TELEGEI

Home

Ертегі

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ертегі

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Адам баласы білім-өнер жүзінде болған уақытта маңайындағы дүниенің жасырын сырларын білмегендіктен, өзіне белгісіз заттың барлығына құдай деп табынған. Сол табынған нәрселері көп болғандықтан, әрқайсысы туралы арнаулы әңгімелері болған, осындай құдайлар әңгімелері ескі грек, рум халқында көп болған1. Заман өткен сайын, ақыл, білім өскен соң, ол табиғат нәрселерінің құдай емес екені білінген. Сондықтан олар жайындағы әңгімелер бұрынғы мағынасынан айырылып, кейінгі айтушылардың аузында ертегі болып кеткен. Өмірде болмайтын істер, қиялдың көтеріп суреттеген әңгімелері деп танылған. Қазақ ескілігінде кездесетін жалмауыз, диюлар, мыстан кемпірлер араласқан әңгімелердің барлығы да сондай көтерген қиялдың табысы. Бұл ертегілердің ішінде араласатын заттар әншейін адамнан бөлек ерекше істер істейді. Әртүрлі күйге түсіп құбылады. Төрт көз ит болып, бір уақытта есек болып, бір кезде түлкі болып кететін сияқты жерлері түгелімен сол ерекшелікті білдіреді. Ертегінің жері де, мезгілі де белгісіз болады. Баяғы тағы заманда болған оқиға, белгісіз от дариясы, жын, пері мекені, алтын сарай, күміс бәйтерек, аспанда салынған үйлермен келеді. Осы сияқты жай өмірден жат болып жасалатын істер ертегінің дағдысы деп саналады. Ертегілі сөздердің белгісі болады. Бірақ барлық ертегі сөзін түгелімен ойдан шыққан деп есептеуге келмейді. Оның ішінде белгілі шындық болған. Кейбір ертегілер ескілікті дүниені түсінуін білдіретін болып, сол ескі замандағы ұғымның белгісін сақтап қалғаны бар. Ондай ертегілерді, ескілік әңгімесін – әуезе дейді. Екінші бір түрі: сол ескілікті ұғымды білдірумен бірге елдің ескі салт әдетін де білдіретін болады. Белгілі үлгі, өсиет шығаратын да ертегілер бар. Бұларды салт ертегісі, яки үлгілі ертегі дейді.

Қазақтағы "Құла мерген" сондай салт пен үлгі ертегісі деп саналуға болады. Құла мергеннің аңшылық кәсібі өзге елден бөлек. Жалғыз өмір сүріп, ылғи мергендікпен күн кешіруі оның салтын білдіреді. Құла мергенге қас болған қатын, жалмауыз кемпір, барлығы да адам баласының өміріне қастық қылатын, қараңғы, сырлы заттар болады. Құла мергеннің кегін алушы баласы Шүйе мерген. Мергеннің ісі ақ, сондықтан ол жеңеді. Қас болған қатыннан кек алады. Жалмауызды өлтіреді. Бұл "Аққа зауал жоқ", "қараның ісі оңға баспайды" деген ұғымның белгісі. Сондықтан бұл жері өсиет сияқты үлгі сөзі болады. Салт ертегісінің бір түрі мысқыл, мазақ ертегілер. Бұдан да дұрыстық пен терістіктің тартысы көрсетілетін болады. Бірақ жамандық иесі мазақ, күлкі болып көрсетіледі. Мысалы: қу шал мен жалмауыз, диюлар әңгімелері. Бұлай болғанда ертегі деп баяғы замандағы елдің дүниеге көз қарасын білдіретін я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң белгілі елдің салтын білдіріп, арнаулы үлгі айтатын, жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан шығарған көтерме әңгімені айтады. Қазақ ертегісі өте көп. Осы күнге шейін қыстың ұзақ түндері қыр елінің барлығында ертегі тыңдап, ертегі айтумен өтеді. Сол ертегілердің ішінде ең ескірегін алсақ, бұрынғы ескі нанымды білдіретін жалмауыздар араласқан ертегі мен кәсіп ертегілері болады. Кәсіптен ертегіге көп кіретін аңшылық. Өте ескі ертегілер "Еділ – Жайық", "Құла мерген" сияқтылар болса, мұнда иен тау, елсіз өзендерді жапа-жалғыз мекен еткен баяғының батыр аңшылары әңгімеге кіреді. Баяғы қазақтың бір алуан батыры аңшы болғаны рас. Біз Қамбар әңгімесін қарастырғанда бұл турадағы пікірді айтқанбыз. Қазір де сол ескі әңгімелерде кездесетін қараңғы, сырлы жалмауыз, жез тырнақ сияқты жанды заттар, тескен тау сияқты жат жерлер қиялдың өзінен ғана туады ма, жоқ болмаса соларды туғызған болымсыз себептер бар ма, соны айтайық. Қазақтың ұғымында жалмауыз, жез тырнақ бұрынғы ескі діннің мұрасы. Дүниедегі жанды, жансыз нәрсенің барлығын жаратқан, барлығын билейтін бөлек-бөлек иелер бар, солардың бірі – адамға қас, бірі дос иелер. Мәселен, жарық – жылы күнді билейтін адамға дос ие болса, қара түн – қараңғы, сырлы науқастарды жіберетін адамға қас болған иелер. Сондай иелер кейде тау, тас, тоғайлы жерде, елсізде мекен етеді. Адам кездессе қастық қылады деген ұғым бар. Сондықтан, жұрттың бәрі әншейінде күдікті көрінетін елсіз жерде бұзылған молалар көрсе, тау ішінің үңгірін көрсе, бұлардың бәрінен әлгідей қастық иесін күтетін. Сондай күткен, қорыққан кездерге, иен далада жалғыз жүрген, жайын адам болып кеткен алып аңшылар кездессе, қорыққан қиял соларды жалмауызға, не жез тырнаққа айналдырып әкетуге әбден мүмкін. Тескен тау, бұрын дүние сырын білмеген, табиғатпен таныстығы жоқ, көр бала халінде болған адамға сағым көтерген алыстағы көк таулардың сиқынан тууға мүмкін. Міне осы сияқты ретпен салыстырып, сынап қарағанда, бұрынғы ертегінің ішіндегі өтіріктің барлығы да белгілі себептен шынға ұсаған, жаңылыс ұғымынан туған деп білу керек. Бұрынғы елдің қиялы өзіне таныс емес жат бір нәрсені құрдан-құр жанынан шығарып әңгімеге кіргізген емес, қайта бұрынғы заманда сол ертегіге кірген нәрсенің барлығы да даусыз шын сияқты көрінетін. Ол кездегі ертегі, бүгінгі елдің өмірінен алған шын әңгімелер сияқты, даусыз шын оқиға болып көрінген. Бері келіп ел есі кіріп, ержеткен соң ғана ертегіні өтірік деуші шығады. Ол елдің білім, зейіні артып, дүниеге таныстығы молайғандықтан, бұрынғының ұғым, нанымынан кейінгілердің ақыл, білімі артып, бой жетіп, асып кеткендігінен. Қазақтың көп ертегісін жинап, сынап қарастыру біздің жақын зор міндетіміздің бірі болады. Қазақ ертегілерінде жоғарыда айтылған ескі түрлерінен басқа, берірек заманда шыққан жаңарақ әңгімелер де бар. Мәселен, өлең өлшеуіне түскен батырлар әңгімелерінің барлығы ертегі болып кеткен, батыр әңгімесін көп ел құмартып тыңдайтын болғандықтан, ел қиялы бергі замандардың батырларын да ертегінің қаһарманы қылып әкеткен. Мәселен, Наурызбай, Ағыбайлар әңгімесі2 сияқты кешегі болған батырлар да кейбір ертегіге айналып, жалмауыз, жез тырнаққа кездесіп кетеді. Елдің сүйіп, сүйсінген батырының барлығы да көпке жайылған, сансыз көп ертегі болған. Бұлардан соңғы бір алуан ертегі, күлдіру мақсатымен айтылатын нағыз өтірік әңгімелер болады. Мәселен, Алдар көсенің қырық өтірігі сияқтылар. Кейде тапқыштық, шешендік қулық та ертегіге кіретіні болады. Сол ретке қосылатын Алдар көсе мен Жиренше шешен әңгімелері, ел әңгімесі бұларды болған адам дейді. Бірақ, осындай адамдардың болғаны рас болса да, бері келе ел бір жолата ертегі адамы қылып жіберген. Біреуі шешендік үлгісі болып, екіншісі қулық, тапқыштықтың үлгісі болып, арғы-бергі замандағы осындай жайдан туатын, әңгіменің барлығын өз бастарына жиып алған. Ел қиялы соларға неше түрлі шешендік әңгімесін, әлденеше түрлі қулық әңгімесін апарып жамап, барлық өмірлерін тұтас әңгіме қылып әкеткен. Мұсылман күн шығысында осыларға ұқсайтын бір адам – Қожанасыр. Ол аңқау қу. Аңқау күлдіргі, барлық өмірі түгелімен күлдіргінің қулық әңгімесі болып кеткен. Жиренше мен Алдар көсе де бар өмірі бір-ақ тараулы мінездің соңында кеткен3. Сол мінездің ертегісі болып кеткен адамдар. Қазақтың қара сөзді ескілігінде, бұл екеуінің әңгімесі ертегі мен ұқсас әңгіменің арасындағы бір ерекше қызықты тұр болады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙