Заман рухы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Нұрдәулет Ақыш
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты НҰРДӘУЛЕТ АҚЫШ ЗАМАНА РУХЫ Әдеби зерттеулер мен сын мақалалар АЛМАТЫ 2013
ББК УДК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған Жауапты редакторы: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.С.Қирабаев Пікір жазған: филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов. Ақыш Н.Б. Замана рухы. – Әдеби зерттеулер мен сын мақалалар. – Алматы: ..., 2013, – ...б. Әдебиеттанушы ғалымның бұл жинағына соңғы он жыл көлемінде жазылған жекелеген әдеби зерттеулері мен сын мақалалары енгізілген. Төрт бөлімнен тұратын кітапқа тәуелсіздік жылдары жарық көрген прозалық шығармалар әр қырынан зерттеледі және сонымен бірге Кеңес дәуірінде оқырмангдар назарына іліккен кейбір көркем туындыларды да замана талаптары тұрғысынан жаңаша талдау үрдісі байқалады. Сондай-ақ жаңа кітаптарға жазылған рецензияларжәне әдебиеттанушы ғалымдар мен жазушылардың шығармашылық портреттері де ұсынылып отыр. Кітап қазақ әдебиетінің соңғы жылдардағы даму барысынан хабардар болғысы келетін көпшілік оқырмандарға, филолог ұстаздарға, ізденушілер мен зерттеушілерге арналады. Б.-------------- ISBN @Ақыш Н.Б. @ «...» баспасы, 2013
І БӨЛІМ ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНІҢ ТУЫНДЫЛАРЫ ЗАМАНАУИ ТАҚЫРЫПТЫ ҚАУЗАҒАН РОМАНДАР Ұзақ замандар бойы Ресей империясына бодан болып келген қазақ жұртының тұншыға аңсаған арманы алдымыздан жарық етіп шыға келгенде, қоғамның кейбір мүшелерінің не істерлерін білмей, рухани тұрғыдан дағдарып қалғаны да рас. Бірақ бұл тарихи сілкіністен естерін ең алдымен тез жинап алғандар әдебиетші қауым, ақын-жазушылар болды. Қоғамдық күрт құбылыстарды өздерінше сараптап, көркем ойдың шоғын жаңаша мақаммен қоздатып, отын жігерлене үрлеуге жеделдете кіріскендер солар. Баспа беттерінен қазақ халқының арман-мұңын, жоғы мен бары сараптаған әр түрлі жанрдағы шығармалармен бірге тәуелсіздік рухының әсерінен заманауи тақырыпты қозғаған романдар да жарық көре бастады. Тәуелсіздік рухының әсерімен өмірге келген романдардың бір тобының көркемдік мақсаты – қазақ халқының басынан өткізген отаршылдық зардаптарын шындық тұғырына иек арта отырып жеткізу. Сондықтан бұрынғы жабық тақырыпты қозғаған бұл туындыларды еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге келген көркем ізденістердің айқын нышандарының бірі деп танығанымыз абзал. Сонымен бірге уақыт көшіне ілесе келген тың тақырыптарды, өмір ұсынып отырған жаңа бедерлерді жинақтап көрсету де эстетикалық мұратқа айналды. Әдебиеттің тақырыбы өткен тарихты қозғаумен шектелмейтіні, әр қаламгер өзі өмір сүріп отырған кезеңнің көркем келбетін жасауға да ұмтылатыны белгілі. Бұл жағынан қазақ романшылары оқырман қауым алдында қарыздар болып қалмай, замана толқыны лектіп әкелген өзекті мәселелерді көрсетуде қол қусырып қала алмады. Осындай мазмұндағы романдардың бел ортасында Д.Досжанның «Ақ Орда» (2005), С.Елубайдың «Жалған дүние» (2003),Ж.Шаштайұлының «Жаңғырық» (2004),Мир Шайырдың (М.Іңірбаевтың) «О, данышпан дүние» (2008), Д.Батырдың «Жарсыз өткен ғұмыр» (2008), Қ.Жиенбайдың «Ән салуға әлі ерте» (2008), Ә.Ыбырайымұлының «Ұяластар» (2005) тәрізді біраз романдары бар. Қалың бұқара қауым қашанда өзінің көсемдері мен елді алға сүйрейтін тұлғаларына сүйініп, сүйсініп отырған. Еліміздің өз бетінше саяси дербестік алуына орай күшейе түскен азаттық рухы бұл мәселеде өзінің қуатты сипатын көрсете білді. Соның нақты көрінісі – Азия картасында жаңадай
пайда болған жас мемлекет Қазақстан Республикасының алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әдеби шығармаларымыздың кейіпкеріне айнала бастауы. Бұның өзі бостандыққа ұмтылған елдің қоғамдық жалпы ортақ көңіл күйінен туындап жатыр деп білгеніміз абзал. Іс жүзінде 1989 жылдан бастап Қазақстан Республикасының бірінші басшысы болып жұмыс істеп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы осы жиырма жылдан астам уақыт ішінде өзінің қандай деңгейдегі басшы екендігін тек өз еліне ғана емес, сыртқы жұрттарға, халықаралық қауымдастыққа жанжақты таныта білгені мәлім. Тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттің басшысы болу міндеті өз алдына үлкен сын болып табылатындығын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Қазақстан Республикасының Президенті жайында жазылып жатқан шығармалар жоқ емес, баршылық деуге болады Өз уақытында баспасөз беттерінде Елбасы туралы жарық көрген түрлі поэзиялық, прозалық туындылардың, эсселер мен көркем очерктердің мазмұны, міне, осындай нақты пайымдауларға әкеліп саяды. Оларда Елбасының бейнесі негізінен қоғамдық ірі тұлға ретінде әр қырынан, әртүрлі адами индекстер тұрғысынан көрініп жататын. Кейінірек Н.Назарбаевтың саяси тұлға ретіндегі феноменін айқындауды мақсат еткен жеке кітаптар жарық көре бастады. Елбасының азаматтық және саяси тұлғасы әр автор өз таным-түсінігіе лайық әр түрлі деңгейде сомдалып келеді. Олардың ішінде Қ.Олжайдың «Президент пырағы», У.Қалижановтың «Президент», Б.Сапаралының «Елбасының балалық шағы» атты еңбектердің жарық көруі Президент ғұмырбаянын әр тараптан түрлі фактілермен толықтырған шығармалар болды. Бұларда Елбасының саяси портретімен бірге жеке адами қасиеттері, өмірбаянына тән жекелеген қызықты фактілер сөз болады, саяси тұлға ретіндегі ерекшеліктеріне талдаулар жасалады. Бейбіт Сапаралы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы жазса, Уәлихан Қалижанов оның Президент болып жүрген жылдардағы іссапарлары жайында ақпараттық очерктер мен эсселер шоғырын өмірге келтірді. Әр мемлекеттің азаматы өзінің көсемі жайында толық мағлұмат алуға құқылы екендігін және сонымен бірге тіпті көптеген кісілер үшін мұның қажеттілік екендігін сезіне білу – қандай дәуірде болсын кездесіп жататын құбылыс. Уақыт өткен сайын Н.Назарбаев бейнесі жаңа фактілермен, тартымды штрихтармен толыға түсуде. Осынау үрдіс поэзиямен бірге көркем прозамызда да кеңінен көрініс таба бастады. Сөйтіп Елбасының көркем туындылардың кейіпкеріне айналу үдерісі табиғи түрде жүрді деуге болады. Бұл тақырыптағы шығармалардың ең көлемдірегі – танымал жазушы Дүкенбай Досжанның төрт бөлімнен тұратын «Ақ Орда» атты романы. Оны Н.Назарбаевтың бейнесі айқынырақ көрінген шығармалардың бірі ретінде де атауға болады. Туындының жанрын автор «роман» деп
айқындағанымен, ол бәрібір бірыңғай таза көркем дүние емес. Қызмет үстіндегі көзі тірі мәртебелі лауазым иесі жайында таза көркем туынды жазудың өзіндік қиындықтары болатыны мәлім. Бүкіл дүниежүзіне танымал бедерлі тұлға жөнінде көркем ойдың көрігін беталды қыздырып, жазушылық қиялға рабайсыз жел беру мүмкіндігі шектеулі. Осы талапты жақсы түсінген Д.Досжан да көркемдік кеңістігінде көсіле жөнелуге бейім ойын қақпақылдап, нақты фактілер мен деректердің шеңберінде ғана өлшеп-тамап қана қолданады. Романның прологында қазақтардың Алтын ордадан бөлініп, дербес хандық ретінде өзінің Ақ ордасын жеке тіккен сонау 1465 жылдан тартып, тәуелсіздік тұғырына жету жолдарына шолу жасалған. Сонан кейін барып, автор болашақ Президенттің балалық шағына жайлы әңгімелеп, ата-анасының қабатында алған тәлім-тәрбиенің нәріне көркемдік көзін жүгіртеді. Осы арада бір атап айтатын жағдай – романның таза көркем шығарма канондарымен жазылған тұсы да осы балалық шаққа қатысты жылдардың суреттері. Бала Нұрсұлтанның әкесі Әбіш, анасы Әлжан, ұстазы Тәкура және айналасынан табылатын басқа да нақты адамдардың бейнелерінің сомдалуында таза көркемдік үрдістің белең алып кететін сәттері де аз емес. Әсіресе Әбіш бейнесін сомдауда автор деректілікке көп бағына бермеген сияқты. Ол кісінің еңбекқорлығы, жайбасарылыққа төзімсіздігі, адалдығы әр тұстан андағайлап көрініп отырады. Президенттің балалық шағын бейнелеу барысында нағыз көркем шығармаға тән болып келетін үрдістер романның ажарын аша түсуге қызмет етерлігі сөзсіз. Ал бас қаһарманның кәмелеттік жасқа толып, еңбекке араласа бастаған жылдарының сипатталуы басқаша көркемдік ракруста. Ата-ананың аялы алақанынан, өзінің туып-өскен ыстық ұясынан алыстап, өндіріс ошақтары қайнап жатқан Орталық Қазақстанға келуі, ол арадан жолдама алып, одан ары батыс қиырдағы Днепродзержинск қаласына қарай асып кетуі – жас жігітті өмір талқысына салған сынақтар. Түрлі ауыртпашылықтарды, өзіне тән емес жат ортаны көре жүріп, қандай алуан түрлі сынақтардың өтуі де болашақ Президенттің азаматтық тұғырнамасының қалыптасуына ықпал еткен алғышарттар еді. Негізінен ер адамдардан тұратын жұмысшылар қауымының қарадүрсін ортасы – адамдар арасындағы өзара бауырмалдықпен бірге қаталдықтың, безбүйректік мінездердің де қақтығысып қалып жататын жері. Бір біріне күш көрсету, балағат сөздерге иек арту – олар үшін қалыпқа түскен күнделікті көрініс. Сонымен бірге өмір сүрудің Кеңес адамына тән өзіндік үлгісі, партиялық қатаң талап жас адамның өз тұғырын тауып, жетілуіне тікелей ықпал жасап отырады. Романда осы жағдайлар жас Нұрсұлтанның қабылдап, түйсінуі, сезінуі арқылы өрбіп, дамып, әр қырынан көлденеңдей ашылып жатады Днепродзежинскдегі оқу мен Теміртаудағы қорытпашылық – болашақ Президенттің өмірлік ұстанымын орнықтырып, қяил қанатын қатайтып, ең
алдымен адамгершіліктің, адалдық пен еңбекқорлықтың сара жолын салған өмірлік факторлар екендігіне ерекше көңіл бөлінген. Осы жолда кездескен түрлі адамдардың барлығы да жас кейіпкерді өмірдің оңды жақтарына баулып, бірыңғай жақсы әсерге бөлей берсе, реалистік ұстанымдарға салқыны тиер еді. Әр түрлі көлеңкелі істерге азғырып, өзі әу бастан шырақ етіп бағыттаған бағдарынан ауытқымау үшін әрекет жасайтын пиғылы теріс Атабектің шырмауына жас Нұрсұлтан түсе қоймайды. Оның азғыруға ермейтіні, имандылық пен ар-ождан жолынан ауытқып кетуді ойға да алмайтыны кейіпкердің әу бастағы адамгершілік тінінің мықтылығын көрсетсе керек. Тәуелсіз жас мемлекеттің Президенті болып сайланғаннан кейінгі кезең, жекелеген писхологиялық сәттерді айтпағанда, негізінен деректілікті ғана тиянақ етіп отырады. Баяндалып отыратын оқиғалар мен саяси-экономикалық іс-шаралардың басым бөлігі оқырманға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе шежірелік шығармалар арқылы жақсы таныс. Оларға көркем әдебиет нысаны етіп, бояу жағып, әрлеу үлкен жауапкершілікті талап етпек. Д.Досжанның тақырып-тақырып бойынша сол деректердің ізін қуалай отырып, әңгіме жүргізу себебі сондықтан болар. Қазақстан тарихындағы тәуелсіздіктің алғашқы он бес жылындай уақыт ішінде айтылатын әңгімелердің басым көпшілігі оқырманға таныс та. Таныс болғандықтан да, оларды құр қайталаумен шекетеліп қалмау үшін жазушы түрлі формалық ізденістерге де барып отырады. Атап айтқанда, мемлекет өмірінде орын алған әрбір ерекше мәселеге немесе салаға бас қаһарманның қалай араласқандығын әңгімелеу үшін ол сол сөз ететін мәселесіне орай бөлек-бөлек тақырып қойып отырған. Деректіліктің тынысы айқын болғандықтан да, кітаптың көп бөлігін алып жатқан осы бөлімдерге көркем әдебиет өнімі ретінде терең талдау жасаудың қажеті шамалы. Осы тәуелсіздіктің он бес жылы ішінде Н.Назарбаевтың арқа сүйегені – өзінің айналасына топтасып, жоғары эшелонда қызмет еткен жүздеген қайраткер тұлғалар. Олардың қайсысы қандай қызметте болғанын, мемлкет ісіне қандай үлес қосқанын шежірені парақтай отырып, тауып алуға болады. Бір қызығы, романда олардың арасынан аталатын адам аттары санаулы ғана. Ерекше еңбегі сіңген адам ретінде көбірек аталатын есімнің бірі – Камалтин. Бұл арада автор кейіпкерді іріктеп алу жолында қандай қағидатты негізге алды екен деген сұрақтың төбе қылтитуы әбден заңды. Роман мәтінін парақтап оқу барысында Д.Досжанның жазушы ретіндегі қалам ұстасы бірден байқалып отырады. Әлбетте, қолы қалыптасып, қатып кеткен жазушыға «машығыңды өзгерт» деп ешкім айтпауға тиіс. Дегенімен, Сыр бойы қазақтарының сөйлеу ләмін, жекелеген диалектілер мен говорларды Жетісу, Сарыарқа өлкелеріндегі кейіпкерлерге апарып таңу онша тапқырлық болып таныла қоймаса керек. Бұл қисынсыздықты байқататын жекелеген мысалдар: «...иін қолтықтағы картоп пен қауын ойылып бітіпті» (29-б.), «үпілмәлік жұмыртқасын ерте жарды» (29-б), «Омай деген» (30-б),
«Атасының нәлеті-ай», «...әгәрки», (47-б) «әйелі мәтіби шығады деген рас екен-ау»(50-б.), «нақа», «пәлі» (58-б), «сол сүлейлердің қасында» (66-б), «шіби қоразға ұқсаған шенеунік» (87-б.), «үймек омақа» (92-б.) «Әттес-ай» және т.б. Бас қаһарман Нұрсұлтанның сөз саптасы былай болып келеді: «Ой, көке, ит байласа, тұрғысыз Үшқоңырдың иен жайлауында колхоздың сиыры мен қойын күйсете жайып жүргеніміз жетпей ме» (26-б.), «құда қаласа, ертең жолға шығып кетеміз» (65-б.), «құдай қаласа» (75-б.), «неғыласың, көке» (84-б.), «Иә, құдая, көрсеткеніңе шүкір» (158-б.), «қалып кетіп жүрмесін» ( 205-б.) және т.б. Бұлар да Сыр өңіріндегі қазақтарға тән сөздер. Бір қызығы нәсілі мұсылман автор «Құран Кәрімнен» гөрі басқа діннің кітаптарына алдымен жүгінетін жерлері бар. Мысал үшін алатын болсақ, олар: «Қасиетті Інжілде дүниені дүние еткен» (24-б.), «...жаратқан иеден қуғын көріп, жабырқаған мұңлы шайтан» (24-б.), «Інжілде мұны сәл ғана басқаша баяндайды» (118-б.), «Қасиетті кітапта жазылған сегіз есікті жұмақ іші осынау жұмыр жердің үстінен, үлгісінен алынған, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы» (160-б.), «Қасиетті кітапта жазылған сөз» (476-б) және т.б. Басқа дінге уағыздап жүрген миссионерлер «Қасиетті кітап» деген жазуы бар кітапшаларды қазақтарға тықпалап әлек. Осы мысалдарға қарап, Елбасымыз Ислам дінінен гөрі басқа ағымдарға беріліп кеткен жоқ па екен деген күдік туады. Діни терминдерде де ауытқушылық ба-йқалады. Мәселен, «...мұсылман елі туралы не айтасыз?» (162-б.). Бұны сұрап тұрған – Сауд Арабиясының королі Фахд Ибн Абдель Азиз. Ал бұл арада дұрысы «Ислам елі» болуы керек, «мұсылман» сол Ислам дінін тұтынатын адам. «Жаналғыш мүңкірнәңкір періштесі» (298-б.). Діни түсінікте жаналғыш періште Әзірейіл, ал мүңкір-нәңкір адам өлгеннен кейінгі тергеуші. Оқырманның көңілін шайдай ашатын бір қызықты жайт – бас қаһарманның маңында бәденді, сымбатты қыз-келіншектердің айналсоқтап жүретіндігі. Адамның ет пен сүйектен жаратылған адамның пендешілігіне қарай тартатын бұндай ұстаным негізінен тарихи-саяси бағыттағы шығармаға жеңіл рең беріп, оқырманның шұқшия түсуіне себепкер. «Қыз Үшқоңыр жайлауының жап-жасыл шалғынды жотасы іспетті, жалаңаяқ жүгіріп, ішіне түссең болды, ертегі әлеміне алып кететін керемет секілді. Мұндай да керемет мол тұңғиық жанар болады екен-ау дүниеде, о, тоба... Күмілжіп, үні шықпай тұрғанда, қыз сыңқ етіп күлді...» (Б.35-36). «Қасы-көзі қиылған талдырмаш қыз, танымай қала жаздады. Оныншы сыныпта бірге оқыған, біразырақ аңсары ауған, тәкәппар сұлудың нақ өзі... Нұрсұлтанның жүрегін мына қыз жылы алақанымен сипағандай сезілді, елжіреді, еңкейіп, бойжеткеннің шие ернінен өпті» (71-б.). «Бас изеген бозбаланың дәл жанына көбелекке ұқсап, қона-қона кетісті. Дөңгелек жүзді ажарлы қазақ қызы сылдыр етіп күлді: «Дәл осылай үндемес ойнап қашанғы отырамыз» – деді» (76-б.).
«Бойжеткеннің толып туған ай нұрындай келбетіне ынтықты» (76-б.). «Сарыағаш ауданының әкімі» деп таныстырған мықынды, талшыбықтай бұратылған, қасы-көзі қиылған, қыр мұрынды, үшкіл иекті аққұба келіншек табалдырықтан, ішке иіліп сәлем берді... жазық маңдайлы, астыңғы ерні көпсіңкі, бұрымы тізесін қаққан мүсінді келіншекке мәртебелі қонақтың жанары арбалып қалды. Күн қайда ығысса, соған бұрылатын күнбағыс секілденді...» (226-б.). «Сөз жоқ, мына Айсұлу жер бетінде ұшырасқан көп сұлудың бірі емес, сөзінде ме, көзінде ме, әйтеуір бір сұрапыл тұнып тұрған сиқыр бар» (227б.). Сұлуларды осылай нәшіне келтіре суреттеген жазушы қаламының бейнелілігі оқырманды тәнті етері қапысыз. Бірақ бас қаһарманның жоғары лауазымды ресми тұлға екендігін де қаперден шығарып алмаған абзал болар еді. Соңғы жылдары баспасөз бетінде жиі сөз болып жүрген шығармалардың бірі – Мир Шайырдың (ақын Мырзағали Іңірбаевтың) «О, Данышпан дүние» атты трилогиясы Қазақстанның тәуелсіздік алуын жан-жақты суреттеуді мақсат еткен көлемді туындылардың қатарында. Н.Назарбаев бейнесін жасауға талпыныс нышаны осы эпикалық еңбекте де бар. Қазақстан тарихында орын алған желтоқсан оқиғасынан бастау алатын ірі қоғамдық саяси мәселелер көтерілген романның өн бойында туған елге, ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілік, сабырға ырық бермейтін патриоттық пәрменділік менмұндалап, атойлап тұр. Бүкіл адамзат тарихын да елеулі орын алған осынау айтулы оқиғаны әңгімелеу барысында автор сабырлы түрде сырттай бақылаушы деңгейінде қалып қоймаған. Кейіпкерлердің ісәрекеті, пікір қақтығыстары арқылы ұлтжандылық рухын көркемдікпен әрлеп, көсемсөзге тән арынмен әспеттей біледі. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяқ шені. Алматыдағы желтоқсан дүмпуінен басталған ұлттық сипаттағы наразылық толқыны бүкіл Кеңес Одағының түпкір-түпкіріне тарап, халықтың көңіл-күйін ойнақшытып, шайқап тұрған шағы. Міне, осындай аумалы-төкпелі уақытта Қазақстандағы толқыныстың екінші кезеңі басталады. Ол – 1989 жылы Жаңаөзендегі болған қозғалыс. Желтоқсаннан соң бір-екі жылдан кейін орын алған Жаңаөзен оқиғасын суреттеу барысында автордың өз предметін жақсы білетіндігін аңғартады. Бұл тұстағы көріністер де саяси және ұлтаралық қарым-қатынастардың шындығын өз деңгейінде ашып көрсете алған. Қазақ халқының бостандыққа ұмтылу бастан кешкендері сонау ежелгі тарихтың тамырынан бастау алатындығы да романның идеялық-көркемдік ойларының ауқымын кеңейте түседі. Ұлт-азаттық мәселесіне қатысты шиеленісті жағдайларды бүкіл адамзаттық проблемаларымен ұштастыру, одан қала берді галактикалық кеңістіктегі орасан ауқымды құбылыстармен байланыстырып отыру — бұл туындының тынысын кеңейте түсетін көркемдік ұстанымдардың бір парасы. Өтпелі кезеңдегі қарапайым халықтың тәуелсіздік, ұлттық еркіндікке
деген көзқарасы романда осы қаладағы толқуды суреттеу арқылы көрініс тапқан. Жаңаөзендегі теріс оқиғаның шығуына себеп болған факторлардың үлкені ол – СОКП Орталық Комитетінің 1987 жылы қазақ ұлтшылдығы туралы шығарған қаулысы. Осы қаулы ұлтаралық келісім мәселелерін нығайтудың орнына, керісінше, оны ушықтыра түскені көшедегі қарапайым халықтың көзқарасы арқылы бейнеленген. Қаулыдағы «Қазақ ұлтшылдығы» деген жалғыз ауыз сөздің бүкіл халыққа күйе болып жағылғаны, енді басқа ұлт өкілдері қымс етсе болды, қазақтарды шетінен ұлтшыл санап, қара есікке теріс мінгізудің аз-ақ алдында жүргені қарапайым халық өкілдерінің өзара диалогтары арқылы берілген. Ұлттық проблема қашанда шетін мәселе болып келгенін жасыруға болмайды, ал сол аталған қаулы тікелей буынсыз жерге соғылған пышақ сияқты әсер етеді. Тек орыстар ғана емес, қазақ жерінде жүрген басқа ұлт диаспораларының өздері де байырғы ұлтты көзге шұқып, өңменінен итеріп, тіпті жұмысқа да тұрғызбай қояды. Жаңаөзен мұнайын игеруге қатысып жатқан кавказдық ұлт өкілдері енді жай қатардағы қосалқы жұмысшылардың өздерін жергілікті халықтан алмай, Кавказдан тасып әкелетін болған. Өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарыс қарқын алған сайын, байырғы тұрғындар да тығырық тіреле береді, ұлатаралық шиеленіс күшейе түседі. Соның салдары осы жердегі әбден астамсып алған кавказдықтарға қарсы қазақтардың бас көтеруі – осындай теріс саяси-әлеуметтік құбылыстың салдары. Романда осынау шоқтықты да өзекті мәселелер жан-жақты қамтылмаған, қаланың орталық алаңында қарапайым жұртшылық өкілдерінің кавказдықтарды тықсырып қоршап алуының бейнеленуі репортаждық деңгейде. Құқық қорғау өкілдерінің өздері де осы кавказдықтар жағында. Қазақ жерінде жүріп, қазақтың өзін басынған басқа ұлт өкілдерін ұлы қазақ даласы әруақытта көріп келеді. Соның бәріне момын қазақ солай болуы тиіс деген ұғыммен көніп, намысын қолдан беріп келгені де, ресми түрде көп айтыла бермегенімен, тарих алдындағы шындық. Кейбір өлең жолдарында қазақ халқын «Намысын қолдан бермеген» деп суреттейтіні бар ғой. Бұны ақындық поэтиканың шалқыған көңіл-күй әуеніне берілуі ғана деп ұққан жөн болар. Ал шынтуайтына келгенде, қазақтың ұлттық намысы талай келімсектердің табанында тапталғанын, халықтың біртуар алғыр перзенттерінің өздері де сол намыстың кегін қайтара алмай, бұл дүниеден арманда өтіп жатқанын жасырып-жабудың керегі не? Демократиялық үрдістерді пайдалана отырып қана, қазақ халқының жекелеген өкілдері жер-суын тартып алып, өздерін қорлаған басқыншы келімсектерге қарсы шыға білді. Жаңаөзендегі ұлттық кемсітушілікке наразылық білдіру сондай қарсылықтың санаулы көріністерінің бір болса керек. Романда жергілікті милиция құрамалары қорғап тұрған кавказдықтардың қазақтарға қарсы мылтық алып шыққаны да байқалып қалады. Оны қоршап, қорғап жүрген милиция басшылары сол отты қаруды тартып алудың орны-
на «көрмес түйені де көрмес» қағидатын ұстанып, тартыншақтық танытады. Осыдан кейін келімсектердің көпе-көрнеу басынуына жергілікті құқық қорғау орындарының да жол беріп отырғандай көрінуі қисынды. Толқыныс салдарынан тек Жаңаөзеннің ғана емес, мұнайлы өлкенің маңайдағы ауыл-селоларында да осындай қарсылықты ахуал орын алған. Үстемдік көрсеткен ұлт өкілдерін елдеріне қуып тастағаннан кейін, қарапайым халықтың жеделдетіп ойластыра бастағандары – болшақтағы өз тағдырлары. Республикаға империя орталығынан келіп, елді бір дүрліктірген бірінші хатшы Колбиннің қайтадан Ресейге оралуы мүмкін екендігі жөнінде әңгіме белең алып тұрғандықтан да, енді жаңа басшы кім болады деген ой халықты күн сайын мазалайтын басты мәселелердің біріне айналған. Сөздері жоғары жаққа өте ме, өтпей ме, онда шаруалары жоқ, қарапайым халық өз ойларын ортаға салып, тықпалай бастаған. «Бұл күндері бірінші хатшы Колбинді Москваға қызметке ауыстырады екен деген қауесет күшейіп тұрғандықтан, оның талабы жиналған халықтың ойымен орайласа кетті: – Қазақстан Республикасын өзінің азаматы басқарсын! Орта жастардағы азамат ентелей дауыстады: – Бірінші хатшылыққа кандидатураны да жазып жіберейік! – Ал, айтшы кімің бар? – деп сұраған жаңағы жасыл телпекті ақсақал оның жауабын күтпестен, дауыстады: – Жаз Назарбаев деп. Тәуір азамат. Жарайды осы. Енді көбейтпе» (1-кітап, 310-б). Бұның өзі қарапайым жұртшылық өкілдерінің ел басқару жұмысында көптен жүрген көшелік қалпы бар алғыр азаматқа деген ықылас-сенімінің айқын көрінісі. Назарбаевтың бейнесі романда алдымен халық аузынан айтылып, қарапайым кейіпкерлердің баға беруімен жалғасын табады. Романының екінші кітабында Назарбаев туралы ойын Мір Шайыр ары қарай жетілдіре түсіп, енді оның Президент болып сайланғаннан кейінгі бейнесін сомдауға талпыныс жасалады. Жазушының бұл ниеті екінші кітапта тек эпизодтық көрініс арқылы ғана орындалған. Бірақ соның өзінде Н.Назарбаевтың республика халқына жақсы таныс ресми бейнесі көлденеңдеп өтеді. Бұл арада ресми деген сөз жаңсақ қолданылып тұрамағанын, роман мәтініндегі Назарбаевқа қатысты тұстардың артықауыс қоспасыз, шынында да, ресми түрде берілгенін ескерген жөн. Енді осы арада бұл тұжырым дәлелді, нақты болу үшін романы мәтініне көз жүгіртуге тура келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Н.Назарбаевтың Маңғыстау облысына келіп, Ақтау қаласында өткізген мәжілісі суреттелетін эпизод. «Сіздер мен біздерге тағдыр өте күрделі, шешуші, сонымен бірге өте бақытты кезеңде өмір сүріп, қызмет етуді жазыпты, – деді Президент. Бұл осы жиынға қатысып отырған әркімнің бүгінгі таңдағы өз маңызын қадірлей түсетіндей дәрежеде асқақ естілді. Әрі бұл сөздерге жас егемен
мемлекеттің тағдыры, елдің қазіргі қиындау күйі бейнеленген ауыр мағына сыйып тұр» (2-кітап, 36-37-беттер). Көркем шығармадан гөрі Елбасының сапарынан берілген ресми репортажға көбірек ұқсайтын осы жолдардан Президенттің жеке адами қалпы емес, ресми болмысы көлденеңдейді. Автор осынау нақты түсініктеме берумен шектеліп қалмай, Президент сөзінен үзінді келтіруді одан әрман жалғастыра түседі: «– Экономика саласындағы қазіргі халіміз біздердің ешқайсысымызды қанағаттандыра алмайды, – деп жалғасты Президент сөзі. – Қайта құру жылдарында тәуелсіздік алғанға дейін, өндірістік салалардың қарқыны тым бәсеңдеп кетті. Енді қайтадан екпін ала алмай, әлек. Осындай шақта біз басқарудың жаңа үлгілерін де қалыптастыруға құлшыну үстіндеміз. Ол ол ма, республика ішінде, сондай-ақ алыс және жақын шетелдермен жаңа экономикалық, өндірістік қатынастарды, нарықтық қатынастарды жеделдете орнатуға ұмтылып бағудамыз. Бұған қоса өндіріс салаларын модернизациялау, жаңа технологияларды енгізу де жүріп жатыр. Ол үшін жаңа кадрлерді оқыту, даярлау, іске кірістіру өз алдына бір жұмыс. Өмірге келген ұлттық валютаның позициясын нығайту, құнсыздануына жол бермеу тегеуірінді ақыл мен тәсілді қажет етіп отыр. Сөйтіп, біз жүргізіп жатқан экономикалық реформалар өміріміздің барлық салаларын қамти, ауыр жылжып келеді» (37-бет). Жоғарыдағы авторлық мәтін мен кейіпкер сөзін оқыған кезде көркем шығармадан гөрі «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде беріліп жататын ресми есепті оқығандай күй кешеріңіз анық. Бұндай тәсіл роман жанрының табиғатына келе ме, келмей ме деген сауалдың төбесі қылтиып қалуы әбден ықтимал. Бұған жауап беру үшін мына бір мәселеге назар аудара кеткен жөн. Кең тынысты көлемді шығарманың ара арасында осы келтірілген үзінді сарындас ресми тілмен жазылған, сіреспе мәтіндерді берудің айта қаларлықтай оғаштығы бола қоймас та. Бірақ автор кейіпкерінің жан дүниесіне еніп, оның адам ретіндегі кескін-келбетін, ішкі әлемінің иірімдерін беру үшін ішінара таза көркемдік үлгілеріне де жүгініп отырғаны абзал болар еді. Сонда жоғарыдағыдай ресми стиль мен көркем проза стилі өзара кезектесіп, кейіпкерге айналып отырған ел Президентінің жеке адам ретіндегі тұлғасын аша түсуге қызмет етері сөзсіз. Автордың бұл арада ептеп мүлт жіберіп алған тұсы стильдердің осы айтылған үйлесімдіктерін сақтай алмай, тек бір-ақ ұстаныммен шектеліп қалуында болып тұр. Президент тұлғасын жасауға аса сақ қараймын деп, көркем ойдың ауанына түсе алмай, ресми стильмен ғана шектеліп қалған сияқты. Тізгінді тең ұстай алмаудың салдарынан автор көркемдік жүгін бір жағына қарай ептеп аунатыңқырап алған. Шынында да, аса жоғары лауазым иесін көркем әдебиеттің кейіпкеріне айналдырудың өзіндік қиындықтары болатынына көз жұма қарауға болмайды. Автор сол сақтықтан аса алмаған деген пайым жасай аламыз.
Рас, романның бір тұсында Президенттің ықшам портреті жасалады: «Президент жүзінің жұқарыңқырай түскені байқалады. Самайындағы азғана ағы тау баурайына қонақтаған жұқалтаң қырау тәрізді. Маңдай шашы сирей, аздап кейін ашыла түскен. Өтпелі кезеңнің салмағын сезініңкіреп жүргені білінеді» (36-б). Елбасының портреті толық болмаса да, оқырман көзіне елестей алатындай деңгейде. Кейіпкер тұлғасын сомдау барысында қолданылатын көркемдік құралдардың бірі осылайша жүзеге асқан. Тек Президенттің «сезіп» емес, «сезініңкіреп» жүруі ғана буалдыр ойға мұрындық болатындай. Үш кітаптан тұратын «О, данышпан дүние» – Кеңестік империяның Горбачев дәуіріндегі демократиялық үрдістер енді белең ала бастаған кезінен бастап, Қазақстанның жиырма бірінші ғасырға аяқ басқан кезеңіне дейінгі аралықты кең тыныспен баяндайтын эпикалық полотно. Уақыт келбетін сездіре алатын әралуан кейіпкерлер қатарының молдығы шығарма табиғатына ешқандайда да қайшы емес. Олардың мінез-құлықтары мен көзқарастарының дараланып берілуі де әдебиет теориясы талап ететін негізгі канондардың ауқымынан табылып жатады. Романның бас кейіпкері Әлигер есімді жігіт – Алматы қаласында орын алған Желтоқсан оқиғасының жалаң куәгері ғана емес, ұлттық мүдде жолында қолынан келгенше әрекет жасай білген қайраткер де азамат. Шығармада онымен пікірлес, мақсаттас Сұлтан, Байген, Ілияс, Сәлімкерей, Кәмила, Ләзиза, Рамила және басқа көптеген замандастарының түрлі бейнелері жалт етіп қап, көзге түсіп отырады. Бұлардың ешқайсысы да қазақ халқын көнбіс құл етуге бағытталған отаршылдық жүйенің таскөз тегеурінмен ымыраға келмек емес. Ұлтты қорлық пен мазақтан құтқарудың түрлі амалдарын ойластырып, осы бағытта өздері дауласып қалып жүреді, тіпті кейді достық пен махаббат тәрізді адами асыл сезімдерден де ұлттық патриотизмді жоғары қоя алатын тынымсыз әрекет иелері. Желтоқсан оқиғасының жекелеген адамдардың тағдырларына салқынын тигізіп қана қоймай, отаршыл, өктем ұлт пен оған бағынышты кіші халықтардың саяси-қоғамдық және әлеуметтік ара салмағын да айқындап, жіктеп берген құбылыс екендігі шығармада ешқандай емеурінсіз ашық суреттелген. Оқиғаға байланысты өршіп кеткен шовинистік пиғылдардың көріністерін автор аяусыз шенейді. Ұлты қазақ болса болды, ондай адамды қорлап, қинау керектігін, реті келсе тіпті өлтіре салуға да болатынын жазушы жасырып-жауып жатпастан, жекелеген эпизодтар арқылы батылдықпен айта білген. Шығарманың біраз жерінде публицистикалық сарын басымдау болағнымен, “О, данышпан дүние!..” романының патриоттық рухын, ұлтжандылық сипатын мейлінше күшейте түсу үшін мұндай мәнердің демеушілік рөл атқарып тұрғанын еске ала кеткені жөн. Автор Желтоқсан оқиғасының тарихи-әлеуметтік себептеріне ой көзін жүгірте отырып, оның психологиялық-моральдық параметрін де көркемдік өлшемдерге сыйғызуға тырысады. Оқиғаның сырына үңілу талпынысы көбінесе кейіпкерлердің
диалогтары арқылы жүзеге асып жатады. Мысалы, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері Әли Асқаров пен романның бас кейіпкері Желтоқсан қозғалысына қатысушы Әлигердің арасындағы әңгімеден осы күрделі мәселеге үңіліп, талдау жасау талпынысы байқалады. Бұл жағдай оқырманға көптеген сұрақтардың шетін қылтитатын тиісті жауаптардың мейлінше күрделі болып келетінін сездіреді. Желтоқсан қасіреті романда апалы-сіңілілі Нұрила мен Кәмиланың тағдырлары арқылы едәуір терең бейнелеген. Жазушы бұл тарихи қасіретті қарапайым адамдардың ой-толғаныстары, қарым-қатынастары арқылы ғана бейнелеумен шектеліп қалмай мемлекеттік деңгейдегі лауазым иелерінің кешегі көзқарастары арқылы да талдау жасауды ниет қылады. Оның нақты мысалы — сол кездегі республиканың үкімет басшысы Н.Назарбаев пен көрнекті мемлекет қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың оңашадағы әңгімесі. Бұнда екі тарихи тұлға өзара дос, сырлас адамдар ретінде бейнеленеді әрі көбінесе пікірлері де ұштасып жатады. Бірақ романда екеуі де Желтоқсан оқиғасына қатысты ұрымтал әрі ой айта білетін терең пікірдің иесі ретінде көрінген деп бағалау қиын. Оқиға барысында Нәсіпқали Марабаев, Иманғали Тасмағанбетов тәрізді жекелеген басшы тұлғалардың есімдерінің аталуы да романның деректік сипатын айқындай түседі. Шығармада Әбдірахим, Фазыл қария, Берікбол, Уәли Асфендияров, Иветта Ғайсина, Шон Ғайсин, Мадрит Майданов, Нәбия, Сұлтан, Рамиля, Зия, Тойбек Дауыл, Терек Айханов және т.б көптеген кейіпкерлер сол кезеңдегі қоғамдық әлеуметтік портретті айқындай түсетін персонаждар. Тіпті шығарманың соңына қарай Америка Құрама Штаттары мен басқа да елдердің азаматтары Қазақстандағы болып жатқан саяси-тарихи оқиғалардан тысқары қала алмай, өз пікірлерін білдіріп жатады. Аталған романның бірінші кітабы Қазақстанның тәуелсіздік қарсаңындағы күрделі кезеңін суреттесе, қалған екеуі тәуелсіздікті нығайту жолындағы қам-қарекеттердің елеулі полотносын жасауға арналған. С.Елубаевтың «Жалған дүние» романынын оқыған оқырман одан бұрын жарық көрген «Ақ боз үй» және «Мінәжат» романдарындағы кейіпкерлердің арғы тағдырларының қалай қалыптасқанына қанық болады. Бір бірімен жалғасып жатқан бұл үш шығарма қазақ халқының тарихындағы елу жылдық кезеңде орын алған жекелеген оқиғаларды қамтиды. Яғни, жанрлық сипаттарына қарағанда, бұлардың түпкілікті айқындамасы, біздіңше, роман-трилогия. «Ақ боз үйде» өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарына көркем барлау жасалса, «Мінәжат» кейіпкерлердің отыз жетінші жылдың зобалаңы мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тағдырларынан сыр толғайды. Ал «Жалған дүниенің» кейіпкерлері – сол романдарда көрінген басты қаһармандардың ұрпақтары. Трилогияның бірінші кітабында көрінген бас кейіпкерлерден арасынан Хансұлудың әбден қартайып өлермен шаққа жеткен кезеңіне куә боламыз.
Бас кейіпкер Едіге болса, бір кездегі ер жігіт Бұлыш пен Балзия арудың бел баласы. Замана ағымымен тағдырлары түрлі өткелектерден өтіп келе жатқан бұл адамдардың өмірлері бейбітшілік орнаған жаңа заманда да бір арнаға түсіп, тыныштық әлдиіне қарай ыңғайлана алмапты. Бір замандарда саяси нәубеттің әсерімен зорлық-зомбылықты, қасіретті нәубеттерді бастан кешкен аталар мен әжелердің ұрпақтары тағы да күрес жолында көрінеді. Бұл кезеңдегі күрестің сипаты бөлек, енді саясаттан гөрі әлеуметтік-моральдық мәселелер алдыңғы планға шығып, өз өктемдігін жүргізе бастаған. Басынан өткізбеген қиындығы жоқ Хансұлу – бүгінде өлім аузындағы кейуана. Өзінің о дүниеге аттанатынын жақсы түйсінгенімен, жаны байыз тауып, байырқалар емес. Өйткені шешімін таппаған түйткілді мәселелер көп, жан дүниесін аясыз жабырқатып, мынау пәни жалғанда жалғызсырататын да солар. Алатаудай арқа тұтып жүрген Алматыдағы бастық баласы Тұлымхан тағдыр тәлкегіне ұшырап, сүмірейіп, ауылдағы үйіне қайтып келіп отыр. Жай келмей, маскүнемдіккке салынып, қай жағынан болсын, тұңғиыққа қарай мүлде құлдырап кеткен. Бар үміт артары – жоғары оқу орнына түскен немересі Бөпенай еді, оның да болашағы бұлыңғыр. Тек бұлыңғыр ғана емес, кәрі әжені шошытатындай қатерлі сияқты. Оған әженің бастығырылып жатып көрген түсі айғақ. Осы түс арқылы автор қасиетті кейуананың бірер жылдан кейін орын алған Желтоқсан оқиғасын мегзеп отырғаны анық. Осынау ауыр түсті көріп жатып, көз алдына әлденелер елестеген ананың қиналып жатып өмірден өтіп кетуінде де символдық мән бары байқалады. Бас қаһарман Едіге отыз екінші жылдың ашаршылығы туралы романын бастыра алмай, басы қатып, сенделіп жүр. Бір қарағанда, ол тек өзінің қара басының қамы, шығармашылық мұраты жолында ғана күресіп жүрген сияқты көрінеді. Бірақ бұл арада кейіпкердің жазушы екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені жазушы деген бүкіл бір халықтың арман-мүддесін, ұлтының өзекжарды мәселелерін көтеретін белсенді тұлға. Демек, Едіге өз халқының тағдырындағы қасіретті кезеңді суреттеу арқылы сол халықтың мұңмұқтажын да көркем ойдың өзегіне айналдырып отыр. Ендеше оның күресі – бүкіл бір ұлттың рухани мүддесі үшін күрес. Шығарма оқиғасының едәуір бөлігі оқырманның көз алдында шегіністі баяндаулар арқылы көлденеңдеп жатады. Олар бас кейіпкерлер Хансұлу мен Едігінің өз өмірлерінің қайтып келмес жылдарына ойша барлау жасауы арқылы берілген. Хансұлу ой сапарын сонау отызыншы-қырқыншы жылдарға бағыттаса, Едігенің еске алатын кезеңдері әлдеқайда бертінірек. Оның шығармашылық, әлеуметтік қырларымен бірге астасып көрінетін – моральдық ұстанымдары. Былайынша өзіне өзі иелік жасауға шамасы қаптал жетерлік жігіт ағасы қыз-келіншекке келгенде босаңдау. Өзімен бірге кино түсірісіп жүрген Назыкен есімді қызға көңілі кетіп, әуейі болуы бас кейіпкердің пендешілік осалдығынан хабар беретін деталь. Кейіпкердің мұндай пендешілік әлсіздіктері қазақ прозашыларының көптеген шығармаларына тән. Мысалы, Ө.Ахметтің «Жылыстап өткен
жылдар-ай» хикаятындағы бас кейіпкер тележурналист Ерғалиға өзімен бірге қызметтес Айнұр деген жас қыздың көңілі кетіп, соңынан қалмай қояды. Бұл екеуінің қыз-жігіт ретіндегі ара қатынасы да іссапарда жүрген кезде айқындалады. «Жалған дүниеде» кейіпкерлер – кино түсірушілер болса, «Жылыстап өткен жылдар-айда» телехабар түсіруші журналистер. Ситуациялардың бұлайша ұқсастықтарына қарап, оларды белгілі бір мамандық иелерінің, нақтырақ айтқанда, телевидение, кино қызметкерлерінің өмірінде кездесетін типтік құбылыс емес пе екен деп қалуға да болады. Дегенімен, ұқсас ситуациядан туындайтын оқиға шешімі екі шығармада екі басқа. Едіге Назыкенге өзі ынтызарлық көрсетіп, екеуі күнәлы әрекетке барса, Ерғали өзіне жабысқан жас арудан ат-тонын ала қашады. «Жалған дүние» романы бас кейіпкер Едігенің Өктем үнмен сұқбаттасып жүріп, ақыры соңында жүгіріп келе жатқан бойы қазаға ұшырауымен аяқталады. Жалпы түрлі естелік баяндаулар және Өктем үнмен сұқбат құру формасы туындының постмодернистік үлгілерді де негізге алғанын байқатса керек. «Іштегі бір қозғаушы күш, адамды өмір майданына айдап салып отыратын күш көзі тартылғандай. Кісі кәртайғанда сол күш, өмірге деген құштарлық сарқылмақ. Оны жұрт кәртаю дейді. Ақиқатына келгенде, сол «кәртаю» мысықтабандап келген ажал емес пе? Ал бұның ажалы төбеден түскен жайдай болды. Сонымен не ұқтың?.. Болжағаның сол... бір шым-шытырық түс көргендей болдың» (154-б.) деген философиялық түйіндеулер романдағы авторлық кредо екендігі де айқын. Бас қаһарманның өлім алдындағы түсініксіз сәті «Кенет кеуде тұсының лау ете түскенін сезді, өзінің лезде от тиген қауырсындай лапылдап бара жатқанын сезді. Дүние шыр айналды да, іле құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалды. Қауырсындай қалқып, айналып ұшып келеді Едіге» (156-б) деп суреттеледі. Бұл арадан қаны тамған реализмнің емес, постмодернистік ізденістің қазақ прозасындағы кезекті үлгісін байқаймыз. Мүмкін, жиырма бірінші ғасырдың романына тән өзіндік үлгі болуы әбден ықтимал. Д.Батырдың «Жарсыз өткен ғұмыр» романы жеке адамның қалыптасу жолындағы қам-қаракеттеріне арналғанымен, ұсақ оқиғалардың фонында Қазақстан жұртының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тіршілік қалыптары, жүдеу пішіндері көрініс тауып жатады. Романның негізгі фабуласы – жасы біразға келсе де, белгілі бір мінәйім себептермен шаңырағын дұрыстап құра алмай жүрген Мақан есімді азаматтың өзіне жар іздеу жолындағы жігіттік жорықтарының төңірегінде. Бұл арада «жігіттік жорық» деген тіркесті сөздің реңін келтіру үшін атүсті қолданып отырған жоқпыз. Бір таныс әйелі Қазақстанның солтүстік нүктесіндегі Петропавловск қаласында өзінің туған сіңілісі тұратынын, оның жар іздеген жігіттің қойып отырған тиісті талаптарына толық жауап бере алатынын айтады. Бас кейіпкер Мақанның Алматыдан пойызбен солай қарай аттануы әліг оңды хабар-
ды естігеннен кейін. Бүкіл жол бойында қайта-қайта ойына алып, сырттай жүрегін лүпілдетіп келе жатқан қызға да ақыры кездесуі психологиялық интерперетациялар сипатында көрінеді. Өзіне бейтаныс осы бойжеткенмен қауышқаннан кейін, оны тіксінткен жай – жігіт пен қыз екеуінің өмірлік ұстанымдарының, көзқарастарының бір бірінен алшақ болып шығуы. Оқиға арнасының күрт өзгерткен себепті ахуал – қыздың ақыры өзі күткендей емес, таныс әйелі суреттегеннен гөрі өзгеше болмыста көрінуі. Соншама жол жүріп келіп, іздеп тапқан қызы көңілін көншіте алмағандықтан, Мақан қайтадан жолға шығып кетуге мәжбүр. Несі ұнамай қалғанын жігіт қызға бірден айта алмай, Алматыға оралғаннан кейін барып қана телефон арқылы жеткізеді. Сыпайылығы, момындығы, ішкі мәдениетінің жоғары екендігі – Мақанның мінез-құлқын ашуға ықпал жасайтын адами факторлар. Бірақ оған қарағанда өзі бірер күн қасында өткізген кәрі қыз Күнсұлудың бейнесінің ашылуы айқынырақ. Жасы қырықты қусырып қалған қыздың тыртысқан мінезі, зымияндығы әрі сараңдығы сияқты жағымсыз қылықтары жігітті еріксіз кері серпиді. Жігіттің әу бастағы жоспарынан тыс әрекеттерге жетелейтін жағдай – жолшыбай пойыз үстінде жолыққан тәжік келіншегі Мусавиттің әйелдік қылығы, тартымдылығы. Көзді жұмып жіберіп, осы тартымды жанға үйленбек болуы да логикалық жағынан бірсыпыра дәлелденген. Сүр бойдақ жігіт осы аталған екі ұрғашыдан басқа бір жатақханада тұратын Жансая деген келіншектен де үмітті. Қырықтан асқанша өз өмірін дұрыс құра алмай жүрген ортан қолдай азаматтың тағдырында кедергілердің көп болуы себебі неде деген мәселеге жауап іздеп, бас қатырудың қажеті шамалы сияқты көрінеді. Бас кейіпкер өміріндегі тұрмыстық сәтсіздікке қоғамдағы әлеуметтік немесе моральдық проблемалардың қатысы жоқ. Оның осындай жалғызбастылығында әлеуметтік-идеялық астардың бар екендігі де байқалмайды. Сүр бойдақтың тағдыры бір кездейсоқтықтың ғана салдары екендігі сезіліп отырады. Сондықтан бұл шығарманың әлеуметтік немесе психологиялық астары тереңде деп тұжырымдасақ, көтере бағалаған болып шығар едік. Шығармаға идеологиялық талаптар қойылмағанның өзінде әлімсақтан келе жатқан эстетикалық қағидаттардың болатындығын естен шығармағанымыз абзал. Оқиға фонында ішінара жылт етіп көрініп қалатын әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, саяси жүйесіздік – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған құбылыстар екендігі өмір шындығы. Бірақ олар шығарманың негізгі көтеретін мәселесі емес, тек фон ғана. Романның тілдік қолданысында көзге түсетін кедір-бұдыр сөйлемдік құрылымдар, орашолақ тіркестер өте сирек. Сонымен бірге көркемдік бағыттағы ізденістің нәтижесінде туындаған көркемдік үлгілері, соны бояулар да ерекше менмұндалап тұрған жоқ. Қалай болған күнде де аталған
туындыда уақыт тынысы, өтпелі кезеңнің типтік құбылыстары біршама сәтті бейнеленген. «...Құдай бір айналдырса, келекесіне ұшыраған басты шыр айналдырады екен... Бір кездерде алдына биік мақсат қойып, күн ілгері сызған ұлы арман жолының нобайы түбірімен күл-талқан күйреді» (7-бет). «Ұяластар» романының (авторы – Әділбек Ыбырайымұлы) бастапқы беттерінде кездесетін осынау жолдар бүкіл шығарма мазмұнының әлеуметтік кредосы десе де болғандай. Өйткені ҚазМУ-нің журналистика факультетін бітіріп, өз болашағына үлкен сеніммен қарай бастаған Жапар есімді жас маманның арманы түбірімен қалай күйрегені ары қарайғы оқиғалар тізбегі арқылы көрініс табады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін жедел басталып кеткен жекешелендіру жұмысымен айналысатын мекемеге ілініп, әжептәуір бастық болып шыға келген Жапардың алдынан болашақ сағымдана қол бұлғағандай болып көрінуші еді. Бірақ оның осы арманына бөгеліс болған – туыстарының басынан өткен түрлі қырсықтар. Алдымен мал ұрлап, түрмеге түскен туысы Жүсіпті құтқару үшін басын тауға да, тасқа да ұрып, жанталасса, кейін саудагер әйелдің ақшасын тонаймын деп қолға түсіп қалған тетелес інісі Сапарды құтқару әлегімен болып кетеді. Бас кейіпкерді діңкелетіп жіберген – қолында билігі бар заң иелеріне жолығып сөйлесу, олардың тілін табу харакеттері, сыбайлас жемқорлық дендеген қоғамның тынысты тарылтып, бұғау салуы, туыстарын құтқарып қалу үшін жанталасып, әркімнен қарызға көп ақша іздеу сияқты тек әурешіліктерден тұратын тіршілік. Туыстары үшін күйіп жүрген замандағы мұндай таусылып бітпес тауқыметке шыдас беретін мықты денсаулық, темірдей беркі жүйке керек екендігі сөзсіз. Романның жалпы фабуласының негізгі бөлігі бас кейіпкердің осы бағыттағы құр әурешілікке толы сандалыстарынан тұрады. Осы жағынан алып қарағанда, романда бестселлер сияқты шытырман оқиғалы шығармаларға тән нышандар бой көрсетіп қалатын тұстары да баршылық. Адамдардың мінез-құлықтары мен мақсат-мүдделерінің ашылатын сәтттері де сондай оқиғалар үстінде. Бұл жағы шығарманың табиғатына бек жарасып тұр десек, артық айтқандық бола қоймас. Екінші жағынан алып қарағанда, шығармада психологиялық прозаның да нышандары байқалып қалып жатады. Бұл көркемдік құбылыстың шымшымдап көрініс табуы, сезілуі, негізінен, бас кейіпкер Жапардың ойтолғаныстары, күйзелісті көңіл күйі арқылы. Өздерінің пайдакүнемдікті ғана ойлаған ақымақтығынан имандылық пен заңның шеңберінен аттап, есі дұрыс адам баласы бара қоймайтын лас іске ұрынған адамдар – Жапардың жақын туыстары. Романның бастапқы беттерінде інісі Жүсіп мал ұрлығымен ұсталып, бір әке-шешеден туған ағайындылардың бас көтерері Жапарды әуреге салса, онан кейін тетелес інісі Сапар саудагер әйелді тонап, қолма қол істі болады. Онан кейінгі әурешілікке душар еткен
– кіші інісі Жайнақ, төбелеске қатысып жүріп, қосақ арасында кісі өліміне ортақтасып қалады. Осындай парықсыздықпен жасаған қылмыстары үшін ағайындылардың бәрі де құқық қорғау орындарының қолдарын түсіп, заңды түрде қамалады. Романның бүкіл фабуласын құрайтын мазмұндық компоненттер – бас кейіпкер Жапардың бауырларын түрмеде босатып алу жолындағы тауқыметті әрекеттері. Бірге туған жақындарының тағдырлары үшін де ол қолының қысқалығынан қарамастан, барын салып, түбі көрініп бітпейтін әуреге түседі, өзінің бар тірлігін жинап қойып, солар үшін күйеді. Екінші жағынан баласының бірі істі болғанына орай қиналып отырған шешесінің көңілін орнықтырмақ. Алайда басынан қаншама қиындықтарды өткізіп жүріп, су түбіне кетіп бара жатқан туыстарын құтқарып қалған сауапқа толы әрекеті ақталмайды. Сөйтіп бүкіл күш-қуатын, қаржысын, өлшеусіз уақытын, денсаулығын арнаған туыстары өзінің қуанышына ортақтасуға да жарамайды. Шығармадағы әлеуметтік идеяның түйіні табылатыны да осы тұс. Осындай бір бітіп болмайтын әурешіліктермен жанталасып жүрген жігіттің соңына қарай жүйкесі сыр беріп, ақылынан алжасудың аз-ақ алдында қалуы да – оқиғалар салдарынан туындайтын психологиялық тұрғыдан жасалған қисынды тұжырым. Бірақ болуға тиісті ондай жағдайға жеткізбеген оқыс оқиға – кейіпкердің тосын қазасы. Осы арада кейіпкерді жол апатынан өлтірмей-ақ, оқиғаны оның жынданып кетуімен аяқтаса, роман көркемдік тұрғыдан ұта түсер ме еді, қайтер еді деген ой келеді. Әрине, кейіпкер қазасының символикалық астары да жоқ емес, сонымен бірге ол – романдағы көркемдік өлшеміне сай жазылған ең әсерлі эпизодтардың бірі. Романда 1986 жылы жер-көкті шулатқан Желтоқсан оқиғасының да суреттеліп қалатын жерлері бар. Бұған қатысты нақты көріністер оқиға орын алған Алматы қаласындағы Брежнев атындағы алаңда өтіп жатады. Қазақтың ауылдан келген қарапайым жастарының өз ұлты үшін шеттерінен шейіт болатын тұстарын суреттеген эпизодтарды жайбарақат оқудың өзі қиын. Жастардың қазаға ұшырауына себеп – жазалау үшін әкелінген әскерлердің командирінің қазаққа деген өлшеусіз өшпенділігі, оның әмірін мүлтіксіз орындап, жастарды шетінен өлтіріп жатқан жауынгерлердің мейлінше қатігездік танытуы. Мұның ар жағында отарлаушы ұлт орыстардың да қазақ сияқты бұратана ұлтты жек көру сезімі жатыр. « – Жетпіс жыл бойы мойынымызға мінгізіп отырмыз, дандайсыған! Маржалар бел алып, автобустың ішін кернеп барады. Орыс атаулының бәрі қазаққа жирене қарайтындай..» (330-б). «-Аяқтары сыңғырлардың бәрі Брежнев алаңына барған. Неге сол жерде қырылып қалмайды! -Айтпаңыз, күндерін көре алмай жүріп, бас көтергендері несін алған?! -Шетінен аямай жазаға тартса екен!» (331-б.) Жазушы көп қаламгерлер бара бермейтін осынау ащы шындықты көрсету үшін еш мәймөңкесіз Желтоқсанның қанды оқиғасын натуралистік деңгейде көрсете білген.
Билік органдары тарапынан адам құқықтарын аяққа таптап, жүгенсіздікке баруы, қатардағы әскери адамдарды былай қойғанда, олардың командирі, еңгезердей полковниктің өзі жас қызды күрзідей жұдырығымен сілейте сабауы – сол замандарда құлаққашты болып кеткен «Осындай Совет адамы» деген үлгілі стандартқа мүлде қарама-қарсы сипаттағы факторлар. Жастарды қаланың сыртына алып шығыпы, шеттерінен бастарын сапер күректерімен қақ айырып,білгендерін істеп жатқандар да осындай үлгідегі Совет жауынгерлері. Алаңға барған студент Жапардың көзімен берілетін бұл суреттердің барлығы да – шын мәніндегі қанқұйлылық көріністері. Әдебиетіміздің қоржынында желтоқсан тақырыбына арналған шығармалар бұл күнге дейін едәуір қордаланып қалды деуге болады. Кейбір шығармалардың аңдатпасында Желтоқсан тақырыбы көтерілгені айтылғанымен, сюжеттік желісін қуалап оқи бастасаң, оқиғаға тікелей қатысты детальдардың тапшылығы көзге атойлап ұрады немесе тақырыпты желеу етіп, жанама нәрселерді термелеп кету нышаны байқалып қалады. Әділбек Ыбырайымұлының аталған романында әңгімені тақырып төңірегінде ғана өрбітіп, алыстан орағыту деген жоқ, басқа мәймөңкені былай қойып, автор ең алдымен Желтоқсан оқиғасының негізгі жарасын ашып көрсетуге ден қояды. Бірден алаңда болған оқиғаларды іріктей суреттеп, оның ең трагедиялы тұстары қазбалауы, Кеңес дәуірінде мейлінше белең алып тұрған отаршылдық жүйенің қатігездігін, сол жүйенің жемісі болып табылатын орыс шовинистерінің қазаққа деген теріс пиғылын батыл түрде ашып көрсетуі осының дәлелі. Тағы айта кетерлігі – романның кейіпкерлері әлдеқандай қомақты әлеуметтік немесе келелі тарихи мәселелерді шешумен емес, жеке бастық деңгейдегі проблемалардың шылауында жүреді. Өздері құрбаны болып жатқан сыбайлас жемқорлықпен күресуге де дәрменсіз, оған мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан аталған шығарма кеңестік дәуірдегі әдеби шығармаларда өзіндік мұрат ретінде танылатын социалистік реализм талаптарына жауап беруді мақсат етіп қоймаған. Ол, әринен, шарт емес. Бірақ қомақты қоғамдық идеяларды көтере алмаған соң, роман тәрізді көлемді қажет ететін жанрдың табиғаты да торлық ашылмай жатса, шығарманың әлі толық піспегені. Бұндай кемшілік басқ да шығармаларға тән. Қазақ халқының тарихындағы тақсіретті жағдаяттардың бірі – Арал теңізінің ортайып кетуіне байланысты. Теңіз деп аталатын бұл үлкен көлдің тартыла бастауы оның аквториясын мекендейтін тұрғындардың да тағдырларына тікелей әсер еткені түсінікті. Ал онымен жапсарлас жатқан Байқоңыр аймағында орын алған өзгерістер де экологиялық тұрғыдан тағы да күрделі күйінде қалып отырғаны жасырын нәрсе емес. Байқоңыр ғарыш айлағының экологиялық тұрғыдан алғандағы зияны жайында публицистика өкілдерінің қалам тербеп, теле-радио қызметкерлерінің хабар таратып жататыны рас. Қазақ жазушыларының бұл тақырыпқа көркем шығармалар арнауының себебі сонда тұратын халық тағдырына жіті назар аударғандықтан.
Бұл мәселенің қандай көркемдік шешім тапқанын осы бір тақырыпқа арналған екі туындыны қысқаша талдау арқылы көз жеткізе аламыз. Ол туындылар – Адам Мекебаевтың «Дауылы кенеттен көтерілетін жер» және Қуаныш Жиенбаевтың «Ән салуға әлі ерте» романдары. «Дауылы кенеттен көтерілетін жер» деп аталатын романының оқиғасы негізінен Сырдария өзенінің төменгі ағысына таяу жердегі қуаң алқапта өтеді. Жазушының «Дауылы кенеттен көтерілетін» деуінің мәнісі фабуланың дамуы барысында біртіндеп ашылады. Ол бүгінгі таңда экологиялық тұрғыдан аса өзекті болып отырған мәселелердің бірі ғарыш айлағының қазақ даласына тигізіп жатқан қасіретіне байланысты. Тепетеңдігі мен өзінің ежелгі қалпы бұзылған табиғаттың біртіндеп өзгеріске түсуі ғылыми тұрғыдан заңдылық. Жапан түзде келе жатқан адам аяқ астынан көтерілген қатты дауылдан абыржып қалады да, жанын қоярға жер таба алмайды. Жергілікті тұрғындар неге олай болуының себебін аңдап үлгірген екен. Байқап қарасақ, осындай шалт, тосын мінез таяу маңдағы Байқоңыр ғарыш айлағының тікелей көрінеді. Аспанға ғарыш зымыраны қалай ұшты, артынан жер-көкті шаңға бөктіріп, долы дауыл да солай көтеріліп кетеді екен. Роман кейіпкерлерінің, яғни жергілікті тұрғындардың бұған еттері үйреніп алған, аспаннан бөгде жолақ көрсе болды, артынан ауа райының күрт құбылатын болжамай-ақ біліп отырады. Романның бас кейіпкері, бозбала жігіт Азаматтың осы тақырып қозғала қалса, қасындағы кісілерге айтатын мәліметі мына тақілеттес: « – Біздің ауылда да осындай дауыл болып тұрады, – деп күбірледі. – Аспаннан космос кеңістігіне қарай созылған ақ жолақ із байқаса-ақ бітті, әлгі сіздер айтқа мерзім шамасында жындана соғатын қатты желді күте береміз. Күштілігі сондай, кейде есік алдында қалған анау-мынау жеңіл-желпі нәрселерді шыңылата ұшырып, басқа жаққа апарып тастайтын шағы да жиі ұшырасады» (Мекебаев А. Шығармалары, бірінші том. 131-б). Шаруа қамымен жүрген ел адамдарының айтар әңгімесі алдымен шаруашылық жайы. Ал сол шаруашылыққа, адамның денсаулығына кес болып тұрған не нәрсе дегенде, ең алдымен табиғаттың осылайша өзгеріп кеткен төтенше құбылысы сөз болады. Кейіпкерлердің өздерінің жеке өмірлерімен бірге жалпыхалықтық мәселелерді әңгіме өзегіне айналдырып отыруы да шығарма мазмұны бойынша қалыпты үрдіс. Өйткені көздерін тырнап ашқалы бар тіршілігі осы табиғатпен тығыз байланыста көрінетін еңбек адамдары үшін сол табиғаттың қазіргі қалыбын, өзгеріп бара жатқан жағдайын айтпай өту, оған көзжұмбайлықпен қарау мүмкін емес. Одан әрі әңгімені өрбіте келіп, романның тағы бір кейіпкерлері Шәңгерей мен Досболдың арасындағы диалог былайша өрбиді: «– Алдағы сен баратын жерден бұрынғы Аралдың бізге жақын толқын соғып жататын жағалауы елу бір шақырым болатын. Ал қазір теңіз суын көру үшін екі жүзден кем жүрмейсің.
– Қалайша? – Не қалайшасын сұрайсың, Сырдария мен Амудария өзендерінің бойындағы жоғарыдағы ел тасбөгет салып, қолдан су қоймаларын жасап, теңізге жеткізбей, құртып жатқан жоқ па?» (Сонда, 131-б). Жастар арасындағы имандылық, достық пен махаббат мәселесіне қатысты өмірде ұшырасып қалатын күрделі адамгершілік құбылыстарды ойға арқау ете отырып, жазушы қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдағы қасіреттерінің бірі болып табылатын Арал проблемасы мен ғарыш айлағы Байқоңырдың тіршілік иелеріне тигізіп отырған экологиялық зардаптарын көлденең тартады. Бұл тақырыптарға жазылып келе жатқан басқа да көркем шығармалармен салыстырып қараған жағдайда, жазушының ұстанатын көркемдік-идеялық бағыты өз тұрғысынан айқын. «Дауылы кенеттен көтерілетін жер» романының негізгі кейіпкерлері – өмірге қарай енді қадам басқан көкөрім жастар. Алғашында жоғары класс оқушылары ретінде көрінетін Қапан, Азамат, Балсая, Төлеутайлар мектеп бітірісімен, өмірге араласып, өз жолдарын айқындау қамымен әуреге түсіп жүреді. Оларды бір кездегі қазақ жастарын мал шаруашылығына жіберуді жақтаған Кеңестік саясаттың құрбандары деуге де келеді. Жас кейіпкерлер арасында орын алып жатқан түсініспеушілік те, психологиялық, моральдық бағыттағы тартыстар да – шығарма мазмұнына динамика беруге тиісті көркемдік атрибуттар. Дегенімен роман оқиғасының өрбуіндегі баяулық сыры неде деген сұрақтың туындауы ықтимал. Сюжеттің қарқынын бәсеңдететін себебін жазушының жалаң оқиғаны жедел дамытуға күш сала бермей, олардың әрқайсысының астарынан философиялық-әлеуметтік түйіндеулер іздеуінде болса керек. Қ.Жиенбайдың «Ән салуға әлі ерте» романы – қарапайым еңбек адамдарының тағдырлары мен бүгінгі таңдағы әлеуметтік ділгір мәселелерді ұштастыра көтерген шығармалардың қатарынан. Оның бас кейіпкері Әбдімәлік – бір қарағанда салдыр-салақтау көрінетін, мінезқұлығы жадағай, алаңғасарлау оптимист. Өзі әрі тепловоз машинисі әрі Байқоңыр ғарыш айлағы басшылығының қарапайым халық арасындағы өкілі. Айналасындағы жұрттың тілі таба білетін ақкөңіл де жұғымды жан болғанымен, мынау өмірде түсінбейтін, тіпті қаншама тырысса да, түсіне алмайтын құбылыстары аз емес. Осындай еңбек адамының бүгінгідей алашұбар, қым-қиғаш көзқарастар қақтығыстарының ортасында жүріп, әу баста діттеп алған өмірлік принциптеріне мақсаткерлікпен тынымсыз ұмытылып жатуының өзі кішігірім ерлікке пара пар болып көрінеді. Тепловоз жүргізушісі болып жүріп-ақ, Әбдімәлік өзі теңдес бұқара халықтың мүддесін ойлаудан, сондай ішкі беймазалықтың әсерімен түрлі қоғамдық істерге араласып кетуден тартынған емес. Араласа қояйын деп ұмтылып жүрген ол жоқ, оны белсенді етіп шығарып тұрған – мынау пәни жалғандағы таусылып болмас тіршілік түйткілдері, қақтығысқан қайшылықты жағдаяттар. Соның бірі айлақтан аспанға зымырандар ұшырудың салдарынан орын алып жатқан экологиялық зардаптар.
«Ән салуға әлі ерте» романында бас кейіпкер Әбдімәліктің жанын салып жүргені – осы түйінді мәселенің қалайда оң шешімін табу. Сол Байқоңырдың іргесінде жапсарлас жатқан қазақи мекен Төретам кентінің ахуалы қандай, оның тұрғындары неғып қалт-құлт өмір кешуде, зымырандардың ұшуынын зиян тартып жатса да, өкіметтің кеңшілігінен қаға беріс қалып қоя беретіні несі деген мәселе оған дейін көп ешкімнің басын қатыра қоймапты. Кеңес өкіметі ыдырап, бұрынғы мемлекет меншігіндегі шаруашылықтар тарап кеткен заманда бұл елді мекеннің тағдыры назардан тіпті шет қалған сыңайлы. Жазушы осынау әлеуметтік мәселені кейіпкер көзімен лирикалық шегіністер арқылы саралай келіп, роман оқиғасына қатысушы персонаждар тағдырларын да ширықтыра түседі. Жеке адамның күйкі тіршілігінің ел тағдырымен ұштасып жатуы алдымен шешілмеген түйінді мәселелер арқылы көрініс тауып отырады. Өздері дәл түбінде тұрып жатқандарымен, ғарыш айлағының аумағына жергілікті тұрғындардың ешқайсысы аттап баспаған. Оған рұқсат жоқ. Бір кезде тікелей алып державаның орталығы Мәскеуге бағынған бұл пұшпаққа қазақтың табаны Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін де тиер емес. Оның босағасынан алғаш рет аттап кірген жергілікті қазақ ол – осы Әбдімәлік қана. Онда да күн сайын емес, айына үш-ақ рет сығалауға құқылы. Міне, осындай ұлттық тұрғыдан түйінді болып келетін құбылысты бейелеу арқылы автор үлкен саяси деңгейдегі проблемаларды көркемдік шеңберінде қозғауға құлаш ұрған. Түйе сүтін құрғатып, осы жерден зеңгір көкке көтерілетін ғарышкерлердің тамағы ретінде айлақ басшыларының алдында идея тастап жүрген де осы Әбдімәлік. Жергілікті тұрғындарға мұрындары шүйіре қарайтын астам мінезді ресейліктер осы жолы қалыптасқан жағдаймен санаспастан, Әбдімәлік ұсынысын қабыл алады. Сөйтіп қазақ түйесінің сүті де ғарыш кемесімен бірге аспанға көтеріледі, ұлттық тұрғыдан алып қарағанда да осының өзі үлкен жеңіс. Табиғат берген қоғамдық белсенділігінің арқасында ел-жұрттың алдында беделі өсіп, қай әлеуметтік топтың да өз адамы саналып кеткен өңірдің белгілі адамы Әбдімәліктің жеке басының проблемалары өз алдына. Оқиғаның ортан белінен асқанда барып, автордың оқырман алдына көлденең тартатыны да – осы оқиғалық линия. Қаншалықты талантты, алғыр болса да, бағы ашылмай, өмірдің моральдық қиындықтарын көріп жүрген қызы Мейрамкүлдің тағдыры тіпті бөлек сюжеттің өзегіне айналуға лайықты. Оның басынан өткен түрлі хикаяттардың өзі жеке бір шығармаға жүк боларлық. Ал Әбдімәліктің әйелі Патшагүл болса, өз түсінігімен, өз кебімен өмір сүріп жатқан бір жан. Тым асау мінезі жоқ, сонысымен де айналасына жұғымды бұл кейіпкер – қазақ әйелдерінің өзіндік типтік үлгісі. Жанама персонаждардың көркемдік табиғатын ортақ талаптар деңгейінде аша білу қай жазушыға да сын. Бас кейіпкермен әр салада, әр
тарапта қарым-қатынас жасап жүрген жандардың бірі Қаражан бейнесін автордың күрделі етіп сомдап шығуы жанр табиғатына лайықты ізденістен туса керек. Романдағы бұл персонаж қыртысы мол, қулығы да жетерлік, заманың тазы болса, түлкі болып шал қағидатымен өмір сүруге бейім. Мынау пәни жалғанды қайтіп жалпағынан баса білудің философиясын бір кісідей меңгеріп алған. Ондай адаммен жақынырақ жұғысу кейіпкер үшін қай жағынан да тәуекелге бару деген сөз. Жалпы романда өзіндік болмыс бітімімен қызықты шыққан кейіпкерлер қатары біршама. Бірақ талдау көлемнің тарлығынан құлаштап талдау жасаудың мүмкіндігі шектеулі. Бүгінгі таңда адамдар арасындағы күрделі қатынастарды былай қойғанда, мемлекеттер арасындағы, тіпті құрылықтар арасындағы ахуалдардың шым шытырық болып келетінін жазушы баяндау барысында өзіне тән ұтымды юмормен жеткізеді: «Оның үстіне Еуропаңыз біз қарт құрылықпыз дейтін кеудемсоқтықпен Азияға әлі күнге дейін төбесінен қарағысы келеді. Ал Азияңыз да аспандаған көкірегін көрінгенге таптатқысы келмейді. Іштей текетірес, бақай есеп. Ақпарат кеңістігіндегі, интернет жүйесіндегі мәліметтерге сүйенсең, екі ұлы құрылық арасындағы достық ахуалына қылдай кінә таға алмайсың» [162 б]. Байқоңыр аймағынан басталған ірілі-ұсақты оқиғалар кеңістігі ұлғая түсіп, автордың көркем танымы осылайша құрылықтар арасындағы күрделі қарым-қатынастың табиғатын зерделеуге ауысып жатады. Жазушы қарапайым адамның күнделікті тіршілігіндегі ұсақ-түйек жағдаяттарды тәптіштеу барысында көркем кеңістік ауқымын кеңейте түсу жағына ықыласты. Сонымен бірге шығармада ішінара оқиғаға дайындық кезеңін кеңірек баянауға көбірек көңіл бөлінетінін де ескеру керек. Адамның жан дүниесіне үңіле түсуге жетелейтін оқиғалар фонының экологиялық-әлеуметтік мәселелер болып табылуы адам мен табиғаттың тұтастық нышанындай. Жекелеген кейіпкерлер бойындағы өзіндік мінезқұлықтарды да жазушының қисынын келтіріп, тарқата білуі де ізденіс амалдарының көрінісі. Осы арада Қуаныш Жиенбайдың аталған романын жаңа ғасыр көгіндегі дүниежүзілік әдеби ізденістерден қазақ прозасының да шет қалмағанын білдіретін шығарма ретінде де айта кеткеніміз абзал. Авторлық ұстаным мен кейіпкердің жаң дүниесіндегі бұрқаныстардың ұштасып жатуы, бірін бірі жетелеп шығып, тарқатылып беретін ой ағымы мен бейсаналық сипаттар жазушының өз көркемдік өрісін кеңейтуге тырысқан ізденісі деп бағалануға лайықты. Кідірісті болып көрінуі мүмкін жекелеген тұстарына қарамастан, қарапайым еңбек адамының тағдырын елдік мүдде тұрғысынан суреттейтін көлемді романнан оқырманның эстетикалық олжа ретінде танып алары, тауып алар тұстары жоқ емес. Ел өмірінің жиырма бірінші ғасырдағы ауқымды мәселелерін адам тағдырлары арқылы талдап көрсетуге арналған «Ән салуға әлі ерте» романы – қазақ прозасының кейінгі кезеңде көрініп жүрген үлгілерінің бірі.
Сонымен Адам Мекебаевтың «Дауылы кенеттен көтерілетін жер» және Қуаныш Жиенбаевтың «Ән салуға әлі ерте» романдарында ашық бейнеленген мәселелердің бірі – Байқоңыр ғарыш айлағы маңындағы ұшынып тұрған экология ахуалдың адамдар өміріне қалай әсер ететіндігі. Тақырып бір болғанымен, кейіпкерлер тағдырларын суреттеуге, сол арқылы идеялықэстетикалық түйін жасауға жазушылар әрқилы көркемдік ізденістер жолымен келген. Бірінші шығармада айлақтың ауыл шаруашылығына тигізетін теріс ықпалы бейнтеқор адамдардың тіршіліктері арқылы көрініс тапса, екіншісінде тікелей айлақ басындағы жағдайдың әлеуметтік-моральдық сипаттары суреттеледі. Бірақ айналып келгенде, осы шығармалардағы идеялық желінің сыздықтап келіп құятын арнасы біреу. Заманауи тақырыпқа арналған романдар шоғырының жеке-жеке алғандағы көркемдік бітім-болмыстары қысқаша алғанда осындай деңгейде. Уақыт шындығын сөз еткен романдардың табиғатына тәуелсіздік кезеңінің рухы сапалық өзгерістер енгізгенін айтып өткеніміз абзал. Көркемдік-эстетикалық талаптар тұрғысынан алып қарағанда, осындай замануи тақырыпты көтерген романдардың олқы соғатын тұстары бар ма? Шындықтың бетіне тура қарап, жоқ деп айту кімнің қолынан келер екен? Талданған дүниелер мінсіз деп айта алмаспын. Кемшілік атаулы әсіресе оларды кеңестік дәуірдегі тәуір романдардың бітімімен салыстырып қарағанда, анығырақ көрініп жатады. Ең алдымен жекелеген шығармалардағы тақырыптың ұсақтығы, кейіпкердің әлеуметтік деңгейдегі жүк көтере алмайтындығын айтпасқа болмайды. Соның салдарынан күнделікті тұрмыстық ұсақ мәселелерді төңіректей беру жағы басымдау. Кейбір кейпкерлер көлемді эпикалық туындыға бас қаһарман болудан гөрі екінші қатардағы персонаждың қалпында ғана әрекет жасап жатады. Мүмкін, роман авторлары алдыңғы буын өкілдеріндегі талант деңгейлеріне жете алмай жатқандай көрінуі де. Кеңес дәуірінде жақсы деп аталып жүрген романдардың негізгі ерекшелігі – жазылуының шымырлығында, сюжеттің қалпты үрдіспен дами отырып, кесек әлеуметтік ойларға әкеліп түйінделуінде, кейіпкерлер бейнесәнәі нақтылығында олып келетін. Осы айтылғанда тәуелсіздіктен кейін жазылған романдарды сылбырлау. Солай болған күннің өзінде заманауи тақырыпты көтерген жиырма бірінші ғасырдың бастапқы жалдарындағы романдар соны ізденістерімен, ой еркіндігінің қанаттана түсуімен, уақыт тынысын өз қалпында жеткізе білудегі талпыныстарымен оқырман көңілін жылыта алады. Пайдаланылған әдебиеттер Досжан Д. Ақ Орда, төрт бөлімді роман. – Астана: Елорда, 2005. – б. Мир Шайыр. О, данышпан Дүние. Роман-трилоия. – Астана: Астана-
полиграфия, 2008. 1-кітап. – 368 б. Мир Шайыр. О, данышпан Дүние. Роман-трилоия. – Астана: Астанаполиграфия, 2008. 2-кітап. – 368 б. Елубай С. Жалған дүние. Роман-ойтолғау. – Алматы: Қазғұрт, – 2003. 160 б. Батыр Д. Жарсыз өткен ғұмыр. Роман, әңгімелер. – Алматы: Құс жолы, 2008. 336 б. Ыбырайымұлы Ә. Ұяластар.Роман. – Астана: Фолиант, 2005. – 412 б. Мекебаев А. Шығармалары, бірінші том. 131-б.
ШЫҒАРМАДАҒЫ КӨРКЕМ УАҚЫТ – ӨТКЕН КЕЗЕҢДЕР Халық тарихынан сыр шерткен тәуелсіздік романдары Көркем әдебиеттің ауыр артиллериясы атанған роман жанрын игерудің оңайшылықпен келмейтіні әркімге аян. Жанр талаптарына қатысты бірнеше шарттарды дөңгелентіп еркін меңгеріп әкету үшін қашанда алдымен керегі жазушылық шеберлік екендігі де даусыз. Нарықты заманның алғашқы жылдары жазылуы ептеп бәсеңсіп қалған қазақ романы жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылдығында жалын қайта күдірейте бастаған сыңайлы. Оған дәлел – республика баспаларынан жыл сайын жарық көріп жататын осы жанрда жазылған ондаған туындылар. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қазақ зиялылары мен бұқара оқырманның көңілін бөліп, назарын тоқтататын тарихи-қоғамдық саладағы тақырыптар қатары молыға түсуде. Кеңес дәуірінде бүркеулі болып келген беймәлім сырлардың бәрі осы жиырмаға жуық жылдың ішінде әлі де толық ашылып болмағанына қалың көпшілікке жаңадан ұсынылып жатқан тосын мәліметтер куә. Осы кезең ішінде қолға тиіп жатқан құжаттық-мұрағаттық нақты деректермен бірге көркем шығарма арқылы да халқымыздың тарихына қатысты тың мағлұматтар да көрініс тауып келеді. Осындай романдар қатарынан Э.Төрехановтың “Ескендір мен Роксана”, Ж.Ахмадидың «Айтұмар», А.Смаиылдың «Тамұқтан келген адам», Ж.Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы», А,Мекебаевтың «Құпия қойма», Ш.Елеукеновтің «Әттең, дүние!», С.Қапшықбайұлының «Жоқ» және т.б. шығармалар көрінді. Э.Төрехановтың “Ескендір мен Роксана” атты тарихи романында атақты Александр Македонскийдің өмір жолы және оның сақ патшасының қызы Роксанамен адамдық қарым-қатынасқа түсуі әр қырынан баяндалған. Мұнда тарих қойнауына қиялымен жол шеккен қаламгер бағзы заманының қалтарысы мол, кейбір тұстары бұлыңғыр адами әлемі өзгеше күрделі заманды көз алдыңа әкеледі. Негізгі фабула тек Ескендір мен Роксана арасындағы махаббат мәселесіне ғана құрылып қоймай, жекелеген тарихи тұлғалардың іс-әрекеттерін, адами қалыптарын, өзара қарым-қатынастарын ашуғақызмет етіп жатады. Тіпті жеке тұлғалардың да арасындағы жағдайларды ғана емес, сол заманда тарих сахнасына шыққан белгілі бір мемлекеттердің де өзара саяси қатынастарын біршама ашып көрсете алған. Мысалы, шығарманың бастапқы бөлігінде ежелгі Грекия тарихын тәптіштеп талқылап кететін жерлері бар. Сонымен бірге Грекияның қас жауы болған Парсы патшалығының тарихи жағдайына шолу жасай отырып, оның сыртында автордың осы мемлекеттерге жағрафиялық жағынан жапсарылас шағын елдердің де жай-күйінен хабар беріп отыруды да ұмытпайды. Солардың арасында әсіресе оқырманның Сақ, Қаңлы, Марақанд және т.б елдердің тарихи жағдайлары туралы алатын мағлұматтар бірсыпыра. Осы
арада аталған романның тарихи-танымдық жағынан мол екендігін айтпай кетуге болмас. Өйткені тарихи шығарма өзінен-өзі танымдық рөл атқаратыны белгілі. Бірақ базбір авторлар алдыңғы планға тарихи адамдардың жан дүниесін, көзқарасын, қайраткерлігі мен азаматтық позициясын шығарса, екінші топтағылар танымдық мәселелерге көп мән береді. “Ескендір мен Роксана” романының авторы осы соңғы үрдісті көбірек ұстанған сияқты. Әрине, қазіргі қазақ мемлекеті орналасқан орасан зор аймақтың бағзы тарихына қалам сілтеген жағдайда бұндай тәсіл орынды да болар, ал тарих оқулықтарынан онсыз да белгілі өзге мемлекеттердің сол замандардағы саяси бейнесіне тереңірек талдау жасаудың аса бір қажеттілікпен туа қоймағаны анық. Таразының танымдық жағы осылайша басып кеткендігіне қарамастан, аталған романның көркемдік тұрғыдан орындалуында едәуір жетістіктер бар. Бұл жағынан алғанда басымырақ көңіл бөлетін жағдайлар — сюжеттік линиялардың сауатты түрде дамуы, басқа қаһармандар мен қосалқы персонаждардың бейнелерінің ашылуы, бұралаңы, кедір-бұдыры тапшы болып келетін әңгімелеу мәнері, бір сөзбен айтқанда, шығарманы жоғары көркемдік деңгейге көтеріп тұрған басты фактор — көркемдік құралдардың мүмкін болғанынша орынды да дұрыс пайдаланылуы. Көркем ойдың формасында ұсынылған сондай туындылардың бірі – қазақтың белгілі прозашысы Жанат Ахмадидың «Айтұмар» атты тарихи романы. 2009 жылдың соңына қарай жарық көрген бұл көлемді туынды қазақ тарихының Жоңғар басқыншылығына қатысты кезеңдері жайында эстетикалық барлау жасап, шежірелі әңгіме шертеді. Көркем шығарма болғанымен, жалпы фабулалық негізі тарихи оқиғаларды арқау еткендіктен, қазақ халқының ғұмырнамасында қасіретті беттерге айналған сонау Жоңғар шапқыншылығына қатысты шындықтың жекелеген тұстарына тоқталады. Роман нақты тарихи адамдардың есімдерін атап өтумен шектеліп қалмай, оларды сюжеттік желіні дамытуға себепкер болатын көркем кейіпкерлерге айналдыра алған. Қазақ жазушыларының бұрындары жарық көрген тақырыптас романдарынан етене таныс белгілі тұлғалармен оқырман тағы жүздеседі. Етене таныс дейтін себебіміз – қазақтың үш биі Төле, Қазыбек және Әйтеке, батырлары Наурызбай, Бөгенбай, Саңырақ, Малайсары, Сәмен, хан-сұлтандары Болат, Сәмеке, Әбілхайыр, Әбілмәмбет және басқа да тарихи есімдер осы кітапқа дейін-ақ әдеби кейіпкерлерге айналып үлгірген болатын. Атап айтқанда, бұл аталған кісілер – І.Есенберлиннің «Жанталас», Ә.Әлімжановтың «Жаушы», С.Сматаевтың «Елім-ай», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», ҚЖұмаділовтың «Дарабоз», Ж.Тұрлыбайдың «Райымбек» және т.б. романдарының да кейіпкерлері. Тарихи тұлғаны сомдау үдерісі кез-келген жазушының шығармашылығына жауапкершілік артып, үлкен эстетикалық салмақ салатыны белгілі. Ал қаһарман ретінде алынған тұлғалар бұрынғы
туындылардың кейіпкерлері болса, олардың бейнелерін жаңа бір қырынан суреттеп, тың бояулар қосу керектігі – шығармашылық қажеттілік қана емес, оқырманның да талабы. Тарихи кейіпкерлерді есте қалдыратын негізгі факторлар – әртүрлі сипаттағы өздеріне тән адами қалыптары мен тарихи образға тән кесек мінез-құлықтары. Көлемді шығарма сюжеттернің бірнеше тармақта дамып, кейде қиылысып, кейде алшақтап барып, қайта тоғысып отыруы – үлкен оқиғалардың шешім табуы жолындағы автор ойластырған көркемдік бедерлері. Романның эстетикалық табиғатын екшеу барысында жарыспалы сюжеттердің барлығын жіліктей талдап жату да шарт емес. Романның басты оқиғасын құрауға негіз болған себеп Дәулет батырдың көршілес қырғыздармен ақбас бура оқиғасына бола араздасып, ел тыныштығын ойлағандықтан, біраз уақыт бой тасалай тұруына байланысты өрбиді. Ел өмірінде ұшыраса беретін осынау түйткілді жағдайлардың баршасын шешіп алудың үнемі сәтті бола бермейтін тұстары бар. Дәулет батырдың жездесінен қалған тұяқ Күреңкейді қырғыздардың бурасы таптап өлтіруінен басталған оқиға барған сайын ушыға түсіп, екі ел арасын жауластыруға айналады. Оқиға өздеріне тиімді сипатта шешіліп-ақ кетер еді, егерде Дәулет батырдың алдын ала жасаған амалын Ергәшбай сатқын айтып қоймағанда. Дәулет батыр кісі өлтірген бурамен жекпе-жекке шығып, оны жеңетін болса, қырғыздар жағының тиісті айыбын төлемек болуы да екі халыққа тән әдет-ғұрыптың бір этнографиялық көрінісі іспеттес. Ал жеңіліп қалса, өз обалы өзіне деу де атағы шыққан батырдың есіміне сын екендігі кезең психологиясына үйлесімді. Бірақ қаһарын шашқан айбынды ақбас бураны жекпе-жекте жеңу оңайшылықпен жүзеге асатын шаруа емес екендігін Дәулет батырдың жіті сезінуі, сөйтіп оған қарсы амал жасай білуі кейіпкердің сұңғылалығын, алдын ала болжай алатын көрегендігін байқатса керек. Осы арада көрінетін – көшпелі қазақ психологиясының тереңдегі. Ақбас бураны батырдың оңашада күні бұрын сабап жасытып алғанын қасындағы Ергәшбайдың қарсы жаққа айтып қоюы сатқындық екендігі де сөзсіз еді. Осы арада адамның алған тәлімінен шығатын сатқындық пихологиясының әлеуметтікморальдық сипаты ашылады. Ұлы жүздің Дәулет батыры көршілес қырғыздармен ақбас бура оқиғасына бола араздасып, ел тыныштығын ойлағандықтан, біраз уақыт бой тасалай тұруды жөн көреді. Оның Арқаға ауа көшіп, нағашыларына барып паналауында осындай ел бірлігін ойлаудан туындайтын мінәйім себеп жатыр. Өзіне лайықты жарды да осы Арқа өңірінен тауып, одан ұрпақ көреді. Ол – кейін хан сайланатын кішкене Нұрабай. Баланың нағашы әжесі Шақылдақ (шын есімі Күндіқыз) ел-жұртына сөзі өтетін алымды да ақылды кейуана болса, оның тәрбиесін көрген Нұрабайдың бойындағы ерекше қасиет, білімділік пен шешендік, ақылдылық сол киелі тәрбиенің жемісі екендігі сөзсіз.
Он төрт жасқа толған жиенін Шақылдақ әже ата-баба еліне, Жетісу жеріне алып келіп, өзінің қан жағынан тегі бір түпкі туыстарымен жолықтырады. Төле би бейнесінің романда айқын көрініс беретіні де осы кезде. Дәулет батырдың Арқадағы апасына қарай уақытша қоныс аударып кетуінің мақсаты – намыстан өртеніп тұрса да, ел тыныштығын ушықтырып, бұзып алмау. Батырдың бұл игі ниеті жүзеге асады және сол Арқа жерінен өзіне лайықты аруды тауып алып, одан ұрпақ көруі де қызықты оқиғалардың өзегіне айналған. Кішкене Нұрабайдың бүкіл өңірге аты шығып тұрған Шақылдақ әженің тәрбиесінде ерекше дарынды түлек болып өсіп-жетілуі – қазақи болмыстың тағы бір қырын бейнелеп көрсететін қызықты ситуация. Баланың нағашы әжесі Шақылдақ ел-жұртына сөзі өтетін алымды да ақылды кейуана болса, оның тәрбиесін көрген Нұрабайдың бойындағы ерекше қасиет, білімділік пен шешендік, ақылдылық сол киелі тәрбиенің жемісі екендігі сөзсіз. Жиені он бес жасқа толғанда, Шақылдақ әженің оны тарихи тамыры ата-баба жеріне алып келуі, сөйтіп Төле би бастаған ел ағаларының алдында сынаққа алуы қазақ халқына тән парасаттылық көріністері. Әсіресе ел жақсыныларының алдында он бес жасар жеткіншектің сұрақтарға тайсалмай, ұтымды да дәл жауаптар беруі оқырманды бей-жай қалдырмайтын, керісінше, еріксіз тәнті ететін әсері мол елеулі эпизод.Балалықтан әлі шығып үлгірмеген жеткіншектің ел жақсыныларының алдында түрлі сұрақтарға ұтымды да дәл жауаптар беруі еріксіз елеңдетіп тастайды әрі оның болашағынан үлкен үміт күттіреді. « – Сен өзің қайдан келдің? – деп қаттырақ сұрап қалды. Бұнысы жазығы жоқ әдемі балаға ұрсып тұрғаны екен деп қалған біреу арашалай сөйлеп: - Е, ойын баласы, қайдан келдің дерің бар ма, – дей беріп еді. Баланың жауабы басқа екен. - Адам Атаның ниетінен, Хауа Ананың рахымынан келдім, – деді. Әжесі: - Ниеті не, рақымы не? – деп еді. Сөзге сұранып тұрған, бар болмысымен қаршығадай қағілез, елгезек бала тосылмай: - Ниеті – Адам Ата Алладан ұрпақ беруін сұрады. Рақымы Хауа Анамыз он ай көтеріп, омыртқасы үзіліп, иегінің жігі ажырап дүниеге әкелді. Ол аздай біз үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтімен асырады, – дегенде барып, Төле би бастаған үлкендер бұның сауал-жауап екенін түсінді» (317-б.) Осындай тапқырлығымен, шешендігімен он бес жасында-ақ атақты Төле би бастаған үлкендердің назарына іліккен алғыр жас біртіндеп, айналадағы ағайын-туғанның ғана емес, ел-жұрттың да көңілінен шығады.Жеткіншек пен әжесінің жұрт алдында ақыл сайыстырып, жауаптасуы шешендіктің биік деңгейіне шыққан диалог десе де болады. Әже тәрбиесіндегі жас баланың адам қоғамына қатысты моралдьдық-әлеуметтік, діни мәселелерді шашасына шаң жұқтырмай біліп тұруы, сақылдатып сайрап тұруы өмір шындығынан онша алыс жатпаса керек.
Басқа да тарихи тұлғаларды әртүрлі қаламгерлік тәсілмен көркем түрде кейіпкерге айналдыра отырып, жазушы солардың фонында бас кейіпкерінің бейнесін де мүмкіндігінше нанымды түрде кескіндеуге мән берген. Шетсіз-шексіз кең сахараны еркін жайлап, мал бағып тіршілік кешетін қазақ халқының салт-дәстүрі мен психологиясы сол өмір сүру тәсіліне орай кеңдікке бейімделіп кеткендігі романда жалаң баяндалмайды. Әрбір оқиғадан, кейіпкерлер арасында орын алып жататын түрлі тартыстардан жазушы ұлттық сипатты таныта алатын орнықты түйіндеулер тауып отырады. Елдің елдігін таныта алатын сондай тарихи атрибуттардың бірі ретінде көрінген сахна – қазақ жұртының хан сайлау дәстүрі. Қазақ тарихының айнымас салты ел басқару билігін тек Шыңғыс әулетінен тараған хансұлтандар тұқымдары ғана иелене алатындығы, ал қара қазақтан шыққан азаматтардың мұндай билікті алуға құқығы жоқ екендігі де романда көтерілген әлеуметтік мәселелердің бірі ретінде оқырман үшін танымдық мәнге ие болады. Бұл дәстүрдің игі тұстарымен бірге шетін жақтары да жазушы назарынан тыс қалмаған. Ғасырдан ғасырға созылып келе жатқан осынау ата салттың тиімді жақтары қандай, кемшіліктері неде деген мәселеге де оқырман ойын бір сәт кідірте білуі де автордың тарихи проблемаларға көзжұмбайлықпен қарай алмайтындығының нышаны дерлік. Басқа ел ағаларын былай қойғанда, Үйсін Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің бұл мәселеге ерекше назар аударып, хан сайлау процедурасының бұзылып кетпеуін қадағалай білуі ел ішінде қалыптасып қалған заңдық жүйенің соншалықты берік екендігінен де хабар беріп тұрғаны анық. Ел басына күн туған замандағы түйінді оқиғаның бірі осы мәселенің төңірегінде өрбуі тарихи шындықтан алыс жатқан жоқ. Хан сайлау мәселесі арқылы қазақтың әдет заңдарының бір парасы төбе көрсетіп, қазақ деген халықтың ұлттық мәдениеті мен құқтық әлемінен де хабардар етеді. Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін Жетісу өлкесін жайлап жатқан қабырғалы қалың ел көш бастайтын көсемсіз қалғандай болады. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ақ кигізге салып, заңды түрде хан көтермесе де, әр жерден хандар пайда бола бастайды. Атап айтқанда, Дулат ұлысы Жаныс Бәйтікті, Қаңлы жұрты Қошық бекті, жапсарлас жатқан қырғыздар Көкім бекті хан деп төбелеріне көтерген. Енді осыларды көріп тұрып, Тау Түргеннен Таласқа дейінгі аймақты мекендеп жатқан Шапырашты руының адамдары да өздеріне хан сайлап алуды ниет қылуы сол замандағы тарихи талап пен қоғамдық ой тұрғысынан қисынды. Сонда олардың іске татыр деген азаматтарды іріктеп келіп, тоқталғаны – Қарасай батырдың шөбересі Дәулет батырдың Нұрабайы болады. Бұл кандидатураны сонау Ташкентте жатқан Төле би де қолдайды. «Ұлы жүздің ханын осылай қарадан сайлайтынымыз рас болса, онда Нұрабайдан өткен ешкім бола қоймас» (401-б.) деп, тұжырымдайды ол. Осы аға бидің арада қиын-қыстау бір кезеңде Жоңғар
ханы Халдан Церен Жетісу елін үшінші рет шаппақ болғанда, Нұрабайдың елшілік жасап, өз жұртын қырғыннан аман алып қалғанын еске алуы да орынды. Ханның тек Шыңғыс тұқымынан сайланатын қалыптасқан дәстүрін бұзып, қарадан хан сайлауға қарсылар да баршылық. Әсіресе қазақтың ата жауы жоңғарлар. Небәрі жиырма бес жасқа жаңа келген Нұрабайға қастандық жасап, өлімге душар еткен де солар. Қысқа ғана ғұмырында елдің тыныштығы үшін біраз жұмыс атқарып кеткендігі романда жекелеген нақты оқиғалар арқылы суреттелген. Жоғарыда есімдері аталған белгілі тарихи тұлғалармен бірге оқырман қауым бұл шығармадан тақырыптас өзге романдардың беттерінен көріне қоймаған кейіпкерлерге де жолығады. Атап айтқанда, олар – Айқым Әйтек батыр, Дәулет батыр, Қараш батыр, Бұрқыл би, Шымыр Қойайдар, Ысты Нұрмамбет, Жарылғаптың үлкен ұлы Қастек және басқа да өмірде болған белгілі ел адамдарының бейнелері. Бұлардың арасында тәуір сомдалған образдар кездескенімен, кейбіреулері көбінесе бірыңғай тізім ішінде ғана аталып отырады. Шығармашылық талаптар тұрғысынан алып қарағанда, тарихи роман жазудың өзіндік ерекшеліктері бар екендігі ескере білген абзал. Оған қойылатын басты көркемдік талаптардың бірі – өмірде болған шындықтан тым ауытқып кетуге мүмкіндіктің шектеулі екендігі. Бұл үрдісті дұрыс ұстана отырып, «Айтұмар» авторы ішінара жекелеген деректерді екшеуде асығыстық жасағандай әсер қалдырады. Мұндай шығармаларды қолға алған оқырманның алдымен назар аударатыны – тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың қалай жазылғандығы. Негізгі сюжеттің де сол төңіректен табылып жатуын қалап отыруы да – рухани сұраныстан туатын заңдылық. Кейбір тарихи шығармалар осындай бірінші кезекте айтылуға тиісті мәселелерден гөрі күнделікті тіршілікке тән екінші қатардағы өткінші жағдаяттарды термелеп кетуге бейім болып келеді. Сондай ақаулықтан бұл роман ада десек, асыра бағалағандық болар еді. Шығармада басты тарихи оқиғаларды, бас кейіпкерлердің образдарын ашуға тікелей қызмет етпейтін баяндаулар, жанама сюжеттер жоқ емес. Ел үміт артқан хандардың біркелікі болмайтындығы, белгілі бір жағдайларда олардың өз міндеттері мен жауапкершіліктеріне әр түрлі көзқарастар тұрғысынан қарайтындығы, ел басқарған адамның жеке көңіл күйі үстемдік алып, халық мүддесінен жоғарылап кеткен жағдайда оның өзі сол халықтың тағдырын қиындатуға әкеліп соғатыны да романда тарихи мысалдармен көрініс тапқан. Бұл айтылған әлеуметтік-писхологиялық қайшылықтың көрінісі Әбілхайыр ханның шешімдері арқылы бейнеленген. Аңырақай соғысынан кейін оның өз қарауындағы Кіші жүз қолын жинап алып, қазақ халқының тағдыры шешілетін бұдан кейінгі соғыстарға қатыспастан, еліне қарай тартып кетуі де кейіпкердің жеке эмоциясынан, эгоистік мінез-құлқынан туындап жатқандығын жазушы қысқа қайыра
отырып-ақ жеткізе білген. Әбілхайыр ханның Орыс патшасынан бодан болуды сұрап хат жазуы, тіпті ол бұл хатты елемей қойса да, болмай отырып, елінің кіріптарлыққа душар болуын сұрануы және оны айналасына кең түрде жария етпеуге тырысуы таза жазушылық трактовка еді деуге болмас. Әбілхайыр ханның осы әрекеті басқа да тарихи шығармаларда, атап айтқанда, Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз» тәрізді романдарында сөз болатыны белгілі. Алдыңғы дилогияда Әбілхайырдың Ресейге қазақ елін қосу туралы шешімін тарихи және психологиялық тұрғыдан ақтап алу сарыны сезіліп отырады. Аталған роман авторы бұл мәселеге мүмкіндігінше обьективті түрде келе алған деп айтудың қисыны жоқ емес. Сонымен бірге қашанда елі үшін ерлік жасауға бейім Әбілхайырдың бейнесінде күрделілік басым. Ж.Ахмади – жазушылық тілінің құнарлы қырларымен оқырман назарын аударып келе жатқан қаламгер. «Айтұмар» романында да оның осы биік өреден түсе қоймағаны, қанатты сөзге айналар сәтті тіркестерді жиі қолданып отыратындығы бұл тұжырымның дәлелі болса керек. Қалай болғанда да ол ұсынған жаңа шығарманың маңызды жағы қазақтың тарихи романдар қатарын тың мәліметтермен толықтыруы. Жекелеген босаң тұстарының ұшырасып қалатындығына қарамастан, романды қазақтың өткен тарихының көркем көріністеріне сусап отырған заманауи оқырманның кенезесін қандыра алатын туынды деп тануға мүмкіндік береді. Соның бірі – жазушы Жолтай Әлмашұлының 2007 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Күлкі мен көз жасы» деп аталатын романы. Екі кітаптан тұратын көлемді туындының мазмұны жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласын қамтыған әр алуан ірілікішілі оқиғалардан тұрады. Бірінші кітаптың фабуласы Нарша бай мен оның айналасындағы жандардың тағдыр-талайы мен таптық емес тартыстарын сөз етсе, екінші кітапта алдыңғы планға шығатын – саяси өзгерістер салдарынан туындаған жеке адамдардың қиын да қызғылықты тағдырлары. Екі тараптағы осы екеі шоқтықты мәселе қосылып келгенде, нәубетті кезеңдердің құрбаны болып жүретін қазақ деген момын халықтың тарихи бейнесі шетпұшпақтап көрініп қалады. Романның алға қойған көркемдікидеялық мақсаты да осы болса керек. Бірінші кітаптың орталық кейіпкері Нарша байдың ірілі-уақты оқиғалар арасында сомдалуы өз заманына сай кескінделген қазақ ауқаттыларының белгілі бір типін еске түсірерліктей деңгейде. Шалқыған аса мол дәулетке ие болмаса да, ауыл-аймақта ауызға ілігерліктей болып қордаланған байдың жинағандары өз айналасы мен бала-шағасының игілігіне жетуге жарап жатыр. Бірақ кітаптағы идеялық емеуіріннің ыңғайына қарағанда, байлық бар жерде тартыс та болуға тиісті. Бірінші кітаптағы басты тартыс қазақ қоғамына тән шаруашылық укладына байланысты, атап айтқанда, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, бітпей келе жатқан кәдімгі жер дауының төңірегінде өрбиді. Жайшылықта «сіз жақсы,
біз жақсы» болып, алыстан сыйласып жүретін Қосай, Шарай, Тақыр, Нарша сияқты байлардың көңіл күйлері осы жер мәселесіне келгенде нілдей бұзылып сала беретіні неліктен. Байыптап қараған жағдайда, ондай шиеленістің астарында таза экономикалық мүдде жатқанын аңғаруға болады. Мал өрісі, ел қонысы сияқты мәселелер бұл кісілердің ең жанды жері, лажы келсе, қай-қайсысы да жіліктің майлы басын өздеріне қарай тартып алуға даяр. Бірақ жан-жақтан анталап шұрайлы жайылым, шүйгінді өріс іздеп жүрген өзге әріптестері мұндай өктемдікке мұрша бере қоя ма? Жайшылықта жап-жақсы болып жүретін естияр ел ағаларының бастарын өзара пісіре алмай жататын үлкен мәселенің бірі осы. Романның бірінші кітабында осынау келелі оқиғалардың айналысында өрбитін ірілі-уақты тартыстар жекелеген оқыс оқиғаларға, шиеленісті жағдайларға мұрындық болып жатады. Бұл заңды да. Жалпы сюжеттің ширығуына кездейсоқ жағдайлар емес, адамдар арасындағы түрлі тартыстар серпін беретінін роман авторы жазушылық инстинктпен жақсы түсіне отырып, осынау көркемдік құралды ұтымды пайдалану жағын үнемі қаперде ұстай біледі. Оқырмандардың басым көпшілігі қазақтың байы деген ұғымды кеңестік дәуірде жазылған көркем шығармалар арқылы ғана елестетуге бейім екендігі де жасырын емес. Жинақтап айтқанда, қазақтың байы оқырманның көз алдына «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Қарабай немесе С.Мұқановтың «Ботагөз» романындағы Итбай типтес болып елестейді. Яғни, ол дегеніміз – қыруар мал жиғанымен, айналысына, ағайын-туғанына шапағаты жоқ, өзінің танауының астынан басқаны көре алмайтын, өрісі тар, өнегесі надан, сасық байлар. Эстетикалық пайымдауларды таптық саясатқа байлап қойған әдебиетте мұндай жағдайдың орын алуы заңды да еді. Аталған романдағы жазушының бір идеялық жетістігі – бүкіл жиырмасыншы ғасыр бойы қалыптасқан осынау стереотиптік ұғымға көркемдік барлаулар жасау арқылы өз тарапынан көркемдік соққы беруі. Нарша образын әр қырынан бейнелей отырып, қазақ байы тек надан болған деген түсініктің жаңсақ екендігін, олардың арасынан ойлы да сезімтал сұңғыла жандар да шыққандығын көркемдік логика тұрғысынан дәлелдеп көрсете алады. Өзінің байлығын қалай сақтап қалумен ғана бас қатырмай, ұрпағының келешегі туралы толғануы, бәйбішесінен бастап, әр әйелінің қас-қабағына қарап, жан дүниесіне үңілуге тырысуы, өзіне қарасты ағайындардың бастарына түскен қиыншылықтарға да сергектікпен көңіл бөле білуі, өзімбілемділіке салынбай, қысылтаяң жағдайларда жұқалтаң кішкене адамдардың да ақыл-кеңесіне құлақ түріп отыруы және т.б. тәуір қасиеттері – Нарша байдың бейнесін адами тұрғыдан биіктете түсетін моральдық факторлар. Қазақ байының бұл айтылған ұнамды жақтарын суреттеу барысында жазушы кейіпкерін нақ осындай етіп шығарсам деген мақсаткерлік жолын ұстанбайды, қолдан иіп әкелу нышаны бар деп айта алмайтынымыз сондықтан. Тартыстар мен оқиғалардың дамуы барысы, шиеленісті
жағдайлардың ширығып келіп, табиғи шешім табуы оқырманды осындай түсінікке біртіндеп әкеліп, иландыра алатындай деңгейде. Қазақ байының жаңаша жасалған образының табиғаты логикалық тұрғыдан нанымды. Романда суреттелетін өзге байлардың бейнелері де бір-бірін қайталамайды. Екінші қатардағы кейіпкерлер ретінде көрінгенімен, Қосай, Шарай, Тақыр және басқалары өмірлік жеке көзқарастары, мінезқұлықтары арқылы біршама дараланып, оқиғалар фонында өздерінің адами қалыптарымен есте қала алады. Рас, бұлардың барлығы да Нарша тәрізді парасат деңгейіне көтеріле алған десек, артық айтқандық болар еді. Жазушы байдың образын жаңаша жасай отырып, қазақ байларының барлығы осы Наршадай ақылды әрі сезімтал болған еді деген идеялық концепцияны ұстанудан аулақ. Тартыстар үстінде бай атаулының барлығы бұл кісінің өресіне жете қоюы екіталай екендігі де аңғарылады. Олардың өздеріне дәулет жинау жолындағы іскерліктері, ілкемділіктерімен бірге озбырлықтары да жоқ емес. Оқырманның белгілі бір санатына керек кезде әділдік атаулыны белден басып жібермесе, оның несі бай деп пайымдау тән екенін жасыруға болмас. Қазақтың феодалдық қоғамына тән бақастық, іштарлық, эгоистік белгілер, бәсекелестік ұғымдары сол қоғамдық формациямен бірге кетті деп пайымдайтын болсақ, қатты қателескеніміз. Нарша байды күндеп, түрлі саққа жүгіртетіндер, байлық жасау жолында әрқилы бақталастыққа, оспадарсыздыққа жол беретіндер, тіпті осылайша тақаса берудің салдарынан бірі-бірімен ішараздыққа барып, өштесіп кететін романдағы кейіпкерлер қай заманда да болған. Байлар арасындағы түрлі шиеленісті мәселелердің моральдық сипаты бүгінгі замандағы «жаңа қазақтардың» әлеуметтік қалпының динамикасымен үндесіп жатқанын ескерсек, аталған шығарманың өміршеңдік сипаты да айқындала түспек. Жазушы Жолтай Әлмашұлы қазақ қоғамындағы түйінді әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, шығарма мазмұнының саяси ұстанымдармен шектеліп қалмау жағын ескерген. Ең алдымен замана аласапыраны кездеріндегі жеке адамдардың жан күйзелісін тіршілік, толқындарын суреттеу арқылы-ақ роман эпикалық кең тынысқа қарай қол созып тұр. Қазан төңкерісінен бұрынғы кезеңді суреттейтін көркем шығармалардың барлығында да тап тартысын бейнелеу және жай ғана бейнелеп қоймай, байлардың әділетсіздігін, кедейлердің көрген қиянаттарын ашып көрсете отырып, таптық тұрғыдан орын алған теңсіздіктерді әшкерелеу алдыңғы орында болып келгені жақсы мәлім. «Күлкі және көз жасы» романы идеясының келесі бір назар аударатын тұсы – негізгі әлеуметтік-қоғамдық тартыстарды тап тартысын араластырмай, қатыстырмай құруы. Бұл тұрғыдан алып қараған жағдайда да шығарманың көркемдік өзегін саясаттан тыс, таза эстетикалық нысан ретінде қарастырудың талаптары байқалатыны анық. Басты шиеленісті жағдайлар бай мен кедей арасындағы таптауырын үрдіспен емес,
әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан, жекелеген адамдар мен белгілі бір әулеттердің арасында өрбиді. Қазақ халқының әлеуметтік пішіні де солардың өз арасында дамитын оқиғалар мен олардың шешімдері арқылы көрініс тауып отырады. Оқиға даму барысында ұшырасатын жекелеген кедейлердің қиянат көріп қалуы Қазан төңкерісіне дейін қазақ қоғамында таптық тартыс күшті болған деген түсінікті білдіре алмайды. Мәселен, Серекбай қойшының өрісте жүріп таяқ жеп қалуы байлар арасындағы бақастықтың, іштарлықтың салдары ғана. Оның басындағы бұл сорақы жағдайды тап тартысының көрінісі деп қарастыру өмір шындығымен толық жанаса қоймаса керек. Немесе Құлан ақын мен Ақтиін тоқал арасындағы сүйіспеншілік оқиғалары қандай формациялық жағдайларда да орын алуы әбден ықтимал таза жекебастық мәселелер. Романнның екінші кітабында алдыңғы планға Нарша байдың үлкен баласы Жақсыбай шығады. Қазан төңкерісінен кейін дауылдатып өткен аласапыран Нарша байдың әулетіне де оңайға соқпағаны, айрандай ұйып отырған ынтымақты ұрпақтың замана тепкініне шыдап тұра алмастан, тозғынға ұшырап, жер ауа көшуі жалпы сол бір нәубет жылдарындағы қазақ халқының басына түскен ауыр зобалаңның көріністері болатын. Бүкіл бір аймақ бетіне қарап, бетке ұстарымыз деп отырған Наршаның жат өлкеде, тәжік жерінде аһ ұрып барып, армандаған күйі көз жұмуы оның ұрпағына да зауал төнгенін сездіргендей. Оқырманның мұндай түйсігі алдамайды, өз белінен тараған балаларының, үмітті азаматтардың алғашқылары Наршаның көзі тірі кезінде-ақ қуғынға ұшырап, ажал құша бастайды. Жастайынан оқу-білім қуып, заманның қиындығына қарамастан, халқының қамын жей алатын зиялы азамат болып қалыптасып қалған Жәлденнің жұмбақ жағдайда қазаға ұшырауы осынау ұрпақ трагедиясының басы екен. Наршаның көзі кеткеннен кейін араға біраз жылдар салып, Қалданның жалалы болып, түрмеге түсуі, сол түрмеде жатып, кісі қолынан қаскүнемдікпен өлтірілуі роман оқиғасының шарықтау шегі десе де болғандай. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі жиырма шақты жыл көлеміндегі қуғын-сүргін, аласапыран қазақ даласын күйзелтіп кеткені сөзсіз. Бір көңіл бөлерлік жағдай – жазушы осы шығармасында сол бір зобалаң заманның соқталы кезеңдеріне арнайы акцент жасап, тақырыптың өзекті жағы етіп ала қоймаған. Атап айтқанда, қазақ даласына дүбірлі оқиғалар әкелген қаралы 1916 жыл, Ақпан және Қазан төңкерістері, Азамат соғысы, 1928-1933 жылдардағы кәмпеске мен ашаршылық, сияқты айтулы кезеңдерге елеулі көркемдік жүк артылмайды. Осылай болып еді деп айқайлау, қасіретті шақтың тарихи түп-төркініне үңілу, себеп-салдарына көңіл бөлу деген мәселелерді автор бірінші орынға шығармаған. Тіпті бұл кезеңдердің себепсалдарына жасалатын талдаулар да сараң. Жеке адамдардың тағдырларын тақуалай әңгімелей отырып, олардың сыртында болып жатқан, бірақ сырт
айналып өте қоймаған тарихи-саяси оқиғалардың басты көріністеріне назар аударылмай жатады. Қазақ қауымын елеулі тарихи оқиғалардан саналы түрде тысқары бейнелеу көркемдік шындыққа кесел келтіріп жүрмес пе екен деген сауал туындап жатса, «бұл қалай?» деп қарамаған абзал. Белгілі бір көзқарастар тұрғысынан мұның өзі олқылық болып табылып қалуы да ғажап емес. Дилогияның екінші кітабында идеялық бағыттың ат басын көбірек бұратын тұсы – отыз жетінші жылғы халық жауларын іздестіру науқаны. Оның айқын көрінісі – бірнеше кейіпкердің осы науқан барысында құрбандыққа айналуы. Қысылтаяң шақта Тәжікстан жеріне жан сауғалап барған Нарша байдың үрім-бұтағын тоз-тозын шығарған серпінді күштің бірі де – осы қаралы науқан. Ел-жұрты үміт күткен көзі ашық немересі Жәлден белгісіз жағдайда қазаға ұшыраса, байдың өзі де күйзелістің салдарынан жат жерде дүниеден озады. Оның үлкен ұлы Жасыбай, немерелері Кәрібай, Шәден, Қалдан Ақмолаға, КарЛагқа жер аударылады. Байдың бетке ұстар тұқымының бірі еті тірі жігіт Қалдан жаламен түрмеге түсіп, ақыры сонда қазаға ұшырайды. Драмаға толы бұл қуғын-сүргін, сөз жоқ, отыз жетінші жылы серпін алған қудалаудың ауыр салдары. Бірақ осы арада пенде баласына тән тағы бір жат мінез төбе көрсеткен. Ол – ағайын арасында атадан балаға мирас болып, бітіспей келе жатқан өзара дұшпандық, сол дұшпандық сезімінен туындаған кекшілдік. Былай қарағанда бір адамның емес, бүкіл елдің басына түскен ауыр нәубет бәрін ұмыттырып жіберсе керек еді. Басқаны былай қойғанда қазақ халқының жартысына жуығын сайда санын, түзде ізін қалдырмай, жалмап кеткен ашаршылық кезеңінің өзі осынау кекшілдік сезімге ноқта сала алмапты. Кекшілдік бастауында тұрған Қосай болса – Нарша байдың замандасы. Байдың сүйегі әлдеқашан қурап қалса да, бірақ олардың ұрпақтары мен жақтастары Тақыр, Бадырақ Бейсен, Бықсық Бәкір сияқты сілімтіктер Нарша тұқымынан кек алмай тынбақ емес. Қандары сонша қараятындай Нарша олардың әкелерін өлтірген жоқ. Бірақ азуларын басқан кекшілдердің бәрібір қан шығармай тоқтайтын түрлері байқалмайды. Дилогиядағы тартысты күшейтіп тұрған әлеуметтік фактордың бірі – осынау кек алуға қатысты оқиғалар Отыз жетінші жылдың дүрбелеңін Наршаның жаулары өз мүдделеріне қарай ұтымды пайдалана біледі. Осы арада бүкіл қазақ халқының басынан қара дауылдай ұйытқи соғып өткен ауыр оқиғалар қайдағы бір кек деген мәселені неғып ұмыттырып жібермеген деген сұрақ еріксіз туындайды. Тіпті сол сүргін кезінде жаңағы әулет жауларының өз бастарына зобалаң төнбегендей, титімдей болса да залалы тимегендей болатыны қалай? Бұл – бір ойланатын жағдай. Екі кітаптан тұратын көлемді романда қазақ халқының өмір салтына, рухани әлеміне, психологиясы мен моральдық ұстанымына қатысты талай қызықты мәселелердің қамтылғанын атап өту ләзім. Соның бір көрінісі – ел
ішіндегі ақын-жыршы, әншілердің, шешендік өнер иелерінің де соқталы кейіпкерлерге айналуы, қазақ рухының асқақтай беру жолындағы олардың атқарып жүрген қызметтері. Романның элегиялық сарындағы ауыр эпизодтарын жеңілдетіп, келешекке оптимистік көзбен қарай білуге үндейтін де – осы өнерпаздар жайлы сыр шерткен беттер. Шығармада аттары аталып, өздеріне тән өнерлерімен есте қалатын жандар кімдер десек, алдымен ауызға ілігетіндері – ақындар Құлан, Әбігер, Нарынбай шешен, Әубәкір қары, Бектібайдың Әлшекейі, Шортанбай шайыр, Құлыншақ ақын, Молда Мұса және т.б. Оқырман осы аттары аталған кісілер арқылы қазақ сөз өнерінің, ән-күйінің құдіретіне одан арман тәнті бола түсетіні сөзсіз. Романның аяқталар сәтіндегі Жасыбай мен бәйбішесі Ақсырғаның қауышуында елеулі символдық мән жатыр деп батыл айта аламыз. Биліктің зорлығымен айырылысқандарына он бес жыл болған ерлі-зайыптылардың бір бірін көруге асық болып, ынтығып келе жатқан сәттері – театр сахнасында сомдалғандай бояуы қанық әсерлі эпизод. Жеке адамның ғана емес, қазақи рухтың жарқын бейнесі де осы сурет арқылы жандана түскендей. Оқиғалар барысында айтылып қалатын этнографиялық көріністер мен суреттердің шығармадағы қазақы рухты тереңдетіп, кестелей көрсетуіне қызмет етіп жататыны да романның ұлттық рухтағы шығарма екендігінен хабар береді. Жазушы өзі тілге тиек етіп отырған мәселеге орай айтар ойын, салар суретін мүмкіндігінше көркем кестелеп, асқақтатпай, астарлап жеткізуге ықыласты. Тақыр баймен арадағы мәселе қабындай ушығып, ағайын жұрт «Не істейміз?» деген сыңайды ақылдасып жатқанда, Нарша бай: «Дауласып не дауа табамыз?.. Жауласып не жақсылыққа жетеміз? Онсыз да сүрініп кетсек, сыртымыздан күліп, жығылып қалсақ, жыртыла мазақ етер жәдігөй жандар жетерлік. Соларға жем болайық дегендерің бе?» деп толғанады. Есті адамның аузынан шыққан келелі пікірде шешендік сөздің үлгісі бой көрсеткен. Мұндай бейнелі тілмен тілмен кестеленген ұтқыр тіркестердің әр тұстан жиі ұшырасып отыруы романның құнарлы тілмен жазылғанын дәлелдей түспек. Онсыз да көлемді романның жүгін ауырлатып тұрған елеулі екі түйткілге көзжұмбайлықпен қарауға болмас. Оның бірі негізгі сюжетке қызмет ете алмайтын әртүрлі көлденең ситуациялардың көбірек сөз болып кету болса, екіншісі, алып тастаса, жеңілдік етпейтін артық-ауыс кейіпкерлердің көркемдік жүк арқалай алмай, қосақ арасында қыстырылып бос жүруі. Бір қараған жағдайда олар керек те сияқты көрінуі ықтимал, бірақ байыптап үңілетін болсақ, солардың баршасы авторлық мүддеге қызмет етіп тұрмағаны аңғарылар еді. «Күлкі және көз жасы» деген атауы романның идеялық-көркемдік мазмұнымен толық үйлесіп тұрған жоқ. Бұндай атауды кез келген шығармаға қиналмай қоя салуға болады. Ал мына дилогияның оқырманға ұсынар ойы, айтар идеясы және ең бастысы көркемдік-эстетикалық қалыбы бұл сөздерді қомсынарлықтай деңгейде.
Қалай болған күнде де жүгі салмақты тағы бір шығарма оқырман қауымға қарай батыл түрде жол тартса, әдебиетімзге де үлес болып қосылуы әбден мүмкін. Бүгінгі таңдағы зерттеулердің қорытындысы өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызышы жылдар өларасында қазақ даласында жүргізілген жаппай отырықшыландыру, кәмпескелеу және ұжымдастыру науқандары қзақ ұлтын мейлінше азайтуға, тіпті жойып жіберуге бағытталған саясат еді деген ойға жетелейді. Осынау асыра сілтеушілік 30-жылдар басында адам айтқысыз ауыр қасірет – ашаршылыққа апарып ұрындырғаны да мәлім. Халқымыз бастан кешкен осы бір қатерлі кезеңді 50 жылдан астам уақыт бойы айтуға, жазуға, зерттеу нысаны етіп алуға рұқсат етілмеген тақырып ретінде жабық болып келді.
Ендеше бірер ұрпақ алмасып үлгірген, дәйек етер құжаттары жеткіліксіздеу осы кезең туралы қалам тарту қай қаламгерден де үлкен жауапкершілікті, шеберлікті, сондай-ақ көркем қиялдың байлығымен бірге өмір шындығын дәл де қалтқысыз игеруді талап етері де сөзсіз.
Нақ осы ақтаңдақ тақырып, отызыншы жылдардағы ашаршылық туралы жазылып жатқан прозалық шығармалардың бірі – Адам Мекебаевтың «Құпия қойма» (алдыңғы аты «Қазына сыры») атты романы. Кейіпкерлері –қайткен күнде де бір үзім қорек тауып, аман қалу жолында жанталасып жүрген қарапайым қазақтар. «Құпия қойма» романының бас кейіпкерлері – қарапайым халық өкілдері Қабыш, Мәдина, Түктібай, Өрімбай, Жиенқұл сияқты трагедиялық бейнелер. Ашаршылық қыспағына түсіп, бір түйір нан үшін күресіп жүрген бұлардың алдарында ел қамын, жер қамын ойлайтын ірі мақсат жоқ. Өйткені өмірі қыл үстіне ілінген осынау қиын-қыстау сәтте ондай жағдайды ойлау мүмкін емес те еді. Осы аты аталған және аталмаған басқа да кейіпкерлер жалғыз-ақ мұратты көздейді. Ол – қайткен күнде де жағаласып тірлік етіп, қолы жеткенге жармасып, тірі қалу, ертеңгі шығар күнді көру. Басқадай арман-қиялдың соңынан еріп, биік ұшпаққа жету бұлар үшін басты мақсат болып табылмайды. Тек Сатыпалды байдың тығулы қазынасына қатысты жағдайларға ғана байланысты дүниәуи мәселелерді шешудің әлсіз үміт оты тұтанғандай болады. Олардың арасында мұз астынан балық аулаудың әдіс-тәсілін жете меңгерген Қабыш сияқты жансебіл, еңбекқор жандардың өз шаңырағын сақтау үшін басын тауға да, тасқа да ұруы – сол бір қасіретті кезеңнің ащы шындығы. Бірақ оған кедергі келтіретін басқа күштер бар. Олар – адал еңбегімен, ептілігімен тіршілік көзін жалғап отырғандардың табыстарына орақтасқысы келетін арам ниетті адамдар. Романдағы ондайлардың айқын типтік өкілі Түктібай бейнесі. А. Мекебаев «Құпия қойма» романында халық бастан кешкен оқиғаны көркем суреттеуді алдына мақсат етіп қояды. Шығармада бүкіл тұтас бір
халықтың басынан өткен зұлматтың жантүршіктірер салдарын көркем кестелеп жеткізу мақсаты айқын. Қазақ даласында етек алып жатқан осынша зор апаттың себеп-салдарына, бастапқы түп-тамырына үңіле зерттеу мәселесі шығарманың басқа жерлерінен көрініс таба қоймайды. Психологиялық-бестселлерлік сипаттағы туынды болғаннан кейін, автор өзінің діттеген көркемдік-композициялық бастапқы ұстанымын бұзғысы келмеген. Халықтың тағдырына ықпалын тигізетін ірі оқиғалар қашанда саясатқа, тарихи шындықтарға барып тірелетін болса да, олардың бастапқы себептеріне үңілу, тарихи талдаулар жасау сияқты мәселелердің көркем шығармада көрініс табуы міндет емес. Оның үстіне бұл романның жазылу мақсаты да бөлек. «Құпия қойма» романында бүкіл бір халықтың басында болған осынау ауыр алапаттың түпкі себеп-салдарын іздеу және оған жауап табу көркемдік мақсат етіп қойылмаған. Шығарма болмысына зерделеп, саралай қараған жағдайда оның қажеттігі де жоқ екеніне көз жеткізуге болады. Қабыштың сәлем берген адамының өлік болып шығуы, өлген сәбилерге жолығуы, бас кейіпкер Түктібайдың далада өлген әйелді жеп жатқан иттің үстінен шығып қалуы, азамат деп сеніп соңына ерген жесір әйел мен оның балаларын Түктібайдың орта жолда өлім аузында қалдырып кетуі, Мәдинаның туған қызы Күләйімді вокзалға отырғызып қойып, өзінің бойтасалап қашып кетуі сияқты эпизодтар оқырманның жан дүниесіне ой салатын сол заманның өмір шындығын бейнелеген көріністер. Бір қарағанда, бұлар шындық шеңберінен шығып кеткен нанымсыз, оқыс көріністер сияқты болып көрінуі мүмкін. Осы орайда филология ғылымдарының докторы Б.Ыбырайымовтың мына пікірі еріксіз ойға оралады:«Өмір материалы, өмір шындығының қисапсыз мысалдарының кейбірі баршаны бірдей сендіре бермеуі мүмкін, ол көркемдік шындық өзінің бейнелік нанымдылығымен, логикалық ақиқаттылығымен, дәлелдігімен танымда өзіндік ізін қалдыруы тиіс». Аталған романда оқырманын сендіре алатын осындай шығармашылық ұстаным төбе көрсетіп жатады.
Бұл туынды да трагедиялық емес кейіпкер жоқ. Прозалық шығармаға қойылатын көркемдік талап тұрғысынан алып қарағанда, бұндай ұстаным дұрыс па, әлде қате ме – ол жағы әдебиеттану теориясының білгірлеріне сын, бірақ бүкіл халық басына қасірет төнген кезеңді суреттейтін шығармада бірыңғай трагедиялық образдардың болуы өмір шындығынан алыс жатқан жоқ. Әйелі мен баласынан айырылып, енді тек қарақан басының қамын күйттеуден басқа әрекетке орын қалдырмаған Түктібай, отбасын және өзін қалай аман-есен сақтаймын деп айдалада аласұрып, арпалысып жүріп таныс адамның қолынан қазаға ұшырайтын Қабыш, бір кезде қара шаруаға қыры шамалы болғанымен, сын сағаттарда амалсыз қу тіршілік үшін арпалысқа түсіп кеткен, күйеуінен өлідей, екі баласының біреуінен тірідей айырылған Мәдина – шын мәнінде трагедиялық деңгейге
көтерілген кейіпкерлер. Бұлардың характер қырлары да сюжеттің ширығуы, психологиялық тартыстардың нәтижесінде шебер дараланған. Бас кейіпкер Түктібайдың адами болмыс-бітіміне сәл тоқтала кетудің артықтығы жоқ. Халық басына жаппай келген нәубеттің тырнағынан құтыла алмай, шыбындай қырылған адамдардың ортасында өз жарасын өзі қапқандай жанталасып жүрген Түктібай кім? Ол «Заманай мен Аманай» романындағы Кеңес өкіметінің белсенділері Атымтай да (С.Жүнісов, «Заманай мен Аманай»), Абақ Үйсінбаев та (Б.Қыдырбекұлы, «Алатау»), Жүрсін, Жұман да (З.Жәкенов, «Зұлмат»), «Құзғын тойған қыстағы» (Т. Сәукетаев) Нұрбек те емес. Өткен өмірі күңгірт, жартылай қылмыстық элемент Түктібайды адамгершілік пен имандылықтың жолына жармасып өмір сүретін қырдың қарапайым қазағына да жатқызуға болмайды. Әрине, сыртқы қалыбы, өмір тіршілігі жуан қоныш, ұя бөрік отағасын елестетуі әбден мүмкін. Бірақ бұл – бар болғаны адамның сыртқы пішіні ғана. Шынтуайтына келгенде, сырт көзге мүләйімсіп көрінсе де, пасық пиғылын тереңге жасыра білетін бұл кейіпкер зұлымдық ұғымын қатардағы нәрсе ретінде санайды. Бар мәселе оның ішкі әлемінде жатыр, Ол «бұл да біз секілді пенде ғой» деп өзімсінген біраз адамды жер қаптырады. Ашаршылық тырнағынан аман қалу үшін ештеңеден тайынбайды. Тіпті ол өмірде ар-ұят, адамгершілік деген ұғымдардың бар екендігінен бейхабар, тек өзінің тағылық пиғылының қақпақылымен ғана жүрген рухани жағынан мүлде жүдеу адам. Сол рухани жүдеулік пен жүгенсіздік оның түсінігінше азаттық деген түсінікпен астасып жатқандай. Бастапқыда ол жалғыз баласы Ердәулетті аман алып қалу үшін өзін-өзі құрбандыққа шалуға дайын тұрады. «Сосын әлденеге асыққан кісіше беліне қыстырған айбалтаны жарқ еткізіп суырып алып, басындағы тымағын қар үстіне лақтырып тастай салды: – Мен айнала бергенде, қарақұстан шап! – Ол жонарқасын беріп теріс айналды – Ал, кәні бол тез! Маған өмір қажет емес, Ердәулетжан тірі қалса болды... Көз жұмғасын мүрдемді жілікте. Тұз сеуіп, қақта. Сосын қалың қардың астына жасыр. Ердәулеттің жүрегі сазғанда жасырынып келіп, шетінен кесіп алып, пісіріп бересің. Ол әлі бала. Ненің еті екенін ажырата алмайды. Сөйтіп көктемге жеткізсең, ар жағында шөптің тамырын шайнаса да, аштан өлмейді». Оқырманды бір шошытып алатын – Түктібайдың қазақ баласында жоқ осындай оқыс қылығы. Қандай қиын жағдай болсын адамның өзін өзі өлімге қиюы психикалық-психологиялық тұрғыдан қаншалықты шындыққа сыйымды? Жазушы бұл арада кейіпкердің жаңағы әрекетін романның әсерін күшейте түсу үшін әдейі көрсетуі де ықтимал. Ендеше бұл осы кейіпкер тарапынан алдағы жасалатын қатігездіктерінің психологиялық алғышарты, оқырманды тым ұшқары оқиғаларға логикалық тұрғыдан дайындау деп болжауға болады.
Осындай қаталдыққа барған жанның артынан уақыт өте келе, неше түрлі жауыздықтар жасауы оқырман тарапынан күдік туғызбайды. «Өзін өзі оямаған кісі бетін шиедей қылады» деген мақалдың растығына Түктібай әрекеттері арқылы көз жеткізу қиын емес. Бір кездегі жақын сыбайласы, жемтіктесі Өрімбай отағасын алдап соққан ол түрлі қылмысты әрекеттерді бірінен кейін бірін жалғастырады. Өзіне құдайдай сеніп жүрген аңғал Қабышты өз қолымен өлтіріп, оның әйелі Мадинаны да арам ойына пайдаланады. Керегі болмай қалған соң оны айдалаға тастап кете баруы да логикалық жағынан қисынды. Шығарма барысындағы осы үш-төрт адамның ара-қатынасы психологиялық текетірес арқылы көрініс тауып, сюжеттің, ішкі тартыстың одан әрі дамуына қызмет етеді. Ашаршылық шеңгелінде арпалысып жүрген жауыз Түктібай – оқырманды тіксіндіретін бейне. Аштық шеңгелінен құтылу үшін адам баласының аң болып кететіндігі, кейіпкерлердің бір бірін аңдып, мүлт кетер қапысын іздеуі, диалогтар арқылы көрініп жататын қақтығыстар, монологтардағы терең тебіреністер, әрбір әрекеттің психологиялық тартысқа ұласып отыруы – бұл шығарманың психологиялық роман екендігін дәлелдейтін нақты дәлелдер. Сонымен бірге әр сюжеттен кейін жасалатын философиялық түйіндеулер де шығарманың негізгі идеясына қызмет етіп отырады. Сөйтіп, автор шығармасын философиялық-психологиялық роман дәрежесіне көтере алған. Аш бейшаралардың философиясы жайшылық кездегі толғаныстардан өзгеше, онда адам табиғатының ішінде бұғынып жатқан тағылық сезімінің қалай бас көтеретіндігі сюжеттік ушығулар, өзара аңдысу-арбасулар арқылы көрініс тапқан. Шығарма оқиғасын шиеленістіре отырып, автордың ұстанған мақсаты – тек қазақтың басындағы қасіретті кезеңді ғана суреттеп жеткізумен шектеліп қалмай, жалпы адам табиғатына тән сана-сезім қалтарыстарын, әр адамның бойында бұғынып жатқан түйсік құпияларын ашып көрсету. Бұл көркемдік-эстетикалық талап толығымен орындалған да. Қоғамдық әлеуметтік катахезис, зұлмат сілкінісі жеке адамның болмысына, өмір бойы қалыптасып келгеи таным-түсінігі мен сезім-түйсігіне дейін түбегейлі әсер ететінін философия, психология және әлеуметтану ғылымдары жоққа шығармайды. Осы жағынан келіп қарағанда талданып отырған шығармадағы тақырыптың өзі адамның жан дүниесін, ішкі әлемін сілкіністер, динамикалық құбылыстар үстінде көрінуін қажетсінеді. Ол құбылыстар мен көріністерді прогрестік сипатта болды деп бағалау қиын. Ажал тырнағынан құтылуға тырысып, жаны қыл үстінде тұрған адамның табиғи болмысының мүлде өзгеріп кететіндігі, сөйтіп көбінесе адамдық бітімін жоғалтуға айналатыны тағылык түйсіктің ырқынан шыға алмай қалатындығы да ащы шындық. Міне, осындай аумалы-төкпелі кезеңнің фонында халықтың ұлттық салт-санасьг тіршілік-тынысы көркем көрініс тапқан. Роман оқиғасымен
жете танысып шыққан оқырман қазак жұртының әлеуметтік-тұрмыстық бейнесі туралы белгілі бір тиянақты ой түйіндей алады. Оқиға бірыңғай қазақ мекен ететін өңірде болып жатқандықтан, шығарма кейіпкерлері арасында бөтен ұлттың адамдары жоқ. Қазақтың қай шығармасынан да әйтеуір ең құрығанда бір рет байқалып қалатын үстем халықтың өкілдері мүлде көрінбеген. Соған қарамастан, кейіпкерлер бойындағы ұлттық мінез айқын. Соның бір қыры қазақ әйелінің табиғи болмысы, сыпайы, ізетті, биязы қалпы арқылы көрініс тапқан. Романда Мадина сияқты әйел кейіпкердің күйеуін атымен емес, «Серғазының көкесі...» деп атауының өзі-ақ салт-дәстүрге деген ұстанымның беріктігін білдіреді. Роман оқиғаларының дамуы екі-үш кейіпкердің арасында жекежеке параллельді түрде. Жазушы белгілі бір сюжеттің даму барысын біраз жерге дейін қайырып әкеледі де оны тастай салып, сол сәттегі келесі персонаждың әрекетін баяндауға ауысады. Ол параллелизмдердің әрқайсысы адам тағдырларын ашуға, оқиғалардың одан әрі шиеленісе түсуіне, тартыстардың көркемдік шешіміне ұласып жатады. Бір оқиғадан екінші оқиғаға секіре отырып, екі-үш сюжеттік тінді қабат алып жүруі оқырманның есте сақтау қабілеті үшін қиындық туғызбайды. Кейде автордың болып жатқан оқиғаға тікелей қатысы жоқ, бірақ мағыналық тұрғыдан айтар ойды ұштай түсуге қызмет ететін шегіністер беретіні бар. Бұл да – өзінше көркемдік тәсіл, пішіндік ізденістердің көрінісі. Мұндай шегіністер сюжетпен тікелей қабыспаса да, ортақ көркемдікидеялық мақсатқа қызмет ететіні сөзсіз. Мәселен, романда баяндалған хан мен сұлу қыз туралы аңыз [Б.146-150| – ежелгі заманның оқиғасы. Бұл сюжетті автор бас кейіпкерлердің адамдық болмыс-бітімін, шығарма барысында істегелі жүрген іс-әрекеттерін аша түсу үшін қолданған. Логикалық параллелизм көзге ұрып тұрады. Сондықтан да бұл көлденең шегініс жалпы шығарманың бітіміне кірігіп тұр деп байлам жасау әбден орынды. Бас кейіпкердің жан дүниесін тереңірек қарпып, ішкі иірімдеріне бойлап көрсету мақсатында Пенде Түктібай мен Пешір Түктікбайдың салғыласуы берілген. Өз ырғағымен дамып келе жатқан психологиялық сюжет осы салғыласуға жеткенде үзіліп қалады да, оқырман бас кейіпкердің ішкі әлемімен танысуға мүмкіндік алады. Әрине, оқиғаның қалай өрбіп, қалай дамуына мән беріп отырған оқырман үшін бұндай ішкі айтыс бәлендей қызықты көрінбеуі де ықтимал. Оқиғаға сүйенген психологиялық тартыс енді логиканы тірек ете отырып, құлықтылық тартысына ұласады. «Құпия қойма» романында алдыңғы планға шыққан – қиын-қыстау сәттердегі жеке адамның жан құбылысын суреттеу, оны моральдықпсихологиялық талдау арқылы көрсетуге деген ұмтылыс. Автордың мақсаты – осынау алапат қасіреттің қалай өрбігенін жекелеген адам тағдырлары, әсіресе олардың психологиялық-моральдық қырларын ашып көрсету. Сөйтіп бұл арада автор жекеден жалпыға, төменнен жоғарыға,
қарапайымнан күрделіге деген философиялық принципке арқа сүйейді. Ашаршылық сияқты тауқіметті құбылыс жеке адамның болмыс-бітіміне қалай әсер етеді, саналы жан иесінің іштей азып-тозу жолдары қандай, міне, көркемдік нысанына арналған басты мәселелер. Егер де саяси талдауларға орын берілген жағдайда бұл романның көркемдік-композициялық тұтастығы, идеялық-эстетикалық жинақылығы табиғи қалпынан ауытқып та кетер еді. А. Мекебаев бұл туындысында қазақ халқы 1932-1933 жылдары бастан кешкен ашаршылық оқиғасына көркемдік талдау жасауды алдыңғы планға шығарады. Бір сөзбен айтқанда, отызыншы жылдар трагедиясына арналған «Құпия қойма» («Қазына сыры») романы қазақ халкы жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары бастан кешкен өмір шындығын шеберлік шеңберінде жеткізе алған көркем туынды дей аламыз. «Біздің заманның Аязбиі» атты романы –Жұмабай Шаштайұлының көбірек айтылатын туындыларының бірі. Мұнда да адамдық қарымқатынастардың күрделі қабаттары әртүрлі көркемдік параметрлері арқылы көрініс тауып отырады. Шығарманың бас қаһарманы Миятбек Нұржанов – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Кеңес заманында өз қызметіне адал қарап, беріле еңбек еткен алымды да алғыр басшылар аз болған жоқ. Нұржановты солардың типтік бейнесі деуге келеді. Өзінің жеке басына, үй іші, бала-шағасына да жеткілікті назар аудармастан, бар ықылас-пейілін өзіне жүктелген жауапты міндетті ықыласпен атқару жолында жүрген адам. Бір қарағанда жуастау көрінгенімен, ішкі рухы мықты, қызмет бабында қалыптасқан өктемдігі де, шешімталдығы да байқалып қалып отырады. Міне, осындай адал жанның өз қызметін орындау барысында қай жерінен қателік жіберді, қай тұстан жаңсақ басты деген сауалдарға жауапты автор тек психологиялық тұрғыдан ғана емес, адамгершіліктің, имандылықтың талаптары тұрғысынан да іздестіреді. Бала кезінде ашушаң әрі қаһарлы Жолболсын деген бригадирдің шешесінің жазықсыз сабағанына куә болған Миятбек сол бір ауыр әсерлі көріністі ел басқарып жүрген ересек кезінде де ұмыта алмайды. Сол Жолболсынның енді өзін төңіректеп, өз ауданында жүретін баласы Арқабекті іштей жақтырмауы да моральдық тұрғыдан заңды. Ол баланың өз басына алып бара жатқан жаманшылығы болмаса да, ішін жылыта алмайды. Бұл арадағы Миятбектің пендешілік түсінігі, анасын аяғандағы сезім күйі және өмір бойы сол сезімнің ырқынан шыға алмауы сияқты психологиялық құбылыстар қалыптасқан адами түсініктерден туындап жатыр. Бұл арада Миятбектің ет қызуымен Адырбектің келіншегі Гүлбаһраммен жақындасып қалуын кек алу сезімінің емес, пендешілік әлсіздіктің, еркек табиғатына тән осалдықтың салдары деп қабылдаған жөн. Бүкіл бір ауданды шырқ үйіріп тұрған бірінші бастық болғаннан кейін Нұржановтың айналасында сан алуан типтегі адамдардың жүруі де – қоғамдық өмірдің заңдылығы. Әңгіме, тартыс үстінде көрініп қалатын
сол адамдардың барлығының қызмет барысындағы көзқарасы, адами ұстанымдары мен имандылық жайындағы ұғымдары біркелкі емес. Атап айтқанда, Тұрғынбеков, Садықбеков, Айтмұхаммедов, Гуржий, Жалмұқан, Қауызов, Байқадиев және басқалары өз мінез-құлықтарын, түпкі мақсаттарын шешімтал тұстарда да аша бермейтін, сырттай жақсы көрінсе де, іштерінде ит өліп жататын күрделі мінез-құлық иелері.Ал туған-туыс, жора-жолдастардың арасында да өз беттерін танытып үлгірген кейіпкерлер қатарында Нұржановтың әйелі Сара, одан кейінгі Байсерке, Мәдуар, Ұябай және басқалары бар. Нұржановтың өз туыстарының арасына келуі немесе шешесі қайтыс болған кездегі ел-жұрттың алуан мінез-құлқы, тіпті қызмет бабындағы түрлі шиеленісті жағдайлар романның әлеуметтік салмағын реалистік тұрғыдан арттырап тұр. Бірақ қалай болған күнде де оқырманды алдымен толғандыратын – бас кейіпкер Нұржановтың тағдыры. Оның бірінші хатшылықтан түсіп қалуы, ауруханаға жатып шығуы, ақыр аяғында 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасына куә болуы – кейіпкердің өмір жолын күрделендіре түскен белестер еді. Оқырман оны бір жағы аяйды, ал жекелеген пендешілік жаңсақ қадамдарына бола әттеген-ай деуге де даяр. Өмірдің өз қойнауынан ойып алынған шынайы кейіпкер осылай жасалса керек-ті. Жалпы бір қарағанда романда алыпұшып әкетіп бара жатқан шытырман оқиға жоқ сияқты көрінгенімен, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастар мейлінше күрделі деуге болады. Кейбір тұстарда көзқарастардан туындайтын шиеленістер алдыңғы қатарға шығып жатады. Басшылық қызметте жүрген азаматтардың бірін аңдып, қабақ торысып жүргендері, әр сөздің, әрбір әрекеттің астарынан құпия сырдың ұшығын ұстауға тырысуы, кейде қасындағы адамның жасырып жүргенінің үстінен дөп түсіп жатуы және т.б. құбылыстар күрделі психологиялық комбинациялар сияқты әсер етеді. Одан өзге салаланып өрбіп жатқан шағын сюжеттердің дамуында да кейіпкерлердің ішкі сезім күйлері, ой қорытындылары жетекші рөл атқарып отырады. Осындай тұтастыратын белгілеріне қарап «Біздің заманның Аязбиін» психологиялық туынды деп жобаласақ, артық бағалағандық болмас дейміз. Жазушының 2004 жылы жарық көрген «Жаңғырық» романы да өз айтары бар шығарма. Оның кейіпкерлері Заңғар Сардарбекұлы, Бегімбет, Сансызбайлар тағдырлары белгілі бір дәуірдегі қазақ қауымының алабажақ картинасын көзге елестетіп отырады. «Біздің заманның Аязбиінде» шет жағалап қана айтылып кететін ұлтаралық және тәуелсіздік идеясының бұл шығармада көрінуі – айқынырақ әрі батыл. Қазақ халқының қатардағы өкілдері ғана емес, елдің қаймағы болып саналатын зиялы қауымның да ұлттық тұрғыдан зәбір көруі, намысының қорлануы сияқты саяси өткір жағдайлар шығарма фабуласының берік арқауы сынды. «Ұлтым, қазағым» деген оқырманның патриоттық сезімін оятуда, елін, жұртын сүюге баулуда бұл шығарманың белгілі бір тағылымдық тұстарының бар екендігін елемей өтуге болмайды. Алдыңғы шығармаларындай емес, романда психологиялық
талдаулардан гөрі әлеуметтік талдаулар басымырақ. Оқиғалардың даму ырғағында жеделдік, жігерлі екпін сюжеттерді шапшаң алмастырып отырады. «Жала мен налада» орын алған шұбалаңқылық нышаны бұл романда байқалмайды. Бір қызығы – кейінгі туындыларында жазушы стилінің де ептеп өзгеріске түсіп, басқа реңк ала бастағанын аңғарамыз. Бұның өзі Ж.Шаштайұлының прозашы ретінде өзін-өзі қамшылап, үнемі ізденісте келе жатқандығын көрсетеді. Қазақтың соңғы жылдардағы көркем прозасы шетелдік қандастарымыздың шығармаларымен толығу үстінде. Сондай тамшылап қосылып жатқан жаңалықтың нышаны өткен жылы да байқалды. Оның нақты көрінісі – “Дүние жүзі қазақтарының” қауымдастығы шығарған Серік Қапшықбайұлының “Жоқ” атты романы. Шығарманың негізгі фабуласында әңгіме болатын – Қонжа есімді саятшы жігіттің табиғат ортасында бастан кешкендері, негізінде адам баласының экстремалдық жағдайдағы көңіл күйі, адамдармен және қоршаған табиғатпен қарым-қатынасы. Роман беттерінің едәуір бөлігінде табиғаттың әсем көріністері, кейіпкердің алға қойған мақсаттарына байланысты іс-қимылдары, дайындық әрекеттері, ой-толғаныстары берілген. Бірден басын ашып алатын жағдай – шығармада «Енді не болар екен?» дегізіп, жетектей жөнелетін қою оқиғаның нышаны елес бере қоймайды. . Ішінара Сәуен кемпір, Бүрін бәйбіше, Құлжақ, Бровкин, Шойжарық сияқты кейіпкерлердің бейнелері бозғылдау ғана сұлбаланып, тартыс пен оқиға туғызуға ықпал жасағысы келіп жатады. Бірақ қоғамдық мәні бар ірі оқиғаларға мұрындық бола алмай, тұрмыстық мәселелер төңірегінде шырмаланып қала береді. Тіпті басқа елдің аумағында ЧК-ның тыңшысы болып жүрген Зәузығардың төңірегінде де әкетіп бара жатқан сюжеттік желі байқалмайды. Оқырман күткен оқыс шешім, тосын тартыстың нышаны әлсіздеу. Ең бастысы – құскешік, құскеуіл Қонжа құз қиядан бүркіттің асылын іздесе, инженер Бровкин сол төңіректен алтын іздеп әлек. Романның назар аударуға татитын негізгі көркемдік факторы – тілдік қолданысында. Көбіміз күнделікті тіршілікте ести бермейтін қазақтың небір құнарлы сөз үйірімдері, қанатты сөздері, сөз тіркестері мен жекелеген сөздер ұшырасып отырады. Тілді бұлайша орынды қоюлату үрдісі әдеби тілімізді одан әрі байыта түсуге септігін тигізері даусыз. Мысалы, «Не замат керіш кенеремен тартты. Жалғыз аяқ жолдың иіртегі – мойнақ астылық ауылға лап қойып, шеттеу үйдің құрым туырлығынан жел азынай, жарық сығалаған. Әу, бұдан ұзамайтын – өлер жерінде тұр… Күн қызылы жеңер, жарық жиылар, самал сынығар. Әйткенмен, осыған жете жығылудың өзі бір – марқаю!» (?) Алайда көркем шығарма мәтіні ылғи да әдеби нормамызда тиянақты орын ала қоймаған жекелеген сөз үйірімдерінен құралса, ондай мәтінді орта деңгейдегі оқырманның өзінің түсініп, қабылдай қоюы оңай емес. Мысалы, мынадай жолдарға назар аударайықшы: «Кезек әйелге келгесін,
жардай дене анық-танығының барымен отқа міне түсті. Ұрғашылықтың өзі тыраш, сән ғой! Барын жая, сойтал әйел бергі бет мүсінін жайнатпай мүмкін бе? Құскешік көрпе саңылауынан көз сатты. Екі омырауға су шыбықша тиіп, емшектер адыраңдай, төмен кетсе – сақау кісідей былдырлайды су. Алхамның алды – құскешік оянды ғой». (?) «Ақ байтал некей басады. Бидайдай бүйрекше тұяғын көріп қалу оңай! Тау балығы. Жер ала болған соң, “кентті кешкен сайын” қажақ, тықыр үдеді».(?) «Бұлтқып, аярлық еткені – байтал иіс алған… Анау, қабаты құлындар кеніші құсап жылқылар келеді. Ақ байтал тақым тәлкегінде екенін ұмытты да, солардайын еркіндік алмақ. Осының ұшыры ғой тақыс, қылжыр. Әйтсе де әлей, бір жанашырлық кіріптар күй кешті. Жылқының қыр шетінен тоқпақ жалды торыайғыр арқырай, жас тезек иіскеді-ақ, ол бейімдеу биеге кеп… мойын түптен қалпақтай қара тұяқ салпаң қағады. Байтал қайқ бере… әзелден бар кәрі әуеспен бұрылып, құскешік атының артына қарайды; Бес тал күзекшін құйрығын ербитіп апты-ау». (?) «Неше жыл! Әлгібір жуантұрық дыңқамандар керенаусып… күдер үзді. Бос өмір діңкелете берді де, бөтен-бастақ бұрылыс іздеген-ді… Бала тәріздестеу елдің өрелі жетікпей, еленбей… еңбекке өзі сұранған самыян жер кезікті. Адам қатарлы өмір сүру, тірліктің дабыр-дабырын қайталай жаләкімдету бұларға әбес!» (?) Тіпті жай ғана оқырман емес, әдебиеттің тілдік құрылымынан хабары бар, сөз өнерін ұстанған жандардың өзі бұндай сөйлемдердің мағынасын түгелдей ұғып алу үшін тосылып қалуы әбден ықтимал. Арғы беттегі ағайындар мұндай жағдайда Қазақстанның қазақтары тіл білмейді деп пайымдауы да ғажап емес. Бірақ жазба әдебиеті әбден қалыптасқан кезеңде жаңағыдай сөздерді ребус шешкендей ежіктеп, кәлларына қомақол құйып ала алмай, бір-бірінен сұрап отыруы қалай болар екен? Бұл мәтіндер автордың өзіне түсінікті, сол аймақты мекендеген оқырмандары үшін де бұлыңғыр емес шығар. Бірақ басым бөлігі Қазақстанды мекендейтін, осындағы қалыптасқан әдеби нормамен тәрбиеленген қазақ оқырманы қалай қабылдар екен? Тәуелсіздік орныққаннан бері жарық көріп жатқан прозалық туындылар жайында айтатын әңгімелер аз болмасқа тиісті. Қазіргі кезде республиканың әр қаласында жұмыс істеп тұрған кітап баспаларының санын есепке алу да оңайшылыққа соға қоймас. Ал олардан жарық көріп жатқан көркем проза туындыларының саны ше? Олардың баршасын қымтып, бет-бағдарын біліп отырамыз деу өнбейтін дауды қуу сияқты бірдеңе. Алайда қолға тиген түрлі жанрдағы жаңа кітаптарға қысқаша шолу барысында жалпы прозамыздың көркемдік деңгейінің бағыт-бағдары жөнінде белгілі бір ой түзеуге болатындығы анық. Авторлардың арасында қазіргі қазақ әдебиетіне тер төгіп жүрген белгілі қаламгерлермен бірге таныс емес есімдерде бар. Нақтылап әрі қысқартып айтатын болсақ,
осы кезең ішінде жиірек жарық көргендердің қатарында Э.Төрехановтың, Ұ.Доспанбетұлының, Қ.Жиенбаевтың, Қ.Түменбаевтың, О.Егеубайұлының, С.Қапшықбайұлының, К.Рахымжановтың, Қ.Аманжоловтың және т.б кітаптары бар. Бұл авторлардың қай-қайсысы да – көркем әдебиеттің мақсаты мен міндеттерін жақсы түсіне білетін әрі көркемдік асуларын бағындыру тәсілдерінен хабарсыз деуге болмайтын қаламгерлер. Сондықтан да олардың жаңа шығармалары белгілі бір дәрежеде әдебиетке қойылатын көркемдік талаптарына жауап бере алатын деңгейде. Әрине, әр автордың жеке таланты мен қабілеті, көркемдік предметтеріне көзқарасы, таным түсінігі бірдей болмағандықтан, жеткен жетістіктері мен кеткен ақаулықтары да бірдей емес. Пайдаланылған әдебиеттер Ж.Ахмади.Айтұмар. Тарихи-деректі роман. Алматы: Мирас: – 2009 ж. Ж.Әлмашұлы, Күлкі мен көз жасы. Роман, –Алматы: Арыс, 2007. – 568 бет
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН ТАРИХИ РОМАНДАРДАҒЫ ТӨЛЕ БИ БЕЙНЕСІ Ұлы абыз, сұңғыла бидің бейнесі ең алдымен жазба әдебиетімізге дейінгі аңыз әңгімелер мен тарихи жырларда көрініс тапқаны белгілі. Бүгінгі таңға шейін жазылып келген тарихи романдардың басым көпшілігінде ауызға алынып жататын тарихи тұлғалардың бірі де – осы Төле би Әлібекұлы. Қазақ тарихында көрнекті орын алатын тарихи адамды көркем прозада сомдап шығудың оңайға соға қоймайтыны әдебиеттің қалтарысқұпияларына қанық оқырман үшін жаңалық болып табылмасы анық. Бұл аталған бейнені кескіндеу барысында авторлардың алдымен арқай сүйейтіні – бүгінгі заманға ауызша жеткен нұсқалар, жоғарыда айтылған аңыз әңгімелер мен тарихи жырлар. Мұндай жағдайда олардың таныс сюжеттерді кеңейтіп, мазмұнын байыта отырып, таза көркем прозаның үлгісіне салуы да шығармашылық заңдылық Қазақ тарихының Жоңғар басқыншылығына қатысты кезеңдері жайында эстетикалық барлау жасап, шежірелі әңгіме шеркен романдары қатары бүгінгі таңда оннан асып жығылады екен. Солардың едәуір бөлігінде Ұлы жүздің атақты биі Төлеби Әлібекұлының бейнесі көрініс тауып отырады. Тарихи тұлғаның барлығында да ортақ қалыптан шыққандай біркелкі болуы шарт емес десек, шындығында да әр шығармада жаңаша бір көркемдік шешім тауып отырады. Шағын мақалада оншақты романдағы би тұлғасының қалай сомдалғанын әр қырынан талдап шығу көп уақытты, үлкен көлемді қажет ететіні сөзсіз. Бұл ерекше образдың тек еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жарық көрген романдарда қалай кескінделгеніне ғана тоқталып жатқанымыз сондықтан. Төле би бейнесі әр қырынан суреттеліп көрсетілетін шығармалардың бірі – Жолдасбай Тұрлыбайұлының екі кітаптан тұратын «Райымбек батыр» романы. Тарихи панорамалық сипатқа ие кең тынысты туынды болғандықтан да, онда жасалған тарихи тұлғалар қатарының өзі едәуір. Олардың барлығын өмірде болған шынайы оқиғалар мен құбылыстарға жақындата отырып бейнелеп жеткізу шарт та емес болар. Бұл арада көркем әдебиетте сомдалған тұлға бейненің өмір шындығына қаншалықты жақын екендігі, негізгі болып жатқан оқиғаларға араласуы, әлеуметтік-тарихи тартыстарды дамытуға қосатын үлесі сияқты көркемдік факторларға көзжұмбайлықпен қарауға болмайтыны түсінікті. Оқырманды қызықтыратын да – тарихи тұлғаны көркем әдебиеттің бетіне әкелудің осындай ерекшеліктері. Романды ашып оқи бастаған уақытта осындай талаптар қандай деңгейде орындалды екен деген сұрақ өзінен өзі туындай бастайды. Шығармада алғаш сахнаға шыққан кездің өзінде-ақ Төле би кең сахарада жайылып
жатқан қазақтың мазасын алып тұрған негізгі дұшпаны жоңғарлар мен қазақтардың саяси ара салмағы жайында шолу жасайды: «– Жоңғарлар Кіші Бұхараны біржола бағындырып алды. Енді қазақ жеріне дүркін-дүркін тап-тап берсе, ол да олардың кімге тисуін білмегендіктен емес, қазақты бөрікпен ұрып алардай оңай көргендігі, – деп Төле би Қангелдінің сөзін әрі қарай жалғады. – Олар білетін біздің осалдығымыздың ең бастысы – бір ауызға қарамай, бір сөзге қорымай, әр жүз, әр тайпа өзінше сай мен салада, тау мен далада бытырап күн кешіп жүргендігінде. Бүкіл қазақ бір жұдырықтай жұмулы болса, оны жұлып тартуға кімнің батылы барар еді! Ал бір жұдырыққа жұмылған бес сала саусақты бір бірлеп сындыруға ең осал жаудың да шамасы келмей ме...» (1, 99-100). Ұлы бидің ел бірлігін көксеген арман-мүддесі осындай орынды диалогтар мен монологтардан шаң беріп отырады, кейіпкер ұстанған осынау асақаралы идея дилогияның соңғы тарауларына дейін созылады. Алатау баурайын мекен етіп етіп жатқан Албан елінің арасында орын алған үлкен бір әңгіменің өзегі – Төле би сияқты атақты тұлғаның орталарына келуі. Бұл жағдайды жалшылар арасындағы полилогтың өрбуі мынандай сипатта: «– Тым болмаса әділдікпен, шешендікпен, тапқырлықпен атағы жер жарған өзіміздің Төле бидің де ауылымызға келгенде ақ дидарын анықтап көре алмадық-ау!.. - Сендер «ән», «би» деп өзеуреп тұрсыңдар, менің көрмегім басқа ендеше, – деп жалшылар ішінен бір сары жігіт үйге қарата ұзын мойнын созыпсозып қойды. - А... не дейді, ей? Ол кім еді бір көруге зар еткен? - Ол – Төле бидің бибісі. Ақ жүзінен қан, кірпігінен нұр тамып тұрған сұлу дейді» (1,105). Автордың бұл арада айтпақ болып отырғаны – қарапайым бұқараның атақты биге деген махаббатының қандай деңгейде көрініс тапқандығы. Бірақ оны жеткізу барысында қолданылып отырған малшы-жалшыларға тән болып келетін қарапайым лексикон емес, бүгінгі заманның сөйлеу ләміне жақын әдеби тілдің құралдары. Кейіпкер тілінің бұлайша қолданылуы қазақ сөз өнерінің кезеңдік болмыс-бітімін уақыт шындығына сай көрсетеді деп айту қиын. «Төле бидің салқын жүзді, ойлы да сабырлы көзқарасы, Би мен батырлардың, абыз-ақсақалдың ойы мен мінез қылықтарына бір сәтке болса да салқындық сабырлық бергендей» (1,112). «...от басынан шегініп барып, керегеге арқасын сүйеп, әлдеқандай бір ойға шомып кеткен сыңайлағы Төле би қарап отырып қалды» (1, 114) «Төбе басындағы кеңес басталғанша Төле би әрнені ойлап, қиялы сансаққа шарлады» (1,115). «Төле би ойлана отырып, күңірене отырып, көкейкесті бір толғақты ойдың түйінін тастап еді ортаға, оны өзгеден бұрын жылдам ойлы Қабай
жырау іліп алып, қостады» (1,116) Бұл үзінділердің барлығы да Төле бидің бір қырын айқындауға қызмет етіп жатады. Ол – осынау атақты тұлғаның ойшылдығы, қандай жағдайда болсын үнемі ой үстінде жүретіндігі. Өмірде солай болуы шындықтан алыс жатпауы тиісті. Бірақ көркем әдебиетте кейіпкердің үнемі ой үстінде жүруі оқиғаны ширықтыратын конфликтілерге бастай бермейді. Атақты бидің аузынан шешендігін білдіретін төгіліп тұратын сөз саптастарының көрінуі ара кідік қана. Атап айтқанда, оның анда-санда айтып қалатын: «Ұлысқа қоныс, малға өріс тарылды. Ойдан көшсек, қонарымыз Алатау мен Қаратау, қырдан көшсек, обарымыз құм мен қау» (1,116) деген тәріздес түйіндеулері қанатты сөздерге айналарлық көркем тіркестер. Ж.Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» романында Төле бидің тек елді аузына қаратқан би, шешен ғана емес, қол бастап, жауға аттанған сардар екендігі де айтылады. Бірақ ол жағы нақты суретпен емес, бірыңғай баяндаулар арқылы берілген. «Төле ежелден-ақ ел еркіндігі жағындағы би. Тәуке хан тұсында билікті былай қайырып қойып, сарбаз құрып, сардар болып, Жоңғар түмендеріне қарсы бірнеше дүркін жорыққа аттанған адам. «Ақтабан шұбырынды» тұсында Жолбарыс хан қолындағы үлкен қолды басқарған Орақ батыр жау қолынан құрбан болады. Сардарсыз қалған сарбазды Төле дереу қолға алып, зор мылтықпен қойша қырып келе жатқан жоңғарлықтарға қарсы табн тіреп шайқасады» (1, 227). Көркем шығармадан алынып отырған бұл үзінді бір қарағанда тарихи еңбектің трактаты сияқты әсер етуі де ықтимал. Бұдан келіп автор Төле бидің қолбасшылық жағына тереңдеп бармаған, ондай қайраткерлік болмысын ашып көрсетуді қажет деп таппаған деп санауға болады. Он жеті-он сегізінші ғасырлардағы қазақ тарихына қатысты жазылған романдарымыздың кейіпкерлер қатары, персонаждық жүйесі өз алдына жеке талдауды қажет ететіні анық. Тақырыптас шығармалардың кейбірінде автордың көркемдік қиялынан туындаған, ойдан қосылған кейіпкерлерге басымдық берілсе, енді біреулерінде алдыңғы қатарға ең алдымен тарихи тұлғаларды ғана шығару мақсаты көрініп тұрады. Мұның бірінші тобына жататындар – Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз», С.Сматаевтың «Елім-ай», Ж.Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары болса, екінші топтағыларға Ә.Әлімжановтың «Жаушы», Ж.Ахмадидың «Айтұмар» және Ұ.Доспанбетовтың «Абылайдың ақ туы» сияқты романдарды жатқызуға болады. Тақырыптас туындылардың көркемдік табиғатының бірдей болып қалануы міндетті емес. Егер осы шартты талданып отырған романдарға қарата айтар болсақ, мәселеге нақтырақ келе алатынымыз сөзсіз. Оқырман тарапынан тиісті бағасын алған тарихи романдардың бірі – Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» атты дилогиясы. Бұл да сол тақырыпты,
жоңғар шапқыншылығынан зардап шеккен қазақ халқының азаттық жолындағы күрестерін, трагдеиялық жай-күйі мен бірге қаһармандық рухын суреттеуге арналған. Бас кейіпкері – көрнекті қолбасы, Қаракерей Қабанбай батыр. Әрқилы оқиғалар, негізінен, осы қаһарманның төңірегіне шоғырланып, одан қайтадан тармақталып, өріліп жатады. Романның Төле биге қатысты тұстары онша көп емес. Абылай хан «Дарабоз» атандырған Қабанбай батыр тарих сахнасына шыққан кезде ұлы бидің едәуір қартайып қалған уақыты екен. Қабанбай өз қолымен барып, Ташкент пен оның маңайын жаулардан азат еткен кезде Төленің жасы тоқсанға келіп қалыпты. Соған қарамастан, ол Ташкент қаласын билеп тұрыпты. Романда оған берілетін орын бірер эпизод қана. Онда кейіпкер өз жасына лайық абыз қарт ретінде көрінеді. Төле биге қатысты жазушының алдыңғы планға шығаратыны – саясаткерлігі, ел ұйытқысы бола алатын көрегендігі. Жоңғарларды жеңіп, түріп айдап шыққанан кейін, Төле би қол астына қараған халықтың басын қосып, ұлан асыр той жасайды. Ондағы мақсаты – жаудың табанында қалып, әбден езгіге түскен халықтың рухын көтеру. «Шат-шадыман, қуаныш-күлкіге толы сол отырыста ұлы би Арқадан келген батыр інілеріне арнап, басалқы тілек айтты: - Рақмет, бауырларым! Әмісе абыройларың асып, мерейлерің үстем бола берсін! Көзімнің тірісінде ата жұртымның азат болғанын, сірә, көре алмай кетермін деп жүруші едім. Аллаға шүкір, сол арманыма қол жеткіздіңдер. Басымыз бірігіп, діземіз қосылмай жүр екен ғой. Басымыз біріксе, жеңілмес жау, алынбас қамал жоқ екен...» (2, 263-264бб.) деп біраз тебіреніске толы сөз сөйлейді. Бұл арада төрелік айтатын, соңғы сөзді өзі сөйлейтін Төленің абыздығы, ақсақалдық тұғыры анық көрінеді. Автордың айтуынша ұлы биді тек қазақтары ғана емес, ата жаулары да сыйлай білген. Оған жазушының: «Ойраттың ұлы хонтайжысы Халдан Церен өле-өлгенше Төле бимен сыйласып өтті» (2, 265-б.) деген хабарламасы дәлел. Алдыңғы айтылған туындылар осы уақытқа шейін түрлі әдеби талдаулардың, сыни пікірлердің нысанына айналып келгендіктен, бұл арада әлі де онша назарға ілікпей жүрген Ұзақбай Доспанбетов романына қатысты ғана пікір өрбітпекпіз. Сондағы тоқталатынымыз – Ұлы жүздің ұлы биі Төле би образына қатысты жекелеген эпизодтар. Романда бидің адами қырларына, портреті мен мінез-құлқын суреттеуге жете көңіл бөлу жағы алдыңғы орынға қойылмаған. Автор ол мәселеге саналы түрде тереңдемеуі де мүмкін. Есентүгел, Қабан жырау, Алғазы ақын бастаған топтың Төле биді іздеп келіп, ақыл сұрауының себебі тек қазақ-қалмақ қарым-қатынасына ғана байланысты емес. Қазақ ішінде назардан тыс қалдыруға болмайтын басқа да мәселелер бар екен. Соның бір парасы мынандай. Кіші жүз ортасында бір шоғыр болып отырған Жалайыр-Балғалы елін
Алшын руының адамдары малын талап, мазалай беретін көрінеді. Жаңағы шағымданушы топ келген кезде Төле биді алаңдатып әкеткен жайдың бірі осы болатын. Ағайын арасында ушығып тұрған осы мәселеге қатысты қандай шешім айтатынын арнайы ат басын тіреп келгендер де, отырғандар да білгенше асық. Отырыс барысында Төле бидің өзін өзі ұстауы да қазақ арасында қалыптасқан дағдылы стандартқа сәйкесе бермейді: «Төле көбіне төмен шұқшиып сөйлейтін әдет тапқандай, ал көздерін көтерсе, іздеген адамын қыжым тақиясының төбесіндегі тесік арқылы көріп отырғандай-ақ бірден көздеп атады. Қасында жасыл шұға тысты дөңгелек сеңсең бөркі де жатыр. Оны әлсін-әлсін оң қолының быртық саусақтарын жазып жіберіп, шеңгелдей бүреді де, басына киеді. Тек көп ұзамай онысын қайта шешеді. Күннің ыстығы, не суығы әсер еткендік емес, іштен қыстығырылып, іс-әрекет бағдарын таппағандағы ойсыз қимылдары екендігі танылады» (3, 261). Осынау психологиялық портретте автор ойы шашыраңқылау жеткізілсе де, кейіпкердің жан дүниесі, суреттеліп отырған сәттегі көңіл күйі біршама анық байқалады. Төмен қарап, шұқшия сөйлеуінің логикалық себебі ашылмаса да, топ ортасында ұлы бидің өзін өзі қалай ұстайтындығы оқырман көз алдына келеді. «Ұлы би Қойгелді мен Өтегеннің ол райын таныса да, өз жиен немересі жаққа бірден көз салмады» (3,262) деген сөйлемде бидің жиен немереге (Ескелді биге) бірден көз салмау себебін жазушы ашып айтпайды. Бұны сондықтан да оқырман ұлы бидің ұстамдылығына ғана саяды. Төле би отырғандарға Кіші жүз Алшын жақтан хабар-ошарға жарымай отырғанын еске салған кезде, Ескелді би: «Мынау Жалайыр атты жұрағатыңыздың көсемі Қабан жырау Асан баласы сол Кіші жүз елінен төтелеп, із суытпай бүгін келіп отыр. Егер ол кісіге сәл ынта білдірсеңіз, бұл олқылығыңыздың орны толар» (3,262) дегенді айтып қалады. Бірақ Төленің өзі қозғаған мәселесі бірден тіл ұшына үйірілмейді, мәслихаттасып отырған жұрттың әңгімесі шашырап, әрқилы тақырыптарға қарай ауып кете береді. Әңгімеге Қабан жырау, Жанкел ақын, одан кейін он бес жасар Сабалақ, Жаныс Өтеген батыр араласқан кездерде, әлгінде ғана Төле би көтерген жоғарыдағы мәселе ысырылып қалады. Қайтадан қозғалатыны – араға сөз аралап кеткен біраз уақыттан кейін ғана. Бұдан үш жүзге ортақ үлкен бидің өзі отырған жердегі мәслихаттың өзінің жүйесіздігі байқалады. Аңыз әңгімелер мен жырлардағы эпизодтарға қарағанда би-шешендер, батырлар ортасындағы әрбір көтерілген мәселе басқа әңгіме араласып жатпай-ақ, сол арада түйінделіп, шешімін тауып отыруы керек еді. Алшын арасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты Төле бидің шешім қабылдайтыны – Ұлы жүздің ханы Жолбарыспен жолыққаннан соң ғана. Осы сәттегі бидің портретін кескіндейтін детальдар мынандай: «Төле
бидің жүзі нарттай жанып кетіпті. Осы ертеңгілік шақта-ақ қымыз ішіп, қызара бөрткендей-ақ. Тек ішінде ештеме жоқ, ханмен кездесудің әсері екені тайға таңба басқандай анық» (3,280). Бұл арадағы Төленің психологиясы алдыңғы эпизодтағыдан гөрі бөлек, ханмен келісіп, бір шұғыл шешімге келуі бойына қуат дарытқандай динамикалы. Оның Кіші жүздің ханы Әбілхайырға Алшындардың қандастарына жасаған озбырлығына байланысты мазмұны ызбарлы болып келетін хатты жазуы Жолбарыспен ақылдасып, ортақ тоқтамға келгеннен кейін ғана. Хатта ол ханның Жалайыр-Балғалы жұртына бұдан былай қысастық жасамауын ескертеді. «Одан әрде ел ішінің тыныштығы, өзара татулығы ауадай қажет екендігі жөнінде біраз сөзді тоғытып барып, хатты мынандай қатаң сөздермен аяқтады: «Егерде жалайыр-балғалылардың мал-жаны тегіс, әрі дереу қайтарылмаса, Ұлы жүз бен Орта жүзді ертіп барып, тауыңды ошақ, тасыңды талқан қыламын» (3, 281). Бұл арада аталған хаттың мазмұны шындыққа қаншалықты жақын екендігін автордың өз еншісіне қалдырған жөн. Өйткені осы арада автор тарапынан «Кейбір шежірешілердің айтуынша, Төле бидің бұл хатының түпнұсқасы Әбілхайыр хан тұқымдарының бірінің үйінде күні бүгінге дейін сақталуы мүмкін» (3, 281) деген ескерту берілген. Қалай болған күнде де романда келтірілген осы хаттың мазмұны ұлы бидің қайраткерлік болмысын тағы бір қырынан толықтыра түсетіні сөзісіз. «Романның әр тұсынан көрінгенінде Әбілхайыр хан ылғи бір қазақылыққа жараспайтын қараниет қылығымен көзге түседі, – дейді әдебиет зерттеушісі Ш.Елеукенов. – Өздері титықтап Жетісудан тоз-тоз боп жеткен Жарықбас Есентүгел би басқарған жалайыр-балғалыларын қан қақсатып шабады. Төле би Әбілхайыр ханға екі дүркін хат жазғанда ғана әрең деп тұтқын қылған жалайырларды босатып, айдап әкеткен малын қайтарады. Қарақалпақтардың да қолтығына су бүркіп, қазақ босқындарын әлсін әлі тонататын да осы алшындар көсемі екені анықталады» (4, 103). Ғалымның бұл пікіріне жаңаша ой-пікірлер алып-қосудың қажеті шамалы. Қалай болған күнде де романда алдыңғы қатарға шығатыны – жоғарыда келтірілген жекелеген портреттік детальдар емес, атақты тұлғаның азаматтық, қайраткерлік ұстанымы. Оған қатысты мысалдар шығарманың әр тұсынан табылып жатады. Ұ.Доспанбетовтың «Абылайдың ақ туы» романында Төле би жалайыр Өтеген Сәбденұлын, дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлын «Жерұйық» іздеңдер деп жаһан кезуге аттандырады. Бұл оның елді қалай сақтап қаламыз деп келешектен күдер үзген пессимистік жағдайдағы өзінше тапқан амалы еді. Екі Өтеген табанынан тозып, Әмудария жағалауынан бастап Ауғанстан, Кавказ аралығында жатқан ұланғайыр жерді шарлап қайтады. Төле бидің тасқа қашалғандай аталы пікір түйетіні – өзі жіберген жиһанкездердің әңгімесін тыңдағаннан кейін:
«– Ағайын-туған! Қарындас ел! Алты алаштың азаматтары! Мына жарты әлемнің тау мен тасына табандарын тоздырған мұзбалақтарымыз дұрыс айтады! Жердің құты Алатау мен Қаратау! Одан әрідегі Жетісу! Жердің құты, жерұйық дегеніміз, міне, солар! – деп Төле би саңқылдағанда зеңгір көк әйнекше шытынап, ойдан-қырдан жиылған дүйім көптің төбесіне құлап түсердей әсер қалдырған» (5, 413). Эпопеялық романның идеялық рухы Төле бидің осы бір ауыз сөзіне сыйып тұрғандай десек, артық айтқандық бола қоймас. Көркем шығарма болғанымен, жалпы фабулалық негізі тарихи оқиғаларды арқау еткендіктен, Жанат Ахмадидың «Айтұмар» атты тарихи романы қазақ халқының ғұмырнамасында қасіретті беттерге айналған сонау Жоңғар шапқыншылығына қатысты шындықтың жекелеген тұстарына тоқталады. Қазақ жазушыларының бұрындары жарық көрген тақырыптас романдарынан етене таныс белгілі тұлғалармен оқырман тағы жүздеседі. Тарихи тұлғаны сомдау үдерісі кез-келген жазушының шығармашылығына жауапкершілік артып, үлкен эстетикалық салмақ салатыны белгілі. Ал қаһарман ретінде алынған тұлғалар бұрынғы туындылардың кейіпкерлері болса, олардың бейнелерін жаңа бір қырынан суреттеп, тың бояулар қосу керектігі – шығармашылық қажеттілік қана емес, оқырманның да талабы. Белгілі тарихи тұлғаларды жасау барысында Ж.Ахмадидың ұстанатын өзіндік көркемдік бағыты біршама айқын көрініс берген. Жазушының осындай позициясы Төле би Әлібек ұлын тұлғалау барысында да байқалып отырады. Жазушының ұтымды эпизодтар мен жекелеген штрихтар арқылы кескіндеп шығаратыны – атақты Төле бидің шешендігі мен парасаты. Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда да Төле өзінің ел қамын жеген көсемдігінен, халықты аузына қарата білетін шешендігінен айырылмайды. Ол шығармада сабырлы да сырбаз қалпында қалың бұқара арқа сүйейтін ақылман ақсақал деңгейінде көрінген. Аталған кейіпкерлерді есте қалдыратын – әртүрлі сипаттағы өздеріне тән адами қалыптары мен тарихи образға тән кесек мінез-құлықтары. Көлемді шығарма сюжеттерінің бірнеше тармақта дамып, кейде қиылысып, кейде алшақтап барып, қайта тоғысып отыруы – үлкен оқиғалардың шешім табуы жолындағы автор ойластырған көркемдік бедерлері. Романның эстетикалық табиғатын екшеу барысында жарыспалы сюжеттердің барлығын жіліктей талдап жату да шарт емес. Сондай-ақ, қалған қазақтың тағы екі атақты биі Қазібек би мен Әйтеке биді әдеби кейіпкерге айналдыру барысындағы жазушының ұстанған көркемдік үрдісінің жалпы нобайы айқын. Автор аңыз әңгімелер мен тарихи жырлар арқылы жеткен образдардан алшақтауға тырысқан деуге болады. Өзі жанынан қосатын көркем қиял да кейіпкерлердің мінез-құлықтарына, жалпы азаматтық ұстанымдарына үйлесетін деңгейде. Бірақ сараптап қарап отырғанда, «Оны тыңдап отырған атақты билердің өздері шешендік мәселесінде осы бала шыққан биіктен төмендеу жатқан
жоқ па екен?» деген сұрақ туады. Төле би бейнесінің тіпті бедерлене түсетін сәті – осындай тарихи тұлғалардың фонында. Әрбір оқиғадан, кейіпкерлер арасында орын алып жататын түрлі тартыстардан жазушы ұлттық сипатты таныта алатын орнықты түйіндеулер тауып отырады. Жоғарыда келтірілген эпизодта Төле бидің өзінің бейнесі ғана көрініп қоймай, оның бәйбішесі әулиенің қызы Бибіштің есімі де қылаң беріп өтеді. Бұл – осы кезең ішінде жазылған басқа романдарда төбе көрсете қоймаған бейне. Шақылдақ әженің келіндеріне Төле бидің қалтасына салып жүрген күміс білезіктерді сыйға тартуы кәдімгі балаларға тәтті үлестіретін қазақтың кең қолтық, мейірбан қарияларын елестетеді. Бұның өзі образ табиғатын толықтыра түспесе, кемітпейтін, аласартпайтын әрекет. Елдің елдігін таныта алатын сондай тарихи атрибуттардың бірі ретінде көрінген сахна – қазақ жұртының хан сайлау дәстүрі. Қазақ тарихының айнымас салты ел басқару билігін тек Шыңғыс әулетінен тараған хансұлтандар тұқымдары ғана иелене алатындығы, ал қара қазақтан шыққан азаматтардың мұндай билікті алуға құқығы жоқ екендігі де романда көтерілген әлеуметтік мәселелердің бірі ретінде оқырман үшін танымдық мәнге ие болады. Бұл дәстүрдің игі тұстарымен бірге шетін жақтары да жазушы назарынан тыс қалмаған. Ғасырдан ғасырға созылып келе жатқан осынау ата салттың тиімді жақтары қандай, кемшіліктері неде деген мәселеге де оқырман ойын бір сәт кідірте білуі де автордың тарихи проблемаларға көзжұмбайлықпен қарай алмайтындығының нышаны дерлік. Басқа ел ағаларын былай қойғанда, Үйсін Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің бұл мәселеге ерекше назар аударып, хан сайлау процедурасының бұзылып кетпеуін қадағалай білуі ел ішінде қалыптасып қалған заңдық жүйенің соншалықты берік екендігінен де хабар беріп тұрғаны анық. Ел басына күн туған замандағы түйінді оқиғаның бірі осы мәселенің төңірегінде өрбуі тарихи шындықтан алыс жатқан жоқ. Хан сайлау мәселесі арқылы қазақтың әдет заңдарының бір парасы төбе көрсетіп, қазақ деген халықтың ұлттық мәдениеті мен құқтық әлемінен де хабардар етеді. Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін Жетісу өлкесін жайлап жатқан қабырғалы қалың ел көш бастайтын көсемсіз қалғандай болады. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ақ кигізге салып, заңды түрде хан көтермесе де, әр жерден хандар пайда бола бастайды. Атап айтқанда, Дулат ұлысы Жаныс Бәйтікті, Қаңлы жұрты Қошық бекті, жапсарлас жатқан қырғыздар Көкім бекті хан деп төбелеріне көтерген. Енді осыларды көріп тұрып, Таутүргеннен Таласқа дейінгі аймақты мекендеп жатқан Шапырашты руының адамдары да өздеріне хан сайлап алуды ниет қылуы сол замандағы тарихи талап пен қоғамдық ой тұрғысынан қисынды. Сонда олардың іске татыр деген азаматтарды іріктеп келіп, тоқталғаны – Қарасай батырдың шөбересі Дәулет батырдың Нұрабайы болады.
Бұл кандидатураны сонау Ташкентте жатқан Төле би де қолдайды. «Ұлы жүздің ханын осылай қарадан сайлайтынымыз рас болса, онда Нұрабайдан өткен ешкім бола қоймас» (6, 401-б.) деп, тұжырымдайды ол. Осы аға бидің арада қиын-қыстау бір кезеңде Жоңғар ханы Халдан Церен Жетісу елін үшінші рет шаппақ болғанда, Нұрабайдың елшілік жасап, өз жұртын қырғыннан аман алып қалғанын еске алуы да орынды. Ханның тек Шыңғыс тұқымынан сайланатын қалыптасқан дәстүрін бұзып, қарадан хан сайлауға қарсылар да баршылық. Хан тек қана төре тұқымынан сайланатын заманда бұндай тосын шараға сол төре тұқымдарының, сұлтандардың наразы болуы да психологиялық тұрғыдан дәлелді. «Әбілхайыр сол үшін Төле бидің өзіне арнайы жолығып: Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шығып, ұлы жүзден біреуді хан сайлапсыздар». Өзі жас бала дейді! Белдеусізден үй тігіп, белгісізден би шығып, біздің төрелердің ата-бабасынан салт болып келе жатқан дәстүрін бұза бастаған көрінесіздер. Бұл қалай? – деп салмақ салғаны бар» (448-б.) Ата-баба жолын қатты ұстанатын қазақ дәстүріне сайғанда, Әбілхайырдың бұл айтып отырғаны дұрыс. Бірақ енді осыған қарт Төленің берген жауабынның дәлелі мықты, қазығы берік дей алмайсыз. Ол Әбілхайырға былай дейді: «...Нұрабай ханның қазақтығы, оның сөз білгіштігі осы жүрген бәрімізден көш артық. Сонда ол қазаққа хан болмай, кім болады, – деген сөзімен Әбілхайырға қарсы уәж айттырмаған» (449-б.). Жан-жақтан жау қыспаққа алып, қазақ қауымы шапқыншылыққа ұшырап тұрған заманда ханды қандай адамнан сайлау керек деген мәселенің ерекше маңызға ие болып, оған қатысты сұрақтың төтеден қойылуы да заңды. Ал Төле бидің жаңағы жауабы автор айтқандай, «қарсы уәж айттырмайтындай» тиянақты болмай тұр. Тек сөз білгіштігі үшін ғана хан сайладық деген сөз көңіл көншіте қоймайды. Хан болу үшін бұдан басқа адамның алғырлығы, ақылының тереңдігі, айлакерлігі, батырлығы, халықты ұйымдастыра білушілігі және т.б. маңызды қасиеттері болуы тиіс емес пе. Сонымен бірге қазақтың ата жауы жоңғарлар да қарсы. Небәрі жиырма бес жасқа жаңа келген Нұрабайға қастандық жасап, өлімге душар еткен де солар. Қысқа ғана ғұмырында елдің тыныштығы үшін біраз жұмыс атқарып кеткендігі романда жекелеген нақты оқиғалар арқылы суреттелген. Шағын пікірді шиыра келгенде, назар аударатынымыз – бүгінгі таңдағы қазақ романдарында Төле би Әлібекұлының бейнесі тәуелсіздіктен кейін өмірге келген қазақ тарихи романдарында екінші қатардағы персонаж ретінде ұшырасып отырады. Бір романда тарихи тұлға толық ашылмағанымен, екінші шығармада басқа бір қырымен көрініп, тұтас алғанда, өзіндік дара тұлғасы толыға түседі. Ұлы биді көркем прозамызда тұлғалау барысындағы авторлық ізденістерді тұтастай жоққа шығару қиын. Жекелеген кемшіліктерінің орын алғанына
қарамастан, аталған романдарда да бұл кейіпкердің есте қаларлықтай бедерлері жасалған, авторлар өздері қажет деп тапқан қырларын аша білген деген ойды түюге болады. Пайдаланылған әдебиеттер 1. Тұрлыбайұлы Ж. Райымбек батыр. Роман – Алматы: 1-кітап. 2004 ж. 456 б. 2. Жұмаділов Қ. Дарабоз. Тарихи роман. – Алматы: Шабыт, 1994. Бірінші кітап. 416 б. 3. Доспанбетов Ұ. Абылайдың ақ туы. 1-кітап. – Алматы: Мерей, 2004, 408 б. 4. ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті (2001-2011 жж.). – Алматы: «Арда», 2011.– 640 б. 5. Доспанбетов Ұ.Абылайдың ақ туы: тарихи роман: 2-кітап. –Алматы: ЖШС «Самара-Принт», 2008. 448-б. 6. Ахмади Ж. Айтұмар. Тарихи-деректі роман.– Алматы: Мирас, 2009, 512 б.
АРДАГЕР ҚАЛАМНЫҢ ҚҰЛШЫНЫСЫ Жазушы Шерхан Мұртазаның тәуелсіздік жылдарындағы шығармашылығы жайлы бірер сөз Шерхан Мұртазаның негізгі көркем туындылары Кеңес дәуірі тұсында жазылды. Қазақстан отаршылдықтың зардабынан ресми түрде азаттық алған кезде жазушы егде тартып қалған болатын. Соған қарамастан ол тәуелсіздік кезеңінде шығармашылығына жаңаша өң беріп, қалам сілтесінен әлі де жаңыла қоймаған жазушылардың қатарынан табылды. Көркем ойлау жүйесінде жаңаша бетбұрыстар мен тың серпіндердің туындауы Қазақ елінің тәуелсіздік алуына тікелей байланысты болғандығы анық. Бұл шағын мақалада жазушының тәуелсіздік жылдары жазған жекелеген еңбектеріне ғана тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Жазушының осы кезең ішінде қаламынан шыққан туындыларының ең қомақтысы – “Ай мен Айша” атты романы. Ғұмырбаяндық сипаттағы шығарманы оқып шыққаннан кейін оқырманның ең бірінші түйетін ойы – жазушының балалық шағындағы оқиғалардың қоюлығы, бастан кешкен жайларының, өмір соқпағында ұшырасқан адамдар қатарының соншалықты молдығы. Өмір кеңістігіне енді ғана қадам басқан жас баланың алдынан ұшырасып, тағдырына араласқан әрбір адаммен болған қарым-қатынас өз алдына дара бір сюжеттің туындауына, бұрынғы айтылып келе жатқандарға ұқсамайтын жаңаша ойдың түйінделуіне себепші. Дилогиялық романның алғашқы беттерінде бас кейіпкер Барсхан әлі кішкентай, бірінші кітаптың соңына қарай небәрі он жасқа жаңа келеді. Ал бұл жастағы баланың қоғамдық өмірге, ірі тартыстарға араласуға мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, оның енді ғана тәй-тәй басталған алғашқы қадамдары үлкен эпикалық фабулаларға негіз бола алмайтыны белгілі. Бірінші кітаптағы жекелеген сюжеттердің тез алмасып жататын қысқалығы, тіпті жекелеген эпизодтық штрихтардың көбірек орын алып кететіндігі де сондықтан. Жас кейіпкердің жадында сақталып қалған жекелеген көріністер мен шағын оқиғалардың өзі-ақ сол замандағы өмір суреттерін шынайылықпен көз алдыңа әкеліп жатады. Кейіпкерлердің едәуір бөлігі тек қана эпизодтық деңгейде. Бір-ақ рет көрініп, кейін жоқ болып кетіп жатады. Мәселен, Барсханды мектепке қабылдатқан Ноха секілді. Жоқ жерден жала жабылған әкесі Мұртазаның айдалып кетіп, сол қалпы қайтып оралмауы, шырылдаған шиеттей үш баламен тірідей жесір қалған шешесі Айшаның ауыр тағдыры, отағасынан айырылған жартыкеш шаңырақтың бірінен кейін бірі таусылып бітпес озбырлыққа ұшырауы, қабырғалары қайысып, қаншама тауқымет тартса да, суға кеткен тал қармайдының кебімен күресіп бағуы, жеңілістерден құралған жылдар тізбегі – адамды қай жағынан да мейлінше қажытып, шаршатып жіберетін ауыр ахуалдар, үлкен сынақтар. Анасы Айша да, әлі бұғанасы қатып, буы-
ны бекімеген Барсхан да ел қатарлы ауа жұтып, тыныс алу үшін ғана жандарын жалдап, күресіп бағады. Таразы басы тең емес шатқаяқтаған күресте олардың жеңістерінен гөрі жер қауып қалатын өкініштері көп. “Ай мен Айшасының” бас кейіпкері Барсхан – кітаптың соңына қарай небәрі он төртке жаңа толған жеткіншек қана. Соған қарамастан, оның моральдық қырының жекелеген сипаттары әжептәуір ашылған. Жалпы жер тіреп қалған қорғанышы жоқ міскін жандарға қол ұшын бергісі келіп, әйтеуір бір әрекет жасап қалуы – Барсханның адами-моральдық пішінін аша түетін штрихтар. Өзі ызақор да намысшыл болып өскен оның мінез-құлқындағы келесі бір қыры – осындай мейірбандылығы. Бірақ, өкінішке орай, қайырымдылық жолындағы ұмтылысы үнемі дерлік кедергіге ұшырап отырады. Сүлеймен, Зибаш секілді науқастарға малдың ағарғанын жеткізіп бергісі келген әрекеттері сәтсіздікпен аяқталса, соғыс мүгедегі Шолақ Сияқұлға қол ұшын бермек болуы да нәтижесіз қалады. Осы арада жазушының «Бір кем дүние» жинағында Сапарқұл есімімен жүрген соғыс мүгедегі осы Сияқұлдың түптұлғасы (прототип) болар деп жобалауға негіз бар сияқты. Өйткені екеуара ұқсастықтары едәуір. Соғыстан бір қолын беріп, шолақ болып оралған бұл мүгедек жанның не бір ордені, орден тұрмақ медалі де жоқ. Бала Барсханның “Аға, сізге орден бермеді-ау” (157-б.) деп сұрап қалуы аңғалдықтан болғанымен, астарында ащы шындық жатқаны сөзсіз. Отанды қорғау үшін сонау жердің түбіне барып, неше рет ажалмен бетпе бет кездескен, ақыр соңында оң қолын түбімен беріп, екініші топтағы мүгедек болып оралған жауынгердің мемлекет тарапынан мүлде елеусіз қалуы сол кездегі Кеңес өкіметінің саясатынан да хабар беретін, сөйтіп социалистік қоғам мен жеке адам арасында орын алған қайшылықты жағдай турасында белгілі бір ой түюге жетелейтін ахуал екендігі анық. Соның бірі – Ұлы Отан соғысына қатысты үнемі қайталанып, құлаққа сіңісті болып келген “Ешкім де, ештеңе де ұмтылмайды” деген ұранның шынайы өмірде оңайлықпен іске аса бермейтін әшейін жалаң декларация болып шығуы. Дәрменсіз мүгедекті аяған Барсхан жоғары жаққа, тұп-тура Калининнің өзіне хат жазады. Бірақ хабар болмайды. Кейін есейген кезде Сияқұлға тағы кездесіп қалып, жоғарыдағы өкімет адамдарына енді оның зейнетақысын молайту жөнінде өтініш жібереді. Бірақ Шолақ Сияқұлды еске алып, есіркеп жатқан өкімет көрінбейді. Ақыры не бір марапатқа ие бола алмай не болмаса зейнетақысын да көбейте алмай, Ұлы Отан соғысының мүгедегі жоқшылықта жүріп, өмірден өтеді. Нақ осы сюжетті Кеңес дәуірінде сол қалпында айна-қатесіз айтып жеткізудің мүмкін емес екендігі белгілі. Кейіпкер жеткіншектің әлеуметтік әділеттілік үшін күресіп жүруі оның моральдық бет-пішінінен хабар беретін штрих. Ш.Мұртаза қаламына тән жазушылық машықтың бірі – жалпы әр тақырып, әр оқиғаның соңын белгілі бір философиялық оймен түйіндеп
отыру. Соның бір мысалы осы міскін, кемтар жандарға байланысты: «Бірақ мынау Қуаныштың: «Бұйырса» дегені – уайым. Қартамыс болған қарт адамның сөзіндей. Дені сау адам ажалды ойлай бермейді, өмірі өлместей көрінеді. Ал ауру адамға, ұзақ кесел қысқан адамға ажалдың апаны елестеп тұратын болар. Ұзақ кеселдің адамын тек үміт қана сақтайды. “Бұйырса” деген сөзді үміт те бар, күдік те бар. Қайсысы жеңеді, сонысы алады” (216б.). Өмірдің ащы шындығынан туған бұндай ой қорытулар – кітаптың трагедиялық мазмұнын күшейтете түсетін көркемдік факторлар. Ортақ талаптар тұрғысынан келгенде, Ш.Мұртазаның “Ай мен Айшасындағы” кейіпкерлер қатарының барлығы шетінен әлеуметтік жүк арқалап, өзін-өзі ақтай алады десек, әсіре бағалағандық болар еді. Балалық шақтың суреттерін көлденеңдей тартып отырудың барысында жылт етіп көрініп қалып, артынша-ақ ауызға алынбай жататын адам есімдері әр тұстан ұшырасып жатады. Тек аттары аталып қалғандықтан, ондай кісі есімдерін кейіпкер деп атаудың өзі қиын. Өйткені екінші қатардағы немесе қосалқы кейіпкерлердің өздері кішкентай болса да белгілі бір дәрежеде көркемдік жүк арқалайтыны белгілі. Ал талданып отырған осы романда мінез-құлқы, көзқарасы, адами сипаты ашылмай қалатын ондай есімдер бірсыпыра дерлік. Бұның өзі шығарма табиғатын күнделік формасына жақындатып тұрған фактор деп айтуға болады. Олардың кейбірін мысал ретінде ала отырып, атап кеткен де артық бола қоймас. Әке Гришка, бала Гришка, Пешен, Әліпбай, Мұса, Байжұман, Мұса, Шақалақ, Тәшкен, Кәрібай, Төреқұл, Сейсенбай, Боранбай, Пияш, Жібек, Пәшира, Өскенбай, Сейдін, Апақай және т.б. Бұл аталған адамдардың көпшілігі эпизодтық болсын кейіпкер деңгейіне жете қоймаған жандар. Өмірбаяндық деректерге сүйеніп, көркем шығарма ретінде жазылғанымен, роман беттеріндегі өмір көріністерінің берілу тәсілдері кей тұстарда, алдында айтылғандай, ішінара күнделік формасын еске түсіреді. Қазақтың мемуарлық романдарын зерттеу барысында осы жанрдағы жекелеген шығармаларда немесе олардың кейбір тарауларында күнделік сипаты басым болып келетіндігі аңғарылған еді. Бастан кешкен оқиғаларды хронологиялық тұрғыдан жеткізу үшін бұл дұрыс та. Айналадағы құбылыстардың барлығы да жас бас кейіпкердің көзімен беріліп, соның дүниетанымы арқылы суреттеліп отырады. Мұндайда жалғыз-ақ рет айтылып, сонан кейін қайта көрінбеген қалпы жоқ болып кететін кейіпкерлердің болуы заңды. Әрине, туынды табиғаты өмірбаянлық болғандықтан, бір кейіпкердің аяғына дейін шығарып, тағдырын айту, мінез-құлқын ашып көрсету шарт емес. Кейіпкердің эпизодтық деңгейде жалғыз-ақ рет көрінуі мемуарлық туындының осал жері, бейнелі тілмен айтқанда “Ахиллес өкшесі”. Осы тәуелсіздік жылдарында Шерхан Мұртазаның қаламынан туған «Бір кем дүние», «Ғапыл дүние» топтамалары да оқырман назарын түйінді ойларды шоғырландырумен аударуда деп білеміз.
«Бір кем дүние» кітабында қаламгер тағы бір қырынан танылды деуге болады. Жинақтың тіні – көбінесе философиялық ойлармен түйінделетін қысқа тәмсілдер. Өмірде болған түрлі оқиғаларды ықшамдай баяндап келіп, сөз соңын философиялық пайымдаулармен түйіндеп отырады. Сөйтіп өзі тақырып еткен әрбір құбылыстан, әрбір оқиға мен шағын эпизодтан бір тұжырым жасайды. Және жай тұжырым емес, саналы оқырманға ой салатын, қалыптасқан көзқарасын қозғайтын тұжырым. Бұл арада Ш.Мұртаза жаңа қырынан танылып отыр деуіміздің де онша шындыққа сыйыса қоймауы да мүмкін. Өйткені қаламгердің кейбір бұрынғы шығармалары да осындай белгілі бір тұжырыммен, өзіндік пайыммен түйінделіп жататын. Ал қысқа тәмсілдер – автордың сол шығармашылық үрдісін одан әрман нықтай түсетін ізденіс ұстанымының үлгілері. Жазушыны бұл арада ғажап жаңалық тауыпты деуге де болмас. Мәселе қалам иесінің қалың бұқараның көңілінде жүрген кейбір мазасыз ойларды дәл басып отыруында немесе өзінің тынышын алған түрлі жағдаяттарды сол бұқараның ойымен ұштастыруға тырысуында жатыр. Тақырыптық тұрғыдан «Бір кем дүние» жинағына енген шығармаларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – жалпы оқырман қауымға түрлі тарихи көздерден жақсы белгілі түрлі әңгімелер. Оларды белгілі бір тарихи оқиғалар немесе тарихи тұлғалардың бастан өткізген бір ғана эпизод сөз болып отырады. Екіншісі – автордың өзі куә болған немесе бастан кешкен әр түрлі оқиғалары. Екі жағдайда да ол оқиғаларды бажайлап тұтас әңгімелеп жатпайды, әңгіменің жалып нобайын сездіргенімен, оқырманға ой саларлықтай пұшпағын ғана ойып алып, ұсынуға бейім. Жазушы оқырман алдына көлденең тартып отырған сол түйіндемелердің барлығы жалаң емес, тәлімтәрбиелік мәні бар дүниелер. Мәселен, «Құмырсқа ғұмыр» тәмсілін тұтас оқып көрейік: «Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлапжыбырлап жем тасып бара жатады. Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз. Бай баласы байға ұқсайды, Байланбаған тайға ұқсайды, – деген осы. Жалқаумыз. Бір кем дүние» (Мұртаза Ш. Бір кем дүние: Ойтолғау. – Алматы: Жазушы, 2008. – 176 б. 41-бет). Александар Македонскийдің (қазақша Ескендір Зұлқарнайын) өлгеннен кейін табытта жатып, алақанының ашыла беруі, бір шөкім топырақ салған соңбарып қана қолының төмен қарай сылқ түсуі немесе жарты әлемді жаулап алған Ақсақ Темірдің өлер алдында Алладан маған мейірім тілеңдер деуі сияқты тәрбиелік мәні бар әңгімелерді жазушы өзінше жаңғыртып, қисынды трактовкалар жасап отырады. Бұл әңгімелерді біреу білер, біреу білмес, бірақ бүгінгі заманда алдымыздан көлденеңдеп шыға беретін түрлі проблемаларға қатысты тарихтың сол бір тағылымдарын қайталап еске салып отырғанның еш артықтығы жоқ.
Жазушының осындай философиялық ойларына өзек болған жайлардың бір тобы – өзінің замандастары, аралас-құралас болып жүрген адамдарының қилы қылықтары мен сөздері. «Соғыс жетімі» деген тәмсілінде: «Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей, майданда қаза тапты, әттең...» деген кезде жасы алпыстан асқан жазушы Бек Тоғысбаев еңкілдеп жылап жіберіпті. Осы оқиғадан автор «Міне, бұл ұлы сезім... Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек» деген тосын түйін жасайды. Жазушының тәуелсіздік жыларында жарық көрген еңбектеріне туған халқының түрлі қиындықтарының өзек болып келуі де заңдылық. Өйткені туған ұлтының басындағы түрлі жағдаяттарды жазушы сонау Кеңес өкіметінің тұсында да үнемі тілге тиек етіп, көркем ойдың нысанына айналдырып отыратын. Еліміздің тәуелсіздік алғаны жақсы-ау, бірақ сол тәуелсіздік, демокртатия лебімен қоса өмірге жаңа проблемалар да келіп жатты. Еліміз саяси бостандыққа ие болғанымен, әлі рухани бостандыққа толық қол жеткізе алмағаны жұртшылықтың көз алдында. Жазушының жанын қинап, қаламының ұшын қарайтып жіберетін де осындай өзекті мәселелер. Ендеше патриот қаламгердің тәуелсіздік жылдары ұлт, бұқара тағдырына қатысты қаламын батыра сілтеуі, жан ауыртатын жағдаяттарды әлсін әлі оқырман алдына көлденең тарта беруі де оның қандай бағыттағы тұлға екендігін аңғарта білді. Жасының егде тартқандығына қарамастан, Ш.Мұртаза қол қусырып жатып алмай, ұлтының жүрек ауыртқан мәселелеріне қайта айналып соғып отыруға ықыласты. Тек қана көркем шығармалары немесе тәмсілдері арқылы ғана емес, жекелеген мақалалары мен сөйлеген сөздері арқылы да қайраткерлік танытуда. Жазушының халық қамы үшін күресудің нақты мүмкіндігіне ие болған кезі – халық қалаулысы ретінде республика Парламентіне депутат болып сайланған уақыты еді. Осы жағдайды пайдаланып, ол туған жұртының кем-кетігін жөндеп, отаршылдық қалдықтарынан арылу мәселелеріне орай Парламент мінберінен сөз алып отырды. Оның патриоттық сезімінен туындыған жігерлі пікірлері кейбір шовинистік бағыттағы әлдекімдердің жүйкелеріне де тиіп жатты. Бірақ депутаттық мерзімі біткенше Ш.Мұртаза бөгеліп қалған жоқ, ресми мінберден өз жұртының проблемаларын айтудай-ақ айта білді. Сексеннен асса да, қарттықты мойындамай жүрген қаламгер көркем сөзімен де туған халқына қызмет етуде. Пайдаланылған әдебиеттер Мұртаза Ш. Бір кем дүние:– Алматы: Жазушы, 2008. – 176 б. 41-бет.
ТҰМА ТАБИҒАТТЫҢ ЖЫРШЫСЫ Қатарлас қаламгерлердің ішінде Әлібек Асылбайұлы Асқаровтың қалам ұстау мәнері, оймен сурет салу тәсілі өзгешелеу екендігі үңіле, шұқшия оқыған оқырманға жақсы мәлім болса керек-ті. Көркем шығарманың табиғатын жете ашатын оңтайлы құралы сөзбен салынған бейнелелік екендігі мәлім. Нақ осы бейнелелік мәселесін жеткілікті игере білген, қазақ көркем сөзінің қыры-сырына қаншалықты қанық екендігін өзінің қаламыныан жорғалап шыққан шығармалары арқылы жеткізіп жүрген қаламгердің бірі – Әлібек Асқаров. Оның туындыгерлігі турасында жазылып жүрген сын жанрындағы мақалалар қатары олқы емес. Жаңадан жарық көрген әрбір туындынысына көңіл бөлініп, пікір айтылып жатса, ол жазушының осалдығы бола қоймас. Ә.Асқаров шығармашылығына өз заманында тамсана түсіп, бағасын оң берген Шерхан Мұртазадан асырып жеткізе талдау қолдан келер ме екен? Әдебиеттің есігін қағып тұрған сонау талапкер кезінен-ақ тырнақалды туындыларымен-ақ оқырман назарын аударып, болашағына үмітпен қарауға ықылас туғызатын бір қаламгерлер болады. Кейде, жасыратыны жоқ, ондай қаламгерге үлкен үміт артылып, келешегінің келбетін елестетуге де асығып жатамыз, «болар бала боғынан» деп, болжам айтып жіберуге де батылымыз жетеді. Міне, осындай талапкерлер шоғырынан көрініп, қалам ұстасының нық екендігін сездірген жазушының бірі Әлібек Асқаров болатын. Жас жазушылардың жыл сайын шығарылатын «Арман қанаты» жинағына енген «Шұғыла таудың етегінде» әңгімесінен бастап, бүгінде жиі сөз болып жүрген «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?» хикаятынан дейінгі аралықта өмірге келген құнарлы туындылар соның лайықты дәлелі болар. Қазақтың көп жазушыларының кейіпкерлері – ел ішіндегі қарапайым адамдар. Әлібектікі де сондай. Өзгешелегі сол – оның образ сомдау барысында өзінше сатылап баратын ізденістері. Ал ізденістер нышанын байқататын – ең алдымен оның романтизмі мен юморлық емеуіріндері, бояулы тілі. Әдебиеттану ғылымы мен сыншылар пайымдауларына қарағанда, Әлібек Асқаров – Алтайдың жыршысы, қаймағы бұзылмаған тұма табиғаттың жанашыр қаламгері. Дау туғызбайтын пайымдау. Бірақ, меніңше, әңгіме тек сол таңдап алған тақырыппен ғана шектеліп қалмауы тиіс, әңгіме – сол тақырыпты қалай жеткізе білуде ғой. Алтай тауын асқақтата жырлау – жазушы талантының кепілі бола ала ма? Тақырып жағынан алғанда, Әлібектің қаламына түсетін жүк оңай емес. Өйткені бұған дейін Алтайды жырлауға талап қылған қаламгерлер жоқ еді деп айта алмаймыз. Сонау бір замандардағы Иса Байзақов, Дихан Әбілев, Қапан Қамбаров, Қалихан Ысқақұлы, Оралхан Бөкей, тіпті басқасын былай қойғанда, Әлібектің дос қаламгері Дидахмет Әшімханұлы және т.б. қозғаған киелі тақырып емес пе бұл? Осынау тегеурінді топтан кейін Алтайды асқақтата жырлап көр, жаңалығын ашып, өзіңше бедерлеп
көр. Оңай емес. Осыдан-ақ Әлібектің көркем қиялына, кәседей кәллесіне түсетін жүктің салмағы осал болмағанын аңдайсың. Бірақ қиын екен деп күрмеліп қалған Әлекең жоқ, жүрегінің жалынымен, өрекпіген өзімшіл көңлімен өзінің төл Алтайын, туырылып тұрған туған өлкесін өлгенше жақсы көретінін сөз құйылыстарымен дәлелдеп берді. Сонау қаламы балаңдау кезінде жазылған «Шұғыла таудың етегінде» әңгімесінде Алтай өңірінің табиғат суреттері ықшам түрде ғана көрініп кететін. Бірақ бұл әңгіменің негізі өзегі – Алтай табиғатын тамсана бейнелеп беру емес, сол әсем өлкеде өмір сүріп, еңбек етіп жатқан қарапайым азаматтардың жан әлемін оқиға үстінде бейнелеп көрсету. Машинасына шөп тиеп келе жатқан жүргізуші жігіттің аяқ астынан өрт шыққан сәттегі шешімталдығы, өзінің басын бәйгеге тігіп, машинаны аман алып қалу үшін өрге қарай өршелене ұмтылуы – кейіпкердің ерлік жасауға іштей қашанда дайын тұрғандығын білдірсе керек. Демек, ол кездейсоқ қаҺарман емес, уақыттың өзі туғызған, ішкі рухы мықты жан. Өз басы қарапайым болғанымен, әрекеті кесек еңбек адамының келбеті жазушы қаламымен әңгімеде жанды суретке айналған. «Алтайды менен бұрын талай қаламгер жазған екен» деп, тосылып, тосырқап тұрған Әлекеңді байқамадық, ол көп жазылса да, таптаурын болып үлгірмеген тақырыпты шабыттана жырлады. Тіпті өзінен басқа ешкім айтпағандай, тілдеріне титімдей де тиек етпегендей екпіндей жырлады, сөз құйынын үйіре соғып, өзінің өр Алтайын таусылып бітпес қасиетті тақырыпқа айналдыра білді. Оған дәлел ретінде тілге тиек бола кететін щығармаларының қатарында «Шабанбайдай жер қайда?», «Жұртта қалған жеті жұрт», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?» және тағы басқа әңгіме, повестерін, эсселерін атауға болады. Осылардың ішінде әдеби сынның талдауына көбірек ілігіп жүрген көлемдірек туындысы – «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деп аталатын повесі. Мұнда атақты Алтай тауының баурайына қоныс тепкен әжептәуір ауылдың бірер жылдың ішінде қандай кепке душар болғаны сондағы жекелеген адамдардың тіршіліктерін суреттеу арқылы көзге елестейді. Осы төңіректе болып жатқан ірілі-уақты оқиғалар тізбегі ауыл пошташысы болып қызмет атқаратын Сәлима қыздың көзімен беріліп отырады. Әсем табиғаттың нақ ортасына орналасқан, күнкөріске қолайлы жақтары жетерлік осынау мекен айдың-күннің аманында неліктен тозып, неге тұрғындары сиырдың бүйрегіндей пышырап кетті? Жазушының шым-шымдап жеткізуінен байқалатыны – мұндай күрт өзгерістің себебі тереңде, еліміз тәуедсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңнің қатал сынағында жатыр екен. Кеңес дәуірінде мемлекеттің қамқорлығында болып, қалыпты өмір ағынымен жүріп жатқан ауыл орталықтан келіп тұрған қаржы көзі бітелгеннен кейін, бұлағы тартыла бастаған бақшаға ұқсайды. Ауылдағы кеңсе, мектеп, дүкен, дәрігерлік пункт сияқты әлеуметтік нысандар біртіндеп
жабыла бастаған уақытта тұрғындар көңіліне еріксіз алаңдаушылықтың кіруі логикалық тұрғыдан заңды. Кеңес өкіметінің енді келмеске кеткенін түсінген кейбір көзі ашық, әлді адамдардың құлазып қалған ауылдан елі мол ішкергі жақтарға қарай қоныс аудара бастауының себебі осал емес. Осы жағдайға орай кейіпкерлер арасында әрқилі пікірлердің болуы, жекелеген дау-дамайлардың орын алуы өтпелі кезеңнің кезекті шындығына сыйымды. Повестің өзегіне айналған проблема тек өтпелі дәуірдің қиыншылықтары тұсындағы тұрғындар психологиясын ашып көрсетумен шектелмейді, жазушы қазақи рухтың сақталып қалуы мәселесіне де мүмкіндігінше назар аудара білген. Бір жағында қазақи сананы қаймағын бұзбастан қалай сақтап қаламыз деген мәселенің ұшығы көрініп тұрса, екінші жағынан, жастардың қалалы жерлерге ұмтылысы, тұрғындардың қалаға шоғырлануы (урбанизация) сияқты мәселелер алдыңғы қатарға шығады. Демек, шығарма мазмұнынан алынатын тағылымдық сипаттар тез арада ескіре қоймайды деген сөз. Соңғы уақытта жазушының баспадан жаңа ғана шыққан «Әйел парасаты» атты кітабына енген туындылары зерттеушілердің назарына іліге бастаған жайы бар. Осындағы «Ғаббас пен Шура» әңгімесінің айтары не екен деп үңілсеңіз, тек жазушы концепциясына айналған көркем пайымдаулардың өзі әртүрлі параметрлерде ұсынылғанын байқайсыз. Өйткені сонау қарғыс атқыр соғыстың бүгінгі бейбіт өмірге жеткен жаңғырығы оқырманды бейжай қалдыра алмайды. Шура да, Ғаббас та партизан болып, жау тылында басқыншыларға қарсы соғысқан. Ғаббастың артынан бір емес, екі рет қара қағаз келіп, туыстары баяғыда-ақ өлдіге санап қойған. Мұндай ситуациялардың соғыс кезінде аз болмағанын білеміз. Жазушы сол шындықты материал ете отырып, бүгінгі ұрпақ үшін ертегідей көрінетін соғыс туралы тағы да көркемдік шешім ұсынып, өзінің тиянақты позициясын айқын білдіреді. Мина жарқышағының салдарынан қос жанарынан айрылып, зағип болып қалған Ғаббастың мүгедектігін Шура мойндамауға тырысып, сүйген жігітінің етегінен бәрібір айырылмайды. Қазақстанға, Ғаббастың туған жеріне келіп, екеуі түтін түтетіп, үй болады. Қазақстанға келген жастарды Ғаббастың туғандарының қалай қарсы алғаны, соғыс қасіретін түсіне отырып, адамдар арасындағы мызғымас берік махаббатқа куә болуы эпизодтық персонаждар арқылы берілген. Мәселен, он жасар Гүлжан есімді қыздың көз алдында болып жатқан қуанышты оқиғалар оқырманды біртіндеп философиялық түйіндеулер жасауға жетелейді. Зағип жігітпен тек қана бас құрап қойса бір сәрі ғой, жат жұртқа келн болып түскен Шура өмірге тоғыз бала әкеледі. Кітаптағы «Қалжан мен Ләзиза» повесі де Кеңес заманы тұсындағы адамдардың қилы тағдырлары жайында қызықты етіп сыр шертеді, оқиға өзегі тосын перипетиялар арқылы динамикалы түрде дамып отырады. Жастық шақтары қасіретті зұлмат кезеңіне сай келген Қалжанның басынан
өткізбеген құқайы жоқ десе де болғандай. Оның бәрін сараптап жату шарт емес, бірақ автордың кейіпкер таңдауда жаңылыспағаны анық. Жазушы екі тағдырдың түрлі өткелектерден өтіп келіп, ақыр соңында қалай қиысқанын тартымды баяндаулар арқылы жеткізе білген. Әлібек тек Алтай пейзажын ғана кестелей жеткізіп қана қоймай, қай кейіпкерінің болсын портретін салуға баса мән беріп отырады. Бұлара адам суретін салудағы қалыптасқан штрихармен бірге өз жанынан соны рең, бояу қосуға да бейім. Мәселен: «Аспан түстес аласыз бадырақ көз, аппақ қардай алма бет, үлбіреген қаймақ ерін, күлтеленген жібектей сарғылт шаш. Денесі тығыршықтай, кеудесіндегі қос анары тырсиып, қимыл етсе, көңілді қытықтап, толқып қоятынын қайтерсің» деп суреттелетін әйел бейнесі оқырманның көз алдына сол қалпы тіріліп келгендей болады. Мұндай портреттердің жазушы шығармаларында кездесуі сирек емес. Қаламгер кейіпкердің мінез-құлқын ашу барысында диалогты оңтайлы қолдан білумен ғана емес, жоғарыдағыдай сөзден сурет түйіндеуге де төселіп алған. Ал неге сурет салуға құмар екендігін Ә.Асқаровтың шығармашылығын жете түсіне алатындар пайымдай алуы мүмкін. Білетін кісілердің бірі ретінде бұл мәселеге мен өзімше уәж айта кетейін, Әлібек ол – суретші ғой. Қалам ұстаған жазушы ретіндегі суретші емес, кәдімгі қыл қалам ұстаған кәнігі суретші. Оның портрет, пейзаж және лингография жанрындағы жекелеген шығармалары назарға ұсынылған да болатын. Бірақ ертеректе, отызға жетпеген кезінде. Сосын отыздың ол жақ-бұл жағын сағалап, қақсал тартуға айналған шақта Әлібек Асқаров қыл қаламын ептеп өгейсіте бастады, оның Пегасы (өнер жолындағы Пырағы) жазушылық пен журналистиканың ауылдарына қарап, жиі-жиі кісінейтінді шығарды. Кейін біржола қыл қаламның белінен басып, басқа бағытта көлденең жатқан белден асып түсті. Қос таланты қос қанаты бола алар еді. Бірақ Асылбай ақсақалдың Әлібегі сары өзен уақытының елеулі бөлігін басқа бағытқа жұмсады. Өлшеулі жылдардан тұратын жастық кезеңінде бар қуатын жұмыс орнына төкті. Жастық шағын «Білім және еңбек» журналының босағасында телмеңдеп жүріп, макет мәпелеумен өткізді. Өз шығармашылығын өзекке тепті. Онан кейін «Өнер» баспасын өрге сүйреймін деп, еңбекқорлықтың өнегесін көрсетті. Өз шығармашылығы тағы да өгейсіп қалды. Онан кейін Әлекеңнің территориясына басып кіріп, уақытына қожа бола кеткен – түрлі деңгейдегі шенеуніктік қызмет. Солардың арасында қашып-пысып жүріп, қысылып-қымтырылып жүріп, қолынан қайта-қайта түсіп қала берген қаламын сығырая іздеп, сипалақтап тауып алатын. Бүгінгі оқырманның олжасына айналып жүрген өлшеулі туындылары – ыңғайына келіп қалған сол бір ұрымтал сәттерде үлгіріп қалғандары ғана. Әйтпесе Әлекеңнің негізгі шығармалары әлі басында, жазушылық жоспарында.
Сол шығармаларды құныға оқуымыз үшін Әлекеңнің басы аман болсын дейміз. Ғабит Мүсірепов – кейіпкер Қазақ мемуарлық романдарында көбірек әңгімеленетін белгілі тұлғаның бірі – Ғ.Мүсірепов. Жалпы қазақтың осы ұлы жазушысының бейнесі осы жанрдағы туындылардың ішінде С.Мұқановтың “Өмір мектебі” (1,2,3-кітаптарында), Ә.Нұршайықовтың “Мен және менің замандастарым”, Х.Әдібаевтың “Өмірдария”, С.Қирабаевтың “Өмір тағылымдары” Қ.Жұмаділовтың “Таңғажайып дүние”, М.Мағауинның “Мен” атты өмірбаяндық-деректі шығармаларында бар. Әрине, авторлардың әрқайсысы өздерінің көріп-білгендеріне орай атақты жазушының бейнесін әр қырынан алып суреттейді, әрқайсысының куә болған оқиғалары мен жекелеген фактілері сабақтаса келіп, бір-бірін өзара қисынды түрде толықтырып отырады. Бұл арада авторлардың әрқайсысының үлкен жазушымен арада орын алған жеке қарым-қатынастарының да рөл ойнағанын жоққа шығаруға болмас. Ғ.Мүсіреповтің алғашқы әдеби бейнесі С.Мұқановтың “Өмір мектебінде” жасалған. 1918 жылдың жазына қарай заманның соншалықты тарылып тұрғанына қарамастан, Сәбит ел ішінде жүріп-ақ оқу оқымақшы болады. Сондағы сабақ алған адамдарының бірі – Хамит Махмұдов болашақтағы үлкен жазушы Ғабит Мүсіреповтің туған ағасы екен. Сәбит пен Ғабиттің алғашқы ұшырасулары да осы кезде. Бұл кездесу бірінші кітаптың соңына қарай жан-жақты жазылған. Шағын штирхтар мен меңзеулерге қарағанда, сол жас кезінің өзінде-ақ Ғабит әр сөзін санап айтатын ыңыранып қалған адамға ұқсайды. Оның үстіне ол Сәбитпен орысша сөйлеседі. Шығарма авторы өзінің білімінің аздығын, мәдениетінің жетіспей жатқандығын көрсететін детальдарды айтып өтуге арланбайды. Оның бір мысалы – аумалы-төкпелі заманда бетке ұстар ауыл жігіттерінің бірі ретінде көмек сұрған ел адамының малын сату үшін өзінің қалайша сенімхат жазып бергенін, соның салдарынан өтініш иесінің жергілікті заң орындары өкілдерінен нақақтан нақақ қандай қиянат көргенін жасырмай баяндауы. Бұл жағдай әңгімеленетін эпизод – бірінші кітаптағы “Дөстеберне” тарауы. Ғабиттың қойған бірде бір сұрағына жауап бере алмаған Сәбиттің өзін одан әлдеқайда кем санауы да психологиялық-әлеуметтік тұрғыдан шынайы. Бір сөзбен айтқанда, алғашқы екі кездесуде де өзінің мысын басқан Ғабиттің қасында Сәбит өзін қор санағандай болады. Өтініп сұрағаны үшін бір адамның малына “дөстеберн” (сенімхат) жазып беріп, малдың ен-таңбасын орысша теріс бейнелегендіктен, мал иесінің зәбір көруі – автордың өзі айта беретін шала сауаттылығының салдары. “Өмір мектебінің” алғашқы екі кітабында бірер эпизодпен көрінетін Ғабит жайында үшінші кітап “Есею жылдарында” кеңірек айтылады. Оның
белсенділігі, ел тұтқасы ретіндегі азаматтық мінездері, жекелеген штрихтар арқылы оқырман көңілінде тізбектеліп қалып отырады. Ғабиттің өзі жақсы білетін ағасы Хамит жөнінде Сәбең онша тереңдеп бармайды. Бірақ ағалы-інілі екеуінің еті тірі, алғыр әрі оқыған азаматтар екендігі көрінеді. Екі жазушының осы кезеңдегі шығармашылық қарым-қатынасы жөнінде филология ғылымының докторы Н.Ғабдуллин былайша таратып айтады: “Ал Сәбит Мұқанов екеуі Орынборда рабфакта оқып жүрген кезінде, оған газет басқармасынан орысша жазылған қаулы-қарарларды алып келіп, аудартып жүреді де, Ғабиттің қаламға икемі барын көріп, ұқыптылығын және өзгенің шығармасына орнықты сын айта алатынын байқап: “Сен жазуға кіріс”, – деп күнде қозғау сала берген. Ол кезде өлеңдері газет беттерінде жиі жарияланып, жұртқа ақын ретінде жап-жақсы танылып қалған Сәбит Ғабитті ырқына қоймай, жазушылық жолға еліктірген. Ғабит Мүсіреповтің тұңғыш көркем туындысы – “Тулаған толқында” повесінің әуелгі қолжазбасын бірінші оқыған, бірінші сын айтқан және осы шығарма баспа жүзінде алғаш жарық көргенде оның бірінші редакторы болған адам – Сәбит Мұқанов” [1, 25-26]. Сөйтіп Н.Ғабдуллин Ғ.Мүсіреповтің тұңғыш көркем туындысы “Тулаған толқында” десе, әдебиеттанушы К.Ахмет “Сәбең Ғабең туралы” деген мақаласында: “Ғабең ең алғашқы туындысы “Әмірқан бидайығын” 1927 жылы Қазақстан Мемлекеттік Баспасына “бас редакторы Сәбеңе” жіберді. Осы кітапша жарық көріп, тиын-тебені “гонорары” қолына тиіп, күн көрісін жеңілдеткен Ғабең “осы кітапшаның ақшасы семьямызға жарты қыс азық болды” деп, Сәбеңе хат жолдаған” [2, 91] деген мәліметтер айтады. Ғабеңнің алғашқы туындысы туралы деректердің әрқилы екендігін осы келтірілген дәйексөздерден-ақ аңғаруға болады. Біреуінде ол “Тулаған толқында” делінсе, екіншісінде “Әмірқан бидайығы” деп аталады. “Есею жылдарының” мазмұны бойынша Ленинградқа оқуға кететін болып қалған Сәбит өз орнына лайықты адам іздестіреді. Бұл кезде ол баспаның бас редакторлығы қызметін атқарады екен. Сөйтіп алыстағы ел ішінен бір талантты жасты басшылармен келісе отырып, арнайы шақырып алады. Бұл – республика астанасының Қызылорда қаласында болған кезі. Сөйтсе, шақыртқан адамы ол тағы да Ғабит Мүсірепов болып шығады. Осылайша өзі қамқорлық жасап, ішке тартып жүрген адамымен Сәбит кейінірек баспасөз беттері арқылы сөз таластырып, айтысып қалғандарын да автор жасырмайды. Өзі айтып отырғанындай, жастары қатар болған күннің өзінде де Сәбеңнің Ғабитті өзіне белгілі бір мөлшерде ұстаз тұтқан сыңайы байқалады. Жазушының бұнысын оның өз бойындағы табиғи сыпайгершілігіне, кішіпейілдігіне де жатқызуға болар. Бірақ алғаш екеуі кездескен күннің өзінде Ғабит Сәбитке қарағанда салмақты, білімі де тәжірибесі де мол жігіт болып көрінеді. Орнықты, мығым, өз әрекетіне сенімді. Милиция
бастығы болып істеген кезінде айналадағы халық өзінен ығысып жүргенге ұқсайды. С.Мұқанов өз мемуарлық романында Ғабит жайында жалаң дерек беріп қана қоймай, оның ішкі әлемін, мінез-құлығының жекелеген ұшқындарын да суреттеп кетеді. Сөйтіп деректі қаһарман аталған шығармада көркем образға тән белгілерге ие болады. Әдебиеттанушы Т.Рахымжановтың: “Реалистік шындыққа негізделген психологиялық талдау тәсілі адам характерін жан-жақты ашып, оның жан дүниесінің қыртыс-қабаттарын толық қамтуды талап етеді. Осы орайда С.Мұқанов өз кейіпкерлерінің қоғамдағы орны мен жеке тұрмыстағы әдет-дағдыларын сабақтастырып, жалғастыра сипаттауды мұрат тұтады” [3, 225, 27] деген пікіріне осы мысалдың өзі-ақ дәлел. Осы арада айта кету керек, жастары шамалас С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов және Ғ.Мұстафин үшеуі де Совет өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдарда жергілікті жердегі билік басында қызмет істепті. Біріншісі Көкшетау уезінің Қотыркөл болыстығында болыс болып, “Қаһарлы қара бөрік” атанса, кейінгі екі жазушы да болыстық милицияның бастығы лауазымынтда қызмет атқарған. Мемуарлық шығармаларда айтылған оқиғалардың мазмұнына қарағанда, өз қызметінде иіні жұмсақтауы, момақандауы Ғабиден Мұстафин деуге келеді. Ол үшін “Көз көрген” мемуарлық романындағы өзінің прототипі Сарыбаланың осы лауазым үстіндегі мінезқұлқын, іс-әрекетін моральдық-әлеуметтік жағынан талдап көрсек те жеткілікті. Ә.Нұршайықовтың “Мен және менің замандастарым” мемуарының жазылуына “Өнер” баспасының сол кездегі директоры С.Оразалиновтың өтініші әсер еткен екен. Ол кісінің Ғабит Мүсірепов туралы естелік жазып беріңіз деген тапсырмасы мұрындық болғаны кітапта екі-үш рет қайталанады. Басқа ақын-жазушылар, көрнекті тұлғалармен қабат жеке адам ретіндегі бейнесі мейлінше әр қырынан ашылып көрсетілген деректі кейіпкердің осы көрнекті қаламгер болуы да сондықтан. Ғ.Мүсіреповтің күрделі адами болмысы Ә.Нұршайықов мемуарында жан-жақты ашылған деп пәтуаға келуімізге себеп жеткілікті. Екеуі ұзақ жылдар бойы бір бірімен әрқилы жағдайда қарым-қатынаста болған. “Қазақ әдебиеті” газетіне редактор болып келген Ә.Нұршайықовқа Ғ.Мүсіреповтің әу бастағы көзқарасында оғаштық байқалмайды. Ғ.Мүсірепов шығармашылық хат жазып, кейбір мәселелер жөнінде онымен ақылдасып та отырған. Былайынша талантты жас әдебиетшілерге қамқор болып, жалғыз-ақ ауыз сөзімен жарылқап тастайтын Ғабең туралы автор да: “Ғабең сияқты ұлы адамдар ешкімнің өзіне жағымпаздануын керек қылмайды, жұрттың бәрін бірдей көреді, ешкімді алаламайды деп ұқтым” [4, 40] дейді. Өзі осылай жоғары бағалаған атақты жазушы уақыт өте келе, “Қазақ әдебиеті” газетіне редактор болып жүрген кітап авторына қырын қарай бастапты.
Бастапқы кездері онымен ақылдасып, өз шығармаларын да тоқтаусыз шығартып жүргеніне қарамастан, редактордың жұмысы арнайы талқыланған жиналыста Ғабең басқаша мінез танытып, былай дейді: “Біз жаңа редактор келгенде жап-жақсы үміт күтіп едік. Бірақ мұның ақ шашы бізді алдап кетті. Шашы ақ болғанымен, шаруасы шанқан болмай шықты. Бар білетіні беттен алу ғана тәрізді. Үлкеннің айтқанын ұқпаған, орындамаған шәкірт оңбайды. Сырты түзік, іші бұзық дегендер бұл ортаға жараспайды” [4, 123] деп, тұқырта сөйлейді. Сөйтіп өзге де қарсыластарымен бірге Әзілханды жерден алып, жерге салады, осының алдында ғана өзінің айтқан сөздеріне елпілдеп, айтқан тапсырмаларын мүлтіксіз орындап жүргенін мүлде қаперден шығарады. Көпшіліктің алдында редакторды ағаш атқа мінгізіп, қарсыластарына біржола жығып береді. Мұндай нақақ жаланың өз ісіне адал, елгезек, ақ көңіл редактор үшін моральдық-психологиялық тұрғыдан мүлде ауыр тиюі де заңды. Үлкен жазушының атынан жоғарыда айтылған жалаға бола Әзілханның өмірден түңілердей күйзеліп қалуын да бұл шиеленіс жағдайдан кейін түсінуге болады. Бірақ өзі осылайша қатты кеткен адамына қиянат жасағанын Ғ.Мүсірепов кейінірек барып бір-ақ сезінеді. Және сол жолы артық кеткені жөнінде Әзілханның өзіне ләм-мим деп жақ ашпағанымен, бір-екі адамға айтып та үлгіреді. “Бірақ қатені мойындау бар да, оны түзету бар ғой. Ғабең маған Сырбайша өз ауызымен мойындамаса да, ол қатесін іс жүзін де түзеп кетті” [4,409] дейді ол жөнінде автор. Ә.Нұршайықов өз кітабына қолтаңба жазып, бір реті келгенде Ғабеңе сыйға тартады. Жазушылар арасындағы үйреншікті құбылыс болғандықтан, бұған жете мән беріп жатудың да қажеті шамалы. Оқымайтын шығар деген оймен жүргенде, Ғ.Мүсірепов Ғылым академиясының ғимаратында кездесіп қалады да, кітабын оқығанын айтып, Әзілханның қолын қысады. Үлкен жазушының мұндай ілтипаты ол үшін елеулі жетістік еді. Кейін осы кітап (“Махаббат, қызық мол жылдар” романы) Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған кезде оған қолдау көрсетушілердің бірі осы Ғабең болған. Алайда сәті түспейді де, бұл жолы кітап сыйлыққа іліне алмай қалады. Осы сыйлыққа Ә.Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” роман-диалогы ұсынылғаны әдебиет шежіресінен белгілі. Сол жолы да Ғ.Мүсірепов автордың өзіне айтпастан, кітаптың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын алуына тікелей ықпал жасайды. Әрине, мұндай жақсылықтың ешқашан ұмтылмайтыны, бір кезде арандатушылардың ауанына ілесіп жасаған қиянатын үлкен адамның осылайша жуып-шаюға мүмкіндік тапқаны роман беттерінде қысқаша ғана баяндалған. Былайша ұстамды, “түсін билеп, сыр бермейтін” адам болып көрінгенімен, кейбір сәттерде Ғ.Мүсіреповтің жүрегіндегі ізгілік ұшқындарын танытып қоятыны туралы автор бірер мысал да келтіреді. Соның бір көрінісі – Ілияс Омаров, Ысқақ Дүйсенбаев сияқты қазақтың бел-
гілі адамдары қайтыс болған жағдайда Ғабеңнің пенде ретінде босаңсуы. Сондай-ақ, өзі бір замандарда жүз жыртысып, қатты ренжісіп қалған Б.Момышұлына Совет Одағының Батыры атағын алып беруге күш салуы да осындай үнсіз мойындаудың, өткен қателікті түзетуге ұмтылыс жасай білетіндігінің айқын мысалы. Үлкен жазушының мұндай қасиеттерін мемуар авторы ұтымды мысалдар арқылы жақсы талдай білген. Сонымен бірге Ғабит Мүсіреповтің адам ретіндегі кемшіліктері де “Мен және менің замандастарым” өмірбаяндық романында бірер қырынан баяндалған. Соның бір парасы – Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толуына байланысты өткізілген той кезіндегі мына бір ыңғайсыз оқиға. Алматыдан С.Мұқановтың туған жері Солтүстік Қазақстан облысына ұшып барар кезде көтеріңкі көңіл күймен белсенділік танытып жүрген Ғабең аяқ астынан нілдей бұзылады. Сәбиттің ауылына келгенде, тізе бүкпестен, машинаға мініп, тікелей өз ауылына жүріп кетпек болады. Тойға жиналған қалың жұртшылықты былай қойғанда, қасындағы атқосшы қаламгерлер үшін де түсініксіз мінез. Үлкен тойдың үстінде үлкен адамның мынандай тосын қылық көрсетуі ақылға қонымсыз оқыс құбылыс. “Қазанда пісіп тұрған қойдың басын табаққа салып, бір жігіт Ғабең мініп жатқан машинаға қарай жүгіреді. – Мына бастан өзіңіз ауыз тиіп, қалғанын бізге асатып кетіңіз, ағатай, – деп өтінеді. Ғабең машинасының есігін тарс жауып алып, тоқтамастан жүріп береді” [4,422-423]. Үлкен жазушының аяқ астынан бұлайша нілдей бұзылуына не себеп болғаны беймәлім. Бәлкім, ол жағынан мемуар авторының өзі де бейхабар болуы мүмкін. Осы жерде Ғабең, бәлкім, бір адамдарға қатты ренжіп қалған шығар, сөйтіп өзінің ашу-ызасына құрық бере алмай қалуы мүмкін деген болжам жасаудың реті бар. Тіпті солай болып қалған күннің өзінде қандай ұлы адам болса да, халықтан үлкен емес екендігін сараптап көріп, оқырманның еріксіз қинала таңдай қағуы заңды. Осындай оқиғалар мен эпизодтарды кезек-кезек келтіріп отырудың нәтижесінде Ә.Нұршайықовтың “Мен және менің замандастарым” мемуарлық романында Ғ.Мүсіреповтің жалпы оқырман қауымға адам ретіндегі беймәлім қырлары біртіндеп ашылып, соның негізінде үлкен жазушының күрделі бейнесі сомдалған. Шығарма авторының үлкен жетістігінің бірі осы. Ә.Нұршайықов шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдардың бірі С.Қалқабаеваның: “Әрине, өз шығармаларына арқау болған тарихи тұлғалар өмірінің шындығын құжаттар, деректер негізінде баяндай салмаған. Әртүрлі көркемдік тәсілдер арқылы типтік образ, нанымды характер жасап, қаһарманның ішкі әлемін көрсеткен. Тіпті деректі материалдардың өзін көркем образдың жан дүниесін танытатын құрал ретінде пайдаланған” [5,154] деген сөзі жазушы шығармашылығын таныта алатын шынайы пікірлердің бірі. Тек осы үзіндідегі типтік образға қатысты мәселеге байланысты айтылған тұжырым ғана ептеп күмән туғызады.
Өйткені жеке тарихи тұлғалардың әрқайсысынан типтік образ жасау күрделі екендігін және оны көркемдік шарт болып табыла қоймайтынын айта кеткен жөн. “Өмірдария” мемуарлық романының бір жерінде Х.Әдібаев өзінің Ғабит Мүсіреповпен отыз жылдай қарым-қатынаста болғанын еске салады. Бір замандарда Ғ.Мүсіреповтің шеберлігі жөнінде докторлық диссертация қорғаған бұл автордың өзінің жазуы нысанының өмір жолымен бірге шығармашылығын да терең білетіні сөзсіз. Бірақ бұл көрнекті қаламгердің бейнесінің романда жазушы ретінде көрінуі отыз жылдық қарым-қатынастың деңгейінен әлдеқайда олқы жатыр. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде айтулы із қалдырған, қазақ көркемсөзінің шебері әрі қоғам қайраткері ретінде Ғабең туралы айтатын сөз аз сарқылмаса керек-ті. Ол кісінің көркем шығармасына қатысты тұстары, жазушылық лабораториясы, сөз өнеріне деген көзқарасы естелік айтқан кісі үшін ұланғайыр әңгіменің өзегіне айнала алатыны анық. Оған өзге мемуарлық романдар авторларының Ғабең туралы айтқан жерлері дәлел. Көп кейіпкерлерін Х.Әдібаев тек жақсы қырынан ғана ашып көрсетуге бейім. Мысалы, Ғабит Мүсірепов туралы айта келіп, 210-бетте “Ғабең әділ адам еді” [6,147] деген пікір білдіреді. Тек бір Ғабеңе қатысты ғана емес, жалпы өзі сөз қылатын тұлғалардың қай-қайсысы жөнінде де жақсы лепес қалдыруды жөн көргендей сезінеді. Оған дәлел – аталған белгілі тұлғалардың ешқайсысының кемшілігіне тоқталмауы, шығарма иесі немесе жеке адам ретіндегі көлеңкелі мәселелерді аттап өтуге тырысуы. Ә.Нұршайықов, С.Қирабаев мемуарларында Ғ.Мүсіреповтің ғана емес, басқа да тұлғалардың пендешілік жағы айқынырақ көрсетілген. Жалпы бір деректі туындыдағы кейіпкердің екінші бір замандас автордың шығармасында тағы көрініп, басқа қырынан суреттелуі шығармашылық өмірде бола беретін құбылыс. Өйткені бір адам туралы жаза отырып, авторлардың әрқайсысы өзі көрген, байқаған деңгейде ғана суреттей алады. Бірі аңғармаған кемшілікке екіншісін куә болып қалуы күнделікті тіршіліктің бір заңдылығы емес пе? Ал Ғ.Мүсіреповтің пенделік жақтарын отыз жыл бойы араласқан Х.Әдібаевтың аңғармай қалуы мүмкін емес. Бұдан келіп автор ол жағын принципті түрде жазбаған деген қорытынды жасауға болады. С.Қирабаев мемуарындағы Ғ.Мүсірепов туралы естеліктеріндегі авторлық ұстаным Ә.Нұршайықов романымен үндес шыққан. Кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынуға жарайтын жақсы жақтарымен бірге олардың адам ретіндегі жекелеген кемшіліктерін де автор бүпесіз ашып айтып отырады. Мысалы үшін алғанда, Ғ. Мүсіреповтің отбасындағы кейбір мазасыз қалпы, өзін-өзі ұстауындағы эгоистік мінез-құлық – үлкен жазушының адам ретіндегі қырлардың ашатын штрихтар. Әйелінің көзі тірісі кезінде жас актрисаға үйір болып, әйелі көз жұмысымен-ақ соған дереу үйленіп алуы, тіпті кейін жұбайының қырқын өткізуге қатыспауы үлкен жазушының
бойындағы пендешілік ұшқындарының кейде өктемдік алып кететіндігін аңғартады. Осы сияқты үй ішіндегі кірбің туғызуға бейімділігі, ішінара әріптестерінің жақсы шығармаларына қызғанышпен қарауы, шешуші сәттерде бастапқы позициясынан айнып, басқаша сөйлеп шыға келуі – айтулы қаламгердің адами қырларын нақтылай түсетін жағдаяттар. Қазақтың үлкен жазушысы Ғабит Мүсірепов жайында Қ.Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние», М.Мағауинның «Мен» мемуарларында да сөз болады. Ескі жыраулар шығармашылығын зерттеп жүрген жас ғалым М.Мағауин бір күні сәтін салып Қазақ телевидениесінен сөйлейді. Ол кезде бүкіл республика жұртшылығы жаппай көз тігетін жалғыз-ақ телеарна. Сондықтан да теледидар экранынан бір рет көрінген адамның өзі халыққа танымал болып қалуы заңды да. М.Мағауинның өз тақырыбы бойынша ел алдына шыққан сәтін көріп қалғандардың бірі – осы Ғабит Мүсірепов. Ол кезде Ғабең – Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы. Идеологияның алдыңғы шебінде жүретін қаламгер қауымының басшысы. Кеңес дәуірінде бұл қызметтің рөлі зор болғаны мәлім. Бірінші хатшы дереу өзінің маңындағы Қабдікәрім Ыдырысов, Нығмет Ғабдуллин сияқты адамдар арқылы жыраулардың жоқтаушысы болып жүрген жас ғалымды іздеп тауып алады. Мақсаты – Қазақстан Жазушылар одағының органы “Қазақ әдебиеті” газетіне жұмысқа шақыру екен. Айтулы тұлғаның осы әрекетінің өзі оның адамгершілік, ұйымдастырушылық болмысынан біраз хабар беретін қызғылықты штрих. Өз заманында Ғабең тәрізді халық болашағын, оның рухани келешегін ойлап, ескеріп жүрген алдыңғы қатарлы азаматтар ұлт рухының жоқшысы болар талантты жастарды әманда осылай іздеп жүрген. Көпшілік алдында сөйлеген бір ауыз сөзінен кейін жас Мұхтарға Ғабеңнің ықыласы қатты ауады. Оның өзі ұсынған жұмысқа орналасып кетуін қадағалап отырады. Мемуар авторы үшін кезекті түсініксіз жағдайдың орын алатыны осы кез. Бірінші басшының өзі жұмысқа шақырып отырған адамды іс басында жүрген жігіттер түрлі сылтаулармен кідіртіп, ұсынатын қызметті кешіктіре береді. Ал университеттің ғылыми кеңесінде талқыланған диссертациясын протокол жазушылар да ұстап, әрқилы желеумен жібермеуге тырысып бағады. Сөйтіп болайын деп тұрған екі шаруа да маңайдағы адамдардың ықылассыздығынан немесе кедергі келтіруінен көпе-көрнеу алға жылжымауға айналады. Бірақ бұның бәрін жас қаламгер ғылыми жетекшісі Б.Кенжебаевқа да, қамқор жазушы Ғ.Мүсіреповке де айтып, шағым жасап, шала бүлінбеген екен. Түптің түбінде бөгет жасаушылар әділеттілік алдында төтеп тұра алмайды да, дәрменсіздік көрсетіп, ақыры екі майданда да жас таланттың жолы ашылады. Бірақ едәуір қиыншылықпен, моральдық тұрғыдан психологиялық шиеленіспен әрең ашылады. Қ.Жұмаділов “Таңғажайып дүние” мемуарлық романындағы Ғ.Мүсіреповтің салмақпен ыңырана сөйлеуі, өзін шамадан тыс байсалды
ұстай білетіндігі, адамдарға, соның ішіне жас қаламгерлерге онша жұғыса бермейтіндігі жаңалық болып табылмаса да, образ табиғатын ашып тұрған детальдар. Қазақ әдебиетіндегі салмағына байланысты мемуар авторы жазушы Ғ.Мүсіреповті М.Әуезовтен кейін екінші орынға қояды. Бұл пайымдауды автордың субьективті пікірі, жеке ойы деп бағалаған жөн. Өйткені көп уақыт бойы М.Әуезовтен кейін аталып келген екінші жазушының С.Мұқанов екенін қаперден оңай шығара салуға болмайды. Бүгінгі демократия дәуірінде объективті түрде бағалап, байырқалап қараған күннің өзінде де осы пікірге жүгінген абзалырақ. Қ.Жұмаділов М.Әуезов жайында да әңгімелейді. Ұлы тұлға жайлы сөз еткенде автор ешкім айтпаған жаңалық немесе соны штрих қосып отыр деп тұжырымдай алмасақ керек. М.Әуезов бейнесі басқадай тосын қырларымен елең еткізбесе де, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің бейнелері Қ.Жұмаділовтің көркем әңгімелеуінде әжептәуір тартымды шыққан деп айтуға болады. Бұл кісілердің роман авторымен жылы қарым-қатынаста болғаны да жекелеген сөздер арқылы байқалып қалып отырады. Сонымен, қазақ мемуарлық романдарында белгілі басқа тұлғалардан гөрі көбірек қайталанып келетін адам ол – Ғ.Мүсірепов. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің адам ретіндегі бейнесі аталған романдарда әр қырынан ашылған. Ғабеңнің адами жақсы қасиеттерімен бірге пендешілік кемшіліктерінің де айтылып кетуі авторлардың объективті мағлұмат бере алуынан деп білуге керек. Бұдан қазақ мемуарлық романдарының бағасы артпаса, кеми қоймайтыны анық. Пайдаланылған әдебиеттер 1.Ғабдуллин Н. Ғабит туралы сөз /Кіт.: Ғабит Мүсірепов және әлемдік әдеби процесс. – Алматы: Ғылым, 2003. 2.Ахмет К. Сәбең Ғабең туралы. /Кіт.: С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классиктері. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: Арыс, 2002. 3.Рахымжанов Т. Романның көркемдік әлемі. – Алматы: Рауан, 1997. 4.Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – Т.8. 5.Қалқабаева С. Әзілхан Нұршайықов прозасындағы адамгершілік ізденістер. – Алматы: Қазығұрт, 2004. 6.Әдібаев Х. Өмірдария. – Алматы: Атамұра, 2006. – 320 б.
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР ӘСЕРІМЕН 1985 жылы басталған демократиялық үрдістер әдебиетіміз бен көркемөнерімізге де өзінің оң ықпалын тигізіп, эстетикалық болмыстың кескін-келбеті мейлінше айқындалып көріне бастады. Бұрын кеңестік идеология бұғаулап келе жатқан тыйымды сырлар мен рухнаияттың ішкі буырқаныстарына жол ашылып, қай қалам иесі болса да, өзінің ойын еркін төгуге мүмкіндік алды. Оқырмандарға ұсынылып жатқан шығармалардың тақырыптық, мазмұндық тұрғыдан соны серпінге ие бола бастағаны да осы кезеңде. Осынау ой еркіндігіне, сезім айқындығына сүйенген көркемдік үрдіске еліміздің 1991 жылы метрополиядан біржола ірге ажыратып, мемлекет ретінде саяси тәуелсіздікке қол жеткізуі келіп қосылды. Ұзақ замандар бойы Ресей империясына бодан болып келген қазақ жұртының тұншыға аңсаған арманы алдымыздан жарық етіп шыға келгенде, қоғамның кейбір мүшелерінің не істерін білмей, дағдарып қалғаны да рас. Бірақ қаламгерлер бұл тарихи сілкіністен естерін тез жинап алып, көркем әдебиетті жаңаша мақаммен қоздатып, шоғын жігерлене үрлеуге кірісті. Баспа беттерінен қазақ халқының арман-мұңын, жоғы мен бары сараптаған әр түрлі жанрдағы шығармалар жарық көре бастады. Эстетикалық болмыстың мазмұны белгілі бір дәрежеде қоғамдық қозғалысқа, тарихи пайымдауларға тәуелді екендігін білдіретінін жоққа шығаруға асықпаған абзал. Осының типтік көрінісі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің болмысынан да сезіліп жатты. Көркемсөз шеберлері ойды жеткізуді жаңаша пайымдап, қоғамдық пікірлерді қарпып айтуға, тәуелсіздік рухына акцент жасай отырып, қазақ тағдырының өзіне тән болып келетін ұлттық болмысын ашуға ден қойғаны байқалады. Шат-шадыман көңіл күйінен туындаған осынау эйфориялық қуат қаламгерлерімізге ерекше шабыт сыйлады деуге болады. Мұндай патетикалық ахуалдың әсері қай заманда да халық тағдырына әсер ететін кесек тұлғаларға қарай ауатыны да қоғам табиғатына тән болса керек. Тәуелсіздік – қоғамда тараған жалпы ортақ түсінік бойынша эстетикалық емес, саяси санат. Ғалымдар тоталитарлық жүйе ретінде анықтап жүрген Кеңес дәуірінде эстетикалық құндылықтардың барлығы да, соның ішінде көркем әдебиетіміз де саяси ұстанымға бағынып, соның бір қуатты да оңтайлы құралына айналып қалғаны белгілі. Қоғам өміріне еркін тыныс, соны леп енгелі жазушыларымыз өздерінің идеялық бағыттарын осы тәуелсіздік рухы тұрғысынан қайта құрып, адам қоғамына не толғантады деген мәселенің легіне ілесуге ұмтылыс жасап жатты. Бұл үрдіс осы кезең ішінде тиісінше көрініс таба бастаған жанрдың бірі – повесть болды. Адамның мінез-құлығын, жекелеген болмысын шағын көрініске, тіпті жалғыз детальға сыйғызып жібере алатын проза шебері Т.Нұрмағамбетов өзінің тәуелсіздік жылдары жазған повестерінде де сол биік көркемдік деңгейінен түсе қойған жоқ. Сөздің өз бояуын құбылтуға ұмтылыс жа-
самаса да, әңгімені ауызекі айтып отырғандай табиғи қалпында өрбіте отырып-ақ, адам жан дүниесін аша білу керектігін бір сәт те ұмытпайды. Жазушы негізінен жасөспірімдер мен жастарға арнап жазғанымен, оның кейбір туындылары ересек оқырмандардың өзін ойландырып тастайтындай сипатқа ие. Мәселен, оның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жарық көрген «Балалық шақтың әндері» повесінің түйінді тұстарынан адам болмысын ашуға бағытталған парасатты прозаға артылар ұтқыр ойлар мен бейнелерді байқау қиын емес. Шығарма оқиғасы Елденов Тана деген баланың атынан бірінші жақтан баяндалады. Ондағы әлеуметтік-моральдық маңызды мәселелердің бірі – балалар мен ересектердің арасында орын алып келе жатқан түрлі түсініспеушілік көріністері. Бас кейіпкер Бура есімді жеткіншектішешесі жас кезінде тастап, басқа кісіге тұрмысқа шығып кеткен. Бала нағашы әжесінің қолында өсіп, ержетіп келе жатады. Өміріндегі сол бір шетін жағдай баланың көкірегіне беріш болып байланып қалады да, оның бүкіл адамдық болмысының қалыптасуына әсер ететін де сол бір оқиға. Кейде жақын деген адамдарының өзіне сырын бермей, айналасына жауыға қарауы, тымырайып үндемей қалуы оның жан дүниесінде қаталдық нышандары бар екенін әйгілеп тұрады. «Әжем ақ жаулығы ағараңдап, үй жанында қалып қойды. Ұзап кеткенше мен әжеме қолымды бұлғадым. «Бура да қолын көтерсе екен» деп ойлап едім. Бірақ мұндайда біреуге ілесіп елп ете қалар Бура қайда? Міз бақпаған қалпы сазарып, басқа жаққа қарап отыр. Әжеме қараса да, айналайын екенау» (58-б.) Бұл – басқа ауылдағы жетіжылдық мектепке оқуға аттанып бара жатқан екі дос баланың ауылмен қоштасардағы сәті. Екі түрлі мінез, екі түрлі қалып. Осы шағын көріністен-ақ, Бура деген жас кейіпкердің мінезқұлқы, адами ұстанымы ашылып тұр. Өмірге өкпелі болса да, өркөкіректігін жоғалтпаған жеткіншектің басқаны айтпағанда, өзі бауырында өскен қарт кейуануға да иіле қоймауы – жасөспірімнің бойында кездесе бермейтін ірі мінез. Жастығына қарамай Бура бейнесінің жасалу барысы біршама күрделі. Ал осы оқиғаларды бірінші жақтан бяндап отырған әңгімеші Тананың ақкөңілділігі, мінезінің жұмсақтығы да байқалып қалады. Шығармада алдыңғы қатардан көрініс тауып отыратын жағдай – бүгінгі күні ғана емес, қай заманнан бері проблема болып келе жатқан ересектер мен үлкендер арасындағы түрлі кереғарлықтар. Сондай моральдық тартыстардың нәтижесінде түрлі мінез-құлық иелері де ашылады. Мысалы, кейіпкерлердің мұғалімі Найзабек ағай. Жайшылықта қатал, тіпті өз құқығын асыра пайдаланып, шәкірттерін зар илетуден де тайынбайтын ол көзәйнегін сындырып алғаннан кейін аянышты да мүсәпір күйге түсіп қалады. Ал сол бір көру құралын қайтадан тағып алуы мұң екен, тағы да сол айбынына қайта мінген қатал мұғалімді көресіз. Жазушы оны түрлі шағын оқиғалар мен тартыстардың негізінде оқырман ойланатындай биіктікке көтере білген. Оқиғалар арасында көрініп
отыратыны да – қазақи мінез-құлық, салт-дәстүрлер қатары. Сол арқылы повестің тәлімдік, тәрбиелік қырлары өзіндік ракрусқа ие бола бастайды. Бір сөзбен айтқанда, Т.Нұрмағамбетовтың «Балалық шақтың әндері» атты повесі ұлттық болмыс-бітімімізді өз тарапынан аша түскен шығарма. Жазушының бұл шығармасына «Қыпшақ аруы» деп қоюы шартты атау сияқты. Өйткені, оның аталған хикаятта көтеріп отырғаны – біздің ескі бабаларымыз, бұрынғы номадтардың ұрпағы бүгінгі өмірде қандай екен деген мәселе. Осындай ойды айтқысы келуі арқылы ол көптеген тарихи, әлеуметтік-философиялық категорияларды шендестіре суреттеген. , Соларды бір-бірімен салыстыра, тоғыстырып отырып, өзінің түпкі ойын әр оқырманға өзің шешіп ал дегенге дейін келтіреді. Хикаятта фон болып көрінетін категориялар қандай десек, жеке адам мен қоғам. Қоғам мен тарих. Тарих пен ұлт. Интеллект пен жалпы қоғамдық сана. Болмыс пен бітім. Осы мәселелермен қоса эстетикалық көзқарастардың қақатығысы. Жеке түйіндеулер. Осылардың бәрін бір жіптің арқауына байлап тастаған жазушы бірінші жақтан әңгімелей отырып, ойды күрделі түрде жеткізуге тырысқаны байқалады. Оның бәріне жіктей сараптап, талдап айту қиын да шығар. Бас кейіпкердің рухани әлемін ашуда хикаяның жазылу формасы, ішкі мазмұны үйлесіп жатқандығын айтуымыз керек. Жалпы әдебиетте форма мен мазмұн деген проблема бірсыпырадан келе жатқан мәселе. Ертеде әдебиеттанушы, жазушы Мырзабек Дүйсенов ағамыздың «Мазмұн мен форманың бірлігі» деген монографиясы жұрттың әжептеуір назарын аударған еді. Содан бері әдебиетшілер арасында мазмұн деген не, форма деген не? Бұны біз қалай бөлеміз, қалай жіктейміз? Қай жерінен қосамыз? деген мәселелер пікірталас өзегі болуда. Бұны айтып отырған себебім, Мұхтар Мағауин бүгінгіні жоқтап жазғанымен, шығармада мифологиялық нышандар да төбе көрсетіп отырады. Кейіпкердің көз алдында тұрған балбал тастардың қозғалуы, жоқ болып кетуі, ғашықтардың мүсінге айналуы, ескі заман мен бүгінгі заманның тастарының бір-біріне қайтадан келіп, тіл табысып, сосын қайтадан ажырасып жатқандай болып көрінуі бір жағы бүгінгі таңда мода болып кеткен постмодернизм нышаны, ал екнші жағынан қазақ мифологиясының кейбір фрагменттерін қайтадан жаңғырту. Осындай көркемдік ізденістер мен эстетикалық құбылыстардың арасында Мұхтар Мағауин реалистік бір элементтерге сүйеуді ешқашан ұмытпайды. Туынды фабуласындағы публицистикалық, этногрфиялық шегіністер де бар. Тарихи талдаулар кездеседі. Ең бастысы сюжеттің дамуы психологиялық иірімдерге табан тіреп отырады. Кезінде кеңестік идеологияның негізгі құралына айналған мүсінші жігіттің өзін кейін қоғам таптап тастағандай болады. Кейін оны танымай жоққа шығарады. Бұның бәрін белгілі бір көркемдік иірімдер арқылы тосын ойларға жетелей түседі, көркемдік шешімнің табуы да белгілі бір детальдардың арқасында. Енді, әрине, бұны қабылдауда түрлі
пікірлер, тіпті, менің қабылдауымдағының өзіне қарсы шығушылар табылуы мүмкін. Тоқсаныншы жылдардың басында оқырмандар назарын аударған повестердің бірі – Жұмабай Шаштайұлының «Жала мен наласы». Бұл шығарманың басты фабуласы мынандай болып келеді. Жоғары оқу орынын бітіріп, туған ауылына оралған Райыс Әбдібаев өзі он жыл оқыған мектебіне келіп, мұғалімдік қызметке орналасады. Бір кезде өзін оқытқан Зәуреш апай, Санат, Жылқыбек сияқты ұстаздарының жас маман болып келген өзі шәкірттерін қуана қарсы алуы заңды еді. Олардың: «Ал қартаймай көріңдер енді. Өзің оқытқан балаң өзіңмен бірге жұмыс істеген соң-ақ, ақсақалдыққа мойын бұрған деген осы» (5-б) деуінің өзі шынында да өмірдің жылжып өтіп бара жатқандығы жайындағы философиялық ойға жетелейді. Мектеп директоры Сабыр жас маманды өзіне бекітіліп қойылған класына апарып таныстырады. Жұмыс істеуге құлшынып келген жас мұғалімнің аңқылдаған көңіліне әлдеқандай түйткілдің пайда болатыны да осы кезде. Бас кейіпкер енді осы арада өзінің балалық шағына саяхат жасауға мәжбүр. Өзі осы мектепте оқып жүрген жылдары Досаев деген мұғалім өзінің туған әкесі Әбдібайды тамам оқушының көзінше сатқын деп атап, абыройын түсіріп кеткен екен. Жас баланың жүрегіне оқтай қадалған нәрсе – осы «сатқын» деген сөз. Сезімтал балаға енді кластас құрбылары өзіне басқаша қарай бастағандай көрінеді. Тіпті кейбіреулері жұрттың көзінше осы әңгімені ашық айтатын болған. Досаев та, Әбдібай да соғыс кезінде әскерде қызмет еткен қатарлас адамдар. Бұл жөнінде өз әкесі шешіліп ештеңе дей қоймайды. Енді, міне, Райыс ұстаз болып бекітілген класта сол Досаевтың баласы оқиды екен. Сол бір ауыр сөзі және өз әкесін жек көргені үшін марқұм Досаевты ұнатпаса да, Райыс оның баласына жақсы баға қояды. Ал Әбдібай отағасы болса мұғалім баласының ондай әділдігіне наразы. Демек, қатарлас сол бір кісінің зәрлі әңгімесі әлі көңілінен кетпей, жүрегін мазалап жүр деген сөз. Шындықты ашқан оқиға – Райыс әкесінің аяқастынан қатты сырқаттанып, ауруханаға түсуі. Аурухана қызметін жеңілдікпен пайдалану үшін Ұлы Отан соғысына қатысушы екендігін айғақтайтын құжаттар керек. Райыстың осы құжаттарды жинап әкелу барысында әкесінің соғысқа қатысқанын, тіпті капитан шеніндегі командирге дейін өскенін біледі. Көптен көңілді күпті еткен жұмбақ жайт шығарма соңына қарай осылайша оң шешімін тапқан. Сол бір замандарда «Сатқын» деген сөздің қаншалықты ауыр болғандығы, тіпті осындай әнтек айтылған бірауыз сөзге бола адамды қаралаудың оп-оңай екендігі замандас егде кісілерге жақсы белгілі болғанымен, кейінгі ұрпақ оның мәніне жете түсіне бермесе де керек. Осындай тәсілдермен оқиғаны психологиялық тартыс шеңберінде өрбіте отырып, жазушы шығарма кейіпкерлерінің сыр-сипатын, жан дүниелеріндегі буырқаныстарды рет-ретімен ашып көрсетуді мақсат етеді, адамның ішкі әлеміндегі күрделі құбылыстардың даму эволюция-
сына назар аудартады. Жекелеген эпизодтар арқылы оқиға барысындағы психологиялық түйіндерді тарқатпай, керісінше, шиеленістіре түсуі – жазушы қаламының өзіндік мінезі. «Жұрт қатарлы сығылыса кіріп, ұзын автобустың артына қарай жүрді. Қалың киіммен қорбиып, орындықтар арасындағы тар жермен келе жатып, жан-жағына қарағыштап орын іздеген болды. Автобус іші абыр-сабыр» (4б.) Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өмірге келген Т.Мәмесейітовтің «Бесік пен несіп» атты повесі осылай басталады. Еркін есімді кішкене немересін жетектеген Бекбосын қарт өзі біраз уақыт мекен еткен қалалы жерден туған ауылына қарай аттанып барады. Қарттың ауылға сапары ішінара шегіністер арқылы берілетін өткен кезең оқиғаларымен параллель түрде өрбіп отырады. Бұның өзі бас кейіпкердің кім екендігін танытуға қызмет етіп қана қоймай, оқырманды шығарманың жалпы көркемдік табиғатына да шым-шымдап бойлата бастайды. Повесть мазмұны бір ғана құрғақ баяндаулардан ғана тұрады деп айтуға болмайды, ішінара писхологиялық шиеленістер, моральдық тартыстар сюжеттер барысында жұқалап болса да төбе көрсетіп, шығарманың жалпы фабулалық бітімін аша түседі. Ұсынылып отырған оқиғалар желісі, кейіпкерлердің табиғи мінез-құлқы, көлденеңдеп келіп созылып жатып алатын әлеуметтік-моральдық мәселелер қазақ оқырманының түсінігіне жат, бейтаныс дүниелер деуге болмас. Олардың қай-қайсысы да әбден қалыптасқан ұлттық болмыс арқылы таныс. Тіпті басқа шығармаларымызда жиі қайталын тұратын тұрмыстық атрибуттар да шым-шымдап қылаң беріп жатады. Өмір шындығын жазған кезде оларды аттап өту мүмкін емес те ғой. Бірақ соған қарамастан, повестегі кейіпкерлер тағдыры оқырманды бейжай қалдырмайды, ішінара толғантып, әбігер күйге түсіріп, «япыр-ай, бұл енді қалай болар екен?» деген сауалдарды алдыға көлденең тартып отырады. Бүкіл саналы ғұмырын қой соңында өткізген Бекбосын қарияның қартайған шағында астынан су шыққандай болып қалада тұруға бел байлауына не себеп? Кейіпкер тағдырының күрделі қыры нақ осы тұстан көріне бастайды. Оның бұндай шұғыл әрекетке баруына тәуекел етуі – ержеткен жалғыз ұлының өз бақытын іздеп, қалалы жерге барып тұрақтап қалуы екен. Ал өмірлік қосағынан айрылып, үйде жалғыз қалған жалғыз басты қарттың қызының қолына барып тұруы – қазақтың дәстүріне онша сіңісті бола қоймаған тосындау құбылыс. Баяғы қазақи намыстың садағасы. Ендеше Бекбосын қарттың өзінің қалаға кеткен бел баласы Қасымбектің үйіне барып тұруында ешқандай сөкеттік болмауы тиіс. Осы арада ауылдан қалаға қоныс аударып келген қарапайым қазақ жастарының қаладағы типтік тұрмыстық тіршілігі көрініс береді. Құр талаппен жалаң арман қуып келген ондай жастардың жеделдетіп пәтер ала қоюы сирек оқиға. Жалдамалы пәтерден пәтерге ауысып көшіп, сүйретіліп
жүргендері. Бекбосын қарияның ұлы Қасымбектің де басынан кешіп жатқаны – көп қазаққа ортақ осындай әлеуметтік типтік жағдай. Қазақша айтқанда, тар жер, там босағада сығылысып, күндерін әрең көруде. Оның үстіне әйелі Кәмшат та тұрмыс ауыртпашылығын көтере алмай, қайын атасының бірге тұрғанын кейде ауырсынып қояды. Демек бұл арадағы негізгі әлеуметтік проблема жас жігіттің өзінің жеке басына тиесілі баспанасы болмауына байланысты. Артық сөзі жоқ, нәті жуас шал бәрін іштей сезгеніп білсе де, өзін кінәлағандармен айтыса кетуге құлықсыз. Ойлағанын да, уайымын да ешбір жанға сездіре алмай, іштен ғана тынады. Тек келінінің наразылығын ғана емес, ауылда жүрген кезде де жұртшылықтың артық-ауыс сөздерін, тіпті өзіне жасаған қысастықтарын көнтерілікпен көтере біледі. Бүгінгі саяси тілдегі модалы сөзбен айтқанда, нағыз «толеранттылықтың» үлгісін көрсете алатын, жан дүниесі былғаныштан ада, қандай қиянатқа да төзімді жан. Оның бұл қасиеті өзінің кішкентайынан ата кәсіппен шұғылдануына тікелей байланысты қалыптасқаны жайында жазушы мегземейді де. Олай түсіндірудің өзі артық сияқты. Бірақ мұндай тұжырымның ұсынылуы санасы сергек, ойы жіті оқырман түсіне алатындай деңгейде. Ғұмыр бойы тек бірыңғай табиғат аясында мал бағып, көбінесе адамдармен тығыз қарым-қатынас жасамай, оқшау тіршілік кешетін саяқ өмір малшы адамды көнбіс те, еңбекқор, бұйығы да момын қылып жібереді. Бекбосын қарияның нақ осындай болып шығуына саналы ғұмырын өткізген өмір сүру ортасы себепкер. Қазақтың жуас та көнбіс болмысының қалыптасу эволюциясы осындай. Бірақ кейіпкердің осынау адамгершілік биік қалыбын бағалап, төбесіне көтере білетіндер аз. Алдынан шығып, сыйлап бәйек болып жататындар – жастайынан өзінің бірге өсіп, біте қайнасқан ет жақын замандастары ғана. Туындыда көзге атойлап көрінетін көркемдік тұжырымдардың бірі – қаймағы бұзылмаған қазақы мінез-құлықтардың сомдалуы. Бекбосынды қарсы алған замандас кісілердің бірінен соң бірі өздерінің үйлеріне шақырып, дәм татқызуы, сыйластық көрсетіп, ізеттілік танытуы, көңілге тиместей етіп айтатын ұтқыр әзіл-қалжыңдары – ортаға тән суреттер. Базбір шығармаларда кейбір авторлар қазақ әйелдерін ұрысқақ, көкайыл етіп көрсетуге бейім. Осындай мінезі қиын адамдар – қандай көркем шығармада да тартысты ұлғайтып, оқиғаны шиеленістіруге мұрындық болатын қозғаушы күш. Ал тұтынушылық көзқараспен алып қарағанда, мұндай туындылардың қызықты болып шығуы да заңды. Әсіресе қазақ режиссерлері түсірген көркем фильмдердің кейбірінде қазақ әйелдері күйеуін беттен алып, төске шауып жатқан көкайыл болып келеді. Оқиға барысындағы тартысты ширықтыру, драмалық ахуалды ушықтыру мақсатымен орындаушылар қазақтың ұлттық менталитетін осылайша құрбандыққа шалып жіберіп жатады. Сөйтіп қазақты білмейтін бөтен ұлт өкілдеріне қазақ әйелдерін осындай шарқыш, сүйкімсіз етіп көрсетуге бейім. Бұндай шығармашылық қадамнан кім ұтты, кім ұтылды?
Ал Тұрлыбек Мәмесейітов ондай жалған трактовкаға бармаған. Оны осы повестегі әйел кейіпкерлердің ізеттілігінен, иманды қылықтарынан байқауға болады. Мысалы, мына бір шағын эпизодтың мағынасына көз жүгіртіп көрейік: «Қапталдың кер жолымен аттың басын қоя беріп, аяңмен келе жатқан Ұлбосынның алдынан Бекбосынның өзі шықпақ болды. Ұлбосын да қиялап, орта тұсқа келіп қалды. Бір кезде еңкейіңкіреп, бір қолымен атының басын тартып тоқтатты да, ақырын тебініп қойып, бір езулей кейін бұрды». «Бұл неғылғалы жүр? Бір нәрсесін түсіріп алды ма? Қамшысы ма екен әлде?» деп ойлаған Бекбосын жылдамдата жүріп дауыстады: – Әй, әке, не болды? Бір нәрсені түсіріп алдың ба? Тоқтай тұр қозғалмай. Мен алып беремін. – Бұл жеткенше Ұлбосын аттан түсті. Баласын бір қолымен қыса тұрып, үсті-басын жөндеді де, атын қайта бұрып, жетектеп жүрді. Ентіге басып Бекбосын да жақындап қалды. «Не істегелі жүр екен өзі?» Жақындай бергенде, Ұлбосын тоқтай қалып, бір қолымен ораулы нәрстесін қысқан күйі, екінші қолын тізесіне қоя беріп, иіліп сәлем жасады» (Б.116-117.) Жас босанған әйелдің қолындағы нәрестесімен атқа мініп жүруі оңай шаруа емес. Ал оның ешкімнің көмегінсіз аттан түсуінің өзі – кісіге көп қиындық келтіретін күрделі қимыл. Соған қарамастан, қарияға келін болып келетіндіктен, жерге түсіп, иіліп сәлем беруі тек қазақ әйелінің табиғатына тән әрекет болса керек. Аталған повестің оқырманды ойландыратын әсерлі тұстарының кейбірі, міне, осындай болып келеді. Ауылды жерде ағайын арасының бақастығы, көре алмаушылығы болмай тұрмайды. Шығармада соның бір мысалы Сәлім бейнесі арқылы сипатталған. Сәлім – бас кейіпкер Бекбосынның немере інісі. Әкесі соғыста қаза тапқан кішкентайды Бекбосынның әкесі Нығмет төрт-бес жасынан бауырына басып, Бекбосын екеуін бірге өсірген. Сол бала ер жеткеннен кейін, қанша бауырға тартқанмен, басқаша көзқарастың адамы болып кетті. Ақыры Бекбосынның әрекетін сынап-мінеуге, сырттан кемсіте сөйлеуге дейін жеткен. Ешкімге зияны жоқ момақан шалдың жүрегін ауыртып, жанын жаралайтын, іштен ғана тынатын ауыр ойларының бір парасы осы Сәлімге қатысты. Бәріне кешіріммен қарап дағдыланған кеңпейіл қария немере інісінің көңіл құлазытқанын ешкімге айта алмай, тағы қиналады. Жазушы жақын-жуық жандардың арасындағы жағдайлардың күрделі тұстарын осылайша нәзіктікпен суреттеп, адамтану мәселесінің қиындығына назар аударды. Қазақи салт-дәстүр артық-ауыс боямасыз шыншыл ағыммен берілген. Аталған екі повесті үндестіріп тұрған басты көркемдік-идеялық атрибуттар – ұлттық сыр-сипатымызға қатысты түрлі бояулы көріністер, салтдәстүр мен ұлттық мінез-құлық. Тәуелсіздік рухының әсерімен жазылған повестердің бірсыпырасы қазақ халқының тағдырындағы ауыр кезеңдерге арналуы да бүгінгі заманның ру-
хани сұранысының нақты қарымтасы. Тұрысбек Сәукетаевтың «Құзғын тойған қыс» атты повесінің қаузайтыны да, міне, осынау шетін тақырып. Қазақ халқы ұжымдастыру мен асыра сілтеуден зардап шеге бастаған уақытта да Нұрбек аңшының отбасы мұрты бұзылмай еркін өмір сүруде болатын. Қорек қылар азық-түлік таусылып, жұртшылық тамақтан тарыға бастаған заманда ғана бір қатерден төбе көрсете бастағанын сезгендей болады. Қаһарлы қыспен қабаттасып ашаршылық шеңгелі қыса бастаған уақыт. Нұрбек аңшы Ұшар деген тазысын ертіп алып, қар үстінде аң қағып, өлместің қамын жасайды. Сөйтіп жүргенде шағын отбасының күн көрісінен айырып, шырқын алатын – күтпеген жерден езіккен көлденең кеселдер. Ең алдымен күн көріске жарап тұрған жалғыз аты Ақтұйғынды колхоз басқармасы ортақ қазынаға алады да, кәнігі аңшыны қаңғыртып жаяу қалдырады. Одан кейін әлдебір белгісіз қаскүнемдердің кесірінен тазысынан да айрылып қалады. Жүйрік атын колхоз басқармасы зорлық көрсетіп, өзі мініп алғаннан кейін Нұрбек тазысы Ұшармен жаяу жүріп аңшылық құрады. Бір жағы осындай салыстыруда логикалық параллелизм жатыр деуге болады. Күңіренген отбасына аштық шеңгелі шынымен де таяған кезде Нұрбектің жұбайы Зейнеп қолда бар алтын-күмісін сатып, орталықтағы базардан астық алып қайтуды ұйғарады. Әжептәуір қымбат дүниесі жарты қаптай ғана дән болады. Оқырман бойында кейіпкерлер енді тірі қалатын шығар деген үміттің тұтанатыны да осы кезде. Бірақ жолда кездескен қаба сақал еркектің көзі жас, сұлу келіншек Зейнепке емес, оның қолындағы астық салынған қапқа түседі. Оқиғаның одан ары ширықтыратын да осы ситуация. Қу тіршілік үшін күрес жарты қап астық үшін арпалысқа ұласқан. Осы тең емес айқаста қара күштің жеңіске жетуі де табиғи заңдылық. Жас келіншек так астықтан ғана айырылып қойған жоқ, өмірінен де баз кешіп кетті. Қатардағы бейбіт отбасына келген алғашқы қасірет осы еді. Өзі дертке шалдығып, аштан өлу қаупі көзге нақ елестей бастаған уақытта Нұрбектің тапқан амалы жалғыз-ақ: соңынан ерген жалғыз тұяғы Нұржанын жетелеп апарып, қалайда балалар үйіне өткізіп тастау. Әкесі тірі, өзі құжатсыз баланы балалар үйінің басшылығының қабылдамай қоюы да сол замандағы қатал өмір шындығына сыйымды. Амалы таусылған дәрменсіз, ауру әке тірі жетімді өлтіріп алмас үшін балалар үйінің босағасына қалдырып, өзі есікті сыртынан аңдиды. Баланы көшеге қайтадан лақтырып тастамасына көзі әбден жеткеннен кейін барып қана күйттеуге кірісікені – өзінің қара басының қамы. Өмірдегі тірегінің бәрінен айрылған бір кездегі келбетті де сері жігіт Нұрбек – аз уақыттың ішінде қаһарлы қыстың қатал құшағында қалқиып қалған тірі аруақ. Ақыры бас кейіпкердің қатал табиғаттың ортасында өзі қорегін өзі тауып жей алмай, қар құшағында қазаға ұшырауы ашаршылық заманының қатал көрінісі екендігі анық. «Құзғын тойған қыс» повесінің кейіпкерлері қорек табу үшін харам істерге бармайды. Ел ішіңде көппен бірге қасірет тартып жүрген бұлардың тұяқ
серпетін мүмкіндіктері де шектеулі. Өзінің бастапқы кәсібі болғандықтан, бас кейіпкер Нұрбектің қам-қаракеті де осы аңшылық төңірегінен аса алмайды. Жұт жеті ағайынды дегендей, ашаршылық алқымнан алған уақытта қарлы боранның көз аштырар түрі жоқ. Қақаған қыста далада жүгірген аң, ұшқан құс та қалмаған. Бірақ соған карамастан, жаяу аңшы шағын отбасын біраз уақытқа дейін қоян қағып, асырап тұрады.. Күнкөріске жарап тұрған сол иті қаскүнемдер қолынан қаза тапқаннан кейін оның орнына енді өзі жүгіріп, даланың аңын өзі ауламақ. Бірақ азулы да тырнақты итке құр сүлдері ғана қалған аш адам қайдан теңессін, оның аң тұрмақ орманның қара тышқанын да ұстай алмай, жер соғып қалуын бейнелейтін суреттің символдық мәні бар. Қорек тауып жеудің басқадай жолдары жоққа тән. Бұл үйдің трагедиясы осылайша асыраушы тазының қолды болып кетуінен басталады да, ақыр соңыңда әке-шешесі бірдей қазаға ұшырап, тек жалғыз баланың ғана аман қалуы қазақ тұқымының әйтеуір жалғасын табатындығын меңзейді. Т.Сәукетаевтың «Құзғын тойған қыс» повесіндегі кейіпкерлер саны өлшеулі ғана. Соның бірі — жаңа ұйымдастырылған колхоздың бастығы Әубәкір. Оның атағы атырапқа белгілі Нұрбек аңшының жалғыз аты Ақгұйғын сәйгүлікті тартьш алуы, сөйтіп оны аямай мініп, әбден көнтері қылып тастауы — малмен өскен қазақ баласының мінезімен сыйыспайтын жат қылықтар. Малды аясаңшы деген бұрынғы иесінің сөзіне шамданып, ірі сөйлеп, ақыл айтады. Бір түйір дән берер ме деп үміттеніп келген бүкіл ауыл адамдарын шетінен қорлап, халық жауы ретінде айдатып жіберуге даяр. Повесть бетіндегі бірер эпизод арқылы-ақ Әубәкір бастық сол кездегі шолақ белсенділердің типтік деңгейіне көтеріле алған. Автор оның осы қасірет кезіндегі пошым-бітімін «тасы өрге домалады», «танауынан ақ сарбас құрт ыршыды» деген сияқты бейнелі тіркестер арқылы көркемдей түсіп, оқырман есінде қалатын сипатта сомдайды. Сондай-ақ, аталаған повесінде ашаршылықтан ажал тырнағына іліккен адам өлімдерін Т.Сәукетаев тәптіштей суреттей отырып, коллизиялық жағдайды психологиялық жағынан тереңдеп беруге тырысады. Жазушының бұл талпынысы сәтсіз де емес. Ақ қар, көк мұзда ел аралап жүрген көмек керуенінің комиссиясы Нұрбектің өлігінің үстінен шығады да, бетін жасырып, көміп тастау жөніндегі Ерғалидың ұсынысын бастығы Николай Исакович қабылдамайды. Сөйтіп дәрігердің айтуымен күн жылына ауру таратпау үшін өртеп жібереді. «Қара шашын жайып ұшып тұрған түтін сәт сайын зорайып, биіктеп барады. Аспанда «несібемізден неге қағасыңдар» дегендей қарқ-қарқ етіп, бір топ қарға қалықтап жүр» (92-б.) деп аяқталады шығарма. Оқиғаның соңғы түйіні тәрізді символикалық мәні бар көрініс оқырманды ауыр әсерге бөлейді. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген повестердің тақырыптары біркелкі емес. Бірсыпыра қаламгерлер Кеңестік дәуірде жеткілікті ашыла ал-
май қалған қазақ тарихының қатпарларына үңілсе, енді біреулері социалистік құрылыс жылдарындағы қарапайым адамдардың тағдырлары қалай қалыптасқандығы жайлы толғанатынына жоғарыдағы повестерді талқылау барысында көз жеткіздік. Н.Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», «Жерошақтың түтіні» повестері де – еліміз тәуелсіздік алған осы кезеңнің жемісі. Жазушы қаламына тән бір ерекшелік – шығарманың көркемдік идеясын, кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін ашу барысында ұзын-сонар оқиғаға, жалықтыратын құрғақ баяндауларға бой алдыра бермейтіндігі. Көркем құрал ретінде көбінесе қолданатыны – шағын штрихтар, қысқа диалогтар мен монологтар, метафора мен эпитеттер сияқты сөз құнарын арттыра түсетін бейнелеуіш құралдар болып келеді. Әрине, кейде өзі көрген өмір шындығын оқырманына мейлінше айқын жеткізу мақсатында шығарманың фабуласын созыңқырап жіберетін тұстары кездескенімен, бүкіл шығармашылық болмысын жинақтай алып қарағанда, қаламгердің көбінесе ықшамдылыққа ұмтылып отыратыны байқалады. Оның осы екі повесінің де мазмұны бас-аяғы жұмырланып, тұйықталып, әу бастан діттеген авторлық ойы, оқиға белгілі бір шешіммен түйінделіп, қорытылып отырады. Жазушының кейіпкерлерінің басым көпшілігі – қоғамдық өмірдегі орындары төмен, тіршілік түйткілдерін шешіп тастауға үнемі шамалары келе бермейтіндей қолдары қысқа жарлы жандар. Олар тағдырдың әр қилы құбылыстарынан – махаббаттың, достықтың және адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастың салдарынан ғана емес, тіршілік тауқыметінен де қиындық көріп, жапа шегіп жатады. Күнделікті өмірдің жарқылы басым әшекейі көп саласында тіршілік кешіп жатқан адамдардан гөрі қолдары қысқа, материалдық тұрғыдан қиындық көріп жүрген тақсіретті жандардың образдарының бейнеленуі басымырақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Н.Қапалбекұлының шығармашылығы белгілі бір мөлшерде таптық сипатқа ие болып тұрғанын да байқау қиын емес. Жазушының повестерін көктей шолып, сын көзімен талдап шығу барысында келетін қорытындымыздың бір парасы осындай. Өйткені оның повестерінде қолында билігі бар шенеуніктер немесе ауқатты адамдар суреттеле қалса, көбінесе жағымсыз жақтарымен сипатталып отыратыны байқалады. Бұның өзі жазушы шығармашылығына деген белгілі бір көзқарас қалыптастыруы да ғажап емес. Кәнігі қаламгерлерге тән үрдіспен Н.Қапалбекұлы аталған повестерде өз кейіпкерлерінің адами болмысын, жан-дүниесін қайшылықта бейнелейді. «Таудан түскен тұман» повесінің бас кейіпкері Ыдырыс Қалиевтың басынан кешкендері де ауылдағы қарапайым еңбеккер жандардың ауыр тағдырларын көлденең тартады. Әкесі Қали жазықсыздан жазықсыз сотталып кеткенен кейін ауру анасы мен кішкентай қарындасын жеткіземін деп жүрген Ыдырыс сияқты жас жігіттің махаббат пен достыққа да уақыт табуы және онымен шектеліп қалмай, айналасындағы адамдарға жақсылық
жасай жүруі үлгі боларлықтай. («Таудан түскен тұман», 1995). Өз қолдары өз ауыздарына жетпей жүрсе де, мұндай жандар имандылық бастауларына, басқа адамға жақсылық жасауға бейім болып келеді. Повестің бас кейіпкері Ыдырыс Қалиев бейнесі жазушы іш тарта суреттейтін ізгі жандардың қатарында. Бұл шығармада өмірбаяндық штрихтардың басым болып келуі де шығарма табиғатын шындыққа жақындата түспек. Адам тағдырының қойнау-қойнауларын шегіністер арқылы көзге елестету, жекелеген кезеңдерден тағылым болар ой түюге ықыластық таныту нышандары Н.Қапалбекұлы повестеріндегі көркемдік кредолардың бірі. «Жерошақтың түтіні» повесіндегі саналы ғұмырын әжептәуір басшылық қызметте жүріп өткізген, сыртқы қалпы кеңпейіл зиялылықты танытатын бас кейіпкер Кеңес – аудан көлеміндегі талай адамның арқасүйері болуға, үлгі тұтар азаматы болуға жарайтын алдыңғы қатарлы аңғарлы азамат. Сырттай бір көрген адам осы кісінің моральдық-әлеуметтік жағдайында ешқандай кінәрат жоқ деп ойлап қалуы да ғажап емес. Алайда өткен тағдырына шегіністер арқылы барлау жасай отырып, жазушы кейіпкерінің адами қыр-сырын қазбалай ашады. Балалық шағы сонау ашаршылық заманына тап келген тағдыры тауқіметті жанның басынан кешкендері тек бір повестке ғана емес, шоқтықты бір романның жүгі боларлық. Бірақ автор болып жатқан оқиғаларды мүмкіндігінше ықшамдап жеткізуді мақсат ете отырып, шығарманың негізгі фабуласын повесть жанрына лайықтап құра білген. Кей тұстарда кейіпкер басындағы оқиғаларды ашатын жүрдек баяндаулардың көбірек орын алып кететіні сондықтан. Жекелеген екшеулі эпизодтар да осы бағытта көркемдік қызмет атқарып тұр. Ел ағасы атанып, құрметті жасқа жеткен бас кейіпкер Кеңес ойланыптолғана отырып, өзінің жастық дәуреніне, тіпті соның ар жағындағы балалық шағына да ойша көз жіберіп, саяхат жасайды. Мұндай шегініс кең тынысты эпикалық шығармаларға ғана емес, әңгіме-повестерге де тән екенін ескерсек, бас кейіпкердің, өткенін еске ала отырып, санадағы жадыны оятуы — қазақ прозашыларының көпшілігі ұтымды қолданып келе жатқан көркемдік тәсіл. Осы жағынан алып қарағанда, Кеңестің балалық шағын елестету арқылы халық тарихына қатысты қасірет кезеңінің бір ұшқынын оқырманның көз алдына көркем түрде бейнелеп жеткізуі жазушы қолданған қисынды әдістердің бірі деуге болады. Аудан деңгейіндегі басшылық қызметке көтерілген Кеңес өзінің балалық шағын еске алған кезде соншалықты неге тебіренетіні, жан дүниесіндегі күйзелісті жарты ғасыр өтсе де, неғып баса алмайтыны шиеленіс арқылы берілген эпизодтар арқылы белгілі болады. «Өкіл біткен күнде кеп, тезек астын, қора ішін, үйдің бұрыш-бұрышын істік темірмен сұкқылап, ұра іздейді. «Не тықтың» деп жан алып, мылтық кезеп, тергейді» (183-б) деген үзіндідегі суреттер бала көзімен берілсе де, 1932-1933 жылдарда қазақ даласында орын алған асыра сілтеу шындығын нанымды елестете алады. Қазақтың талғажау етіп отырған малын шырылдатып тұрып тартып алған
өкімет оның артының неге апарып соғатынын білмеді деу қиын. Айналаны жау тигендей етіп күйретіп кетеді. Осындай зобалаңның салдары, бейбіт елге келген нәубеті повесте жан шошытарлық деңгейде. Ашаршылық тырнағынан ағайынды төрт баланың біреуі ғана, яғни, Кеңестің өзі аман қалған. Ал қарындасы Зейне нағашысына ілесіп, қырғыз асып кеткеннен бері хабар-ошарсыз. Екі інісі Ырысқүл мен Шапанбек Кеңестің көз алдында аштық зардабынан қайтыс болады. Ауруы мендеген шешесі де көз жұмады. Үшеуінің сүйегін бір мезгілде иен үйге калдырып, белгісіз бағытқа жол тартқан бала Кеңес те сол ет жақындарының жолын құшуы әбден ықтимал еді. Оның аман қалуы – кездейсоқ оқиғалардың ғана әсері. Бас кейіпкер өткен шағын еске алған кезде, сол бір сұмдық көріністен әлі күнге жан дүниесі түршігетіні логикалық тұрғыдан дәлелді. Өмір өз дегенін істейді. Кейін ересейіп, ел ағасы жасқа жеткен шағында бір баласының қайтыс болып, өзі некелі әйелінен бөлек қызметтес жанмен көңіл қосуы ұстамды азаматтың пендешілік қырларын жалаңаштай түседі. Адамгершілік мораль мен жүрек қылын еріксіз шерттірген таза махаббат мәселесінің кейіпкер тағдырын қайшылыққа салуы – шығармадағы психологиялық шиеленісті ұштай түсуге себепші. Қос шығармадан ұғатынымыз – халық тағдырынң ауыр кезеңін көркем ойдың өзегіне айналдыру барысында аталған жазушылар жауапкершілік жүгін біршама сезіне білген деуге болады. Тақсіретті кезең суреттерін өрнектеу арқылы белгілі бір тұжырымға жол ашу – Т.Сәукетаевтың, Н.Қапалбекұлының аталған повестеріндегі ортақ көркемдік тұжырымдама болып отыр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары сыншы Төлеген Тоқбергенов Дулат Исабековтің шығармаларын талдай келіп, күні жарқырап тұрған Кеңес заманында жазушының өмірдің көлеңкелі жағын көбірек үңілетініне назар аударған екен. Осы ойын одан әрман тарата келіп: «Осы жер тіреп қалған жандарды неге төңіректей береміз?» деген мағынада жазушының көркемдікидеялық ұстанымына сын айтқан болатын. Онысы рас, Д.Исабеков өзінің «Дәрмене», «Сүйекші», «Тіршілік» және басқа шығармаларында көбінесе қоғамда өмірлік мақсаттарына жете алмай жүрген кішкентай адамдардың тақсіретті тағдырларына қайта айналып соға беретін. Кеңестік идеология талаптары тұрғысынан алып қарағанда, мұның өзі кертартпалық болып көрінуі әбден ықтимал еді. Бірақ реалист жазушылардың елеулі бөлігі кішкентай адамдарды жаза отырып-ақ, көркемдігі кенеулі туындылар тудырып келгені әдебиет тарихынан жақсы мәлім. Қазақ прозасының алғашқы шығармаларының кейіпкерлері кішкентай адамдар болса, бұл үрдіс осынау жиырма бірінші ғасыр әдебиетінде де тиісті бағытта өзіндік жалғасын табуда. Осы қатарды толықтыратын шығармалардың бірі ретінде Жанат Ахмадидың «Зар-Зарауқа» және Сейітқұл Оспановтың «Екі дүниенің абы-
ройы» атты хикаяттарын атап өткен жөн. Бұл аталған шығармалардың кейіпкерлері Зарауқа, Жанықыз, Қатша, Қарақыз сияқты үй айналасынан шыға алмай қалған, қоғамдағы құбылыстарды өзгертуге тікелей ықпалы жоқ қолдары қысқа міскін кемпірлер. Сонымен бірге Құсни сияқты сұлулар да қиындығы мен қырсығы жетіп артыларлық алмағайып заманда қамқор болар, жанашырлық жасар адамдардың тапшылығынан тақсірет тартып, өмірдің соққысын жеп, тағдыр талайына ұшыраған кішкене жандардың қатарында. Ж.Ахмадидың хикаятындағы жастайынан жесір қалған Зарауқа – өмірдің небір өткелектерінен өтіп келіп, тағдыр теперішін молынан көрген кейуана. Біреуі өз пұшпағынан, енді біреуі ағайыннан бауырына салып алған екі бірдей баласы майданда қаза тауып, қайғы жұтып жүрген замандағы бар тірегі – екі боздақтың артында қалған жалғыз тұяқ Құсни. Мынау пәни жалғандағы кішкене алданышы да, сүйенері де сол. Сөйтіп жүргенде осы жас арудың жеке басына да қауіп төнеді. Өзіне көрші болып келетін Кәдірсіз сатушы мен оның сыбайласы Сәбетбай екеуі бірігіп, Құсниды әскерге кеткен күйеуінен ажыратып жіберу қамымен әлек. Екі жақтың хатын бір біріне жібермей, ақыр соңында әскерге кеткен Әзімді өлді деп шығаратындар да солар. Армиядан қайтып еліне келе жатқан жігітті станса басынан қарсы алып, дереу көзін жойып жіберуден де тартынатын емес. Сөйтіп, өздеріне тиесілі ақы-пұлдарын алғаннан кейін басы босап қалуы тиіс сұлу келіншекті Кеңесбек деген ферма бастығына ұзатпақ. Үйден ұзап шығып көрмеген аңқау Құсни қаскүнемдердің құрған торына келіп түсіп, тыпырлайды да қалады. Маңайда қол ұшын бере қоятын адам жоқ. Бас пайдаларын ойлап, өзіне опасыздық жасаған Кәдірсіз бен Сәбетбайдың тұтқыны. Аман құтылу үшін өзінің жауларына у беріп өлтіруге шешім қабылдауы да ашынғандықтан. Көзінің қарашығандай көріп жүрген қолындағы немере қызы Құснидың аяқ астынан жоқ болып кетуі Зарауқа кемпір үшін – трагедиялық жағдай. Сүйікті немересін өлдіге жорыған ол психикалық аффектінің салдарынан шыдай алмай, есінен алжасады. Сөйтіп ел іші осылайша әлек болып жатқан заманда Құснидың мектептегі ұстазы Дариға мен құрбыларының арқасында күйеуі Әзіммен байланысқа шығуы, сөйтіп кездесіп, үйлеріне бірге аман-есен оралуы жанашыр жандар үшін күтпеген қуаныш. Өмірде орын алған оқиғаның негізінде жазылған шығарма сюжеті оқырманның зейінін ілестіріп, сергітіп, өзіне тартып отырса, ол да автор шеберлігінің бір көрінісі. Өзімен шамалас жазылған біраз повестерге қарағанда, «Зар-Зарауқа» хикаяты оқиғасының тартымды шығуымен де ерекшеленеді. Бірақ реалистік талаптар тұрғысынан алып қарағанда, жауапсыз қалған түйіткілдердің де бар екендігін еске ала кеткен жөн болар. Мысалы, Кәдірсіз бен Сәбетбайға жасалған көпе-көрнеу қастандық заң орындары тарапынан зерттеліп, қудаланбай, елеусіз қалады. Күйеуі аяқ астынан
қаза тапқан Сәбетбайдың жесірі Жаңыл өз басында ештеңе болмағандай Зарауқа кемпірдің жағдайына, оның бала-шағасының тағдырына араласып, уақытын сонымен өткізіп жатады. Кәдірсіздің жаназасыз, киімшең қойылуына себеп болған мотив те ашылмай қалған. Осы тақылеттес жекелеген сұрақтардың көлденеңдеп бой көрсеткені болмаса, адам тағдырлары оқиға үстінде ашылған. Повесть тілінің құнарлы болуына қызмет етіп тұрған факторлардың бірі – бейнелі тіркестер. Оқырман құлағына көп естілмеген құнарлы тіркестер мен қанатты сөздер бірсыпыра. Ішінара айтатын болсақ, «Зарығып сұрағанға берсең, өзіңді құрметтегенің, немкетті сұрағанға бергенің өзіңді қорлағаның болады» (8-б.), «Иттің жауы – диуана, келін жауы – кейуана» (9-б.), «Ажар – алдамшы, бақыт – баянсыз» (51-б.) деген сипаттағы мақалдар мен қанатты сөздер – жиі кездесе қоймайтын фразеологиялық тіркестердің қатарында. Шығарма оқиғасы өткен кеңестік дәуірге автор кейінгі ұрпақтың көзімен қарау керектігін түсіне отырып, кеңестік кезеңнің жекелеген шындықтарын ашып көрсете алған. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген повестердің тақырыптары біркелкі емес. Бірсыпыра қаламгерлер Кеңестік дәуірде жеткілікті ашыла алмай қалған қазақ тарихының қатпарларына үңілсе, енді біреулері социалистік құрылыс жылдарындағы қарапайым адамдардың тағдырлары қалай қалыптасқандығы жайлы толғанады. Уақыт көшіне жедел ілесіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайларды ізі суымай жатып көркем сөздің нысанына іліктіргендер де жоқ емес. Қазақ әдебиетінің қозғап келе жатқан тақырыбы оқырман назараны аудара алатындығы әдебиеттану ғылымының зерттеулерінен жақсы белгілі. Көркемдікті игеру барысындағы алуан түрлі қадамдар мен көркемдік табыстар өз алдына, бізде тақырып жағы да ешқашан тар болып көрген жоқ. Тіпті кеңестік идеология деп аталатын қатаң бақылау кезінде де жазушыларымыз тақырыптық тұрғыдан сан алуан ізденістерге, сол тақырыптарды меңгеру жолында түрлі амал-тәсілдерге бара білді. Сондай оқылатын тақырыптардың бірі – табиғатты қорғау, экология мәселелері еді. Көркемдік желісімен әдіптелген осынау бағыттағы көкейкесті дүниелерді қызыға, қуалай оқитын оқырмандар қатар бүгін де сетіней қоймаса керек. Оқырман үшін уақыт желіне мүжілмей, қашанда өзекті болып келетін бұл шетін тақырыптың еліміз тәуелісіздікке қол жеткізген тұста да көркем ойдың назарынан қаға беріс қала қоймағанына осы кезеңде жарық көрген біраз повестердің мазмұны дәлел. Кейбір қаламгердің аты-жөнін әдеби орта, жекелеген жазушылардың өздері біле бермеуі әбден ықтимал. Ондай қаламгерлер негізінен екі топқа бөлінетін сияқты. Бірінші топқа жататындар – әдебиет есгін ашып, қалам ұстағаннан кейін әйтеуір қатардан қалып қоймай, жазған шығармаларының көркемдік деңгейін орта мөлшерден ары асыра алмай жүрген қарапайым жазушы-
лар. Қалам қутының өлшеулі екенін байқаған сыншылар қауымы да мұндай жазушылардың шығармаларын оқып, талдау өзегіне айналдыруға аса ынталы емес екендігі тәжірибеден байқалады. Сөйтіп ондай жазушылардың қанша жазса да, жалпы әдеби ортаның көңілінен қағаберіс қалып қоя беруі әбден ықтимал. Бұндай құбылыстың орын алуы, былай қарап тұрсаң, заңды да сияқты. Ал екінші топтағылар қаламдарының қуаттары көркемдік үдеден шыға білгендерімен, әртүрлі мінәйім себептермен көзден де, көңілден де қағаберіс қалып қоятын қаламгерлер. Тағдырдың мұндай сыбағасы әсіресе Алматы мен Астанадан алыста, елде тұратын немесе оралман жазушыларға тән. Ал шығармаларына байырқалап көз жүгірте білсең, есімдері аталмай жүрсе де, ондай қаламгерлердің ешкімнен сорлы емес екеніне көз жеткізер едіңіз. Біз туындыларына тоқталып отырғандардың ішінде Ө.Кәріпұлы, С.Әбілқасымұлы, сияқты қаламгерлер, міне, осындай талант иелері. Жазушы ретінде ағымдағы әдебиет мәслелері сөз болатын тізімде атаалмай, ептеп тасада қалып жүргендерімен, бұл жазушылардың шығармаларының көркемдік бітімі көңіл бөлуге тұрарлық. Мысалы, Сейітхан Әбілқасымұлының «Ақиықтың ақырғы балапаны» хикаяты тәуелсіздіктен бұрын жазылғанымен, кітап ретінде өңделіп ұсынылғаны тәуелсіздіктен кейін екен. Мұнда Алтай тауының баурайындағы саятшылар мен қырандар өмірі сөз болады. Шығарма оқиғасы кәнігі бүркітші – Байсалдың төңірегінде өрбігенімен, автор оның көзқарасын түбегейлі тұжырым ретіне оқырманына таңа бермейді. Басқа құсбегілердің де көзқарастарымен, тәжірибелерімен санасып отыруға бейімділік байқатады. Қыранның балапанын алу жолындағы әртүрлі әрекеттерге араласып кететін Жапар, Тілеубай, Назар және тағы басқа кісілер қазақ саятшыларына тән болып келетін жақсы қасиеттерден ада емес. Рас, шығарманың айқын мақсаттарының бірі қазақ саятшысының бейнесін кәсіптік қалпымен барлық сипаттарын әңгімелеп жеткізу екендігін жоққа шығаруға болмас . Бірақ сонымен бірге көркем шығарма ең алдымен адамның жан дүниесін ашып көрсету болып табылатынын да автор ұмытпайды. Қыран мен оның балапаны төңірегінде дамитын оқиғалардың өрбуі барысында аталған персонаждардың жекелеген адами қасиеттері мен пендешілік қырлары шым-шымдап ашылып, нақтылана түседі. Саятшылық сияқты әрі қызықты әрі қатерлі кәсіптің төңірегінде жүріп, өздерінің бас пайдаларын індете ойлайтын, кейде бір бармағы ішінде бүгулі жүретін пенделердің қалыптарын жазушы оқиғалар қатарларын асықпай тарқата отырып, сездіреді. Кейде тура мінездеумен кетсе, енді бірде жанама деталь, штрихтармен, меңзеулер арқылы діттеген ойын аша түседі. Әу баста ақиық қыраннның балапанын алуға қам жасап жүрген Байсал бастаған саятшыларға тілектес оқырман келе-келе, түз тағыларына деген аяушылық сезімінің ығында кете бастайды, айтарға тілі жоқ, сана-
сы көмескі ақиықтарды жақсы көріп кеткеніңді де байқамай қаласың. Жазушы осы арада өз кейіпкерлерін ғана емес, оқырманды да сынға салатын сияқты. Бұның өзі белгілі бір мөлшерде жазушылық шеберлік болып табылуы ғажап емес. Сөйтіп эстетикалық сынақтардан өткізе келіп, оқырман көңілін де құйқылжытып, толғанта білу – жазушылық өнердегі шеберлік нышаны. . Өмірлері тау қияларында, орман нулары мен жартас-жақпарлар арасында өтетін саятшылар тіршілігінің қыр-сырына тереңдей отырып, жазушы этнографиялық көріністерге көңіл бөліп кетуді де ұмытпайды. Сейітхан Әбілқасымұлының «Ақиықтың ақырғы балапаны» хикаятының бағалы жақтары, түйіп айтқанда, осындай сипатта. Зейнебіл Тойболдының «Тәңір таудың тағдыры» атты жинағына «Кермарал», «Ойран», «Аңшының зары», «Арлан» атты повестері енген. Бұларды автор жеке-жеке шығарма ретінде қарастырғанымен, мазмұндық құрылымы және сөз болатын оқиғалары ұқсас, сабақтас. Ортақ кейіпкерлері де бірсыпыра. Бір әулеттің басынан өткен оқиғалары аталған туындылардың фабулалық негізін құрап тұр. Нақтырақ айтқанда, сол әулет мүшелерінің қоршаған ортамен, табиғатпен қарым-қатынасы басты тақырыпқа айналған. Бұларды бір біріне қатысы жоқ жеке шығарма деп емес, идеялық, көркемдік тіні, тақырыбы, көркемдік кеңістігі, тіпті кейіпкерлері де ортақ болып келетін хикаяттар циклі деп бағалаған абзал. Көркем кеңістік – қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы аумағына қарасты Хантәңірі тауының баурайы. Аталған шығармалардың әрқайсысын жеке дара талдамай, тұтас қарастырған оңтайлы болып отырғаны сондықтан. Басты тақырып – адам мен табиғаттың, адам мен тағы аңдардың қарымқатынасы. «Кермарал» повесінде Хантәңірінің түбін мекен еткен бұғылар үйірін мұздай қаруланған аңшылардың қалай қырып салғаны, содан жалғызақ Керамарал есімді ұрғашы жануардың қашып құтылғаны баяндалады. Ал келесі хикаяда буаз болып қалған сол жануардың ішіндегі төлін аман-есен сақтау үшін қиыр жайлап, күн көріп жүргендігі, оған мейірімді адамдардың қамқорлық қолдарын қалай созғандығы оқиға арқауына айналған. Адам кейіпкерлердің есімдері шығарма соңына ғана аталған. Олар – Дәулет, Сәду, Еламан, Еламанның жұбайы Құлан мен баласы Қуат. Мұнан кейінгі «Ойран» атты шығарманың кейіпкерлері Түкенің үлкен ұлы Есен, Зейтүн, Әлімжан, Дүйсен жән т.б. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қарадан қарап қудалуға түскен қазақ халқының аянышты тағдыры тағы бір елес береді. Негізгі сюжеттік арқау – басқа түскен нәубеттен қашып, Қытай жеріне қарай шекара асып ауған жігіттердің қатерлі сапарлары. Қытайға келгесін де, олардың бастарына мамыражай тыныштық орнай қойған жоқ. Алдарынан көлденеңдей беретін әртүрлі қауіп-қатер. Тіпті жергілікті қалмақ, ұйғыр ұлттарының өкілдері де арғы бет асып келген қазақ байғұстарға қысым жасауға, лажы келсе, тонап алып, жандарын жаһаннамға жібере салуға даяр. Осындай бір оқиға жергілікті қазақ Садық пен Дүйсеннің басынан өтеді. Құлжа қаласына барып, сауда жасап келе жатқан олар жолдағы Маңғүл
күре деген ауылдағы таныстарының үйіне қонады. Осындағы жергілікті адамдардың астыртын келісімін сезіп қоятын – Дүйсен. Екеуін ажалдан аман алып қалған да соның осындай аңғарымпаздығы. Өздеріне шабуыл жасаған қарақшыларды шыбын жандарын қорғап қалу үшін олардың өлтіруі де амалсыздықтан. Бірақ бұндай әрекет үшін Қытай өкіметінің маңдайларынан сипай қоймасы анық. Дүйсеннің қашып-пысып, қайтадан елге оралатыны да сондықтан. Ата-анасы Зәйтүн мен Жаңғақ, нағашы атасы Башекең жігіттің аман-есен оралғанына шексіз қуанышты,. Осындай эифорияның үстінде жігіті дереу үйлендіріп жіберуінде де қазақи ұстаным жатыр. «Өлім мен өмір» атты шығармада оқырман өзіне таныс Еламан, Құлан, Зейтүнмен тағы жолығады. Осы арада бір түсініксіздеу жағдай – жасы келген Зейтүн мен оның немересі Еламан екеуі де колхоз шаруасында қатар жүреді. Еламан трактор жөндеу жұмыстарымен айналысса (54-б.), «Жастайынан малда артында жүрген Зейтүн ел ағасы жасында. Колхоздың отар қойында жүргеніне бас-аяғы отыз жылдан асқан» (56-б.). Еламанның тағы аңдарды қынадай қырған аңшылығы бар. Ал Зейтүн сол аңдардан аман қалып, Аршалы сайды мекен қылған бір тұяқ Кермаралды қызғыштай қорғап, қамқор болып жүреді. Қыстың қақаған аязында буаз маралға жоңышқа, жем шашып, алыстан күтімге алады. «Кемпір, мен саған бір сыр айтайын, егер аузыңнан шығармасаң» (59-б.) деп жұмбақтайтыны сол Кермарал туралы. «Зейтүн мен Жаңғақ сөз жүйесін Кермаралсыз қозғамайтын болды. Үй іші береке-бірлікке айналды» (61-б.) дейді тағы бір жерде автор. Зейтүннің ұлы Дүйсен соғыстан аман-есен келсе де, алған жарақатынан 1949 жылы қайтыс болады. Циклдің келесі бір шығармасы «Аңшының зарында» негізінен Еламанның басынан өткен оқиғалар баяндалған. Қыстай тракторын жөндеп жүрген Еламан үйінен аттап шықпайды. Әйелі Құлан итермелеп, жас қуырдақ керек екенін еске салғанымен, аңға шықпай, бөгеле береді. Жалғыз маралдың аты Кермарал болса, Зейтүннің мініс аты Керқасқа, ал Еламанның көлігі Кертөбел бие. Жануар есімдерінің бәрі «кер» деген сөзбен басталады. Еламан өз басына өткен жайларды, көңіл күйін Мұқағали ақынның өлеңдерімен сырласа отырып, баяндайды. Бұл – автордың формалық ізденісінің бір түрі. Мұқағали рухымен сырласып отырып, ол: «Сезесіз бе, абзал ақын аға? Мен қырып-жоятын екіаяқты хайуанға айналдым. Тіптен өзіміздің туған өлкенің аң-құсы емес, шекара асып, Қытай елінің аң-құсына қырғидай тидім» (79-б.) деп өзінің зиянкестік әрекетін ашық мойындайды. Кейіпкердің тәубаға келу формасы шетел әдебиетінде де жиі қолданылатын тәсілдің түрі. Сәду жездесімен барып, қиядағы ұядан бүркіттің балапанын алмақ болуы әрекетінің сәтсіз аяқталуы, одан кейін қарадап қарап ауырып қалуы
сияқты штрихтар Еламанға берілген ишара сияқты. Ақыр соңында ақын рухымен сырласа келіп, аңшы мылтығын иенге лақтырып тастап кетуі – логикалық тұрғыдан орынды дәйектелетін шешім. Аңшының тәубесіне келіп, табиғатқа зиянкестік жасаудан өз еркімен бас тартуы оқырманға тәрбиелік үлгі. Тілдік қолданыстарынан соны ізденістер нышаны атойлап тұрмаса да, автор сөйлемді әдеби нормаға сай құрауға біршама төселіп қалған деуге болады. Бұл повесте көзге көрініп тұратын бір кемшілік – үнемі болмаса да, ішінара журналистикалық стильдің, көсемсөз сарынының араласып кететіндігі. Көркем сөздің көрігін қыздыратын бейнелі тіркес, бедерлі суреттер жасауға, әсіресе Сәукетаев бейім. «Тиіп-қашып терістіктен тіріле бастаған қызыл шұнақ ызғырық, шайтаны ұстап, әлдебір ойранды бастап жібергісі келіп тұр ма, ұлпа қардың үстінде ақ құйрығын арлы-берлі бұлғап қояды» (... 4]. «Отқа жақындаған сайын қабырғадағы теңселген көлеңқе зорая-зорая, қара бұлттай тұтасып, жарты үйді жайлап алды»(... 34). Осы келтірілген мысалдардағы бейнелі тіркестер нақты көріністі әсерлі түрде суреттеп жеткізуге орынды қызмет етіп тұрғанына күмән келтіруге болмас. Бұл сөйлемдердегі эмоционалдық-экспрессивтік сипаттар — әсіре жазылған бояу емес, қазақ тілінің әдеби нормасын жандандыра қолдаудың мысалы. С.Әбілқасымұлы мөлдіреген таза табиғатты ортасында өрбитін оқиғаларды суреттей отырып, өзі де сол табиғаттың киелі бейнесін жеткізуге лайықты тұманың тұнығындай соны тіркестер мен эпитеттерді таба біледі, қалам қуатын оқиға ауанына лайықтап, оңтайлы қолдана алады. С.Әбілқасымұлы «Ақиықтың ақырығы балапаны» хикаятының оқиғасының дамуы тым динамикалы болмаса да, эстетикалық қуат жекелеген көркем суреттер арқылы менмұндалап отырады. Түйінді сәттерде жазушы қаламының жарқылы күшейе түсіп, эстетикалық ләззат сыйлайтын азат сөйлемдер мен сөз тіркестерін көлденең тартуға бейім. «Күн кірпігі от ұшқынын шашпаған, сол ұшқынның күміс буы ғана шарпыған арайлы таңның ақсұлу аспаны. Шапақтың жалыны шалып, ызыңды шуылға айналмаған, сары сағыммен қою боялып, мұнарланбаған мөп-мөлдір тұнық ауа, салқын ауа». «Кең залдағы бишілердей белгілі бір саздың қалыпты ырғағына бой ұрып, толқынды дірілмен қалқиды. Ол көбіне қиырға самғап, шалқып айналса, енді бір мезетте қанатын шұғыл қомдап, өткір жебедей еңкейе заулап, лағып қалған бір шөкім бұлтты түйреп өтеді де, жарқ етіп қайта атылып, қалықтап биіктеп кетеді» (201-б). Осы үзіндінің өзінен-ақ қаламгердің жазушылық әлеуетінен қуатының қандай дәрежеде екендігінен ептеп болса да мағлұмат беретіні сөзсіз. Тәуелсіздік заманында өмірге келген повестердің тілдік құнары, образдылық деңгейінің әрқилы болып келуін де шығармашылық
заңдылыққа жатқызуға болар. Ішінара жадағайлық көріністері нышан беріп қалғанымен, авторлар халқының бейнелілікке деген жалпы ұмтылысын терістеуге болмас. Сөз құдіретін тану, оның астарлы мағыналары мен сәулелі жақтарын ескеру мәселесі де ұмытылып қалып жатқан жоқ. Жазушылар көркем прозаға қойылатын басты талаптардың уақыт желіне, саяси-идеологиялық, ел ішінде болып жататын тарихи өзгерістерге өзгерістерге тәуелді емес екендігін тағы бір аңғартты. Әдебиетке қойылатын шарт бәрі де баяғыдай. Замана лебімен келіп жатқан формалық жаңалықтарға ілесу, көркем әдебиеттегі мазмұн мен форма мәселесіне ерекше көңіл бөлу жағы жетіспесе, ол кемшілік болып санала да қоймас. Әңгіме – осынау көркемдік талаптар үдесінен шыға білуде болып отыр. Бар жазушының бірдей сөз шебері болуы немесе сөз ойнатуда алғырлық пен тапқырылық таныта білуі шарт емес. Дегенімен, әдеби көркем тілді игеру бағытында назар аударуға татитын ізденіс белгілерінің кездесіп қалып отыратынын атап айтқанымыз абзал. Тәуелсіздік әкелген оңды өзгерістердің қатарында повесть авторларының тақырыптық еркіндікке, мазұндық жағынан болатын құлшыныстарға мән бері жатқанын да ескеру керек. Кеңес дәуірінде белгілі бір саяси шеңберден шыға алмай жүрген қаламгерлер плюрализм мен демкратияның қағидаттарын меңгере бастағаны осы талданған туындылардан да көрінеді. Бұл кезең ішінде жарық көрген повестері қатары аз деуген болмайды. Бірақ оның бәрі әдебиеттің талдау нысаны болуға, ғылыми түрде сраптап әкетуге жарай бере ме, міне, мәселе сонда. Қолға түскен барлық повестерді талдап жатпай, олардың арасынан талдау өзегіне айнала алады-ау дегендеріне тоқталып атқанымыз да сондықтан. Пайдаланылған әдебиеттер Шаштайұлы Ж. Жала мен нала. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Жалын, 1990. – 296 б. Мәмесейіт Т.Бесік пен несіп. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Жалын, 1996. – 336 б. Сәукетаев Т. Көлеңкелер патшалығы. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 1998. – 328 б. Қапалбекұлы Н. Біздің ауыл тау жақта. Алматы: «Өнер» баспасы, 2007. – 448 б. Ахмади Ж. Зар-Зарауқа. Хиаяттар мен әңгімелер. – Алматы: Өлке, 2001. – 160 б. Әбілқасымұлы С. Ақиықтың ақырғы балапаны, Алматы: Білім, 1997. – 304 б. Тойболды З. Тәңір таудың тағдыры. Повесть пен әңгімелер. – Алматы: Шабыт баспасы, 2003. 188 б.
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ РОМАНДАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ ҚАНДАЙ? Алдымен көркем прозамыздың ауыр артилллериясы деп аталатын роман жанрының көркемдік болмыс-бітімі қандай болуы керек деген мәселеге тоқтала кеткен жөн шығар. Роман жанрының алғашқы үлгілері жазба әдебиеті ерте қылтиған елдерде пайда болғаны белгілі. Әдебиет зерттеушілері бұл тақырыпты қозғаған жағдайда көбінесе Вальтер Скоттың «Айвенгосын» ауызға алып жатады. Романның одан кейінгі классикалық үлгілеріне басқа да Еуропа қаламгерлерінің көлемді туындылары рет-ретімен атала береді. Ал қазақтың классикалық романының басында Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» тұр деп айта аламыз. прозаның бетке ұстар жанрының өзіне тән белгілері осы шығармалардың көркемдік болмысынан байқалады. Көркем әдебиет те жанды организм тәрізді үнемі даму үстінде десек, роман жанрының табиғаты да өзгеріп, жетіліп отыратынын жоққа шығару қиын. Жиырма бірінші ғасырда ол басқа сапалық деңгейде, басқадай эстетикалық көзқарастар тұрғысынан жазылады дегенімізбен, ортақ көркемдік заңдылықтар түбегейлі өзгеріске түсті деп өз басым айта алмас едім. Базбір адамдар шығарманың көлемі неғұрлым үлкен болса, ол роман жанрының талаптарына соғұрлым жауап бере алады деп ойлайды. Бұл, әрине, толық құптауға жарай қоймайтын пікір. Бұл арада жанрдың оқырманға мәлім кейбір жекелеген көркемдік белгілерін қайталап еске сала кетсек, артық бола қоймас. Олардың бастыбастылары – негізгі тартыстың әлеуметтік салмағының ауырлығы, бас қаһарман бейнесінің күрделілігі, оның типтік деңгейге көтерілуі, кейіпкерлер тағдырындағы драмалық шиеленістер, образдардың қанықтығы, бірнеше бағытта дамитын сюжеттік желілер, осылардың бәрінен келіп туындайтын көркем уақыт шындығының, дәуір келбетінің жан-жақты кесек көріністері. Романның классикалық үлгілерінде көбінесе жеке тұлғаның трагедиясы, қоғам мен жеке адам арасындағы қайшылықтарды суреттеу орын алып жатады. Осы жанрдағы шығармалардың бойынан міндетті түрде табылуға тиісті көркемдік атрибуттер – кесек мінездер мен шоқтықты проблемалар. Сонымен бірге романистің стильдік ұстанымы, тілдік көркемдігі де осал болмауы тиіс. Егер осы айтылғандардың бірі болмаған жағдайда роман бітімінің әлсірейтінін байқап жүрміз. Қазақ романының алдыңғы қатарынан саналатын М.Әуезовтің «Абай жолы», С.Мұқановтың «Адасқандар», Ғ.Мұстафинның «Дауылдан кейін», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Айқас», «Қатерлі өткел», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және т.б. романдарда жоғарыда айтылған көркемдік нышандардың барлығы да көрініс тауып жатады. Романның мықтылығын оның көлемі анықтайды деген түсінік онша дұрыс бола қоймайды.
Қазақ әдебиетінің тарихында қалың-қалың романдар аз емес. Бірақ олардың барлығы оқырман сүйспеншілігіне ие бола қойған жоқ. Мысал үшін алатын болсақ, мүйізі қарағайдай С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Ғ.Слановтың «Дөң асқан», Д.Әбілевтің «Ақын арманы» және бірсыпыра трилогия, дилогиялар бүгінгі таңда есепке көп алына бермсейді. Себебі олардың орындалуында композициялық, тілдік әлсіздіктер бар, бір сөзбен айтқанда, көркемдік өлшемдері ортақ талаптың деңгейінен төмендеу. «Қазақтың жүз романы» деген атауда әдебиетіміздегі ең таңдаулы кесек туындыларын іріктеп ұсыну талабы айқын. Бірақ сол таңдаулыларды жүзге жеткізу шарт емес еді. Таңдаулыларға сандық тұрғыдан шек қоя алмаймыз ғой. Мүмкін, жанр табиғатына толық жауап бере алатын романдар саны жүзден де асып кететін шығар немесе оған жетпей қалуы да ғажап емес. Жалпы көркемдік-эстетикалық өлшем мәселесінде есептеуіш сандарды мейлінше аз қолданған дұрыс немесе тіпті қолданбаса да болады. Өйткені шығарманың құндылығын айқындайтын оның көркемдік-эстетикалық деңгейі емес пе. Іріктеушілердің, міне, осы мәселеге келгенде жаңылысуы әбден мүмкін. Бүгінгі таңда кеңес дәуіріндегі көркем шығармаларды жоққа шығару тенденциясы бой көрсетіп қоятынын айта кеткен жөн. Солардың бәрі саясатпен жазылған, сондықтан бәрін де қара сиямен сызып тастау керек дейтін пікірлер де бар. Рас, ол уақыттарда саясаттың үстемдік еткенін ұмытпау керек. Талантты жазушыларымыздың шығармаларында заманның зорлығымен кіріп кеткен жалған пафос, социалистік идеялар бар. Бірақ олар әдебиеттің белінен оп-оңай сызып тастау үшін сылтау болып жарытпайды. Бұл арада айтайын деп тұрғаным – кейінгі буын қаламгерлер жазған романдардың мықты дегендерінің өзі көркемдік деңгейінің кенеулілігі тұрғысынан сол кеңестік замандағы орта қол романдармен кей жағдайда тайталаса алмай қалады. Рас, ой еркіндігі, форма қуалаушылық, философиялық ағымдарға ден қоюшылық, әлденені астарлап жеткізуге деген ықылас сезіліп отырады. Бірақ бұлар романның негізгі қажеттіліктері емес қой.Ал тұтастай алғанда оқырманды қызықтырып әкету деген мәселені маңызды емес деп есептейтін сияқтымыз. Бір назар аударатын жағдай – жазушыларымыздың едәуір бөлігі сюжеттің ширақтығын, оқиғаның қызықты болуын, өмірдің қарадүрсін шындығын елемеуге тырысады. Керемет терең ой айтылған, бірақ сюжеті қызықсыз, кейіпкерлері адамзаттық деңгейдегі асқақ ойларға берілген, сондықтан да сіз бен біз басып жүрген жерге табан тигізуді олқысынатын шығарманы сіз қалай оқыр едіңіз? Немесе реализмнің де өзіне тән романтикасы болмай ма? Бірсыпыра реалист жазушыларымыз романтикалық пафосқа соғыс жариялаған сынды. Бұл әсіресе жас оқырманның рухани мұқтаждығын елемеу деген сөз. Кейінгі жылдар ішінде жазылған романдардың арасынан Э.Төрехановтың «Ескендір мен Роксана», С.Елубаевтың «Мінәжат», А.Смайыловтың
«Тамұқтан келген адам», Т.Әлжантегінің «Сегіз сері», Т.Сәукетайұлының «Қара құйын», Ж.Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы», М.Шайырдың «О, данышпан дүние» тәрізді шығармалары жанр талабына жауап беруімен ғана емес, өзіндік айтар идеяларымен де ұлт оқырмандарына ой сала алар еді деп білемін. Олардан кейінірек келе жатқан буынның, яғни, алды елуді, арты қырықты иектеп қалған жазушылардың бірен-саран тәуір шығармаларымен қазақ романын толықтырып жүргендеріне көз жұма қарауға болмас. Атап айтқанда, Ж.Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы», А.Алтайдың «Алтайдың алқызыл модағайы», Н.Қуантайұлының «Көкөзек», романдары оқырмандарын бірбір елеңдетіп алды. Ал кейінгі жас қаламгерлердің роман жанрына келу қадамдарын аңдап жүрмін деп айта алмаймын.
ЛАТЫН ӘРПІНЕ КӨШУДІҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ Пікір айтушылар не дейді? Бүгінгі таңда қазақ оқырмандарының назарын аударып отырған шоқтықты пікірталастың бірі – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясына қатысты. Ұлтымыздың рухани әлемі үшін маңызды болып табылатын осынау өзекті мәселеге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі ұсыныстар, ой-пікірлер тасқыны үздіксіз орын алуда. Күн тәртібінде тұрған осынау өзекті тақырыпты одан әрі дамытып, латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтары мен зиянды тұстарын талдап көрсетіп жазылған мақалалар қатары күн сайын толыға түсуде. Олардың арасында назар аударуға татитындары да аз емес. Мысалы, тұрғыдан көңілге қонымды пікір ұсынған дүниелердің бірі – Амангелді Айталының «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде латын әліпбиіне сұраныс бола ма?» (Айталы А. Жас Алаш, №16, 28-ақпан, «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде латын әліпбиіне сұраныс бола ма?») деп аталатын сараптамасы. Бірден басын ашып айтатын жағдай – автор мәселені қабырғасынан қоя отырып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесіне күмәнмен қарайды. Оның алдымен үңілетіні – өзіне дейін латынға көшуді қолдап жарық көрген мақалалар мен айтылған ойлардың кемшін тұстары. Мысал үшін алғанда, латын әліпбиіне 1928 жылы көшкен түріктердің өздерінің дыбыстық қорындағы кейбір әріптерді әліпби жүйесінде таңбалай алмапты. Мұндай кемшін тұстар әліпбилерін ауыстырған басқа халықтарда да бар көрінеді. Автордың айтуынша, осы түріктер араб графикаларына негізделген рухани мұраларын осы күнге дейін пайдалана алмай отыр екен. Біз латын қарпіне көше қалған жағдайда туындайтын проблемалар қатары мынандай болуы мүмкін. 1)Қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттің осы уақытқа шейін тұтастай дерлік тек кирилл графикасында жазылуы; 2)жаңа әліпби бойынша мұғалімдер дайындау; 3)жекеменшік мекемелердің бұрынғыша кирилл әріптерімен жұмыс істей беруі; 4) латын әліпбиімен шығатын ұлттық баспасөзге деген сұраныстың азайып кетуі; 5) сонымен бірге қазақтардың бұрыннан да кириллицамен оқитын тобы әліпби екіге бөлінгеннен кейін, латын шрифтісімен жазылғандарды мүлде қолға алмай кету ықтыималдылығы және т.б. Қазақстанда латын әліпбиі ресми түрде қолданысқа еніп, қазақ мектептері осы әліпбимен оқытыла бастаған уақытта қазақтардың арасынан балаларын орыс сыныптарына берушілер қатары одан ары көбейе түсуі ғажап емес. А.Айталының болжауынша, «...қазақ тілінің болашағына сенбейтін қазақтар оқулықтары, ғылыми әдебиеттері, дайындығы мол мұғалімдері бар орыс мектептеріне балаларын беріп жатса, оған ешкімнің қарсылық жасауы мүмкін емес»
Автордың тағы бір қауіптенетіні – орыс және қазақ тілді болып екіге бөлініп кеткен қазақ ұлты енді екі түрлі әліпбиді қолдана бастағанда, ара жіктері тіпті ашылып, бұдан әрі тереңдей түсуі мүмкін екендігі. Сөйтіп айналып келгенде, Амангелді Айталы латын әліпбиіне көшу реформасын асықтырмай, сақтыққа шақыру жағын қолдайды. Түйіндеп айтқанда, бұл кісінің сөзінде де қоғамның ересектер тобына тән болып отырған типтік сақтық себептері бой көрсеткен. Латынға қарсы топтағылардың тағы бір уәжі мынандай болып келеді: «...қазақ тілі Құдайдың әрпіне көшсе де, өркендей алмайды... Жалғыз қазақ тілін мемлекеттік тіл қылып, онда да бірнеше жылдан кейін қолдану аясын 100 пайызға жеткізіп барып латынға көшсе болады ғой деп ойлаймын. Ал осы қалпымызбен латынға өтсек, орыстілділерді айтпағанда, қазір қазақша жазып, сөйлеп жүргендердің өзі орысша сөйлеп, қызмет қағаздарын орысша толтырып жаза бастайды...» (Жас алаш, №20, 14-наурыз, 2013 ж.) Латын әліпбиіне көшуді табанды түрде қолдайтын мақаланың бірі Қазыбек Исаның «Шынайы тәуелсіздік латынға өтумен келмек» деп аталатын сипаттағы мақаласы. Мазмұнына қарағанда, оның жазылуына түрткі болған себеп– Мұхтар Шаханов бастаған 66 қазақ зиялысының латын жазуының қолданылуы туралы ойларға қарсылық білдіріп жазған хаты. Автор осы ондағы ой-тұжырымдарды негізге ала отырып, өзінің жеке көзқарасын білдіруді жөн көрген. Еңбектің хат түрінде жазылуы – сол көзқарасты білдірудің өзіндік формасы. Бұл арада мынандай бір жағдайды ескеру керек екендігі байқалады. Біріншіден, 66-ның хатына бастамашы болып жүрген Мұхтар Шаханов та, сол хаттағы жекелеген ой-пкірлерге қарсы шығып отырған Қазыбек Иса да – қазақ халқының патриоттары, туған ұлтын сақтап қалу жолында күрсе жүргізіп жүрген қаламгерлер. Оның үстіне екеуі бір замандарда ортақ жұмыстарға бірге шегіліп, белгілі бір жобаны жүзеге асыру үшін қатар жүріпті. Осындай идеялас, пікірлес зиялылар енді Қазақстанда латын әліпбиіне көшуге бола ма, жоқ па деген мәселе төңірегінде ортақ тиянаққа келе алмайды, ойлары әр тарапқа тартады. Соңғы автордың өз ойын Мұхтар Шахановқа хат түрінде жеткізбек болуы да сондықтан. Қазақ жазуындағы арғы-бергі кезеңдерге шолу жасай келіп, Қазыбек Иса латын жазуына көшуді қиындықтары мен артықшылықтарын өз эмоциясын қоса отырып, талдап өтеді. Оның «Шынайы тәуелсіздік латынмен келмек» ғылыми эссесі оқырмандарды оқыту мақсатында түрлі тақырыпшаларға бөлінген. Атап айтқанда, «Ашық хатта қаперге алатын қауіп те бар», «66-ның біз келіспейтін жайттары», «Ұлтымызды орыс кириллицасынан құтқарады», «Мұны Алаш көсемдері де қолдаған», «Елді екіге бөліп, қазақ тілін тұқырытып отырған – орыс кирилицасы», «Бұл әліпбиге көшкенін өзбек те, әзірбайжан да мақтан етеді», «Ел мен Елбасы шешімі – латынға өтуді ассамблея неге насихаттамайды?», «Қазақ елін уысынан шығарғысы келмейтін Ресейді қолдайтындар кімдер?» деген тәрізді айқайлап тұрған
тақырыпшалар мақалада айтылмақ ойларды жүйелеп көрсетуге ықпалын тигізгені анық. Автордың өзі тақырып етіп алған мәселеге қатысты пікірлері, тұтастай алғанда, айқын, ұстанымдары тиянақты. Сонымен бірге ішінара обьективті тұрғыда алғанда, келісе қоймайтын пайымдаулардың да ұшырасып қалатынын жоққа шығаруға болмас. «Бірақ осы ашық хат жарияланғалы ғаламтор әлемінде қызу айтыстартыс жүріп жатыр. Кейбіреулер: «Шаханов айтты – бітті! Ойланатын не бар?» деп айқайға сүрең қосуда. Енді бірі: «Бұл Ресей отаршылдығын қолдау, ұлтымыздың рухани тәуелсіздігін тәрік ету!» – деп қарсы шығуда» (Қазақстан-Zaman, 21. 02. 2013) дей отырып, көтеріліп отырған мәселенің күрделілігін бір сәт те естен шығармайды. Осы қарбаласқа қатысты өз ойларын Әбдірашит Бәкірұлы тәрізді «Латынға көшу қазақ тілінің мәселесін шешпейді» (Бәкірұлы Ә., Латынға көшу қазақ тілінің мәселесін шешпейді // Дат, №04, 7.02. 2013) деп, айқайлап тұрып ашық айтып жатқандардың да уәждерін ғылыми тұрғыдан тиянақты деп айту қиын. «Әйтеуір қарсы бола беру керек» деген пиғылмен айтылып жатқан сияқты. Басым топтың пікірлерін тиянақтай түсетін тағы бір шағын штрихты қаперге алсақ деймін. Ол осы әліпбиді таңдап алған түрік ұлты қазақ сияқты біреуге бодан болып көрген емес, керісінше, отарлаушы ұлттардың санатындағы бөлек писхологиядан. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма екінші жыл кетсе де, ТМД-ның басқа азаттық алған халықтарына қарағанда қазақтарда құлдық писхология, орысқа мойынұсыну психологиясы басым екенін мойындай алар ма екенбіз. Бір біріне қарама-қарсы айтылған біраз ой-пікірлерді сараптап келгенде, латын қарпіне көшуді қолдаған топтың уәждері басымырақ түсіп жататынын атап айту керек. Оған жоғарыда келтірілген дәлелдер куә. Олардың қандай екендігін тағы да ежіктеп, қайталап жату шарт емес болар. Қарсылардың әлеуметтік бейнесі Зерттеушілердің дәлелдеуіне қарағанда, бүкіл дүниежүзіндегі ғаламтор материалдарының 80 пайызы латын жазуымен жарияланып келе жатыр екен. Ендеше бұл шрифт – дүниежүзілік деңгейде байланыс құралына айналып отырған ғаламтордың арқа сүйейтін негізгі әліпбиі. Демек бұл әріпті пайдалану – дүниежүзілік қауымдастыққа жақындаса түсудің кезекті бір жолы болу әбден ықтимал екен. Пайдаланылатын әріптері бірдей болғандықтан, латын әрпімен сауат ашқан қазақ баласының кейін де сол әріппен жазылған ағылшын тіліндегі мәтіндерді көп қиналмастан оқып кете алатын түсінікті. Екіншіден, Қазақстан саяси тәуелсіздік алып, дербес ел атанса да, орыс империясының рухани басқыншылығынан әлі күнге құтыла алмай келе жатқанын жасырудың керегі не?Бұл ықпал әсіресе руханиятқа қызмет жа-
сайтын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы нақты іске асып келеді. Сол құралдардың бір үлкен арнасы – мерзімдік баспасөз тасқыны. Латынға көшу арқылы осы тасқынға аз да болса бөгесін жасау мүмкіндігі бар. Ағылшын тілді басылымдардың да ұлттық менталитетімізге келмейтін теріс ықпалы болуын терістеу қиын шығар. Бірақ ол орыс тілі арқылы санамызға сіңіріліп жатқан рухани экстермизмнен қауіпті емес. Келесі бір мәселе – «Латын әрпіне бүкіл Қазақстан халқы көше ме жоқ әлде тек қазақ мектептерінде оқитындар ғана ма?» деген сауал. Бұл арада басы ашық жағдай – алдымен тек қазақ тілінде ғана оқитындарды көшіру керек екендігі. Орыс тіліндегі шәкірттер кириллицамен оқи берсін. Егер оларды лантыншыландырамыз десек, көптеген жағымсыз мәселелер көлденеңдеп шығып кетуі мүмкін және оған Ресейдегі отаршылдық пиғыл иелерінің жан-тәнімен қарсы болатыны да түсінікті. Бірақ уақыты келгенде бұл мәселенің де шешімін іздестіру мүмкіндігі туындауы ғажап емес. Сонымен бірге бір ескеретін жайт – орыс тілінде білім беретін мектептерден басқа оқу орындарының барлығын латын әріптеріне көшіру керектігі. Мысал үшін айтқанда, республикамыздағы өзбек, ұйғыр және басқа тілдерде білім беретін мектептерді де. Қазақстандағы өзбектер де этникалық өзбектердің оқитын әріптерін пайдаланса, іргелес екі елдің өзара байланыстары да жеңілдей түпей ме. Базбір ойшылдарымыздың қарсы айтатындары – «Егер латынға көшсек, Кеңес дәуірінде жасалған бүкіл әдебиетіміз, қазақ тілінде жазылған тамаша ғылыми еңбектеріміз ұмытылып қалып қояды. Кейінгі ұрпақ оқи алмайды» деген уәж. Қазіргі ғылым мен техника мейлінше дамыған жаңа технологиялар заманында одан күдіктену қаншалықты орынды?Бұл жөнінде жоғарыда аталған мақаласында Қазыбек Иса дәлелді уәж келтірген. Тәуір деп танылған дүниелердің барлығы латын қарпіне көшірілетіні даусыз. Сонымен бірге макулатураның жемі болуға дайын тұрған көптеген артық қағаздан тазарып қалатынымызды да ұмытпау керек. Айталық, көркемдігі төмен немесе таза кеңестік рухта өмірге келген жазындыларды оқырмандарың кейінгі буындарына тықпалаудың түк те қажеті болмас. Тағы бір көлденең тартылатын ой – «Екі түрлі қаріппен жазып, оқитын жағдайда бір ұлттың өкілдері екіге бөлініп қалады. Қазақ тілді және орыс тілді қазақтар әрқайсысы өздері таңдаған әріптердің тұтқынына айналады» деген қауіп. Осы арада «Кириллицаны пайдаланып келе жатқан орыс тілді қазақтар кириллицамен жазылған қазақ мәтіндерін оқушы ма еді?» деген қарсы сұрақ туындайды. Әрине, бұған дейін олардың қазақшаға мойын бұрып келе жатқандары некен-саяқ.Өйткені орыс тілді қазақтардың патриоттық сезімдері кемшін, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазатындар олар үшін – бар болғаны артта қалған «мәмбеттер» ғана.Биыл қыста қазақ тілін қорлай сөйлеп, «Мен суахили тілін білмеймін» деп жауап жазған «Қазпошта» АҚ-ның қызметкері сондайлардың біреуі ғана.Әйтпесе іштен тынып, қаптап жүргендері қаншама.
Бірен-сарандары болмаса, орыстілді қазақтарда ұлттық проблема деген жоқ, олардың көпшілігі өз ұлтын сақтап қалу керек деген мәселеге бас ауырта қоймайды. Өз ұғымдарына салсақ, олар – ұлттың емес, жалпы адамзаттың перзенттері. Әсіреорыстанып, нигилизм жолын біржола түсіп кеткен қандастарымыз өздерін қазақпыз деп атауға да ауыздары да бармайды. Арланады. Өйткені олар –«ұлттық сезімнен жоғары тұрған бүгінгі өркениеттің төл өкілдері». Әрине, өздерінің түсініктері бойынша. Келесі бір мәселе – латын қарпіне көшуге қарсы адамдардың проблемаға тек өздерінің жеке тұрғысынан ғана қарап, обьективті баға бере алмай жүргендігі. Жасы үлкендер үшін латынға көшудің шынында да ауырлау соғуы мүмкін ғой, бірақ мектепте, оқу орындарында онсыз да ағылшын тілін немесе басқа бір шет тілін оқитын шәкірттер үшін бұл шаруаның түк те қиындығы жоқ. Мемлекеттік тілді ары қарай тәуелсіздендіру Билік орнында отырған кейбір қазақтар «Қазақ тілі республикадағы өзге тілдерді басып кетпеуі керек» деген сыңайдағы пікірлер айтатын көрінеді. Бұл – ұлтын сүймейтін, өз қазағының тағдырына немқұрайлы қарайтын қазақтың ғана пікірі. Әйтпесе басқа ұлт өкілдері тарапынан (тіпті орыстілідердің басым бөлігі түсіністікпен қарап отырған кезде) байбалам салушылар шамалы ғана емес пе? Онда да қазақты қаны қарайып жек көретін, өтіп кеткен көк соққан шовинистер болмаса. Енді осы арада ескермеуге болмайтын бір жағдай бар. Ол – латынға көшкеннен кейінгі мемлекеттік тілдің ахуалы. Бұл мәселелге орай жалпы «Мемлекеттік тіл» дегеннің өзі не және оның мәртебесі қандай болатындығын қайтадан айқындап алуға тура келмек. Мемлекеттік тіл бар, бірақ оның шеті мен шегі, қоғамда алатын орнының деңгейі заңнамада толық нақтыланбаған, жалпы нысан ретіндегі болмысы әлі де бұлдырлау. Мысал үшін алатын болсақ, Конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленсе, онда оның қоғамдағы орны да нақтыланып көрсетілуі тиіс емес пе? Қай мемлекеттің болсын іс қағаздары, бухгалтерлік, қаржылық (финанстық) есеп-қисаптары, мемлекет жұмыстарына қатысты толып жатқан қағаз толтырулар мемлекеттік тілде жүргізілуі керек қой. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 22 жыл толмақ, бірақ көптеген салалардың мемлекеттік тілге көшпей, кер бағып,табандапотырғаны қалай? Салық комитеттеріне және басқа мемлекеттік органдарға жөнелтіліп жатқан есепқисаптар тек қана орысша, банк тілі қазақшаға мүлде жолағысы келмейді, тіпті осы ұйымдардың бір нәрсеге жауап алғың келсе, қазақша сөйлегенің үшін өзіңе ұрсады. Тіпті Павлодар қаласында қазақша сөйлегені үшін бір қазақ әйелін супермаркеттен қуып шығыпты. Сонда бұл не? Айтып жүргеніміз қайдағы тәуелсіздік, қайдағы рухани және тілдік бостандық? Осы қалпымызда жүре берсек, 2020 жылға қарай мемлекет халқының 95 пайызы қазақша сөйлеп кете ала ма? Басқа диаспо-
ра өкілдерін былай қойғанда,қазақтардың осынша пайызы қазақша сөйлеп кететін болса, керемет жетістік болып табылар еді-ау. Бірақ көкіректе күмән көп... Осы арада айтайын дегенім – тек латын қарпін енгізіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердегі іс жүргізу жұмыстарын да латын қарпіне көшіру керек екендігі. Латын қарпін қолданатын тіл – қазақ тілі болса, мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған ол тілдің де проблемасы шешіле бастар еді. Біз шет тіліндегі сөздерді алдымен орыс тілі арқылы қабылдаймыз. Ал осындай жолмен енген жекелеген термин сөздердің, ономастикалық және топонимикалық атаулардың орыс тілі арқылы бұрмалауға түсіп келіп жатқандығы жайында жаппай ойланбаймыз. Кириллицамен жазылатын орыс тілі мұндай сөз ауысу жағдайында өзінше бір сүзгі сынды немес сәулені шағылыстырып барып өткізетін шыны призма іспеттес. Орыс тіліне құлшылық ұрған Патшалық Ресей мен Кеңес дәуіріндегі замандарды былай қойып, тәуелсіздігіміздің 22-жылында да осындай бұрмалауды атаулардың түпнұсқада дыбысталуы деп түсініп келе жатқанымыз. Мысалы, көршілес Қытай Халық Республикасының астанасын осы күнге дейін Пекин деп жазып жүрміз. Оның қытай тілінде Бейжің деп дыбысталынын білсек те, сол әуелгі жаңсақтық жалғасын табуда. Сондай-ақ, Шанхай деген қала аты да сондай халде. Қытайша білетіндердің айтуына қарағанда ол «Шаңқай» деп жазылуы керек екен. Кәдімгі қазақтың «Шаңқай түс» деген тіркесіндегі «шаңқай». Орыс тілінде «Қ» мен «Ң-ның» жоқ екендігі белгілі. Тілі келмегендіктен, көптеген сөздерді орыстардың дәл сол қалпында қайталап айта алмайтынын да ескере бермейміз. Басқасын айтпағанда, АҚШ-тың астанасын орысшалап Вашингтон деп жазамыз. Кириллица транскрипциясына салып айтқанда, ол шамамен Уошынтон деп жазылуы тиіс еді. Ағылшын, француз неміс және т.б. тілдерден енген термин сөздердің бұрмаланбағаны некен-саяқ көрінеді. Қазақ тіліне тән «Ұ», «Ғ», «Қ». «І», «Ә» дыбыстарының орыс тілінде жоқ екендігі белгілі. Криллицада олардың әріптік таңбалары да жоқ. Мұндай жағдайда орыс байғұс бұрмаламай қайтеді. Тілімізде ондай дыбыстар бола тұрып, біз сол теріс ықпалмен кетіп барамыз. Тіпті оны қойып, өзіміз «Кәріс» деп атап жүрген ұлттың шын аты «Хонкусарам» екенін де білеміз бе? Тіліміздің ұшына үйіріле кететін – орыс тіліндегі «Кореец» деген сөз. Сөйтіп «Кәріс» сөзі тілімізге орыс тілі арқылы ассимиляцияға түсіп келіпті. Мұндай мысалдарды ары қарай тізе беруге болар еді. Бұрын бодан болған ұлттар тіл басқыншылығынан шешімталдықпен құтылып жатқан кезде біздің бүйтіп ана тілімізді де орысшаға тәуелді етуден бас тарта алмай отырғанымыз қалай? Орысшада жоқ қазақ дыбыстарының біразы жоғарыда айтылған ұлттардың тілдерінде бар. Егер латыншаға көшсек, сол тілдердегі сөздерді
түпнұсқаға жақындатып жазатынымыз, жазып қана қоймай, сөйтіп айтатынымыз анық. Сонымен бірге қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер оны орыс тілі арқылы емес, тікелей үйренсе, ұлтаралық интеграция күшейе түспей ме. Бұл арадағы жалғыз-ақ қиындық – осы уақытқа шейін шет тілдері мен қазақ тілін арасында делдал болып келе жатқан орыс тілінің рөлінің төмендеп қалатындығы. Ендеше латынға көшу тілдік тәуелсіздікті нығайтуға бет алу емей, немене? Осы арада Ресей империясының өз мүддесі үшін қазақ сияқты аз халыққа жасайтын жан-жақты ықпалына көз жұма қарауға болмайды. Екі ғасырға жуық уақыт бойы қазақ жерін өз мемлекетінің заңды аумағы,отарлаушылыққа дейін де оны мекен етіп келе жатқан қазақтарды өзінің құлақкесті құлы ретінде санап келген империалистік психологияның инерциясы әлі де бәсеңдей қоймаған сыңайлы. Оған сол тараптан да, өз ішімізден де естіліп жататын әртүрлі тегеуірінді айбарлы үндер дәлел. Ресейдің осындай саясатын рақаттана қолдайтындар республика шегінде де баршылық және олардың қол қусырып қарап отырмағанын байқау қиын емес. Қазақтың отаршылдық пиғылдағы сыртқы және ішкі жауларының мақсаты жалғыз-ақ – қалай болған күнде де бұрын табандарының астында келе жатқан халықты одан әрі тұқырта беру, реті келсе, адам ретінде бас көтертпей, мүлде тұншықтырып тастау. Қазақстан тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы жылдарда «Бұлар да адам болғысы келеді. Өздерінше дербестік алмақшы. Саналары төмен, мәдениеті жоқ бұндай қарақұрым тобыр (чернота) ел бола алмайды. Ұзамай дәргейлеріңе ала қойыңдар деп бізге өздері-ақ қайта келеді» деген сарындағы сәуегейліктер айтылып, әр түрлі қоқан-лоққылар да жасалғанын қаперден шығарып алмаған абзал. Егер шынымен тәуелсіздікке ұмтылатын болсақ, қазақ деген ұлтты қалайда сақтап қалу керек болса, онда дербестікке сеп бола алатын ең кішкентай тетіктің өзін пайдалана беру керек. Әрине, ондай экстремизм мен сепаратизмнен аулақ, тек қана өркениет жолымен жүзеге асырылып отыратын тетік болса. Ал латын шрифтерін қолданысқа енгізу сондай тиімді тетіктердің бірі бола алар еді. Тіл компьютерге ме, компьютер тілге ме? Мәселені шешудің техникалық қиындығы – компьютердің 26 таңбасына қазақ тіліндегі 42 әріпті сыйғызуда. Ұсыныстар көп. Даудың біраз бөлігі – компьютерді тілге бағындырамыз ба, тілді компьютерге бағындырамыз ба дегенге саяды? Орынды дау. Меніңше, компьютерге бағыну керек. Орыс тіліне ғана тән «Э», «Ю», «Я», «Ц», «Ч», «Щ», «Ф» сияқты әріптерді жазу халықаралық деңгейде қалыптасқан. Ал қазақтың жоғарыдағы төл дыбыстарына сәйкес әріптерді қосарлап жазу арқылы таңбалауға болады. Бастапқыда бұл үрдіс ептеп
қиындық туғызуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе, көз де, қол да үйренеді. Европалық кей ұлттар бір дыбысты үш таңбамен де беріп жүр ғой. Мәселен, немістің бір дыбысты «scһ» деп үш әріпті қосарлап беруі. Компьютерге жаңа таңбалар енгізудің бір қолайсыздығы – латын шрифтілеріне көзі үйренген адамның оларды оқи алмауы болса, екіншісі – халықаралық электрондық байланысқа шыққанда, компьютерде жоқ таңбаның ашылмай қалуы. Латын қарпіне көшуге қарсылардың болатындығын сезіне отырып және ол қарсылардың басында Ресей державасы сияқты бізге бұрын үстемдік жүргізген алып елдің тұрғанын ескере отырып, латын әріптерін пайдалануды қолға алу керек. Мұндай ауқымды іс мәресіне жақындаған сайын, қарсыластардың неше түрлі құйтұрқылыққа баратынын, арандатулар да болатынын алдын ала ескеріп, не нәрсеге де дайын тұрған жөн-ау. Осы науқан барысында орыс тілділер халқымызды, бас көтерер азаматтарымызды әлі талай жамандап, ағаш атқа неше мінгізіп, неше түсіретіні сөзсіз. Бір мәселенің басы ашық. Қазақ өз жерінде жүріп, өз тілінің сақталып қалуы үшін күрескенде, басқа ұлт диаспораларына зиян тигізуді көздемейді, басқа елге барып өз тілінің өктем болуын қаламайды. Кез келген ұлттың өз жерінде өмір сүріп, халық ретінде сақталып қалуын ойлауы атам заманнан келе жатқан табиғи құбылыс. Мысалы, өз жері Ресейде орысша сөйлеп, барлық шаруасын орысша жүргізгені үшін орысты, бүкіл тірлігін өзбек тілінде құрағаны үшін өзбекті, монғолша сөйлеп, бүкіл іс қағаздары монғол тілінде болғаны үшін монғолды және т.б.ешкім де ұлтшыл деп айыптамайды. Кавказды мекен еткен халықтардың барлығы да тек өз тілдерінде ғана сөйлейді, жазады, қарым-қатынас жұмыстарын жүргізеді. Солай болуы табиғи құбылыс. Ал қазаққа келгенде... ол байғұс та басқа халықтар секілді өзінің ана тілінде жұмыс істегісі келсе... «Жоқ, болмайды» деп өре түрегелеміз. Алдымен Қазақстандағы орыстарға қысым жасалуда деп байбалам салып шыға келетін – орыс шовинистері, оған ілесе орыс тілді, өздерінің ұлты жоқ қазақтар. Сонда бұл не? Демек, өзі теңдес басқа ұлттардан қазақтың айырмашылығы – ұлт ретінде өз жерінде жүріп, құқығының шектелуі. Бұның өзі Қазақстан Конституциясын айтпағанда, бүкіл дүниежүзінің озық ойлы зиялылары ортақ мәмілеге келіп, қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бердей Декларациясының» ұстанымына да қайшы. Ғасыр басындағы орыс тілді қазақ әдебиеті (С. Ананьевамен бірігіп жазылған) Басқа ұлттың орыс тілді қаламгерлерінің шығармалары – екі түрлі мәдениет пен әдебиеттің шекарасында ұштасатын кең тараған әдеби ағым. Поляк әдебиеттанушысы Анджей Дравичтың айтуына қарағанда, шығармашылық тілі мен шыққан ұлтының арасында айырмашылық бар қаламгердің өзіндік ерекшелігі оның «Екі түрлі мәдени азаматтығы» бо-
луында. Кеңес дәуріндегі қазақтардың орыс тілді қаламгерлерінің негізін қалаушылар Б.Момышұлы мен М.Жұмағұловтар болды. Од кейінгі аға буынның өкілдері – Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов, С.Санбаев, Э.Ғаббасовтар еді. Ал олардың соңынан ергендер деп айтатындарымыз – А.Еженова, Р.Сейсенбаев, Б.Қанапиянов, Б.Қайырбеков, Қ.Бақбергенов, О.Жанайдаров, Б.Б.Момышұлы, Ә.Қодар, А.Жақсылықов, Д.Нақыпов, Х.Бөлекбекова, Қ.Қабдрахманов, А.Дидар, Ү.Тәжікенова, Р.БүркітбаеваНүкенова және басқалары. Жаңа генерацияға жататындар – С.Үсенбекова, Ш.Нұрпейісова, Е.Асқарбеков, М.Исенов, Е.Жұмағұлов, Р.Шыбынтаев, А.Сабралиева, А.Макаримов және т.б. Бірен-сараны болмаса, олардың поэзиялары мен прозаларында ұлттық рухтың басым көрінетіндігін атап өткеніміз жөн. Олардың бәрі де – «Екі мәдениет арасындағы көпір әрі өзара ықпалдасудың жолсеріктері» (О.Сүлейменов). Қазақстандағы орыс тілді әдебиеттің бірегей зерттеушісі, әдебиет сыншысы әрі әдебиеттанушы марқұм В.Бадиков болатын. Зерттеушінің Қазақстандағы орыс тілді ақын-жазушылардың шығармашылығына кеңінен талдау жасап, олардың көркем ойлау жүйесінің ұлттық мәніне, адамгершілік және демократиялық ұстанымдарына әсіресе назар аударғаны – 1996 жылы жарық көрген «Уақыттар бұрылыстарында (Суреткердің үні мен тағдыры)» атты еңбегінде. 1996 жылы жарық көрген «Уақыттар бұрылыстарында (Суреткердің үні мен тағдыры)» атты еңбегінде. Ол «суреткерлік билингвизим» деген терминді қатты ұстана отырып, «...практикада біз эстетикалық-шығармашылық планда қостілділіктің екі түрін: толық емес және толық түрін кездестіреміз» деген болатын. Оның зерттеу нысанына айналғандардың қатарында О.Сүлейменов, Ш.Нұрпейісова, Б.Қайырбеков, Б.Қанапиянов, М.Әуезов және Д.Нақыпов бар. «Қазақ жазушылары, – деп жазды В.Бадиков, – өздерінің көркемдік тұрғыдан ойлау жағынан қазақ болып қалады да, ал орыс тілі арқылы олардың шығармашылықтарында орыс менталитеті сезіледі» (1, 296-б). Сонымен бірге билингвист ақын-жазушыларды әр түрлі ракруста М.Әуезов, Г.Бельгер, Б.Жылқыбаев, О.Әбішев, В,Савьелева, С.Әбішева, А.Абдуллина, А.Ищанова, У.Бақтыгереева, А.Темирболат, Л.Сафронова, Ж.Толысбаева, Н.Могилевская, А.Түсіпова, Л.Абдуллина, М.Арғынбаева, Ш.Әдібаева, М.Асылбеков және т.б. зерттеу нысанына айналдырып жазып жүр. О.Сүлейменов поэтикасының ұлттық ерекшеліктері жайында Б.Қанапиянов: «Ол өзінің қазақ фольклорына, қазақ эпосына қатыстылығын бір-ақ шумаққа сыйғызып айта алады» деп айқын да тұжырымды баға берген. Ғасырлар тоғысында О.Сүлейменов «Жазу тілі», «Қиылысқан параллельдер», «Тарихқа дейінгі түркілер» деп аталатын байыпты зерттеулерін
жазды. Ол дүниежүзіндегі көптеген тілдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, әрі салыстыра келіп, сөз-белгінің және сөз-символдың эволюциялық мәнін ашып көрсетеді. Евразиялық және әлемдік әдеби үдерістердегі О.Сүлейменовтің орынын айқындай келіп, АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Рафиз Абазов «жазушы-интеллектуалдың» ұлттық, аймақтық мәдениетпен бірге дүниежүзілік мәдениетті де мейлінше жетік білетініне назар аударады. Енді орыстілді жекелеген қаламгерлердің осы жиырмасыншы ғасырдағы шығармашылық бет-пішіндеріне қысқаша тоқталып өтейік. А.Жақсылықовтың жан-жақты әрі көпқырлы, экзистенциальдық бағыттағы «Малғұндардың түстері» атты трилогиясында өз елінің тағдырына алаңдаушылық сезімі басынан бастап қызыл арқаумен көрсетілген. Трилогия Қазақстандағы атом полигондарында жасалған сынақтардың кінәсіз құрбандықтары жайлы толғанысқа толы. Семей ядролық полигнонының жарыластарынан зардап шеккен қарапайым жандардың тас-талқан болған тағдырлары философиялық әрі эксперссивтік баяндаулар арқылы жүзеге асып отырады. Иен қалған әскери қалашықта өсіп жатқан жас ұрпақтың тағдыры да оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Шығарма поэтикасында бірнеше баяндау пластылары мен сюжеттік желілер кірігіп кеткен. Авторлық баяндау мәнері тек гиперболалық қана емес, гротескілік деңгейге дейін көтеріледі. Адамдардың ойлау жүйесіндегі соғыс психологиясының мифологиялық аспектілері ашылады. Автор ара-арасында акцент жасап, мән беріәп отыратыны – Батыс Қазақстандағы сәбилер өлімінің ұлғайғандығы, қаншаға көтерілгендігі жайлы тәріздес құрғақ деректер. Романның «Ән салатын тастар» деп аталатын бірінші кітабындағы Жан есімді кейіпкердің өзімен өзінің кездесуінің маңыздылығы – кеңестік тоталитаризм жүйесі тақырыбының көркемдікпен біршама тәуір ашылуында деп білу керек Автор адамдар арасындағы үйлесімділікті, ақиқат пен қайырымдылыққа ұмтылысты қолдайды. Кейіпкердің түс көруі, өмірді басқаша қабылдай білу әрекеттері жадағай баяндау емес, көп қырлы сипатта берілген. Кейіпкер шынайы және бейсаналық өмірде бірнеше рет болады. Трагедиялық баяндауларға мифологиялық ұстаным тән. Осы айтылғандардан жазушының постмодернизм әдісіне көңілірек арқа сүйегені байқалады. Эпикалық баяндаулардың барлық дамуы арқылы А.Жақсылықов адамның жасампаздығын жырлай отырып, оқырманды азаттық пен жауапкершіліккке шақырады. Жаңа құрылымдық және философиялық пландағы «Сурикат үйі» романында әлемдік жаңа тарихтағы қарулану тақырыбы футуристік және неореалистік рухта жазылған. Жанталаса қаруланудың тежеусіз салдары әлемдік экологиялық дағдарысты тереңдете түскендігі оқырманның тұла бойын шымырлатардай деңгейде. Күрделі стилистикалық фигуралар мен троптар, эллипсистер, параболалалр мен парадокстер баяндаудың
біртұтас ішкі ағзасын құрайды. Автор оқырманмен бірге бұдан шығудың жолын іздестіреді. Ә.Қодар осы «Сурикат үйін» өркениеттер қақтығысы дәуіріндегі «Біздің күндеріміздің апокалипсисі» лабиринтындағы жолсерік деп есептейді. Бақытжан Момышұлы болса, А.Жақсылықовтың шығармасын «ақыл-сананың, жан қозғалысының дамуы, жүректі тазарту туралы» деп санайды (2, 401 б.). Белгілі прозашы әрі қоғам қайраткері Р.Сейсенбаевтың жаңа шығармалары жеке азаматтың Отан алдындағы борышы, өскелең ұрпақты тәрбиелеу барысындағы жауапкершілік сезімі тәрізді тақырыптарды қозғайды. Кейбір жекелеген орыстілді қаламгерлер сияқты Р.Сейсенбаев та техникалық білім иесі, оның кейіпкерлері – адамгершіліктің максималистері, өздерінің ар-ождандарының қалауы бойынша өмір сүргісі келетін жандар. Олар үшін ең бастысы – махаббат, кешіре білу қабілеті, рухани жомарттық («Түнгі дауыстар»). Р.Сейсенбаевтың әр шығармасының өзіндік ерекшеліктері кездеседі, ұлттық дүниетанымы болмыстарының бөлінбейтін бөлігі болы табылатын кейіпкерлердің бойында қазақи менталитет басым. Оның жан дүниесіне өз кезеңінің құжаты болып табылатын экзистенциалдық публицистикалық роман жанры жақын. «Құмды кезген өлілер» романындағы автордың лирикалық-публицистикалық пафосы күшті. Шығарманың кейіпкерлері Насыр, Қаһарман, Марзал, профессор Славиков – өз істері үшін, ғаламшардың сақталып қалуы үшін жандары ауыратын ерекше жандар. Байқауымызша, бұл адамдар автордың өзіне ұқсас. «Өз көзқарасы, өзінің қарым-қатынасы бойынша ол айналаны өзінше қабылдайды, оның рухани тиянағы, адамгершілік бастаулары – Абай мен Шәкәрім, ол барлық жерде де өз ата-тегінің, ұлтының, халқының ар-намысын ойлайды, ұсақ-түйекпен бас қатырмайды десе де болады... Оның бірегей «Аманаты» – келешек ұрпаққа деген концептуалдық өсиеті» (4, 5-б) деген пікір Р.Сейсенбаев шығармашылығын біршама айқындап тұр. «Түнгі дауыстар» деп аталатын жаңа романында жазушы өзіндік көркемдік тәсіл қолдана білген. Шығарманың бас кейіпкері отыз жеті жасар Айдар Құрманов –мамандығы бойынша геолог. Сыншылардың пікірінше, ол «өзі құрастырған немесе өзіне кездейсоқ жолаушылар, таныстары мен достары айтып берген тарихтардың шығу тегін түсініп алғысы келеді». Жазушы Сарыарқаның орта тұсындағы өзі тұратын шағын қалашықтан туған жеріне саяхат жасауға аттанады. Л.Толстойдың «Иван Иванычтың өлімі» аталатын повесіндегі секілді қазақ жазушысының кейіпкерінің де бас қатыратыны – «Қалай өмір сүру керек?» деген мәңгі тақырып. Шынайы өмірді, адамға қызмет ету идеясын жоғалту – жазушы үшін өліммен тең. Сөзі әлдеқайдан алыстан күңгірлеп, жаңғырығып есітілетін кездейсоқ бозбала оны сақтандырып, жолын ашып береді: «Сен шынайы өмірді жоғалтып барасың, ал мифологизация дегеніміз – тек бір нәрсеге ие болу ғана емес, жоғалту да. Сен тағы да ша-
тысып тұрсың, тағы да азаптанасың. Миф дегеміз – өзіңді өзі жұбату, ал шынайылық – адамға қызмет ететін нақты өмір...». Оянған тілек өткен өмірдің кейбір кезеңдеріне қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Кейіпкер ойы толғанысқа толы: «...Жазған кітабы қандай? Әңгімелер циклі ме? Роман ба? Романның эскизі ме?..» «Түнгі дауыстардан» гөрі де ерекше бір тапқыр ат табуға болатын еді. Бірақ әңгіме онда емес, әңгіме – ол қапаланған кезде, сондай-ақ шаттанған шақта адамның жан дүниесінің жағдайын көрсетуге тырысқанында». Романның мәні – оқырманды күнделікті тіршіліктің мәңгі мәселелері жайында ойлануға жетелеуінде, қуаныштың, өмірдің толыққанды екендігіне көңіл бөлуінде. Жаңа кезеңде, яғни, жиырма бірінші ғасырдың бастапқы жылдарында, белгілі прозашы С.Санбаев та өзінің шығармашылық үрдісін одан ары қарай жалғастырды деуге болады. Ол – адамгершіліктің таңдауына, адам мен қоғамның арақатынасына көп көңіл бөлетін қаламгер еді, оның шығармалары жеке тағдыр мен адамзаттың тағдыры тығыз байланыста деген ойды түйіндеуге бейім. Өз кейіпкерлерінің өмірбаяндары жайлы әңгімелей отырып, жазушы осы кейіпкерлер өмір сүретін ел тағдырына да көңіл бөледі. «Көктемде дауысқа елтиміз» атты романында жазушы жиырмасыншы ғасырдың трагедиялық жиырмасыншы жылдарындағы Маңғыстау даласы арқылы Түркіменстан мен Ауғанстанға көшкен қазақ отбасыларының тағдырлары жайында әңгімелейді. «Ауған» сөзін қазақтар өздерінің сөйлеу мәнерімен ауып кеткендерді қабылдайтын ел деп атап алады. Ал Кабулды Қабыл деп, яғни, қабылдап алатын қала деп түсіндіреді. Ең басты рух – бұл елдегі көшпелі өмірдің сақталуы, дін еркіндігі, мал отарларын жайып, көшіп-қонып жүре беруге болатындығы. Ғинаят бастаған моджахедтер тобы күрделі тапсырманы орындайды. Ол Чермен асуына апаратын миналанған дала мен Шақмақ тау асуы арқылы Ахмад Бектің отрядына француз журналисін жеткізуі тиіс. Ғинаят өздерінің ізінен қалмай келе жатқан Кеңес десантшыларынан қауіптенеді. Олардың мақсаты – журналист болып жүрген әскери маманды қолға түсіріп, көтерілісішлер мен моджахедтердің іс-әрекетін үйлестіру. Көбінесе іс тағдырын жоғары командованиеде отырған лауазымды басшылар емес, осындай орта буындағы дала командирлері шешіп отырған. Қысқаша айтқанда, оқиғасының ұзын арқауы осындай романның айтары терең де көп қатпарлы. Оның мазмұны әр кейіпкердің жүрегіндегі Отан туралы, шындық пен сатқындық, борыш пен ождан турасында. Бұл – қазақтар өзара бір бірімен соғысқан Ауған соғысы жайындағы алғашқы қазақ романы. Қышлақ ақсақалдары келісім шарттарын орындай ма, әлде жолсерік Сайфулла сияқты екіжақты ойын ойнай ма деген сауалдың жауабын майор Тұрлыжанов түсіне алмай, қанша бас қатырса да, таба алмай әуре. Автор қырық жасар ауғандықтың бейнесін бірер штрихпен ғана беріп үлгереді. Сонымен бірге Нұрлан Тұрлыжанов Бақай деген атпен жасырынып жүрген адамның да кім екенін білуге ынталы. Жалпы осындай есімді ие-
ленген дала командирінің бары рас па? Ол Нұржанмен әңгімелескеннен кейін, бұл есім Ғинаятқа келеді деген қорытынды жасайды. Бұл мәселеде әкесінің Ойыл мен Қараталдың Ботақан, Қарабатыр, Алақай, Мақатай, Сақал, Қошқар және Бақай туралы айтқан бұрынғы әңгімелері септігін тигізеді. Ғинаяттың Қарабатыр, Қаракерей, Жайық деген есімдері арқылы бұл отбасының қайдан келгенін де аңғаруға болатын сияқты. Ата-баба есімдері балаларға бұрынғы ата-бабаны, туған жерді ұмытпау үшін қойылады дегенді Ғалымжанның еске салуы кездейсоқ емес. Тарих дегеміздің өзі – халықтың өмірбаяны ғой. Кейіпкерлер тағдырларының өзара тығыз сабақтасып кеткендігі сонша – мәселе Нұрлан еске алатын туған мекені Мақат кенті жайында ғана емес. Қышлақтың иесі, Ғинаяттың әкесі Нұржан қарт өлер алдында Нұрланға оның әкесі Тұрлыжан туралы айтып үлгіреді. 1929 жылы ол қарттың үйіне малын айдап әкету үшін келіпті. Қарттың бұл әңгімесі Нұрланның есіне романның кейіпкері Темір ата мен Оспан ата туралы Ғалымжанның айтқандарын түсіреді. Өз елінде баяғыда өлдіге саналған Нұржан ата мен Нияздың әңгімелерін тыңдай отырып, Нұрлан кенеттен қазақ тарихының шекараның сыртында екендігін сезінеді. Нияз болса оған Өтемұрат ақын, Қошқар, Барақ, Бақай батырлар туралы әңгімелеп, бірсыпыра мәлімет береді. Басындағы ақ орамалды жұлып алған Нағима «Сендер бір құдықтан су ішкен жандарсыңдар. Ата-тектерің біреу» дейді де, Нұрлан мен Ғинаятты алдағы болуы мүмкін қауіптен сақтандырады. Қым-қиғаш соғыс ортасында қалған қышлақтағы нәзік өмірдің қайтадан өз арнасымен аға бастауы осы әңгімеден кейін. Ғинаят пен Нағиманың төртінші ұлдары өмірге келеді. Б.Қанапияновтың «Таразы» деп аталатын кітабына соңғы оншақты жыл беделінде жазылған түрлі жанрдағы шығармалары топтастырылған. Ол композициялық тұрғыдан «Ғасырдан ғасырға», «Әрқайсысымен бірге», «Бастауларға қарай» деп аталатын тарауларға бөлінеді. Бірінші тарау қазақ фольклоры бойынша зерттеулерге арналыпты. Екінші тарау «Пушкин күнтізбесі» деп аталатын рецензиямен басталған. Жалпы бұл тарауды әр түрлі рецензиялар мен әдеби сын мақалалар құрағандықтан, бұл арада Бақытжан Қанапиянов әдебиеттанушы ретінде көрінеді деп пайымдауға хақымыз бар. Тақырыптық тұрғыдан мақалалардың көтеретін мәселелері әрқилы. Алаш ардақтыларының шығармашылықтары мен өмірбаяндық сәттерін сараптай келіп, оның өзінше ой айтатын тұстары да бар. Мәселен, ол: «Ілияс Жансүгіровтың өмірбаянына қатысты тарихи құжаттардың бір де бірінде оның Мағжан Жұмабаевпен кездескендігі туралы айтылмайды. Сенбеймін. Жас жағынан құрдас, Мәскеуде де қатар болған қазақ поэзиясының жарқын өкілдерінің бір бірімен жолықпауы мүмкін емес» деген ой айтады. Көсемсөздік стилінде де Б.Қанапияновтың поэзиядағы таланты сезіліп тұрады. Мысалы, оның «Шәкәрімнің көкек айы» атты мақаласында:
«Шәкәрім... Егер де осы есімнің дыбыстық жазбасына құлақ түретін болсақ, даланың түнгі аспанындағы жұлдыздар сыбдырымен ғарыштық шағыл үні арқылы жететін бір сарынды, өлмес шығармашылықтың сарынын анық аңғаруға болады» деген байлам жасайды. Кітап авторы қазақ классиктерінің шығармашылықтарындағы ең басты және құнды ерекшеліктерді тайға таңба басқандай тауып алып, салыстыра біледі. Бұл ол үшін – шындыққа жетудің тиімді жолы. Әр түрлі жанрлық мақалалары мен зерттеулерінде Б.Қанапияовтың көп қырлы әдеби және қоғамдық ой-пікірлері атой салып тұрады. Оған жаңадан шығып жатқан кітаптар да, бұрын құпия болып келген мұрағаттық мәліметтер де қызықты. Нақты шығармалар мен жинақтарды талдай келіп, теориялық сипаттағы пайымдаулар жасап отыруы оның ғылыми ойлау жүйесінің қалыптасқандығын көрсетеді.. «Нағыз өлеңнің белгілі бір географиялық тіркеуі болмайды... Шынжырлы реакция принципі бойынша өмірге келген олар елдер мен әлемге тарайды. Бірақ олардың ішкі мазмұндары ақынның өмірі мен отанына тән қуатқа, мәнге ие бола бермек...» дейді автор. Зерттеушінің осы пайымдауларын Б.Қанапияновтың өзінің шығармашылығы жайлы да сеніммен айтуға болады. Осы екінші бөлім «Абай күнтізбесі» жайындағы пікірмен аяқталса, үшінші бөлімге автордың түрлі тақырыптағы естеліктері топтастырылған. «Шыңғыс Айтматовтың рухына» атты эссесінен ең алдымен сезілетіні –Ш.Айтматовтың талантына деген үлкен ықылас пен құрмет. Дүниежүзілік діндер, фольклордың таусылмас байлығы жайындағы терең философиялық пайымдаулары қырғыздың атақты прозашысы жайлы естеліктермен алмасып отырады. Б.Қанапиянов Ыстық көлді Тәңірінің жердегі көзі деп атапты. Оның бүкіл шығармашылығының алтын арқауы – өз отанына, отбасы мен туған табиғатына деген махаббат. Оның «Таңбалы тас» атты прозалық шығармалары, повесі мен әңгімелері нақ осындай ыстық сезіммен суарылған. «Өмірдегі, тарихтағы, адами істер мен сезімдердегі құбылыстардан романтика көру» (В.Максимов), тауып алу – Б.Қанапиянов талантының өзіндік қыры. Мәскеулік зерттеушінің пайымдауынша, оның поэзиясында тағдырмен абсолюттік үйлесім бар. «Иә, ол жұлдыздар туралы ... жазады, басқаша болуы да мүмкін емес, өйткені ол мейрімділіктің, сенімділіктің және бүкіл әлемдегі – Жер мен Ғарыштағы барлық тіршілікке қатаң нәзіктіктің сәулесін себезгілейтін Көшпелі жұлдыздың жүзеге асуы болып табылады. Сөйтіп сәуле сәулені туғызады..» (5, 214-б) дейді. Б.Қанапияновтың «Таңбалы тас» повесінде Екінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен соғыс тұтқындарының тағдыры баяндалған. Оның негізіне жапондық тұтқындардың бастан кешірген шынайы оқиғалары арқау болады. Мияно Суши – б6 жыл өткеннен кейін Ыстық көлдің өзі тұтқында болған оңтүстік жағалауына қайта оралған өмірдегі жалғыз тұтқын. Өткен кезеңнің трагедиялық беттері Б.Қанапияновтың беллетристикалық
талантының арқасында жанды көрініске айналады. Квантун армиясының 125 солдатын Ташкенттен Рыбачьеге, одан әрі пароходпен Тамғалыға жіберген. Сол жерде тұтқындар құрылыс жұмыстарын жүргізген. Жапония мен Кеңестер одағы арасындағы соғыстың салдарынан қазір 60 мыңдай солдаттың еліне оралмай қалғаны белгілі болып отыр. 1945 жылы Жапония мен Кеңестер Одағы арасындағы соғыс бір айдай уақытқа ғана созылған. Ыстықкөл жағалауындағы биік таулар бас кейіпкерге өзінің туған еліндегі тауларды еске салады. Бір кезде орыс солдаты сыйға берген қалайы қасықты қолына ұстап алып, Мияно Суши өз елі туралы ән шырқайтын эпизод жүрек қозғарлықтай әсерлі. Сол 125 тұтқынның бәрі де кейін аманесен отанына оралған екен. Мияно Суши осы жерде тұтқында жүріп, өзінің балалық шағын еске алады, сөйтіп үлкен тебіреністі жағдайларды бастан кешіреді. Отан мен жолдар концептілері – бұл повестің негізгі көркемдік-идеялық айқындамасы. Көл жағалап келе жатқанда кейіпкердің есіне жиі түсетін нәрсе – алыстағы Отан бейнесі. Осы өңірге қайта оралған егде қонақ өзін жалғыз қалдыруын өтініп, өткені жайлы терең ойға шомады. Сосын тас баспалдақпен жоғары көтеріледі. Баспалдақтың әрқайсысы соғыс тұтқыны болған өзінің жолдастарының есімдерімен аталады екен. Повестің сюжеттік арқауына Тосиро-Чолпон желісі енгізілген. Тұтқын жапон жігіті мен Чолпон қыздың арасындағы махаббат не түрлі сынақтардан өтеді. Ақыры алпысыншы жылдардың аяғында екеуі де қол ұстасып, Жапон жеріне жеткен екен. Б.Қанапияновтың повесі жағалауында трагедиялық та, көңілді де оқиғалар өтетін өлмес көлдің өмірі жайында десек те болады. Көсемсөзші, прозашы әрі аудармашы Бақытжан Момышұлының кітаптарындағы бүгінгі күн тақырыбының көрінуі халық тарихымен өзектес. Аңызға айналған Бауыржан Момышұлы жайында «Ұлы көкжалдың ұлдары», «Әке шыңына көтерілу», «Әкемнің атымен» тәрізді циклді шығармалары әр түрлі жанрда жазылған эксперименттік сипаттағы дүниелер. «Алтын кінәзді жоқтау» эссесі Алтынбек Сәрсенбаевтың рухына арналған. Эссе кейіпкеріне қайырымдылық сәулесі, сенім жылылығы, руханилықтың жоғары формасы тән. Бақытжан Момшұлының прозасы философиялық, метафролалық әрі бейнелі: «Әлемде әр түрлі елдер мен қалаларға апаратын жолдар көп-ақ. Ал жол бойында өзіңмен бірге алып кетуге боларлықтай білім беретін көптеген ақылды да білімдар адамдар кездеседі» дейді жазушы. «Қасқыр соқпағының сәулесі» деп аталатын повесінің лейтмотиві – ішкі бостандық пен тәуелсіздікті қастерлеп сақтай білу. «Уақыт пен кеңістік – егер жан дүниең күнәсіз таза болған жағдайда шалқар мұхит үстінен алып өтетін қос қанатың». Кейіпкердің көрген түстері мен түрлі тәмсілді әңгімелер байыпты баяндауларға ұласып жатады.
Жазушыны қызықтыратын – кейіпкердің есею барысындағы рухани жолы. «Қасқыр соқпағының сәулесі» повесіндегі қарт аса үлкен байлықты қалдыра отырып, баладан даңқты шебер әрі шейх етіп шығару үшін өзімен бірге алып кететіні – рухани қазына. Повесть кейіпкері Сабыржан бізге терең адами рухпен аруақтардың келуі бақытымыз дегенге қатты сенеді. Мансұр жайлы тәмсілдің кейіпкерлері – Мансұр мен дәруіш екеуі Көп нәрсені үйреніп, көп нәрсені игеріп алған алтын қолдды Мансұр шебер дәруішке пышақ ұсынады. Ал ол болса сыйлықтан бас тартады: «Жанның ашуға болмайтын құлпын, жүректің таттанған есігін тек білімнің семсері ғана аша алады, егер біз қаласақ, кең көкжиектер күн сайын ашыла түспек. Міне, сонда адам өз жолына түседі Ал сонда адам Құдайға бір қадам жасаса, Алла оған қарай он қадам жасайды». Кейіпкерлер – өзі істерінің шеберлері. Олар әртүрлі материалдармен, әр түрлі субстанциялармен жұмыс жасайды. «Сен шеберсің, мен де шебермін. Сен дөрекі темірден адамдарға қажетті әрі әдемі бұйымдар жасап бере аласың. Ал мен сол адамдардың өздерін руханилық алауында шыныққан әдемі, нәзік әрі ақылды тіршілік иелеріне айналдыра аламын» дейді ол. Б.Б.Момышұлының лирикалық сипаттағы «Жады желдері» туындысы жылы естеліктерге толы. Балалық шақ пен жастық шақ әсерлері адамға өмір бойы әсер етіп отырады. Отанды сүю сарыны сонау балалық шақтың бал күндеріне қарай алып кетеді. Ерте жастан ішкі әлеміңе енген әсерлер ересектік өмірде де жан дүниеңді жылытып, тазалық реңін сақтап жүреді. Өйткені поэзиялық бастаулар қаладағы сол бір аулалардан орын алған. «Бір бірімізді түсініп, ұнату үшін бізге жалпы тағдырдың, аула деп аталатын ортақ бесіктің болғаны жеткілікті еді. Туған аулаңдағы адам сені жәбірлемейді, ауыртпайды, ешкімге жәбірлетпейді, өйткені ол сенімді де адал адам деген түсініктің өзі жеткілікті еді. Біздің алыстатудан гөрі жақындататын ортақ нәрсеміз көп болды, біз өзімізді біріктіретін нәрсені үнемі іздеп отыратынбыз...». Осы жолдардан автордың өзі өскен аула туралы адамдық кредосы көрінеді және оны философиялық деңгейге дейін көтеріп, тамсандыра біледі. Жазушы, көсемсөзші, киносценарист Дидар Амантай романдары мен повестерін қазақ тілінде, ал эсселері мен өлеңдерін орыс тілінде жазады. Ол –қазақ әдебиетіндегі кейінгі буынның айқын өкілдерінің бірі. Біреулер оны постмодернист бағытын ұстанған жазушы десе, енді базбір зерттеушілер қалалық әдебиеттің негізін қалаушы депсанап жүр. Оның кейіпкерлері – бүгінгі заманның күрделі мәслелелеріне жауап іздейтін білімді де интеллектуалды жастар. Д.Амантайдың стиліне ой тығыздығы, сөйлемдердің қысқалығы тән. Ол сөздің әрқайсысын бағалай отырып, үнемдеп отырғандай көрінеді. Г.Бельгердің анықтауынша, «Прозада ол философ, ал философияда прозаик». Әлемдік классика мен бүгінгі әдебиетте тамаша бағдар жасай оты-
рып, ұлттық әдебиеттердегі бейнелер мен мотивтерді салыстыра отырып, Д.Амантай Ш.Айтматов шығармашылығының жыл сайын жаңа мәселелер туғызып отыратынын негіздеу үстінде. «Шыңғыс Айтматов және қазіргі проза» деп аталатын мақаласында Д.Амантай барлық прозалық әдебиетті әлеуметтік-антропологиялық проза, коммерциялық, философиялық-метафизикалық және поэтикалық деп бес түрге бөледі де, нағыз суреткердің шығармашылығында бұлар аралас түрде келе беретіндігін атап өтеді. Ал Ш,Айтматов туралы ойын өрбіте келіп, баяндамашы оның жалпы адамзаттық тұғырын «барлық кітаптарына тән метафизикалық мәселелерге» орайластырады. «Ол әрқашанда мағына іздеумен болды. Мағыналық пен құндылықтардың жасампаздығы жөніндегі ойлары оны Құдай мәселесіне, бұл өмірге адамның қандай мақсатпен келгендігін білуге алып келді. Оның кейіпкерлері әрқашанда экзистенциалдық жағдайларда бейнеленеді....» дейді. Д.Амантайдың қаламынан туындаған эсселерін өзінің ғана ойлау болмысына тән десек болады. Аздап мұңды сазға құрылған олардың мазмұндары қайталана бермейді. Автордың «сезімнен басқаның бәрі өткінші» деген ойға тиянақтауы назар аударарлық. Ол адамның жадысын да жоғары бағалайды. Адамның жадысы ғана мәңгі, басыңнан өткізген жағдайлар ешқашан ұмытылмайды. Сен өмірбойы, қашан көзің жұмылғанша бір рет қана жылт етіп өте шыққан әсерлі сәтті ұмыта алмайсың. «Күннің мәңгілігі маңызды емес, ең жақын және ең сүйікті нәрсең ғана маңызды» («Бір күні көрген бейне») деп толғанады ол. Орыстың классикалық поэзиясынан көптеген ассоциаициялар мен реминсценциялар бар «Күз реквиемі» туындысы басқаша реңде жазылған. Оның кейіпкерлері ақын, қыз және күз. Күз – әрі жыл мезгілі, әрі лирикалық кейіпкер, әрі махаббат бейнесі. Д.Амантайдың өлең мәтіндері әуезді де диалог сынды болып келеді. Шығармашылық адамы әрі жан-жақты талантты Д.Амантайды толғандыратын тағы бір тақырып – суретшілердіәң, ойшылдардың, ақынжазушылардың тағдырлары. Д.Нақыпов поэзиясы ынтызарлы, бейнелі, жүйке жұлқылайтындай, замандастарына арналған тарихи әрі философиялық аллюзиялар, параллельдер мен сюжеттер постмоденрнистік, «поэтикалық прозадан» (В.Бадиков) жалғасын тауып жатады. Соңғы жылдары оның «Моллюсканың әні», «Егіздер», «Күл шеңбері», «Желдің көлеңкесі», «Ре уақыты» сияқты жинақтары жарық көрген. Өзіндік лирикалық мозаика «Моллюска әні» туралы сыншылар «контрапункт поэмасы», «жалғамалы поэма», «полилог», «жауап кітабы» деген сияқты анықтамалар қолданды. «Егіздерді» философиялық памфлет, автордың өзінің лирикалық деңгейде тәубеге келуі деп білген абзал. Ақынның «Егіздер», «Бағдаттың құлауы», «Ре уақыты» сияқты шығармаларын В.Бадиков әлеуметтік-тұрмыстық, апокалиптік поэмалар деп бағалаған болатын. «Ре уақытын» талдай келіп
ақын Б.Қайырбеков былай дейді: «Бұл поэма – сезімдер күнделігі, барлық адамзаттың болмысындағы жоғалған текті рухани іздестіру. Ол жүректен жұлып алынған, бәірақ лақтырып тасталмаған, сөйтіп дірілдеген қол ақылмен аяланған жапырақшаларға ұқсайды. Сөйтіп шимайлар ыңқылдаған сезімдердің құжатына айналады...» (6). Ү.Тәжікенованың әр алуан кейіпкерлері үшін өнер құтқарушы ретінде көрінеді. Оның «Жадының сакрализациясы», «Абсолютке көтерілу», «Тамариск сабағы» шығармалары бүгінде әр қырынан талдануда. Сыншылар мен әдебиеттанушылар қаламгер шығармаларындағы сөз тіркестері мен сөздердің әуезділігін, поэтикасының өзіндік ерекшелігін, азиялық ментальдық ұстанымын атап өте отырып, әрқилы жанрларда жазатындығына да көңіл бөліп жүр. Ү.Тәжікенованың жазатыны көбінесе біздің күрделі кезеңіміздегі әйелдер тағдыры, күрделі бетбұрыстар, аға буын өкілдерінің тағдырлары, халық даналығының өміршеңдігі жайында. Өмір шындығы мен әдебиеттегі шындықтың әрқилы болуы заңды құбылыс. Автор туындыларының кейіпкерлері де бір біріне ұқсай бермейді. Олар мейрамхана, кафе, дәмхана, асхана қызметкерлері, саудасаттықпен айналысатындар, дәрігерлер, журналистер мен жазушылар, суретшілер және т.б. Ү.Тәжікенованың соңғы кітабы «Тамариск сабағы» деп бекер аталмаған. Өйткені бұл өсімдік «икемділіктің, адам мінез-құлығының, рухының... символы, өмірсүйгіштіктің, табандылықтың символы...». В.Савельеваның айтуына қарағанда, Ү.Тәжікенова шығармалары – «біздің заманымыздың мағынасына үңіліп, жаңғыртатын экзситенциалдық эпос». Осы арада бұл қаламгердің оқырмандарының да көп екенін атап өткен жөн болар. Шығармалыр сыншылар мен әдебиеттанушылардың нысанына айналғаны да өмірлік факті. Хаким Омардың «Демб» әңгімесі «Жерге деген сүйіспеншілік әркімнің жүрегінде бар, ал шаруаның оған деген қарым-қатынасы тіпті ерекше» деген тебіреніспен басталады. Бұл – Кеңес дәуірінде жарияланбаған шығармалардың бірі. Хаким Омар «өткен замандардың нәзік дірілі мен өткен күндердің дыбыстарын» аулай отырып, өткеннің дауысын естігісі келе отырып, бүгінгі күннің симфониясын құрайды. (Б.Жұмаділдин). Прозашының стилі де қызықты. Психологиялық баяндаулар тұрмыс-тіршіліктің, өмір мен өлімнің мәңгі проблемалары жайындағы философиялық ойларға толы. Автор көшпелілердің өмірі, оның көк аспанның қуат-күшін жинақтайтын ортасы киіз үй жайында поэтикалық тұрғыдан шабыттана әңгімелейді. Кеңістіктің шекарасын кеңейтіп тұрған – шығарма ішіндегі ерекше серпінді күш-қуат. Әңгімелері мен эсселерінде жазушы поэзияның, музыканың, би өнерінің құдіретіне тәнті болады. Өткен күннің артында қалған нәзік із жауында тебіренеді. Бұл кітап туған халықтың тарихына үңілте отырып, ойларға жетелей білуімен де оқырманға ыстық.
Қазақстанның қазіргі таңдағы орыс тілді поэзиясы халық өмірінің ұлттық суреттерін бейнелейтін бірсыпыра есімдермен толығып отыр. Бақыт Қайырбеков өзін түпнұсқаға мейілінше жақындатып аударатын тәржімашы ретінде санайды. Бірақ оның лирикалық-философиялық өлеңдерін де көркемдік талаптар тұрғысынан жаман деуге болмайды. Олар айқын шыққан көркем бейнелерден кенде емес. «Күнделік», «Судың жолы» деп аталатын соңғы жинақтарындағы поэтикалық жанрлар элегия, тәмсіл, лирикалық миниатюралар сиқты мейлінше әр алуан. Оның туындыгерлігінде Аспан мен Жер, Адам мен Табиғат, Өмір мен Өнер бәрі өзара байланыста. Әлемдік тұрғыдағы ғарыштың көшпелісі ретінде сезіне отырып, ол «ғаламшарлық ойлау жүйесін», Жер ортақ үй идеясын қуаттауға шақырады. Ақынның бейнелеуінше, лирикалық кейіпкердің өзі – «әңгімелеп беруге болатын сөзі бар» ашық жатқан кітап. Оның лирикасының кеңістік пен уақыттағы координаттары шектеусіз: ол – жүрек жадысы, ғарыштық қашықтық, үйлесімділіктің басталуы мен аяғы, мәңгілік қас-қағым және т.б. Ә.Қодар – ақын әрі драматург, мәдениеттанушы және философ, әдебиет сыншысы, аудармашы. Оның «Тіршілік түйткілдері», «Қазақ поэзиясының антологиясы», «Қирандылар түстері», «Қорқыт ақиқаты», «Шыңғысханның мұрагерлері», «Атымтайдың айнасы», «Құстар мен періштелер» сияқты кітаптары әрі философиялық, әрі ирониялық сипатта болып келеді. Бір қарап тұрсаң, ақын қазіргі өмір ағыстарын шеттен бақылап тұрғандай әсер етеді. Өткен кезеңдерді еске ала отырып, еркеше жеке тұлғаларға арнап сөйлейді, өз пікірін, өзінің көзқарасын қорғап бағады. Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай ақынның ұрпақтар диалогы болып табылатын жаңа кітабы жарық көрді. «Аспан астындағы кездесу» кітабында Ә.Қодардың Махамбеттен, Мағжан Жұмабевтан аудармалары және автордың өз өлеңдері топтастырылған. Бойындағы қостілділік қасиетін ол кез-келген жағдайдан, дағдарыстардан алып шыға алатын өзінің құтқарушысы ретінде санайды. «Орысша жазуым өзіме өзім ұнамай жатса, өзімнің сөйлеу мәнерімді сарқи бастасам, мен ана тіліме, қазақ тіліме көшемін, сол тілде жаза бастаймын. Сондайда тіпті жасарып кеткендей боламын» (7) дейді ол. Ақынды ылғи да толғандырып отыратын – өзінің осы билингвистік жағдайы Ақын жатырқаудың суықтығын сезінсе де, оны жеңуге тырысады. Ол біресе өзінің ана тіліне, біресе орыс тіліне үн қатып, қос тілмен сырласа жөнелуге бейім. Тілде де, сөзде де жауласу деген болмайды. Ақын өзін «шыңырау үстіндегі» көпір сезінеді. Шығармашылық тұрғыдан өзіндік мінезге ие О.Жанайдаровтың негізінен жанрлық тұрғыдан қалам сілтейтіндері – өлеңдер, одалар, балладалар. Сонымен бірге поэмалар, тарихи поэма, ғылыми-фантастикалық әңгімелер, повестер жазудан да бас тарта қоймайтын қаламгер. Осы жиыр-
ма бірінші ғасырдың басынан бастап ақынның «Дала жақтағы мың терезе», «Таң алдындағы түстер», «Ертедегі түркілердің діні мен мифологиясы», «Ежелгі Қазақстанның мифологиясы», «Ежелгі Қазақстанның аңыздары» сияқты кітаптары жарық көрген. Ақынның соңғы шыққан өлеңдер жинағы «Ұлылығы бабамның» деп аталады. Кітапта осы аттас өлеңнің бір шумағы мынандай: Ұлылығы бабамның Түн ұйқымды төрт бөлді. Өмір үшін, ошақ үшін Өткізген талай күрестерді. «Шоқан туралы поэмасы» – қазақтың ұлы ғалымы, халық дәстүрлері мен «Манастың» зерттеушісі, этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлиханов жайында. «Қызғаныш – жексұрын сезім, досым» деп аталатын өлеңінде О.Жанайдаров «О, ақын, қызғанба басқа ақынды» деп ұран тастайды. Қызғаныштың көптеген пенделерге ортақ нәрсе екендігінен туындата отырып, бұл сезімге деген қарым-қатынасты типтік дәрежеге көтереді. Оның бір ерекше құштарлықпен жазатыны тақырыбы – өзінің тарихиқа дейінгі кезең, ежелгі ата-тек пен тайпалар, мыңдаған жақсы аңыздарды сақтап келген, өзі туған Оқжетпес. Туған кеңістіктері ақынға тұп-тұнық көлдің көзімен мөлдірей қарайтындай. Ақынның бағамдауынша, туған мәдениетпен, табиғатпен және ең бастысы туған халқыңмен байланыс қашанда іргелері ажырамастай берік жағдайлар. Ақын кең далада маңыған түйелерді, ұзынынан ұзақ шұбатылған керуендерді өзі көргендей сағынышпен еске алады. Облыс орталығындағы аэрдромның орынында сәйгүліктердің құйғытып жүрген кездерді еске алып, көкірегін сағыныш сезімі кернейді. «Мәңгі қыс» повесі – алдын ала ескерту сынды шығарма. «Мұзға айналған өлі су дүниежүзілік мұқиттың арнасынан асып, құрғақтағының бәрін жаншып өтеді, соғыстан қираған қалаларды жапырып, жер бетін өзінің мұз үтігімен тегістеп кетеді» дейді ол. Түйінді ой – адамзат баласы ядролық апаттан қорқуы керек дегенге саяды. О.Жанайдаров – қазақ поэзиясын орысшаға тәржімалаушы ретінде де жақсы танымал. Қ. Бақбергеновтың «Бейнеленген кеңістік» атты аудармалар жинағы әр замандағы, әр елдегі ақындардың бастарын біріктірген. Оның бетін қазақтың жыраулар поэзиясының Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау сияқты өкілдері ашып, Қ.Мырзалиев тәрізді заманауи ақындармен аяқталады. Орыс тілді поэзияның соңғы буын өкілдерінің бірі – Марат Исенов қоршаған ортасын өте сезімталдықпен қабылдайтын әрі сол көргенбілгенінен философиялық ой түйіндеуген бейім ақын. Оның поэзиясының бір тартымды жағы – көптеген соны поэтикалық образдарды қолдана білуінде деп білеміз. Тірі тіркестер поэзияның рухын
нәзіктікпен түсіне алатын оқырманды тәнті ете алатындығы анық. Мысалы, «саусақтары дірілдеп, бір бірін тұнышықтырды», «тоғай кесіндісі тұманға жұтылды», «қарағайларда ақ басты тұз жылтылдайды» және т.б. көптеген тіркестер ешкім айта қоймаған бейнелі сипатта, тосын. Пейзаж суреттемері қайталанбас бояулар арқылы көрініс тауып жатса, қалалық көріністер ықшам болып келеді. Мысалы: Қаланың шеті, таңертең, Алқызыл баспаналар. Түнгі жатын, дүңгіршек, притон, Каюталар, асханалар. М.Исенов поэзиясының барлық табиғаты адам мінез-құлқының қызықты қырларымен әшекейеленген. Оның махаббаты да ерекше. Сүйіктісі кеткен кезде саз әуені семіп, бояулар да солғын тарта бастайды. Жалпы М.Исенов поэзиясын тосын тіркестер мен соны ұғымдардың күрделі үйлесімі болып келеді десек, қателеспейміз. Оның қаламынан шыққан табиғатқа қатысты штрихтар жанданып, жұтынып шыға келеді. Қазақстандық жас ақынның поэзиясында Блок пен Цветаеваның сарындары көрініс тауып жатанын байқауға болады. Ақын көптеген шетелдік ұлылардың есімдерін атап, соларға өз үнін қосуға құлшынады. Ол ұлылардың арасында Блок, Гойя, Хэмингуей, Гораций есімдері бар. Сондай-ақ, оның еске алып кететін тұлғалары – Рембо, Дали, Аполлинер, Сен Жюст, Жизель, Сальери, Кортасар, Бах, Моцарт және тағы басқалар. Осыған қарағанда, жас ақын сол шетелдік дарындар шығармаларының негізінде тәрбиеленген болуы мүмкін. Қазақстанда жүрсе де, қазақи ұғымнан алыс болып көрінуі ойлантады. Жиырма бірінші ғасырдағы орыс тілді қазақ әдебиетін жасаушы ақынжазушылардың есімдерін мүлде белгісіз деуге болмайды, танымалдары да баршылық. Олардың алуан тақырыпқа, өзекті мәселелерге арналған мазмұнды да салиқалы шығармалары өз оқырмандарын табатынына күмән келтіру қиын. Жанрлық тұрғыдан әралуандығымен ерекшеленсе, қаламгерлердің басым бөлігінің жазу машықтары қалыптасып үлгірген деп санауға болады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың таңында орыс тілді қазақ әдебиеті заман ағымына лайықты деңгейде, ғаламдасу екпінін сезіне отырып, дамуда. Көркемдік талаптар тұрғысынан басым бөлігінде ілгерілеушілік нышандары байқалғанымен. Ұлттық тұрғыдан алып қарағанда, жекелеген қаламгерлердің шығармаларын қазақи көзқараста жазылған деп атау қиын. Пайдаланылған әдебиеттер: 1.Русскоязычные писатели Казахстана (Литературно-критические заметки) // Литература народов Казахстана. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2004. – С.296-345.
2.Момыш-улы Б. Жаркое земное обиталище // Жаксылыков А. Дом суриката. – Алматы: Ценные бумаги, 2008. – С.401-410. 3. Бадиков В. Во имя всеобщего бытия // Бадиков В. По гамбургскому счету. – Алматы, 2007. – С.183-188. 4. Бельгер Г. Тропа Роллана // AMANAT. – 2006. – №5. – С.5-6. 5. Максимов В. Свет кочевой звезды // Канапьянов Б. Тамга Иссык-Куля. – Алматы: ИД «Жибек жолы», 2010. – С.189-215. 6. Каирбеков Б. О книге поэм Д.Накипова «Время Ре» // Известия – Казахстан. 13.05.2009. 7. Джандосова З. Художнику дано право говорить о вечном. Интервью с Д.Накиповым // Байтерек. – 2011. – №7-8. 8. Кулжанова Р. Кентавр казахской культуры // Яблоко. Литературный интернет-журнал Казахстана. – 17.09.2007.
КІТАП ТАРАТУ КІЛТИПАНДАРЫ Бүгінгі таңдағы салмақты мәселенің бірі – баспалардан шыққан кітаптарды тарату болып отыр. Кеңес дәуірінің оқырмандары белгілі бір арнаға, жүйеге үйреніп қалғандықтан да, сол бір қалыптасқан стереотиптен шығудың әлі күнге оңайға соқпай отырғаны жасырын емес. Ол замандарда кітап өнімдері «Қазақстан тұтынушылар қоғамы» және «Қазақкітап» жүйесі бойынша таратылатын. Бұлардың әрқайсысына алдағы жылдардың жоспарлары ұсынылып, қайсы кітапқа қанша тапсырыс берілетіні анықталатын. Соның нәтижесінде жиналатын таралым да едәуір қомақты болатыны тіршіліктері мен кәсіптері кітапқа байланысты жандардың күні бүгінге дейін есінде. Соның өзінде де күн тәртібінен түспейтін ұрандардың бірі – «Кітап өтпейді емес, жетпейді» деген қанатты сөз. Ал бүгінгі таңдағы жағдайдың мүлде басқаша екендігі көзіқарақты әрбір оқырманға аян. Кітаптарды шығаруды қаржыландыру қазір екі түрлі тараптан іске асырылады. Оның біріншісі мемлекеттік бюджеттің есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізілсе, екінші топтағылар бюджеттен тыс жекеменшік қаржының есебінен шығарылады. Бірінші жүйемен жарық көретіндердің көркемдік-идеялық сапасы алдыңғыға қарағанда тәуірлеу болып келетіні рас. Қалталылар қаржысымен өмірге келген кітаптардың басым бөлігі бұл жағынан ақсап жататынын жасырудың керегі болмас. Бірақ соған қарамастан, жекешелердің қаржысынан шығатын кітаптардың сандық мөлшері алдыңғысынан әлдеқайда көп екендігі байқалады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша шығарылатын кітаптардың да өтетіні бар, дақпыртпен кетіп жататын өтімі нашарлары да жоқ емес. Іші-сырты жылтыраған, көздің жауын алардай болып әсем безендірелген кітаптардың әдеби тұрғыдан алып қарағанда көркемдік деңгейі, ішкі мазмұны қандай деген мәселенің күрделі күйінде қалып отырғаны сөзсіз. Авантитулге жазылып қойылатын аңдатпалар арқылы кітап деңгейін анықтап аламын деу – құр далбасалық. Ондағы айтылған көтерме мақтау сөздер кітап мазмұнын дәл ашады десек, оқырман алдында күнәлы болып қалуымыз ғажап емес. Кітаптың көз тартарлық дизайнына күдікпен қарағанымыз секілді аңдатпаға да құлай сенуден абай болған абзал. Бұның бәрі – кеңестік дәуірдің қалыпты стандартына қалыптасып қалған оқырманды сақтандыру мақсатында айтылып отырған әңгіме. Қазіргі шығып жатқан көркем әдебиет өнімдерінің эстетикалық сапасы қандай деген мәселенің де күрделі екендігі атап өту қажет. Оқырмандар арасында «Көркем әдебиет кітаптары бұрынғы сапасынан түсіп кетті, қазіргі таңда тамсанып оқитын кітап жоқтың қасы» деген пікір кең тараған. Ептеп жаны бар сөз болғанымен, бұл пікірге құлай сену ағаттыққа, асығыстыққа ұрындырар еді. Жақсы кітаптар жоқ емес, әлі де баршылық. Тек соларды топан арасында қалған масақ дәніндей екшеп, іріктеп ала білу шарт. Тәуір деген туындыларды қалай таңдап алуға болады? Бұл да күрделі сұрақ.
Қазақ әдебиетінің соңғы жылдары шыққан туындыларының ішінде іліп аларлары аз болмаса керек. Оларды дұрыс таңдауға мүмкіндік беретін басты өлшем, менің пікірімше, авторлардың аты-жөндері. Өйткені талантты ақын-жазушылардың қай шығармасы да талғампаз оқырманның көңіліндегі пернені ептеп баса алатыны сөзсіз. Төл әдебиетіміздің ортамызда жүрген ардагерлері Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, Д.Исабеков және т.б. ақын жазушылардың жаңа туындылары қолыңызға тиіп жатса, өкінбейтініңіз анық. Бұлардан өзге өкшелесіп, ілесе келе жатқан Ы.Сапарбаев, Э.Төреханов, С.Балғабаев, Қ.Мұқанбетқалиев, А.Смайылов, М.Байғұтов, Т.Әбдікәкімов, Е.Раушанов, Т.Сәукетаев, Н.Қапалбекұлы, Д.Әшімханов, Н.Дәуітаев, Р.Отарбаев, Б.Бекетова және т.б. авторлар әдебиет әлемінде өз қолтаңбаларын танытып үлгіргенін ескерсек, олардың да тың туындылары оқырманның биік талғамынан табылады деп сенеміз. Осы арада еске ала кететін бір жағдай Кеңес дәуірінде өздерінің қаламгерлік қарымдарын жақсы көрсетіп, әдебиеттанушылар мен оқырмандардың назарына іліккен бірсыпыра ақын-жазушылар шығармашылық екпіндерін бәсеңдетіп алғандығы. Тіпті кейбіреулері әдебиет ауылын ептеп айналып өте бастағандай. Оған себеп – қоғамдық өмірдегі әлеуметтік-рухани катаклизмдер, оқырмандар көзқарасының рухани тұрғыдан белгілі бір өзгерістерге ұшырауы. О.Сүлейменов айтқандай, «оқырман қауымының басым бөлігі тыңдарман мен көрерменге айналып кетті». Екіншіден, нарықтық қатынастардың екпініне ебін тауып ілесе алмай қалған қаламгерлер күнкөрістің қамын күйттеп, жазу тіршілігінен алыстап қалды. Үшіншіден, жалпы көркем әдебиетке, ондағы болып жатқан өзгерістер мен түрлі құбылыстарға жалпы қоғам тарапынан қызығушылықтың солғын тарту факторы. Осыдан келіп жаңадан жарық көрген көркем шығармалар шағын топтың ғана назарына ілігумен ғана шектелуде. Екінші сөзбен айтқанда, көркем әдебиетке көңіл бөлушілердің саны күрт төмендеп, оларды зерттеушілер мен оқитындардың ауқымы суалған Арал теңізінің аумағындай тарыла түсті. Нарықтық экономика әлеуметтік-тұрмыстық факторларға тікелей әсер ететіндіктен, қаржысы бар қарт адамдардың ішінен қалам ұстауға әуестенушілер көбейді. Әсем безендіріліп, қымбат қағазға басылған кітаптар үсті-үстіне шығарылуда. Көпшілігінің авторлары оқырман қауымға бейтаныс. Кітаптың алғашқы бетіндегі аңдатпалар оқырманды тартатындай тұщымды болып келеді. Көбінесе мұндай аңдатпалардың мазмұны “талантты қаламгердің ...”, «кітапқа енген шығармалардың оқиғалары қызықты, тілі шұрайлы...», «оқырман үшін пайдалы» деген күшейтпелі мағынадағы сөз тіркестеріне толы. Жіті үңіліп оқи бастасаң, аңдатпа мен кітаптың көркемдік-эстетикалық деңгейі онша үйлеспей жататынын байқау қиын емес. Бірақ осындай
қайшылықты сатып алушы немесе тұтынушы оқырманның бірден аңғарып, тап басып тани қоюы оңай шаруа емес. Содан келеді де, қазіргі кітаптардың жазылуы нашар, көркемдік сапасы төмен деген сияқты пікірлер туындайды. Осындай тасқын кітаптардың арасынан оқырманның рухани сұранысына шын мәнінде жауап бере алатын шығармаларды іріктеу, тауып алу – шөмеле шептің ішінен ине іздегенмен бірдей. Әйтпесе, жақсы жазылған туындылар бұрынғыдай көп болмағанымен, қазір де өмірге келуде. Жай оқырмандарды былай қойғанда, әдебиет сыншылары мен әдебиетті зертеуші ғалымдардың өздері жақсы шығарманы іздеп табу үшін көп уақыттарын шығындайтыны сөзсіз. Кітаптың басқы бетіндегі марапат пен мақтауға толы кез келген аңдатпаға сену, сыпайылап айтқанда, аңғалдық болмақ. Осы жолда жақсы кітап іздеген оқырманның табандылық пен қажыр-қайрат көрсете білуіне тура келетінін жасыруға болмас. Біз осы шағын мақалада “мынадай кітапты оқы” немесе “мынадай кітапты оқыма” деп кеңес беруге тәуекел ете алмаймыз. Ең бастысы – оқырманға бұрыннан таныс таланты ақын-жазушылар мен жаңадан шыға бастаған жас есімдерді назардан тыс қалдырмаса дейміз. Ал өзінің жерлестері мен туыстары үшін жазылып, белгілі бір тар аядағы аз ғана қауымға арналған шығармаларды қалың оқырман үшін жазылған туындылардан ажырата білудің абзал екенін еске салмақпыз. Тәуелсіздік дәуір әдебиетінің даму қарқыны жайлы айтқанда, ең бірінші байқалатыны – орта және кейінгі буын жазушылардың белсенділікпен еңбек етіп келе жатқандығы. Бұрынғыдай мемлекеттің жүйеге қойылған тарату жүйесі жұмыс істемесе де, көптеген кітаптардың оқырман қолына жете алмай, шектеліп қалып жатқаны және анық. Жеке адамның қаражатымен шықққандықтан, жаңа кітаптардың басым бөлігі сол автордың айналасынан, шыға алмай жатады. Оларды таратып, оқырмандар қолына тигізу үшін өзін өзі ақтай алатын қалыпқа түскен, орнықты тетік керек. Кітапқа байланысты қазіргі таңда ең жетіспейтін мұқтаж нәрселердің бірі осы. Одан кейінгі көңіл бөлуді қажет ететін жағдай – оқырмандар ықыласының төмендеп кетуі. Қай жағынан алып қарағанда да, бұның өзі оңайшылыққа түсе қоймайтын қиын шаруа. Өйткені бүгінгі таңда бұрынғы оқырмандар жоқ, олар өзінің әлеуметтік санатын өзгертіп, тыңдарманға немесе көрерменге айналып кеткен деп батыл түрде айта аламыз. Міне, осындай қиын жағдайға қарамастан, жазушы деген еңбекқор әрі қиялыи халық көркем шығармаларды сұранысы тапшы кеңісткке тоғыта беруін тоқтатар емес.Қазіргі жас қаламгерлердің ішінде өз таланттарымен назар аударуға лайықтылары да біршама. «Оқырман назарын» деген тіркесті айту үшін жеткілікті түрде батылдық керек. Өйткені мүйізі қарағайдай қабырғалы қаламгерлеріміздің өздері жаңа шығармаларын тұтынатын аймаққа жеткізе алмай отырған заманда, жас буынның құлашын кеңге сілтеу мүмкіндігі шектеулі болатындығы даусыз. Мұндай жағдай рухани әлеуетке жауап беретін мемлекеттік тұтқада отырған жауапты лауазым ие-
лерін ойлантуы тиіс еді. Бірақ олардың бұл мәселеде қаншалықты ойланып, қаншалықты қиналып жатқанын, қаншалықты деңдейде жауапкершілік сезімін көрсете бастағанын айқындап алып жатқанын нақты білу де қиын. «Текес теріс ағады» – жас прозашы Қанат Әбілқайырдың алғашқы кітабы көрінеді. Алғашқы болатын жөні де бар. Өйткені – Қанаттың өзі жалын атқан жиырма бес деген жасқа жаңа ғана тұяқ іліктіріпті. Жазушылыққа бет бұрған, соны өмірінің мағынасы етіп алған жас адам бұл жаста не айта қоюшы еді. Айтпақ тұрғай, сол жазушылықтың қыры маен сырын түсіне алар ма, әдебиетке қойылатын көркемдіктің қарапайым талаптарын игере алуға шығармашылық әлеуеті жетер ме? Өйткені кейбір жекелеген санаулы дарындылар болмаса, қалған талапкерлер бұл жаста әлі көркемдік әлемін барлау деңгейінде ғана жүреді ғой. Жазушылықтың беті айқындалып, қолға қаламды нық ұстай бастайтын кездің – адам отызға іліге бергенде байқалатынын өмірлік тәжірибе көрсетіп жүр. Бұл мәселе жайында есімі тарихта қалған жазушылар өмірінен көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Ал біз қолымызға кітабын алып отырған Қанат Әбіқайыр не тындыра қойыпты, енді соған келейік. Автор осы шағын жинағы арқылы өмірге эстетикалық пайымы айқын, көркемдік ойлау жүйесі өз бағытын таңдап алған жас қаламгердің әдеби ортаға келгенін паш етеді деп білдік. Көлемі шағын бір хикаядан басқалары әңгімелер. Мәселе – шығарма көлемінің шағындығында немесе үлкендігінде емес, мәселе автор өзі туынды деп атаған дүниенің қалайша сомдалып, жұмбаздалуында. Бір риза ететін жағдай – Қанат көркем әдебиет туындысы дегеннің не екенін, оның көркемдік болмысы мен мақсат-мүддесін сергектікпен сезіне алады екен. Көркемдік әлеміне қойылуға тиісті негізгі талаптарды жақсы түсінгендіктен, оларды игере білу мәселесіне жол табуы да өзінше. Бұл арада жас қаламгердің өмір құбылыстарын қалыпты стандарттан тыс өзінше көре білуі, өзінің көркемдік елегінен өткізе білуі елеулі рөл атқарған. Суреттейтін көркем кеңістігі қай-қайсысымызға да жат емес, таныс орталар. Ауыл, тамылжыған табиғат, ауыл ішіндегі қарапайым үйлерді мекендеген қарапайым адамдар. Олардың ішкі жан дүниелерін ашу үшін автор қалыптасқан көркемдік тәсілдерге жүгіне отырып, өзінің көре білу аясын, көру фокусін өгерте алады. Жазушылық қиялдың жазатын нысанына түсетін ой сәулесінің ракрустарын қалыптас тыс құбылтіп жіберуден дебас тартпайды. Бұл – оның тек ізденгішітігі ғана емес, көркемдікті аңғару жүйесінің өзгеше екендігін де көрсететін шығармашылық фактор. Сонымен бұл арада жазушы қаламынан туындаған құбылған суреттер мен оқиғаларды, көріністерді бейнелеу сипатын атап кетуіміз керек.
СҰҚБАТТАР МЕН ИНТЕРВЬЮЛЕР Бүгінгі проза нен көтереді? «Қазақ әдебиеті» газетіне берілген сұқбат 1.Тәуелсіздіктің келуі қазақ халықының қалам ұстаған қайраткер бөлігіне тікелей әсер еткені рас. Тоталитарлық режимнің идеологиялық шектеушілігі шығармашылық иесінің талай еркін ойларын сыртқа шығаруға мүмкіндік бермей, қамап ұстады. Ол замандардағы негізгі қағидалардың бірі – «ананы айтуға болмайды, мынаны айтуға болмайды» болып келетін. Қаншама тамаша ойлардың, батыл да ұтқыр пікірлердің сыртқа шығатын арнасын таба алмай, іште тұншығып қала бергені де сондықтан. Ал сондай күйде қарадай булығып келген жазушы ойы тәуелсіздікпен бірге лақ етіп сыртқа шыққандай болды. Әсіресе саяси мәселелерде. Отаршылдықтан зардап шеккен қандай жұрттың да алдыңғы ойлы азаматтары азаттықты, тәуелсіздікті аңсап, отаршылдықты сынап өткен. Біздің әдебиетті жасаушы тегеуірінді буынның алдында да сондай міндет тұрды. Ең алдымен ұлттық еркіндікті ашып айтудың мүмкіндігінің пайда болуы – осы тәуелсіздіктің берген құқығы. 2. Өздерінің шамалары келгенінше қаламы арқылы араласып отырды. Бірақ жазушы – ойын тікелей айта беретін журналист емес, көркем ойдың, бейнелі сөздің иесі. Олардың шығармаларында қазақ халқының ұлттық бағыттағы өзекті мәселелері әр қырынан суреттеліп келді. Бұл салада әсіресе белсенділік көрсеткен ақындарымыз екендігін ашып айтқан жөн. Олардың «Елім, ұлтым» деп алғашқы арынмен жазған отты жырлары мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарияланып жатты. Одан басқа ұлттық тәуелсіздіктің қаншалықты қымбатқа түскендігі, оған ие болу жолындағы күресіп өткен ата-бабаларымыздың қилы тағдырлары жайында тартымды хикаяттар мен романдар өмірге келді. 3. Қайраткерлік ұстанымдағы күрескерлік бағытта көрінген ашық, айқын шыққан образдар жоқ емес. Соның бірі – Б.Қыдырбекұлының «Алатау» дилогиясындағы Абақ Үйсінбаев, Ораз Жандосов сияқты кесек тұлғалар. Сонымен бірге прозалық шығармаларымыздың кейіпкерлері осы тәуелсізікті аңсап жүрген, соны көргісі келетін зиялы қауым өкілдері болып келеді. Кеңес өкіметі орнап болғаннан кейінгі кезеңде қазақ елінің дербес мемлекет болып, азаттық алуы енді мүмкін еместей болып көрінді. Үмітті оятқан тарихи катахезис ол – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Азаттықты аңсау тақырыбының негізгі кейіпкерлері – ең алдымен осы тақырыпқа арналған шығармаларда. Бір назар аударатын жайт – сондай кейіпкерлердің кейбіреулері қоғамда болып жатқан құбылыстарды талдап түсіндіре алғанымен, өздері тікелей ұлтты азат ету жолындағ күрестерге араласа қоймайтын, сырттай
бақылаушылар деңгейінде ғана. Бәлкім, бұның өзі белгілі бір дәрежеде өмір шындығынан туындап жатқан да шығар. 4.Дүниеге келген туындылар қатары аз емес. Мәселе солардың көркемдікэстетикалық деңгейде қалай орындалуында ғой... Осы кезең ішінде өзім оқыған романдардың арасынан бөлім атайтындарым –М.Мағауинның «Жармақ», Д.Досжанның «Ақ Орда», Ұ.Доспамбеттің «Абфылайдың ақ туы», Ж.Ахмадидың «Айтұмар», С.Елубайдың «Мінәжат», «Жалған дүние», Т.Сәукетайдың «Ай қараңғысы», Қ.Жиенбайдың «Ән салуға әлі ерте», Мир Шайырдың «О, данышпан дүние», Ж.Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы», Ә.Ыбырайымұлының «Ұяластар» атты романдары. Ал шағын жанрда жарық көрген көркем дүниелердің арасынан назарыма іліккендері – Ө. Кәріпұлының «Серілер мен перілер», Ө.Ахметтің «Адасқан ғасыр», Н.Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», Д.Әшімханұлының «Самырсын сазы», Ә.Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», Қ.Түменбайдың «Қобыздың мұңы», С.Оспановтың «Сопының ғұмыры, Т.Ахметжанның Екі томдық шығармалар жинағына енген хикаяттары, Н.Ораздың «Биіктегі сұлулық», Н.Қамидың «Көк қақпа» атты жинақтарына енген туындылары. Осылайша тізім қылып, бөліп атағаныммен, бұл аталған прозалық кітаптардың барлығы кемшіліксіз деген сөз емес. Белгілі бір мөлшерде кейбіреулері әр түрлі көркемдік компоненттерінің өз деңгейінде орындалмауынан ептеп ақсап жатуы да мүмкін. Бірақ осылардан оқырман тәуелсіздіктің құдіретті рухын, азаттық ауасының лебін сезіне алады, ой еркіндігі мен қазақ жанының қалтарыстары ашып көрсетіледі. «Қазақ әдебиеті» газеті, 2009 Тарихта кімдер қалады? «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі қойған сұрақтарға жауап .Бүгін біз көтеріп отырған тақырып осы уақытқа дейін жиі көтеріліп жүрген тақырып. Бір бүгін емес, жер жаралғалы бері. Себебі, адам барда – тарих бар. Тарих барда – тарихи тұлғалар бар. Осыны жазушылыққа қатыстырып алсақ, көркем әдебиет көшінде жүрген, ғұмырын сарп етіп, өмірін түгескен төрт тарапқа аты мәшһүр қаламгер қаншама. Бірақ, сол аты белгілі жазушылардың артында қалған том-том мұралары түгел оқыла ма? Әрине, жоқ. Қаламгер сөзсіз классик болса да, оның уақыт сүзгісінен өткен шығармалары ғана оқылуы мүмкін. Мәселен, қазіргі сыншы, ғалымдарымыздың айтуынша Ғабит Мүсірепов шығармалары ішінен автобиографиялық әңгімелері көп оқылатын көрінеді. Қалың романдарынан шағын жанрда жазылған туындыларына көптеп мән берілуінің себебі не? Осыған ұқсас мысалдар болса... «Уақыт сүзгісінен» деген өте орынды сөз. Ел арасында айтылып жүрген «Уақыт тек пирамидалардан ғана қорқады» деген тәмсіл бар ғой. Бұл арада мегзеліп тұрған – Мысыр пирамидаларының өлмейтін мәңгілік туын-
ды болып табылатындығы. Сондықтан да сөзбен жасалған туындылардың басым бөлігі үстімізге іліп жүрген жейдеміз секілді ескіріп қалып жатса, таң қалуға болмас. Бірақ қанша уақыт өтсе де, көркемдік құндылығын жоғалтпай келе жатқан туындылардың да бар екендігін, дүниежүзінің классикалық қорынан ондай өміршең шығармаларды молынан тауып алу қиын емес. Ал қазақ әдебиетіне келетіне келетін болсақ, ең алдымен фольклорлық қазынамыздың өміршең екендігін айтуымыз керек. Мен өз басым жазба классикамыздың едәуір бөлігі әлі талай кезеңге дейін өмір сүре береді деген оптимистік пікірдемін. Мысалы, жоғарыда ауызға алынып кеткен Ғабит Мүсіреповтің жекелеген шығармаларының кейбірі бүгінгі таңда идеялық ұстанымы жағынан ескіре бастаса да (мәселен, «Қазақ солдаты», «Оянған өлке» романдары, «Талпақ танау» әңгімесі), өмірбаяндық әңгімелерімен бірге «Ұлпан» сияқты поэтикалық тегеуріні мықты туындысы әлі өзі оқырманын жоғалта қойған жоқ. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезов әңгімелерінің басым бөлігі, «Абай жолы» романы саф алтындай жуық арада ажарынан ажырай қоймайтын дүниелер. Сәбит Мұқановтың «Теміртас», «Сырдария» тәрізді романдары реализмнің қатаң талаптарына тұщымды жауап бере алмай, уақты шаңына көміліп қалса да, жазушының «Адасқандары» мен «Өмір мектебі» трилогиясы жиырма бірінші ғасырдың қатаң соққысына төтеп беріп келе жатыр. Оқымаса, зиялы қауымның саясат десе түршігіп шыға келетін кейбір өкілдері оқымауы мүмкін. Ал қарапайым оқырмандар арасынан бұл шығармаларға көңілдері құлайтындар әлі де кезігеді. Осыған ұқсас мысалдар тізімін жалғастыра беруге болар еді. 2.Бүгін біз оқып жүрген тарихта қалып үлгерген жазушылардың аты айшықтанып тұрғанмен, кейбірінің шығармалары көмескілене бастағанын да жоққа шығара алмаймыз. Осының себебі неде? Себеп, меніңше, екі түрлі. Біріншіден, Кеңес дәуіріндегі көркем туындылардың идеологиялық талаптар шеңберінде жазылып, белгілі бір саяси мүддеге қызмет етуге тиісті болғандығы. Тоталитарлық жүйе қирағаннан кейін, ішінен саясат иісі сезілген шығармаларға деген эстетикалық қызығушылық өзінен өзі бәсеңдеп қалды. Ол – оқырман тарапынан орын алуға тиісті табиғи құбылыс. Екіншіден, өз заманында мақталып, ауызға алынып жүргенімен, базбір шығармалардың көркемдік өресі, эстетикалық қарымы ортақ талаптар деңгейінен төмен болды. «Мата даңқымен бөз өтер, ата даңқымен қыз өтердің» кебімен, өз уақытында оқылып жүрсе де, қазір назар аударуға тати бермейді. Мысалы, Ғ.Слановтың өз кезеңінде жиі айтылып жүрген «Дөң асқан» романы. Тек ол ғана емес, талай дүниелер. Мұндай жағдай тек бізде ғана емес, империясымен бірге әдебиеті де алып болып табылатын орыстардың өзінде де көптеп кездеседі. Мәселен, Кеңес дәуірі дүркіреп тұрған заманда Г.Николаеваның «Орақ үшін айқас»,
Ажаевтың «Москвадан алыста» тәрізді романдары ұдай мақталып, беделді сыйлықтармен де марапатталып жататын. Бүгінгі таңда олардың құны түсіп, солығы басылып қалған. 3.Бүгінгі таңда тарихта қалған жазушылардан ең көп оқылатын кім? Не себепті? Нақты мысалдармен түсіндіріп берсеңіз. «Ең көп оқылатын мынау» деп саусақпен түртіп көрсету үшін қолда нақты статистикалық мәлімет болуы, арнайы зерттеулер жүргізілуі керек. Оқырмандармен болып жататын әр әрүрлі кездесулерден, БАҚ беттеріндегі айтылатын пікірлерден байқап қалатынымыз – Алаш арыстарының шығармаларына, І.Жансүгіровтің поэзиялық туындыларына, І.Есенберлин, Ә.Нұршайықовтың романдарына әлі де сұраныс баршылық. 4.Осыдан келіп мәңгілік тақырып мәселесі шығады. Мәңгілік тақырыпқа қандай тақырыпты жатқызамыз? Мағжан Жұмабаев пен Сәбит Мұқанов танысып, бір бірін біліскеннен кейін, заманның қиын екендігіне қарамастан, өзара әдебиет жайында сөз қозғайды ғой. Сонда Мағжан өзінен жасы да кіші, тәжірибесі де аз Сәбитке «Өткінші тақырыптармен уақытыңды бекер өткізбе» деген сыңайда ақыл айтады. «Сонда өлмейтін тақырып не?» деген Сәбиттің сұрағына ол «Махаббат» деп жауап берген екен. Қай халықтың да әдебиетінде мызғымастай болып келе жатқан осынау көне тақырыпқа болашақта да шығармалар арнала берер. Сондай-ақ, тарихи тақырыппен бірге адамгершілік, имандылық мәселелерін алдыңғы қатарға шығарған туындылардың да сұранысқа ие бола алатыны байқалады. Тағы бір ескеретін жағдай – қазақ сияқты отаршылдық зардабын көп көріп, ұлттық езгіде болып келген халықтың көркем өнері мен әдебиетінде тәуелсіздік тақырыбы да ескірмеуі, шынайы бостандыққа қолымыз жеткен күннің өзінде де жазыла беруі тиіс. 5.Бүгінгі жазушылар тарихта қалу үшін, болашақ ұрпақ оқу үшін қандай болу керек? Қай тақырыпқа қалам сілтеу керек? Бұл жағдайда тақырып негізгі мәселе емес. Тарихта қалғысы келетін жазушылардың бойында бірнеше қасиет тоғысуы шарт. Алдымен ешкім күмән келтірмейтін даусыз талант болғаны абзал. Екіншіден, көркем шығарманы өмірге келтірудің табиғатын жете түсініп, эстетикалық деңгейі жоғары дүниелерді өмірге әкелетін болсын. Үшіншіден, өзі өмір сүріп отырған кезеңнің шындығын бұлжытпастай етіп, бейнелеп бере білсе деп ойлаймын. 6.Әдебиеттің өткені мен бүгініне көз сала отырып, тарихта кім қалады дегенге қалай жауап беруге болады?
Қиын сұрақ. Өзіміз үнемі тілге тиек етіп отыратын классиктеріміздің еңбектері келесі ғасырларға қарай жылжи беруі тиіс. Ал бүгінгі замандастарымыздың арасынан болашақтың сүйікті қаламгеріне айналатындар болып жатса, құба құп. Әй, бірақ ондай бақытқа қол жеткізетіндер некен-саяқ шығар. Тіпті мемлекеттің ең жоғары марапаттарымен ұлықталған кейбір туындыларымыз автордың көзі тірісінде-ақ оқылмай қалуы, ұмытылып кетуі ғажап емес. 7.Әдебиет тарихын жүйелеуде еңбек етіп жүрген ғалым ретінде айтсаңыз, қазақ әдебиеті тарихы өкілдерінің тізімін жасауда шығармашылықтың көбіне қай сипатына мән беріледі? Жікшілдік, рушылдық, тамыр-таныстық сияқты келеңсіз құбылыстар тарих қалыптауда зардабын тигізетіні де жасырын емес. Осы мәселе төңірегінде әдебиетке қатысы аздау адамның еніп кетпеуі үшін не істеуге болады? Біздің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарып жатқан әдебиет тарихына қатысты еңбектерде ең алдымен әдебиет тарихында бұрыннан мойындалып келе жатқан туындылар әр қырынан зерттеу нысанына айналып жүр. Ал тәуелсіздік тұсындағы әдебиетке байланысты жағдай дәл сондай деп айта алмаймыз. Өйткені көптеген шығармаларымыз әлі уақыт екшеуінен толық өтіп бола қойған жоқ. Баспасөз беттері мен жиналыстарда мақталып жатқан көркем туындыларды тауып алып, бір эстетикалық ләззатқа бөленгің келсе, еріксіз олқысынып қалатын жағдайлар болады. Олардың кейбіреуін оқи бастасаң, сол мақталып жатқан биік деңгейде емес екені байқалып қалады, ендеше не үшін мақталатыны түсініксіздеу. Есесіне ауызға іліге бермейтін кей авторлардың жекелеген туындылары көркемдік тұрғыдан биік болып келетін жағдайлар да кездесіп жатады. Жаңағыдай келеңсіздіктің кейбір көріністері
диссертациялық қорғауларда орын алыпты. Көркемдік деңгейінің төмен екендігіне қарамастан, зерттеу нысанына айналып, ғылыми айналысқа түсірілген шығармалар да жоқ емес. Бір тәуірі диссертацияларды қорғаудың тоқтатылғанына екі-үш жылдай болды. Жалпы инстиут ұсынып жатқан ғылыми жобаларға әдебиетке қатысы аз адамдардың шығармалары енгізіліп жатқан жоқ. Жалпы тарихқа кездейсоқ адамдардың еніп кетпейтіні анық, бірақ таланты орташа немесе әлсіз қаламгерлердің шығармалары талданбауына кепілдік беру қиын. Кездейсоқтықтан сақтану үшін мәселені алқалы түрде шешу керек. Бірақ, өкінішке орай, алқалы ұйымдардың да шығармаға обьективті баға берулері қиындап барады. Әңгімелескен – Алмас Нүсіп «Қазақ әдебиеті» газеті, 2012
Қасіретті тақырптардың көркем көріністері 1. Әдебиетімізде қазақ тарихының көлеңкелі беттері болып саналатын 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа байланысты жазылған көркем шығармалар неге жоқ? Жауап: Сталиндік диктатуралық жүйенің геноцидтік салдары болып табылатын осынау жылдардағы ашаршылық қазақ әдебиеті үшін ерекше қастерлі тақырып болып саналуға тиісті. Тек бүгін ғана емес, келешекте де. Бірақ бұл тақырыпқа арналған көркем туындылар болған емес деп санау, сыпайылап айтқанда, ұшқары пайымдаудың ұшқыны. Кейде мәселенің мәнісіне атүсті қарап, тереңіне үңіле қоймайтын әдетіміз бар. Тіпті журналистерді былай қойған күннің өзінде, ана жылдары бір әдебиеттанушы ғалымымыз да нақ осы газеттің бетінде бұл тақырыпқа арналған шығармалар қазақ әдебиетінде әзірше туған жоқ деп айтып қалды. Сондықтан, кейде бір нәрсені білмей жатқанымыз үшін тек бірыңғай журналистерді жазғыра беруге де болмас. Ашаршылық тақырыбы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірсыпыра прозалық туындылардың өзегіне айналғаны белгілі. Мәселе – сондай туындыларды өз деңгейінде жеткілікті түрде насихаттай алмай жатқанымызда болса керек. Тіпті тәуелсіздік кезеңін былай қойғанда, қылышынан қан тамған коммунистік Кеңес дәуірінде де осынау қастерлі де ауыр тақырыпқа қалам тартқан жазушылар болды. Басқасын айтпаған күннің өзінде, бұл арада Ғ.Мүсіреповтің «Шұғыла» әңгімесі мен С.Шаймерденовтың «Мезгіл» повесін атап өтсек те, жеткілікті. Тоталитарлық кезеңнің қатал қадағалауына қарамастан, бұл аталған туындыларда ашаршылықтың ауыр шындығы белгілі бір дәрежеде айқын көрініс тапқан болатын. Тіпті оларды қырағы көзді кеңестік цензураның басылуға қалай рұқсат бергеніне таң қаласың. Темір перде қалқалап тұрған заманда көптен көкейде шыға алмай, тұншығып жүрген көркем ойдың ноқтасы демократия заманы мен тәуелсіздік алғаннан кейін ағытылып кеткені айқын. Бірсыпыра қаламгерлеріміз осы мәселені роман, повесть, әңгіме өзегіне айналдыруға батыл кірісті. Атап айтсақ, ондай шығармалардың қатарынан Б.Қыдырбекұлының «Алатау» (2-кітабы), Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» (3-кітабы), З.Жәкеновтің «Зұлмат», А.Мекебаевтың «Қазына сыры» романдары мен Т.Сәукетаевтың, Т.Қосуақованың және тағы басқалардың повестерін атасақ та жеткілікті. Мен бұл арада прозамыздың көркемдік өресі тәуір деп саналған шығармаларын ғана айтып отырмын. Оқырман қауымның осы кітаптардың аттарын бірде естіп, бірде біле бермейтін себебі, ашығын айтқанда, тағы да сол насихаттың аздығы. Осындай туындылар жөнінде сыр-сұқбат құрып, қалың бұқараға жеткізу мәселесінде әдеби сынымыз да енжарлыктың етегінен шыға алмай келеді. 2. Ұлы Отан соғысы тақырыбының қазіргі әдебиеттегі көрінісі жайында не айта аласыз?
Жауап: Ұлы Отан соғысы – кеңестік дәуірдің өзінде-ақ ең қасиетті тақырыптардың бірі, тіпті бірегейі болып саналап келді. Олай болуы заңды да еді. Бұл арада оның себебін тарата түсіндіріп жатудың қажеті де жоқ болар. Кеңес заманында соғыс жөнінде жеткілікті түрде жазылғаны рас. Бір назар аударатын жағдай – еліміз қалай тәуелсіздік алды, бұл тақырыпқа қалам тарту жағы да күрт бәсеңсіп қалды. Оны мәселе етіп қозғап та жүргеміз жоқ. Неге олай болды дегенге келсек, бұдан өз басым екі түрлі себепті көремін. Біріншіден, соғыс туралы шығармалардың авторлары негізінен майдангер қаламгерлер болатын. Ал еліміз тәуелсіздік алған уақытта олардың қатары едәуір сиреп қалды да, көзі тірілері жазарларын жазып болып, бойларынан әл-қуат кете бастауларына орай шығармашылық тіршіліктен шеттеуге айналған кезең еді. Қазір енді көзі тірілерінің саны саусақпен санарлықтай ғана. Оларға «Соғыс туралы неге жазбайсыздар?» деп талап қоюдың өзі артық. Екіншіден, ашығын айтқанда, соғыс зардабын көрмеген кейінгі буын қаламгерлер бұл тақырыпты қаузауға онша ықыласты емес. Кейбір прозашы ағайындар әскери-соғыс тақырыбын парасатты, байсалды прозаның жүгі емес, көркемдік ойдың нысаны болуға жарай қоймайтын, тек қызықты оқиғаларды қуалайтын жеңіл-желпі тақырып деппайымдайды. Рас, ардагерлерден кейінгі буынның арасында соғыс кезіндегі тыл өмірін немесе соғыстың зардабын бейнелейтін ұсақ жанр үлгілері аракідік ұшырасып қалады. Мәселен, осыдан көп жыл бұрын «Соғыстың соңғы бомбасы» деген шымыр ойлы дүниені оқығаным бар. Ұмытпасам, авторы Рахымжан Отарбаев болса керек. Өкінішке орай, замандастардың арасында аталған тақырыпқа осылайша қаламын қадай сілтеп жүрген жазушыларды атап бере алмаймын. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, жазуға ықыластиылары аз. Қазіргі таңда соғысты көрген қаламгерлердің көзі тірілерінің өздері бұл бағытта көркем дүние туғызуды доғарса, соғысты көрмеген ұрпақтың негізгі түсінігі әлгіндей. Баяғыда соғыс туралы бір новелла жазып, альманах редакциясына апарғанымда, бөлім редакторы: «Сен ғой соғысты көрген жоқсың. Ендеше сенің мына шимайыңда реализм болуы мүмкін емес» деп, оқымастан, қайырып беріп еді. «Ал сонда одан арғы тарихты көзімен көрмеген қаламгерлер де тарихи шығармалар жазып жүр ғой» деген әлжуаз уәжім қаперге алынбады. Демек, осындай ахуалды басқа да талапкерлердің бастан кешіруі әбден ықтимал ғой. Сонымен бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысының қанды қырғынын суреттейтін кемелді туындылар жоққа тән болып отыр. Таяу келешекте бұл мәселе оң шешімін табатын шығар деген үміттеміз. «Қазақ әдебиеті» газеті, 2012 ж.
ІІ БӨЛІМ ӘДЕБИ МҰРАЛАРДЫ ЖАҢАША БАҒАМДАУ АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ Өз шығармашылығында данышпан Абайдың қамтымай қалған тақырыбы жоқ десек, тіпті де артық айтқандық емес. Адамзат қоғамына тән соқталы да жоталы ірі тақырыптардың негізгілерін қалам ұшына іліктірген ұлы ғұлама сол тақырыптар жайында жазып қана қоймай, оқырман алдына басты-басты деген проблемаларын да көлденең тартып отырған. Соның бірі – бүгінгі заманда мемлекеттік тұрғыдан көтеріле бастаған ұлттық идея мәселесі. Осынау өзекті де өміршең тақырып ақынның өлеңдерінде әр қырынан көркем ойдың өзегіне айналып отырғаны мәлім. Ал атақты қара сөздерінің де негізігі айтар ойларының бірі осыған келіп саятынын жайында айтылып келе жатқанымен, қазақ жұрты саяси тәуелсіздік алып отырған бүгінгі кезеңде тағы да бір назарға алып өткеннің артықтығы жоқ. Ұлтын сүйген данышпан өз халқының тамаша қасиеттерін дәріптеп, жалаң декларацияға, популистік сарындарға ұрынбайды. Ең алдымен ұлтына тән көптеген кемшіліктердің бетін аша отырып, көзге шұқып көрсетуді жөн санайды. Абай бабамыз санамалап отырып, тізіп берген ұлттық ақаулықтардың қандай екендігіне көз жүгіртсең, екіұдай сезімде қаласың. Біріншіден, моральдық-әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда дүние жүзіндегі ең нашар, сана-сезімі мен азаматтық белсенділігі төмен халық тек қазақ қана сияқты болып көрінеді. Екіншіден, өзге жұрттарға қарағанда артта қалып қойған туған халқының қоғамдық бейнесін қаншалықты шенесе де, қара сөз авторының өзінің төл ұлтына деген аяушылығы, жанашарлығы да соншалықты анық көрініп тұрады. Оның жанын ауыртатын жайттардың бір парасы – қазақтың басқа жұрт өкілдерін келемеж етуге бейім болып келетіндігі. Осы мәселені жеріне жеткізе сөз қылған шығармасы – ақынның екінші қара сөзі. Қарап отырсаң, сахарада жайылып еркін жатқан қазағымыз өзі білетін халықтың бәрін келеке етіп, сырттай күлкі өзегіне айналдырыпты. Тәжікті қазақ «арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан...» деп кемсітсе, орысты «Ауылды көрсе, шапқан, жаман сасыр бас орыс» дейді екен. Сартты саудагершілігіне бола, ал ноғайды атқа міне алмайды, түкке ыңғайы келмейді деп күлкіге айналдырады. Өзге ұлттар жайлы қазақтың бұлайша теріп отырған детальдары олардың ұлт ретіндегі мінез-құлқын толық ашып көрсетіп бере алмайды.
Қазақ ол ұлттарды өздері өсіп-өнген еліне, отанына барып, қандай екендігін анық танып отырған жоқ. Әр түрлі себеппен қазақ сахарасына келіп қалған жекелеген өкілдерінің болмыс-бітімі арқылы ғана ептеп хбардар. Бүгінгі ғылым тілімен айтқанда, сол қазақ даласында анда-санда төбе көрсетіп жүргендердің кейбіреулері ол кезде тіпті әлі диаспора деңгейіне жетіп үлгірмеген де. Олардың көбі қазақ арасына мәжбүрлікпен, сауда-саттық жасап немесе патшаның әскеріне қашып жүрген тиіп-қашты адамдар. Отарлау саясатымен қазақ жеріне мысықтабандай еніп, жаппай қоныстанып жатқан саны көп ұлт орыстар ғана. Қазақ бұл кезде өзге халықтардың ұлттық кескін-келбетін, қоғамдықәлеуметтік болмысын әлі жете танып үлгшіре қоймаған. Сондықтан да оларға өзі көрген жекелеген өкілдері арқылы ғана баға берген. Көзқарасы тар жай жадағай қазақтан Абайдың бір артықшылығы – ол әр халықтың өзіндік ұлттық сипатын, ерекшелігін, тұрмыс-қалыбын жақсы біліп отыр. Соны білгендіктен де, өз ұлтының жағдайымен салыстыра келіп, жаңағы айтылған келемеждердің бәрін жоққа шығарады. Ал осы жоққа шығарудың астарында «Менің қазағымда неге нақ осы жұрттардағыдай жақсы қасиеттер аз немесе мүлде жоқ?» деген өкініш жатқанын аңғару қиын емес. Халықтың саналы өкілдерін әлгі қара сөздері арқылы қайрап-ұштауға, оятып, жігерлендіруге деген ниет жатыр. Сөйтіп менің де жұртым өзгелермен иық теңестіріп кетсе екен, сол үшін жалпақ жұрттың көзін аша отырып, келешек жастарымызды осындай деңгейге жеткізсек екен деген арманның да төбесі көрініп қалатыны сөзсіз. Басқа қара сөздерінде Абай қазақтың өзге де кемшіліктерін ашып көрсете келіп, тағы да сол алға ұмтылдыру идеясын қайталай жаңғыртып, тереңдетіп, шегелей түсіп отырады. Атап айтқанда, бұл мәселе екінші, тоғызыншы, жиырма екінші қара сөздерде мейлінше ашық айтылған. Ұлы ақынның танып-білуінше, сол замандарда қазақ қауымын жайлап алған әлеуметтік-қоғамдық дерттің қарамы бірсыпыра. Олар жаңағы қара сөздерде жеке-жеке атап көрсетіліп, оларға қысқаша сипаттамалар берілген. Жинақтай алғанда, ондай теріс мінездеріне қазақтың қолынан іс келмейтін жалаң мақтаншақтығы, жалқаулығы,епсіздігі,, керітартпалығы, марғаулығы, надандық қырлары жатады. Өзге жұрттарды сынауға келгенде бапандай қазақ өз түріне, сықпытына неге қарамайды екен деген ой да айқын. «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» дейді ақын екінші қара сөзінде күйіне сөйлеп. Осы күйінуінде оның өзегін тіліп өткен ащы сарказм жатқаны сөзсіз. Өзге ұлттардың жекелеген жақсы қасиеттерін бір ауыз сөзге сыйғыза отырып, жалпы қазақтың күнкөріс жайларын да еске салып өтеді, тарихқа қатысты тұстарына да тоқталып кетеді. Мысалы, орысқа қарағанға дейін қазақтың тіршілігіне қатысты тұрмыстық заттарды қазақ даласына сарттардың жеткізіп тұрған деуіне назар аудармауға болмайды. Мұнда экономикалық пайымдаудың алғы шарты бар. Яғни, қазақққа қарағанда
өзбек жерінде өндіріс жақсы дамыған деген сөз. Орыс патшалығына бодан болғаннан кейін де олардың өзі орыстардан көп нәрсені үйреніп алып, керегіне жарата бастаған. Ал қазақтардың түсінігі керісінше. Бұрын да өндіріс ошақтары, қалалары болмаған қазақ жұрты жер-суын орыстар отарлап алғаннан кейін де, соларға қарап ілгері ұмытылып, бір нәрсе үйрене қояйын деп талпынбаған. Демек қолынан ештеңе келмеуіне, өндірісінің дамымауына, өзге жұрттармен салыстырғанда қай жағынан болсын артта қалып қоюына қазақтың тар түсінігі, марғау, енжар табиғаты кінәлі. Оған ет пен қымыз болып ел қыдырып, уақытын бос селтеңмен өткізіп жүрсе болғаны. Сондай ұғымдағы қазаққа ештеңенің керегі жоқ. Ақын жанын ауыртатын жайттардың бірі – өзге ұлттар сияқты жаппай қимылдап, еңбек жатқан заманда қазақтың дәл солардай бола алмауы. Бір сөзбен айтқанда, өзін кейін тартып жүрген нашар қылықтарын көлденең тарта келіп, Абай қазақты бетің бар, жүзің бар демей, қызыл ала етіп сойып салады. Абай «Жиырма үшінші» қара сөзінде өз ұлтына қатысты тағы бір әлеуметтік-моральдық проблеманың шетін көтереді. Қазақ дейді Абай «елде бір жамандық тауып, я өзі қылмаған бір адамның жаманшылғы шықса, қуанады» (48-бет) дейді. Сөйтеді де, жалпы қазаққа тән мінездің бірі өзін ең алдымен жақсымен салыстырмай, жамандықпен салыстыратынына назар аударады. Ұлы ақынның пайымдауынша, адам баласы өмірден алдымен жақсылықты көрсе, сосын сондай жақсылыққа өзім қол жеткізсем деген жағдайда ғана адам баласы алға ұмытылады екен. Ал үнемі жаманшылықты көлденең тарта беру, өзін алға ұмтылыған, жетістікке жеткен жандармен емес, кері кеткен, надан пенделермен ғана өлшеп отыру бүкіл ұлтты да ұшпаққа шығармайтынын мегзейді. Қарапайым айтылғанмен, бұл да – үлы сөз. Бірақ бір қызығы Абайға жүгінуші кейінгі ел ағаларының өздері де осы тұжырымға тоқтала бермейді, бүгінгі күнге дейін құлаққа оңай құйылатын осынау қарапайым қағидатты басшылыққа ала қоюымыз сирек. Рас, тілге тиек болған осы идеялар ақынның өлеңдерінде де жоғары көркемдік деңгейде бой көрсетіп отыратыны мәлім. Астарлап, әсерлеп айтқан сөздері тыңдаушыларына қаншалықты дәрежеде жетіп, қаншалықты ой салып жатқаны белгісіз болғандықтан, сол асыл ойларын ақын қара сөздерінде үстемелеп, нақтылап айқындай түседі. Ұлы Мұхтар Әуезов: «Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңде айтылатын ойларының бір талайын жаңа сөзбен тартады» деген екен. Сол ойлардың ішінде өзінің туған жұрты қазақтың кемшіліктері жайлы айтатын пікірлерінің өзі бір алуан. Халқының жекелеген кемістіктері тезірек түзелсе екен, ел қатарына қосылудың қамын жасаса екен деген ой нышаны аталған қара сөздерде айпарадай айқын, шегедей нық. Осы арада абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұловтың мына бір пікірін еске сала кетудің орайы келіп тұр: «...алғашында ел ішін бөріктіріп, ала тайдай
ылаң сала келген патшалықтың отарлау саясаты бұл жылдардың ішінде бәсеңдеу былай тұрсын, одан сайын қатайып, ел билеудің қыр еліне жат түрі жыл өткен сайын тереңдеп, орныға түскен. Халықтың ниет-пиғылының бұзылуына көп себептердің ішіндегі басты біреуі де осы болатын» (267бет). Бұл бұрыңғы зерттеушілерде жеткілікті түрде таратылып талданбай жүрген пікір. Қазақтың Абай айтып отырған көптеген кемшіліктеріне отарлау саясатының теріс әсері болғанын бүгінгі таңда қадап айтуға тиіспіз. Қазақтың нашар қылықтары мен мінез-құлықтарының жинақталып көрсетілетін «Үшінші қара сөзінде» өз заманындағы қоғам көрінісінің философиялық-әлеуметтік суреті салынған. Аталған қара сөздерде Абай өзінің туған жұртының негізгі кемшіліктерін теріп, дәлелдеп көрсете отырып, солардан арылу керек екендігін сездіреді. Былай қарап отырсаң, ол кемшіліктер сол Абай заманындағы қоғамға ғана тән, басқа уақытта ондай жекелеген кемістіктер орын алмаған деп пайымдауға болмайды. Ол айтылып отырған әлеуметтік көлеңкелі мәселелер Абай уақытына дейін де болған, кейін де таусылып біте қойған жоқ. Тіптіұлтымыздың бойындағы парықсыздық, жалқаулық, еріншектік тәрізді түрлері еліміз жаһандануға қарай құлаш ұрып отырған бүгінгі жиырма бірінші ғасырда да төбе көрсетіп қалады. Осыған қарап Абайдың өз халқының мінез-құлқын талдаудағы көрегендігін, алыстан олай алатын тереңдігін аңғару қиын емес. Дұрыс сөзін жұртына өткізе алмай, жігері құм болған ақын кейде енді қайтсем екен деп қатты торығады да. Сөйтіп келіп өлсең, артымда ешқандай жақсылық қалмады, бұл дүниеде қиятын ештеңе жоқ деген оймен өкінбей өлуге жақсы деп өзін жұбатқан болады. «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек» (110-бет) дейді ақын қырық бірінші қара сөзінде. Соның бірі билік, күш болса, екіншісі есепсіз байлық дейді. Осы екеуі болған жағдайда ғана қазаққа ақыл қонбақ, дұрыс ақыл, дұрыс сөзді ұқпақ. Бүгінгі күн тұрғысынан қарап отырып, енді осы пікірді ескіріп кетті, қазіргі қазақққа басқаша жолмен келу керек деп үзілді-кесілді айта аламыз ба? Дүниетанымыз бен жалпы түсінігімізде ішінара өзгерістер болса, болған да шығар, бірақ қанға сіңген жаман қалпымыз түгел жаңарды деуге әлі ертерек. Олай деп тұжырым жасауға негіз болар белгілі бір деңгейде батылдық та керек шығар. Бір сөзбен айтқанда, Абай қара сөздеріндігі ұлттық идея бүгінгі мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырған мәселелермен қисынды үйлесім табуда. Тәуелсіз еліміздегі қазақтың ұлттық идеясын орнықтыру барысында Абайдың қара сөздерін ту етіп ұстасақ та артық емес.
«СҰРАНШЫ БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ПАТРИОТТЫҚ РУХ КӨРІНІСТЕРІ Жамбылдың «Сұраншы батыр» атты шығармасы – қазақтың ұлттық азаттығы жайында тарихтан сыр тербеген қаһармандық дастаны. Оның өзегіне негіз болған – Құдияр хан бастаған Қоқан басқыншыларына Ұлы жүз қазақтарының қалай тойтарыс бергендігі туралы тарихи оқиға. Қазақ жеріне қайта-қайта шабуыл жасап, әбден дәндеп алған басқыншылардың еркінсіп, жүгенсізденіп кеткендері сондай – қазақ мекендеген ерлердің шұрайлы аймақтарына ауыз сала отырып, Жетісу өңірінің шығысы жағына дейін жетеді. Оған дәлел Құдияр ханның жырдағы: Соғыспақ боп патшамен Қапалдан тосып бір шықты (204-б) – деп баяндалатын әрекеті дәлел. Сонау батыстан келген жау мысықтабандап отырып, Алматыдан асып, Қапал өңіріне жеткенін осыдан-ақ байқаймыз. Бұл жағынан алғанда дастанның танымдық та мәні бар екендігі көрінеді. Қоқандықтардың қорғансыз елге жасап келе жатқаны – көпе-көрнеу зорлық-зомбылық. Орыс әскерлерінен зеңбірегінен жеңіліс тапқан Құдияр хан қайтар жолда қазақ ауылдарына талқандап, білгенін істейді. Киіз үйлерді өртеп, бар мал-мүліктерін тонап әкетеді. Қыз-келіншектерін зорлап, бесіктегі балаға шейін өлтіріп тастаудан тайынбайды. Сөйтіп олардың қазақтарға көрсеткен зорлық-зомбылығы тіпті шектен тыс асып кеткен. Осындай ауыр жағдайда ен өлкеде бет-бетімен жүрген көшпелі жұрттың басқыншы жауға қалай қарсы тұрамыз деп жанталасуы заңды. Сөйтіп қоқандықтар бер жақтағы ауылдарға кезекті бір зобалаң әкелген кезде, жәбір көруші жұрттың есіне алыстағы Сұраншы түседі де, тау баурайындағы жас батырға дереу хабар жібертеді. Арыстан жүрек Сұраншы Шыңда жатыр алыста. Оны шыңға шығарған – Қонысы жоқ, қол қысқа (208-б). Бұл шумақтан жас батырдың қолы қысқа екендігі, бірақ соған қарамай, атағы атырапқа жайылып үлгіргені байқалады. Әйтпесе оны шабылған елдің адамдар сонша іздеп, әлекке түспес еді. Күші өздеріне қарағанда әлдеқайда басым жауға қарсы шығып, жеңіске жету оңай шаруа емес. Өзі ұйымдастырған жасақтың бетке ұстар азаматтарын жинап алып, ақылдасқан кезде, Сұраншының олардан естігені – қолдау емес, қаймығу рәуішті сөздер еді. Олардың ұғымынша, ұйымдасып алған қарулы қоқандықтарды жеңу мүмкін емес. Бұндай солқылдақ пікір жолбарыстай жүректі жас батырды қайдан қанағаттандырсын? Оның ер рухты шешімтал адам екендігін сездіретін деталь – қасындағы ақыл айтушылардың тартыншақ сөздеріне құлақ салмай, бірден жауға шабуыл жасауды қолға алуы. Сұраншының шын мәніндегі ба-
тыр екендігін білдіретін шабуыл әрекеттері – дастандағы бояуы жарқылға толы айшықты эпизодтар. Көп заманнан бергі тыңдарман мен оқырманның жадында қалғаны – басқа емес, Жамбылдың суреттеуіндегі Сұраншы. Аз сипаттаумен-ақ батырдың бейнесі мүмкіндігінше толық ашылған деуге болады. Ол – қандай жағдайда да шапшаң шешім қабылдайтын шалымды, ойлағанын дереу жүзеге асырып тастауға даяр, оралымды әрі сол әрекеттерінің қай-қайсысы да ақылған негізделген есті адам. Ырғалып-жырғалып өмір сүретін көшпелі қазақтың жайбарақаттығы оған жат. Өйтпесе және болмайды. Өйткені – айналаны өрт қаптаған жаугершілік заман. Қыр елінің самарқаулық дендеген психологиясы, шарасыз хал-ахуалы мұндай уақыттарда жеңіске жетелейтін фактор ретінде көріне алмайтындығын Жамбыл жақсы сезіне отырып, батырдың бейнесін уақыт шындығына сай өз деңгейінде іс-әрекет үстінде сомдауға мән берген. Осы арада ақынның фантазиясының мықтылығымен бірге суреткерлік қабілетінің де қуаты айқын көрінеді. Өмірде болған шынайы оқиғаларды суреттей отырып, ақын өзіне дейінгі халық поэзиясының көркемдік тұрғыда жинақталған тәжірибесін ұтымды түрде пайдаланады. Тарихи хронологиялық жағынан алып қарағанда, «Сұраншы батыр» батырлық жырының оқиғасы «Қобыланды», «Алпамыс» немесе «Қамбар батыр» жырларында айтылатын оқиғалардан көп беріде өткені белгілі. Әрине, жырдың өмірге келу уақыты да он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында. Сондықтан, ауыз әдебиетінің дәстүрлі пішінінің негіңзінде ауызша шығарылғанымен, жырдың көркемдіккомпозициялық құрылымымында, салыстырмалы түрде, реалистік поэзияның үлгісі басым. Мұнда алдыдағы айтылған батырлар жырында кездесетін гипребола, литота немесе анахронизм нышандары жоққа тән. Жамбылдың өзінен бұрынғы ауыз әдебиетінің ұнасымды тұстарын орнымен пайдаланып отырғанын дәлелдейтін мысалдар жырда баршылық. Солай болуға тиісті де еді. Бас қаһарман Сұраншының шабуыл алдындағы көңіл күйін ақын былайша сипаттайды: Батыр тұрып толғанды, Терең-терең ойланды, Теңізден тұрған желдейін, Күтірлеп кеткен сеңдейін, От шашқан биік таудайын, Айбарланып қозғалды (220-б.) деген шумақтағы теңеулер қазақтың ауыз әдебиетіне, оның ішінде поэиясына тән көркемдік үлгілері екендігі анық. Өйткені – жыр авторының өзі үйренген, үлгі алған бағдаршамы ең алдымен қазақтың ауыз әдебиеті, халық ақындарының туындылары болды. Сондықтан да батырлар жырларына тән болып келетін жалпы сыртқы формалық қалыпты, мазмұндық рухты, жекелеген көркемдік өлшемдерді пайдалана отырып, шығарылған бұл дастан сол заманның көзқарасы
тұрғысынан алып қарағанда, жаңа үлгідегі туынды еді. Сөйтіп, дарынды ақын өз заманының тыңдаушылары үшін (ол кезде қазақ қоғамында оқырман категориясының әлі қалыптаса қоймағаны белгілі) соны әсерге бөлейтін батырлық дастанын өмірге келтірді. Ақын қазақ сөзін үйлестіріп, көркемдікпен екпіндете сілтеген кезде нағыз батылар жырына лайықты сөз өрнегі төгіледі. Сұраншының жауды тықсыра қуып, жеңіске жетуін суреттеген сәттегі жоғары пафос тыңдаушыға да қуанышты көңіл күйін сыйлайды: Елге келген бүлікті Дауылдай тиіп айдады. Жалынның бетін қайтарып, Қасқырдан елді айырып, Көтеріп көңіл жайлады (226-б) Бас қаһарманның образын әсерлі шығару үшін ақын оның жалт-жұлт еткен динамикалы мінез-құлқын, қатардағы қарапайым адамның қолынан келе бермейтін батырлық қимылдарын және соғыс тактикасын шебер ұйымдастыра алатын әскери стратег екендігін көрсете білген. Жеке дара тұлғаға тән болып келетін осындай адамдық факторлар Сұраншыны шын мәніндегі қаһармандық деңгейге көтереді. Бірақ оның нағыз қаһармандығы – елін сүйген патриот батыр және сол сүйікті жұртын қорғау барысындағы көзсіз ер болып шығуына байланысты. Осынау көркемдік-идеялық мақсат ақынның шеберлігінің арқасында қисынды түрде жүзеге асып, шығарманы сол замандағы халық әдебиеті үлгілерінің алдыңғы қатарына шығарды. Сұраншының Отан алдындағы ерлік парызын көзсіздікпен жүзеге асыруы тыңдаушылардың сандаған ұрпақтарына тағылым болып қалғаны сөзсіз. Жырда елді, жерді сүюге байланысты уағыз сипатында көрініс тауып отыратын дидактикалық сарын да сезіліп отырады. Бірақ бұл – ақынның тыңдаушысына қаратып айтқан құрғақ ақылы, кезекті насихаты емес, қаһарманның іс-қимылымен, уағыздық ұстанымымен астасып жатқан, негізгі сюжетпен органикалық байланыста туындаған көркемдік тұтастық. Жырдың өзіне тән эстетикалық бітімін білдіретін осындай ақындық үрдіс шеберліктің тағы бір нышаны болып табылады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастаны – поэзия тарихында үнемі еске салынып отыруды қалайтын биік көркемдік өлшемдегі патриоттық шығарма. Пайдаланылған әдебиеттер 1.Жетісу ХІХ ғасыр: Атамекеннің тұтастығы мен елдің тәуелсіздігі үшін күрес. Репсубликалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы: Дәуір, 2013, 256 б. 2.Жабаев Ж. Шығармаларының толық жинағы: ІІ томдық. І том. – Алматы: Қазақ университеті, 2010, 374 б.
СӘБИТ МҰҚАНОВҚА НЕГЕ ТИСЕ БЕРЕМІЗ? 1991 жылы Жер шарының алтыдан біріне ие болып отырған Кеңес одағы ыдырап кеткеннен кейін жаңаша ойлау, қайта құру және жариялылық әсерімен мәдени-әдеби мұраларымызға обьективті тұрғыдан қайтадан қарау қажеттігі туындады. Осы орайда Кеңес дәуірінде дүниеге келген әдебиет туындыларына күдікпен қарау, тіпті олардың біраз бөлігін жоққа шығару көзқарасының пайда болғаны жасырын емес. Осындай сана қозғалысының әсерінен баспасөз беттерінде жекелеген біржақты пікірлер орын алып, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың кейбірі сынға да ұшырап жатты. Оларға шығармалары кеңестік идеологияны қолдау тұрғысынан ғана жазылған, оқырманға нағыз шындықты жеткізе алмаған, кейбірінің көркемдік деңгейі төмен болса да, насихаттала берген деген сыңайдағы сындар айтылды. Бұл қатарда С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев сияқты қаламгерлердің есімдері аталып қалып жатты. Әрине, бұндай пікірлердің негізінде шындық ұшқыны жатқанын терістеуге болмас. Бірақ солардың шығармаларының бәрі іске алғысыз ба еді? Өйткені кейбір авторлар Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетіне толықтай ревизия жасау керек деген мағынада өздерінің қатал үкімдерін де жариялап жіберді. Тәуелсіздік деген тәтті ұғымның алғашқы эйфориясы бәсеңсіп, айналамызға сабырмен қарай алатын кезең туғанымен, бұндай ревизиялық сыңайдағы жоққа шығару үрдісі бүгінгі таңда біржола басылды, сыншылар мен міншілер сабасына түсті деп айту ертерек сияқты. Аракідік болса да, Кеңес әдебиетінің негізін қалаушы қаламгерлердің шығармаларына шытынай шүйілу, жақтырмай қарау тоқтала қойған жоқ. Оған дәлел – баспасөз беттері мен жекелеген еңбектерде жылт етіп қалатын терістеу пиғылындағы пікірлер. Олардың бәрін талдап жату мүмкін емес және қажеті де жоқ. Тек қана мақсаткерлікпен айналысып жүрген тақырыбымның зерттеу нысандарына қатысты кейбір ойларға ғана тоқтала кетсем деймін. Сондай мақалалардың бірі 2007 жылдың 10-тамызы күнгі санында республикалық “Жас қазақ” газетінде жарияланды. “Қадылбековтер әулетінің қасіреті” деп аталатын бұл мақалада (авторы – М.Әбсаттар) өткен ғасырдың отызыншы жылдары жазықсыз репрессияға ұшырап кеткен ағайынды Мірғали және Нұрғали Қадылбековтардың аянышты тағдырлары туралы әңгімеленеді. Оның мазмұнына қарағанда Мірғали Қадылбеков кезінде Қазақстанда 7 бірдей кен орнын ашқан айтулы геолог, “Минерология және геология” атты ғылыми кітаптың авторы. Бірақ туған еліне осындай тамаша еңбек сіңірген патриот ғалымның есімі еш жерде аталмайды, оның тарихта бар-жоғы елеусіз қалып, ескерілмей келеді. Ақтаңдақтар дегенміздің өзі осындай ескерусіз келген есімдерді қайтадан жаңғыртып, оалрдың халқына сіңірген азды-көпті еңбектерін ұлтымыздың тарихына, ғылыми айналымға қайтадан кіргізу болып табылатыны айдан анық нәрсе. Осындай ұрпақ алдындағы парызын мақала авторы өте орынды ақтай алған. Бұл әулет туралы айтылатын әңгіме, көтерілетін мәселе жалғыз осы мақаламен шектеліп, қалса, тек Қадылбековтер еңбегіне ғана емес, қазақ тарихының
ақтаңдақ жерлеріне қатысты да айтылатын деректердің кеміп қалары сөзсіз. Осы жағынан келгенде аталған мақала болашақ үлкен әңгімені тұтатып берген от ұшқынындай қызмет атқарары анық. Дегенімен, мақалада толығымен келісе салуға болмайтын,үзілді-кесілді пікір айту үшін екшеп-елеуді қажет ететін тұстары да бар. “Нұрғали халқының тағдырын шешу ісіне араласу үшін өзінің тегін Кадаленко деп алады. Ол жөнінде өзінің “Өмір мектебі” кітабында Сәбит Мұқанов Нұрғалиды тегіне украиндық жалғау жалғады деп жаратпағанымен қоймай, оны жерден алып, жерге салған” (Әбсаттар М. Қаділбековтер әулетінің қасіреті, Жас қазақ, 2007, 10.08. 31-нөмір). Осы ақпарат қысқаша болса да нақты түсініктемені қажет етеді. Біріншіден, С.Мұқановтың Нұрғалиды өз кітабында жағымсыз сипатта суреттейтіні рас. Бірақ бұл арада екеуара жекебастық қарым-қатынастың әсері болғанын ескеру керек. Петропавл уезіне жұмысқа келген жас Сәбитті Нұрғали Кадаленко бірден-ақ жақтырмай, қырына алады, Сәбиттің айтқан уәжді сөздеріне тоқтамай, жеке басының жағдайларын ілтипатқа алмай, қысым жасауды жалғастыра береді. Автор бұл арада уезд басшыларының бірі ретінде Нұрғали Каладенконың өзіне қалай қиянат жасағанын баян етеді. Егер бұл мәселеде шындықты бұра тартып, Нұрғалиға жала жауып жатса, автордың өз арына сын. Ал рас болса, онда, әрине. Кадаленконікі тым төрешілдік, жөнсіз озбырлық. Екіншіден, Нұрғали халқының тағдырын шешу ісіне араласу үшін өзінің тегін Кадаленко деп алды деген пайымдау дәлелдеуді қажет етеді. Сонда халқының тағдырын шешу үшін алдымен фамилияны өзгерту қажет болғаны ма? Қазақ фамилиясын өзгерту халық тағдырына аралсудың бір шарты болып табыла ма? Онда халқының тағдырына араласқан, тек араласып қана қоймай, бастарын бәйгеге тігіп, өздері құрбан болып кеткен басқа да жүздеген, мыңдаған азаматтарымыз сол кезде фамилияларын неге орысшалап немесе украиншалап жібермеген? Неге әу баста азан шақырылып қойған аттарымен, құжатталып кеткен фамилияларымен күреске шыққан? Үшіншіден, қарадан қарап қазақ фамилиясын украиншылап өзгерткені үшін ондай адамның маңдайынан сипау қажет пе еді? Бұл арада “оны жерден алып, жерге салғаны” үшін Сәбитті кінәлау қиын. Өз ұлтынан бас тартқан адам үшін күйзелуі жазушының патриоттығын көрсетпей ме? Әрбір саналы азаматтың өз ұлтын сүйсе, ал сол ұлттық белгілерден өз еркімен қашқақтаған адамға ұрысса, ол сонда үлкен мін болып саналуы керек пе? Ұлттың ұлттығы сақталып қалуы екіұдай болып тұрған сол бір аласапыран қиын заманда қазақтың тегінен қашқан зиялы жанға не деуге болады? Тіпті ол уақытты былай қойып, бүгінгідей бейбіт күннің өзінде бір қазақ төл фамилиясынан бас тартса, қоғамдық пікірдің қандай болатынын көз алдыңызға елестету қиын емес. «Аталарының қыр соңына түсіп алған екі қазақтың кім екенін сұрағанымызда, Рузима әже «Өзімізбен бір ауылда тұрған адамдар, Сәбит Мұқановтың жаңдайшаптары. Сенбесеңіз, «Өмір мектебін» ашып қараңызшы, Сәбит кімнің кім екенін Сталинге тізіп жазып,
соларды жазалауды сұраған. Одан қалса, «Қазақ әдебиетінің» 1988 жылғы 40-санында жарияланған материалдарда Темірбек Қожакеев репрессия уақытында кімнің кімді көрсеткенін ашып жазған. Сәбиттің олай еткен себебі, Нұрғалиды құртудың бір ғана жолы оны байдың тұқымы етіп шығару болды».(Жас қазақ. №31 10 тамыз 2007ж.) Рузима әжейдің бұл деректі кітаптың қай жерінен тауып отырғаны түсініксіз. Өйткені нақ осы кезең оқиғалары “Өмір мектебінің” үшінші кітабы “Есею жылдарында” баяндалады. Онда Сәбиттің Сталинның қабылдауында болып, өзінің кітабын шығаруға көмек сұрағаны айтылады. Екеуара халық жауларына қатысты немесе жазалау жөнінде басқадай тосын әңгімелер қозғалмаған. Ал жазушының Сталинге хат жазуы отызыншы жылдарда Қазақстанда орын алған алапат ашаршылыққа байланысты. Онда да базбіреулерді жазалау жайлы ештеңе делінбеген. Демек, әжейдің “...сенбесеңіз, “Өмір мектебін” ашып қараңызшы” деуі қандай негізге сүйеніп айтылды екен деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Жалпы бұл арада мақала авторы үлкен кісі кітаптан алып айтты деген әңгіменің рас-өтірігін өзі қосымша тексере салғанда артықтық етпес еді. Ол кісінің сөзіндегі “Сәбит Мұқановтың жандайшаптары” деген сөз де орнын таппай қолданылып тұр. “Жандайшап” деген сөз адамның қабылдауына теріс әсер ететін жағымсыз реңге ие екендігі белгілі. Оның үстіне қасына жандайшап жинайтын Сәбит Мұқанов диктатор ма еді болмаса халыққа тізе батырған биік лауазым иесі ме еді деген сауал да туындайды. Жас кезінде КазЦИК мүшесі болғанымен, кейін мемлекеттік қызмет атқармаған жай ғана жазушы болды. Ең үлкен лауазымы – Қазақстан Жазушылар одағын басқармасының төрағалығы ғана. Жазушылар одағы мемлекеттік мекеме емес, өмірдің басқа саласына тікелей ықпал жасай алмайтын шығармашылық бірлестік қана екенін ескерсек, “жандайшап” сөзінің мүлде орынсыз қолданылғаны байқалады. Бүгінгі оқырманды осылайша адастыратын дәлелсіз пікірлер, тиянақсыз ойлар қатары әлі де тоқтар емес, атасы немесе басқадай бір жақын адамы туралы сын пікір айтқаны үшін С.Мұқановты немесе басқадай тарихи қайраткерді жамандауға үрдісі алдағы уақытта да төбе көрсетіп қалуы әбден ықтимал. Мәселенің нақты болмысынан хабары жоқ кейінгі буын өкілдерінің ондай жаптым жала, жақтым күйе сарынымен айтылған жаңсақ пікірлерге нанып қалуы, сөйтіп белгілі бір тұлға жайындағы көзқарасы теріс қалыптасуы әбден ықтимал. Жоғарыдағы мақала мазмұнынан шығатын қорытынды – С.Мұқановтың жеке саяси платформасына, оның “Өмір мектебі” тәрізді іргелі шығармасына қатысты пікірлер әлі күнге тиянақталып, бір ізге түсе қойған жоқ. Кітапқа наразылық білдірушілердің бар екендігіне, олардың кейбірі тіпті орынсыз болып келетіндігіне жоғарыдағы мысалдар дәлел.
«ҚАЗАҚ СОЛДАТЫНЫҢ» ҚАЛТАРЫСТЫ ҚЫРЛАРЫ Алғаш рет «Қазақ батыры» деген атпен 1945 жылы жарық көрген «Қазақ солдаты» – қазақ әдебиетінде Ұлы Отан соғысы туралы жазылған тұңғыш романдарының бірі. Оның бас кейіпкері Қайрош Сарталиевтің прототипі – өмірде болған Қайырғали Смағұлов есімді Кеңес Одағының батыры. Бір қарағанда таза көркем туынды көрінгенімен, прототиптің бастан кешкендерін негізге ала отырып, суреттеу бұл шығарманың негізіне деректілік сипат беріп тұрғанын да аңғарамыз. Әсіресе майдан оқиғаларына қатысты айтатын болсақ, Солтүстік Кавказдағы соғыс, Сталинград қорғанысы, Керчь түбіндегі шайқастар романда хронологиялық тұрғыдан алғанда ойдан қосусыз дәл суреттелген. Сталинград қорғанысы кезіндегі Кеңес жауынгерлерінің ұрыс қимылдары, қыстың қаһарлы суығы, қаланың бүлініп қирауы сияқты фактологиялық детальдар да өмірде болған тарихи шындықпен астарлас. Ал соғыс қимылдарына қатысып жатқан жауынгерлердің іс-әрекеттері, арман-қиялдары, соғысушы тараптардың жалпы көңіл күйі –көркем қиялдың суретке айналған жемісі. Сондай-ақ Керчь түбіндегі қорғаныс ұрыстарының батылдық суреттері белгілі бір дәрежеде Леонид Ильич Брежневтің «Кіші жер» өмірбаяндық деректі туындысында айтылатын декректерден алыс жатқан жоқ. Бұл арада Кеңес империясының бұрынғы басшысының осы кітабы мақсаткерлікпен жазылғанын, армия, соғыс бейнелерінің бұл кітапта қандай деңгейде сипатталатынын еске алудың түк те артықтығы жоқ. Өзін-өзі марапаттап, жоғары көтеруге бейім бас хатшының еңбегінде эмоция ырқымен айтылып қалатын артық-ауыс бағалар, ұшқары тұжырымдар да болуы мүмкін. Бір кезде көпірме мақтаудың өзегіне айналған кітаптың артықшылығы бұл емес. «Кіші жердің» назар аударатын тұсы – біз үшін оның көркемдік компоненттері емес, тарихи фактологиясында, Кіші жер қорғанысының шағын шежіресі сияқты деректілік сипатында. Қазақ жазушысының романында кездесетін өмір фактісінің ақиқаттығын бірыңғай деректіліктен тұратын осы «Кіші жер» туындысы растай түседі. Жалпы бұл роман өмірлік фактіні игеру тұрғысынан болсын, көркемдікдеректілік болмыстың басқа қырынан болсын жете зерттелген, кеңінен талданған дүние. Қазақ әдеби сыны мен теориясы бұл туынды туралы мектеп оқулықтарынан бастап жеткілікті айтып келеді. Соған қарағанда, романды талдау деңгейі мен оған берілетін көркемдік бағаның нүктесі қойылған да сияқты. Бірақ соған қарамастан, бүгінгі тәуелсіз елдің тәуелсіз оқырманы көзқарасы тұрғысынан «Қазақ солдаты» романына жаңаша байыптапбайқап қараудың еш артықтығы жоқ деген оймен атақты шығарманы қайтадан бір шолып шығу артықтық ете қоймас. Барлық оқиға тек бірінші жақтан ғана баяндалатын романның негіз-
гі мақсаты, әрине, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес халқының қаһарман ерлігін, жанқиярлық батырлығын жоғары идеялық-көркемдік деңгейде әсерлі бейнелеп шығу. Осындай айқын мақсат ұстанғандықтан да, автор әу баста жоспарланған батырлық табиғатын, оның ішінде Кеңес адамына ғана лайық болуға тиіс асқан ерлік үлгілерін жатық бейнелеп шыққан. Романда ең алдымен айқын аңғарылатын мәселе – соғыста қан кешіп жүрген жауынгердің барлығы да өз Отанына, Кеңес еліне шексіз берілген патриоттар. Олардың қай-қайсысы да өз Отанының бір пұшпақ жері үшін жандарын қиюға даяр. Романның бас кейіпкері Қайроштың өзінен бастап, оның қарулас, окоптас серіктері Володя Толcтов, Петр Ушаков, Самед Абдуллаев, Семен Зонин, Василий Гришин шын мәніндегі батырлықтың жанды үлгісі сынды. Олар тегі қорқуды, шегінуді немесе басқадай пендешілік әлсіздікке берілуді білмейді. Жауға деген өшпенділік, сонан кейін өз Отанын шексіз сүюшілік сезімдері, міне, осы екі фактор романның қарапайым кейіпкерлерінің өзін қаһармандық деңгейге көтеріп әкеледі. Автордың бір шеберлігі сол – роман кейіпкерлерінің бойындағы ержүректілік, батырлық қасиеттерін соғыс шындығының, соғыс табиғатының өзінен туындата отырып суреттей білетіндігі. Қиын-қыстау қысталаң сәттегі батырлық қимылдарды бейнелейтін нақты эпизодтар мен суреттер арқылы автор олардың адами болмыс-бітімін сомдап жеткізуге тырысады. Романда батырлық-ерлік әрекеттерін, кейіпкер басындағы ауыр жағдайды суреттейтін беттер аз емес. Жазушы ондай қысылтаяң сәттерді бейнелеу барысында жалаң ұранға, ішкі эмоцияға көп беріліп кетпейді. Болып жатқан қанды қырғынды, өмір мен өлім арасындағы жанталасты қанық бояумен салқынқанды түрде суреттеп шығу – шеберлік нышаны. Әсіресе шығарма оқиғасының бірінші жақтан, бас кейіпкердің өз атынан баяндалу барысында. Мәселен, Қайрош Сарталиев соғыстың ажал ескен суық жүзімен тұңғыш рет кездесетін суретті алыңыз. Ол қызмет ететін әскери бөлімше жау жақ басып алған жерлерден тылға қарай шегінген жұртты өзен үстіне салынған көпірден өткізіп тұрады. Қаптаған халық. Қаптаған халық, атарба, жаяу адамдар тар көпірдің аузына кептеліп қалған. Ығы-жығы, у да шу, қысылтаяң кезең. Жау самолеттері көпір маңайын бомбалап кетіп жүр. Міне, осындай қарбалас сәттің бірінде взвод командирі Алексей Горькин жараланып қалады. Осы көрініс романда былайша суреттелген: «Бомба гүрс етті де, күш екпінімен Горькинді лақтырып жіберіп, көпірдің жақтауына апарып соқты. Горькин қатты ышқынып қалды да, үрейленіп, кимелеп бара жатқан біреуге: – Кейін! – деді. Даусы ышқынып, ащырақ шығып кетті. Қауіп-қатер өткеннен кейін сұрасатын әдетіміз бойынша: Жолдас лейтенант, жараланған жоқсыз ба? – деп сұрадым.
Горькин қолын бір сілтеді де, азғана жарқышақтанып қалған дауыспен әмір беріп, өз жұмысын басқара берді». Сонан Горькин даусы түн ортасына дейін естіліп тұрады да, ақыры, машинаның қанатына асылып құлап түседі. «Мен құшақтап сүйей бергенде, көйлегінен өтіп кеткен желімдей жабысқақ, жылы қан қолыма білінді. Арқа жағын қан жауып кеткен екен. Горькин ауыр бір ыңтыранып қалды да: Команданы сен ал, сержант Сарталиев! – деді». Осы шағын эпизод арқылы жазушы соғыс уақытындағы Кеңес адамының, Қызыл армия командирінің табандылығын, қандай қиын жағдайда да өз қызметін ақырына шейін адал атқара алатындығын көрсеткен. Жараланып қалған командирдің сыр берместен, есі ауып құлап қалғанша асқан төзіммен шыдап жұмыс істей беруі, шын мәнісінде, жан тебірентерлік көрініс. Осы әсерлі эпизод романда нақты қимылды ғана көрсететін сөйлемдермен қысқа ғана суреттелген. Тіпті шығарманың бірінші жақтан жазылып отырғаны да байқала қоймайды. Оқиғаны баяндаушы адам өз эмоциясын тежеп, ішке ірке білген. Сараң жазылса да, әсерлі шыққан соғыс суреті сол шеберліктің нышаны. Енді осы арада оқырманды еріксіз ойландыратын екінші бір проблемаға тоқтала кетейік. Егер шынайы өмірдің шындығы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ауыр жараланған командирдің көпір басынан кетпестен, қызметін ақыр аяғына дейін атқара беруі өмір шындығына толық үйлесе ала ма? Өйткені, адамдарды көпірден өткізу жұмысы алғы шептегі соғыс немесе маңызды объектіні қорғау қимылы емес. Бейбіт тыл мен соғыс арасының өтпелі тіршілігі. Сондай сәтте осыншама жанкештілікке бару, жауынгердің өзін өзі құрбан етуі нендей қажеттіліктен туып отыр? Екіншіден, ауыр жараланып қалған Горькин жалғыз емес, қасында бірнеше жауынгері бар. Егер командир жараланып немесе өліп қатардан шығатын болса, оны ауыстыратын кісілердің табылатыны сөзсіз. Ендеше жараланысымен-ақ, Горькиннің постыны тастап, госпитальға кетуінекім кедергі жасайды? Үшіншіден, жазушы суреттегендей деңгейде жараланып қалған жауынгерге «Сен қызметті тастадың» деп ешкім де, командирлер де, басқалар да кінә қоя алмас еді. Бұндай жағдайда постыны тастау әскери Жарғы бойынша да заңға толық сыйымды әрекет. Осындай мүмкіндігі бола тұрып, заң рұқсат ете тұрып, ауыр жаралы командирдің қызметін тастап кетпеуі еріксізден бұл қалай дегізеді. Осы үш себепті салыстырып, талдай келгенде шығатын қорытынды екі түрлі. Оның бірі – Горькин Отанына, міндетіне шын берілген соншалықты әсірепатриот адам. Ондайлар жаппай болмаса да, соғыс уақытында кездесуі әбден ықтимал жайт. Екінші бір ой Кеңес адамының Отанына шексіз берілгендігін дәлелдеу үшін жазушы осы эпизодты қолдан иіп әкеліп жасап отыр ма дегенге саяды. Ауыр жараланғанын қасындағы қаптаған адамның
ешқайсысына сездірмейтін, ең құрығанда тоқтап жарасын да таңғызып алу да ойына келмейтін командир бейнесі өмір шындығы мен реализм тұрғысынан алып қарағанда онша нандыра қоймайды. Өйткені қанды майдан үстінде де жаралы командирдің орнын ауыстыратын адамдар табылып отырған. Жұмыс қаншама қиын қарбалас болса да, осы сәтте жаралы орнына басқа адамды қалдырып, Горькиннің бірден-ақ санчастьқа кетуіне болатын еді. Соғыс кезіндегі Кеңес адамдарының адам айтқысыз ғажайып ерліктері, қаһармандық мінез-құлықтары шынында да кейінгі ұрпаққа жеткілікті әңгімелеп беруді қажет етеді. Алайда Кеңес халқының қаһармандық ерлікүлгісінің айқын белгісі болған сол бір кезең суреттері өмір шындығына, адам табиғатының өзіндік қасиеттеріне орай суреттелгені абзал емес пе. Бұл тұрғыдан алып қарағанда «Қазақ солдаты» романының беттерінде майдан өмірінің ортасынан ойып тұрып жазылған шынайы көріністер мен эпизодтар жеткілікті. Мысалы, политрук Ревякиннің жауынгерлерді түнгі шабуылға бастайтын жерін алайық. «Үшінші взвод қауіп астында қалды. Шегініп қалған жайы бар. Еріңдер соңыма! – деді Ревякин Семенмен бірге біздің жаппамызға қайта кіріп». Қатер төнген жағдайда қарулас жолдастарды құтқарып қалу – армия өмірінің жазылмаған заңдылығы. Біреулері қысылшаң сәтте қалған кезеңде екіншілері ешқандай сылтау айтпауға тиісті. Олар сол сәтте ұйықтап, дем алып жатыр ма, әлде басқадай бір күйде отыр ма, себеп болмауға тиісті. Демек, соғыс кезінде жолдастарды құтқарып қалу әрекеті қаһармандықтың ең үлкен үлгісі екені анық. «Жолдастарды құтқару» тұрғысынан қарастырылатын эпизодтар романда баршылық. Өз жағдайларының қиындығына, мүшкілдігіне қарамастан, көмек қажет етіп жатқан жерге жетіп дереу бару – соғыстың жазылмаған заңдылығы. Бәлкім, бұл арада бұрынғы партия данышпандығына бас ұрып қалған дағдымыз бойынша «өзара көмектесу – совет адамдарының ғана асыл қасиеті» деп айтып жіберуге де болар еді. Әлемдегі соғыстар тарихына көз жіберетін болсақ, қиын жағдайда өзара көмекке келу моралі соғыстың өз заңдылығы екенін байқаймыз. Бұл арада соғыс заңдылығы ғана емес, әскери этика проблемасы, адамгершілік мәселесі және тіпті өмірді сақтап қалу қажеттігінен туған өзін-өзі қорғау ұғымы да әсер етеді. Соғыс кезіндегі көмек, бір сөзбен айтқанда, моральдық-адамгершілік әрі әскери этика нормалары негізінде атам заманнан-ақ қалыптасқан дәстүр. Көптеген әскери қолбасылар өзара көмектесу салтына қатты мән берген. Шыңғысхан өз түмендеріндегі жүздіктер мен ондықтар бір-біріне көмектеспеген жағдайда сақтанып қалған немесе қорқақтық танытқан әскербасыларын табан астында жазалайтын тәртіп енгізген. Міне, осындай тұрғыдан алып қарағанда, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес жауынгерлерінің бір-біріне қиын-қыстау кезінде өзара жәрдем жасап
отыруын тек кеңестік, коммунистік идеологияның арқасы, Отанға ерекше берілгендігінің көрінісі деп қана бағалауға болмайды. Сөйтіп политрук Ревякин көмек жасау үшін шабуылға көтерген бөлімше қиян-кескі ұрысқа араласып кетеді. Көмектесеміз деп жүріп, өздерінің қиын-қыстау жағдайда қалатыны тағы бар. Адам шығынына да қарамастан, ержүрек жауынгерлер шегінуді білмейді. Осындай ауыр соғыс сәтінде «кейін окопқа шегініңдер деген команда берілер деп күткендейсің» дейді жазушы. Бұл, әрине, адам баласының аман қалсам деген үмітінен туатын табиғи тілек. Түнгі шабуыл кезінде соғыс суреттері, баталдық көріністер роман беттерінде кино лентасындай шапшаң алмасады. Жарқырай ұшып, ызыңдаған оқтар, ату құралдарының гүрсілдеген үндері, «мүйізі сорайған» (жазушының өз сөзі) танк, адамдардың ышқына шыққан дауыстары бәрі қабаттаса, соғыстың үрейлі келбетін көрсетеді. Алға қарай ентелей ұмтылған жауынгердің жан дүниесінде жалғыз-ақ нәрсе – жауды жайратып, алғы позицияға бекініп алу. Бұл, әрине, – жеңіс деген сөз. Осы жеңіске құштарлық, жауға деген жеккөрініш сезім – бір сәт өлім туралы қорқынышты да ығыстырып тастайтынын Ғабит Мүсірепов осы түнгі шабуыл кезін суреттеу сәтінде шеберлікпен жеткізе білген. Нақ осындай айқас уақытындағы қаһармандық психология жауынгерлер жаумен қолма қол айқасқа кірісіп кеткенде де бір бәсеңдемейді. Қолмақол айқаста кімнің кімді жеңері белгісіз. Бірақ жандарын салып, ышқына арпалысқан жауынгерлер берісер емес. Екі жақ өстіп жан алысып, жан берісіп жатқын заманда кенет тағы бір қатерлі жағдай пайда бола кетеді. Ол окоп жиегіне жау танктерінің келіп қалуы. Не істеу керек? Солдаттардың алысып жатқан жаяу дұшпандарын қоя беріп, бас сауғалап қаша жөнелгендері жөн бе? Соғыстың қысылшаң сәтінде «Не істеу керек?» деген сұрақтың үнемі туындап отыруы да дағдылы нәрсе. Ол сұрақ ұзақ ойлануға мұрша бермейді. Жауабын қолма-қол таппасаң, өзің опат боласың. Қысылшаң сәттегі шапшаң шешім де – жеңіске жеткізетін әдіс. Әрине, ол шешім дұрыс болуы керек. Алысып жатқан жауынгерлер бас сауғалап қашуға болмайтынын ұқты. «Жатыңдар! – дедім бар дауысыммен. Неге екенін осы күнге дейін білмеймін, шолақ найзаны кеудесіне сұғып алып, окоптың қабырғасына жаныштап жатқан соңғы немісімді сол күйінде қалдырмай, оны да окоптың түбіне қарай сұлата салып, өзім үстіне құладым». Міне, қиын сәттегі осы әрекет өзгелерге де үлгі бола кетеді. Сөйтіп әркім-ақ, тұра қаша жөнелмей, алысып жатқан дұшпанның астына ала құлайды. Қиын-қыстау сәттегі бөлімше жауынгерінің біркелкі қимылы – дұшпандарын астыға ала жығылулары бір жағы ерліктің үлгісі, бір жағы сол мезетте аман қалудың ең оңтайлы жолы. Нақ осындай ұрымтал ерлік тек Кеңес жауынгерлерінің ғана қолынан келеді десек, асырып айтқандық, жағдайды объективті бағаламағандық болар еді. Мұндай ерлікті басқа
елдердің жауынгерлері жасай алмайды, олар Кеңес солдаттарынан кем деген жалған түсінік әсіре патриотизм мен ұраншылдықтың салдары болып шықпақ. Оқиға суреттеліп отырған кезеңде бөлімше жауынгерлері соғыс сырына бойлап, қанды қырғынға ептеп бой үйретіп қалған. Қиын, шешімтал жағдайда буындарын бекітіп, жүрек тоқтата алатын деңгейге жеткен. Дұшпанның ығысу тәсіліне де қаныға бастаған кездері. Сондықтан мұндай шешімнің табан астында қабылдануы аласапыран соғыс жағдайында табиғи құбылыс деп айтуға логикалық негіз бар. Роман бас кейіпкер атынан бірінші жақпен баяндалатынын еске салсақ, қысылтаяң сәтте жасалған ерлік ішкі эмоциялық әсермен тебірене баяндалуы тиіс сияқты көрінеді. Ең бір жан тебірентер ауыр сәттердің өзі романда қысқа сөйлемдермен, шағын нық детальдармен орнықты баяндалып отырады. Бұл арада бас кейіпкердің өзі әңгімеші болғандықтан, адамның ішкі жан дүниесіне, көңіл құйынына, неше түрлі сезім күйіне ерік беру қажеттігі байқалады. Осындай алуан түрлі сезім күйінің көрінісі – оқырманның эстетикалық-рухани сұранысы, яғни, бір сөзбен айтқанда – табиғи сұраным. Соғыс сәтіндегі қысылшаң жағдай көбінесе тез арада өзгеріп, әртүрлі сипатта шешіліп тұратыны белгілі. От пен оқтың ортасындағы арпалыс сәт адамның ойлауына, тебіреніп-толғануына мұрша бермейді. Айналадағы қарулас достарың бірінен соң бірі өліп, ажал демі жақындап келе жатқан заманда адам психологиясын, жан дүниесін билеп алатын – жалғыз-ақ нәрсе. Ол осы жағынан қайткен күнде де аман қалу, жан сақтау, бір сәт болса да мына жарық дүниеде өмір сүре тұру. Барлық тіршілік иесіне тән жан сақтауға деген осындай ішкі инстинкт, сол үшін болатын жанталас бәрін де ұмыттырып жібереді. Міне, осындай табиғи сезім күйі «Қазақ солдаты» романынан да айқын әрі шынайы көрініс беріп отырады. Тіпті жиі кездеседі десек те, артық емес. Шығарманың аяғына таман Қайрош Сарталиев қызмет етіп жүрген бөлімшенің жауынгерлері теңіз арқылы Керчь түбегіне келіп түседі. Керчь түбегі – Л.И.Брежнев мемуарында айтылатын әйгілі Кіші жер. Кеңес жауынгерлерінің қорғаныстағы қаһармандық ерлігі үшін осынау ұлтарақтай түбек Ұлы Отан соғысы жылдары Кіші жер деп аталып кеткен. Міне, осы жердің бір пұшпағын капитан Мирошник бастаған жиырма шақты Кеңес жауынгерлері басып алады. Бұл немістердің жақсы жарақталған қуатты бекінісі екен. Азғана жауынгер өздерінен күші әлдеқайда басым жаумен бірнеше күн ұрыс жүргізеді. Адамдар – өмір мен өлімнің ортасында. Олардың тағдыры қыл үстінде. Уақыт өткен сайын қатарлары сиреп, жау қусырып келеді. Міне, осынау сын сағатта Кеңес жауынгерлері өздерін қалай ұстайды? Бұл мәселеге аздап тоқтала кетсек, сол сәттегі психологиялық біраз ерекшеліктердің болғанын аңғарамыз. Жиырма шақты десантшы жауынгер түн ішінде қайықтармен келіп қалың оқтың ортасына түседі. Барлығы да аман-сау екен. Орталарындағы
жауынгерлердің біреуі ғана жараланып қалған. Ол Сережа. Енді оны капитан Мирошник кері қайтармақ. «Сережамен қоштаса да алған жоқпыз. Аман қайтып жете алар ма, жоқ па... Қандай күйге түссең де, жолдастарыңмен бірге болғанға не жетсін. Жалғыз Петр ғана Сережаның автоматын алып жатып, су болған мұртын Сережаның алқымына апара жатқанын аңдап қалдым. Өзгеміз ең әрі кеткенде арқасына қолымызды бір апаруға ғана үлгірдік. Сонымен төрт жылға жақын ойын-күлкі, қайғы-қуанышымыз ортақтасып кеткен бір жолдасымызбен іштей ғана қоштасып, айырылысуға тура келді... Қош, Сережа, қош бол, бауырым!..» Міне, бір жауынгердің жараланып, кері қайтуын кейіпкер осылайынша үлкен оқиға ретінде қарап, трагедиялық ситуацияға жақындата сөйлейді. Бірге ойнап-күліп жүрген достарының бірі саптан шағып қалып еді, еріксіз көңіл босап, жүрек тебіреніп кетті. Соғыстың өз заңдылығы бар десек те, соғыс үстіндегі жауынгерге адамгершілік сезім күйлері бәрібір жат емес. Соғыс заңымен қатар адамгершілік заңы да болатынын автор оқырман есіне осылайша салады. Бірақ соғыс психологиясының, ауыртпашылығының көрініс табуының біркелкі болмауы соғыстың өз табиғатынан тікелей туындайды. Бұл арада қатардағы бейбіт күннің өз ерекшелігін және оның соғыс уақытымен салыстырған жағдайда адамның көңіл күйіне қаншалықты әсер ететініне тікелей байланысты екенін де ескеру шарт.
ҰЛТ АЗАТТЫҒЫН АҢСАУ ЖОЛЫНДА З.Шашкиннің «Ұядан ұшқанда» повесі Азамат соғысынан кейінгі кезеңдегі Қазақстан өкіметін түбегейлі орнатып, нығайту тақырыбына арналған. Кеңес дәуіріндегі әдебиет үшін бұл тақырыптың қай тұрғыдан алғанда да мейлінше өзекті болып келгені, революция жеңістерінің жасампаздығын, дұрыстығын көрсету кез келген автордан саяси жауапкершілікті талап етіп отырғаны белгілі. Халық тағдырының осынау аласапыран кезеңіне арналған сюжет құрау барысында көптеген саяси-әлеуметтік жағдаяттардың қамтылуы, жекелеген адамдар тағдырларының арқылы бүкіл тарихи кезеңнің, сол кезеңде өмір сүріп отырған халық тағдырын көрсетілуі заңды да. Жазушының аталған повесі нақ осы тұрғыдан алғанда өзінің көркемдікидеялық міндетін тарихи шындықты көлденең тарту арқылы жапжақсы орындап шыққан. Шығармада сол бір қиын-қыстау кезеңнің ауыр көріністері, қым-қиғаш адам тағдырлары ширыққан оқиғалар қабатында суреттеледі. Автор бұл мәселені сөз еткенде, оқырманды мезі етіп, жалықтырып жіберетін көпсөзділіктен, жөнсіз тәптіштеулерден аулақ. Көркемдіктің басты тәсілдері ретінде алынған ширыққан оқиғалар мен кейіпкерлер арасындағы қоғамдық-саяси тартыстар шығарма бітіміне қан жүгіртіп, ондағы халық бейнесінің соның ішінде қазақ халқының тәуелсіздік арманының көрінісіне ықпал жасайды. Бұл арада жазушының шығарма композициясын құра білудегі шеберлігін айрықша атап өтуге болады. Ұнасымды сипаттар нақ осы композицияны құру шеберлігіне тікелей қатысты десек, артық айтқандық емес. Тоталитаризмнің қатал дәуірінің өзінді-ақ жазушы кейбір айтуға болмайтын ойларды көлденең тартып отырады. Соның бірі – қазақ халқының ұлттық езгіде болуы. Әйтпесе повестің тілі құнарлы, халық тілінің қайнарынан алынған деген тұжырымға келу оңай емес. Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда, кейде сөйлемдердің аударма секілді олпысолпылау болып келетін тұстары бар. Бірақ ондағы көтерілген әлеуметтіксаяси мәселелердің маңыздылығы мен салмағын, оқырман назарына ұсынылатын ойлардың батылдығын, тіпті кейде тоталитарлық идеология талабынан асып кетіп жататындығын атап өткен абзал. Шығармада әсіресе отаршылдық тақырыбына қатысты айтылған батыл ойлар және олардың көркемдік талап тұрғысынан қалай көтерілгендігі назар аударуға татиды. Оның да өзіндік себептері бар. Ең алдымен Кеңес дәуіріндегі барлық шығармаларда Қазан революциясы әкелген керемет жақсылықтар, Кеңес өкіметінің теңдессіз артықшылықтары және ұлы орыс халқының қоғамды жақсартудағы жетекші ролі баса дәріптеліп отыратын. Ал мына шығармада осынау қалыптасқан көркемдік идеялық канон сақтала бермеген. Жазушының сол кездегі өмір шындығынан онша алысқа кете алмай, адамдар мен ұлттар, әсіресе байырғы тұрғындар мен келімсек-
тер арасында орын алған ащы шындықтарды, шиеленісті жағдаяттарды бояуын солғындатпай, жеткізуге тырысқаны байқалады. Бұл арада ең алдымен ауызға аларлық мәселе – Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде де Жетісу өңірінің байырғы тұрғындары мен Ресейден келіп қоныстанып қалған орыс-казактар арасындағы саяси-тарихи тартыстың тігісін жатқызбай бейнеленетіндігі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс патша жазалаушылары тарапынан күшпен басылғаннан кейін тоз-тозы шығып қырылған қазақтардың тағдыры аянышты. Олардың өлгені өліп, өлмегені шетелге, Қытайға қашқан. Кеңес өкіметі іргесін бекітіп, саяси ахуал тиянақталуға айналған заманда бөтен елде тентіреп, мүлде күйзеліп кеткен қазақ босқындары енді туған жерге қайта орала бастайды. Ал осынау қаңбақтай қаңғып, дәрменсіз күй кешкен бытыраңқы елдің өз ата-мекеніне қайта орнығулары да оңайшылыққа соқпайды. Өйткені онсыз да тарпа бас салайын деп анталап отырған отаршыл казак-орыстар туған жерлерінен амалсыз қашқан қазақтардың жерлерін басып алып қалған. Енді ол жерлерді өздерінің заңды қожаларына қайтару жолындағы жұмыстар жаңа кедергілерді көлденең тартады. Отаршыл орыстардың жақсы жерлерден тістей қатып айырылатын түрлері жоқ. Қаңғыған қазақтардың өз жерлерін қайтарып алуға тырысқан әрекеттерін олар ұлтшылдыққа, өкіметке қарсы шығушылыққа балап, заңды талаптың өңін қолма қол өңін айналдыра қояды. Сөйтіп 1916 жылғы көтеріліс арқылы тәуелсіздігіне ұмтылған байырғы халық одан ары ұлттық езушілікке түседі. Шығармадағы негізгі тартысты желілердің бірі осы қаналушы бұратана жұрт пен казак-орыстар арасындағы саяси тартысқа арналған. Бұның өзі Кеңес дәуірінде ашығы айтыла бермейтін бүркеншік тақырыптардың бірі десе де болады. Осынау шетін мәселені З.Шашкин тым тереңдетіп талдап әкетпегенімен (олай етуге мүмкіндік те жоқ еді), цензураның мүмкіндік бергенінше ықшамдап болса да, жеткізе білген. Орыс отаршылдары мен езілген ұлт қазақтардың арасындағы ұлтаралық тартыстың болғаны, орыс үстемдігі айқын бейнеленген. Бұл тартыс қай жағынан болсын тең емес. Күш – отаршылдар жағында. Бұрын қазақтарды қанайтын ескі Патша өкіметі деген пікір қалыптасса, енді жаңа Кеңес билігінің де бүкіл қазақ қауымына оң қарап тұрғаны шамалы екендігін сөз етуі – жазушының батылдығы болып табылатыны анық. Повесте Кеңес өкіметі мен орыс отаршылдығына деген наразылық жекелеген жағымсыз кейіпкерлердің іс-қимылдары арқылы көрінген. Мысалы үшін, Ислам дінінің өкілі, аты-жөні айтылмайтын кейіпкер Халфе (діни лауазым) бас кейіпкер Сақаның әкесі Жүніс, ұсақ саудагер Бостай, бұрынғы алашордашыл Сүгірбаев тек қазақ халқының ғана мүддесін қорғаушы ұлтшылдар есебінде көрінеді. Бұл кейіпкерлердің ішінде аласапыран заманда кімнің кім екенін аңғара алмай, әбден адасып барып, өз еліне оралған Жүністің орны бөлек. Шығарма соңында адасқан ұл ретінде ел-жұртымен табысуы оның Кеңес
өкіметін жақтаушылардың қатарына қосылғандығын білдіреді. Қаны тамған ұлтшыл адамды ақыр соңында әкеліп бұлайша көрсету оның әу бастағы идеялық бағытынан бас тартқандығын көрсетеді. Сақа сияқты Кеңес өкіметінің жергілікті басшысы, коммунистік партияның тірегі болып отырған азаматтың әкесі басқа жолды таңдаса, оның алдағы тағдыры басқаша болар еді. Сақаның әкесі еліне оралғаннан кейін кездесуге бара жатып, қалтасына алтыатар салып алуы, Тарас Бульбаның ұлы Андрейді өлтіруін еске алуы таптық күрестің әке мен баланың арасына дейін терең жік салғанын аңғартады. Қытайдан қайта оралған босқындар алдында жергілікті өкімет басшыларының бірі, бұрынғы алашордашыл Сүгірбаев, обком хатшысы Сақа Сағатов сөз сөйлейді. Екеуінің сөзі мағына жағынан екі бөлек шығады. Повесте кертартпа, жағымсыз бейне ретінде көрінетін Сүгірбаев: «Жетісу – қазақ жері, қазақ тұрады... Сендер халық батырысыңдар, осы жердің қожасы сендерсіңдер... Тек біз, қазақтар ғана Жетісу қожасымыз» (37-38-беттер) деп, ешқандай қаймықпастан, ұлтына бүйрегі бұра сөйлесе, Сағатов нағыз большевикше оған дереу тойтарыс береді. Сонан кейінгі сәтті жазушы: «Келгендер үндемеді. Сүгірбаевтың сөзі көбірек ұнаған тәрізді. Сырт пішіндері соған ұқсайды» (39-бет) деп, бейнелейді. Демек, жұртқа сөзі ұнаған адамды жағымсыз кейіпкер деуге болмайтынын автор осындай жекелеген штрихтар арқылы сездіріп отыратыны байқалады. Повестегі ұлтаралық мәселеге қатысты кейбір сәттердің бүгінгі күнге дейін өзектілігі жоғалған жоқ. Отаршылдық тепкісі күшейіп тұрған қиынқыстау замандарда қазақтардың шұрайлы жерлерден қуылып, босаған жерлерге Ресейден қоныс аударған келімсектердің орнығып алғаны тарихи шындық екендігі жөнінде әлі күнге дейін айтылып келеді. Сүгірбаев пен Халфе өз ұлтын сақтап қалу үшін әрекет жасағылары келгенімен, бұл жолдағы қолданатын амал-тәсілдері екі бөлек. Сүгірбаев өзі атқарып жүрген қызмет бабын пайдалануды жөн көрсе, Халфе дін адамы болғандықтан да, мақсатына Ислам дінінің жолымен қол жеткізгісі келеді. Бірақ екеуі де қазаққа теңдік әпереміз деген армандарына жете алмайды. Ұлтараздықты өршітті, «Кеңес өкіметінің қас жауы» деген желеумен жергілікті орындағылар Халфені қамауға алады. «– Бізге мәлім: «Сіз Совет өкіметінің нағыз жауысыз» деген ЧК бастығы Басовтың сөзіне Халфе: «Совет өкіметі емес, орыстың» (139-бет) деп жауап береді. «Бәкен молдаға жиіркене қарады: – Халфе – Совет құрылысына қарсы адам – Орыстардың жауы десеңші? – деді Халфе киліге түзетіп» (141-бет). Осы үзінділерге Халфе Патша өкіметінің де, Совет өкіметінің де қазақтарға дұрыс қарамай отырғанын, өйткені бұның өзі өкімет басында орыстардың билік етуіне байланысты екенін сездіреді. Осы диалогтардағы Совет өкіметінің емес, орыстың жауымын деген жауап саяси тұрғыдан
Халфені бәрібір ақтап тұрған жоқ. Өйткені тұтас халыққа жау болу идеясы ешқандай саяси ұстаныммен сыйыса қоймайтыны сөзсіз. Кеңестік идеология өмірге тек таптық көзқараспен қарау керектігін атап көрсетіп отырады. Ұлттардың бәрі тең деген демагогтік ұранның жалған екендігін З.Шашкин өмір сүрген заманда ешкім айтпаған, айта да алмайтын. Үстем ұлт деген ұғым да ғылыми айналысқа түсе қоймаған еді. Бұл арадағы мәселе езілген ұлт өкілінің отаршыл, үстем ұлтқа деген көзқарасын аңдатып өту ғана. Қаналушы ұлттың үстем халыққа еріксіз жеккөрініштілікпен қарауы заңды дегенді білдіреді. Демек тоталитарлық режимнің қылышынан қаны тамып тұрған заманның өзінде орыс отаршылдығымен ымыраласпайтын күштердің бар екендігін, әлі дәрменсіз болса да, қазақ патриоттарының бастарын бәйгеге тігіп, түрлі сипатта қарсылық көрсетіп баққанын «Ұядан ұшқанда» повесінде жазушы мүмкіндігінше айқынырақ көрсетіп кеткен. Бұл шығарма осындай көкейкесті мәселені өз заманында айтып көркем ойдың өзегіне айналдыра алуымен де құнды. Онда қазақ ұлтшылдарымен (бүгінгі көзқарас тұрғысынан алып қарағанда, ұлт патриоттарымен) бірге Сотников, Тыртышный тәрізді орыс шовинистерінің де бейнелері жасалған. Өкіметке арқа сүйеген бұндай типтер – езілуші халық үшін, соның ішінде қазақтар үшін қауіпті жау. Қазақтың жылқышысын өлімші етіп сабап тастап, жылқыларын өз егіндеріне арандату мақсатымен қасақана түсіріп жіберген әкелі-балалы Сотниковтер қылығы еріксіз жан түршіктіреді. Сол замандарда орыс кулактары мен байлары тарапынан қазаққа тізе батыруды күшейту үшін мұндай араңдатулардың неше атасы болғаны рас. Повесте орыстардың қазақтарға соншалықты жеккөрініштілікпен қарағаны да әр тұстан айқын бейнеленіп отырады. Орыстар біздің заманымызда да қолданатын «калбит» сөзі повестің әр жерінен орынды түрде кездесіп қалады. Оның ұлттық кемітушілікті ашу үшін қолданылғаны анық. Шығарма сюжетіне арқау болатын бұл кезең жайлы Д.Фурмановтың «Бүліншілік» деректі кітабында да жеткілікті айтылғаны мәлім. Ол туындының оқиғасы да жиырмасыншы жылдардың басындағы Верный қаласы маңында орын алған оқиғаларды қамтиды. Көрнекті жазушының көп жердегі ойлары З.Шашкиннің осы аталған шығармасындағы пайымдаулармен үндесіп жататынын да атай кеткен орынды. Әсіресе сол замандардағы орыстардың қазақтарға жасаған қысымын Фурманов Шашкиннен де гөрі ашығырақ жазғанын, ашына жазғанын жасыруға болмас. Оның жоғарыда ауызға алынған фактіге толы атақты еңбегінде қазақтарға тек казак-орыстар ғана емес, қарашекпен орыс мұжықтарының да қысым жасағаны, тіпті қазақтарды орыстың кедейлеріне дейін жек көргені айтылады. Әрине, деректерді, фактілерді келтіруде айырмашылықтар да жоқ емес. Фурманов Қытайға босып ауған қазақтар саны 50 мыңдай десе, Шашкин 40 мың деп
азайтыпты. Бірақ ол осынау аласапыран кезеңде күйзеліс салдарынан 10 адамның өлім-жітімге ұшырағанын ескертіп кетеді. Қалай болған күнде де «Ұядан ұшқанда» повесінде заман шындығы бүкпесіз, боямасыз айқын жазылған. Жазушы таптық мәселеден гөрі ұлтаралық түйткілдерге баса назар аударып, орыс отаршылдығының бет пердесін көркемдік деңгейде, цензура шеңберіне сыймайтын көлемде ашып көрсете алған. Өкімет өзгергенімен, отаршылдық пен шовинизм сыйқының онша өзгеріске түсе қоймағанын ешқандай саясатқа жалтақтамастан-ақ батылдықпен ашып көрсете алған. Бұл шығарма бүгінгі оқырмандарына сол үшін де бағалы демекпіз. Пайдаланылған әдебиеттер: Шашкин З. Ұядан ұшқанда. Повесть. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. – Алматы, 1957. – 200 б. Фурманов Д. Чапаев. Мятеж. – Алма-Ата: Мектеп, 1982. – с.416
ЕЖЕЛГІ ЕСКЕРТКІШТЕРДЕН ЖАЛҒАСҚАН РУХ Орхон-Енисей ескерткіштерінің бітіміне тарихи-лингвистикалық тұрғыдан үңілуімен шектеліп қалмай, әдеби жәдігерлер ретінде зерттелуі әдебиетшілердің ғана емес, жалпы түркологтар назарын аударды дей аламыз. Әсіресе «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» жырларының идеялық мазмұны мен композициялық құрылымы жайындағы пайымдаулар. Бұл арада әсіресе осы аталған ескерткіштерді әдебиеттану ғылым тұрғысынан зерттеуді мақсат еткен И.В.Стеблеваның еңбегі айырықша деуге болады. Оның «Ежелгі түркі әдебиетінің поэтикасы және оның ертеклассика кезеңіне трансформациялануы» атты еңбегінде айтылған құнды пікірлерді бүгінгі ғалымдарымыз ұмытып кетпеулері тиіс. Дегенімен, аталған шығармалардың әрбір компонентін, әрбір қызықты элементін мүмкіндігінше талдап, таразылап, майдан қылшық айырғандай етіп түсіндіріп беру жаңаша көзқарастар тұрғысынан келуді қажетсінеді. Әсіресе ежелгі түркі дастандарының бойындағы жекелеген көркемдік элементтердің кейінірек шыққан қазақ батырлар жырында да кездесетінін неге зерттеу нысанына айналдырмасқа. Орхон-Енисей ескерткіштерінен басқа да әртүрлі жолмен бүгінгі заманға жеткен жәдігерлер аз емес. Солардың ішінде ғалымдардың көбірек назар аударып жүргені – «Алып Ер Тоңға» дастаны. Бұл шығармада да баяғы Иран мен Тұран арасындағы ежелгі қақтығыстардың сипаты көрініс береді. Фирдаусидің «Шаһнама» дастанында жиі ауызға алынатын Тұран елінің бүгінгі Орта Азия елдері екендігі, яғни, түркі тілдес халықтардың мекені болып табылатындығы белгілі. Ол жырда Тұран парсылардың жауы ретінде, ал оның адамдары жағымсыз сипатта бейнеленіп отырған. Түркі тіліндегі шығармаларда бұл екі ел арасындағы әскери-қоғамдық жағдайларға берілетін сипаттамалр басқаша реңде. Мысалы, жаңағы «Алып Ер Тоңға» дастанында парсы сарбаздары Тұран еліне әскери экспансия, былайша айтқанда шапқыншылық қысым жасап, өздеріне керекті деген заттарын, адамдарын тартып әкете береді, даладағы бау-бақшаларын, егіндерін таптайды. Күйзеле бастаған халықтың көтеретін басты қаһарман ол – Алып Ер Тоңға. Соның бастауымен екі жақтың әскері соғысып, ақыры Тұран қолы жеңіп шығады. Кәдімгі Фирдаусидың «Шаһнамасының» қаһарманы Рүстем батыр осы Алып Ер Тоңғамен жекпек жекке шығады. Бұлар бір рет емес, талай мәрте майданда даласында кездесіп, ұдайы тең түсіп отырады. Осы Алып Ер Тоңға бейнесі сол «Шаһнама» дастанында да сомдалыпты. Бірақ ондағы мінез-құлқы жағымсыз сипатта. «Шаһнама» авторы оның есімін Афрасияб деп алған. Қазақтың батырлар жырларына тән белгілер осы «Алып Ер Тоңға» дастанының өн бойында кездесетіні көп айтыла бермейді.Жекелеген
шумақтарды салыстырар болсақ, қазақ оқырмандарына бейтаныстау болып келген осынау көне жырдың мазмұндық құрылымы, көркемдік тәсілдері мен ой қорытындылары нағыз қазақ ауыз әдебиетінің үлгісімен сәйкес шығып жататынын анық байқауға болар еді. Басқасын былай қойғанда, қазақ жырлаырна тән болып келетін түс көру штрихын алайық. Алып Ер Тоңғаның (бір нұсқаларда алып Ер Тоңа) сондағы көрген түсі жырда былайша сипатталады екен: Иран қолы қара құрым қаптаған, Жерімізді аямай-ақ таптаған. Әр найзаға бірі бір басты іліпті, Бір бір басты қолтықтап та жүріпті. Жарқ еткізіп, алмас қылыш жасқады, Қақ ортамнан екі бөліп тастады. Алып Ер Тоңға батырға жер қайысқан қалың қолдың еліне жақындап келе жатқанын сездіретін белгі – осындай қорқынышты түс. Қаптап келе жатқан, әрине, басқа емес, ежелгі жау Иран патшалығңының әскері. Қай зерттеушінің де ұтымды әдістерінің бірі – салыстыру. Қазақтың «Алпамыс батыр» жырындағы қалмақ ханы Тайшықтың қалай түс көргендігін, ол түстің мазмұны осы жырдікіне ұқсас болып тұрғанын зерттеушілердің шендестіріп өтуі орынды. Тайшық түсінде Алпамыс батырдың өзін көрсе, Алып Ер Тоңға қаптаған жау әскерін көрген екен. Осы жырды індете зерттеген Немат Кеілмбетов: «Бір ауыз сөзбен айтқанда, «Алып Ер Тоңға» дастанының мазмұны, идеясы, көркемдік тәсілдері бертін келе, қазақтың батырлық жырларынан өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты. Мұны бәрі ежелгі сақтар біздің арғы ата-бабаларымыз екенін растай түседі» (Үміт үзгім келмейді... 1, 343-б) деген тұжырым түзген болатын. Ежелгі дәуір әдебиетінің ішінен тағы бір көңіл бөлерлік шығармалардың бірі – «Шу батыр» дастаны. Қытай жазбалары арқылы жеткен деректер бойынша қазақ жерінің бір өлкесі Шу деп аталыпты. Бұл жер осы дастандағы Шу батырдың есімімен аталып кеткен екен. Ал сол батыр мекен еткен Шу өзені – бүгінгідей жай өзен ғана емес, ол заманда жер-көкті алып, шалқып жатқан көл-көсір дария көрінеді. Жағалауы қалың қамыс, айдынында құстар жыртылып айырылады. Қалың қамыс ішінде Жолбарыс жатыр жол аңдып, Таудың арғы бетінде Табғаш жатыр бізді аңдып, – деген шумақтағы паралллелизм жырда суреттеліп отырған кезеңдегі жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін аңғартады. Бұл арада ертедегі түркі тайпаларының қытайларды табғаш деп атағаны деректерден мәлім. Шу батыр – Ескендірге (Александар Македонскийге) қарсы шығып, елін, жерін қорғау үшін белін буған есіл ер. Соғыс алдындағы жекпе-жекте
Ескендірдің батырлары жеңіліп қалып, өзі Шу батырмен келісімге келеді. Екеуінің тіпті достасып кеткені де айтылады. Соған қарағанда, Шу – тек батыр ғана емес, жаумен тіл табысып, сөйлесе алатын, оның басқыншылық пиғылын жұмсарта алатын елші де. Ал енді осы «Шу батыр» жырындағы кейбір элементтерді «Ер Қосай», «Қарадөң» батырлар жырында ұшырасатын ұқсастықтармен зерттеуге әбден болар еді. Ғалымдарымыздың талдаған туындыларының бірі – «Еділ батыр» («Аттила») дастаны. Бұл туындыны талдамас бұрын сол замандардағы тарихи оқиғаларға қысқаша ракрус жасап, Еуропа кеңістігінде қалыптасқан жағдайларға түсініктеме беріп кету қажет. Өйтпесе жырды жете талдау, мазмұнындағы белесті, айтулы сәттерге үңіле білу оңайға соқпайды, кейбір жерлері түсініксіз болып қалар еді. Жан-жағына ауызын арандата ашқан сол кездегі алып Рим империясына қарсы тұрар мемлекет болмаған. Алғаш рет оған қысым көрсете бастаған күш – сол кездердегі Герман тайпалары екен. Тарихта германдықтарды тіпті «варварлар» деп те атаған ғой. Осы кезде Еуропа құрылығында пайда болған ғұндар сол германдық тайпалардың өздерін быт-шыт қылып, жеңістен кейін жеңіске жетеді. Енді осы арадағы жекелеген оқиғалар мен тарихи кезең көріністері «Еділ батыр» («Аттила») дастанының мазмұнында айтылған. Сол жағынан алғанда, бұл шығарманың тарихи мәні де осал емес. Зерттеушілер қауымының бір көңіл бөлетіні де – жырдың тарихи маңызы мен қатпарлары. Бұл – ғұндардың Еуропаға қоныс аударып, Еділ өзені мен Атлант мұхиты аралығында билік жүргізіп тұрған дәуірін жыр еткен туынды. Сол себепті аталған дастан кезінде ғұндардың атамекені болған ұланғайыр қыпшақ даласында емес, сол көшпелі тайпалардың ерлік шайқастар жасаған жері Еуропа елдеріне жақсы мәлім болған көрінеді. Шығарманың негізгі мазмұны Каталаунда болған қырғын шайқасты суреттеуге арналған, сол жерде екі жақтың батырлары мен жекелеген белгілі тұлғаларының бейнелері де ашылады. Енді осы шығармада тарихи шындық қаншалықты деңгейде суреттелгенін айқындау үшін арнайы зерттеулерді де қараған жөн болар еді. Осы Аттилаға (Еділ батырға) қатысты қазақ ғалымдарының өздері де зерттеулер жазып жүр ғой. Мысалы, «Қайнар» университетінің ректоры, Еренғайып Омаров «Аттила» деген іргелі зерттеу еңбегін шығары ғой. Ежелгі әдебиет нұсқаларына көз салып, шолу жасап өткен кезде, назарға ілігетін шығармалар қатары аз емес. Соның бірі – көркемдікидеялық болмысымен өзіндік ерешелігі бар «Көк бөрі» атты дастан. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, ол – Ұлы Түрік қағанаты кезіндегі түрлі аңызәңгімелер арқылы өмірге келген шығарма. Бір қызығы – ол аңыздардың мазмұндары ауыз әдебиетіне тән еркін қиялдың, шығармашылық өңдеудің әсерімен ауа жайылып кетпеген. Жекелеген оқиғалар мен тарихи тұлғалар, деректер басқа бастау көздерінде сақталып қалған мәліметтермен ұштасып
жататындығын айтады зерттеушілер. Шығарманың бір тармағы Ашина руы жайындағы аңыздар негізінде дамиды. Ал Ашина атты ру кезінде ғұндардың тайпалық одағына кірген деген дерек бар. Дастанның мазмұны бойынша, Мөде хан таққа отырысымен-ақ, табғаштарға қарсы соғыс ашқан. Ғұндар біртіндеп, Саян-Алтай тауларынан табғаштарды ығыстырып шығарады да, өздері мекендеп, біржола орнығып қалады. Бірақ ортақ жауды қуып тастаған соң ғұн тайпаларының өз арасында келіспеушіліктер орын алып, ақыр соңы үлкен жанжалдарға апарып соққан. «Ашина» сөзі «асыл текті қасқыр» деген мағынаны білдіріпті. Яғни, түркілер өздерінің арғы тектерін бөріге, қасқырға апарып телуі тегін емес екендігі байқалады. Сюжетке негіз болып отырған жайт – қасқырдың бір қаншығы адамнан буаз болып, ақыры Алтай тауының түбінде одан ұрпақ өрбіген екен деген аңыз. Сөйтіп Ашина әулетінен тараған ұрпақ шетінен мықты, қайсар, өжет болып өскен екен. Көрші тайпаның адамдары бұларды осылайша «бөрі тектілер» деп атап кеткен. Сонымен бірге зерттеушілер «Көк бөрі» дастанының сюжеттік желісіне кірігіп кеткен тағы бір аңызда да сол қасқыр ұрпағының қалай өсіп-өнгені жайында да әңгіме болғанына тоқталады. Шу деген ел мұнда да сөз болады. Қапанпу деген батырдың он алты бауыры болған екен. Солардың біреуінің анасы бөрі көрінеді. Елге жау шапқанда батырдың басқа бауырлары қырылып қалып, тек анасы қасқыр бала ғана бір қуысқа тығылып, тірі қалған екен деседі. Кейін ер жетіп, үлкейген кезде әлгі бала екі әйелге үйленіпті-міс. Солардан туған балалардың ең үлкені мейлінше батыр, мықты, өжет болып жаратылған екен. Сол үшін халық ол баланы «Түрік» деп, яғни, «Күшті», «Ержүрек» деп атайтын болған. Бүгінгі түркі халықтары сол Түріктің ұрпағы көрінеді дейді аңыз. Осы аңыздардың мазмұнына үңілген жағдайда,бүгінгі түркі халықтарының арғы тегінде қасқырға қатысты оқиғалар айтылатыны назар аудартады. Және көне жырларды талдау барысында тек сол замандағы тарихи оқиғалармен, өмірде орын алған жайлармен шектеліп қана қалмай, кейінірек қазақ халқы қалыптасқан замандарда өмірге келген батырлар жырларының мазмұнымен ғана емес, осы бағыттағы арнайы ғылыми еңбектермен де салыстыру қажет. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен сюжеттердің ұқсастығына, сонымен бірге талас-тартыс туғызатын ситуациялардың ерекшеліктеріне назар аударуды да жадымыздан шығармаған жөн. Осы айтылған дастандарға үндес тағы бір шығарма – «Ергенкон». Мазмұнында кездесетін күрделі құбылыстарға талдау жасаған адам олардың кейбірінің тарихи шындықтармен салыстыруға да көңіл бөлмек. Бұл дастанның мазмұнына енетін кейбір сюжеттер тарихи кезеңдердің шетшекараларында болған жекелеген оқиғаларды көрсете алатын көрінеді. Н.Келімбетовтың дәлелдеуіне қарағанда, ғұндар мемлекеті ыдырағаннан
кейін, көк түріктердің алғашқы мемлекеті Түрік қағанаты құрылған. Бірақ осы екі аралықта 450 жылдай уақыт өткен екен. Аталып отырған «Ергенкон» дастанының мазмұнын құрайтын оқиғалар осы кезең ішіндегі елеулі деген оқиғаларды қамтиды. Бас қаһарман Иль хан өз елінің, жерінің азаттығы үшін болған шайқастардың бірінде ерлікпен қаза табады. Тек өзі ғана емес, жігіт болып қалған балаларының бәрі де жау қаруынан шейіт кетеді. Аман қалатын – кенже баласы Қаян мен Иль ханның жиені Тоғуз ғана. Осы екеуі бірігіп, тіршілікке қолайлы Жерұйық мекенін іздеп таппақ болып, көп әуреге түседі. Ақыр соңында көңілдеріне ұнайтын ондай жер табылып, соған ат басын тірейді. Үлкен дарияның бір жағы – жемістері жайқалып тұрған бау-бақша, екінші жағы – шөбі шүйгін кең жазира жайлау болып шығады. Бұл жер ағайынды жігіттердің көздеріне керемет ғажайып жұмақтай болып көрінеді. Әлгі қонысты «Ергенкон» деп атап кеткендері де сондықтан екен. Сөйтіп қазақтың Асан қайғысы таба алмаған Жерұйыққа «Ергенкон» дастанының қаһармандары кезіккен екен. Мұндағы «Ергене» сөзі көне түркі тілінде «Тау арасындағы шатқал» дегенді білдірсе, «кон» «қоныстану» дегенмен түбірлес, мағыналас сөз көрінеді. Осы арада түркілер арасынан шыққан Бөрте Шен деген батырдың халқына ұран тастауы, жекелеген зерттеушілердің пайымдауынша, қазақтың кейінгі туған батырлар жырында жалғасын тауыпты. Мысалы, мұндай жағдай «Ер Қосай» жырында да бар екен. Халқына құтты қоныс, тіршілікке қолайлы жер іздеу сюжеті – қазақтың кейінгі шығармаларының да идеялық сарыны болып табылады. Оның ең айқын үлгісі – Желмая мініп, жер іздеген Асан қайғы туралы аңыз. Асан қайғының көптеген жерлерді көріп, баға беруі, көрген жерлерінің бәрі ұнағанымен, жекелеегн кемшіліктер атуып алып, соған бола ол араға қоныстай алмауы –«Ергенекон» дастанында бастау алған идеялық ойдың, сюжеттік желінің ұштала түсуі. Шығыстағы кең тараған қиссалардың бірі – «Хұсрау-Шырын» поэмасы. Осы шығарманы жан-жақты зерттеп, өзінің айтуға тиісті ойларын жеткізуде тұжырымды ұстанымға келген ғалымдарымыз да бар. Бұл арада осы аталған әдеби жәдігердің синкреттік табиғатын жан-жақты ашып көрсету барысындағы еңбектерінің өзі бір төбе десе де болғандай. Шығыс халықтарының, соның ішінде түркі тектес жұрттардың арасына кең тараған бұл шығарма бір замандарда Әбілқасым Фердаусидың «Шаһнама» эпосындағы сюжеттерден тармақталып шыққан деуге негіз бар. Оның кейін әзірбайжанның ұлы ақыны Низами «Хұсрау уа Шырын» деген атпен жеке дастан етіп шығарған. Тұл туынды жалпы сюжетті ортақ қылып алғанымен, табиғи құрылымы мейілінше өрнектелген, айшықталған, сюжетінің басаяғы жұмырланып келген шығарма болып табылады.
Бүкіл шығыс халықтарында аталған туындының негізінде дараланып шыққан алпыстан аса бөлек туынды бар көрінеді. Және олардың алғашқы сюжеттік желісінде өмір шындығының жатқандығы да назар аударарлық. Тұтастай алып қарағанда, бұл аталған поэманың оқиғасының дамуы күрделі. Иран елінің Хормуз деген патшасы перзентсіз көре алмай жүріп, құдайдан күндіз-түні бала тілейді. Ақыры осы тілегінің нәтижесінде өмірге Хұсрау есімді бала дүниеге келген. Мехибану деген патшайым басқаратын елде сол патшайымның туысқан қызы Шырын деген аса көрікті ару өмір сүреді. Хұсраудың ғашықтықпен армандайтын қызы – осы. Қыз болса, бір суретші салған Хұсраудың суретін көріп қалып, сол жансыз бейнесі арқылы жігітке ол да сырттай ғашық болады. Сол арада Хұсрау тақ таласы, елге ие болу сияқты интригаларға араласып кетіп, махаббаттан тыс оқиғалардың арасында жүреді. Бұның сюжеттің босаңсуына емес, мағыналық жағынан ширыға түсуіне әсер еткенін ескеру керек. Хұсрау ақыры Рим әскерінен көмек сұрап, солардың көмегімен мақсатына жетеді де, Рим императорының қызы Мариямға үйленеді. Бірақ бәрібір оның ғашық жаны – сол Шырын. Сол арада бірсыпыра оқиғалар өтеді де, ақыры Шырынға Фархад есімді тас қалаушы жігіт ғашық болып қалады. Тағы да тақ таласы үшін түрлі оқиғалар орын алып, Хұсраудың Мариямнан туған ұлы Хұсраудың өзін өлтіріп тынады. Осындай қасіретті жағдайға шыдай алмаған соң, ғашығының қабіріне барып, Шырын өзін өзі өлтіреді. Осынау атақты поэма жайында сол замандардың әдеби ескерткіштерін зерттеген Немат Келімбетов: «Адам бойында ең асыл қасиеттерді – адамдықты, мейіріділікті, бауырмалдықты, мөлдір махаббатты, білімділікті, еңбек сүйгіштікті ту етіп көтерген бұл дастанның зор тәрбиелік, танымдық мәні бар» (2, 183-б.) деп түсінікті баға берген болатын. Жоғарыда келтірілген сюжеттердің біразы қазақтың діни дастандарында да жолығып қалып жатады ғой. Демек тағы да салыстыра кетуге тура келетін, сөйтіп белгілі бір ғылыми қорытынды жасауға болатынын осы тақырыпта еңбек етіп жүрген жас ғалымдарымыз ескере білсе дейміз. Қазақ халқы халық ретінде әлі қалыптаса қоймаған кезеңдегі тек түркілік ұғым-наным, дүниетаным ықпалындағы жұрттардың әдебиеті жөнінде зерттеу жүргізу инемен құдық қазғандай десек, әсірелей айтқандық бола қоймас. Бұл шаруаға бүгінгі күнге дейін қазақ ғалымдары да өз заманында батылдықпен кірісіп, келешек ізбасарларына үлгі-өнеге көрсете білді. Бұл тұрғыдан алғанда ежелгі заманның әдебиетін зерттеу мәселесі бүгінгі жастарды да қызықтыра білсе дейміз. Тіпті діттеген мақсаттарына, ғалымдық аңсарына айналдырса қандай жақсы болмақ. Ежелгі әдебиеттің бастауларын зерттеу – қандай ғалым үшін де оңайлықққа түске қойматын аса күрделі жұмыс. Бұндай еңбекке, былайша айтқанда, дайындығы мол, өзіне сенген ғұлама адам немесе таңдап алған
тақырыбына мейлінше қызыққан адам ғана емін-еркін кірісе алмақ. Шағын мақаламызда білдіргіміз келген емеуірін – сол көне әдеби жәдігерлердің сюжеттік, мазмұндық ұшқындарының қазақ жырларында да кездесіп жататындығы жайлы ғана. Пайдаланылған әдебиеттер 1. Стеблева И.В. Поэтика древнетюркской литературы и ее трансформация в раннеклассической период. Москва: 1976. 2. Келімбетов Н. Үміт үзгім келмейді. Хикаят-монолог, эссе. – Алматы: Раритет, 2005. 432 б. 3. Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселелері. Ұжымдық ғылыми еңбек. – Алматы: 2011, 250 б. 4 Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Оқулық. Алматы: Ана тілі, 1991. 264 б.
КӨРКЕМДІК ТІРЕК – ДЕРЕКТІ НЕГІЗДЕР Кеңес дәуірінде жазылған көркем туындылардың барлығын бүгінгі таңда қайтадан қарап, тәуелсіздік биігі тұрғысынан жаңаша талдап шығу шарт емес. Бірақ жекелеген прозалық шығармаларды сол өткеннің күннің еншісіне теліп, біржола жылы жауып қоя салуға тағы болмайды. Көркемдік қана емес, танымдық мәні бар жекелеген үлгілерге кейде қайта айналып соғып, тиісті ерекшеліктерін талдап өтуге тура келетін жағдайлар болады. Сондай туындылардың бірі М.Қаратаевтың «Даладағы дабыл» романы деп білеміз. Өйткені бұл шығарманың Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласындағы саяси-қоғамдық және экономикалық өзгерістерді танып, түсіне білуде, дәуір тынысын сездіруде өзіндік орны бар. Ондағы оқиғалар 1913 жылдың қыс айларынан басталады да, жарты ғасырға жуық уақытқа созылып келіп, 1961 жылғы ғарыш дәуірінің ашылуына келіп бір-ақ тіреледі. Көркем кеңістіктің қамтитын ауқымы – негізінен Байқоңыр даласы. Бір замандарда осы өңірде қазбалы металдар табылып, заводтар салынса, кейін Ю.А.Гагарин мінген ғарыш кемесінің үні оның атын әлемге таратқаны белгілі. Жазылу формасы мен әңгімелеу мәнері жағынан бұл шығарма өзге романдардың стандартты қалпын қайталай бермейді. Кейіпкерлердің алға қойған мақсаттары жалпылай белгілі болғанымен, романның бүкіл фабуласы жекелеген ұсақ оқиғалардан, эпизодтар мен кейіпкерлер арасындағы пікірталастардан тұрады. Автор кейіпкерлер басынан өткізген әлеуметтік мәселелер мен проблемалардың әрқайсысын жекелей талдай отырып, өзі нысан етіп алған уақыттың көркем бейнесін жасайды. Деректі негіздерге табан тіреген түрлі сюжеттердің тоғысып, қиысып жататын арналары негізінен екі түрлі. Оның – біріншісі Қазан төңкерісі мен Азамат соғысы аяқталған кезеңге дейінгі уақыт шындығына көркем барлау жасау болса, екіншісі Совет өкіметі орнап, қоғамдық-саяси ахуал бір қалыпқа түскеннен соңғы өндірістік мәселелерді баяндау. Алғашқы бөлімде нағыз көркем туындыға тән компоненттер толық, адамдар арасындағы тартыстар, ширыққан оқиғалар мен көркем суреттер баршылық. Ал Совет өкіметі орнап болғаннан кейінгі өндірістік мәселелер сөз болатын тұста шығарманың мазмұны таза деректілік сипатты иелене бастайды. Тарихта болған нақты адамдар, Қарсақбай, Жезқазған, Байқоңыр сияқты өндіріс ошақтарының пайда болып, одан ары қарай өркендеуі жолындағы әрекеттер үздіксіз баяндалып отырады да, жекелеген адамдардың образдары мен тағдырлары артқы планға ысырылып қалады. Жаңадан аталған адамдарды былай қойғанда, романның бастапқы тарауларында көрінген кейіпкерлердің тағдырлары туралы әңгімелер де сұйылып кетеді. Кезедесетіні – жекелеген сүреңсіз баяндауалр ғана. Алғашқы бөлігінде бас кейіпкер Иван Васильевич Деевтің Елена деген қызды көріп ғашық болуы, екеуара жастық сезімдердің өрбуі әжептәуір көркемдік деңгейде әңгімеленіп келген
болса, енді осы кейпкерлердің есейген жылдарындағы жеке тағдырлары құрғақ қана хабарланады. Екінші сөзбен айтқанда, «Даладағы дабылдың» деректілік-танымдық қыры басым көрінеді. Бұның өзі шығарманың таза көркемдік болмысына ықпал жасап, кей тұстарда образдылықтың бояуын бәсеңдетіп алады. «Даладағы дабылдың» бас қаһарманы Деев Иван Васильевич – революциялық істерге қатысқаны үшін Қазақстанға жер аударылған фельдшер. Табиғаты қатал, байырғы тұрғындарының таным-түсінігі мен салтдәстүрі бөлек ортаға келіп түскен ол жергілікті жағдаймен ұзақ танысып жатпастан, бірден-ақ жаңа ортаның проблемаларын шешуге араласып кетеді. Орыстардың көзқарасымен алғанда жабайылық тұнып тұрған осынау жапан далада ол бастапқыда өз мамандығы бойынша үлкен сұранысқа ие болады. Байқазы байдың қызы Қаракөзді емдеуден бастаған оның дәрігерлік тіршілігі ары қарай жалғаса берер еді, бірақ даладағы жұмысшы қауымның арасына жеткен революция ұшқыны оның өмірін тағы да ескі арнаға бұрып жібереді. Ол революция алдындағы және Совет өкіметін орнату жолындағы қауіп-қатерге толы қат-қабат істерге араласып кетуге мәжбүр болады. Бел шешіп, дем алу дегенді де білмей, Қазақстанның Байқоңыр, Қарсақбай, Жезді, Теміртау және тағы басқа жерлеріндегі өндіріс ошақтарының аса ауқымды проблемаларын шешумен шұғылданады. Бір жағы тап күресінің қайнаған ортасында, енді бірде өндірістік мәселелердің өтінде жүріп, өз жұмысына әбден ысылған еңбекқор да адал Деевтің жанкештіліктен тұратын өмірін сол замандардағы көптеген адамдарға тән типтік құбылыс ретінде бағалау жөн болар. Өз ісіне мейлінше берілген осынау азаматтың көнбістігі мен ішкі қуатының күштілігі қайран қалдырады. Шығарма соңында жасы сексенге келсе де, әлі қатардан қалмай, ел аралап, Совет өкіметінің жеңісі, өзі қатысқан өндіріс ошақтарының тарихы жайында лекция оқып жүруі Деевтің бүкіл ғұмырын қоғам жұмысына арнағандығын білдіреді. Романда Деевтің ұзақ өмір жолында ұшырасып отырған әртүрлі адамдардың аттары аталып, олардың жаңа өмір құру жолындағы еңбегі баяндалады. Олардың арасында Прохор Холмецкий, Никольский, Харслей, Жұмабай, Байқазы, Кейкі, Жүсіп Жанбосынов, Құралай, Ғатаулла молда, Шахмет ишан, Әліби Жанкелдин (Степанов), Елена Михайловна, Қайыпбай-Сәуле, Нұрмағамбет Саусақов, Гержут, Атбасар ревкомынан Веденеев, Якволев, Козлов, Омар Шипин, Сабыр Шәріпов, Амангелді Иманов, Дроздовский, Комиссаров, Бәтешев, Мазғұтов, Токарев, Черньядев, Қаныш Сәтбаев, профессор Усов, Мухачев, С.Орджоникидзе, А.Дәрібаев, сияқты әртүрлі топтың өкілдері бар. Осы тізімнен көрініп тұрғандай, шығарма кейіпкерлерінің басым бөлігі – есімдері тарихта қалған белгілі тұлғалар. Бірден басын ашып айтатын нәрсе – көркем кейіпкер ретінде бұлардың барлығы пісіп-жетілмеген. Олар жайлы жазушы публицистикалық хабарлама ғана жасайды.
Шығарманың өн бойында тартыс жеткілікті. Бірақ олардың барлығы кейіпкер бейнесін ашуға тікелей қызмет ете алмайтын, негізінен саясиқоғамдық немесе өндірістік проблемаларды шешуге арналған көркемдік мәні төмен тартыстар. Романдағы суреттер мынадай болып келеді: «Жолда ұшы-қиыры жоқ қарлы дала. Аязды ашық күні аппақ қар күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етеді, кейде бетін қызыл, жасыл, шикілі жалын шалып құлпырады. Ал кешке таман, күн батарда шапан жамылған дала бір түрлі ғажап жаңғырып, керемет жайнап кетеді». Қысқы пейзаждың салынуы осал емес, сөзбен салынған жанды сурет оқырман көз алдына қарлы даланың айшықты көріністерін алып келеді. Бірақ шығарманы өнбойы осындай бедерлі тіркестермен өрнектеледі десек, қателескен болар едік. Романның тілі жатық болғанымен, тәжірибелі оқырман аударма туынды оқып отырғандай әсерде қалады. Оның себебі шығарманың бас кейіпкерінің орыс адамы болуынан және көптеген диалогтар мен ойлау жүйелерінің орыс тілді кейіпкерлер арасында өрбіп отыруынан шығар деп жобалауға болады. Бүгінгі тәуелсіздік деңгейінен, еркін түрдегі эстетикалық көзқараспен қарағанда, Мұхамеджан Қаратаевтың «Даладағы дабыл» романы – көркем және деректі туындылардың өзінше бір синтездік үлгісі. Кеңестік саясаттың лебі есіп тұрағынмен, уақыт шындығын сездіруге қуаты жете алатын, қазақ прозасында сирек қозғалатын тақырыпты игере алған кесек туынды.
ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖЫРЛАРЫ Ұлы Отан соғысы кезінде майдан басылымдарында жарық көрген өлеңдерге шолу Адамзат тарихындағы дүниені дүр сілкінткен аса ірі оқиғалардың бірі – жиырмасыншы ғасырдағы Екінші дүниежүзілік соғыс. Жер-жаһанды отымен өртеп, жалынымен жалмаған осынау алапат өрттің ең үлкен тармағы фашистік Германияның екі құрылықты алып, әлемнің алтыдан бірін табанына таптап жатқан алып держава Кеңестер Одағын қарсы соғыс ашуы болды. Егерде осынау қуатты мемлекетті жеңген жағдайда Гитлер бастаған Германияның бүкіл дүние жүзінің елдері қол астына қаратып, адамзатты ауыр қасіретке душар етері сөзсіз еді. Адам айтқысыз обырлықпен, қатігездікпен басталған жантүршігерлік соғыс Кеңестер халқы үшін адам айтқысыз ауыртпашылықтар әкелгені тарихтан жақсы белгілі. Кейінгі жылдардағы мәліметтерге қарағанда, 1941-1945 жылдар аралығында қырылған халықтың саны 22 миллион мен 25 миллионның арасында көрінеді. Осылардың ішінде қазақ халқының шығыны да аз емес, соның алдында ғана ашаршылықтан қырылған халқымызды соғыс өрті тағы да тікелей жалмап, әбден ойсыратып кетті. Алдыңғы шептегі жауынгерлердің рухын көтеру үшін сол жылдары қазақ тілінде ашылған майдан газеттерінің өзі бірнешеу. Бұл жөнінде тарихшы ғалым Г.Әбішев өзінің «Казахстан в Великой Отечественной войне» деп аталатын зерттеуінде мынандай мәліметтер келтіреді: «12 ноября 1942 года вышли первые номера шести казахских фронтовых газет: красноармейская газета Западного фронта – «Қызыл әскер ақиқаты» («Красноармейская правда»), красноармейская газета Брянского фронта – «Жауды жоюға» («На разгром врага»), красноармейская газета Калиниского фронта – «Жауға қарсы аттан» («Вперед на врага»), красноармейская газета Волховского фронта – «Майдан ақиқаты» («Фронтовая правда»), красноармейская газета Первого Украинского фронта – «Отан намысы үшін» («За честь Родины»), красноармейская газета Ленинградского фронта – «Отан күзетінде» («На страже Родины»), Кроме того, до этого выходила красноармейская газета на казахском языке 8 гвардейской имени генерала-майора Панфилова стрелковой дивизии «Отан үшін» («За Родину») (с.211 Абишев Г. «Казахстан в Великой Отечественной войне», Алма-Ата, Казгосиздательство, 1958, С.364) Бұл айтылғандардан басқа қазақ тілінде «Майдан» деп аталатын журнал да жарық көрген. Осылардың біреуі көптеу, біреуі аздау дегендей, дұшпанмен бетпе бет келіп, соғысып жүрген қазақ жауынгерлерінің арасында әр деңгейде тарап отырған. Атыс-шабыстың арасында осындай мерзімдік басылымдарды ұйымдастырып, оған материалдар даярлап, басып шығару жұмыстарының тіпті де оңайға соқпағаны анық. Әскери тақырыпта қазақша жазатын журналист кадрлары жетіспейтін
арпалысты соғыс жағдайында осындай мерзімді қазақ баспасөзін шұғыл ұйымдастырудың өзі орасан зор қажыр мен оралымдылықты қажет еткені айтпаса да түсінікті. Соған қарамастан, қазақ тіліндегі майдан газеттері бірінен кейін бірі ашыла берген. Бұл турасында Г.Әбішев келтіретін тағы бір мәліметтер мынандай: «Несколько позднее, кроме, перечисленных, допольнително стали выходить на казахском языке следющие газеты: красноармейская газета І Белорусского фронта – «Қызыл Армия» («Красная Армия»), красноармейская газета 2 Белорусского фронта – «Майдан ақиқаты» («Фронтовая правда»), красноармейская газета І Прибалтийского фронта – «Жауға қарсы аттан» («Впред на врага»), красноармейская газета 2 Прибалтийского фронта – «Суворовшы» («Суворовец»), красноармейская газета 3 Украинского фронта (ранее Юго-Западный фронт) – «Совет жауынгері» («Советский воин»), красноармейская газета 4 Украинского фронта – «Сталин туы» («Сталинское знамя»), красноармейская газета Волховского фронта – «Отан үшін ұрысқа» («В бой за Родину»), красноармейская газета Дальневосточного фронта – «Дабыл» («Тревога»)» (Сонда, 215-б.) Міне, осы газеттердің барлығында, негізінен, соғыстың барысы жайлы түрлі ақпараттар, халыққа, жауынгерлерге рух беретін жалынды сөздер жарияланып тұрған. Майдангерлердің жігерін жанып, намысын қайрайтын, еңсесін көтеретін сөз құралының бірі майдан жырлары болды. Бүгінде сарғайып кеткен газеттерді парақтап отырсаңыз, оқ пен оттың отасында өмірге келіп, сиясы кеппей жатып басылған сол бір соғыс өлеңдерінің қарапайым қазақ жауынгерінің жүрегіне қаншалықты әсер еткенін жан дүниеңізбен сезініп, түйсінгендей боласыз. Ол жырлардың әрқайсысынан туған ел мен Ұлы Отанға деген шексіз махаббаты, көзсіз берілгендікті аңғарасыз, миллиондаған патриоттардың бір кісідей қимылының ырғағын сезінесіз. Отқа оранған өлең шумақтарынан бейбіт елді қанға бөктіріп жатқан қатігез жауға деген өлшеусіз өшпенділік те атойлап алдыңыздан шыққандай болады. Сонымен бірге бұл жырларда соғыстың бет алысын, динамикасы мен атмосферасын сездіретін бейнелі жолдар аз емес. Қан майданның сұрапыл тынысы құлағыңызда жаңғырып, арпалысты сәттері көз алдыңызға сурет болып тартыла қалады. Жекелеген майдандарда, алғы шептерде болып жатқан ірілі-кішілі оқиғаларды суреттеу барысында кейінгі оқырман үшін мәліметтер ұсынатын шумақтар да баршылық. Тағы бір көңіл бөлерлік нәрсе – аталаған газеттердің беттерінде жарияланған өлеңдердің бірсыпырасының оқиғаға, сюжетке құрылуы. Мұндай жырлардың типтік үлгісі әсіресе Асқар Тоқмағамбетовтың, Сағынғали Сейітовтің шығармашылығында мол болыпты. Атап айтқанда, жанры көрсетілмесе де, С.Сейітовтің «Менің атым», «Пеш жанында», «Жалау», «Таныс әйел», т.б. өлеңдері баллада жанрының талаптарына жауап бере алатыны анық. Сатира жанрының талабымен өлең жазғандардың басында қазақтың көрнекті сықақшысы Асқар Тоқмағамбетов тұр деуге болады. Ол кісінің
сын-сықақтары мен памфлеттері де соғыс өртін тұтандырушыларды аяусыз шенеп, сын садағына іліндіріп отырған. Майдан газеттерінде аракідік соғыс тақырыбына арналған аударма өлеңдердің жарияланып тұруы да назар аударарлық. Атап айтқанда, ондай өлеңдер орыстың атақты қаламгерлері К.Симоновтан, А.Прокофьевтен және басқаларынан қазақшаланған. Аудармашылары – Р.Сансызбаев, Қ.Сағындықов, С.Сейітов және тағы басқа ақындар. Сондай-ақ орыс тілді ақындар М.Степанов қазақ мергені Райыс Биқұтбаевқа, Николай Титов қазақ ұшқышы Нұркен Әбдіровке арнау өлеңдер жазыпты. Соғысқа қатысқан қазақ ақындарының біразы оқырман жұртшылыққа ең алдымен осы майдан газеттерінің беттері арқылы танымал болған. Атап айтқанда, соғысқа дейін-ақ әдеби қауымға жақсы белгіліЖ.Жабаев, С.Мұқанов, Ә.Сәрсенбаев, А.Тоқмағамбетов, Ж.Саин, Ж.Сыздықов, Қ.Әбдіқадыров, Д.Әбілевтердің өлеңдері осы газеттерде жиі жарияланып тұрған. Сонымен бірге олардан кейінірек шыққан буынның өкілдері С.Сейітов, Ж.Молдағалиев сияқты ақындардың аты-жөндері алдымен газеттер арқылы көрінді. Сонымен бірге белгілі қаламгерлер С.Машақов, Н.Манашев, С.Омаров, Қ.Бекхожин, Қ.Көпішев, Қ.Сатыбалдин, С.Бақбергенов, Ә.Нұршайықовтар осы газеттер арқылы да өздерінің ақындық қырларын байқатыпты. Бүгінгі оқырман Ә.Нұршайықовты тек прозашы ретінде таниды, ал ол кісі әдеби шығармашылықтағы алғашқы қадамын соғыста жүріп өлеңнен бастағанына осы газеттердегі жарияланымдары дәлел. Майдан шебіндегі ақындардың қаламынан қазақ поэиясының көрнекті үлгілеріне айналған өлеңдер де өмірге келген. Мысал үшін алғанда, Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңі осы майдан алаңында туып, екі бірдей басылымда жарияланған екен. Майдан өлеңдерінің авторлық контингентіне қарап отырып, кейбір ақындар анда-санда ғана төбе көрсетсе, енді бір авторлар із суытпай, жиі жарияланып тұрған. Солардың арасынан есімдері әсіресе жиі ұшырасатындар –Қалмахан Әбдіқадыров, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев есімдері.Кейде тіпті бұл кісілер өздерінің поэзиялық туындыларын бүркеншік атпен де жариялаған екен. Айталық. Ж.Жайықұлы, Ж.М. және т.б. деп қол қойылған өлеңдердің жазылу машығына, ақындық стиліне қарап, олардың авторының Жұбан Молдағалиев екенін аңғару қиын емес. Атыс пен шабыстың, шабуыл мен дауылдың, өмір мен өлімнің арасында асығыс сүйкеліп, жедел жарық көрген шумақтардың көркемдік талап тұрғысынан кемшін соғып жатуы да табиғи. Бірақ соған қарамастан, ондай жырлар өзінің соғыс рухын және сол соғыстың ортасында жүрген жауынгердің жан дүниесін, көңіл ауанын жеткізе алуымен, бір ауыз сөзбен айтқанда, шынайылығымен бүгінгі ұрпақ үшін аса қымбат. Біз сол бір қанды кезең жырларынан аталарымыз бен бабаларымыздың жауынгерлік тұлғасын, Отанға, елге деген жалындаған шексіз махаббатын көре аламыз.
Сонымен бірге бүгінгі өскен әдебиетіміздің биіктігінен көз салған кезде ешқандай да олқы соқпайтын, сол марқайған әдебиеттің оқырманын да эстетикалық-көркемдік өресімен сусындата алатын өлеңдер де жеткілікті. Мысалы: Соғыс бітер, той жасап, Қуанышты болармыз. Сонда мұны «Махаббат музейіне» қоярмыз, – деген шумақ қысқа да нақтылығымен әрі айтар ойының сонылығымен елең еткізеді. «Махаббат музейі» – тың тіркес екендігі сөзсіз. Бұл – көрнекті ақынымыз Жұбан Молдағалиев өлеңінен үзінді. Бұл газеттерде соғыста жүрген ақындармен бірге ел ішінде жүрген халық ақындарының да жырлары жарияланып тұрған. Атап, айтқанда, Ж.Жабаев, М.Хакімжанова, М.Жапақов, Д.Әлімбаев, С.Керімбеков, Ғ.Орманов және т.б. ел ақындары майдан газеттеріне соғыс жағдайында қуатты идеологиялық қаруға айналған сөз-семсерлерін жолдап отырыпты. Енді бір назар аударатын жағдай – аталған белгілі ақындармен бірге майдан газеттерінде есімі әдебиет тарихына енбеген, бүгінгі оқырманды былай қойғанда, соғыстан соңғы зиялы ұрпақтың өзіне де беймәлімдеу есімдердің кездесуі. Біздің мақсатымыз да – ұрпақ санасында сарғайып, көмескі тартқан сондай аяулы есімдерді қазақ әдебиетінің жаңа буын оқырмандарына ұсынып, таныстыру. Атап айтқанда, өлең авторларының арасында Рахымжан Сансызбаев, Ш.Шақарбаев, Қабікен Тауабилиев, Ақан Серікбаев, Есен-Ғали Бөкенбаев, Ақан Күйікбаев, Қасымхан Хамзин, Исағали Бұтабаев, Ережеп Нұрсейітов, Сейітәлі Әлиханов, Мұқыш Сымағұлов, Баймахан Кәрібаев, Қасымхан Қонаев, О.Аяпов, С.Жайдарбеков, Нағашыбай Алтаев, Арыстан Қазыбеков, Әнуарбек Сейітжаппаров, С.Хасанат, Қимаш Нығыманов, Бәткен Сағындықов, Жанай Мырзашинов, Нұрдәулет Жапасбаев, С.Рамазанов, Сексен Дайырбеков, Жанат Мырзажанов, С,Әжмағамбетов, Ырыс Төребаев, Ғ.Қасымханов, Е.Көркембаев, С.Жайдарбеков, Мәкіш Әмірбеков, Тоқтарбек Дүрімбетов, Әділбек Нұрмағамбетов, Қимаш Нығыманов, Байғали Жәленов, З.Әбенов, Қ.Досанов, Т.Әлжанов және т.б. қаншама белгісіз есімдерді оқи аласыз. Бұлардың барлығы ақындық жолға түсуді мақсат етпеген де болуы мүмкін. Кейбірінің жазған шумақтары поэзияға қойылатын көркемдікэстетикалық талаптарды қанағаттандыра да қоймас. Бірақ ақын ретінде белгісіз жекелеген авторлардың поэзия деген кінәмшыл да айбынды жанрдың табиғатын жете түсіне алатындығына көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Мысалы: Ашулы арыстанша біздің Болат,
Тұрса да жаудың оғы қарша борап, Ел үшін, Отан үшін алға ұмтылды, Жүрегін оттан қайтпас жігерге орап, – деп, кәнігі ақындарша қалам сілтеген қызылфлотшы С.Рамазановтың көркемдік талғамына күмәнмен қарауға құқғымыз жоқ. Немесе капитан Ж.Уәлитов «Катюша» мергені Қасымбеков деген жауынгердің атынан былай дейді: Ие бол, көлікшілер, аттарыңа, Кетпеңдер үріккен аттар қатпарында. Ашып тұр ауыздарың, әсте жаппай, Мен қазір «Катюшадан» атқанымда. Бұл арада тәнті ететін нәрсе – соғыс шындығының бір-екі детальмен ғана берілуі. «Ауызды ашып тұр» деудің себебі – артиллериялық қару атылғанда оның қасында тұрған адамның аузын ашып тұрмаса, қатты қысылған ауа толқыны құлақты жаңғыртып, адамды естен тандырғандай етіп мәңгіртіп жібереді. Бұл – әскери адамдардың арасындағы жазылмаған заңдылықтардың бірі. Тұтастай алып қарағанда, жоғарыда келтірілгендей төрт аяғын тең басқан көркем де отты шумақтар аталған газеттерде баршылық. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, бұл кісілердің кейбірі осы соғыста тіпті шейіт кетіп, жеңіс күнін көре алмай қалуы да ғажап емес. Егер тірі болса, осылардың ішінен кейін есімдері республикаға белгілі ақындар шығып қалуы да ықтимал еді деген ой келеді. Тізімдегі ақындардың әскери шендері де әрқилы, әскери курста оқып жүрген курсанттан, қатардағы жауынгерден бастап офицерлік құрамның өкілдері де кездесіп жатады. Тіпті С.Рамазанов деген автор өлеңінің астына «қызылфлотшы» деп жазыпты. Аталған газеттердің беттерінде қан кешіп, өрттің ортасында жүрген перзенттеріне дем беріп, рухтандыру үшін хат жазған ел ішіндегі ақындар есімдері де кездеседі. Солардың арасында айтпай кетуге болмайтын бір есім – Гүлжамал Айбосынова деген қарт ана. Бұл кісі де өзінің майданда жүрген баласы Құлмағамбет Өтелбаевқа деген аналық ықыласын мынадай жолдарға орап жеткізіпті: Отаны мыңға балаған, Үлгілі ұлдың анасы, Төк жырыңды, Күлжамал! Жетпіс жасқа келгенде, Толғатып қайта, қалжа жеп, Өлеңнен шашу сен шашсаң, Той жасап, халқың жиналар. Ой мен қырды шырқатып, Күнің туды қозғалар. ...Жырым болат ақ семсер,
Бүйіріне жаудың қадалар. Жауды жырмен түйрейін, Жусатып оқпен жүргенде, Менен туған балалар. Көңіл бөлетін тағы бір жағдай – майдан газеттерінде жарияланып тұрған Жамбыл ақынның өлеңдері. Бұлардың басым бөлігі әдебиет тарихынан жақсы таныс. Олар жөнінде әдебиеттанушыларымыз бен жамбылтанушылар өз кезінде жеткілікті баға бергені де белгілі. Десек те, ақынның 150 жылдық мерейтойына байланысты 1996 жылы жарық көрген екітомдық жинағына енбей қалған өлеңдері де кездесті. Мысал үшін алғанда, ұлы ақынымыздың «Ердің ері», «Сталин ұлы заңы», «Бақыт құсын ұстадым» деп аталатын өлеңдері. Тағы бір назар аударатын жағдай – өлең жарияланған мерзімдік басылымның атына қарап, жоғарыда келтірілген тізім бойынша, оның қай майданда шығарылып тұрғандығын анықтау қиын емес. Базбір оқырмандар аталған есімдердің арасынан өздерінің аталарының немесе әкелерінің аттарын кездестіріп қалуы да мүмкін ғой. Кейбір ақындар бірнеше газетте қатар жарияланып жүрген екен. Сондықтан бір автордың есімінің әр тұстан кездесе беруі де заңдылық. Ең бастысы – осынау қанмен жазылған өлең жолдарында тілмен айтып жеткізгісіз ауыр соғыстың адамзат баласына әкелген шексіз зардабы, Отан үшін арпалысып жатқан ерлердің қаһармандық, батырлық әрекеттері айқын бейнеленіп отырады, оқырман бойында сол бір қасиетті ұғымдар жолында өзін өзі құрбан еткен боздақтарға деген ерекше сүйсіпеншілік сезімін қалыптастырады. Сол бір қиямет-қайым қиын замандарда елі үшін, Отаны үшін, қар төсеніп, мұз жастанып, окопта мылтығын құшақтап жатқан қатардағы жауынгердің жан-жүрегіне қаншалықты әсер еткенін осыдан-ақ бағамдай аласыз. Жауыз жауға лағнет айтып, мейлінше жек көру сарынында жазылған майдан жырларының басым бөлігінің елді батырлыққа, отансүйгіштікке, ерлік жасауға үндеуі заңды да. Майдан газеттерінде жарияланып тұрған жырлардың басым бөлігі осындай сарында. Былайша алғанда, олардың көп бөлігі тақырыптық тұрғыдан алып қарағанда, поэзиямыздағы азаматтық лириканың үлгісі болып табылатыны сөзсіз.
«Аңыз адам» журналына берген сұқбат 2013, №8 «ӘР ОҚЫРМАННЫҢ ӨЗ ОРАЛХАНЫ БАР» 1. Сіз таныған Оралхан Бөкей қандай адам еді? Ол кісінің есімімен, өзімен байланысты сіз куә болған немесе естіген қандай қызық, ерекше оқиғаны білесіз? Оралхан Бөкей 1993 жылдың мамыр айында асатынан қайтыс болды ғой. Және өзі туған топырақта ғана емес, шет елде. Алланың жазуы солай болған шығар. Көркем әдебиетке ынтызар, көзіқарақты оқырман үшін тәптіштей таныстыруды қажет етпейтін осынау ерекше есімнің оп-оңай өткен шаққа айналып жүре беруі сол бір қаралы күндері әдебиет сүйер талай жүректің жүгін ауырлатып кеткені анық. Оралхан Бөкеевтің көркемдік әлемімен алғаш танысқаным – сонау шығыс өлкесінің алыс түпкіріндегі бір шағын ауылда жүргенімде. Оның «Үркер ауып барады», «Екеу», «Түйелер маңып барады», «Ардақ» сияқты көркемдігі кемерінен асып төгіліп жатқан мөлдір туындылары мен сияқты әдебиетке құмар жас оқырманға қатты әсер еткені рас. Бұған дейін талай қазақ жазушысының шығармаларын оқып, талайына тәнті болсам да, сонылық әкелген мына дүниелерді мейірімім қанғанша оқимын. Сонда басыма келетіні – «Шіркін-ай, осылайша шұрайлы тілмен төгіп-төгіп жазып, оқырманның жан дүниесін бағындырып алатын жазушыда не арман бар екен?» деген сыңайдағы ойлар. Осылайша өзім бір көруге ынтық болған жазушымен алғаш танысқан кезім – Алматыға оқуға түсуге келген абитуриенттік күндерде. Оған мені ертіп барған – өзім сияқты абитуриент Ермек Әзімбаев. Кейін есімі газеттердің бетінен жиі көрініп жүрген бұл талантты журналистің де сол кезде емтихан тапсыруға дайындлып жатқан кезі екен. Мен сияқты болбыр, босаң емес, лыпылдап тұрған пысық. Өзінің қалаға жаңа келгеніне қарамастан, мен сырттай ғана тамсанып жүрген Оралхан Бөкеевпен танысып та үлгіріпті. Мені Гоголь мен Коммунистік проспект (қазіргі Абылайхан) көшелерінің қиылысындағы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына ертіп келіп жүрген де – сол Ермек. Оралхан –толқынды жұмсақ шашы иығына қарай құлаған, сопақтау өңді, өткір кішірек көзді, ортадан жоғары келген сымбатты жігіт екен. Даусы ашық, сөйлеген сөзі де жатық. Түртіп өзімше өлең жазатынмын, Ермектің айтуымен бір-екеуін беріп кеттім. Бірақ оларым республикалық жастар газетінің бетіне жарияланатын деңгейде еді деп айта алмаймын. Кейін Алматыда оқып жүрген жылдары Орекеңді сырттай ғана көріп, тақау келіп, таныса алмай жүрдім. Сөйтсем, артынан ерген кейінгі толқын пір тұтып, көркем сөздің серкесі көретін Оралхан Бөкеевімізді
ұнатпайтындар да бар болып шықты. Әдеби жиналыстардың бірінде кескінді келген бұйра шашты, бір жігіт мінбеге шығып алып, Орекеңнің жазғандарын түкке тұрғысыз етіп, жерден алып, жерге салсын. «Оралхан классиктер құсап жазғысы келеді, бірақ ол классик бола алмайды» деп үкім шығарып жіберді әлгі шешен. Бұл біз үшін күтпеген тосын жағдай еді. Біздің сүйікті жазушымызды, шығармаларымен өзіне ғашық еткен сыпа қаламгерімізді әріптестерінің бірі осылайша тамам жұрттың көзінше қызыл ала қан қылып, сойды да салды. Қатардың шетінде отырған Орекеңе қарасақ, аяғын кезек ауыстырып, қолының ұшы дірілдеңкіреп, едәуір толқып кетіпті. Біздер, ҚазПИ-дің бірнеше студенті жаңағы керіауыз сөзбен келіспейтінімізді айтып, төралқаға записка жолдап жібердік. Бірақ ешкімнің назарына ілікпей, сол қағазымыз ұшты-күйлі жоқ болды. Турасын айтқанда, біздер, бірінші курстың студенттері ынжықтық жасадық. Мінбеге жүгіре шығып, әлгі айтылған суық үкімнің мүлде теріс екенін, мүлде олай емес екенін дәлелдеп, жаңағы шешенге тойтарыс беруіміз керек еді. Ауылдан алыстап көрмеген бұйғылық ауызымызға қақпақ, аяғымызға тұсау болды. Тіпті біліміміз бен білігіміз де жетпеген шығар. Қорғай алмадық сүйікті жазушымызды. Үшінші курс оқып жүрген жылдың қысында қиюы кеткен қолтаңбаммен қиқаланып жазылған «Қиянда» атты әңгімемді «Лениншіл жас» газетінің редакциясына апардым. Оны бөлім меңгерушісі Оралхан Бөкеев өзі қабылдап алды. Қолына қалам ұстап, қара сөздің қадіріне жетуді арман еткен жас талапкерлерді еріксіз еліктіріп, текті талантымен тәнті етіп жүрген кәдімгі Орекең. Қалың қатарластарына сырт нұсқасымен де ұқсамайтын келбетті жігіт артық-ауыс сөзге ауыз ауыртқысы келмейтін өркөкіректеу сияқты. Қойған бір-екі сұрағым жауапсыз қалды. Біздің көзімізге өзгеше тұлға болып көрінетін осынау жас жазушының алдына именіп тұрып, мен де икемделе қоймадым. Бір аптаға жетер-жетпес уәделі мерзімде редакцияға жетіп барайын. Апыр-ай, қылшылдаған сол бір таланттар енді өмірдің бірер асуынан кейін ақыл-ойлары толысқан дер шақтарында мынау сұм жалғаннан жылт етіп өте шығар деген қатігез ой кімнің басына келген, Оралхан Бөкеев пен белгілі сыншы Сағат Әшімбаев жұптары жарасып қатар отыр екен. Қатар отырған себебі – екеуі де осы бөлімнің қызметкерлері. Халық тағдыры турасында толғанып, ой ортақтастырып, көзқарас жарыстырып, сезім бөліскен жігіттердің қасынан институттағы ұстазым Хасен Әдібаевты көріп, ептеп қысылып та қалдым. – Әңгіме беріп кетіп едім,– дедім күмілжи сөйлеп. Менің аты-жөнімді естіген Орекең толқынды шашы мойнын жапқан басын кекшең етіп көтеріп алып: – Сен жазушысың,– деді жалғыз-ақ. Сосын қасындағыларға қарады да: – Мына жігіт жазушы, – деп менің әңгімем мен өзінің жарық көрмеген бір шығармасын салыстыра сөйлеп кетті.
Бұл – есімі белгілі қаламгерлер ішінен менің шығармашылығыма берілген тұңғыш баға (ауызша болса да) еді. Әдебиет әлемінде бір кәдеге жарайтын шығармын деген үміт отын алғаш тұтатқан да осы бір ауыз сөз болған сияқты. Кейін бірер айдан кейін «Қиянда» әңгімем «Лениншіл жастың» жарты бетін алып, жарық етіп шыға келді. Журналистері жоқ, әдебиетшілері аз ҚазПИ-лік студенттер үшін бұл жарияланымның әжептәуір оқиға болғаны есімде. Сол бір еліктеу дәуіріндегі жас қаламгерлердің бірқыдыруы Оралхан Бөкеевтің оқшау стилін, эстетикалық талғамын сіңіре қабылдап еді деп қорықпай айтуыма болады. Олардың арасында өзім білетіндерден Нұржан Мұраталиев, Ермек Әзімбаев, Әлібек Асқаров, Әуез Бейсебаев сынды жастар – әдебиеттің қасиетті табалдырығын «Оралхан Бөкеев ауруымен» ауырып келіп аттағандар. Кейін «Жұлдыз» журналының редакциясында бөлім басқарып отырған Орекеңнің алдына тағы бардым. Әрине, автор ретінде. Ұсынғаным – сол кезде жаңадан жазылған – «Көлік үстіндегі қызыл көз» деген әңгіме. Артынан білсем, қолма қол оқып шығып, номерге кезектен тыс салдырып жіберіпті. «Саясатқа қарсы келмейік» деп соңғы сөйлемін ғана өзгертіпті. Басқадай қалам тигізбеген. Кейін осы шығармадан алған әсерімен Тұрсын Жұртбаев маған «Қызыл көз» деп қалжыңдап қоятын. Артынша өзім қызмет істеп жүрген «Қазақ әдебиеті» газетіне Оралхан Бөкеев бас редакторымыз Шерхан Мұртазаевтың орынбасары болып келді. Талант иесі алғырлығының, әділдігіінің арқасында ұжыммен тіл табысып, орынды жұмыс істей білді. Көңілді сәттердің де аз болмағанын айтуымыз керек. Кейін осы газетпен есіктес «Жұлдыз» журналының редакциясына ауыстым. Сол жылдары Орекеңнің басында бірінен кейін бірі қайғылы жағдайлар орын алды. Есіл ердің қабырғасын әсіресе қайыстырып кеткен – анасы мен қарындасы Мәншүктің бірінен кейін бірі өмірден өтуі еді. Сонда бас редактордың орынбасары, көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков бастаған ұжым мүшелері барып көңіл айттық. Ғафекең аса бір сабырлы үнмен қисындыра отырып, қандай уайымшыл жанды да, көкірегін қайғы кернеген қандай пендені де ақылға келтіретін салмақты сөздермен жұбатты. Бірінші зайыбы Айман қазаға ұшыраған кезде де Орекеңнің қасіретті шағына тағы куә болдық. Көп уақыт перзент сүйе алмай, уайым шегіп жүрген жазушыға ет жақын жандарының бірінен соң бірі кимелей келген өлімдері қалайша соққы болып тимесін. Сол жағынан алғанда Оралхан Бөкейдің жеке трагедиясы бір басына жетерлік еді. Бәлкім, сол қасіреттер жүрегін зақымдап өткен де шығар. 2. Қазақ әдебиетіндегі Оралхан Бөкей шығармаларының алатын орны қандай? Жазушының өзіне тән қаламгерлік ерекшелігі неде болатын?
Менің түсінуімше, әрқашанда әдебиетті әспеттеп жүретін сезімтал әр оқырманның өз Оралханы бар. Осынау дарын иесінің есімін заманында әрқайсымыз өзімізше қабылдап, өзімізше аялағымыз келетін. Сол қалың оқырманның бірі ретінде менің де жастайымнан өз Оралхан Бөкеевім қалыптасты. Оны баршамызға жар салып алғаш таныстырған – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті. Қазіргідей емес, газет-журнал аз, теледидарға телміріп отырудың мүмкіндігі шектеулі заманда зарығып тосатынымыз мерзімді баспасөз еді. Сол мерзімді баспасөздің беделдісі «Лениншіл жас» газетінің бетінен, алдында айтқанымдай, Оралхан Бөкеев есімін алғаш рет кездестірдім. Қазақы қара сөздің қадірін құлынның жонындай құлпыртқан құнарлы тіл, өз машығымен айтқанда, мынау аппақ дүниеге деген шексіз іңкәрлік, балаққа жармасып, ілгері бастырмайтын жадағай күйкі тіршіліктің күрмеуіне алданбай, айналаға қолға түспес әлдебір асқақтықпен қарауға мәжбүр ететін лапылдаған романтика, кейіпкердің ішкі әлемінен, тіпті өзегінің өзінен суырылып шғып жататын нәзік сезімдер құйылысы, осының барлығы бірігіп келіп, жалғыз қаламның кестелі іздеріне айналып жататын. Ал қалам иесі – өз дәуіріндегі сөз өнеріне өзіндік өрнек салып, алымы жеткенше әспеттеуге тырысқан сол Орекең еді. Жазушының қазақ әдебиетіндегі орны бүгінгі таңда да әлі толық айқындала қойған жоқ. Біз сияқты артынан ерген біраз жазушыға әсер еткенімен, оның шығармашылығын қабылдай алмайтын қаламгерлер де бар. Ондай топтағылардың айтатын уәжі – «Шығармалары жылауық. Кейіпкері бұрышты айнала беріп жылап жатады». Бірақ сол жылауық туындылардың логикалық, әлеуметтік әрі психологиялық дәлелдерінің мығым болып келетіндігіне, Кеңес өкіметі тұсында да адамның жылауға құқығы бар екендігіне, ең бастысы көркемдік деңгейіжоғары екендігіне ондай қаламгерлер назар аудара бермейді. «Осындай совет адамы» деген девизді сүйеккке сіңіріп өскен саналы қауымның өзі кейіпкер бойындағы сезімталдылықты, босаңдықты, пендешілік әлсіздікті қабылдай алмайтын болса керек. Әлде талантты күндеу ме, кім білсін? «Ал адамдар күліп бастап өмірін, кетерінде жылай да алмай қалады» дейді Тұманбай Молдағалиев. Оралхан Бөкеев болса, сол күліп басталған өмірдің есейген шақтарда да жылаумен өтетін кездері болатынын жырлады. Арманына жетіп барып, өмірден өтетін адам некен-саяқ. Оралхан болса, арманына жете алмай жүрген сол бір жабырқау жандардың жоқтаушысы, тіпті оптимист пенделердің де бойында ұшырасып жататын күйзелісті сәттерінің, жан әлемінің жыршысы болды. Ол осы ойларын қазақтың қара сөзінің көркемдік кеңістігінде иін қандыра, илеуін келістіре отырып, қарымы сынбастан, қаламы талмастан жеткізе білді. Ендеше ең алдымен адам жан әлемін кестелі сөздермен, келісімді де үйлесімді құйылыстармен оқырманын тебіренте білген, сөз толқынымен тербете білген Оралхан Бөкейдің есімі әдебиеттанушы қауымның аузы-
нан сирек айтылуын, кейінгі ұрпақтың көңіл көкжиегінен көріне бермеуін әдебиетіміздің тарихындағы қалыпты норма деуге болмайды. 3. Жазушының сізге әсер еткен, қайталап оқудан жалықпайтын шығармасы бар ма? Мен өз басым Оралхан шығармаларының басым бөлігін әлі күнге сүйсініп, тамсанып оқимын. Тебіреніске толы беттеріне аялай көз жүгіртіп, шама-шарқымның келгенінше ішкі әлеміне ене түскім, жазушы позициясын жете түсініп баққым келеді. Бәлкім, тіпті толық түсіне де алмай жүрген шығармын. Солардың ішінен әсіресе «Іңкәр», «Қамшыгер», «Ұйқым келмейді», «Жұлдыз жауған түндер-ай», «Ардақ», «Бура», «Қар қызы», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Ән салады шағылдар», «Мұзтау», «Жылымық», «Ел мен жер», «Сарыарқаның жаңбыры», «Түйелер маңып барады», «Мынау аппақ дүние» сияқты әңгіме, повесть, эсселерін қайталап оқудан жалықпаймын. Сыншылар аузынан жиі айтылатын «Қасқыр ұлыған түн», «Өз отыңды өшірме», «Ауыл хикаялары» атты әңгімелер шоғыры, «Жасын», «Шайтанкөпір», «Кербұғылардың» да көркемдік деңгейі осал емес, құнарлы тілмен жазылған, айтар ойлары астарлы шығармалар. Пьесалары да драматизмге қаныққан. Бірақ менің өз басыма басымырақ әсер ететіндері – алдыңғы айтылғандары. Неге олай десеңіз, оларда жалаң идея айтатын жабайы реализмнен гөрі сезім құбылыстары тереңірек бейнеленгендіктен, тілінің көркемдігі айқынырақ айшықталғаннан болар? Солай да шығар-ау. ТАРТЫСТАР ОРТАСЫНДАҒЫ ТҰЛҒА Бүгінгі таңда қазақ тарихында елі үшін белгілі бір атқарған істерімен, тарих алдындағы еңбектерімен халық жадында сақталып қалған тұлғалар жайында көркем туындылар жазу шығармашылық салтқа айналды. Жас ұрпақты ата-бабаның дәстүрлі тағылымдары жолында тәрбиелеу үшін ондай қадамдардың керек екендігін жоққа шығаруға болмас. Осындай тұлғаларпдың санатында аталытн есімдердің бірі – он тоғызыншы ғасырда елі мен жерін қорғауға қатысқан Сыпатай батыр Әлібекұлы. «Бұл кісінің көркем әдебиеттегі образы жасалды ма, жасалса, қалай шыққан?» деген тәрізді сауалға жауап іздеу жолында қиыншылықтарға тап болғанымыз рас. Бұл кісінің есімі прозалық шығармаларымызда сирек кездеседі екен, кездесіп жатқан күннің өзінде жанама кейіпкер ретінде аты ғана татлып өтеді. Егер жасалған болса, ол образдың шындыққа сай қаншалықты көркем сомдалғанын қолмен қойғандай етіп анықтап беру де оңайға тие қоймас еді.
Халық жадында сақталып келе жатқан осынаутарихи тұлғаның бейнесін көркем прозамызда сомдау мәселесі әлі күнге өз деңгейінде шешілген деп айта алмаймыз. Жалғыз-ақ Кәдірбек Аманкелдиевтің сонау Кеңес кезінде, 1984 жылы жарық көрген «Асуда» атты повесін аталған тұлғаны көркемдеп жеткізу жолындағы алғашқы қадамдардың бірі болар деп жобалаймыз. Жеті баспатабаққа жетер-жетпес көлемдегі шағын шығармаға Сыпатайдың ат жалын тартып мініп, жорықтарға қатыса бастаған кезінен бастап әбден қартайып, ауыл төңірегінде жүріп, саябыр тапқанға дейінге аралықтағы өмір үзіктері баяндалады. Төле бидің баласы Малдыбай қарттың ауылындағы жылқышыларды әбігерге түсіріп, таңдаулы айғырларын сұрамастан мініп кеткен ағайынды екі жігіт Сыпатай мен Аңдастың бұдан арғы әрекеттерінен оқырман үлкен де келелі бір оқиғалар басталатын шығар деп дәмеленіп қалады. Бірақ артынан сабаларынан түсіп, Малдыбай қартқа сәлем бере келген ағайынды екеуді көреміз. Кейіпкер өмірінің елеулі кезеңдерін тілге тиек етіп алған автор осыдан кейін аса ширыққан оқиғаларды көлденең тарта қоймайды. Сыпатай батырдың ат үстінде жүріп белсенді өмір сүрген кезеңі – Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде Қоқан хандығының шапқыншылығы бел алып, ушығып тұрған он тоғызыншы ғасырдың орта шені. Повесте осы басқыншылардың қазақ ауылдарына жасаған зорлық-зомбылығын көрсететін де эпизод бар. Сыпатайдың әкесі Әлібектің ауылына алым-салық жинау үшін нөкерлерін ертіп, Қоқан ханының Пішпектегі өкілі Мәметәлі мен оның қасында жүретін қырғыз манабы Ысқақ келіп, иесіз ауылға әңгір таяқ ойнатады. Осынау дау-жанжалды ушықтыра түскен тағы бір кейіпкер ол – Кебекбай бақсы. Келе сала, айылын жимастан, мұздай қаруланған зорлықшылардың алдында мықтымсып тақпақтай жөнелген Кебекбай өз үкімін өзі шығарады. Қазаққа әбден тізесін басып, өктемдікке үйреніп қалған қоқандықтардың ашуына тиген – оның «Тауып айттың, жарқыным, жақсы десең, жақсымын, қырғызбенен Қоқанның қыңыр жынын басатын, адуынды бақсымын» деп ділмарсуы. Осылайша аузымен орақ орған алаңғасарды келген зорлықшылардың аттан аударып тастап, байлап алуы үшін әлгі сөз жетіп жатыр. Осы арада Кебекбайдың шешендігімен бірге артын ойлай алмай қалған аңғалдығы да көрінеді. Аяқ жетер жердегі қазақ қоныстанған өңірдің бәрі ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап отырған қоқандықтар қаңғелестеп жүрген қарусыз бақсыны неғылсын. Оқиғаның бұлайша дамуы логикалық жағынан да қисынды. Қазақтардың өздері дәрменсіз бола тұрып, қарулы нөкерлерге ауызбен орақ орып, күш көрсетуі, қоқандықтардың олардың ұршықша үйіруі – тарихи ахуалдың даму эволюциясын айқындап беретін заңды құбылыс. Бөлтірік шешен мен Сыпатай бастаған топтың әуреге түсіп, Пішпектегі Қоқан бегі Мәметәліге кіріптар болып келулерінің басты себебі – ауызымен орақ орамын деп тұтқынға түсіп қалған Кебекбайды босатып алу
болса, екіншіден, байлардан болмаса, кедей-кепшіктен алым-салық алуды тоқтатқызу. Осы сюжетті оңтайлы өрбіту арқасында қыр қазақтары мен қоқандықтардың әлеуметтік арасалмағы қандай екендігін автор шынайы түрде бейнелеп жеткізе алған. Көшпелі қазақтардың материалдық тұрғыдан кедейлігі, ал керісінше, қоқандықтардың зәулім сарайда тұрып, байлыққа белшеден малынып отыруы, сондықтан да айналаға өктемдік, зорлық жасауға мүмкіндік таба алатындығы тарихи тұрғыдан алып қарағанда шындықтан алыс жатқан жоқ. Тұрмыс-тіршілігі ілгері басқан, қарулары сақадай сай отырықшы жұрттың не тиянақ-тірегі жоқ, өндіріп жатқан өнімі шикізатпен ғана шектелетін, уақытының елеулі бөлігі ауыл-ауылды аралап қыдырумен, той-томалақпен өтетін көшпелілерге тізе батыруы, жоғарыдан астамси қарап, менсінбеулері, қай жағынан болсын, психологиялық заңдылық. Повесте қоқандықтардың қазақтарға жасаған зорлық-зомбылығын көрсету тақырыбы осы бір эпизод, бір оқиғамен ғана шектеліп қалған деуге болады. Бұл мәселеге қатысты жағадаяттарды оқырман тек әр тұсынан беріліп отыратын жалаң баяндаулар арқылы ғана аңдайды. Қазақтардың өздеріне осылайша тізе батырып, өктемдік көрсетуші қоқандықтарға қарсы әрекеттері, негізінен, киіз үй үйлердің ішіндегі пікір алмасқан түрлі мәслихаттардан, шешімдері ұзаққа созылып кететін түйіні осал әңгімелерден ғана көрініп отырады. Ол пікір алмасулардың тақырыбы көбінесе «Не істейміз? Қалай қарсылық көрсетеміз?» деген мағынадағы сөздер болып келеді. Ру-рудың билері келелі сөздердің келістіріп, ділмарсып бастап алып, сол жерде айтылған шешімдерді нақты жүзеге асыруға келгенде, аса ынта білдіре алмай жатады. Бұл арада да автор өмір шындығынан алыс кетіп отырған жоқ, ұлттық менталитетмізге қалпымыздың бір кемшілігі де осында. Ел басына күн туған кездегі қазақ бас көтерерлерінің сылбырлығы, керенаулығы, қызыл сөзге үйірлігі, нақты істен гөрі шешендікке мән беруі – көшпелі замандағы ұлттық психологиямызға тән характерлік құбылыстар деп айтуға болады. Ел ішіндегі бас көтерер азаматтардың нақты іске көшіп, қол жинап, қарулы қарсылық көрсетудің орынына уақыттарын көбінесе нәтижесі әлсіз сөз сайыстарымен өткізуі бұл повестің мазмұнынан релистік тұрығдан шаң беріп қалады. Бұл тұрғыдан алғанда жазушыны кінәлаудың жөні жоқ. Өйткені қазақтың қай заманда да өз басына төніп тұрған ауыртпашылықтарды жеңілдету жолын қарастырмай, жайбарақат жүре беруі, тіпті елге жау жақындап қалған кездің өзінде қам жасаудың орына той-томалақпен күн өткізіп жатуы өмірде болмаған жалған құбылыс деу қиын шығар.тордың өзі де осы мәселе жөнінде былай дейді: «Мұндай жиындар қазақ ауылында жиі бола беретін. Бір ауыл той жасап жатса, бір ауыл ас беріп, құдайы таратады. Дүниеге нәресте келсе, жина-
лып, шілдехана өткізеді» (68-б.) деген баяндаулардың мазмұнын жазушы ара-арасында нақты көріністермен дәйектеп отырады. Қауіп-қатер төніп тұрған заманның өзінде осылайша бейғам жүрген қазақты жаудың жағадан алып, тізе батыруы да заңды. Кітапта «Батыр» деген эпитет Сыпатайға аты аталып қалған жерлердің көбінде қосылып отырады. Бірақ соғыс барысында, қауырт іс үстінде көрінбеген адамның бұндай құрметке қай тұста ие болғандығы, атағына сай қандай ерліктер көрсеткені айтылмаған. Есесіне, басқа азаматтық қырларын көбірек мән берілген. «Сыпатай мәжілістен кейін ерекше бір ойға батты» (20-б.). Оның себебі аузы дуалы осындай адамдар бас қосқан алқалы жиын, онда айтылға сөздер жас батырға ерекше әсер еткен екен. Сыпатайдың жалаң батыр ғана емес, ойшыл адам екенін де аңғарту үшін берілген авторлық ремарка. Сыпатайдың бұлайша ойға батуы негізсіз емес, себебі «Сыпатай бала күнінен үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп өсті, зерек, ойлы бала атанды» (78-б.). Киіз үй ішіндегі «Не істеймізге» саятын ұзақсонар әңгімелер осы шағын шығарманың да әр жерінен де төбе көрсетіп отырады. Қазақ қауымының осындай ортақ ұстанымы, жалпыға бірдей жайбарақаттылық психологиясы бас кейіпкер Сыпатай батырды да айналып өте алмай жатады. Оның көбінесе дерлік бас қатыратыны – көшпелі ел-жұртын қалайша зорлықшылардың тепкісінен аман-алып қаламыз деген мәселе. Бірақ атқа мініп алып, жаумен шайқасып жатқан жерлері көрінбейді. Батырды батыр ететін елді қорғап қалу жолындағы нақты шешімтал қадамдар емес пе? «Сыпатайдың байқауынша, Байзақ датқаның ойы теріс емес. Мұның Қоқан ханына қызмет етудегі мақсаты – еліне жеңілдік әперу екендігін түсінді, онысына іштей риза болды» (95-б.) деген баяндауда сол кездегі саяси ахуалдың нышандары сезіледі. Сыпатай Әлібекұлы өмір сүрген кезең – тек қоқандықтардың үстемдігі белең алуымен ғана емес, Ресей патшалығының да Орта Азияға қарай жедел қадам басып келе жатқан уақыты болғаны тарихтан мәлім жай. Әр жерге келіп, орыстардың қоныстана бастаған туралы хабардар дүңкілдеп естіліп жатады. Қалың бұқараның арасында Қазақ жеріне теріскейден келген жат жұрттықтардың аяқ басуына байланасты түрлі қобалжулардың орын алуы да заңды. Ел ағаларының орыстар жайлы күдігі Сәмен батырдың аузы арқылы айтылады. «Сәмен өз ойын жан-жақты орағыта келіп, не болған күнде де орыстардан жақсылық күтпейтінін айтып, сөз райын тығырыққа әкеліп тіреді» (80-б.) Оның ойынша, қазақтар үшін бұрын белгісіз осынау жұрт бұлардың ата қонысын иелеп алып, өздеріне қысым көрсетіндей көрінеді. Бірақ ондайға мизейтін Сыпатай емес. «Жетісу жеріне орыстар келсе, ол да өзіміз секілді ел ғой, несі бар, менімше, қоқанның қоқан-лоққысынан, қалмақ пен шүршіттің қорлығынан құтылармыз. Бұл жағынан да құлағым түрік. Мен білсем – қарапайым орыс жұртының тарихта басқа кіші халыққа
қиянат көрсетіп, тізесін батырғанын естіген емеспін» (79-б.) деп жұбатады ол айналасындағы адамдарды. «Қоқан ханы жеме жемге келсе, бас пайдасы үшін қарамағындағы қыруар қазақ пен азғанатай қарақалпақты түгелімен қырып тастауға бар. Ал, орыс патшасы, Ресей жұрты ондай емес» (88-б.) деп ойын тұжырымдайды ол тағы бір жерінде. Бірақ орыс жұртын қорғай сөйлеуінде қандай дәлел бар екендігі айтылмаған. Әйтеуір қай жағынан қарасаң да, Сыпатай батырдың орысшыл екендігін көресіз. Батырдың аузындағы бұл сөз сол Кеңес заманы кезіндегі саясаттың талаптарына сай айтылғаны көрініп тұр. Әйтпесе орыстардың қаншама кіші халыққа жасаған қиянатын алыс түпкірдегі қазақ ауылдарының ести бермеуі әбден ықтимал. Орыстардың қазақ жеріне орнығуына байланысты орын алған түрлі тарихи оқиғалардың салдарлары Сәмен батырдың күдігінің негізсіз емес екендігін көрсетті емес пе. Бір сөзбен айтқанда, қырғызбен шектес осы өлкелерді мекендеген қазақтар бастарына қауіп-қатер төнген замандарда да қорғансыз, иесіз. Ел сенім артатын жігіттердің ұрандатып қимылға көшіп жатқаны, зорлықшылардың беттерін қайтару үшін нақты ұрымтал әрекеттерге барып жатқандары байқалмайды. Шағын кітапта аттары аталып, эизодтық персонаж деңгейінде не болмаса жанама кейіпкер ретінде көрінетін тарихи тұлғалар қатары баршылық. Атап айтқанда, олар – Бөлтірік шешен, Сыпатайдың ағасы Андас датқа, Өскенбайұлы Құнанбай, Құсбек төре, Сәмен батыр, Майкөт, Майлығожа жырау, Байзақ датқа, Кенесары хан, Ағыбай, Омархан, Құдияр хан, генерал Черняев, Шоқан Уәлиханов, Жаяу Мұса. Аз көрінсе де, есте қалатын персонаждардың қатарында Кенесары хан мен генерал Черняевты айтуға болады Қоқанмен қабаттасып ел шетіне келіп жатқан Кенесары ханнан да онша үміт жоқ екендігі байқалады. Орыс империясының басқыншылық әрекеттеріне тойтарыс беру үшін арпалысып, әлденеше рет майдандасқан Кенесарының ақыры жеңіліс тауып, Қазақстанның оңтүстік өлкелеріне қарай жылыстағаны белгілі. Ондағы мақсатын жазушы ханның өз ауызымен айтқызады: «...мына қырғыз бен қазақтың басын біріктіріп, анау Қоқанды шабуға келдім. Қалың дулат пен қырғыз жұртын соңымнан ертіп, аз күннің ішінде, осы қыс түскенше Қоқан бектерін Пішпек, анау Әулиеата, Сайрам, Қошқарата, Ташкенттен асырып салуым керек. Сөйтіп Арқадан келе жатқан орыс әскеріне шешуші күрес ашып, тойтарыс беремін...» (117-б.). Туындыда аз көрінсе де, Кенесары образы біршама айқынырақ ашылған. Оның Сыпатай батырмен кездесетін тұстағы эпизодта шынайы динамика, психологиялық қақтығысқа тән өршілдік бар. Повестің сылбырлау тұстарынан кейін осы жерге келгенде көзқарастар қақтығысынан өршитін тірі суреттерді көреміз. Кенесарының мінезі, хандық бейнесі кесек, дара.
Оның алдында Сыпатайдың ақталуы да қисынға келеді. Алдағы шайқастар үшін жасағын толықтырып жүрген Кенесары Сыпатайдан қанша әскер бере алатындығын нақты сұрайды... Қоқан хандығының тағына он алты жылдан бері ие болып отырған Омархан 1840 жылы Сыпатайды шақырып алып, мәртебесін өсірген болатын. Бұл жағдайды автор: « – Құрметті батыр, сіз бүгіннен бастап мәртебелі Қоқан хандығының Әулиеата бойындағы дулат міллетінің датқасы боласыз. Менің бас сыйлығым бұл мізге датқалық белгі, алыңыз, – деп, зіп-зілдей етіп ұсына берді» (93-б.) деп суреттеген. «Енді Сыпатай болса қасына өзінің туған ағасы Андасты ертіп, Ыстыдан шыққан Бөлтірікке жолдас болады» (8-б.). Повестің біраз жерінде көрінетін Бөлтірік шешенді оқырманның есінде қалдыратын –атына сай шешендігі болмаса да, парасаттылығы мен ұстамдылығы. Алтынемел жақта Найман мен Жалайыр руынан шыққан кісілер жерге таласып, оған билік айтуға жан-жақтан аузы дуалы атқамінерлер келеді. Әлтөре бидің айтуымен Меркі жақтағы елден барғандар – Бөлтірік шешен, Кебекбай және Сыпатай. Осы кеңеске қатысқандардың ішінде Өскенбай баласы Құнанбай да жүр екен. Осы арада Құнанбайдың есте қалар бейнесі де қылаң беретінін айта кету керек. Бірақ осынау маңызды шаруадан қағыс қалған ба, сол Алтынемелдегі атақты Тезек төренің аты-жөні ауызға алынбайды. Жазушының «Мамыр айы оңынан туып, қыстауларда ақырғы шөбін жеп отырған ел биыл жайлауға ерте көтерілді» (3-б.), «Жайлаудағы қалың ел жаз қызығын өткізіп, енді қыстауға қарай бет бұрған шағы» (32-б.) деп баяндауларына қарағанда, бұл өңірлердің малшыларында көктеу, күзеу деген жайылымдар болмай ма екен деген сұрақ туындайды. Өйткені қыстаудағы малшылар жайлауға бармас бұрын жас төлдерді оттықтыру үшін алдымен көктеуге шықпай ма? Ал жайлаудан түскеннен кейін, бірден қыстауға бет алмай, бір-бір жарым ай шамасында күзеулерде отыруы да көшпелі шаруашылық динамикасының бір цикілі ғой. Абайдың: Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай, дейтін күзеуі ғой. Жаулыбай деген байды алдап, түйлерін алып кеткен Бердібек деген сотқар жігіт те Сыпатайдың нөкерлерінің қатарына қосылады. Өйткені: «Мына келген Бердібектің мінез-құлқы, Жаулыбайды жер соқтырып кеткен әрекеті Сыпатайды риза етті» (53-б.). Біреудің малын алдап алып кеткен адамға Сыпатай неге риза болды екен деген де ой келмей қалмайды. Кейіпкердердің жас шамалырының әр түрлі болуы заңды. Бірақ шығармаға енген адамдардың басым бөлігі қазақ тарихында ізі қалған түрлі деңгейдегі тарихи тұғалар. Сондықтан олардың жас айырмашылықтарына және оқиға болып жатқан кезеңдегі жас шамаларына реалистік тұрғыдан мән берген орынды.
«Құнанбай Бөлтіріктен үш жас кіші» (15-б.), «Мына Бөкең (Бөлтірік шешен) сол Андаспен түйдей құрдас» (29-б.), «Бұл Мәмбетұлы Байзақ еді. Сыпатайдан мүшел жас кіші...» (94-б.) Сыпатайдың Төле бидің баласы Малдыбай бимен жолыққандағы сәтінде: «Бұл кезде Сыпатайдың жасы жиырмадан асып, ел аузына іліге бастаған шағы еді» (7-б.). «Мұны естіген қарт батырдың (Сыпатайдың) қабағы түйіліп...» (115-б.) (Яғни, 1847 ж.) Уикипедиядағы мәліметтерге қарағанда, Сыпатай Әлібекұлы 1781/821867/68 жылдар аралығында өмір сүрген. Одан әрі бұл еңбекте: «Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына танылған адам болған», «Сыпатай батыр Кенесары ханға қосылып, оның сенімді батырларының біріне айналады» делінген. Ал Садық Смағұл болса, Сыпатайдың ел аузында жүрген батырлық бейнесінің тарихи деректермен онша үйлесім таба қоймайтындығына дәлелдер келтіреді. Бірақ қалай болған күнде де «Асуда» повесінің авторы ондай дау туғызарлық деректерге, кезеңдерге бара қоймай, өзінше көркемдік шешім қарастырған. Бәлкім, кітап жарыққа шыққан жылдары (1984 жыл) Сыпатайға қатысты мәліметтердің жеткілікті ашылмауы да ықтимал ғой. Көркем шығармаға жазылған бұл пікірдің де мақсаты – ондағы оқиғалар мен тарихи тұлғалардың өмір шындығына қаншалықты сәйкес келуін тексеру емес, көркемдік мақсаттың орындалу деңгейін талдау. Бір сөзбен айтқанда, «Асуда» повесінде бас қаһарман Сыпатайдың шешендігі, парасаттылығы, сауаттылығы тәрізді адами, азаматтық қырлары ашылғанымен, қол бастаған батырлығы жете көрінбеген. Бірсыпыра тарихи оқиғалардың көркем елесінің көлденеңдеуі, жекелеген тарихи мәліметтерді автордың көркемдік өңдеуден өткізуі – көтерілген тақырыпқа орай назар аударатын сипаттар. Сонымен бірге қазақтың ауызекі сөзінің жеклеген көркем үлгілері, дуалы ауыздардан шыққан шешендік сөздер де – шығарманың эстетикалық бағасын арттырып тұрған факторлардың бірі. Пайдаланылған әдебиеттер 1. Аманкелдиев К.Асуда.Повесть. Алматы: Жалын, 1984, 144 б. 2. Сыпатай би / Уикипедия.
ІІІ БӨЛІМ РЕЦЕНЗИЯЛАР ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАР ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚТАР СерікҚирабаевтың«Өмір тағылымдары» атты әдеби мемуарлары жайында Кейінгі буынды былай қойғанда, халыққа белгілі тұлғалардың мінезқұлқындағы, өмірлік көзқарастарындағы қатар жүрген замандастары да аңғара бермеген кейбір мағлұматтарды көлденең тарту – өмірбаяндық шығармалардың, соның ішінде әдеби мемуарлардың салмағын тиянақтай түсетін танымдық факторлардың бірі болып табылады. Академик С.Қирабаевтың «Өмір тағылымдары» атты ғұмырбаяндық туындысының ішіндегі жекелеген адам тағдырларының тартымды оқылуында осындай сыр жатыр. Кітаптың екінші бөлігіндегі естеліктердің әрқайсысы бір-бір тұлғаға арналған. Бұдан автордың саналы ұзақ өмірінде өз басынан өткізген сан қилы оқиғаларды қалың оқырманға таныстыра отырып, алдымен назар аударатыны – өмір белестерінде кездесіп отырған түрлі адамдардың бейнелері екендігі аңғарылады. Өмірбаяндық шығарманың ішінде өзінің ата-анасы мен туған-туыстары, көрші-қолаңынан бастап түрлі қызметтес жандар мен көрнекті тұлғалардың есімдері аталады. Атап айтқанда, олардың қатарында Қажым Жұмалиев, Иманбек Ұйықбаев, Қайнекей Жармағамбетов, Серғали Толыбеков, Шамғали Сарыбаев, Темірғали Нұртазин, Бердібек Соқпақбаев, Санжар Жандосов және басқа көптеген адамдар бар. Сонымен бірге арнайы естелік жазылған жеке кейіпкерлердің Мұхтар Әуезов бастаған қатарын Қазтай Айтазин аяқтапты. Бұндай мақалалардың ұзын саны елуден астам. Олардың ішінде қазақ әдебиетінің қайраткерлері С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, М.Ғабдуллин, Ә.Сәрсенбаев, С.Мәуленов және т.б. туралы жазылған мақалалар әдебиетшілер мен әдебиет сүйер оқырмандар үшін қызғылықты деректерге толы. С.Қирабаевтың өмір жолында қарым-қатынас жасаған адамдардың ішінде мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен түрлі мамандық иелері көп болған. Бұл тарапта Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров, Ахмет Жұбанов, Шапық Шокин, Сағындық Кенжебаев, Өзбекәлі Жәнібеков туралы жазылған естеліктердің тағылымдық мәні басымырақ. Қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде айтулы із қалдырған осынау көрнекті тұлғалардың қайраткерлік, азаматтық бейнелерімен бірге әрқайсысының жеке бастарына тән адами қалып мүсіндері де көзге шалынып отырады. Бұл кісілердің қай-қайсысы да халықтың қамын жеген,
ұлттық мәселелерді кеңінен ойлап толғай білетін азаматтар екені жекелеген эпизодтар мен түйінді штрихтар арқылы қисынды берілген. Ірі қайраткерлік мінез адамгершілік негізден, парасат биігінен туатынын автор біраз ашуға қызмет ететін нақты детальдарды ұстай отырып дәлелдейді, қай тақырыпты қозғаса да, кейіпкерлерінің рухани бейнесін белгілі бір қырынан ашып беруге тырысады. Аталған еңбектің үлгі-өнеге боларлық тағылымды тұстарының бір парасы да осында жатыр. Жеке тұлғалардың туған халқы мен отанына сіңірген еңбегі, қоғамдық, шығармашылық қызметтерін атқару барысындағы ерекшеліктері мен олардың адамгершілік-моральдық келбеттерін автор өзі көзбен көрген немесе нақты естіген қалпын ғана суреттейді. Осы арада автордың жазу мәнері жайында да қысқаша бағамдап кеткен артық болмас. Жалпы ғалымдар қауымы өздерінің зерттеу нысанын талдауға байланысты аналитикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, соның ықпалымен жазу барысында ғылыми-академиялық стильді ұстануға бейім болып келетіні белгілі. Кейбір авторлар басқа жанрда қалам тербеген жағдайда да осындай үрдістен көп ауытқи бермейді. Академик С. Қирабаев аталған еңбегін бұндай қатып қалған құрғақ, қасаң машықпен емес, баяндаушылық мәнердегі бірқалыпты ұстамды стильмен жазып шыққан. Қомақты кітаптың тілдік қолданысы ала шұбар деуге болмайды, барлық тараулар бас-аяғы бір деммен жазылғандай әсер етеді. Автор сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалға талдау жасап, тым шалқып кетпейді, жекелеген адамдардың мінез-құлқын, өмірбаян жолдарын тәптіштеп әңгімелеп, беталды қазымырлануға да жоқ. Осындай машыққа иек арту арқылы оның қазіргі оқырманның көркемдік қабылдауын ескере білгені байқалады. Әдеби мемуарда бетке ұстар азаматтарымыздың адамгершілікморальдық деңгейлері ыстық ықыласпен, ризашылықпен бейнеленген. Автордың ұстанымында бұл арада өз кейіпкеріне жағынайын немесе көңілін риза етейін деген ой мүлде жоқ, ия болмаса базбір жандардың кейбір пендешілік әлсіздіктерін, олқылықтарын айтқан сәтте де оларды мұқатып тастау пиғылынан ада. Жалғыз мақсат – қалай болған күнде де деректерді сол қалпында жеткізу, сөйтіп, тарихқа айналған кезең шындығының әр алуан ұшқындарын қағаз беттеріне бұлжытпастан, таңбалап түсіріп шығу; өз көзімен көрген немесе естіген жағдайларды өз тарапынан соны ештеңелер қоспай, артық бояулар жақпай, жеке эмоциясын тежей отырып, сол қалпында қағаз бетіне көшіру; сөйтіп айтып отырған оқиғаның мазмұнын еш боямасыз қаз-қалпында оқырман назарына ұсыну. Өзге естеліктерде, мемуарлық шығармаларда ара-кідік ұшырасып қалатын шалқып-тасулардың, көсемсөз мәнеріндегі көсіле сөйлеудің бұл кітапта кездесе қоймайтыны да сондықтан. Осындай ұстамды тәсілдің нәтижесінде өз кейіпкеріне қатысты айтып отырған жағдаяттар, оқиғалар мен эпизодтар оқырман есінде бұлжымастай болып, нақпа-нақ қалып қояды. Және сол айтылып отырған мәселенің
қалтқысыз шындығы да оқырманды иландыра алатын деңгейде. Осындай жекелеген жетістіктері аталған кітаптың көркемдік және танымдық құнын тіптен арттыра түспекші. Жинақтағы елуден астам адамға арналған жеке естеліктерді айтпаған күннің өзінде «Өмір тағылымдары» атты өмірбаяндық мемуардың ішінде де аттары аталып, түстері түстелетін белгілі тұлғалар мен аты-жөні заманында халқына жақсы танымал болған азаматтардың есімдері де едәуір. Олардың әрқайсысының қоғамдық, қайраткерлік бейнесі де, азаматтық ұстанымы мен жеке мінез-құлқы да әр қырынан ашылып отырады. Сөйтіп олардың жалпақ жұртқа жақсы мәлім тәуір қырларымен бірге жекелеген көлеңкелі тұстары да автордың назарынан қағыс қалмайды. Оқырманды қызықтыратын белгілі адамдардың осындай жекелеген беймәлім жақтары екендігі қашаннан да белгілі. Күнделікті дүниауи тіршілік барысында адамның өзін-өзі қалай ұстай білуі көп нәрсені аңғартады. Адамның жеке қадір-қасиетін, мінез-құлығын ашатын тұстардың бірі – отбасы, ошақ қасындағы сәттері. Автор аталған еңбегінде осы мәселелерді де көңілден тыс қалдырмаған. Өзі кейіпкер етіп алған көптеген жандардың адами қалыптарына тіпті назар аударып, олардың болмыс-бітімдерін ашатын тиісті штрихтарды көлденең тартып отырады. Мысал үшін алғанда, өзі дәмдес, табақтас болған әдебиет алыптары М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафинның, Ғ.Мүсіреповтің және т.б. қайраткерлердің жеке өміріне қатысты айтылатын эпизодтар мен детальдар өткен өмірдің шындығынан туындап жатады. Кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынуға жарайтын жақсы жақтарымен бірге олардың адам ретіндегі жекелеген кемшіліктерін де автор бүркемелеп қалмаған. Мысалы үшін алғанда, Ғ.Мүсіреповтің отбасындағы кейбір мазасыз қалпы, мінез-құлқындағы эгоистік мінездер – үлкен жазушының адам ретіндегі жеке қырлардың ашатын штрихтар. Әйелінің көзі тірісі кезінде жас актрисаға үйір болып, әйелі көз жұма салысымен-ақ, соған дереу үйленіп алуы, тіпті кейін жұбайының қырқын өткізуге де қатыспай қалуы үлкен жазушының бойындағы пендешілік ұшқындарының кейде өктемдік алып кететіндігін аңғартады. Осы сияқты үй ішіндегі кірбің туғызуға бейімділігі, ішінара әріптестерінің жақсы шығармаларына қызғанышпен қарауы, шешуші сәттерде бастапқы позициясынан айнып, басқаша сөйлеп шыға келуі – айтулы қаламгердің адами қырларын нақтылай түсетін жағдаяттар. Ғ.Мүсіреповке қарағанда қаламгер қауымның ішінде ең тығыз араласатын оның құрдас досы Ғабиден Мұстафиннің адамгершілік бет-бейнесі оқырман көңіліне жақсы әсер қалдырады. Отбасында, дастарқан үстінде өзін-өзі ұстай білуі, адамдармен қарым-қатынасы ұстамдылыққа негізделген, ішкі қатпары аз бұл жазушы адам ретінде қарапайым болған екен. «Ғабиден онша қонақшыл да болмайтын. Қонақтың да көңілді әңгімемен, жұпыны өткенін дұрыс көретін. Тамақты талғап там-тұмдап
қана жейтін. Арақ-шарап ішпейтін. Аздап шампанға су қосып ішетіні барды. Оны «күшейтіп ішемін» деп әзілдейтін. Бас ұстау, бата беру сияқты әдеттерге мән бермейтін. Бас ұстаудан көбінесе қашатын, ырымын жасап, біреуге өткізіп жіберуге тырысатын. Ал, бата жасауға ықылассыз болушы еді. Қонақ үстінде, әсіресе, ел арасында жас жігіттердің бірі «Әумин!» деп қолын жайып, бата тілеп қалғанда: – Бата дегенің өзі тілек қой. Тілекті бағанадан бері айтып жатырмыз. Сол тілектер қабыл болсын! – деген сияқты жай сөздерге айналдырып, бітіре салатын. Өзі қол жаймайтын» [ 1, 212]. Міне, осынау шағын мінездеуден кейіпкердің адамдар ортасындағы ұстамды бейнесі көз алдымыздан көлбеңдеп өтеді. Осындай ұнасымды жақтармен оқырманға жылы әсер қалдыратын бейнелердің ішінде С.Мұқанов, Н.Оңдасынов, К.Ақанов, Қ.Омаров, Ж.Тәшенов, Ә. Шәріпов М.Иманжанов, Ж.Саин және т.б. көректі адамдар бар. Бұлардың бойындағы адамгершілікке негізделген түрлі ұнасымды қасиеттер кейінгі жас оқырмандар үшін үлгі-өнеге боларлық деңгейде. Кейбір жасы үлкен аға буын өкілдері мен замандастары жайлы айтқанда, жекелеген пендешілік кемшіліктеріне автордың кешіріммен қарауға тырысатын кездері де жоқ емес. Кейде онысы сөз етіп отырған адамы мен өзінің қарым-қатынасындағы кейбір күрделі жағдайлардан туындаса, енді бірде өзі жылы қарым-қатынаста жүрген жандардың осал тұстарын білдіретін детальдарға кезек беріп қояды. Сөйтіп нақты мысалдар мен деректерді көлденең тарту арқасында әлгі адамның адами бейнесіне деген объективті көзқарас қалыптастыруға ықпал жасайды. Халық ұғымындағы күрделі саяси тұлғалардың бірі – кезінде Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып, республиканың идеологиялық жұмыстарына жетекшілік жасаған Нұрымбек Жанділдин. Осынау жауапты қызметтің құлағын ұстап тұрған уақытында домбыраға қарсы сөйлеген деген мәліметке байланысты бұл адамның есімі бүгінгі ұрпақ жадында жағымсыз ассоциация туғызады. Заманында жақын араласып, іс-әрекетін куә болып, ой-пікірлерін тыңдай алғандықтан да, естелік авторы Н.Жанділдин бейнесін қызықты етіп аша білген. Бұл адамның жеке басына тән трагедиясы – қазақтың ұлттық дәстүріне, соның ішінде ұлттық атрибуттардың бірі домбыраға қарсы болды деген лақап сөздерде емес, басқада екендігін айқын сездіреді. Саяси қайраткерлігінен гөрі ғалымдығы, нақты әрекеттен гөрі ойшылдығы басым Нұрымбек республика басшылығына кездейсоқ келген екен. Үлкен республиканың идеологиялық саласына жетекші болудан гөрі кітапханаларда отырып, ғылыммен шұғылдануға бейім адамның ірі саяси ұйымдастырушылық жұмыстарға жегілуі қызмет саласы барысында белгілі бір кереғарлық туғызғаны сөзсіз. Автор өз кейіпкерінің бойындағы қайшылықтарды аша отырып, оның жұрт ойлап жүргендей мүлде жағымсыз жан емес екендігін дәлелдеп шығады.
Сондай-ақ замандастары мен кейінгі буынға жақсы әсер қалдырған кейбір адамдардың жеке өміріндегі немесе шығармашылық жолындағы жекелеген ақаулықтарды да автордың жасырып жауып, тігісін жабуға асықпайтын тұстары да бар. Басқасын былай қойғанда, белгілі әдебиеттанушы ғалымдар Т.Қожекеевтің З.Қабдоловтың, М.Базарбаевтың докторлық ғылыми атақты қорғау барысында туындаған күрделі ахуалдарға олардың айналасындағылар емес, ең алдымен олардың өздері мұрындық болғандығы нақты мысалдардан көрінеді. Әдебиеттанушы М.Бекбергеновтің «Мемуарлық шығармаларда қоғам өкілдерін қарапайым адамнан бастап, тарихи ролі бар тұлғаларға дейін толық көрсетуге мүмкіндік мол» [2,15] деген пікіріне сүйенсек, С.Қирабаевтың аталған еңбегі осы ойдың шындығына көз жеткізеді. «Өмір тағлымдарына» топтастырылған әдеби мемуарлардың жазылу мәнері сабырлы да ұстамды. Белгілі оқиғаларды баяндау барысында адуынданып, ырық бермей алып кететін жеке бастың эмоциясы жоққа тән. Кітап авторы көргенін көргендей немесе естігенін естігендей етіп, айтар ойын қаз-қалпында ұсынуды жөн көреді. Кейбір естелік айтушылар тәрізді әлеуметтік-танымдық маңызы төмен детальдарға шұқшия үңілуге, өзі жайында кеңпейілдене әңгімелеп, шұбаланқылыққа жол беруге де сақ. Мұның өзі кітаптың танымдық салмағымен бірге көркемдік-идеялық бағасын арттырып тұрған фактор екендігі сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, академик С.Қирабаевтың «Өмір тағылымдары» әдеби мемуары республиканың мәдени-рухани өмірінің алпыс жылдық шежіресі деңгейіне көтерілген танымдық қырлары мол еңбек. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Қирабаев С. Өмір тағылымдары: әдеби мемуарлар. – Алматы: Білім, 2006. – 480 бет 2. Бекбергенов М. Азаттық үшін алысқандар. – Алматы: Қазақстан 1976. – 170 бет
ШЫНАЙЫ ІЗГІЛІКТІ ІЗДЕУЖОЛЫНДА Фетхуллаһ Гүленнің«Критерии или Они в пути» және «Ғаламның рақым нұры – Мұхаммед пайғамбар» атты кітаптары жайында Жер ғаламшарындағы адамзат қоғамын қашаннан бері алаңдатып келе жатқан басты мәселе бейбітшілік пен тыныштық, қоғамдағы өзара түсіністік, мемлекеттер мен халықтар арасындағы татулық екені тарих белестерінен6 оның бүгінгі таңға дейінгі өткен сан тарау жолдарынан жақсы мәлім. Осынау соқталы мәселе өркениет көші мейлінше өркештеніп, өзінің бет-пішінін айқын танытқан кезеңде тіпті шиеленісе түсті. Арғы кезеңге көз жүгіртпей-ақ, жиырмасыншы ғасыр басында-ақ жер дүниені сілкінткен революциялардың, төңкерістер мен түрлі сипаттағы соғыстардың адамзат баласына қаншама қайғы-қасірет әкеліп, қатты қажытып жібергені, сондай саяси катаклизмдердің салдарынан сол жүз жылдың өзінде ешқандай кінәсыз жүздеген миллион адамның қазаға ұшырағаны белгілі. Мұндай жаппай қақтығыстар әр жылдары әр түрлі сипатта көрініс тауып, жер ғаламшарының біресе ана пұшпағында, енді бірде мына пұшпағында қара бұлт үйіріп жатты. Қоғамдар арасында алуан сипаттағы түсініспеушіліктер орын алды. Соның бірі Батыс пен Шығыс арасындағы көптен келе жатқан саяси-моральдық текетірес, түрлі сипаттағы кереғар көзқарастар десек те болады. Бұндай сипаттағы қақтығыстардың түбі жақсылыққа апармайтыны мәлім, ол жағын тәптіштей таратып жатудың өзі артық. Осынау соқталы мәселені шешу үшін әр мемлекеттің ақылман данышпандары реті келген уақытта бас қосып, өздерінің болжамдары мен теорияларын ұсынып келеді. Бұл да – қалыпты үрдіске айналып кеткен саяси өмірдің көріністері. Осынау бүкіладамзаттық ірі мәселені алдыңғы қатарға шығарып, бар саналы ғұмырын жер бетінде тыныштық орнатуға бағыттаған қазіргі кезеңдегі ірі тұлғалардың бірі – түрік халқының аса көрнекті ойшылы, діни әрі рухани қайраткері Фетхуллах Гүлен. Рас, бүкіл ғұмыр жолын Ислам дінінің басты қағидаларын, шариғаттың күрделі әлемін Аллаһтағаланың құлдарына, жұмыр басты пенделерге жеткізу жолына арнаған ұлы тұлғалар аз емес. Олардың қай-қайсысының асыл дінімізге сүйіспеншілік орнатуда атқарған рөлдері зор екендігі даусыз. Ал бүгінгі таңда көзі тірі қайраткеріміз Фехуллаһ Гүлен де – осы ақиқат жолын мықтап ұстанған және сол жолдың асыл қасиеттерін мұсылман жамағатқа барыншы түсінікті етіп жеткізуге күш салып жүрген ірі тұлға. Ол кісі Исламның ғажайып құдіретін тек мұсылман бауырларға ғана емес, басқа дінді тұтынатын қауымдарға да, тіпті дін атаулыға жолай алмай жүрген адасушы топтардың өкілдеріне де өз сөзін арнаудан жалықпайды. Батыс журналистері мен қоғамды зерттеушілердің оның есіміне «Батыс пен шығыстың арасын байланыс орнатушы» немесе «Батыс пен Шығыс
әлемдері арасындағы диалогты жүргізуші» деп айқындама беруінде, міне, осындай дәлелді негіз жатыр. Былайша алғанда, Ф.Гүленнің имандылық жолындағы қызметі таза уағыздық сипаттан да әрі қарай тереңдеп, Ислам діні мен оның асыл қырлары жайында бүкіл адамзатқа арнап сөйлейді, хақ дініміздің ақиқаттарын тамыршыдай таратып жеткізуден, оның терең қатпарларына үңіле отырып, жалпы жұртшылыққа түсіндіруден бір жалықпайды. «Дін жоқ жерде, – дейді Ф.Гүлен, – қарапайым бақыт туралы айтқаны былай қойып, жоғары адамгершілік пен имандылық жайында сөз қозғау мүмкін емес. Өйткені адамгершілік пен имандылықтың негізі – ар-ождан. Ал ар-ожданға адам мен Аллаһ тағаланың арасындағы байланыс болып табылатын дін ғана шын мәнінде ықпал жасай алады. Дін – мектептердің ішіндегі жоғары адамгершілік пен мінез-құлықтың имандылығына үйрететін ең тамашасы әрі қайырымдысы. Осынау ұлы мектептің шәкірттері үлкенкішісіне қарамастан, бүкіл адам баласының баршасы деп айта аламыз. Өз тағдырын дінмен байланыстырған жандардың қай-қайсысы да ерте ме, кеш пе, тыныштыққа, қауіпсіздік пен қанағатқа ие болады. Ол одан тыс қалған пенде баласы өзінің жеке басынан бастап, қолындағы барлығынан айырылады» (Критерии или Они в пути, Алматы: ТОО Кожиек-Б, 2007, 258 стр, 36-бет). Ислам дінінің құдіретін осындай қарапайым сөздер арқылы кез келген оқырманның санасына жеткізу бір жағы ұстаздық шеберлікті де керек ететіні сөзсіз. Ғұмыр жолындағы белестерде Гүленнің мешіттерге имам болуы, жамағат алдында уағыз айту тәжірибесі кейін ойларын қағазға түсіру барысында да көмектескені анық. Ол осынау күрделі өмірдегі кез-келген құбылысты, оқиғалар мен шағын штирхтарды Аллаһ тағаламен байланыста қарай отырып, өмірдің реалистік шындығынан да ауытқып кетпейді. Салыстырулар арқылы ойын тиянақтау үшін сенімді дәлеледер таба біледі. Фетхуллаһтың дінге беретін анықтамасы терең философияға негізделген күрделі нәрсе деп біржақты пайымдауға болмайды. Ол бұл түсініктің маңыздылығын жан-тәнімен сезіне отырып, жоғары білімі де, арнайы даярлығы да жоқ жай қарапайым адам үшін де тез қабылдауға болатын түсінікті тілмен жеткізуге тырысады. Әрі-беріден кейін дін дегеннің адамның ақылы жетпес жоғары деңгейдегі абстракция емес, ой көзімен қараған жағдайда анықтап, айқындап алуға болатын нысан екендігіне көңіл бөледі. Діннің басты қағидаты қайырымдылық екендігіне, басқа құдіреттердің сол қасиетті ұғымнан тарап жататындығына ерекше назар аударады. «Дін дегеніміз, – дейді ол, – адамдардың өз еркімен қайрымдылық істеуіне шақыратын жаратушы қағидаттарының жүйесі болып табылады. Діни қағидаттардың арасынан адамның рухани және материалдық дамуына кепілдік беретін, сөйтіп жер бетіндегі және о дүниедегі өмірдің алғы шартын жасайды» (37-бет). Біз дінді түсінуді немесе біліп, сезіне тұрып,
түсіндіруді қиынсынып жүрсек, көрнекті ғұлама, міне, осылайша мейлінше жеңілдетілген жолмен анықтама беріп отыр. Адамның рухани және материалдық дамуына кепілдік беруден артық не керек. Үнемі құлаққа құйылып жатқан дұрыс тәрбие, ерте ме, кеш пе, өз жемісін беруі тиіс. Дін жолымен жүру дегеніміз әрі рухани, әрі материалдық игілікке бастар жол. Аллаһ тағалаға құлшылық ет, қайырымды-мейірімді бол, жаманшылық атаулыдан аулақ жүр деп айту рухани байлықтың бастау көзі екендігі сөзсіз. Еңбек ет, оқып, білім ал, алған кәсібің мен біліміңді күнделікті тіршілікте, өмірдің ұзақ жолында кәдеге асыра біл деу –материалдық байлыққа қарай тура сілтейтін айқын жол. Бұл арадағы мәселе сол айтылған уағыздарды айтқан қалпында орындай білу емес пе. «Аллаһты тану және Оның жалғыздығына сену, Соның жолында жасаған еңбектерінің нәтижесінде рухани тазалыққа қол жеткізу, Оның атынан және Оның еркіне сәйкес басқа адамдармен өзінің қарым-қатынасын тәртіпке келтіру, тіпті Оның атынан айналасындағы барлық нәрсеге болатын махаббат, міне, дін дегеніміз осы» (37-бет). Кейбір адамдар пайымдайтындай, дін ұғымы аса бір күрделі емес көрінеді, дін дегеніміз ең алдымен бір жаратушыны, яғни, Аллаһты тану екен. Содан кейін оның жалғыздығына иман келтіру, Аллаһ жолында сіңірілетін еңбектердің нәтижесінде рухани тазалыққа қол жеткізу, өмірге деген сүйіспеншілік те егер Аллаһ атынан жүзеге асырылса, онда осы айтылғандардың баршасын бір ауыз сөзбен дін деп атайды екенбіз. Ф.Гүленнің пайымдауынша, дін және обьективті ғылым – бір Ақиқаттың екі жағы. Дін адамды дұрыс жолға салады және және оны қуанышты нәтижелерге жеткізеді. Ал мақсаты мен өмір сүру мағынасы белгілі ғылым, адамның жүріп келе жатқан жолын жарқырататын алау сияқты (38-бет). Ол бір жерінде «Шынайы ізгілікті тек діннен ғана таба аласың. Құдайсыздың ізгі жан болуы немесе діни адамның қатігез болуы – мейілінше сирек кездесетін құбылыс» (39-бет) десе, екінші бір тұста «Діннің арқасында адам баласы адами өмірдің мән-мағынасына көз жеткізіп, басқа тіршілік иелерінен өзгешелене алады» (39-бет) деп, тағы бір көңілге қонар тұжырым жасайды. Ф.Гүлен Исламның басты кітабы «Құран Кәрім» жайлы айтқандары да өзінің Аллаһ жолын түсіндіруде ұстанған басты қағидаларын одан ары айқындап, нықтай түседі. Бұл кітаптың өзіне ғана тән ерекшеліктерін түсіндіріп жеткізуде ғұламаның еңбектерінің маңызы зор. Ол бір жағынан Исламды насихаттаушылар мен жақтаушылар үшін таптырмайтын әдіснамалық құрал десек те болады. «Бүгінгі таңда миллиардтан астам адам бағынатын қасиетті «Құран Кәрім» өзінің мәңгі құдайшылық қағидалары арқасында адамдарға жалпы бақытқа жеткізетін ең қысқа да жарқын жолын нұсқайтын жалғыз Кітап» (40-бет). Шынында да осынау Аллаһ тағаладан түскен осынау қасиетті кітаптың сүрелері мен аяттары жер бетіндегі жұмыр басты пенденің өмірлік
конституциясы десе де болғандай емес пе? Мағынасы ұшы-қиыр осынау кітаптың жалпы ұстанымы және одан тарайтын түрлі тұжырымдарды түсіндіру мәселесінде ғұлама өзінің дидактикалық бағытын айқындай түседі. Аталған кітаптың кереметін адамзат баласы басып өткен тарихи кезеңдер растап келе жатыр. Бұл мәселені Гүленнің талдап түсіндіруі оқырманды енжар қалдырмайды. «Құран» өзі түскен сәттен бері әлденеше рет айыпталып, сыналды да. Бірақ оған құрылған «соттардың бәрі оны ақтап шығып, оның мейлінше кемеліне келгенін растап шықты, осындай майдандасудың бәрінде де Құран жеңіске жетіп отырды» (40-бет). Демек, «Құранның» жеңісі бүкіл мұсылман қауымының жеңісі деген сөз. Біз, қарапайым жамағат осынау басты кітабымыздың алдағы кезеңдерде де жеңіске жете береріне сенімдіміз. Бұның өзі Гүленнің «Құран» жөніндегі түсінігімен ұштасып жатыр деген сөз емес пе. «Құранға» сенудің және ондағы Құдайдың мән-мағынасын түсінудің арқасында ғана барлық мұсылман өткен замандарда тек бір тұтастыққа қол жеткізіп отырды, келешекте де қол жеткізе алмақ. «Құранды мойындамайтын адамдар мұсылмандыққа қол жеткізе алмайды, тек ол ғана емес, өздерінің араларында да олардың мықты бірлік орнатулары қиын». (41бет). Рас, өзім мұсылманмын дей отырып, адам «Құранды» дұрыс білмесе немесе оны мойындамаса, ол қандай мұсылман болуы мүмкін? Тағы да Гүленнің лебізіне құлақ түріп көрейікші: «Адам болмысының және мәнінің мағынасын мейлінше дәлдікпен әрі тәптіштей ашатын, адамды ақиқат пен кемеңгерлікке үйрететін, оның құпия сырлары мен Алллаһ тағала жету жолдарын, оның қасиеттер мен есімдерінің мағынасын үйрететін кітап ол – Құран. Бұл жағынан онымен теңдесе алатын ешқандай екінші кітап жоқ. Ұлы пайғамбарлар мен әулие-әнбиелердің данышпан сөздеріне құлақ түр, ұлы ойшылдардың айтқандары жайында ойланып көр, сонда ол сөздердің растығына өзің де көз жеткізесің» (42-бет) дейді ол тебірене сөйлеп. Тебірене отырып, ол тағы да бәріміздің көңілімізге қонатын шындықты қарапайым сөздермен дәл жеткізгені – дидактиалық пайымдауыларының тиянақтылығы екендігі анық. «Құрандағы» сөздердің тарихи шындықпен астасып жатқандығына Исламның дұшпандары назар аударып, дұрыс талдай білді ме екен? Адам баласы өзі жаратылғаннан бері жанға жайлы мінсіз қоғамды аңсауда. Ол жөнінде барлық халықта да түрлі пайымдаулар мен аңыздар бар. Басқасын былай қойғанда, қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкеріне айналған Асан қайғы бабамыз Сәбитұлының Жерұйықты іздеп, жиһанкез болуын алайық. Немесе итальян оқымысты Т.Кампанелланың «Күн қаласы» я болмаса Сен Симонның «Утопия» тәрізді еңбектерінің мағынасына көз жүгіртейік. Осылардың бәрінде де адам баласының аңсаған жанға жайлы өмірі және оған жекелеген пенделердің ұмтылысы жайлы әңгіме болады ғой. Сөйтсек, бұл мәселенің түп қазығын Ф.Гүлен «Құраннан» тауып алыпты. Сөйтіп ол
былай дейді: «Адамзат баласына ұсынылған ең тамаша өмір – «Құранда» айтылған өмір. Дүниежүзінің барлық пұшпағында бүгінгі өркениетте толығымен таныған жекелеген құндылықтар бірнеше жүздеген жылдар бұрын «Құранда» жария болғаны жайлы ешқандай қалтқысыз сеніммен айта аламыз. Ал сонда кім кінәлы болғаны?» (43-бет). Рас, кім кінәлы? Осы уақытқа шейін «Құранды» мойындамай келгендер немесе тіпті оған қарсы болғандар кінәлы. Онда айтылған маңызды мәселелерге бос сөз ретінде қарап, тіпті реті келсе, теріс түсіндіріп отырғандар, әлбетте, жұрыртшылықтың көзін шындыққа жеткізе алмады, кейбіреулері өздерінің көздері жетіп тұрса да, бұндай қадамға саналы түрде баруын жоққа шығара аламыз ба? «Құранға» сенген адам Аллаһ тағалаға иман келтірген болып есептеледі, ондай пенденің қай-қайсысы да Мұхаммед пайғамбарымыздың үмбеті болып саналады. Керісінше, «Құранға» сенбеген Пайғамбарымызға да сенбеген болып шығады, ендеше Пайғамбарға сенбеген жан Аллаһқа да сенбейді деген сөз. Шынайы мұсылмандықтың түйіні қайда жатыр!» (46-бет) дейді тағы да Ф.Гүлен. Ислам дүниесіндегі негізгі атрибуттардың бір бірімен өзара өте тығыз байланыста екендігі, оларды бірінен бірін бөлек алып қарауға болмайтындығы айпарадай анық айтылып отырған жоқ па? Ғалым өз еңбектерінде Аллаһ тағаланы танудың, Исламды жете білудің бір жолы сопылық мәселесіне немқұрайлы қарай алмайды. Керісінше, сопылықтың табиғатын ашуға тырысып, оның не себепті өмірге келгендігіне ден қоя отырып, сөйлейді. «Философия мен кемеңгерлік адамзаттық ақыл-ойдың көкжиегін кеңейтеді, заттардың табиғаты мен құбылыстарды адамның жақсы білуіне көмектеседі. Ал тасаввуф (сопылық) болса, ақыл жетпес өлшеммен адамның және бұл заттар мен құбылыстарды Жаратушының арасындағы байланысты қамтамасыз етеді, Аллаһ пен оның құлы арасында достық жақындықты және махаббатты орнатады» (47-бет) дейді ол. Кейбір зерттеушілердің назарын әдебиетті тереңдетіп оқытатын мектептің 2-сыныбына арналған орыс әдебиеті оқулығы да аударып жүр. Неге олай деп байқап қарасаңыз, ондағы айтылатын әңгімелердің басым көпшілігі «Інжілде» (Библияда) айтылатын жағдайлармен байланыстырылады екен. Оқулықты құрастырушылардың алға тартатыны -–аталған қасиетті кітаптың орыс әдебиетімен байланысы, ондағы түрлі сюжеттер мен оқиғалардың орыс әдебиетінтдегі көптеген шығармалардың өмірге келуіне жасаған әсер-ықпалы. Ендеше бүкіл мұсылман қауымының қасиетті кітабы «Құранның» біздің әдебиетімізге жасаған әсер-ықпалы неге айтылмай келеді деген сұрақ өзінен өзі туындайды екен. Бұл жөнінде кезінде филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым А.Ісімақова да атап өткен болатын. Ол Ф.Гүленнің «Ғаламның рахым нұры Мұхаммед пайғамбар» атты кітабының қазақша алғысөзінде қазақ оқырмандарын осындай ойға жетелейтін көңілге қонымды пікірін ұсынады.
Жалпы пайғамбарлар хақында талдау жасаудың жауапкершілігі үлкен екендігі даусыз. Сонау ықылым замандарда өткен Алланың сүйікті құлдарының іс-әрекетіне, адами қалыбына, діннің дамуында алатын орнына баға беру үлкен даярлықты ғана емес, терең интуицияны, зор сүйіспеншілікті де қажет ететіндігі белгілі. Осы жағын сезіндіктен де, пайғамбарлар жайында сөйлеуге екінің бірі тереңдеп бара бермейді. Қай-қайсысымыз да білген нәрсемізді жадағай ақпарат ретінде үстірт айта салсақ, одан зиян жоқ. Біреу болмаса біреу білім ретінде табан тіреп, Исламға бір табан жақындай түсуі әбден ықтимал. Ал бірақ сол пайғамбарлардың өзіне тән ерекшеліктерін бүгінгі заманның көзіқарақты оқырманына немесе намазханына жеткізу оңайға соға қоймайды деп ойлаймын. Осынау жауапкершілікті жақсы түсіне отырып, Гүлен бұл міндетті де мойнына алудан тайынбайды. «Өзге пенделермен салыстырып байқағанда, пайғамбарлар тау сияқты. Жердің тепе-теңдігін сақтап, ауасын жаңғыртып тұратын таулар сияқты олар да адамдар арасындағы сондай міндетті атқарады. Қасиетті «Құран Кәрімде» пайғамбарлар мен таулардың қатар айтылатыны бекер емес. Қайырымды да, қадірлі Нұх Арарат тауымен байланыста айтылса, аса құрметті Мұса Тур (Синай) тауымен, ал Мұхаммед салалаһу алейһи уәсәллам Хира тауына байланыстырыла айтылады, бұл белгілердің барлығы бізге жекелеген ақиқаттардың бетін ашады» (38-бет) дейді ол. Осы арада автордың пайғамбарларды атақты биік тауларға ұқсастыруы белгілі бір дәрежеде бейнелі, көркем сөздің үлгісі тәрізді сезіледі. Сонымен бірге діни аңыздарда айтылатын бұл таулардың өздеріне тән ерекшеліктері аталған пайғамбарлардың да жекелеген өзгешеліктерімен, адамзат алдындағы міндеттерін көрсетумен ұштасып жатқаны сөзсіз. Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салалаһу алейһи уәсәллам жайында жазылып келе жатқан еңбектер аз емес. Бұл – бүкіл мұсылман баласы, оның ішінде Ислам дінін танушылар мен осы бағытта жұмыс істейтін зиялы қауым өкілдері үшін қашанда таусылмайтын, қашанда қайталап соғып отыруды өзінен өзі қажет ететін қасиетті тақырып. Исламтанушылардың қай-қайқайсысы да ат басын тірейтін Аллаһ жіберген осынау адамзаттың ұлы тұлғасы жайлы шабыттана қалам тербегендерің бірі – Ф.Гүлен. Ол кісінің «Ғаламның рахым нұры Мұхамммед пайғамбар саллалаһу алейһи уәсәлләм» атты іргелі еңбегі осы қатардан табылатын аса тартымды да іргелі жұмыстардың бірі екендігі сөзсіз. Бұл кітабында автор Пайғамбарымыздың қасиетті болмысын қарапайым тілмен жанжақты ашып көрсетуге тырысады. Оның жан әлеміне үңіле отырып, өзіне жүктелген соңғы пайғамбар ретіндегі миссиясының тарихи әрі рухани тұстарын мейлінше жақсы ашып көрсеткен. Осы еңбекті қолын бір алған адамның оқып шықпауы мүмкін емес және жай ғана оқып қоймай, әр тарауына терең ой көзін жүгірте отырып, тебірене оқуға тура келеді. Бұл да автордың терең зерттеуші ретінде ғана емес, қаламгер, жазушы ретіндегі шеберлігінің сыр-сипатынан хабар берсе керек.
Бір назар аударатын жағдай – аталған туындысында автор Пайғамбарымыздың өмір жолдары жайлы сыр ашқанда, бүгінгі күнмен тікелей байланыстыра отырып сөйлейді, нақты ғылымдардын тиянақ тауып, пайымдауларын түйіндейтін салыстыруларды, фактілерді оңтайлы түрде келтіріп отырады. Бұл арада ол жалпы пайғамбарлық деген не, ол қандай құбылыс және қандай адамның пайғамбар болуы мүмкін деген мәселелерді ыждаһаттылықпен түсіндіруге бейім. Пайғамбар дегеніміз – адамды тазалыққа, ізгілікке баулуда шексіз құдіреттің иесі емес. Олар үшін Аллаһ тағала белгілеп қойылған өлшемдер бар екендігін көпшілігіміз іле бермейміз. Қарапайым түрде алғанда, Пайғамбар адам баласына қандай тұрғыда қайтіп ықпал жасауы тиіс, ол ықпалдың мақсаты мен сипаттары қандай болмақ деген мәселереді Ф.Гүлен қалың бұқараға түсінікті тілмен, оңтайлы, қонымды қисынмен жеткізуге шебер. Ол кісінің қисынды тұжырымына құлақ түрсек, пайғамбарлыққа лайық кісіні Аллаһ тағала өзі таңдап алады екен. Ондай адам әу бастан-ақ пайғамбарлық үшін жаратылады. Оның пайғамбар болуы үшін белгілеген уақыты келуі тиіс. Сол сәттен бастап оған осынау аса жауапты да, қасиетті міндет жүктеліп отырған. Пайғамбарлық қонған адамның сол сәттен бастап жасайтын тіршілігі, істейтін қызметі мен айтатын сөздері Аллаһ тағаладан келген уахиларға байланысты екендігін көбіміз біле бермейміз. Әрине, пайғамбарлар да – ет пен сүйектен жаратылған адамдар. Олардың өмір жолында әр алуан сипаттағы қарсылықтар мен кедергілер ұшырасып отырған. Күнделікті бірге жүрген адамдардың қасиет қонған кісіні оңайшылықпен мойындай бермеуіне таң қалуға болмайды. Бірақ пайғамбар өзіне жүктелген міндеттерді әр алуан алыпқашты сөздерге, көлденең пайда болған кедергілерге қарамай, ықыласпен атқарып отырған. Өз мақсатына жету жолында тек Жаратушының уахиын ғана басшылыққа алған. Өйткені уахи пайғамбар үшін күнелікті аса қажет нәрселердің бірі болғандықтан, ол содан рухтанып, қанаттанып отырған. Тағы бір таңқаларлық ерекшелік – пайғамбар атаулы адамзат баласы үшін жасаған игілікті істеріне орай ешкімнен ешқандай сый-сияпат, мақтаумадақтау күтпеген, жұмыр басты пендеден де ештеңе дәметпеген. Орасан зор игілікті жұмыстарды атқарып шығуды өзінің қарапайым борышы ретінде санағандығын исламтанушы Ф.Гүлен оқырманына қарапайым тілмен жеткізе біледі. Түрлі пендешіліктен, нәпсілік әлсіздіктерден ада болғандықтан да, олар адам қоғамындағы ең жоғары биіктікке жеткен. Қазақтың ұлы ақыны Абай өзінің шығармаларында жүйлеп көрсететін адам пирамидасының ең ұшар шыңында пайғамбарлар тұр деп есептеуге болады. Яғни, пайғамбарлар – Абай айтқан «толық адамның» жарқын үлгісі. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед салла аллаһу алейһи уәссәләмнің жарқын бейнесін әр қырынан талдай келіп, оның адам ретіндегі болмысбітімін ашып көрсеткен кезде, қазақ оқырманының осындай қорытындыға келетіндігінде сөз жоқ.
Пайғамбар бейнесін талдау барысында Ф.Гүлен «хасби» деген анықтауыш сөзді қолданады. Әлбетте, мен өз басым исламтанушы деңгейіне жете қойғамын жоқ, бірақ бұрын-соңды оқып жүрген әдебиеттерімнен осы сөзді ұшыратпағанымды мойындаймын. Гүлен еңбектерінен оқып, оның мағынасын білуге құмартып жатқаным да сондықтан болар. Сөйтсек, жәннат есіктері айқара ашылып, оны кіруін күткен кезде, өзінің соңынан ерген үмбеттерін де сол жерге апаруды ниет қылған Мұхаммед расул да махшардың ең қиын сәттерін жәннаттан артық санайды екен. Барлық үмбетіне жаны ашып, ең ауыр күнәға батқан күнәһарлардың да пейішке баруын қалайды екен. Пайғамбар жүрегіндегі осынау шексіз дархандықты «хасбилік» деп атайтынын өз басым осы Ф.Гүлен еңбегі арқылы білдім. (Гүлен Ф. Ғаламның рақым нұры – Мұхаммед пайғамбар. Алматы: Көкжиек-Б, 2009. – 656 б., 96-бет) Сондай-ақ ғұламаның «Тәухид» сөзінің мағынасын да түсіндіруі қысқаша да нақты, былайша айтқанда, соқырға таяқ ұстатқандай айпарадай анық. «Аллаға шерік қоспау» деген ұғымды бір ауыз сөзбен осылайша атайды екен. Құдайдың жалғыздығын, бір Аллаһтан өзге жаратушының жоқтығын мойындаудың қаншалықты маңызды екендігін Ислам дінінің өкілдері әрқашан айтып отырады және жалықпастан түсіндіріп келеді. Сондықтан бұл мәселені көтеру бір қарағанда қарапайым намазхан үшін таңсық көрінбеуі де ықтимал. Дегенмен Аллаһ тағаланың жалғыздығын танып, мойындаудың қаншалықты елеулі мәселе екендігін ешқашанда елеусіз қалдыруға болмайды. «Тәухидтың» мағынасын осы тұрғыдан жеткізе білудің мейлінше маңызды екендігін Ф.Гүлен тәсілдеп түсінікті етіп әңгімелейді (Сонда, 104-105-беттер). Исламтанушы ғұлама қашанда «Құран Кәрімнің» я болмаса пайғамбар хадистерінің мағыналарын бүгінгі өмірмен тікелей байланыстыра сөйлеуге бейім. Мысал үшін мына бір мәселеге тоқталып өтейік. «Уақыт пен кеңісітік бір біріне жақындамайынша, қиямет-қайым болмайды» деген екен бір хадисінде ұлық Пайғамбарымыз. Енді осы хадис жайлы Ф.Гүленнің пікіріне назар аударып көрейік: «Бүгінгі таңда, – дейді ол осы хадистің мағынасын бұқара көпшілікке жеткізу барысында, – өнеркәсіп пен технологиядағы төңкерістер арқылы барлық сала шапшаң алға басып, өркендеп жатқанын жасөсіпірмдер де біледі. Сонымен қатар, жоғарыдағы хадис ара қашықтықтарды қысқартқан бүгінгі таңның ұшқыр көліктерін де ишара етуде. Астрономия мен астрофизика мамандары түсіне алатын бір мәселеге де белгі бар. Жер жүзі уақыт өткен сайын эллипс түріне енуде. Бұл өзгеріс уақыт ұғымына да әсер етеді» (150-бет). Сөйтіп қиямет-қайымның белгілері басталғанын айта келіп, исламтанушы ғұлама жоғарыды келтірілген хадистің мағынасын түсіндіруде өзіміз өмір сүріп отырған ортадан нақты мысалдарды алып көрсетеді.
«Аллаһ... Әрі сендердің өсек таратып, орынсыз сұрақ қоюларыңды және текке мал шашуды (ысырап етулеріңді) жек көрді» (318-бет) деген Пайғамбардың хадисін де ол тарата сөйлеп, жеткізе түсіндіруге ниет етеді. Өсек – дейді Ф.Гүлен, – не бұл дүниелік, не ақыреттік пайдасы жоқ бос сөзді білдіреді. Ол – мылжыңдық болсын, мейлі керексіз жайтты әңгімелеу болсын, өсек айтушылардың қоғамдық деңгейі мен өсектің таралу аясының кеңдігіне қарай (газет, журнал, радио, теледидармен таралу секілді) адамы өресіз, болашағы жоқ елдің қоғамдық кеселі. Ислам екі еріннен туатын қаншама жамандықты атаса, соның барлығы да осы турасында айтқан үш нәрсенің қатарына сөйлеуді не сөйлемеуді де қосып былай дейді: «Аллаһқа және ақырет күніне иман еткен адам көршісіне жамандық жасамасын! Аллаһқа және ақырет күніне сенген әрбір жан қонағын жақсылап күтсін! Аллаһқа және ақырет күніне иманы бар әркім не жақсы сөз айтсын не үндемесін!..» Пайғамбардың хадистеріне түсінік беру барысында ғұлама оның мағыналарын бүгінгі заманмен байланыстыра сөйлейді, өмірдің нақты көріністері мен құбылыстары арқылы жеткізуді көздейді. Оның бүгінгі заманға тән ақпарат құралдарының аттарын атауы (газет, журнал, радио, теледидар) осы айтылып отырған пікірдің нышаны екендігі сөзсіз ғой. Әңгіме тақырыптың қай салаға байланысты қозғалып отыруына тікелей қатысты. Ф.Гүлен ойын іркіп, тартынып қалмай, мәселені қабырғасынан қоя отырып, түпкі пікірін нақты жеткізуді қажет санайды. Исламның құдіретін мейлінше қарапайым әрі ұғынықты тілмен бұқара жұртшылыққа жеткізу үшін Ф.Гүлен айтар ойын астынан қарпып, тым тереңдетпей-ақ, сонымен бірге мүлде жадағай жаттанды машыққа түсіп кетпестен, қисынын келтіре отырып әңгімелейді. Ол тіршіліктің пайда боллуынан бастап, қоршаған ортадағы материалдық-заттық құбылыстардың мән-мағынасына аса бір сезімталдықпен үңілуге жетелейді. Кейбір жекелеген дерексіз ұғымдарды түсіндіру үшін ең алдымен нақтылыққа, айқындыққа жүгініп алатын тұстары да бар. Гүленнің түсіндіруінде Ислам мен ғылымның бір біріне соншалықта жақындасып, қабыса түсетінін көріп, еркісіз таң қаласыз, ғұламының келтірген дәлелдерінің қаншалықты сенімді екендігін білу үшін назарыңызды барынша бір жерге шоғырландырып, мәселенің мәнісіне тереңірек үңілуге еркісіз ұмтылыс жасайсыз. Философия ғылымында заманалар бойы іріктеліп, нақты принциптерге айналған заңдылықтарды тарата түсіндіре келіп, оқымысты оны Ислам қағыидаттарымен, Шариғаттың заңдылықтарымен шебер байланыстыра біледі. Мәселен, оның ықтыималдылық, үйлесімділік, себептер мен кездейсоқтық, заңдылықтар мен себептер, табиғат заңдылықтары мен себептерінің кезеңділігі және тағы басқа да өмір құбылыстарының байланысы туралы айтқан кезде еріксіз философиялық трактаттардың тараулары еске түседі. Бірақ соның барлығын ғұлама жалғыз жаратушымыз, Алллаһ тағаланың құдіретімен байланыстырған уақытта еріксіз тәнті боласыз.
Автордың логикасының мықтылығы тағы да Шариғат ұстанымдарынан туындап отыратынына сеніммен қарайсыз. Ф.Гүленнің айтуынша адам көкірегіндегі періште мен шайтанның орындары бір біріне мейлінше жақын орналасқан. Олар сондықтан да бір біріне өзара ықпал жасап отырады екен. Егер шайтан түтін жағып, әлденені бықсытса, періште де тыныш отыра алмайды, мазасы кетеді. Шайтан болса адамды ақылынан алжастырып, оны күнәға батыруға итермелеп тұрады. Осы арада бір көңіл бөлетін жағдай – шайтан адам баласын осылайша көптеген харам істерге итермелесе де, өзі сонысын мүлде сездірейтіндігі Ф.Гүлен қызықты етіп талдап көрсеткен. Және онысы кез-келген адамды нандыратындай деңгейде өте ұғынықты шығады. «Оба ауруы – Пайғамбарымыздың заманында шара табылмаған қорқынышты дерт. Бүгінгі таңда СПИД қандай болса, ол кездегі оба да дәл сондай еді. Оба дертіне сахабалар өте сақтық танытты. Өйткені оларға Пайғамбарымыз оларға үнемі осы озбыр ауруды ескертіп, қадағалап отыратын» (160-бет). Осы ақпаратты сөйлемнен оқырманнның біраз жайды ұғына алатыны сөзсіз. Пайғамбар заманындағы оба ауруының қасіретін бүгінгі уақыттағы СПИД-пен салыстыра сөйлеудің өзі автор ойының алғырлығын және бейнелілігін білдіретіндігі анық. «Исламда әйел-еркек деп алалау жоқ. Мұны Аллаһ елшісінің өзі тікелей көрсетіп кетті» (405-бет) дей отырып, ғұлама Исламда әйелдерді кемсіту бар дейтін түсінікке дәлелді соққы береді. Ал кемсітушілік болып көрінетін құбылыстардың мән-мағынасы тіпті де олай емес екендігін, қоғам мен отбасының адал сақталуы үшін белгілі бір мөлшерде қойылатын шектеулердің болуы заңды екендігін дәлелдейді. Ол шектеулерден басқа адамдар да, әйелдің өзі де зиян шекпейді. Қайта оның өмірге келуге тиісті ұрпағы мүмкіндігінше таза болып өседі. Келешектегі жарқын қоғамды өз қолымен жасаушылардың біріне айналады. Мәселен ұлық Пайғамбарымыз қызы Фатимаға деген ерекше ықыласының өзі әйел затын құрметтеуден туындап отырған жоқ па. Қызы үйіне қыдырып келе қалған жағдайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дереу орнына тұрып, қызының қолынан ұстап, өзінің орынына отырғызады екен. Әйел балаға бұдан асқан ілтипаттың көрінісі қандай болуы мүмкін. Әлбетте, қасиетті «Құран Кәрімнің» және Пайғамбарымыздың хадистерін жалпы жәмиғатқа түсіндіріп жеткізу мәселесінде исламтанушы ғұламалар, қатардағы иамамдар немесе жай намазхандардың өздері белгілі дәрежеде еңбек етуде. Бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстардың қайқайсысы да маңызды. Басқасын былай қойғанда тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан елінің өзінде Ислам діні мен мұсылманшылыққа қатысты бірнеше газетжурнал шығып келеді. Республикалық радио– телеарналардың ішінде де осынау маңызды мәселеге тиісті уақыт бөліп, арнаулы бағдарлама ашып қойғандары да бар. Айталық, «Қазақстан-1», «СТВ» телеарналары, «Ха-
бар» телеагенттігі, «Қазақстан», «Шалқар» радиолары Ислам құдіретін бұқара жұртшылыққа танытуда елеулі түрде еңбек етіп келеді. Имам, молдаларымызбен бірге қазақ тілінде хабар жүргізетін немесе жазатын журналистер, зиялы қауым өкілдері хал-қадерлерінше имандылық әлемін жатық тілмен түсіндіруге тырысып жүр. Бұндай ізгілікті жұмыстарда Ф.Гүленнің еңбектерін қысылыпқымтырылмай, еркін пайдалануға болды деп ойлаймыз. Өйткені бұл ғұлама көбінесе қатып қалған жаттанды сөздермен емес, өмірдің өз қойнауынан алынған штрихтармен тиянақтап отыратындығы жоғарыда келтірілген мысалдар дәлел. Аталған екі кітапты талқылай келіп, түйетініміз – Ф.Гүленнің терең мағыналы исламтанушы ғұлама екендігі және сол ғұламалығын оқырмандарына кестелі қиыстырылған көркем тілмен жеткізе білетіндігі. Біздің бұл айтқандарымыз – сөзге шебер үлкен қайраткердің дін жолындағы еңбегінің шағын бөлігін ғана қамти отырып, оның ақиқатты жеткізудегі еңбегін ашып көрсету ғана. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Критерии или Они в пути, Алматы: ТОО Кожиек-Б, 2007, 258 стр, 36-бет. 2. Ісмақова А. Ғибратқа толы ғұмыр. Кітапта // Гүлен Ф. Ғаламның рақым нұры – Мұхаммед пайғамбар. Алматы: Көкжиек-Б, 2009. – 656 б., 96-бет 3. Гүлен Ф. Ғаламның рақым нұры – Мұхаммед пайғамбар. Алматы: Көкжиек-Б, 2009. – 656 б., 96-бет
ЗЕРТТЕУ ӨЗЕГІ – БҮГІНГІ ӘДЕБИ ҮДЕРІСТЕР Уәлихан Қалижановтың «Ойкөз» әдеби зерттеулері мен сын мақалалр жинағы жайында Қазақ әдебиеттану ғылымында өзінің әу бастан-ақ таңдап алған белгілі бір тақырыбы бар ғалымдарымыздың бірі – Уәлихан Қалижанов. Қазақ, татар және башқұрт халықтарына ортақ деп саналатын Ақмолла ақының өмірі мен шығармашылығы жайындағы кандидаттық диссертация қорғаған ол осы бағыттағы жұмысын нәтижелі жалғастырған болатын. Ұзақ жылдардағы еңбектің нәтижесінде қазақ әдебиетіндегі діниағартушылық сарынның бет-бағдарын, көркемдік құбылыстарын зерттеп, жүйелей келіп, докторлық диссертациясының өзегіне айналдырды. Сөйтіп ол іргелі жұмысын 1998 жылы сәтімен қорғап шықты. Бұл өз кезінде әдебиеттанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің назарын аударған елеулі жұмыс болғаны мәлім. Ғылымға да ден қоя жүріп, журналист ретінде ол көп жылдар бойы республикалық мерзімді басылымдарға жетекшілік етті, одан кейін бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, әрқашанда қазақ руханиятының мүддесін қорғай білді. Бірақ қайраткер журналист қайда жүрсе де, ғылымнан қол үзбеуге тырысты, әдебиеттану ғылымының жай-күйінен хабардар бола отырып, мүмкіндігінше оң жамбасына келген тақырыптарға қалам тартудан тайынған емес. Ғалымның әдебиеттану саласы бойынша әріптестер назарын аударған еңбектерінің бірі – 2012 жылы жарық көрген «Ойкөз» деп аталатын кезекті кітабы. Екі бөлімнен тұратын бұл еңбекте, негізінен, зерттеу өзегіне айналғандар – бүгінгі таңдағы әдеби үрдістер мен тәуелсіздік лебімен келген жекелеген туындылар Автордың «Репрессияланған эпостар» деп аталатын мақаласы «Қазақ әдебиет» газетінде жариялана салысымен, талқылау өзегіне айналды. Бұл мақаланың жазылуына негіз болған жайт – 1953 жылдың 11-12 сәуір күндері Қазақстан Республикасы Ғылым академиясында қазақтың эпостық жырларының талқылануы. Сұрақ төтесінен қойылыпты. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ұлттық рухани мұралар социалистік рухқа сай келе ме, жоқ па, оларға деген партиялық көзқарас қандай болмақ деген мәселе зиялы қауым өкілдерінің басым көпшілігін толғантқаны сөзсіз. Тоталитарлық жүйе осы жырлардан теріс пиғыл, таптық астар іздеп, әжептәуір әлекке түскені белгілі. Баяндамашы, әдебиеттанушы ғалым Мәлік Ғабдуллин өз баяндамасын орыс тілінде жасап, оның арты қызу пікірталасқа ұласыпты. Мақала авторы баяндамашы тарапынан сын садағына ілінгендердің қатарында М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев сынды ұлттың рухани тіректері болғанын және екіжақты пікірталастардың ең алдымен ғылыми емес, са-
яси мәнге ие болғанын атап көрсетеді. Осы мәжілісті талқылау барысында автордың тек ақпараттық деңгейде қалып қоймай, өз тарапынан ғылыми талдаулар да жасай білуі де – жаңаша ойлау барысындағы ізденіс жемісі. Тәуелсіз Қазақстанның рухани мұрасы сол ұлт патриоттары ұстанған позицияның берік екендігін дәлелдеп шықанына назар аудара отырып, тұщымды түйіндер жасайды. Жинақтағы көлемді де сүйекті мақаланың бірі – «Әңгіме өзегі – заман, қоғам, адам». Мұнда кітап авторы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері өмірге келген әңгімелерге ғылыми сараптама жасайды. Ғалым ретінде алдымен назар аударатыны – осы бергі кезеңде туған шығармалардың бойындағы көркемдік ерекшеліктер мен ұлттық және адамзаттық құндылықтардың көрініс табуы. Талдауға түскен шығармалар қарамы едәуір. Олардың арасында бұрын сын назарына ілінбей, қағыс қалып жүрген шығармалар да кездеседі. Зерттеу нысанына ілінгендердің ішінде Ш.Мұртаза, Қ.Жұмаділов, Б.Нұржекеұлы, Т.Нұрмағамбетов, М.Мағауин, Н.Дәуітаев, Р.Мұқанова, Т.Ахметжан, Н.Ораз және т.б. прозашылардың әңгімелері бар. Кітап авторы кейінгі жылдары дүниеге келген әңгімелерді талдай отырып, баса назар аударатыны – олардың көркемдік деңгейі, ұлттық сипаттардың көрініс табуы, замана көлденең тартып отырған өзекті проблемалардың игерілуі сияқты басты-басты екі-үш мәселе. У.Қалижановтың «Проза жанрындағы кесек-кесек дүниелері арқылы келелі мәселелерді көтеріп жүрген, озық туындыларымен қазақ оқырмандарының көз қуанышына айналған, әдебиет алыптары шоғырының белді өкілдерінің бірі – Қазақстан халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Ш.Мұртаза әңгімелерінің барлығына дерлік ортақ ерекшелік – ұлттық мінездің ашылуы» (60-б) деген пікіріне басқа да әдебиеттанушылардың бас изейтіні сөзсіз. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор болып келгелі У.Қалижановтың бастамасымен бүгінгі әдебиеттану мен өнертану ғылымдарын уақыт талаптарына сай одан арман дамыту бағытында істеліп жатқан шаруалардың өзі бір төбе. Ғылым жұмыстарын замана өзі көлденең тартып отырған бүгінгі инновациялық үрдістерге сай жаңаша құру директордың үнемі назарында. «Ғылыми қазына» қолданбалы жобасы бойынша шығарылған бес кітаптың тұсаукесері республиканың мәдени өміріндегі елеулі жаңалық болды. Бұл жоба бойынша өткен кезеңдердегі әдебиеттану мен өнертану саласы бойынша өз заманында жоғары бағаланған, бүгінгі күнде рухани тарихымызға айналып отырған еңбектерді ғылыми түсіндірмелерімен қайтадан шығару қолға алынуда. Осынау игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таба бермекші. Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын қазақтардың әдебиетін, салтдәстүрі мен өнерін зерттеп, қажетті мұраларды жинастыру үшін 2012 жылдың көктем, жаз айларында арнайы экспедициялар ұйымдастырылды.
Осындай кең ауқымды сапарлардың нәтижесінде Қазақстаннан тыс жерде жатқан талай ұлттық құныдылықтарымыз жинастырылып, тиісті талаптарға сай жүйелене бастады. Әдебиетіміз бен өнерімізге қатысты белгісіз мұралардың табылуының өзі елдің рухани қазынасына қосылған үлес екендігі анық. Жас ғалымдардың жұмыстарына мән беру, күнде болып жатқан қоғамдық өмірдің жаңалықтарына тиянақты көңіл бөліп отыру да Уәлихан Қалижанұлының институт директоры ретінде қойған талаптардың бірі. Ол кісінің бастамасымен институт жанынан бүгінгі таңдағы әдебиет және өнер мәселері жайында әңгіме қозғап отыратын Р.Бердібай атындағы халық университеті жұмыс істеуде.
ШӨЛ ФИЛОСОФИЯСЫ Шөмішбай Сариевтың «Шөл даланың ұлымын...» өлеңдер жинағы туралы Шөмішбай Сариев – оқырман жұртшылыққа ғана емес, тыңдарман қауымға да жақсы таныс есім. Кейбір тыңдарман бұл ақынды тек бірыңғай ән өлеңдерінің мәтіндерін ғана жазатын, шығармашылық жұмысын тек сол бағытта ғана өрістететін ақын деп пайымдайды. Оған себеп – ақынның дыбыстық және бейне ақпарат құралдары арқылы таратылып жататын талай ән мәтіндерінің авторы болып табылатындығы. Қаламынан туындаған жыр жолдары ән шығаруға сұранып тұратын ақын – бақытты ақын. Бұл шығармашылық құбылыстың өзі қиыстырып әкеліп күшпен дәлелдеуді қажет етпейтін шынайы дарынның белгісі екендігі сөзсіз. Сазгер, композитор қауымның эстетикалық талғамы қашанда жоғары екендігіне көзжұмбайлықпен қарауға болмайтынын ескерсек, Ш.Сариевтің ән өлеңдерінің поэтикалық болмысы, мағынасы мен сөздердің ішкі үйлесімі, ырғақтылығы сондай ортақ талғамнан табылып жатады деп тұжырымдауға әбден боларлық. Бірақ, оған қарамастан, «Шөл даланың ұлымын» атты жинағында Ш.Сариевтың қатардағы жыр жолдарының биік көркемдік өреде жазылуы құлаққа таныс ән мәтіндерінен ешқандай да кем емес екендігіне дәлел. Кітап «Шөл даланың ұлымын», «Әйел... әйел... әйел...», «Назарбай қойдым атыңды...» және «Жаһандағы жалғыз үй...» атты төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімге енген өлеңдер белгілі бір тақырыпты немесе тақырыптары сабақтас өмір қырларын поэтикалық образдармен бейнелеуге құрылған. Кітаптың бірінші бөлімін «Шөл патшасы» деп атаса да болғандай екен. Өйткені мұндағы өлеңдердің барлығы шөл деген ұғымның төңірегінде ой тарқатады, оның адам өмірінде алатын орны жайында сыр тербейді. Табиғат туралы толғана білетін оқырманның өзі шөлдің адам өмірінде алатын орыны мен оның қабылдауындағы болмыс-бітімі, табиғаты турасында бас қатыра қоймайды. Өйткені біздің назарымызды алдымен аударатын – жадағай көріністер емес, көркем табиғат. Әдетте «шөл» сөзі адам қабылдауында теріс эмоциялы тұйық түйсік туғызады. Бұл сөзді айтсақ болды, сазарып жатқан шексіз өлке, тіршіліксіз шөл елестейді. Шөлді өлкеге тап болған адам дүниенің үзірінен баз кешіп, екі қолын төбесіне қойып, әлдеқайда безе жөнелгісі келетіндей болып, жан дүниесі құлазып қалады емес пе. Қарадан қарап ерінің кезеріп, бір ұрттам суға зар болғандай тәуелді күй кешесің. Бір ауыз сөзбен айтқанда, «шөл» сөзі – «тіршілік» ұғымының антонимы. Шөл талай ақын-жазушының қаламынан жағымсыз кейіпкер ретінде, тек географиялық қана емес, әлеуметтік-моральдық тұрғыдан да кері фактор ретінде бейнеленіп келгені де шындық. Аталған бөлімдегі жырлармен танысқан оқырманның осынау қалыптасқан стандартты түсінікке күмәнмен қарап, өзнің бұл бағыттағы
тұжырымын қайтадан жаңаша құруға қам жасайтыны анық... Ақын Шөмішбай Сариев өлеңдерін оқып отырып, сіз енді шөл далаға басқаша көзбен қарай бастайсыз. Біз атын естігеннен кейін-ақ, қарадай үркіп, іштей шошынып үлгірген шөл дегеніңіз, мүлдем қорқынышты емес екен. Қорқынышты болуы былай тұрсын, керісінше, адамның жанына жайлы, алуан сипатты көңіл күйге түсіретін философиялық орта екен, көңіліңді тербетіп, жаныңды толғандыратын эстетикалық биіктік екен, ішкі дүниеңе себезгілеп құштарлық нұрын құятын, мынау жарық дүниеге іңкәр етіп жетелейтін рухани қуаттың көзі екен; шөл дегеніңіз – үнсіз ғана шырқалып жатқан жатқан ән, көңілге көктем шуағын құйған, жанарыңды жасқап, жан дүниеңді жайлы сезімге бөлейтін сән екен; Шөл дегеніңіз – адам баласы сыр-сипатын бірден ұғып болмас, шет-шегіне оңайшылықпен шығып болмас құпия әлем екен; шөл дегеніңіз – тағы да... Қойшы, әйтеуір, құрғақ тебіреніп, қарадай тамсана беріп қайтеміз, қу сөзден қуырдақ қуырып, құмнан қылшық суырып, құр ділмарси бермей, автордың өзіне сөз берейік те, автор көзімен біз де сол шөл даланың тылсымына шым батайық та... Айдыны жүргеміді тербеп өтер, Көңілім аққу жүзген көл деп өтер, Бір шөлім басылса да, шөл далада, Бір басылмай махаббат шөлдеп өтер (17-бет). Осынау поэзиялық шашуларды оқып шыққан оқырман енді бұдан былай шөлден қорықпайтын, меңіреу құшағына тап бола кетсе де, қарадан қарап торықпайтын болады. Торыққаныңыз не, біраздан кейін осы шөл даланы жақсы көріп, тіпті шөлсіз өмір сүре алмайтындай оған ғашық болып қалуы да ғажап емес. Ақын шөлдің қандай ерекшеліктері, адам баласына ұнайтын нендей тамаша қасиеттері бар екендігін көркемдік кестесімен дәлелдейді және сол қасиеттердің артықшылықтарын эстетикалық ойлармен тиянақтауға күш салады. Ақынның бұл арадағы тұжырымның мықтылығы да сол дәлелдердің көркемдік қисынында: Шөл даламен бірге жасар жырымын, Шөл далада қымбат бұлақ, тұнығым. Ойға шомған терең дана құмдары, Ұлы Дала – Шөл даланың ұлымын, – дейді соңында ақын ойын оптимистік рухта түйіндеп. Шөлде біздің жан дүниеміз қалайтын жайлы қасиеттердің басым бөлгі бар екен, тек оны көре білетін көз керек, қалың жұртшылықтың санасына жеткізе білетін көркем сөз керек екен. Ақынның артықшылығы сол жүрекке жеткізе алатын кілтті таба білуінде, тауып қана қоймай, оқырман қолына ұстатқыза білуінде десек, қисындырақ. Рас, шөл далада өмір сүрудің қиындығын ақын ұмытпайды, мүлде есінен шығарып алмайды, тіп-
ті оқырманның есіне қайталай салып отыруға бейім. Тек сол қиындықпен күресе білуге, тіпті керек болса, сол қиындықты көрмеуге үндейді, адамның ішкі күрескерлік рухын қайрап, тың көзқарасты таңуға ұмтылыс жасайды. Шөл далада басталған бойдағы шөл бүкіладамзаттық проблемалармен астасып, шөліркеу атаулының түрлерін ашып көрсетеді. Ақын тек бір жұтым суға ғана шөлдеп қоймапты, оның шөлдеуінің әлеуметтік астары әлдеқайда ауқымды екен. Адамдардың шапағатына шөлдедім, Хас сұлудың махаббатына шөлдедім... Суға емес, жылы сөзге шөлдедім, Ұлағатты ұлы сөзге шөлдедім... – дейді ақын. Осынау шөліркеудің әдепкі көзі бәрібір қалай болған күнде де ақын өзі туып-өскен шөл даладан бастау алғаны тағы да шындық. Ендеше өмірдің қадір-қасиетін түсіндіріп берген шөлге деген алғыстан басқа айтар болмасқа керек. Қазақ жерінің жетпіс пайыздан астамы шөл және шөлейт өлкелер болып келсе, ақынның бұл философиясы кез-келген қазақ баласының жанына жақын екендігі және рас. Бір басылмас шөлге баттым тереңнен, Кеудем осы шөл гүліне бөленген. Сапар кешіп, жер-жаһанды аралап, Жер бетінде шөлдеуменен келем мен. Міне, шөл философиясынан туындайтын тағы бір нақты тұжырым. Тіпті сулы-нулы жерде туып-өскен жанның өзіне де жақын құбылыс, тіршілік шындығы. Кітаптағы назар аударатын жағдаяттың бірі осы. Жинақтағы жырларды оқи келе, біраздан кейін сол жырлардың көркемдік әлеміне қалай еніп кеткеніңді, қалайша сол әлемге тұтқын болып, ақын сөзін сөйлеп қалғаныңды байқамайсың. Тіпті санаңда сол жырлардағы көркем пайымдауларда титімдей жаңсақтық болуы ықтимал-ау, теріс үлгілер бар-ау деген күдіктің елесі де болмайды. Бек байырқалайтының – сол ақын ұстанымынан ауытқығың келмейтіні, әлдеқандай эстетикалық түйсікке байланып, ақынның ауанымен ілесе бергің келетіндігі. Алды-артын асықпай ойлап алатын есті оқырманның өзі сәлден кейін әлжуаз бенде болып, өзінің тұтқынға айнала бастағанын аңдамай қалуы да ғажап емес. Жай тұтқын емес, сезімнің тұтқынына, құшағына бір түсірсе, қайтадан оңайшылықпен шығара қоймайтын эстетикалық болмыстың тұтқынына. Осы арада ақынның шығармашылығы жайында алдыңғы буын қаламдас ағалардың айтып кеткендерін қоса келтіріп кетсек, тақырыбымыз ашыла түсер деп ойлаймыз. Ақын, Абай атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбділда Тәжібаев: «Шөмішбай деректі көзбен
көріп, қолмен ұстарлық, өз сезімімен тікелей сабақтасатын тақырыптарға келгенде айтқыр ақын... ...Ақынға сәт сапар тілейміз. Асықпа, Шөмішбай, болдым-толдым екен деп еш уақытта да масықпа. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет дейміз» деп, жүрекжарды лебізін білдірсе, «Ш.Сариев өз талант-дарынына сеніммен қарайды. Оның жақсы жырлары Сұлулықты сезіну арқылы туындайды деп білем, бұл талант иесіне ғана тән қасиет дер едім» деген екен Әнуар Әлімжанов. Ал Мұхаметжан Қаратаев болса: «Шөмішбай Сариевтың өлеңдері табиғат, өмір суреттерін эстетикалық талғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен, әрі қарапайымдылығымен баурайды» деп, ақын шығармашылығына жоғары баға берген болатын. Көркемөнер дүниесін өмірге әкелген туындыгерлер көбінесе өз ойларын тұтынушыға, яғни, көрерменге, оқырманға немесе тыңдарманға таңбайды. өз философиясын ұсынумен шектеліп, ары қарай өзің біл деген сыңайда сүйейсалды ұстанымға бой алдырады. Біз өлеңдерінің табиғатына үңіліп отырған ақын олай емес, өзінің тапқан эстетикалық-философиялық жаңалығын оқырманға таңуға бейім, бірақ ол бұл амалын бұл зорлық пен күштеудің арқасында жүзеге асырмайды, поэзиядағы оңтайлы құрал эстетикалық қуаттың көзін ұтымдылықпен пайдаланады. Поэзия әлемінің қашанда күрделі болып келетіндігіне Шөмішбай Сариевтың «Шөл даланың ұлымын» деп аталатын кезекті жыр жинағы тағы да көзіңізді жеткізе түседі. Пайдаланылған әдебиеттер Сариев Ш. Шөл даланың ұлымын... – Алматы: Қайнар, 2008. – 208 б.
КӨҢІЛ БӨЛЕТІНІ – КӨРКЕМДІК ЖҮЙЕ Гүлжаһан Орданың «Көркем ойдың құдіреті» атты зерттеулер мен мақалалар жинағы жайында Бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сын шығармашылық даму, жаңару тұрғысынан бірсыпыра өзгерістерді бастан кешуде. Әдеби жұртшылықтың сөз өнерінің осынау саласына қанағаттанып, тоқмейілсіген кезеңдері болды ма екен? Әй, қайдам, қашан көрсең де, әдеби сын мен әдебиеттану ғылымына наразы болып жатқан бір халық. Өтпелі кезеңнің салқыны әдеби үдерісті шарпыған замандарда әдебиеттің жаңа туындыларын саралап, бағалау мәселесінің де пышырап кеткені жасырын емес. Бірақ соған қарамастан, кейінгі жылдары әдеби шығармаларды ғылыми тұрғыдан талдау мәселесі тоқырап қалды деп тұжырым жасау асығыстық. Кейінгі буын өкілдерінің осы бағытта тындырып жатқан азды-көпті жұмыстары да соның бір дәлелі болса керек. Осы түйіннің кезекті мысалын филология ғылымдарының кандидаты Гүлжаһан Орданың «Көркем ойдың құдіреті» атты сын және ғылыми мақалалар жинағының ой айту деңгейі мен мазмұнынан айқын аңғаруға болады. Әдеби талдауларға көңіл бөліп келе жатқан оқырман үшін Г.Орда бұл саладағы жаңа есім емес. Ол – бұған дейін де әдебиеттану ғылымы мен әдеби сын саласында өзіндік айтар ойымен байыпты түрде еңбек етіп келе жатқан сыншы ғалымдарымыздың бірі. Ғалым сыншының жаңа еңбегі әдеби үрдіске өзіндік нық позиция тұрғысынан келуімен назар аударады. Ғалым қаламының бір ерекшелігі – қазақ әдебиеттануы мен сынында зерттеліп, талданып келе жатқан көрнекті қаламгерлер мен олардың жекелеген еңбектері жайында тың көзқарастар ұсынуға тырысып отыратындығы. Қазақ қыздарының ішінде әдебиет сыншыларының саны он саусаққа да жетпейтінін, ал бүгінгі таңда тіпті қат болып бара жатқанын ескерсек, Гүлжаһан өз орнын тапқан ғалым деп тұжырмдай аламын. Жылт еткен жақсы зерттеулерге әдебиет сүйер қауымның назарын аудартып отыру рухани қажеттілік деп түсіну керек. Аталмыш жинақ «Талант. Талғам», «Шағын жанр» және «Рецензиялар» атты үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімеге қазақ әдебиеті тарихында өзіндік із қалдырған көрнекті қаламгерлердің шығармашылық портреттері жасалыпты. Атап айтқанда, жинақ авторы бұнда Д.Әбілев, Ғ.Орманов, З.Шашкин, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев сияқты қаламгерлердің шығармашылық өмірбаяндарынан мәліметтер бере отырып, басты-басты туындыларына талдаулар жасайды, олардың көркемдік-эстетикалық тенденцияларын талғам жоғарылай түскен бүгінгі күн биігінен сараптауға тырысады. Д.Әбілев, Ғ.Орманов, З.Шашкин шығармашылығына Кеңес дәуіріндегі оқулықтарда негізінен кеңестік идеология тұрғысынан баға беріліп келгені
өтірік емес. Өз кезеңінде қатаң қалыптасқан осынау идеологиялық шеңберді автордың салған жерден бұзуға тырысқаны бірден-ақ аңғарылады. Ол аталған қаламгерлердің шығармашылықтарына таптық тұрғыдан емес, ең алдымен эстетикалық-көркемдік талаптар биігінен келіп, басты деген туындыларының эстетикалық мазмұнына үңілуге ұмтылыс жасайды. Сөйтіп аталған бөлімді жоғарыда аталған ақын-жазушылардың жеткен жетістіктері мен жекелеген кемшіліктерінің қыр-сыры ашылып көрсетіледі. Ғали Ормановтың көркемдік әлеміне індете кіре отырып, автордың ақын лирикасындағы жетістікті оның сөз құдіретін шебер игеруімен байланыстыруы көңілге қонымды. Д.Әбілев те, Ғ.Орманов та – өз дәуіріндегі жұртшылыққа ең алдымен лирикалық-патриоттық бағыттағы өлеңжырлары арқылы танылған қаламгерлер. Сонымен бірге бұл кісілердің прозалық шығармалары да өз алдына талдап-таразылауды қажет ететінін Гүлжаһан жақсы түсінген. Аталған қаламгерлердің прозалық туындыларына қысқаша талдаулар жасап, зерттеу нысанына айналдыруы осындай сыни үрдістен туындап жатыр. Дихан Әбілевтің қысқа лирикалық өлеңдермен бірге поэма жанрын да заман талабына орай әжептәуір меңгерген ақын екендігі белгілі. Сонымен бірге ол кісінің Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы кең тынысты трилогия жазып қалдырғанынан да оқырман қауым жақсы хабардар болуы тиіс. Әбілевтің қазақтың көрнекті ақыны жайлы жазған бұл романдары хақында сыни еңбектер де жоқ емес. Ал майталман лирик Ғали Ормановтың қаламынан туындаған көркем прозасы, әсіресе қысқа әңгімелері жайлы ауызға алына бермейтін. Жинақ авторы, міне, осы мәселелерге көңіл бөле отырып, ақынның артында қалған бірсыпыра әңгімелерін де бірыңғай әдеби талаптар тұрғысынан саралап беріпті. Осы аталған қаламгерлердің ізін ала шыққан прозашыларымыздың бірі, солармен замандас ұрпақтың өкілі – Зейін Шашкин. Аз жасаса да, артына бірсыпыра толымды мұра қалдырып кеткен қаламгер екендігін қысқаша талдай отырып, зерттеуші орнықты түрде жеткізе алған. Бұл қаламгердің «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов» романдары – қазақ әдебиетінің тарихында белгілі бір орынға ие болған көркемдігі талапқа сай елеулі шығармалар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында «Доктор Дархановты» жоққа шығаруға тырысқан солақай сыни тенденцияның орын алғанынан бүгінгі оқырман көп хабардар бола қоймаса керек. Бірақ сондай тосын пендещілік тосқауылдарға қарамастан, шығарманың жиырма бірінші ғасыр оқырмандары үшін де игілікке айналып отырғанынжинақ авторы дөп басып дәлелдей білген. Ғылыми мақалалар жинағында шығармашылық портреті жан-жақты ашылған жазушылардың бірі – Шерхан Мұртаза. Жазушы қаламына тән жекелеген ерекшеліктер мен жетістіктер туралы әңгімелеу барысында ғалым кеңінен толғанады. Мақаладағы қалпына қарағанда, оның қазақ әдебиетінде алатын өзіндік орыны да елестей алатын деңгейде.
Жазушының өмір шындығын дәл әрі көркем жеткізу жолындағы ізденістерінің қандай болғандығы біршама айқындалып қалады. Ш.Мұртаза – шығармашылығының көркемдік диапазоны да тақырыптық ауқымы да кең жазушы. Оны тек бір ғана мақала арқылы танытып үлгірудің қиын екендігі сөзсіз. Соған қарамастан, Г.Орда бұл белгілі суреткердің көңілге қонымды шығармашылық портретін жасай алған деп тұжырымдауға әбден негізіміз бар. Көркем шығармалардың көркемдік сыр-сипатын ашып көрсету барысында ғалымның салыстыру әдісін қолданып отыруы да назар аударарлық. Мәселен, қазақтың көрнекті прозашысы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» атты ғұмырбаяндық романын талдай отырып, кітап авторы осы шығармадағы кейіпкерлер тағдырын «Қызыл жебе» романындағы жекелеген персонаждардың бастан кешкендерін әр қырынан салыстырып өтеді. Сөйтіп олардың тағдырларындағы параллезимдерді жіті аңғарып, ұқсас қырларына тоқталады. Тек қана тоқталып қоймай, адамдар тағдырларында кездесіп жататын ұқсастықтарды да дәл тауып көрсетеді. «Қызыл жебедегі» таныс сюжеттер мен эпизодтардың «Ай мен Айшада» да кездесіп қалатыны жайындағы пайымдаулар – бұрынғы зерттеушілердің назарына іліге қоймаған тосын салыстырулар. Осы ұқсастықтардың растығына оқырман көзін бір жеткізіп алған соң, «Соған қарағанда, автор Рысқұл мен Тұрар арасындағы сол бір үзілмес желіні өзі мен әкесі арасынан алғаны анық» (136-бет) деп тұжырымдауы қисынға келерлік. Бәлкім, жазушының өз тағдыры мен бала Тұрардың арасынан бір ұқсастықтар тауып, оны «Қызыл жебе» романына енгізуі де ғажап емес. Зерттеуші өмірлік шындықтың жазушылардың көркемдік шындыққа айналдыру барысындағы жекелеген шығармашылық үдерістерге көңіл бөле отырып, көркемдік әлемінің құпияларына өз тарапынан барлау жасайды, жекелеген ерекшеліктерін ашып көрсетуді де мақсат етеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Г.Орда шығарма табиғатының ерекшеліктері мен жетістіктерін танытудағы ой-пікірін ұзынсонар сөздермен емес, түйінді, тұжырымды пайымдаулармен ықшамдап көрсетуге тырысады. Жалпы ғалым өз талдап отырған шығармашылық тұлға жөніндегі ғылыми қорытындыларын көбінесе нақты талдаулар арқылы жүзеге асыруға ықыласты. Бұл бөлімді жинақтағы ең үлкен бөлім деп айтуымызға негіз жоқ емес. Жоғарыда айтылған жазушылардың жинақталған шығармашылық портреттерін жасай келіп, Г.Орда әдебиеттану ғылымы саласында еңбек еткен ғалымдардың да шығармашылық әлемінен хабардар етіп, өзінше түйіндеулер, талдаулар жасайды. Талдау нысанына алынған С.Қирабаев, М.Базарбаев және Ә.Нарымбетов сияқты әдеиеттанушылардың өз саласында жасаған еңбектері, ұлттық ғылымға қосқан үлестері әр қырынан ашылып көрсетілген. Бұл мақалалар жалпы әдебиеттану саласының сырсипатына біршама шолу жасай алуымен де мағыналы деп санауға болады.
Жинақ авторын зерттеу нысаны ретінде ерекше қызықтырған әдеби жанр ол әңгіме десек, қателеспейміз. Оған дәлел – екінші бөлімге енгізілген әр алуан мақалалар. Бұл арада ол, негізінен, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов әңгімелеріндегі жекелеген көркемдік факторларға тоқталып өтеді. Айталық, Ғ.Мүсірепов әңгімелеріндегі аналар бейнесін, Ғ.Мұстафин әңгімелеріндегі көркемдік шындықтың берілуін және Б.Момышұлы әңгімелеріндегі стильдік, көркемдік ерекшеліктерді сөз етуі проблематикалық сипатта. Сонымен бірге автордың өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары арасындағы қазақ әңгімесінің тарихына шолу жасауы да назар аударалық. Әдебиет тарихында жемісті кезең болып табылатын осы жылдар ішінде шағын жанр өрісінің қаншалықты кеңейгенін, қандай біиіктіктерге көтерілгенін автор нақты туындыларды көлденең келтіре отырып, біршама орынды түйіндеулер, сәтті топшылаулар жасаған. Үшінші бөлім жекелеген авторлардың әр жылдары жазылған көркем шығармалары жайындағы рецезияларынан құралады. Бұларда бірыңғай ақпараттық сарыннан гөрі талдаулар жағы басым. Бұның өзі автордың сын жанрындағы осы бір саланы әжептәуір меңгеріп қалғанын аңғартса керек. Өйткені кейбір сыншылар әдеби көркем кітапқа рецензия жазу дегенді сол жинаққа енген туындылардың мазмұнын айтып беру деп түсінеді. Сөйтіп солардың мазмұндарын өз ұғымына сай қайталай түсіндіріп беріп жатады. Ал Г.Орда әр кітаптың жеткен жетістіктерін, әдеби үрдіске қосқан үлесін айқындауға баса көңіл бөліпті. Авторға ұзаққа созылған шұбалаңқылықтан гөрі қысқаша тұжырым жасау үрдісі тән екендігін осы рецензиялардың құрылымдарынан көре аламыз. Қысқаша сараптау жасай білудің нәтижесінде ғалым ұзақсонар көпсөзділікке ұрынбайды. Өзінің жеткізгісі келген ойын орағытып, жанамалап жатпастан, тікелей нақты айтып салып қарап отырады. Бұл – әдебиет зерттеушісіне тән ұнасымды қасиеттердің бірі десек, артық айтқандық емес. Әдеби талдауды жүзеге асыру барысында ойды дәл ұғындыра білудің маңызын ешкім жоққа шығара қоймаса керек. Осы жағынан келгенде, Г.Орданың өз пікірін оқырманға жеткізу тәсілі көбінесе қарапайым болып келеді, жеткізгісі келген ойын беталды күрделендіре бермей, түсінікті тілмен жазуға тырысуы көңілге қонарлық. Бірақ әдебиеттану ғылымы ұзақ тәжірибелер нәтижесінде өмірге келтірген қажетті ғылыми терминдерді пайдалану жағына немқұрайлы қарамау керектігін де ұмытпаған жөн еді. Екіншіден, жинақтағы шығармашылық портреттерді беру мәселесінде қалыптасқан этикалық ұстаныммен келетін иерархиялық үрдістің сақтала бермегендігі байқалады. Базбір зерттеушілер мұндай үрдіс кеңестік идеологияның нәтижесі дегенді де айтады, бірақ біз ғылыми-мәдени этиканың қалыптасқан жүйесін бұза бермегеніміз абзал болар еді деп ойлаймын.
Қалай болған күнде де қазақ әдебиеттану ғылымында азды-көпті еңбек етіп жүрген үркердей ғана ғалым қыздарымыздың бірі болып табылатын Гүлжаһан Орданың «Көркем ойдың құбдіреті» деп аталатын бұл еңбегі бүгінгі әдебиет әлемінің кейбір қалтарыстарын өз деңгейінде сауаттылықпен, орнықты түрде ашып көрсете алған әдебиет туралы ойлардың жинағы ретінде назар аударуға тұрарлық. Пайдаланылған әдебиет Г.Ж. Орда, Көркем ойдың құдіреті. Зерттеулер мен мақалалар. «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы. –Алматы: 2007 жыл.
КӨРКЕМДІК КОМПОНЕНТТЕР ЖАРАСЫМЫ «Қазақ әдебиеті» газетінің 2011 жылғы 14-санында жарияланған Рақымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» атты әңгімесі туралы Бір тәуірі – нарықтық сананың үстемдік құрғанына қарамастан, жазушыларымыздың басым бөлігі материалдық тұрғыдан қайырымы жоқ, тұтынушылар қатары да сирексіген төл шаруаларымен айналысуда. Тәуелсіздіктің жиырма жылында өмірге келген көркем дүниелердің сандық құрамы кемшін деп айтуға болмас. Ал бірақ шын мәніндегі көркемдік сапасы қандай деген мәселеге келгенде, ептеп күмілжіп қалатынымыз рас. Прозаның ішінде әсіресе әңгіме жанрында жазылған шығармалардың көркемдік бітімін мөлшерлеу мерзімі ықшам. Олардың эстетикалық тұғырының қандай екендігі бас-аяғын бір шолып шыққанда-ақ көрініп қалады. Жаңа шығармалар қатары сирексімесе де, жақсы әңгімелердің жазылуы оқта-текте ғана. Сол сирек дүниелердің бірін жуырда «Қазақ әдебиеті» газеті жариялады. «Көрген-баққан» деп аталатын бұл туынды нарық заманы әкелген қоғамдық-моральдық өзгерістердің негізгі ерекшеліктерін көркемдікпен жинастырып, лайықты арнада ұсына біліпті. Әңгіменің бастан-аяқ өрілуі эстетикалық нысандарға қойылатын көркемдік талаптар деңгейінде. Алқын-жұлқын болып алқына шыққан қалтылдауық шалдың «Арыз жазам!..» деген наразылығын әу баста от басы, ошақ қасындағы жай кезекті тұрмыстық мәселеге қатысты шығар деп ойлап қаласың. Бірақ сюжет дами келе, көтерілетін мәселенің бітімі де ірілене түседі, астары да тереңге қарай тарта бастайды. Көркемдік арнадан көрініс табатын негізгі ой – тұрмыстық тұрғыдан шектеліп өмір сүретін алыстағы жекелеген ауыл адамдарының мәселесі бүкіл елдің, бүкіл ұлттың тағдырымен ұштасып жатқандығы, қайдағы бір бақырауық дегбірсіз шалдың ашуын туғызған нәрсенің қоғамдық деңгейдегі биік мүддеге барып ұласатындығы. Заманалар қақпақылында жүріп, қазақ байғұс кімдерге жем болмаған, оның жерінің, суының, ен байлығының қызығын кімдер көрмеген? Төбемізден жиырма бірінші ғасырдың зеңгір аспаны төніп тұрса да, жан ауыртатын сол бір ұнамсыз үрдіс әлі де жалғасын тауып келе жатыр екен. Идеялық қазықтың барып тірелетін тиянағы – дүниежүзінің алпауыттары ауыз сала бастаған қазақ жерінің тағдыры, сол жердің бетінде момақан күй кешіп жатқан қазақтың тағдыры енді не болмақ сұрақтың айналасында. Қолтықтарына қазақ қыздарын паналатқан қытайлық кәсіпкер Су Юннің, америкалық алпауыт Майклдың қазақ жерінде талтаңдап жүруі талай нәрсені ұқтырады. Кесек мәселені көтеріп отырған әңгіменің орындалуы да келісті. Бұнда әдебиет теориясында оқырманға бесенеден белгілі көркемдіктің негізгі факторларының бәрі өз жүйесінде көрініс тапқан десем, біреулерге
асыра мақтағандық болып көрініп қалуы да ықтимал. Реалистік сипатта жазылған шығарманың символикалық астары да осал емес. Американың асыл тұқымды ангус бұқасы, қытайдың күнбағысы, олардың бір-біріне ауыз салуы және т.б. штрихтар – тұтас символдық мәндегі меңзеулер. Кейбір әріптестері секілді Рахымжан Отарбаев көркемдік тұжырымын тікесінен айтып салып қарап отырмайды, классикалық әдебиетте ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша түпке сақтаған басты ойларын шым-шымдап, сыздықтатып әкеліп, астарлап жеткізеді. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, көркем шығармадағы астарлау тәсілінің орындалуы үшін қажетті шарттардың өзі бірнешеу. Жазушы қаламы сол шарттарды да ұтымды меңгеріпті. Оларды бұл арада таратып айтып жатсақ, онсыз да ұзарып бара жатқан сөзіміз шұбалаңданып кетуі мүмкін. Тек мысалға жүгінейік: «Сүйір тілін көмейінен сумаң етіп шығарып, баяу ысқырған. Аш қарынға азық болмас бір түп жусан жапырыла жығылып қайта бас көтерген... ...Ақ бауыр қара бүркіт қайқаң етіп көкке қалықтап шығысымен, екі керегені еркін керген... Қара жердің бетінде қыбырлағынның бәріне қанды көзін тігіп, қаһарын шашты». Көркем шығарма тек ой айтудан тұрмайтынын ескерсек, сюжеттің дамуы, оны дамыту үшін қажетті түрлі аспектілердегі тартыстар, сол тұстарда көрініп қалып жататын мінез-құлық ерекшеліктері аталған әңгімеде тиісінше үйлесімділік танытады. Мінез-құлық дегенде, сахнаға шыққан персонаждардың рухани болмыстарының ашылуы да өз мөлшерінде. Шығарма сюжетінің басталуы, дамуы және аяқталып, көркемдік шешім табуы бұлыңғыр немесе солқылдақ емес, қолмен қойғандай нық. Жазушының тілі өрнекті, бейнелі. Көркем туындының тұғыры да бейнелі, бояулы тіл десек, жазушы Рақымжан Отарбаев қаламы бұл жағынан да кенде емес. Бір сөзбен айтқанда, көркемдік компоненттердің бір бірімен жарасым табуының арқасында оқырманның осы бір шағын туындыдан алатын эстетикалық әсері де олқы соға қоймас деп ойлаймын. Бір ескерту – әңгіменің осындай сом болмысын «Көрген-баққан» деп, майдалап майысқақтатқан тақырып жете аша алмай тұр. Мұндағы айтылар ой, ұсынар идея көргенбаққаннан әлдеқайда кесек қой. Қысқа пікірімнің соңында дәл осындай бітімдегі толыққанды көркем әңгіме жазу менің өзімнің де арманым екенін, бірақ әзірше оған қол жеткізе алмай жүргенімді айта келіп, шығарманың авторын да, оның олжалы оқырмандарын да осы бір болмысы нық туындының өмірге келуімен құттықтағым келеді.
ІҮ БӨЛІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПОРТРЕТТЕР ХАЛЫҚ ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ҚАЙЫРМАЛАРЫ Нарманбет Орманбетұлы (1859-1818) шығармашылығындағы ұлт азаттық идеясының көріністері Дәстүр сабақтастығы мен жалғастығын сақтай отырып, Орталық Қазақстан өңіріндегі ақындар шығармашылығына тән отаршылдыққа қарсы жалпы сипаттарды Нарманбет ақын поэзиясынан да айқын байқауға болады. Ақын тарихи-қоғамдық құбылыстарға, уақыт тынысына қатысты өз көзқарастарын қазақтың қасиетті қара өлеңі арқылы білдіріп отырды. Патша саясатының қазақ қоғамның тамырына балта шабуға күш салған жымысқы саясатын сұңғылалықпен түсініп, өзінің отты жырларымен әшкрелеуге тырысты. Қарап отырсаңыз, оның жырларының мазмұны Алаш қайраткерлерінің ұстанымдарымен үндес, пікірлес. Алаш идеяларын қолдай отырып, біраз өлеңдерін осы бағытта жазды. Өз шығармаларына тәуелсіздік идеясын арқау еткен Орталық Қазақстан өңірі ақындарының шығармашылығына соңғы уақыттарда назар аударыла бастады. Қайып, Жолдекей, Ғадиман, Маясар, Жәкен т.б. ақындар кеңестік жүйеге үлкен үміт артты, қазақ халқына теңдікті сол жаңа өкімет әпереді деп сенді. Сөйтіп Қазан төңкерісінен кейінгі жаңа заманды жырға қосты. Ал, патшалық билікті өлтіре сынап, Қазан төңкерісінен сол Кеңес билігін қуана қарсы алғандар өз үміті мен сенімін сол жүйеге артты. Кеңес заманында есімі көпке дейін аталмай келген Н.Орманбетұлы шығармашылығы тек көркемдік деңгейінің жоғары болуымен ғана емес, тәуелсіздік идеясын көтеруімен де құнды болып табылатынын атап айтатын уақыт туды. Ақын өмір сүрген заман Ресей отаршылдығының мейлінше дендеп, күшіне мініп тұрған кезі болатын. Қазақ даласына жүргізілген отарлау саясаты жабайылықпен жүргізілген десек, артық айтқандық емес. Патшалық отаршыл кезеңді былай қойғанда, кеңестік кезеңнің өзінде қазақ халқы отаршылдықтан аз зардап шеккен жоқ. Ақын мұрасын сараптай қараған жағдайда зерттеушілер оның «Сарыарқа» атты өлеңін аттап өте алмайды. Қазақ даласының бел омыртқасындай болып жатқан Сарыарқа өңірі – ақын шығармашылығының көркемдік нысаны, символикалық кредосы. Сарыарқа, сарқыраған суың қайда? Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда? Нажағай шарт-шарт етіп, нөсер құйған,
Көк жасыл кемпірқосақ туың қайда? Көк майса көкорай шалғын шөбің қайда? Көк қасқа беттеген жоқ түбі майда, Қызғалдақ қызыл-жасыл көк балдырған, Балауса бал татыған бар ма сайда? Көк бұлт, күркіреген зілің қайда? Тобылғы, толықсыған гүлің қайда? Атта ұма, түйеде қом, қойда шырай, Тұлыптай желі толған құлын қайда? дейді ақын күңірене сөйлеп. Бұл арада Сарыарқа – үлкен символикалық образ. Ақынның туған жерге деген махаббаты да, әділетсіздікке, отаршылдыққа қарсылығы да сол образ арқылы көрінеді. Жалпы «Сарыарқа» шығармасы ақынның бүкіл шығармашылық болмысын, жалпы алғанда, әдебиетті, руханият дүниесін қоғамдық сананың ірі формасы ретінде қабылданғанын көрсетеді. Туған жердің, онда да кіндік кесіп, кір жуған атамекеннің өзіне яғни негізгі иесіне бұйырмай, өзгенің иелегінде кетуі – ең үлкен өкініш, отаршылдық зардабы. Барша ұлттық болмыстың аяққа тапталуын ақын өлеңі трагедиялық деңгейге дейін көтере бейнелеген. Жұлын сау, омыртқаны қойды мүжіп! Жолым тар, жолбарыстай жорта алмаймын, Айтуға мүмкін емес бәрін тізіп. Кең дала, кеткенің бе, кер бетеге, Бұл жерде бала туып, ер жете ме? Суырдай іннен шыққан сүмірейіп, Дариға-ай, мекенінен ел кете ме? Қазақтың Отаны қандай болу керек деген сұрақ туындаса, ақын осы Сарыарқасын нұсқап көрсететін сияқты күйде боласыз. Ол үшін Сарыарқаның жусанды даласы, өсімдік дүниесі, жан-жануары, төрт түлік малы ерекше ыстық. Өлең сарынына құлақ түрсеңіз, ақын осылардың бәрін жоқтап отырғандай күй кешесіз. Өйткені қазақ өзінің Отаны Сарыарқадан айырылып қалған, оның ендігі иесі – Ресей отаршылдары, қасиетті мекен көшіп келген қарашекпенділердің табанында. Қазақтың өз Сарыарқасын аңсау себебі де сол. Жат елдің меншігіне өтіп кеткен Сарықарқаны енді қазақтікі деп айта аласың ба? Жоғарыдағы «Сарыарқа» атты өлеңін осы күйзелістерден кейін шығарған. Өлең өмір шындығын, қоғамдық құбылыстарды сыншылдықпен бейнелейтін реалистік тәсіл арқылы өлең өзегі – патша өкіметінің орыс шаруаларын қазақ даласына жаппай қоныстандыруы, жергілікті халықты шұрайлы жерлерден аластап, қуғынға салуы, елдің бауыр басқан ортасынан айрылған кездегі күйзелісі еді. Қазақ халқының жерінен айрылу үлкен қасірет еді. Ақын поэзиясындағы
жырлаған басты тақырыбының бірі – осы қасірет. Ақын мен қоғам арасындағы қарама-қайшылықтарды бейнелеу арқылы тәуелсіздік рухты алдыңғы қатарға шығарған. Сарыарқаның жетімсіреуі, қазақтың ұлттық болмысынан айрыла бастауы ақынның дүниетанымдық зердесі арқылы ғажайып жыр жолдарына айналған. Патша отаршылдарының зорлық-зомбылығынан туып отырған қазақтың қасіреті ақынның да қабырғасын қайыстырады. Қалмады, ей, Сарыарқа, сенде қазақ, Сандал тау, сары өлкені алды мұжық. Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ, Баласы байғұс қазақ қалды мыжып – дейді ақын. Заман келбетін көрсететін ауыр шындық екендігі сөзсіз. Қазақтың өткендегі бай тарихы мен мәдениетінен марқұм ету, түптің түбінде алдыға салып айдауға көнетін малға айналдыру, халқының ашу-ызасын тудырады. Кезінде ақынға «ескілік шырмауынан арыла алмағанды», «Ресей мен қазақ елінің достық қарым-қатынасын түсінгісі келмегені» деген кінә тағылды. «Сарыарқа» – атауы түбегейлі негізде көлемді территорияға бағытталып айтылған болса, сол жерді мекен еткен халық – қазақ. Сарыарқа Нарманбет ақын үшін бүкіл Отанның кіндігі. Өлеңдегі ақын күйзелісі бүкіл қазақ халқының күйініші, аңғырттықпен туған топырағын жат елдің жалмауыздарына беріп қойып, бармағын тістегендей күй бар. Осы арада атақты Ақан сері Қорамсаұлының: Жігіттер, өнер үйрен заманында, Мал-бастың, дүниенің аманында. Жайылып сахарада жатамыз деп, Мінеки, қалдық дұшпан табанында, – деген өлеңі еске түседі. Осы ұқсас ұстанымнан қазақтың ұлы перзенттерінің үндестігін байқаймыз. Нарманбет ақын ішін жалаған күйініш сезімін тежей алмай, сыртқа төгіп, одан арман қарай былай деп сілтейді: Кең сарай исі жұпар үйің бар ма? Уайымсыз, ұйқы тыныш күнің бар ма? Теңгеріп қор мен зорды бірдей күткен, Ақ көңіл әділетті биің бар ма? Қамқорлық атаң менен анаң бар ма? Тірілер олар өлсе шамаң бар ма? Әдеппен қызмет еткен балаң бар ма? Қазақ халқының басынан Асан қайғы бабасы аңсаған жақсы за-
ман байқаусызда зу етіп өтіп кеткен сияқты. Енді болашақ бұлдыр. Шарасыздықтан бастарын тауға да, тасқа да ұрған халық. Осыны көріп, саналы да патриот ақынның көкірегі неге қарсы айрылмасқа? Ал енді бүкіл елдің шындай мүмкін халге түсуіне кім кінәлі? Бұл шарасыздықтан шығар жол қайсы? Ақынның жауап таба алмай, шарқ ұруы оқырманын да не түрлі пессимистік ойларға жетелеп әкетеді. Тәуелсіздікті, ұлтының бостандығын аңсаған Нарманбетпен еріксіз күлесіз, бірге тебіренесіз. «Қазақ жалғыз айрылса болыстықтан» өлеңінде ақын тағы да былай дейді: Қазақ жалғыз айырылса болыстықтан, Мұжық алып, жер кетті қоныстықтан. Ақ туын пайғамбардың жақпай, тәңірім, Жалғыз-ақ өзің сақта орыстықтан! Осылайша ақын зарлап жүрген заманда 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болып, ақ патша тақтан құлады. Бостандықтьың таңы атты деп есептеген қазақ халқымен бірге талай көзі ашық зиялылары да еріксіз түседі. Заманның бетке ұстар қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, т.б. арыстармен ойы үндес, идеялас Нарманбет ақын да бейжай қарап қалған жоқ. Соның бір дәлелі – ақынның 1917 жылы жоғары пафоспен дүниеге келген «Ұран» атты өлеңі. Қариялар, қайдасың? Тұс-тұсынан боздалық. Ұйықтап жатқан алашты Оятуға қозғалық! Абырой керек тірлікте, Бар береке-бірлікте, Ала болып тозбалық! Ортамыздан бек сайлап, Ынтымақпен көп сайлап, Қарақшыдан озалық! Азаматтар, қайдасың? Арамзалық мінезді, Енді тіпті жоялық! Талапты ерге нұр жауар, Ескерерлік жұмысты Күнде ертеңге созбалық! Егін салып, мал бағып! Ырзықпенен тоялық! Сөйтіп ақын халқым тәуелсіздікке қол жеткізді деп көңіл күйін құсша ұшырды. Ақынның дүниетанымын, талантының қуатын, мейлінше терең ойла-
рын таныта білген осы шумақтар саналы азаматтарды жарқын болашаққа үндеп тұр. Барша қазақтың бүкіл алаштың арманы тәуелсіздік орындалды деген қуанышы да айқын. Байларымыз, қайдасың? Алақанды ашалық, Алтын, күміс ақшаны Игілікке шашалық! Медресе, мектеп салғызып, Артымызға қалдырып, Бақи өмір жасалық! Бұл арада ақынның жүрегінде қуаныш та, ерекше шабыт та айқын сезіледі. Ендігі жерде алға басудың бірден-бір жолы ынтымақта өмір сүру, адал еңбек ету екенін терең ұғынушылық бар. Нарманбеттің бұл өлеңіндегі ұран мен үндеу халықты жалаң үгіттеу немесе құрғақ шақыру емес. Онда ақынның тереңнен шымырлап шыққан жүрек бұлқынысы жатыр. Елін сүйген, халқын қастерлеген азамат ақынның отаншылдық қасиеті жатыр. Ақ патшаны тақтан түсірген Ақпан төңкерісі – ел ішіндегі ерекше оқиға. Сол үшін де ақын барша еліне, жұртына тілегін арнап, шабытқа бөленеді. Халықты тәуелсіздікке үндеген өнер қашанда бағалы. Нарманбет Орманбетұлының осы тәуелсіздік иедеясына арналған отты да көркем өлеңдері осындай биік деңгейден көріне алды. Қазақ поэзиясындағы ұлттық идея көріністерін зерттеуші А.Шәріп осы өлеңді ерекше бағалап, оның сырын ашып көрсете білді. «Қазақ үшін қасиетті әрі қастерлі «Сарыарқа» сөзі де жаңаша таразы-талқыға түсті» деді. Нарманбет поэзиясының дауылды екпіні, ышқынған үні Патша отаршылдарына ұнаған жоқ ол заңды еді. Ресейдің ішкі өңірлерінен қоныс аударып келген мұжық бір қарағанда кедей таптың өкілі сияқты көрінеді. Оны өз мекенінен зорлап көшірген жағдайлар болуы да мүмкін. Бірақ оның артында таудай сүйеніш болып, орыс мемлекетінің қуатты күші тұр. Қазақ пен мұжық арасында проблема туындап қалса, өкіметтің жақтасатыны, әрине, мұжық. Қазақтың жетім баланың күйін кешуі де сондықтан. Нарманбет поэзиясының да ең басты тақырыбы заман шындығы болды. Оған қатты әсер еткен – Ресей патшасы тарапынан қазақ даласына жүргізілген отарлау саясаты. Қазақ жерінде орныға бастаған қиын ахуал, шаруа адамының басына түскен ауыртпалық елді күйзелтті. Нарманбеттің әдеби мұрасы өз кезіндегі қазақ өмірінің айнасы іспетті болды. Мұраларынан қазақтың күнделікті тұрмыс жайы, арманы мен мүддесі, жалпы қоғамдық сана мен ой-пікірдің өрістеу бағыты айқын аңғарылады. Туған елінің басындағы тарихи ауыртпашылықты көре тұрып, тыныш отыра алмайды. Ойын ашық айтып, отты жырлар туғыза білді.
Нарманбет ақынның әдеби мұрасы жан-жақты зерттеліп, ғылыми зерделену үстінде. Ақын мұрасын мұқият зерттеп жүрген Аманкелді Туғанбаевты айтпағанда, Тұрсын Жұртбайұлының, Азат Мақмұтбекұлы Бабашовтың есімдерін ерекше айтуға болады. Азат Бабашов «Н.Орманбетұлының әдеби мұрасы» деген кандидаттық диссертация қорғаған. Оның «Ақын шығармашылығы отаршылдық дәуір шындығын және ояну ұранын көтерген ХІХ-ХХ ғасыр басындағы әдебиетіміздің тақырыптық-идеялық арқауын, замана келбетін тануда «Зар заман» ақындары, Алаш арыстары мұрасының қатарында қарастырылуымен де ерекшеленеді. Өйткені ол екі ғасыр тоғысында өмір сүріп қана қоймай, сол күрделі кезеңдердегі қазақ қоғамының әлеуметтік кескін-келбетін терең де шынайы суреттеуімен де өзіндік қолтаңбасын қалдырды» – деп түйіндеген пікір өте маңызды. Осы зерттеушілердің айтқан маңызды тұжырымдары Нарманбет мұрасының өміршеңдігінің тағы бір дәлелі. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жырлаған патриот ақындарымыз қазақ поэзиясының тарихында саусақпен санарлық деп, мүлде шектеп тастауға да болмайтын сияқты. Олар баршылық, бірақ бүкіл шығармашылығын осы бағытқа ғана арнаған ақындар саны онша көп емес екендігі тағы рас. Өзінің осы бағыттағы көркем ойларын поэзияға қойылатын талаптар деңгейінде жеткізе білген Нарманбет Орманбетұлы тәрізді сөз иелерінің артында қалған мұрасы жалпы оқырманның игілігіне айналуға әбден құқылы. Қалың жұртты қаламымен қаратқан Әзілхан ағаны алғаш көруім – 1971 жылы, Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетінде оқып жүрген кезімде. Соның алдында ғана бұл жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы баспадан енді ғана шығып, буы бұрқыраған қалпында оқырмандар арасында кеңінен тарап жатқан кезі. Алматы қаласындағы Советская, 34 – осы ҚазПИ-ді бітірген түлектер үшін жақсы таныс мекенжай, филология факультетінің жатақханасы. Соның бірінші қабатындағы 9-бөлмеде біздің курстың ұлдары тұрады. Қолымызға тиген жалғыз жаңа кітапты кезектесіп оқимыз. Қиялымызды шарықтатып, эстетикалық тұрғыдан жақсы әсер берген роман. Желтоқсан айының бір күні «Инстиутқа кітап авторы Әзілхан Нұршайықов» келеді екен деген хабар дүңк ете қалды. Кездесулер өтетін 19-аудиторияның ішін келушілер кернеп сыймай кеткен. Кешті жүргізуші – институттағы әдебиет үйірмесінің жетекшісі, ұстазымыз Хасен Әдібаев. Ұзақ уақыт есімізде сақталып қалған осы кештің көңілсіз өтпегеніне қатысқан жастар куә. Әзілхан ағамен жеке танысудың сәті түскені – жылдар өте келе, 1982 жылдың қыркүйек айында. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында
аға тілші болып жұмыс істеп жүрген кезім. Кабинетте жалғыз отыр едім, Әзілхан аға кіріп келді. Суреттерден түрі таныс, бірден сөйлесіп кеттік. Газет-журналдардан аты-жөнімді оқып жүреді екен, менің кім екенімді білгісі келген ыңғай танытты. Шамалы әңгімелескеннен кейін-ақ оңай түсінісіп кететін бір адамдар болады. Әзілхан аға тура сондай жан екен. Сол жылы ағамыз алпыс жасқа толғалы жатқан, кейін интервью алып, «Балдырған» журналына бастырдым. Осыдан кейін ол кісімен ептеп аралас-құралас болып жүрдік. Халима жеңгеймен үйге келіп, дәм татқаны да бар. Ол кісінің адамға жылы тиетін ұнасымды дағдыларының бірі – қашанда таныстарына назар аударып отыру, өзінің соңынан ерген қаламдас інілерімен үнемі жылы сөйлесіп, жағдайларын тәптіштеп сұрап тұру. Маған кездескен сайын: «Ботакөз келінге, балаларға сәлем айт» деп еске салып қоюды ұмытпайтын. Бір-екі рет сапарлас болудың да сәті түсті. Оның біріншісі – 2003 жылы қыркүйекте М.О.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің құрылғанына 100 толуы мерейтойына орай болса, екінші рет 2008 жылы өзінің жақын достарының бірі, белгілі қазақ ғалымы әрі қаламгері Мырзабек Дүйсеновтің туғанына 80 жыл толуына байланысты Қызылорда қаласындағы ұйымдастырылған мерейтой кезінде. Әсіресе соңғы сапар есте қаларлықтай болды. Әз ағаң Алматыдан досы, әдебиеттенаушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев екеуі ұшақпен ұшып келді. Жатқан қонақүйіміз біреу. Әзілдесіп-қалжыңдасып жүріп, ертеңгі тамаққа барамыз, бағдарлама бойынша ұйымдастырылған шараларға бірге қатысамыз. Оқырмандармен де кездесулер өтті. Соның бәрінде де маңайымызда топырлаған халық. Оларды қызықтырып жатқан Кәкішев пен Ақышев емес, бәрінің көздері – аға жазушы Әзілхан Нұршайықовта. Қай-қайсысы да қолтаңба алып, бір ауыз сұқбаттасып қалуға асық. Оқырман қауымның өздерінің сүйікті жазушыларына деген ықыластарының қандай екендігі осындайда көрінеді ғой. Ә.Нұршайықов -– өз өмірінде біраз көркем шығарма жазған қаламгер. Олардың сыртында «Екі естелік», «Мен және менің замандастарым» жән т.б. деректі-өмірбаяндық туындылары да едәуір. Бауыржан Момышұлымен жасалған сұқбаттың негізінде жарық көрген «Аңыз бен ақиқат» атты деректі романының өз кезінде Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болғаны да жақсы белгілі. Бірақ соған қарамастан, қалың оқырманды көбірек қызықтыратыны – жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы, ондағы Ербол мен Меңтайдың тағдырлары екен. Осы сапарда да солай болды. Қойылып жатқан сұрақтардың басым бөлігі – осы кітаптың төңірегінде. Ресми кездесулер де де, дастарқан басындағы емін-еркін отырыстар кезінде де. Аталған кітап алғаш рет 1970 жылы жарық көрген. Сол бір жетпісінші жылдардың оқырмандары арасында кеңінен тараған романның араға қырық жыл салып өткеннен кейін де сол деңгейде сұранысқа ие болуы – жазушы
үшін үлкен бақыт екендігі сөзсіз. Әзілхан аға, міне, сондай шығармашылық бақыттты басынан кешірген қаламгер. Өйткені енді қызығушылық танытып отырғандар – өз қатарлары емес, кейінгі басқа ұрпақтың өкілдері, «Махаббат, қызық мол жылдар» романының жиырма бірінші ғасырдағы оқырмандары. Ол кездесулердің барлығын тәптіштеп айта беру шарт емес те болар. Ең бастысы – жұртты тәнті еткен Әз ағаңның жазушылық, адамгершілік тұлғасының биіктігін еске алу ғана. 2010 жылы 1950 барыс жылы өмірге келген қаламгерлер бір-бір шығармадан қосып, ортақ жинақ шығардық. Оған мұрындық болып жүрген – белгілі қазақ қаламгері Нағашыбек Қапалбекұлы. Кітаптың алғысөзін жазған – Әзілхан Нұршайықов. Әз ағаң жинаққа енген қаламгерлердің басым бөлігі туралы жылы лебіз білдіріпті. Менің «Мұңды жанардың сәулесі» атты шығармам жайлы ол кісі: «Мұңмен оқылатын шығармалардың бірі – Нұрдәулет Ақыштың «Мұңды жанардың сәулесі» атты әңгімесі. Нақтырақ айтқанда, бұл тіпті әңгіме де емес, жан тебірентерлік лирикалық новелла... Төгілген көркем тіл, лапылдаған сезім және онымен тайталасқан ақылпарасат» деген пікір айтқан екен. Аға жазушының бұндай пікірі, әрине, мен сияқты қарапайым прозашының шығармашылығына берілген үлкен баға екендігі сөзсіз. Жазушының өмірбаянында назар аударуға татитын қызықты тұстары да баршылық. Болашақ жазушының әке-шешесі сегіз жасында ата қонысынан көшіп, жаңадан ұйымдасқан «Ақбұзау» колхозына келіп мүше болып кіреді. Осы жерде оқуға барып, жеті жылдық мектепте оқыған. Ауылдағы орталау мектепті бітіргеннен кейін, Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түседі де, артынан Н.К.Крупская атындағы институтта сырттай оқи жүріп, Жарма ауданындағы «Қызыл жұлдыз» орталау мектебінде мұғалім болады. 1941-1945 жылдары Қызыл Армия қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс басталысымен, он тоғыз жасында 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Алғашында 100-қазақ дербес атқыштар бригадасының құрамында зеңбірек командирі болған Ә.Нұршайықов Калинин, II Прибалтика, I және II Беларусь майдандарында неміс фашистерімен шайқасты. Сол кездегі өлендері, әскери әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық және облыстық газет беттерінде жиі басылып тұрды. Бір рет жау танкісі бес зеңбірекшіні опат қылып, сол шайқаста зеңбірек көздеушісі Әділхан Құсайынов екеуі ғана тірі қалады. Екі көзінен бірдей айрылған соғыс ардагері Әділхан Құсайыновқа жазушы өзінің «Махаббат жыры» (1964) деген алғашқы повесін арнады. Соғыстан кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында қызмет істеді. Осы газетте әр жылдары істеген еңбек өтілі – он жеті жыл. Әуелі әдеби қызметкер болып
бастаған ол жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, облыстағы меншікті тілші, редактордың орынбасары міндеттерін атқарды. Бұдан кейін Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы (1953-1956 жылдары) республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы (1963-1965 жылдары) қызметтерінде болған. «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген Ә.Нұршайықов 1968 жылы жаңадан ашылған Қазақ Совет энциклопедиясына қызметке шақырылады. Бұл жерде жазушы тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі болып бес жыл істеген. Энциклопедияның алғашқы томдарын шығаруға қатысқан. Авторлардың жүздеген мақалаларын өңдеп, жөндеп, өзі жазған мақалаларының жалпы саны жүзге тарта. Кейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының театр бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қызметке ауысады. Осында жүріп, «Қазақ театр тарихының» I томын жазуға қатысады. 1979 жылдан қашан көзі жұмылғанша бірыңғай шығармашылық жұмыста болды. Ә.Нұршайықов он төрт жасынан бастап өлең жазуға ден қойған екен. Алғашқы өлеңдері мен мақалалары Жарма аудандық «Социалистік еңбек», Семей облыстық «Екпінді» және республикалық «Пионер» (кейіннен «Октябрь балалары»), «Лениншіл жас» газеттерінде, сол сияқты «Пионер» журналында жарияланып тұрған. Қаламгердің көлемді очерктерінің бірі «По дорогам Казахстана» деген атпен «Дружба народов» журналының 1956 жылғы 11-санында жарияланды. Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов осы очеркті оқығаннан кейін, Ә.Нұршайықовты дереу Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдатыпты (1957). Жазушының алғашқы кітаптары – «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959) және «Жомарт өлке» (1960) атты жинақтары. Бұл төрт кітапты да әдеби сын мен қалың оқырман қауым жоғары бағалап қарсы алды. Көркем прозаға біржола ауысқаны ауысаны – алпысыншы жылдардан бастап. Жазушының көзі тірісінде аудармаларын, қайта басылуыларын айтпағанда, жиырмадан астам төл кітабы жарық көрген. Олардың басты-бастылары – «Махаббат, жыры» (повестер, 1964), «Алтын соқпақ» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), «Тоғыз толғау» (1977), «Автопортрет» (әдеби портреттер, 1977), «Махаббат қызық мол жылдар» (1970) романы және «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-диалогы, «Екі естелік» (1985), «Жамбылға хат» атты әскери естеліктері (1996), т.б. Бұл туындылардың бірқатары «Жазушы» баспасынан бірнеше дүркін орыс тілінде де басылып шықты. Мәселен «Песня любви» (1965, 1975, 1982); Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан «Истина и легенда» (1980) және «Дорогой памяти» (1985) кітаптары жарық көрді. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы
украин («Дніпро», 1984) және чех (1985) тілдеріне аударылып, жарияланды. Жеке шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылған. 1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Ә.Нұршайықов аудармамен де айналысып, И.Буниннің шығармаларын, М.Шолоховтың «Адам тағдыры», П.Павленконың «Жарияланбаған хат» әңгімелерін, А.Якобсонның «Қорқау» пьесасын және басқа туындыларды казақшалады. Ә.Нұршайықовтың есімін жазушы ретінде Қазақстан жұртшылығына ерекше танытқан шығармасы «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970) романы болды. Ол көркемдік мазмұны сюжеті мен образдар жүйесі орындалу жағынан оқырман назарын аударды. Романда көтерілген адамгершілік, адал махаббат, кіршіксіз достық, ар-инабат, ұлттық салт пен сана тәрбиесі оқырманға эстетикалық тұрғыдан әсер етті. Алғашында 52 400 данамен шыққан бұл кітап оқырманға жетпей қалып, жұртшылық «Жазушы» баспасы мен республикалық баспасөз комитетіне үсті-үстіне хаттар жазып, мол тиражбен қайтадан басып шығаруды талап етті. Бұл тілекті орындау үшін баспа араға жыл салып, ол кітапты 1972 жылы 60 000 дана тиражбен екінші рет басып шығарды. 1973 жылы орыс тіліне аударылып, 100 000 дана тиражбен және жарияланды. Орыс, қазақ тілдерінде роман одан кейін де басылып шықты. Әзілхан Нұршайықовтың романының бас кейіпкері – Ұлы Отан соғысының қан майданынан оралып, университет босағасын жаңа аттаған жауынгер Ербол Есенов. Ол – өмірге ғашық романтикалық сезімнің адамы. Блиндажға түскен снарядты құшақтап, сыртқа ала жүгірген жауынгердің бұл әрекеті – нағыз батырлық. Ол университетте Меңтай есімді қызға ғашық болады. Меңтай арудың ақ свитеріне байқаусыздан сыя төгіп алған ол қатты қысылады. Романдағы үлкен оқиғаның басталуына себепші осы болмашы деталь арқылы жігіттің қызға деген нәзік сезімі және Меңтайдың биязы ұстамдылығы мен сүйкімділігі ашылады. Сыя төгілгенде үн шығармай, ештеңе болмағандай, артына бұрылып, Ерболдың алдына басқа сыя сауыт қояды. Студент қыздардың келемежіне де қымсынбайды. Жер боп жүрген Ерболға ләм демей, ақыры свитерін сыя түскен бояуға бояп алады. Адамгершілік қасиет Меңтайдан да, Меңтайдың қасындағы Ерболдың да жан сүйсінер жақсы істерінен көрінеді. Оқырманды жетелеп отыратын тағы бір линия екі жастың махаббатына куәгер достарының да тағдырлары. Меңтайынан айрылып, мұратына жетпесе де, Ербол шын бақытын табады. Өйткені ол өмірдің мәні махаббат пен достықта екендігін түсінеді. Махаббат туралы осы романның мазмұны «адам деген атыңды ақырына дейін ақта» дейтін
үлкен қорытындыны көкірегіңе қонымды етіп жеткізеді, азғана хикаядан зор мән, мазмұн табады. Ә.Нұршайықовтың оқырмандар назарын аударған көрнекті шығармасының қатарында «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогын айтуға болады. Шығарманың бас кейіпкері – қазақтың атақты батыр ұлы, жазушы Бауыржан Момышұлы. Бұл кітапқа дейін-ақ Бауыржан бейнесі А.Бектің «Волокалам тас жолы», Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романдарында ашылып, жан-жақты суреттелген болатын. Енді осы көрнекті шығармалардан кейін жазылған бұл туындыда батыр бейнесін жаңа қырынан ашу мүмкіндігі шектеулі еді. Бірақ соған қарамастан, «Ақиқат пен аңыз» оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, қазақ әдебиетінің тарихында белгілі бір орынды иеленді деп айтуға болады. Алдыңғы айтылған екі туындыға қарағанда, бұнда батыр Бауыржанның көптеген адами қырлары, оқиға суреттеріп отырған кезеңдегі жекелеген шындықтар ашылған, қызықты фактілер де келтіріліп отырады. Неміс-фашистері өздерінің бар күш-қуатымен Москваға төніп келіп, кескілескен қатты ұрыстар болып жатқан уақытта Қызыл Армияның орталық командованиесінен ұлты орыс емес командирлерді шұғыл Москваға шақыртқан бұйрық келіп түседі. Бұның өзі – осынау сын сағатта орыстан басқа ұлттарға сенімсіздік көрсеткендей әсер ететін, шешілуі қиын жағдай. Майдан шебінде тұрған Дарно селосына жиналған командирлер бұл пәрменнің мәнісіне түсіне алмай, дағдарысып қалады. Міне, осындай шиеленіскен ауыр ахуалды ыдырату үшін бұл іске бел шешіп кіріскен белсенділердің ең басында Бауыржан Момышұлы тұрады. Ол Москвадағы орталық штабта отырғандармен тікелей сөйлесіп, соғыс қызып жатқан және астанаға қауіп төніп тұрған осынау қысылшаң шақта мұндай мәселенің көтерілуінің өзі мүлде орынсыз екендігін дәлелдейді. Осынау пікірлер жекпе-жегінде Бауыржан өзінің тек қолма қол ұрыста ғана емес, сөзбен тайталасуға тура келетін шешуші сәттерде де батыр екендігін көрсетеді. Шені жоғары командирлермен келіссөзге барып, сын сағатта ұлттық тұрғыдан жікке бөлудің кері әсері бар екенін тайсалмай дәлелдеп шығуы Бауыржан батырдың тағы бір қырын – ойының ұшқырлығын, өжеттігін ашады. Қиын келіссөз барысында Москвалық бастықтардың өз райынан қалай қайтқандығы романда психологиялық тартыстар арқылы берілген. Аталған роман-диалогте басқа да қызықты ситуациялар аз емес. Жазушының оқырман назарын аударған тағы бір шығармасы – 1985 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Екі естелік» кітабы. Ол – қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов жайындағы естеліктер жинағы еді. «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында филология ғылымының докторы Б. Майтанов: «Бұл кітап –М. Әуезов пен С. Мұқановқа сөзден соғылған ескерткіш» деп атады. Ә.Нұршайықовтың жазылу формасы жағынан өзгешелеу болып шыққан шығармасы – «Мен және менің замандастарым» атты өмірбаяндық-
мемуарлық романы. Ал осы өзгешеліктің қандай көркемдік-идеялық мәні бар деген сұраққа келетін болсақ, осы соны форма арқылы автордың ең алдымен оқырманды өзіне тарту жағына күш салғаны байқалады. Белгілі бір тұлға жайында (айталық, бұл арада Ғабит Мүсірепов) әңгімелей отырып, жазушы көбінесе сюжеттік желілерді өз төңірегіне қарай құрады, одан қалса, қойын дәптеріне жазып алған әртүрлі әңгімелерді тізбелеп, жайып салудан да тартына қоймайды. Ол әңгімелердің ішінде халық ауыз әдебиетінің жалпақ жұртшылыққа мағұлым бола қоймаған жекелеген үлгілері (айтыс, жұмбақ, аңыз әңгімелер, мысалдар, ән мәтіндері және т.б.), автордың өмір жолында ұшырасқан түрлі тағдыр иелерінің құпия сырлары, жазушылардың оқырманға жазған қолтаңбалары (автографтары), кейіпкерлердің хаттары, күнделіктері, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған материалдар, құжаттар және басқалары бар. Рас, бұлардың барлығы бұқара оқырман үшін таптырмайтын асыл дүниелер деп танысақ, шығарма мазмұнын тым асыра бағалағандық та болар еді. Олардың кейбірінің әлеуметтік-көркемдік салмағы шынында да терең болғанымен, қалың әңгіменің қабатында кетіп қалып жатқан жеңіл-желпі жазбалардың да ішінара ұшырасып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Ә.Нұршайықовтың аталған романында шығарманы пішіндік тұрғыдан түрлендіру үдерісі айқын. Жазушының ондай ізденісі көбінесе сәтті шығып, шығарма мазмұны оқырманды жалықтырып алмайтын деңгейде құрылған деп түйін жасай аламыз. Яғни, «Мен және менің замандастарым» мемуарының көркемдік табиғаты өзгешелеу деген пікір еріксіз туындайды. Автор өзінің жазушылық өмірінің қуанышты, жарқын жақтары жайлы айтқанда көбінесе, ойын ақпараттық деңгейде ғана жеткізіп отырады. Өзінің қандай шығарма жазғаны, ол жайындағы оқырмандардың жақсы лебіздері, келген хаттардың саны, алған сыйлықтары мен түрлі марапаттаулары баяндау мәнерімен қысқа ғана қайырылады. Кейде оқырмандар мен биік лауазым иелерінің бағалауларына орай қуанған сәттерін эмоционалдықэкспрессивтік сипатта жеткізіп қалатын тұстарында шығармашылық иесіне тән мақтаныш сезімдері де ұшқындап жатады. Үлкен жазушыға мұндай көңіл күйі жараспайды деп айта алмас едік. Оқырмандардың кейінгі жас буыны үшін жазушы жеткен жетістіктерді білдіретін ондай мәліметтердің керек болып қалатындығына ешкім таласа қоймаса керек. Романда мазмұндық, ой-пікірлік қайталаулардың тиіп-қашты болса да ұшырасып қалатынын ашып айтқан жөн. Сондай қайталаулардың бір парасы осындай өз шығармашылығы жайлы берілетін мәліметтерге байланысты. Мәселен, «Махаббат, қызық мол жылдар» романы шыққаннан соң оқырмандардың жылы лебіз білдіруі, оның Қазақстан Респуликасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, ала алмай қалуы бірінші кітапта да, екінші кітапта да айтылып, қайталанып отырады. Дегенімен роман авторы өзінің шығармашылық өмірінің жарқын жақтарынан гөрі көлеңкелі тұстарын, ағалары мен әріптестерінен көрген
қорлықтары мен қиянаттарын басымырақ суреттеп кеткен. Және осы бағытта айтылатын әңгімелердің оқылуы қызық, автор тарапынан жасалатын тұжырымдар да оқырманға ой салып, пікір түйетіндей деңгейде. Мемуарлық шығармада өмір фактілерін шындықтан бір елі де ауытқымай, қаншалықты дәл баяндап беру шарт екені белгілі. Оқырман көбінесе белгілі бір оқиғаға немесе талас-тартысқа қатысты баяндаушының жалаң сөздеріне ғана сенуге мәжбүр. Әңгіме болып отырған шетін мәселенің шындығын, өзінің қиянат немесе зорлық-зомбылық көргенін растайтын нақты құжаттар автордың қолында болмай қалуы әбден ықтимал. Көбінесе ондай дәйектемелердің қолға түсе бермеуі де тіршілік заңдылығы. Басынан қиянат кешкен адам кейін осының керегі болады-ау, шығарма етіп жазамын ғой деп ойлап та жатпайды ғой. Немесе дәл сол сол кезде сондай құжатты қолға түсіру де мүмкін емес болуы мүмкін. Ә.Нұршайықов шама-шарқының келгенінше өзіне жасалған әділетсіздіктерді әшкерелейтін құжаттарды да ішінара қоса ұсынып отырады. Сөйтіп өзінің қаламдас ағалары мен әріптестері тарапынан көрген қысымдарын дәлелдеуге мүмкіншілік табады. Өз айтуына қарағанда, Ә.Нұршайықовтың кейбір кісілердің алдындағы бар кінәсы принципті мәселеге келгенде айтқандарын тыңдап, айдағандарына жүре қоймағандығы. Жалпы нәті жуас жазушы бұл кісілердің берген нұсқауларын қалтқысыз орындауға да қарсы емес, бірақ өз қолымен біреуге қиянат жасауға оның көнгісі жоқ. Екі жақтың арасындағы негізгі тартыс осыдан туындаған. Айтылған бұйрықтарды орындамай, қыңырая түскен сайын жаңағы кісілердің бұған деген жеккөрініштілігі ұлғая береді, психологиялық жағынан алып қарағанда олай болуы да тиісті еді. Жаңағы адамдардың бас кейіпкерге берген бағасы, адамгершілік өлшемі бірінен бірі өткен ауыр болып көрінеді. Әзілхан Нұршайықов – қазақтың танымал прозашысы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы. А.Фадеев атындағы Ресей жазушылары сыйлығының лауреаты, II дәрежелі Даңқ, «Құрмет Белгісі», Халықтар достығы және II дережелі Отан соғысы ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Батырлығы үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысыңда Германияны жеңгені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен, 3 мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған (1962,1972,1982). Жалпы Ә.Нұршайықов естелік жанрында өнімді қызмет еткен жазушылар қатарынан саналады. Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдаван, татар, саха (якут) тілдерінде басылған. Жазушының Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Аңыз адам» деген радио-пьесасы, М. Әуезов туралы орыс, қазақ тілдерінде айтқан естеліктері мен басқа да бірсыпыра сөйлеген сөздері («Баубектің
жүрегі», «Абай туралы сөз», «Автопортрет», «Сен менің жүрегімдесің, Армения», т.б.) Қазақ радиосының алтын қорына қабылданған. Көзі тірісінде ол кісі: «Радиодан жазылып алынған сексеннен астам магнитофон таспалары мен жиырмаға жуық бейне таспа өз архивімде сақтаулы» деп айтып кеткені бар еді. Көркемдік әдістердің қабысуы Қазақ көркем прозасының майталманы Тахауи Ахтанов (1923-1994) – қазақ әдебиетіне соғыстан кейін келіп қосылған ұрпақтың өкілі. Ол 1923 жылы 25-қазанда қазіргі Ақтөбе облысының Шалқар ауданы аумағындағы Шетырғыз деген ауылда туған. (Жалпы әр түрлі дереккөздерінде берілетін мәліметтерде ептеп айырмашылықтарбар екенін де қаперге сала кеткім келеді). Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына 1940 жылы оқуға түскен ол екінші курста оқып жүрген кезінде өз еркімен сұранып соғысқа аттанады. Көркем әдебиетпен айналысуға кіріскені – қан майданның ортасынан аман-есен оралғаннан кейін. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген Т.Ахтанов, кейіннен «Қазақфильм» киностудиясына сценарий бөлімінің бастығы болып ауысады. Одан кейінгі атқарған қызметтері – «Әдебиет және искусство»- «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Мәдениет министрлiгi Көркемөнер бас басқармасының бастығы, Республикалық Кітап палатасының директоры. Әдебиетке енді қадам бастаған көптеген қаламгерлер сияқты шығармашылық жолға болашақ прозашы өлең жазу арқылы келген. Бірер өлеңі, әскери тақырыпқа жазған очерктері майдан газеттерінің беттерінде жарияланған Т.Ахтанов елге келгеннен кейін, біржола көркем шығармашылықпен айналысуға бет бұрады. 1948 жылы жарық көрген “Жастар даусы” аталған ұжымдық жинақта өлеңдері басылыпты. Көрнекті қаламгер өзінің нәзік прозашы, талғампаз драматург екендігімен бірге, сарабдал сыншы ретінде де таныта білді. Оған дәлел – өз заманында баспасөз беттерінде жарияланған ағымдағы әдеби үдерістер жайында жазған мақалалары, «Керуен», «Көкейкесті» деп аталатын сын кітаптары. Тіпті әу баста Ахтановты қаламгер ретінде алдымен кеңірек танытқан осы сын жанры екен. Әдебиеттiң келелi мәселелерi туралы проблемалық мақалалар, соның ішінде Ғабит Мүсірепов шығармагерлiгi жайынан әдеби сын-очерк /1956/ жариялайды. Әдеби сын жанрында жазылған жинақтары 1969 жылы “Керуен”, 1980 жылы “Көкейкестi” деген атпен жарық көрді. Қалай болған күнде де Тахауи Ахтанов есімін оқырманар арасында кеңірек танытқан прозалық дүниелері болды. «Күлкі» деп аталатын алғашқы әңгімесі 1955 жылғы 8-тамызда “Қазақ әдебиетi” газетiнде жария-
ланса, алғашқы романы “Қаһарлы күндер 1956 жылы басылып шықты. Бұдан кейін әңгiмелерi мен повестерi, очерктері “Махаббат мұңы” /1960/, “Көкқұтан” /1968/, “Үндiстан хикаясы” /1971/ кiтаптарында жарық көрдi. Соңғы романы “Шырағың сөнбесiн” /1973, 1981/ деп аталады. 19831985 жылдар аралығында жазушы шығармаларының бестомдық жинағы басылып шыққанын да еске сала кету керек. Т.Ахтанов мемлекеттік марапаттаулардан да кенде болмаған. Майдангер ретінде ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденін, екі рет «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін алған. «Боран» романы үшін Т.Ахтанов 1966 жылы Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы құрметті атағы берілген. «Қаһарлы күндер» романынан соң жазушының «Шынтас», «Махаббат мұңы» атты повестері кітап болып басылып шықты. «Шынтас» повесі балықшы колхозында тұратын жастар жайында сыр шертсе, «Махаббат мұңы» повесінің мазмұны екі жастыңсүйіспеншілік сезімдерін баяндауға құрылған. Бұлшығарманың көркемдік табысы мәңгі өшпейтін махаббат проблематикасы арқылы адамның жан дүниесін ақтара көрсетуіне, кейіпкердің ішкі әлеміндегі құбылыстарды қайшылықты түрде бейнелеп беруіне байланысты еді. Адамның рухани әлеміне көркем барлау жасау жағынан алғанда, осы повесть сол кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі өзіндік құбылыс болып саналды. Жалпы осы арада айта кету керек, Тахаңның сүйікті тақырыбының бірі – өнер, сол өнерді жасаушы, орындаушы дарын иелері. «Махаббат мұңы» әңгімесінің кейіпкері Ләззат ақын қыз болса, «Күй аңызы», «Көкқұтан», «Алыстан жеткен сарын» әңгімелерінің өзегі де – өнер. Ауылдан келген жас қыз Ләззат пен ақын жігіт Нияз арасында басталған тұрмыстық сипаттағы қарапайым қарым-қатынас махаббат сезіміне ұласа келіп, қоғамдық деңгейдегі адамгершілік-имандылық мәселесіне дейін көтеріледі. Шығарманың басты құндылығы да – психологиялық тартыстар арқылы оқырманды рухани-эстетикалық әсерге бөлей отырып, парасатты пайымдауға жетелеуінде, көркем шығарма шеңберінде тәлімдіктағылымдық қағидаттар ұсынуында. Аталғанәңгімеқазақпрозасындакөрке мдік-идеялықтұрғыданжаңабірүрдіссалыпбергентуындыболды... Тахауи Ахтановтың тұңғыш романы «Қаһарлы күндер» 1956 жылы жарық көрді. Сол замандағы қазақ әдебиеті үшін соны тақырыптардың бірі болған майдан өмірін, соғыс шындығын суреттеуге арналған бұл роман оқырман назарына бірден ілікті. Сюжеттік желілердің қызықтылығы, тартымдылығы өз алдына, роман қазақ прозасында жаңа образдар әкелуімен, өзіндік көркемдік шарттарын ұтымды меңгеруімен көзге түсті. Оқиғалары бірнеше салада жарыса өрбитін романда образдардың ұлттық сипаттары назар аударады. Кейіпкерлер әрекеттеріндегі психологиялық тартыстардың, қарымқатынастарындағы ұлттық нышандардың берілуі кестелі.
Роман фабуласының негізіне 1941 жылдың қараша, желтоқсан айларындағы Мәскеу түбіндегі сұрапыл ұрыстарда көзге түскен генерал (романда – Парфенов) Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясының (кейін 8-гвардиялық дивизиясы) жауынгерлері мен офицерлерінің өмірі, қаһармандық ерлік әрекеттері арқау болған. Алматы түбінде жасақталған дивизияның майданға аттануынан басталған сюжет солдаттардың үй іші, туыстарымен қоштасуы, жол әсерлері, майданға жету, қорғану шебіндегі алғашқы шайқастар, жау қоршауында қалған әскерлер өмірі мен оны бұзып шығу кезіндегі ерліктер, Мәскеу түбіндегі сұрапыл шайқастар, т.б. көріністер арқылы дамып отырды. Осы суреттердің бояуы қанық, оқиғалар мен тартыстарды шынайылығы басым. Бір сөзбен айтқанда, жазушы осы адамдардың образдары арқылы Ұлы Отан соғысының алғашқы бір жылы ішіндегі майдан ахуалынан хабар береді, уақыт шындығын көрсетуге тырысады. Дивизия командирі генерал Парфеновтың бейнесінде тарихилық пен шынайылық мол. Тек командирлер ғана емес, қатардағы солдат Көжек тәрізді әскери адамдардың рухани өмірі де жарқын суреттеледі. Роман кейіпкерлері – әр түрлі характер иелері. Осындай сын сағатта табысқан әр ұлттың адамдарының достығын шыңдайтын да соғыстың ауыр күндері. Автор бұрын әскери өмірді білмейтін қазақ жігіттерінің соғыс жағдайына бейімделуін нанымды етіп бейнелеген. Роман кейіпкерлері Ержан, Мұрат, Көжектің әрқилы типтік бейнелер. Осы жігіттердің майдандас достары Бондаренко, Зеленин, Кәрібай образдары арқылы ұлттық, халықтық сипаттар, мінездер көрінеді. Өзара үйлеспей жататын көзқарастар қақтығыстары да аз емес. Осымен қатар майдан өмірі жағдайында шынығып, өсіп жатқан әрқилы адамдардың суреттері бар. Добрушкин мен тракторшы Кәкібай, қарапайым да қатал Қартбай, адал да ақкөңіл Бондаренко, взвод командирі Ержан мен бұрынғы военкомат қызметкері Мұрат, Раушан мен Уәли, майор Купцианов соғыс жағдайында жүріп-ақ, адамгершілік қарым-қатынастың әрқилы нышандарын байқатып отырады. Автордың көркемдік табыстарының бірі – осы аттары аталған персонаждар арқылы бір біріне ұқсамайтын әртүрлі характер иелерін жасап шығаруы. Романда жазушының айрықша мән беріп, шеберлікпен мүсіндеген жауынгерлердің бірі – Көжек Шөжебаев образы. Бұл нағыз қазақи ортадан келген жауынгер. Осындай момын, қарапайым адам жауға дегенде мейрімсіз де қатал. Ержан взводы қоршауда қалған кезде Қартбай екеуі жау күшін тоқтатып, үлкен ерлік көрсетеді. Шығармада кейіпкерлердің бұрынғы өмірін еске алатын лирикалық шегіністер де мол, сол арқылы романның нағыз қазақтық рухта жазылғанын аңғаруға болады. Роман мазмұнының отаншылдық, патриоттық сезім рухы күшті. Осы қиын-қыстау, сын сағатта адамдар өмірі мен күресі романда кең ауқымды, психологиялық тұрғыда бейнеленеді.
Өз шығармаларында Т.Ахтанов уақыт шындығын өткір сезініп, жаңа проблемаларды, мінездер тартысын кәнігі шеберлікпен терең бейнелей білді. «Боран» (алғашқы аты «Дала сыры») романы Кеңес дәуірінде еңбек еткен қарапайым адамдардың тағдырлары туралы жазылған. Шығарманың бас қаһарманы Қоспан – оқырманға ой салған кейіпкерлердің бірі. Күресте шыныққан, рухы күшті, ізгі жанды, осынау қарапайым еңбек адамының жан дүниесін автор әр қырынан ашып көрсетуге тырысады. Шығарманың сюжеттік желісінде алып-ұшып бара жатқан күрделілік жоқ. Бас кейіпкері Қоспан шопан қысты күні далада мал бағып жүрген кезінде, кенеттен көтерілген боран астында қалады да, бір отар қойды аман құтқарып қалу үшін жанталасып кетуге мәжбүр болады. Қоғам малын аман сақтап қалу жолындағы оның бұл күресі қоғамдық мәселелермен де астасып жатады. Шығармадағы боран – қарапайым еңбек адамының қайшылықты ауыр тағдырын әр қырынан алып көрсетуге себеп болатын негізгі сюжеттік желінің басын біріктіруші ұтымды деталь. Жазушы кейіпкердің жан дүниесіне, ол бастан кешкен кезеңдердің әлеуметтік сипаты мен мәніне үңіле отырып, өз кезеңііндегі біраз қоғамдық шындықтың бетін ашады. Бұл адамның өмірде көрмегені қиындығы жоқ. Қан майданның ортасынан аман-есен оралған оның тағдырының қалыптасуы дәуір шындығымен үндес. Кейіпкерлердің ішкі монологы шығарманың сюжеті мен композициясын тұтастырып тұрған да – осы ойлар мен арқылы берілген шегіністер. Қоспанның бұрынғы командирі Қасболат та тың образ. Ол ақылсыз адам емес, бірақ қара басының қамын көбірек ойлайтын мансапқор. Жас ұрпақ өкілі Қаламұш, қазақ әйелінің типтік бейнесі Жаңыл оқырман қабылдауында ұнамды, жылы әсерлер қалдыра алады. «Боран» романы – өмірде болған немесе болуы әбден ықтимал белгілі бір өмір шындығының негізінде замандас характерін мейлінше айқынырақ сомдаған өз кезеңіндегі көлемді шығармалардың бірі. Романның бас кезіндегі Қоспан мен алдындағы малынан айырылған Қоспан бейнелерінде айырмашылық бар. Алдындағы малына адал қарағанымен, қоғамдық өмірге араласуға бейімсіз, басшылардың алдында жалтақ болып келді. Жазушы осылайша даладағы боран мен еңбеккер адамның ішкі дүниесін алай-түлей еткен рухани боранды қатар салыстыра отырып, параллелизм әдісін қолданады. Тахаң өзінің бір сөзінде: «Менің «Қаһарлы күндерім» де реалистік шығарма, тек социалистік реализмнің шалығы бар. «Боран» – таза реализм» (361-б.) деген болатын. Оның бас кейіпкері Қасболат – партия қызметкері, бір ауданның басшысы. Жазушы оны әуелде жағымсыз сипатта бейнелеп алғысы келген деуге болады, кейін сюжет өрби келе, бұл тұлғаның күрделене түскенін, жағымды қырларының да молая бастайтынын байқаймыз. Т.Ахтанов прозасында бұрынғы өткен өмір мен өзі жазып отырған кезеңдегі заманның өрнектері қатар көрініп отырады. Бір байқалатыны – оның шығармаларының басым бөлігінде өмірдегі шыншыл реализм мен өршіл романтика қабысып, астасып жататындығы.
Мысалы, “Боран” романы шаруашылық мәселесінің дұрыс шешілмеуінің себептерін мамандардың біліктілігінен іздей отырып, Кеңестік жүйедегі шаруашылықтардың оралымсыздығын, соған орай туындайтын проблемаларды алға тартады. Бұл – шығарманың өзекті тақырыптарға құрылғандығының көрінісі. Сонымен бірге ондағы психологиялық, моральдық тартыстар үстіндегі кейіпкердің жан дүниесінің қалай ашылғанына назар салып көріңізші. Бұл арадан сіздің айнытпай танитыныңыз – психологиялық прозаның қас шеберіне тән қалам ізі. Кеңес дәуіріндегі еңбеккер жандардың рухани күш-қуаты қоғамның жаңа типті кейіпкерлеріне тән қасиет екендігі, тағдырдың қандай қыспағына ұшыраса да, ондай адамдарды алға жетелейтін, еңсесін түсірмей, өршелене ілгері бастыратын рухани мықтылық екендігі – «Боран» романының басты идеясы. 1966 жылы бұл туындысы үшін жазушыға Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілді. Жазушының соңғы кесек туындысы – «Шырағың сөнбесін» (1981) атты романы. Онда да Т. Ахтанов Ұлы Отан соғысы тақырыбына қайта айналып соға отырып, оған басқа ракрустан келіп, оның шытырман соғыс қасіретінің сұмдығын қырынан ашып көрсетеді. Қанды қырғынның адам басына салған ауыр нәубеті еріксіз ойландырады. Қазақ әйелі Нәзира бейнесі ұлттық рухқа қойылатын көркемдік талаптар деңгейінде жасалған. Адамның өмірі үшін күрес шындығы бас қаһарманның бастан кешкендері арқылы әсерлі ашылады. Сыншылар мен түрлі пікір білдірушілердің паймдауыларына сүйенсек, бұл – психологиялық пландағы роман. Т.Ахтановтың “Шырағың сөнбесін” дилогиясы Ұлы Отан соғысының шындығын аша отырып жазғанымен, алдыңғы қатарға атойлап шығып алатын көркемдік фактор – бәрібір адамдар арасындағы күрделі қарымқатынастар. Роман тұтқиылдан басталып кеткен соғыстың астаң-кестең алапатына түсіп қалған жас келіншек Нәзираның атынан баяндалады. Соның көзімен берілетін соғыстың қатал шындығы оқырманды өзімен бірге ілестіре отырып, құйқылжытып, адам тағдырының қалайша ойыншыққа айналып шыға келгендігін көркем елестетеді. Академик С.Қирабаевша тұжырымдасақ, бұл роман “соғыс шындығы арқылы көрінетін адамзаттық гуманизмді бекіте түсетін” шығармалар қатарынан саналуға тиісті. Жазушы “Шырағың сөнбесінде” соғыс зұлматьының ауыр қасіреттерін суреттеумен шектеліп қалмай, адамдар арасындағы күрделі құбылыстарды психологиялық тұрғыдан тарқата түсіп, көркемдіктің өзінше бір әлеміне жетелейді. Бас кейіпкер Нәзираның атап айтқанындай, адам баласы ең алдымен шырағын сөндіріп алмауы тиіс. Көркемдік шешімдердің жетелеп отырып алып келетіні – адамзаттың келешегі де, ұрпақ жалғастығы да сол шыраққа байланысты деген тұжырым. Сонда ұрпақ жалғастығы да тоқтамайтын болады. Романда Нәзирадан басқа да әйелдер бейнесі әр қырынан көрініс тауып, дами түсіп, бояуы қанық образдарға айналған. Көнбіс те сергек Света,
мансапқор, дүниеқоңыз, бюрократ, өркөкірек Елизавета Сергеевна, сұлу да тәкаппар Алветина Павловна, Евдокия, Ираида Ивановна және басқалары жазушының көркемдік табыстары қатарынан саналуға әбден лайықты. Тағы бір жадыда жаңғырығып тұратын бейнелер – бақытты балалық шақтары соғыс табынында қалған Наташа, Парашка, Ваня, Боря, Жұмаш, Вовка, Люся тәрізді тағдырлары аянышты жеткіншектер. “Шырағың сөнбесін” дилогиясы – Т.Ахтановтың ерекше бейнетпен, иін қандыра жазған шығармасы. Оны туындының жалпы көркемдік бітімінен аңғаруға болады. Автордың өзінің ой саптасы, оқиғаны жеткізе білудегі жинақылық, әр қадам сайын кейіпкерінің жан дүниесіне үңіле білу, тілінің көркемдік кестесі, композицияны құрудағы шеберлік осыны білдіреді. Бастапқыда өмірдің күңгей жақтарын ғана көріп, жеңгесіне еркелеп, жігіт сүйіп жүрген бойжеткен Нәзира еркісіз соғыс жағдайының бел ортасына түседі. Қазақтың бұйығы әйеліне тән әлсіздік аяғын қия бастырмайын сияқты көрінгенімен, іштей ширығуы кейіпкердің жан дүниесіндегі эволюциялық өзгерістерді анық байқатады. Бұған дәлел –кейіпкердің босаңдау жан дүниесінің соғыстың қатал шындығының өтінде барған сайын ширап, қатая түсуі. Қандай қиын, қандай шешуші жағдай болса да, орта тәрбиесімен қалыптасқан әу бастағы адамгершілігін, инабаттылығын, адамгершілігін жоғалтпауы Нәзираның биік деңгейдегі кесек ұлттық болмыстың өкілі екендігін байқатады. Атақты ұшқыш Гастеллоның ерлігін қайталаған капитан, жұбайы Қасымбекке, қызғаншақ Николай Топорковқа бұйырмаған қуанышқа өзі ие болады. Осы соғыс өртінің арасында, өлім мен өмірдің ортасында жан алысып, жан берісіп жүріп, өмірге сәби әкелуінің өзі ерлікпен тең. Жазушы шеберлігінің қыры тағы осы арада көрінеді, осы оқиғалар арқылы алапат жойқын соғыс пен өмірге ұрпақ әкелетін әйел нәзіктігін қарама қарсы қоя отырып, адам жасампаздығын жырлайды автор. Тілі құнарлы роман бірінші жақтан, бас кейіпкері Нәзираның атынан баяндалады. Бұның өзі де жазушы ізденісінің бір қыры екендігі анық. Т.Ахтанов – қазақ прозаиктерінің ішінде соғыс шындығын жете біліп суреттеген тұңғыш қаламгерлеріміздің бірі. Оның қай шығармасын алсаңыз да, Ұлы Отан соғысының бір лебі сезіліп тұратындығында осындай себеп болса керек. Бергі бейбіт жылдарды суреттеген туындыларында да соғысқа қатысты болып келетін штрихтар жылт етіп қалып отырады. Ұлы Отан соғысы тақырыбы жазушы шығармашылығының негізгі өзегі десе де болғандай. Оның алғашқы қаламын ұштап, жазушы деген абыройлы атаққа ие еткен де – осы тақырып. Сондықтан да болар, жазушы туындыларындағы кейіпкерлердің едәуір бөлігі Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдар болып келеді. Өзі майдан өмірін жақсы білетін жазушының кейіпкерлер іріктеудегі мұндай ұстанымы сәтті еді. Тағы бір назар аударатын нәрсе – өз шығармаларында жазушының ақын, күйші, композитор, суретші сияқты өнер адамдарының бейнесін жасауға
жіті көңіл бөліп отыруы. Автор олардың сыртқы тұлғасын, қоғамдағы рөлін ғана суреттеп қоймай, ішкі дүниесіне де үңіліп, кейіпкер психологиясын алдыңғы қатарға шығаруға ұмтылады. Ахтанов туындыларының көпшілік геройлары – күнделікті өмірде жиі кездесетін қарапайым еңбек адамдары. Жазушы олардың қызмет бабы, жұмыс дәрежесінің өсуін емес, рухани өсуін, адамгершілік жайындағы түсінік-талғамын молырақ көрсетеді Т.Ахтанов – қазақ драматругиясының кезеңдік дамуына да өз тарапынан үлес қосқан қаламгер. 1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейін дүниеге келген «Боран», «Ант», «Әке мен бала» пьесалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және басқа да туысқан халықтар театрларының сахналарына қойылды. Драматургия саласында жазған еңбектерi “Ана даусы” жинағында (1978) жылы жарияланды. Тахаңның тарихи тақырыпқа қарым-қатынасы «Ант» драмасы арқылы айқын көрініс тапқан. Бас қаһарманы Әбілқайыр хан болып келетін осы драманың мазмұндық сипаты, авторлық позициясы біртіндеп трагедиялық сарынға алып келеді. Бірақ Тахаң кезінде бұл туындысын «Драмалық поэма» деп атапты. Бұдан басқа республика театрларында Т:Ахтановтың «Әке мен бала» деп аталатын пьесасы бойынша қойылған спектакль де табыспен жүрген болатын. Т.Ахтановтың көркем аударма саласында жасап кеткен еңбегінің өзі бір төбе. Ол А.Пушкиннiң ”Алтын әтеш туралы ертегiсiн”, И.Тургенев, М.Горький сияқты орыс жазушыларының жекелеген шығармаларын, А.Толстойдың “Азапты сапарда”, С.Бабаевскийдiң “Алтын жұлдызды жiгiт” романдарын қазақшалады. Соғыс ардагері Тахаңның соғысты жазбауы мүмкін емес еді. Оның қаламынан туған «Қаһарлы күндер», «Шырағың сөнбесін» – еліміздің басына бұл үйірілген қамірет күндерін қым-қиғаш оқиғалар мен, суретпен, психологиялық көңіл күймен көз алдыңа әкеледі. Өмірінің соңғы кездерінде жасының егде тартқанына қарамастан, жазушының шығармашылық жоспары үлкен болатын. «Антты», «Абылай» мекн «Махамбетті» біріктіріп, трилогия етсем» (370-б) деген сөздерін кезінде мерзімдік баспасөз бетінен оқығанбыз. Жазушы өзінің осы бір шығармашылық арманына жете алмай кеткенімен, артында қалдырған мұрасы – қазақ әдебиетінің тарихында өз орнын таласпай-ақ, дауласпай-ақ алатын көркемдік болмысы кемел туындылар. Өзін әдебиетке арнаған кез-келген тұлғаның да бақыты осы болуы тиіс. Ендеше Тахауи Ахтанов есімінің әдебиетіміздің төрінде бір қалыпты орнықты қалпымен жарқырай беруі тиіс.
ҚАЗАҚ КӨРКЕМСӨЗІНІҢ ТАМЫРШЫСЫ Рахманқұл Бердібай есімі әдебиет пен мәдениет жанашырларына, әдебиет сүйер оқырман қауымға сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап жақсы таныс. Ол қара тырнағынан бақайшығына дейін табиғатымен әдебиеттанушы бола алған бірегей ғалымдардың қатарынан еді десек, тіпті де қателеспейміз. Ол жай ғана даңқ қуалаған, алдымен ғылыми атақты ғана мұрат тұтқан жадағай әдебиетші емес болатын. Қазақтың қарасөзінің қасиетін тамыршыдай тап басып тани білетін және жай ғана танып қоймай, сол қабылдаған эстетикалық әсерін ғылым тілімен, өрнекті сөздермен оқырман жұртшылыққа тартымды етіп жеткізе белетін сезімі терең оқымысты екенін мойындата жүрді. Рахаңның қаламынан туған «Әдебиет пен өмір», «Роман және заман», «Қазақ әдебиетіндегі замандас бейнесі», «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы», «Дәстүр тағылымы», «Қазақ романы», «От легенды к роману», «Қазақ тарихи романы», «Тарихи роман», «Мұхтар шыңы» және басқа да ғылыми-зерттеу еңбектері әдебиеттанушы ғалымдардың кейінгі ұрпақтарына да тиісінше пайдасын тигізіп, қызмет етіп етіп келеді. Бұл айтылған кітаптар жай ғана тізім емес, әрқайсысы қазақ әдебиетінің тарихынан, өз заманындағы болмыс-бітімінен хабар беретін, тағылымды сипаттары мол жүйелі талдаулар. Рахманқұл Бердібай 1927 жылдың 2-желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының аумағына орналасқан Көкіш деген жерде өмірге келген. Осындағы орталау мектепті бітіргеннен кейін болашақ әдебиеттанушы ғалым Түркістан педагогикалық училищесіне, артынан Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Сонымен бірге жас талап Қызылорда педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін 1949 жылы тағы да тамамдайды. Демек ол кісінің қазақ филологиясы бойынша алған білімі бір басынан да асып жығылады десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі есімдері елге белгілі танымал ақын-жазушылар мен әдебиеттанушы ғалымдардың едәуір бөлігі еңбек жолдарын мұғалімдіктен бастаған белгілі. Мектептегі мұғалімдік – болашақ қаламгер үшін шын мәніндегі тәрбиенің, үлкен өнегенің, шынайы дүниетанымның бастауы. Осынау қалыптасқан үрдістен Рахманқұл аға да шет қалмайды. Жастық шағының біраз жылдары осы халыққа білім беру саласына арналған. Ащысай кентіндегі орта мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастаған ол 1949-1953 жылдар аралығында қазақ мектебінде директор, аудандық оқу бөлімінің инспекторы сияқты қызметтерді атқарған. Егер Рахаң сол қалпы еңбек жолын әрман қарай жалғастыра берген жағдайда білім беру саласында біраз жетістіктерге де қол жеткізері даусыз еді. Бірақ білім мен ғылымға аңсары ауып, қазақ сөз өнерінің құдіретіне қаршадайынан тәнті болған жасты лауазымдық қызметтер қызықтырмады.
Есіл-дерті білімін әрі қарай жалғастырып, өзін қалам қызметі саласында байқап көруге деген құлшынысы алға қарай жетелей берді. Сөйтіп жас Рахманқұлдың 1953-1954 жылдары ҚазМУ-дың аспирантурасында оқып, білім алуы да сондықтан. Оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін, 1955 жылы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады да, журналистикамен бірге әдеби сын жанрында мақалалар жаза бастайды. Жас талант мына жаңа ортада да өзін бірден-ақ көрсетіп, есімі тек шығармашылық ұжымдар арасында ғана емес, республика оқырмандарына да таныла бастайды. Оның қабілет-қарымын жіті аңғарған редакция басшылығы жауапты жұмысқа шегіп, ұзамай сын бөліміне меңгеруші етіп тағайындаған екен. Осы бір жылдар Рахаңның әдебиеттанушы, сыншы ретіндегі тұлғасын қалыптастырған өнімді жылдар болды. Жас таланттың әдебиеттану саласындағы тегеурінін, оралымды ой-тұжырымдарын байқаған қаламгер ағалары, әріптестері «Сен ғылым жолына түсуің керек. Қорғауың керек» деген сияқты болашағына бағдаршам болатын пайдалы кеңестерін беріп отырыпты. Сөйтіп аспиранттық білімінің негізінде 1961 жылы «Қазіргі қазақ романындағы сюжет проблемасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Оның докторлық атақты қорғауы осы оқиғадан кейін он жыл өткен соң. Докторлық диссертациясының тақырыбы «Қазақ романдарының теориялық мәселелері» деп аталатын. Атынан көрініп тұрғандай, Рахаң әдебиеттің тарихы мен бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін, теориялық үрдістерін қабаттастыра, ұштастыра зерттеп отырған. Осындай жан-жақтылықтың өзі-ақ оған зерделі зерттеуші деген анықтаманы беруге лайықты деп айта алар едік. Әдебиеттанушы ретінде аса өнімді еңбек еткен кезеңі де осы 1960-1980 жылдар аралығында. Ғалым қаламгердің көптеген мақалалары республикалық мерзімді баспасөз беттерінде үсті үстіне жарияланып, араға көп уақыт сала қоймай, кітап болып та шығып жататын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына қарай республиканың мәдени өмірінде айтулы оқиғалардың бірі мемлекеттің тікелей қолға алуымен Қазақ Совет энциклопедиясы ұйымдастырылуы болды. Бұрын-соңды республика деңгейінде жасалып көрмеген тың бастама. Ол замандарда идеологиялық мәселелердің барлығын да Орталық Партия комитетінің шешетіні егде әріптестеріміздің есінде жақсы сақталған болар. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің келісімімен Рахманқұл Бердібаев осы энциклопедияның жауапты хатшысы болып тағайындалады. Докторлық диссертациясын қорғап алғаннан кейін ол біржола М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жұмысқа ауысқан болатын. 1973-1995 жылдар аралығында, былайша айтқанда, ширек ғасырға жуық осы ғылыми мекеменің фольклор бөлімін меңгерді. Осынау қасиетті
шаңырақта өнімді еңбек ете жүріп, Рахаң әдеби-мәдени өмірдің түрлі салаларына да қызу қатысатын. Атап айтқанда, ғылыми жұмыстарымен бірге С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, Абай атындағы Қазақ педагигокалық институының филология факультеттерінде дәрістер оқыды. Қай тақырыпқа салсаң да, майталман жорғадай майпаңдатып әкететін Рахаң студенттер алдында оқитын дәріс тақырыбына аса жауапкершілікпен қарады. Ол фольклор саласының да білгір маманы болғандықтан, жоғары оқу орындарында да осы аталған сала бойынша оқып жүрді. Қазақ фольклорының түпсіз терең арналарына, қызықты жауһарларына студентті ғашық ете білуді өзінің ұстаздық мәртебесі санағаны сөзсіз. Сөйтіп бүгінгі замандағы қазақ прозасын, оның ішінде роман жанрын тереңдете зерттеп жүрген Рахманқұл Бердібай өзінің ғалымдық қалауының, ұмтылысының, тіпті фольклорға деген махаббатының арқасында фольклортанушы ретінде көрінді. Және жай ғана фольклорға қатысты жаттанды ой-тұжырымлдарды қайталаумен шектеліп қалмай, өзінің ғалымдық пайымдауы, ізденуі арқасында кейбір жекелеген мәселелерге байланысты тың ойлар, пікірлер айтуға қол жеткізді. Ғалым шығармашылығының осынау тамаша қырын әріптестері де құптап, мемлекет орынды түрде бағалай білді. Ол кісі Ш.Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықты да осы фольклоршы ғалым ретінде алған болатын. Рахаңның қаламынан «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусар бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Айтыс әлемі» секілді іргелі еңбектердің жарық көргені де фольклортанумен жіті айналысып, тереңдей еңбек етіп жүрген кезінде. Сонымен бірге «Гүлстанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Байкалдан Балқанға» дейін «Жұлдыздар жарығы», «Ел боламыз десек» атты ғылыми мақалалары мен эсселік жинақтары бүгін де назардан тыс қалып қоймаса екен дейміз. Осы соңғы аталған еңбектерінде ғалым халықтар арасындағы рухани-мәдени байланысқа, көркемдік-эстеикалық арнадағы ұқсастықтарға назар аударады. Сөйтіп түркі халықтарының рухани жағынан өзара туыстас болып келетіндігін әр қырынан алып дәлелдеп жеткізеді. Жалпы Рахаңның қаламынан өзінің көзі тірісі кезінде қырықтан аса кітап, мың шамалас мақалалары жарық көріпті. Бұл бір ғалымның мұрасы үшін – аса зор еңбек екендігі сөзсіз. Ғалым әлеуметтік-қоғамдық жағынан да аса белсенді тұлға болатын. Оның Қазақстан Жазушылар одағының жиналыстарында түрлі баяндамалар жасап немесе жарыссөздерге шығып, сөз сөйлеп жүргеніне де куә болдық. Сонымен бірге өзі қызмет істейтін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанынан Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған халық университетін ашып, оны 35 жыл бойына басқарып келді. Университет қабырғасына дәріс оқуға түрлі саладағы ғалымдарды: әдебиеттанушыларды, тарихшыларды, этнографтарды, әдебиет пен
өнердің әралуан өкілдерін шақырып отыратын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының студенттері болып табылатын біздер сол дәрістердің кейбірін тыңдап қалу бақытына ие болдық. Осы аталған халық университетінің жұмысы институтқа Уәлихан Қалижанов директор болып келгелі қайтадан жалғасын тауып, Рахманқұл ағаның туғанына 85 жыл толуына орай бұл университетке «Рахманқұл Бердібай» аты берілді. Рахаңның қоғамдық еңбегі де әрқашан әлеумет назарында жүрді. Ол заманда Бүкілодақтық деңгейдегі «Білім» қоғамы деген ұйым болатын. Рахаңның сол қоғамның ең үлкен сыйлығы «Академик Вавилов» медалімен де мараптталғаны бар. Жалпы атақ-даңқ марапат жағынан ол кісі кенде бола қойған жоқ. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Түркиядағы Түрік тіл құрылымының, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының, Халықтық экологиялық академиясының мүшесі болды. «Түрік дүниесіне» қызмет сыйлығының иегері атағын алып, «Парасат» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Олардан басқа «Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атақтарына да ие болған еді. Өмірінің соңғы жылдарында Түркістан қаласындағы Ахмет Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек етіп, көзі жұмылғанша ұстаздық қызметінен де қол үзген жоқ. Қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі Рахманқұл Бердібаев шығармашылығы жайында айтылатын әңгімелердің қысқаша ұзын ырғасы осындай. Өйткені бүкіл саналы ғұмырын осы аталған салаға арнай отырып, ақыл-парасатын жұмсаған еңбектерінің қайқайсысын алып қарасаңыз да, тосын тұжырым, білікті ыждаһаттылыққа куә болатыныңыз сөзсіз. Қай тақырыпқа қалам тербесе де, көкейкесті де өзекті мәселелерді тап басып, таратып айта білетін ғалымның ғылыми шығармашылық жұмыстағы ұстанымы артынан бірдеме тындырсам деп ерген кейінгі буын талапкер ғалымдардың қай-қайсысына да үлгі. Рахаңның терең фольклорист немесе тиянақты тіл танушы екендігі, әдебиеттану ғылымының басқа да саласындағы еңбектері өз заманындағы оқырмандарына жақсы мәлім болатын. Тек бірыңғай шолу түрінде ғана еске алып кеткен болмаса, бір мақаланың ішінде олардың барлығына тұтастай талдау жасап жатудың оңайға соға қоймайтыны да рас. Мәселен оның қазақ тілінің күйіп тұрған проблемалары жайындағы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарияланған «Ең үлкен мәдени байлық» деген мақаласы жұртшылық назарын аударып, талай адамдардың ойына қозғау салды. Ғалымның патриоттық, ұлтжандылық болмысын танытты. Р.Бердібаевтың романтанушы ретіндегі бір қырынан ғана ептеп тоқтала кетуді мақұл көріп отырмыз.
Ғалым қазақ романының тарихы мен көркемдік бітіміне арнап бірнеше кітап шығарды. Олардың барлығында да ұлттық әдебиеттің әлеуметтіккөркемдік бет-пішінін айқындайтын салмақты жанрдың қазақ әдебиетіндегі алып отырған орнын, оқырман қауымға беретін эстетикалық күш-қуатын талдап қана қоймай, олардың ішіндегі маңызды тақырыптарды таратып жеткізу тәсілі қашанда көңілге қонымды десек, артық айтқандық бола қоймас. Зерделі әдебиеттанушының әсіресе С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Өмір мектебі» немесе Ғ.Мұстафинның «Көз көрген» сияқты мемуарлық романдарына жасаған талдаулары объективті сынның ұнасымды үлгісі деуге боларлық. Езілуші халықтың азаттығы үшін күресі жайлы жазылған шын мәніндегі санаулы реалистік шығарма ретінде бағалай келіп, Сейфуллиннің аталған еңбегінің басқа да маңызды жақтарын нақтылап атап өтуі ғалым ойларының тиянақтылығын, шығарма табиғатын әр қырынан тани білуге бейімділігін байқатса керек. Қазақ прозасының тарихында берік орын алған туындының көркемдік қасиеттерін санамалап айта отырып, ұнамды жетістіктерін дәлелдеп беруге ұмтылыс жасайды, оның тарихи маңыздылығын да дәйектеп өтеді. Тар жол, тайғақ кешу үстіндегі большевиктердің қайраттылығын, өз идеяларына беріктігін атап айта келіп, зерттеуші мұның бәрі тек жалаң идеяның құлы және орындаушы ретінде болып жатқан құбылыс емес екендігін, осыншама қаһармандық көріністерінің ең алдымен адам рухының мықтылығында екендігін жекелеген мысалдармен дәлелдеп көрсетеді. «Тар жол, тайғақ кешудегі» құжаттық-деректілік сыпаттардың әдебиет шежіресінде өз орны бар екендігін атай келіп, аталған туындының тек көркемдік қырларын талдаумен шектеліп қоймай, әдебиет тарихында алатын орнына да ерекше назар аударады. Бәз біреулер айтып жүргендей, бұл кесек туындының тек бірыңғай большевиктік-кеңестік рухта жазылғанына ерекше екпін бермей-ақ, алдымен оның көркемдік жетістіктеріне көңіл бөлуі басымырақ. С.Сейфуллиннің аталған туындысы қазақ әдебиетінің елеулі табысы болып саналуының себебін ғалым алдымен жазушының шеберлік сатыларынан іздестіріп, қат-қабат қилы тағдырлардың астарларына үңілуге тырысады. Жеке адамдар күресі алдымен таптық сипатқа ие екендігін айқын зерделей отырып, ақыр соңында орын алған қоғамдық-саяси күрестердің маңыздылығы жөніндегі бұрын-соңды айтылған ойларды да құптайтындығын сездіріп өтеді. Сөйтіп көлемді туындынның әдебиетімізде алатын орнын тағы бір мәрте айқындай түсе отырып, шығарма бойындағы шындық деңгейін дәлелді түрде талдап жеткізеді. Әдебиеттанушы Р.Бердібаевтың әр жылдары айналып соғып, зерделей ой айтқан шығармаларының бірі С.Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясы. Жанрлық табиғаты тұрғысынан келгенде шығарманың мемуарлық дүние екендігі жайлы талас туғызатын ойларға бармайды. Өйткені қай жағынан алып қарағанда да, бұл көркем де деректі туындының жанрлық
сипатының айқын екендігіне парасатты ғалым таласпайды, керісінше осы бағытта бұрынырақ айтылып келген ойларды одан арман тереңдете түсіп, трилогияның тек бір жазушының басындағы жекелеген мәселелерді ғана қозғайтын өмірбаяндық туынды деп шектеуге болмайтынын, үш кітаптың өн бойында да қиын-қыстау жылдардағы қазақ тарихы жан-жақты әңгімеленетінін тұжырымдап көрсетеді. Рас, бұл туынды турасында ғалым жазушының кейбір жекелеген штрихтар арқылы сездіріп кететін астарлы тұстарына тоқтала қоймайды. Трилогияда жазушының өз образымен бірге айналасындағы әр түрлі белгілі адамдардың бейнелері қалай ашылғандығы хақында өз ойларын таратып, байланыстырып айтқан жерлері кейінгі зерттеушілер үшін бағыт-бағдар деуге болады. Шынында да «Өмір мектебі» – халықтық шығарма. Өзі өмір сүрген дәуірдегі қазақ қоғамының күрделі тұстарын аша отырып, жазушы белгілі бір жағдайда оның әр түрлі әлеуметтік топтарының ұжымдық кескін-келбетін, ортақ нышандары мен бірге жекелеген өзгешіліктерін суреттеуге шебер. С.Мұқановтың қайраткерлік, шығармашылық ұстанымен келіспейтін жекелеген оқырмандардың өзі бұл жағын түсіне алады ғой деп ойлаймыз. Көркем жазылған шығарманың тілдік қолданыстарының құнарлы екендігі де сөзсіз. Жалпы романдар жөнінде пікір айқанда, Р.Бердібаевтың ешкімнің пікіріне тәуелсіз өзіндік ой-түйіндері әдебиетке құштар жандардың көңіліндегі түйткілдерді тап басып көрсетіп отыратындығы назар аударалық. Ғалым бір мақаласында былай деп атап өтеді: «Әлбетте, тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың да озығы мен ояңы кездесе береді. Шығарманың ажарлы шығуы, ең алдымен, суреткердің дарын күшіне, идеялық бағытына, дүниетанымының кеңдігіне, өмірден білгені мен түйгенінің молдығына, алған тақырыбына айтпауға болмайтын зайыр ақиқат деп шын сеніп, жүрегінің жалынын түгел жұмсап жазуына, ұдайы ұсталық арттыруына байланысты екенін білеміз. Сонда да болса бүкіл қазақ әдебиетінің ұзақ тәжірибесі, соның ішінде прозаның басып өткен жолдары заманалық ұлы оқиғаларды, ірі характерлерді іздеген шығармалардың сәттірек шығып жүргенін қапысыз байқатады» [1, 190-191]. Бұндай бағалы пікір әдебиетті терең білетін, арғы-бергіні биік эстетикалық ұстанымдар тұрғысынан обьективті бағалай алатын ғалымның ғана аузынан шығатыны анық. Осындай салиқалы ойлармен келіспеу, пікір таластыру мүмкін емес екендігі де айқын. Өз тұжырымдарын айтар алдында ғалым орыс және басқа ұлт әдебиетшілерінің пікірлерін зерделей оқып, солардың арасынан өз ойларын екшеп ала көрсете біледі. Осы тұрғыдан келгенде, Совет әдебиетінің қол жеткен табыстарының себептеріне үңіліп, ол кездегі әдеби принциптердің басты-басты ерекшеліктерін жоққа шығаруға болмайтындығын да ашып айтады. Р.Бердібаевтың қызықты да тосын пікір айтқан шығармаларының бірі – Ғ.Мұстафинның «Көз көрген» мемуарлық романы. Бұл туындысын әу
баста жазушы бірнеше кітап етіп жоспарлаған екен, бірақ белгілі бір себептермен шығарма толық аяқталмай қалған. Соған қарамастан, бірінші кітаптың мазмұны, көркемдік-эстетикалық деңгейі осал емес екендігін байқатты. Шығарма үшінші жақтан баяндалғанымен, ондағы оқиғалар бастан аяғына дейін жазушының өз өмірбаянынан алынған. Зерттеуші романдағы саяси-әлеуметтік мәселелердің көркем түрде шешім табуына қатысты жағдайларды талдай келіп, образ сомдау мәселесіндегі ерекшеліктерге тоқталып өтеді. Бас кейіпкер Сарыбаланың бейнесінде назар аударалық тұстардың бар екендігін еске сала келіп, оның жетпей жатқан кемшіліктерін де ашып айтады. Бас кейіпкер Сарыбаланың әлі де қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтеріле алмай жатқанын, нақты шешімге келуде, тиянақты әрекет жасауда белсенділігі жете бермейтіндігін дәлелдейді. Басқа пікір білдірушілер жаппай мақтап жатқан тұста Р.Бердібаевтың бұлайша батыл пікір түюі ол кісінің қашанда обьективтілікке ұмтылатынын, әдебиеттану саласында әділ пікір айтуға ықылас қоя білетіндігін аңғартатын жағдай еді. Қарап отырсаңыз, Сарыбала образына қатысты көркемдік кемшіліктердің орын алған деген зерттеушің пікірін терістеу оңай емес. Нақты да батыл іс-әрекеттен гөрі ұзақ ойлануға, қиялаға беріліп, сылбыр жүруге бейім жігіттің белсенділігі шамалы екені де рас. Б.Момышұлының мемуарлық шығармасы «Ұшқан ұя» романы жөнінде де ғалым басқа зерттеушілер жете аңғара бермейтін салиқалы пікір ой түйеді. Қазақи өмірдің колориті мейлінше қою суреттелген бұл туындының қазақ прозасында өзіндік орыны бар екендігі сөзсіз. Бұл жөнінде Р.Бердібай былай дейді: «Б.Момышұлының суреткерлік дарыны оның “Біздің семья” (кейінгі аудармада «Ұшқан ұя» Н.А.) деп аталатын шығармасынан да танылады. Онда жазушы өз үй-ішін, ауыл-аймағын ғана алып қоймай, революциядан бұрынғы қазақ елінің тұрмыстық-салттық ерекшелігін кең аңғартатын қызғылықты мәліметтер келтіреді. Бұрыннан жартылай отырықшылыққа бейімделген оңтүстік елдерінің кәсіптік, ғұрыптық көп деректерін көркем әңгімелейді. Ескі ауылдағы таптық қайшылықтың теңсіздіктің сырларын сездіреді» [2, 36.] Зерттеуші ғұмырбаяндық роман жазудың өзіндік қиындықтарын айта келіп, жанрға тән бірнеше ерекшеліктерді де атап көрсетеді. Сондай пікірлерінің бір парасы мынандай: ... «Біз тарихи-библиографиялық сипаты басым бірнеше романды арнайы сөз еттік, олардың идеялық-көркемдік бітіміне, өзіндік сонылығына тоқталдық. Бұл топтағы шығармалар қазақтың тарихи романдарының мол саласын құрайды. Тарихта өмір кешкен бұрынғы-соңды көрнекті адамдар өмірінен шығарма жазу, олардың өнегесін жас қауымға, замандасқа тарату игілікті, тәрбиелік мәні бар жұмыс. Әлбетте, тарихи-биографиялық романның көркемдік кестесі біркелкі емес. Мұнда терең психологиялық сурет те, философиялық толғаныстар да, фактіні тізіп, ұтымды айту дәстүрі де кездесе береді. Мұндай шығармалардың
да басты нысанасы – адам, қаһарман тұлғасын неғұрлым толық етіп бейнелеу. Бұл салада ізденістер жалғасып, дәстүр дамып, мүмкіндіктер молайып келе жатқанын көреміз. Оның жіктеп, жіліктеп, сөз етерлік өзіне хас жанрлық белгілері мол» [2, 214-бет]. Бұл басқа зерттеушілерге де ой салатын салмағы мығым пікір екендігі сөзсіз. Роман жазуға ден қойған қаламгерлер осынау дәйекті ойларды шамшырақ етіп ұстай білсе, көркемдік деген кең әлемде онша адаса қоймасы анық. Әрине, көркем шығарма жазуда белгілі бір қатаң рецепт жоқ екендігін ескергенімізбен, аттап өтуге, енжар қарауға болмайтын басты талаптарды орындау тәсілі бар екендігін де естен шығармаған абзал болмақ. Ғалымның айтып отырғандары осындай жағдайлар. Әдебиеттану мен мәдени өмірімізде кім кімге де ұлағат боларлық терең мазмұнды ауқымды еңбектерімен назар аударып келген ғалымның өмірбаяндық шығармалар мен тарихи тұлға жасау мәселесіндегі ұстанымдарының бір парасы осындай. Р.Бердібаевтың әдебиеттанушылығынан ұғынып, ескере жүретін тағлымды сипаттар аз емес. Оның ғылыми мұрасын естен шығармасақ дейтініміз де сондықтан. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. –Алматы: Ғылым, 1979.–240 б 2. Бердібаев Р. Биік парыз. Мақалалар мен зерттеулер. –Алматы: Жазушы, 1980.
ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БЕТКЕ ҰСТАРЫ Қазіргі қазақ әдебиетінің ғылымының көш басында тұрған ғұламалардың бірі де, бірегейі де Серік Қирабаевтың шығармашылық өмір жолы кім кімге де үлкен өнеге боларлықтай мағыналы. Көркем әдебиеттің табиғатын жастайынан-ақ жете танып өскен ол сыншылық жұмысқа тым ерте, студент кезінен-ақ араласыпты. Өзі оқыған көркем шығармаларды тамыршыдай талдай жүріп, алған әсерлерін жүйелі түрде оқырман қауымның назарына сауаттылықпен ұсына білді. Білімі толыққан сайын сыншылық ой пікірі ғылыми ұстанымға ұласып, әдебиетті талдау өнерін уақыт өткен сайын жетілдіре бергені байқалады. Осы бағытта С.Қирабаевты сыншы әрі әдебиеттанушы ретінде алғаш танытқан – «Ғабиден Мұстафин» атты монографиясы. Бұл еңбегінде ол талантты прозашымыздың шығармашылық портретін алғаш рет әр қырынан ашып, талдап берді. Көп ұзамай-ақ, осы еңбегі 1957 жылы орыс тілінде кітап болып шықты. Ғалымның «Спандияр Көбеевтің әдеби қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағаны да сол жылы. Оған дейін орта мектептің жоғарғы кластарына арналған қазақ әдебиеті оқулықтарының авторы ретінде көрініп келген жас әдебиетшінің есімі аталған кандидаттық диссертациядан кейін оқырман жұртшылыққа тіпті кеңінен таныла бастады. Сөйтіп өз аты-жөнін әдеби сын мен әдебиеттану ғылымы саласында осылайша тиянақтап, қалыптасып үлгерген ғалымның жасаған жұмыстары жылдар өткен сайын молайып, қомақтана түсті, тереңдігі мен ғылыми сапасы артып, қаламы стильдік жағынан да үнемі ұшталу үстінде болды. С.Қирабаевтың өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі – «Сәкен Сейфуллин» атты монография жазып, докторлық диссертация қорғауы. Осы аталған іргелі еңбек кейін оның докторлық қорғауына алғышарт жасады. Осы қорғау С.Қирабаевтың өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі еді. Шынын айтқанда, бұл оқиға тек ғалымның ғана емес, қазақ әдебиеттану ғылымының да үлкен жеңісі болатын. Қазақ халқының басына төнген үлкен қасіреттің бірі – 1937 жылдың зұлматы. Сол кесепаттың салдарынан халық жауы ретінде қаламдас серіктері І.Жансүгіров, Б.Майлиндермен бірге атылып кеткен әдебиет алыбының есімі 20 жылдай бойы атаусыз қалған еді. Кеңестер Одағы сияқты алып империяның басына Н.С.Хрущевтің келуіне байланысты саясаттың ызғары бәсеңдеп, жылымық кезең орнай салысымен, жазықсыз кеткен арыстарымызды ақтап алудың мүмкіндігі туғаны тарихтан белгілі. Әдебиеттің асыл қазыналарын тірілтуде үн қосқан алғашқылардың қатарында жас қайраткер Серік Қирабаев та жүрді. Оған дәлел – ғалымның Сәкен Сейфуллинге байланысты жедел жасаған жұмыстары. Жалпы ғалымның шығармашылығына тән ерекшеліктерінің бірі – оның үнемі дерлік алғашқы болып бетбұрыс жасауға ұмтылып жүруі. Ол қазақ
кеңес әдебиетінің көрнекті өкілі Ғабиден Мұстафиннің, педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің еңбектерін алғашқы рет тұтастай алып қарастырып, ғылыми айналымға енгізсе, Сәкен Сейфуллиннің артта қалған мұрасына байланысты да тұңғыш рет нақ осындай кешенді жұмыстар жасады. Бұның өзі бойдағы бар талантты шығармашылық ізденіспен жарқырата көрсете білудің ұнасымды үлгісі ретінде қалыптасқан қасиет деп тұжырымдағанымыз орынды. Осы оқиғадан кейін отыз жылдай уақыт өткенде негізсіз қараланған арыстарымызды ақтап алудың кезекті толқыны орын алғаны мәлім. Бұл жолы жазықсыз құрбандарды ақтауға ықпал жасаған – Кеңестер Одағының соңғы билеушісі М.С.Горбачевтің саяси жылымығы. Осынау бетбұрыс сәттерде де С.Қирабаев республика зиялыларының алдыңғы қатарынан табылды. Ш.Құдайбердиев, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов есімдерін ақтап, олардың ұзақ жылдар бойы жасырын болып келген мұраларын халқына қайта оралту жөнінде ғылыми негіздеме жасаушы ғалымдарға жетекші болды. Өзі тікелей бас болып Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалар жинағын халыққа ұсынды, «Жүсіпбек Аймауытов» атты монографияны да алғаш жариялады. С.Қирабаевтың сыншылық және әдебиеттанушылық еңбектерінің басым бөлігі қазақ кеңес әдебиетін зерттеуге арналды. Осы кезең ішінде өмірге келген ең сүбелі деген шығармаларды жан-жақты талдай отырып, олардың көркемдік идеялық жетістіктерін нақты ашып көрсете білді. Барлық жанрда да өмірге келген тәуір туындылардың С.Қирабаевтың назарынан тыс қалғандары кемде-кем. Әдебиеттің алыптары М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафиннің, Ғ.Мүсіреповтің айтулы туындыларынан бастап, олардың іздерін ала шыққан талант иелері Т.Жароков, Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Ғ.Орманов, Ж.Саин және тағы басқа қаламгерлердің шығармашылығын зерттеді. Осы зерттеулердің нәтижесінде жалпы қазақ кеңес әдебиеті хақында көптің көкейіне қонарлық ғылыми пікір қалыптастырды. Қатарлас әріптестерімен бірге кейігі буын зерттеушілерінің С.Қирабаев пікіріне арқа сүйемейтіндері, оның айтқан ғылыми пайымдарына жүгінбейтіндері кемде-кем. Өйткені нақты айтылған орнықты да тиянақты тұжырымдар ғылыми ой иелерін еріксіз мақұлдатыны сөзсіз. Белгілі бір шығарма немесе ғылыми ұстаным жайында пікір қайшылықтары бола қалса, алдыңғы, соңғы ғалымдармен бірге С.Қирабаевтың да ойтұжырымдары ауызға алынып жатады. Жинақталып, түйінделіп айтылған ғылыми талдаулар белгілі бір өзекті мәселе жөнінде айтылған дәйексөздің, ғылыми сілтеменің көзі болатыны сөзсіз. С.Қирабаевтың сыншылық және әдебиеттанушылық еңбектерінің басым бөлігі қазақ кеңес әдебиетін зерттеуге арналды. Осы кезең ішінде өмірге келген ең сүбелі деген шығармаларды жан-жақты талдай отырып, олардың көркемдік идеялық жетістіктерін нақты ашып көрсете біл-
ді. Барлық жанрда да өмірге келген тәуір туындылардың С.Қирабаевтың назарынан тыс қалғандары кемде-кем. Әдебиеттің алыптары М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафиннің, Ғ.Мүсіреповтің айтулы туындыларынан бастап, олардың іздерін ала шыққан талант иелері Т.Жароков, Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Ғ.Орманов, Ж.Саин және тағы басқа қаламгерлердің шығармашылығын зерттеді. Осы зерттеулердің нәтижесінде жалпы қазақ кеңес әдебиеті хақында көптің көкейіне қонарлық ғылыми пікір қалыптастырды. Қатарлас әріптестерімен бірге кейігі буын зерттеушілерінің С.Қирабаев пікіріне арқа сүемейтіндері, оның айтқан ғылыми пайымдарына жүгінбейтіндері кемде-кем. Өйткені нақты айтылған орнықты да тиянақты тұжырымдар ғылыми ой иелерін еріксіз мақұлдатыны сөзсіз. Белгілі бір шығарма немесе ғылыми ұстаным жайында пікір қайшылықтары бола қалса, алдыңғы, соңғы ғалымдармен бірге С.Қирабаевтың да ой-тұжырымдары ауызға алынып жатады. Жинақталып, түйінделіп айтылған ғылыми талдаулар белгілі бір өзекті мәселе жөнінде айтылған дәйексөздің, ғылыми сілтеменің көзі болатыны сөзсіз. Ғылыми шығармашылық өнерінде 40-тан астам монография мен сын зерттеу кітаптарын, 17 оқулық пен оқу құралдарын шығарған. Бұл – мейлінше ауқымды еңбек. Оның сыртында әдебиеттану ғылымына келіп жатқан мамандар мен ізденушілерге жасаған қамқорлығы қаншама. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы да құрғақ цифрларға жүгінейікші. С.Қирабаевтың жетекшілігімен қорғаған ғылым докторлар мен кандидаттарының саны елуге таяп қалыпты. Зерттеу жұмыстарына ресми оппонент болғандарының өзі бір төбе екен. Осының өзі-ақ С.Қирабаевтың ғылыми жұмысты ұйымдастырушы ретіндегі бейнесін айқын көрсетіп тұрғаны сөзсіз. Сыншы, әдебиеттанушы және ұстаз ретінде бағаланып жүрген мүшелтой иесінің тағы бір шығармашылық қыры жайында көп айтыла бермейді. Өйткені қаламгердің бұл қасиетінің анық байқалған кезеңі сонау жас шағында болған еді, бірақ уақыт сыны С.Қирабаевтың журналистік қырын ұмыттырғанымен, шығармашылық ғұмырбаяны ескіртпеуі тиіс. Абай атындағы педагогтік институттың студенті болып жүрген кезіненақ, 1940 жылдарының аяқты шенінен бастап мақалалары баспасөз беттерінде жиі көрініп отырды. Қазақ мемлекеттік баспасында, республикалық «Пионер» (1952-1955 ж.ж.) журналының, «Социалистік Қазақстан» (19551958 ж.ж.) газетінің редакцияларында, бас-аяғы он жылдай уақыт журналистика саласында жұмыс жасаған. Өзінің «Өмір тағылымдары» мемуарлық еңбегінде айтқандай баспасөз үлкен шығармашылық мектеп болған. Сонымен жас шағында қаламы ұшқыр журналист ретінде таныла білген С.Қирабаевты бір кездердегі журналист ретінде де бағалап қойып отырсақ, артық болмас. Қай салада болсын, тиянақты еңбек жасай білуі бойдағы бар талантты тынымсыз еңбекпен, шығармашылық ізденіспен жарқырата көрсете білудің ұнасымды үлгісі ретінде қалыптасқан қасиет болса керек. С.Қирабаевтың
есімін көпке танытқан негізгі факторлар – осы тынымсыз еңбек пен сыншылық талант. Ол – Қазақстан ұттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан мемелекеттік сыйлығының және көптеген мемлекеттік марапаттаулардың иегері, филология ғылымдарының докторы. Осынша атақ-даңқына қарамастан, ғалым күнделікті өмірде адал да қарапайым, еңбекқор да кішіпейіл жан. Бұл күнде сексеннің бесеуіне келіп отырса да, қатардан қалмаған сарбаз секілді әдебиеттану ғылымының алдыңғы сапында. Оған дәлел – бүгінгі әдеби үрдістерді зерттеп-зерделеуге тыным таппастан, белсене араласып жүруі. Осынау атаулы жасқа шаршамай-шалдықпай шығармашылық бабында көтеріліп отырған Серік Смайылұлының арттағы өмір жолы тұтасымен өнеге. Тіршілікті қалайша мағыналы етіп құра білуге болады деген сауалға берілген нақты жауап.
ҚАЛАМЫНЫҢ ҚЫРЛАРЫ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ СЫРЛАРЫ Әдебиеттанушы ғалым, жазушы Мырзабек Дүйсеновтің шығармашылық портреті Қазақ әдебиеттану ғылымының мейлінше қарыштап дамыған кезеңі Кеңес дәуірі болып табылатындығы ешкімге де құпия емес. Әсіресе өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарынан бастап қазақ әдебиетін зерттеу мәселесі түбегейлі түрде қолға алынды. Әдебиеттану ғылымының Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы кадрлары Н.Төреқұлов, Ғ.Тоғжанов, Ы.Мұстамбаев және басқалардың ізін ала шыққан сыншылар мен әдебиеттанушылар сан жағынан әлі де селдірлігіне қарамастан, өздерінің тегеурінді топ екендігін іс жүзінде дәлелдеп, қазақтың сауатты әдебиетшілерінің шоғыры пайда болғандығын айғақтап, айқайлай келді. Атап айтқанда, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, М.Қаратаев сияқты қазақ сөз өнерінің білгірлерін Қазақ кеңес әдебиеттану ғылымының теориялық негізін қалаушылар деп атасақ, артық айтқандық емес. Мырзабек Дүйсенов – аталған ғылым саласына осылардан кейін келген келесі буынның белді өкілдерінің бірі. Егер қазақ әдебиеттанушыларының ғұмырбаяндық жолдарына көз салатын болсақ, осы буынның жарық дүниеге келген уақыты негізінен 1927-1928 жылдары екен. Атап айтқанда, осынау қабілетті де қарқынды топты құрайтындардың қатарында С.Қирабаев, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, А.Нұрқатов, М.Дүйсенов, Н.Ғабдуллин, З.Ахметов, Б.Сахариев, Ш.Елеукенов, Б.Уахатов тәрізді сөз өнерінің қалың қыртысын түренше айналдырып, кең алқаптың бойынан сөз қуатының ақ-қарасын айырып, жіліктеп, ажыратуға қабілеттері қаптал жететін, кілең бір сен тұр, мен атайын дейтін қарымды дарын иелері еді. Қазақ әдебиеттануын жеке ғылымға айналдырып, оның маңдайын жарқыратып ашқан ғалымдар армиясының алдыңғы сапында жүрген, міне, осылар. Әдебиетіміздің өсіп-өркендеу жолдары, бет алған бағыты мен жеткен жетістіктері, көркемдік-эстетикалық өрісінің үлғаюы сияқты соқталы-соқталы мәселелердің мәніне үңіліп, ашылмай жатқан тұстарын үңги зерттеп, таразылап, талдап, ақ-қарасын ажырата білген бұл кісілердің есімдері жай ғана тізім құрап қоймайды, қазақ әдебиеттану ғылымының болмыс-бітімі мен соңғы қырық-елу жылдағы эволюциясы жайында да хабардар етеді. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ әдебиеттану ғылымының іргесін бекітуге бел шеше қатысқан, қара жүгін қайыспай көтере білген талант иелері еді деп бағалауға әбден құқылымыз. Осынау талантты топтың арасынан өзінің дара дауысын құлаққа жеткізіп, қаламының қарым-қуатын таныта білу де оңай шаруа емес болатын. Бірақ күрмеуі қиын бұл мәселені Мырзабек Дүйсенов бәлендей ауырсынып жатпастан-ақ, орнымен шеше білді. Қазақ сөз өнерін зерттеу
жолындағы ауыр жүкті қара нардай қасқайып көтеруге кірісіп кеткен кезінің өзінде-ақ ол әлі жас еді. Оның небәрі жиырма бес жасында филология ғылымдары кандидаты атағын қорғауы осы пікіріміздің нақты дәлелі. Ол замандарда жиырма бес жаста бұндай ғылыми атаққа қол жеткізу өте сирек кездесетін құбылыс еді. Сондықтан да әдебиеттану саласында еңбек етіп жүрген жұртшылықтың өз заманында бұл оқиғаға таң қалып, таңдай қағуы бекер емес болатын. Бірақ Мырзекең ғылым жолындағы жеткен жетістіктеріне осымен ғана шектеліп, қанағат етіп қана қойған жоқ. Қорғап алдым деп қарап тұрып қалмастан, құлашты тағы да кеңге сілтеді. Тағы да табан ақы, маңдай терінің арқасында араға көп уақыт салмастан, филология ғылымдарының докторы атағын сәтімен қорғады. Бұл кезде Мырзекеңнің қынаптан суырылған қайқы қылыштай болып қырық жасқа енді ғана ілінген кезі екен. Енді осы арада туындайтын – ғылыми атақтарда қорғау барысында М.Дүйсенов төл әдебиеттану ғылымызға қандай үлес қосты, қай жағынан келіп, сүйемел болды деген мәселелер. 1949 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін ойдағыдай бітіргеннен кейін, Мырзабек аға Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ғылым академиясының аспирантурасына келіп оқуға түседі. Бұл да бір тағдырдың сәтін салғаны шығар. Өйткені 1946 жылы Қ.Сәтпаевтың ұйымдастыруымен және басшылығымен ашылған бұл академия қазақ ғылымының ордасына енді ғана айнала бастаған кезі екен. Сол қасиетті орданың алғашқы аспиранттарының бірі болу да Мырзабек Дүйсеновтың маңдайына бұйырыпты. Сонда ол айналдырңған үш-төрт жылдың ішінде ғылым кандидаты атағын алған болып шығады ғой. Әдебиеттану ғылымында социалистік реализм әдісі жетекшілік жасап тұрған заманда тосыннан батыл ой айту, өзінен бұрынғы қалыптаса бастаған ой-пікірлерге түзету енгізу, өз жанынан тың идеялар қосу оңайшылыққа түсе қоймағаны белгілі. Кеңес идеологиясының текті тетігі ретінде социалистік реализмнің қатаң қағидасына жаңалықтар қосу мүмкіндігі мейлінше шектеулі болды. Бірақ соған қарамастан, М.Дүйсеновтің жекелеген ойлары өзінің батылдығымен, тиянақтылығымен ерекшеленетін. Ол әдебиет тарихы мен жаңа шығармаларды зерттеу барысында алдымен әдебиеттің теориялық ұстанымдарына арқа сүйеген ғалымдардың қатарынан еді. Сол бір кезеңдердегі сыншылар мен әдебиеттанушылар қауымының белгілі бір топтары көркем туындыны талдаған кезде ең алдымен оның идеясын, мазмұнын айтып кетуге бейім болғандығы рас. Яғни, шығарма табиғатын оқырманға таныту дегеніміз – оны мазмұндап жеткізу деген түсінік басымдыққа ие болатын. Әдебиеттанушы ғалым ретіндегі М.Дүйсеновтің ойды жеткізу жүйесі теория мен талдау арналарына табан тірейтін. Әдебиет теориясының негізгі талаптарын басшылыққа ала отырып, сол үрдісті өзінің талдау жұмысында жетекші қазық етіп ұстай білгендіктен де, оның зерттеу еңбектері ғылымға қосылған белгілі бір үлес болып
қалып отырды. Шығарманың көркемдік әлемінен хабардар ету жолындағы ғылыми тиянақтылықтың қажеттілігі осыдан-ақ көрінеді. Сол бір жылдардағы М.Әуезовтің «Абай жолы», С.Мұқановтың «Ботакөз», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке», «Ақан сері-Ақтоқты» тәрізді әдебиетіміздің шоқтықты туындыларын талдау үстінде Мырзекең шын мәніндегі әдебиеттанушы ғалымға тән мінез көрсетті. Осынау бір көркемдігі кенеулі құнарлы дүниелердің ішкі әлеміне бойлай отырып, олардың шығармашылық болмыс-бітімін, ұнасымды қасиеттерін тамыршыдай талдау үшін терең білім ғана емес, парасатты пайымдаулар да керек екендігі дау туғыза ма? Осы жағынан келгенде жоғарыда аталған шоқтықты туындыларды алғаш рет әдебиет теориясына арқа сүйей отырып, әр қырынан сауатты талдаған зерттеу еңбектерінің біразы Мырзабек Төлегенұлының қаламынан шыққанын атап айту қажет. Осы аталған шығармаларды көркемдік-эстетикалық талдау барысында ғалымның темір қазық етіп маңдайға ұстағаны әдебиет теориясының негіздері болғаны анық. Атап айтсақ, көркемдік құдіреті жағынан алып қарағанда әлемдік деңгейдегі ең мықты деген шығармалармен иық тірестіре алатын «Абай жолы» тәрізді эпопеяның табиғатын теориялық жағынан алғаш дәл ашып, оқырман қауымға түсіндіріп жеткізе білген ғалымдардың бірі біздің Мырзабек Дүйсенов болып еді деп ауыз толтыруымызға дәлел жеткілікті. Бұл туынды несімен жоғары, несімен бізге қадірлі деген мәселелерді түсіндіру барысында ол кісі көп тер төгіп, мазмұндап әуреленіп жатпай-ақ, үнемі дерлік қолмен қойғандай етіп жіліктеп бере білген екен. Кең құлашты шоқтықты шығарманың басты көркемдік қасиеттерін дәл танып, жекелеген тұстарына тоқталған кезде де нақ басып айта білуі ғалымның ойын шашыратпай, орнықты жеткізе алатындығын дәлелдесе керек. Мысалы, ол Құнанбай образын жасаудағы жазушы қолданған көркемдік құралдардың сыр-сипаты мен эстетикалық күш-қуатын нақтылай көрсетеді. Бұл образдың бояуы соншалықты неге қанық шыққан деген сауалға жауап іздей отырып, оны атақты эпопеяның өзінің бойынан табады. Және сол өзі нақтылап ұстаған көркемдік кескіндердің қандай қисынға жататындығын дайын теорияның аясына сыйғыза отырып, дәл анықтап береді. Нағыз әдебиеттанушыға тән қасиеттің бірі осы емес пе. Бұдан шығатын қорытынды ол әдеби туындыны түсіну үстінде эстетикалық қабылдауды мойындай отырып, ғылыми қисындарды дәлелді түрде алдымызға көлденеңдей тартады. Сонымен бірге Мырзабек Төлегенұлын әдеби үдерістерге тек теориялық қасаң қағидалармен ғана қарайтын қатып қалған теоретик ғалым деуге болмайды. Ол көркем туындыны эстетикалық предмет ретінде тани алатын сезімтал оқырман ретінде көрінеді. Өзінің көркем туындыдан алған әсерін жан дүниесіндегі жеке қабылдауы арқылы қорыта отырып, басқалармен ой бөлісуге асығады. Шығарманы талдау барысында ондағы образдар қатарының жүйеленуі,
оқиғалардың даму динамикасы, тартыстар мен шиеленістердің шешілу жолдары, ең бастысы кейіпкер тағдырының тағылымдық тұстары деген мәселелерге келгенде, Мырзекең өз ойын ең алдымен туындының ішкі әлеміне бойлай отырып тарқатады. Сөйтіп теориялық қасаң шеңберде қалып қоймай, талдауларының ішінара эмоционалдық-экспрессивтік реңге ие болу себебі де осындай сезімталдықта жатыр деп есептеу керек. Өзінің оқырман ретінде жеке көңіл күйін де аңдатып отыруы талдаудың кемшілігі ретінде емес, зерттеушінің сезімталдығы ретінде көрініп, зерттеудің қырын көбейтеді. Зерттеуші ретінде Мырзекеңнің көбірек көңіл аударатыны – шығарманың эстетикалықидеялық-көркемдік мақсаты мен автордың стильдік бағыттағы ізденістері. Бұндай зерттеушілік сипаттың «Абай жолын» талдау барысында әсіресе айқынырақ байқалатынын атап айтуымыз керек. Сонымен бірге «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі», «Ілияс Жансүгіров», «Ақын мұраты», «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты», Т.Кәкішевпен бірігіп жазған «Ұлы Октябрь шуағы» атты ғылыми зерттеулері – М.Дүйсеновтің әдебиеттану ғылымына үлкен дайындықпен, шын мәніндегі жүрек қалауымен келгенін көрсететін салиқалы еңбектер. Сонымен бірге бұл зерттеулердің беттерін парақтап, асықпай, ойлана оқыған жағдайда автордың ғалым адамға тән тағы бір қырын аңғаруға болады. Ол – Мырзекеңнің терең білімдарлығы мен ұстамдылығы, парасаттылығы мен аналитикалық ойлау жүйесіне бейімділігі. Ғалым нені жазса да, тұщымды түрде қазып жазуға, өз позициясын ашық айту үшін дәлелді сөздерді молырақ келтіруге бейім. Бәлкім, базбір кісілер үшін бұндай үрдіс ойды еріксіз ұзартып жіберетін сияқты көрініп қалуы да ғажап емес. Бірақ бұл арада мынандай бір жағдайды ескеру керек сияқты. Әдеби туындыны талдау асығыстықты, жеңілтекті көтере бермейді. Сауатты оқырман қашанда парасатты да терең талдауларға зәру. Ондай оқырман зерттеушіден ойды жеріне жеткізіп, бәрін қарпып айтқанды қалайды. Зерттеуші көзінің жітілігі мен көңілінің нәзіктігін Ілияс Жансүгіров поэзиясын талдау барысында да айқындала түскен. Бұл арада қарап отырсаңыз, Мырзекеңді тек зерттеуші ғана емес, ақын ба деп ойлап қалатындай жағдай туындайды. Ілиястай арқалы ақынның шығармашылығын әр қырынан алып зерделеу зерттеушіден біраз қасиеттерді талап ететіні даусыз. Бір қызығы – Мырзекең Ілияс шығармаларының тақырыптарына немесе таптық көзқарастарына тоқталып, оларды қалай алып шыққанына көп көңіл бөле қоймаған. Оның назарын бірінші кезекте аударатын нәрсе – ақынның поэзиядағы поэтикасы, құлынның терісіндей жалт-жұлт етіп жылтыраған соны тіркестер, бейнелі суреттер мен түйінді де тұжырымды соқталы ойлар. Соның мәніне үңілдіре отырып, жүйрік ақынның қалам құдіретіне алдымен өзі тәнті болады, сол қабылдағын әсерін оқырманға да жеткізуге тырысады.
М.Дүйсеновтың көптеген тұжырымдары бүгінгі таңда да өз құнын жоғалтқан жоқ, қайта кейбір ойлары әлі күнге әдебиет зерттеушілерінің алдында өзекті болып тұрған жайлардың бетін ашады. Мысал үшін алғанда оның «Бізде терминдер өз мағынасында қолданылмағандықтан, жаңсақ ұғымдарға жол беріліп келеді. Мысалы, «мазмұн» деген термин көбіне «сюжеттің» орнына ауысып, екеуі бір мағынада қолданыла беретіні жиі байқалады. Екі терминді шатыстырмас үшін кейде «сюжеттік мазмұн», «идеялық мазмұн» деп әркім өзінше атайтын реттер де болады. Осыған тағы «социалистік мазмұн» терминді қоссақ, онда толып жатқан мазмұн болып шығады. Мұның барлығы сөзсіз оқушының түсінігін көпе-көрнеу қиындатады» (Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі, 9-бет) деген ойы өз заманы үшін батыл айтылған пікірлердің қатарынан орын алмақ. Мырзакеңнің 1962 жылы айтылған осынау теориялық пікірі өз уақытында жекелеген пікірлерге де себепкер болғанын ұмытуға болмас. Ғалым қаламына тән тағы бір ерекшелік – өзінің теориялық терең білімін көркем шығарманы талдау барысында оңтайлы қолдана отырып, жаңаша пайымдаулар жасауға ұмтылатындығы. Мысал үшін алғанда әдебиеттердің ұлтаралық байланыстары туралы айта келіп, оның: «Бір ұлт әдебиеті екінші ұлт әдебиетіне ықпал жасауы мүмкін де, екінші ұлт әдебиеті оған қарсы ықпал жасамауы да ықтимал» (199-бет) деген ойы байыптап қарағанда, айтылмай келген кейбір жайлардың бетін ашады. Мұндай тосын пікір бүгінгі таңда да назар аударарлық.. Бір сөзбен айтқанда, әдебиеттанушы Мырзабек Дүйсеновтың артында қалдырған ғылыми мұралары әлі де қарастыруды, әлі де шұқшия үңілуді қажет етеді. Оның пікірлерін ізденушілеріміз бүгінгі таңда да өз кәделеріне жарата алады деген сөз. 2004 жылы Мырзабек Дүйсеновтың таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық көрді. Қаламгердің артындағы мұрасын жинап-теріп, өз қалпында бүгінгі оқырмандарға ұсыну сауапқа жазатын өте игілікті жұмыс екендігі сөзсіз. Бірақ осы таңдамалы шығарманың арасында Мырзекеңнің әдебиеттану саласындағы еңбектеріне, ғылыми зерттеулеріне орын табылмай қалғаны өкінішті. Бәлкім, алдағы уақытта бұл қателіктер жөнделіп, ғалымның әдебиеттану саласысына қатысты еңбектері де қайтадан басылып қалар. Біздер, әдебиеттанушылардың бүгінгші өкілдері де, ол кісіні осы саланың елеулі тұлғасы ретінде танимыз. Оған дәлел ғалымның жоғарыда аттары аталып кеткен еңбектері. Енді осы арада М.Дүйсеновтың жазушылық мұрасы жайында ой қозғаудың кезегі келіп тұр. Біз әдебиет және өнер инстиуты үшін ол кісі ең алдымен ғалымдығымен қымбат екендігін мойындай отырып, оның жазушылық қырына да көжұмбайлықпен қарай алмаймыз. Аса ұзаққа созылмаған шығармашылық ғұмырында Мырзекеңнің қаламынан құйылып түскен көркем шығармалар қатары бірсыпыра. Оның «Ана мен бала», «Қалыңдық», «Ант», «Үміт», «Ұстаз», «Алғашқы адым», «Меймандар», «Әулие», «Гүлжан сүйеді», «Қимаймын сені басқаға» повестері
– әдеби шығармаларға қойылатын басты талаптарға толығымен жауап бере алатын және көркемдік өресімен де оқырманның ықыласына бөленген шығармалар. Ашығын айту керек, бұлардың басым бөлігі өз заманында жақсы шығармалардың санатынан саналып жүрді. Әсіресе Мырзекеңнің шығармаларын алдымен іздейтіндер ауыл оқырмандары еді. Өйткені бұл аталған туындылардың қай-қайсысында да адам тағдыры, адамгершілік проблемалары мен сол кездегі ел өмірінің жарқын суреттері бар. Әр шығармасынан-ақ ширыққан қызықты сюжеттер мен көзқарастар қақтығысы көрініп отырады. Бұл аталған көркемдік құралдары кейіпкер тағдырының да қозғаушы күш екендігі повестердің бойынан менмұндалап байқалып тұрады. Мырзекеңнің көркем шығармаларын, соның ішінде повестерін оқып отырсаңыз, сізді ең алдымен кейіпкерге айналып үлгірген адам тағдыры шым-шымдап жетектеп әкеткенін аңғармай да қаласыз. Белгілі бір кейіпкердің басындағы тіршілік қатпарлары, тұрмыстық мәселелер біртіндеп сол кейіпкердің тағдырын айқындауға қызмет ететін көркемдік атрибуттарға айналып кетіп жатады. Мәселен, «Ана мен бала» повесінің прологын алайық. Поезға мініп, ауылдағы демалыстан кейін қаладағы үйлеріне асығып келе жатқан жас ана Сабира мен оның баласы Беркін. Екеуі де үйлерін сағынған, үйлерінен бұрын пәтерде жалғыз қалып, бұларды тықырши күтіп отырған отағасы Шайқыны сағынған. Біреу жары ретінде аңсап асықса, екіншісі әке ретінде мауқын басқаншга асығулы. Осынау сәттегі бұлардың тек сағыныштан тұратын кіршіксіз көңіл күйін жазушы айналдырып-төңкеріп, құлпырта баяндайды. Бірақ межелі жерге жеткеннен кейін екеуінің де үміті су сепкендей басылады. Бұларды перронда күтіп алуға тиісті үй иесі Шайқының қарасы да көрінбейді, қайда жүргені белгісіз, ұшты-күйлі жоқ. Енді өздері салып жіберген жеделхатты ала алмаған шығар деген үмітпен такси ұстайды да, асығып пәтерлеріне де жетеді. Жоқ-ұшты-күйі жоқ. Сонда аналы-балалы екеуі де көргенше асық болған сол бір адам, бұлардың арқа сүйер асқар таулары қайда кеткен? Міне, әлі көрініп үлгірмеген кейіпкердің осылайша аяқ астынан жоғалып кетуінен басталған шығарма оқиғасы өзге кейіпкерлерін шырғалаңға салып, одан арман ширығып, тосын перипетиялармен дами түседі. Шайқы неге жоғалды деген сұраққа біз бұл арада жауап бермейміз, білгісі келген оқырман оның жауабын осы аталған шығармадан өзі тауып алсын демекпіз. Немесе «Қалыңдық» повесінде әңгіме өзегіне айналған – санаторийде оп-оңай танысып, ақыры көңіл жарастырып үлгірген Аня мен Мұхит сияқты жастардың тағдыры. Екі ұлттың баласы бір бірі ұнатпасын деген заң жоқ, алып ұшқан ынтызарлық сезім жастардың арғы болашағы туралы ойлануға да мұрша бермейтіні өмірдің бір ащылау шындығы екендігі рас. Екеуінің
мінез-құлығы, көзқарасы үйлесе ме, жоқ па, болашақтары қалай болмақ деген мәселелер де олар үшін маңызды емес. Тіпті ондай өзекті сауалдардың болуы ықтимал екендігінен де кейбір жастар бейхабар. Бұндай келелі кесек мәселелерді жастардың жанында жүрген ересектер еске алып, байырқалап, ой қорытпаса, көз алдарын көзсіз сезім көлегейлеген ғашықтар терең ойлауға қабілетсіз. Алдыңғы планға сезім атойлап шыққан мезетте, кейде ақыл, парасаттың өзі шегіншектеп, неге апарып ұрындырары белгісіз өмірдің ащы шындығына жол беріп қоятыны жалған ба? Алыстағы қазақы ауылға келген жас келіннің қайқайтып тұрып қайын атасын «Жанас Асетович» деп атауы жазушының өз сөзімен айтқанда «маңдайдан қойып жібергендей» (195-бет) әсер етті. Жас келін Аняның көңілінде ешқандай кірбің жоқ, пейілі таза. Орыс ұлтына тән ашық мінезді, қабағы да жазық. Бірақ сөйте тұра оның ешқандай астарсыз айтылған сөзі неге маңдайдан қойып жібергендей әсер етті? Жазушы ұлты басқа болғаннан кейін кейде жақсы адамның өзін қабылдаудың қиынға соғатынын өмір қойнауынан туған осындай шынайы штрихтар арқылы жеткізеді. Бірақ жазушы екі ұлт өкіің арасындағы махаббатқа күмән келтіріп, соңын қатты шиеленіскен драмаға ұластырудан аулақ. Шығармадағы кейіпкерлер тағдырының түрлі өткелектерден өтіп келіп, ақыр соңында сәтті аяқталатыны да сондықтан. Өз уақытында оқырман қауымның көңілін көбірек бұрған көркем шығармасы Мырзекеңнің «Гүлжан сүйеді» атты повесі болатын. Мұндағы бас кейіпкер Гүлжан тағдырына немқұрайлы қараған оқырман сирек болған шығар деп ойлаймыз. Шығармадағы бас кейіпкерлер арасындағы қарымқатынас схемасы таңсық та емес. Бұл арадан да әдебиет тарихынан мәлім классикалық үштік бой көрсетеді: бір қызды ұнатқан екі жігіт және олардың арасындағы ширыққан сюжет, ақыр соңында қыздың сол екеуінің біреуіне ғана бұйыруы. Былай қарағанда, шығарманың көркемдік арқауына схематизмнің салқыны тиген сияқты. Жазушының тауып кеткен тұсы – осы стандартты үштіктің тағдырларын өмір шындығы деп аталатын құй батпақтан біртіндеп суырып шығара отырып, оған көркем өң беруі, әр кейіпкердің жан дүниесіне барлау жасап, ой бойлату арқылы басқаша шешімге әкелуі. Жалпы осы арада «стандартты үштік» деген ұғымды кемшілік ретінде қарап, схематизмнің нышаны деп бағалауға бас шұлғи беру жағын ойланған абзал сияқты. Өйткені бұл схема ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірдің өз болмысынан туындап жатыр ғой. Әрі-беріден кейін ойлап қарасақ, өмірдің көптеген құбылыстарының өзі осындай типтік жағдаяттардан құралмай ма. Ендеше аталған туындыдағы махаббат мәселесінің көтерілу формасы мен оның шығармашылық тұрғыдан шешім табуы әжептәуір шеберлікпен орындалуы көркемдік деп аталатын тәкәппар құдіретттің атақ-абыройына нұқсан келтірмейді. Оқырманды қызықтыратын тұстарының бірі Гүлжанның нағашы ағасы Құлмырзаның жолында жап-жас Гүлжанның қалған ғұмырын құрбан етіп,
өзі сүймейтін Сәлімге тұрмысқа шығып кетуіне қатысты оқиғалардың өзін автор тарапынан әдейі қоюлатылған деп айта алмайсыз. Бірінен бірі суыртпақталып тарқатылып жататын ықшам сюжеттердегі логикалық шындық оқырманды «бұл қалай» деп күдік келтіретін сұраққа жеткізбейді. Яғни, натуралистік деңгейдегі өмір құбылыстары көркемдік шындыққа үйлесімді ұласа білген деген сөз. Шығарманың нақты болмыс-бітімінен хабардар болу үшін айта кетейік, бұл екі повесть жекелеген көркемдік параметрлері жағынан С.Шаймерденовтың оқырман қауымға жақсы танымал «Инеш» атты романымен деңгейлес дүние. Жалпы осы туынды өзі сөз етіп отырған әлеуметтік-проблемалық мәселелерді кейіпкерлердің қат-қабат тағдырлары арқылы көлденең тарта отырып, көркемдік-идеялық тұрғыдан әжептәуір жауапкершілік көтерген. Осы арада бір айта кететін жайт – «Гүлжан сүйеді», «Қимаймын сені басқаға» деп екі повеске бөлінген бірсыпыра қомақты шығарманың көлемі мен көркемдік құрылымы жағынан повестен гөрі романға жақын екендігі. Автор өзі қарапайымдылық танытып, повесть деп айдар таққанымен, жанрлық болмысы романға келетінін атап айтқан жөн. Сондай-ақ ғұмырнамалық материалдардың негізінде жазылған «Үміт», «Ұстаз» повестері де өзінің жанрлық анықтамасын олқысынатындай дәрежеде. Сонау алыстағы ауылда өткізген балалық шағынан басталған бас кейіпкер-автордың басынан кешкендері салихалы, салдарлы ғалым болған кезеңдерімен аяқталады. Осы ұзақ жылдардың ара-арасында өтіп жатқан өркешті оқиғалар мен толайым кейіпкерлердің образдық деңгейінің өзі бір алуан жүк. Жазылған көркем туындысының кейбіреулеріне осылай «повесть» деп айдар таққанымен, олар кішігірім романның жүгін қиналмай көтеріп кете берер еді. Өзінің көркем туындыларының жанрлық табиғатын айқындау мәселесінде бұлайша тартыншақтық мінез көрсетуі Мырзабек Төлегенұлының қарапайым қалпынан тағы да хабар беріп тұр емес пе? Осыған ұқсас пікірді оның «Алғашқы адым», «Ант» повестеріне де байланысты айтқымыз келеді. Екі шығарманың да басты кейіпкері – Ғабдолла есімді бала. Сонымен бірге Айманкүл, Жорабек, Нұрахмет және тағы басқа персонаждар екеуіне де ортақ. «Алғашқы адымда» аяқталмай қалған оқиға «Антта» жалғасын табады. Бас кейіпкердің ауылдағы алғашқы талпыныстарын суреттеуге арналған бірінші шығарманың сюжетін екінші хикаят қолма қол жалғастырып әкетіп, ары қарай дамыта жөнеледі. Енді оқырманның қызықтайтыны – алыстағы интернатқа келіп орналасқан Ғабдолланың жаңа ортаға бейімделу жолында басынан кешкен оқиғалары. Кей жеріне әтегенайлап, енді бір тұстарды езу тарта отырып, туындының әлеуметтік-көркемдік болмысына еріксіз тәнті боласыз. Бұл екеуі де мазмұндары бір-біріне жалғас, кейіпкері ортақ болып келетін жалғыз туынды десек, қисынды. Автордың оны екіге бөліп қарастыруы – жанр табиғатына тән көлемге мойынұсынғандықтан.
Көңіл көзін тоқтата отырып, атап кететін бір жағдай – Дүйсеновтің көркем шығармаларының тілдік жағынан ақсап көрмегендігі. Рас, тіл байлығы керемет асып-тасып, төгіліп жатпаған болар, қазақтың бейнелі сөздерін мейлінше мол қолданып көрмеген де шығар, бірақ оқырманның талғамынан шыға алатын, көркемдігі әжептәуір жазу машығы бар. Туындылары қиналмастан, табиғи түсіп отырғандықтан болар, оқырман ойын жібек арқанмен байлағандай етіп жетелеп отыратын сусылдаған көркем тіл жалықтырмайды, шаршатпайды. Қазіргі таңда таланттымын дейтін кейбір жас жазушылардың көркемдік өресі жете бермейтін, мағыналы да суретті сөйлемдерден тұратын майда тіл. Мырзабек Дүйсеновтың жазушылық мұрасы қайталай үңілуді, іргелі түрде зерттеуді керексініп тұрғанын осы орайда қаперге ала кеткеніміз абзал. Жалпы филология ғылымы, оның ішінде әдебиеттану саласы қоғам мен табиғат құпияларын зерттейтін басқа да көптеген ғылымдарға жақын екендігін іс жүзінде дәлелдеген санаулы қазақ ғалымдарының бірі Мырзабек Төлегенұлы болды. Бұндай пайымдауға жол ашқан себеп – Мырзекеңнің танымдық бағыттағы жазған еңбектері. Шығармашылық ғұмырының кейінгі оншақты жылында ол айналамыздағы жұмбағы көп өмірдің жекелеген тылсым сырларын шешуді көздеген бірнеше еңбек жазды. Пікір айту үшін деректерді ғана келтіріп, құр болжам жасап қою жеткіліксіз еді. Айтар ойын біренеше деректерді салыстырыу және оған өз тарапынан тиісті қисын келтіру арқылы дәлелдеп шығу қажет. Сонда барып жұмыстың ғылымилығы артып, нақты нәтиже береді, қалың қауымның назарын аударатын жаңалықтар байқала бастайды. Мырзекеңнің соңғы жазған танымды-ғылыми еңбектері нақ осындай қажетті сипаттарының айқындығымен дәйектеледі. Енді осы арада «Әдебиеттанушы ғалым әрі жазушы Мырзабек Дүйсенов осындай танымдық мәні басым басқа ғылым салаларына неге барды? Неге маңдай терін төгіп, жан етін жұлып жеді?» деген сұрақтардың алдымыздан атойлап шыға бергенін несіне жасырамыз. Көзі тірі болса өзінен сұрап алып, ақпарат құралдарының бетінде осы тақырыпта түрлі сұқбаттар ұйымдастыруға болар еді ғой. Өкінішке орай, ондай мүмкіндіктің жоқтығынан ол сұрақтың жауабын өзіміз табуға тырысайық. Заманында қатар жүріп, аралас-құралас болған дос-жарандардың айтуларына қарағанда, Мырзекең сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болған екен. Өзі әнші, өзі домбырашы өнер-білімге жақын жігіттің көкірегін жастайынан мазалаған жайлардың аз болмағаны айқын. Біз жоғарыдағы сұрақтардың жауабын Мырзабек Төлегенұлының өз шығармаларынан байқаймыз. Ғұмырбаяндық туындыларына қарағанда ол кісі белгілі бір дәрежеде романтик болған адам екен. Қиялына қанат бітіріп, қолына қалам ұстатқан жағдайлар аз емес. Сөйтіп өзінің танымдық бағыттағы жиған-тергендерін қашан қағаз беті-
не түсіргенше асығулы болғаны айқын. Және жай ғана түсіріп қоймай, мақсаткерлікпен ойларын тиянақтап жеткізуге күш салып, қыздың жиған жүгіндей етіп жүйелеп тиянақтап берген. Негізгі әдебиеттанушылық, сыншылық және жазушылық жұмыстарымен қатар қалың жұртшылыққа арналған ғылыми-көпшілік бағыттағы еңбектерге де көп уақытын арнағанын оның артында қалған мұраларынан байқау қиын емес. Оның нақты дәлелі – табиғат пен тарихтың күрмеулі сипаттарын қамтитын танымдық сипатта жазылған повестер шоғыры. Тіпті бұларды көркемдік мақсаты, жазылу табиғаты өте ұқсас болғандықтан, хикаяттар циклі деп айқындау керек сияқты. Енді осы арада М.Дүйсеновтың танымдық повестерінің аттарын атап, түстерін түстей кетудің де реті келіп қалған сияқты. Олар – «Біз – күн перзентіміз», «Бір аспанның астында», «Сақстанға саяхат», «Алтайдың арғы жағы, бергі жағы», «Самұрықтың ажалы», «Ғасырлар сыры», «Сағанатас сырлары» деп аталатын танымдық бағыттағы повесть-эсселері. Неге цикл? Енді осыған жауап іздеуге тырысып көрейік. Біріншіден бұл шығармалардың тақырыбы бір ауыз сөзбен айтқанда, таза танымдық, олардың бәрінің мазмұнына қарап отырсаң, оқырманды табиғат пен тарихтың қалың жұртшылықтың қаперінен қағаберіс қалып келе жатқан қалтарыстарына сүңгітіп, саяхат жасатуды мақсат етеді. Екіншіден, әңгімелеу мәнері, баяндау үрдісі, көркемдік ұстанымдары, бір сөзбен айтқанда жазылу стилі барлығында бірдей қалыпта. Үшіншіден композициялық,құрылымы, жазылу формасы да бір қалыптан айнымайды. Төртіншіден, кейіпкерлер қатары да осы шығармалардың барлығына ортақ. Атап айтқанда, Маджан, Мырқы, Төлеш, Талғат сияқты персонаждар осы топтағы повестердің барлығында да белгілі бір рөл атқарып жүр. Сонымен бірге әр повесте ғана көрініп, басқаларында қайталанбайтын жекелеген кейіпкерлер де бар. Мысалы, Зайтуна апай, Серғазы Әбенов, Ғалым Бақтиярұлы, Талжан, Ораш, Раушан апай, Садыр және т.б. бірсыпыра кейіпкерлер жекелеген повестердің аясында ғана көрінеді. Кейіпкер болғанда автор өзінің танымдық повестерінде олардың бейнелерін жан-жақты сомдап, қаһарманға айналдыруға ықыластық танытпайды. Тіпті мінез-құлықтарын жеткілікті даралау жағына да арнайы көңіл бөліп отырмаған. Өйткені таза көркем шығарма болмағандықтан, аталған туындылардың алдында ондай көркемдік мақсат жоқ екендігі көрініп тұр. Олардың диалогтарында кездесетін өзара талас пікірлер, түрлі келелі сауалдарға ұшқын тастайтын сөздер негізінен танымдық проблеманы айқындап тереңдете түсу мақсатында қызмет етіп жатады. Жазушы кейіпкер харатерін ашу жағына діттеп көңіл аудармаса да, алма-кезек алмасқан диалогтардың барысында қайсысының қандай жан екендігі айқындалып та отырады. Бірақ жазушының діттеген мақсаты бәрібір өзі көтеріп отырған тақырыптың танымдық қырларын ашып, көпшілік қауым үшін беймәлім
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру