TELEGEI

Home

Өлеңдер, поэмалар, этюдтер. 3-кітап

Ғафу Қайырбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер, поэмалар, этюдтер. 3-кітап

Поэзия әлеміне өзіндік үн қосқан ақын Ғафу Қайырбеков өзінен кейінгі жастарға сүйіспеншілікпен қарады. Тың туралы жазған дастандары үшін марапатталды. Шығармаларындағы негізгі ерекшелік – ұрандату мен айқайдан алыс болды. Ол дәстүр жалғастығының үзілмегенін қалады.

1961 ЖЫЛ

САМАРҚАНД

Самарқанд сары қала сары алтыннан
Өзбектің қолыменен жаратылған,
Өзбектің қиялымен қырық жаңарып,
Өзбектің жаныменен жаңа туған.

Онда бар сән сарайлар, сан сарайлар
Сарқылған саламын деп қаншама ойлар
Онда бар мұнартқан мұнаралар
Алтынды алыс төбе, алшақ айдар.

Талайлар көремін деп шалқалаған,
Көрмесе көз құмары тарқамаған.
Онда бар өнерпаздың сиқыр қолы,
Ғасырлар есімін бір атамаған.

Солай деп Әмір Темір тілегені,
Атаусыз қала берген ұл өнері.
Сан сабаз Самарқандты салып өткен,
Солардың Шарафитдин біреуі еді.

Өнері алабынан артқан ұста,
Қажын деп бас кетсе де, артқа нұсқа,
Салғанда Ақ Тұрханның мұнарасын
Есімін жазып кеткен қалтарысқа.

Гур-Эмир, Бибиханым, Регистан,
Шах-Зинда көзді тартып тұр алыстан.
Хандардың сарайлары толып жатыр,
Сүйегі әлдеқашан қурап ұшқан.

Басса да ғасыр шаңы көлегейлеп,
Өшпеген өнер салған шебер өрнек,
Солардың иығынан аса қарап,
Өзбектің Самарқаны келеді өрлеп.

ҰЛҰҒБЕК

Тастап тақыт, Темір берген билікті,
Жорық кешпей, жүгендемей жүйрікті,
Соғыс шаңын кірпігінен тазартып,
Ол жұлдыздар әлеміне шүйлікті.

Ол аспанның тұңғиығын бойлады,
Ұшқыр қиял, асыл ақыл байламы,
Көк әлемнің құпиясын білмекке
Өмірінің кетті жыл мен айлары.

Ол бастады Темір білмес жорықты,
Табиғаттың сыр-сипатын мол ұқты.
Орап өтіп діннің ескі дуалын
Ол ғылымның тас қорғанын соғыпты.

Сонда ғана дұшпандары балалап,
Алған екен данышпанды қамалап.
«Сен құдайдың көрмек болдың жүзін», — деп
Басына оның жаудырыпты балағат.

Басын оның есер балта кесіпті,
Ғылым — сарай жаңа ашқанда есікті.
Ол ғылымға кешіккен жоқ, сірә де,
Оның бірақ заманасы кешікті.

Ол замана білмеуші еді обалды,
Кек алмайтын адамынан кек алды.
Оның өмірі жұлдыз болып зымырап,
Орта Азия аспанына қадалды.

Содан қайтып сөну білмей еш заман
Жұлдыз болып жана берген күшті адам.
Сол бірінші көкке қолын нұсқаған,
Сол бірінші «кек тұтқасын ұстаған».

Орта Азия көгіне көз салғанда,
Көрінеді ол, қара, досым, саған да.
Тас төбеңде тұрғандай-ақ Ұлуғбек
Бір сезімнен айрылмайсың әмәнда!

ҚАРАҚАЛПАҚ ҚЫЗЫНА

(Гулжаһанға)
Әму қандай, Арал қандай
Әдемі еді сол күні!
Бір-бір қыз боп жаралғандай

Дарияның толқыны!
Кетті қаптап жағада қыз,
Қыздары көп ел нендей!
Бейне сонау баяғы аңыз

Қайта оралып келгендей.
Сонда қанат қақты ақындар,
Сабыр бітіп, дәт қалмай.
Үстімізден ақ толқындар

Ақтарылып жатқандай.
Тұрдық үнсіз нұрға батып,
Бақытты еді жан қандай.
Жастығыңды бір жоғалтып,

Мың қайтарып алғандай.
Сонда маған сен көріндің
Ақ бұлттағы күнге ұсап.
Су шашыңнан сан өрімді

Тамды бетке бір бұршақ...
Сол бұршақты қағып алып
Жатқанымда жалма-жан,
Ақша жүзің сәл қызарып

Қарадың-ау, қалқажан!
Дедің бе әлде «ойланшы бір»,
Деміңнен от есті леп,
Қарадың ба қайрансыз ұл

Қарай-қарай кетсін деп.
Кеш батарда туса жұлдыз,
Туса көкке ерлеп бір,
Сол жұлдызды, уа, сұлу қыз,

Қарап тұрған мен деп біл!

САЛОМ

(Ұйғұннан)
Жырға қостым сізге арнаған сөзімді,
Бақытты деп бір сол үшін өзімді,
Мына ұлы тәрбиелі мінбеден,

Шын құттықтау сөз арнаймын сізге мен.
Сүйікті дос: Мұқан қарттың Сәбиті,
Ғабит аға, Ерғалидің Хамиті,
Атақты ақын Орманұлы Ғалиым,

Сырбай, Жұбан, Әбен аға, Тайырым.
Тағы басқа қаламы бір достарым,
Сыр бойында жатқан туыс Асқарым,
Даңқы кеткен ақындары қазақтың,

Сендерге арнап мына топта сөз айттым.
Өлең сөздің өңшең бұлақ тасқыны,
Бүкіл қазақ өнерінің хош гүлі,
Біз тілейміз жақсы сапар, дос, саған!

Ассалам алайкүм! Салом! Ассалам!
Хош келіпсіз! Көңіліміз қалды өсіп,
Біз қуандық: қадамыңыз оң десіп.
Бүкіл қазақ әкелдіңіз сәлемін,

Дос хақында жазған әсем өлеңін.
Осы емес пе бауыр деген, дос деген,
Сен дегенде көңіл бар ма өспеген.
Бірге әкелдің қазыналы далаңды,

Ерке өзенді, жұпар ауа, самалды.
Эмба-мұнай, әммә Қарағанды бар,
Теміртаудың көркі көзді қандырар,
Келді жайлау шалғын шебің-орайың,

Мұқтар жазған атышулы «Абайың».
Абай әні, Жамбыл жыры бір тасқын,
Үні келді қайран бұлбұл Күләштің.
Биі келді мың құлпырған Шараның,

Күйі келді Құрманғазы бабаның.
Нелер саңлақ, халық таңдап сүйген ұл,
Құтты мейман — ел арала, үйге жүр,
Төрім саған, қол қусырып, хош алам!

Ассалам алайкүм! Салом! Ассалам!
Әм досың да, қандасың да, жүдә, біз,
Қыз алысып, қыз беріскен құдамыз.
Қол ұстасып гүл терістік бір қырдан,

Сусындадық бір дария, бір Сырдан.
Қос кілемдей айқас жатқан жеріміз,
Сонау жерге бірге тамды теріміз.
Біз біргеміз миқнатта да, рахатта,

Келер күнге біз барамыз бір сапта.
Ұлы Отанның перзентіміз, сәніміз,
Туысқанбыз, жолдас, теңбіз — бәріміз,
Біз жасаймыз партиямен мың ғасыр,

Қолымызда Ленин берген ту асыл.
Бар ғаламға бақыт нұрын төгеміз,
Аспан жайлап, жұлдыз барып келеміз,
Сол биікке достығымыз шырқаған,

Ортақ өмір, ортақ бақыт, ортақ ән.
Сол зор достық дәстүрімен қарсы алам
Ассалам алайкүм! Салом! Ассалам!
Төрлетіңіз ғазиз мейман, дос қонақ,

Алдыңызда асыл шарап, ас-тамақ.
Жолыңызға ынтызар боп қарадық,
Алаңымыз раушан гүлге оранып,
Жазда келген жарқын досқа құшақ кең,

Не тең келер бауырласқа бұл шақпен.
Фабрик, завод, кең шахтаны арала,
Гүлге оранған Мырза шөлді бағала,
Көзіңді сал күміс мақта далама,

Сайран етіп бар Самарқанд қалама.
Қарақалпақ еліне бар жол шегіп,
Күтіп отыр келеді — деп ол сеніп.
Мақташылар, диқаншылар мыңдаған,

Ынтызар топ, кезін тігіп тұр далам.
Шынар сая, дария самал тұр күтіп,
Қойдық сайлап мекеніңді құлпыртып,
Гүлді бақты қойдық баптап даярлап,

Бәрі де әзір — қашан палау, шай алмақ.
Қыздарымыз, жігітіміз сол мына —
Қошеметтің, қызметтің жолында.
Бал қымызбен, жаңа палау, жас қаймақ,

Қазы-қарбыз, сарымай мен бесбармақ.
Алдыңызда тәтті де мол, жеміс көп,
Ұсынамыз, ал бауырым, жеп-іш! — деп,
Дастарқаным берекелі, дәулетті,

Бір сенікі барлық дәмі, бар көркі.
Бір туғаным, бір жарқыным, бауырымсың.
Өз мекенім, өз қышлағым, аулымсың,
Ұйғұн ақын етер солай сөз тәмәм!

Ассалам алайкүм! Салом! Ассалам!

САУ БУЛИЛАР!

Мырзашөлді мырза қылған
Еңбек сүйгіш бір туысқан,
Гүжтаны гүл жамылған
Өзбекстан, Өзбекстан!

Фархадтың зор махаббатын
Жұлдыз еткен көзге алыстан,
Кеткен алыс атақ-даңқың
Өзбекстан, Өзбекстан!

Жүз тағамың, мың қызығың
Бар бақытың — бізге дастан.
Жақсы отаны ұл-қызыңның
Өзбекстан,Өзбекстан!

Кетпес естен, шықпас ойдан,
Гәзәл қыздар, кәттә жігіт,
Бізге келіп, салып сайран
Қайтыңыздар атқа мініп.

Кең далада кең көсіліп
Кешіңіздер мың сан жорық.
Гәпірісіп, көңіл өсіріп,
Қайтыңыздар хұрсан болып.

Би биле де, өлең басқар,
Салулы жай, салқын үй бар
Көріскенше, көне, достар,
Сау булилар, сау булилар!!!

БЕЙБІТ ӨМІР ЖЫРЛАРЫ

МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ

Хат білгелі сені жырлап келем мен,
Өз дауысым, өзіме тән өлеңмен.
Саған біткен қоңырау үнді көп бұлақ,
Туа шырқап, сені ардақтай жөнелген.

Сол бұлақтың біреуі едім демеймін,
Бәлкім, сырға бай емеспін, кедеймін.
Өз құлағым естіп білген, көз көрген
Сан асылға сені күнде теңеймін.

Бар теңеуден сен артықсың мың есе,
Көкте күнсің, көктегі айсың біресе.
Мен теңемен сені ешкімге ризамын
Өз асылын өзге саған теңесе.

Байлығыңды санап жатпан — бармын — деп.
Көріп жатыр, біліп жатыр әркім кеп.
Солар айтсын: бар екен де бай - десін.
Ұл анасын айтқан емес жарлы — деп.

Қырық жылда қырық жаңарып түледің,
Одан бұрын көп бақыттан тұл едің.
Сол қырық жыл — асыл дәурен жемісі –
Мына завод, мына қала, бұл егін.

Кетті даңқың жұмыр жердің ішіне,
Аңыз болдың үлкенге де, кішіге.
Қу мекиен, құла дала — деуші еді,
Болдың жаннат кірмес кісі түсіне.

Менің сонау кәрі қазақ, қарт бабам,
Сонша жерге бір мұнара соқпаған,
Көр-жерменен қобырсытпай, қор қылмай
Алда ғажап болашаққа сақтаған.

Сен кең болып, сен дархан боп тұрғанда,
Саған тартпай сараң болған ұл бар ма,
Саған тартпай ерлігі де ерлігі,
Сені қорлап, сірә, перзент туған ба?!

Ұзынымен өзен кесіп өтпеген,
Қиырыңа құс та қонбай жетпеген,
Сен ұзақсың, сен туралы жыр да ұзақ
Өнерпаз жоқ соған өрнек төкпеген.

Сен туралы жыр қазына мол аса,
Дастандардың жинағысың тамаша,
Ризамын өз жырларым сол дастан
Бір сөзінің бір әрпіне жараса.

Сен жасай бер — мәңгі оқитын дастаным,
Тағы да бір жақсы бетті бастадың.
Сүйікті өмір, қызық дәурен ордасы
Асыл өлкем, менің Қазақстаным!

УАҚЫТ ЖӘНЕ БІЗ

«Көп көрген, көп жасаған адам ғой, — деп
Ескінің әңгімесін соған ғой», — деп,
Сұрайтын әдет еді қарт кісіден
Тоздырған сенен бұрын талай көйлек.

Ал қазір жиырма жасар жас адамнан
Сұрасаң, жаннан шебер шашы ағарған
Айтады өткен күннің шежіресін,
Және де болашақты ашады алдан.

Бұл қалай, адам жасы өзгерген бе?
Жастарға қарттық сонша тез келген бе?
Кеңестен қариялар кешеу қалып,
Әдейі баласына сөз берген бе?

Жоқ мұның бірі де емес, бәрі де емес,
Дәл қазір әңгіме тек кәріде емес,
Ол рас озған жылдар сырын таң ғып,
Айтатын ескі ауылдың шалы кеңес.

Адамның өзіне етпек өз күдігі
Қол байлау, бөгет болып озды күні.
Әйтпесе уақыттан озбақ үшін
Туған ол, бұрын кімдер сезді мұны?!

Соғыс деп, күн өткізіп, жанжал іздеп,
Тарихта қан жоса боп қалған із кеп.
Тараттық сан өлімнің жәрмеңкесін,
Дүниеге дүбірлетіп мына біз кеп!

Адамның шығармаққа өз дауысын
Тудық біз, уақыт одан озбау үшін,
Әкелдік жақсы ауасын жаңа таңның
Жууға дүниенің тозған ішін.

Отаным, қызметіңді жақсы атқарып
Апаттан, алапаттан сақтап қалып,
Қойдың сен әбзелдегі өз орнына
Биікке адам деген атты апарып.

Ал қазір «бір алланың бұйрығы» емес,
Уақыт жеке шапқан жүйрік емес.
Уақыт жетер сонау дөң басына
Адамдар бұрын барып құрды кеңес.

Кеше жоқ, тың далада — бүгін егін,
Бар дейсіз сиқыры мен сыры ненің?
Кеп-кеше жалаң аяқ шапқан жерде
Білдім бе қаладан көз сүрінерін!

Емеспін қарлы сақал, қырау кірпік,
Жанымды тоздырған жоқ жылдар жыртып
Емеспін қанаттарын түтіп дауыл,
Табанын тас қажаған қыран бүркіт.

Ал бірақ білем елім шежіресін,
Мейлі сұрап тарих өзі кежін!
Мейлі «мынау жастық сөздері емес,
Адамның көп жасаған сөзі!» — десін.

Дегенге «көп жасаған» келісем мен,
Дәлелім дәл сол болмақ менің сенген.
Көп жасау — уақыттың мөлшері емес,
Көп жасау — көп іс жасау, жеміс өнген.

Көр, олай божа менің еңбегімді,
Ал, өскен ертегідей елден үлгі.
Бізде адам тілегінің болды бәрі,
Әкеліп қой демесең жерге күнді!

Сол үшін, бір сол үшін сүйем сені,
Өзіңдей бар дүниеде кім еңселі?!
Тұрсың сен бар тарихтан басың озып
Сенімен өлшенеді күн өлшемі!!!

ЖАҚСЫ БІР САПАР БАСТАЛМАҚ

Жақсы бір сапар басталмақ,
Пейілі дүние болар кең,
Үміті елдің аспандап,
Ереді бірге солармен.

Жақсы бір сапар басталмақ,
Басшылар басын қосса бір,
Туыстық жиып, дос қамдап,
Тыныштық болмай жоқ сабыр.

Жақсы бір сапар басталмақ,
Соғыспау үшін ел елмен.
Қашанғы дүние жасқанбақ
Түсер, — деп, — ажал төбемнен.

Жақсы бір сапар басталмақ,
Қайырлы сапар, болар жөн! —
Деген зор үміт аспандап,
Ереді бірге солармен.

ҰЛЫ СӨЗ

Дүние болса-дағы үйлі-жанды,
Тарсынбай бір-ақ залға сыйды да алды.
Пәледен соғыс деген тазартуға
Құт мекен — әлем атты үйді мәңгі.

Ашылды зор мәжіліс — күзгі желдің
Басылды бар дыбысы. «Сөз білемнің»
Талайы сөйлеп өтті, зал толқыды
Басшысы сөз алғанда біздің елдің.

Сөйледі ол бізге таныс үніменен,
Ап-айқын бар ақиқат, шыныменен.
Онда жоқ бұлталақтау, тайғанақтау,
Етпеді есерлердің шуын елең.

Тыңдады бар зейінмен мың сан халық,
Баяғы отар деген құрсау қалып,
Өмірі өрге басып, өркендеген
Сөйледі ол өз қазағын мысалға алып.

Сөйледі қысылмастан, алқынбастан,
Тыңдады қыбыр етіп, зал тұрмастан.
Адамзат бақытының кілті жайлы
Бейне бір оқығандай алтын дастан.

Сөйледі ол елестетіп туған елін,
Ойында ойда завод, қырдағы егін,
Ойында бар әлемнің тыныштығы
Дерліктей: «Өзі сөйлеп тұр ма Елім?

Асырды ол өз елінің атақ-даңқын,
Аударып жер жүзінің махаббатын.
Ризамын, Қазақстан, мен сен үшін
Осынау ұлы сөзде аталды атың!

ОТАН

Сүйем деп өтті жазып қаншама ақын,
Өмірдің саған арнап әр сағатын.
Қайтса да ұзақ жырдың сапарынан
Өзіңе ойы оралып бір соғатын.

Мен соның айтпасам да бірі едім — деп,
Өзің деп, өлеңдетіп жүр едім — деп,
Анасын үнсіз сүйген жас сәбидей,
Тұрады көңіл сөйлеп, жүрек үндеп.

Кемітсе: қанаты оның қатпаған — деп,
Сол күйде ол да өзінше айтпақ ән! — деп.
Сен барсың болысатын дереу келіп:
«Кім өзі, ол қай надан? Айт маған! — деп.

Сол үшін, сол қамқорлық сөзің үшін,
Сол асыл, қасиетті сезім үшін,
Қаншалық борышты едім мен өзіңе,
Жүреді ойым тоқып, сезіп ішім!

Кеудемде жырларым бар қол қоймаған,
Мен сүйем, елін сүймес болмайды адам.
Сен сүйсең, сен сүйетін мінез тапсам
Жалғанда жақсы бақыт сол ғой маған!

ШЕБЕРЛЕР

Бар бір шебер жалғанда
Бармағынан бал тамған.
Өзен, тау да, орман да
Тым өзгеше ол салған.

Бояуы көп сол шебер
Жылда жұртты таң қылған.
Бұлт күркіреп жауса егер,
Жер сұйылса жаңбырдан.

Шая алмайды жүз қабат
Жуса соның өрнегін.
Тоя алмаймыз біз қарап,
Еңкейгенше жерге күн.

Жарқырамақ ол жаңа,
Жауған сайын жас жаңбыр.
Жаралған соң бола ма
Сиқыр қолмен басқа бір!

Май суреті, май шебер
Оған талас, дау бар ма!
Оның сөзі — ем, айтса егер
Өзен, орман, тауларға.

Сүйсінемін бірақ мен
Екінші бір шеберге.
Егіз туған сол атпен
Қасиет те, өнер де.

Көрмеді оны кім байқап,
Сезбеді оның лебін кім?!
Шебер деп ел күнде айтпақ
Партиясын Лениннің.

Шебер қолмен тізген ол,
Шыдар ұзақ жылдарға,
Бізден әсем, бізден мол
Жер бетінде гүл бар ма?!

БҮГІН ТАҢДА

Ерте ояндым, толғандым бүгін мен де,
Таң жолына Алатау жүгінгенде.
Алматының айнадай көшесімен
Күннің қызыл сәулесі жүгіргенде.

Ерте оянған менен де бір адамға
Жолыққалы келемін. Жыр алам ба,
Көңіліме ол жомарт құя ма ақыл,
Әлі күтіп, асықпай тұр алаңда.

Күттіргенім тым ұят болды ғой деп,
Қысыламын, көңілге толқып ой кеп.
Ел тұрғалы едәуір озды уақыт,
Әлдеқашан басталды жойқын еңбек.

Оны күтіп тағы бір үлкен адам
Қалса қайттім, ояу жүр жұрт манадан.
Сергек гүлдер сезіммен сыбырлайды,
Олардың да қалпы бар ұйықтамаған.

Қолымдағы гүлдерім олар да ояу,
Желпіп жайлап қояды самал баяу.
Ол әне тұр. Бұрылды, көрді мені,
Жылжығандай қалпы бар маған таяу.

Қалың гүлдер қаптаған жан-жағынан!
Уа, ғажайып, келмеген қалмады жан!
Мен оңаша тілдесем деген кісім,
Иіледі гүлдердің салмағынан.

Иіледі жұрт оған, ол жұртына,
Таңның шығы қоныпты сәл мұртына.
Мына таңдай ақ жарқын кескініне
Ой жіберіп, көз салып қалдым тына.

Оны күткен үлкендер өзі кепті,
Қойғаны ма аз уақыт қызметті.
Ақша бұлт па дегенім ақ көгершін
Оны айналып, аспанда жүзіп өтті.

Кетті кернеп кенеттен музыка ойнап,
Жаңғырықты күйменен бүкіл аймақ.
Үлкен адам - Халық оны құшып,
Қолын алды, бетінен сүйді жайлап.

Сол мезетте бар дауыс барлық үнмен
Ұласқандай аспанда жалын күнмен.
Шықты сөздер көңілдің көгін жарып:
«Құттықтаймыз сені, Ильич, туған күнмен!»

Ол жымиды жаны ырза көпті бағып,
Келіп жатыр, кеп жатыр екпін ағып.
Қозғалды Ильич алаңнан гүл құшақтап,
Төбесіне көтеріп кетті халық!

ЖАҚСЫЛЫҚ

Үңілсең сонау алысқа,
Әріге, тарих түбіне.
Жақсы да жаман көп нұсқа
Мұра боп қалып тіріге,

Қағып ап оны сан ұрпақ,
Жалғасып бірі біріне,
Уақыт талай қол жұмсап,
Өзгеріп жердің түрі де,

Осынау аспан ішінде
Келеді зырлап дүние!

— Жақсылық бар ма, шырағым?

— Жақсылық еткен жан бар ма?

— Естідің нендей жақсылық?

— Жақсылық тіле мал-жанға!

— Жақсылық қылсаң, бүтін қыл.

— Жақсылық көрсет, жасаған!

Ел осындай сұрақпен,
Ел осындай тілекпен,
Талай да ғасыр жасаған.
Жақсылық болды үлкен бір,

Ол жақсылық — Азаттық!
Болған соң тұңғыш жақсылық,
Жақсылық атты ұл қаптап,
Жақсылық атты қыз шығып,

Өсірді халық ардақтап,
Жақсылық жауып кетер деп,
Кетсе қауіп-қатер деп.
Жамандық сайлап қаруын,

Ақтарып бақты бар уын.
Жақсылық жолын бөгеді,
Жағадан ұстап жармасып.
Халық та дамыл көрмеді,

Жақсылық үшін қамдасып.
Ақыры тынды зор күрес, —
Өмір мен өлім таласы.
Жеңіп те шығып тұр дербес

Жақсылықтың баласы...
Құлаққа, көзге кезек бер
Радио тыңда, газет көр.
Жарқ ете қажа «Правда» —

Бір жақсылық тұр онда!
«Еңбек ет те ұқыппен,
Алты, яки бес сағат,
Санасып өзге уақытпен

Білімге білім қос та жат!
Жақсылап дем ал, іш, киін,
Оқы да үйрен, ес талмай,
Бауырыңда балаң, үсте үйің

Төлеме салық ешқандай!»
Бүгінгі күннің сөзі бұл,
Жақсылық солай сөйлейді.
Ол бір жақтан келмейді,

Құлпырып кетті тіршілік.
Еркіндеп алды ел енді.
Қайта да қайта құлшынып,
Жасай бергің келеді!

Жасасын деген ұлы сөз,
Оны көп айтар сәт осы!
Жасасын туған Отаным
Жақсылықтардың анасы,

Жақсылықтардың әкесі!

ТОРҒАЙ СӨЙЛЕЙДІ

Мұғаджардан еркін жетіп Есілге,
Ұлы таудан бөліп алып енші-ірге,
Жастап жасыл Тобыл суын жатыр ол
Қазақстан деген өлке төсінде.

Айлап жортса, аттық жалы сұйылған,
Балалаған қиыр өніп қиырдан,
Жалпақ дала, алшақ дала, алыс жон
Күні бар ма етек-жеңін жиырған.

— Сол далада туған сабаз сан адам,

Бар алысқа жіті көзбен қараған,
Қиялдары қиырлармен жарысып,
Дауыстары көк астына тараған.
Жырлады олар елдің мұңын, шаттығын,

Сол аспанда талай-талай батты күн,
Сол далаға алып келіп алыстан
Білім-өнер қоңырауын қақты кім?!
Сол далада өтті майдан қандасқан,

Боз көдесін, көк жусанын шаң басқан,
Менің көкем кешіп өткен Торғайды
Шалқасқаның ауыздығын алмастан.
Көп шолуға кәрі тарих жолы ұзақ,

Жылдар-жылдар жотасында мол із қап,
Аударылып, жетті біздің бұл күнге,
Қонған кезде сол далаға жұлдыз-бақ.
Ал сөйледі Сарыарқадан ол тұрып,

Шешен дала шешілетін жол туып,
Ол сөйледі жазық жалпақ денесін
Алтын сабақ дән шуына толтырып.
Енді бір сәт қатты айқайлап жіберді,

Қысқан не зат сонша қайрат-жігерді?
Бұлқынғанда бұлт жаңғырды — көрдік біз
Қабат-қабат болат киген бір ерді.
Ол сөйледі, содан тынбай сөз алды,

Боз кәдеге сыйлап желі тозаңды,
Құлазып құр қимылдамай жататын
Жайдақ дала қозды арқасы, қозғалды.
Торғай, Торғай, қасиетті қарт Торғай,

Сөз сенікі, сөйле, Торғай, айт, Торғай —
Дедік біздер, ол тағы да сөйледі,
Ел тілегі, ел бұйрығы қайт болмай.
Енді міне ен төсіне мал симай,

Мол ырысқа ел кенелсін, божын бай,
Дүбірлесін құтты қоныс, кең жайлау,
Толсын жерлер майы тамған сол шұрай!
Деді халық, Торғай сөзін мақұлдап,

Партияның съезінде саңқылдап,
Ел сендіріп шықты шопан дауысы,
Жанарында болашағы жарқылдап.
Жаңа Торғай, Дала Торғай, сөз алдың,

Әлі талай өтер жылдар, озар күн,
Сен сөйлесең — сөйлегені өмірдің,
Сол сөзіңді ақын тынбай жазар мың.
Кім айтады айрылмақ деп жер тілден,

Жалықпайды ол асыл сырын шертуден.
Тыңдаңыздар, Үлкен Торғай — тұр сөйлеп,
«Правданың» дәл өзінің бетінен!...

ГҮЛ ҚЫП ҰСЫН БІЗДІҢ ӨМІР ШЫНДЫҒЫН

Ылғи таңда күн асылып аспанға
Алтын саусақ тереземе басқанда,
Қақпама кеп бір ақ білек созылып,
Ұқсар кейде аулама гүл шашқанға.

Сол гүлдерді теріп мәз боп мен қалам,
Сол гүлдерден тіл қатады кең далам,
Ол гүлдерім — өмір гүлі — газетім,
Мені байтақ дүниемен жалғаған.

Сөзі — шындық, жүрсе суыт жолы құт,
Қалам сонда достарыммен жолығып.
Сөйлейді олар әр газеттің бетінен,
Ел тірлігін, өмір қамын мол ұғып.

Қыстың көзі аппақ қырау — қар қалың,
Алыс қырда күнде ойлаған мал бабын
Малшылардың жазады олар қасынан,
Сары аязда шымырлатып бармағын.

Санамаймын, санап сөзім жетер-ме,
Олар барып үлгеретін мекенге,
Сағынса да туған елін кейде олар
Жылдар жазып, жүрер шалғай шет елде.

Отырар ма, бір табар ма ол тағат,
Сия дайын, қалам әзір, қолда хат,
Өмір сүйгіш, шындық тапқыш сол жандар
Біздің дана партияға қолқанат.

Менің абзал қаламдасым, достарым,
Күнде сендер — сағынарым, тоспағым.
Әрбір таңда мен тұрам да жүгірем
Көрсем бір қол аулама гүл шашқанын.

Сенің таңмен бірге шырқап туды үнің,
Сен өмірдің шежіресі шын бүгін,
Сен де шебер гүл бағының иесі,
Гүл қып ұсын біздің өмір шындығын!

ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ

Туған дала, кішілік ет, бұл тұста,
Жасыңды ұмыт, үлкендікті айтыспа,
Жазық, жомарт жалпақ алақаныңмен
Алшы қолын, ақын келді алпысқа!

Ол өлеңге қаққан кезде қанатын,
Республика жаңа туған болатын.
Жасы да өзі, кәрісі де өзі еді,
Ол бастады, кәзір жұрттың бәрі ақын.

Өскен бала өлең қуып, қой бағып,
Көрді ме екен ол бір шақта ойланып.
Әр он жылда тұрады деп өмірі
Республика тойымен бір тойланып.

Бұдан артық бақытты ешкім білмеген,
Адамы жоқ абройын күндеген.
Өйткені ол бақыт үйін тігісті,
Сынап-мінеп, сығаламай іргеден.

Ол санамас, мен де еңбегін санаман,
Біледі өзі бағалайтын елі аман.
Сәбит десе жалт қарамас жан бар ма
Еңкейген карт, еңбектеген баладан.

Оған арнап жырын жазған сан ақын,
Мақтау емес ат салысып қалатын.
Ол баланың әкеге айтқан алғысы
Тау қияға қақтырды деп қанатын.

Бізді баулып әр күні мен әр кеші,
Біз өскенде, өсіп оның өркеші
Ортамызда мархабатын бөлісіп,
Отыр қазақ өлеңінің әкесі.

Өзен сия, орман оның қаламы,
Тау орындық, аспан — қиял алаңы.
Отыр халық жазушысы Мұқанов
Дастан етіп жазып байтақ даланы!

СӨЗ СЕНІКІ, ФРАНЦИЯ

Франция — коммунарлар Отаны,
Таусылмаса құшағыңнан от әлі,
Ал қабылдап Лениннің інісін,
Барды саған ұлы Маркс ұрпағы.

Тарихыңды тағы да бір жаңартып,
Сол баяғы ұлылықпен қал артық.
Пролетариат өссінші бір мерейі,
Буржуйлардың сорлы кезін алартып.

Европа тағдырына таландас —
Франция бейбіт күнге қадам бас.
Ұлы елдердің тілегі бір қосылса,
Тыныштықты ешкім жаулап ала алмас

Байлауыңды айт, сөз сенікі дегенде,
Құс айналып, тұр қалықтап төбеңде,
Кәрі Париж бір өзің боп сөйлесін,
Көз жіберіп сонау тарих — тереңге.

Революция туын тұңғыш сен алдың,
Жарлап таңын асыл, нұрлы заманның.
Сол бір туды Россияда қорғады
Батырлары «Нормандия — Неманның».

Сол туыстық, достығыңды ал сына,
Сен шақырдың, құлақ түрдік дауысыңа,
Аспаныңмен жүзіп байтақ Россия
Барды бүгін ал көңілмен қасыңа!

Ол өзгедей тұңғиыққа батырмас,
Баз салам деп басыңды да қатырмас,
Мейманыңмен мейіріңді бөліс те,
Болашақтың жақсы күнін ақылдас!

КӨКТЕМ-ДОС

Аппақ аспан, қалған қыстан
Жасылданды кенеттен.
Жасыл талдың түсін алды
Жер бетіне мен еккен.

Аспан — айна, қостамай ма
Сол мінезбен ісімді.
Өнерімді — мәнерімді
Келбетіне түсірді.

Сол аспанға таласқанға
Тәкаппарсың тау да мәз.
Көктем — бала, шимай сала
Қалдырмапты сау қағаз.

Жыр жырласам, гүлге арнасам
Риза маған, туған жер.
Арнап сыйды, бар жақсымды
Демек дәйім жырлай бер.

Ән шырқасам, бұлттан асам —
Аспан қағып алып тұр.
Тау жаңғырып, таңдай ұрып,
Бұлақ қайта салып тұр.

Бала-көктем, алабөтен
Жаныма өзің жақынсың.
Сәніңменен, бәрін менен
Сен айнытпай жатырсың.

Өмір ісін, сенім күшін
Тұрасың бір молайтып.
Табиғатқа адамзаттың
Құдіретін сен айтып.

Білем сені, сүйем сені
Бар жүректің күшімен.
Осынау бір асыл, мөлдір
Мәңгі достық үшін мен!

МЕНІҢ ӘНІМ

(Бақытқа)
Салшы, Бақыт, сал әніңе,
Салшы, балам, шырқатшы.
Тәтті саз бар өлеңінде,

Болмаса да ұйқасы.
Шығар менің мерейімнен,
Тыңдайыншы бір қанбай.
Сенің бала көмейіңнен

Бал құйылып тұрғандай.
Көп қой бұлбұл жер бетінде,
Өнер сыйын мол алған.
Менің жаным тербетуге

Сен шеберсің солардан.
Кешір, сәби, түсінерсің,
Әдейі ерте мақтадым.
Жаса, жаса, кісі бол сен,

Сүйікті ұлым — жақсы әнім.

АЛМАТЫ-АРУ

Ал, ару, сен дегенде жыр ағылды,
Бір ағын басып-озып бір ағынды,
Кеудемнен қотарылды асау толқын,
Білмеймін қалай бастап, тынарымды.

Алатау мінезінен мен үйреніп,
Көшеден келе салып тек үйге еніп,
Деймін ғой құя берсем, құя берсем,
Көмейден тұра берсе селім келіп.

Алматым — ару деген сөз лайық,
Даладан келген қазақ қозы жайып,
Көркіңе бір таң қалып қарағанда
Кетеді жанары өсіп, көзі байып.

Тау анау апай төсті, ақ омырау,
Аспанға іліп қойған нар қоңырау
Секілді күмбірлейді кеудесі оның
Атамыз арман еткен жер ғой мынау!

Жүрсем де кезіп көріп жердің төсін,
Сан қала, бақта өтсе де не бір кешім,
Көзімді бір солардан жұлып алып,
Не ғажап тек өзіңе телміртесің!

Қазақтың өнер білем дегендері,
Сан түрлі жыр ажары, өлең зері,
Солар да тауыспаған сені жырлап,
Шабытты нелер шебер менен гөрі.

Мен сенде мақтан етем тұрғанымды,
Ең жақсы сенде жаздым жырларымды
Өзіңе, саған деген махаббатым —
Үйімнің алдына ексем бір қайыңды.

Сен қызы Алатаудың, бар қазақтың,
Көзіңнен бір от алып жанға жақтым,
Сөндірмей сол отынды мекенімде,
Жүректен жырларымды сан маздаттың.

Тауысам жырлап сенің қай көркіңді,
Сүйгенде күн бетіңді, ай бетіңді
Тұрамын кескініңнен көзімді алмай,
Япыр-ау жоғалттым деп қайда еркімді!

Жаныма туыс қайың қарағайлар,
Секілді әрі іні, әрі ағайлар,
Өзімдей күндіз бәрі жайраң қағып,
Өзімдей түнде бәрі терең ойлар.

Алматым - әр жырымның басындасың,
Әр туған перзентімнің қасындасың.
Сен менің өз мекенім, өз ұямсың,
Сен менің замандасым, ғасырласым.

Қырық жыл, қырық жас деп қырда халық,
Той тойлап, келмек ертең сыйлар алып.
Үстіңде күмбір қағып тұрсын сонда
Тойда айтар ән жаңарып, күй жаңарып.

Мақтанам, шын мақтанам мен сен үшін,
Асқан бұл Алатаудан еңсең үшін.
Дариға, қояр едім сені бөлеп
Өзіндей сұлу жырға, келсе күшім.

Кеш мені, таңдамадым сөз маржанын,
Өрекпіп, өзің десе қозған жаным,
Ақтарып бере салды бір толқынды,
Бағытын ол толқынның аз болжадым.

Деместен аз ба бұршақ, көп пе бұршақ.
Тұрмай ма Алатау да ақтарып сап,
Әрине, қой демессің, сүйінерсің
Дәл қазір мен де соған қалсам ұқсап.

ДАЛА ЖАРТАСЫ

(Сәбит Мұқановқа)
Құла дүз — жүз шақырым, мың шақырым,
Жүз шақыр, мың да шақыр — еш қатып үн
Көрмеген керең дала, мылқау жазық,

Үстінен алмай ұшпас құс та тыным.
Тәуекел белбеуімен таңып белін,
Болжамай сусап талып жатар жерін,
Жанына жалғыз торсық қымыз байлап,

Сан жортқан сол далада атам менің.
Ат шөлдеп сулық шайнап күн көргенде
Ауызды алақандай тіл көргенде,
Тесіліп сағымды жеп, көз де құрғап,

Көмейден ақырғы рет үн келгенде.
Сонда бір соңғы жанар сәулесімен,
Даланың сонау алыс кеудесінен
Көретін, о, дариға, бір жартасты

Денесін күн де сүйген, жел де сүйген.
Тебініп телқоңырды келсе жетіп,
Жарықтық сол бір жартас көл селдетіп,
Сап-салқын омырауы тұрады екен,

Бір жұтса қалады екен еңсе бекіп.
Өңшең гүл, маңайының бәрі жұпар,
Сол кәрі кеудесінің нәрін жұтар.
Шілдеде екі шеке мұздай болып,

Қаңсыған сүйек жібіп, бой балқытар.
Содан соң жолаушы да жолға шығар,
Жартастан алған өмір — олжасы бар.
Кең ашып омырауын тұрар жартас,

Жүргінші шеліркеген сонда асығар.
Уа, Сәке, азырқанбай, кешір мені,
Өзге де теңеу сөздер есімде еді.
Мен үшін қарапайым жартастайсың,

Сонау бір туған дала төсіндегі.

ӘКЕЛЕР МЕН БАЛАЛАР

І

— Қой қайда, деймін, қой қайда?

Борбайла итті, борбайла,
Малымнан басы садаға,
Кер терісін қадаға!

— Ойлау жермен айдағам жоқ,

Қол-аяғын байлағам жоқ,
Қасқыр жесе, қайтейін,
Бір қасқырдың малын,
Бір қасқырдан аяғам жоқ.

— Ә, солай ма?! Жау едім де,

Жас тікенек сен бе ең маған!
Сал қамшыны сау жеріне,
Қанын жұтсын қара баған!

ІІ

Өтті жылдар... Өтті жылдар...
Өтті ыңырсып күн де алуан.

— Кәне, байға кекті кім бар?

Тез шығыңдар? Тез шығыңдар! –
Шалқасқа атты бір балуан.
Дәл осылай салды да жар,
Тұрды құйын ел ішінде,

Қанды қаһар зәрлі шаһар
Үйіріліп кеп төнді үстіне.
Ақ ордалар солқыл қақты,
Сықыр-сықыр шаңырақтар.

— Ұста жалдан, сал тулақты,

Қайда, қайда тәуір аттар?!
Оқтаудай ат, оқтай жүйрік,
Тақымында айбалтасы,
Қойшығұл да кетті құйғып,

Артта жары, жан қалқасы.
Қара қоста бір тебіреніп,
Шықты даусы жас құлынның.
Келді сонда дүниеге еніп

Қуанышы Қойшығұлдың.

ІІІ

«Сәби аты — Азат, Азат,
Таңның да аты — Азат, Азат.
Қуан, сәби, күл, жас қазақ,
Тартпайды енді әкең азап!»

Құдіретті үн, осы дауыс,
Ту алыстан тұр естіліп,
Қандай туыс, қандай таныс?!
Жаңғырды ма бір ескі үміт?!

Жәмилаға бәрі жұмбақ,
«Жаным-ау, бұл қайдағы жыр?!»
Ал сәбидің көзі жайнап,
Маңдайында ойнады нұр.

ІV

«Ұлым — Азат, қызым — Теңдік,
Таң әкелдік — біз әкелдік!!»
Ал, Қойшығұл тасыды бір,
Әлденеге асығып жүр.

«Жер бөлеміз, жер бөлеміз,
Жүр, сәбиді тез, бол, еміз!
Көрші біздің жиналысты!»
Деп Қойшыбай құрақ ұшты!

V

«Бақыт деген бір құпия, -
Ешкім ұқпас», — деуші едік біз.
Болдым бүгін мен — партия,
Іс жасаймыз белсеніп біз.

Солай — деді — Ленин көсем,
Қойынымда тұр кітапшасы.
Ол өзі бір жеңілмес ер,
Біз әскері, біз жақтасы.

Партия — деп ең таңдаулы
Аталады - деген дана,
Олай-бұлай бұлтаңдауды
Білмейтұғын ерлер ғана!»

Деп Қойшығұл түсіндірді
Болсадағы сөзге кедей.
Партияның күшін білді,
Білдірді әм өзгеге де.

VІ

Өтті жылдар... Оқыды Азат,
Оқытты оны әкесі де.
Деген көсем: «оқы, қазақ!»
Осыны ұлым, сақта есіңе! –

Деп қояды көп қарбалас
Жұмыстан қол босаса бір,
«Білімі бар жұртқа аралас,
Жина көптен ақыл, сабыр!»

«Комсомолмын», — деді бір күн
Жайнап Азат мақтанышпен.
«Тез өтеді өмір шіркін, —
Бірақ әлі аттан түспен!» —

Деді әкесі. — Санасына
Кірді жұрттың болашағы!
Коммунистің баласына
Комсомолдық жарасады.

VІІ

Өтті жылдар... Бес жылдықтар
Еді ерекше жайған нұры,
Ойнап кенет отты бұлттар,
Басталды ауыр майдан күні.

Әр үйден бір құрбан алып
Кетсе де ажал, сол сұрапыл,
Төңірегін нұрға малып
Қадірлі Отан жарқырап тұр.

Ол бір тарих жыры байтақ,
Жырлар әлі он сан ұрпақ,
Жеңілмеген жайсаң қазақ,
Коммунист болып оралды Азат.

«Партия — деп ең таңдаулы
Аталады, — деген дана, —
Олай-бұлай бұлтаңдауды
Білмейтұғын ерлер ғана!

Деді сонда қарт Қойшығұл,
«Сау келгенін болсын мақұл,
Іске жұмыл, аттан шұғыл,
Алдында көп асу жатыр!»

VІІІ

«Папа, өзің кеткелі бір
Салыпсың тек маған бір хат,
Біздің жақта құс келіп жүр,
Сіздің жақта боран бұрқап.

Жатса керек созылып қыс,
Ауыр болар іс, әрине,
Сезем бәрін, көп керек күш,
Ондай міндет тисе әркімге.

«Хатшымын аупарткомның
Құла дүзге қақтық қазық,
Белгіледік совхоз орнын!»
Депсіз маған хатта жазып.

Қалай сонда, тіпті жоқ па,
Ыстық ас та, қоналқа түк,
Оқтай желде, көк суықта
Жүрсің бе сен қарда жатып?»

Деген хатын өз ұлының
Оқиды Азат жымиып бір.
Сыртта боран көздің нұрын
Сорып, қарды үйіріп тұр.

Әлі мына жер бетінде
Жоқ совхоздың директоры,
Оқып хатты, келмей тілге
Тартады орап темекіні.

Ойлап ұлын, іштей алаң
Әзірге тек қыз мақтаған.
Қолға күрек ұстамаған,
Жамбасына сыз батпаған.

ІX

«Аға, жолдас Секретарь!
Маған-дағы жұртпен қатар
Жолдамаңыз болса дайын,
Чемоданға жүк салайын,

Тегін нанды теріп болдым,
Өз бақытым, өз талайым.
Он жылдықты біттім тәуір,
Көрмесін деп арым жәбір,

Аттанамын, жіберіңіз
Тың жері көп ауылға бір.
Азатов Сайлаубек».

X

Қойшығұл қарт қорбаң-қорбаң,
«Қызық десей не деген бір,
Газетті алсам бүгін таңнан,
Ішінде әлгі немерем жүр.

Депті оны мүлде мақтап,
«Елге әйгілі комбайншы!»
О, қызық-ай, ал дауыстап,
Қалқамды бір тойлайыншы!»

Деп жатқанда, хат та келді:
«Дегенменен сағынды ұлың,
Құттықтай бер, ата, мені
Партияға алынды ұлың!»

Кенет қария салмақтанып,
Мұртын түзеп, ширақтанып,
Сөйлеп кетті, қолда таяқ,
Алдында ұлы тұрғандай-ақ.

«Партия, — деп ең таңдаулы
Аталады! — деген дана,
Олай-бұлай бұлтаңдауды
Білмейтұғын ерлер ғана.

XІ

Басталды бір жақсы дәуір,
Нелер белді асты да ауыр
Біздің Отан гүлдеді енді,
Шын гүлдейтін күнге келді.

Жырлайық біз осы күнді,
Жырлайықшы күн ерлерін.
Жақсы жырлар болсын үлгі,
Тасытсын ел жігерлерін.

Жыр еттім мен партияның,
Партияның түлектерін.
Солар — менің бар қиялым,
Солар менің Жыр етпегім.

НҰРЛЫ ТАҢНЫҢ ЖЫРШЫСЫНА СӘЛЕМ!

Ән шырқаса Алатау бөктерінен
Бозторғайдай биікке көтерілген.
Сәлем саған, даланың қарт бұлбұлы,
Халқыңнан қадіріңе жете білген.

Сәлем саған туған жер кеудесінен,
Орал менен Алтайға кең көсілген
Бұлағынан, өзен, көл, дариясынан
Таңдайыңа бал құйып сені өсірген.

Сәлем саған бау-бақша саялардан,
Сен шырқасаң жапырағын жая қалған.
Сәлем саған даланың гүлдерінен
Бар жұпарын өзіңнен аямаған.

Сәлем саған туған жер аспанынан,
Жаңғырығып әніңе қосқан мың ән.
Таң сәріден сенімен бірге шырқап
Тамылжытып жыр төккен құстарынан.

Сен қарайсың Жетпістің бесеуінен
Салыстырып бүгінді кешегімен.
Байыптайсың бай тұрмыс, жақсы өмірді
Міне бүгін ел түгіл, жер семірген.

Зарландырар, салдырар «елім-айға»,
Ол дәурен жоқ құл еткен сені байға,
Бүкіл елің алдыңа деп келіп тұр,
«Кенен деген өнердің кені қайда?!»

Ал бар болса, сонау бір нұрлы тамшы,
Төк кәнекей, әніңе тағы салшы,
Жетпіс беске жеңдірмес сол дауысты
Ойда егінші, тыңдасын қырда малшы.

Мың алақан жайылды. соған қонып,
Сайрап-сайрап жібер де, бір дем алшы!
Жетпіс беске жүз деген алыс па еді,
Елің саған жүзбен де таныс, — деді.

«Таңды оятқан жаршы құс, тәтті көмей
Бозторғайым!» деп сүйер халық сені.
Ұмыт болсын ескі күн таңғы түстей,
Кәрілікпен айқасып қал бітіспей,

Ұзақ сайрап, құйқылжып қанат қағып,
Туған жердің үстінде қалшы түспей.

БІЗДІҢ ЗАҢ

Санаға білім нұрларын
Жинасақ күнде бәріміз,
Түсінсек өмір сырларын,—
Ол біздің өсу заңымыз.

Туған жер төсін зерттесек,
Алтыны қайсы, мыс қайсы,
Алмайтын қамал жоқ десек —
Дегізген өмір нұсқасы.

Адамзат билеп аспанды,
Айда да тұрса гербіміз,
Аударып тастап тастарды,
Құлпырта берсек жерді біз.

Көрінсе біздің күш көктен,
Көрінбек болса әлі де,
Осының бәрін істеткен —
Советтік өмір заңы де!

Адамзат жердің бетінде
Бақытын тапсын десек біз,
Арманын қуып жетуге
Қанатын қақсын десек біз.

«Соғысу» деген сұмдықты
Ұмытсын адам десек біз,
Жарқырап жерді күн мықты
Жылытсын әмән - десек біз.

Өмірде көбейт досыңды,
Достықсыз тірлік сәні не?
Айтқызған бізге осыны
Советтік өмір заңы де!

Адамның атын ардақтап,
Жұқтырмай оған кір, тозаң,
Келеді қорғап, нық сақтап,
Құдіреті күшті біздің заң.

Етеміз мақтан мұны біз,
Сүйеніп соған өсеміз.
Береке толы үйіміз,
Мереке толы көшеміз.

Осындай мықты, шат елмен,
Сүйсіне жасар жанымыз.
Күнде бір жеңіс әперген
Жасасын бақыт заңымыз!

ҚЫСТАҒЫ КҮННІҢ ҚЫЗЫҒЫ-АЙ

Қыстағы күннің қызығы-ай,
Жалғасып ұзақ ақ таңға,
Тұрады көкте жүзіп Ай
Күн шығып келе жатқанда.

Күн шығып келе жатқанда
Кеңсеге келе жатам мен.
Жаңа бір адым аттауға
Мәңгілік ояу Отанмен.

Кеңседен келе жатам мен
Күн батып бара жатқанда,
Бірге боп елмен, Отанмен
Көңілім өсіп қайтқанда.

Алдымнан әлгі қызыл күн
Жүгіріп қарсы ап шығады.
Ол күнің — балаң — қызығың
Қыздырған сені шуағы!

Қыстағы күннің қызығы-ай,
Қиялың жиі самғайтын!
Қасында жақын жүзіп Ай,
Алдыңнан күнің танбайтын!

ҚОҢЫРАУ

(Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай орта мектебіне арнаймын)
Ғасыр бойы сенің үнің тынбаған,
Сыңғырыңды мен де сан жыл тыңдағам.
Көрген сайын жыл асырып, оралып

Ыстық сезім, ой саласың бір маған.
Қызыл шатыр сол баяғы мектебім,
Терезеге үңілетін көкте күн...
Қайда сонау ылғи қызыл сумкалы

Жас достарым аяз сүйген беттерін...
Сол бір таныс сырлы қақпа, қос есік,
Күн шығарда сыңғырлаған үнді естіп,
Кезімізде жаңа таңның нұры бар,

Күле шалқып кіруші едік гулесіп.
Әлі есімде күміс шашты мұғалім,
Оны күнде көргендей боп тұрамын.
Баяндайтын біздің мектеп тарихын,

Сырын шертіп алыс қалған жылдардың.
«Жүз жыл бұрын дәл осыдан дана адам
Тұңғыш рет мектеп ашып даладан,
Осы отырған кластардың, бөлменің,

Әр кірпішін қамқор қолмен қалаған.
Сабаққа ерте шақыратын бәріңді,
Қақпадағы көк қоңырау кәдімгі,
Жүз жыл бұрын білім ал, - деп,- кел мұнда»,

Далаға сол тұңғыш қаққан дабылды».
Деген сөзі мұғалімнің — терең сыр,
Жылжып өтіп алдыңыздан бір ғасыр.
Сәби жанды зор мақтаныш билейтін,

Сол бір күндер еске келіп тұр қазір.
Көк қоңырау маған туыс бір жандай,
Сен де өмірсің терең тарих, сырға бай.
Күнге қарап күлімсіреп қасында

Жалаң аяқ сәби шағым тұрғандай.
Сол данышпан сені әкелген ең шетке,
Ұлы мұра қалдырдым деп кетпеп пе?!
Қызығамын сенің тұңғыш үніңе

Жалт қаратқан жалпақ елді мектепке.

ҚҰЛЫН

...Күні тұр көк заңғарда сәскеліктің.
Жұрнағы бір ай жауған ескі бұлттың
Асығыс оңтүстікке барады ауып,
Дегендей ұзақ жолға кеш тұрыппын.

Жап-жасыл бар төңірек, дала жайраң,
Табасың мұндай жұпар ауа қайдан!
Көк бие, қара құлын жүр алапта
Жолығып жолаушыға анадайдан.

Құлдырап құлын шауып, ұзақ қашып,
Жонынан шық төгіліп, жазыққа асып,
Жазылып бала бауыры, келеді ағып
Аузымен бидайықты үзіп, шашып.

Тағы да желік билеп, желмен ойнап,
Көк шалғын, қоңыр салқын белді бойлап
Зымырап жөнеледі сағым жыртып,
Садақтың оғындай боп атқан байлап.

Ол қайтсін шаба бермей, ес білмесе,
Ұршықтай жер бетіне түсті кеше.
Көсіліп көк далада кете бермек,
Шақырған ана даусын естімесе.

Естіді... жалт бұрылды... келеді ағып,
Қарайды ұл шабысын ене бағып.
Келеді Сахараның cap самалы
Жүгіртіп, жұдырықтай денені алып.

Туған жер, бауырыңда ұлың бүгін,
Сүйеді ойыңды күн, қырыңды күн.
Көз тігіп жаңағы бір суретіңе
Есіме түсіп кетті құлын күнім.

БАЛАМ

(Алимаға)
Ауырма, балам, әкеңнің
Аулына келе жатқанда.
Әдейі сені әкелдім

Ағайын, туыс, қарттарға.
Өсірген мені арқалап
Аяулы апам осында.
Бір соны көру мархабат

Әкелік еткен жасымда.
Сұрағым келді, білсе, мен
Көңілге шаттық мекендеп.
Балалық күнім бір сенен

Айнымай қалған ба екен,— деп.
Айнымай қалса, мен болып
Кемпірге жүгір «апалап».
Қартайған шақта, еміреніп

Тағы бір көрсін арқалап.

БАЛКЕН-АЙ

«Балкен-ай, бөпем, Балкен-ай,
Болар ма екен үлкен-ай!
Үлкен болса, қайтер-ай,
Жігіт болып кетер-ай!»

Осы өлеңмен әлдилеп,
Өткен жылдар, өткен ай.
Әкетсе алыс ой билеп,
Кешір, мені, Балкен-ай!

Сені көріп, ауылымның
Алдым еске өмірін.
Ұмытқам жоқ ол күнін,
Бұдан он бес жыл бұрын.

Өзім сені апарғам
Өгіз мініп Торғайға.
Жоқ қой онда ат-арбам,
Жетім ұлға ол қайда?

Қаптап кеткен машина,
Шіркін, үсті кең жердің!
Мен мінейін қайсына? —
Деп тұрғанда сен келдің.

Бас, Балкен-ай, бүлкілге.
Жеткіз туған қырларға,
Қысылма да іркілме,
Қолда билік тұрғанда.

Өкінейін несін мен,
Бас балекей, сап биге
Мен әлдилеп өсіргем,
Енді мені әлдиле!

ЖАЗҒЫТҰРЫМ

Жазғытұрым, жайнап тағы келдің сен,
Тіршіліктің неткен ғажап белгісі ең!
Дегізесің дерттен дене босатып,
«Жер бетінде ұзақ жасап, көп жүрсем!»

Бәрі балғын, бәрі жаңа жан-жағың
Сезінбейсің ешбір жүктің салмағын.
Бойың сергек, ойың ұшқыр, қиял тез,
Өз еркіңде не қиялға бармағың.

Ауа-жұпар жас баланың исіндей,
Қалай жаның тұрар шыдап сүйсінбей.
Сиқыр санат алып сені ұшқандай
Көңіліңді әсте төмен түсірмей.

Жазғытұрым, жақсы-ақ едің сен неткен
Гүл бесікте тіршілікті тербеткен.
Жел сыбырлап, күн күркіреп оятып,
Әр сәбиің ә дегенше ер жеткен.

Жасарта бер, жаңарта бер, туғызып,
Жығылғанды аяғынан тұрғызып.
Сендей жомарт, жарылқағыш, көгерткіш
Біздің де алда келе жатыр күн қызық.

ЖАЗ ӨРМЕЛЕП БАРАДЫ ТАУ БАСЫНА

Жаз өрмелеп барады тау басына,
Таудың жылу тарады жамбасына
Ол бір сұлу аңқыған төсі жұпар
Қояр емес қойнына бармасыңа.

Жүр, кетейік, құрбы жан, жүр кетейік.
Көк өзендей көңілді гүрлетейік.
Жадыратсын жайсаң жер жанымызды
Біз де таудың тас көңілін жібітейік.

Жігіт озып, соңында қыз қалмасын,
Гүл терейік, асқар тау қызғанбасын.
Біз еркелеп жасайық бір тентектік
Шайқар ма екен шатақ шал мұз қар басын.

Қыз дегенің сақтыққа өте бейім,
Қалдырмаңдар, жігіттер, бекер кейін,
Ақ білегің создағы жалғас маған,
Саусағыңның ұшын бер, жетелейін.

ШАҒАЛА

Көп күн аңсап тосқаным,
Сүйікті құс келдің бе,
Сағынды ғой аспаным,
Сағынды ғой жер мүлде.

Құс ұшпаса аспан да
Көзге шағын екен ғой,
Көктем деген қашанда
Өзге шағым екен ғой.

Кеңейтші бір көгімді
Емін-еркін шүйгіп сен.
Оятшы бір көлімді
Қиқу салып биіктен.

Керек болса тыншығу,
Кел толқынға қона қал,
Су астынан бір сұлу
Көтергендей орамал.

Мен қалайын мәз болып
Қарап сенің көркіңе,
Асау қиял тез көніп,
Табиғаттың еркіне.

Таң келеді, таң әсем,
Таңмен бірге жарысып,
Күн келеді, қара сен
Қарсы алдына бар ұшып.

Мен берейін көктемнің
Байғазысын сен сұрар.
Алмадым деп кетпейін
Базарлығың бар шығар.

Болмаса да жоқ өкпем,
Саған өкпе қиын ғой,
Мынау аспан, бұл көктем
Сенің маған сыйың ғой.

ОРМАН ЖЫРЛАРЫНАН

1. «АМАН...» «АМАН...»

Арқада бір орман бар,
Атын «Аман» дейтін ел.
Айналасы толған нәр,
Айналасы жеті көл.

Келсе алыстан жолаушы,
Деп тұрғандай: «Дем алшы!»
Қарағайы оққандай,
Түзулігін көрсе егер,

Әдейі арнап соққандай
Жер астында бір шебер.
Көрсе сені, жыр кеп тұр,
Шыдар ма ақын толғанбай,

Денсаулыққа бір кепіл
«Аман» атың болғандай!
Шіркін, Аман, жақсы Аман!
Тең келер жер жоқ саған!

Шіркін, Аман, дәрі ауаң,
Жұтқан жанның бәрі аман.

2. ОРМАН ТАҢЫ

Әне, таңның шапағы,
Төңіректе жоқ дыбыс.
Түннің, мақпал шапаны
Өңірінде көп күміс.

Бірте-бірте шешіліп,
Таң келеді — паң сұлу!
Кел орманға, келші, Күн,
Сіңліңнің шашын жу!

Әне, әсем нұр тарады
Жерді алтынға боятып,
Жел жүгіріп барады,
Жапырақты оятып.

Ұйқылы-ояу жапырақ
Түс жарысып бір-бірі,
Таңғы шықтан қалтырап,
Шығар бояу сыбдыры.

Көктің төсін аймалап,
Жаңа қайтқан бір шымшық,
Су бұтақтан тайғанап,
Жапыраққа түсті ыршып.

Қарағайға жас талдан,
Титтей көзі секірді.
Күн астыңда қос маржан
Жылт-жылт еткен секілді.

Кенет кешеу қалғандай
Дүрілдеді көк орман.
Таусылмаған ән бардай,
Кеше кеште доғарған...

Орманда өмір басталып,
Соқты самал, құс сайрап,
Бір жеткіншек ән салып,
Жылқы үйірін шықты айдап.

3. ОРМАН ПЕРЗЕНТІ

Ақсақалдың үйінде
Тұр көне бір домбыра.
Әлі күнге күйінде
Қалған ескі сол мұра.

Тартқан екен көп кісі,
Тартады екен жаңа ұрпақ.
Оны естімес жоқ күші,
Тыңдайды жұрт таңырқап.

Баласына қосылып,
Желкеде Аман орманы,
Жел тынса да басылып,
Шулайды екен ол-дағы.

Ойға қалып бұдан соң,
Елестеттім ер кейпін,
Әуелде бір туған соң,
Енді қайтып өлмейтін.

4. БАР МА ЕКЕН — ДЕП ОЙЛАНАМ

Қайнекейге
Дүбірде бар екі ши,
Маңайында жыра көп.
Біздің әулет — екі-үш үй

Жайлар еді жылда кеп.
Жалғыз қазық - мына жұрт
Мен дүниеге туған жер.
Жалғыз тұтам шуда жіп

Кіндігімді буған жер.
Туған жермен байлаған
Кетпестей ғып кіндіктен,
Бар ма екен, — деп ойланам

Мықты нәрсе сол жіптен!
Қыздар, қыздар, қызғанамын
Терме орманның шиесін.
Бұзба көңілін бозбаланың,

Қызыл шие иесін.
Ол да сендей орман қызы,
Ол да сендей тым тәтті-ақ.
Оның да әсем мөлдір көзі

Тұрады ылғи сыр сақтап.
Үзбе, қыздың базынасына
Тойды ақын, тойды өлең.
Үзер болсаң, жазасына

Төзер болсаң қой! — демен.

5. ТЕГЕНЕ

«Қымыз мол ғой, қарағым, ішіп ал,— деп,
Шөл басылып, бойың бір тыншығар»,— деп
Тегенені сипалап қояды ана,
«Жазғы орманның, жарықтық, исі бар»,— деп.

«Жер бағасы — осы да!» деймін іштен...
Жұпар орманды еске алып дәмін ішкен.
Сол бал қымыз, тегене, сонау ана
Әлі де естен кетпейді, әлі де естен....

6. «ОТТАН САҚТАН»

«Оттан сақтан! От алып кірме орманға!»
Көретінім сол жазу кіл барғанда.
Аза тартпақ секілді бүкіл орман
Бір жапырақ өртеніп, күл болғанда.

Заман қолын қамқорлық көрем одан,
«Қазынасы халықтың — деген — орман».
Қасиеттеп орманды жүрсе түгел,
От жібермеу, от алмау келер қолдан.

Орман, орман.... Дүние, сен де ормансың!
Дейтіндер бар: «От жібер, өрте, жансын!»
Жерде тұрып, білмеген жер қадірін,
Дейтін болар: «сүйегім көкте қажын!»

ЕСІМДЕ АЛҒАШ...

(Бәдешке)
Есімде алғаш...
Өлең айт — деп өтіндің...
Әттең, сонда әнші болмай өкіндім,

Өлім еді тілегіңді қайтару —
Мен бір үлкен тәуекелге бекіндім.
Қиын болды әнші емеспін — деу маған,
«Сен де жігіт, өзгелердей сен де адам» —

Деген адал, ақ сеніммен қарадың,
Балғын едің бала көңілің қалмаған.
Кетті дереу кеудеме бір дем кіріп,
Тұрса-дағы жайымды өзге ел біліп,

Батылданып, балқып тұңғыш жырладым,
Өзімді өзім өнерпаз деп сендіріп.
Тыңдады жұрт, тыңдадың сен беріліп,
Тұрды, әйтеуір, маған солай көрініп.

Көптен бері мазасыз ой билейтін,
Ол ойдан да қалдым сонда серіліп.
Әрбір тұстан қошеметтеп жатыр үн,
Мен бітірдім әрең жетіп батылым,

Жұрт дуылы саябырлай бергенде, —
Әнші екенсің, — дедің маған ақырын.
Сөйдедің де, ризалықпен болдың шат,
Иығыма мейрімді бір қол жұмсақ

Асылды да қайта түсті кідірмей,
Уа, дариға, уа, дариға, сол бір шақ...
Бұл дүниенің бар мақтауын жинаса,
Жинап әкеп, маған ғана сыйласа,

Амалың не, соның бәрі мен үшін,
Сол кештегі бір сөзіңе тұрмаса!
...Содан бері өтті жылдар дөңгелеп,
Маған ұқсап қасыңда жүр бір бөбек,

Сондағыдай жұрт көзінше тағы бір
«Әншісің!» деп айтпай қойдың не керек!

КИІК

(Элегия)

Қолға түспей қырын қашқан бір киік,
Сені көріп жүрек шіркін жүр күйіп.
Саған асыл соқтым тұғыр кеудемнен
Тұршы сонда, төмендемей, тұр биік.

Тағдыр бізді алыс, алшақ жаратқан,
Жетпейді оғым қанша көздеп дәл атқан.
Бақытты екен баспаналап сол аңшы
Жақын атып, қолға сені қаратқан.

Сыбдырлайды, сыбдырлайды жел жаршы,
Келе жатсаң тура алдымнан сен қарсы.
Мені көрсең неге алқынып қашасың,
Қашпа, қалқам, шаршамашы, дем алшы.

Енді атпаймын, оқ шығындап нетейін,
Жаста жетпей, қазір қайдан жетейін.
Мен болайын, айналайын кең далаң
Кек сағымға орап сені өтейін.

ТОЙБАСТАР

Сахара дала теңіздей,
Толқыған тасып күй мен ән.
«Мен қалдым тойдан» дегізбей,
Өренді өңкей жинаған.

Қашанда тойдың сән, көркі,
Өрімдей жастар — өнерпаз.
Бүгінгі думан сенде еркі,
Кәне бір жайнап — қанат жаз!

Дуылдат, көтер, желіктір,
Сауықты-сайран күнді бұл!
Сандаған саңлақ келіп тұр,
Құлаққа тиіп бұл дүбір!

Жарыстыр, жүгірт соларды,
Жазылып бауыр бір қажын.
Дүбірлет күйді, сал әнді,
Айызы жұрттың бір қансын!

Аянба, жастар, аянба,
Өзіңнің тойың — сыбағаң.
Жарыңды жұмса, жай алға,
Қызығын көрсет сұраған!

Шілдеде келген той екен,
Шымырлат ыстық буыңмен.
«Жасасын жастар, мерекең,
Аспанға барып ту ілген!»

Дейтіндей болсын, сүйсінсіп,
Қайратты әке, ер ана.
Ал кәне, өнер құйылсын,
Жиылды қалың ел мына.

Ортадан баста, ортадан,
Шаншылып көкке шығуға
Әзірле, қайда ортақ ән,
Шымырла, күйлер, шымырла!

Дөңгелен, билер, дөңгелен,
Толқы да тасы, көл боп қал!
Мүше алып қалып жеңгеден,
Бозбала, ерке қызға апар.

Жұпарын сепсін жел ескен,
Шақырсын оны күй ағын.
Күлкіңнен, қалқа, елестет,
Даланың сыршыл бұлағын!

Пай-пай, кілең ақ көйлек,
Қара көз қыздар қаптады-ау!
Қайтатын біраз серуендеп
Қайда екен шіркін бақша-бау!

Тұманбай қайда, Тұманбай,
Жырыңды жаз да, гүл ұсын,
Құр қалып тойдан мынандай,
Құралақан жүрмісің?!

Ой-хой, шіркін, жас дәурен,
Дүрілдеп кетті-ау жер мен көк.
Әніңе шырқа, бас, сәулем,
Әзіліңді айтшы бермен кеп!

Тамаша сайран болды бұл,
Өнерге сонша толды алап.
Шырқады сайрап сан бұлбұл,
Көмейден балы сорғалап.

Бақытты туған жас ұрпақ,
Күнінде бейбіт сермеген.
Арттағы күнді тосырқап,
Алдағы күнді бер деген!

Арманың сірә, бар ма екен,
Туған ел бәрін сайлаған.
Жастардың күні — жаз - көркем,
Деп тойыңды тойлаған!

Бұдан соң енді сен қалай
Аянбай еңбек етпессің?!
Жас жігер істі талғамай,
Бастап-ақ қалай кетпессің?

Саласың қала бұдан соң,
Сахара төрін самсатып.
Қаласың кенін құба жон,
Жанбасқа кейде тас батып.

Орнатып алып заводты,
Тұрғызып пешін домнаның.
Көресің содан жаңа отты,
Болаттың балқып жанғанын.

Қаптатып қырда мал айдап,
Асасың дала белінен.
Егінге толып бар аймақ,
Тербелер күздің желімен.

Тағы да келер тамаша,
Осынау тойлы жаз деген.
Жырлармыз сонда жаңаша,
Шығатын бізден аз ба өлең.

Өмір бір теңіз, бай ағын,
Жүземіз, қанат талмас бір.
Ал кәне, тойдың аяғын,
Алдағы жылмен жалғастыр!

ДОСЫМА

Тілемеймін еш кешірім
Жырыма шаң көп қонса!
Жарқын-жарқын естілсе үнім,
Үнсіз күнім жоқ болса!

Осы сырым, шыным да осы
Мендік сөздің бәрі бар.
Қабыл ал сен, жырдың досы,
Жатырқамай қабыл ал!

«Ала-құла жазылғанмен» —
Бұл бір сенің жоралғың.
Қысың да мен, жазың да мен
Кездесуге қол алдым!

ЖЕР АСТЫНДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР. 1965 ЖЫЛ

(Поэма)

БІРІНШІ БӨЛІМ

ЛАВАҒА БАРАР ЖОЛ

1. Басталу

Атқан таң әсем бүгін. Ауа қандай!
Алаптан аңқып жұпар тарағандай.
Тап-таза аспан үстен төңкерілген,
Ақ бұлт та көк айнасын аяғандай.

Тұр қарап жас инженер қыр басынан,
Осы еді өскен қала бір жасынан.
Көрінді әрі таныс, әрі тосын,
Көз жазбай күн үңілді тұлғасынан.

...Оң жақта орнап жаңа Қарағанды,
Түтіндеп солында ескі қала қалды.
Қоршаған алдан, арттан қара таулар
Еңбектің ескерткіші о да мәңгі.

Сол таулар көк төсіне күнде өрмелеп,
Ал қызыл түске енеді түнде бөлек.
Жатқандай жер қабатын тесіп шығып,
Он бойы отқа толы бір керемет.

Дүрлігіп, шыңылдайды биік аспан,
Шахтылар гудогының үні ұласқан.
Сорады көктің төсін солқылдатып
Өңеші вентиляция бір тынбастан.

Күңірентіп көк аспанды жарып тұрып,
Бұлттарын жер қойнына алып кіріп,
Сусындап жатқандай-ақ жалын көмей,
Жаныңды жібереді жабықтырып.

Анау тұр «Кировуголь» шахтылары,
Арылмай төбесінен ақ мұнары,
Ақырса, айқайынан алап тұнып,
Аузынан ала жалын лақтырады.

Ар жақтан ұрандасып сәлемдесіп,
Келгендей Теміртау да бермен көшіп,
Керуендей керемет топ, алып құрылыс
Самсайды сахарада мен-мен десіп.

Даланың сағымынан мықты бар ма,
Дегендей маған осы жүк болар ма?
Көтеріп нәзік қолмен қойыпты әкеп
Соншама алыптарды жұптап алға.

Көріп тұр Темір қазір соның бәрін,
Тосқандай туған елі қолда барын.
Айтқандай жақсы тілек, болжап бұған
Алдағы сапарының оң боларын.

2. Күдікті сыр

...Келгелі қалды Темір айдан асып,
Ең үздік шахтыға осы орналасып.
Бастады тұңғыш еңбек сәт қадамын,
Сырласты участокте Қарға бастық:

— Темір, сен бақытың бар бала екенсің!

Әперсе, абройды шал әперсін.
Көз жетпей, қадір-қасиет білінбейді,
Танымай көп жүреді ұл әкесін.
Ростов, шахты бастық кәрі маман.

Тегінде жіберген жоқ сені маған!
Сүйрейді, енді бала, қара да тұр,
Жерің бар оған сенің бір ұнаған!
Он бес жыл онымен мен үзеңгілес

Істедім. Әуелгіде теке тірес
Көп болды, көңіл қатты қалдырыстық,
Қайтесің, қайыспайтын өмір — күрес.
Пай-пай-пай, бір кісідей желіккен ек,

Жанжалды алушы едік беріп, төлеп.
Адамдар қартайғанда тату болмақ,
Өйткені қарт адамға серік керек!
Өз басым инженермін дегендерді,

Әлгі бір тез-тез оқып келгендерді,
Оншама, шынымды айтсам, құрметтемен
Ақ нанның ішін ғана жегендерді.

— Бар шығар жас адамда одағайлық,

Безуге шеберсіздер одан айнып.
Дегенді әлі ешкімнен естігем жоқ, —
Туа сап біз кемеңгер бола қойдық.

— Жап-жақсы өсейін деп тұрған жансың,

Сен бірақ көп нәрседен құр қалғасың.
Үзіліп шығу үшін қатарыңнан
Біреудің жегіп қойған мінбе арбасын.
Ал енді міндің екен, үн шығарма,

Құр босқа даурығудан құн шығар ма?
Жатқанда әр сағатың ақша болып,
Өзгеде неғыласың, ісің бар ма!

— Ешкімнің мінгенім жоқ арбасына!

— Қой, қалқам, жассың әлі арбасуға.

Бұл орын, тас баспалдақ тайғанақ жер,
Жаныңды бақпай тұрып, барма ашуға!
Көп қуыс, сан горизонт, шатқал, жымда,
Абайсыз жүріп келе жатқаныңда,

Жалғыз тас тағдырыңды кетер шешіп,
Байқасаң, сен білмейтін гәп бар мұнда!

— Ол нәрсе біздің тілде кездейсоқтық,

— Я, ондай фәлсафаны біз де соқтық.

Бұл өмір оңай сабақ емес саған
Басыңа қона қалар іздесе оңып.
Адамның шахтыдан да сыры терең,
Жолықпа лавасына не бір керен.

Алдыңнан жүз күндікті бір-ақ көрер
Шам керек, шын айтамын тегінде мен!
Қарады Темір оған түршіккендей,
(Япырай, айтқан сөзі қырсық нендей)

Тынбайтын кәрі құзғын бұл болар ма
Алдымен жейтін жемін шымшып көрмей?!

— Жайдақтық, жай адалдық бермес пайда,

Әр басқан адымында өлместі ойла.
Бір қолтық бір қолтықты сүйеп жатпай
Абырой, атақ-даңқ келмес жайға!
Естідім, саған айтам шет жағасын,

Ертең бір жақсылыққа кеп қаласың.
Жанағы сөздерімнің артын байла,
Жазғырар сендей тентек текке ағасын!
Деді де, шыға берді жай-жай басып,

Манағы жігіт көңілі шайдай ашық.
Бұзылып кете жаздап, шақ серпілді
Алуан ой ауқымында тайталасып...

3. Жылы шырай

«Ростов шақырады сені!» — деген
Хабармен қазір мұнда Темір келген.
Шахтының басшылары бәрі де отыр,
Жайдары түрлері бар көңілденген.

Хатшысы Шахткомның Ас Иваныч,
Елуден кетпеген жан асып алыс,
Ерекше қашан көрсең, пысық адам
Атқарған қиын-қыстау басынан іс.

Мұның да келген кезі соңғы бір ай,
Аупартком секретары болып ұдай.
Істепті, сұранып ол мұнда келген,
Әрі қарай жоғарылау жолын қумай.

Ал қазір тағы да бұл сөз алды да:

— Қызмет мәселесі өз алдына,

Партия жас мүшесін құттықтаймыз,
Сеніммен түскен жұрттың назарына.
Адамға асыл нәрсе сену деген,
Ол сену - ешкімге оңай берілмеген,

Жаңа бір өміріңнің горизонты
Ашылды, енді алаңсыз көмір берем, —
Дейтін бол! - Отырғандар күліп қоштап,

— Жарайды, кетті жігіт жақсы бастап! —

Деп еді, бас инженер қалды сөйлеп:

— Жайым бар бір мәселе басын ашпақ.

Әдетте жақсылықты істер кезде,
Кісінің кемшілігі түспей көзге,
Ай құсап бір жағымен жарқыраса,
Десеміз толды, бітті, пісті лезде.

Ал содан ол тайғанап, қалса құлап,
Өзі бір оңбаған деп ұзақ шулап,
Адамға үңілмейміз, одан кейін,
Жіптей-ақ лақтырамыз бір-ақ шумақ! —

Сондықтан ерте мұны жоғарылатпақ.
Болса да, жасқа деген көңіл аппақ.
Сол кезде Ростов тек түс суытты,
Өзгелер үн қатпастан іркіліп қап.

Осылай жұрт дағдарып қалған шақта,
«Тез қимыл, асау арын, жардан сақта!» —
Демей-ақ, дереу тартып жөнелетін
Бар еді қайсар мінез қарт бастықта.

— Сен бүгін участокке болдың бастық;

Ісіңді ал, Әкімбеков, алдың ашық! —
Ростов дереу қолға бұйрықты алып,
Жұп-жуан қарындашты қалды басып.

— Тәуекел! — деді тұрып Ас Иваныч,

Алыссаң қиындықпен жасында алыс,
Қарға шал жоғарылап ұшып кетті,
Сол еді шахтыдағы бір жолбарыс.

— Қарға мен жолбарыстың туыстығын,

Ұғындық өзіміз де дұрыс бүгін, —
Деді бір оқыс мысқыл айтып қалып,
Оразов енді білігі бұрыстығын.

— Іске сәт! — деді бәрі қолын алып,

— Аздан соң кетті тарқап жөнге халық,

Темірге жақынырақ нұсқады орын,
Ростов өзі оңаша енді қалып.
...Елудің ортасынан кеткен асып,
Бетінің сүйегі ірі, кепкен асық

Секілді сарғыш тартқан өңі суық,
Азуын үйренгендей көпке басып.
Сол өңі сәл-сәл қазір шырайланып,
Келгендей ойы алысты бір айналып,

Түсті де мейрімді әке мінезіне,
Сөйледі жас жігітке қарай қалып:

— Шырағым, жассың әлі көп көрмеген,

Басымнан іс қалған жоқ өткермеген.
Мен сонау Камчаткада жүргенімде
Жауыма мына кезді тек бермегем, —
Деді де көзәйнектің сабағымен

Оң көзін тықылдатты. — Санадым мен,
Өмірдің талай-талай ащы күнін,
Сан атты тағдыр мені садағымен.
Отыз жыл оған қазір өтті арада,

Бітіріп институтты шет қалада,
Донбасқа келе салып дүрілдеттім,
Өзіндей, бізде-дағы от бар онда.
Көбісі қарт инженер, ескі маман,

Дәл мұндай болысқан жоқ ешкім маған.
Бір топтың зиянкестік ісін ашып,
Кез еді көтеріліп, треске ұнаған.
Сотталып кетті солар, кімдер олар?

Ол өзге әңгіме ғой ұзақ сонар.
Табы жат, мүддесі жат, шын жау еді
Жөні жоқ туған елге қайтып соғар.
Жыл еді мың тоғыз жүз отыз сегіз,

Дедік те бір жаңалық еткіземіз,
Көмірді камерамен тез алудың
Ұсындық системасын,
Көп білеміз.

Дейтұғын қайран жастық қарата ма?
Тіреусіз, тек қуыстан бара сала,
Қапшықтап суырамыз десек керек,
Алғашта ол кәдеге жараса да.

Кейінде жаппай қырғын болу бар ма,
Әлі де күйінемін сол құрбанға.
Жау болып, зиянкес боп тарта бердік,
«Батырған әдейілеп қолын қанға!»

Қатенің көкесі еді ол барып тұрған,
Бірақ та көзіміз жоқ жаулық қылған,
Ойда жоқ зиянкестік жасау деген,
Камчатка жерім болды тауып тынған.

Ол жерде көп қой бірін бірі білмеу,
Секілді адам жаны күңгірт сүрлеу.
Байқадым барғаннан-ақ маңайымда
Мені атып ала көзбен жүрді біреу.

Десем мен қайда көрдім, білдім мұны?
Баяғы жау болатын сұмның бірі!
Мұнда да оңдырмапты сұрастырсам,
Жылына жыл қосумен жүрген күні.

Бір күні раздевальный оңаша қап,
Болған соң кезекке ерте әлі сағат,
Демалып жатыр едім орындықта,
Төбенің шегелерін көзбен санап.

Шомылып жатты біреу шалпылдатып,
Ойыммен байқамадым балқып жатып.
Көзіме салды келіп пышақты ілез
Орнымнан атып тұрдым қан тулатып.

Айқайлап жан ұшырып түстім құлап,
Ар жақта дыбыс шықты, адам шулап,
Алдында жалғыз көздің дүние бір
Түтін боп ұша берді шумақ-шумақ.

Мен сонан үш ай жаттым емханада,
Жүргенде бас тұтқында, сен далада
Жауыңмен кездескенің жаман екен,
Ондайда оңайлықпен ем қона ма?

Таңданба неге айтты деп мұны маған,
Адамды жүру үшін біліп адам.
Пайдасыз, түсініксіз мың ақылдан —
Бір тарих болады артық, ұғын, балам!»

Ашылып қапылыста бір кең сарай,
Қазынасын көрсеткендей әлде қалай,
Тағы да қабақ жауып алды Ростов,
Осынау балаң жүзге қарай-қарай.

Тізгінді сәл босатып, бір жадырап,
Қайтадан шірей тартып, қатты бурап
Өмірдің өзіне сай қимыл істеп,
Үйренген баяғыдан әккі бұ қарт.

4. Оқиға

Бірнеше аунап түсті апта арада.
(Қашан да шахты өмірі тоқтала ма?)
Болғалы участокте Темір бастық,
Күнде алаң, сірә дамыл жоқ балада.

Ол жұмыс бұрынғыдан үрейлі тым,
Демейді мынау күндіз, бұл мейлі түн.
Сәл ғана бір оқиға бола қалса,
Қырсықтай участокке келген бүтін.

Алғашта «бұл қай әкім? — деп кекетіп,
Баланың жағдайына көзі жетіп,
Атақты комбайнер жүрді Жұрын,
Көп істі бұл білмеген өзі үйретіп.

«Перісі комбайнның» — ол атанған,
«Бір атса насыбайын алақаннан,
Лаваның тереңінен түнді сүйреп
Жалғыз-ақ шығады ала таңнан!»

Шахтерлер оны солай аңыз еткен,
Бәріне жомарт көңіл жаны жеткен.
Шұбыртып ашуланса сыбап алып,
Артынан орамалдай бәрі кепкен.

...Комбайн шөгіп жатқан алып сандық,
Тастаған темір арқан таңып шандып.
Зырқырап сол арқанмен жөнелгенде,
Тастайды қара түнек маңын шаң ғып.

Тулап көр дегендей-ақ келсе шамаң,
Ал сонда Жұрын барып тисе соған,
Шамданған шу асаудай шарт-шұрт шапшып
Азуы көмір шайнап, от асаған.

Сол көмей оң жағынан жарды жұтып,
Шығарса сол жағынан жалғыз мытып,
Ұп-ұсақ түйір болып түйедей тас
Төменге конвейермен жатыр зытып.

Бейне бір аққан көмір қара өзендей,
Тұрады бас айналып, қалай зеңбей,
Жұрынның батырлығы үрейлі екен
Бірден соң, шегінесің қалғың келмей.

* * *
Посадка — лавадағы аса мықты
Процесс, ерлік пенен шапшаңдықты
Тілейді ол, жұдырықтай тас түйілген

Сергектік, ықласпен, бар шабытты.
Майданға кірер жеке нағыз батыр,
Меңіреу күз, зіл қабырға алдында тұр,
Қолында құлаш жарым айбалтасы,

«Ал кәне, бір-ақ серме, қалма қапыл!»
Самсаған ағаш тіреу сарбаздай-ақ,
Үрейлі болсадағы, қол жазбай-ақ
Дәл соғып түсіреді, қиып кесіп,

Тұрасың әйтсе де сол сабазды аяп.
Алдында ажал бейне бір қарыстай,
Қалайша шыдайды екен қол қарыспай?
Абайлап барып-барып, сарт еткізіп,

Ырғиды дереу кейін жолбарыстай.
Түптегі тіреулердің түрі қандай,
Сол жерге үрей барып тығылғандай,
Қадалып қараңғыдан ажал көзі

Кеудеңе кезек-кезек сұғылғандай.
Ал содан тіреулерді алып болып,
Амалсыз бірлі-жарым қалып қойып,
Тосады үнсіз бәрі кереметті,

Тысырлап маңай біткен, жарып соғып.
Бір алып келе жатқан секілденіп,
Еңсеңді басар ауыр екпін келіп,
Гүмп еткен шығар дыбыс сол ғаламат

Тебенді жібергендей екі бөліп.
* * *
...Екінші смена еді, түс болған шақ,
Екі адам жоғарыдан шина жасап,

Енді-енді маңдайшасын сүйеп жатқан,
Тіреуді сына қағып, көлденең сап.
Астынан бірі демеп, біреу ұрған,
Өзі де Темір бұл кез қарап тұрған,

«Бері шық, тұрма астында!» дегенінше
Үстегі жібергенде ұрып жылдам.
Кетті де тіреу тайып, тұрақтамай,
Гүрс етіп жерге түсті құлап маңдай.

Астында қала берді әлгі байғұс,
Ілгері тым болмаса бір аттамай.
Жалма-жан жиналысып алғанда ашып,
Ес-түссіз жатыр үнсіз қаны қашып.

Жердегі жедел көмек келді бәрі,
Тірліктің әлсіз сәуле жолын ашып.
Қаумалап қалың шахтер жөнелгенде,
Соңынан тәлтіректеп ол ергенде,

Темірге қарайлаған адам да жоқ,
Жұрт саулап жоғарыдан, төменнен де.
Жар ұстап, талмаусырап барып-барып,
Жығылды енді есін анық танып.

Өрмелеп шыға берген өмір күмбез
Бір қырсық құлатқандай шалып қалып.
Зуылдап дәурен ұшып бастан кешкен,
Жер мынау, жарық дүние, аспан дескен,

Миына жиналды да бәрі тығыз,
Шашылды дереу қайта астан-кестен.
Әлдекім көтергендей, дем бергендей,
Өкпеге жаңа тыныс жел енгендей,

Жеңілдеп, анық сана қайта оралып,
Қайтадан қараңғыға жөнелгендей...
Білмейді қайда, қашан жиды есін,
Таныды жатқан келіп үй иесін.

Достары қасында тұр Болат, Гүлжан
Көргендей күлімдеді ол күн сәулесін.
Қызарып кейде беті талауратып,
«Сұмдық-ай! Сұмдық-ай!» деп тұрады атып.

Ойпырмай! — дейді Гүлжан, көзінде жас,
Қалмаса жақсы бұдан ұзақ жатып!

5. Құлау

Жап-жаңа тәтті ұйқыда балқып жатқан,
Кеткендей кенет біреу тартып жақтан,
Бір сезім жұлып алды төсегінен,
Қалыпты дене мұздап, салқындап қан.

Көшкені кеше ғана бөлмесіне,
Үш күндей ауырғаны келді есіне,
Нарядқа құр сүлдесі барып қайтты,
Ешкіммен жүз шыдамай кездесуге.

Асқан жоқ әлі таңғы сағат бестен,
Тоғызға жиналысты қарап шешкен,
Аздан соң аямайтын салмақ түсіп,
Құстай боп құлайтындай қанат кескен.

Амал жоқ, алда көрер іске дайын,
Деді де өткен күнін еске алайын,
Көзімен тұрды ұзатып терезеден
Аспанның жаңа туған үстем айын.

Сырғадай шебер соққан ақ алтыннан,
Кеп-кеше ол да көкте жаратылған,
Кеп-кеше бұл да сондай биік еді
Дүниенің бар ерлігін ала туған.

Оқыдым, жаңа келген кереметпін,
Деп еді, балғасымен шегелеп күн.
Сирағы аз ілініп тұрған мұны,
Батырып жібере ме, не демек кім?

* * *
Ол келсе, жанның бәрі жиналысқан,
Дәл қазір бойы аласа бір қарыстан,
Жалын жоқ, қайраты да жоқ секілді

Кеп-кеше тұла бойда тулап ұшқан.
Мына зал жаңа әзірде дуылдаған,
Ашудың қадағандай уын оған,
Тас түйін жұдырықтай қалды қатып,

Тек қана вентилятор зуылдаған.
Жиналған бар әкімдер төрде сонау,
Бәрінен көтеріңкі еңсесі анау.
Ростов жалғыз көзбен қойды қарап,

Өзгесін мүмкін емес кім деп санау.
Қатарда өзіндей жас инженерлер,
Қақ бөліп қара нанды бір жегендер —
Егесіп әшейінде жүрсе-дағы,

Түсіне мынадай іс кірмегендер.
Ростов кетті бастап жиналысты: —
Кешегі білесіздер болған істі.
Инженер Әкімбеков кінәсінен

Бір адам емханаға барып түсті.
Бір адам! Бір жақсы дос, бір туысқан,
Мәңгіге мүгедек боп, шықты уыстан! —
Бұрқ етті зал жарылып кеткендей боп,

Манадан сіңір ашу жұртты қысқан.
Шеңгелін босатқандай бір-ақ жазып,
Табылмай енді қармар жалғыз қазық,
Ол ағып кете барған секілденді

Әп-сәтте ой ыдырап, жан құлазып.
Жайдағы жалғыз көзден от шыққандай,
Үрейлі болып кетті бастық қандай!
Белгісіз зор ашуға мініп алған,

Кешегі мінез қалып, қырсыққандай.
Жан еді анада айтқан сырын бөліп,
Дәл қазір ауыр бұлт боп шыға келіп,
Бассалып бар айыпты төндіруін

Көргенде, қайта отырды тұра беріп.
Бір мезет трибунаға шықты Қарға,

— Тым оңай өмір-сабақ ұқтырар ма?

Көтердік, көтеруге шыдамады,
Мұндайдың арқасында жүк тұрар ма?
Қағазы қалтасында бір жапырақ,
Келді де сырлы аяқтай құр жалтырап,

Қарады, ішіне ас құймай жатып,
Басына тисін таяқ бұл қаттырақ!
Келмейді білім босқа жаттағаннан,
Белгілі кісілігің ақ-қараңнан,

Біздің ең асылымыз адам ғана,
Біз көмір өндірмейміз аққан қаннан! —
Ол сөзге дүбірледі біраз топ та,
Үнсіз тек бас изеді Ростов та.

Ең қатал шара тілеп түсіп кетті,
Болысар бұған адам рас, жоқ па?
Дегенде трибунаға Жұрын шықты,

— Қайтсе де қатты бұрап шығыршықты,

Үстіне жас адамның төге беру, —
Бір содан көре беру — бұл қырсықты.
Меніңше болмас әділ, болмас дұрыс!
Ашу бір ұстамасаң алмас қылыш,

Ақыл сәл келіп жетіп үлгермесе,
Аяныш іс болады арты өкініш...
Жиналыс топан судай тулады атып,
Желдетіп, жаңбырлатып, лайлатып,

Меңзең ғып ауыр толқын тоқтатпады,
Денесін бір лақтырып, бір аунатып.
«Рас мен жазықтымын, бірақ, бірақ...»
Төбеге осы «бірақ» тас боп құлап,

Немесе, ол қармайтын тал боп шығып,
Миында араласты талай сұрақ.
Басына жиналғандай қаны шапшып,
Бір жегі жеп жатқандай әлді қақшып.

Бұлдырап көздің алды жас па, тер ме,
Президиум алыс тартты, қалды қашық!
Қараса, көзін ашып енді бір сәт,
Оразов ол күтпеген үнмен жұмсақ,

Тұр еді трибунада жаймен сөйлеп:
Тым шапшаң жығып алдық тыңға жұмсап.
Болсын ол комбайнер жәрдемшісі,
Қашанда домаласа өрден кісі,

Тоқтайды ақыл табар жерге барып,
Адам жоқ елден үлкен, елден кіші.
Бір мектеп шахтерлардың арасы оған,
Меніңше осы лайық шара соған!

Берілсін сол Жұрынның қарауына,
Белгілі комбайнер, тамаша адам!»
«Ол қатты!», «Дұрыс солай!», «Әділ емес!»,
Дуылдап басылмады әлі де егес.

Тағы да сөйлеп жатты әлдекімдер,
Ар жағы енді бұған мәлім емес.
Қара тер сипап қалса көзі-басын,
Бір бұлт өне бойы кіл қорғасын.

Мамадан жауып-жауып сарқылғандай,
Ауыр түс көріп болып бұл жалғасын.
Тұрғандай, қалған қаста Жұрын, Болат,
Жап-жаңа жиналған жұрт шуы тарап,

Кетіпті мезгіл бұл кез түстен ауып,
Ағұстың қызыл күні қырын қарап...

Күнделік дәптерден

8 август. 1962 жыл

«...Құладым соныменен төмен ағып,
Келер күн не сыбаға келеді алып?
Мұрша жоқ оны ойлауға, қиялдауға,
Әйтеуір тірлігіме сенем анық.

Есімде студенттік сонау шақта,
Тәйірі-ай, құлау өнер, құлау шарт па?
Дейміз де бір-бір құлап шығатынбыз
Қамықпай «екі» алсақ та, «бір» алсақ та.

Өмірде қиын екен «құлау» деген,
Қалжырап жаның шаршап, сынар денең.
Көзінен әр адамның сөз оқисың:
«Кешегі құлап шыққан мынау!» — деген.

10 август. 1962 жыл

«Шақырды Ас Иваныч кеше мені.

— Мен сені жас жігіттің десем ері,

Түрің бар жасып қалған, жарамайды ол,
Өмірдің алда жатыр неше белі.
Айттым мен, енді мұңым шағайын деп:

— Ол рас, кетіп-ақ бір қалайын деп

Жүр едім. Талай арман быт-шыт болды,
Артыма енді несін қарайын? - деп.

— Осында білем жастың бір талайын,

Демейді іс үйреніп, жол табайын.
Аз уақыт болды деген атақ алып,
Абыроймен астанаға аттанайын.
Содан соң сонда ғылыми мекемеде

Қалармын бір ағаның жетегінде, –
Дейді олар, — өмір бойы көмірді ойлап,
Күнімді өткізбеспін бекер мүлде.
Ал сенің қасиетің жұрт сүйетін

Жап-жақсы ұғынасың іс ретін.
Үлкен жол инженерлік — осы жолға
Елің бар емін-еркін түсіретін.
Әдейі мақтадым мен, кінә тақпай,

Дәл түсін, мағынасын бұра тартпай.
Кей-кейде жан жүдеген шағында адам,
Өзінен жақсылықты қояр таппай!
Деді ол ұзақ қарап, қолын беріп,

Алаңсыз аталық бір жанын көріп,
Мен оған болдым риза өз ішімнен,
Кеудемнен жібігендей қарым еріп!»

12 август. 1962 жыл

«Уа, менің замандасым, құрдастарым!
Мақтанам, мақтана алмай тұрмас жаным!
Сен бүгін жақындаттың ерлігіңмен
Әлемнің ер-тәкаппар нұрлы аспанын!

Жаса сен, Юрий, Герман, отандасым,
Аспанның қиял жетпес қатал басын
Идірдің адамға әкеп, сені туған
Қалайша ел керемет аталмасын!

Космостың екі бірдей инженері,
Сендерсің — жер абыройы, жер беделі,
Жылдардың алпысыншы жігіттері,
Отанның жаңа буын өрендері.

Ол ұрпақ болар сансыз жұлдыз десем,
Төбемнен табылатын күнде іздесем.
Отан — Күн, Күн сәулесін молайтатын
Әлемнің жарықтары бізбіз — десем.

Сол менің атқарар іс, асыл мүддем,
Біткенше соңғы тірлік, ақырғы дем.
Иесі тағдырымның отан әкем,
Ең қымбат сырымды айтып жатырмын мен.

Бәрі ерлік — адал еңбек, біткен істің,
Түссе де, демейді олар «көктен түстім!»
Өйткені жерден ұшып, елден ұшты —
Анасы қасиетті көп жеңістің!

Ол рас, бір жығылдым көз ілікпей,
Енді мен өзімді аяп, өзім күтпей,
Шақырам шабыт, қайрат, шадыман күш
Ұшудың алдындағы әзірліктей!»

6. Жаңбырлы кеш

Күндізден көкжиекке шығып алып,
Үлкеймей, кішіреймей күнді бағып
Тұрған бір бұлт бар еді батыс жақта,
Түс ауа келе жатты сол ұлғайып.

Жел тұрып, бері созып бұлт мойынын,
Бурадай бастайтұғын кілт ойынын,
Бір рет мол-молынан аунап түсіп,
Толтырып жіберді ілез көк қойынын.

Сұр тұман қалың пласт секілденіп,
Мұнартып, көше беті секпілденіп,
Қайнаған қабат-қабат бұлттың басы
Қаланың дәл үстіне еркін келіп.

Шарт етті, аспан жерге жығылардай,
Шайқалып кетті дүние тұрып алмай.
Ішіне от толтырған алып қазан
Шыдамай қақ бөлінген түрі бардай.

Содан соң сауылдады мұзды бұршақ,
Аспанның арпалысы қызды бір шақ,
Асфальттың кеудесінен қайта қарғып,
Қайтадан жерге түсіп, жүзді моншақ.

...Кейінде Гүлжан, Болат таныстырып,
(О, қайран, жас махаббат, алыс үміт!)
Темір мен қыз Бөпежан қыдыратын
Бірақ та секілді оның жаны суық.

Көп сөзге келе бермей, тартып аулақ,
Қояды жігіт жанын салқын аулап.
Тастаса анда-санда көз жанарын,
Еш сезім білдірмейді айтып арнап.

Мынау бір әдеміше сұрша жігіт,
Қолында жас бұршақтай тұрса жібіп,
Ол соны қызықтайтын сыңайы бар,
Аз күнге алдарқатып ұстап жүріп.

Келіпті тәжірибеге ол жақында,
Үйі де, оқуы да Алматыда.
Әлі де бір ай болам, — деді бірде,
Сыры ма айта салған аңғартуға.

Дәрігерлік институт үш курсын
Бітірмек, абайсызда түскені үшін
Жайы бар өкінетін әлі күнге,
Еске алып еркелікпен өткен ісін...

Жаңағы бұршақ жауын дәл басында
Кинодан шыққан олар, қайда асуға,
Білмеген осынау бір қалың топтың
Жүр еді жүгірісіп арасында.

Түбіне паналады бір теректің,

– Япыр-ай, неткен жауын, неткен екпін!

Найзалап денемізді шақ құтқарды
Баяғы батырындай жекпе-жектің!

— Сіз қалай жазушы-ақын болмағансыз?

— Неліктен?

— Әсем сөздер қолданасыз?

— Неге, мен сонша жаман сөйлеймін бе?

— Жоқ, шыным,

құр алақан қалмағансыз?

— Пау! — деді ол.

Сықылықтап қыз күлгенде,
Бір отты жанарында жүздіргенде,
Су көйлек, ыстық омырау, бу көкірек
Жігіттің дәт-шыдамын үзді демде.

Бір сезім жапырақтай қалтылдатып,
Денені алсын қолға, қан тулатып,
Ессіздік дүниесіне жөнелгендей,
Жап-жаңа дұп-дұрыс сөз айтып жатып.

Алдында қып-қызыл шоқ жайнағандай,
Құштар қып соған біреу айдағандай,
Сол бір шоқ ерініне түсті келіп,
Кенеттен бар тамырды байлағандай,

Бір дауыс «аға!» деген естілгендей,
Сергіді енді ғана ес білгендей,
Қараса жан-жағына, еш адам жоқ,
Күн-дағы манағыдан кешкіргендей.

Секілді көк тұманда қала адасқан,
Құйып тұр әлі жаңбыр, қарала аспан.
Найзағай жарқ етеді, сол биікте
Секілді бір айдаһар арпалысқан.

Сол оттан түсті ме екен әлгі бір шоқ,
«Күн құрсын найзағайы, жаңбыры жоқ,
Жау жаңбыр, ұр найзағай, сілкін аспан,
Сескенер сенен қорқып тағдырым жоқ!

Жанайын, жанайыншы батыр-бұтыр,
Менімен ашуыңды ақыр бітір!»
Бір ғажап алды сезім билеп оны,
Әлі де сөз таба алмай алқынып тұр.

Қыз қайда? Бұл күйіне қалды қайран.
Ол неге жас сезімге салды да ойран
Аямай тарта берді? Жүгірді тез
Ақ көйлек жалт еткенде анадайдан...

7. Ағалар

...Көп күндер бірін-бірі алға салып,
Дарияның толқынындай жалғас ағып,
Кешегі ноябрьдің тойынан соң
Ақ қарды құя берді аунаса бұлт.

Арқада күз бен қыстың жігі бар ма,
Әуелі қара суық шығып алға,
Артынша ақ боранға сөз береді
Дегендей «енді аңыра, тыным алма!»

Ал сосын келер дейсің Ақпан таяп,
Боранын шумақ-шумақ атқандай-ақ,
Өңшең бір ақ боз жылқы зу-зу етіп
Даламен жөңкіп босып жатқандай-ақ.

Аймақта енді жүрер ешкім қалмай,
Жем таппай жебір боран ышқынғандай.
Тек қана Қарағанды шахтылары
Айқайға айқай қосып күш қылғандай.

Олардың аспай биік тұрбасынан,
Бөрідей басын соғып бір жасыған
Далаға шыға қашып жынды боран
Ұлиды теріс қарап қыр басынан.

Бір күні Жұрын келді үйіне алып,
Жайнаған іші-тысы бұйым барлық,
Пәтері, тұрмысы да әсем екен
Көрмеген жан секілді кіріптарлық.

Осы ойын Темірдің ол аңғарғандай,
Шырағым, десеңші бұл заман қандай,
Бір жылдар өтеміз деп ойлап едік
Мәңгіге жап-жалаңаш жаралғандай.

Ал сендер көрмедіңдер қиындықты,
Үмітті соғыс деген қиын жықты,
Үш саусақ оң қолымда жоқ болған соң
Алуға Военкомат мені ұмытты.

Қолменен итеруші ек вагондарды,
Есімде кетпейтіндей бар ол мәңгі.
Тізеден қызыл суды кешкен күндер
Дегізді енді дүние қараң қалды.

Онда мен айтсам саған тарихымды,
Бұзар ем сенің шырын бал ұйқыңды.
Үйім жоқ, қаңғып жүріп істедім мен,
Шығардым раздевальныйды аңдитынды.

Тараса жұрттың бәрі киім тастап,
Жатам да бірін төсеп, бірін жастап,
Жұрт келмей тәуірлерін кетем қағып,
Базарға жіберемін айырбастап.

Не керек, сан пәлеге ұрынды ағаң.
Ол күнде сақал-шашым қырылмаған
Әйгілі шахтының мен ұрысы едім,
Қақпаны еш адамның құрылмаған.

Жанымның тастығы ма, ластығы ма,
Ұқсадым даланың аш қасқырына.
Жасырып керегі не, өткен іс қой,
Басымнан талай-талай асты күнә.

Барады екі көзің бақырайып,
Жеңгеңді ас әкелсін, шақырайық.—
Дегенше үйге кірді cap бәйбіше,—
Көтеріп ақ табағын салтқа лайық.

Кісі екен аз ішпейтін Жұрының да,
Шахтерлық стаканның бірі мұнда
Бар екен, миығынан толтырып ап,
Жібермей тартып салды бұрылуға.

— Сүйесің рюмканың жіңішкесін,

Жассың ғой, саған әзір кім іш десін.
Қызыл жел, ащы терді шығаруға
Тегінде молы жақсы, бір ішкесін.
Содан соң сөзді несін ұзартайын,

Меңгеріп комбайнды шыққан сайын
Күн санап өзгердім мен өз ішімде,
Адалдай жеген етім, жұтқан шайым.
Келгендей кісілік те қайта айналып,

Алыстан ар-ожданым атой салып,
Бір қалың породадан құтылғандай,
Көмірім ар жағымда ашық қалып.
Өмірім жүре берді сәулеленіп,

Енді мен қатарда емес, кеудеге еніп
Қалыппын серіктерге сенімді боп,
Отыздың екеуіне келе беріп.
Ол жылдар, оның несін жасырайық,

Қалды ғой көп қыздардың жасы ұлғайып.
Үйлендім сондай қызға, бұл жеңгеңе
Кеттім мен балалы боп, сосын байып.—
Деп Жұрын аяқтады әзілменен,

— Бұл өмір аяған ғой жазын менен,

Қысын да аяған жоқ — бақ, абырой
Еңбекпен, келеді екен өзіңменен!
Ағалар! Өтті алдынан қаншама аға!
Бәріне береді бұл ойша баға.

Анадан туа жалғыз емес еді,
Амал не тұрмай кетсе сонша бала!
Кей-кейде сағынатын ағаларды,
Ініге солар ғой деп пана мәңгі.

Әркімнің бір ағасы болу керек,
Жалғыз деп санамайтын жан адамды.
Лаваға, өміріне барар жолда
Үмітпен көп адамға қарады ол да.

Байқаса, ағалықта, дос-серік те
Түспейтін еңбек екен оңай қолға.
Өзіңнен, өзің алға ұмтылудан,
Не біліп, нені қалай тұтынудан.

Жаспын ғой, жақсыларым жарылқар деп,
Пайда жоқ тек дәметіп, құр тұрудан.
Жиырма төрт жыл көп емес жер бетінде
Жалпының жанын біліп, тербетуге.

Ал бірақ аз да ғұмыр емес-ау ол
Талпынып, талаптанып ер жетуге.
Осылай ойлантты оны алғашқы айлар,
Көңілі жарқыраған жап-жас қайнар,

Сан рет лайланды, тазарды да,
Әркімді өмір солай айқасқа айдар.
Салар ол тартысына, талқысына,
Шаршатып, шарықтатып әр тұсына!

Қайрат пен ақыл өсіп тең келгенше,
Жалғыздық етер жаның сан қысымға.
Ал енді барар алда сапар анық,
Қалғандай түлеп өсіп, жоталанып.

Үстінде осы жолдың тұр ол қазір
Кешегі көп балалық артта қалып.
Бірінші бөлімнің соңы

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ЛАВАДА

1. Жаңа горизонт

Түседі төмен кім-кімдер
Жазылды сыртта есімі.
Сартылдап оқтау темірлер
Жабылды кілет есігі.

Зыңылдап трос дыбысы,
Зуылдап кілет сүңгиді.
Әп-сәтте болып түн іші,
Қол шамдар басын шұлғиды.

Ол шамдар қазір — әр адам
От болып дереу өзгерген.
Біріне бірі қараған
Айнымайды көздерден.

Осынау оттар күн ұзын
Ағады-ау әсте тоқталмай.
Аспан мен жердің жұлдызы
Тоғысып ылғи жатқандай.

Ағасың сен де алаңсыз
Тағы да төмен, төменге.
Бар дүние, бәрі алыс
Биікте, сонау төбеңде.

Шығасың енді одан да,
Тартасың алға жаяулап.
Қалады жолдар оң-солда
Горизонт барын баяндап.

Жаңағы қалың адамнан
Ажырап сәтте кем-кемдеп,
Сондай бір серік тағы алдан
Кездесе берсе екен деп.

Бірінші түскен кісіге
Білінер ғажап жалғыздық.
Иесіз әлем ішінде
Адамсыз қанша бар қызық?!

Осы бір сәтте бұрылыстан
Жарқ ете қалып жалғыз шам,
Секілді бейне туысқан,
Секілді бейне таныс жан.

Үңіле берем дегенше,
Үлгеріп айтып кімсің? — деп.
Сапары тығыз өзгеше
Өтеді состав гүрсілдеп.

Келеді біздің жігіттер,
Шамдары жанып қаз-қатар.
Оразов бас инженер,
Қасында Темір, Болат бар.

Ашылмақ жаңа горизонт —
Түбінен сонау тереңнің.
Горизонт болмай сәні жоқ
Асылы шахта дегеннің.

Бар еді үш-ақ горизонт
Оразов мұнда келгенде.
Бұл кезгі кендік бәрі жоқ,
Бұлардай еркін сермеуге.

Горизонт деген өмірдің
Қабаттары секілді.
Өмірден тоқып не білдің,
Керемет көрдің не түрлі.

Осының бәрін баяндар
Шахтының қалың томдары ол.
Қаншама шахтер адам бар,
Солардың өткен жолдары ол.

Тоғызыншы горизонт
Болғанға дейін істегем.
Тоғыз жыл шахты жолы жоқ
Оразов шарлап түспеген.

Шәкірттік жылдар, сол жылдар
Шертілмеген жыр әлі.
Секілді жарық жұлдыздар
Есінде сайрап тұр әлі.

Он екінші горизонт, —
Он екі қабат жер асты.
Адамнан әсте алып жоқ
Терең бір сіңген тері ащы! —

Оразов қазір өзі де
Тәтті бір ойға батқандай.
Тереңге түскен кезінде
Тебіреніп жаны жатқандай.

Әнекей, алдан жарқ етті
Кең сарай, жан-жақ жұлдыздар.

— Жігіттер, бұрып ал бетті! —

Өзіне келіп тұрмыз дәл!
Тосын бір биік дауыспен
Оразов сөйлей жөнелді.

— Не деген бойшаң, тыныс кең

Метро дерсің бұл енді!
Шынында күмбез мынау бір
Цементтен құйып тастаған.
Піл табан тіреу кіл ауыр

Жер тулар деп саспаған.

— Адамға адам кей-кейде

Мықты екен деп сенбейді.
Осындайды көргенде
Қалай сенгің келмейді? —
Дейді ойланып Темір де.

— Ол рас, бәрі адамнан.

Сол сенбеуді жеңуге
Осының бәрі жаралған.
Мұның да бәрін ойлаған
Fылымнан туып күнде өнер,

Бәрі жолдас, бәрі адам,
Сен секілді инженер.
Бар қасиет еңбекте,
Жасап жатқан күн нұрын,

Күн көбейсе екен жер-көкте,
Күндемес адам бір-бірін! —
Деді Оразов, — ар жақтан
Шахтерлер даусы жаңғырды.

Осы ерлер бүгін орнатқан
Осында әкеп бар күнді.
Қосылды бұлар сол топқа
Қуанышты толқындай.

Үзілмей жанған мол отқа
Ұласқан тірлік отындай.
Ашылды жаңа горизонт,
Ашылар бүгін деген күн.

Горизонтсыз сәні жоқ
Асылы шахта дегеннің.
Ашылар талай горизонт,
Ашылар жандар не түрлі.

Оразов та Темірге
Көрінді бүгін ашылған
Бір горизонт секілді...

2. Салқын түн немесе реплика

Инженер кеңесінің мәжілісі,
Дәл қазір сөз сөйлеуге әзір кісі
Табылмай, отыр үнсіз жұрттың бәрі
Тұрғандай әлдекімнің басып мысы.

Бұл кеңес құрылғалы жылдан асқан,
Ай сайын инженерлер басын қосқан.
Кімде бір тың ұсыныс, не жаңалық
Ортаға ой салады жасырмастан.

Мұндағы талас қызу, айтыс қызық,
Жатпайды жанжалдасып тәртіп бұзып,
Еркін ой, не бір қиял жемістері
Шадыман күйге енеді шалқып, қызып.

Өңшең жас инженерлер дуылдасып,
Бірінің дәлелдері бірін басып,
Лаулайды өнер оты, білім селі
Талайдың терең, тайыз сырын ашып.

Кеңестің жетекшісі өзі Оразов,
«Барады бұл келгелі жастар азып»,
Деген бір өсегі үшін Қарғаның да
Басталған Ростовпен бас араздық.

Оразов іштей соған қиналғандай,
Болатын босқа кірбің, күй бар қандай?
Араздық — жанды жейтін дерт емес пе,
Мезгілсіз ішіңе у жиналғандай.

Араздық аздырады қылмыс жүктеп,
Ауырлап ішкі дүние, тыныс бітпек,
Жазылмас еңсең менен еркін ойың
Жүргендей бауырыңа қылыш бүктеп.

Не жетпес? Абырой ма, бақ па оларға?
Жол ма әлде мына сайрап жатқан алда?
Әлде сол қонып алған бақ, абырой
Күндесіп, шайнасуға шарт болар ма?

Ойлайды екеуі де шахты қамын,
Десіп пе осы жолда қақтығамын?
Ол рас еңбектің де, шахтының да
Анау шал бұдан бұрын жақты шамын.

Ол рас, жақсы инженер сөз жоқ оған,
Алайда кір, шаң басып тозған адам.
Он бес жыл бір шахтыда істегелі
Оны ешкім орынынан қозғамаған.

Отырған домалатып өрге тасын,
Демеген ешкім қарсы «сен не айтасың?»
Жоспарын ылғи жылда шахты орындап
Төсеген кәрі тарлан күнге арқасын.

Ойлаған бәрі соның өзімнен деп,—
Не десе, жағымпаздар сезін жөн,— деп.
Ылғи бір саңырауқұлақ қаптап өсіп,
Үйренген суын сулап, жерін жерлеп.

Жұмсайды ол жұмысшыдай инженерді,
Өзінен өзге сосын кім беделді?
Инженер творчество адамы деп,
Қарайтын, бағалайтын күн де келді.

Оқысын, жазсын, көрсін, ізденсін деп,
Ой менен іс арасын үзбесін деп,
Оразов өзі ұсынған бюро ашуға
Ғылымда жаңалықты көздесін деп.

Мұның сол бастық үшін бар кінәсі,
«Үйіріп жүрсің ылғи әр күн жасты,
Балалар бақшасының бастығы»,— деп,
Айтады ылғи бұған әзіл ащы.

Көрген жоқ бірақ мынау беттен алып,
«Жасы үлкен, абыройды өткен алып
Кісі ғой — дейтін-дағы көп кешіріп
Жүретін, жасаман деп тек балалық.

Кірлесе көңіліңде бір дақ қалып,
Мен қашан тазартамын сырды ақтарып
Дегенше, өткен күндер алдап соғып,
Кірге кір ұласады шумақталып.

Келмейтін әшейінде мәжіліске
Ростов отыр өзі қазір іште.
Оразов әлгі ойынан айыққанда,
Таңданып мынау тосын үзіліске.

Қадалып жалғыз көзбен қарап қапты,
Қастары бір жиырылып, қанат қақты.
Осы кез кең маңдайда жалғыз ойнап,
Білдірер жақсылықты, жаман атты.

Аңғарып соны Темір үйренгендей,
Ызғардан сәл денесі жиренгендей
Болды да, бала батыл сөйлеп кетті
Қайтадан шабытты бір күйге енгендей.

— Кешегі жас горизонт, жаңа бақыт

Секілді, көрді Оразов аралатып.
Азаймақ техника күшіменен
Бұрынғы болып келген адам артық.
Деп соны ұғындыра бастағанда:

— Сөз емес! — деді Ростов

Шапшаң, алға.
Еңкейе, зор тұлғасын бұлқып қалды,
(Әдеті сөйтер зілін тастағанда).

— Айтқанда данышпансың бәрің кеңес,

Қайсыңның қасиетің мәлім емес?
Адам не? Жұмысшы кім үнемдейтін?
Ол сенің — қолыңдағы наның емес!
Осылай жоғалады сенім кейде,

Шахтерлер бәрі соның тегін дей ме?
Сен қашан жаңалықты енгізгенше,
Жұмысшы шапанының жеңін жей ме?!
Бойға бұл жарасатын шақ күш емес,

Құр босқа неге керек артық егес!
Көңілден көмір жақсы тез өнетін,
Бұл саған эксперимент
шахтысы емес! —

Деді де, сол салмақпен қалды отырып,
Орындық сына жаздап, сәл толқынып,
Сықыры көпке дейін басылмады,
Қарияның ашуына зәр толтырып.

Оразов қап-қара боп, жақ ашпады,
Тістердің сықыр-сықыр дәл басқаны
Естілді мына тосын тыныштықта,
Тұрғандай ашу мыстан жармасқалы.

Қашанда хал-жағдайды дұрыс ұққан,
Мынау бір шығаруға тығыршықтан,
Сөйледі Ас Иваныч іліп кетіп:

— Шалмаңдар бірің іштен, бірің сырттан!

Болмаса үлгі алатын үйренер түк
Кім әуре мұнша жұртты үймелетіп?
Меніңше ештеме жоқ, қалатын тез
Осынша күйгелектік күйге жетіп.

Қашанда пайда болмас айту артық!
Шахтердің кім алады нанын тартып?
Байбалам сіз бен бізге жараспайды,
Ондайдың көрдік талай дәмін татып!

Деді де көпшілікке алды қарап,—
Жатырмын басу айтып, алдын орап,
Жалғандар одан әрі мәжілісті,
Азырақ түсініспеу болды бірақ.

Әр жерден көтеріліп әркім үндеп,
Темірдің айтқан болды сөзін жөндеп,
Жиналыс үзік-үзік жіп секілді
Жалғанбай тұрып алды құр дірілдеп.

Түн еді тарағанда бұлар содан,
Бір салқын есіп тұрды жел Арқадан,
Темірге сол ызғырық секілденді
Айтылған реплика жол ортадан.

Еске алу

Осынау тайғақ жол мен тар кешуде
Не жетсін жанға серік жар десуге.
Оқушым, енді оралып ойыңа алшы
Сонау бір жаңбырлы кеш бар ма есіңде?

Жалт еткен бір ақ көйлек сол бұрыштан,
Жарқ еткен бір ақ білек қолды қысқан.
Шарт еткен қара аспанның найзағайы,
Секілді болды-ау көзден бір-бір ұшқан!

Өткен күн сорабына қайта айналып,
Шегінем, енді амалын таппай қалып.
Сол күндер, тәуір күндер бір кешінде
Жатты ғой ғажап жастық той тойланып.

Үйленген тойы еді бұл Болат, Гүлжан,
(Дастанның бас жағында ол айтылған.)
Харьковтан оқып келген жас инженер,
Өмірдің сапарына жаңа туған.

Темірдің бар күніне болып серік,
Достасып жан ұсынып, қолын беріп,
Егіздей елегізітпей келеді оны
Бірде ертіп, бірде мұның соңына еріп.

Жалғанда дос деген сөз сүйкімді бір
Сонымен көбейетін шіркін ғұмыр.
Дос жетпей, достасуға еңбек жетпей
Көп адам осы жолда өкініп жүр.

...Сол тойдың кезі міне дүбірлеген,
Талай көз нұр шашады күлімдеген.
Ортада Болат отыр, періштесі
Қасында кірпіктері дірілдеген.

Ақ көйлек аппақ жарға жарасуын!
Аспаннан құс баласы, жан асылын
Жерге әкеп қондырғандай жалбарынып,
Қалдырып бұлт төсегін, күн ғашығын.

Көрмеген Темір көптен жиын мұндай,
Сауықтың, салтанаттың күнін қумай,
Өткен жыл шахтыға ылғи алып түсіп
Кетіпті жас шағына бұрылдырмай.

Ал қазір мына топты көрген шақта-ақ,
Тосырқап, қала беріп қорғаншақтап,
Сүйсіне таңырқанып тұрды бір сәт
Семсердей қында ұзақ қойған сақтап.

— Қаланың маңдай алды шахтысында

Инженер — басқа қонған бақ құсы да.
Өркендеп сала берді өндірісің
Осының келуінің нақ тұсында! —
Ду күлді тамаданың сөзіне жұрт,

Достарға қол алды бұл өзі келіп.
Арқадан қағып қойды жайлап
Болат Темірдің қысылғанын көзі көріп.
Жастықтың бу деміне піскен балқып,

Бал қыздар, бала қыздар үстем шалқып,
Тек қана көз күлімдеп, тәтті сөздер
Еріннен шығар емес, іштен қайтып.
Бәрін де отыр Темір тамашалап,

Секілді бір топ қайың, оңаша бақ,
«Не деген ыстық қыздар! — дейді ішінен,—
Оп-оңай өртеп кетер жоласаң-ақ!»
Бұл кезде той қызығы тартып әрман

Бәрі де қызып жұрттың балқып алған,

— Ал кәне, ән саламыз! — десіп кетті.

Жөнелді іле-шала шалқып-ақ ән.
«Қыз Қорлан», «Қара торғай», «Баян ауыл»,
Ұйтқыды, орай соққан ән бір дауыл.
«Қайықта», «Ана жыры», «Ертіс-вальс»

Айтылды қазір қандай ән бар тәуір.
Қосылды қыз-бозбала, жас пен кәрі,
Көтеріп тастағандай аспанды әрі,
Әнменен ұзатады-ау ерге сені

Жаныңның той бір алтын баспалдағы.

— Бөпежан ән салсыншы! — деген үннен

Оянды ол сезімінен дереу бірден.
Осындай әдеті бар ойға кетіп,
Сырттағы ұмыт қалар дүние мүлдем.
Байқаса жұрт бір қызға қарап қалған,

Әлдене тәтті ойымен қанаттанған,
Қыз көзі мұнартқан биікте тұр,
Ән саулап құйылардай сол асқардан.
Жалт етіп бір қарады сұлу қайран.

Жанары жаралғандай нажағайдан,
Топ-толық аппақ беті қызғылт тартты,
Темірді көре қалып анадайдан.
Бұрымы бір бұлқынды сонда қандай,

Ту сыртта қара толқын аунағандай.
Жиырма мен он тоғыздың арасында
Жимаған бойға көрік қалмағандай.
Жан екен әсемдікті қалап алған,

Бәрібір артта ертең қалады арман,
Дегендей еркін екен маңайына,
(Сұлулар солай еркін болады әмән.)

— Ал кәне, шырқап жібер «Сағынышты»,

Шыдасын мықты жігіт жаны күшті! —
Дегенде домбыра да бір бүйірден
Қосылып, делебені алып ұшты.
Сыңғырлап бір әсем үн тулап, ойнап,

Құтыртып, барады ілез тұла бойды ап,
Ерке наз, мұңлы сүйіс, бал сағыныш —
Тыңдаса көздің жасы шыр айналмақ.
Қадалып қалған Темір қыз көзіне,

Ән таныс, таныс емес ол сөзіне!
Айтатын Алматыда «Сен сұлу» деп,
Амал не, бұл сұлудың еркі өзінде.
Өзгертсе, өз арманын айтса мейлі,

Өзі де Қалдаяқов қой демейді.
Көрмеген көптен Темір естіп және
Мұншалық таза сырлы бал көмейді.
Барады бірте-бірте еріп балқып,

Жігітті еркін билеп, сеніп, тартып,
Сазына неше түрлі сезім беріп,
Әнді де айтады екен сөніп, шалқып...
Жаңбырлы сол кеш содан соң,

Кездесу еді жүз ғажап!
Сол мінез, бәлкім болмай жөн,
Көрінді ме екен қызға жат?
Асығыс сезім оны айдап

Түсірді ме екен отқа бір?
Айтпай да сөзін абайлап,
Бүлдіріп алған жоқ па бұл?
Махаббат деген күй әсем,

Тартуын таппай, бұзды ма?
Әсіре қызыл бір әсер,
Жалынсыз босқа қызды ма?
Жалт ете қалған ақ көйлек

Қайта бір келмес серт пе еді?
Жалғыз-ақ қысқан ақ білек,
Жазылмас берген дерт пе еді?
Не болды? Ойлап таппады.

Не жазды? Тағы білмеді.
Таң алдында қақпаны
Ашып, жапқан кім еді?
Жабар болса, неге ашты?

Тәтті ұйқыны бұзды кім?
Аппақ мұнар көк асты,
Үндемейді күзгі күн!
Үндемейді ағаштар,

Үндемейді бар маңай.
Үндемейді жап-жас тал,
Үндемейді бұл қалай?
Терезеден тұр қарап,

Мұңды жігіт ертемен.
Ай жүйткиді сырғанап
Бір жоғары, бір төмен.
Неғылған ай тұрақсыз? —

Деп сұрайды өзінен.
Бақса іркіліп, құлап тұр
Мөлдір жасы көзінен.
Жалғыз ай ма, төңірек

Дөңгеленген секілді.
Бар дүние тұрақсыз
Түрге келген секілді.
Бұл халіне түсінбей

Терезеде тұрды ұзақ.
Бәрі көрген түсіндей
Көңілі ояу жалғыз-ақ.
«Қош демей де, тілдеспей

Қалай кеткен кету бұл?
Бар қызығы бір кештей,
Қалды ойда не тұлдыр?»
Кеше ғана естіді ол

Қыз аттанып кеткенін.
Жаңбырлы жазғы кештің сол
Ұзаққа алып кеткенін.
Қыз білді ме десеңші

Жігіт жанын жаралап.
«Жүре бер деп жас кенші
Өз шахтыңды аралап».
«Тас тәуекел!» — деді ол

Қайта ширақ күйге еніп. —
Шықпайынша бітпес жол
Сол лаваны меңгеріп,
Сол бір қызға үйленіп!»

Ойлар, айлар

Осы алты ай, өткен алты ай зулап көшіп,
Ашқандай ол түсінбес жұмбаққа есік,
Алдына өмір қойған көп сұрақтың
Біразын байқағандай шындап шешіп.

Кешегі, Бүгінгі мен Ертеңгінің
Арасы көп оқитын екен білім.
Қаншалық кетті есейтіп, молықтырып,
Неңді алып, нені берді өткен күнің?

Алты айға жаза тартып, төмендеген,
«Аз күнге қор болып-ақ көрем» — деген
Ұғымы енді өзгеріп, танысты ол
Төмендеу, жоғарылау дегенменен.

Неғұрлым жоғарылап кеткен сайын.
Жердегі көп тұрмысын, көптің жайын
Еріксіз білмейтін кез болады екен,
Білмеуге демесе де ниет қылайын.

«Табаның көтерілген жерді барып
Тағы да көру керек бір айналып».
Деп еді Жұрын оған, рас екен
Алғашта ұқпап еді ол ойланып.

Байқаса философ бір шахтер деген,
Көзі жоқ жаңсақ айтып, әттең деген.
Өмірін жер астының түйіп жазған
Тең олар даналық бір дәптерменен.

Ер дейміз бейнеттеніп, көп істесе,
Жоспарды түгендесе, тегістесе,
Шын ерлік адамшылық екен бақса,
Ездікке жарты мысқал беріспесе.

Үйренді ол соның бәрін жұмысшыдан,
Бәріне тауып сабыр, дұрыс шыдам.
Ерлікті, кісілікті жинайды екен
Маңдайға үйірілген бір тамшыдан.

Солардың ақылы мен азабынан
Үйренді ол, жуынып та тазарып жан.
Жаңалық ол ұсыныс енгізгенде
Қалған жоқ солардың тыс назарынан.

«Сен — ұстаз, шахтер — шәкірт, әдеп үйрет,
Бұл да бір еңбек етер әдемі үй, — деп
Келетін кезі болды үсті түгіл,
Шахтының астына да мәдениет!» —

Оразов үйрететін жалықпастан,
Жаңа күн баспалдағын анық басқан
Табанды кісілігін көзбен көріп,
Жастардың жаны да оған қалыптасқан.

Шахтыға жаңа сәуле-нұр енгендей,
Жаңғыртып, жарқыратып жібергендей.
Жатқандай іштей қаулап ұлы бір күш,
Тұтатпай ешкім оған, жігер бермей.

Қаншама ұстап келген көне қолмен?
Тек қана ышқынумен көмір енген,
Өмірдің өзі енуге, өзі өсуге
Тереңде талпынған да, қала берген.

Ал енді сыртқа тепті солар қайнап,
Жолдағы ескі терек, томарды айдап,
Барады жаңа тасқын жер жаңартып,
Гүл тастап не тақырға жалаң, жайдақ...

Астана құшағында

Көп күндер кейін қалып жаздағы алтын,
Жан біткен ажарына таң қалатын.
Алматы тоты құстай ноябрьде
Жап-жаңа жиып алған сән қанатын.

Бәйтерек, сән қарағай, сұлу қайың,
Сұрамас ешкім келіп бүгін жайын.
Дәулетін бір-ақ жұтта шашып алған
Баяғы салады еске қырдың байын.

Бұлт қою кеудесінен дым бүріккен,
Торғайлар аласұрып күнді күткен.
Қалғиды қажығандай су бұтақта,
Бүрісіп жапырақтар сыны біткен.

Жақында келді Темір демалысқа,
Көп жатып әке алыста, ана алыста,
Сағынып қалған екен үй ішін ол
Бір келіп кеткені бар анау қыста.

Талай іс өтті бастан ол ұққандай,
Әуелде суы жетіп, толық қанбай,
Қалпы бар сына жаздап, мол пісуге
Қайтадан ұстасына жолыққандай.

Қалыпты кешегі бір бала қылық,
Қарайды ұлға соны ана біліп.
Әке де сезеді оны зерек оймен
Мұртының ұшыменен ғана күліп.

Үлгірген естіп оның оқиғасын,
Алғашта шеше байғұс көздің жасын
Көрсетіп қойып еді, ірке қалды
Шалының қабағына кез болғасын.

— Балам, сен, - деген оған әке тұрып, —

Балғадан қалатұғын текке сынып,
Майысқақ шеге болма, әлі талай
Жүресің қиындыққа жеке шығып.
Қалыпсың әжептәуір омсырайып,

Демейміз білмегенсіп жөн сұрайық.
Табан жол таптырмайды ә дегенде,
Жігіттің талай рет басы байып.
Сан рет шағы болар жүдейтұғын,

Алғайсың келдің екен үйде тыным.
Сағындық біз де сені, кете берме,
Болды деп билігі енді бір бетіңнің!
Қашанда ол әкесіне сүйсінетін,

Ұстайтын өзін де еркін, кісіні еркін.
Басынан шым-шытырық өмір кешіп,
Жаныңды тапжылдырмай түсінетін.
Дәл қазір жетпісіңнен отыр асып,

Көрмеген тірлігіңде қорқып, сасып.
Өзінен сан тағлым мысал алып,
Шабытпен сөйлер еді толқып, тасып.
Бүгін де болды риза өз шалына,

Тағы да қайрат беріп жас жанына,
Отыр ол жүдеулігін білдірместен,
Бұрғызбай әңгімені бас қамына.

АЗЭТЭМ — алып завод — ұлы өмірдей,
Заманның өзіне ұқсас түлегіндей.
Қараған солтүстікке астананың
Сол жақта соғып жатқан жүрегіндей.

Орындап жыл жоспарын сертпен асқақ,
Жатыр ол жаңа жылды ерте бастап.
Дәл бүгін келмек оған Аяз ата
Қыраулы ақ сақалын желпе тастап.

— Тамаша кеш басталмақ, жүр, көңіл қос!

Деді оған бірге оқыған инженер дос,
Шынында, айтса айтқандай мол салтанат
Аяз да базарлықсыз келмеген бос.
Ақ толқын, қара толқын — жігіт пен қыз,

Бұл залда ән менен би туыпты егіз.
Жас дәурен жарқылымен тулап ойнап
Жатқандай сабасынан шығып теңіз.
Қызыл көз телевизор аппараты,

Тойдың бір алас ұрып шапқан аты.
Секілді ерсіл-қарсыл ойнақтайды,
Көрсетпей қыз-жігіттің көп қанаты.
Оркестр сусылдатып липсиді ойнап,

Кеткендей жалтыр еден үсті жайнап,
Толқиды қынай белдер жас шыбықтай
Қараған көз байғұсты жіпсіз байлап.
Асылып ақ білектер әуе сызып,

Сүйріктей шынашақтар және жүзіп,
Енді-енді тұңғиыққа батқан жандай,
Осынау би қылығы неткен қызық!
Шынында той-рахат тұңғиығы,

Жаныңның шырқап шығар бір биігі —
Қалқаның мұнартқан көз қиығы,
Көйлектің өте шыққан жел-құйыны.
Бәрі де қоздырғандай мың жүйеңді

Кетесің кемедей-ақ жылжып енді!
Темірге бір қарындас келе қалып,
«Ант ұрған» ала сала, дөңгеленді.
Сөз сөйлеп, ән шырқатып аракідік

Басқарып жүр жүйткітіп қара жігіт.
Қалалық комсомолдың хатшысы — деп
Айтқан-ды досы жөнін мана біліп.
Темірге бұл сүйкімді бір жаңалық

Келгелі астанаға бұл дем алып,
Көргені тәртіпті бір көркем кештер,
Жөні бар үйренерлік, үлгі аларлық.
Сөйткенше тағы дулап, би де қызды,

Оркестр алды шайқап күй-теңізді.
Көрді ол әлгі хатшы құшағында
Ұршықтай үйіріліп жүрген қызды.
Таныды, танымай көз шыдасын ба?

Шамдардың жарығы мол шұғыласында
Ақ көйлек, қара бұрым шырматылған,
Өзі де әсем екен, расында!
Аршын төс, ашық маңдай, сұңғақ тұлға,

Жүректі жаралғандай тулатуға.
Әпсәтте қолтықтағы қызды үйіріп,
Қасына барып қалды зулап бұл да.
Жөнелді қайта толқып, би шалқалап,

Кеткендей зор оркестр үйді арқалап,
Күңірентіп, күмпілдетіп, сырғанатып,
Жайраңдап шақырғандай күй қолқалап.
Алыстап кете барды сұлу әлгі.

Анық сол екендігін біліп алды,
Енді ол көзі тінтіп көптің ішін,
Аралап шыққанынша ұзын залды,
Шегініп би баяулап бітіп қалды.

Адам көп, бәрі мидай араласқан.
«Кетем-ау енді бүгін таба алмастан»,
Деп оқшау шыға беріп, естіді ол
Арт жақтан қыз дауысын амандасқан!

Қалды ол қуанғанын жасыра алмай, —
Қыс мынау, Алматының жазы қандай?
Деп салды мақтау айтып, сәл күмілжіп
Әлі де толқығаны басыла алмай.

— Жақсы ма! Ұнады ма? Қашаннансыз?

Қыз-дағы сөйлей алмай еш алаңсыз.
Қалпы бар қобалжыған, әйтсе-дағы:

— Ал, аға, би билейсіз, ән саласыз! —

Деп оған еркелеп кеп табысқандай,
Кең тыныс, кербез аяқ алысқандай!
Астынан ұзын кірпік көз қадалса,
Шырқырап өз кеудеңнен жан ұшқандай.

Ойы жоқ қыздың мұны арбағандай,
Бір мейман, дос көңілін арнағандай.
Жетектеп көрсеткендей көп қызықты,
Сәлемін бимен ғана жолдағандай.

— Келіңіз үйге! — деді кеш соңында, —

Күндерді бір кездегі еске алуға! —
Қысылып қалды Темір бұл сөзіне,
Жарар деп, ретін таппай бас салуға.
Онысын түсінген қыз басқаша ойлап,

— Оқа жоқ, менің әкем кісі сыйлап.

Көрген жан, жатсынбайды, қысылмаңыз!
Күтеміз, сіз келесіз! — деді жайлап.

Борасын

Үлгірді қыз үйімен танысып-ақ,
Әкесі жан екен бір жаны шуақ,
Игеріп алып кетті әңгімемен
Ондағы достарының жайын сұрап.

Бір байқап, болды риза Темір оған,
Әйтсе де қыз жағына көңілі алаң.
Ал қызда алаң да жоқ, елең де жоқ
Күтіп жүр дос келді деп бүгін маған.

Манадан байқағаны көз жіберіп
Ол қыздың не істесе де өзінде ерік,
Жігіттей ұстайды екен үй іші де,
Үнемі ақылдасып, сөзді беріп.

Жалғыз ақтартады көз жиған төсек,
Тұңғиық тұнып жатқан жиһанға есеп.
Жалын боп қазір лаулап кететіндей,
Ойнақтап түссе барып отты кесек.

Бір сәтке оңаша қап жолығысты,

— Анада қалғансыз ба болып істі?

Естіп ем Гүлжан жазған хаттан оны,
Ауырлап жүріпсіз ғой соны күшті.

— Көп екен білмесіміз, шала екенбіз,

Жұрт айтса айтқандай-ақ бала екенбіз.
Дүниеге енді туған секілдімін,
Болды ғой тұңғыш мектеп бұл өткен күз!

— Дүниені тану үшін құлау керек,—

Дейсіз бе?
Ғылым екен мынау бөлек!

— Құлау шарт болмас, бәлкім, адам өзін

Қайтса де қиындықта сынау керек.
Жақсы ғой инженерді аяғандық
Пайдасыз қажеті не жай адалдық?
Құр сырттай атағы бар инженерден

Осы күн жүре алмайсың аяқ алып.
Әйтеуір кіру керек бір ВУЗ-ға деп,
Бітірген он жылдықты ұл-қыз әлек.
Артынан кетер тастап, нашар оқып,

Адасқан, — қолын сілтеп, — бір біз бе деп.

— Бар мұның дұрысы да, бұрысы да!

Дәлдеп айт бірін сына, мыңын сына.
Көбісі нансоғарлар — деген пікір
Жабылған жала болар құрбысына!
Күлді қыз, қолын жалғыз сермеп қалып,

Толықсып жеңіл-көйлек көлбек қағып.
Қақпадан қыз мейманын тұрды ұзатып:

— Болсын,— деп «инженердің кеші жарық!»

Келді ол қыздың бірде бөлмесіне,
Кетерде аз тіл қатып сөйлесуге,
О, ғажап, ағаш жонып біреу отыр,
Бір ұшын сүйеп қойып кеудесіне.

Басына береткасын киіп алған,
Үстіне тұрса-дағы кіріп адам,
Елейтін, еститін де еш түрі жоқ,
Болмастан көп дыбыстың біріне алаң.

«Қыз мұнда болмай шықты» —деген көңіл,
Ұшымен аяғының басып жеңіл,
Ізінше қайта қайтпақ болған шақта,
Есікте таң боп тұрып қалды Темір.

— Кіріңіз! — деді қыз тез жиналды да,

Бір жұмбақ ашылғандай қиналды ма,
Қызарған алақанын кезек сипап,
Шебердей бейтаныс жан тұрды алдында.
Баяғы ажары жоқ сұлу, сылаң,

Дәл қазір айнымайды жұмысшыдан,
Тек қана әсем кеуде дірілдейді
Тым тығыз алған демі-тынысынан.
Аздан соң серілді қыз жұмсақ күліп:

— Адамды қол жетпеске жұмсапты үміт,

Осынша бір әуреге түсеміз бе
Түбінде түк өнбесін тұрсақ біліп.
Талаптың кім ұсынды жолын маған,
(Айтам деп сізге ұмытам онымды әмән.)

Кезінде көп кітапты көркемдеген
Тәп-тәуір суретші еді менің мамам.
Көз жұмды, ана жылы алып ажал,
Кісі еді ер көңілді, жаны базар.

Қазақта бұл өнерде әйел көп пе,
Қаламнан қабілетім жоқ оны жазар.
Мүсінін ойсам деп ем бұл ағаштан,
Қаныма өнер болса араласқан,

Алдымен ана сүті емес пе сол
Сіңірген өз бойыма бала жастан?
«Басында романтика толып тұрған,
Ерекше қызым болды жолықтырған!» —

Деген ой Темірге сәт келе қалып,
Қысылды қыз көзінен аңдып тұрған.

— Я, бұл, тым қадірлі, жақсы талап! —

Деді ол, қалса-дағы тосырқап-ақ!
Қыз оны сезді-дағы, үндемеді,
Құрбыға бұл мінезін тосын санап.
Аударды әңгімені өзге жаққа,

Жігіттің мына қалпын сезген шақта.

— Соңғы рет тәжірибеге барам биыл,

Көктемде көңілді екен
Сіздер жақта!

— Деді қыз күлімсіреп әдей бұған.

(Неткен ол күлген кезде әдемі жан!)

— Мен сізді шын тосамын! — деді Темір,

— Алғашқы адамым сіз уәде қылған...

Өзі де қалай айтты, білмейді анық,
Кезінде шыр көбелек дүние айналып,
Мынау қыз сол дүние ортасында
Алыстап, қолын бұлғап, билей барып.

Тағы да баяғыдай жоғалғандай,
Не деді, қыз не айтты, ол аңғармай,
Ілгері бір ұмтылып, қалды тұрып
Оқты көз кеудесіне қадалғандай.

Жалғыз-ақ «Сау болыңыз!» дегенді ұқты,
Қақпадан аяқ басып, әрең шықты.
Бір қалың үй ішінде өрт қалғандай,
Ол жалын неден туып, неден шықты! —

Тағы да не бүлдіріп алды басым? —
Дедім бе тым асығыс, жар боласың? —
Денесін тез мұздатып, сала берді
Сол сұрақ, көшедегі қар борасын.

Кім білді, нендей ашу қысты қызды,
Бұл жігіт қандай асыл түсті бұзды...
Белгісіз... бір толқын қар кетті жуып
Жап-жаңа қақпа алдына түскен ізді.

Оралу

...Соңғы айлар хәлі шахтының
Жақсы да болмай тұр аса.
Мақтай да қоймас тап бүгін
Қалай деп жоспар сұраса.

Инспекция көбейіп,
Қаралып жұмыс тазасы,
Дейтін құр көмір берейік —
Қашты қарт бастық мазасы.

Қартайып келген шағы ма,
Ұрсу да, сыбау молайды.
Түспейді төмен тағы да,
Өткізіп үсте әр айды.

«Осы ағаң винті босаған!» —
Деген де кәзір трестен,
Күңкілдер шыға бастаған,
«Қасқайып талай күрескен.

Көмір үшін жан салып,
Еңбегі тәуір бар адам,
Жүреді дейсің қаншалық?
Пенсияға да қараған,—

Десіп те қойып, бұл күнге
Әкелген сүйреп жайы бар.
Талайды көрген шіркінге
Жұмыс қой ол да пайымдар!

(Кезеңі келіп сол шақта,
(Дегендей осы оң жолы)
Қамданып бір күн бар шахты,
Шығарып салмақ болды оны.

* * *
Жиналды жан жолдастар — көз көргендер,
Талай жыл ауызына сөз бергендер.
Бастықтар — ең белгілі инженерлер,

Пікірі өзгермеген, өзгергендер.
Алдымен сөз сөйледі Ас Иваныч: —
Өмірдің ұзақ жолын асып алыс,
Шахтерлық асыл атты алып еттің,

Ол сүйген қасиетін жасыңнан іс.
Шахтының, шахтердің да бар тарихын
Білетін, шежіресін ел танитын.
Кешегі ауыр жылда еңбек еттің

Тыйылып ойын-күлкі, тарқап ұйқың.
Бір шахтер, бір инженер осындай-ақ
Сіңірсін елге еңбегін таусылмай-ақ
Қашан да әр істің тұңғыштары

Қалған жоқ қандай істе басын аяп.
Мақтан сен, мақтанайын мына мен де,
Адал боп Отаныма, туған елге
Ең соңғы отымызды сөндірместен

Арнадық, аттадық та тыңнан өрге!
Дәл қазір шахты жаңа, талап биік,
Бір кезде рекордпен қалап құйып,
Шығарған шахты еді бұл, өз балаңдай

Көрген соң кете алмайсың қарап, қиып.
Ғылым мен техника жаңалығын
Шахтыға күнде әкелмек заман бүгін.
Ой жаңа, кадр жаңа, мақсат жаңа

Тілейді әр жұмысшы мамандығын.
Күрделі болған сайын іс қиындап,
Үлгеріп жүру керек тез қимылдап.
Жас жетіп, оралымға келмей қалсаң,

Ол сенің кінәң емес — сөзіме бақ!
Ал кәне, жолың болсын, тынық жақсы,
Сөйлесең бірін тәтті, бірін ащы
Кешірер жолдастарың, інілерің,

Танитын кісілер ғой ықыласты!»

— Түгі жоқ кешіретін! - деді Қарға,

Тезірек жақындатып дәмін алға,
Бір сәтке тағы басын көтеріп ап,
Жүгіртіп өтті көзін ұзын залға.
Басталып самарқаулау жиын басы,

Кейісінің көмейінде түйілді асы.
Төменде Темір де отыр шақырылған,
Бәрінен кіші еді мұның жасы.
Төр жақта сұңғақ бойлы жаңа бастық,

Көп болса қырықтардан сәл-ақ асып
Тұрған ол көкшіл көзін сабырменен
Бір тастап отыр көпке, момақансып.
Сөз алды бас инженер біраздасын,

Көтерді Қарға-дағы қайта басын,
Ойнады жүзінде оның суық мысқыл,
Дегендей ең соңғы рет не айта аласың?

— Еңбегің білер көбі мына топтың

Андрей Николаевич Ростовтың!
«Шахтының арыстаны» деп атаған
Көп жылдар бағасы да рас көптің.
Алдық біз мол тағылым, өнеге, үлгі,

Әкедей тәрбиесін бере білді,
Әкедей ұрысты да, көбімізді
Көтеріп желкемізден шегеге ілді.
Біз соған алғашқыда өкпеледік,

Сөйледік сынағыштап, көпке келіп.
«Есіктен кіре салып төр менікі»
Дейтіндей біз де ісініп кеткен едік.
Кеңітті төрімізді тыныстатып,

«Ағаның қашандағы бір ісі артық»,
Дегізді, ұстаз болды, өз қолымен
Алды ол көбімізді дұрыстатып.
Кейбіреу айтып жүрді өсек теңдеп,

Оразов Ростовпен қас екен, — деп.
Ерген де қарияның көзі болды,
Соларды қапылыста дос екен, — деп!
Қарғаға тастап қойды бір назарын.

— Кім білсін кімге орды кім қазарын!

Десіп те, қатты-қатты барысқансыз
Несі бар жасыратын — бұл да мәлім.
Ал бірақ қысас емес ол істеген,
Ұсақ жәйт аға, іні келіспеген.

Азырақ жарықшақты еңбектегі
Бірге алған абырой өзі тегістеген.
Жоқ біздің арамызда еш қайшылық,
Ұран қып соны қолға ұстай шығып,

Осы күн салт тұтатын біреулер бар —
Ондайды өмір өзі тастар сылып!
Бөлмейміз әке-бала арасын біз,
Біз көктем, жемісі мол ол асыл күз.

Ең үлкен еңбек — атты әке болса,
Бәріміз соның ғана баласымыз.
Кетпеңіз ойыңызға кірбің алып,
Тап-таза адал көңіл мұным анық.

Ал сіздің беріп кеткен — ұлы аманат
Қақпада тұрған санау жұлдыз жанып!
Қол соқты кенет бұл топ түрегеліп,
Кеткендей осы сөзге тілегі еріп.

Қайран шал! — деді Оразов, өзі барып
Қарттың мол құшағына кіре беріп.
Арада тағы біраз адам сөйлеп,
Кең залды көңіл шіркін кетті кернеп.

Табылып айтқың келсе не ғажап сөз,
Айтпасаң ішінде азып қала бермек.

— Көп айтпан, — деді Ростов,— бәрің маған

Ыстық сөз айттың арнап жалындаған,
Жігіттер, «жер астының жұлдыздары» —
Сендерді кетпей жатып сағынды ағаң!
Бәріңе мың рақмет, шахтыға да,

Кәрілік — жақсы болсаң — шаттық о да.
Өз басым ылғи тәуір болмағанмен
Сендерден көңіл риза таптым баға.
Жарар сол! Көп айтайын несіне мен,

Кей-кейде шығып кетсем төсіне мен.
Кешір сен, халық атты менің данам,
Азады адам артық несібеден!
Деді ол, қатты толқып тұрғанында,

Іштегі берік сезім тулады ма,
Кірпігі бір-екі рет айқасып қап,
Азырақ көз шарасы суланды да!
Қайтадан қарт қабағы тас түйіліп,

Толтырып алды қолға тосты үйіріп,
Қаққанда көз ілеспей, көкірегіне
Кеткендей болды стакан жас құйылып.
Өткен жол тағы сайрап түсті есіне,

Белінен өмір таңған жүк шешуге
Әлі де асықпаған қалпыменен
Қарады ол сапарының нүктесіне.

Жұлдыз туралы ой

Осынау тағы келді жомарт көктем,
Күн ерке күміс қолын бұлғап көктен.
Қырлардың маңдайынан сипап өтті,
Жүгіртіп жұмсақ самал бір жақ шеттен.

Хош иіс сәби еді дала қандай,
Дүние жаңа көшіп орнағандай,
Жалғанда бұдан өзге жаз басталып,
Ешқашан көктем сірә болмағандай.

Бәрі де тұңғыш таза күйінде тұр.
Әлемнің тек әмірші Күні кепіл
Өмірде сансыз рет жаз масайрап,
Сан көктем өткеніне күлімдеп бір.

Үш көктем бірге кештік Темірменен,
Деген жас енді ғана өмірге енем,
Сол өмір ортасында тұр ол қазір,
Шегінген күндері бар, шегінбеген.

Артында жолы жатыр аз да болса,
Сол жолға көңіл тоқтап, көз қадалса,
Айнадай көреді ол өз кескінін,
Көп ісі кетпесе де мәз боп онша.

Риза ол өмірінің басына бұл,
Теңіздей тасына біл, басыла біл —
Өзің бол, тасысаң да, басылсаң да —
Қимылға қашан-дағы басып әділ! —

Дегендей өткен күндер беріп сабақ,
Бойына тек жастықты көрік санап,
Кеудемен жеңем деген мінезіне
Алғандай қазір өзі теріс қарап.

Көрді оны Ростовтың өз басынан,
Баяғы қарқын-қайрат тез басылған,
Тұрмыстың арбасынан босаған ат
Секілді, аз күнінде көп жасыған.

Қайтсін-ай, өскен ұя өзі үйреніп.
Шырғалап шықпайды ол жиі келіп,
Жүргендей жалғыз көзбен әлі-дағы
Маңайда кемшіліктің бәрін көріп.

Әттең ол төрге шықпай, әрі бармай,
Айналған ескі жұртын көрі нардай.
Биліктің өзі ұстаған делбесіне
Қарайды тек алыстан көзін алмай.

Жас бастық, жаңа бастық азулы арын,
Қолдағы білдіргендей әмір барын.
Біртіндеп, тілерсектеп, тістеп қуып,
Жатыр ол мұның ескі кадрларын.

Сылтаудың неше алуан түрін тапқан,
«Жас жеткен, саулық біткен, қырын тартқан»
Кейсісін маңдайынан сипап сөйтіп,
Кейсісін құтылмақ боп жоғарылатқан.

Алдымен ұшып солай Қарға кетті.
Өзімен әкеткендей бар әлекті.
Көпшілік қалды сілтеп қолын оған,
Қиыспай қиналған жоқ ол да көпті.

Салынған үй-жайы бар екі қабат,
Жан-жағы жеміс толы бау менен бақ.
Бөксесі сұлу «Волга» жарқырайды,
Қайындар жапырағы күнмен ойнап.

Шұқылап, еңбек сүйгіш бір адамсып,
Әр шөбін қорасының жүреді аршып.
Сеп-семіз cap бәйбіше тұр базарда,
Өзіндей жан-жағында семіз қапшық.

* * *
Қақпада, ең биікте жұлдыз жанып,
Тұр әлі жан-жағына жымың қағып.
Дәл биыл он жыл оған толады-ау! деп,

Ростов ойланады бүгін де анық.
Қарайды ол сол жұлдызды күнде келіп,
Секілді бақ жұлдызы көңілі сеніп.
Қарт адам қара іздегіш әдеті сол,

Көбіне іздейтіні өмір-серік.
Сол жұлдыз бір күн жоқ боп қалатындай,
Көрмесе, оны әсте тағат қылмай,
Үйренді ол, мына аяулы шахтысының

Сол жұлдыз көкте тұрған қанатындай.
Темір де жолығысып сол арадан
Таңертең сәлемдесіп соғады оған.
Секілді ол жұлдыздың қарт күзетшісі,

Бір кезде өзі иесі болған әмән.
Дегені: «Жұлдыздары жер астының,
Есінде — енді соның растығын,
Көргендей — күнде жүріп достарымен,

Ол жұлдыз осыларға мирас бүгін.
Қосылып жер астының жұлдыздары,
Туған ел абройлы ұл-қыздары,
Осынау биіктегі алып жұлдыз

Ішінде жарқырайды күндіз бәрі.
Шыңырау тас жүрегі, тас жанының
Түбінде еңбек еткен жас-кәрінің.
Бір сонда тағдыры мен еңбегі бар,

Адал жан, аппақ көңіл достарының.
Сүйді ол, бәрін соның өзім, — деді,
Басқандай тек солармен өзі ілгері.
Олардың шыншылдығы, ерліктері,

Олардың кісілігі, төзімдері.
Бір мұның қымбат қимас асылындай,
Білем деп мақтан етер жан сырындай.
Солардан сіңіп жатқан қайрат бұған

Таусылмас мәңгі-бақи тау суындай.
Олар да ойлар осы жұлдыз қамын,
Елемей жер суынып, күн жанғанын,
Құлдилап тұңғиыққа түсіп жүріп,

Таба алса маңдай тердің бір маржанын.
Тағады сонау биік жұлдызға әкеп,
Жатқандай асыл борыш — парыз өтеп.
Жұлдызды шахты жайлы жырлар жазып,

Ақыны өз ішінде аңыз етпек.
Анау қарт жұлдыз жайлы ой ойлаған,
Мынау жас соны бағып қарайлаған,
Еңбектің жұлдыздары үлкен-кіші

Заманды жақындатар арайлаған,
Сол үшін болашақты күтеді адам,
Сол үшін болашаққа қарайды адам!

Қол бұлғау

(Эпилог орнына)
Аэропорт. Ығы-жығы мұның басы,
Сәске түс. Күннің қалың шұғыласы.
Аспанға апаратын алтын жолдай,

Дегендей: «зымырашы, зымырашы!»
...Секілді қалың адам - құс базары,
Өндіріс шеберлері, ұсталары
Астана жиылысына шақырылған,

Көңілді осынау бір тұста бәрі.
Алыстан анау шоғыр бәрі таныс,
Ортада Оразов пен Ас Иваныч.
Дәл қазір Алматыға жүргелі тұр,

Аспанның көк жолымен асып алыс.
Ростов иілмеген нар денесі,
Секілді сахараның cap белесі,
Қарайды қолын сүйеп маңдайына

Аспанның білетіндей бар кемесін.
Қолында гүлдері бар жарқылдаған,
Көмейден күлкілері сарқылмаған,
Бер жақта Темір, Болат, Гүлжандар тұр,

Гуілдеп басылмайды шалқып алаң.
Ажары-ай жас көктемнің, жаз айының!
Адамның сәби көңіл, таза күнін,
Сәнімен, салтанатын салады еске,

Тыңдатып табиғаттың ғажап үнін.
Саңқылдап радио міне қазір:
«Астана самолеті деген әзір!» —
Хабарды айтысымен құйылды жұрт,

Басылып жаңағы ду, өлең-әзіл.
Қол бұлғау, үнсіз ғана қол бұлғаулар,
Оң сапар, адал тілек жолды жалғар,
Осынау қол бұлғауда адамның бір

Аяулы қасиетіне толы мән бар.
Сияр ма оны тізсең жыр жолына,
Сол саусақ ұшындағы нұр молына.
Тек қана қарада тұр, қара да тұр,

Сыйғызған жомарттықты бір қолына!
Алыстап Ас Иваныч, Оразовтар,
Мұндағы достары да қол созып бар,
Жалғасты алтын жіптей жақсы көңіл,

Ар жақта жасыл таулар, кең жазықтар.
Олар да бұлғағандай қолын барлық,
Аспанға алып кеме бір-ақ қарғып.
Шықты да, бұлт үстіне кете барды,

Жердегі жылдамдығы жұртты таң ғып.
Темірлер әлі сол бір тұр орнында,
Тербеліп майда желмен гүл қолында,
Оқушым, аз сабыр ет, бұлар күткен

Тағы бір жолаушы бар көк жолында.
Келеді ол жас қуаныш, шаттық артып,
Жақсы үміт, күткен арман көп құмартып.
Күніндей сәскеліктің от махаббат,

Талай жан қызуында өтті балқып!
Бір сәуле шыға салып астанадан
Күнменен жарысқандай аспан оған.
Әдейі қошеметтеп жол ашқандай,

Бір сені күтіп тұр, — деп дос манадан.
Сол сәуле зулап келіп бір іркілмей
Темірдің жүрегіне кіретіндей.
Аралап өне бойын, қан тамырын

Өзімен бірге жасап жүретіндей.
Дәл қазір аспан мен жер арасында
Тұрғандай, жаны жолда, өзі осында,
«Келсінші, — дейді Темір, — келсін жарым

Көктің де, көңілдің де тазасында!»
Мінекей, алып кеме қонды келіп,
Шегінді ұсақтары жолды беріп,
Жақындап келе жатыр төсі аңқиып,

Соңында шырқ айналған құйын еріп.
Баяулап пропеллер тынды бұл сәт,
Баспалдақ асылды оған тұмсығын сап,
Биікте ашылды есік, сол бір есік

Ондаған көзді үйіріп тұрды бір шақ.
Ішінен шықты халық үздік-үздік,
Алдыңғы адамдарды көзбен сүзіп,
Көрінбей өз жолаушың көпке дейін

Сол сәтте қобалжудың өзі қызық.
Ал, әне, шықты бақыт, майдай гүлің,
Ақ көйлек, бұлаң қағып қайран бұрым!
Тұрғандай құс төресі жағаға кеп,

Сағынып қайта тауып сайран күнін.
Бөпежан, бал бөпесі махаббаттың!
Жырымда қаншама рет аталды атың!
Жарқ етіп шыққаныңда, сәл ұмтылып,

Сабырын әрең ғана сақтады ақын.
...Қол бұлғау, тағы-тағы қол бұлғаулар,
Басына бақыт құсын қондырғандар.
Қол бұлғап қошеметтеп тұр өздерін,

Оралған кешікпестен жолынан дәл.
Келеді ол көктен түсіп баспалдақтап,
Кеудесін жібек желге тосқан аппақ
Келеді ол алдағы асыл күндеріне

Қайтадан ұшу үшін қос қанаттап.
Оқушым, осы арада тұрып алып,
Біз-дағы баршасына қол бұлғалық!
Бар сапар, бар жақсылық, бар еңбектің

Тоғыссын той-думанға жолы барып.

ТУҒАН ТОПЫРАҚ

ҚҰТТЫБАЙ БҰЛАҒЫ

Бала кезден бар едің сен, бір бұлақ,
Жолаушының арманындай бұлдырап,
Қызбел таудың белін орап ағушы ең
Жібек белбеу секілденіп судырап.

Ішкенімен, қанғанымен жай тұрмай,
Не бір тексіз өкінбей де, қайғырмай,
Жемдерінің ыдыстарын лақтырып,
Кете алмапты ластамай, лай қылмай.

Соның бәрін үнсіздікпен тәрік қып,
Жақсыны да, жаманды да қарқ қып,
Мәңгі таза қалпыңменен ағасың
Рақым үшін жаралған бір жарықтық.

Сол баяғы айрылмапсың арнадан,
Жолаушымен нәрің қайда бармаған?!
Сенің осы қасиетіңді көрем де,
Көп адамның көп ісіне таң қалам.

АҚБОЗАТ

«Ақбозат» жер есімі Қызбелдегі,
Ол заман ұрылардың күзгі ермегі —
Жылқы алу жырақ жерден суыт келіп,
Бұйырған бөрілердей түзден жемі.

Айдалып ақбоз шіркін кете барған,
Сырғанап, сырт жағалап Сырдан әрман
Ол өзі бір ауылдың қызығы екен
Бір шауып, бірде шаппай жүлдені алған.

Қол сілтеп ауыл қалған кетті ғой деп,
Бір дәурен ат жүгірткен өтті ғой деп.
Зымырап ақ боз аттай ай зуласа
Астында ай тұяқтың көп күн өлмек.

Солайша мезгіл жүйрік озып, асып,
Қалғанда аттан үміт ажырасып,
Шағында сәске түстің шаң үйіріп,
Жануар келді дейді өзі қашып.

Кім білсін от басқанын, су басқанын,
Әлде жел, әлде жермен сырласқанын,
Жануар қашты ма екен белдеуді үзіп,
Жамылып жат өлкенің түнгі аспанын.

Көзіне шапты ма екен жас құйылып,
Сом тұяқ саз лақтырып, тасты үйіріп.
Арыған арқасынан еті қашып,
Кескендей кекіл сиреп, жал сұйылып.

Келді де, көрмесіне тұра қалды,
«Дүние-ай» лап бүкіл ауыл жылап алды.
Туған жер қасиетін әсем айтқан
Халықтың асыл сөзі бұл да мәңгі...

ТУҒАН ӨЗЕН БОЙЫНДА

Кеше ғана бір үш қыстау тұратын,
Мекен етіп менің атам суатын,
Жар басында ұмыт қалған үш тұмақ
Секілденіп, қарсы алдымнан шығатын.

Самаладай самсаған үй көрдім мен,
Балалардай үш тұмақтан өрбіген.
Сүп-сүйкімді ақ шатырлы қала тұр,
Ал үш қыстау ғайып болған орнымен.

Арғы бетте жортады әлі киіктер,
Мейлің айдап, бұл қалаға жиып кел,
Үрікпейді, ешкім мылтық атпайды,
Әрі бейбіт, әрі жомарт сүйікті ел.

Қуанышын жасыра алмас жер өңі,
Туған қала — қойны неткен кең еді!
Бәрі туыс, жүгіріп те үлгіріп
Кешке дейін кіріп шыққың келеді.

Қара көз бала қара көз шабақ аулайды,
Ана бір кезгі өзімнен әсте аумайды.
Қара мұрт аға қармағына іліккен,
Сонау бір жарда сойылдай шортан аунайды,

Өзені Торғай қаладан жалғыз шақырым,
Су алар қыздар толқынға көміп балтырын.
Сығалар жігіт ат жалдатқан жағада
Атты да қызды үркітіп алмай ақырын.

Қазір ше? Қазір қалаға өзен кеп кірді,
Тулады ұзақ, каналға көнбей секірді.
Әр үйдің енді ішінде аунап жатыр ол
Қармаққа түскен әлгі бір шортан секілді.

«АҚҚҰМНЫҢ БІР ҚЫЗЫ БАР...»

Ән Аққұм, арман Аққұм, алыс Аққұм,
Аттан жал, атаннан қом тауысатын.
Бір жетіп, аяқ басқан мал түгіне
Май болып мақпал құмы жабысатын.

Береке жер сұлтаны тұнып тұрған,
Аялап адам жанын тынықтырған.
Былтырғы жұртта қалған желі қазық
Ағаш боп, биыл басын иіп тұрған.

Баба Асап басын шайқап қия алмаған,
«Аққұмсың ат сауырына сия алмаған».
Бал құрақ, балғын мойыл, балдырған тал
Қыздардай серуенде бұраңдаған.

Самсаған сағым жуып жиделерің
Асырған бір көрініс жер беделін.
Асыр сап арасында аңдар ойнап
Шашады көк бидайық желге жемін.

Құлдырап құлын ұзап енесінен
Жосиды жоталардың төбесімен.
Мәз болып қамшысына иек сүйеп,
Қарайды жас жылқышы оны өсірген.

Жағалай жап-жас иіс, нұр шұғыла,
Жан тұтқын табиғаттың тылсымына.
Құм өркеш арасына күн қонады
Жиып ап алтын жібін ұршығына.

Толтырған әнге жерін, күйге көлін,
Жағалай ырыс-мекен үй дегенің,
Аққұмның бір қызы бар өмір атты
Көркіне ғашық еткен сүйген елін.

ТОРҒАЙ ҚАЛАСЫ

Көшелер-құрғақ өзен арнасындай,
Қала едің кәрі шуда нар басындай,
Ішіне оқиғаны тиеп-сықап
Тарихтың қойып кеткен арбасындай.

Құм басып иығыңды, ер кеудемен,
Көп үйлер көк сағымда көлбеңдеген,
Қартайып, жерге шөгіп жантайысқан
Түріңді аяушы едім көргенде мен.

Даланың маңдайында жалғыз шырақ
Секілді сол дәуірде алыс, жырақ.
Атамыз Алтынсарин салған мектеп,
Қалып ед қыр басында жалғызсырап.

Торғайдың даңқы қайта ұшқан шақта,
Сарбаздай атқа қонып тұрған сапқа,
Самсапты кең сарайлар мызғымайтын
Үстіне жүз ғасырды шығарсақ та.

Қарт Торғай қалғып кетіп, қайта оянып,
Тұрғандай өзіне-өзі аң-таң қалып.
Үй ғажап, тұрмыс түзу, көше тегіс
Дәуірге риза болып жатқан халық.

Жемістен салып ерлер жеріне өрнек,
Құлпыртып, ашты бағын енді көр деп.
Жарқырап жаңа Торғай тұр мақтанып: —
Е, бәсе, еңбегім бар еді ғой! — деп.

АВГУСТ ТАҢЫ

Мына таң, август таңы ыстық маған,
Көлдерде әлі оянбай құс ұйықтаған.
Қырларда әлі сәуле жүгірмеген
Жолдармен жалғызаяқ, қисықтабан.

Қап-қара түннен шығып сап-сары егін,
Даланың ақ самалын, тартса лебін,
Қиратып күнді біреу тастағандай,
Шулатып алыстағы аспан елін.

Шашылған сонау күннің сынықтары,
Қайтадан жер төсінен тұрып бәрі.
Аспанға алтын саусақ көтергендей,
Қызық қой жас егіннің қылықтары!

Демейтін алтын маған, күміс саған,
Мың есе ризамын тұрмыс, саған!
Адамның маңдай тері күн боп шығып,
Күн болып туған жерде тыныстаған.

Сөзбенен «бақ жанады, еңбек жанбақ»
Келген ел арманына арман жалғап,
Тұр қазір сол еңбек те, сонау бақ та
Туған жер кеудесінде жанып лаулап!

Мына таң, август таңы туыс маған!
Таусылып соңғы бір сәт тыныстаған,
Сәлден соң жер аспандай дүріл қағып,
Сәлден соң құятұғын ырысты адам!

ҚЫСҚЫ КЕШ

Қарап тұрсаң қаңтар күні батқанда,
Көк жүзінде енді қызу сақталмай.
Тек төменде ағараңдап жалыны,
Қар үстінде қанбақ жанып жатқандай.

Сәл аздан соң ол да күл боп кеткендей,
Жел қолымен осы күлді сепкендей.
Күлгін тартып, қарауытар төңірек
Жер көзінің жұмылар кезі жеткендей.

Сонда шопан терезесі сөз алып,
Ен далада жалғыз сәуле қозғалып.
Түнгі мұнар арасынан үміттей
Адам жаққан көрінер от көзге анық.

...Үй ішінде ыстық шайдың басында,
Қара көздер, балапандар қасында
Басталады ғажайып бір демалыс,
Бар жылылық, шуақ біткен осында.

Ол да бір — күн ұясына қонарда,
Сәулелері — сәбилері мол алда,
Кіп-кішкене ыстық-ыстық саусақтар
Мұрттың мұзын үзіп ойнар болар ма!

Бар, түгел ғып, үйдің ішін толтырып,
Жібереді ол, күндізгі жоқ олқылық.
Айтар жеңгей ауыл жақтың хабарын
Қою шайды күле құйып отырып.

Сол сәулеге туар сәуле қосып Ай,
Жылы орынға соға кеткен жолшыдай.
Жақсы еңбектің жақсы тыныс — рахаты
Әрбір кеште келе бермек осылай.

БАУЫРСАҚ

Төгіп жатыр
Пейілі мен жанын сап.

— Келмейсіңдер,

Осыншама сағынсақ! —
Дейді жеңгей Ақтабақтан сауылдап,
Дастарханға топырлайды
бауырсақ.

— Жалғыз үйміз,

Ел арасы алыс-ақ!
Қуанамыз
Көзге мейман шалынса-ақ! —
Дейді жеңгей,

Топырлайды әлі де,
Таусылмайды табақтағы
бауырсақ.

— Мал жарықтық

Бейнеті мол,
Бабы ұсақ,
Біздер мәз ғой
Соның бәрі табылса-ақ!

Сағынамыз! — дейді
жеңгей, әлі де
Тысыр-тысыр домалайды
бауырсақ.

О, туыстық, бауырмалдық
салт қандай!
Біз дегенде сабыр қалмай,
дәт қалмай.

Бар көңілін бауырсақ қып
балқытып
Төбемізден төгіп болмай
жатқандай.

* * *
Қашты қасқыр. Қарлы құйын бұрқырап,
Жел ұйтқыды, жер көрпесін жұлқылап.
Қалды бәрі қалың жылқы, басылды

Жаңа ғана борандатқан мың тұяқ.
Жалғыз нүкте ақ қағазға симаған
Секілді бір қашты бері, қуды ағаң.
Көрінбейді даламенен дала боп

Астындағы ақ боз аты зулаған.
Дала қызық, аспан, жердің жігі жоқ,
Астастырып қалай тіккен жібі жоқ.
Ауада құр асылғандай бозғыл шар,

Омырауында жайдары әсем күні жоқ.
Осы шардың зырылдайды ішінде
Әлгі қасқыр, оны қуған кісі де,
Бір зұлымдық, бір әділет айқасқан —

Табиғат та таңданғандай ісіне.
Бірін-бірі жеңем демек, жерлемек,
Бірақ оған қанша қайрат, дем керек!
Әділеттің жеңуіне дүние

Асыққандай шапшаңырақ дөңгелеп...

ОРАҚ

Мамбетовке
Қайың да сапты қаракөк
Болаттан соққан Орақ ед.
Менің момын әкемнің

Бар қаруы сол-ақ ед.
Шілденің күні туғанда-ақ
Шалғындар балқып
пісерде,

Ой-хой, Орақ сумаңдап
Түсуші еді пішенге!
Шабытпен әкем бір
жойқын

Жосылта кіріп соныға,
Сермеген сайын бір толқын
Жығылып қалып соңында,
Шыңылдап жан-жақ,

дөңгелеп
Дүние билеп кететін,
Ұша алмай қалған көбелек
Қанатын қиып өтетін.

Жұмыскер еді сол орақ,
Тым іскер еді қарт қандай
Жыл сайын көктеп сан
алап,

Сағына күтіп жатқандай.
Іздесем шабыт өзімнен,
Алдымда жайнап жыр
алап.

Кетпейді ылғи көзімнен,
Жарқылдап сондай бір Орақ.

ҚУАНАМЫН

Ерекше маған мақтаныш,
(Мақтанатын орын бар)
Осынау ғажап аттаныс,
Осынау ғажап қонулар.

Даламда менің боп жатса,
Мақтанбас бұған қай ақын!
Туған жер шіркін о баста,
Жазбаған тегін қанатын!

Қыранның ғана даласы
Деп атаған оны әлем.
Өлеңнің жетсе шамасы
Даңққа соны орар ем.

Кеше де ұшты қос сұңқар,
Бүгін де соған қонды кеп.
Туған жер қалай болсын тар
Аспанға салса жолды көп!

Көбейсін сұңқар — жас талап,
Бәрі де сенің балаң ғой.
Сөйтсе де тұңғыш космонавт
Менің туған далам ғой!

ЖЕРШІЛМІН

Я - мен жершілмін,
Жеті түнде мекенін
Айнымай тапқан
Аттың жершілдігі секілді.

Қиырда жүрсе де
Ата-мекенінің әр шөбін
Жаңылмай айтқан
Қарттың жершілдігі секілді.

Қанаты талса да,
Жетпей қонбайтын
Құстың жершілдігі секілді.
Баласының кіндігі түскен жерін

Таппай қоймайтын,
Ана деген — күштің жершілдігі
секілді.
Қостанай маған, әмән

Үштің — бірі секілді.
Молшылықтың үштен бірі,
Жақсылықтың үштен бірі,
Жер бай, жомарт болса

Оныңда үштен бірі,
Астық миллиард болса
Оның да үштен бірі.
Мен туған

Елімді құттықтаймын,
Ерліктен туған
Өнімді құттықтаймын.
Ақталған

Сенімді құттықтаймын!
Менің мақтанышым —
Отан ісі, —
Даламның кеңшілігі,

Менің мақтанышым —
Заманның мақтанышы,
Менің жершілдігім —
Адамның жершілдігі!

ҚОЙШЫ ТҮНІ

Жазғы түн. Жұлдызы көп жыпырлаған...
Күндізгі тұяқтар жоқ тыпырлаған.
Сөреге жайып қойған құрттардай-ақ,
Қой жатыр, түн аузынан тың-тыңдаған.

Манағы ішкен шайдың буы тарап,
Алдынан тартылғандай сырлы табақ,
Тамсанып, таңдай суын тартып қойып,
Қойшы отыр семіз айға төне қарап.

Келердей алдына ай түсіп көктен,
Отырған жан секілді тосып көптен.
Ай батты зып берді де, табақтай боп
Қолынан келіншектің түсіп кеткен.

Сол кезде қой үрікті опыр-топыр,
Манадан күтіп жатқан түнді соқыр,
Сойқаңды содыр қасқыр түрегеліп,
Жағылды қой шетінде қызыл от бір.

Басты кеп батыр-бұтыр аңшыл ағаң,
Аспаннан аппақ жалын тамшылаған.
Дыбыстан түн құлағы қалды тұнып,
Тау ма әлде, қасқыр ма әлде қаңсылаған!

Басылып бірте-бірте әлгі дыбыс,
Содан соң қой да тыныш, ол да тыныш.
Күбірлер мылтығының аузын сүртіп:
«Көздемей, етті ғой, — деп, — қол қапылыс.

Әйтпесе, құтылар ма әлгі бұзық!»
...Уа, шіркін, қойшылардың түні
қызық!
Болады таңды өзі-ақ атырғандай

Түнімен жұлдыздарды үзіп-үзіп!

ӘНШІ

(Баллада)
Қарт әнші отыр тойда қырау қабақ,
Кешегі кеудесіне мың ән қамап,
Өткізіп көмейінің көпірінен,

Шығарған шыңнан жонып шынардай-ақ.
Секілді той ыстығы қызған аптап,
Жігіттер ән салады қызға мақтап.
Шайқалған жас дауылға кәрі емендей

Қояды ол тербетіліп, қозғалақтап.
Шыққанда шырлап дауыс шыңға биік,
Қалады рахат тауып, тыңдап, ұйып.
Жабығып, аласұрып, жүдер бір сәт

Оралса сәлдеу жерден ән құйылып.
Дей ме іштен ол өкініп: «Бәрекелді-ай!
Қор қылды-ау ән байғұсты ән ете алмай!»
Аңсай ма өз биігін бір кездегі

Жететін жедел шырқап, кеуде талмай?
Дариға, жырлаушы еді биік тұрып,
Кеткендей көмейіне сиып бұлт.
Әнімен құшушы еді бар адамның

Жүрегін уысына жиып тұрып.
Бап күтпей, барлау салмай, «ә» дегенде,
Бір қарап, сый-сияпат, кәделі елге.
Табаны тұрған жерден көтеріліп,

Самғайтын көңіл-жайлау, көк әлемге.
Ал енді қиын еді бұл шақ қандай,
Ән бұған, бұл әндерге мұң шаққандай.
Ішкі ыза маңдайына тер боп шықты,

Ашулы бұлттар төккен бұршақтардай.
Дегізбей: «Мынау айтсын, жол мынада!»
Сөйткенше созды қолын домбыраға,
Аралап ақ домбыра келе жатты,

Жалғаған жалғыз жіптей қолды қолға.
Халайық мына сәтте жым-жырт қалды,
Үйренген өнер аспап жылжып мәңгі.
Сырғанап сонау шеттен келе жатып,

Бір қолда, таяу жерде тұрып қалды.
Не болды? Жалт қарады жұрт дүрлігіп,
Сол кезде ел алдына шықты жігіт.
Әп-сәтте алды жиып топтың бәрін;

От-жанар, уытты көз шырқ үйіріп.
Қарт әнші о-дағы аң-таң қарап қалған,
Сілкініп, жігіт дереу қанаттанған...
Зымырап жерден кетіп әлдеқашан

Әрең деп түсті бір кез ән аспаннан.
Сол әнмен бірге кетіп, жаңа оралып
Тұрғандай белін шешіп мына халық,
Дуылдап көтерілді қол шапалақ,

Жөнелді қошемет сөз тулап алып.
Қарт әнші осы сәтте тұрды орнынан,
Сырылып жер босатты жолдағы жан.
Бейне бір жеңімпазды көрсеткендей

Жігіттің көтерді ол оң қолынан.
Сөйтті де, сүйді келіп мол қаусырып,
Қалғандай екеуінде сөз таусылып,
Тұрды үнсіз қалың шудың ортасында,

Дуылдап басылмады қолдаушы жұрт...
Көзінің жетім жасын сілкіп тастап,
Қарт әнші қуанышпен қарады асқақ,
Ендігі той билігін қолына алып,

Жөнелді әлгі өнерпаз бала бастап...

ҚАРАКӨЗ ҚЫЗДАР

Қаракөз қыздар, жан қыздар,
Қаракөз қыздар — балдыздар.
Көптігің көкте — жұлдыздар,
Жар дегенде — жалғыздар!

Жиналармысың мұншама,
Жырға да құмар — бәріңсің!
Өртерсің, көзің жұмсама,
Бәрің де бір-бір жалынсың!

Не деген өткір жанарың,
Қандай бір оттан жетілді?!
Махаббат деген қаланың
Терезелері секілді.

Бақытты қыздар, бал қыздар —
Аяулы бақтың алмасы!
Жырымды ғана ал, қыздар,
Өзіме қолқа салмашы!

Онсыз да амал құрып тек,
Барамын серттен қайта алмай!
Сүйемін деп те айта алмай,
Сүймеймін деп те айта алмай!

ЕСКЕ ТҮСІРУ

Келе жатыр шіркін шілде таңы атып,
Бірте-бірте тіршілікті оятып,
Үй алдында қайрап қойған шалғының
Жүзін нұрға, ал қызылға боятып.

Ішке сырттан ауа кіріп бір құшақ,
Түндік көзі жылт етті де, тынды сәт,
Шыңылдаған шықты шалғы дыбысы,
Түні бойы мен сағынған үнге ұқсап.

Ал ұмтылдым, аңдығаным сол менің,
Жел-табаным, күн сәулесі - көйлегім,
Алыста бір аттың жалы жалт етіп,
Жаңында бір жаңа түскен жол көрдім.

Түні бойы ала кет деп жалынған
Қайран тілек ескерусіз қалынған,
Енді қазір сонау шалғай сағымнан,
Әкем бөркі көзге бір-ақ шалынған.

Құрдас болса қуып жетіп, сорлатып,
Аттан жұлып, көк шалғынға аунатып,
Кетер едім деген ашу, бір ыза,
Келе жатыр мені желдей заулатып.

Жеттім ақыр, көрінбеймін көзіне,
Мына сәтте шабытты екен өзі де,
Менің әлгі буырқанған ашуым
Жалтылдаған кетті шалғы жүзінде.

Зуылдады айқай орақ, «айды орақ»,
Алға салып күнді бүктеп, айды орап
Бара жатыр әкем сағым ішінде
Алыс алқап, жақын шетті аймалап.

Жалғыз десем, шалғы толы шартарап,
Өңкей шебер кетті тартып шалқалап,
Бейне тасқын шалғын бойы желді күн
Толқындары құлап жатқан анталап...

...Қалдым кейін қыс ішінде мен жетім,
Тағы да өсті шалғын қаптап жер бетін.
Біздің үйден қырға шықпай қалды адам
Талас тұрып, көруге таң келбетін.

Бірақ тағдыр мені ерте қамдатып,
Талай жүрдім тұрмыс жолын шаңдатып,
Сол тұңғыш таң, сол жүгіріс алғашқы
Кеткен екен сыбағамды таңдатып.

...Өтті жылдар керуені тоқталмай,
Атса жайсаң жаздың таңы ақ маңдай,
Еңбек-әкем, әкем-еңбек алға озып,
Болам ылғи қуып келе жатқандай.

ЖЕТІСУДЫ ЖАҒАЛАП

АҒАЛАР, АҒАЛАР

От ағасы — Алатау,
Су ағасы — Іле,
Жел ағасы — Сайқан,—
Алдымызда міне —

Ағалар, ағалар!
Ғабит, Ғали — қос аға,
Жыр ағасы — осылар.
Жер екен-ау осы ара

Ағалар басы қосылар!
Ағалар, ағалар!
Қос ағаның қасында
Құстай ұшып келемін.

Бар өмірім осындай
Болса, шіркін, дер едім!
Ағалар, ағалар!

«АЛТЫН КҮРЕК»

«Алтын күрек» — жел аты
«Жүрек» таудан соғатын,
Ырыс — дейді — қанатын
Дән сорғалап таматын.

«Қызыл қырман үстінде
Алтын күрек ескенде,
Қалмас елдің ішінде
Ризықсыз еш пенде!

Дихан ата «күрегі» ол
Мәңгі бақи сынбаған.
Дихан ата «жүрегі» ол
Ел сүюден тынбаған!»

«Алтын күрек» — жел аты
«Жүрек» таудан соғатын.
Осы аңызды ел айтып,
Кім шығарса, сол ақын!

ТАУ ҚОҢЫР

Созылады екен тау Қоңыр
Сексен де тоқсан шақырым.
Бауырында бұлақ бар не бір
Ағатын шапшаң, ақырын.

Құт екен дерсің қойнауын
Қаймағы, сүті неткен көп!
Шалғыннан шыққан қойлардың
Омырауы көкпеңбек.

Асылар қойлар тауларға
Алқадай бейне тізіліп.
Тау басын шайқап қалғанда
Түсердей жерге үзіліп.

Ашылар сурет алдыңнан,
Қаз-қатар, оңнан, солдан да.
Арылмас мәңгі мал бұдан
Қоңыртау ғажап қорған ба?!

Жайлау да жайлау. мол жайлау,
Жаныңды жатқан шақырып,
Жарықтық жайсаң Қоныртау
Сексен де тоқсан шақырым...

АЙНА ТҰМА

Қалың бір көзден оңаша
Қапталда бұғып сен жатсың.
Айнаша десе айнаша,
Сүйкімді ғана бұлақсың.

«Сара» деп саған ат қойып
Сақтаған екен ел сүйіп,
Қара көзден от төгіп,
Қарады ма екен тесіліп?

Айнасы ма едің сен оның,
Көз жасымысың көп тамған?
Өнерімісің ел жанын
Мекендеп, ұзақ сақталған?

Үндемей ғана жатсың сен
Дегендей өзің танырсың.
Ғажайып махаббатсың сен,
Махаббат үндеп неғылсын!

АҚСУ

Не деген сансыз дария
Ағысы атан үркітер!
Таулардың іші бәрі ұя,
Шаңқылдап жүрген бүркіттер.

Кездесті Ақсу көлденең,
Толқыны зілді батпандай,
Өңшең бір асау көк дөнен
Шайнасып шарт-шұрт жатқандай.

Мөңкіген жерде тұяқтан
Зуылдап оттар ұшқандай.
Қарасаң тұрып бұ жақтан
Өзен бір жалын құсқандай.

Ойладым сонда: Ілияс
Ақсуды өскен, мекендеп,
Қайран да ақын өртке ұқсас
Өзіне-ақ тартқан екен деп!

«ЕШКІӨЛМЕС»

Матайдың үш бұрышты тауы маңғаз,
Босамас омырауы жауыннан жаз.
Оң жақта оқшырайып Қоңтәжі тұр
Бәрінен озық шыққан бойына мәз.

Жалғанда етпес өзі биікті арман
Бұлттардың жылы төсін сүйіп қанған,
Жоңғардың ақжотасы жалтырайды
Жайындай жоны судан шығып қалған.

Көтерген сонау Біржан әнді көкке,
Кәдімгі «Ешкіөлмес» тұр бергі бетте.
Көркі де «қара да қал, — дегендей-ақ —
Қарайлап маңайымнан енді кетпе!»

Шынында сахнасындай табиғаттың,
Соқты екен төрт бұрыштап, шағындап кім?!
Қара көк мәрмәр тастай құбылады
Төнгенде төбесінен жалындап күн.

Қиырдан көз жіберсең қасың қақпай,
Секілді жазық табан асты тақтай,
Сәуледен асылады алтын саты,
Бір кезде Біржан шыққан баспалдақтай.

Қалың жұрт «Қаптағайлап» дем бергенде,
Суырылып Сара сабаз жөнелгенде,
Бауырда басын изеп тұрған халық
Секілді бұйра талдар тербелгенде.

Әлде бір ән ескендей, сыңғыр аспан,
Жан-жақта әсемдіктің үні ұласқан,
Жаныңды ерекше бір өлең билеп,
Тұрасың орыныңнан бұлжымастан.

Көрмесе көңіл ақсап, сусарлықтай,
Қызығы, ескерткіші мұншалық бай,
«Ешкіөлмес» ел биікке қойып кеткен,
Аяулы бір тарих — күй сандықтай!

АЛАКӨЛ АҢЫЗЫ

Анадай басын қосқан көп баланың,
Бөліп ап Жетісудың төрт тарауын
Арқаның жамырауық өзендерін
Ағытып, қиып тастап ноқталарын.

Алакөл жатыр еркін иемденіп,
Жоңғарға жөн арқасын сүйей беріп,
Жағалап Арқарлының бала тауын,
Омырауын Тарбағатай сүйер келіп.

Бұл-дағы белгісі емес осалдықтың,
Салты бар серіліктің, ия салдықтың,
Жатады ақ торғындай шұбатылып,
Ішінен ақтарылған мол сандықтың.

Алыстан көз жіберсең сен бір келіп,
Көрінер су жотасы теңбілденіп.
Ақ пен көк араласып анадайда
Тулайды ала толқын көлді көміп.

Бейне бір ала тайлар шайнасқандай,
Зымырап, жал тістелеп жармасқандай,
Тұяқпен суға түскен күнді теуіп,
Ал түнде аяғымен ай басқандай.

Алакөл деген аты содан қалған,
Қарттардың көзі жіті соны аңғарған.
Аңыз бар: «бір кез елден бақыт қашып
Жеткізбей, Алакөлді шыр айналған».

Өмір ғой өткен сонда халық арман,
Ескірмей ел есінде бәрі қалған,
Сол бақыт балықшының қолында тұр,
Өңгеріп кемесіне салып алған.

ҚАРА ТОРҒАЙ

(Гүлсімге)
Кеудеңе біткен тынысты,
Үн етіп қана жасаған.
Өңшең бір сыңғыр күмісті,

Көмейді берген кім саған?
Ән сені, әлде, әнді сен
Жараттың ба екен — кім білсін,
Көзінде нұрың сол әсем,

Талантың ба екен, кім білсін!
Тап-таза құстың мінезі —
Көкте бір сайрар тұңғиық
Әмірші сондай бір өзің,

Әніңмен тұрсың тым биік.
Тап-таза құстың белгісі —
Басына қонар шынардың.
Алакөл үсті, ел іші

Сайратады екен сені әр күн.
«Туған жер қара торғайы,—
Деп еді сені бір аға,—
Аспаны, орман, тоғайы

Алатын әннен сыбаға!».
Болысып жүрсің әрдайым
Еліңнен алған бұл баға.
Жұлдызды болғай маңдайың,

Әнменен егіз бір бала!

ҮШАРАЛ

« Үшарал — жерім-ай,
Сауықшыл сайран, елім-ай»

Халық әні

Тасып кеп таудан түскен тек,
Тасырда-тұсыр тасты айдап.
Алакөлді аңсап үш Тентек,
Ағалап барып бас қоймақ.

Тоғысқан сол бір пұшпақта
Ететін бүгін ел мекен.
«Шалқайып басы үш жаққа
Үшарал қалған» дейді екен.

Жайлайтын елі жаз тауып,
Ежелден шұрай — құт табан.
Жағалай құрақ сыздауыт
Байласа бие шықпаған.

Алакөл саба сол жағы,
Он жақтан таулар төніскен.
Табиғат берген олжаны,
Тапжылмай жатып бөліскен.

Жер екен жайсаң Үшарал,
Елі жомарт өскен бай.
Әлемді мейлің үш орал,
Табыла бермес жер сондай.

«БАРЛЫҚ-АРАСАН»

Жаныңа ем —
Дәру қарасаң,
Іздеп сен
Баруға жарасаң —

Жетісу бойы
Ыстық су —
«Алма-Арасан»,
«Қапал-Арасан» —

Бәрінен мықтысы
«Барлық-Арасан».
Алдында бүйректей
Тауды қарасаң,

Бейне бір шүмектей
«Барлық-Арасан»,
Атылған аспанға
Ақ жалын секілді,

Ем дейді орасан
Ауруға не түрлі.
Сондықтан ол «Барлық»
Атанған ежелден.

Қайнатпай қазандық,
Сол суға салып ап
Етін де жей берген.
Аңыз ба ол, бәлкім,

Ел, бірақ, емделген.
«Барлық» не? — денсаулық,
Барлық, амандық.
Аз күн жол салып,

Бардық, дем алдық.
Жаныңа ем —
Дәру қарасаң,
Іздеп сен

Баруға жарасаң,
Жетісу құты,
Ып-ыстық сүті,—
«Барлық-Арасан»

Еліңе айтып
Тауыспас тамашаң,
Шіркін,
«Барлық-Арасан!»

ҚЫС

Сүйемін барлық жаныммен
Досыма қарай атқанды —
Ып-ыстық алақаныммен
Уыстап алып ақ қарды.

Басылмай асау желігім,
Жаңа бір рахат тапқандай.
Сол қардай аппақ көңілім.
Сартылдап тиіп жатқандай.

Аузымнан күлкім шашылып,
Жығылам шынтақ тіреп мен,
Тұрамын қайта асығып,
Көздеймін бастан, жүректен.

Антұрған анау атқыш-ақ,
Сілтейді жиі сескенбей,
Ұшады қарлар оққа ұсап.
Денені шұрқ-шұрқ тескендей.

Арадан таппай күштіні,
Жеңісті бөліп аламыз —
Қыстың да бір ыстығы
Болды-ау десіп қаламыз!

* * *
Алдымда тұрған алатау
Қарауды саған ұмыттым.
Қол тимес деген бір сылтау

Азығы болды тірліктің.
Қалайда, басым төменшіл!
Биікке сырттан жүгінем.
Іздемек болып терең сыр

Үнемі төмен үңілем.
Көңіл аңқау - Алатау
Мәңгі қаста тұр деген.
Пендешілік бәрі осы-ау,

Бар қадірін білмеген!

КӨКТЕМ СӘУЛЕЛЕРІНЕН

(ЭТЮДТЕР)

* * *
Жасыл бұтақ
Жапырағы бар
сүйікті.

Терек әкеп
Тереземе іліпті.
Ол баласын
Пәтер тауып түсіріп,

Елегзімей,
Енді көңілі тынғандай.
Көктем маған
Жасыл саусақ ұсынып,

Есендесіп қолын созып тұрғандай!
* * *
«Таза ауа жұтсын!» – деп,
Айтқаннан миында

Қалған-ау шамасы:

— Әй, неғып отырсың? — деп,

Сұрасам сәбиден,
Жауабын қарашы:

— Мен күнді ішіп отырмын!

* * *
Май келеді, еркем,
Майдың жөні бір бөлек!
Көктемдей көркем

Төбемізде ойнар кіл бөбек.
Етпес ем арман
Өмірдің өзге уақытын,
Төбемде балам,

Төбемде жүрсе Бақытым!
* * *
Алатау маған
Бейне аумаған

Салынып жатқан үйлердей.
Осынау қалам,
Биіктеп әмән,
Аспанға барып тиердей.

Көктем, көктем,
Әсерің неткен тамаша-ау!
Келеді шамаң,
Не десе саған сияды.

Алматының ең биік үйі —
Алатау,
Тұрады онда ақындардың қиялы!
* * *

Жүреді кіріп
Түсіме ылғи ақбоз ат,
Өңімде жылда
Кербез бір көктем келгенде.

Сол ма еді, бәлкім,
Сағынып жүрген жастық шақ,
Шырғалап шықпай
Тулаған асау кеудемде.

Ризамын, көктем,
Қан болып қайнап,
Тамырда шапшып, тулайсың!
Жылда бір маған

«Жыны» арылмаған
Ақ боз ат сыйлап тұрғайсың!
* * *
Көктемнің кеші,

Ұясына күн түскен.
Көк аспанда
Одан қалған жоқ қой із.
Шамдарын жағып,

Даламен, мынау үртіспен
Барады заулап, барады лаулап
от пойыз.
Соның бір терезесінен

Жабысқан төсі-төсімен
Зуылдап өтті жігіт-қыз!
Барады қайда
Мұншама зырлап, асығып,

Бақыт па, сор ма,
Бастады қайда жас үміт?!
Жақсы ғой бірақ,
Жап-жасыл дала үстімен.

Қақ жарып өтіп
Қараңғы түннің ішінен
Махаббатыңды
Бейне бір алтын белбеудей

Жалғасаң барып
Ақ жібек таңның ұшымен!

БІР СӘТ

Тағы бір таң,
Талай болды атқалы,
Аспан дарқан
Күн табағын тартқалы,

Жаңа ғана
Сыр сырласып, жұптасып,
Екі ғашық
Жолға келе жатқаны.

Шықты жылан
Бір тасадан жолға кеп,
Көзінде қан,
Тілінде зәр, бойда кек.

Атқан таңға,
Ғашық жанға ызалы,
«Қас жақсылық,
Жолығарсың қайда?» — деп.

Келді бір сәт,
Осынау сәт кімдікі?
Яки жастар,
Яки сонау сұмдікі?

Таласқаны тіршіліктің бір сәті,
Таласқаны тіршіліктің бір кілті.
Кенет гүріл, шықты дыбыс ар жақта,
Бір машина қарамастан алды-артқа

Өте шықты, қасіреттің қамшысы —
Ұшты жылан, түсті барып аулаққа.
Өтті жастар,
Төңірегін күлдіріп,

Ойында жоқ еш жамандық,
Бір күдік...
Мен ойландым
Шіркін бір сәт жақсылық

Ылғи солай жүрсең-ау деп
Үлгіріп.

ЭЛЕГИЯЛАР

Ымырттағы, ту сырттағы бір шырақ,
Көлбеңдейді көзге жылы ұшырап.
Қанатың жоқ қағып қалып жететін
Қамығасың кірпігіңді құр шылап.

Жалынасың, «жаным дейсің» ала кет!»
Неғыласың, жақындамай ол әлек.
Сабыр сана, жабырқама, жасың сүрт,
Таны да қой, жастық шіркін сол-ау! деп.

* * *
Көңіл қайтты көп ойнақы сөздерден,
Жазды оны жаттап алып кез келген.
Жазған да ақын, жаттаған да ақын боп

Өлең қазір танымастай өзгерген.
Бала десең бала үйретіп әкесін,
Көрмей ісін көзге басып қатесін,
Ойыншықты өзің ойнап тоздырған

Қайта ойна деп әкеп берсе, қайтерсің.

ДОМБЫРА

Әбділда Тәжібаевқа
Шабытты, шапшаң, мінезді
Сонау бір жігіт шағында,
Шебер-ақ екен бұл өзі

Домбыра баптап шабуға.
Одан соң өнер жайынан
Айтпайды солай болды деп:
«Сібірдің қарағайынан

Соғып ем,— дейді,— соңғы рет».
Қайран өнер тағдырдың
Талқысында кетіпті.
Дәм бұйырып ол бір күн

Ауылына жетіпті...
Кейінгі жақсы жылында
Құрдасы кепті елуге.
Құрдасы келсе, мұның да

Хақысы бар ғой келуге.
Сезім қандай тым күшті,
Кеудеден атар толқынды!
Тастап кеткен бір істі,

Қайта алсам деп ол тұрды.
Бар еді бір үйеңкі,
Кәрі еді әке көзіндей,
Тартылмаған күй өңкей,

Ашылмаған көмекей,
Тұрғандай ед өзінде.
Жаңқаламай құр шауып,
Жарқ етті де ақ болат.

Жауырынға бір таңып,
Әкелді үйге арқалап.
Күндер өтті түндермен,
Тер тамшылап маңдайдан.

Қай-қайдағы күйлермен
Оянғандай қайдағы ән.
Балқып, шалқып тебіренді ол
Бақыт, шаттық күйіне.

Бір аяулы перзент сол —
Өнер деген дүние! ...
Ертеңіне той-думан,
Көрді құрдас, сүйсінді.

Жарқ еткізіп қойнынан —
Домбырасын ұсынды.
Алды құрдас, алғыстың
Саны бар-ау деген не!

Тек көзінен жалғыз шық
Домалады төменге...
Білді шебер мың сырды
Құрдасы барлап ұққанын.

Білді осынау мол шудың
Өзіне құрмет тұтқанын.
Білмеді бірақ бұл сәтте,
Шеберлік деген бір шыңның

Басына бүгін шыққанын!
* * *
Көшеді бұлттар көк жүзінде
анталап,

Жауардай қатты
бәрінде соның бар талап.
Жаумайды бірақ, жел жетіп келсе сескеніп
Күрілін айтып, кетеді қайтып

шалқалап.
Тоқымдай ғана, кішкентай қара бұлт
шығып,
Алысып желмен

айбарын шашып құлшынып,
Жарқ ете қалып, денесі балқып
от болар,
Жеңілер желің, бір алып демін

күрсініп.
Сауылдап сосын көрсетер жауын құдіретін,
Тілегін елдің, қадірін жердің білетін,
Сүйемін сондай қуатты бұлтты кішкентай

От пенен суды өзімен алып жүретін.
* * *
Көк теңіздің үстінде
Келеді ұшып шағала,

«Сонау толқын ішінде
Өмір көшіп бара ма?»
Ойға батты ол бәлкім,
Жоғалтты ма сол салтын

Ұшып келе жатқанда
Ой ойлауға болмайтын.
Өз биігін жоғалтып,
Әрлі-берлі теңселді.

Деді теңіз тіл қатып:
«Көтеріп ұш еңсеңді!»
Кетті қайта түзеліп
Әлгі меңзең ойшыл құс.

Бермейсің-ау бізге ерік
Кейде осылай, ой, тұрмыс.
...Ауыр ой кеп басыңа,
Кезің туса ем іздер,

Бола берсе қасында
Ақыл айтар теңіздер.

ЖАЛЫН БИІ

Өзбек бишісі — Клара Юсуповаға
Алатауда киік болып зырладың,
Аттап-аттап ақ ала бас шындарын,
Есіккөлді көре салып қарғыдың,

Ойламастан аңдап тұрған кім барын.
Неткен өжет, асау едің, сәби ең,
Кезендім де, үркітуге қимадым.
Құралай көз суға түсті сәулесі,

Маған емес, көлге көңіл сыйладың.
Бірақ көлдің шағын екен аясы,
Әрі-бері зырқырадың, симадың.
Кеттің тартып, кең далаға арқаға,

Болып бейне би дария, күйлі ағын.
Теміртауда жалын болып бір шумақ,
Домна пештен шыға келдің сен тулап.
Шықтың-дағы жерде билеп жөнелдің,

Есін танып, қолын соқты ел шулап.
Би еді ол, жалын оттан жаралған,
Жатты балқып, жанып кетпей жер шыдап.
Жұрт ыстықтап, өзің-дағы ыстықтап,

Тағы қайта жалбарындың көл сұрап.
Сонда Арқа Бурабайын ұсынды,
Қарсы алдыңнан Көкшетауы тосып ап,
Аққу болып тағы билей жөнелдің,

Сені құшқан арманы не, со көлдің.
Жұмбақтаста жасырынып көзімнен,
Оқжетпесте үстінен өттің төбемнің,
Тағы қайта көлге қондық айналып,

Тағы да бір кезендім де бөгелдім.
Балқұрақты бал ерніңмен бір тістеп,
Би биледің, қызықтадың, кенелдің.
Қанат жазып мойыныңды мың толғап,

Дедің асқақ, дедің сұлу менен кім?
Шыдай алмай садақ тартып жібердім,
Сабырымды сарқып алған екенмін!
Сонда биік көтерілдің сен зырлап,

Күміс болып өне бойың сыңғырлап.
Тәңір-ай! - деп бармағымды бір тістеп,
Қала бердім, кете бердің бұлдырлап.
Сонда маған Көкше басын шайқады,

Қарағайлар өкінішпен сыбырлап.
Қиялымның тұлпарына мінсем де,
Жеткізбедің, алыстадың жыр-жырлап.
Ақ мақтаның даласына бардың да,

Ғайып болдың, жанды ұрлап, сырды ұрлап.
Мақта да аппақ, сен де аппақсың, таппадым,
Тым болмаса қоштаспадың қол бұлғап!

БАЛҚАДИША

Қазақстан Магниткасының құрылысшысы
Балқадиша Шалқароваға
Балқадиша, бал еркесі Нұраның,
Сен әсемсің — сен де сұлу бір ағын.

Сенің көзің жағар болса шырағын,
Іздемеймін мен киіктің лағын.
Балқадиша, биігіңнен түс төмен,
Сені мақтап аққу демен, құс демен.

Сен адамсың адам ісін істеген,
Балқадиша, биігіңнен түс төмен.
Мақтамаймын, мақтап жатса, иланам,
Сен болыпсың еңбегіңмен сыйлы адам,

Саған арнап жаза қалса жырды ағаң,
Балқадиша, есіміңді қимаған!
Баспалдағың бұлтқа дейін өрлеген,
Тұрсың алыс, тұрсың биік сен менен,

Естілмейді дауысың да «кел» деген,
Биік құмар болдың мұнша сен неден!
Балқадиша, мейлі әйтпесе, ұша бер,
Арманыңды, аспаныңды құша бер,

Өзі-ақ сені жерге бастап әкелер
Бір қайсардың махаббаты қуса егер.

ЖІГІТ АҚЫН

(Сұлтанмахмұтқа)
Жомарт қой біздің бұл халық
Тілеуін ақтан тілеген,
Келеді бір-бір ұлды алып

Еңсесі көкті тіреген.
Туғызар талай еркін ел,
Жолаушы жолын суытпас.
Келешек бәрін келтірер,

Берешек дала ұмытпас!
Жырлады әсем солай бір
Халқының асыл мұратын.
Сұлтанмахмұт Торайғыр

Немересі — ұлы ақын.
Жиырма сегіз жасында
Тағдыр ажал тап қылған.
Жиырма сегіз ғасырға

Ол өлеңін лақтырған.
Ағып түсіп көгінен
Нажағай боп тас тіліп,
Қарар бүгін терімнен

Бір сүйкімді жас жігіт.
Ойлап, қиял жүгіртіп,
Сүйсінемін даңқына.
Ол мәңгілік жігіттік

Жасап кетті халқына!

ҚАНАТТЫ ЖАНДАР ОТАНЫ

Көңіл де, көз де қызығып
Аспаншыл болды жанымыз,
Мың арман сүйреп, жүз үміт
Ұшқалы жүрміз бәріміз.

Бәріміз бірдей қанатты
Адам боп шықтық ілезде.
Артатын аяқ бір атты
Арман ғып жүрген бір кезде.

Атамыз көкке қарайды
Қолымен көзін қалқалап.
Анау бір аспан арайлы
Шақырғандай қолқалап.

Ғажайып дейміз, ғажайып!
Барамыз ұзап, шектелмей.
Жердегі жолдар азайып,
Көк жаққа көшіп кеткендей!

Әркім бір тәтті сезімде
Жолаушы болмақ, ол да ұшпақ.
Көгілдір көктің жүзіне
Болдырмай жетер болды шақ.

Армандар жылдам ескіріп,
Күн сайын жатыр жанданып,
Түскі бір арман, кешкі үміт
Ертеңгі іске айналып.

«Жылдамдық» атты сөз ғажап
Өмірге кірді өктем кеп,
Уақыттың өзі бізге жақ,
Жолымның бәрі көкпеңбек.

Осынау әсем жолменен
Жүйткиміз алғы күнге біз
Жеткізе жерге сөйлеген
Аспанда тұр мінбеміз.

Сол мінбеден жырланбаң
Жоспары коммунизмнің.
Тыңдамақ, соған түрілмек
Құлағы жердің жүзінің.

Шығады күміс жол тағы —
Қуанар күмбез көгіміз.
Қанатты жандар Отаны —
Жердегі Күндей еліміз.

Тосады түнде, күндіз көк
Жіберсе мейман Москва —
Ұшамыз бір-бір жұлдыз боп,
Партия нұры астында!

ТАРАЗЫ АҚЫН

Аралда жолықтым бір аушы қартқа,
Теңіздің жағасында, күн шуақта,
Отырып судыраған құм үстінде,
Айдын да аласұрмас тыныш уақта.

Осынау әңгімені шертіп еді:
«Ол кезде іске аспаған ер тілегі,
Балықшы бабаларда болмады ерік,
Тек мына теңіз ғана еркін еді.

Тулаймын, бұлқынамын десе мейлі,
Тар еді мұның-дағы кеше бейілі.
Мысалы толқындай-ақ адам өмірі
Ұрпақты ұрпақ жалғап еселейді.

Арғы атам балықшы екен аты кеткен,
Тағдыры сол өнерін артық еткен.
Атақты талайлармен дос болыпты,
Достығын жырдай қылып айтып өткен.

Әйгілі, әнші, жыршы, ақындардан
Жан емес жанаса алмай ғапыл қалған.
Бірі екен сол досының Таразы ақын —
Бұл күнде өзі түгіл, аты да арман.

Шіркін-ай, соларда да болмай ерік,
Тағдыры қуған жаққа аунай беріп,
Аралдан мына біздің бір-ақ шыққан,
Жүріпті қасында атам қалмай еріп.

Басында сонау түкпір Қосаралдың,
Болыпты жазда тіккен қосы олардың.
Ол кезде өз әкемнің бала күні
Демейтін ер жетермін, ау салармын.

Қасында қарындасы о да сәби,
Жоқ-жетім, қай бір онда тамаша күй,
Өсіпті көз алдында Таразының,
Ішінде қамыс шатыр — оңаша үй.

Кез ғой ол «оразаға көшкен ермек»,
Ақынның кәсібі не істеген — деп,
Сұраса, атам жұртқа айтады екен
Қолынан қарындашы түспеген, - деп.

Мейірімді, аппақ көңіл жан болыпты,
Сүймеген қиянатты әм зорлықты.
Қақ жарған қара қылды әділ екен,
Таразы деген атты ел қойыпты.

Жүріпті кеудесінде толып арман,
Артында аяулысы — елі қалған.
Солар да сабаз-ақ қой со бір күнде
Халықтың қасіретін бөліп алған.

Әлгінде ақынмын деп сен айтқасын,
Әшейін бір әңгіме болып қалсын
Деген ғой, әдеттерің ескі адамнан
Әңгіме дәмететін жолыққасын!»

Білімді әм кемеңгер парасатты,
Дәл сондай ақын болған Таразы атты!
Деді шал, «Менде куә» дегендей-ақ,
Аралға күн еңкейіп бара жатты...

ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫНА

Жолдастар! — Осы сөзге жалын құйып,
Ардақтап коммунистер арын биік,
Арнаймын мен сендерге мерекеде,
Ақын боп, жазған жырдың бәрін жиып!

Мейлі ол бір кітап па, он кітап па,
Жанымның гүліндей көр, сен құшақта!
Жырымды бір коммунист қолтықтаса,
Жүргені өлеңімнің алғы сапта!

Айналсам Қазақстан деген аттан,
Тек жалаң сезім емес жер ұнатқан,
Сол жерге ұлылықты алып берген
Көремін, ер коммунисті, сені мақтан!

Дәл бүгін республика салтанатын
Жырлауға жыр табатын, ән табатын
Өзіңсің, Коммунистер партиясы,
Шабытты шапшаң ақын, шалқар ақын!

Айырман жерді сенен, сені жырдан,
Болғанда мереке тау — теңіз думан,
Қожасы қос данышпан — халық пен сен —
Заманның тұңғыштары егіз туған!

Қырық жыл бұл далаға еңбек етіп,
Мал бағып, егін егіп, ел көбейтіп,
Қаланы қаздай тізіп, завод жасап,
ГЭС салып, теңіз тұсап, сел бөгетіп.

Сен жүрдің, сеніп жүрдің жеңісіңе,
Басшы да, қамқоршы да ел ісіне,
Өзіңсің — бірақ әкім болған жоқсың
Еңбектің әзір ие жемісіне.

Халықтан қасиетің айнымайтын
Сол сенің ұлылығың айдан айқын.
Бір ғана үлкен кісі — ол туған ел
Дәл тауып, еңбегіңді бағалайтын.

Сол бағаң — бұл мерекең егіз тапқан,
Той сыйы — сен жасаған жеміс бақтан
Партия — республика мақтанышы,
Жаса сен, жеңістен соң жеңіске аттан!

ДОСТЫҚ, ТУЫСҚАНДЫҚПЕН

Достық, туысқандық пен
Татулық, жомарт пейілді,
Қашаннан жүрек, жан күткен —
Махаббат, ықылас, мейірді.

Адамның асыл кездері
Осыларменен білінбек.
Шуақтай майда сөздері,
Жүздері тұрса күлімдеп.

Қиянат, қисық, қыңырлық
Мінезге түскен дерттерден
Арылып адам, жуынып,
Айнымай тұрса көктемнен.

Күншілдік, қулық, залымдық,
Арамтамақ, масылдық
Адамнан тартып алынып,
Ауаға кетсе шашылып.

Шіркін-ай, таза еңбекпен,
Өмірін тұрса көбейіп!
Осынау күнді қол жеткен
Рахат демей не дейік!

Жоспарда бүгін кездестім
Осынау жаңа адаммен,
Сол үшін деймін өлмеспін,
Сол үшін жырлар жазам мен!

ЛЕНИН ШАПАҒАТЫ

Еркіндік атты арманға
Адамның қолы жетпеген,
Салауат айтып мал-жанға,
Тілдескен аспан-көкпенен.

Мыңдаған ғасыр көк қалғып
Олардың тілін ұқпаған.
Адамды адам кіріптар ғып
Бір-бірін езіп иықтаған.

Биіктеу тұрсам деуменен
Берілді қаннан мол құрбан,
Бір-бірін теуіп кеудеден,
Бір-бірін адам қор қылған.

Ленин жерде туды да,
Көзімен шолып көне елді,
Азаттық үшін бір мына
Күресті бастап жөнелді.

Не деген ғажап сол дәуір!
Үстіне елдің күн қонып,
Азаттық тиді қолға бір
Ал қызыл жалау ту болып.

Жыл сайын соны көтеріп
Биікке, сонау күн жаққа,
Жықпасқа туды серт беріп
Тұрамыз ылғи біз сапқа.

Масайрап менің ұлы елім,
Алғысқа толы алаң жақ.
Адамзат үшін Ленин,
Ленин үшін адамзат.

Ризалық айтып жатқандай
Болады ылғи маған бір.
Адамды адам даттамай,
Алақанға ұстар заман бұл!

ТӨРЛЕҢДЕР, ЖОЛДАСТАР!

Ал, кәне, құрмет жұмсап қал,
Қазақы қала, ауылдар,
Кең ашар бізде құшақ бар,
Құшаққа толар бауыр бар!

Келуің қандай сәтті еді,
Ағасы орыс елдің — сен!
Қымыздай көңілің тәтті еді,
Самалдай рахат едің сен!

Өрлеші төрге, алға шық,
Жазылмай құшақ, жабыссын!
Байтақ пен байтақ жалғасып,
Жазық пен жазық

жарыссын.
Ән — дария, жаңбыр — жыр,
Құн — шежіре, таң - бұлбұл
Саған деген қазақтың

Сағынған адал жаны бұл,
Соғылған алақаны бұл!
Достық атты бесікті
Тербетіңдер, жолдастар,

Айқара аштық есікті,
Төрлетіңдер, жолдастар!

ЛЕНИНГРАД ЖЫРЛАРЫНАН

СМОЛЬНЫЙ

Келдім мен тоғыз болмай,
қызметкердей,
Мың келіп бұрын буған,
мың кеткендей.

Ағылған адамдардың әр қайсысы,–
Бүгінгі атқаратын міндеттердей.
Дәл тоғыз. Қызметке кім кешіккен?
Тек қана аспандағы күн кешіккен.

Декабрь күнді басып жібермейді,
Түсем деп ұмтылса да түн-бесіктен.
СССР қызметте. Ленин бастық
Қабылдап жатыр жұртты. Есік ашық.

Ол есік — миллиондар өтер жолы
Алдағы болашаққа еркін басып.
Бәрі де бүгінгідей. Сеземін мен,
Ленин ақылдасып өз елімен,

Советтік өкіметтің міндеттерін
Жатқандай ойлап шешіп кезегімен.
Смольный! Тәтті ойларға шомылам мен,
Осынау таңғы көркем шұғылаңмен.

Өзің де сонау таңда жаңғырықтың
Адамзат асыл даусы - сол ұранмен.
Смольный! Неткен байтақ ел төсіндей,
Бар адам баурындағы еркесіндей,

Бүгінгі бар мекеме, барлық кеңсе,
Бар трест, бар управтың әкесіндей!

ПЕТРОПАВЛ ҚАМАЛЫНДА

Өтпейді еш жерінен күн мен дыбыс,
Мәңгілік тас қараңғы, түн тым-тырыс.
Адамға адам жасар қиянатты
Тілсіз-ақ баяндаған бір тылсым күш.

Революция ерлері мұнда жатқан,
Тұрып-тұрып, жұлдыздай жылдар аққан.
Өз жанының оттарын жарық етіп,
Өз дауысын өткізген мың қабаттан.

Бұл камера – Горькийдің жанын қысқан,
Қаламынан сонда да жалын ұшқан,
«Күн баласын» жазыпты дәл осында
Өзі күндей ардақты сол данышпан.

«Күн — анамыз, біз күннің перзентіміз,
Жарық күнмен қашан да бірге еншіміз.
Күнді бізден ала алмас ешкім тартып,
Күн туғанша таусылмас күресіміз».

Осы сөздер жазылған жарға мықтап,
Адам күшін айтқандай мәңгі анықтап,
Азаттықтың алғашқы дастанындай
Жан тебірентіп оқисың, ойланып қап.

Талай-талай ардагер азап артқан,
Лениннің ағасы Саша жатқан,
Койканы мен сипаймын алақанмен,
Төрт аяғы мызғымай тасқа батқан,

Аттағанда бұл музей босағасын,
Дейсің іштей: «Бақытты болса басың,
Мәңгі осынау ерлерді есіне алып,
Мәңгі алғыстан ауызың босамасын!»

«АВРОРА»

Көрдім мен, өзімді өзім алып барып,
Қараймын аң-таң қалып, анық танып,
Қасымда тұр бәрі де кәдімгідей,
Бала жастан оқыған барлық тарих.

Қарсы бетте көк зәулім Қысқы Сарай,
Таң ілінер басына алтын арай,
«Аврораға» алаңдап содан бері
Әлі тұрған секілді қарай-қарай.

Бірақ үнсіз, тыныштық ендігі арман,
Ел есінде еңбегі мәңгі қалған,
Қарт революционер секілді «Аврора» —
Қарт Неваны жастанып демін алған.

МЫС САЛТ АТТЫ

Жер шауып, болмайтындай бұл түгесіп,
Атының омырауы бұлтты кесіп,
Сан озып ғасыр бұдан, бұл ғасырдан
Кетсе де, төзу білмей тұр сіресіп.

Өзінің заулап тұрған заманында
Россияны жетектеген адам бұл да.
Жыландай белі үзілген беттей алмай,
Тұлпардың тағдыр жатыр табанында.

Аспанға өр кеудесі шалқақтаған,
Жортуыл аласұрып, жай таппаған,
Арасын көк пен жердің жалғаймын деп,
Келеді әлі шауып салт атты адам.

Осынау уақыт-тұлпар жалында ойнап,
Жүйрік ой, шапшаң шабыт, қалың қайрат,
Орыстың өз жүрегі жүйткігендей
Ұмтылып болашаққа, жаны жайнап.

ТҮРІКМЕН САЗДАРЫНАН

ЖЕТІ ШЫНАР ЯКИ ФЕРУЗА

Әлдеқанша ғасыр өтті
Сыйлағалы жер-мырза,
Сендей қызды қасіретті,
Қасиетті, Феруза!

Жеті ағаның ортасында
Қиылыпсың қыршыннан.
Әлде осы тау жартасында
Болды ажалың бір сұмнан?

Сонша туыс қорғай алмай,
Қор болғаның қиын-ақ!
Сол қайғыңды ойлай-ойлай,
Бар көз жасын жиып ап.

Жеті бауырың сынар болып,
Қайта бойын түзетіп,
Қалған қатып шынар болып,
Өлігіңді күзетіп.

Жеті ғасыр кешті, бәлкім,
Жеті шынар азбаған.
Дәл осылай ешбір ақын
Махабатты жазбаған!

АМУДАРИЯ КЕЛЕ ЖАТЫР

Өркеш-өркеш құмдарына
Күн қонатын — қызыл шатыр.
Қу, шөлейтке, қырға мына,
Бір дария келе жатыр,

Қара, Ашхабад!
Өмір, өмір, қайран өмір,
Бу боп шалқып, су боп ойнап,
Ол ойнаса, жайнап өңір,

Тулап толқын канал бойлап
барады, Ашхабад!
Бар түрікпен бөркін алып,
Лақтырады көк аспанға,

Құм кеудесін серпіп ағып
Су өзіне жол ашқанда,
қуан, Ашхабад!
Қарау үшін сұлу жарын

Бой созады шынар құмнан,
Көл боп келед, сел боп келед,
Сен деп келед, шық алдынан
жылдам, Ашхабад!

Тіреп тұмсық Копетдагқа,
Жайып шашын жатпақ ару,
Безеп бойын гүлді баққа,
Қалды артта қала Мару,

жолды аш, Ашхабад!
Келе жатыр көк дария
Өріп толқын — жас баласы,
Құттықтаймыз, уа, қария,

Түрікпеннің астанасы,
Әрі әсем жас қаласы,
жолдас Ашхабад!

ШАҺСӘНӘМ

Бұл — күн десем, бұлбұл десем нанбас ең,
Мен қайтейін, ол теңеуге бармас ем,
Егер Шаржоу аспанының астында,
Ол секілді естімесем әнді әсем!

Ол Түрікпен топырағынан нәр алған,
Гүл боп исі ауасына таралған,
Ол бір маржан, тұла бойы нұр сәуле —
Амудария толқынынан жаралған.

Оған бұлттар көктен жұпар біріккен,
Ол киіктің баласындай үріккен,
Алатаңнан соны ғана сайратып,
Алақаннан түсірмейді түрікпен.

Уә, табиғат, неткен жомарт, мырзасың,
Мен туғыздым, мені ғана жырласын —
Дедің бе әлде — сонша нұрдан жаратып,
Сонша күшке ие қылып бір басын!

Fажап сенің құдіретің, қуатың,
Анда-санда бір мықтыны туатын.
Бүкіл халық талантына бір өзі
Айғақ болып, айтып қана тұратын!

ТЕҢІЗ БАЛЛАДАСЫ

(Аңыз)
Ғашығын тосып, қайғырған
Көзінен жасы тамшылап,
Алыстан, сонау айдыннан

Әр толқын келсе, жөн сұрап,
Жағада тұрды қыз байғұс,
Ажары күнмен таласып.
Қанаты суық мұздай құс —

Үстінен өтті әрі асып,
О, сұмдық, не еді сонау құс,
Басынан ұшқан бақыт па!
Күткелі көп жаз, талай қыс,

Зымырап өткен уақыт па!
Дегенше болмай, жел тұрып,
Ұшырды қызды жартастан.
Толқын да, қыз да бұлқынып,

Аз ғана бір сәт айқасқан.
Белгісіз есім, аталды ат,
Жан дауыс, соңғы үн шықты.
Бір уыс маржан — махаббат,

Теңізге батып, тұншықты.
* * *
Жағаға күнде жиналып,
Тасбиық тартқан татарлар,

Күңіреніп, жылап, қиналып,
Аллаға жаббар, айтқан зар.
Қырымның қоңыр таулары
Теңізге қалған үңіліп.

Миуалы бақша-баулары
Жемісін шашқан, бүлініп.
Жолына қыздың құрбандық
Шалынған мал, жан мыңдаған.

Алыстан Алла құр қалғып,
Арызды шала тыңдаған.
Сол күні, — дейді, — теңізге
Қыз әкесі ау сапты.

Тауыпты жолай, еңісте
Үзіліп қалған моншақты.
Жалт қарасы, айдынға
Асылып қалған бір білек.

Алыста көздің алдында
Ағынды асау тілгілеп.
Барып та барып, шым батқан,
Жерінде иірім тұрды сәл.

Ышқынып мана үн қатқан
Қызы екенін білді шал.
Қиырда сонау ырғалып,
Жететін жерде көз сөніп,

Бір нүкте, бәлкім, бір қайық
Тұр еді дейді теңселіп.
Аздан соң нүкте үшеу боп,
Тағы да қайта табысқан.

Қууға қайық мешеу боп
Жағаға келіп жабысқан.
Қарғап та тілеп тұрмысты,
Болыстық таппай жалғаннан,

Толтырып жасқа уысты,
Сақалын жұлып шал қалған.
Теңіздің тентек толқынын
Жасынан сүйіп жастанған.

Бақытын тонап жолшының,
Жүрегі жұмыр тас болған.
Тағдырын суға тапсырып,
Талайын судан іздеген.

Жіберсе теңіз басқа ұрып,
Үмітін содан үзбеген.
Дауылдар оны үркітпей,
Қайығын күнде салатын,

Толқынға қонған бүркіттей
Қаусырып темір қанатын.
Іздері әмән жем еді,
Теңізден қырға атылып.

Қалтылдақ ыс бір кемені
Тонайтын терең батырып.
Бір күні қызға жолықты,
Жүргенде жайнап, күш сақтап,

Жамылып толқын ол күтті,
Денеге көзі түсті аппақ.
«Қарақшы жолы боларда,
Қара жел серік» — дейтұғын.

Әкелді қызды сол алға,
Жайындай жемін жейтұғын.
Қара бір шеңгел қаңбақтай,
Қақты да қызды, жоғалтты.

Тұншықтырмай, аунатпай
Әкете барды сол әккі.
«Әкепті біздің қанішер,
Сұлуды сүйіп, өбектеп,

Мекені қыздың — алыс ел,
Қырымнан болса керек!» — деп.
Жағасына айдынның
Ауларын жайып кептіріп.

Бірінде бейбіт, жай күннің
Айтысты аңыз кеп түрік...
* * *
Арада жылдар аунақшып,

Осынау жүйрік толқындай,
Айдың бір басын ай қақшып,
Аға да берді күн тынбай.
Дүниеге келді бір перзент,

Нәр алып өмір-бұлақтан,
Ай әлдилеп, күн тербеп,
Толқындар оны жұбатқан.
Туған ел, алыс жағалау

Алмай да көзін бір содан,
Артында аңдып зұлым жау,
Анасы байғұс шаршаған.
Ұшса да жалғыз шағала

Сәлемін айтып зар жылап,
Жапанда, жалғыз жаға да,
Алдында сәби маужырап.
Айдынның ащы суындай

Жасымен құмды суарып,
Ойлайтын нелер бұл ұдай,
Көретін қандай бір жарық.
Шалынса көзге бір желкем,

Түтіні көкте будақтап,
Жүгірер еді күнде ертең
Сәбиін шапшаң құндақтап.
Дариғай, ыстық туған жер,

Біресе асыл ана боп,
Біресе жұпар, көк нөсер,
Біресе жайсаң дала боп.
Біресе ыстық бала боп,

Біресе жалын жар болып,
Біресе қорған, пана боп,
Біресе азық, нәр болып.
Жер жүзіндегі асылдың

Бәрі болып, бар болып,
Құртасың ғой жүректі,
Көре алмай қалсақ — зар болып!
Қырсықты тағдыр. Қырсық көп,

Жауады күнде жауындай.
Үзілді үміт быт-шыт боп
Балықшы әке ауындай.
Сонау бір Қырым таулары,

Қыдырған әсем баулары,
Арбады жанды, арбады,
Шыдауға дәті қалмады.
«Құрбылар қалды-ау, жар қалды-ау,

Өмірім болдың неге жем?
Миуа теріп барған тау,
Күлісіп қайтқан көк өзен.
Бұрқырап жатқан «Ұшан су»

Бұрымымды үзсең болмай ма?
Сонау бір туған тұстан су
Бұйырып ішсем болмай ма?
Кеш мені, сәби, сен ұқпас

Тәуекел мені тұр бастап.
Қырсықса тағдыр, қу қақбас,
Жатармыз бірге құм жастап.
Менен де қалып, сен тірлік

Етпессің, тауып сән-қызық.
Бәрі бір сорлы жетімдік,
Бәрі бір сорлы жалғыздық.
Осынау Қара теңізден

Бел будым жалдап өтуге,
Ақ сүтін беріп емізген
Қырымға қайран жетуге!
«Тәуекел түбі — жел қайық»

Қаруым жалғыз Тәуекел!
Тілеймін қолым кең жайып,
Жәрдеміңді, алла, бері әкел!
Қорықпа, балам, мұң шегіп,

Үшеуміз қазір — біз бармыз.
Махаббат атты бір серік,
Қолдаса құстай зырлармыз!
Тұншықсаң теңіз суына,

Ақ сүтімді еме бер!
Мен тұншықпан, сірә да,
Есен болсаң сен егер!»
Үш жасар сәби жымиып,

Қарайды күнге, анаға!
Тарта ма, сонау тұңғиық,
Бола ма жаны садаға!
Қайдан білсін ол сәби,

Тағдырын құрық сілтеген!...
Толқиды толқын — о пәни,
Бір жоғары, бір төмен.
Осылай өмір жолы да,

Өтпексің зырлап, дөңгелеп,
Тұңғиық терең қойнына
Басыңмен сүңги бер демек!
Тәуекел атты бір мықты

Азанда бастап соларды
Қойнына теңіз сүңгітті,
Қос нүкте көзден жоғалды.
Қос нүкте! Қос жан, Қос өмір,

Қосақталған күйінде,
Деді ме, бәлкім, қош, өмір! —
Кетті теңіз түбіне.
Қарғыған жерде қалыпты із,

Түріктер көзі қадалған:
Десіпті: «Мынау балыққыз,
Су перісінен жаралған!
Адамда болмас бұл жүрек,

Келе ме тағы пір деуге?
Ілігіп жүрер, кім білед,
Ау салмайық бұл жерге!»
Сонда бір ойлы ақсақал,

Қадалып сонау айдынға,
«Жамағат тыңда, тоқта сәл,
Бір хикмәт бар мұнда!
Әулие дер ем бұл істі,

Жан-жағы толы шапағат!
Тастады қапас тұрмысты,
Айтты да ақтық, лағнат.
Сағыныш алып жөнелді,

Басуға улы бір дертін.
Ең болмаса, ол елдің
Ауасы еркін, суы еркін!
Еркіндік деген дүние-ай,

Қанатысың ғой адамның!
Азаттық аз күн, не бір ай —
Болды да бейбақ соған мұң!
Пері де емес, жын да емес,

Періште болса шараң не?!
Бәрі бір олар мұнда емес,
Атам де, мейлі, шабам де!
Өзі де оның оқ, бәлкім,

Тағдырын көздеп атылған,
Оқты кім бар жоқтайтын,
Оқты кім бар шақырған!
Тірі болса, егер де,

Тілегін тіле жабылып!
Әйтпесе жай ел-елге,
Аңыз қыл, сиын, табынып!
Махаббат атты құдірет

Періште қылған соларды!
Соғуын тияр құр жүрек,
Өлмейтін жандар со мәңгі!»
Деді де, ауыр күрсініп

Сақалын аппақ салалап,
Көзінен жасын бір сығып,
Кетті теңіз жағалап.
Артында үнсіз топ қалды,

Өркеш-өркеш жағадай.
Толқындай сұлық тоқталды,
Көпке шейін тарамай...
Үш күннен соң жағада

Жүрді біреу қарандап.
Бейне бір ағаш бағана
Жолаушы көзі қадалмақ.
Сағымда ұзақ қозғалып,

Бұлыңғыр түстей бұлдырап,
Соңында дәурен жаз қалып,
Құлдилап төмен құлдырап.
Теңізге қайтып түсе алмай,

Түссе де тастап кете алмай,
Алдында ғажап күш бардай,
Тәуекел соған ете алмай.
Қайраны біткен сол байғұс,

Қарғап та сілеп тағдырын,
Салмағы зілдей бір қарғыс
Әкеткен тірлік барлығын.
Ауылдан, елден ол аулақ,

Адақтап, қуып шығарған,
Жарық күн, теңіз оған жат,
Азабы күтіп тұр алдан.
Махаббат атты әулие

Өзінің нәзік қолымен
Лақтырған қарғап мәңгіге,
Ойнамай ұзақ онымен.
Күні-түн жылап, шыңғырған,

Ұрғылап өзін әңмеңге,
Қалбалақтаған жығады жан,
Қалыпты дейді сол денде.
Қарғыстап өткен күндерді,

Қақсаған үнін тыя алмай.
Әлі күн қаңғып жүр дейді
Теңізге, жерге сыя алмай...
* * *

Теңізде мінез болған соң,
Теңізде де жүрек бар.
Азырақтасып алған соң,
Ентігін басар, ол да ұйықтар.

Теңізде жүрек болған соң,
Теңізде жан бар, сезім бар!
Сабасын жайып — толған соң
Саябыр, сабыр, төзім бар!

Өзінше ол да ұлы ана,
Құшағы толы тіршілік.
Қарайды ол да мұңдана,
Қасіретке жаны түршігіп.

Аяйды ол да мүскінді,
Аяулы болса туысы.
Мұқатса қара күш кімді,
Теңіздің жомарт уысы.

Әлдилер, жеңіл тербетер
Сыйқырлы жұмсақ алақан.
Сол әлдимен ержетер,
Тіршілік басы — балапан.

Осыған нанбай, кімде-кім
Шайқар да болса бір басын,
Тыңдасын теңіз жүрегін,
Жүрегі болса, тыңдасын!

...Белгісіз қанша күн өтті,
Құшағын теңіз ашқалы,
Махаббат толы жүректі
Қырымға алып қашқалы.

Жел көтеріп дем беріп,
Толқын жүйрік ат болып,
Сол екеуін өңгеріп,
Теңіз алтын тақ болып.

Бастарынан күн аумай,
Серік болып көп жұлдыз,
Көкте жүзген нұрлы айдай,
Жүзе берді сол бір қыз.

Батыр қызы Қырымның
Өмір атты жорықтан
Келе жатты, сұлуың
Астында аты зорыққан.

Арман деген ат еді ол,
Тұлпар еді-ау самғаған.
Адам білмес алыс жол,
Ешкім көпір салмаған.

Қажытты да мұқатты,
Жалғыз теңіз не істесін?
Мына сапар, бұл шақты
Жалғыз ғана кешкесін.

Адам керек мұндайда,
Айла керек, күш керек.
Шыбын жанға бір пайда,
Ақыл ғана істемек!

Теңізбенен — тіл бөлек,
Келеді оны арқалап,
Жалғыз ғана бір жүрек,—
Жалғыз ғана махаббат.

Әлсіз де жанған бір үміт,
Сөнерін білмей, сөнбесін,
Кеудеде туып бір күдік,
Жеңерін білмей, жеңбесін.

Көзінде тамшы, соңғы жас,
Шығарын білмей, шықпасын,
Өмір мен ажал салды айқас,
Жығарын білмей, жықпасын.

Туған жер — ыстық махаббат,
Қаларын білмей, қалмасын,
Қайран бір арман, қайран бақ
Жанарын білмей, жанбасын.

Ішінде жатқан бір өксік
Өшерін білмей, өшпесін,
Еңбегін зая құр еш қып,
Көшерін білмей, көшпесін.

Ең соңғы сағат қалғанда
Көрінді-ау туған жағалау!
Көрінді-ау көкшіл жайлау да,
Көрінді-ау барқыт қайран тау!

Дүние нұрға малынып,
Қарады әмір жылынып.
Тәтті арман, шіркін бал үміт
Өзекке түсті құйылып.

Көзінен жасы моншақтап,
Көңілде күдік тұншықты.
Бөбегін қысып құшақтап,
Атылып судан қыз шықты.

Өмірде тұңғыш көргендей
Ай Петри ақ басын,
Жүгіріп келіп енгендей
Жұмақтың ашып қақпасын.

Өмірде тұңғыш білгендей
Мисхорды, туған жағаны,
Үйіне алғаш кіргендей,
Танығандай ананы.

Қатарлас құрбы, келіншек
Жасауын алып келгендей,
Ақжібек көйлек, желбіршек
Төгілтіп үске кигендей.

Немесе жалын сонау жар
Жағада бір кез көп тосқан,
Секілді бейне бұған дәл
Еңіреп келіп, төс құшқан.

Қалшиған күйі тоқтаған,
Еткенде ерні сәл күбір.
«Рахат мұндай жоқ маған,
Бітсе де мейлі бір ғұмыр!

Демеймін қысқа тіледім,
Жоқ арман, жоқ, жоқ, жоқ менде
Қысында ұйықтап түнермін,
Оянып рухым көктемде!

Жазында жайнап гүл болып,
Биіктен төмен төгілем,
Қаламын мәңгі бір болып
Қырымым, жаным, сенімен.

Тұрғаным жетер осы көп,
Өзімдей болсын олжалы.
«Бала деген — осы!» деп,
Үңіліп тұрсаң болғаны!»

Деген сөз сонау ерінде,
Айтуға ауыр күш болған.
Теңізден шыққан жерінде
Мызғымай дене мыс болған.

Сәби де аң-таң күйінде,
Құшақтап алған анасын.
Мекені сол, үйі де,
Ол қай жаққа бара алсын!

Осылай келіп қауышқан
Үш бірдей асыл махаббат,
Ана мен бала, туған жер
Қашанда қатар аталмақ.

Қырымның жасыл таулары
Шақырар келіп көрші деп,
Жырлайды миуа, баулары
«Махаббат періштесі» деп.

Жағада халық тына қап,
Төсіне басып қолдарын,
Асыл бір сезім ұялап,
Үндетпей ұстап сол бәрін.

Мықты боп кеткен мәңгіге
Жомарт та есім, ер есім,
«Ана» атты тәңірге
Табынған жұртты көресің!

ҰҚСАСТЫҚ

Алғам жоқ әсте өмірді тілеп арзаннан,
Демеймін оны тіземін ылғи маржаннан.
Өмір — бір асыл, қуатты оттың дүниесі,
Ракета болса, алынған сонда бар заңнан.

Мақтанам мен де өмірмін, өзім отпын,—
деп,
Сұраман жалын өзгеде жатқан шоқты үрлеп,
Өмірдің қалың қабатын тіліп өткен де,

Мақтанбан бірақ өртеніп жанған
жоқпын,— деп.
Ракеталар жүзінде көктің жоғалған,
Өз отын сарқып өшкен соң онда жоқ арман,

Алайда маған оттарды жеңер от керек
«Востоктай» сонау жеріне қайтып оралған.
Көремін қазір алғы бір ұрпақ суретін.
Жанатын әмән, жануды аңсап жүретін,

Қалатын әман қалыңға түссе қайыспай,
Қаз-қатар маздап, қадірлес өмір сүретін.
Мақтанам мен де әмірмін, өзім отпын, —
деп,

Сұрамай жалын өзгеде жанған шоқты үрлеп,
Күнімде сонау мақтансам болды түбінде:
Мен де бір қалың ауаны тіліп өттім — деп.

АУЫЛЫМ

(ПОЭМА)

1967 ЖЫЛ

Бірінші бөлім

ТАҢ ATАРДА

Кіріспе

Торғайдың сонау көне қаласынан
Көп емес, он шақырым шамасынан.
Шығатын Қостанайға қара жолдың
Сағымды орын алған сағасынан.

Ауыл бар Шұбалаңның Қопасында,
Көгерген Көкпекті қыр жотасында.
Қаланың түбіне кеп қазір бейбіт
Қайырған қашқан құлын, ботасын да...

Бұл күнде шағын ауыл шаруа жайлап,
Жаңғырған жаңа нұрмен жайнап аймақ.
Тек қана бұрынғыша ерке Торғай,
Аунатып толқындарын салған ойнақ...

Бір кезде тентек ауыл — ала тасқын,
Жүзіндей аударылған ақ алмастың.
Сан ғасыр cap садақты мөңіреткен
Сабылып барымтасы мал мен бастың.

Соққанда революция дауылы үдеп,
Жеткенде Амангелді дабылы кеп.
Аспанға ойнап шығып асау бұлттай,
Атанған «Большевиктер ауылы» деп.

Осы ауыл

Аңыз етіп мұның даңқын
Көп жылдар көне шалдар жыр қылатын.
Көз жұмып, шарт жүгініп соғушы еді
Сұңқылдап сұр көмекей сұңғыла ақын.

Біз сонда тыңдаушы едік жата қалып,
Аңыз ел, арбап көңіл ата даңқ.
Қиялда қиян-кескі ұрыс жүріп,
Қан майдан, елестейтін қатал халық.

Аяғын азаттық – деп бітіретін,
Күрсініп көзбен көрген жұрт білетін.
Бас изеп, бәрі рас — деп тараушы еді,
Атқан таң ақ самалын жұтып еркін.

Енді жоқ ол жыршылар, көшті жерден
Ел ада елу жылда ескілерден.
Ер ауыл ерте күнгі сол тарихын
Егіліп ең соңғы рет естіп ем мен.

Қазірде барған сайын елімді аңсап,
Ағайын, алыс-жақын мені қоршап.
«Алдында ата-баба борыштысың!» —
Дегенді қояды ылғи есіме сап.

Ол жолдан талай-талай шаң басылды,
Бала күн, ертіп алып жолдасымды.
Үйіліп қалған ескі обалардан
Етектеп кеп теруші ем қорғасынды.

Көктемде су жүгірсе сай-жырадан,
Соғыстың жаңбырынан айнымаған.
Осынау қой құмалақ қорғасындар
Шығатын жер үстіне жайнап әмән.

Мен соған ғажап тарих табылғандай,
Жаутаңдап қараушы едім жаным қалмай.
Солардың қарауытқан дақтарында
Бабамның кеуіп кеткен қаны бардай.

Сонау бір айыр көмей жыршылардың
Ізіне өскен мен де гүл шығармын.
Солардың сортаң тартқан топырағында
Жайқалып өскенімді білсін әркім.

Торғайға шабуыл

«Лә илаһа, илалла,
Лә илаһа, илалла,
Лә илаһа, илалла!!!
Басталады бір майдан,

Төгіледі қызыл қан,
Кеш пендеңді жасаған,
Шаһит, шаһит — бұл құрбан!
Лә, илаһа, илалла!..»

Салауат бітті, қағылды дабыл,
Қара түн быт-шыт шыныдай қирап,
Ұйтқыды қала — қалың бір дауыл
Қалшылдап көктен шуылдай жылап.

Шаңқылдап мылтық, жалтылдап жалын,
Көк түтін кеше от құсап ойнап,
Самсаған тірлік сап қылмақ бәрін
Алапат ажал ақ тісін қайрап:

Қаптады-ай келіп қалың бір жылқы,
Шұрқырап, шулап, кісінеп атқып.
Айқұш та ұйқыш зеңбірек, мылтық
Белгісіз жатқан кімді-кім атып.

Азан да қазан ақ шіркеу қырда
Ұлиды қоңырау құлақты мүжіп.
Жағалай атыс анда да, мұнда
Қарғыған аттар қақпаны бұзып.

«Ой, бауырым!»,
«Өлдім!»,
«Кім барсың, кім бар?..»
«Қайт кейін, шегін!»,

«Тарт аттың басын!»,
«Басты ғой мынау!»,
«Аман бол, ұлдар!»,
«Ал кеттік!»,

«Алла, тасаттық алсын!»

— Сарбаздар алға!

Казарма жаққа! —
Ащы бір айқай алдыңғы тұста.
Жарылады аспан қараңғы шақта:

— Ұр итті! Бастыр!

Қу, жетіп ұста! —
Деген сан дауыс сатырлап жауған
Қорғасын селмен борайды тынбай.
Төгіле салған жанар бір таудан

Аяқтың асты оқ айдынындай.
Жөңкіген жылқы иесіз, ерсіз
Алаптан қуып айдап кеп тыққан.
Есірік жануар бағытсыз, ессіз

Бағанның шапшып басына шыққан.
Ал, анау шеттен лаулады оттар,
Аспанға мінді ақ ала жалын.
Аңырады қайта, ағылды доптар

Көрсетіп көзге самала бәрін.
Іңірден халық арбалап тасып,
Әкелген шөп пен қу қамыс, қурай.
Төрт жақтан бірдей от сәуле шашып

Көтерген көкке күп-күрең тудай.
Қап-қара түнді сап-сары мыстай
Пісіріп жалын жалмайды таусап.
Қан соқта қала үйітілген құстай

Күмбезді үйлер қирайды қаусап.
Алып бір шамдай майданның төсін
Жаңалаш көр деп көзге әкеп тосқан.
Қазаны соғыс қайнады сосын

Азалы түнге ащы айқай қосқан.
Көрінді жаулар, көрінді қастар
Бетпе-бет келіп шекпен мен шинель.
Ақырғы дауыс, қиылған бастар:

«Қайтпа да қайтпа!»,
«Жөнел де жөнел!».
...Кей-кейде жалын кең түскен жерде,
Қызады майдан қап-қара шоғыр.

Бір сәтте күл боп ұшады желге
Жаңағы аман тап-тамаша өмір!
Қос ақ боз мінген қос батыр сонда
Жарқылдап кіріп, жаусатып шығып,

Болады ғайып, қайтадан қолға
Төнеді шапшаң, шекпенін сығып
Кілкіген қаннан сорғытып зорға.
Шапшиды жалын ерлерді көзге

Ап-айқын етіп таңбадай басып.
Ұшады-ау енді деген бір кезде
Сіңеді түнге қайтадан қашып.
...Өртенді Торғай, енді үйлер жанып,

У-шуға толды сұмдық бір маңай.
Қаланың төсін зеңбірек жарып
Тоқтайтын емес «құлдық, құл» дамай.
Шегінді сарбаз, сырымды ғаскер

Қап-қалың өрттің қанатын сүйреп.
Манағы қою қорғасын нөсер
Бірте де бірте барады сиреп.
Әлі де сонау жоғарғы жақта,

Шықпайды топтан шығар ма — десең.
Қос батыр мінген ақ арғымаққа
Ойранды бастап жүр аман-есен.
...Қап, әне, тиді біріне оқ тажал!

Еңкейді аттың ақ жалын құшып.
Жарықтық жануар сытылып азар
Келеді құстай бер қарап ұшып.
Шегінген халық өзенді кешіп,

Көпірде тақ-тақ тұяқтар мың сан.
Жанады лаулап өрт әлі өршіп
Секілді мәңгі өшпейтін бір шам.
Ал әлгі тұлпар қиғаштай шауып

Ышқынып, ырғып келеді зулап,
Алды-артын оның оқпенен жауып
Жете алмай қалды әлдекім шулап.
Сәулесі өрттің алысқа кеткен

Босатпай атты табады келіп.
Ал қызыл отты шымылдық еткен
Тамаша таңның сағымы керіп.
Есінен ауған есіл ер сабаз,

Саурында аттың салбырап басы.
Келеді түспей ілініп сәл аз
Майысып ердің қалтырап қасы.
Көрінді ауыл. Көк-жасыл қамыс.

Қалды ма артта, япырмау, қауіп!
Жеткізді жануар көзіне таныс
Жасынан шапқан жайлауын тауып!
Бұлдырап сонау алыста, белде

Жанады Торғай жарқырап, лаулап.
Өртеніп батқан кемедей бейне,
Бүйідей толқын бүйірден саулап,
Тоқтады тұлпар. Ыңыранып ер де

Сылқ ете түсті атынан аунап...

Хакімбек Токин

Жарасын жалап жазылған
Жолбарыс тектес мынау ер.
Алмайды көзін боз қырдан,
Түтіндейді анау құба бел.

Құба бел асты кешегі
Майданның жұрты бықсыған.
Жарадар бүгін көсемі,
Қалың қол кейін лықсыған.

Хакімбек қалай? – Сұрау сап
Сардардан келген шапқын бар.
Айнала сарбаз тұр қоршап,
Азынап шетте ақ тұлпар.

Түркпен түстес — қоп-қоңыр
Қыр мұрын, ат жақ, қою қас.
Қой көзі ғана мөп-мөлдір,
Шағындау, әттең, бойы рас.

Жайдағы бейбіт күндерде
Жайдары жайсаң түрі бар.
Өйткені кейде күлгенде
Сәбидей сүйкім ұғылар.

Қозғалды ол. Оң жақ қолтықтан
Қолдауды бұзып шыққан оқ.
Күйдіріп басқан шоқпыттан
Өзге бір ем де шипа жоқ.

— Жігіттер! — деді ол саңқ етіп,

Тісінде сықыр, көзінде от. —

— Байладық басты ант етіп,

Ол анттан әсте безу жоқ!
Басталды сойқан. Бастаған
Сабаз ер сонау Сардардың
Кегі үшін сұрар патшадан

Садаға болсын қалған күн!
Кеш мені қайран ауылым,
Азапқа салсам сені мен,
Күнде естіп қырдан жау үнін,

Қаптаған оқтың селімен.
Дамылың қалмас енді алар
Қара жол үсті, қала анау.
Азамат басы жер болар,

Барымта — қатын, бала — дау!
Өшігіп алған жау қырсық,
Өлтірмей сені өзі өлмес!
Жатқанша күнде қан құсып,

Ата бір мекен жерден көш!
Арғы бет қалың ел қыпшақ,
Ар жағы дала ен қоныс.
Тартыңдар соны бетке ұстап,

Сияды соған бір болыс! —
Заман жоқ бөтен сөзге енді! —
Денесі толқып кетті оның.
Жаутаңдап тұрған көздерді

Жанары шарпып өтті оның.
Тосылды тұлпар көлденең,
Ырғыды батыр бұлқынып.
«Осынау сөзге көн!» — деген

Үкімді бірақ ұқтырып.
* * *
Қырық тоғыз үйлі Баймырза,
Алты ата мерген рудан.

Қайдағы мақұл, қайда ырза,
Сұраған болмай тірі жан.
Көкем айтты бір-ақ сөз,
Көктегі жайдан ол қиын.

Таң жаңа қылаң берген кез,
Секілді түйдек жел құйын.
Торғайды кешіп жөн тартты,
Буылған жасқа бір бұлттай.

Бала да шаға, салт атты
Оқтаулы тұрған мылтықтай.
Шықпаған шашау шың-дыбыс,
Қарайып артта көң-қоқыр.

Иттер де аң-таң, тым-тырыс
Шығысқа қарап, жолда отыр.
Жиырмадан астам көк арба,
Пар-парлап жеккен арғымақ.

Сықырлап жолға толғанда,
Аттылар кетті алды ұзап.
Сонда тек маңғаз төбеттер
Қозғалып көштің соңынан.

Бізге де сөйту керек пе? —
Дегендей жалап қоңынан.
Есіней жортып ерді олар —
Ып-ыстық жұртқа көз тастап...

Кәрілерді артқан арбалар
Жөнелді қиыр жол бастап.
Сау желген төрде жүз шақты ат
Жүз жігіт сарбаз — жер шолар.

Маңдайдан тері бұршақтап,
Кеше аман келген ер солар!
Ақ таңның шығы жалтылдап
Аттардың жалын сулаған.

Алыста, жұртта қарқылдап,
Қарғалар қалды шулаған.
Алдағы сұмдық айқастың
Айқайын қаны сезгендей.

Ақ боз ат — бейне ақ тасқын,
Тұяғы жерден безгендей.
Сағым боп ойнап барады,
Самалға терін кептіріп.

Хакімбек таңға қарады
Кеудеде қалың кек тұнып...

Даланы шолу

Күңіренді қазақ даласы,
Күмпілдеп піскен сабадай.
Қарсақпай, Торғай арасы
Қайнаған сарбаз жағалай.

Шығыста тулап көк Есіл,
Батыста Шалқар шамданған.
Көкшетау жағы көл-көсір
Көк найза басы қанданған.

Түстікте сонау Бекболат
Түмендей қолын шұбыртқан.
Қан майдан жүгін арқалап
Қасқырдай жауын ұлытқан.

Теңселді қазақ даласы,
Телегей судай көкке атып.
Арқа мен Сырдың жағасы
Ат басын жауға тоқтатып.

Амангелді сарбаздың
Аруағы түспей аспаннан
Сандаған болыс-ояздың
Ойраны бүгін басталған.

Айбалта басы ақ жалын,
Таң атса күнмен шағылған.
Жалаулы найза жан-жағың,
Сахара Сарбаз сабылған.

Торғайдан шыққан қалың өрт
Жүзіне күн мен ай тұнған.
Азамат ант пен ардақ серт
Азаттық үшін айтылған.

Жаңғырды байтақ кең дала,
Тарихты басқа көтеріп,
Басталды шарт-шұрт зіл-зала
Зеңбірек тынбай жөтеліп...

* * *
Қалды артта Доғал айқасы,
Күйіктің басы көк жанжал.
Үрпектің үйдей әр тасы

Омырып кеткен оқ дал-дал.
Жазалаушы әскер қаптады,
Жазықта бойы сорайып.
Торғайдың тоқсан қапталы

Түтін мен ыстан қарайып.
Жылаған ауыл, босқан мал.
Үйітілген кигіз, от-шаңырақ.
Қарамай артқа қашқандар,

Қашанғы мекен бос қаңырап.
...Хакімбек аулы — боз қамыс,
Көк жасыл жайлау
Бал өзен.

Көрінуші еді-ау көзге алыс,
Қара жол асу — cap кезең.
Қап-қара көмір дәл қазір,
Алдымен сол жер үйітілген.

Бар ауыл — түгел сарбаз бір,
Тек қана жонда иті үрген.
Ызалы ояз, кекті әкім,
Иттерді қырып ит-әуре,

Қарайды көзін тоқтатып,
Солардың сойқан жұрты-ау, — деп
Тақсырлап анау жандайшап,
Нысана қоймай тауып жүр: —

Иттердің жұртын жаудай шап,
Топырағы бұзық ауыл бұл!
Осы ауыл өткен ғасырда
Оязды басқа сабаған.

Тұрып ап таяу қасында
Қаланы талай қамаған.
Осы ауыл — кеше шөп тасып,
Торғайды түнде өртеген.

Тобырын жиып, топтасып
Егеске шыққан ертемен! —
Содан соң тағы зеңбірек
Қыстауды көздеп зәр шашып,

Жөнелді маңай, төңірек
Күйік бір сасып, күл сасып.
Қашанғы қилар шыжылдап,
Ыстығы бетке ұрғандай.

Азалы алқап ызыңдап
Ауылды жоқтап тұрғандай.

Татырдағы айқас

«Қос Татыр — бала Татыр, аға Татыр,
Қостанай арасында жолы жатыр.
Су түссе жазға салым — егіз көздей,
Болады су туспесе айдай тақыр.

Айқасқан ата жаумен сол арада
Кешегі Амангелді қайран батыр ».

Ел өлеңінен

* * *
Күн шықты әне — ал қызыл қанат —
Болашақ майдан туындай жайнап.
Әскерге мынау сыймайды алап

Ызындап жазғы шыбындай қайнап.
Төбелер басы — қарауыл ноқат,
Төбелер асты — төгілген тас бір.
Ұйысқан Сарбаз — ұйлыққан көп ат,

Секілді бейне ордалы қасқыр.
Жүз-жүзден бөлген әр төбе сайын,
Асылған құмға аша бұт мылтық.
Далаға шөккен ажал бір жайын

Жөнелтпек қазір асап ап қылқып.
Шөгерген түйе үстіндегі иттей
Тұмсығы көкке созылып сәл-сәл.
Қазақы пушка — зеңбірек титтей

Сәлден соң ол да ұлуға басар.
Мергендер алда — кешегі бейбіт
Күндерде көзден құралайды атқан. —
Қайда бұл иттер! — деседі кейіп,

Көздерін алмай Қостанай жақтан.
Оң қанат бір сәт шиырға қалды,
Шалқасқа мінген Сардарды танып.
Алдыңғы шепке құйғыта барды

Алыпты ақпен шекесін таңып.
Қозды бір арқа алласын көріп,
Арыстан шапшып кіргендей ішке.
Ажалға кірер осылай сеніп,

Сыйынса пенде тәңірдей күшке!
«Жан көкем!» деген дабырлар шығып,
Басыла қалды су сепкен оттай.
Жөнелді Сардар қалыңға сіңіп

Көзден бір ұшқан көк жасыл шоқтай.
...Ал шықты атыс. Бір, екі...төрт...бес...
Ізінше ұран: Ия, сәт! Ұшты!
Шаңқылдап аспан, сампылдап картечь,

Жөнелді жердің дөңгелеп үсті.
Қаптады жан-жақ қап-қара селдей,
Көкпеңбек түтін, қызды бір майдан.
Ақ алмас қылыш айқара сермей

Құйылды шабыс қыр менен ойдан.
Шыңғырып аттар, шаншылып құлап,
Шатынап көздер, шайқалып бой, бас!
Жатқан бір қасап шапшаңдап тұрап,

Кімді кім соқты байқалып болмас!
Түседі баудай қас қағып алмай,
Ажалға тура ашылып есік.
Қаптаған «бауырым», қаптаған «ойбай»

Басылып өршіп, басылып өршіп.
Шайқалып милар, көз қанданғандай
Алласын ауыз қос-қостан қосып,
Жап-жаңа шыққан күн жынданғандай

Атылып ойнап, аспанда шоршып.
«Аттан да аттан.!». Алдан да арттан,
Қанды ауыз дүние қақсайды жар сап.
Әлде бір әлем аспанда жатқан

Жерге кеп құлап қалғандай қаусап.
Мыңдаған бастар домалап сөйлеп,
Жаңбырдай жауған секілді сұмдық.
Ала бір жындар ал қызыл көйлек

Жүргендей үсте секіріп, ырғып.
Алапат мынау созылды жылдай,
Адамның басын секундтар жалмап.
Ал анау жақта ақ толқын судай

Тозаққа біреу кіреді самғап.
Шығады жайнап, қайтадан ойнап
Бар тірлік соған берілген сыйдай.
Алайда, аман қалай жүр бейбақ

Қарасаң үсті қып-қызыл шимай?
Түйе жүн шекпен түтіндеп кеткен
Іштегі бу мен айқасып тер, қан.
Соғыс бір теңіз түбіне жеткен

Не деген көзсіз, не деген ер жан!
Шап-шағын құстай — денесі балғын,
Нәзік жан екен — алақанға ұстар.
Апырай, мынау ажал бір шалғы

Қай жерде қиып, лақтырып тастар!
Дейтіндей тірлік аяп бір тілеп,
Көрді ол сонда, таныды түстей,

— Қара бір жерді аяқпен тіреп,

Барады Сардар әзер-ақ түспей.
Ұмтылды мынау жолбарыс сынды
Ышқынып ақтық қайратын айдап.
Зуылдап келіп, үйірілді, тұрды

Үйренген сабаз үзеңгі сайлап.
Атылып Сардар ұштаса берді,
Маңдайдан тері бұршақтап атып.

— Хакімбекпісің? — деп тілге келді

Омырауын төсеп құшақтап жатып.
Бір полк жауға сегіз мың қол кеп,
Тигенде дұшпан құзғындай шошып,
Үріккен қойдай, жылқыдай желдеп,

Шашылды солдат ызғындай босып.
Жөнелді ерлер бір бүйір тартып,
Ұзады майдан жон-жонды қуып.
Ұрандап сарбаз тасиды шалқып,

Жеңістің сәтті сағаты туып.
Қуанған халық мерейі үстем,
Сардарын көріп бер қарай шапты.
Шағылып күнге көрінеді үстен

Қалың бір найза қарағай сапты.
Көк орай шалғын, көкпеңбек сайда,
Түсті аттан ерлер, қоршады сарбаз.
Самалын тосты туған жер майда,

Дегендей дем ал, шаршадың, сабаз.
Шекпенін шешті Хакімбек сонда-ақ,
Сауылдап оқтар төгілді төмен.
Ішінен киген сауыты қорғап,

Қалыпты-ау аман қайсар бір емен!
Жымиды Сардар көрді де жайлап,
«Ерлер-ай десей дос тату-тәтті».
Десіп бір шулап, сарбаздар ойнап,

Аттардың ерін босатып жатты...
* * *
Жаркөлдің Татыр беткей қабағында,
Тәуіштің Торғай құяр сағағында,

Жағалай нар қамыстар қоршап тұрған
Саумалкөл, екіндінің самалында.
Қалың қол қара құрым жатыр жусап,
Табанға, көк танапқа атын тұсап.

Күндізгі жан есірік — өмір-өлім
Айқасы әупіріммен басылды шақ.
Генерал Лаврентьев полкі қазір
Алыста, әлдеқайда жортуда жүр.

Қаусаған қанды соғыс алаңынан
Қаңғы топ енді оралмас қайтып әзір.
Өз басын әрең алып қашқан оның
Бастықтар іле-шала басқан орнын.

Сонау жан, cap адырда жатыр жайрап,
Татырдың қан сасытып қасқа жолын.
* * *
«Ең ауыр, ең сұрапыл болды майдан,

Кездесіп ерлік ерден, жол құдайдан.
Қар талып қара қылыш сермеуменен
Қалжырап шықты Сардар қанды лайдан.
Сол жолы Төкеұғлы Хакімбектен

Болмады жолы қатты батыр өткен.
Сардарды самсаған оқ сарайынан
Сол еді Ақбұршақпен алып жеткен.
Ер еді бапты құстың баласындай,

Базарлы қыз, жігіттің таласындай.
Дариға, кең тыныштық заман болса
Қазақтың соларменен даласы бай!
Кісі еді-ау, асыл еді-ау ардақтаған,

Қол дарып, жағасына жан батпаған.
Аузымен құс тістеген ақын еді,
Дәл сондай сөз білетін қалмапты адам».
Жырлайтын Күдері ақын осыны айтып,

Көзіне келген жасы кері қайтып.
Күрсініп, басын шайқап қоюшы еді,
Алқа топ арасында еріп, балқып.
* * *

Сонымен дем алысты қалың әскер,
Қанменен қатып сіңген ащы жас, тер.
Шайылып көк Торғайдың толқынымен,
Қайтадан саулық айтып хал сұрасты ел.

Не боздақ көзін жұмып кеткен ерді
Ақ жуып, ару қойып, жерге берді.
Дауыс жоқ, көкірек қана қақ айрылып
Ып-ыстық кезде жастар дөңгеленді.

Жарадар жайсандардың бәрі осында,
Саулардың, сәләмат жанның арасында.
Тіршілік қуанышын бірге кешіп,
Жан сауға шүкір еткен жарасына.

Ал анау орта тұста нарындай-нақ,
Жеңістің құдіретімен жаны жайнап.
Саңқылдап Сардар отыр сөзі базар,
Қараған қанша көздің бәрін байлап.

Қоштайды өңшең бөрі дүрілдеген,
Қанды кез енді қазір күлімдеген.
Сар сауыт шығыршығы кеуде тұста
Ойнайды күннің соңғы нұрыменен.

Орнаған кең иыққа қазандай бас,
Шағын мұрт, шоқша сақал, қанжардай қас.
Бәріне ие соның отты көзі —
Қараса, деп тұрғандай қасымнан қаш!

Алайда, жаны самал екпендей — нақ
Досындай әзілдесіп кеткенде ойнап.
Жап-жаңа қыс ауысып, ызғар көшіп
Қасыңа орнағандай көктем жайнап.

— Сарбаздар, сайрандаңдар, сой қасқаны,

Асау той жан түршігер айқастағы.
Мың тойдан қызығы оның болар тәтті,
Туған жер жаңғырықсын айлы аспаны.
Мен қазір рақатқа батқан есеп,

Сен мұхит — мен лақтырған жалғыз кесек.
Сендердің жеңістерің маған жастық,
Сендердің қуаныштарың маған төсек.

— Хакімтай, баста бәрін, баста, баста,

Бір қызық дастан айтшы, доста, қаста
Осы кеш, осынау жат мерекені
Өлгенше естерінен тастамасқа! —
Деп мойнын бір жымиып қойды бұрып,

— Көке, біз шыққан жоқпыз қойды қырып,

Адам ғой қырғанымыз,

— Қайран бала

Қалмады-ау сол мінезің! — дейді күліп.

— Әр нәрсе тағдырға сай — сен мерт болсаң,

Жасайды осы тойды жауың шапшаң.
Әрқашан жеңген бақыт, жеңілген сор,
Тойла, күл - бақытыңды тауып жатсаң!
«Дұрыс-ақ! Көкем дұрыс! Кәне, азамат!»,

Жату жоқ, жалбарынып жан азалап! —
Дуылдап кетті сарбаз. Қызды мейрам —
Күн батты қызыл тілі қырды жалап...
Аңқиды шалғын иісі мұрын жарып,

Көптен соң қалың сарбаз тынды барып.
Қалжырап шомды ұйқыға қайран Сардар
Ақынын, Хакімбегін баурына алып...

Таңға сапар

«...Құлады патша!» — Сол хабар
Құлағын Торғай тұндырды.
Шіркеуде шулап қоңыраулар.
Мешітте имам шыңғырды!

«Ақ патшам менің,
Ақ ием!» —
Азанның тілі, аза үні:
«Әуселем биік, әулием —

Жасаған, қандай жазығы?!» —
Қашанғы тақтың қазасы —
Тастаған зілдей тасты үйіп.
Қалғандай Торғай қаласы

Тал түсте кезі бақшиып.
Бұл — сонау астам өмірдің
Қамалы қырда салдырған.
Қатыгез, қаншыл дәуірдің

Дүресі күнде жаңғырған.
Қақсайды қазір тірі өлік,
Қамшысы кектің батқандай.
Тұмсығы көкке тіреліп

Мың қасқыр ұлып жатқандай...
* * *
Ал мынау шұбалаңның жағасында,
Торғайдың Теке суат сағасында

Атылып ақ шабақтар аспан-көкке
Өзеннің той жасайды сабасында.
Шұрқырап бие, құлын желісінде,
Татулық тай-құнанның тебісінде,

Шалқар кеш, шағалалы шаңқан шілде,
Шырлаған шегірткелер шөп ішінде.
Пай-пай, пай ауыл самсап қонысын-ай,
Жарқырап Ай мен Күннің тоғысындай.

Кешегі қайран мекен қайта тапқан
Сағынбай, кім кетіп ед сағы сынбай.
Жүректің у жайлаған дерті көшіп,
Қайтадан бой кесіліп, еркін өсіп,

Боз қырды толтырды ғой бозбалалар,
Жайсандар бір-біріне еркелесіп.
Өркенде жайқалады бала шалғын,
Тиме, көз, сұқтанба, тіл — тамаша күн!

Қатындар ақ жаулықты биік салып,
Кір жуып, қайнатады қара сабын.
Жігіттер аспандатып ән-өлеңін,
Арулар иыққа асып ақ желеңін.

Балалар балтыр түріп, суды кешіп
Айтады ай жарықта «айгөлегін».
Сонымен ауыл қонды қайта жұртқа,
Бай қоныс, бағзы мекен, байтақ ұлтқа.

Орнады Қостанайда қос үкімет,
Басылмай ала жанжал, айқай сыртта...
* * *
Түс болды, қала беті күнге қарап,

Ақ шіркеу алтын айдар нұр жағалап.
Көк үйлер аман қалған асау өрттен
Тағы да мұнартады «мен мұндалап».
Тарихта «Тоңқайма» деп көп аталған

Бұл қала айнымайды ақ атаннан.
Торғайдан мойнын созып су сіміріп
Ерініп тұрған жерге шөге салған.
Өзеннің арғы беті алып аймақ.

Көрінер алақанда бәрі жайнап,
Содан соң барып-барып жазық бітіп,
Көк жиек көтерілер тағы жайлап.
Осынау қазан шұңқыр көк кенере,

Жатыр деп айту қиын текке неге.
Телегей-теңіз болып толады аңғар
Кеткенде Торғай тасып көктемеде.
Ал бүгін ұлы жиын, бір ғаламат,

Тастаған шымқай қызыл туды қадап.
Өзеннің бергі беті, арғы беті
Қалың қол қарақұрым тұнған алап.
Жаңағы алып теңіз құрғап қалып,

Жатқандай бейне сансыз тулап балық.
Көпшілік сыймай көздің шарасына,
Аспанды теңселтеді шулап халық.
Ғажайып бір қуаныш бәрін билеп,

Биікке тосып құлақ, талып иек.
Бірінен бірі қағып әкетіп тұр: —
Анау сол сөйлеп жатқан Әліби! — деп.
«— Жолдастар! — деген тұңғыш шықты бұл сөз,

Тастады таңырқатып жұртты бұл сөз»
Жалма-жан жалпақ дала: «Жолдастар» — деп
Жаңғырып жаппай айтып тыңда бір кез.
Кім білсін, осы сәтте байқады ма ол,

Мәңгілік мынау сөзді айтарын ол.
Бірлікке куәліктей бір ауыздан
Әйтеуір әдемі айтты қайтарып ол.
Аспанды қол шапалақ кетті жарып,

Құламай қуаныштан ел шайқалып.
Көзде жас, көкіректе сол әсем күй
Жаңғырық бір әкетіп, бір қайтарып.
Дуылдап кетті Торғай өлкесі кең,

Аспанда алыс күннің өршесінен.
Қол жетіп, еркін қазына түсіргендей,
Батқандай бақытқа жұрт белшесінен.
Ғасырлар келген іштен шыдап, тынып,

Азаттық дауысынан құлақ тынып,
Теңсіздік деген қырсық темір бұғау
Тістеніп, теуіп үзіп, лақтырып.
Тебіреніп теңіз халық кетті қайран,

Не байдан қайыр көрмей не құдайдан.
Қасиетті қанын төккен қара кедей
Қаһарлы кешіп бастан не бір майдан.
Қасқайтып қамшыменен бір ышқынып,

Тымағын көне заман түсті ұшырып.
Жалмауыз, жауыз көмей қалды қырсық
Опырылып, отыз бірдей тісі сынып.
Жайнады жаңа заман күні көкте,

Өзі би, ұқсап өзі құдіретке.
Қарады кедей қазақ тұңғыш рет,
Төрт бұрыш мынау дала, төңірекке.
* * *

Тарады сарбаз тарқаған елдің кегіндей,
Үш жылдай айқас үш күндей болып көрінбей.
Жорықта туыс, жолдас та болған сабаздар
Көздегі жасы әзер де әзер төгілмей.

Барады сыңсып шашылып қазір жан-жаққа,
Бір уыс болған сыйынса кешке аруаққа,
Азаттық олжа,
Азамат қию сол ауыр

Көмілді Торғай тұяқтан шыққан шаңдаққа.
Жеңімпаз халық разы боп осы жауапқа
Тарады жайлап тараған селдей алапқа.
Қошемет тұтып ойнайды күннің шұғыласы

Айбалта, қылыш асынған қару-жараққа.
Төбеде сонау шеңгелдей қалың ұйысқан
Қол басы ерлер,
қойындас бауыр туысқан.

Қоршайды бәрі Шалқасқа атты Сардарды
Қанкөйлек кеше толқынға бірге жуысқан.
Қимайды Сардар көзімен көпті ұзатып,
Көтерген қолы қиядан сонау мұнартып.

Жөнелтіп тұр ол әскерін күннің астына
Байламын ақтық,
ризалық сөзін шын айтып.
Әлі де әлі үзілмейді әскер әндеткен,

Ендігі алды есепсіз асу-бел кеткен.
Жауы да оның дейтіндей қазір:
«Пай-пай, пай,
Өңшең бір ерді жинаған екен жер-көктен!»

Қимайды Сардар бәрі де соның ұлындай,
Қарайды ұзақ көреген кезі бұрылмай.
Күркіреп тасып,
күркіреп тасып барады

Қалың қол сарбаз Торғайдың тентек суындай...
Қимады Сардар,
таратты қолын ақыры,
Құлақтан әлі кетпеген жаудың жат үні.

Дабылын қағып даланы басқа көтерген
Даңқты сабаз, қазақтың абзал батыры.
Қолында жалау —
Хакімбек, сонау

дос жолдас,
Қанды жол асу, көк тайғақ мұзда
қосқан бас,
Әлекең кеше осыған сеніп тапсырған

Батырға серік ер еді серттен қозғалмас.
Сонау бір топыр,
қым-қиғаш шабыс
қыраңға,

Қарайды көзін алмастан ұзақ бұлар да.
Сарқылды сарбаз көптен соң барып,
соңғы аттың
Шаншыла шауып аспанға шаңы шығарда.

Артында аз қол, үш бірдей сосын
салт атты,
Алған бұл ерік, азаттық дәмі сол тәтті.
Кеудені билеп,

келешек шіркін шақырып,
Ақжолға, таңға, заманға мынау
жол артты.
Бірінші бөлімнің соңы

Екінші бөлім

БҰЛЫҢҒЫР ТАҢ

Мерген ауылы

Торғайда Совдеп. Қызыл ту
Ең биік үйдің үстінде.
Толастап айқас, ызың-шу,
Білінді қазір күш кімде.

Өңкей де қызыл комиссар,
Үлкені соның Иманов.
Жаңа бір тұрмыс жан құштар,
Бетіне нұры жиналып.

Өркендеп жатқан кез еді-ау,
Болашақ қамын ойлатып.
Болмасқа қамсыз — келсе жау,
Үйретіп әскер ойнатып.

Кигізіп әсем формасын,
Самсатып сапқа тұрғызып.
Кешкілік кернеп қала ішін
Әндетіп өтсе бір қызық.

Жарқылдап қару-жарақтар,
Арындап аттар ойқастап.
Дегендей бізге қарап қал,
Қаланың халқы көз тастап.

Хакімбек Токин комиссар
Жер бөліс ісін бастаған,
Мауыты киім жарасар
Алтынмен зерлеп тастаған.

Баяғы тұлпар Ақбұршақ
Әскери ермен үйлескен.
Ол барған жердің бәрі шат,
Жиналып жалпы гулескен.

Асығып әсем ертеңге,
Аптығып айтып арыз-мұң,
Бәрі де шығып бекерге
Қашанғы байға қарыздық.

Байлаудан шыққан малдай-ақ
Босанған кедей мінезі.
Қандай бұл заман, қандай бақ
Бәріне қожа бір өзі!

Басталды тағы дүрбелең,
Бастырды тозаң бұл елді.
Азамат соғыс күн деген
Астан да кестен жыл келді...

Ал міне төңкеріске төнді қауіп,
Сыртқы жау елге кірер жолды жауып.
Қоршауда қалды жап-жас қала мына
Ішкі жау іштен талап, иттей қауып.

* * *
Торғайды басты келіп атты қазақ,
Батырдың қарауында әсер аз-ақ.
Қалаға кіре алмай жау жанталасты

Келгенде жасаймын деп ақтық азап.
Жағалай өртенді ауыл маңайдағы,
Жазықсыз төгілді елдің талай қаны.
Адамның адамға істер айуандығын

Арқалап аза кіндік жер айналды.
Бірауық зеңбіректер қаланы ұрып,
Арада өкіл салып ала күлік.
Ала алмай бітім сұрап арпалысты

Аттатпай тұрды батыр табалдырық.
Барлығы үш жүз әскер кескілескен,
Жалғайды танды таңмен,
кешті кешпен.

Көбісі комиссардың далада жүр
Бұл жайдан ешбір хабар естіместен.
Ызадан булықты жау тілек болмай,
Күтпеген мықты қамал, тірек сондай.

Түйілген тас жұдырық секілденіп
Тұр қатып Торғай қала, жаңа
Торғай!
* * *

— Қайда ауыл?

Қайда ауыл мергендердің
Ордасын көрсет бізге өңшең иттің!
Деді жау.

— Әне! - деді опасыздар.

Сол үннен дір еткеңдей сескеніп түн.
Бір. Екі. Үш. Ұшты доптар жалын сүйреп,
Шу етті қалың қопа қамыс күйреп.
Жөнелді аза бойды тік тұрғызып

Күңіренген төңіректі дауыс билеп.
Ұйлығып отырған ел бір уыстай,
Қанатсыз ұша алмаған тірі құстай.
Үйітіліп от ішінде қала берді,

Ақ үйлер күтір-күтір шыны ыдыстай.
Азамат бәрі де әскер қала ішінде,

— Жау жендет ал да тала, ал ішіп, же! –

Омырауын ашады оққа бір ақсақал —
Жалаңаш жан есірік хал үстінде!
Жанады өрт — жан-жақ енді самаладай,
Сан түрлі үнмен ажал салады айғай.

Ішінен от дозақтың зар шығады
Басылмай бала шырыл, анада «ойбай».
Жас сәби өлген ана сүтін еміп,
Жарыққа жалт қарайды бетін беріп.

Ызындап нар қамыстар өртенеді,
Ажалдың сыбызғысы секілденіп.
Бір кезде қалың жылқы дүр ете қап,
Жосылды жонға шығып күрең қабақ.

Кісінеп, шұрқырасып, кетті заулап
Соңынан түскендей-ақ біреу сабап.
Тағы да зеңбіректер қоса аңырап,
Болды ауыл жер мен жексен,

күл шаңырақ.
Қазаға жаназашы секілденіп
Үй қалды қара күйік бос
сандырақ.

— Қой, жетер! — деді қолын бір-ақ сілтеп,

Жау бастық көзін басып, құлақ бітеп.
Содан соң қара жолмен қайта жосып,
Дыбысы жаңғырықты тұяқтың тек...
...Таң атты. Сорлы ауылды жалаңаштап,

Жел сұмпай сұмдық хабар ала қашпақ.
Адамның айтып аузы шыдамайтын
Ауыл бір күйік қазан, қара қаспақ.
Жат көріп, жауға жорып, бір бөлектеп,

Қарамен өлген есеп дөңгелектеп.
Әр жақтың азғындары күлді алыстан
«Ауылына мергендердің сол керек!» — деп.
Әнекей, түнде қашқан жылқы құлап,

Келеді суат бойлап ұбақ-шұбақ.
Құраулап көзінде жас жұрт барады,
Жаңғырып жағадағы жасыл құрақ.
О, ғажап, үн келеді жылқы жақтан,

Сәбидей жамырасып жылап жатқан,
Әр аттың бауырында бір-бір бала
Таңулы, қалған аман бұл апаттан.
Ауыл-ай, қайран ел-ай, қан айқаста,

Мынау ой келе қалған қалай басқа!
Білгізіп елдігіңді, ерлігіңді
Сақтапсың ұрпағыңды жоғалмасқа!
Қалдырып қайран жұртты тағы да бір,

Арттағы тау төбенің бәрі қабір.
Ауылы мергендердің көшті алысқа
Боларын білді дағы әлі дауыл.

Қапы күн

Атысты Торғай
атысқан сайын бір күйреп,
Қырдағы қоңырау
өзінен-өзі күмбірлеп,

Көшенің іші секірген доптан көрінбей,
Жортады жалаң тақырда
оқтар бүлкілдеп.
Қаланың халқы

қалмастан қару асынған,
Асынбай қайтсін, ажалмен ойнап ашынған.
Бәрібір өлім жастығын алып
жатпақ ол,

Кету жоқ әсте бораған оқтың астынан.
Көктемнің күні шыға сап жайнап шығыстан,
Кірмейді шапшаң кілкіген түтін, кіл ыстан.
Қан күрең көйлек ол да бір батыр

секілді
Жап-жаңа кіріп, жыртылып шыққан ұрыстан.
Шаршады батыр жалғыздық, демеу жоқтықтан,
Шаршады дұшпан жауы оңай болмай

соқтыққан.
Алынбай қала, адырда тұрды түтіндеп,
Айнымай үйлер қап-қара күйе
шоқпыттан.

* * *
Айлаға басты енді жау,
Алмасын біліп қырғынмен.
«Соңыңнан ерген ел мынау

Қажыды майдан сүргіннен.
Ақ әскер кете жөнелді,
Тұрақтап байыз таба алмай.
Адасқан біздей пендеңді,

Қалаға кіргіз, қамамай!
Ағайын, бауыр, туысқан,
Аз ғана топпен біз қалдық.
Арамыз азып суысқан,

Абыройыңды сенің қызғандық.
Бар билік сенде, соңыңнан,
Қарашы болып ердік біз.
Қисаймай жақсы жолыңнан,

Өзіңе ғана сендік біз.
Қырылыса бермей өзді-өзің,
Қадірлі Сардар, қолыңа ал!
Көремін десе өз көзің,

Шолушы жібер, шолып ал!
Маңайда дұшпан жоқ қазір,
Алдасақ, бізді бауызда!
Ағайын басы оққа әзір,

Ағайын сөзі ауызда.
Бітімге, батыр, батаға
Шақырдық сені құранмен.
Жайсаң ер сабаз, жақсы аға

Жасайық жалғыз ұранмен!».
* * *
Осынау сәлемді алып салтанатпен,
Ақ сәлде, аппақ желең шапағатпен.

Көтеріп төбесіне қалың құран,
Кілең бір үкілеткен ақ боз атпен.
Қалаға «игі жақсы» кірді шалдар,
Атанған қадірлі елге қажы-ишандар.

Сақалы белдеріне түскен өңшең,
Аузында: «Әлей, Сардар, Әлей, Сардар!»
Аттарын алаңға әкеп қатар байлап,
Жаяулап, бас иісіп, басып жайлап.

Тізілген әскерлердің арасымен
Қозғалып келе жатыр «А, құдайлап!»
Қабағын қалың түйіп, ауыр оймен,
Қарайды қарауылшы тағы үреймен.

Тоқтатты қақпадан кеш үш қадам жер,
Мүләйім кіл әулие сүмірейген.
Іш жақтан келді бұйрық кірсін деген,
Сырттағы жан болмады күрсінбеген.

Жөнелді қалбалаңдап қайырсыз топ,
Адам жоқ жол бойында тырс үндеген.
Қоршаған жан-жағында комиссарлар,
Жарқылдап отыр екен арыс Сардар.

Бір шолып өткір көзбен өте шықты
Бәрі де кешегі би, таныс шалдар.
Бәрі де маңдайымен сүйкеп еден:

– «Уа, Алла, қадір Сардар, уа пәуеден!» —

Тәңірім, азаматқа таупық бер,
Арыл күл, ада нәубет, бұ пәледен!»
Қарайды бас комиссар көзін алмай,
Бұл кезде абжыланның өзі бардай.

Қас қақты, жетіп келді қос адъютант,
Батырдан бас изесе сөз ұғардай.
Шалғыншы кетті аттанып, суыт жүріп,
Шалдарды бөлек үйге тынықтырып.

Кеңесті комиссарлар бұл күн ұзақ,
Айласын азар жаудың біліп тұрып.
Амал не ойланбасқа, сарқылды әскер,
Жан-жақтан еш хабар жоқ —

ақылдас! — дер.
Тым-тырыс бұл не ғажап?
Бар — дей ме екен
Батырда таусылмас қан, таусылмас тер?

Шолғыншы келді қайтып ертеңінде:

— Бос қалған жүз шақырым өлке мүлде,

Босқан жұрт бозға шығып мал іздеп жүр,
Ауыл жоқ шұбалаңның өртеңінде!
Бас шайқап қойды батыр мол күрсініп,
Деді ме сорлы тағдыр,

сор тіршілік!
Шекесін жырта қарыс қос қолымен
Аямай әлсін-әлі отыр сығып.
Десе оған: — Сенбе, көкем, сенбе,

көкем! —

— Қашанғы қайран жұртты сенделетем?

Бір тыным болмады ғой,
болмады ғой! —
Дейді ол, байлай алмай белді бекем.
Дариға. оның осы мұң-зарында

Бар еді-ау нәлет-қарғыс кіл залымға.
Еш болып кеткені ме, есіл енбек,
Оны ұғып, оны аяйтын кім бар мұнда?! —
Тұрды ол, дүниені басқа тепкендей-ақ,

Бір сұмдық тәуекелге кеткендей-ақ.
Кезінде жанды сол кез ғажап жалын,
Сол жалын байтақ жұртын әпкендей-ақ.
Арыстан ақырғы рет ақырғандай,

Ащы үні асау мылтық атылғандай.
Шайқалтып қабырғаны шаңқ ете қап:

— Бар, кірсін!

Кірсін дереу қапы қалмай! —
Өкініш өзекті өртеп барады улап,
Жүгірді «А, құдайлап» шалдар шулап.
Қақшиып қақ ортада қалды батыр

Жүрегі бір шайқалып, кетті тулап.
Дәуреннің көзден ұшып бір мұнары,
Достары құшақтасқан құрбылары.
Бетіне жан келмеген көкесінің

Қасында үкім күтіп тұрды бәрі!
Бір өзі елдей ойлап, ес білетін,
Ер еді, оңай мұнша түсті дер кім.
Жеңбеді ол — алдау, арбау, опасыздық

Дүниенің қаптап тұрған ескі дертін.
Бұл жалғыз, осы сәтте бұл мықты емес,
Жалғызға жауыз жалған құлдық — демес.
Адамға соңғы сенім арналды да,

Жүректе бітім ұйып, тұншықты егес...
* * *
Күн батты, дүниені артқа тастап,
Ал қазір қала қақпа айқара ашпақ.

Тіршілік дірілдейді сұм күдікпен
Тағдырдан, тас талаңнан қайда қашпақ?
Соңғы рет бекінді штаб түнді тістеп,
Жұлдыздар ағып көкте,

жүгіршіктеп.
Қалтырап алыс жолда Ай келеді
Зорға деп шығарғандай біреу күштеп.
Алдына Алашты ұстап,

құранды ұстап,
Ылғи бір ала сирақ,
күрең қасқа ат,
Дутовтың жендеттері жедел шауып,

Қалаға қатар-қатар кірді ойқастап.

Қайғылы хабар

Жүр еді ол Бағаналы, Найман жақта,
Ұлытау, Сарымойнақ, Сайқалмақта.
Торғайдың топырағы қанға бөгіп,
Батырдың бастан бағы тайған шақта.

Тал түсте келді хабар Құмкешуде,
Таянып қалған мезгіл күн бесінге.
Үш атты аппақ сабын ала құйын,
Тоқтады ақ боз үйдің іргесіне.

— Хакімбек, көке! – деген бір дыбысқа

Елеңдеп шыға келді бұл да тысқа.
Еңіреп құшақтады келген үшеу,
Күн жылап қосылғандай күн батыста.

– Өртенді, құрыды ауыл, күл боп ұшты,

Олардың сүйектерін түн кемісті.
Қалмады қадірлі әке, аяулы ана,
Қанданды асыл бесік, жөргек үсті.
Бәрінен ұлы қайғы жанға батқан,

Сардарды тас түрмеге жау қаматқан.
Алдады арсыз, тексіз сұм азғындар
Ант соққан, құдай қарғап, құран атқан.
Ала алмай атты қазақ ай бойында,

Ала аяқ, айла түлкі салды ойынға.
Қалжырап, қару бітіп, адам бітіп,
Сардардың қамалады қайғы ойында.
Сүйеу жоқ, сүйемел жоқ есіл батыр,

Сұмдардың сұм кінәсін кешірді ақыр.
Қараса, Қарасайдың табанынан
Бұлттай боп қалың әскер көшіп жатыр.
Бармағын алды батыр сонда тістеп,

Қайт деуге қарсыласар қолда күш жоқ.
Аздан соң туды басқа заман ақыр,
Бітімнен айнып шықты алдамыш топ!
Тұмандап көздің алды, айналып бас,

Шымырлап төбе құйқа, байланып жас.
Әп-сәтте қан салқындап, тамыр құрғап,
Секілді тұрып қалды ол – бір құлпы тас.
Бар дәурен, бар өткен жол тасыр, тайғақ

Бір сәтке ауыр бұлттай басында ойнап.
Көңілінің көк аспанын көшіп келіп,
Лay етіп, жанып жерге түскендей нақ.
Селк етіп, түстен шошып оянғандай,

Онысын жүрек айтып, ойы аңғармай.
Қапы өмір, қара қанат құзғын қайғы,
Бұған да шулап ұшып оралғандай.
Үн-түнсіз кетті өкініш өлкесіне,

Асылып ауыр басы ер төсіне.
Сан жорық қуғын-сүргін кешкен бастан
Түсті ауыл, түсті қайран еркі есіне.
Осының ақырғы ойран сыбағасы,

Туды деп қуанғанда бір ағасы.
Сенгенде қырып берген серісі өзі,
Бар ауыл тек өзінің садағасы.
«Жоқ! — деді ол, осы ойынан үріккеннен, —

Күн құрсын, құрсын тірлік бүйтіп көрген.
Барам мен, қазір барам, өлем бірге,
Әуелде-ақ бұл басымды бір тіккем мен.
Азы не, өкініштің көбісі өткен,

Бір жалын қалмас оқшау тегіс өрттен.
Соншама ауыр бейнет солай бітсе,
Қас тағдыр, мен жеңілдім, сені сөкпен!
«Ежелден қанталаған көзіміз көп,

Өзіміз, бәрін құртар өзіміз!» — деп.
Сан жылап, айтушы едің Сардар сабаз
Қалыпты-ау бізде сөйтер кезіміз көп.
Жә, солай, барам қазір қасыңа мен,

Жан-жағын өрт қамаған асыл емен.
Сөкпе сен, сенен қалып жұрт құра алман,
Демеймін әм далада қашып өлем! —
Қоштасып осылайша қалың елмен,

Үш бауыр азаматы жанына ерген.
Күн бата шығып кетті Торғай беттеп,
Қол бұлғап, күңіреніп ел қалды белден...
* * *

Қаладан он шақырым баян суат, —
Тынықсын қажу дене, жайыжын ат! —
Десті ерлер. Хакімбектің көзі ілінді
Аз жатып азалы ауыл жайын сұрап...

Бір шақта сатыр-сұтыр көмді мылтық,
Зұлымдар жүрген ұдай жолды күтіп.
Қуып кеп, аңдып басқан жері осы еді
Атысты ер, аңтарылды оғы бітіп.

Жалма-жан Ақбұршаққа аяқ артып,
Жөнелмек болған еді, қалды тартып.
Жұлынып қайран тұлпар тілерсегі,
Жығылды дүрс құлап, омақатып.

Алысты ол олжа болмай он-жиырмаға,
Қапы жау, қаптаған жау оңдыра ма? —
Әлдекім «әп, бәлем!» деп жатыр байлап,
Қос-қостан мылтық аузы төнді жана.

Соңғы рет жоғалды үміт көзден ұшып,
Өкініш өзекті өртеп, кеуде қысып.
Қапыда, қара түннің ортасында
Қайран ер жау қолына кетті түсіп...

Ақырғы түн, азалы таң

«...Достың жатыр кәззәптардың қолында,
Ауыр жаза, ақтық үкім мойында.
Он жеті адам атылуға бұйырылды
Жүргені үшін азаттықтың жолында.

Қош, әжеке, қолыңды бер, есен бол!
Бұзылмайтын тас болаттай біздің тор.
Құрып сапар кеткен мендей қозыңа
Ақ сүтіңді мойныңа артпай,разы бол!»

Хакімбек өлеңінен

* * *
Келді де кірді, тас есік қақпа
Адамдай сөйлеп айтты да мұңды.
Сарт етіп тістей жабылды қайта,

Әлдене іште сыңғырап сынды.
Қараңғы түкпір, сызды бір ызғар,
Шіріген иіс мұрынды қауып.
Әп-сәтте кісі сүйегі мұздар,

Қақсатып бойдан қаныңды сауып.
Аздан соң ар жақ ала бір сәуле,
Төбеден, сонау ернеуден түскен.

— Кім барсың мұнда? — Кім болсаң, төрле

Деген бір дауыс естіледі іштен.
Бір бөлме толы ұйлыққан адам:

— Көкем ғой мынау!

— Ойбай-ау, сұмдық!

Не — дейді, кәне!
«Жан бауырым!» даған
Айқайдан кетті айнала тұнып.
«Қап!» — деді бірі ышқынып ұшып,

Сөйткенше құшып құлады жерді.
Тастаған шайнап бармағын қыршып
Тынымның ұлы Омарды көрді.
Жатты сол бармақ еденде аунап,

Жаралы ердей жер қауып түскен.
Өкініш сорлы — қан болып саулап,
У болып тамып өртеді іштен.
Күңіренді жан-жақ, боздаған нарлар

Арысын танып аңырады-ай келіп.
Ақырғы үміт, ақырғы арман
Үзілді бырт-бырт жалғана беріп.
Айтылды сабыр, сүртіліп көз жас,

Қайнаған ыза біртіндеп суып.
Әйтсе де әлі іркіліп болмас
Әлдекім жасы омырауды жуып.
Қараса туыс — осында бәрі

Іні де туған, аға да туған.
Нарымбай шалдың үш бірдей нары,
Беліне бір кез ақ алмас буған.
Бір туған бауыр Мағау мен Ысқақ,

Әлгі де шықты көзімен тізіп.
Құртыпты-ау жауыз санаумен ұстап
Ауылдың жайсаң гүлдерін үзіп.

— Жауларың қойды сыртыңнан соттап,

Алаштың соты — қан ішер сұмдар.
Қанша күн іздеп, өзіңді жоқтап
Сұрайды жиі — білетін кім бар?

— Әй, қырсық тәңірі-ай,

Тәңірі-ай шебер,
Неге де келдің, неге де келдің?

— Аман ең, көкем, келмесең егер,

Не болды халі еңіреген елдің? —
Қайта да кайта солқылдап ерлер
Ет жүрек еріп, шомылды жасқа.

— Батыр мен Таран бір бөлек жерде.

Аман да жаман — хабар жоқ басқа.

— Қойындар енді!

Қоймысың өңшең,
Бауыздап жатса бақырып қалар!
Нешеуміз мұнда?

— Он тоғыз.

Ертең
Біреулер елге құтылып барар.

— Кім білсін...

Енді дыбыс жоқ қайтып
Басылды ерлер сәл тыныс алып!
Тұрғандай сөйлеп, басулық айтып
Тірліктей сонау әлсіз бір жарық...

* * *
Әсем мамыр атты таңы, құлпырып күн,
Білдіріп тәттілігін тіршіліктің.
Аспанның хабары жоқ жердегіден

Жатыр, — деп иман айтып, түршігіп кім?
Сонау бір қызыл үйде көк төбелі
Соңғы рет соғып қорлап, зерттегелі.
Алдырды Хакімбекті алаш соты:

— Сен едің енді бізге жетпегені!

Қара мұрт, аппақ семіз, қушық маңдай,
Тілінен сөйлегенде у шыққандай.

— Айт! — деді ер, айтарыңды арсыз мұңдар,

Қуланып, құр мысқылдап, құйыршықтанбай!
Сен итті жолдас қылды-ау бала жасым,
Арамдап ата-бабам адал асын.
Қанымды енді менің көксеп тұрсаң

Жауыңның тын, зәнталақ, ал да, басын!

— Ол рас, жиен едің, құрдас едің,

Досын жоқ менен басқа мұнда сенің.
Жүзіңді ақтық рет көрейін деп
Шақырттым — әйтпесе әуре қылмас едім!
Айтпақшы Амангелді болды қаза,

Жаныңа жара салар ол бір аза.
Қайтесің, қайыр тіле қалғаныңа,
Мойнына асау батыр қонды жаза! —
Мырс етті...

Ұмтылғанда ышқынып ер
Терезе сыңғыр ете түсті бірер,

— Уа, жауыз!

Жауыз! — кеуде кең жарылып,
Сындырып жібергендей тісті жігер.
Тулады ол тұла бойын бұғау қысып,

— Иттікке, қорқаулыққа туған күшік.

Оллаһи, ант етемін, ертең, ертең
Қаныңды сенің дағы тынар ішіп.
Бәріңнің сүйегіңді өртеп отқа,
Сенемін, тастайды олар көр тамұққа.

Сенемін келеді олар, келе жатыр
Өлсе де, батыр өшпес бар тарихта!
Ал тездет, опасыз оқ мені жұтсын!
Қанды кек іле-шала сені күтсін! –

Соңғы сез, ақырғы айқай даусымен
Жаңғыртып етті сабаз жердің үстін.
* * *
Жылжиды баяу, түн баяу,

Жылжыған сайын қалтырап.
Арқалап ауыр мұң-қаяу,
Жылайды үнсіз атырап.
Түрменің іші жолаушылар

Ақырғы сапар жиналған.
Дәмі жоқ жолға ап шығар,
Дәм біткен, жадау күй қалған.
Іңірде шешкен аяқтан

Бұрышта жатыр кісендер.
Бұғаулар қолды қанатқан
Құлаған жерде түсем дер.
Соңғы сөз жиі айтылып,

Сүйіскен дыбыс тынбайды.
Ащы жас кезде сарқылып,
Ауызда таңдай құрғайды.
Мекенін тастап байырғы

Оршиды жүрек, ойнайды.
Жатырқап дене жаюлы
Төсекке жуи қоймайды.
Тік тұрған яки сүйенген,

Бауырға басқан бір-бірін.
Айнымас тірлік сілемнен
Соңғы ұшы қолда құрғырың!
Жібермей соны тырмысып,

Сіңір боп бітті бар дене.
Миды бір ыстық бу қысып,
Секілді кескін әлде не!
Хакімбек қана жарға бір

Жазады жазу шегемен.
Құсамен өткен бар дәуір
Көлденең түсіп, көлденең.
Жазбасқа және қоймайды

Арттағы арман, мол қайғы.
Бар тұтқын үшін ойлайды.
Бар тұтқын үшін толғайды.
Ақын ед сабаз, ол сарқып

Айтуға мұрша жетті ме?
Қан майдан жорық жол тартып,
Оқпенен айтып өтті де.
Қанымен бармақ жазылған

Жарда бір өлең жол қалды,
Осы сөз кейін табылған,
Осы сөз кейін атадан
Балаға мирас болған-ды.

* * *
Мына сәт қараңғысы еді таңның,
Ұйқыда жатқан кезі тірі жанның.
Он жеті, қолмен санап шығарды айдап

Өңшең бір тілсіз солдат, түрі малғұн.
Жөнелді кісен бұғау шылдыр қағып,
Иісі май түнінің мұрын жарып,
Қашанғы қапас кеуде жанталасып

Жұтады таза ауаны жұлып алып.
Барады баяу жылжып қырға беттеп,
Сылдырай су ағады жылғада ептеп,
Баяғы еркін тірлік, ерке шабыс

Керемет кездерің де біз бар ек деп.
Бәрі де куә соның, бар аймақтың
«Бұл алқап, бұл даламен талай шаптың.
Күткенің осы ма еді сенің сонда

Бақытсыз сырлы иесі Ақбұршақтың!»
Дегендей көңілге ауыр жара салып,
Торғайдың енді үйлері аласарып.
Батады қыр басына бірте-бірте,

Ақ шіркеу секілденіп аласа бұлт.
О дағы баяғыдай қоңыраулатпай,
Биікте байлаулы бір қалған аттай.
Қарайды мына мылқау қара топқа,

Қоя ма соның бәрі жанға батпай.
Күрсініп, келеді ол жалын құшып,
Өмірде қанша у болса, бәрін ішіп.
Үш ұлы Нарымбайдың қол ұстасып,

Бір-бірін жібермейді сағынысып.
Қарайды, қарайды бұл қан жұтқандай,
Бұл сурет, аяныш хал қажытқандай.
«Бір туар, бірге өлу жоқ! - деген қазақ

Қалады мұны көрсе қажып қандай!»
«Сұм тағдыр!» - деді даусы шығып кетіп,
Қайтадан алды бойын жинап бекіп.
Үнсіз жау екі бірдей желкесінде,

Келеді тоқтағанда мылтық жетіп.
Ұқты ол әдейі арнап тапсырғанын,
Соларға өзің ал — деп ақтық жанын.
Өзі емес, бой шымырлап келеді естіп

Ұлдардың өксігенін, ah ұрғанын.
Тоқтады. Бір терең сай бас айналар,
Еңіреп сол арада босады Омар.
Жауларға өз тілімен айтты Хакім —

— Мұрсат бер, басың әзір боса да алар.

Басталды күңіреніс «Қош бол!» даған,
Ажалдың қан шеңгелі қос қолдаған.
Айқасып келе жатты әне, міне...
Таң тұрды жаңа ғана аспандаған.

Қарады ол осы таңға биіктеп бір,
Сонау от жанарымен сүйікті, өткір.
Алыстап арман өмір, аяулы таң,
Қасына қырсық өлім күліп кеп тұр.

Кеудесін соңғы өкініш қақ тілгендей
Қабағын болды дағы шарт түйгендей,
Бар қаны ақырғы рет бетінде ойнап,
Дүниеге ақтық сөзін айтты именбей:

Ол сонда:
«Мен не дейін, меңіреу жалған,
Ақырғы рет не дәметтің?
Сау күнімде сайран салған

Ұстай алмай сен қор еттің!
Сен қор еттің, сен ылайлап
Тұнық ем-ау, бүлдірген сен.
Үлкен көрсем ағатайлап,

Қалқам дедім іні көрсем.
Мен сені бір жақсылықтан
Салған сарай үй — деп келгем.
Дос жүректен, дос қылықтан

Ән арқалап, күй бөктергем.
Бар тумысым, бар тұлғамнан
Сенің көңілің қалмасын — деп.
Менің атым айтылғаннан

Тек алғысын арнасын деп.
Қалып па еді қимаған жан,
Қалып па еді төкпеген тер,
Кетті бәрін жиналған аң,

Кетті жалмап көк төбеттер.
Менің абзал арманымды,
Отқа жақты-ау сатырлатып,
Ат-жөнімді аруағымды

Аямады-ау атып жатып.
Жақсы бір таң өзім күткен
Осынау елең-алаңдағы.
Көр соқырлар кезі біткен

Қарамады-ау саған дағы!
Саған неге қарасын ол
Қасиетсіз қара беттер.
Атып жатып баласын ол

Анасына қарар ма иттер?!
Жайна, асыл таң! Шұғылаңа
Толсыншы ақтық маңайым бір.
Ең болмаса жығыларда,

Мен сүйеніп қалайын бір!
Саған сүйеп атты-ау мені,
Асыл арман, арқалаған.
Тек сонысы батты-ау, тегі,

Тек сонысы батты-ау маған.
Он жеті адам, он жеті өмір
Ауылдастар, бауырластар.
Сұм дүниеден суыт көңіл,

Түсер ұшып ғазиз бастар!
Бауырластар бітпес бірақ,
Біз емес тек жеке батыр!
Анау қызыл таңнан құлап

Арыстандар келе жатыр!
«Қош!» — деді.
Азан-қазан болды жан-жақ.
Құлады көз алдында дүние аунап.

Өзі ме, дүние ме кеткен құлап,
Енді ол ойын жұмсап білмеді аңдап.
«Көкежан!»
Ақырғы рет деп тіл қатып,

Сонау ел, сонау ауыл, еркін уақыт.
Көзінің алдына кеп жарқ ете қап.
Қара түн мұнарына кетті батып.
Азат ауыл

Ап-ауыр дүниенің бір обалы
Жасалды, жаһан қарап тұра қалды.
Көрмеген көптен бері мұндай сұмдық
Басылмай байтақ дала жылап алды.

Күңіренді өзен арна, көл сабасы,
Жұмылып көк жиектің көз шарасы.
Алаптың әр шөбінен жас тамшылап,
Соғылды бәйтеректің тасқа басы.

Күйіктен күйреп дала күмбездері,
Жоқтады бүтіндігін бір кездегі.
Ат шаппай, адам жүрмей аза тұтты,
Көктегі ұстап жиі күн безгегі.

Білді жау енді ғана не істегенін,
Жаңылып жанталасты түс пен өңін.
Қалшылдап қаһарлы кек, қанды үрейден
Тіл бүктеп, тітіренді тістеп ернін.

Қорқаулар бірін-бірі шайнап асап,
«Сен, сен!» деп, алдап ұрып айлаға сап.
Менің атым айтылғаннан
Тек алғысын арнасын деп.

Қалып па еді қимаған жан,
Қалып па еді төкпеген тер,
Кетті бәрін жиналған аң,
Кетті жалмап көк төбеттер.

Менің абзал арманымды,
Отқа жақты-ау сатырлатып,
Ат-жөнімді аруағымды
Аямады-ау атып жатып,

Жақсы бір таң өзім күткен
Осынау елең-алаңдағы.
Көр соқырлар көзі біткен
Қарамады-ау саған дағы!

Саған неге қарасын ол
Қасиетсіз қара беттер.
Атып жатып баласын ол
Анасына қарар ма иттер?!

Жайна, асыл таң! Шұғылаңа
Толсыншы ақтық маңайым бір.
Ең болмаса жығыларда,
Мен сүйеніп қалайын бір!

Саған сүйеп атты-ау мені,
Асыл арман, арқалаған.
Тек сонысы батты-ау, тегі,
Тек сонысы батты-ау маған.

Он жеті адам, он жеті өмір
Ауылдастар, бауырластар.
Сұм дүниеден суыт көңіл,
Түсер ұшып ғазиз бастар!

Бауырластар бітпес бірақ,
Біз емес тек жеке батыр!
Анау қызыл таңнан құлап
Арыстандар келе жатыр!

«Қош!» — деді.
Азан-қазан болды жан-жақ.
Құлады көз алдында дүние аунап.
Өзі ме, дүние ме кеткен құлап,

Енді ол ойын жұмсап білмеді аңдап.
«Көкежан!»
Ақырғы рет деп тіл қатып,
Сонау ел, сонау ауыл, еркін уақыт.

Көзінің алдына кеп жарқ ете қап.
Қара түн мұнарына кетті батып.

Азат ауыл

Ап-ауыр дүниенің бір обалы
Жасалды, жаһан қарап тұра қалды.
Көрмеген көптен бері мұндай сұмдық
Басылмай байтақ дала жылап алды.

Күңіренді өзен арна, қол сабасы,
Жұмылып көк жиектің көз шарасы.
Алаптың әр шөбінен жас тамшылап,
Соғылды бәйтеректің тасқа басы.

Күйіктен күйреп дала күмбездері,
Жоқтады бүтіндігін бір кездегі.
Ат шаппай, адам жүрмей аза тұтты,
Көктегі ұстап жиі күн безгегі.

Білді жау енді ғана не істегенін,
Жаңылып жанталасты түс пен өңін.
Қалшылдап қаһарлы кек, қанды үрейден
Тіл бүктеп, тітіренді тістеп ернін.

Қорқаулар бірін-бірі шайнап асап,
«Сен, сен!» деп, алдап ұрып айлаға сап.
Куәні, көз көргенді санап іздеп,
Ант алып, ізінше тез атып тастап.

Бұлардың көріп тұрып мына түрін,
Сезді де суық кектің сұрапылын.
Дутовтың қалың қолы қашты дереу
Естімей енді ешкімнің «тұра тұрын».

Қаңқайып, қала тағы қалды қаңырап,
Жалт беріп шыға келді тағдыр аунап.
Шашылды нәлет соққан сойқанды топ,
Жолшыбай бір-бірінің жанын жаулап.

Жиналды азалы ауыл, қалың құрбан,
Ерлердің сүйегі де сағындырған.
Келді олар, кескінінде кек жалындап,
Қайысып, қаулап шығып қара қырдан.

Алдында ақ шашты ана алпыс асқан,
Қайғының көкірегін даты басқан.
Жарқырап маңдайына күн жығылып,
Жатқандай өз көңілін айтып аспан.

Тоқырап қайырсыз сай сағасына,
Тірідей қарады ол баласына.
Таныды көк мауытын қылыш кескен
Қып-қызыл шұға тұтқан жағасына.

Қалтырап әлсіз аппақ саусақтары,
Еңкейді, сабырын-ай сол шақтағы!
Оятып алмайын деп айқайламай,
Аңырап кете жаздап, сәл тоқтады.

Содан соң аппақ жібек масатымен,
Құндақтап, баяғы асыл сол салтымен.
Көтеріп ақ сәбидей алды жерден,
Бір атап, өзі айтатын жақсы атымен.

Тағы да жиылды ерлер тірі күндей,
Салмағы ел қолында бір білінбей.
Жаңа таң, жомарт күнді бетіне алып,
Ақырын қозғалды топ, көп кідірмей.

Көк Торғай, көне Торғай, өмірлі өзен,
Бар еді иығында қоңыр кезең.
Көктемде шуы естіліп жатар еді,
Аппақ сел, асау толқын, жөңкіген сең.

Арулап, ақ жуылып, қос обаға,
Қойылды қайран алтын босағаға.
Тұншыққан күні бойы улы жасқа,
Асыл ар аңырады осы арада:

Сұлтаным, менің сұңқарым,
Армандай ыстық аяулым.
Тәтті бір сүттей іңкәрім,
Самсаған топта санаулым,

Көп үшін туған көсемім,
Көгеріп өскен терегім,
Көрерің бұл ма ед көз сенің,
Осы ма тәңірім, берерің?

Жарылқап едің жасаған,
Баяны қысқа дерт болды-ау.
Жаныма біткен жас орман,
Басылмас мәңгі өрт болды-ау.

Жойқын ер басы жойылып,
Жоқтауға туған сорлы екем.
Найзағай соғып, жай ұрып
Таптауға туған сорлы екем.

Арыстан ерім, арысым,
Таусылған Күн мен біткен Ай,
Мендей бір бейбақ жан үшін
Қазаңның ауыр, үлкені-ай!

Қайтейін, әже-ау, жыламай,
Қайысып мынау жеткен ел,
Жарқ етіп, қайтып жоламай,
Маңдайға сыймай кеткен ер,

Анау бір тұлпар Ақбұршақ
Алтындап ерін соқтырған,
Көзімнен тамған жас құсап
Оны да тағдыр жоқ қылған.

Қош, жаным, құлын күнімде
Қалдырдың мені, қош, ұлан!
Мақшарда сонау, түбіңде
Маздап бір қайта қосылам!

Тынды ол, шек үзіліп тынған күйдей,
Қасіреттен әзер-әзер тұрған күймей.
Сабырдың салмағына шыдай алмай,
Ананың кетті жасы тимей-тимей.

— Құлындар, беу боздақтар, қайтейін мен,

Самсатып бір шығарып, қайта өлімнен —
Құтқарып алмаған соң ана бейбақ,
Көз жастан не пайда бар жай төгілген!
Қош перзент, кешілді сүт, кешілді еңбек,

Жұбанам ел баласын өсіргем, — деп,
Көп қуған арманыңды, рақатты
Арттағы туған ауыл — көшің көрмек! —
Деді ана, ақылды өңін сабыр билеп,

Ақ шашын асыл таңның самалы үрлеп.
Сол үнді қағып алып, қайтара айтып,
Жаңғырып бара жатты дала гулеп.

— Ол рас, ол рас!!! — деп айтты жан-жақ:

Ауылдың мерген деген аты қалмақ.
Қан сіңген қасиетті бұл топырақ
Ұл туар ерлеріңнің даңқын жалғап!
Гүлденер, күйге басар дала шырқап,

Күңіренбес бала жылап, ана сықтап.
Азат таң, ақ әділет келер заман
Ертеңге өсер қайта тамаша ұрпақ!
Жалма-жан жалт қарады жабырқау ел,

Дегендей кереметті таңырқа, көр,
Тірілді бұлдыр тұман дала үстінен,
Самсады көзге келіп сан қырқа, бел.
Сол жомарт мол сәуленің арасынан,

Ал қызыл ту шыға кеп жар астынан,
Артынша жер қайысқан қаптап әскер, —
«Уралап», жаңғырығып жалғасты ұран.
Салтанат, ғажап келіс, әсем екпін,

«Мен сендім, қайран жеңіс, бәсе, жеттің
Деді де, қасіретті сілкіп тастап,
Қасқайып шықты ауылы сарбаздардың.

Эпилог

Елу жыл, жарты ғасыр содан бері,
Тамаша ылғи мейрам, той күндері.
Торғайдың алаңына жиналып жұрт
Еңбектің аты азамат, әйгілі ері.

Жас ұрпақ ту көтерген, дабыл қаққан,
Сондағы аман қалған шаң-бұрқақтан,
Ақ шашты партизандар, қаһармандар
Баяғы ескі күндей салып аттан.

Ғажайып салтанатпен тұрып сапқа,
Бар қала туы қолда, гүл құшақта,
Келеді туысқандар моласына,
Асыл салт, аппақ ізет, ғұрып сақтап.

Сөйлейді партизандар жорықты айтып,
Қиялмен алыс күнге барып қайтып.
Артынша ант береді оқушылар
Астында жалаулардың жанып, шалқып.

Сол шақта мергендердің аулынан,
Жетеді тағы бір топ, салып ұран.
Алдында баяғыдай абзал ана,
Жай тапқан жана күннің жарығынан.

Қосылып Азат, бақыт ән кетеді,
Сонау ән аспан-жерді тербетеді.
Сонау ән естен мәңгі бір шықпайды,
Еселеп талай ұрпақ ер жетеді.

«Біздің көкем айтпайтын,
Айтса, серттен қайтпайтын,
Команда берсе мың қолға,
Тізгінін ешкім тартпайтын,

Тізгінін ешкім тартпайтын!».

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙