TELEGEI

Home

Адамшылық жолы

Баянғали Әлімжанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Адамшылық жолы

Көрнекті ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы, Баянғали Әлімжановтың Шығармалар жинағының 28-томына «Адамшылық жолы» атты танымдық әрі үлгі, өнегелік мәні зор еңбегі еніп отыр. Ақынның өмірдің сан қырлы, алуан сырлы, мың бұралаң жолындағы имандылық, адамгершілік пен зұлымдық, пендешіліктің күресі туралы ой-толғамдары қызықты, тартымды. Даналардың түйіп айтқан нұсқа сөздерін орнымен келтіре отырып, оқырманның ойын

Баянғали Әлімжанов

ШЫҒАРМАЛАРЫ

ХХVІІІ том
Адамшылық жолы

АСТАНА 2024

УДК 821.512.122 ББК 84 (5Қаз) Ә55 Баянғали Әлімжанов. Шығармалар жинағы. ХХVІІІ том. Адамшылық жолы. – Астана: ЖК «Сотниченко Е.В.», 2024, 364 б ІSBN 978-601-302-125-6 ІSBN 978-601-81167-6-6 Көрнекті ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы, Баянғали Әлімжановтың Шығармалар жинағының 28-томына «Адамшылық жолы» атты танымдық әрі үлгі, өнегелік мәні зор еңбегі еніп отыр. Ақынның өмірдің сан қырлы, алуан сырлы, мың бұралаң жолындағы имандылық, адамгершілік пен зұлымдық, пендешіліктің күресі туралы ой-толғамдары қызықты, тартымды. Даналардың түйіп айтқан нұсқа сөздерін орнымен келтіре отырып, оқырманның ойын байытып, өрісін кеңейтуді көздеген. Жазушының салмақты сөздері оқушыны рухтандырып, қайрат, жігерін қайрап, еңбекқорлыққа, ізгілікке шақырады, жан түкпірінде қалғып жатқан қабілет, қуатты оятуға, күшейтуге оң әсері бар. Адамның сана-сезіміне қозғау салып, жарқын өмір сүруге, туған ел, туған жермен бірге бар ғаламды сүюге үндейтін бұл кітап адам жанын нұрландыратын бір әлем, бай рухани қазына. УДК 821.512.122 ББК 84 (5Қаз) ІSBN 978-601-81167-6-6 (Том 28) ІSBN 978-601-302-125-6 (жалпы) © Б. Әлімжанов, 2024

Әуелі Алла ризалығы үшін еңбегім, Адамзат одан игілік көрсе өрледім. Алашым, сенің мерейің үшін бәрі де, Өлең мен өнер жолында жасап келгенім! Баянғали Әлімжанов Осы кітап туралы Бұл әңгімелер көп жылдардан бері ойымда жүрді. «Жазайын ба? Жазбайын ба?» – деген сұрақ тұрды алдымда. Себебі, бір қарасаң, барлығы да белгілі, түсінікті сияқты. Оқу – білім атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Даналардан қалған сөз көп. Соның керегін алып, адам өзіне серік етеді. Бірақ, ойлап қарасақ, бір кезде біз де жас болдық. Біз де албырт, арынды болдық. Кейде алды – артымызды ойлай бермейтінбіз. Дегенмен, әр нәрсені оқитынбыз, сан түрлі адамдардың айтқан сөздерін тыңдайтынбыз. «Білгенге маржан» дегендей, қызығын, керегін теріп алатынбыз. Үлкен – үлкен асқар тау ағаларымыздың әңгімесін, сөзін тыңдадық. Қазақтың кітаптарын, орыс тілі арқылы дүние жүзінің кітаптарын оқыдық. Сөйтіп – сөйтіп қалыптастық. Біздің ой – өрісіміздің өсуіне, қалыптасуына кітап, білім – ғылым өте үлкен әсер етті. Екінші жағынан өмір тәжірибесі үйретті. Ал, енді бүгінгі жас балаларға қарап, ойға батамын. Бұлар да бір кездегі біз секілді жас қой. Бұлар да албырт. Бұлар да ізденіс жолында жүр. Осы жастарға біз үлгі – өнеге бермесек, көрген – баққанымызды, түйгенімізді айтып бермесек, жол нұсқамасақ, кім айтады? Және бір жағы бар. Орыс тілі арқылы келген білім қаншама! Оларда өмір сүру жолдарына, психологияға, өмірдегі ұстанымдарға, денсаулыққа қатысты тәжірибелік, пайдалы кітаптар көп жазылған, көп таралған. Осының өзі бізге дұрыс жетпей жатқан сияқты. Біз жастарға білгенімізді, түйгенімізді айтпасақ қалай болады?! Бұрынғылар айтқан сөз бар ғой: «Жаңалық дегеніміз – әбден ұмытылған ескі нәрсе! – Новое – это хорошо забытое старое!» Бұл кітапты жазғанда, данышпандардың айтқандарынан, адамзаттың ақыл-ойынан, тарих тәжірибесінен түйгенімізді, өзіміздің көрген – баққан, тоқығанымызды қорытындылап, балаларға айтып беруді көздедім. Екінші жағынан, мен мұны ішіме

тығып қойып, айтпағанда қайтемін? Ол балаларға қажет шығар. Бәлкім, біреу іздегенін тауып алар, біреуіне болмаса біреуіне бір керегі болар деген оймен, бірталай толғаныстан кейін, осыны жазуға тәуекел еттім. Атам қазақтың: «Ақылды ұққанға, үгітті жұққанға айт!» – деген сөзі бар. Хакім Абай атамыздың «Қара сөздерін» бастарда, жұрт керегін алар деп үміттенгені де есімізде. Осы орайда, ұлы қытай ойшылы Конфуцийдің : «Ақылды білім іздегендерге ғана айт!» – деген сөзі де ойға оралады. Сонымен, білген, түйгенімді қарапайым тілмен, көпшілікке түсінікті қылып айтып бергенді жөн көрдім. Бұл қатып қалған қағида емес! Осылай істе, осылай жүр, осыдан айныма деген нұсқаулық та емес! Бұл – бұрынғы заманнан келе жатқан даналардың сөзінен өзіміздің жиғантергенімізді, өмірден көргенбілгенімізді ортаға салу, ой бөлісу. Жастардың ой – санасына әсер етер, бағыт – бағдар сілтер, өзінің ішкі дүниесіне үңіліп, өзін – өзі таразылауына көмектесер деген үмітпен жан сарайымдағы дүниені жазуға тәуекел еттім. «Самая печальная история – это история потерянного знания! – Жоғалған білімнің тарихы – ең мұңды тарих!» – деген сөзді Медведевтің «Кунг-Фу. Шоу-дао. Путь спокойных. – Сабырлылар жолы». кітабынан оқып едім. Осы бір «жоғалған білім» деген сөз миымды қамшымен осып өткендей болды, санама қона қалды. Бұл қалай? Жоғалған білімнің тарихы деген не нәрсе? Жоғалған білім деген не? Білім жоғала ма? Сөйтсем, білім де жоғалады екен ғой! Иә, сақтамаса, ұрпақтан ұрпаққа беріп, жалғастырмаса, білім де белгісіз болып қала беруі, тіпті, жоғалып кетуі де әбден мүмкін екен – ау! Бұрындары ғалымдардың кітаптарын оқығанда: «Барлығы да жаңа нәрсе айтады екен, жаңалық ашады екен» – деп ойлайтынбыз. Сөйтсем, олар да бірінен-бірі алып, бірінен-бір үйреніп, қосып, дамытып, өзінің көзқарасына, дүниетанымына, ой-өрісіне, жеткен биігіне сай жаңадан жаңғыртып айтады екен ғой. Ғылыми кітаптарды оқыған сайын осыған көзім жетті. Содан ойға қалдым – білімнің жоғалмауы үшін не істеу керек? Әрине, алдымен кітапқа

жазылған сөзді ойлаймыз ғой. Яғни, бір автор жазып қойды, ол міне, кітапта, кітапханада сақтаулы тұр емес пе?! Ал, бірақ, ол қазына оқырманның бәріне бірдей жетпейді. Демек, осы кітаптан басқа адамдар білім алып, оны ары қарай таратып, көбейтіп, жеткізіп отыруы керек екен ғой! Ал енді мұны онсыз да білемін дейтіндер болса, білген жерін жүгіртіп өте шығып, білмейтін жерін қадалып оқыр. Білетін нәрсесі де болар, білмейтін нәрсесіне кездессе үйренер, өзіне жаңалық ашар деген оймен осы әңгімелерді айтып беруге бел будым. /Ескерту: Цитаталар қазақ және орыс тілінде қатар берілді. Себебі, тұжырымды сөздің терең, кең мағынасын кейде дәл аударып, жеткізу қиын. Сондықтан, оқырман өз талғамына сай саралап алсын деп ойладым!/

Бірінші бөлім
Екі жол
Қашанда адам баласының алдында екі жол тұрған.
Я құдайға сену, яки сенбеу!

Құдайға сенбейтіндер атеистер, яғни, кәпірлер.
Ал құдайға сенушілердің өзі әртүрлі.
Біз: «Алла – бір, пайғамбар – хақ!» деген мұсылманбыз.
Мұсылманның жолы «Құранда» «Фатиха» сүресінде анық

айтылған. Алла тағаладан: «Бізді тура жолға сала көр!» – деп
тілейміз!
Бір құдайға сиынып, өзіңе берілген өмір жолын адамша жүріп
өтуің керек.

Тағдыр жүгін көтеріп, мына жалған пәниден – мәңгілік бақиға
дейін адам болып жүріп өтуге тиіссің!
Алладан рахман, рахым тілеп, алға баса бер.
Бірақ, діни фанатизмнен аулақ бол.

Неше түрлі ағымдар бар. Үйіріп әкетпесін, иіріміне тартып
кетпесін.
Зиялы болуға ұмтыл! Зайырлы мемлекеттің азаматы екеніңді
ұмытпа!

Өзге дін өкілдерімен қарым-қатынаста сабыр, сыйластық,
түсіністік керек.
Адам адам болғалы, ел ел болғалы барша адамзаттың алдында
тұрған ең ұлы, күрделі, қиын сұрақ, сауал – құдай бар ма, жоқ па?

Болса, ол қандай?
Әр түрлі діндердің жауабы әртүрлі көрінгенімен, түп мазмұны
біреу – дүниені жаратушы құдірет бар!
Ал бірақ, адам баласы жаралғалы бері арпалысып, сана-сезімін

Алла десең – адаспайсың!

сан-саққа жүгіртіп келе жатқан ауыр сұрақ бар – егер құдай жоқ болса ше? Екі дүние де жалған болса, жанның мәңгілігі болмаса қайттік? Мұндай аса ауыр сұрақты адамзат баласы өз тарихында сан мәрте алға тартып, азапты ойлар кешкені де шындық. Көне шумерлердің қыш тақталарға жазылған Гильгамеш туралы аңыз жырында Гильгамеш мәңгілік өмір іздеп толғанады. Біздің Қорқыт атамыз өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздейді. Таппайды. «Құдай жоқ болса, жанның өлмейтіні өтірік болса, мәңгілік өмір болмаса, бұл өмірдің де мәні жоқ болғаны ғой! Демек, мағнасыздықта қалай өмір сүрсең де мейлі ме?» деген ойлар да талай талқыланған. Артур Шопенгауэр дүниені елес пен ерік ретінде қарастырған. \«Мир как воля и представление»\ Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының, Томас Манның жиырма алты жасында жазған «Будденброки» романының кейіпкерлері өмір мен өлім туралы толғанып, жан мәңгілігі жоқ болса қайттік деген азапты ойлармен арпалысады. Жас кезімде сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан «Плач Эдварда Юнга или ночные думы о смерти» деген ескі кітапты оқығаным да бар. Сол шығармасын автор қаламын кісінің бас сүйегінен жасалған сия сауытқа батырып отырып жазыпты – мыс деген сөзді де бір жерден көргенім есімде. «Құдай бар ма, жоқ па? Мәңгілік өмір бар ма, жоқ па?» деген мәселе – адамзаттың басын ежелден ауыртқан ауыр ой, түйінді мәселе. Даналардың сөзі бірнешеге бөлінеді, сан-саққа жүгіреді. Бірі құдай бар, бірі құдай жоқ деп жатады. «Я обнаружил, что все мои мысли кружатся вокруг Бога, как планеты вокруг солнца, и непреодолимо притягиваются к Нему. Мне кажется, что было бы грубейшим грехом, если бы я стал противиться этой силе. – Планеталардың күнді айналғаны сияқты, менің барлық ойларым Құдайдың маңында айналып, соған қарай үлкен күшпен тартылып бара жатқанын байқадым. Ол күшке қарсы тұрсам, бұл өте өрескел күнә болатындай көрінді». – дейді атақты психолог Карл Юнг «Құдай жоқ болса оны ойлап табу керек!» деген қисынды алға тартқандар да бар \Вольтер\. «Является ли человек  просто ошибкой Бога? Или Бог просто ошибка человека? – Адам құдайдың қателігі ме? Әлде құдай –

адамның қателігі ме?» – деп жазады Фридрих Ницше. Атеистер: «Құдай да, о дүние де, мәңгілік өмір де жоқ! Оған әлсіз, қорқақ адамдар ғана сенеді! Бұл – соқыр сенім! Мағынасыздық! Абсурд, адасушылық! Ғылым, білім оның бәрін жоққа шығарады!» – деген сияқты қатал қорытынды жасайды. Арғы-бергі ойшылдар, ғалымдар мен психиатрлар осылайша әртүрлі пікірлер айтады, сан алуан сауалдарды алға тартып, ойды сан-саққа жүгіртеді. Оның әрқайсына әркім әрқалай қарайды, кейбіреуін теріске шығарса, енді бірінің сөзін шындық деп қабылдап, кейде тіпті өмірлік ұстанымына айналдырады. Ал шындап ойланып қараңызшы – құдайдың барлығы біреудің бар деп айтқанына байланып, қарап қалып па? Немесе біреу жоқ деп айтты екен деп, құдай жоқ болып кетпейді ғой! Осы күрделі әңгіме «Пандемия» поэмасында дәрігер Исабек пен Елес арасындағы айтыста былайша өрбиді: Елес: Дүние шексіз, тұңғиық, Адам деген бір тозаң, Көзге де тіпті ілінбес. Тозаңдығы бірақ та, Өзіне мүлде білінбес!.. Жоқ нәрсені малдана, Өзіңді өзің алдама! Жай ғана сөз жан деген, Адам деген – тән ғана!.. Тән дегенің тәп-тәтті, Микробтың мекені. Микробтан жаралып, Микроб боп өтеді. Микробқа жем болып, Микроб боп кетеді! Аксиома, білесіз, Тіршіліктің негізі, Микробтар екені!

Исабек:
Тәніміз – табиғаттың ең асылы,
Тарихтың дәлелдеген сан ғасыры.
Бірінсіз бірі тірлік ете алмайды,

Адам деген жан мен тән жарасымы!
Тәнді дерт меңдегенде емдегенмін,
Ешқашан жан мен тәнді бөлмегенмін.
Уақыт жетсе, денеден ұшып шығар,

Жан өлмесе, менің де өлмегенім!
Елес:
Әуре болып, әлденені ән қылып,
Іздейсіңдер сәнділік пен мәнділік.

Бәрі жалған...
Құдай да жоқ,
Иман да жоқ,
Жан да жоқ!

Жоғалмайтын
Микроб қана мәңгілік!
Исабек:
Әзәзілге арбалма,

Әсерлі сөзге алданба.
Имансыз өмір – өмір ме,
Құдайсыз мән жоқ жалғанда!
Тозады дейміз темір де,

Жүрмейді ол заң көңілге.
Тоқтаусыз қайнап, жайнаған,
Өмірдің мәні – өмірде!
Жан мәңгілік, өлмейді!

Жер-көктегі жауыз құрттар,
Жиылып кеп жабылсаң да,
Жанға шамаң келмейді!

Елес:
Жанды сөз ғып, адаммын деп ақталдың,
Мәңгілік өмір дегенге сеніп, мақтандың.
Ал, бірақ, жанды қолыңмен ұстап көрдің бе,

Ағзаны сойып, түгендеп талай ақтардың?
Тіршіліктің сырын зерттеп, іздейсіңдер көп заттан.
Өсімдіктен, су мен ауа, жер асты мен көк жақтан...
Өмір деген шұбатылған, бір тоймайтын шек-қарын,

Ал адамдар – бактерия, бірін-бірі жеп жатқан!
Исабек:
Аздырмақ болған,
Әзәзіл сөзге нанбайтын,

Көзбенен көріп,
Қолменен ұстай алмайтын,
Әуеден келіп,
Әуеге ұшып кететін.

Адамның жаны
Жаратқан берген
Аманат көкке самғайтын!
Зұлымдық жетсе,

Аузынан көбік бұрқырап,
Заманды бұзған
Зымыстан ойлар зырқырап,
Құйындай соғып,

Ұйтқыса желдей жұлқылап,
Шыбындай жаным,
Қысылған кезде шырқырап.
Қорғайды мені,

Мәңгілік кәміл иманым!
Әзәзіл арбап,
Құлаққа малғұн сыбырлап,
Түршігіп жаның,

Жұлын мен жотаң жыбырлап.

Шалығы жынның,
Жегі құрт сынды,
Жүйкеңде жүрсе қыбырлап.
Сақтайды бүгін,

Ақтайды ертең,
Мәңгілік кәміл иманым,
Мәңгілік қамал, қорғаным!!!
Баянғали Әлімжанов. «Пандемия»

Бұл сауалдың жауабын қалайда өзіңіз таңдайсыз – жүрегіңізбен,
жаныңызбен, ойыңызбен таразылап, бір тоқтамға келесіз. Ал
Құранда айтылған – көмеске иман келтіресің дейді. Ия, құпия,
жұмбақ, көзге көрінбейтін құдайға иман келтіресің, сенесің.

«Адам Аллаға қарай жүрсе, Алла тағала оған құшағын жайып
жүгіреді!» – дейді пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. бір
хадисінде.
Әзіл-шыны аралас әңгіме: «Увижу – поверю! – «Көрсем –

сенемін!» – депті адам құдайға! «Поверишь – увидишь! – Сенсең

– көресің!» – депті жаратушы.

Сондықтан, бұл өте қиын, күрделі сұрақ. Өмірдің өзекті сұрағы.
Егер құдай жоқ десеңіз, адасқаныңыз, кәпір болғаныңыз. Ал
Алланың барлығы мен бірлігі хақ болса, екі дүние, мәңгілік өмір
бар болса, онда өмірдің мәні де бар! Әлгі күмәнді сауалдар, жан

күйзелісі жоғалып, бәрі орнына келе қалады.
«Алла мен пайғамбардың жолындамыз, – деген хакім Абай
атамыз.
Алла жолы шексіз жол!

Бірақ, Абай діни фанат болмаған. Радикалдан да аулақ. Оған
ұлттық томаға- тұйықтық жат. Дүниенің білім, ғылымына ұмтылған.
Өзге ұлттардың, өзге діндердің адамдарымен сыйласа да, сырласа
да білген.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы деп ғадалатты! – деген Абай ата сөзінің

мағнасына бойлап көрсеңіз, талай сыр ашылары анық.
«Құдай тағаланың жолы деген жол алла тағаланың өзіндей

ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы. Ол ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз құдаға тағырып    хасил болып   хас   езгу   құлдарынан   болмақ  үміт   бар,   өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүрістұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен  өсер». \ Абай. 38-сөз. \ Құдай жолы – ізгілік, мейірімділік, әділдік, адалдық, жақсылық, еңбек, адамгершілік жолы. Бұл жолды толық ұстану, адаспай яки жаңылмай жүріп өту оңай емес! Тіпті, өте қиын! Өйткені, өмір адамның алдына неше түрлі тосын жағдайларды тартады. Адам баласының жастық жалынмен жардан құлай жаздап, асау арынмен артық кететін кездері де аз болмайды. Небір дүнияуи қызықтар, пендешіліктер де адамды еліктіріп, желіктіріп әкететін сәттер болады. Бірақ, әлдеқалай жаза бассаңыз да жаратушыдан күдер үзбеңіз, құрыдым, құрдымға кеттім деп түңілмеңіз. Алла тағаланың құдіреті күшті, қаһары қатты, бірақ, рахматы мол, рахымшылығы шексіз. Адасып бара жатсаңыз, тоқтамға келіп, тәубә қылып, ақыл, сабырыңызбен тура жолды табуға тырысыңыз! «Әуелі құдай..». – деп сөйлейді қазақ. Содан кейін қалғанын айтады. Мағынасы терең және ең керек сөз! Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа! – дейді Бұқар жырау атамыз жарықтық! «Құдайдың көзі түзу болсын!» – дейді қазақ, адамдардан немесе

қоғамнан көңілі қалып, ширыққанда. «Адамға сенген мұрттай ұшады, құдайға сенген құстай ұшады!» – дейді тағы да. Бір құдайға сеніп, жаратушы берген бұл өмірді адам болып сүру керек. Өз жүгіңді көтеріп, өз жолыңмен жүріп өту керек! Өмірдің қызығын да, қиындығын да көріп, қолыңнан келгенше ізгілік, жақсылық істер атқарып, жамандық жасамай, адамшылықпен хақтың бұйырған жасын жасауға тиіссің. Арғы жағын бір алла біледі! Алла десең – адаспайсың! Өмірдің мәні Адам адам болғалы оның алдында тағы бір аса үлкен, мәңгілік сұрақ тұрған, әлі де тұр. «Бұл өмірдің мәні неде? Бұл жарық дүниеге адам не үшін жаралды? Мәңгілік өмір бар ма? Жанның мәңгілігі бар ма? Алдамшы өмірді жалған дейді. Жалған болса, оның қандай мәні бар?» Біздің мұсылман діні бойынша, өткінші бұл дүние – пәни мен мәңгілік о дүние – бақи бар. Адамның жаны өлмейді, бақи дүниеде мәңгі жасайды! Тағы да дінімізде: «Алла тағала адамзатты өзіне құлшылық ету үшін жаратты!» – деген. Ал осы құлшылық ету дегенді біз қалай түсінеміз? Тереңірек түсінсек, бұл күндіз – түні жайнамазда отырып алып, құран оқып, дұға қылу деген сөз емес. Осы өмірдегі іс – әрекеттің барлығы – құдайға құлшылық. Сіздің әрбір сөйлеген жақсы сөзіңіз, жақсы әрекетіңіз, жақсы амалыңыз – барлығы да құлшылық! Бұл бір үлкен дүние. Кейде адам баласының санасынан тыс, адамның ақыл – ойы жетпейтін жұмбақ әлем бе деп ойлайсың. Ал, жарайды, жақсы болсын, жаман болсын, жалған, өткінші болсын, мейлі, біз жарық дүниеге келдік, бізге бұл өмір берілді. Енді қайтпек керек? Бұл пәниден бақиға дейінгі жолды біз адам болып жүріп өтсек, бұл өмірді адам құсап сүре білсек, арғы жағын бір құдай біледі. Осылай бір түйіндеп қойғанымыз жөн шығар. Дегенмен, адам болғаннан кейін әркім өз өмірінің мәнін іздейді. Адам баласының бәрі де адам. Бірақ, әр адамның өз өмір жолы бар,

әркімнің өзінің түсінігі бар, ой – өрісі, сана – сезімі бар. Сондықтан әр адам өз өмірінің мәнін өзінің ізденіс, тәжірибесімен, ақыл – ойымен табады, өзі өлшейді. Жалпыға ортақ, міне, бәрінікі осы дейтін қатып қалған заң жоқ шығар. Алайда, өмір, тарих көрсеткендей, жалпы адамға тән ортақ заңдылықтар да, әр адамның өз ерекшелігі де болатынын ұмытпау керек. Қытайдың Дао философиясының өкілі, кейіпкері Просветленный даос – Нұрлы даос, яғни, дао жолындағы нұрлы адам: – Существуют четыре причины, из-за которых живые люди не могут чувствовать себя спокойно. Первая – желание долголетия; вторая – жажда славы; третья – стремление к должности; четвертая – жажда богатства. Это называется бегством человека от его природы. – Тірі жандардың тыныштық таппауының төрт себебі бар. Бірінші – ұзақ өмір сүруді қалайды; екінші – атақ-даңққа құмар; үшінші – мансапқа ұмтылады; төртінші – бай болғысы келеді. Бұл – адамның табиғаттан қашуы, алшақтауы болып табылады» – дейді. «Важно не жить, а жить правильно. – Жай өмір сүру емес, дұрыс өмір сүру маңызды!» – дейді Сократ. «Адамның ойы қандай болса, өмірі де сондай!» – дейді француз философы Рене Декарт. Өмірдің негізгі бір үлкен мәні – адамның бұл өмірді жалғастыруы, ұрпақ өсіруі, ұрпақ сабақтастығы! Адамның қызығы – бала. Бала – адам өмірінің жалғасы. «Өркенің өссін!», «Жапырағың жайылсын!», – деп бата береді үлкендеріміз. «Бақытым – балаларым!», «Балалар аман болсын!» – деп тілейді ата-ана. Отбасы бақыты, өмірлік махаббат – үлкен бақыт, қуаныш. Және де адам өзінің жолын, өз өмірінің мәнін еңбектен іздейді. Үлкен еңбек ету, жақсы табыстарға жетуді көздейді. «Я считаю жизнь необычайным даром, драгоценным камнем, полученным нами из рук матери-природы для того, чтобы мы сами шлифовали и полировали его до тех пор, пока его блеск не вознаградит нас за наши труды. – Мен өмірді табиғат – ананың қолынан алған ғажап сыйлық, асыл тас деп есептеймін. Біз оны өзіміз әбден қырнап, өңдеуіміз керек, сонда оның жарқылы еңбегіміздің өтеуі болмақ». – дейді Альфред Нобель.

«Если вы хотите вести счастливую жизнь, вы должны быть привязаны к цели, а не к людям или вещам. – Егер бақытты өмір сүргіңіз келсе, сіз адамдар мен заттарға емес, мақсатқа байлануыңыз керек». – дейді Альберт Эйнштейн. «Весь смысл жизни заключается в бесконечном завоевании неизвестного, в вечном усилии познать больше. – Өмірдің мәні – белгісіздікті үздіксіз бағындырып, көбірек тану жолындағы мәңгілік ұмтылыс» – дейді француз жазушысы Эмиль Золя. Орыс ғалымы В. Бехтерев 1916 жылы, Бірінші Дүниежүзілік соғыс қызып тұрған қанды заманда: «Өлім жоқ! Ой-сезім өлмейді. Ой материалды. Энергия жоғалмайды! Мұны ғылым дәлелдейді!» – деп жержаһанға жар салыпты. Дүние дүр сілкініпті. Діни адамдар айтса бір сәрі, мидың нейрондарын зерттеуші көрнекті ғалым бұлай дегенде, зиялы қауымның өзі сенерін де, сенбесін де білмей, аңырып, абдырап қалса керек. Атам қазақ айтқан ғой: Өлмегенде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді! Хакім Абай атамыз: Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған! – дейді. Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма? Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? Махаббат ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма, Біреуге жай, біреуге тез болмай ма!? Асау жүрек аяғын шалыс басқан, Жерін тауып артқыға сөз болмай ма? – деп ой тереңіне бойлатады. Александр Сергеевич Пушкин өзінің соңғы өлеңінде: Я памятник себе воздвиг нерукотворный, К нему не зарастет народная тропа. Вознесся он выше главою непокорной, Александрийского столпа!

Нет, весь я не умру – душа в заветной лире,
Мой прах переживет и тленья убежит –
И славен буду я, доколь в подлунном мире
Жив будет хоть один пиит.

Слух обо мне пройдет по всей Руси великой,
И назовет меня всяк сущий в ней язык.
И гордый внук славян, и финн, и ныне дикой,
Тунгус, и друг степей калмык!

И долго буду тем любезен я народу,
Что чувства добрые я лирой пробуждал,
Что в мой жестокий век восславил я Свободу
И милость к падшим призывал.

Веленью божию, о муза, будь послушна,
Обиды не страшась, не требуя венца,
Хвалу и клевету приемли равнодушно
И не оспоривай глупца.

– деп толғанады.

Пушкиннің осы өлеңі ақын қаза болғаннан кейін бірнеше жылдан
кейін жарияланған. Соның өзінде біраз айқай-шу болып, ақынды
«астамшылық қылып, өзін әспеттеп, жөнсіз мақтанып кеткен» –
деп айыптағандар аз болмаған. Ал бұл ақынның өмір мәнін іздеуі,

мәңгілікке ұмтылған жан сыры ғой!
Мағжан Жұмабаевтың:
«Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты...

Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі-тәтті күй.
Балқиды жаным бүл күйге.
Мені де өлім, әлдиле...

Әлдиле, өлім, әлдиле!..». – деп тебіренген, күңіренген жырлары
да осындай көне сарын, терең сырлардан туған!
Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» жыры да өзінің көркемдік
ерекше байлығымен, рухани қуатымен өмір мен өлім жайлы ұлы

жырлардың қатарында тұратын, аңызға айналған дүние! Өкпесінен

қысып тұрған өктем заманда да жан шындығын шырылдай жырлап,
өмірдің мәні, адамның жолы, мәңгілік пен қас-қағым туралы ой-
сезімін өлеңмен өріп жеткізген құдіретті, қасиетті шығарма!
Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,

Көрінер көлеңкесі келбетімде,
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде!
Сол жерде қалармын ба мәңгі тоқтап,

Жоғалып жер бетінен сүрлеу, соқпақ?
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап!?
Ризамын туғаныма адам болып,

Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз,
Бір мезет жер бетіне кетер соғып!
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,

Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп!
Барым да, бақытым да осы өлеңім,

Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан- босқа,
Мен қайтіп босқа жасап, босқа өлемін!

– деп толғайды.

Бұл – ақынның жан сыры, мәңгілікке ұмтылған адамның биік
арманы!
Басқа ақындарда да осындай ұғым, талпыныс бар.
«Мәңгілік өмір, өлмеушілік қайда екен?!» – деп толғанады,

жиырма үш-ақ жасында қыршын кеткен жалынды талант Саттар
Ерубаев.
Мұқағали Мақатаевтың қоштасу жыры – «Моцарт. Жан азасы».
реквиемінде «күйзеліп, жайлап өмір мен өлім сырласады».Дерт

меңдеп, ажал аузында тұрған ақынның аманат жырынан өмірге
деген құштарлық, мәңгілік өмір мәні туралы қасіретті де қасиетті
ой-сезімдер төгіліп тұр.
«Мен сені сүйгем,

Жаныммен сүйгем, жарық күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық күн,

Тұрған да болар, үстінде мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем
Мен үшін бір күн тынарын.

Тастама мені,
Тастама мені, шырағым,
Шуағың түссін,
Шөп болып мейлі, шығамын.

Қабырғаңды қайыстырар қасірет жыры! Бірақ, дүниеден түңілу,
лағнет айту ма? Жо-жоқ, өмір деп үздіккен, «бір күндік сәулеге»
зарыққан ғашықтық, шексіз құштарлық қой!
Бір күндік сәуле,

Бір күндік жарық мекенім,
Мәңгілік түнек,
Қапасқа қалай кетемін?!
Келмейді-ау тілім...

Өлгеннен сұра дер едім
Тірі жандарға
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге

Тірлікте сірә жетер ме ой,
Жарық сәуледен басқаның бәрі – бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі, бөтен ғой,

Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!..
Тамшыдай ғана нұрына, міне, зарықтым,

Өмір осы екен, сырына, міне қанықтым.
Жаса сен мәңгі!..
Жаса сен мәңгі!
Жарық күн!

Осынша қасіретке, сағынышқа, ғашықтыққа толы жырында ол
болашаққа үмітін артады. Ақын өз жырының өлмесіне сенеді:
Болашақ дүниеге шыр еткенде,
Бір ұрпақ бір ұрпаққа іліккенде,

Аспалы көпір болып қаларсың сен,
Жалғайтын жүректерді жүректерге.
Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды,
Саған деген сағыныш басылмайды.

Табытыңды жасырса жер жасырар,
Ал уақыт өзіңді жасырмайды...
Міне, өршіл рухтың, өрттей лаулаған ой-сезімнің өміршең сыры,
өрлеген биігі! Жырдың соңындағы жер-бесіктің сырына құлақ

түрейік:
Әлди,
Әлди
Ақ балам,

Ұйықтай ғой, ұйықта,
Жат, балам,
Мәңгілік сені тербеуге,
Мәңгілік бесік сақтағам...

Шулама, орман, кең дала,
Баламның алма мазасын!
Тербетіп тұрам мен ғана,
Мәңгілік жанның азасын.

Әлди,
Әлди,
Ақ пенде,
Тыныштық тауып, жат менде.

Өмірді қандай сыйласаң,
Өлімді сондай жат көрме!
Өмір мен өлім арасында арпалысып, «қомағай көңілі әр неге

құмартып өтетін» адам жолының заңды түйіні! Арғы жағында
Мағжан Жұмабаевтың: «Мені де, өлім, әлдиле!» – деген сарынымен
үндесіп, үйлесіп жатыр емес пе?
Атам қазақ «тумақ бар да, өлмек бар!» – деген!

Дүние ойлағанға жалған екен,
Адамды әрекетке салған екен,
Опасыз әрекетің өмір қысқа,
Сүйегің қара жерде қалған екен! – деп жырлаған сұңғыла

аталарымыз.
Ұшып кеткендер...
Даланың дана,
Жөн болар сөзін ойға алған,

Көшпенді батыр
Көшкенде мына жалғаннан,
Ұшты дейді екен,
Байырғы түрік бабалар.

Өлмейді кісі,
Ұшады көкке қайран жан!
Адамды ажал құшқанда,
Кеудеден жаны шыққанда,

Ұшты деп айтса, бабалар,
Меңзеген нені?
Тұспалда!
Жылама, зарлап жоқтама,

Өлімді сұм деп даттама.
Ол, бәлкім, қайта тумаққа,
Ұшатын көкке шақ қана!
Сызыққа жазу жеткенде,

Өшер ме мүлде өткендер?
Белгісіздікті бетке алып,
Үндемей ұшып кеткендер?!

Айналып мәңгі аруаққа,
Ұшты екен олар қай жаққа?!
Жүр ме екен әлде көгіңде,
Қарайлап ауыл, аймаққа?

Баянғали Әлімжанов. \ «Пандемия» поэмасынан.\
Жалпы, бұл барша адамзат баласы жауабын ғасырлар бойы
іздеген, әлі де іздей беретін мәңгілік сауал, ауыр сұрақ. Ал енді
екінің бірі ақын – жазушы емес, ғалым емес. Ғалымдар үлкен

ғылыми жаңалықтар ашып, сол ғылыми еңбегімен халықпен бірге
жасағанды мұрат – мақсат көреді. Атақты француз жазушылары

– ағайынды Гонкурлар өздерінің кітаптарын күндіз – түні жазған.

Оларды достары мазақтап: «Енді бір он мың жыл өткеннен кейін
мынау жердің бетінде тіршілік болмайды. Сонда анау Арктиканың
мұздарының, аппақ қарларының арасында боран соғып тұрады.
Сол боранда мына Гонкурлардың кітаптарының қағаз парақтары

домалап, жан-жаққа ұшып бара жатады!» – дейді екен. Сөйтсе,
ағайынды жазушылар аспай-саспай: «Жоқ бізге он мың жыл деген
сөз емес! Он мың жыл емес, бізге мәңгілік керек! Біз мәңгіліктен
басқаға келіспейміз, сол үшін еңбектеніп жатырмыз!» – деп

қасқайып қарап тұр дейді!
«От человека остается только имя! Адамның артында аты ғана
қалады!» – деген қытайдың даналығы да бар.
Міне, саналы адам баласы келешек ұрпаққа үлгі,өнеге болатын,

пайдалы, үлкен істер атқарғанды ойлайды, армандайды. Еңбегім
ертеңгі ұрпақтың кәдесіне жараса екен, тарихта атым қалса екен,
атым жоғалмай, елмен бірге жасаса екен дейді.
Мұның барлығы адам баласына тән сезім. Адам баласының

мәңгілікке, із-тозсыз жоғалып кетпеуге ұмтылысы. Бұл бір өте
қасиетті сезім, адам рухының өлмеуге ұмтылуы деп тануымыз керек
шығар. Жаратушы адамға осындай рух берген ғой. Бұл тек әдебиет,
өнер, ғылымда ғана емес, өмірдің басқа да салаларында солай

ғой. Дәрігер адам адамдарды емдеп, алғысқа бөленіп, абзал жан
атанып, өзінің рухани, адамгершілік парызын өтейді. Спортшылар
үлкен жетістіктерге жетіп, даңқын шығарып, спорт тарихына атын
жазады. Қарапайым малшы, еңбекші, дихан болса, адал еңбекпен,

маңдай терімен мал өсіріп, дән өсіріп, елге азық – түлік беріп,

бұл өмірдің, тіршіліктің өзегін ұстап тұрған жоқ па?! Немесе, ел басшыларын – хан, сұлтан, президент, королдерді алыңыз. Олар да саяси аренада өз міндетін, миссиясын атқарып, өзіне берілген уақытта елді басқарып, бір биіктерге жеткізеді. Сол секілді тарам – тарам өмір, тарих жолында әр адам өзінің орнын, өмірінің мәнін табады. Ал енді адамзаттың, халықтың көпшілігі –қарапайым еңбек адамдары. Оларға кейде жоғарыдан қарап, «бұлар не бітіріп жүр осы?» – дейтін тәкаппарлық көзқарастардың да бары өтірік емес. Тіпті: «Ей, мынаның өмірінде не мән бар дейсің? Бұл бір біткен адам ғой!» – дейді біреулер туралы екінші біреулер. Ал, шынында солай ма? Әр адамның өз қызығы, өз бақыты бар. Тіпті, адасып, жолдан жаңылған жандардың да өмір жолын сызып тастауға ешкімнің хақысы жоқ. Мысалы, талай мәрте болып жатқан оқиғалар бар – ешкім жөнді адам деп санамаған, ішіңкіреп кеткен, сотталған бір жандар болады. «Енді бұл бір бейшара адам ғой,» – деп менсінбеуге бола ма? Ол бір күні керемет ерлік жасауы мүмкін ғой, ә?! Бір астан – кестең уақыт туғанда, ол өзінің өмірін басқа адамдарды құтқарамын деп қиып жіберуі де мүмкін ғой, мысалы. Отқа, суға түсіп кетуі мүмкін, ал! Бір – ақ сәтте батыр болып шыға келеді! Немесе, әрбір адам, жан иесі сіз бен бізге белгісіз, жалғыз жаратушыға ғана аян бір істерге себекер, дәнекер болған шығар?! Азды-көпті ғұмырында мағнасын өзі де білмейтін әлдебір істі атқарып, бірдеме бітірген шығар?! Қалай ойлайсыз, ә?! Құдай тағала құртқұмырсқаны да себепсіз жаратпаған десек, әр адам баласының да бұл өмірге, ерте ме, кеш пе, келіп – кетуі тегін емес, өзіндік мән-мағнасы бар бір жұмбақ сырлы оқиға емес пе?! Әркімнің арқалаған жүгі бар. Әркімнің өз өмірі, өз мәні бар, өзінің орындайтын міндеті бар. Өзінің миссиясы бар. Ойлап қарасаңыз, табиғатта, бұл өмірде бәрі де заңды! Сондықтан, өз өміріңіздің мәнін біліңіз, өз өміріңіздің мәнін табыңыз, іздеңіз! Сіздің міндетіңіз сол! Өзгенің өмірінде, мәнінде жұмысыңыз болмасын! Кей адамдар: «Дүние жалған, қас-қағымда өте шығады, сондықтан тіршіліктің қызығын мейлінше көріп қал! Ертең басыңнан дәурен өтеді, кетеді, бәрі босқа қалады, сондықтан шайқап-төгіп, жүріптұрып, ойнап-күліп, ішіп – жеп қалуға тырыс! Қайнатып, жайнатып

өмір сүр, «қолыңнан келіп тұрғанда, қонышынан бас!» – деген пәлсапаны ұстанып, арзан-жалған құмарлықпен күндерін өткізеді. Рас, бұл өмірдің қызығы, рахаты көп, оның бәрінің де дәмін татып көруге ешкім де қарсы емес. Дүние кең, өмір айдыны үлкен, қырсыры көп, сан алуан, соның бәрін көріп, сезуді жаратушы сізге нәсіп еткен. Гәп – өмірдің қызық, рахатын кім қалай түсінеді? Құр елтең-селтең жүріс, мақсат, мұратсыз сандалып, желік қуып, желмен ұшып кете берудің өзі адамды аздырып, тоздырып жібереді! Өмірдің мақсаты тек ішіп-жеу, құмарлық, рахат қана болса, не болғаны? «Шектен шықпаңдар!», «Әр нәрсе – дәмімен!» – «Ничего чрез меру!» деген даналықты тура осы мәселеге қатысты есте ұстағанымыз абзал! «Смысл жизни – в самой жизни! – Өмірдің мәні – өмірдің өзінде!» – деген сөздің жаны бар. «Өмірді сүйіңіз! Дәурен сүріңіз! Өмірдің мәнін ойлап басыңызды ауыртпаңыз!» – деген ойлар да көп айтылады. «Насколько мы можем судить, единственная цель человеческого существования – зажечь свет смысла во тьме простого бытия. – Адам өмірінің жалғыз мақсаты – қарапайым тұрмыстың қараңғылығында мәннің жарығын жағу». – деп жазады Карл Юнг. Мұғалімді алыңыз, қаншама баланы оқытады. Қаршадай бала күнінен әріп танытады. Сөйлеуге, оқуға үйретеді. жазуға үйретеді. Бір мұғалімнің алдынан қаншама балалар тәлім – тәрбие, өнеге алып, үлкен өмірге қанат қағып шығады. Міне, мұғалім өмірінің мәні! Сол балалардың ішінен ертең айтулы азаматтар, халық үшін үлкен еңбек жасаған адамдар шығуы әбден мүмкін. Шығып та жатыр. Бұл да мұғалім өмірінің биік мәні! Қандай керемет дүние! Адам қалайда атақ – даңққа бөленуге, «танымал – популярный» болуға міндетті емес. Тіпті даналар айтқандай, популярностьтанымалдылық пен величие – ұлылық екеуі мүлдем екі басқа нәрсе. Яғни, танымалдылық пен нағыз ұлылық, үлкен еңбек екеуі бірдей емес. Жақсы атын өзінің айналасы ғана, шәкірттері ғана білетін мұғалімдердің еңбегінің мәні қандай үлкен, аса бағалы! Таразылап, ойлап қарасаңыз, шын мәнінде өмірдің мәні – өте күрделі сұрақ және әр адам өзінше шешеді. Әр адам өмірінің өз мәні бар! Өз бақыты, өз қызығы бар! Түйін осы! Өйткені, ол тек қана танымал болуға, әйгілі болуға тіреліп қалған жоқ.Танымал,

әйгілі кісілердің ғана өмірі мәнді екен де, қалғандарының өмірі
мәнсіз екен деген ұғым – мүлдем қате ұғым! Адамның өмірінің мәні

– еңбегі десек, әр адам өз орнында еңбек етеді. Қоғамға, халыққа

тиетін пайдасы бар, мән – мағынасы бар. Ол және бір күнмен, бір
өмірмен ғана шектелмейді. Ол жалғаса береді. Мысалы, жаңағы
мұғалімнің тәрбиелеп өсірген балалары келешекте өздерінің еңбегін
жалғастырады ғой. Ойлап қараңыз! Алла тағаланың таразысы –

әділдің әділі. Бір түйір жақсылық істесеңіз, сауабын береді. Бір
түйір жамандық істесеңіз, зауалын тағы береді. Ал, бұл өмірдің
өлшеміне келсек, адамзат тарихының да, уақыттың да таразысы
әділ! Адамның адамзат үшін, халық, ел үшін жасаған еңбегі түп-

түбінде соған тартылады! Өлшем осыған келіп тіреледі! Сондықтан,
жастарға айтарым – өзіңіздің өмірлік мақсатыңызды табыңыз!
Мәнді өмір сүріңіз!
Өз өміріңді сүр! Өз жолыңмен жүр! Өз жұмысыңды біл!

Австрия психиатры және неврологы Виктор Франкл фашистік
концлагер тұтқыны болып, талай азапты көрген. Өз тәжірибесіне
сүйеніп, жаңа жүйе –логотерпияны қалыптастырған. Ол адамдарға
өмір мәнін табуға көмектеседі. Оның негізінде базалық бір ғана

принцип бар. Ол қандай да бір жағдайға сіздің қалай қарайтыныңыз,
реакцияңыз, бағаңыз. Фашистік концлагердің адам төзгісіз ауыр
жағдайында, ажал аузында жүргенде де Франкл өмірдің мәніне
деген сенімін жоғалпаған екен. Қайта ол сондай ауыр жағдайдың

өзінде алдына мақсат қоя білген. Ол мақсатын өмірдің мәні деп
сенген. Сонда ол үшін нақты ауыр жағдай емес, сол жағдайға деген
көзқарасы, бағасы маңызды болған. Сөйтіп, ол өмірге, өмірдің
мәніне деген сенімін жоғалтпай, күйзелмей, күйремей, күйіп кетпей

аман қалған. Концлагерьде әбден қиналып, күйреуге айналған
адамдарға өз ойларымен жігер берген, рухын көтеріп, көбінің аман
қалуына себепкер болған.
«Недостаток успеха никогда не означает утрату смысла. –

Табыстың жетімсіздігі ешқашан да мәннің жоғалғанын білдірмейді»

– дейді Виктор Франкл. Және де оның: «Невозможно определить

смысл жизни в общем. Он различается от человека к человеку и от
момента к моменту. – Өмірдің мәнін жалпы анықтау мүмкін емес.
Әр адамға, әрбір сәтке байланысты оның ерекшелігі бар». деген
тұжырымы да назар аударарлық.

Алайда, ары қарай ойлансақ, ең бір қиын сұрақ туады. Адамның өз жалғасы – ұрпағын өсіруі, тарихта жақсы атын қалдыруға тырысып, айтулы еңбектер етсем деген тілек, талабы – бәрі де жақсы. Ең қорқынышты жағы мынада: Соның мәңгілік екеніне кімнің көзі жетеді? Тарих мәңгі тұра ма? Қиямет, ақыр заман келеді дейді. Түптің түбінде осы өмірдің бәрі – тарихың да, адамзатың да, жер шарың да, күллі ғалам, дүниең де, бүкіл өркениет, цивилизацияң да, ғылым – білімің де – барлығы да ертең жоғалып кете ме?! Бар – жоққа айналса, осының бәрінде қандай мағына бар деген қорқынышты сауал саналы адамның алдына сан мәрте тартылады. Мұндай тұңғиық, тым биік сауалдардың жауабына, арғы мәніне адам баласының ой – өрісі жетпейді. Бұған жауап тапқан ешкім де жоқ! Оған қиналудың да керегі жоқ шығар. Ондай ойды қуа берсең, жынды болып кетуің мүмкін. Сондықтан да, бұл жерде бізді құтқаратын нәрсе – тағы да кәміл иман, сенім, үміт! Екі дүниені бір Аллаға тапсырып, тіршілікте бізге танып-білуді бұйырмаған арғы жағына басымызды босқа ауыртып, жанымызды бекер қинамайық! Біз бергі жағында, осы өмірде өз міндетімізді адал атқарып, көзімізге көрініп тұрған дүниенің жолын дұрыс жүріп өтуді білейік! Жұмбаққа толы дүние Түңіле берме өмірден Түңілгенде не етерсің? Күңірене берсең күн-түні Күпір де болып кетерсің. Ашам деп көңіл сарайын Көп күлгенде не етерсің? Кеңкілдей берсең күн-түні Кеңкелес болып кетерсің. Иіле берме әр неге Иілгенде не етерсің? Бүгіле берсең бір жола Бүкір де болып кетерсің.

Көтере берме кеудеңді
Көпіріп қайда жетерсің?
Көбіктің түбі өтірік
Үп етсе ұшып кетерсің.

Бойыңа сыймай қуатың
Бұзып-жарғанда не етерсің?
Қиянат-обал арқалап
Бір күні мүрдем кетерсің.

Сұлумын деп сүйініп
Секеңдегенде не етерсің?
Сүйкене берсең әр неге
Сүйкімсіз болып кетерсің.

Үрейге бойды алдырып
Үрпигенде не етерсің?
Үңги берсең өзіңді
Кеуек боп босқа кетерсің.

Әр нәрсе тәтті дәмімен,
Бәрін де татып өтерсің.
Жұмбаққа толы дүние-ай,
Мәніне қайтіп жетерсің!!!

Баянғали Әлімжанов
Дін туралы
Дін – адам баласымен бірге жасап келеді.
Әр халықтың өз діні бар.

Діннің тарихын зерттесеңіз түбіне жетпейсіз, кете бересіз арғы
дәуірге. Біз бүгінгі күнге қатыстыны алайық.
Бір ойлап қарасаңыз, құдай тағала, жаратушы біреу. Ол –
абсолют. Жер бетінде екінші абсолют болмайды, құдай тағала екінші

абсолютты жаратпайды. Қарап отырсаңыз, пайғамбарлардың өзі
де бүкіл адамзатқа бірдей емес. Әр діннің өзінің пайғамбары бар.
Мұнда да бір құдайдың өзі ғана білетін бір заңдылықтар, жолдар

бар сияқты. Ал енді бізге, адам баласына осы заманда қалай өмір сүрмек керек?! Қайтпек керек?! Неше түрлі діндер қатар өмір сүріп отыр. Қазір озық ойлы адамдар діндердің бір-бірімен теңдігін, сыйластық, толеранттық жолын ұстанады. Діндердің бір-бірімен дауласпауы, жанжалдаспауы, татулықта болуы – бүгінгі дүрбелеңді дүниеде аса маңызды. Шындығында солай – саяси қақтығыстар аз болғандай, дінге бөлініп жанжалдасу – адамзат үшін аса қатерлі. Сенің дінің басқа, менің дінім басқа екен деп араздасудың еш жөні жоқ – адамзат біреу, жер шары біреу, сондықтан біз сыйласып, сыйыса білуіміз керек! Әрқайсымыз өз дінімізді ұстайық деген қарапайым ғана қағида. Бірақ, өмірде бұлай бола бермейді екен. Кейде, бір діннің адамы екінші бір діннің адамына өз дінінің артықшылығын дәлелдеп, өзінің дініне кіргізіп алуға тырысып жатқаны, әрине, барша адамдарда қарсылық сезімін тудырады. Діннің таласы деген өте қиын мәселе. Діни көзқарастар қақтығысы, діни негізде жауласу – адамзат үшін аса қауіпті жағдай және бұл тұтанып кетсе, көпшілікті шарпитын үлкен өрт. Біз соған жібермеуіміз керек. Қысқасы, бір-ақ сөз: «Менің дінім өзіме, сенің дінің өзіңе! Әрқайсымыз өз жолымызды ұстайық, қалғанын бір құдай біледі!» – деген ұстаным дұрыс. Біздің жолымыз – мұсылман жолы, имандылық, ізгілік, сабырлылық жолы. Біз осы қалыпта болуымыз керек. Тіпті, мұсылман дінінің өзі бірнеше ағымға бөлініп жатады. Оның бәріне төзім керек, сабыр керек. «Қайсысы қалай екенін бір Алла біледі!» – деген сеніммен, бәрін де құдайға тапсырып, өз жолыңмен тура жүре бергеннен дұрысы жоқ деп ойлаймын. Әсіре діншілдік, діни рәсімдерге жабысып, қатып қалу қаншалықты дұрыс? Оның бәрін адамдардан, айналасынан: «Әй, мына рәсімді неге ұстанбайсың? Неге өйтпейсің, неге сөйтпейсің!» – деп қатаң талап ету, тіпті, соған мәжбүрлеу – бұның барлығы зорлық, агрессия. Саясаттандырылған діни рәсімдер. «Дінде зорлық жоқ!» – деген пайғамбарымыз. Аллаға деген сенімің болса, ізгілік жолында жүрсең, имандылық деген сол. Алла тағаланың жақсы деген жолында жүріп, жаман деп тыйым салғандарын жасамасаң, міне, нағыз мұсылмандық. Одан саясат іздеу, өзгелерге күштеп, зорлап таңу – бұл аса қатерлі қателік болады.

Дінге қатысты жастардың есіне салатын тағы да бір үлкен мәселе бар. Қазір жер-жерде мұсылман дініне жасалып жатқан рухани шабуылдар ауық-ауық байқалады. Бұл жерде мен басқа діндердің өкілдерін, таза діни сенім-нанымдағы адамдарын кінәлаудан аулақпын. Бірақ, сол діндердің атын жамылып, мұсылман дінінің негіздеріне, оның ізгілік жолына агрессиялық шабуыл жасау белең алып барады. Құранға, пайғамбарға тіл тигізіп, карикатура салғандары аздай, тіпті, құранды жыртып, өртеп жатқандары да бар. Ал онда, мысалы, мұсылман дінінің тұрғысынан қарап, өзге діндерді де: «Мына жерің былай, ана жерің алай!» деп, сынауға болады. Діннің таласы – таусылмайтын талас, қаншама заман, қаншама ғасырлар үзілмей келе жатыр. Теолог, дін танушы ғалымдар бұған әбден төселіп алып, таласыптартысып, айтысыпайтысып, ақыры: «Әйтеуір сенетініміз бір құдай, оған әркім әртүрлі жолмен сенеді! Ең дұрысы – әркімнің діні өзіне!» – деген бірден-бір дұрыс тоқтамға келген сияқты. Әйтпесе, діни агрессия қазір неше түрлі жолдармен жүріп жатыр. Құранның негіздеріне тіл тигізу, аяттарды дұрыс түсінбей, теріс баға беру, жоққа шығару немесе тіпті әжуалауға дейін бару – мұның бәрі өте сорақы нәрселер. Ал мен мұсылман бауырларыма: «Оның бәріне сабырмен қарап, төзе білейік! Бәріне де бір құдай төреші!» – дегім келеді. Өйткені, айталық, өзге діннің өкілі мұсылман дінінің бір қағидасына тиісті екен деп, енді сіз оған шабуыл жасасаңыз – діннің айтысы, діннің тартысы өрши береді. Оның аяғы ерегеске, төбелеске, өшпенділікке, соғысқа, қантөгіске соқтыруы мүмкін. Солай болып та жатыр. Мысалы, пайғамбарға карикатура салған бір шетелдік редакцияны жарып та жіберді. Жалпы, оларға не керек екенін мен түсінбеймін. Құранда, пайғамбарда не құндары бар? Мұсылман дінінде, басқа діндерде жұмысың қанша? Сенесің бе құдайға, өзіңше сене бер! Сенбейсің бе, сенбе! Өз жолың өзіңе. Өз шаруаңды істеп, жайыңа тыныш жүрмейсің бе? Осының бәрінің сыртында саяси күштер бар, олардың көздеген бұзық мүдделері бар. Бұл – дүниенің тыныштығын кетіріп, шайқап, бүлдіріп, дін мен дінді, елдер мен елдерді араздастырып, соғыстырып, содан пайда табуды, өздерінің билігін нығайтуды, үстемдігін жүргізуді көздеген топтардың, күштердің әрекеті. Осындай қитұрқы зұлымдықтарға біз иман, сабыр, ақылмен қарсы

тұра білуіміз керек. Ниеті жаман біреу арандатып, от тұтатты екен
деп, оның отына май құюға болмайды. Біздің мұсылмандығымыз
осында.
Жалпы діни көзқарастарды қазіргі заманда саясаттандырып,

әскери топтар құрып, дінді ұран етіп, адал, аңғал жандарды соғыс
өртіне, өлімге айдап салу – өте бір шебер қолданылып жатқан айла-
тәсіл, саяси технология. Тіпті мұсылман дінінің өзін желеу қылып,
мұсылман дінінің атын пайдаланып, жастарды соғысқа шақыратын,

соғыс жолында қаза табуға – шейіт болуға үгіттейтін теріс ағымдар
да көп. Осының бәрінен сақ болыңдар, айналайындар!
Біздің дініміз – мейірімнің діні. Алланың алғашқы аты – рахман,
рахим, яғни мейірім, рахым! Осы жолды ұстанып, ізгілік жолынан

адаспаңдар, жандарым!

Екінші бөлім Имандылық Аталарымыздың ұстанған жолы – имандылық, ізгілік, адамгершілік жолы. Ал мына заманның түрі басқа. Өзгеріс көп. Сонда біз, қазақ баласы, осының барлығын қалай сақтап қаламыз?! Біз бір бұрышқа тығылып, томаға-тұйық қалыпта өмір сүре алмаймыз ғой. Біз де осы заманның ішіндеміз, сан халықтармен араласып – құраласып, өмірдің ағынында кетіп барамыз. Ол ағында неше түрлі ойлар, идеялар, сұрақтар сапырылысып, қайнап, өзара қарым-қатынасқа түсіп, жұғысып, жақындасып, арпалысып жатқан жоқ па?! Демек, адасып кетпеу үшін бізге бір айнымайтын, адастырмайтын ұстаным керек. Ол не?! Ол – имандылық, ізгілік, адамгершілік, атабабаларымыздан дарыған ұлттық болмысымыз! Ал, енді сол имандылығыңа, адамгершілігіңе, ұлттық қасиетіңе шабуылдар жасалып жатқанда қайтесің?! Оның бәрін теріске шығарып, балаларымызды бала күнінен, жастарымызды жас күнінен неше түрлі әзәзіл, сайтани қызықтарға үйіріп тартып, бұзып жатса не дерсің?! Оған тосқауыл керек! Ол тосқауыл, қорған – тағы да иманың, ақыл сабырың! Әйтпесе, неше түрлі азғындықтың түр – түрлері шықты. Оны біздің жастарымызға көрсетіп, таратып жатыр. Көп жағдайда ішімізге кіріп кетті. Бұл бір қиын мәселе. Қалай болғанда да балаларымыз Адамға ең бастысы, иман, ақыл, Бойыңа білім, қуат жиған мақұл. Сақтайды сабыр – соттан, шүкір – оттан, Әдепсіз мінез, нәпсі тыйған батыр! Баянғали Әлімжанов.

ата – бабаларымыздың, аналарымыздың, әжелеріміздің ізгілік жолын ұстауға тиіс! Және мына заманөзгеше, жаңа технологиялар заманы. Жастарымыз соған қалыспай ілесе білуі керек. Ескінің есті, асыл қасиеттерін жаңаның жақсы жетістіктерімен үйлестіре, үндестіре алса – жаңа қазақ ғажап болар еді. Бұл аса күрделі мәселе. Бәлкім, осы жолда менің де ой – толғаныстарым бір кәдеге жарап қалар деген ниетпен алдарыңызға тартып отырмын. Қазақта «Көргенсіз» деген – ең ауыр сөз деседі. Бірақ, одан да ауыр сөз бар. Ең ауыр сөз – имансыз деген сөз. Имансыз адамнан іргесін аулақ салып, «құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді қазақ. Мәшһүр Жүсіп атамыз: Ең әуелі керек нәрсе иман деген, Ақырет істеріне инан деген... – деп жырлаған. Мәшһүр Жүсіп имансыз ақыл, білім, ғылымды айдалаға шапқан атқа теңеп, оған ие болмасаң жарға жығады деген. Осы бір астарлы сөзде қазіргі заманнның запыран сауалдары мен зауалға батқан ахуалы меңзеліп тұр емес пе? Құдайға қарсы шығып, астамсығандардың ғылым, білімі имандылықтан аулақтап, тіпті, аттап өтіп, дүниені бүлдіріп жатқан жоқ па? Адамзаттың қас жауы, өмірдің соры – ядролық бомбалар, бактерия, вирустар, химиялық улы, зиянды заттар, табиғаттың қолқасын қауып, тұншықтырып, таза ауаны улап жатқан түтіндер, кибер агрессорлар, тағы басқа сұмдықтар ненің жемісі? Барлығы да имансыз, адамгершіліктен жұрдай білім, ғылым тауып, жасап шығарған құбыжықтар емес пе?! Тәубаға келіп, тоқтайтын кез баяғыда келді! Иманы, сенімі бар жан адаспайды, азбайды, тозбайды. «Есігі ашық тұрған үйге ит кіреді. Қалай кіреді, қай кезде кіреді өз еркі. Кіреді, жайлайды, кетеді, есігі аңғал-саңғал ашық тұрса. Имансыз адамның да жүрегі, көңілі, жаны сондай. Иесіз үй сияқты. Оған да жын-шайтан кіреді, жайлап алады!» – дейді Мәшһүр Жүсіп жарықтық. Шынында да, адамның жанына, көңіліне неше түрлі нәрсе кіріп, шығып жатады ғой. Түрлі, қым-қиғаш, алай-дүлей, құйын ойлар. Адамды адастырып әкететін нәрселер. Демек, адамның жүрегінде иманы болмаса, адамның адасуы, шайтанға ілесуі, азып-тозуы оп-оңай.

Соны Мәшекең айтады: «Жын, пері, шайтан деген иманы әлсіз немесе иманы жоқ адамды иектеп алып кетеді де, неше түрлі жамандыққа бастайды. Ал жаман адамды жаман қылып, жаман іске бастап тұрған құдай деп ойламаңыз. Құдай емес, шайтан апарып тұр оны. Неге апарып тұр? Өйткені иманы әлсіз, иманы жоқ, анаған ерді де кетті. Солай кісі өлтірді. Бұзық жолға түсті, азып-тозды. Мінекей, осымен кетті!» – дейді. Бұл сөздің мәніне терең үңіліп, ойланып қараңыз, осы күнге әкеліп қараңыз. Иманы мықты, адамгершілігі мол, ұяты бар адам, әсіресе, атқа мінген азамат, таққа мінген басшы қоғамның, халықтың алдындағы парызын ойлайды, елдің хақысын жемейді, сатқындық жасамайды, өзінің түзу жолымен еліне түзу қызмет қылады. «Адамның адамдығы сол, жақсылығын елі көрсе» дейді Мәшекең. Демек, халық үшін жақсы іс қылыңдар дейді. Ата-бабаларымыздың даналығына сүйене отырып, жастарға өнеге ретінде айтарымыз – иман, адамгершілік, ізгілік жолын жаңа заманның барлық жақсы жаңалықтарымен, ақыл-ой, ғылым, білім жетістіктерімен жарастырып, жалғастыра біліңіз! Сарабдал санаңыз, алғыр ақылыңыз, терең біліміңіз иманды жаныңыздың адамгершілік, ізгілік сезіміне табиғи үйлесіп жатса, нұр үстіне нұр! Қандай дана сөз, қағида болса да, өмірдің барлық жағдайына жарай бермейді, дәл келмейді. Өмір ешқандай қағидаға сыймайды. Барлық жағдайға жарайтын, адамға жәрдем беретін – иман, рахым, ақыл, сабыр, рух күші. Ақыл Екінші керек нәрсе ақыл деген, Ақылсызда тауфиқ жағы тақыр деген. Аз іске ашуланып, дінін бұзар, Иманын күпірлікке сатар деген! – деп, дүниенің кілті – ақыл, адамды адам қылатын иманды ақыл екендігін түйіндейді Мәшһүр Жүсіп жарықтық. «Адам деген бір жалаңаш нәрсе. Мінез, ақыл, сөз оның киімі есепті. Осылар көркем болса, жұрт көзіне көрікті, сүйкімді көрінеді» дейді тағы да Мәшһүр Жүсіп. Ақыл-ойыңды дамыту үшін ақылды адамдармен әңгімелес, сөзін тыңда!

Бірақ, ақылды адамдармен кездесудің сәті күнде түсе бере ме? Сонда не істеу керек? Ақылды кітаптарды оқу керек! Даналардың сөзі мен ойына ден қойып, керегіңізді сараптап, сүзіп ала біліңіз! Ақылсыз адам адасар, Имансыз ақыл қатерлі! – дейміз. Бірақ: Өмір ақылға сыймайды, Сонысымен қинайды! Баянғали Әлімжанов. Сабыр Үшінші керек нәрсе сабыр деген, Сабырлы ісі мұратын табар деген! – дейді Мәшһүр Жүсіп. Бұл өте терең философия! Сабыр – дүниенің сақтаушысы. «Жігітке уайымпана, сабыр – қорған» – деген Біржан салдың сөзі де еске түседі. «Кунг-Фу. Шоу-дао. Путь спокойных». деген кітаптан \ Авторы Медведев болуы керек. \ оқып едім. Бір бүркіт тастың үстінде күнге қыздырынып жатқан жыланды бүріп алып кетеді. Жылан сұлқ түсіп, қимылдамай салбырап қалады. Бүркіт оны өлді деп ойлап, биік жартасқа келіп қонады. Асықпай жемек болып, жыланды шеңгелінен босатады. Сол кезде жылан оны шағып алады да, тастың қуысына кіріп кетеді. Сөйтіп, бүркіт қаза болып, жылан аман қалады. Мұның себебі, жылан шоу-дао, яғни сабырлылар жолын білген. Ал бүркіт одан хабарсыз. Егер де бүркіт сабырлылар жолымен – шоу-даомен таныс болса, ол жыланды іліп алып, көкке көтерілген кезде, оның қимылсыз салбырап қалғанынан күдіктенер еді. Неге бұлай деп, ойланып, сақтанар еді. Бәлкім, биіктен тастап жіберіп, шындап өлтіріп, содан кейін ғана оны алып кетер еді. Қалай десеңіз де, аспанда самғаған алғыр, ұшқыр қыран құсты жерде жорғалаған жылан сабырлылығымен жеңіп кетті. «Когда в силу обстоятельств нарушается равновесие духа, восстанови самообладание как можно быстрее и не оставайся в подавленном настроении слишком долго, иначе тебе будет уже нельзя ничем помочь. Привычка восстанавливать гармонию усовершенствует тебя. – Бір жағдайлардың әсерімен рух тепе-

теңдігі бұзылса, өзіңді-өзің жылдам қолға алуға тырыс. Көңілсіз күйде тым ұзақ қалма, әйтпесе саған ешнәрсе де көмектесе алмайды. Жарасымдылықты қалпына келтіру дағдысы сені жетілдіре түседі». – деген екен Рим императоры, ойшыл, батыр Марк Аврелий. «Спокойствие и терпение – это величайшие проявления внутренней силы. А имеющий такую силу сможет достигнуть всего, чего захочет! – Сабыр мен төзім – ішкі қуаттың ең ұлы көрінісі. Мұндай күші бар адам қалаған мақсатының бәріне де жете алады!» – дейді Американың атақты қайраткері, философ Бенджамин Франклин. АҚШ долларының әр түрлі банкнотына тек қана сол елдің президенттерінің суреті салынған. Ал, Бенджамин Франклиннің суреті, президент болмаса да, 100 долларлық банкнотта күллі әлемге күле қарап тұр! «Оң қолың қылыш көтерсе, сол қолың оны ұстай алып, сабырға шақырсын!» – деген атам қазақ! Шүкір «Төртінші керек нәрсе шүкір деген, Нығметке шүкірсіздік күпір деген» – дейді Мәшһүр Жүсіп. Шүкір – Алланың бергеніне ризашылық, қанағатшылдық. Шүкір деген сөз араб тілінде алғысты, рахмет дегенді білдіреді. Ал, міне, қазір шүкірсіз заманда өмір сүріп жатырмыз. Шүкірсіз жерді күпіршілік жайлайды. Адамның көңіліне күпіршілік кірсе, ол адам да, қоғам да оңбайды деген сөз. «Есті адам – қанағатты. Қанағатты адам тиянақты. Тиянақты адам көнтерлі. Көнтерлі адам қайғысыз. Қайғысыз адам бақытты. Ендеше есті адам бақытты болады!» – деп, жарықтық Мәшһүр Жүсіп атамыз осының барлығын тыңдар құлақ, ұғар жанға түсінікті етіп жазып кеткен. «Қанағат – қарын тойғызар, қанағатсыздық – жалғыз атын сойғызар!» – деп, әке-шешеміз айтып отыратын халық мақалы бала күнімізден жадымызда жазылып қалыпты. Қанағатсыздық адамды түбінде тойымсыздыққа, ашкөздікке, шексіз құмарлыққа, жалмауыздыққа, жемқорлыққа апарып соқтырады. Өмір қызықтарына да қанағаттанбай, болған сайын

тоймай, қуалай берушілік ақырында жарға жығады. Ал енді мансап, дәреже, атақ-даңқ, билікке қанағатсыздық, тойымсыздық – бұл аса қатерлі рухани дерт. Әдеп «Бесінші керек нәрсе әдеп деген, Әдептіде иман тұру ғажап дер ем... Әдептілік махаббатқа себеп деген!» – деп жазады тағы да жарықтық Мәшһүр Жүсіп атамыз. Ол – Алланың махаббаты, адамның махаббаты! Баяғыда испанның атақты жазушысы Мигель Сервантестің мына бір сөзін Алматыда, орталық сөйлесу пунктінің маңдайшасына жазып қойыпты: «Ничто не обходится нам так дёшево и не ценится так дорого, как  вежливость! – Бізге ең арзанға түсетін, бірақ өте жоғары бағаланатын нәрсе – әдептілік!» Ал соны біздің аталарымыз да айтқан. Яғни, сайын даланың сабырлы даналары әлемдік ақылой биігіне жеткен адамзаттық данышпандармен үндес, теңдес болған! Біз ақыл, нақыл, білім, ғылымды әлемнің даналарынан да, өз аталарымыздан да ала білсек, жаман болмаспыз. Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Әдептілік махаббатқа себеп» деген сөзіне зер сала қарасақ, көп нәрсені түсінген болар едік. Әдептілік дегенде, ол кісі әдептің тек әншейін сыртқы көрінісін айтып тұрған жоқ. Жан-жүректегі шынайы әдептілікті айтып отыр. Ал осы күні қараңыз айналаңызға. Әдептілік қашты, әдепсіздік жайлады. Дөкірлік, ашу-ыза, өшпенділік қаптап тұр. Оны қалай жеңуге болады? Әдеппен! Әділдік пен адалдық Әділдік пен адалдықты барша адамзат жақсы көреді. Абай атамыз «хақ жолы деп ғадалатты сүй!» – деген. Иә, әділдік пен адалдық – хақ жолы, нағыз имандылық, адамгершілік қасиет. Адамға: «Әділ бол, адал бол, әділет жолымен жүр!» – деп айту қиын емес. Бірақ, әділетсіз дүниеде адам әділ, адал болып қала ала ма?

Әділетсіз заманда кісі қалай өмір сүрмек? Бұл үлкен сұрақ! «Мир не справедлив, ибо: В нем легче уничтожать, чем творить; Легче мучить, чем осчастливить; Легче погубить, чем спасти; Легче убить, чем оживить! – Дүние әділетсіз, өйткені: Жасампаздықтан гөрі қиратып, жою оңай; Бақыт сыйлаудан гөрі, азаптау оңай; Құтқарудан гөрі, құрту оңай; Жан бітіруден гөрі, өлтіру оңай!» – деп жазады поляк ойшылы, жазушы, футуролог Станислав Лем. Әсірелеп, ашынып айтылған бұл сөздің де жаны бар. Ал осындай әділетсіз дүниеде адам қалай әділ, адал болып қалмақ? Әділдікті сүйетін адал жандарды қоғамдық-саяси өмір кейде қиын жағдайларға салады, түрлі мәселелерді алдына тартады. Сонда қайтпек керек? Бұл өте қиын сұрақ! Айналасынан анталаған әділетсіздіктің, арамдықтың аранына жұтылып кетпей, адам қалай аман қалады? Адал болып қалады? Қорқау күштер қоршап алып: «Бізге қосыл, ұрла, қиянат жаса, әне біреулерді аяғынан шалып, құлат! Қосылсаң – мұратыңа жетесің, қосылмасаң – құрып кетесің!» – деп, қысым жасап тұрса, қандай амал-айла бар? Көне грек ойшылы, «жеті дананың» бірі, саясаткер, заңгер және ақын Солон: «Справедливость воцарится тогда, когда каждый будет воспринимать чужую обиду как свою. – Әр адам өзгенің көрген жәбірін өзінің реніші деп қабылдаған уақытта әділдік орнайды». – деген екен. Ал жоғары адамгершілікті, жарасымды қоғам құру идеясын алғаш ұсынған қытай ойшылы, дана Конфуцийдің: «Не делай другому того, чего не желаешь себе! – Өзіңе тілемеген нәрсені өзгеге де жасама!» – деген алтын қағидасы барша адамзатқа ортақ әділдік ұстанымы емес пе?! Қай кезде де адам болып өмір сүру оңай емес деп тегін айтылмаған. Қалай болғанда да, иманыңызды, адамгершілігіңізді, әділдігіңізді, адалдығыңызды сақтауға тырысыңыз! Сол үшін күресіңіз! Тіпті шегінуге тура келген жағдайда да, өзіңіз әділетсіздік жасамаңыз, адалдықтан аттамаңыз, арамдық, зұлымдық, қиянат, жаманшылық жасамаңыз! Қаптаған әділетсіздіктерден сақтаныңыз, қорғаныңыз! Бұлай деп айтуға оңай, ал өмір қиын! Сондықтан да өмір-сынақ, адамның адамшылық жолы ауыр да абыройлы! Бәлкім, сонысымен де қызық!

Адамгершілік Адамгершілік – адамды адам ететін қасиет. Адамның аңнан, хайуаннан өзгешелігі – адамгершілігі. Адамгершілігі жоғалған адамды адам деп айту қиын. Ойлап қарасақ, тарихта, әдебиетте адамшылықтан гөрі жаманшылық көбірек жазылып, көбірек оқылатын сияқты. Ал шын мәнінде қай заманда да адамшылық анағұрлым көп болған. Егер адамгершілік болмаса, адамзат баяғыда азғындап, бірін-бірі құртып тынар ма еді, кім білсін? Адамдардың өмір жолының мың сан бұрылыстарында адамшылық қалпын сақтап, адамгершілік биігінен көрінген сәттері жан тебірентеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм өзіне жамандық жасаған кісілерге қарғыс айтпаған. «Мен адамдарды қарғау үшін келген жоқпын!» – дегені таза имандылықтың, биік адамгершіліктің көрінісі. Тарихта ел тағдырын, адам тағдырын шешкен адамшылық шешімдер қаншама! Адамдардың күнделікті, көзге көрінбейтін кішкентай адамгершілік істеріне есеп жетер ме? Жалпы, сонау дәуірлерден бері қай ел, қай мемлекетте болсын, барлық адамның ойланатын басты мәселелерінің бірі осы адамгершілік болған. Адамгершілік имандылықпен үйлесіп жатыр. Өмірдегі барлық жағдайға да адамгершілік тұрғысынан қарап, адамгершілікпен келу керек. Тіпті, сауданың өзінде де. Пайғамбарымыздың хадисі бар: «Пайданың көзі, негізі саудада. Тек адал сауда қыл!» – дейді. Дінімізде адал сауда құпталған, өсімқорлық айыпталған. Сонда сіз пайда табу үшін сауда жасағанның өзінде де, адамгершілігіңізді, имандылығыңызды ұмытпауыңыз керек. Тек қана ақша, тек қана пайда табу ниеті алға шығатын болса, ол саудада адалдық болмайды. Билікте де солай. Кез келген шешімді қабылдарда, тіпті, қаһарлы хандардың өзі, адамшылық, адамгершілік тұрғысынан қараған. Қандай бір қатал шешім қабылдайын деп тұрған күннің өзінде де, адамшылық мәселесі жеңіп отырған. Сондай хандар халыққа қадірлі болған.

Рас, адамгершілік жолы екен деп, сіз барлық адамға жақсылық жасай алмайсыз. Ол құдайдың ісі. Оған тырысудың да, ұмтылудың да қажеті жоқ. «Мен барлық адамдарға адамгершілік танытамын, жақсылық қылып, жарылқап тастаймын!» деудің өзі асылық болуы да мүмкін. Бірақ, кез келген адамға, кез келген жағдайда, кез келген ортада адамгершілік көзқараспен қарау, адамгершілік тұрғыдан бағалау, адамгершілікпен әрекет ету – бұл біздің парызымыз. Адамгершілікке қайшы сөз сөйлеу, жат мінез көрсету, адамгершілікке жатпайтын істер істеу – бұл өте ұят саналған және адамның адамшылық қасиетіне нұқсан келтірген. Рас, өмір болған соң адам қателеспей тұрмайды. Жаза баспай тұрмайды. Ол сонысымен де өмір. Бірақ, бәрібір адамгершілікті сақтап қалу, бәрібір адамшылығын жоғалтпай қалу – үлкен күш – қуатты, күресті қажет етеді. Адамның басына неше түрлі қауіпті, қатерлі істер, қиындықтар түседі. Соның бәрін жеңіп, адам болып өтемін деген адам – міне, нағыз адам деген осы. Француз жазушысы Антуан Де Сент – Экзюперидің бір шығармасында Гийом деген ұшқыш әлемдегі ең ұзын Анд -Кордильер тауларында апатқа ұшырап құлайды. Ұшағы қирап, өзі аман қалады. Бірақ, пәлен мың шақырым таудың ішінен шығу, құтылу мүмкін еместей. Енді өлім ғана күтіп тұр. Біраз ұмтылады, тырысады, күреседі. Бәрі бір, не ішер ас жоқ, не су жоқ. Енді өлуге айналып, бір сайдың түбінде жан тапсырар халге келеді. Сонда жатып ойлаған ойын қараңыз! «Әй, мен мына жерде өліп қалсам, ертең мені ешкім таппайды. Менің ұшақ апатынан өлгеніме ешкім де сенбейді, дәлелденбейді. Одан кейін балаларыма ақы төленбейді.Мейлі, қалай болғанда да тырысайын. Мені ертең тауып алатындай әрекет қылайын!» – деп, барлық ақырғы күшін салып, алға жылжиды. Мына таудан құтылу мүмкін емес. Арғы жағы қайда, пәленбай мың шақырым ұзақ жол. Ұшқыш Гийомның сондағы бар мақсаты, балаларының ертең пенсия алатын жағдайын ойлап, ұмтылып, бір қырдың басына жетіп, іздеушілерге көрінетіндей жерге жетіп өлу! Сөйтіп, әрең дегенде бір тауға шығып, есінен танып жатады. Содан іздеушілер тобы ұшақпен келе жатқанда, ана тастың басында жатқан кісіні көріп, құтқарып алады. Сөйтіп, ол тірі қалады. Оны аман алып шыққан адамшылық қасиеті! Мұндай адамгершілік қасиеттердің мысалы біздің қазақ

тарихында да, басқа елдерде де өте көп. Қанды қырғын соғыста, ел басына күн туған аласапыран кездерде аталарымыз оқ пен оттың астында, қылыштың жүзінде, найзаның ұшында тұрып та адам болып қала білген. Өлімге басын байлап бара жатып, адамшылығынан аттамаған. Ондай жағдайлар өмірде аз емес. Ал, қазір ақша үшін, қызмет орынтағы үшін, алдамшы мұраттар үшін кейде үлкен кісілердің де адамгершілігін айырбастап жіберетінін көргенде, ауыр ойға қаласың. Болмашы нәрседен алдап жіберу деген оп-оңай болып кетті. Қазір – лақтырып кету деген сөз үйреншікті болып кетті. Орыстың «кинули, кидать, кидала» дегенінен ауысқан. Тіпті ақылға сыймайтын нәрсе! Түбінде оның бәрінің есебі бар ғой. Мен кейде түрлі кәсіппен айналысып жүрген кісілерге, такси жүргізушілерге, басқаларға жайлап: «Айналайындар – ау, азғантай ғана тиын – тебенге бола айтқан сөзіңді бұзып я біреуді алдап мұратқа жетпейсің ғой. Сен өйтіп жұртты алдап, тиын үшін адамгершілігіңді сатып жүретін болсаң, сүйтіп алдап тапқан тиын – тебенің біреуге алданумен бір жерден шығып кетеді ғой. Не берсең де адалынан бер, қайырымен бер деп, алдамай еңбек етсең, берекесін береді ғой!» – деп айтып жүремін. Ертеде Бауыржан інімнен естіп едім. Базарда тұрған кісілер үшін сатып алушыны алдап жіберу – үлкен өнер саналады екен. Үлкен бір мақтаныш! «Мен бүгін пәлен кісіге мынандай бір нашарлау затты, жемісті, тағы бірдемені жақсы нәрселерге қосып өткізіп жібердім. Ауыздарын аңқиттым, қатырдым!» – деп, кешкілік мақтанып отырады екен. Міне, базар өмірінің шындығы. Ана өтпей тұрған тауарды «Маған әкел. Мен өткізіп беремін қазір!» – деп, алдап өткізіп жіберу, тағы, тағы сондай қулық – сұмдықтарға бару, оны мақтаныш қылу – бұл да бір өміріміздің шындығы болды қазір. Ал, бірақ ол мұратқа жеткізбейді. Сіз бірінші өзіңізді алдап тұрсыз. Құдайды алдай алмайсыз ғой. Алдыңызға келтіріп тұрады ақырын. Сен бүгін мына кісіні алдасаң, ертең сені біреу алдайды. Үйтіп алдаумен тапқан ақшаң сол алдаумен кетеді бір жерге! Мұны қарапайым халықтың өмірінен алып отырмыз. Ал жоғары қарай барайық. Алдаудың көкесі – мол байлық жүрген жерде, үлкен биліктің маңайында. Бұл жерде адамгершілік жоқ деуге болмайды, бар. Бірақ, мәселе саяси саудаға, үлкен ақшаның айналымына тірелген кезде, оның бәрі жай әңгіме болып қалады. Адам адамшылығын ұмытып

кетеді. Өмірдегі бір келеңсіз құбылыс. Алайда, ондай азаматтарды бір жақты кінәлай да алмаймын. Оларға соны істетіп тұрған күштер бар ғой. «Осылай істейсің, мінеки, қара! Қалай істесең, олай істе!» – деп, мәжбүрлейтіні де жасырын емес. Оған тіпті сырттан әсер етіп жатқан күштер де бар шығар. Міне, бұл да бір үлкен ойланатын нәрсе! Адам болып, адамшылық жолын, адамгершілікті сақтау өте қиын және адамгершілікпен өмір сүру одан да қиын! Бірақ өте қызық, мағыналы, жан дүниең рахаттанатын дүние сол! Сондықтан адамгершіліктеріңізді сақтаңыздар! Шыңғыс Айтматов ағамыздың Қалтай Мұхаметжановпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» драмасында: «Қайткенде адам, қалады адам болып?!» – деп айтылады. Шыңғыс Айтматовтың бейітінің басында: «Ең қиыны – күн сайын адам болу!» – деген аталы сөз жазулы тұр. Яғни осы қазір, өмірдің әр сәтінде, әр күні, әрбір кездесуде, әрбір іс – әрекетте, әрбір оқиғада, тіпті қиын болса да, адам болып қалу керек деген сөз! Иә, адам қалай адам болып қалады?! Әр адамның өз жолы бар Әр адамның өз өмір жолы, тағдыры бар. Сол өмірді әркім өзінше сүреді, өз тағдырының жүгін көтереді. Әрине, білім-ғылым үйрену, даналардың сөзін оқу, олардан үлгі алу да керек. Адамзаттың өмір тәжірибесі адамға көп көмек береді. Айналасындағы жандардан да үлгі-өнеге алады. Бірақ, әркімнің өмір жолы – қайталанбас ерекше жол! Жалпы адамзаттың жолына ұқсайтын жағы да көп, бірақ, сіздің өмір жолыңыз – тек сізге ғана берілген жол! Осыны ұмытпаңыз. Оны қалай жүріп өту – өз еркіңіз! Өз ой-өрісіңізбен, сана-сезіміңізбен, жан-дүниеңізбен, өзіңізге ұнайтын жөнімен өмір сүресіз. Бұрынғы аталарымыздың дана сөздерінің барлығы – сіздерге пайдасы тиетін, көмекші болатын ақ ниет, ізгі тілек. Ол сізге нұсқаулық, бұлжымайтын заң емес. Бір нәрсеге жабысып, қатып қалмаңыз. Кей адамдар белгілі бір тарихи тұлғаны үлгі етіп алады да, соны өз өміріне, өз болмысына көшіруге кіріседі. «Не делай себя

кумира! – Қолдан табынатын тұлға жасама!» – деген сөздің мәніне үңіліп көріңіз. Ешкімді де қолдан тас құдай жасап, табынатын пұтқа айналдырма! Сонда сіз мықты боласыз. Бір адамды керемет көріп, пір тұтып, соның әлеміне кіріп кетіп, шықпай қалу – адамның жан саулығына да, денсаулығына да қауіпті. Соны ғана үлгі-өнеге санап, соған ғана тіреліп, «мен үшін бәрі – осы» деп жабысып қалу – адастыратын қате түсінік. Сіздің өміріңіз екінші бір адамның өмірінің көшірмесі емес қой! Сіздің өміріңіз – ешқашан қайталанбайтын, ешкімге ұқсамайтын өмір, соны сүріңіз. Өз өмір жолыңызды бұрып апарып, басқаның өмір жолына қосып, тығып қоймаңыз. Тұйықтамаңыз олай! Бұрынғы өткен адамдардың еңбегі өзіне, сіздің еңбегіңіз өзіңізге деген Құранның аяты бар. Мағынасы өте терең! Демек, бұрынғы тарихта өткен, бүгінгі айналаңызда жүрген табысты, үлкен-үлкен еңбектер жасаған жақсы адамдардың бәрінен үйреніңіз, салыстырып қараңыз. «А-а, мына өнеге былай екен ғой, былай істейін!» – деген сияқты. Бірақ, ешқайсысына байланып қалмаңыз. Солардан үлгіөнеге алып отырып, өз жолыңызбен жүріңіз, өз тұлғаңызды жасаңыз. Өз бақшаңызды гүлдендіріңіз! Данышпан жазушы Лев Толстой нашар жазылған кітаптарды да оқиды екен кейде. Сонда біреу: «Сіз Толстойсыз, мына кітаптарды несіне оқып отырсыз?» – деп сұрапты. Сонда: «Жаман жазбауды үйрену үшін оқимын!» – деп жауап беріпті. Сол сияқты: «А-а, демек, мынадай істерді істеуге болмайды екен ғой!» – деп, айналаңыздағы адамдардың қателіктерінен де сабақ алуға болады екен, керек десеңіз. Немістің бірінші канцлері Отто фон Бисмарктің: «Говорят, на ошибках учатся... Я предпочитаю учиться на ошибках других! – Қателіктер сабақ болады дейді...Мен өзгелердің қателіктерінен үйренгенді жөн көремін!» – деген қанатты сөзі де есіңізде жүрсін! «Грамм собственного опыта стоит дороже тонны чужих наставлений. – Өз тәжірибеңнің бір грамы өзгенің бір тонна ақылынан артық!» – дейді Махатма Ганди. «Нет никаких дорог, ведущих к счастью, счастье – это дорога. – Бақытқа апаратын жол жоқ, жолдың өзі бақыт!» – дейді Лао-Цзы. «Люди всегда ищут короткие пути к счастью. Таких путей нет. – Адамдар бақытқа апаратын төте жолды іздейді. Ондай жол жоқ!»

– дейді Эрнест Хемингуэй. «В погоне за счастьем иногда нужно просто остановиться и быть счастливым. Бақыттың соңынан қуа бергенше, жай ғана тоқтап, бақытты болуға болады». – деген екен Конфуций. Ойлап қарасаңыз, бұл өмірдің бәрі – үлгі-өнеге! Соның ішінен керегін алыңыз да, өз жолыңызбен жүре беріңіз. Өз жан-дүниеңіздің қалауымен жүріңіз! Егер сіз рахаттанып жүрсеңіз, онда бұл нағыз сіздің өмір жолыңыз! Өмірдің қызығын да, мәнін де түсіне бастайсыз! Көңілімде келешекке алаң көп, Сабыр керек, аптыққанмен амал жоқ. Сен өзгерсең, өзгере бер, дүние, Мен өзгермей қала берем адам боп! Баянғали Әлімжанов Әр нәрсе дәмімен! Шектен шықпау туралы Құранда: Шектен шықпаңдар! – деген ашық айтылған. Көне грек – эллиндер заманында әрбір ірі қайраткер, ойшыл, философтардың өмірлік жолында ұстанған принципі – девизі болады екен. Сондай алыптардың бірі Солонның өмірлік девизі: «Ничего чрез меру!» деген тұжырым болыпты. Абай атамыз: «Не нәрсенің де шегі болады, шектен шықса – боғы шығады!» – деп, ащы да болса, ашық айтқан. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Әбірат пен тағират» туралы терең, тағылымды ой толғаған: «Алла тағала пенделеріне әділдікпен әмір қылған. Әділдік деген әр нәрсенің ортасы, туралығы. Әуелі адам өзінің ыждихатына әділ болуы керек. Кім де кім ыждихатын әбірат пен тәғиратқа жібермей ортада ұстап қалуы керек. Әбрат деп қалпынан асқанды, тағират деп қалпынан кем соққанды айтады. Құдай тағаланың құдіреті, жаратқан нәрсесінде қалыпсыз, мөлшерсіз нәрсесі жоқ. Бар нәрсенің қалпы бар, мөлшері бар. Біріншіден, адамның пиғылы әділ болуы керек. Бағзы біреу: «Бізде ерік жоқ, ықтияр жоқ. Біз не қылсақ, бәрін жасатып тұрған құдай! –

дейді. – Біз балта, кетпен, шот есебінде құдірет қолында жұмсалып тұрмыз!» – дейді. Бағзы біреулер айтады. Біздің жүріп түрғанымыз, не нәрсеге болса да қол ұрғанымыз – пайдасыз бостан-босқа қиналу. Тағдырда құдірет өзі не жазып қойса, сол болмақ!» – дейді. Мұның бірі әбіретке, бірі тағіретке кеткен. Екіншіден, пенде құдай тағалаға қылған құлшылығында әділ болуы керек. Бағзы біреу не қылса құдай өзі қылады, соның бол дегенімен болады. Ораза не қажет, намаз не қажет? Құдай өзі қарғап қойса, бұларды қылғаныңмен дәнеме жоқ дейді. Бағзы біреу бейнет далаға кетпейді. Бейнетің қандай зор болса, құдайдан алуың да сонша зор деп, өзін мейлінше мехнатқа, машақатқа салып, көп зорланады. Бұның алдыңғысы – тағритте қалған, соңғысы әбратқа кеткен. Құдайдың өзінің бұйырған парыз жұмысын келтірген дұрыс. Үшіншіден, мінезде әділ болу керек. Бағзы біреу кісіге бермеймін, кісіден алмаймын, өзімдікі өзіме болады дейді. Бұл мінез – сараңдық. Бағзы біреу ешкімнің көңілі қалмасын деп, өзінің зарар болуын ойламай, орынды-орынсыз мал шашады. Бұл ысырап болады. Бұның алдыңғысы – тағритте қалған, соңғысы әбратқа кеткен. Сахауат өзі де ішіп, жейді, кісіге де ішіп, жегізеді. Орны табылған жерде қолын тартып қалмайды, орынсыз шашпайды. Мінез – үш атаның ұлы. Ақыл мінез бір басқа, ашу мінез бір басқа, нәпсі мінез бір басқа. Бағзы біреулер адамға парыз болмаған нәрселерді білемін деп әуреленеді. Не нәрсе болса да білемін, бәрін біліп қойдым деп сөйлейді. Бағзы біреу соның бәрін біліп неғыласың, молдалардан естігенмізді қылып, жүре бермейміз бе деп, ойын ешнәрсеге жұмсамайды. Мұның алдыңғысы әбратқа кеткен, соңғысы тағритте қалған. Пенде – екі дүниеде қор болмасты ойлауы, дүние ісінің несі пайда, несі зарар – айрып білуі керек. Ашу мінезді біреу болады. Бетіме жан қаратпаймын, алдыма адам шығармаймын деп, от болсын, су болсын, түседі. Бойын сақтамайды, үш кісіге өзі дүрсе қоя береді. Қош, енді біреу болады, өзінен басқа жанның бәрінен қорқады да тұрады. Қоян сияқты. Айдың жарығында өзінің көлеңкесінен қорқады. Мұның алдыңғысы әбратқа кеткен, соңғысы тағритте қалған. Дұрыс пенде үш кісіге шаппайды, екі кісіден қашпайды. Бір кісіге қарама-қарсы тұра қалады. Нәпсі мінезді кісі нәпсінің не тілегенін бере береді. Халал, хараммен жұмысы болмайды. Қызыл ет көрсе, адамдығын оған қызғанбайды. Енді біреулер нәпсінің

шариғат қосқан сыбағасынан құр қалып жүреді. Мұның алдыңғысы
көңіл тілеген нәрсенің әбратына кеткен, соңғысы тағритте қалған.
Әдепті, ибалы жан нәпсінің шариғат қосқан сыбағасын беріп,
халалдан ішіп, харамға бармай, нәпсісін бабымен ұстайды».

Демек, не нәрсенің де – іс-әрекет, еңбек, адамшылық қарым-
қатынастың бәрінің де артық – кемін ақыл – санамен сараптап, анық
басу керек екен!
«Золотая середина!- Алтын орта қалып» – дейді орыс халқы.

Жапонның асқан аруақты батыры һәм философы Миямото
Мусаси:
«Поднявшийся дух слаб, опустившийся дух тоже слаб. Среднее
положение – сердце всех положений! – Көтерілген рух – әлсіз,

төмендеген рух та -әлсіз. Орташа жағдай – барлық жағдайдың
төресі!» – дейді.
Ал менің төрт-ақ класс бітірген, соғыс ардагері, қарапайым
еңбекші әкем Тақан бала күнімізде еркелігіміз асып бара жатқанда:

«Әй, дәмімен, дәмімен!» – деп тежеп отыратын. Сол уақта оның
мағнасын толық түсінбесек те, есімізде сақталып қалды. Сөйтсем,
философ Солон девизінің қазақша мағынасы осы – «Әр нәрсе –
дәмімен!» деген сөз екен ғой! Шынында да, барлық нәрсе дәмімен

мәнді де сәнді болатыны баршамызға да түсінікті десек те, біз
осыған жете мән бермей, шектен шығып кете беретініміз рас қой!
Ешқашан ешнәрседе шықпа шектен,
Дәмімен бәрі жақсы, татсаң еппен,

Дәрі де у болады мөлшерден тыс,
Өмірде ұтыласың, ұқпай кетсең!
Баянғали Әлімжанов
Ал бірақ...Әр нәрсе дәмімен дейміз, шектен шықпа дейміз,

«золотая середина» – алтын орталық өмірдегі жақсы қағида, бірақ
мұнымен де шектеліп қалуға болмайтын кездер, түрлі жағдайлар
болады. Өйткені, орта қалыпты бұзбаса, сондай бір шекараларды
бұзбаса, парадокстарға бармаса, ғылымда, өнерде немесе басқа да

салаларда жаңалық ашу қиын. Бұл, бірақ басқа -ақыл, білім, рухани
нәрсе, ал өмірдегі «әр нәрсе дәмімен» деген қағида мүлдем басқа.
Өйткені, шарқ ұрған ізденістердің, тәуекел етудің жөні бөлек.

Жаңалық ашамын деген, батыл, үлкен ізденістерге барған адам, әрине, орта қалыпты сақтай бермейді. Бұл және де құптарлық қадам. Істің, ізденістің мазмұнына қарай, мағынасына қарай, нақты жағдайға қарай, жаңалық ашатын адам неше түрлі ақылға симайтын, барлық қағида, қалыптарды бұзатын әрекеттерге баруы мүмкін! Пушкиннің өлеңі де бар ғой: О сколько нам открытий чудных, Готовит просвещенья дух. И опыт, сын ошибок трудных, И гений, парадоксов друг. И случай, бог изобретатель! – дейді. Міне көрдіңіз бе, қарама-қайшылықтарға, парадокстарға бару, сондай үлкен өзгерістерді табу – бұл да ізденістегі адамға тән нәрсе. Бұл ғылым мен білімнің, өнердің жолындағы тәуекелшілдік. Сондықтан, шектеліп те қалмаңдар! Дүние –кең, халық көп, даналар аз емес. Үйренуге болатын, ойға қозғау салатын нәрселер де толып жатыр. Тек қана керегіңді таңдап, талғап, саралап ала біл. Ал енді жалпы өмірде шектен шықпа деген, «ничего через меру – әр нәрсе дәмімен» деген алтын қағида естеріңізде болсын! Ниет, талап «Біреу кедей болса, құдай кедей қылды, жаман болса – құдай жаман қылды, надан болса – құдай надан қылды деу – құдайды жамандаған болады. Не тапса әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен,\ ісінен\ таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды. Құдай бермейтұғын сараң емес,сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан. Кісі сол кәсіп, әрекет қылсын, өзінен басқаға пайдасы тисін. Өзінен басқаға пайда келтірмейтін адамды кісі деме..». – дейді Мәшһүр Жүсіп. «Дерт жіберген құдірет болмашы бір нәрседен дауасын да өзі жібереді. Бірақ, дауа жоқ екі түрлі ауру бар. Бірі – «өзің білме, білгеннің тілін алма!» – деген қарғысқа ұшыраған ақымақтардың ақымақтығына дауа жоқ. Бірі –жалқаулыққа, еріншектікке дауа жоқ. Ақымақтықтан жалқаулық көп жаман.Жалқаулықтың себебінен

жас адам кәрі кісі сықылды әрекеттен бос қалмақ. Бұрынғылар кедейлік үш ағайынды болады деген. Үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы... Тіл алғыш, елгезек болып үйрен, кежірліктен құтыласың. Тіпті дәнеңе қылмасаң да, жаяу аяңдап, олай-бұлай жүріп үйрен, жалқаулықтан құтыласың. Дүние, ахиреттің бірі болмаса бірінің уайымын ойлап, қалай қыламын, қайтіп есебін табамын деп ойға түс, ұйқышылдықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, қолың әр нәрсеге жетеді». – дейді Мәшһүр Жүсіп атамыз. Біздің Біржан сал елінде өткен Зейнолла молда – нағыз тақуа кісі еді. Тоқсан күн ораза ұстайтын. Неше түрлі терең, қызық ойларды: «Менің ғайыбым айтады..». – деп, алға тартып отыратын. Сол кісінің: «Алла тағала адам баласының талап, ниетіне қарай береді. «Іздеуші сен бол, жолықтырушы мен болайын! Талап қылушы сен бол, беруші мен болайын!» – дейді екен!» – деген сөзі көкейіме қонып қалыпты. Өзін-өзі жеңу Жеңіс атаулының ең үлкені– адамның өзін – өзі жеңуі дейді данышпандар. «Пусть тот, кто хочет сдвинуть мир, сначала сдвинется сам! – Әлемді қозғалысқа келтіремін деген адам алдымен өзі қозғалуы керек!» – дейді Сократ. Үнді халқының ұлы перзенті Махатма Гандидің де: «Хочешь изменить мир – начни с себя! – Дүниені өзгерткің келсе, өзіңнен баста!» – деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздің мәніне ойланып қарайық: «Бұл не нәрсе? Адам сонда ұдайы өзімен өзі күресуі керек пе? Өзімен өзі үнемі, үздіксіз арпалысуы керек пе? – деген де сұрақ тууы мүмкін. –Ал егер адам өзімен өзі ұдайы арпалысып, күресе беретін болса, бұл не қылған өмір?» Бірақ, арғы жағына үңілсең, мүлдем басқаша ой кешесің. Адам өзінің кемшіліктерін, әлсіздіктерін, құмарлықтарын, тағы басқа да төмен, жаман сезім, жаман ой, жаман қылықтарын, жаман әдеттерін жеңсе, адам ретінде жетіле түседі, кемелдене түседі. Талай жақсы адамдар, небір дарынды мықты адамдар өзінің

әлсіздігін, кемшілігін жеңе алмай, күйіп кеткен. Мысалы, адамның көп тараған әлсіздігінің бірі – ішімдікке құмарлық. Аздап арақ ішу деген әуелде көңіл көтерудің бір жолы, той – думанның қызуы, қызығы, өмірдің бір шаттығы секілді көрінеді. Жер жүзінде аздап шарап және басқа да ішімдік түрлерін ішкеннің айыбы жоқ сияқты. Бұл тіпті жетістік, мәртебе болып есептеледі. Стақан қағысып, бірге ішу – жақсы қарым – қатынастың көрінісі, белгісі деп танылады. Бірақ, шектен шығып кетсе, адамның құрығаны. «Түрмеге түскен шығады екен, бөтелкеге түскен шықпайды екен!» – депті қырғыз ақыны Байділда Сарноғаев. Қадыр Мырзалиев ағамыз арақ туралы: «Сені жеңсе тек қана белдеспеген жеңеді!» – дейді. Арақты ішпеген адам ғана жеңеді деген сөз ғой! Шынында да солай. Ал енді шығыс шайыры Омар Хайям: Кім маған арақ ішпе, тоқта деген... Мен оған екі бірдей дүниеңнен Мас болған бір сәт артық, соқпа дер ем! – деп жырлаған. Немесе: Қыз бен гүл, шарап толы кесеменен, Қызығын бұл өмірдің кеше берем. Бұрын да, қазір, міне, алда тағы, Ішкенмін, тағы да ішем, іше берем! – деген де өлеңі бар. Осындай өлеңдер біздің жас кезімізде студенттер арасында жатқа оқылатын. Омар Хайямның әсіре тақуалықтан бөлек, адам бұл дүниенің қызығын көруі керек деген мағынада айтылған үлкен философиялық мәні бар дүниелерін сол күйінде қабылдап, қателесуге болмайды ғой. Атақты орыс ақыны Владимир Высоцкийдің: И нас хотя расстрелы не косили, Мы росли, не смея поднять глас. Мы тоже дети страшных лет России Безвременье вливало водку в нас! – деген өлеңі бар. Біздің жастық шағымыз өткен 1970-80-жылдарды тарихта: «Застойный пероиод – застольный период!- Тоқырау кезеңі – тойлау кезеңі!» деп атайды. Ол кезде қит етсе дастархан жайып, жуып

жіберу, атап өту, арқыратып арақ, сарқыратып сыра, шалқытып шарап ішу күнделікті, қалыпты дағдыға айналды. Кім біздің теріс бұрған көшімізді? Кім біздің ойран қылған есімізді? Көп сауал жанды қинап, жауап таппай, Алушы едік қу арақтан өшімізді! Баянғали Әлімжанов. Бірақ, мұның бәрін заманға жабу, қоғамға жабу қаншалықты дұрыс?! Бәлкім, оның да шындығы бар шығар. Бірақ, бәрі адамның өзіне байланысты емес пе? Рас, өмірде қиындық көреді кісі. Қоғамнан әділетсіздік көреді. Үкімет тарапынан қуғын көреді. Солай болды ғой көп жағдайда. Соның бәрі ішіп кете берсе не болды? Өзін өзі жеңіп, арақты қойып, дұрыс жолға түскен адамкүшті адам. Ол жеңілмейтін адам! Әңгіме сонда! Ал, одан да қорқынышты нәрсе бар. Наркотик – наша бір тұңғиық, тіпті құтқармайтын ауру екен ғой. Міне, бұдан әу бастан аулақ болған жөн! Қанша қызықтырып, азғырса да, елікпеңіз, жоламаңыз! Қызық үшін жеңіл-желпі түрлерін иіскеп, дәмін көремін деп жүріп, қанша балалар нашақор болып, құрып кеткен! Сондықтан, есірткі атаулының қандайын болса да, мүлдем татып алмау керек! Сол сияқты адамда жалқаулық болады. Жалқау, еріншек дым істегісі келмейді. Адам өзін – өзі қайрап, жалқаулығын жеңетін болса, үлкен жетістіктерге қолы жетеді. «Алланың алдында ұнамды іс – аз-аздан болса да ұдайы істелген іс»» – деген пайғамбарымыздың хадисі бар. Керемет даналық қой! Бір адымнан алға жылжи беру, күнде бірдеңе істеу, күнде бір әрекет жасаунағыз еңбекқорлық осы ғой. Алайда, көп кісілер ұзақ уақыт бойы: «Өй, сосын істеп аламын ғой!» – деп бос жатып, уақыт қысқанда ал, жанталасатыны өтірік пе? Ауылдағы бауырларымыз жаз бойы дым бітірмей, қыс жақындағанда: «Ал отын, көмір, жем –шөп дайындау керек! Азық – түлікті қамдау керек! Қораның есік – тесігін бітеу керек!» – деп, алашапқын болады. Бала күнімізде де көрдік. «Жалқаудың күнде ертеңі бітпейді!» – деп отыратын әкеміз. Кез келген жұмысты тығырыққа тірелгенде барып бір – ақ істейді. Жоқ, олай емес! Күнде жұмыс істеңіз. Бір жұмысты істеп қойдыңыз ба, жақсы, демалыңыз! Жалқаулықты жеңіп, еңбекқор болу деген сөз –

жаныңды қинап, жүйкеңді тауысып, бүкіл өмірлік күш – қуатыңды, жігеріңді тек жұмысқа арнап, күйдіре беру деген сөз емес. Жұмысты да істеңіз, демалуды да біліңіз! Адамға бәрі де керек. Адамның үлкен жауларының біреуі – осы жалқаулық, еріншектік. Соны жеңген адам табысқа жетеді. Еріншектікпен ешкім де ер атанбайды. Елге қызмет ете алмайды, билік те құра алмайды. Елдің ардақты азаматы атануы да екіталай. Әйгілі гуманист – педагог Василий Сухомлинский адам бақытты болу үшін қандай сезімдерден арылу керектігін талдап, түсіндіріп жазған. ««Подавляй в себе малейшие признаки слабоволия – капризность, обидчивость, раздражительность, слезливость, болезненное самолюбие. – Өз бойыңдағы кінәмшілдік, өкпелегіштік, ашушаңдық, жылаңқылық, өзіңді өзің шектен тыс сүюшілік сияқты әлсіздіктерді бірден басып, жеңіп таста!» – дейді ұстаз. Ол кісі балаларды көңіл күйіне қарай әрекет жасаудан \от действий по настроению\ сақтандырған. Ең бастысы, тәкаппарлықтан арылыңдар деп кеңес берген. «Гордость – самая разрушительная эмоция, которая осложняет отношения и мир вокруг самого человека. – Тәкаппарлық – адамның өзгелермен қарым-қатынасын қиындатып, айналасындағы дүниені бүлдіретін сезім!» – деп атап айтқан. Адам баласында осы секілді көптеген кемшіліктер бар. Сөзқұмарлық, сөз тасушылық, сөзге ерушілік, өсекшілік, әр нәрседен кемшілік іздеушілік немесе бәрін біреуден көрушілік секілді толып жатқан адамға тән кемшіліктерді өз бойыңыздан байқасаңыз, соның бәрінен арылуға, жеңуге тырысыңыз. Өзіңізді өзіңіз жеңіп, ақыл – ойдың, сана – сезімнің, адал еңбектің үлкен жолына түссеңіз, сіз ірі табыстарға жетесіз, айтулы азамат боласыз! Жастайыңыздан өзіңізді өзіңіз жеңе біліңіз!

Үшінші бөлім Еңбек пен табыс Еңбек пен табыс жолы туралы жазылған дүниелер ұшан – теңіз. Тек ала біл. Бір қызық, пайдалы дүние – американдық менеджер, миллионер М.Р. Копмейердің табысқа жету туралы төрт томдық «Библиотека успеха –Табыс кітапханасы» деген кітабы. Бұл кітап батыс елдерінде іскер адамдардың қолынан түспейтін бағалы еңбек болып саналады екен. Шынында да, оның ойлары өте қызықты және пайдалы! «Кез-келген адам табысқа жеткісі келеді. Кез-келген еңбектің түпкі мақсаты – табыс. Ал табысқа жету мүлде қиын емес! Тіпті, ол үшін бастапқы жағдай да маңызды емес! Ең бастысы – не істеу керектігін, қалай істеу керектігін анықтап біліп алып, іске кірісіп кету керек!» – дейді М.Копмейер. Қиындықтардан да, сәтсіздіктерден де қорықпа, өйткені олар – табысқа жету жолындағы табиғи жағдайлар. «Құласаң, қолыңа бірдемені ұстап түрегел!» \Жапон мақалы.\ Табысқа жетудің жолы туралы Аристотель: «Алдағыларды қуып жетуге тырыс, арттағыларды күтіп тұрма!» – дейді. Ал енді осы табыс деген ұғымды анықтап алайық. Табыс деген сөз қазақ тілінде успех – жетістікті де, прибыль – пайданы да білдіреді. Табысқа жету дегенде қазіргі кісілер көбінесе осы пайда табуды көздейтін сияқты. Ал, шын мәнінде солай ма? Тек Ерім деп елі-жұртың мақтайтындай, Есінде келер ұрпақ сақтайтындай, Ей,бауырым, не бітірдің бұл дүниеде Атыңды адам дейтін ақтайтындай?! Баянғали Әлімжанов

қана пайда табуды ойлап, пайданың соңына түсу – «погоня за прибылью» – жеке адамның ғана емес, адамзаттың да аранын ашып, ақылынан адастырғаны жасырын емес. Ал, дана кісілер айтады: Пайдакүнемдік, пайда қуушылық– погоня за прибылью алға шыққанда, экономиканы көлегейлеп, кемсітіп, кейінге ысырып тастайды. Адам кәсіпкер болып, іспен айналысқанда, пайда қумай, қажетті, нақты мәнді іспен айналысуы керек! Яғни, сіздің бел байлап, қолға алған ісіңіз алдымен халыққа керекті, ел экономикасын көтеретін, нығайтатын іс болуы керек! Ол істі аяғына тұрғызып, биікке көтерсеңіз – міне, шын табыс деген сол! Үлкен іс бітіріп, өрісін кеңейтсеңіз, жемісін көресіз – пайда да табасыз, абырой, құрметке де бөленесіз! «Табысқа кез-келген адам жете алады. Тек оған қалай жетуді білу керек! Ол үшін энтузиазм, өз жұмысыңа өте қызығып, құлшыну керек!» – деп жазады М.Копмейер. «Успех – это умение двигаться от неудачи к неудаче, не теряя энтузиазма. Табыс –бір сәтсіздіктен екінші сәтсіздікке қарай, құлшынысыңызды жоғалтпай жүре білу». – дейді Уинстон Черчилль. Жұмысыңды ұдайы жетілдіре бер, жақсарта түс! «Быстрее! Выше! Сильнее! – Жылдамырақ! Биігірек! Күштірек!» – деген Олимпиада девизі – өмірлік серігің болсын! М.Копмейер: «Проблема – пышақ! Оны жүзінен емес, сабынан ұста!» дей келіп, табысқа жетудің ең тиімді, бағалы, өмір тәжірибесінен өткен, сыналған әдісін атап көрсетеді. Оны ағылшынның көрнекті ғалымы Томас Хаксли былай түйіндеген екен: «Самое ценное, чего можешь достичь – это способность: 1.Заставить самого себя делать то, что необходимо делать: 2. тогда, когда это должно быть сделано; 3. несмотря на то, нравится тебе это или нет!» «Қажет нәрсені, өзіңе ұнаса да, ұнамаса да, тиісті уақытында істеуге өзіңді -өзің мәжбүрлей алатын қабілетің болса – бұл ең бағалы нәрсе!» «Бұл негізгі принцип. Одан қашуға болмайды. Оны айналып өтуге болмайды. Бұл принцип – міндетті. Оны өзгертуге, басқа түрін іздеп таңдауға, былқ-сылқ етіп толқуға болмайды!» – деп шегелеп

айтады М.Копмейер. Шынымен табысқа жеткіңіз келсе, ол орындалу керек екен! Қиындық қуат береді! «Қиындық, бөгет – алға бастыратын қосымша күш –қуаттың көзі! Оны да пайдалан!» дейді даналар. Ал енді көптеген адамдар: «Өмір жолында кездескен қиындық, бөгет атаулы алға басуға мүмкіндік бермеді!» – дейді. Рухы әлсіз, табансыз адамдар: «Қиындық, бөгет көп болды, мен сондықтан табысқа жете алмадым!» – деп өзінің сәтсіздігін қиындықтан, бөгеттен көреді. Немесе: «Әне біреулер аяғымнан шалды, мына біреулер бөгет жасады, қиындық туғызды!» – деп, барлық сәтсіздіктерін жұртқа жабады. Сөйтіп, табысқа жетпей қалады. Ал ұлы адамдардың барлық ұлы табыстары осы қиындықтарды, бөгеттерді жеңуден басталған. Ол қиындық, бөгеттер неғұрлым үлкен болса, олардың жеңісі де соғұрлым үлкен болған. Әлемнің ең ұлы өнертапқыштарының бірі – Томас Эдисон. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Эдисонға» дейтін өлеңі де бар. Болашақ данышпан Эдисонды мектепте оқып жүргенде мұғалімдер өте ақымақ бала, ештеңені үйрене алмайды, бұдан ештеме шықпайды,- деп мектептен қуып жіберген екен. Ал сол топас саналған бала қандай қиындықтарды жеңіп, соңында қандай даналыққа жетті! Күллі адамзаттың игілігіне айналған қаншама жаңалықтар ашып, жүзеге асырды. Мына жанып тұрған жарық шамымыз да сол Эдисонның ойлап тапқаны. Эдисон аса үлкен биікке жетсе де: «Маған кездескен әр адам мен білмейтін бір нәрсені біледі, сондықтан мен олардан үйренуге бармын!» – деп, әр адамға құрметпен қарайды екен. Әне қараңыз! Өмір бойы білуге деген құмарлығы қандай болған! Американың атақты азаматы Бенджамин Франклин он жеті баланың он бесіншісі екен. Май шам шығаратын бір кедейдің баласы. Оның ең үлкен бөгеті, ең үлкен қиындығыол мектептің тек бір ғана класын оқыған, ары қарай оқуға ақшасы болмаған. Міне, сөйткен адам философияны, классиканы, финансты, саясатты, дипломатия – мәмлігерлікті өз бетінше оқып үйреніп, төрт тіл білген. Сөйтіп, ең білімді америкалықтардың біріне айналған.

Ирвинг Берлин, композитор, революция кезінде Ресейден кеткен
екен. Олардың отбасы Америкаға келгенде өте бір қорқынышты,
қап-қараңғы подвалда тұрыпты. Бала Ирвинг мектепке екі-ақ жыл
оқыпты. Өзінің ішкі дарыны болу керек, ән шығарғысы келеді,

бірақ музыканы оқып үйренуге мүмкіндігі жоқ, қаржысы болмайды.
Өзі нота білмейді. Міне, оның алдында аса қиын, тіпті асу бермес
осындай бөгет тұрған. Бірақ ол соған қарамастан, өзінің алғашқы
әнін шығарып, оны небәрі 33 центке сатыпты. Алайда, қиындық,

бөгетке қарамай алға ұмтылғанының арқасында Ирвинг Берлин
өзінің өмірінде 800-ден астам ән жазып, миллиондаған доллар
пайда тапқан екен.
Қандай да бір қиындықтарды жеңіп көрген, бөгеттерден бір

мәрте өткен адам одан кейін тоқтамайды екен. Карл Стейнмец
деген неміс, өзі аласа бойлы, басы үлкен, көзі нашар көретін кісі
болыпты. Үстінде ескі киімі, қалтасында бір тиын ақшасы жоқ
Стейнмец Германиядан Америкаға келіпті. Ағылшын тілін мүлдем

білмейді екен. Оның алдында соншалықты қиындықтар тұрған
екен, ал ол соның бәрін жеңіп шығып, табысқа жеткен. Ол электр
тогының данышпаны болыпты. Оның есептеулері мен жасаған
жүйесі бойынша бүкіл әлемде электрофикация басталған екен.

Атақты жазушы Бернард Шоу мектептің бес-ақ класын бітіріпті.
Кеңседе клерк – қатардағы қызметкер болып қызмет істегенде,
айына 4,5 доллар жалақы алып тұрған екен. Бірақ, оның жазушы
болғысы келгені соншалықты, сол үшін ол қызметін де тастаған.

Тоғыз жыл бойы жаза берген, жаза берген, қаламақыға небәрі 30
доллар ақша алған. Ол алдындағы үлкен қиындықтарды бойындағы
керемет қуат-жігерімен жеңіп шыққан. Кейін оның өтемі болған,
еңбегінің жемісін көрген. Ақырында Бернард Шоу әлемнің

атақты жазушыларының бірі атанып, кітаптары мен пьесаларына,
шығармаларына миллиондаған доллар қаламақы алған. Нобель
сыйлығының лауреаты болған. Жасы ұлғайып, атақ-даңққа бөленіп,
жағдайы жақсарған кезде алған екен. Сонда: «Бұл сыйлық маған

алғаш жүзе бастаған қиын кезде керек еді, ал оны маған жағаға
шығуға таяп қалғанымда бергені қызық болды!» – деген екен.
Міне, талай тұлғалардың өмір тәжірибесі, әр елдің тарихы
көрсеткендей, табысқа тек қана қиындықтарды жеңу арқылы ғана

жетуге болады дейді даналар. Ештеңе істемесең ештемеге қолың

жетпейді. Өмір адамның жолына неше түрлі қиындықтарды,
тастарды лақтырып отырады, ал оларды адамдар жеңген сайын бай
болады, даңқты болады, үлкен табыстарға жетеді.
Атақты Джеймс Уатт алғашқы бу машинасын ойлап шығарған.

Бұл бу машинасы өндірісте төңкеріс жасаған. Ал Джеймс Уатт
бала күнінде кедей, өте әсершіл бала болған екен. Тіпті ақшасы
болмағандақтан, мектепке бара алмай, үйде анасы оқытыпты. Өзі
ізденіп оқып, білім алып, алдындағы қиындықтарды жеңе отырып,

атақ даңқтың биігіне шығып, үлкен табысқа жеткен екен.
Бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашқан, әлемдегі ең ұлы
тұлғалардың қатарында тұратын ғалым Исаак Ньютон анасынан
тумай жатып жетім қалыпты. Анасының құрсағында жатқанда әкесі

қаза болыпты. Анасы екеуі кішкентай ғана жәрдемақымен күн көріп
тұрған екен. Ал кейін әлемге әйгілі ғұлама ғалым болды.
Кедей отбасынан шыққан Элиас Хоув тігін машинасын ойлап
шығарып, содан миллиондаған табыс тапқан екен. Міне, байыптап

қарасаңыз, бөгеттер мен қиындықтар адамның жолын кеспейді,
адамды тоқтата алмайды. Ол табысқа жетудің қозғаушы күші.
Мықты адамдар солай деп есептейді. Ежелгі Грецияның атақты
ғұламаларының бірі Демосфен. Демосфен мен Цицерон екеуі көне

заманның ғана емес, жалпы тарихтағы шешендік өнердің символы
сияқты. Осы Демосфен кекештеніп сөйлейді екен. Кекештеніп
тұрған адам топтың алдында қалай шешен болады? Міне, соны
жеңу үшін аузына ұсақ тастарды толтырып алып, теңіздің

жағасына барып, толқындардың шуынан асыра айғайлап сөйлеуге
тырысыпты. Сөйтіп, тілі, ерні, аузы бәрі жаттығып, дауысы күшті
адамға айналған. Көне Эллин дәуірінің атақты шешені атанып,
шешендік өнерді дамытқан. Оның аты тарихта үлкен құрметпен

айтылады. Демосфен сөйлегенде екі иығын дірілдетіп, қозғай
береді екен. Сол әдетін қою үшін үйдің төбесіне иығына тиер-тимес
қылып ұшы өткір семсер байлап қойыпты. Егер иығы көтеріліп
қалса, семсердің ұшына тиіп жарақаттанып қалады екен. Сөйтіп,

өзін-өзі жаттықтырып, әлгі әдетін жеңіп, үлкен табысқа жеткен.
Қиындықтың ең үлкені адамның өз ойында. Бөгет адамның
өзінің санасында. Өз кемшілігін, өзін жеңе білген адам дүниеде
көп нәрсені жеңе біледі. Чарльз Дарвин неврастеник болыпты.

Өте әсершіл болған, тіпті кейде ұйықтамайды екен. Сол Дарвин

табандылығының арқасында бүкіл адамзатқа танымал ғалым болып, «Тектердің пайда болу тарихы» деген үлкен кітап жазған. Міне, адам өмірінде неше түрлі қиындықтар болады ғой. Қытайда тұрған қазақ жазушысы Қажықұмар Шабданұлы жастайынан түрмеде отырған. Қытай үкіметі үлкен бір айып тағып, өмірінің көп бөлігін, соңғы жылдарын түрмеде өткізген. Сол түрмеде отырып, «Қылмыс» деген 6 томдық роман жазған. Жеке-жеке қағаздарға түртіп жаза береді екен, кездесуге рұқсат етілгенде, қызына ақырын беріп жібереді екен. Қызы оны жинап, түптеп, қосып, бастырып, соңында 6 томдық кітап қылып жарыққа шығарады. Қажықұмар Шабданұлы түрмеде солай қайтыс болады. Бірақ жан сырын, ақыл-ойын, қағазға түсіріп, өзінің айтар сөзін айтып кеткен адам. Шығармасы 6 том болып, қазақ әдебиетінің қорына қосылып отыр. Орыстың атақты фантаст жазушысы Александр Беляевтың кітаптары бүкіл әлем оқырмандарына белгілі. «Қос мекенді адам» \ «Человек амфибия»\, «Ауа сатушы», деген атақты романдардың авторы. Беляев Кеңес үкіметі кезінде гонарар алып тұрған болар, бірақ шекесін қыздырмапты. Өзі өте аурушаң адам болыпты. Жалғыз қызы болған екен, ол да ауырады екен. Содан, ол әрен қозғалады, көбінесе төсек тартып жатады. Бір күні қол аяғы қимылдаудан қалып бара жатқанын байқап: «Егер де бүкіл денем қозғала алмай, тек басым ғана қалса, не болмақ?» деп ойлайды. Ақыл-ойы тірі, ояу, сана-сезімі сергек, миы жұмыс істеп тұр. Сөйтіп, ол тағы да бір керемет фантастикалық роман ойлап жазады. Бұл «Профессор Доуэллдың басы» деген роман. Профессор Доуэлл деген ғалым үлкен бір жаңалықты біледі, ал оны жауыз күштер айтқанына көндіре алмайды. Соны көндіру үшін, басын абайлап денесінен ажыратып, бөліп алып, өлтірмей, басының нерв жүйелерін, тамырларын жасанды аппарат – денеге жалғап қояды. Доуэллдың басы тірі, қан айналып тұр, нерв жүйесі жұмыс істеп тұрады. Доуэллдың басындағы білімді аламыз деп, осындай ақылға симайтын әрекетке барады. Міне, өзі ауырып жатып, осындай атақты фантастика жазған екен Беляев. Соғыс уақытында қайтыс болыпты жазушы. Сол уақытта дұрыстап желейтіндей жағдай жоқ, ол кісінің мәйітін газетке орап, өзінің сұп-суық асүйіне, үстелге бірнеше күн жатқызып қойыпты. Қандай қиын тағдыр, қиын күресарпалыс! Өмірінің аяғы қасіретпен аяқталған. Сөйтіп, оны әрен

жерлеген екен. Қоршаудағы Ленинградта қалған ғой, тіпті оған
қарайтын адам болмаған. Бірақ, сол Александр Беляев өзінің бар
ақыл-ойын, күш-қуатын әдебиетке арнаған. Ақыры оның барлық
шығармалары әлемнің сан тілдеріне аударылып, жүз мыңдаған,

миллиондаған тиражбен шығып, таралған. Ол әлемнің даңқты
фантаст жазушыларының бірі болып саналады.
Адам өміріндегі ең үлкен қиындықтың бірі –қартаю. Бұл табиғат
заңы, оған тірі жанның лажы жоқ.

Кәрілік деген сор екен,
Тұйық соққан тор екен! – деген аталарымыз.
Көптеген адамдар осыны құптап, ашық айтады: «Жасымыз
ұлғайып, қартайып қалдық, бұл да бізге бір тормоз, бұл адам өте

алмайтын бір бөгет, тірелген тұйық!» – дейді. Ал, бірақ дүние
жүзінде, Шығыс пен Батыста, арғы-бергі тарихта қаншама адамдар
жасы ұлғайып, әбден қартайған шағында да таңғажайып істер
атқарып, күллі адамзатты таң қалдырды емес пе?!

Вандервилд өзінің темір жолдарын 80 жастан асқанда жасап,
үлкен байлыққа қолы жеткен екен. Француздың ұлы суретшісі
Моне 86 жасқа келгенде де тамаша суреттер салған. Атақты суретші
Тициан «Лепанто түбіндегі шайқас» деген өзінің шедевр суретін 98

жасында салған дейді. Рим сенаторы Марк Катон 80 жасында грек
тілін үйреніпті. Данышпан ақылгөй, ежелгі эллин, грек философы
Сократ 70 жасында бірталай музыкалық аспаптарда ойнауды
үйреніпті.

Даңқты Микеланджело өзінің ең айтулы суреттерін 80 жасында
салыпты.
Диоген мен Демокрит сынды философтар 80 жастан асқанда да
шығармашылық белсенділік танытқан.

Немістің данышпан ақыны Гете әйгілі «Фауст» поэмасын алпыс
жыл жазып, 80 жасында аяқтаған.
Исаак Ньютон 85 жасында да шығармашылық жұмысын
тынымсыз жалғастыра берген.

Неміс тарихшысы Леопольд Ранке өзінің «Әлем тарихы» атты
еңбегін 91 жасында аяқтаған.
Француз ақыны Беранже 77, жазушы Виктор Гюго 83, академик
Иван Павлов 87, Лев Толстой 82, Бернард Шоу 94, көне грек

драматургы Софокл 90 жасына жасына дейін еңбек еткен.

Ғасырдан аса жасаған Бұқар жырау өле-өлгенше толғау жырларын шығара берген. Қара сөзбен сөйлемей, аузын ашса жырлап қоя беретіндіктен, халық ол кісіні Көмекей жырау атаған. Қаракерей Қабанбай батыр сексеннен асып, қатты сырқаттанып, төсек тартып жатқанда, еліне жау тиген екен. Сонда аруақты батыр төсектен атып тұрып, атына міне салып, соғысып, жауды тас-талқан қылып жеңіп, алты қырдан асыра қуып тастаған соң, «үһ!» – деп, демін алып, өмірден озған екен. Жүз жасаған Жамбыл атамыз тоқсан жасында Мәскеу сахнасында, бүкіл Совет Одағының Сталин бастаған, Ворошилов, Калинин қостаған басшыларының алдында жыр айтқан. Кәдімгі Сәбит Мұқанов 73 жасында ең соңғы рет ауруханаға түскенде, «Халық мұрасы» атты атақты тарихи, танымдық кітабының қолжазбасын бірге ала барып, өле-өлгенше еңбек етіп, өңдеп, жөндеумен болған. Сол жолы қайтыс болған. Ғұлама академик Әлкей Марғұлан сексеннен асып, қайтыс болғанға дейін терең ғылыми еңбектерін жаза берген. Біздің ұстазымыз, ғұлама Тұрсынбек Кәкішев қайтыс болатын түні қолжазбасын қарап, түзетулер енгізген. Сонда 89 жасқа қараған кезі екен. Өле-өлгенше қоғамдық жиындардан, іс-шаралардан қалған емес. Қырғыздың залқар манасшысы Жүсіп Мамайдың көзін көріп, қолын алдым. Тоқсан бес жасқа келіп қайтыс болды. Сол жасына дейін жырлап өткен. «Манас» жырында сексен беске келген қарт Қосай батыр Жолай дәумен күреске шығып, жеңіп кетеді. Ал енді адамның кемтарлығы, сырқаты да үлкен қиындық, асу бермес бөгет қой. Міне, оны да жеңген адамдар аз болмаған. Немістің ұлы композиторы Людвиг ван Бетховен мүлдем саңырау болса да, өзінің керемет симфонияларын жазған. Саңырау музыкант деген, былай қарасаң, ақылға сыймайды – музыканы мүлдем естімей қалай музыка шығарады?! Жоқ, музыка сыртта емес, ішкі дүниесінде екен. Мен ана жылы Ресейге, Удмуртияға бардым. Ижевск, Воткинскіде Петр Ильич Чайковскийге арналған фестиваль болды. Воткинскіде музей үйін көрдік. Чайковский бала күнінде, 4 жасында пианино ойнай береді екен. Содан соң оның пианино ойнағанын тоқтатайық деп, атаанасы пианино бермей қойса, ол үйдегі әйнекті пианиноға ұқсатып,

басып ойнай беріпті. Сөйтіп бір күні терезені сындырып алып, қолы қанап қалыпты. Содан кейін оған пианино ойнауға рұқсат беріпті. Сонда бала әбден шаршап, қиналып: «Уберите от меня эту музыку!» деп жылайды екен. Тоқтаусыз музыка оған ғарыштан құйылып беріліп жатты ма екен? Ол оны тоқтата алмайды. Саңырау Бетховенға да музыка солай құйылып берілген. Ол тек қана немістің ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани казынасына айналады. Енді соқыр жазушы Мильтон «Жоғалған жұмақ» кітабын жазған. Ал Джон Баньян, американ жазушысы, «Пилигрим саяхатын» түрмеде жазған. Біздің Қажықұмар ағамыз да 6 томдық «Қылмыс» романын түрмеде жазды деп айттық қой. Көкшетаулық жазушы ағамыз Естай Мырзахметов ауыр дертке шалдығып, төсек тартып қалған кезі де болған. Рухы күшті қайсар жазушы тағдырдың ауыр салмағын мойымай көтеріп, жеңіп шыққан. «Медет» атты рухты роман, Балуан Шолақ туралы тарихи роман жазды, қазақ халқының басынан өткен қилы замандар туралы көптеген танымдық дүниелер жазып қалдырды. Ол кісіні замандастары қазақтың Островскиі деп, құрметпен атайтын. Сондықтан даналардың «қиындықтан қорықпаңдар, қайта оны жеңіп шығуға жігерленіп, алға ұмтылыңдар!» деген сөзін үнемі есте ұстаған абзал. «Адамның жолында әрқашанда тастар жатады. Олар не бөгет болады, не басқыш болады – бәрі де өзіңіздің қалай пайдалануыңызға байланысты!» – дейді неміс философы Фридрих Ницше. Жолында кездескен қиындықты адам қалайда жеңуге ұмтылады, ол үшін табандылық, үлкен жігер –қайрат керек. Ол қиындықты жеңу сіздің құмарлығыңызға айналу керек.Біреулер қиындықтан қашады ғой, жоқ, олай емес, қиындыққа қарсы ұмтылу керек, өйткені, қиындық – күш-қуаттың қайнар көзі болып саналады. Себебі, күш-қуат қарсылықты жеңгенде ғана өзінің мүмкіндігін іске асырады, тіпті көбейе түседі. Міне, сондықтан қиындықтан қашпау керек. Қиындықты жеңген адам бәрін де жеңеді, табысқа жетеді. Мұхит пен мұң Өзенді бойлап өлкені кезгім келеді, Мекен ғып біраз қауырсын қанат кемені. Ақша бұлттарға орана кетіп кей-кейде Мұхитқа барып мұңымды шаққым келеді.

Мұңымды шақсам, ұғар ма мені көк теңіз, Көк теңіз ұқса, басылар ма екен өкпеміз. Біз неге сонша күйешіл болдық, күйдіргі, Неліктен, айтшы, осындай болып кеткенбіз? Мұңайып барсам, мұхиттың өзі мұңды екен, Айдынын лайлап, мұңайтқан оны кім екен? Жаныңа дауа, дертіңе шипа болар ма, Қашып барсаң да, қашықта жатқан мың мекен! Өзіңнен өзің құтылам деме, қашсаң да, Адамзат әлі ашпаған жерді бассаң да. Алқына бермей, ақылға келіп, жүгінші, Бойыңа қуат бойлатып құйған аспанға! Іздесең пана риясыз таза сезіммен, Табасың әуел иманнан, кәміл сенімнен. Біреу кеп сенің көтермес тағдыр жүгіңді, Табасың күшті өзіңнен ғана, өзіңнен! Баянғали Әлімжанов Мақсатыңды айқындап ал! Өз мақсатын, өзінің нені көздеп тұрғанын айқындап алмаған адам – барар жерін білмей жолға шыққан жолаушы тәрізді. Ол адасады. Ол табысқа жете алмайды! Көптеген адамдардың сәтсіздігінің ең басты себебі – олар өздерінің нені қалайтынын білмейді. Қайда, қалай ұмтылу керектігін де анық түсінбейді. Шиырлап, шыр айналып, адасып жүре береді. Сондықтан, ең алдымен, тап осы сәтте, қазір өзің нені қалайтыныңды, өзіңе не керек екенін анықтап, айқындап алуға тырыс! Мұны бірден шешу, жауабын табу мүмкін де бола қоймас, бірақ бұл жөнінде үнемі ойлап жүр. Өзіңе-өзің: «Маған не керек?!» – деген сұрақты жиі қойып, жауап беруге тырыс. Мұны өмірлік мақсат категориялары деңгейінде ойлағаның жөн. Сен не нәрсеге қол жеткізгің келеді? Аңсаған арманың не? Бақыт па, махаббат па? Әлде бәлкім, табыс, ақша, ықпалды бедел, билік,

танымалдылық немесе атақ-даңқ па? Осының бір-екеуі ме немесе, бәріне түгел ие болғың келе ме? Алайда, ең алдымен, мұның не нәрсе екенін анықтап, шешіп алуың керек. Бұл сұрақты өзіңе өзің үнемі қойып отырғаның жөн. Ал арманыңа қол жеткізудің жолдарын оқып, ізденіп жүріп табатыныңа сенімің нық болсын! Әуелі өзіңе бұл өмірде не керек екенін анықтап біліп ал! Білгеннен кейін, соған ұмтыла бер! Шеберлік Адамның кәсіби мамандығы, кәсібі болады. Соны әбден меңгеруі керек. Қалған дүниені біле бер, бірақ негізгі ісіңді өмір бойы әбден жетілдіре түсіп, соның хас шебері болуға тиіссің. Сонда сіз табысты боласыз. Әр адам өзінің ісін жете меңгергісі келеді. Сол ісін абыроймен атқарып, үлкен табысқа жетуді қалайды. Ал оны қалай меңгереді? Айталық, бір мамандықты оқиды, тоқиды, ұстаздарынан үлгі алады. Сосын жұмысқа кіріседі, тәжірибе жинайды. Өседі, толысады, кемелденеді, бірақ, біраздан кейін: «Осының бәрін түгел білемін! Енді маған ары қарай жанымды қинап не керек?!» деген сияқты тоқмейілсу пайда болады да, өзінің екпінінен, қарқынынан айрыла бастайды. Ал шеберлік деген шексіз нәрсе ғой. Мысалы қытайлықтар: «У-шу өнері – аспанға қарай құрылған саты сияқты – лестница в небо, әр баспалдағын басқан сайын өрлей бересін, өрлей бересін. Бірақ биігіне жетпейсің!» – дейді екен. Сол сияқты кез келген ғылым, өнер де, қазақтың өлеңі де, поэзия, әдебиет те солай! Жалпы еңбекті, кәсіпті алыңыз – бәрі де солай! Ал сонда не істеген дұрыс? Шеберлігіңді жетілдіру үшін өмір бойы іздену, талаптану керек! Қажымай, талмай еңбектену керек. Киокушинкай каратэнің негізін салушы Масутацу Ояма: «Кез келген жаттығу – катаны игеру үшін, үш мың рет қайталап жасасаң, бітті, тастай болады!» – дейді. Себебі бір қимыл-қозғалысты үш мың рет жасағаннан кейін, әбден жетіліп, шыңдалады. Сол сияқты у-шудың \кун-фу деп те айтады. \ ұстаздары шәкірттерін жаттықтырғанда, бір нәрсені қайта-қайта қайталау және біртебірте (метод постепенности) ілгерілеу әдістемесімен – методымен

жаттықтырады. Қазір ғой, спортта тез, шапшаң жаттықтырады. Тез арада жарысқа қосып, сайысқа шығарады. Бірер жылдан кейін чемпион шығарамыз деп, спортшыны әбден қуып, түгін қалдырмай қажытып, шаршатып жібереді. Аяғында ол түкке жарамай қалады немесе орта жолда, біраз жетістікке жеткеннен кейін, ары қарай бара алмай, титықтап бітеді. Ал шығыс жекпе-жектерінде әуелі бір жыл жұдырықты қалай түю керектігін үйретеді, бір жыл стойканы – жауынгерлік қалыпта қалай тұруды үйретеді. Соны әбден меңгергеннен кейін ғана кәсіби соққыны үйрете бастайды. Бірақ олар үйреткенде түбіне жеткізіп үйретеді. Олар пәленбай жүздеген соққыны, әдісті шала-пұла білгенше, негізгі бір-екі әдісті – коронной приемды керемет қылып жетілдіреді. Күрестен олимпиаданың үш дүркін чемпионы атанып, төртінші ретте күміс жүлдегер болған орыстың даңқты палуаны Александр Карелин: «Мен күрестің осы күнгі белгілі дейтін барлық әдістәсілдерін білемін, бірақ мені осы биік жеңістерге жеткізген – әбден меңгерген үш-төрт әдіс-тәсілім!» – дейді екен. Сондықтан, өзіңізді өзіңіз асықпай жетілдіре беріңіз! Корейлердің жекпе –жегінде қылыш шабуды үйреткенде, бір әдіспен он мың рет шапқызады екен. Ойлап қараңыз, бір әдіспен он мың рет шаба беру деген сұмдық қой! Бірақ, сонда ғана ол шыңдалып, жетіледі. Міне, адам өз ісінің шебері боламын десе, өз ісін сүйсе, өмірбақи ізденіс керек, еңбек керек. Сізді табысқа жеткізетін бірден-бір шешуші кілт осы. Ізденіс жолы ұзақ жол, қажымай талмай ізденіңіздер, өсе беріңіздер! Мал шашу Адамның да, елдің де бір үлкен дұшпаны – «мақтаншақ пен бекер мал шашпақ!» Жарықтық Абай хакім атамыздың бар қазаққа бала күннен белгілі осы бір сөзін ғалымдар да әбден зерттеп, арлы-берлі аударып, төңкеріп талдаған. «Оны несіне айта береміз!?» –деуіңіз де мүмкін. Бірақ, осы бекер мал шашпақтық – әр заманда әртүрлі көрініп, әрқилы әрекетке айналып жатқаны шындық. Тіпті, жыл сайын, ай сайын құбылып, бастық ауысқанда әдіс-айласы да ауысып, ебін тауып шашып-төгіп келе жатқан, бітпейтін бір құбылыс. Бұрынғы заманғы мал шашпақ пен қазіргі мақтан үшін мал шашудың айырмасы өте үлкен. Баяғыда атақ – даңқын шығару

үшін мал шашып, ас пен той өткізсе – байлар өткізетін, өз малын жұмсайтын. Ал қазіргілер мемлекеттік бюджеттің, халықтың байлығын шашады. Шашып жүріп, өз пайдаларын табады. Бұл да бір ұйымдасып жеудің заманға сай құбылған, құйтырқы түрі сияқты. Мерекелерде, жиын-тойда, әсіресе, жаңа жылда барлық жерде тарсылдатып аспанға фейерверк ату бір моды болды. Тіпті, балаларға дейін қолдарына сасық петарда – түтікшелерді ұстап алып, қарға қадап, от тұтатып әлек болады. Ал, содан гүрс-гүрс жарады! Отжалынды жарқылдатып, улы түтінді бұрқыратып мәз болады. Күкірт сасыған қорғасын ауа тынысыңды тарылтып, еңсеңді езеді. Не үшін, кім үшін? Тырбанып тапқантаянғанын ырбыңжырбыңға алданып, қас-қағым сәтте көкке атып жіберіп, күлге айналдырып жатқан бауырларыма: «Ау, тоқта, бір сәт ойланып көрші!» – деп айқайлағым келеді кейде. Жат елдің жаман, сасық от шашуына табан ақы, маңдай теріңмен тапқан ақшаңды төлеп, олардың шаруашылығына қаржы құйғанша, өз шаруаңа неге жұмсамайсың? Улы күкіртпен өз жеріңнің ауасын, экологиясын бүлдіріп, өзіңді-өзің улап жатқаныңды ойлайсың ба?! Кейде тіпті осы от шашулардан өрт шығып, аяғы сұмдық қасіреттерге ұласып жатқан жоқ па? Ал бүкіл түнгі аспанды жаулап алып, жарқ-жұрқ еткен үлкен салюттерді көргенде, не деріңді білмейсің!? «Күштінің арты диірмен тартады деуші еді атам қазақ. Қазіргілердікі фейерверк атады!- дейміз де қоямыз ба, қайтеміз?! Баяғы Рим империясы заманынан қалған сөз бар ғой: «Массы требуют хлеба и зрелище! – Бұқараға нан мен сән-салтанат керек!» – деген. Наны дұрыс-ау – ел тоқ болуы керек! Ал, «зрелищеңіз» халықты алдап-сулап басқарудың бір әдісі болған ғой. Бірақ, қанша ғасыр өтті, бұқараның сана-сезімі өзгермеген бе? Бүгінгі шоу, шоу деп шуылдап, жыртылып-айырылып жатқандарға қарап тұрып, біз осы жынданғаннан саумыз ба деп жағаңды ұстайсың. Козьма Прутков деген жиынтық лақап атпен белгілі айтқыштардың: «Зри в корень!- Түп-тамырына қара!» деген сөзін үнемі есте ұстасақ қане! Түбіне бойлап, түбірін ойлап, байыбына барып көрсек, осы отшашулар да тегін емес. Бұл – желге шашылып жатқан халықтың байлығы, ақшасы. Оның қаншасы жанып кетті, қаншасы пысықайлардың қалтасында қалып кетті – ол бір бөлек мәселе.

Және есебін таптырмайтын өте айлалы әрекет – тарсылдап атылып,
жанып кеткен күкірттің құнын ешкім де таба алмас!? Бір миллион
теңгені атып жіберіп, жүз миллион деп жазып, жаба салады- бітті!
Мұндай мал шашу қылмыс емес пе? Жалпы, рәсуәнің күнә екенін

де естен шығармаған абзал!

Төртінші бөлім
Әр елдің өз жолы бар
Әр халықтың өзінің ерекшелігі бар, өзінің заңы, жол-жобасы бар.
Адамгершілігі, имандылық сенімі, соған лайық ұят-аят, ар-

намыс кодексі болады.
Арсыздықтан, азғындықтан барлық халықтар қай-қашанда бойын
аулақ ұстаған. Ұятсыз нәрселерді ашық айтпаған, тараттырмаған,
тиым салған.

Ал біз неге бүгін оның барлығын ашып тастауымыз керек?
Европаға, Америкаға ұнау үшін біз барлық заңдарымызды соларға
лайықтап, ыңғайына жығылуымыз керек пе? Бұл ойланатын үлкен
мәселе.

Қазақстан Республикасы- алдымен қазақ халқының мемлекеті
және қазақтармен бірге тұратын барлық қазақстандықтардың
мемлекеті. Бұл жерде қазағың бар, орысың бар, осы Қазақстан
халықтарының кез келгенінен сұраңыз – бір де бірінің ұлттық

моралінде, ұлттық танымында, сана-сезімінде, ұятында ондай
арсыздықтар жоқ. Оның бәрін бізге шеттен әкеліп таңып жатыр.
Біз соған аузымызды ашып, жол беріп қарап отырмыз. Жоқ, бұларға
батыл түрде тиым болу керек!

Рас, жалпы адамзатқа ортақ, адамзатқа тән құндылықтар бар. Бұл
жағынан келгенде халықтар бір-біріне ұқсайды. Барлығы да, мысалы,
өтірікті, ұрлықты, кісі өлтіргенді, тағы басқа ұятсыздықтарды
айыптайды, тиым салады, өзін одан аулақ ұстайды. Сонымен бірге,

әр халықтың басқа елдерге ұқсамайтын, өзіне ғана тән қасиеттері
бар. Мысалы, бір елде жақсы көрінген нәрсе екінші елде өрескел
көрінуі мүмкін. Немесе, бір елде қабылданбайтын, бұлай болмайды
Өз халқыңның бақытын ойласаң,

өзге елдермен тату бол!

деген нәрсе екінші елде заңдылық, кәдімгі өмір сүру қалпы болуы мүмкін. Оның барлығын бір стандартқа келтіреміз, бірдей заңға бағындырамыз дегеннің өзі демократия деген желеумен басқа елдерге өзгенің заңдарын айламен немесе күштеп таңу болып табылады. Бұл тіпті демократияның өзіне қайшы, зорлық емес пе? Ал енді әбден заңшыл болып, қит етсе заң, заң деп, өмірдің бәрін заңдастырып тастаған озық деген елдердің өзінің де тозығы жеткенін көріп отырмыз. Мысалы, қазақ баласы, әсіресе әйел адамдар, қай уақытта көшеде жалаңаш жүріп еді? Қай уақытта көшеде сүйісуге рұқсат беріліп еді? Қай уақытта көпшілік алдында аузына келгенін айтып, жұртты балағаттауға, ашық-шашық ұятсыздықтарды насихаттауға жол беріліп еді? Осы күні неше түрлі бәлелер шығыпты – ЛГБТ, гей, трансгендер, тағы бірдемелер. Бұл – ел ел болғалы, қазақ қазақ болғалы, шығыс елдерінде, мұсылман елдерінде болмаған, тіпті сол батыстың өзінде де ешқашан құпталмаған сұмдықтар. Масқара, азғындық саналған, қудаланған, тиым салынған, жазаланған. Ал енді ХХІ ғасыр дейік, өркениет дейік, басқа дейік, оларды ауру дейік... Басқаша қалай деп айтуға болады? Тіпті ақылға сыймайды, айтуға ауыз бармайды. Оларды ешкім де отқа өртеп, құртып, жойып жатқан жоқ қой. Тиым болған, заң бойынша сотқа тартылатын. Ал енді тығылып азғындап жүргендері аздай, олар ұялмай көшеге шығатын болды. Ұялудың орнына, жалпы халыққа мән үйретіп, мораль оқып, үгіт-насихат соғып тұр. «Міне, біз осындаймыз. Бізге сендермен тең праволар берілу керек!» – деп, азғындығын ашық насихаттауға көшті. Бұған мүлде төзуге болмайды. Олар қайдан келді, сонда кетсін! Бұзылғандығын, арсыздығын жұртқа әйгілеуге, ашықтан-ашық насихаттауға кім право берді? Неге біз балаларымызға, жастарымызға ондайлардың сандырағын тыңдатуымыз керек? Олар сондай кинолар түсіреді, насихаттайды, соны көрсетеді. Бұған қарсылық керек. Заң жүзінде осындай ұятсыз нәрселерді насихаттауға, жазуға, экраннан көрсетуге тиым салынып, заң жүзінде жазалау керек! Болды, бітті! Әйтпесе, әлеуметтік желіні ашып қалыңыз, басқаны алыңыз, жақсы жұмыс істеп жүрген адамдардан гөрі жаңағы азғындардың неше түрлі насихаты гулеп тұрады. Бұлар бір герой сияқты. Осы күні үгіт, насихат майданы расында сондай халге ұшырады. Жалғыз олар емес, ұры – қары, бандылар да бір бұзақылық, қылмыс жасаса,

жарнамалары сарнап, солар бірдеме бітірген батырлар болып шығады. Ал дұрыс жолда еңбек етіп, ел үшін қызмет істеп жатқан адамдарға назар аударылмайды, аттары да айтылмайды. Осы күні көпшілік, бұқаралық ақпарат құралдарын қараңыз. Қазір барып біреудің біреудің тұмсығын бұзып кетсінші, айғай – шу шығады. Сол сияқты, тағы біреу бірдеңелерді бүлдіріп, полиция қамауға алса, ойхой, әлеуметтік желілер жабыла шулап, әлгі қылмыскерді ақтап, керемет деп мақтап, азан-қазан болады. Сонда, құндылықтардың орны ауысып кеткен ғой бізде. Біз неге арзан, жалған, айқай-шумен абыройлы болып жүргендердің орнына, нағыз адамдарды, үлкен еңбектің адамдарын насихаттамаймыз? Мұның арғы түбі тереңде жатыр. Ұлы Отан соғысынан кейін АҚШ-тың барлау орталығының басшысы Ален Даллес Совет Одағын қалай құлатамыз, халқын қалай аздырып, тоздырамыз деп, нешеме пункттен тұратын үлкен бағдарлама – программа жасаған екен. Соның ішінде бұларды естерінен тандырып, мәдени құндылықтарынан ажыратып, жастарын адастыру керек, неше түрлі азғындықтарды, зорлықзомбылықты насихаттау керек деп шешкен. Сол үшін қантөгісті, кісі өлтіруді, қырып-жоюды, ұятсыздықтарды, эротика, сексті, неше түрлі азғындықтарды дәріптеп, қызықтыратын киноларды шығарып, соларды көрсету керек деген үлкен бағдарламасы болған. Оны жан-жақтан насихаттайтын болған. Сондай талапқа лайықтап, ұятсыз нәрселерді киноға түсіріп, кітапқа жазып, өзінің халқын жамандаған жазғыштарды қолдап, сыйлықтар беріп, марапаттап отырады. Оны көріп, өзге де өнер иелері солай қарай бейімделіп, сайтани нәрселерге еру басталады. Бұл – адамның сана-сезімін билеу, ойрандау, психикасына әсер ету. Осыған қарсы тұрған адамдар да болды, халқымыз да қарсы тұрды. Бірақ, солардың ықпалына түсіп, әзәзілге еріп, бұзылған жағдайлар да аз емес. Ал енді біз халық болып қаламыз десек, ондайларға: «Біз – қазақ мемлекетіміз! Біз мұсылман қазақ еліміз, біздің өзіміздің ұлттық көзқарасымыз бар. Ұятсыздық, бұзылғандық, азғындық-біздің адамгершілік жолымызға жат. Сондықтан мұны насихаттай алмаймыз! Біз бұған сенбейміз, біз бұған ермейміз! Біз бұған қарсымыз!» – деген сөзді ашық айта аламыз ба? Қарсы тұра аламыз ба? Неге қарсы тұра алмасқа? Неге айтпасқа? Ар-ождан бостандығы бар, сөз еркіндігі бар. Бұл жалпы адамзатқа ортақ

проблемалар. Сондықтан, адамзат болып ойласайық, ақылдасайық! Адам қайткенде де адам болып қалуы керек қой! Ру жөнінде Осы күні көп алдында сөйлеген шешендердің біразы: «Ойбай, руды айтпаңдар! Рушыл болмайық! Жүзге бөлінбейік, қазақ болайық!» – деп, халықшыл бола қалады. Былай қарасаң, әдемі сөз. Бірақ, өтірік! Ата-тегіңді жасырып, ұмытып, рудан аттап өтіп, қайтіп қазақ боласың? Бүкіл тарихың, ата –тегің, аруағың, ұраның – барлығы руға барып тірелетін болса, оны айтпағанда, неңді айтасың? Қазақтың ұлттығы, елдігі рулардан бастау алады, түп-тамырымыз да сол. Ата-тегіңді, руыңды білу мен руға бөліну – екеуі екі басқа нәрсе ғой. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары, «Жұлдыз» журналында жұмыс істеп жүрген кезімде жазушы Берқайыр Аманшинның «Махамбеттің тағдыры» деген романына редактор болдым. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі аумалы-төкпелі, дүрбелеңді ауыр кез еді. Бас редакторымыз Бекежан Тілегенов маған: «Баянғали, айналайын, мынаның ішіндегі рудың аттарын қысқарт, азайт, тіпті, мүмкін болса, мүлдем алып таста! Түсінесің ғой, қазір жағдай солай болып тұр. Орталық Комитет тарихи тақырыптарды қатты қадағалап отыр!» – дейді. Берқайыр Аманшин ол кезде қайтыс болған. Содан әлгі романды оқып отырмын, төгілтіп жақсы жазған екен. Ішінде ру аттары қаптап жүр. Құлмәлі беріш Махамбет дейді, арғы беттің ысығы Құбай дейді. Сол заманның шындығы сайрап тұр. Кіші жүздің барлық рулары түгел дерлік жазылған. Мұндайды бұрын да құптамайтын Орталық Комитет Желтоқсан оқиғасынан кейін ру дегенді удан жаман көреді. Амал қанша, шамам келгенше жонып алып, біраз жұқарттым, бірақ, түгел түзету мүмкін емес еді. Содан кейін бас редакторға келіп: «Аға, бұл қалай болады? Бұл тарих қой. Тарихтан аттап қайда кетеміз? Бүкіл ру аттарын сызып

тастау мүмкін емес! Ол аталмай қалмайды, онсыз тарихи роман болмайды!» деп, шегелеп айттым. Бекежан аға сабырмен тыңдап: «Жарайды, мүмкіндігінше ру аттарын азайтуға тырыс. Аздап қалғаны ештеме етпес, бара берсін!» – деп, келісті. Сөйтіп, ол роман жарыққа шықты. Міне, осылайша кәдімгі рудың аттарын қудалау болған. Сондай заманды да көрдік. Енді қазір әркім өзінің руын, тегін біліп, танып, топталуға айналды. Мұның аса қатты жамандығы жоқ. Бұл қазақтың ататегін тануын, аруақтарды ардақтауын, бауырмалдығын, бір-біріне қол ұшын беретіндігін, көмектесетіндігін, қанына тартатындығын, бірін-бірі іздейтіндігін, бірін-бірі қолдайтындығын көрсетеді. Сондықтан қазақ әулет, ата – тек, ру болып басын біріктіріп, табысып жатса, жақсы емес пе?! Және рулық жолымен бір-бірін жақын тартып, ұйымдасып жүргендер ел бірлігіне де, билігіне де қарсы жамандық жасап жатқан жоқ. Соның арқасында аруақты аталардың аттары ардақталып, қазақтың тарихы түгенделіп жатыр. «Әй, ана аталарыңды неге көтермейсіңдер? Аталарыңды неге еске алмайсыңдар? Басқа жақтағылар еске алып жатыр ғой!» – деп, бір-бірінің намысын қайрап, қазақты оятып, қозғап отыру да жақсы емес пе? Өкінішке орай, ресми орындар, БАҚ та, басқасы да осы ру дегеннен шошып бітті. Қазір ескінің есті әңгімелерін біздің газет, журнал, радио, теледидардың бетіне шығармауға тырысады. Өйткені, тарихи әңгімелер мен аңыздар, жырлар руға байланысты айтылады. Ау, ол заманда ру айтылған ғой. Рудың тарихы – ру-ру болған қазақтың тарихы ғой! Өткен заман жайында сөз қозғағанда, оны айтпай тұруға болмайды, онсыз тіпті әңгіме жоқ қой! «Жоқ,ойбай, руды айтпаңдаршы!» – деп, көненің сөзін сол қалпында сөйлегендерді рушыл секілді көретін болды. Мысалы, менің рушыл түгім жоқ. Мен қазақтың баласымын. Ата-тегімді білемін. Барлығың да солайсыңдар деп ойлаймын. Оның несі жаман? Ескінің аңыздарын айтып отырсам, кейбір әсіре әсершіл бауырларым: «Ойбай, руды айтпаңыз! Бір қазақ болып жүрейік!» деп, шоршиды. Солардың өзі нағыз қазақ болудың қандай екенін біле ме екен? Түпсіз, тамырсыз, русыз кісі қалай қазақ болады? Бұрынғы заманда қазақ рудың ұранына қаны қызып, жауға шапқан ғой. Қазақтың әскері жауға аттанғанда, әр рудың қол

бастаған батырлары, аталарының ұрандары болған. Сол рудың ұранын, атасының атын айтқанда, аруақтанып, атойлап шауып, ештемеге қарамай кеткен. Демек, біз бүгін аталарымыздың аруағын шақырғанда, ұранды бір арнаға құйып, біріктіріп, қазақтың аруағын көтеруге, халқымыздың бірлігін нығайтуға бағыттауымыз керек. Ол басқа халық емес, қазақтың рулары ғой. Қазақ сол рулардан тұрады ғой. Демек, бір рудың ұраны көтеріліп жатса, ол қазақтың ұраны көтерілді деген сөз! Сондықтан: «Ойбай, руды айтпайық, қазақ ұлты болайық!» – деп бұра тартқанның өзі қисынсыз өтірік және ақылға сыймайтын нәрсе. Ұлтынан қол үзіп кеткен адамдар болмаса, ата-тегін, тарихты білетін қазақтың барлығы руын айтады. Ғалым ағамыз, тіл маманы Сәрсен Аманжоловтың «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» деген үлкен кітабы болды. Жобасы, 1959 жылы шыққан. Соның алғашқы 80 бетінде осы рулардың тарихын жазылған. Мен студент кезімде соны оқып, қайран қалғанмын. Бүкіл руларды таратып жазып берген. Саяси қысым, цензура заманының өзінде: «Осы күнгі орта жастағы кез-келген қазақ өзінің ата-тегін, руын біледі!» – деп, ашық жазып қойған! Ол кезең: «Қазақ тілінің болашағы жоқ, барлық халық бір совет халқы болып кетеді!» – деген сөздер өршіп келе жатқан күрделі, қайшылықты уақыт еді. Сол кезде, 1971-1972 жылдары, ҚазМУ-де оқып жүрген 17-18 жасар бала болсам да, әлгі рулар жөнінде оқығанда қаным қызып: «Руын білген қазақ ана тілін де, ата тегін де ұмыта қоймас!» – деп, қатты жігерленгенмін. Демек, бұл өте күрделі мәселе. Бір жақты қарап, ауызбен: «Ай, қазақ болайық!» – дегенге қазақ бола салмайсың. Ата-тегіңді, тамырыңды біліп қазақ боласың! Ал енді осы күні кейде руды білудің теріс жағы да жоқ емес. Оны да саясаттандырып, өздеріне ұпай іздеп, бедел жасайтын белгілі бір адамдар мен топтар да бар. Бұлар керегінде рулық қанды қыздырып, атаның ұранын өздерінің мүдделеріне пайдалануды көздейді. Өздерінің ертен дауыс беретін адамдары сияқты қарайды. Мінекей, ондайдан аулақ болу керек. Сондықтан бұл күрделі мәселе. Ал қанша уақыт, қанша ғасырлар бойы ұмытылмай келген ата-тектің, рудың тарихы енді ұмытылмайды. Алдағы заманда да қазақтың балалары қай рудан шыққанын айтып отырады. Бұдан шошитын дәнеңе де жоқ. Біз мұны қазақтың қанында бар қасиет, ұлттық ерекшелігі,

ата-тегін, тарихын сыйлауы, бір-біріне бауырмалдығы деп қарап,
жақсы бағалауымыз керек. «Бір қазақтың баласымыз!», «Атам
қазақ!», «Қарға тамырлы қазақ!», «Қазақ сұраса келе, қарын бөле
болып шығады!» – деген аталарымыздың дана сөздерін ұмытпай,

мағынасын түсіне білгеніміз абзал.
Алыс та болса ауылым,
Нәр алған бірге тамырым.
Атамыз бірге жаралған,

Өзіңмен көркем дәуірім.
Бар қазақ менің бауырым!
Баянғали Әлімжанов.
Ұлтаралық қарым-қатынастар

Ұлтаралық қарым-қатынастар – үлкен өмірлік, тарихи, тағдырлы
мәселе. Бұл – кез келген адамның алдынан шығатын, түрлі жағдайда
туындайтын сұрақ. Ұлт пен ұлттың қарым-қатынасы бір жағынан
қарасаң оңай, жақсы, бір жағынан күрделі, қиын.

Елдер, халықтар, адамзат, мемлекеттер бір-бірімен қарым-
қатынасқа түседі. Үнемі жақсылық бола бермейді, кейде
түсініспеушілік болады, тартыс, тай-талас, тіпті, соғыс болады.
Тарихта өткен талай оқиғалар соны көрсетеді. Енді бүгін соның

есесін қайтарамын, өткеннің кегін қуамын деген жол – дұрыс емес.
Тарихты білу керек, таразылау керек, ойлау керек, одан сабақ алу
керек.
Мен «Сказ столетнего степняка» деген романыма эпиграф

ретінде: «История войны должна учить нас миру, история вражды

– дружбе!- Соғыс тарихы бізді бейбітшілікке, дұшпандық тарихы –

достыққа үйретуге тиіс!» – деп, жүрекжарды сөзімді жазып қойдым.
Бұл қазақ, орыс, неміс соғысы мен достығы туралы шығарма.
Сонда, жүз жасаған дала қариясы: «Бір адам бір адамды жек көрсе,
ол драма, бір халық бір халықты жек көрсе, ол қасірет, трагедия!»

дейді. «Өмірімнің қорытындысы, айтатын өсиет сөзім- ешқашан да
адамды қорламаңдар, өлтірмеңдер, қырып- жоймаңдар!» – дейді.
«Достық тең халықтардың арасында болады! Нағыз бостандық
өзгелердің бостандығын сыйлаудан басталады!» – дейді. Бұл –

барлық адамзаттың даналығынан сүзіп алынған және тағдыр, тарихты басынан кешкен, жүз жасаған дала қариясының өмірден түйген сөзі. Ой жүгіртіп қарасақ, біз көп ұлтты Қазақстан еліміз, ал тәуелсіз ел болғаннан кейін біздің кейбір жастарымыз азат, тәуелсіз болғанның жөні осы екен деп, әсіре ұранға көшті. Тіпті, өз ұлтын сүйгеннің жөні осы екен деп, әсіре ұлтшыл болып бара жатқан бауырларымыз да бар. Олардың ұстанған жолы, ұраны кейде қауіпті, қорқынышты болып көрінеді. Өйткені, бүкіл дүниежүзінің, адамзаттың дамуында көтерілген ұран, адамзаттың келген қорытындысы, түйіні – адамдардың, халықтардың еркіндігі, достығы теңдігі, бауырлығы. Ал енді өзің азат ел боламын десең, өзгенің азаттығын сыйла! Егер өз ұлтыңды сүйетінің рас болса, өзге ұлттарға ұрынба! Өз халқыңды сүйсең, өзге халықтарды құрметте, қадірлей біл! Патриот деген кім? Елін сүйген адам! Елін сүйген адам еліне не тілейді?! Бейбітшілік, бақыт, береке, амандық, тыныштық, жақсылық, игілік тілейді! Олай болса, өзге дін өкілдерімен, басқа халықтармен араздаспа, өшпенділік отына май құйма! Өз ұлтыңды сүйсең, өзге ұлттармен достық, сыйластықта бол! Өз ұлтыңның бақытын, тыныштығын ойласаң, өзге ұлттарға ұрынба! Өшпенділікті жаныңа жолатпа, жүрегіңе ұялатпа! Басқа ұлттың өкілдерімен тең дәрежеде, достық пейілмен қарымқатынас жасай білу керек. Рас, саясат оған көнбейді, саясатта қитұрқылық, неше түрлі пәле бар. Кейде халықтарды бір-біріне ұрындырады, арандатушылық сөздердің, әрекеттердің нәтижесінде елдер, халықтар бір-бірімен қақтығысады, тіпті соғысады. Тарихта талай қиындықтар болған. Алайда, біз бүгін соның бәрін жіпке тізіп, кек қуып, есесін қайтарамын дейтін болсақ, онда жаңыламыз. Біз тәуелсіз қазақ еліміз, біздің халқымыз дүниежүзіне өзінің бауырмалдығымен, мейірімділігімен, қайырымдылығымен танылған. Қазақты сол үшін сыйлайды. Ал бүгінде ұлтымызды сүюдің жөні осы екен деп, қазақты бәрінен артық көріп, басқаларды кемсіту жолына түсу – үлкен қателік болады. Сондықтан менің жастарға айтатын аталық сөзім: Өзіңнің

халқыңды сүйсең, өзіңнің дініңді ұстап, өзіңнің тіліңді біліп, өз жолыңмен жүретін болсаң, өзге халықтарды да қадірлеп, құрметтей біл! Пайғамбарымыздың хадисі бар: «Алдыңа өзге діннің, өзге ұлттың қадірлі адамы келсе, оған құрмет көрсет!» – деген. Біз бала күнімізде қазақи тәрбие көрдік, қарапайым мұсылман отбасында өстік. Көкше жеріне соғыс пен тың игеру кезінде тағдыр айдап келіп, тұрақтап қалған өзге ұлттардың өкілдері көп болды. Солар үйге келсе, ата-анамыз қабағын беріп, қарсы алып, көшеде кездесе қалса, жарқын жүзбен амандасып, арқа-жарқа сөйлесетін. Бұның барлығы өмірдің тілегінен, талабынан туған дүние. Әсіресе орыстармен қарым-қатынасымызды алсақ, қаншама ғасыр, қаншама мыңдаған жылдар дала мен орыс елі неше түрлі қарым-қатынаста болды. Оның ішінде соғыс та болды, тартыс та болды, жақсылығы да, жамандығы да болды. Мәдени алмасулар, мәдени байланыс та болды. Енді бір заманда орыс мемлекетін Алтын орда билеп тұрды. Одан кейін заман ауысып, қазақ даласы орыс патшасының боданы болды. Менің романымда Асанбай ақсақал көршісі, орыс Николайға Қазақстан тәуелсіздік алғанда: «Әй, Николай, сен біздің тәуелсіздікке онша қуанбай тұрсың-ау! Сен ренжіме, үш жүз жыл біздің аталарымыз сендерді биледі, одан кейін үш жүз жыл біз сендерге бодан болдық! Есеп міне, үш жүз де үш жүз, тең болдық! Енді тең халықтар ретінде, дос халықтар ретінде сыйласып тұрайық!» дейді. Ойын – шыны аралас айтады, бірақ ол халықтық сөз, халықтың жолы! Осы күні неше түрлі әсіре батырлар шықты. Орыстың шовинистері қазақ елінің тәуелсіздігіне тіл тигізіп, тасадан тас лақтырып, кемсітіп, намысына тиіп, түртпектеп қояды. Біздің әсіре ұлтшыл бауырларымыз да ашуға мініп, шектен шығып, неше түрлі жерлерде орыс елін, халқын жамандап, ғаламторда дұшпандық сарындағы видеолар таратады, әлеуметтік желілерде ащы да қатты сөйлейді, ызғарлы сөздер жазады. Оның барлығын орыстар көрмей, білмей отырған жоқ. Аударып оқиды, түсінеді және ашынып, одан да асырып, жаман сөзді олардың да шовинистері лаулатады. Олар да батырсынып, батырып айтады, біздікі де қалыспаймыз деп айқайлап әлек. Олар да, бұлар да біраз жерге барады, бір-бірімен айтысып қана қоймай, екі халыққа да күйені жағады. Араздық уын себеді, екі

елдің азаматтарын арандатады. Бұл жақсылыққа апармайды. Өшпенділік жолы жол емес. Өшіккен адам өрт салады. Адам мен адам өшіксе жаман, ал енді халық пен халықты өшіктіру, ортасына от жағу деген – қылмыс. Мұның барлығының тамырын ойлау керек, елдің таразысын абайлаған жөн. Баяғы аталарымыздың ел іші бүлініп, араздық өршігенде «Ел таразысын аңдамаған жастардың ісі ғой!» – деп айтқан сөзі бар еді. Сол сияқты, құр қиялмен, идеалмен, азаттық деген осы екен ғой деп, айғайлай берген жөн емес! Мына дүниеде жалғыз қазақ елі ғана тұрып жатқан жоқ, әлемде басқа елдер де бар екенін естен шығармайық. Олардың да мүддесі, көзқарасы бар, тіпті, күш-қуаты бар екенін ойлау керек. Біз екі бірдей алып империяның ортасында отырған елміз. Абылай хан кезінде ақыл-айласымен екі ортада қазақтың азаттығын сақтап, жол тапқан ғой. Сол замандардан қалған бір асыл сөзді еске ала жүрейік: Қазақ еліне орыс патшасының елшісі келіпті. Хандар, билер мен батырлар: «Осы елшілердің көзін жойып жіберсек қайтеді?!» – деп бір толқиды. Содан, үш би кешкілік көл жағасында ауыр ойға батып отырады. Сол кезде көлге бір аққулар келіп қонады. Сонда билердің үлкені: – Алар ма еді мына көлдің қуын атып... – дейді. Екінші би: – Оғың жазым болмасын, суын атып... – деп, ойды жалғайды. Сонда үшінші би: – Арылмастай пәлеге қап жүрмейік, Суға қонған перінің қызын атып! – деп түйіндейді. Дана бабаларымыз ел тағдыры таразыға тартылған шақта, бір ауыз сөзбен сабырлы саяси шешімге келіп, патша елшілерін аман жіберіп, бейбіт, мәмілегерлік қарым-қатынастарды сақтап қалған екен. «Қабанға қарсы ұмтылма ер дегенге!», «Айдаһармен алыспа, мойныңды бұрап өлтірер!» – деген дамолла Тұрмағанбет шайырдың сөзі естеріңізде жүрсін! Осының барлығын кеңірек, тереңірек ойлаған жөн болады. Саясат деген тек қана әділдік, адалдық, жөнімен жүру деп айтамыз, бірақ ол арғы жағында көп қитұрқысы бар дүние. Ол – әскери күшке тірелетін, барлауға, неше түрлі айла -амалға тірелетін құпия, жұмбақ құбылыс. Сондықтан оның барлығына біз өте абай болғанымыз

жөн. Қазір көрші, қатар отырған елдермен де, алыстағы басқа елдермен де қарым-қатынаста біздің ел дұрыс саясат ұстанып келе жатыр. Ал енді осыны түсінбей, біздің әсіре батырлар халықтың қанын қыздырып, батыл-батыл сөйлеп жатады. Оның барлығы популизм. Бұл популистер қиын. Айғайламай, көзге түспей отыра алмайды. Ал сын сағаттар туған кезде, соның барлығы қуыс-қуысқа тығылып, зытып отырады. Тіпті, қайда кеткенін де білмей қаласың. Отқа күйетін – қалың ел, қарапайым халық. Сондықтан, халқыма, әсіресе жастарға айтатын сөзім – сондай арандатқан, дұшпандыққа, өшпенділікке бастайтын сөздерге елікпеңдер, желікпеңдер, сенбеңдер де ермеңдер! Жақсы сөзді, жақсылыққа бастаған адамды тыңдау керек, ал араздыққа, есе қайтаруға, кектесуге шақыратын нәрселерден аулақ болған абзал! Заң бар, азат, тәуелсіз елдің заманында ақыл, сана, сабырмен бәрін де жөндеуге болады. Ұлтаралық қарым-қатынастардың тағы бір қиындық жағы мынада: егер екі қазақ сөзге келіп, керісіп, төбелесіп қалса, ол екі адамның жанжалы ретінде қаралады. Ал енді екі ұлттың адамы ерегесіп қалса, бір-бірімен төбелесіп қалса, түгел ұлтты кініалап, шулап шыға келетіндер аз ба? Меніңше, ондай жанжалға ұлттық сипат берудің қажеті жоқ. Жанжалдасқандардың өзі заң жүзінде, белгілі тәртіппен, тәуелсіз Қазақстан республикасының азаматы ретінде жауап беруі керек. Немене сонда, екі тентек, бұзық адам айғайласты екен деп, төбелесті екен деп, тұтастай екі ұлт болып бөлініп, бүлінуіміз керек пе? Екі халықтың арасына от жағуымыз керек пе? Міне, осындай жағдайдың бәріне өте абай болған жөн. Әр ұлт өкілдерінің арасында айтылған әрбір сөз, іс-әрекет өмірде қалай әсер етеді, қай жағынан жаңғырып, қалай шығады деп ойлаған жақсы. Мен бір нақты мысал айтайын. 2009 жылы Қалмақстанға бардық. Жыршыжыраулардың «Эпосы народов мира на земле потомков Джангара» деген үлкен фестивалі болды. Бұған Ресейдің орысы бар, башқұрты бар, кавказдықтар бар және басқа бір талай ұлттардың өкілдері жиналды. Сырттан келгендер де болды. Қазақстаннан біз бардық. Қасымда атыраулық жырау Тұрлан Бейсенбаев және бір-екі термеші мен әдебиет, фольклор зерттеуші ғалымдар болды. Бізді бірінші Бұлғын деген қалмақ әйел қызметкер қарсы алды. Мен қызық көріп сұрадым: «Сіз шынымен Бұлғынсыз

ба? Қалмақша бұлғын деген соболь ма?» – десем: «Иә, соболь!» дейді. «Біз де бұлғын дейміз оны!» – десіп, мәз болдық. Содан, қалмақтар жарқырап, жақсы қарсы алып жатыр. Әдемі-әдемі қалмақтың қыздарына: «Сені руың кім?» десем, біреуі: «Я – торгаутка! – Мен торғауытпын!» дейді, біреуі: «Ядурбутка! – Мен дүрбітпін!» – дейді. Торғауыт пен дүрбітті бала күнімізден бастап тек батырлар жырынан оқып, аңыздан естігеніміз болмаса, тірідей көргенім сол. Содан, бала кезден кітаптан оқыған, атына қанық дүрбіт, торғауытымыз осындай болады екен деп, таңдана қараймын келіп! Өздері сұлу сондай! «Какая красивая калмычка! – Қандай әдемі қалмақтың қыздары!» деп қоямын. Олар да маған жақсы қарап, рахаттана күледі: «Какой красивый казах! – Қандай әдемі қазақ!» – деп қояды. Сөйтіп сөйлесіп, танысып, білісіп, фестивальды дүрілдетіп, жырды жырлап жатырмыз. Бұл қалмақ та қасіретті халық. Бір кездегі айбынды, дүниені дүрілдеткен жоңғар мемлекетінен қалған Қалмақ республикасы ғой. Үш жүз мыңдай халқы бар екен сол кезде, жартысы ғана қалмақ. Астанасы Элистада 102 мың адам тұрады. Олардың ең бір үлкен жетістіктері – Будданың Еуропадағы ең биік храмы сол Элистада, 62 метр екен биіктігі. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде 120 мың қалмақты Сібірге бір – ақ жер аударыпты. Содан 60 мыңы өліп, 60 мыңы қайтып келген. Үлкен қасіретті тағдыр! Қалмақтар соғыста батыр болған екен. Ұлттың санына қарай процентпен шаққанда, қалмақтан батырлар көп шыққан екен. (в процентном соотношений.) Содан, үлкен жиын болды. Бір қалмақ шығып сөйледі: «Мен қазақ халқына ризамын! Біз соғыс уақытында жер аударылып, қысылып барғанда, Қызылордада бізді жақсы қарсы алып, өте қамқорлық көрсеткен қазақтардың қайырымдылығын ұмытпаймыз!» деп, қазақ еліне алғысын айтты. Біз қуанып қалдық. Бір жалпақ бет, келбетті апа, мол жаратылған кісі, үлкен ғалым, профессор екен. Бізге қарап күледі: «Біз тек соғысқан жоқпыз, біз бір-бірімізден қыз алысып тұрдық! Сендер, қазақтар,бізден көп алдыңдар! Менің де тамырымда қазақтың қаны ағып тұр! Менің әжем қазақтың қызы!» – дейді. Бәрін орысша айтып отыр. Біз ол кісіге риза болып қалдық. Бір кезде екі баланы жетектеп, бір қалмақ әйелі келді. Біз ұлттық киіммен, домбыра ұстап тұрмыз. «Қазақтармен суретке түсіңдер!» –

дейді. Сөйтсе, күйеуі қазақ екен. Жұмыста екен, әлгі әйел қазақтың жыраулары келді деп естіген соң, балаларын алып келіп, бізбен суретке түсірді. Сонымен, осындай жақсы көңілде, жақсы ойда жүрміз. Жыр жырладық, үлкен фестиваль болып жатыр. Қалмақтың сол кездегі президенті Кирсан Илюмжинов, шахматшы: «Қалмақтың тілін, қалмақтың дәстүрін, рухын Жаңғар жырынан табасыңдар! Оқыңдар, жаттаңдар!» – деп, қолға алып жатыр екен. Элиста қаласын қалмақтың ұлттық өрнектерімен әшекейлеген, қалмақтың жері екені білініп тұрды, туларын желбіреп, қызыл-ала қылып тастаған. Жыршылары Жаңғар жырын жаттап айтады. Ең ұзақ айтатын, республикасының бетке ұстар жыршысы 30 минут – жарты сағаттай айтады екен. Ал енді біздің қазақ – қырғыздар, өзің ойлай бер, таңды таңға ұрып,сілтей береді ғой. Қалмақтар үзіліп, ұмытылып бара жатқан жерінен, жалғап, енді қолға алып жатқан көрінеді. Жаңғар жырын ең алғаш қағазға жаздыртып, айтып берген жыршысына ескерткіш қойыпты. Оған себеп: Ленинградта оқып жүрген қалмақ студент орыстармен араласып, ауыз әдебиетін зерттеу жөнінде үлкен білім алған ғой. Соларды көріп, 1926 жылы әлгі жыршыны іздеп келіп, Жаңғарды хатқа түсіріп, жазып алған екен. Жоғалтып алмайық деген. Бір қызығы, олардың жырында қазақ деген сөз жоқ. Қазақпен соғыстық деп мүлде айтылмайды. Бір ғана эпизод – түріктер шабуыл жасады, түріктермен соғыстық деген жері бар. Ал қалғаны қиял патшалығын іздеу, жұмбақ әлемді іздеу секілді философиялық үлкен жыр өзі. Ал біздікінің барлығы қалмақпен соғыс қой. Қалмақтарды ренжітпейік деп, қалмақпен соғысатын жерін емес, басқа жерінен айтып, әйтеуір, жақсы көңілде жүрміз. Одан қалмақтың шайы деген бір шай берді – құрамы тоғыз түрлі сусын екен. Біз оны іше алмадық. Неше түрлі нәрсе қосылған, дәмі біртүрлі. «Бізге орысша қара шай беріңдерші!» деп күлдік. Сыйлы дастарханда қойды қалмақша пісіріп әкелді. Қалмақша пісіргенде, аузыңда еріп кете беретіндей жұп-жұмсақ қылады екен. Осындай көтеріңкі көңілмен жер-жерден келген жыршылармен сыйласып, сырласып қалдық. Қызық болды. Моңғолдар Мөөрінхур деген, аздап біздің домбыраға да ұқсайтын шекті аспаптарын тартып отыр еді, қалмақтың бір профессоры: «Бұл біздікі, қалмақтардан шыққан!» – деді, моңғол жыршы: «Біздікі!» – деді! Мен күліп: «Біз

тыныш кетейік! Қазақтар кеткесін қалмақ-моңғол өздерің дауласып, айырып аларсыңдер! Келісе жатарсыңдар!» – дедім! Содан кейін анығын сұраймын ғой: «Неге өйтесіңдер, қалмақтың өзі моңғолдан шыққан жоқ па? Жоңғар, бұрыңғар деген сөз – сол қол, оң қол емес пе?» – деп сұрасам, қалмақтың профессоры шалқайып: «Ол қай жағынан қарағанға байланысты! Біз керісінше, моңғолдар бізден шыққан деп есептейміз. Өйткені, бізді түбіміз ежелгі ойраттар! Ойроты!» – деп, ой тастап, ойқастап қояды. Міне, өстіп жаңалық білісіп, пікір алмасып жатырмыз, біраз кітаптарын сатып алдым қалмақтардың. «Қалмақ аңыздары» деген кітап алдым, әлі есімде, ішінде мындай аңыз бар. «Адамзат жаралғанда, ер мен әйелді бірбіріне өзіне арналған лайықты жұбына қосылатын етіп жаратқан екен! Егер жер жүзіндегі барлық ер мен әйел өз жұбын дәл тауып қосылатын болса, жер бетінде жұмақ орнайды екен. Ал жерде жұмақ болмай тұрғаны, еркектер мен әйелдер қосылғанда, үнемі өзінің жұбын дәл таба бермейді, – деп айтылған екен әлгі мифте. Жә, сонымен, жыр жырлап, халық дуылдап, қошеметтеп, жақсы көңіл-күймен сахнадан шығып, әртістер бөлмесінде тұрғанымызда, қасымызға бір қалмақ жігіті келді. Менен гөрі бойы сәл ұзындау, жұмырлау, жасы 35-40-тарда сияқты. Әлгі қалмақ жігітінің түсі суық, басқалардай емес. Ептеп ішіңкіреп алған, иісі шығып тұр. Сөзінің сұрқы бөтен, өзі бастады: «Сендер қазақсыңдар ма?» – деп орысша сұрады. «Ия, қазақпыз!» дедім, жылы сөйлеп, достық пейілмен. «А-а! – деді. – Мен бір жолы Алматыда, түнде машинамен келе жатқанымда, қазақ полицейлері мені ұстады. Тоқтатып, документтерімді тексерді. Қалмақ екенімді білгеннен кейін: «Атаңа нәлет, ит қалмақ», сенің ата-бабаң бізге не істемеді, біз саған көрсетейік!» – деп, мені сонша қинап, маған жазықсыз айып салып, әбден әлек қылды! Мен оны әлі ұмытқан жоқпын!» – деді. Біз кішкене ыңғайсызданып тұрдық. Бақсам, әлгі қалмақ, әңгімелесіп тұрып, былай ыңғайланып, олай ыңғайланып бұрылады. Мен енді кішкене жауынгерлік өнерден хабарым бар адаммын ғой, ананың салып жіберейін деп тұрғанын байқадым да, ол бұрылғанда, мен де, сөйлесіп тұрып, байқатпай, еппен бұрыламын. Ударная позиция – соққы беретін ыңғайлы жерінен кетіп қаламын. Қолымда домбырам, үстімде шапан. Тұрлан жыраудың ойында түк жоқ, аузын ашып, самбырлап сөйлеп тұрқалмақ бір тартса, ұшып кетейін деп

тұр. Соған мен жібермей, қалмақ та білдірмеген болып, мен де білдірмеген болып, арлы-берлі қозғалақтап, екеуміз біраз аңдыстық. Көптің көзінше, әрі мені оп-оңай ұрып жыға алмасын байқаған соң, ол бата алмады. Ол қол көтермеген соң, мен де тиген жоқпын! Содан не керек, бізді қызметкерлер «жүреміз» – деп, шақырды. Автобусқа шықсақ, әлгі қалмақ жігіт бізден қалмай бірге жүрді. Реті келсе, бір қазақты ұрғысы келіп-ақ тұр. Бірақ ұрғызбадым, мен де аңдып тұрдым. Қимылдаса, қолынан ұрып, бір – ақ түсірейін деп ойлап қоямын. Ұят қой бір жағынан! «Баянғали жас кезіндегі әдетін қоймапты, қазақ аз болғандай, Қалмақстанға барып төбелесіп жатыр!» – деген аты да жаман ғой. Содан, қасымыздағы мемлекет қызметкерлері әлгі жігіттің ішіңкіреп алғанын байқады да, қатқыл сөйлеп, қайтарып жіберді. Мұны неге тәптіштеп айтып отырмын? Міне, біздің халықтың жасаған жақсылығы алдымыздан жақсылық болып шығып, біздің мерейіміз өсіп, сондай арқа-жарқа көңіл-күй кештік, абыройлы болдық! Ал енді біздің бір есерсоқ, алды-артын ойламайтын полицей бауырларымыздың бір кісіге батырған тізесі пәлен уақыттан кейін біздің алдымыздан шығып, бізге таяқ болып тие жаздады! Міне, сараптап қараңыз. Бұл – ұлтаралық қарымқатынаста мықтап ойланатын нәрсе. Менің ағам Мейрамның баласы Бауыржан Әбішев кәсіпкер болды. Шыншыл, сыншыл, максималист еді, қай жерде болса да, жұмысында да өте адал еді, ешқандай қулық-сұмдықты білмейтін, тікелей айтатын. Сол бірде маған: «Аға, біздің жігіттердің көбі алды-артын ойламайды ғой!» – деді. «Неге?» – дедім. «Олар өзіміздің жерде, оңашада қолдарына түскен бір орысқа өзінше кеуде көрсетіп, кемсітіп, тіл тигізіп, тіпті қол тигізеді. Сонымен бір жетістікке жеттік деп ойлайды,! Ал оны естіген орыстың тентектері пәлен уақыттан кейін Россияда біздің бір бауырымызды ұрып не өлтіріп тастайды ғой! Осыны неге ойламайды?» – деді. Сонда мен Бауыржан інімнің ой-өрісіне риза болдым, қайран қалдым. Шынында да солай ғой, қарақтарым. Сондықтан да, бауырларым, айтатын аталық ақылым: «Жалпы өмірде ашу-ызамен ерегесіп, кектесіп, бір-біріңмен жанжалдасып, араздаспандар! Әсіресе, басқа ұлттың өкілдерімен ұрысыпкеріспей, төбелеспей, соғыспай, татулықпен тіл табыса біліңдер!. Жалғыз өздеріңнің қара бастарыңды ғана ойламаңдар, халқыңның тағдырын ойлаңдар! Сенің артыңда халқың тұр, жан-жақта жүрген

бауырларың бар, қарындастарың бар. Сенің басқа ұлтқа қарсы айтқан қате сөздерің соларға ине болып, найза болып қадалмасан. Сенің біреуге жұмсаған жұдырығың ертең бір бауырыңа шоқпар болып, тіпті, оқ болып, қанжар болып тимесін! Осыны ойлаңдар. Қалай болғанда да біз өзіміздің әдептілігімізбен, мәдениетімізбен, білімімізбен басқа халықтармен тең дәрежеде тұра аламыз, сыйласып, жүре аламыз. Ал ашуызамен, өшпенділікпен, таяқ ала жүгірумен ешқандай мұратқа жетпейміз! Осыны ойлаған жөн деп ойлаймын. Ұлтаралық қарым-қатынас дегенде, әрине, ол біреуге есеңді жібер, я болмаса жалпақтап, соның алдында құрақ ұшып тұр деген сөз емес. Бірақ, өзің қазақ деген елдің баласы екеніңді, тамырың, түбің, тегің бар екенін, ой-өрісің, білімің бар екенін және соның арқасында басқалармен тең дәрежеде сөйлесе алатыныңды, сыйласа алатыныңды танытуың керек қой әлемге! Менің бір ойым осы. Қазіргі кезде әлеуметтік желі деген қайнап тұрған дүние, оның арғы жағында арандату, айдап салу, аздыру, тоздыру, тағы да талай сұмдықтар жатыр. Бұл біздің адамгершілік, имандылық тұрғысынан айтып жатқан әңгімеміз, ал саяси тұрғыдан алсаңыз, бұдан да қиын жағдайлар бар. Дүниеде геосаяси жағдай ушығып тұр. Орыс пен украин – екі бауыр халық, бір-біріне өштескені сондай, қазір соғысып жатыр, ал не болды?! Түбі бір халық, бір бауыр халық. Бір-бірімен ақырын дау-дамай бастады, бірте-бірте өштесуге айналды. Өшпенділіктің аяғы ауыр қасірет, трагедияға әкеліп соқты, Оның арғы жағында терең саясат жатыр, оларды бірбіріне айдап салып, қайрап салып отырған сыртқы күштер бар. Арғы жағын терең қозғасақ, көпке кетіп қалармыз, әлемге билік жүргізуді көздеп отырған, әлемге ие, гегемон болуды, жалғыз өздері билік жүргізуді көздеп отырған күштер бар. Солардың бүлдіріп отырғаны. Осы жағдайда қазақтың көзқарасы, қазақтың позициясы қандай десек – орыс та, украин да біздің дос, бауырлас халқымыз. Біз олардың арасында татулық болғанын, бейбітшілік болғанын, келісімге келгенін қалаймыз! Осындай дүрбелең кездерде де, бейбіт кездерде де әлеуметтік желілерде басқа халықтарға қарсы көптеген келеңсіз әңгімелер гулеп жатады. Ал енді олардың барлығы тек шындық іздеп, сол үшін ғана сөйлеп жатыр деуге болмайды. Бір жағынан қарасаң, бұл арада популизм бар. Көзге түсу, жұртты аузына қарату, қайткенде де елді

жалт қаратам деп, елді есінен тандырам деп жанталасып жатқан,
сөйлеп жатқан бір жабылмайтын ауыздар. Қырғыздың дана ақыны
Тоқтағұл жас ақын Барпыға: «Елді аузыма қаратам, дегендерден
болмағын» – дейді. Қазір керісінше: «Ей, топқа барып, желіге

шығып, сөйле! Қайтсең де елді аузыңа қарат! Қиқула, дүрілдет,
қыздыр, жандыр!» – деп жатады ғой, жарнаманың лебімен желіккен
жандар. Жоқ, олай емес, аталарымыз «қайтсем де елді аузыма
қаратамын деп, екі иығыңды жұлып жеп, екіленбе, есерленбе, елді

еліктірме!» – дейді. Демек, популист болма, айтар сөзіңе жауапты
бол!
Ал, екіншіден бұл тек популизм қуғандық қана емес, осының
әрқайсысының арғы жағында белгілі бір саяси күштер тұр-

ау деймін. Тіпті, сол «батыл жазғыштардың» ішінде кәдімгі
шетелдің ақшасына жұмыс істеп жатқандар да бар болуы мүмкін.
Осылай жағдайларын жасап алған популистерге «қожайындары»
ақшасын төлеп, «ананы датта, мынаны ғайбатта, бүйт, сүйт!» деп,

тапсырманы беріп тұрады. Олардың мақсаты – біздің аймақтағы
халықаралық қарым-қатынастарды бұзып, елдердің арасына от
жағып, жанжалдастыру! Және біздің де еліміздің ішкі тыныштығын
бұзып, іргесін шайқалтып, іріткі салу үшін айтылған сөздер,

жасалып жатқан көптеген астыртын, құйтырқы әрекеттер жоқ емес.
Кешегі қаңтар оқиғасы нені көрсетті? Қаншама қазақ баласы қазақ
баласына қол көтеріп, қазақ баласы қазақ баласының қанын төкті
ғой! Осыған дейін жеттік. Ал, бұл қалай болды? Өкпеге қиса да,

өлімге қимайтын қазақ едік қой. Бұл да ойланатын үлкен дүние.
Кейде әлеуметтік желіден немесе басқа бір жерден көріп қаламын:
Ел азаматы деген кісілеріміздің өзі бір-бірінің ит терісін басына
қаптап, іске алғысыз қылып, жерден алып, жерге салып жатады.

Сонда оның бітіргені осы ма? Жалпы, аузына келгенін айтып,
батырсынып сөйлеп тұрған кісі жайында: «Бұл кісі не бітірді екен?
Ел үшін істеген еңбегі қандай? Мұның халқына қандай қадір-
қасиеті бар?» – деп, сұрақ қойсаңдар, кім екені айқындалып шыға

келеді. Ал енді елге сіңірген еңбегі жоқ, бітірген ештемесі жоқ,
бірақ аузымен көсем болып, көзге түсу үшін қызыл сөзді сапырып,
небір дүниелерді көпіртіп жатқандардың азғырғанына елікпеңдер,
ермеңдер! Бірдеме болып кетсе, бұлардың барлығы ертен бұғып

қалады, отқа жастарды, көпшілік халықты айдап салып, қарап

отырады. Бұл біздің тыныштығымызды бұзу үшін, елдігімізді шайқалту үшін істеліп жатқан әрекеттер деп ойлаймын. Тарих сабағын тағы бір еске алып көрейік. Көне замандағы, V-VІІІ ғасырлардағы ОрхонЕнисей ескерткіштеріндегі Күлтегін, Тоныкөк тас жазбасында түрік елінің қағанаты бірнеше рет ыдырап, қирап, қайта көтерілгені айтылған. Оның себебін де бабаларымыз тілі жеткенше айтып, тасқа қашап, жазып кеткен. Кіші жазуда, Білге қағанның айтуынша, түрк халқы қағанының тілін алмай, «аштықта тоқтықты түсінбей, бір тойса аштықты түсінбей» жер-жерге қаңғып барған, алқынып, арып-ашқан, өлімші болған. Әміршілері де біліксіз, жалтақ, бектері мен халқы ымырасыз болып, табғаш елінің тепкісіне көнгендіктен, алауыздығынан түрк халқы елдігін жойып, қағандығынан айырылады. Ұланғайыр далада алып қағанат құрып, алшаң-алшаң басып жүрген өрендер жат жұртқа алданып, арбалып, «інілі – ағалының дауласқандығынан, бекті халқының жауласқандығынан» қолдарынан түк келмей, кіріптар болып қалады. «Елді халық едім, елім қазір қайда? Қағанды халық едім, Қағаным қайда?!» – деп, өзегі өртене өкініп, жан-жаққа шашырап, шапқылап, аласұрып, өшуге, жойылуға айналады. «Қағаныңын сабын алмадың – Қағаныңның сөзін \тілін \ алмадың» – дейді. Сөзін жерге тастау, сөзі жерде қалу деген ұғым бар қазақта. Қаған сөзі – бұл мемлекет заңы, елді біріктіріп тұрған жол-жоба. Соны бұзғандықтан, әркім өз бетінше кеткендіктен де қағанат ыдырап, ел шашылып қалған. Қызыл қанын жүгіртіп, қара терін төгіп, халық үшін зар-еңіреген бабаларымыз қайтадан елді ел қылып, қағанатты қағанат етіп құра білген! Демек, біздің де барар жеріміз, басар тауымыз қайсы десек, осы қазақ дейтін ел, тәуелсіз мемлекет! Сол мемлекеттің аясында ұйысып, сол үшін бәріміз жұмылып әрекет қылғанымыз жақсы!Ал егер осы мемлекетімізді шашып алсақ, қайтадан жинай алмаймызау деп қорқамын. Елдігімізді сақтау – бәріміздің парызымыз! Оны сақтау үшін өз ішімізде ауызбіршілік, ынтымақ, татулық болуы керек және өзге елдермен де, өзге халықтармен де тең дәрежеде

сыйласып, достық қарым-қатынаста болуымыз керек. Бұл – өмірдің талабы! Нәсілі, ұлты басқа болса да, адамның бәрі адам. Адамзат деген ұлы ұғым. Жер шары – адамзаттың ортақ үйі, ғарыш кеңістігіндегі жалғыз кемесі. Адамзатқа, жер анамызға деген құрмет, махаббат – барлық адам баласына тән сезім.Тек қана оны көп адамдар саналы түрде, толық түсіне бермеуі мүмкін. Және саяси – экономикалық жағдайлар, мемлекетаралық қарым –қатынастар, күнделікті тіршілік күйбеңі адамды түрлі ойларға жетелеп, әр қиырға салады. Әр ұлт өкілдерінің арасында түсініспеушілік, пікір талас, дау-дамай, тартыс, жанжал да туып қалады. Міне, сондай кезде үлкен, қасиетті ұғымдарды реніш, өкпе, ашу-ыза басып кетуі мүмкін. Оған бой алдырып, ұлтаралық қақтығысқа жол беруге болмайды! Өз халқыңның бақытын ойласаң, өзге елдермен тату бол! Өз ұлтыңның тыныштығын ойласаң, өзге жұртқа ұрынба! Өз елің өсіп, өркендесін десең, өзге елді өшіктірме! Ұлттық астамшылық Жеке адамның астамшылығы – жаман нәрсе, әрине. Айналасына көптеген қиындықтар туғызады, тіпті кесапаттар әкеледі. Ол адам қолында билігі бар бастық болса, немесе байлығы көп алпауыт болса және сол өзінің астамшылығын, тәкаппарлық өркөкіректігін жай мінезімен ғана көрсетпей, соны жүзеге асыра бастаса, бұл адамдарға зорлық-зомбылық қылуға әкеліп соқтырады. Адамдарды азаптауы мүмкін. Ондай кісілерге, ондай әрекеттерге тыйым болады – заң бар, қоғам бар дегендей. Ал, бірақ тұтас бір қауым астамшылық қыла бастаса, не болады? Түгелдей бір ұлттың астамшылығы дегеннің өзі бүкіл айналадағы елдерге қатерлі, әлемге қатерлі емес пе? Күллі адамзатқа қауіп төндереді. Тарихта ондай оқиғалар талай болған. Алдымен, ұлттың астамшылығы деген, халықтың астамшылығы деген не? Соны түсініп алайықшы. Көзі ашық, көкірегі ояу, кәдімгідей дамыған ұлт өзінің таза, халықтық ұғым түсінігінде, салт-санасында, моралінде

астамшылықтан аулақ болады. Астамшылықтың аты – шовинизм, национализм – ұлтшылдық, оның асқынған түрі нацизм, расизм – нәсілшілдікке келіп соғады. Ұлт өзін, өзінің қанын, тұқымын, жаратылысын артық санай бастағанда, бұл, әрине, үлкен зардаптарға соқтырады. Тарихта болған кешегі фашизмді алыңыз. Олардың идеологиясы бойынша, арийлер – айрықша жаратылған жандар, былайша айтқанда, көгілдір қандылар. Бұлар барлық ұлттан астам, асқақ, жоғары, өйткені ерекше жаратылған – мыс. Сондықтан, басқа халықтарға үстемдік жүргізуге құқығы бар-мыс! Міне, осылайша, фашизм дүниежүзіне зардап әкелді. Оның арғы жағында ақсүйектердің астамшылығы болған. «Біз айрықша жаралғандармыз, біздің қанымыз көгілдір!» – деп соғады олар. Қазіргі кейбір үлкен мемлекеттердің де бейресми идеологтары: «Біздің ерекше миссиямыз бар! Біз – исключительный – айрықшамыз, сондықтан, әлемге билігімізді жүргізіп, айтқанымызды істетуіміз керек! Бүкіл әлем біздің айтқанымызбен жүріп, біздің заңдарымызбен өмір сүруі керек!» – деп, беттері шылп етпей жар салады. Заң жүзінде бекітпесе де, осындай ұғым-түсінікпен әрекет жасап отырған күштер бар. Бұл үлкен ауыр зардап, үлкен қатер. Адамзат баласының озық ойлы тұлғалары теңдік, әділдік, достық, бауырлық, бостандық, азаттық үшін күрескен. Олар дүниежүзінде әділдік орнату мақсатын көздеген. Бүгінгі әлемдік саясат бұл асыл ойлардан алыстап кеткен сияқты. Орыстың жазушысы Александр Проханов: «Американская мечта бар, китайская мечта бар, российская мечта бар! Қазір осы мечталар тартысып, қақтығысып жатыр!» – дейді. Олардыкі не қылған «мечта»? Әкетіп бара жатқан ол қандай арман? Не қылған арпалыс, тартыс, не қылған дүние бұл? Ал тәуелсіздікті аңсаған елдердің арманы аяқ асты болуға тиіс емес! Теңдік, достық, бауырластық, еркіндікті идеал тұтқан адамзаттың ізгі арманын естен шығаруға болмайды! Ары қарай Александар Проханов: «Американская мечта – это град на холме! – Америка арманы – төбедегі қорған, қамал!» – дейді. «Доминирование, господство» – яғни, бүкіл әлемді билеп, төстеу, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізу. Төбенің басындағы қамал, қорғанда отырып, бүкіл әлемнің үстінен қарап, бақылайды.

Еркінсіп бара жатқандарды тәртіпке шақырады, көнбегеннің төбесінен ракета – зыммыран жаудырып, бомбылап, тас-талқан қылып, қырып-жойып жібереді. «Бұл америкалық арман, яғни, төбе басындағы қорған – шектеулі, оның ары қарай баратын жері жоқ! Ол сол төбемен бітеді!» – дейді Проханов. Иә, бұл сөздің жаны бар. Шынында да, АҚШ-тың арманы – астамшылық, адамзатты бағындыру, уысында ұстап, билеп-төстеу, бағынбағандарды – табанына салып таптау, қиратып, қырыпжою. Жапония, Вьетнам мен Ауғанстан, Сербия, Ирак пен Ливан қасіреттері есімізде. «Ал, «Русская мечта – храм на холме! – Орыс арманы – төбедегі храм! – дейді Проханов. – Бұл шексіз дүние, аспанға, құдайға жалғасады! Адамзатқа сенім, махаббат таратады!» – дейді. Жазушы Прохановтың бұл пікірімен келісе алмаймыз. Өйткені, бұл да астамшылық, рухани үстемдікке ұмтылу емей немене?! Сонда басқа халықтардың өз арманы, өз жолы, сенімі, діні жоқ па? Басқа халықтар әлемге ізгілік нұрын, әділдік шуағын тарата алмай ма?! Неге басқа халықтар американың яки орыстың арманымен өмір сүруі керек? Өздерінің арманын барша адамазатқа үлгі қылып, тіпті, күштеп таңатындай, басқа халықтарды сол арнаға салатындай олардың қандай ерекше хұқық – правосы бар?! Жер жүзіндегі әр халықтың өз арманын іздеп, өз жолымен жүруге, өз бетінше өмір сүруге толық правосы – хұқығы бар. Біздің қазақтың арманы – адамзаттың жарасымы, ынтымағы, татулығы, еркіндігі, теңдігі, достығы, бейбітшілігі! Біз ешкімді бағындырғымыз да келмейді және ешкімге бағынғымыз да келмейді! Біз тәуелсіз, еркін қазақ болып өмір сүріп, өсіп, өркендегіміз келеді! Артықшылық – кемшіліктің асқынған түрі. Астамшылық философиясы, өзін артық санау, өзге халықтарды кем санау – адастыратын, елдерді араздастыратын қатерлі рухани дерт. Асылық, астамшылықты ешкім де жақсы көрмейді. Барлық елдер, соның ішінде біз, қазақ елі, ешкімнен кем емеспіз! Біз басқа елдермен тең халықпыз! Осылай десек, бізді басқа елдердің бәрі түсінеді. Және сыйлайды! Ал, біз бәрінен артықпыз, кереметпіз деп кеуде соғып тұрсаңыз, жексұрын боласыз! Өзге халықтар сізді ғана емес, күллі ұлтыңызды жек көріп, мазақтап күледі. Міне, жастарға айтатын аталық сөзім: қарақтарым, астамшылық

қылудан, өзге ұлт өкілдеріне үстемдік қылып, басынудан, қорлаудан аулақ болыңдар! Бұл жеке адамға да, ұлтқа да қатысты әңгіме. Басқа ұлттармен қарым-қатынас жасағанда сыйластық, теңдік, достық принциптерін мықтап ұстау керек. Әйтпеген жағдайда қарым-қатынас бұзылады, тепе-теңдік бұзылады, ашу-ыза, өшпенділік туады. Оның аяғы қақтығыстарға, соғысқа ұласуы мүмкін. Жеке адамның астамшылығы да жақсы емес, ал бүкіл ұлттың астамшылығы, әсіре мақтаншақтығы – бұл үлкен қасірет! Ол ұлтаралық, адамзаттық қасірет болып кетуі мүмкін. Осыдан сақ болыңыздар! Өз халқымызды қалай сүйсек, өзге халықтарды солай құрметтейік! Міне, бір түйін сөзім осы! Тарих туралы Тарих ғылымы бір мүддеден, бір тұрғыдан жазыла ма, әлде, барды бар, жоқты жоқ деп ашық айта ала ма? Ұлттық, мемлекеттік, партиялық, топтық, өлкелік мүдде тұрғысынан, өткенді мадақтап, мақтаныш қылу мақсатымен жазылған тарих – объективті тарих болмайды ғой! Объективті тарих шынайы, ақиқат болу керек. Нағыз тарихшы өткенге ешқандай ұлттың, саяси партияның, мемлекеттік биліктің, нәсілдің, континенттің тұрғысынан қарамауы керек. Әр ғалым, әр ел өзіне бұрмалап, қолдан жасап, әсірелеп жазып жатқан тарихтан қандай шындық күтесіз? Мұнда ойланатын үлкен мәселелер бар. Қазір тарихтың өзін саясиландырып, идеологияға айналдырып, өздеріне бұра тартып жазып жатқан жағдай барлық елде бар. Бұл шын тарих болмайды. Рас, былай қарасаң, шындыққа негізделген сияқты, бәрі де белгілі оқиғаларды, белгілі фактілерді алады. Бірақ, өзіне керегіне баса назар аударып, өзінің ыңғайына бұрып алады. Өзіне жағатынына үлкен мән беріп, жарқыратып көрсетеді де, қалғанын көлеңкелеп, жасырып қоя салады. Міне, осы ма тарихтың сиқы? Әр ел өзінше боямалап, өтірікпен әсірелеп, өз пайдасына бұрмалап тарих жазатын болса, оның қандай қасиеті, қадірі бар? Өткенде маған бір зерттеуші хабарласты. «Бір атақты адамның зиратын таптық! Енді басына мавзолей салып, абаттандыру керек! Соған зиялы қауымнан қол жинап жатырмыз. Сіз де қолдап, қол қойып беріңіз!» – дейді.

Мен айттым: «Ол кісінің дәл сол жерде жатқанына көзің жете ме?» Ол: «Аңызда айтылған жобамен таптық! Ол кісінің сүйегі осы жерде деген сөз бар. Ел аузындағы әңгімелерге сүйеніп, әрі іздеп, бері іздеп, ақыры осы жер деп ұйғарып, осыған тоқтадық!» – деп, қарап тұр! Міне, бүгінгі зират тапқыштардың бар дәлелі, ой жүйесі, логикасы осы. Әлгі кісі ары қарай қызынып: «Біз егер белгілі бір адамның сүйегі дәл осы жерде жатыр ма, жоқ па деп, анық-қанығын түбірлейтін болсақ, қазіргі жаңадан қойылған ескерткіштердің басым көпшілігі шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін! Олардың барлығы да жобамен қойылған! Сол жерде дәл сол кісінің сүйегі жатқанына ешкімнің көзі жетуі мүмкін емес! Бірақ, бұл бізге керек! Біз осыны келешек ұрпаққа мұра, белгі қылып қалдыруымыз керек!» – дейді. «Оу, бірақ бұл өтірік қой!» – дедім. «Жоқ, өтірік емес! Аңыздар бойынша осылай, жобасы осы қорымда!» – дейді. Мен: «Олай болса, сол қорымның шетіне неге бір белгі қоймайсыңдар? Осы зиратта осындай атақты адам жерленген деп қойсақ, сол шындық болады ғой!» – десем: «Жоқ, біз дәл осы жерде, осы қабірде сол кісінің сүйегі жатыр деп көрсетуіміз керек, әйтпесе, бізге ешкім нанбайды! Тиісті мекемелер қолдамайды, қаржы бөлмейді!» – дейді. Ал, бұған не дейсіз? Өтірік кітап, өтірік ескерткіштер заманымыздың өзегі болып бара жатыр ғой. Міне, тарихты зерттеп, ашып жатқан жаңалықтардың жағдайы осындай. Біріншіден, айдаладағы, адам бармайтын жердегі ескі бейітті бұзып, соның орнына жаңадан қызыл кірпіштен, ақ кірпіштен зәулім кесене салып қояды. Қазіргі заманның шетелдік зауыттан шыққан, қалада қаптап тұрған түп-түзу, жып-жылтыр кірпіші. Ол қандай жолмен келді, тағы күмәнді. Онда ешқандай қасиет жоқ. Басына барғанда, көненің лебін сезінбейсің! Одан да сол баяғы заманның жел мен жаңбырға мүжіліп, күнге қақталған бір кішкентай балшығы, бір түйір тасы артық! Жанына жақындағанда әлдебір киені, қасиетті сезінесің! Сол құлаған күйінде жата берсе қайтеді? Қазақ «бейіт жаңғыртпайды» дейтін. Жоқ, қазір жанталасып зират тауып, жағалай жаңа ескерткіш салу керек. Тіпті, бірі «мына бейіт» – деп, екіншісі «ана бейіт» – деп, екі жақ болып айтысып, тартысып, аяғыында: «Осы екі бейіттің біреуіне тоқтайық! Міне, мынау

болсын!» – деп пәтуласып, ескерткіш қойғанды да естідік. Сонда, дауыс беріп, зират таңдаған деген не сұмдық?! Бұл қандай тарих, қандай шындық болады? Өткен жылдары Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынай Есұлы жатқан қорым зират табылды. Сағынай қазаққа белгілі тұлға. Құлагердің қазаға ұшырайтыны да сол Сағынайдың асы. Зиратын тапқан – белгілі кәсіпкер, меценат Марат Нәбиев. Ол баяғы патша заманында орыс географтарын сызған бірталай карталарды сатып алыпты. Сол карталардың бірінде Степногорск қаласының маңындағы бір үлкен қорымды көрсетіп, «Могильник Сагыная Есова» деп жазып қойған екен. Енді басына белгі қояйын десе, әлгі қорым зираттың ішінде қай бейітте жатқанын дәл білмейді. Содан әлгі зираттың кіре берісіне бір үлкен белгі белгі тас – обелиск орнатып: «Осы зиратта Сағынай Есұлы жерленген» деп жазып қойды. Мен Маратқа рахмет айттым: «Мынауың үлкен ой салатын, үлгі тұтатын нәрсе!» – дедім. Дәл бейітті білмейді, бірақ осы зиратта екені анық! Ескі картада жазылған, елдің аңызы бойынша да солай. Демек, бейіттің кіре берісіне ескерткіш тас қойғаны – құптарлық іс! Өйткені, бұл – шындық! Ал біздің зерттеушілер шегелеп: «Міне, мына жерде, мына қабірде жатыр!» – дегенді әлдебір мақтаныш, дәреже көреді. Оның анық шындық екенін ешкім де білмейді. Ал оларға шындық туралы айта бастасаң: «Егер біз дәл осы ма, осы емес пе деп анықтайтын болсақ, онда Қазақстандағы көп зираттың басындағы ескерткіштер орнында тұрған жоқ! Сондықтан, жобалап қоя берген дұрыс! Елге, ұрпаққа, тарихқа белгі болып, тұра берсін!» – дейді. Сонда біз қандай ел болдық? Өткеніміз туралы да өтірік айтып, зиратттарды да өтірікпен сырлап, өтірікпен бояп, өтірік әспеттейміз бе? Бұл да – әсіренің бір түрі. Әсіре табынушылық дейміз бе, өткенді әсіре мадақтаушылық дейміз бе? Өткенді әсіре әспеттеу – идеализация прошлого бүкіл елдерде, бізде де арнайы саяси, рухани бағытқа айналғаны байқалады. Өйткені, бәріне де өз тарихын керемет қылып, әсірелеп көрсету керек, бітті! Сөйтіп, қазір көптеген елдер таласа-тармаса, жарыса-жанталаса өткен тарихын әсірелеп, өтірікпен әспеттеп жатыр. Әсіре деген аса жақсы емес, өте бір ойланатын дүние! Тұлға тану жөнінде де жастарға дұрыс бағыт беріп жүр ме? Қандай да бір тұлғаның жасаған еңбегін айтудың орнына: «Өмірде қандай артық – ауыс сөздері, істері болды? Кіммен қалай

қалжыңдасты? Кімді жек көрді? Кіммен қалай, неге, қашан ұрысыпкерісті, жауласты? Кіммен жүрді? Кіммен арақ ішті?» – деген сияқты келеңсіз нәрселерді теретін болды. Бала күнімізде үлкендер: «Қайтыс болған кісілердің артынан жаман сөз айтпаңдар!» – деп отыратын. Абайламай айтып қалса: «Қара жер хабар бермесін!» – дейтін. Ал қазір өткендердің жеке басының әңгімесіне баса назар аударып, аруақтарды мазалап, аударып, төңкеретін болды. Бұл бір қауіпті рухани дерт. Тұлғаның жасаған еңбегінің мәнін, маңызын талдап, түсініп, тоқудың орнына, пендешілік қылықтарын шоқуға ауысқан сияқты. Тұлғаның несімен қадірлі, бағалы екендігін, ол неге бүкіл ұлттық, халықтық тұлға болып тұрғандығын танудың, танытудың орнына, оның кемшіліктерін шұқылап, тізіп, қызықтап кету басым болып барады. Дүние өтіп жатыр шыр айнала, Кейде тұнық, ал кейде ылайлана, Пенде жазған тарихта алалық көп, Жазатын шын тарихты Құдай ғана! Баянғали Әлімжанов. Арандатушылық Арандатушылық... Бұл аса ауыр қылмыс болып саналуға тиіс. Адам мен адамды бір-біріне айдап салып, жауластыратын залымдық. Ел ішін ірітіп, бүлдіретін арамы пиғыл. Ұлт пен ұлттың татулығын бұзатын, мемлекет пен мемлекеттің арасын бүлдіретін, араздық отын тұтатып, өшпенділік өртін өршітетін де осы арандатушылық. Арандатушылық әрекеттерге алданып, арбалып қалмай, оның арғы арамдық, залымдық пиғылын, мақсатын ақылмен танып, білу керек. Арандатудың ар жағында небір айлалы, зұлым күштер тұратынын, олардың жаман мақсаттары бар екенін түсіне білсек, оларға алданбаймыз, асығыс, ақылсыз әрекеттерге бармаймыз! Әзәзілдің азғыруынан сабырмен қорғана білсек, бейбітшілкті сақтап қаламыз.

Адамды адаммен, елді елмен шағыстырып, айдап салудың асқынған түрі – арандатудың түбі аран деген сөзден шыққан. Яғни, аранға құлату, аранға кіргізу деген мағына береді. Аран деп баяғы замандарда аңдарды, құландарды аулағанда, қамап ұстау үшін арнайы қоршалған жерді айтады. Үлкен бір жерді айнала ор қазады екен. Ор қазып, кіре беріс аузын ғана қалдырады екен. Аңшылар құландарды, киіктерді, тағы басқа хайуандар мен аңдарды сол аранға жан-жағынан қиқулап, қуып тығады екен. Хайуандар олардан қашып аранға кіргеннен кейін, қайтып шыға алмайды ғой. Кіретін де, шығатын да ауыз біреу, оны аңшылар қоршап, жауып алады. Ал, айналаның бәрі терең қазылған ор. Қамалған жануарларды таңдап атып, баудай түсіріп, бауыздап ала береді. Жануарлар қашпақ болса, не орға құлап өледі, не орға жығылған жерінен аңшылар ұстап алып, бауыздайды. Міне, ертедегі аңшылық заманында аңдарды осылай аулаған деген әңгімені атақты ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбеков ағамыздан естіп едім. Арандату деген содан қалған сөз. Аранға қамау, аранға түсіру дегеннен шыққан. Осы өмірде адамның адамды арандатуы аз емес. Оны кейде байқамай қалады кісі. Кей жағдайларда мұндай қастықты дос болып, жолдас болып жүрген жақын адамдардың өзі жасайды. Ондай арандатуға түсіп қалған адам көп мехнат тартып, үлкен бейнет көреді. Ертеректе жазушылардың арасында мынадай оқиға болыпты. Біздің алдымыздағы үлкендерден естіген әңгімеміз. Бір жазушы ағамыз Москвада қазақ әдебиетінің өкілі болып жұмыс істеген. Өзі талантты жазушы, келбетті жігіт және де өсіп келе жатқан партия мүшесі. Содан ол кісіні Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметіне ұсынады. Ол барлық комиссиядан өтіп, Орталық Комитеттен бекіп, ертең жиналыста Жазушылар одағының екінші хатшысы болып сайланып, қызметіне кіріседі деп шешіліп қойған ғой. Ол кезде Жазушылар одағының екінші хатшысы болу деген үлкен лауазым болып есептеледі. Оны Орталық Комитет бекітеді, Москва бекітеді. Үлкен саяси мән берілетін, дәрежесі жоғары жұмыс. Дәл сол күні маңайындағы жолдас болып жүрген жазушылар: «Ал жуайық, сенің бұл жетістігіңді!» – деп ресторанға барып, бірге арақ ішеді ғой. Содан думандатып, тойлап, қызып біраз жерге барады,

әлгі кісі масайып қалады. Ол үйіне әрең ілбіп кетіп бара жатқанда, әлгілердің ішіндегі кейбіреулер милицияға звондап, шақырып алып, оны сыртынан нұсқап, ұстатып жіберген ғой! Сөйтіп, ол кісіні милиционерлер айықтырғышқа – вытрезвительге апарып жатқызған. Айықтырғышқа бір қонып шыққаннан кейін, бітті! «Сендердің осындай жазушыларың айықтырғышқа түсті!» – деген хат Жазушылар одағына, Орталық Комитетке сарт ете түскен ғой. Оны екінші хатшылыққа сайлайын деп жатыр, ал ол айықтырғышта жатыр! Әрине, одан кейін бекімей қалады, өтпей қалады. Осылайша азаматтың карьерасына «кірес» қойылады. Арандату деген осы. Ол кісінің, әрине, шығармашылығы мықты болды, үлкен-үлкен шығармалар жазды, бірақ сол оқиғадан кейін жүдеңкіреп, ішіңкіреп те жүрді. Қайтып бір де бір үлкен қызмет істемей, өмірден өтті. Бұл да ой салатын әңгіме болғасын еске алып отырмын. Негізі, мұндай әңгімелерді айтуды ұнатпаймын, бірақ өмірдің ащы шындығы осы. Ертеректе, біздің елде де үлкен апаларымыздың айтып отырған бір әңгімесі есімде. Бір мықты совхоздың директоры тасы өрге домалап, жұмысты өңдіріп істейді, қазақша, орысша бірдей біледі. Жалындап тұрған азаматты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ұсынып, барлық тексерістен, комиссиядан өтіп, бекітіледі. Сол кезде маңайындағы басқа совхоздың директорлары бар, жора-жолдас, құрдас дегендер бар: «Біз сізді жаңа қызметіңізге құрметтеп шығарып саламыз!», – деп, далаға барып, мал сойып, ағыл-тегіл тойлап отырғанда, арағына бірдеме қосып жіберген ғой! Көңілі шалқып, біраз қызып отырған кісі, тартып жібергенде, өңешін тіліп өткен ғой. «Ай, түбіме жеттіңдер-ау!» – деп, жан тәсілім еткен дейді. Міне, осындай жағдаяттар өмірде аз емес. Арандату – арам ойдың жемісі, арам пиғылдың ісі. Оны жасаған адамды екі дүниеде де Құдай оңдырмас, төрелігін берер, жазасын тартқызар. Ол барып тұрған оңбағандық, зұлымдық, залымдық және әдейі, қасақана жасалған қылмыс. Арандатудан қаншама адамдардың тағдыры күйіп кеткен. Тіпті, әдебиет тарихын алсаңыз, барлық халықтардың әдебиетінде де мұндай мысалдар баршылық. Демек, мұндай арам ой, арам пиғыл, айлакерлік, зұлымдық әрекеттерден сақтанғаныңыз жақсы болады. Сақтансаң сақтаймын деген. Орыстың мақалы бар: «Доверяй, но проверяй – Сенсең де,

тексеріп отыр!» дейді. «Сіз нені жақсы көресіз?» – деген сұраққа Карл Маркс: «Подвергать все сомнению! – Барлық нәрсеге күмәнмен қарап, тексеруді жақсы көремін!» – деп жауап берген екен. Ал біздің қазақтың мінезі қызық қой. Кейде аңғалмыз, алаңғасармыз, мақтаса, қолпаштаса, жолдассынып, доссынып: «Ал, жуа қояйық, тойлай қояйық!» десе, далақтап шаба беретініміз жасырын емес. Далбақтап шаба берудің нәтижесінде талай адам сорлап қалғаны да рас. Аңғалдық дегеннен шығады, Карл Маркс: «Адамның қандай кемшілігіне кешіріммен қарайсыз?» – деп сұраса: «Аңқаулығын кешіремін!» – деген екен. Аңқаулық бір жағынан ақымақтықпен ұштасып жатады, бір жағынан аңқаулықта арамдық жоқ қой әйтеуір, міне, сондықтан да Маркс оған кешіріммен қараймын деген шығар. Бірақ, қазақ баласы сол аңқау мінезден ептеп арылса да жақсы болар еді! Қазір дүниежүзілік жағдайдың өзі, жалпы заман өзгеріп кетті. Сан ұлттың балалары бір-бірімен сапырылысып, араласып жатыр. Капитализм заманына келдік, ақша-тауар айналымы күшейді, қитұрқы саясаттар, неше түрлі билікке таласу, байлыққа таласу деген істер жүріп жатыр. Арандатудың өршитін кезі осындай заманда болады. Ал адамды арандату үшін, сыртынан ғайбат, өсек айтып, жала жабады. Бұл өте қиын нәрсе. Оған сену де қате. Мысалы, «оговор» – жала жабуды қарастырайық. Адамның айтпаған сөзін айтты деп, істемеген ісін істеді деп айыптау, қасақана ыңғайсыз жағдайға қалдырып, өтірік жала жауып, күйдіру кеңінен таралған. Жоғарыдағы басшыларға жамандап, басқа да адамдарға жамандап, қаралап, зиян қылудың бір жолы бар, оны орысша «подстава» дейді. Бұл термин біздің Қазақстанда жақсы танылған, «подставаның» не екенін барлық адамдар біледі. Бұл әдейі соққыға апарып ұрындыру, арандату, жала жабу. Осындай жағдайлар өмірде өте көп. Бұл тақырыпқа шұқшиып отырғаным – өмірде көптеген адамдар осындай арандатудың, алаяқтықтың, жаман пиғылдың, айлакер зұлымдықтың құрбаны болып жүр. Бүгінде бір адаммен жақсы араласып, арқа – жарқа боласың, бір жұмыстарды жоспарлайсың, оны керемет жасайтын боласың. Екі-үш күннен кейін әлгі жақсы кісі өзгеріп қалады. Өзінен өзі суық қарайды, біртүрлі болады, не жазығың бар екенін де білмейсің. Сенің ойыңда түк жоқ, ал оған біреу бірдене де бықсып, жамандап қойған! «Өй, сенің қабағың

неге суық? Неғып сен өзгеріп қалдың?» – деп сұрау да ыңғайсыз. Сен де салқындап, алыстап кетесің. Бітті, шаруа. Қазақ баласы да, жалпы басқа ұлттар да жаман сөзге сенеді, жаман сөзге ереді. Бұл бір рухани кесел. Адам өзінің көзі жеткен ойпікірінен айнымай, өз сенімімен шешім қабылдауы керек қой. Жоқ, бізде міндетті түрде біреулерден пікір сұрайды және солардың сөзіне сенеді, соған ереді. Табанының бүрі, өзінің пікірі жоқ азаматтар шағыстырушылардың, арандатушылардың қолындағы ойыншығы болып жүргенін байқамай да қалады. Атқа мінген азаматтарды басшылық қызметке дайындағанда, мұндай нашар әдеттен сақтандырып, аулақ болуды үйрете ме екен?! Жарайды, бұл арандатудың адамдық қарым-қатынастағы жағдайы. Ал енді халықаралық қатынастарда, ұлтаралық қатынастарда бұл арандату деген ең бір қорқынышты саяси құрал. Мұны саяси технология өте керемет, шебер пайдаланады. Көп жағдайда адамдар осыған сеніп, халықтардың арасына жік түсіп, араздасуға, жанжалдасуға дейін жеткен жағдайлар аз емес. Ұлт пен ұлттың қарым-қатынасы өте нәзік. Соны білген зұлым күштер біздің елдердің тыныштығын бұзып, бір-бірімен араздассын, шабыссын, атыссын, қырылыссын, қирасын деген мақсаттағы дұшпандық әрекеттерін астыртын жүргізіп жатыр. Біз олардан сақ болуымыз керек. Бізге еліміздің тыныштығы керек. Бізге халықтардың татулығы керек. Барлық адамзат баласының бірден – бір жолы – ортақ үй, ортақ кеме – жер бетіне сыйласып, сыйысып тұру. Ал арандату технологиясы қалай жұмыс істейді? Мысалы, әр елден жанжалға құмар, араздыққа құмар адамдарды табады. Ақысын төлейді. Көтермелейді. Марапаттайды. Сөйтіп, әлгі адамдарды өз мақсаттарына пайдаланады. Олар білімді, ақылды, белгілі адамдар да болуы мүмкін. Олар бір елді жамандап, әлеуметтік желіге, газетке, журналға мақала жазады немесе теледидардан сөйлейді, сұхбат береді. Қанына, жанына, еліне, жеріне, ұлттық намысына тиеді. Оны ана жамандалған жақтың адамы оқиды, көреді. Әрине, олар өре түрегеледі.. Сөйтеді де олар мұны жамандайды, ұлтын қоса жамандайды! Міне, осылайша бықсытып, өшпенділік отын тұтатады! Сосын ана жақтан тағы да олар шығады. Бұлар да шығады. Мінекей! Араздықты өршітудің бір қитұрқы әдіс, айласы

осы. Біреу тұтатып жіберсе болды, қалғаны соған ілесіп кете береді. Біз ақыл-ойы толысқан, саяси көзқарасымыз ашық, тұғырымыз берік, табанды, саналы ел боламыз десек, осындай арандатуды айыра білуіміз керек. Бұған жол бермеуіміз керек, бұған бармауымыз керек. Мысалы, бір кісі екінші бір халықты жамандаса, ол бүкіл халықтың пікірі бола алмайды. Жеке адамның сандырақ сөзі, сандалма пікірі бүкіл мемлекеттің саяси ұстанымы емес қой! Жоқ, көпшілік оны ойлап жатпайды. «Ә-ә, міне, мыналар бүйдеп жатыр! Біз оған көрсетейік!» – деген сияқты қаңқу сөз өршіп, ұлт пен ұлттың арасында салқындық, ерегес туады. Ал бір өршігеннен кейін, оны тоқтату қиын. Ақылынан гөрі арыны басым, жалынды жастар бір-бірімен қақтығысып та қалуы мүмкін. Ол қақтығыстың аяғы төбелес, жанжалға айналса, ұлттардың арасына жік түседі. Ондай жанжалдардың алдын-алған жөн. Арандатып, ұлттарды бір-біріне айдап салу – қазір кең таралған айлакерлік әдіс, саяси зұлымдық технологиясы. Осыны түсініп, кезкелген арандатудан сақ болу керек!

Бесінші бөлім
Махаббат – өмір өзегі
Адам адам болғалы махаббаттан жаралып, махаббатпен өмір
сүріп келеді.

Адамзат тарихында қаншама махаббат өткен!
Махаббаттар бір-біріне ұқсайды һәм ұқсамайды; ортақ қасиеті,
жыры да көп, бірақ, әр махаббат өзгеше дүние! Ерекше құпия сыры
да бөлек!

Адамзат баласының әдебиет, өнер тарихына ой жүгіртіп көрсеңіз,
классикалық рухани дүниелер түгелдей махаббатқа арналған,
махаббат жырымен суарылған. Оларда махаббат сыры тұнып тұр!
Аңыз бойынша, ең алғашқы махаббат – Адам ата мен Хауа ананың

махаббаты. Адамзат сол махаббаттан жаралып, жер жүзіне таралған.
Адамзаттың ең алғашқы адасуына, жұмақтан шығуына бірінші
себепкер – әйел дейді діни аңыздар.
Рабғузидың «Қиссас-уль-Әнбия – Пайғамбарлар тарихында»

жазылған аңыз бойынша, Адам –Ата мен Хауа-Ананың тұңғышы
Қабыл еді, онымен бірге бір қыз туды, аты Ақлима еді. Одан кейін
Әбіл менен бір қыз туды, аты Ләбуда еді. Ақлима Ләбудадан да сұлу
еді. Сонда, Адам ата Қабылға Ләбуданы, Әбілге Ақлиманы қосуға

ұйғарды. Әбіл риза болды, Қабыл риза болмай, атасының сөзіне
қарсы шықты. Ол өзімен бірге туған, сұлу Ақлиманы алғысы келді.
Міне,осы таластың аяғы қасіретке ұласып, Қабыл Әбілді өлтіреді.
Бұл адамзат тарихындағы ең алғашқы қанды қылмыс болып

саналады. Ал сол қылмысқа себепкер тағы да – әйел! Нақтырақ
айтсақ, еркектің әйелге деген махаббаты, құмарлығы!
Ананың махаббаты –
мұратына жеткен махаббат.

Әйелдің ардақтысы – ана, әулиесі – әже!

Гомердің «Илиада» эпосында Троя патшасы Приамның баласы Парис Спарта патшасы Менелайдың асқан сұлу әйелі Еленаға көзсіз ғашық болады. Екеуі сөз байласып, Парис Еленаны алып қашады. Махаббат отынан соғыс өрті тұтанып, алапат соғыс көп жылдарға созылып, ағыл-тегіл қан төгіліп, Троя қирайды. Жастардың ессіз махаббаты ерлерді қырғынға, елді қасіретке ұшыратады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ләйлі – Мәжнүн», «Ромео мен Джульетта», «Қыз-Жібек пен Төлеген», «Жүсіп – Зылиха» сияқты ұлы махаббат жырлары адамзатпен бірге жасап келеді. «Мың бір түн» толған махаббат хикаялары. Бокаччоның «Декамероны» сан алуан махаббат сырларын шертуімен қызықты. Қосыла алмай, арманда кеткен жастардың қасіретті махаббаты әлем әдебиетінде көп жырланған. Бір жылы Ессентуки шипажайында болғанымда, тау аралап жүріп, Скала коварства – Аярлық жартасы деген құзды көрдім. Ол қайғылы махаббат тағдырынан сыр шертеді. Ертеде құздағы қорғанда бір кінәз өмір сүріпті. Оның сұлу қызы болыпты. Маңайда ел жоқ. Томаға-тұйық тіршілік кешіп жүрген қыз күндердің күнінде жақын маңда қой бағып жүрген бір жігітті көреді. Танысып, тілдеседі. Ақыры екеуі бір-біріне ғашық болады. Сол кезде кінәзбен бір бай құдаласып, қызды баласына айттырады. Ұзатылатын кезі келгенде, екі ғашық – қойшы мен қыз әлгі құздан секіріп өлмекке бел байлайды. Өмірмен, туған жермен қимай,қимай қоштасып, бірінші жігіт секіріп кетеді. Енді қыз секірмек болып, жартастың шетіне жетіп келіп, төмен қарайды да, қатты қорқып кетеді. Жылап, жылап, жанын қия алмай, тірі қалады. Әкесінің айтқанына қарсы тұра алмай, амалсыз әлгі құда түскен байдың баласына қосылады! Жігіт кете барды! Қыз басқа еркектің құшағында қала берді! Қасіретті махаббат тарихы сан алуан! Қайталанбас ғажап әрі қайғылы тағдырлар... Соғыста қаза болған жан жарын өмір бойы күтумен сарғайып өткен әйелдер...

Күдерін үзіп, өмірдің заңына көніп, басқа жанға қосылып,
бақытын қайта тапқан жандар...
Бір сынған тағдырын бүтіндей алмай, опық жеп, өткенге орала
алмай, өкініп өткен мұңлықтар...

Бәрі де бітпейтін, тоқтамайтын, жалғаса беретін махаббат атты
шексіз әлем, ұлы жырдың өзгеше сырлы әуендері!
Ананың махаббаты – мұратына жеткен махаббат.
Жан жары Шах – Жаханды жан-тәнімен сүйген ару Мумтаз Махал

он төртінші перзентін туарда қайтыс болыпты. Асыл махаббаттың
асқақ ескерткіші, әлемнің жеті кереметінің бірі – Тәж – Махал!
Көп балалы отбасында өскен бір генерал ағамыз айтады. Анасы
елу алты жасында он алтыншы перзентін тауыпты. Сол кісі:

«Байымды жақсы көремін! Құдайым береді, мен таба беремін!» –
дейтін көрінеді. Жас келіншектерге: «Байларыңды сүйіп, бала таба
берсеңдер, барлық ауруларың кетеді!» – деп, пайдалы кеңес береді
екен.

Қазіргі замандағы махаббат
«Қазір махаббат бар ма, жоқ па? Әлде, махаббат деген
бұрынғылардың аңызы ма?» – деген сұрақ жастарды жиі мазалайды.
Бұл, әсіресе, өмірлік махаббатын таппаған, таба алмай жүрген

жандарға тән.
Махаббат неге болмасын! Адам барда, махаббат бар! Болған,
бола да бермек!
Бірер жыл бұрын Бакуден Таразға бет алған ұшақ апатқа ұшырап,

теңізге құлады. Жолаушылардың бәрі қаза тапты. Олардың арасында
бір-бірін сүйген, қосылайын деп жүрген қазақтың қыз бен жігіті де
бар екен.
Құтқарушылар теңізге құлаған ұшақтан денелерін алып шыққан.

Екі жас құшақтасып отырып жан тапсырыпты!
Анық төнген ажалды бірге қарсы алған! Өмірдің соңғы сәтінде
бір-бірін сүйген жүректер бірге соғып, бірге тоқтаған! Жаны
тебіренген ел-жұртымыз жұбын жазбай бақилық болған жастарды

бірге жерлеп, екеуіне махаббат ескерткішін орнатқан!
Бұл – қасіретті тағдыр, бұл дүниеде арманына жетпей кеткен
махаббат. Мәңгілік махаббат!

Ал құдай беріп, бақытқа бөленген махаббат тарихы баршылық. Оларды күнде көріп жүріп, мән бермеуіміз де, тіпті, байқамауымыз да мүмкін. Елімізде де, жер жүзінде де бір-бірін жан-тәнімен сүйіп, жарасымды жұп болып, бақытты отбасын құрып, өсіп, өркендеп жатқан жандар қаншама! Олардың махаббаты қашанда құрметке лайық! Махаббат ешқандай бөгетке, қиындыққа, қарсылыққа қарамайды! Жеңіп шығады, мұратына жетеді! Бір кеңшар директорының қызы зоотехниктің баласымен сөз байласып, қосылатын болады. Бірақ, неге екенін кім білсін, қыздың әкесі қарсы. Қызына: -Ол жігітке барма! – деп, ақыл айтса, қызы көнбейді. Әкесі қатты ашуланып, тапаншасын суырып алып: «Оған баратын болсаң, атып тастаймын!» – дейді. Сонда қызы қаһарланған әкесінен қаймықпай, от қарудың аузына қарап тұрып: – Атсаң, ата бер! Мен оны сүйемін! Соған ғана тиемін! – депті. Әкесі, әрине, ата алмайды. Ата алмаған соң, амалы қайсы, батасын береді. Қазір сол екі жас бақытты өмір сүріп жатыр, балалары бар. Атааналары да риза! Бүгінгі өмірде болған тағы бір оқиғаны айтайын. Бір үлкен соттың жоғары білімді дәрігер қызы бір жігітке ғашық болады. Жігіті де жақсы-ақ екен. Бірақ, жастық арынмен, бір жағы жоқшылықтың зардабынан теріс жолға түсіңкіреп, қылмыскер болады. Ақыры, ұсталып, сотталып кетеді. Сонда қыз әкесіне: «Сізден перзенттік тілегім – осы жігітімді босатып беріңіз! Мен оны сүйемін, осыған тиемін!» – дейді. Әкесі бұлқан-талқан болып, ұрсады, үгіттейді. Қыз көнбейді: «Басқа ештеме сұрамаймын! Тек қана осы жігітті босатып беріңіз!» – дейді. Әңгіме әкелік парызға тірелген соң, амалы құрыған сот жолын тауып, беделін салып, әлгі жігітті түрмеден шығарып алады. Екі жас қосылады. Жігіт өзіне деген сенімді ақтап, дұрыс жолға түседі. Қазір екеуі жақсы отбасы болып, өсіп, өніп, өркендеп өмір сүріп жатыр. Міне, махаббаттың күші!

Соқыр құмарлық Осыдан отыз жылдай бұрын, тоқсаныншы жылдардың басында маған бір жігіт келіп жолықты. Келбетті, ұзын бойлы, ірі денелі. «Мен сізге ерекше махаббат тарихымды айтып берейін. Сіз соны жазыңызшы!» – деді. Онша жақтырмасам да, әдейі іздеп келген соң, тыңдадым. – Айтсам адам баласы сенбейтін оқиға, – деп бастады ол. – Өз басымнан өтпесе, мен де сенбес едім. Мен мұндай махаббат болады деп ойламайтынмын... Сонымен, тоқ етері, бұлардың кеңшарына суретші керек болады. Басшылықтың тапсырмасымен бұл жігіт әдейі Алматыға іздеп барып, бір суретшіні табады. Келісіп, үй-жайын, жалақысын, тағы басқа керек-жарағын беретін болып, сол кездегі ел астанасы Алматыдан ауылға отбасымен көшіріп әкеледі. Қысқасы, бұл жігіт суретшімен дос жар болып жүріп, ақыры оның әйелімен ашына болады! Сөйтіп, суретшінің отбасы ойран болып, әйелі кетіп қалады. Енді осыны маған: «Керемет махаббат тарихы ғой, жазыңыз!» – деп қарап отыр. – Бұларың махаббат емес! – деп бетіне бір-ақ айттым. – Бұларың бұзылғандық! Ал сенің ісің қандай жөнге сияды? Тып-тыныш өмір сүріп жатқан жандарды сонау алыстан ауылыңа көшіріп әкеліп, істегенің мынау?! Әй, мұның азғындық қой! – деп, біраз сөз айтып, қайтып келместей қылып қоя бердім. Ал осындайды қазір кинода да, әдебиетте де әдемі қылып көрсетіп, насихаттап жатқандар бүгінде аз емес. Шетелдің киноларында да, кітаптарында да тып-тыныш өмір сүріп жатқан отбасын сырттан келген біреулер дос, жолдас болғансып жүріп, бұзып, ойрандайды. Мұның бәрі ондай сұмдықтарды керемет махаббат, кісілік сияқты көрсетіп, үлгі-өнеге ретінде жастардың сана-сезіміне елеусіз сіңіріп жіберуді көздейтін арам пиғылдың жемісі. «Сендер де осылай істеңдер!» – дегенді ашып айтпаса да, соған бағыттап, бейімдеп тұрғанын байқап, сақ болыңыздар! Досының әйелін айналдырғанды ерлік көріп, азғындық жасап жатқандардан жиренудің орнына, үйренгісі келетіндерді кім дейміз? Бұл махаббат емес, соқыр құмарлық. Нәпсіге ергендік, азғындық! Опасыздық, оңбағандық!

Ондайдан аулақ болыңдар! Қыз бен жігіт Жігіт пен қыздың қарым-қатынасы қандай ғажап! Тұнып тұрған поэзия, романтика, сыршыл, нәзік дүние! Әсіресе, жаңа оянып келе жатқан жастық шақта қыздың сезімі қандай мөлдір, таза! Жігіттің жан дүниесі қандай кең, шуақты, нұрлы! Міне, осындай тап-таза екі әлем бір-біріне ынтығып, бір-біріне ғашық болған сәтте бір ғажайып, қайталанбас күй орнайды. Мұны айтып жеткізу қиын. Адам баласының бәрі басынан кешетін керемет сұлу, сырлы хал! Бірақ, оның екінші жағы бар. Жерге түсейік. Қыз балалар, мысалы, баяғы «Күлше қыз – Золушка» ертегісіне еліктеп, соны үлгі тұтып, өздерінің ақ боз атты төресін -принцін іздейді. Жігіттер өздерінің аруын, аққуын іздейді. Бұл адамға тән сезім. Дегенмен де оның әртүрлі жағдайда өз реңкі – нюансы, заманға тән өзгерісі, өзгешелігі бар емес пе? Қазіргі заманда бұл қалай болды? Бүгінгі жастар ақ боз атты ханзада мен аққудың бейнесін қалай қабылдап, қалай түсінеді? Алданып, адасып бара жатқан жоқ па? Қазір қыз балалар да ер балалар сияқты өсіп жатыр. Неше түрлі мотивациялық кітаптарда, киноларда қыздарға: «Артта қалып қойма! Еркектерге есеңді жіберме! Стерва бол, көкбет бол, долы бол, азулы бол!» – деп насихат айтып, қаталдыққа тәрбиелеп жатыр! Өмірде де солай болып барады. Қыз балалар ер балалардан именуді, сыйлауды біле қоймайды қазір. Ә десе, мә дейді. Еркекше боқтайды, еркекше төбелесе кетеді. Жарайды, кішкене ақылы, есі кіріп, бой жеткеннен кейін оның бәрін қояды десек те, ол ұғым, түсінік қыздың ішінде, ой-санасында тұр. Ол психология қалыптасты солай. Ертең тұрмысқа шығып, жар болады, сол уақытта жігітке нар көтермес талап қояды. Оған анау да керек, мынау да керек, оны алақанға салып, әлпештеу керек, күтіп, баптап, қалағанын тауып беру керек. Ол оның қиялдағы төресі – принці, байлықтың айдынында емін-еркін жүздіретін, бәрін тауып беретін адамы болуы керек. Алайда, өмірде қосылған жігіті ондай болып шықпағаннан кейін, көңілі қала бастайды, міне, отбасының бүлінетін бір жері осы.

Керісінше, жігіттердің де табиғатында, арғы түптамырында, еркектік табиғатында бар қасиет – олар қызға талап қояды, әйел болғаннан кейін от басы, ошақ қасында отыр дейді! Әйел ерінің кірін жуу керек, тамағын істеуі керек, қысқасы, тағы, тағы толып жатқан тұрмыстық міндеттерді артады. Үлбіреп, еркін өскен ерке қыз оған көнгісі келмейді: «Мен немене, сенің тамағыңды істеп, ыдыс-аяғыңды, кіріңді жуып отырамын ба? Сенің от басы, ошаққасыңа қарап, сенің әке-шешеңді бағып отырамын ба? Сенің туыстарыңды күтемін бе? Маған мұндай тіршілік не керек? Маған емін-еркін өмір керек!» – дейді. Анау «әдемі», қиялдағы өмір жалт-жұлт етіп көзді алдап тұр! «Американский образ жизни – америкалық өмір салты», европалық еркін өмір, тағы да толып жатқан кереметтер көңілді алдайды. Ел аралап, елтең-селтең шауып жүргендердің тірлігі бір ғажайып арман болып көрінеді. Жоқ, шетелде де оңай емес қой. Сіз көрген қиындық, бейнетті олар да көреді, олар да өздерінің тұрмыстық жағдайларын жасап, қиындықтарын өзінің күш-қайратымен, еңбегімен жеңеді. Біздің қыздарға бұл әдемі бір дүние, фантастика, романтика сияқты көрінетін болуы керек. Сол АҚШ-тың 34-ші президенті Франклин Рузвельттің жан жары, Американың бірінші ледиі болған Анна Элеонора Рузвельттің өмір жолы мен ойларына назар аударып көріңіз. Ол 1884 жылы туған, бай отбасында еркін өскен. Сегіз жасында анасы, он жасында әкесі қайтыс болып, әжесінің қамқорлығында болған. Бой жеткен соң, Франклин Рузвельтке тұрмысқа шыққан. Элеонора Рузвельт АҚШ-тың Бірінші ханымы ғана болып қалмай, жазушы, қоғам қайраткері, саясаткер және хұқық қорғаушы болған. Ол күйеуі, АҚШ президенті Франклин Рузвельт мүгедектер арбасына таңылған кезде сенімді өмірлік серігі, сүйеніші болып, оның қызметінде маңызды рөл атқарған. Элеонора Рузвельттің тұжырымды сөздеріне назар аударып көріңіз. Адамның ақылдылығы, тәрбиесі сөйлеген сөзінен, күлкісінен де танылады. Ақылды, тәрбиелі адамдар қарқылдап, орынсыз, не болса соған күлмейді. ұсақ-түйекті сөз қылмайды, өсек айтпайды. Ең бастысы, оның әйелдің сыртқы кейпі жөнінде айтқан сөздері «америкалық арманеркін өмір сүруге» елігіп жүрген қыздарға ой салар ма екен? Элеонора Рузвельттің айтуынша,

«ақылды әйел табиғатты алдауға тырыспайды. Ол өзін-өзі қайтадан жасауға әуестенбейді. Өзінің сыртқы келбетін өзгерту үшін пышаққа түсіп, операция жасатпайды. Өйткені бұл әйелді әдемі қылмайды. Барлық әсемдік, сұлулық біздің ішкі дүниемізде жаратылады. Әр адам осы қасиетімен, қайталанбайтындығымен бірегей. Қолдан жасалған дене бөлшектерінен еш пайда жоқ. Ақылды әйел қырық бес жасында өзінің жиырма жасындағыдай киім кимейді. Ол өз құнын, қадірін біледі және өзінің жасын сыйлайды. Ол барлық адамдарға жақсы болып көрініп, ұнауға тырыспайды. Тән сұлулығы қызықтыруы мүмкін, бірақ жан сұлулығы ғана баянды!» Міне, бұл америкалық әйел, АҚШ президентінің зайыбы Элеонора Рузвельттің ойлары. Біздің имандылық жолымызда ежелден бар, уағыздарда айтылатын осыған ұқсас сөздерді шетелге еліктеген жастар тыңдай бермейді. Тіпті, тыңдай қалса да, діни үгіт, ескілік сарыны деп қарауы мүмкін. Ал сол Американың ақылды әйелінің бұл сөздері оларды ойландырар, бәлкім?! Біздің қыздарды ата-анасы алақанына салып, әлпештеп өсіреді. Бірақ оған болашақта жар боласың, бір үйдің келіні боласың, еріңді, ата-енеңді күтесің деген нәрсені үйрете ме?! Міне, көп жағдайда қайшылық осыдан туады. Қыздар отбасы, ошақ-қасында отырғысы келмейді. Ал ер адамдар оған көнбейді, оған қызмет қуып, дүние жүзін аралап жүрген әйелдің керегі жоқ! Оған, өзінің отбасын ұстайтын, балаларының анасы болатын, ұрпағын жалғайтын, өзінің басын сыйлайтын, үйішінің шаруасына қарайтын әйел керек! Міне, үлкен қайшылық осыдан туады. Қайтпек керек енді? Бір жағын кінәләп, бір жағын ақтауға болмайды. Ер балаларға, жігіттерге айтатыным: «Әйел сенің зекіп, нұқып, айтқаныңа көндіріп, айдауыңа жүргізіп отыратын малайың емес! Ол адамның баласы, сенің жан жарың, өмірлік серігің! Оны сыйлап, алақаныңа сала біл! Бірақ, басыңа шығарма!» Қыздарға айтатыным: «Ер азаматың сені сыйлап, алақанына салса, сол алақанда құлап кетпей, отыра біл! Ердің басына шығамын деме!» Естеріңізде болсын, ешқашан да ер-азаматтың басына шығуға болмайды! Еркектің еркек екені рас болса, ешқашан әйелді басына шығармайды! Ол өте қауіпті. Тіпті, шапшып, арпалысып, басына шықпақшы болып, таласып отырған әйелдің қылығына балалар

үшін шыдаған күннің өзінде, ішінен жек көріп кетеді. Табиғатқа қараңдаршы, ұрғашы арыстандар еркек арыстанның басына шықпайды, оның алдында тартынып тұрады, тамаққа да бірінші ауыз салмайды! Өйткені, еркек арыстан ашуланса, оны желкесінен бір-ақ басады. Мінекей, осындай табиғи мінез еркектің бойында бар. Қыздарға айтарым – еркектің ерлігін сыйлаңдар! Ал жігіттерге айтатыным, қыздардың, әйел затының нәзіктігін сыйлаңдар, аялай біліңдер! Міне, сонда ғана үйлесім болатын сияқты. Қандай үлкен махаббатты отбасылық ұсақ-түйек кикілжің кейде жеп қояды. Тұрмыстық жағдайлар тас-талқан қылады. Күнделікті күйкі тұрмыстың қиындықтарына нәзік махаббат кейде шыдай алмай қалады. Сөйтіп, керемет сұлу, сыршыл әлем қатал тұрмыстық жағдайлардың сілкіністерінен күйреп, құлап қалады. Осыны жастай ойға алсаңыздар екен. Адам бірге тұрғаннан кейін, бір үйде өмір сүргеннен кейін әртүрлі жағдай болады, әрине. Тіпті, кейде адамға біреудің түшкіргені ұнамайды, біреудің күлгені ұнамайды, біреудің сөйлегені ұнамауы мүмкін, бірдемеге пікір таласып қалуы мүмкін. Неше түрлі тұрмыстық жағдай болады, оның бәрін ақыл, сабырмен жеңе білу керек. Ал енді ата-ана батасын беріп, ел-жұрт болып, құрметтеп, әлпештеп, ақ тілектерін айтып, той жасап қосылған жастардың көп жағдайда айырылысып кететіні ойландыратын нәрсе. Жеке адамдық мәселе емес, бұл бүкіл халықтық мәселе. Қазір үйленген жастардың 30-40 % ажырасып кетеді деген статистика бар, бұл сұмдық қой! Мұндай жағдай біздің елде бұрын -соңды болмаған! Оны кімнен көремізадамнан көреміз бе, қоғамнан көреміз бе, заманнан көреміз бе? Әр адам өз тағдырына жауапты ғой, әр адам өз жолын өзі анықтап, өз өмірін өзі ойлауы керек қой, өз бақшасын өзі өсіруі керек қой! Отбасын құрғаннан кейін, екі жас осыған жауапты. Сондықтан да менің тілегім: «Қыздарым, жігіттерге азамат деп қараңдар, алдынан өтпеңдер! Ата-бабамыз қалыптастырған жол, жоба бар, соның жақсысын алыңыздар. Жігіттерге айтарым: «Қыздарды қазақ қай кезде де қадірлеген, сіздер де аялап, алақанға салып, ақылмен ұстаңыздар!» Шектен шықпаңыздар деген алтын сөз осы жерге дәл келеді. Махаббат та дәмімен жақсы!

Өмірде түрлі жағдай болады. Жас келіншектер күйеуінің әлсіз жерін тауып алады. Мысалы, жұрттың көзінше ер-азаматтың әйелімен ұрсып, керісуден ұялатынын, намыстанатынын біледі. Содан, мысалы, бірдеңе ұнамай қалса, жиын-тойдың үстінде мінез көрсетіп, жұрттың көзінше орнынан тұрып, қайқаңдап жүре береді. Дүйім жұрт қарап отыр, жігіт қысылады, анаған айғайлай алмайды. Ешкімге білдірмеуге тырысып, келіншегінің көңілін табамын деп, «әй, қойсайшы» – деп, жалынып, жалбарынады. Көпшілік қарап отыр. Сөйтіп, әйелі күйеуін жеңіп, айтқанын істетеді. Бір рет, екі рет, пәлен рет солай жасайды, қалыптасқан әдіс қылып алады. Елден ұялған ер жігіт амалсыз көнеді, бірақ ол әйелін қалай жек көріп кететінін ойлай беріңдер! Еркек адам әйеліне ондайды кешірмейді, өмір бақи жек көріп кетеді! Амалсыз, ортада бала болған соң, отбасын бұзбайын деп, кішкене иілуі мүмкін, бірақ бұл өте қауіпті жағдай. Сондықтан, қыздар, ондайға бармаңдар! Не айтсаңдар да ерлеріңмен оңашада сөйлесіңдер, оңашада талқылап, оңашада дауласып, оңашада келісімге келіңдер! Топ алдында масқара қылмаңдар! Екі адамның, ерлі-зайыптының арасындағы дау-дамайды ешқашан да сыртқа шығаруға, жұртқа білдіруге болмайды. Тіпті, ең жақын деген кісіңізге де, ата-анаңызға да, досыңызға да, басқаға да білдірмеуге тырысыңыз. Ол тек қана сіз бен сіздің жарыңыздың арасындағы әңгіме! Міне, отбасының беріктігі осыдан басталады. Бір-біріңізге сеніңіздер, бір-бірлеріңізге сырларыңызды, шындығыңызды айтыңыздар! Сіздер – өмірлік серіксіздер, ал сүйген жандар қандай жағдайда да түсінісе алады. Ортаға біреуді кірістіріп, реніш, өкпені әйгілеп, өршіте берген соң, махаббат дүниесі бүлініп, отбасының берекесі кетеді. «В любом случае, женись. Если у тебя будет хорошая жена, ты станешь счастливым; если у тебя будет плохая жена, ты станешь философом! – Қалайда үйлен. Егер әйелің жақсы болса, бақытты боласың; егер әйелің жаман болса, ойшыл боласың!» – дейді Сократ. Ер жігіттерде неше түрлі мінез бар. Мысалы, әйелі тілін алса, кішкене иілсе, одан ары қарай ие түсемін деп: «Менің айтқанымды екі етпейді бұл, міне, қараңдар, мен оны жүгіртіп қоямын!» – деп, әкіреңдей бастайды. Әкіреңдеп, ақырында ар-намысына тие бастайды. Әйел адам да қорлағанды, кемсіткенді кешірмейді.

Әйел заты жақсы көргенді, аялағанды, сүйгенді ұнатады. Жан жарыңыздың жүрегіне тек махаббатпен ғана жол табасыз. Біріңіздібіріңіз сүйіңіздер – махаббат, мейірім қара тасты да жібітеді. Қандай реніш, өкпені де ерітіп жібереді. Сондықтан мейірлі болыңыздар. Ашу –ыза, айғай-шу, күш көрсету, қорлық-зорлық деген нәрсе ерлі-зайыптының арасында болмауға тиісті және ол ештемеге жарамайды, жақсылыққа апармайды! Қыздарға тағы айтарым: «Үйдің еркесі болсаңыз, еркеліктің өзі де дәмімен жақсы екенін ұмытпаңыздар! Еркелеймін деп есіріп кетпеңіздер, елірмеңіздер, желікпеңіздер!» Жігіттерге айтарым: «Мен ермін, мен еркекпін, еркінмін! Қалай жүріп тұрамын, қайда барамын, өз еркім!» – деген де аса дұрыс емес. Өйткені, сіздер енді бір жұпсыздар, жұбайсыздар. Жұп болғаннан кейін, біріңізбен біріңіз санасуыңыз керек. Сонда отбасы нығайып, беки түседі. Айналайындар, махаббатты сақтаңдар! Сөздің түйініне келсек, кейбір қыздардың: «Ер азаматты билеп аламын, илеп аламын, айтқанымды істетіп, жүгіртіп қоямын!» – деген қазіргі түсінігіүлкен қателік. Бұл қауіпті ұғым! Және айтқанымды істетемін деп, жігіттердің жүйкесіне ойнаудың неше түрлі жолдарын үйреніп, біліп алып, сан түрлі қулықпен, сұмдықпен жігіттің жанын жеу – өте жаман қылық. Адам баласының ойына келмейтін қитұрқыларды тауып алып, әртүрлі айла-шарғылар, сайтани қылықтар жасау көбейіп кетті. Мен қыздарымыздың ондайдан аулақ болғанын қалаймын. Тіпті, қыз ұзату, үйлену тойларын көріп жүрміз ғой. Сонда, ұзатылып бара жатқан қыз немесе жаңадан түсіп жатқан келін жеңілжелпі киініп, жартылай жалаңаш жүреді! Кигендері – иықтан төмен қарай ғана, жұп-жұқа, әрең ілініп тұрған лыпа. Иық, арқа, жауырын, кеуде жалаңаш. Бұл не, қарақтарым? Ол қандай мұрат? Неше түрлі әдемі көйлектер бар ғой, иықтарыңды, кеуделеріңді, арқаларыңды жауып, аппақ болып, аққудай болып жүруге болмай ма? Осыдан рахат табасыңдар ма? Сендердің ақылдарың, тәрбиелерің қайда? Көргенділіктерің қайда сендердің? Сонда оларға не әке-шешесі, не ата-енесі, не жігіті мынауың дұрыс емес деп айта алмай ма? Әлде ол айтқан тілді алмай ма? Тойда көпшілік жұрт, үлкен кісілер, ақсақалдар, әжелер отыр, бала -шаға жүр. Жоқ, ол тұла бойын жалт-жұлт еткізіп, жартылай

жалаңаш жүр. Адам баласы, әсіресе жас қыздар, жас келіндер ашық денесін көрсетуге ұялушы еді. Жоқ, заман осылай деп, беттері бүлк етпей қарап тұрады. Тіпті: «Әй, мыналарың не?» – деп айтатын адам жоқ. Алда-жалда шыдай алмай, айта қалсаң: «Заман солай ғой! Жастардың заманы ғой! Сөйтіп киінеді, сөйтіп жүреді, ойнапкүледі! Бетіңмен сөйлеме!» – деп өзіңе ұрысады. «Ойбай, ауызды жабайық, үндемейік, қалай жүрсе, солай жүрсін, өздері білсін! Пәле болады!» – деп, жөн білетін жандар үндемей, іштен тынады. Бұған не дейсіңдер, жастар? Шетелдіктер жалаңаш жүреді екен деп, біз де шешініп, артымызды ашуымыз керек пе? Біздің, яғни, мұсылман қазақ елінің, өз ұғымымыз, түсінігіміз, жолымыз бар емес пе? Бұл сөзіміз кейбір қыздар мен жігіттерге ұнамауы да мүмкін, бірақ, шындық осы ғой, қарақтарым! Сіздер бүгін жалаңаштанып жүрсеңіздер, еліміздің ертеңгі келбеті қандай болады?! Мұны да жақсылап ойланғандарың жөн. Әйел теңдігі Ер мен әйелдің қарым-қатынасы бір қызық, жұмбақ және қиын әңгіме. Адамзат қанша ғасыр өмір сүріп келе жатса, сонша уақыт әңгіме болып келе жатыр. Алла Тағала Адам ата мен Хауа ананы бір-біріне жарастырып жаратты. Ер мен әйелді бір-бірін сүйсін, махаббатпен қосылып, ұрпақ өсіріп, өмірді жалғасын деп, жұп қылды. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләмға) бір мұсылман келіп: - Менің әйелімнің мінезі қисық! Мен бұған шыдай алмаймын, айырылысамын! – дейді. Сонда Пайғамбар күліп: - Алла Тағала әйелді ердің қабырғасынан жаратқан. Ал қабырға қисық қой! Қисық қабырғаны түзетемін деп, сындырып алуың мүмкін. Осы қисық қалпында жақсылығын көріп, пайдалана бер! – деген екен. Әлгі мұсылман сөздің мәнін түсініп, әйелінен ажыраспай, қайтадан жарасып кетіпті. Ер мен әйелдің табиғи ерекшелігі бар және әрқайсысы өз орнында керемет. Бірінсіз бірі жоқ. Күн мен түн, ян мен инь секілді, екі жарты – бір жұп.

Қалмақтың аңызы бар: «Жер бетіндегі адамдардың бәрінің өзіне ғана арналған жұбы бар. Барлығы жұбын дәл тауып қосылғанда, жерде жұмақ орнайды. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Себебі, көптеген жандар өзінің жұбын дәл таба алмайды екен. Барлық жұптар жарасым таппаған соң, жерде жұмақ орнамай тұр!» – дейді. Мұның да жаны бар. Ер мен әйелдің махаббат, ғашықтық хикаялары бір төбе, ұзақ әңгіме. Әйелдердің ермен теңдігі де үлкен әңгіме. Әйел теңдігі деген мәселе біздің қазақ әдебиетінде ғасырдың басында біраз көтерілді. Біраз шығармалар жазылды. Совет үкіметі келіп, қазақ әйелдеріне теңдік әперді деген бір керемет дәріптеу, насихаттау болды. Ал, бірақ, қазақтың басындағы үлкен мәселе әйел теңдігі емес, ел теңдігі, елдің азаттығы болатын. Бірақ, оны айтқызбай, көмескілеу үшін әйел теңдігі деген мәселені алға шығарды. Мұнда да қитұрқы саясат жатыр. Әйел мен ердің теңдігі дегеннің өзін қалай түсініп жүрміз? Біз заң жүзіндегі хұқықтық теңдікті адамгершіліктегі, адамшылық өмірдегі, табиғаттағы теңдіктің ерекшелігіне үйлестіре алдық па, жоқ па? Әйел мен ердің хұқығы – правосы тең дегенде, екеуінің арасына автоматты түрде теңдік белгісі қойылмайды ғой! Еркекке табиғат күш-қуат, тұқым берген. Неше түрлі табиғи қиын жағдайларда, соғыстарда, апаттарда тұқымы өшіп, жоғалып кетпеу үшін мол берген. Дәстүр-салт, дін бойынша ерлерге бірнеше әйел алуға рұқсат етілгені де сондықтан. Біздің мұсылман діні бойынша заңды түрде төрт әйел алуға рұқсат бар. Сөйтіп, халық өсіп-өніп өркендеп отырды. Абылай ханның он екі әйелі, отыз ұлы, қырық қызы болған. Оның арғы жағында, мысалы, мына Шығыста, Түрік сұлтандарында, Иран шахтарында немесе анау Африканың ру басы, көсемдерінде жүздеген әйелдері, жүздеген баласы болған. Оның қайсы дұрыс, қайсы бұрыс демеймін, болған нәрсені айтып отырмын. Сол сияқты біздің қазақтың да өз жолы бар еді. Бері қойғанда, бір-екі әйел, тіпті, төрт әйелге дейін алатын. Құранда төрт әйел алуға рұқсат, біреуімен тұрсаңыз да өз еркіңіз деп, ерік береді адамға. Ал, енді Батыстың заңы – өркениетті елдің заңы деп саналып, бұған тиым салады. Совет үкіметі арқылы Шығысқа да келді. Бір еркек, бір әйел – бітті. Бұл -христиан дініндегі елдердің

заңы бойынша солай. Жарайды, өздері солай тұра берсін. Бірақ, Шығыстың, мұсылмандардың, біздің қазақтың жолына, қазақтың заңына соншалықты неге қатты кірісті? Тек қана шығыс әйелдерін аяп, оларға бір керемет өмір сыйлайық дегендіктен бе?! Олай емес! Мұндай заңның арғы жағында бұл халықтар көбейіп, өсіп кетпесін деген зымиян саясат, ұлттық қысым жатыр. Екіншіден, айлакер, зұлым, «қараниет күштер – темные силы» ертеректе Америка халқын бұзуды ойлаған екен деген сөз бар. Сонда, қалай бұзамыз дегенде: «От басы, ошақ қасындағы әйелді офиске -кеңсеге шығару керек!» – деп шешкен екен. Яғни, үйде бала тауып, бала бағып отырған әйелді қызмет беріп, бастық қылып жұмысқа шығарған. Бітті, содан басталған бәленің бәрі. Әйел атқа мінген, қызмет істеген, биліктің дәмін татқан, еркін жүріп – тұруға үйренген. Отбасындағы бала – көшенің тәрбиесінде қалған. Табиғи жарасым бұзылды, отбасылық құндылықтан айырылды. Әйелдің еркіндігі деген сөз – қаласа күйеуге тиеді, қаласа – айырылып жүре береді.Осылайша әйел заты бұзылғаннан бастап адамзат бұзылды. Бұл қазақ еліне де келді. Ол бұрынырақта, Совет дәуірінде басталды. Рас, біздің әже, шешелеріміз, тәтелеріміз ескінің, бұрынғының тәрбиесін көріп қалды. Біз де шет жағасын көрдік. Бірақ, біздің кезімізде әйелдің еркіндігі алға шыға бастады. Зерделеп қарасаңыз, елдегі заңның барлығы – әйел хұқы – правосы дегенді желеу етіп, әйелдердің пайдасына жазылған. Мысалы, ер мен әйел ажырасатын болса, балалардың барлығы әйелде қалады. Өте қиын, ауыр заң. Дүние, мүлікті бөлу де бір бітпейтін дау. Ал, бұрынғы қазақ жолында қалай болған? Нағыз қазақ қоғамында айырылысу болмаған. Оның себебі көп. Ол кезде балаларды ата-аналары баталасып, құда түсіп, кәдімгідей анттасып қосқан. Ата-ананың ұйғаруымен, Алланың қосқаны деп, соған шүкірлік қылып, балалы-шағалы болып, өсіп-өнген, үлкен отбасы болған. Тіпті, ері екі, үш, төрт әйел алса да, бәйбішесі бәріне мақұл болған. Үлкен бәйбіше, кіші бәйбіше, үлкен тоқал, кіші тоқал атанып, өздерінің орын, ретімен бір-бір ауыл болып отырған. Рас, оның бәрінен идеал жасаудың да қажеті болмас. Адам болған соң, әрине, қиындығы болады. Ең бастысы, отбасы сақталған. Алдажалда әйел кететін болса: «Әкесінің үйінен немен келсе, сонымен кетсін!» – дейді екен. Демек, әкелген алтын-күмісі, басқа да заты

бар ма, жасауы бар ма – бәрін түгел қайтып беретін болған. Оған қиянат қылмаған. Бірақ, балаларды бермейтін болған. «Балаларды осында таптың ғой, олар біздікі!» – деген. Ол әйел қайтып барып, өзінің еліне және сыймайды. Оны қазақ бір-ақ ауыз сөзбен: «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман!» – деп, кесіп айтқан. Оған рулы ел намыстанып, қайтып келген қыз қара бет атанып, қор болған. Сондықтан, көшпенді қазақ елінде ажырасу мүлдем дерлік болмаған. Ал, қазір не болды?! Екінің бірі қосылмай жатып айырылысып жатыр. Тіпті, сұмдық әңгімелерді де естідік. Екі жас үйленетін болған, тойға халық жиналған. Екі жақ түгел келіп, құдалық өткізіп, барлығы енді жастарды күтіп тұрған. Содан, жастар тойдың алдында көше аралап жүргенде, ұрсысып қалады. Ашуланған қыз саған тимеймін деп, көліктен түсіп, кеткен де қалған! Бітті! Тойға жиылған халық жас жұбайларды күтіп отыр. Ал келін жоқ, кетіп қалды. Жерге қарап қалған ата-ананың жағдайын, ұялып қайтқан екі елдің жағдайын ойлап көріңіз! Асаба болып жүрген бір ақын ініміз тағы да бір сұмдығын айтты. Бұл бір тойды жүргізуге келіседі. Ақшасын алдын-ала алып қояды. Той жақындаған кезде, той иесі хабарласады: - Ойбай, масқара! - Не боп қалды? Сөйтсе, тойханамен келісіп, ақшасын төлеп, пәлен күнге деп елді шақырып қойған. Амал не, қыз бен жігіт келіспей қалады. Бітті, шаруа! Сөйтсе, мына жігіт не істеген? «Ой, саспаңдар! Ол болмаса, мен басқасын алып келемін. Тойды сол күні жасай беріңдер!» – дейді. Сол күні тойды жасайды, бірақ, басқа қызды алып келеді. Асаба ақын да мәрт екен. «Мынадай бұзылған тойға мен асаба болмаймын!» – деп, алған ақшасын қайтып беріпті. Ал, бір жақсы кісі қызын ұзататын болып, кредитке үйін салды. Ұзату тойын жасап, жасауын дайындап берді. Көп ұзамай екі жас айырылысып кетті. Құдалар да ұяты шамалы кісілер екен, қызды қайтарып жіберген де, жасауын да, басқа заттарын да түгелімен бермей қалыпты. Сөйтіп, қыз қайтып келді. Ата-анасының тойға кеткен шығыны бар, басқасы бар, анау кредитке салған үй бар, бәрі

далаға кетті. Қазір осындай жағдайлар да кездеседі. Бүгінгі тұрмыстың типтік жағдайы: жаңадан түскен келіннің есіл-дерті телефонда. Шешесімен сөйлеседі де отырады. Жаңа өмірге үйрене алмай, қыз күніндегі еркелігі көзінен бұл-бұл ұшып, келін болуға көндіге алмай, шешесінен пана іздейді. Қит етсе, сәл нәрсеге ренжісе, бітті, телефонмен хабарлайды. Мына үйде не болып жатыр, бәрін айтады да отырады. Анасы оған нанады, қызу қолдайды. Құдағиға хабарласып: «Қызым қиналып жүр екен ғой!» – деп, шу шығарады, керіседі, егеседі. Бұл жақ та өз уәжін айтады. Бір беті ашылған соң, ымыра, ынтымақ былай қалып, ұрыс-керіс өрши береді. Ақырында екі жас айырылысып кете барады. Міне, қазіргі махаббат жыры көбінесе осылай аяқталады. Бала күнімізде көзімізбен көрдік. Шешелеріміз әпкелерімізге: «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар! Тастай батып, судай сіңіп, барған үйіңнің босағасында қал! Енді сол үйдің адамысың. Бітті, шаруа!» – деп, кесіп-пішіп бір-ақ айтып, тіпті, бейсауат үйге де келтірмейтін. «Қосағыңмен қоса ағар» деген сөздің мағынасы терең екен. Екеуі де қара шашты адам. Қалай ағарады?! Сөйтсем, «қосағыңмен қоса ағар» дегені – шашың ағарып, ақсақалды ата, ақ жаулықты әже болып қартайғанша бірге өмір сүр деген сөз екен ғой! Ал, қазіргі түсінік мүлде басқа болып барады. Қосылу да оңай, ажырасу да оңай. Рас, ата-ананың қызына жаны ашиды, шырылдайды. Бірақ, жас отаудың баянды болашағын кім ойлайды? Бұл бір қиын заман болды. Мұның бәрінің үлгісі шетелден келіп жатыр! Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жат елдік залым күштер кеңес елдерін құлату жөнінде арнайы бағдарлама жасаған. Бұларды құлату үшін құндылықтарын ауыстырып жіберу керек деген. Адамгершілктен бездіріп, естерінен тандырып, ұлт араздығын қоздырып, отбасын бұздырып, аздыру, тоздыру, арақ-шарап ішкізу, наша тартқызу, арзан, жалған қызықтармен еліктіріп, желіктіріп, бетімен жүргізу, кино, өнер арқылы зорлық-зомбылықты, эротика, порнографияны, жауыздықты, қанішерлікті, опасыздықты, сатқындықты, ақша құмарлықты және басқа да өтірік қызық, жалған құндылықтарды насихаттау арқылы біздің елдердің іргетасын теңселтіп, шаңырағын шайқалтып, қиратуды көздеген. Сонымен: «Ал, ішіп – же, ойна – күл, қыдыр, шешін! Қарама ешнәрсеге,

өмір деген ертең өте шығады! Мына дүниенің қызығын ұялмай, емін-еркін көріп қалыңдар!» – деген гедонистік, тағы басқа да бұзылған неше түрлі философияны тықпалап, адамдарды азып-тозу жолына салған ғой. Міне, соның салқынын, соның зардабын қазір біз тартып отырмыз. Қазір көп кездесетін жағдай – қыздар жасы үлкейе бастағанда бір жігітке тиіп, бір –екі бала табады да, содан кейін ажырасып, еркін өмір сүруге көшеді! Өзінің жеке пәтері, машинасы болса, ешкімге жалтақтамай, өзінше өмір сүрсеміне, мақсаты осы! Сонда, мұхиттың арғы жағынан келген бағдарлама, насихат діттеген жеріне жетіп, отбасылық құндылықтарды мүлдем ауыстырып жіберген. Ау, айналайындар, ондай арзан, жалған қызыққа алданбаңдар, ойланыңдар! Бұл дүниеде ер мен әйелдің қосылуы, отбасы болуы, ұрпақ өсіруі – адамшылық, өмірлік жол ғой! Өмірдің мән – мағынасы да, қызығы да сол емес пе?! Отбасынан Отан басталады дейміз. Осы құндылықты бұзып барамыз. Бұған ел болып тиым салайық десек, мемлекеттің заңы тұр. Тиіп көр, әйелге! Әу деп көр! Ол заң бойынша әйел ерікті: қай кезде, қалай айырылысады, қандай нәрсені алып кетеді, өзі біледі. Алимент кестіреді. Қоғамның басым көпшілігі бар кінәні еркекке аударып, жабыла тілдеп, тепкілей жөнеледі. Одан кейін жеке басты әйелдерге, жалғызбасты аналарға қамқорлық көрсету керек деген бір жалпақшешей шешімдер бар. Олардың бата бұзып, отбасын ойрандап, әке – шешесін, ата – енесін жерге қаратып, күйеуін жұртқа масқара қылып, жеңіл өмір іздеп, желік қуып, тайраңдап жүргені мүлде ескерілмейді. Әй, қамқорлық, көмекті алдымен отбасын сақтап отырған аналарға жасау керек қой! Бұл қалай?! Қазақ қоғамында ошақтың отын сақтаған әйел қашанда қадірлі болған! Ал, енді мынадай жайлы заң болғаннан кейін, кейбір әйелдер: «Ертең кете қойсам, заң мен жағында екен! Бала да менде, қалаған дүние-мүлік те, пәтер де менде! Маған бәрі қамқор болады екен! Онда күйеудің керегі не?!» – деп, әрине, ажырасуға бейім тұрады. Күйеуінің айтқанымен жүргенше, еркін жүргенді артық санап, кете береді. Бұл қалай? Қалай болғанда да, ажырасуға біраз тосқауыл, қиындық болуы керек. Бұрын қоғам айырылған кісілерді айыптап, ұялтушы еді. Одан да қалды. Қазір айырылысқандарға: «Е-е, онда тұрған ешнәрсе жоқ!

Тағы біреу табылар! Ойнап-күліп қал!» – дейтін болды. Осындай тіршілік бола ма?! Бәріміз де анадан тудық. Бәріміздің де апаларымыз, жеңгелеріміз, қарындастарымыз, қыздарымыз бар. Әйел затын сыйлау – ер азаматтың ізгі парызы. Қыз бала қашан да қадірлі болған. Қазақ қызды сыйлаған. Алақанына салған. Қыз намысы – ел намысы деп айтылған. Қыз -елдің көркі деген. Сөйтіп, оны әлпештеп, ақ, адал жарына ұзатқан. Ақ адал батасын берген. Өсіп – өркендеңдер деген. Қыз өмірінің келесі кезеңі – әйел дәуірі. Әйел ер азаматы – күйеуіне бағынған. Отбасында ер адам басшы болған. Әйел ана болады. Ананы халық ерекше қадірлеген. Әрине, аналық өмірдің қиындығы да бар – баланы бағып – қағу, өсіру оңай емес. Бұл –үлкен, ауыр да абыройлы, қиын да қызық жол! Одан кейін балалар өсіп, отбасын құрады. Ана немере сүйіп, әже болады. Әжені күллі әулет, рулы ел сыйлаған. Әже деген аппақ, әулиедей адам, бір идеал болған. Біз осы әжелерді насихаттауымыз керек. Біз әженің құт-берекесін, әженің қадір – қасиетін жас ұрпаққа танытып: «Міне, әйелдің әулиелік жолы –осы!» – деп, өнеге қылып көрсетуіміз керек! Оның орнына елтең – селтең, бет – аузын бояп, ыржың – ыржың, тыржың – тыржың етіп, ашық – шашық жүрген селтеңбайларды ертелі-кеш экраннан көрсетеді. Соларды өнеге тұтып, үлгі жасайды. Жо-оқ! Әйелдің ардақтысы – ана, әулиесі – әже! Осыны айтып, қыздарымызды: «Міне, сенің жолың, айналайын!» – деп тәрбиелеуіміз керек. Одан ары оқу оқи ма, білім ала ма, қызмет істей ме, ғалым болып жаңалық аша ма, тағы – тағы өзінің қабілетін жүзеге асыра ма – өз еркі. Ең басты жолың, міне мынау деп айту керек қой. Біз осыдан айырылып қалдық. Қазір әйелдерге бірдеңе деп көр. «Әйел хұқығын аяққа басып жатыр!» – деп, феминистер, адам правосын қорғаушылар шулап шыға келеді. Неге адам правосы дегенді желеу етіп, өзгелер біздің елдің заңына қол сұғуы керек? Неге бізге ықпал етіп, тіпті, қысым жасауы керек? Ұялмай – қызармай осы күні әйелдер кітап жазып, жүрген – тұрғанын, ішкен – жегенін, кіммен, қалай ашына болғанын ашық

сипаттайтын болды. Бұрын өзге, европалық, америкалық қыздар жазушы еді, таяуда бір қазақ қызы жазып шығарыпты. Оны ғаламторда, тіпті, бұқаралық ақпараттық желілерді насихаттағанды да көрдік. Енді осыған жеттік пе?! Қыздың көркі – киімі де бұзылып бітті. Әйел заты абыройын, ерлердің көзі түсетін ұятты жерлерін жасырып, көрсетпеуші еді ғой. Қазіргілер өрескел киінеді, кейде тіпті ашық-шашық жүретін болды. Бұл қандай сұмдық?! Денеге да жайлы, жарасымды, әдемі киімнің түрлері толып жатыр емес пе? Ана жылы бір шетелге барғанда көрдім. Бір әп – әдемі әйел ұзын, кең шалбар киген. Шаровар сияқты, сәнді. Кеудесіне де сол сияқты жұқа, мол киім киген. Білегіне дейін жабық, мойны да жабық. Қандай жарасып тұр! Не деген сұлулық! Ал, жарасымды, жұмбақ болудың орнына, көзге ерсі, ыңғайсыздау киінген әйелді кім сыйлайды, кім қадірлейді?! Бұл біздің қазақ халқына жат нәрсе. Шетелден үйреніп алды ғой дейміз. Солардың өзі өйтіп ашылып – шашылып жатқан жоқ! Аққұла жалаңаштанып алған біздің қыздар! Ұялмай-қызармай, талтүсте кіндікті ашып тастап жүретін болды. Баяғы заманда мұны қарғыс деп айтады екен. Ертеде шығыс елдерінде биші күңдерді билеткенде, кіндігін ашқызып қояды екен. Себебі – ашық, жалаңаш жерге еркектердің көзі түседі. Кіндікке көп адамның көзі түскенде, қыздың аурасы бұзылады екен де, бала көтермейтін болып қалады екен. Оны қарғыс дейді екен. Ал, біздің қыздар өз еркімен соны мода қылып, кіндігін ашып тастап жүргеніне ішің удай ашиды. Айтуға да ұят. Айтпауға да болмайды. Ақылмен айттық, айтып та жүрміз. Мен осы жөнінде «Асау толқын» деген кино да түсірдім. Қыздар – ау, жандарым – ау, ойласаңдаршы! Кіндігіңді ашып қойдың, ол сонда не үшін?! Маған көбірек жігіттер көз салсын, көбірек жігіттер қызықсын дейсіңдер ме? Сонда сендер көрінген жігітті қызықтыра бергілерің келе ме?! Адамның өзінің ғашығы болмаушы ма еді?! Болашақтарыңды, бақыттарыңды, денсаулықтарыңды ойласаңдаршы! Бұл – өмірдің ащы шындығы. Соны неге ата-аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер, журналистер ашып айтпайды?! «Әй, қыздар, мынау теріс жол!» – деп, неге көрсетпейді? Жоқ! «Ойбай, әйел жаны нәзік!

Әйелдің жанын жараламаңдар! Әйелге қатты сөйлеуге болмайды!» – деп, талай белсенділер шулап шыға келеді. Қарақтарым, қазақ халқы әйелдерді сыйлай біледі. Мен де әйел затын сыйлайтын адаммын. Әжелерді, аналарды ардақтаймыз. Әйелдерді құрметтейміз. Қыздарды алақанға саламыз. Айналайын дейміз. Бірақ, әйел өз орнында қадірлі ғой! Әйел әйел болып тұрғанда сыйлы, құрметті ғой! Жоқ, қазір еркек сияқты әйелдер шықты. Оған не дейміз?! Көздері шатынап, біреу бірдеңе десе жарылайын деп тұрған, ұрсысып, төбелесе кетуге дайын бетпақ –«стервалар» көбейіп кетті. Әйел айқайлап, бажылдап жатса, небір мықты азаматтар, әкімдеріңнің өзі «пәлесінен аулақ» – деп, қашқалақтайды. Ал, енді бұл сұмдық. Ұятсыздықтың бір түрі! Көшеде айқайлап, жұлқынып, шаптығып, балағаттап тұрған әйелдерді көргенде, «не болдық, халқым – ау?!» – дегеннен басқа амалың қалмайды. Бәрінің де өз жөні бар ғой. Талап – тілекті заң жүзінде айтып, заңмен жеңуге тырысу керек қой. Айқайлап, балағаттауға ешкімге де ерік берілмеген. Біздің, ұлт болып, халық болып қалу – қалмауымыз біздің қыздарымызға, әйелдерімізге байланысты, айналайындар! Баяғыда, Совет заманында, бір орыс ақынының өлеңін тыңдап едім, кім екенін ұмытып қалдым. Әлгі ақын сол уақыттың өзінде халқы үшін жаны ауырып: «Орыс қатыны бұзылғаннан кейін, орыс халқы, сен де бұзылып бара жатырсың ғой!» – деп, егіліп жырлап еді. Сол сияқты, қазақ әйелінің қазіргі адасуынан кейін, халқымызға осындай қатер төніп тұрған жоқ па? Рас, тәрбие көрген, инабатты, ата жолын қадірлейтін қыздарымыз, шүкір, бар. Ардақтайтын аналар, әулие әжелеріміз бар. Сонымен бірге, жеңіл өмірге еліктеп, жолдан адасып жүрген қаракөздеріміздің көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Баяғыда әжелеріміз дастархан басында алты жасар ер бала отырса, бата бермейтін. «Батаны ер адам беру керек!» – деп, балаға бергізетін. Анадай жерде ер бала келе жатса, әжелеріміз, аналарымыз тоқтап тұратын. Ер баланың алдынан өтпейтін, жолын кеспейтін! Өйткені ол әулеттің, ата – тектің жалғасы! Шынында да, ер -азаматтың басын сыйлап, аталық аруақты ардақтаған әжелеріміз қандай әулие болған! Ал, қазір ше?! Елге белгілі қайраткер, жұлдыз болдым екен деп, бас ұстап, бас мүжіп отырған әйелдерді де көрдік! Не дейсің?! Ерлердің аузын

жауып, сапырып, жайпап, ұйпап отырған әйелдерді де көрдік! Тіпті
халықшыл, қазақшыл болып жүрген әйелдердің өзі алқалы жиында
немесе экранда ұлттық адамгершілік, ұлттық қадір – қасиет туралы
сөйлегенде, ерлердің аузын жауып: «Әй, сен тұра тұр! Өй, мынау

не лағып тұр, ә?!» – деп, жапырып сөйлегендерін де көрдік. Оны
көріп отырған қыз балалар: «Ә-ә, әйелдің атақты болып, алға
шығуы осы екен ғой! Мен де ұлдардың аузын жабайын!» – деп,
жұлқынып, шаптығып шықпасына кім кепіл?! Ал ондай қыздарды

кім сыйлайды?
Қазақ жолында ер азамат тұрғанда, әйел сөйлемеген. Жоқ,
қазір олай емес! Кішкене қызмет дәрежесі, лауазымы, атағы, тағы
бірдемесі болса, бітті. Сақалды басымен үлкен ағаларын, тіпті,

аталарын отырғызып қойып, әлгі әйелді сайратып, аузына қарап
отырады. Не істейсіз, ал?! Бұл не қылған құбылыс, бұл қандай
жағдай?! Осының бәрін көргенде, көп ойға батасыз. Елді бұзылуы
да, түзелуі де әйел затына байланысты!

Данышпан жазушы Лев Толстой әйел теңдігін аса құптамаған,
тіпті қарсы болған екен. Әйелдер теңдік алса, қоғамның ғасырлар
бойы қалыптасқан негіздері бұзылуы әбден мүмкін деп алаңдаған.
Әйелдер отбасын сақтап, ана болып, бала тәрбиелеуге тиіс деп

есептеген. Бүгінгі феминистер ұнатпаса да, Толстой сөзінің жаны
бар емес пе?
«Еркек бұзылса – отбасы бұзылады. Әйел бұзылса – бүкіл халық
бұзылады. Ұлды тәрбиелесең – жауынгерді тәрбиелегенің, қызды

тәрбиелесең – ұлтты тәрбиелегенің!» – деген Кавказ мақалының
даналығына дау бар ма?
Біздің атамыз қазақ:
Май бұзылса – тұз түзер,

Тұз бұзылса – не түзер?
Ұл бұзылса – қыз түзер,
Қыз бұзылса – кім түзер?
Ел бұзылса – хан түзер,

Хан бұзылса – кім түзер?» – деген.
Шынында да, дала қыздарын бұзып бара жатқан бір қилы кезеңге
келдік қой. Соның бәрін қайткенде түзеуге болады? Кәміл иманымыз,
халықтық адамгершілігіміз, тәрбиеміз түзер деп сенемін!

Ұл да, қыз да өзінің іс – әрекеті, сөзі, қылығы, арман-мақсаты

имандылыққа, адамгершілікке, қазақтың ұлттық таным – түсінігіне, ар-намысына, кісілік келбетіне үйлесе ме, жоқ па? – деп сұрақ қойып, саралап көрсе екен. Өз қатесін өзі түсініп, өз қисығын өзі түзей білсе, шіркін! Бала тәрбиесі туралы Бала тәрбиесіне жауапты деген ата-аналардың өзі жас қой. Әлі толық қалыптасып, байсалды күйге түсе қоймаған албырт, арынды. Өмірдегі көрген қызықтарына қуанып, балаларын қайтсек жақсылап тәрбиелейміз деп, тырысып, алға ұмтылады. Жанталасып, баланы ана үйірмеге, мына үйірмеге сүйрелеп, анда-мында жүгіріп жүреді. Музыкаға, гимнастикаға, спортқа, шет тілі үйірмелеріне апарады. Ал енді осы дұрыс па? Ақылдасу ретінде ойымызды ортаға салғымыз келеді. Негізі, баланың балалық шағы болу керек! Бала – бала болып өсуі керек. Ерке болып, емін-еркін, ата-ананың, ата-әженің мейірімін көріп, шуаққа, нұрға бөленіп өсуі керек. Оның балалық қылықтарын қызықтаған қандай ғажап! Баланың бірте-бірте, табиғи есею жолы өзінше бір бөлек құбылыс. Ал оны жанталасып алға қуғаннан, басын қатырғаннан не табамыз? Баланы тезірек үлкен адамға айналдыруға асыққаннан не табамыз? Алда ұзақ өмір жолы бар. Бала өзі табиғи түрде өсіп, жетіліп, піскен кезде, өзінің үйренгісі келетін нәрселеріне өзі – ақ ұмтылады. Әрине, баланы алдымен ана тілінде тәрбиелеу өте маңызды. Содан кейін қалған тілдерді үйрете беруге, ақырын-ақырын дүниеге көзін ашып, білімге, ғылымға бейімдей беруге болады. Ол керек, бірақ асығыстық жасап, балаға үлкен жүкті арта берудің қажеті жоқ. Баланың жүйкесіне миына, психикасына ауыр жүк түсіп, жан-дүниесі күйзелуі мүмкін. Айналамыздағы адамдардың өмір тәжірибесінен көріп жүрміз. Қайткенде керемет қыламын деп компьютер, неше түрлі тіл үйретуге тырысып, озық мектептерге сүйрелеп жүргенде, бала қажып, күйзеліп, жүйкесі жұқарып, денсаулығы нашарлаған жағдайлар да аз емес. Баланы барғысы келетін жеріне апарып, қабілетіне қарай бейімдеген дұрыс щығар. Барлық өнерді бірден үйретемін деп, толып жатқан үйірмелерге апару қаншалықты ақылға сыйымды?

«Хотите испортить мальчику жизнь – окружите его полностью
вниманием. – Баланың өмірін бүлдіргіңіз келсе – оны өбектей
беріңіз». – дейді Зигмунд Фрейд.
Бала мейіріммен, еркелеп өсу керек. Ертен өскенде оның еске

алатын тәтті балалық шағы болу керек қой!
Баланы мейіріммен еркелетіп жүріп-ақ, талай нәрсені үйретуге,
бойына дарытуға болады. Сондықтан, үлкен адамға айналдыруға
асықпаған жақсы.

Әр нәрсе уағында.
Бақытты балалық шақ – болашақтың бастауы!

Алтыншы бөлім Өз өміріңе шүкірлік Адам пенде ғой, кейде қарап тұрсаң, мінездері де, сөздері де қызық. «Әне, нағыз өмір солардікі ғой!» – деп, айдаладағы бір адамдарға – бай адамдарға, жұлдыздарға, бастықтарға қызығып, тамсанып тұрған адамдарды көрген шығарсыздар? Олай емес, өмір – барлық жерде өмір. Өмір барлық адамға бірдей берілген. Жаңағы жұрт қызыққан байлар, жұлдыздар, бастықтар да кәдімгі адам. Олар да сен сияқты үш мезгіл тамақ ішеді, бір төсекте ұйықтайды, ешнәрсені өзімен алып кетпейді. Олардың да тәулігі – 24 сағат! Ол ішкен қымызды сіз де ішесіз, ол көрген қызықты сіз де көре аласыз. Бәрі де адамның жан әлеміне байланысты. Сіздің ішкі ойыңыз, ақыл-санаңыз азат болса, жан – дүниеңіз таза, бай болса, таңғажайып дәурен сүресіз! Біреудің өміріне қызығуға болмайды. Өзіңізге бергенге шүкірлік қылыңыз! Өмір тәжірибесі Адамның көрген-баққаны, өмір оқуын тоқуы, тәжірибесіқайталанбайтын, тек сол адам ғана білетін үлкен бір қазына. Адамның ізгілік сезімін ояту – Мәңгілік парызы ақынның, Әлемді құтқарса құтқарар тек қана, Шуағы мейірім, рахымның! Баянғали Әлімжанов

Әр адамның кешкен өмір тарихы басқа адамға белгісіз. Қандай бір данышпан болса да, ол басқа адамның кешкен өмірін кешкен жоқ, оның көргенін көрген жоқ, сондықтан оны толық түсіне алмайды! Кейде жастарда: «Мен оқыдым ғой, талай дүниені білемін!» – деген лепірме көңіл болады. Бірақ, жасы үлкен адамның өмір тәжірибесі артық, көргені көп! Баяғыда, жас кезімде,Алматыдан елге келіп тұрамын, ауылдағы адамдарды көремін. Қарапайым жұмыскер кісілер әдебиетке, мәдениетке, тіл, тарих деген секілді толғақты мәселелерге онша көңіл аудара бермейді. Керек десең, рухани әлемнен көп хабары жоқ. Мен соған ренжимін де, жаспын ғой, арындап, жалындап сөйлеп: «Бұлар неге анандай, бұлар неге мынандай? Абай атам бүйдеп айтқан, басқа да данышпандар сүйдеп айтқан!» – деп, ащыащы сындар айтып жүрдім. Тіпті көздеріне де айтып тастаған кезім болды. Содан бір күні Ләйлә тәтем маған ұрысты. Шын аты Сәлсәбилә, Құран Кәрімнен алған, бұлақтың аты. Біздің әулеттен ең бірінші жоғарғы оқуды бітіріп, мектепте жұмыс істеп, бәрімізді өрге сүйреген үлкен апамыз мені күшті еркелететін. Мектепте бізге де физика, математикадан сабақ берген. Өмір бойы бір мектепте сабақ беріп, зейнетке сол жерден шықты. Балаларын өсіріп, ата-енесін сыйлап, тыныш өмір сүріп жатқан қазақтың қарапайым мұғалім қызы. Бір күні сол кісі төзімі таусылып, маған: «Әй, Бәкөш, (Бәкөш дейтін мені) сен неге жұртқа ұрса бересің? Ананы былай, мынаны олай дейсің? Олар саған не жазды? Елге мән үйретіп, неге үйтпейсің, неге бүйтпейсің деуге қандай хақың бар? Олар да өздерінше өмір сүріп жатыр. Бір-бір отбасының иесі. Бала-шағасын өсіріп, атаанасын күтіп, адал еңбек етіп, табысын тауып, осы елдің бір адамы болып жүріп жатыр. Бір шаңырақты ұстап отыр! Сен оларға неғыл дейсің? Елдің бәрі ақын, жазушы емес қой! Өйтіп басты қатырма!» – деді. Сол жерде қабылдадым ба, жоқ па, білмеймін, бірақ, ішкі дүнием аунап түсті. Тағдырдың жазуына қараңыз! Арада біраз жылдар өтіп, ақырында анам ауырып, әке-шешеме қараймын деп, елге көшіп келіп, ауылда, «Кеңащыда» он бір жыл тұрдым ғой. Алматыдан,

«Жұлдыз» журналынан келдім. Отыз үш жастамын, 1987 жылы. Бірер кітабым шыққан, ақын –жазушылар ортасында танылып қалған кезім. Айтыс, жыр, «Манасты» дүрілдетіп жүргенмін. Бәрі мадақтап жатқан кез. Жаспыз ғой, жұлдыз ауруымен аса қатты ауырмасам да, ескен желдей еркін көңілдің өзімізге байқалмайтын желігі де болған шығар-ау! Содан, ауылға, қарапайым халықтың ортасына көшіп келгенде, маған әуелде олардың өздері де, сөздері де, ой-өрістері де бір түрлі көрінді. Үйрене келе қарасам, шынында да Ләйлә тәтемнің айтқан шындығы тура келді. Өмір де, адамдар да керемет қызық қой! Бір жағынан, ауылдас ағайынмен аңқылдап табысып, арқа-жарқа араласып, дастархандас, дәмдес болып жүрдік. Екінші жағынан, алғашқы кезде олардың кейбір қылықтарына, ұғымдарына ашынып, әдебиет биігінен аямай сынап та алатынмын. Сыйлағандары шығар, ешкім бетіме келмейді. Сөйтіп жүргенде, тура 1990 жылы, бірінші маусым күні, отыз алты жасқа қараған шағымда арақ-шарапты қойып, тәубеме келіп, имандылық жолына түскеннен кейін, әлгі кісілерді түсінуге тырыстым. Сөйтсем, жерлестерім адамгершілігі мол, өздерінің принциптері, ар-намысы бар, отбасымен, бала-шағасымен, ағайын-туысымен, ауыл –аймағымен сыйластық қарым-қатынаста, қарапайым адамшылық қалыпта өмір сүріп жатқан жақсы адамдар екен! Олар да ән салғанды жақсы көреді. Өмірдің бағасын түсінеді, әр нәрседен хабарлары бар, білмегеніне тағы да дау жоқ. Жайшылықта қылжақтасып, бір-бірін әзілмен іліп-қағып жүрген жайбасарлау жандар әлдебір қуаныш тойда немесе қайғылы қазада бір кісідей жұмыла кетіп, бір-біріне қалтқысыз көңілмен көмектесіп, жанашырлық танытады. Сол қарапайым халықтың ортасындағы өмір маған көп нәрсені үйретті. Қиындықты да, қызықты да, жақсыны да, жаманды да елмен бірге көрдім. Он бір жылдан кейін, ата-анамды атқарып, Кеңащыдан Көкшетауға көшкенде, барлық ауылдастарыма шын риза көңілмен алғыс айтып, қимай-қимай жылап қоштастым! Өмір деген шексіз айдын, шексіз дүние. Әр өмір қайталанбайды, әр адамның өз жолы бар, өз қалпы бар. Ал енді оған екінші біреу: «Сен неге бұлай өмір сүресің? Сен неге былай өмір сүрмейсің?» – деп мән үйретуге қандай хақысы бар? Ақырын-ақырын ақылға салып, осыған көзім жетті. Мен адамдарды кінәлауды қойып, оларды

түсінуге айналдым. Оларды айыптауды қойып, ақтауға тырысатын
болдым.
Нобель сыйлығының лауреаты, француздың атақты жазушысы
Альбер Камю совет елінің жазушыларына бірде: «Сіздің әдебиет

адамдарды прокурор сияқты айыптайды, ал әдебиет адамның
ақтаушысы – адвокаты емес пе?» деген мағынада пікір айтыпты.
Не деген терең сөз! Адам бұл өмірде адасады, қиналады, құлайды,
күйзеледі, тіпті, күйрейді керек десеңіз. Ақын, жазушы, шын

мәніндегі гуманистік көркем әдебиет оны қолтығынан сүйеп, демеп,
ақтап, көтеру керек қой!
Шалқар теңіздей шалқыған Шалкиіз жырау Би Темірге:
Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі Бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдында жасапты!» – деген ғой!

Дүлділ Нартай Бегежанов:
«Уілдеген сәбиге,
Жаялық қылдым өлеңді,
Дірілдеген кәріге,

Таяныш қылдым өлеңді!» – дегенде де әдебиет, өнердің осындай
адамгершілік миссиясын айтып тұр емес пе?
Ойлап қарасаңыз, құдай тағала керемет кең пейілді, мейірімді,
кешірімшіл ғой! Адамдарды неше түрлі күнәсі үшін қолма-қол

жазалап, құртып, жойып, жатқан жоқ. «Ал, не істейсің? Көр мына
өмірді, сүр дәуренді, тек қана шектен шықпа!» – деп сабырмен
қарап тұрған сияқты.
Демек, біреуді жөндегенше, өзіңді жөнде! Адамдарды айыптама,

оларды түсінуге тырыс. Өмір деген өте қиын нәрсе, адамды сан
тарау жолға салады. Неше түрлі ауыртпалықты артады, неше түрлі
мәселені алдына тартады.
«Будьте добры, потому что каждый, кого вы встречаете, ведет

тяжелую битву! – Мейірімді болыңыз, өйткені сізге кездескен әрбір
адам ауыр шайқас жүргізуде!» – дейді Сократ.
Қанша қиындық, қызық көрсе де адамдық қалпын сақтап қалған,
өзінің қарапайым жолынан адаспаған кісілерге қалайша анаусың,

мынаусың деп кінә тағамыз? Бала-шағасын асырау үшін күні-түні

еңбек етіп жүрген кісілерге ананы оқымадың, мынаны білмейсің
деуге аузың бара ма? Талай дүниені оқып, бірақ жан дүниесін
тазарта алмаған пасық, қулық-сұмдыққа бейім оқыған залымдар
толып жатыр ғой.

Ал халықтың адамдық өлшемі мүлдем басқа секілді. Әйтпесе,
осы күні оқыған, зиялы деген адамдар бір-біріне ауыр кінә тағып,
өршелене сынап-мінеп, үкім шығарып, тж, қж, орысқұл, қытайқұл,
арабқұл, тағы басқа да лақап ат қойып, улы сөзбен аяусыз атқылап

жатыр. Сөзбен атқылаған оқпен атқылағанмен бірдей. Кейде одан
да жаман шығар. Адам баласы жүрегіне оқ болып тиген улы сөзді
кешірмейді. Ол атқан адамның өзіне қайтады.
Ой таразысына салып көрсеңіз, өмір ақылға сыймайды. Бір

адамның өлшем қалпына сыймайды. Біреуге біреу төреші емес.
Жастар шыншыл, әсіре талапшыл – максималист, өзгенің мінін
көргіш болады.
Ал бірақ, өмірді жөндеймін десең, алдымен өзіңді жөнде деген.

Әркім өзінің өмірін, көңілін жөндесе, тазартса, дүние тазарады
деген үлкен ұғым бар.
Сәлем
«Сәлем – сөздің анасы!» – дейді атам қазақ.

Дұрыс сәлем беру – әдептіліктің белгісі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаху ғалейхи уа
сәлләм кездескен адамға жасы үлкен, кіші демей, бірінші сәлем
береді екен! Кішіпейілдіктің, кісіні сыйлаудың үлгісі!

Осы күнгі адамдар көбінесе біріне-бірі алыстан қарап, кекірейіп
тұрады ғой. Бірінші болып амандаспайды! Бірінші сәлем берсе,
кішірейіп, тағынан түсіп қалатындай көреді-ау?!
«Неге маған ол сәлем бермейді? Ол сәлем бермеген соң, мен де

сәлемдеспедім!» – деп өкпелеп қоятындар да бар!
Қазақтың ғана емес, жалпы адамның мінезі! Қызық!
Әй, бәлкім ол сені байқамаған шығар? Сен көріп тұрсаң, бірінші
болып неге сәлем бермейсің? Бірдемең кете ме?

«Ассалаумағалейкум! Уағалейкумассалам!» – деп, адамдардың
жарқырап амандасқаны қандай жақсы!
Адамшылық қарым-қатынас сәлемнен басталады!

Бірінші сәлем беріңіз! Бұл адамшылықтың, жарасымның бірінші
қадамы!
Құшақтасу
Осы күні қазақтың жасы бар, үлкені бар, кездесе қалса, бір-

бірімен қос қолдап амандасады, ол аздай құшақтаса кетеді. Бұл
құшақтасу қажет пе, жоқ па, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ал
қазір, неше түрлі жұқпалы аурулар өршіп тұрған уақытта қол
алысып амандасудың өзі қауіпті. Қолымызды төсімізге қойып, шын

жүректен сәлем берсек, сол жарасып тұр емес пе? Ал енді жөнді,
жөнсіз бас салып құшақтаса кету, бір-бірінің арқасынан, иығынан
қағып, жабыса қалу деген – ұнамсыз әдет. Әсіресе ер мен әйелдің
құшақтасып, төс қағысып жатқандары мүлде ерсі. Кейде тойға бара

қалсаңыз, неше түрліні көресіз. Әйелдер шаштарын жасап, бояп,
қатырып, үсті-бастарын опалап, тәуір көйлектерін киіп келеді. Оны
бір апамыз келеді де, құшақтап алып, қайқайтып тұрып, бетінен
шолп-шолп етікізіп сүйеді. Бетінде помаданың ізі қалады, киімге

де жұғып қалады. Тіпті кейде өзімізді де апаларымыз құшақтап,
жарты бетіңді аузына сыйғызып, шолп-шолп сүйіп жатады.
Сырттан қарағанда да жараспайды. Бетіңе помадасы, кәстөміңе
пудрасы жұғып қалады. Соны тазалап әлек болып жүргенің. Бұл

қаншалықты мәдениетті, қаншалықты әдепті? Қаншалықты шын
жүректен құшақтап жатырмыз? Осыны бір ойланып, ізге салсақ.
Баяғыда Шакья Муни – Сиддхарта Гаутама \кейін Буддаға
айналған.\ шәкірттерімен өздерінің асана – позаларында үндемей

отырып, бір кезде қолын жүрегіне тақап, содан кейін алдына,
көпшілікке қарай созыпты. «Бұдан нені түсіндіңдер? Бұл қимылым
нені білдіреді?! – деп сұрайды шәкірттерінен. Ешкім жауап таба
алмапты. Ол жігіттердің ішінде бір білімдар қария бар екен, сол:

«Бұл белгіңіз жүректен жүрекке- от сердца к сердцу дегеніңіз емес
пе?!» деп жауап беріпті. Міне, қандай керемет! Бала күнімізде
көргенбіз, біздің ауылда да солай болатын. Жастар үлкен кісілер
отырған жерге кіргенде, қолымен кеудесін, жүрек тұсын басып,

басын сәл иіп: «Ассалаумағалейкум!» – деп, жалпы сәлем беретін.
Үлкендер де қолымен кеудесін басып: «Уағалейкумассалам!» –
деп сәлемін алатын. Қандай әдемі, жарасып тұратын! Жарбаңдап,

жалбақтап, құшақтасып жатпайтын. Ал қазір тамақ ішіп отырған адамдардың үстіне келген кісі дастарханды жағалай қол беріп шығады. Амалсыздан олар да қолын алады. «Кел, отыр!» – десе: «Қолымды жуып келейін!», – деп, шығып кетіп, қолын жуып келеді! Бұл қалай, ә!? Мен ешкімге міндет артып, бүйт-сүйт деп отырған жоқпын, барды айтып отырмын! Бірақ осындай жағдайларды өздерің ойлап көріңдерші. Әсіресе, қыздар бір-бірімен кездескенде, опа, далабын бұрқыратып, ауыздарынан сүйісіп, беттерімен үйкелесіп жатады. Ау, одан да жанағыдай жүректен жүрекке нұршуағымызды төксек болмай ма? Жоқ, кездескенде бір құшақтасса, енді тарайтын кезде тағы да өліпөшіп құшақтасып, шолпылдатып сүйісіп жатқандары. Әсіресе, арақшараптан ішіңкіреп алған кісілер тіпті айырылмайды. Кейде бетаузыңнан, үстібасыңнан дым қалмайды. Қаншалықты жарасымды, қаншалықты орынды осы? Пандемия, короновирус көп нәрсені үйреткен жоқ па? Бактерия, вирус, жұқпалы аурулардың бәрі де қол арқылы беріледі ғой! Адам ауруды бір-біріне қолымен әкеліп беретін болып тұр! Қол алысып амандасқанда қаншама бактериялар ауысады. Бірақ, оны қойдыра алмайсыз. Не істейсіз? Сізге біреу сәлемдесіп, қол береді, қолыңды алмаймын деп қалай айтасыз? Мүмкін, осы дәстүрдің жаңа заманға сай жаңаша бір жолдарын іздеп көрсек қайтеді? Негізі сәлемдесудің, қарсы алудың, амандасудың бір лайықты, сабырлы күйі болмай ма? Желпілдеп, ұшып қонып, жалп-жалп құшақтасып, салп-салп сүйісіп жатқанның өзі өте бір келеңсіз көрініс. Баяғы Кеңес үкіметі кезінде Москвадан келген хатшылар да, басқа басшылар да алдынан шығып қарсы алған біздің қазақтың жақсыларымен жұрттың көзінше сүйісіп жататын. Тіпті, бірбірін еріндерінен, ауыздарынан сүйетін. Соларға қарап отырып жиіркенуші едік. Жас болсақ та, арғы саяси жағын түсінбесек те, «бұл не сұмдық?! – деп, күйіп-пісетінбіз. Ал қазақтың ер жігіттері бір-бірінің бетінен сүймеген! Амандасқанда – қол алысып, төс қағысқан! Ол, әрине, ковид сияқты қауіпті вирустардан таза заманға жарасымды! Қазір ол да қатерлі сияқты. Әсіресе жиын, тойға барғанда байқау керек. Бір-бірімізбен қол алыспай-ақ, құшақтасып, сүйіспей-ақ, ыстық ықыласпен, шынайы көңіл, ақ тілекпен жарқырап амандасуға болады ғой!

Көз туралы Адам баласының көзінің көрмейтіні жоқ, көзінің түспейтін жері жоқ. Ол енді құдайдың адамға берген керемет сыйлығы. Жарық дүниені көру, айналадағы құбылысты көру, табиғатты көру, адамдарды көру қандай ғажап! Енді осы жерде айтатын біраз нәрсе бар. Мысалы, «адамның бетіне бақырая қарап сөйлеме» дейді атам қазақ. Ал енді бір кісілер «адамның бетіне, көзіне тік қарап сөйле!» – дейді. Осының қайсысы дұрыс? Бір кісілер бар, адамға сынай қарап отырады. Тесірейіп, көзімен жеп жіберердей болады. Оған бақырайып қарап отыра бермей, ұяты бар кісілер көзін аударып алып кетеді. Жүзін бұрады, бедірейіп отырмайды. Ал анау болса: «Менің көзім өткір ғой, мен оны жеңдім! Ол маған қарай алмады, көзін тайдырып әкетті!» – деп, одан сайын масайрайды. Ал, бірақ, адамға тесіле қарау, кісінің көзіне қадала қарау, сынай қарау деген ешқандай жақсылық емес. Бұл – бетпақтық, наглость, хамство, дөрекілік. Адам түгіл, иттің, аңның көзіне тік қарау – егес – вызов саналады екен. Мысалға, аюдың, қасқырдың, иттің көзіне тесірейіп қарасаңыз, ол ерегесіп, құтырып, сізге шабады екен. Ал адам адамға бақырайып қалай қарайды? Расында да, мысалы, біреуді көзімен тінтіп, сенің ар жағыңда не бар дегендей тесіліп сынайтын адамдар болады. Ол не соншама? Адамның жаны жұмбақ, көзіңді қадап, бақырайып, он жерден тесірейсең де, сен оның жұмбағына жете алмайсың. Бұл – әдепсіздік! Міне, осындай әдепсіздіктен аулақ болыңдар, балдарым! Адамға тесірейе қарау, өңменінен өткізіп қарау – жақсы емес. Адамды «жылы жүзді, көзі нұрлы, жанары жұмсақ, иман жүзді» деп қазақ сүйініп айтады. Жүзінен адамшылық нұры, имандылық нұры төгіліп тұрған адам қандай жақсы! Қарасаң сүйінесің, сөйлессең сүйсінесің. Міне, саналы жандар негізінен осылай ойлайтын шығар! Ал енді адамға тесірейіп қарау немесе ащы сөзбен бетін тіліп, өткір сөйлеу – мұның барлығы тәрбиесіздік, көргенсіздік, имансыздық. Аталарымыз айтып кеткен ән бар – «Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз» дейді. Осыны кейбір әншілер «Көз салған көрінгенге

көңіл арсыз» – деп, бұзып айтады. Көз салған дегенің көз түскен ғой. Көз қайда түспейді, көзді қайда салмайды адам? Әңгіме онда емес, әңгіме «көз сүзгенде»! Көз сүзу деген мүлдем басқа мағына береді, міне, осының айырмасын түсініп алыңыздар. Мәшһүр Жүсіп атамыз жарықтық айтады: «Көз соңынаң көңілді ергізбей бақ!» дейді. Демек, көрінгенге көз сүзіп, көз сүзгеннің барлығына елігіп, қызығып, соның соңынан көңіліңді ергізіп, ой-санаңды соған жығып беріп, соның артынан кетуге болмайды деген сөз! Бұл қазіргі заманда тіпті айтылуы керек нәрсе. Еріктілік пен жауапкершілік Өмір ешқандай қағидаға, қалыпқа сыймайды. Тіпті, ақылға да сия бермейді. Тарихта адамзатқа үлгі болатын қандай да бір даналық жүйелер жасалса да, өмірдің асау, тынымсыз ағыны оларды бұзып отырған. Өйткені адам баласы тек ақылмен ғана өмір сүрмейді ғой. Эмоциямен, сезіммен, жанның әрі тәннің қалауымен өмір сүреді. Нәпсі билейді адамды кейде. Өмір осымен де, бәлкім, қызық та, қиын да. Мейлінше еркін өмір сүруді насихаттаған Америка мен батыстың өзі де ақырында азып – тозуға айналып: «Уму не постижимо! Этот безумный, безумный мир! – Ақылға сыймайтын, ессіз, жынданған өмір!» – деп, торығып, түңілген ғой! Дегенмен, адамға өзінің басын неше түрлі қағидаттармен, ойлармен, үлгі-насихат сөздермен толтыра берудің қажеті бар ма? «Үйтуге болмайды екен, бүйтуге болады екен!» – деп, өмір құбылыстарын бір тәртіпке бағындырып, қатырып тастауға адамның жаны көне ме? Жас арын, жас көңіл қағидаттарға бағына ма? Немістің ұлы ақыны Гете теорияны қасаң деп танып, өмірдің жасыл ағашы жапырағын жайып, гүлдеп тұратынына назар аударған. Сондықтан да жастарға көп ақыл айта беру қажет пе? Әрине, жасымыз үлкен болған соң, білгенімізді айтпай тұрмаймыз. Бізге үлкендер солай айтқан. Жастардың ойында қалып, көңіліне қонатыны болар. Керегін алыңыз, бірақ, өз өміріңізді өзіңіз ақылмен құрсап, «бүйту керек, сөйту керек» деп, шеңберлеп, шектеп тастамаңыз! Дүние шексіз, барлық жақсылықтарынан үйреніңіз. Дүниеге сүйсініңіз, жұлдызды аспанға қараңыз, шексіз көкжиекке, мұхитқа

көз жіберіңіз, қиялыңызда орман, тоғайды аралаңыз, асқар тауларға шығыңыз! Дүние қалай керемет жаралған! «Красота есть во всем, но не всем дано это видеть. – Барлық нәрседе сұлулық бар, бірақ оны көру бәріне бірдей бұйырмаған». – дейді Конфуций. Жүрегіңе сыйғыза алсаң болғаны, Күллі ғалам саған сыйға берілген! Баянғали Әлімжанов. Махаббатпен қарасаңыз, бұл дүние ғажап – ізгі сезіміңізді оятады! Адам ойсыз өмір сүре алмайды. Адамның адамшылығы да ой санасында! Ойсыздық қауіпті, бірақ бір жақты ойшылдық одан да қауіпті! Кез-келген құбылысты жан-жақты қарап, сараласаңыз ғана түсінесіз. Бір жағынан ғана көріп, бір қырынан ғана қарап, «анау андай, мынау мындай», – деп асығыс қорытынды жасау – үлкен қателік. Демек, адам ақыл, санасына жүгінеді, өзін-өзі тежейді, кейде өзіне-өзі тыйым салуға тура келеді. Тыйым салмасаңыз, өзіңіздің барлық құштарлығыңызды, құмарлығыңызды іске асырамын, соған еремін, рахатын кешемін десеңіз, жардан жығылуыңыз оп-оңай. Дао философиясының мына бір ойларын да назар аударып көрйік. - Өмірден нені қалайсың? – деген сұраққа зиялы даос – просветленный даос былай деп жауап берген екен: – Азат өмір сүрсем болды. Құлағыма -қалағанын тыңдауға, көзімеқалағанын көруге, мұрынымақалағанын иіскеуге, аузымақалағанын айтуға, денеме – қалауынша қозғалып, демалуға, ақылыма – қалағанын ойлауға ерік бергім келеді! Ал, саралап қарасаңыз, осының жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Азаттық – ғажап, бірақ шексіз азаттық қатерлі емес пе? Еркіндік – керемет, бірақ, ессіз, шексіз еркіндік адамның өзіне де, елге де қауіпті шығар. Мәшһүр Жүсіп атамыз: Жаяулат, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ, Міне қалса, жортқызып желгізбей бақ. Өзін-өзі бағуға көп әл керек. Көз соңынан көңілді ергізбей бақ! –деп жазады.

Мұнда терең ой жатыр. Бір нәрсеге құмарланып, нәпсіге еріп кете беру – өте қауіпті! Осы күні көптеген мотивациялық кітаптар, еңбектер шығып жатыр. Әсіресе шетелдіктер көп ұсынады. Біздің қазақ балалары соны оқып жатыр ма, жоқ па, оны білмеймін. «Қалай өмір сүру керек, қайтсеңіз бақытты боласыз?» деген сипаттағы неше түрлі кітаптар шығып жатыр және оның көпшілігінде пайдалы нәрселер аз емес. Сонымен бірге, кейде қауіпті жағдайлар да бар. Мысалы «хочу делаю –қалағанымды істеймін» – деген үлгіні ұсынатыны да кездеседі. Ойыңа келгенді істе, аузыңа келгенді айт, өзіңді ірікпе, тежеме, сезімге ерік бер деген тұжырым – установкалар бар. Солар адамды психологиялық жағынан билеп алып, өзінің айтқанымен жүргізуді көздейтін сияқты.Тіпті, кейде маған солар жастардың санасына әдейі жіберілген нұсқау, бұйрық секілді көрінеді. Ал сонда, мысалы, сіз біреуді ұрғыңыз келді, ойыңызға келгенді тежемедіңіз, бардыңыз да ұрдыңыз! Енді не болды? Аяғы не болмақ? Немесе сіз сөз бостандығы деген осы екен деп, біреуді балағаттап, боқтағыңыз келді де, өзіңізге тыйым салмай, балағаттап, боқтадыңыз. Одан не таптыңыз? Ол да сізге қарсы сондай сөз айтады. Мысалға, наша тартқыңыз келді, арақ ішуге құмар болдыңыз делік... Тағы да өзіңізді тежемей, қалағаныңызды істеймін деп, наша тарттыңыз, ішімдік іштіңіз делік, оның ақыры неге соғады? Осы күні: «Жалаңаштық деген адамның табиғи қалпы! Сондықтан, қай жерде болса да ешкімнен қымсынбай, шешіне беріңдер! Адамның денесі – сұлу! Ал сұлулыққа сүйсініп, оны жұртқа көрсетуден ұялмаңдар! Бұл – өркениеттің жетістігі!» – деп, батыстан да, мұхиттың арғы жағынан да бізге жат идеялар құйыны соғып тұр. Мен бір жолы Алматыдан Астанаға дейін пойызға міндім. Жанымда бес-алты жасар немерем Нұрмұхамед бар. Купеге кірсек, екі адам отыр. Француздар екен. Жас жігіт пен әдемі қыз. Орналасқаннан кейін таныстық. Жігіт француз елшілігінде қызмет істейді екен. Қызды қарындасым деді. Орысша біледі екен. Французбын деген соң, мен аңқылдап, француздың ақынжазушылары туралы әңгіме айтып,, екеуміз қауқылдасып қалдық. Бір кезде киім ауыстырамыз деген соң, біз шығып тұрдық. Олардың орыны астыңғы полкада, біздікі үстінде болатын. Біраз уақыттан соң қайта кірсек, ағасы бір жағында отыр. Ал қарындасы екінші жақта... Адам жағажайда күнге күйдірініп жатады ғой, тура солай

жатыр. Кеудесінде екі елі бірдемесі, бұтында екі елі лыпасы бар. Былайша айтқанда, «пашти» тыржалаңаш! Бір журналды қарап, шалқасынан, екі аяғын екі жаққа керіп тастап жатыр. Мен сол кезде алпыстан асып кеткен кезім. Не дерімді білмедім! Анау ағасы, мынау қарындасы...Міне, «что хочешь, то и делай – қалағаныңды істе, өзіңді өзің тежеме, жалаңаштық ұят емес!» – деген ұстанымдары! Немеремнен ұялдым! Бала болса да, ол да менен ұялды-ау! Әлгіні көріп, ашуланып, теріс қарады! Сосын үстіңгі полкаға шығып кетіп, орнымызға жаттық. Ал шетелдік өркениет өкілі селт етер емес! Тым болмаса, простынямен жабылсайшы... Франция дейміз, өркениетті ел дейміз...Халықтардың азаттық, достық, теңдік идеясын көтерген озық ел дейміз... Сондағы жеткен жерлері осы ма? Қатты ойландым: «Біз неге бұларды мадақтап, әдебиетін, мәдениетін керемет санаймыз? Мынау ма жеткен жерлері? Туған ағасынан ұялмай, жалаңаш жатқан бетпақтан біздің ұяты бар, иманды, ибалы қыздарымыз мың есе артық қой!» Ширығып, жан дүнием сілкінді. Кинодан көріп жүрміз ғой, бірақ қоғамдық орында, көзіңмен көрген бір басқа болады екен. Қазақстанның, мұсылман қазақ елінің пойызы. Бір купеде ақсақал ата мен отырмын. Кішкентай бала бар. Қасында туған ағасы отыр. Жоқ, француздың қызына бәрібір – шешініп тастап, шалқасынан жатыр. Міне, осыны да көрдік. Бұл европалық құндылық біздің жастарға не үлгі береді? «Бақытты болудың жолы осы! Ұялма, қиналма, өзіңді-өзің тежеме! Шешінгің келді ме, шешін, секіргің келді ме секір, өртегің келді ме өрте!» – деген сияқты еркіндікті өнеге қыла ма? Жоқ, адамның бейәдеп қылықтарына біздің елімізде заң жүзінде тыйым салынуы керек! Және, әр адамды иманы, ар-ұяты, көргенділігі әдепсіз қылықтардан тежеп тұру керек! Қалай болғанда да, адам өзінөзі бетімен жібермеуге тиіс! Сондықтан да әлгі мотивациялық, пайдалы деген кітаптардың өзінде де осындай ойланатын тұстары көп. Біздің қазақта да қазір мотивациялық кітаптар шығып жатыр. Жаман емес, бірақ кештеу қалдық. Ештен кеш жақсы деген, кеш болса да шықсын. Әйтпесе, басқа халықтар көптеген жылдар бойы өздерінің құндылықтарын насихаттап, өмір жолы туралы, қалай жүру керектігі туралы ақыл –кеңестерін аямай айтып, жазып келед. Олардың кітаптары тіршілікке, тұрмысқа жақын, нақты практикалық мазмұны бар қызықты дүниелер болып шығады. Біздің авторлар

көбіне қызыл сөзбен жалпылама ойға, діни уағызға кетіп қалады. Абстарктілі нәрселерге, әсіре әңгімелерге, уағыз бен аңызға тым қатты мән береді, оны көпшілік тез түсіне алмайды, нақты өмірде қолдана алмайды Ал шетелдіктер шегелеп, нақты, дәл мысалдарды көрсете отырып, адам психикасына негіздеп айтады. Бұл бізге жаңадан келіп жатыр. Әрине, орысша оқымайтын, орыс тілі арқылы басқа елдерді оқымайтын жандарға өзіміздің қаламгерлердің әр жерден үзіп-жұлып, жазып бергендері жаңалық болып та көрінер, бәлкім. Бір жағынан, соның өзі де әжептәуір бірдеме үйретер деп үміттенгің келеді. Екінші жағынан соны көріп отырып, жаным ашиды, жаным ауырады! Сонда біздің балаларымыз әлі күнге дейін осындай деңгейде жүргені ме? Тіпті, аннан-мыннан құрап-сұрап берген нәрселерге құлап түсіп, айтылып жатқан ойлардың, идеялардың жақсы-жаманын айырмайтын, оңы мен солын танымайтын болғаны ма? Міне, бұл да көңіл аударатын қиын сұрақтар. Демек, қалай болғанда да адамға өз өмір жолын таңдап, табу – оңай емес. Өмір жолында адамның еріктілігі мен жауапкершілігі үйлесім табуы керек шығар. Бұл тағы да имандылық, көргенділік деген әңгімелерге келіп тіреледі. «Қайтсем де табысқа жетемін, қалай болғанда да өмірдің қызығын көремін! Мен тек қана өзімнің қалауымды орындап, қалай болғанда да өзімнің құмарлығымды, тілегімді қанағаттандыруым керек!» – деген ғана мақсат адамшылықтан айыратын нәрсе. Сіз өзіңізге – өзіңіз «осыным қалай?!» – деп, ой-көзіңізбен қарасаңыз, артық болмайды. Бұл – әр адамның өзі шешетін сұрақ. Біздікі ой салу ғана. Қалай болғанда да, адамның адамгершілігі, сана – сезімі жеңуі керек шығар! Жастық арын Жастар жалынды болады, оларда ақылдан гөрі арын басым. Ол жақсы. Жалындап жанып, арындап алға ұмтылу үлкен мақсаттарға жеткізеді. Болашақ содан басталады. Жігерлілік жеңіс биігіне шығаруы мүмкін. Бірақ, жарға да жығуы мүмкін. Осыған сақ болыңдар.

Бәрін өзім білемін, өзім айттым, өзім кестім, өзім шештім деп отқа, суға қойып кетуге болмайды. Не нәрсені болса да, ақылға салып, таразылап, өлшеп, пішіп, жобалап, жоспарлап істеу керек. Бұл әсіресе мемлекет қызметіндегі жастарға, кәсіпкер – бизнесмен жастарға ауадай қажет. Өмірде де солай. Әрине, біз де жас болдық, біздің де артық кеткен, кем түскен жерлеріміз аз емес. Соның барлығын ағаларымыз сабырмен кешіріп қарайтын, арқамыздан қағатын, алақанына салатын. Қазір біз де сол үлкендердің жасына келдік. Енді жастарға ақыл-кеңес беретін кезіміз. Жастардың алды, артын ойлап жүргені жақсы болады. Бәрін өзім білемін, өз биігімде тұрмын деген қиын нәрсе. Әсіресе, үлкенннің сөзін бөлу, сөзін жерге тастау, тіпті қарсы келу, бетінен алу секілді жағдайлар осы күнгі жастарда кездесіп жатады. Сондайдан сақ болыңыздар. Жалындап тұрған жастардың қалтырап тұрған кәріні көзіне ілгісі келмей: «Қойшы оны, ол біткен адам! Онда не қалды дейсің енді?! Неменеге тыңдаймыз, мұны өзіміз де білеміз ғой!» – - деп ойлауы мүмкін. Қарт адамдар, әрине, білгесін айтады, бірақ, кейде бір айтқанын қайталап тағы айтатын шығар, сөзді көбейтіп жіберетіні де бар шығар. Дегенмен, соның бәрін тыңдап, керегін теріп, қабылдап ала білу керек. Жастардың артықшылығы – өмір жолы әлі алдында жатыр. Олар болашақ. Ал бірақ: «Қарияларды қойшы, олар өткен шақ, бітті, қалды!» – деуге бола ма? Қариялар болмаса жастар болмас еді, солай емес пе? Ұрпақ жалғастығы деген осы. Және қариялардың бір артықшылығы бар – олар ұзақ өмір жолынан өтті, асарын асап, жасарын жасап, мол тәжірибе жинады. Жас адамдар сол қарияның жүрген жолындай ұзақ жолды жүріп өте ме, жоқ па – белгісіз, қарияның жасаған жасына жете ме, жоқ па – ол да белгісіз. Ойласаңыз, әр нәрсенің өз орны, реті бар – құдай тағала өмірді керемет қызық етіп жаратқан. Мұны да ойлаған мақұл болады. Алдыңызда тұрған қария да жас болды, ол да өз уағында жалындап тұрды. Ертен сенің де жасың ұлғайып, осы ақсақалдық жолға келесің, соған жазсын. Міне, сондықтан арындай бермей, өмірді таразылап, ақылға салып тұрсаң, артықшылығы болмайды.

Құмарлық Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мен да адаммын, ас ішемін!» – деген. Расул алла осылайша өзінің адамның баласы екенін зор кішіпейілділікпен атап айтып тұрғанда, басқа адамдарға асқақтаудың не жөні бар?! Абай атамыз да: «Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен!» – демеп пе еді?! Карл Маркс «Ничто человеческое не чуждо мне! – Адамға тән нәрсенің бәрі маған да тән!» – деген. Бұл жалпы адам баласына қатысты сөз. Жақсы, жаман табиғи тілек, тәннің құмарлығы, жанның қалауы – бәрі де адам баласына ортақ қасиеттер. Бірақ, соның ішінде қайсысына адам мән беріп, қайсысына ден қояды – міне әңгіме осында болса керек. Яғни, жақсы ойлар ойлап, жақсы сезімдерге беріліп, жақсы істерге ұмтылу, талап қылу – адамның адамдығын айқындайтын осы болса керек. Әйтпесе, адам нәпсісін, ғылым тілінде подсознательное, инстинкт, рефлекс дейміз бе, еркіне қоя берсе, қаламайтыны болмайды ғой. Әр нәрсеге құмарлық болады адамда. Соның барлығы, тағы да айналып келгенде, құдайдан келген шектен шықпа деген даналыққа барып тіреледі. Не нәрсеге, қандай құмартсаңдар да, шектен шықпаңдар, әр нәрсе дәмімен дегенді ұмытпаңдар! Ал енді тіпті дәмін көрмей-ақ қоятын нәрселер болады. Кейде шексіз құмарлық адамды жарға жығады. Адам бір нәрсеге құмар болып, соңына түссе, басқа дүниені ұмытып кетеді. Егер де ол жақсы бір құмарлық болса, білімге, ғылымға құмарлық болса жақсы. Әбден ғылымға берілген, үлкен ғылыми жаңалықтар ашып, адамзатқа үлкен пайда келтірген, игілік жасаған ғалымдар болған тарихта. Бұлар ардақты есімдер! Өйткені, еңбегі бүкіл адам баласының қажетіне, игілігіне жарады. Енді құмарлықтың екінші жаман жағы болады. Мысалы, ішімдікке немесе нашаға құмарлық, құмар ойындарға құмарлық, арзан, оңай пайда табуға құмарлық деген сияқты. Мұның барлығы адамдарға белгілі десек те, кейбір нәрселерге назар аударуды жөн көрдім. Бұл құмарлық – азарт, дәмін татқан адамның кейде тоқтауы қиын болып қалады. Сондықтан сондай қатерлі, дертке айналатын құмарлықтарға кіріспегендерің жақсы,

атам қазақ айтқандай, «жаман жерді баспаңдар». Мысалы, құмар ойындардың ең оңай, арзан, көп тараған түрі – қарт \ карта\ ойнау. Қарт ойнау – кейде уақыт өткізетін ермек, қызық ойын. Ақша тігіп емес, жәй қызыққа ойнайтын қарт ойындары бар. Тіпті, қарт ойнау – адамның есептеу қабілетін де жетілдіреді. Қарттың жүрісін тез есептеп, барлығын ойлап отырудың өзі адамның математикалық қабілетін, ойлау жүйесін жетілдіруге, қалыптастыруға алғашқы кездерде жақсы әсер етеді. Бірақ, қалыптасып, үйреніп кеткесін ол бір механикалық машыққа, қалыпқа айналады. Бұл әсіресе ауыл адамдарының арасында көп тараған. Ауылдарда уақыт өткізу үшін, ермек қылып, қарт соғып жіберейік дейтін әдет бар. Бір-бірінің үйіне қонаққа барғанда да, ас піскенше кел, бір дорақты – дуракты соғып жіберейік дейді. Құмарланып, шаттанып, қиқулап ойнайды. Бірбірін қағытып, қалжындап ойнайды. Бұл бір демалыс. Шаршаған кісілердің көңілін көтеріп, психикалық разрядка беріп, босаңсытып, рахаттандыратын пайдалы ойын, оны аса қатты айыптап, тыйым салудың еш қажеті жоқ. Ал енді ақша тігіп ойнай бастаған кезде, мұның бәрі бұзылады. Бұған баспағандарыңыз жөн. Біздің ауыл адамдарының, жалпы, бұқара халықтың арасында кең тараған қарт ойынын бура дейді. Преферанс, кинг,покер деген де ойындар таралған. Тағы басқа да күліс, тринко, ази дейтін ұсақтүйек ойындарды, азғантай ақша салып, ойнайды. Соның соңына түсіп, салынып жатқан ешкім жоқ. 5-10 теңгесімен ойнап, бірбірін қағытып, ұтып алып, мәз болып, ертен ұтылып деген сияқты, ойнайтын сәттері бар. Бұл – таралған ойын. Ермек қылып, көңіл көтеріп, дуылдасып жатады. Біз де бір кезде ермек қылып, осылай ойнадық Оны да айыптап, кінәлап, тыйым салудың қажеті бар деп ойламаймын, бірақ аса ұнамды да жағдай емес. Өйткені, қыза-қыза келгенде қызығып, құмартып, соңына түсіп кету қаупі бар. «Құмар ойыны араларыңа араздық салады» – деген пайғамбарымыздың хадисі де бар, аталарымыздың насихат сөздері де бар. Бұл адамдарды араздастыратын, жауластыратын, керек десең үлкен опық жегізетін дүние. Бала күнімде, туып-өскен Степняк қаласында бір дүкенге бардым. Сол дүкенде тұрған орыс-қазағы бар әйелдердің әңгімесі есімде қалып қойыпты. Мен нанның кезегінде тұрып, әлгілердің әңгімесін еріксіз естіп тұрмын. Жағаларын ұстап, іштерін тартып,

сыбырлап қана айтады. Менің бала күнім қайда, 1960-шы жылдар. Совет үкіметінің дүрілдеп тұрған кезі. Партия, Советтің заңы қатты. Сол кездің өзінде болған оқиға. «Ойбай, анау баласы..». – дейді. «Қартқа ұтқызып жіберіпті!» – деп, одан сайын шошына сыбырлап, беттерін шымшып, еріндерін сылп еткізеді. Ол сұмдық сөз ғой, есімде қалып қойыпты. «Сын мать проиграл! В карты проиграл!» – деді, мағынасын ұқтым – баласы шешесін қартқа ұтқызып жіберіпті. Жобасы – орыс немесе сол тектестер, анық қазақ емес. Сонда шешесін қартқа тіккен ғой баласы! Ойнап отырып, ұтылған да, шешесін сол жерге алып келген. Шешесіне айтпаған ғой! Қалай, қайда апарғанын анық ұқпадым. Түсінгенім, есімде қалғаны – бәлкім, далада ойнап отырды ма екен, ағаштың ішінде ме, сайда ма, – әйтеуір табиғат аясында, елден аулақ жерде болған оқиға. Содан, анасын қартқа тігіп, анау ойнаған ғой жанағы. Оны шешесі бұл жерге өзін неге әкелгенін, баласы қартқа ұтқызып жібергенін сезіп, аналар қарттың құмарына беріліп, қиқуласып, қарттың қызығына кіріп жатқанда, ақырын қашады. Қашқанда қалай қашқан? Оқиғаны айтқан орыс әйелдің дауысы әлі құлағымда: «Она вот так, ползком, ползком... тихо уходила» деп сөйдейді. Қарт соғып, аналар айғайласып жатқанда, ақырын, еңбектеп, еңбектеп, шөптің арасымен, сайдың тасасымен ақырын қашып құтылған ғой! Мінекей, қандай сұмдық! Құтылмаса не болар еді сонда, мысалы? Ұтқандары шешесін өлтіріп тастай ма, алып кете ме, кім білсін? Ол жерден қашып құтылған шығар, ал енді ары қарай не болды, ондай баласымен қалай өмір сүрді, ол жағы белгісіз. Осы әңгімені естігенде, төбе шашым тік тұрған, есімде қалып қойыпты. Ал кейін талай адамдар қартқа отбасын салып жіберген деп естідік. Серттесіп ойнайды екен ғой. Құдай сақтасын, кейде қартқа бір адамның өмірін де тігеді екен! «Ұтылсаң, пәлен кісіні өлтіресің!» – дейді. Соған дейін барған. Осы күні көріп жүрміз, құмар ойнаудың жаңа түрлері, казино деген бәле шықты. Ана бір жылдары казиноның маңайынан өткеніміз бар. Сонда тізулі тұрған жап-жаңа машиналарды көрдік. «Мыналар – казиноға ұтылғандардың тастап кеткен машинасы!» – дейді білетіндер. Құмар ойнап, түгі қалмай ұтылып шығып, атылып өліп қалғандар туралы бұрын шетел әдебиетінен де оқығанбыз. Бүкіл байлығын,

бүкіл еңбегін қартқа тігіп жіберіп, казинода ұтылып қалғандарды да естігенбіз. Ал қазір ондай мол байлығы болмаса да, азды-көпті тапқан таянғанын, маңдай термен тапқан табысын құмар ойынға салып жатқандарды да көріп жүрміз. Мысалға, ойын автоматтарына барып, содан шықпай, барын ұтқызып жібергендерді де естіп жатамыз. Тіпті көріп те жүрміз. Қандай дыраудай қызметкерлер тапқан жалақысын үйіне әкелмей, сол құмар ойындарға ұтқызып жіберіп, сымпиып жүргендерін де естіп отырмыз. Мұндайдан аулақ болған жақсы. Ал енді нашаға үйрену деген бір сұмдық қой. Ол темекіге қосып шөп шегуден басталады да, келе-келе құмарланып, ары кетеді. Айта берсек, тіпті құмарлықтың түрі көп. Сондықтан адам болғаннан кейін, бір нәрсеге қызығу да заңды, оған қолын жеткізу де заңды, бірақ оның соңына түсіп кетуге болмайды. Дүниеде құмарлықтың түбіне жеткен ешкім жоқ. Ол опа бермейді. Қандай мықты азаматтардың ақырын бастап, арақтың құмарынан шыға алмай, күйіп кеткендерін де көріп жүрміз. Дер кезінде тоқтай білу, дәмімен тоқтап, шектен шықпау деген бұл жерде аса керек. Тіпті, мен жастарға айтарым сол – арақтың да, нашаның да, қарттың да, құмар ойынның да түкке керегі жоқ, түк пайдасы жоқ, ешқандай мағынасы жоқ нәрселер. Маңынан жүруге болмайды, татып көрудің де қажеті жоқ. Ал енді осы күні тағы бір құмарлықтың түрі шықты – оңай олжа табуға құмарлық. Бұл енді түсінікті: жемқорлар, ұрлық қылушылар тағы басқалар, коррупция дейміз ғой. Бұл құмарлық заңды жазасын алып жатыр. Енді құмарлықтың екінші бір түрі бар – қаржы пирамидаларына, тағы басқа нәрселерге алдану. Солар алдандық деп ертеңіне жар салады. Бұл қайдан шықты? Анау адамды алаяқтар алдай біледі, әлсіздігін біледі. Дәл қызығатын, құмарланатын жерін ұстап алады. Мысалы: «Міне, осынша ақша берсеңіз, мен сізге оңай, арзан үй алып беремін!» немесе: «Сіз осыншама ақша қойсаңыз, артыңыздан кісілер тіркесеңіз, бәленбай ақша сізге аударылып тұрады!» – дейді. Сонда анау адам ойлау керек қой: «Бұл неғылған батпан құйрық!» Батпан құйрықтың әңгімесін білмейтін жастардың есіне салайын. Бір түлкі келе жатса, айдалада дәу бір қойдың құйрығы жатыр дейді. Қарны ашып келе жатқан түлкі әлгіні жегісі келіп тұрады да, ойланады: «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада

тегіннен тегін жатқан құйрық?!» – дейді. Сөйтіп шегініп тұрады, сол кезде қасқыр келіп қалады. Қасқыр келіп, түлкіні жеймін десе, ол «мына құйрықты же!» – дейді. Қасқыр бас салғанда, сарт етіп қасқырдың аяғы қақпанға түседі. Аңшылар қақпан қойған екен. Қойдың құйрығы ұшып кетеді, түлкі қағып алып жеп қояды! Қасқыр қақпанда аяғы қан-қақсап, зар илеп қала береді. Аңшылар келіп, оны соғып алады! Бұл ертегі. Бірақ бұл сіздердің естеріңізде болсын! «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық!» деген сақтық сөз құлақтарыңызда жүрсін! Орыстар айтады: «Бесплатный сыр бывает только в мышеловке! – Тегін ірімшік тышқанды аулайтын аранда ғана болады!» – дейді. Кез – келген жағдайда, сізге біреу келіп: «Осындай ақша қоссаң, мен ертен пәлен мың есе қылып алып беремін!» – деген нәрседен сақтануыңыз керек қой. Ал жоқ, адамдар соған барады. Неге? Бұл да құмарлықтың бір түрі – арзан дүниеге, оңай олжаға құмарлық! Әзәзілдің азғырғанына еріп тұр. Азғырғанға азып тұр. Сөйтіп, оңай олжа таба қоямын, арзан нәрсе ала қоямын деп, отқа, суға қойып кетеді. Пәлен миллион ақшасын салып жібереді. Аузы күйіп, алданғаннан кейін: «Ойбай, мені алаяқтар алдап кетті! Менің ақшамды қайтарып алып беріңдер! Үкімет маған ақшамды қайтарсын!» – деп шулайды, көшеге шығады. Ау, ағайын, үкіметтің не қатысы бар оған? Кім кінәлі? Өзің кінәлісің! Сен өзің қарттың ойнына тіккен сияқты, ақшаңды нартәуекелмен конға – жерге салып жіберіп, желге ұшырып жібердің! Иә, қарт ойнағанда да солай ғой – екі кісі аңдысып, біреуі бір миллион десе, екіншісі үстіне екі миллион деп, бір-бірін қорқытып аламын деп, ақша лақтырып ойнайды ғой. Бұл да сол сияқты ғой, сізді кім мәжбүрледі оған? Сіз де өзіңіздің ішіңіздегі арзан олжаға құмарлыққа ердіңіз. Өзіңіздің әлсіздігіңіз сізді жетелеп әкеліп аранға түсірді. Осыны түсініңіз. Сондықтан, мұндай құмарлықтардан аулақ болған дұрыс. Далай-Ламаның мына дана сөзіне назар аударайықшы: «Сіздің қызыққан, құмар болған нәрсеңіз, бәлкім, сізге мүлде керек емес шығар!» Шынында да адам болған соң, белгілі бір нәрселерге қызығып, құмартасыз. Сол нәрсеге қол жеткізуге немесе қолыңызға түсіруге ынтығасыз. Тіпті, мақсат қойып, сол үшін кейде жанталасып, асығасыз, қалайда алғыңыз келеді. Ақыры қолыңыз жетті делік.

Одан кейін не болады? Өмірлік мұратыңыз орындала ма?
«Тек дене рахатының соңынан қууға ұялыңыз. Жан рахаты
қараңғыдағы жарқыраған күн іспетті сізді бақытты етер!» – деген
Мәулена – Жалаладдин Румидің нақыл сөзінің мәнін санамен

саралап көріңіз!
Иә, адам бір нәрсеге құмарланбай, ұмтылмай тұрмайды, қызықпай
қоймайды, ал бірақ соның өзінде де ақыл, иман, сабыр таразы болу
керек. Оңай олжа орға жығар! Құмарпаздық құртып тынар!

Жетінші бөлім
Пікір талас
Әр адамның өмірдегі құбылыс, оқиғаға өзіндік көзқарасы болуы
заңдылық.

Әр кім әр тұрғыдан қарайды, өз тұғырынан бағалайды.
Міне, осы жерде пікір алуандығы, ой талас, пікір алмасу деген
мәселе бар.
Біз пікір таластырып, пікір алмаса білеміз бе? Біреудің ойына

бойлай аламыз ба? Басқа адамды түсінуге тырысамыз ба? Біз
қаншалықты мәдениетті түрде пікірлесе аламыз?
Әлеуметтік желіні ашып қараңыз. Біреу басқаша ой айтты екен
деп ал, айғайлап, неше түрлі лақап ат таңып, жыртылып-айырылып,

қызыл кеңірдек, қырық пышақ болып қиқырып жатқан жағдайды
көреміз. Тіпті, айтып тұрғаны дұрыс болса да, қандай жиіркенішті
нәрсе! Біреу сіз сияқты емес, басқаша ойлайды екен, басқаша
бағалайды екен, ол оның өз еркі ғой!

Екіншіден, оның да бір себебі бар шығар. Мысалға, бір
құрылысты, үйді алайық. Сіз оның бір жағынан қарасаңыз, ол
бір күйде көрінеді. Екінші жағынан қарасаңыз, мүлде басқаша,
төбесінен қарасаңыз, тағы басқаша, подвалынан қарасаңыз, тіпті

басқаша болып көрінбей ме?! Жоқ, біз салтанатпен кіретін жағынан-
алдынан қарап аламыз да, осылай да осылай деп соғамыз. Ал екінші
біреу үйдің сыртынан қарап бағалап тұрған шығар!
«Распространенная ошибка – это думать, что только с твоей

колокольни видна вся правда. Глухой всегде считает, что те, кто
танцует, сумасшедшие. –Барлық шындық тек қана өз биігінен
көрінеді деп ойлау – кең таралған қателік. Саңырау кісі билеп
Дүниені уландырма, нұрландыр!

жүргендерді әрдайым жынды деп есептейді». – деген Будда даналығы да көп нәрсені аңғартса керек. Мына бір қарапайым мысалға назар аударайықшы. Баяғыда бір топ зағиб адам пілдің даңқын естіп: «Піл қандай екен? Ұстап көрсек бола ма?» – деп сұрапты. Содан, оларға пілді ұстатқан екен. Ұстап көрген соң, олардан: «Піл қандай екен?» – деп, сұрапты. Біреуі: «Піл деген үлкен баған – колонна сияқты екен!» – депті. Ол аяғын ұстаған екен. Екінші біреуі: «Жоқ, ол шұбатылып жатқан питон жылан сияқты бірдеме!» – депті, Ол тұмсығын ұстаған екен. Үшіншісі: «Жоқ, бұл қып-қысқа ғана арқан сияқты бірдеңе»» – депті. Ол құйрығын ұстаған екен. Сол сияқты, әлде бір құбылысты тұтас көрмесеңіз, бағалай алмасаңыз, басқа жағынан қараған кісілердің сөзіне де құлақ түрген абзал болар-ау! Демек, пікір алмасып, ойыңызды байытуыңыз керек қой! Жоқ, бізде пікірі басқаша болды ма, бітті. Онымен дауласып, жауласу керек, соққы беріп, тойтарып тастау керек! Бетін қайтарып, балағаттау керек. Біздің деніміз сау ма осы? Біздің ақыл – есіміз бүтін бе? Ойымыз кең, өреміз биік пе? Бұл қандай пікір талас? Білікті адам мәдениетті түрде пікір алмаса білуі керек қой! Негізінде, көзқарастың сан алуан болғаны жақсы нәрсе. Оны таразылап, қорытынды шығарып, іс-әрекет жасау керек. Әсіресе мемлекеттік, саяси, экономикалық мәселелерде нақты жағдайларға қатысты көзқарастардың барлығын өлшеп, пішіп барып, шешімді асықпай шығарған жөн. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес – Семь раз отмерь, один раз отрежь!» – деген орыстың мақалы есімізде. Атамыз қазақ:«Ағаш кессең ұзын кес, қысқартуың оңай, темір кессең қысқа кес, ұзартуың оңай!» – дейді. Мінекей, пікір алуандығы ақылға салуға, ақылдасуға бастайды. Оны түсінуге тырысамыз ба? Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында: Талқыға салмай шындық табылмайды, Құл ғана қожаны ылғи қабылдайды!» – дейді батыр Баян Абылай ханға. Ал, бізде талқыға салғанда, пікірі үйлеспей қалсыншы, бітті: «Өй, анау лағып! Аузына келгенін көкіп! Анау бүйдеп, мынау сүйдеп!» – деп, бықсып, ғайбаттап, дүрдеараз болып шыға келеді. Қандай өресіздік, мәдениетсіздік! Не деген өзімшілдік, эгоизм! Тек қана өзінің айтқаны дұрыс болу керек, тек қана өзімен келіскен адам

ғана – жақсы адам, ал қарсы пікір айтқан яки келіспеген адамның бәрі анадай-мынадай болып кете береді. Бұл бізді алға апармайтын құбылыс. Жастарға айтарым: «Төзімді сабырлы болыңдар, пікір таласты дұрыс түсініп, қабылдаңдар! Әрине, қызылкеңірдек, мағынасыз дау-дамайдан аулақ болыңдар, көрінген нәрсеге дауласа берген жақсы емес. Өз пікіріңді тықпалап, біреудің пікірін жоққа шығарып, түкке тұрмайтын нәрсе үшін дауласып, елді шулатудың қажеті жоқ! Қазір әлеуметтік желіде халқымыздың алдыңғы қатарлы деген, ақылды деген азаматтарының өзі ұсақ –түйек кикілжіңді сөз қылып, дау-дамай шығарып жатқандарын көргенде, жағаңды ұстайсың! Содан популизм іздей ме? Әрекет логикасын түсінбеймін. Оларға қарап отырып: «Бұл не деген логика? Әлде, ойөрісі, жеткен жері осы ма? Алдыңғы қатаралы деген, дарынды деген адамдарымыздың ақыл-ой деңгейі, түсінігі осы ма?» – деп, қайран қаласың. Болмашыға бола бет жыртысып, елді дүрліктіру – ешкімге де жараспайды! Рас, үндемей қалуға болмайтын үлкен, ірі-ірі әңгімелер бар. Кейде елдің тағдырына қатысты, өнердің, әдебиеттің яки шаруашылықтың, экономиканың, қаржының түйінді мәселелері жөнінде пікіріңізді батыл, ашық, салмақпен, дәлелді түрде айтқаныңыз жөн. Және жұрттың қарсы пікірі болса, тыңдап, таразылап, талқыға салған тағы жөн. Егер бәрін талқылап келгенде, сіздің пікіріңіз дұрыс болмай шықса, оған өкінудің, ренжудің қажеті жоқ. Ол да ізденістің жолы. Қайта ел болып талқылап барып, бір шешімге тоқтап, бір байламға келіп, әрекет жасаған дұрыс болады. Ешқашан пікір таластым екен деп, көзқарасымыз әртүрлі болды екен деп, дебатқа түсіп отырған адамыңызбен жауласпаңыз. Бұл надандықтың, ой-өріс төмендігінің, адамгершілік пейіл тарлығының белгісі. Содан аулақ болыңыздар. «С болтунами не спорь: речь дается всем, мудрость души – немногим. – Мылжыңдармен дауласпа: сөз бәрінде де бар, ал даналық – аз!» – дейді көне Рим саясаткері, жазушы Үлкен Катон. «Человеческие споры бесконечны не потому, что невозможно найти истину, а потому, что спорящие ищут не истину, а самоутверждение. – Адамдардың дау-таласы бітпейтіні – ақиқатты таба алмайтындығынан емес.Дауласушылар ақиқатты іздемей, өздерін дәлелдегісі келетіндіктен!» – деген Будда даналығында да шындық бар.

Пікірталас деген мәдениетті, үлкен өнер. Пікірі қате болғаннан, адам кеміп қалмайды. «Өзгермейтін шешім – жаман шешім!» – дейді екен ғой көне заманның даналары. «Міне, мен айттым, бітті!» – деген үзілді-кесілді пікір – «самодурлықтың» белгісі. Бұл ақылгөйлікке үйлеспейді. Адамның ақылы тың, жаңа ойды қабылдай білетін кең ақыл немесе қатып қалған, шектеулі ақыл болып бөлінеді. Сондай қасаң, ақыл-ойы шектеулі адамдар басшы болса, бұл халықтың соры. Ондай «өзім білемін, бәрі менің қолымда, білгенімді істеймін!» – деп, дұрыс пікірге құлақ аспайтын, жөн сөзді тыңдамайтын кісілерге билік тізгінін беруге болмайды. Ескі дау Бала күнімізде әкеміздің айтқан бір сөзі есімде: «Ескі ағашты жонба, ескі өсекті қозғама!» дейтін. Мұны ойлап қарасақ, шынында да өткен өмірде неше түрлі оқиғалар болады. Оның ішінде даудамай, айтыс-тартыс, тіпті жауласулар болады. Қаншама сезімнің қақтығыстары, ақыл-ойдың тартыстары! Өз кезінде оның бәрінің де белгілі бір мәні болды. Адамдар тіпті ашу-ызаға булығып, бірін – бірі қырып жібере жаздаған да шығар. Ал уақыт өткесін, оның бәрі ұмытылады, кешіріледі. Адамдар түсінісіп, татуласуы да мүмкін. Арада қаншама уақыт, талай жылдар өткеннен кейін, соның бәрін екінші біреулер қайтадан қопарып: «Баяғыда екі азамат сондай болып еді, өстіп айтысып, тартысып еді!» – деп, жаңалық ашып, жалпақ елге жар салады. Олардың ұрпақтары, ағайын, туыстары, ауылдастары, руластары бар емес пе, ескі даудың қайта тұтанған отынан олардың қандары қызады. Сөйтіп, ұмытылуға айналған, тіпті, мүлдем ұмытылған баяғы дау-дамай қайтадан қозып, оның аяғы жаңадан өршіген араздыққа әкеп соғып жатады. Тарихи адамдарымыздың да кезінде бір-бірімен айтысып, тартысқанын, жеке басының араздығын, әлдебір жағдайлардағы келіспеушіліктерін, бір-бірімен мінездері, ойлары үйлеспегендігін, ащы сөзбен бет жыртысқандарын, пендешілікпен аяусыз қырқысқандарын тілге тиек етіп, тың дерек қылып қопарып, осы күні қаншама зерттеушілер жазып жатыр. Соның қаншалықты қажеті бар? Ұрпаққа сабақ болатындай маңызы бар ма? Тарихты қойып, жеке өзіңіздің басыңызға келейікші, сіздің де өміріңізде

талай оқиға өтті, талай әңгімелер болды ғой. Бірақ, уақыт өтті, сонымен бірге ол да кетті. Әрине, із-түзсіз кетпейді, есте, жүректе, жадыңызда қалады. Уақыт өте оны да електен өткізесіз, керегін алып қалып, керек жоғын тастайсыз ғой. «Ой, баяғыда, қырық жыл бұрын маған біреу қиянат қылып еді, отыз жыл бұрын біреудің бір сөзі ұнамай қалып еді, жиырма жыл бұрын біреу жаман көзімен қарап еді!» – деп отыратын адамдар болады. Соның бүгінгі жас ұрпаққа қаншалықты керегі бар деп ойлайсыз? Түкке де керегі жоқ! Ондай нәрселерді оқып, тыңдап, уақыт кетіріп, төрелік айтамын деп басыңызды ауыртпағаныңыз абзал! Сондықтан жастарға: «Айналайындар, жан дүниелеріңді тазартып отырыңдар! Ондай эмоциялық қоқыстарды лақтырып тастаған жөн! Өмір болған соң, біреумен тартысып қалдыңыз, ерегесіп қалдыңыз, сөзге келдіңіз делік. Бірақ, артынан бәрі ұмытылды, бір-біріңізді кешірдіңіз. Енді оған қайта оралудың түк те қажеті жоқ! Оны қайта қозғап, әңгіме қылсаңыз, қайтадан бықсып, тағы да айналаны бүлдіре бастайды. Үйден шыққан қоқысты лақтырып жібергесін, қайтадан оны қопармайсыз ғой! Тура солай болу керек! Эмоциялық қоқысты лақтырып жіберіңіз де, қайтадан оған оралмаңыз! Өткен тарихтың да, жеке адам өмірінің де елдік, адамдық мәні бар түйінді тұстары жазылу керек, айтылу керек. Ал бірақ ұсақ-түйекті, ұрыс-керісті, өсек-аяңды, реніш-өкпені, қайдағы-жайдағы бір қоқыстарды теріп әкеліп, онымен рухани әлемді бүлдірудің қажеті жоқ! Біз тазаруға ұмтылуымыз керек. Сендер жассыңдар, жастық деген жарасымды, тамаша, сұлу әлем, ғажап әлем, соны таза сақтаңыздар!» – дегім келеді. Нәрсе, затты алу Біздің қазақта бір ырым бар. Бұл ескіден келе жатыр. Әлде бір жағдайға байланысты ырымдап, басқа бір адамдардың затын, нәрсесін алады. Бұрын, мысалы, көп жасаған адамдардың киімін алғанды қалайтын. Шапанын, саптама етігін, ер-тұрманын, қамшысын тағы басқа ұстаған заттарын алып, соны ырымдап сақтап қоятын. Немесе бір дарынды адамдардың, қасиеті бар адамдардың заттарын алып, көздің қарашығындай сақтау бар. Бір адам бір үлкен жақсылыққа жетсе, қазақ соның бір затын алып, «жұғысты

болсын!» – деп ырымдап, тығып қоятын болған. Тіпті, біреу бір табысқа жетіп, бәйге, жүлде, сыйлық алып жатса, соның бір бөлігін өзінің жақын адамдарына бөліп таратады. Онысы – бір-біріне осы жақсылық жұғысты болсын деп тілегені. Енді мұның арғы түбі, тарихы бар, ол да бір үлкен құпия әлем, ескі замандардан келе жатқан дүние. Дмитрий Верищагин «Человек – энерго-информационная структура – адам – энерго – ақпараттық құрылым» – дейді, Соған қарасақ, адамның энергетикасы айналасына әсер етеді, сонымен бірге заттарға да көшеді екен ғой. Тіпті экстрасенс адамдар өздерінің заттарын саналы түрде, әдейі қуаттандырып, өзінің қуатының бір бөлігін беріп, жұқтырып қояды екен. Біз оны қазақша дуалап, оқып қойды дейміз. Сонда әлгі кісінің заттары басқа адамға кәдімгідей әсер етеді екен. Мысалы, үйіне күзет ретінде қойып кетсе, әлгі зат үйді күзетеді. Кіремін деген адамның психикасына ма, энергетикасына ма, аурасына ма, әйтеуір әсер етіп, оны аулақтатып, жолатпайды екен. Міне, Верищагин осындай да жағдай бар деп жазады. Мұны ертеде атам қазақ ондай кітапты оқымай-ақ білген. Сондықтан, үлкен, аруақты, ардақты кісілердің заттарында бір қасиет бар деп, ырымдап алатын болған. Бағалы заттарын – алтын, күміс жүзігін, қаруын, қанжарын, домбырасын, тағы да осындай ұстаған жақсы, сапалы заттарын алуға әуестік болған. Бірақ, кейде, белгілі, көрнекті адамдардың заттарын білдірмей ұрлап та алған. Мұндай қылық осы күні де кездеседі. Домбырасын ұрлап алады, тағы басқа заттарын да реті келсе ұрлап алып, балаларына ырым қылады. Мына кісі сияқты дарынды болса, елдің көзіне түссе, атақты болса деген оймен алады. Бірақ, иесінің ризашылығымен, ықыласымен алмаған нәрседе қандай құт, береке болатынын мен онша түсінбеймін. Заты ұрланған кісі ренжиді ғой. Бірақ, оған қарамай сондай істерге барады – ондайды өзіміз көрдік те, басымыздан кештік те. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, ырымдап алған заттың жалпы жақсы әсері болуы мүмкін, бірақ ол адамға ешқандай қасиет бермейді ғой. Бәрі де құдайдан ғой. Адамдардың бір-біріне жақсы не жаман әсер етуі – себепкерлік. Мүмкін, бір адам екінші адамның бойындағы құдай берген қасиетінің оянуына себепші болған шығар. Бірақ, ырымдап алған нәрседен, заттан жақсы болып кетеді, содан бір қасиет, бақытбереке қона қалады дегеннің өзі соқыр сеніммен байланысып жатқан сияқты.

Тағы да жастарға ескертіп айтқым келеді: біреудің затын ырымдап алғыңыз келсе, иесінің ризашылығымен, ықыласымен алғаныңыз жақсы. Затты ұрлап алып, сол арқылы бір табысқа жете қоямын дегеннің өзі адамның әлсіздігін көрсетеді. Сонда сіз біреудің нәрсесімен күшейіп кетесіз бе? Өзіңізде жоқ па қасиет? Құдайдың берген қасиеті барлық адамда бар. Сіз сол қасиетті өзіңіз күшейтіңіз. Соған ұмтылыңыз, талаптаныңыз, еңбек етіңіз, маңдай теріңізді төгіңіз, міне, жетістікке жететін жеріңіз осы. Ал енді біреудің затын ұрлап алып, оны үйіңізге апарып қойғаннан саған керемет бір дарын келе қалады дегенннің өзі ақылға сыймайды. Бұл бір. Жастарға тағы бір айтатын, ой салатын жәйт мынау. Кейде дос, жақын адамдар, құрдастар бірінің затын бірі алады. Тіпті өзімсініп, ықтиярсыз, өктемдік қылып алып кететін кезі де болады. Біреудің біреуге бір керемет бас киімі не сағаты ұнайды, таққан бір жылтырағы, қамшысы ұнайды, қаламсабы, тағы басқа заттары ұнайды. «Е-е, мынау маған жарасады екен!» – деп, қалтасына салып алғандарды да көрдік. Біреудің қаламын біреу қалай алады? Ол оның жұмыс істеп жүрген қажетті нәрсесі ғой! Біреудің киіп жүрген киімін «мынау маған жарасады» – деп киіп алғаннан не мұратқа жетесіз? Жастық шақта осындайдың бәрін көрдік. Жаңылған, қателескен кезіміз де болды. Қазір ойлап қарасаң, ақылға қонбайтын нәрсе. Мысалға айталық, бір кісі бір досының жақсы, әдемі қамшысын, не қаламын, я сағатын: «Мынау маған жарасады екен, маған берші!» – деп, алып қояды. Мүмкін, досы көңілін қимай, үндемей қалады. Яки, біреу досыныңүйіне барып отырады да, оның қабырғада ілулі тұрған әдемі бір картинасын, сирек кітабын, немесе тағы бірдеңесін қолқалап сұрайды: «Мынау маған ұнап отыр, маған жарасады екен! Маған берші, сенің көзіңдей көріп жүрейін, естелік болсын!» – деп, қадалып отырады. Үйдің иесі ұялғанынан, досының көңілін қимай беруі мүмкін. Бірақ оның арты үлкен реніш, наза болады, қарақтарым, естеріңде болсын. Затын берген кісі: «Сонда саған жарасқан нәрсе, маған жараспай ма екен?!» – деп ойлайды ғой ішінен. Ашып айтпаса да, оның көңілі қалады, ренжиді. Қалайша біреудің затын біреу бас салып, алып кете береді? Міне осындайдан сақ болыңдар, қарақтарым. Өйтіп алған зат саған құт болмайды. Біреудің нәрсесіне қызығып, сұраудың мүлде қажеті жоқ. Бұл

бір ұнамсыз, өте жексұрын қылық. Сіз бір затты сұрап алсаңыз, соншалықты беделіңізден, абыройыңыздан айрыласыз. Жас кезіңізден осындай мінезден аулақ болыңыз. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Тіс шұқитын нәрсені де біреуден сұрамаңыз, ешкімге кіріптар болмаңыз!» – деген сөз бар. Сонда таза боласыз. Ешқашан да біреудің нәрсесіне, біреудің затына тимеген, жоламаған жақсы! Кінәлағыштық Кінәлағыштық адам баласына тән қызық мінез. Көп кісілер кез келген нәрсенің көлеңке жағын іздеп, өзінен басқаның бәріне кінә таққыш келеді. Біреу бір пәлежалаға ұшырап қалса: «Ай, ол өзінен! Бүйткен ғой, анау ғой, мынау ғой!» – деп, әлгінің өзін де, соған қатысы бар адамдардың барлығын да кінәлап тұрады. Адамды кінәлауға асықпаңыз, сол адамның орнына өзіңізді қойып көріңіз әуелі. Біреуге біреу сот емес, төреші емес екенін есіңізден шығармаңыз! Біреуден көру Айналаңызға ой жүгіртіп қарасаңыз, адамдар өзінің сәтсіздіктерін, қателіктерін біреуден көріп жатады. «Ананың айтқанына еремін деп мынадай жағдайға қалдым! Мына біреу «былай ет, солай ет» деген соң, соның тілін аламын деп қателестім!» – дейді. Немесе: «Әне біреудің ниеті жаман еді, көзі жаман еді! Соның көзі тиді, соның тілі тиді, міне содан мынадай сәтсіздікке ұшырадым!» – дейді. Шынында да, көбінесе адамдар қателіктерін біреуден көруге бейім. Жағалай кінәлауға құмар. Өзінің сәтсіздігі үшін айналасындағы адамдарды кінәлайды. Қоғамды, үкіметті кінәлайды, бүкіл әлемді, адамзатты кінәлайды, тіпті, тарихты кінәлайды. Бұл – алға бастырмайтын нашар пиғыл. «Люди всегда сваливают вину на силу обстоятельств. Я не верю в силу обстоятельств. В этом мире добивается успеха только тот, кто ищет нужные ему условия и, если не находит, создает их сам. – Адамдар әрқашанда кінәні жағдайларға тағады. Мен жағдайдың

ықпалы дегенге сенбеймін. Бұл дүниеде өзіне керекті жағдайларды іздейтін, таба алмаса, сол жағдайды өзі жасайтын адам ғана табысқа жетеді!» – дейді Ирландияның ұлы жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Бернард Шоу. Өзгеден емес, өзінен көретін, «өзімнің қателігімнен болды, жаңылдым, енді мұны қайталамайын, бұдан сабақ алайын!» – деген адамдар – мықты адамдар. Қателеспейтін адам болмайды. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ!» – деген атамыз қазақ. Ештеме істемеген адам ғана қателеспейді. Сондықтан, қателіктен қорықпау керек. Бұл қателік те сіздің жүретін жолыңыз. Сіз сол қателіктер арқылы жүріп өтіп барып, жақсылыққа, жеңіске жетесіз. Сондықтан, ешкімнен көрмеңіз, өзіңізден көріңіз. Өз жолыңызға өзіңіз жауаптысыз. Тіпті, біреу сізге ақыл беріп, ол ақылы дұрыс болмаса, бәрібір анау адам кінәлі емес. Өйткені шешімді қабылдаған кім? Сіз! Өзіңіз осылай шештіңіз, осылай әрекет қылдыңыз, өзіңіз жауаптысыз. Адамның адамдығы да өзіне -өзі жауаптылығында. Сондықтан, өзіңізге сеніңіз, өзіңіз әрекет қылыңыз, өзіңіз шешім қабылдаңыз, өз жолыңызбен жүріңіз. Бұл өте күшті адамдарға тән. Әрекет, іс қылыңыз, қимылдаңыз! Сонда жеңіске жетесіз! Кінәмшілдік Кейде бір адамдармен кездескен уақытта, жылы амандасады да: - Әй, мені танымадың ба? – деп, сұрайды. Есіңе түсіре алмасаң да, ыңғайсызданып: - Танитын сияқтымын... Шырамытып тұрмын... – деп сырғақтайсың. - Ал танысаң айтшы қане, мен кіммін?» – деп қадалып тұрып алады. Енді амалсыз ойланып, үндемей тұрасың, есіңе түспейді. Анау одан сайын қинайды: - Ұмытып қаласыңдар әне осылай. Бірақ, мен сені ұмытқам жоқ әлі! Жарайды, есіңе түскенде айтарсың! – деп, өз-өзінен бұлқанталқан болып, бұрылып кете береді. Аң-таң, әрі-сәрі болып, ыңғайсыз халде қала бересің.

Өмірде мұндай жағдайлар аз емес. Ертеректе, Көкшетауда автобуспен келе жатыр едім, бір кісі мінді де, тура осылай маған бас салып, сұрақтың астына алды. Содан, мен оны тани алмай, есіме түсіре алмай қиналдым, бір жағы ұялдым. Ол мені: «А-а, танымадың ба? Ұмыттың ба?» – деп, сөзбен тақымдап бара жатыр. Жасы үлкендеу кісі екен, содан қысылып тұрдым да, бір кезде шыдамым таусылды. Ал, айтыңызшы, сіз кім боласыз? – дедім. Сөйтсем, он жылдай бұрын менің ағамның қызы тұрмысқа шыққанда, сол тойда болыпты. Күйеу баланың нағашы жағынан ба, әйтеуір бір жақындығы бар екен. Тойда кездесіппіз. Бар кездескені осы. Ал тойда қанша адаммен кездесесің ғой! Ол жерде екі жүздей адам болады, оның қайсысы есіңде қалады? Қанша тойлар болып жатыр. Содан кейін: «Ау, кісіні әуре қылмай, әу бастан сүйдеп айтпайсыз ба? Осындаймын деп айтсаңыз, еске түседі ғой!» деп, тіке айтып салдым. Әжептәуір сөзге кеп қала жаздап, әйтеуір тату тарадық. Онда да мен әдептілігіммен жеңіп шықтым, әйтпесе: «Әй, басты қатырма!» – дейтін-ақ жағдай, турасына келгенде. Ау, олай емес, келіп амандасқаннан кейін, «мен пәленшемін ғой, баяғыда кездескенбіз» – деп, жөнін айта берсе несі кетеді? Ертеректе әке-шешем айтқан бір әңгіме: Ол кісілер «Кеңащыда», ауылда тұрған ғой. Мал келіп жатқан кешкі қарбалас уақытта үйдің алдына бір мәшине келіп тоқтап, бір кісі түсті дейді. Сәлемдестік дейді. «Иә, мені танымадыңдар-ау,» – деп бастапты сөзін. Әке-шешем шынымен танымай қалыпты. Содан, бұл кісілер ауылдың адамдары ғой, тікесінен: «Иә, танымай тұрмыз, кім боласыз?»,– деп, айта салыпты. «А-а, мені танымайтын құдалармен араласқым келмейді!» – деп, әлгі бұрылып алып, мәшинесіне отырып, бір – ақ тартты дейді. Сөйтсе, жақын құдамыздың немере інісі екен. Тойда бір-ақ рет кездескен құданы шынымен де танымай қалыпты. Содан кейін әлгі кісімен көп жылдар бойы қарым-қатынас болмай кетіпті. Арада біраз уақыт өткен соң, елге мен көшіп келдім. Менің ақын деп даңқым шықты, ел ішінде сыйлы болдым. Содан ел-жұртпен де, әлгі

құдамен де аралас-құралас болып, сыйласып тұрдық. Ол да айтулы кісі, мықты адам екен. Өмір бойы совхозда бухгалтер болған, есебі тастай, еңбегі сіңген адам. Үлкен ата. Сөйтіп, ақыры жақсы болып кеттік. Мұны жастарға сабақ болсын деп айтып отырмын. Сонда тіреліп қалғаны – бір-ақ ауыз сөз, бір кішкентай ғана нәрсе. Біреуді біреу, әсіресе, жасы ұлғайған кісілер, танымай қалса, ол танығысы келмегендіктен емес қой! «Мен пәленше деген құдаңыздың інісімін!» – десе болды ғой! Адам болған соң, бір көргенін ұмытып қалуы әбден мүмкін. Мінекей, адамның көкірегі деген осындай! «Мені бәрі тану керек, мені ешкім ұмытпау керек! Басқаны ұмытса ұмытсын, мені ұмытуға тиіс емес! Өйткені, мен – менмін!» Міне, осындай көкірек, тәкаппарлық кейде кісіні билеп кетіп, адамдарды араздыққа ұрындырады. Ол қаншалықты жақсы? Осындай жағдайлар жастардың арасында да болып тұрады. Тіпті. бір кезде кездесіп, достасып, жақсы сыйласқан кісілер арада жылдар өткен соң жолыққанда, біреуі танымай қалса: «Мені танымады ғой! Мен оның әкесін танытып жіберейін!» – деп ерегесіп, аяғында төбелесе жаздағандар да болған. Ал шындығында басқа адамдар сені тануға міндетті емес қой! Бұл дүниеге басқа адамдар сені тану үшін, саған табыну үшін үшін жаралған жоқ қой! Мінекей, бұл да өмір тәжірибесі. Сондықтан ешкімге міндетсінбеңдер, бұлданбаңдар! Біреуді сен көріп, таныдың ба: «Мені танымай қалдыңыз ба?» – деп, жөніңізді айтыңыз. Баяғыда бала күнімізде үйге небір ақсақалдар келеді, әңгіме айтады, қасында отырып әңгімесін тыңдаймыз. Әлгілер: «Ой бір сөз тыңдайтын жақсы бала екенсің!» – деп батасын беріп кетеді. Соған қуанамыз. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі кісіні бір жерде көріп қаламыз ғой. Жүгіріп барып сәлем береміз. Ана кісі танымайды. Көңіліміз су сепкендей басылып қалады. Біздің бала көңілімізде баяғы әңгімесін қызығып тыңдаған, ақ батасын берген үлкен ақсақал тұр. Ал, содан кейін сұрайды: «Қай баласың?» – дейді. Жөнімізді айтсақ, есіне түсіріп, «е-е, айналайын!» – деп, әке-шешемізге сәлем айтады. Сонда атамыз танымады деп, ептеп ренжитінбіз. Енді осы күні сондай жағдай өзіміздің басымызға келді. Сөйтсем, арада бірер жыл уақыт өткенде, үлкен кісілер онша өзгере қоймайды да, бала оны таниды. Ал бала бірер жылда кәдімгідей өсіп, есейіп, өзгереді ғой!

Екіншіден, талай жерде аралап жүрген үлкен кісілердің есінде қай бала қала береді? Сол көрген жердегі аталық ықыласына, берген ақ батасына риза болайық та! Жоқ, біз бірімізді біріміз кінәлаймыз келіп. «Мені танымадың ба? Қане, тез есіңе түсір де, тани ғой?!» – деп қинап, анау есіне түсіре алмаса, жөнін айтып жіберудің орнына: «Аха, ұмыттың ба? «Памитың» нашар ма? Әлде, көзіңе ілгің келмей тұр ма?! Бәлкім, менсінбей тұрған шығарсың?!» – деп, ашуға булығып, айқайлап шыққандарды да көргенбіз. Не деген көкірек?! Не деген пендешілік! Олай болмайды! Еске салса, бірдемесі кетіп қала ма? Онда тұрған түк те жоқ қой: «Біз баяғыда кездесіп едік. Осындай жерде сыйласып, осылай сөйлескенбіз!» – деп айтса, адамның бірден есіне түседі ғой! Бұл өмірде жиі болатын жағдай. Былай қарағанда, кішкентай нәрсе сияқты. Бірақ, көп адамның арасы осыдан бұзылып жатады. Әлгі өзін танымаған адамға өкпе артады, кінә тағады. Тіпті бір жерде, үлкен жиында: «Анау қазір кісі танымайды! Ешкімді менсінбей кетті, бізді ұмытты!» – деген секілді ғайбат сөзді боратып, біраз жерге апарып тастайды. Олай емес қой. Ол да сен сияқты адам, оның да көңілі бар, өзінің өмір жолы бар. Түсініп қарау керек қой. Біздің қазақтың кінәмшілдігі, өкпешілдігі «дамудың жоғары дәрежесіне» жеткен, әлемде алдыңғы орындарды алатын шығар. Бір-біріне қараптан-қарап өкпе артып, жазықсыз кінә тағып, жамандап тастаудан алдына жан салмайтын сияқты. Иә, ешкімге жамандық істемей-ақ жазықты болып, ағайының алдында айыпкер атану оп-оңай. Сондай күйкі мінезден, оңбаған пиғылдан өздеріңізді тазартыңыздар! Оның барлығы алға басуыңызға бөгет болады! Күш-қуатыңызды ұсақ-түйек өкпе, кінәмшілдікке емес, ірі, мәнді, дұрыс нәрсеге жұмсаңыздар! Кінәмшілдікке қатысты мынадай да қызық жағдайлар болады. Бір жанкүйерлер бір жұлдыздардың өнерін сыйлайды, бір көруге құмар болады, өзінің адамындай көріп жүреді. Содан бір күні көреді. «Кел, суретке түсейік!» – дейді. Бір түскен суреті ұнамайды: «Тағы барып былай түсейік, ана жерге барып олай түсейік!» – деп сүйрейді. Жасы үлкен кісі болған соң, ана жас жұлдыздар амалсыз көніп, айтқанын істеп жүреді. Оның уақыты бар ма, жоқ па, көңіл қошы бар ма, жоқ па, онда ана жанкүйердің жұмысы жоқ.

Баламыз Нұрлан бір жолы балаларды алып, киноға барды. Кинодан шыққан бетте бір жасы үлкен әйел, ұстап алады да: «Ой, Нұрлан, мен сені жақсы көремін! Сенің әндерің қандай керемет, сенің кинодағы рөлдерің қандай тамаша!»., – деп, мақтап, мадақтайды да: «Мен сенімен суретке түсейін! Мына жерде,» – деп, бір суретке түскен соң: «Бұл болмайды екен, ана жерге барып тағы да былай түсейікші!» – деп, сүйрелеуге айналады. Нұрлан сыпайылық қылып, көнеді. Бірақ, бір кезде қараса, мәшинесінің кілті – пульті түгелімен әлгі кинозалда, отырған жерінде қалып қойған екен. Оны тез барып, тайып алмаса болмайды ғой. Содан: «Апай, менің кілтім қалып қойыпты! Мен тез барып алып келе қояйын!» – дейді. Содан ана әйел: «Мен сені жақсы көріп жүрсем, сен жұлдыз ауруына ұшыраған екенсің! Сен адамды менсінбейді екенсің!» – деп, бұлқан-талқан болыпты. «Мен тез барып, кілтімді алып келейін! Содан кейін асықпай түсейік суретке!» – десе: «Жоқ, менімен қазір түспедің ғой сен!» – деп, жаңа ғана жақсы көріп тұрған жанкүйер әйелдің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Енді оған қарап тұрсын ба, Нұрлан кілтіне жүгіріп кетіпті. Әйтеуір, сол орнынан тауып алыпты. Қайтып келсе, ана әйел кетіп қалыпты. Үйге көңіл-күйі бұзылып, қатты ренжіп келді. Бұл не сонда? Қандай адам болдық, қандай қоғам болдық? Тіпті, ондай жанкүйерлер жай кетпей, кеше ғана өнерін өліп-өшіп жақсы көрген жұлдыздарын жерден алып, жерге салып, желіге жазып, жұртты шулатып жатады. Жанкүйерлігін бұлдайды ғой тіпті! Осы күні қарасаң, айғайлап көшеге шығып жатқандар бәрін экранға шығарады. Шетінен кінәмшіл, өкпешіл. Бәріне біреу міндетті сияқты. Бәрінің шаруасын біреу істеп беру керек сияқты. Өмірге өкпелі, өмір кінәлі сияқты. Ай, бұл өмірге келгеніңе шүкірлік қылсайшы! Жоқ, олардың мәселесіне қоғам, мемлекет кінәлі сияқты! Осындай өкпешілдік, кінәмшілдік, өзгеге міндет артушылық, масылдық психология бұл өмірде бар нәрсе. Мұндай аурудан аулақ болыңдар, жастар! Өзің ұмтыл, өз міндетіңді, өз жүгіңді өзің көтер! Біреу сенің жүгіңді арқаламайды, біреу сен үшін жұмыс істемейді. Он жерден жақының болсын, туысқаның болсын, тілектес болар, қолынан келсе жәрдемдесер, бірақ, әркім өз мәселесін өзі шешуге тиіс.

«Әркім өз қотырын өзі қасиды!» – деген сөз бар қазақта. Өз жүгін өзі арқалайды. Жаңағы ұсақ кінәмшілдіктен ары қарай кетіп барамыз ғой. Шындығында қараңыз айналаға. «Баяғыда анау бүйтпегенде, мен пәлен жерге өсіп кетуші едім! Баяғыда анау сөйтпегенде, мен былай болушы едім!» – деп, өмірге өкпелеп, жан-жағының бәрін кіналап, күйелеп, қызыл сөзді аузымен сапырып отырған адамдарды көресің. Біреудің табысын көре алмай күндеп, біреудің жетістігін, біреудің жақсы қызметке тұрғанын, я бір байлыққа ие болғанын, я бір атақдаңқы шыққанын қызғанып, көре алмай, жерден алып, жерге салып жатқан жандар аз емес. Кінәмшілдік шектен шыққанда, астамшылдыққа барып соға ма, қалай деп айтсақ болады? Сондықтан, жақсы, жаман себептің бәрін өзіңізден іздеп тауып, алдымен өзіңізді жөндеңіз! Алға өзіңіз ұмтылыңыз, өзіңіздің күш-қуатыңызға сеніңіз. Және, қанша жақын болса да, адамға орынсыз міндет артпаңыз. Ол адамның уақыты бар ма, жоқ па, қолынан келе ме, жоқ па – онымен де санасқан жақсы болады. Адамның күні адаммен, адам қоғаммен өмір сүреді. Барлығын өз қалпыңа сыйғызып, тек өз ойыңдағыны ғана жүзеге асыра қоямын деген қателік болатын шығар. Сондықтан адамдармен санасқан жақсы-ау! Өкпешілдік Өмір болған соң, өкпелеу де болады. Адамның бір-біріне өкпелеуі жалғыз біздің қазақққа ғана емес, барлық адамзатқа тән. «Дос көңілі жарты атым насыбайдан да қалады» – деп, аталарымыз мұны да айтып кеткен. Ал, бірақ, түкке татымайтын нәрсеге бола досына көңілі қалып кететін, жарты атым насыбайға достығын айырбастап жіберетін кісі қаншалықты ірі, қаншалықты ұсақ деп ойлап көрейікші. Тіпті, нағыз ер жарты атым емес, жарты патшалыққа да достығын айырбастай қояр ма екен? Амал не, өмірдің ақылға сыймайтын бір құбылысы – осы өкпешілдік. Жан-жағыңызға ой жүгіртіп көріңізшібір-біріне орынды, орынсыз өкпелеп жатқан жандарды көресіз. Жақынға да, жатқа да,

жұмысқа да, табысқа да, қоғамға, билікке, ең аяғы өмірге де өкпелеп, назаланып, күңкілдеп, бықсып жүрген адамдарға айтып түсіндіре алмайсыз. Сәл нәрсеге өкпелеудің аяғы кекке ұласып, бірі-бірімен араздасып, бет көріспей кетіп жатқан кісілер аз ба? «Манас» жырында: Ата-бала ұрысат, Аға –іні жұлысат, Көрместей боп бір-бірін, Алыс кетіп тұрысат! Өле қалса оқыста, Өкірісіп көрісет, Өкінісіп көмісет!» – деген ащы да болса ақиқат сөздер бар! Тіпті, күнделікті қарапайым тұрмысымызда толып жатқан өкпешілдікті бәріміз де көріп жүрміз. Біреулер: «Мен звондағанда неге телефоныңды көтермейсің? Неге бірден жауап бермейсің, ә?!» – деп те өкпелей салады. Сөйтіп, мүлде сөйлеспей де кететіндер бар. Ал, ол қоңырау шалған сәтте жауап беруге мұның мұршасы болмаған шығар? Немесе, телефоны басқа бөлмеде қалған шығар? Немесе, былай, мүмкін, олай болған шығар. Тіршілікте неше түрлі жағдай болады ғой. Ол кісі сен қашан звондайды деп, телефонға телміріп, күзетіп отырмайды ғой! Бірақ, қарапайым ғана нәрсені түсінбейтін, тіпті, түсінгісі келмейтін кісілерге не дерсің? «Мен-н-н...Мен-н-н звондағанда, бірден жауап берілуі керек!» Бітті! Негізі, мұндай өкпешіл, өктем жандармен алыстан сыйласқан жақсы! Өмірде адамның бір-біріне болмашыға өкпелей салып, ренжісіп жатқан сәттерінің көбі – күлкілі әрі күйінішті жағдай. Мәселен, сіз бір жаққа өте асығыс кетіп бара жатырсыз. Маңызды кездесуге, бәлкім, дәрігерге, тіпті, поезд, ұшаққа, тағы басқа да бір шаруаларға әреңәрең үлгеретіндей болып, жүгіре басып келе жатқанда, алдыңыздан бір немесе бірнеше жақсы таныстарыңыз кездесе қалады. «Сәлем!» – деп, өте шығайын десеңіз, олар асықпай амандасып, хал-жағдай сұраса бастайды. «Асығыспын!» – деп, кете бермек болсаңыз: «Оу, қайда асығамыз осы? Біз сені сағынып жүрсек, сен немене, бізді сағынбағансың ба? Баратын кісілерің бізден артық па сонша? Сенің жұмысың бізден маңызды ма, немене? Өзің бізді ұмытайын дедің бе?

Менсінбейтін болдың ба?» – деп, бетіңе, болмаса, сыртыңнан гулете жөнелетінін қайтерсің! Сөйтіп, өкпелеп, көңлдері су сепкендей басылып, салқындап кете береді. Ал, шындығында, қарапайым ғана нәрсе – әркімнің өз жолы, өз шаруасы бар, ешкім ешкімге міндетті емес қой. Бір жақсы адаммен танысып, арқа-жарқа болып, ой-пікірің үйлесіп, бір маңызды шаруаларды бірлесіп істейтін болып келісіп, жақсы тараған сәттеріңізді еске алыңызшы. Ал ертеңіне әлгі кісің өзгеріп қалады! Өзің түгін де түсінбейсің! Бірақ, кешегі ықылас жоқ! Неге? Неден, қайдан? Бір сиқыр сияқты! Ешқандай сиқыры жоқ! Әлгі кісі жақсы әсерін жасырмай, шаттанып, жақын адамдарына, жолдас-жораларына айтады. Сонда не болатынын шамалайтын шығарсыз? «Өй, ол анандай, баяғыда бүйткен, сөйткен..». – деген сияқты өсек, ғайбат пыс етіп, бықси қалады. Болды, бітті. Сіздің әлгі керемет деген азаматыңыз күйдіргі сөзге ілесіп кете беретін күйкі кісі болып шыға келеді! Міне, ұсақ сөз, болмашы өкпе талай үлкен істің түбіне жетеді! Америка Құрама Штаттарының атақты президенті Авраам Линкольн алғаш рет сенат сайлауына түскенде, жеткілікті дауыс жинай алмапты. Сайлаудан құлаған ол не істеген? Қалай ойлайсыз? Дауласты ма? Жан-жаққа арыз жазып, жұртты шулатып, қарсыластарын сынап, сайлаушыларды сыбады ма? Өзгеге де, өмірге де, қоғамға да, заманға да өкпелеп, бүк түсіп жатып алды ма? Арақ ішіп, наша тартып кетті ме? Жоқ! Өйтсе ол Авраам Линкольн болмас еді! Ол кісі: «Егер де сенатқа сайлайтын саналы жандар мені әлі де ондай қызметке лайық көрмесе, ол шынында да солай болғаны! Демек, мен өзімді – өзім жетілдіре түсуім керек екен!» – деп, бұрынғыдан ары ширығып, оқып, ізденіп, шыңдала түскен. Сонда ол кісі Вебстердің ағылшын тілінің түсіндірме сөздігін қолынан тастамай оқиды екен! Тоқ етері, ақыры Авраам Линкольн АҚШ президенті болып, құл иеленушілікті жойып, адамзат тарихынан өшпес орын алды! Өкпе Неге сонша болдық екен өкпешіл, Өкпелеуден басталмай ма көп кесір?

Бір өкпеге бір бауырдан қиғасын,
Тоз-тоз болдық шашылғандай шөпке шіл.
Өкпелей сап, ойда жоқта тектен-тек,
Өткенді айтып, жалғастырып кекке кек.

Жегідей жеп,
Күйдірердей жақынды
Бұл өмірге
Келіп пе едік өкпелеп?!

Одан қалды, бір-бірін өкпелетіп алудан қорқып, есі шығып
жүрген жүртқа не жорық?
Қайтсем табам
Деп біреудің көңілін,

Қайран қазақ
Өксітеді өмірін.
Сүйретумен
Келеді әлі өкпесін,

Өкпесімен
Шырмап алып бір-бірін.
Сықырлауық доңғалақты ешкім де майламайды! –дейді
Копмейер.

Рас қой, өскен елдерде ешкім де біреудің өкпесіне қарамайды.
Өкпешілдермен дос болып та қажеті жоқ.
Жылаңқы, сұрамшақ болма!
Саған ешкім де міндетті емес екенін есіңнен шығарма!

Жоқ, амал қанша, адам баласы, соның ішінде әсіресе біздің
қазақ бір-біріне болмашыға бола өкпелеуін қоймайды, тіпті,
қараптан-қарап өкпелей салуға бейімделіп, жайдан-жай өкпелегісі,
бұлданғысы келіп тұрады ғой!

Мұны біліп
Сырттан баққан жымысқы,
Айдап салып
Араз қылған ұлысты.

Қылт ете қап,
Сәл нәрсеге сылт етіп,
Айырбастап жібереміз ұлы істі.
Тарихқа көз жүгіртсеңіз, талай өкінішті жәйттерді көресіз.

Қандай үлкен тұлғалардың да өзінің жеке өкпесіне елінің мүддесін
құрбан қылып жіберген кездерін көргенде, өзегің өртенеді.
Өкпелеумен
Өртенсе егер өзегің,

Өксуменен
Өтеді өмір,сеземін...
Өз өкпеңді
Өзің кешір алдымен,

Өссін десең
Өз Отаның,
Өз елің!
\ Баянғали Әлімжанов. «Өкпе».\

Опасыздық
Ешқашан ешкімге опасыздық жасама!
Бір нәрсеге ренжіп, кейбір досыңнан қол үзіп кетсең де, оның
жамандығын көрсең де, сен өзің оған опасыздық қылма!

Дос кезіңде саған сеніп айтқан сырын шашпа, аяғынан шалма,
сыртынан ғайбат сөйлеме!
Өзіңнің адамдық биігіңде қал!
Кешегі дос болған, жақсы сыйласқан күндеріңе түкірме!

Бұрынғы достығыңның құрметі үшін, қанша ренжісең де, оған
қастық қылма!
Ол ит болды екен деп, сен ит болуға тиіс емессің!
Бұл сенің адамгершілігіңе сын!

Реніш
Өмір болған соң, адам мен адамның арасында реніш те болады.
Кейде адам бір жақынына ренжитін нәрсеге ренжісе, кейде тіпті
болмашыға да ренжіп, тас-талқан ашуланып жатады. Әсіресе,

жақын туыс, дос-жаран бір-біріне өзімсініп, міндет артып жүреді
ғой. Ойындағысы болмай қалса, әлгі жақын адамына ренжиді келіп.
Менің әкем Тақан ақсақал өз өмір тәжірибесінен мысал қылып
айтатын. Ауылда, қарапайым халықпен бірге тұрды. «Бір адамға

қажет кезінде тоғыз рет қарыз беріп, оныншы ретте бермей қалсаң,

бітті, ренжіп, тіпті, қатты сөз де айтып кетеді. Анау тоғыз рет жасаған жақсылығың ұмыт қалады! Міне, ойлап қараңдар өздерің!» – дейтін. Расында да солай-ау! Ал, адамдардың бір-біріне ренжи бергені жақсы емес. Әсіресе, жақын адамдардың ұсақ-түйек кикілжіңге бола араздасып, аралары суып, алшақтап кетуі бір қиын жағдай. Осындай сәттер сіздің де басыңызда болуы әбден мүмкін! «Әй, сенің осы бір ит мінезіңай! Осы оңбағандығыңай!»» – деп, күйіп-пісіп, бетіне қатты сөз айтып, жанжалдасуға дейін баратын жағдайлар басыңызда болған шығар. Сондай сәтте ашуға бой алдырмай, ақыл, сабырға келіп, әлгі ренжіген кісіңіздің жақсы істерін, өзіңіз көрген жақсылықтарын еске алуға тырысыңыз! Таразыңыз әділ болсын! Жүрегіңе кір жинама, нұр жина! Шағыстыру Құранда «Һумәзә – Өсекші» деген сүре бар, 104сүре. Ол сүреде шағыстырғыш өсекшілер Хутамаға, яғни, жүректі шарпитын, Алланың жаққан отына тасталады делінген. Бірақ, адам баласы өсек сөзге сенеді және ереді. Бір қызық парадокс – қандай білімді, саналы, өзінің өмірлік ұстанымы берік деген адамдардың өзі сөзге сенгіш және ергіш келеді. Бұл тек қазақта ғана, емес барлық жерде бар нәрсе. Сонау көне заман – екінші ғасырда өмір сүрген Рим императоры әрі философы Марк Аврелийдің мына сөзіне зер салып көрейікші: «Это никогда не перестает меня удивлять: все мы любим себя сильнее, чем других, но прислушиваемся к чужому мнению больше, чем к собственному! – Мен бір нәрсеге қайран қалумен келемін: бәріміз де өзгеден гөрі өзімізді жақсы көреміз, бірақ өзімізден гөрі, басқаның пікіріне көбірек құлақ асамыз!» Анықтай түссек, өз ойымыздан гөрі, жұрттың сөзіне көбірек мән беріп, соған сеніп, еріп кетеміз деп тұр ғой! Бұл сөзді бес жақсы императордың соңғысы, ойшыл, даңқты тарихи тұлға Марк Аврелий осыдан екі мың жыл бұрын, Рим империясы дәуірінде айтып отыр. Демек, қай заманда да, қай елде де біреудің сөзіне сену, сөзге еру сияқты аңқаулық, тіпті, ақымақшылық адам баласына тән болған.

Осыны пайдаланып, адамдардың арасына араздық отын жағатын,
сөз таситын, шағыстыратын қулар мен сұмдар өздерінің пасық
ойларын орындап жатады. Мысалы, бір адаммен сыйласып, жақсы
сөйлесесің, бір шаруаларға келісесің біраз дүниені атқарасың.

Біраздан кейін әлгі кісі өзінен-өзі тоң-торыс болып, салқындап,
алыстап кете береді. «Саған не болып қалды?» деп сұрау да
ыңғайсыз. Біреудің бірдеңе деп «пыс» ете қалғаны байқалады.
Мінекей, бұл сырттан сөз жүгірту, адамның арасын бұзу деген өте

бір оңбаған, жексұрын қылық. Әбубәкір Кердерінің өлеңінде:
Екі достың арасын,
Айырады оңбаған! – деп ашық айтылған.
Ал бірақ, біз сонда екі адамды шағыстырып, арасына араздық

отын жағып тұрған қудың арам ойын танымайтындай ақымақ
болғанымыз ба?! Оның қандай оймен айтып тұрғанын білмейтін
болғанымыз ба? Неліктен біз соншалықты сенгішпіз, әркімнің
сөзіне ергішпіз? Әзәзілдің тіліне ойланбастан, сақтанбастан неге

арбала қаламыз?! Тіпті ақылға сыймайды. Біреуді біреуге жамандап
тұрған адам қандай адам? Оның өзінің ойы жаман ғой!
Осындай жағдайлардың жиі болатынын бәріңіз де білесіздер.
Бірақ, солай жалғасып келе жатыр. Жайдан жай, біреудің

шағыстырған бір ауыз сөзіне бола тоң-торыс болып, араздасып
жатқан адамдарды көреміз. Және жай ғана көңілі суып, алыстап
кетсе жақсы ғой, араздасып, өштесіп, кек қайтарып жатады. Әне,
дүниеде жамандық осылай өршіп, осылай қоза береді.

Сонда жақсы адамның жақсылығы қайда қалады? Ақылы, ойы,
санасы қайда? Арам ойлы біреулер адамдардың арасына әдейі сөз
тасып, шағыстырса, аңғал біреулер шала-пұла естіген қаңқуды,
өсек-аяңды абайламай айта салып, байқамай араздық отын тұтатып

жіберетіні де болады. Мұндай пәле-жаланы иман, сабыр, ақыл,
парасат жеңсе керек!
Адамдардың жан сырын, өмір жолын, тіршілігінің ұңғыл-
шұңғылын біліп алғысы келетін, соны жұртқа жайып, өсек қылып

жүретін кісілер болады. Олар шектен тыс әуесқой! Жаңалыққа,
білімге әуесқойлықтан басқа, адамның жеке өміріне, өсек, ғайбатқа
деген әуесқойлық – шынында да зор күнаһарлық. Жапон жазушысы
Юкио Мисима: «Любопытство не ведает этики. Возможно, это самая

безнравственная из человеческих страстей. – Әуесқойлық әдеп –

этиканы білмейді. Бәлкім, бұл адам құмарлықтарының ішіндегі ең арсызы шығар!» – деп есептейді екен. Өтірік, ұрлық, ойнас өнер көрме, Әзәзіл, малғұн шайтан тіліне ерме. Тілей бер бір құдайдан өз бағыңды, Басқаның хақысына көңіл бөлме!» – деген Мәшһүр Жүсіп атамыздың дана сөзі ойларыңызда жүрсін! Қызғаныш пен қорқыныш Қызғаныш, қорқыныш – адамға тән сезімдер. Барлық адамға тән және оны тұншықтырудың, күшпен басып, өзін-өзі зорлаудың да қажеті жоқ. Мысалы, ғалымдар: «Адамға тән жақсы сезімдер де, жаман сезімдер де барлық адамның бойында болады, бірақ соның әрқайсысының дәрежесі әртүрлі. Оның қайсысын қалай жеңіп, қалай ұстайды – адамның адамшылығы соған байланысты!» – деген ортақ пікірге тоқтайды. Яғни, қызғаныш та табиғи сезім, қорқыныш та табиғи сезім. Мүлде қорықпайтын адам болмайды. Сол сияқты, қызғанбайтын да адам болмайды. Бірақ та ол әр түрлі: жақсы мағынасындағы қызғаныш (белая зависть), қызығу бар. Бір адам бір жақсы іс бітірсе, бір жағынан риза болып, сүйсініп, бір жағынан: «Ей, мен де неге осындай істемеймін?!» – деген талпыныс, құлшыныс болып жатса, бұл жақсы мағынасындағы қызығу, қызғаныш дейміз. Ал енді көре алмаушылық, іштарлық – жаман қызғаныш. Мысалы, біреудің көршісі жаңа машина алса, ол сонда: «Осы көптен алаалмай жүр еді, жарайды, дұрыс болды!» – деуі мүмкін. Келесі жолы одан да жақсы машина алып, үй салып жатса: «Өй, мынау қайда бара жатыр? Бізден озып кетті ғой!» – деп, ызаланып, қызғанып, қысастық, қиянат жасауы мүмкін. Осындай қызғаныштың қызыл итіне жем болмаңыз! Бұл қызғаныш сезімі барлық адамдарға, ұлттарға тән өте бір қиын сезім. Көре алмаушылықтың, іштарлықтың, қызғаныштың символына айналған жандар әлем әдебиетінде, әлем тарихында аз емес. Ал жақсы мағынасындағы қызғаныш, қызығу адамға қозғау салады. Мысалы, бір ғалым үлкен жаңалық ашқан екен делік. Ал сен неге ашпайсың? Қызғансаң, қызынып, қызығып, жігерленіп,

алға ұмтыл! Яғни, сізден бір жүйрік озып бара жатса, оны аяғынан шалып, балтамен ұру – қанды қылмыс. Астыртын қиянат, бөгет жасаудың да қажеті жоқ. Озсын, көрсетсін барлық мүмкіндігін, ашылсын! Ал сіз өзіңізді қамшылап, өзіңіздің жететін жеріңізге дейін бар мүмкіндігіңізді салыңыз. Жете алмасаңыз, босқа күйінудің керегі жоқ. Жүйрікті жүйрік таниды, ерді ер сыйлайды. Бұл қызғаныш адамның жандүниесін улайтын, аздырып, тоздыратын, арандататын, жарға жығатын жаман сезім! Тіпті, қылмысқа апаратын, күнәға батыратын сезім! Осындай қызғанышты жеңе алсаңыз, жаңа жетістіктерге жетуге жолыңыз ашылады! Сол сияқты қорқыныш та барлық адамға тән. Қорқыныш – адамды сақтайтын сезім. Әлденеден қорқу, үрку, секем алу, сақтану – өте керек. Өмірде көзсіз батырлық деген болмайды, қорықпайтын адам болмайды, тіпті, батырлардың өзі де қорыққан. Атақты боксшы Майк Тайсон бірінші жекпе-жегіне шығарда жаман қорыққан. Жаттықтырушысына: «Мен қорқып тұрмын!» – депті. Ұстазы Кас Д,Амато ақылды адам болған. «Сен ол қорқынышыңды ашуызаға айналдыр!» – деп, кеңес берген. Сонда Тайсон жынданып, қаһарланып, мықты қарсыласын бір-ақ раундта ұрып жыққан. Немесе, біздің тарихтан қаншама мысал келтіруге болады. Бұл жөнінде мен «Батыр болмақ сойдандүр», «Жекпе-жек» деген кітаптарымда жаздым. Шешуші, қиын сәттерде аруақты, мықты кісілер қайрап жібергенде, жас жігіттер арқаланып, қуаттанып, қаһарлы жауды қиратып жеңіп шыққан ғой! Негізінде, психологтардың айтуынша, батыр да, қорқақ та қорқынышты бірдей сезінеді. Қорқынышты жеңген адам батыр болады, қорқынышты жеңе алмаған адам қорқақ болып қалады. Міне, айырмашылығы осы. Ал енді батырлықтың да екі түрі бар дейді. Бірі – қауіп-қатерді білмегеннен болады. Мысалы, адамның жолында миналанған алаң болуы мүмкін, бірақ ол оның миналанғанын білмейді. Тіке тартып, жүре береді, сөйтіп, аман өтіп кетуі де мүмкін. Оны көрген өзгелер: «Ой, мынау қандай батыр! Миналанған алаңнан қорықпай жүріп өтті!» – деп мадақтап, тіпті марапаттауы да мүмкін. Оның батырлығы – қатерді білмегендіктен. Ал оны білген адам оған бармайды, сақтанады, бірақ, үрейге бойын алдырмайды, ақылмен, айламен істейді. Әуелі мина алаңын тазартады, содан кейін өтеді.

Ал енді от пен суға қойып кетіп, адамдарды құтқарған немесе
оққа кеудесін төсеп, жанын құрбан қылған ерлердің барлығы
қорқынышын жеңіп, ерлікке барған ғой. Әйтпесе, адамға берілген
сезімнің барлығы тегін емес. Оның барлығын жоққа шығаруға

болмайды. «Менде ондай сезім жоқ, ойбай, мен тап-тазамын, мен
періштемін!» – деген сөзді ешкім де айта алмайды. Алла тағала
адамды солай жаратқан, «осыдан өзің таңда – қайсысын қалай
жеңіп шығасың, мінекей, саған сынақ! – деп, бәрін берген.

Пайғамарымыздың бір хадисінде: «Алла тағаланың нұры
адамның адамның жан- жүрегінде! Сол сияқты сайтан да адамның
қан тамырларында!» деген мағынадағы дана сөз бар.
Жазушы Федор Достоевский: «Құдай мен шайтанның тайталасып

жатқан жері, мәңгілік майданы – адамның жүрегі!» дейді. Адам мына
дүниені көріп отырып, бейтарап қала алмайды – бір нәрсені жақсы
көреді, бір нәрсені жек көреді. Бір нәрсеге қуанып, шаттанады,
бір нәрсеге ызаланып, қаны қызады. Наразылығын білдіреді. Бәрі

заңды. Адамға сезімнің соншалықты бояу, реңктерін – гамма
чувств берген Соның қайсысы сізді билеп кетеді? Қайсысына еріп
кетесіз? Міне адамның адамдығы сыналатын, танылатын жер осы.
Сондықтан, шамаңыз келгенше, жаныңызды, қаныңызды, тәніңізді

тазартып, өзіңіздің ізгілік жолыңызды тауып, сол жолмен айнымай
жүруіңіз керек. Міне адамның адамдығы да осында болса керек!
Іштарлық
Күншілдік, қызғаныш – адам баласымен бірге жасап келе

жатқан бір ит мінез. Бұл кемшілік саналады, үлкен күнә саналады.
Біреудің жетістігін қызғану, біреудің дарынын, ақыл-ойын, атақ-
абыройын қызғану, оны көре алмау, күндеу – айналып келгенде,
сол адамның өз жан дүниесін күйдіреді. Сөйтіп, жаны өртеніп,

бойында өшпенділікті оятады. Сол көре алмаушылықтың, күндеудің
нәтижесінде үлкен күнәға, қылмысқа баруы да қиын емес. Көре
алмаған, қызғанған адамын өлтіріп жіберуі, немесе аяғынан шалып,
сыртынан неше түрлі жамандықтар жасауы да мүмкін. Тарихта

ондай оқиғалар талай болған. Баққа таласып, таққа таласып, атқа
таласып, бірін-бірі өлтіріп жіберген, көзін жойып жіберген, тіпті
бірге туған бауырынын қанын ішкен адамдар да болған. Ал енді

бүкіл адамзатқа белгілі аңыз Әбіл мен Қабылдың әңгімесін алыңыз. «ҚиссасүлӘнбиеде» айтылады: Адам ата мен Хауа ананың әуелгі, бірінші баласы Әбіл, содан кейін Қабыл. Бір туған інісі Әбілді Қабыл өлтіреді ғой. Библияда Авель, Каин дейді. Қызғаныштан, көре алмаудан Қабыл ең бірінші үлкен қылмысты жасаған. Тарихта да осындай қасіретті оқиғалар көп. Дала тарихында «Нар мойыны кесіліп, Бердібек хан өлген жер» деген атақты, аңыз боп кеткен сөз бар. Бұл – Сайын хан атанған Бату -Батый ханның ұрпақтарының арасындағы тақ таласына қатысты айтылған. Таққа таласқан Бердібек өзінің әкесі Жәнібек ханды өлтірген. \Бұл қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бұрын жасаған, арғы дәуірдегі Жәнібек хан. \ Одан кейін тағы да талас болып, басқалар Бердібектің өзін өлтірген. Сөйтіп, тұтас бір ұрпақтың, әулеттің жолы кесілген. Жалпы, таққа таласта туған бауырлар да бір-бірін аямаған. «Екі қощқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөз бар ғой қазақта. Яғни, басшылардың, қазіргіше айтқанда, лидер, көшбасшылардың басы бір жерге сыймайды дегені ғой. Бұл тарихта талай қайталанған нәрсе. Ал енді әлгі бүкіл әлемді билеймін деген үлкен көкіректің, үлкен амбицияның адамдары бір-бірімен сыйыспай, соғысқанда, ол елге, мемлекетке, халыққа трагедия болған. Бір ғана Алтын Орданың тарихындағы Тоқтамыс, Едіге, Ақсақ Темірдің айналасын алсаңыздар, өте үлкен ойларға жетелеейтін тарих жатыр. Соның нәтижесінде Алтын Орда бытырап, әлсіреп, құлады да қалды. Үш батыр, көкжал, түбі бір тұлғалардың арпалысының нәтижесі. Тіпті, түріктің Ильдрим Баязит сұлтанын да жеңіп, байлап алды Ақсақ Темір. Сонымен аяғы не болды? Ой жүгіртіп қарасаңыз, түрік әлемінің әлсіреуіне, Алтын Орданың ыдырауына әкеліп соқты. Дала тарихында да, қазақтың тарихында да бұндай жағдайлар аз болмаған. Бірінің абыройының артып бара жатқанын көре алмай, қызғанып, күндеп, аяғынан білдірмей шалу деген, әсіресе, орыс патшалығына бодан болған заманда тіпті күшейген. Бай, шонжарлардың, билердің бірінің сыртынан бірі орыс үкіметіне, оязына арыз жазып, сөйтіп, патша үкіметінің билігін пайдаланып, бірін-бірі жер аудартып жіберуі – әдетке айналған. Осындай арпалыс, тартыстар көп болып кеткен. Мұның аржағында да Екатерина патшаның нұсқаулығы жатыр: «Бұл көшпенді қазақтар араз, алауыз болады екен. Осылардың араздығын қоздырып,

батырларын, билерін, старшиндарын бір-бірін иттің етінен де жек көретіндей қылып, айдап салып отырыңдар!» – деген астыртын саяси нұсқау болған. Немесе, тағы да бір орыстың саяхатшысы: «Бұл қазақтарды жеңудің оңай жолыолардың мықты, айтулы адамдарын құртудың керегі жоқ. Олардың біреуін көтермелеп, кішкене шеншекпен беріп, басқасынан артық қылып қойсаң, қалғандары оны өздері-ақ құртып береді!» – деп жазған екен. Бұл жалғыз қазаққа ғана тән нәрсе емес, бұл жалпы адамзат баласына тән мінез. Бұл баяғы «Яблоко раздора – Араздық алмасы» туралы көне грек мифін еске түсіреді. Бір тойға шақырылмай қалған араздық құдайы Эрида алтын алмаға «Прекраснейшей! – Ең сұлуға!» – деп жазып, үш әйел құдай – Гера, Афина мен Афродитаның ортасына тастайды ғой. Содан әлгі әйел құдайлар: «Кәне, кім ең сұлу?» – деп, алмаға таласады. Атақты «араздық алмасы» дейді осыны. Ақырында Троя патшасы Приамның баласы Паристің төрелігіне жүгініп, ол алманы Афродитаға береді. Міне, пәленің бәрі осыдан басталып, ақыры Троя соғысына, үлкен қасіреттерге әкеліп соғады. Осындай талас адамзат тарихында сан түрлі нұсқада қайталанып келе жатыр. Ал енді даналар: «Іштарлық қылып, біреудің табысын қызғанған кісі табысқа жеткен адамнан төмен болғаны! Яғни, адам өзінен мықты болып, асып кеткен кісіні күндейді! Сонда ол өзінің ана адамнан нашар екендігін, төмен екендігін мойындағаны! Оны өзі де түсінбейді, бірақ, қызғаныштан іші күйіп, жүйкесін тауысып, жанын жейді!» – дейді! Бұл да адамның ішкі сана -сезіміне байланысты жұмбақ нәрсе. Адамның ой, сезімін сондай қара ниет, қара түнек билеп кеткен кезде, неше түрлі ақылға сыймайтын, адамгершілікке жат ойларға беріліп, жаман іс-әрекеттерге барады. Міне, осыны жеңе біліңіз. Біреудің табысын қызғанып, күндейтіндей, сіз одан төмен болғаныңыз ба? Тіпті қызғанып, қызығып, қызынсаңыз да, ешкімді аяғынан шалмаңыз, жамандыққа бармаңыз. Өзіңізді қамшылаңыз, өз еңбегіңізді жасаңыз! Қара түнек сезімдер, қара ниет, пиғыл адамзат баласына қасірет әкеледі және адамның өзін жарға жығады. Сіз оның бәрін ақыл-ойыңызбен, сана-сезіміңізбен, сабырмен, иманыңызбен, адамгершілігіңізбен жеңуіңіз керек. Ондайдан аулақ болу керек. Көре алмаушылық, іштарлық адамзатты да, біздің халқымызды да, жеке адамдарды да талай қасіреттерге ұрындырған.

Біздің дінімізде керемет бір дана сөз бар. «Егер де бір адам екінші адамға жамандық ойлап, бірақ оны жасамаса, оған сауап!» – дейді. Қалайша? Адам біреуге жамандық ойлайды, ал оған сауап болады? Былайша: жаман оймен, әзәзілдің азғыруымен адам біреуді «құртармын, жоярмын» деп, қаны қайнағанда, өзін басып, сабырға тоқтаса, шынында сауап екен. Жамандыққа бармағаны үшін! Ал енді: «Адам біреуге жақсылық ойлап, оны істей алмаса, оған да сауап!» дейді. Жақсылық ойлағаны үшін! Қолдан келмесе де, адамға жақсылық ойлағанның, тілегеннің өзі үлкен сауап. Міне, имандылық, даналық, адамшылық жолы! Адам іштарлық, көре алмаушылық, күндеушілік, өшпенділік сияқты теріс пиғыл, теріс сезімдерден тазарып, арылған сайын өрлей береді, өсе береді, жан дүниесі, әлемі кеңейе береді. Сондықтан ешқашан да біреуді күндемеңіз, қолыңыздан жақсылық жасау келмесе де, жамандық қылмау келеді! Шындығында да, адам баласы біреудің табысын күндеп, «ойпырмай, анау асып кетті ғой!» деп күйінгенше, өзін қамшылап, өз еңбегін жасай берсе, міне сол үлкен жол. Алайда адам баласының сезімі, жан – дүниесі жұмбақ, ақыл-ойға сыймайды. Егер де елдің бәрі имандылыққа тоқтаса, дүние керемет болар еді. Жоқ, сезім билеп кетеді. Бір-біріне иілмейді. Небір дүлдүл тұлғалар өткен ғой. Солар тұтасып тұрса, осы дүниені құлпыртып жіберер еді-ау! Бірақ, өкінішке орай, бір-бірімен сыйыспаған ғой. Мысалы, Ренессанс – Қайта Өрлеу дәуірінің аса талантты тұлғалары Микеланджело Буанаротти мен Леонардо да Винчи қандай керемет данышпандар! Екеуі бір-бірімен бақталас, бәсекелес болған, бірінбірі қызғанған, көре алмаған екен. Тіпті, көшенің ана бетінде біреуі, мына бетінде біреуі кетіп бара жатса, бұрылып келіп, жанжалдасып, ұстаса кетеді екен. Бұл аңыз, өтірік шынын кім білсін?! Атақты Моцарт пен Сальеридің әңгімесін алыңыз. Талант -Моцарт! Сальеридің де дарыны бар, өзі ғалым. Бірақ, Моцарттың таланты асып бара жатыр. Сальери еңбектенеді, бейнеттенеді, ал оның соншама қиналып жасағанын Моцарт бір-ақ сәтте сарт еткізіп шығара салады! Соны көре алмай, Сальери Моцартқа у берген деседі. Бұл да аңыз. Нақты өмірде Сальери улаған ба, жоқ па? Бұл анық емес, белгісіз жұмбақ. Оған Сальеридің қатысы жоқ

деген де пікірлер бар. Бірақ, бұл әңгіме асқан дарынды адамды көре алмаушылықтың, күндеушіліктің, қызғаныштың жетегіне еріп, талантқа қастандық жасаудың бір символдық оқиғасы, бейнесі ретінде тарихта қалды. Біздің қазақ тарихында да не бір дарынды адамдарды көре алмай, билікке, мансапқа, бәйгеге, тағы да басқасына таласып, білдірмей аяқтарынан шалып, түбіне жеткен жағдайлар аз емес. Бір ғана Ақан сері мен Құлагердің тағдыры – қазақтың әлі күнге жазылмаған жанжарасы. Мұның барлығы сабақ, өнеге. Бұл өнер саласы. Ал билік саласында да не бір мықты тұлғалар, «елді бастаймын, тұтқаны ұстаймын!» – деп тұрған тұлғалар бір-біріне қиып бере алмай, өзара қырқысып, ақыры бірін-бірі құртып тынған! Сонда бірі басшы, қалғаны қолдаушы, таяныштірегі болып тұрса, не деген мықты мемлекет болар еді! Бірақ оған әркімнің «мені», эгосы, өзімшіл намысы жібермеген ғой. «Мен оған иілмеймін! Неге мен оған иілуім керек? Неге мен кішіреюім керек?! Мен тұрғанда, сен кімсің, ол кім!» – деген өркөкіректігін, жеке басының тәкаппарлығын жеңе алмаған ерлер түп-түбінде елдің туы жығылатынын шынымен ойламады ма екен? Түсінбеді ме екен? Мұндай мінез, қылықтың елге қаншалықты пайдасы, қаншалықты зияны болды? Бұл да бір үлкен тарихи әңгіме. Демек, сыйласа білу, сыйыса білу, ел үшін еңбек етіп, тіпті, қажет болса, ел мүддесі үшін ер мүддесін құрбан ету – парасатты, сана-сезімі биік жандардың ғана қолынан келетін ерлік! Сол биікке көтерілуге тырысқан жақсы. Қызғаныштың, күндеушіліктің отына өзгені де күйдіріп, өзіңіз де күйіп кетуден сақ болыңыз! Елдің игілігін ойлаңыз!Азаматтық биіктіктен түспеңіз! Бұл жерде Мәшһүр Жүсіп атамыздың: Тілей бер бір құдайдан өз бағыңды, Басқаның хақысына көңіл бөлме!» – деген керемет сөзі ойға түседі. Яғни, патша құдай, жомарт құдай мол қазынасынан саған да, басқаға да қалауынша берген! Демек, құдайдың өзгеге бергенін күндеме, қызғанба, өзіңе бергеніне шүкірлік қылып, өз ісіңді біл, өз жолыңмен жүр! Алға басамын, асқар биіктерге шығамын, абыройлы азамат боламын десеңіз, адамгершілікке жат сезімдерден, жаман ниет, пиғылдардан, төмен ойлардан арылыңыз да, биікке ұмтылыңыз!

Долбарлау
Әлденені долбарлап, жобалап, өз ойыңызбен топшылап:
«Міне, ол осылай ғой, былай ғой»» – деп кесіп-пішіп айту – үлкен
қателік. Пайғамбарымыздың хадисі бар: «Долбар жасамаңыз!»

– дейді. Көшеде екі адам анадай жерде сөйлесіп тұрғанын көріп:

«Ә-ә, мыналар ананы сөз қылып тұр ғой!» – деген секілді төмен
ойларға бару дұрыс емес. Долбарлау, орысша айтқанда догадка,
өте қате, адастыратын нәрсе. Көзіңіз анық жетпесе, өзіңіз
құлағыңызбен естімесеңіз, көрмесеңіз, ешнәрсені де өз ойыңызбен

жорамалдамаңыз. Бұл әсіресе адамдардың қарым-қатынасын
бұзатын, сенімін жоғалтатын жаман қылық. Бірақ біздің қоғамда
осындай жағдай өте көп орын алған. Қазір әдейі бақылап қараңыз,
екі адам бір мәселе жөнінде сөйлесе қалса, бір мәселені талқылап

жатса, анандай жерде тұрған үшінші адам «аналар бүйтіп жатыр
ғой, сүйтіп жатыр ғой!» – деп, жамандыққа жорып тұрады. Ал ол бір
керекті шаруаны ақылдасып жатқан шығар, өздерінің маңызды бір
сөзін сөйлесіп жатқан шығар. Кей адамдар ол жағына мән бермей,

өзінің арам ойына еріп, жобалап соға береді. Сондықтан долбарлау
деген, топшылау деген -. адамды аздыратын, адастыратын үлкен
қателік болады. Ондайдан аулақ болыңдар!
Байыбына бармай, байбалам салма!

Жасырын жазып алу
Осы күні техниканың дамыған заманы, кез келген нәрсені бейне
жазбаға да, аудио жазбаға да жазып алуға болады. Бұрындары
жасырын жазып алатын құралдар барлаушыларда ғана болатын.

Қазір кез келген адамның қолында телефон бар – түсіріп аласыз
ба, жазып аласыз ба, өз еркіңіз. Бірақ мұның жақсы жағына қоса,
жаман жағы да бар. Кейде бұл адамдардың төмен ойларын, теріс
ниеттерін жүзеге асыруға қызмет етеді. Мысалы, біреудің сөзін

жасырын жазып алуға құмар, түсіріп алуға құмар төмен ойлы
кісілер болады. Бұл – шпиондық, тыңшылық сияқты нәрсе. Жалпы,
менің түсінігімде кез келген адам, мейлі журналист болсын,
мейлі теледидардың, радионың қызметкері болсын, басқа адамды

жасырын жазып алуға хақысы жоқ. Тіпті ондайға тиым салатын заң

болу керек. Мысалы, сіздің рұхсатыңызсыз, сіздің еркіңізден тыс сізді ешкім де видеоға не аудиоға жазып алуға тиіс емес. Адамның ар-ұят, сөз бостандығы заңмен қорғалуы керек. Біреу сізден бір сөз жазып алғысы келсе: «Міне, осындай тақырыпқа сөйлеп беріңізші!» – деп, рұқсатыңызды, келісіміңізді алуы керек. Ал одан тыс жазып алынған нәрсенің барлығы – тыңшылық, жансыздық сияқты заңсыз әрекет. Керек десеңіз, жаулық, дұшпандық әрекет ретінде бағаланып, жазып алған адам заң жүзінде жауап беруі керек. Әйтпесе, осы күні не болдық? Адам біреумен емін-еркін, әр мәселе төңірегінде сөйлесіп отырады, әзілдеседі, басқа да нәрселерді айтады. Оңаша отырыстың әңгімесі – көптің талқысына салатындай, көпшіліктің ортасына шығаратындай сөз емес. Демек, оны жасырын жазып алып, жариялау – қылмыспен пара-пар саналуға тиіс. Ал енді адамға: «Халықтың алдында сөйлеңіз, бір мәселе жөнінде айтыңыз, экранға шығыңыз!» – дегенде, әрине, адам ойланады. Алланың бір аты халық дейді, демек халықтың алдына шыққанда қандай сөз айтамын, қандай ой айтамын деген үлкен есеп болады, жауаптылық болады. Міне, сондай сөзді жазыңыз! Бірақ, осы күні біздің журналистердің арасында да, жай адамдардың арасында да жасырын құрылғыны байқатпай қосып қояды да, бірдеңені айтқан болып, әр тақырыпқа тартып, кісіні сөйлеттіріп алып, сосын оны көпшілік алдына шығарып жіберетіндер аз емес. Ондай сөзге мән берілмеу керек. Жазып алушының өзін жауапқа тарту керек ол үшін! Өйткені ол адамның хұқығын бұзып, жеке бас еркіне қол сұғып тұр. Сол сияқты, мысалы, осы күні кейбір журналистер камераны көтеріп алып, көшеде кетіп бара жатқан адамға: «сөйлей ғой, мынаған, кәнеки, тез айта ғой!» – деп талап қойып жатады. Ал оның осыған қандай хақысы бар? Адам бір ойдың үстінде келе жатады, бәлкім ренжіп келе жатқан шығар, бәлкім өзінің басында толып жатқан проблемалары бар шығар, ал журналистің онда жұмысы жоқ: «сен сөйлей ғой!» – деп, камерасын бетіне тақап тұрады. Ана кісі бас тартса: «Міне, мынау ақпарат беруден бас тартты, теледидарға сұхбат бермеді, пікір айтудан қашты!», – деп, тағы да бірдемелерді бықсытады. Әй, олай емес қой, адамның сөйлеуге де, сөйлемеуге де ерік-хақысы бар ғой! Осыны жұртқа талдап, түсіндіре алмай жүрміз. Жалпы, заңды сыйлайтын қоғамда тыңшы – шпион сияқты теріс пиғылмен адамды аңдушылыққа, «бұл не айтып қояр екен?»

– деген секілді қара ниеттерге тосқауыл болу керек. Сонда қоғам тазарады, адамның адамға деген сенімі болады. Жалпы, бір жерде бірге мәжіліс құрып отырып, диктофонды ақырын қосып қойып, біреулердің сөзін жасырын жазып алатын кісілерді түсінбеймін. Олар осындай лайықсыз қылықтан қалай ұялмайды? Басқа кісілердің сөзін жасырын жазып алып қайтеді? Не істейді оны? Адамның өзін-өзі сыйламағандығы ғой. Біреудің сөзін жасырын жазып алып, оны біреуге жеткізіп жүру деген қорлық, сорлылық қой. Адам деген атқа лайық нәрсе емес. Бірақ, қазір кісілер осындай нәрселерді жасайтын болды және оған қоғам жол беріп, қол соғатын болды. Жасырын жазылған нәрселерге мән беріп, «әне, анау бүйдепті, сөйдепті ғой, әнеки!» – деп, өре түрегелетін болды. Жасырын аңду, жасырын тыңдау, жасырын жазып алу дегеніңіз – бір қылмыскерлерді аңдыған жағдайда, мемлекеттік қылмыскерлерді, мемлекетке қауіп төндіретін адамдарды бақылаған жағдайда заңмен рұқсат етілетін нәрсе. Ал жай азаматтардың сөзін жасырын жазып алу біздің заңда жоқ, оған рұқсат та жоқ. Демек, бұған тыйым салу керек деген сөз. Жалпы мен адам ретінде айтарым: «Жарқын адам, үлкен азамат боламын десеңдер, биік мақсаттарға ұмтылып, ондай төмен нәрселерден, қара ниеттерден аулақ болыңдар! Бұл адам атына лайық емес, бұл адамды қорлайтын, құлдырататын нәрсе!» Астамшылық. Тәкаппарлық Адам өзін ардақтап, жақсы көргені дұрыс, алайда өзін-өзі ерекше, айрықша жақсы көру– үлкен қателік. Бұл жерде де әр нәрсе дәмімен дегенді ұмытпауымыз керек. Шектен тыс өзін-өзі жақсы көру – күнәһарлық іс. Көне грек мифінде Нарцисс туралы аңыз бар. Сонда Нарцисс деген сұлу, керемет көрікті жігіт өзіне-өзі соншалықты ғашық болып, өзіне – өзі сүйсінуден танбаған. Өзінің судағы бейнесіне қарап, телміріп отыра берген, сөйтіп өмірден өткен. Ол өзін-өзін ерекше жақсы көретін эгоист адамдардың бейнесі ретінде айтылады. Өзін-өзі өте жақсы көретін адамды Нарцисс дейді. Мұның ар жағы тәкаппарлыққа апарып ұрындырады. Тәкаппарлық – өзін аса жоғары бағалау, асқақ ұстау, елдің бәрінен өзін артық санау – күнәһарлықтың зоры. Басқа жұртты менсінбей, төбесінен қарайтын, кеудесін керетін адамдар – тәкаппарлар.

Тәкаппарлықтың да түр-түрі көп. Біреудің тәкаппарлығы шағындау болады, біреудікі тым үлкен болады. Қалай болғанда да, бұл жақсы емес. Адамның заңды мақтанышы болады. Мақтаншақтық емес, Алланың бергеніне риза болып, оны сезіну, түсіну, шүкірлік қылу – ол бір ғанибет. Оны айғайлап, жұртқа көрсетіп мақтанудың қажеті жоқ. Соның қадірін білу керек және адам өзінің қадірін білу керек. Ал тәкаппарлық – кеуде қағушылық – асылық болады. Ібіліс лағынның жұмақтан қуылғаны жайлы діни аңыз бар. Періштелер бір күні бір періште Аланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылады екен деген хабарды естиді. Сол кездегі періштелердің ең үлкені Жебірейіл мен Ібіліс екен. Періштелер Ібіліске келіп, әлгі хабарды айтады: «Сіз Алладан бізді қарғысқа, қаһарға ұшыраудан сақтай көр деп тілек тілеңіз!» – дейді. Содан Ібіліс намаз оқып, сәждә қылып: «Иа, құдай, мына періштелерді қаһарыңнан сақтап, азып-тозудан, жұмақтан қуылудан сақтай гөр! – деп, тілек тілейді. Сонда бір періште ақырын ғана: «Сіз неге өзіңізді қосып тілемедіңіз? Мына періштелерді сақта дедіңіз де, өзіңізді айтпадыңыз ғой!» – деп сұрайды. Ібіліс: «Маған ондай қауіп жоқ! Менің дәрежем сендерден әлденеше есе үлкен,сондықтан маған ешқандай қарғыс жоқ!» – дейді асқақтап. Ақырында асылық қылған сол тәкаппар Ібіліс құдайдың қарғысына ұшырап, жұмақтан қуылып, шайтан болып кетеді. Міне, тәкәппарлықтың шектен шыққан түрі! Тәкәппарлықтан талай адамдар зардап шеккен, талай азап тартқан. Тәкәппар адамды ешкім жақсы көрмейді. Ол айналасына жексұрын болады, тіпті қандай керемет дәрежесі, қасиеті болса да, тәкәппарлықты, астамшылықты ешкім де көтермейді. Тәкәппарлықтың аяғы астамшылыққа, асылыққа апарып соғады. Астамшылық адамды күйретуі, қайғылы жағдайға қалдыруы мүмкін. Парсының ақыны Абылқасым Фирдаусидің даңқты «Шахнаме» дастанындағы мына бір оқиғаны еске алайықшы. Атақты батыр Рүстемнің арғы атасы Жәмшит керемет патша болған. Неше түрлі жаңалықтар ашқан, ел өміріне көптеген жақсы өзгерістер енгізген, тіршілікке қажетті көптеген кереметтер жасап, халық тұрмысын жеңілдеткен, көп жақсылықтар істеген адам екен. Содан бір күні Жамшит патшаны әзәзіл уәзірлері азғырады. «Сіз міне, елге осынша жақсылық істедіңіз. Халқыңыз сізді басына көтереді. Керемет сыйлайды, құдайдай сыйлайды. Сіз негізі осы

халықтың құдайысыз ғой! Өзіңізді құдаймын деп жариялаңыз, халық сізге табынғысы келіп отыр!» – дейді. Жамшит әуелде шошып кетеді. «Қой, бұлай айтпаңдар!» дейді. Олар қоймайды, үгіттей береді, ақыры солардың сөзіне еріп, пендешілік қылып, «Құдай болсам болайын!» – деп, халықтың алдына шығып, тағына келіп отырады. Бүкіл халық жиналады. Уәзірлер: «Жамшит патшамыз енді біздің құдайымыз болды!» – деп жариялап, жұрт, Жамшитке басын иіп, сәждә қылады. Сол сәтте Жәмшит қап-қара болып қарайып кеткен екен. Сөйтіп қапқара болып, халыққа қарайтын беті болмай, қаңғып кетеді. Ақыры қаңғып өлген екен. Бірақ, бұрын жасаған жақсылықтары үшін құдай рахымшылық қылып, артындағы ұрпағы өсіп, өніп, парсы елін билеген шахтар да, мемлекетті қорғаған батырлар да солардан шыққан екен. Көне гректің Арахна қыз туралы мифі бар. Арахна деген қыз өте шебер, өрмек тоқитын тоқымашы қыз болған екен. Шебер болғанда сондай, жарысып, бәсекелесетін адамы қалмай, бір күні: «Өрмекті менен асып тоқитын ешкім жоқ! Менің кереметтігім сондай, мен әйел құдай Афина Палладаның өзін сайысқа шақырамын! Келсін, кім шебер екенін көрейік!» – дейді. Сөйтіп жүргенде қасына бір кемпір келеді. Ақырын ғана: «Әй, Арахна, сен құдаймен жарысамын деп, жар салып жатырсың, осының астамшылық болмай ма? Афина Паллададан кешірім сұрап, мұндай қылықты қойсаң қайтеді?!» – дейді. Сөйтсе Арахна ашуланып: «Сен өзі не айтып тұрсың? Мен оны шақырдым! Қорықса, өзі білсін, әйтпесе келсін менімен жарысуға!» – дейді. «Ал, жарайды ендеше, мен міне келдім!» – деп, әлгі кемпір Олимптегі бас құдай Зевстің қызы Афина Палладаға айналады. Содан кейін: «Арахна, сен осыны қойсайшы! Сен өте шебер қызсың, бірақ, құдаймен бәсекелеспей, қоя қойсаң қайтеді?!» – дейді. Бірақ, Арахна көнбейді. «Шын Афина Паллада болсаң, кел, жарысамыз!» – дейді. Сөйтіп екеуі тоқи бастайды. Арахна бар өнерін салады, шеберлікпен әдемі өрнектер жасайды. Бірақ, құдайдың аты құдай ғой, қолын былай бір сермеп қалғанда небір керемет ою-өрнектер пайда болады, олай бір сермеп қалғанде тағы бір кереметтер пайда болады. Арахна одан қалып қояды. Афина Паллада: «Әй, тоқта Арахна! Осымен жеңілгеніңді мойында!» – десе, тоқымашы қыз ызаланып: «Жоқ мен тоқтамаймын!» – деп, тоқи береді. Сонда Афина Паллада ашуланып: «Олай болса, тоқтамай тоқи бер! Мәңгілік тоқи бер!» – деп, шебер қызды өрмекшіге айналдырып жіберген екен. Арахна сөзі көне грек

тілінде өрмекші деген сөз. Міне, өстіп асқан шебер қыз Арахна өрмекшіге айналып, әлі күнге тоқтамай тоқып жатыр екен. Жүсіп пайғамбар үлкен азапты жолдан өтіп, ақыры бәрін жеңіп шығып, Мысыр патшасы болып тұрған кезінде жетпіс жыл көрмеген әкесі Жақып пайғамбарды іздеп табады. Келе жатқан Жақып пайғамбардың алдынан шыққанда, атынан түспек болады. Жанындағы уәзірлері: «Сіз Мысыр елінің патшасысыз! Сізге ешкімді де аттан түсіп, жаяу қарсы алуға болмайды!» – дейді. Сол тәртіпті сақтаған Жүсіп пайғамбар әкесі Жақып пайғамбарға атынан түспей, ат үстінде отырып сәлем береді! Ал, діни аңыз айтады: «Ақырзаманға дейін барлық пайғамбарлардың денесі бұзылмай, шірімей, сол қалпы сақталады екен! Бірақ, Жүсіп пайғамбардың денесі шіриді екен! Әкесімен атынан түспей амандасқан тәкаппарлығы үшін Алла тағала оған осындай жаза бұйырған екен!» Сан алуан құбылған қазіргі заманымызда да асылықтың неше түрі шығып жатыр. Алтыннан дәретхана жасатқанды да естідік. Адамдармен аяғын үстелге қойып отырып сөйлесетін байлар да бар деседі. Қабылдауына келген кісіні қарсы алдына отырғызады екен. Аяғына киген шетелдік қымбат туфлиін жарқыратып, үстелге қояды екен. Ана кісінің көз алдында әрі-бері айналдырып отырып, ыңыранып сөйлеседі екен. Баяғы батырлар жырындағы Қобыланды батырға аяғыммен күрес деген Қызыл ер еске түседі. Қобыланды сияқты астамсыған неменің аяғынан іліп алып, сыртқа сүйреп тастайтын бір адам жолықпай жүр екен! Астамшылық, тәкәппарлық туралы әлем мифологиясында, біздің қазақ аңыздарында, діни уағыздарда да әңгімелер өте көп. Оны тауып оқырсыздар. Осыдан түйетін түйініміз, тағы да шектен шықпа дегенге келіп тірелеміз. Тәкәппарлық, астамшылық, асылық деген өте бір қате және қатерлі жол. Жастарға айтарым, осыдан аулақ болыңдар. Тәкәппарды Алла тағала да, халық та жек көреді. Кішіпейілділікті құдай да, халық та жақсы көреді, сондықтан да ата-бабаларымыз: «Ұлық болсаң кішік бол» деп насихат айтқан. Кісі болыңдар, кішіпейіл болыңдар, балаларым! «Тәкаппарлықты жеңген адам сүйкімді болады. Ашуды жеңген – көңілді, құмарлықты жеңген -табысты, ашкөздікті жеңген – бақытты болады!» – деген араб халқының мақалы да есте болсын. Асып – тасу – төгіліп-шашылудың басы.

«Асты қорлама, құстырар, ерді қорлама, састырар!», «Мың асқанға – бір тосқан!» – деген халқымыздың даналығын ұмытпаңыздар! Қасақана жасалған қастық Өмірде түрлі жағдай болады. Кейде адамның адамға бір ащы сөзі немесе жағымсыз іс-әрекеті тиюі мүмкін. Ал енді мұның өзі екі түрлі. Мысалы, біреудің аяғын байқамай басып кетесіз. Немесе, қызбаланып сөйлеп тұрғанда, аузыңыздан бір қатты сөз шығып кетеді. Сонда: «Мен байқамай қалдым, кешіріңіз!» – десеңіз, ол кісі де: «Жақсы, түсіндім, жарайды. Ондай-ондай болады! Кешірдім!» – деп, кешіре салса, бір-бірімен татуласып, жарасып кете береді. Осындай байқамаушылықтан кейде қиын жағдайлар да болып қалады. Мысалы, биік үй салып жатқан құрылысшы қолындағы кірпішін абайсызда түсіріп алуы мүмкін. Ұшып кеткен кірпіш төменде кетіп бара жатқан біреудің аяғына түсуі де ғажап емес. Одан да қиын жағдай туындауы мүмкін. Бірақ, бұл – әдейі істеген қастық емес, байқамай жасалған қателік. Оны түсіну де, кешіру де керек. Ал енді әдейі, қасақана жасалатын қастықтар, қиянаттар бар. Міне, бұлқұдай алдында өте үлкен күнә, қоғамда – ауыр қылмыс! Мұның сұрауы да қатты болуы керек! Қасақана жасалған қиянат, қысастық пен байқамай жасаған оғаштық, өрескелдіктің айырмасы жер мен көктей! Қасақана, ойланып, жоспарлап, әдейі жасаған қастықтың арғы жағы – зұлымдық, жауыздық, қатігездік. Осыны айыра білгеніңіз жақсы болады. Өзіңіз бұл өмірде жақсы адам боламын десеңіз, ешқашан да ешкімге қасақана қастық, қиянат, жамандық жасамаңыз, жаман сөз айтпаңыз, жамандық тілемеңіз! Өз ниетіңіз өзіңіздің алдыңыздан шығатынын ұмытпаңыз! Ерегес. Жанжал Ешкіммен ерегеспеңіз! Ерегес деген өте жаман нәрсе. Ерегеске қатты берілген адам сол жолға барын да, бағын да тігіп жіберуі мүмкін! Сол үшін күйіп, құрып кетуі де, егескен жанның көзін

жоюы да мүмкін. Сондықтан, ерегестен мейлінше қашқан жөн. Ерегес деген саналы адамға жарамайтын нәрсе. Ал енді жеңіл-желпі бәстесу деген бар, бәс тігу деген болады. Бәс – орысша пари дейді, екі адамның әлденеге өздері де қызығып, өзгелерді де ынталандырып, жарысты қыздыру үшін жасайтын, ар жағында арамдығы жоқ жанкүйерліктен туған әрекеті. Сонда да шамаңызға қараңыз, қатты қызып кетпеңіз. Бәстің өзін байқап тіккен жақсы болады! Атақты жазушы Марк Твеннің мына сөзінің жаны бар: «Никогда не ругайтесь с глупыми людьми. Они опустят вас до своего уровня, а потом добьют вас своим опытом. – Ақымақ адамдармен ешқашан да ұрыспаңыз. Олар сізді өз деңгейіне түсіріп алады да, үйренген дағдысымен түбіңізге жетеді!» Даукес, ұрысқақ, жанжал құмар кісілерді ешкім де жақсы көрмейді. Олардан аулақ жүргенді жөн көреді. Кез-келген жанжалды өршітпей, ақыл, сабырмен басуға болады. Отқа май құюдан аулақ болыңыз. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады!» – деген атам қазақтың сөзі көне заман ойшылы Марк Порций Катонның мына сөзімен қалай үйлесіп жатыр: «Большая сила в человеке, который сумеет промолчать, хотя он и прав. – Өзінікі дұрыс болса да үндемей қалған адамда көп күш бар!» «Воздержись от спора – спор есть самое невыгодное условие для убеждения. Мнения, как гвозди: чем больше по ним колотить, тем крепче они вонзаются. – Дау -дамайдан аулақ бол – дауласып ештеме де дәлелдей алмайсың. Пікірлер шеге сияқты: оларды неғұрлым көбірек қаққан сайын, тереңдеп кіре береді». – депті көне заман философы Децим Юний Ювенал. Көптеген адамдар дау, жанжалда мән жоқ екенін түсінбей кірісіп кетеді. Ашуға бой алдырған адам өз дегенін дұрыс деп қатып қалады, ақылға келмейді, басқаның уәжін, пікірін тыңдамайды, менікі қате болуы-да мүмкін-ау деп ойланбайды. Ақың болса біреуде, Айыбын тап та ала бер, Бұрынғыны қуыспа. Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып, Ешкімменен ұрыспа, Ашу – дұшпан, артынан, Түсіп кетсең қайтесің, Түбі терең қуысқа! – деп өсиет қылған Асанқайғы атамыз. Шынында да ақылы бар адам жанжалды ушықтырмай, жарылысқа жеткізбей, тоқтап, тығырықтан шығар жол іздесе керек. Адамгершілік, ақыл, сабыр, әдеп ашу-ызаны басып, жанжалды жеңеді. Бірақ, бұл оңай емес. Ол үшін адам өзінің барлық ерікжігерін, рухани күш-қуатын жұмсайды. Атақты «Маугли. Джунгли кітабының» авторы Редьярд Киплинг: «Айналаңдағы адамдар әлденеден есі шығып, өздерін ұстай алмайтын күйге түссе де, сен өзіңе -өзің ие болып, сабыр сақтай біл!» – дейді екен. Сөйткен Киплинг өзінің бір жақын адамының бір ісіне ыза болып, әлгімен жанжалдасып, пәлен жыл соттасып, күллі жұртқа әйгіленіп, ыңғайсыз жағдайға қалыпты! Киплингтің ақылы да, парасаты да бәріне жетіп тұр, бірақ, ана кісінің оспадар, өрескел қылығына күйіп кеткен де, ашу-ызаға бой алдырған. Міне, жаман қылық, пиғылға қаны қайнаған адамның сабырын сақтауы – бір үлкен сынақ. Ал, біреумен ерегесіп, дауласып, төбелесіп қалса, адамның бәрі, әрине, жеңілмеуге тырысады. Ешкімнің де жеңілгісі келмейді. Бірақ, жеңгеннің пайдасы бар ма? Жеңдім деп масайраудың да, ешкімді жеңудің де қажеті жоқ. Өйткені, жеңілген адам есесін қайтаруды ойлайды. Ал егер жеңген де, жеңілген де болмай, тең тараса, сонда ол дау-дамай, жанжал өз-өзінен аяқталады, сонымен тоқтайды. Сондықтан мұны да ойлаған жөн, жастар, айналайындар. Өкінішке орай, өмірде ерегес, жанжал болмай тұрмайды. Кейде екі бала төбелесіп қалады. Оны топтық төбелеске айналдырудың қажеті жоқ. Екі жас ерегесіп, төбелесіп қалса, басу айтыңдар, арашалаңдар. Жарайды, кішкене ашу-ызамен жеңіл-желпі қақтығысып қалған шығар. Желі шыққан соң, желігі басылады. Екі жастың жанжалын ары қарай өршітіп, топтық төбелеске айналдырып, қасіретті жағдайларға ұрынып қалудан сақ болыңдар! Жалпы, ұрыс-керіс жаман нәрсе, ал бірақ, өмір болған соң, ол да болмай қоймайды. Сонда, ұрыс-керістің өзінде де шектен шықпауға тырысыңыз. Баяғыда бабаларымыз – дала батырлары егесе келе, сөз таусылып, ақ білектің күшіне тапсырарда да бала-шағадан аулақ

деп серттеседі екен. Яғни, егескен екеуі бір-бірімен соғысып, біреуі өлсе, тірі қалғаны оның бала-шағасына тимеуге уәделеседі. Бұл да кісіліктің бір түрі. Әлденеден сөзге келіп, аяғында аянбай ұрысқан әйелдер әбден шаптығып, бір-бірін тілдегенде де, сыртынан қарғап-сілегенде де бала-шағадан аулақ дейді екен. Өйткені, қарғыс айналып иесін табатынын олар жақсы білген. Біреудің бала-шағасына тілеген пәле-жала әлгі адамның өз балаларына оралып соғатынын адамзаттың бұрынғы-кейінгі даналары айтып кеткен. Сондықтан да, ешкіммен жанжалдаспауға, ұрыспауға, егеспеуге тырысыңыз. Тіпті жүйкеңіз жұқарып, ызадан жарылған кезде де шектен шықпаңыз. Қаныңыз қайнап, біреуді балағаттап жіберсеңіз де, қарғапсілемеңіз! Қарғыс қайта айналып, иесін табатыны есіңізде болсын! Қарғыс деген қараңғыда, жасырын, тасадан атылған оқ секілді. Бәлкім, бәз біреулер егескен, өшіккен адамын: «Бәлем, мә саған, көрсетейін!» – деп, аямай қарғап-сілеп, кек аламын деп ойлауы мүмкін. Бірақ, уақыты келгенде, ол қарғысыңыз өзіңізге, тіпті, балаларыңызға қайтып келетінін түсініңіз. «Қарғысың қара басыңа болсын!» – деген қазақтың сөзі бар. Экстрасенстердің, психологтардың айтуынша, қатты ашу-ызамен айтылған қарғыс – өте күшті энергетикалық оқ! Ол көрінбейді, оны ешкім білмейді деп ойламаңыз. Көзге көрінбей, біреуді атып мұратқа жетпейсіз. Құдай көріп тұр бәрін! Ниеті қарғысқа ауған жанның жазасы да сол ниетіне қарай берілетіні есіңізде болсын! Адамды адам Өзіндей көрсін, Кеудесін кермей, Көңілін бөлсін. Жетелі болсаң, Жетерсің ойлап, Жеңген де сенсің, Жеңілген сенсің! Баянғали Әлімжанов.

Төбелес Тіршілікте төбелес болып тұрады Аң, құстар да, хайуанаттар да бір бірімен айқасып жатады. Ал адамдардың, әсіресе жастардың арасында да кейде төбелес болып қалады. Неден басталады төбелес? Ерегістен. Неден ерегеседі жастар? Болмашы нәрседен. Бірдемеге дауласады. Бір – біріне бір нәрсені дәлелдегісі келеді. Сөйтеді де, қызып кетеді. Қызып кетеді де, боқтасады, сөздері таусылған соң, жұдырығын ала жөнеледі. Бұл өрескел қателік. Өйткені, төбелестің аяғы кейде опық жегізіп, үлкен-үлкен қателіктерге соқтыруы мүмкін. Сондықтан, шамаң келгенше, төбелесті болдырмауға тырыс. Тіпті, каратэнің ең мықты шеберлерінің өзі: «Мүмкіндігінше соғысты, төбелесті болдырмауға тырыс, одан аулақ бол!» дейді екен. Тіпті, төбелеске кіріспей қашып, кетсең де, ешқандай айыбы жоқ көрінеді! Мысалы, ХХ ғасырдың басында қазіргі заманғы каратэні жолға салған Гитин Фунакоси бір күні көшеде кетіп бара жатқанда, бір адамдардың төбелесінің үстінен түскен. Сөйтіп, бұзақы адаммен айқасқа түсіп, оны жеңіп, қолын қайырып, полицияға тапсырған. Бірақ, артынан: «Мен жоғары мағыналы каратэ өнерін көшенің төбелесінде қолдандым!» – деп, өзі соған өкінген. Кез-келген үлкен жаттықтырушылар, нағыз спорт шеберлері өздерінің шәкірттеріне: «Мына спорттан, жауынгерлік өнерден үйренген әдіс-тәсіліңді, күшіңді жай адамдарға жұмсама! Төбелеске қатыспа!» – деп, ашық айтады. Каратэнің, кунфу – у-шудың, таэквондоның, дзю – доның тағы басқа шығыс жекпежектерінің спортшыларына білікті жаттықтырушылар: «Шамаң келгенше төбелесті болдырмауға тырыс немесе қашып кет Ол қорыққанға жатпайды. Егер соңыңнан қалмай қуып келіп, сенің өміріңе қауіп төндірсе, онда амалсыздан айқасқа кіріс. Бірақ, айқастың екен, шындап айқас! Өйткені, айқас болғаннан кейін, ол сені аямайды. Сен одан таяқ жеуге тиіс емессің!» – деп, насихат айтады. Каратэнің өткен ғасырлардағы шебер ұстазы Мацумуро Сокон шәкірттеріне: «Перебей руку, которая бьет тебя, перебей ногу, которая пинает тебя! – Сені тепкен аяқты қағып түсір, сені ұрған қолды қағып түсір!» – деп өсиет қылған көрінеді. Бұл, әрине, шектен шыққан жағдайда! Жастарға, жасөспірім балаларға айтарым – тіпті амалсыз

төбелеске шығып қалсаң да, қарсыласыңнан күшіңнің басым екенін байқасаң, оны жеңетініңді біліп тұрсаң, бар күшіңді салма! Шамаң келгенше оны қиратып тастамауға, бір жерін майып қылып алмауға тырыс! Ең аяғы, бетпе-бет келіп қалған кезде, оның ұрған соққысын қайтарып, өзіңіз соққы жасаған сәтте, оның беті ашық қалады, мысалы. Сіз оны жұдырықпен ұрсаңыз, оның бет-аузы қирайды. Тісі сынады, жағы сынады немесе нокаут алып, ес-түссіз жерге құласа, басымен асфальтқа соғылып, өліп кетуі де мүмкін. Міне, сіз соны ойлауыңыз керек. Егер сол соңғы соғатын уақытта, жұдырықпен ұрмай, алақанмен тартып жіберсеңіз де жетіп жатыр. Соның өзінде оның басы айналып, нокдаунға түседі. Талып қалмайды, басы ептеп шайқалып, беті қайтады, содан кейін ақылы болса, өзі де саған қарай ұмтылмайды. Мынадай да жағдай болады – сіз ұрып қалдыңыз, ол құлап бара жатыр. Сол кезде сіз оны ұстап қалыңыз. Өйткені ол басымен асфальтқа түссе, өліп кетуі мүмкін, мүгедек болып қалуы мүмкін. Сіз жауап бересіз. Қандай жағдайда да, сіз біреуге соққы жұмсаған уақытта, оған ертең қалай жауап беремін деп ойлаңыз. Себебі, сіз жаттықтан адам болсаңыз, сіздің қолыңызда күш бар. Жалпы, адамды ұру дұрыс емес, бірақ амалсыз, қорғану үшін ұрғанның өзінде, «ертеңгі салдары не болады, ертеңгі жағдай қандай болады?» – деп ойлағаныңыз мақұл. Біреумен ерегісіп қалған жағдайда, шамаң келгенше кішірейіп, қарсыласың ашуға булығып, төбелесейін деп тұрса да, оны ақылмен сабырға шақырып, тоқтатуға тырысыңыз. «Ей, айналайын, біз бәріміз замандаспыз, бауырмыз, төбелескен ұят болады! Біз бірімізге біріміз күш жұмсамайық, ақылға келейік, мәселені сабырмен шешейік!» – деп, мәмілеге шақырған дұрыс болады. Тіпті, төбелесіп қалған жағдайдың өзінде де байқап, өзіңізді өзіңіз қорғаңыз, бірақ шектен шығып кетпеңіз. Қалай десек те, өмірде түсініспеушілік болады, қақтығыстар болады. Сол кезде де өзіңіздің адамдық қалпыңызды сақтап қалуыңыз керек. Өйткені, ол да сен сияқты біреудің баласы. Оның да ата-анасы бар. Оның да жан, жүрегі ауырады. Сіз осыны ойлаңыз. Атақты алтын қағида – золотая правила бар ғой! Ол қандай қағида? «Сіз өзіңізге тілемейтін нәрсені өзгеге де жасамаңыз!» – дейді Конфуций. Жастарға айтар аталық ақыл-кеңесім: «Біреуден қорқып, бұғуға

болмайды. Қайратты, мықты болыңыздар! Бірақ, күшіңізді адамға қарсы жұмсамағаныңыз жақсы болады. Негізі, қалай болғанда да адамдық қалыпты сақтап қалу керек! Ешкімнің аяғынан шалма, балағынан алма, тізгінінен тартпа, бетінен қақпа!» Өшпенділік Өмірде адамның адамға өштесуі де болады. Бұл өте жаман жағдай, өте жаман ниет. Бірақ, амал жоқ, өмірде кездеседі. Адам әлденеден біреумен өштеседі, өшігеді. Өшпенділіктің аяғы кек алуға, кек алудың аяғы үлкен қасіреттерге апарып соқтырады. Есе қайтару, есе қайтармай қоймаймын деп ерегесу бүкіл өмірінің мұратына айналып, адамды азапқа салады, қисық жолға түсіреді. Мұндай да жағдайлар болады. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде!» деп, атамыз қазақ айтқандай, дүниеде әр түрлі психологияның, әр түрлі мінездің адамдары бар. Өштескен адамынан есе қайтарып, кек алғанша тоқтамайтын, соны құлатып, құртып жібергенше тынбайтын адамдар болады. Бұл, бірақ өте жаман! Өшіккен адамның өзі үшін де жаман, жалпы қоғам үшін де жаман. Осы орайда: «Перед тем как мстить, вырой две могилы. – Кек алардан бұрын, екі қабір қазып қой!» – деген Конфуцийдің дана сөзін еске алайық. Яғни, сіз біреуден кек қайтарсаңыз, сізден де кек алады, сіз өштескен жауыңызды көрге тықсаңыз, өзіңіз де көрге кіресіз деген сөз ғой! Әрине, ешкімді жек көрме, бәрін жақсы көр деп айту оңай. Әзілшыны аралас сөз бар ғой: «Бүкіл адамзатты жақсы көруге болады, бірақ көршіңді жақсы көру қиын!» – дейді. Тіпті, жақсы адамдар да бірбір ұнатпауы мүмкін. Жақын жерде тұрса, күнделікті араласып тұрса, әртүрлі тұрмыстық жағдайдың өзінен-ақ ренжісіп, аралары алшақтап кете береді. Бір ауыз сөзді көңіліне алып, алыстап кететіндер де болады. Ал енді өлердей өшігу, бір-бірінің басын жұтпай тынбайтын жағдайлар тарихта аз кездеспеген, оның бәрі де үлкен қасіретке соқтырған. Уильям Шекспирдің атақты «Ромео мен Джульетта» шығармасында Монтекки мен Капулетти әулетінің өштесуі суреттеледі. Міне, осы бір-біріне қас, өлердей өш екі әулеттің ұлы мен қызы – Ромео мен Джульетта бір-біріне ғашық болады. Аяғында, өшпенділік махаббаттың түбіне жетеді, екі жас қайғылы қазаға ұшырайды.

Айта берсек, өшпенділіктің тарихы өте көп. Ол ешқашан жақсылыққа апармайды. Адамның бәрін көзсіз жақсы көре беру мүмкін емес те шығар, өмірде ұнатпайтын адамдарың да болады. Тіпті, әлденеден өштесіп, ерегісіп қалған кісілерің болса, олардан алыс жүрген жақсы. Шамаң келсе кешіріп, көңіліңді тазалағаның жөн. Өшпенділіктің өртінен, кектің татынан өзіңнің жаныңды тазарта білсең, кәдімгідей өскеніңді байқайсың. Өшпенділік жаныңды жеп қояды және мұнда түк мағына, мақсат жоқ. Мұсылманға кек алу парыз, ал кешірсе, одан да жақсы деген мағыналы сөз Құран Кәрімде айтылған. Яғни, адамның өз еркіне береді. Рас, кешірмейтін, жауапқа тартатын нәрселер болады – оның бәрін ақылмен, заң жолымен шешкен дұрыс. Өмір өте күрделі, қиын, бір ауыз сөзге сыймайды, дегенмен, шамаң келсе, өшпенділікті өршітпей, кешіріп, ұнатпайтын кісілерден аулақ болған жақсы. Әлденеден біреуде есең кетсе, қалайда соны қайтарамын деп кек қуып жүргеннен гөрі, есе қумай-ақ есте ұстауға болады ғой. Сонда анау адам сенің алдыңда қарыздар секілді болып қалады, сіздің тарапыңыздан дұшпандық әрекет жасалмаса, осымен тұйықталады. Мысалы, сіз есеңізді қайтармай, қоя салсаңыз, сол күйінде қалады. Ал егер сіз кек алсаңыз, ол тағы да сізден кек алады, міне, осылайша өшпенділік өршіп, дұшпандық жалғаса береді. Тарихта бар: бір-біріне өшіккен тұқымдар, әулеттер, тіпті ұлыстар мен тұтас ұлттар пәленбай ғасыр өтсе де, бір-бірімен жауласуын тоқтатпай, арпалыса берген. Баяғыда соғысқан елдердің ұрпақтарының ішінде, арада неше ғасыр өтсе де кегін ұмытпай, араздықты қоздырып отыратындары болады. Оның аяғы алапат соғыстарға, күллі адамзаттық қасіретке апарып соғуы мүмкін. Біз осындай жағдайларды ашық айтып, адам мен ғаламды араздық апатынан сақтандыруға тиіспіз! Ал, адам өзінің өшпенділігін жеңе білсе, ол оны өсіретін, көңілін нұрландыратын керемет нәрсе. Баяғыда дуэль – жекпе жекке шыққанда, қарсыласының оғына қасқайып қарап тұрған ер жігіттер жауының қанын жүктегісі келмесе, оқ атпай: «Ендігі кезек менде! – Выстрел за мной!» деп, кетіп қалады екен ғой. Жекпе-жектің заңы бойынша, екеуі тірі тұрғанда, қанша жыл өтсе де, кез келген уақытта мұның ананы іздеп келіп атуға хақысы бар екен! Бірақ, атпайды! Себебі, ату кезегі мына кісіде қалғандықтан, анау адам,

қанша жек көрсе де, бұған қайтып оқ ата алмайды ғой! Өйткені кезек мынаныкі! Көрдіңіз бе, сөйтіп арадағы ерегес, өшпенділік тұйықталады. Анау қанша жек көріп, қанша кек алғысы кеп, атқысы келіп тұрса да, ата алмайды, өйткені ерлердің серті солай. Ал ату кезегі өзінде қалған адам тыныш өмір сүреді, керек болса, атқысы келсе, кезекте оғы тұр, бірақ атпайды. Міне, сөйтіп өшпенділік отын өшіре алмаса да, өртке айналдырмай, басып тастаған кездер болған. Осыны жалпы өмірге ауыстырып көрейік. Мылтықтың оғын емес, адамның бір-біріне деген ыза-ашуын, кегін алайық. Біреу сіз туралы жаман сөз айтты делік. Сіз оған жауап бермедіңіз. Бірақ, жауап беру кезегі сізде. Сіз кешіре де аласыз, кек аламын десеңіз де еркіңіз. Ана тарап: «Мынау менен есесін бір алады-ау! Кегін қашан қайтарар екен?» – деп, күдіктеніп, мазасы кетіп, күтіп жүреді. Ал сіз кек қайтармай қоясыз, үндемейсіз ештеңе істемейсіз! Тіпті, іштей кешірдіңіз немесе, бір құдайға тапсырдыңыз. Қалай болғанда да, бір құдай төреші! Анау да адамның баласы ғой, ұяты болса, ойланар, қояр. Сонымен, өшпенділік бітеді. Өз өміріңді бүлдіргің келмесе, өшпенділіктің өртінен жүректеріңді таза ұстаңдар. Қытайдың ұлы ойшылы Конфуцийдің мына сөзіне үңілсеңіз, ой тереңіне бойлауыңыз мүмкін: «Если ты ненавидишь – значит тебя победили. – Егер біреуді жек көрсең, сенің жеңілгенің!» Өштескен адам бір-бірінің түбіне жетпей қоймайды. Өштесуден, ерегестен аулақ болған жөн. Рас, өмірде түрлі жағдай болады, адам біреуді ұнатады, біреуді ұнатпайды. Ұнатпаған адаммен жақын араласпай, алыстан сыйласқан дұрыс. Ең керемет жол осы. Американың президенті болған генерал Эйзенхауердің балаларынан: «Сіздің әкеңіз өзінің ұнатпайтын кісілері туралы не айтушы еді?» – деп сұраптты. Сонда: «Әкеміз ұнатпайтын кісілерін есіне де алмайтын!» – деп жауап беріпті. Бұл да бір сабақ! Қалайда іштегі ашу-ызаны ақыл, сабыр, иманға жеңдіріп, реніш, өкпені ұмытып, жаныңды тазартқан жақсы! Дүниені уландырма, нұрландыр! Күйіп-піспе Күйкілікке күйіппіспе,

Күйіп-піссеңбіткенің. Күліп қаракүле білсең Бір жеңіске жеткенің. Ит үрді деп сен де үрме, Үрсең –ит боп кеткенің. Керуеніңді кері бұрмай Жүрсең – аттап өткенің. Жымысқыға жаның аурып Жын буса да, алдырма. Ақымақпен алысам деп Аяғыңнан шалдырма. Залымдыққа ыза болып Ізгіліктен айныма. Зұлымдыққа зұлымдық қып Қалма мәңгі қайғыға. Өмір – сынақ, Сауалы көп, Сабырмен тап жауабын. Өзі білер бір жаратқан Зауалы мен сауабын! Баянғали Әлімжанов Есірме, елірме Жазушы Ғабиден Мұстафин сексен жасқа толған тойында сахнада, жұртшылықтың алдында: «Мен де жас болдым, қызмет істедім, атқа міндім. Сонда жастықпен, қызметтің буымен біреуге тізе батырғым келді, біреуге күш көрсеткім келді. Сонда әкемнің: «Әй, есірме, есірме!» – деген сөзі есіме түсіп, басылатынмын!» деп еді. Ақсақал жазушының сол «есірме» деген сөзі ойымда қалып қойды. Расында солай ғой. Адам бір азды-көпті билікке, байлыққа қолы жетіп, өз еркі өзіне тиген соң: «Ал енді не істейін? Қайтсем

екен осы, ә? Әй, бүйтсем де болады екен, сөйтсем де болады екен!» деп, есіреді. Біреуге күш көрсетіп, кеуде көтеріп, тізе батырып, орынсыз әрекеттерге барады, аяғында опық жейді. Сондықтан, бұл сөз жастарға қарата айтылу керек шығар. Тіпті, есірмеге қоса, елірме, елірме деген сөзді де айтқым келеді. Қазір екіленіп жатқан дүние ғой. Жан-жақтан ақпараттың тасқыны көп, айғайлап-шулап жатқан адамдар қит етсе әлеуметтік желіге жүгіреді. Қалайда көпшілікке еліріп сөйлеу керек! Не болса,соны жазады, не болса, соны айтады! Бықсыған, елді бүлдіретін сөзге жауап беріп жатқан жоқ. «Бұл сөзім қоғамға қалай әсер етеді? Елге пәле болмай ма? Адамдар арасында араздықты қоздырмай ма?» – деп ойлау жоқ. Соларды тыңдап, жайдан-жай ереуілдеп жүрген жастарымыз да аз емес. Не үшін? Біреу келеді де бірдеме деп сөйлейді, оның байыбына бармай, мәселенің анық – қанығын білмей, кейбір жастар танаурап, еліреді. Әрнәрсеге еліру деген жақсы мінез емес. Бұған қоса елпілдеп, желпілдеп кету де бар. Бір нәрсеге қуанса, аздап бір дәрежесі өссе, табысқа жетсе, ал жуайық деп, тойлау керек, айғайлап, жалғанға жар салу керек, кеудені қағып, мен мындай болдым деп мақтану керек! Бұл не мінез? Бұл не ғажап? Осындайда Абай атамыздың: «Қуанбақтық пен бақ– мастықтың үлкені, мыңнан бір кісі-ақ артын ашпайтұғын ақылы бойында қалады!» – деген сөзі еске түседі. Шынында да, адам қуаныш үстінде шалқақтап, сабасынан асып, ақтарылып, төңкеріліп, кейде төгіліп қалады. Асып-тасып жүрген кезінде көп қателіктер жасайды, қате сөздер сөйлейді, артық уәделер береді. Мұның бәрі де сезім – эмоциямен болады. Эмоцияға берілген бастық немесе бай адамды елірту де, басқару да оп-оңай – алаяқтар олардың лепіріп тұрған, көңілі майдай еріп тұрған кезін пайдаланып қалады. Негізі, алаяқ – манипуляторлар көздеген кісілерін сондай сәтте аңдиды екен. Эмоцияға беріліп, көңілі еріп, лепіріп, қуанып тұрған кезінде сұрайтын нәрсесін сұрап қалса, ана кісілер береді де жібереді екен. Артынан: «Ойпырмай, артық кетіп қалдым-ау!» – деп опық жейді, амал не? Сондықтан елірме, есірме, лепірме деген сөздерді өзіңізге-өзіңіз айтып отырсаңыз, жақсы болады!

Талас Жер жүзінде қанша халық бар, міне, осылардың арасында дін таласы, тіл таласы, тағы, тағы да басқа таластар болып тұрады. Олардан аулақ болғанымыз жөн. Қазіргі заманда адамзат баласы осы жер бетіне сыйысып, жарасыммен өмір сүргені мақұл. Әркімнің өз діні бар, өз жолы бар. «Сенікі былай, менікі былай!» – деген даудамай, айтыс-тартыс, салғыласу, қақтығысу бұл жерге жүре қоймас. Өйткені, одан от – соғыс оты тұтанып кетуі мүмкін! Осыған абай болу керек!

Сегізінші бөлім
Шатыр
Ел іргесін бекіту деген бар. Елдің қуатын нығайту, арттыру керек.
Үй салғанда да фундамент – іргетасын, қабырғаларын мықтап

салады ғой. Сол сияқты елдің де іргетасы мықты болуы керек.
Қабырғалары, ұстап тұратын ұстындары да берік болғаны жөн.
Біз оның орнына биік-биік, әдемі шатыр салуға құмар сияқтымыз.
Шатырды биіктетіп, оны неше түрлі ұран сөздермен әшекейлеп:

«Қараңдар, мінекей, шатырымыз қандай әдемі!» – деп шатырға
шығып алып, дүниежүзіне ұрандап тұрған сияқтымыз.
«Ал подвалда не болып жатыр? Кімдер жүр? Ірге тас қалай?
Шатырымызды дауыл соқса ұшырып әкетпей ме? Жер сілкінсе,

құлап қалмай ма? Тіпті, өзіміздің салмағымызды көтере алмай
қирап қалмай ма? Және осымыз күлкілі емес пе?!» – деп, бір ойлап
қойсақ қайтеді?!
Мотивация

Негізі,
қазіргі
мотивациялық,
психологиялық

кітаптарда
шетелдік мамандар айтып жатқан нәрселердің көбін атам қазақ та,
басқа халықтар да баяғыда айтып қойған. Міне, қараңыз:
Уайым түбі тұңғиық,

Жат сезімді жүрегіңе өткізбе,
Көңіліңе кемшілікті көп тізбе.
Жамандықтан жабырқасаң жердегі,
Жер бауырлап жатып қалмай, көкті ізде!

Баянғали Әлімжанов.

Батасың да кетесің, Тәуекел түбі жел қайық, Кешесің де өтесің! – дейді. Осы күнгі психологтардың адамдарға күйреуік болмай, қорқыныш, уайымды жеңіп шығу туралы айтып жатқан сөздерінің түйіні емес пе?! Немесе: «Бәрің бірдей ойшыл болсаң, сұм боласың, бәрің бірдей қойшы болсаң, құм боласың, бәрің бірдей тойшыл болсаң, жын боласың!» – дейді. Не деген сөз! Өмірдің сан алуан сыры тұнып тұр емес пе? Бәрінің орны, орайы бар екенін меңзейді. Демек, өмір сүру жолы туралы ойлағанда, халық даналығына ден қойып, сырына бойлаған мақұл! Бағдарламалар Қазіргі саяси технологиялар әлде бір бағдарламаны ел ішіне жібереді. Ол өзі айналып, адамдарды өзіне тартып, еліртіп, еліктіріп әкетіп, күшейе береді. Мысалы, біздің өңірлерде тыныштықты бұзуға бағытталған қаншама бағдарламалар келіп жатыр!? Әлеуметтік желіде желпініп сөйлеп жатқандардың барлығы халықтың қамын ойлап жүргендер ме? Шыншылдар ма? Әлде біреудің шындығын жүргізіп отырған жалдамалы ауыздар ма? Жалмауыздар ма? Осыны ойландық па? Қандай ойлар айтып жатыр олар? Ол ой қайда бағыттайды? Елдің тыныштығын бұза ма, жоқ па?! Осы тұрғыдан қарауымыз керек. Өзіңе Айналаңызға достық қылсаңыз, сізге де достық келеді. Дүниеге қастық қылсаңыз, сіз де қастық табасыз. «Не ексең, соны орарсың!» – дейді халық. «Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе!» – дейді. Бұл даналықтың ар жағын өздеріңіз түсініңіздер. Кешірім Кешіру жақсы, сауапты іске жатады. Адам бір-бірінің қателігін кешіріп, кең пейілділікпен жарасып жатса – ол жақсы. Алла тағала кешірімшіл, кешірім сұрағанды және кешіргенді ұнатады дейді құранда. Тағы да құранда мұсылманға кек алу парыз, кешірсе одан

да жақсы деген мағыналы аят бар. Міне, бұл үлкен әңгіме және оны адамның еркіне қалдырады. Шынында да, кешірімді бол, кең пейілді бол деген жақсы, бірақ кешіретін де нәрселер болады, кешірмейтін де нәрселер болады. Мүлдем кешіре алмайтын нәрселер болады. Арам ойлы, зұлым, залымдық қылған пасық, сөз таситын, адамдардың арасына от жағатын, шағыстыратын, пәле қуған жаман пиғылды адамдарды қалай кешіресің? Жарайды, олармен кектесіп, алысудың қажеті жоқ дейік. Бірақ көпекөрнеу жасаған залымдығынан кейін онымен қалай жақсы болып, сыйласып, жақын жүруге болады? Бұл өте бір қиын, тіпті мүмкін емес нәрсе. «Ал кешірімшіл болайық, ал кешіре салайық!» – деген жалпақ шешейлік жақсылыққа апармайды. Кім көрінген: «Өй, мына біреу кешіргіш, не істесең де кешіре береді. Бұған кесір жасай берейік, сосын ертен кешіре салады!» – деп, басынып кетуі де мүмкін! Тіпті, жақын адамдар да бір-бірімен ренжісіп, артынан табысқанда да, кешіретін нәрсені ғана кешіреді. Ал кейде, мысалы, кешіруге лайықсыз бір кісілер болады. Аузымен ғана кешірім сұрап тұрады. Сонда қайтпек керек? Бұл жерде ең бастысы онымен кектесіп, кек қуып, есе қайтарамын деудің қажеті жоқ. Конфуций: «Біреуден кек аламын десеңіз, екі мола қазып қойыңыз!» дейді. Яғни, біреуі өзіңе дегені ғой. Бұл жақсы емес, бірақ ондай адамнан ендігі жерде аулақ жүру керек. Мысалы, адам көңілі бір қалған кісіге енді бұрынғыдай ықыласты бола алмайды ғой. Мың жерден кешірім сұрасын! Жарайды, кешірдім дейді, оған қастық қылмайды, жамандық тілемейді, кек алмайды. Бірақ көңілі бұрынғыдай жараса ала ма?! «Бір қалған соң көңілің, қаңтарда қатқан мұзбен тең!» – деген жыраулардың сөзі де бар. Сондықтан көңіліңіз қалды екен, өзіңізді-өзіңіз зорлап, ана адаммен қайтадан жараса қояйын, бұрынғыдай бола қояйын демеңіз. Аулақтап кеттіңіз бе, «иә, аман болсын, әйтеуір» – деп, алыстан сыйласқан жөн шығар. Бір сынаған жаманды, Егіз екі сынама! – дейді жыраулар. «Сен бәрін кешіре бер, саған адамдар қысастығын жасай берсін!» – деген сөз өмірлік қағида болмайды. Кешірудің де бір шегі, мөлшері бар.

Кеңпейілдік, жақсылық туралы
Адам адамға жақсылық жасайды. Оның да әртүрлі жағдайы
болады.
Ең үлкен, ең таза жақсылық – әуелі Алла ризалығы үшін және

адам баласын жақсы көргендіктен, адамға деген құрмет, ықылас,
сыйластық, махаббатпен жасаған жақсылық. Ол қалтқысыз, риясыз
жақсылық.
Жақсылық жасаған адамға рахмет айтылады. Одан үлкен сөз

жоқ. Бұл рахмет деген сөз – «Сізге Алла рахым етсін! деген сөз.
Алла рахым етсе, одан артық қандай жақсылық, одан артық қандай
бата болады?! Орыс халқының: «Спасибо!» – дегені: «Спаси Бог!

–Сізді құдай құтқарсын!» – деген сөзден шыққан екен. Мінеки,

рахмет деген – шын жүректен жасалған жақсылыққа шын жүректен
айтылған алғыс! «Құдайдан қайтсын!» дейді қазақ.
Мәшһүр Жүсіп атамыздың сөзі бар: «Іс қылсаң құдай үшін
ниетпен қыл, Риямен өз ісіңді өзің жойма!» – дейді.

Бірақ, сапырылысқан бүгінгі заманда бәрі өзгеріп кетті. Қазір
жақсылықтың өзін кейде есеппен жасайтын болды. Жасаған
жақсылықтарын бұлдап: «Әй, рахмет айтпаушы ма едің? Дұрыстап
рахмет айт!» – дейтін әдет қалыптасты. Кей адамдар біреуге бір

жақсылық істейді де, соған бірдеңе бер дейді. Бұл бір жағынан
жақсылық болса, екінші жағынан – сауда емес пе? «Мен саған,
сен маған» – деген бақай есеппен жасалған жақсылықты қалай
бағалауға болады?!

«Если ты за добро благодарность ждешь –
Ты не даришь добро, ты его продаешь! – Егер сен жақсылығың
үшін алғыс күтсең, онда сен жақсылығыңды сатқаның!» \Омар
Хайям\

Омар Хайямның осы өлеңімен Мұқағали Мақатаевтың өлеңі,
арада қанша ғасыр өтсе де, үндесіп тұруының өзі мұндай жағдайдың
өміршеңдігін көрсетпей ме?!
Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа, жарқыным,

Қарыз ғып берсең, қажет те емес алтының!
Өгіз боп саған өткерер менің жайым жоқ,
Өмірдің қалған тамтығын! \ Мұқағали Мақатаев\
Ал, енді шын көңілмен, риясыз жасалған жақсылыққа

ризашылықпен, шын жүректен айтылған алғыстан артық не бар?!
Біздің мұсылман дінінде жасаған жақсылығын бұлдау, міндет қылу

– ауыр күнә дейді. Алла ризалығы үшін адамға риясыз жақсылық

жасау – сауапты іс болып саналады. Мұның сауабын Алла тағала екі
дүниеде өзі береді деп сенеміз.
Дала тарихында көшпенділердің дархандығы, даналығы, мәрттік
салты, кеңпейілділігінің неше түрлі оқиғалары бар. Олардың

ұрпақтарына бұл заманда әрине, кейде қиын да шығар. Сіздің
көшпенділік кеңпейіліңізді капитализмнің қулары басқа мақсатта
пайдаланып кетіп, өзіңізге қауіп – қатер төндіруі де мүмкін. Бұл
заманда кішкене сақтанып, байқап жүрмесе тағы болмайды.

Дегенмен, біздің қанымыздағы, жанымыздағы мәрттік өшпей,
жоғалған жоқ! Қай кезде де бір көрініп қалып, көңіліңді көтеріп
тастайтын жағдайлар, құдайға шүкір, әлі де баршылық!
Бұл қазақ халқының адамгершілігінің бір үлкен белгісі!

Ашу, ыза
Біздің бала кезімізде – 1960 – шы жылдары – егін жинау науқаны
бір керемет оқиға болатын.
Жан-жақтан астық жинауға көмекке көп кісілер, машиналар

келетін. Әсіресе, әскери адамдар өз техникаларымен қаптап
кететін. Дәл сол уақытта әскер қатарында жүрген солдаттардан гөрі
сақа жауынгерелер көбірек болушы еді. Сөйтсек, олар запастағы
әскерилер екен. Егін науқаны басталғанда, сапқа шақыртып алатын

болу керек.
Оларды ел адамдары партизандар дейтін. Машиналар совхоз-
совхоздан гүрілдей заулап келіп, Первомайка – Бірінші Майдағы
аудандық элеваторға қып-қызыл бидайды төгеді де жатады. Элеватор

күні-түні гүрілдеп, дүрілдеп тұрады. Қайнаған еңбек деп соны айт!
Міне, сондай бір уақытта біздің ауданның орталығы Степняктың
іргесіндегі Казгородок ауылының ортасымен өтетін тас жолда
сұмдық оқиға болды. Ауыр жүк машинасымен бидай әкеле жатқан

келе жатқан жап-жас солдат байқамай, алдынан шыға келген бір
топ қаздың біреуін басып кетіпті. Қаздың иесі ұлты басқа кемпір
екен, ашуланып, айқайды салып, машинаға қарай тұра ұмтылады.
Солдат тоқтай қалып, машинасынан секіріп түсіп, кешірім сұрап,

алдынан шығады. Ыза буып, қаны қайнаған кемпір сөзге келместен
қолындағы күрекпен әлгі солдатты басынан бір-ақ ұрады. Сол жерде
жан тапсырған жап-жас солдаттың қолында советтің он сомдық
қып-қызыл ақшасы бар екен – қаздың құнын төлемек болған ғой!

Он сомыңыз ол кезде бір емес, екі-үш қаздың құны! Амал не, жоқ
жерде жап – жас адам жол бойында жоқ болып кете барды. Есін
жиған соң кемпір де өкінген шығар-ау! Амал қанша, ашу кәрі-жасқа
қарамай, опық жегізеді.

Осыған ұқсас оқиға менің де басымнан өткен. Бесінші –
алтыншы класта оқимын. Біздің үйге Баркенхоев \ аты Магомед пе
еді, ұмытайын деппін.\ деген ингуш шопыр келіп жүретін. Жасы
кіші болса да, әкеммен дос-жар болатын. Әлі есімде, Баркенхоев

сарымсақ – пиязды тұзға батырып, «аппетит» – деп, қаршылдатып,
сүйсініп жейтін. Ол кезде Степнякта, Бұлақбасында тұрамыз. Совет
өкіметі бір үйге үш қой мен бір сиыр немесе бір бие ұстауға ғана
рұқсат береді. Әйтеуір, құсқа шектеу жоқ па, ауылдағылар қаз,

үйрек, тауық ұстайтын. Біздің үйде тек қана қаз болды.
Бір күні, күзде, мен бір топ қазды қырдың астына жаю үшін
шықтым. Балапандары өсіп, қаз болуға жақындап қалған. Ұзын саны
он бес – жиырма. Сайдың тұсында, жан-жағыма қарап алып, машина

көріне қоймағасын, қаздарды үлкен тас жолдан өткізе бердім. Сол
сәтте Мәтен – Макинка жақтан, жолдың дөңестеу жерінен қылт етіп
жүк машинасы шыға келді.
Мен жанталасып, қаздарды қуалай жөнелдім. Қаздар қаңқылдап,

сайға түсіп те үлгерді, ал әлгі машина да күрт бұрылып, жолдан
шығып, зулаған күйі сайға түсіп, менің төрт-бес қазымды басып өте
шықты. Мен ойбайлап тұра жүгірдім, машина сол күйі кете барды.
Анық көріп, таныдым – Баркенхоев!

Бес-алты қаз-балапаны аралас, қып-қызыл қан болып, қырылып
қала берді.
Бақырып жылап, Баркенхоевты боқтап, жүгіріп үйге келдім.
Келсем, есік алдында Баркенхоев әке-шешеммен қызу әңгімелесіп

тұр!
Мен ай-шайға қарамай, келе сала әке-шешеме: «Бұл біздің
қаздарды әдейі басты! Көзіммен көрдім, сайға түсіп бара жатқан
қаздарды бұрылып барып, басып өте шықты!» – деп бақырдым.

Олар мені тыңдап, жылағаным басылған соң, дұрысын айтты.

Сөйтсем, Баркенхоев үлкен жолмен жайбарақат келе жатып, дөңестен аса бергенде, алдында мен жүргенмін ғой! Қатты келе жатқан машинаны ойланбастан жолдан бұрып жіберіп, сайға түсіп кеткенде, тура қаздардың үстінен өте шыққан! – Мен алдымнан бала шыға келгенде, бар ойым оны қағып кетпеу болды! Кюветке, сайға қарай жалт бұрғанда, машина аударылып қалуы да мүмкін еді! Бірақ мен рөлді бұрып жібердім! Әйтпегенде, баланы басып кететін едім! – деп, ағынан жарылды Баркенхоев. Бала болсам да істің мән-жайын енді түсініп, әжептәуір ұялыңқырап қалдым. Жолдан неге байқамай өтесің деп, Баркенхоев та, ата-анам да маған ренжіп, біраз сөздер айтты. «Қаздың құнын төлейін!» – деді ингуш азамат. Әке-шешем менің аман қалғаныма қуанып, қаздарды садаға деді, ештеме алмаймыз деді. Содан кейін де Баркенхоевпен бұрынғыдай сыйласып жүре бердік. Міне, ашу дұшпан, ақыл дос дегеннің шындығын бала кезімізден бері талай көрдік. Асығыстық Өмір тоқтаусыз алға жүреді. Адамдар да тоқтаусыз әрекет үстінде. Алдына мақсат қояды, соған ұмтылады. Мақсатқа тез жеткісі келеді. Бұл адамның, бәлкім, табиғи сезімі. Бірақ: «Асығыстық шайтанның ісі. СабырАлладан!», – дейді аталарымыз. «Асығыстық жарға жығады», «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» – дейді. Орыстар айтады: «Торопись не спеша!- Әбігерленбей асық!» Әбігерлік, абыр – сабыр болушылық, жанталасушылық – аса жақсы емес. Әсіресе, адамның денсаулығына зиян. Бір қарағанда, мынадай сөз бар. Немістердің сөзі болу керек. Жалпы, барша халыққа ортақ қой. «Бүгін бітіруге болатын шаруаны ертеңге қалдырма!» – дейді. «Жалқаудың ертеңі бітпес! Күнде ертең, күнде ертеңмен күн өткізеді» – дейді қазақ. Яғни, әр нәрсені сылтауратып жұмыстан қашу. Жалқау адамдар сөйтеді. Міне! Ол

мінезді жеңіп, қалай да шаруаны істеу керек. Алға басамын деген адам үнемі қозғалыста болады. Бірақ, қалай қозғалыста болады? Әңгіме, осында. Немістің тағы бір сөзі бар: «Егер де бірнеше жұмыс қатар, қабаттасып келсе, сіз соның кейбіреуін кейінге қалдырыңыз. Сонда сол уақытқа дейін өмір сүру мүмкіндігіңіз артады!» – дейді. Бұл не деген сөз? Ал, түсініп көр! Бір – біріне қайшы сияқты. Ойлап көрсеңіз, бәрі де түсінікті. Шаруаны істеңіз. Қозғалыңыз, ұмтылыңыз. Бүгін бітіруге болатын шаруаны қалдырмаңыз. Жарайды, мақұл – ақ. Бірақ, жанталаспаңыз. Аса қатты жүк түсірмеңіз. Жүйкеңізге де, денеңізге де. Мысалы, бірнеше шаруа қатар келіп қалды, бәрін жанталасып бітіргіңіз келеді. Міне, ең қауіпті жағдай осы. Біріншіден, асығып – үсігіп, біріне – бірін соғып, сапырылыстырып, аврал қылып, әбігерлікпен жасаған істің шаласы көп болады. Шалағай болады. Дұрыс жасалмайды. Ең бастысы, адамның жүйкесіне өте көп күш түседі. Стресс дейтін жағдайлар содан болады. Міне, осы кезде сіз жұмыстың бүгін істелуге тиісті дегенін атқарып, кейінге қалдыруға болатынын кейінге қалдырып отырсаңыз, жүгіңізді жеңілдетесіз. Мына қараңыз: құм сағаттан бір секундта бір – ақ түйір құм өтеді. Екі –үшеуі қабаттасып келсе, қақалып, өтпей тұрып қалады. Мысалы, пулеметті алыңыз. Бір мезетте бір – ақ оқ шығады, кезектесіп, бірінен кейін бірі атылады. Ал екі – үш оқ қабаттасып, тығылып қалса, ол қақалып, атуға жарамай қалады. Кез келген жағдай осылай. Тіпті, темір екеш темірдің өзі, қандай да бір мықты деген құралдардың өзі шамадан тыс, мүмкіндігінен артық күш түсіргенде, шыдамай күйіп кетеді, сынып қалады. Ал адам адам ғой. Сондықтан өздеріңізді сақтаңыздар. Әрине, жұмысты істеу керек. Жұмыс не үшін?! Сіздің өміріңіз үшін, сіздің қажетіңіз, абыройыңыз үшін. Бірақ, сіздің өміріңіз жұмыс үшін емес қой! Сондықтан, жұмыс үшін, осы жұмысты тез бітіремін деп өміріңізді қиып жібермеңіз! «Кунг-Фу Шоу-Дао» -сабырлылар жолы деген кітаптан оқыдым – сабырлылар кезкелген жағдайды өз денсаулығына қалай әсер етеді деп бағалап, есептеп барып әрекет жасайды екен! Бізде көп жағдайда осыны ұмытып кетеді. Тез табысқа жете қоямын деген жанталас талай адамды жарға жыққан. Бұл жөнінде даналардың жазған еңбектері аса көп. Зерттеп тексерген, көз жеткізген. Спортта болсын, өнерде

болсын, бизнес, кәсіпте болсын, қай қайсысында да әр нәрсе өзінің ретімен, өлшемімен жүруі керек. «Әр нәрсе өз уағында» – деген ғой аталарымыз. Сондықтан бәрінің де қалыптасқан жөні, реті, әдістәсілі, айла-амалы бар. Рас, адам болғаннан кейін, қалыпты мөлшер, нормаға сыймайды. Адамның эмоциясы бар, көңіл күйі бар. Әр сәтте әр түрлі болады. Бір топ достар бір жұмысқа кірісе қалса, ішінде біреуінің мінезі шапшаң болса, өзгелерді: «Ал, қане, тез – тез өйтіп жіберейік, бүйтіп жіберейік!» – деп қайрап жатады. Оған елігіп, еліріп, шуылдасып, шапқылап, ақ тер, көк тер болады. Бірақ, ертеңіне есін жия алмай, тіпті, ауырып қалатындар да аз емес. Ал қара жұмыстан, қатты қимылдан қол үзіп қалған қалалықтарға, қызметкерлерге күрт, қауырт қозғалыс тіпті қатерлі. Өткен жылдары мемлекеттік қызметшілердің арасында ЗОЖСалауатты өмір салтын сақтау ұранының аясында ма, бұқаралық спортты дамытуды насихаттау жолында ма, әйтеуір, Ақмола облысында шаңғы тебуден жарыс ұйымдастырылды. Марафон! Сонда Зеренді ауданының мәслихат хатшысы, \көз көрген, өткір, іскер, ойлы, жақсы азамат еді!\ жарыс үстінде жүрегі қысып, қайтыс болып кетті! Және тағы бір ауданның азаматы сол жолы қайтыс болды. Енді бірде мектеп мұғалімдері арасындағы волейбол жарысында бір әйел мұғалім қайтыс болды. Жұмыстағы адамдарды жарыс жолына шығарып, оларды аяқ астынан тосын қимыл, әрекетке міндеттеудің не қажеті бар?! Адамның шектен тыс әбігерленіп, жанталасуы – жақсы емес. Жастыққа тән албырттық, асығыстық кейде ауруға шалдықтыруы мүмкін. Жастар тез биікке жете қойғысы келеді. Тез қатарға қосылып, тез санатқа ілінгісі келеді. Оның бәрі заңдылық! Бірақ, бәрі де өз уағында. Бәрі де өмір жолымен аспай-саспай, ұзақ жүрген соң, үлкен еңбек, маңдай термен келетін мағыналы дүние. Сондықтан, асықпаңыздар! Тоқтамаңыздар, үнемі алға жылжи беріңіздер! Бірақ жанталаспаңыздар! Жайбасарлық Жайбасарлық деген бір қызық әдет. Жалпақ қазаққа тән.

Кең далада малды жайып жіберіп, күн ұзаққа асықпай қыр басында қарап отыратын қазақ үшін уақыт баяу өтеді. Аспанға қарайды, бұлттарға қарайды, дүниемен сырласады. Уақыттың кеңдігі санасына әсер еткен болуы керек. Біздің кез келген жұмысты істеуіміздің өзі қызық қой. Біріншіден, күнде ертеңіміз бітпейді, кейінге қалдырамыз да отырамыз. Бұл бір. Екіншіден, бізде уақытпен санасу деген онша бола бермейді. Мысалы, күнделікті тіршілікте талай адамдар бір-біріне: - Бір маңызды мәселе бар, жолығып сөйлесу керек еді? – десе, екіншісі: - Жарайды, ертең кешке қарай кездесіп бір шәй ішерміз! – дейді. - Қай уақытта? – деп, мынау сұрайды. - М-м, кешке қарай көрерміз! –деп жауап береді. Ал, кешке қарай дегеннің өзі пәленбай уақыт емес пе? Жоқ, кесімді сағатта жолығып, санаулы минуттың ішінде бітіретін шаруаны кеңге сілтейді. Асықпай шай ішу керек, міндетті түрде. Сонымен, жұмыстың мәселелерінен гөрі, әңгіменің бәрі шайға қарай ауып, керіліп, созылып жүргені. Мұны қазіргі уақыт көтере ме, көтермей ме – оны ойланып жатқаны шамалы. Асықпай жолығып, әуелі мәселені біраз талқылайды, одан кейін жоспарланады, сөйтіп жүргенде, кейде аяқсыз қалады. Дейл Карнеги «Как перестать беспокоиться и начинать жить» деген кітабында: «Иә деп айтуға асықпа! Жоқ деп айтуға бөгелме! Сонда біраз мәселеден құтыласың!» – деп жазады. Және, «ограничитель потерь» деген ұғымды алға тартады. Жоғалтуды шектеу, шығынды шектеу дейміз бе? Мағынасы осыған келеді. Ол былай: Биржадағы ақша саудасына қатысатын бір адам өмірі ұтылмайды екен. Соның сырын сұрап: - Сіз қалай ылғи ұтасыз? – десе: - Менің заңым – «ограничитель потерь» қою. Шығынды шектеу тәртібім бар. - Қалай? - Биржада айналып жатқан валютаның құны түсе бастаған кезде, белгілі бір пунктке дейін ғана ойнаймын. Мысалы, бірер сатыға төмендей бастағанда, енді ары қарай көтеріледі – ау деп күтпей, қолма – қол сатып жіберемін де құталамын! Сонда аз ғана ақша жоғалтамын, бітті! – деген екен.

Ал егер ол ары қарай тағы біраз түсіп кетсе, оңбай ұтылып қалуы мүмкін ғой. Жоқ, оған барғызбайды, шектеу қояды. Келесі жолы қайтадан сол биржаға қатысады, сәл көтеріле бергенде, ұтысын алып, ойыннан шыға қояды. Көп ұтамын деп, аранын ашпайды – мұнда да шектеу қойған. Себебі, келесі сәтте әлгі ұтысы төмен түсіп кетуі де мүмкін! - Міне, осылайша мен ұтамын. Ешқашан ойсырай ұтылмаймын, сондықтан да табысты болып келе жатырмын! – депті. Ал енді осы заңдылықты қарапайым өмірге де енгізуге болады. Карнегидің сол кітабынан оқыдым. Екі дос түскі тамақты бірге ішейік деп келіседі. Келіскеннен кейін, мына кісі күтеді ғой әлгі досын. Ол ылғи кешігіп келеді. Бұл сағат бірде шығып тұрса, ол бір жарымда, кейде екіге жақындағанда келеді. Сөйтіп, мынау босқа күтіп, ақырында тамағын апыл – ғұпыл ішіп, әлек болады. Өйткені, түскі үзілістің уақыты бітіп қалады. Содан бір күні бұл жаңағы «ограничитель потерь – шығынды шектеу» деген заңмен танысады ғой. Сөйтеді де досына айтады: - Ал, досым, жақсылап тыңда! Сен ылғи кешігіп, менің уақытымды жеп қоясың! Бұдан былай түскі тамаққа бірге барамыз деп келіссек, мен сені он – ақ минут күтемін. Егер де сағат бірден он минут кеткенше келмесең, екеуіміздің келісіміміз күшін жояды! – дейді. Содан рахат болады. Сағат бірде түскі үзіліске шығады. Он минут күтеді, досы келмесе, түскі асын өзі жалғыз ішіп алып, жұмысын істей береді! Міне, бұл былай қарағанда қызықты нәрсе, бірақ бір керемет, өміршең нәрсе. Әсіресе, біздің қазаққа керек-ақ! Біздің қазақ өміріне назар аударыңызшы. Қаншама адамдар бірдемеге келіседі де, біреуі уақытында келмей, екіншісі соны күтіп, шат – шәлекей болып жүреді. Ондай келісімнің, міндеттің қажеті не? Өз тәжірибемді айтайын. Мен бір жылдары ауылда тұрдым ғой. Кеңащы ауылында. Менің аудан берген ақ «Жигули – пятеркабесінші» машинам болды. Аудан орталығы Степняк пен Кеңащының арасы жиырма екі шақырым. Жұмыс бабымен, тағы басқа шаруалармен барып, келіп тұрамын. Кейде ауылдастарым үйге келіп: «Ертең Степнякқа барсаңыз, мені ала кетіңізші!» – дейді.

«Жарайды, таңертең тоғызда шығамын!» – деймін. Қайда саған
сағат 9.00! Ешкім жоқ. Содан, машинамды шығарамын гараждан.
Енді міндетті сияқтымын. Айтып қойдым ғой, ауылдасым ғой!
Менің тірлігім де қызық. Әрқайсысының үйіне барып:

-Әй, сен Степнякқа апар деп едің ғой?! Барасың ба? Жүр! – деп
теріп жүремін бәрін. Шат – шәлекейім шығады. Олар жиналып,
гәукілдесіп, әупірімдеп шыққанша сағат 10 – 11 болады. Ауданға
да, шаруаға да кешігіп жүргенім сөйтіп. Ауылдастарымның онда

жұмысы жоқ, қауқылдасып, мәз-мәйрам. Және, қайтарда тағы да
жиып-теріп ала кетуім керек!
Өстіп жүргенде, Карнегидің кітабын оқыдым ғой. Әлгі
«ограничитель потерь –шығынды шектеу» деген тура маған қона

қалды! Уақыт шығынын шектеу керек!
Енді Степнякқа апар деген ауылдастарыма: «Ал, таңертең
тура 9.00 – де жүреміз. Кешіксең, он – ақ минут күтемін. Сағат
тоғыздан он минут кеткенде келсең – келдің, келмесең өзіңнен көр,

қарамаймын, кете беремін!» – деп, ашық айтатын болдым.
Сол айтқанымды істедім. Әуелде, таңертеңгі 9.00 – де ешкім
келген жоқ. Мен де ешкімді күтіп, алаңдаған жоқпын, тоғыздан он
минут өткенде, Степнякқа тартып отырдым!

Болды қызық! Келесі жолы сағат тоғыз болмай үйдің алдына
өздері келіп тұратын болды!
Қазір осы тәртіпті барлық жерде қолданып келе жатырмын. Бір
жерге кездесуге шақырады, сұхбат алуға шақырады, тағы басқа

мәселелермен шақырады. Келіскен адамға сағатын кесіп айтамын.
«Кешікпе, тура осы уақытта келіңіз! Келмесеңіз, он минут күтемін,
ары қарай күтпеймін!» – деймін.
Өйткені адам өз уақытын да, өзгенің уақытын да сыйлау керек!

Бұл да тіршіліктің өзекті әңгімесі.Негізінде, біздің өмір
салтымызға тән құбылыс.
Бір жерде бір жиын, салтанатты жиналыс болады, халық
жиналады. Содан ел жиналып, бастықтарды күтіп тұрады. Қалада,

зиялы қауым ортасында ептеп тәртіп бар. Ал ауылдық жерлерде,
аудандарда бір үкімет адамы келе жатыр деп, халық иіріліп тұрады.
Бастықтар ешқашан уақытында келмейді, кешігеді. Бір сағат, екі
сағат кешігіп келу деген – қалыпты нәрсе. «Бұларың қалай?!» –

деп сұрасаң, әлгі кешігімпаз дөкейлер, қадірлі қонақтар: «Күтсін,

салмағымызды білсін! Бізді күтпегенде кімді күтеді? Бізді күтуге
тиісті!» – дейді.
Неге күтуге тиісті? Кім саған міндетті, айналайындар!? Әр
адамның уақыты бар, шаруасы, тіршілігі бар. Неге сені халық

иіріліп күтіп тұруы керек?
Мен осыны түсінбеймін. Бұл дұрыс емес! Айтқан уақытта кел!
Кешіктірмей баста, кездесуіңді өткіз. Өйтіп халықты иіріп қоюға
болмайды.

Кейбір ой-өрісі шектеулі бастықтар: «Кешіккен сайын жұрт
беделімізді аңғарады, халыққа қадіріміз артады!» – деп ойлайды.
Жоқ, олай емес! Кешіккен сайын құндары түсіп, қадірі кетеді.
Сарылып күткен халықтың кешігіп келген кісілерге деген құрметі

азая береді. Кәдімгідей ренжиді, жақсы көрмейді. Керек десең, жек
көреді!
Ертеректе Ордабасыдағы атақты, үлкен жиынға бардық. Содан
тарап жатырмыз ғой. Біздің Көкшетау облысының делегациясын

Шымкенттің облыс басшылары жиналып, әуежайда шығарып салып
тұр. Халық ұшаққа мініп, күтіп отыр. Ол кезде облыстық әкімшілік
басшысы – глава және облсовет төрағасы деген екі бастық, екі
лауазым қатар болды. Шымкент облыстық советінің төрағасы мен

басқа да басшылары әуежайда дастархан жайып, біздің Көкшетау
облыстық советінің төрағасы мен делегация мүшелерін қонақ
қылып тұр. Тост айтады. Стақан көтереді. Олардың бұл қылығын
көрмей-ақ қояйын деп, далада шығып кетіп едім, бір кісі жіберіп,

мені шақырды.
Келсем, біздің облыс басшысы маған «өлең айт!» – дейді. Содан
соқтым – ау! «Халық бізді күтіп отыр. Мына жерде сіздер асықпай
тост сөйлеп, арақ ішіп тұрсыздар! Бұларыңыз басшы деген атқа

керемет жарасып тұр!?!» – деп, әзіл – қалжың, ойын-шыны аралас
айтып салдым. Олар ұялыңқырап қалды. Шымкенттің облсовет
төрағасы маған шапан жапты. Халық күтіп тұр дегесін, зорға
қозғалып, әйтеуір, бір сағаттай кешігіп барып, ұшаққа мінді – ау

әйтеуір! Сөйтіп, ұштық. Соны да көрдім. Кесте бойынша уақытымен
ұшайын деп тұрған ұшақты тоқтатып, елді күттіріп қойып, бір

– бірімен стақан соғыстырып, ішіп тұру деген менің ақылыма

сыймайды. Бұл әдептілікке жатпайды! Ұққанға айтарым, осындай
да дерт бар, бұл – рухани дерт! Азамат атанып, абыройлы басшы

боламын десеңдер, мұндай аурудан арылыңдар, аулақ болыңдар! Ал, енді тойға, қонаққа бару бір хикая! Бәрің де білесіңдер. Сағат 4 – ке шақырады. Кешкі сағат 7 – де бастайды, мысалы. Мен тура айтқан уақытында барамын. Өйткені, бес жасар бала мені күтіп тұрса, «күттіріп қойдым – ау!» – деп, мазам кететін адаммын. Ал, өзім бұрын барсам, өзім күтсем, ештеме емес. Өйткені, өзім біреуді күтіп қалсам, менің еркімде бәрі. Мен кешіре аламын ол кісіні. Ертерек барып, адамдармен арқа – жарқа сөйлесіп, емін – еркін жүремін. Ал кешіксең: «Ана адамдар күтіп қалды – ау, ұят болды – ау!» – деп, ұялып, асып-сасып, әбігер боласың. Жүйкең жұқарады, мазаң кетеді. Және, кешірім сұрау керек. Олар кешіре ме, кешірмей ме, тағы бір әлек. Өйтіп өз жаныңды өзің жеп, жүйкеңе жүк артып жүргенше, уақытымен жүрген жақсы. Тіпті пойызда, самолетте жүрсем де солай. Ертерек барғанды жақсы көремін. Тойдың қызығын айтайын. Ауылға, Кеңащыға алғаш көшіп келгенімізде, ауылдасымыз Қаби мен Зоя кешкі сағат 8 – ге тойға шақырды. 8 – де тойға барсақ, салаттарын жаңа турап жатыр. «Той иелері құда күтіп жатыр! Бір үш-төрт сағат күтіп отыра тұрыңдар!» – деп, бізге күледі. Содан үйге келіп, телевизор көріп, қайта келдік. Түнгі 12 – ден асқанда басталды ғой. Мен ауыл халқымен жақсы араласып тұрдым. Көңілдерін қалдырғым келмейді. Бірақ келе – келе айтатын болдым: «Әй, айналайындар! Білемін сендердің тойларыңды! Бүйтіп кешігіп жүруге менің қолым бос емес! Түнгі 12 – де тойға барасың, таңға қарай тарайсың. Ертеңгі жұмыстың бәрі қалады. Маған ренжімеңдер!» – дедім. Сөйтіп, көбіне бармайтын болдым. Бірде үлкен ақсақалымыз, ел басқарған Мамау Әубәкіров ағамыз баласының тойын: «Кешке жұрт кешіге береді ғой, түсте өткізейін!» – деп, түскі сағат 2-ге шақырды. Жұрт кешкі 6-да жиналды, ал! Бұл кәдімгі қалыптасқан жүйе, ешкім асып, саспайды. «Онда неменеге 2-ге шақырасың, тура сол бастайтын уақытыңа шақырсайшы!» – десең: «Жоқ, бізде солай қалыптасқан!» – деп, күледі. Кім қалыптастырған? Өзіміз! Онда өзіміз өзгертсек болмай ма?! Онда ешкімнің жұмысы жоқ. Осындай тәртіп барлық жерде бар. Сонда, кімнің уақытын жейміз? Кімнің жүйкесін жейміз? Өз уақытымызды өзіміз жейміз. Бәрімізге бірдей ортақ нәрсе ғой! Ал шындығында уақытпен санасу, айтқан уақытында

жүру керемет жақсы нәрсе. Мен жастарға айтарым: егер өмір жолдарыңызда, еңбекте, жұмыста табысқа жетемін десеңіздер, жетістікке жетемін десеңіздер уақытпен санасыңыздар! Өзіңіздің де, өзгенің де уақытын сыйлаңыздар! От пен су От пен сусыз өмір жоқ. От пен су – адамзатқа өмірлік серік, адамның досы, адамның қажеттілігі. Ошақтағы от, тамақ пісіретін, жылу беретін от, жалпы қасиетті от адамзатқа қашанда қадірлі болған. Су да солай. Суды халқымыз ардақтаған, қадірлеген. От пен суды киелі деп санаған, өлең – жырына қосқан, айрықша құрметтеген. Сонымен бірге, шектен шығып кетсе, от пен су аса қауіпті. «От пен су тілсіз жау» деп оны халқымыз бір – ақ сөзбен айтқан. Ал осы күні кейбір жастар бұған онша мән бермейді. Қазір табиғатта қаптап кеткен өрттер көбіне адамдардың салғырттығынан, салақтығынан болады. Айталық, тау-таста, айдалада, орман ішінде бірнеше күн жүрсеңіз, отсыз күніңіз жоқ. Ал бірақ бейғам болсаңыз, от өміріңізді өртеп кетуі мүмкін. Яғни, байқап, орнымен пайдалансаң, өмірді өмір қылатын да от пен су! Байқамасаң, өмірді күлге айналдырып, өртеп жіберетін де от, тұншықтырып, жұтып қоятын – су. Яғни, өзіңіздің өмірлік досыңыз от пен суды қас жауыңызға, дүлей тілсіз жауға айналдырып алмауды ойлаңыз. Көріп жүреміз, қалада шылым тартып, шылымын асфальтқа тастай салатын адамдар сол әдетін табиғатта да жасайды. Талай көрдім, кино түсіріп жүргенде де көрдім. Былайғы жұртпен анда-мында, тіпті Қазақстаннан тыс жерлерге саяхаттап барғанда да көрдім. Шылымын тартып болады да, далаға, ағаштың ішіне, тау-тастың арасына тастай салады. Кішкентай ұшқын лаулап, өрт болып кетедіау деп ойламайды да! Немесе костер – от жағады, тамақ пісіреді, оны шала-пұла сөндіре салып, күлін шашып тастайды. Осыдан алапат өрт тууы мүмкін. Қалың орманды жоқ қылып жіберетін, адамдар, жан-жануарлар қаза табатын өрттің көбі адамның бейғамдығынан, салғырттығынан болады. Бұл үлкен қылмыс, жауапсыздық. Бір жолы, 2004 жылы сайлау болды. Сол сайлауда біздің елден

түскен бір азаматты қолдап, айтыскер ақын Арман Бердалин екеуміз Солтүстік Қазақстан облысында бірер күн жүрдік. Әділ өтпейтін, адал өтпейтін сайлаудың қитұрқысын, қулық-сұмдығын да сол сапарда көрдік. Бір күні Петропавловск – Қызылжар қаласынан Көкшетауға қарай келе жаттық. Тып-тыныш дүние, таңғажайып табиғат, екеуміз ақырын әңгімелесіп келе жатқанбыз. Қарама-қарсы жақтан келген бір-екі машина жанымыздан ағып өте шыққаны сол еді, жолдың біз жақ жиегі бұрқ етіп, жана бастады. Біз де ағып келіп, өтіңкірей бердік. Жолдың жиегіндегі үй орнындай жер жанып жатыр екен. «Әй, Арман тоқта!» деп, мен айғайлайлап тоқтаттым. Рөлде отырған Арман тежегішті басып, екпінімен біраз өтіп барып, тоқтап, кейін шегініп келдік. Түсе салып қарасақ, жолдың жиегі жағалай қайың ағаш, ары қарай қалың орман. Соның шетінде шөп жанып, орманға қарай жайылып бара жатыр. Жалмажан жанталасып, әлі күшейіп кете қоймаған әлгі отты текпілеп, машинада бар құралдармен алды-артын екеулеп ұрып, шөптердің бәрін аяқпен таптап, түгел сөндірдік-ау! Ал егер біз сөндірмесек, орманға қарай лаулап кетіп тұр! Осы әңгімені бірінші рет айтып, жазып отырмын. Отты сөндіріп, ух дегеннен кейін, Арманға: «Ай, мына сайлаудың халыққа, табиғатқа тиген бір пайдасы осы болды – ау! Біз анау өртті өшіре алмасақ-та, мынау өртті өшірдік!» деп күлдім. Шынында да, ойланып қарасақ, Аллаға шүкір, сауаптан болсын, екі ақын тізе қосып, бір жақсылық жасаған екенбіз. Бірақ, аяқ астынан өрт қайдан пайда болды? Әлгі қарсы өтіп бара жатқан машинадан темекінің тұқылын лақтырған ғой біреу. Алдымыздан бірер машина өтті, артынша өрт тұтанды. Сонда, терезеден темекісін лақтыра салған адам не ойлады екен? Сондықтан жастарға айтарым, отқа абай болыңыздар! Айналаңызды өртеп алудан сақ болыңыздар! Кәдімгі тоқ – электр тогы адамзаттың ашқан жаңалықтарының ең бір пайдалысы ғой. Осының өзін дұрыс қолданбайды ғой! Кейде бір ауылдарға бара қалсаң, ағаш қораның ішінде сыртқы қорғаныштары жоқ жап-жалаңаш сымдар (оголенный провод) ілулі тұрады. Қалай болса солай тартылған. Бір-ақ сәт қой, «замыкание» – тұйықталу болса немесе бірдеме тиіп кетсе, от кетеді. Тіпті, үлкен-үлкен үкіметтік нысандар мен үйлерде, мекемелерде өрт қауіпсіздігіне салғырт қараушылық талай опық жегізіп жатыр.

Өрттің екінші мағынасы да бар – адамдар арасындағы өрт, соғыс өрті, араздық өрті. Бұл да күйдіретін нәрсе, демек, өмірдің отын орнымен пайдаланыңыздар, дүниені өртеп алудан, адамның жандүниесін өртеп алудан сақтаныңыздар! Екінші, суға келейік. Орнымен пайдаланбасаңыз, ол да қатер. Міне, қалада зәулім, әсем үйлер салады. Кеңес үкіметі заманында бес қабатты, тоғыз қабатты үйлердің төбесінде шатыры болмайтын. Жалпақ төбе қылып жасайтын. Қара маймен, тағы басқа да арнайы құрылыс материалдарымен құйып, бетонды сылап, бекітіп тастайтын. Бірақ, судың табиғаты сондай, ол төменге қарай кетеді, жерге қарай ағады және сәл тесік тапса, соны үлкейтіп, ары қарай өте береді. Судың заңдылығы сол. Демек, жиылған су ағып кететіндей, шатырдың бір жағын биіктеу, бір жағын аласа қылса ғой. Жоқ, олай жасамайды, кәдімгі еден сияқты қылып, тегістеп тастайды. Сол заманды көзбен көрдік. Жайпақ төбеден, жоғарғы қабаттан су тесік тауып алады да, төменгі қабатқа ағады да тұрады. Одан ары төменгі қабаттарға ағып, тамып тұрады. Төбеден тамған, аққан судан қаншама адамдар бейнет көріп, қаншама адамдар араздасып, бір-бірімен жанжалдасты, оқыс оқиғаларға дейін барған кездері болды! Су аққан тесікті бітейміз деп қаншама адамдардың жүйкесі тозды, уақыты кетті, қаражаты желге ұшты. Құрылыс саласындағы салдыр-салақтықтың немесе арғы жағын ойламаушылықтың зиянын тартты, зардабын көрді, әлі де жалғасып келе жатыр. Осы күні қалада биік үйлер салады – жоғарғы қабаттың балкондарын ашық қалдырады. Жаңбыр жауғанда немесе жиылған қар ерігенде, төменгі үйдің төбесінен тамады да тұрады. Мен құрылысшыларға: «Әй, қарақтарым, анау ашық балкондарың не? Өздеріңе өздерің проблема тілеп, өздеріңнің жағдайларыңды өздерің қиындатып жүргендерің не? Оның керегі қанша?» – десем: «Ой, ағай, ол сондай дүниежүзілік жоба ғой!» – дейді. Әй, қарағым-ау, ол болмайды ғой! Суды жауға айналдырамыз. Сол балконды жабық істесе, ешқандай мәселе жоқ. Немесе, төбенің бір жағын сәл көтеріп, қисайтып істесе немесе екі жағы бар шатыр етіп, ортасын көтеріп істесе,түк те жоқ! Су ақпайды ғой! Ал олардың төбесі тегіс үй салуды, балконды ашық қалдыруды қайдан тауып алғандарын мен түсінбеймін. Сол тегіс төбенің ортасын кішкене биіктетіп көтере салса, ол алыстан көрінбейді де, архитектуралық

ешқандай сәнді де бұзбайды, су сол дөңестен еңіске қарай ағып, ешқандай мәселе болмас еді. Ақылмен шешетін қарапайым тұрмыстық жәйтке мән бермегендіктен, әлем құрылысында осындай технология белең алып, төбеден тамған судан үлкен мәселе туындап отыр. Енді арғы жағын ойласақ, ен қорқыныштысы – ағын судың, көлдің, теңіз суының қауіптілігі. Жыл сайын қаншама адам ащы қазаға ұшырап, суға кетіп, қайтыс болып жатыр. Бұл да сол бейғамдықтан. Адамдар суға барып қойып кетеді. Суға түсу – керек нәрсе, бірақ та тиісті жерінде шомылмаса, өте қауіпті. Әсіресе табиғаттың сулары қиын – астында не бар екенін ешкім білмейді. Су астының ой-шұңқыры көп. Бәрін айтпай-ақ қояйын, өте ауыр жағдай өз басымыздан да өткен,талай жақын адамдарымыздың да қасіретін көріп жүрміз. Тұтас отбасының адамдары бір-бірін құтқарамыз деп, суға кетіп қалған жағдайлар болғандардан көріп, естіп жүрміз. Сондықтан, судан сақтанған жөн. От пен су өмірлік досың. Бірақ, орнымен пайдаланбасаң от пен су тілсіз жау деп, атамыз қазақ айтқан. Бірақ, осы күні жастар бір-біріне мақтаныш қылып, өзінің күштілігін көрсетемін деп суға басымен қарғиды. Түсетін жерінің қандай екенін білмей секіру деген – ақымақтық. Кім біледі, судың ішінде бір тас не темір жатқан шығар? Басыңмен бір-ақ ұрсаң қайттің? Сондықтан, әуелі секіретін жердің де, түсетін жердің де қандай екенін көріп ал! Кейде жастар теңіздің түбінен тас теремін деп сүңгиді. Теңіз толқынымен ары қарай алып кетсе, не болады? Көлді кесіп, жүзіп өтемін деген кісілерді де көрдік. Республиканың азаматтық қорғанысын басқарған полковник Амантай Мәлгаждаров ағамыз, қазір 80-ге келіп қалды, айтады: «Бір жолы, әскерде жүргенде Алакөлді жүзіп өтпек болдық!» – дейді. Қасында орыс әлде украиндық, офицер, мықты жолдасы бар екен. Екеуі бірге жүзеді. Амантай ағамыз Мақпал ауылында, көлде жүзіп өскен. Анау да сушыл екен. Екеуі жүзіп, көлдің ортасынан аса бергенде, Амантай ағамыздың аяғының сіңірі тартылып қалады. Сіңір тартылып қалған соң, ары қарай қиын! Батып кетпеуге тырысып, малтақтап, қиналып тұрғанда, қасындағы жүзгіш кісінің ышқырында түйреуіші бар екен.

Сол түйреуішпен сіңірі тартылған санын шаншып, тығып алады. Қан шыққаннан кейін, тартылған сіңірі босап, екеуі де аман-есен жүзіп өтеді. «Әйтпесе, сол Алакөлдің түбінде қалып едім!» – дейді. Әне, өмірлік тәжірибе. Естеріңде болсын, суда жүзе қалған күнде, «плавкидің» ышқырыңда түйреуіш болу керек екен. Үнемі түйреулі тұрса да болады ғой. Адамның сіңірі тартылғанда, тығып алса, қан шығады да, ары қарай жүзіп кете береді. Мұның бәрін сақтандыру үшін айтып отырмын. «Сақтансаң сақтаймын» – деген сөз естеріңде жүрсін. Мұса пайғамбар бір керуенмен келе жатады. Бір жерге түнемелікке тоқтағанда, жұрттың бәрі түйесін, атын, есегін байлап, мұқият қарап, сақтанып, қамданып жатпай ма? Мұса пайғамбар: «Мен – пайғамбармын, маған келер жау бар дейсің бе?» – деп, есегін бос қоя беріпті. Таңертен қараса, жұрттың малы түгел, ал Мұсаның есегін біреу ұрлап кетіпті. Сонда Мұса: «Иа, Алла, неге мені көліксіз қалдырдың? Мен досың едім ғой!» деп жүгінеді. Сонда: «Иа, Мұса, сақтансаң сақтаймын!» деген аян келіпті. Сондықтан «бейғамдық жарға жығады,сақтықта қорлық жоқ!» – деген атам қазақтың қарапайым даналығы есте болғаны абзал. Бұл, әрине, бәрінен сақтанып, жасқанып қорқып, үркіп өмір сүру деген сөз емес. Адамда өзін-өзі сақтау инстинкті бар, сондықтан сақтанатын жерде сақтанған дұрыс Тың игеру кезінде Торғай даласында, ерте көктемде бір топ тың игерушілер тракторларымен, көліктерімен гүрілдетіп, даланы дүрілдетіп келе жатады. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» дейтін көксалпақ уақыт, қар біресе еріп, біресе қатып жатыр екен. Даланың суы қандай, кеңінен жайылады ғой. Әлгі тың игерушілер Жаныспай деген кішкентай ғана өзеннің жағасына келіп, тоқтайды. Өте алмай тұрады. Кешіп өтуге ойланады. Анау өзен тұтас мұз қатқан қалың сең. Сонда ДТ тракторымен Даниил Нестеренко деген кісі келіп, жағада тұрды дейді. Тың игеруші, Совет Одағының Батыры. Соғыс уақытында Днепрді кешіп өткені үшін алтын жұлдыз алған екен. Ойланыңыз, Днепр қандай үлкен өзен. Бұл Днепрден өту «форсирование Днепра» деген атпен белгілі, атақты оқиға болған. Сонда Днепрді алғаш кешіп өткендерге батыр атағы берілген. Ана жағадан фашистер атқылап жатыр, бомбылап жатыр, қаншама қайық жарылып, жанып, төңкеріліп, суға кетіп жатыр. Қаншама адам қаза болды. Соған қарамай, үлкен айдын суды кешіп өтіп, жағалауға

шығып, бірінші плацдармды алып, кейінгі әскердің өтуіне жағдай жасағандарға батыр атағын берген. Даниил Нестеренко, фашист оқтарының астында, снаряд пен бомбаның астында Днепрді кешіп өткен батыр кішкентай дала өзені Жаныспайдың жағасында тұрып: «Ой, Днепрді кешіп өткенде, Жаныспайка бізге не қылады?!» – «Что нам это Жаныспайка, когда мы форсировали Днепр!» – депті. Сөйтіп, ДТ-мен суға қойып кетіп, сеңді періп өте береді. Трактордың шынжыр табаны мұзды ойып, сындырғанда, сіресіп тұрған сең жылжып, жүріп кеткен ғой! Сонда, сірескен сере мұз трактордың кәбеңкесін кесіп өтіп, ішіндегі адамын қоса алып кеткен ғой. Әне, ажал қайдан екен демеңіз, от пен су тілсіз жау деген осы. Кішкентай ғана, жазды күні тіпті құрғап қалатын елеусіз Жаныспай өзені су тасыған, қар еріген уақытта үлкен, қатерлі күшке айналады екен. Сөйтіп, қан майданда Днепрді кешіп өткен батыр адам бейбіт заманда кішкентай дала өзенінің қаһарынан қаза тапқан. «От пен суға батырлық жүрмейді!» – деп, атамыз қазақ тегін айтпаған. Әрине, бұл көзсіз қорқа бер деген сөз емес. Тәуекел деген бар ғой. Тәуекелшілдер жеңіске жетеді дейміз. Бірақ, олардың көбінің тәуекелі нақты есепке, ақыл-ойға негізделген. «Бұл істің қандай қаупі бар? Оны жеңетін қандай мүмкіндік бар?» – деп, бәрін өзі есептеп алып, тәуекел қылады. Ал көзсіз тәуекел тек қана өте қысылтаяң жағдайда ғана керек. Мысалы, әскерлер жау қысып, қоршап алып, қырайын деп тұрған кезде қоршауды бұзып өтуге тәуекел қылады. Онда не өлдік, не жеңдік деген мәселе тұрады. Басқа әңгіме жоқ. Ол кездегі тәуекел мүлдем басқа. Ал енді бейбіт, тыныш замандағы тәуекел ондай емес. Тәуекел деп, танымайтын, білмейтін терең суға барып да қойып кетсеңіз, бұл ерлік емес, ессіздік, қателік болады. Тіпті, адамның денесі, тәні суық суға бірден үйренбейді ғой. Ыстықтап тұрған тән мұзды суға қойып кеткен уақытта, сіңірі тартылып қалуы мүмкін. 2022 жылы жазда Ертіс өзенінде шомылып жүрген ағайынды үш қазақ баласы суға кете бастаған ғой. Біреуі тоғыз, екеуі жеті жаста екен. Сол жерде балық аулап жүрген Андрей Карандашов көріп қалып, үшеуінде құтқарып алып шыққан. Судың жағасына шығарғаннан кейін, балаларға жасанды тыныс алу жаттығуларын жасап, әрекет қылып, жедел жәрдемді шақырыпты. Дәрігерлер

балаларды қарап: «Андрей Карандашов осындай әрекет қылып, тыныс алдырмағанда, балалар тірі қалмайтын еді!» – депті. Мінекей, балаларды қауіп-қатерден құтқарып, ажалдан аман алып қалған бұл азаматқа бүкіл ел болып риза болдық. Сол ауылда пәтер жалдап тұрады екен, қазақтың азаматтары оған сол үйді сатып алып, сыйлыққа беріпті. Біраз кредиті бар екен, 2 миллион тенге, соны төлеп берген екен. Ұлты басқа орыс жігіті үш қазақ баласын өлімнен құтқарып қалды. Өзінің екі ұлы бар екен. Сонымен енді үш бала да оның өкіл баласы болды емес пе? Мінекей, адамның туысуы, бауырласып кетуі! Сол сияқты талай қазақ азаматтарының, полицейлердің өрттен адамды аман алып шыққанын, судан құтқарып қалғанын естігенде, адамшылықтың, ерліктің бар екеніне қуанамыз. Үш адамды өрттен құтқарып қалған Асқар Забикуллиннің ерлігіне бүкіл еліміз риза болды. Өзі қаза тапса да, заманымыздың батыры атанып, ерлігі өнеге болып қалды. Олар тәуекелшіл адамдар. Бірақ, тәуекелдің де тәуекелі бар. Мысалы мүлдем құтқаруға мүмкіндігі жоқ жағдайда, өзі де бірге өртеніп кетуі немесе өзі де суға бірге кетуі мүмкін жағдайда ондай қадамға барудың қажеті бар ма?! Өйткені, аса қатерлі жағдайда ажалдың аузында кетіп бара жатқан бір адамның соңынан екінші адамның тағы да кетуі қаншалықты жөн болады?! Міне, осындай ауыр, қиын жағдайларда, қас-қағым сәтте қандай шешім қабылдау – адамның өз еркінде. Өмірдің өзі от пен су, Ойланбай қойып кетпеңдер! Баянғали Әлімжанов.

Тоғызыншы бөлім Мәдениет өнер туралы Қазіргі қазақ мәдениеті қандай болу керек? Алдымен, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасын көздің қарашығындай сақтап, қорғап, бүлдірмей, аздырмай, тоздырмай, ешкімге бұздырмай, саф таза күйінде, қолымыздан келсе молайтып, көбейтіп, болашақ ұрпаққа жалғастыруымыз керек. Бізді басқа елдер мәдениетімізге қарап таниды және біз өзімізге де, өзгеге де төл мәдениетімізбен қадірліміз. Ал әркімге еліктеп, солықтап, әр жақтан үзіп-жұлып, ұрлап-жырып алған дүние бізге мәдениет болмайды. Түп – тамырымыз, елдік негізіміз – сөз өнеріміз, саз өнеріміз, толғаулы тіліміз, күмбірлеген домбырамыз, күңіренген қобызымыз – ең басты байлығымыз да, қасиетіміз де, киеміз де саналуан өнеріміз, төл мәдениетіміз! Осыдан айырылмаңыздар. Рас, заман өзгеріп, өтіп бара жатыр. Біз әлем халықтарымен араласып, мәдениет алмасып, өнер алмасып тұрамыз. Демек қандай жақсы, ізгі мәдениет болса, өнер болса, біз оның керегін қабылдап алып отырғанымыз жақсы. Біздің елде Зейнолла деген молда атамыз болды. Өзі қызық адам еді, жарықтық, Өмір бойы дін жолын ұстанған, сөйлегенде менің ғайыбым айтады деп сөйлейтін. Сол кісі: «Менің ғайыбым айтады – өнер екі түрлі болады! Рахмани өнер және сайтани өнер!»,- Аталар – аспандағы аруағымыз, Ағалар – асқар таулар, ардағымыз. Оттан ұшқын, асылдан сынық деген, Біздің де ізгілік жол арманымыз! Баянғали Әлімжанов.

дейтін. Ойлап қарасаңыз, шындығында да солай емес пе?! Демек, біз адамның жанына нұр құятын, нұрландыратын, мерейін өсіретін, адам екеніндігін ойына салып тұратын, адамдық қалпын сақтауға көмектесетін рахмани өнердің, ізгі мәдениеттің жолын ұстануымыз керек. Мәдениет, өнер арқылы адамның жан дүниесін тазартып, нұрландырып, жақсылыққа үндеп, мерейін өсіруге, тәрбиелеуге болады. Сол сияқты сайтани күштердің өнерге, мәдениетке бұзылғандықты, азғындықты, әзәзіл қылықтарды енгізіп, жастарды уландырып, жан дүниесін аздырып, тоздыруға тырысып жатқанын да көріп жүрміз. Міне осыны мықтап түсініп алған жөн. Неше түрлі саяси технологияны білетін, адамзатқа жамандық ойлайтын күштер қазір сан алуан қитұрқыны қолданып отыр. Әдебиетте, кинода, театрда, ән мен музыкада, теледидарда, тағы басқа да бұқаралық өнер түрлерінде арсыздықтарды, ұятсыздықтарды насихаттау белең алып барады. Бұған біздің қазақ баласы да алданып, елігіп, кейде соңынан еріп бара жатқанын көргенде жаның ауырады. Адамның табиғи сезіміер мен әйелдің махаббаты деген қасиетті дүние бар. Міне, қазір өнер, ақпарат әлемінде махаббаттың жыныстық жағын жалаңаштап, неше түрлі атаулармен атап, құпия нәрсені ашып, әйгілеп, жариялап айту, көрсету белең алды. Сол арқылы адамдардың рефлекстерін, инстинкттерін оятып, нәпсіні қоздырып, қызықтатып, ұятсыздыққа, бұзылғандыққа бағыттап жатқан күштер байқалады. Ақиқат нәрсе – ер мен әйел қосылып бір үй болады, жаңа бір әлем жасайды. Бұлбүкіл халық, қоғам мақұлдаған, аталар батасын берген, аналар ақ тілегін айтқан ғажайып құбылыс. Жас пен жас қосылады, махаббат болады. Бірақ, оны ешқашан да әйгілеп, жұртқа көрсетпеген ғой! Өйткені, ол қасиетті нәрсе. Ер мен әйелдің ғашықтығы, бірбірін сүюі – екеуінің арасындағы ғажайып, құпия сыр болып қала беру керек. Ал қазір олай емес. Барлық жерде оны әйгілеу, сөз қылу, экраннан көрсету, үлкен отыр, кіші отыр демей насихаттау, ұятсыздыққа жол беру – бұл бір жиіркенішті құбылысқа айналды. Біз соған батыл түрде, үзілді-кесілді тиым салып: «Біз мұсылман қазақ еліміз, бұл бізде ұят саналады, бұл бізге жат!» – дегенді ашық айта алуымыз керек. Немесе кісі өлтіру, бұзақылық, неше түрлі қылмыстар туралы шығармаларды, киноларды алыңыз. Сонда кісі өлтірген, ұрлық

қылған қылмыскерлерді айыптамайды, ақтайды, жақтайды, жақсы адам қылып көрсетіп, үлгі қылады. Олардың оқиғасын, бейнесін қызықтырып беретіні сонша, жас адам соған еліктеп: «Е –е, мынау керемет екен ғой! Қызық, романтика ғой!» – деп қылмыскер болғысы келе бастайды! Бірақ, нақты өмір олай емес,қарағым. Қылмыскер болып, түрменің дәмін татып көрген адам мүлдем басқаша ойлайды, басқаша айтады. Сондықтан қылмыскерлердің әлемінен ерлік, романтика іздеудің, қызық іздеудің түк те қажеті жоқ. Біз осыны да айта алмай жүрміз. Міне, жат күштер өнер, мәдениет арқылы бұзылғандықты, азғындықты насихаттап, қоғамды, ұлтты бұзуды көздеп отыр. Халықты өзінің адамгершілік құндылықтарынан айырып, адастыруды алыстан көздеп, арам мақсаттарын жүзеге асырып жатыр. Біз осыған қарсы тұра білуіміз керек. Біз осыны түсінуіміз керек, қарақтарым! Сондықтан да біз ең бірінші өзіміздің ізгі ниетті, адамгершілік мазмұны бай, таза, адал, әділ ұлттық өнер, мәдениетімізді біліп, соны дамытуымыз керек. Әлем біздің елімізді тілімізге, мәдениетімізге, әдебиетімізге, әнкүйімізге, ұлттық киім, ою-өрнегімізге қарап таниды, бағалайды, сыйлайды. Осыншалықты бай қазынамызды дамытып, алға ұстап, өмірлік серік қылып жүруіміз керек. Одан кейін басқа мәдениетті игере бер. Ешкім де томаға, тұйық бол демейді. Әлем кең. Әлем бай. Халық көп. Адамзатқа ортақ дүниелер бар. Ол да бір керекті дүние! Ал, негізінде, әр елдің өз мәдениеті өзіне ыстық, өзіне қымбат. Тіпті, бір ел басқа елдің мәдениетін түсінбеуі, қабылдамауы да мүмкін. Батыс Европа Пушкинді қатардағы жақсы ақын ретінде ғана таниды екен! Біздің мәдениетімізге өзге жұрт сүйінбеді екен деп, күйінудің қажеті жоқ! «Столь же непонятна для нас и китайская музыка, в которой, по оценке образованных китайцев, мы не в состоянии различать веселые и печальные оттенки, а китаец, напротив, воспринимает западную музыку всю без разбора как марш. – Бізге қытай музыкасы да түсініксіз. Қытай оқығандарының бағалауынша, біз оның көңілді және мұңды иірім, реңктерін айыра алмайды екенбіз. Ал қытайлық күллі батыс музыкасын марш ретінде қабылдайды екен. «– деп жазады жазушы О. Шпенглер өзінің «Закат Европы – Европаның

құлдырауы» романында.
Ал, қазақ ән- күйлерін өзге елдер қалай қабылдап, қалай түсінеді
екен?!
Дәл қазақтың өзіндей жақын тұта қоймас-ау!

Дала симфониясы – күйдің иірімдерін қазақтың жан, жүрегі ғана
ерекше сезінетін шығар!
Біздің дәстүрлі әндеріміз қандай керемет! Сөздері қандай! Өмір
мен өлім туралы, мәңгілік пен қас-қағым туралы толғаныстар,

тебіреністер, оның музыкалық сазы, иірімдері қандай жан
тебірентерлік! Ойлап қарасақ, дамыған, өркениетті деген елдердің
бұрынғы әндері дәл біздікіндей сақталды ма екен? Олардың сөзі
мен сазы дала әуендеріндей кең тынысты, биік, терең бе екен?

Рас, олардың бергі замандағы сахналық өнерлері – эстрадасы озып
кеткен шығар. Ал бірақ арғы дәуірден келе жатқан қаншалықты
әндері, күйлері, жырлары бар екен?
Мысалы, өркениетті деген елдер өздерінің сказитель, нарратор

-жыршыларын жоғалтып алды, қазір жоқ. Біздің қазақта, құдайға
шүкір, аман-есен сақталып, жалғасып келе жатыр. Міне, осындай
құндылықтарды қадірлеп, мән беріп, өмірлік мәдениетіміз деп
ұстануымыз керек!

Сыпайы сөз, құрмет
Адамға сыпайы сөйлеңіз, құрметпен қараңыз.
Біреуді сіз сыйласаңыз, сізді де сыйлайды, құрметтесеңіз – өзіңіз
де құрметті боласыз.

Қандай жағдайда да, қандай ащы шындық, ауыр ойды сыпайы,
мәденитті түрде жеткізуге болады және оны адамдар түсінеді,
қабылдайды. Алда -жалда сізге біреу дөрекі, қатқыл сөйлесе, оған
күйіп-піспеңіз, айғайлап қарсы шықпаңыз. Сабырмен, салмақпен

жауап беріп, түзетіп қойыңыз. «Шалқайғанға шалқай, ол құдайдың
ұлы емес пе, еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес!» – дейді
атамыз қазақ. Адамға құрмет көрсету – өте жақсы нәрсе.
Менің Ұғыш – Ғұбайдолла деген жездем ақкөңіл, ақжарқын

кісі еді, жеңіл адам болатын жарықтық. Кішкене сырқат болды,
бел омыртқа, сүйектен ауырып, корсет киіп жүретін. Тассу деген
ауылда тұрды. Біз тұрған Кеңащымен екі арасы 30 шақырымдай.

Сонау жерден салт атпен келіп, кетіп жүретін. Жасы алпыс пен жетпістің ортасында. Жездем деп қалжыңдап ойнаймын, аттанарда қолтығынан демеп, атқа мінгіземін. Атына мінген соң: «Рахмет! Сен мені сыйласаң, сені құдай сыйласын!» дейді. Керемет сөз ғой! Және сол кісі «көңіл сатулы» дейтін. Мен жастықпен: «Қалайша адамның көңілі сатулы болады? Адамның көңілін, ниетін сатып алу, сату деген тіпті жөнге келмейтін нәрсе ғой!» – деп, бақ-шақ боламын. Бақсам, ол кісінің өмірден тоқыған сабағы екен! «Көңіл сатулы!» – дегеннің мағынасы: «Сен сыйласаң, сені сыйлайды, сен сыйламасаң, сені де сыйламайды!» Саралап қарасаң, баяғы «ты – мне, я – тебе – сен маған, мен – саған!» дегенге келеді. Өте қиын да қызықты, күрделі әрі қарапайым қорытынды, өмірдегі адамдық қарым-қатынастың шындығы! Ал әлгі: «Сен мені сыйласаң, сені құдай сыйласын!» – деген сөздің арғы жағына үңілсек, адам өзін ренжіткен кісіге: «Сен мені ренжітсең, сені құдай ренжітсін!» – деу де мүмкін ғой! Міне қараңыз! Өмірдің көзге көрінбейтін, көңіл ғана сезетін әуендері, нюанстары, нәзік иірімдері сан алуан. Сондықтан, адамды сыйлағаннан артық ештеме жоқ, одан кем болып қалмайсың. Бірақ, мұның да екінші жағы бар: адамды сыйлағанның жөні осы екен деп, біреуге жалпылдап, жалбақтап, алдына жатып қалуға болмайды ғой. Мінекей, шектен шықпа, әр нәрсе дәмімен деген есте болсын. Адамды құрметтеңіз, лайықты түрде сыйлаңыз, бірақ, өзіңізді лайықты қалыпта ұстаңыз. Сыйлағанның жөні осы екен деп, біреудің асты-үстіне түсіп, өліпөшіп, жалпақтап, соның соңында салпақтап жүру міндетті емес. Адамның сыйластығына қатысты қазақта тағы бір сөз бар. «Көңіл – көрген жерде!» – дейді. Біреудің бір жақыны қайтыс болғанда, дұғасына бара алмай қалған кісі әлгі қаралы адамға кездескен жерде көңіл айтады ғой. Міне, көбінесе әлгі сөзді осыған қатысты айтып, солай қабылдайды. Ол да рас, әрине. Бірақ, кең мағынасында тек көңіл айтумен шектелмейді. Көңіл көрген жерде, яғни, адаммен кездескен жеріңізде шын көңіліңізбен сыйлаңыз деген сөз ғой! Жарқырап күліп кездесіп, жақсы сөзіңізді айтып, арқа-жарқа болып бір жасап қалғанға не жетсін! Өмірдің бір мезеті, бір сәті! Ойлап қарасаңыз, өмірдің ағыны тоқтаусыз ағып бара жатыр, біз де сол кеңістікте алға қарай кетіп бара жатырмыз. Сол өмір жолының бір кезеңінде бұрыннан білетін, сыйлас адамыңбен кездесіп қалсаңыз,

шын көңілден қуаныңыз, оны да қуантып, шаттаныңыз! Қасқағымда ол сәттен де өтіп кетесіз! Ары қарай уақыт ағынымен ол өз жөнімен кетеді, сен өз жөніңмен кетесің. Одан кейін қанша уақыттан кейін кездесесің, оны тағы да бір құдай біледі. Мінекей, сондықтан адамға адамның көңілі, құрметі кездескен жерінде болуға тиісті. Осыны терең түсініп, ойлай жүріңіздер! Есте тұту «Кел балалар оқылық, Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық». – деп, Ыбырай Алтынсарин айтқан сөзді барша жұрт біледі. Оқу ол оқу ғой, ал тоқу деген не? Осыған кейде мән береміз бе? Ол – оқыған кітапты, оқыған білімді адамның сана-сезіміне, жан дүниесіне сіңіруі, игеруі. Миына тоқып алуы. Қалай тоқып алады? Адамның жадында сақталып қалады. Ал енді осы есте сақтап қалу, жадына тоқып алу қандай құбылыс? Біздің ата-бабаларымыз оқуға да, оқығанды тоқуға да үлкен мән берген. «Оқығанын айтпа, тоқығанын айт!» – деген. Тек кітапты оқу ғана емес, өмірдің оқуы, өмірдің тоқуы деген ұғым бар. Бұл зерде, зеректік деген қасиеттер көшпенді қазақтарға тән болған. Мәселен, ол заманда ұмытпау үшін түртіп ала қоятын қойын дәптері – блокноты, қаламсабы жоқ,. Барлығы да өзінің екі құлағы мен жадына, ақыл-есіне сенген. Құйма құлақ деген оларды. Құймақұлақтар айтқанын ұғып алатын, қағып алатын және мағынасын есінде дәл сақтайтын болған. Бұл қандай ғажап құбылыс! Жалпы, көшпенді халықтардың, оның ішінде қазақтардың еске тұту қабілеті орасан зор болған. Қатардағы, жай ғана қарапайым қазақтың өзі естігенін, көргенін ұмытпайтын, соны дәлме-дәл айтып бере алатын. Талай жылдар өткесін де сол қалпында айтып беретін дәрежеде болған. Титән деген апамыз болды, менің нағашы жеңгем (менің шешем Бәтиманың Қайырғожа деген молда ағасының әйелі), 95 жасқа келіп қайтты. Сол кісі 95 жасында төсек тартып жатып, жас күніндегі әңгімелерінің барлығын заулатып айтатын. Бәрі есінде. Өзі керейдің қызы. «Мен 1922 жылы Қылды Қарауылға келін болып

түскенде, сенің шешең Бәтима үш-төрт жастағы кішкентай қара қыз
болатын!» – деп, бір бағалы деректі алдыма тарта салды. Өйткені,
біздің анамыз, құжат – дәкүмент бойынша, 1914 жылы туған болып
есептеледі. Зиратындағы құлпытасына да солай жазылған. Ал мына

апамыздың сөзіне қарағанда, 1918 жылы туған болып шығады.
Анамыз: «Соғыс басталғанда үш баламен, 23 жасымда қалдым!»

– деп отыратын! Міне, осы екі дерекке сүйеніп, 1988 жылы дүние

салған анамыздың 1918 жылы туғанын, жетпіс жасында өмірден
озғанын анықтап отырмыз.
Алтын деген апамыз болды, бізге құдағи. Бала күнімде әлгі
кісіден естіген ертегілеріміз әлі есімде. Небір ертегілерді майын

тамызып тұрып айтатын.
Өзіміздің әкелеріміз, ауылдағы қария шалдар да осындай ескі
сөздерді қауқылдасып айтып отыратын. Олар, былайша айтқанда,
қатардағы қазақтар, ақпа-төкпе жыршы, жырау емес, ертегіші

емес. Бұған ой жүгіртіп қарасаңыз, өткен ғасырларда қатардағы
далалықтардың өзі тыңдаған әңгімесін қағып алатын болған. Біз
соған қайран қаламыз. Сонда қалай болғаны?
Байырғы көшпелілер заманында, мысалы, бір елдің биі екінші

елдің биіне сәлем айтады. Ол үлкен саяси мәселе, даулы мәселе
жөнінде болады. Соны шешу үшін ол өзінің сенімді адамын –
ауылдас, ағайын, туысын шақырып алып: «Ана ауылдың биіне мына
сәлемімді сөзбе сөз жеткіз де, тура жауабын алып кел!» – дейді.

Сонау алыс жерге бара жатқан адам бір сөзден жаңылып кетсе,
сөздің мазмұны өзгеріп кетеді. Жазып алатын қағазы жоқ. Сонда
құлағына құйып алып, анау елге барып, сол қалпында айтып беріп,
жауабын айнытпай алып келетін болған ғой. Тіпті, кейде, жаттап

алуға ыңғайлы болу үшін, қысқа, бір-екі ауыз өлеңмен айтатын
болған. Билер негізі ырғақтап сөйлеген ғой. Сол ырғақтап сөйлеген
сөзді қағып алып, сол күйінде ырғақтап айтатын болған. Ал одан
арырақ барсақ, атақты жыршылар (сказитель, нарратор) жыр, аңыз,

ертегілерді санасына, жадына құйып алып, соны халыққа жеткізетін
адамдар болған. Не деген керемет, феномен! Бірер кітапты ғана
емес, тұтас кітапхананы жатқа білген ғой!
Көкшетаулық қарауыл Орынбай ақын Шоқан Уәлихановпен бірге

бір ауылдан екінше ауылға аттанды дейді. Содан бір ауылдан таң
ата шығып, арбамен келе жатып, кеш бата екінші ауылға жеткенше

тоқтамай жыр айтыпты. Қазақтың жыршылары, қырғыздың манасшылары күн-түн демей, таңды таңға ұрып, апталап, айлап жырлайтын болған. Мәшһүр Жүсіп атамызды қараңыз, қаншама дүниені жадында сақтап, қағазға құйып, жазып кетті! Бұл не деген керемет еске тұту, память! Ал осы еске тұту қабілеті әр адамда әр түрлі болар, бірақ сол заманда аталарымыз негізінде шетінен құйма құлақ болған. Еске тұту қабілеті дегенде, бір ерекшелік – ол механикалық жад, память және эмоционалдық еске тұту деп бөлінеді. Эмоционалдық жадэмоциональная память – бұл менің өзім айтып жүрген сөзім, ғылымда баржоғын білмеймін. Ал енді эмоционалдық жадэмоциональная память деген бұл бір ерекше дүние. Ол бірдемені сөзбе-сөз жаттап алу, көрген – баққанын сол қалпында есте сақтап қалу емес. Адамның жан сезіміне, қатты әсер еткен, эмоционалды күй тудырған дүниелер есіңде өшпестей жазылып қалады. Мінекей! Белгілі бір оқиға, әңгіме, өлең, жыр, күй дейсіз бе, қандай да болсын дүние сіздің сезіміңізде қатты әсер етсе, сіздің эмоционалды жадыңызда жазылып қалады. Және ол өшпейді. Тіпті, бала күніңіздегі қатты әсер алған нәрсеңіз, қанша жылдар өтсе де, сіздің жан-дүниеңізде, жадыңызда жаңғырып тұрады. Мысалы, өлең, жырды алсақ, кез келген жыр, кез келген әңгіме, аңыз есіңде қала бермейді. Өзіңе аса қатты әсер еткен, жаныңа қона қалған, өзіңнің жаныңа жағып кеткен, өте ұнаған дүниелер ғана есіңде сақталып, жадыңда жазылып қалады. Ал енді осы заманға келсек... Бұрынырақ айтылған сөз бар: «Егер бір нәрсені ұмытқың келсе, қағазға жазып қойыңыз!» – дейді. Керемет сөз, иә? Былай қарағанда, адам бір нәрсені есімде жүрсін, ертен қарап аламын ғой деп, ұмытпау үшін жазып қояды ғой! Бірақ, сіз оны қағазға жазып қойдыңыз делік, ал ол сіздің жадыңыздан өшіп қалады, шығып кетеді. Ал енді осы күні компьютер бар, телефон, смартфон қолда, ештеңені есте сақтаудың қажеті жоқ секілді. Керек болса, ғаламтор нүктесін басып қалдыңыз, Википедияны аштыңыз – керек ақпаратты алып тұрсыз! Бүкіл жаңалықты әлеуметтік желіден дейсіз бе, аннан-мыннан дейсіз бе, бәрін де керегінше аласыз. Өзіңізге беймәлім ақпараттарды да осыдан табасыз, энциклопедия тұр, содан аласыз, пайдаланасыз, өзіңіз білетін басқа нәрселермен салыстырасыз, жалғастырасыз. Осының пайдасы орасан зор –

ғылым-білім іздесеңіз, сіздің көмекші құралыңыз! Кез келген ақпаратты дәлдеп алу үшін, тура жеткізу үшін бұл керек. Ал екінші жағынан, түгелдей осыған сеніп алғаннан кейін, адамның жады жаттықпайды, жұмыс істемейді. Бұл бір қиын нәрсе. Бала күнімізде Виктор Пекелистің «Твои возможности человек! –Адам, сенің мүмкіндігің!» – деген кітабын оқыдық. Сонда көп таңғажайып қызық нәрселер бар. Сол кітапты тауып алып, оқуға кеңес беремін. Сол кітапта: «Адам миының мүмкіндігі сондай, ол Ленин атындағы кітапханадағы \ қазіргі Ресейдің мемлекеттік кітапханасы, пәлен миллион кітабы бар.\ барлық ақпаратты түгелдей сыйғыза алады!» – деп жазылған. Адам тек өз миының мүмкіндігін толық пайдаланбайды, тіпті, озық деген мықты адамдардың өзі миының тек 10-15% ғана қолданады екен. Аса данышпан, дана адамдар миының 40% мүмкіндігін пайдаланған дейді. Дегенмен, адамда қаншалықты мүмкіндік бар, оны адамның өзі де білмеуі мүмкін. Қазіргі жастарға қарап отырып, қарның ашады – қазір айтқан сөзді қазір ұмытып қалады. Өлең жаттауды былай қойыңыз – бір шумағын, тіпті екі жолын әзер жаттайды. Тіпті оқып отырғаны ұзақ құрмалас сөйлем болса, басын оқып, соңына жеткенше, сөйлемнің басын ұмытып қалады. Сондай халге келдік. Телефонға сеніп алған, ауызша көбейтуді, қосу, алу, бөлуді білмейді. Қарапайым сандарды есептеп, есте сақтауды білмейді, тек телефонға сеніп алған. Демек, интернет пен компьютердің пайдасы мен бірге зияны да бар. Адамның білімі, танымы, сенімі – барлығы өзінің бойында, өзінің ой-санасында, миында, жүрегінде, жанында, сана-сезімінде болмай ма? Оқыған – тоқыған, жиған-терген білімі – адамның ішкі қазынасы, рухани байлығы емес пе? Сол жұтаң болып барады қазір. Қазіргі заманда, рас, ғылыми ізденістер үшін, зерттеулер үшін компьютердің маңызы аса үлкен. Бірақ, адам жаңалықты миымен ойлап ашпай ма? Үлкен, маңызды жұмыстарды миындағы білімімен, миындағы идеяларымен жасамай ма? Сондықтан, жастарға айтарым: «Ноутбуктеріңізді, смартфондарыңызды, көмекші құралдарыңызды пайланыңыз, біз де пайдаланамыз, бірақ миларыңызға күш түсіріп, жадыларыңызды жаттықтырыңыздар, шынықтырыңыздар!» Ал енді еске сақтаудың ежелден келе жатқан бір жолы – ол қайталау. «Повторение – мать учения!» – дейді, білім қайталаумен

бекиді. Сіз бір нәрсені жаттап алғыңыз келсе немесе есіңізде
сақтап қалғыңыз келсе, оқыған, көрген, естіген нәрсеңізді ойша
қайталап яки біреуге айтып беріңіз. Мәселен, кешке жаңа кітап
оқысаңыз, таңертен бір қайталап, бір-екі күннен кейін тағы

да есіңізге түсіріп қойсаңыз, жадыңызда жазылып қалады.
Және бір қызық, өзім байқаған тамаша жолы – жаңадан алған
ақпаратыңызды, ғылым, білім әлемінен бұрын өзіңіз білмейтін,
жаңадан тапқан жаңалық дүниеңізді, бір үлкен тарихи оқиғаны

екінші бір адамға айтып берсеңіз, ол шындалып, есіңізде қалып
қояды. Мысалы, бір қызық кітап оқып яки кино көрсеңіз, біраздан
кейін ол ұмытылады. Ал оны бір-екі адамға айтып берсеңіз,
есіңізде қалып қояды. Ғылым-білім де сондай. Сондықтан адам

миының мүмкіндіктерін пайдаланған жақсы. Мысалы, бұлшық
етіңізге белгілі бір дәрежеде жүк артып, қимылдатып, қозғалтып,
шынықтырып отырмасаңыз, ол босаңсып, әлсіреп қалады.
Адамның миы да солай, егер миыңызға белгілі бір дәрежеде күш

түсіріп, салмақ артып отырмасаңыз, оның да жұмыс қабілеті
төмендей береді. Сондықтан, адамға ми берілгеннен кейін, ол ми
жұмыс істеу керек!
Нейроғылым,

психолингвистика
және
сана
теориясы

саласындағы орыс ғалымы Татьяна Черниговская қуаныш гормоны

– дофаминді оңай, тез беретін нәрселер миды алдандырып,

жалқауландыра түсетінін айтады. Мысалы, Тик Ток қарай
салдыңыз, қуаныш гормонын алдыңыз, бітті. Бірақ, пайдалы
ештеңе үйренген жоқсыз. Адамның миы жалқау, бірақ ақымақ
емес. Ол кітап оқып, жаңа білім үйреніп дамығысы, еңбектеніп

әуре болғысы келмейді. Оның орнына әлеуметтік желіні қарап,
рахаттанғанды жақсы көреді. Аз күш жұмсап, көп қуанышқа
бөленеді. Әрине, әлеуметтік желіден мүлде бас тартудың қажеті
жоқ, бірақ пайдалы ақпараттарды теріп ала білген жөн. Мидың

маманы Татьяна Черниговская жеңіл – желпі газет, журналдар
мен бульвар әдебиетін емес, мағыналы, пайдалы кітіаптарды,
классикалық әдебиетті оқуға кеңес береді. Жеңіл музыка, журнал,
газет, жеңіл кітапқа үйренген ми жалқаулана береді. Адам қиын,

күрделі кітаптарды, спектакль, киноларды түсінуге тырысса, ми
жұмыс істейді! Кітапты ойланып, асықпай, мәнін түсініп оқыған
дұрыс. Миға неғұрлым күш түсіп, қатты жұмыс істесе, соғұрлым

көбірек нейрондар қозғалысқа келеді. Кітаптың әр тарауын оқып болғаннан кейін, көзіңізді жұмып, кейіпкерлердің аттарын, ісәрекеттерін, оқиға желісін және басқа да детальдарды еске түсіруге тырыссаңыз, ми күшті жұмыс істеп, жадыңыз жақсара түседі дейді мидың маман-ғалымы. Адамның миы маңына жолап кеткен нәрсенің бәрін мүлтіксіз қабылдап, нейрондарына жазып алады екен. Сіздің есіңізге түсе қоймағанмен, ол мидың нейрондарында жазулы, сақтаулы тұр. Кез-келген уақытта, тіпті, керексіз сәтте де шыға келуі мүмкін. «Сондықтан, – дейді Татьяна Черниговская. – Ақымақ кітаптарды оқымаңыздар, есалаңдармен араласпаңдар, сапасыз тамақ ішпеңдер, нашар киноларды көрмеңдер!» Осы орайда атамыз қазақтың: «Жаман жерді баспа!» – деген сөзін естен шығармайық! Иә, жаман істерге араласпаңдар, жаман сөздерді естімеуге, есте сақтамауға тырысыңдар! Қандай кітап оқу керек? Оқусыз өмір жоқ. «Білімді Қытайдан болса да үйреніңдер!» – деген пайғамбарымыздың хадисі бар. Бүгінгі балалар аталарымыздың асыл сөзінен алыстауға айналды ма? Ықылассыз оқуда тоқу болмайды! Қазір адамдар кітап оқудан қашқақтайды. «Күніне бір сағат кітап оқысаңдар да, біраз жерге барасыңдар!» – деп еді ұстазымыз, батыр, академик Мәлік Ғабдуллин. «Миды ауыртып оқу керек қой!» – дейтін ұстазымыз, академик Рымғали Нұрғалиев. Осы күні қандай бір жақсы, маңызды кітаптарды оқы десең: «Мұны оқу маған қызық емес!» – дейді жастар. Қызық болғанша оқыңдар! Күрделі нәрселерді оқысаңдар, жаңа әлем ашып, ой-өрістерің кеңейеді! «Умные люди учатся на всем и у всех, средние люди на своем опыте, глупые люди уже знают ответы на все вопросы. – Ақылды адамдар барлық жағдайдан және барша адамнан үйренеді, орташа адамдар өз тәжірибесінен үйренеді, ал ақымақтар барлық сұрақтардың жауабын онсыз да біліп тұрады». – деген Сократтың

сөзін тоқып алғандарыңыз абзал. Талай кісілер: «Балаларға қандай кітап оқытқанымыз жақсы болады? Жалпы балалардың адам ретінде қалыптасып өсуіне қандай кітаптар пайдалы?» – деп сұрайды. Бұл бір ойланатын нәрсе. Шынында да, біздің қазақ елінде талай рухани қазына, байлық бар дейміз. Бірақ, балаларымызға кітап оқыту жүйесі бар ма, жоқ па? Қандай кітаптар оқыту керек? Александр Дюманың «Граф Монте Кристо» деген атақты романында түрмеде отырған аббат Фариа жазықсыз жалаға ұшырап, тар қапасқа түскен көршісі капитан Эдмон Дантеске айтқан бір сөзі есте: «Ақылмен таңдап алынған 150 том кітапты оқысаңыз – адамзаттың барлық білім-ғылымымен таныс боласыз!» – дейді. Еврейлер балаларына кішкентай күнінен бастап, керекті кітаптарды жүйелі түрде оқытады екен. Біз де осындай кітап оқыту жүйесін қалыптастыруымыз керекау! Ақыл-ойыңызды өсіретін, жаныңызды нұрландыратын, рухани бай, пайдалы кітаптарды көбірек оқыңыздар! Алдымен өзіміздің ұлттық рухани әлемімізден сусындап, ары қарай әлемдік, адамзаттық қазынадан керегінше,емін-еркін алуға тырысыңыздар! Кітап – білім, ғылымның қазынасы. Білім, ғылым шексіз. Даңқты ойшыл Сократ: «Мен бір нәрсені ғана – өзімнің ештеме білмейтінімді білемін! – Одно знаю только я, а именно то, что я ничего не знаю» – деген екен. «То, что мы знаем, это капля, а то, что мы не знаем, это океан. – Біздің білетініміз бір тамшы, ал білмейтініміз – мұхит! – дейді Бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашқан данышпан ғалым Исаак Ньютон. Ол кісінің: «В философии не может быть государя, кроме истины. – Философияда ақиқаттан басқа патша бола алмайды». – деген сөзі де ой саларлық! «Мы легко можем простить ребенка, который боится темноты; настоящая трагедия жизни – это когда люди боятся света. – Қараңғыдан қорыққан баланы кешіру қиын емес: ал адамдар жарықтан қорықса – нағыз қасірет сол!». – деген екен Сократ. Жарыққа ұмтылайық! Жан-жағымызды жарық қылуға тырысайық!

Дыбыс Бір назар аударып айтқым келетін нәрсе – ертелі – кеш музыка тыңдайтын жаман әдет туралы. Кездескен жастарға айтып та жүрмін, талайы түсінетін сияқты. Қазір таксиге немесе әлдебір көлікке міне қалсаң, жүргізушілер бір музыканы қояды. Ал тоқтау жоқ!. Қанша шақырым жол жүрсең, сонша уақыт тұрады сол музыка. Тыңдап жатқан ешкім жоқ. Және онысы тақыл-тұқыл, тарс-тұрс, не дені сау сөзі жоқ, не ән емес, даңғырлаған бірдеме. Шыдай алмай: «Балдарым, мынаны өшіріп тасташы!» – деймін де, өшіртемін. Кейбіреулері: «Мен онсыз отыра алмаймын, аға! Мен жолда музыка тыңдап отыруым керек!» – дейді. «Мынау не қылған музыка, қарағым-ау? Түк эстетика жоқ, түк өнер емес, бұл бір. Екіншіден, ұзақ уақыт музыка тыңдай берсең, құлағыңнан, миыңнан не қалады? Миыңа тықыл-тықыл деп ұра береді ғой! Баяғыда Гитлер халықтың миын улағанда, идеологы Геббельс айтыпты: «Арзан, жеңіл тықылдақ музыкаларды тыңдата берсең, халық ойлау қабілетінен айырылады!» – депті. Тықыл-тықыл деп, миына ұрады да тұрады ғой. Адамның миы содан кейін жөндеп істемей қалады екен, ештене ойламай қалады екен. Милау болады, ашығын айтқанда. Әлгі таксидің жүргізушісінің құлағына күні бойы қаншама герц, децибел ұрып жатыр! Ол өзі жұмыстан шаршайды, оның үстіне тақылдақ, тарсылдақ ырғақтар ұрып тастағаннан кейін, мида не демалыс болады? Түнде қалай демалады? Мидың клеткаларына, мидың нейрондарына обал ғой. Кейбіреулері: «Ойбай, аға, білмейді екенбіз, айтқаныңыз жақсы болды!» – деп, әлгі даңғырлақты сөндіріп тастайды. Кейбіреуі қарсы шығады: «Мұны тыңдамасам отыра алмаймын!» – деп, ерегесіп, тыңдай береді. Өзі рөлде, жолға қадалып, алдына қарап келе жатыр, құлақтан тақылдатып ұрып жатыр. Бұл немене? Зомбиланудың бір түрі сияқты ғой. Оның сөзін түсініп тыңдап жатқан жоқ, сазынан эстетикалық рахат алатын ән емес! Міне, көлік жүргізушілердің көпшілігі осындай халде. Сондықтан, жастар сендерге айтарым, музыканың да тыңдайтын уақыты бар. Музыканы тыңдау да өнер. Оның өз мәдениеті бар. Оны түсініп, беріліп, рахаттанып тыңдау керек. Оңаша отырып, ойға батып немесе бір түсінетін, ортақ ой-пікірі бар достарыңмен, жаның

үйлесетін замандастарыңмен бірге тыңдап, рахаттанып қабылдаған жақсы. Жұмыс істеп отырсаң, музыка құлағыңа ұрып жатса, ол немене? Бұдан аулақ болыңдар, бұл сендерді жынды қылады, ауру қылады, қарақтарым, психикалық дертке ұшырайсыңдар осыдан. Сондықтан да оның өзінің орны бар. Ал дыбыс өзінің нормасынан, дәрежесінен асып кетсе, артық децибел, герц ұрып тастайды миды – бұл бір деңіз. Ал енді одан да сұмдығы – тым төмен дыбыс деңгейі болады. Төменгі дыбыс дәрежесі адам бойына қорқыныш, үрей ұялатады екен ғой. Мен низкая частота – төменгі жиіліктегі дыбыс қорқыныш тудыратынын бір кинодан көргенмін. Сонда бір барлаудың генералы барлаудың бір батыр полковник жігітін шақырып алып, екеуі осы дыбыс туралы әңгімелесіп отырды. Бір кезде: «Ал, енді міне қара! – деді де, генерал өзінің құлағын тығынмен тығындап алды. – Ал сен тыңда!» – деп, жанағы дыбысты қосты. Звук низкой частотности – төменгі жиіліктегі дыбыс естілгенде, жанағы батыр полковник өзіненөзі үрейге булығып, қорқып, дірілдеп, бір кезде: «сөндіріңізші»» – деп, генералға өтініш қылды. Содан кейін генерал сөндірді. Бұл не сұмдық? Соғыс кезінде осыны фашистер де, советтер де қолданған екен ғой. Қазір де, байқайсыздар ма, қорқынышты кино көргенде анау картиналардың, суреттердің кино екенін, ондай жын –перінің жоқ екенін, құбыжықтың жоқ екенін біліп отырасың. Бірақ түсірушілер киноның тілімен үрейлі атмосфера жасаған уақытта, сізде қорқыныш пайда болады. Неге? Өйткені, киноның қулары төменгі жиіліктегі не соған жақын жұмбақ, үрей тудыратын дыбыс қосады екен ғой! Бұдан сақ болыңдар, қарақтарым. Бұл да адамның миын уландыратын, психикасын, жүйке жүйесін бұзатын нәрселер! Байқасаңыздар, шарықтатып айтатын әндер айғайға айналып кетсе, немесе жай сөйлеп тұрған адамның дауысы қатты шығып кетсе, немесе жақсы деген музыканың өзін аса қатты қойған кезде, құлағыңызды жарып жібере жаздайды ғой. Әсіресе бұл қазақтың тойларында етек алған құбылыс: тойдан басың мең-зең болып, жартылай жынды болып шығасың. Өйткені, шамадан тыс, шегінен асыра айқайлатып қойған музыкалық аппаратура даңғырдүңгір етіп, құлаққа ұрады келіп! Көптен көрмеген көңілі жақын адамдармен сөйлесейін, бір-екі ауыз амандық-саулық сұрап, арқажарқа әңгімелесейін деп талаптансаң, жоқ, анау даңғырлап, бәрін

басып тастайды. Амалсыздан сен де айғайлап сөйлейсің, ай-ай деп айғайлап, тамағыңнан тамақ қалмайды, құлағыңнан құлақ қалмайды. Бүкіл күш – қуатың сорылып, тойдан шаршап шығасың! Не деген парадокс, қайшылық: біз өзіміз ақша төлеп той жасаймыз, ақша төлеп музыкант шақырып, өзімізді-өзіміз жындандырамыз, ауру табамыз. Жалпы ресторан, кафедегі дыбыс жүйесін реттеу – бір үлкен қоғамдық мәселе! Осыны талай кәсіпкерлерге айттым, бірақ ешқайсысы қақпайды. Шіркін-ай, дыбыс әр столдан шығатын болса ғой! Радио сияқты. Адамдар керек болса күшейтіп, керек болса басып қоятын болса. Қазіргі заманда солай жасау онша қиын емес шығар. Немесе көп ресторандардың, тойханалардың едендерінде ештене жоқ, мраморы жалтырап жатыр. Төбеде, қабырғаларда да ештеме жоқ, жалаңаш тас, металдар жалтырап тұр. Одан дыбыс жаңғырмағанда қайтеді? Жаңғырғанда да, қатты жаңғырады. Сөйлеген сөздің бәрі шатыр-шұтыр айғай болып, өзіңе қайтады. Тост сөйлеген адам да қиналады – қадірлі кісілер қолына микрофон алып, ақ тілегін айтып, ақтарылып сөйлейді, бірақ дауысы жаңғырығып, халыққа оның сөзін анық ұқпайды. Міне, барлық жерде осындай хал. Даңғыр-дұңғырдан қажыған адам тойханада емес, жындыханада отырғандай болады. Қазір көбінен қашатын болдым – жасымыз ұлғайған сайын артық шу, даңғазаны көтеру де қиын. Шақырған балаларға: «Айналайындар, рахмет, бақытты болыңдар!» – деймін. Ал осыны біз өзімізге өзіміз істейміз. Өтірік дей аласыз ба? Көріп жүрген шындық қой! Демек, шығатын дыбыс пен қабылдайтын дыбыстың арасын реттеп, біліп, жүйелеп, жөнге келтіру керек! Түптің түбінде бұл той мәдениетін көтеру үшін, елдің, халықтың, болашақ балалардың, жастардың денсаулығы үшін керек! Бұл үлкен қоғамдық мәселе. Сөзімді түйіндеп айтсам, жоғарғы дауысты дыбыс құлаққа ұрып, жүйке жүйесін бұзатын болса, төменгі дыбыс қорқыныш, үрей әкеледі екен. Сондықтан орынды, орынсыз, оңды, солды сан алуан дыбыстарды тыңдай берудің қажеті жоқ. Музыкаға да абай болыңдар. Ертелікеш езгілей беріп, өздеріңді өздерің милау қылып алмаңдар! Әр нәрсе дәмімен десек, ән де сәнімен, мәнімен және жөнімен жан қуантуға тиіс!

Тойшылдық Қазақ ежелден сауықшыл, тойшыл халық. Шоқан Уалихановтың досы, көрнекті орыс ғалымы Григорий Николаевич Потанин қазақтардың атқа мініп, сәнді киініп, жиын, топқа барғанды және жарқырап көзге түскенді жақсы көретінін айтқан. Бұл жағынан олар француздар сияқты деп жазады. Тәуелсіздік алғаннан кейін тойшылдық, сауықшылдық одан сайын үдеп, өршіп кетті. Бұл бір бітпейтін шуға, шоуға айналды. Осы біз тым шалқып, шалықтап кеткен жоқпыз ба? Шалқақтап кеткен жоқпыз ба? Қазір жұрт қит етсе той жасайтын болды. Бұрын қазақ үндемей, көзге түспей көбейгенді жақсы көретін. Бала санын, немере санын айтпайтын. Қазір бір-екі кішкентайлы болса, кетті, ал, тұсау кесер, ал бірдеңе той, ана той, мына той. Ал, айғайлат! Жұртты қоймай шақырады жан-жақтан, олардың келуге жағдайы, уақыты бар ма, жоқ па, онымен санаспайды да. Келесің, бітті шаруа! Ал сонау жерден, айталық, Астанадан Алматыға бару керек делік. Жолға қанша уақыт кетеді. Ол қонақ үйге түсе ме, басқа жер іздеп әлек бола ма? Қанша жұмысы қалып, жүйкесі тозып, уақытын жейді, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Той жасағанда, шақырған кісінің де жағдайын ойлау керек. Қалай келеді? Қалай кетеді? Оның уақыты бар ма, жоқ па, санасу керек қой бәрімен. Екіншіден, қандай мағына бар? Жарайды, жер-жерден жұртты жинап алдыңыз. Ал даңғырладыңыз, мақтандыңыз, малыңызды шаштыңыз, қанша уақытыңыз кетті. Бұл не сонда? Осы ма өмірдің қызығы, өмірдің мұраты? Осы күні қазақтың тойына барсаң, даңғұр-дүңгір музыкадан, шудан құлағың бітіп, айғайлай – айғайлай тамағың қарлығып, аяғында өзің жынды болып шығасың. Оның үстіне дастархан мәзірі де өте бай, майлы, тәтті болады. Одан байқамай артықтау жеп қойсаң, ауырып шығасың. Қызық, өзімізге өзіміз қолдан мәселе, қиындық жасаймыз. Бұрынғы ата-бабаларымыздың жөн-жобасы бойынша, өмірден озған кісілердің қырқын, жылдық асын беретін, құран бағыштайтын. Содан кейінгі өмірде ұрпақтары құран оқып, еске алып, дұға қылса, сауап дейтін. Ал қазір пәленшенің қайтқанына пәлен жыл деп, пәлен жасқа толды деп, ал, шабылып, жиын жасап жатыр. Бұл не қылған жиын құмарлық? Басқа жұмысы жоқ па? Басқа ісі жоқ па? Әу десе бітті, тайлы таяғына дейін қалмай, тұра шабады.

Бұрын жиын, тойға шақырса, бір әулеттен бір кісіні шақыратын. Мысалы, әке-шешесін шақырса болды, бала-шағасы бармайтын. Қазір олай емес, ата-анасын да, үлкен баласын, ортаншысын, кішісін түгелімен шақырады. Құда-құдаша, балаларымен, тағы бір туыс, жекжаттарымен келеді. Және оның барлығына үлкен, қымбат рестораннан орын алады. Бұл не мақтаныш? Не мақсат? Не қызық? Өзіміз де жас кезімізде тойдың ішінде көп жүрдік. Той да жасадық, тойға да бардық. Олардың да орындысы, артығы болған шығар. Бірақ, ол кезде кісілер «көрпесіне қарай көсілетін»! Шамасына қарай, аса көп шашып – төкпей, ретімен, жөнжобасымен, ысырапсыз тойлайтын сияқты еді! Ал енді қазір заман басқа ғой. Үйін кредитке салып, баласын үйлендіріп немесе қызын ұзатып, шашылып, шабылып той жасағанды да көрдік. Ата-анасын қарызға батырған жастар көп ұзамай айырылысып кетіп, кредитке салған үйі үкіметке өтіп кеткен де жағдайлар болған. Бұл не сонда? Өз басына өзі бейнет сатып алып не көрінді? Тойды да сабырмен, дәмімен, шектен шықпай жасауға болады ғой! Әр нәрсе орнымен, әр нәрсе дәмімен. Тәуелсіздік алғаннан кейін, той – барлық қазақтың мақсат, мұраты сияқты болып кетті. Мемлекетте де сондай саясат жүрді. Халық ештеңе ойламай, тек той тойлап жүре берсін деген қулық та болу керек. Қит етсе, шуылдаған шоудан құлақ тұнды. Астана күнінде әйгілі әртістерді миллиондар төлеп, дүниежүзінен жинады ғой! Әй, елдің байлығын оңды-солды шашты -ау! Үстінен жеп, байығандар да аз емес-ау! Бұл не ахуал? Бұл не жағдай? Оның бәріне бірдей уақыт, мүмкіндік қайда? Бірде үлкен ақын ағамыз жетпіс жасқа толды. Бір кездесіп қалғанда аңқылдап, құттықтап жатырмын, ойымда ештеме жоқ. Сөйтсем ол ұялып, қысылып: «Кісі көп болып кетті. Сен қалып қойыпсың, сені шақыра алмай қалыппын!» – деп жатыр. Мен күліп: «Аға, шақырмағаныңызға рахмет!» – дедім. Талып қала жаздады. Шынында да өкпем жоқ. Шақырса бару керек, қанша уақытың кетеді. Мазамды алмағанына рахмет. Ал, ойлап қарасақ, рас, той да керек. Бірақ бетімен шапқылау көп. Ауылдық жерлерге барсаң, мысалы, кілем алса да, кілем шай, той жасау керек. Немесе, айналдырып бірдене ойнайды да, кезек-мезек кафеге жинайды. Үлкен, кіші демей, бір жетістікке жете қалса,

немесе жаңа бір нәрсе сатып алса: «Әй, жумайсың ба? Ал, тойла!» деп, кеу-кеулеп, қоттап, жиналып тойлайды. Басқа істейтін іс жоқ па сонда? Басқа мәселе жоқ па? Заман мынау, ал қазекем аңғал-саңғал, далақ-далақ, дар-дар күлкі. Бұл не сонда, не болып барамыз біз? Мұны да ойлағанымыз жөн шығар. Қалай десек те, жиынның бәрін даттауға болмайды. Керексіз жиындардан, жиналыстардан аулақ болыңыз. Кәделі, керекті, қасиетті, киелі жиындар бар. Оларға үлкен мән беріп, жауапкершілікпен қараған жөн. Тойға барсаңыз, ақ ниетпен барыңыз, аңқылдап сөйлеңіз, жарқылдап жүріңіз, айналаңызға шуақ шашыңыз, өзіңіз де қуаныңыз, елді де қуантыңыз! Дұғаға барсаңыз, риясыз көңілмен барыңыз, ойланып сөйлеңіз. Ондай жерде көптен көрмеген кісілермен кездесіп қалсаңыз да, арқажарқа болып, самбырлап сөйлеп, қарқылдап күлмеңіз, салмақты, сабырлы болыңыз. Барған жеріңіздің кемкетігін көрмеңіз, сөйлеген жұрттың артық-кеміне көңіл бөлмеңіз, ұсақ-түйекті термеңіз, әзәзілге, жаман сөздерге ермеңіз! Риясыз көңілмен, қалтқысыз таза пейілмен жүріңіз! Мінездеме Адам адамға мінездеме береді. Мінездеме бермей тұра алмайды. Араласып жүрген, көріп жүрген адамдарының ойына, сөзіне, ісіне қарап, солар туралы өзінше ойлар түйеді, анау анандай екен, мынау мынандай адам екен деп жатады. Ал, бірақ осы дұрыс па? Осы күнге дейін талай байқап жүрмін, біреуді мақтаған сөздің өзі анау мақталып отырған кісіге ұнау, ұнамауы екі талай. Сен оны жеріне жеткізіп мақтай алдың ба, жоқ па? Міне, қалай! Оның өзі туралы ішкі ойына сенің мақтауың үйлеспей қалатын кез де болады. Немесе, шындықты айтып сынаған сөздің өзі де адамға ұнамайды. Кейде күйіп –пісіп кетеді. «Мынау маған жала жауып тұр, мен мұндай емеспін ғой!» – дейді. Бұл неліктен? «Адам адамның айнасы»,- дейді. «Кісінің қандай екені айналасындағы жұрттың көңіл айнасынан көрінеді!» – дейді. Бірақ,

адамның өзі туралы ішкі ойы, өзінің іс-әрекетіне деген бағасы мүлдем басқа болуы әбден мүмкін. Бір қызық жағдай бұл! Менің байқағаным, біреудің біреуге берген мінездемесіне сенуге де, алдануға да болмайды. Осы күндері оқырмандар сұрап жатады, журналистер де сұрайды, басқа адамдар да сұрайды: «Мына кісі туралы не ойлайсыз? Ана кісі туралы пікіріңіз қандай!» – дейді. Біреу туралы ойлауға еркіміз бар шығар, бірақ, пікір айтуға хақымыз бар ма? Міне, осы жерден басталады пәленің бәрі. Кейбір адамдар өзгелер жайлы тым пікіршіл келеді: «А, ол ма? Ол деген анандай ғой! Жоқ, ол мынандай ғой! Ол өйткен, ол бүйткен, ол былай деген, ол алай деген!» – деп шабыттанып бастап, талдап, жанжаққа тартқылап, жіліктей бастайды. Бұл қалай? Сіздің басқа адам туралы андай-мындай деуге қандай хақыңыз бар? Тіпті, оқыған, зиялы деген адамдар соғып тұрады: «Пәлен деген жазушыны яки ақынды немесе ғалымды бір сөзі үшін жақсы көріп қалдым! Сол бір керемет сөзі үшін төбеме көтеремін!» – дейді. Немесе керісінше: «Ә, анау ма? Мейлі, жұрт данышпан дей берсін, ал мен оны бір сөзі үшін жек көріп кеттім! Сол үшін оны сызып тастадым!» – дейді. Бұл қалай? Бұл қандай баға? Бір сөз үшін, бір әрекет үшін адамға баға беруге бола ма? Өмір жолы ұзақ, адамның өзгеруі, дамуы – заңдылық. Адамның ішкі эволюциясы болады. Сіз, мысалы, жиырма жыл бұрын бір адамның бір мінезін, бір іс-әрекетін көрдіңіз дейік. Ол бірақ жиырма жылдан кейін сол адам емес қой. Ол өзгерді ғой! Мінекей, біздің бағамыздың дәл болмайтыны, әділ болмайтыны, шындық болмайтыны осыдан да болуы мүмкін. Мысалы үшін, бір адам қаланың ішінде машина жүргізіп келеді делік. Ол бірнеше шақырым жолды, бірнеше бұрылысты түзу, тәртіппен жүріп өтуі мүмкін, солай ма? Енді бір жерлерде жолдың сызығынан шығып кетуі мүмкін, тәртіп бұзуы мүмкін. «Ойпырмай!» – деп, өзінің ерік – жігерін жинап алып, қайтадан түзу жүруі мүмкін. Осылайша, неше түрлі жағдайда неше түрлі іс-әрекет қылуы мүмкін. Өмір жолында да адам сондай ғой. «Адам өз өмірінің қожасы! Өз тарихын, өз тағдырын өзі жасайды, өз жолын өзі жүріп өтеді! Бәрі де адамнын тек өзіне байланысты!» – деген батыл, оптимистік қағида қаншалықты рас? Солай болуы мүмкін бе? Ал «стечение обстоятельств – жағдаяттар тоғысуын» қайда қоясыз? Өмір жолы, түрлі жағдайлар адамның жалғыз

өзіне ғана байланысты бола алмайды ғой! Оған басқа да адамдар араласып, ат салысатынын естен шығармайық! Талай адамдарды көрдік, араластық. Адам қуанған сәтте, бір нәрсеге риза болған сәтте алғысын жаудырып, нұрланып кетеді. Я бір сыйласқан кезде адамның жүзі қандай жарқын! Сырласып, сөйлессеңіз, жан дүниесін ақтарып, өмір тарихын айтқан кезде кезкелген адамды түсіне бастайсыз. Жақын көріп қаласыз, оның жан -жүрегі лүпілдеп соғып, қан тамырының тулап тұрғанын байқайсыз. Ой-санасының барын аңғарасыз. Ал онша араласпай, жай ғана амандасып жүрген кісіге қалай мінездеме бересіз? Оның ішіне кіріп шыққан жоқсыз, білмейсіз ғой! Тіпті, сыйласып жүрген кісінің өзіне байқамай қатты сөз айтып қалсаңыз немесе бір қылығын, қателігін сынап, «мынауың дұрыс емес» – деп бетіне бассаңыз, қалай өзгергенін көріңіз. Бәлкім, бұрынғы сыйластығы үшін бір рет үндемеуі мүмкін, бірақ ішінен ренжиді, өзгешелік пайда болады. Немесе қуанған сәтінде нұрланып тұрған адам бірденеге ренжіп, ашуланғанда қандай болып кетеді? Ашуланған адамның айтпайтыны жоқ, тіпті, ашу үстінде қол да салып жіберуі мүмкін, басқа да қателіктерді істеуі мүмкін. Сонда сіздің мінездемеңіз қайда қалды? Анау анандай, мынау мынандай деп мойындарына жарлық тағып, маңдайын таңба басып, сорттап, суреттеп қойғымыз келеді. Әй, адам оған сияр ма екен? Әр адамның өмірі – бір тарих. Бір үлкен қазына, жазылмаған бір кітап! Әр адамның тағдыры, жан сезімі, кешкен ойы қайталанбайды. Осы орайда Лев Толстойдың: «Каждый человек неповторимая психологическая комбинация! – Әр адам – қайталанбас психологиялық комбинация!» деген сөзі еске түседі. Біреуге мінездеме, баға беру оңай емес. Бір жақсы азаматтарды мерейтойында, тағы басқа жиындарда жұртшылық мадақтап, көтермелеп жатады. Сол лепірме сөздерге әлгі кісілер кейде жай ғана риза болса, кейде онша көңілі толмай қалады. Сөйтсек, өз ойындағыдай мақтамады деп ренжиді екен. Көңілінде одан сайын әсірелеп, асырып мақтамады, ерекше деп, тағы бірдеме деп айтпады деген сияқты пендешілік тұрады екен ғой. Бұл да бір қиын нәрсе. Бір адам бір адамның бағасына сыймайды. Адамға баға беру, пікір айту онша дұрыс емес. Құдай адамға «мә жүріп өт» деп, өмір жолын берді. Осы жолда адам неше түрліні көреді. Соның

барлығының есебін бір құдайға тапсырады. Құдай тағала таразылап, жақсылығына сауабын, жамандығына зауалын береді. Ал, біреуге мінездеме беріп, сорттап, соттауға біздің қандай хақымыз бар?! Мәселен сіз бір адамның бір қылығын не сөзін ұнатпай қалдыңыз, жақтырмайсыз, көргіңіз келмейді. Ал күндердің күнінде сол адамның бір жақсылығын көресіз. Бәлкім, ол сізді бір үлкен қатерден қорғап қалады. Я бір қиналып тұрған кезде қолдап жібереді. Я бір өмірлік жүгіңді көтерісіп жібереді. Міне қараңыз, сонда қалай? Немесе өзіңіз бір жақсылығын көріп, риза болып жүрген кісіңіз екінші біреуге жамандық жасайды. Ашумен яки ерегесіп, бір қате қылықтарға барады. Оған қандай мінездеме бересіз, ал? Сонда, біздің бағамыз тек қана өзімізге ғана қатысты болғаны ма? Мысалы, өзімізге жақсылық қылған адам – жақсы адам, жамандық қылған адам – жаман адам деп өлшейміз бе? Бұл қандай әділдік болады? Мысалы, бір жұмыс орнына бірнеше кандидатура таласады, сонда сіздің орныңызға басқа адамды алса, ол жаман адам болғаны ма? «Баяғыда мені жұмысқа алмаған, сөйтіп жолымды кескен!» – деп, оны өмір бойы жау көріп, жамандап жүретін кісілер аз ба? Ал егер үш-төрт кісінің ішінен өзін таңдап алса: «Ол кісінің жақсылығын көргем, мені баяғыда жұмысқа алған!» – деп, оған шаң жуытпайды. Сонда ана үшеуі қайда қалды? Олардың пікірі, әрине, мүлде басқа болады! Мінекей, ойлап қарасаңыз, қандай шарттылық, қандай субъективтілік! Барлық адамға бірдей жақсылық жасау, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес қой. Тіпті, бір адамға жағу, көңілін табу деген өте қиын нәрсе. Мысалы, әкеміз: «Бір адамға он рет қарыз берсең, рахметін жаудырады. Бір рет бере алмай, бетін қайтарсаң, ренжіп, ашуланып кетеді! Он рет көрген жақсылығын бірден ұмытады!» – деп отыратын. Ағылшынның атақты премьер –министрі, «темір ханым» Маргарет Тэтчер: «Өзіңізді айыптаған сөздерді ешқашан да тыңдамаңыз. Тіпті, судың бетімен жүріп өтсеңіз де, сізді біреулер: «қараңдар, мынау жүзу білмейді ғой!» – деп кінәлайтыны анық!» – дейді. Самуил Маршактың ба, Сергей Михалковтың ба, бір мысал өлеңі бар: Әкелі-балалы екеуі келе жатады. Екеуінің ортасында бір ат. Әуелі әкесі атқа мініп, баласы жетектеп, бір топтың жанынан

өтеді. Топтағылар: «Анау не деген оңбаған әке! Баласын жаяу жүргізіп, өзі атқа отырып алыпты!» – дейді. Мұны әкесінің құлағы шалып қалып: «Қой, балам, сен атқа мінші, мен жаяу жүрейін!» – деп, баласын атқа мінгізеді. Оны көрген екінші топ: «Әй, мынау не деген ұятсыз бала! Әкесін жаяу жүргізіп, өзі аттың үстінде отыр!» –дейді. Енді баласы ұялып: «Әке, екеуміз мінгесіп отырайықшы!» – деп, мінгесіп жүреді. Сөйтіп, үшінші топтан өтіп бара жатса, жұрт айтады: «Әй, мыналар атты аямай, екеуі мініп алыпты! Атқа ауыр ғой!» Мұны естіп екеуі ұялып: «Қой, жаяу жүрейікші, сөзден аулақ!» – деп, атты жетектеп жүреді. Сөйтіп, төртінші топтан өтіп бара жатса: «Мыналар не деген ақымақ! Атқа мінбей, өздері жаяу жүргені несі?!» депті. Мінекей, көптің көңілін қалай табасың, әділ бағасын қалай аласың? Былай қарағанда, атқа әкесі міну керек те, әкесін сыйлайтын бала жаяу жүру керек сияқты. Ал бірақ, баласының аяғы ауыратын шығар? Мысалы, сол сәтте ол ақсап келе жатқан шығар, тіпті, оған жаяу жүруге болмайтын шығар?! Өмірде түрлі жағдайлар болады. Оны кісілер сыртынан қарап топшылайды, сырттай бағалайды, әрекеттің сыртын көреді де, ішкі мазмұнына үңілмейді. Адамның жан дүниесінде, ойында не болып жатыр, оның жағдайы қандай, онда жұмысы жоқ. Жұртқа мінездеме бергенді, байыбына бармайақ баға бергенді жақсы көреді. Осы қалай? Адам жаны жұмбақ, оны пәлен-түген деп деп мінездеме беру қаншалықты дұрыс?! Шал ақын бір өлеңінде: Бұл дүниеден өткен соң, О дүниеге жеткен соң. Кімнің жақсы жаманын, Бір жаратқан хақ білер!» – дейді. Сондықтан, мінездеме беруден де, мінездеме сұраудан да аулақ болған жөн шығар. Рас, адамның іскерлік қабілетіне, шеберлік дәрежесіне, мамандығына, қолынан келетін жұмысына қатысты кәсіби әңгіме бір басқа. Ал адами тұрғыдан ол мынандай, ол анандай деп мінездеме беру – қиын да қисынсыз нәрсе. Әр адамның жандүниесі – бір байтақ әлем, ол біреудің мінездемесіне, өлшеміне сыймайды. Сондықтан, бір құдай төреші деген асыл қағидадан айнымағанымыз жөн шығар.

Мақтау мен мақтаныш Адамдар бір-бірін мақтап жатады. Қазір тіпті еркін кетті. Әлеуметтік желіге қарасаңыз да, той-думанға барсаңыз да, жиналысқа барсаңыз да бір-бірін мақтап, мадақтап, қолпаштап сөйлеу кәдімгі өмірлік салтқа, стильге айналған. Бұл жақсы ма, жаман ба?! Қазақ айтады: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын!» Адамның жасаған жақсы істерін, жақсы еңбегін қолыңнан келгенше құрметтеп, ой-өрісің жеткенше бағалау, әрине, дұрыс. Әсіресе біз, ақын-жазушылар өнер саласында жүрген соң, бірбіріміздің жақсы шығармамызды оқысақ: «Мына шығармаң жақсы екен, мына жері былай екен!» – деп, арқа-жарқа болып айтып жатамыз. Жалпы, қоғамдағы адамдардың бәрі де еңбегінің бағаланғанын, жылы сөз естігенді жақсы көреді. Ол адамға тән нәрсе, оны жоққа шығаруға, жаман деуге болмайды. Мұғалім, дәрігер, жылқышы, малшы, қойшы, егінші – бәрі де еңбегін бағалағанды жақсы көреді. Егіншілерге: «Дән егіп терлеп жатсың, өмір дәнін өсірдің!» – деп айтқан қандай жақсы! Шынында, адал еңбек еткен адамды мақтау керек қой. Мен «Соқа мен семсер» деген өлең жаздым. Ойлап қарасаңыз, соқаны мақтамаймыз, үнемі семсерді мақтаймыз. Семсер сұлу, семсер өткір, семсер ерліктің, батырлықтың символы!. Бірақ семсер соғыстың қаруы, ол өлім төгеді ғой. Ал соқа – еңбектің құралы, ол өмір егеді, дән егеді. Міне, демек біз соқаны мақтауымыз керек! Сол сияқты әкім, министр, басшылардың қай-қайсысы болсын жасаған ісінің жақсы жағын көргенді, бағалағанды сүйеді. Міне осы жерде үлкен бір өмірлік сұрақ туады. Қалай бағалау керек? Қалай айту керек? Бізде біреу кішкентай ғана бірнәрсе істесе, бітті, кетті мадақ ағылып: «Ал мынау керемет! Теңдесі жоқ, супер, ғажап!» – деген сияқты көпірген қызыл сөздермен көмкереді. Ана жасалған еңбек лайық па, соған сай ма, онда жұмысы жоқ. Лепіріп, көпіртіп мақтай жөнеледі. Мақтаудан жарысқа түскен сияқты. Тойларға бара қалсаң, кім асыра мақтайды, кім күшті сөйлер

екен деген бәсеке, тайталас бар. Кім асыра мақтайды деген жарыс, бәсеке секілді. Баяғыда: «Азамат! Алаштың азаматы!» – деген үлкен мақтау сөз бар – тұғын. Оны есту, соған лайық болу – үлкен мерей, мәртебе болатын. Қазір қалды оның бәрі жайына. Енді мақтаудан жарысқандар қыза-қыза «ерекше жаратылған» дегенге кетті. Қазақты қойып, ұлтымызды қойып, бүкіл түркі әлемінде немесе бүкіл ТМДда, орыс-қазақта болмысы бөлек, әлемде теңдесі жоқ адам дегенге кетті. Ол да аз. Біздің қазекең бір-бірін мақтағанда, әсіре мақтауға келгенде алдына жан салмайтын болды.Көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Бір үлкен ғалым ағамызға бір ақын апамыз: «Сіз мен үшін құдай емессіз, бірақ, құдайдан былай да емессіз!» – деді жүзі жанбай! Астапыралла, соған дейін барды. Ағамыз ұялғанынан үндемей, ештеме білдірмей қоя салды. Ал айтушыны не әкетіп барады сонша? Өйтіп айтпаса, жұрт аузына қарамайды, айызы қанбайды. Өйткені, қазір тойда сөйлеу де – бәсеке, мақтау да – жарыс. Көзге түсу керек, елді есінен тандыру керек деп, неше түрліні сапырып айтатын шеберлер шықты. Кейбір ақындардың жазған арнау өлеңдерін қарасаң, жағаңды ұстайсың! Мақтап отырған адамына: «Қағба тастың сынығысың!» – дейді. Енді біреулері одан да ары кетіп: «Алланың жердегі көлеңкесісің!» – дейді. Тағы-тағы асылық, әсіре толғау, теңеулер қазір қаптап кеткені сондай, бұқара халық енді ақындарға керек кісілерін келістіріп, есеппен мақтайтын мадақшыл, жарнамашыл жандайшаптар ретінде қарай бастады ма деп қауіптенесің! Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деп өзгеден, Күндестігін қоздырып, Азапқа қалма езбеден! – деген Абай атамыздың даналығына зер салып қойыңыз. Дамолла шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов атамыз: Кейбіреу аз бақытқа мәз болады, Шабақтай шалпылдаған қайраңдағы! – дейді. Мақтау, мадақтың есепсіз көпіріп тұрғаны сондай, тіпті біреулер жиналыста ашық сөйлеп, батыл сөз, шындық сөз айтып, керекті мәселе көтере қалса: «Міне батыр, міне ер! Бұл деген ерлік!» – деп, дуылдата жөнеледі. Нағыз ерліктің қандай екенін білмейді – ау

сонда! Нағыз ерлік – мүлдем басқа, ол жанқиярлық. Батыр деп Отан
үшін, ел үшін жанын қиған шын ерлерді айтады. Отқа, оққа барғанды
айтады ерлік деп! Ал біз жылы жерде, жиналыста сөйлегенді
ерлік дейміз... Ол қандай ерлік, қайдағы ерлік?! Ол азаматтық іс-

әрекет, кісілік, адамшылық! Орысша- человеческая порядочность,
гражданственность дейді. Ақындар айтысында айтқан батыл арнау-
толғау өлеңдер, жиналыста айтқан сөздің барлығы ерлік, батырлық
санала берсе, не болды? Жоқ, олай емес, айналайындар! Ерлік деген

сөздің құнын кетірмеу керек. Ерлік – әркімге айта беретін баға,
үлестіре беретін жылтырақ емес!
Бізде бағаның, бағалаудың құны кеткен. Көтермелегеннің жөні
осы екен деп, қызыл сөзді көпіртіп соға береді. Ал ондай көбік

мақтаудан да, өтірік әсірелеп сөйлегеннен де, адамның нақты
жасаған жұмысын қадірлеп, талдап, ел үшін еткен маңызды еңбегін
лайықты бағалап айтсаңыз – сол артық, сол нағыз баға! Жаңағы
адамның да жанына жағады, халыққа да жағады! Ал баға бере

алмайды екенсің, оған өрең жетпейді екен, үндемей қойғаның жақсы.
Құр қыздырма қызыл сөзбен лепіртіп, есірте беруге болмайды. Рас,
ақылы аздау, иманы әлсіз, нәпсіге еріп кететін рухани сырқаттау
адамдар осындай арзан мақтауға елігіп, ұшып-қонып кетеді. «Е-е,

мен шынында осындай екенмін!» – деп сеніп қалады және мұны
әккі қулар көп пайдаланады
Мақтап, мадақтау – алдап-арбаумен \манипуляциямен\ бірге
жүретін қитұрқы психологиялық айла-тәсіл. Алдап-арбаушылар

қолында билігі немесе байлығы бар керек адамын мақтап-мақтап:
«Сен кереметсің, сен осындайсың! Енді осы биігіңнен түспеуің
керек! Ол үшін мынаны жасауың керек!» – деп, көкке көтеріп
қояды. Енді анау ақкөңіл, кеңпейіл кісі қайтсін, мән – мағнасы

күмәнді шаруаға малын шашып, мақтаған кісінің аузы-басын
майлап, шашылып-төгіледі. Тіпті, соның рухани малайы болып
кете жаздағандары да аз емес. Демек, бұл мақтау, мадақтау және
оған алдану, оған мастану – бұл да рухани сырқаттың бір түрі. Мен

жастарға мұндай мінезден аулақ болыңдар дегім келеді. Анализ –
сараптау деген бар емес пе? Білімді жан талғампаз, сарапшы болу
керек. Қандай да тұлғаны бағалағыңыз келсе: «Бұл халық үшін не
істеді? Мұның еңбегінің мәні қандай?» – деген сұрақты қойып,

жауабын ақылмен таразылап табыңыз. Өлшем біреу-ақ – кім болса

да, таразыға еңбегін салыңыз, беретін бағаңыз соған сай болса, жаңылмайсыз. Сонда сіздің сөзіңіз нық болады, шындық болады, сіздің сөзіңіз жүректерге қонады! Манипуляция –Алдап, арбау Бір адамның екінші бір адамға өзінің сөзін өткізуі, өзінің айтқанымен жүргізуі, ойындағысын істетуі – өмірде көп кездесетін күрделі құбылыс. Бұл психологияға негізделген әдіс – тәсіл, амал-айла. Мұны манипуляция-алдап, арбау дейді. Манипуляцияның жолы көп. Манипуляторлар өте шебер болады. Бір адамға өзінің айтқанын істету үшін, өзінің ойындағы тілегін орындату үшін, көздеген мақсатына жету үшін неше түрлі айлы – шарғыны қолданады. Алдап-арбаудың ең бір тараған жолы көздеген кісіні мақтау, мадақтау. «Ой-бой, сен керемет жомартсың ғой! Сен кешегі мәрт ерлердің көзісің, асылдардың сынығысың!» – деп биік дәрежеге көтеріп тастап, «енді соған лайық іс қылуың керек қой!» – деген ойға емеурінмен, еріксіз әкеліп тіреп қояды. Оны көздеген жұмысына жұмсайды. Ол манипуляцияға сенгіш, эмоционалды, әсершіл, ақкөңіл адамдар өте тез түседі. Басқа бір елдің мына бір сөзі есімде қалды: «У дурака ум на сердце! – Ақымақтың ақылы жүрегінде!» – дейді екен. Ақылмен таразыламай, сабырға тоқтамай, жүрегінің қалауымен, лепірген сезіммен іс қылатын адамдар туралы осылай дейді. Айлалы, ақылды адамдар соны пайдаланады екен! Әуелі жұмсайтын адамының жүрек қалауын біліп алады. Оған бір атақ-дәреже, ат шығару керек болса, соған бағыттап жібереді: «Мына істі істесең, сенің керемет даңқың шығады! Бұл елге, тарихқа керекті мәнді жұмыс! Қайырымды, сауапты іс! Анау пәленшекеңдер жасап жатыр ғой!» – деп, ізгі сезімін, патриоттығын, даңққұмарлығын, бәсекелестігін оятып, қанын қыздырып, ұшы-қиыры жоқ мал шашудың жолына салып жібереді. Әлгі азамат «иә!» – деп қойған соң, бас тарта алмай, бастап қойған соң, орта жолдан тастап кете алмай, ақшасын шашып, қанша уақытын сарп етіп, соның соңында жүреді. Ал манипулятор – алдаушы-арбаушының өзінің көздеген мақсаты болады, өзіне

керегін істетіп алады. Рас, өмір болғасын адам бір-біріне өтініш қылмай тұрмайды. Достың досқа, туыстың туысқа құрметі, көмегі болады. Бір-біріне көмектеседі қолынан келгенше. Ал бірақ туыс екенмін, дос екенмін деп, біреудің арбауына көніп, айдауына жүруге, шаруасына мүлде жегіліп қалуға болмайды ғой. Мына қызықты қараңыз – мықты бай, капиталистердің өзі: «Басқышпен жоғары қарай шығуға тырмысып, өрмелеп бара жатқан адамға көмектес! Тырысып, ұмтылып бара жатқанда, қолындағы жүгі ауырлау болса, демеп жібер, көтерісіп жібер!» – дейді екен. Бірақ, оның бүкіл жүгін көтеріп, міндеттеніп, баратын жеріне шығарып бер деп ешкім де айтпайды. Қиналған жанды керек жерінде, шешуші сәтте демеп, көмектесіп жіберу – бұл адамның жүрек қалауымен болатын, таза ниетімен болатын дүние. Ал енді біреудің мейірімді екенін, жақсы жағдайы бар екенін біліп алып, ақырын ғана бүкіл мәселесін соған қарай аудара салып, итере салып пайдаланатын айлакерлер өмірде толып жатыр. Бұл масылдық психологияға тән нәрсе. Сондай бір масыл, біреу арқылы күн көргенді жақсы көретін, біреуді шаруасына салғысы келетін адамдар аз емес. Бұл қарапайым, күнделікті тіршіліктегі нәрсе. Ал мұндай масылдық пиғыл үлкен жерлерде толып жатыр. Манипуляция сознанием – адамның ой-санасын билеп алу, арбап алу. Сол арқылы қолында билігі бар адамдарды, қолынан іс келетін адамдарды өздеріне пайдасы тиетін істерге салып жіберу көп кездеседі. Әсіресе, билік жұмысында тәжірибесі жоқ, ақылсанасы толыса қоймаған жас немесе мақтан сүйгіш, көзге түскенді, қолпаштағанды жақсы көретін дөкей басшылар осындай арбауларға тез түседі. Оның арты өте қиын. Мысалы, мақтан үшін күмәнді идеяларға арбалып, мемлекеттің миллиондаған қаражатына жаңа өндіріс нысандарын салып тастап, ақыры ол іске аспай, босқа қалғанын көріп жүрміз. Халыққа түк пайдасы жоқ жобаларға, пайдасы жоқ концерт – шоуларға мал шашу, даңғаза дүниелерге әулекіленіп, от шашу – фейерверк атып, халықтың қаржысын желге ұшыру – алдау,арбау емей немене?! Оның арғы жағында ұйымдасқан жемқорлық тұр. Бұл бір үлкен мәселе. Мемлекет, үкімет адамының ақыл-санасын арбап алу, билеп алу, сөйтіп айтқанына жүргізіп қою – қазіргі замандағы пайдакүнем алаяқтардың әбден қалыптасқан

әдіс-айласы. Мен жастарға осындайдан сақ болыңдар дегім келеді. Әр нәрсеге кірісерде талдау жасап, сараптау керек – ақыл-сана, білім-тәжірибеңмен таразыға тартып: «Бұл қандай шаруа? Мұның қандай қажеті бар? Бұған осынша қаржы лақтырудың керегі бар ма, жоқ па?!» – деген сұрақты қатты ойланған абзал. Әйтпесе, ата-бабамызды ұлықтау дегенді желеу етіп, неше түрлі іс-шараларға, даңғаза жиындар мен астатөк тойларға мал шашу, желге ақша шашу, бір тақырыптағы, бір-біріне ұқсас шараларды қайта-қайта өткізу немесе айдаладағы ескі бейітті қопарып, жаңғыртып,неше түрлі ғимараттар салу – шектен шығу емес пе? Міне, осындай жағдайда атқамінерлер, әсіресе басшы болып отырған азаматтар, нақты, тиянақты, кесімді шешім қабылдау керек. Оның бәрін ойланып істеу керек. Мынау керек пе, керек емес пе деп, сараптан өткізген жөн. «Ойбай, ана жақтағылар сөйтіп жатыр екен, біз де сөйте қояйық! Солардан кембіз бе? Асырып түсірейік!» – деп шапқылай берудің, далақтай берудің қажеті бар ма, жоқ па?! Бұл да ойланатын мәселе. Әсіресе, біздің қазақ қоғамында қолында билігі не байлығы бар азаматтардың қолтығына осылайша дем беріп, қоттап, құтыртып, қанын қыздырып, намысына тиіп, қаржысын, күш-қуатын пайдаланып, ақырында үлкен бір проблемаға басын тығып қою деген көп кездеседі. Халықтың қажеттілігі, шаруасы, елдің проблемасы жайына қалып, азаматтардың бетімен далақтап шапқылап жүргені аз емес. Сондықтан, азаматтар әрбір іске кірісерде: «Осылар мені арбап, өз мақсаттарына пайдаланып тұрған жоқ па? Қалай, қайда, неге жұмсап тұр?» – деп, ойланғаны жақсы болады. Өкінішке орай, алаяқ арбаушылар – манипуляторлар өтірік, көпірік идеялармен атқамінерлердің де, қарапайым адамдардың да алды-артын орап, көзін байлап, құлаққа теуіп, айтқандарын істетіп жатыр емес пе? Фантастикалық идеялармен, керемет жоспарлармен арбап, көзді қызықтырып, қанды қыздырып, алдап соғатын алаяқтардың торына аңғал бауырларымыздың, тіпті, ақылды, айтулы азаматтарымыздың да топылдап түсе беретіні неліктен? Бидайдан бензин аламыз деп, жүздеген миллион доллар қаржыны желге шашып, ақырында ештемеге жарамай қалған зауыт салдырғандардың өтірігін шығаратын бір адам болмағаны ма?

Жердегі жолды жөндеп алудың орнына, аспанмен жүреміз
деп, аспалы жол салуға миллиардтаған ақшаны шашқан неғылған
астамшылық?
Көмірден газ, бензин аламыз деген фантастикалық идеяға сеніп,

көмір кенішінің жанына зауыт салған аңғал, мәрт қазақ қалай
алданды?
Тым болмаса, мұндай идеялар керемет пайдалы болса, анау
өркениетті, өндірісі озған елдер неге оны жүзеге асырып, шаш

етектен пайдаға кенелмейді? – деп, бір сәт неге ойланбады екен?
Оларды
арзан
атаққұмарлық,

пайдакүнемдік
пиғылдары
адастырып тұр ғой!
Алаяқ арбаушылар соны біліп, басшылардың да, байлардың да

әлсіз жерін дәл тауып, көздеп ұрып тұр ғой!
Қытайдың данышпан ойшыл қолбасшысы Сунь Цзы «Искусство
войны – Соғыс өнері» деген кітабында: «Война – путь обмана!
Заманивай врага выгодой! – Соғыс – алдаудың жолы! Дұшпаныңды

пайдамен алдап, аранға түсір!» – деп жазады. Осындай даналықтан
сабақ алып, сақтанып жүрген жақсы емес пе?!
Ал, арзанға үй алып беремін деген алаяқтарға тапқан, таянғанын
ойланбай ұстата салатындай не болды? Қаржы пирамидаларының

өтірік, көпірік екенін көріп, біліп жүріп, неге оларға тіркеледі
бауырларымыз? Одан кейін ойбайлайды: «Алданып қалдық! Үкімет
ақшамызды алып берсін!» – деп, көшеге шығады. Оған ешкім де
кінәлі емес, ешкім де жауапты емес! Ойланбаған, оңай олжаға

қызыққан өздері кінәлі!
«Из всех воров дураки самые опасные: они одновременно
крадут у нас и время, и настроение. – Барлық ұрылардың ішінде
ең қауіптілері – ақымақтар: олар біздің уақытымызды да, көңіл-

күйімізді де ұрлайды». – дейді Аристотель.
«Көшпенділер» фильміне ата-бабаларымыздың тұнып тұрған
тарихи аңыздарын өзек қылып неге алмаған? Неге жасанды
нәрселерге жол берген? Ондай үлкен тарихи дүниенің сценариін

өзге елдің азаматына жаздыратындай не күн туды? Қазақтан бір
емес, бірнеше қаламгер табылып тұр еді ғой! Басқасы басқа – ау,
Абылай ханның рөлін бразилиялық актерге қалайша тапсырған?
Түрі, түсі келмейді ғой! Бір қазақ баласына қимаған ба? Фильм

түсірушілердің айтуынша, әлемдік экранға шығару үшін сондай

белгілі әртістер, сондай түр-түстер керек деген талап болған-мыс. Ондай талапты қойған кім? Сонда әлемдік экранға біздің қазақтың түр, түсі келмей ме, әлде қазақты шығаруға болмай ма? Фильмнің басы-қасында жүрген ығай-сығайлардың ешқайсы осыны айта алмады ма екен? Жоқ әлде олардың сөзіне құлақ аспай, аяқ асты қылды ма екен? Сонда фильмнің тізгінін ұстап, тағдырын шешкен кімдер? Тіпті, қазақтың әртісі әлемдік экранға келмейді деп кергитін болса, ондай экранға жалынышты болып жармасып керегі не? Мұнда да манипуляция – алдап-арбау болған! Ал енді манипуляция – арбауға түскен адамдар алды-артын ойламай шаба береді. Мұның мысалы әлем әдебиетінде де көп. Үлкен психологтар да, философтар да жазған бұл туралы. «Ойбай, мынау батыр ғой, керемет қой, біреу үшін отқа, суға түсті ғой!» – деп, ондай геройларды мақтап, мадақтап, марапаттап, оны үлгі тұтуға үгіттеген кездер де аз емес. Ал шындығына келгенде: «Ол кейіпкергерой не үшін барып тұр ондай іске? Ол неге өз басын өлімге байлады немесе біреуді іздеп барып өлтірді? Жалпы, мұндай іске неге кірісті?!» – деген сауалдарды біз қоя бермейміз. Кейіпкер жауды жеңсе болды, әнекей, батыр, керемет деп ойлаймыз. Жоқ, оның барлығының түп-түбіріне, арғы астарына үңіліп, мәнін тапсақ қана түсінеміз. Сондықтан да балаларға: «Жастық арынмен, ойланбай от пен суға қойып кетпеңдер! Әр қадамдарыңды ойланып, сараптап басқандарың жөн болады! Осыны көңілдеріңе мықтап түйсеңдер екен!» – деймін. Өйткені,, ұрандап, делебесі қозып, жынданып, айғайлап жатқан топқа ілесіп, арбаушылардың айтағына еріп, от пен суға, қанды майданға қойып кету оңай, бірақ қайтып шығу қиын! Ертеңгі нәтижесі, жауапкершілігі қандай болады?! Қарапайым ғана мысал: Мінезі бұзықтау, қияңқылау жігіттер екінші бір топ жігіттерге барып ұрынып, төбелесіп қалады. Таяқ жеп, әлдері жетпей бара жатса, қашып шығып, достарына телефон соғып, шақырады: «Ойбай, мыналар бізді сабап кетті, тез келіңдер, көмектесіңдер! Достарыңды ұрғызып қоясыңдар ма?» – деп, байбалам салады. Үйінде тып-тыныш сабағын оқып отырған балалар олардың айтқанына елігіп, азғырғанына желігіп, ойланбастан барып жанжалға кіріп кетеді! Оның аяғы кейде бірінбірі ұрып-соғып, ауыр зақым келтіруге, тіпті, кісі өліміне апарып

соқтыруы мүмкін. Осындай өкінішті жағдайлардың бүгінгі өмірде болып жатқаны өтірік пе?! Достық, достыққа берік болу, досты сыйлау, құрметтеу, оған көмектесу деген қасиетті, жақсы нәрсе, әрине. Бірақ: «Досымның қандай ісіне көмектесіп тұрмын, неге, не үшін?» – деп ойлану керек. Сенің досың біреудің затын ұрлап жатса, досым екен деп, сен де бірге барып ұрлайсың ба? Немесе, соның ұрлаған затын тығып қоясың ба? Я болмаса сенің досың әдейі барып, қасақана бірнәрсені бүлдіріп жатса, сен де бірге бүлдіресің бе? Тіпті, сенің досың біреуді сабап жатса, досым екен деп, бірге сабайсың ба?! Міне, мұндайдан аулақ болу керек! Досың қылмыс жасады екен деп, онымен бірге қылмыс жасаудың қажеті жоқ. Әр кім өзіне жауап береді, әр кімнің өз өмірі, өз жолы бар! Досың үшін өз жолыңнан адасып, теріс жолға түсіп, өз өміріңді бүлдіріп алма! Шын дос болсаң, шындықты бетке айтуың керек: «Мынауың қате, дұрыс емес! Өзің кінәлісің, жайыңды біл, жөніңді тап! Есіңді жи, ақылға сал, сабырға кел!» – деп айта білетін болуың керек. Әйтпесе, ол не қылған достық?! Осындай жағдайларда жастар көп қателеседі. Мен бұл жөнінде «Ойсыз қадам» деген пьеса да жаздым. Сондықтан жастарға айтарым, отқа, суға көзсіз қойып кетуден бұрын: «Кім мені айтақтап, айдап салып тұр? Кім түртпектеп, неге, қайда итермелеп, тұр? Мен оның айтағына еріп, біреуді қабатын, талайтын иті емеспін ғой!» – деп, қатты ойланғандарың жөн. Манипуляцияның бір түрі – өз мақсаты үшін адамдарды, ұлттарды бір-біріне айтақтап, айдап салу. Қазіргі популист алаяқтар жалынды сөздерімен жұртты қоздырып сөйлейді: «Мұндай бол, андай бол, өйт-бүйт-сүйт! Ойбай, көшеге шығыңдар, қырып жойыңдар, қарсы күресіңдер, аттан, ойбай!» – деп, ұрандап, көпшілікті үгіттейді, араздығын қоздырады. От тұтанған соң, жалынға күйетін халық, ал әлгілер тығылып қалады! Сананы арбап, қалаған жағына бұру – манипуляция сознанием деген өте қауіпті, айлалы нәрсе. Сіздің, мысалы, әділдік сезіміңіз күшті, адалдықты жақсы көресіз. Міне, әлгі арбаушы келеді де: «Ойбай, анау анаған қиянат жасап жатыр ғой! Жүр, кеттік, қиянатшылды барып құртайық!» – деп, қайрайды. Соған еліріп, өре түрегелу жөн бе?! Жоқ, біз қоғамда, мемлекетте өмір сүреміз, заң бар, қиянатшылдар тиісті жөнімен жауап беруге тиіс.

Міне, қарақтарым осыны қатты ойланғандарың дұрыс, өздеріңді біреуге алдап – арбатпаңдар, манипуляцияға түсіп қалмаңдар! Сіздер жассыздар, жанып тұрған жалынсыздар! Жастықта жалындаған жақсы, бірақ біреуді өртеп жіберуден де, өздерің өртеніп кетуден де сақ болыңдар, айналайындар! Сыншылдық пен міншілдік Шыншылдық, сыншылдық және міншілдік адам баласына тән. Шындықты барлық адам жақсы көреді. Барлық адам оған тоқтайды. Шыншылдықпен қатар сыншылдық бар. Сыншылдық – оңды-солды сынап-мінеу емес, әр құбылысты, жағдайды сынға тартып, сараптап, бағасын беру, қадірін білу. Ол адамды өсіретін нәрсе. Ал осы сыншыл көзқарастың екінші жағы бар. Міншілдік. Сыншыл болдым екен деп, әр нәрсені түрткілеп, мінін іздеп, қазып жүретін кісілер болады. Бұл аса жақсы мінез емес және ондай кісілер біраздан кейін ортасына жексұрын болады. Жұрт ондай адамдардан қашады. Анау оны өзі де білмейді. Енді әркімді, әр нәрсені шұқылып: «Әй, сенің мына жерің былай, әне жерің алай!», «Әй, неге бүйтесің?», «Ол былай болу керек!», «Фу, бұл немене? Түкке татымайды!» – деп, мұрнын шүйіріп тұрған міншіл кісіні кім жақсы көреді?! Ойпырмай, аузымен дүйім жұртқа мән үйретіп, соғып отыратын кісілер болады. Тіпті, қонаққа барғанда, сынап-мінеп, ана үйдің берекесін кетіріп, отырған кісілердің мазасын алады. Кейде ерлерден де бар, әйелдерден де бар. Сол жерде жасы үлкені өзі болса, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», ал, кетеді бетімен. Анаған да тиісіп, мынаған да тиісіп, қызыл сөзді сапырып, бәрін жайпап отырады. Өте бір жексұрын мінез. Адам болғаннан кейін, бәрінде де мін болады. Оның бәрін шұқылап, айқайлап айта берудің керегі жоқ. Рас, айтпауға болмайтын жағдайлар, айтпауға болмайтын сын, айтпауға болмайтын шындық болады. Ол айтылу керек. Ал, енді, мысалы, біреудің бір жері байқамай жыртылып қалыпты. Не болмаса тағы бірдеңесі былай болып қалыпты. Тағы да сондай–сондай ұсақ– түйек болады ғой. Соның барлығын шұқылап, адамның бетіне басу –

өте бір оңбағандық. Бұл әдептілікке қатысты. Адамның тәрбиесіне, көргенділігіне, біліміне, сана-сезіміне, ой – өрісінің биіктігіне байланысты әңгіме. Сол биікке ұмтылыңыздар, жастар! Әркімнің артын шұқып, былық – шылығын ақтарып, қоқсығын қопарып, иісін иіскеп жүретін міншілдіктен аулақ болыңдар! Сыншыл, шыншыл болсаңыздар, алдымен өзіңізге шыншыл болыңыз. Ауызбен әлемді жөндеу оңай. Өзіңді жөндеу қиын. Сондықтан, егер дүниені, әлемді жақсартқыңыз келсе, өзіңізден бастаңыз! Өзіңізді сынаңыз, өзіңізге шыншыл болыңыз, өзіңізді түзетіңіз! Егер өзіңіз жақсы болсаңыз, айналаңыз да жақсы болады. Сіздің әлемдік жақсылыққа қосатын үлесіңіз осы! «Өзін жеңген түбінде бәрін де жеңеді! Өзін – өзі жеңу – жеңістің ең үлкені! Адам өз кемшілігін жеңу керек. Өзін – өзі жетілдіру керек. Өзін – өзі кемелдендіруге, биікке жетуге ұмтылу керек!» Міне, дүние жүзінде арғыбергі замандарда жасаған даналардың бірдей түйіндеп, тоқтайтын жері де осы! «Есть только одно важное для всех дело в жизни – улучшать свою душу. Только в этом одном деле человеку не бывает помехи и только от этого дела человеку всегда бывает радостно. – Бұл өмірде бәріне бірдей маңызды бір-ақ іс бар, ол – адамның өз жан-дүниесін жақсартуы. Тек қана осы әрекетте адамға еш бөгет болмайды және ол осымен үнемі қуанышқа бөленеді». – деп жазады Лев Толстой. Рас, адамның өмірге, әртүрлі құбылыстарға сыншыл көзқарасы болуы керек. Әр нәрсені ойсыз, көзсіз қабылдай бермей: «Бұл не нәрсе? Мұның қандай мағынасы бар?» – деп, сынның сарабына салған жақсы. Осы күні фейк, хайп, тағы басқа неше түрлі өтірік даңғаза қаптап кетті. Жалт-жұлт етіп көзді алдап, даңғырлап құлақты жаратын, сөйтіп жүйкеге, психикаға әсер етіп, адамның миына керекті бұйрық – бағдарламасын сіңіріп жіберетін әдіс – айлалар өте көп. Мұның арғы жағына үңіліп: «Бұл не береді бізге? Қандай жақсылығы бар? Қандай жамандығы бар?» –деп, сынап қарау керек. Бұл жерде сыншылдық көзқарас өте қажет. Дінді желеу етіп: «Ал, аттан, дін жолында күресе қояйық!» – деп, немесе тілді сылтау етіп: «Ал, тіліміз үшін күресейік. Өзге халықтарға тілімізді зорлап таңайық!» – деп ұрандап жүргендер шын мәнінде нені көздейді? Мұның арғы жағы қатерлі. Дін аралық, ұлт аралық араздыққа, қақтығыстарға ұрындыруы мүмкін. Немесе

жалт-жұлт етіп, неше түрлі моданы, түрлі тамақты, дәріні, андаймындай жүріс – тұрысты, ойнап – күлуді, ішімдікті, нашаны, темекіні керемет қылып көрсететін жарнамалардың барлығы сын сарабынан өтуге тиісті. Әсіресе руханият, ақыл – ой саласында абай болғанымыз жөн. «Міне, мынадай бір жазушы немесе киногер жаңалық ашыпты!. Ой, керемет екен! Ал енді осы жолға түсе қояйық!» – деген сияқты желбуаз мадақ, шетелдік құндылықтарға көзсіз табыну үлкен қателік болады. Көз алдау, көз бояудың, адастырудың арғы жағында азғыру мен аздыру тұр. Міне, осыдан бізді сыншыл көзқарасымыз сақтайды. Әсіресе, жаңадан құдай іздеушілік, жаңадан құдай табушылық, тіпті, қолдан құдай жасап алушылық сияқты неше түрлі сұмдықтар қаптады. Осының бәрінен сақ болыңыздар. Жан – жақтан идея, сұрақ қаптап, қайсысы қайда апаратынын білмей, әрқайсына бір еліктеп, есіңнен танып қалу – оп – оңай. Сонда адастырмайтын жарығың, Темірқазығың, бағытың – имандылық, атам қазақтың аманат қылған адамгершілік жолы. Міне, осыдан айырылмасаң, адаспайсың! Әңгіме не нәрсені сынап, талғап, сараптай білуде. Жалпы қоғамға керекті, үлкен мәнді нәрселерді сын көзқарасыңыздан өткізіп, сараптап: «Халқым, мынау адастыратын жаман нәрсе, бізге жат нәрсе!» – деп, айта алсаңыз қандай жақсы! Ал, енді адамдардың арасында назар аудармай-ақ кешіре салатын, үндемей – ақ қоюға болатын көптеген жәйттер кездеседі. Біреудің күлкісі, біреудің жүріс – тұрысы, біреудің киім киісі ұнамайды сізге. Соның бәрін бетіне басып, айғайласа беру керек пе?! Жоқ! Мүмкін, сіздің де киім киісіңіз, сіздің де қылықтарыңыз біреулерге ұнамай тұрған шығар! Жоқ, көбінесе адамдар әлдекімдерді: «Міне, бұл сыншыл, өткір мінезді! Кім болса ол болсын, тік айтады, бетін тіліп айтады!» – деп, қайрап, айдап салып отырады. Ол да бір қатерлі нәрсе. «Критиковать и злобствовать всегда легче. Выдвинуть разумную программу действий – значительно сложнее. – Сынап, мінеп, табалау – қашанда оңай. Іс-әрекеттің ақылға қонымды бағдарламасын ұсыну – анағұрлым қиын!» \ Юлиан Семенов, жазушы, әйгілі «Көктемнің он жеті сәтінің» авторы.\ Кейбіреулер адамның бет-жүзіне, көзіне қадала қарап, өзінше сынаған болады. Кісінің өңменінен өткізе қарайтындарды кейде: «Көзі өткір!» – деп мақтайды. Ал, шын мәнінде кісіге тесірейіп,

сынап қарау деген өте бір келеңсіз нәрсе. Тіпті, жан-жағына тесірейе қарайтын адам туралы: «Осының дені сау ма?» – деген ой туады. Бұл психикалық аурудың бір белгісі, шынында. Ізгі адам айналасына жылы жүзбен, нұрлы көзбен қарайды. Олар туралы жұртшылық: «Иман жүзді, көзінен, жүзінен нұры төгіліп тұрған кісі екен! Сөзі жақсы, жанжүрегі жылы кісі екен!» – дейді. Айналасына нұр шашып тұратын ондай адамдарды жұрт жақын тартып, жақсы көреді. Міне, өзіңіз таңдаңыз, қандай болғыңыз келеді? Жаны нұрлы адамның жүзі де нұрлы болады. Біреу абалап сынайды, біреу табалап сынайды, біреу жағалап сынайды, біреу бағалап сынайды! Абалаған – ақымақ, табалаған – пасық, жағалаған – жалтақ, оларға күліп қараңыз. Бағалап сынағанның сөзі салмақты, алға басуыңызға пайдасы тиеді! Шындық пен өтірік Жаратушымыз әділ, адал, ақиқатшыл, шыншыл. Адамзат та ақиқатты аңсайды. Іздеуден жалықпайды. Жалпы адам баласы шындықты жақсы көреді. Шындық деп шырылдап, әділдік салтанат құрса екен деп армандайды. Алайда, өмір оған көне бермейді. Шындықпен шатасқан өтірік бар. Шындық пен өтіріктің күресі үздіксіз жалғасып келе жатыр «Излагать истину некоторым людям – это все равно, что направить луч света в совиное гнездо. Свет только попортит совам глаза, и они поднимут крик. –Кей адамдарға ақиқатты айту – жарық сәулені жапалақтың ұясына түсіргенмен бірдей. Жарық жапалақтардың көзін ауыртып, олар шулап кетеді». – дейді Дени Дидро, даңқты ағартушы, француз философы. Әркімнің өз шындығы бар және ол сіздің шындығыңызбен үйлесе бермеуі мүмкін. «Истина ничуть не страдает от того, что кто-то ее не признает. – Біреу мойындамады екен деп, ақиқаттың түгі кетпейді». – дейді неміс жазушысы Фридрих Шиллер. Өтірік айтатын кісілер біраздан соң сол өтірігін шындыққа айналдырғысы келеді.

Шындық
Шындығыңды кетті екен кім өлтіріп?
Шыр айнала шырмайды мың көпірік.
Бір шындықты аршысаң шыға келер

Бір өтірік орнына бір өтірік.
Өтірікпен өрілсе өткен істер
Шым-шытырық болмай ма оң,терістер.
Орып, орып тастайды шындығыңды

Өтірікпен уланып өскен тістер,
Өзегі боп кетпесін замананың
Өтірік кітап, өтірік ескерткіштер!
Шыншыл деген азамат не бір мықты

Өтірікке қол қояр кейде тіпті,
Тарихы да қазақтың өзіндей кең
Кешіре салатұғын пенделікті.
Өр халық өтірікке емес зәру

Өтірік бола алмайды елге дәру,
Өтірікпен дәріпте деген жоқ қой
Бабаң жауға шапқанда алып қару!
Ел үшін пайдалы деп бұның бәрі

Талайлар өтірікті бу қылады,
Шынымен шыңға шыққан шынарларды
Өтірік өрге сүйреп ду қылады,
Бірінен бірін биік қоямыз деп

Тып-тыныш елдің ішін шу қылады,
Онымен не мұратқа жетпек екен,
Өтірік өтірікті тудырады!
Атаң жалған айтпаған күпті күнде,

Өтірік артам дейсің жүкті кімге?
Таудай болып көпірген өтіріктен
Түйір шындық озады түп-түбінде!
Баянғали Әлімжанов

Ырымшылдық Қай халықтың да қалыптасқан салт-дәстүрі, ырым, жоралғылары бар. Ал, енді осы ырым деген не? Қазақ кейде ырымды ырым – жырым дейді. Ырымның арғы тамыры тереңде жатыр. Бұл халықтардың көне замандардағы ескі ұғымдарынан бастау алады. Ол өмір тәжірибесінен жинақталып,, қорытылған дүние. Кейде бір жұмбақ, құпия. Кейбір ырымдардың арғы түбі тарихи оқиғаларға барып тіреледі. Мысалы, ертеректе, студент кезімде Әбубәкір Диваевтың ба, әлде Пантусовтың ба, қазақтардың аузынан жазып алған материалдарынан оқығаным бар. Пантусов болу керек. «Приметы киргизского народа – Қазақ халқының ырымдары» – деген кітап. Сонда: «Тамақты үйдің иесінен бұрын татпа!» – деген ырым бар екен. «Тамақтан бірінші үйдің иесі ауыз тиюі керек. Содан кейін ішіп – жеуіңе болады!» – дейді. Оның арғы жағын тексерсе, бір кездерде оңтүстік жақтағы қазақтар Қоқан хандығының қол астында болған ғой. Қоқандықтар ұнатпаған, өздеріне қарсы келген қазақтың би, батырларын қонаққа шақырып, тамағына у қосып береді екен. Міне, содан сақтанудың нәтижесінде осындай ырым пайда болыпты. «Ас иесімен тәтті» деген сөз бар ғой қазақта. Былай қарағанда, дұпдұрыс! Қонақты қарсы алған үйдің иесі бірге ас ішсін, бірге тамақ ішсін деген жақсы тілек. Ал, оның ар жағында әлгіндей тарих жатыр екен. Сонымен, қоқандықтардың табағы алдарына тартылғанда, қазақтар: «Ас иесімен тәтті, алдымен үйдің иесі татсын!» – деп, қарап отырады екен. Келе-келе ырым болып кеткен. Міне, ел аузынан осындай әңгімені жазып алып, кітапқа бастырған. Жалпы, көне дәуірдің небір ұғымдары, түсініктері ырымдарда сақталып қалған. Бұл ырым, жоралғы, жол-жоба, тағы да неше түрлі салт-дәстүрге қатысты дүниелердің, ритуалдардың бәрін тексерсеңіз, арғы жағында үлкен этнографиялық, тарихи сырлар жатыр. Бұл әрине керек, мұны зерттеп, зерделеп білу керек! Иә, қалыптасқан салт – дәстүр жолымен сақталып келе жатқан бірталай дүниелер бар екенін білеміз. Ал, осының барлығы бірдей өміршең бе?! Біздің қазіргі өмірімізге үйлесе ме?! Біз соның бәрін

өмірімізге серік қылуға тиіспіз бе?! Міне, бұл ойланатын нәрсе! Рас, қазақтың тиым сөздері бар. Қазақтың жақсы ырымдары да бар! Оларды білген жақсы, сақтаған жақсы. Ал әсіре ырымшыл болу қалай болады?! Мұсылман діні ырымдарды жоққа шығарады. Бір Алланың бұйырғаны болады деп жүре береді. Аталарымыз да солай дейтін. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, әр нәрсені ырым қылып, әр нәрседен бір мән іздеп, оның барлығын осы өмірге, мынау ХХІ ғасырға кіргіземін деп жанталасып жатқан кісілерді көргенде, кейде біртүрлі боласың. Көзге ерсі, күлкілі көрінеді. Мен ертеректе ауылда, елдің арасында тұрған кезімде, астан кейін, құран оқылардың алдында: «Ана майды алып кетіңдер дастарханнан!» – дейді, молдасы да, басқасы да. Майдың не жазығы бар?! Жаңа ғана сүйсініп жеп отырған сап-сары май! «Ал, майды әкет, майды әкет! Құран содан соң оқылады!» – дейді. Келін-кепшік әбігер болып, май салынған ыдыстарды ауыз үйге тасып әлек. Содан молдалардан: «Бұл қалай? Мұның сыры неде?» – деп, сұрадым. Бақсам, олар да себебін білмейді. Ақсақалдар да, апалар да хабарсыз. Солай қалыптасып кеткен. Міне, дастархан жайылады, ас ішіледі, шәй ішіп болғаннан соң, енді құран оқиды деген кезде: «Ал, майды әкетіңдер!» – деп, қарбалас басталады. Өй, бұл не сонша? Содан, біреу күмілжіп: «Дастарханның бетін жабу үшін, шетін қайырады ғой. Сонда шетіне май жұғып қалады. Содан шыққан!» – деді. Ал, оның құранға қандай қатысы бар?! Сары май – адал ас. Мұның қандай кінәсі бар? Міне, сары май сөйтіп себебін, мәнісін ешкім білмейтін ырымның құрбаны болып, қуғын-сүргінге ұшырап кеткен! Осындайды да көрдік. Адам түсінбейді. Немесе, табаққа бата беруді бәріңіз де білесіз. Әдетте тамақ ішіп болғаннан кейін, біреу тұрып айтады: «Ал, ас қайырайық, дастарханға бата беріңдер!» – дейді. Біреулер: «Біздің жақта батаны табақты алып кеткен соң береді!» – деп табақты алып кетеді. Екінші біреулер: «Біздің жақта батаны табаққа береді!» – деп, табақты дастарханнан алғызбайды. Бір тойда қызық болған. Даяғашылар табақтарды алып кеткен. Енді бата берейін деп жатқан кезде бір бауырымыз атып тұрып: – Тоқтат! Әкел бері! Табақтарды қайтып әкеліңдер! Дастарханға, ортаға. қойыңдар! – деп, айқай салды.

Не керек, ас үйге алып кеткен табақты қайтадан әкел деп, әлек қылды. Ресторандағы құдалық, төрт-бес үстел, алпыс шақты кісі жиналған. Әлгі батыр бақырып жүріп, ас үйге кетіп қалған табақтың бәрін қайта алғызып, дастарханға қойғызды. -Біз қайда бата береміз? Далаға бата береміз бе? Батаны табаққа беру керек! – деп, жұрт жаңа ғана қайтарған табақты, қалған тамақты ортаға қайта қойғызып, соған бата бергізді. Ал, осында тұрған не бар?! Ақ адал дастархан. Ақ тілекпен келген жұртшылық дастарханға бата береді. Құдайдан жақсы тілек тілейді. Бисмилләһи деп ауыз тиеді, Аллаһу акбар деп бата береді. Табақты әкеттің не, әкетпедің не?! Ол үшін айқай шығарудың қажеті бар ма?! Күлкілі жағдай, былай қарасаң. Бір қарасаң ішің ұнатпайтын, ыңғайсыз да жағдай. Амалсыз күлесің, бірақ, шындығында жылағың келеді. Болмашыға мән беріп, ырым-жырымға жабысып қалған, сол үшін қызылкеңірдек болып жүрген қазағың үшін жаның ауырады. Не қыл дейсің, енді! Мұндайға да үлкен мән береді, үлкен бір кісілік дәреже көреді! Көп алдында керауызданып: «Міне, мен сендерге үлгі көрсетіп, мән үйретіп тұрмын!» – дегендей кердеңдейді. Әлі күнге дейін мұндай қылықтар бар, тіпті, өршіп барады. Есімде, бала күнімізде алдымыздан мысық өтіп кетеді. Кейде тіпті жолымызды қара мысық кеседі. Ауылдың баласымыз ғой: «Ойбай, алдымыздан мысық өтті! Енді жолымыз болмай қалады!» – деп, шошимыз. Сонда бір үлкен кісі: «Жолым саған, иманым маған! – деп айт та, қорықпай жүре бер!» – деді. Бұл бір керемет нәрсе ғой! Иманың өзіңде болса, иншаллах, жолың қашанда ашық қой! Құдайдың бұйрығын жолыңнан мыңдаған мысық өтсе де өзгерте алмайды! Мінеки, сондықтан мұндай ырымдарға мән бермеген жөн болады. Мысалы, ырым бойынша, сейсенбі – жаман күн деп саналады екен. Білгіштер сейсенбі күні ештеңе істеме, үйтпе, бүйтпе деп миды жейді. Ал, сіз, мысалы, басқа күнге билетіңіз болмай, сейсенбіге билет алып, жол жүрейін деп отырсыз. Сонда не, билет алмау керек пе, жолға шықпау керек пе? Әкеміз: «Алланың күні бәрі сәт!» – дейтін. Шынында да солай ғой. Алла тағала осы жеті күнді жаратқанда, бір күнді жаман қылып, бір күнді жақсы қылып, бөлектеп жаратты дейсің бе, мысалы?! Бәрін адамдар ойлап тапқан.

Бұл да жаңағы ырымнан қалған. Жарайды, осындай ырым, осындай жоралғы бар екенін біліп жүрейік. Бірақ, оның бәрін ұстаймын деп, әрнәрсеге жабыса берудің аса қажеті жоқ. Сондықтан, ырымшыл болмаңдар! Бірақ, өмірде ырымшылдық, кейде тіпті әсіре ырымшылдық кең жайылған. Неше түрлі адамдар бар. Кейде үп-үлкен кісілер, алдынан біреу өтіп кетсе: «Әй, жолымды кесіп кеттің! Тоқта, ойбай, кері қайт! Қайтадан өтіп, жолымды аш!» – дейді. Былай бір, олай бір өткізеді. Сондайды да көрдік. Е-е, Алланың бұйырған тағдыры соған қарап тұрған жоқ қой! Сонда не, Алланың жазуы алдыңнан біреу өткенге не өтпегенге байланысты ма?! Немесе біреулер түске сенгіш, көргенін жорығыш, ырымдағыш болады. Түсін жұртқа жариялап, езіп, рахаттанып отырып айтады. Тыңдамасаң ренжиді. Менің анам Бәтима Қожасқызы бізге: «Түсіңді ешкімге айтпа! Түс көруінен емес, жоруынан! Тіпті, айтсаң да, өте жақын, тілектес адамға айт. Ал былайғы адамға айтпа! Өйткені, ол адам надандау болса, ниеті жамандау болса, жаманға жорып жіберуі мүмкін. Сонымен жаман болып кетуі мүмкін!» – деп, сақтандырып отыратын. Шынына келгенде, түсті жұртқа айтудың мүлдем қажеті жоқ. Бір әдемі, жақсы түс көрсең, ішіңнен жақсыға жорып, құдайдан ақ тілек тілеп, өзің қуанып жүре бер! Бір қиын, қорқынышты түс көрсең, «түсінде қорыққан өңінде қуанады!» – деген атамыз қазақтың сөзін еске алып, оны да жақсылыққа жорып, құдайға тапсырып, жеті иманды айтып, сыйынып жүре бер! Иә, түстегі қияли жәйттер емес, Алланың бұйырғаны болады! Болашақты ешкім де болжап білмейді. Түс көріп, оны әрнәрсеге жорып, болашақты болжағыш бола қалып: «мұндай болады, андай болады» – деп соғып отырғанның барлығы аса жақсы емес. Енді рас, әрине, құдай сездіреді дейміз. Бір ерекше сезім болады адамда. Телепатия дейміз, тағы-тағы. Бір ізгі нәрселерден үміттеніп, қуанған жақсы, әрине. Бірақ та, адамды жынданудан сақтайтын, санадағы мазасыздықтан, уайымнан сақтайтын нәрсе – кәміл иман! Бәрін де бір Алла біледі, бәрін де бір Алла береді деп кәміл сенсеңіз, жаныңыз тыныштық табады! Ырым дегеннің өзі, айта берсең қиын да қызық нәрсе. Мысалы, қазақтың бала үйленгенде, қыз бергенде өтетін құдалық салты бар. Қайнап жатқан ырым-жырымның, неше түрлі күлкілі жағдайдың

ордасы осы құдалық!
Кит деген бір керемет бар. Көзіммен көрдім талай. Бірде базарға,
бірдеме алуға әйелім алып барып еді. Бір әйел келді дүкенге
екпіндеп. Сатушы әйелге:

- Әй, кәстөм – шалбар бар ма? – деді.

– Қандай керек сізге? Рәзмері?

-Ой, мейлі, қандай болса да. Маған бес-алты мың теңгенің өте
арзан кәстөм-шалбары жарап жатыр! Маған китке керек. Китке
жараса болды!– деп қарап тұр!
Сатушы әйел алушы табылғанына қуанып, қалағанын қолма-қол

тауып берді.
Әй, сонда ешкім кимейтін, ештемеге жарамайтын заттарды
алып, біздің қазақ бір-біріне кит деп береді. Соны бердім деп бұл
мәз, алдым деп ол мәз! Оны бермесе өкпелейді. Не деген халықпыз

сонда біз?! Өзіңіз қараңыз, ана бір жылдары болды, қазір де бар.
Сасық бір заттар. Иісі бұрқырап тұрады. Шеттен келген, арзан.
Былай жылтырап тұрған бірдемелер. Соны да береді ғой ұялмай.
Олар алады қиналмай! Алмаса өкпелейді, ал дейді, лақтырып

кете алмайды. Ұят қой бұл, айналайындар-ау! Адамды сыйлайды
екенсің, шын көңіліңмен, жан дүниеңмен сыйла! Бір ұрты май,
бір ұрты қан болғаннан сақтасын! Таза ниетіңмен риясыз сыйла!
Адамның қадірін біл! Нағыз сыйластық, нағыз достық осы! Одан

артық ештеңе керегі жоқ! Адамның бәрі адам.
Жоқ, қазекең ол жерге зат араластырады. Жаңағы ырым-жырым
килігеді де бәрі бүлінеді. Бірінің-біріне берген китіне көңілі
толмайды. «Мен анадай беріп едім, ол мынадай берді!» – деп,

сөз қылады. Одан қаңқу туады да, сыйлас көңілге шаншу болып
қадалады. Ырым-жырымның аяғы ырың-жырыңға айналып кете
береді.
Байқап қарасаңыз, ештеңеге жарамайтын, үлбіреп тұрған,

қаудырлап тұрған, киюге де, бір жерге пайдалануға да
жарамайтын арзан заттар айналымда жүреді, сандықта сасып
жатады. Соны ырым-жырым деп таратады. Бұл не?! Біз қандай
халықпыз, сонда?! Бұл өте бір келеңсіз, адам арасын бүлдіретін

дүние. Міне, қазір кез келген адамның басында бар. Құдалық,
тойда: «Не береміз?» – деп есі шығады. Қазір байлар алтын,
күміс, гәуһар – бриллиантқа көшті. Ал, жағдайы келмегендер

қайтеді?! Баяғыдан қалған сөз бар: «Бай мен бай құда болса –
арасында арба жүреді, кедей мен кедей құда болса – арасында
дорба жүреді» – дейді. Арбаңа да, дорбаңа да рахмет! Өзіңнің
таза көңіліңмен, шын ниетіңмен құда болып, балалар бақытты,

берекелі отбасы болса, содан артық ештеңе жоқ қой! Осыны
елдің бәрі айтады. Сөйтеді де: «Енді қазақпыз ғой. Атадан қалған
жолымыз ғой!» – деп, тағы бастайды.
Атадан қалған қай жол? Атаңның жолын дұрыстап қара! Атаң

берсе, қырық жетісін матап берген. Қырық жеті мал берген! Атаң
берсе, кәдімгі алтын, күмісін берген. Жолға жарайтын, пайдалануға
жарайтын сапалы затын сыйлаған. Сыйлайды екенсің, дұрыстап
сыйла! Жоқ, түкке татымайтын, өңшең жылтыраған, қаудырлаған,

аннан келген, мыннан келген, айналымда жүрген бірдемелерді
құрап-сұрап, ұялмастан береді. Осының қажеті не?! Түкке керегі
жоқ қой! Өмірде талай жағдайларды көрдік, сол кит үшін арасы
бұзылып, бет көріспей кеткендерді де көрдік. Жоқ, басқа жағы

түгелденгендей, сондайға жабысып алып, соны бір кісілік дәреже
көріп, айырылмайды.
Немесе: «Олар бізге мынандай берді ғой, біз олардан қайткенде
де асырайық, артығымен берейік!» – деп, тыраштанып, құдаларды

таң қалдырамыз, есінен тандырамыз деп жыртылып айырылады,
барын шашады, қарызданады. Мұнда қандай мағына бар? Тағы да:
«Маған мынандай берді, анаған анандай берді. Неге бұлай?» – деп
әйелдер жағы бықсып жатады.

Ертеректе,
кеңес
заманында,
қайтыс

болған
адамды
жөнелткенде, зират басында садақаға кілем, палас беретін де «жөн-
жоба» болды. Бір молдаға кілем жетпей, палас берді. Ол өкпелеп,

сол жерде лақтырып кеткен. Сондай оқиғалар талай болған. Сонда
біз қандаймыз?! Болмашыға бола бет жыртысып, болмашыға бола
өкпелесіп, айрылысып, араздасып кете берсек не болғанымыз?
Сонда адамның қадірі бір жылтырақ, түкке жарамайтын нәрсе

болғаны ма? Сізден гөрі бір жылтырақты артық алып кетті екен
деп, оған ішіңіз күйіп, қызғанып, кек сақтап, суысып кететіндей
не болды? Кісіге деген құрметіңіз, сыйыңыз, ықыласыңыз қайда?
Болмашы бір жылтырақ нәрсеге байланғаны ма? «Ойбай, ол

ырым, жоралығы ғой, жөні ғой! Қадір, құрмет, орыны ғой!» – деп
соғады. Бір жылтыраққа байланған қандай қадір, не қылған орын?

«Дос көңілі бір атым насыбайдан қалады!» – деген ескінің сөзіне
жабысып, мән үйрететіндер де бар. Бір атым насыбайға бола көңілі
қалып, достығын сатып жіберетін, айырбастап жіберетін ол қандай
адам? Ондай достың керегі бар ма? «Ойбай, өкпелеп қалады!

Ойбай, сол өкпелеп қалмасыншы, соның жолын жасайықшы!» –
деп жанталасады. Ешкім кимейтін, арзан бірдеңеден тіге салған,
оюы да, өзі де қисық, иісі сасып тұратын бір шапандар бар.
Соны әкеліп, әлгі өкпелегіш достарына «құрмет» деп жабады.

Бұл сонымен алдаған болады, ана достары алданған болады! Ей,
айналайын-ау, одан да маған шын көңіліңмен, ықыласыңмен дос
болшы! Шын көңіліңмен тілектес болшы! Содан артық қандай
сыйластық болады?!

«На самом деле, жизнь проста, но мы настойчиво её усложняем.

– Шындығында өмір – қарапайым, бірақ біз оны үнемі қиындатып

отырамыз». – деген Конфуцийдің сөзі рас-ау!
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, әйтеуір қазақтың
дәстүр, салты, жөн-жоралғысы екен деп ырым-жырымға жабыса
беретін дәнеме жоқ. Ол көшпенділер өмірінің, көне заманның

ырымдары болса, көпшілігі сол заманмен кеткен. Оның жақсысын,
ұлттық қасиетімізді танытатын, адамгершілік биік деңгейдегі салт-
дәстүрлерді ұстауымыз керек қой.
Атам қазақтың: «Орамал тон болмайды, жол болады!», «Қаз

тойғанына емес, қиғанына семіреді!» – деген сөзінің мәнін дұрыс
түсініп алыңдар! Бұл көңіл ризашылығына қатысты айтылған аталы
сөздер! Ал мұның бәрін бүгінде бірдеме беру, бірдеме алу дегенге
тіреп қойған. Ол дұрыс болмайды, қарақтарым! Адамдармен

таза қарым-қатынаста болып, өзіңіздің де, өзгенің де жүйкесіне
артық жүк артпаймын, жаныңызды жеп жанталаспаймын десеңіз,
ырым-жырымнан, ырың-жырыңнан аулақ, биік, таза жүріңіз! Дос
болсаң, сыйлас болсаң, сен одан ештеңе дәметпей, ол сенен ештеңе

дәметпей, кәдімгі таза көңіл, ықыласпен, риясыз риза болып жүрген
керемет қой!
Сондықтан, жастарға айтарым: «Айналайындар, салт-дәстүр
солай болған екен деп, ескінің ештеңеге жарамайтын ырым

-жырымдарына жабысып қалмаңдар! Өрелі азамат болыңдар!
Алысқа қарап, алға басыңдар!»

Мода мен адамшылық Кейбір кісілердің есіл-дерті модаға ауған. Соған еліктеп, соңына түсіп, жанталасып жатқаны. Бұл не ғажап? Мода деген не өзі? Модаға еліктеудің, модаға ілесудің жөні осы екен деп, жөнжобаны ұмытуға бола ма? Осы жағын ойланып көрейікші! Неше түрлі модалар шығып, өзгеріп жатады, мұның түптүбінде саудагерлік жатыр! Белгілі бір фирма шығаратын заттарын, киімдерін алушыға көбірек сату үшін, өзгертіп, құбылтып отырады. Соны жарнамалап, насихаттайды. Соған еліктеп, тіпті бір елден шыққан модаға жарты әлем дүрлігіп, жыртылып-айырылып, соңына түседі. Оған шамасы келе ме, жоқ па, қарамайды. Тапқан табысы, еңбек ақысы жете ме, жоқ па, оны да есептеп жатпайды. Барын сатып, барын салып, қалай болғанда да әлгіні алып киюге тырысады. Баяғыда шешеміз: «Барын киіп, байлауын салып» деп, ескінің бір сөзін айтып отыратын. Ал енді осы қаншалықты жақсы? Рас, ер адамдар да, әсіресе әйелдер қазіргі заманша сәнді киінгісі келеді, мұның ешқандай айыбы жоқ. Пайғамбарымыздың мұсылманға: «Жақсы ат мініңіз, жақсы күймеге мініңіз, жақсы киім киіңіз, хош иісті сеуіп жүріңіз» деген хадисі де бар. Мұсылман діні адамды сәнді, салтанатты болуға үндейді. Бірақ, тағы да шектен шықпайды. Ал бүгінгі модашылдар қандай? Өзінің шама-шарқына қарамай шашылып-төгіліп, бар ақшасын салып, бір киімге қолы жетсе, өмірлік мұратына жеткендей болады. Бала-шағаның аузынан жырып алып, ер-азаматының маңдай терімен тапқанын желге шашып жібердім-ау дегенді ойламайды. Ал енді сол үлбіреген, қаудырлаған, жартылай жалаңаш, жырымжырым шетелдің киімін алдыңыз. Немесе хош иісті әтіріне зорға қолыңыз жетті делік. Сол мұрат па? Жарайды, әйел заты болған соң, сәнденіңіз, бірақ бәрі де дәмімен болуы керек қой. Мода – адамдардың миын айналдырудың бір әдісайласы, халықтық дәстүрінен ажыратудың, ата жолынан адастырудың амалы! Мен бірде шалбары жырым-жырым, еті жылтырап тұрған қызды көріп: «Шалбарыңыз жыртылып қалыпты, байқаңыз,» – деп едім,

күлді: «Бұл – мода!» – дейді. Үсті-басын жыртып-жыртып, денесін жылтыратып қойған қандай мода? Қандай жөнге сыяды? Сонда, моданы жасайтын кім? Бізге неге біреу жасап беруі керек? Өз киімімізді өзіміз таңдамаймыз ба?! Біздің де өз модамыз болуы керек қой! Жоқ, «шетелде сөйтіп жатыр, әнеки, солардікі керемет!» – деп, отқа түскен көзсіз көбелектей «соңғы модаға» үймелеп жатқан жастарды көргенде, жаның ауырады! Бір қызығы, олардың модасы бізге кешеуілдеп, ескіре бастағанда келеді ғой. Біздің қаракөздеріміз соған да мәз. Апырмай, қарап отырып, намыстанасың! Жарықтарым, қыздарым, айналайын, ойлаңдаршы! Сендер әдемісіңдер! Сендердің сұлулықтарың табиғи, ғажап, аңызға айналған! Ақындар жырына, сал-серілер әнге қосқан! Әлі де жырлаймыз! Бірақ, жартылай жалаңаштанып алған кезде, кешіріңіздер, сіздерге біз сұлу қарындастарымыз, сұлу қыздарымыз, сұлу әйелдер деп сүйсініп қараудан гөрі, біртүрлі тіксініп, ренішпен қараймыз! Ол қымтанып, жабылып ал деген сөз емес қой. Бірақ, иықтан бастап жалаңаштайтындай сонша не әкетіп бара жатыр? Айтсаң, «ойбай, ыстық!» дейді. Ыстық, суыққа қарамай, бұрынғы апаларымыз кеңқолтық көйлекпен жарасып-ақ жүрді емес пе? Бұл мода дегеннің әбден сорлатқаны сондай, қазіргі заман осындай деп, әйел заты, біздің қазақтың қаракөздері, ұялмайқызармай ерлердің алдында, көпшіліктің ортасында аузына келгенін айтатын болыпты. Әп-әдемі әйелдер әдепсіз әңгімені, эротиканы беттері бүлк етпей, айыздары қанып езіп отырғанда, безіп кетесің. Міне, қазір еркіндіктің заманы деп, әйел заты шектен шығуға айналды. Бұл қандай мода болады? Сондықтан, өзіміздің модамызды, өзіміздің жөн-жобамызды сақтағанымыз жақсы ғой, жандарым! Алдамшы модадан да айнымайтын адамшылық артық қой! Қуамын деп құбылмалы моданы, Құрбан қылма құбыла мен молданы! Баянғали Әлімжанов. Полиция, әскер, дәрігер, мұғалім туралы Жасыратыны жоқ, осы күні қоғамда полицияға да, әскерге де

көзқарас онша дұрыс емес. Форма киген адамды биліктің өкілі, биліктің қорғаны ретінде ғана қарау бар. Бұларды бейне бір халыққа қарсы күштер секілді көреді. Әуелі, халық деген ұғымның өзіне келейік. Халық – қасиетті ұғым. Бірақ, нақты алғанда, кім халық? Барлық қазақ – халық, бәріміз де сол халықтың баласымыз, сол халықтың өкіліміз. Ал онда біз неге бөлініп аламыз? Бір топ адам көшеге, митингіге шығып, айғайласа, халық бола ма? Ол халық емес, бар болғаны топ, тобыр. Сонда қалай болды? Бәріміздің арқа сүйейтінімізхалық! Бірақ, осы күні көп алдына шығып, күпілдеп жатқандарды тыңдасаң, бәрі де: «Халық айтып жатыр! Халық бізді қолдап жатыр! Халықтың тілегі, халықтың көзқарасы осы!» – деп, бір абстрактылы образ – бейнеге арқа сүйеп, қызыл сөзді оңды-солды сапырады. Сонда кім, қайда сол халық деген? Тіпті, мектептегі мұғалімге де наразы болып, шу шығарған ата-аналар халық болып шыға келеді. Сонда мұғалімдер халық емес пе? Халықтың қарсыласы ма? Сол сияқты полиция кім? Олар да сол халықтың баласы емес пе?! Олар да заң бойынша қызметке тұрды, мемлекетке қызмет етіп жатыр! Жалпы, тұтас елді осы халық және халық емес деп екіге бөлетін көзқарастың өзі дұрыс па? Бұл бір. Екіншіден, рас, полицияның қызметінде кемшілік аз емес. Олардың ішінде ноқайлары да, ұрдажықтары да, өзінің жұмысын дұрыс білмейтін, адамдармен сөйлесе алмайтындары да, қит етсе, адамды ұстап алып, ұрып-соғып қамайтындары да бар шығар. Бірақ, негізінен елдегі тәртіпті, заңдылықты сақтап отырған сол полиция ғой. Қызық парадокс – адамдардың қит етсе жамандайтыны да, даттайтыны да – полиция! Ал бірақ басына бір іс түісіп, қиналса, көмек сұрап жүгіретіні де сол полиция! Өздерін жұртшылық күнде даттап, жамандап жатқанын полиция қызметкерлері естімей, білмей жатқан жоқ. Содан кейін олар ондай жұртты қайтіп жанын салып қорғайды? Өзіңіз ойлаңызшы. Бір бұзықтар көшеде тиіссе де, үйіңе біреу шабуыл жасаса да шақыратының полиция! Сөйте тұра оларды әлеуметтік желілерде, топ алдында жамандайсыз, тура бір «халық жауындай» көресіз. Сонда бұл қалай? Әскер туралы да көзқарас оңып тұрған жоқ. Жастар әскерге бармауға тырысады, неше түрлі айла-шарғымен әскери борышын өтеуден қашады. Бұрын: «Әскер қатарында болу – Отан алдындағы

борышың!» – деп, әспеттейтін еді. Бұрынғы замандарда, мысалы,
әскери форма киген адамдарды сыйлаған ғой. Әскер болу деген,
әскерде қызмет ету деген міндетті болған және де үлкен мәртебе
саналған. Орыстың дворяндары погон тағып, форма киіп жарқырап

жүрген, оларға қыздар ғашық болып, соларға тұрмысқа шығуға
тырысқан. Қазақтың қоғамында да солай болған. Атқа мінген азамат
батыр болу керек деген. Жау-жарағын асынып, атқа мініп топтың
алдында жүрген жігіттерді ер деп бағалаған, сыйлаған. Міне, соның

барлығы қайда кетті қазір?
Осы көзқарастың өзі дұрыс па? Керемет оңай, айлалы, қитұрқы
позиция ғой: «Мен халықпын! Мен халықпен біргемін!» – деп, кеуде
соғып, өзгелерге қыр көрсетіп, тепсініп қояды кейбір кереметтер.

Сонда қалай? Сіз халықсыз да, басқалар халық емес пе? Бәріміз де
қазақ халқымыз ғой. Осыны бір анықтап алғанымыз жөн сияқты.
Біз халық болсақ, ел болсақ, мемлекет болып бірігіп ел боламыз,
халық боламыз. Мемлекет болып, тұтасып тұрмасақ, шашылып

қаламыз. Мемлекеті жоқ халықтарды көрдім. Олар бізге қызығады.
«Тәуелсіздіктеріңнен, мемлекеттеріңнен айырылмаңдар!» – дейді.
Ал мемлекет тұтас тұрса, оның барлық салада жүрген адамдарының
өз орны, атқарып жүрген міндеті бар ғой! Рас, оның жақсы,

жаманы болмай тұрмайды. Дүниежүзінің, өз еліміздің арғы – бергі
тарихын алыңыз – барлық билеушілердің де артық – кемі, дұрысы-
бұрысы, қателігі, жақсылығы мен жамандығы болған. Бірақ, солар
ұстап тұрған мемлекетті! Біз бір идеал, керемет таза адамдарды

тауып ала қойғымыз келеді. Алдымен, өзің идеалсың ба, керемет
тазасың ба? Соны ойланып алсаңшы! Демек, біз мемлекеттің
айналасында бірігетін болсақ, оның қызметкерлерін, әскерлерін,
тәртіп сақшыларын, мұғалімін, дәрігерін, диханын, малшысын,

құрылысшысын, шопырын, былайша айтқанда, түрлі салада жұмыс
істеп жүрген жандардың барлығын да сыйлауымыз керек қой!
Мән беріп қарасаңыз, бұл шынында да ойланатын мәселе.
Өмірде қаншама полицей азаматтар қылмыскерлермен күресте

жараланып, тіпті қаза болып жатыр. Оның артында ата-анасы,
балалары, бауырлары қалды зар еңіреп. Соның бәрін ұмытып
кететініміз қалай?
Тіпті осы полиция, әскеріміздің беделін сонша түсіріп, халыққа

жексұрын қылып көрсетудің арғы жағында бір жат пиғылдар,

арандатушы күштер тұрған жоқ па? Бәлкім, біздің еліміздің тыныштығын бұзып, бүлдіріп, іріткі салып, қиратуды ойлап жүрген күштердің жымысқы, астыртын әрекеті шығар? Қазір қазақ қоғамы алауыз болып бара жатыр. Топ-топқа, бай мен кедейге, халық пен билікке бөлініп алды. Бір сұмдығы, билікте жүргенде ұрлық жасап, жемқорлығы үшін сотталған кешегі қылмыскер бостандыққа шыққан соң халық өкілі бола қалып, халықтың атынан сөйлейді. Тіпті, осы күні қылмыспен күресетін полиция, соттан гөрі, қылмыс жасап, түрмеден шыққан адамдар қадірлі сияқты. Әр жерде солар екпіндеп, елдің бәрін айыптап сөйлейді, әлеуметтік желілерді ашсаң, соларды қолдап, қорғап жатқан біреулерді көресің. Ал осының бәрінің астарында бір қитұрқы, айлалы әрекеттер, арам пиғылдар жатқан сияқты. Бәлкім, ел ішіне ірткі салып, араздастырып, бір-біріне жексұрын қылып қойса, ертен бүлік шығарып, алауыз елді жаулап алу, басып алу опоңай болады ғой! Сондықтан бізге ауызбіршілік, ынтымақ, бірлікті мықтап, шындап ойлау керек! Дәрігерлер туралы ойды да ортаға салып, саралап көрейікші. Діни таным бойынша, дертті адамға құдай береді, оны емдеуге дәрігерді жібереді. Бірақ, емнің бәрі бірдей қона бермейді. Бұрынғы заманда да атақты тәуіптер, бақсыбалгерлер өткен, олардың да барлық емі қонбаған. Егер барлық емі қона берсе, дәрігерлер өлімнің дауасын табатын болса, онда адам баласы ешқашанда өлмес еді ғой. Жоқ, қазір адамдар бәрін дәрігерден көреді. Рас, дәрігердің қателіктері де бар. Кезінде көрдік шет-жағасын, жақын адамдарымыздан да айырылдық. Бірақ, соған қарап барлық дәрігердің еңбегін сызып тастауға бола ма? Дәрігерлерді жамандап, жоққа шығаруға бола ма? Кешегі пандемия кезінде көрдік қой, кеудесін оққа төсеп, қаншама дәрігер шейіт болып кетті. Адам қызық қой, дәрігерлерді даттап, жамандап алады да, екпіндеп барады. «Ал, енді мені емде!» – деп міндетсиді. Одан кейін дәрігердің ықыласы қалай түседі? Қазақта «қолының ақтығы» деген сөз бар. Қолының ақтығы деп, емшінің, жалпы, сіз үшін қуат – энергия жұмсаған адамның еңбек ақысын айтқан. Егер адам бір емшіге барып, емделіп шыққан соң қолының ақтығын, яғни еңбек ақысын бермей кетсе, келесі жолы оған емшінің ықыласы түспейді екен. Тіпті, емдейін деп қанша тырысса да, ол кісіні екінші рет емдей алмайды екен! Өйткені, ішіндегі рух ренжіп,

ықыласы сөніп қалды ғой! Мінекей, халқымыздың даналығы! Сол сияқты дәрігер де сізді емдейді, оған сіз ақысын беруіңіз керек. Жарайды, бізде тегін медицина дейміз, мемлекет жалақысын төлейді. Ал сіз шын жүректен, ақ ниетпен алғысыңызды айтуыңыз керек қой! Жоқ, әуелі дәрігермен ұрсысып алады, дәрігерге «дұрыс істеп тұрған жоқсың, сен былай істе!» – деп, мән үйретеді. Содан кейін «мені жақсылап емде!» – дейді. Ол қалай емдейді? Оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Олар Гиппократқа ант берген. Ең бірінші принципі «не навреди –бүлдірме!» Яғни, емдеуден бұрын, адамға зиян келтірме деген принцип бірінші тұрады. Дәрігер науқасқа жамандық жасамас, қастық қылмас, бірақ ол да адамның баласы. Сіз оның жүйкесіне ойнасаңыз, ол сізді емдей алмайды! Ішкі дүниесі жібермейді. Пандемия кезінде қиналған елді көрдік. Коронавирус қаптап, қысып жіберді. Бейшара дәрігерлер қайтсін? Ауруханада орын жоқ, науқастар палатада, коридорда жатыр. Мына жақтан көпшілік айғайлап тұр: «Жатқыз, тап орынды!» – дейді. «Қайдан табамын?» дейді дәрігер. Сонда, топтанып айғайлап тұрған кісілер халық болады да, дәрігерлер халық болмай ма? Кімнің өкілі олар? Міне, бір үлкен қателік осында. Қит етсе, бірдемеге есесі кетсе, кез келген кісі халықтың атынан сөйлейді. Қазір көшеге шығып, айғайлап, үй сұрап жатқандар, анау -мынау сұрап жатқандардың барлығы халықтың атынан сөйлейді. Бәріне біреу міндетті сияқты. Сол секілді, дәрігерге де келіп күш көрсетеді. Сол кезде көрдік, дәрігерлер шырылдап жатыр: өздері мына дүниежүзіне келген беймәлім індетпен қалай күресерін әлі жөндеп білмей қиналуда! «Жоқ, тап емін!» – деп тепсінеді көпшілік. Қалай табады? Бүкіл әлем медицинасы таба алмай отыр! Міне, осындай халді де көрдік. Осы күні топталып, мектепке баса-көктеп келіп, мұғалімдердің екі аяғын бір етікке тығып жатқандарды да көріп жүрміз. Әлеуметтік желілерде, телеарналарда тағы да «халық» болып, топтанып алып, балалары нашар оқыса да, тәртіп бұзса да мұғалімдерден көріп, жерден алып, жерге салып жатқан белсенділер екпіндеп сөйлеп жатады. Мұғалім қайтсін, елдің болашағы – балаларды оқытып жатыр. Жүйкесі не деген мықты деймін! Айтқан тіліңді ала қоймаса, кейде ақылыңды түсінбесе, өз балаларыңа, немерелеріңе шат-шәлекей болып, бақырып, шақырып жататының өтірік пе? Ал

мұғалім жұрттың баласын оқытып отыр! Бір емес, жиырма-отыз бала! Бәрі бір-бір үйдің еркесі, бәрінде мінез бар, сонда қайтеді ол? Тіпті, мұғалім ұрысқан бала үйіндегі ағаларын алып келіп, мұғалімді мектепте ұрып кеткенін де естідік! Бұл не деген сұмдық! Және бір жөнсіз жәйтбалалар бірдеме бүлдіріп қойса немесе келеңсіз оқиғаға ұшырап қалса, соның бәрін мұғалімнен көріп, бар пәлені мұғалімге жауып, бар кінәні мұғалімге тағатын болды бүгінде. Балаларға барлық жерде, күні-түні мұғалім жауапты сияқты. Жоқ, мұғалім мектепте, оқушысы көз алдында тұрғанда ғана жауапты. Ал қалған уақытта, жалпы өмірде өз баласына ата-ана өзі жауапты екенін ұмытпаңыздар, жақсылап ойлаңыздар. Сондықтан жастарға айтарым: кез-келген оқиғаны сабырмен түсінуге тырысыңдар! Бәріміз де халықпыз, жік салудың, бөлінудің, пәле іздеудің қажеті жоқ. Адамды кінәламас бұрын, соның орнына өзіңді қойып көр дейді екен бұрынғылар. Сол сияқты өзіңізді полицияның, дәрігердің, мұғалімнің орнына қойып көріңіз. Барлығын, кінәлау, даттау оңай, қиратып тастау да оңай! Барды сақтау қиын, жаңадан бірнәрсе жасау қиын!

Оныншы бөлім Бедел Бедел – авторитет туралы әлемнің даналары талай сөздер айтқан. «Беделге тек педанттар ғана табынады!» – деген бір данышпан. Шынында да солай кейде. «Ханның айтқанын қара да айтады, бірақ аузынын дуасы жоқ!» деген сөз соны аңғартпай ма? «Дуалы ауыз айтты, бәленше деген беделді кісі айтты,» – деп, сөздің мәніне емес, айтқан кісінің беделіне қарай бағалап, солай қабылдау кең таралған қоғамдық құбылыс. Бірақ, бұл дұрыс па? Мысалы қытайлар кім айтты деп қарамайды екен, не айтты деп қарайды екен. Абай атамыз: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал!» – деп, айтып кеткен ғой. Бірақ, қазір көп жағдайда қандай бір шындық сөзді шырылдап қатардағы адам айтса, ешкім құлаққа да қыстырмайды. Ал қандай да бір қисынсыз, тіпті, азған-тозған, лаққан сөзді қолында билігі бар бастық немесе қолында қаржысы бар бай айтса, бітті, сол заң! «Пәленшекең айтты ғой, бітті, сол кісінің сөзі – сөз!» – деп, соны шындық деп қабылдап, таратып жіберетіні және рас. Бұл өте қате, тіпті, елге зиянды жәйт. Сөздің мағынасына, мәніне қарау керек қой. Әңгіме сөзді кімнің айтқанында, қандай елдің адамы айтқанында емес, не айтылғанында болуы тиіс. Орыстың да: «Устами ребенка глаголет истина! – Баланың аузымен ақиқат айтылады!» – деген мәтел сөзі бар ғой. Балалар шындықшыл болады, шырылдап шындықты айтады, бірақ, «баланың сөзін қойшы!» – деп, үлкендер құлаққа қыстырмайды дегенді меңзеп тұр ғой. Алайда, өтірік айтқан үлкен кісіден де шындықты айтқан баланың беделі артық болу керек қой! Шындық айтып тұрған баланың сөзі сөз ғой! Міне, бұл да бір ойланатын Ең әсерлі сөз – шын жүректен шыққан адал сөз.

жәйт. Мен ел ішінде тұрдым, сонда не бір қызық әңгімелерді естідім. Сонда, баяғыда бір бастықтардың айтып кеткен небір қисынсыз, тіпті, боқтық, бәдік сөздеріне дейін мысал қылып отырған кісілерді де көрдік. «Басекең былай деген», «Әне жерде олай деген» деп, цитата қылып келтіріп, соны бір мәртебе, дәреже көріп жүрсе, амалың қане?! Ал бірақ, қалай болғанда да, біз сөздің мән-мағынасына көңіл бөлуіміз керек шығар. Адамның беделі, сөзі дегенде көп нәрсе бар. Мәселен, әлде бір мекеменің басшысы біреуді жақсы көрсе, әлгі мекеме қызметкерлерінің бәрі соны жақсы көреді. Қызық құбылыс! Ал енді әлгі басшы бірдемені ұнатпаса, бәрі де соны жақсы көрмей қалады. Мұны өмір тәжірибесінде көріп жүрміз. Үлкен бастық бір адамды яки бір оқиғаны, яки бір киноны, кітапты мақтаса, әлгі мекеменің бәрі соны мақтайды. Ал енді: «Бұл түкке тұрмайды, жаман!» – деп қолын бір сілтесе, әлгілер түгелімен теріс қарайды. Бұл барлық елге, барлық заманға тән құбылыс болуы керек. Сана, сезімі жетілген адам ғана осының бәрінен өзін жоғалтпай өтеді, өз ой-өрісімен бағалап, өз пікірінде қалады. Кемелге бедел жүрмейді! Бастық Бастық – бас, басқару дегеннен шыққан сөз. Және көлікке артылған шөпті күшпен басып тұратын бөрене – бастырық деген сөзбен де үндес. Бастық болсаң, бастырық болма! Басқарсаң, басыңмен басқар! Бастық болуға, басқаруға адамның көпшілігі құмар. Соған ұмтылады. Қазіргі заманда да лидер бол, көшбасшы бол деп жатыр ғой. Әрине, көшбасшы болу, көпшілікті басқару, алға бастау жақсы. Бірақ, қалай басқару керек? Бұл ойланатын мәселе! Қандай адам көшбасшы болу керек? Сен көшбасшы болғың келеді, ал қалған жұрт көшбасшы болғысы келмей ме?! Немене, олар тізіліп тұра қалып: «Біз бір көшпіз, сен келе ғой да, бізді бастай ғой!» – дей ме? Ал, енді бәрі шетінен лидер, көшбасшы боламыз десе, онда кім көш болады? Қалған ел не болады? Міне, бұл – бір қиын сұрақ!

Данышпан ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің пікірінше, жаратылысында ел билеуге бейімділігі, дарыны, ерік, жігері, қабілеті бар адам ғана басшы болады. Дананың ойынша, басшы – дені сау, ақыл-есі бүтін, сөз ұғатын, жады мықты, алғыр да аңғарымпаз, сөзі өткір, тілге шешен, өнер-білімге құштар, білімпаз болуы керек. Ол тамақсаулықтан, артық ішіп-жеуден, орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ жүретін, шыншыл, рухы биік, ар-намысты биік ұстайтын, игі істерге ынтызар жан болуға тиіс. Байлыққа құмарлықтан, ашкөздіктен, пасықтықтан, жаман қылықтардан бойын аулақ ұстайтын, әділетсүйгіш, ел-жұртқа қайырымды, мейірімді, бір сөзді, шешімшіл, бірақ қыңыр емес, батыл да ержүрек жандар нағыз қадірлі басшы болады. Әл-Фарабидің ел басқаратын азаматтарға осыдан он бір ғасыр бұрын қойған биік талабы қазіргі заманда да тура келіп тұр ғой! Ал енді басшы мен қосшының, көштің қарым – қатынасы қандай болмақ? Бұл өте күрделі сұрақ. Бүкіл адамзаттың тарихындағы өзекті мәселенің бірі. Басшылық деген – билік деген сөз. Билік пен халықтың қарым – қатынасы қандай болмақ?! «Билікхалықтық болып, халықтың атынан, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек!» Демократиялық биліктің негізі осы! Сонда ол жөнге қойылады. Бірақ, талай ғасырлар бойы тарихта үлкен – үлкен шайқастар өткен. Билік пен халықтың арасында күрестер, тартыстар болған. Тіпті, революциялар, төңкерістер, қан төгістер болған. Сөйтіп халық билікті, мысалы, бір замандардағы тирандық, монархиялық, хандық, патшалық билікті құлатқан. Жеке адамның басқаруына, үстемдігіне қарсылық қатты болған. Содан барып демократиялық институттар, демократиялық жол пайда болған. Бұл бір тарих. Ал, енді осы заманға келейік. Сонымен, сіз көшбасшы – лидер болмақсыз. Сізді қандай қиындықтар күтіп тұр? Бұған сіз дайынсыз ба?Бастық болуға жұмыстың бабын білу, істің білікті маманы болу аздық етеді. Көптің тілін таба білуіңіз керек! Көпшілікті басқару өте қиын, көпшілікке жағу тіпті мүмкін емес нәрсе. Біреуге жақса, біреуге жақпайды. Талай мықты, білімді, батыл азаматтар көпшіліктің тілін таба алмай, адамдармен қарым – қатынасы жөнге қойылмағандықтан да опық жеген. Жардан жығылған, маңдайын тасқа соққан! Бұл жерде көп мәселе бар.

Мысалы, совет заманындағы биліктің тірлігін көрдік. Талай мықты азаматтардың халықпен қалай жұмыс істейтінін көргенде, ойланатын жағдай көп еді. Ол заманда административно – командная система – әкімшілдік-бұйрықшыл жүйе болды. Бұл нені білдіреді? Онда былай: бастық айтады, бітті, орындалу керек. Істелмесе айқай – шу. Осы айқай – шу адамгершілікке жатпайтын нәрсе. Демек, басшылықтың негізінде адамгершілік болу керек. Яғни, халық үшін, адам үшін жұмыс істейтін билік болса, адамгершілік сипаты мол болуы керек. Иман жүзді, адамгершілігі мол басшыларды қай кезде де халық өте жақсы көрген. Тіпті, ол кісінің кемшілігіне де кешіріммен қараған. Мұны неге айтып отырмын?! Адам атқа қонғаннан кейін, аттың үстінің желігі болады. Қызмет креслосының көңілді көкке көтеретін, күпілдететін, көкіректі кергізетін бір сиқыры бар. ««Ал, енді не істесем де өз еркім! «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», билік қолымда, көпшілік қалай бұрсам, солай жүреді!» – деп ойлайды. Әсіресе жас адамдар бастық болған кезде осындай қателіктерге ұрынады. Жұмысты талап ету бар, тәртіпті талап ету бар. Оны қалай талап етеді? Бізде әдетте айқай – шу жүреді! Біреу бірдеңені дұрыс орындамаса, шатынай қарап айқайлау, жерден алып, жерге салу, бетін тілу, жер – жебіріне жету – биліктің қалыптасқан жаман әдеті. Ал сіз лидер, басшы болсаңыз, өзіңізді анау адамның орнына қойып көріңіз. Ол неге орындай алмады екен? Бұл, бір. Екіншіден, адамды балағаттап, ішкі меніне – эгосына тию, жанын жаралау – бұл ешқашан кешірілмейді! Соны ұғыңдар! Ол сізге бітіспес жау болады! Одан кейін сіз оған ат басындай алтын берсеңіз де, жұмысты қалай керемет жүргізсеңіз де, оның ішіндегі жарасы, өшпенділігі кетпейді! Ал, енді сіз өзіңіз басқарып жүрген көшіңізге, ұжымыңызға түгел айқайлап шықсаңыз, сізден асқан жексұрын адам болмайды! Сіз олардан қарғыс алатыныңыз айдан анық! Сіз содан қорқыңыз! Осы күнгі жастарды ғана емес, совет заманында да талай басшыны көрдік. Қандай мықты азаматтар, бірақ бір үлкен қателіктері осы болды. Оны артынан жуып – шайғанмен де, бәрібір естен кетпей қалады. Ел аңыз қылады. Ойпырмай, адамның нәзік жерін тауып алып, неше түрлі ащы сөздерді қадап-қадап, көпшіліктің көзінше қаралап, жаралап, қорлап сөйлейтін бастықтар да аз болмаған.

Қарауындағы кісілерге қол көтеруге дейін барғандары да бар деседі. Бір мұғалімдер аңыз қылады. Ауыл мектебіне облыстық оқу бөлімінің басшысы келіпті. Мұғалімдерді, оқушыларды линейка – сапқа тізіп қойып, сөйлепті. Бір мұғалім әйел, прическа дейсіздер ғой, шашын сәндеп жасап келген екен. Бір тал шашы былай шығып кетіп, шошайып тұрыпты. Ондай-ондай болады ғой енді. Анау бастық, ер адам, сөйлеп тұрып, соны көріп қалып, бас салып екі саусағымен әлгі «шошақай» шаштан іліп алып, ана мұғалімді ортаға сүйреп шығарыпты. «Мынаған қараңдар! Шашын дұрыстап тарай алмайды. Мынау қалай сабақ береді сендерге?!» – деп, бүкіл мұғалімдердің, оқушылардың көзінше линейка – саптың бойымен арлы-берлі сүйреп жүріпті. Қандай қорлау адамды! Бастық сонда не ойлады екен?! «Мен ақыл айтып, жөнге салып тұрмын! Билік менің қолымда!» – деп мастанды ма екен?! Не деген оңбағандық! Не деген қорлау! Сол жерде ана мұғалім әйел бастықты атып тастаса, мен оны кінәламас едім. Адамды олай басынуға, қорлауға бола ма?! Ал, біздің елдегі бастықтардың іс – әрекетінде осыған ұқсас жәйттер аз емес. Өйткені, не істесе де қолында тұр! Тырп етсе жұмыстан шығарып та жібереді. Әкесін танытады. Жоқ, олай болмайды! Билікте де жауапкершілік болу керек! Басшы боламын деген жастарға алдымен айтатын аталық ақылым: Адамды қорламаңдар, кемітпеңдер! Жұмысты талап ет, ол басқа әңгіме! Адамды сынауға болады. Кемшілігін айтуға болады. Мына жұмысты неге бұлай істемейсің? – деп талап етуге болады. Оның барлығының орын, реті бар. Ал, бірақ ар – намысына тиюші болма! «Асты қорлама, құстырар, ерді қорлама, састырар!» – деген атам қазақ. «Адамыңа жолықпай жүр екенсің!» – дейді ғой бұрынғылар. Адамына жолықса, талтаңдаған есерсоқ немелер не болғанын, есебін қалай беріп, есесін қалай қайтарғанын білмей де қалады-ау! Бұл – өте қате жол! Екінші бір қате жол –басшылардың: «Мен айттым, бітті! Мен қалай айтсам солай болады!» – деген менмендігі. Бұл – самодурлықтың бірінші белгісі. Ал, енді ол бастықтың айналасындағы қызметкерлер: «Сіз қалай айтсаңыз, солай болады!» – деп, бас шұлғып тұрса, бұл нағыз жағымпаздықтың белгісі. Қалайша қалай айтса, солай болуы керек? Олай емес, іске пайдасы тиетін жағын ойлау керек қой! «Бұл істің пайдасы бар ма, жоқ па?! Бұл жалпы керек жұмыс

па, жоқ па?!» Міне, осындай сұрақ ашық қойылып, жауабын бірге іздеу керек. Демек, сіз лидер – басшы боламын десеңіз, жалғыз өзіңіздің басыңызды қатырмаңыз. Айналаңыздыағы адамдардың, мамандардың пікірін елеп – екшеп: «Кім не ұсынады, қандай әңгіме бар?» – деп, талдап, талқылап барып іске кірісіңіз. Самодурлықтың неше түрін көрдік. Кейбір бастық кеңсесінде біреумен кеңесіп отырып, басқа бір кісіге қатысты әңгіме болып қалса: «А-а, мен оны қазір шақырып аламын» – дейді. Болды, бітті! Ол кісі пәлен жүз шақырым жерде, ауылда тұрады. Ол салпақтап келгенше не заман! Бензинге шығыны бар, басқасы бар. Амалсыз бастықтың пәрменімен, бір ауыз сөзге бола сонау жерден келеді. Ол тіпті телефонмен де, компьютермен де шешуге болатын мәселе. Жоқ, бастық шақырып алады! Өйткені, қолында тұр. Адамның, халықтың жағдайымен санасу қайда?! Кейде бастықтар бастық болдым екен деп ойына келгенін істейді. Дастархан жайып, жүздеген адамды жинап, қарауындағы қызметкерлерге арақ-шарап ішкізіп, мас қылып қызықтайды. Соған дейін барады. Бұрынғылардан қалған: «Өзің білме, білгеннің тілін алма!» – деген сөз бар ғой. Бұл басшыға кешірімсіз күнә. «Менің айтқаным болады, бітті!» – деп, басшылар өзімшілдікпен қол қоя салып, қаншама дүние құрыды, қаншама керексіз нәрселер салынды. Фантастикалық идеяларды жүзеге асырамыз деп айдалаға ақша шашты. Бұл сұмдық қой. Алаяқтар алдап, арбап келеді. Тілдері майда болады. Неше түрлі идеяны алға тартады. Көздегендері – қалайда басшыға қол қойдырып, қаржы бөлдіріп алу. Сіз басшы болсаңыз, кез келген іске қанша қаржы кетеді, қанша шығын болады, ол керек пе, жоқ па? Ертең одан қандай пайда түседі? Қоршаған ортаға – экологияға зияны тимей ме? Одан халыққа келетін қандай пайда бар?! Міне, соның бәрін таразылап, сараптап, ақылмен атқаруыңыз керек. Сондықтан, басшылар, лидерлер, шектен шықпаңдар, қарақтарым! Билік те дәмімен тәтті болады, мықты болады. Ал, жексұрын боламын десеңіз, онда кеудеңізді соғып, көзіңізді шел басып, көкірегіңізді жел кернеп, шапқылай беріңіз. Мықты көшбасшы боламын десеңіз өзіңізге қарсы пікір айтқан адамды сыйлаңыз. Сол адамның сөзіне, ұнатпасаңыз да құлақ асыңыз. Американың президенті Авраам Линкольн бір армияны

тұрған жерінен екінші жерге ауыстыруға бұйрық беріпті.. Сонда қорғаныс министрі Эдвин Стэнтон: – Не дейді? Ол -идиот! – деп, қарсылығын білдіріпті. Нақұрыс деп президентті айтып тұр ғой! Оның сөзін президентке қолма-қол жеткізіпті. «Сізді қорғаныс министрі идиот деп айтты!» – дейді. Сонда президент Линкольн: - А-а, қорғаныс министрі Стэнтон айтса, шынында да солай болу керек! Өйткені, ол бірдеме біледі!– деп, министрге өзі келіпті. – Неге сіз наразы болдыңыз? Түсіндіріңіз! – депті. Министр істің мәнін түсіндіріпті. Әскерді көшірудің тиімсіздігін дәлелдеп береді. Сонда президент Авраам Линкольн өзінің сөзін қайтып алып, шешімін өзгертіпті. Міне, ел басқаратын адам осылай басқарады! Ал, бізде осылай шындық айтып көр! «Сіз мені неге олай деп айтасыз?» – деп, орнынан қағып тастайды ғой. Міне, ақыл – ойдың кеңдігі осы! Үшінші айтарым, қазіргі лидерлер, көшбасшылар шет елден оқып келіп жатыр. «Болашақта» оқып жатыр. Шетелдің білімін алады. Дауымыз жоқ. Ағылшынша біледі. Барлығын сартылдатып тұрады. Бірақ, олардың кемшіліктері – өз халқының өмірін, өз халқының жағдайын білмейді. Анау алыстағы ауылдардың жағдайы қандай? Жергілікті жерлерде биліктің жұмысы қалай жүреді? Не істеп, не ойлап жатыр? Мүмкіндік қандай? Біреуін де білмейді. Сөйтеді де, ана жақтан оқып келген, бастарыңда қалыптастырып алған жүйені мына жаққа әкеліп енгізе қоймақ болады. Биікте отырып алады. Билік қолда, бас тола оқу, теория. Соның бәрін қазақтың өміріне енгізу – қаншалықты жемісті болмақ? Ол біздің халыққа келе ме, жараса ма? Үйлесе ме, жоқ па? Басқа елдердің заңы, жүрген жолы қазаққа келе бере ме? Қазақтың өз заңы, әдет – ғұрпы, дәстүр – салты, адамгершілік, имандылық жолы бар емес пе? Демек, көшбасшы-лидер боламын деген балалар, сендер қазақ елінің жағдайымен санасыңдар. Қазағыңның, еліңнің жағдайын біліңдер. Бір – ақ күнде ана жақтың үлгісіне кіре қоямыз демеңдер. Олардың да оңып тұрғаны шамалы. Кемшіліктері толып жатыр. Оның барлығын бізге зорлап енгізудің қажеті жоқ. Адамзатқа ортақ жолды, ортақ құндылықтарды сақтай отырып, өз жолымызбен жүруіміз керек. Міне, басшы боламын деген балалар осы мәселені

мықтап ойлануы керек! Бастық болу, елді басқару деген үлкен адамгершілікті, қайратжігерді, ақылды, білімді, жұмыс тәжірибесін талап етеді. Ел басқару – үлкен өнер, ауыр міндет, абыройлы парыз! Үлкен мен кіші Қазақ қашан да үлкенді сыйлаған. «Үлкен адамның жолын кеспе, бетіне қарсы келме! Үлкеннен бұрын сөйлеме, үлкеннің сөзін бөлме, үлкеннің сөзін тыңда!» – дейді. Қазақта тағы: «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра!» – деген де сөз бар. Аталы сөз, асыл ойдың өзі екі жақты – мынау дұрыс, мынау қате деп айтуға болмайды. Яки, мынау ақ, мынау қара деуге болмайды. Дүние көп түсті. Мың құбылған, сан бояулы. Күрделі жәйттерді дұрыс ұғынып, ақылмен айыра біліңдер! Ал енді осыны кейде жастар қалай түсінеді?, Рас, қызметте де үлкен дәрежеге жеткен, өнер саласында да, ғылым саласында да жасы үлкен кісілерден гөрі анағұрлым көп еңбек еткен, атақ-даңқы зор, дарынды, арынды жас кісілер де аз емес. Олар: «Жасы үлкен екен деп, оған неге кішіреюім керек?!» – деп ойлауы да мүмкін-ау! Ал, бірақ, көп жасаған кісінің аты көп жасаған! Сізден үш-төрт жас үлкен адамның жолы сізден үш-төрт жылға ұзақ. Ол сізден гөрі осы өмірді үш-төрт жыл көбірек көрді, оның басынан көбірек оқиға өтті! Ойлап қараңыз! Қазақ, қырғыздың жөн-жобасы бойынша, топ жиында құранды үлкені оқиды. Батаны жасы үлкен кісі береді. Жасы үлкенді сыйлаухалықтық ізгі дәстүр. Бүгінде жасына емес, мансабына, қызметіне қарайды. Жас болса да жолы үлкен деп, бастықтарға жалпақтап жатады. Өмірде көп кездесетін қызық жағдай: бірнеше бастық, атақты адамдар бір тойда бас қосып қалса, той иесі қараптан –қарап қысылып, қайсына бұрын сөз берерін білмей есі шығады. Біреуіне бұрын беріп қойса, екіншісі өкпелейді, үшіншісі кішірейіп қалғандай болады. Сондай көкіректер бар ғой енді. Кейде дауласып, айғай-шу шығарып та жатады. Бұл бір келеңсіз нәрсе.

Ал атамыз қазақ жол-жоба, жөн-жосықты керемет білген: кімнің жасы үлкен болса, сөзді сол бастайды. Егер жастары қатар болса, атасының жолына немесе рудың жолына қараған, яғни, кімнің атасы үлкен болса, жол соныкі! Дау да жоқ, бау да жоқ! Өзінің жөні бар, жігі бар, жобасы бар осындай керемет салтымызды, ата-баба дәстүрімізді совет дәуірінде, кейінгі өзіміздің тәуелсіздік дәуірінде де әбден бұздық. Мидай араластырдық. Жөннен, жосыннан жаңылдық. Сөйтіп, бірінші бастық сөйлесін, екінші оның орынбасары сөйлесін деп, лауазым, мансап салыстыратын, шен-шекпен жарыстыратын жағдайға жеттік. Шындығында бастық бастайды, орынбасары қостайды, ол қызметтегі, жұмыстағы әңгіме. Ал жиын, тойда адамшылық алға шығу керек, адамгершілік жолымен жүру керек емес пе?! Сонда ешқандай дау-дамай тумайды. Өйткені жасы үлкен кісіні бұл дүниеге Алла тағала бұрын жаратты. Жасы үлкен, бітті, басқа әңгіме, талас жоқ. Вахтанг Кикабидзенің әйгілі әнінің: «Мои года –мои богатства – Менің жылдарым, менің байлығым!» – деген сөзінің мәні де көп ойларға батырмай ма? Әрине, үлкендердің диктатын жасаудың, оларға табынудың да қажеті жоқ. Абыздың да нағызы бар, сағызы бар, жауызы да бар! Жасы үлкен кісі мен жасы кіші адамдардың қарым-қатынасыойланатын нәрсе. Еңбек жолын жаңа бастаған, жаңадан көтеріліп, атақ-даңққа бөленіп, мансабы көтерілген жас адамдардың көздерін шел басып, көкірегін жел кернейтін кезі болады. Оны өздері байқамайды. Былай қарағанда, оның аса үлкен айыбы да жоқ, қызмет істеген адамның бәрі де өтетін белес. Бірақ, сол кезде жас адамдар көп қателік жібереді. Кеше өзі қолында өскен жасы үлкен кісілерге, ағайын-туыс, мұғалімдеріне өктем сөйлеп, үстемдікпен қарайды. Әсіресе, жаңадан бастық болған жас адамдардың: «Е-е, мен міне, бастық болдым! Совхоздың директоры болдым, ауданның әкімі болдым!» – деп, масаттанып, мастанып, үлкен ақсақалдарға батыл-батыл, өктем-өктем, кесек-кесек сөйлегенін көрдік. Осы қаншалықты дұрыс? Лауазым, мансап өз алдына, бірақ адаммен адамша сөйлесу сіздің парызыңыз, міндетіңіз ғой! Ал жасы үлкен адамға сый-құрмет көрсетіп, сөзін бөлмей тыңдау керек. Әдеп сақтау керек қашанда. Одан сіз кішірейіп қалмайсыз. Бізде көп жастар

солай қателесіп, артынан аузы күйіп жүреді. Күндердің бір күнінде аруақты, мықты адамдар алқа топтың алдында абыройын айрандай төксе қайтеді? Әкесіне танытып, айыбын бетіне шыжғырып тұрып басып: «Мынауың не сенің, көргенсіз? Сен кімге өктем сөйлеп тұрсың, сен кімге әкіреңдеп тұрсың?» – десе қайтесің? Иә, жас кезде адамдарда шалықтау, асып-тасу болады, содан байқаған жөн. Адамға биіктеген сайын, кішірейе берген жарасады. Кішіпейілділерді құдай жақсы көреді дейді. Билік айналымында жүрген жастар лауазым, мансаптың қуатын сезінгеннен кейін, еркінсіп, есіп сөйлейді, кесіп айтады. Үлкен кісілердің кемшіліктерін, ырғалып-жырғалып тұрғанын көтере бермейді. Бірақ, сол кісілер болмаса, сен мұндай дәрежеге жетпес едің ғой! Сені өсірген кім? Сол ағаларыңның талай жақсылығын көрген шығарсың. Мұғалімің хат танымайтын саған әріп үйретіп, дүниеге көзіңді ашты. Енді бүгін сен министр болдың, ал мұғалімің қарапайым зейнеткер, таяққа сүйеніп әрең жүр. Қазір ол кісіден сенің білімің де, қызмет дәрежең де, еңбегің де үлкен шығар. Бірақ, ол сені оқытқан мұғалімің ғой, сенің жүрегіңде ол кісіге деген балалық жылылығың қашан да сақталып тұрмай ма? Сен оған қалай өктем сөйлейсің, қалай сөзін бөлесің? Міне, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасының көзге көрінбейтін нәзік иірімдері болады. Ол иірімдердің ішінде адам өзінің адамгершілігімен, иманымен жарық беріп, нұр шашып жүрмесе, адасып кетуі мүмкін! Достық «Досым жоқ! Нағыз дос боларлық адам таппай жүрмін!» – деп, қараптан-қарап мұңға батып, езіліп жүргендер аз емес! Оларға не дерсің! Тіпті бір «данышпандар»: «Адамның нағыз досы – ит! Иттің достығы адамның достығынан артық, өйткені, ит иесін ешқашан сатпайды!» – деп те соғады. Соғып қана қоймай, итті кісіден артық көріп, өліп-өшіп жататындар да аз емес. Иттің достығын адамның достығынан артық көрудің бір себебі – ит ешқашан иесіне қарсы шықпайды, не айтса да құйрығын бұлғаңдатып, мақұлдай береді. Пенде оны қалай жақсы көрмесін? Ал адам олай емес. Ол пікір

таластырады, керек десе, қарсы шығады, сынайды. Бас шұлғи бермейді. Әрине, ондай адам оңбаған, опасыз болып көрінеді. «Мені ешкім түсінбейді! Шіркін, жұрт менің жан-сырымды түсінсе ғой!» – деп, саруайымға салынатындарды да талай кездестірген шығарсыз. Осы да саналы адамға жараса ма? Оу, басқа адамдар тек сіздің жаныңызды түсіну үшін жаралып па? Сіздің жаныңызды түсініп, әуеніңізге төңкеріліп отыруға міндетті ме? Осы сұрақтарды өзіңізге -өзіңіз қойып, сараптап көрсеңіз, көп нәрсенің сыры ашылып, шыңдала түсуіңіз мүмкін. Досың жоқ па... Досым жоқ деп күйінеді көп пенде... Дос боларлық кісі құрып кеткен бе, Дос емес пе саған мына ұлы өмір Көшкен бұлттар,келген құстар көктемде?! Нағыз достық–ақ тілеуі елдің де, Қуат берер аңқылдауы желдің де, Андайың мен мұндайыңа қарамай Достық шығар көтеруі жердің де, Жұрттың бәрін жазғырғанша, ойлашы, Шын жүректен өзің дос боп көрдің бе?! Досым жоқ деп елге өкпелеп жылама, Доссыз болсаң,тек өзіңді кінәла, Өзің егер бере алмасаң елге нұр Жүрегіңе жұрттан шуақ сұрама! Баянғали Әлімжанов Бай мен би Атамыз қазақтың сөзі бар: «Бай болмаған бай болса, Жайламаған сай қоймас. Би болмаған би болса,

Сөйлемеген сөз қоймас!» – дейді. Тағы айтады: «Жаңа байығаннан сақтасын!» дейді. Жаман атқа жал бітсе, Жанына торсық байлатпас. Жаман адамға мал бітсе, Жанына қоңсы қондырмас!» – деген жыраулар. Мұны неге айтқан? Әуелі, бай болып көрмеген адам қолына байлық бітсе, көзін шел қаптап, кеудесіне жел бітеді, желік қуады. Мұны біреуді сынап, мінеу үшін айтып отырған жоқпын, өмірдегі шындықты, адамардың басында болатын күйді жастарға ескертіп отырмын. Бұдан аулақ болыңдар! «Семіздікті қой ғана көтереді!» – дейді қазақ. Тағы да қазақ айтады: «Байлық, мансап қолдың кірі» – дейді. Әсірелеп айтқан болар, әйтпесе, бұлай арзандатуға да болмас – адамға байлық та, мнсап та керек. «Кедей бол»» деп ешкім де айтпайды. Пайғамбарымыздың хадисінде де бар: «Жақсы ат мініңіз, жақсы киініңіз, жақсы дәурен сүріңіз!» – дейді. Бізді кезінде, кеңестік дәуірде, елді тапқа бөліп, кедей табы жақсы, байлар табы жаман деп үйретті. Кедейлердің адамгершілігі үлкен болады, олар ақылды, дарынды болады деп суреттеді. Ал байларды жатып ішер, халықтың қанын сорушы, қанаушылар, өзіне-өзі мастанған, семірген, тойынған, жексұрын адамдар қылып көрсетті. Халық ертегілерінде де солай – байларды әжуалап, кедейлердің оларды жеңгенін сипаттайды. Бірақ: «Кедей жігіт пен байдың қызы бір-біріне ғашық болып, байлардан теперіш көріп жүріп, ақыры солардан ақыл-айласын асырып, қосылып, бай болып, мұратына жетті!» – дейді. Демек халық қай кезде де бар болуға, бай болуға ұмтылған. Яғни, бай бола білу де өнер, үлкен ақыл-оймен келетін нәрсе. Бай болу да бір сынақ адамға. Өйткені, аса байлық қиын нәрсе! Жарайды, ішіп-жеуіңізге, киінуіңізге, өмір –сүріп, тұрмыс кешуіңізге, бала-шағаңызды өсіріп, жетілдіруге, айналаңызға жақсылық жасауға жететін байлығыңыз болды делік. Одан артықты қайтесіз? Рас, адам болған үстіне бола түссе дейді, бірақ мына

миллиардерлердің тірлігі ақылға сыймайды. Сол миллиард ақшасын өмір бойы санап та үлгермейді ғой! Қолына ұстап та көрмейді. Кез келген адам сияқты үш мезгіл тамақ ішеді, сегіз сағат ұйықтайды, оның да бір тәулікте жиырма төрт сағат өмірі бар. Одан бір секунд та асыра алмайды! Бір адам аса байып, ел-жұрт кедей болып отырса, жақсылық емес. Демек, байлықтың өзін орнымен ұстай білу, бағалай білу, қадірін білу – үлкен ақылды, білімді талап етеді. «Предпочитайте знание богатству, ибо одно преходяще, а другое вечно. Байлықтан білімді артық көріңдер, өйткені байлық – баянсыз, біліммәңгілік!».– дейді Сократ. Ал қазір жеңіл, оңай жолмен байыған кейбір кісілердің желік қуып, байлықтың қызығы осы екен деп төгіп, шашып, ресторанды түгел сатып алып, жауып тастап, жора-жолдасын, қыз-қырқынын жинап алып, күні-түні ішіп-жеп жатқандарын да естідік. Туған күнін шетелде, теңізде тойлап, ол кемелері өртеніп кетіп, аяғында әрен құтқарылғандарын да естідік. Үйлену тойларын да алыстағы аралдарға барып жасағандарын естіп жатырмыз. Аспаннан, тікұшақтан ақша шашқанын да естідік. Бұл не сонда? Мұны қоғам көріп отыр, мемлекет көріп отыр. Тиым жоқ, қой деген ешкім жоқ! «Кімнің байлығын айдалаға шашып жатырсың?» – деген сұрақ болу керек қой. Тіпті ірі байларды қойып, кіші байлардың өзі бірдеңеге қолы жетсе, тағы да бола түссе екен деп, ана жақта үй салдырып, мына жақтан жер алып, жанталасып жатады. Теңіздердің жағасында зәулім үйлері тұрады. Айында, жылында бір барып қонса қонды, қонбаса бос тұрады. Соның бәрі неменеге керек? Қандай ақылға сияды? Немесе неше түрлі сұрамшақтар сол байлардың жан-жағынаң қаптайды, мақтайды, әр нәрсеге ақшасын шаштырады. Бұлел байлығын далаға шашу ғой. Пайдалы іске салсайшы, елге, адамға жақсылық жасасайшы! Елдің экономикасын, әл-ауқатын арттыруға жұмсасайшы! Сондықтан, жастарға айтарымыз тілегіміз: «Барыңызды ақылмен ұстаңыз, ынсаппен, қажетті жерді біліп жұмсаңыз! «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар!» – деген аталарымыз.

«Богат тот, кто довольствуется малым; ибо довольство есть богатство природы. – Азға қанағат қылған адам – бай; өйткені қанағат – табиғаттың берген байлығы». – деген екен Сократ. Арзан даңғазашуға, арзан мақтанға елігіп, еліріп, айдалаға шашпаңыз! Алтынның қадірін қолда барда біліңіз! Байлық та қадірін білген адамға баянды! Берекесіз қолдан, бәлкім, бір күні ұшады да кетеді, ал, қайтесіз?! Адамды бұзатын – ашкөздік, тойымсыздық! Осыдан сақ болыңыздар! Екінші: «Би болмаған би болса, сөйлемеген сөз қоймас» – деген не? «Жаңа байығаннан сақта!» – дейді атам қазақ. Сол ізбен: «Жаңа депутат болғаннан, жаңа бастық болғаннан, жаңа молда болғаннан сақта!» – деп қалжыңдаймын мен жігіттерге. Себебі, жаңадан бастық, депутат, молда болғандар көп сөйлей бастайды. Жұрт сөзіне бас изеп, қолпаштаған сайын, ағыл – тегіл сөйлейді. Аузы жыбырлап, айтқысы келіп тұрады. Істің байыбына барып жатыр ма, мәнін танып жатыр ма, жоқ па? Онда жұмысы жоқ, тек әйтеуір сөйлеу керек, жұртты аузына қарату керек, бірдеме айту керек! Содан ал кетеді – арғы заманнан қозғайды, бергі заманнан қозғайды, пәлсапаны да соғады, қызыл сөзді сапырады. Уақытты, тыңдаушыны ойлау жоқ, есіп жатқан пайдасыз сөз! Міне, атқа мініп, ел басқаратын жастар, мұндайдан аулақ болғандарыңыз жөн. Сөйлердің алдында: «Бұл қандай мәселе? Қалай сөйлеймін, не сөйлеймін, не үшін сөйлеймін?» – деген нәрсені мықтап ойланған жақсы! Шешендік Көне заманнан бері түрік тектес елдер, соның ішінде қазақ – сөзге шешен халық. Түпкі түрік бабаларымыздың ырғақтап, ұйқастырып, бейнелеп сөйлегені Орхон – Енисей ескерткіштерінде тасқа қашалып, жазылып қалған. «Қазақтар нақысты сөйлеуді бар өнердің алды деп біледі» – деп жазған, заты неміс, аты орыс, әйгілі фольклоршы Василий Радлов. Поляк азаматы Адольф Янушкевич қазақ даласын аралаған сапарында қазақ шешендерінің ағыл-тегіл сөздерін тыңдап, сүйсініп, оларды дала Демосфендері деп бағалап, көне грек немесе

Римде өмір сүрсе, олардың белі лаврдан бүгілер еді деп жазған. Бірақ, орынды, орынсыз лепіртіп, екіленіп, қызыл сөзді оңды-солды сапырып, әр шөптің басын шалып, арзан ұйқаспен жылтыратып сөйлейтін бүгінгі сөйлегіштерді шешен деп айту қиын. Уақытпен санаспай, алқа топтың алдында малтасын езіп тұрып алатын мылжыңдар жұртты мезі қылады. «Қысқа сөйлеңіз! Түйіп айтыңыз!» – деп жазады Дейл Карнеги. Ескінің аңызы: Баяғыда бір жүз қарақшы айдалада жортып келе жатып, бас қосады. Мәжіліс құрып отырып: «Артымызға бірбір ауыз сөз қалсын, қане, әрқайсымыз бір даналық, қысқа-нұсқа сөз айтайық. Айта алмағанның басын алайық!» – деп келіседі. Содан, біреуі бастап сөйлеп кетеді. Алғашқылары көп айтылып жүрген сөздерді айтып шыға береді. Аяғына қарай қинала бастайды, әсіресе, тоқсаныншыларға қиын болады. Әйтеуір, әйтіп-бүйтіп, сөйлеп шығып, тоқсан тоғызыншы қарақшы да бірдеме айтып құтылады. Ал жүзінші кісі сөз таппай қысылады. «Ал, айт! Айтпасаң, басыңды әкел!» – деп, қарақшылар қылыштарын жалақтатып тұр. Жаны мұрнының ұшына келгенде, әлгі: «Апырмай, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болушы еді, соны таппай өлгенім бе?!» – деп күңіренеді. Сонда қарақшылар: «Әй, міне, күні бойғы сөздің төресі осы ғой!» – деп, тоқтамға келген екен. Қазақта: «Тоқ етерін айт!» – деген де сөз бар. Міне, ендігі заманның шешендеріне уақыт сынынан өткен сөз үлгісі осындай! Топта сөйлеу Көптің алдында сөз сөйлеу – қиын өнер. Көш бастау қиын емес, Қонатын жерде сай бар. Қол бастау қиын емес, Шабатын жерде жау бар. Бәрінен де шаршы топта сөз бастау қиын, Аяғы бітпейтін дау бар! – деген атамыз қазақ. Осыған ұқсас ойды басқа елдің даналары да, генералдары да айтқан. «Көпшіліктің алдында сөз бастағаннан да, атты әскерді бастап, жауға шапқан оңайырақ!» – деген атақты бір қолбасы. Небір

жаудан қайтпаған, қалың әскерді бастаған қолбасылар «көпшіліктің алдында бірінші рет сөйлегенде, тірсегіміз дірілдеп тұрды!» – деген екен. Толқу болады көпшіліктің алдында. Халықтың рухы күшті, мысы – ауыр. «Қалай жеткіземін сөзімді?», «Қалай тыңдатамын көпшілікті?» – деген мәселе де сөйлеуші үшін оңай емес. Және қазіргі заманда үлкен жиналысқа барып, салтанатты жағдайда сөйлесеңіз, ол жерде уақыт шектеулі. «Үш минут, бес минуттен асырмаңыз!» – дейді. Міне, сіз қысқа сөйлеуге дайын болуыңыз керек. Бірінші, не айтарыңызды анықтап алған жөн. Айтатын сөзіңізді жұптап, ойша қорытып, келтіретін дерек – фактілеріңізді, дәлелдеріңізді, аргументтеріңізді алдын-ала дайындап, жүйелеп қойғаныңыз дұрыс болады. Көптің алдына: «Аузыма құдай не салса, соны айтамын ғой». – деп шыға салуға мүлде болмайды. Әрине, бәрі де құдайдан, бірақ дайындық, талап адамнан болуы керек! Сондықтан сіз сөзді қалай бастауды, негізгі айтатын ойыңыздың өзегін дайындап, жұптап және қалай түйетініңізді ойластырып қойғаныңыз мақұл. Әрине, топ алдына шыққан соң адамда эмоция болады. Сезіммен сөйлейсіз. Көтеріліп сөйлейсіз. Оның бәрі сол арнаның ішінде жүруге тиісті. Және сол берілген уақытқа сыйып сөйлеген шешен – қадірлі шешен болады. Ал, енді сөз біледі екенмін деп, білетінімді көрсетемін деп әр нәрсенің басын шалып, қуып кету, ойды алысқа сілтеп яки биікке шырқап кету де жөн емес. Немесе, өткен тарихқа бойлап кету сияқты шешендіктің түрлерін көпшілік қауым ұната бермейді. Әсіресе білімді, зиялы ортада, әдеби ортада ондай білгіштік, қызыл сөз, «показуха» жүрмейді. «Лучше признаться, что ты не знаешь того, чего не знаешь, чем болтать какой-нибудь тошнотворный вздор и самому себе быть противным! – Жүрек айнитын нәрсені мылжыңдап, өзіңе-өзің жексұрын болғанша, білмейтін нәрсеңді білмеймін деп мойындаған артық!»  - деген екен адамзат тарихындағы даңқты шешен, біздің эрамызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген Марк Туллий Цицерон. Иә, біліп айтыңыз! Сөзіңіз түйінді, нақты, қысқа, нұсқа болуы керек және оны шешен тілмен айтуыңыз керек. Бұл бір. Және, мінбеге шыққаннан соң, ешкімнен қысылмай, емін – еркін

сілтеңіз, сөзіңізді тұздықтап, арасында бір әдемі ойларды, әдемі фактілерді келтіріп, тіпті күлдіріп сөйлесеңіз де жарасып тұрады. Бірақ, сөзіңіз қысқа, нұсқа болу керек! Жақсы сөйлеп тұр екенмін, жұрт қол соғып жатыр деп, соза беруге болмайды. Жұртты мезі қылмай аяқтау керек. «Әй, мынау аяқтай қойса екен, мінбеден кетсе екен!» – дегізбей: «Әлі де айта түссе екен!» – деп тұрған жерінде кетіп қалғаныңыз мақұл болады. Шешендік өнер жөнінде жазылған әртүрлі еңбектерде көптеген пайдалы кеңестер айтылған. Дейл Карнегидің топ алдында сөйлеу туралы кітабын тауып алып, оқуға кеңес беремін. Өзіміздің ата – бабаларымыз: «Бәйге алмаған жүйріктен, Белі жуан бесті артық. Байлауы жоқ шешеннен, Үндемеген есті артық!» – деп неге айтқан? Сөздің түйіні болмаса, сөздің нүктесі болмаса ол өтімді сөз болмай қалады. Енді үлкен жиынды қойып, былайғы тіршілікке келейік. Кәдімгі тойға барғанда немесе бір қонақта сізге сөз береді ғой. Тост айту деген бар. Ол да бір үлкен өнер. Онда да ойланып сөйлеу керек. «Не айтамын?» – деп және «Кімдер отыр?», «Қай жерде, кімнің алдында сөйлеп тұрмын?» – дегенді ойлаған жақсы болады. Кейде бір кісілер көсіліп, шешенсіп сөйлейді. Оқыған, зиялы қауымға белгілі, әбден айтылып жүрген жәйттердің бәрін білгішсініп, жаңадан ашып, аннан, мыннан цитата келтіріп, әр нәрсенің басын шалып, езіп тұратын кісілер болады. Ол мүлдем жараспайды. Мінбеге, топ алдында сөйлеуге шыққанда, не айтатыныңды біліп, ойыңызды қорытып, сөзді қалай түйетініңізді біліп шыққан мақұл. Әрине, оның бәрін жазып, жаттап алу міндетті емес. Әр адам әрқалай дайындалады. Бір ғылыми жиналыста сөйлетін болсаңыз немесе бір пікірталасқа қатысатын болсаңыз, әрине, сөзіңізді түйіндеп, керек десеңіз, жүйелеп жазып яки, ойыңызға тоқып алсаңыз да өзіңіз білесіз. Әңгіме барысында жаңадан ойлар туады. Оның бәрін айтып, жеткізе білу – үлкен өнер. Сөз өнері! Бұл бір қиын, үлкен, қасиетті, күрделі, қызық өнер. Өте керек өнер. «Өнер алды қызыл тіл» – деп тегін айтпаған. Сөздің киесі қонған шешен адам жұртқа өзінің ойын емін – еркін жеткізе алады. Көне эллин – грек заманында Солон заңы деген заң болған екен.

Ол заң бойынша айыпқа тартылған адам өзін жұрттың алдында сөйлеп, қорғауға правосы болған екен. Сонда сөзге шешен, мықты адамдар өзінің ойын ашық, әсерлі жеткізіп, өзінің ақтығын дәлелдеп, жеңіп шығатын болған. Біздің қазақ даласында да сөзге еркіндік берілген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» – деген. Шын сөзге тоқтаған. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас» – деген аталарымыз. Сондықтан, аталы сөз сөйлеңіздер! Баталы сөз сөйлеңіздер! Тағы да аталарымыз: «Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар» – деп айтқан. Топ алдында сөйлеген адам өзіне келетін сөзді білуі керек. Оған беретін жауабын табуы керек. Өзіне келер сөзді білмей сөйлеген адам сөзден ұтылады. Демек, топтың алдында сөйлегенде: «бұл сөзімнің қандай әсері болады?» – дегенді ойлап, абайлап, саралап, сабырмен айтқан жөн. «Как слово отзовется?» – деген орыс ақындарының сөзі бар. Ал, бүгінде ғаламторға шығып, ойланбай сөйлеу, аузына келгенді айту, бетімен лағу, популизм қаулап, лаулап тұр. Өзі де әрең тұрған тыныштықты бұзып, ел арасына ірткі салып, дүниені бүлдіріп жатқан бір бәле осы. Сондықтан, мұндайларға заңмен де, адамгершілік жөнімен де тиым болу керек. Әр адам өз ариманымен, ақыл – санасымен саралап: «Мына сөзді айтайын ба? Айтпайын ба? Елдің алдында қандай сөз айтамын?» – деп, ойланғаны мақұл. Бетімен сөйлеушілік – елдің тынышыг кетіреді. жарға жығады, абырой әпермейді. Ол адамға жараспайды. «Ауруда – шаншу, сөзде – қаңқу жаман!», «Қаңқу қан бұзады!» – деген атамыз қазақ. Топ алдында сөйлеуге қатысты тағы бір өміршең әңгіме: Сіз арнайы бір кісінің тойына немесе үйіне қонаққа бардыңыз ба, ауа жайылмай, тоқ етеріне түсіңіз. Мысалы, туған күн иесі пәленше деген досыңыз ба? Сол досыңыз туралы айтыңыз. Соған деген ниетіңізді білдіріп, ақ тілегіңізді айтыңыз. Ол жерде бір керемет жаңалық аша қояйын, бірдеңе таба қояйын деп, осы, құлпыртамын, құтыртамын деп қисық кетіп қалуға болмайды. Бұл – қазіргі өмірімізде көп кездесетін бір қателік. Тіпті, ақындыққа түк қатысы жоқ адамдардың өзі өлеңдетіп шыққысы келеді! Мұндайдың біразын көрдік. Былай қарасаң, үп – үлкен, білімді, ақылды, жап-жақсы адамдар маған:«Өлеңмен тост жазып берші! Пәленшекеңнің тойында оқуым керек!» – деп, талай айтты. Мен әзілге сайып:

– Біреудің жазып берген жеңіл – желпі өлеңін не қыласыз? Одан да шын жүрегіңізден шыққан тілегіңізді өз сөзіңізбен айтпайсыз ба? – деймін күліп. Жоқ, қалайда өлең керек оған! – Ойбай, анау бастығымның тойы еді! Соған өлең шығарып, өлеңмен айтқым келеді тілегімді! – Досымның тойы еді! – Құдам еді! Өлеңмен қуантқым келеді! – дейді. – Әй, біріншіден, жақсы өлең тапсырыспен жазылмайды ғой! Өлең деген туады. Жүректен, жаннан жаратылады. Біреудің тапсырмасымен жақсы өлең шықпайды. Ал, енді ұйқасын құрастырып, бірдеңе қылып бере салған, пәленшеге арнадым деген нәрсе – өлең емес қой, қарақтарым! Сондықтан, өлеңді қорламай, өздеріңді зорламай, тілегіңді аңқылдаған ақ жүрегіңмен, өзіңнің ақыл – ойыңмен ақтарылып айтпайсың ба!? – деймін мен оларға. Кейбіреуі түсініп, кейбіреуі ісініп кетеді. Бұл өте бір қызық, ғажап дүние. Адам бір – біріне деген ниетін, бір – біріне деген сезімін, бір – біріне деген бағасын, қадір – құрметін, ізгі тілегін немен жеткізеді?! Сөзбен жеткізеді! Ал, ол сөз сіздің өз жаныңыздан тууы керек! Шын жүректен шығуы керек! Міне, сондай шынайы сөз жөн болады! Тіпті сіздің сөзіңіз керемет ақылды, білімді, әдемі болмай – ақ қойсын. Бірақ, шын жүректен, жаныңыздан туған өміршең, шындық сөз болса, құттықтап тұрған кісіңіздің бір жақсы ерекшелігін, бір ізгі қасиетін дәл тауып, ашып айтып тұрсаңыз я болмаса өмірде болған бір жақсы оқиғаны орнымен келтіріп айтсаңыз, содан артық сөз болмайды. Ең әсерлі сөз – шын жүректен шыққан адал сөз. Оны бояп, сырлап, әшекейлеймін деп әуре болудың қажеті жоқ. Тек қана, міндетті түрде, ізгі, жақсы сөз айтыңыз, қалжыңдаймын деп қайдағы-жайдағы, қисық-қыңыр, ұсақ-түйек, пасық – сасық сөзге жоламаңыз! Тоқ етері, тойға барсыңыз, арайлы таңдай жарқылдап, ақ самалдай аңқылдап барыңыз, ақ сұңқардай саңқылдап сөйлеңіз! Ал, жақсы тілегіңіз, жақсы сөзіңіз жоқ болса, онда тіпті бармай-ақ қойыңыз, жаман сөзбен тойдың шырқын бұзбаңыз! Осы күні шешендіктің қалыптасып кеткен тағы бір түрі бар. Мықты деген шешендеріміз әңгімені міндетті түрде арғы тарихтан

бастайды. Тіпті тарихты да қойды. Ары қарай кетті. Ғарыш – космосқа барып қайтатын болды. Одан бері қайтып келеді де, әр шөптің басын шалып, сай-саланы кезіп, ой-сананы езіп жүріп алады. Тақырып қалады жайына. Не болып, не қойғанын білмейсің. Білгішсініп, әр нәрсені соғып тұрады. Амалың жоқ. «Қой» – деп қалай айтасың. Үндемей тыңдайсың. Сондықтан, «қызыл тілде буын жоқ», сөзге абай болған жөн! Сөздің қадірін біліп, ретін, кілтін тауып айтқан жақсы болады. Ол кілтті ойланып іздеңіз. Сіз, мысалы, досыңыздың туған күніне бара жатырсыз. Сол досыңыз туралы кішкене ойланып, толғанып, шын достық ниетпен нақты бір түйінді сөз айтуға болады ғой! Оны біреуге тапсырыс беріп, жаздырып аламын деген де достық бола ма екен?! Осындай бір ұнамсыз қылықты бәріңіз де көріп жүрсіздер. Мұндайдан аулақ болыңдар, қарақтарым! «Хвастливые речи – первый признак слабости, а те, кто способен на большие дела, держат язык за зубами. –Мақтан сөздер – нашарлықтың бірінші белгісі, ал қолынан үлкен іс келетіндер үндемейді». – дейді Цицерон. «Молчание есть аутентичная форма слова. Молчит лишь тот, кто способен что-то сказать. Үнсіздіктің өзі сөздің бір түрі. Бірдеме айта алатын адам ғана үндемейді». – деген француз жазушысы ЖанПоль Сартр. «Лучше хранить молчание до тех пор, пока не спросят, чем говорить до тех пор, пока не попросят замолчать. – Үндемеңіз деп өтінгенше сөйлегеннен гөрі, сөйлеңіз деп өтінгенше үндемеген жақсы». – деген Шығыс даналығы да қандай терең. «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір! – дейді атам қазақ. «Молчание – золото!» – дейді орыстар. Ал немістер: «Сөзкүміс, үндемеген – алтын!» – дейді екен. Әр қиырдағы халықтардың, Шығыс пен Батыстың ой, тұжырымдары бір-бірімен үндесіп, үйлесіп жатқан рухани қазына! Тек сүзіп ала біліңіз! Сөз туралы Адам баласының өмірінде сөздің алатын орнын айтып жеткізу қиын. Адамдар өмір бойы ойын, сезімін, қуанышын, ренішін – бәрін де

сөзбен жеткізеді. Бір-бірімен сөз арқылы қарым-қатынас жасайды. Ол сөздің неше түрлі бояуы, реңкі болады. Сөз тарихта да үлкен рөл атқарған. Бір-екі ауыз сөз екі елдің арасында соғыс отын тұтатып, бір ауыз сөз екі елді бітімге келтірген. Адам өмірінде де солай. Бір ауыз сөзбен жақындасып, дос болып кетсе, кейде жақын адамдар да бір ауыз сөзден ренжісіп, өкпелесіп, тіпті бет көріспей кететін кездері аз емес. Мәшһүр Жүсіп атамыз: «Сөзіңнің арамын тастап, адалын сөйле!» – дейді. Яғни, жаман сөзді айтпай, жақсы сөзді айту – адам өміріндегі үлкен бір шешуші жол. «Великие умы обсуждают идеи, средние умы обсуждают ситуацию, низкие умы обсуждают людей! – Ұлы ақылдылар – идеяларды, орташа ақылдылар – жағдайды, ал төмен ақылдылар – адамдарды талқылайды!» – деген Сократтың даналық сөзі де ойда жүргені жақсы. Қазір көптеген адамдардан: «Біреуге жамандық істедіңіз бе?» – деп сұрасаңыз: «Жоқ, мен ешкімге жамандық істеген жоқпын!» – дейді. Рас шығар. Бірақ,сөйлейді ғой! Тіл бар ғой, жаман сөз айтады ғой ол! Оны жамандық деп есептемейді, біреу туралы айтқан жаман сөзін өзі ұмытып та қалуы мүмкін. Бірақ ана кісі ұмытпайды ғой! Кешірімді бол, кең бол дейміз, бірақ, сөз жарасын кешіру өте қиын. Бір дана кісінің баласы бастық болыпты. Қарауындағы кісілерге ашумен айғайлап, қатты ұрсады екен. Ашуы басылғасын кешірім сұрайтын көрінеді. Сөйтіп, жуып-шайдым, татуластым деп ойлайды екен. Дана кісі баласына айтыпты: – Сен бұдан былай бір адамға ашуланып, қатты сөз айтарыңда, мына тақтайға бір шеге қақшы! – деп, алдына бір тақтай қойыпты. – Ашуың басылғанда, шегені алып таста! – депті. Ұлы айтқанын істепті. Ашуланған кезінде шегені тақтайға қағады да, ашуы басылғасын суырып алып тастайды. Сонда әкесі: – Міне, қарашы балам! Адамға қатты сөз айтқаның – жүрегіне шеге қаққаның! Кешірім сұрағаның, шегені суырып алғаның! Ал енді орнына қарашы!- депті. Баласы қараса, тақтайдағы шегенің орны үңірейіп тұр екен. – Міне, сенің ащы сөзіңнен адамның жүрегінде осындай

жазылмайтын жара қалады! – депті әкесі. Баласы ұялып, бұдан былай қарауындағы адамдарға тіл тигізуді қойған екен. Сүлеймен пайғамбар: «Әдепті болыңдар, жанға жара салатын қатты сөз айтпаңдар!» дейді. Аталарымыздың: «Жылы -жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, пышақ қынынан шығады!» деген сөзі есте. Шынында да, ащы сөзбен біреудің жанына жара салған кезде, анау адам шыдауы да мүмкін, шыдамауы да мүмкін. Ол да қатты сөз айтады, ұрыс-керіс болады. Тіпті, біраздан кейін, сөздің уыты өтіп кеткенде, мінезі шапшаң, батыр мінезді адам болса, қанжарын суырып алып, қарсыласының жүрегіне сұғып алуы да мүмкін-ау! Ащы сөз естіген адам ашынады. Ашуланады. Әсіресе, жазықсыз жала адамның жанын күйдіреді. Өзіне тіл тигізген кісінің аузын жапқысы келеді.Тіпті, аузын бұзып, бетін тіліп, қайтарып тастағысы келеді. Бұл табиғи нәрсе. Ащы сөзбен тиіскен кісіге тойтарыс беру керек. Бірақ, ашумен емес, сабырмен, салмақпен қайтару керек. Алайда оны түсінбейтін, тоқтамайтын, бәлеқор, жалақор кісілер болады. Олармен шатақтасып, шаптасудың қаншалықты қажеті бар? Ондай жанжал адамға абырой әпере ме? Сонда не істеу керек? Үргіш иттерді үндемей жеңесің! Даналардың айтуынша, адам көп нәрсені үндемей жеңеді екен. Үндемей қалсаң, бітті сонымен! Үндемей қалсаң, ештемеге міндетті емессің! Ештеме айтқан жоқсың, көзқарасыңды білдірген жоқсың, күйгелектеніп, күш-қуатыңды босқа шашқан жоқсың! Мейлі, анау нені ойласа,оны ойласын, сен үндемедің, өз ішкі дүниеңде қалдың! Атам қазақ: «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» – деп тегіннен –тегін айтпаған. «Молчание – самый надежный ответ на всякие противоречия, продиктованные дерзостью, вульгарностью или завистью! – Тентектік, дөрекілік немесе қызғаныштан туған қайшылықтардың бәріне де қайтарылатын ең мықты жауап – үндемеу!» – деп жазады швейцария философы Иоанн Циммерман. Сондықтан, өзіңіз таңдаңыз – итпен ит болып ырылдасасыз ба, үндемей алға кете бересіз бе? Біреу біліп айтады, біреу күліп айтады, біреуі тіліп айтады, біреу үріп айтады. Біліп айтқанға – ақылмен тоқта, күліп айтқанға – шаттан, тіліп

айтқанды – сабырмен тойтар, үріп айтқанға – бұрылма! Қай кезде де сөзге, тілге өте абай болу керек. Бұл бір үлкен, өмірлік мәселе. Американың президенті, атақты Авраам Линкольннің армиясы оңтүстік пен солтүстіктің соғысында қарсыластарының генерал Ли басқарған әскерлерін Потомак өзенінің жағасында тығырыққа тірейді. Енді ары қарай қысып, тағы шабуыл жасап, соғысты күшейте түссе, жеңетіндей көрінеді. Бірақ, президенттің әскерін басқарған генерал қарсыластарға шабуыл жасамай тоқтайды. Жауын –шашын күшейген,лайсаң, қиын кез екен. Сондықтан батыл шабуылға шықпай, сақтық әрекетке көшеді. Сол уақытта ана қарсылас әскер өзеннен жол тауып, тығырықтан шығып кетеді. Соны естіген Линкольн қатты ашуланып, әлгі өзінің генералына алай-дүлей хат жазады. Түгін қоймайды, бірақ, терезеге қарап тұрып: «Мен мына жылы кабинетте отырмын, ал ол қанды соғыста жүр. Ол анандай лайсаңда, батпақта, оқтың астында қалай әрекет қылуы мүмкін?! Бәлкім, оған өте қиын болған шығар!?» – деп, әлгі хатты генералға жібермейді. Мінекей қараңыз даналықты! Неміс әскерінде екі адам ұрысып қалып, бірінің үстіне бірі арыз жазып әкелсе, командирі: «Сен бүгінше қоя тұр, арызыңды ертен әкел!» – деп, тежейді екен. Ертенге дейін әлгі адамның ашуы басылып, арызын жазбай, өзара келісіп, татуласып та кетеді екен. Бұл да үлкен сабақ. Егер,, мысалы, Авраам Линкольн өзінің генералына ашулы хатын жіберсе, ол хатты оқыса, ол да ашуланады, ішінен кектенеді, ыза болады. Онда соғыстың жағдайы тіпті басқаша болып кетуі де мүмкін еді. Міне, дана кісілер осылайша ашудың арғы жағын ойлаған. Ал бізде ондай тығырыққа тірелмей-ақ, айдың-күннің аманында: «Шындық қой бұл! Мен оны ашық айтамын! Керек болса бетіне былш еткізіп, езуін тілемін!» – деп лағып, аузына келгенін сапырып отыратын кісілер аз ба? Ондайлар біреуді мұқаттым, кекеттім деп ойлайды, бірақ ол өзін өзі кекетіп, өзін мұқатып, өзін төмендетіп отырғанын түсінбейді. «Негізі біреуді біреу сөз қылғанда, өсек қылғанда, әңгіменің бәрі қызғаныштан, көре алмаушылықтан туады. Және сөз қылған адам сөз болған адамнан көп төмен!» – дейді оқымыстылар. Яғни, өзін-өзі кеміткені. Өйткені, ол біреуді сөз қылып, қызғанып тұр ғой!

Демек, өзінің төмен екенін іштей сезіп, соған күйінгені. Одан сайын құлдырағаны! Ал бізде біреуді ғайбаттаған популистерді: «Ойбай, шындықты бетке айтты! Бетін тілді! Ит терісін басына қаптады! Мінеки батыр, шыншыл осы!» – деп қолпаштай жөнеледі. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» – деп, аузына келгенін айтып, лағып отыратындар аз емес. Жоқ кеседі, кескенде де қалай кеседі! Оны өзі де білмей қалады. Оның өз сөзі өзіне қайтып оралады, не ұрпағына келіп тиеді. Оны ойламайды адам. Сондықтан сөзге абай болған оңды. Рас, екінші жағы бар тағы да. Пайғамбарымыздың хадисінде бар, «Мұсылманмұсылманның айнасы» – дейді. Мұсылман мұсылманға қатты сөз айтпауы керек. Көрген кемшілігі болса, бір жөндейтін нәрсесі болса, өзіне оңаша ғана айтқан жөн. Бұл бір. Екінші жағынан, қауым елге құдайдан қорықпай, ешкімнен ұялмай қысастық, қиянат жасаған, халықтың хақысын жеген адамдарды көпшіліктің алдында әшкерелеуге, әжуалауға болады дейді. Қай-қашанда да бүкіл елге жария болып халықтық шындық айтылуы керек. Ал оның өзін, әрине, ащы тілмен, айғаймен, балағатпен, боқтықпен емес, әдеппен, салмақпен, сабырмен айтуға әбден болады. Қазір ғаламторды алыңыз, басқа жерді алыңыз, бірбіріне кіжініп, екіленіп, ерегесіп, өштесіп, қанын ішердей болып, ақырып-шақырып жатқан кісілерді көреміз. Бұл жақсылық емес, бұл адамдардың арасында араздық тудырады. Қоғамды шайқалтады, елдігімізге, ынтымағымызға нұқсан келтіреді. Біз оны ойлай бермейміз. Өйтіп екіленген, екі иығын жұлып жеген, ызаланған, біреуді балағаттаған, қорлаған жандардың сөздерін тыңдамаңыздар, оқымаңыздар! Жүректеріңді ауыртып, жандарыңды улап, қандарыңды бостан-босқа қыздырудың қажеті жоқ! Оның барлығының астары, көздеген мақсаты бар. Олар белгілі бір топтардың жалдамалы жаршылары болуы да мүмкін. Сол арқылы пайда табады, абырой, бедел жинайды, танымал болады. Оларға белгілі бір күштердің астыртын өкілдері: «Осы бағытта сөйле, бүлдіре бер!» – деп, ақша төлеуі де мүмкін. Қазір неше түрлі сұмдық саяси технологияның заманы. Елдің іргесін шайқалтуды көздеген, көршілерімізбен араздастырып, бейбітшілікті бұзуды

ойластырған алыс-жақын күштер аз емес. Олар өздерінің агенттерін жалдап, осындай бағытқа салып отырады. Сондықтан оларға елікпендер, айналайындар! Сөз кейде достыққа бастаса, кейде қастыққа бастайды. Сондықтан, өшпенділіктің отын жақпаңдар! Өшпенділіктің отын жүректеріңе жолатпаңдар! Өз ұлтыңның бақытын, өз халқыңның берекесін ойласаң, өзге ұлттарға ұрынбаңдар! Өзге ұлттар туралы жаман сөз айтпаңдар! Біз қазақ мейірбанды, кең пейіл халықпыз, басқа елдермен достық қарым-қатынасты сақтап отырған елміз. Алдағы уақытта да еліміздің берекесін ойлап, оны сақтауымыз керек! Данышпан Сүлеймен пайғамбар: «Жылы сөз \ мягкий ответ\ сабырсыздарды да сабасына түсіреді, жанға жара слатын сөз – ашуыза тудырады», «Момын адам – ақылға бай, ашушаң, сабырсыз адам – ақымақшылыққа бай» – деген екен. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Міне, пайдалы кеңестер: 1. Әрқашан да жылы, жанға жайлы сөзбен жауап бер. 2. Ешқашан да жанға жара салатын өткір, ащы сөздерді айтпа. 3. Күйіп, піспе. 4. Ашуланған кезіңде ашынып, шектен тыс шапшаңдықпен жауап бермеуге тырыс. «Ақылсыз адам қайғысын тілінің кесірінен жиып алады. Қайғыға тап болсаңыз, пайдасыз балағаттаудың орнына одан шығудың жолын іздеңіз». – дейді даңқты Жалаладдин Руми – Мәулена. Сөз – құдіретті, қасиетті, киелі нәрсе. Сөзді қалай айту, қай жерде айту, қандай сөз айту, кімге айту, неге айту деген сұрақтың бәрін мұқият ойланып, өздеріңнің сана, сезімдеріңе ұялатқандарың жөн. Адамның сөзінен өзі танылады. Оның мәдени деңгейі, білімі, дәрежесі, әдептілігі, тәрбиесі, имандылғыбарлығы сөзінен көрініп тұрады. Әрине, әдемі сөйлеп, тәтті тілмен алдап, жылпылдап-лыпылдап тұрудың қажеті жоқ – ол жасанды, жексұрын қылық. Шынайы жан дүниеңізбен, ақыл-ой, санаңызбен сөйлеңіз. Сөзіңізге есеп беріп, абай болыңыз. Айтқан, жазған, таратқан сөзі үшін адам екі дүниеде де жауап береді. Жауапсыз сөз жоқ. Құрдассынып, әзілдегенсіп, ойнағансып, қылжақтағансып адамның жан-жарасын тырнап немесе жүйкесіне ойнап, жаман сөздерді айтып, сапырып жүргендер

аз емес. Бұл өте қате нәрсе. Ақын Владимир Высоцкийдің: Я не люблю когда лезут в душу, Тем более когда в нее плюют! – деген өлеңі бар Сөз халықтардың арасындағы қарым-қатынастарда да ерекше рөл атқарады. Елдердің бір-біріне айтатын ойы да, қоятын талабы да, тілегі де, ниеті де сөзінен танылады. Саяси, мәмілегерлік – дипломатиялық сөздің өз дәрежесі, тәртібі, мәдениеті бар. Оның сыртында, былайғы жұрттың басқа ұлт туралы айтып жатқан сөздеріне тағы да мұқият болған жөн, жандарым! Өз ішімізде де, қазақ пен қазақтың арасында да сөздің отына абай болған жөн. Ал басқа ұлтпен сөйлескенде, сөзге тіпті жауапты болу керек. «Как слово отзовется?» – деген орыс ақындарының сөзі бар. Иә, саналы адам: «Сөзім қалай жаңғырады екен? Бұл сөзді жұрт қалай қабылдайды екен?» – деп ойлану керек! Қазіргідей күйіп тұрған күрделі уақытта біздің әрқайсымызда: «Бұл сөзімнен қандай ой туады? Ертен өрт тұтанып кетпей ме? Осы сөзден халықтар жауласып кетпей ме?» – деген жауапкершілік сезімі болуы керек. Осы күні оңды-солды сапырып, жауапсыз сөйлеп жатқан ғаламторлық батырлар шықты. Ештемеге жауап бермейді. Аузына келгенін айтады. Мәселен, белгілі бір ұлт жөнінде, басқа бір халық жөнінде өзінше бірдеңені топшылап, бықсытады. Бұл мүлде қате, ел арасын бүлдіретін қатерлі жағдай! Мұндай жауапсыздықтан аулақ болыңыздар! Бұл жерде ойланатын мәселе мынада: айталық, екі ұлттың адамы бір-бірімен ерегесіп, тіпті төбелесіп қалды делік. Бұл екі адамның қарым-қатынасы, екі адамның ерегесі. Өздерінің сөзіне, ісіне заң жүзінде өздері мемлекеттің азаматы ретінде жауап беруі керек – бітті! Ол үшін бүкіл халықты кінәлап, екі елдің арасына араздық отын жағуға жол беруге болмайды. Ал енді өзге бір ұлт өкілінің оңбағандығын көрсең, оны бүкіл халыққа жауып: «Ойбай, олар сондай халық, олар мұндай, олар андай!» – деп, аузыңмен орақ орып, тон пішіп, өзіңнің тар қалыбыңа сыйғызамын деуге болмайды. Олар да өзің сияқты адамның баласы, олар да ел, олар да халық – осыны ойлау керек. Және сіз бүгін ашуланып, балағаттап, бүкіл елге тіл тигізсеңіз, олар оны естімей, көрмейбілмей отырған жоқ. Сіздің ызалы сөзіңізді естіген соң, олар одан он есе, жүз есе артық ашу-ызамен жауап қайтарады. Бұл

өшпенділікке ұласады, мұның арты жақсы емес. Біз ата-бабамыз аманаттаған ынтымақ, сыйластық, татулық жолын ұстап келе жатқан елміз. Бір ауыз сөз адамның жан-жарасын жазады, бір ауыз сөз адамға қайрат-жігер береді. Сол сиқты бір ауыз сөз адамды қажытып-жасытып тастайды, бетін қайтарып, тіпті құлатып тастауы мүмкін. Даналар айтады: «Жаман сөзді, өсек, жала, былапыт айыптауды тек қана мән бермей жеңесің! Онымен даулассаң, одан сайын өрши түседі». – дейді. Қызыл тілде буын жоқ, айтылып жатқан ағыл-тегіл сөз көп. Оның барлығына мән беріп, жүректі ауырта беруге болмайды. Әрине, адам жақсы сөзге қуанып, жаман сөзге ренжиді, бірақ, одан жығылып қалуға болмайды. Оны жеңетін сабыр мен күш-қайратты өз бойларыңыздан табыңыздар! Және бір әңгіме – қазақ халқы қайтыс болған кісілер туралы жаман сөз айтпауға тырысады. Өмірден өткен адамдардың өзгелерге, елге жасаған әлдебір қысастықтарын еске алған кезде, анамыз Бәтима: «Қара жер хабар бермесін!» – деп отыратын. «Аруақ аттаған оңбайды!» – дейді атамыз қазақ. Адамның ойы биік, таза болып, сөзі жақсы болса, жарқырап отырады. Ниеті бұзылып, ойы қайдағы бір қараңғы қуыстарға кете бастаса, әр нәрсені тілге тиек қылып, сөзі төмендесе, кісінің өзі де төмендейді. Ертеде атақты Шоң би Кіші жүздің ханы Арғынғазы хан қайтыс болғаннан кейін, соның бір жақсы, көрікті, сұлу, ақылды тоқалы бар деп естіп, соны алғысы келеді. Қасына бір-екі шешен, жүйрік інілерін алып, әлгі әйелді іздеп барады. Шынында да көрікті, текті адам екен, Шоң биді құрметтеп, жақсы қарсы алады Ас үстінде, әңгіме барысында жанындағы жастау билер келген мақсаттарын сездіру үшін, әңгімені ер мен әйелдің арасына қарай бұра бастайды. Ана әйел үндемей тыңдап отырады. Шоң биде үн жоқ. Жас билер әзілдеген болып, әңгімені төсек жаққа, махаббат жағына қарай ыңғайлап сөйлей береді. Бір кезде әйел сабырмен: Ұлы өзеннің бойына, Ұлы билер қонады. Ұлы бидің кеңесі, Рулы елге болады.

Шөкет судың бойына,
Шөңкиген билер қонады.
Шөңкиген бидің кеңесі,
Шөметейінде болады!» депті.

Шоң би дана кісі ғой, сөзге тоқтап, әлгі әйелге айтқалы келген
сөзін де айтпай, жанындағы жігіттерін де тоқтатып, сый-құрметіне
рахметін айтып, батасын беріп, аттанып кеткен екен. Бұл сөзді
жарықтық Мәшһүр Жүсіп атамыз жазып қалдырған.

Мінекей, аталарымыз қандай болған! Ал осы күні ақсақал
ата, тіпті абыз деген белгілі адамдардың кейбірімен бір жиында
отыра қалсаң, аузына келгенін айтып, лағып отырады. Ұялмайды,
қызармайды, үлкен отыр, кіші отыр демейді. «Маған сот жоқ, мен

міне, болдым, толдым!» – дегені болу керек. Ресторанда, кафеде
қызмет жасап жүрген жап-жас даяшы қыздарға, келіншектерге
неше түрлі ұятсыз сөздерді айта бастайды. Аппақ сақалына,
шашына, асқар таудай басына қарамай, ұялмастан, қызармастан

әлгілерді айналдырғансып отырғандарын көргенде, не деріңді
білмейсің! Сонда қыздардың ызадан, ұят-намыстан көздеріне жас
толып, қызарып тұрғандарын көрдім. Тіпті маған ашық айтқандары
да болды. «Аға, біздің халқымыздың қадірлі кісілері мыналар ма?

Осылар ма біздің ақылгөйлеріміз?» – дегенде, мен солар үшін
ұялып:«Айналайындар, ренжімеңдер! Елдің бәрі мұндай емес қой!»

– деп, зорға жұбатқанмын. Міне, әдепсіз сөз адамның нәзік жанына

қалай әсер ететінін біле беріңіздер!
Жанталасқан дүние
Жаралайды жаныңды,
Сол жараның уыты

Аралайды қаныңды.
Қозады-ай келіп жындарың
Ызадан ыза туады,
Абжыландай көрінер

Тірліктің түйткіл сұрағы.
Арамдық, алдау, ақымақтық,
Келеді бәрін сындырғың,

Болмауға тиіс бұлай деп Ай-әлемге шыңғырғың. Ашуға бойды алдырсаң Ажалдан бұрын өлерсің, Өмірдің сансыз сынағын Сабырмен ғана жеңерсің. Сабыр ғып тазарт жаныңды, Қаныңды,қуат,тәніңді, Біткенше демің шырқай бер Өзіңнің өмір әніңді! Баянғали Әлімжанов.. Керуен мен ит Атамыз қазақтың дана сөзі бар: «Ит үреді, керуен көшеді!» Көзіңе елестетіп көрші – көшіп бара жатқан керуеннің артынан әупілдеп, шәуілдеп иттер үреді. Бірақ керуен оған бұрылып та қарамай, көше береді. Иттер үріп-үріп, орнында қалады. Атақты орыс ақыны, мысалшы Иван Крыловтың «Піл мен қанден» деген мысалын баршаңыз білесіз. Кетіп бара жатқан пілдің артынан қанден ит үрді дейді шәуілдеп. Қоймастан, өршеленіп, қанша үрсе де, піл оған қарамастан кете береді. Сонда оған біреу: «Сен неменеге үресің? Піл елең де қылып жатқан жоқ қой!», – десе: «Мені көрген жұрт: «Қорықпастан пілге үрген қанден қандай батыр!» – демей ме?! Сол үшін үріп тұрмын!», – депті қанден. Сөйтіп, қанден үрді-үрді, қалды, піл алысқа кете барды. Піл – қашан да піл, қанден – қанден. Сол сияқты, атам қазақ айтқандай, керуеннің көші тоқтамай жүре береді, ит үріп қала береді. Ат міндеті – жүру, ит міндеті – үру. Қай заманда да осылай болған. Қазіргі заманда тіпті құтырып кетті ғой. Әлеуметтік желі бар, «әй дер ажа, қой дер қожа жоқ». Сөз бостандығы деп ерікті беріп қойды. Кімнің не айтқысы келеді, кімді балағаттағысы, даттағысы келеді, міне, әлеуметтік желіні ашады да, аузына келгенін сөйлей береді! Қарап отырсаңыз, өздері ел үшін дым бітірмеген, халыққа

пайдасы тиетін бір шаруа істемеген адамдар бірдеңе істеген адамдарға шабаланып, өршеленіп, жамандап, балағаттап жатады. Оған жұрт шынымен елігеді. «Мынау белсенді түрде сөйлеп жатыр, міне, қоғам белсендісі!Елді оятып жатыр, шулатып жатыр!» – деп, оған кәдімгідей еліріп, дүрілдесіп қалады. Бірақ, артынан басылады, сабасына түседі, ештеңе біткен жоқ. Популистерге керегі де сол – сахнаға шықты, кеудесін қақты – қақты, анау былай, мынау олай деп даттады, балағаттады, қалды. Бірақ, біткен іс жоқ. Көпіріп жатқан құр сөз! Оны тыңдаған жұрт: «Мінеки, мынау пәленшекең ғой, бұл батыр ғой, шындық үшін айтып жатыр ғой! – деп ойлайды, алданады. Жоқ, бәлкім әлгі сыналған адам байбаламдап сынапмінеп жатқандардан да көбірек еңбек еткен шығар, ойлаңыздар. «Если тебе плюют в спину, значит ты впереди. – Егер біреулер артыңнан түкіріп жатса, демек сен алда келесің!» – дейді Конфуций. «Ер жігіт өсекке ілінбей, есепке кірмейді» – дейді Мәшһүр Жүсіп атамыз. «Помните, что несправедливая критика часто является замаскированным комплиментом. Не забывайте, что никто никогда не бьет мертвую собаку. -» Есіңізде болсын, әділетсіз сынның ар жағында көбінесе жасырын мақтау жатады. Ешкім ешқашан өлген итке тас лақтырмайды ғой!» – деп жазады Дейл Карнеги. Рас, қатесіз адам болмайды. Әр кімнің де кемшілігі болады, бірақ, оны даттауға асықпай, жасаған ісіне қараңыз. Кез-келген тұлғаны таразыға тартудың бір-ақ жолы бар – ел үшін не істеді, не бітірді, қандай еңбек етті?! Мінеки, сынасаңыз да сол жұмысына қараңыз. Ал, құр айқай, ғайбат, даттау – іске жүрмейтін мағынасыз нәрсе. Өсекші ғайбат сөзімен адамдардың жанын күйдірсе, сол тілінің өртіне, одан анағұрлым күшті әділеттің өртіне өзі күйеді. Ал көптеген қайраткер, үлкен істерді атқарған, үлкен жүк көтеріп жүрген азаматтар: «Артыңнан үрген итке қайырылма!», – дейді. Шынында да солай, артыңнан үріп жатқан иттің барлығына бұрылып, дауласа берсең, нең қалады, не боласың? Даналар: «Ондайларды игнорировать ету керек, яғни, елемей жүре беру керек!», – дейді. Бір жолы маған да бір кісі: «Анау атақты ағаларың сенің бетіңе күліп қарағанмен, артыңнан жаман сөздер айтады!», – деді. Оған мен: «Артыңнан үрген иттің де ірі болғаны жақсы ғой», – деп, алға

қарай жүре бердім.
Рас, өмірде әзәзілдер неше түрлі ғайбат сөздермен адамды
еліктіреді, азғырады: «Үй, анау анандай екен ғой! Үй, мына кісі
мынандай екен ғой! Біз де оған абалап, табалап қалайық! Жұрт

айтып жатыр ғой!»,- дейді танаурап.
Жоқ, азғырғанға ермеңіз, ойланып алыңыз. Жығылғанды
тепкілеп, сүрінгенге күлген ұят! Кеше ғана сыйласып жүрген
кісіңіздің табаны тайып кетсе, оны табалап жатсаңыз немесе жұрт

шулады екен деп, қосылып абалап жатсаңыз, кім болғаныңыз?
Піл боласыңдар ма, жоқ, қанден боласыңдар ма?
Көшкен керуен боласыңдар ма, әлде үрген ит боласыңдар ма?!
Міне, өзіңіз таңдаңыз!

Әрине, піл болыңыз, керуен болыңыз! Әр кімге бір үрген ит
болмаңыз!
Еңбек етіңіз, көшкен керуеніңізді жақсылыққа түзеп, алға баса
беріңіз!

Артыңнан ит үрді деп, үркесің бе?
Керуен көшер, ит қалар күркесінде.
Өзің таңда, итсің бе, керуенсің бе?
Кім боп ертең қалмақсың жұрт есінде?!

Баянғали Әлімжанов

Он бірінші бөлім Марапат Адам қоғамда, мемлекетте өмір сүреді. Мемлекеттің сыйлықтары, марапаттары болады. Мықты дамыған, іргесі берік елдерде мемлекеттік марапат үлкен мәртебе саналады. Ол адамның сіңірген еңбегіне қарай беріледі. Ондай марапат – орден, медальдарын адамдар мерекелік күндерде кеуделеріне тағып, жарқыратып жүреді. Пайғамбарымыздың: «Берген сыйлықты қабылдап алыңыз!» – деген хадисі бар. Демек, мемлекет тарапынан қандай да бір марапат берілсе, алыңыз! Бірақ, марапат сұрау, сыйлық сұрау, соның соңына түсіп жүгіру, сол үшін таласу, дауласу, бет жыртысу, айла-шарғыға бару – өте бір ұнамсыз қылық, жексұрын құбылыс. Біздің де мемлекетімізде ондайдың бар екені жасырын емес. Аса үлкен еңбектерге берілетін марапаттарды азғантай ғана еңбегі бар, тіпті еңбегі жоқ кісілердің де қағып алып кетіп жатқанын көріп те жүрміз, біліп те жүрміз. Келе-келе мемлекет ісінде мұның бәрі түзелер деп ойлаймыз. Бірақ, марапат, мемлекеттік наградалар – өмірлік мұрат емес. Өмірлік мұрат, өмірдің мәні – одан анағұрлым үлкен, терең дүние. Бірақ, мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін, ондай құрметтердің болуы заңды және ондай құрметке ие болсам екен деген тілектің болуы да заңды. Оған ұялмаңыздар! Соған лайықты еңбек етіңіздер! Ал кейде еңбегіңіз еленбей, уақытында марапатыңызды алмасаңыз, оған бола өкпелеудің, ренжудің, ішіп кетудің, құлдыраудың мүлде қажеті жоқ! Еңбегіңізді жасай беріңіз, алға қарай баса беріңіз! Шын маңызды еңбекті түбінде халық бағалайды, тарих бағалайды. Еңбек Адам өзін артық санаса, ол – астамшылық, асылық, кем санаса – күпіршілік. Шүкіршілігіңізден айнымаңыз!

ешқашан да еш болмайды! Ал енді мемлекеттік марапаттарды қадірлеудің үлгісі аса көп. Марапаты бар, иығында погоны бар адамдарды халық құрметтеген. Тіпті, соғыста шешуші шайқасқа шығарда барлық наградаларын тағып алып: «Мемлекетім үшін, елім үшін соғысып, жан қиюға даярмын!» – деп, бел байлап шыққан ғой! Бүгінде Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік марапаттарының бағасын түсірмей, құнын кетірмей, лайықты дәрежеде сыйлаған абзал! Ол үшін, әрине, марапаттардың айналасында айла-шарғылардың, алып-сатарлықтың, қулық-сұмдықтың болмағаны жақсы. Сонда ғана ол нағыз мемлекеттік дәрежеде жарқырап көрініп тұрады. Тарихта наградаларға қатысты көптеген қызықты жағдайлар болған. Мысалы, Совет Одағы Коммунистік партиясының Бас секретары болған Леонид Ильич Брежнев наградаға өте құмар болған. Ол кісінің дүниежүзі елдерінен алмаған наградасы жоқ. Бір күнде он мемлекеттің жоғары дәрежедегі он орденін алыпты ғой! Бұл шектен шыққандық, күлкілі жағдай! Оны ешқандай шынайы құрмет, лайықты баға деп қарау қиын. Біздің қоғамда да осыған ұқсас құбылыстар жетерлік. Жастар, әрине, жас болғаннан кейін армандайды, үміттенеді, қоғамдық жақсы статус алғысы келеді. Еңбегін бағалағанды жақсы көреді және тезірек бағаласа екен деп асығады. Тезірек дәрежем өссе екен, тезірек марапат алсам екен деп жатса, бұл да табиғи тілек. Тек қана адал еңбекпен алуға тырысыңыздар! Тыйым туралы Адамзат өзінің даму жолында талай белестерден өткен. Сонау арғы дәуірлерден бастап, әр халықтың, әр тайпаның, әр рудың өзінің рұқсат етілген және тыйым салынған жол-жобалары болған. Тыйымды табу деген. Тіпті, жабайы саналған тайпалардың да өзінің моральдық, адамгершілік, діни өлшемдері, рұқсат етілген және тыйым салынған нәрселері болған. Мысалы, Жюль Верннің атақты «Капитан Гранттың балалары» деген үлкен романын бала кезімізде оқыдық. Сонда капитан Грантты іздеп шыққан экспедиция – басшысы Эдуард Гленарван мен әйелі Элен, капитан Джон Манглс, майор Мак Наббс, географ Жак Паганель мен капитан Гранттың

қызы Мэри – барлығы Маори тайпасының қолына түседі. Жаңа Зеландияда. Содан, ақ нәсілді адамдарды өлтіреміз бе, өлтірмейміз бе деп, маорилер екі ұдай болып таласады. Маоридің көсемі бір шешім қабылдай алмай, бір жағы өлімге де қимай толқып тұрады. Олардың ішіндегі Кара Тете деген көсемі Мэриді меншіктеп алмақ болып, қолынан ұстап тарта бергенде, капитан Джон Манглс жасырып қалған алтыатарымен атып жібереді. Сөйтіп, оны өлтіріп тастағаннан кейін, маорилер бұларды өлтірмек болады. Сонда көсемі: «Бұларды біз құрбандыққа шаламыз, тұра тұрыңдар!» деп тоқтатып қояды. Сол кезде капитан Гранттың баласы Роберт сыртта қалған екен. Ол қамаудың қабаырғасының түбін қазып, бұларды шығарып алады. Қашқындарды маорилер қуады. Жанталасып қашқан ақ нәсілді адамдар зиратқа келіп паналайды. Қуып келе жатқан маори тайпасының қарулы адамдары зиратқа басып кіре алмайды. Сөйтсе, олардың ұғымы бойынша, жаңа қайтыс болған көсемнің қабіріне баруға, оның жерін басуға болмайды екен! Сондай тыйым, табу салынған. Сөйтіп, ақ нәсілділер олардан құтылып кетеді. Табу, тыйым – өте бір қатал, қатаң заң болған. Табу салынған жерді басуға болмайды, табу салынған істі істеуге болмайды. Мұндай ұғым, түсінік көптеген халықтарда болған. Атамыз қазақтың да: «Жаман жерді баспа», «Күл төгілген жерді баспа», «Қоқыс төгілген жерді баспа», «Көкті жұлма», «Құйынды қума!» – деген сияқты тыйым сөздері – осы табудың бір түрі. Жаңағы «Жаман жерді баспа» дегеннен шығады, бүгінгі балалар: «Онда тұрған не тұр? Жердің бәрі жер емес пе, басамыз да кетеміз!»,- деп ойлауы мүмкін. Жоқ! Қоқыс төгілген, күл төгілген жерлерді баспа дегенді құр соқыр сенім деп ойламаңдар. Баяғыда «ондай жерде жын-шайтан жүреді, сондықтан жоламаңдар» – деп түсіндіретін. Ал енді шындығына келгенде, қоқыс төгілген жерлерде жаман энергетика бар ғой. Демек, аталарымыз жаман күштердің, жаман энергетиканың жаман жерде болатынын, оның адамға жұғып қалуы, әсер етуі, тіпті ішіне – аурасына кіріп кетуі мүмкін екенін білген. Аяқ астында жынданып, психикалық ауруға шалдығу да сондай жерлерді басып, тіпті, жатып ұйқтап қалғаннан кейін пайда болады екен! Сондықтан аталарымыз ондай жерді басуға тыйым, табу салған. Қандай даналық! Оның арғы жағын түсінбей: «Ой, бұрынғы қазақтар айта береді, онда не тұр?» – деп, қазіргі жастар мән бермей, кез келген жерді тапап өтіп

жүре береді. Жоқ, қарақтарым, лас жерді, жаман жерлерді баспай, айналып өткендерің мақұл. Міне, қазақта осындай тыйым сөздер, тыйым ұғымдар болған. Келе-келе оның бәрін ұмыттық. Енді адамзат баласы заң шығарды. Заң дегенде де, біздің атам қазақтың өз заң жоралғысы болды, «Жеті Жарғы» болды. Ол заң, жосын, жөн-жоба бойынша да халқымыздың жамандық деп санаған нәрселеріне тыйым салынды. Имандылық, адамгершілік жолында да: «кісі өлтірме, ұрлық қылма, өтірік айтпа, зина қылма, ғайбат сөйлеме, адамға қорлық-зорлық жасама!» – деген тыйымдар болды. Мұның қандай қателігі бар? Ал енді біз 20-ғасырдан 21-ғасырға өттік. Демократия, бостандық, азаттық, еркіндік деген жақсы нәрсе, әрине. Сөз бостандығы, ой бостандығы болу керек. Бірақ, осының арғы жағын ойладық па? Бәлкім, сіздің бостандығыңыз екінші біреудің бостандығын аяққа басатын шығар? Қазір бәрін демократия деп, бетімен жібердік. Әркім не істесе де еркін, ерікті деген желеумен не бір азғындықтарға, бұзылғандыққа, бұзақылыққа жол берілді. Әр адам өз өмірінің қожасы, сондықтан не істесе де өз еркі деп неше түрлі азғындықты насихаттаушылар жағы талмай қақсап жатыр. Шешініп, көшеде жалаңаш жүрсе де – адамның өз еркі, әркіммен жүріс қылса да – адамның өз хұқы! Бірақ, адамға бостандық берілсе, сонымен бірге жауапкершілік те артылуға тиіс қой. Кейбір істерге заң жүзінде тыйым салынуы керек. Қазір ол жоқ. Бұл – заңның әлсірегендігі. Ал енді жақсы мағынасындағы тыйымдар әлсіреген уақытта, әрине, сайтани нәрселердің құтыруы, тайраңдауы әбден мүмкін. Біздің қазақтың, жалпы барлық халықтың заңында азғындықтарға бұзылғандықтарға жол беру деген жоқ болатын. Қазір шығарып алды. Әйел бостандығы деп шулайды да жатады. Сонда не, әйелдің әркіммен жүруге де хақысы, бостандығы болғаны ма? Ал, сонда әйелдің ар-намысы қайда қалады? Жеткен жетістігіміз осы ма? Кісінің көшеде қару алып жүруге, немесе қабаған итін бос қоя беруге де еркі бар ма? Немесе осы күні қаптап кеткен қаңғыбас иттерге де ерік беріп қойды. «Иттердің хақын сақтау керек!» –

дейді! Иттің аты ит емес пе, басқаға қауіп төндіреді ғой.
Немесе, педофильдер неше түрлі сұмдықтарды жасап, сотталып,
бес-алты жылда босап қайтып келеді. Неше түрлі психопаттар, кісі
өлтірген қанішерлер де солай. Олардың бәрін бейбіт халықтың

арасына еркін қоя береді – олардың хұқын қорғау керек дейді! Ал,
олар қоғамға қауіп төндіреді ғой. Сонда, басқа бейбіт адамдардың
қауіпсіздік хұқы қайда қалады? Жоқ, олардың бәрін еркіне қоя
беруге болмайды. Оларға заң жүзінде тыйым керек!

Тіпті, әрбір саналы адам өзінің еркіндігіне, бостандығына,
өз нәпсісіне тыйым сала білуі керек. Не істесем де еркім, қалай
сөйлесем де еркім деп тайраңдауға болмайды. Халқымыздың
даналығынан, адамзаттың даналығынан ала отырып, мемлекетте

рұқсат етілген және рұқсат етілмеген нәрселер болуға тиісті.
Мысалы, қажыға барғандар шайтанға тас лақтырады. Ол жай
ғана символикалық әрекет емес. Демек, қажылар бүкіл сайтани
нәрселерге қарсы күресу керек деген сөз емес пе? Біздің дін

жолындағы қайраткерлеріміз кейде осы жағына көп араласа
бермейді. Олардың позициясы кейде түсініксіз болып қалады.
Дін өкілдері неге арсыздық, азғындық, бұзылғандық сияқты
имандылыққа, адамгершілікке, халқымызға жат пиғыл, әрекеттерді

ашық түрде айыптамайды? Оларға неге тыйым салмайды? Елімізде
әркім ойына келгенін істей берсе, бұзылғандығын, азғындығын
насихаттап, тайраңдап жүретін болса, не болғанымыз?
Жауапкершіліксіз бостандық жоқ. Бұзылған, азғын, сайтани

сезімдерге, әрекеттерге тыйым салынуы керек.
Ізгілікті айтамыз, ізгілік жасаймыз дейміз. Ізгілік жасау керек
болса, сол ізгілік үшін күресу де керек! Ең болмағанда қасыңдағы
досың, жолдасың бір бұзақылық, бір азғындық жасайын деп тұрса:

«Әй, мынауыңды тыйсаңшы, мұндай қылықты қойсаңшы! Бұл
адамгершілікке жат!» – деп айта аламыз ба? Айта алатын болуымыз
керек. Әсіресе, досыңа достық сол: «Әй, құтырма, есірме, елірме!»

– деген сөзді айтуымыз керек.

«Бүлінгеннен бүлдірге алма!», «Жаман жолға түспе!» деген атам
қазақтың даналығы қайда?
Қазақтың тыйым сөздерінде үлкен мағыналар тұнып тұр!
Демократияның өзінде еркіндік пен жауапкершілік деген үлкен

ұғымдар бар. Осының шекарасын айқын ажыратып, түсіне білсек,

ұтылмаймыз! Тыйым болу керек! Жамандық атаулыға, азғындыққа, жауыздыққа тыйым болуы керек! Міндет «Өзің сұранып, тіленіп мойныңа міндет алма!» деген пайғамбарымыздың хадисі бар. Ал осыны ойламаған адамдар, әсіресе, жастар біреуге қол ұшын береміз, жанашыр боламыз деп, далбақтап, шапқылап, жүгіріп жүргені. Тіпті, өзінің бүкіл шаруасын, үй-ішінің тірлігін былай тастап, біреудің шашбауын көтеріп, біреудің сойылын соғып, алаөкпе болып жүрген жастар да аз емес. Өзі сұранып, тіленіп алған міндет қиын болады. Атқару да оңай емес, атқара алмай қалсаң бір пәле! Жайдан-жай жауапкер қылып, жаныңды күйдіреді. «Сұрап алған аурудың емі жоқ!» – дейді ғой қазақ. Егер бір жақын кісің атыңды атап, өтініп, тілек қылса, қолыңнан келгенінше, жәрдем бер! Бірақ, біреудің міндетін түгел арқалап, бүкіл мәселесін шешіп беремін дегеннің өзі кейде мұсылмандық жолға да үйлеспейді. Өзіңнің жүгіңді азсынғандай болып, біреудің жүгін көтеремін деп жүргенде, өз басыңа ауыр жүк түссе қайтесің? Міне, сондықтан әр нәрсенің өз орны бар, реті, өлшемі, шегі бар. Кейде біреуге жаныңыз ашып, көмектесе бастасаңыз, бүкіл шаруасын ақырын ғана саған қарай итере салады. Былайша айтқанда, мойныңа мініп алатын, жабыса қалатын кісілер болады. Ол қандай жөнге, жолға сыяды? Біреу біреу үшін өмір сүрмейді ғой. Бұл жағын ойлай бермейміз. Аңғал қазақ баласы далбақтап, біреудің шаруасында жүргенін кейде байқамай да қалады. Ал өзі ұмтылып, тырысып жатқан жақын адамға, дос адамға қол ұшын беру, қолтығынан демеу, рухани күш беру, керек десеңіз материалдық көмек беру – бұл ізгілік, сауапты іс. Атыңды атап шақырмаса, барма! Сөйле деп, сөз бермесе, сөйлеме! Міне, өмірдің қарапайым, дана философиясы осы! Мысалы, біреу бір жерге қонаққа бара жатып: «Менімен бірге жүре ғой!» – дегенге далбақтап еріп жүретіндер де аз емес. Барған үй ұялғанынан еріксіз қарсы алады. Шақырылмаған қонақты ешкім де ұнатпайды. Жоқ,

бізде жастардың арасында сондай бір жағымсыз әдет бар. Біреуі бір жаққа бара жатып: «Сен де жүре ғой менімен бірге. Өзіміз ғой, бара қалайық!» – деп, бір топ қылып ертіп барады. Барған соң әлгі үйдің иесі қысылмай ма? Оның да жағдайы бар, шақырған қонағының саны, мөлшері бар емес пе? Міне, осындай, сұранып, тіленіп жүру деген – өте жаман қылық. Осыдан аулақ болыңыздар! Жастарда тағы бір мынандай жаман әдет бар. Бір жерде жиылып, дуылдасып отырады да: «Қане, бәленшекеңді шақырып ала қояйық!» – дейді. Звондайды: «Әй, келе ғой, мына жерде отырмыз!» – дейді. Сенің аяқ астынан келе ғой дегеніңе келе қоятын ол не қылған адам? Оның жұмысы жоқ па? Оның уақыты көп пе? Қандай қызық жағдай! Немесе, телефон соғып біреумен сөйлеседі де: «Сізбен мына кісі сөйлесем деп жатыр!» – деп, телефон трубкасын жанындағы адамға береді. Кейде мүлде танымайтын кісің, кейде, танысаң да, табан астында сөйлесейін деген құлқың жоқ. Оның да құлқы жоқ. Бірақ мынау: «міне, сөйлес!» – деп, телефонын тықпалап тұрып алады. Не сөйлесесің? Бір ұят, келеңсіз жағдайға қаласың. Осындай бір ырбыңырбың әдеттерден аулақ болғандарыңыз жақсы, қарақтарым! Ойпырмай кейде бір жақсы таныстардың телефон соғып: «Телефонмен тілек айтып, өлең оқып бере қойыңыз! Телефонмен «Манас» айтып бере қойыңыз!» – дегенін де естідім! Телефоннан қалай өлең оқып, жыр жырлап отырасың? Енді осыны ақылыңа салып көр. Бір күні әуежайда қызым Ақкенжені шығарып салдым. Сол кезде қазақтың бір үлкен азаматы звондайды: «Мен бір қонақта отыр едім, Байеке. Мына құдаларға сізді айтып, «манасшы» деп мақтап отырмын! Қанеки, «Манастан» бір үзінді айтып жіберсеңіз!» деп қарап тұр. «Қой, рахмет!» – деп құтылдым. Көзіңізге сол жағдайды елестетіңізші. Әуежайда жұрт ұшаққа мінейін деп жатыр. Мен ана жерде телефонмен күпілдеп «Манас» айтып тұрсам...Ел не дейді, мен не деймін?! Мінеки, осындай келеңсіз, ыңғайсыз жағдайлар бізде қазір өте көп. Адаммен санаспаудың, өзін ғана ойлаудың, рухани сырқаттың көрінісі емес пе?! «Мен звондағанда ол телефонды алу керек те, менің айтқанымды істеуі керек! Орындау керек, өйткені ол менің тілегім!» Бітті, шаруа!

Жоқ, қарақтарым, бұл жөнге сыймайды. Сондықтан, орынсыз
өтініштерді өкпелемек түгіл, өті жарылып кетсе де, орындамау
керек. Өздерің де ондай әдеттен аулақ болыңдар!

Әсірелік Бүгінде әсіре сөздер, әсіре бағалау, асып-тасу, бір жақтылық қалыпты жағдайға айналып кетті. Ойшылдықтың өзі де қызық, сан алуан. Езбе ойшылдық бар, бірдеңені езе беру, осының түбіне түстім екен деп, ал кете береді. Ой әлемі түпсіз ғой, бір-біріне қиыстырып, езгілеп, созғылап, жалғай беруге болады. Немесе, бір жақты ойлау – бұл да қауіпті. Бір жақтылық немесе шолақ ойлау, шорт кесіп, шолтаңдап пікір айту – осындай келеңсіздіктер қаптап кетті. Сөйлемнің басын оқып, аяғына жетпей-ақ, қорытынды шығара беретін де кісілерді көрдік! Сөзді толық тыңдамау, түсініп алмай жатып өзінше бірдемені ойлап шығару, шала-пұла түйіндеу, апылғұпыл пікір айту, әсірелеп, әуеге ұшып кету – әдеттегі құбылысқа айналды. Әсірелік – жарға соғылғанмен бірдей ғой! Мына жарға бір соғылып, ана жарға бір соғылған адам өзінің жүретін жолынан адасып қалады. Бағыт-бағдары, ұстанымы жоқ болады. Сондай бір қиын жағдайға келдік. Жан-жағынан идея, сұрақ қаптаған кезде, қайсын аларын, кімген нанарын, қайда барарын білмей сандалып қалғандар аз ба? Қазақта сөз бар: «Бетімен кеткен», – дейді. Әсіре демократияның сиқын осы сөз дәл береді. Демократия деген ұранды желеу етіп, желбіретіп, біздің елімізді бұзып, балаларымызды теріс жолға салып, аздырып-тоздыруды көздейтін бір күштер жоқ па екен?! Ойсыздық қауіпті десек те Одан да қауіпті Бір жақты ойшылдық! Баянғали Әлімжанов

Ең, ең, ең... Ең, ең деген сөзді – ең керемет, ең жақсы, ең талантты, ең биік деген сөзді адамға қатысты айту қаншалықты дұрыс? Ең керемет – жаратушы құдірет қана. Ал қалған жаратылыста да, адамда да ең, ең деген болмайды. Өйткені, «мынау ең керемет» десең, құдай тағала одан да өткен кереметті жаратқан. Сондықтан, қазақ мұндайда, «бірінен-бірі өткен!» дейді. Адамзат қаншама жетістіктерге жеткен, тарихта қанша тұлғалар өткен. Оларды қалай салыстырып, қайсысын ең керемет дей аласыз? Сондықтан бұл бір қате ұғым. Ең керемет деген сөз кемел адам дегенмен үндесіп жатыр. Кезінде, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында коммунистік партия мен совет үкіметі «жан-жақты дамып, жарасымды жетілген тұлғаны» дайындау деген бағдарламаны жүзеге асырмақ та болған. Денсаулығы мықты, жан-жақты білімді, рухы күшті, жасампаз коммунизм құрылысшысын, құрыштай шыныққан адамды тәрбиелеп, дамытуды шындап қолға алып, бірталай жетістікке де жеткен. Рас, адам кемелдікке ұмтылады, өзін-өзі жетілдіруге тырысады, бірақ: «Совершенен только бог! – Тек құдай ғана кемел!» – деген дана сөзді ұмытпайық! Ал қазір ше? Өздерін ең керемет қылып көрсетеміз, ең кереметті жасаймыз деп, жанталасып жатқандар аз ба? Ақылға салсақ, жалпы жаратылыста барлық адам ерекше, жеке дара, ешкімге ұқсамайды ғой. Жоқ, кейбір кісілер мұндай әсіре, ең керемет дегенді өзіне қатысты айтса екен деп дәметіп, жұрттың аузына телміріп тұрады. Оу, ең, ең, ең керемет деген жоқ! Ең, ең, ең дегеннің өзі – асылық, үлкен күнәһарлық болады. Діни аңыз бойынша Жәбірейіл мен Ыбылыс лағын әуелде Алланың үлкен періштесі болған ғой. Күндердің күнінде періштелерге: «Осы періштелердің біреуі Алланың қарғысына ұшырап, жұмақтан қуылады» деген аян келіпті. Мұны естіп періштелер қорқады, тәуба қылады. Жиылып келіп, әлгі бас періште Ыбылысқа тілек айтады: «Сіз біз үшін дұға қылыңыз. Алладан тілек тілейік, бізді қарғысқа ұшыратпасын! Қуылып кетпейік жұмақтан!» – дейді. «Ал, жарайды», деп, содан Ыбылыс лағын барлық періштелерді тізіп

қойып, намаз оқып, тілек тілейді: «Иә, Алла, мына періштелеріңді қаһарыңа ұшырата көрме! Жұмақтан қуа көрме!» – дейді. «Әумин» десіп, қол жайып тілек қылғаннан кейін, бір періште ақырын ғана: «Сіз жаңа тілек тілегенде, мына періштелерді қарғысқа ұшыраудан сақтай гөр деп тіледіңіз, бірақ өзіңізді қоспадыңыз ғой!» – деп сұрайды. Сонда Ыбылыс оған «Мен өзімді қоспаған себебім – мен ең үлкен періштемін, менің дәрежем сендерден әлдеқайда артық. Маған ондай қауіп жоқ!» дейді. Ақыры сол асылығынан Алланың қаһарына ұшырап, қарғыс алып, Ыбылыс жұмақтан қуылып, шайтан болып кеткен ғой! Міне, асқандық, тасқандық, тәккапарлықтың ең бір шектен шыққан көрінісі осы. Ойлап көрсеңіз, ең керемет дегеннің осындай асылық жағы бар. Ең, ең деген және мен, мен деген нәрсе өте бір сүйкімсіз, құдай сүймейтін, халық айыптайтын қылық. Тіпті, қандай көп еңбек еткен адам болса да, кеудесін қағып, басқалардан астым, тастым деп асылық қылып отырса, ешкім де жақсы көрмейді. Және ол адам сол сәтте өз биігінен құлайды. Сондықтан ең, ең деген сөзді байқап айту керек. Жоқ, қазіргі заманда олай емес. Мынау бірінші нөмірлі, анау екінші нөмірлі, анау бас, мынау кеуде деген сияқты неше түрлі шектеулі, шартты, жасанды өлшемдері бар. Сондай қолдан жасалған қасаң қағидаларына, тар қораларына тұлғаларды топырлатып қамап, сорттап, сөрелеп қойғылары келеді. Тарих, тағдыр, тұлғалар оған сыймайды ғой! Бірде көрнекті кинорежиссер Андрей Кончаловский әлемдік тарихқа әсер еткен атақты алты данышпан еврейдің әңгімесін айтты: Мұса пайғамбар: «Все оттуда! – Барлығы да ана жақтан!» деп, қолымен көкті көрсетіпті. Құдайдан дегені ғой. Сүлеймен пайғамбар: ««Все отсюда! – Барлығы мына жақтан!» – деп, басын көрсетіпті. Ақылдан дегені. Иса пайғамбар: «Барлығы мына жақтан!», деп жүрегін көрсетіпті. Мейірімді айтқан. Карл Маркс: «Барлығы мына жақтан!» деп, қарынын, асқазанын көрсетіпті. «Бытие определяет сознание! – Сананы тұрмыс билейді!» – деп өмірдің ащы шындығын, «Капиталды» жазған. Зигмунд Фрейд, австрияның атақты психолог, психиатры: «Барлығы мына жақтан» деп, кіндіктен төмен жақтыжыныс мүшесін көрсетіпті. «Подсознательное» дегенді жазған ғалым ғой.

Сол кезде атақты физик, данышпан Альберт Эйнштейн: «Ребята,
все относительно! – Жігіттер, бәрі де қатысты, салыстырмалы түрде
ғой!» деген екен!
Не деген даналық! Шындығында солай ғой – бәрі де

салыстырмалы – относительно!
Біз бір керемет палуанды мақтасақ: «О-о, мінеки, ең күшті осы,
ең керемет осы!» – дейміз.
Әй, ол түйеден күшті емес қой!

Бірақ, түйе пілден күшті емес!
Ал, пілді алып деп мақтасақ, ол киттен үлкен емес!
Китті алып деп мақтасақ, ол таудан үлкен емес.
Тауды үлкен деп мақтасақ, ол Жерден үлкен емес.

Жерді мақтайын десең, ол Күннен үлкен емес!
Осылай шексіздікке кете береді. Демек, Құдіретті Жаратушы
бірінен-бірін өткізіп жаратқан ғой.
Онда біздікі не тыраштық? Ең, ең деп еліріп, езіп тұрған не

қылған пендешілік?!
Мен «Мейірімді Асқар» деген балалар ертегісін жаздым. Сонда
малдың төлдері келіп, Асқардан: «Ең керемет менмін! Адамға ең
жақын менмін ғой?!» деп сұрайды.

«Жоқ, бәрің өз орнында тамашасыңдар! Сен – ең керемет сенсің!»

– дейді ақылды, мейірімді бала.

Ал, қалай ойлайсыз? Мысалы, Сіз – ең керемет Сізсіз!
Сізден басқа екінші Сіз жоқ! Сіз өз орныңызда өзіңіз кереметсіз,
тамашасыз, қайталанбайсыз!
Осы тұрғыдан келу керек шығар. Барлық жан иесін Алла тағала

себепсіз жаратпаған ғой. Бәрінің де өз орны, жолы, тағдыры,
атқаратын міндеті, миссиясы бар!
Әр адам өз жолымен керемет!
Адам өзін артық санаса, ол – астамшылық, асылық, кем санаса –

күпіршілік. Шүкіршілігіңізден айнымаңыз!
Танымалдылық
Қай заманда да адам баласы танымал болуға ұмтылған. Бұл
табиғи сезім. «Ер жігіттің еңбегін, есімін ел білсін», «Жақсының

жақсылығын айт, нұры тассын!» – деген халқымыз. «От человека

остается только имя! – Адамның артында тек аты ғана қалады!» – дейді қытай халқы. Ал енді бұл заманда соның біраз өзгерген түрін көріп отырмыз. Танымалдылық дегенді популизмге айналдырдық. Рейтинг деген шықты. Рейтинг қуамыз деп, жанталасқан жандар жындануға жақын қалды. Жұртқа қайтсем жағамын деп жүргендер өзгенің пікіріне тәуелді. Көрерменге ұнамай қалудан қорқады! Қалайда рейтингті түсірмей, көтеру үшін елді елең еткізіп, есінен тандырып, өзіне назар аудартпақ болып, неше түрлі қисынсыз, ұнамсыз қылықтарға да барып жатыр. Және соған көпшілік бұқара халық алданады, сенеді. Кімді экраннан көбірек көрсе, кімді әлеуметтік желіден көбірек тыңдаса, солар ел үшін үлкен еңбек қылып жатыр деп ойлайды. Қазіргі қайнап жатқан заманда нағыз пайдалы еңбек ету деген ұғым тасада қалды. Елдің назарын аудару үшін елді естен тандыратын бірнәрсе істеп, елең еткізетін бірдеңе айту керек. Қайткенде аузыма қаратамын деп, жанталасқан жандар жындануға жақын. Шүкір, үндемей ғана, өзінің орнында жұмысын адал атқарып жатқан адамдар баршылық. Олардың еңбегі тек өзі үшін ғана емес, осы елдің игілігі үшін! Көзге түспей, кеуде қақпай-ақ адамдарды емдеп жатқан қаншама абзал дәрігерлер, бала оқытып жатқан мұғалімдер, үлкен еңбектер жасап жатқан ғалымдар, үлкен кітаптар жазып жатқан ақын-жазушылар бар. Немесе, арпалысып, жанталасып жатқан заманда қазақтың мемлекетін сақтап, нығайтып, қазақ халқын көркейтеміз деп, саяси тартыскүрестерге түсіп жүрген, елдің жүгін көтеріп келе жатқан ер-азаматтар қаншама! Көшеде айғайлап жүрген популистік арзан саясатты емес, кәдімгі үлкен саясатты айтып отырмын. Олардың да еңбегін біліп жатқанымыз шамалы. Ал, желпілдеп арзан ән айтып шыққан немесе нешетүрлі құбылып, пәле қуып, қитұрқы іс-әрекеттерді жасап, шулап жатқандарды: «Міне елдің азаматтары, халқымыздың болашағы осылар! Бұлар елдің тірегі ғой!» – деп, аңғал бауырларым қол соғады! Ал солар не бітіріпті ел үшін? Қане, қандай еңбегі бар? Дым да жоқ! Құр айқай, көбік сөзден басқа, мардымды түк те істемеген! Мен бір нәрсеге қайран қаламын: халықтың алдына шығып, байсалды, ақылды, нұсқалы сөз сөйлеген адамға көпшілік назар аудара бермейді, тіпті, ол адам есте де қалмайды. Тамырлы, сабырлы еңбек жасаған немесе

маңызды кітап жазған жандарға да «е-е, жарайды» дейді де, қоя салады. Ал бетпақ, дөрекі популист жиналыстың үстінде біреудің жағасынан алып, бетін тіліп немесе үстіне су шашып жіберсе, айғайлап көшеге шықса, бүкіл ақпарат құралдары жабыла шулап, қолма-қол «герой – батыр» жасай қоятыны несі? Бүгінгі заманның бағытын айқындайтын тек солар сияқты! Соларға елігіп, желігіп, еріп кететіндерге не дерсің?! Бұл да бәлкім біздің қоғамның, әсіресе қазақ халқының осындай психологиялық құбылыстардан, аумалы-төкпелі кезеңдерден өтпегендігі шығар. Мұндайды көрмегендігі шығар. Әйтпесе арғы түбін ойламай ма? «Анау қызыл сөзді көпіртіп, қанға ойнап, намысқа тиіп, от жағып, шағыстырып, арандатып сөйлеп тұрған кісілер не айтып тұр? Кімнің сойылын соғып тұр? Неге, не үшін сөйлеп тұр? Кімнің ақшасына сөйлеп тұр?!» дегенді ойлау керек қой. Жоқ, «міне мынау халықтың қамын жеп отыр!» – деп, бас шұлғып, көзсіз сене беретін аңғал ел бірдемеге арандап қала ма деп, еріксіз алаңдайсың. Осы сөйлегеннің бәріне еліккеннің не жақсылығы бар? Көп сөйлегеннен іс біте ме? Айтқанынан бірдеме өне ме? «Мен мұны баяғыда айтқанмын! Мен бүйтіп айтқанмын!» деп, кеуде қаққанннан не пайда? Мың сөзді айтқанша, бір түйір іс бітір! «Дүние неге қараңғы деп байбалам салғанша, бір шырпы болса да жағып, айналаңа жарық түсірген артық!» – деген Конфуцийдің даналығы еске түседі. Жоқ, істің барлығы былай қалып, арзан популистер қазіргі заманның «геройлары», «батырлары» саналып жүр. Солар бүгінде: «Қайтсең де елді аузыңа қарат, есінен тандыр, шулат!» – деп жанталасып жатқан жоқ па? Қырғыздың өткен ғасырдағы даңқты ақыны Тоқтағұл жас ақын Барпыға: «Елді аузына қаратам, дегендерден болмағын!» – дейді. Бұл сөздің мағынасы өте тереңде жатыр. Қайткенде елдің көзіне түсу, қайткенде елді сөзіңе ұйыту – мақсат емес, мұрат емес. Халық бәрін біледі, түсінеді, ойланады, толғанады. Оның барлығы уақытша желік, желмен келіп, желмен кететін нәрсе. Танымалдылық пен нағыз көрнекті еңбектің арасы екі басқа нәрсе. Жастарға айтатыным: «Жылтырап көзге түсуге құмар болмай, тамырлы, түбірлі, мағыналы еңбек етіңіздер. Еңбектің аты – еңбек, оны ешкім ешқашанда жұлып алып тастай алмайды! Бұл керемет нәрсе!» Жалпы жұрттың түсінігі қызық қой. Бұрын теледидарға шығып

жүрген саяси қайраткер, ғалым, тағы басқа адамдар кейде экраннан көрінбей кетеді. Оның жұмысы экран емес, басқа ғой. Сөйтсе, көпшілік: «Пәленше қайда жоғалып кетті? Көрінбейді ғой, саудасы бітті ме, құрыды ма?» деп, қарап отырады. Кім теледидарда, әлеуметтік желіде көбірек көрінсе, сол керемет еңбек етіп жатқан сияқты болып саналады. Біртүрлі түсінік! Шындығында олай емес қой! Экранда көрінунасихаттың ғана түрі, ол еңбек емес қой. Ал қайда жоғалып кетті деген кісі ешқайда жоғалып кеткен жоқ, құрыған жоқ, өзінің жолымен жүріп, тиісті жерінде, өзінің бақшасында еңбек етіп жатыр. Популистер мақтанып, даңқылдап, жұртқа көрсетіп малын шашып, өзінің танымалдығына – рейтингісіне қызмет етеді. Ал нағыз елін сүйген азаматтардың үндемей ғана жасаған еңбегінің, жақсылықтарының жемісін, игілігін халық көреді. Үлкен еңбек ешқайда жоғалып кетпейді. Ол құдайдың есебінде, халықтың есебінде! Мұхтар Әуезов жас ақын, жазушыларға: «Америкадағы атақты Бруклин көпірін кім салды? Оның атын ешкім біле бермейді, бірақ көпір тұр. Мыңдаған, жүздеген, миллиондаған адам өтеді үстінен! Қандай ұлы еңбек! Жоқ, ол адамның аты өшкен жоқ. Оның аты тарихта тұр! Ал сіздер бір кішкентай кітап шығарсаңыздар, мұқабасында аттарың жазулы тұрады. Одан артық қандай насихат керек?!» – деген екен. Иә, тарихи шындық – үлкен еңбек жасаған жандардың есімдері талай популистерден анағұрлым артық, ардақты! Сондықтан арзан, жалған, жылтырақ, желкілдеген желікке алданбаңыздар. Не істейтіндеріңізді анықтап алыңдар да, сол еңбекті жасаңыздар! Нақты, мәнді, ірі істер атқарыңыздар. Ал тарих бәрін тауып алады, орнына қойып, бағасын береді! Рас, танымал болудың, абыройлы, атақты, даңқты болудың ешқандай айыбы жоқ. Адамға ол керек, бірақ нағыз даңқ – нағыз еңбекпен келетін дүние. Лайықты еңбегімен, ерлігімен бүкіл халықтық, бүкіл әлемдік атақ-даңққа бөленген тұлғалар тарихта асқар таулар болып тұр! Ондай атақ-даңқты, абыройды ешкім де жек көрмейді және жоққа шығармайды. Оған ұмтылыңыздар, керек десеңіздер. Бірақ, соған лайық еңбегіңіз болсын, даңқ биігіне еңбегіңізбен, ерлігіңізбен жетесіз! Елігумен, желігумен, көпірме сөзбен, кеуде соғумен жеткен алдамшы табыс – көбік сияқты, уақыт

желі үрлеп қалғанда, жоқ болады да кетеді. Сондықтан, адал еңбек етіп, елдік мәні бар үлкен істерді атқаруға тырысыңыздар! Тасыну мен басыну Қандай да бір еңбек жасасаңыз да, абыройдаңққа бөленсеңіз де, жұлдыз болып жарқырасаңыз да ешкімге, ешқашан да еңбегіңізді бұлдамаңыз! Өзге адамдарға, әсіресе елге, халыққа, мемлекетке міндетсінбеңіз. Бұл бір қатерлі рухани дерт. Азды – көпті еңбек етіп, атағы шыға бастаған адамдар айналасынан бір ерекше құрмет, сый дәметіп тұрады. «Мен міне осындай болып қалдым ғой! Мені неге қадірлемейсіңдер, бағаламайсыңдар?» – деп, кеуде қағып шыға келеді. Көзіне шел, көкірегіне жел бітеді. Бір жерге бастық бола қалған кісілердің, немесе бір ерлік жасап, батыр болған кісілердің, немесе ақын, әртіс, әнші сияқты жұлдыз болған кісілердің осындай желігі болады. Бұл бір қызық нәрсе. Ал, көзіңізге елестетіңіз, үлкен қалалардан, Астанадан, Алматыдан ауылға әлгіндей жұлдыздар келеді. Кеуде керілген, танауы көкке көтерілген, адамдармен әрең амандасып, күшеніп сөйлеседі. Бұлданып, бұл жерге келгеніне міндетсініп тұрады. «Әй, мені сыйлаңдар, менің кім екенімді білесіңдер ме?» – деп те жібереді. Тіпті қасындағы шашпау көтерушілері де: «Білесіңдер ме мына кісінің кім екенін?» – деп қадала сұрап алады да: «Біліп қойыңдар, бұл сондай да сондай! Мұны құрметтеңдер, жандарың қалмай жүгіріп жүріңдер! Ойбай-ау, бұл кісіні алақанға салу керек қой. Басымызға, төбемізге көтере алмасақ, несіне ел болып жүрміз?! – деп, қыздырып қояды. Анау одан сайын шірене түседі. Ал, ойлап көріңіз, неге, неліктен? Ол да адам, ауылдағы қарапайым қазақ та адам! Ауыл адамы неге анаған жалпақтап, төбесіне көтеріп, арқалап жүруі керек? Ол сол үшін келіп пе өмірге? Ойхой, неше түрліні көрдік, естідік. Бір ақын қарындасымыз, айтыс ақыны, елге келгенде: «Неге мені дұрыстап сыйламайсыңдар? Сендер ел емессіңдер! Түк көрмегенсіңдер, қазақылықты ұмытып кеткенсіңдер! Жөн білсеңдер, біз сияқты адамдардың аяғына су құюларың керек қой!» – деп айтқанын естідік. Елдің адамдары

шыдамды ғой. Ананы аяғынан алып: «Қайда барсаң онда бар!» – деп, киіз үйдің есігінен лақтырып жібермеген! Ертеректе, 1981 жылы Торғай облысында әдебиет күндері болды. Үлкен ағаларымыз бастап барды. Содан, қонақ үйге орналасып жатқанбыз, айғай-шу шықты. Барсақ, бір ақын апамыз бұлқанталқан. Қонақ үйге түсіргенде, қонақтардың бәріне бірдей бір кісілік бөлме беріпті. Барлық жағдайы жасалған, жуынатын-шайынатын жері, жататын орны бар. Арқалықтың сол кездегі ең бетке ұстайтын қонақ үйіне түсірген ғой. Сөйтсе, ана кісінің көңіліне келгені – үлкендерді Обкомның резиденциясына алып кеткен екен. Соған бұлқан-талқан болып: «Мені неге сыйламайсыңдар? Өзге елдер қыз ақындарын керемет қылып, бастарына хан көтереді! Мен олардан кем бе едім? Мені неге бұлай қорлайсыңдар!?» – дейді. Ал, қыпқызыл айғай болды! Бәріміз дүрлігіп, есіміз шықты. Мен ол кезде жиырма жеті жастамын. Түк түсінбеймін. Ау, келдің, түстің, қонатын жерің бар, жарқырап жүре берсейші. Ел онсыз да дүрілдетіп қарсы алып, тамаша кездесулер өтіп жатыр. Обкомның бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков өзі бас болып қарсы алып, бүкіл аудандардың басшылары тік тұрып жатыр. Жұбан Молдағалиев Жазушылар Одағының басшысы. Сырбай Мәуленов, Мұхаметжан Қаратаев, Әбіраш Жәмішев, Софы Сматаев секілді небір ығайсығайлар келген. Міне, сондайды көрдік. Ақыры, бақырса да, шақырса да сол бөлмеде қалды-ау деймін. Бірақ, өте бір ыңғайсыз жағдай болды. «Бұл кісі неге соншама бұлданады екен?!» – деп, жыным ұстап, ыза боламын. Сонда Сыр ағаң қолма-қол: Арқалыққа барғанда, Сіркіреп жаңбыр жауғанда, Сырбайлар кетіп Мұқаңмен, Ақын қыз қаңғып қалғанда..». деп, өлең шығарып, күлдіріп айтқаны да бар. Жалғыз бұл емес, талай көріп жүрміз. Берген асына, түсірген қонақ үйіне, мінген көлігіне риза болмай, лаңдатып, шаңдатып жүргендер қаншама! Ол аздай: «Ана кісі анандай бөлмеге түсіп қойды, мынаның бөлмесі мынадай!» – деп, соған дейін сөз қылып, дауласып жүреді. Есіме «Айман-Шолпан» жырындағы Көтібар мен Маманның ерегескені түседі. Той қылған елде бір керемет, жалғыз ақ орда бар екен, соған Маман байды түсірген ғой. Жыр бойынша,

Көтібар келіп: «Маманның түскен үйін маған бересің! Мен одан кеммін бе?!» – деп, соған таласады. Сөйтіп, жанжал басталып, екі рудың арасында соғыс болып кете жаздап, Айман қыз ақылымен тоқтатқан ғой. Осы күнде де солай. Мен Алматыда да тұрдым, елде де тұрдым ғой, екі жағын да ептеп білемін. Яғни, делегацияға қосылып, талай елге де бардым, ауылда тұрып, келген делегацияны қарсы алып та көрдім. Аналар келе жатыр дегеннен ел шапқылап, дүрлігеді. «Ойбай, аналар келе жатыр екен. Қалай бұлардың бабын табамыз? Қайтсек осылардан аман-есен құтыламыз?» – деп жанталасады. Бәрінің ойы осы. Құрметтеп, ел қуанып жатыр екен деп алданудың қажеті жоқ. Аудан әкімінен бастап, ауыл басшыларына дейін құрметті қонақтар «тыныш келіп, тыныш кетсе екен!» – деп отырады. Неге сондай халге жеткіздік? Келген адам зиялы болса, елді қуантып, нұрландырып, кетуі керек қой. Өкінішке орай, біраз дөкейлер дүрліктіріп, жанталастырып, уландырып кетеді. Бір жұлдыз әншілердің тобы қалаға барғанда, жергілікті музыканттардың біреуі ұнамай қалыпты. «Неге бұлай ойнайсың, кет бар, біз ойнаймыз!» – деп қуыпты. Анау да адамның баласы, бір-екі ауыз сөз айтып, өзінің пікірін білдірсе керек. Жұлдыздардың жыны ұстап кетіп, жанағымен жанжалдасады. Анау да жеңіле қоймай, табанды түрде қарсылық көрсетіп, қағысып қалыпты. Содан, жұлдыздар телефонмен өз адамдарын, бұзықтарды шақыртып, әлгі жергілікті музыкантты әбден сабаған ғой. Соған ләм-мим деген кісі болмапты. Неге? Себебі, оларға сүйеніш болып, құтыртып отырған – билік өкілдері, бай алпауыттар! Оларға ондай хұқықты кім берді? Құдайдан қорықпайтын, халықтан ұялмайтын жандарға амалың бар ма?! Немесе, кейбір «еркелердің» сахнадан үлкен кісілерге айғайлап, аппақ сақалынан ала жаздағанын да көріп жүрсіздер. Бұл не сонда? «Ел ғой, елге келген соң еркелеп жатырмыз ғой!» – дейді. Ай, еркелететін қай елің бар? Ауылда қандай жағдай қалды қазір? Сонда немене, басқалар сені еркелету үшін жаралып па бұл өмірге? Ел үшін еңбек қылсаң – міндетсімей қыл! МәшҺүр Жүсіп атамыз: «Іс қылсаң құдай үшін ниетпен қыл, риямен өз ісіңді өзің жойма!» дейді. Яғни қалтқысыз, халқың үшін, өнер үшін еңбек ет! Ол

саған адамдардың төбесінен қарауға, адамдарды басынуға, оларды кемсітуге ешқандай хұқық бермейтінін есіңе жақсылап тоқып ал! Шынында да, неге сенің алдында адамдар құрдай жорғалап жүгіріп жүруі керек? Шетелге бардық, талай ел көрдік, лайықты қарсы алады, құрметтейді, сөйлеседі, сөзіңді тыңдайды, бірақ ешкім де саған жалпақтап, есі шығып, қалбалақтап жатқан жоқ. Бізде жағдай басқаша: «Ойбай, ол пәленшекең ғой, бүйтейік! Ой, анау түгеншекең ғой, сүйтейік!» – деп, айтқанын екі етпей, сұрағанын беріп жатады. Өйткені, олардың артында тағы да сүйенетін тіректері бар! О, айналайын-ау, ол да адамның баласы ғой. Еңбек қылса, еңбегін құрметтейік, қадірлейік, есімін сыйлайық, бірақ әр нәрсенің өлшемі, шегі бар емес пе?! Айта берсең, осындай жағдайлар өте көп, күнде болып жатыр. Саралап, таразылап көріңіз: Астанадан топ-топ болып облысқа келеді, облыстан топтанып ауданға келеді, ауданнан ауылға келеді. Әр түрлі дәрежедегі басшы, бастықтар, қызметкерлер, өкілдер, тексерушілер, нұсқаушылар – бәрі күн сайын ағылып жатыр. Негізі, тексеріп, тепсініп келеді. Ал енді оларды құрметтеп, күту керек. Ішіп –жеу керек оларға! 1990 жылдарда, қиын кезде көргенбіз – осындай қонақтарға беретін қонақасы таба алмай, ел қатты қысылатын. Аудан әкімі ана кәсіпкерден, мына кәсіпкерден, ана ауылдан, мына ауылдан үзіпжұлып, құрап-сұрап, бірдеме қылып, әрең құтылатын. Тіпті совхоз директорлары мынадай айла тауып алған: ауылда бір кісілер өзін қонаққа шақырады ғой, соларға бармай қоя тұрады. Содан, сырттан әлгіндей комиссия келгенде, әлгі кісіге: «Маған беретін қонақасың қайда, соны осы қонаққа бере қояйық! Менен де құтыласың, мыналардан да құтыласың!» – деп, айла тапқанын да көргенбіз. Бұл бір шапқын, нашествие, былайша айтқанда. Осыны, шіркін, заңмен тыйса ғой! Жоқ, ел болған соң дәстүріміз, қазақы қалпымыз деп, келіп қалған кісілерді амалсыз қарсы алып, құрметтейді. Бірақ, оның да өз орны, реті бар емес пе?! Ал, содан ауылға барып алып, ішетін жігіттер ішіп алады да, екі-үш күн шықпай жатады ғой. Соның айналасында бүкіл жұмыс тоқтайды. Оларға бірдеңе дейін десе, бәрінің арқа сүйеп келген кісілері бар. Бұлар жай бармайды. Жұлдыздар, жұлдызсымақтар елге барғанда, мына жақтан, жоғарыдан телефон

соқтырады. Министрліктен, үкіметтен, әкімдіктен қолдаушы
тауып: «Ал, осындай кісілер бара жатыр, жақсылап күтіп алыңдар!
Ренжітпеңдер, құрметтеңдер, беріңдер, төгіңдер!» – дегізеді.
Бұл не қылған тіршілік? Анау звондап тұрған бастық не қылған

адам? Неге бір екі-ауыз ән айтты екен деп, адамдарды сабап,
басынып, тепсінетін халге жеткізеді? Қайдан қаптаған комиссия?
Не қылған бітпейтін тексеру? Бәрінің арғы жағы, түпкі мақсаты –
ішіп-жеу, бірдеме алу, пайда табу, ауылды шабу! Қорқытып, үркіту,

тасыну, басыну! Іріп-шіру деген осыдан басталады.
Мұның бәрін қарапайым халық біледі. Пәленше келгенде былай
болып еді, түгенше келгенде былай болып еді деп, мазақ қылып,
күліп отырады.

Жастарға айтарым: «Үлкен биіктерге, еңбектің, биліктің, өнердің,
байлықтың биігіне шығамын десеңдер, кішіпейіл болыңдар,
қарапайым болыңдар! Ешкімге де, елге де, жерге де бұлданбаңдар,
міндетсімеңдер!

Асылық,
астамшылықтан
аулақ
болыңдар!

Кішіпейілді құдай да, халық та жақсы көреді!»
Еліңе қандай еңбегің,
Алғаның мен бергенің?
Алғаннан берген аспаса

Кеудеңді босқа кермегін!
Баянғали Әлімжанов
Көпшілік дауыс
Бізде қалыптасқан тәртіп бар.

Жазылмаған заң!
Қандай да бір мәселеде болсын, қай кезде де көпшілік дауыс
жеңеді!
Демократия деп қоямыз оны. Ал, шындығында солай ма?

Көпшіліктің диктатурасы емес пе бұл?
Кеңес заманында: «Азшылық көпшілікке бағынады!» – деген
бұлжымас қағида болған. Бұл баяғы большевик, меньшевик деген
тартыс, таласпен сабақтасып жатыр.

Француз философы Дени Дидроның: «Для истины есть настоящий
триумф, когда ее признают малые, но достойные. Быть угодным

каждому не ее удел! – Ақиқатты аз болса да, лайықты адамдар танып, қабылдаса, сол оның жеңісі. Әркімнің ығына жығылып, әуеніне төңкерілу – бұл ақиқатқа жат нәрсе!» деген сөзі бар. Қоғамда демократиялық, әділет жолы салтанат құрсын десек, әр адамның пікіріне мән берілуі керек. «Жоқ, бір адамның айтқанын неге қабылдауымыз керек, көпшілік айтты, болды!» – деп, жығып беруге бола ма? Сонда көптеген қателіктер болмас еді. Аз болса да, ақылды адамдардың сөзіне тоқтау керек қой. Жоқ, қоғам өмірінде айтылған сөздің, дәлелдің, пікірдің ақиқаттығына яки ақылдылығына қарамайды, көп дауыс алғанына қарайды. Билік маңындағы түрлі комиссиялардың жұмысына, көпшілік дауыспен қабылдаған шешімдеріне жұртшылықтың наразы екені жасырын емес. Олай болмау керек. Арғы жағына үңіліп, сараптап, талдап барып шешім қабылданса, көп қателіктер болмас еді! Расында да көпшілік дауыс дегенге ойлана қарау керек. Қазір әлеуметтік желіні алыңыз, басқа бұқаралық ақпарат құралдарын алыңыз, көпшілік шулап жатады, сөйлеп жатады. Әңгіменің байыбына да бармайды. Мәселені түбегейлі білмейді де, біреу бүйтіпті десе: «Ей, ол оңбаған неге сүйтеді, бүйтеді!?» – деп, жабыла талайды. Немесе, қандай бір ұры-қарыны, қылмыскерді ақтап, халықтың қамын жеген батыр деп улап-шулап мақтайды. Қандай да бір маңызды мәселелерді көпшілік дауыспен шешу дұрыс па?! Көпшіліктің айқай, шуы диктат, пікір зорлығы емес пе? Жауапкершілікті көпшілікке итере салып, тасада тұрып шешім қабылдау қаншалықты әділетті? Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды, Әдеті надан адамның! – деген Абай атамыздың сөзін естен шығармайық! Американ жазушысы, детектив жанрының негізін салушы Эдгар Аллан По: «Мнение большинства всегда ошибочно, ибо большинство людей – идиоты! – Көпшіліктің пікірі әрқашан да қате болады, өйткені адамдардың көбі – нақұрыстар!» – деп, ащы да болса ашығын айтады. Демек, билік қандай бір түйінді мәселені шешерде көпшіліктің санына қарап емес, білімді, парасатты адамдардың санасына жүгініп, сарабына салып, пайдалы шешім қабылдау керек шығар!

«Көп қорқытады, терең батырады!», «Көпке топырақ шашпа!»,
«Көпті жамандаған көмусіз қалады!», – дейді қазақ. Мұның бәрі
өмір, тарих тәжірибесінен түйген сөз. Көпшілікті сыйлау керек,
бірақ, көп айтты екен деп, қате нәрсені қолдап, ақты қара деуге

болмайды ғой!
Күлкі
Күлкі туралы даналар талай ойлар айтқан. Күлкі өмірдің көркі,
қызығы деген. Сонымен бірге, құр дарақы, бос күлкіні ұнатпайды.

Ол да рас, құр беталды, бостан – босқа, не болса соған таңқылдап
күліп, ыржыңдай берген де жақсы емес.
«Бейғам күліп көрмеген соң өз басым,
Бос күлкіні ұнатпаймын біртүрлі!» – дейді Мұқағали Мақатаев.

Бірақ, күлкі бар, адамдарға керек және көпшілік, бұқара халық
рахаттанып, шек –сілесі қатқанша күлгенді жақсы көреді. Ол өте
дұрыс, сондықтан тым ақылды бола бермей, кейде баладай мәз
болып, күлген де бір керемет. Мысалы, адамдар бір-бірімен күліп

амандасқанда қандай жақсы, жаныңыз жадырап қалады. Ал бір
жиында біреу қабағын түйіп отырса, басқа адамдардың да көңіл
күйі түсіп кетеді. Күліп жүрген адам өзге адамдардың да жанына
жағады. Дәрігерлердің айтуынша, шын ниетімен, жан-тәнімен күлу

– адамның денсаулығына өте пайдалы екен. Сонда адам ағзасынан

түрлі заттар бөлініп, адамның денсаулығын нығайтуға, күшейтуге,
өмір жасын ұзартуға үлкен септігі тиеді екен. Сондықтан,
шамаларыңыз келсе, күліп жүріңіздер. Оңаша қалғанда күлкілі
жағдайларды есіңізге алып, әбден бір рахаттанып тұрып, сылқылдап

күліп алсаңыз, өте пайдалы. Таңертен бір жақсылап күліп алсаңыз,
ол күні бойына сізге үлкен қуат, жақсы энергия береді. Иә, бір-
біріңізге күлкі сыйлаңыздар! Әрине, ертелі-кеш ештеңе ойламай,
құр ыржалақтап күле берсең, ол да қиын нәрсе. Тек қана шектен

шықпай, күліп-ойнап, әзілдесіп, шуақты күлкімен жан жадыратып,
адамды қуантқан қандай жақсы! Иә, әрдайым күліп кездесейік!
Күлкінің қызықтығы, адамдарды қызықтыратыны сондай, байқап
қарасаңыз, барша адам күлгенді жақсы көреді. Тамашаларға барады,

әзіл-сықақ шоуларға барып, рахаттанып күлгенді жақсы көреді. Бұл
дұрыс, өте керекті нәрсе – адамның эмоциясы қозғалады, көңілі

көтеріледі, өмірдің қиындық, ауыртпалық жағдайларын ұмытады. Әрине, екінші жағынан бос күлкі, ертелі – кеш ыржаландап күле беру де дұрыс бола қоймас. Міне, осының ара жігін дәл тауып ұстай білген жөн шығар. Ал енді адам неге күлкіге құмар? Не нәрсеге күледі? Неге күледі? Бұл да үлкен сұрақ. Концерт залында отырған адамдарға зер салып қарасаңыз, біреулер сылқ-сылқ күліп, рахаттанып қарқылдап жатса, біреулер үндемей жымиып қана күледі, енді біреулер томсарып, ойға батып отырады. Демек, күлкінің де өз дәрежесі болғаны, яғни, күлкі де әртүрлі, оның деңгейі де әртүрлі. Балалар, мысалы, болмашы нәрсеге де күле береді. Бір жерде бір адамның ерсілеу бір қылығы, қозғалысы болып қалса, немесе киімінің бір жері жыртылып қалса – бала мәз болып, соған да күледі. Көктайғақта, көшеде бір үлкен кісі кетіп бара жатып, тайып жығылса, балалар соған да мәз болып, сықылықтап күледі. Анау адам тайып құлады –ау, ол кісіге қиын-ау, бір жері сынып қалған жоқ па деген нәрсені ойламайды. Бұл балалықтың күлкісі. Ал енді кейбір үлкен кісілердің өзі де сондай. Біреу құлап жатса: «Ананы қара, үпүлкен кісі тайып жығылды. Ойбай, тырайып құлап жатыр, ұятай!» – деп, күліп тұратындар болады. Ол ақылсыздықтың, сана – сезімнің төмендігінің белгісі. Өмір болған соң, кісі тайып жығылмай тұрмайды. Жақсы жандар оған жанашырлық көрсетіп: «Бір жеріңіз сынып қалған жоқ па? Ауырып қалған жоқсыз ба?» – деп, қолтығынан демеп, тұрғызып жіберу керек қой. Өмірде осындай жағдайлар өте көп. Тайып жығылуды бір жағы бейнелеп айтып отырмын, өмір жолында адам қандай да бір қиындыққа ұшырайды, жаза басады, жаңылады. Ал оны табалап күлу деген – адамшылыққа жат нәрсе! Міне, күлкінің түр-түрі дегеніміз осыдан келіп шығады. Негізінде, адамдар біреуге күлгенде, ойланбастан күледі, ал өзіне біреу күлсе, жата қалып ашуланады, шамданады. Бәрі де күлкі болмағанды қалайды, күлкі болмасақ екен дейді! Сонда, әлгі өздері әжуалап, мазақтап күлген адамдар қандай күйде болғанын сезінер ме екен? Демек, күлкінің де күлкісі бар. Күлкінің өзі, адамның неге күлетіні, қалай күлетіні адамның мәдени деңгейін, ой-өрісінің дәрежесін көрсетіп тұрады. Сондықтан да күлкінің өзі неше түрге

бөлінеді – астарлы күлкі, мағыналы күлкі, мәнсіз күлкі, ыржықайтыржықай күлкі, қылжақ күлкі, жеңіл күлкі, ащы күлкі, ауыр күлкі, қуанышты күлкі, шат күлкі деп бөліне береді. Сонымен бірге, біреуді табалау күлкісі деген болады. Осының бәрін айыра білген жөн. Осылардың ең жақсысы, әдемісі – шат күлкі. Қуаныш, қызықтың күлкісі керемет. Алаңсыз, шаттанып, рахаттанып күлу – денсаулыққа өте пайдалы. Ол біреуді мазақтап, табалап күлу емес, бір-біріңе қалжыңдап күлу. Тіршілікте, күлкілі жағдайларда әзілі жарасқан жандармен бірлесіп күлу. Мұның үстіне, адам өзінеөзі күле білуі керек! Өзін – өзі әзілдеп, өзін-өзі көтермелеп, кейде, керек десеңіз, өзін-өзі сықақтап, әжуәләп, өзінің бір кемшіліктерін, қызық қылықтарын күлкіге айналдырса, көп нәрсені жеңеді. Мысалы, кісі кейде бір ыңғайсыздау жағдайға тап болады, содан кейін ренжіп, өзін – өзі тырнап: «Әй, мен ұятқа қалдым ғой, масқара болдым ғой!» – деп жанын жеп, қайдағы бір ұсақ-түйек нәрсенің өзіне күйініп, әлек болады. Өйтіп өзін-өзін тоздырудың қажеті жоқ, оны әдемі ғана күлкіге айналдырсаңыз, бәрі орнына келеді. Көздің жасын күлкіге айналдырған Қожанасырды еске алыңыз да, күйінішіңізді күлкіге айналдырыңыз! Өзіңізге өзіңіз күле білген жақсы негізі. Шуақты күліңіздер, шуақты күлкі жанға пайдалы! Ал өмірде кекесін, ирония, ащы мысқыл, сарказм, сатира бар емес пе? Оны қайда, қашан, қалай қолдану керек? Сатиралық әдебиет деген тұтас бір әлем бар. Ол кімді, нені күлкі қылады? Ол әдебиет адамды табалауға, мазақтауға, қорлауға бағытталмаған. Адамға тән рухани дерттерді, қоғамға тән әлеуметтік кемшіліктерді әжуалай отырып, түзетуге арналған. Осыған қатысты пайғамбарымыздың хадисі де бар. Ол хадистің мазмұны – қауым елден ұялмайқызармай, қасақана қысастық, қиянат жасаған, халықтың хақысын жеген, елді ренжіткен кісілерді әшкерелеп, ашық әжуалауға болады дегенге келіп саяды. Бұл – бүкіл сатиралық әдебиеттің бағытын айқындайтын даналық сөз деп білеміз! Әзіл Адам баласы бір бірімен әзілдейді, қалжыңдайды, көңілін көтереді. Қазақта: «Әзілің жарасса атаңмен ойна!» – деген сөз бар. Әсіресе қатар құрбы, жастар бір бірімен қалжыңдағанды, күлгенді

жақсы көреді. Риясыз, таза көңілмен әзілдесу – адам жанына шуақ сыйлайды, адамды адаммен жақындастырады. Бірақ, әр нәрсенің екі жағы бар десек, мұның да екінші жағын ұмытпайық. Әзіл – ә – зіл, яғни, арғы жағы зіл, немесе әзәзіл деген сөзге айналуы да оп-оңай. Демек, әзілдің өзін байқамасаңдар, адамның көңіліне тиіп кетулерің мүмкін. Мәселен, жолдасыңыздың, құрбыңыздың ұнатпайтын бір жағдайлары болады, соны ойынға айналдырып, қылжақтасаң, ол саған ренжуі мүмкін. Тіпті, сіздің әзіліңіз оған зіл болып тисе, әзәзіл болып азғырып, аздырады да, ол достығынан безіп, сізге қас болып кетуі мүмкін. Сондықтан, әзілдессеңіз де, алды-артын ойлаған жақсы болады. Әзілдің ішінде ең күшті, жақсы әзіл – зілсіз әзіл. Белый юмор – шуақты әзіл бір ғажап құбылыс қой! Сіздің әзілдескен адамыңыз сіздің әзіліңізден, қалжыңыңыздан көңілі көтеріліп, қуанып, бір жасап қалса қандай ғанибет! Қандай да бір адамның ұнатпайтын нәрсесін, өмірде бір ұятқа қалған жағдайын көріп, біліп, теріп алып, жұрттың алдында мазақтап, қылжақтап, ырбаңдап отырсаң, оны ешкім де жақсы көрмейді. Жалпы, аса қылжақпас болған жақсы емес. Ал енді әзілдегеннің өзінде де абайлап, байқап әзілдеген жақсы болады. Әзіл туралы, юмор туралы даналардың айтқан сөздері аз емес. Біздің атам қазақ та да үлкен-үлкен жақсы дана сөздер бар. Оның бәрін білген мақұл. Сондықтан, әзілің жарасса деген сөз өте жақсы. Әзілдерің жарасып жүрсін және ол жан шуағы төгетін жақсы әзілдер болсын! Әсіресе, мектеп оқушылары дұрыс қалжыңдай білмейді. Бірінбірі әр нәрсеге теңеп, кличка – лақап ат қойып жатады. Одан да сорақысы – жолдастарын кемсітіп, оның бойын немесе сөйлеген сөзін, түртүсін, құлағын, көзін, мұрнын, аузын деген сияқты, әр нәрсені айтып қылжақтаған болып, жынына тиіп, жүйкесін жұлмалайды. Ол өте қате, балаларым айналайын! Сіз біреудің жүйкесіне тиіп қалжыңдадыңыз ба, ол ренжиді, одан кейін бір күні төбелесіп, тұмсығыңды бұзып жіберуі мүмкін. Немесе ішінде реніш қалады да, ол сені жақсы көрмейді, жек көреді. Ал саған ондай өшпенділіктің керегі не? Міне, осыны байқағандарың жақсы. Оқушылардың балалықпен, шалалықпен қалжыңдап, әзілдейміз деп, қарым-қатынастарын бүлдіріп алатын кездері аз емес. Біз қазақ баласымыз. Қазақта құрдастардың қалжыңы деген бар. Құрдастарға басқа адамдардан гөрі бір бірімен қатты ойнауға,

бір бірін шымшылап ойнауға табиғаттан, атам қазақтың жолымен ерекше еркіндік, право берілген секілді. Бірақ, мұның өзінде де үлкен жауапкершілік керек. Ол құрдастардың ақыл-ойының, ойсанасының өресіне, биіктігіне және жан дүниесінің тазалығына яки таза еместігіне байланысты. Атам қазақта сөз бар: «Құрдастың болмас елдігі!» – дейді. Оны неге айтқан? Ана құрдастың қалжыңдарының ішінде жынға тиетіні болғандықтан немесе ішінде жанға бататын ащы сөздер болғандықтан айтылған. Ал енді жақсы құрдастар, парасатты, білімді құрдастар бірін-бірі көтермелеп, бір – бірінің көңілін аулап, бір – бірінің жанына жағатын әзілдерді айтып жарқырап жүргені – өте жарасымды. Сондықтан, әзілдей білу, керек десеңіз, үлкен өнер, үлкен өмірлік жол. Әзілсіз өмір болмайды. Ойын-күлкі деген қай уақытта да адамға керек нәрсе. Ойын-күлкісіз өмір сұрқай болып кетеді. Ол көңіл көтерудің үлкен бір жолы, үлкен бір әдісі. Көңіл қалдыратын ащы әзілдерге қаратып айтылған болар, қазақта: «Досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме!» – деген үлкен бір тілек бар. Дұшпанға таба қылма дегені түсінікті. Оған қоса, досқа күлкі болудың өзін үлкен, ауыр психологиялық соққы деп есептеген. Әрбір адам, қанша жылдар өткенде де, біреудің өзіне күлгенін ұмытпайды. Баяғыда сен маған күлгенсің деп, есесін қайтарып жатқан кісілерді де көргенбіз. Өмірде адамның сүрініп кеткен жерін тауып алып, табалап күліп отыратын кісілер болады. Бұл өте қате нәрсе. Сана сезімнің төмендігі, адамгершілікке жат нәрсе. Адам күлкі болудан қашады. Демек, біреуді күлкі қылудан да қашу керек! Орынсыз күлу – мүлде қажетсіз. Әсіресе, адамның бір қиын жағдайға ұшырап қалған кезінде, я бір абыройы төгіліп, ұятты болған кезінде оған күлмеуге тырысу керек. Адамды табалап күлу – өте бір келеңсіз, ұнамсыз жәйт. Бұл қазақта ғана емес, басқа ұлттарда да, барлық елдерде бар. Адамдардың жанын қуантып, жарастыратын – жарқын күлкі, жарасымды әзіл ғана. Әзілі жарасқан адамдар қандай сыйлас болады! Міне, осы жағын ұмытпаңыздар, балалар! Ал енді өзіңізге біреу сәтсіз, ащылау әзілдесе, қисық, орынсыз қылжақтап, қалжыңдаса, оған шамданып, шат – шәлекей болудың қажеті жоқ. Шамаңыз келсе, күліп қараңыз, күлкіге айналдырып жіберіңіз. «Ай, осыны да сөз деп тұрсың ба? Осындай да қалжың бола ма?» – дегендей сыңай танытсаңыз, ана кісі, ұяты болса, өзі

де қояды. Өйткені, өмір болған соң, қатар, құрбы кейде ерсілеу әзілдеп қалады. Оның бәрін көңілге ауыр алып, кек тұта берсеңіз, жақсы болмайды. Сондықтан, «орынсыз әзіліңе болайын!» – деген секілді сөзге айналдырып, жуып-шайып жіберген жақсы болады. Ондайды көңілге алмаған жөн. Әйтпесе, бір ауыз әзіл сөзді көңіліне ауырлап қалып, екі елдің арасында жанжал шыққан кездер де болған. Және де әзілдің ар жағында кекесін, зілді күлкі, ащы әжуа, табалау, масқаралау сияқты шектен асып кететін жәйттер де аз емес. Екіншіден, жай әзілдің өзінен бір пәле іздеп, сондай бір ауыр, ащы сөл, сасық астар іздеп тауып, адамдардың жауласып кететін кездері де талай болған. Тіпті, тарихта не бір мықты азаматтар бір ауыз әзіл сөз үшін жауап беріп, сол үшін дуэльге шығып, бірін – бірі атып тастаған. Міне, сондықтан да бұл әзіл дегенді абайламасаңыздар қиын. Жалпы, адам әзілдесе де, жай сөйлесе де ар жағы астарсыз, арам ойсыз болып, риясыз көңілмен сөйлеген, таза көңілмен әзілдеген жақсы– нағыз адамға тән мінез осы. Ал енді арам ойды араластырып, бір пасық, бықсыған жаман ниетпен кекеп, мұқап, адамды өзінше іліп-қағып тұрған жақсы емес. Тілі ащы адамдар болады. Оларды аса бақытты деп айту да қиын. Ащы тілінен табады түбінде. Не өздеріне, не ұрпағына қайтып келеді. Өзі сол сөзі үшін жауап береді. Ол ащы тілімен, жаман сөзімен адамдарды уласа, тағдыр оның өзін де улайды. Сондықтан әзілдеу үлкен өнер. Ол ақ көңілден болу керек. Негізі көп ырбаңдап, қылжақтай берген жақсы емес, содан сақ болыңдар, айналайындар! Ал енді, қазақтың арасында әзілдің небір керемет жарасымды жолдары да бар ғой! Мысалы, нағашы мен жиеннің әзілі қандай әдемі, жарасымды! Сол сияқты, жезде мен балдыздың, жеңге мен қайынның, қатар құрдастың әзілі, тіпті, бір кездегі ағайын, аталас, жақын отырған ру мен рудың арасындағы әзілдер керемет, шуақты күлкі ғой! Әрбір әзілдің өзінде кейде бір-бір тарих жатады. Мінеки, қандай тамаша болған. Әзілдеп отырып-ақ, үлкен бір ауқымды ойды айтып жіберген. Тіпті, бір ауыз әзілмен кейде үлкен бір дау-дамайды да шешіп жіберген. Керек десеңіз, үлкен бір түйткілді мәселелердің де орайы әзілмен табылған. Міне, әзілдің кереметі, әзілдің құдіреті осы дейміз! Тіпті, әркімнің әзілінен ой-өрісінің деңгейі танылады, интеллектісі, ақыл-ойының қандай екені көрінеді, жан дүниесінің

қандай екені байқалады. Аңқылдап тұрған, жарқырап тұрған әзіл
адамның жанына шуақ береді.
Ал, енді, бықсып-сасып тұрған әзілсымақтар – айтқан адамның
пасық екенін, ниетінің бұзық екенін, ой-өрісінің төмен екендігін

көрсетеді. Ондайлардан аулақ жүрген дұрыс. Міне, әзілдің өзінде
қаншама сыр жатқанын ойлап қараңыз!
Әзіл деген көңілдің бір көтеріңкі, қуанышты сәтінде жарқ етіп туа
қалады. Адам әзілдейді, шаттанады, күледі. Риясыз таза әзіл деген

өте жақсы нәрсе. Сондықтан, әзілдесіп жүрейік, әзілді түсінейік,
әдемі әзілдейік!
Қиял мен түс
Адамның қиялы ұшқыр ғой.

Қиял қайда апармайды, кісі нені қиялдамайды десеңші!?
Өйткені, қиял- еркін, ешкімге бағынбайды.
Қиял – бостандық.
Адамның басында кейде құйын ойнап соғады. Әсіресе, мына

заманның ағымы соған бейім. «Поток информаций –Ақпараттар
тасқыны» деп баяғыда, біздің жас кезімізде, 1970 жылдары айтатын.
Ал қазір тасқынның әкесі болып кетті ғой.
Соның ішінде адам баласы қайсысын аларын білмей, қайсысын

тыңдарын білмей, әрі – сәрі болып, сасқалақтап, есінен айырылып
қалғандай болды.
Ал сізге керек пе сол ақпараттың барлығы? Дүниені тану үшін
біразын білу керек те шығар. Бірақ, сол ағынның ішінде өзіңнің

қайығыңа, ескегіңе мықты болуың керек. Жан – жақтан қаптаған
идея, қаптаған сұрақ. Құйындай соғып, үйіріп алып, адамды ана
жарға бір, мына жарға бір соғатын жағдайда жүрміз қазір. Әсіресе,
жаңадан өмір жолын бастаған жастарға қиын. Қалай дұрыс

бағыт табамын, қандай жолмен жүремін дейтін сұрақ көп. Соны
пайдаланып, жастарды арбап – манипуляция жасап, адастыратын
күштер де аз емес.
Алдымен, өмір жолын іздегенде, өзіңнің халқыңмен, туған

еліңмен бірге бол!
Аталар салған дұрыс жолмен жүріп өтуге тырыс!
Қалыптасқан құндылықтарды сақтай біліңдер!

«Әй, мынау жаңалық екен!» – деп, әр нәрсеге лапылдап, ере беруге болмайды. «Осыдан оңай пайда таба қоямын, осымен жақсы атты бола қоямын!» – деп жан ұшырудың, жанталасудың өзі өте қауіпті. Бұл адамның психикасына жаман әсер етеді. Қаптап кіріп жатқан идеялардың, ойлардың құйыны адамның қиялын шарықтатып, жүйкесіне, миына тыным бермейді. Адамның басында бір хаос пайда болуы мүмкін. Ұйқы бұзылады. Бұл өте қиын жағдай. Ұйқысы шала болған адамның денсаулығына үлкен зиян келеді. Неше түрлі түстер де көруі мүмкін. Ал, енді түске сеніп, сол түске үлкен мән беру – бұл да адамға ауыр, қиын нәрсе. «Түс көруінен емес, жоруынан!» – дейтін баяғыда үлкендер. «Сондықтан түсіңді әркімге айта берме!» – дейді. Түсіңді айтқан кісің жақсылыққа жорыса жақсы. Түсті жорығанда, баяғыда: «Жүсіптің көруі болсын, Жақыптың жоруы болсын!» – деп бата беретін үлкендер. Жақып пайғамбар баласы Жүсіптің көрген түсін: «Саған пайғамбарлық қонады екен!» деп жорыған ғой. Соны естіп қойған ағалары қызғанып, Жүсіпке қастандық қылған. Қаншама азапты жолдан өткен. Әйтеуір, ақыры жақсы болған! Сондықтан, жақсы түс көрсеңіз, өзіңіз ішіңізден жақсыға жорып, оң тілегіңізді тілеп, жүрегіңіздің түбінде сақтап қойғаныңыз жөн. Ал, енді осы күні қиялында қаңғырған ойларын немесе желіден көргенін, қаптаған өсекті телефонмен қақсайтындар аз ба? Ештемені байыптамай, байыбына бармай байбалам салып, дүние пәлені төндіріп жатқан кісілерді де көріп жүрміз. Енді ол аздай, көрген түсін айтатындар қаптады: «Ал, мен түс көрдім» – деп бастайды. Оның түсі өте маңызды сияқты! Кімге керек біреудің түсі?! Анау тыңдап отырған адамның уақытын аяу керек қой. Бұған төзу мүмкін емес қой! Әйгілі Ильф пен Петровтың «Он екі орындық» атақты романында Киса Воробьяниновтың енесі түс көретін еді, оның түсіне кірмейтін нәрсе жоқ еді және көрген түсін күйеу баласына айтатын еді дейді. Жай айтқанымен қоймай, тыңдауды талап ететін еді және оған жорытатын еді дейді. Содан күйеу баласы жындануға шақ қалады ғой! Мұндай құбылыс бұрын да болған, қазір тіпті өршіп кетті! Бұл бір өте қиын нәрсе ғой. Көзіңізге елестетіңізші, басқа жұмысыңыз жоқтай, біреудің түсін тыңдап отыру, оны жору деген оңай ма?! Сондықтан, түске әуес болмаңдар. Жә, әр адамның өз жолы бар. Өзінің жан – дүниесі, әлемі бар. Сол

ыстық ол кісіге. Өзінің денсаулығы, өзінің сенімі, иманы былайша айтқанда, мүддесі, мақсаты, арманы, түр – келбеті, киетін киімі деген секілді өзіне ғана тән қызық мүдделері бар. Бұл ешқандай айып емес. Әр адам өзінің жағдайын ойлауына ешкім де тиым салмайды. Өз отбасының мәселелерін шешеді. Өз отбасымен өз өмірін сүреді. Басқа да айналымы, кәсібі, рухани әлемі болады. Сол арқылы адам заманмен, қоғаммен байланысады. Бірақ, соның бәрін басқа жұртқа әйгілеп айта беру міндетті емес қой. Басқа жұртқа қызық па, керек пе ол?! Міне, осыны ойлаған жөн болады! Сондықтан жастардың мылжың болмай, мықты азамат болып қалыптасып, биік дүниелерге, үлкен істерге ұмтылғандарын қалар едім! Дуа Осы күні экстрасенс, балгер, көріпкелге барып, болашақты болжату немесе дуа жасату қаптап кетті. Қасиет құдайдан, жаратушы әркімге әр түрлі қасиет берген. Сондықтан, сан алуан, ғажайып қасиетті адамдар болады. Оны пәлен деуге болмас. Бірақ, дуа жасатып, біреудің басын айналдырып алу, біреудің отбасын бұзу немесе бір жігітті не қызды қаратып алып, үй болу сияқты келеңсіз нәрселер зор қателік, үлкен күнә саналады! Баяғыда үлкендер: «Біреу біреуді дуалап, отбасын бұзып, қосылып алыпты! Бірақ, дуаланған адам түбінде дуа жасаған адамға өшігеді екен!» деп, айтып отыратын. Міне, дуалаудың осындай көп құпия жағдайлары бар. Бұл – имандылық жолына сыймайтын нәрсе, бұл құдайдың жазғанына қарсылық, күпіршілік! Құдайдың бұйырған тағдырын ешкім де өзгерте алмайды! Сондықтан, ондай нәрсеге әуес болмаңдар. Тіпті, аулақ болғандарың, аураларыңа ешкімді кіргізбегендерің жақсы, өйткені бұл денсаулықтарыңа қауіпті болуы мүмкін! Ең дұрысы, құдайдан ізгі тілек тілеп, жігерленіп, еңбек етіп, өз жолдарыңмен алға қарай жүре бергендерің жөн! Қазымырлық Қазымырлық – әр нәрсені шұқылап, мазасызданып, айналасына тиісе беру – жақсы емес. Адам айналасына жексұрын болады. Айпауға болмайтын нәрселерді ғана сыпайылап айту керек шығар, ал

көп жағдайда адам өзгелерге кеңпейіл болып, кешіріммен қарағаны
жөн. Қазымырлық – адамның дерті, дұрыс өмір сүруге қауіпті мінез.
Көптеген үй-ішілік жанжалдар, ерлі-зайыптының ұрыс-керісі, ене
мен келіннің келіспеушілігі осы қазымырлықтан басталады. «Ананы

неге бүйттің? Мынаны неге сүйтпедің? Сен осындайсың, андайсың,
мұндайсың!» – деген сияқты түртпектеулер, шұқылаулар кез-келген
адамның жүйкесіне тиіп, оның соңы жақсы болмайды. Жұмыста
да бастық адам қарамағындағыларға қазымырланып, көпе-көрнеу

тиісе берсе, болмашыны талап етіп, ызыңдап, мазалап, шұқылай
берсе, ақыры айқай-шуға, өшпенділікке апарып соғады.
Ертеден қалған аңыз: Қаз дауысты Қазыбек биге Қара жігіт
би келіпті. Жас жігіт екен. Сонда Қаз дауысты Қазыбек би одан:

«Бір жігіт елдің айғай-шуы болады, енді бір жігіт елдің туы
болады! Осының қайсысы боласын?» – деп сұрапты. Қаражігіт
би мүдірместен: «Бір қария болады, елінің қазынасы болады, бір
қария болады, қазымыры болады! Өзіңіз қайсысына жатасыз?» –

деп, қарсы сұрақ қойыпты. Қазыбек сақалын сипалап: «Иншалла
қазынамыз ғой!» – депті. Сонда Қаражігіт би: «Иншалла, біз елдің
туымыз ғой!» – деген екен.
Мінекей, сөздің терең мәніне қараңыз. Елдің айғай-шуы емес,

елдің туы болу – үлкен бақ, қасиет, ал енді қазымыр қария емес,
қазына қария болу деген – үлкен құт, береке ғой!

Он екінші бөлім Жан саулығы Жан – Алланың аманаты дейді аталарымыз. Адамның жаны – бір жұмбақ әлем. Жанды көзбен көрген ешкім жоқ. Бірде – бір дәрігер, адамның ағзасын қанша ақтарса да, оны қолына ұстап көрмеген! Ал қазақ: «Кеудемде жаным барында!» – дейді, «Жаным шыққанша» – дейді. «Аманат жанды тапсырғанша» – дейді. Сонда бұл жан деген не нәрсе? Ақыл, ой, сана, сезім – бір басқа, Алланың аманаты – жан бір басқа жұмбақ әлем бе, әлде бәрі бірге біте қайнасқан тұтас дүние ме?! Түбіне жете алмайтын мұндай оймен өзімізді қинамай: «Жанды бізге бір құдай берді, біз оны бір құдайға тапсырамыз!» – деген сеніммен жүргеніміз мақұл ма?! Жан туралы әлемнің көптеген даналары сонау көне заманнан бері талай ойлар қалдырған, талай жүйелерді жасаған. Бірақ, ақиқатына жеткен ешқайсысы жоқ. Ол бір Алланың жұмбағы. Діни аңыз бойынша, Алла тағала адамды жаратқанда Ібіліс оның ішіне кіріп, аралап шыққан екен ғой. Сонда періштелерге: «Бұл адам деген іші толы нәпсі, нәжіс, сондай бір қуыс-қуыс, әр нәрсеге қызыққыш, еліктегіш, құмар болғыш, әлсіз жаратылыс екен. Бірақ, жүрек тұсындағы бір жұдырықтай дүниеге кіре алмадым!» – депті ғой. Оған ешкім де кіре алмайды екен, ол – Алланың берген аманаты – жан. Сол жанын иманы кәміл болған адам қиямет күні Аллаға қайтарады дейді. Ал енді адам баласының бәріне де жан берген Алла тағала, оған өзінің рухын үрлеген. Демек, Алла тағалада бар қасиеттің Денсаулығыңызды сақтаңыз! Өмірді, елді, жерді, адамзатты, күллі ғаламды сүйіңіз! Өзіңізге де, өзгелерге де амандық, саулық, өмір тілеңіз!

барлығының бөлшегі адамдардың жанында да бар. Адам неге әділетті, тазалықты, адалдықты, ар – ұятты, ізгілікті, кең пейілдікті, кешірімшілдікті жақсы көреді? Мұның бәрі Алладан. Бірақ, кейде соны кісінің эгоизмі – өзімшілдігі басып кетеді, өзі әзәзілге еріп, жаман сезімдерге ерік беріп, адасады. Міне, осындай бір арпалысты дүние бұл. Бірақ, адам құлап жатса да, қаншалықты құлдырап кетсе де, жарыққа ұмтылады, адалдыққа, әділдікке ұмтылады. Неге? Себебі, оған рух берген құдіретті Алла тағала: «Әй, адам, тәубаңа кел, жарыққа ұмтыл, жақсылыққа ұмтыл!» – деп, шақырып тұр ғой! Сондықтан жастарға айтарым, жан – дүниеңді таза ұстаңдар, жан – дүниелерің иманды, ізгі сезімге бай болсын! Негізінде, жалпы адамзат баласын, барлық жаратылысты Алла тағала жақсы көріп, мейіріммен жаратқан. Адам жаны деген жұмбақ, үлкен бір тұңғиық, Алланың рахымынан жақсы жаратылған әлем. Сондықтан, жанымыз иманды болсын! Иманды жан – сәулелі, нұрлы, биік жан. Көне замандардағы озық ойшылдарда «просветленная душа – сәулеленген, нұрланған жан» деген ұғым бар. Адамның жанын «төмен, қарау сезімдер – низменные, темные чувства» билеуі мүмкін, және оны кір баспай тұрмайды, дүниенің шаң-тозаңы түспей қоймайды. Адамның жаны неше түрлі белестен, сатыдан өтіп, тазарып, содан кейін биік дәрежеге көтерілуі мүмкін. Сонда оның жаны нұрланады – «просветленная душа», – деген осы. Ал осы нұрланған, сәулеленген жан өзіне лайықты денеде өмір сүру керек дейді даналар. Демек, адам тәнін сауықтыру керек. Тәнін тазалап, жетілдіру керек, осыған ұмтылу керек дейді. Жаны мен тәні де сау, жаны да, тәні де таза, үйлескен адам – кемелдікке ұмтылған адам. Кемел адам деген әрине жоқ, болмайды. Кемелдік шексіз, тек жаратушы ғана кемел. Қалған жаратылыстың бәрінің де әйтеуір бір жерінде кемшілігі, міні бар, сондықтан толық мағынасында кемел бола алмайды. Бірақ кемелдікке ұмтылу, тән мен жанның үйлесімі бар. Мысалы: «Тәні саудың жаны сау – в здоровом теле, здоровый дух» деген орыстың сөзі бар. Бірақ мұның дәл мағынасы олай емес екен. Орыстың Леонид Леонов деген атақты үлкен жазушысы мұның көне негізі: «Надо молить господа, чтобы в здоровом теле был здоровый дух! – Тәні сау адамның жаны да сау болсын деп, құдайдан тілеу керек!» – деген сөз дейді! Шынында да, денесі күшті, дені сау адамдар

болады, бірақ жаны сау емес! Жан мен тәннің үйлесімін құдайдан тілеу керек те, жанның саулығын іздеп табу керек. Ал жан қалай сау болады? Адамдар өмірде талай қиындықтарды көреді, бұралаң жолдарға түседі, арпалысады, күреседі, сол жолда талай күнәлар жасайды. Оның бәрі жанын ауыртады. Адам ұялады, қиналады,. Мысалы адам бір қателік істесе, бір қылмыс жасаса немесе күнаға батса, жанына маза бермей, ұяты қинайды. Ал енді ұят деген не? Орыс экстрасенсы Пейчев айтады: «Совесть – это голос бога в душе человека! – Ұят – адамның жан дүниесіндегі құдайдың үні!» – дейді. Құдай тағала адамды ұялтып: «Әй, мұның не? Мынауың қате ғой! Сен құтыл мынадан. Арыл, күнәңнан тазар!» деп, маза бермей тұр ғой! Демек, жан саулығына жету жолы,жанды тазарту – өте қиын. Мұның бірден -бір жолы имандылық. Иманы кәміл, біреудің ала жібін аттамайтын, ешкімге қиянат жасамайтын, қылмыс жасамайтын адамның жаны сау болады. Адамның жанын сауықтыратын – кәміл иман. Адам құдайдан: «Жанымды иманды, тәнімді сау қыла көр!» деп, жанының имандылығын, тәнінің саулығын тілеу керек деген аталы сөз бар! Денсаулық. Пайдалы кеңестер «Әуелгі байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық!» – деген атам қазақ. «Аурудың басты себебі – адамның басында» – деген сөзді мен қырық жасымда Қытайдың цигун деген жаттығуына қатысты кітаптан оқыдым. Сонда қайран қалдым. Адамның басында, жүйкесінде мазасыздық болса, ауруға ұшырайды екен ғой! Ал сабырлы болса, өзін -өзі ұстай білсе, сауығады екен! Жас кезімізде денсаулыққа ден қойыппыз ба? Жай ойлап қоятынбыз, бірақ, кім оның оқуын оқыды дейсің? Кейін біраз кітаптарды қарасам, дәрігер, ғалымдардың бәрі де осындай ойды құптайды! Демек, адамның дертіне шипа іздегенде, алдымен оның жанын, сана-сезімін, жүйкесін тыныштандырып, сабырмен емдеу керек екен! Жас кезімде бір адамның мәселесімен медицина ғылымының докторы, профессорға бардым. Ол пенсияға шыққан қарт адам, жасы 70-тен асып кеткен дәрігер, кісілерді ақырын, жасырын үйінде

қарайды екен. Совет заманында ондай қызметке жол бермейтін. Әлгі дәрігердің әңгімесінен есімде бір-ақ сөзі қалды: «Алма жегенде, ішіндегі дәндерін лақтырып тастамай, шайнап жеп қойыңдар! Онда синиль қышқылы – синильная кислота бар. Бұл адамды рак ауруынан қорғайды!» Содан бері алма жесем, ішіндегі дәнін шайнап, жеп қойғанды дұрыс көремін. Ол өзі қышқылдау, маған ұнайды. Әйтеуір, бір пайдалы кеңес қой деп ойлаймын. Негізінде, дәрігерлердің, білетін адамдардың сөзіне көңіл бөлген дұрыс. Бірақ, екінші жағы бар. Осындай кеңестер қазір өте көп, ғаламторда қаптап кетті. Оның бәріне бірдей ілесіп, бәрін бірдей жасаймын десеңіз, тағы да ақылға сыймайды. Әрине, денсаулығыңызда кінәрат байқалып, сырқаттана бастасаңыз, кешіктірмей, бірінші кезекте дәрігерге барғаныңыз жақсы. Дәрігер – ол кәсіби маман. Сонымен бірге, халықтық емге де назар аударуға болады. Денсаулыққа қатысты кітаптардан түйгеніміз – адамның кезкелген мүшесі ауру-сырқауға шалдығуы әбден мүмкін. Дәрігерлер: «Ауруды жасырмаңыздар, дәрігерден ұялмаңыздар!» – дейді. Қаз дауысты Қазыбек би: «Ауруын жасырған, ажалсыз өлер, зорлықтан қорыққан еріксіз көнер!» – деген екен. Аурудың себептері өте көп. Дәрігерлер: «Тамақтан, суықтан, күйзелуден, жаман әдеттерден, адам ағзасына артық күш түсіруден, зорығудан, мазасыздықтан, жанталастан болуы мүмкін!» – дейді. Неше түрлі психологиялық стресс, ашушаңдық, күйгелектік, уайымшылдық – осының бәрі ауруға соқтырады. Дәрігер Синельниковтың кітабында бұл аса көп айтылған, жанжақты жазылған. Бұл кісінің кітабын оқып отырсаңыз, қайран қаласыз. Оның айтуынща, кез-келген ауру-сырқаудың пихологиялық, ой-сезімдік негізі бар екен. Дәрігер Синельников әуелде қатты ауырып, артынан жазылған адам. Оның кітабында мүлдем қызық жәйттер айтылады. Ол кісінің айтуынша, әр адамның, әр мүше – органның дерті – адамның өзінің ой-сезіміне, ниетіне, жүйке жүйесіне байланысты екен! Мысалы, адамның біреуге деген ашу-ызасы, өшпенділігі болса, бауыры ауырады. «Яғни, бұл ауруды ол кісі ашу – ызамен өзі шақырып алды!» – дейді. Оның түйіні осылай! Ауруды адам өзінің ниетіне, пиғылына қарай өзі шақырып, тауып алады екен! Және, ол дертті

дәрімен емдеп жазған күнде де, ол кісінің жан-дүниесінен әлгі жаман пиғыл кетпесе, жасаған жаман іс-әрекетінің күнәсінен арылмаса, қайтадан ауырады екен! Демек, адамның жандүниесі тазарса, арылса, ауру да кетеді! Мысалы, сіз бір жаман ой, сезімге беріліп, күйгелек, уайымшыл болдыңыз ба, соған сәйкес сіздің жүрегіңіз, бауырыңыз ауырады. Әр бір сезімге белгілі бір орган жауап береді екен. Синельников сырқат адамдармен сөйлескенде әуелі: - Сіз қандай көңіл-күйде болдыңыз? Біреуді жек көрдіңіз бе? Біреуге жамандық ойладыңыз ба? Біреуге қастық істедіңіз бе? Біреуді балағаттадыңыз ба? Ғайбаттадыңыз ба? Өшіктіңіз бе? – деп сұрайды екен. Адамның теріс пиғыл, жаман ой, жат сезім, жаман әрекеттері оның өзіне ауру болып оралады дейді. Өзім бұл кітапты оқығанда қайран қалдым. Мен дәрігер, маман емеспін, оны талдап, көп созып уақыт алмайын. Синельниковтың осы кітабын оқысаңыздар, жан мен тән саулығына пайдалы көп нәрсе береді. Оқып отырып, өзіңізді-өзіңіз түзейсіз. Адамдар кейде біреуге ренжісе, назаланып, пендешілікпен: «Әй, бәлем, осы біреу жамандыққа ұшыраса екен, осыған бір кер келсе екен, құдай жазасын берсе екен!» – деп тісін қайрайды ғой. Өзі тасада көрінбей тұрып, қарғап-сілеуі де мүмкін. Міне, бұл да күнәға батты. Анау кісі де бірдеңеге ұшырауы мүмкін, бірақ, ашу-ызасы өзіне қайтып келіп, бұл да бірдеңеге ұшырауы мүмкін. Ауру-сырқау осыдан келеді дейді дәрігер Синельников. Бүйректің, бауырдың, жүректің, жүйкенің, асқазанның, бастың, тағы, тағы органдардың неше түрлі жаман ауруларының барлығы адамның өзінің бейберекет жасаған іс-әрекетінен, бейберекет сөйлеген сөзінен, теріс пиғылынан, жаман ниетінен дейді. Мұны біздің дініміз теріске шығармайды. Құранда барлық нәрсе адамның ниетіне байланысты, құдай солай береді дейді. Демек, адам ниеті, талабы қандай болса, табатыны да сондай. Дүниежүзінің даналары, өзіміздің мұсылман ата-бабаларымыздың бәрі соны айтады. Ал, адамның ауру-сырқауының барлығын Синельников дәрігерлік тұрғыдан, нақты мысалдармен жеке-жеке талдап түсіндіргенде, қайран қаласыз және сенесіз. Айтқанының көбі тура келеді. Демек, адам өзінің ішкі жан-дүниесін, ниет-пиғылын, ой-санасын

тазартса, көптеген аурудан құтылады екен. Сонда, бірінші адамның ниетін, тәнін ментальдыментально тазарту арқылы ауруды емдейді екен де, сол ауру кетеді екен. Мысалы, дәрігерлер ауырған органды физикалық тұрғыдан, дәрімен емдейді, бірақ сырқаттың жан дүниесіндегі жаман сезім, ашуыза, күйгелектік секілді жаман ниет кетпесе, ол қайтадан ауырады екен. Мінеки, сондықтан адам өзінөзі емдеу үшін жан тазалығы керек. Жан тазалығы тән тазалығына әкеп соғады. Тағы бір аса пайдалы кітап – Поль Бреггтің атақты «Ашығудың ғажабы – Чудо голодания» деген еңбегі. Адам аптасына бір тәулік ашығып тұрса, денсулығында көптеген жақсы өзгерістер болады екен. Поль Брегг жас кезінде ауру-сырқауға шалдығып, сосын өзін-өзі аштықпен емедеген екен. 95 жасқа келген. Сонда тамырлары жапжас адамның тамырындай тап-таза дейді. Ол кәріліктен, аурудан емес, серфинг – су шаңғысын теуіп жүргенде үлкен толқын басып кетіп, суға тұншығып қайтыс болған. Мінеки, қандай да қиындықтан өзін-өзі сүйреп алып шыққан сондай адамдар болған. Олар әуелі құдайға сыйынып, сосын қайрат қылған. Ол кісі де тәттіні, ащыны, қуырғанды жемеу керек дейді. Торт, гамбургер сияқты майлы тағамдардың барлығын Поль Брегг адамға зиян деп санайды. Осындай пайдалы кеңестерге жас кезден құлақ қойып, денсаулықты жастайыңнан сақта! «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақтың сөзі де бар емес пе?! Денсаулық бар кезде, бойда күш-қуат тасып тұрған кезде, оған мән бермейміз. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, денсаулықтың да бар кезінде қадірі жоқ. «Адам жас кезінде ақша табу үшін денсаулығын аямай жұмсап, тапқан ақшасына сол денсаулықты қайтып сатып ала алмайды!» деген даналардың сөзі нағыз өмірдің шындығы емес пе?! Тағы бір пайдалы кітап – американдық Джустин Гласстың «Жить до 180-ти!» деген кітабы. 180 жас түгілі, 80-90 жасқа дейін де ауырмай-сырқамай жақсы келудің жолын ойлаған дұрыс шығар. Сонда дәрумен – витаминдердің пайдасы туралы көп жазылған. Қандай өсімдікте, қандай тағамда қандай витамин бар, қандай минералды заттар бар, соның бәрін талдайды. Сонда қай витаминдер жетіспей қалса адамның қалай ауыратынын, қандай витаминдердің

көмектесетінін жазады. Міне, осыған да назар аударғандарыңыз мақұл болады. Бұдан менің түйген ойым – жер бетіндегі жеміс-жидек, тағамның бәрінен де ептеп татқан жақсы. Бізде бір әдет бар ғой: мына бір нәрсе ауруыңнан айығуға көмектеседі, ағзаңның мына жеріне мына жеміс пайдалы десе, соны бас салып, түбіне жеткенше, қашан қарай алмайтындай боп шығып қалғанша жейміз ғой. Белгілі бір азамат қант зиян, бал пайдалы деп естиді. Бал шынында денсаулыққа пайдалы. Содан үйіне балды үйіп тастайды да, ертелі-кеш қасықтап жейді, шайды да балмен ішеді. Әбден жеп-жеп, аяғында қант диабеті бола жаздайды. Шегінен асырып жіберген. Сондықтан, «әр нәрсе дәмімен!» деген сөз – тура дәрі-дәрмекке, пайдалы тағамдарға қатысты. Мұның бәрін айтып отырған себебім, біздің қазақ жастары ақкөңіл, аңғал-саңғал жүреді. Көбі өз денсаулықтарына қарай бермейді. Тіпті, жұртшылық бәз-біреулерді: «Мынау өз басын күтеді, аяншақ, денсаулығына қатты қарайды!» – деп, біртүрлі сынап-мінеп, кекеп отырады ғой. Ал, енді кейбіреуді: «Мынау жұмыстан жанын аямайды, денсаулығына да қарамайды!» – деп, мақтап отырады. Жанталасып жүріп, ертең ауырып қалатынын ойламайды. Қалай болғанда да, алдымен денсаулықты ойлаған жақсы! Тамақтану «Ас адамның арқауы» – дейді атамыз қазақ. Адам өміріндегі тамақтың рөлі баршаға түсінікті. «Ауру астан, дау қарындастан» – дейді тағы да қазақ. Дау қарындастан дегенде, бұл «младшая сестра» мағынасындағы қарындас емес. Қарын – дас, яғни, бір қарыннан шыққан дегенді білдіреді. Түріктер, мысалы, бауырды қардаш дейді. Қарындастың қысқарған түрі ғой. Демек, қарындас деген сөз кең мағынасында бауырлас, қандас дегенді білдіреді. Дау қарындастан деп отырғаны – дау алыстан келмейді, жақын ағайын, бауыр, туыстың арасында туады дегенді айтып отыр. Ал, енді «ауру – астан» – дегені қалай? Ас адамның арқауы болады, және ауру астан болады?! Демек, дұрыс тамақтану қандай

пайда, арқау болса, дұрыс тамақтанбаудың, дұрыс тамақтана білмеудің денсаулыққа үлкен қатер екенін айтып отыр. Бұл жерде тағы да қазақтың бір тапқыр сөзі еске түседі. «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарыным жарылсын!» – дейді. Сөйтіп, тыңқия тойғанынша жей береді. Ал, енді осы тіркесті бұдан былай: «Жақсы тамақ қалса қалсын, жаман қарыным аман болсын» – деп өзгерту керек! Шынында да солай емес пе? Үндістан – Индия халқының үлкен бір даналық сенімі бар екен. Адам бұл дүниеге келгенде, оның өмір бойы жейтін тамағы, күріші, еті, наны, шәйі, тағы басқа да ас-суы белгілі бір мөлшерде бөлініп, пешенесіне жазылады екен. Бізше айтқанда, тағдырындағы ырыс – несібесі ғой. Барлық тамақ түрінің белгілі бір мөлшерде үлесі бар. Адам соны ішіп, жеп тауысқанда, өмірі де аяқталады екен. Біздің қазақ та адам қайтыс болғанда: «Дәм – тұзы таусылды!» – дейді ғой. Осы даналыққа үңіліп қарасаңыз, өзіңізге берілген дәм – тұзды сіз түк қоймай жалмап, жей берсеңіз, аз уақытта тауысып жеп бітіресіз. Ал, аз – аздан жесеңіз, ұзақ уақытқа жеткізуге болады екен. Мұның философиясының тереңдігін қараңыз. Яғни, адамның өмір жасының ұзақтығы қалай тамақтануына байланысты деп тұр. Ал, енді көп жасаған даналар айтады: «Тамақ ішудің бірден – бір принципі, жолы – семіз, майлы тамақ жемеңдер, тұзды тамақ жемеңдер, тәтті тамақ жемеңдер!» – дейді. Бұған «қуырған тамақ жемеңдер» – деп қосуға болады. «Чудо голодания – Ашығудың ғажабы» деген кітап жазған Поль Брэг тамақты аз ішіп, ашығудың пайдасын әбден зерттеп, жанжақты талдап жазған. Ол кісі жас кезінде дімкәс, әлжуаз болған екен. Апта сайын ашығып, тамақты аз – аздан, дәмімен ішкеннің арқасында 95 жасқа келіп қайтыс болған. Онда да кәріліктен, аурудан емес, серфингте, су шаңғысын теуіп жүріп, аударылып кетіп, толқынның астында қалып қаза тапқан. Дәрігерлер тексеріп көрсе, тамырлары жас адамның тамырындай тап-таза екен! Қуырылған тағам дәмді болады, тәбетіңді ашып, қызықтырады. Әсіресе, денсаулығы жақсы жас адамдар етпен қосып қуырған картопқа құмар болады. Негзінде, ет пен картопты қосып қуырған тағам \ қуырдақ, жаркое, азу тағы басқалар.\ – ең ауыр тағам болып саналады. Оған нан қосып жесеңіз, асқазаныңызға аса көп күш түседі. Ғалымдар: «На дне сковородки готовится ваша смерть! –

Табаның түбінде сіздің ажалыңыз дайындалып жатыр!» – дейді. Сол сияқты қант пен тұзды да: «Белая смерть – Ақ ажал!» – дейді. Мінеки, сонда бұдан шығатын қорытынды қандай болды? Ойлап, тоқи беріңіз. Және де көп жасаған кісілер, дәрігерлер: «Тамақты аса тоймай жеңіз! Даналардың принципі – сексен процент деген ұстанымды ұстаңыз! Яғни, асқазаныңыздың сексен процентін ғана толтыру керек!» – дейді. Тағы да даналық сөз бар: «Егер сіз дастархан басынан тұрғанда, қарныңыз ашыңқырап тұрса, сіздің тойғаныңыз! Ал, енді дастарханнан тыңқиып тойып тұрсаңыз, онда сіз уландыңыз, отравились!» 104 жыл өмір сүріп, 65 жыл бойы аса қиын операцияларды жасаған, аты аңызға айналған орыс хирургы Фёдор Углов ешқандай да диета ұстамаған көрінеді. Ұзақ ғұмыр сүрген қарияның қимылы ширақ, ақыл-ойы толық, санасы айқын болған. Тегі солай деуге де келмейді, ата-анасы одан екі еседей аз өмір сүрген екен. Угловтың алтын қағидасы – ешқашан тамақты тойғанынша жемеген. Нені ішіп –жеуді білген. Кейде тіпті көкөністерден, жемістерден бас тартса да, етті үзбей жеген. Етте адамға пайдалы темір мен витамин көп. Темекі мен спиртті ішімдіктерден аулақ болған. Арнайы диета ұстамаған, «золотая середина – алтын орташа қалыпты» сақтаған. Барлық ауру – жүйкеден деп сенгендіктен, стресс – күйзелістерден аулақ болған. Тойған қарын – дертке шалдықтырады деп есептеп, артық тамақ ішкеннен гөрі, түлкі құрсақ, тоқ жарау жүргенді жөн көрген. Ол кісінің айтуынша, бұл адамның сыртқы кейпіне ғана емес, ішкі жағдайына да жақсы әсер етеді екен. Федор Углов: «Адамның салмағы – денсаулықтың жартысы!» – деп есептеп, оған қатты мән берген. Өйткені, семіздік организмді әлсіретіп, гормондық фон – күйін өзгертеді де, адам әртүрлі дертке тез шалдығады екен. Академик Александр Микулин 90 жыл өмір сүрген. «Тамақ – адам өмірінің негізі. Қант пен тұз – адамның ақ дұшпандары!» – деген. Ол кісінің тамақтанудың қарапайым, қолдануға оңай тәртібін ұстанған. Ең басты қағидасы – тамақты аса тойып ішпеген. Екіншісі – ашытқы мен малдың майын пайдаланбаған. \ «никаких дрожжей и животных жиров».\ Сүттен гөрі, ашытылған сүт өнімдерін – айран, ірімшікті дұрыс көрген.

Қазақ арасында «бір қойдың етін бір-ақ жеп қойған» кісілер жөнінде аңыз көп. Тіпті, бір жабағының, тайдың етін түгел жеп тауысқан дала жемпаздары жөнінде қызық әңгімелер де бар! Солтүстік қазақтары тұтас қазыны шикідей жұтып қойған Боқпан батырды аңыз қылады. Орыстың атақты ақыны, мысалшы Иван Крылов тамақсау, мешкей кісі болған. Оның тамақ ішкенін қызық көріп, байлар қонаққа шақырып, неше түрлі тәтті тамақ пен шарапқа лықитып тойғызады екен. Бір жолы алдындағы дәмді тағамның бәрін жапырып жеп, сыпыра соғып отырған мысалшыны бір жастау мырза мысқылдап: «Аш қасқырдай жалақтап, бізді де жеп қояр ма екен?!» – депті. Сонда Крылов: «Сіз қорықпаңыз! Маған шошқаның етін жеуге болмайды!» – деген екен! «Ішкен асымыз қандай болса, өзіміз де сондаймыз! – Мы суть то, что едим!» – деген сөзді де ойлап қойғанның зияны жоқ. Яғни, адам қандай тағамдар жесе, оның денсаулығы, ағзасының жағдайы да сондай деген сөз! Тамақтың бір – бірімен үйлесуі, үйлеспеуі деген болады. Мысалы, ет, тағы басқа да ауыр тамақты жегеннен соң, оның артынан іле –шала жеміс – жидек жеуге болмайды. Өйткені, жеміс – жидек асқазанда тез қорытылады да, жарты сағатта шекке кетеді екен. Ал, ет, ауыр тамақтар жатады, асықпай қорытылады. Енді қараңыз, еттің үстіне жеміс – жидекті жедіңіз делік, ол асқазанға барып ашиды.\брожение дейді ғой\. Ашу процесі болған соң, іштің бәрін айдап шығады. Тойдан кейін адамдардың асқазаны ауырып, іші өтіп, қирап жүретіні міне, сондықтан. Және «Система раздельного питания – Бөліп тамақтану жүйесі». – деген бар. Әртүрлі тамақтардың бір-бірімен үйлесетіні, үйлеспейтіні бар. Мысалы, ет, нан және қуырылған картоп ең ауыр тамақ саналады. Егер сіз етті, нанды, қуырылған картопты қосып жесеңіз, сіз асқазаныңызға үлкен жүк артып, көп күш түсіресіз. Себебі, ет – бұл белок, ақуыз, нан – углевод,көміртегі, картоп – крахмал. Үшеуі екі түрлі ортада қорытылады. Кислота – қышқыл мен щелочь – сілтіде қорытылады. Міне, сонда асқазанда қышқыл мен сілті бір – бірімен күреседі. Ол адам денсаулығына ауыртпалық, арпалыс әкеледі. Мұның бәрі ғылыми негізделген. Дәрігерлердің айтқанын тыңдап, аннан-мұннан оқып, осындай пайдалы кеңестерге құлақ асқанның ешқандай артықшылығы жоқ.

Атамыз қазақ далада ет жеп жүріп, жеміс – жидек жемей – ақ, көкөністі білмей – ақ қалай өмір сүрген?! Ал, ойлап қарайық. Атам қазақ малды қорада байлап, жемге семіртпеген. Далада жайылып жүрген аяқты малды сол далада ұстап, сойып жеген. Мал шөп жейді. Шөптің неше түрін жейді және пайдалысын жейді. Ол шөп малдың өн-бойына, етіне сіңеді, ішек – қарынында болады. Қазақ, мысалы, қой сойғанда оның ішек – қарынын жейтін болған. Ол өте пайдалы, ішінде неше түрлі витамин болған. Мұны бір деңіз. Мысалы, ешкі таза мал, көп аурумен ауырмайды. Себебі, шөптің 500 түрін, онда да пайдалысын, керегін теріп жейді екен. Демек, біз, адам, ешкі құрлы жоқпыз ба?! Ешкі емес, естіміз ғой! Біз де керегімізді тауып жейік те! Бұрын атам қазақ не істеген?! «Раздельное питание – бөліп тамақтанудың» көкесі соларда! Етті асып жеген, сорпасын ішкен. Майлы етті жеген. Мысалы, Абылай хан семіз жылқының майлы етін жақсы көріпті. Майлы еттің биологиялық қуаты – калориясы өте жоғары, ат үстінде, жорықта жүрген жауынгер батырға нағыз күш беретін азық сол! Қазыны шайнамай жұта салатын қазақтың шалдарын көрдік, ауылда әлі де бар. Бұрынғы көшпенділер заманында етке нан қосу деген жоқ, ол кезде ұн болмаған. Етке нан, картоп қосып жемеген. Таза ет жеген. Таза қымыз ішкен. Соның бәрін қорытып, аттың үстінде, таза табиғат аясында жүрген. Мінеки, табиғи, таза айналым осындай болған! Оның бәрі кейінгі замандарда әбден бұзылды. Біздің даланың тамағына қаланың тамағы қосылды. Сөйтіп, бәрінен «каша» – «ботқа» жасалды. Көшпенділердің тамағына отырықшы елдердің өндірістік өнімі араласып, табиғи тазалығын, қалыптасқан жүйесін бұзды. Осы күнгі қазақтың той – думанына бара қалсаңыз – асқазаныңыз қиын сынаққа түседі. Ет береді, одан кейін екінші ыстық тамақ деп, тағы бірдемені әкеліп береді. Оған қоса, үстелдің үстінде тәттінің бәрі тұрады. Сонымен не керек, бәрі қосылып, былапыт араласқан бірдеме болады ғой! Мысалы, бір табақ ет тартқаннан кейін, басқа ыстық тамақтың керегі не? Босқа рәсуә! Аста та төк, ағыл – тегіл қылып, оның бәрін тығындап жеп, тойдан кейін көп адам ауырады. Бұл – дұрыс тамақтанбаудың бірден – бір көрінісі. Неше түрлі қуырылған бауырсақ, жұқа нан, бүйрешке, самса бар.Тәттінің де, ащының да түр-түрін әйелдер жақсы біледі. Әрине, тойдың

дастарханы мол болғаны жақсы. Біз де қуаттаймыз, қолдаймыз. Дастархан қасиетті нәрсе. Бірақ, соның бәрін дұрыс тамақтанудың жүйесіне сәйкес келтіруге болады ғой. Мысалы, жалпы тамақ үшке бөлінеді. Май -жиры, көмір қышқылы – углероды, ақуыз – белок. Осы үшеуінің бір – бірімен үйлесетіні бар, үйлеспейтіні бар. Бір мезгілде жеуге болатыны бар, болмайтыны бар. Осыған абай болу керек. Үйлесімді тамақ ішсеңіз, асқазанда жеңіл қорытылады. Ал, енді тағы да даналардың сөзі бар. Құдай тағаланың адамға несібе – ырыс қылып жаратқан тамағының бәрі пайдалы. Табиғатта бар тағамды татқан жақсы. Бірақ, мөлшерімен жесеңіз ғана жұғымды. Артық кетсеңіз, өлшемінен асырып алсаңыз, ауруға шалдықтыруы мүмкін. Су ішудің пайдасы үлкен. Оны бәріңіз де білесіздер. Таңертең бір стақан жылы су ішкен пайдалы. Су – еріткіш. Адам бойындағы тұздарды ерітеді. Тұздың өзін байқап пайдаланған жөн. «Тұз барлық тағамдарға қосылады. Ағзаңызға керек мөлшерін содан аласыз. Сондықтан, шамаңыз келсе, көкөністерді, салаттарды тұзсыз жеуге үйреніңіз!» – дейді Поль Брэгг. Ол «Аштықтың ғажайыбы – Чудо голодания» кітабында неше түрлі кондитерлік нәрселерді «кондитерские гадости» – деп, кесіп айтады. Бұл адамға зиянды заттар дейді. Шынында да, торт, тағы басқа шылқыған май, қанты көп тәттілер денсаулыққа қауіпті емес пе? Ал, қантты байқамасаң тіпті қиын. Қант адамның қантын көбейтіп, диабетке ұрындыруы мүмкін. Оны білікті мамандар да, ғалымдар да «Белая смерть – Ақ ажал» – дейді. Тұзды да солай деседі. Мөлшерден көп жеген тұз адамның буынбуындарына ұялайды. Адамның аяғын баса алмай қалатыны содан. Тағы басқа ауруларға да шалдықтыруы мүмкін. Оның барлығы жас ұлғайғанда білінеді. Дұрыс тамақтану – үлкен өнер, ғылым. Оны әр адам білуі керек. ««Человек к сорока годам сам себе доктор или дурак! – Адам қырық жасқа келгенде өзіне – өзі дәрігер немесе ақымақ!» – деген де сөз бар. Дұрыс тамақтанудың маңызы өте зор. Сіздің тәніңіз керек нәрсенің барлығын алу керек. Осы күні биологиялық белсенді заттар – БАД шықты. Оларды да пайдасына қарай қолданған жақсы. Тәніңізге керекті нәрсені беріп тұрады. Медицина қаншама жұмыс істеп, ізденіп жатыр. Білім, ғылым қанша ғасырлар бойы дамып келеді.

Сондықтан оның жетістігін пайдаланған жақсы. Мен қазақтың ауылда туып, өскен баласымын және Алматыда оқып, жұмыс істеп келіп, әке-шешемді бағамын деп, он бір жыл ауылда тұрдым. Ауыл халқы қарапайым, ақкөңіл, кәдімгі кеңпейіл қазақтың баласы ғой. Бірақ, тамақтану салтымызда көптеген қайшылықтар бар. Айран, қымыз, құрт, ірімшік, қаймақ, май, бауырсақ, ет, әсіресе жылқының еті қандай керемет! Соны орнымен, ретімен ішіп – жеудің жөнін ұмытқан сияқтымыз. Әсіресе, қонаққа кешке шақырады. Етке лықиып тойып алады. Оның үстіне бауырсақ пен май жейді. Тағы көкөніс, жеміс, жидек жейді. Сонымен асқазан бытқыратқан болады. Міне, осыдан сақ болсақ екен! Шай ішудің өзі де өнер. Біздің әке – шешелеріміз, аталарымыз барлығы шайды сүт қатып, шыныаяқпен – шәшкеден табағына құйып, үрлеп, сораптап, рахаттанып ішетін. Ал қазір көп адамдар ыстық шайды кесемен, дыбысын шығармай ішкенді жақсы көреді. Еріндері күйгеніне қарамайды. Мұның бір зияны бар. Бір Американың зерттеушілері тәжірибе жасапты. Мысалы, әйелінен гөрі күйеуі ерін рагы – рак губ ауруымен жиірек ауырады екен. Неге екенін тексерсе, кофе қайнатқан әйелі бірінші шәшкені күйеуіне береді ғой. Көзіңізге елестетіңіз – қайнап тұрған кофені оттан алады да, екі шәшкеге құяды. Біріншісін күйеуіне апарып береді. Қайтып келіп, өзінікін алады. Сол екі ортада арада бірнеше минут өтеді. Соның өзінде екінші шәшкедегі кофе суыңқырайды екен ғой! Ал аса қатты ыстық сусын адамның терісін күйдіре беріп, бірте – бірте түбі жаман болып кетуі мүмкін екен. Біздің даланың ұзақ жасаған адамдары өмір бойы қымыз ішкен. Тіпті қыстыгүні де үзбей ішкен. Бұрынғы заманда қыста қысырақтың қымызын ішетін. Қазіргі заманда қымызды күздігүні бөтелкеге құйып, мықтап бекітіп, тоңазытқышқа салып тастайды екен. Қыста бір – бірлеп ашып, іше береді. Қымызды кәдімгі пластика бөтелкеде сақтап, бұрандасын ашқан бойда ішіп қою керек екен. Ары қарай сақтауға болмайды. Оны өзіміз де ішіп көрдік, дәмін таттық. Қымыздың денсаулыққа пайдасы ұшан – теңіз. Жетпіс сегіз түрлі ауруға ем дейді! Ал, саумал қандай ғажап! Шыңғысхан айтты деген бір сөз бар. Қаған: «Біздің жігіттердің батырлығы, мықтылығы, денсаулығының күштілігі, қыздардың сұлулығы, әсемдігі – бие сүтін ішкендіктен!»

– деген екен. Зерттеуші дәрігер, профессор Бақытжан Биімбетов: «Саумал – адамға пайдалы заттардың тұнып тұрған қазынасы!» – дейді. Қазаққа құдайдың бергені! Жылқы шөпті талғап жейді ғой. Таза шөп жеген биенің саумалын, қымызын ішу – бір ғанибет. Бұрынғы заманда аталарымыз қымызды торсыққа құйып, ішіне қазыны салып жіберіп, аузын бекітіп, жылқышы, малшының қанжығасына байлап, қоя береді екен. Күні бойы атпен жүргенде, торсықтағы қымыз әбден шайқалып, өзінен – өзі пісіледі, қазымен араласып, ең пайдалы емдік нәрсеге айналады. Міне, аталарымыз қымыздың қасиетін жақсы білген. Ал, енді осы күні ауылдағы барлық қазақта дерлік жылқы бар. Сауып ішуге құлқы жоқ. Келіндер қазір бие саумайды. Ойпырмай, өзіңнің де, балаларыңның да денсаулығының дап-дайын табиғи дәруі міне далада жүр, қолында тұр! Биені күрпілдетіп сау да, иісін аңқытып саумалды да, қымызды да балаларыңа ішкізе бер! Міне, денсаулық негізі! Ешқандай банан – сананның да, киви – сивидің де, шетелден қаптап келіп жатқан жемістердің де керегі жоқ! Олардың пайдасы бар ма?! Пайдасы қаншалықты, зияны қаншалықты?! Оны тағы бір құдай біледі! Қанша уақыт, қалай сақтап, не зат қосып әкеліп жатқандарын кім біледі?! Ал, мынау бие көз алдыңда тұр ғой. Міне, кең далада жайылып, таза көк шөпті жейді – сауып алдың да, бердің балаңа! Осыған да ауылдың келіншектері ерінеді, қарамайды. «Сауатын уақыт жоқ, кім сауады?!» – дейді. Ау, қалқам – ау, анау жемістер қып – қызыл ақша ғой. Одан да қымыз ішіп, артығын сатсаң да пайда емес пе? Тіпті сатпай – ақ қой, бала – шаға ішсін. Денсаулығы мықты болса, ешқандай дәрінің де керегі жоқ. Дәріге шығаратын ақша қалтаңда қалады. Басқа – басқа, неше түрлі көз қызықтыратын, нитратпен өсірген жемістерді удай қымбатқа сатып алып, жегеннен зиян болмаса, еш пайда жоқ. Ал, міне, тұр ғой жылқы қолыңда! Қаншама витамин, қаншама пайдалы заттар тұнып тұр биенің сүтінде. Осыны қолға алу керек, жандарым! Тамақтануға қатысты қазақтың бір әзіл – шыны аралас сөзі бар. «Атың сат, тоның сат – ұйқтарыңда тойып жат!» – дейді. Бұл өте бір зиянды қағида. Мұны сол мәнісінде қабылдауға болмас! Бұл қалай?! Тыңқиып тойып алып ұйықтағанның өзі өте бір қиын, ауыр нәрсе. Мұны өмір тәжірибесінен де білесіздер! Ғалымдар да солай айтады. Лықиып тойып алған адам дөңбекшіп, түніменен ұйықтай алмайды.

Дәрігерлер оның себебі былай түсіндіреді. Адам тойып тамақ ішіп, жата қалып ұйықтайын десе, асқазаны жұмыс істеп тұрады екен ғой. Ол ұйықтаудың орнына, ас қорыту жұмысына кіріседі. Тамақтың пайдалы заттарын адамның денесіне таратады, әр клеткаға, әр органға бөледі. «Мә, ал! Мына дәруменді, мына пайдалы заттарды қабылдап ал, мына қуатты ал!» – деп, тықпалайды. Ал адам органдарының ұйықтағысы келіп тұр. Демалғысы келеді. Бірақ, тамақтың қуатын, пайдалы заттарды, дәрумендерді алуы керек. Сөйтіп, ағзаның ішінде арпалыс болады екен. Ұйқының тыныш болмай, азаптанып шығатыны содан дейді ғалымдар. Дұрыс тамақтану бойынша мамандар: «Тамақты түнгі ұйқыға жатардан кем дегенде екі сағат бұрын ішу керек. Кешкі сағат алты – жетіден кейін мүлдем тамақ ішпеуге тырысыңыз. Тіпті болмаса, жеңіл – желпі жеміс – жидек, көкөніс қана жеңіз, сонда өзіңізді жеп – жеңіл сезінесіз!» – дейді. Және қазақта сөз бар ғой: «Жылқының еті жатқанша, сиырдың еті таң атқанша, қойдың еті ертеңгі күн батқанша!» – дейді. Қой еті ауыр болады. «Қой сорпасы – қорғасын» дейтін шешеміз бала күнімізде. Демек, жаңағы тамақтың ауыр – жеңілдігіне қарап, аталарымыз жөнін, ретін біліп ішкен. Көшпенділердің. тамақ ішуінде қалыптасқан жүйе, мәдениет болған. Мысалы, етке ешнәрсе қосып жемейді, тығындамайды. Еттен кейін сорпа, қымыз ішеді. Бала күнімде анамыз Бәтима айтып еді: Басқа елден келген бір кісілер өз еліне қайтып барған соң: «Қазақ дейтін халықты көрдік. Құдай сақтасын! Табақ – табақ ет жейді екен! Қалай ауырмайды – соған таңбыз!?» – деп айтып барыпты. Сонда ана жақтың бір ғалымы: - Еттен кейін бірдеме іше ме екен? – деп сұрапты. - Еттен кейін сорпасын ішеді екен, – деп жауап беріпті бұлар. Сонда ана ғалым: -А-а, онда олардың өз емі өзінде екен! Жеген еті сорпамен қорытылады! – депті. «Ет дерт, сорпа шипа» – деген сөз содан қалыпты!» – деп, анамыз жарықтық бізге құрт қосқан сорпа ішкізетін. Осының бәрі өзгеріп кетті. Қазір етке қамыр салып жейді, картоп қосады. Тағы неше түрлі бірдемелерді қосады. Сорпаны көп ішпейді. Еттен кейін жеміс-жидек, тәттті-пәтті, майлы торт жейді. Газдалған қантты суларды ішеді. Тағы – тағы біраз нәрсені

асқазанға тығындайды. Осының бәрі денсаулыққа қиын секілді көрінеді. Сондықтан, аталы сөзге, дана сөзге құлақ асқанның зияны жоқ. «Мы суть то, что мы едим! – Біз қандай тамақ ішсек, сондай боламыз!» – деген сөз бар. Шындығында, тамақтың адам өміріндегі рөлі үлкен. Бірақ, адам не үшін тамақ жейді? Өмір сүру үшін! Ал, енді тамақ ішу үшін өмір сүруге бола ма? Ол ақылға сыймайтын нәрсе ғой! Көне Римде дастарханда отырып, тойлауға, ішіп – жеуге бір үлкен құмарлық болыпты. Тіпті, шектен шыққан! Тәтті тамақтарды жейді, арақ – шарапты ішеді. Әбден тояды. Бірақ, тағы да дәмді ас келіп жатыр. Оған көзі тоймайды. Сонда әлгі керемет деген римдіктер сыртқа шығып, құсып тастап, қайтадан келіп іше береді екен. Бұл енді тойынғандық, асып – тасқандық емей не?! Бұл өте бір қиын дүние. Олар сөйтіп азып – тозып біткен. Біздің қазақтың да құдалық деген дәстүрі бар. Қосылған екі жастың туыстары кезектесіп, құда шақырысады. Құдалық кезінде біздің солтүстік жағында құдаларды бірнеше үй қонақ қылып, сыйлайды. Келген құдаларды кемінде үш үй, бес үй, жеті үй, тіпті, тоғыз үйге дейін қонаққа шақырады! Бір тәуліктің ішінде! Есептеңіз, бір тәуліктің ішінде тоғыз қой сою керек, бас тарту керек, табақ-табақ ет жегізу керек. Сонда бір тәулік бойы ұйықтамастан, тамақты іше береді, іше береді. Қалғанын бөліп – бөліп алады. Бұл енді ата – бабаларымыздан қалған салт – дәстүрдің осы заманға сай өзгерген түрі, тіпті асқынған түрі десек те болады-ау?! Я болмаса кішкене тозған түрі ме?! Бұрынғы заманда жолжоба былай болған. Ол заманда руы басқа құданың ауылына дейін атпен апталап жүреді. Тіпті, айлап жүріп келеді. Сонша алыстан жол тартып келгеннен кейін, тойға қатыса салып, бір-екі күннен кейін қайтадан кетіп қалмайды ғой. Асықпай, құдасының ауылында аунап – қунап жатады. Және ол заманда құданың ағайын – туыстары бірнеше ауыл ғой. Әр ауылға барып, бүгін бір ауылда, ертең бір ауылда, арғы күні бір ауылда қонақ болып, қыдырып жүрген. Отыз күн ойын, қырық күн тойың деп соны айтқан. Ет жақын ағайын – туыстары шаңырағын көрсетіп, ауылын көрсетіп, бір – бірімен танысып, білісу үшін жасалған оның бәрі. Жаңадан құда болған екі жақ бір – біріне құрмет көрсетіп, жақындығын білдірген. Келесі жолы екінші жағы да солай күткен. Себебі, қанша жол жүріп, алыстан

келген құдаларды қолма –қол қайтарып жібермейді ғой. Әр ауылды аралатып, қонақ қылған. Бірақ, сонда бәрінің ретін, жөнін білген. Қазіргідей ретсіз, бей – берекет тығындай бермеген. Ойлап қараңыз, далада, таза ауада атпен жүріп келеді. Бір ауылға түседі. Түстік ішеді біреуінен. Біреуінен кешке қонақасын жейді. Болды! Келесі күні тағы солай. Сөйтіп, апталап, айлап жүретін болған. Мінеки, осы салт сақталып қалған. Қалайда жақын адамдары, туыстары жаңа құданы шақырып, танысыпбілісіп, құрмет көрсету керек деген ұғым бар санада. Бірақ, заман басқа! Оны қалай жасаудың, қазіргі уақытпен санасудың жолын дұрыс таппаған. Ал, содан келеді де, арасы екі сағат, үш сағатта бір үй қонақасы береді. Кішкене ойнап күледі, біраз арақ ішеді. Құданы мас қылу, құданы құлату деген бір бәсеке, жарыс бар. Екі жақтан шығады белсеніп. Тіпті, құдаларды әбден ішкізіп, құлату үшін әйелдерге дейін белсеніп шығады. Жұртқа тост көтерткіш, тост айтқыш, арақ ішкізе білетін құдаша, құдағилар шығады ортаға. Осындай да қызық болады! Құданы құлату, құданы құстыру – бір керемет дәреже көрінеді. Соны аңыз қылып айтады. Мен осы жөнінде «Құдалық» деген пьеса жаздым. Көкшетауда, театрда он жыл көрсетілді, Ғабит Мүсірепов театрында қойылды. Соның бәрі өмірден туған дүние. Ауылда тұрғанда осы дәстүрдің ішінде мен де жүрдім ғой. Жазылды, кітапқа басылған. Міне, мұның бәрі баяғы римдіктердің тамақ ішкеніне ұқсас жағдай бұл да. Сондай болды! Анадай аяусыз ішіп-жеуден кейін асқазан не болады, денсаулық не болады?! Сонда құдалықтан бір жорыққа барып келген жауынгерлер секілді ұрынып, соғылып, сүрініп әрең келеді. Содан бірнеше күн бас жазып, ұйықтап, есін жия алмайды. Анау құда күткен жағы да солай, құдалыққа барған жағы да солай. Сонда не мақсат?! Не қызық болды?! Не мағына болды?! Бір – бірінің денсаулығын құртып, жүйкесін жеп, аяғында мас болып, кейде жанжалдасып тарасады. Құдалардың осындай аяусыз ішуінің бір сұмдық оқиғасы болған. Павлодар облысы мен біздің Көкшетау облысының шекаралас бір ауданындағы, Қызылту, Көксеңгір жағында ма, Сілеті жағында ма, әйтеуір бір алыс, айдаладағы ауылға Павлодар жақтан автобуспен құдалар келеді. Мына жақтағылар аямай күткен. Сонымен, аяғында ішіп – жеп, әбден мас болады. Кетер аяқ, жол аяқ берейін десе, арақтары бітіп қалған. Ауылда самогон жасайтын бір орыс

бар екен. Соның самогонын сатып әкеліп ішкізген ғой. Сөйтіп, шығарып салады. Келген құдалар автобуспен кетеді. Мыналар қалады. Былай шыққан соң, шопыр жаңа ғана гүжілдеп, гуілдесіп отырған жұрттың үні шықпай қалғанына таңданып, құлақ түреді. Тып-тыныш, дыбыс жоқ! Артына қараса, сегіз адам өліп қалған! Арақтан уланып өлген! Самогонға күшті болуы үшін, тауықтың боғын қосады екен ғой. Енді ол ары кетпей, бұрылып, қайтып келіп, мына ауылда да бірнеше адам өліп қалған. Әлгі самогон берген орыс та өзіне қол салып, өліпті. Сөйтіп, бір құдалықта он алты адам қайтыс болған! Осыны кезінде «Социалистік Қазақстан»\ «Егемен Қазақстан»\ газетіне жазды. Мінеки! Содан мен ана бауырларыма: «Әй, жандарым – ау! Өздеріңді аясаңдаршы! Денсаулықтарыңды ойласаңдаршы!» – деп, жанашырлықпен айтамын. Оған олар қарамайды. Өйткені ертең жаңа құдалар сөз қылады: «Бір үйден кетті деген не сұмдық! Ұят болады!». Ал, аямай тойғызып жіберсе: «Үш үй шақырды! Бес үй шақырды! Жеті үй шақырды! Тоғыз үй шақырды! Құдалар жақсы екен, өкіртіп сыйлады!» – деп, ел-жұртқа мақтанып, күпілдеп отырады. Мұның өзі байырғы көшпенділік замандағы түзу қалыптасқан дәстүрлі, тамырлы, мағыналы салтымыздың отаршылдықтың, Совет үкіметі идеологиясының әсерімен өзгеріп, осындай бір түсініксіз халге түскені ғой. Бұл салт – сананың ассимиляцияға ұшырауы! Одан арылатын, аршып алатын кез келді! Қорыта айтсақ, дұрыс тамақтану деген жай әңгіме емес, өмірлік әңгіме! «Бесполезные люди живут только для того, чтобы есть и пить; достойные люди едят и пьют только для того, чтобы жить. – Пайдасыз кісілер ішіп-жеу жеу үшін өмір сүреді, ал лайықты адамдар өмір сүру үшін тамақ ішеді!» – деп, сонау көне заманда грек ойшылы Сократ айтып кеткен. Ал, сіз өмір сүру үшін тамақ ішсеңіз, жақсы тамақ ішіңіз және дұрыс тамақтаныңыз! Міне, бұл, әрине қиын! Мысалы, асқазаны ауыратын адамдарға диета ұсынады дәрігерлер. Диета ұстаса, жап – жақсы жүреді. Бірақ, бұл диетаны ұстау да қиын. Дұрыс тамақтану амалын да ұстай беру қиын. Қонаққа барады, тойға барады. Ананы, мынаны қызығып жеп қояды. Бірақ, анда – санда бір тәртіпті бұзсаңыз да, бүкіл өмірлік жолыңызда олай жасауға болмайды.

Қалай болғанда да дұрыс тамақтану тәртібін сақтаған жөн!
«Жаманнан жарты қасық ас қалады» деген сөз бар қазақта.
Бүгінде мұны да өзгертіп: «Жаман – жалмап жейді, жақсы –
талғап жейді!» десек жөн болар. Иә, жалмап жемеңіз, талғап жеңіз!

Білікті дәрігерлердің, ұзақ жасаған ғалымдардың айтуынша,
көңілің соққан тамақтың бәрін де жеуге болады, бірақ, шамалап, аз
мөлшерде жеу керек екен! «Шектен шықпа!», «Әр нәрсе – дәмімен!
-Ничего через меру!»» деген сөз дұрыс тамақтануға тура келеді!

Спорт. Күш-қуат
Адамзат адамзат болғалы дене қимылы, былайша айтқанда,
спорт өмірлік серік болып келе жатқан құбылыс.
Адам әуелде жаяу жүре бастады – ол да спорт, аң аулады – ол да

спорт, қолына алғаш рет таяқ ұстап, қару қылды – ол да спорт!
Келе – келе спорт кәдімгі дене тәрбиесінің үлкен бір құралына
айналды. Бұл – өте керек нәрсе.
«Движение – жизнь, а жизнь – движение! – Қозғалыс – өмір, ал

өмір – қозғалыс!- деп, көне грек – эллиннің данышпаны Аристотель
байырғы заманда айтып кеткен. «Движение – это жизнь, застой

– это смерть! Қозғалыс – өмір, ал тоқтау, тоқырау – өлім!» – деп

жалғастырған кейінгілер!
Көне заман даналары:
Ауырсаң – жүгір!
Ренжісең – жүгір!

Қиналсаң- жүгір!
Қуансаң да жүгір! – деген.
Қимыл, қозғалыс өмірге қан жүгіртеді. Адам үнемі қозғалыста
болуы керек. Рухани қозғалыс та, физикалық қозғалыс та ауадай

қажет. Сондықтан адам бұл өмірде тынымсыз қозғалып, қимылдап
жүреді.
Ал спорттың да сан алуан түрі бар. Жарыста жеңіп шығып,
жетістікке жету үшін айналысқан спорт – бұл кәсіби спорт.

Спорттың енді бір түрі – денсаулық үшін жаттығулар жасау. Өзінің
денсаулығын күту үшін, денесін шынықтыру үшін, ішкі қуатын
арттыру үшін, иммунитетін күшейту үшін адамға спорт керек.
Көне Эллада, эллин – грек елінде төрт жылда бір рет олимпиада

ойындары өтіп тұрған ғой.. Ол олимпиадаға небір мықтылар қатысқан. Атақты математик Пифагордың өзі олимпиаданың жеңімпазы болған. Сол сияқты атақ-даңққа бөленген Кротоннан шыққан Милон деген балуан күрестен алты олимпиаданың чемпионы болған! Алты олимпиадада жиырма төрт жыл бойы ешкімге жеңісті бермеген. Ол жаттыққанда, күнде бұзауды көтеріп, стадионды айналып жүгіреді екен. Бұзау өсіп, екі жылда бұқа болады, оны Милон Кротонский көтеріп жүгіре береді. Енді бұқаны көтеріп жүгірген адам қарсылас шақ келтіре ме?! Тарих Темір Самсон деген адамды аңыз қылады. Самсон деген бала әлжуаз болған екен. Сол спортпен жаттығып, әуелде бір қап ағаш ұнтағын көтеріп, лақтыра берген екен. Одан кейін, ағаш ұнтағынан күнде бір уыс алып тастап, орнына бір уыс құм салып отырады. Ол құм толғанда, бір қап құмды лақтырып ойнаған! Мықты болсаң, бір қап құммен көр ойнап! Одан кейін ол бір уыс құмды бір уыс дробь – темір бытырамен ауыстырып отырады. Ақырында, бір қап темірді шыр үйіріп ойнайтын болған ғой! Мінеки! Немесе ана жапонның каратэшілері, қытайдың күнфушылары осындай түрлі әдіс-тәсілдермен жаттыққан. Біздің қазақтың даңқты палуандары Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқан аталарымыз алып күшті болған. Бәрінің де жолы – үлкен күш – қайрат, жігердің жолы. Қажымұқан қандай алып күшті адам болса да, Ресейге барып дядя Ваняның мектебінде жаттықпаса, арнайы жаттығулардан өтпесе, әрине, ондай жетістікке жетпейтін еді. Жетістігінің бәріне де ащы терін төгіп, аянбай жаттығып, шыныққанының нәтижесінде жеткен. Яғни, спорттағы жеңістердің бәрі – адамның бақайшағына дейін терлеп жасаған жаттығуларының жемісі. Мынадай аңыз бар. Каратэнің шеберіне бір кісі баласын алып келіпті. – Мына баланы жаттықтырып беріңіз! Ақшасын төлеймін! – дейді. -Жарайды! – дейді жаттықтырушы. «Қалай жаттықтырады екен?» – деп қарап тұрады. Шебер бір домалақ кішкене ғана шарды балаға қарай лақтырады. Ана бала қолымен қағып алу керек. Тағы да неше түрлі жылдамдықпен лақтырады. Бала қағып алуға тырысады. Арада бір жыл өткенде,

әкесі қайтып келсе, шебер баяғыдай шарды лақтырып, бала қағып алып жатыр. Екі жыл, үш жыл өтеді. Содан кейін ана кісі ренжиді. -Не мынау? Бір шарды лақтырып, қағып алудан басқа жаттығу жоқ па? – дейді. Шебер: – Онда балаңның қолын басыңмен сүзіп көр! – деп жауап береді. Әкесі баласының қолын басымен сүзіпті. Сонда, баланың қолы темірдей болып кеткен екен, сәл ғана қысып жібергенде, басын езіп жібере жаздапты. Сонда кіп – кішкентай резеңке доп сияқты шардан бастаған. Біртіндеп қатайта берген ғой. Аяғында үлкен қорғасын шар – допты лақтыратын болған. Ал анау қағып ала берген. Сонда қолының, шеңгелінің күші көбейіп, саусақтары темірдей болып кеткен ғой. Жалпы каратэде осылай, салмақ – «нагрузканы» біртіндеп арттырып, ұзақ уақыт ерінбей – жалықпай қайталап,жаттықтырады. Қолымен, саусақтарымен әуелі ағаш үгіндісін – «опилканы» ұрғызады. Сосын құмды, сосын фасольды, шағыл тасты – «щебенканы», аяғында темір бытыра – дробьты ұрғызады. Сонда спортшының саусақтары темірдей болып қатып қалады екен. Темір бөшкені тесіп жіберетіні де сондықтан. Тіпті, әбден мықтылары бұқаны іштен бір ұрғанда, қолы кіріп кетіп, ішек – қарынын жұлып алады екен. «Манас» жырында қаңғай – қытайдың осындай жауынгерлерін қанжарқол дейді. Ал, керек болса! Міне, осындай жаттығулар! Мұның бәрінің түпкі принципі – «метод постепенности» – бірте – бірте жетістікке жету әдісі!. Бізде ше?! Асығып-үсігіп, тез арада чемпион шығарамын деп, балаларды аямай қуалайды. Жанталасып жаттықтырады. Аяғында баланың сілесі қатып, организмнің резерві, бүкіл ресурсы таусылып, қалжырап бітіп, денсаулығына зиян келеді. Тіпті, балалар мен жастар арасындағы жеңіл-желпі жарыстарда азын-аулақ жетістікке жетіп, жылтырақ медаль алып, мәз болған жас спортшылар ақырында әбден қажып, тозып, спорттан қашып құтылады. Ал, шындығында, жастарды ақырын – ақырын, біртіндеп жаттықтырудың нәтижесінде биікке көтерген жөн! Аңыз, ертегіге құлақ салыңыз. Бір хан бір кедейдің сұлу қызына үйленеді. Өзі асқан мерген екен. Бір күні аңға шығып, келе жатса, анадай жерде бір құлан тұр екен. Хан мергендігін көрсетейін деп, жебенің басына жаңғақты іліп, көздеп тұрып атады. Шекесіне

тигізеді. Құлан ауырсынып, жаңғақ тиген шекесін аяғымен қасымай
ма? Сол кезде хан садағын шірей тартып, екінші жебемен ананың
аяғын басына қадап қойған ғой! «Құланның қасуына – мылтықтың
басуы!» – деген қазақтың сөзі осындайдан қалған шығар! Ханды

барлығы мақтайды. Сонда жас әйелі айтыпты: «Несі мергендік!
Күнде жаттыққан соң, әдет болып кеткен ғой!» – дейді. Хан
ашуланып: «Тастадым сені! Бар, кет!» – деп, әйелді әкесінің үйіне
қайтарып жібереді.

Арада бірнеше жыл өткенде, хан аң аулап келе жатып, адасып
кетеді де, азғантай ғана әскерімен шөлдеп келе жатып, бір шалдың
үйіне тоқтайды. Баяғы келіншегінің әкесі екен. Оны танымайды.
Қонақтардың сусынын, тамағын бергеннен кейін, келіншек кешке

сиыр сауады. Сиыр сауып болған соң, бір бұқаны иығына салып,
көтеріп жүре береді. Оны көргенде барлығы: «Мынау не деген
күшті әйел?!» – деп, шу ете қалады.
Сонда шал айтады:

- Ана сиыр бұзаулаған соң, қызым бұзауды күнде арқалап жүре

берді. Сөйтіп күшті болып кетті!
Сонда хан:

– Е-е, онда таң қалатын несі бар? Күнде көтеріп, әдет болып

кеткен ғой! – дейді.
Сонда келіншек бұрылып:

– Тақсыр хан ием! Сіздің садақ атып жаттыққаныңыз да әдет

емес пе? – дейді.
Хан сөзден жеңіліп, келіншегін танып, қайтадан алған екен.
Мергендердің тарихында көп қызықтар айтылады. Ағылшынның
аңызға айналған батыры Робин Гуд садақтың бір жебесін ағашқа

қадап, екінші жебемен оны қақ жарып түсіреді екен!
Біздің қазақта да құралайды көзге атқан мергендер болған.
Батырлардың неше түрлі аңыздары бар ғой. Қылышты айналдыра
үйірудің, қиялай тартып шабудың, найзаны тура сілтеудің,

айбалтаны құлаштай сермеудің әбден қалыптасқан заңдылықтары,
әр батырдың машықтанған әдіс – тәсілдері бар. Мұның бәрі
біртіндеп, үзбей жаттығудың нәтижесі.
Сондықтан, спортшы боламын десеңдер, барлық күштеріңді салып,

жүректеріңді құртып, қан қысымдарыңды көтеріп, денсаулықтарыңды
бұзып алмаңдар! Біртіндеп – біртіндеп биікке жетесіңдер!

Ал, енді таза спорттық нәтиже үшін емес, денсаулық үшін
жаттығу бір рахат нәрсе. Дене шынықтыруды серік етіп, үйреншікті
жаттығуларды күшке тигізбей, қажетті мөлшермен ғана жасау – өте
пайдалы. Әсіресе, ой еңбегінің адамына, басқа да адамдарға керек.

Аз – аздан болса да жасап тұру бір ғанибет. Олимпиаданың чемпионы
болған ауыр атлет Юрий Власов: «Спорттық бабыңызды жоғалтып
алмаңыз. Жоғалтып алсаңыз, оны қайтадан орнына келтіру қиын.
Тіпті көп жаттығуға жағдайыңыз келмей қалған күннің өзінде де

денеңізді аздап болса да қимылдатып тұрыңыз.Түк істемегеннен
гөрі, аз да болса қимылдаған жақсы!» – дейді екен.Сондықтан,
үздіксіз қимылдаңыз! Жүгіруге қиналсаңыз, жаяу жүргеннің өзі
пайдалы. Жеңіл гимнастика, жеңіл қимылдар, неше түрлі емдік

жаттығулар да бар. Ал, енді тыныс алу жаттығулары өте пайдалы.
Мұның бәрінің әдістерін қазір ғаламтордан табуға болады. Соның
ішінен өзіңізге лайықтысын таңдап алыңыз.
Спорт жаттығулары жөнінде жастарға айтар ақыл-кеңес бар.

Барлық жаттықтырушылардың алдымен айтатыны – ең маңыздысы
дұрыс тыныс алу! Адам бұлшық етке күш түсірген уақытта, демін
сыртқа шығару керек –выдох! Ал босаған уақытта, демді ішке
тартып, тыныс алу керек- вдох! Қарапайым ғана мысал – ауыр

затты көтерген уақытта, демді сыртқа шығарасыз, яғни выдох
жасайсыз. Денеңізге күш түсіргенде, тынысты ұстауға, демді
тоқтатуға болмайды. Ол үлкен қатерлі нәрсе, адамның жүрегіне, қан
қысымына өте қатты әсер етеді. Міне, сондықтан сіздер спортпен

айналыса бастағанда, алдымен дұрыс тыныс алуды үйреніңіздер.
Оның әдістемелерін ғаламтордан тауып алып, көрулеріңе болады.
Денеңіз босаған, яғни расслабленный кезде демді ішке аласыз да,
күшеніп, сіресіп, тырысқан кезде, яғни, напряженный кезде демді

сыртқа шығарасыз. Сонда ішіңізден шыққан деммен бірге күшіңіз
көбейіп, бұлшық етіңіздің жұмысы жақсарады. Міне, осыны мықтап
естеріңізге сақтап, әбден меңгеріп алыңыздар.
Және жаттығу барысында ептеп басыңыз айналып, жүрегіңіз

қаға бастағандай болса, бірден жаттығуды тоқтатып, денеңізді
босатып, арлы- берлі ақырын жүріңіз де, отырып демалыңыз. Одан
кейін жаттығуды тоқтату керек. Ешқашан да өзіңізге әсіре артық
күш түсірмеңіз. Тәніңіздің жағдайын байқап отырыңыз, денеңіз

сүйсініп, жүрегіңіз, қан айналымыңыз бәрі дұрыс болып тұрған

кезде ғана жаттығу жасап, бұлшық етке күш түсіру керек. Ал, тез
арада күшімді көбейте қоямын, жетістікке жете қоямын деп, аса
қатты күш түсіру – қауіпті жағдай болып саналады. Күрт түскен
ауыр салмақтан, артық жүк – нагрузкадан бұлшық ет жыртылып та

кетеді. Әсіресе жүрек пен қан айналымына қауіп төндіріп алуыңыз
мүмкін. Сондықтан мұның бәрін ғылыми жолмен, ақылмен,
сабырмен, қалытасқан әдістеме – методика бойынша, тәжірибелі
жаттықтырушының жетекшілігімен, бақылауымен жасаған дұрыс

болады. Ауылдың не бір мықты, болашақта үлкен спортшы
болып кетуі мүмкін деген балалары, бәлкім, осындай методиканы,
әдіс-тәсілді дұрыс қолданбағандықтан көбінесе жетістікке жете
алмай, кейде денсаулықтарына зиян келтіріп алады-ау!? Осыны

байқаңыздар. Мысалға: сіздің тәніңіздің мүмкіндігі 100% деп
есептесек, оны үнемі уақытта 100% деңгейде ұстауға болмайды.
Ондай күш түсіруге болмайды. 75% не ары кетсе 80 % күш түсіріп,
жаттығып, спорттық бап – форманы да солай ұстаған оңды. Адам

өмір бойы өз бабының шыңында –«на пике формы» тұра алмайды.
Спорттық бабыңыздың – форманың шыңында өмір бойы тұруға
ұмтылудың керегі де жоқ. Ол сіздің керек уақытында ғана шығатын
резервіңіз, қосымша күшіңіз. Мысалы, жолбарыстан қашқан

кейбір адамдар дүниежүзінің, олимпиаданың рекордшыларының,
чемпиондарының өңі түгілі, түсіне кірмейтін жылдамдықпен
қашып құтылып кеткен ғой! Жан керек, сонда оның тәні жасырын
қуаттарын іске қосып, сонша жылдамдықпен қашып құтылған.

Немесе қабаған ит қуған уақытта, немесе аса қатер төнгенде адам
2-3 метр дуалдан қалай секіріп кеткенін білмей қалған кездері
болған. Артынан: «Мынадан қалай секірдім?!» – деп, қайран қалады
екен! Бұл – адамның ұйықтап жатқан мүмкіндігінің қатер төнгенде

бір демде оянуы! Өйткені, өзін-өзі құтқару керек! Міне, адамның
барлық күш-қуаты жанартаудай атылатын кездер болады! Сондай
экстремалды, қауіпті, өте бір қарбалас, қатер төнген сәтте өзін
немесе баласын, досын құтқару үшін адам тосын әрекеттерді ақылға

сыймайтын жылдамдықпен, күшпен жасап жібереді. Ғылымға бұл
құпия жұмбақ, мұның себебіне ешкім жеткен жоқ. Байқасаңыздар,
кейде бір сәтте күшіңіз тасып, бойыңызды қуат кернеп, жаттығуды
оп-оңай жасайсыз, бұрын көтере алмайтын салмақты көтеріп

кетесіз, бұрын жүгірмеген жылдамдығыңызбен жүгіресіз. Ал бірер

күннен кейін оған қанша ұмтылсаңыз да жете алмайсыз, көрсеткіш
одан төмендеу болады. Бұл неден? Мұның барлығы ішкі қуаттың
айналуынан!
Атамыз қазақ күрес, жарыс кезінде аруақ шақырады. Сол

кезде мықты жігіттер қиқудан қуат алып, күші тасып, айбыны
асып, қарсыласын басып кетеді. Ондай адамдарды: «Арқасы бар!
Арқаланып кетті!», «Аруақ қолдады! Аруақтанып кетті!» – дейді.
Бұл да рухтың күші, ішкі қуаттың оянуы!

Оны қытайлар ци дейді, жапондар ки дейді. Каратешілер сол
ішкі қуатты оятып, бүкіл денесіне қуалап, сыртқа шығару үшін
«киай» деп қатты айғайлайды. Ол ішкі қуат тұла бойына тарағанда,
адамның күші тасиды.

Үнді иогтарының айтуынша, адамның құйымшақ – копчик
тұсында жылан сияқты иіріліп, бүктетіліп, ұйқтап жатқан жұмбақ
бір нәрсе бар екен. Оны «Лотос Кундалини» дейді екен. Ол бір
қиын-қыстау сәттерде оянуы да мүмкін, оянбауы да мүмкін. Егер

сол қуат көзі оянса, адам құдіретті күшке айналады екен!
Кейде спортшылардың тыйым салған допингтарға баратындары
да бар. Күшін көбейтіп, жеңу үшін жасайды. Бұл, әрине, спортта
әділ жол емес және оның кейіннен адам ағзасына, тәніне кері әсері

бар. Ауруға шалдықтыруы да мүмкін.
Ал көп адамдар спорт жетістігін қумай-ақ, өзінің денсаулығы
үшін, жалпы өзін мықты сезіну үшін жаттығады. Сонда да сақтанып,
уақтылы дәрігерлерге көрініп, тексеріліп тұрған жақсы болады. Сіз

спортта бір нәтижеге жетемін деп, өзіңізді өзіңіз қатаң тәртіпке
көндіріп, қол жетпес биіктерге ұмтылып, жаттығып жүргенде, егер
байқамасаңыз, білмесеңіз, тәніңізге қатер төнуі мүмкін. Сондықтан
денсаулықты бірінші кезекте ойлаңыздар. Денсаулықты құртып

алғаннан кейін, ешқандай нәтиже оны алмастыра алмайды.
Денсаулық – спорт үшін құрбан емес, спорт – денсаулық үшін
қорған болуы керек!
Уайым

Өмірде адам баласы уайымсыз болмайды. «Жігітке уайым

– пана, сабыр- қорған!» – деп Біржан сал атамыздың айтқан сөзі

бейітінің басында жазулы тұр. Бұл не сөз сонда: Уайым – пана?

Қалай пана болады ол? – деп ойлайсың. Демек, бұл уайым деген – ой. Ал енді уайымның екінші жағы бар ғой – уайымшылдық! Әр нәрсені уайымдай беру – адамды күйрететін, өмірден түңілдіретін нәрсе. Бірақ, адам қалай уайымдамайды? Заманның бетін көріп, ақылды адам болашақты, әлемнің, елдің тағдырын уайымдайды, ата –ана баланы уайымдайды, алыста жүрген адам ағайын –туысты уайымдайды. Бір жағдай болып қала ма, халымыз қандай болады деген секілді уайым – бар адамға тән нәрсе. Біреу оны жеңеді, біреу сол уайымның түбіне бата береді. -Уайым түбі тұңғиық, Батасың да кетесің, Тәуекел түбі жел қайық, Кешесің де өтесің!» – деген атамыз қазақтың сөзі бар. Байқап қарасаңыз, уайымдама деп айту оңай, бірақ, қалай болғанда да, ойлы кісі уайымдамай тұрмайды. Ертенгі күнді ойлайды, жолда жүрген кісілердің жағдайын, амандығын, тағы басқа жағдайларды ойлайды. Тарата берсек, көп әңгіме. Енді осы уайымнан құтылып, қалай өмір сүру керек дегенде, мұсылман дінінде айтылған даналардың сөзі де көп. Бұның бірден – бір емі – иман келтірген мұсылман «бәрі бір Алладан!» – деп қалтқысыз сенеді. «Әмәнту билләһи..». – Аллаға иман келтірдім, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне және жақсылықтың да, жамандықтың да Алладан болатынына иман келтірдім дейді. Қалтқысыз, кәміл сендім деген сөз. Күйзеліс, уайымнан арылудың бірденбір жолы – иман деп айтатын аталарымыз. Осы иманды айтсаңыз сіздің жаныңыз жеңілдейді, сеніміңіз нығаяды. Яғни, сіз уайымдадыңыз ба, уайымдамадыңыз ба, бәрі бір, Алланың бұйырғаны болады. Демек, біздің қолымыздан келетіні – Алладан жақсылығын тілеу. Міне, анандай болып қала ма, мынандай болып қала ма деп уайымдап, жан-жүрегіңді жеп, жүйкеңді тауысқанша: «Алланың бұйырғаны болады, бір Аллаға тапсырдым, ия, Алла, жақсылығын бере гөр!» деп тілек тілесеңіз, сіздің жаныңыз тыныштанады. Жалпы, иманы кәміл адамнның, иманы бар адамның жан дүниесі тыныш болады. Көп нәрседен байқаймыз. Сабырсыз, санасында тыныштық жоқ, ішінде бір аласапыран болып, жанталасып, өзін-өзі жеп, жанын қоярға жер таппай жұлқынып жүретін кісілердің көбі не

имансыз, не иманы әлсіз жан болып шығады. Сондықтан, осы
уайымдаушылықтың, мазасыздықтың бірден бір емі – Аллаға иман
келтіріп, Алланың бұйырғанына бойсұну және жақсылық тілеу!
Және де білім, ғылымға ден қойып, психологтардың пайдалы

кеңестеріне де құлақ асқан дұрыс. Дейл Карнеги «Как перестать
беспокоиться и начинать жить- Мазасыздықты қалай жеңіп,
тыныш өмір сүруге болады» деген кітап жазған. Ол мазасыздықты,
уайымшылдықты неше түрлі нақты тарихқа сүйеніп, мысалдар

келтіре отырып, таратып, тәптіштеп жазады. Сонда бір мысал
келтіреді: Американың бір жас солдаты соғыс уақытында сүңгуір
қайықта қызмет еткен екен. Сол уақытта Жапонияның бірнеше соғыс
кемесі әлгі қайықты қоршап алады. Енді әлгі қайық судың түбінде

тығылып жатады. Су аса терең де болмауы керек, кемелер сүңгуір
қайықтың үстінен бомбылайды. Тереңде, су астында жарылатын
бомбылар гүрс-гүрс етіп жарылады, бірақ жанағы қайыққа
жетпейді. Одан жоғарылау немесе алыстау жерде жарылады. Сонда

әлгі қайық тырп ете алмай қалады – судан шықса, аналар атып
түсіреді. 15-18 сағат қозғалмай су астында жатады. Аналар тереңде
жарылатын бомбылармен ұрғылап жатыр. Ал экипаждың қолынан
ештеңе келмейді, қозғала алмайды. Сонда әлгі жас жігіт, жас болса

да өткен өмірін есіне алып: «Ойпырмай, мен сонда ана бір мәселеге
мазасыздандым-ау! Сол үшін күйіп -пістім, адамдармен ренжістім,
жанталастым, соның бәрі мынаның жанында түк емес екен ғой!
Осыдан тірі қалып, жер бетіне шықсам, қайтып мазасызданбауға

ант етемін!», – дейді. Қайтып күйіп-піспеуге, күйгелектенбеуге,
жанталаспауға ант ішеді. Содан не керек, ана кемелер, бомбылары
біткен соң, кетіп қалады. Бұлар аман қалады. Жер бетіне шығады.
Содан кейін әлгі жас жігіт өмірінде мазасынданғанды қойған

екен. Атақты автор осындай мысалдарды өмірден көп келтіреді.
Жастарға, жалпы оқырмандарға Дейл Карнегидің «Как перестать
беспокоиться и начинать жить» деген кітабын оқуға кеңес беремін.
Біздің Жапаров Қазез деген құдамыз болды, менің әкеммен қатар,

бір-ақ жас үлкен кісі. Соғысқа барып келген. «Қырғын соғыста,
қып-қызыл оттың ішінде жүргенде бір-ақ тілегім болды – дейді.

– Құдай-ау, егер осыдан аман-есен елге оралып, туыстарымды

көріп, солармен бір бауырсақ жеп, бір арқа-жарқа болып сөйлесіп,
ух десем, содан кейін өлсем де ризамын деп ойладым!» Содан,

соғыстан келді, туыстарын көрді, аман-есен жүрді. Ештеңені
уайымдамайтын, күйгелектенбейтін,не нәрсеге болса да сабырмен
қарайтын. Қан майданның барлық сұмдығын көріп келген сол кісі
сексеннен асып қайтыс болды, сонда самайы ғана біраз ағарғаны

болмаса, шашы қап-қара. Кішкентай ғана қағілез кісі болатын, бір
аяғы ақсап жүретін, жарықтық.
Менің әкем Тақан да айтатын: «Соғысқа барған бетте,
шайқасқа алғаш кіргенде бір рет қорқасын! Сосын госпитальдан

шығып, майданға қайтып келгенде бір қорқасың! Қалған уақытта
қорықпайсың! Ол соғыстан тірі келеміз деп ойлағанымыз жоқ!
Немістер атқылап жатқанда, тамағыңды ішіп отыра бересің!» –
дейтін. Госпитальдан келгенде қорқатыны, жараланып, емделіп

жатқанда, адам бейбіт өмірге үйреніп қалады ғой!
Ол кісі де керемет сабырлы еді, жарықтық. Сол кісілерге қарап
отырып: «От пен оқты көрген, өлімді көрген, өлімнің аузынан
аман келген кісілер өмірдің қадірін, бағасын былайғы жұрттан

жақсырақ біледі –ау!» – деп ойлайсың. Сондықтан, жастарға: «Ау,
шырақтарым, сендердікі не жанталас, не уайым? Уайымшылдықты,
күйгелектікті, күйіп-піскенді, әбігерлікті қойып, иман, ақыл,
сабыр, қайрат-жігермен алға ұмтылып, жақсылап өмір сүруге

тырысыңдар!» дегім келеді!
Күйзеліс – депрессия туралы
Өмірде қиын жағдайлар болмай тұрмайды. Ол – сынақ.
Адамның мықтылығы сол қиындыққа қарсы тұрып, жеңіп

шығуында.
Ал енді ең үлкен қиындықтың бірі – адамның ішкі жан күйзелісі.
Депрессия, стресс.
Өмірде не болмайды? Адам өзінің армандаған биігіне жете

беріп, құлап қалуы мүмкін. Жақын адамдарын жоғалтуы немесе
отбасы бұзылып, ажырасып кетуі мүмкін. Қызметтен қуылып,
тіпті сотталып кетуі мүмкін. Қандай да бір жақсы адамдардың өзі
байқамай, қателікпен, яки алданып, әлде бір ауыр қылмыстар жасап

қоятын кездері де аз емес. Немесе адамдармен қарым-қатынасында
түсінбеушіліктердің болуы, жақын адамдарының безіп кетуі сияқты
қиын жағдайлар болады.

Сол кезде адамның жан дүниесі күйзеліске ұшырайды. Ауыр психологиялық соққыдан жан, жүрегі ойрандалып, тас талқан болады. Жүйкесі тозып, күйзеледі – ең қиыны осы. Өмірден, адамдардан түңіледі. Жалғыздыққа ұшырайды, тіпті өзінеөзі қол салып өлгісі келеді. Немесе, біреуді өлтіргісі келеді. Оның жүйке жүйесінде, психикасында өте бір қиын жағдайлар болады. Бұдан құтылу оңай емес. Өйткені, адамның ерік, жігері жансызданып – парализовать етіп қалады. Торығып, ештемеге зауқы болмайды. Өзін –өзі билей алмай қалады. Осындай кезде дәрігерлердің де, экстрасенстердің де, дініміздің де, психиатрлардың да алдымен айтатыны – сабыр керек. Ең бастысы – сабыр! Бұл жөнінде Дейл Карнеги де жазады: Бір мықты кәсіпкер адам банкротқа ұшырап, бүкіл байлығынан айырылып, күйзеліп, үйіне келіп жатады. Содан жұмысқа бармайды, ешқандай мәселеге алаңдамайды, жаны күйзеліп жатады да, бір күн ұйықтайды, екі күн ұйықтайды, үш күн ұйықтайды. Әбден ұйқысы қанып, тыныққан соң, ойлануға шамасы келеді. Ойлана бастағаннан кейін, жаңадан жоспар құрады. Ақыры, күш-қайратын жинап, қайтадан кәсіп бастап, қайтадан көтеріліп, атақты адамға айналады. Бұл мистер Эванс деген кісі. Қазір Эванстың атында әуежай бар екен, ал! Сондықтан, қазақша айтқанда, әуелі Аллаға сиынып, тілек тілеп, бел буып іске кірісіңіз. Мұны дұрыс түсініңіздер: бұл бір діни фанат болып, ертеден кешке дейін діннің соңында жүріп, бір діни топтарға қосылып кету деген сөз емес. Ең қауіптісі осы. Жүйке жүйесі тозған, ерік –жігері күйреген, уайымға батқан, өзін-өзі билей алмай жүрген адамдарды небір экстремистік топтардың өзіне қосып алып кетуі оп-оңай. Шамаңыз келсе, ешқанда топқа қосылмаңыз. Ақыл-сабырыңызға жүгініңіз. Әрине, анау психологиялық жүк, өткен өмір сізді оңайлықпен жібермейді, еңсені басып тұрады. Міне, соны жеңудің неше түрлі әдіс, тәсілдері бар. Түрлі кітаптардан, ғаламтордан қарасаңыздар, неше түрлі ақыл-кеңестер табасыз. Бір батыр жігіттер туралы кино көргенім есімде. Сонда достары сатып кетіп, әбден күйзелген жігіт таусылып, тығырыққа тіреледі. Өткенді ойламайын десе де, опасыздық жанын күйдіре береді. Бір күні далада келе жатса, бір адам бір құшақ бұтақтарды арқалап кетіп бара жатыр екен. Жүгі ауыр, әлгі кісі қисалаңдап, әрең кетіп барады. Бір кезде шаршап, құлауға айналады, сол кезде әлгі адам

арқасындағы отынды сыпырып тастайды да, әрі қарай жеңіл басып кете береді. Сол кезде мына батыр: «Әй, өткеннің иықты басып тұрған ауыр жүгін неге лақтырып тастап кетпеймін!?» – деген ойға келеді! Көзіңізге жанағы көріністі елестетіңіз. Өткеннің жүгі, қиындық, қиянаттары, өзіңіздің жасаған қателігіңіз – бәрі сізді басып тұр ма? Сіз оның бәрін артқа қарай лақтырып жіберіңіз де, алға қарай басып жүріп кетіңіз! Жеңілдейсіз! Бірақ, мұнымен де оп-оңай құтылмайсыз. Бұл жібермейді, талай уақыт, тіпті айлап, жылдап, жан жүрегіңізді жей береді. Бірақ бірте-бірте жеңілдей бересіз. Қалайда жеңу керек! Не өмір, не өлім деген мәселе тұр алдыңызда. Не істеу керек? Өмірді таңдаңыз! Өлуге үлгересіз қай уақытта да. Өмірді таңдаңыз және ерегесіңіз: опасыздық жасағандарға, сатып кеткендерге, тағы басқа сәтсіздіктеріңізге ерегесіңіз! Ерегескенде, ешкімнен кек қайтарудың, ешкімге жамандық жасаудың қажеті жоқ. Өзіңізді қайраңыз! «Мен осыларға ерегескенде, қайтадан көтеріліп шығамын.! Қайтадан атқа мінемін! Қиындықтың бәрін де жеңемін! Мен жақсы адам боламын! Жақсы істер атқарамын!» – деп, жігерленсеңіз, ұмтылсаңыз табыстарға жетесіз. «Әрекетсіздік мазасыздық пен қорқыныш тудырады. Әрекет сенімділікке бастайды. Жеңіске жеткің келсе, қол қусырып отырма. Тұр да әрекет қыл!» – деп жазады Дейл Карнеги. Адамның рухы сынса, бітті, ол жеңіледі. Сондықтан, рухыңызды шыңдаңыз, қайраттаныңыз. Ал рухыңыз – иманды рух болса, оның алатын биіктері алдында. Иманды рух – өте күшті. Ол алмайтын қамал, ол жеңбейтін қиындық болмайды. Және ешқандай тосын әрекетке бармаңыз. Біреуден зәбір көрсеңіз, біреуден қиянат көрсеңіз, қысастыққа қысастық қыламын, кек қайтарамын деп өміріңізді бүлдірудің қажеті жоқ. Өз жолыңызбен жүре беріңіз, бітті. Өткенге салауат дейді қазақ. Күйзеліс – депрессия кезінде адам өзін-өзі мықты ұстамаса, өте қиын. Ол тайғанап, төмен кете береді. Нашақорлыққа ұрынуы, ішімдікке үйір болып кетуі мүмкін. Содан сақ болыңыз. Ол құтқармайды сізді, ол тек алдау, уақытша мастық қана. Онымен құтылмайсыз. Проблемадан қорықпа, тіке қарсы бар да шеш, шешілмесе – кес! Жапонның батыр, ойшылы Миямото Мусаси:

«Көтерілген рух – әлсіз, төмендеген рух та -әлсіз! Орта қалып

– барлық жағдайдың жүрегі!» – дейді. «Дух огня –ярость. – Кіші

болса да, үлкен болса да, оттың бәрі от! Оттың рухы – қаһар!» –
дейді және семсерлесудің аңызға айналған асқан шебері.
«Что не убивает, делает нас сильнее! – Өлтірмейтін нәрсенің бәрі
бізді күшейте түседі!» – дейді неміс философы Фридрих Ницше.

«Прежде чем диагностировать у себя депрессию и заниженную
самооценку, убедитесь, что вы не окружены идиотами. – Өзіңді
күйзеліске ұшырадым деп есептеуден және төмен бағалаудан бұрын,
айналаңыздағылардың нақұрыс еместігіне көз жеткізіп алыңыз». –

дейді Зигмунд Фрейд.
«Проблемы должны заставлять тебя действовать, а не вгонять в
депрессию. – Мәселелер сені күйзелтіп, күйретіп тастамай, әрекет
жасауға итермелеуі керек». – дейді Бернард Шоу.

«Разумно было бы почаще говорить себе: Изменить я этого
не могу, остается извлекать из этого пользу. – Мен мұны өзгерте
алмаймын, демек, пайдасын көруім керек екен дегенді өзіңе жиі
айтып тұрғаның жөн». – деп жазады Артур Шопенгауэр.

Австрия психиатры Виктор Франкл: «Значимы не наши страхи
и не наша тревожность, а то, как мы к ним относимся. – Біздің
қорқыныш пен мазасыздығымыз маңызды емес: біздің оларға қалай
қарайтынымыз маңызды!» – дейді.

«Как теплая одежда защищает от стужи, так выдержка защищает
от обиды. Умножай терпение и спокойствие духа, и обида, как
бы горька ни была, тебя не коснется. – Жылы киімнің ызғардан
қорғайтыны сияқты, ұстамдылық реніш, жәбірден қорғайды.

Төзімділік пен сабырыңды күшейте бер, сонда қандай да ащы, ауыр
реніш, жәбір саған жолай алмайды». – дейді Леонардо да Винчи.
Сіздің жаныңызды өзіңізден басқа ешкім де тыныштандыра
алмайды.

Адамның ең жақын досы да – өзі, ең қас жауы да – өзі. Ой, сезімі.
Адам қателіктердің бәрін шаттанып, шалқығанда немесе қатты
ашуланып, күйінгенде жасайды. Қандай жағдайда да адам өз еркін
өзі билеп, өзіне өзі ие болуы керек!

Адам жығылып қалғанда, көп нәрсе жоғалтады. Бірақ, орнынан
тұрып, алға баса берсе, бұрынғыдан да көп нәрсе табады.
«Не тот велик, кто никогда не падал, а тот велик – кто падал и

вставал. –Құламаған жан ұлы емес, құласа да қайта тұрған жан
ұлы!» – деген екен Конфуций.
Көптеген қиындықтар қаптап, жаның қиналып, төзімің таусылған
кезде де шегінуші болма! Дәл осы сәтте сенің тағдырың күрт

өзгеретін шығар!
«Үмітсіз – шайтан. Қандай бәле, қиындық көрсең де, бір Алладан
күдеріңді үзбе!» – деген аталарымыз. Бұйырғаны болады, тек қана
қалтқысыз сеніп, жақсылық тіле! Бәрі де тек өзіңе байланысты!

Өзің жеңіп шығасың!
Ер жігіт, мықты ару қыз осылай қайраттанып, осындай
шешімге келу керек. Әйтпесе, азып-тозып, бұзылып кетуі оп-оңай.
Сондықтан, бұл өмірде болатын депрессия – күйзеліске адам өзін-

өзі қайрап, иманын, ақыл-сенімін қарсы қоюы керек.
Бұл – рухани жағы болса, депрессия – психологиялық күйзелісті
жеңудің және бір жолы – әрине, дәрігерлердің көмегіне жүгіну.
Қазір арнайы дәрі-дәрмектер де, неше түрлі ем-домдар да бар.

Ал енді жан-жарасын дәрімен жазу қиын. Жараланған жанды тек
қана иманыңыз жеңеді. Уақыт емдейді. Сүлеймен пайғамбар: «Бәрі
де өткен, бұл да өтеді!» – дейді екен.
«Құдай қуат берсін!» деп сөйлейді қазақ.

Аллаға сыйынған адам ешқашан да жеңілмейді. Иман, ақыл,
сабыр пана, қорған болсын!
Басыңды көтер...
Сүрініп кетсең,

Түңілме,
Қайта түрегел,
Сілкініп тастап,
Серпіліп алға жүре бер.

Сенен де бұрын,
Бұдан да ауыр салмақты,
Көтеріп кеткен
Ерлердің барын біледі ел.

Жығылып қалсаң
Тұрдым де жерге бір аунап.

Тырнадан үлгі ал,
Төбеңнен ұшқан тыраулап.
Сарала жапырағы
Саудырап түсіп жатқанда,

Көктемін күтіп
Күлмей ме кейде қырау бақ?
Жаныңды жесе
Күйзеліс, уайым жегідей,

Өзіңді өзің
Езгілей берме тірідей.
Қарысып неге
Қасқайып қатып қалмайсың,

Аяғын шайнап
Қақпаннан шыққан бөрідей!
Жылаңқы, жасық,
Кінәмшіл болсаң боркемік,

Күйініп іштей,
Кетерсің босқа өртеніп.
Темірді үзіп
Қопарар тасты шағыңда,

Не болды сонша,
Шағылып тауың ерте өліп?!
Басыңды көтер,
Жігерді қайрап, мін атқа,

Үргісі келген
Иттердің бәрін шулат та.
Тәуекел етіп,
Көтеріп тағдыр жазғанын,

Тарта бер тура
Өшпейтін үміт-шыраққа!
Баянғали Әлімжанов

Жат энергия «Если хочешь рассмешить бога, расказывай о своих планах! -Құдайды күлдіргің келсе, өзіңнің жоспарларыңды айт!» – деген даналықты да еске ала жүрген ләзім. «Счастье любит тишину – Бақыт тыныштықты жақсы көреді!» – деген де сөз бар. Яғни, өз бақытыңыз туралы байқап, ақырын айтыңыз, тіпті, үндемегеніңіз жақсы, өйткені, қызғаншақ кісілер естіп қоюы мүмкін. Бұған атеистік, материалистік көзқарастағы адамдар сене қоймас, дегенмен де санасқан жөн. Бұл, халықаралық терминдермен айтқанда, экстрасенстік, эзотерикалық, «тонкий мирге» қатысты нәрсе. Ал, қазақша айтқанда, құдай, аруаққа қатысты жұмбақ дүние ғой. Тіл-көз деген «сгусток энергии – қуаттың жиынтығы» дейді. Мәселен, сіз әлде бір жақсы жұмысты жоспарладыңыз, содан оны бір достарыңызға, біраз кісіге: «Міне, мен осылай істейін деп жатырмын!» – деп айттыңыз делік. Ал, мен бір кітаптан: «Жоспарыңызды жүзеге асырғыңыз келмесе, бес-алты кісіге айтсаңыз болды!» – дегенді оқыдым. Сонда әлгі жоспар іске аспай қалады екен. Неге? Себебі, бірі болмаса, бірі ішін тартып қалады, бірінің сол назары түседі, бірінің көзі қызарып, көңілі тарылып, қызғанып қалады. Сол суық, жат энергия сіздің әлгі идеяңызға жабысады екен. Сондықтан, жоспарыңызды ешкімге айтпаңыз. Жүзеге асырған соң, біткен істі бірақ көрсетіңіз дейді. Осындай да дана сөз бар. Ал, біздің жастарымыз қалай? Ойларына бірдемені алса болды, жұртқа жар салады, әлеуметтік желіге жазады: «Мен бүйтейін деп жатырмын, сүйтейін деп жатырмын!» – деп шулап, шулап, аяғы сиырқұйымшақтанып, түкке аспай қалады. Тіпті, бір денсаулық бағдарламасын жасап, өзіңізді дұрыс, түзу жолға салатын ойларыңыз болса, іштей қорытып, жоспарлап, біртіндеп жүзеге асыра беріңіз. Бірақ, оны ешқашан да жұртқа әйгілеп айтпаңыз. Спорттық жаттығуларыңызды жұртқа көрсетіп жасамаңыз. Бұлшық еттеріңізді, күшіңізді көрсетпеуге тырысыңыз! Ал қазір мүлдем басқаша ғой. Бір жақсылыққа қолы жетсе, жұртты жинап той жасайды, әйгілеп көрсетеді. Ол келген

адамда қаншама көз, энергия бар! Тіпті, саған ешкім дұшпан болмай-ақ қойсын, бәрі де жақсы ниетпен қарайды делік. Бірақ, достарыңыздың, туыстарыңыздың бір мезетте көзі тек сізге түскен уақытта, энергиясы ауыр болады екен. Ал, қазір көптеген адамдар сәбилі болса да, ол бір жасқа толса да, мектепке барса да жұртты жинап алып көрсетуге құмар. Той жасай қалса, бала-шағасын, немерелерін түгел тізіп қойып: «Мінеки, біз мұндай болып өстік! Көріңдер бізді!» – деп әйгілейтін, жар салатын бір қылық, мінез бар. Мұның арғы жағы мақтаншақтық қой. Ата-бабамыз осының бәрін білген, тіл-көзден сақтан деген. Бүкіл ұрпағын жиып алып, бір сәтте жұрттың көзіне көрсетпеген. Баланың санын сұрамаған, баланың санын айтпаған. Осы күні жаңа танысқан кісілердің өзі бетіңе былш еткізіп: «Неше бала бар? Неше немере бар?» – қадала сұрайды. Немесе үлкен әжелердің өзі: «Пәленбай ұлым бар, пәленбай қызым бар! Ана қызымнан сонша, мына баламнан мұнша немерем бар!» деп санап, кеуде соғып отырады. Осының өзі кейде асылыққа ұштасып жатқан жоқ па? Тәубешіл, шүкіршіл болғанның, кішіпейіл болғанның құдайға жағатын іс екенін тағы да естеріңізге сала кетейін. Мысалы, жастар инстаграмға неше түрлі ыңғайсыз нәрселерді салып жатады. Жаңа көйлек кисе де: «Міне, қандай керемет әдемімін! Қандай жетістікке жеттім!» – деп мақтанады. Керексіз нәрсе! Ұсақ-түйек, тұрмыстық нәрселерді тізіп жазуға қанша уақыт, күш-қуатыңыз кетеді! Одан да, халыққа пайдасы тиетін жағдайларды айтыңыз. Елдің керегіне жарайтын жұмысыңызды жазыңыз. Ал, жеке басыңыздың шаруасын әйгілеп, көрсете берудің жалпы қаншалықты қажеті бар? Бір мезетте көп адамның назары ауғанда, энергия ауырлап, тіл-көздің сұғы қадалады. Үндемей, көзге көрінбей-ақ өсіп-өнуге болады. Үндемей еңбек етіп, нәтижесін көруге болады. Сол кезде соған сай құрметті де көресіз, бағаңызды да аласыз. Ал енді көпшілікке жеке өміріңізді, көңіл-күйіңізді әйгілей беру жөн емес, мұның өзі бір сақтанатын іс. Тіл-көз деген – энергияның ағыны екен ғой. Адам өзі «энерго-информационная структура – энерго-информациялық құрылым». Сонда әртүрлі адамдардың энергиясы, энергетикалық аурасы болады. Бір жерге, топтың ішіне барып келсеңіз, қалжырап шаршап қаласыз. Бұл – барлық адам саған

жаман көзбен қарады деген сөз емес. Жақсы көрген адамдардың өзі бір-бірінің көзін көтере алмай қалады екен ғой. Тіпті, анасы баласын емізіп отырып, сүйсініп қараса, соны көтере алмай, бала ауырып қалуы да мүмкін. Ал, көзі ауыр кісілер болған, тарихта, аңыздарда айтылады. Семіз яки жүйрік малға көзі түсіп, сұқтанып, мақтаса, бітті, әлгі мал мұрттай ұшып, мүрдем кетеді немесе қатты ауруға шалдығады екен. Емшілер ол энергияны шығарады. Ол ауыр энергияға қарсы бірден –бір ем -тұз. Экстрасенс, ғалым Юрий Ивановтың кітабынан оқыдым. Жат энергияға, қазақша айтқанда, тіл – көздің сұғына \порча, сглаз дейді.\ қарсы бір жақсы ем –кәдімгі ас тұзы екен. Шараға, легенге тобықтан келетін қоңыр салқын немесе жылымықтау су құйып, соған бір-екі уыс тұз қосып, аяғыңызды салып, он-он бес минут отырсаңыз, небір тіл-көздің сұғын сорып алады. Мұны жасап көрсеңіз, бір кезде қатты есінеп, аузыңыздан, мұрныңыздан су ағып, өн – бойыңыз тазаланады. Ивановтың жазуы бойынша, тұз – жат, теріс, негатив, жаман энергияқуатқа қарсы антибиотик сияқты әсер етеді екен. Осыны білгеніңіз абзал. Мұны атамыз қазақ баяғыдан білген. Балалар да, үлкен адам да көпшілік қатысқан жиыннан соң, немесе тұрмыстағы түрлі жағдайлардан кейін өзінен-өзі шаршап, әлсіреп, көңіл-күйі болмаған кезде «аш кіріп кетті, тіл-көз тиді» – дейді. Сонда оның жақын адамы жеті үзім нанға тұз сеуіп, уыстап алып, әлгінің үстібасына тигізіп, аштайды. Яғни, тазалайды. Сонда, ана кісі есінеп, көзінен жас, аузымұрнынан сілекей, су ағып, бір ерекше күй кешеді. Бұлжат энергияның сыртқа шығуы деседі. Тіпті, адам өзін-өзі тазалай алады. Бір уыс тұзды кәдімгі қағаз – салфеткаға орап алып, өне бойыңызға тигізіп, сипап шықсаңыз да болады. Жай қағазды екі қолыңызға қысып ұстап, біраз отырсаңыз да, әжептәуір жеңілдеп қаласыз. Отпен де аластайтын тәжірибе бұрыннан бар. Кісілер от жағып, өне-бойларын аластап жатады. Экстрасенстердің айтуынша, үйдің бұрыш-бұрышына майшам жағып қойса, жат көздің сұғын, негативті жат энергияны жояды деседі. Қазақта алас, аластау деген ұғым бар. Мал қораны, үйді, адамды отпен аластайды. Бірақ, отпен ойнаған қауіпті. Бала күнімдегі бір оқиға әлі есімде.1960жылдары, біздің Степняк

қаласында, Бұлақбасы ауылында, қарсы көшедегі бір үйден өрт шықты. Жұрт жүгіріп, у-шу болып, су құйып жатыр. Ол кезде өрт сөндіру машиналары бар. Олар да келіп, су құйып, әйтеуір сөндірді. Артынан білдік: әлгі үйдің бір малдары ауырған екен. Әжелері, қарт кісі, пәле-жаладан қорасын отпен аластаған ғой. «Алас-алас» – деп, отпен аластап, қолын сермеп жүрген кезде, от шашырап, қорадағы шөпке тиіп кетіп, өрт шыққан. «Өрттің арты – қайыр», «Пәле-жала өртеніп кетсін!», «Өртеңге гүл өседі!», – деп жатады халқымыз. Дегенмен, отпен аластауда, абай болған абзал! Жалпы бұл аластау, тазалау – ежелден келе жатыр. Және бұл әншейін рәсім емес, нақты мәні бар әрекет. Жат энергия, сұқ көз бар екені жасырын емес. Мысалы, Дмитрий Верищагиннің кітабын оқыдым. Ол кісі үлкен экстрасенс. Верищагин зерттеп, талдап, дәлелдеп: «Адам – энерго-ақпараттық құрылым, яғни, энерго-информационная структура!» – деп жазады. Одан кейін, адамға жақын тұратын энергео-ақпараттық паразит -энергоинформационный паразит бар дейді. Бұл қазақы ұғыммен айтқанда, шайтан, әзәзіл болу керек! Мұның үстінде әлемдік ағындар – мировые течения дейді, бұл періштелер әлемі болар. Мұның бәрінің үстінде шет-шегі жоқ энергетикалық аймақ – энергетическое поле бар дейді. Бұл қазақша құдай деген сөз болса керек. Д.Верищагиннің жазуы бойынша, қоғамдағы адамдар бір-бірімен байланысып, энергия алмасып жатады. Адамның көзге көрінбейтін бірнеше қабат ментальды денесі – ментальное тело, аурасы, бірнеше энергетика орталықтары – чакралары бар. Адамдардың осы аурасы, чакралары бір-біріне әсер етіп, байланысады екен. Атам қазақ бір-біріне жақын болып, бірінсіз бірі жүре алмайтын кісілерді «бұлардың кіндігі байланып қалған, бір-біріне жабысып қалған» – демей ме? Міне, соның бәрін ойласаңыз, шынында да адамның энергетикалық сыртқы денесі бір-бірімен байланысып тұрады екен ғой. Адам біреулермен араласып, сөйлескеннен кейін, соның әсерінен шыға алмай жүретінінің басты себебі осы – чакралардың көрінбейтін энергия ағындарымен байланысуы дейді. Тіл-көздің сұғы, жат энергия, ауру, дерт бірінші энергетикалық денеге жабысады екен де, адамның аурасы ауырады дейді. Әсіресе, бауырдың тұсында кәдімгідей үймелеп тұрады екен. Оны уақытында тазалап, алып тастамаса, ол адамның ішкі ағзасына әсер етіп, содан

ауру пайда болуы мүмкін. Адамның тәнін қанша емдесе де, аурасы тазармаса, ол ауыра береді екен ғой. Мұны біз жан тазалығы мен тән тазалығы дейміз. Оның осындай нақты орындарычакралары бар. Д.Верищагиннің кітабы бір ерекше ғылым, бес кітаптан тұрады. Адамның аурасы, энергетикасы жөнінде жаңалық ашқан кітап. Сонда талай қызық жәйттерді көрсетеді. Мысалы, адам бір жиынға келгенде, жиналғандардың бәрі қабағын түйіп, ренжіп отыр делік. Сонда көтеріңкі көңілмен келген әлгі кісінің де көңіл-күйі түсіп, ол да ренжи бастайды. Не болмаса, адам бір жерден шаршап, ренжіп келгенде, көңілді ортаға келсе, көңілі көтеріліп, ренішін ұмытып кетеді. Тіпті, тоқ адам қарындары ашып отырған кісілердің ортасына келсе, тағы да тәбеті ашылып, бірге тамақ жегісі келеді екен. Мұның барлығы адамның бір-біріне энергетикалық әсерінен екен. Енді бір адамдар энергия береді, бұларды донор дейді. Екінші бір адамдар энергияны сорып алады, бұларды вампир дейді. Және бір қызығы – адамдардың аурасы әртүрлі болады екен: жаны таза адамдардың аурасы аппақ болып, жарқырап тұрады дейді. Кісілер бір-бірімен сөйлескенде, араласқанда, қатар отырғанда белгілі бір ара қашықтықты сақтау керек екен. Мысалы, 40-50 см. ара қашықтық сақтауға тиіс. Ал одан өтіп, адамға жабысып қалу жақсы әдет емес, әдепсіз қылық болып есептеледі. Ана адамның жеке территориясына сіз басып кіргендей боласыз. Олай жабысып сөйлесетіндер, тақалып тыңдайтындар тар жерде отырып үйренгендер дейді. Мысалы, түрмеде, тар бөлмеде отырғандар немесе сырқат адамдар біріне-бірі жабысқанды жақсы көреді екен. Ал далада жүрген ауылдың адамдарының ауралары үлкен болады екен, алыстан аңқылдап, саңқылдап сөйлеп жүретіндері сондықтан. Балта Керей Тұрсынбай батыр Абылай ханға алғаш жолыққанда: «Мен далада жалғыз жүргенде, емін-еркін жүремін, топтың ішіне кірсем, біртүрлі қысылып қаламын!» – депті. Аурасы үлкен болған ғой, сол қысылатын шығар. Айта берсе, бұл бір қызық дүние! Д.Верищагиннің кітабын тауып алып оқысаңыздар болады. «Освобождение», «Утверждение», «Влияние» деген бес кітаптан тұрады. Адамның өзін-өзі энергетикалық дамытуына пайдасы мол. Бұл кісінің айтуында, өлім деген жоқ. Адам бір күйден екінші күйге өтеді. Адамның өмірден алған әсері, сезімі, қуаты, былайша айтқанда, жан әлемі

дейікші, ақыл-ойы, жинаған ақпарат – информациясы – барлығы ешқашан, ешқайда жоғалмай, бүкіл энерго – ақпараттық құрылымы – энерго-информационная структурасында, аурасында жазылып қалады екен. Сөйтіп, адамның тұтас энерго-ақпараттық құрылымы түптүгел ең жоғарыдағы энерго-информационное поле – энергоақпараттық алаңға, яғни құдайға барып қосылады екен. Дмитрий Верищагин үлкен сеніммен:«Өлім деген жоқ! Біз ана жақтан да сіздерге хабарласып тұрамыз!» – деп ашық жазады. Осындай бір жұмбақ дүние. Жастар, сіздер әр түрлі адамдармен көп араласасыздар, топтың арасында жиі боласыздар. Бір-біріңмен энергия алмасу болады. Оның ішінде неше түрлісі бар – бірі жағады, бірі жақпайды. Сол кезде өз бойыңыздан бір әлсіздік сезе бастасаңыз, көңіл-күйіңіз түсіп, күш-қуатыңыздың қайда кетіп жатқанын білмей дел-сал болып қалсаңыз, осыны бірден ойлаңыздар. Демек, тіл-көз тиіп, жат энергия жабысқан, аш кіріп кеткен. Оны тезірек аршып, тазалаған жақсы болады. Тыныс алу Барлық адамға түсінікті – адам тыныс алу арқылы өмір сүреді. Бірақ, осы тыныс алудың неше түрі бар екенін және оның қандайлық пайдасы бар екенін біле бермейміз. Біз тек «таза ауа жұтамыз, көмір қышқыл газын шығарамыз» – деп ойлаймыз. Бақсақ, мұнда да көп жағдай бар екен. Тыныс алудың, әсіресе шығыс халықтарында, көп түрлері дамыған. Мысалы, каратэде «ибуки» деген тыныс алу түрі бар. Жылдам ауа жұтып, күшпен тез шығарады. Қысқа ғана, екі-үш-ақ рет қайталанады, бірақ, бұл күш-қуатты тез оятуға, жұмылдыруға керек. Әсіресе, жекпе-жек кезінде соққы алып қалса, нокдаунға түсіп қалса, ес жинау үшін ибуки тәсілімен тыныс алады. Сонда, адамның өн-бойында қуат – энергия айналады, күш келеді. Сол секілді үнді йогаларының да ерекше тыныс алуы бар, пранаяма дейді. Прана – қуат, энерия. Тыныс алу арқылы ғарыш – космостан қуат – энергия алады. Қытайлар ішкі қуат – энергияны ци дейді. Цигун – тыныс алу арқылы табиғаттан қуат – энергия алу, адам бойындағы табиғи, жасырын күш-қуатты ояту.

Жапондар оны ки дейді, каратэшілерінің «Ки ай» деп айғайлайтыны

– ки энергиясын бүкіл денеде айналдыруға тырысқаны. Бұл ки

энергиясын айналдыру арқылы спортшы күш-қуатын көбейтеді.
Мысалы жай ғана жұдырықтың соққысы – физикалық соққы.
Егер де ци, ки энергиясы жиналып, ағып барып қолдың басына
жиналатын болса, ол үлкен күшке айналады. Бұл – адамның

бойындағы ки, ци, прана деп аталатын, көзге көрінбейтін энергияны
оятып, өн-бойында айналдыру арқылы келетін күш. Ондай қабілет
тыныс арқылы арқылы дамиды. Адам тыныс алу арқылы, әуеден,
көктен, ғарыштан қуат алады. Мысалы, көзіңізге елестетіңіз, тік

тұрған бойда тыныс төбеңізден құйылып, табаныңыздан жерге
кетіп жатыр деп есептеңіз. Екінші тыныс табаныңыздан басталып,
төбеңізден көкке кетіп жатыр деп есептеңіз. Осылай тыныс алған
уақытта, сіздің бүкіл тұрған бойыңыз- ствол түгел тазаланады.

Сонда, жолдан жабысып, бойыңызды байлап тұрған көлденең
энергияларды, сұқ көздің жаман әсерлерін бұзып, лақтырып тастап,
таза энергия-қуат дұрыс айналады. Сіздің көктен алған тынысыңыз
жерге барады, жердің энергиясы қайтадан көтеріліп, бойыңыздан

өтіп, көкке барады. Міне, сонда сіздің күш-қуатыңыз еселенеді.
Мұндай денсаулыққа пайдалы тыныс алудың неше түрі бар,
оның әдіс – тәсілдерін арнайы әдебиеттерден, ғаламтордан қарап
алуларыңызға болады. Сол сияқты ақырын тыныс алудың түрлері

көп. Терең тыныс алып, оны ұстап тұрып, сосын терең шығару бар.
Немесе, Бутейконың, Вим Хофтың, иоганың, тағы басқалардың дем
алуға, тыныс алуға қатысты аса пайдалы тәжірибелері бар. Жиі-жиі,
қысқа-қысқа дем алу немесе асықпай, бабымен терең, толық тыныс

алу жөнінде көптеген болжамдар, түрлі-түрлі әдістер бар. Осының
бәрі адамның денсаулығына, рухани саулығына және күшіне,
энергиясына қатысты дүние. Сондықтан тыныс алуға аса қатты мән
беріңіздер! Өкпенің астыңғы бөлігін де, үстіңгі бөлігін де толық

жұмыс істетіңіздер! Ішпен тыныс алуды меңгерсеңіздер, өзіңіздің
ішкі энергияңызды оята аласыздар!
Тыныс алу – үлкен білім, ғылым. Мен мұның арнайы маманы
емеспін, бірақ ептеп таныс болғандықтан, сіздерге айтуды парыз

санадым. Сіздер дем алу, тыныс алуды дұрыс жолға қойсаңыздар,
денсаулыққа жақсы болады. Бұл бір құпия, жұмбақ әлем. Сол сияқты
мұнда неше түрлі болжам -гипотезалар бар. Мысалы, тыныс алудың

түрлерінің өзі адамның өмір жасының ұзақтығына әсер етеді деген
де пікірлер бар. Сондықтан тыныс алудың түрлерін игеріп, оқып,
ізденгендеріңіз жақсы.
Тіпті, әнші, әртіс, өнерпаз бауырларымызға да айтарымыз

бар. Үндінің пранаяма – тыныс алу жүйесінен оқып едім – адам
тынысты мұрынымен терең алып, содан кейін ауызын кең ашып, бар
күшімен «пах» деп, ауаны сыртқа шығаруы керек. Бұл – адамның
дауысын күшейтуге, жетілдіруге пайдалы екен. Немесе, мұрынмен

демалу, ауызбен демалу, ішпен демалу, жауынгерлік өнердің тыныс
алу тәсілдері – барлығы бір қызық дүние. Осының барлығымен
танысып, түсініп, қолданып көрсеңіздер, көп жаңалық ашасыздар.
Ал, таза ауамен тыныс алу өте қажет және орманның, тоғайдың,

бақтың ішіне барып демалған жақсы. Өсімдіктер сіздің бойыңыздағы
негативті – жаман энергияны сорып алады. Сізге өзінің таза қуат-
энергиясын береді. Өзен жағасында, тау ішінде, далада демалып,
тыныс алу – денсаулыққа өте пайдалы.

Денсаулық пен ұзақ өмір
Адамның бәрі де денсаулығын ойлайды, ауырып-сырқамай ұзақ
өмір сүргісі келеді.
Ұзақ жасаған кісілердің ұстанымдарына зер салып, даналардың

айтқандарынан сүзіп, қорытып ала білсең, тұнып тұрған бай қазына.
Насихат, үлгі – өнеге, өмірге пайдалы ақыл, кеңес.
Ұзақ жасаған адамдардың ең алдымен баса назар аударып,
өмір бойы өздеріне серік еткен, күнделікті тіршілік дағдысына

айналдырған қағидаларын былайша топтастыруға болады.
Өмірге құштарлық. Алдына бір мақсат қойып, соған ұмтылу.
Психикадағы тұрақтылық, нерв – жүйке жүйесіне тыныштық
беріп, сабыр сақтау.

Уағымен, толық, тыныш ұйықтап, жақсылап демалу.
Ешқашан да күйіп- піспеу, асықпау, әбігерленбеу, жанталаспау.
Жақсы сөйлеп, жақсы ойларға беріліп, жақсы істер істеу.
Жаман ойлар ойламау, жамандық істемеу, жаман сөздер сөйлемеу.

Ашуланбау, айқай-шудан аулақ болу.
Ешкімге өкпелемеу, ішіне реніш сақтамау. Ешкімге кек сақтамау,
есе қайтаруды ойламау.

Кеңпейіл, қайырымды болып, адамдарға кешіріммен қарау. Жылы жүзбен, жарқырап күліп, айналасына нұр, шуақ шашып жүру. Дұрыс тамақтану. Майлы, тәтті, ащы – тұзды, бұрышты, қуырылған тамақтарды жемеу. Табиғатта бар, жеуге жарайтын нәрсенің бәрін де шамалап, мөлшермен татып көруге болады. Бірақ, «Шектен шықпа!», «Ничего чрез меру!», «Әр нәрсе дәмімен!» деген қағиданы берік ұстанып, ешқашан да тыңқиып тойып алмау керек. Ұзақ жасағандар түгелдей сексен процент деген қағиданы ұстанған, яғни, асқазанының сексен проценті толған кезде, тамақ ішуді аяқтаған. Пайғамбарымыздың: «Асқазаныңның үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен, үштен бірін ауамен толтыр!» – деген хадисінің терең мағынасын түсінуге тырысайық! Таза ауа, табиғи таза ортаның маңызы өте зор. Қариялар табиғат аясын жақсы көріп, өмір бойы еңбек еткен. Қариялар үшін қимыл – қозғалыстың мәні ерекше. Олар арнайы спорт түрлерімен жаттықпай-ақ, үнемі қимылдап, өмір бойы қозғалыста болған. Қозғалыс, дене еңбегі күнделікті тірлік дағдысына айналған. Мал бағып, ат үстінде жүрсе де, жаяу жүрсе – қимыл, бау-бақша өсірсе де – қимыл, отын-су дайындаса да қимыл. Күніне жеті – сегіз шақырым жүру – олар үшін үйреншікті нәрсе. Ұйықтағанда қаттылау төсекте, түп-түзу жатады екен. Бұл – омыртқаға пайдалы. Көп жасаған кісілер: «Аяқ жағыңды жылы ұста, кеуде жағыңды салқындау ұста!» – деп кеңес береді. Аяқтан өткен суық аса қатерлі, адамның өмірлік маңызды органдарын дертке шалдықтыруы мүмкін. Ал енді атам қазақ аяғынан суық өткізбеуді ойлаған, қалың саптама етікке киіз ұлтарақ салып киген, қалың киіз байпақ киген. Оның бәрі денсаулыққа қорғаныс. Жастарға айтатынымыз да сол: «Аяқтарыңнан суық өткізбеңдер, су өткізбеңдер! Аяғың жылы болса, неше түрлі аурулардан сақтанасыңдар!» Мидың жұмысына қариялар да, ғалымдар да айрықша мән берген. Миды зерттеуші аса көрнекті орыс ғалымы Наталья Бехтерева мидың нейропластикалығын – «нейропластичность мозга» – қалай дамытып, қартайған кезде де ақыл-ойдың айқындығын

қалай сақтауды әбден зерттеген. Нейропластикалық қасиет

– нейропластичность – мидың өзгерістерге бейімделуі, жаңа

нейрондық байланыстарды жасап, бұрынғыларының жұмыс тәсілін
өзгертуі.
Ми өз қуатын үнемдеп жұмсауға тырысып, тұрақты қалыптар

– «шаблондар» жасайды екен. Мысалы, адам жүруді, тамақ ішуді

немесе сөйлеуді «автоматты» түрде орындайды, өйткені оның бәрін
қалыптасқан нейрондық байланыстар \шаблондар\ атқарады. Егер
ұзақ уақыт пайдаланылмаса, олар бұзыла бастайды екен.
Наталья Бехтерева мен нейроғылым мен психолингвистиканың

ірі маманы Татьяна Черниговскаяның айтуынша, Альцгеймер
ауруынан, қарттық деменциядан \ алжу, слабоумие\ сақтану
үшін, миды жұмыс істетіп, дұрыс жаттықтырып тұру керек екен.
Күнделікті дағдылы әрекеттерді, үйреншікті іс-қимылдарды ми

автоматты түрде атқарады да, жаңаша жұмыс істемейді. Сөйтіп,
сөне береді.
Ақыл-ойыңыз айқын болсын десеңіз, жасыңыз ұлғайса да оқып-
тоқуды тоқтатпаңыз. Жаңа нәрселерді үйренудің, бұрын өзіңізге

белгісіз білім-ғылымды игерудің пайдасы аса зор. Жаңа білім жаңа
нейрондық байланыстарды қалыптастырады, ал қартайған кезде
бұл ауадай қажет!
Наталья Бехтерева алдыңызға қиын, жаңа мақсаттар қойыңыз

дейді. Жаңа нейрондық байланыстар қалыптастыру үшін миға
белгісіз жаңа әрекеттер жасау керек! Мысалы, бұрын шахмат ойнап
көрмесеңіз, үйреніңіз, жаңа адамдармен танысыңыз, саяхатқа
шығыңыз! Тіпті болмаса, таза ауада серуендегенде күнделікті

қыдыратын жолыңызды өзгертіп тұрыңыз! Жаңа музыка тыңдаңыз!
Сонда ми қалыпты әдетін – «шаблондарды» бұзып, жаңаша жұмыс
істеп, жаңа шешімдер іздеуге мәжбүр болады!
Н. Бехтерева да, басқа да ғалымдар мидың алдында мақсаты

болса, оның жұмысында мән болады да, ол қартаймайды дейді.
Сөзжұмбақ – кроссворд пен судоку шешу де әрі қызық демалыс
әрі миға тамаша жаттығу! Көп нәрсе жадыңызда жаңғырып, есіңізге
түседі, жаңа сөз мағыналарын табасыз.

Мидың екі жартысы да жұмыс істеуі керек. Сол қолмен жазу
жазып көріңіз!
«Здоровый образ жизни важен для мозга. То, что происходит с

телом, напрямую связывается и с тем, что ожидает мозг. – Ми үшін салауатты өмірдің маңызы зор. Адам тәнінде болып жатқан нәрселер миға да тікелей байланысты». –деп жазады психиатр Эрик Кандель. Белгілі неміс нейробиологы Кристен Виллумье: «Простейшие изменения в образе жизни при условии их систематической практики будут поддерживать здоровье вашего мозга всю жизнь. – Өмір сүру салтына қарапайым ғана өзгерістер енгізіп, жүйелі түрде қолданып отырсаңыз, олар сіздің миыңыздың саулығын өмір бойы қамтамасыз етеді». – деп жазады. Мұндай өзгерістердің қатарына ол дене шынықтыруды, дұрыс тамақтануды және кітап оқуды жатқызады. Виллумьенің айтуынша, мидың саулығын жақсарту үшін кітап оқу уақыты күніне он бес минуттан кем болмауы керек. Отыз минут болса, тіпті жақсы. «Кітап оқу – жақсы әдет болатын. Біз оны жоғалттық. Сіз кітап парақтарын ашқанда, жаңа бір нәрселерді табасыз, ми жұмыс істеп, жаңа когнитивтік карталар қалыптасады. Неғұрлым көбірек оқысаңыз, миыңыз соғұрлым жақсы жұмыс істейтін болады!» – дейді нейробиолог. Ал миыңыз дұрыс жұмыс істеу үшін, жақсылап тынығуы керек. Ол үшін уағымен жатып, ұйқыңызды қандырғаныңыз жөн. Шала ұйқы мен ұйқысыздық миға жаман әсер етеді. Жадыңыз жақсы болсын десеңіз, дұрыс ұйықтаңыз! Орыстың атақты ғалымы, доктор Иван Сеченовтың айтуынша, ұйқы – миыңызды улы заттар – токсиндерден тазартуға көмектеседі екен. Егер олар көбейіп кетсе, миды қалжыратып, Альцгеймер ауруына шалдықтыруы мүмкін. «Сіздің миыңыз ешқашанда дем алмайды – сіздің бақытсыздығыңыздың себебі де осында!» – деп жазады Сеченов. 150 жыл бұрын адам миын әбден зерттеген ғалымның пікірлеріне құлақ асқан жақсы. Адам миы толыққанды өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін, демала білу керек. Дені сау адамның миы 3090 минут уақытта өнімді жұмыс істейді екен. Одан кейін демалыс керек. Демалысқа 2-3 минут уақыт жеткілікті дейді. Мазасызданудың орнына қиялдау керек! Иван Михайлович Сеченов күйреуік ойлар адамға маза бермей, миын жеп, қажытып жіберетініне назар аударады. Есесіне жарқын, жеңіл қиял, армандар адамды көтеріп, жаңғыртып, қайғы-мұң мен күйкі тірліктің мәселелерін ұмыттырады. Ең бастысы – жарқын нәрселерді

қиялдап, бұлттармен бірге көкке ұшып кетсеңіз, миыңыз жақсы тынығып, қайтадан мықты жұмыс істейді. Іс-әрекетті ауыстырудың өзі демалыс. Ой еңбегінен шаршай бастағанда дене еңбегіне, қимыл-қозғалысқа көшу керек. Ал сүйікті іс – хоббимен айналысқанда, адам керемет тынығады. Содан кейін ой еңбегі де өнімді болады. Миды тынықтырудың тәсілдері сан алуан. Соның бірі – миды қызықты, қиын емес істермен алдандыру. «Отвлечённый ненапряженным занятием, мозг восстанавливается полнее. – Жеңіл-желпі әрекеттермен айналысқан ми толық қалпына келеді», – дейді Фёдор Углов. Алайда, 104 жыл өмір сүрген дәрігер Федор Углов бәрінен де тұрақты тәртіпке мән берген. Ағзасын қалжыратып, тоздырмас үшін барлық нәрседе графикті сақтауға тырысқан. Сағат 23.30-да ұйқтап, 7.30да оянатын болған. Фёдор Углов адам ағзасындағы барлық өмірлік процестердің дұрыс жүруіне бұлшық еттердің белсенділігі негіз болады деп есептеген. Ол кісінің ойынша, дұрыс тамақтану мен белсенді дене қимылы – ұзақ өмір сүрудің кілті. Ол 65 жыл хирург болып, «Гиннестің Рекордтар Кітабына» әлемдегі ең қарт жұмыс істеуші дәрігер – практикующий хирург ретінде енген. Бұдан артық қандай дәлел керек?! «Человек стареет не тогда, когда он доживает до старости, а когда перестает быть ребенком. – Адам кәрілік жасқа келгенде емес, бала болуды қойған кезде қартаяды». – деп жазады орыс жазушысы Валентин Распутин. «Самое правильное – сочетать житейский опыт старости с энергией молодости. – Ең дұрысы – қарттықтың өмір тәжірибесін жастық қуатпен үйлестіру». – дейді, 95 жыл жасаған ирланд жазушысы Бернард Шоу. Академик Александр Микулин 90 жыл жасаған. Авиаконструктор. Екі дүниежүзілік соғысты көрген. Үш революцияны басынан өткерген. 1959 жылы екі рет инфаркт алған. Содан кейін денсаулыққа өте қатты көңіл бөліп, ауруды жеңіп шыққан. «Активное долголетие. – Белсенді ұзақ өмір». деген кітап жазған. Денсаулық пен ұзақ өмір сүру жайында пайдалы кеңестер мен мағлұматтарға толы, аса пайдалы кітап. Бірақ, баспалар автордың

арнайы дәрігерлік білімі жоқ деп, кітабын шығармаған. Содан кейін Александр Александрович 1971 жылы 75 жасында медиститутқа оқуға түсіп, 1975 жылы бітіріп, дәрігерлік диплом алған. Сөйтіп, кітабын шығарған. Академик Александр Микулиннің негізгі жетістігі – өміріне спортты серік еткендігі. Спортқа адам ағзасын біртіндеп үйрету керек, әйтпесе, зиян тигізіп алуың мүмкін деген қағиданы ұстанған. Тіпті, адам арнайы жаттығулар жасамай-ақ, жай серуендеп жүрсе де пайдалы. Өйткені, адам күн сайын қимылдауы керек! А. Микулин «волевая гимнастика мен виброгимнастика – ерікжігер мен діріл гимнастикасына» және қозғалыс, қимыл мен тыныс алуға ерекше мән беріп, өз әдістерін ойлап тауып, көпшіліктің кәдесіне жаратқан. Сигэаки Хинохара Жапония мен әлемдегі ең қарт жұмыс істеуші – практикующий дәрігер. Ол 105 жыл жасаған. Өзінің алғашқы кітабын 75 жасында жазған. 90 жасында екі арманына жеткен – оркестрге дирижерлік еткен және мюзикл жазған. Жапондар үшін Хинохара адам мүмкіндігінің символына айналған. Ол кісінің де пайдалы кеңестеріне назар аударып көреіңіздер: 1. Жаяу жүріңіздер. Жанды қинап жаттығу шарт емес. Үнемі қимылдаңыз, көп отырмаңыз. 2. Тым тойып тамақ ішпеңіз. 3. Көңілді болыңыз, рахаттанып өмір сүріңіз. 4. Адамның мақсаты болса, оның іші пыспайды. Іш пысу, күйзелу мен уайым жанды жеп, адамды тез қартайтып жібереді. 5. Ұзағырақ жұмыс істеңіз. 6. Қайырымдылық жасаңыз. Айналаңыздағы адамдарға көмектесу арқылы сіз кәрілікті, ауру-сырқауларды, психологиялық және психикалық мәселелерді кері шегересіз. Федор Углов сияқты, Сигэаки Хинохара да әлдебір медициналық рекомендациялар бермейді. Ол кісілердің кеңестері қарапайым, белгілі ақиқаттарға негізделген, бірақ нақты өмір тәжірибесінде сыналып, дәлелденген. Сонысымен де сенімді әрі пайдалы. Пайғамбарымыздың хадисі есімде: Жаратушы Алла адамнан: «Денсаулығыңды сақтау үшін не істедің?!» – деп сұрайды екен! Иә, денсаулығыңызды сақтаңыз! Өмірді, елді, жерді, адамзатты,

күллі ғаламды сүйіңіз! Өзіңізге де, өзгелерге де амандық, саулық,
өмір тілеңіз!
Аллаға сыйын...
Аллаға сыйын,

Шықсаң да тауға,
Түссең де,
Тәуекел етіп,
Кіріссең үлкен істерге.

Күдерді үзбей,
Күбірді тізбей ұмтылсаң,
Жеңерсің бәрін,
Сенімің барда, күш сенде!

Аллаға сыйын,
Байысаң мұртың майланып,
Бақытқа мас боп,
Қуансаң басың айналып,

Ұшпаққа шығып,
Мұратқа жеттім десең де,
Аллаға сыйын,
Шүкірлік қылып, ойланып!

Аллаға сыйын,
Байқамай жерге құласаң,
Жала мен жәбір,
Көргенде іштей жыласаң,

Күндіз де сыйын,
Түнде де сыйын, түңілмей,
Береді құдай,
Талап қып шындап сұрасаң!

Қорықсаң сыйын,
Торықсаң сыйын, тарықсаң,
Ауырсаң сыйын,
Рахымға шөлдеп, зарықсаң,

Жаратқан сені
Тастамай жалғыз жылатып,
Жолыңа сенің
Жағады жар боп, жарық шам!

Әрекет жаса,
Бұтаны бағып, бұққанша,
Құт болар түбі,
Аунаған жерде түк қалса,

Аллаға сыйын,
Алға бас тынбай тырмысып,
Сыйын да самға,
Кеудеңнен жаның шыққанша!

Баянғали Әлімжанов

Мазмұны Осы кітап туралы..........................................................3 Бірінші бөлім................................................................6 Екінші бөлім.................................................................30 Үшінші бөлім ...............................................................50 Төртінші бөлім..............................................................64 Бесінші бөлім................................................................94 Алтыншы бөлім............................................................117 Жетінші бөлім...............................................................137 Сегізінші бөлім.............................................................182 Тоғызыншы бөлім.........................................................203 Оныншы бөлім..............................................................253 Он бірінші бөлім...........................................................284 Он екінші бөлім............................................................314 12.06.2022ж. – 14.04.2023ж.

Баянғали Әлімжанов

ШЫҒАРМАЛАРЫ

ХХVІІІ том
Адамшылық жолы
Редакторы Б. Әлімжанов
Техникалық редакторы Л.Лещева

Басып шығаруға 17.06.2024ж. қол қойылды
Пішімі 60х84 1\16. Қағазы офсеттік.
Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 23
Таралымы келісім бойынша.

«Сотниченко Е.В». ЖК баспаханасында басылып шықты
Астана қ., Женіс даңғ., 29, 112. Тел. +7 701 599 92 60

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙