TELEGEI

Home

Аңсау

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Аңсау

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Аңсау» шығармасы.

Әңгіме

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек
Ашуың – ашыған у, ойың кермек,
Мұңдасар кісі жоқ, сөзді ұғарлық
Кім көңілді көтеретін, болады ермек?

Абай

Оянса да, жұмсақ төсекті қимай жатқан Елеусін айналаға көзін қадады: ақпанның соңғы таңдарынан тағы бірі рауандап атып келеді екен, бөлме іші ақ нұрға малынып тұр. Жан-жағына көзін жүгіртті: Гүлнәрдің орыны бос – тұрып кеткен, іле тұруды ойлады да, ол ниетінен айнып қалды. Керіліп аяғын созды, ақ бурыл шашын уыстап, алақанын желкесіне төсеп, төбеге көзін қадады. Тұла бойы ап-ауыр: аяғы сырқырап, қары талғандай болып сезілді, тұтас дене тынымсыз жұмыстан талықсып шаршаған. Сол жатысына күні кешегі кейбір сәттерді көз алдына елестетті... Елеусін бүкіл өмірін ұстаздық қызметіне арнады. Қырық жылдан аса шәкірт алдында сын көзінде жүрді: тұлғасы да, киімі де, жүріс-тұрысы да есептеулі: кірпіктері найзадай қадалып, жанарлары жәудіреп отырған шәкірттер аузынан ұшқан лебізін балғын миына тоқып, өздеріне үлгі тартады. Аққудың көгілдіріндей бейкүнә нәрестелердің ықыласы Елеусінге күш беретін: таңмен таласа тұрғанында бүгінгі айтар ойын саралап отырады, мектеп табалдырығын оң аяғымен аттағанында, табан астына төселген шәкірттердің жүрек сезімдерін медеу тұтып, тұрқындағы қуат нәрімен қоса білім нұрын себетұғын. Сол толассыз еңбек ұстаз бойындағы нәрді сарқып кеткен. Ұйқыда береке жоқ, жүйкеге күш түсіп, үрей сезім бас көтерген: тыныштықты қалап, жаны оңашалықты аңсай түседі. Сонда Елеусін:

– Анасы, дем аламын. Шаршадым. Ауылға барсам – серігіп қайтар едім, – деді.

Гүлнәр марғау бұрыла қарады.

– Қалауың білсін. Әлі қажыған түгің жоқ ғой. Іске үйренген адам өлі тыныштықты ұната ма, қайдам. Қолың алдыңа симайтын шығар.

Елеусін көз қырын әйеліне тастады: толысса да, жүзіне әжім түспеген қара торы ақ келіншек таңдана қарап тұр екен, сәл ашылған аузынан алтын тістері жылт-жылт сәуле шашады. Таңдану белгісі иелеп алған: жанары боталап тұр, ұзын қайқы қара кірпіктерін жиі-жиі қағып, жан сезімін толқытқан ойларын айтуға оқталды. Елеусін де емеурінге түсініп, ықылас аударды. Гүлнәр тіке қарады.

– Қартайғанда үстел құшақтап шығарма жазу азап қой. Жан тыныштығын күткен жақсы. – Гүлнәр іркіліп, Елеусінге тігіле көз салды. «Көңіліне тиіп алармын-ау, балаша өкпелейді» деген күдігі бар – сақтана сөйледі. – Сақал жіберіп, аталық сәніне түссең де жетіп жатыр.

– Қателестің, бәйбіше. Мұрт қою мен сақал жіберу ерекше қасиетті нәрсе: оны ұғамын. Бойда аз қуат бар. Толғағы жеткен ой желілері мол. Қағазға көшкісі-ақ кеп тұр: енді кешіктірсем, ұтыламын. Елде анамды, әкемді көрген көзтаныстар көп. Кем-кемнен сиреп те барады. Солардың лебізі – шындық көзі: аңсаймын, ата-анамды көргендей боламын – көз қарашықтарында ең қимас адамдарымның суреті көрінеді. Енді шашымның ағымен сақал сатып, мына саудаға аңсары ауған ұрпақпен алысуға қауқарым жоқ. Қалған өмірде азды-көп жазып, белгі қалдырсам деген ой бар.

Гүлнәр ойланып қалды: талай рет шығармашылыққа қашқысы келсе де құр-құрлап, сабасына түсіріп, аяғына тұсау болып келе жатқан-ды. Ендігісін артық санады: аяққа орала бергенді жөнсіз деп тапты.

– Осы кезге шейін шәкірт атаулыға шық жуытпай, инедей де өкпе айтпаған едің – тіл ұшыңа кінә артқан ой орала кетті-ау?

– Иә, солай болды...

Елеусін кідіріп қалды: ойланып, төмен қарады. Гүлнәр сөзінде жан бар: ұстаз шәкірттерін әрдайым тілге алып, жақсы қасиеттерін мадақтап отыратын, ұл-қыздарына үлгі тұтатын. Шәкірттері жаны-ды: ішер асын жерге қоятын, бір сәт те балалар ойынан шыққан емес-ті. Гүлнәр ойға берілген Елеусінді оңаша қалдырды. Сыртқа бет алған Гүлнәрдің туу сыртынан көк желкесінен тесіле қарады: жауырынды, қос бұрымы теңселіп толыса бастаған бөксесінен төмен сұлап түсіп кеткен. Осы бір сәт анасының сыртқы тұлғасына ұқсап кетті: орта бойлы, шымыр денелі, қағылез, қос бұрымы әрдайым жаурын сайында ойнап тұратын; ұдайы асығып жүретін анасы Айдан да бозала таңнан түн ортасына шейін бір тыным алмастан, шаруашылыққа батып-шүміп жүргені-жүрген. Ел басына күн туған сәт қой: қос арыстаны – Әжібай мен Абылла қан майданда жүр, еңбек майданы бала мен әйелдерге, жаралы майдангерлер мен қарттарға шөккен – бел шешуге мұрса жоқ уақыт. Айдан ұжымшардың белді мүшесі: алқаптан қайтқанда жағатын отынын да арқалап іле келеді, диірмен тартып, нан пісіру, кір-қоң жұмыстары балалап жатады – қабақ шытпастан жайғастыра береді. Мінезді адам-ды. Сол кісінің үш рет таусыла дағдарғанын Елеусін санасынан әлі күнге сөндірген жоқ – жүрек төрінде сақтап келеді... Маусым еді. Көктем ерте келді де, мақтаны арам шөптен тазарту күшке мінді. Ауылдың бауырынан жел өтер жаны алқапта: Оразтай бригадір аузынан от шашады, өлшеніп берілген үлес орындалмаса, төбеңде найзағай ойнатады, кешке орталықтағы кеңсеге апарудан да таймайды. Айдан жүйекті тез шықты да, үйге асықты: түскі шайға нан дайындау керек-ті, қамыр илеуге енді отыра бергенде, Елеусін аяғына орала кетті.

– Көже ішемін, – деп табан тіреп отырып алды. Жүгерінің қара көжесіне қатық араластырып ішуді Елеусін ұнататын: сөзге түсінбеді, қыңқылдай түсті – ол ешкі бағып келгенін міндетсінген-ді.

– Қолымды екі ете алмай жатқанымда, құйысқанға қыстырыла кеттің-ау, қалқам-ай, – деді қара көжеден екі ожауын көсіп алып, тостағанға салды да, қатық ұйытылған күзені қолына алды. Күзенің аузындағы байлауын шешіп, енді ожаумен былғап-былғап жіберуге оқтала бергенде, Елеусін де ентелей ұмтылып, ыдыстың аузына үңілді.

– Кейін тұр-шы, былай, – деп Айдан Елеусіннің басына ожаумен жеңіл тық еткізді: ерік қасықтың үшкір басы түп жағынан ұзына бойына жарыла сынды да, сабы шолтаң ете қалды, үшкір тұмсығы жерге ұшып түсті. Елеусін ыржаң етіп күлді де, басын бір сипап, анасына күле қарады. Айдан ожаудың сабына қарап қатты да қалды: үйде одан басқа қасық та жоқ еді...

Екінші рет... Елеусін студент еді. Демалыстағы кезі: қақ айрыла кетпенделген қауынның қарығын тас төбесінен белді тік құлата ендіріп, Ызмұхширдың мақпалдай жұп-жұмсақ боз топырағын қопарып алып, ортадағы сайға тастап тұрған-ды. Қауын қарық кеңіп, арна болып алады: су көп жиналады, кем-кемнен баяу сіңе береді. Елеусін қауын алқаптағы қол жұмыстарды аяқтай бергенде, бригадір Сейфұлла Айтөре келді. Бригадір үй түбіндегі шағын мөлдектегі қауынға көз салды: тақия пәлектеніп, қол жая бастаған, түп сағақтықтарында жылтыраған сарғыш гүлдер күліп тұр – гүл қауашақтарында таңғы шық мөлдірейді. Алқаптан топырақтың жағымды иісі аңқиды. Үйден Айдан шықты. Бригадір көз қиығын бір жүгіртті де, ернінің ұшымен амандасты.

– Алқапқа шықпадың ба? – деді.

Айдан тосылып қалды: сәл кідірді де, Сейфұлланың бетіне тіке қарады: ананың қой көзіне қасірет табы көлеңдеп шыға келді де, мұңая баяу тіл қатты.

– Бижағдай болып, сыртқа да шыға алмадым, несіне тірсектей бересің – 12 бала туған ананың жағдайы белгілі емес пе осы...

Елеусін Сейфұллаға шаншыла қарады: жұқа ақ жүзі сұрғылттанып, көгістене қанын ішіне тартып алған. Сейфұлланың жіңішке істек мұрнының ұшында бір тамшы көз жасындай су мөлдіреп тұр екен – бригадір саф ауаны қолқ еткізіп тартып қалғанда, жерге сорғалай ұшып түсті де, ақ топыраққа қара меңдей нүкте қалдырды. Елеусін бойын жиып алды: Сейфұллаға өшіге көзінен сарғыш жалын ата жауығып тесіле түсті. Айдан жедел араға сөз тастады.

– Ертең іскірәпкі әкеп беремін. Шал есегін берсе, ауданға Ізбайдаға барамын. Дәрігерім. Ол мені біледі. Көрініп жүргенмін. – Айдан мұңайып төмен қарады. Елеусін тынышсызданды. Ана ойын жалғады. – Бұл жалғаншыдан кім қалар дейсің. Әне, Күнкөсемнің де жарық дүниеден мәңгілікке көшкеніне жүз күн болып қалды. Тек бір-біреуіміздің сыйласығымыз қашпағай да. Үйге кір, жиен, қатық іш. Ешкінің қатығы...

Елеусін анасын аяп кетті. Жерден жанарын көтере алмаған Сейфұлла жылысып, көшеге шықты. Үшінші ретте... Елеусін анасынан алыста еді. Айдан күрт құлады: тұла бойы шаншып, тамырлары солқылдап, көзі қарайды; дел-сал – топырақ басып бара жатты. Сол күні тістене жүріп шашын жуды: 49 жасқа шықса да, бұрымдары жұп-жуан-ды – ләгөнді толтырып жіберді; түргеліп тұрып тарады, отырып та тарады. Айнаға қарағысы келмей көп іркілді. Маңдайын ашарда өзін көріп шошып кетті. Елеусіннің кереуетіне қисайды: ана танауына ұлының иісі соғылғандай болды, елеуреп көзін ашып алды, бөлмеде жалғыз екен. Ақкенже ойнап кеткен: бес жасар қызға қарны тойса айт пен той – Күн батқанша асыр салады. Естиярлар мақта терімінде жүр. Кешке қарай науқас әбден меңдеп алды – қинала сөйлеп жібергенін де сезбей қалды, есін жинағанда Елеусінді іздеді. Ері Ақан да, отау болған баласы Әйкелбай да Айдан сөзін құлақтарына ілген жоқ – Елеусін анасымен ғана ақылдасып, жоғары оқуға түсіп кеткен-ді: топас ойларымен қоса иленіп, қандарын іштеріне тартты. Айдан ұлын аңсап, от болып лаулап жанып, есікке телміре қарап, көзі ашық күйінде аттанып кетті... Елеусін көзінің алдындағы жанды суреттерді қимай, шашыратып алудан сескеніп, тым-тырыс ұзақ жатты: анасын ойласа, шау тарта бастаған бойына әлдебір жұмбақ қуаттың құйылатынын анық біледі. Анасы Айдан етегі шұбатылған ақ көйлектің үстіне қара жеңсіз кәмзолын киіп алып, иінағашқа қос ақ шелегін ілдіріп, «Дәуденге» қарай суға бара жатады; жауырнында қос бұрым шұбатылып, тірсегін қағып барады... Елеусін жедел киіне бастады: кіндік қаны тамған топырақты, көзкөргендерді, анасын аңсап кетті – кітап сөресіндегі қасиетті Құран томдарының қасында тұрған сәбидің жұдырығындай ана бейітінен алынған топырақты – тұмарды маңдайына тигізіп, тәуеп етті. «Анашым, жүрегіме орнап, көз шарамда қалған бейнеңді ақ қағазға түсірейін. Ең болмаса, суретбейнең де жоқ қой тағзым етерге. Өзіңнен таралған ұрпағың сөзбейнеңе саналары жетсе, елес-елес болса да, сені таныса, арманым жоқ – қолымнан келген қызметім әзірше сол. Риза бола гөр...»

Елеусін сілкіне көтерілді.
Қәтеп ауылы
1998 сиыр жылы, ақпан-наурыз

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙