Төресі кетті төрінен. Аңғарсаң алаш сөзімнен, Балапан жүзер су болды Көзден аққан жасынан. Қауырсыны қатпаған Балапан ұшты көлінен. Қайғы еткенің қарсылық, Адаспа Қалыш, жөніңнен. Нұрымның өскен ортасы мен оның төңірегінде де өнерлі жандар көп болған. Мысалы, Адайдың өнерлі қайқыларының бірі – әнші Тастемір той жиынды былай бастайды екен:
Тастемір өзім атым, ағам Нұрым Шаршыда кім сөйлейді бізден бұрын,- немесе Сұрасаң руымды Жаманадай, Қолымда көк қаршыға томағалы-ай, Ерегес екіталай болған күнде Байрақты бізден бұрын кім алады-ай?! Нұрым Шыршығұлұлы 1908 жылы қайтыс болған делінеді. Оның жерленген жерін анықтауға көп еңбек еткен баба ұрпақтары Қарауылбек Онғарбаев, Ибрагим Ақдрашевтар. Ақтөбе облысы аумағындағы «Топырақшашты» қауымында дүлдүл ақынға ескерткіш белгі қойылды.
Түрлі халықтар келер ұрпаққа айтар сөзін түрлі жолдармен жеткізе білген. Бірі тасқа жазса, бірі папирус қағазға жазған. Енді бірі, мәселен, біздің қазақ сияқты халықтар ауызша жаттап, бір ұрпақтан бір ұрпаққа жеткізіп отырған. Он бес жасынан бастап түбектегі інжу-маржан асыл мұраларды зерттеу жұмысына қатынасқан Зердебай Бекарыстанов, сонау елуінші жылдардан бастап көкірек – көзі ояу, ғұлама аталарымызбен бірге болып, қызмет ете жүріп өз құлағымен естіген аталар сөзін көңіліне жаттап жаза берген. Қарауылбек Оңғарбаев, ғасырларды жырлатқан, асылдарды сайратқан, ақберендерді
жарқыратқан халқымыздың белгілі ғалымы Қабиболла Сыдиықов және басқалардың еңбектері арқасында көмескілене бастаған асылдарымыз бар қырымен жарқырап көрініп халық қазынасына айналады. Көне мұраларымызды асқан ыждаһаттылықпен жинап баспасөз бетінде жинақ кітап етіп бастырып жүрген Ізбасар Шыртанов, Тәжіназар Шәдіқұлов, Темірхан Медетбек, Шарелхан Әленов, Әбілхайыр Спанов және тағы басқа да азаматтардың еңбектері өз алдына бір төбе. Нұрым жырларын мерекелі тойжиындарда талмай насихаттап келе жатқан Жақсылық Елеусінов, Жеткізген Сейітов секілді жыршы – термешілердің еңбектері толықтырады.
Дүлдүл ақын Нұрым Шыршығұлұлының бүгінгі ұрпақтары ақын аруағы алдында қолымыздан келгеннің бәрін жасай алдық па? Нұрым ақынның зираты, басына қойылған белгі туралы ешқандай дерек жоқ. Атырау, Ақтөбе облыстарының азаматтарымен байланысып жерленген орнын анықтап, ақиық ақынның басына лайықты ескерткіш қою біздің азаматтық парызымыз.
Нұрымның жерленген жері басқа облыста деп түсіндірсек, өз өлкемізде жатқан Нұрымның әкесі Шыршығұлдың басында да ешқандай белгінің жоқтығын немен түсіндіруге болады? Ол заманның қиын, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» уақыт болғаны да түсінікті. Алайда, бүгінгі білімді, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпаққа қасиетті тарихын, мәдениетін қастерлеп сақтауға не бөгет болады? – деген сұрау осыдан кеп туындайды емес пе. Оның бәрі өлгендер үшін емес, тірілер үшін қажет. Нұрым атында мектеп, көше, елді мекендердің аз болуы да ойлантады. Алмас қылыш ақберен ақынның атын ардақтап халық жадында мәңгі сақтау қажет-ақ. Бұл бағытта Ботагөз елді мекені азаматтарының жергілікті мектеп, орталық көше Нұрым Шыршығұлұлының атымен аталса екен деген ұсынысы құптауға тұрарлық. Өкінішке орай, кейін бұл елдімекенде тарап кетті.
Облыстық халыққа білім беру басқармасы Маңғыстау ақынжырауларының шығармаларын мектепте оқыту бағдарламасын бекітіп, оқулық хрестоматия шығарып, осы мақсат үшін жеті сағат оқу уақытын бөлді. Жыл сайын қаңтар айының соңында Қашаған Қүржіманұлының туған күніне арналған талапкер ақын оқушылардың дәстүрлі облыстық айтысы өткізіліп келеді. Сәуір айында Есір Айшуақұлының туған күніне арналған облыстық жас күйшілердің байқауын Жыңғылды елді мекенінде өткізу дағдыға айналды.
Дегенмен, бұл жұмыстардың бәрі жалпы халықтық сипат алмаған сияқты. Облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы, «Қазақ тілі» қоғамы және жастар істері жөніндегі комитет те бұл игі жұмыстарға белсене араласқанын қалар едік. Нұрым шығармаларына арналған конференциялар, жиындар ақынның көпшілік қауымға беймәлім шығармаларын анықтап, қатарға қосар деген ойдамыз. Қорыта айтқанда, сайрап өткен бабаларымыздың асыл мұралары халқымыздың рухани қазынасына айналсын, бабалар рухы осындай «Мәңгі ел» болу көтеріліп жатқан тұста кісіліктің, имандылықтың, елдіктің ақ манарындай алдан жарқырап халқына қызмет ете берсін демекпіз.
Бүгінгі жастарды, ертеңгі келер ұрпақтарды жақсылыққа жетелер асыл мұраларымыз жасай берсін! 1992 жылдың шілдесі. Мәтжан би
Маңғыстау өлкесі кең-байтақ қазақ жерінің шұрайлы бір шалғай болып саналады. Қазыналы даланың қазба байлықтары еліміздің де, шетел инвесторларының да назарын айрықша аударып келеді. Қойнауы қандай бай болса, бұл өңір адамдарының да жандүниесі сондай ерекше аймақ. Сөз құдіретін түйіндеп өткен ақынжыраулары, әуелетіп ән салған «жеті қайқы» әншілері, күмбірлетіп күй төккен күйшілері, ауыздыға сөз бермес шешендері, жауырыны жер иіскемеген палуандары, кенезесі кепкен құла түзден су тартқан құдықшылары туралы ақиқат пен аңызға бергісіз талай-талай сөз қалған ертеден. Құлан жортқан ұшы-қиыры көрінбес даланың рухани байлығының материалдық игіліктен де асып түсетінін біреу білсе, біреу білмейді ғой.
Жем өзенінің бойы, кең Жылыой, қасиетті Маңғыстау түбегі – талаи тарихи оқиғаларға куә болған, киелі мекен. Анау тұрған Қаратау-Отпан, Иманқара, Қойғара таулары, Ақ киіз тоғай, ЮНЕСКО-ның есебіне алынған Жұбан Мавзолейі (1898 жылы салынған), Көбен би, есен Ермембет т.б. аузы дуалы абзал бабалардың мекені болған. Бейнелі түрде Маңғыстау түбегін «ашық аспан астындағы мұражай» аталуы да тегіннен тегін емес. Ойы мен қыры, тауы мен тасы ұлы бабалардың тарихымен апталған бұл өлке өзінің жаңа зерттеушілерін күтуде. Қазіргі қолға алынып отырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бұл шаруаларға игі ықпалын тигізері даусыз. Біз бүгін осы даланың болмысбітімімен біте қайнасып кеткен ұлы тұлғалардың бірі жөнінде әңгіме қозғамақпыз. Оның есімі – Мәтжан Тілеумағамбетұлы.
Ел арасында аты Мәтжан би қазіргі Атырау облысының Жылыой, Мақат аудандарының төңірегінде 1841 жылы дүниеге келіп, 1929 жылы Құлсары маңында жарық дүниемен қоштасқан. Жастайынан нағашысы шегем Көбен бидің тәлім-тәрбиесінен үлгі алып өскен деседі білетін жұрт. Туған халқының тілі мен ділін терең меңгерген Мәтжан шалбар Қалнияз ақын, есен Сейіт би, жары Абыл Тілеуұлы сияқты сөз зергерлерінің әдеби мұрасын бала жасынан зердесіне тоқып, оларды одан әрі дамыта, жетілдіре түскен сыңайлы. Саналы ғұмырын туған халқына қызмет жасаумен өткізіп, шешендік өнері Мәтжанды қоғам қайраткері, елінің жоқшысы, әділет жолындағы күрескері дәрежесіне дейін көтерді.
Ол тұста Үстірт алқабына Хорезм хандығының әмірі жүріп тұрған кезі. Ел арасындағы дау-дамай да ханның шабармандарының іс-әрекетіне қатысты өрбіп жатады. Есен Ерменбет, қырымқұл Ғапур бастап, бір топ адам Хорезм хандығына екі ел арасындағы кезекті бір даудың түйінін тарқатуға аттанады. Олар өз қатарына жас та болса Мәтжанды ерте кетеді. Жүргіншілер Хорезмге жақындаған соң, қос тігіп, аялдайды. Хан алдына бармас бұрын: -Ал, ақылдасып алайық, ертең не айтамыз? – депті өзара әңгімеде.
Кеңеске қатысып отырған билер: «былай айтайық, олай дейік» деп өз ойларын ортаға салады. Тек Мәтжан ғана үндемей отырады. Бір кезде мұны байқаған Ермембет: «Әй, Мәтжан, сені де бірдеме айтады деп әкелдік қой, не ойың бар?» - дейді. Сонда Мәтжан: -Күні бұрын айтқан билік – билік емес. Ханның айтқан сөзіне қарай біз де сөз айтсақ болмай ма? – деген екен.
Жолаушылардың келе жатқанынан алдын ала хабардар болған хан қазақтарды «барлауға» өз тыңшысын жіберген екен. Кеңесіп отырғанда, қос сыртында тың тыңдап тұрған кісі ханға төмендегіше хабар жеткізеді: «Бір би былай», екіншісі «олай» деді. Ал төменгі жақта отырған бір жас жігіт «Ханның сөзіне қарай сөз айтсақ болмай ма? Күні бұрын несіне желпінеміз», - деді. Сірә, сол бала қауіпті болуы мүмкін»,-депті.
Ертесіне қазақ билерімен хан кездесіп, даулы мәселе төңірегінде әрқайсысы өз уәждерін ортаға салады. Билер келген шаруаларын ұғынықты жеткізуге тырысып бағады. Мәмілелі отырыстың аяқталар кезінде Мәтжан былай дейді: -Ертеде Астраханның жоғарғы жағында Еділ сағасындағы қазақтар арасында бір төре қыз ұзатып, бүкіл Кіші жүзді шақырып, ат бәйгесін, палуан күресін, домбыра сайысын, жыр айтысын тамашалатыпты. Сонда Адайдан барған Кенже Ақтан ақын былай деген екен: Түркімен, өзбек өз ағам, Тәжік пен сарт садағам, Қырғыз, қалпақ, ноғай бар, Бәрі де бір атадан тараған.
Сонда біз бәріміз бір атадан тарай отырып, неге әлдебір бұзықтардың бастауымен дүрдараз болуымыз керек? Қара халықтың арманы – тыныштық. Әркез туысқандығымызды берік ту етіп ұстауымыз керек. Бұл ретте, тақсыр хан, сіз бас болып, әр елдің ақыл-парасаты мол билерімен, азаматтарын біріктіріп, бұзақыларға тыйым салу, ел бірлігін тыныштығын әділ үйлестіру – мұсылманшылықтың белгісі. Бұл ретте, тақсыр хан, сіздің мол ақыл-парасатыңыз бен хандық лауазымыңызға сенемін».
Жас бидің орнықты сөзі көкейіне қонды ма, әлде ханның ықыласы ауды ма, ақыры, дау Адай билерінің пайдасына шешілген деседі. Сонан пәтуаға келіп, хан билерден бұйымтай сұрапты. Үлкен жақтары «бұйым бітті ғой» дегенге тоқтала бергенде, Мәтжан бүктеулі қамшысын ортаға тастап: «Дат, тақсыр»,- деп, шарта жүгініп сөз бастайды: -Адай деген ел едік, тұрақты қонысымыз жоқ. Шаруаның жайымен көшіп-қонып жүреміз. Ендігі бұйымтайымыз, мына Әмудің жағасынан өгіздің терісіндей жер беріңіз»,-депті. Хан «болсын» дейді.
Сөйтіп, бір күн бұрын қонақасыға сойылған өгіздің терісін суға салып, Мәтжан сол теріні домбыраның ішегіндей қылып тіліп, едәуір жерді қоршапты. Осылайша, тапқырлығының арқасында ханнан халқына үлес алып беріпті. Сол жер қазірге дейін «Мәтжан жері», «Мәтжан жап» деп аталады. Ол жер Қазақстанды жайлаған аштық кезінде арып-ашып, азып-тозған талай қандастарымызға қоныс болды.
Мәтжан бидің заманында жиырма бес таңбалы Кіші жүз ішінде жер мен жесір дауы, өзара қырқыс пен қақтығыс, оған қоса жергілікті қазақтарға орыс үкіметінің, Хиуа мен Бұхар хандарының әділетсіз зорлық-зомбылықтары кең етек алған болатын. Түрлі даудамайларды Мәтжан өз тұсында бітістіруге қатысып, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен ел құрметіне бөленген. Мәтжан бидің артында «Жылқының дауы», «Түйенің дауы», «Тоқтының дауы» деген көптеген әңгімелер қалған, дауласып келген екі жаққа бітісер жолын көрсетіп, мәмілелі сөзге тоқтата білген.
Кезінде Маңғыстау елінің азық-түлік, егін өнімдерін таситын Бесқаламен байланыс жолында жол торушы қарақшылар көп болған екен. Бұл алыс жолдың азабын көп адам тартыпты. Алыс жолды қалай жақындатып, халықты қарақшылық тауқыметтен құтқарамын деген ниетпен Мәтжан Хиуа ханы алдында мәселе етіп көтерді. Хан жарлығымен бұл керуен жолына бидің аты беріледі. Кейбір деректерде «Есен Ермембет» жолы деп те аталған екен дейді. Дейтұрғанмен бұл жол халық жадында күні бүгінге дейін «Мәтжанның жолы» болып сақталып қалған.
Халқымыз сөз қадірін жоғары бағалағандығы әлімсақтан мәлім. Сөзден ұтылғанын біліп, орнықты уәжге тоқтай да білген. Сондықтан болар, Мәтжан бидің шешендік өнеріне разы болған замандастарының бірі «Мәтеке, сіздің сөзден бөгеліп, тоқтаған жеріңіз болды ма?» деген сұрауына би: «Аталы сөзге тоқтамайтын бәдіктен күнде жеңілемін», - деген екен.
Мәтжан биден замандастары «Мәтеке, адай арасындағы беделіңіз қандай?» дегенде, «Адайға Отпанның шоқысындаймын (Маңғыстаудағы Қаратау жоталарының ең биік нүктелерінің бірі), жарыға Қаратаудаймын, Құдайбергенге құмырсқаның алда төмпегіндеймін»,-деген екен. Бұл арқылы «жақынға әулиенің қадірі жоқ» деген қағиданы айтса керек. Осы шешендік сөз үлгісі қазіргі кезде де Маңғыстауда жиі қолданылады.
Шешендік сөз өнерінде «Тура биде туған жоқ» деген қанатты сөз бар. Бұл киелі сөз өнерінің өзім, туысым, руласым деп бұра тартпай, әділдігін айтар, қиып түсер тура сөзге тоқтаған, сөз қадірін білген қазақ билеріне берілген әділ баға болса керек. Сол сияқты Мәтжан биде осындай тұлға болған. Өз руластарының өзі байқаған кемшіліктерін бетіне басқан мына берген батасына назар аударайық. Тастемірдің айналып соқпасынан, Шотанның қасармасынан, Құдайбергеннің сағырынан, Майланның құмарпаздығынан сақтасын.
Осы ойымыздың куәсіндей тағы бір мысал келтіре кетейік. Мәтжан би әділет жолындағы күрескер, әлсіз, жарлы-жақыбайдың қамқоршысы ретінде олардың қамын ойлап, өз туыстарына қарсы шыққан кезі де аз болмаған. Шен-шекпеніне, болыстығына қарамай, әділетсіздік көрген көрші ауылдың баласына өз туысы болыс Аманқұлды да жығып берген.
Бірде жол жүріп келе жатқан Мәтжан биге Қашмағамбеттің Бекені деген жігіт кездесіп, сәлемдесіп, жағдайын айтады. -Аманқұл болыстың ауылын іздеп келемін, - дейді әлгі жігіт. -Балам, онда не шаруамен барасың?- деп сұрайды Мәтжан би. Жігіт болған жайды айтып береді. -Біздің бағытымыз өзгеретін болды, -дейді Мәтжан түйе жетектеп келе жатқан қосшы баласына қарап. -Аманқұл болыстың ауылына барайық. Тездетіңкіреп жүр, жарықта жетіп алғанымыз дұрыс. Бұлар болыс ауылына күн батпай жетеді. Бір шоғыр ағаш үйдің шет жағындағы он екі қанатты үй сыртына келіп тоқтайды. Ауыл адамдары Мәтжанды құрақ ұшып қарсы алады.
Шай ішіледі. Шайдан соң жақында ғана балалы болған Аманқұл болыс «баланы әкеліңдер, би атадан бата алайық» дейді. -Ата, балаңыз сізге сәлем бермек, - деп, сәбиді әйелі алып келеді.
-Мен құтты болсын айтпаймын. Бұл баланың әкесі мына Аманқұл туғанда айтқанмын. Ол не көрсетті? Қазақ ұл туғанда ең азы шаңырағының, одан әрі бүкіл елінің қамқоры болатын азамат келді деп қуанады. Әкең сол үмітпен бүкіл Бозашы елін шақырып той жасап, Адай мен Беріштің ақ бата, құтты болсынын алып еді. Сен сол әкең үміт артқандай құтты болып отырсың ба, өзіңді-өзің тонап жеп? Балаң құтты болмасын, - деп шарта жүгіне отырып, Мәтжан би екі-үш рет қайталапты. -Бүгін Құлбайдың 10 еркек қойын барымталап таласаң, ертең мені, қарауыңдағы мың үйді үйітіп жерсің. Балаң құтты болмасын. Ерке жас келіншек «құдайым-ай, бір өзің сақтай гөр» деп баланы алып шығып кетеді.
Таңертең ертерек ауыл адамдары Құлбай ауылының жігітін оятып, 10 қойды айдатып жібереді. -Сөйтіп, Мәтжан биді танымасам да, әділ билігі арқасында малымды түгендеп, риза болып қайттым, - депті Құлбай ауылының жігіті Бекен.
Неміс ғалымы, зерттеушісі Рихард Карутц Маңғыстау өңірінде бірнеше рет болып, өлке өміріне, этнографиясына байланысты біраз еңбек жазған. 1893 жылы түсірген «Бозашы билері» атты фотосуретінде Есен Ермембет, Иса Тіленбайұлы, Мәтжан Тілеумағанбетұлының бейнелері берілген. Олар Қазақстанның қара қылды қақ жарған әділ билері ретінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты ғимаратының көрнекті жерінен орын алды. Сөйтіп, бүгінгі рухани өмірімізден де ұлы бабалардың ізі жоғалған жоқ.
Мәтжан би де өз заманында дәуірінің үлкен өнерлі адамдарымен бірге болған. Атақты күйші, сәулетші Шотан Қартбаймен, атақты «Шолтаман» әнін дүниеге әкелген әнші Шолтаман, т.б. палуан, шешен замандастарымен жұбы жазылмай, аралас-құралас өмір сүрген. Олардың ішінде өзінің інісі палуан Есет те болған. Бұл елдің көңіл-күйін, жүрек лүпілін, сезіп-біліп отыруға үлкен мүмкіндік берген көрінеді.
Қазақтың 100 биінің бірі атанған Мәтжан би Адайдың жары руынан шығып, төменгіше таралады: Назар Құдайберген Қарағұл Бектұрлы Тілеумағанбет Мәтжан. Мәтекеңнің шығу тегі туралы әңгіме болғаннан соң, оның ұрпақтары туралы айта кеткен орынды болар. Мәтжанның бес ұлы – Шәди, Мұхамбеди, Алуадин, Иманмұхамбет, Сақи. Ұлдарының ішінде Алуадин Ашхабад қаласында оқу бітірген. Орыс, ағылшын тілдерін меңгерген, бірнеше жылдар әскери бекіністе дәрігерлік қызмет атқарып, орыс солдаттарының арасында болған, көкірек көзі ояу, ашық, сауатты тұлға еді, - дейді көзін көрген көнекөз кісілер.
Кім болса да балаларының намысын қайрап, оларды өмір тезіне салу халқымыздың дағдысы ғой. Сол сияқты Мәтжан да ұлдарына риза болмай: «Өзіме тартып біреуің тумадыңдар, жасықсыңдар», деп, алға ұмтылсын, елдік дәстүрге жақын болсын деген оймен жиі ұрысатын болса керек. Сонда бидің Алуадин атты ұлы: -Әке, сенің атағыңа бұл өңірдің ер-әйелі бірдей құмар. Өз үйіңе жылына бір түнейсің. Мүмкін, сіздің жақсы ұлыңыз далада шығар. Біздің жаман әкеміз қорада шығар. Жамансың деп, жасықсың деп тұқырта бермеңіз, жігіттің аты үйінде емес, далада шығар, - депті.
Бұдан би ата балаларына бетінен қақпай, еркін сөйлеуге, еркін ойлауға мүмкіндік беріп, тәрбиелегенін байқаймыз.
Өлке зерттеушісі Жауғашты Нәренбайұлы 1930-1931 жылдары Сам құмында бүгінге дейін «Адайдың бандалық көтерілісі» атанып келген халық толқуының басшыларының бірі Сахи Мәтжанұлы Мырзалымен бірге кеңестік қысымға шыдамай, азаттыққа ұмтылған халықтың жетекшілері болғандығын жазады. Зерттеуші көтерілісшілердің отбасын, ауылын жендеттерден қорғау үшін қолдарына қару алғандығын дәлелдейтін құжаттарды тауып, сараптап, осы уақытқа дейін қалыптасқан көзқарастың қателігін, яғни көтерілістің бандалық сипатта емес, ұлт-азаттық сипат алғандығын дәлелдеп, оны енді құзырлы орындарға жеткізуге талаптанып жүр.
Бұл күндері Мәтжан бидің ұрпақтары – немерелері, шөберелері бір дүйім ел. Негізінен, Маңғыстау түбегінде өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ өсіріп жатқан замандастарымыз. Заманның түрлі зорлығынан шетел асып кеткен бұтақтары да елге оралып, атақонысында көппен бірге тұрмыс кешіп жатыр.
Ел ішінде Мәтжан мұраларын қағаз бетіне түсіріп, халқына қайта қауыштыруға талаптанып жүрген зерттеуші-жинақтаушылар баршылық. Мәтжан мұраларын, халық арасына тарап кеткен әңгімелерін жинауда марқұм Өмірбай Сармағамбетұлы Малаев біраз еңбек тындырды. Ол өзінің көзі тірісінде жинаған Мәтекеңнің әңгімелерін жинақ-кітап етіп шығара алмады. Бұл материалдар 15 жылдай өзінің сәтті күнін күтіп жата берді.
Мәтжан атаның ұрпақтарының бірі болып саналатын, кәсіпкер Рахман Алуашұлы Дүйсенбай – тапқанын бауырына басып жейтін қарақұстың санатынан емес, тапқанын төңірегіне шашып жейтін қыран құстың кейпіндегі азамат. Ол 2003 жылы Өмірбай Малаев ағамыздың жоғарыдағы айтқан «Мәтжан би» кітабының «Үш қиян» баспасынан шығуына көмектесті. 2004 жылдың басында «Мәтжан би» қоғамдық қорын құрып, оның кесенесінің салынуына бастамашы болды. Жерлестері Мәтжан бидің 170 жылдығын атап өту қамына кірісуде.
«Мәтжан би» кітабы – көлемі шағын болғанмен, бұл бағыттағы алғашқы бастама. Таңдайына сөз ұялаған аруақты Мәтекеңнің артында қалған мол мұрасын бір кітапқа сыйғызу әсте мүмкін емес. Оны толықтырып, жете зерттеп жинақтау – өскелең ұрпақтың міндеті. Ұлы жолдың өзі алғашқы қадамнан басталатыны сияқты бұл істі ертелі-кеш біреудің бастауы қажет еді. Осы кітап жарыққа шыққаннан бері пікір айтушы азаматтар бар, оның кітапқа еңбеген жаңа сөздері табылуда. Сексен жасқа таяп қалған еліміздің ардақты ақсақалдарының бірі, бірнеше жыр кітабының авторы, жыршы-ақын Үбіғали Бақтығалиұлы ағамыз осы кітапқа кірмеген Мәтжан бидің 15-ке жуық әңгімелерін жазып жіберген екен.
Светқали Нұржан, Сабыр Адай сияқты тұлғалардың ұйытқы болуымен ел азаматтары «Мәтжан жолы» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастырып, біраз мәліметтер жинады. Оған Мәтжан бидің ел арасындағы шешендік сөздері, өмірбаяндық мәліметтері, сол дәуірдің ескі жұрнақтары кірді. Жауғашты Нәренбай, Жетібай Жылқышы, Қален Кідібасов, Бүркіт Базарбаев, Қонаш Қалдыоразұлы, Жұмабай Бөлекбаев сияқты азаматтар ел арасындағы Мәтжан әңгімелерін, шежірелік мәліметтерді жинауда. Ел азаматтарының, Мәтжан баба ұрпақтарының ел жоқ, Досының ағы атты айдала, ала қырда екі айдан астам уақытта,
Маңғыстаудың ақ тасынан, маңғыстаулық шебер сәулетшісі Көшер Байғазыұлының қолынан шыққан маң даладағы маңғаз еңселі ақ күмбез ата аруағын арулаған бүгінгі ұрпақтың игілікті ісі болды. Мәтжан бидің шөбересі, белгілі азамат Мұса Айсаұлының елсіз айдалада күні-түні шеберлердің жұмысын ұйымдастырған табандылығы да бұл құрылыстың ойдағыдай аяқталуында шешуші рөл атқарды.
Атырау облысы Жылыой ауданының сол кездегі әкімі Сәлімжан Нақбаев мырзаға азаматтардың алғысы ерекше. Сол төңіректегі шаруашылық басшыларын жинап алып, су, цемент, т.б. құрылыс материалдарын жеткізудің графигін жасап, орындалуын қадалаған. Сәлімжан ініміздің және бір азаматтық ірілігі – там байғазысы таратылып, қоштасар шақта Мәтжан би бөлуге жатпайтын бүкіл ұлтымызға ортақ тұлға, сондықтанда оның мерей тойларын атап өтуде біздер – жылыойлықтар бұл шаруаға белсенді араласып, ұлы шешеннің тойын өткізуге көмектесеміз деген болатын. Иә, ел ішінде азаматтар бар, қазақ ортасы ұлттық құнарын жойған жоқ. Сөз соңында айтарымыз, неше ұрпақ ауысса да, Мәтжан бидің өнегесі мен тағылымы халық қажетіне жарап, онымен бірге өмір сүре беретіні даусыз.
Мәңгілік ақын Қашаған
Қашаған - ауыздығы сөз бермей, ақынмын деген талайды тәубәсіне түсірген дүлей қабілет иесі. Жалпы Құдай тағала қасиетті қазақ даласының, оның ішінде киелі Маңғыстау өлкесінің құрсағынан әр заманда біртуар айрықша ұлдарды түлетіп отырған. Алты алашқа Пір атанған Бекет атаны, Қырымның қырық батырындай телегей жырды жадына сақтаған Мұрын жырауды, жарты әлемге танылған қанатты тұлпар – адай жылқысын, небір батырларды атаған кезде, көмейінен бет қаратпас ағыл-тегіл жыр тасқынын тудырған Қашаған Күржіманұлын да атауға тиіспіз. Қашағанның туған жеріне қатысты бірнеше пікір бар. Бірінде («Маңғыстау энциклопедиясы», 2009 жыл) бейбіт кезде де, ел басына күн туған қиямет-қайым шақта да ауылы аралас-қойы қоралас түрікмен халқының жерінде өмірге келгендігі айтылса, екіншісінде «Маңғыстаудың, Адай уезінің Жаңғақ жерінде туылған, бұл жер кейін Түрікменстан құрамында қалған» делінеді. Қашан да, қайда да тектілігін жоғалтпаған, мәрттігін аласартпаған халқымыздың талантты ұлы 1841 жылы туылып, жетімдіктің тақсіретін тартудай-ақ тартқанын өлеңдері арқылы және көзін көрген ет-жақын ағайын, бауырлары тарапынан айтылған деректерден білеміз. Бір жағынан қысса, екінші жағынан үйіп-төгіп бере салатын кең Алла оны әкеден ерте айырып, мал-мүлікке кенде қылғанмен, қабілет-қарымға бай қылды. 15-16 жасында жалданып көпестің малын баққан жалшы бала кең далада, Құдайдың құдіретімен арқалы ақын болды. Одан әрі өмірінің өзегі, күнелтісінің арқауы өнер-өлең болды. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе өңірлерін, Хорезм аймағын аралап, ел арасындағы белгілі өнер майталмандарымен танысқан, олардан үйрене және өзін мойындата ержетті. Ақтан, Бала Ораз, Нұрым, Қалнияз, Құрманғазы, Аралбай, Қашқымбай, Мұрат, Ығылман, Қоспақ, Өмір секілді сол заманның сөз иелері Қашағанның қарымын бірден білді, қапысыз таныды. Аяқ алысына, сөз саптауына сүйсінді. Ұлы ақын ретінде жасы үлкені іні деп, жасы кішісі аға деп алдына шығарды. Барлық өлеңдері құйма құлақ, өлең сүйгіш азаматтардың айтуымен ауызша тарап, Қазан төңкерісі жылдарынан соң ғана қағаз бетіне түсе бастады. Ең алғаш баспа бетінде жарық көруі ақын қайтыс болған соң алты жылдан соң, яғни 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналында жариялануы еді.
Тәуелсіздік таңы атысымен қазақтың ұланғайыр даласын бүркеген зілмауыр қабат сетінеп, кеудені керімсал күйге бөлер әдемі бір соны сәт туды. Айнала жаңаша түрге еніп, құлпыра бастады. Бағзыдан 362 әулие мекені деп әспеттелетін Маңғыстау өлкесі де жан-жақты серпіле түсті. Экономикалық қарыштауын, әлеуметтік әлеуетін айтпағанда, мәдени-рухани тұрғыда тарихқа кеткен есесін түгендеп, бойын тіктей бастады. Маңғаз далаға жамырай келіп, ұрпағымен жадырай табысқан көп жақсылықтың басы да, бірі де – Қашаған ақын рухының оралуы болатын. Оқырман жас-кәрісі қалмай Қашаған ақынның шығармаларына ден қойды, құныға оқыды, қызыға тыңдады.
Халық Қашаған ақынына Ақтау қаласының төрінен ескерткіш орнатты. Ұлы ақынға арнаған ескерткішті бір емес, жаңалап үш рет тұрғызуын – біріншіден, өз билігі өзіндегі, игі жақсыларын қалай ұлықтаса да өз еркі білетін азаттықтың жемісі деп білсек, екіншіден оны халықтың ақынға деген терең сүйіспеншілігі, оған қойылған ескерткіштің ақынның өз жырындай айрықша болуын армандауы деп қарауымыз қажет.
Расында, әркімнің бүгінгі табыс-жетістігі ертеңгі күні үшін өлшем бола алмайды. Ескі-тозып, жаңа-озып, жас-түлей береріөмір заңы ғой. Біз көрген, бастан кешкен өмір тоқтаусыз алға озып, ертегіні шындыққа айналдыруда. Кешегі Қашекең ақын заманының көлігі, жылқы мен түйе болды. Ал қазір ше? Қара жерде ұшқан құсты шаң қаптыра желдей жүйткіген автокөліктер, көк аспанда ақ бауыр алып ұшақтар айшылық жолды шәйі орамал кепкенше делінетін шапшаңдықпен алуда, тереңімен қорқытатын теңіздерде қанатты балықтай кемелер еркін көсілуде. Осындай заманда Қашаған ақынға заманауи ескерткіш көтере алмасақ, елдігімізге сын келмей ме? Сол кезеңде Маңғыстау өңірінде Қашаған ақынды ұлықтау, оның өміршең жырларын ұрпақ санасына сіңіру бағытындағы істер жалғасын тауып жатты. Тәуелсіздік алған соң еліміздегі алғашқы тойдың бірі болып, 1991 жылы Қашаған ақынның 150 жылдық тойы атап өтілді. Сол тойға арнайы келген заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «жарықтық Қашекеңді бұған дейін кей қазақ білген, ел қазақ енді біліп жатыр» деген еді. Тойға бауырлас түрікмен, өзбек, қарақалпақ, тәжік, басқа да елдер мен өлкелерден өкілдер келді.
Мектеп оқушылары арасында өлең әлеміне құштарлығы бар жас ақындардың айтыстары ұйымдастырылды. Бүгінгі ағайынды Нұрлан және Фархат Мұсаевтар осы айтыста тұсауы кесілген жастар болатын. Қашаған атындағы мектеп оқушылары айтысы өткізіліп жүрген кез еліміздің экономикалық қиындықтарға малтығып жүрген кезеңі болатын. Құдайға шүкір деуіміз керек, қазір жағдай біраз түзелді. Қазақстан атын әлем таныған тәуелсіз елге айналды. Осы жағдайда Қашаған атындағы мектеп оқушылар айтысын қайтадан қолға алып, жаңаша және ауқымды көлдемде өткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл ақын рухы алдындағы парыз және ел арасындағы талай жас таланттардың томағасын сыпырар ізгі іс болар еді. Қашағанның суырып салма және дүлей ақын екендігін, әділетсіздікке төзбейтін намысты, ездік пен әлсіздік танытқан жанды шен-шекпен, даңқ-дабырасына қарамай жырмен дүрелей алатын қайсар мінездің иесі екендігін, сондай-ақ ислам әлемінің тарихын, шариғат талаптарын жетік білген көкірегі ояу, сауатты жан болғандығын оның соңында қалған шығармалары танытып, мойындатып отыр. Өкініштісі, қолда бар мәліметтерге жүгінсек, күні бүгінге дейін Қашаған ақынның шығармалары әлі толық жинақталмай отыр. Оның баспа бетін көрмеген, ел аузында жүрген шығармаларын жинақтау – ұлтжанды, өткен тарихқа бей-жай қарай алмайтын перзенттің парызы. Бұл орайда Қонысбай атты халық ақыны көп іс тындырып жүр. Оның жеке мұрағатында Қашағанның ел аузында қалған біраз шығармалары сақталған. Бұл сияқты мысалдар аз емес. Осылардың басын қосып, құрастырып, кітап шығару керек-ақ. Халық арасында «Өмірім - өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» деген сөз бар. Қашекеңнің көзі жоқ болса да сөзі кейінгі ұрпағымен бірге жасасып келеді. Демек, ақынның рухани өмірін зерттеу, шығармаларын түгендеу де халқының мойнындағы міндет. Қашағанның өзіндік ерекшелігі - XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 30 жылдары аралығында Батыс Қазақстан аумағында айтыс өнерінде алдына жан салмауында жатыр. Оның жалпақ жұртқа жайылған атақ-даңқына іштей де, сырттай да бақталас кейбір әріптестері оны ойламаған жерден, тұтқиылдан басып қалып, оңтайлы тұста опық жегізуге, сөйтіп ел мақтаған Қашағанды сүріндіруге, сол арқылы өздерінің абыройын асыруға әрекеттенген. Оған ойда жоқта соқтыққан Сақып, Ізім, Ізбас ақындардың әрекетін осылай демеске амалымыз жоқ. Әйтпесе, мұсылмандық дәстүрге
сай өздігінен ешкімге қақтықпай-соқтықпай адамдықтың ақ жолымен жүретін, адамгершілік, ақиқат мұраттарын биік қоятын Қашаған аға дегенге асқар тау бола алатын, іні дегенге ізет көрсете алатын жан. Ал аяғынан шалып, орынсыз жерде жағасына жармасқанды түсіне де, кешіре де алмайды. Сөз-сойылын аяусыз сермеп, көпшіліктің алдында әбден шәт-шәлекейін шығарып, масқаралап, екінші қайтара бетіне қаратпайтындай етіп бір тынады. Ақтөбе облысының Темір ауданы аумағында өткен тойда Тама руының жүйрігі Ізім шайыр намаз оқып отырған Қашағанға соқтығады. Айтыстың бірнеше нұсқасы бар, бірақ бәріне ортақ нәрсе біреу – ол Ізім шайырдың Қашағанға тиісу үшін күллі Адай еліне орынсыз топырақ шашуы. Иісі қазаққа даңқы мәлім, Пір Бекет бастаған әруақты ерлер көп шыққан белді руға деген көреалмаушылық, реті келсе оны мұқату. Ізім ақынынң шумақтары осы желіге құрылады. Болады түс қайтқанда бесін намаз, Қор болған Адайларға, есіл намаз, -деп әп дегеннен сөз ләмін осылай бастайды. Біз мынау сахараның Адайындай, Қояндай шәшкі жеген көп жүрмейміз, Шелектен айуанға ұқсап су ішпейміз, - дей келіп, Сен Адай сахарада жүрген надан елсің, Сендерді сол себептен жек көреміз, -деп ширығады. Сабазым, танымадым, Адаймысың? Бізбенен ұстасуға қалай күшің? -деп шаптығады. Бастан-аяқ осылай құрылған жыр жолдары Қашаған түгілі, тыңдаушының намысына тиіп, зығырданын қайнатады. Ал Қашекең қайтты? Алладан хабары бар, иманы түгел Қашекең балағына жармасқан ақынсымақтардан өзінің өресінің де, кісілігі мен білімінің де зор екендігін дәлелдеп берді. Ізімнің бет-алды жоқ айтылған балағат сөздеріне еріп, аттандаған жоқ. Ізімді сабасына түсіре отырып, салмақты айтысты, сабырлы, салиқалы ой айтты. Ашуға немесе сезімге беріліп асып-саспаған ол қара домбырасын қағып-қағып жіберіп, жыр нөсерін ақтарыпты:
Біреуді-біреу неге керек қаралаған, Әркімдер өз әліне қарамаған. ... Шайырмын мен де көп ел аралаған, Алды-артын замананың шамалаған,- деп өзінің талай елді, небір ақынды көргендігін паш етеді де, әрі қарай мұсылман
шариғаттарынан сыр шертеді. Намаз оқымаймыз деп өзін-өзі ұстап берген Ізім ақынның аяғын шариғат заңдарымен шырмап тастайды. Бұл айтыстың толық нұсқасы 2011 жылы «Жазушы» баспасынан Жетібай Жылқышыұлының құрастыруымен «Қайыртпай кеткен Қашаған» кітабында жарық көрді. Алайда, Мұрат Өскінбайұлы, Жаңай Қожали, Сұлтан Балқаев, Шамығұл Ибрайымов айтқан нұсқалары да бар. Арада қанша уақыт өтсе де Қашаған ақынның Ізім шайырмен айтысы ешқандай мән-мазмұнын жойған жоқ. Айтыстың бүкіл философиялық пафосы ұлы уақытпен үндес, ұлттық рухымызбен мәңгі бірге жасасып келеді. Түбек перзенті, заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбайдың: «Әлі де болса, бар сыр, бар сиқырымен танылып бола қоймаған Маңғыстау жыр мектебінің арман иесіндей ата бәйтерегі – Қашаған ақын Күржіманұлы. Қашаған жырын тыңдасаң, оқысаң әр ғасырда әрқилы аталғанмен ықылым заманнан жер үсті ғаламаттарының бәріне қатысып келе жатқан халқымыздың көп ғасырлық көне тарихының көк айдын мұхитына жүзгендей, сол көп ғасыр бойғы қордаланған рухани ырзығының бәрі төкпей-шашпай жиылып, қаймағы алынбай қуырылып,тыныш тұрған қасиетті қара қазанының қақпағын ашып, нәр татқандай. Халық парасатының көп замандардан бері тұяқ кешті болмай, тұнып тұрған кәусар көліне, күмп бергендей боласың. Мейірің әбден тасады. Өйткені, Қашағанның бойында тең халықтың табиғаттан туындайтын алыптық қасиеттердің бәрі бар деп түйіндеуіне қатты ризашылықтың белгісі ретінде еріксіз бас шайқап, арқаланып шыға келесің» дегені табиғат тудырған ұлы ақынға берілген зор баға. Ізім шайырдың жыр жолдары бұл айтылғанды жеріне жеткізе қуаттап тұр. Ізім шайыр тұтас бір елге топырақ шаша сөйлеуімен өзінің ақыл - парасатының, рухани мәдениетінің төмен жатқанын салғаннан-ақ аңғартып, оқырманның судай тасыған көңілін басып тастайды емес пе? Ал Қашекең жырларын оқығанда жыр дариясындағы қайықта тербелгендей рахат сезімге бөленесіз, жан дүниеңіз жасарғандай күй кешесіз. Бұл өзіңнің көкейіңдегіні тап басып айтып, айызыңды қандырған шабыт қасиеті десек, оның жырының мән-мағыналық тереңдігін зерттеу және оқырманға жіліктей шағып түсіндіру үшін ең айтулы деген тіл мамандарының біраз жыл ізеуріттей ізденуіне тура келеді. Дін-діңгек болғанда, халқымызды ислам дінінен, Хақ жолын сілтер -Құран Кәрімнен
алыстатушылықтың ұлттық рухани өмірімізде орны толмас қателікке итермелейтінін ел-жұрт тұрмыс-тіршілігіне негізделген мысалдар арқылы шебер жырлап, нанымды жеткізгеніне тәнті боласың. Жүгірме, әңгіменің терісіне, Сөзді де айтқан дұрыс келісіне, Ағайын Тама, Табын бізге келіп, Қыдырып жүрмеуші ме ед ел ішінде,- деп исі қазақты татулыққа, бірлікке шақырады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстаннның басты ұстанымы да осы – татулық, бірлік. Қашаған оны өткен ғасырда айтып жар салды. Бұл сөз ұлыларға тән ақыл-парасат, кезкелген емес, аз қазақты бірлікке, татулыққа шақыруды мақсат еткен кемеңгерлік иесі айта алатын ұлық сөз. Демек, бұл айтыс Қашекеңнің жәй ақын емес, ел бірлігін ойлаған азамат ақын екендігін танытты. Қашаған ақынның өзге айтыстары да оның ақын, азамат ретіндегі шоқтығын биіктете түседі. Оның ата тегін орынсыз сынап-мінеуден аса алмайтын, әдеп сақтауды білмейтін күншіл ақындарды аяусыз ірейді. Мұндай ақындар өз елі ішінен де табылды. Соның бірі - Базар Жары Ізбас ақын. Сексенге келген кезінде «айтысам» деп аласуан болған Ізбастың қылығы Қашағанға ұнамайды. Бір жиында Сен – есек те, мен – тұлпар, Адай түгіл Алшынға, Естілген дүбір-дүрсілім. ...Мен - ақ айдында аршындап жүзген ақ пароход, Басармын да кетермін, Батарсың да кетерсің, Күні бұрын күбінбе! Сен бір жабы, мен – тұлпар, Сен бір қарға, мен – сұңқар, Тоғыңды шайқап бүлінбе. Мен –мұхит жатқан тереңмін, Шамшырақ жанған түбімде. ...Мен – жоғарыда жүзген кемемін, Сен – өзектегі жыртық қайықсың -дей келіп: Менің түкірігім сөндірер Сенің жаққан отыңды,-деп екпіндете тоқтайды. Қашаған ақынның ойқастаған жүрісі бөлек тұлпарлығын танытатын бір тұс –
осы. Мұны естіген Ізбастың қандай күйде болғанын қайдам, ал арада қанша жылдар өтсе де оқыған жанның дегбірі қашатыны анық. Аға алдында кішілік жолын ұмытқан Сақыпқа: Мұнартып Еділ таспаса, Кемерінен аспаса, Көбігін көкке шашпаса, Биіктен қарғын баспаса, Су жүретін бе еді Жайыққа? Кеме жүрсе дарияда, Жол тиетін бе еді қайыққа?» деп тойтарады. Бұл Сақыпқа «мен тұрғанда әліңді де, жолыңды да біл» деген ақыл, тойтарыс. Әдепке шақыру. Үлкенді сыйлауға үгіттеу. Демек, Қашаған ақынды – ұрпақ тәрбиелеуші ұстаз-ақын деуімізге толық дәлел бар. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» дегендей, жасы үлкенді сыйлау, жолдасу – бізге бабадан қалған жақсы әдет, жан жадыратар мінез десек, Қашаған оның жоқтаушысы және жолдан шыққанды қайырып әкеп тезге түсірер тегеурін иесі. Ал домбыраны «қу ағашқа» теңеген Есқали сұпыға айтқаны - әдепсіз жанның қол-аяғын өлеңмен шырмап, ақылға суарылған кемел оймен шандып тастаған тамаша туынды. Алдын ала белгілі болған тақырыпқа арнайы дайындықпен, қолпаштауқошаметтеумен ырғала-жырғала келген ақын емес, ойда жоқта тап болған тайталасқа мұндай тасқын-екпінмен, терең білімділікпен, кең мағыналы, шабытты толғаныстан туған дүлей сөздермен соққы бере айтысу –түртіп қалсаң өлең ақтарыла жөнелетіндей табиғи таланттың қолынан келер шеберлік. Айтыскерлік, сурып салмалық қыры осындай болған Қашекеңнің шығармашылығындағы шағын өлеңдері байлар мен мансапқорларды, жағымсыз қылық иелерін өткір тілмен сынауға құрылса, «Адай тегі», «Топан», «Атамекен» дастандары тарихи шежірені арқау етеді. Бұлар да ұрпақтың ата текті, ел басынан өткерген талайлы тарихты тануына үлесін қосып келеді. Ақындар тәмсіліне сүйенсек, «ақынның аяқ алысын өлеңінің алғашқы бір-екі жолы-ақ аңғартып тұрады». Қашаған ақынның шағын өлеңдері, толғаулары мен термелері, қысқа сөз қағыстырулары өзінің көркемдік құрылысы, айтар ойының салмақтылығы мен уыттылығы, тілінің құнарлылығы жағынан ұзақ-сонар айтыстары мен дастандарының шоқтығын одан әрі толықтыра, биіктете түседі. Содан болар Әбіш Кекілбайдың:
«Дария десе, дария екен ғой Қашекең! Нағыз жырдария, мұңдария, шердария, сырдария екен ғой. Оның ағыл-тегіл жойқын тасқынының қаншасы тұрымтай тұсына, балапан басына заманда құмға сіңіп жоғалды. Қаншасы құнтсыз елдің қоржыны мен сандығына қолжазба боп түсуге үлгере алмай, күннен-күнге көзі азайып бара жатқан құймақұлақ қариялармен бірге әлдеқашан дүние ауып, үйме топырақтың астына кетті. Қалғанына тәуба! Қашағандай жырдарияның дүниеде болғанына тәуба!» деуі.
Қазан төңкерісіне дейін Қашекең шығармаларының ауызша тарағандығын айттық. Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында сол ауданның танымал, жігерлі қызы, халықтың рухани мұрасына жанашыр көзқарасы үшін «Мәдениеттің Мәнеті» атанған қарындасымыз тұрады. Көненің сарынына құлағы түрік жүретін Мәнет Теңелбайқызы ел ішінен бірнеше өнерпаз жас таланттарды тауып, тұсауын кескендігінен хабардармыз. Мәнеттің айтуынша, оның әкесі жас кезінде ру жағынан Қосай ата баласы боп келетін ағасы Қашағанға біраз ерген екен. Бұл ерудің мәні бар, ал еретіндер де тегін адамдар емес. Қазіргідей дыбыс жазатын диктофон секілді құрал-сайман тұрмақ, қағаз-қаламы қат заманда олардың қызметін бір естігенді қағып алатын құйма құлақ жандар атқарған. Қайран қалатының сол, расында, заманына қарай табиғат өзі лайықтап жаратып, өзі үйлестіріп отыратын болуы керек, әлгі жігіттер Қашекеңнің аузынан шыққан жыр жолдарын, жолжөнекей айтқан шумақтарды айнытпай қайталап, лезде жаттап алатын болған. Есте сақтау қабілеті нық, зерделі, зерек Теңелбай осы қызметті атқарған. Оның айтуынша, Қашекеңнің жасы егдерген соң жағы босаған. Ақын белгі берісімен жалаңдаған көмекші жігіттері иектің астынан салып, жағын қаусыра тартып әкеп, басынан асыра түйіп байлаған орамалын шешеді екен де, сөйлеп болған соң қайта байлап қояды екен. Әйтпесе, қаршадайынан ұзақсонар жыр айтып, шеті де, шегі де таусылмайтын қырсыздық, әділетсіздік атаулыны мінеп-сынаудан тынбаған ақынның жағы өз орынында тұрмай босап, салбыраңқырап кетіп, сөйлеуіне кері әсерін тигізетін болыпты. Әдетте ауызша тараған жыр орындаушылар тарапынан біраз өзгерістерге ұшырайды делінеді. Қашағанның бізге жеткен жырының екпіні тыңдағанын тамсандырып, тиіскенін тұралатып-ақ кетеді, сонда алғашқы түпнұсқасы қандай болғандығы Бір Аллаға аян.
Қ.Күржіманұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында көпшілікке белгісіз біраз туындылары тойды ұйымдастырушылар қолына тиді. Сол кездері олардың біразы баспа бетінде жарық көрді. Алайда, Әлім ауылының айтқышы Есентұрлымен, Таз Бала Оразбен, Балқы Базар және Жаскілең ақындармен айтысы, «Шыңғысхан», «Әзірет Әлі» дастандары сынды оқырмандарға жетпей жатқандары да бар деп ойлаймыз. Осы айтылғанды қуаттарлық бір-жар деректерге орын беріп өтелік. Қашекең туралы әңгіменің тағы бір ұшығын Тұрарбек Нұрмағанбетұлы келтіреді. Ол «Қашекеңді соңғы көруім 1927 жыл болса керек. Қоңыр күзде күзеуде отырғанымызда кеш түскенде келді. Онда есейіп, ержетіп қалған кезім. Адамдар жиналып:
-Қашеке, жыр айт,- деп қолқалағанда құс жастықты шынтақтап жатып айтқан мына сөзі есімде қалды: Жатқанда жанға жайлы жантайғаным, Кесірі болады екен қартайғанның. Өлеңді қартайған соң айта алмаймын,
Жаман екен сексен деген майталманың, -деп жеткізеді. Шабытты шоғыр жас ақындар өлкеміздің өнер мұратын асқақта көтерушілер болып келеді. Осынау өскелең ұрпақ өкілдері ұлттық рухани мұрамыздың дегелек құстай қырағы сақшылары. Қашекең «Берекетке» деген өлеңінде: «Отпан» таудың басында Дегелек деген бір құс бар, Аспанда жұріп ысқырса, Мың орда жылан басылған» демеуші ме еді. Ал Қашаған ақын оның ізбасарлары қашанда шынайы ұлттық өнеріміздің ту ұстаушылары бола білген, болады білуде. Ұлттық мәдени мұраларымыздың көсегесінің қайнары осында шоғырланған. Қашекеңнің зайыбы Мұрын жыраудың туысы Алтынзер болғанда, одан Іңкәр деген қыз балалы болған. Сол Іңкәрға арнап Қашекең өлең шығарған. Болғанда шешең Алтын, әкең - өзім
Қалайша ұйқаспайды сенің сөзің? Маған десең, тілің жоқ, сақау-ақ бол Әйтеуір, тірі болшы, ботакөзім. деп келетін жыр жолдары болған. Жайылып жатқан қой шетінде әлдекім күйбеңдеп жүр, енді байқады Омар деген ағайыны терлеп-тепшіп, шақырайған күннің астында жалаңбас қой сауып отыр екен. Қашекең сол жерде былай депті: Қой ішінде шұнақ қой, Бауыры аққан бұлақ қой, Қойшыларға сынақ қой, Қойды сауып отырған, Жазығы «қойшы» демесең, Кереқарыс маңдайы, Сұлулар сүйер шырақ қой Жайылып жүрген кер шолақ, Шабандығы болмаса, Омар сынды ер мінер, Дара тұлпар пырақ қой...
Қашаған мұрасын жинап, ел кәдесіне таратуда елдің белгілі азаматы, «Ақтау қаласының Құрметті азаматы», марқұм Таңаш Меңдібаев жемісті еңбек етті. Әдебиетке құштар оның «Сырласың да, мұңдасың да заман» атты кітабы басылып шықты. Кітаптың бір тарауы Қашаған ақынға арналыпты. Мұнда Қашаған ақын жайлы бұрын-соңды жарық көре қоймаған дүниелердің болуы – кітап мазмұнын арттыра түседі. Т.Меңдібаев дерегіне сүйенсек, Қашекең серігімен бірге шағын ауылдың үстінен түседі. Олар ат басын тіреген отауда жалғыз бойжеткен отыр еді. Жолаушылар отауға бас сұғып, дауыстап сәлем береді.
- Бұл үйге қонуға болмайды,- дей салады бойжеткен. Біраз өтініш-тілектерден соң бейтаныс бойжеткен: - Тоқтаңыз,- дейді, -Қонақ болсаңыз қоятын екі шартым бар. Бірі-сұрақ, бірі-жұмбақ.Осыны шешсеңіздер ғана қонуға рұқсат. Бірін-бірі танымайтын Қашаған ақын мен бойжеткен қыз сөз сайысына түседі. Сұрақ-жауап өрбітеді, жұмбақ айтысады. Екі жақта бірін-бірі жеңе алмайды. Ал бойжеткен болса, ақын кісінің жәй адам емесін сөзіне қарай топшылап біледі. Қашаған ақын «болар» деп тоқтайды. Ақынды сый-құрмет көрсетіп, ауылдың жақсыларын жинап, екі-үш күн қонақ қылады. Қоштасарда бойжеткеннің көңілі Қашаған ақынға құлайды. Сонысын бойжеткен:
- Аға маған не айтасыз?- деп, ұқтырып қалады. Сонда Қашекең: - Он-ит, жиырма-қасқыр, отыз-арыстан, қырық-жолбарыс, елутұсау, алпыс-шідер, жетпіс-кісен, сексен-көсеу, тоқсан-торғай, жүзжұмыртқа.,-деген жауап қатып жүре беріпті. Бойжеткен не айтарын білмей, дел-сал күйде болып тұрғанда, қасына келген жеңгесі былай депті:
- Сәулем, қапа болма, ақын өз өмірін айтты ғой. «Он жаста ат қуған бала едім, жиырмада қасқырдай жігіт болдым. Отызда арыстандай, қырықта жолбарыстай айбынды едім, елу келді-аяққа тұсау түсті. Енді алпысың шідер емей немене? Жетпісте кісендеулі болмаймыз ба? Сексен келгесін мен де бір, ошақ басындағы көсеуде бір. Тоқсанға келсең, торға түскен торғайсың. Жүзде бір, жарылған жұмыртқа да бір. Көңіліңді түсірген тағдырдан, уақыттан мықты емеспін» дегені. Өміріңе қиянат жасауға ақынның ары бармады. «Қош» дегені, деп жұбатыпты. Бұл шығармашылығына қатысты болғанда, туылған жері сияқты дүдәмал айтылатын тұс – отбасына, қызы Іңкәрға қатысты. Қайырбай Өтепбергенов «жары Алтынзер де, қызы Іңкәр да өзінен бұрын қайтқан көрінеді» дейді «Маңғыстау» газетінің 1991жылғы 2 қазандағы санында. Ал жылы жарық көрген «Қайыртпай кеткен Қашаған» кітабында ақын «бақилық сапарға Іңкәрдің қолынан аттанған» деген нұсқа айтылады. Бұл 1929 жыл болатын. Жерлестері жиналып, ақ жуып, арулап «Қырық кез» қауымына жерлейді. Біздіңше, осы нұсқа шындыққа жақындау келетін тәрізді. Оның үстіне жуырдағы «Маңғыстау» газетінің бір санында Қашекеңнің туысы, Маңғыстау мұнайын алғаш ашушылардың бірі, өнерпаз азамат Тұрсынғали Көшеновтің «Қашағанның ұрпағы табылды» деген мақаласын оқып, Ақтөбе бетінде тұратын Іңкәрдің ұрпақтары табылғандығын оқып-біліп, қуанып қалдық. Ұрпағын ата рухымен, нағашы жұртымен, ал маңғыстаулықтарды қыз да болса Қашағаннан тікелей тараған ұрпақтармен табыстырған Тұрекең ағамызға ризамыз.
Қашаған - қанша айтсаң да тауыстырайтын телегей теңіз ақын. Оның ірілі-ұсақты шығармалары – қазақ әдебиетіне қосылған алтын арна. Қашаған рухы алдында шәкірті, халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы көп тер төгіп, оның шығармаларын жинақтап, қағазға түсірген болса, беріде өлкетанушы, филология ғылымының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлы сүбелі үлес қосты. Ол Алматы қаласынан «Топан» атты жыр кітабын бастырып, «Алқаласа
әлеумет» деген кітапқа кейбір туындыларын енгізді. «Алтын кездік қын түбінде жатпас» дегендей, Қашаған Күржіманұлының есімі республика көлеміне тарап, Маңғыстауда мерейтойы, оның атындағы байқаулар өткізіле бастады. 1991 жылы тойланғна 150 жылдығы аясында «Қырықкез» қауымындағы басына күмбезді там салынды, ескерткіш тақта қойылды. Ақтау қаласында тұрғызылған ескерткіш те осы сәтті жұмыстың жалғасы. Ә.Кекілбаев Қашекеңді дария деп бекер атамағаны белгілі. Түбіне тұнғаны көп дариядай терең, айдыны шалқар жыраудың, айтары мол ақынның артында қалған мұраларын зерттеп, жинақтау – бүгінгі ұрпақ парызы. Анығын айтсақ, күні бүгінге дейін осы парызды орындай алмай келеміз. 2011 жылы «Жазушы» баспасынан 2000 таралыммен жарық көрген «Қайыртпай кеткен Қашаған» кітабы үлкен жұмыстың орнын көрсетіп ұшқан балапан дейміз.Алда қыранның қанат қағысындай алымды, бүркіттің бағындырған белесіндей биік істер тұр. Тек, ұрпағымыз баба атына адал, ата мұрасына құштар болсын. Жыр атасы Жамбыл:
Сүйінбай мен Қашаған, Қара өлеңді матаған. Атын жаттап балалар, Әлі күнге атаған, -деп жырға қоса, тағы бір қазақтың сыршыл ақыны Ілияс Жансүгіров: Атырау – алыс бізге, жердің түбі Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі. Шашқанда күйден көбік Құрманғазы
Қашаған –жырдан төккен маржан-дүрді, -деп шабыттана жырлауы тегін емес. Бұл алыстағы ағайын тарапынан айтылған әділ де жүрек жарды жоғары баға. Қазақтың ерлікке толы өткен жолы, киелі Маңғыстаудың тарихы, өзіндей текті ұлдары секілді Қашаған ақынның қабілеті біздің қалай мақтануымызға да барынша лайық. Біздің оларға лайық болуымыз шарт. Уақыт – өтпелі, дүние –жалған. «Ғалымның хаты, ақынның аты өлмейді» дегендей, Қашаған жырларымен бірге жасап келеді, халқын болашаққа бастап барады. Қашаған ақынның өмірі мәңгілік деуіміздің сыры осында. Маңғыстау Гомері
Гомер кім? Ежелгі Грецияның аты аңызға айналған ақыны. Оны «Иллиада» мен «Одиссея» сияқты эпикалық поэмалардың авторы деп жорамалдайды. Кеңес үкіметінің тұсында ұлттық өлеңжырымызды кейін сырғытып, орыс және шетелдік поэзияны асқақ көтеру дәстүрі болды. Келсін-келмесін еуропалықтардың туындыларын классика ретінде танып, соны дәріптеуге келгенде алдымызға жан салмадық. Сол кездегі көзқарас бойынша солай шығар, қазір қайта саралап, жаңа көзқараспен көз жіберсек, классика деп жүргендеріміздің көпшілігі ортанқол дүниелер. Тіпті қазақ болмысына мүлде келмейтін, қисыны алыстау шығармаларды мектептерде оқытып, балалардың басын қатырғанымыз ақиқат. Әйтпесе, қазақ поэзиясында соларды он орап алатын ғажап, жауһар туындылар аз болған жоқ. Рас, Гомер өз заманының озық ойлы адамы, әлемдік деңгейде аты шықты. Поэзияның тілін тұтас бір дәуірді жырлаған Гомермен салыстыру орын алды. Мұрын Сеңгірбековті де көзінің тірісінде «Маңғыстаудың Гомері» атады. Қазақ халқының бағына біткен асылдары Қ.Сәтбаев, Н.Оңдасынов, Н.Сауранбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов және басқа зиялыларымыздың бастамашылдығы және қолдауымен ол осындай бағаға ие болды. Бұл кезде Кеңестер Одағы өмір мен өлім арасында «байтал түгіл бас қайғының» кебін киюде болатын. Бақайшағына дейін қаруланған фашистік Германия миллиондаған әскерімен Кеңестер Одағының тұтас батыс шекарасына 1941 жылдың 22 маусымында, таңғы сағат төртте, ойда жоқта басып кіргені тарихтан аян. Осының салдарынан Балтық теңізі мен Қара теңіз арасында Германияның әскері қаптай жылжып, ұшақтары төбеден бомба, танкілері мен зеңбіректері қара жерде снарядтары мен гранаталарын қарша боратып, ауыл-қалалардың күл-талқанын шығара бастайды. Қапелімде ес жинау қайдан оңайға түссін?! Неміс фашистері жазықсыздан-жазықсыз бесіктегі баладан еңкейген қарттарға дейінгі миллиондаған бейкүнә жандардың қанын судай шашты. Бейқұт жатқан елді қырып жойғандарына елірген фашистер ентелей ұмтылып, қазіргі Белорусь, Украина сияқты елдерді түгелдей дерлік басып алады. Бұнымен де шектелмей, Кеңестер Одағының ілгерілі-кейінгі астаналары Ленинград пен Мәскеуге, Еділ бойына төніп келді. Егер, фашистік жау үшін зор стратегиялық
маңызы бар аталмыш міндеттерді олар өз пайдасына шешсе, онда Ұлы Отан соғысының тағдыры Ресей жерінде немістердің пайдасына ауар еді. Бір шаңырақтың астында бір Отан деп өмір сүрген кеңес жұрты барын майданға жөнелтті. Солардың қатарында Қазақстанның да ұл-қыздары қолына қару алып, жасанған жауға қарсы шықты. Екі ұлы держава жарты Еуропаны басып алған, фашистік Германия мен он бес одақтас республиканың басын құраған Кеңестер Одағы арасындағы соғыстың шешуші айқастары аспан мен жердің арасын ойранға салды, мыңдарды майдан даласында мәңгілікке жай тапқызды. Міне, осындай туған ел үшін алдым-бердімге толы, екіталай шақтың өзінде ұлтымыздың мақтаныштары Қ.Сәтбаев, Н.Сауранбаев төл әдебиетіміздің тағдырын ерекше бағалаудың қайталанбас үлгісін таныта білді. Енді, бұл айтылған ойды қуаттарлық бірер дерек ұсынып көрелік. КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Президиумы председателінің орынбасары Қ.И.Сәтбаев пен КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Н.Г.Сауранбаев екеуі Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің Председателі Н.Оңдасынов жолдастың атына 1942 жылдың 12 қаңтарында «Мәлімдеме хат» жазып тапсырған. Хаттың тоқетері Мұрын жырау Сеңгірбековтың жырларын стенографияға түсіріп алуға тірелетін. Ал елдің жағдайы болса, несін айтарсың, аса қиын шақта еді. Бірақ, соның өзінде де бұл үш бірдей асылымыз ұлтымыздың рухани өмірінің мәртебесін жоғары ұстаудың биігінен көрінді. Былайша айтқанда, ел болып қалу үшін ұлттық рухымызды әрқашан жоғары ұстауымыз қажет. Ұлттық рухымыздың бірегей қайнар көзі мәдени мұраларымыз болып саналады. Жасы сексеннен асқан Мұрын жыраудың ақыл-ойында мәдени мұрамызды алты алашқа, жалпы адамзатқа ұялмай ұсынарлықтай жыр әлемі сақталған. Қамшының сабындай қысқа ғұмырының көбін артқа салған, азы қалған Мұрын жыраудын атадан әкеге, одан балаға ұласып келе жатқан әдеби мұрасын жазып алып үлгеруге олар жандарын салады. Оқырман қауымның бұл айтылғандарға көзін жеткізе түсу үшін «Мәлімдеме хаттан» үзінділер келтірейік. «1939 жылғы диалектологиялық экспедицияның есебі бойынша КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалына
«Қырымның қырық батырын» айтатын көне-көз жыраудың есімі мағлұм болған еді. Бірақ, осы уақытқа дейін белгісіз себептермен филиал тарапынан бұл жырларды жазып алу мақсатында ешқандай шара қолданылған емес» деп басталады «Мәлімдеме хат». Одан әрі былайша сыр шертеді. «1941 жылдың ноябрінің басында Қазақстан Комунистік партиясы Орталық Комитетінің секретары Бузурбаев жолдастың мақұлдауымен КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Қазақстанды зерттейтін қоғаммен бірлесе отырып, қазақ әдебиетінің тәжірибелі жинақтаушысы А.Хангелдин жолдасты Маңғыстауға жіберген болатын. Ондағы мақсат – аталған фактінің ақиқаттығына көз жеткізіп, мүмкін болған жағдайда жергілікті жердің өзінде-ақ сол жырларды толықтай жазып алу шараларын ұйымдастыру еді. Хангелдин жолдас Форт-Шевченко қаласында бір жарым ай болып, Алматыға оралғанда аталған жырау жайлы және оның жырлары хақында барынша толық мағлұматтар алып қайтты. 1. Жырау Мұрын Сеңгірбеков қазір 81 жаста. Ол адай руынан шыққан. Бұл күнде ол Форт-Шевченко қаласының Киров көшесіндегі №76 үйдегі күйеу баласының қолында тұрады. Аратұра зергерлікпен айналысады. 2. Өзінің және онымен замандас қариялардың сөзіне қарағанда, Мұрын Сеңгірбаев «Қырымның қырық батыры» туралы жырды жырлауды 18 жасында меңгерген майталман жыршы. Ұзақ жылдар бойы ол осы жырды айта жүріп, бұрынғы Бұхара, Хиуа әмірлерінің қол астындағы Әмудария мен Сырдарияның аралығын қоныс еткен елдерді, Каспий мен Қара теңіз оңтүстік жағалауын мекендеген халықтарды аралап шығады. Өзін осы елдердің арасына танымал еткен ол есейе келе қазірге дейін жұрт ілтипатпен атайтын Мұрын жырау деген құрметті атаққа ие болады. Әйтсе де қартая келе Мұрын жырау бұрынғы даңқынан айрыла бастайды. Ол қазіргі соңғы буын өкілдерінің арасында тіптен белгісіз. «Қырымның қырық батыры» жайлы жырдың дүниеге келуі турасында Мұрын жырау қария мынандай жайды мәлімдейді: бұл жырлардың бірінші шығарушысы – осыдан шамамен 500 жылдай бұрын өмір сүрген Сыпыра жырау. Сыпыра жырау өзінің бұл туындысын жаңа ұрпақ өкілі Абыл жырауға аманат еткен. Абыл жырау болса, өзінен кейінгі Нұрым жырауға, ал ол – төртінші
буынның өкілі Мұрын жырауға аманат етіп қалдырған. Одан аталған жырларды үйреніп қалған бесінші буыннан әзірге ешкім де жоқ. Көзімен көргендердің (Хангелдин, Жақыпбаев жолдастардың) айтуынша «Қырымның қырық батыры» ерекше құнды, көлемді мәдени мұра. Бұл тұрғыда мына жайлар осыған дәлел бола алады: «Қырымның қырық батыры» туралы жыр қырық тараудан тұрады, оның әрқайсысы жеке-жеке батырларға арналған. Сонымен бірге бір батыр екінші батырдың ұрпағы болып жырланады. Сондықтан қырық батыр жайлы жырлардың жиынтығы – тегі мен композициялық құрылымы жағынан өзара тығыз байланысты. «Қырымның қырық батыры» туралы жыр деп аталатын жырлар жиынтығы өзінің құрылысы жағынан қырғыздың белгілі «Манасын» еске түсіретін, бірақ көлемі бойынша одан екі есе үлкен, қалыпқа түскен тұтас бір мәдени дүние... Аталған мұра көлемі жағынан Шығыстың ұлы туындысы – «Мың бір түннің» өзін кейінге қалдырады. Бұл жырлардың мазмұны, сюжеті мен композициясы ерекше назар аударуға лайық. Шетжерлік басқыншылардың шабуылынан елін қорғаған батырлар ерлігі әр жырда да жырланады. Батыр мұнда халқының қорғаны, жат жұрт езгісінен азат етуші қаһарманы ретінде көрсетіледі. Ержүректілік, әділдік, ақылдылық, туған халқына деген махаббат секілді қасиеттер оларға тән болып келеді... ...Жырда мына батырлар негізгі қаһармандар ретінде көрінеді: І 1. Ала тайлы Аңшыбай батыр 2. Оның ұлы Бабатүкті Шашты Әзіз бен Ер Көкше және Ер Қосай. 3. Парпария батыр 4. Оның ұлы Құттықия батыр ІІ 5. Оның ұлы Едіге батыр 6. Оның ұлы Нұрадын батыр 7. Оның ұлы Муса батыр 8. Оның ұлы Матай батыр 9. Оның ұлы Орақ батыр 10. Орақ батырдың ұлы Қарасай 11. Оның ұлы Қази батыр 12. Оның ұлы Қарадөң батыр 13. Оның ұлы Жұбаныш батыр
- Оның ұлы Сүйініш батыр 15. Оның ұлы Ертегіс батыр ІІІ 16. Оның ұлы Ер Көгіс батыр 17. Оның ұлы Тама батыр 18. Оның ұлы Тана батыр 19. Оның ұлы Нәрік батыр 20. Оның ұлы Шора батыр 21. Ақжонас батыр ІV 22. Оның ұлы Кеңес батыр
- Оның ұлы Жанбай батыр 24. Жаңбыршы батыр V 25. Оның ұлы Телағыс батыр VІ 26. Шынтас батыр 27. Оның ұлы Төрехан батыр 28. Қарғабойлы батыр 29. Бозтуған батыр 30. Оның ұлы Манаш батыр 31. Оның ұлы Тұяқбай батыр 32. Айса батыр 33. Оның ұлы Ахмет батыр 34. Алау батыр 35. Тоған батыр 36. Темір хан батыр 37. Әділ батыр 38. Сұлтан керім батыр 39. Оның ұлы Шырман батыр 40. Қобыланды батыр. Бұл тізімнен біздің байқағанымыз, бұған дейін бізге белгілі қазақ батырлары жайлы жырлар осынау қырық батыр туралы шұрайлы топтаманың жеке бір үзінділері секілді әсер қалдырады. Мұндай құндылығы ерекше мұрадан көз жазып қалу тіптен де кешірімсіз жай екендігі белгілі. Сондықтан жасы жеткен жырау әзірше тірі тұрған кезінде, мүмкіндігінше тездете отырып, бұл жырларды толық көлемде жазып алып, қазақ халқының, сондай-ақ, Кеңес Одағын мекендеген өзге халықтардың мәдени игілігіне айналдыру қажет. Мұрын жырау жырларын әдеттегі әдіспен жазып алуға мүмкін еместігіне Хангелдин жолдастың сапары көз жеткізіп отыр.
Өйткені, ол бұлақша құйылып тұрған жырлардың бірде-бірін домбырасыз айта алмайтын кісі. Мұрын жырау жырларын тек стенограммамен ғана хатқа түсіріп алуға болады, ал Форт-Шевченко қаласында ондай жағдайға мүмкіндік жоқ. Жыраудың жасының әбден ұлғайғандығын, жырларының айрықша құндылығын ескере отырып, бұл шаруаны жедел түрде іске асыру қажет. Мұрын жыраудың (жолбасшысымен) Алматыға келуіне, жырларды жазып алу шараларын ұйымдастыруға деген қаржы 8-10 мың сом мөлшерінде белгіленіп отыр (жазып алу жұмысына кем дегенде 10 ай кетеді). Сондықтан, айрықша құнды да сирек кездесетін қазына-өзінің бағалығы жағынан қырғыздың «Манасынан да» асып түсер дүниежүзілік маңызы бар халық эпосынан мәңгілікке айрылып қалу қауіпі төніп тұрғанда, тіптен, қазіргідей соғыс кезінің өзінде де бұл шаруаны жүзеге асыру қажет және ол мұны ақтайды деп есептейміз. Сондықтан біз Сізден: 1.КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Мұрын жырауды Алматыға жедел шақыру жөніндегі пікірін қолдай отырып, Қазақ КСР Халық комиссарлары советінің атынан Маңғыстау аудандық советінің председателінің атына Мұрын жырауды сенімді кісі қосып (күйеу баласымен) Алматыға кідіртпей жеткізу жөнінде телеграмма бердіруді өтінеміз. 2. «Қырымның қырық батыры» туралы жыр атанатын уникальды қазақ эпосын жаңғыртуды ұйымдастыру үшін Қазақ КСР Финанс комиссариатына КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының есебіне 1942 жылға он мың сом қосымша қаржы бөлдіртуіңізді сұраймыз». Хаттың соңына Қ.И.Сәтбаев пен Н.Т.Сауранбаев ағалар қолдарын қойып, мөрмен куәландырған. «Мәлімдеме хатты» баспаға 1986 жылы түбегімізден шыққан белгілі ғалым Қ.Сыдиықов дайындаған. («Қырымның қырық батыры», Алматы 2005 жыл, 450-452 бет).
Өмірдерек Мұрын жырауды өткен ғасырдың 40-шы жылдары «Маңғыстау Гомері» деп жоғары бағалаған сол кезеңдегі қазақ халқының бағына біткен үркердей жарық жұлдыздарындай ғұламалар сенімі ақталды. Ол заңғарларымыз бұл сенімді: «...бағалылығы жағынан қырғыздың «Манасынан да» асып түсер, дүниежүзілік маңызы бар халық эпосынан мәңгілікке айырылып қалу қаупі төніп тұрғанда, тіптен, қазіргідей соғыс кезінің өзінде де бұл шаруаны жүзеге асыру қажет және ол мұны ақтайды деп есептейміз» деп өрілген тұжырыммен бекіткен болатын.
Бұл сенім ойдағыдай орындалды. Бүгін таңда тәуелсіз мемлекетін баянды етіп жатқан қазақ елі сол үшін де оларға шексіз ризашылығын білдіреді.
Мұрын – Маңғыстау өлкесі Бозашы түбегінде 1859 жылы өмірге келген. Жыраудың кіндік қаны тамған жер «Иткелді» суы. «Мекенімді сұрасаң, Бозашы деген түбекте, «Иткелді» судың басы еді» деп басталатын жыраудың Нұрыммен кездесудегі толғау жыры бұған куә. Кейде «Қоңырорпада» туылған деген нұсқасы да кездеседі. Байырғы тұрғындардың бекіте түсуіне қарағанда «Иткелді» атауы бертінде «Қоңырорпаға» айналған. Бүгінгі ұрпақ «Қоңырорпаға» тоқтауда. Зерттеушілер, соның ішінде түбектің айтулы шежірелерінің бірі Алшын Меңдалиев Мұрынның ататегін былайша таратқан: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Кеще (Мұрат) – Қожағұл – Құлқара – Айғыр (Алғыр) – Сеңгірбек – Мұрын (Тілеген). Ол – 1954 жылы 29 тамызда дүние салды. ФортШевченко қаласы жанындағы Сислам ата зиратында жерленген.
Мұрынның әкесі – Сеңгірбек, атасы – Айғыр, тетелес ағасы – Төлеген өз өмірлерін ұсталыққа, зергерлік кәсіпке арнаған. Туған әкесі Сеңгірбек Мұрынды жас кезінен қасында ұстап, ұсталық, зергерлік өнерге баулиды. Бірақ, Мұрын бала кезінен сөз, ән-күй өнеріне қатты құмар еді. Оның бұл қасиетін елден бұрын байқаған анасы Қалдыкөз (Қалдықыз) еді. Тек байқап қоймай, баласының халық қазынасы: өлең-жырларға, ән-күйге, аңыз-ертегілерге қаныға түсуіне игі ықпал етеді және анасы да бұларды көп білетін, ырғақсазымен айтып отыратын. Сөйтіп, болашақ ұлы жырауға оларды үйретуден жалықпайтын. Ұлын жеті, сегіз жасынан жиын тойларға ертіп барып жүретін. Осылардың арқасында бала Мұрын сөз
өнеріне біржола беріле бастайды. Шешесі Төлегеннен соң көпке дейін балалы болмаған. Содан он жылдан кейін көрген ұлының атын Тілеген деп қойған. Мұрын жыраудың үлкен ағасы Төлеген дәулескер домбырашы болған. Атақты Айжан қызбен домбыра тартысқан. Құрманғазымен кездескен, артына «Айжан қыз», «Шашбауқақпай» атты тамаша күйлерін қалдырған. Айжан аулының қонысы Жем бойы. Руы Адайдың Қосайы. 1868 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы шығып көтерілген бұл ел 1875 жылы Тәжікстанға қоныс аударады. Солардың ішінде Айжан қыз, Қалнияз ақынның ауылы да кетеді. Бір жағынан жауынгер-сарбаз, патшаның Дәукескен қамалын алуда көзге түскен ер, екінші жағынан Махамбет сияқты жорық ақыны әрі сазгер Қалнияз Шопықұлының елін, жерін сағынған өлеңдері бізге кейінірек баласы Қортан жырау арқылы жетті. Қалнияздың «Жорық күйі» дейтін күйі мен Айжан қыздың «Шашбауқақпай» күйін 1986 жылы Қабиболла Сыдиықов Тәжікстан қазақтарына барған іс сапарынан жазып алып келді. Айжан өте сұлу, кербез адам болыпты. Қыз күнінде киген сәукелесін келін болып түскен соң да тастамаған. Домбыраны көбіне таң құлан иектеніп атқан кезден бастап тартады екен. Онысын бұл уақыттағы саз тұнық шығады, әуені алысқа кетеді деп түсіндіреді. Төлеген солай Айжанмен бір жұма домбыра тартыстық, саусақ біткенде мұндай береннің енді болуы екіталай деумен өткен. Мұрын 16 жасында Дәметкен деген қызға үйленеді. Араға жыл айнала бергенде әкесі Сеңірбек қайтыс болады. Енді отбасының күн көрісі Мұрынға түседі. Бірақ, Мұрындай жас жігіттің сөз өнеріне аңсары ауа береді, үй іші және шаруашылық қызмет-тіршілігіне «қолы тимейтін» күйге түседі. Өңі тұрмақ, түсінде де домбыра шертіп, жыр жырлап шығатын болған. Қабекең Сыдиықов жазып кеткендей, өлең-жырсыз отыра алмайтын күйге жетеді. Тек анасы емес, әкесінің де – Сеңгірбектің, ескелікті жыр - әңгімелерге үйірсектігі де ұлының бойында өшпес із қалдырғаны жайлы біраз деректер соңғы күндерге дейін келтіріліп жүр. Патша үкіметінің отарлаушылық саясатына негізделген ісәрекетіне көнбеген Маңғыстау халқы 1870-1873 жылдары көтеріліс жасағаны белгілі. Көтерілісті патша үкіметі күштеп басады. Көтерілісшілерге қару жасаумен шұғылданған, керек десеңіз найза, қылыш, мылтық жасауға дейін барған Айғыр Сеңгірбек сияқты шеберлерге отарлаушылардың қандай көзқараста болары айтпаса
да түсінікті. Түбектің бірқатар ауылдары Хиуа хандығы аумағына, өзбек, түрікпен, қарақалпақ аумақтарына қоныс аударады. Күйзеліске ұшыраудың салдары осы болатын. Қарақалпақ жеріне әкесі Сеңгірбектің отбасы да ауған. Халық дүрбелең болған 1870 жылы бала Мұрын, болашақ ұлы жырау 11 жаста екен. Араға он жыл салып, 1880 жылы Бозашы түбегіне, туған жеріне оралады. 1897-1899 жылдары, қайтадан қарақалпақ жеріне көшіп барып, Хожеліде тұрады. Хожеліде өткізген екі жыл ішінде екі ұлы қайтыс болады. Оның алдында Дәметкен жұбайынан көрген алты баласының үшеуі дүние салған-ды. Сөз жоқ, бұның бәрі, Құдай басқа бермесін, өте ауыр қайғы. Рухы биік Мұрын жыраудың өзі қайғы-күйіктен шөккендей күйге түседі. Ел алдында жыр айтуға зауқы соқпай қояды да туған жері Маңғыстауға қайта көшеді. Қонысы – қайтып оралғаннан кейін Форт-Шевченко қаласы болып еді. Қала іргесінен тау-тастан үш бөлмелі үй және ұста дүкенін тұрғызып алады. 1907 жылы жұбайы Дәметкен дүние салып, жалғыз қызы Тұрлан екеуі ғана қалады. Одан кейін алған әйелі Жанша (Жансалқам) 1940 жылы дүние салады. Сосын, жалғыз қызы Тұрлан мен күйеу баласы Дүйсенбайдың қолында болады. Бұлар Форт-Шевченкодан 16 шақырымдай Асан дейтін жерді мекендеген. Теңіз беттегі аласа үй еді. Бұл үй Киров көшесінің 20шы үйі аталынды. Даңқты жыраудың жарты ғасыр өмірі осында өткен деседі жергілікті өлкетанушылар. Мұрынның өз сөзімен айтқанда «Осы кезден бастап, жыр, әнгімені тек әдейі шақырған жерде, әдейі жиналған құралдарда айтатын болдым». Бір ескере кетер жай мынау: академияға Мұрынның өзі 1942 жылы Н.Ұйықбаев арқылы жолдаған өмірбаянында 1859 жылы, ал 1949 жылы жіберген материалдары 1860 жылы 15 қаңтарда тудым деген дерек баршылық. Жыраудың бейіті басындағы құлпытаста Мұрын Сеңгірбекұлы 1860 жылы туып, 1954 жылы тамызда дүние салғаны көрсетілген. Мұрын жыраудың баласы Дәуітбай Мұрынов Ақтау қаласы іргесіндегі Дәулет елді мекенінде, Мұнайлы ауданында тұрып марқұм болды. Мұрынның кіндігінен тараған ұл перзенттері қарақұлақ болар шақтарында көз жұмады. Сонсоң өзінен тұяқ қалмайды да Тұрлан деген қызынан туған жиені Дәуітбайды өз атағына жаздырып, бала қылып алған. Сексеннің сеңгіріндегі ағамыз Дәуітбай Мұрыновпен 2009 жылдың сәуірінің аяғында
оның құттыханасында болып, дидарластық. Аса талантты ата Мүрекең жөніндегі материалдар және деректермен таныстық. Осы очеркті жазуда Дәуітбай Мұрынов аға берген деректер мен әңгімелерді пайдаландық. Соның ішінде «Маңғыстау» газетінде 90-шы жылдары өлке тарихын зерттеушілердің, байырғы журналистердің бірі, бірнеше кітаптардың авторы Т.Шадықұловтың қаламынан шыққан Мұрын жырау және баласы Дәуітбай жайлы туындылар бар. Осы тұста Дәуітбай аға Мұрынов туралы да бірер сөз арнамақпыз. Дәуітбай өз әкесі Мұрын жырауды мен үшін алдымен қарапайым ғана, түс қазақтың және Қашағанша айтқанда, жырау ретінде «қайыртпай кеткен қара нардың» нақ өзі екенін тереңірек тануыма бірден-бір игі ықпал етті. Сөз жоқ, Мұрын жырау алты алаштың мақтанына айналған заңғар тұлға. Мұрекең атаны асқарға айналдырған ғаламат күштің аты – Ұлттық Рух. Исі қазақты бір ту-көк ту астында күллі әлемге бастап келе жатқан да осынау қасиетті рухани құбылыс күші. Рухани күш болса, сүтпен бірге сүйекке сіңген, тәніміз бен жанымыздың түп негізі, бастаушымыз һәм басқарушымыз дер едік. Ол жаратушы Иеміздің шапағатты нұрынан. Нұрдан рухани күш жаралған дейді. Рухани қуат күші - әр адам баласына тән. Ал оны өз деңгейінде ісімен де сөзімен де қолданып отыру жағы, ол енді баршамызда бірдей тең болмаған.
Мұрын ата осы жағына шынашақтай бала кезінен ден қойған. Ұсталықты, зергерлікті кәсіп ретінде меңгерсе де ес біліп, етек жабар шақтардан өмір жайлы терең ойлануға, ізденуге бет бұра бастаған. Бұл түйінге бала Мұрын, Мұрын жігіттің өлең-жырға дегенде ықыласы мүлдем өзгеше. Бала Мұрын ән-жыр тыңдап отырып, әлден уақытта ұйқыдан оянғандай боп, өзіне келеді және жан-жағына қарап, дел-сал халге түседі екен. Сол рухани күш бала Мұрынға, жігіт Мұрынға, ата Мұрынға оның соңғы деміне дейін қонып өтті. Аруақ қонған деген ұғым, сірә, осындайдан қалған болар деседі көнекөздер. Ал ұлттық рухтың қайнар бұлағы-халық творчествосы арқылы бейнеленеді, қорданалады. Ғылым тілінде солай сипатталады. Мұрын медреселерде білім шыңдаған деуге негіз жоқ. Ол өмір мектебінде тәрбиеленді, дін-шариғат ілімімен білім алды, жеке рухани өмірін халықтың ертегі, әңгімелері, әнкүйі, жыр-қиссаларынан араның гүлдерден бал жиғанындай, төзімділікпен теріп жүріп байытты. Рухани өмірін байытудағы өмір
жолы мен күресі ақтық демі біткенше толас таппады. Ұлылық киесі дарыса, тек қана осындай Алланың берен пенделеріне ғана дариды. Бұл тұжырымның алғашқы да, кейінгі де авторы біз емесіне кепілдік береміз. Ғибрат тұтарымыз сол, мұны көзі ашық, көкірегі ояу оқырман құп алады. Солардың бірі — жоғарыда атап өткен Мұрын жыраудың баласы Дәуітбай Мұрынов. Өз әкесінің ұлттық рухының ғажап жоғары екенін Алматыда, ел астанасында өмір кешкен үлкен ғалымдар танып бағаланына бірер штрихтар келтірді. Қазір ақсақалдық жастағы Дәуітбай болса, әкесі Мұрын Сеңгірбековпен, 1942 жылдың 22 маусымында Форт-Шевченкодан Алматыға аттанған. Алматыға жету үшін алдымен облыс орталығы Гурьев қаласына аяқ іліктіру керек. Осы мақсатпен Маңғыстау ауданының басшылары қолда бар жарамды су көлігі моторлы «Ералиев» қайығымен бұларды Каспийді кешіп, «Үйшікке-Гурьевке» шығарып салады. Тентек теңіз мінез шығармай қойсын ба? Толқып, тулап, әлек-шәлекке салады. Абырой болғанда қайықшы жігіттер ондай құқайды бастарынан кешіріп баққан, тәжірибе жинақтағандардан еді. Гурьевке (қазіргі Атырауға) аман-есен жетеді. Мұнда Мұрын жыраумен оның баласын Нәдір Шапағатов, (ол Сайын Шапағатовтың әкесі), екеуі де марқұм боп кетті ғой, бастаған бір топ жігіттер қарсы алады. Нәкең Шапағатов Гурьев облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып істейтін. Ол кісі негізінен маңғыстаулық болғандықтан Мұрын жыраудың жақындарын, дос-жарандарын жақсы білетін. Сондықтан жыраудың қасына оның баласынан естиярлау, әрі өнерлі жерлесі Икембай Өтепбергеновты қосып астанамызға жолаушы поезімен шығарып салады. Мұрын жырау тобы жеті тәулік жол жүріп, көрген де арманда, көрмеген де арманда боп келген күллі Қазақстанның бас қаласына тұңғыш мәрте табан тірейді. 1942 жылдың маусым айының аяғы емес пе, үп еткен желі жоқ Алматы аспанын күн ыстығы қуырып тұрды. Қазақтың астанасына арнайы шақырумен келу бақытына ие болған Маңғыстаудың қара шалы қайтып қуанбасын, қайтып шалқып тасымасын?! Бұрынғының жолымен жыр-шумақтарын түйдек-түйдегімен ағытып алып, құшақ жая қарсы алған қазақ әдебиетшілері: Е.Ысмайылов, Н.Сауранбаев, басқада толып жатқан әйгілі қаламгерлерді бұл да емірене бірінен соң бірін бауырға басып жатыр. Рас, Мұрын ата оларды сол бойда
атап-түстеп тани алмаған. Кейіндеу, қонақ үйлерде, басқа орындарда кең отырып, шешіліп сөйлесіп дегендей танысып алуаналуан сыр шертісті. Реті келгенде әзілін жыр жолдарымен жарасымды ұшқындатып жіберген. Сексеннің сеңгіріндегі жыраудың шау тарта қоймағанын алматылық үлкен әдебиетшілер, ғалымдар сонда бір байқап білген. Жырауды сол кездің белді қаламгері Бозтай Жақыпбаевтың қонақжай шаңырағына орналастырады. Жырауды күтуші қызметкер ұсталады, олар тұрмыстық қызмет көрсету жағына сөз келтірмей атқарған. Осылайша, Алматыдағы жырау өмірі «Қырымның қырық батыры» туралы эпопеялық жырды 1942 жылдың аяғына дейін жырлаумен өткізеді. Әдебиетшілер мен ғалымдар оларды толық жазып алуға үлгере алмайды. Сөйтіп «Қырық батырдың» отыз алтысы жазылып алынады. Ал қалған төрт батыр туралы кесек-кесек жырлар тарауларын Маңғыстауға, туған жерінде білім-сауаты жеткілікті кісілерге жаздырып, почта арқылы жіберуге уағдаласады. Дәуітбайдың көрсетуінше осы келісіммен бұлар Алматыдан поезбен шығып, Гурьевке, одан су жолымен Форт-Шевченкоға, ауылдарына қыс ортасында аман оралған. Жырауға «Еңбегің алладан қайтсын» деген игі тілегін айтып, он бес мың сом ақшаны сыйақыға ұсынған. Өрен жүйрік жырауға жеке-дара құрмет белгісін Қазақстан Республикасының басшысы Нұртас Оңдасынов, классик жазушыларымыздың бірі – Сәбит Мұқановтар танытқан. Екеуі де Мұрын жырауда өздерінің құттыханасы төрінен орын беріп, қазақи салтпен сый-сияпат көрсеткен. «Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның Гомерісіз» деген бағаны сол күндері ұлы жырау сонда естіген.
Мұрын да Гомер сияқты тұтас тарих бейнесін жырмен кестелеуші. Жырау «Қырымның қырық батыры» эпопеясымен әмбенің көзін осыған жеткізе білді. Бұл ойды өзгеден бұрын танып білгендердің аты-жөндерін біз жоғарыда атап көрсеттік те. Біз бұған бір-ақ нәрсені қоссақ дедік. Ол мынау. Шәкәрім Құдайбергеновті Алаштың алыбы десек, ол медреселерде оқып, білім шыңдау, ғұламалардан дәріс алу бақытын бастан кешіре алмады. Оны ол Мұрын жырау сияқты өзінен бұрын қалыптасқан халық арасындағы әдеби ортадан тынбай, үздіксіз үйренумен, естіп-білгендерін бойына сүлікше сіңіріп, зерделеумен ешкімнің сілтеу-нұсқауынсыз дамытумен ауыстыра білді. Және Шәкәрім Орта Азияда көп елдерді аралап көрумен ақыл-ойын,
білім дәрежесін тиімді үстемелеген. Мұрын жырау да дәл солай істеген. Зерттеушілер ол жөнінде жыраудың Каспийдың шығыс, терістік және батыс жағалауындағы, Әму мен Көпет Даг атыраптарындағы елдер-аралығынан, бұл өлкелердің біразында отбасымен жергілікті халық өкілдерімен аралас-құралас өмір кешумен қол жеткізгенін ашып көрсеткен. Соның арқасында түркі халықтарының бірнеше тілін меңгерген. Мысалы, түрікмен халқының «Көроғлы» атты көлемді дастанын сол халықтың өздері таңдай қағып тыңдайтын деңгейде орындап отырған. Араб елінің Рамуз патшасы және Ысырау (Қысырау) патшасы туралы әйгілі «Оғыз» жырларын жақсы білген және тамаша орындаған. Өкінішке орай, бұл соңғы үшеуі жыраудың мұражай қорларында кездеспей келеді. Жалғыз бұлар емес. Айталық, Мұрын жырау 1949 жылы 8 тамызда академияға өз өмірбаянының толығырақ нұсқасын жіберген. Осы хатқа жырау өзі білетін мұралардың тізімін қосқан. Олар мыналар: 1.«Қырымның қырық батыры» туралы әңгімелер мен жырлар; 2.Түркменнің «Көроғлы батыры» туралы жыр, әңгіме; 3.Араб елінің Рамуз патшасы, Ысырау (Қысырау) патшасы туралы жыр-әңгімелер; 4.Бұрын Маңғыстауды жайлаған «Жеті жұрт» туралы әңгіме; 5.Адайдың Маңғыстауды мекен етуі туралы; 6.Бәймәмбеттің ауасы (ауа көшуі, елдің көшуі, қоныс аударуы) туралы; яғни Маңғыстау халқының патша үкіметінің отарлау саясатына көнбеуі, салық төлеуден бас тартуы, шаруалар көтерілісі туралы; 7.Адайдың Абылдан кейінгі атақты ақындары: Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы туралы әңгімелер. («Қырымның қырық батыры» 2005, 18 бет). Жырау жасының ұлғаюы, жергілікті жердегі жанашырлардың не тіл, әдебиет институтының арнайы өкілдері арқылы құнттап жазып ала-алмауы салдарынан тізімде аталған мұралар түгелдей хатқа түсіріп үлгермеген сияқты. Мұрын жыраудың баласы, асылдың сынығы Дәуітбай ақсақал әкесінің 150 жылдық тойына қатысып, 2010 жылдың көктемінің бірінші күні бақилық сапарға аттанды. Ақсақал мынадай да дерек қалдырып еді: - жылы Қазақ ССР Халық шығармашылық үйінің шақыртуымен Мұрын жырау әкемізбен екінші рет Алматыға
келдік. Сөйтіп, астанада бір ай жиырма үш күн болдық. КазГУ-де Мұрекеңді жырлатты. Ал енді Халық шығармашылық үйі Мұрын жырау айтуынан не жазып алды? Олар қайда? Бұларға, әзірше, ешқандай жауап жоқ. Иә, Мұрын жырау туралы, оның өлмес шығармаларының тағдыры туралы басын аша түсер әңгімелер жетіп артылады және оларды келешек ұрпақ үлесіне қалдыра туралық. Біз Гомер және Мұрын жырау турасында қозғаған әңгімемізді түйіндеуге ұмтылдық. Әйтпесе, әңгімеміз аяқталмағандай болмақ. Екі ұлы талант иесі: Гомер мен Мұрын жырау бір-біріне байланыссыз өмір кешкен. Мысалы, Мұрекең жырау Гомердің атыжөнін естіп білген деуге де аузымыз бармайды. Себебі, ежелгі гректің ғұлама ойшылы Гомер шығармалары Орта Азияға, Қазақстанға ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары тарауы Еуропаша сауаты кемдеулерге жетпеді деу, сірә, талас тұғыза қоймас. Сонда Мұрын жырау өзінен бес, он ғасыр бұрын өмір сүрген жеке батырлар мен халықтардың бәрінің тіршілігін һәм ісін Гомер сияқты, өмір үшін, прогресс және бірлік үшін күресінің біртұтас картинасы деп білген. Сол тұтастықты Мұрын жырау «Қырымның қырық батыры» арқылы паш етуге бүткіл саналы ғұмырын арнаған. Естеріңізге сала кетсек артықтығы болмас, Мұрын бұл ойын жалаң сөз арқылы емес «Қырық батыры туралы» жыр үлгісімен түйіндеп отырған. Адамзаттың назарын аударып, ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан рухани мұралар бар. Авеста, Илиада, Одиссей сияқты туындылар. Әлем ғалымдары осылай десіп, күрсініп алатынын қайтерсің?
Сондай туындыларымыздың бірі «Қырымның қырық батыры». Тек осы қағидатты әлем жұртшылығына насихаттау, ашып көрсету жағы қалыс қалып келді. Егеменді қазақ елі бұл олқылықтың орнын толтырса игі болар. Әйтпесе, Қырғыздың «Манасынан» асып түсетін жауһар дүниені өзгелер түгіл өзіміздің білуіміз кем соғып жатыр. Тағы бір қосарымыз – қырық емес, қырық бір батыр жырлар кешенін қазағына, әлем оқырмандарына сыйлаған Мұрын жырауға қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпес еді. \ Игілік басы – ізденісте
1944 жылы КСРО Үкіметі Орта Азия фольклоры туралы Ташкентте Бүкілодақтық конференция өткізді. Конференцияға он бес одақтас республикадан, Мәскеуден қатысқан атақты ғалымдар, жазушылар «Қырымның қырық батыры» эпосының дүниежүзілік маңызы бар деген қорытынды шығарды. Әдетте, мұндай ұлы тұлғаларды қалыптастыруда көбінесе тарихи жағдайлар белгілі роль атқаратынын ғалымдар назарға алып отырады. Ендеше, жырау атаны қалыптастырудағы кейбір тарихи мәліметтерге назар аударалық. Ғалым геолог М.Медоев алғашқы қауым адамдарының бір тұрағы Маңғыстау болғанын дәлелдесе, академик В.В. Бартольд IX ғасырда түбек аумағында оғыздар болғанын жазады. Мұнда ежелгі сақтар мен ноғайлар, түркмендер болған. Орта Азия мен Еуропаны байланыстыратын су және құрылық жолдарының бірқатары (Ұлы Жібек жолы) Атырау, Маңғыстау арқылы өткен. Хорезм мен Шығыс Еуропаны байланыстырған көне керуен жолдарының бір саласы Арал, Атырау арасындағы Үстірт үстімен, Жем, Жайық бойымен созылса, былайғы саласы Маңғыстау түбегі арқылы Еділ бойынан шыққан. VII-IX ғасырларда Каспий теңізінің деңгейі қазіргіден әлдеқайда төмен жатқан. Сол кезеңдерде Хазариядан Орта Азия шаһарларына баратын сауда керуендері Бозашы (Маңғыстау) мен Еділ сағасына дейін керуен тартып, қатынас жасаған. X-XII ғасырларда Еуропа – Орта Азия – Үндістан (Индия) бағыты бойынша сауда жолының бір тарауы Маңғыстау арқылы өткен. Маңғыстау түбегі, Каспийдің шығыс жағалауы ежелден Батыс беті Кавказбен қарым-қатынасын үзбеген. Ғұндардың, араб-ирандардың, моңғол, түрік тектес тайпалардың, қалмақтардың жойқын жорықтары Маңғыстау өлкесін, Үстірт пен Атырау аймақтарын, Каспий мен Арал арасын орағытып өтпегені ақиқат. Бұл аталған өңірлерде көне тайпалар тоғысқан, жатжерлік шапқыншыларға қарсы күрестер, небір алапат соғыстар да халықтың жеңісімен аяқталған. Алтын Орданың ыдырауы, Ақтабан шұбырынды оқиғасы, Исатай-Махамбет, Сырым, Иса-Досан бұрқаныстары халқымыздың жадында мәңгі сақталған. Мысалы, 1870 жылы Маңғыстауда патша үкіметінің отарлаушылық езгісіне қарсы шаруалар көтерілісі басталғанда
Мұрын он бірге толар-толмас жаста болатын. Ол көтеріліс 1873 жылы жеңіліс тауып, Маңғыстаудың бір қатар ауылдары көршілес Қарақалпақ, Өзбек, Түркмен аралас елдерге қоныс аударады. Күйзеліске ұшырап, сол аймақтарға барғандардың ішінде Мұрынның да үйі бар еді. Бұларды қайталап еске алу себебі мынау. Мұрын жырау Түрікменстанның Байрамалы жерінде біраз уақыт болғанын, ол маңды аралағанын тілге тиек етеді. Байрамалы қаласы, Байрамалы (Байрам-Али) ауданының орталығы. Ол Мары облысының орталығы Марыға тиіп тұр – 28 шақырым. Одан былай түрікмен елінің қазіргі астанасы Ашхабад қол созым жер. Демек, жырау түркмен елінің кіндік ортасын жатып-жастанып аралаған деуге келеді. «Көроғлыны» жақсы меңгерген деген пікір бұл ойды қуаттаса керек. Басқаша айтқанда, ұлы жырау қазақ қоғамының басынан өткен тарихи оқиғалардан әбден құлағдар боп өскен. Ал XIX ғасыр белесінде Маңғыстау өлкесі, Орта Азия, Қазақстан аумақтарын қамтыған қоғамдық өмірдің күнгейі мен беткейі жырау атаның жан-жүрегінен, ақыл-ойынан өткізіп, қорытынды жасап отырған. Міне, осындай дүниежүзілік тарихи орта Мұрын жыраудың да азамат, ақын, күрескер ретінде қалыптасу ортасы болған. Бірақ, жырау естіп білгендерін бір құлағына кіргізіп, екінші құлағынан шығарып салушы жай ғана көптің бірі емес. Ол бұларды ақыл елегінен өткізіп, ақылына ақыл қосуға ұмтылған. Сол арқылы Ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бағына» жүгініп, абыз аталарға ұқсап бағуға ұмтылған. Бұл ұмтылыс өз жемісін берді. Бүгінгі, егеменді еліміз ұрпағы осыған түсіністік танытуда.
Әдеби орта Енді Мұрынды поэзияның жыраулық белесіне жетелеген әдеби орта жөнінде аз-кем сөз қосу өз-өзінен сұранып тұрғандай. «Қырымның қырық батыры» туралы эпопеялық туындысы Мұрынның бүкіл өмірі бойы төккен терінің, үздіксіз творчестволық ізденісінің бірегей салуалы жемісі. Ғасырлар бойы қырық бір батыр туралы жыр негізінен ел аузында шашыраңқы күйде айтылып келді. Аса дарынды тұлға болмаса, қырық бір жыр поэмалардың бәрін Гомердің “Илиадасы” немесе “Одиссеясы” сияқты біртұтас эпопеялық шығарма деңгейіне жеткізу мүмкін емес еді. Міне, осындай аса күрделі де жауапты міндетті орындау Құдайдың
құдыретімен маңғыстаулық Мұрын Сеңгірбекұлының үлесіне тиді. Пір Бекет атаның қолдауымен Мұрекең ата Алланың нұры түскен бұндай абзал міндетін орындады, халқының, алты алаштың үмітін ақтады. Ендеше, осындай алып жыршы қалай пайда болды? Осы сұрақ шаң беріп жатса, бұған таңданатын дәнеңесі жоқ. Осындай ерен тұлғаның пайда болуының алғашқы себебі сол тұстың әлеуметтік жағдайымен түсіндіріледі. Әлемдік нұсқаның негізгі нобайы да осы. Ал бұл жөнінде біз очеркімізді жазу барысында тоқталып өттік. Қайталау-артықтық етер. Екіншісі-жырау туып өскен, сонсоң ержетіп, ат басын тартып мінгеннен бастап, ақтық демі біткенше бастан кешкен ел мен жердің, әдеби ортаның ықпалы. Оқырманға жақсы танысы мынау: тарихи оқиға мол өткен, аңыз әңгіме, жыр күй аса көп сақталған Арал мен Еділ арасындағы өлкеде, Маңғыстау аумағында туып өсті. Бұл жайды әдебиетшіғалым Есмағамбет Ысмайылов 1956 жылғы “Ақындар” деп аталынған еңбегінде жеткілікті етіп көрсеткен. Қазақстанның батыс өлкесінде жыраулар атасы Сыпыра, Асан қайғы, Асанұлы Абат батыр туралы аңыздар сақталған. Қ.Сыдықов бастаған ғалым зерттеушілер Мұрынның шығармашылық мектебін қалыптастырудың тұңғыш ортасы осы деп көрсеткен. Жырауды әдеби шыңдаудағы екінші орта-Әлім Үкі жырау, дәстүрі делінеді. Үкі жырау шығармаларын оның ұлы Тоқберген (Бекберген), одан Бітеген, одан Ділмағанбет, одан Махует, одан Нұрпейіс үйренген, ары қарай жалғастырған. Бұл мәліметтер ғалым М.Ғабдуллин шығармаларында келтірілген. Үкі жырау шығармаларын тек ұлы Тоқберген (Бекберген) емес, оның үш немересі: Жаскелең, Бақы, Бітегендер және Жаскелең баласы Темікбай, Бақы баласы Махуеттер меңгеріп, жырау атанған. Жаскелең-Нұрым, Қалнияздар замандасы. Мұрын жырау: «Жаскелеңді Жем өзенінің өр басындағы Қазыбек Қандыарал деген жерде көрдім, бірге болдым» деген. Расы осы Мұрынның ұстаздары: Нұрым, Қалнияз, Қарасай, Ақтандар да, жыраудың өзі де Үкі ұрпақтарымен қоныстас, аралас, құралас жүрген. Үшінші орта-Марабай бастаған Жеті рудың жеті ақыны. Н.И.Ильмин деген елші Марабайдың айтуымен «Ер Тарғынды» жазып алған. Оның достары, шәкірттері Қазақбай, Көшелек, Жібек қыз, Сабыр жырау, Ізім Шайыр, т.б.» шығармаларын В.Карлсон
1906 жылы жазып алған. Мұрын ата бұлардан да біраз нәрсе үйренген. Төртінші-орта Жайық өңіріндегі Жиембет жыраудан тараған ақындар шоғыры, Олар: Сүгір жырау, Қубала, Табия, Нұрыммен айтысатын төрт ақын, т.б. БесіншіҚайырлы жырау айналасындағы Қожантай, алаша Жұмырбай, қарабура Досжан, Сартай ақын, т.б. Алтыншы-Исатай-Махамбет көтерілісін жақсы білетін және Махамбет өлеңдерін жатқа білетін Қуан жырау, оның шәкірттері: Мұрат, Матай, Кішкене Қобыланды, олардың мұрагері-Ығылман Шөреков. Мұрын отыз жеті жасында Сағындықтың Жиделі көлі деген жерінде Мұрат ақынмен кездеседі. Нәтижесінде Мұраттан «Ақжонасұлы Ер Кеңес» жырын үйреніп, шығармашылық қоржынын байыта түскен. Біз, жалпы батыс Қазақстан аймағында, Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарында ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі жыраулық, жыршылық ортаға біршама шолу жасадық. Бұл дәстүр, шаруашылық және мәдени орта болса, іргелес аумақтардағы ақындық орталармен ешқашан үзілмейтін байланысы мен өміршең сипатын жоймай, біздің ұрпаққа жетті. Ол дами бермек. Қазіргі Маңғыстау, Атырау облыстары аумақтарын мекендеген елдердің жырау, жыршылары Сарыарқа, Арал, Сыр, Орта Азия мекендеріндегі ақын, шайырлармен жүздесіп, өнер сайыстарын қыздырып отырған. Мысалы, Сүгір жырау Мырзалыұлы патша үкіметінің «Жаңа низам» реформасы себепті біраз жыл Хиуа жеріне ауысуға мәжбүр болған. Қашқынбай ақын өмірінің соңғы шағын Қарақалпақ аймағында, Қалнияздай жорық ақыны, әнші Қайып Қорабайұлы тәжік жерін паналаған. Осы сияқты себептермен Қарасай, Мәулімберді, Муса сияқты мықты жыраулар Қарақалпақ, Хиуа, Бухара өңірлерінде өмір сүрген. Олар ел, халық, өлкелер арасында экономикалық-мәдени байланыстардың беркуіне өз үлестерін ешқандай нұсқау, немесе тапсырмасыз азаматтық жолмен қосқан. Соның бірегейіне Мұрын жырау жатады. Очеркімізде аталған ақын жыраулардың бәрі де «Қырымның қырық батыры» жыраудан жыршыға, атадан-балаға ұласып келе жатқанын айтады және өте көлемді жырлар топтамасының негізін салған Сыпыра жырау болғанын көрсетеді. Бұл көрсетулер негізсіз
емес. Араб саяхатшы ибн Батута Қыпшақ елінде XIV ғасырда саяхатта болған. Ибн Батута қалдырған жазбалардың бірінде Жайық бойындағы Сарайшық қаласында қарт жырау тұрғанын көрсеткен. Академик Әлкей Марғұланның пікірінше, Сарайшықта тұрған жырау осы Сыпыра жырау болуы керек. Ол өмірінің бірқатарын Маңғыстауда өткізіп, кейін Сарайшыққа қоныс тепкен. Оның өмір сүру дәуірі мен мекеніне қарағанда ноғайлардың сол Жем мен Жайық, Үстірт пен Маңғыстау маңында болғандығын ескерсек, осы ұлы жырау ноғайлы жырларының негізін салушылардың бірі-Сыпыра болуы әбден ықтимал («Қырымның қырық батыры», А.,2005, 11-бет) «Қырымның қырық батыры» туралы жырларда Сыпыра жырау абыз ата бейнесінде суреттеліп отырылады. Бұл-баба жырауға деген терең алғыс сезімі болса керек. Көне ноғайлы жырларын, «Қырымның қырық батырын» Сыпыра жыраудан кейін оның талантты шәкірттерінің үлесі бар ғаламат туынды десе болар. Ондай дарынды шәкірттер қатарына көне Маңғыстаудың, Атырау өлкесінің ақиық ақын жыраулары Абыл, Қалнияз, Мұрат, Нұрым, Қашаған, т.б. жататыны талас туғызбайды. Ал жыр сүлейлерінің шығармаларындағы көркемдік өрнектер Мұрын жыраудың туындыларында айқын байқалады. Мұрын Сеңгірбекұлының әдебиеттегі осы тұстағы орны мынада: атам заманнан бері келе жатқан Абыл, Маралбай, Есенбек, Қуан, Көшелек, Жаскілең, т.б. ақындар жырлап, бұлардан қалған сала-сала батырлық жырларды өмір бойы топтап біріктіріп, желі-желі жүйемен өрбітіп «Қырымның қырық батыры» күйіне, біртұтас дүние деңгейіне жеткізе білуінде. Оны – «Қырық батырды» кейінге ұрпаққа тапсырды. Сонысымен Мұрын Сеңгірбекұлы қайталанбас тұлға, сонысымен ол «Маңғыстаудың Гомері», халқымыздың сирек кездесер ұлы. Сондықтан болар: «Батыр деген барақ ит, оны екі қатынның бірі табады, ақын деген ақ бұлақ, оны қатынның ілуде бірі табады» деген екен бабалар. «Қазақ әдебиеті» газеті 2009 жылдың 6 маусымдағы (2425/3136) санында былай деп жазған. «Профессор Ә.Қоңыратбаев 1948 жылғы «Социалистік құрылыс» газетіне берген «Мұрын ақын жырлаған «Қырымның қырық батыры» мақаласында: «Мұрын жырларында X-XIV, X-XVII, XVII-XVIII ғасырлардың таңбасы бар. Сюжетінің ескілігі, адам, жер аттарының
шыншылдығы, дін, миф сарындарының аздығы жағынан Мұрын жырлары ерекше көзге түседі. Бірақ, (сюжеттік арқауы бай, қызық болса да уақиғасы селдірек, ықшамдалған. Жырдың тілі жатық. Тек, жылғы жазылуында хатшылар жырауға ілесе алмағандықтан, оны түгел хатқа түсіре алмаған». Еліміздің бас газеті осылайша Ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылық қызметіне байыпты баға берген. Бәрін бірдей қайдан қайталап шығарсың. Және бұл оқырманды діттеген жерден шығара да қоймас. Себебі, біздің осы очеркіміздің ұзын ырғасында бұл тақырыптар баспасөздік талап көлемінде біраз қамтылды. Бір ауыз қосымша. «Мұрын жырларында X-XIV, X-XVII, XVII-XVIII ғасырлардың таңбасы бар» деген қорытынды жыраудың «Маңғыстау Гомері» деген ұлы атағына лайық. Біздің бұл ойымызды оқырман қауым құп алып жатса, онда өзімізді очерк жазудағы мақсатымызға жеттік деп санаймыз.
Алты Алаштың ардағы
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050 стратегиясында 40 жылға жуық мерзімді қамтитын міндеттердің қатарына тарихи сана мен Қазақстандық патриотизмді қалыптастыратын және бүгінгі қазақ жастарына үлгі қалыптастыру міндеті туралы проблемаға жіті назар аударғаны мәлім. Осы орайда Алаш ардагерлерінің өмірі мен қызметі қазақстандықтардың әрбір жаңа ұрпақтарын тәрбиелейтін таусылмас қазына. Ірі мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, лингвист, түрколог-ғалым, ақын, аудармашы, «Қазақ» газетінің (1913-1918 ж.) ұйымдастырушысы, әрі бас редакторы, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны (1872-1938 ж.) Ахмет Байтұрсынұлы Қостанай облысының Сарытүбек деген жерінде (Торғай уезінің Тосын болысының № 5 ауылы, қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Ахмет Байтұрсынұлы ауылы) дүниеге келген. Ахмет Байтұрсынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің фонетикасына сай қолдануды тұңғыш практикаға енгізді. Ол ұлттық әліппеге реформа жасап, өзгеріс енгізіп, қазақ тілі білімінің терминдерін алғашқы болып қалыптастырып, ғылыми негізін салып берді. Бұл іргелі зерттеулер бірнеше оқулыққа арқау болып, кезінде өз замандастары тарапынан лайықты бағасын алып қана қоймай, күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл жазу өткен ғасырдың 10-жылдарынан бастап, 20-жылдардың соңына дейін Қазақ мәдениетіне, оқу-ағартуына қызмет етті. А.Байтұрсынұлы әліпбиі күні бүгінге дейін қолданыс тауып келеді. Қытай Халық Республикасы, Ауғаныстан, Иран сияқты елдердегі қазақ бауырластарымыз сауаттарын осы жазумен ашып, баспа дүниелерін осы графикамен шығаруда. Белгілі ғалым Рабиға Сыздықова Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған «жаңа емле» жылдан бастап мұсылман медреселерінде, қазақ-орыс мектептерінде қолдана бастағанын жазған. Осынау жүйелі графика 1924 жылы ресми қабылданды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, ХХ ғасырдың бас кезіндегі үркердей шағын топ-демократтық бағыттағы қазақ интеллигенциясының ең ірі, ең беделді өкілі. Отандық ғалымдарымыз ХІХ-ХХ ғасырды қазақтың жаңа мәдениетке бет бұрған кезеңі дегенге тоқтайды. Міне, осы тұста ұлт
ұстыны болған үш тұлға ерекше көрінді. Олар Абай, Ахмет, Мұхтар еді. Ұлттық руханиятымыздың үш алыбы – ұлт мақтаныштары. Абайды «қазақтың бас ақыны» деп қазақ қауымына жар салған. Ахмет Байтұрсынұлы болса, Мұқтар Әуезов өз кезегінде Ахаңды «ұлт көсемі» деп бағалады. Мұқтар Әуезов әлемдік әдебиеттің таңдаулы жүз томдық алтын қорына қос том қосып, қазақ халқының атын аспандатты. Сондықтан да олар ұлт мақтанышы, халқымыздың рухани мұраларын қалдырған ұлтжандылар еді. Иә, жарық дүние есігін ашқанына биыл 140 жыл толған алты Алаштың ардағы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық, қоғамдық қызметі бүгінгі және келер ұрпағымыз үшін сарқылмас қазына, өшпес өнеге. Себебі – Ахаң ұлттық тарихымызды жаңғыртып өткен Алаш қозғалысының бастаушыларының бірегейлері, ардагерлерінің кесек тұлғасы болып, халқының санасында мәңгі қалған заңғарымыз. Жақында жолым түсіп Ақтөбе облысында Алға ауданында болып қайттым. Шамамен 120 жылдай бұрын Ақтөбе уезі Батпақты болысының дәулетті азаматы, болысы Ахметкерей Қосуақов өз балаларын, ауылдастарының балаларын оқыту үшін арнайы кісі жіберіп, Орынбор қаласынан мұғалім алдырды. Ол еңбек жолын осы ауылдан бастаған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Бұрынғы ескі мектептің орнына тұрғызылған екі қатарлы мектеп, бүгін де Ахмет Байтұрсынұлы атында. Білімге, ғылымға құштар А.Қосуақов кейін «Алаш» қозғалысының қайраткерлерінің бірі болды. Сөз жоқ, Алаш партиясы, кейін Алашорда үкіметі ұйымдасудың бастапқы кезеңінде оның негізін қалап жүрген жетекші-басшылары арасында әртүрлі мәселелер төңірегінде айтыс, әрқилы көзқарастар болмай қалмаған. Мысалы, 1926 ж. Бакуде халықаралық конференция да қазақ әліпбиі туралы мәселе талқыланғанда Ахмет Байтұрсынов төте жазуды, Нәзір Төреқұлов латын әрпін ұсынып, латын әрпі қабылданады. Бірақ ұлылар бір-біріне тоң теріс болып, менің ұсынысым өтпей қалды, сенің ұсынысың өтіп кетті деген сияқты пендешілікке, өкпе танытушылыққа жоламады. Керісінше, кейін Нәзір Төреқұлов Мәскеуде «Темірқазық» журналында редактор болып жұмыс жасаған кезде Мағжан, Ахмет туындыларын, шығармаларын журналда жариялап отырған.
Мерзімді баспасөз бетінде көтерілген қоғамдық пікірге құлақ асып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына орай бұрмаланған тарихи шындықты қалпына келтіру мақсатымен қазақ азаматтарының аты-жөніне кезінде орынсыз телінген -ов, -ев, -ич сияқты жұрнақтарының ұлттық болмысымызға тән еместігін ескеріп, алып тасталынды. Бұл жанға тиетін жайсыз мәселені заманында Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыз «Қазақ» газетінің бетінде тұңғыш рет көтеріп, кеңес дәуірінің ілкі жылдарында-ақ ата-баба дәстүріне сәйкес ныспымыздың жазылу, айтылу тәртібін заңдастырған еді. Өкініштісі, кейінгі үстемдік еткен тоталитарлық билеп-төстеу жүйесі орыстан басқа ұлттар мен ұлыстардың ерекшелігімен санаспай әкімшілік-тұқыртушылық әдіспен өз ыңғайларына күштеп көндіргені баршаға мәлім.
Тәуелсіздік алғанымызға жиырма бір жылдан асса да, бодандықтан батпандап кірген белгісі мысқалдап шығып жатқаны түсінікті. Әйтсе де аты-жөніміз аталған сайын санаға сіңген ентаңбадай әлі күнге дейін ескі сарқыншақтың қалмай келе жатқаны анық.
Қазақ тарихында кісі есімі қысқартылып, оның бірінші әрпімен бейнеленіп жазылмайтын. Мысалы, кеңес дәуірінде М.Тынышпаев сияқты жазылып келген кісінің аты-жөні қайтадан қарауды қажет етеді. Әр кезде де кісінің азан шақырып қойылған аты толық айтылатын, яғни, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы секілді Алаш арыстары 1924 жылы қазақ «ов», «ев» емес, «ұлы» деп жазу жөнінде қаулы қабылдатып, дұрыс бағыт сілтеген болатын. Өткен ғасырдың басында ежелден бастау алған «Алаш» ұғымы ұлт зиялылары арқасында халықты біріктіретін азаттық идеяға айналды. Қазақтың оқыған азаматтары «Алаш» атауының мағынасын алғашқы рулық ұраннан мемлекеттік идеяға дейін көтерді. Алаш – түрлі аңыздарда, қазақ пен Алаш ханның, ежелгі түркі руларының аңызға айналған ата-бабаларының атынан туындаған атау. Қазақ тарихында Алаш атауы этникалық бірлік түсінігі, жалпы қазақтың ұраны, соғыс ұраны да болған. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы айтқан мына пікірі: «Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп
керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазан төңкерісі алдында 1916 ж. «Айқап», «Қазақ», «Дала уалаяты» секілді басылымдарда Ахмет Байтұрсынов «Әлһәмдүлла 6,5 млн.қазақпыз» десе 1945 жылы (29 жылдан соң) сол қазақтың 1,7 млн. қалған еді. Сол қарқынмен өсе бергенде 2000 ж. қазақтың саны 26 млн. жеткен болар еді.
Ұлы ұстаздың бұдан 100 жыл бұрынғы айтқан ойлары бүгінде құндылығын, актуалдығын жоймаған. Мысалы: Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтың ұлтшылдығы – өзін-өзі қорғап қалуға әрең жететін ұлтшылдық» деп түйген. Белгілі Қазақстан жазушысы Г.К.Бельгер: «Көңілдеріңізге келмесін шындығын айтар болсам қазақтың ұлтшылдығы орыс ұлтшылдығынан, я болмаса немістікінен әлдеқайда төмен» деп Ахаңның жоғарыда келтірілген пікірін бүгінгі күн тұрғысынан да дәлелдеп отыр.
Әділдігімен, парасаттылығымен қиын сәттерде жол тауып, халықты соңынан ерте білген, шаршы топта сөз бастап, түрлі тартыстардан сүрінбей шығатын шешендердің беделі қашан да жоғары болған. Ахмет Байтұрсынов ділмар даналардың қазақ қоғамында алар орнына: «Әділ билердің қолындағы билік – қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді»,- деген сипатта баға берген. Қандай тамаша, әдемі баға!
Ахмет Байтұрсынұлы: «...Әуелі бізге елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек. Неге десек, болашақ та, билік те, халық та оқумен түзеледі,»-деуі оны ірі философ деңгейінен көрсетіп отыр. Бүгінгі тәуелсіз ел өзінің жастарды оқыту, тәрбиелеу істерінде ұлы ұстаздың осы пікірлерін басшылыққа алған, не болмаса ұстаздың ұлы пікірі бүгінгі осы саладағы саясатымызбен үндес. Мектеп жасына дейінгі барлық балаларды «Балапан» бағдарламасымен толық қамтып, білім беру саласын дамытудың 2011-2020 жылдары қамтитын Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру оқыту, тәрбие істерін жаңа сатыға көтерері даусыз. «Болашақ» бағдарламасы арқылы дүниежүзінің жетекші университеттерінде 8 мыңнан астам Қазақстан жастары маман болып елге оралды. Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік
мектептері білімді импорттауға ғана емес, экспорттауға да мүмкіндік береді. Ұстаз болу қашанда оңай болмаған. Сондықтан да Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаш жиналса, мұғалімге жол берілуі тиіс» деуі, тегін болмаса керек. ХІХ ғ. Қостанай, оның ішінде Торғай өңірі қазақтың біртуар ағартушылары жинақталған киелі жеріне айналды. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шоқан Уәлихановтарды қалыптастырған осы Ұлы дала қазақтың ұлттық мектебі рөлін атқарды.
Мына проблемаға назар аударған жөн, мемлекеттік құрылымға қатысты Бөкейханов пен Шоқайдың көзқарасы екі түрлі еді. Бөкейханов «ұлттық мемлекет құрамыз» деді, ал Шоқай болса, Орта Азиядағы түркі халықтарының басын біріктіру идеясын жақтады. Бірақ екеуінің де көздеген мүддесі бір еді. Ұлтты көтеру еді. «Рухты оятқан «қазақ» атты мақаласында филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, былай дейді: Биыл Алаштың үні, тарихтың көзі – «Қазақтың» 100 жылдығы. Жалпы, «Алаш» пен «Алашорданың» да ғасырлық тойы жақындап келеді. Олардың ұлт алдындағы ұлағатты істерін ұлықтау – елдігімізге сын. Кейбір зерттеушілеріміз «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті басшылары арасында саяси пікірталас болды, бірі жаңа «батыстық», екіншілері ескі «түрікшіл» бағытты ұстанды деп, мәселені тым қоюлатуға құмар. Әрине, басқосу – съезд өткізбек, отырықшы болу – нормамен жер (надел) алмау, қара жұмысқа жігіттерді жіберу, жібермеу, қазақ жазуын (емлесін) өзгерту, өзгертпеу және басқа мәселелер бойынша айтыс, әртүрлі көзқарастарды талқылау болғаны шындық. Бірақ бұл екі бағыт, екі партиялық көзқарастың (ол кезде бірде-бір партия құрылып та үлгерген жоқ қой) күресі емес, сол тұстағы қоғамдағы түрлі қайшылықтардың жарияға шыққан формасы ғана болатын. Орынборда «Алаш» партиясының Торғай облыстық комитеті құрылғанда оның басшылық құрамына Әлихан,
Ахмет, Міржақыптармен бірге сайланып, Жанұзақ Жәнібеков қазынашы (казначей) болады.
Бұл орта қазақтың оқыған жастары топтасқан, ерекше мектеп еді. Былайша айтқанда алашордашылар басшылары өздері мұрындық болған ұлттық ұлы істі шебер де бірлесе жалғастырды. Бұған баға беру үшін Түркия, Қытай, Индияны алыңыз. Бұл мемлекеттерде ұлт-азаттық қозғалыстар барлық тарихи даму ісі оның барлық сатысынан өтті. Қозғалыстың басында, қасында болған тұлғаларды атып тастаған жоқ. Бір буынның идеясын екінші, үшінші буын жалғастырды. Ал бізде ше? Тек ХХ ғасыр белестеріне шолу жасайық. Сол тұстары буын бас көтеріп еді, бәрін атып тастады. Алашордалықтарды Мағжан Жұмабаев «Алтын айға қол созғандар» дейді. Олар он бес жылдың ішінде ұйықтап жатқан халқын оятты. Қазақтың рухани әлеміне сілкініс жасады. Зиялының негізгі қызметі – ұлтына өзін-өзі танытуды үйрету. Ұлттың алдында тұрған міндеттерді айқындап беру. Алаштықтар өз міндетін абыроймен орындады. Патша өкіметінің большевиктерге қарағанда, мәдениеті жоғары екен. Патша өкіметі зиялыларымызды қудалады, бірақ бәрін атып тастаған жоқ қой. Ал большевиктердің интеллектуалды деңгейі төмен еді. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын бастаған зиялыларындай тұлғалар өзбекте де, қырғызда да болған жоқ. Большевиктер билік басына келген соң, Қазақстанды орыс пен еврей, армян мен грузин басқарды. Бұл туралы Байтұрсынов ашынып, Ленинге хат жазды. Аталмыш хатында: «Халқының бақыты үшін, өлімге басын тіккен қазақтың зиялылары бар. Олар орыстың абақтысын көрген, орыс тілін біледі. Қазақты солар арқылы басқарыңыз» деп тілек айтты. Бұндай батылдық пен ерлік тек қана Ахмет Байтұрсынұлы сияқты алыптарға жарасатыны айтпаса да түсінікті ғой.
Қазіргі ХХІ ғасырда мидай араласып кеткен дүниеде, ЕуроАзия, мұхиттың арғы беті келім-кетімдері барған сайын көбейіп, оқу-білім іздеген жастар дүниенің төрт бұрышын кезу шағы туса, ол жастарға тәрбие беруде жаңа міндеттер қоюда. Сондайда ұлт ұлылары өмірінен ғибрат алу бірінші орынға шығуда. Соның бірі, өзге ұлт өкілдеріне үйленген жастарға байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқайұлы сынды ұлылар өзге ұлттан әйел алса да оларды қазақ ұлтының тілі мен ділінде сөйлетіп, қазақтың дүние-танымына мойын ұсындырып, қазақ еріне лайық қасиеттерін сақтай алды. «Ақ көйлек тозбайды екен кең болған соң, Екі жас ойнайды екен тең болған соң.
Сырымды саған айтпай кімге айтайын, Қасымда жан жолдасым сен болған соң...». Ұлт ұстазы, қазақ халқының төлқұжатындай тұлға Ахмет Байтұрсыновтың өлеңіндегі осы бір шумақты Торғай өңірінің көнекөздері Ахаң ақталмай тұрып-ақ сыбырласып айтып отырады екен. Мұны Ахаң өзінің асыл жары орыс қызы Александра Ивановнаға-некеден кейін Бадрисафа Мұхамедсадық қызына арнап айтқан деген әңгіме ел аузында осы күнге дейін айтылып жүр. Бадрисафа Алла қосқан, асыл азаматы өмір бойы пір тұтып, «мырзам» деп атаумен қадірлеп өткен адалдық пен пәктіктің ұрпаққа үлгі-өнегесі болып қалады.
Бадрисафаға үйленген соң, елге алғаш келгенінде, Торғай аумағының бас молдасы Науан қазірет бастаған бір топ ел ақсақалдары ұлты басқа адамға неге үйлендің деген реніш білдірсе керек. Сонда, қайран Ахаң табан астында шығарып, мына өлең жолдарын айтыпты: Мына отырған Александар Ивановна, Ризамын Құдайдың маған қиғанына. Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса, Татиды он қазақтың иманына!
Ахаңның өз жарына Бадрисафа деген есімді таңдауында да үлкен мән жатса керек-ті. Бадрисафаның арабшадан аударғандағы түсінігі – «толған айдай аппақ» деген ұғымды береді екен. «Бәдрун» – толған ай, «Сафа» - кіршіксіз таза». Қасиетті кітабымыз Құранда жақсы ат қоюға ерекше мән берілген.
Бір-біріне мәңгілік серік болуға уәде берген екі жас ұлттық айырмашылық пен дінге өзгешілікті де келісіммен шешіп, ортақ мәмлеге келіпті. Азаматтың азаматтығын бағалай білген Александра құдай қосқан өмірлік жарын шын сүйетінін танытып, мұсылман дінін қабылдап, аты-жөнінде өзгертіп, некесін мешітте қиюға келісім беріпті. Ахаң жарына жоғарыда аты аталған Мұхамедсадықтың Бадрисафа деген қызының атын беріп, Бадрисафа Мұхаметсадыққызы Байтұрсынова деп жаздыртыпты. Сөйтіп ақ некесін мешітте қиған жарымен ұзақ та тату-тәтті өмір сүруді жоспарлаған екен.
Троицкідегі мешітте некелерін қидырған соң, Ахаң Бадрисафаны Зейнолла ишанның мешітінде мұсылманша тәрбие алуға екі-үш ай қалдырған екен. Табиғатынан алғыр да ұғымтал қыз мұсылман әйелдеріне қатысты шариғаттық жол-жобасын, діни ұстанымдар заңдылықтарын тез үйреніп, оны өмір бойы қалпынша сақтап өтуге тырысыпты. Бүкіл өзінің өмір болмысын, таным-түсінігін, наным-сенімін өзгертіп, басқа әлемге бет бұрған адамның оны тез игеріп кетуі таза талаптың, ынтаның нәтижесі болар. Ол тілі келсін-келмесін, тек қазақша сөйлейтін. «Қ»-ні «к» деп айтатын... –деп еске алады көзкөргендер.
Меніңше, «Қазақ» газетін Ахаң творчествосынан бөле-жара қарауға болмайды. Ахаң – күрес атымен тарихымызға енді. Ол – «Қазақ» газетін қаруға айналдырып, қазағымыздың азаттығы жолында майдандасты. «Қазақ» газеті өз ұлтымыз үшін аса дер шағында рухани, қоғамдық дәуірде өмірге келді. Сол тұста ұлтымыздың өз билігі ыдырап, жері бөлшектену, ділі, тілі, тініне қатер төнген еді. Осыдан көп кешікпей, қазіргі Қазақстанымызда Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш орда үкіметі өмірге келді. Осының бәрі Кеңес орнағаннан кейін Қазақстан алдымен автономия, одан кейін Одақтас республика мәртебесіне ие болды. Осынау тарихи жағдай КСРО ыдырағанда Қазақстан Республикамыздың тәуелсіздік алуына жеткізді. Тәуелсіздік тарихымыздың жолының бір саласы осы. Бұдан 90 жыл бұрын қазақ халқының ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдық мерейтойында жасаған баяндамасында Мұхтар Әуезов «Қазақ» газетінің қоғамдағы орны және рөлі туралы, оның бас редакторының жанқиярлық еңбегі туралы былай деген болатын: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күндері пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданынан шығып отырса, кейінгі жас бүгін Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектептің табалдырығынан жаңа аттап кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш... Қазақтың еңкейген кәрі еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын».
Ғұлама Мұхтар Әуезов саптаған бәтуалы бағаға түсінік беру жөн болмас. Енді «Қазақ» газеті туралы жекелеген ой-толғамдарға тоқталайық. Алаш зиялыларының үнпарағына айналған ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының «көзі, құлағы һәм тілі» бола білген «Қазақ» газетіне 2013 жылғы екінші ақпан күні 100 жыл толды. ХХ ғасыр басында 6 миллионға жуық халықты ақпаратпен қамтыған әрі саны мен сапасы да сол кездегі өзге басылымдарға қарағанда жоғары болған екен. Деңгейі әлдеқайда жоғары «Қазақ» газетін шығармас бұрын Алаш көсемдері бір емес, бірнеше жыл дайындық жұмыстарын жүргізіпті. «Қазақ» газеті 1913-1918 жылдар аралығында Орынборда тұрақты түрде шығып тұрды. Мұндай газетті шығаруға Алаш зиялылары жылдан дайындыққа кіріскен. Яғни бұл басылымды шығаруға 8 жыл уақыт кеткен. Таралымы 3 мыңға жетіп байтақ қазақ даласын қамтып және көршілес елдердің Уфа, Қазан, Петербор, Мәскеу, Том қалаларына да тарайтын болған. «Қазақ» ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалардың шежіресі әрі азат ойдың ұйытқысы қазақ өмірінің энциклопедиясы да бола білді. Таралымы әлдеқайда көп болған газетте қоғамның саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет салалары, халқымыздың хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі түгел дерлік қамтылды. Мұндай басылымның шығып тұруы патшалық өкімет пен кеңес өкіметіне де ұнамайтыны өзінен-өзі түсінікті. Осы бес жылдың ішінде газеттің бас редакторы болған Ахмет Байтұрсынұлы бес рет абақтыға жабылған. Неше бір түрлі қуғынды көргеніне қарамастан, «Қазақ» газеті тұрақты шығып тұрды. Ғалымдар қолда бар «Қазақ» газетінің тігінділерін, қиындыларын зерттей отырып, мынадай тұжырымға келді: газет көлемінің үштен біріне жуығы, яғни 60 баспа табақтай газет материалдары Ахмет Байтұрсынұлының қолымен жазылған, оның ақыл-ойының жемісі екендігі дәлелденген. Осыншама қыруар жұмысты қара нардай тартқан Ахаң ұрпақ ұмытпастай ұлы іс атқарды. Қаншама қиындықтарды жеңе білген «Қазақ» газеті еліне 5 жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп халықтың санасын оятып, қылышынан қан тамған кеңес өкіметі келген соң жабылып, зиялыларымыз қудалана бастайды. Қазақ даласын мекен еткен әрбір қазақ баласының мүддесін қорғаған газеттің жабылуына
патша өкіметінен гөрі кеңес өкіметі мүдделі болып, тез қолға алған еді. 1918 жылы аласаттың кезінде большевиктер «Қазақ» газетінің баспаханасын тартып алып, 265-ші номерінен кейін газетті тоқтатуға мәжбүрледі. Өзі өмірден озса да Ахаңның жарқын бейнесі, ұлағатты ісі, жасампаз идеясы туған халқымен бірге жасасып келеді. Бұл жай сөз емес – ақиқат. Ақиық азамат Адамзат тарихына көз жіберсек, сонау ежелгі ықылым заманнан күні бүгінге дейін өз тіршілігі мен бостандығы үшін арпалысқан адамдар мен адамдар арасындағы тартыс, соғыстарға санаса сан жеткісіз. Күшті жеңеді, әлсіз алдырады. Табиғат заңдылығы.
Дүниеде әлемді уысында ұстаған қаншама алып империялардың билік құрып қаншама ұлт жер бетінен мүлде жойылып кетті. Бұл да шындық ақиқат фактілер. Бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің де ғасырлар сынына төтеп беріп небір жаугершілік заманда да ұлттық тұтастығын сақтап, сақтап қана қоймай дербес мемлекеттігін қалпына келтіруінің өзі халқымыздың біртуар перзенттерінің ақылгөй билері мен ел қорғаған ерлеріміздің жақсы мен жайсаңдарымыздың ұлттық бірлікті қамтамасыз ету жолындағы ғасырлар бойғы күрестерінің нәтижелері екені даусыз.
Бүгінгі әңгімеміз – сол жайсаңдарымыздың бірі, кешегі алмағайып заманда халқына қорған да, орман бола білген, ел еркіндігі жолында құрбан болған жұмбақ та, заңғар тұлға Тобанияз Әлниязұлы хақында.
Өз перзентін өз халқына жау етіп көрсеткен, кешегі аламантасыр заман талабы, Тобанияз туралы ақиқат деректерді халыққа жеткізуге мүмкіндік бермейді. Журналсит Ә.Спановтың сөзімен айтсақ «Осы өңірге, қала берді бүкіл қазақ халқына бір кісідей еңбек сіңірген Тобекеңді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді, білгендеріміздің өзінің айтары жапылама деректерден аса алмай жүр, ал білмегенге сын жоқ. Өйткені Тобанияз атын атауға күні кешеге дейін құлық танытпағаны былай тұрсын, тіпті тиым салып келді емес пе?»
Иә, бүгінде ел билігі өз халқымызға қайта оралған сәтте жергілікті баспасөздер Тобекең туралы ғалымдардың зерттеулерін, шежіреші қариялардың естеліктерін, басқа да ел ішіндегі ауыз екі деректерді көптеп шығара бастады. Архивтен Тобекеңе қатысты құнды деректер тауып, «Тобанияз» атты көлемді зерттеу жазған өлке танушы журналист Ә.Спанов түрмеде түсірілген фотосуреттері және соның негізінде бет бейнесі (портреті) салынған кітабын көпшілік қауымға ұсынды. Мұның өзі Тобекең тұлғасына лайықты бағасын беруде едәуір септігін тигізуде. Сонымен Тобанияз кім еді?
Оның арғы ата тегі Адай – Келімберді – Бұзаушы – Айтумыс (Жеменей) – Шылым – Өрдек – Кенже болып келеді. Осы рудан шыққан, атақты Қонай батырдың тікелей ұрпағы. Кейбір деректерде оны Маңғыстау ауданының Аусары жерінде 1875 жылы дүниеге келген деп көрсетті. Алайда осы деректе дәлсіздік бар сияқты, өйткені ауыл арасындағы көне көз қариялар Тобаниязды өз ата-бабаларының негізгі қонысы, Бозашы түбегінің қазіргі Ақшымырау шаруашылығының территориясында туған, Аусарыға 1910 жұт жылынан соң көшіп барған дейді.
Сонымен, жас кезінен-ақ батыл да, өткір Тобанияз ел ішінде ертерек көріне бастаған. Жасынан мұсылманша сауаты бар ол күштінің әлсізге, малдының кедей-кепшікке зорлық етуіне, әділетсіздік атаулыға қарсы болып, ел ішінде өте беделді, абыройлы болса керек. Оның үстіне сөзге шешендігі тағы бар Тобекеңді халқы би атандырған.
Тобанияз өмір сүрген кезең Қазақстанның соның ішінде Маңғыстаудың да Ресей империясының қол астына толықтай кіріп, отарлық езгінің күшейе бастаған кезіне тұспа-тұс келеді. Сондықтан да ежелден еркіндік сүйген халқымыздың бостандыққа ұмтылысынан Тобекеңді бөлек қарай алмаймыз. Өзінен бұрынғы өткен ата-бабаларының сырт басқыншыларға қарсы жүргізген күрестері, өз бабасы Қонай батырдың ел аузындағы ерліктері, Ресей отаршыларына қарсы Маңғыстаудағы ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарындағы қарулы көтерілістер, жас Тобанияздың қалыптасуына көп әсер еткені даусыз.
Әсіресе, Маңғыстаудағы Иса мен Досан батыр бастаған көтеріліс басып – жаншылғаннан кейінгі елге салынған соғыс шығындары мен ауыр алым-салықтар, халықтың қиын тұрмысы, отарлық қысымшылық, Тобанияз да өз атасы Қонай батыр секілді ел мүддесі үшін алдыңғы саптан табылуға мәжбүр етті.
Қашан да қиыншылық заманда ел ерге қарайды емес пе? Бірінші дүниежүзілік соғыстан ауыр салмағы қазақ даласына, Маңғыстауға да келіп жетті. Мал-мүлікке салынған ауыр салыққа қоса, «жығылғанға жұдырық» дегендей, 1916-шы жылғы қазақтың 18 бен 31 жас аралығындағы жастарын «қорғаныс бекіністерін, әскери шептерді жасауға қара жұмысқа алу туралы» патша жарлығы бүкіл Қазақстанда, сондай-ақ, Маңғыстауда да халық наразылығын туғызды. Бұл кезде Тобанияз Шылымның болысы еді.
Тобанияз бастаған азаматтар Маңғыстауда патша жарлығына қарсы шығып, елден жігіт жібермеу туралы үгіт, насихат жұмыстарын жүргізеді. Алайда, Маңғыстаудағы патша жарлығына қарсықозғалыс Торғай мен Жетісудағыдай жаппай қарулы сипат алған жоқ, сол себепті Тобанияз бастаған бірнеше азамат тұтқынға алынады. Осы тұста айта кететін бір жайт Әлихан Бекейхан, Ахмет Байтұрсынов сияқты бір топ қазақ зиялылары патшаға жігіт беру, бос қырғынға ұшырамау туралы пікірде болғанын білеміз. Бұл жердегі айтпағымыз Тобаниязды қазақ зиялыларына қосып, мақтау немесе даттау емес, мақсатымыз – тарихи фактыны бұрмаламау.
Бұл кезде ішкі Ресейдегі дауыл, ХХ-шы ғасырдың басты оқиғалары, төңкерістер де жақындап қалып еді. 1917 жылы ақпандағы патшаны тақтан құлатқан төңкерістің ықпалымен Тобанияз абақтыдан босанып елге оралады. Іле-шала болған Қазан төңкерісін сол кездегі еркіндік аңсаған қазақ зиялылары сияқты Тобанияз да жылы қабылдайды. 1918 жылы 23 тамызда Түпқараған түбегіне келіп түскен Әліби Жангелдинның отряды Маңғыстаудағы кеңес өкіметін нығайту үшін, түбек халқын соңына ерте алғандай тұлға іздеді. Мұндай азамат, әрине, Тобанияз еді.
Кеңес өкіметінің басшысы Лениннен төтенше өкілеттігі бар Ә.Жангелдин осы сапарында Маңғыстаудың Бозашы түбегіндегі Қаратөбе жерінде бүкіл Адай елінің съезін ашып, сонда Маңғыстау уездік революциялық комитетін құрып, оның төрағасы етіп Тобанияз Әлниязұлын тағайындады. Бұл 1918 жыл еді. Бүкіл елді азамат соғысының жалыны шарпып тұрған кез. Осы қысылтаяң кездегі Тобекеңнің, Жангелдин отрядына үлкен көмек көрсетіп, олардың шашылмай, тоналмай межелі жерге жетуіне, бірден-бір ықпал еткен адам екені бізге тарихи құжаттардан таныс.
Сөйтіп, бұрыннан да ел арасында үлкенді-кішілі билікке араласып жүрген Тобанияз, Маңғыстаудағы халық тағдырын өз қолына алады. Сол кездегі жаз жайлауы сонау Қарақұм, Ойыл, Теке, Ақтөбе, Орынборға шейін болса, күзегі мен қыстауы, Маңғыстаудың Бозашы, Түпқараған түбектеріне, түрікпеннің Жаңғақ ойы, Шағадамға дейін жайылған қалың Адай елінің бірденбір ресми, ері халық таныған басшысы болды. Осы тұстағы Маңғыстаудағы күрделі саяси құрылысқа да тоқтала кеткен жөн болар. Фортта қызыл флот ревкомы құрылса,
Закаспий облысы да өз ревкомын құрды. Және осы уезд орталығы Фортта Совдеп пен Мұскең де (Мұсылмандар кеңесі) өз ықпалдарын нығайтуға тырысты. Алайда, Маңғыстаудағы халық таныған бірден бір билік иесі Адай уезінің революциялық комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязұлы болды. 1918-1920 жылдарғы азамат соғысы кезеңдерінде де, Алаш Орда қайраткерлерінің тәуелсіз автономия жолындағы күресі кезеңдерінде де Тобекеңнің ақылмен әрекет етіп, елді бейтараптау ұстап, орынсыз шығынға ұрынбауға тырысқанын байқаймыз.
Өзі кеңес үкіметіне қызмет етсе де Алаш Орда қайраткерлерімен тұрақты байланыс орнатып қазақ автономиясы үшін де бірқатар шаруалар тындырған. Атақты жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ жайығында» Тобанияз былайша суреттеледі: «Таңертең қалаға 60 жігітпен Адай руының басшысы, өзі бай, өзі би Тобанияздан басқа бұл қалаға, көптеген байлар мен билер, хазіреттер, оқымыстылар, чиновниктер мен әкімдер келген. Мәжілісті Жанша Досмұханбетұлы өзі басқарып, өзі сөйледі... Ал, Тобанияз ше, егер Тобанияз ауызын ашса бесіктегі бала жылағанын қояды. Бұл руда одан қадірлі адам жоқ.
-«Хатшы, жазыңыз, -деді Тобанияз, менен 100 жігіт Ойыл қадет мектебіне жіберіледі, олардың барлық шығыны менің есебімнен. Оқу бітіргеннен кейін оларды атпен, ер-тұрманмен жабдықтаймын. Оқу бітіргеннен соң жүздіктің әр біреуіне 20 жігіттен қосып Адай полкын құруға көмектесемін... Менің көмегіме сенуіңізге болады»,-деді Жаншаға». Атақты жазушының бұл жазғандары, Тобекеңнің барлық болмыс-бітімін ашып тұр. Түсінік берудің қажеті де жоқ.
Осы арада мына бір жайытты айтып өткеніміз жөн. Ә.Спанов пен А.Бүркітов ақсақал Оралда шығып тұрған газет «Жайық правдасына» сілтеме жасап Адайлардың (Тобанияз жасағының) 300 кісілік Алаш Орда әскерін жойып жібергенін айтады. Бүгінде Алаш қайраткерлерін ақтап жатсақ та, сол кезеңдерде олардың большевиктерге қарсы күресте ақ гвардияшылармен одақтас болғаны бізге мәлім. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кері, ауыр алым-салық, тоналу тағы да сорлы бұқараның мойнына түседі. Халқын осы қыспақтан құтқару үшін Тобекең тағы да атқа қонған. Біз бұл фактіден де Тобекеңді саясаттан тыс, халқының ортасынан, сарбаздарының алдынан көреміз.
«Қара орыстың арасынан, сары орысты көрсең апа деп бас саларсың» деген сөз қалдырған, қатігездігіне, қаныпезерлігіне айтса сөз жептейін қазақтар ұрпағының өкілі, Орал қазақ әскерінің атаманы генерал Толстовтың армиясын тоз-тоз қылған да осы Тобекең мен оның қыран жігіттері. Генерал Толстовтың туған елге аман жетер күн болса, алдымен Әлниязов деген қырғыздың басын алар едім»,-деп және кейін Францияда жазған мемуарында «Ең соңғы Адайдың сүйегін музейден көрсем армансыз, бақытты жан болар едім»,-деп жазуы Адай жігіттерінің қандай дәрежеде қарсылас болғанын дәлелдейді. Олардың басында, әрине, Тобекең тұр.
1918 жылдан 1922 жылға дейінгі аралықта Тобанияз Маңғыстау уезінің (1920 жылға дейін Закаспий облысының Маңғыстау уезі, 1920 жылдан 1927 жылға дейін Қазақ АССР-нің Адай уезі) революциялық комитетінің төрағасы қызметінде, ел қамын жеген азамат ретінде кедей шаруаларды салықтардан босатып, ағарту жұмыстарының жандануына ықпал етті.
«Адай ревкомы Тобанияз Әлниязов бір жылы малдың арық, қоңсыз болуына байланысты, қуаңшылықты қатерге ала келе түбек тұрғындарын ет салығынан босата тұруды, тым болмаса оны жеңілдетуді ұсынып орталыққа хат жолдайды. (Ө.Озғанбаев. Маңғыстау. 20 тамыз, 1993 ж.) Мұндай хаттар Тобекеңнің жалғыз бұл жағдай емес барлық қайраткерлік кезеңдеріне тән. Тобекеңнің және бір ерекшелігі заманындағы ұшқыр ойлы, сауатты да зиялы азаматтарды өз жанына топтастыра білуінде еді. Жоғарыда айтылып өткен хат Нұрсұлтан Оңғалбаев пен Толқымбек Алмановтар қолымен жазылып, орысша мәтіні даярланған.
Тобекеңнен бұрын Маңғыстауда ұзын саны 19-20 мұсылман мектебі, бір орысша мектеп болса, бұл кісі ел билеген кезде, дәлірек айтсақ, 1920 жылдары қысқа мерзімде мұғалімдер даярлап, әр жерлерде мектептер аштырады. Адай уездік деңгейінде өткен кеңестердің бірінен көрсетілген есепте былай жазылған «из них 10 киргизских, 4 русских школ с количеством детей учащихся около 1100 человек». (Ө.Озғанбаев. Маңғыстау. 20 тамыз 1993 ж.) Бұл 1923 жылғы 3-ші сәуірдегі мәлімет. Тобекеңнің 1922 жылы ревком төрағалығынан босағанын ескерсек осы мектептерді құрушысы оның өзі болғаны түсінікті.
Қандай ел болмасын білімсіз, ғылымсыз жарқын болашағын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, Тобанияз басшылық
қызметінде болған кезінде халықты ағартуға ерекше мән беріп, әсіресе, балаларға көптеген қамқорлықтар жасаған. Маңғыстау уезінің революциялық комитетінің төрағасы болысымен, бір жылдың көлемінде Маңғыстауда көптеп мектептер аша бастаған. Алғашқы мектептер Ақмышта, Жыңғылды мен Тигенде, Қызылқоға ауданының Ақшілік, Сағыздың Қопа, Буракөл деген жерлерінде ашылған. Осы мезгілдерде Фортта балалар үйі және интернат ашылып, қызмет істей бастады. Интернатта шалғай жатқан елді мекендер балалары жатып оқыса, балалар үйінде жетім балалар тәрбиеленеді.
Маңғыстаудың алғашқы толқын интеллигенциясының, көрнекті қайраткерлері: Орынбай Бәлдеков, Естере Оразақов, Өтежан Алшынбаев, Есбол Өмірбаев, Нәдір Нұрғалиев, Ысқақ Шәкіратов сияқты көптеген азаматтар Тобекеңнің игі ықпалы арқасында тұңғыш ашылған мектептердің алғашқы қарлығаштары еді.
Тобанияз 1922 жылы Қаз ОАҚ-нің ІІІ съезінде Маңғыстау қазақтарының шаруашылығы үшін өзені бар жерлерден жер бөлдіру, елді отырықшыландыру, мектеп, ағарту жүйелерін дамыту үшін қаржы көмектерін көрсету талаптарын қойған. Үкімет мүшелеріне – халықты араламайсыздар, халықпен байланыстарыңыз жоқ деп сынаған. Сол үшін де ол осы съезде ҚазОАҚ-нің мүшелігіне өтпей қалған сияқты.
«Тобанияз Әлниязұлы ел тізгінін ұстаған кездегі ұстанған ең басты саясаты көрші елдермен бейбіт ынтымақшыл қарым-қатынас орнату болды. Және ол бұл саясатын елсізге топса жасап, әлдінің алдына түсіп емес, барлық елмен олардың мүддесін құрметтей отырып, терезесі терең дәрежеде жүргізеді. Соның нәтижесінде уезд орталығында сол уақыттағы көршілерінің ішіндегі экономикалық жағынан ең тәуперлісі Персия (Иранның) сауда факториясы болды. Факторияның сансыз дүкендері қыр елінің сұранысына ие тауарларды сатып тұрды... ...Ревком төрағасының мәмлегерлігі арқасында Дағыстан, Әзербайжан, Астраханьмен арадағы айырбас саудасы да бір сыдырғы жолға қойылды.
«Тобекеңнің дипломатиялық-мәмлегерлік қызметінің шыңы Хорезм республикасымен арадағы бейбіт қарым-қатынасты жолға қоюы»-деп Ә.Спанов осы саладағы қайраткерлерін әділ бағалайды. (Ә.Спанов. Тобанияз. 44 бет. 1995 ж. Ақтау). Тобекеңнің қайраткерлігінің жаңа қырын дипломат ретінде ашқан, осы 1921 жылғы Бесқалаға барған сапары.
Хиуа хандығы мен Адайлар арасындағы ежелден келе жатқан барымта-тартыс күшейіп, шекаралас отырған ауылдарды түрікпен жасақтары жиі шауып кетіп отырған соң, Тобанияз бұл мәселені орталықтың алдына қойған. Алайда, Қазақстан үкіметінің талабы жағдайға ықпал ете алмайды, әрі, үкімет басшылары өздерін бейтараптау ұстап бұл іске жете маңыз бермейді. Тобанияз бұл мәселені ревком мүшелерінің сұрауымен өз қолына алды. Бұл кезде Тобанияздың жақсы қаруланған мықты әскери күш құруға мүмкіндігі бар еді. (Қару-жарақтың көбі Толстов армиясын талқандағанда қолға түсірілген, әрі бұрын Тобанияздың Түркістан майданының қолбасшысымен тікелей байланысы болған).
Алайда, Тобанияз ел билерімен, ақсақалдарымен кеңесе келе Хорезмге жаулықпен емес, елдікпен бітім сұрап бару қажет деп тапты. Кейбір ресим орындардың 3000 адамдық әкермен келіп Хорезмді шапты деп көрсетуі шындыққа сәйкес келмейді. Расында білікті өлке зерттеушісі Ә.Спанов архив құжаттарына сүйене отырып Тобанияз 180 адамдық жасақпен (оның ішінде әнші, күйші – өнер адамдары, билер және әйелдер де бар) барғанын дәлелдейді. Сонда түрікпен және қарақалпақ халықтарының беделді адамдарымен, жергілікті үкімет мүшелерімен келіссөз жүргізіп, жағдайды талқылайды. Шекара, сауда-саттық, көші-қон, ел арасындағы қақтығыс мәселелерін ағайынгершілікпен, бейбіт шешу туралы келісімге келеді. Осылайша жауласқан көршілер арасындағы ұзақ жылғы жанжал тыйылып, екі ел арасында бейбіт заман орнайды.
30-шы жылдардағы аштықтан босқан Адайлардың көбі Түрікменстанға барып жан сауғалағанда, екі ел арасындағы негізін Тобекең қалаған татулықтың маңызы зор болды. Қазіргі ашылып жатқан архив материалдары Тобекеңнің қазіргі Маңғыстау аумағының территориясының осы деңгейде қалыптасуына тікелей атсалысқан қайраткер екенін дәлелдейді. Бүгінгі Маңғыстау облысы, кезінде Закаспий облысының құрамында Түрікменстанға қарап келсе, 1920 жылы Тобекеңнің Орынборда Адай уезін Қазақстан құрамына қосу туралы мәселе көтеруі нәтижесінде, қазір егеменді Республикамыздың бай өндірістік өлкесі болып отыр. Бұл да Тобекеңнің еңбегінің жемісі екенін ұмытпағынымыз абзал.
1922 жылы, сол кездегі бірден-бір дара билік иесі және ел таныған көсем ретінде, халқы «қарадан шыққан хан» атаған Тобанияз қудаланып, қызметінен алынады және «ұлт араздығына жол берген, дінді, ескілікті дәріптейді» деген сияқты айыптармен кінәланып, тұтқындалады. Алайда оның халық ішіндегі беделінің зор екенінен сескеніп, абақтыдан амалсыз босатады.
1925 жылы қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына Ф.Голощекин келеді. Қазақ топырағына келген 30-шы жылдарғы қасірет тікелей осы фамилиямен сабақтас. «Ұлы Қазан төңкерісі қазақ даласына келмеген, жанай өтіп кетіпті, сондықтан мұнда да «Кіші Қазан төңкерісі» өтуі тиіс» - деп есептейді ол. Осы «Кіші Қазан төңкерісі» миллиондаған отандастарымыздың өмірін мерзімінен ерте қиып кетті. Қазақстандағы әдейі ұйымдастырылған жаппай ұжымдастыру мен байларды тәркілеу науқандары қазақ елінің тарихындағы ең бір қасіретті 1932-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық қырғынына бірден-бір себепші зауал болды. Әрине, бұл қырғын біздің өлкеміз Маңғыстауды да айналып өткен жоқ. Тобанияз кезінде бұл науқандарға да қарсылық білдірді. «Ұжымдастыру елдің тұрмыс-салтына қарай біртіндеп, асықпай жүргізілгені дұрыс. Қазақта орыстардағыдай көп бай жоқ, сондықтан оларға салық саясатын қолданған жөн. Әйтпесе ел бүлінеді. Тізгінді қолдан бір шығарып алған соң бұл тарпаң ел қайыртпайды, жұртын сипап қаласыздар» дейді Тобекең. (Ә.Спанов. Маңғыстау. 21 қаңтар. 1995 ж.) Мұның қаншалықты дұрыс пікір екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Әрине, тарихтан білеміз, голощекиншілер бұл пікірді елемек орнына, науқанды қайта одан бетер өршіте жүргізді.
«Әзірге бізде Адай округінде Адай князі Әлниязов бар, мұндай мыңдап мал айдап, халықты қанап отырған округтің ең ықпалы күшті қожалық етушісі, бұларсыз атқару комитеті түк істей алмайды және бұқараны кедейліктің шырмауынан босату туралы сөз болуы да мүмкін емес» -дейді Голощекин 1927 жылғы Қызылордада өткен IV Бүкілқазақтық партия конференциясында. (Т.Омарбеков. Ақиқат. 1995 ж. № 6). Бұл сздер Голощекиннің қызыл қырғыны алдындағы кіріспесі іспетті.
ОГПУ-дің құпия архив істерінде Әлниязов құрды және басқарды деген әртүрлі ұйымдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұлар «Адайды құтқару тобы», «Әлниязовтың контрреволюциялық ұйымы» және тағы басқалары бар... Қазақстандағы ПП ОГПУ төрағасының орынбасары жендет Алшанский Голощекинге жазған хатында... Әлниязов Тобанияз басқаратын контрреволюциялық ұйымдарды әшкерлегенін хабарлайды.
Тобаниязға және оның «контрреволюциялық ұйымына»: «1922 жылы Форт-Александровскіде кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындаған, Адай даласында жергілікті ұлтшылдықты қоздырып орыстарды қуғындаған, кеңес үкіметінің нұсқауын елемей оларды шариғат заңдарымен ауыстырған, Түрікменстан мен Ауғаныстанға халықтың жаппай көшуін ұйымдастырған, Құрмаш Қосжанов бандысын қолдаған» - деген сияқты толып жатқан айыптар таққан. Алайда, ОГПУ дәлелсіз, негізсіз айыптайды.
«Дегенмен жергілікті халыққа сыйлы да құрметті, әрі өзінің де едәуір ауқатты шаруашылығы бар Тобанияз секілді көзі қарақты, кекірігі ояу ірі тұлғалардың дәстүрлі шаруашылықты қорғап, күшпен ұжымдастыруға наразы болғаны, Адай даласын басқаруға бөтен, орыс ұлты өкілдерінің жіберілуіне қырын қарағаны, зорлық, зомбылық пен аштық апаты төніп келе жатқан Адайлардың жан бағып Түрікменстанға жаппай көше бастауларын ұйымдастыруы заңды, табиғи еді деп ойлаймыз». (Т.Омарбеков. Ақиқат. №6, 1995 ж.). Осы пікірлердің иесі тарихшы, ғалым Талас Омарбеков сол кездегі жағдайды дәл, әділ бағалаған.
1929 жылы желтоқсанда Тобанияз ұсталып Ақтөбе түрмесіне жөнелтіледі. 1930 жылы ОГПУ-дың үштігі Тобанияз бастаған 69 азаматтарды соттайды. Тобаниязбен бірге 20 адам мал-мүлкі тәркіленіп атылады. Қалғандары әр түрлі мерзімге түрмеге айдалады. Бұлардың көбі Гурьев округтік паритя конференциясына 1928-1929 жылдары Форт Александровскіден сайланған коммунистер еді. Халқымыздың ең көзі ашық зиялы деген 22 мың азаматтары атылып, 44 мыңы түрмелерге қамалған, 1937-1938 жылдардағы саяси террордың басы Тобекеңдер кеткен осы 1929-шы жылдан басталып еді.
Барлық адам құқы, оның бостандығы мен өмірі деген адами қасиеттер аяққа тапталып, әкесі үшін балалары жауап бермейді деген адамзатқа ортақ принциптер өрескел бұзылған дәуірде, Тобанияз ұрпақтары да қудалауға түсті. Тобанияздың Дидар атты баласы жасынан қайтыс болды, ал Бердіхан мен Зәкіржан деген балалары әкесі үшін қудалауға түсті. Бердіхан азап түрмелерінде көп зардап шегіп, аман оралған, кейін соғыста айып батальонында қаза тапса керек. Ал нағашыларын паналап Түрікменстанға қоныс аударған Зәкіржан сол жақта өмір сүріп, 1974 жылы 52 жасында өмірден өткен. Оның балалары бұл күндері Маңғыстауда әр салаларда еңбек етіп жүр.
Тобанияз өмірін зерттеп халыққа жеткізуде белгілі өлке танушы журналист Әбілқайыр Спановтың орасан еңбегін үлкен ризашылық сезіммен айтып кеткеніміз жөн. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің темір, тас қабырғаларының астында бітеу жатқан құжаттар, осы азаматтың бірнеше жылдарға созылған қажырлы еңбегімен, төккен терінің нәтижесінде сөйледі.
Тобаниязды бүкіл ел іздеді, ерлер ізденді. Бүгінде Тобекеңнің болмыс-бітімін тұстас қалыптастырып халыққа жеткізе алсақ ол елінің, жұртының еңбегі. Осы бағытта тарих ғылымының докторы, белгілі ғалым Талас Омарбеков, суретшілер Көшер Байғазиев, Бірғали Баекеев, ардагерлер Дүйсенбі Әріпов, Айтуар Бүркітов, Ізтұрған Сариев, Ысқақ Шәкіратов, Естерек Жаманбаев, Нәдір Нұрғалиев, Нұралы Қазақбаев, Лебен Сәдуақасов, Жұмабек Лұқпановтар және тағы да басқа көптеген азаматтар осы игілікті іске сүбелі үлес қосып келеді.
Иә, ел үшін өлген ер шейіт дейді. Тобанияздың мерейтойын өткізгелі жатырмыз, өткізерміз де. Әйтсе де бұл той Тобаниязға емес, бізге, оның артындағы ұрпағына, қалың еліне керек. Болашақ үшін, ұлттық бірлік үшін керек деп есептеймін. Ерін ардақтаған ел азбас, Тобекең халқымен қайта табысты. Осы күнге дейін Тобанияз туған халқының назарынан қағыс қалып келсе ол біздің кінәміз емес, заман кінәсі, уақыт кінәсі деп ұғынайық, ағайын. 1995 жылдың қыркүйегі. Сарымерген би
Сарымерген Қосжанұлы 1877 жылы Сенек маңында дүниеге келген. Маңғыстау ойын қыстап, көктем шыға Шопан ата, Тышқан құм, Сеңгір құм, Бекет ата, Оғыланды, УәліҚатша арқылы Жем бойына дейін барып, кейбір жылдары Елек, Қобда өзендері бойын жайлап, салқын түсе қыстауына қайтады екен. Ауыл көшті Елекке, Көже ашыттым шелекке,- деп айтылатын өлең шумақтары сол заманда туса керек. Қазақта «жер дауы, жесір дауы» қашан да жалғасын тауып отырған. Қыс Маңғыстауды қыстаған, жаз Арқаны жайлаған елдің 1000-1500 шақырымдық
көшу бағытында дау-дамай жиі болғанымен, олардың басым көпшілігі мырза Досымұлы Құдас, жанғабыл Көбешұлы Нұрберген, қараменде Қосжанұлы Сарымерген сияқты ел ағаларының алдында шешіліп, ел бірлігі сақталып қалатын. Ағайындардың барлығы бірдей тек көшпелі ғұмыр кешпей, отырықшылыққа ден қойғандары да болыпты. Отырықшы туыстардың атына «жаман» сөзі қосақталып, жаманадай (Сүйіндік) атанса керек. Отырықшылықтың арқасы болар, жаманадай ағайындар елдің айлап қала шығып, Бесқаладан, Арқадан тасыған астығын үй іргесі Жусанды, Шүкірәлі сияқты орпаларға егін егіп, өнім алып, жақыннан жинаған. Қазақтың жүз биінің біріайтқан сөзі мірдің оғындай, сөз мергені атанған Сарымерген атамыз болған екен. Сол кезде жаманадай ағайындар қожа, медет руларының ауылдарымен көрші отырғандықтан, Сарымерген атамыз екі әйелі – Көрпеш пен Ақбибіні медет руынан алып, өз қыздарын қоныстас отырған қожаларға берген. Төсекте басы біріккен, төскейде малы араласқан екі ел сыйластықта болуға тырысқан екен. Милициясы, полициясы, түрмесі жоқ елдің де өз тентегі , телісі бар, құн дауы, жесір дауы, жер дауы және бар. Дала демократиясының осындай жағдайда барып жүгінері - билер. Бірде қатар отырған екі ауыл арасында кездейсоқ кісі өлімі болады. Оқтаулы мылтықтың шүріппесі жазының ағашына тиіп, атылған оқтан көрші ауылдың бір адамы қайтыс болып, қатар отырған екі ауыл арасында дау туындайды. Қаралы әйел: «Біздің ауыл қатын болды, Сүйіндік батыр болды» деп жылауын тоқтатпаса керек. Содан екі ел анттасатын болады. Дәл осы тұста
Сүйіндік ауылының үш биі де жол жүріп кетсе керек. Құдас Арқаға, Нұрберген Бозашыға, Сарымерген Шағадамға кеткен екен. Сапардан оралған Сарымерген осы анттасу рәсімінің үстінен түседі. Ел тыныштығының бұзылғанын сезген ол қамшының сабына ақ орамал байлап алып, шауып жеткен бетінде сөз бастап кетеді. - Бұл не деген дүрбелең, бұл не айқай? Екі ауыл ертеден-ақ аралас-құралас қатар көшіп, қатар қоныстас болды емес пе? Адам өлсе қойысқан, малы өлсе сойысқан, арын бірге арласып, жоғын бірге жоқтасқан ауыл емес пе едік? Су ішсек құдығымыз бір, мал жайылса өрісіміз бір ел емес пе едік? Мен ауылда жоқта теңдігіңді алып қалмақ болдыңдар ма? Тоқтат, мынау ақымақ істеріңді. Оясызды тезге келтіріп, оялыны жалпақ елге танытатын – ақыл. Ақылдының ажары жарқыраған көлге тең, Ақылсыздың ажары бұлт пенен буға тең, Ақылсызға айтқан сөз құмға сіңген суға тең, Ақылдыға айтқан сөз Алаш ұстар туға тең, - деп қолындағы ақ туын жоғары көтерген екен. -Шыққан күннің шырқын бұлт бұзады, Жақсы адамның сұрқын кек бұзады,- дейді тағы да. Айбынды ақыл, жүйелі сөздің арқасында қан төгілмей, ел амандығы, жұрт тыныштығы сақталып қалған екен. Екі ел арасы тынышталып, бітімге келеді. Есімдері қатар аталатын бұл ел ағалары қазақтың атақты 100 биінің бірінен саналатын Мәтжан бимен замандас. Қатар жүріп, иықтаса ел қамын ойлаған жандар. Замандас, қатар адамдардың әзілшыны аралас зілсіз қалжыңдары да қатар жүреді ғой. Мәтекең Сарымерген туралы жаман адайдың сарысынан сескенем, ол отырған жерде сөз бастау қиын десе, Нұрбергенді «нән ауыз»– «үлкен ауыз» деп атап, ырысы артық, қиыннан қиыстырар сөзі артық ,-деп есептесе керек. Әрі би, әрі болыс атанған Құдас бидің өзі үлкен жиында қатар отырған да сөзді Сарымергеннің бастауын қалайды екен. Ел арасында сөз қадірін білмес, әңгімелері жоғалған түйе, төбелескен баланың жағдайы төңірегінен аса алмайтын ағайындарға Сарымерген: «Тыңдалмаған әңгіме, аңға салған құсымның, аңды көрмей далаға лағып ұшқаны, одан не қайыр. Лебізі жақсының сөзі, жатқан ауруға ем болар, жақсы ділмәр сөйлесе естіген жанға шәрбат суындай дем болар. Жай жорытқанда аттың бәрі ат, жүйрігі шапқанда сыналар» деген екен.
Сарымерген атамыз оқу білімнің қадірін білген, ерте түсінген адам.Сондықтан да болар «Біздің халқымыз оқу - білімнен кенжелеу қалып, тауға шыға алмай жүр. Бізден басқа білімнің дәмін ерте татқандар биікке бізден бұрын шықты. Білім іздегенге табылады, қиындығы мен салмағының ауырлығы қорғасындай. Оқыған білімді жандарға қай жерде де орын табылады» - деген екен. Сарымерген атамыз « байырғы қонысым» деп көзі тірісінде Шопан ата қауымынан өзіне арнап қима там салдырған. «Замана соққан жел, адамның басы алланың добы» демекші, өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың соңы, отызыншы жалдардың басындағы зауал-бай, құлактарды тәркілеу, ұжымдастыру халыққа ауыр тиді. Осы тұста Сарымерген атамыз қуғынға ұшырады. 1930 жылы елге келіп, тумаластарына: «Мен кетпесем, сіздерге тыныштық болмас» деп түрікмен бетіне қоныс аудармақшы болады. Төңірекшіңнің ойындағы Көшпайбұлақ, Бірқарын суынан түнделетіп өтіп, суыт жүрген көш кіндік қаны тамған атамекеннен қашықтай береді. Оларды шығарып салған қимас туыс, жекжаттар да Шағала сордың маңына дейін бірге барады. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» екендігін дәлелдеп, көңілдері босап, көздеріне жас алған туыстар тобы елге қайтып, көзден таса болады. Көш соңында жалғыз қалған Сарыекең ғана қол орамалын көзіне жиі-жиі апара береді. Артында туған ел қалды, алды беймәлім дүние, ашық теңіз айдынында қалған ескексіз қайықтай ақжал замана толқындары қай жағаға шығарып тастары белгісіз алмағайып уақыт еді ғой ол кез. Ығысаығыса түрікмен жеріндегі Қазанжық деп аталатын елді мекенге табан тіреп, қоныстанады. Танымайтын ел, өзінің сыйлы ортасынан жырақтап кеткен азаматқа онша жайлы бола қоймайды. 1933 жылдың жаз айында елу алты жасында науқастанып, жаппа жолым үйде қайтыс болады. Ақша құймадағы Қарағайлы молаға жерленеді. Әйелінің жағдайы да беймәлім, ауруханада қайтыс болған оны ақ жуып, арулап көметіндей жағдай да болмайды. Басы көтерілмегендіктен қабірінің қай жерде екені белгісіз?... _Өзі өмір сүрген дәуірдің өмір шындығы Сарымерген атамыздың назарынан тыс қалмаған. Мысалы: Көпшілік жиынды бұзғанды халық тентек, Жағымсыз сөзі бар адамның аузы көнтек. Нардан туған жамбоздың бұйдасын ірікпес елпек,
Арғымақ аттың салқы төс еңкек, - деген екен айтулы би өзінің бір сөзінде. Отызыншы жылдардың басында педагогикалық техникумда оқып жүрген Мұздыбай Ниязов ағамыз науқастанып жатқан Сарымерген атамызға барып, үш-төрт күн дидарласқан екен. Кетерінде Мұздыбай аға: - Алла қуат берсін, маған мен арқылы кейінгі балаларыңыз бен немерелеріңізге не айтасыз?6 –дейді. Сонда Сарымерген атамыз: - Алдыңда ағаң, артыңңан інің қаумалап тұрса, жігіттің бұл да бір қорғаныс –қамалы. Төртеу түгел болса, төрден орын алғаны, алтау ала болса, дұшпанға қол -аяғы байланғаны. Туысың жаман болса, «жаман» деп құтыла алмассың, себебі бірге тудың. Халық оның жамандығын көрсе, сенің атыңды атап, соның «жаманы» дейді. Сондықтан, жаманыңды кеудесінен итеріп кері қума, бірлікті сақта, - деген екен. Сарымергенге бір құрдасы: « Сенің атыңа мерген сөзін жалғапты. Өскенде батыр,құралайды көзге атқан мерген болсын деді ме, әлде басқа бір жайды меңзеді ме? – деп әзілдейді. - Әкем Қосжан өмірден ертелеу кетті. Атымды неге бұлай қойғанын сұрай алмадым. Арғы ата – бабаларымыз сөз ұстаған жандар еді.Айтылған сөздің өз орнын, жүйесін табуын қалайтын бабалардың әулетіненмін. Атам қазақта «сөз мерген», «көз мерген», «қол мерген» сияқты қалыптасқан сөз тіркестері бар. Аталарыма салса да, өзіме салса да осы үшеуінен «сөз мергені» дегенді қалар едім. Өйткені «сөз құдірет, айтылған сөз - атылған оқ! Оның көздеген нысанаға дөп тигеніне не жетсін! Менің атым да осы мәселеге байланысты қойылған шығар!? Басты әңгіме сол, ауыздан шыққан сөзді жеріне жеткізе алсам, әке аманатын ақтағаным. Екі жақтың ортасындағы тіл талай сөзді тудыра алады. Әңгіме соның өз орнын тауып, нысанаға дөп тиюінде,- деген екен адайдың сөз мергені атанған Сарымерген би. Сарыекең елдің бірлігін, іргенің бүтіндігін армандап үнемі: «Жолдас, досыңа, қоңсы - көршіңе істеген жақсылығың ағын - судың арнасындай, шын сөзіңнің пайдасы алыс жолдың сарасындай» деп отырады екен. Сарымерген атамыздың төмендегі сөзі де өмір шындығына, дүние пәлсафасына, насихат үрдісіне арналған. Жарасты жақсы сөзден келтірсеңіз,
Пенденің басындағы ашар бұлтын. Бұрынғы өткен Ескендір де тастапты Жинаған алтын, күміс, дүние - мүлкін. Дүниеде көрсек те қанша қызық, Болады көрген түстей ойын күлкің, -дейді ойшыл би өз сөзінде. Енді, Сарымерген атамыздың бүгінгі үрім –бұтақтары жайлы бірер сөз. Сарымерген атамыздың 56 жасында науқастанып, қайтыс болғанын бұған дейін айтып өттік. Қадірменді би көз жұмған соң, Шопан ата басындағы қима там да құр бос қалмады, өз ұрпақтарына бұйырды. Елу төрт жылдай түркімен жерінде жүріп, өзінің туған жеріне қайта оралған Сарымергеннің ұлы Әли ағамыз басқа да тумаластарымен бірге осында жерленген. .
Өткен ғасырдың 40 -шы жылдарындағы алапат соғысқа қатысып келген Төребай Түркпенбайұлы жар таңдағанда текті ауылдың қызы еді деп, Сарымергеннен туған Жайлы апамызға тоқтаған. Қойыны құтты апамыз бен жездеміз алты ұл, үш қыз тәрбиелеп азамат етіп топқа қосты. Төребай жездеміз ардақты азамат, Маңғыстау түбегіне алғашқылардың бірі болып келіп, өлкенің экономикалық, әлеуметтік әлеуетіне өз үлесін қосты, білім беру саласының ардагері атанды. Елеген бастаған жиендер жаңа заманның алдыңғы легінен лайықты орнын тапқан елге белгілі азаматтар. Жансұлу әке жолын қуып, үлкен мектеп ұжымын басқарып отырған басшы. Нағима жұлдызы оңынан туған кәсіпкер. Зеріп апамыз бен Фельдшер жездемізден тараған Лесбай, Тыныштық бастаған жиендеріміз біздің мақтанышымыз. Қасым апамыздан дүреген Мұңал бастаған жиендер де жапырағын жайып келеді. Майсара мен Әубәкірдің орны ерекше бөлек, асылдың тұяғы. Қос қарындасымыз Дүйсекең мен Сәрсенгүл де біздің өрісіміз. Жиендері нағашы жұртты айтқанда, «жемістің тәттілігі ағашынан, жігіттің жақсылығы нағашыдан» деп, - тағы да Сарымерген атасын құрметпен еске алады. Қасиетті Сарыекең көңілі толған жастарға: «Тұлпардың тұқымы танылады тұлыбынан, ат болатын жылқы байқалар құлынынан» деген екен. Осы әңгімені мен қалтқысыз, өз мағынасында еліміздің болашағы - жастарға арнап отырмын.
ДАЛА ДАНАСЫ
«Маңғыстау» деп көңілді көкке өрлетіп, әруақтана сөйлегенде алдымен ауызға ілігер асыл ерлердің бірі – Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы. Ол – біз асқан өкінішпен, қасіретпен айтатын заманының запыран саясаты соңына шырақ алып түсіп, есіл өмірін қор еткен текті арыстардың сапынан. Бұл Маңғыстаудың киелі даласы кімдерді туғызып, кімдерге ақ бесік болмап еді? Бір өзі бірнеше ерге татыған, қазақ жерінің тұтастығы үшін атқа қонған дүлей ерлерді түлеткен өңірде ескіше сауатты, діни білімі өте терең көзіқарақты ғұлама азаматтар да мол болды. Дін жолын ұстанған тақуаларды айтпағанның өзінде, Қашаған мен Сәттіғұл бастаған сөз зергерлерінің сауатының қаншалықты болғандығына жойқын жырлары арқылы куәміз. Біз сөз еткелі отырған Оразмағанбет осы асылдардың жалғасы болатын. Ескіше сауаты ешкімнен осал емес оның жаңаша білімі де біраз жерге апаратын биіктік пен тереңдіктен құралған болатын. «Маңғыстауда кеңес дәуіріне дейін жаңаша білім алған азаматтар болмады» деген жан ауыртатын сөз қазір аракідік айтылып та қалады. Оның үстіне халқымыздың салтдәстүрін, мәдениетін зерттеп жүрген Сейіт Кенжеахметов құрастырған «Жеті қазына» кітабында 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезінде Мәскеу, Қазан, Омбы, Томбы, СанктПетербург, Берлин, Ыстамбұл, Варшава, Мысырдың Каир қалаларындағы түрлі оқу орындарында, алуан мамандық бойынша жоғары білім алған 124 қазақтың есімдері аталып, тізімі жарияланыпты. Бұдан өзге бітірген-бітірмегендігі белгісіз тағы 35 адам аталады. Бұл оқымыстылардың қатарынан бірде-бір маңғыстаулықты кездестіре алмай, түрлі ойға қалғанымыз рас. Сөйтсек, бұл ыңғайсыздықтан бізді Оразекең құтқарды, «алтын кездік қын түбінде жатпайды» дегендей бұл қателікті Оразекеңнің рухы түзетті. О.Тұрмағанбетұлымен бірге бұл тізім Саратов қаласынан жоғары заңгерлік білім алған Қосымов Зейнетқалимен жалғасты. Орысша емес, араб, парсы, түркі тілдерінде білім алған жоғары білімді азаматтар баршылық, кеңестік дәуірде олардың неліктен «есепке алынбайтындығы» айтпаса да түсінікті. Маңғыстаудан шыққан діни ғұлама, геолог-ғалым, алаш қозғалысының мүшесі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1881 жылы Маңғыстаудың Қызылсу жерінде шағын дәулетті, діни мектебі бар, Адай Көрпе Тұрмағанбет ахунның отбасында дүниеге келеді.
Алғаш тілін әке мектебінде сындырған Оразмағанбет 10-11 жастарында Көне Үргеніште, 1895-97 жылдары Хиуа, Бұқарадағы медреселерде білім алады. Білімге құштар жастың білсем деген құштарлығы ол үшін білім-ғылым әлемінің көкжиегін кеңейте түседі. Көз көрген бірен-саран көнекөздерден жеткен немесе ескінің сарынын еміс-еміс естіген ел арасында «Оразмағанбет тек діни ғұлама ғана емес, жер қойнын зерттеген ғалым» деген пікір айтылатын. Біразға дейін анық-қанығын ешкім білмей келген жұмбақтың жауабы да Оразекеңнің өз рухы арқылы шешілді. Жазықсыз қолға түсіп, жалаңдаған жендеттер алдында тергеуде берген жауаптары арқылы оның Үндістанның Бомбей қаласынан геолог-инженерлік білім алғандығын білдік. Бұл – 1897-1903 жылдар. Демек, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы сол кездегі қазақтар арасында кен саласында жоғары білім алған алғашқы қазақ, қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым. О.Тұрмағанбетұлы бұл біліммен де тоқтап қалмайды, 1900-1903 жылдар аралығында Иран, Германия, Түркия елдерінде қысқа мерзімді оқуларда оқып, білімін жетілдіреді. 1903 жылы елге оралып, балаларға араб әліппесінен сабақ береді. Маңғышлақ уезіндегі 1908 жылғы мұсылман мектептері мен ұстаздары туралы мәліметтерде Көрпе ауылындағы ұстаздар - Тұрмағанбет пен баласы Оразмағанбет Маңғышлақ уезінде білім алған, түрікше, арабша сауатты, уездің тұрақты, жергілікті тұрғындары деген дерек келтіріледі. Шындығында, ірі қалаларда білім алған Оразмағанбет ауылға қайта оралып, ауыл балаларын оқытумен айналысады. Оның Маңғыстаудағы қызмет еткен жылдары 1903 жылдардан бастап, 1930 жылдардың бастапқы кезеңдеріне дейін жалғасады. Бұл жылдары ол ауылдасағайындарға асар айтып, Қызылсуда арнайы дәрісхана, кітапхана бөлмелері бар мектеп-медресе салдырады. Мектепте балаларға араб әліпбиін, табиғаттану, арифметика, орыс тілі пәндерін үйретті.Осынша білімдарлық пен абыройы және оған деген елжұрттың сенім-құрметі оны 1926 жылы Адай уезінің бас имамы Бәли Нұрнияз ахун қайтыс болған соң, Түпқараған болысына қарасты ауылдарға имам етіп тағайындайды. Бұл жөніндегі негізгі құжат, басты дәлел – 1926 жылы Уфа мұсылмандар мүфтиатының декларациясы берген куәлік. Көзі ояу, көкірегі ашық, көңілінде қылтасы жоқ О.Тұрмағанбетұлы халқының жарқын болашағы үшін еңбек етті. Отызыншы жылдардан бастап Маңғыстау аймағын зерттеуге келген ресейлік ғалымдар М.В.Баярунас, И.Н.Лупповпен
бірге Қарабұғазда жүргізілген геологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып, сондай-ақ Уфа мұнай базасында, Небитдаг мұнай кәсіпшілігінде, шетелдік мамандармен бірге Красноводск портында бірге жұмыс жасайды. Ел несібесі үшін қажетті кен байлықтарының көзін табуға жоғары білімді геолог-инженер ретінде атсалысады. Әсіресе, М.Баярунас Оразмағанбетпен достық қарым-қатынаста болады. Үш жыл бойы бірге жұмыс істеп, Маңғыстаудың кең даласын бірге зерттейді. Қазіргі Өзен, Теңге, Қызылсай аймақтарына келгенде Оразмағанбеттің айрықша сүйсініп «мына жерлердің астында біздің ұрпақтарымыздың наны жатыр-ау, жарықтық!» деген сөзін естіген шәкірті Тасмағанбет Құбығұлұлы кейін жиі айтып отырады екен. Маңғыстаудың сайсала, жыра-жықпылын жақсы білетін Оразмағанбет Баярунасқа кен байлықтары бар деген жерлерді көрсетіп, бастап жүреді. Бұл туралы М.Баярунастың шәкірті Н.Луппов кейін жазбаларында «Оразмағанбет Баярунасқа өзі ашқан жаңалықтарды баяндап, кен бар-ау деген тұстарды көрсетеді» деп естелік қалдырады. Михаил Викеньевич Баярунаспен Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының байланысы кейін де жалғасын тауып, Оразекең Маңғыстау жерінен тапқан маңызды жаңалықтар – далап, жоса, емдік балшықтар, тұз, ұлутас, әк, темір және көмір қабаттары туралы хат арқылы хабарлап, пошта байланысы арқылы кейбір минералдардың үлгісін жіберіп отырған. Шөп түрлерін жақсы айырып, олардың әрқайсысының емдік қасиеті туралы жетік білген ол ел арасында емші ретінде танылады. Құмырсқаның илеуі, сүттіген, адыраспан, атқұлақ, илан, ерқұны, изен, саңырауқұлақ, күшала, киікоты шөптерін пайдалана жасаған емдерімен талай адамды, малды аурудан арашалап, алғысқа бөленеді. Оның емшілік шапағатын көрген адамның бірі – М.Баярунас екен. Бұл туралы М.Баярунас пен Оразмағанбеттің қасына ерген азаматтардың бірі Қ.Кауиев өз естелігінде баяндайды. Сонымен қатар О.Тұрмағанбетұлы сол кездегі елге танымал, белсенді, зиялы ел азаматтары – Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсыновтармен рухани қарым-қатынаста болды, осылар арқылы алаш қозғалысына араласты. Көз көрген жерлестері Тобанияз Әлниязов пен Жалау Мыңбаев, Оңғалбаевтар «халық жауы» деп ұсталған сәтте, бұл да құрықтан тыс қалмады. Қара күйе оған да жағылды. Әсіресе, діндарлығы оны кеңес үкіметіне қарсы етіп көрсетіп, өзгелердің «қорқынышына» айналды. Бірге жүрген
талай арыстар жазықсыз атылып-шабылып, түрмелерге тоғытылды. «Алланың жердегі үйі» деп иісі мұсылман тәу ететін мешіттер, балаларға діни білім беретін медреселер қиратылып, небір құнды діни кітаптар өртелді, салық көбейді. Мұсылмандарға, мұсылман дініне, қазақ деп сөйлеп, ұлт қамын ойлаған ерлерге деген заманның сылайын аңғарған О.Тұрмағанбетұлы мұнда қалып береке таппасын білді де, 1935 жылы Иранға қоныс аударды. Кетерінде үш нарға жүк болатын бай кітапханасын бөліп-бөліп тау үңгірлеріне жасырады. Иран жерінде де азаматтық ұстанымынан жаңылған жоқ. Зәбір-жапа көрген қазақтар үшін Горган қаласының әкімі Сейт Жоржанға арыз жазып, қандастарына ара түсті. Қазақтардың бытырап, өзге ұлттарға сіңісіп кетуінен қорқып, өз алдына бір ауыл болып отыруына атсалысты. Қырағы көзі мен зерек көкірегі Иран жеріндегі мұнай көзін сезіп, осы елдің өнеркәсіп бас басқармасына хат жазды. Онда «Бендер Шах қаласы зауытының солтүстігінде 500 метр жерінде, жер астында мұнай қоры бар. Тереңдігі 450 метр. Бұл мұнайды игеру үшін буровой қондырғысымен қазып, соған байланысты жұмыстардың барлығын жасап, шығынынан қашпай мол байлыққа жетуге болады. Әрине, оған жұмсалатын қаражат мөлшері көп. Бірақ, бір жыл мұнай өндіргеннен кейін жұмсалған қаражаттың ақталатынына сенімдімін. Бұл жердегі мұнай қоры шыға бастағанда минутына 6 мың фунт шамасында болады. Оны шығарып шетелдерге сатуға да болады» дей келіп, шикі мұнай құрамында бензин, керосин, күкірт секілді өнімдердің бар екендігін баяндайды. Кейінгі зерттеу көздері Оразмағанбеттің өміріне қауіп төндірген, тіпті түбіне жеткен де осы хат екендігін айтады. Себебі, дәл сол кездері Иранмен «достық қарым-қатынаста болған» Ресей бәрібір өзінің жымысқы ойын жүзеге асырып отырған. Саяси ойынмен Иранды Әзірбайжан мұнайына тәуелді етіп қоюды көксеген олар, Оразмағанбеттің оларға мұнай тауып бергендігін қаламады. Осылайша О.Тұрмағанбетұлының соңына тыңшы салып, тұтқынға алады. Тыңшылар кеңестік қызыл жағалылар емес, Оразмағанбет те, оның маңайындағы өзгелер де күдіктенбейтін бұрыннан таныс Маңғыстаудың азаматтары. Алғашқы жорықтары сәтсіз аяқталған олардың екеуін алып қалып, үшіншісінің жанына өзге тыңшыларды қосып қайта аттандырады. Олар Оразмағанбетті қонақтықтан қайтар жолда қолға түсіреді. Бірқатар деректер оның 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы атылғандығын айтады. Ал енді бір
мәліметтерде оның геолог-инженер ретінде жабық, жасырын ұсталып, зерттеу жұмыстарына пайдаланылғандығы түрлі деректер келтіре отырып, тіпті көзін көрген немесе кездейсоқ кездескен адамдардың болғандығы олардың әңгімелерін негізге ала отырып айтылады. Ең бастысы – 1963 жылы ол ақталған соң Красноводск қаласындағы неке бөлімі берген өлім туралы куәлік. Онда «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1942 жылы 30 қазанда 61 жасында қайтыс болды» деп көрсетіледі. Демек, жоғарыда айтылған кездейсоқ кездесулер де, Оразекеңнің білікті геолог ретінде зерттеу жұмыстарына пайдаланылғандығы да рас болып шығады. Оразмағанбеттің кітаптары өзі ақталардан 6 жыл бұрын, яғни 1957 жылы Сахар тауынан табылған. 120 кітапАлматыға Қазақ ССР Ғылым академиясына жіберіледі. Көбі былғары тыспен тысталған кітаптар 18-19 ғасырларда Египетте, Ыстамбұлда, Қазанда, Ташкентте басылған, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған, біразы өте сирек кездесетін кітаптар болып шығады. Кітаптардың арасында Мұхаммед Захидің «Араб әдебиеті мен тарихының теориясы», Абдул Фаттың Эфейдің «Арабшадан парсы тіліне аударма жасау тәсілдері мен араб әдебиетінің нұсқаулары», Жамалиддин Аспахамидің төрт томдық пәлсапалық трактаты, парсы әдебиетінің классигі Жәмидің толық жинағы секілді кітаптармен бірге, өлең өлшемдері, парсы тілінің энциклопедиялық сөздігі, араб тілінің грамматикасы мен дұрыс жазылу емлесі, терминдік қосалқы сөздердің түсінігі, психология, астрономия, жағрафия, алгебра, логика, этика жайында ғылыми кітаптар болған. Олардың 51-і сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар қорына тапсырылады. Оразмағанбет сол кеңестік дәуірдің өзінде халқының жүрегінен өшкен жоқ. С.Балхаев оның Ирандағы балаларымен хат алысып тұрса, әр жылдары Ә.Кекілбаев, М.Әбдіхалықов, Қ.Сыдиықов, Д.Досжанов, Ә.Спан, Е.Жаманбаев, О.Көшбайұлы, Т.Шәдіқұлов зерттеу еңбектерін, естеліктері мен мақалаларын жариялады. Бұлар көлемі мен маңызы қандай болса да оразмағанбеттануға бастаған сүрлеу болатын. 1990 жылы баласы Ебжан өзі ұйымдастырған футбол командасын бастап Қазақстанға келді. 1996 жылы Жаңаөзен мұнай және газ колледжіне О.Тұрмағанбетұлының есімі берілді. Бұл – тәуелсіздік алған елдің өз еркі өзінде екендігінің, кезінде өзгелер өгейсітіп сыртқа тепкен өз асылдарын тауып, құрметтей бастауының көрінісі болатын. 2007
жылы Қызылсуда О.Тұрмағанбетұлы рухына ас беріліп, Құран бағышталды. Ирандағы ұлдары Мұхаммед-Ебжан мен Шарғи, қыздары Панар, Жазила, Қанзиладан туған жиендері келіп елжұртпен, атакүлдікпен қауышып, мәре-сәре болды. Оразмағанбет туралы толыққанды зерттеу жұмыстары өз сағатын күтіп жатыр... Ойы-дүр, сөзі-жыр Түмен ақын (1884-1957)
Аузынан будақ-будақ жыр төгілген, жүзінен нұр төгілген кеудесі кең сарайдай күмбірлеген ғажап адамдар болады. Халық арасында оларды Алланың жіберген елшісіндей көріп, құрмет тұтады. Қазақ даласының қай қиырынан ондай ерекше талантты жандарды кездестіруге болады. Кәрі де мәңгі жас Маңғыстау өлкесі де сондай аузымен құс тістеген сөз зергерлерінің киелі Отаны болған, болып келеді. Бұған Түмен Балтабасұлы Байғара немересінің (Байем дейді екен тұстастары) өмірі және шығармашылық жолдары куә бола алады.
Туғанына 125 жыл толған Түмен ақын жайлы не білеміз? Ауыз толтырып айтарлық қызмет, ісіміз қайсылар? Ақын, ел азаматы рухы алдындағы парызымыз өтелді ме?
Түбектің төл перзенті Түмен ақын аруағын қастерлеуге жерлестері, облыс жұртшылығы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері белгілі деңгейде біраз шаруаның басын қайырды. Ақын есімі оқу орындарына, елді мекен көшелеріне берілді. Ақтаудан (90-шы жылдың аяғында) «Маңғыстау-ер Бекеттің туған жері» деген атпен көлемі 8 баспа табақтай кітап басылып шықты. Жинаққа Түмен Балтабасұлының өлеңдері, ақынның көзін көрген жамағайын, ұстаз, өлке зерттеушісі Ы.Шәкіратовтың және Ж. Жылқышиевтың естеліктері енгізілген. Жинақты К.Мырзабаев баспаға дайындаса, көркемдеуші редакторлығын журналист С.Әжімұратұлы атқарған. Қайырымды азаматтар Т.Қасымов пен М.Боранбаевтар демеушілік жасаған.
Осы тұста мынаны атап көрсетуді парыз санадық.
Түменнің ақын ретінде атағы негізінен Маңғыстауда, сонсоң Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына, басқа да көршілес аймақтарға тарайды. Филолог-ғалым Қ.Сыдиықов өзінің әдебиғылыми зерттеу еңбектері арқылы Түмен ақынның атағы мен даңқын бүкіл Қазақстанға, Орта Азия елдеріне таратуда алғашқы болып, зор еңбек сіңірді. Түмен Балтабасұлы ел мен жер алдындағы перзенттік борышын өтеген тамаша тұлға. Әбекең (Кекілбаев), Қабекең (Сыдиықов) тағы басқа зиялыларымыз өнегесін өлкеміздің зиялы қауым өкілдері ыждағаттап, дамытып келеді. Шүкіршілік дейміз. Алматыдан жарық көрген «Өскен орда» әдеби-көркем және публицистикалық жинақ бұл айтылғанның дәлелі.
Түмен ата жөнінде шырайлы шаралар аз емес. Қазір облыс жұртшылығы оның туғанына 125 жыл толуын атап өтті. Оның есімі көшеге, мектепке, мәдениет үйіне берілді. Қаламы жүйрік замандасымыз Әзірбайжан Қонарбаев оның шығармаларын жинап, кітап етіп шығарды.
Әңгіме – санда емес сапада. Көлемінің молдығында емес, мәнмазмұнының байлығында, тынысының тереңдігінде. Бұл тұрғыдан алып қарағанда қолтума талант иесі Түмен атаның келбет-кескінін, өнердегі қуат-қарымын, мәдени рухани өмірде алатын орнын жалқылар білсе де жалпы жұрт әлі танып-білген жоқ. Ілгеріде атап өткеніміздей, жекелеген зерттеу, ой бөлісу мақалалары әлгі айтылған сүбелі сұрақтарға жауап қайтара алмауда. Міне, осы орайда «Түментану» атты тарау, әлде баптар мен бөлімдер ашу жағы зейінді зерттеушілерін асыға күтуде.
Қалай болғанда өмірі күрес пен ерлікке толы ақын Түмен ата біздің замандастарымыз үшін жұмбақтау күйінде қалып келеді. Ол жұмбақтардың сырын біздер, ілгергі лектегі буын, ашпағанда кім ашпақ? Олар аспаннан салбырап түспес. Түскен күйінде де дәл осы Түмекең ата топырағынан дүреген түлектердей бола қоймас. Мен осыған бек сенемін.
Бұрынғы КСРО үкіметі «Халық ақыны» атағын берген Сәт ата (Сәттіғұл) Жанғабылов: «Жүйріксің сен де жаңылмас» деп, тектентек түйіндемегені хақ. Иә, несін айтасың, Түмен ақын жаңылмас жүйріктің сойынан. Бірақ, әдеби өнерге бастау жолын күнгейі мен беткейі ұйытқып соғып, алма кезек тағдыры тәлкекке түсіп отырды. Жетпіске келген жасым бар, Тәркіге түскен басым бар, – деп ақын өктем жүйенің азаматтық құқын шектеп, сайлауға бару дауысынан айырып т.б. шектеулерге тап болғанын айтқан болар. Соның өзінде де жүнжімеді, қайсар талант замананың алдамшы желіне қарсы тұрды және түптің түбінде халық өзінің рухани арнасына қайта оралатынына сенді.
Енді осы проблемалар төңірегінде ой өрбітейік. Бұл ойтолғаулардың артық-кемі байқалмай қалмас. Төл тарихшыларымыз, мәдени мұрамыздың жанашыр сарбаздары жұмбақ тұстарын ашып – жазып дегендей аруақты қастерлеу үлгісінен жаңыла қоймас. Өйткені, діліміз бен дініміз қайта оралып, қазақ халқы рухани түлеу үдерісінен туындаған игі шарапат лебімен тыныстау үстінде. Иә,
рухани түлеу шарапатымен тыныстап келеміз. Ол – Ұлы Жаратушы сыйлаған құдіретті күш. Ендеше, бағытымыз Хақтың жолы. Қазағымызды, адастырмас темірқазық, міне, осы. Оның өмір деректеріне азырақ көз жүгіртіп көрелік. Жасынан жүйріктігі білінгендей, Түрі жоқ Түмен ақын сүрінгендей. Екпіні қас тұлпардың туа біткен, Ертеден қара кешке ілінгендей... Замандастары осылай бағалаған нар тұлға Түмен ақын 1884 жылы Бозашы өңіріндегі Қызан ауылында туған. Ауызша шежіреде Адай – Келінберді – Бұзау – Айтумыс – Шылым – Бәйбіше болып жіктеледі де, соңғысынан Байғара (Байем, лақап аты) туылған. Байғарадан - Балтабас, Балтабастан – Түмен. Бұзауұлы Жеменей Айтумыстың ағасы. Ауыл молдаларынан дәріс алған. Арабша едәуір сауатты болған. Діни кітаптарды, жыр қиссаларды жақсы меңгеріп алады. Оның үстіне Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, көршілес өлкелердің дүлдүл сөз зергерлері: Сырым Датұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Ізім, Қашқынбай жыраулар т.б. шығармаларымен сусындап өседі. Өз тұсындағы білім бұлағын бойына мол сіңірген бала Түменнің ақындық қабілеті ерте оянады. Ұлан Түмен ауылаймақтығы той-домалақтардың гүліне айналады. Ауылда Түмен жоқ болса, онда ондай басқосулардың «сәні жоқ» десіп, жерлестері бас әнші, жыршысынан айрылғандай жабырқап қалады екен. Тумысынан ақжарқын Түмен-ұланның аузынан қазақтың қара өлеңі дестелеп атып жататын. Айналасындағы жандарды сол бір дестелі
жырларына орап уантып та, қуантып та дулы думанға бөлеп жүретін. Өкінішке қарай, жас жігіт Түменнің төкпектетіп барып, тыңдаушыларын үйіріп отыратын сол сырбаз жырлары қағазға түспеді. Бірлі-жарым құйма құлақтардың жадында сақталғандары болған. Бірақ амал қанша ол кісілерден әлде-қашан көз жазып қалғанбыз. Дуалы ауыздан шыққан асыл қазына қалам-қағазға іліне қоймай, желге ұшты. Адам баласы алдағы өмірді болжап болмайды ғой. Ертең не болатыны белгісіз. «Алдым тұман, артым жар» дейтін сәт аяқ астынан кездеседі. Түмен-ұлан көп кешікпей ақындықты мүлдем тоқтатты. Және бұл оқиға күтпеген жағдайда өтті. Ауылда кезекті той өтіп жатады. Тойшы қауымды суырыпсалма жырларымен жарасымды бір қақпай өлеңдерімен қыран күлкіге бөлеп отырған жігіт Түменнің құлағына әлдекім бірдеңе сыбырлайды. Осы сыбырдан соң сері жігіт Түмен тысқа шығады. Сөйтсе, қарсы алдында әкесі тұр. Ол қол қусырып ізет білдіріп, «Құлағым сізде» деген ишара танытады. Сонда әкесі Балтабас: - Айналайын, балам, тақылдап бара жатырсың-ау. «Тақ-тақ түбі – тақ-тұқ». Бұл ертеде өткендерден қалған сөз. Олай болса, бұл әдетіңді қой. Тақылдай берме! - деп, түнерген күйі ұзай беріпті. Әке ескертуі Түмен жігітті шат-шадыман ортадан жұлып алып, жолайрыққа тап қылғандай көңілсіз керуен көшіне ілестіргендей етеді. Еңсесі түсіңкіреп, мерекелі топқа қайта оралады. Ештеңе болмағандай ойын-сауықты жалғастыра береді. Сән-салтанаттың бабын түсірмей таратады. Бұл шақта ел жатып қалған. Түмен де
тойдан демалуға өз үйі, өлең төсегінде қисая кетеді. Қисайғанмен көпке дейін көзіне ұйқы келмейді. Өлең-жырды есі кетіп, өліп-өшіп бастап еді. Енді, міне, әке талабын орындамасқа шара жоқ. Сүйікті кәсібінен пышақкесті қол үзбек. Соны ойлағанда таңдайы кеуіп, алқынып, бей-жай күйге түседі. Өкініш өксікке ұласып барып омырауын жасқа толтырды. Шын сүйген алғашқы махаббатыаяулысынан айрылғандай тұншыға берді... Осы түннен кейін Түмен ақындықты қойып кетті. Тақсіреттің айы түгіл, қай жылы болғанын айта алмайды. Тұмса таланттың лапылдаған отты жырлары уақыт теңізіне батып кетті. Жас Түмен шайырлық, жыраулық ауылымен қоштасады. Бірақ, бұның бәрі уақытша, өтпелі дүние екеніне Түмен ақын кейін көз жеткізді. «Құдай салды, мен көндімнің» кебін киген Түмен өлең ауылынан жырақтап, күйбең тіршіліктің жетегінде жүрген. Құдай беріп, ердің жасы елуден асқанда ұлды болады. «Шаңырағыма ие шықты» деп қуанады. Арқаны осылайша біраз кеңге салуға негізі де жоқ емес. Бұрынғы Кеңестер Одағының қаскөй жауы фашист басқыншыларының сол тұста маңдайы тасқа тиіп, әуелі Москва түбінде, іле Сталинград (Волгоград) майданында, келесіде Курск иінінде қырғын шайқаста қирай шегініп, масқарасы шығып әлемге әшкере болған. Қан майданда кеңес әскерлерімен үш дүркінгі бетпе-бет келген қанды шайқастарда гитлершілердің соры қайнады. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады деген емес пе? Айбатынан айрылды, құйрығын жымыра қысты. Келімсек иттің кебін кешкен гитлершілер келген жағына тайып тұруға асықты.
Жау шегініп, ауылдар, қалалар бірінен соң бірі немістерден азат етіле бастады. Майдандағы сол түбегейлі өзгерістерден жырақтағы Маңғыстау елінің де еңсесі көтеріле бастады. Ұлы Жеңіс жақындай берді. Бірақ, бұл жеңіс барша Кеңес Одағы халықтарына оңайға түскен жоқ. Ауыл, село халқы тапқан-таянғанын майданға жөнелтіп отырды. Елді ашаршылық, жоқшылық алқымнан алды. Аурусырқау, басқа да індет біткен қарапайым жандарды, онда да балалар мен кәрі-құртаңдарды сорлатты. Маңғыстауда 1944 жылдары кезік ауруы жайлап алды, халықтың дені соның дертіне ұшырады. Сол жылы Түмен де кезік дертіне шалдығады. Ол аз болғандай он бірге толған жалғыз тұяғы Сайын да осы сырқатпен ауырады. Сөйтіп, Түменнің өзі де, жалғызы Сайын да бірнеше күн ессіз-түссіз өлі мен тірі арасында жатқан. Бірнеше күннен кейін Түмен есіне келгенде алғашқы ұққаны қаралы хабар болған. «Жалғызыңнан айрылдың»! Жүректі жаралаған осы қазалы хабарды естіп, қайтадан есінен танса керек. Тағдырдың қақпақылымен жалғызының орнын сипап қалған ақын: - Тіл жаратқан тіләлім! Енді өзің сыйлаған сүйексіз тілімнің өрнегі артымда қалсын. Тіл өнерімді ұстартайын. Өлеңімді перзентім санаймын. Жыр жолына қайта оралайын, - деп бекінген дерек түбегімізде әлі күнге дейін айтылады. Бұл сөздің негізгі ұйтқысын жеткізуші Ысқақ Шәкіратов болатын. Иә, сонымен ақын ар алдында, өнер алдында ант қабылдады десек, шындықтан алыстап кете қоймаспыз. Түменнің ақын ретінде қайтып оралуы 1944 жылмен орайласады. Түмен Балтабасұлы 13-14 жыл-ақ ақындық
еткен. «Қабиболла Сыдиық», (Жырдария, 1995 ж. Ақтау 292-293 б.). Қазіргі қолымыздағы Түмен жырлары оның 60-73 жас аралығындағы дүниелерінен тұрады. Әрине, түгел жинақталған деуден аулақпыз. Өмірге қайта оралған ақын халқының қоғамдық өмірінен, елшілік істерінен қалыс қалушылыққа өзін жібермеген. Түменнің өлеңдерін оқи отырып байқағанымыз, қас шебердің туындылары жүрекке жылы тиіп, салғаннан баурап әкетеді. Жас ақындар да байқалып жататын кібіртіктеуден ада. Адай елінің саңлақ ақындары Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашағандар салған дәстүрден ауытқымайды. Тайпалмас жорғамен жортып келе жатқандай жан сарайыңды аша түседі. Ұлы Сайын өлгенде шығарған толғауынан үзінділер оқып көрелік. «Қу ажал сені қайтейін, Бүлдірдің талай орданы. Он бірден жаңа асқанда Өмірге қадам басқанда Келмеске мәңгі алыпсың, Сайындай асыл қарғамды. Дүние сені қайтейін, Көрсе көңіл тоймаған, Жас күнім, сені қайтейін, «Мәңгі» деп бәрін ойлаған». Немесе: «Құлан жалды құлыным, Жатырмысың аман-сау,
Өзекке біткен жұлыным Маңдайға біткен тұлымым». (Маңғыстау – Ер Бекеттің туған жері: Ақтау. 1995, 9, 13-б). Бұл бауыр еті баласынан айырылып, «аһ» ұрған әке көкірегін жарып шыққан жырлар еді. Бұл жолдарға түсінік беру, тіптен де артық-ау! Күйзеліске түскен жанның ауыр халін түсініп, құптамас жан болар ма екен? Тағы да: Өмірдің көлеңкелі жақтарын, адам мінезіндегі кемшіліктерді аяусыз қамшылайды. «Бір жиенге» деген өлеңінде «Аярлықпен ісің жоқ, Сендей жомарт кісім жоқ.
Мұздай арақ қоймады-ау Аузыңда бір тісің жоқ»,— десе, «Доғалаққа» деген өлеңінде: «Доғалақ-ау, Доғалақ Мұрның неге домалақ? Жұрт келді құдық қазуға Қашып кеттің шырағым, Кетем бе деп домалап...» — деп өткір тілмен іліп түседі. Бұл келтірілген жолдар оқырманын бейтарап қалдырады деуге кімнің ауызы барар? Жалғызынан айырылған қамкөңіл қарт ақын Түмен ешқашан биік адамгершілік рухынан түспей өтті. Пессимизмдікке жалқы сәт берілген күннің өзінде де тез сергитін қыран құстай алыс көкжиекті
шолып, туған халқымен, әманда бірге болудан жаңылмайтын. Содан болар, ақынды көзінің тірісінде «Жаңылмас жүйрік» деген атақпен туған елі төбесіне көтерген. Ақынның «Маңғыстау», «Адай тегі» дастандары сөз жоқ: осындай қуатты дарын иелерінің қолынан келер бірегей дүниелер. Бұлардың тарихи танымдық, маңызының жоғарылығы өз алдына бір белес болса әдеби көркемдік сипаттарының сыры әліге дейін ашылып көрсетілмей жатқан нағыз тың өлке. Бұларда және өзге жырларда қаншама соны теңеулер мен образдар қамтылғанына түсіністікпен бас шұлғысамыз. Ал оларды әдебиет ілімінің қорына енердей деңгейде дәйектеп қөрсету жағы тіптен де келмей жатыр. 1965 жылы Алматыдан «Пернелердегі термелер» деген атпен байтақ Қазақстанның түпкір-түкпіріндегі ақын-жыраулардың бірлі-жарым шығармалары топтастырылып, жинақ шықты. Сол жинаққа Түмен ақынның «Біздің сұлу Алматы» атты жыр толғауы енгізіледі. Осылайша, Түмен ақын ретінде Республикаға тұңғыш таныла бастайды. Сонда дейміз-ау, «Пернелердегі термелерге» енуге деп ұсынылған шығармалар аз болмапты. Шын мәнінде көркемдік шеберлігі жоғары Түмен ата шығармалары жарқ етіп көрінген. Бірақ бұл жаңалықтың жария болмауы құптаушысының кемдігінен демеске лаж барма, тез сөніп, тез ұмытылды.
Мойындау керек, Түмен бойындағы дербес әдеби талантты алматылық әдебиетші ғалымдар жіті танып білген. Осыған тағы бір деректі қосайық. 1952 жылы Алматыда Коммунистік партияның 50 жылдығына байланысты Республика ақын-жырауларының байқауы өтсе, соған Түмен ақын қатысып, «Құтты болсын тойыңыз» деген толғауымен астана сахнасын дүр сілкіндірген. Қ.Сыдиықовтың «Ақын-жыраулар» (Алматы жыл) жинағында Түмен Балтабасұлының бір топ өлеңдеріне орын берілді.
Сол тұстан кейін-ақ жаңадан шаңырақ көтерген Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газеті бұл тақырыпқа жүйелі оралуды дәстүрге айналдырды. Түрікменстандағы Красноводскіде жарық көрген «Жұмысшы» газеті де Түмен шығармаларын насихаттауда белсенділік танытты. Мемлекеттік мұрағаттарда олар хаттаулы сақталған.
Асылы, біз жоғарыда атаған ақын ата туралы деректермен материалдарды жинақтап, бірізге түсіру кезек күттірмес міндетіміз сияқты. Егер осыған қол жеткізіп жатсақ, онда Түмен ақын, Түмен азамат жөнінде гылыми зерттеу, әлде оның ғұмыры және шығармашылығына шырайлы шолу жасауға берік негіз қаланар еді. Шүкіршілік, осы жағына қол ұшын берер, белсене атсалысар, көзі қарақты, көкірегі ояу, білімді азаматтарымыз баршылық, әсіресе, Тергеу Айдарханов, Сержан Шәкіратов, Жетібай Жылқышиев... сияқты белгілі замандастарға зор үміт білдірмекпіз. Ақынның туысы Айым Еменұлы, ұстаз Толыбек Ізбасарұлы, Мұқаш Боранұлы, т.б. кісілердің жеке мұрағаттарынан да дәмеліміз. Және бір нәрсе. Түмен ақын шығармаларын облыс оқу орындарында қосымша оқу материалдары ретінде қолдануға тірелуде. Түптеп келгенде, біз жоғарыда азын-көбін қамтыған проблемалар мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру міндетінен туындап отыр. Сондықтан да ол сөзден нақты іске айналатынына сенгіміз келеді.
Маңғыстау жерінің тұтастығы және Нәзір Төреқұлов
Маңғыстау жері өткен ғасырларда өзінің географиялық орналасу қолайлылығы мен жерасты байлығының молдығымен талайлы тарихтың алаңына айналды. Бағзы тарихында «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер» делінетін Маңғыстау қашанда жатжұрттықтардың көкейін тескен көзқұртына айналып келді. Алдымен патша өкіметінің айтқанға көнбеген, айдауға жүрмеген тентектерді елден жырақтап, оқшау қалдыру арқылы азаптайтын меңіреу нүктесі ретінде таңдалған Маңғыстауға кейіннен қорғаныс мақсатында бекіністер салынып, жерасты қазба байлығын зерттеу үшін экспедициялар жіберілді. Патша өкіметінің шектен шыққан оспадарлығы мен өктемдігі киелі Маңғыстауды атажұрты санайтын жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды. Қажетті жерінде жер-су атауларын таныстырып, картаға түсіруіне жалдамалы түрде қызмет еткен қазақтар патшалық өкіметтің саяси ниет-пейіліне қарсы оқтын-оқтын бас көтеріп, дала ұлдарының тарпаң мінезін танытып қойып жүрді. Бұл баскөтерулер 19 ғасырда Маңғыстаудағы әйгілі Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы бастаған көтеріліске ұласқаны баршаға мәлім. Патша өкіметінің қарулы отрядын талқан қылып, оңайлықпен берілмеген дала батырларының ерлігі патша өкіметін басқаша қимылдап, өзгеше шешім шығаруға мәжбүр етті. Бұған дейінгі тарихында әр аймаққа телінген Маңғыстау патша өкіметін біраз алаңдаушылыққа салған 1870 жылғы Иса-Досан көтерілісінен соң Орынбор облысынан бөлініп алынып, Дағыстандағы әскери үкіметке, патша ағзамның туысы Романовтың қарауына берілді. Кейінірек Закавказьяға, одан орталығы Ашхабад қаласы болып саналатын Закаспий облысына телінді. Маңғыстаудың талайлы тарихындағы ауыр жылдардың бірі осы болды. Сыртқы күштердің әсерімен туған ел – қалың қазақ ортасынан ажырап, жатқа бағынды. Арнасынан ауытқыған адасқақ ғұмыр жарты ғасырға, яғни елу жылға тарта уақытқа созылды. Киелі де қазыналы Маңғыстаудың қазақ картасынан бөлініп алынып, өзге елдерге қосылуы талай елім деген ердің жан жарасына айналғаны сөзсіз. Қазақ тарихынан белгілі халқымыздың арасынан бас көтерген жалынды, білімді, намысты, көзі ашық арыстай азаматтарын баудай түсіріп отап жатырған алмағайып заманда Маңғыстауды арашалап қалудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Бірақ, халқымыздың арлы
азаматтары өз тағдырлары қыл үстінде тұрса да «баспақ түгіл бас қайғы» деп бұқпантайлаған жоқ, ақтық демі қалғанша әділет үшін, ел-жер бүтіндігі үшін айқасып өтті. Өз елін, жерін сүйген халықшылдығы, отаншылдығы үшін кінәлі атанып, жазықсыз «Халық жауы» деген желеумен қынадай қырылған аға буынның жанкештілігі мен қайраткерлігін, күрескерлігі мен туған елге деген шексіз сүйіспеншілігін қазақ тарихы, қазақ ұрпақтары мәңгі қастер тұтып, құрметпен атайтын болады. Тәуелсіздік алған елімізде бүгінде Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Халел және Жаһанша Досмұхаммедовтер, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Мұхаметжан Тынышпаев, Нәзір Төреқұлов секілді жүздеген азаматтардың есімдері зор ықыласпен аталады. Тәуелсіздік заманының жаңа буыны халық үшін шейіт кеткен бабалардың рухын мәңгі биік ұстайтыны анық. Бұл аталған арыстардың қай-қайсысы да ұлт үшін ұмытылмастай ұстынды істерімен танылды десек, солардың бірі – Нәзір Төреқұлов. Күллі қазақ үшін киелі Түркістан топырағында туылған Нәзір өзінің білімділігімен, біліктілігімен небары 45 жасына дейін-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым дәрежесіне дейін көтерілді. Тарихтың ақтаңдақ беттерін аударып отырсақ, Нәзір 26 жасында редактор, 27 жасында ревком төрағасы, комиссар, 30 жасында бүкіл Кеңес Одағы бойынша орталық баспа төрағасы, Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару Комитетінің төрағасы болып қысқа өмірін ірі қадамдармен аттап өтеді. Осы қарқынмен келіп, 36 жасында КСРО-ның күрделі, жұмбағын ішіне бүккен Сауд Арабиясы Корольдігіндегі төтенше елші және өкілетті министр болады. Ислам дінін берік тұтынуымен Кеңес Одағына мүлдем қарама-қарсы ұстанымдағы Сауд Арабиясы Корольдігінде елші болудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Мүлде екі сенім, екі көзқарас, саяси және қоғамдық-әлеуметтік тұрғыда екі бағыттағы елдердің арасына дәнекер болуға саяси сұңғылалық, бесаспап білімділік, сырбаз іскерлік қажет болатын. Қазақтың алымды азаматы осы қиындықтарды еңсеріп, тіпті өзін шебер елші ретінде мойындатты. Өзіне жүктелген міндеттерді сарабдалдықпен жүзеге асырып, Кеңес Одағының беделін өсірді, екі елдің арасында жақсы
қарым-қатынастың алтын көпіріне айналды. Жер жаһанға аты мәшһүр айбынды Кеңес Одағының атынан елші болудың міндеті де қат-қабат. Нәзір Кеңес Одағының сауда-экономикалық, саяси мүдделерін табанды қорғап, екі елдің ымыралы қатынасы үшін қажетті ақпараттарды шұғыл ыңғайластыра орындау арқылы түрлі кездесу, келіссөздерді жетік жүзеге асырып отырды. Англияның Араб Федерациясын құру мақсатында Недж қаласында шекара жағалай бекіністер салып, осы төңіректе сауда жасау құқын иеленуге тырысқан Британ үкіметінің өктемдігіне Н.Төреқұловтың ханзада Фейсалмен Сауд Арабиясы мен Кеңес Одағы арасында бензин, керосин, ағаш, ұн, мата, қант, күкірт тәрізді тауарлар алмасу секілді маңызды құжатқа қол қоюы тежеу болды. Іскерлігімен, адалдығы, білімділігі Нәзірді Сауд Арабиясы Королдігінің беделді тұлғаларының алдында абыройға бөледі. Король Әбдел Әзиз Әл-Сауд бастаған Арабияның ірі саяси қайраткерлері, ықпалды байлары мен ғалымдары, сондай-ақ Кеңес Одағының іс басындағылар Нәзір Төреқұловтың дипломатиялық іскерлігін жоғары бағалады. Сегіз жыл мәмілегер, білікті елші болған Нәзір өзімен әріптес елшілерден өре мен өнеге жағынан биік тұрып, екі жыл дуайен болды. Сауд Арабиясында елші болуы Нәзірдің талантын жан-жақты аша түсті, қажылыққа да барды, тіл үйренді, халық алдындағы азаматтық тұлғасы да еңселене, сомдала түсті. Мұның сыртында елде жүргенде атқарған жаңа түрік әліпбиін енгізуге атсалысуы, «Еркін дала» атты жасырын ұйым құруы, Құрбан айт күндерін мерекелік демалыс күндері деп жариялауы, Владимир Ильич Лениннің қабылдауында болып, автономиялы елдердің ана тілдеріне мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы ұсыныс көтеруі, ғылым саласында «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» еңбектерінде, көптеген мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесін ғылыми негізде талдауы, әдеби шығармаларға пікір білдіруі, ғылыми нақты дерек-дәйектермен суарылған ислам діні, Түркістан тарихы, жәдитшілдік туралы мақалаларының жарық көруі, Орталық Баспа басқармасының төрағасы болған жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қандастары Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевты, қандас әрі рухани ағасы Әлихан Бөкейхановты қамқорлап, көмек қолын созды. Біріне үмітті іні, біріне арқалы аға, замандас ретінде танылды. Әңгімелі болып үлгерген
Ә.Бөкейхановты баспаға қызметке алды, М.Жұмабаевты «Ақ жол» газетіне жұмысқа орналастырды, кейіннен Мәскеудегі Жоғары әдебиет және өнер институтына түсуіне көмектесті. Олардың шығармаларының алғаш «Темірқазық» баспасында, кейін жинақ боп шығуына қолдау көрсетті. Ол – коммунист, батыс пен шығыстың мәдениетін бойына сіңірген көрнекті қайраткер, бірақ қайда жүрсе де діні мен діліне берік мұсылман болды. Бұл жағдай оны өмірінде біраз тығырыққа тіреді. Ислам дінінің болашағы үшін алаңдап, қазақ халқының иманнан қол үзіп қалуынан қорықты. Шамасының келгенінше дінге қорған болуға тырысты. Бұл жолы ол тағы да маңызды декретке қол қойып, мұсылмандарға ыңғайлы болуы үшін демалысты жексенбіден жұмаға ауыстырды, Құрбан айт күндерін мереке деп жариялады. «Дәруіш» деген атпен баспа беттерінде ислам дінін жақтап жазған мақалалары жарық көрді. «Ислам мен коммунизм пәлсапасын әмбеге ұғындырмақта бір ғана өлшем болса керек. Ол – имандылық, имандылық һәм имандылық! Мәскеуде тақуа боп күн кешірмектің жолын таппай өзім де қапалымын. Ахуалым әуелгідей емес, мұның себебін терең қиялға шомып дөп тапқандаймын. Сол сәтте бір келеңсіз көрініс көзіме іліне кеткені. Ол немене десеңіз? Ол – иманнан жұрдай бола бастағанымыз» деп күйіне қапаланады ол. Мұндай ірі іс, кесек сөздер Нәзірдің биік болмысын қалыптастырумен бірге, Кеңес Одағы билігінің үрейін, қызғанышын туғызды. Нәзірдің мұсылман елінде зор құрметке бөленуі, қажылыққа баруы, қазақ тағдыры сынға түскен сәттерде ұлтын сүйген жүрекпен батыл үн қатуы кеңесшілдердің көзқарасымен ішінара кереғар шарпысып қалып жатқан тұстар болды. Осы көзқарас, осы көреалмаушылық 1937 жылы Нәзірдей біртуар азаматтың түбіне жетті, яғни осы жылы қараша айының 3-де ұлы азаматқа кесілген жаза – ату жазасы жүзеге асырылды. Сауд Арабиясынан «ең әділетті, адал адамды атқаны үшін бұл мемлекетпен қатынасты үземіз» деген хат келген. Сөйтіп, 39 жыл бойы екі ел арасында дипломатиялық байланыс үзілген. Нәзірге ерекше құрмет-ықыластың дәлеліндей Сауд Арабиясында оның атына алаң, көше берілді. Нәзірге қанды жазаны жүзеге асырған жер әр халықтың бас көтерер ерлерін баудай отап, қынадай қырған қаралы жер сол кезеңнің өзінде тұрғындар арасында «Бутовский полигон» деп аталған. Мұның себебі - түнде құпия әкелінген тұтқындарды таң атқанға дейін атқан мылтық даусы үзілмейтіндігіне қатысты.
Түрмеде тұтқындарды қинап-азаптаудың жантүршігерлік 52 тәсілі қолданылған. Осынша азаптардан соң әбден қалжыраған, соңында өмірін оқ қиған арыстардың жансыз денесін орманды алқаптағы Коммунарка зиратына жерлеген. Жерлеген деген сөзде келіңкіремейді. Әйтеуір бетін жасырған. Бұл зиратта мемлекеттен әкелінген 60 ұлттың өкілі жатыр десек, мұнда біздің Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов сынды бауырларымыз бар. Мәскеуге арнайы шақыртылып атылып, Коммунарка зиратына жерленген монғолиялық 35 министр мен олардың орынбасарларына Моңғолия ескерткіш қойып, үлкен сауапты іс жасады. Бұл өз билігі өзіндегі, тәуелсіз Қазақстан азаматтарына үлгі боларлық іс. Бірақ, бұл тұрғыда біздің жағдаймүмкіндігіміз жеткенмен, құнтымыздың жетпей жатырғандығын жасыруға болмайды. Нәзірдің қазақ мемлекеті, қазақ халқы үшін жасаған сан алуан ғибратты істерінің ішінде Маңғыстау облысы, осы киелі түбектің тұрғындары қашанда құрметпен еске алып жүретін ерлікке тең үлкен ісі бар. Ол жоғарыда айтылғандай елу жылдай арнасынан адасып, әркімге бір телінген Маңғыстауды біржолата қазақ картасына қосып, қазақ шекарасына енгізуге ықпал етуі. 1920 жылы 16 қазанда Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитеті Кеңесі төрағасы болып тұрған кезінде Нәзір Төреқұлов №341 декретке қол қояды. Маңғышлақ уезін және Красноводск уезінің №№4-5 Адай болыстарын этнографиялық құрамына және шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасына беру туралы Нәзір қол қойған бұл құжат сыртқы күштердің әсерімен атажұрттан, ағайыннан бөлініп, басқалардың қарамағында жүрген Маңғыстауды, ондағы халықты қазақ еліне, қазақ жеріне қосқан ең сәтті, бақытты, жұлдызды және Маңғыстау тағдырын шешкен тарихи маңызды құжат болды. Талай ел атажұртпен қауышты, талай ердің көкірегіндегі шер-шемені жадыраған қуанышқа ұласты. Сол кезеңде Нәзір Төреқұлов, Жалау Мыңбаев бастаған ел жанашырлары өз бастарын қатерге тіге отырып, аталмыш құжатқа қол қойып, іске асырмағанда Маңғыстау мәңгі жат елдің меншігінде кетер ме еді, кім білген?! Одан беріде жерінің асты табиғи қазынаға, үсті мәдени мұра мен табиғаттың тамаша туындыларына толы Маңғыстау даласының басына қара бұлт бірнеше рет үйірілді. Оны Қазақстаннан бөліп алып, Түрікмен ССР-
ына қосу туралы бастамалар болмай қалған жоқ. Бірақ, киелі жер төсіндегі әруақты бабалардың, ел үшін оққа ұшқан Нәзірдей ағалардың рухы, тәуелсіздік таңында желкілдей өскен бүгінгі және болашақ буынның бақыты болар, Маңғыстау атажұрттан ажыраған жоқ, қалың қазақ Маңғыстаудай киелі өлкеден көз жазып, қол үзіп қалған жоқ. Бүгінде мұнайы мол Маңғыстау алдына зор мақсаттар қойып, әлем жұртына өзін танытқан тәуелсіз Қазақстанның іргелі өңірлерінің бірі. Индустриялық-инновациялық дамудың алып алаңына, алыстан аңсап келген ағайынның құтты қонысына айналды. Әуе жолы, темір жол, су жолы және құбырлар жолы үстінен шартарапқа тараған тоғыз жолдың торабы ретінде ел экономикасының күретамырына айналып тұр. Шаңырағы шаттыққа толып, төрінен берекесі тарқамаған тұтастықтың бастауында ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен Маңғыстауды мәңгі жерсінген бабаларымыздың қайраты, кешегі қабылан жүректі ағаларымыздың ерлігі, ел тізгінін қолына алған бүгінгі буынның білім-білігі тұр. Тәуелсіз де кең байтақ Қазақстанның оңтүстік-батыс бетінде орналасқан, жер көлемі жағынан республикада 7-орын алатын Маңғыстаудың болашағы мемлекетімізбен бірге дамып, бірге жетіле беретіндігіне сөз жоқ. Қазақта ел мен жер тағдыры талқыға түскен сәтте сурылып алға шығып, қайраттана қарсы тұрған, жалындай күрескен азаматтар жоқ емес. Олар қазақ тарихындағы мәңгі өшпейтін, әр жылдардағы ұрпақ аса құрметпен еске алып, мерейлене атар тұлғалар. Халқымыздың тағы бір айтулы ұлы Смағұл Сәдуақасов Семей облысы мен Қазақстанның солтүстік облыстарының тағдыры жіпке ілініп тұрған сәтте «14 хатын» ұйымдастырып, мәселенің өткір қойылуы нәтижесінде ел тұтастығын сақтап қалған болса, беріректе оңтүстік өңірден Өзбекстанға жер беру әңгімесі көтерілгенде Жұмабек Тәшенов өршелене қарсы тұрған еді. Маңғыстау өлкесі тұрғындарының қай кездегі буыны да Нәзір секілді қазақтың ұлтарақтай жерін қызғыштай қорып, жұртының жел жағына ық бола алған атпал азаматтарын шексіз ризашылықпен, асқан алғыспен еске алатын болады. Нәзір туралы сөз қозғағанда, оның замандасы, жалындаған жастығын ел бірлігі мен бүтіндігіне, қазақтың жоғын жоқтап, жоғалтқанын түгендеуге арнаған жерлесіміз Жалау Мыңбаев еске түседі. Бұл мәселе Жалау Мыңбаев КазАКСР ОАК төрағасы болған кезде жалғасты, Жалаудың өзі бас болып шекараны анықтауға жұмылып, әбден
шегіне жетіп тұрған мәселе болатын. Нәзірдің жақсы ісін жайсаң Жалау кеп жалғастырды. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы болған жылдары оның Қазақстан мен Өзбекстан, Қазақстан мен Түрікменстан шекарасын бөліп-белгілеуде атына мініп, шекара бөлінісінде өзі жүргені, шұрайлы, көрікті жерлерді қазақ еншісіне қарай ығыстырып, алып бергені сол кезеңдегі қазақ азаматтарының асқан отансүйгіштігін, ұлтжандылығын айғақтай түседі. Біз, яғни жазықсыз жапа шеккен ағалардың арманы болған азат күннің ұрпақтары, есіл ерлерді лайықтап бағалауға тиіспіз. Ақтау қаласынан Жалау Мыңбаевқа ескерткіш тұрғызылуын азамат рухының халқымен қайта қауышуы десек, бүгін Нәзір Төреқұлов рухымен жамырай табыстық деуге болады. Бүгінде осы бабалардың ерен еңбегі орынды бағаланып, тәуелсіздік жағдайында шекарасын бекемдеп алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ерекше. Қазақ халқын айдай әлемге паш етіп, әлемдік тұрғыда іскер елші атанған, Маңғыстау тарихында алтын әріппен жазуға тұрарлық ерен еңбегі бар Нәзір Төреқұловтың 120 жылдық мерейтойына маңғыстаулықтар ықыласпен атсалысып отыр.Оның бір дәлелі бүгінгі ғылыми-теориялық конференция десек, облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, елші, қажы, репрессия құрбаны Нәзір Төреқұловқа арнап арнайы стенділер жасақталды, тәуелсіздік алған елімізде алғаш ашылған аудан – Мұнайлыда көше атын беру, облысымыздың аудан, қалаларындағы оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде мәдени-танымдық шаралар өткізулермен жалғасын таппақ. Кезінде Тайыр Мансұровтың, Темірбек Қожакеевтің, Бейбіт Қойшыбаевтың, Жолтай Әлмашұлының, Нұрмұхан Оразбектің т.б. бастамашылдығымен қолға алынып, іргетасы қаланған нәзіртану ғылымы бізді біраз жаңалықтарға қанықтырды. Бүгінде Алаш қайраткерлері, өткен ғасыр басындағы Нәзір Төреқұлов сияқты қазақ зиялылары туралы қайта-қайта айтудағы мақсатымыз – олардың күрес мысалында елдік, ұлттық, мемлекетшілдік ұстанымды қоғамға жеткізу, ең алдымен жастардың тарихи санасын қалыптастрыу, соған сәйкес тәрбие жұмыстарын жүргізу. Сауд Арабиясында «Нәзір Төреқұлов – Совет Одағының Сауд Арабиясы Әмірлігіндегі 1-ші Өкілетті Елшісі» атты кітаптың жарық көруін қазақ ұлын шетелдік саяси сахна мойындағаны деп білеміз. Өзгелер ұлықтаған арысты өзіміз қалай құрметтесек те
артық емес. Демек, ұрпаққа Нәзірді таныту, оны лайықты ұлықтау ісі кең көлемде өз жалғасын таба беретініне сенемін. Әйгілі түркітанушы Ғұбайдолла Айдаров Маңғыстау ойпатындағы Құйылыс атты жер – жауыншашын, сел-қарғын суын жинайтын үлкен аңғар. Сол ойда ЕмірТорты мекені бар. Суы мол, шөбі шүйгін осы бір құтты қоныста осыдан 90 жыл бұрын Ғұбайдолла есімді ұл дүниеге келгенде қарапайым елдің жұтаңдау тіршілігі жаңа тумасына арқа-жарқа қуанып, ерекше назар аударуға да мүмкіндік бермеді. Ат шаптырып, той жасап, төңіректегі туыстардан сүйінші сұралған да жоқ.
Қызылшақа сәбиді кейін сол өлке жұрты тегіс мақтан тұтып, мектептің жаңа атына ие болары, оның есімі көшеге берілетіні ешкімнің ойына кіріп-шықпады... Ақшұқыр кентінде тұратын менін анам Ақажан (иманды болсын), ұлым Қуаныш отбасымен Ғұбайдолла Айдаров атындағы көшеде тұратындығын мақтан ететін. Бірінші сыныпқа барған немерем Жоламан Ғұбайдолла атасының есімін айтып, «Бұл кім?» деген сұраққа «Ірі ғалым бабамыз» деп жауап беретін.
...Асыл ағалардың аялы алақаны, қамқорлығы, ақылы баға жетпес байлық екен. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, уақыт өткен сайын, әсіресе, олар арамыздан біртіндеп аттанып кеткеннен кейін бағасы, бәсі арта түседі екен. Осы орайда ойыма асыл ағам, түркі дүниесін зерттеуші, ғұлама ғалым Ғұбайдолла Айдаров оралып отыр. Қажымас қайрат, мігірсіз еңбек, толассыз іздену ағамызды ауыл мұғалімінен есімі елге мәшһүр ғалым дәрежесіне дейін жеткізіп еді.
Оны кеңес дәуірінің өзінде туған халқының тарихы, жазба деректері ерекше толғандыратын. Оның Орхон-Енисей жазуларына ежелгі түрік мәдениетіне ат басын тіреуі сондықтан болар. Сол саланың санаулы ғалымдарының бірі, бірегейі болды. Ұлағатты, үлкен жүректі ғалымның бір ерекшелігі – ешкімді кеудеден итеріп, жатсынбаушы еді. Иісі қазақ өз алдына, Ғұбекең мен Балжан жеңгеміздің қасиетті дастарқанынан әзірбайжан, түркімен, өзбек, қарақалпақ ағайындар дәм татып отыратын. Ағамыз солардың әрқайсысының өз тілінде сөйлеп, ұлттық ерекшеліктері жайында сөз қозғағанда олар барынша ашыла сөйлеп, арқа-жарқа болатын. Ағамыздың қонақжай шаңырағында
олар Алматыдағы қимас, сыйлас туыстарының үйінде отырғандай, өз үйі, өлең төсегіндей сезінетін.
Сол үйдің иелері үлкен қаланың тұрғындары болып, қонақтарына еш қабақ шытқан емес. Ғалым отбасының дастарқаны қашанда ортаймайтын. Өздері – тамағы да, қабағы да келіскен жандар. Сонымен қатар, ағамыздың және бір ерекше атап өтер қасиеті – шежіреші екендігінде. Ата-бабалардың ерлігін, өмір салтын, дәстүрін ерекше бір білгірлікпен әңгімелеп отырар еді. Алыстан арнайы келіп, үйіне ат басын тіреген ағайындарды бірбірімен өзара табыстырып, туыстық жақтарын естеріне салып отырар-ды. «Атасын айтқанмен, алыс болмайды» деп, Ғұбайдолла ағамыз талай туыстарын тапқан азаматтардың алғысын алып, ризалықтарына ие болар еді. Талай жастарды ғылым жолына баулып, жетекшілік қызметін атқарды. Олардың ризалық ықыласы Ғұбекеңнің алдынан жылы сөз, әділ баға болып оралып отырды. Ағамыздың 70 жасқа толған тойы Маңғыстау өңірінде інілері мен шәкірттерінің ұйымдастыруымен соншалық есте қаларлықтай әдемі өтіп еді. Енді Ғұбайдолла Айдаровтың ғылымдағы қайраткерлігі, шығармашылық асу, белестері, басқа да қырлары төңірегінде әңгіме өрбітейік.
Ағамыздың ғалым ретіндегі еңбегін кезінде мәскеулік көрнекті ғалым, есімі әлемге тараған Э. Наджип былайша бағалаған болатын: «История племен, на языке которых написаны памятники, сама письменность в достаточной степени были изучены и у нас, и за рубежом многочисленными учеными. Но все эти разноязычные материалы разбросаны по всему миру и не доступны не только студентам вузов, но и научным сотрудникам многих научноисследовательских институтов.
Заслуга Г. Айдарова заключается в том, что он все это собрал воедино, подверг все эти материалы к критическому изучению, по мере возможности внес некоторые поправки в чтение, транскрипцию и перевод отдельных лексических единиц и грамматических форм». Жоғарыда келтірілген жолдар бұрынғы Кеңес Одағы тұсында жазылған. Орда бұзар отыз ауылындағы жас ғалым үшін осы бағаның өзі зор мәртебе еді. Өйткені, Э. Наджиптің түрколог профессор аузынан шыққан жылы леп, текті сөз лезде 15 одақтас
республика ғұламаларына тарады. Бұл дегенің Ғұбекеңнің атағына жарты әлем қанықты деген сөз. 20 жыл бері 15 одақтас республиканың әрқайсысы жеке-жеке тәуелсіз мемлекетке айналып отыр. Сөйтіп, ТМД-тәуелсіз мемлекеттер достастығы деген жаңа халықаралық бірлестік өмірге келсе, оның дені әлгінде айтылған 15 одақтас республикадан болып отыр.
Ақылға салып көрсек, Ғұбекең дәл сол күндері айды аспаннан бірақ шығарған болатын. Кешегі Маңғыстаудың ақсары баласы өткен ғасырдың 70-80 жылдары қазақтың атын аспандатып өтті. Түсінгенге бұл ұлттық рухымыздың мәртебесін көтерудің жарқын нышаны болатын. Осыны елден бұрын ұққандардың бірі белгілі түріктанушы ғалым С.Е.Малов (ол да мәскеулік) былай деп жазды: «Шығыста бір жас қазақ көне түркі жазба ескерткіштеріне қызығушылық танытып отыр. Одан көп нәтиже күтуге болады». Дуалы ауыз орыс ғалымының бұл айтқаны айнымай келді. Ғұбекең қалың ел-жұрты, аймаңдай ғалымдар, зиялылар күткен нәтижелерге жетті.
Ғұбекең 1960 жылдың мамыр айында Қазақ ССР Ғылым академиясы жанындағы Тіл және әдебиет институтының біріккен кеңесінде «VIII ғасырдағы Тоникук ескерткіші және оның қазіргі кездегі кейбір түркі тілдеріне қатысы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атағына ие болды.
Араға 14 жыл уақыт салып, 1974 жылдың маусым айында Бакуде, Әзірбайжан университетінде «Орхон-Енисей және Талас жазба ескерткіштерінің лексикасы» атты тақырып бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Диссертациялық кеңес мәжілісінде ол кіріспені әзірбайжанша бастаған, пікірпайымдауларын болса: башқұрт, тува, түрік тілдерінде уәжді айғақтарын тарқатып, нақты деректермен салыстыра таразылап, ғылымы тұжырымдарын көсіле баяндады. Бұның өзі залда отырған ғалымдар қауымын тамаша әсерге бөлейді. Бірауыздан мақұлдап, дауыстарын берген.
Ғұлама ретінде Ғ.Айдаровтың атақ-абыройының басы осыдан басталды. Алпыс екі тамырында тулаған қаны «қазағым» деп соғуынан жалқы сәтке де жаңылған емес. Ұлттық рух дейтін ғылми танымдық категорияның бұлақ көзі осы болса керек. Міне, осыдан кейін, докторлық ғылми атақ алғасын Ғұбекең одан әрі арқаланып, шабыттанып шыға берді. Тіл білімі үшін деп жаратқан атына
қамшысын аямай сілтеді. Тарихи зерттеу материалдары, еңбектері бірін соң бірі ғылми ортаға, қалың көпшілікке БАҚ арқылы сапар шеге берді. Ғалымның бұл реттегі еңбектері 20-ға тарта кесек-кесек монография мен оқу құралдары, 200-дің үстінде ғылми –зерттеу және ғылми-көпшілікке арналған мақалалар болып жарыққа шықты. Олардың негізгілерін келтіріп өтелік.
«Енисей, Орхон және Талас бойындағы көне түркі жазба ескерткіштері бойынша жарияланған әдебиеттердің библиографикалық көрсеткіші», (1979ж), «Орхон ескерткіштерінің тексі» (1990ж.), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» (1991ж.) «VIII ғасырдағы Күлтегін» (1992 ж.), «Армян жазулы Қыпшақ ескерткіштер тілі» (1992 ж.), «Күлтегін ескерткіші» (1995 ж.), «Тоникук ескерткішінің (VIII ғасыр) тілі» Сүйсінерлігі сол – Ғұбекеңнің ғылми еңбектері: Қытай, Германия, Франция, Англия, Түркия, т.б. елдердің кітапханалардың сақтаулы. Сөйтіп, дүние жүзіндегі көптеген елдер оқырмандарына ғұлама аға шығармалары рухани қызмет көрсетіп келеді, көрсете бермек.
Әлемдік деңгейде ғалымдардың назарына ілігердей дүние қалдырған Ғұбекең қаламынан туған бірер эпизодынан үзінді келтіріп отырмыз. Үзінді «Аудитория» газетінің 2001 жылы 4 сәуірдегі №4 санынан алынды. Мақалада Ғ.Айдаровтың Күлтегін ескерткішіне қатысты жазып қалдырған жұмысы келтіріліпті. Мақала төмендегіше аяқталған.
«Қорыта айтқанымызда, Күлтегін ескерткіші – түркі халықтарының көне дәуірдегі ұзақ ғасырлық мәдениетінің жемісі. Күлтегін ескерткішінде, негізінен елді басқару шаралары баяндалады. 552 жылдан 716 жылға дейінгі тарихи кезең Түркі қағанатының құрылуы, Бумын қаған Шығыс түркі, Істеми қаған – Батыс түркі қағандығын басқарғандығы, ел ішіндегі алауыздықтар, түркі халықтарының қытайға (табғашқа) 530-580 жылдары тәуелді болуы, Елтеріс (Құтлық қағанның табғаштарға қарсы күресі, екінші түркі қағанатының орнауы, Құтлығ қағанның қайтыс болуы, Білге қағанның қайтыс болуы, Білге қаған мен Күлтегіннің ішкі-сыртқы саясаты, ел билеуі, жауларына төтеп беруі, т.б. тарихи деректер сөз болады».
Бұл келтірілген тарихи оқиғалардың ескерткіштегі күл жазуларында сақталып келгені көпке мәлім. Бірақ оны --- осындай мән-мағынасымен оқып-танып, әлемге жария ету Ғ. Айдаров ғұламаның ғана қолынан келді емес пе? Жұмыр бастыға бұл аз бақыт деп кім айтар?!
Анығына келер болсақ, саналы ғұмырын Ғұбекең арнап өткен түркология ғылымы тарихи тұрғыдан кенжелеу пайда болды. Тек XVIII ғасырдың екінші жартысында ол дербес ғылым ретінде қалыптаса бастаған. Бұны Шығыстану ғылымының сүбелі саласы ретінде әлем оқымыстылары тарапынан таныла келді. Осы айтылған Шығыстану ғылымы Россия топырағында алғаш пайда болды. Себебі түркі халықтарының көпшілігі Россия аумағын, онда да шет өлкелерін мекендеуімен түсіндіріледі. Ресейліктер оларды шығыс халқы атады. Ресей ғалымдары бұл халықтардың тілін, ауыз әдебиетін, тарихы мен этнографиясын, материалдық және рухани мәдениетін ғылми тұрғыдан зерттеуге алғаш ат салысқан отандық орыс ғалымдары болды. Оларды «отандық түркологтар» («отечественные тюркологи») деп атау дәстүрге айналған еді.
Шығыс халықтарына Еуропаның шығысындағы халықтардың бәрі жатады. Сондықтан да шығыстану ғылымының обьектісі өте кең. Бұған: қытай, үнді, араб, иран, жапон, корей, т.б. халықтар енеді. Түркі тілдес халықтар да Шығыс халықтарының санатына жатады. Түркологияның алғашқы қалыптасу қадамынан бастап, бүгінгі күнге дейін оның негізгі обьектісі мыналар: түркі халықтарының өлі, көне және қазіргі тілдері мен тілдік жазба ескерткіштері. Түркология деген ғылымның басты бағыты, обьектісі осылар. Немесе оны «түркі тілдерін зерттейтін ғылым» деп түсінуіміз керек.
Бұл ғылымның «түркі» деген этнонимі түркі тілдес халықтардың, ежелгі ру-тайпалардың, этностық бірлестіктердің барлығына бірдей уәкілеттік жасайтын жалпы термин. Бұл қазіргі, соңғы кезде сондай сипат алып отыр. Революцияға дейін «Түркі» деген жалпы ұғымды көбінесе түрік-татар, не «татар» деген атаумен атап келгені мәлім. Кейбір түркі тілдері өздерінің қазіргі атауларын ала алмай келді. Мәселен, қазақ тілінің өзі күні кешеге дейін отандық түркологияда «қырғыз», «қырғыз-қазақ», «қырғызқайсақ» деп, дұрыс аталмай келді ғой. Соның нәтижесінде «түркі» («тюркский») деген этноним түркі халықтарының бәріне ортақ, бұрынғы-соңғы түркі тілдерінің басын қосатын, тобын білдіретін жалпы атау ретінде ресми сипатқа түсті. «Түрік» этнонимі болса Осман түріктерінің, қазіргі Түркияда жасайтын негізгі халықтың тілін білдіретін қолданысқа көшті. Атап айтсақ, «түркі тілі», «түркі
халқы», «славян тілдері», «славян халықтары» деген жеке тіл де, жеке халық та жоқ. Түркология проблемаларының құлашының кеңдігін, халықаралық маңызының жоғары екенін әлем ғалымдары да ертерек танып білген. Білімпаз-түркологтар төрткіл дүниеге мәшһүр болған ғұламалар. Пір Бекет атаның отандасы Форт-Шевченко ауданы Ақшұқыр селосының оның ішінде Емір-Торты жерінде «шыр» етіп, жарық дүние есігін ашқан, кіндік қаны осында тамған Ғұбайдолла Айдаров, міне, дәуірінде осылармен терезесі тең тұлға биігіне көтерілді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ерлікке пара-пар қызметі үшін Ғұбекең ағамызды еліміз егемендік алысымен, көп кешікпей – 1992 жылдың қазанында «Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткері» куәлігін өз қолымен тапсырып, мемлекеттік деңгейде жоғары бағалады. Жалпы алғанда Ғұбекең артына ұшан-теңіз ғылыми, тарихи, мәдени мол мұра қалдырды. Оны алдымен қазақ елінің, барша адамзаттың рухани игілігіне айналдыра беру бүгінгі және келер ұрпақтың кезек күттірмес міндеті, қасиетті борышы.
Ғибратты ғұмыр, терең де бай мағыналы өмір кешкен айтулы ғалым тірі болғанда бұл күндері бізбен өзінің 90 жылдық мерейтойын атап отырар еді. Сөз жоқ, ағаның тойын бүкіл ел болып өткізер едік. Амал нешік бұдан он жыл бұрын Ғұбекеңдей ғұлама ағадан көз жазып қалдық. Бірақ, қазақ елі барда оның ерен ерлік ісімен тамаша өмір шежіресі ұмытылмақ емес. Бұл айтылғанның жарқын үлгісін Қазақстан Білім және ғылым министірлігі Ғылым комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірінші болып танытты. Осы беделді, заңды тұлға 2011 жылдың 17 маусымында көрнекті тілші ғалым, белгілі түріктанушы Ғ.Айдаровтың туғанына 90 жыл толуына арнап, «Қазақ тілі тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізген болатын.
Дөңгелек үстелді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімді институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрмантайұлы ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандар алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының академиктері: Рабиға Сыздықова, Ө.Айтбаев, профессорлар: Т.Жанұзақ Е.Жанпейісов О.Нақысбаев, Б.Әбілқасымов, Ж.Манкеева, жерлесіміз, ғылым докторы Жұмат Тілепов баяндамалар жасады. Жақсы басталған осынау миссия міне, Ғ.Айдаров ағамыздың туған жері Ақтау қаласында, жалғасын тауып отыр.
Бұның бәрі көрнекті тілші ғалым, белгілі түріктанушы Ғ.Айдаровты танып, білу ісіне жаңа леп, соны мазмұн қосары хақ. Ғұлама ағаның өнегелі ісі, терең ғылыми еңбектері Тәуелсіз еліміздің іргесін бекітіп, әлем елдері алдында абырой-беделін асқақтату мұратына қызмет ететін болады. Міне бүгін Ғ.Айдаров ағамыздың 90 жас тойын өткізіп отырмыз. Кезбаев Бітім, Чагиров Қараш, Іңірбаев Есберген бастаған ел азаматтары үлкен жұмыс жасады. Түпқараған ауданы әкімі Тұрымов Серікбай мырзаға, №1 мектеп-лицей директоры Тілеубаева Қаламқас ханымға ризашылығымыз ерекше. Қол ұштарын созған Ш.Есенов атындағы университет ректоры Әбжаппаров Әбдімүтәліпке, университет проректоры Сәуірбаев Біржан Сәрсенбекұлына, университет ғалымдарына ризамыз. Ағамыздың артында бай ғылыми мұралары, қимас халқы, алтын асықтай ұл-қыздары қалды. Олардың бәрі дерлік азамат деңгейіне көтерілген, ұлы шаңырақтың мықты тіреуіштері. Айдаров Наурыз Ғұбайдоллаұлы біздің еліміздің мақтанышы. Бүгінде Мәскеу қаласында ТМД экономика кеңесінің ҚР өкілетті өкілі, жақында өтетін Ресей Думасы сайлауында халықаралық бақылаушылардың төрағасы болып қатысқалы отыр. Асқар Ғұбайдоллаұлы Айдаров – кәсіпкер, Сәуле – атом энергетикасында ұзақ жылдар еңбек етті, Сара Мұстафина-ҚазТаг Алматы филиалы директоры, Дина – «Орхон» фирмасы финанс директоры, Ахмет – фирмада коммерция директоры, Ғалым, Асқар мен Бейбітте кәсіпкерлік бағытта, әрқайсысы өз орындарын тапқан азаматтар, Балжан апамыз бала-келіндері қасында, немерелері-бауырында бақытты әже. Балалардың бәрі де ата дәстүрін, ана салтын ілгері жалғар адамгершілік пен ізгілікке суарылған құнарлы топырақта өскендер. Солардың бәріне ата дәстүріне адалдық тілейік. Жұлдызың жоғары болсын, біз ерекше сыйлаған, қадір тұтқан киелі шаңырақ!
ТЕЛҚОҢЫР
Бағзыдан бері баба жұрты табан тіреп, ат байлаған туған жер, атакүлдігін жамандайтын жан жоқ. Ол заңды да, өйткені ит байласа тұрғысыз қу медиенге ел тұрар ма еді, жұрт қызығар ма еді?! Жалындаған жігіттер қыршынынан қиылып қорғап, жер үшін қыз қолды болар ма еді! Иә, әркім үшін өзінің туған жері барынша қымбат, одан асқан жұмақ, одан асқан жомарт мекен жоқ жер бетінде! Ал Маңғыстау өңірін атажұртым санайтындардың артығырақ қуанып, көбірек мерейленетін жөні бар, өйткені Маңғыстау тарихында ұрпағын ұялтатын бірде-бір келеңсіздік, кемдік жоқ. Өзінің сұр даласындай ішіне бүккен сырлы жұмбағы да, қатпарлы тауларындай шытырман тарихы да, адуынды теңізі сынды алапат мінезі де, табаны тигенді тарта жөнелетін тылсымдай қасиет-құпиясы да, жабыққанды жадыратар мейірімі де, жауыққанды жылатар тегеуріні де, күнелтісі күйзелгенді күйлендірер киесі де бар керемет дала. Енді осы табиғи ерекшелікке оны мекен еткен тұрғындардың болмыс-бітімі барынша үйлесіп түскенде не болды дейсіз ғой: Маңғыстаудың тұтас тұлғасы сомдалып шыға келеді! Осылайша өзіндік бедері қалыптасқан өңірдің ауыз толтырып айтарлық қолтаңбасының бірі –мәнерлі өнерінде жатыр. Маңғыстаудың шежірелі тарихына ой бойлатқанда алдымен жолығарыңыз - әр дәуірдегі ел мен жер үшін толастамаған қиян-кескі ұрыстардағы қайтпас қайсарлық, арқырай аққан өзенді арнасынан кері ағызып, менменсіген талайды тәубәсіне түсірген әруақты аталар, кешегі қара жердің қойнынан ырыс ақтарған шақтар және қандай жағдайда да тіні үзіліп көрмеген әдемі өнер. Маңғыстаудың ұлан-ғайыр мәртебесін жинақтаңқырап айтқанда, осындай табанды төрт тірекке, сауырлы төрт салаға сүйенеміз. Халық арасында «Адайдың жеті қайқысы» деп айшықталып, «Маңғыстаудың бес жүйрігі» деп бедерленген өнерпаздар – думанды ортадан жырақ жатқан түбекке табиғаттың өзі дайындап берген сүбелі сыйы. Ал бастауын Сыпыра жыраудан алатын жыраулар поэзиясы - Маңғыстау ақындарының айтқыштық қабілетқарымын, дүниетанымдық өрісін барынша дәлелдей танытқан, қазақтың кең арналы өнер дариясына батыстың қиыр түбінен барып қосылған екпінді өнер ағысы болды. «Толқыннан толқын туады,
толқынды толқын қуады» дегендей, әуезді әншілік, дәулескер күйшілік, адуынды жыршылық, қайыру бермеген шешен тілді ақындық біртіндеп өрістеп, жаңа есімдерді қалыптастырды. Аға буыннан тағылым алып, тәлім көрген жастар әз өнерді одан әрі арналандыра, еңселендіре, дауылдай дуылдата, нөсердей төгілте жалғастырып әкетті. Маңғыстауда Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Сәттіғұл, Сүгір, Ұзақбайлар тізгінін ұстаған жыраулық көштің көрнекті өкілдерінің бірі, олар өмір сүрген дәуір мен бүгінгі сөз өнерінің, поэзия мұнарасының арасындағы алтын көпір – Есенғали Бөкенбаев. Жадырасын қарт пен Бибіш шешейдің Талшын, Үзіл, Ұлбөпе атты қыздарының арасындағы жалғыз ұлы Есенғалидың тағдыры ұлтымыздың басынан өткен ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. «Бар қиындықты өзім көрейін, жалғызым аман болсын» деп тілеп, қашанда жел жағына пана болсам деген әке 1932 жылы Есенғали 11 жасқа келгенде өмірден өтті. Көп ұзамай осы әулеттің жүгін арқалаған азамат - әкесінің ағасы Отарбай да о дүниеге аттанды. Нағыз қысылтаяң қиын шақта бұғанасы қатып үлгермеген Есенғали тағдыр тауқыметімен бетпе-бет қалды – талапты жігітті сынағандай ма, сүріндіргісі келгендей ме, әлде ширата түсейін деді ме, әйтеуір қоян тобықтай тұрақсыз уақыт оны шегі жоқ бейнеттердің толқынына тұншықтыра берді, бұл қайсарлықпен құлаштай алға ұмтыла түсті... 1921 жылы Жетібай маңындағы Айрантақыр өңірінде дүние есігін ашқан Есенғали алғаш Қызық мектебінен сауат ашып, ғаріп таныды. Ел-жұрт оң мен солын бағамдай алмай, табанынан тозған алмағайып заманда ағайынмен бірге ауа көшкен Жадырасын отбасы да түрікмен жеріне барып қоныстанды. Бала Есенғалиға Красноводскідегі қазақ интернатында білім алудың сәті түседі. Кейіннен анасына отбасы ауыртпалығын көтерісіп, нәпақа табу мақсатында жастай жұмысқа жегілген оның маңдайына жазылған тағы бір аласапыран жақындап қалған еді – амалы таусылған анасы мен бауырларының көз жасын төгілте тұрып тілеген ақ тілегін арқалап жиырма бір жасар жігіт өзіндей көп боздақпен бірге қан майданға аттанды. Соғыс басталысымен Красноводскінің «Жұмысшы» газетінде отандастарын жігерлендіруге, әйел-ана, бала-шағаны уайымнан тыс болуға үгіттеген өлеңдерін жариялап үлгерген талантты жігітке қаламын қаруға айырбастауға тура келеді. Оқ пен оттың арасында аласұрып, жанын шүберекке түйіп
жүріп, өте қиын және барынша маңызды тапсырмаларды орындайды. Азамат атына, ұлт атына кір келтірмейді. Суық жертөлелерде қаруын асына отырып, қауырсын қаламымен жас жүрегінің жалынын, жауға деген ыза-кегін жырмен өрнектеп, «Алға, жауға қарсы!», «Дабыл», «Жеңіс туы», «Майдан ақиқаты» газеттеріне ұсынады. «Жоямыз жауды!», «Армиядан елге хат», «Ұлы жорық», «Алға, достар, Берлинге!», «Шығыс Пруссияға жүрерде» сынды өршіл мінезбен, алдағы күнге деген зор сеніммен, ерлік рухпен суарылған өлеңдердің өмір мен өлім арасында жанұшырған талай ерлердің намысын жанып, үмітін ұштағаны анық. 1942 жылы көктемде 26-шы мотоатқыштар бригадасы сапында Солтүстік Батыс бағыттағы Калинин майданында соғысқа кіріскен Есенғали Кенигсберг, Великие Луки, Смоленск, Старгорд, Гданск жерлерінде болып, Белоруссия, Германия, Польша сынды Еуропаның бірқатар елдерін басып өтеді. «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» дегендей майданда үш рет жараланған қазақтың қайсар ұлы әскери госпитальдарда емделген соң ұрысқа қайта араласып кете беріпті. Тірі оралуы белгісіз күрделі жауынгерлік тапсырмаларды абыройлы орындап, ортасына аман-сау оралатын, сөйтіп кеңес әскерлерінің жау тылын талқандауына айтулы үлес қосқан жауынгер Есенғали Бөкенбаев екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен, Жоғарғы Бас Қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталады. Соғысқа 1942 жылдан бастап соңына дейін қатысып, жеңісті Берлинге таяу маңнан қарсы алған, соғыстан соңғы өмірін бейбіт еңбекке, халықшаруашылығын өркендетуге арнаған Есақаң бойына туа бітті табиғат сыйлаған әз өнерін ұмытқан жоқ, ұмытпақ түгілі одан жырақтап, бойын бір сәт те болса аулақ ұстаған мезгілі болған жоқ. Өмірі өлеңмен бірге өріліп, бірге қайнады. Жас болды, жігіт болды, жауынгер болды, аға болды, ардагер атанды, ақсақал болды - өлеңі жасынан қасынан бір елі қалмаған жан жолдасы, жан сырласы болды. Есақаңның шығармалары өмір сатыларына қарай түрлі кезеңнің тынысын танытып, сырын шертеді. Соғыс жылдарында жігерлі өлеңдер жазған ақын, одан кейін соғыста ерлік көрсеткен ерлерге, туған жерге, ел ардақтыларына өлең арнап, олардың азаматтық тұлғасын өлеңмен сомдайды, өз өмірін қаламымен жайып салып, еңбексүйгіштік, адалдық, адамдық қасиеттерді, ислам дінін ұстанатын мүміндердің міндеттері,
Хақтың алдындағы адалдық, о дүниенің сынағы үшін қазірден бастап дайындалу, яғни ар жолынан аттамау мәселелері жан-жақты сөз болып, оқырманға әсем тілмен, әсерлі оймен жеткізіледі. Жоғарыда айтылған өзі ерекше қастер тұтқан Сәттіғұл, Қашаған, Нұрым, Мұрын, өзге де маңғыстаулық шайырларды, түрікменнің Мақтымғұлы мен қазақтың Жамбыл, Абайын, Науай, Рудаки, Омар Хаям шығармалары мен Әріп Тәңірбергенов, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев туындыларын шендестіре оқып, олардағы өзіндік түр мен үлгіні тану және оны өз өлең жолдарында түрленте қолдану арқылы өлеңнің ауыз әдебиеттік үлгісін жазбаша дамытуға зор еңбек сіңірді. Қазақта қос ананы тел емген төлді немесе екі үйге ортақ баланы «телқоңыр» деп еркелете атайтын үрдіс бар. Қазақтың сүлейлерін жастана оқыған Есенғали бауырлас елдер арасындағы телқоңырдай түрікмен мен қарақалпақ ақындарын да жатсынған жоқ. Бірақ, ақынның туған жері – Маңғыстауға деген махаббатына ештеңе шек қоя алмады:
Өрлетіп алып-ұшып жігерімді, Барады шаттық кернеп жүрегімді. Өзіңнен түлеп ұшқан перзентіңмін Табамын туған жерден тірегімді,-деп ағынан жарыла, арнасынан ақтарыла толғады. 1949 жылы Маңғыстауына келгенде «Ауылдың үдей көшкен жер» деп тебірене сырын айтып, сағынышын жеткізді, «Туған елге сәлем!» деп алыстан аңқылдай үн қатты. Өмірден көрген-білгені, түйгені көп ақын өлеңін тәрбие құралы ретінде пайдаланып, замандастарына, жастарға, келіндерге, келешек ұрпаққа ақыл-өсиет айтып, өнеге көрсетуді басты мұраты етті. Жақсы мен жаманды айыра білетін аға ақын жастарға, жалпы оқырмандарына Жаманды «жақсысың» деп мақтау болмас,
Жазықсыз жақсыларды даттау болмас. Сұм-сұрқия, әзәзіл залымдарды Өлсе де «күнәсіз» деп ақтау болмас. ...Зердесізге үйретсең, ақыл қонбас, Қарға қонған боқтыққа қыран қонбас. Түбінде бір бәлеге жолықтырар Жаманға сырыңды айтып, болсаң жолдас,-деп, немесе Тәлімсіз, тәрбиесіз, сезімсіз, Желөкпе, ұшып-қонған қызың жаман. Кержалқау, тиянақсыз, төзімсіз, Жатыпішер, жанаяр ұлың жаман.
Кек тұтып, болмашыны ілік қылып, Күні өткен кіжінумен жұбай жаман. Күндейтін, ымырасыз бүлік қылып Өзара сыйласпаған сыбай жаман,-деп өзі санамалап көрсеткен әлсіздіктерден аулақ болуға шақырып, сақтандыра жол сілтейді. Өлеңдерінен өз өмірі, өмірден алған сабағының сырлары жұпардай аңқып тұратын Есақаңның төрттаған формасында жазылған бірқатар өлеңдері «Елің үшін еңбек ет, Ел сыйласын десеңіз. Жер сыбанып, терің төк, Жер сыйласын десеңіз»,-деп мәтелге, «Жақсы жары барлардың – жаны жайлы, Жаман жары барлардың – басы қайғы» немесе «Еңбексіз семірген елеусіз болады, Қатықсыз ас кенеусіз болады», дегендей тәрбиелік нақылдарға айналып кетсе, термелері мен толғаулары жыршы-орындаушылар шабыттана жырлайтын Маңғыстау мақамындағы жыр-дарияның бағалы және ажырамас бөлшегіне айналды. Соғыс жылдарын айтпағанда, Есенғали Бөкенбаевтың өлеңдері өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері баспасөз беттерінде тұрақты жариялана бастаған. Ол майданнан аман-сау оралып, бейбіт еңбекке араласқан азаматтың нағыз дер шағы еді. 1977 жылы «Шұғыла» жыр жинағына топтама өлеңдері енсе, өзі туралы дерекмәліметтер «Қазақ совет энциклопедиясына» және «Маңғыстау» энциклопедиясына енді. Есенғали Жадырасынұлы Бөкенбаевтың шығармалары туралы айтқанда кім-кімде соқпай кете алмайтын, тасада қалуы еш мүмкін емес шырайлы шығармасы бар. Ол – «Тоғыз қайық» дастаны. Тіпті, Есақаң туралы сөз қозғала қалса жұрттың бірден «Тоғыз қайықты» тілге тиек ететіні бар. Бұл –ең шоқтықты шығармасымен халық есінде өз есімі емес, шығармасының атауы сақталатын шебер авторларға тән құбылыс, яғни шығарма авторға, автор шығармаға айналып кетеді. Сондықтан мұны оқырманның авторға деген құрметі десек те болар.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру